Мазмұнға өту
Home

Шығармалары ІV-том

Жұбан Молдағалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалары ІV-том

Авторы: Жұбан Молдағалиев

Жұбан Молдағалиев ШЫҒАРМАЛАРЫ ІV ТОМ Поэма, өлеңдер және публицистика «Алатау» Алматы УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Каз) М 66 ISBN 978-601-06-2714-7 Молдағалиев Ж. Шығармалары: Поэма, өлеңдер және публицистика / Жұбан Молдағалиев. – Алматы: «Алатау» баспасы, 2014. – ІV-том. – 384 б. М 66 УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Каз) ISBN 978-601-06-2714-7 – (4-том) ISBN 978-601-7461-00-3 (ортақ) © Молдағалиев Ж., 2014 © «Алатау» баспасы, 2014

© «Жазушы» баспасы, 1979 Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің бұл шығармалар жинағының 4 томына кейінгі жылдарда жазған поэма, өлеңдері мен публисцистикалық мақалалары еніп отыр. Жинақты баспаға ұсынған С.Молдағалиева. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді

БАЙҚОҢЫР БАСПАЛДАҚТАРЫ 1. ИСАҚҰЛ МЕН АҚЫН Ассалаумағалайкүм, Исақұл қарт! Түріңнен тұр даланың исі аңқып-ақ. Күлкіңнен көрінеді күні өлкеңнің, Даусыңнан дабылдайды күй саңқылдап. «Исі» деп айтам дәстүр, халқыңды, ұлтты. «Күні» деп айтам жомарт жарқындықты. «Күй» десем, шалқыған шат көңілді айтам, Қай заман бүгінгіше нарқыңды ұқты. Әйтпесе сен жоқ жатқан қарттық үгіп, Кереңдей қатты сөйлеп, қатты күліп. Құлақты қоңыр даусың аялайды, Қиырға қиял көзі жатты үңіліп. Аман ба ақ жеңгеміз Балшайымың? Кеткен жоқ дәмі ауыздан бал шайының. (Шайы да, сапар да әлі өтелмей жүр, Ақынның кешер ме уақыт барша айыбын?) Аман ба бала-шаға, ауыл-аймақ? Даңқына даланың да дәуір айғақ. Жоқ өлең толғағынан ауыр толғақ, Келмейді кейде оның дауылы айлап. Поэма

Солайша көп күн өтті көріскелі. Дүниеге көп жаңалық, көп іс келді. Ақын да қойторыдай ері алынбай, Аралап жүрді ой-қырда өрістерді. Тыңдады бұлбұл әнін, байғыз үнін, Көзіне қарамады қай кісінің? Жүректен өткізді сан Дүмпуілін Жаһанның шаттығы мен қайғысының. Аңқылдақ – ақын, Бірақ ез кісі емес. Адуын, аршыл,

Бірақ без кісі емес. Бір де бір сейсмика аппараты Ақынның жүрегінен сезгіш емес. Кейде, рас, сыймасы бар ақылға ары. Болады махаббат тек ақырғы әні. Мақал бар: өле-өлгенше қартаймайтын – Бұқаның тұмсығы мен ақын жаны... Аузы бос, қалта тесік, құшағы ашық, Қиялмен қыраннан да ұшады асып. Іздейді көктен шабыт, жерден шабыт, Өлеңнің кетпесін деп құсы адасып. Қиқуға, қызықтауға үйір әрі, Қызады күреске де бүйірі әрі. Жүрсе де сұлулықты үлестіріп, Өзіне сұлу сирек бұйырады. «Қартайдым» десе ақын – өлгені, де. (Құрысын, құр тұмсықтан өнгені не?) Арулар нәлет айтсын, жыртсын жырын, Ондайлар қартайтпақ деп өңгені де. Не шықсын ереуілге

ызбарлы ерек, «Ақындар, алжымаңдар біз барда!» деп, «Жалынсыз жырлайды кім жастықты?» деп, «Махаббат жыр жүрегі мұздар ма?» деп. Әзіл ғой.

Әзілсіз күн құрысын деңіз. Жыласын ақын жұртпен, күлсін егіз. Мәз болсақ, көп ішінде мәз боламыз, Күрсінсек, елмен бірге күрсінеміз. Ақынға жараспайды құзды ықтау да. Хас күнә жігіт пенен қызды ұқпау да. Жаралған ащыны ақын тұщытуға, Жасайды тұщыны ақын тұздықтауға. Халықтың «Уһ» дегендей бір деміміз, Ол сауда, біздің де сау жыр-деніміз. «Әуп» десе, біз де сәл бір демеуіміз, Сол үшін, ия, алынбай жүрді еріміз. Үніміз – ел үнінің жаңғырығы, Лүпілі жүрегінің, жан дірілі. Жырымыз – айдың түнде бір сәулесі, Аптапта – бір тамшы шық, жаңбыр нұры.

Ой көзін көре алмайсың рентгенмен, Биік те бола алмайсың шіренгенмен. Тілейді ел адам жанын жаюды алға Жер-ана емшегінен жыр емгеннен. Жаралдым мен де ақындық құрсағынан. Қаламның асауы емес, қырсауы лаң. Ендеше бармаймын ба Байқоңырға Босанған жер тартуы құрсауынан? Бермеді ой қыстай тыным, жаздай тыным, Білмеймін жыр боп қалай маздайтынын. Соны айттым республика басшысына, Әдетім – көріп алмай жазбайтұғын. Көп рахмет, жасай гөрсін ғасыр әлі, Секілді халқымыздың асыл ары. – Жол болсын! – деді Басшы бірден қош ап – Жоқ елдің Ақынынан жасырары. Бұл күнде алыс емес ай да қырдан, Ақталып жатыр ғой – деп –

қайда да арман, – Мұң екен телефонға «әу» деуі тек, Зымырап бір-ақ шықтым Байқоңырдан. Сол жолы кездестік біз, Исақұл қарт, Қарсы алдың құшақ жайып, күйше аңқылдап. Іргеңде жатты атақты космодром, Ғарыштың тұрды айнала исі аңқып-ақ. Есімде әр сөзің, бет құбылысың, Куәгер бір ғасырға қыр ұлысың. Көрдің сен жер тістеген мешеулікті, Жасастың жаңа дүние құрылысын. – Сезсем де жылдар жолды еңсеруін, Мың шүкір, – дедің – әлі еңселімін. Пыр еткен бозторғайдай табан асты, Мен көрдім, – дедің – тұңғыш жер серігін. Мен көрдім Гагаринді, Көргенмін мен... – Деп кеттің шалқи түсіп,

көл көңілмен, – Айтпақшы, күңіреніп Қорқыт ата Аттанған осы арада көрге өмірден... Отырдың, о да есімде, малдас құрып, Шежіренің бетін баяу алмастырып. Ниетің сөзді қойып, сыйлау болды – «Ал, ал» деп тұрды біздің алда ас тұнып. Турылған сары қазы тілім күндей. Көрсе оны, Өлген қазақ тірілгендей. Булығы бүлкілдеген ақ самауыр Ыңыранып, «сауыны» жетіп тұр інгендей. Қойылды бал бауырсақ ортаға әрі, Қазақтың қасиетті ол нұр тағамы. Аспанда аққан жұлдыз дер ең оны, Шашылып кетсе түнге бір табағы.

Дастарқан ауырсынып дем алады, Секілді бай даланың мең аралы. Қонақ – горком хатшысы, украин, Сымбатты және орыс генералы. Қос-қостан мамық жастық шынтақтаған Жатты олар көлбеп төрде, мін тақпаған. Астында қызыл кілем, жібек көрпе, Алдына келіп жатыр тың тоқ тағам. Бата ғып «ара толсын, ара тол» деп, Жатқандай дала саған бала төлдеп, Отырдың Николай деп хатшыны сен, Айбынды генералды Анатоль деп. Ойнайды күлкі мен от қой көзіңде, Қалың тек маңдайда әжім ой кезінде. Қомданған ақиықтай қос иығың, Жас шақта болған біраз бой да өзіңде. Тобылғы топшысындай саусақтарың – Ауғанды сен тартқанда,

Ауса аттан кім. Түйілсе, жұдырығың томарға ұқсас, Күмәнсіз қақтыққанды қаусатқаның. Әлі өңді, тотықса да, құбаша жүз, Тұлғаң да тапжылмастай, құласа құз. Шегерсе жетпіс бестен қырық-отызды, Көз сүзер еді талай құдаша, қыз. Үстіңде мақпал костюм мол пішілген. Көргем жоқ бірақ олпы-солпысын мен. Келісті ақ көйлек пен малақай да. Қарайсың жылы жүзбен, зор пішінмен. Жайың бар әлі біраз жүк алғандай. Сөзден де сені, Исеке, жығар қандай? Әйтсе де өз сырыңды әрең алдық, Еменнен шеге суырып шығарғандай. – Қолында барым мына хатшымыздың. Одан да дәмнен тоя татшы біздің. Қасында батыр барда,

басшы барда, Не сөйлер кәрі қурай қарт сыбызғың? Азамат алты бала атасымын, Соларға бердім барша бата асылын. Мұрам да, аманат та – адал еңбек, Атайды ел ісіне орай, атаса ұлын. Сол еңбек болды менің бақ-таланым. Өзіме, өзгеге де ақ талабым. Қос қолы қалтадан өскен бар дейсің бе, Кешіңдер, не деп бұған мақтанамын? Соны айтып бір-бір қарап үш қонаққа, Деп күлдің: – Сөз – шешенде, күш – қанатта. Айтпақшы, болды ертеде Ермен ақын, Өлеңмен қарсы тұрған ұшқан оққа.

Ғашық па, кектесу ме, намыс ұлы Бір байдың тоқалымен табысулы. Жатыпты жасырынып Сыр бойында, Ол кезде қоға қалың, қамысы ірі. Әңгімең ауа сірә беттегендей, Сеземін кезікті олар дертке нендей. «Біреудің нең бар, ақын, қатынында, Жас болсаң, жасаң қыздар жетпегендей?» Деп ойлап іштей күлем, ызаланам. О, бәлки, бастан жақ та ұзамаған... Кірісті сол арада хатшы кенет, Тимесе сөз қытыққа, қыза ма адам. Хатшы-екең судай екен қазақшаға, – Сырыңды, – деді – қыстың азапша, аға. Жер шарын орағандай жүрген жолың, Жетпеген космосқа тек аз-ақ шама. Секілді жаңа дала жыл құстары, Түрксіб, Мойынты-Шу құрылыстары. Қырық жыл теміржолшы, төрт жыл майдан, Қария отқа апталып, буға ысталды. Қазыдай әр тілімі қауыны нән, Кәдімгі Қарасақал ауылынан. Алдияр жұмысшы тап – шын руы, Ардагер большевиктер қауымынан... Қарт бұған қысылғандай, қара терде. Қарайды түс дегендей ара төрге.

Тұжырып төреліктей қосты бір сөз, Ағалап дос генерал Анатоль де. – Бір ғана космонавт па аспандағы? Қаншама биіктерді басқа алмады? Түрксіб шпалдары, бесжылдықтар – Бүгінгі Байқоңырдың баспалдағы. – «Байқоңыр баспалдағы» дедің бе, інім, Егескен, еңбектенген елдің күнін? Апыр-ай, аталы бір сөз екен бұл! Рас-ау, кім өшірер ердің гүлін!.. Шап бердің солайша сен тосын сөзге, Тұрғандай турылып сыр осында өзге. Сарт етті жыр атындай ол маған да, Старт түз елестеді сосын көзге. «Баспалдақ» деп күбірлеп қайталадық, Басқа сөз таусылғандай айтар анық. Секундқа әркімді оймен оңашалап, Кеткендей сиқыр қиял сайтаны алып. Үй іші тым-тырыс боп тына қалған, Әлдилеп, тербегендей шуақ арман. Әркім өз баспалдағын іздегендей, Маған да шыққандай ол шын-ақ алдан. Ойлаймын: «Ақынның да толы ісі бар, Сол үшін терлеуі бар, тоңысы бар. Миллионнан бір басқышы Байқоңырдың, Кім білген, поэзия томы шығар.

Өлеңді ендеше, ақын, құй жалынша, Риза космонавт да сыйға мұнша. Грамм жүк космосқа артық ала алмайды ол, Жыр тиер жүрекке тек сыйғанынша. Генерал, болды ойыңның өрінде не? Сенің де баспалдағың көрінді ме? Тұра ма ол солдаттың сап адымынан, Арқандай обмоткадан өрілді ме? Не түсіп кирзі етіктің іздеріне, Жас шақты жорықтардан іздедің бе? Елестеп кетті ме екен майдандастар Оймен де көз жеткісіз тізбегіне? Армия дейсің бе әлде, кексе арыстан, Көпір де, баспалдақ та көп салысқан, Бір қолын ракета пультінде ұстап, Бір қолмен егін орып, шөп шабысқан? Жер үсті, күн асты көз қиығында, Генерал, күлкі ойнасын миығыңда, Көктегі жұлдызға да жауаптысың, Жұлдыздай тұрған жайнап иығыңда... Білмеймін, хатшы ойымен қайда болды, Деу қиын көкте болды, айда болды. Жерде де жұмысы оның кеңірдектен, Тигізді әрең осы шайға қолды. Айтқан жоқ көп деп бірақ іс дейтінің. Алғандай әңгімеден іштей тыным.

Ақындай оның да ойы демалыссыз, Бірі о да наны оңайға түспейтіннің. – Тебінбей ұша алады қыран қалай? Жер – тірек, жер қанатты ұланға бай. Арман не, – деді хатшы – басқыш түгіл Болсақ та не шеге, не бұрандадай. Айтпаймын соқсын жел тек арқадан деп, Гүл болсын, алып болсын әр қадам деп. Айтамын өзіме тек Абай сөзін: «Сен де бір кірпіш дүниеге – Кетігін тап та, бар, қалан» деп. Солай деп қазыны алып жең тұлғалы, Хатшы-екең қос табаққа тең турады. Дауыстан дүр сілкініп мен де, Исеке, Тіледім тағы айтса деп сен туралы. Сен болсаң, жүзіңе бір жас күш кіріп, Қиялды тау асырып, тасқа ұштырып, Отырдың, өзің салған шпалдарды Көкке бір көтергендей басқыш қылып. – Рахмет, қарақтарым, елеп келген. Ісім жоқ, – дедің –

менің ерек те елден. Мешеу де, қанатты да уақытпын мен, Уақытпын құмдай желмен електелген. Уақытпын тас түнерген, жарқылдаған, Сыңсыған, дауылдатқан, сарқылдаған.

Уақытпын жаяулаған, зулап аққан, Күйіндей домбыраның әр күн маған. Уақытпын есте тұтқан ел сарынын, Құлағы болмасам да жер шарының. Сеземін, саған да, ақын, керегі сол Қазақтың «көпті көрген» дер шалының. Мен сержант, сәлем берді генерал кеп. Жалпақ тіл жайды ертеде жанарал деп. Елші емес, жаушы болып бұл арада Аталған Перовский «жаналар» деп. Хатшымен бір ұйымда есептеміз, Дегендей төскей де егіз, төсек те егіз. Аш құрсақ – әңгіменің жауы, достар, Халықпыз қасын да аспен кесектер біз. Жапанда жүгірмесе, жүдер елік. Бермейді, шешілмесе, шідер ерік. «Байқоңыр баспалдағы үшін!» деп те, Қанеки, бір-бір алып жіберелік. Исеке, құлдық еттік дегеніңе. Жоқ-ау, жоқ жомарттықтың шегі елімде. Қазақ қой өзі аш қалып, қуанатын Қонақтың барды ішіп-жегеніне. Жолшының жүгеніне оратылып, Келіпті көңіл таңын ол атырып. Сен қалай бізді оп-оңай босатарсың Бар болып, соның ұлы бола тұрып?

Қажет-ақ бір-бір құрсақ әр асыңа. Ойың жоқ қоятын да әрі асыға. Сығымдап шығардың тек сырларыңды, «Алыңыз, алыңыздың» арасында. Айғайлап тыңдата ма ақыл үнін? Аз сөзбен көп түсірдің нақыл ығын. Отырдың сұраққа не жауап беріп, Жырдың кіл ұсынғандай тақырыбын. Жаңғақтай жақсы сөздің дәні ішінде. Көп алғыс дән үшін де, дәм үшін де! Мен саған оймен әлі оралармын Осынау дастанның да дәл үстінде. Сөйлермін кейде сенің сөзіңменен, Қарармын, бәлки,

уақыт-көзіңменен, Сен емес кейіпкерім, заман, ия, Сен оны бұрын айттың өзің менен. 2. БАЙҚОҢЫР ТАҢЫ Апрель. Он екісі. Таң да жуық. Тіршілік жоқ сияқты маңда жуық. Кербез түз, қарагер түз шырт ұйқыда, Жолдарда жатыр шықтан шаң да бұғып. Демек, күн өз орнында батса керек. Мал-жан да мезгілінде жатса керек.

Не дер ек қойынынан сол даланың Жарқ етіп бір бөлек таң атса кенет? Онда Жер босап алып шеңберінен, Ғарышқа тартқан дер ем ең кемі мен. Немесе бір кесек күн шықты дер ем Қазақтың аспаны емес, кең белінен. Қиялға берсең болды бір ғана ерік, Бітеді кейде осылай жырға желік. Жасырған ғашықтарын, қашқындарын Қашаннан түз түні тек сырға берік. Келеді адалдықтан дала танбай, Беті ала болса-дағы ала таңдай. Ал менің арқау осы дастаныма Бәрі емес, бір пұшпағы алақандай. Сол жерде дабырламай, дабылдамай, Асықпай, абыржымай, дамылдамай, Дүмпуіл демі ішінде таянғандай, Дүниені дүр сілкінтер дауылдардай. Жоқ белгі үрей дердей, желік дердей, Тұтқандай жүйкені нық,

ерік бермей. Күтудің, күтінудің тыныштығы Шарт етіп шорт үзілер серіппедей. Түріңкі сол араның мақпал түні, «Даярмыз! Даяр тұр!» дер ақпар тілі. Қыратта серейеді жалғыз тұлға, Жарқырап жас қайыңдай ақ балтыры. Әлде бұл алыптың бір аяғы ма? Немесе тіке түскен таң ағы ма? Не мың жыл осы араны түрткілеген Шопанның ескерткіш пе таяғына? Көрсе оны түздің кәзір қара шалы, Дер еді: бір ғажап дәу тұр ашалы. Аз жұлдыз алыс көктен көзі жетпей, Кірпігін бір жұмады, бір ашады. Әлдекім түйреді ме жебе түнге? Қалам ба дыр дастанға жегетін не? Тұр содан аулағырақ, төменірек Екі үйшік

Қарауытып жел өтінде. Адамның осында да бар ма аяғы? Ауылдан секілді еді шалғай әлі. Төрт бұрыш орамалдай Күнге жайған Кішкене қос терезе сарғаяды. (Адамзат аңыз етер сірә ертеңін, Аз қалды ашылуға сыры өлкенің). Әзірге кірейік бір бөлмесіне Тымпиған қорабындай сіреңкенің. Ілінген қабырғада бөрте кілем Жауып тұр жай диванды етегімен. Ас стол, төрт орындық, кресло, Телефон тозған уақыт жетегінен. Шкафтан, шағын кітап сөресінен Қарайды ой көздері өресі кең. Жоқ емес поэзия томдары да Тұрмайтын төр-төрлерде төресінген. Жиһаз жоқ, қағаз да жоқ қопыраған. Тыныштық.

Дерсің тірлік тоқыраған. Шынтағы стол үстінде, қолы жақта, Ой ояу, көз жұмулы отыр адам. Бөлмеге жаңа ғана кіргені де. Минуті аз тізе бүккен ілгеріде. Жүзінде шаршау да бар, шаттық та бар, Дегбірсіз күткені не, ділгері не? Дембелше денелінің иықтысы. Оңаша отыр дел-сал ұйып кісі. Әзірге демі іштегі дүмпуілдің Сірә осы миы, оты, ұйытқысы. Алмайды қазір ешбір күш үңіле, Құлақ та қояр ол жоқ кісі үніне. Кеудесі, ойлы көзі, бас бітімі Ұқсайды келешек тас мүсініне. Мүсін де, ескерткіш те соғылады, Қазір ол жердің жатқа жоқ ұланы. Бас дейді,

Бас конструктор дер газеттер, Жеткенше міндетті ажал оғы лаңы. Бар оның толып жатқан тағы атағы, Ойына өріс берді таң Отаны. Сол үшін, күллі адамзат, жер-ана үшін Сәлден соң тұңғыш космос таңы атады. Не өзі, не бірі оны атырардың Ол кейде ұмытты өз аты барын. Космос деу – Королев деу, Гагарин деу, Жұмбақтап не басымды қатырамын. Бүгінше өзектінің бірі ғана-ақ, Болса да даналыққа бұрын қонақ. Кейіннен жер-жиһан боп бас исе де, Жоқ әлі «Сол!» дейтіндер бұрыла қап. Білуші аз кәсібін де, мекенін де, Академик, Еңбек Ері екенін де. Ботадай

тіл мен көзден сақтайды елі, Бауырынан аулақ етпей екі елі де. Дейді оны ерте ержетті, жас терледі, Сүрінсе, тұра ұмтылды, асты өрлерді. Атаққа бәсекесі жоқ болса да, Арда ақыл, соны жолды қастерледі. Күймейді жанған отқа көппен түскен, Көрікті өмір іспен,

көктем де іспен. Ұстазда шәкірт болса, шәкіртте – ұстаз, Дана жоқ жерден шыққан, көктен түскен. Біл тек не үйренуді, үйренерде, Өзіңді, өзгелерді сүйре де өрге. Осы үйдің бір тұрғыны – Циолковский, Жат емес Эйнштейн, Кюрилер де. Алда ашық алғыстары жерінің де. Некролог оралтпақшы кері күнге. Кімнен де жылы сөзді аямайтын Сол менің тіріде бір «жерігім» де. Білемін мұндай сөздің одағайын. Бақыттан кенде емеспін, жоқ, ағайын, Аш жылы туылсам да нанға емес, Тоқтағы жақсы сөзге қомағаймын. Ойлаймын пендешілеп, адамшылап, Шынымен дәметіп-ақ, алаңсып-ақ; Достарым мен өлгенде айтатынын Айтса ғой барымда да авансылап. Мұны ойлау мендейлердің мауқына тоқ. Ал оның уақыты да,

зауқы да жоқ. Өзгенің он өмірі жетпейтін іс Көрінер оның орта ауқымы боп.

Көз салса, ой жіберсе ол өткенге, Жүргенін көрер еді өр-өткелде. Жасаған сол ғой тұңғыш Жер серігін, Барлауға Лайканы жөнелткен де. Ұшырды мынаны да, ананы да... Ол бірақ болған істі санады ма? Ойлады болатынды, болашақты, Арнады миды да оған, сананы да. Арман сол бұл танда да, ол таңда да. Таңырқар әлі-ақ талай сортаң дала. Қонады Луноход Айға барып, Жетеді корабльдер Шолпанға да. Адамның аяғы да басады Айды, Болмасын, болсын олжа аса майлы. Биік жоқ, терең де жоқ ақыл-ойдан, Ақыл-ой ізденуден босамайды. Бұдан да кету мүмкін әрі құлап, Теңізге куә болар кәрі бұлақ. Озар да анадан қыз, атадан ұл, Бүгіннен басталады бәрі бірақ. Шығады ерлердің де ізінше ерлер, Бірақ ел тұңғышын тек бірінші дер. Туады не қырандар, биік те ұшпақ, Бірақ ол – оныншылар, жүзіншілер. Космос тың – сынар небір «соқаны» әлі. Болады қара да, ақ та оқа дағы.

Космос – жол, жан баспаған, ой өтпеген, Көп оның «ой-шұқыры», шоқалағы. Қаңтарда бұзу қиын омбы қарды, Жол салған омбығады, домбығады. Батырлар бет бұрмайды дауылдан да, Қорқақтар бір аттаса, он бұғады. Жақсыдан салт қалады, ат қалады. Жаманнан, қалса орнында, тат қалады. Королев – ия, ертеңгі Королев бұл – Басын күрт көтеріп ап, жалт қарады. – Келдің бе, мама? – деп ап, тына қалды: Ана жоқ, дыбыс та жоқ, тұман алды. Апыр-ау қайда даусы, нұрлы жүзі, Қайда әлгі шашын мұның сылағаны? Отырған ақырын кеп ол қасына. Бардай-ақ әмірі де, қолқасы да. Басталып кетті әңгіме екеуара. – Сережа, шыныңды айтшы, қорқасың ба? – Жоқ, мама, қорықпаймын, жүрексінем. Жөн боп па озбай жатып жүрдексіген. Айтпақшы, отырсың сен нені сөз қып?.. Қайғырма қатып менің жүр деп сілем. – Жалтарма, жараспайды, балам, саған. Пәлі де, сырт біреуге баланса анаң. Ана ма, перзент демін сезбесе ана? – Кеш, мама. Таңым, иә, бұл аңсаған.

– Іске сәт! Бәріңді де мақтан етем. – Жә, мама, радионы бақ таңертең. Мені қой, басқа ұлыңа бас иер-ақ Корольдер ұшып тұрып тақтан ертең. – Айтшы, ұлым, арманың бар тағы қандай, Тағдырдың бұдан үлкен бағы қандай? – Әуелі сапар осы құтты болсын, Адамның ұлылығын танығандай. Білмеймін отыр кімге ұқсап ұлың. Қалған жоқ, шыным, мама, түк сабырым. Арман не «шабаталы» Россия Космосқа шықса бүгін, шықса бұрын! Жоқ одан ала ісім де, дара ісім де, Туса да ми мен қолдан, анашым, не. Әрине, бақыттымын, бақыттымын, Сені мен мынау дарқан дала үшін де. Армансыз жетеді кім кемеліне? Ол бітсе құр сүлдер тек, де, мені де. Арман – ол жанға қанат,

желкенге жел. Толқынсыз теңіз соқпас кемеріне. – Ғылымға разы, ұлым, анаң да әмән. Күн де бар қорыққан да алаңдаған. Тобықтай бұлтылдаған доп үстінде Тұрғандай Жерді басқан адам маған.

Әлі есте Хиросима қасіреті. Қылмысы ғылымның ол, ғасыр дерті. – Ол, мама, ақыл емес, ар күнәсі, Көріп қой деген есеп, насыр өрті. Ол есеп қырғынды, ия, дертсінбеген. Мен де оны жер есінен кетсін демен. Ол есеп Жапонға атом жарылсын да, Гүрсілі көршісіне жетсін деген. Көрші жоқ қалтыраған одан бірақ. Аттады алымдырақ, адымдырақ. Қолында тұр атом да, басқасы да, Қатердің, қасіреттің алдын орап. Біз емес өзін ғана зор тұтатын, Біз емес өзгелерді қор тұтатын. Доп емес, Жер мәңгілік тіршілік ол. Дүниеде күш жоқ сені қорқытатын. Жер – ана, біз, адамзат – түлегіміз, Үстінде еңбегіміз, тілегіміз, Ол үшін ақыл да ортақ, ауа да ортақ, Бас болып күзетінде тұр еліміз. – Көп рахмет, көңіл, балам, дауаланды. Білмесін жер лаңды, ауа лаңды. Қайырлы қадам болсын, қарақтарым, Сарғайма, сағындырма Хауанаңды. Жайнасын жемістер мен сән бағыңнан, Сәлем, де, сау оралсын саңлақ ұлан.

– Жүдесем, жоқ, жұмыстың көптігі емес, Бақыт пен ұлы сенім салмағынан. – Есте тұт: бәйек саған болады ана. Батыр да, дана да оған – бала ғана... Королев, айттым, басын көтергенде Үңірейіп тұрды әйнектен дала ғана. Сібірлеп бозғыл сәуле келеді өніп, Арманы әнеки тұр кеме болып. Тұңғышы ол, адамзаттың барлаушысы, Кім білсін, шығар қандай неме болып. Жетер жоқ қай-қайда да жер бетінде Тұңғыштың тұмса тапқан

бейнетіне. Тәтті де, сұлу да жоқ анаға одан, Ыстық-ақ кенже де, рас, дейді етіңе. Ғалымның есі-дерті тұңғышында, Шаншылған ақ найзадай шыңға ұсына. Тұмшалы, томағалы ол әзірше, Ұқсайды тұмсықты дәу түн құсына. Сонымен Бас та тұтас дене дерлік. Үлгірді оймен тағы кемеге еніп. Иненің жасуындай тетіктер де Есінде қалғандай-ақ шегеленіп. Қанша қол, қанша мимен түлетті адам. Аяған кім бар күш пен тілекті одан? Ғалымға бұл ғаламат

құралғандай Тетіктер емес, жанды клеткадан. Жасасты ақыл-ойдың сан тәңірі, Жасасты жұмысшы жұрт таң тап ұлы. Соқтырды чертеждер тек жүректерді Секілді сан-сапат кіл қан тамыры. Немене бірдің ойы, бас үлгісі? Асылды таныр болса – асыл кісі. Королев орынынан тұрды үрдіс, Келгендей бас-басына бас игісі. «Мың алғыс сеніміңе сенің де, елім! Сыйынып, сүйенгенім – сенің белің. Жүректің жалыны да – сенің отың, Демім де кеудедегі – сенің демің. Мың рахмет батпырауық, планерге, Құлшынтқан құс қанатқа,

қыран өрге. Әр әрпі ана сүті тамшысындай Мың рахмет Әліппеге бұлағы елде. Зерігер бақыттан да басыр пенде. Жоқ, жоқ, мен жүрем иіп басымды елге. Жар, әке, ғалым болып жасап келем, Білмеймін қайсысы тек басым менде. Жүресің бірде қатты, бірде ақырын. Жетпейді бірде уақытың, бірде ақылың. Болады жарқылдау да,

сарқылдау да – Құнындай нәрсеге де бір бақырдың. Тіршілік тәтті сірә сонысымен. Күлкімен, күйігімен, сом ісімен...» Королев шорт кескендей сейілді ойдан, Ойы үйге бекіткендей оны ішінен. Ол – терең, болмайды оны бойлауға да. Ол – биік, туған күнін тойлайды Ай да. Менікі – ақынның өз топшылауы, Әйтпесе Королевше ойлау қайда? Ер атын есте тұту – міндетті елге. Тәуекел, шықтым жырды мен де ерттеуге. Ғасырлық әр мысқалы даналықты Сыйғызам деу жоқ әсте минуттерге. ...Бозарып келеді түз түн ыстаған. Королев отыз минут тыныстаған. Сағат пен жүрек қана болмаса ше, Айнала аласталған дыбыс тәмам. Тыныштық өзге үшін тек, бұл үй емес. Бас ғалым жалғыздыққа үйір де емес. Ол әне ептеп басып көрші үй барды, Берейік бөлмесінің біріне елес. Бұл да сол біздер көрген бөлмедей нақ. Жұпыны тіпті одан да,

ол кедей-ақ. Жай стол, енсіз екі темір койка, Күркелеп күнелткендей өңкей бейбақ. Бірінің беті әріде, көлеңкеде. (Танылмақ о да кейін кең өлкеге). Жас жігіт бергісі де мөлдіреген, Бүгін-ақ балайды әлем оны еркеге. Сірәдә білінбейді сыр бетінде (Бар болып, байқамасақ, сын не түнде?) Ұқсайды балбыраған балғын өңі Мадонна перзентінің суретіне. Жаһанда іс-місі жоқ, жатыр ұйықтап. Немене бейқамдық па,

батырлық па? Королев сұқтанады, сүйсінеді. Демеңдер: атасайшы, аты ұрлық па? Қиянат етпейікші тағатқа онша, Сақтайық уақыт сырын таң атқанша. Білдік пе Гагаринді Гагарин деп, Ресми ТАСС хабар таратқанша? Әзірге беймағұлым бір кісі де, Кірмеген қыздардың да кіл түсіне. Құлақта қалады оның кейінірек Шат үні, нұрлы сәби күлкісі де. Қамқор ұл, жомарт жолдас, жар ақылман, Дерміз де, ізгілікке жаратылған.

Әйтеуір кепіл оған – Ұлы Отаны, Жұмсайтын космосқа Ел мен Жер атынан. Королев айтпайды әлі мұны өзгеге. Атақ пен бақыт деген ілез бе, не? Ғарышқа төтенше өкіл адамзаттан! Бар ма одан артық сенім, мінездеме? Байқоңыр Байқоңыр да емес әлі. Ұшқан жоқ Гагариннің кемесі әлі. Еткен жоқ Исақұл да оны мақтан, «Қазақта жаман жер жоқ» демес әлі. Сығалап көз тастап Бас босағадан, Бет алды «шүу!» дер жерге осы арадан. Күтулі оның сөзін Уақыт-Тарих, «Восток» та рауанмен қоса ағарған. Корабль атылардай «әу» десең-ақ, Өресін замананың зәуде сынап. Жігіт те оянады

Ұшатұғын Космосқа Жер-ананың сәулесін ап. Таянды «Кеттік!» деуі аңыратып, Бар болса, тұрар көкте тәңірі атып. Қараңдар, планета атаулылар, Келеді Байқоңырдың таңы да атып.

  1. КОСМОСТА – ГАГАРИН! Кеткендей жер қақырап, тау жарылып, Алапат асты-үстіне аударылып, Сатырлап зірк етті өңір, бұрқ етті от, Атқандай түзден вулкан лаулап ұлып. «Кеттік!» деп сонда шықты ақ жарқын үн, Ішінен сары ала оттың, нақ жалқынның, Пілтедей бір лап етіп, қайта сөнген, Жоқ болды шұғыласында ақ жал күннің. Апыр-ау, мынау нендей шұнақ еді? Не нәрсе тітіренткен құба белді? Деп, запыс кәрі солдат Исақұл қарт Көйлекшең, мәсішең сыртқа шыға келді. Әуелі айналаға бір қарады: Шөп басы баяу ғана ырғалады. Аңырған балалардың көздері тек Әр жерден алыс көкке тұр қадалып. Күн биік. Ызғарлы жел салғырт, тымық. Аспанды алалаған сәл бұлт тұрып. Түтін бе, түтеп өткен құйын ба әлде, Түтіліп бара жатыр сарғылт түбіт. Ол тұста – жапан дала, жайдақ өңір, Жазда сұр, жазғытұрым – майда қоңыр. Исекең «е» деп, мұртын сипап қойды, Әкелді не болжамға,

қайда көңіл? Даланың үлгіргенше қарап ұлы, Көз түгіл, ілеспес ой қарауылы, Ауаның кірді қалың қабатына Алтын от болып «Восток» кораблі. Келеді от шұбатылып, шалқып қалмай, Кеме емес, мартен пешін қалқытқандай. Адамға көрінеді ішіндегі Сыртында біреу құрыш балқытқандай. Жүйрік жоқ оныменен жарысқандай. Жігіт шат, дейді іштей: табыс қандай! Сол мезет қарауытып кетті көзі, Кеудесі жауырынына жабысқандай. Кеме емес, кемені адам барады алып. (Жүзіне жер де қазір қарады анық). Екінші ракета сатысы да Бөлінді «Жол болсын!» деп дараланып. Дүр сілкіп зілдей басқан түнді иықтан, Шыққандай су бетіне

Тұңғиықтан, Денесі мамықтай боп сала берді, Бір қайнап, дерсің бірде тұрды ұйып қан. Лаулаған от та қалды өздігінен, Адам да асыға сол кезде үңілген: Жер біздің Айдан нұрлы, Күндей сұлу Жарқ етті корабльдің көздігінен. Келді тек «қандай ғажап!» деуге тілі. Таба алмас оған теңеу кеуде тірі. Осылай шықты тұңғыш Космосқа адам! Масайра, бәрекелді, беу, де, тірі! Ал жерде жалғыз жанның азан аты. («Адам бір» дегендердің аза ма анты?) Ғарышта – майор Юрий Гагарин! Ол – Советтер Одағының азаматы! Есім жоқ осы сәтті уытты ондай, Болса да қай жүректе үміт қандай. Әйтеуір сағатқа не

минуттерге Адамзат алалықты ұмытқандай. Ел-елден келеді ертең хат ағылып. Қысады қолын небір атан ұлық. Кеткендей Құдаймен ол кездесуге Бөрлікті мешіт, шеркеу бата қылып. Аяусыз жер бетінің гүлдері де, Сүюге даяр сұлу күллі ерін де. Тіріліп шыға келді «тегі бір» деп. Қайдағы аттас князь сүлдері де. Мақтанды Жер де, «Адамға тұрақпын» деп. Бұлақтар «тек сол үшін бұлақпын» деп. Секілді адам деген сөз қайда да Бір-ақ ат, бір-ақ мақтан,

Бір-ақ міндет. Дегендей «жұтамыз бір ауадан біз, Жаралдық бір анадан – Хауадан біз». Дегендей «Қайғы да ортақ, бақыт та ортақ, Қиянат, қызғаныштан сау адамбыз». Секілді ақ, қара да, зор да тума, Алғандай бәрі қызыл

қолға ту да. Айтқан жоқ арсыздар да кетті деп ол Космоста коммунизм орнатуға. Амал не, әлемде әлі бар шылықтар. Туады қызғаныш та, таршылық та. Болады іштері де күйетіндер Жаралған Октябрьден жаршылыққа. Бүгінше арамзалар тасада әлі. Кім сірә күнді қолмен баса алады? «Гагарин – совет – космос» деген сөзден, Қосса, үйсе, көл де, тау да жасалады. Аспандап кеткенде ұлы, ұл атағы, Батырдың, барлаушының ұлы Отаны Мен-менсіз, дана ананың мақтанымен Көтеріп төбесіне тұрды таңды. Қуандық, құттықтадық арсалаңдап, Бар ауыл, бар селоны, барша алаңды ап.

Қуандық қол мен мидың құдіреті үшін, Ел үшін жаңа ерлікке жаршы, адамзат. Әкесі ой тоқтатып енді есімге, Өзінің аты-жөні келді есіне. «Юрий Алексеевич Гагарин!» деп, Отырды білмей сенер-сенбесін де. Кеудені кернеп толқын барады асып, Қалғандай ақылынан ана адасып. Телміріп радиоға дейді: «Юра», Қуаныш, қобалжуы араласып. Еңбек тек баққаны да, тапқаны да, Олардың мансап, атақ жат қанына. Күтеді ұлын ғана, шаруасы жоқ Князьдар туыспыз деп жатқанында. Кішкентай Гжатск қаласы да, Жұмысшы мектеп жатақханасы да, Кең байтақ дала,

ұлы Москва да Тілекші сол кемпір-шал баласына. Жар да отыр қос бөбегі қос тізеде. О да үнсіз радиоға көз сүзеді. Болса да бұрын даяр бұл минутке, Білген жоқ аттанарын қошсыз ері. Исақұл «е, бәсе!» деп, о да тынбай, Қорбаңдап қос қолы құс қанатындай, Бір тұрып, бір отырып, жүрді қарап, Гагарин осы араға қонатындай. Бауырындай тонның ішкі Бұл ауылға, Көңілі күтулі сол құлап ұлға. «Байқоңыр космодромынан ұшты» деу де Тарланның жағып кетті құлағына. Космос не, бұл сапар не, қандай бұл сын? Исекең мұның бәрін қайдан білсін. Жанымен сезді әйтсе де жақсылықты, Ғалымды ұсақ

қалай қайран қылсын. Сүйінші сұрасады ел кәде деп те. (Бар жақсы осындай бір кәрі әдеттер). Қол тимей жұртпен бірге қуануға, Космоспен болып отыр Королевтер. Солар тек Гагариннің, таң ұлының Ғарыштың у-шуынан таныр үнін. Естиді даусы түгіл тынысын да, Естиді соғуын да тамырының. Кетсе де ол мұннан қанша қат алыстап, Тізгінді босатпайды қатал штаб. Отыр ол корабльдің штурвалын Қолымен космонавтың қатар ұстап. Осынау минуттерде зерде де, ес те Жеткендей дер шегіне, дер белеске.

Ерікті Бас конструктор айтуға да Жүрегім менің қазір жерде емес деп. Болар-ақ уақыты аунап-қунағандай. Жүре ме жауырынынан тулақ алмай? Айналған жер шеңберін анау ноқат Кеме емес, жүрегі боп зулағандай. Өзінің кеудесіне, Жер-анаға Қайтарып жүректі сол бере ала ма? Абзалы, ұшу жұмсақ, қону қатты – Заңы көп табиғаттың кереғар да. Адамның жаз жайлауы, қыс қыстауы – Жер жұмсар корабльді қос-қос та әлі. Ал бүгін орбитада Гагарин тек, Ең тұңғыш еңбеккері космостағы. Жас жігіт жан күйінен жайраңдаған, Шыққандай, жұмыс десе, қайдан да алдан. Есте ме Айға да емес,

Күнге де емес, «Ғажап» деп жерге әуелі қайран қалған! Жатып ап жаһанның бір қиянында Жер әлде аспанға нұр құяды ма? Мұнша оның бояуларын білген емес Адамның көзі түгіл қиялы да. Жасылдан жасыл орман жасылы да. Көктен көк көлдері де, асылында, Құмдары қызыл Күннің жалқынынан Көрінді жер ертегі жас ұлына. Нұрға да ұқсамайды бұл кендеге. Бетінде – шолпандар мен үркерлерде. Космостан келеді о да жүрек деуге, Жөн екен кішкентай да үлкен деу де. Еменнің жүрек көзге жапырағы, Тозғанша бір теңіз қан сапырады. Жер-жүрек өлмейді де, сөнбейді де, Жармаса жауыздықтың запыраны. Жер – өмір, Не артық өмір зейінінен? Жер – ана,

Не зор ана мейірінен? Оның кең- тарлығы, әлді- әлсіздігі Адамнан, Адамның өз Пейілінен. Жылы жоқ, жарық та жоқ күннен ерек. Бірақ ол жер болмаса кімге керек? Қаншама балқыса да, Ол жансызға – Сарғайып қатып қалған құр көбелек. Жерсіз не Ай орағы, ай табағы? Жанып тұр жермен ғана, қайта, бағы. Ат беріп аруына Айсұлу деп, Ардақтап Адам ғана айта алады. Қоңыздай жұлдыздар не Жер болмаса, «Жұлдызым, ақ шолпаным» дер болмаса! Қылға ілген он тиіндік секілді олар, Алмайтын жылтылдай да Жел болмаса. Жер үшін осы космос жорығы да. Тамайық тамшы болып қорығына. Адамдар, бойын аулақ салсын деңдер Апат та, Тарығу да,

Торығу да. Жер үшін қорқыныш та, мақтану да, Жер ұлы болғандығын бақ тану да Биледі Гагариннің жан-жүрегін, Елестеп кетті өзге шақ тағы да. Айнала астан-кестен зіркілдейді, Қалың от, қара түтін іркілмейді. Жел ұлып, жер адамша ыңыранып, Бала да езу тартып бір күлмейді. Ол, Юрик әуестенген әріпке шын... Фашистер таптады кеп әліппесіп. Кетті айдап апа, ағасын әлдеқайда, Етпеді басқаның да тәрік несін? Бүгін де бұрқ етіп өрт тұтанады, Апаттың әлі де ашық жұт араны. Азаттық айқасында Вьетнам, Бұғауда бомбамен кім тұта алады? Тартады әділеттің ұлы ағына. Зулайды жер ағыла, күн ағыла. «Естиді, есте ұстайды Отан» деген Сүйікті ән

келді кенет құлағына. Кеңейіп кеме бейне Сала берді. Ән болып ару келді, ана келді. Кеудені күмбірлеген күйге бөлеп, Байтақ ел Жер қызығын ала келді. Бәйек боп үстінде тұр жаны елінің. Сезінді достар даусын, Жар ерінін. Сайрайды бақта бұлбұл, Тауда бұлақ, Теңіздей толқиды кек жалы егіннің. Москва. Қызыл Алаң. Толған халық. Бас иді Мавзолейге ол да барып. Аттанды Байқоңырға сол арадан. Лениннен бейне тіке жолдама алып. «Жан Отан, шықсақ та алыс өрге нендей, Не болсын өз бауырыңда көлбегендей. Өтсе де минуттер тек, – дейді көңіл, – Сағынам жылдар бойы көрмегендей. Космосқа Мақтанбаймын мен шықтым деп Шаттанам Сен шығардың,

Сен шықтың деп. Ерекше еңбек боп па Талпынғаным Өмірді сенше жасап, Сенше ұққым кеп? Иә, мен тартынбадым жетегіңнен. Қалғым да келмеген-ді не теңімнен. Оқушы, токарь, курсант, ұшқыш болып, Балаша ұстап келдім етегіңнен. Өзіңсің космонавт бол деген де, Бола алсам, сенен емей, ол менен бе? Тұрғанда өзің жебеп, өзің демеп, Тәйірі бірер сағат жол деген не? Мен үшін қорықпа деп айта аламын. Сене гөр, емес бұл сөз тайталаңым. Үйреттің айлап, жылдап, Бұл сапарды Өң түгіл түсімде сан қайталадым. Немене Балға ұстап, соға алмаған? Немене Орақ ұстап, ора алмаған? Несі таң Сенен туып адам болсақ? Сөкет тек Сенен туып, бола алмаған. Несі таң

Сенен түлеп ұшандасақ? Сөкет тек Сенен түлеп, құс алмасақ. Несі таң Қанатыңмен ұшсақ сенің? Сөкет тек Сен ұшырып, ұша алмасақ. Дей алман тек өзімді алымды ұлан. Болармын, бәлки, рас, салымды жан. Әйтпесе Герман, Валя, Андриандар Бетке ұстар, бірінші дер жалындыдан. Бұл жолдың Басы бар да, жоқ ақтығы. Космосқа мәңгі Адамның қол артты ұлы. Болуым оның тұңғыш жиһанкезі – Достар мен Королевтің жомарттығы. Минутте соларды да сағындым мың. Тек солар арқылы мен салымдымын. Бас десе – бас деп Сергей Павлович, Айтпасқа амалым жоқ,

шалым, бүгін. ...Корабль жерді орала тартты-ақ ағып. Сағат та таң да екі рет атты ағарып. Түйгенше бірер сөйлем ойын адам, Барады континенттер артта қалып. Келеді жолдап космос сәлемін де. Бар жүрек оты, ауыздың Сәл ебі де. Келеді Жоқ, жоқ деген сенімменен Ұлы да Жерден біздің, Әдемі де. Жармаспан корабльдің «тұтқасына». Өнер жоқ жырдан өзге түк басымда. Ғылым мен техника – бір ғашығым, Шын айтсам, Сол екеуі – ұқпасым да. Әрине, дей алмаймын білместі ерлік. Білместі білгенсу де – құр есірлік. Айтқан ғой

Баяғыда бір ағамыз: «Ошақтан аулақ жүріп күреселік». Жырымнан ғылым, иә, жырақ тәмам, Еткендей ғарыштан да бұлақты арман. Жерге бір Гагаринше қарау – мақсат. Ал ондай көру қайда бірақ маған? Кеп жетті ол қайтып туған аспанына, Космостың беташар боп жас таңына. «Алдияр, сапар сәтті!» дей алады, Құшағын Ел, Жер-ана ашқанында. Жүрегі тулағандай алақайлап, «Мама» деп, Валюша деп, балақайлап. Жоқ хабар-ошары оның жатқанында Күллі әлем суреттерін талапайға ап. Ойына сірә тамшы тамған ба ондай, Болса да ғарыш жолы заңғар қандай. Таңданды кейін

Жердің мәздігіне Космоста көркіне оның таң қалғандай. Ашқандай баққа көзін айдын бұлақ, Кеткендей бұл дүниеден қайғы жырақ. Жүз шақты минутте осы Болған дерсің Жер беті жылулырақ, Қайрымдырақ. Күтеді барша жұрт пен ұлт алдында. Күлкі өсіп, Азайғандай бұртаң-мұң да. Секілді

Жалғыз ғана Гагарин тек Қалатын бәз қалпында бұл таң мұнда. Еңбектің ләззаты көп, емші ісі көп. Сансыз көп, жатса көптің еншісі боп. Гагарин жалғайды ертең жүректерді Достық пен ізгіліктің елшісі боп. Жолына гүл тасқыны ағылады. Кеудеге жұлдыздар да тағылады. Ақ, сары, қара бөбек аттас та алда, Күтеді сый-сияпат тағы да әлі. Құшады туғанындай жат ананы, Биіктік Гагарин боп аталады. Жымиып экрандар мен журналдардан, Тұз-дәмін талай елдің татады әлі. Арасын көк пен жердің аттам қылып, Алмайды әлі жылдар «аттан» құрық. Батады бақытқа шын белшесінен Космосқа достарын да аттандырып. Әзірше алда олардың бәрі бірақ. (Ажал да тұр шегініп жары құлап). Ал қазір жерге оралды Прометей Адамға күннің жаңа жарығын ап.

  1. ИСАҚҰЛ МЕН ҚОРҚЫТ АТА Болады адам шақтары Тік тұрса, түлеп тағы да, Төбесі көкке жеткендей, Көсілсе, аяқтары да Көкжиек асып кеткендей. Болады адам шақтары Тіл қатып гүл мен желге де, Саялап жаны сан бақты, Тек космос емес, жерде де Сезбейтін ешбір салмақты. Болады адам шақтары Ұмытып ыңқыл-сыңқылды, Жыл санын, самай ағын да, Сонау бір дәурен сықылды, Самғасам дейтін тағы да. Болады адам шақтары Күлуі бар да, жылау жоқ Күндерді көріп тұрғандай. Жылуы бар да,

қырау жоқ Түндерді көріп тұрғандай. Болады адам шақтары Бекер дер дүние шолағы, Өкінбей өткен жасқа да. Болады, иә, болады Сондай да, мүлде басқа да.

Өткізді ақын бұл күні Ұша алмай әттең пір болып. Жер-көкке жаны жұлқынды, Жауғысы келіп жыр болып. Болмады түз не, орман да ық, Көп күтті көңіл тымығын. Ойларын толқын ойран ғып, Сіміртпей тұрды тұнығын. Өлеңді тыңдар ағайын Жоқ еді бірақ ол күні. Тәулікке сөз тек – Гагарин! Өмірдің өзге олқы үні. Ауызға сол бір үн ие. Қолдарға райхан гүл ие. «Гагарин!» дейді дүние, «Байқоңыр!» дейді дүние. Эфирге тігіп құлағын Исақұл жатыр жамбастап. Келгендей жаңа бұл-дағы Космосқа өзі жол бастап. Жоқ сынды басқа елде ісі, Батырға әке, аға ол да. Әлемнің бәрекелдісі Тұрғандай тиіп оған да, Қабырға толы фотолар: Кемпірі, өзі, ұрпағы.

Бір қарап қойып отырар Гагарин күліп тұр тағы. Әлгіде үйдің төріне Ол көшкен газет бетінен. Кеткендей шалға көрінді Қанмен қан, ет боп етімен. Айтқандай бір сыр кәрі оған Аларда нені есіне, Есіктен үнсіз қараған Көз түсті немересіне. Бал бөбек бүгін тәй басқан Өзінше бойын ұстаулы-ақ. Атаны көріп жайғасқан Табалдырықтан түсті аунап. Жыламай, тұрып отырды, Жығылған екен терлікке. Көзінде қайсар от тұрды – Разы тұңғыш ерлікке. Исақұл, соны байқап қап, Ұмтыла түсіп тоқтады. Бөбек жоқ сірә тайсақтар, Соқса да «жолдың» соқпағы. Қаз тұрып қайта аттады, Бір басып барып шөк етті. Бәрібір соған шаттанды, Еңбектеу ерге – сөкеттей.

Шегініп, ептеп шығынып, – Кел, кел! – деп ата шақырды. Бір тұрып, бірде жығылып, Балақай жетті ақыры. Сүрінсе, ызаланғандай, Тәй басса, мәз боп күледі: Исақұл кенет таң қалды, Қызық ой салып түлегі. Азамат, адам болғанша, Дүниеден сабақ сыр ұғып, Өтеді сыннан ол қанша, Жүргенде құлап, сүрініп? Жатса да тағдыр таяқтап, Ер жігіт еңбектемейді. Күнелтсе тек төрт аяқтап, Кісі де оны демейді. Ілінер дейді жөргем де Жылжыған, жүрген аяққа. Жол да құл дәйім жүргенге, Жүргенге жалшы – ай, апта. Түтеген оқтың астында Еңбектер кез де болады. Қайнайды боран, тасқындап Қайрат пен ыза бораны. Тік тұрған – тура нысана, Жатқанның жаны – тасада.

Сонда да бақа құсамай, Атойға адам басады. Құласа, тұрған құлайды, Тік болса, тұлға – келелі. Әрқайда жеңіс ұдайы Атоймен ғана келеді. Атойда – әділ төрелік, «Атака!» дедік уралап. Өлгенде, солдат өледі, Көтеріп басын, бір қарап. Еңбектеп өткен ғұмырдан Еңкеймей өткен күн артық. Сондықтан биік тұғырға Тұрамыз сірә құмартып. Айтқан ғой біздің қазекең «Жығылсаң, нардан жығыл» деп. Аласа екен, аз екен Бір кезде асқақ ұғым тек. Жеткенде Бұлттар биігі – «Есік пен өрдей» дер күнге, Космос деп адам иығы Шегінен шықты жердің де. Заманның бұл да нышаны, Дариға-ай, қалай қиярсың!

Қыран тек алыс ұшады, Қияға салып ұясын. Әдет қой теңеу қыранға, Поезды тұлпар дегендей. Әйтпесе сонау ұланға Тең келер қанат, е, нендей! Қаншама, қандай милардан Жаралды екен кемесі? Белгілі, соған қиналған – Бастардың осал емесі. Жолығар жолда жорықта Мұңды да, мұнша шатты да. Ол түгіл оңай болып па Үйрету асау атты да? Аз емес долы, безері, Шиыршық атып шырқырап, Мойнына кетіп тез ері, Көнбейтін, талмай, ырқыңа-ақ. Алдына алды бөбекті, Исекең ойын бір түйіп. Конфетті ашып бала епті, Бір басты ұрты бұлтиып. Байқауға сосын талпынды Атаның шоқша сақалын. Атасы ойлы қалпында: – Қарашы, – дейді – шақарын! Жігітке анау

шіркіннің Кестірер ме еді тұсауын! Бәрібір ұшқыр бұл күндер, Онсыз да мүмкін ұқсауы. Сеземін: Дегдар, Тиіскек, Кескекті қазақ сойы бар,– Деп ата, Ұлды иіскеп, Толғанды тағы ойы дал. – Апыр-ау, күні кеше еді, – Дейді бір қарап сәбиге, – Жайлаған жоқтық кеселі, Ат-арба арман әр үйге... – Исеке, сап, сап, Сәл сабыр! Танылды аузың, дөй десің. Алшақ жоқ сырда сонша бір, Сен болып ақын сөйлесін. Рас-ау, рас, кеше еді Революцияға сыйынып,

Маңдайдың сорын бес елі Тастаған күндер сиырып. Маңдайдың соры дегенің Сиырып сығар тер емес, Ұшындай темір шегенің Әріде тұрды, бері емес. Суырдық соны, сиырдық Етімен, арам қанымен. Сиырдық, күшке сиындық Октябрьдің отты таңымен. Азаттық болып Октябрь Томағасын алды қыранның. Қазақтық болып Октябрь Тұсауын кесті жыр-әннің. Сен үшін тақтар гүрлейді, Патшасы өзің бол, деді. Сен үшін бақтар гүлдейді, Бақшашы өзің бол, – деді. Сулар да, – деді, – сен үшін, Мұрабы өзің бол, – деді. Нулар да, – деді, – сен үшін, Мұратқа жетсін, қол, – деді. Таңдайсың нені? Таңда, ұлым, Шарықта, шаттан, сүй, – деді.

Дүниенің кілтипандарын Басыңа, бірақ, түй, – деді. Қолыңа сенің сол үшін Қарындаш берді дәптермен. Азаптай көріп соны шын, Маңдайда тұрды қақ терден. Бір қолды екі ете алмай Жатсақ та, оқы, жаз, – деді. Түрксіб тұрды өте алмай, Кетпенмен тауды қазды елің. Жел сорған ернін көнектей, Өңкиіп епсіз, сөңкиіп, Отырдың мына бөбектей «А-та» деп созып, сен күйіп. «Жазғаннан гөрі бір әріп, Бір шпал төсеу көп оңай», – Деп жүрген кезде жыланып, Өтіп-ақ кетті ол он ай. Азар да безер сол он ай Даланы қанша өзгертті! Тартылды бейне жол оңай, Көкжиек асып көз кетті. Қимылы пысып, жан пысып, Жуастар шықты кердеңдеп,

Кеудеге аздап нан пісіп, «Дәуірге қожа ел – мен» деп. Арбаға арты тимеген Асылды «қара тұлпарға», Аллаға басын имеген Бас иді қызыл сұңқарға. Осылай Нұрлы бұрылыста Хат танып жатты миллиондар. Осылай ұлы құрылысқа Аттанып жатты миллиондар. Осылай келді даналық, Елдің де ерлік шақтары. Осылай тұрды қаланып Байқоңыр баспалдақтары. Сол үшін сен де майданда Ажалға қарсы тік тұрып, Атойға шықтың қай-қайда, Ықтырып жауды, бұқтырып. Сол үшін құрбан болды да Ұлт-ұлттың Исақұлдары. Келеді салып жолды да Исақұлдардың ұлдары. «Апыр-ау, дейміз, кеше еді...» Бала деп өткен уақытты.

Маңдайда ырыс неше елі? Санаған біз жоқ бақытты. Ол бақыт бейне міндеттей, Жан-тәні бірге жар бүгін. Бақыттың жылы – минуттей. Жылдардай ғана – зарлы күн. Болды ма мұрша санауға? Бақытты және санай ма? Санадық кірпіш, шпалды. Қараған жоқпыз самайға. Нану да қиын, Исеке, Шөгеді десе құздарды. Тану да қиын, Исеке, Біз ғашық болған қыздарды. Барлары – әже – жұмақта, Жоқтары, даусыз, тамұқта. (Кетпесе одан жыраққа Алармыз кейін тауып та). Апыр-ау, иә, кеше еді... Кешенің біз бе кесегі? Керуен жылдар көшеді, Ұрпақтар өніп-өседі. Отырмыз бүгін Соларға, «Гагарин!» деп, Ду-ду қол соғып.

Нық бассын солар, Сол алда, Мұрагерлер мықты болса, құп. Ракеталар кемені Шығарып салып ғарышқа, Өртеніп көкте өледі, Сүлдер боп соңғы қарыста. Жаны ше? Жаны жасайды Тездік боп атқан кемені. Қарт болмай, мен ше, жасы әйгі, Ракета болғым келеді. Жасайық болып шапшаңдық, Биіктік, әрі қашықтық. Жүректен және тапса, құп, Сұлулық, сиқыр ғашықтық. Отыны болып, Отанға Біз бердік Космос тездігін. Етпейді мақтан әр таңда От болып жанған кезді кім! Дүбірлі дала, бақ дала Сүйсініп солай, таңдана, Разы озған шаққа да, Қуандық келер таңға да...

Исақұл, сені тәулікке Әңгіме-дүкен қыздырды. Ойлар да қаптап, әулікті, Орады жаз бен күз қырды. Оралды қыс пен көктем де, Жаңа отау, ескі шаңырақ. Үй іші, көрші – көп пенде – Көңілдер жатты жамырап. Аяғың жетер қырқадан, Көне көз жетер жазықтан, Шамаңнан биік шырқамай, Айналдың бірер қазықты. Байқоңыр сондай бір қазық, Сүйемі қазақ жерінің. Бір адым шықсаң, құлазып, Сағындың исін, желі үнін. Тарландай тарпып тепсеңін, Таба алмай тілге түгін де, Қанша уақыт, қайда кетсең де, Оралдың соған түбінде. Радио осы даланы Деп жатыр космос вокзалы. Деп жатыр старт алаңы, Бәрі де дұрыс абзалы. Хабарға хабар жалғасып, Саңқылдап тұрды салтанат.

Қиял да қилы жолға асық, Серігі – тарих, шартарап. Кереғар шаттық күйіне Түсті еске таңба білеудей. Есікті қақпай, үйіңе Рұқсатсыз кірген біреудей. Береке-ойдың үстіне «Ой бауырым» салып келгендей, Береке-ойдың үстіне «Ойбайын» алып келгендей. «Мен, балам, Қорқыт атаңмын, – Деді сол мұңды қобыз-үн. – Қаусатты мені қатаң күн, Иледі дүние-қоңызың. Қоңыз да демей не дейін, Жорғалауменен күн өтсе? Жол жоқ не алға, не кейін, Жауырынын жазбай күнелтсе? Марқабат үшін туғандар Дәрменсіз жоққа байланса, Махаббат үшін туғандар Моланы ғана айналса?

Қарылса қыран қанаты, Үкісі күйсе тотының, Тұншықса ақын, дана аты Басында ошақ отының? Бөбектің сақ-сақ күлкісі Ішінде қатса, шемендей, Күйзеліп өтсе кіл кісі, Жүрегін жұлып жегендей? Бір – екі жүзді жасадым, Жаңылтты жылдар саны да. Күні не Қурай асаның Жармасқан аққан салыға? Осынша ғұмыр бергенде Білмеймін, пәни не күтті? Деді ме қалсын бір пенде Диуанадай әлі үмітті? Мен өттім осы арадан, Бұл түгіл барша даладан, Көкектен басқа құс көрмей, Көнектен басқа түс көрмей, Көкпектен басқа шөп көрмей, Әуеден басқа көк көрмей, Жазында тамшы шық көрмей, Қысында құрттай ық көрмей. Соқыр ма ем сонша, жасаған, Өткендей өксіп түк көрмей?

Жоқ, жоқ, мен Бұғып жатқам жоқ, Жүректе жөнсіз шер ұйып. Желмая мініп ақ таң боп, Іздедім бақыт – жерұйық. Көлдерді көрдім қайда да Көзімдей менің суалған. Шөл жерді көрдім айнала Жүзімдей менің қуарған. Қайнарлар қайнап тыныпты, Қанымдай менің сарқылдап. Сай-сайлар тасып құрыпты, Жанымдай менің жалқындап. Еңкейген асқар таулар да Еңсемдей, көңіл бұлтындай. Солыпты жасыл баулар да Сарғайып сақал-мұртымдай. Жерұйық деген жоқ екен, Алдаған арман, айла да. Өмір аш, өлім тоқ екен, Сол жүрді мәз боп қайда да. Қорқыттың мынау көрі деп, Ор қазып жүрді бір ажал.

Тірілей мені өлі деп, Бет сипап жатты құба жал. Желмая қалды бір жолда, Жаяулап қайттым жұртыма. Үзілді күдер біржола, Көмілдім қайғы бұлтына. Дауадай жалғыз күйікке Сыңсыды түзде қобызым, Мен жетпей кеткен биікке Жеткей деп өнер қолы ұзын. Күрес не, Кемі күйректің Күркесі боп та жүрмеппін. Күңіренгенді күй деппін, Жоқтауды, зарды жыр деппін. Жүз жаса, мейлі, мың жаса, Көрінді жалған – түн маған. Жырымды жұртым тыңдаса, Қимастан аяп тыңдаған. Атымды сірә сақтаған Ұрпаққа сабақ болсын деп. Қанатты сіздің шақта адам Айтса жөн, баба, борсың деп...» Соны айтып елес жоқ болды, Жер сызып селдір сақалы. Қорқыт деу –

жықпыл-жықпылды Қазақтың аңыз-мақалы. Не дерсің оған, Исақұл, Айтысып әлде жауаптап? Дана да сірә мүсәпір, Жатса одан бақыт ауа аттап. Мың жылдай бұрын атамыз Ойланған болса осылай, Оған да рахмет айтамыз, О да бір тарих қосындай. Сен үшін оның тұлғасы – Безбеннің бейне бір басы. Екінші басы – өзіңсің, Құдіретті ғасыр құрдасы. Жоқ, араң, қартым, тым алшақ. Өлшену қатар – қиянат. Ұл-қызға айтып тұр әр шақ, Қалсын деп есте ұялап. Ал кәзір, қане, сейілдеп, Шығалық туған далаға. Шалқиды шалқар пейілдей Көктемнің көркем дәні, аға. Елеме ауа дымқылын, Жазықта жоқ қой жер лас.

Қызғалдақ ернін жымқырып, Сүюге ерте дер, рас. Сүйісу бізге кеш, мүмкін, Жатсақ та болды иіскеп... Томпитып қой мен ешкі ұртын Бөгеді көкке, күйіс кеп. Қарайық күнге, Көзге ұстап Бұлттардың ала шарбысын. Кетерсің, бәлки, сөз бастап Салалап мұрттың шалғысын. Әйтпесе кеттік, жүр оңға, Бір бассақ болды – Байқоңыр. Барайық Космодромға, Байқоңыр бүгін – бәйгі өңір. Көршілер қандай тұлғалы-ақ, Шындардың ұқсас жарына. Ракетадай көкке тұр қарап Жездінің тұрбалары да. Қарағанды жатыр, көмірі Хеопс пирамидасындай: Бір жақта – астық өңірі, Мыңғырған мал да – қасында. Естиді алып солқылын Секілді қыран сусыны

Адуын Арал толқыны, Сылқылдақ сұлу Сыр суы. Қорқыттың батқан жанына Қу дала – бүгін бақ ұйық. Ұлы елдің алақанында Байқоңыр – жаңа ақиық. Байқоңыр – иә, бәйгі өңір, Бәйгеге түсті жер бүгін. Байқоңыр – ерлік, бай көңіл, Бәйгеден келді ел бүгін. Осындай жерді Көзіңмен Не жетсін, шіркін, көргенге! Осындай жерде Өзің де Не жетсін өсіп-өнгенге! 5. БҰЛ ЖОЛДЫҢ БАСЫ БАР ДА, ЖОҚ АҚЫРЫ Байқоңыр. Қоңырайған күзгі дала. «Шүу» десең, жөнелгендей ызғып ала. Бейпіл жел бес аттап, бір сүрінеді, Қолынан болғандай-ақ тізгіні ада. Тіршілік – ол тұста да, бұл тұста да, Өзгеріп сала берген үрдіс дала. Үстінде асфальт, темір жол кестесі, Ұқсайды жері көрік,

жұрты ұстаға. Алаңсыз, Ашық старт алаңдары Адамды қуантады, Ал аңдарды... Жоғары вольтті электр желілері, Сұр жебе, құрыш мосы бағандары. Жайлаған бұ қырларды, О қырларды Үй-жайдың үлкен-кіші шоғырлары. Шөжедей басы үрпиген балғын бақтар Шоқ-шоқ боп мұнартады со ғұрлы әрі. Қолына ракета-ұршықты ала, Космосқа бір-ақ шыққан ыршып дала. Жерде де жалпақ басып, жаңарулы, Өспеген сонау екі үйшік қана. Баяғы стол, темір кереуеттер, Жиюлы тастұйнақтай.

Келер деп пе ер? Жиһазға жарлы студент бөлмесінен, Тұрды деп айту қиын кереметтер. Тек солар сол таңдағы тұр қалпында, Жылжыған жердей біздің бір қарқында. Гагарин, Королевсіз қанша өтсе жыл, Ардақты сонша мәрте бұл халқына. Алдында Адам үнсіз тоқталады, Иіліп шақырса да ақ тал әрі. «Орны бар, өздері жоқ» деген мұңдай Анау бір мемориал тақталары. Жоқ, иә, Гагарин де, Королев те, Не зауал ажал атты қара бетке? Керуен жолдарындай – жолы олардың, Космосқа кемелерді барады ертіп. Барады, кеңейеді,

биіктейді, Биіктей түседі де сүйікті елі. Дүниеде қос үйшікке құн жетпейді, Берсе де бар алтынды үйіп тегі. Елдік пен ерлік дәйім бағалы аса, Олардан бақыт төмен, тақ аласа. Осы үйге бір бас сұғып кетеді ерлер, Осыннан ұшты совет Шағаласы1 Көрсетіп кімді күндей, күнді кімдей, Сонау таң көз алдында кіл бүгіндей. Байқоңыр болса космос Меккесіндей, «Гагарин үйі» соның кіндігіндей. Ешкімге Еш уақытта табынбаған. Атақты 1 Космонавт Валентина Николаева-Терешкова.

Ер генерал, дабылды адам, Ұлы елдің президенті бола тұрып Көргендей әулие алдын, Табынды оған. Үйшікте Сарай пірі тұрды осылай, Иіліп Мұнарадай тұлғасы ұдай. Керілсе, кетер еді шығып басы Төбені тесіп пештің тұрбасындай. Тамсанды Түкірігін жұтып ұлық: Талассыз Сірә үйшік пен жұп ұлылық. Ұлы боп танылды оған Тек осында Кәдімгі жұмыс орны – жұпынылық. Айғайсыз ақиқаттай Ұлылықты Ол бізден бүгін емес, Бұрын да ұқты. Солдатша сүйінген де, сиынған да, Бергенше саясатқа мұрындықты. «Болды ма қаруласта осылардай, Сатпайтын, сатылмайтын асыл ардай» Деген ой ожданын сәл өкінткендей, Бұлтақсыз турасына бас ұрардай.

Болса ғой ұлықтар да әмәнда ұлы... Етеді адамдық тек Адамды ірі. Ал бүгін үйшікте өзге генерал тұр, Астронавт, Бұл «Аполлон» командирі. Бұны да Құдай бойға қыта алмаған, Тұлғасын жайлағандай құт аңдаған. Осы алғаш Айды айналып келген адам. Космосқа Жоқ көп ұшқан Бұл таңда одан. Биікте тапты орыстан ол достарды, Солармен бірге соны жол бастады. «Үйшігі Гагариннің» – Мекке оған да, Жанында жүр сапарлас жолдастары. Біледі ғарыштың ол қиырлығын, Бірінші болудың да қиындығын. Қиналып тапты Тұңғыш перзентіндей «Аполлон – Союз» атты ұйымды күн. Космоста қол алысты қос корабль. Санасаң, бес кісілік қос қана бұл. Қос емес,

парасаттың зор одағы ол, Сабақтай досқа да бір, қасқа да бір. Тағы ашты Галактика бір түндігін, Танытты Жер әзірге бүтіндігін. Жер ұлы, адам ұлы келеді деп, Шолпан мен сонда, бәлки, күтінді күн. Жер ұлы! Осы есте ұстар ат та. Тасталсын тағы да одақ старт артта. Жер ұлы – космонавт Леонов, Жер ұлы – астронавт Стаффорд та. Самғасын серіктес боп таңға кілең, Өз сенім, өз құмар, өз талғамымен. Біреуі алсын мейлі жолақ жалау, Ал бірі ұшсын Орақ-Балға үнімен. Біреуге әуес қызыл

Дала гүлі, Біреуге – бақтың, мүмкін, ала гүлі. Сөйле не ағылшынша, не орысша, Космоста қай-қай тіл де – адам үні. Әркімнің араны мен арында астар. Әйтпесе адам ұлы – қарындастар. Кепілі – Леонов, Стаффордтар, Ұялас ұшқан бірге қарлығаштар. Тұр енді Гагариннің тұрағында, Жаңарып шығады адам сірә мұнда. Леонов ағылшынша тіл қатады Орысша Стаффордтың сұрағына.

Қалса есте, қонақтардың зор ұққаны, Алардай талай бірге жорыққа әлі. Ал менің көз алдыма келе қалды Эльбада одақтастар жолыққаны. Тіл емес, ыммен, көзбен, жан дәтімен Ұғысқам, американ солдатымен. «Жеңіс!» деп қол қысыстық қаруластар, Ант етіп адамзаттың сонда атымен. Қуанып сол минутке, Өліп-өштік. «Достық!» деп, Жүз граммды бөліп іштік. Төске төс түйістіріп, құшақтастық, Тұрған жоқ арамызда өріп штык. «Жеңісті, – деді ол, – совет ері әкелді». «Саған да, – дедім, – солдат, бәрекелді». Қайдасың, о сондағы қаруласым, Достықтың біз емес пе ек дәнекері? Жолдастық қанымызда, «дінімізде». Жоқ оған опасыздық тірі бізде. Деген сөз «салқын соғыс» сендер жақтан, Болмаған ондай бұрын тілімізде. Білсек біз, білдің оның оттыларын, Айнала өлім сеуіп, өрт қыларын. Семсерін жерімізге салды жаулар, Семсерден Сезбегендей морт құларын.

Жоқ бізде қарыздар боп қалу досқа, Жоқ бізде қол жұмсау да қаруласқа. Қару ап қашан бардық біз еліңе? Әрине, өз жеріңді қору басқа. Қорғандық антанта атты шапқыннан да, Тартқанда Ұлы Октябрь ақ күнді алға. Жараның аузын тырнау емес бұл сөз, Сақ бол деп, тілеуім ғой бақ мыңдарға. Демеңдер жүректе тек із қалмайды, із... Деген де жөн-ау кейде:

біз қандаймыз? Дырау ел Америка, Дарынды да ел. Біз одан ұлылықты қызғанбаймыз. Күпсінсең, сия күпсін өз теріңе, Қожа бол, қожа болсаң, өз төріңе. Өзгеге ақыл айтып әкесінбе, Әке бол, әке болсаң, өз төліңе, Көсілсін көрпеге сай Арыс-алып, Аяғын көршісінен әрі салып. Бәйгеде кім озарын шабыс шешсін, Қанеки, хас жүйрікше жарысалық! Біз – тұңғыш Октябрь боп атқан таңбыз. Көсем боп Космосқа да аттанған – біз.

Ал сендер Айға бұрын қондыңыздар. Біз бұған өздеріңдей шаттанғанбыз. Өздерің – бірінші де, соңғысы да Адамды жыққан Атом бомбасына. Атомнан кеме, жарық жасадық біз Бас болып жердің, рас, болмысында. Құмармыз құныққандай Біз білікке. Қарсымыз, қайрымсызбыз Біз бүлікке, Қызметтес бол былай да, Америка, Жер үшін, адам үшін игілікке. Қалсыншы «Салқын соғыс» – қыс қатты артта. Кім қолын, Күймеймін деп, Ұстапты отқа? «Қош келдің!» дейміз достық елшісіне, «Көп жаса!» дейміз талай Стаффордқа. Таныса, сәлемсіз кім бұрылды одан? Ақындар арнауға бар жырын да оған. Осылай, Тірі болсаң, қаруласым, Кездескен Дәл отыз жыл бұрын бұдан.

Салып көр парасатқа, түйсігіңе: Келеді бықсық өрттің исі күнде. Соны ойлап жерлестерің тұрды, бәлки, Юрий Гагариннің үйшігінде. Ата мен ана қанша «ұлым» деген. Өтерсің жердің шоқ-шоқ гүлін немен? Бүкіл ел Гагаринше құшақ жайып, Бүкіл ел Гагаринше күлімдеген. Саясын ұсынады бақ атаулы, Қазақтың көктей күмбез ақ отауы. Құлақта – сылқылдаған сұлу әуен, Қара көз арулардың «аға» атауы. Қаншама жылу көрді жат мың көзден, Қаншама кезікті кіл шат күн күзден? Осы жер тұңғыш рет шапан жауып, Осы жер тұңғыш рет ат мінгізген. Қой сойып бас тартатын Оңды ұлы асы. Көңілге қымызы да қонды, расы. Қалды есте қария да – Исақұл ма? – Қонаққа тарту болып домбырасы. – Домбыра – жыр жолдасы, жан дауысы. Жалғасып күй сазына таң да ауысты. Домбыра – жүректердің жеңгетайы, Қазы боп шешкен о да сан дау істі. Солайша сөйлеп кетті шал ағыла: – Ол куә, – деді, – уақытқа ала-құла.

Шаншылған ракета дерсің сабын, Жердің дәл күн бетіндей шанағы да. Құрыш жол шпалындай пернелері, Сатыдай көтерді о да жерден елді. Күй-аққу сол арқылы қанат қағып, Көгінде көңілдердің тербеледі. Қос ішегін қос ұшы бар делбе дерсің, Қос аяқ жолындай не бел-белестің. Солардай қатар жүріп отырайық, Жақсылық биікке, алға делбелесін. Домбыра – соның, балам, белгісіне, Қазақтың қадірлі арғы-бергісіне. Домбыра есекке, езге сыйланбайды, Сыйлаймыз сұңқарға оны, ер кісіге. Шал сөзі, рас, Уақыт-аға үніндей, Саңқылдап құзға қанат қағар үндей. Стаффорд кәзір де оны естігендей, Сезініп бір сәтке өзін Гагариндей. Генерал, жетеді сәл толғанғаның. Жүректің жылытады ой тоңған қанын. Жоқ, бізге қарызбын деп кете көрме, Дәм-тұзға, ақ ниетке таңданбағын. Дос келсе, меймандостық – дәстүріміз, Тұтамыз тәңіріден досты ірі біз. Адамға әрқайда да сенер жұртпыз, Көргенше қастығын біз, пәстігін біз.

Зор халық сыйын борыш етпейді де, Дос боп кет, Болмай тіпті кет мейлі не. Біз саған «дінімізге» көш демейміз, Қолы оған кез келгеннің жетпейді де. Сәлем де, ел-жұртыңа, генералым. Жақсыға бөгеті жоқ шекараның. Қош алдық сені, сенің достарыңды Бұлар да ер, Ұлдары деп жер-ананың. Сәлем де, есінде Эльба қалғандарға, Қанға да, қайғыға да қанғандарға. Оларға ерліктей боп көрінбей ме Адал боп жүру де осы жалғанда арға? Сонымен Қош бол, космос генералы! Шын солдат еңбекпен де шен алады. Жер үшін жолдастыққа біз даярмыз, Адамзат бізге шексіз сене алады. Сол күзде,

толысқанда қоңы ақ талдың, Соңын ап мәртебелі қонақтардың, Баба жер Байқоңырды көріп жүріп, Жазуға жаңа дастан Қанаттандым. Жатты онда жайбарақат дала сұлық, Еріксіз ыққа айдайды қара суық. – Жиырма жыл бұдан бұрын, – дейді Елена – Жүрді тек жел мен қаңбақ алас ұрып. Жиырма жыл!

Көп дейін бе, аз дейін бе? Аз деуге, қалды қанша жаз кейінде? Көп деуге, көз алдында әр сағаты, Айта алмас маған да өкпе-наз кемінде. Аптапта көлеңке еттік қаңбақтарды, Мазаны шөл де алды, шаңдақ та алды. Мұнда да тыңдағыдай шатыр ық боп, Ақ қырау, қара суық таңды атқарды. Желмен ел, елмен сөйтіп жел ұғысты. Әрине, ақыл-ойдың селі күшті. Екі-ақ жыл өтті ме, не өтпеді ме, Осыннан Жердің тұңғыш серігі ұшты. Елена Фанина күрт күрсінеді, Көзінде мөлдір шықтың бір сілемі. Сонан соң санайды әрі «сонан соң» деп, Бәз бәрін өз атындай білсе де елі! Есіне талайларды тағы алады, Кейбірін жоқтап, мұңын шағады әлі. Сөйлейді өз қолынан сыландырып Космосқа ұзатқанын Шағаланы. Елена – қарапайым ана ғана, Келіпті жұмысшы боп далаға о да.

Бүгінде – қос үйшіктің күтушісі, Қимастай

Бұл қызметін данаға да. Дастанның одан да алдым бір бетін мен. Сыр ұғып бірде жүрек, бірде тілден. Ұлындай үйшіктерді мәпелейді ол Тек жұмыс емес, ана міндетімен. Бүгінде бұл жер оған – дуан қалың, Жайлаған су аңғарын, ну аңғарын. Сол күні космонавт Волыновқа Мен көрдім анаша оның қуанғанын. Волынов – «Союз-5»-тің бас қыраны (Есімін ертең де ерлік пәш қылады). Келешек космонавтар тобымен бір Мерейлі Меккеге кеп бас құрады. Атайды Гагариннің әмән атын, Айтады Королевтің аманатын, «Білмеген дандайсуды олар – дейді – Соқпақты космос жолы – замана-тың». Жалғасса ұлылық та, ұрпақтар да, Жасайды әкелер де бір қапталда. Мен енді Байқоңырмен қоштасамын, Жүрсем деп жыршысы боп шырқап таңда. «Бұл жолдың басы бар да, жоқ ақтығы, Космосқа мәңгі

Адамның қол артты ұлы»

Дегенді ұран етем ұл-қызыма, Алдында олардың да – жомарт тыңы. Тынбаса, уілдесе – тірі жел де. Ұдайы ұрығымен ұлы зерде. Көтерді қос тыңды ерлер, көтерілді Шарықтап бірі аспанда, бірі жерде. Осылай адам ұлы, білікті есім Бір саты болса да тек, биіктесін. Бір адым аттаса да, алға аттасын, Сын болса, болсын асқар биіктер сын. Сүйсе де нені, әйтеуір, сүйіп өтсін, Күйсе, тек махаббатқа күйіп өтсін. Өзінен мықты бар деп сезінбесін, Бас исе, сұлулыққа иіп өтсін. Жүректер торығып та, түршігіп те Тозбасын, құл болмасын құр шірікке. Шыр етіп дүниеге келген адам Кетпесін қарғыс айтып тіршілікке. Құриды теңіз, теріс ықса ағысы, Шегінер жол жоқ кейін, ұқса кісі. Маймылды арғы атамыз дегендер де Келмейді сол бабаға ұқсағысы. Келеді күшті, ақылды болғылары. Болатты бола алмаған

Бор қылады. Келеді сымбатты, ірі көрінгісі, Өмірде өз еккенін орғылары. Келеді тойлағысы, ойнағысы, Бой жетпес тереңге де бойлағысы. Келеді өзге үшін де жасағысы, Армандап, ақталғанша ойдағы ісі. Маймылдан енді адам жаралмайды, Хауаны қайтып жұмақ және алмайды, Жер апат болса, өшеді маймылдар да, Жерде ғой тіршіліктің «жанар майы». Кетеміз ендеше одан алыс қайда, Жоқ болса адамға ауа Марста, Айда? Батыстың келім-кетті үкіметтері, Сендерге қанша ескерту, дәріс пайда? Құрысын соғыс аты, аталмасын! Жер бетін жеміс алсын, от алмасын. Сол үшін шарттасуға бар қол қойып Патшадай

Менің әрбір отандасым. Жұмсайық соған күш пен бас икемін. Космос – ол майданы емес бәсекенің. Ұғайық Атаканың шебі де емес, Тағы бір ұлы еңбектің басы екенін. Жүз түгіл Мың жасаудың, Жасарудың, Көктен нұр, Жерден дәнді Баса алудың Бір сыры сонда, мүмкін, тұрған шығар. Немесе Балтыр сыздап, бас аурудың. Сол үшін, тек сондайды барлау үшін Байқоңыр Баспалдағын арнады шын. Сол үшін, тек сол үшін құрбандық та, Ту қылып өткен жердің ар-намысын. Сол үшін, тек сол үшін, Исақұл қарт, Сен мәзсің әр сапарға күйше аңқылдап. Іргеңде жатыр ұлы космодром, Еңбектің тұр айнала исі аңқып-ақ. Жатыр ол планета қанатындай, Қанатты ел атындай,

дала атындай. Қойнынан оянғандай шолпан таңда, Қонғандай кеудесіне қара түнде ай. «Қайырлы, дейсің, қандай ата мекен! Қадірін білмесең тек, қатал екен. Қазақта құтсыз, құнсыз жер жоқ екен, Бәтшағар бетпақ та гүл атады екен». «Хал қалай?» дегенге әзір бас бармағың. Лайым, арылмасын бастан бағың. «Космостан жерді көру – арман, – дейсің – Қанат қып Байқоңырдың баспалдағын». Берейік мұны ұрпаққа, өрен ұлға-ақ. Әйтеуір бір қазақтың көрері хақ. Бұл жолдың басы бар да,

жоқ ақтығы, Сондай-ақ ақынның да өлеңі нақ. Қош, сау бол Ал әзірге, Исақұл қарт! Түріңнен тұрсын түздің исі аңқып-ақ. Күлкіңнен күні өлкеңнің көрінсін де, Даусыңнан дабылдасын күй саңқылдап.

ДӘРІГЕР, ӨЛШЕМЕШІ ҚАН ҚЫСЫМЫН... Бір емес, тағдыр талай таңды сынын. Дәрігер, өлшемеші қан қысымын. Жыландай жорғалаудан жүз артық қой Қанатын бір қаққаны таң құсының. Ұқпапсың жыр жүректің құлқын әлі, Жарылса, өзіме тақ бұл кінәні. Ол бірде балапандай шырылдайды, Ол кейде арыстандай бұлқынады. Жатырмын төсек тартып айдан аса, Қан маған неге керек қайнамаса? Не пайда мұздай қаннан, өлі қаннан? Сорсын-ақ, қайда сүлік, қайда маса? Жазбайды жалғыз ғана таблетка, Мың есе Уақыт одан қабілетті. Ол енді мені оншама тежемейді Жеткемдей жетпісте тек кәмелетке. Дәрігер, азайтайық дәріні ептеп, Босатшы, тоқтатпашы сабыр ет деп. Есектей

тым тілалғыш, төзгіш болдық. Соның да, бәлки, зардап зәбірі өтті! Өлеңдер Білеміз жартастың да бір құларын. Сақтайды сайрап қана бұлбұл арын. Жырлау шарт маған әлі армандарын Майданда опат болған құрбылардың. Әр тыныс, әр істе олар жасау керек, Олар боп тауларды да қашау керек. Олар боп сүю керек, самғау керек, Олар боп тулай берсін асау жүрек. Жанымның солармен бір ірге-есебі. Шақырам шарықтауға бірге сені. Жүрегім жер шарындай болмаса да, Мен басқан топырақтың бір кесегі. Сондықтан қой, дәрігер, қан қысымын. Мойнымда қарызы бар сан кісінің. Жыландай жорғалаудан жүз артық қой Қанатын бір қаққаны таң құсының.

КҮЙЗЕЛІС Өтті-кетті отты жаз – бақыр аптап. Түстес биыл бақырмен ақырап та. Оққа ұшқандай құлайды қаңғалақтап, Қызыл жирен тат басқан жапырақтар. Қоңыр күз жоқ күндері шұғылалы. Жаураған жел жағаңа тығылады. Сылбырайды бүрісіп райхандар, Жанарынан таң шығын сығып әлі. Бақта бұлбұл, көп болды, сайрамайды Қош айтқан ғой оның да қайран айы. Даңғырлатып төпейді радиодан Құйқылжуға тиісті «Дайрабайды». Тас төбеден басады қарасұр бұлт. Демін ішке тартқандай дала сұрғылт. Әлденеге зарығып қара торғай, Шырылдайды әуеде алас ұрып. Шылымдатқан көк түтін барша қала. Жасыл түсін бұзбаған арша ғана. Меңзең, селсоқ қарайды дүние маған, Дүние менен,

мен одан шаршағандай. Жұдырыққа сиғандай жер, кеңістік. (Шыққан сірә көңілдің желкені істен). Кеше ғана сүйікті жыр жолдары Бүгін шылғи жалғандай жиіркенішті. Дейді жат үн: – енді сен алаңдама Табиғатқа, аңға да, адамға да, Кебіндей боп бозарған қағазға да, Құлпытастай шаншылған қаламға да. Қайда, қайда соларға қарсы дауым? Жоқ жүректе қиқуға жаршы дауыл. Көшкен бұлттың кейде бір арасынан Жылт береді аспанда сарша қауын... Шипа Күйзелгенге күн де бір – сарша қауын. Кінәлідей дертіңе барша қауым. Қалай қараң дүниені ете алады Менің ғана дағдарып, шаршағаным? Саф алтынмен түстес қой

күз дегенің. Жырға шабыт мен одан іздегенмін, Таңғы шығы сәбидің көз жасындай Тұрды алдымда мөлдіреп түзде менің. Кеңейтпейді, қыспайды пейіл нені? Сырқаттың да келеді кейін емі. Бұлт, тәйірі, қабақтың кірбіңі ғой, Бір күлсең-ақ жарқырап сейіледі. Күзің тұрсын, қыста да тоңа қалар Мен емеспін, жоқ, іні, жоқ, ағалар. Кім сілкінбес жатқанда сыпырылып Тас тұсаулар, түндіктер, томағалар. Дерт боп еді даңғойлық, дарақылық, Жан-жүректі паршалап, жара қылып. Қаптап еді көзді шел, көңілді кір, Қит кетсең-ақ күлдірлеп қара құлып...

Қырандарға құзғынның таққан атын Жылдар жоқ деп ойыңнан сақтанатын, Қалам маған шабытын ұсынады, Қағаз маған тосады ақ қанатын. Жүректердің лайлайтын шағы туды, Булыққан күш бұрқырап, ағытылды. Ұлы шипа – тазару, жаңарулар, Жоқ, сембейді, ақынның жағы, тілі. Оралса өткен жылдарым Оралса десем өткен күн, Жасару үшін емес тек, Тұрса да сиқыр көктемі Махаббат, гүл боп елестеп. Оралса сол бір жылдарым, Болар ем қандай, қайтер ем? Таныр ма еді жан жарым? Сүңгітер еді қай терім? Қайтер ем сонда, қайтер ем? Бүгер ме ем көңіл кермегін? Мертігіп жатса бәйтерек, Балтаға лағнат

дер ме едім? Жылайтын жерде күлер ме ем? Бұрқанар жерде бұғар ма ем? Қараны ақ деп білер ме ем? Озбырды пір деп ұғар ма ем? Қыз жырдың бетін қызартып, Қияр ма ем кейбір айғайға? Өлгенім бұдан жүз артық Дей алар ма едім қай қайда. Қиындау қазір пәлен деу, Артам деу жүгін атанның. Аласапыраны көп әлемде Тағдырлас болдым Отанмен. Қаз тұрмай жатып ат міндік, Сайыстық, жеңдік, жығылдық. Жауынгер болмау – сатқындық Дегенді берік ұғындық. Қорыққан жоқпыз шеруден, Қорыққан жоқпыз өлуден. Қорықтық көлеңкемізден, Жазықсыз жауға телуден. Сонда да өткен жылымның Танбаймын жалғыз күнінен. Солғын да болса,

жырымның Танбаймын бір тал гүлінен. Тірі бар онда, өлі бар. Олардан безсем қандаймын? Таңдатса, бірақ, бөліп ар, Бүгінді, даусыз, таңдаймын. Зауласын Уақыт лайым, Қос ғұмыр шегіп өтті кім? Шындықтан үлкен Құдайдың Танытса болды жоқтығын. Мұңыңнан қанықтаршы, Абай, мені Қайғысыздан сақ бол, Қайғылыға жақ бол. Абай. Қайран Абай, сендейсіз жесір өлең. Кереметіңді кеш білсем, кешір, ием. Ұлылығын тұлғаңның ұққан сайын Мен түскі көлеңкедей кішірейем. Құдай саған ат берді, ас та берді, Болмасаң да, ми берді бастар елді. Махаббат та жыршысын мүсіркейді, Мұрагер боп қаншама жастар өрді! Қақ айырып қырық жамау жүрегіңді, Қазағым деп, жұртым деп,

жыр егілді. Озбырлықты кешпедің әкеңе де, Әділеттің арман боп бүр-егіні. Ала болса бір тәнде бас, қол, тілек, Жанымызға от, жүрекке тас бол дер де ек! Сенде ала жоқ, ыза, мұң, ізгілік боп Жырларыңда тұрғандай жас мөлдіреп. Мен жүріппін қолда жоқ ай, күнге алаң (Жоқты да бар дегізді қай күн маған). Даналығың, дырлығың өз алдына. Өре жетпес биіктей қайғың маған. Ауыс қылшы демеймін таланыңнан. Өзге Абайды таба алмас дала мыңнан. Жұғар ма екен жырыма, қанықтыршы Жұртым деген қайғыңнан, дана мұңнан.

Қайырлы болса қалған күн «Қаламға бүгін мүнәпас! Жаз, – дейді досым – қысылмай. Қиынға көз тік, құлақ ас, Далаңның қыран құсындай». Несіне мұның дау айтам, Тура деу керек тураны. Толғанып өтті талай таң Тағы бір Уақыт туралы. Әрине, бүкіл жаныммен Құптаймын мүнәпастықты. Жырлар ем қандай жалынмен, Қайырып берсе жастықты! Жастықтың отпен желіне Қай жерде, қашан қанған кім? Өгізі болып жегілем, Қайырлы болса қалған күн. Жүрем мен оны жүз қорып, Келсін тек пісіп толғағы. Сүймей-ақ қойсын қыз болып, Кемпірімдей күтсе болғаны.

Қымбаттау мен арзандау Үкімет сөзі маған бір заңдай тегі. Заң мен өмір – күн менен айдай телі. Қажет екен, ет пен нан қымбаттасын Табан ақы адамның, маңдай тері. Қымбатқа алып киерміз етікті де, Толса болды бюджеттің кетіктері. Не қымбаттап барады, не арзандап Толғануға шақырым жетіктерді. Аз тарттық па азабын әңгіліктің, Болған шақта адам не, ән күдікті. Бір күндіктің бағасы шырқап артып, Кеткен жоқ па құлдырап мәңгіліктер? Бәрінен де ар-ұят арзандады. Кім көрді оған өшіртті, зар жандарды? «Ұят күшті өлімнен» деуші сирек, Мұның қандай табиғи бар заңдары? Неден келді мәтөктік, маскүнемдік? Кімнен туды жалақор, қаскүнем жұрт?

Қайдан шықты сыйласпау, сиыспаулар, Қайырымсыздық, нас қылық, таскереңдік? Ұятсыздық қыңбайды Құдайдан да, Жаяды уын араңа, ұдай маңда. Махаббаттың өзін де аздырулы, От орнына құйғандай лай қанға. Сезімдер де былапырт, бұлағай тым, Өртемейтін жүректі, жыламайтын? Қымбат етік жараса жыл киюге, Кей махаббат айға да шыдамайды. Мұның бәрі, халайық, өзіңе аян, Қанаттыдан жүргендей озып аяң. Қайда жаңа Ләйлә мен Мәжнүндер, Қайда біздің қазақта Қозы, Баян? Шақырмаймын өлуге, жоқ, оларша. Махаббаттың деймін тек жоғы оралса. Ғашықтықтың құдіретті музыкасын Деймін кемі бір нота жоғары алса.

Көп құзырды елемей өте бердік, Алып келді азғындық төтен ерік. Жетер енді! Ел болып, үкімет болып Адалдықтың бағасын көтерелік. Ұрыларға, ұяты кеткен жанға: Жерден қазып тап дейік кетпенді ал да. Ар бар жерде адалдық қымбаттайды, Арзандайды, етік те, ет пен нан да.

Қара балаға Қара бала, қақың бар, Қандай кінә тақсаң да, Самғай алмай ақындар, Жүрміз кейде ақсаңдап. Қартаюдың кері ме, Қанша қарыз бар әлі. Періштелер, перілер Жырдан өшіп барады. Хатыңда бар заңды сын, Ашық айтып жатырсың. Менен гөрі қандысың, Менен гөрі батылсың. Жоқ, сөкпеймін мұныңды, Өзімді тек жерлеймін, Шаттығың мен мұңыңды, Рас қой, біле бермеймін. Шамдану да болады Бірің үшін бәріңе. Таңдану да болады Бәрің үшін кәріде. Өргендер де сендерсің Туған елдің төрінде.

Өлгендер де сендерсің Ауғанстан өрінде. Қасірет боп қалады ол, Бетімізге басылып. Ақсары бол, қара бол, Өлмеңдерші, асылы. Ақсары бол, қара бол, Бір ағайын ұлсыңдар, Ақсары бол, қара бол, Қолтықтасып тұрсыңдар. Сендерлік қой бүгінде, Сендерлік қой ертең де. Жүріңдерші күлімдеп, Көзайым боп кердеңдеп. Қара бала, кешерсің Білмегенін атаңның. Достық сені десе елші, Саған менің батам мың. Біз бастаған жолменен Жет заманға ең ғажап. Бақыттырақ бол менен, Бол менен де сен қазақ.

Бүркіттің көлеңкесі (Екінші өлең) Бүркітші атай қартайды, Мұң болды міну атына. Меңдетті сырқат, хал тайды. Батады ойға жатып ап. Шарламақ түгіл жайлауды, Бүркітін жемдер жоқ әлі. Ақиық болса, байлаулы, Қанатын жерге соғады. Саңқылдап, қартты шақырып, Қанталап отты көздері, Осы бір дегдар мақұлық, Аңсайды қиқу кездерді... Қожасы жиып қайратын, Босатты келіп бүркітті. «Кеттік пе, қане, қайда атың?» Дегендей бүркіт тұр күтіп. Қария көзі бұлдырап, Қыранға ұзақ қарады. «Құс едің, – деді – тұлдырдай, Балапан топшың жаралы.

Бұл күнде сенің дер шағың, Бөріге салып түлеттім. Мен болсам, біттім, шаршадым, Таянды таңсыз түнек түн. Сыйлаймын саған бостандық, Дүниеде одан тәтті жоқ. Тіршілік қайта басталды. Басталсын саған сәтті боп...» Бір сипап қария қыранды, Қош айтып қолдан ұшырды. Қансонарларда ұрандап, Қанып-ақ еді-ау құшыры!.. Аспандап барып Ақиық Алысты шолды абайлап. Кең дала жатыр далиып, Алуан түрлі ала аймақ. Әріде – асқақ құз қорған, Тапқандай таулар боталап. Дөңбекшіп жатып мұз болған Толқындай бұж-бұж жоталар. Аңсаған бүркіт әуені, Әудемде мауқы басылмай, Ойнады көкте әуелі, Жарқылдап қара жасындай. Терісі, тәні тыныстап, Төсеніп темір топшысын,

Қалғуға дерсің тырысты, Ұмытып досын, жоқшысын. Тояттан көңіл, тынғасын, Қалықтап, кері төмендеп, Іздеді қарттың тұлғасын, Іздерді көзі көгендеп. Қарады қайта заулап та, Анау не, сірә тұр кісі... Жылт берді кенет аулақта Қияңның құмай түлкісі. Топшысын тас қып түйіп ап, Ақиық барып бұрқ етті. Бұлтару бұдан қиын-ақ, Болса да небір түлкі епті. Отырды бүркіт қонжиып, Қан сорып болат тырнағы «Келмеді қара тон жуық, Кешікті дейді бұл нағып». Көп күтті, күнді батырды. Қария бәрін біледі. Азапқа түсіп жатыр ол. Тілегі, тілі бір еді. Үн шықты міне көлденең, Даусындай достың саңқылдап. Қапырық, бітеу бөлмеге Кіргендей самал аңқылдап.

Үй іші шулап таң қалды, «Ақиық!» десіп абыржып. «Таңдану бұған – аңғалдық – Деді қарт, – сабыр, сабыр жұрт. Келген жоқ ол тек қонаға. Туғалы оның енеден Білгені тұсау, томаға. Бостандық оған немене?.. Ұш десем, ұшты қайда да. Түс десем, түсті неге де. Же десем, жеді байлауда, Санасын әмір шегелеп. Тәкаппар бірақ қанды көз. Тебінсе, темір үзеді. Талайлар одан танды тез, Талайлар бүкті тізені. Ойлап ем, берсем бостандық, Тегіне тартып кетер деп. Бұл ойым сірә астамдық, Өзге өмір оған бекерлік. Көлеңкем екен ол менің, Мен екем оған дос даңғырт. Жақсы еді ерте өлгенім, Кеш келген құсқа бостандық. Оңай ма бірден арылу, Сүйекке сіңген әдеттен.

Қолыңда жоқтың зары да у, Дүниені кемдік тар еткен...» Аптадан кейін бүркітші Етіпті ауылын қаралы – Ақиық оны жүр күтіп Деген де аңыз бар әлі. Қонақтайды екен, түн болса, Қария жатқан бұйратты. Түседі екен, күн болса, Көлеңкесі көктен зиратқа... Бостандық десе, бір кілттей, Келеді менің есіме Бүркітші менен бүркіт те, Бүркіттің көлеңкесі де. 09.09.1988 жыл, "Қазақ әдебиеті" газеті, №37.

ШЫҢДАР МЕН ШЫҒАНДАР Әркез, кіндік қаным тамған туған жер, туған ауылыма келген сайын мен әрбір жаңалыққа жүрек жарды қуанышпен зер саламын. Ең алдымен маған адамдардың өмірге көзқарасының өскендігі, олардың биіктік пен кеңістік туралы, байлық пен бақыт туралы талғам-түсініктерінің өскендігі, ой өресінің шыңдалғандығы айқын аңғарылады. Менің аяулы туған жерім, бір кезде мынау байтақ дала түкпірінде көп игіліктен қақас қалса, бұл күнде гүлденген шаруашылықтың тұтқасын өз қолына алған жасампаз адамдардың тұрағы. Олар егін егіп, мал бағады, бау-бақша өсіріп, бала тәрбиелейді. Өзіндік үлкенді-кішілі проблемалары да бір басына жетерлік. Әрине қалағаныңның бірден орындала қоймайтыны да белгілі ғой. Әлі күнге дейін, әсіресе, диқан қауымының еңбек зейнеті табиғаттың қас-қабағына кіріптар. Далалы өңірлерде құрылыс материалдары да жетісе бермейді. Алайда, менің ауылдастарым тағдырға мойынсұнып, дәрменсіз қалған емес, бәрін де өздері шешіп, өз бақыттарының бүлдіргесін білектеріне ілген. Өйткені, олардың арман-мүддесі социалистік системамыздың шаруашылық жүйесімен және ұдайы мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтармен бір арнаға тоғысып жатыр. Сондықтан да менің жерлестерімнің тіршілік-харекеті қарақан басымен шектелмейді. Олардың еселі еңбегі мен қанатты Публицистика

ойлары көп ұлтты байтақ Отанымыздың жарқын бір бөлшегіндей. Радио мен телевизия, газеттер мен журналдар осынау алыс шалғайдағы әрбір үйге беймаза планетамыздың тіршілік тынысын толассыз жеткізіп жатады. Осы орайда, мектеп қабырғасында жүрген балалық шағымда ауылымыздағы мейірімі мол сауатсыз бір қарияға, оның нәрестедей аңқау болмыс-бітіміне оқушылардың қалай күлетіні есіме түсіп отыр. – Мен не көрмеді дейсің, – деп отырушы еді әлгі аңқау қария. – Керек десең Рақпан-тауды да көріп басына шыққанмын. Оның ұшар басынан дүниенің төрт бұрышы алақандағыдай көрінеді екен. Енді ойлап отырсам сол Рақпан-тау ауылымыздан бар-жоғы жиырма-ақ шақырым жерде екен ғой. Тау деген аты болмаса, аттылы адамның иығын жасырардай ғана төбе еді. Аңызақ аптапта сағым шайып көзден де таса болатын. Десек те осы бір томпайған кіп-кішкене Рақпан төбе менің ауылдастарымның талайы үшін мынау байтақ әлемнің өлшемі сияқты еді. «Рақпан сияқты алып бол», «Сенің бақытың Рақпан-таудай зор болсын», – деп бата беріп, тілек тілеуші еді менің жерлестерім. Ал сол тілегіне орай елестететін «бақыты» әрі кетсе он шақты бас малмен шектелген ғой. Рақпаннан басқа биіктік пен қашықтықты білмейтіндері сияқты, жаңағы он шақты тұяқ малдан басқа бақыттың да бар екенін біле бермейтін. Ал егер басқаша бақытқа тап болып сезінер болса, онысы қарақат көз ғашығына деген жарқын сезімі, үрімбұтағының жалғасқанын көрген көңіл медеуі, туған жердің анадай аяулы шапағатынан, оның төсінен

шалқи көтерілген шуақты ән-жырынан дарыған бақыт пен қуаныш болатын. Бүгін ше, бүгін менің ауылымдағы көнекөз қарттар мен жауқазын жастардың талғам-талабы, өлшем-өресі мүлде басқаша. Тарихи ауқымда ой зерделетсек Октябрь шапағымен нұрланған Советтік Қазақстанға алпыс қана жыл толған. Осынау аз ғана аяда тыныс алған жерлестерімнің бүгінгі өлшемөресі космос кеңістіктерімен өлшенеді, ал олардың ой ауқымы қазақтың байтақ даласы сияқты, арманмүддесі күн көзіндей нұрлы. Осыдан біраз бұрын, араға біршама уақыт салып, туған ауылымда болғаным бар. Мен бұл жолы да туған жер дидарындағы өзгеріске қайран қалдым. Әрине, тек қана ауыл-селоның, дала төсінің гүлденіп-құлпырған көркі емес, мені таң қалдырғаны адамдардың ісі мен түсінің бұрынғыдан да нұрлана түскендігі еді. Олардың мұрат-мүддесі ауыл аясынан алысқа шығып, байтақ Отанымызды, қала берді дүние дидарын шарлап кеткен-дей, мен осы бір аңғарғанымды ауылымыздың қариясы, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, сол ғұмырында туған дала төсіндегі қоғамдық формациялар өзгерісінің көз көрген куәсі болған Қалаш Аманқұлов ақсақалға айттым. – Байқаймысың, – деп еді ол біраз үнсіздіктен соң, – маған кейде мынандай ой келеді: алпыс жылдың өзінде осынша өстік, егер соғыс атаулы болмаған болса, егер жұмыр жердің тағдыры адамдарды тығырыққа тіремесе, егер мынау атамекен төсіне Совет өкіметі жүз жыл бұрын келсе онда осынау өмірдің көрік-келбеті қандай күйде болар еді деп ойлаймын...

Осы сапардан соң мен «Туған жер» атты поэмамды жаздым. Бүгінгі қазақтың бақыт туралы өлшемі космостық биікпен өлшенсе керек. Әрине, бұл сияқты қанатты өлшемдер өмірдің өзіндей шексіз. Сөз жоқ, соның көш басында мәңгілік бақытына орда етіп тіккен ұлы Отаны – Советтік Социалистік Республикалар Одағы тұрмақ. Сол Отан ғана біздің басымыздағы бақыт атаулының, бақыт туралы қанатты ойармандарымыздың алтын тұғыры. Бұл алтын тұғырды ауылымыздағы Рақпан төбемен теңеу былай тұрсын, аспан астындағы асқақ шыңдардың ешқайсысы да оған теңеу бола алмайды. Сондықтан да Советтік Отанға, ұлы Ленин партиясына біздің перзенттік алғысымыз айрықша. Бұл алғыс ғасырлар бойы тағдыр тәлкегіне ұшыраған қазақ халқының бұл күндері еңбегі жанған, таланты шешек атқан, ерлігі ел мерейін өсірген, биіктіктер мен кеңістіктерге сеніммен құлаш ұрған. Отан алдындағы, өмір жолындағы өзіндік орнын айқындаған бақытты елдің алғысы. Біз еш уақытта тар жол, тайғақ кешулі жолдарды басып өтіп қол жеткен бақытымызды мақтан етуден танбаймыз. Еліміздің басқа халықтары сияқты қазақ халқы да шиыр болған ескі жолмен ілбімей соны соқпаққа түсті, үнемі тыңды басып, тыңнан жол салып келеді. Экономикада да, мәдениетте де солай. ... Жатаған жер үй. Алабажақ лаймен сыланған жарықшақ қабырғадан соқырдың көзіндей жылтырап жалғыз терезе көрінеді. Терезе алдындағы дымқылға әлдекімнің тастаған дәні өніп, әлсіз ғана көк сабақ тартқан. Үй иесі де, осы үйге келген көрші-қолаң

а қ ң да дәннің көгере көтерілген сабағына, оны өндірген құдірет күшке таңдана қарайды. Бала кезімде осы көрініске менің де ұзақ-ұзақ сұқтанғаным бар. Бәлкім бұл менің нан туралы қанат қағар арманымның бастауы болды ма екен? Бір мен ғана емес-ау, туған жердің төс емшегінен бақыт нәрін тартқан менің ағайындарымның да бір кездегі арманы осылай басталмап па еді? Осы бір шалғай күндердің болмашы елестері бүгінгі күні ауылыма барған сайын, оның байтақ даласында ырғала тербелген алтын масақ мұхит дариясын көрген сайын жүрек шымырлата еске түседі. Күні кеше сияқты, дәл осы далада жалғыз тіс соқаны ыңыршағы айналған, сауыры бишік табынан жауыр болған сиырдың көзі аларып теңселе тартып келе жатқаны. Біздер соғыстан кейінгі сұрқай көріністі де ұмытқанымыз жоқ. Мен әлгіде айттым ғой туған ауылымның танымастай өзгергенін. Десем де, бүгінгі Қазақстан дидарына лайық өлшеммен салғастырар болсам сол түледі деп отырған ауылым қатардағы елді мекеннің біріндей ғана нобай танытады. Бұл жерде менің руымнан тарайтын ұрпақтардың сан буыны өмір сүріп, еңбек етіп, бақыт үшін күресіп, сол жердің төсін маңдай терімен, жүрек қанымен суарған. Осы ауылда мені небір ғажайып бесік жырымен сусындатқан аяулы анам алғашқы коммунистердің бірі болған еді. Осы келтірілген естеліктердің қайсысы да әр сәт Л.И.Брежневтің «Кіші жер», «Қайта өрлеу» және «Тың» атты халық ерлігінің ғажайып эпопеясын қолыма алған сайын көз алдымнан өтеді. Жай ғана елес емес, жазушының творчестволық

қарымына терең идеялар ұрығын сеуіп кеткендей әсер береді. Бұл кітаптардың мән-мағынасына бойлаған сайын біздің әрқайсысымыздың сезімсанамыз бен кіндігіміз туған жермен, Отан анамен біте қайнасып жатқанына көзіміз жетеді. Дәл осы сезіммен біздер, совет адамдары соғыстан кейінгі қайта өрлеу кезеңдерінде және тың игерудің сын сағатында тастүйін бірлік пен тегеурінді ерліктің үлгісін көрсете білдік. Егер бір кездері жер үйдің жалғыз көз терезесінің алдына шыққан жалғыз тал дән сабағына сұқтана қараған ұрпақ бұл күндері Отан қоймасына миллиардтаған пұт Қазақстан астығын толассыз құйып жатса, сөз жоқ, осынау ұлы жетістікте парти мен халықтың дана басшысы, алғашқы тыңгер, революционерлер әулетінің ұрпағы Л.И.Брежневтің ұлы еңбегі айрықша дейміз. Қазақ КСР-і мен Қазақстан Компартиясының алпыс жылдық торқалы тойы күндері қазақстандықтар Леонид Ильичке ерекше алғысын айтады. Өйткені, біздің республикадағы ұлылы-кішілі жетістіктеріміздің ең бір бедерлі көріністері Леонид Ильич есімімен сабақтас. Жуырда республикамыздың біраз облыстарында Қазақстан әдебиетінің күндері болып өтті. Мұнайшылар мен құрылысшылардың, мақташылар мен малшылардың, партия мен совет қызметкерлерінің ерен еңбегін, ізденіс-тапқырлығын жазушылар көзімен көріп, шабыттарын жанып қайтты. Июнь айының аптапты күндерінде біздер Торғай облысының еңбекшілерімен бірге болашақ астықтың тағдыры туралы ой толғастық. Сол шақта біздің есімізге Леонид Ильич Брежневтің «Тың» кітабында айтылатын қамқорлық пен толғанысқа

толы мынадай сөздері түсті: «Мұндай сәттерде терезеден көз жіберіп, Москваға қарайсың, ал бірақ көз алдында – шетсіз, шексіз тың дала, комбайншылардың, агрономдардың, аудандық комитет қызметкерлерінің алаң болған қам көңілді кескіні тұрады, сонда мен өзіме қымбат санайтын осынау адамдардан алыста болсам да, өзімді өзім тағы солардың қасында жүргендей сезінемін». Облыста болған күндеріміздің соңын ала жаңбыр жауды. Сонда еңбек адамдарымен бірге жазушылардың да жүзіне шаттық нұры ұялағанын көрсеңіз ғой. Біз бейне бір осынау береке нұрын дарытар жаңбырды өзіміз сыйға тартқандай күй кешіп едік. Оқырман қауыммен тікелей араласу, олардың тіршілік-тынысын, арман-мақсатын көзбен көріп, көңілмен сезіну, сөйтіп болашақ творчествомызға шапағаты тиер салиқалы ой түйіп қайту, әрине, біздің бұл сапарымыздың басты мақсаты болатын. Ұлы Октябрь дүниеге әкелген, домбырадан – баспа станогына дейін, ауыз әдебиетінен – жанрлық, стильдік ерекшелігі сан қырлы, идеялық-эстетикалық тұғыры берік социалистік реализмге дейін өскен қазақ әдебиеті өткен алпыс жыл бойында талмастан советтік өмір шындығының жыршысы болып келе жатыр. Қысқа қайырым тілмен қыдыра, зер салып көрейікші. Октябрь революциясының қазақ даласына жеткен дабылын Сәкен Сейфуллиннің жалынды жырлары баршаға паш етті. Колхоздастыруды Бейімбет Майлиннің шегіне жеткен шыншыл туындылары көрсетті, Ілияс Жансүгіровтың «Даласында» индустрия тынысының шабытты да шынайы серпіні сезілгендей, Тың игеру аттанысы Мұхтар

Әуезовтың ойлы да орамды публицистикалары мен Сәбит Мұқановтың жыр шумақтарында көрініс тапты, ал космос кеңістігінде адамның алғаш көтерілуі – Олжас Сүлейменовтың «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасында шабытпен жырланды. Осының бәрі біздің әдебиетіміздің өмірбаяны екенін көңілге қонақтады. Советтік Қазақстанның тарихи даму жолындағы әрбір жаңа кезеңі біздің әдебиетімізде профессионалдық шеберлікпен, интернационалдық бедермен, шыншылдықпен көрініс табуда. Бүгінгі таңда біздің әдебиетімізде тың игерушілер мен малшы қауымның, кеншілер мен машина жасаушылардың, мұнайшылар мен мұраптардың, интеллигенция мен партия, совет қызметкерлерінің өмір тынысы, еңбек ізденісі арқау болған шығармалар көптеп саналады. Алайда, Советтік Қазақстанның алпыс жылында ғасырларға пара-пар болғандай небір материалдық және рухани өсудің өлшеусіз үлгілерін танытар адамдарымыздың шыншыл образын жасау біздің республика әдебиетшілерінен көркемдік терең зердені және шынайы шеберлікті талап етеді. Советтік өмір салтымыздың мән-мағынасын айқын бедерлеу, совет адамдарының рухани әлеміне еркін бойлай білу – міне бұл бүгінгі әдебиеттің әлеуметтік мәні мен эстетикалық сәніне өлшем болар талаптар. ССРО Жазушылар одағы айбынды отрядтарының бірі – Қазақстан жазушылар ұйымы өзінің интернационалдығымен, идеялық-творчестволық мүмкіндігінің қуат-күшімен көзге түсіп отыр. Халықтың рухани өмір-тіршілігіне белсенді ықпал етіп бүгінгі өмір шындығын бар көрік-келбетімен бейнелеу үшін бізге мол мүмкіндік бар. Бұл орай-

да туысқан республикалар әдебиетімен арадағы тығыз байланыс пен тәжірибе алмасудың да тигізер шапағаты айрықша. Қазір республикамызда орыс жазушыларының үлкен тобы, сондай-ақ ұйғыр, корей, неміс әдебиетінің өкілдері еңбек етіп, бүгінгі Қазақстан мәдениетіне елеулі үлес қосып отыр. Міне мұның бәрі Совет Одағындағы барлық халықтардың көп ұлтты мәдениетінің өркен жаюына, рухани байлықтардың еселене түсуіне ықпал етіп отырған Коммунистік партияның әкелік қамқорлығының айғағы. Қазақстан Жазушылар одағының тіршіліктынысы байтақ Отанымыздың тіршілік-тынысымен өзектес. Республикамызда туысқан республикалар әдебиетінің күндері, жекелеген творчестволық кездесулер жиі-жиі өтіп тұрады. Творчестволық байланыс, рухани сабақтастық сөз болғанда жыл өткен сайын қазақ авторларының шығармалары шықпаған елдердің саны азайып келе жатқандығын да айрықша мақтанышпен атап өтуге болады. Иә, Советтік Қазақстанның жетістігі біздің өміріміздің кез келген қырынан жарқырап көрінеді. Осы орайда, 1979 жылғы 2 мартта Бауман сайлау округі сайлаушыларының алдында Л.И.Брежнев жолдастың сөйлеген сөзі еске түседі: «Совет Одағының жалпы табыстары – әрбір республиканың да табысы екенін атап көрсету маңызды. Бір ғана факті келтірейін. Қазақстан өнеркәсіп өнімін революциядан бұрынғы бүкіл Россиядан бес есе көп беріп отыр. Республика еңбекшілері мен бүкіл ел еңбекшілерінің бірлескен күш-жігерлері арқасында ғана Қазақстан осындай биікке көтеріле алды».

Біз бұл сөзді жақсы білеміз және бұл сөз есімізде де. Біздердің ең аяулы ой-арманымыз КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдастың осыдан он жыл бұрын айтқан сөзінде тамаша көрініс тапқан. «Қазақстанның коммунистері, барлық еңбекшілері, – деген болатын Дінмұхамед Ахметұлы, – өз республикасының екінші 50 жылдығына қадам баса отырып совет халықтарының Октябрь дүниеге әкелген ұлы достығын алдағы уақытта да көздің қарашығындай сақтаймыз, туысқан республикалар арасындағы саяси, экономикалық және рухани байланыстарды нығайтып, дамыта да молайта береміз деп туысқан Коммунистік партиямызға салтанатпен мәлімдейді. Советтік Қазақстан біздің қуатты қамалымыз – Советтік Социалистік Республикалар Одағының берік, ажырамас буыны болды, болып отыр және әрдайым бола бермек». Дәл бүгінде біздің республиканың еңбекшілері, олармен бірге Қазақстанның жазушылары да осынау салтанатты уәдесін тағы да қайталайды. Менің Қазақстаным өзінің ұлан-асыр тойына және КПСС ХХVI съезін лайықты қарсы алу қамына кіріскен күндерде, мен өзімнің туған ауылымды, ондағы бүлдіршін балаларды, алтын шашақты егіс алқаптарын, арманына өлшем болған Рақпан төбені және кіршіксіз керілген көк аспанымды көз алдыма келтіремін. Көз алдыма келтіремін де сол шағын ауылдың шадыман дидарынан туған республикамның, байтақ Отанымыздың бақытты тынысын сеземін.

ЕСҚАЙЫР ҚАЛЫҚОВ МАЙДАНДА – Мен майданға 1942 жылдың апрелінде келдім. Ілкі кезде майдан жағдайына үйрене алмай жүрдім. Зулаған оқ, жарылған снаряд – бәрі де дәл мені көздеп атылғандай болып көрінеді, – дейді Есқайыр майдандағы бірінші күндерін еске алып. Майдың бас кезінде Есқайыр алғашқы рет атакаға қатысты. Ұрыс оңай болмады. Дұшпан қатты қарсыласты. Пулеметпен де, минометпен де атқылады. Бірақ, Есқайыр оны елең етпей, атакалаушылардың алдыңғы сапында келе жатты. Жаудың окоптарына таяп келгенде ол сүріне жығылды. Жалма-жан түрегеліп, қайтадан алға ұмтылды. Бірақ, үш адымдай аттады да, тағы да құлап түсті. Аяғына оқ тиген Есқайырдың жарасын таңып, санинструктор оны медсанбадқа алып жүрді. Қалықов өзінің жараланғанына қатты өкінді. Өзі басқалардан осал болғандай көрінді оған. Ызаланғандықтан көзінен жас та шығып кетті. – Қатарымнан кем қалмаспын, – деді Есқайыр өзін-өзі жұбатып, – Дұшпаннан кегімді алмай тынбаспын. Ол госпитальда 27 күн жатқаннан кейін, жарасының әбден жазылмағанына қарамастан, өз бөлімшесіне қайтып келді.

АЛҒАШҚЫ АДЫМ Бір күні Есқайырды батальон командирі аға лейтенант Коваленко бақылау пунктіне қойды. Немістер бақылау пунктінен 200 метрдей жерде еді. Екіаралықта кішілеу сай бар-ды. 13 июль. Таңертеңгі кез. Күн ашық. Есқайыр дүрбісін көзіне ұстап, немістерді шолып тұрды. Бір кезде сайдың арғы бетінен бір фриц көрінді. Есқайырға қасындағы жолдасы Никитин: – Әнеки неміс... Көрдің бе! Ат! – деді. Есқайыр мылтығын алды да, атып жіберді. Мылтық даусы шаңқ етті. Неміс шалқасынан құлап түсті. – Өлтірдім білем, – деді ол. – Өлтірдің! – деді оған Никитин. Есқайыр батальон командиріне келіп, немісті өлтіргенін мәлімдеді. – Жарайсың, жолдас Қалықов! Құттықтаймын алғашқы адымыңды, – деді оған аға лейтенант. Есқайыр июльдің 14 күні тағы бір немісті жойды. СЫНАҚ Есқайыр бақылау пунктінде отыр еді. Полк штабынан байланысшы жауынгер келіп: – Жолдас Қалықов, сізді полк командирі шақырады, – деді. Есқайыр тез жиналды да, штабқа келді. – Жолдас подполковник, қызыләскер Қалықов сіздің бұйрығыңыз бойынша келді, – деді ол ашық дауыспен.

– Қанша немісті жойдың? – деп сұрады подполковник. – Алтауын ғана, – деді Қалықов, азсынған түрде. – Жарайды. Қазір сыннан өтесің. Нысанаға дәл тигізсең, снайпер винтовкасын беремін. Бұрын ауылда жүргенде, сонау Гурьевтің даласында, Каспийдің жағасында, айдын «Ақкөлдің» айналасында атақты аңшы нағашысы Есенәлиевпен бірге аң аулап, құс атуға шыққанда атқаны құр кетпейтін еді ғой. Нағашысы оған: «Сен өскесін мерген боласың. Тек бұған ынтаң болсын. Ер жігіттің жақсы мылтығы, жүйрік аты болу керек. Ер қаруы – бес қару, деп атаң қазақ бекер айтпаған. Алдыңнан аң құтылмайтын құла-мерген бол!» деуші еді... Қалықовтың көңілінде: бұл сыннан мүдірмей өтермін деген сенім пайда болды. Подполковник 100 метр жерге нысана қойды. Қалықовқа жай винтовканы беріп: – Жатып ат! – деді. Есқайыр асықпай көздеп, үш рет атты. Қасында тұрғандардың бәрі нысанаға жүгірді. – Үшеуі де ондыққа тиген! – Япыр-ай, нағыз мерген екен! – деген дауыстар шықты. Бұдан кейін Қалықовқа подполковник: – Жарайды. Өте жақсы. Енді тұрып ат! – деді. Қалықов тұрып тағы да үш рет атты. Атқаны аумастан тиді: тағы да отыз ұпай. Нысананы 200 метр жерге қойды. Жатып ату керек. Есқайыр, көп кідірмей, үш рет атты. Екі оқ ондыққа, бір оқ тоғыздыққа тиді.

– Құттықтаймын, жолдас Қалықов, – деді подполковник Есқайырдың қолын қысып. – Мергендігіңе толық сенемін. Сенің оғың немістерге де дәл осылай тиеді. Міне, мына снайперлік винтовканы ал! Жақсы қару! – Рахмет, жолдас подполковник! Сеніміңізді ақтаймын. Көзіме көрінген немісті тірі жібермеймін. Уәде осы болсын. Ер екі айтпайды, – деді Есқайыр снайперлік винтовканы қолына алып тұрып. ЕСҚАЙЫР МЕРГЕН Снайперлік винтовканы алған күні Есқайыр екі немісті жойды. Келесі күні ол алғы позицияға келіп, окоп қазып, оны маскировкалап, немістерді аңдып жатты. Бір кезде әріректен бір топ неміс көрінді... Олар өздерінің алғы позициясына келе жатыр екен. Есқайыр, дәл көздеп, жеті рет атты. Жеті атқанда жеті немісті жойды. Осылайша оның есебі күн санап үздіксіз арта берді. Бір күні Есқайыр тосқауылға шығып, окопта жатыр еді. Оған полк командирі келді. – Сен нысананы жақсы аттың. Мергендігіңді енді іс жүзінде көрсет, – деді. Полк командирі дүрбісімен немістер жаққа қарап. Есқайырдың қасында жатты. Ойда жоқта 200 метрдей жерде бір неміс көрінді. Сол арада, сірә, бақылау пункті болса керек. Неміс дүрбісін көзіне ұстады да біздің жаққа қарады. Есқайыр подполковникке:

– Көрдіңіз бе, жолдас подполковник? – деді. – Көрдім, – деді ол. Қалықов асықпай көздеп атып салды. Неміс жерге шаншыла, мұрттай ұшып түсті. – Сен нағыз құламерген екенсің. Ризамын. Мәртебең биік болсын! – деді оған подполковник аталық мейіріммен. Есқайыр оның көз алдында екі немісті өлтірді. Есқайырдың есімі ауыздан ауызға көшті. Бөлімше-бөлімшеге тарады. «Есқайыр мерген» атанды. Командование оған кіші сержант атағын берді. ЕСТЕН КЕТПЕС ҮШ КҮН Әр адамның өмірінде ерекше бір естен кетпестей күндер болады. Есқайырдың өмірінде де сондай айрықша елеулі үш күн болды. Август айы ішінде Қалықов партия мүшелігіне кандидаттыққа алынды. Онда ол 34 немісті жойған еді. Сентябрь ішінде қазақ, татар, өзбек жауынгерлердің слеті болып өтті. Бұл кезде Есқайыр 72 немісті жойған еді. Осы слетте оған «Ерлігі үшін» медалі берілді. Октябрьдің 14 күні Есқайыр 100-нші немісті өлтірді. Тап сол күні оған Қызыл Жұлдыз ордені және екінші рет «Ерлігі үшін» медалі берілді. – Халқымның құрметіне бөленіп, Отаннан наград алғаныма қуаныштымын. Ер барда ел қор болмас. Ел қорғаны – ер. Мен мұны жақсы түсінемін. Жауды жойған үстіне жоюға ант етемін, – деп

Есқайыр салтанатты серт берді, сол наградты алып тұрып. Қалықовтың өміріндегі бұл үш оқиға оның жүрегінен берік орын алған. Бұл естен кетпес үш күн. АЙЛАЛЫ АЖАЛДЫ ЖЕҢЕДІ Қалықов Есқайыр асқан айлалы мерген. Оның айлалары көп-ақ. Бәрін айтып бітіре алмайсың. Бір күні Есқайыр кезекті тосқауылға шығып, жаяу әскер окоптарының қасына орналасты. Бір уақытта арт жақтан ыңыранған біреудің даусы шықты. Есқайыр еңбектеп сол жерге келді. Жұмалиев деген қазақ жараланған екен. – Қайдан атты, көрдің бе? – деді оған Есқайыр. – Көре алмадым, әйтеуір жоғарыдан атты, – деді Жұмалиев. Қалықов жаралының жарасын таңып, медсанбатқа жіберді де, оның қасындағы жолдасына: – Мен ана жерге барып аңдиын, сен мына касканы окопта жатып таяқпен жайлап жоғары көтер, – деді. Есқайыр, көз айырмастан, немістер жаққа қарады. Манағы жауынгер касканы көтерді. Немістер жақтан атыс естілді. Оқ каскаға тиді. Жауынгер касканы екінші рет көтерді. Неміс екінші рет атты. Есқайыр ағаштың басындағы неміс «көкегін» бұл жолы анық көріп қалды. Дәл көздеп бір атқанда-ақ неміс ағаштан құлап түсті.

– Снайпер болу оңай емес, – дейді Қалықов. – Снайперлік өнер – аса қиын өнер. Снайпердің негізгі міндеті: дұшпанның снайперлерін, офицерлерін, бақылаушыларын, зеңбірек және пулемет расчеттарын, төмен ұшып бара жатқан самолеттерін жою. Снайпер тосқауылға шыққанда өте сақ болуға тиіс. Жатқан орныңды ешкім сезбейтіндей болсын. Бір орында жатып, бірнеше рет ату жарамайды. Немістердің қандай айла қолданатынын да білу қажет. Айбар керек, әл керек. Ақыл керек, айла керек. Айлалы ажалды жеңеді. ХАЛЫҚ ҰЛЫ Біздің даңқты бабаларымыздың – қазақ халқының халық аузында жыр болған атышулы ерлері, өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған – Сырым Датовтың, Исатай мен Махамбеттің, Аманкелдінің бүгінгі батыр ұрпақтары Отан соғысының майдандарында бұрын-соңды болып көрмеген қаһармандық, батырлық көрсетіп, Советтік Отанымызды жанқиярлықпен қорғап жүр. Олар – неміс-фашист басқыншыларының зәресін алатын зор күш. Солардың бірі – Есқайыр Қалықов. Оның есімі бүкіл майданымызға мәлім. Ол 145 немісті жойып жіберді. Есқайыр Қалықов өз халқына, өзінің Советтік Отанына, жұмысшы-шаруа үкіметіне шын берілген адал патриот. Халық ұлы. Ол қорқу дегенді білмейтін батыр.

Есқайыр – елдің қорғаны, Халқын сүйген қаһарман, Отанның ерен саңлағы, Озып шыққан қатардан. Батырлар оның бабасы, Аманкелді – ағасы. Үстем болсын мерейің, Қазақтың батыр баласы!

АҒЫП ӨТКЕН БІР ЖҰЛДЫЗ БАТЫРДЫҢ «ТАБЫЛУЫ» 1945 жылдың май айы. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың жаңа тынған кезі. Екінші Белорусс майданының штабы мен Саяси басқармасы Штеттин (қазіргі Шецин) қаласына көшті де, соңынан біздер де, майдандық газеттердің редакциялары да, сонда қоныс аударатын болдық. Осыған орай бірнеше адам алдын ала орын даярлауға бармақшы болды. Солардың бірі боп қазақ тілінде шығатын «Майдан ақиқаты» газетінің қызметкері капитан Сапар Есбатыров та кеткен. Міне сол Сапар Штеттин қаласының бір көшесімен Штабқа қарай тартып келе жатыр. Бір жағынан, қазақ жауынгерлері, Ұлы Отан соғысының батырлары жөнінде очерк жазып қайту туралы тапсырмасы бар. Сапекең ерсілі-қарсылы өтіп жатқан әскери адамдарға жалтақ-жалтақ қарап, «материал іздестіріп те» келеді. Әне құба-сұр бір жігіт үлкен алаң көзімен сүзе бір қарады да, өтіп жүре берді. «Әй, сірә қазақ боларсың, бас қондырысың соған ұқсайды екен» деп ойлаған Есбатыров: – Әй, ағайын, сәл тоқтай тұрыңызшы, – деп дауыстады оған. Әлгі жігіт те жалт қарап: – Капитан Масин Темір, – деп, Сапарға қарсы жүріп, қолын ұсынды.

– Кім дедің, кім дедің? Шынында да Масин Темірсің бе? – деді Сапар ентелей, ентіге сөйлеп. – Иә, – деді әлгі жігіт аң-таң. – Ой, айналайын, тірі екенсің ғой, кел бері құшақтайын, – деп ақкөңіл Сапар оны бауырына тартып, қайта-қайта қысты кеудесіне. Содан соң құшағын жаза беріп, жігіттің жүзіңе қарап: – Батыр атағың құтты болсын! – деп қос қолдап қолын қысты оның. – Қайдағы батыр атақ? – деді, мына кісі жынданып тұрған жоқ па дегендей, қайран қалған Темір. – Ойбай-ау, немене, әлі білмейсің бе, саған бұдан бірнеше ай бұрын Совет Одағының Батыры атағы берілді ғой! – Жоқ, мен еш нәрсе білмеймін... – Ендеше жүр! – деп Сапар Темірді дедектетіп жетектеп отырып майданның штабынан бір-ақ шықты. Сол арада ол капитан Масин Темірге Совет Одағының Батыры атағын беру туралы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы жарияланған газетті тауып алып көрсетті. Сапардың дұрыс айтқанына және оның «есінің түзулігіне» Темір сонда ғана сенді. Арада бірер сағат өтпей жатып, Масин Темір майдан штабы командованиесінің қолынан Ленин ордені мен Батырдың Алтын Жұлдызын да алып үлгірді. Сол жерде біздің Сапекең оны тағы да шын жүректен құттықтады. – Осы сен өзің кім боласың? – деді күліп Темір, манадан бері өзін анда-мұнда сүйреп дедектетіп жүрген Есбатыровқа: – О, құдай ұрсын мені, таныстырған жоқ па едім өзімді? Қуанғаннан ұмытып кеткенім ғой,

– деп Сапекең өзінің кім екенін, Темірді қайдан білетінін айтты. Ал Темірді ол мынадан білетін еді. 1944 жылы Екінші Белорусс майданының әскерлері керемет шабуылды ұрыстар жүргізіп, фашистерге күйретекүйрете соққы берді. Сол ұрыстар кезінде мен көзге түскен полктардың біріне келіп, ерлік көрсеткен жауынгерлер туралы сұрастыра бастағанымда, маған сондағылар алдымен рота командирі капитан Масин Темірдің есімін атады. Мен сол естігенім бойынша «Дауылда шыққан даңқ» деген кішкене суреттеме жаздым. Біздің «Майдан ақиқаты» газетінде басылған сол суреттеме мынау еді: ДАУЫЛДА ШЫҚҚАН ДАҢҚ «Жігітті жігіт демеңіз, Ат мінбесе қатырып, Жау жеңбесе жапырып...» (Халық аузынан). Әуе бұлтсыз, жап-жарық еді бұл мезгілде, түнгі сағат үште. Бұл мезгілде капитан Масин Темір 11 жауынгерімен қызыл іңірден бері немістердің бес қарсы атакасын тойтарып, кезекті кескілесті күтіп отыр еді. Бұл мезгілде қиян-кескі атыс та, гуілдеген жел де тына қалған, тым-тырыс, тыныштық еді. – Жолдас капитан, қалай ойлайсыз, немістер тағы да қарсы атака жасар ма екен? – деді сол жақта жатқан қызыл әскер Құсайынов Мұса, сөз бастағысы келіп.

– Уақытында көрерсің. Олар маған бұл туралы хабарлаған жоқ, – деп қатаң жауап берді Масин, оның кенет сұрауы ойын бөлгенге ренжіп. Ойдан жүйрік не бар?! Әлде оның ойы бұл кезде, үш жылдан бері көрмеген Батыс Қазақстан облысын, ондағы туып-өскен жері – Орданы аралап жүр ме еді? Ойдан тәтті не бар? Әлде оның соғысқа шейінгі 33 жыл өміріндегі тәтті сағаттары есіне түсіп, бойын билеген кезі ме еді? Масин жаудың бес қарсы атакасын тойтарып, бес рет ажалмен айқасты. Әлде сол кезде бұлдыр тартқан арман, енді жаңағы ажалды жеңіп шыққаннан кейін қайта айқындалып жақындаған сайын оның өмір сүре беруді, өмірдің қызығын көре беруді аңсаған кезі ме еді? Осы соғыста Темір офицерлік дәрежеге жетті. Көп ұрыстарда болды. Басқаларын былай қойып, осы шабуылдың өзін алғанда да оның көп көрнекті еңбегі бар. Темірдің ротасындағы жауынгерлердің көбі бұрын ұрыста болмаған, жаңалықта келген жас жауынгерлер еді. Бірақ ол оларды үйрете білді. Құрыштай суарып, шынықтырды. Жау бекінісін бірінші боп бұзып-жарып өтіп, үш қатар траншеяны алды. Совет жерінің бірнеше шаршы метрін бірінші боп азат етіп, қызыл жалау тікті. Көптеген немістерді өлтірді. Осыны бағалап үкімет Масиннің өзін Қызыл Ту орденімен, оның барлық жауынгерлерін үшінші дәрежелі Даңқ орденімен наградтады.

Мұнан соң да талай айқастар болды, Масиннің ротасы солардың бәрінде де көзге түсті. Минск – Могилев тас жолы үстінде болған бір ұрыста ғана 100-ден аса немісті өлтіріп, 75 немісті тұтқынға алды, жаудың 27 жүк машинасын қиратты. Көптеген көліктерін қолға түсірді. Масиннің ротасы батырлар ротасы боп аталды. Масиннің атағы бүкіл бөлімге тарады. Масиннің беделі сағат сайын өсті. Оны бөлімнің бүкіл адамдары құрметтеді. Оны ротаның барлық жауынгерлері жанындай жақсы көрді, сыйлады, мақтан етті. «Біз капитан Масиннің жауынгерлеріміз!» деп атады өздерін. Жараланғандары ротадан айрылғысы келмей, госпитальға барудан бас тартты, ал, госпитальдағылар қандай амалмен болса да өз ротасына жетуге тырысты. Масинге олардан күнбе-күн ондаған хаттар келіп тұрды. Кіші сержант Кудинов жарасының әбден жазылуын күтпестен, госпитальдан қайтып келді. Ол басқа жерге жібереді деп қауіптеніп, бөлімнің де, батальонның да штабына соқпастан, тұптура ротаға келіп тоқтады. Ауыр жараланып, алыстағы госпитальға жіберілген қызыл әскер Куртков Василий батальон командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасарына: «Сүйікті командирім капитан Масинге менен арнаулы сәлем айтуыңызды өтінемін. Сау болуын, жауынгерлік істерінің табысты болуын тілеймін. Есі-дертім өз ротама, өз командирімнің қарауына келу» деп жазады. Бұл секілді хаттарды біреуі емес, бәрі де жазды.

Темір осылар туралы ойлап, осыларды көз алдынан өткізіп жатыр еді. Сондықтан ол Құсайыновқа әуелі қатаң жауап берсе де соңынан: – Таң атқанша олар дамыл көрмес. Көп кешікпей басталар. Кейіннен көмек келгенше төтеп беруіміз керек, – деді. Бөлімнің ұрысты табысты жүргізуі Масиндердің қимылына байланысты еді. Оның ротасы өзеннен ең алдымен өтіп, табан тірер тұрғыға орныққан-ды. Басқа роталардың өтуіне де жол ашылған-ды. Немістердің жанталасып, қайта-қайта қарсы атака жасау себебі де осы болатын. Бірақ Масиндер оларды, көп шығындатып, беттетпей қойған. Немістер зеңбірекпен әрі-бері атқаннан кейін, алтыншы рет қарсы атакаға шықты. Олардың саны көп екен. Қаптап келеді. Алдарында – «Фердинанд». Пулеметтен, автоматтардан оқты төгіптөгіп жіберді жауынгерлер. Немістердің бірсыпырасы жапырылып құлап қалды. Сонда да олар өңмеңдей берді. Жақындады. «Фердинанд» алға оқшау шығып, 25-30 метрдей жерге жеткенде Масин оны жанар майлы шөлмекпен атқылады. Өртенген «Фердинанд», ішіндегі снарядтары жарылып, тас-талқаны шықты. Осы уақытта он шақты неміс бір бүйірден байқаусыз келіп, окоптарға өтіп кетіпті. Масин, парторг Волковқа немістердің негізгі тобына пулеметтен оқ жаудыруға бұйырды да, өзі Құсайынов, Жақыпов деген жауынгерлермен

жаңағы өткен немістерге тиді, қарсы келген бір немісті автоматпен қақ маңдайдан беріп кеп жіберді. Неміс те құлады, автомат та қирады. Темір жалма-жан бір қазық ағашты алып жіберіп, оны гүрзідей сермеді. Тағы да бірнешеуін сұлатты. Окоптарға өткен гитлершілерді «тиісті орынға» аттандырып болып, Масин пулеметтен атты. Гитлершілер түйдек-түйдек граната лақтыра бастады. Масинның құлағы бітіп, есітпей қалды. – Кеудеде жан, қолда қуат барда біреуіңді де өткізбеспін, сұмырайлар! – деп тістеніп, Масин қол пулеметтің құлағын баса түсті. Сол уақытта уралаған құдіретті үн ұрыс түзін жаңғырықтырды. Бұл – өзеннен өткен біздің роталар еді... ЕРЛІКТІҢ ЖАЛҒАСЫ Қызу ұрыстар кезінде кімнің қайда жүргенін біліп болу қиын. Ауыр жараланған капитан Масин госпитальдан шыққаннан кейін басқа бөлімге кетіпті де, майдан штабындағылар уақытша «көз жазып» қалыпты. Қазір Темір бір неміс қаласында біздің әскери комендант екен. Осы кездесуден кейін Темір біздің редакцияда бірнеше күн қонақ болды. Біз, редакция қызметкерлері – жаңағы Сапар Есбатыров, редактордың орынбасары Ахмет Елшібеков, қазіргі белгілі ақын Сағынғали Сейітов, бұл күнде партия

қызметкері Зейнолла Садықов және мен – Темірден өзінің жауынгерлік жолы туралы қанша сұрасақ та, ол жөнді ештеңе айтпай қойды. – Жазыпсыздар ғой, тіпті соның өзінде де бөсіңкіреп, асыра айтып жіберген сияқтысыздар. «Тағысын тағы алармыз, қосшы бала» дегендей, сол «бойға сіңсе де» жарар. Соғыс туралы әңгіме жалықтырып болған жоқ па, одан да сағынған ел туралы, ертеңгі бейбіт күніміз туралы әңгімелесейік. Қазақ тілін, қазақ әнін сағындым, ән салайық, – дей берді Темір. Кішіпейіл де ақжарқын, бауырмал Темір аз күннің ішінде біздің бәрімізді баурап алды. Біз оны енді ерлігі үшін ғана емес, адамгершілігі үшін, үлкен жүрегі үшін жақсы көрдік. Сол 1945 жылдың жазында Темір аз күнге демалыс алып, елге барып келді. Одан соң Польшаның бір қаласында тағы да әскери комендант болып істеді. Көп кешікпей денсаулығына байланысты армиядан біржола босап елге, өзі арман еткен бейбіт еңбекке оралды, бұл кезде оның әскери атағы майор еді. Темір елге келгеннен кейін Батыс Қазақстан облысының Тайпақ аудандық партия комитетінің екінші секретары болып сайланыпты. Мұны естігенде мен әсіресе қуандым. Өйткені Тайпақ ауданы – менің туған ауданым. Қала берсе кешікпей Темірмен тағы да кездесетініме қуандым. Сол қуанышпен мен 1947 жылы Германиядан ауылға демалысқа келдім. Бірақ қуанышты кездесудің орнына қайғылы хабар күтіп тұрды мені. Масин Темір бірнеше күн бұрын... өртеніп өліпті. Бұл жағдай былай болған екен.

Осы бір 1947 жыл біздің жердегі ең бір қуаң, аңызақ жылдардың бірі болыпты. Осындай миыңды қайнатқандай шілденің ыстық күндерінің бірінде ауданның бір шетіндегі шабындықтан әлдеқандай өрт барған сайын өршеленіп жүздеген километр жерді қамтыпты. Бүкіл аудан еңбекшілерін жұмылдырып, «тілсіз жаумен» алысушыларды аудандық партия комитетінің секретары Масин Темір басқарып жүреді. Сондай зобалаңда жүргенде Темір өрт ішінде бір екі-үш әйелдің қалып қойғанын көреді де, соларды құтқаруға жүгіреді. Ғаламат қиындықпен құтқарады да. Бірақ өзінің сау жері қалмайды. Кешікпей ауруханада жатып қайтыс болады. Сонымен мен, баяғы Белоруссиядағы ұрыс кезіндегідей, тағы да Темірдің өзін кездестіре алмай, орнын сипап қалдым. Орын болғанда бұл жолы орны толмас, оралмас орын еді. Бұ жолы да мен ол туралы аңыз сияқты жақсы әңгімелерді ғана естідім. Бұл өшпес ерліктің жалғасы туралы әңгіме еді. Мен ұсынып отырған осынау бірнеше сөздің тарихы осындай. Бұл – құйрықты жұлдыздай ағып өткен бір тамаша жас өмір туралы, халқымыз бен коммунистік партияның адал перзенті Масин Темір туралы естелік қана. Осы естелік те батырға кішкене бір ескерткіш болғай деген оймен ұсынып отырмын. Және мен Темірдің ерлік даңқының, батырлық жұлдызының мәңгі өшпейтініне кәміл сенемін. Біздің елде халық өзінің ардагер ұлдарын еш уақытта ұмытпайды. Масин – сол ұмытылмас адамдардың бірі. 1944–1961

ЖЕҢІЛГЕН БЕРЛИНДЕ Біз Бернаудан таң біліне шықтық. Берлин бұл жерден 22 километр. Машинаны тежеп, І-Белорусс майданының айбынды әскерлерінің алып шабуылының ізін көріп келеміз. Тұман болып көтеріле бастаған түнгі шықтың буы ма, әлде оқ пен оттың түтіні ме, айнала буалдыр тартып тұрды. Жолдың жан-жағы белдеуше тартылған сым қоршаулар, орлар, неше түрлі бекіністер. Бірақ совет жауынгерлері бұларды бұйым құрлы көрмей, бұзып-жарып өткен. О жерде де, бұ жерде де қираған танктер, «Фердинандтар». Қызыл Армия батырларын бұлар да бөгей алмаған, айға ұмтылып мерт болған арыстандай шойырылып жатыр. Берлин. Жалмауыз фашист басшыларына, адамзаттың азғындарына ұя болған Берлин, Москваны жеңбекші болып даурыққан Берлин. Енді ол амалсыз жуасып, тымырая қалыпты. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген осы. Біз Берлин аллеясымен келеміз. Көшеде біренсаран ғана адамдар көрінеді. Әр үйдің терезесінде ақ жалаулар ілінген, кездескен тұрғындардың қарларында да байлаулы ақ шүберек көрінеді. Бұлар совет ерлерінің құдіретті күшіне бас иген берлиндіктер. Бізді көшенің тарауында тұрған қызыл әскер тоқтатты. Ол Берлиннің бейне бір қожасы. Қай көшенің қайда екенін де, қай жерде не барын да біледі.

– Қайдансың? – дедік біз. – Совет Одағынан, – дейді. Қазір елден жырақ, түу Берлин көшесінде тұрғанда қандай күшті, қандай әруақты, қандай сырлы бұл сөз! Мақтан, совет ұлы, жеңімпаз батыры! Қалай мақтансаң да орынды. Бұл қызыл әскер Шәймерденов екен. Семейдікі. Қазір ұрыс бұдан бір километрдей жерде, Берлиннің ортасында жүріп жатқанын айтып жөн сілтеді. Шығыстан, сонау алыстағы туған ел жақтан шыққан әсем нұрлы алтын күн арқан бойы көтерілген еді бұл кезде. Көшеде жүріс-тұрыс та көбейе бастады. Қызыл Армияның кім екенін таныған қала тұрғындары бойын жазып, өз шаруаларына кіріскен. Міне, бір неміс сыра дүкенін ашып, саудасына кіріскелі жатыр. Басқа да бірнеше дүкендерді көрдік. Немістер бұлардың бірін де елемей өз жұмыстарымен шұғылданып жүрген қызыл әскерлерді көріп таңырқағандай. Гитлершілдер Берлиннің көшесінде көп бекіністер, дзоттар, баррикадалар құрған. Қызыл Армияның бұған да жететінін білсе керек. Берлинде одақтастар авиациясы да елеулі із қалдырған. Кейбір кварталдардың орыны ғана бар. Франц Иосиф көшесіндегі авиация жабдықтарын шығаратын заводтың күл-талқаны шыққан. Біз Берлинге жеңіс туын тіккен ерлердің бірнешеуімен сөйлестік. Лейтенант Мүсіралинов Каукеннің взводы Германияның астанасына алғылардың бірі болып кірген. – Міне, Берлинге де жеттік. Бір кезде, Москва төңірегінде соғысып жүргенде, Берлинге жету алыстағы арман тәрізді еді, енді мынау... – дейді ол.

Оның взводында неше алуан ұлттың ұрысшылары бар. Орыс Николаев, өзбек Қабылов, әзірбайжан Мәліков, татар Ғимадов – бәрі де айта қалғандай соғысқан. Қол ұстаса жүріп, жауды бірге қиратысып, бірге қуып, Берлинге баса-көктей кірген бауырлас совет елінің перзенттері бұлар, Берлиннің апшысын қуырып келеді бұлар. Москва бұл күні кеште Берлинге жеңіс туын тіккен батырларға құрмет көрсетті.

СЕНІҢ ЖЕРЛЕСІҢ – Майор. Батальон командирі. Суворов, Кутузов, Богдан Хмельницкий, Александр Невский ордендерінің төртеуімен де наградталған. Қызыл Ту ордені де бар. Совет Одағының Батыры. Мендей, жиырманың жетеуіне жаңа-жаңа шыққан жігіттің мұндай үлкен дәрежеге жетуі қапелімде таңырқарлық нәрсе сияқты. Айтпақшы, шет елдерде менің жасымдағыларды тіпті жас санайтын көрінеді. Европаның біраз елін араладым ғой, менің жасымда майор болып жүргендерді бірен-саран болмаса, көре алмадым, ал бізде менен де жас жігіттердің ішінен полковниктердің де талайын көресің. Таңырқарлық па? Майор Матвей Кузьмич Меркулов бізді ойлансын дегендей, орнынан тұрып папирос алып тартты. Сіреңкі ұстауынан, тұтатуынан, папиростың түтінін жұтпай, ауыздан қайтаруынан – оның бұрын шылым тартпағаны көрініп тұрды. Ол бұл жағынан «артта қалғанын» біздің байқап отырғанымызды сезіп: – Жаңа-жаңа үйреніп жүрмін. Кейбіреулер «ұрыста арақ пен темекінің кәдімгідей пайдасы бар» деген «қисын» шығарып жүрді. Бірақ соғыста мұның екеуі де ғадетіме мүше бола алмады, – деп күлімсіреп қойды. Оның қызыл шырайлы өңінде, жылы жүзінде, сөз саптауында тыңдаушыны жалықтырмайтын бір белгісіз күш бар секілді.

– Менімше, бұл біз үшін таңырқарлық емес. Мысалы, менің жиырма жетіде майор болуым – атадан асып туғаным емес, Совет өкіметінің тәрбиесі. Ол менің бұл дәрежеге жетуіме өзімнен әлдеқайда көп еңбек сіңірді, тұрмыстың даңғыл жолына түсірді, білім берді. Сол секілді совет адамының батыл, батыр болуы да табиғи нәрсе. Өйткені ол Отанының қадірін біледі, оны сүйеді, ол үшін, оның мүддесі үшін қауіптің қандайына да қарсы шабады, жанын да аямайды. Бірақ ол көзсіз батылдықты сүймейді, жанқиярлыққа салалы ойын, білімін, ақылын жолдас етеді. Мен сіздерге мынадай бір мысал келтірейін: ... Висла өзенінің батыс бетіне менің батальоным бұрын өтіп, табан тіреді. Басқа бөлімшелер өзеннің шығыс жағында қалды. Немістер бізді жойып жіберуді, шегіндіруді көздеп, күніне бірнеше рет қарсы шапты. Төтеп беріп тұрдық. Бірақ бір күні жағдай қиынға айналды. Жау көп күшпен бізді қоршап алуға қалды. Біздің окоптарға таянды. Біз бұл бірнеше жүз шаршы метр жерді алу үшін біраз адамнан айырылған едік. Енді кейін шегінсек, сол қанның босқа төгілгені. Бұл жерді қайта алу күресінде тағы да бірнеше адам құрбан болмақ. Не істеу керек? Мен телефон арқылы өзіміздің зеңбіректердің біз тұрған жерді атқылауын сұрадым. Бұдан басқа амал жоқ еді. Міне, өз снарядтарымыз өз басымызға түсе бастады, бірнеше адам қаза тапты. Бірақ жауынгерлер жасымады. – Атыңдар, тағы да! – деп дауыстағанын есіттім олардың. Олардың тілегі шегінбеу, алған жерді жауға бермеу еді. Олар зеңбіректеріміздің

атқылағанын тіледі. Олар төзді. Жау шегінді. Міне, бұл ұрысшылардың саналы ісін, жанқиярлығын көрсетеді, ерлік те, батылдық та санадан туады. Майор Меркулов өзінің тұрмыс жолын әңгіме қылды. Ол Семей облысында өскен. Он тоғыз жасында оқытушы болып істеген. 1938 жылы армияға алынған. Шығыс шекарамызда қызмет еткен. 1941 жылы әскери училищені бітірген, майданға 1942 жылы келген. – Келісімен рота командирлігіне тағайындалдым, – деді майор,– ол күнде лейтенант едім. Тәжірибем де жоқ еді. Оңай болмады. Ұрыстың саябырлаған кезінде, қол босаса, түнде де, күндіз де көп ойлану, көп үйрену керек болды. Ұрысты ойдағыдай жүргізу үшін ең әуелі оған қажетті шараларды істеу керек, бұған көптеген шаруашылық жұмыстары да кіреді. Жауынгерлерді азық-түлікпен, киіммен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету – ұрыс алдында жүргізілуге тиісті жұмыстар. Міне, осыларды да үйрену, істей білу керек болды. Жүздеген адамды тәрбиелеу, олардың қамқоршысы болу міндеті менің алдымда тұрды. Меркулов бұл міндеттерді орындай білген. Бұған жауынгерлік ісі дәлел. Днепрден өту ұрысында оның ротасы жаудың батальонымен шайқасып, жеңіп шыққан. Екі күн қоршауда болса да, алған жерден айрылмаған. Оның ротасы жаудың тылына да талай рет өтіп, оны ту сыртынан соққылаған. Әрқашан жауапты бағытта болған. Меркулов батальон командирлігіне 1944 жылы тағайындалған. Майор туған ел туралы айта береді, бұл әңгімеге қайта-қайта оралады.

– Совет Одағының, Отанымыздың алып тұлғасын соғыс кезінде бұрынғыдан әлдеқайда анық, айқын таныдым. Елде жүргенде жете байқамайды екенбіз, – дейді ол. Ол Қазақстанның алдағы 25 жылдық мерекесі туралы да сөз қылды. Хат арқылы, газет хабарлары арқылы мұндағы жұмыстармен жақсы таныс екен. Соғыс кезінде Қазақстанның неше жауынгеріне Совет Одағының Батыры атағы берілгенін де біледі. – Жерлестеріме ризамын. Жақсы соғысты, – дейді Совет Одағының Батыры майор Матвей Кузьмич Меркулов.

ЖЫЛУ ТЕРЕҢНЕН ШЫҒАДЫ (Өзбек әдебиетінің Қазақстандағы апталығы) «Қазақта бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» деген мақал бар. Әлбетте, жалпы алғанда біз өзбек әдебиетін көптен білуші едік. Сонау ажалсыз Әлішер Науаидан, кешегі Хамза Хакімзада Ниязи мен Хамид Әлімжаннан бастап бүгінгі Айбек, Ғафур Ғұләм, Абдолла Қаһһар, Шараф Рашидов, Міртемір, Зүльфия, Ұйғын, Хамид Ғұләмдарға дейін қазақ оқушыларына жақсы таныс. Екі халықтың жазушыларының қарым-қатынасын алатын болсақ, олардың тіпті дастарқандары араласып кеткендері де жоқ емес. Бірақ бұл айтылғандар жазушы үшін де, оқушы үшін де таныстықтың тек бір жағы ғана. Төскейде малы, төсекте жаны бір социалистік ұлттардың мүддесі, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығара бірлесе отырып, еңбектенуді талап ететін коммунизм орнату мүддесі халықтар достығының, мәдениеттер ынтымағының мидай араласып, біте қайнауын, білісе беруін керек етеді. Мысалы, біз, қазақ жазушылары, туысқан республикалар әдебиеттерін қандай жақсы білсек, сол әдебиеттер бақшасының өсіп-өнген топырағын, оларды суарған, мәпелеген, шабыттандырған бұлақтың қайнар көзін де жете білуіміз керек. Ол үшін әр нәрсені өз көзіңмен көріп, өз талғамыңнан өткізгеннен артық еш нәрсе жоқ

қой. Сол сияқты, қадірлі оқушы жұртшылығымыз да аты таныс автор досымен жүзбе-жүз көрісіп, алғыс сезімін, тілек-талабын сұрақ-сауалын ауызба-ауыз айтқысы келеді. Сонымен, «Бір көрген – біліс» деген тұрғыдан қарасақ, біздің өзбек достарымызбен арнайы көп болып барып көрісіп, көбірек білісу сапарымыз 1960 жылы басталып еді. «Қазақ әдебиетінің Өзбекстандағы апталығы» деп аталған сол жолы біздің Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Ғафу Қайырбеков, Дихан Әбілевтер қырық жылғы кітаптардан көре алмайтындарын бір аптада көріп қайтты, өзбек жері туралы қырық жылда жаза алмағандарын бір аптада жазып қайтты. Туысқан өзбектің елі де, жері де әлі көз алдымызда. Күн нұрлы елде, көктем нұрлы жерде қазір біздің қаншама жүз таныс достарымыз бар десеңізші! Айталық, сіз Социалистік Еңбек Ері атағына екі рет ие болған Ганішер Жүнісовтың қандай кісі екенін білесіз бе? Әрине, көрмесеңіз қайдан білейін деп едіңіз. Ал, біз, жүзбе-жүз көріскен, қолынан дәм татқан қазақ жазушылары, оны жақсы білеміз. Міне, біз «ақ алтын» алқабын – ақ мақта егістігін аралап келеміз. Жаңа ғана ақ бүршік ата бастаған жасыл егінді жел тербеген айдынға түскендей белуардан кешіп келеміз. Алдымызда құшақтасып бара жатқан Ганішер мен Сәбит. Екеуі егіз сияқты көрінеді. Жас жағынан да, бітімі жағынан да шамалас. Табиғат таршылық жасамай, екеуін де мол пішіп, жаратыпты. Осы ұқсастық, осы молшылық

олардың талантында да қатар орын тепкендей. Екеуі де өз істерінің шеберлері. Немесе сіз бүгінгі Мырзашөлдің нендей тіршілік екенін білесіз бе? Әрине, атын білесіз, ал затын ше? Оны білу үшін онда болу керек. Біз Өзбекстанның Гүлстан деген ауданын араладық. Әлгі Мырзашөлдің бір бөлегінен жаралған осы ауданды қазір өзгеше атау тіпті мүмкін емес. Адамның апшысы қуырылып, құстың қанаты күйген шөл дала бүгін де Ганішерлердің еңбегі арқасында миуа бау-бақша мен жеміске толы гүл жазира боп жатыр. Болмаса біздің Теміртау алыбының құрдасы – Бегаваттағы өзбек металлургия заводының тұлғасын, махаббат пен ізгілік періштелеріндей Фархад пен Шырын аңызын тудырған жердегі, сол екі қыршын жастың көз жасы мен арманынан туғандай Фархад су электр станциясының бейнесін қалай ұмытарсың? Атышулы Темір-Әмірдің тепкісін татқан, тас қараңғы тереңнен көрінген жалғыз шырақтай Ұлықбекті көрген көне Самарқанның бүгінгі жарқын жастық шағы да, өмірі Әмудариядай шалқыған бауырлас та бауырмал Қарақалпақстан жері де біздің жүрегімізге ұзақ ұялайды. Ұялап қана қалған жоқ, қазақ оқушыларына жыр болып жетіп жатыр. Ендеше осындай жақсы дәстүр, халықтарымызды, олардың әдебиеті мен мәдениетін етене етіп, бауырластыра түсетін дәстүр, көрісу, білісу салты мейлінше өріс алуы керек емес пе? Осы мақсатпен біз биылғы майдың 15-і күні өзбек қаламдастарымызбен екінші рет (бұ жолы Алматыда) кездестік.

Бірақ «Екі көрген – таныс» деген сөз бұл кездесудің қуанышын да, мәнін де, ыстық лебін де жеткізе алмаса керек. Біз жай таныстарша ғана емес, сағынып көріскен аға-інілерше, апа-қарындастарша – ең жақын туыстарша көрістік. Бұл тек жазушылар мен жазушылар кездесуі туралы айтылып отырған сөз емес, бүкіл Қазақстан еңбекшілерінің ықыласы, бүкіл халық меймандостығы жайындағы сөз. «Өзбек әдебиетінің Қазақстандағы апталығы» деп аталған үлкен мәдени мереке Алматыда басталды да жыр қанатымен, ән қанатымен аспанға көтеріліп, біздің Алтын Арқаға, алтын астықты тың өлкесіне қарай өріс алды. «Ән қанатымен» демекші, бұл апталыққа Өзбекстанның атақты Айбек, Ғафур Ғұләм, Камиль Яшен, Зүльфия, Міртемір, Хамид Ғұләм, Уақит Абдолла, Сабыр Абдолла, Александр Удалов, Пірімқұл Қадыров, Масыр Фазылов, Аббас Дабылов, Тілеуберген Жұмамұратов, Азат Шарафуддинов сияқты ақын, жазушыларымен бірге Совет Одағының халық артисткасы Халима Насырова бастаған өнер саңлақтары да қатысты. Мұның өзі апталықтың идеялық мазмұнын да, көркемдік мазмұнын да арттыра түсті. – Байтақ Қазақстанды аралау үшін апта түгіл айлар да аз болатынын жақсы білеміз. Әйтсе де туысқан қазақ жерінің тамашаларын уақыт жеткенінше молырақ көргіміз келеді, – деді қонақтар. Иә, гәп уақытта. Тамашаларымыз жетеді, уақыт жетпейді. Осы жағы ескеріліп, апталыққа он күн белгіленген еді. Енді ол да тартуға келетін емес.

Әлбетте, қызықсыз болса уақыт шіркін ілби басып, өтпей қояды, бір күн бір жылға татиды. Қызықты болса, бір күн бір минуттей болмайды. Алғашқы саяхатты Алматы маңындағы Есік көлінен бастаған күні де қадірмен қонақтар дәл осыны сезінді. Есік көлі – балағынан басына дейін жасыл шыршалар жарыса өскен өркеш-өркеш құздардың етек аралығында дөңгеленіп жатқан үлкен бір зерең аяқ секілді. Шырқау биіктен, самолет қанатынан қарасаң, сұлудың мөлдіреген бота көзін көргендей боласың. Көлді көмкерген жасыл шыршалардың өзі ұзын кірпік сияқты сезіледі. . – Осы жерде бір жыл тұрсам, қанша өлең жазар едім! – дейді Міртемір ақын. Қонақтардың әрқайсысы алған әсерлерін әр түрлі білдіреді. Қарқыншыл қызулы ақын Міртемір өзіне ұнағанын бірден өлеңге айналдырып алады. Көл бетінде саяхаттап, киіз үйде көлбей жатып жүріп, ол «Қымыз» деген өлең жазды. Ал Ғафур Ғүләм лап етіп тез тұтанудан гөрі көргендерін көп екшеп, көңілге түйе беретін тәрізді. Бірақ кейде оның да қойын дәптеріне әлденені түртіп алып жатқанын көресің. Бағзы бір уақытта: – Жүдда тамаша! – деп қояды ол. Ғафур-әке бұл сапарда әңгімеге қанша сараң болса да, осы бір екі сөзді айтпаған күні жоқ-ақ шығар. Өйткені қайда жүрсек те шын мәнісінде тамашаны тамашаладық. Мектеп-интернат қай жерде де бар. Оған зор қамқорлық көрсетілетіні де белгілі. Қадірлі қонақтар өз республикасында олардың талайын көріп жүрсе керек. Әйтсе де Қарағандының №2

мектеп-интернатында болғанда біздің өзбек достар жаңағы бір таңырқау сөзді тағы да айтты. Қазақтың қаршадай пионер қыздары мен балалары Айбек пен Каһһардың прозалық шығармаларын, Ғафур атасы мен Зүльфия апасының өлеңдерін кәнігі кексе сыншылардай терең талдап, үлкен әңгіме етті. Мысал керек болса, жатқа соғады. Өзбектің билерін де майыса биледі. Бүкіл елімізге мәшһүр боп кеткен «Мавтун болдым» әнін де нәшіне келтіре жырлады. Мен өзбек достармен он күн бойы бірге жүргенде Ғафур Ғұләм мен Зүльфияның шабыттана өлең оқығанын, Халиманың асқақтата ән шырқағанын, көзге еліктің лағындай көрінетін тамаша жас биші Клара Юсупованың жалынды биін талай рет тамашаладым. Бірақ осы мектеп-интернатта олар ерекше жырлады, ерекше биледі, қуаныш рахатына бөлене қимылдады. Бұл – ортақ ұрпақ үшін, өнерлі ұрпақ үшін қуаныш, олар көрсеткен сый-құрмет үшін ең үлкен алғыс сезімі еді. Аз аялдау кезінде болсын, кезекті кездесуге бағыт алған машина үстінде болсын қонақтар көмірлі Қарағанды бейнесіне сұқтана қарайды. Жаңа қаланың зәулім тұрғын үйлері, кинотеатрлар, Спорт сарайы мен Шахтерлер сарайының сырт көрінісі, асфальтты кең көшелер, «қалауын тапса – қар жанады» дегендей, күтімін тапса өспейтін нәрсе жоғын дәлелдегендей жас бақтар мен жасыл ағаштар – осының бәрі республиканың шахтерлер астанасын атағына сай алып етіп көрсетіп тұр. Қай жаққа қарасаң да жаңа құрылыстарды, пәрменді творчестволық еңбектің жемісін көресің.

– Ертең Ертіс – Қарағанды каналы іске қосылғаннан кейін қаламыз да, даламыз да онан сайын құлпырады,– дейді, ҚКП Қарағанды Обкомының секретары Мақат Рымжанов қонақтардың көзі түгіл ойын да көріп келе жатқандай. Біз жаңа қаладан шығып №70 шахтаға қарай беттеп келеміз. Аз уақыт әлденендей әсерге шомып үнсіз отырған Ғафур Ғұләм машинаның артқы жағындағы бізге қарай бұрылып: – Маған Қарағандының кәрі тарихы Ғабиттың «Оянған өлке» романынан бірсыдырғы таныс. Енді оның жаңа тарихын, нұрлы тарихын жазу керек қой, – дейді өзінің не туралы қиялдап келе жатқанын сездіргендей. – Дұрыс айтасыз, Ғафур әке. Бірақ есіңізде болсын: бізге Қарағанды жазушылардан негізінен Ғабит, Ғабиден, Әлжаппар үшеуінің еншісіне тиген. Әуелі сол замандастарыңызға айтыңыз, – дейміз Жайық Бектұров екеуіміз, Ғафурдың сыр болса да сындай сөзінің жауабын бір жағынан әзілге айналдырып. Бірақ әзіл, сылтау дегендер қашанға дейін жауап бола береді? Іспен, шығармамен жауап беретін уақыт жеткен жоқ па? Бұл – аталған үш жазушыны ғана емес, талайымызды ойландыруға тиіс... Қонақтар сүйір тұмсық зәулім-зәулім обаларды тамашалап келеді. Мысырдың атақты пирамидасы сияқты бұл обалар көмір қалдықтарының үйіндісі екен. Жер астындағы көмірлі майдан көлемін тіпті соларға қарап-ақ топшылауға болатын сияқты. – Қарағандыдай осыншама қара алтын көзін ертеде бір капиталист небәрі бірер жүз сомға сатып

алыпты дейді ғой, рас па? – дейді қарақалпақ ақыны Тілеуберген Жұмамұратов. – Рас. Ол кезде сатып алмай-ақ, тартып алса да, шонжарлардың қолын қағатын ешкім жоқ еді ғой... – Талай ұрпаққа жеткендей байлықты қайыршыға ұсынардай болмашы нәрсеге алса, оның тартып алудан қаншама айырмасы бар?! Көне тарихтың жол-жөнекей көңілге түскен осы бір көлеңке кірбіңін Ленин көмір тресіне қарасты №70 шахтасы адамдарының туысқандық құшағы мен ақ жарқын қабақтары ілезде-ақ аластады. 1953 жылы іске қосылған бұл шахта трестегі алдыңғы қатардағы шахталардың бірі екен. Мұндағы 7 лава түгелдей автоматтандырылған. Біз барған май айында №70 шахта августың есебіне көмір беріп жатты. Осыған орай айтқан Зүльфияның мына бір сөзі мықтап әсер етті: – Жылу тереңнен шығады. Сіздер сол тереңнен, суық жердің қойнынан Отанға өшпес жылу, күшқуат әперіп жатырсыздар. Ал, біз, жазушылар, халқымызға жүрек тереңінен шыққан жылуымызды, жалынды жырымызды береміз. Демек, шахтердің де, жазушының да мақсаты біреу-ақ: ол – коммунизм орнату мақсаты. Міне, сондықтан да біз ақ алтынды аймақтан қара алтынды аймаққа өзбек халқының туысқандық сәлемін алып келдік. Өзбек ақындары кеншілер сыйлаған шахтер каскаларын бастарына киіп, шахтер шамдарын қолдарына ұстап тұрып өлең оқығанда кеншілер мен жазушылар арасы әлдеқайда жақындай түскендей

болды. Сол күні кеште-ақ еңбеккер Міртемірден «Шахтер шамы» деген өлең туып үлгірді. 32 ұлттың өкілдері жұмыс істейтін осы шахтада және бір есте қаларлық жәйт болды. Бір орыс жігіті: – Мен сізді жақсы білемін, Міртемір-әке, сіз біздің үйде талай болғансыз, – деді мүлтіксіз өзбек тілінде. Қайран қалған Міртемір қапелімде ештеңе айта алмады. Гәп былай екен. Бір өзі әр түрлі ұлттан 14 бала асырап алып, мәпелеп өсіріп, адам етіп шығарған өзбек ұста Шәуахмад Шамахмудовтың есімі бүкіл елімізге белгілі еді. Мына орыс жігіті сол патриоттың он төрт перзентінің бірі – бір кездегі Юлдаш, қазіргі Федор Васильевич Кульчиковский боп шықты. Жиырма бес жасар бұл проходчик жігіттің: Олег деген ұлы да бар екен. – Олег – біздің қарттың он бірінші немересі. Биыл демалысқа шыққанда ала барамын, – дейді Федор. Осындай достық кездесулер, Қазақстан еңбекшілерінің бейбіт құрылыстағы ғаламат табыстары, бақытты өмірі қонақтарды қуантса, олардың қанатты жырлары, әсем өнерлері, туысқандық әңгіме-кеңестері қазақ достарын қуантты. Осы жәйтті Қарағандының шахтерлер сарайында болған кеште обком секретары Мақат Рымжанов та, №31 шахтаның кен комбайнері КПСС XXII съезінің делегаты Қадірәлі Омаров та, Өзбекстан жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Камиль Яшен де әбден орынды атап көрсетті. Сол сияқты даңқты Қарағанды халқы атынан Ғафур Ғұләм мен

Камиль Яшеннің, Қарақалпақстанның қарт ақыны Аббас Дабыловтың иықтарына шапан, Зүльфия мен Халима Насырованың иықтарына қамзол жабылуы да, барша қонақтардың омырауына «Шахтер даңқ» белгісі тағылуы да ғажайып жарасымды болды. Теміртау металлургия заводының, Қазақстан Магниткасы құрылысының даңқы дүние жүзіне белгілі. Қала берсе, Теміртау металлургия заводын Беговаттағы өзбек металлургия заводының құрдасы деп айтуға болады. Бұл екі завод бір жылда – сонау Ұлы Отан соғысының қаһарлы кезінде дүниеге келген. Екеуінің өзара социалистік жарысы да көп жеміс берді. Қазір Қазақстан Магниткасының шойыны Өзбекстан машина жасау заводтарын да қамтамасыз етеді. Осы даңқты Теміртаумен кездесетін күнді қонақтар асыға күткен еді, енді сол сағат та жетті. Міне өзбек достар Қазақстан магниткасы құрылысын аралап жүр. ҚКП Теміртау қалалық комитетінің бірінші секретары М.Катков, «Казметаллургстрой» тресінің бастығы А.Коркин, заводтың бас инженері И.Белоусов жолдастар қыруар коллективтің ерлік еңбегінің, творчестволық ойының жемісін зор мақтанышпен, зор шабытпен, серпіле, жыр етіп әңгімелеп келеді. Меймандардың құлағы әңгімеде, көздері алып құрылыста. Қазір мұнда екі домна пеші, үш кокс-химия батареясы жұмыс істейді екен. Олардың тұлғасы қазақ даласының бүгінгі еңсесіндей биік көтеріліп, алысқа көрініп тұр. Бірақ бұлардың өзі де ғаламат заводтың алғашқы перзенттері ғана. Қалғандары қыруар жерді алып жатқан ұлан-байтақ құрылыстардан тумақшы.

Оларды көріп тұрғанда, осының бәріне адамның ақылы қалай жете береді деп таңырқайсың. – Осыдан бес жыл бұрын мына домна көтерілген жерде Тельман ауданының қойлары жайылатын еді, – деп күледі М.Катков. Қой жайылған жерде құрылыс іргелері жайылып жатыр. Шытырман, ғажайып құрылыс! Соларды жүзеге асырып жатқан адамдардың еңбегіне қалай табынбассың, қалай жырламассың оны! Олар – Ұлы Отанымыздың жер-жерінен келген жалынды патриоттар – қазір металлургтар мен құрылысшылардың біртұтас семьясы. Осында, заводтың жатақханаларының өзінде 9 мың жас жұмысшы тұрады екен. Осының бәрі қонақтарға ұмытылмастай әсер етті. Ал, әсер жазушыға жаңа шабыт, жаңа шығарма деген сөз. Өзбек достар кокс батареясының бір пешінен кокс алу процесін көрді. Қызарып батқан күндей қып-қызыл от боп түскен кокстың ақындық теңеуін сол сәтте әркім-ақ ойлап бақса керек. Соны сезді ғой деймін, біздің Ғабит Мүсірепов лаулап түскен кокстан көз алмай тұрып: – Ақындар бұдан, сөз жоқ, қайтсе де өлең шығарады, теңеуін де табады. Ал, Клара, сен, – деді қасындағы биші Юсуповаға бұрылып, – осыған лайық бір би шығаруың керек. Мысалы, мен оны «От биі» деп атар едім... Табан астында айтылған осы бір сөз бәрімізге де ұнады, Клараға да ой салды. – Бұл ақылыңыз есте болады, Ғабит аға, – деді ол үлкен бір толқу, тебірену белгісімен.

Кейін заводтың механикалық цехында атақты «Хорезм биін» билегенде Клараның шабытты қимылынан, нұрлы жүзінен бір жаңа ырғақ, жаңа сезім байқалғандай болды маған. Ол келешек жаңа биінің кейбір ұшықтарын ойластыра, соған қуана билеп жүргендей көрінді. Металлургтар мен құрылысшылар өзбек туысқандардың болашақ жырлары мен ән-билеріне алдын ала алғыс сезімін білдіргендей, оларды зор қошеметпен шығарып салды. Қарағанды халқының шексіз қошеметі тың өлкесіндегі туыстардың ыстық құшағына кеп тоғысты. Елімізде, соның ішінде Қазақстанда тың жерлердің игерілуі – совет халқының ұлы ерлігі болып саналатын іс. Бұл іс қазақ даласының бейнесін де, экономикасын да күрт өзгертті. Адам түгіл қаңбақ тұрақтайтын ығы жоқ самиян сар даланы бүгін көрсең, – қайнаған қажырлы тіршілік құшағына енесің. Жаңа поселоктар, жаңа ауылдар, «Қыздың жиған жүгіндей» жинақы жас қалалар – бұлар қазір тың совхоздарының бригадалары мен орталық усадьбалары. Өзбек қонақтарды Тың өлкесінде ең бірінші қарсы алған «Ижевск» совхозының еңбекшілері болды. Орыс дәстүрімен тың астығының наны мен тұзын, қазақ дәстүрімен қымызын, қойдың басын ұсынған осынау достар Россияның, Украинаның және басқа туысқан республикалардың ой-қырларынан келіп күш қосып, алғашқы борозда салғанда осы жер «шайтан байласаң – тұрғысыз» екен. Бірақ партияның шақыруымен, өз жүректе-рінің әмірімен келген совет адамдары шайтан тұрақтай алмайтын

жерге өздері тұрақтады. Тұрақтап қана қойған жоқ, үлкен өмір орнатты, шалқыған дәулет әкелді. Қазір «Ижевск» совхозы әрі егісті, әрі малды ірі шаруашылықтардың бірі. Совхоз директоры Евдокия Андреевна Зайчукова осы шаруашылықтың келешегі туралы қонақтарға біраз әңгіме айтты. – Жас жағынан алғанда пенсияға да шығатын уақытым болып қалды, – деді ол кейінгі бір сөзінде, – бірақ жақсы келешек, коммунизм нышандары қызықтыра береді. Қайрат-күш бар кезде қалай еңбексіз отырарсың... Қазақ бір қажырлы, алғыр адам туралы жеткізе айтқысы келгенде «қасқыр кісі» деп те айтады. Евдокия Андреевна қайраты жағынан дәл сондай адам сияқты көрінді. Естуімізше, сонау соғыс жылдарының зардап-қасіретін де көп тартыпты, көп қиындық соқпағынан өтіпті. Сөйтсе де мұқалмаған, көңілі көктем, жаны жаз, бауырмал, меймандос кісі екен. Оның қонақтарға деген ықыласы, ыстық сөзі, әдебиетке деген құрметі, Ғафур Ғұләммен құшақтаса отырып, орысша, украинша шырқаған әндері – әрі ақылды, әрі ақжарқын адамды ыспаттайды. Бізде «халықтар туысқандығы» деген сөздің жаттанды ұран емес, ісіміз, өміріміз, заңымыз екендігі де осы совхозда онан сайын айқын көрінді. Совхоздың салынып бітуге қалған мәдениет сарайының жанында, жаңа өсіп келе жатқан бір шетінде төсек жайылған тақтай үстінде желге шарпылғанына қарамастан алуан тілде желпіне ән шырқаған Халима Насырова, Вахрам Мавлянов, Өргеш Юлдашевтар, орысша, өзбекше

өлеңдерін оқыған Хамид Ғұләм, Міртемірлер сол достық шырайға барынша молырақ жауап беруге талпынғандай болды. Орайы келгенде айта кететін бір нәрсе – өзбек артистерінің халық алдында өнер көрсетуге керемет ықыластылығы. Олар кейбіреулердей бұлданбайды, жалындырмайды, саудаласпайды, халық нені орында десе, соны орындайды, қанша шақырса, сонша шығады, қуана, ынталана шығады. Біз, қазақ жазушылары, олардың бұл қасиеттеріне қатты сүйсіндік, өзара талай әңгіме де қылдық... Ғабит Мүсірепов жұртшылық алдында да айтты. – Мен халық артисі деген атағы бар адамды әрдайым Халимадай болуға тиіс деп ұғам, – деді ол. – Менің байқағаным: Халима үшін халық алдында өнер көрсетуден артық қуаныш жоқ, содан үлкен борыш та жоқ. Сондықтан да ол халық тілегін қайт етпейді. Сондықтан да халық артисі деу әбден дұрыс... Өзбек артистерінің өнер көрсете алмаған бір-ақ жері – Целиноград. Бұған олар кінәлі емес, уақыт тапшылығы кінәлі. Целиноградтың үлесіне тиген бір жарым сағаттың ішінде өзбек қонақтар қаламен, оның келешек жоба-жоспарымен танысты. Біз ескі Ақмоланың күншығыс бетіндегі көкорайда тұрмыз. – Болашақ Целиноградтың, жаңа қаланың орны осы, – дейді қалалық советтің председателі А.Васильев, – қаланың жоспарлы көлемі 40 шаршы километр. Осы арадан оның орталық көшесі – Целинный проспекті басталады.

Қала жөніндегі қалған әңгімені Тың өлкесі астанасының бас архитекторы Нұрмұхамедов толықтырды. Бұл жас жігіт Целиноград архитектура институтының түлегі екен. Содан кейінгі санаулы уақытта қонақтар тың өлкесі басшыларымен кездесті, достық қонақ асы үстінде өлкенің бүгіні мен ертеңі туралы әңгіме тыңдады. – Бір кезде Владимир Ильич бүкіл еліміз үшін 100 мың тракторды арман еткен еді. Қазір біздің даланың өзінде 250 мың трактор, 100 мың комбайн, 150 мың автомобиль заулап жүр. Солардың түнгі қозғалысын самолет үстінен көрсеңіз бар ғой, тамаша көрініске куә боласыз. Сансыз шырақ, от теңізі жүзіп жүргендей, – деді бір отағасы, сол суретке өзі де қызыға, сүйсіне сөйлеп. – Біз тың өлкесінің ерлік пен еңбек өлкесі, дәулет пен достық өлкесі екенін көрдік. Бірақ көруге тоймас едік, әттең уақыты бар болғыр қысып тұр. Сондықтан көріскенше қош болыңыздар деуге тура келді, достар, – дейді Камиль Яшен. – Сіздер осыдан Көкшеге аттанасыздар ғой. О да Тың өлкесінің жері. Сонымен біз «Жер шоқтығы Көкшетау» деп жырлаған жерге жеттік. Мен бұл арада қонақтарды Шучье ауданы еңбекшілерінің, облыс басшыларының қалай қарсы алғанын айтып жатпаймын. Мұнда да тамаша кездесулер болды, мұнда да орысша-қазақша дәстүрмен зор қошемет көрсетілді. Бірақ ол жерде – тек ол жерде ғана емес, Көкшеден биік, Бурабайдан сұлу не бар! Кәрі құлақ дана ақын Ғафур-әке бұл Біржан сал, Ақан сері,

Шоқандардың жері екенін, осында Сәкен Сейфуллин өзінің «Көкшетау» поэмасын жазғанын, осы арада Ғабит пен Сәбиттің де көп жақсы уақыттары өткенін біліп алыпты. Енді табиғаттың көркем қыздай осы бір сұлу бұрышын көргенше асығады. Міне бір дырау көгілдір кеседей дөңгеленіп Шортанды жатыр. Оның бізге қарсы жиектерін Көкшенің кереге тасты, сандық тасты таулары мен жасыл тоғайлары көмкеріп тұр. – Сонау бір тау, – дейді Көкшетау облыстық газетінің редакторы

Өміржан Оспанов, – «Ұйықтаған батыр» деп аталады. Көз тігіп қарасақ, расында да мүсіні шалқасынан жатқан адамға ұқсайды. Анау маңдайы, анау мұрны, анау иегі... кеудесі де, бөксесі де бар... Біз курорт, санаторийлерден өтіп отырып, Айнакөлдің жағасына келіп тоқтадық. – Бұл менің көлім, маған тарту етілген көл! – дейді қуанышты дауыспен Зүльфия, Айнакөлді тамашалап тұрып. Оның олай деуінің мәні бар. Сол күнгі облыстық газетте жергілікті ақын Еркеш Ибраһимның өзбек достарға арналған өлеңі басылған екен. Өлеңнің Зүльфияға қарата айтылған бір жерінде Еркеш «Сен естелікке біздің Айнакөлді ала кет, жүзіңді көріп отырарсың» депті. Зүльфияның әлгі сөзі осыған байланысты. Үлкен саяхат Бурабай көлінде болды. Қатарқатар жарысқан қайықтарға отырып, көгілдір көл үстінде сейіл құрған қонақтар Көкшеге көз тастайды. Көл жағасында өз алдына бір төбе боп сандық тастардан қалап қолдан соққандай атақты Оқжетпес тұр. Оның басына шықсаң, бүкіл Көкшенің сек-

сен көлі аяқ астында жатады дейді. Біздің Қажым Жұмалиевтің «Біржан – Сара» либреттосындағы «Мөлт еткен көз жасындай сексен көлің» деген өлең жолы еске түседі. Ғажап жақсы айтылған! Көл үстіндегі қайықтар бір ауық Жұмбақтастың түбіне жиналыпты. Су ішінен бойлап шығып тұрғандай осы бір нартас онсыз да сұлу Бурабай көлінің, Көкше көркінің экзотикасын, сыры мен жырын арттыра түскендей. Көлден шыққан қонақтар тоғай арасындағы «Абылай ашығы» деп аталатын алаңға келіп, өз әсерлерін ортаға салып жатты. Өлең толғатып қалам, дәптерін қолына ұстап жүрген Міртемір өзінің қызыққыш ақындық мінезімен: – Жыр жазатын жер осы екен. Мен мұнда тағы да бір келуім керек, – дейді. «Біз, қазақ жазушылары өзіміз неге сирек боламыз осы жер жаннатында? Өмір десең, өмір бар, сұлулық десең, сұлулық бар осында, ал біз болсақ Алматыдан шықпаймыз...» деп ойладым мен. Мұндай ой бүкіл жол бойы айрылған жоқ. Өмір сұлулығы, адам еңбегінен туған сұлулық қайда барсаң да алдыңнан шыға береді, таңырқата түседі. Және ол табиғат сұлулығынан әлдеқайда ыстығырақ, түсініктірек, жақынырақ көрінеді. Ал соны күнбе күн көріп жүрсек, қаламымыз өнігірек жүрмес пе еді?.. Теміртауда өзбек газетінің бір тілшісі: «Қазақ әдебиетінде металлургтар туралы қандай шығарма бар?» деп сұрады. Мен Тайыр Жароковтың «Қырда туған құрыш» поэмасы мен Зейін Шашкиннің «Теміртау» романын атадым.

– Е, шүкіршілік екен! – деді тілші. Бір жақсысы, ол Тың өлкесінде немесе Балқашқа келгенде әлгідей сұрақ қоймады. Тың игеру ғаламаттары – ғажайып ерлік эпопеясы екенін былай қойғанда, Балқаш мыс қорытушылары еңбегінің өзі талай тамаша дастан болғандай ғой. Мыс қорыту комбинатында қонақтар осыны аңғарды. Иә, мойнымызда қарызымыз көп, қаламдас достар. Бірақ «Долг платежом красен» деп орыс мақалы айтқандай, алмақтың да салмағы бар екенін, қарызды қайтару қажет болатынын ұмытпауымыз керек. Әйтпесе борышқа белшесінен батып кеткен адамның оңала алмайтыны белгілі ғой. Міне осы жөнінде, жазушының борышы, әдебиеттеріміздің ортақ мәселелері жөнінде біз жолсапардан кейін Алматыда екі күн бойы сөйлестік. Әдебиеттер достығы – халықтар достығы. Егер өзбек әдебиетінің Қазақстанда өткен апталығы ең алдымен сол мақсатқа – халықтар туысқандығын онан әрі нығайта түсуге, социалистік қарымқатынасымызды одан сайын күшейте түсуге қызмет еткен болса, екінші бір маңызды қортындысы сол – біз әдебиеттеріміз туралы жан-жақты пікір алыстық. Әлбетте, біз «үй иесі» болғандықтан меймандостық дәстүрімен қонақтардың шығармалары жөнінде көбірек сөйлестік. Өзбек әдебиеті – өскелең әдебиет. Соңғы жылдардың өзінде Айбектің «Қасиетті қан», Асхад Мұхтардың «Апалы-сіңлілер», Хамид Ғұләмнің «Шамшырақ», Шараф Рашидовтың «Дауылдан кейін» романдары, Абдолла Каһһардың «Қыстақ» повесі сияқты бағалы шығармалар жарыққа шықты. Оның үстіне Ғафур Ғұләмнің,

Міртемірдің, Зүльфияның, Шухраттың поэзиялық шығармаларын қоссақ, табыстар тізімі ұлғая береді. Қазақстан ақын-жазушылары Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Сапарғали Бегалин, Зейнолла Қабдолов, Сәйділ Талжанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Нығмет Ғабдуллин, Ісләм Жарылғапов, әдебиетшілер Хасен Әдібаев, Мүсілім Базарбаев және басқалары өзбек әдебиетінің көптеген шығармаларына жан-жақты терең талдау жасады, жазушылық шеберлікті шыңдай беруге, творчестволық байланыстарымызды кеңейте түсуге арналған көптеген бағалы ұсыныс, пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ өзбек жазушылары Уақит Абдолла, Хамид Ғұләмдар да әдебиетіміздің ортақ мәселелері жөнінде өз ойларын айтты, өзбек мәдениетінің өкілдеріне, бүкіл өзбек халқына үлкен достық ықылас көрсеткені үшін қазақстандық туысқандарына шексіз алғыс сезімін білдірді. Апталықтың саяси мәнінің де, творчестволық маңызының да зор екенін бүкіл жұртшылық атап көрсетті. Оның үстіне Өзбекстан мен Қазақстандағы екі әдебиеттің өзбек, қазақ тілдеріне аударылған шығармаларының саны оған дейінгі барша уақыттағыдан әлдеқайда асып түссе, мұны қалай аз жұмыс дей алармыз. Совет одағы халықтарының тілегі де, жүрегі де бір. Көркем аударма сол бірлікке, ортақ мүддеге қызмет етеді. Әдебиеттеріміздің байланысын нығайта беретін шаралар бұдан былай да өріс ала беру керек. Біз өзбек достармен тағы да кездесеміз деп келістік, мүмкін ондай кездесу енді не Оңтүстік Қазақстан, не Батыс Қазақстан өлкесінде өтер немесе Ферғана мен

Хорезмде жолығысармыз. Әйтеуір жақсы дәстүрді алға апара беру қажет. Сонымен мәдени мереке сияқты болған үлкен жұмыс аяқталды. Республика жұртшылығы, партия-совет ұйымдары бұл іске үлкен саяси мән беріп, қонақтарға ғажап меймандостық көрсетті. Біз, Қазақстан жазушылары, бұл жағынан мақтаныш сезіміне, алғыс сезіміне бөленіп жүрдік. Көп-көп рахмет, қадірлі жерлестер. Алда, біраз уақыттан кейін Түркменстан және Россия Федерациясы жазушыларымен кездесу кезегі тұр. Осындай достық кездесулер көбейе берсін. Оған бүкіл халқымыз қуанады.

АҒАЙЫНДАР КЕЗДЕСТІ (Татар мәдениетінің Алматыдағы апталығы) Ағайынды адамдар кездесті. Ағайынды әдебиеттер, ағайынды мәдениеттер кездесті. Сол арқылы халық пен халық дидарласып, өрен жүйрік өлең-жырлары мен өнерін ғана емес, бүкіл өскен өркенін, өзекті өмірін алдымызға жайып салды. Туысқан татар әдебиеті мен мәдениетінің октябрь айы аяғында Алматыда өткен апталығының қуаныштылығы да, маңыздылығы да міне осы жәйтте жатыр. Мұның алдындағы кейбір тәжірибеге қарағанда бұл апталық ешқандай алдын-ала даярлықсыз (демек, ырғалаң-жырғалаңсыз) «аяқ астынан» пайда болды. Осы бір тосын тұтқиылдық, жасыратыны жоқ, бізді, жазушылар қауымын басында біраз жүрексінткендей болды. Жай басып, «жалпақ алуға» дағдыланған біздің есімізге, мысалы, өзбек әдебиетінің онкүндігіне екі жыл әзірленгеніміз, соған байланысты қазақ тілінде ондаған өзбек кітаптарын шығарғанымыз түсті. Ал мынаған екі ай даярлануға да мұрша болған жоқ. Бірақ, бір жақсысы, құр алақан емес екенбіз. Туысқан татар әдебиетін қазақ оқушылары арасында насихаттауда ешқандай науқансыз-ақ едәуір жұмыс істеппіз. Қазақ тілінде Ғабдолла Тоқай мен Мұса Жәлелдің құдіретті жырлары, Ғалымжан

Ибрагимовтың «Қазақ қызы», «Терең тамырлар», «Алма шұбар» сияқты тамаша шығармалары, Қауи Нәжімидің «Көктем гүлі», Ғумер Башировтың «Намыс», Ахмет Файзидің «Тоқай» романдары, Гаділ Кутуйдің «Жіберілмеген хат», Фатих Хұснидің «Жаяудың соқпағы», Ғариф Ғобайдың «Мараттың тағдыры» повестері, Нақи Исанбеттің «Мұса Жәлел» пьесасы, татар әңгімелерінің жинағы мен көптеген татар ақындардың жеке өлең, дастандары шығыпты. Қазіргі татар прозасының көрнекті өкілі Ғабдрахман Абсалямовтың «Сөнбес оттар» романы да қазақшаға аударыла бастапты. Ойланып қарасақ, бұл жағынан татар жазушылары да қарыздар қалмапты. Абай мен Жамбыл, Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов шығармалары Тоқай тіліне аударылыпты. Бірақ қадірлі қонақтар мұны азсынып келген тәрізді. Бұл жөнінде Жазушылар одағындағы бір сырласу үстінде Ғабиден Мұстафин орынды пікір айтты. – «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген мақал бар қазақта, – деді ол. – Бірақ, менің байқауымша, қадірлі туысқандар, келген сіздердің де, қарсы алған біздердің де ұялатын ештеңеміз жоқ сияқты. Туысқан әдебиеттерді насихаттауда екі жақ та қарап қалмапты, едәуір еңбек етіпті. Әрине, мұны біз қанағат тұтпаймыз. Бірақ кітап шығару, аударма мәселесін осындай апталықтарға ғана орайластырып, науқанға айналдырып жібермеу керек. Алас-қапас шығарылған алақол нәрседен, асықпай істелген аз нәрсе жақсы. Және туысқан әдебиеттер үлгілерін басып шығару ісі

оқта-текте емес, әр уақыттағы баянды, ойлы, жоспарлы жұмысымыз болуы шарт. Сайып келгенде осы мәселе апталық үстіндегі әңгімелердің ең бастысы болды және қонақтар да, қожайындар да солай деп сөз байлады. Осы арада жазушылар назар аударған тағы бір маңызды жәйтті айта кету керек. Егер біздің сырттай, кітаби байланысымыз біркелкі бар десек, аяқтай байланысымыз, өзара араласымыз жоқтың қасы екен. – Ғабдолла Тоқай, Мәжит Ғафури, Ғалымжан Ибрагимов, Қауи Нәжімилер қазақ өмірін өз көзімен көрген адамдар, – деді Ғабит Мүсірепов бір әңгімеде, – сол секілді бір кезде татар тұрмысын мына аға буын біздер де жақсы білетінбіз. Тіпті аудару өз алдына, біз татар әдебиетін түп нұсқасынан оқитынбыз. Біз, мысалы, қазір Тоқай, Тақташ өлеңдерін жатқа айтамыз да, кейінгі ақындардың көбіне есімдерін ғана білеміз. Біз «Ғалия Бану», «Орман қызы», «Көкек әндерін» баяғыдан бері аузымыздан тастамаймыз да, осы күнгі татар әндерінің ешқайсысын жырлай алмаймыз. Осының бәрі аяқтай араласуымыздың, творчестволық қарым-қатынасымыздың кемдігінен болған нәрсе. Және бұған бірден бір кінәлі – жазушылардың, өнер иелерінің өздері. Шақыру күтеміз, өздігімізден қозғала қоймаймыз. Рас-ау! Татар халқы мен қазақ халқы төскейде малы, төсекте басы араласып кеткен халықтар. Олардың тарихи тағдыры да ұқсас. Бүгіні мен келешегі де бір. Ендеше біздің жазушыларымыз барған сайын араласа түсуі керек. Екі халықтың та-

рихи достығын, Совет өкіметі жылдарындағы ұлы табыстарын ортақ жырлауы қажет. Көрісіп-білісудің керектігі де осы үшін. Егер Ғалымжан Ибрагимов көп жыл қазақ өмірін өз көзімен көрмесе, «Қазақ қызы» сықылды өлмес шығарма тумаған да болар еді. Сондай-ақ өзара кітап саудасын да жолға қою қажет. Қазақ кітаптары Татарстанда, татар кітаптары Қазақстанда неге кеңінен сатылмасқа? Оқушылар табылады. Қазақ халқы Тоқай өлеңдерін қазақ, орыс тілдеріне аударылмай тұрғанда-ақ білген. Осындай келелі мәселелерді қозғай отырып, татар әдебиетшілері біздің Жазушылар одағының ұйымдық жұмыстарымен де танысты. Қандай творчестволық секциялар бар, олардың негізгі қызметі не, шығармаларды баспаға ұсыну тәртібі қалай, жас жазушыларға қандай көңіл бөлінеді, көркем әдебиет баспасының жоспарында аударма шығармалар қанша орын алады? – Осы сұрақтар екі жақтан да көп әңгіме туғызды және пайдалы да болды. Апталықтың болса, «әттеген-ай» дерлік бір-ақ жағы болды. Қонақтар республиканы аралай алмады. Оған о баста айтылған тығыз-таяңдық пен күзгі мезгіл жауапты. Бірақ ұлан-байтақ тамаша жеріміздің бір кесегіндей Алматы аумағында болса да, біраз нәрсе көрді. Соның ішінде ұмытылмас әсер қалдырғандары – әсіресе еңбек адамдарымен кездесулер. Сол кездесудің бірі Жамбыл ауданының XVIII партия съезі атындағы колхозында болды. Бұл коммунистік еңбек колхозы атағын алу үшін күресіп жатқан алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі

екен. Халқы да көп ұлтты. Колхоз председателі Жайлаубай Иманғалиев татар жазушыларымен кездесу кешін аша отырып, қоңақтарды колхоз шаруашылығымен таныстырып өткенде, олардың: – Бәрекелді! – демегені болған жоқ. Колхозшы Күлән Асылбекова мен мұғалім Әшімбек Сатыбалдиевтің құттықтау сөздері де татар халқына деген туысқандық ықыласқа толы болды. Әсіресе пионерді айтсайшы! Олар татар туысқандардың мойнына қызыл галстук тағып қана қойған жоқ, олардың өлеңдерін де татарша жатқа айтып берді. Ал, колхозшылар мейман қаламгерлер Нақи Исанбет, Мирсай Әмір, Фатих Хұсни, Хасан Тофан, Сибғат Хаким, Нури Арсланов, Заки Нури, Илдар Юзиевтердің өлеңдері, әңгімелерін тыңдады. Оларға қазақ ақындары Әбділда Тәжібаев пен Қалижан Бекхожинның үндері, Қазақстанның халық артисі атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің асқақ әні қосылды. – Мен қазақтың көне өмірін де көре қалған адамдардың бірімін, – деді татар жазушыларының ағасы Нақи Исанбет. – Бірақ ол кездегі көргенім мен бүгінгі көргенімнің арасы жер мен көктей. Өскен деп те, өркендеген деп те тек сіздердей адамдарды айтамыз. Сіздердің шын мәнінде бақытты екендіктеріңізді көріп отырмыз. Қала берсе, осы кездесуді достық мерекесі демегенде не дерсің?! Қандай ықылас, қандай ыстық құшақ, қандай махаббат белгілерін көріп отырмыз! Біз мұны бүкіл татар халқына айтып барамыз, жыр етеміз.

Қазақ халқы қадірлі қонаққа дастарханын көрсетпей жіберген бе! Сол дәстүрді ол колхоз да бұзған жоқ. Татарстан Жазушылар одағының председателі Мирсай Әмір сол дастарқан үстінде бір әдемі сөз айтты. – Жаңа біз колхозшылармен кездестік, ауылыңызды араладық. Тамаша емханаларыңызды да көрдік. Ондай емхана бұрын ауыл түгіл қалада да болмаған. Соларды көре отырып, менің тілейтінім: далаңыз мал мен егінге, клубтарыңыз адамға, дастархандарыңыз тағамға толы болсын! Орамдарыңыз бау болсын, халқыңыз сау болсын, көңіліңіз хош болсын, емханаларыңыз бос болсын! Осы кезде татар жазушыларының өзге бір екеуі – Ғабдрахман Абсалямов пен филология ғылымдарының докторы Хатип Усманов Алматыда халық мәдениет университетінің тындаушыларымен кездесті. Татар жазушылары, әсіресе Ғабдрахман оқушылармен жолығысуға өте құмар. Мысалы, ол осы күндерде «жоспардан тыс» Алматының көпшілік кітапханасында, қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында болып, жастарға татар әдебиеті туралы, өзінің творчествосы жайында айтып берді. Ғабдрахман қаланың Гагарин атындағы тігін фабрикасының жұмысшыларымен кездесуге де қуана қатысты, оларға өзінің кітаптарын сыйға тартты. ССРО Жоғарғы Советінің депутаты Ғ.Абсалямов халықпен дидарласуды үлкен азаматтық борыш деп түсінеді. – Бик әйбәт фабрика, а халқы оннан да әйбәт! – деп қорытты қонақтар ол кездесуді.

Гитлершілдер қолында ерлікпен қаза тапқан атақты азамат ақын, Совет Одағының Батыры, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұса Жәлел есімі бүкіл совет халқына ардақты. Ал татар халқы аяулы ұлын, жалынды ақынын, әлбетте, онан сайын қадірлейді. Ол осы апталық тұсында айқын көрінді. Қонақтар Мұса Жәлел жөнінде арнаулы әдебимузыкалық кеш программасын даярлап әкеліпті. Бұл кеш Алматының нағыз беделді залдарының бірінде – жоғары партия мектебінің залында өтті. Кеште болғандар жауынгер ақынның өмір жолы, ерлігі мен творчествосы жайында сөз тыңдады, сурет көрмесін көрді, Мұсаның өз өлеңдері мен Мұса туралы өлеңдерді естіді. Ақынның әсіресе «Моабит дәптері» аталатын атақты өлеңдері тыңдаушыларды қатты тебірентті. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде поэзия кеші болды. Әдебиеттер достығы – халықтар достығы. Қазақ, татар, орыс ақындары қатысқан бұл кеш нағыз достықтың жарқын көрінісі боп өтті. Уақыты аз болса да қонақтар Алматыны аралап, оның әдемі жерлерін көріп кетуге талпынды. Айтулы Есік көлін де тамашалап қайтты, қаламдас қазақ бауырларының үйлерінде де болды. Қайда да әңгіме айналып-үйіріліп көбіне әдебиетке, ортақ міндетімізге, творчестволық қарым-қатынасты нығайта беру мәселесіне соға берді. Қонақтар өз үйінде болғанда Ғабит Мүсірепов оларға бір театр жарнамасын көрсетті. Бұл Ғабеңнің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының Қазан сахнасында 100-ші рет қойылуы жөніндегі бұдан

10 жыл бұрынғы жарнама екен. Татар достар мұны авторға арнап жіберіпті. Соны көргенде: – Мұндай жарнаманы мен де арман етем, – деді драматург Нақи Исанбет күліп. Ол «қазақ театрында» деген сөзді айтқан жоқ, бірақ айтпаса да түсінікті еді. Және де заңды үміт. Біз, алматылықтар, астанамыздағы Абай ескерткішін – қаламыздың көркі деп те, ұлы ақынымызға деген зор құрмет деп те мақтаныш етеміз. Бұл ескерткішті көріп татар достар да мықтап риза болды. Оған арнап венок апарып қойды. Олар осы мақсатпен Мұхтар Әуезов зиратының басында да болды. Сонда татардың ақ шашты ақыны, медреседе Бейімбет Майлинмен бірге оқыған Хасан Тофанның бір құлқы мені көзімнен жас шыққандай тебірентті. Мұқаңның зиратын көргенде Хасан ағайдың терең толқу сезіміне бой алдырғанын бірден байқадым. Сондықтан қалтасына қолын салып, тер орамалын алғанда, жасаураған көзін сүрткелі жатыр екен деп ойладым. Бірақ Тофан өйткен жоқ. Тәжім еткендей еңкейе беріп, қабірден бір шөкім топырақ алды да, аппақ орамалына әспеттеп орап, қалтасына салып алды... Бұл – қасында тұрғандарға көріну, көз қылу емес, дөкей-талант рухына деген қадір-құрмет белгісі еді. Татар туысқандардың осындай ыстық сезімін Жамбыл музейіне барғанда да байқадық. Мен апталықтың әдеби бөлімі туралы ғана айтып отырмын. Өзге жағы жөнінде бірер сөз айтсам, Алматыға Татарстаннан жүзге тарта өнер иелері де келді. Татар әндерін баяғыдан сүйетін халқымызға олардың тамаша концерттері үлкен өнер

мерекесі болды. Татарстанның мемлекеттік ән-би ансамблі, Мүнира Болатова, Фахри Насреддинов, Рәисә Біләлова сияқты таңғажайып талант иелері алматылықтардың жүректерін әбден баурап алды. Олармен бірге апталық күндері Алматыда татардың композиторлары мен суретшілері де өз өнерлерін көрсетті. Апта деген немене, «ә» дегенше өте шықты. Бірақ соның өзінде де қазақстандықтар туысқан халықтың тамаша өнері мен әдебиетінен оның бүкіл талантын, еңбегі мен ерлігін, коммунистік құрылыстың ғаламат жемістері мен жеңістерін көргендей болды. Ал, біз әдебиетшілер, творчестволық, туысқандық қарым-қатынасымызды нығайту шараларын белгіледік. Ақырында және бір қорытқанымыз: пәлендей даярлана алмадық десек те, апталық ойдағыдай өтті. Тіпті кейде «даярлық» деген сөздің өзі осындай шаралардың тез жүзеге асырылуына бөгет те болып келіп еді. Шынында да туысқан мен туысқанның кездесуіне қандай ала-бөле әзірлік керек? Тек соның пайдалы, жемісті болуы жағын ғана қарау қажет емес пе? Татар достар Қазақстанның өнер иелері мен жазушыларын Қазанға шақырып кетті. Сөз жоқ, ол кездесулер де қызықты болмақ, халықтар достығына қызмет етпек. Міндетіміз де, мақсатымыз да сол қызмет.

ТӨРЛЕТІҢІЗДЕР, ТУЫСҚАНДАР Ерлік пен ән! Татар халқы жөнінде сөз болғанда менің есіме осы екі нәрсе түседі. Ән мен ерлік осы халықтың егіз қасиеті сықылды көрінеді. Ақ Жайықтың бойында, Орал көшелерінде татар әндері менің құлағыма Мұхиттың «Үлкен айдай», «Паң көйлектерімен» қатар ұялады. Ғади Тақташ жырларынан туған «Орман қызы» – менің бала жастан бергі ғашығым. Татар халқының ерліктері туралы әңгімелерді де ерте естідім. Ал кешегі Ұлы Отан соғысында көзбен көрдім. Сонда бір көне тарихтың да бір елесіне куә болғаным әлі есімде. 1944 жылдың жазы. Біздің әскерлердің ғаламат шабуылға шыққан кезі. Біз, Гумер Насри деген татар жазушысы екеуміз, майдандық газет мүддесімен алғы шептегілерге ілесіп, бір жаңа азат етілген қалаға кірдік. Ұмытпасам, Слоним қаласы болуы керек. Жылап-сықтап қуанып қарсы алып жатқан халық. Көбі поляктар. Талай құшаққа біз де іліктік. Біраз ес жинағаннан кейін солардың бірі – ұзын бойлы аққұбаша сары шашты орта жастағы адам: – Ұлттарыңыз кім? – деп сұрады бізден. – Қазақпын, – дедім мен. – Мен татармын, – деді Насри. Соны естігенде жаңағы кісі ырсалаңдап қуанып: – Мен де татармын! – демесін бе.

– Сіздей татарды көрсек көзіміз шықсын, – дедік біз әрі күліп, әрі таңырқап. – Не түр-түсіңіз ұқсамайды, не татарша бір ауыз сөз білмейсіз. Осындай татар болушы ма еді? – Болады, – деді әлгі кісі, – баяғы Грюнвальд шайқасында орыс әскерлері поляктарға көмекке келіпті. Сонда олардың қатарында татар жауынгерлері де болыпты. Соғыстан соң солардың кейбірі Польшада қалып қойыпты. Біз сол татарлардың ұрпағымыз. Пандар Польшасы тұсында аз ғана біз сияқты адамдардың бірнеше жүз жыл бойы ана тілін сақтап қалуы мүмкін де емес еді... Жауынгерлік тарихы ертеден басталатын ер халықтың ұлдары советтік Отанымызды қорғау жылдарында мені сан рет сүйсінтті. Ал атақты батыр Мұса Жәлел ақынның өшпес ерлігі менің осы бір туысқан халыққа деген махаббатымды одан сайын арттыра түсті. Мен майдан жолын жаңағы Гумер Насри, татардың қазіргі белгілі ақыны Шараф Мұдаррис, үлкен ғалым жазушы Хатип Усмановтармен бірге өттім. Сол майданда маған Гумер Баширов (Разин), Мирсай Әмір, Абзал Шамов сияқты осы күнгі атақты жазушылармен де жүзбе-жүз танысу сәті түсті. Ал соңғы жылдары татар әдебиетшілерімен менің достық, туысқандық, творчестволық байланысым онан сайын нығайды. Бұған әсіресе 1958 жылы татар жазушылар съезінің қонағы ретінде Қазанда болуымның көп себі тиді. Мен бұл жолы татар халқының өскелең, үлкен әдебиетімен ғана емес, бейбіт еңбектегі ерлігімен де жақыннан таныстым.

Осындай жәйттер арқылы Ғабдолла Тоқай, Ғади Тақташ жырлары, Қауи Нәжіми мен Ғалымжан Ибрагимов шығармалары бүкіл асыл да жаңа қасиеттерімен көріне бастады. Татар әдебиетінің Шәріп Қамал, Шәмил Османов, Фатхи Бурнаш секілді классиктері де бейтаныс таныстардың біріне айналды. Қысқасы, қай қазақты сөйлетсеңіз де татар халқы туралы небір ыстық сөздер айтар еді. Мен солардың бірімін. Солардың бірі боп қадірлі қаламдас достарымды қарсы ала отырып, бүкіл татар халқына, Татарстанның барша еңбекшілеріне туысқандық сәлем жолдағым келеді. Менің сәлемім – бүкіл қазақ халқының, бүкіл қазақстандықтардың сәлемі. Бұл сәлем – біздің күніміздей ыстық, даламыздай ұлан-байтақ, махаббатымыздай шексіз де шетсіз. Татар халқы туралы сөз болғанда біз достық туралы даурығып ресми ұран көтеріп жатпаймыз, тек «туысқандар!» дейміз. Туысқан мен туысқан махаббат салыстырып жатпайды. Біздің данышпан Абай айтқандай, махаббат тілі – тілсіз тіл. Достық пен адалдық – туысқандардың өмір заңы, өзіненөзі белгілі нәрсе. Қазақтар мен татарлар осылайша өмір сүріп келеміз. Біздің қарым-қатынасымыз әлдеқайда ежелгі заманнан бері жасап келеді. Оның қай кезеңнен басталатынын ешкім де, тіпті тарихшылардың өздері де кесіп айта алмаса керек. Бірақ біздің ортақ тағдырымыздағы ең қуанышты, ең нұрлы жағдай сол: біздер орыс халқына ілесіп Совет өкіметі үшін ұлы Октябрь айқасы күндерінде бір сапта болдық, социализм үшін күресте де бірге

жүрдік, бақытты дүниені бірге жасадық, ал бүгін тағы да қоян-қолтық, коммунизмнің сәулетті сарайын орнатып жатырмыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда тың игеру жорығы басталғанда біздің Көкшетау облысына келген татар жігіттері осы туралы айтып еді. Ол жігіттер тың жерге жаңа совхоз құрып, оны «Қазан» совхозы деп атады. Қазір бұл совхоз облыстағы белгілі шаруашылықтардың бірі. Бұл күндері республикамызда үлкен мереке ретінде татар мәдениетінің апталығы өткелі отырғанда, мен осыған орай біздің әдеби-мәдени байланысымыз туралы бірнеше сөз айтқым келеді. Татар халқы біздің қазақтарға қарағанда оқужазуы ертерек басталған халық. Россиямен байланысы да ілгері заманнан бері келе жатыр. Бұл жәйттер еліміздегі, басқа шығыс халықтарына қарағанда татар мәдениетінің кеңірек өркендеуіне жағдай туғызды. Осыған байланысты мынадай бір шындықты айта кету жөн: Ұлы Октябрьге дейін біздің ауылдарда қазақтарды алғаш хат тануға үйрете бастаған мұғалімдер – татарлар болатын. Қазақ халқының тарихы мен этнографиясы туралы мәселелерге тірелгенде осы уақытқа дейін Қазан архивына жүгінетініміз де кездейсоқ емес. Біздің ұлы классигіміз Абайдың өлеңдері де жеке кітап болып тұңғыш рет Қазанда басылып шықты. Кемеңгер ақын қайтыс болғаннан кейін бес жылдан соң, 1909 жылы жарық көрген бұл кітап қазір таптырмайтын тарихи ескерткіш болып саналады. Қазақтың қараңғы кезі, жазу-сызуы, баспасөзі болмаған дәуірі әлдеқашан келмеске кетті. Қазақ

халқы қазір түрі ұлттық, мазмұны социалистік биік мәдениетін жан-жақты дамыта отырып, қазақ әдебиетінің шығармаларын, қала берсе бүкіл дүние жүзілік мәдениеттің өлмес мұраларын миллиондаған тиражбен басып шығарады. Бұл жұмыста біз туысқан халықтардың мәдениетімен молығу ісіне, оны кеңінен насихаттауға зор мән береміз. Ғабдолла Тоқайдың жалынды жырларын қазақтар бұл кезде өзінің ана тілінде оқиды. Менің мақтанышпен айта кететін бір нәрсем: Тоқайдың алғашқы жырлары өзімнің туған қалам – Орал шаһарында дүниеге келіп еді. Татар халқының биік ақыны әріп теруші болып істеген Орал типографиясы қазір Ғабдолла Тоқай есімімен аталады. Қаланың орталық көшелерінің біріне де Тоқай есімі берілді. Тоқай шығармалары сияқты, қазақ тілінде Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы», «Терең тамырлар», «Алма шұбар» секілді тамаша шығармалары да басылып шықты. Біз Ғалымжан Ибрагимов, Қауи Нәжіми сықылды достарымыздың есімдерін әр уақытта зор құрметпен атаймыз. Олар біздің өз жерлестеріміздей. Қазақ жерінде мұғалім болып көп еңбек еткен адамдар. Олардың қазақ халқына деген махаббаты да баршамызға белгілі. Әрине, Мұса Жәлел есімі өз алдына бір төбе. Оны біз ерекше ардақтаймыз. Қазақтар Мұса өлеңдерінің татаршасын да, қазақшасын да бірдей оқиды. Қауи Нәжімидің «Көктем желі», Гумер Башировтың «Намыс», Ахмет Файзидің «Тоқай» романдары, Фатих Хұснидің «Жаяудың жолы», Ғаділ Құтуйдің «Жіберілмеген хат», Ғариф Ғұбайдың «Мараттың тағдыры» повестері, Нақи

Исанбеттің «Мұса Жәлел» пьесасы, И.Салаховтың «Көкшетау сазы» өлеңдер жинағы, татар жазушыларының әңгімелері және басқалары қазақ тіліне аударылып жеке-жеке кітап болып шықты. Ғабдірахман Әбсәламовтың «Сөнбес оттар» романы да қазақшаға аударылып, баспаға даярланды. Бізде Ғади Тақташтың, Ахмет Ерекейдің, Сибғат Хакімнің, Хасан Тофанның, Шайхы Маннурдың, Нұр Баянның, Мұхаммед Садридің, Зәки Нуридің, Салық Батталдың, Шараф Мұддарристің, Махмұт Хұсаинның және басқа татар ақындарының өлеңпоэмалары да жақсы таныс. Қазақтар Мирсай Әмір, Абзал Шамов, Ғази Қашшаф, Хатип Усмановтардың есімдерін де көптен біледі. Қазақ тіліне аударылған шығармалардан да айқын көрінетін бір маңызды нәрсе: татар әдебиеті төрт құбыласы тең, көп жанрлы үлкен дәстүрі бар әдебиет. Зор профессионалдық жауаптылық, азаматтық пафос, өмірге белсене араласу, биік идеялылық – татар жазушылары шығармаларының басты қасиеті. Осы қасиеттер арқылы татар әдебиеті көп ұлтты әдебиетіміздің ең бір жемісті бақтарының біріне айналып отыр. Татар әдебиеті шығармаларын насихаттап қазақ арасына таратуда біздің Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов сияқты классиктеріміз, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жақан Сыздықов, Бейсенбай Кенжебаев, Сағынғали Сейітов сияқты қазіргі белгілі жазушыларымыз көп-көп еңбек етті. Татар әдебиетінің ғашығы Жақан еңбегін әсіресе атап көрсету керек.

Татар достарымыз да қарыздар қалып отырған жоқ. Олар татар тіліне Абай мен Жамбылдың, Сейфуллин мен Әуезовтың, Мұқанов пен Мүсіреповтың шығармаларын аударды. Татар оқушыларына Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев есімдері де белгілі. Қазақ әдебиетінің басқа шығармаларымен бірге татар тіліне менің Мұса Жәлел жөніндегі «Жыр туралы жыр» поэмамның аударылғанына да зор қуаныштымын. Мен бұл поэмада батыр ақынға және оны туғызған батыр халыққа деген өз махаббатымды білдірмек болған едім. Біздің халық даламыздай ұшы-қиырсыз асқақ әнді жақсы көреді. Сондықтан ол өзге халықтардың да музыка өнерін қадір тұта біледі. Татар әндерін жырламайтын қазақ жоқ десек оншама қателесе қоймаймыз. Бізде оны шопандар мен мектеп балалары да шырқайды. Татар әндері сахнада да, дастархан үстінде де айтылады. Сондықтан біз, жазушылар, қаламдас достарымызбен бірге татардың өнер шеберлерін де зор қуанышпен қарсы аламыз. Бұл апталық бізді туысқан халықтың табыстарымен онан сайын таныстыра түседі. Ал табыстар дегеніміз татар халқында да, қазақ халқында да ұшан-теңіз. Олар туралы жырлауымыз керек, жаңа шығармалар беруіміз керек, бар дауыспен мақтануымыз керек. Біз бұл апталықты асыға күттік. Ендігі айтатынымыз: Қош келдіңіз, төрлетіңіз, қадірлі туысқандар!

БІЗДІҢ МҰСТАЙ КӘРІМ ДОСЫМЫЗ Оның достары көп. Қаламдастары да, оқырмандары да жақсы көреді. Қатар құрбыға да, аға мен ініге де қадірлі. Оның дарындылығын, құрметтілігін күндеп, көре алмаушылар да жоқ сияқты. Бұл да таң қаларлық нәрсе. Қай республикаға да бірдей жақын, бірдей таныс. Қайда да: Мұстай! Бірақ, бұдан өзгеріп жатқан Мұстай жоқ. Баяғы бауырмал, кішіпейіл, биязы Мұстай. Қысқасы, баяғы Мұстай бір Мұстай – Ақын, Адам, Дос, Коммунист Мұстай Кәрім (Мұстафа Сафич Кәрімов). Ол достарымен көріссе, шексіз қуана көріседі, қос қолдап көріседі, құшақтасып көріседі. Оның сағынышы шын сағыныш, ыстық сағыныш. Ол достарымен қоштасса да солай – төске төсін, бетке бетін тигізіп қоштасады. Налып, қиналып қоштасады. Қимастығы – шынайы қимастық, қалтқысыз қынжылыс. Ғабит, Әбу, Әбділда, Сейітжан, Тахауи, Әбдіжәміл, Сырбайлар мұны жақсы біледі. Бұл жағынан да ол – баяғы Мұстай бір Мұстай. Әркім-ақ ұзақ жасағысы келеді. Бірақ, үлкен мақсат-мұрат несіне арманның асқары ол ғана емес. Көп ғұмыр мазмұнымен де көп болсын, қуатынан, жүгінен айрылмасын. Аз болса, көпке татығандай болып өтсін. Нағыз тарлан кейін тартынбайды, бір басса да алға ұмтылады, бәйгеге, қиқуға құмар.

Мұстай әркімге тарланның табиғатын тілейді. Өзіне де соны көксейді. «Өмір керек, сақта, дейсің, – өзіңді». Тілегіңді теріс деп те айта алман. Бәйге көрсе қалай, бірақ төзеді Ғұмыр бойы қиқулаған майталман? Дүние шолақ бізден ғана қалған ба, Жетеді ажал жатсынбай да арланбай. Жығылсам-ау зор бәйгеге салғанда Өр жүрегін жарып өлген тарландай. Немесе «Шаршадым деген досыма» атты небәрі екі ауыз мына бір өлеңді оқып көрейік. Толы болса, шөлмек те Ұзақ шыдар, шат шыдар. Бос тұрса, төзбес ол көпке, Өзінен өзі шарт сынар. Жоқ болса шаттық, жалын, зар, Дүние қалар құрғақсып. Өзінен өзі жарылар, Бос жүрек те құр қаңсып. Бұл қусырма жақ, қызыл тілдің әшейін бір жел сөз үшін айта салған нәрсесі емес, бүтін саналы өмірін ел игілігіне жұмсап, адам бақыты үшін күрестің әрқайда алғы сапында келе жатқан азамат ақынның көріп айтқаны, біліп айтқаны. Мұстай батагөйсіп, ақылдымсудан, олай бол, былай бол деп

тікелей нұсқау ұсынудан бойын да, ойын да аулақ ұстайды. Ол сөйлесе, көбіне өз атынан, уақыт, өмір атынан сөйлейді. Сырласа, жан-жүрегімен сөйлейді. Сол сырдың шынайылығы, нанымдылығы сонша, ол көңіліңе қона кетеді, сен оған әбден сенесің. Әр ағысын, зор шабысын жылдардың Адамдардың қуанышын, мұң-зарын, Құс сайрауын, ормандардың шуылын Өн бойына сіңірсе екен жырларым. Өлең етіп өтсін соны бойлай күн. Туған жерді мадақтауға тоймаймын. Өмір деген желсіз, тымық көл емес, Тыныш жасап, бұғып өте қоймаймын, – деп әбден дұрыс айтады ақын. Өмір ас ішіп, аяқ босату да емес, желсіз, тымық көл де емес. Ол – еңбек, күрес, қуаныш, реніш. Оның шуағы да көп, дауылы да аз емес. Дауылына шыдай алсаң ғана, шуағына кенелесің. Медальдің екі бетіндей тіпті күннің де екі беті бар: ол да – бірде күндіз, бірде түн. Мұстай осыны «Белгісіз бір солдат» өлеңінде ғажайып жақсы айтқан. О жеңіс! Күн нұры – бір бетің. Екінші бетіңде – ай нұры. Бір кезде – салтанат суреті, Өзгеңде – аққан жас айдыны. Мұстай Кәрім, жоғарыда да айттым, ел өмірін сырттай шолушы емес, оның күйініш-сүйінішін,

еңбек-күресін бірге көріп, бірге атқарысып келе жатқан азамат. Отан үшін қанын да төкті, достарынан айрылып, жанын да қинады, шашы да ағарды. Үш жүз едік бір ауылдың ерлері, Жүз елуі қайтып елге келмеді. Қабірлерін сол майданнан табарсыз. Жоқ алайда жоғалғаны хабарсыз. Ақын соншама ауылдастарының майданнан оралмағанына қабырғасы қайысып қайғырса, олардың ішінде опасыз, хабарсыз кеткені болмағанына сүйсінеді. Және өлең түйіні де осы «хабарсыз кеткені жоқ» деген сөзде. Ой шоқтығын көтеріп тұрған сол сөз. Мұстай мәнеріне лайық, байыпты, салмақты айтылған. Әрбір патриот сияқты Мұстайдың да ең биік мақтанышы, ең асыл махаббаты, – әрине, Советтік Отан, туған Башқұртстаны. Мұңы да, қуанышы да солардың қас-қабағына, солардың тіршілігіне байланысты. Кіндігі де, жүрегі де солармен бір, тілегі де солардың үстінде. Ақын мұны даурықпай, дуалы ауызбен, сырлы суретпен көкейге қонымды етіп жырлайды. Жер шарының картасына Көз жіберсең бір демге, Башқұртстан – ортасында Жапырақтай бірдеңе. Бірақ бұл жай жапырақ емес, құдіретті қайыңның жасыл жапырағы. Ал қайыңы – Ұлы

Россия. Ол қандай дауылдан да, қандай жасыннан да қайыспайды, жапырағын да жұлғызбайды. Тамыры берік. «Үммет», «ұлт» деген сөздерді желеу еткен бір кездегі жегі құрттар жапырақты жеуге, қайыңнан айыруға қанша зәрін шашып бақса да: Жоқ, жапырақ көктей берді Қуатымен, құтымен. Көктей берді, көкке өрледі Қайың-ана сүтімен. Осы пікірді Мұстай Кәрім «Россиялықпын» деген өлеңге өрбіте түседі. Орыс емеспін, россиялықтың бірімін. Ұлы Совет Одағының ұлымын. Шарықтаймын, шырқап қанат қағамын Шыңдарына жарқын өмір нұрының. Көңілімде таңның тәтті сырлары Көздерімде – алтын күннің нұрлары. Жер-дүниенің қуанышы жанымда, Жүрегімде – мың жылғы үміт жырлары, – деп жар салады бақытты ақын, интернационалист ақын. Башқұрт халқы – жері әлем картасында жапырақтай боп көрінсе де, елдігі бүтін, ерлігі зор, ежелгі тарихы бар халық. Ол өткен жол-сапарлардың соқпақтары да – тау қатпарларындай қат-қабат, ғасырлар сынындай шытырман-шытырман... Осыны Мұстай:

Осынау жолда, түздерде Тарих қанмен жазылған. Қияда қылыш іздері, Тұяқтан таулар қазылған. Қорқақтар тапқан айла ма, Бишара мақал бешене: «Иілген басты қайда да Қылыш кеспес» десе де, Ер халқым басын имеген, Тізесін де бүкпеген. Көршіге қолы тимеген, Тиіскен жауды бүктеген. Жарлылық, жоқтық басса да, Садақа жаттан алмаған. Беліне қылыш асса да Иығына дорба салмаған,– деп өте үйірімді тілмен, зор перзенттік мақтанышпен өлеңдетеді. Мұстай – нағыз суретші. Оның әсіресе осынау туған жерге арналған өлеңдерін оқып отырғанда Башқұртстанның тамаша табиғатын алдыңа тартқандай әдемі, алуан бояулы пейзаж сиқырына тұтқын болғандайсың, оны көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезінесің. Сол суреттерге қоса ақын жырында сұлу музыка үні де бар. Бұлақ сылдыры, орман сыбдыры, бұлбұл әні, гүл тербелісі – бәзбәрі естіледі, елес береді. Осыған мысал ретінде «Топырағым, ауам, суларым» деген өлеңнен бірнеше

шумақ келтірсек, оқырман қауым оны бұл мақалаға ұзақсына қоймас деп сенемін. Топырақтар мұнда қап-қара, Шәрбәттай шырын, шұрайлы, Сауыры күнге жалтырап, Борозда жатыр шырайлы. Кешқұрым ұрық сепсеңіз, Шығады таңғы ақшамда. Балшығы майдай, сеп-семіз, Болады нанға жақсаң да. Тырналар келіп-кеткенше, Жайғанша ағаш жапырақ, Желкілдеп жерде жеткіншек, Бөгеді гүлге атырап. Жайқалып қырда ну қалың, Ойнайды толқын жел ессе. Осындай жерде туғаным Өзі бір бақыт емес пе? * Аспаны қандай көкпеңбек, Күмбезі қандай кең керік! Астында бабам, әттең тек, Өтіпті ылғи еңкейіп. Сондықтан көкті көрмепті Үстінде тұрған теңкиіп...

Меніңше, бұл шумақтарға талдау жасап жату деген басы артық нәрсе. Оқырман өзі бағаласын. Сөзді үнемдеп жұмсап, ойға жеңдіру, дәл басып, дәл тауып айту – Мұстай поэзиясының жақсы ерекшелігі. Ана ауызынан: Мен бердім сені дүниеге, Дүние де, балам, сенікі, деп сәбиге айтылған сөз, жігіт атынан: Көрмедім өз ерніндей отты, бірақ, Ыстықты ондай ғажап

сүйгенім жоқ. Немесе: Еш уақыт адаспаймыз екеу болсақ, Адасса, жалғыз жұлдыз адасады, – деген өлең жолдары, – даусыз есте қалатын ойлы жолдар. Сондай-ақ бесіктегі бөбекке қарап тұрып: Кеудеңде жатыр нық жұмылып Қос түйме – екі жұдырық. Дұрыс-ақ, балам, бұл бек керек. Ұмыту оны әлі ертерек, – деуі де риза қылады, езу тартқызады. Оның орнына «алда әлі де күрес көп, сен соларға даяр бол» деп ұрандаса, бұл әрине, әлдеқайда болымсыз, тартымсыз болар еді.

Жерде жаздай от-аңызақ, Тамбай қойды бір тамшы. Жаусам да тек о жалғыз-ақ, Жаңбыр ғана болсамшы, – деген шумақ пен: Қара орманда қаңқылдаған қарғадан Бұлбұл шат қой тал ішінде сайраған, – деген өлең жолдары да оқырманға ой салады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай айтқандай, мәселе үлкен-кішілікте емес, қоғамға үлкенді-кішілі пайда келтіруде, өмірде өз орныңды таба білуде, өз орныңда қажетті болуда. Мұстай Кәрім поэзиясы назарының жуан ортасымен жүріп отыратын туған жер тақырыбымен қатар тағы бір үлкен өзек – Адамға деген ерекше жылылық, мейірбандық, жанашыр жақындық, оның жүрек дүрсілін, қан тамырын үнемі тыңдап отыру – ақын поэзиясының ұзын да берік арқауы: Оқырмандардың Мұстай өлеңдеріне құмарқұштарлығы да, оның есіміне деген зор ілтифат сезімі де осыдан болса керек. Қараймын адамдардың көздеріне Жайнаған жұлдыздарға қарағандай, – дейді ақын. Бұл – оның өмір заңы, программалық қағидасы. Мына төмендегі шумақта Мұстай бұл ойды өзі аша түседі.

Ашық күн, аязды түн кездерде мен, Жазымыш жол сапарын кезгенде мен, Жұлдыздай көріп, бағыт алып келем Үмітті, мұңды, шатты көздерден мен. Ақын адамның дегені бола бергенін, армантілегі ақтала бергенін, ешкімнің қайғырмауын, қабақ шытпауын тілейді. Түрлі-түсті түс көреді адамдар... Көргеніне жол болсын да жөн болсын. Жаман түстер түс боп қалсын әманда, Жақсылары шындық болсын, оң болсың, – деген сөздер жомарт жүректен шыққан тілек. «Айсұлудың көз жасы» деген өлең де осындай ізгі ниетке толы. Он алты жасар Айсұлу – құс фермасының бақташысы. Адам алып кетті ме, әлде ит-құсқа жем болды ма, әйтеуір, күзгі есепте бір шөже кем боп шығады. Ол үшін бастығы Айсұлуға жоғалған шөжеден жүз есе ауыр сөз айтады, қыздың көз жасын бұлатады. Әр жерде, әр жағдайда бой көрсетіп қалатын осы сияқты тоңмойындыққа, топас қаттылыққа қарсы дауыс көтерген ақын: Қаз жоғалса, қиқылдасып қаламыз, Шөже өлсе де айқай-сүрен саламыз. Көңіл менен көз жасынан басқаны Шотқа соғып, сан санаққа аламыз. Есепке алып мына біздер, ағалар, Көз жасын да болсақ солай бағалар,

Кей көз жасы, – дер едім мен, – зая аққан Саф алтынның бұлағына барабар. Айсұлулар күліп жүріп көктесін, Көздің жасын біреу нақақ төкпесін. Көз жасы да – мемлекет байлығы, Ешкім оны қорламасын, сөкпесін, – дейді. «Көз жасы да – мемлекет байлығы» екенін үлкеніміз бар, кішіміз бар әр жерде ескере жүрсек, өте пайдалы болар еді. Бұл жаттап алғандай шумақтар. Иә, Мұстай адамды, жолдасты жақсы көреді. Бірақ, ол сондаймын деп дауыстап жатпайды. Мұның бір сырын оның «Күдік» деген өлеңі аңғартады. Башқұрттың ежелгі дәстүрі бойынша жігіт жұрт көзінше ғашық қызына да «сүйем» деп айтпайды. Ер болса, ол кегін ғана жасырмайды. Жауына «жауымсың» деп бетке айтады. Ал досы үшін жанын пида етуге бар. Бірақ мен сөйтем деп даурықпайды. Аузынан ондай сөз шығып кетсе, өз тілін өзі кесуге даяр. Мұстай осы жәйтті айтып келеді де, мынадай сұрақ қояды: Жақсы көрем деді досым, Жұрт алдында жариялап. Сонда күдік туды тосын: Жоқ па сірә арында дақ? Ойландыратын нәрсе. Күле кіріп, күңірене шығатын, езуі ыржиса да, жаны тыржиып жүретін

«достар» аннан-мыннан кездесіп қалатыны рас. «Шараптың шатағы» деген өлеңінің түйіні де қызық. Ақымақтар мен ақылдылар ішпесін. Қалғандары – білгендерін істесін, – деп қорытады ол өлең. Мына жағдай да тұрмыста кездеспейді емес: Кеше мен қызын алып тойда қарық, Дарын деп дарынсызды мақтағам-ай.. Таңертең сол айыбым ойға оралып, Отырдым ар алдында ақтала алмай. Менің алдымда Мұстай Кәрімнің өзі сыйға тартқан башқұртша, татарша, орысша өлең жинақтары, бір томдық, екі томдық таңдамалы шығармалары жатыр. Олардың ішінде сүйектісүйекті поэмалар да, бүкіл еліміздің сахналарына шыққан сүбелі-сүбелі пьесалары да бар. Драматург Мұстай жөніндегі әңгіме өз алдына бір сала. Тіпті, мұны былай қойғанда, мен ақын Мұстай жөнінде айтылатын сөздің де жүзден бірін айта алғам жоқ. Тек 1972 жылы қазақ тілінде шыққан «Тал түс» деген кітабындағы өзім аударған өлеңдерге қарап отырып, солардың кейбірі туралы өз әсерімді оқырмандар назарына ұсынбақ болдым. Жас жағынан болсын, әдеби тәжірибесі жағынан болсын, башқұрт әдебиетінде Мұстай Кәрімнің, шүкір, ағалары да бар. Солардың ішінен көп ұлтты әдебиетіміздің қадірлі ақсақалдарының бірі – Сәфи

аға Құдаш ақынды алдымен атаймыз. Мұстай сол кісіге арнаған «Өмір бұлағы» деген өлеңінде: Сен едің ғой сонау бір Бойшаң, ойшаң кең кісі. «Біз, – дегенсің жолай бір, – Бір топырақтың жемісі», – дейді. Енді Мұстай Кәрімнің өзі де аға, өзі де ұстаз. Ол біреудің шығармасын авторына қарап, онымен өзінің қарым-қатынасына, жолдас-жоралығына, жерлес-ауылдастығына, немесе ыбыр-сыбырының ұқсастығына қарап бағалайтын кісі емес. Ол әдеби туындыны үлкен әдебиет талабы тұрғысынан бағалайды. «Тура биде туған жоқ» дегендей, шынын да, сырын да бетке айтады. Былайынша қандай биязы, қандай сыпайы болса да, әдебиет мүддесіне келгенде ол ешқандай ымырашылдықты мойындамайды. Авторына қарап жаманды жақсы дейтін, жақсыны елемеуге тырысатын пасықтық оның айналасына көш бойы жақындай алмайды. Мұстай өз ар-ожданының адалдығын ардақтайтын кісі. Біз Москвада мейманханада Ғабит Мүсірепов үшеуміз дидарласып отырып сөзден сөз шыққанда Мұстайдың: – Маған біреуге сәл қиянат істегем жоқ па деген ой келсе, ұйқым да ұйқы, асым да ас болмас еді, – дегені бар. Мұстайдың майталман ақындығына қоса осындай қасиеттері үшін оны әсіресе әдебиетші жастар шын ұстаз, шын аға тұтады. Ал Мұстайдың өзі бол-

са, Абай айтқандай, «сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деген принципті ұстайды. Мұстай Кәрім башқұрт әдебиетіне әдеби процесті ұйымдастырушы және көркем сөз кадрларын баулушы болып та көп еңбек сіңірген адам. Халық, партия мен үкімет оның творчествосын, қоғамдық қызметін жоғары бағалап келеді. Ол Россия Федерациясы Жоғарғы Советінің депутаты, СССР және РСФСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, РСФСР Жазушылар одағы секретарьларының бірі. Башқұрт әдебиетінің Қазақстандағы апталығы – Мұстайдың қаламдас достары үшін де, оқырмандары үшін де қуанышты оқиға. Біз башқұрт ағайындарды сағына, асыға күтудеміз. Мұстайлардың да солай тағатсыз күтіп жүргеніне сөз жоқ. Құдіретті Эльбрустың қос шыңындай, Таяныш болсын маған достық ұдай. Сіздейге сүйгендер сүріне ме, Көп қылсын өздеріңдей досты «Құдай». От күшті, от өршиді жақсы ғана, Суларға жан бітеді ақса ғана. Ақыл-ой, достық, өлең – мәртебелі Бөлісіп, ортақтасып бақса ғана, – деп Мұстай Кәрімнің өзі айтқандай, оның поэзиясы, оның таланты – біздің ортақ игілігіміз.

ТАЙПАҚ ДЕГЕН БІР ЖЕР БАР Мен «Туған жер» атты жаңа өлеңдер кітабын даярлай бастадым. Осыған орай көп нәрсеге оймен оралып, көп нәрсені көз алдына әкелуге тура келді. Мұндайда жазушының бір сүйеніші – өзінің қойын дәптерлері, жол жазбалары. Әрідегіні былай қойғанда, соңғы үш-төрт жылдың өзінде осындай дәптерлердің менде де біразы жиналып қалыпты. Кейбіреулерінің беттері көнетоз, сарғыш тарта бастапты. Сағыныш белгісіндей. Жарыққа шығар күнін аңсап сарғайғандай. Соларға қарап отырсам әр алуан жол-сапарлар еске түседі. «Күнде көріп жүрген» ұлы Москвадан бастап, талай жер дәптерге түсіпті. Мына біреуін «Қазан дәптері» деп атауға болады. Мен 1958 жылы туысқан Татарстан жазушыларының съезіне қатысып, атақты Ғабдолла Тоқай жырлаған «Мұңлы Қазан, нұрлы Қазан» шаһарында болғам. Мұңы өшіпті де, нұры өсіпті біздің заманда. Сол нұрлы қала, оның қарт Кремлі, Сүйінбике мұнарасы, соның іргесіне келіп, сылқсылқ күліп жатқан жаңа теңіз – Қазан теңізі, Мұса Жәлел толғаған «Сабан той», қадірлі достар – бәрі есте. Олар дәптер бетінен шығып, жыр жолына, кітап бетіне түсуге тиіс. Ал мына бір дәптердің сыртына «Азия мен Африка елдері жазушыларының Ташкенттегі конференциясы» деп жазылыпты. Оған біздің Қазақстандық

делегацияны Мұхтар Әуезов марқұм бастап барғанды. Бұл ұмытылмас сапардың мол әсерлеріне кейін Өзбекстандағы және бір үлкен сапар ғаламаттары қосылып еді. Қазақ әдебиетінің осы туысқан республикада 1960 жылы өткен апталығы кезінде мен тағы да таң Ташкентте, Гүлстанда, көне де жаңа Самарқандта, бауырлас Қарақалпақстанда болғам. Мына бір дәптердің шеті де мұқалмаған. Жапжаңа, сусылдап тұр. Таяуда өзбек әдебиетінің Қазақстанда өткен апталығы тұсында оның беттерінде Қарағанды, Теміртау, Тың өлкесі, Бурабай, Балқаш деген сықылды жер аттары жазылыпты. Қонақтармен бірге бұл жерлерді мен де аралап қайттым. Бәрі де менің жерім. Ертеректе жазылған бір өлең шумақтарын еске түсіріп айтсам: Өз жерім – қайда барсам да, Кең байтақ совет елінде. Өз үйім – қайда жатсам да, Аунаймын еркін төрінде. Ішінде, бірақ, солардың: Туған жер атты бір жер бар. Ол жерім – менің Оралым, Ақ Жайық, толқын, бұл көк жал. Мен үшін ол өлкенің ішінде де бір ерекше жер бар. Ол – Тайпақ деген аудан, Тайпақ деген жер, өзімнің туып-өскен жерім... Он жылдан кейін жол түсіп, өткен күзде мен осы Тайпақ ауданында да біраз күн болғанда, көп

жақсылықты көргем, көп әсер алғам, көп өлең жазамын деп ойлағам. Бірақ жұмысбастылық, денсаулық жайы сияқты әр түрлі дәлелді-дәлелсіз жағдай мені соңғы уақытқа дейін өлеңге отырғызбай қойды. Қала берсе, әрі ойлап, бері ойлап, онша асығыс болғым да келмейді. Қымбат нәрсе туралы жазғаның арзан дүние боп шықса, онда қандай қасиет болады. Ал туған жер дегенің ең қымбат нәрсе ғой. Тіпті, турасын айтсам, маған өткен жылғы сапарда қадірлі де қуанышты көрінген – Тайпақтың туған жерлігі ғана емес. Менің одан көңілсіз оралған да кезім болған. Мысалы, 1952 жылы. Батыс Қазақстанда бұл жылдың қысы қытымыр да, жазы қуаң болды. Соның зардабы мал мен егінге тиді. Егін мен малдан басқа кәсібі жоқ жерде, ондай жағдайда адам тұрмысы қайдан жақсы бола қойсын. Менің жерлестерімнің еңсесі салыңқы, қабағы жабыңқы көрінді онда. Оны көре тұра қалайша көңілді қайтарсың? Енді өткен күзде барсам, туған жер аспанында шөкім бұлт жоқ, туған адамдар қабағында титтей кірбің жоқ, ел еңсесі ерекше биік. – Енді бір он шақты жылдан кейін көрсең тіпті танымай қаларсың туған жеріңді, – дейді жерлестер зор мақтаныш сезіммен. Соңғы жылдардың табыстары, соңғы жылдардағы жағдай халыққа қанат бітірген, жаңа күш, жаңа сенім қосқан. Мен аудан экономикасының, жерлестерімнің әл-ауқатының осылай күрт өзгеріп, қауырт көтерілуі себептерін сұрағанымда: – Түсінікті, – деді ҚКП Тайпақ аудандық комитетінің бірінші секретары Ғаббас Рзалиев, –

ел өміріндегі, ел тұрмысындағы өзгерістер табиғат өзгерісінен туған нәрсе емес. Табиғат-ана баяғыша бірде көл, бірде шөл ғой. Мысалы, биыл жаз бойы бұл жерге аспаннан тамшы тамбады десем өтірікші бола қояр ма екем. Тілмен жалағандай тықырлап дамылсыз жинап жатсақ та, малдың қыстық шөбін әлі алып болғанымыз жоқ. Себебі алатын жер жоқ, шабындық жоқ, шөп жоқ. Демек, алдағы қыс мал шаруашылығына үлкен сын болғалы тұр. Бірақ қалтқұлт етіп отырған да шаруашылық жоқ. Ертедегідей емес, қазығы мықты, іргесі берік, толысып нығайып алған. Халықтың тұрмысы да сондай. Мұның сырын іздесеңіз, партия мен үкіметіміздің өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын қауырт өркендету, одақтас республикалардың праволарын кеңейту жөніндегі күрделі шараларын еске түсіріңіз... Ал өзгерістер дегеніңіз, аяғыңызды аттасаңызақ болды, әр жерден кездеседі. Ол бірде шопанның астындағы «Волга» автомашинасы мен мотоцикл болып көрінсе, бірде қарапайым еңбек адамының үйінде сан алуан кітап, радиоқабылдағыш, жаңа социалистік дәстүр боп көрінеді. Бір кезде мен «Туған аулымда» деген бір өлеңімде: Мен өскен Өлеңтінің жағасында, Көктемде өткел бермес сағасында. Түрмекші түн түндігін колхоз ГЭС-і, Өктем күш ерлігіне қарасын ба?! – деп жазғанымда, шынын айтсам, электр станциясы туралы бұл жерде тіпті әңгіме де жоқ еді. Бірақ өмір шындығының қиялдан да озып түсіп жатқан

жайы бар. Қазір әр фермада, әр үйде Ильич шамы жанады. Баяғы Өлеңтінің басындағы Жарбиған үйлер де жоқ жасымдағы. Колхозшы «кең» деп салған кешегіні Күні ертең «тар» деп одан асырғалы, – деп енді айтсам, нағыз шындық екен. Бұл өлеңге бір түзету» сол: қазір аудан жағдайына байланысты колхоздардың бәрі совхозға айналған. Соның бірі және ең жасы (1961 жылы мартта құрылған) – «Өлеңті» совхозы. – «Көш жүре-бара түзеледі» дегендей, жаңа ұйымдасқан совхоздың түзейтін нәрселері көп, – дейді осы совхоздың директоры, менің бір кездегі мектептес жолдасым Тәтібай Сұлтанғалиев. – Бірақ біз «жүре-бараны» күтпей, нені болса да уақытында түзетіп, уақытында істегіміз келеді. Әзірге екі нәрсені анық мақтан етуге болады. Ол – совхоздың жері мен адамдары. Біздің жеріміз – шұрайлы жер. Соның 20 мың гектарына егін салуға болады, 10 мың гектары тың жер. Сөйте тұра жылма-жыл тек 7 мың гектар ғана егін салынып келген. Демек, алда осы тамаша жерді толық игеру міндеті тұр. Біз таяу жылдарда 1213 мың гектардан дәнді дақыл салғанның өзінде, астық өнімін миллион пұтқа жеткіземіз екен1. Ол үшін совхозда, әрине, техниканы да, мамандарды да көбейту керек. 1 Кейін солай болды да. Автор.

Директор барынан гөрі жоғын, совхоз алдындағы міндеттерді көбірек сөз қылады. – Мал шаруашылығын өркендету үшін тұрақты азық қорын жасау керек, – дейді ол, өзін мазалап жүрген ойларды ортаға салғандай. – Жүгері, арпа, қара бидай сияқты дақылдарды, әр түрлі көп жылдық шөптерді неғұрлым мол екпесек, бұл мәселені шеше алмаймыз. Осыған орай Өлеңті өзенінің суын дұрыс пайдалану жайын да ойластыру қажет. Мысалы, сонау Назарымбет жырасын бөгесе, 5 мың гектардай шабындықты суландырар еді. Ал әзірше су дегеніңіз ең тапшы нәрсе боп тұр. Биыл малшылар үшін қырық шақты бір қалыптас шеген қазылды. Бірақ механикаландырмаса, олардың да рахаты аз. Совхоз жерінде ірілі-ұсақ сайдан көп нәрсе жоқ. Соларды да бөгеп, су қоймалары мен хауыздар жасаса, біраз мұқтажымыз өтелер еді. Техника болса, мұны істейміз де. Бульдозер бар, экскаватор, скрепер жоқ... Тәтібайды мен ширек ғасырдан кейін көріп отырмын. Менен үш-төрт жасы кіші болуға тиіс. Бүлдіршіндей бала кезде айрылған жолдастар орта жасқа қол артқан шақта жолығыстық. Директорлыққа ауданда партия-совет жұмыстарының бірсыпыра сатысынан өтіп келіпті. Осы кездесуден бірер ай кейін Алматыға кеп, жоғары партия мектебін сырттан оқып бітіріп кетті. Сонау бір қызық күндер кенет елес бергендей, Тәтібай ауылдағы әңгіме үстінде оқыс күле қарап: – Айтпақшы, Батырғожаның Закариясы есіңде ме? – деді. – Қазір мұғалім, баяғысынша қуақы, сайқы мазақ. «Жұбан мектепте жүргенде менен гөрі

ересектігін пайдаланып, әлімжеттік жасаған кездері болған. Енді соның қарымтасын қайтарсам деп ем» деп қояды күліп. «Маған да бірер шапалағы тигені бар, онда екеуміз бірге қимылдайық» дедім мен... Ара-тұра осындай ерте кездің елестерін алға әкеле отырып, Тәтібай тағы да ертеңгі күннің жұмыстарына ойысты. – Мен ауызды қу шөппен сүртіп, жалған сыпайылыққа бой ұрайын деп отырғам жоқ. Совхозды қазірдің өзінде белді шаруашылықтың бірі деуге болады. Тек істегенімізден істейтініміздің көбін айтып отырмын. Біздің негізгі кәсібіміз – мал шаруашылығы ғой. Қазір соның да шешілмеген саласы көп. Мысалы, қойдың бізде қаракөлі де, биязы жүндісі де, қылшық жүндісі де бар. Келешекте ол түгелдей және жартылай биязы жүнді жағына қарай беттеуі керек. Сиырдан «қазақтың ақ бас сиыры» тұқымын алу қажет. Жылқыға деген көзқарасымызды да өзтертпесек болмайды. Қазір совхозда төрт ферма бар, бәрі де радиоланды, электрленді. Бәрінде де мектеп, клуб бар. Алда тұрған жұмыстың бір үлкені – тұрғын үйлер салу ісі. Оны әсіресе сапа жағынан жаңарту керек. Ең әуелі малшылар үйін қолға алу жөн. Таяудағы екі-үш жылдың ішінде көптеген құрылысты жүзеге асыру керек. Совхоз орталығында жаңа клуб, жаңа мектеп үйін, балалар яслиін салу да ойда бар. Жаңа тұрғын үйлер бумен жылынатын болуы шарт. Әлбетте, бұл күрделі қаржыға байланысты ғой. Әйтеуір ықыласынтамыз артығымен жетеді. Жаңа айттым ғой, адамдарымыз еңбек ете біледі, жігерлі десең жігерлі, өнерлі десең өнерлі.

Тәтібай осы сөзіне мысал ретінде Қисап Нұрғалиев, Отар Хайруллин, Ғайса Қарақойшиев, Шонан Манаев сияқты малшылардың, Базар Тайпанов, Жұма Сүлейменов, Зинеш Назжанов секілді механизаторлардың есімдерін атады. Олардың бірсыпырасын мен баяғыдан білем. Не өздері, не әкелері таныс. Мысалы қазіргі еңгезердей қара жігіт, облыстық советтің депутаты, трактор бригадасының бригадирі Жұма Сүлейменов бала кезінде әкесі Сүлекең қарттың жетегінен қалмаушы еді. Совхоздың бас прорабы Қуанай Мәжитов кеше ғана Алматы техникумын бітіріп кеткен. Олардың жігері істерінен көрініп жатты. Мен совхоз жастарының, айтса айтқандай, өнерлі екенін де өз көзіммен көрдім. Клуб меңгерушісі Сүндетова Роза қарындас басқарған өнерпаз жерлестерімнің – комбайнер Сатан Базаров, тракторист Әкбар Бақытжанов, кітапханашы Мария Төресаева, құрылыс жұмысшысы Аманжол Мәжитов, Ұлболсын Хамитова, Гүлжан Ысқақова, Жасталап Қуанғалиевтердің ән-күйлері қандай талғампаз адамдарды да сүйсінте алады. Орайы келгенде айта кету керек, өнерпаздарға жалпы аудан көлемінде де көп көңіл бөлетін тәрізді. Аудандық мәдениет үйінің скрипкашысы Мұқамбетқали Сұлтанғалиевтің «Жастар, алға!» күйі, «Тайпақ» совхозының қызы Ажар Қаленованың әсем де асқақ әуені, прораб Валерий Чиков пен Анатолий Юшиннің «ШолпанШолпанды» қазақша шырқауы соны аңғартты. «Асыл тастан, өнер жастан» деген мақал ертеден бар. Осы жастардың ең үлкен өнері әуелі еңбектен көрініп жатыр екен. Бізде жұмыстың екі түрі –

басшылық пен малшылық соңғы 5-6 жылға дейін нобайы «тәжірибелі» деген адамдар мен ақсақалды шалдардың маңдайына жазып қойған, солардың еншісіне тиген жұмыс сияқты боп келген еді. Қазір соның екеуі де – малшылық та, басшылық та білімді де білгір, қайратты да қажырлы жастарға қарай күрт бет бұрған екен. Мен ауданның мал шаруашылығында қайда барсам да жастарды көрдім. Аудан орталығы – Калмыковтың шағыл бетінде, құмда «Краснояр» совхозының малдары жайылады. Соларға қарай бет алған жолда біз ең алдымен Темірғали Оңаев ақсақалдың жылқышы қосына кезіктік. Қос дегенде бұл – бес-алты қанат жаңа киіз үй. Оның жанында «ас үй» сияқты бөлек қосы бар. «Ашта туған баланың екі көзі аста» дегендей, кәсібіме қарай, іші жақсы жиһаздарға толы «үлкен үйге» кіре бере менің көзім төрде радиоқабылдағыш жанында жиюлы тұрған кітаптарға түсті. «Малжаныңыз аман ба?» дей отырып, мұқабаларынан кейбіреулерінің аттарын да оқып алдым: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков томдары, қазақ эпосы, Салтыков-Щедриннің «Губерниялық очерктері», В.Кожевниковтың «Жанды суы», А.Файзидің «Тоқайы», С.Шаймерденовтың «Инеші», В.Ажаевтың «Москвадан алыста» романы, Совет Одағы Коммунистік партиясы тарихының қысқаша курсы, Рабиндранат Тагор, Мұхтар Әуезов... Әр түрлі кітап, әр түрлі авторлар... Темірғали отағасы 20 жыл бойы жылқы бағады екен. Ленин орденімен наградталыпты. Үлкен

еңбекте үлкен тірек боп келген – зайыбы Жәмила жеңгей екен. – Жасымыз жетіп келе жатыр, күшіміз кетіп келе жатыр, – деді Жәмила жеңгей қиыстыра сөйлеп. – Енді, бес жылдан бері баламыз Ізбасарды баулып жүрміз. Келініміз Меруерт екеуі біздің құрығымызды ұстап қалады. Беталыстары жаман емес, балам комсомолдың грамотасымен наградталды... Жәмила жеңгей заманында жігерлі де жарқын, «от ауызды, орақ тісті» қажырлы адам болған сияқты. Қазірде де тұғырдан тайып тұрған жоқ, шалына да, балаларына да біраз сүйеніш бола алатын қауқары бар. Шағылға жиырма шақты километр бойлағанда және бір қонысқа жолықтық. Бұл Аманжол Серғазиев деген жас жігіттің отары екен. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, бұ да мектептен кейін шопан әкесінің таяғына мұрагер бопты. Қойшы болғанда, аудандағы атақты қойшылардың бірі. Комсомолдың аудандық комитетінің мүшесі. Оның киіз үйінің төрінде де – әдеби кітаптар, әр түрлі газет, журналдар, радио-қабылдағыш. Менің тағы да соларға көзім түсіп отырғанын байқап қалып Серғазы қарт: – Баяғыда қалай күнелткенімізді Алла білсін, газетсіз, радиосыз кісі саңырау адаммен бірдей екен. Жақында мына радиомыздың батарея дегені бітіп қалып, екі-үш күн үйдің іші құлаққа ұрған танадай болды, – деді. Біз шаруа жайын сұрай бастағанымызда Аманжол:

– Біздің бірінші ферманың меңгерушісін көрдіңіз бе? – деп өзімізге сұрақ қойды. – Көрсеңіз, Темірбек айтқан шығар, оған қосар ештеңе жоқ. Иә, ферма меңгерушісі Әбдешев Темірбек осы аға шопан Аманжол Серғазиев туралы да айтқан еді. Ендеше Әбдешевтің өзі жөнінде де бірер сөз айта кету керек. Және айтуға татиды да. Темірбек Әбдешев1 Алматының зоотехникалықмал дәрігерлік институтын 1958 жылы бітірген жас жігіт. Бір жылдай мамандығы бойынша істегеннен кейін оны аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары етіп сайлапты. Бірақ... – Комсомол жұмысы – жақсы да жалынды жұмыс қой, – дейді Темірбек. – Бірақ партиямыздың 1959 жылғы декабрь пленумынан кейін кабинетте отыру ыңғайсыз болды. Өзім пәлен жыл институтта оқыған зоотехник бола отырып, ол жұмыстан аулақ жүрсем, жастарды қалай ауыл шаруашылығына шақыра аламын? Сондықтан әрі ойлап, бері ойлап, аудандық комитеттің бүкіл аппараты – бірінші секретары, үш бюро мүшесі, барлығы 14 адам осы фермаға келдік. Біздің үлгімізбен мал шаруашылығына көптеген жастар қосылды... Міне ата кәсібіміз, социалистік шаруашылығымыздың маңызды бір саласы, үлкен еңбек дүкені – мал шаруашылығына жастар осылай араласа бастаған. Ал басшылыққа ше? Ауданда 6 совхоз бар. Егер соның үшеуінің директорлары агроном Тыныс Жұмалиев, көп жыл 1 Темірбек Әбдешев бұл күнде – совхоз директоры, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты боп та сайланды. Автор. (ред. 1981 жылы шыққан кітаптан)

партиялық жұмыста болған Уақит Айтмұқамбетов, Серік Иманғалиев сияқты «қарт гвардия» тобына жатса, «Тайпақ» совхозының директоры Жақия Исатаев жаңағы Тәтібайдың замандасы, жоғары білімді зоотехник. «Котельный» совхозының директоры мал дәрігері Төрес Ниязовтың да институт аудиториясынан шыққанына онша көп болмапты. Тіпті бұл совхоздың басшыларының жас емесі жоқ. ҚКП аудандық комитетінің қазіргі бірінші секретары зоотехник Сабай Ниязов та және бір секретары Тобанияз Табылдиев те, Өлеңті совхозының партком секретары Қабдолла Қаржауов та жас жағынан «бөрікпен соғып алатын» жерде жүрген жігіттер. Бұған сүйсінесің де қуанасың. Соларды әңгіме ете отырып, Ғаббас Рзалиевтің: – Рульді жастар алуға тиіс, – дегені бар еді. Айтқаны келіп жатыр. «Қарт» деген Ғаббасымыздың өзі қайран қырықты жаңа орталай бастаған кісі. Тайпақ аупарткомының бірінші секретары болып істегеніне 6 жыл болыпты. Білімді де мәдениетті, іскер де алғыр адамға ұқсайды. Ондай қасиеті жоқ адам секретарь да бола алмайтын шығар... Жасыл орманды Жайық жағасында тұрса да Калмыковтың жауынсыз күндегі құм-шаңдағы, жаңбырлы күндегі батпағы талай жылға жүк болғандай еді, әлі де «Аллаға шүкір» екен. Әйтсе де аудан орталығы қазір біркелкі түзеліп қалыпты. Аупартком мен ауаткомның екі қатарлы кеңсесі, орта мектеп, жаңа емхана, жаңадан салынып жатқан мәдениет үйі, кейінгі жылдарда тартылған көшелер мен кейбір бір қалыпты тұрғын үйлер

о баста талғамсыздау орын тепкен поселоктың еңсесін едәуір көтеріп тұр. Рзалиевтің де, бүкіл Калмыков еңбекшілерінің де үлкен бір қызғанышы, ертеңгі мақтанышы – жасыл бақ, жас парк. Отырғызылғанына бір-екі жыл болса да ол қазірдің өзінде Калмыковтың көркі боп тұр. Калмыковтықтар оны қызғыштай қоритын көрінеді. Аупартком үйінің екінші қабатындағы бірінші секретарь кабинетінің терезесінен қарағанда, бүлдіршіндей бұйра бас жас ағаштар көзге шынында да жылы ұшырайды. Ғ.Рзалиевпен қазіргі әңгімеміз мал азығы туралы. Меніңше, өткен күзде Тайпақта ғана емес, бүкіл Орал уәлаятында содан көп сөз болған нәрсе жоқ қой деймін. Оралға барған күні де, одан Алматыға аттанар күні де обкомның бюросы болып жатыр деп естідім. Ондайда орынсыз болса да «Не жөнінде екен» деп, сұрайтын әдетіміз бар емес пе, сонда «мал азығын даярлау туралы» деп жауап берді жолдастар. Обком секретарьларының бірі, негізінен үгіт-насихат жұмысымен айналысатын Бисен Жұмағалиевтың Тайпақ ауданына барғандағы жұмысы да пішен жайында болды. – Ауданда 305 мың бас қой, 25 мың сиыр, 7 мың жылқы бар, – деді Ғаббас Рзалиев, – соған 1 миллион 400 мың центнер шөп керек. Даярланғаны – соның жартысы ғана. Негізгі шабындық жерлеріміз – Азынабай – Тайпақ – Өлеңті бойы, Жайық жағасы қуаңшылықтың кесірінен шөпсіз қалды. Сондықтан қазір малдың жазғы жайылымдарын шауып жатырмыз. Тегінде, Тәтібай айтқан шығар, мал азығының тұрақты қорын жасамайынша, жүгері,

арпа, қара бидай сияқты дақылдарды, көп жылдық шөптерді көп екпейінше, мәселе шешілетін емес... Әрине. Бірақ сол жұмыстар неге ертерек қолға алынбаған? Мәселен, «жүгері, жүгері» деп жар салғанымызға, оның пайдасының зор екендігін білгенімізге қанша уақыт болды?! Ал Тайпақта өткен жылы небәрі 5 мың гектар жүгері егіліпті. Аздау емес пе? Табиғат, ауа райының жағдайы деген тұрақсыз да опасыз «жолдастар» талай рет опық жегізді ғой. Ендеше «атының сыры иесіне мәлім» дегендей, соны біле тұра қапы қалуға бола ма? Қойын алдырып алып қорасын бекіткендей, «қолыңды мезгілінен кеш сермедімнің» кебі кімге керек? Бірақ «ештен кеш жақсы» деген де бар. Былтыр кеш қалған нәрселер биыл ерте қолға алынса, өмір сабағының пайдасы сол емес пе? «Бір сөзді тамағыма қойдым таяп» дегендей, менің көмейімдегі жаңағыдай сұрақтар жергілікті жолдастардың өздерін де талай мазаласа керек. Бұл жөнінде Ғ.Рзалиев алдағы уақыттың міндеттеріне байланысты ойдағы немесе қолға алына бастаған көп шаралар туралы айтты. – Біз тәжірибе ретінде 5 гектар жерге жоңышқа ектік, – деді Ғаббас. – Егер ол жақсы жеміс берсе, шындап қолға аламыз. Сонымен қатар жүгеріні Жайық бойына суармалы жерге (300 гектардай) егіп көретін жоспарымыз бар. Бұл гектарына 500 центнерден өнім беруге тиіс. Тек бір қиыны – сол жерді өңдейтін, суаратын машина жоқ. Көп нәрсе суға байланысты ғой. Сонау Орал – Көшім каналының, Дөңгелек су қоймасынан келетін ұзыны 121 километр Тайпақ суландыру каналы іске

қосыла бастауы біздер үшін ғажап жақсылық. Ол «Котельный», «Краснояр» совхоздарының біраз шабындықтары мен суармалы егістерін суарады. Каналдың екі беті мал жайылымына, тұрақты азық қорын өндіретін алқапқа айналады1. Сондайақ 60 мың гектар Азынабай – Тайпақ жерін де нуландыру қажет. Дені шабындық осы байтақ жер жөнді пайдаланылмай келді. Өлеңті бөгеліп, канал жүргізілуі, оның бойында 8 қойма-хауыз қазылуы бұл жерде су проблемасын кәдімгідей шешіп берді. Соның арқасында көптеген тұрғын үй, мал қоралары, мәдени орталық салынды. Қазір онда үш совхоздың малшылары отыр... Аупартком секретарының айтуынша, су жағынан «Тайпақ» қаракөл совхозының халі нашар екен. Оның 300 мың гектардай жерінің денінде су жоқ. Сондықтан совхоз жазда көшіп-қонумен жүреді. – Бұл жағдайдан шығудың бір-ақ жолы бар, – деді Ғ.Рзалиев. – Ол – Жайықтан құбыр тартып, қырға су айдау жолы. Осы жөнінде біз облыс алдына да, республика алдына да талай рет мәселе қойдық2. Әттең, шешілмей келеді. Су мәселесі шешілсе, – дейді Ғаббас, арман көтергендей серпіле түріп, – біздің ауданның мүмкіншілігі тіпті ғажап. Мұндай ірі пайдалы нәрсені шешуге көмектеспеу ойдың да, бойдың да ұсақтығын, саяздығын көрсетер еді. Демек, мәселені шешуге қолма-қол, аяқтай араласу қажет, үлкен ірілік керек. Бюрократтық ірілік емес, мемлекеттік ірілік керек, жақсыны, пайданы, келешекті көре, тани білетін ірілік керек. Партия 1 Бұл күнде осылай болып та отыр. Автор. 2 Енді бұл мәселе де шешімін тауып жатыр. Автор.

мен үкімет осындай көрегендікке, көлемділікке, іскерлікке үйретеді. «Қонақ аз отырып көп сынайды» деген мақал бар. Бірақ мен туған жерімнің қонағы емес, әрдәйім баласы ғана болғым келеді. Сол перзенттік жүрек оның ешқандай кем-кетігі болмағанын, көсегесі көгере бергенін көксейді. Жоғарыда айтылған кейбір ойлар сондай тілектен туған. Соларға қоса мен әр үйдің ең қадірлі жасауының бірі кітап, көркем әдебиет болсын, материалдық байлықпен қатар рухани байлық молая берсін дер едім. Шопан үйлеріндегідей кітаптарды кейде интеллигент немесе басшы жолдастың үйінен ұшырата алмасаң қалайша қапа болмассың. Рас, жүйесіз, талғамсыз, кездейсоқ ала салынған бірен-саран кітаптар оларда да кездесіп қалады, бірақ көрпе-жастықтың, кілем-кигіздің қасында тым жұпыны да өгей көрінеді. Тайпақта бір жақсы басталған нәрсе бар, ол – мәдени орталықтар. Осы пункттерде ай сайын «Малшылар күні» өткізіліп тұратын көрінеді. Бірақ, оның жұмысы ай сайынғы бір күнмен немесе бірер күнмен шектелмеуі керек. Мәдени орталық яғни оның кітаптары, газет, журналдары, тауарлары «малшылар күнін», олардың келуін күтпей-ақ, өздері іздеп барып тұрса ғой... Мүмкін кейде, кей мәдени орталықта сөйтетін де шығар, бірақ біз көрген бір-екеуінің кітаптары құлыптаулы тұрған сияқты еді... Өмір өркендеген сайын талап-талғам да өсе береді. Осыдан болса керек, әр аулада бау-бақша отырғызылып жатса, әр үйге стол да орнығып жатса деп ойлайсың. Бірақ бұл кешегі ой. Ал бүгін ауыл

мәдениеті де, тұрмыс салты да соған қарай, биікке қарай бара жатыр. Жай басса да сай басып барады. Міне, сонау Ленин орденді Орал облысында, атақты ақ Жайықтың қапталында осындай Тайпақ атты бір жер бар. Еңбеккер жер, жомарт жер, ертеңі ересен нұрлы жер. Мен оған дастан қарыздармын. Өмір шындығы, дәптер материалдары жаңа жырға шақырады.

ТАҒЫ ДА ТАЙПАҚТА (Екінші очерк) 1. БІРЕР АНЫҚТАМА Тайпағым, менің Тайпағым, Көңілдің кездім байтағын, Көліңнің кештім жайпағын, Жеріңнің көрдім май таңын. Жаңа өзен, Кәрі Шеген бар, Жайықты және шайқадым. «Сүйгенің – сұлу» деген бар, Сұлу жоқ сендей – байқадым. Саған мен дәйім баламын, «Анам» теп Тайпақ, айтамын. Жаяулап қалса қаламым, Жыр мініп сенен қайтамын. Ақ Жайықтың Орал облысына қарасты оңтүстікшығыс бетінде Бұлдырты, Шідерті, Өлеңті сияқты шағын-шағын «жергілікті» өзендер бар. Соның Өлеңтісі Жымпитыдан келіп Аяқ аталып аяқталады да, жайылып барып Азынабай – Тайпақ атты жалпақ шабындық көл болып кетеді. Жақында Алматыда өзара бір әңгіме үстінде Ғали Орманов менің туған

ауданымның неліктен Тайпақ атанғанын сұрағанда, мен оған осы жәйттерді айттым. – Ә, солай, де. Біздің жақта мұндай ретте «тайпақ» емес, «жайпақ» деп сөйлейді, – деді жетісулық Ғалекең. Бізде осы сөздің екеуі де бар. Бірақ көл атын, көл арқылы аудан атын «тайпағы» жеңіп алыпты. Тайпақ ауданы қай-қай жағынан қарасаң да ортақол, орта кеуде аудан. Негізгі байлығы – мал шаруашылығы. Шығады Сайқұдықтан бес бала қыз, Біріне ала-бөле көз саламыз. Атамыз шаруа баққан қазақ еді, Айналып мал басында кеш қаламыз, – деп өлең айтатынбыз баяғыда. Сол мал – қазірде де еңбек пен ерліктің көзі. Ауданда көп-көп жақсы жоспарды, жарқын келешекті жүзеге асыратын да, асыра бастаған да – алты совхоз. Олар – «Краснояр», «Котельный», «Тайпақ», «Орал», «Есенсай», «Өлеңті» совхоздары1. Мен осы сапарда негізінен соңғы төртеуін аралап, малшылармен, егіншілермен дидарластым, көп-көп қуанышты жәйттерді көрдім. Ал оның бәрі бір очерк түгіл бірнеше очеркке де сыймайды. Қала берсе, оқырмандар назарына менің бұл ұсынып отырғаным нағыз очерк те емес, жазушының қойын дәптерінің, жол жазбаларының кейбір беттері ғана. Мысалы, жақсы нәрсенің бәрін әңгіме ететін болсақ, сөзімді аудан халқының әл1 Қазірде совхоз санында біраз өзгерістер бар. Автор.

ауқатының, мәдени тұрмысының қауырт өскенінен, Тайпақтың қай бұрышында да жарқырап жанған Ильич шамдарынан, алысты жақын қылған радио, телефоннан, шопандар мінген «Волга», «Москвичтерден» бастар едім. Бірақ бұлар қазір, «Е, бәсе, солай болса керек еді» деп, Сәбит Мұқанов ағамыз айтқандай, осылай болуға әбден тиіс, таңырқарлықсыз, табиғи нәрсеге айналып кетіпті. Немесе «Есенсай» совхозының өзіне бір очерк арнауға болар еді. Біраз жыл бойы титықтап, жөнді шыр бітпей келген осы бір шағын совхоз (әсіресе жер көлемі жағынан) соңғы кезде күрт көтеріліп, едәуір қоңданыпты. Қоңданғаны емей немене, ҚКП аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттары советі аудандық атқару комитетінің ауыспалы Қызыл туын озып алыпты. Осы және басқа жақсы істер туралы, жақсы істер туралы ғана емес, шырмауықтай шырмалған кем-кетіктер жайында да совхоздың директоры Уақит Айтмұхамбетов пен партия ұйымдастырушысы Мәди Мусин біраз әңгімеледі. Бұлардың бірі, әр алуан жұмыста шашы ағарып, уақыт пен өмір сынынан өткен аға да, екіншісі, тепсе темір үзетіндей толысқан дер кезіндегі жігіт. Соларды тыңдап отырғанда, маған көпті көрген «кәрі тарланның» мол тәжірибесі мен білімді, жігерлі інінің жіті көзі бір жерге тауып қойылған сияқты көрінді. Әйтпесе... Жоқ, «әйтпесені» айтпай-ақ қойдым. Өзге совхоздардың да жақсы жақтары аз емес. Егер соның ішінен қайсысының алдымен көзге ілінетін өз ерекшеліктері секілді қасиеттерін алып қарасаң, «Орал» асыл тұқымды қаракөл совхозының құрылыс

жұмысына, «Тайпақ» совхозының суға құнттылығы, «Өлеңтінің» диханшылығы көрінер еді. Осыған орай мынадай бір ақиқат әңгіме еске түседі. Бір облыстың өзім танитын бір басшы қызметкері өздері мен социалистік жарысқа түсіп жүрген көрші облысқа барып, бір кездесуде сөз сөйлегенде – сіздер қойдан жақсысыңдар, біздер шошқадан жақсымыз, – деген екен. Айтпақ болғаны, әрине: «Сіздер қой шаруашылығы жағынан озықсыңдар, ал біз шошқа өсіру жағынан алдамыз» деу ғой. Ал, қалай боп шыққанын өздеріңіз көріп отырсыздар: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледінің» кебі. Аңдамай емесау, білгенінің өзі сол болуы да ықтимал. Біздің кейбір жолдастардың ана тілімізді сірісінен басқан калоштай, тым ұқыпсыз пайдаланатындары бар емес пе... Қалай болғанда да, сол жолдас айтқандай, Тайпақ совхоздарының да бірінен бірінің асып-түсіп жатқан жақтары бар. Бірақ көрген-білгеннің көбін кейінге жиып қойып, кейбір ой тудырған, ойласатын, ортаға салатын жәйттердің төңірегінде жол-жөнекей әсерлерімді білдірсем деймін. Ал жоғарыда айтылған мәліметтер кейбір анықтама есебінде ғана болсын. 2. СУЫ БАР ЖЕРДІҢ НУЫ БАР Мал шаруашылығының ойдағыдай өркендеуі шабындықтар мен жайылымдарды суландыруға, суармалы егіс салуға байланысты. Соңғы төртбес жылға дейін бұл жөнінде мардымды еш нәрсе істелмеген. Мал мен жан баяғы қалпында көз жа-

сындай дөңгеленген құдық түбіне қарап келіпті. Тайпақтың жүздеген километр кең алқабын бағы заманнан бері көктей өтіп, Орал тауынан Атырауға асып жатқан Ақ Жайық ауыз су мен аяқ жетер жердегі азын-аулақ малды суарудан басқаға пайдаланылмапты. Шынын айту керек, жалпақ даланы былай қойғанда Жайық сынды жомарт ененің үрпілерін жағалаудағы ел де жөндеп еме алмай отыр. Тегін ағып жатқан дария басында отырып, ең болмаса қауын, қарбыз, қияр, пияз сияқты нәрселерді өсіріп жей алмау деген сөз не барып тұрған қырсыздық болуы керек те, не дәрменсіздік болуы керек. «Есенсай» совхозындағы жолдастар мені плантацияларын көруге алып барды. Сонда плантация дегеніміз тізеден жоғары өскен көк шөп боп шықты. Әр жерде бір қылтиған ергежейлі пияздың сабағынан басқа нәрсені көзілдірікпен қарасам да көре алмай-ақ қойдым. Осы жағдайды келемеж еткендай, төменде, аяқ астында сылық-сылық күліп Ақ Жайық жатты. Және бір ұққаным – ат төбеліндей осы бір алаңның арнаулы агрономы да бар екен... Тегінде «плантацияның» мұндай жағдайда екенін мені ертіп келген жолдастардың өздері де білмесе керек. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, олар «бұл тасталған участок, шығымдысы басқа жерде» дегенді айтты. Бірақ мына «бақшаға» қарап тұрып, «шығымдысының» шамасын да көрмей білуге болатын еді. Плантациясы тәуір деген көршілес «Орал», «Тайпақ» қаракөл совхоздарының да, Өлеңті, Құрайлысай сияқты суы бар «Өлеңті» совхозының

да овощ егісін көрдік. Бірақ ертегіде айтылғандай, «Мұрттан ақса да, ауызға тамбай» жатқан тәрізді1. Әрине, мұндай «ұсақ» әңгімені «шетке» шығармаса да болатын еді. Бірақ «айтылмаған сөздің атасы өледі» дегендей, реті келгенде аузым қышып кеткенін ғафу етерсіздер, қадірлі жерлестер. «Қой көрмесек те қи көрдік, ешкілі байдың қызы едік» дегендей, егінші-плантатор болмасам да, етке картоп пен пияз салса тарыға май қондырғандай жарасатынын, ал қауын мен қарбыздың балаға да, кәріге де бірдей таңсық екенін әбден білетіндіктен, бұл мәселеге оншама ұсақ деп қарамаса қайтер еді дегенім ғой. Қала берсе, суды кәдеге жарата білетінімізді де осындайдан бастап көрсете беру керек емес пе? Мен Өзбекстанның Мырзашөлінде, Гүлстан ауданында болдым. Өзбек достар қолда бар судың тамшысына дейін пайдалана біледі десем, асырып айтқандық бола қоймас. Алайда соңғы жылдары Тайпақта су проблемасын шешу жөнінде қырық жыл бойына істелмеген жұмыстар істеліпті. Ал, су дегеніңіз шынында да нағыз проблема еді, тіпті кей жағдайда әлі солай. О баста аталған Азынабай – Тайпақ шабындығына қазір үш совхоздың малы қарап отыр. Ал осы шабындықтың өзі шын мәнінде бірде көл, бірде шөл еді. Өлеңтіден су тасыса ғана жасыл ойпаттанып, көк майсасы көзді тартқандай көл-көсір боп жататын. Қазір соған «Азынабай су жүйесінен» үнемі су шығатын бопты. Өлеңтінің аяғынан басталған канал соған қоса бірнеше хауызды толтырады. «Кубик» деп аталып кеткен әр хауыздың аумағы қаланың бір 1 Әлбетте, бұл күнде бұл жайлар да өзгерген. Автор.

кварталы шамалас. Осыдан жаз бойы екі-үш отар мал су ішеді. Осы Азынабаймен қатарлас Жыланды деген жер бар. Мен дүниеге келгенде өмірімнің алғашқы алты айы осында өткен екен, Содан соң ес білгелі мен бұл жерді көрген емес едім. Осы жолы, 1963 жылы ғана, бір сәті түсті. Міне, біз Өлеңтінің шығыс жақ бетімен Жыландыға қарай тартып келеміз. Шахматтың шаршысындай қалың маялар көзді сүріндіргендей. Машинада, қасымда отырған Қалаш Аманқұлов ағай «мынау пәленнің қыстауының орыны» деп, әр жерден ескі жұрттарды көрсетіп келеді. Бір кезде Қалекең: – Ал әне бір жол аузындағы төмпешік, ұмытпасам, сен туған қыстаудың орны болса керек, – дей берді де, оң жағына қарап кілт тоқтады. – Ау, Мақсот, сен талтүсте адасудан аманбысың, мен Жыландыға жеттік десем, әлі Өлеңтіні жағалап жүрміз ғой. – Жоқ, Жыланды дегеніңіз осы, Қалеке, – деді шофер жігіт Мақсот, езу тартып бұрылып бір қарап қойып. – Туған жеріңізде соңғы жылдары шамасы сіз де болмағансыз-ау, әйтпесе Жыландының өзен боп кеткенін білуге тиісті едіңіз. – Су жүргенін естігем, бірақ қапелімде, қайдам, тани алмай қалдым ба, – деді Қалекең әрі қысылып, әрі қуанғандай. – Қане, ана бөгеттің үстіне барып тоқтайықшы. Біз топырақтан үйіп соққан бөгеттің үстінде тұрмыз. Асты бетон, шлюз. Оның Өлеңті жағындағы

суы биік те, екінші бетіндегі суы едәуір төмен жатыр, жайылым мен шабындыққа қарай осы жағынан шығатын көрінеді. Бөгеттің екі беті де жарқырап жатыр. Екі бетінде де үйрек ұшып, қаз қонып жүр. Өзеннен көз алмай тұрған Қалекеңнің жанарында әлдеқандай бір жас іркіліп көрінеді. Байқаймын, бір кезде қара торының әдемісі, қайың қаптал қыз мінез жігіт болған жұғымды, сабырлы Қалекеңде қатты толқу, тебірену бар. – Апыр-ай, – деді Қалекең, көзін бір сипап жіберіп, бізге бұрылып. – Осы Жыланды жыландай ирелеңдеп, кеуіп жататын жылға-сай ғана еді. Менің жігіт шағым осы жерлерде өтті, жақсы білем. Анау дала су келмеген жылдары баяғы Кербаланың шөліндей боп жататын. Қарашы енді... Қарап тұрмын. Әлгінде туған қыстауымның оры мен орынын көргенде кенет бір ауыр сезім билеп, мені тәй-тәй бастырмай жатып дүние салған бейтаныс әке мен әке парызын қырық жыл бойы қоса атқарған қайран ананың ыстық құшағы көзге елестегендей өзім де еріксіз сәл тұнжырап қалып ем. Енді мына жаңа өзен, жаңа болса да туған өзен, жөргегімді жумаса да, қазіргі бір көңіл кірбіңін жуғандай жер-жеріме өтіп, самал демімен аймалағандай әп-сәтте сергітті. Оның үстіне көкорай шабындық пен бөгеттен бірер шақырым жердегі жағадағы шағаладай шаңқиған жаңа ауылды көргенде, ескі жұрт естен ілезде ғайып болды. – Бұл бір үлкен игілікті іс болған екен, – деп Қалекең жаңа Жыланды жөніндегі бәріміздің ойымызды қорытты.

– Иә, бұл үлкен іс. Бірақ Жайықтың екінші бетіндегі Тайпақ каналы бәрінен асып түсті. Өткен жылы күзде барғанымда республикада қазылған ең алғашқы каналдардың бірі – Көшім каналынан шығатын ұзындығы 121 километр бұл су өзегі пайдалануға берілгелі жатыр еді. Биыл барсам, ол өңсіз жерге өмір бере бастапты. Каналдың келіп жеткен жеріндегі Бағырлай сайында, мөлдір суды қапталынан кешіп үйір-үйір жылқы жүр. Сайдың айналасы қандай өзгерген десеңізші: көкпеңбек. Біз, ҚКП Тайпақ аудандық комитетінің қазіргі бірінші секретары Сабай Ниязовпен бірге каналды жағалап біраз жүрдік. Каналдың өзінде қазір су жоқ екен, жазда жібермей қойыпты. Бірақ оның шипалы ізін айтпай-ақ танисың. Көктемде су кей жерлерде каналдың сыртына шығып кетіпті. Сол жерлер көк түкті кілем сияқты көрінеді. Ал одан бір 40-50 метр жерде, каналдың екінші бетінде құп-қу, қураған атырап. Бір кезде каналдың бір жақ жағалауы анадайдан көргенде жап-жасыл жалпақ құрақ секілді боп кетті. – Бұл «Котельный» совхозының жүгерісі, каналдың тұңғыш жемісі, – деді С.Ниязов, мақтаныш сезіммен – көктемде осы бойда үш-төрт жүз шаршы километр жерге су жайылып кетіп еді. Совхоз соның орнына жүгері еге қойыпты. Таптаза, теп-тегіс боп қаулап бітік шығып келеді екен. Бірақ осы арада «бітік» деген сөздің өзін анықтай кету керек. – Осының гектарынан қанша аласыздар? – деп сұрадым мен Ниязовтан. – 100 центнерден кем болмас.

– Бар болғаны ма? – Бізде одан көп алынбайды. Нобайы 70-80 центнерден. Рас, мұнда ауа райы көбіне қытымыр боп келеді. Бірақ одан басқа да бір «бірағы» бар сияқты көрінді. Жерді жақсылап жыртып, жақсылап егу бар да, одан соң жаз бойы дамылсыз баптап-күту бар емес пе? Мен бұл арада суаруды айтып отырғам жоқ. Тайпақта ондай мүмкіншілік жоқ әзірге. Бірақ басқа агротехникалық шаралар қайда? Әйтпесе, мысалы, сонау өзбекстандық Люба Миллер суарып алса да гектарына 1000-1200 центнер алып жатқанда, жүгеріге 70-80 центнер деген қандай жағдайда да тым жұпыны-ақ сықылды. Қайтарда біз бағанағы Бағырлай сайынан өттік. Канал суы Бағырлай арқылы ауданның Гурьев жақ бетіндегі «Краснояр» совхозының жеріне де жетуге тиіс. Сондықтан біз болған жерде соның даярлық жұмыстары жүріп жатуға тиіс екен. Бірақ біз былай өткенде де, олай өткенде де жұмыс басы тым-тырыс болды. – Істейін десе бұлар тындырып-ақ тастайды. Бірақ жатып алатын уақыттары да көп. Біз араласа алмаймыз – «Облводхозға» қарайды. Ал облыстағы басшылары бұлардың нені қалай істеп жүргенін біле бермейді. Сондықтан осындай жұмысты аудан немесе территориялық өндірістік басқарма өз қарауына алса, әлдеқайда жемісті де өнік болар еді, – дейді С.Ниязов. Аудан жерін суландыруда, байқап отырсыздар, аз уақыттың ішінде едәуір жұмыс істелген. Бірақ мал шаруашылығының зәруі әлі көп.

Биыл аудан төл алу жағынан біраз кенде қалғанға ұқсайды. Оның бір себебі аусыл деген бәледен болса керек. Осы бір індет жаз ортасы ауғанша арылып болмай келе жатты. Індеттің аты індет, бірақ онымен алдын ала күресу міндет. «Қойын алдырып боп қорасын бекіту» – қолды мезгілінен кеш сермегендік болады. Аусылдың жолында күні бұрын кесу керек еді. Асылы, мал дәрігерлері мен зоотехник жолдастардың қапы қалған жайы бар сияқты. Екінші бір себеп – аудан малы қыстан қысылып шыққан, шығынға ұшыраған. Мұның тамырын мал азығының тұрақты қорының кемдігінен іздеу керек. Аудан шөп мәселесін шешуде әлі де алдымен ауа райына тәуелді. Азынабай – Тайпақтан басқа жерге су шығара алмайды. «Орал», «Тайпақ» совхоздарының көптеген жайылым участоктарында малға ауыз су жетпейді. Сондықтан 50-60 километр жерге суды жазы-қысы цистернамен түу Жайықтан тасиды. Бұл тасымал су жазда ысып кетіп, қара күз бен қыста қатып қалып жатады. Малшы халық соған да дауа табуға талпынады. Мен июльдің шыжыған бір күнінде «Орал» совхозының озат шопандарының бірі Раушан Сариеваның отарында болдым. Кей жылы 100 саулықтан 175 қозыдан алған Раушан жоғарыда аталған себептерге қарамастан биылдың өзінде 125тен төл алыпты. Күзге қарай қойлары екінші рет төлдейтін көрінеді. Раушан да суды Жайықтан тасып алдырып, қойларын цистернадан суарып отыр.

– Ыстыққа қарсы барлық амалымыз сол, суды түнде тасимыз, – дейді Раушан. – Содан соң оны жерге көміп қойған цистернаға қотарып аламыз. Әлбетте, астауға суды цистернаның шүмегінен ағытып жіберсең, еш қиындығы жоқ. Бірақ біз жылып кетпесін деп, цистернаны жермен жексен қып көміп тастаймыз да, суды бетіндегі қақпағынан қауғалап аламыз. Бұл, әрине, құдықтан тартқанмен бірдей. Мұндай жағдайдағы тек Раушан ғана болса, бір сәрі. «Орал» совхозының да, «Тайпақ» совхозының да он-ондаған отарлары осы халде. Бұдан шопан еңбегінің де, совхоз еңбегінің де оңай емес екенін айқын сезінесің. Мен «Тайпақ» совхозының ең алыстағы «Дүйімбай» атты жазғы жайлауында болып қайттым. Бұл жайлау Гурьев облысының Қызылқоға, Ақтөбе облысының Ойыл аудандарының жерімен түйісіп жатыр. Машинада бірге отырған совхоз директоры Жақия Исатаевқа сол жайлауға жеткенше мен екі нәрседен қайран қалдым. Жақияның сөзді «белінен басып», «сірісін» жапырып сөйлемейтінін, қайта әңгімешіл, мақалшыл, сайқымазақ би жігіт екенін бір көргенде-ақ байқағам. Сол Жақия қазір ұзақ жолдың үстінде ескі ауылдардың, баяғыдағы құлаған қыстаулардың қаншама жұрты кездессе, соның бәрін біліп отыр. «Мынау пәлен рудың аулы, анау түгеннің түгеншесінің қыстауы» деп, күллісін тегіс көрсетіп келеді. Бұдан отыз-қырық жыл бұрынғы қоныстарды кезінде өз көзімен көрген кісі деуге

Жақияның өзі қырыққа жаңа жеткен жігіт және бұл маңайдыкі де емес. Шымкент облысының Киров ауданынан. Реті келгенде айта кетейік, оның өмірбаянының, әсіресе, бір назар аударатын жағы – оқып білім алу жолы. Қой бағып жүрген жас жігіт мұғалімдік училищені сырттан оқып бітіріп, бухгалтер, ферма меңгерушісі боп істейді. Одан соң совхоз директорларын даярлайтын Бүкілодақтық екі жылдық мектепті бітіріп келіп, 1952 жылы осы шаруашылықты қолына алады. Сөйтіп жүріп тағы да сырттан оқып, 1955 жылы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, ғалым-зоотехник атағын алады. Қазір бір совхозда он жыл үздіксіз директор. Сол оңтүстіктік Жақия енді осы жердің шежіресі сияқты. Оның «кәрі құлақтығы» әсіресе су көзі жөнінде сөз болғанда ерекше байқалды. Бір кезде қай жерде қандай құдық болғандығы, олардың ащы-тұщылығы, қар суының қай ойпатта қалай тоқтатылғаны – өз қолымен қазғандай бәрі есебінде. Жүре келе, әсіресе «Дүйімбайды» аралағанда құдық жайы зая зерттелмегені көрінді. Боз суы жоқ осы айналадағы қырық шақты отар қой құдықпен тегіс қамтамасыз етіліп отыр екен. Әр құдықтың су тартқыш моторы да бар. Мана мен суға құнттылық деген сөзді айтқанда осы сияқты жәйтті еске алған едім. Жақиядан мұраптың қасиеті сезіледі. – Анау-мынауды есептемесек, бұл жерде біз суға пәлендей тарығып отырған жоқпыз, – деді Жақия, – қиындық күзде басталады. «Дүйімбайдың» оты таусылғаннан кейін отарлар орталыққа 20-50 километр жақындап барып орын тебеді. Қара қатқақта

сартылдап Жайықтан 40-30 машинамен су тасып жүргенімізді сонда көресіз... Осыған орай «кубик» (хауыз) жөнінде бірер сөз. Жайлауға бара жатқанда мен соның жаңа қазылып болған біреуін, қайтар жолда суға толы біреуін көрдім. Осы соңғысының басына кеп тоқтай қалып: – Міне, «кубик» дегеніміз осы, – деді Ж.Исатаев, – мұның суы Жайықтан жырып әкеп толтырған су емес, қар суы. Аласапыранда алып қалдық. Келесі көктемде жаңағы жаңа хауыз да қар суына толады. Ең арзан су. Мынаусы жаз бойы мыңдаған малымызды суарып жатыр. Бір таң қалар нәрсе сол, – деді Жақия қынжылып, – осындай хауыздар қазуға рұқсат ете бермейді. Сонда мынадай оп-оңай есепті ескермейтініміз ғой: совхоз малына машинамен су тасуға бір жазда немесе бір күзде жұмсалатын қаржыға әлденеше хауыз қазуға болады. Олар бір емес, талай жылдың қажетіне жарайды. Ал егер, есептің нағыз пайдалысын айтсақ, Жайықтан құбыр (водопровод)1 шығару керек. Ол «Орал» совхозы мен біздің шаруашылығымыздың көп жерін қамтамасыз етер еді. Мал азығының тұрақты қорын жасайтын суармалы егіс салуға да кең жол ашар еді. Әлбетте, республикада мұндай мұқтажы бар тек біздің аудан ғана болмаса керек. Бірақ Жайықты далаға шығармай болмайды. Осы ойды аудан басшыларынан да, қарапайым малшыдан да естідім. – Жайықтан жайылымға су шығаруға кеткен ақша екі жылда толығымен өтеледі, – деді «Орал» совхозының директоры Серік Иманғалиев. 1 Енді сол істелді де. Автор.

Партия мен Үкімет ел игілігіне пайдалы нәрседен қаржы аяған емес. Тиісті орындар мәселені тек қоя білуі, қажеттілігін дәлелдей білуі керек. Су бар жерде – ну бар. Ну бар жерде үлкен өмір бар, байлық бар. Бұл – баяғыдан белгілі және Тайпақ ауданының өз тәжірибесінен де көрініп отыр. 3. ҚҰРЫЛЫСТАР, «ЖАБАЙЫ БРИГАДАЛАР» ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫ Жарбиған үйлердің орнында жарқыраған бір қалыпты шатырлы үйлер, жамыраңқы, шашылыңқы ауылдың орнында жинақы совхоз орталықтары, ферма орталықтары, самсаған электр бағаналары мен радио антенналарының сынықтары1 қайда барсаң да бірден көзге түседі. Бірақ мені риза қылғаны – орталықтардың бейнесі емес, шопан үйлері, малшы қыстаулары. Қай-қай совхоз да алдымен соларды қамсыз ету жайын қолға алып жатыр. «Өлеңті» совхозының Қандық деген жерінде осы жазда екі үлкен стандарт қора, әрқайсысы екі пәтерден екі тұрғын үй салынған. Жанында көк құралай қыстық шөбі үюлі. – Қылышын сүйреп қыс келмек түгіл тағы бірдеңе келсе де, енді қойды да, қойшыны да суық ала алмайды, – дейді аға шопан Егіс Жұбанышалиев пен оның жәрдемшісі немере інісі Өтеп Мұқамбеталиев, – мына бергі қора мен бергі үй бізге тигелі тұр. 1 Бұл күнде телевизия антенналары да қаптап тұр. Автор.

Айтпақшы, сіз байқадыңыз ба, осылар қамыстан салынған қоралар. Бұдан жылы болмайды екен. Иә, байқадым. Қора-қопсыға қамыс ең арзан, ең қолайлы құрылыс материалы көрінеді. Оны қазір көптеп пайдаланып жатыр. Бәрінен жақсысы сол, қолда бар материал бұл. Әр совхоздың өзі даярлай алады. Ал Шалқардың (Орал Шалқарының) жағасында арнаулы қамыс заводы да жұмыс істейді екен. Қазір совхоздарда мәдени орталықтар деген пайда болыпты. Соның бірі – бұрынғы Мәтеш, қазіргі «Коммунизм» деген жердегі «Орал» совхозының мәдени орталығы. Бұл бір жағынан бірнеше малшының қысқы қонысы. Екіншіден, мұнда жазда ай сайын малшылар күні өтіп тұрады екен. Ол күні шопандар өз жұмыстарын қорытады, ойынсауық көреді, лекция тыңдайды, оқу үйінде болады, моншаға түседі, магазиннен керек-жарақ тауарларын алады. Мәдени орталықта соның бәрі бар. Оқу үйі залының қабырғасынан: «Малды жақсы баққаның – Өзіңе абырой тапқаның. Малды жаман баққаның – Келген бақты қаққаның». Немесе: «Елде менің жүрегім, Қойда менің тірегім. Жақсы бақсам қойды мен, Шығады данқым – білемін», –

деген сияқты олақтау болса да өмір шындығын айтқан өлең жолдарын да, «Жемшөп болса – мал да, сүт те, ет те, май да болады» – деген сықылды плакаттарды да, КПСС Программасынан алынған өмір заңындай аталы сөздерді де оқисың. – Бізде ақындар да жоқ емес, – деп күледі совхоз парткомының секретары Мұрат Таспаев, әлгі қабырғадағы өлеңдерді нұсқап. Көп жыл мұғалім болған, қазір 120 коммунисі, 240 комсомолы бар үлкен совхоздың партия жетекшісі боп отырған ол халық жүрегіне жол таба алатын уытты, іскер кісі тәрізді әсер қалдырды маған. Құрылыс жағынан «Орал» совхозы маған көбірек ұнады. Мұнда совхоздың орталық усадьбасынан бастап, фермалардың орталықтарына дейін сара жоспар бойынша өріс алмақ. Бұл жоспарды Алматының жобалау институтына екі жыл бойы арнайы даярлатыпты. Сол бойынша, мысалы, әр фермада сегіз пәтерлік екі қатарлы 5 үй, төрт пәтерлі және екі пәтерлі 26 үй, 120 орындық клуб, 50 кісілік жатақхана, мектеп, магазин, асхана, тұрмыс комбинаты, медпункт, балалар бақшасы салынбақ. Жайық жағасындағы совхоз орталығы сара жоспарының келешек жемістерін былай қойғанда бүгіннің өзінде аудандағы ең көрікті ауыл. Жаңа кең көшенің екі бетіндегі бір қалыпты көптеген шатырлы үйлер, оның сыртындағы жаңа кеңсе, әдемі клуб, мектеп, балапандап өсіп келе жатқан бақ ағаштары еңселі ертеңін көз алдыңа әкелгендей. Бір шеттегі гараж бен мастерскойы қандай десеңізші! Әсіресе соңғысы совхоз директорының өз алдына бір бөлек мақтанышы секілді. Өз басым техникаға жетік

адам болмағандықтан, мастерскойдағы сала-сала жұмыстардың бәрін айтып жеткізем деуге батылым бармайды. Негізгі ұққаным: совхоз әсіресе жөндеу жұмыстарына байланысты нәрсенің бәрін (кейбір жаңа бөлшек-детальдарға дейін) осында жасайды екен. – Бізге құрылыс жұмысына жылына 130 мыңдай қаржы берілетін еді. Біз содан екі еседей артық жұмсап келдік. Соның салдарынан сөгіс естіп қалған кезіміз де болды, – дейді езу тартып Серік Иманғалиев. Әрине, тәртіптің аты тәртіп. Соның ішінде қаржы тәртібі де қатал нәрсе. Бірақ, жаттанды нәрседен айрылмай, таяғын қысып ұстаған соқырдай әріп санап қалшиып қатып қалу да көрегендік бола бермейді. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, қалтырай берген адам тезірек қателесуі мүмкін. Іс мүддесі, өмір талабы қажет етіп отырса, кейде ептеп молырақ алып, «өзінше» пішсе, күнә ма ол? Халық та, партия мен үкімет те жақсыны бағалай біледі. Тек жақсы болсын, жақсылыққа жұмсалсын. Совхоз директоры Серік Иманғалиев, сірә осы тұрғыдан қарайтын басшы. Елудің о жақ, бұ жағындағы, ұзын бойлы бұл ақ сары кісі аспай-саспай, ақырын, тіпті ұяң сөйлейді. Бірақ, іске келгенде, байқауымша, бір бетті, қайсар, керек болса қаталдықтан да қашпайтын адам секілді. Екінші бір аңғарғаным: көрген-білген жақсы жаңалықты өздерінде де қолдануға құштар. Совхоз директорларын жетілдіретін Қапыланбектегі алты айлық курстан келгені таяуда ғана екен. Екі

сөзінің бірі – сонда естігені, озат өзбек колхоздарынан көргені болды. Кейін Серік Иманғалиевтің басқа ауданға ауысып кеткенін естігенде менде бір қимастық сезім пайда болды. Көп еңбегінің жемісін, көп жыл бірге боп ащы-тұщыны бірге тартысқан жолдас-жораларын, тумаса да тұтынғандай Тайпақты тастап кету оған да оңай соқпаса керек. Бірақ партия сенімі, жаңа жерде жаңаша еңбек ету – әрдәйім ардақты да қызықты. Сол Серекең құрылыс жөнінде дидарласқанда: – Бізде прораб участогы – үш құрылыс бригадасы жұмыс істейді, – деп еді. – Және бұлар – тас қалаушылар, ағаш шеберлері, сылақшылар, пешшілер – өз адамдарымыз, – Серекең «өз адамдарымыз» деген сөзді салмақтап, баса айтты. – Рас, жеткілікті емес. «Жабайы бригадалардан» біз де қол үзе алмай жүрміз. Бірақ өйтпесе болмайды, өз құрылысшыларымыз өсіп-жетілуі керек. Сол сияқты біз малшыларды да шоферлікке, тракторшылыққа үйретіп, техниканы соларға бермекпіз. Өздеріне керекті мал азығын өздері даярлап алатын болады. Әр фермада қарапайым жұмысшысынан бастап меңгерушісіне дейін қамтитын курс ашамыз. Мысалы, бізде қазір фермаларда мал дәрігерлікзоотехникалық мектеп, малшылардың тұрақты семинары жұмыс істейді. Механизаторлар үшін де солай болады... Осыған орай, «жабайы бригадалар» дегенге түсінік бере кетейік. Совхоздарда құрылыс көп те құрылысшы аз. Бұл арада мен «аз» деген сөздің өзін көңіл үшін

айтып отырмын. Өйткені кей жерде сол «аздың» өзі мүлде сырт қалған да, оның орнына әлдеқайдан келген малтабар құрылысшылар қаптап кеткен. Оларды халық «жабайы бригадалар» деп атайды. «Жабайылықтар» мәселен, үш-төрт адам боп бірер айда бір үй салса (айталық, 60-70 шаршы метрлік), 3-4 мың сомды қалтасына басып алады. Сөйтіп, жазда бір емес, бірнеше үй-қораны қалқитып шығарады. Көзден таса болғанша демесе түпкілікті сапа жағы оларды, әрине, көп толғандыра қоймайды. Ең болмаса, табыстарынан жөнді налог та төлемейтін сияқты. – Қайтейік, өз шеберлеріміз жоқ, адам жетпейді, – деген сөздер көп айтылады. Және бұл құрылысшылар жөнінде ғана емес. Механизаторлар, әсіресе комбайншылар жайында да соны естисің. Тіпті аудандағы механизаторлар мектебінің өзіне адам таба алмаймыз, дегенді айтады. Жоқ, мұнымен келісуге болмайтын сияқты. Көре білсе, іздей білсе табылады. Совхоздарда бос жүргендер, ешқандай мамандықсыз адамдар, әртүрлі жұмысқа жұмсалатындар, орта мектепті бітіретін жастар аз емес. Жаңағы Серік Иманғалиев айтқандай, солардың бәрін үйрету керек. Шопан мен дихан әрі құрылысшы, әрі механизатор болса, нұр үстіне нұр емес пе? «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау» керек қой. Совхоздың өз жұмысын өз адамдары атқарса, істің сапасы да, саны да бірдей ұтады ғой. Мысалы, «Есенсай» совхозы қыста төрт айлық курс ашып, екі жылда 40 механизатор даярлапты. Солардың тоғызы – кешегі

оқушы қыздар екен. Тіпті осы қыздардың өнегесін бүкіл аудан жастарына таратпас болар ма? Мен ешкімге ақыл үйретейін деп отырғам жоқ. Осы айтылған ойларды жергілікті жолдастардың өздерінен естідім. Бірақ ой – орындалса ғана жақсы. Гәп осыған тіреледі. Жұмыстың бәрі өнер. Соның ішінде басқару ісі – нағыз творчество. О да үнемі ізденуді, үйренуді, шабыттылықты, батылдылықты талап етеді. Кадр мәселесін шешуге де осы қасиеттер керек. Ол жақсы шешілген жерде, құрылыс та, тұрмыс та құлаштай түспек. 4. АҚ ОТАУДАҒЫ ӘҢГІМЕ Манағы айтқан «Дүйімбай» жайлауының Алтыат аталатын жерінде «Тайпақ» совхозы малшыларының мәдени орталығы бар екен. Аудан орталығы Калмыковтан да, совхоз орталығынан да 110 километрдей жерде. Өткен жылы дүниеге келген ол Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мәдени орталық деп аталатын екен. Әзірге бұл бір қалыпты салынған екі үй. Бірінде – оқу үйі, клуб, екіншісінде – магазин және басқа бөлмелер. Бара-бара мұнда да біраз құрылыстар жүзеге асырылмақшы дейді. Әзірге тұрақты қыстаулардың орынын кигіз отаулар басып тұр. Біз келгенде қаз-қатар соның бесеуі тігулі тұрды. Бір шетте бірнеше «Волга», «Москвич» қаңтарулы. Шопандардың жеке меншік машиналары көрінеді. Күні бойы ұзақ жол үстінде қырық градус ыстыққа, машинаның жан-жағынан соққан аңызақ

жалынына пісіп келген біздер бұл жерге жеткенде «уһф» деп демімізді бір-ақ алдық. Мүлде бір жаңа дүниеге келгендейміз. Саялы, самалды, көл орыны секілді бір ойпаттау көкорай әдемі жер екен. Айналасы ат шаптырым. Айтпақшы, мерекелерде малшылар осы арада ат та шаптыратын көрінеді. Жолдастардың су жөніндегі әңгімелері құлағыма әбден сіңіп, қиялымды билеп алған болса керек, «шіркін, бірнеше экскаватор, бульдозерлерді салып, тереңдетіп жіберіп, осынау ойпатқа су толтырып алса, қандай көл болар еді!» – деп ойлаймын. – Ғажап жер емес пе, – дейді Жақия, біздің ойымызды сезгендей, – Әсіресе бұл жердің түні жақсы. Нағыз қоңыр түн, рахаттанып ұйықтаймыз бүгін. Еңбекшілер депутаттары Тайпақ аудандық атқару комитетінің председателі Төреш Мұрадимов екеуміздің арманымыз да осы еді, бірақ рахат ұйқы қиял боп қана қалды. – Мына үйде, – деді совхоз партия ұйымдастырушысы Сайман Қилышев, ақ отаулардың ортадағы бірін нұсқап, – ертеңгі малшылар күніне келген бір топ қадірлі қариялар бас қосып отыр екен, барып сәлемдесіп, амандық сұрасып шығайық. – Ойбай, әрине, – деді сыпайыгер, сабырлы, Төреш, бұ жолы тез жауап қатып. – Өйтпесек әбден бәлеге қаламыз, ақсақалдар әкемізді танытады. Төрештің бұл қорқынышын Жақия да, ҚКП аудандық Комитетінің секретары Тобанияз Табылдиев те орынды көрді. Біз үйге кіргенде ымырт жабылып кеткен еді. Ақ отау Ильич шамының тасқын нұрымен қарсы алды.

Электр жарығы мен қызыл кілем, масаты көрпе құбылып кезді ұялтады. Үй иесі, еті де, қайраты да қайтпаған төрт таған, нығыз қара шал Сәрсен Ысмағұлов «аман-сау» сұрасқаннан кейін бәрімізді таныстырып та болды. Бірсыпырасының мән-жайына сырттай қанықпын. Мына төрде отырған қарт мұртты интеллигент қария – осы ауылдың өз қонағы Ғабдолла Мақамбетов. Орынбордың мұғалімдер семинариясын 1909 жылы бітірген бұл кісі 50 жыл бойы ағартушылық қызмет атқарып келді, кемінде үш-төрт ұрпақтың ұстазы. Екі рет Ленин орденімен наградталған. Қазір дербес пенсионер. Әйтсе де халық өмірінен қағыс қалмайтын сияқты. Және қағыс қалдырмайтын да тәрізді. Әлі тың. Менің де тұңғыш ұстаздарымның бірі болған Ғабекең баяғы салмақты мінезімен, жұрттың әңгімесіне оқта-текте ғана бір сөз қыстырып қойып, тыңдап қана отырады. Өзге қариялар – Социалистік Еңбек ері Тілеуіш Жұмақұлов, совхозды қолымен құрысқан Өтеп Тұрымбетов, Ораз Белгібаев, Жәңгір Ермағамбетов, Басар Тәжібаевтар бірінің аузынан шыққан сөзді бірі іліп алып, әңгіме дүкенін астына от жаққандай қыздыра жөнелді. Әсіресе үй иесі Сәрсекең мақалдапмәтелдеп, орып-орып сөйлейді, о жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, алды-артыңды ораған майталман жүйрікке ұқсайды. – «Боз торғай қой үстіне жұмыртқалап, заманым енді қашан түзеледі» деген өлеңді мен бала кезімде есіткен едім, шырақтарым, – деді Сәрсекең, – сол жақсы заманды көріп отырмыз. Қолымыздан келіп, қонышымыздан басып отырмыз. Сыртта

тұрған «Волгалар» – мына Ораз бен Өтептердің көлігі. Әттең, рұқсатсыз кәрілігі құрғыр келе жатыр! Жатып ішер біз болдық. Таяғымызды балалар алды. Бірақ ұлы дырду кез келсе кәрі тарлан қос құлағын қайшылап, жер тарпымай тұра алмайды, «Жабыдайын жалтаңдап түсер жерін қарамайды». Біз де сол сияқтымыз. «Той десе қу бас домалайды» дегендей, жиналыс-жиын десе, үйде отыра алмаймыз. Бізсіз іс бітпейтін сықылды. Ертең «Малшылар күні» деген соң ғой мына шалдардың келе қалғаны. – Қалай келмессің, – дейді жетпісті көрген басын ақ шалмаған жұқалтық ақ сары шал Өтеп. – Осы совхозда жарты ғұмырымыз өтті. Еңбектің бейнетін де көрдік, зейнетін де көрдік. Енді сол зейнеті ұзағынан болса екен, тыныштығы арылмаса екен деп тілейміз. Бірақ жүріп қалған аяқ, қимылдап қалған қол, малмен шыққан көзіміз, мына Сәрсен айтқандай, балаларға бас-көз болғысы келеді де тұрады. Білмеймін, қызғаныш па, қызығу ма еңбектің қазіргідей тартымды болғанын көрген емеспін. Қарттардың қалтқысыз жан сырын толғана тыңдаған Төреш Тобанияздар «әрине, дұрыс айтасыз» деген сықылды мақұлдай отырып, оларға шын ризашылық білдірді. Жақия ертеңгі әңгіменің тақырыбы – совхоз шаруашылығының бірінші жарты жылының қорытындысы мен алдағы міндеттер екенін және бұл қорытындының қанағаттанғысыз емес те екенін айтты. Көз үйреніп, әңгіме біраз тояттағаннан кейін менің назарымды аударған нәрсе үй іші болды. Үй іші болғанда, кілем, көрпе сынды жарасты

жиһаздары емес, сол алты қанат отаудың өзі. Кереге, уығы келісті, туырлық, үзік, түндіктерінің түгі сынбаған үй. Әсіресе ішкі баулары мен құрлары, соның ішінде бас құры қатты ұнады. Өнер иесінің қолымен өрнектеліп тоқылған. – Сіздің Алматы жақта киіз үй бар ма? – деді Сәрсен шал. Менің назарымның қайда ауып отырғанын байқап қалса керек. – Бар, – дедім мен. – Бізде жоқ болып кете жаздап барып, кейінгі жылдарда қайта өмір сүре бастады. – Қазір ауданда кереге, уық жасайтын, киіз жасайтын артель де бар, – деді менің жолдастарымның бірі, шалдардың «бәрекелдісін» есітіп қалғысы келгендей. Бірақ қарттардың ешқайсысы елең ете қоймады. – Мынау менің өз үйім, – деді Сәрсекең – мақтанғаным емес, мұндай үйді артеліңіз жасай алмайды... Осыны естігенде мен қонақ салтын бұзып, «дұрыс айтасыз» деуге шақ қалдым. Есіме «Өлеңті» совхозында көрген бір киіз үй түсті. Қалыңдығы қос елі қожалақ-қожалақ қара киіз, көзінің бірі шатыраш, бірі шапыраш кереге, сұрықсыз уық, құр орнында арқан... – Киіз үйді артель емес, әр совхоздың өзі жасауы керек, – деді Сәрсекең тағы да. – Жасағанда мына қарттардың, мына менің кемпірімдей кісілердің көздері тірі кезінде жасауы керек. Жастар солардан үйреніп қалсын. Әйтпесе, мәселен, бау, бас құр тоқуды кейінгі қыз-қырқындар кімнен көреді?

Аталы сөз-ау! Құрлар мен баулардың киіз үйдің үлкен қажеті, нағыз көркі екені былай тұрсын, онда халқымыздың тамаша өрнек өнері, тоқу өнері жатыр ғой. Оны өлтірмеу былай тұрсын, жаңа түр, жаңа мазмұнмен байытып, өркендете беру керек емес пе? Құдық қуалап, жайылым қуалап, көшерін су, қонарын шөп білетін әр малшыға әр жерде кірпіш құйып, қыстау салып бере беру оңай сауда емес. Киіз үй болса, жазда қыстауыңның қажеті де аз. Іргесі түрулі, түндігі ашық түнгі саяға не жетсін! Нағыз қазақ оның тігіп-жығуын да қиынсынбайды. «Тайпақ» совхозында осыны жақсы ұғыпты. Киіз үйі, қымызы мен шұбаты жоқ малшы кездесе қойған жоқ. Ал «Есенсай», «Орал», «Өлеңті» совхоздарында бұл жөнінде енді-енді ойлана бастапты. Жоқтықтан емес, құнтсыздықтан кешеуілдеп отыр. Киіз үй тігуді де, бие саууды да қиынсына ма, қалай? Асып-тасудан да құр алақан емес сияқты. Тіпті малшылар былай тұрсын, киіз үй пішен бригадалары мен егін қостарына қандай қолайлы! Жергілікті жолдастар мұны да біледі, бірақ... – Бұрын киіз басатын жүн жоқ деген сылтау естуші едік. Енді әр совхоздың өзінде қалатын жүн толығынан жетеді, – дейді Төреш Мұрадимов. Әңгіме үстінде шәй ішіп, ас жеп боп, сыртқа шыққанда құлан иектеніп таң да атып қалған екен. Самалға тербелген тәтті ұйқы арман күйінде қалды. Бірақ қариялардың ақылгөй әңгімелері мен дуалы дастарқаны ұйқыдан дәмсіз де, тиімсіз де болған жоқ. Мен осыны еске алған сайын сол дана қарттарға тағы да бас иіп тәжім етіп, перзенттік сәлемімді жолдағым келе береді.

  1. БЕЙТАНЫС ТАНЫСТАР Тайпақтың көп жерін аралап, көп адамдарымен кездестім. Осында туып өскен мен олардың бірсыпырасын бұрыннан білетін ем. Бірақ жер де, адам да өзгерген. Жер көркейген, адам өскен. Жастар жетілген. Танимын деген кісілердің өзі бейтаныс адамдар сияқты тың қырларымен, тың қасиеттерімен көрініп отырды. Ал танымайтын адамдар көзіме өлеңімдей ыстық ұшырап, көптен бауыр басқан жолдастардай бір таныс мінездерімен көрінді де отырды. Сонымен менің сапарым таныс бейтаныстарға, бейтаныс таныстарға толы болды. Бәрі көз алдымда. Солардың бірі – «Есенсай» совхозының аға шопаны Ораш Кәлкеев. Жұбайы Сабира да, шешесі Насиха да малшы. Жол-жөнекей аз әңгіме үстінде мен одан еңбегі туралы сұрасам, ол менен әдебиет туралы сұрайды. – Ораш біздің санаулы шопандарымыздың бірі, үш жыл армия қатарында боп келді, – деп ол үшін совхоз директоры Уақит Айтмұқамбетов жауап береді. – Қазақ әдебиетінен армияда да хабардар боп жүрдім, – деп Ораш әңгімені өзге тақырыпқа бұрады. – Республикалық газеттер мен журналдарды, кітап жаңалықтарын жібермеймін. Жақында «Манас» пен Ж.Тілековтың «Шалғай шепте» романын оқып шықтым. Қазір «Жұлдыздан» Сәбеңнің «Есею жылдарын» оқып жатырмын, басқасын былай қойғандай біздердей жастар үшін ішінде көптеген

тарихи деректер бар екен. Журнал түгел басса дұрыс болар еді... Сол совхоздың өзге бір озат шопаны, ҚКП облыстық комитетінің пленум мүшесі Көпесова Сәлиманың Ораштан жасы да үлкен, бітірген класы да аз. Бірақ «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан коммунисі» журналдары, «Социалистік Қазақстан», «Батыс Қазақстан», «Лениншіл жас», «Труд» газеттері оның да асыға күтетін жолдастары. Егер кейінірек, жиырма-отыз жыл шегініп қарасаң, Ораш та, Сәлима да бұрын көп кездесе қоймайтын бейтаныс малшылар. Ал қазіргі бейнесі бәрімізге таныс – заман бейнесі, уақыт бейнесі. Мен жоғарыда бір жерде «Өлеңті» совхоздарының Егіс Жұбанышәлиев, Өтеш Мұқамбетәлиев деген шопандарының есімін атадым. Бір күні солардың үш-төрт жігітпен бас қосып отырғанын көрдім. Сонда «шопан» деген сөз әлгілердің өздері айтса да, жолдастары айтса да, бір ірілік пен құрметтің, байлық пен ерліктің белгісіндей естілді де тұрды. – Әйтпесе шопан бола ма! – Шопан болсаң сен де сөйтерсің! – Қолыңнан келсе сен де шопан бол! Кейін шопандарға деген халық құрметін, олардың еңбегі мен тұрмысын жақындаңқырап көргенде, мұндай мақтан сөздер өзінен өзі түсінікті болды. Осы арада тағы да Раушан Сариеваға орала кету жөн. Қазір орта жасқа қарай ойысып келе жатқан бұл әйел 1941 жылы 7 класс бітіргеннен кейінақ еңбекке араласа бастаған екен. Тағдыр мұны үнемі маңдайдан сипап, арқадан қаға бермепті. Тұрмыстың жөнсіз қаталдығы мен шапалағын да

басынан кешіріпті. Бірақ «тұлпардың өз тұяғы өзіне май» дегендей, Раушан оны да қайыспай көтере білген кісі. Қысқасы, ыстық-суық, ащы-тұщының бәрі таныс оған. Сол шыңдалған мол қайратын Раушан сүйікті еңбекке сарқа жұмсап жүр. Ол «менің міндетім қойды бағу ғана» деп отырмайды. Керегінде шөпті де өзі дайындасады, өзі тасысады. Мысалы, Раушан биыл көктемде 557 қаракөл елтірісін тапсырды. Сонда сол елтірілерді сиырып алған да, тұздаған да өзі. Сөйтіп жүріп совхоз партия комитетінің мүшесі, үгітші Раушан оқуға да, қоғам жұмысына да уақыт табатын көрінеді. Мұрат Таспаев оның, әсіресе, әйелдер съезінде сөйлеген сөзін айта береді. – Әйелдерді еңбекке қатыстыру, үйрету, мамандандыру жөнінде оларды үй шаруашылығынан, бала бағудан босату шараларын істеу, яслилер, балалар бақшасын ашу жайында ұсыныстар жасады, – дейді партком секретары. – Сонымен бірге еңбектен қашатын әйелдерді де ұмытқан жоқ. Кейбір еркектерге де азуын басты. Расында, біздің бөрікті жолдастар үй шаруасын түгелдей әйелдердің ісі деп ұғып, оған ешқандай қолқабыс тигізбейді ғой. Раушан осындай фактілерді көзге шұқып көрсетті. Тұрмыс мәдениетін көтеру жөнінде де сөз қозғады. Қуаныштысы сол, Ораштар да, Раушандар да көп. Қай совхозға, қай фермаға барсаң да ескі достарыңдай ұшыраса кетеді, алдыңнан шығады. Мен «Орал» совхозының І-фермасының меңгерушісі Ғабдолла Сапаровпен, Қайыржан Есенғалиев, Сайын Паңғалиев, Қайрат Серкебаев, Дауылбай Сисембаев сияқты пішеншілермен,

трактористермен кездестім. Бұлар маңдай тері бұршақтап еңбек етіп жүрген адамдар. Шөпті әр қораның іргесіне тау-тау қылып үйіп салыпты. Сол жас жігіттер өздері жөнінде қолдарын бір-ақ сілтейді де қайрақшы Темірбаев Қасан қартты, аспаз Төлегенова Бәдия жеңгейді жабыла мақтайды. 70тегі Қасекең күніне 50-60 орақ қайрайды екен. Әрі пеш шебері көрінеді. – Еңбектен қалу – қартаю деген сөз. Мен қартайғым да келмейді, пайдасыз да болғым келмейді, – дейді ол. Біз түскі ас кезінде Бәдия жеңгейдің қолынан дәм татып көрдік. Тәжірибелі, шебер аспазды жігіттер танып мақтайды екен. Айтпақшы, біз осы пішеншілер бригадасын іздеп келе жатып, бәрінен бұрын Бәдия жеңгейдің кенжесі Қанатқа жолығып едік. Осы 5-6 жасар бала бізге жұмыс жайын да, кімнің қайда не атқарып жүргенін де бригадирден бетер айтып берді. Шынында өздері Қанатты «кіші бригадир», «анықтама бюросы» деп атайды екен. Тағы да жол-сапар, тағы да кездесулер. Жасы, жұмысы, білігі әр алуан адамдар. Бәрі тартымды, бәрі жақсы, бірінен бірі өтеді. Қайрөш Нұғыманов – аласа бойлы тығыршықтай жап-жас жігіт. Көруге өңі қандай қоңыр болса, мінезі де қойдан қоңыр сықылды. Көптің біріндей, көзге де түсе бермейді. Ал, осы жігіт жұмысы, білігі жағынан алсаң, совхозда көптің бірі емес, сол бірдің нағыз өзі – бас зоотехник. Москваның мал дәрігерлік академиясын (зоотехниктік бөлімін) бітірген. Ол жақында ғана Шымкентке барып, совхоздың мемлекетке деген қаракөл елтірілерін өткізіп келген

екен. «Дүйімбайдағы» жиында малшыларға сол сапары туралы есеп беріп тұрып, апарған өнімдерінің бір бөлегінің ең асыл елтірілер қатарында алынғанын айтқанда, Қайрөштің даусы да, тұлғасы да, мінезі де зорайып кеткендей көрінді маған. Содан соң мен оның шопандар алдында әдебиет туралы жасаған баяндамасын тыңдадым. Бұл жолы Қайрөш тағы да биіктей түскен сияқтанды. Осыдан бірер күн бұрын мен Қайрөштің академияны бірге бітірген досы – «Орал» совхозының бас зоотехнигі Бақытжан Сағынбаевтың үйінде болған едім. Сыпайы, меймандос Бақытжан мен оның зайыбы Розаның да маған ерекше ұнаған қасиеті – көркем әдебиетке деген құрметі, мәдени ой-өрістерінің кеңдігі. Осы бір жас семья өз еңбектеріне қандай құштар болса, әдебиет пен мәдениет мәселелеріне де сондай құштар боп отыр. Мұндай достар, мұндай бейтаныс таныстар молая берсін. «Тайпақ» совхозының Қыдырғалиев Нұрсұлтан. Оразов Қабдығали, Ермағамбетов Байдук, төрт ағайынды Кәжікпай, Сая, Өтеген, Төлеген Кәмешовтар сияқты атақты шопандары ше? «Есенсай», «Өлеңті» совхоздарының Қуан Жидебаев, Виктор Шумилов, Шамиль Серікбаев, Бақраушан Ғалиев, Байдрахман Қуанышқалиев, Тоқтамыс Утәлиев секілді тамаша комбайншылары ше? Олардың әрқайсысы өз алдына бір әңгіме болғандай. Әрқайсысынан еңбек адамының, коммунизм құрылысшыларының жақсыжақсы қасиеттерін танисың. Көркем шығарма кейіпкерлері де осындай адамдардан, бейтаныс таныстардан жаралып, бүкіл халықтың танысқа

айналуы керек. Партия жазушыларды өмірді зерттеуге, өз замандастарымыздың өшпес бейнесін жасауға шақырғанда осыны көріп те, біліп те айтады. 6. ӘР ТҮРЛІ «АҒЫМДАҒЫ» МӘСЕЛЕЛЕР Өткен жылы Алматының әр түрлі жоғары оқу орындарында оқып жүрген Тайпақ ауданының жастары бәрі бірге суретке түсіп, сол суреттің біреуін маған жіберіпті. 40-30 адам. Бұл тек қазіргі студенттер және бір қаладағылары ғана! Ал оқып бітіргендері және Москвадан бастап басқа жерлерде оқитындары қанша?! Солардың бәрінің алғашқы ұялары – Тайпақ мектептері, тұңғыш ұстаздары Тайпақ мұғалімдері. Қазір аудан да, мектептер қатары да, мұғалімдер қатары да нығая түскен, жасара түскен. Бірсыпырасы – жаңағы жоғары оқу орындарын бітіріп, ұшқан ұясына оралғандар. Солардың бірі боп биыл қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітіріп Базарғали Қуатов барды. Бұл – университеттен алған білімінің үстіне Алматының әдебиетші қауымын төңіректеп «тірі жазушыларды» көрген жігіт. Қош алып, алғашқы кезде қолтықтан сүйеп жіберсе, әдебиеттің, сөз жоқ, жақсы мұғалімі болайын деп тұр. «Орал» совхозының сегіз жылдық мектебінің директоры Боран Жұмағазиев бір кезде нақ осындай үрпек бас балапанның бірі еді, қазір мұғалімдік «қазанда» қайнап піскен әдебиеттің айтулы мұғалімі бопты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Тайпақ мұғалімдері өздерінің ұстаздық, оқытушылық

міндеттерін қазір де абыройлы, оқу программасы бойынша атқарын жатыр. Әйтсе де осы арада «бірақ» деген сөз тамағыма тағы да таянып отыр. Ұстаздың, оқытушының жұмысы бір ғана оқу программасының, бір ғана мектептің төңірегімен шектеле ме? Өз тілдерімен айтқанда «кластан тыс жұмыстары» аз ба? Рас, Тайпаққа мен барған тұста оқу жылы аяқталып, мұғалімдердің заңды демалысына шыққан шағы еді. Институттарда сырттан оқитын мұғалімдерге демалыс емес, нағыз қауырт еңбек кезеңі басталған-ды. Бірақ ауылда бос жүргендері де аз емес еді. Ал осы кезеңде «екпінді майданда» пішен жинауға, егін орағына байланысты нағыз жауапты уақыт туды. Әсіресе «Өлеңті» совхозындағы жағдай бейбіттігі болмаса шын мәнінде майдан дерлік еді. Егін бітік шыққан. Бір жағынан техника мен жұмыс қолы жетіспей, екінші жағынан, егіннің қурап төгіліп қалу қаупі туып, совхоз жан-жақтан көмек сұрап жатты. Кейін астықты Отан қоймасына жоспардағыдан үш есе артық құйған бұл совхоз ол уақытта бала-шағаның қолқабысынан да бас тартқан жоқ. Мен бірде «майданның» нағыз қызу участогы боп жатқан қырман басына келсем, совхоздың кәрісі де, жасы да осында екен. Ересегінен ең кішісіне дейін мектеп балалары да толып жүр. – Мына балаларды мұғалімдері алып келді ме? – деп сұрадым мен. – Жоқ, өздері келді. Мұғалімдер дем алып жатқан шығар, – деді қырман басындағы бір

жолдас. Оның соңғы сөзінен анық кекесін, реніш белгісі сезілді. Әрине, мұғалімдердің көмекке келу-келмеуі өз еркінде ғой, кінәлауға ешкімнің қақы жоқ. Мен жаңа осында келерде №3 ферманың басында «дем алып» жүрген бір тобын көргенде, мұнысы қалай деп ойлай қоймаған едім. Қазір мына шәкірттеріне қарап тұрғанда, олардың ортақ істен, үлкен дүбірден, қуанышты оқушыларынан аулақ жүруі ыңғайсыз да ерсі сияқты болды. Қастарында сүйікті ұстаздары бас-көз, ақылшы боп жүрсе балаларға да қандай көңілді, мұғалімдердің өздеріне де қандай жарасты! Мен Тайпақ ауданында өткен жылы күзде де болғам. Сонда да, биылда да мұғалімдер маған совхоз өмірінен, «кластан тыс жұмыстардан» шеттеу секілді көрінді. Ауылда көркем әдебиет кітаптары кең тарай бастапты. Қай үйге барсаң да жазушылардың жаңа шығармаларын көресің. Бірақ кітапты әлі де болса насихаттай түсу керек, жұмысшылардың, шопандардың кітапхана құрауына көмектесу қажет. Міне осы істе мұғалімдерден артық кім жаршы, кім ақылшы бола алады! Міндетті жұмыстан басқа қоғамдық борыш, ар-ождан алдындағы жауаптылық деген болады. Тұрмыстағы феодалдық-капиталистік қарымқатынастар қалдықтарына қарсы күресу, жаңа мен жақсының насихатшысы болу – ауыл интеллигентінің сол қоғамдық парызы емес пе? Осыны білмейтіндер де, біле тұра елемейтіндер де бар. «Өлеңті» совхозында Сүндетова Роза қарындас басқарған талантты өнерпаздар коллективі жұмыс

істейді. Мұның құрамында шопан да, тракторшы да, аспаз да, үй шаруасындағы әйел де бар. Жоғы – жаңағы мұғалімдер, совхоз интеллигенттері. Неге олай? Меніңше олар өмірдің барлық саласына белсене араласуы керек. Лекторлар мен баяндамашылар да, үгітшілер мен насихатшылар да әуелі солардың арасынан шығуы қажет. Жоғарыда аталған зоотехник Бақытжан Сағымбаев өзінің мамандығы мен менің мамандығым жөнінде ғана әңгімелесіп қойған жоқ. Ауыл шаруашылығының бірсыпыра саласының әлі механикаланбай жатқаны, құрылыс материалдарының кемдігі, тұрмыс мәдениетін көтеруге аса қажетті стол, орындық, буфет, шкаф секілді мебельдің ауыл магазиндеріне өте аз түсетіні рас па? Рас. Бақытжанды осының бәрі толғандырады. Өзің коллективтің бір мүшесі бола тұра, «мұның маған қатысы жоқ» деп қолды бір сілтеу, әрине, жараспайды. «Ағымдағы» мәселенің бірі ретінде айта кететін нәрсе – ағаш отырғызу, ауыл селоны жасылдандыру. Жасыл орманды Жайық жағасында тұрса да аудан орталығы – Калмыковтың жаңбырсыз күндегі құм-шаңдағы, жауынды күндегі батпағы талай жылға жүк болғандай еді, әлі де «Аллаға шүкір» екен. Әйтсе де аудан орталығы қазір біркелкі түзеліп қалыпты. Ауатком мен аупарткомның екі қатарлы кеңсесі, орта мектеп, жаңа емхана, салынып жатқан кинотеатр мен кітап магазині, кейінгі жылдарда тартылған көшелер мен бірсыпыра бір қалыпты тұрғын үйлер о баста талғамсыздау орын тепкен поселоктың еңсесін едәуір көтеріп тұр. Енді соның бәрінің көркі болғалы тұрған нәрсе жасыл бақ –

жас парк. Отырғызылғанына небәрі 2-3 жыл болса да бұйраланып қазірдің өзінде едәуір өсіп қалыпты. Калмыковтықтар оны қызғыштай қориды. «Орал» совхозының орталығында да солай. Осы өнегені өзге жерлерде де, соның ішінде жазда құм-шаңдақ, қыста боран басып кететін «Өлеңті» совхозының орталығында да қолға алса, тіпті жақсы болар еді. Бастамашы басшы жолдастар мен ауыл интеллигенттерінің өздері болуы керек. * Мен қойын дәптерінің әр бетін ашқан сайын әр түрлі адамдардың аттары да, әр алуан фактылар да еске түсе береді. Бірақ тағы бірде оралмасақ, оның бәріне бұл жолы орын да жететін емес. Менің тек кейбір жәйттерге назар аударып отырғаным да сондықтан. Тайпақ таңы – күннен күнге жарқырап келе жатқан таң. Тайпақтықтар өздерінің бүгінгі қуанышты өмірі мен жасампаз еңбегінен сәулетті ертеңін де айқын көріп отыр.

ЕКІ САПАР Соңғы жылдары елімізде туысқан әдебиеттер қарым-қатынасы одан әрі өріс алып, халықтар достығын нығайту ісіне көп-көп қызмет етті. Төменде Қазақстан жазушыларының осындай ізгі мақсатқа арналған бір-екі жолсапары туралы әңгіме етпекпіз. I Алғашқы жолсапар биылғы жазда атақты Қазан шаһарына келіп тірелді. Қазақ әдебиетінің туысқан Татарстанда өтетін апталығына қатысуға бардық. Қазір, қарап отырсаңыз, содан бері де біраз уақыт артта қалып, тіршілік сахнасына талай-талай жаңа оқиға шығып үлгіріпті. Бірақ, Татарстан әсерлері, ыстық құшақтар, шат, сағынышты жүз-дидарлар, татарша-қазақша-орысша аралас сөздіктер, аралас жырлар құлақтан да, көз алдынан да кетер емес. Қайта, мезгіл озған сайын, сол күндер тағы бір оралсайшы деген тілек туады, аңсата түседі. Кейде радиодан татар әндерін естігенде де, жүрек шіркін ғашығының үнін естігендей лүп ете қалып, көңілде сағыныш сезімдер, қимас көріністер пайда болады. Біз, Қазақстан жазушылары, Қазаннан Алматыға қайтарда үш топ боп үш жолмен – самолетпен, пароходпен, поезбен шықтық. Міне, біреулеріміз Қазан вокзалында Москва поезына мінгелі тұрмыз.

Қасымызда қазіргі татар әдебиетінің көркі десе болғандай Хасан Тофан, Мирсай Әмір, Абдрахман Абсалямов, Фатих Хусни, Сибгат Хаким, Хатип Усманов, Әмірхан Еникей, Заки Нури, Нури Арсланов, Хасан Хайри, Әнуар Давыдов, Нәби Дәули, Ләбиба Ықсанова, Ильдар Юзеев, Риза Ешмуратов және басқа көп-көп қадірлі достар, таныс та бейтаныс туыстар. Соларға қарап тұрғанда бүгін, июльдің бірі күні, менің көзіме бұдан он күн бұрынғы – июннің 22-і күнгі сурет елестейді. Ол – біздің самолеттен түсіп, Қазан аэродромында Татарстан жерінің алғашқы шаршы метрін басқан күніміз еді. Сонда да осынау адамдар құшағында болып едік. Бірақ онда олар қандай жарқын, қандай шат-шадыман еді. Қазір болса қабақтарына қоштасу, айрылысу кірбіңі байқалады. – Айрылысудан мұңды нәрсе жоқ! – дейді Фатих Хусни, көкшіл көзі жасаурап. Татар көркем сөзінің шебері Фатих мейлінше көңілді, тілді, тапқыр кісі. Сөйлесе, «жіптің ұзыны, сөздің қысқасы жақсы» деп бастайды. Осы принципті өз творчествосында да берік ұстайтын сияқты. Ол бізге «Қырық хикая» дейтін кітабын сыйлаған еді, оқып көрсек, соншама ықшам, соншама дәмді дүниелер екен. Және бір ерекшелігі – Фатих кез келген жерде сол әңгімелерін жатқа айтып береді. Айтқанда мақамына келтіре, әсерлі, әдемі, артисше айтады. Әсіресе күлдіргі, сықақ нәрселерге ұста екен. Сол Фатих қазір қайтақайта күрсініп, бізге жаутаң-жаутаң қарай береді. – Сен неге мұңаясың, малай? Айрылысу болмаса жолығысу да болмайды. Қоштасу – жаңа кездесудің алды, – дейді оған Заки Нури.

Бұл да рас. Татар достарды біз өткен жылы октябрьде Алматыда қарсы алған едік. Онда да қоштасуы оңай тимеген. Бірақ ол да жаңа кездесудің жаршысы болды. Біздің Қазанға бұл келуіміз сол сапардың жауабы. Әттең, тек көрген түстей ілезде өте шыққаны ғана өкінішті. Қазақ әдебиетінің Татарстандағы апталығы той боп өтті. Шын мәнінде өзі де тойдан басталды. Ол – татар халқының ұлттық мерекесі – сабан тойы, көктемгі еңбекті қорытып, жаз жемісін күту қуанышы еді. Қазанда «сабан тойы» 23 июньде өтті. Біз бұл күні қаланың Киров ауданының еңбекшілерімен бірге Аққу көлінің аймағында жасыл орман алаңында болдық. «Той десе қу бас та домалайды» дегендей, менің бұ жолы да, бұдан бұрын да байқағаным: «сабан тойы» күні кеудесінде жаны, аяғында әлі бар татар үйде қалмайтын сияқты. Жасы да, кәрісі де кішкене гармондарын құлаштап тартып, топ-тобымен тойтопыр басына ағылып жатады. Бүгін де солай. Сағат 10-да үлкен алаң алқа-қотан отырған адамға лық толды. Біз, қонақтар, бір шетте стол басында отырмыз. Тойды КПСС аудандық комитетінің секретары ашты. Ол өзінің қысқаша құттықтау сөзінде аудан еңбекшілерінің өндірістік табыстарын қорытумен бірге, бүгінгі тойға туысқан қазақ халқының өкілдері де қатысып отырғанын айтқанда, ашық алаң дүр сілкінгендей қуанышты қол шапалақтаулар дүмпіліне бөленді.

«Сабан той» – татардың ұлттық ойындары. Бұл ойындар әрі алуан түрлі, әрі қызық. Оларға бес-алты жасар баладан бастап, еңкейген қарттарға дейін қатысады. 15-20 метр биік бағанның басына тырмысып шығу, арқан тартысу, аяққа қапшық киіп алып жарысу, көзді байлап алып құмыра соғу, балуандар күресі сияқты ойындар жалпыға бірдей екен. Әйелдердің иін-ағашпен екі шелек су алып жарысуы қандай қызық десеңші. Мұнда тек озып келу ғана шарт емес, шелектегі суды шайқамай өту де міндет. Әсіресе бір күлкі ойын – ішіне кәдімгі шикі жұмыртқа салынған ағаш қасықты ауызға тістеп алып жарысу. Мұнда әрі озу керек, әрі жұмыртқаны жерге түсіріп алмау қажет. Бұл ойындардың көруге қызықтығын, ләззатын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз оларды шыжыған күн астында бірнеше сағат бойы орнымыздан қозғалмай отырып тамашаластық және сол уақыттың ішінде күлкіден езуімізді жия алмадық. – Осы ойындардың бірсыпырасын біздің қазақ арасында да кеңінен қолдануға болады екен. Қала берсе осы сықылды ойындар бізде болған да. Оның үстіне жаңа түр қосып, жаңа идеялық мазмұн, спорттық мән берсе, қандай құлпыра түсер еді. Мысалы, өтіп жататын «Малшылар күні» неге осындай қызықты ойындарға толы болмасқа! Жоқ, бұл ойласатын да, қолға алатын да нәрсе екен! – деп қорытты «сабан тойында» көргенін Ғабиден Мұстафин өзара сөйлесіп отырғанымызда. Иә, бұл ойласуға тұратын мәселе. Жасыратыны жоқ, біз мұндай ойындарды жаңа түр, жаңа

мазмұнмен молықтыру былай тұрсын, барын да дұрыс пайдаланбаймыз. Республиканың бір облысында бар ұлттық ойындарды екінші облысында ешкім білмейді. Мысалы, Орал облысында «Алтын қабақ» деген мергендік ойын бар. Сұрастырсаңыз осы бір тамаша спорттық ойыннан Арқа, Оңтүстік жақтағылар мүлде бейхабар боп шығады. Мұстафин айтқан әлгі ой осындай жәйттерге де байланысты. Қазақ әдебиеті апталығының ресми ашылуы Татардың Мұса Жәлел атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Ғажайып көркем театр үйінің кең залында лық толған халық қазақ ақынжазушыларын зор туысқандық қошаметпен қарсы алды. Қазақша-татарша-орысша сөздер мен өлеңдер достық туындай шарықтап жатты. Біз Тоқай айтқан «Мұңды да, нұрлы Қазанды» араладық. Бірақ қазір бұл – мұңсыз қала, мәртебелі қала. Тіпті қарт кремльдің өзі жасара түскен сияқты. Атақты Сүйінбике мұнарасы қазір бүкіл Қазанның үстінен қарап, айналасын алыс шолып тұрғандай. Тіпті мұнараны былай қойып, Кремль қабырғасына шығып қарасаңыз да, бүкіл Қазан аяқ астында жатқандай көрінеді. Соның ішінде шын мәнінде аяқ астында жатқан нәрсе – Қазан теңізі. Кәрі Қремльдің бес-алты ғасыр бойы шаң басқан қабырғасын қазір мөлдір толқын аймалап жатыр, Еділден келген жасанды теңіз Қазанды үлкен портқа айналдырып жіберген. Біз қазір сол портты да, арғы беттегі жаңа қаланы да көріп тұрмыз. Жаңа қала – жаңа Қазан – өнеркәсіпті Ленин ауданы. Оның зәулім де көрікті үйлері, сұлу көшелері, жас

бақтары қиырдан көз тартады. Орайы келгенде айта кетейік, біздің қоштасу кешіміз – апталықтың жабылуы осы Ленин ауданында өтті. Даңқты татар жұмысшылары бізге зор меймандостық көрсетіп, Қазақстан еңбекшілеріне туысқандық «қайнар сәлем» жолдады. Сол сәлем жолдағандардың ішінде – запастағы генерал-лейтенант Совет Одағының Батыры Ғани Сафиуллин де бар. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақстандық дивизияның командирі, одан соң корпус қолбасшысы болған ол жас шағын біздің республикада өткізген кісі екен. «Қазақстанда комсомол қатарына кірдім, содан армияға жолдама алдым» дейді генерал. Өзінің «Жеңістер жолымен» деген кітабында Сафиуллин қазақстандық дивизияның ерлігін сүйсіне жазыпты. Түбінде бұл қазақ тіліне аударылатын кітаптардың бірі болуы керек. Жалпы, татар жазушылары мен ғалымдарының, музыканттары мен артистерінің ішінде Қазақстанда туып-өскендері, көп жыл тұрғандары толып жатыр. Жазушы ғалым Хасан Хайри, ақын Махмуд Хусаин, атақты композитор Нәжиб Жиганов сияқты есімдердің талайын атауға болады. Қазақ-татар мәдениеті байланысының шежіресі сияқты филология ғылымының докторы Мұхамед Ғайнуллин дос бұл жөнінде сөйлеп кетсе, бұлбұлдай сайрап береді. Қазанда, соның ішінде жоғарыда аталған Ленин ауданында көптеген маңызды-маңызды өнеркәсіп орындары бар екен. Татар достар, әсіресе, мехкомбинатын мақтан етеді. Біз соның жұмысымен де таныстық, неше түрлі әдемі ішіктер шығаратын

бұл комбинат біздің Қазақстанның өзінен жылына 200 мыңдай қой терісін алып тұрады екен. Қала кітапханаларында қазақ әдебиеті шығармалары бойынша кітап оқушылар конференциялары да өтті. Татар достар біздің әдебиетіміздің табыстарымен жақсы таныс екен. Мұны біз көзбен көріп, құлағымызбен естідік. В.И.Ленин атындағы Қазан мемлекеттік Университетінде болғанымыз да естен кетер емес. Еліміздің ең аға оқу орындарының бірі боп есептелетін бұл Университет ұлы Ленин есімімен тығыз байланысты. Жас Володя Ульяновтың гимназиядан кейінгі оқуы да, революциялық адымы да осында басталған. Біз ол оқыған аудиторияда болдық, ол отырған партаны көрдік. Сондағы әрқайсысымызды билеген сезім толқынын сөзбен айтып жеткізу қиын. Кейін, Университет үйі алдындағы алаңдағы Ленин ескерткішіне шоқ-шоқ қызыл гүл апарып қойғанда, сол бір шексіз махаббат сезім тасқынын үнсіз білдіргендей болдық. Қазан Университетінің ең үлкен мақтанышы мен байлығының бірі – кітапханасы. Миллиондаған кітабы бар бұл қазынаны жөнді бөгелмей тек аралап өтудің өзі бірнеше сағат уақытымызды алды. Мұнда біз әр халықтың әр заманындағы баспасөзінің үлгісін көрдік. Соның ішінде қазақ қолжазбалары да аз емес екен. Университет басшылары бізге бұдан жүз жыл бұрын Қазанда басылып шыққан «Ер Тарғын» жырының фото көшірмесін сыйға тартты. Бізді атақты революционер Молланұр Вахитов атындағы колхозда да зор сағыныш сезіммен қарсы алды. Тіпті толып жатқан сый-құрметті

былай қойғанда, мынадай бір жәйтті айтпай кетуге болмайды. Бұл колхоздың қазақ туыстарын аңсап күткені сонша, көктемге бір алаңға арнайы гүл отырғызған. Оны «Қазақ гүлі» деп атап, арнаулы күтімге алған. Міне, енді сол тамаша райхан гүлдер біздің құшағымызға сыймай кетті. Біз әдебиет кешіне дейін колхоздың шаруашылығымен таныстық. 10-жылдық мектепті бітірген 40 қыз сауыншылыққа келген сиыр фермасының басында да болып, Шәлі ормандаласының татарша-қазақша ән-жырлармен жаңғырыққанына да куә болдық. Қазан теңізі мен Еділ бойындағы серуен, Аққу көлі жағасындағы жазушылар қалашығындағы достар дастарханы, «Жас гвардия», Мұса Жәлел атындағы пионер дружиналарындағы қонақтық, қарапайым еңбек адамдарымен сырласу, өлмес поэзия иесі Ғабдолла Тоқай зираты, Кокошкино селосындағы В.И.Лениннің музей үйі, татар әндері, ғажайып көңілді «Құдаша» атты музыкалы комедия – осының бәрі ұзақ-ұзақ хикая болғандай нәрселер. Біз гүлденген республиканы, қуанышты елді – талантты, батыр халықты, бауырлас халықты, олардың қазақ туысқандарға деген ыстық махаббатын көрдік. Мұның өзі әрқайсымыздың жүрегімізге жыр боп құйылғандай еді. Біздің делегация – Ғабиден Мұстафин, Сағынғали Сейітов, Ғайша Шарипова, Тахауи Ахтанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Леонид Кривощеков, Аманжол Шамкенов, Олжас Сүлейменов және осы мақаланың авторы – қазақ әдебиетін насихаттау, туысқан әдебиеттер достығын нығайту ісіне хал-

қадарынша біраз қызмет етті. Әрқайсымыздың Татар АССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет грамотасымен наградталуымыз кішкене еңбегімізге үлкен баға, зор естелік болды. Біз аз күннің ішінде туысқан Татарстанға, қадірлі қаламдастарымызға онан сайын бауыр басып кетіп ек. Енді міне, вокзал басында қоштасудың қиын боп тұрғаны да сондықтан. Бірақ «уақыт жетсе – бастан жақ та айрылады» дегендей, әрқайсымыздың өз жұмысымыз, өз жазу столымыз бар, солар күтіп тұр, солар асықтырады. Сол себептен біз «қош!» айтуға мәжбүрміз. – Қошыңыз, тизерәк ұшырашқанша янадан! – дейді татар достар. – Мың да бір рахмет. Сау-сәлемет болыңыздар, туысқандар! – дейміз біз. Осылайша, қимас достармен қош айтыстық. Алдымызда – туған Қазақстан, шабытты еңбек, жаңа творчестволық сапарлар. Екінші сапарымыз – туысқан Тәжікстан. Ежелгі жыр елі. Фирдоуси, Хафиз, Рудакилердің мәңгілік поэзиясымен суарылған, содан сусындап, сонымен әлденген жер. Бірақ біздер, қазақ жазушылары үшін ең қызықтысы – бауырлас республиканың бүгінгі өмірі. Біз үлкен тарихы бар тәжік халқының көне шежіресіне көз жібере отырып, Ұлы Октябрь әкелген керемет революциялық өзгерістерді көргіміз келеді. Әлбетте, біз Тәжікстанның бүгінгі көркем сөзінің де кең қанатты екенін жақсы білеміз. Тәжік совет әдебиетінің классигі. Садриддин Айнидің

«Құлдар», «Бұхара» сияқты шығармалары қазақ тіліне әлдеқашан аударылған. Лениндік сыйлықтың лауреаты ақын Мирза Тұрсұн-Заденің есімі де бәрімізге мәлім. Жаңғырған Памир мен Гисар алқабының жаңа бояуларымен жанданған жарқын өмірін Тәжікстанның халық ақыны Мирсаид Миршакардың «Алтын қыстақ», «Ленин Памирде» сияқты дастандарынан оқығанбыз. Алайда «Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл» дегендей, туысқан халықтың талантты ұл-қыздарымен жүзбе-жүз көріскенге не жетсін. Әрине, біз тәжік қаламгерлерімен бұдан да бұрын талай кездескенбіз. Мирза Тұрсұн-Заде, Сатым Ұлұғ-Заде, Бақи Рахым-Заде, Фатих Ниязи, Жалал Ибрагимдер Алматыда да талай болған. Бірсыпыраларымен Москвада жазушылардың съездері мен пленумдары үстінде көрісетінбіз. Енді олардың өз жерінде құшақ жайысып, кеуде түйістіріп отырмыз. Біз самолеттен түскенде қарсы алған тәжік достардың жүздері қандай жарқын болса, сол күнгі аспан да соншама жайдары, соншама нұрлы болды. Айтып қояйық, біз кете-кеткенше күзгі күн бір де бір қабақ шытқан емес. – Күн нұры біздің өзімізде де аз емес еді, оның үстіне сіздер қазақ таңының әсем шапағынан да ала келген екенсіздер. Аспан-жеріміз одан бетер жарқырай түсті. Қазір алқаптарымыздың ақ алтыны – мақта жинау маусымында мұндай ашық күн керек-ақ, – дейді тәжік жолдастар. Октябрьдің 5-і күні кеште, Душанбенің ауыл шаруашылық институтының кең залында қазақ әдебиетінің Тәжікстандағы апталығы ашылғанда да

сол бір ғажайып күн нұрына шомылғандай болдық. Бірақ бұл жолы шұғыла – аспаннан келген күн сәулеті емес, қадірлі тәжік туысқандардың жүрек нұры, махаббат жылуы еді. Кешті Мирза Тұрсұн-Заде ашты. Айтпақшы, бізге барғанда Мирза едәуір сырқаттанып, емханада жатыр екен. Ақындығын атамағанда қоғамдық жұмысы да шаш-етектен келіп жүретін бұл кісінің емделуге де қолы тие бермесе керек. Бұл кешке ол емханадан екі-үш сағатқа қоярда қоймай сұранып келіпті. Кеш бітісімен емханаға қайтадан барып жатты. Сол Мирза өзінің кіріспе-сөзінде Қазақстан туралы, қазақ халқы туралы, оның әдебиеті мен мәдениеті жайлы үлкен ыстық сезімімен тебірене, толғана айтты. Қазақ әдебиетінің даму жолы туралы менің қысқаша сөзімнен кейін залды біздің ақын, жазушылар баурап алды. Жұртшылық Сәбит Мұқанов, Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Олжас Сүлейменовтерді зор ілтифатпен тыңдады. Сонымен қатар Мирсаид Миршакар, Бақи РахымЗаде сияқты тәжік ақындары қазақ поэзиясының шығармаларынан өз аудармаларын оқыды. Бір ғажабы сол: тәжіктер тілі басқа болса да біздің қазақшамыздың өзін қай жерде де тілмашсызақ ұғып отырды. Жүрекпен, ерекше бір туысқандық сезіммен түсінетін-сынды. Сөйтіп, тілек бір, көңіл бір болса, тіл өзгешелігінің бөгет болмайтыны осы жолы да айқын көрінді. Ертеңіне, 6 октябрь күні біз екі топ болып екі жаққа жол жүрдік. Мен атақты Нурек ГЭС-і құрылысына, Куляб қаласына қарай сапар шеккен

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙