Мазмұнға өту
Home

Қалижан Бекхожин поэмаларының поэтикасы

Ж.Б. Досбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қалижан Бекхожин поэмаларының поэтикасы

Авторы: Ж.Б. Досбай

ISBN 978–601–293–969–9 ISBN 978–601–293–969–9 © Досбай Ж., 2013 © “Мектеп” баспасы, көркем безендірілуі, 2013 Барлық құқықтары қорғалған Басылымның мүліктік құқықтары “Мектеп” баспасына тиесілі 4702250206—299 404(05)—13 139—13 Д УДК 821.512.122.0 ББК 83.3Қаз УДК 821.512.122.0 ББК 83.3Қаз

Д64 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды Қазақ әдебиеті тарихында поэма жанрын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, қырыққа жуық поэма жазған эпик ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық ақыны Қалижан Нұрқожаұлы Бек­ хожиннің шығармашылығы бүгін­гі күн тұрғысынан қайта баға­ ланған бұл зерттеу еңбегі екі негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ақын шығармаларының тарихи-тақы­рыптық сипаты мен жанрлық түрлері анықталып, образ жасау және тип­ тендіру, азаматтық әуен, автор көзқарасы, көркемдік ізденістер мәселелері қарастырылады. Екінші бөлімде поэмалардың көркем­ дік, тілдік, ұлттық-этникалық ерекшеліктері сараланып, азаттық идея, фольклорлық сарын­дар мен ұлттық таным, көркемдік-эсте­ тикалық нысана негізге алынып, поэтикалық тұрғыдан талданады. Еңбек ақын Қ. Бекхожиннің (1913—1990) 100 жылдық мерейтойына орай ұсынылып отыр. Кітап әдебиет, тіл, мәдениет, тарих, этнопедагогика, философия, саясат және т.б. қоғамдық-гуманитарлық сала мамандарына және руханият мәселесіне бей-жай қарамайтын көпшілік қауымға арналған. Досбай Ж. Қалижан Бекхожин поэмаларының поэтикасы. — Алматы: мектеп, 2013. — 224 б., сур. Д64

Кіріспе Тарих парақтарында өз ізін қалдырған, бүгінгі таңда әлемдік деңгейде танылып, дербес мемлекет болып отырған қазақ елінің рухани құндылығының бірі — төл әдебиеті. Халықтың рухани дүниесін молайтып, эстетикалық талғам-түсінігін жетілдіретін, өмірдегі ғажайып құбылыстардың сырын сырлы сөзбен ұқтыратын көркем әдебиет. Көркем әдебиетті, ұлттық мәдениетті, халықтық мұраларды сақтап, ғасырдан-ғасырға ұласқан гума­ нистік идеяларды зерттеп, халқымыздың басынан өткен арғы-бергі тарихтан сыр шертіп, сол тарихты көркемсөзбен кестелеген рухани қазыналарымызды ұрпақ еншісіне ұсыну — әдебиеттану ғылымының негізгі міндеті. Елуінші жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Исмайлов: “Қазақтың өткендегі материалдық тіршілігінің өте мешеу тарихына көз жібергенде, соның ішінен ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен ең бір көрнекті, ауыз толтырып айтарлықтай мәдени мұрасы — көркем әдебиеті”, — деген еді [1]. Ендеше, ғалым айтқандай, халқымыздың “мәдени мұрасы — көркем әдебиетінің” сан ғасырлық тарихы бары баршаға мәлім. Сонау ежелгі сақ, ғұн дәуірле­ рі­нен бастау алған Орхон—Енисей ескерткіштері мен ауыз әдебиетіндегі сансыз жыр жауһарлары қа­ зіргі төл әдебиетіміздің бастау көзі. Одан бергі орта ғасыр әдебиеті мен қазақ хандығы тұсындағы жы­ раулық поэзия — бүгінгі әдебиеттің тамыры тереңде жатқандығының айқын көрінісі. Тамырын тереңге жіберіп, іргесін мықтап қала­ған қазақ әдебиеті, яғни рухани мұрамыз, XVIII ғасырда­

ғы Бұқар жыраудан, XIX ғасырдағы батыр-ақын Махамбеттен, зар заман өкілдері — Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мөңке Мұратұлдарынан бері қарай ұлы Абай Құнанбайұлына келіп тірелетіні белгілі. Аталған әр дәуірлердегі әдебиет өкілдерінің шығармаларының бәрі де әдебиетіміздің замана қарқынынан қалмай өскен, әрбір дәуір, әрбір кезең шындығымен кемелденген ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихы. Сол тарихқа ұлттың шығу тегі (этногенез), өсіп-өнуі (демография), тұрмысы, мәдениеті (этно­ графия), өркендеуі, кемелденуі (цивилизация), яғни генетикалық, психологиялық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-эко­номикалық және т.б. қоғам дамуының көптеген заңдылықтары жататыны белгілі. Сондық­ тан да әдебиет — тұтас бір ұлттың, халықтың бірнеше ғасырлық өмірін бейнелейтін құрал. Әдебиет туралы айтылған бұл ұғым-түсінігіміз барлық халықтар, ұлттар мен ұлыстар үшін де ортақ. Әдебиет туралы айтылған осы танымтүсінігімізге бізге дейін де әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазу­ шылар бір ауыз сөзбен құнды пікірлер білдірген еді. Мысалы, атақты сыншы В.Г.Белинский (1811— 1848): “Әдебиет — халықтың санасы, оның рухани өмірінің бояуы мен жемісі” десе, белгілі сатирик жазушы М.Е.Салтыков-Щедрин (1826—1889): “Әде­ биет — ықшамдалған әлем”, ал жазушы-философ Д.И.Писарев (1840—1868): “Әдебиет — керемет қо­ ғамдық күш”, — дейді [2]. Әдебиет туралы айтылған құнды пікірлерге, ой қорытуларға, берілген ғылыми бағаларға қазақ ғалымдары да көзқарастарын білдіріп, өз топшылау­ лары мен ойларын қосқан болатын. Мұхтар Әуезовтің: “Әдебиет оқушының ақыл-сезімін тәрбиелеп жетіл­ діруден басқа сол оқушыға қазақ деген елдің өт­ кендегісі мен бүгінгі пішінін танытуға керек” деген сөзі тек ұлт әдебиетінің болашағына қатысты айтылғандығы белгілі. Ал академик Евней Букетов: “Адамның мәдениеттілігінің, ой-өрісінің кеңдігінің,

жан дүниесінің ләззатшыл нәзіктігінің бірден-бір белгісі — көркем әдебиетті қол үзбей оқи білуі” деген екен. Ғалымның бұл сөзі адамның ішкі дүниесінен хабар беретін жақсы нышандар, байыпты белгілер, мінез сұлулығы көркем әдебиетті оқумен байланыс­ ты деген ойды білдіріп, сол себепті көркем әдебиетті үзбей оқып тұруға қоғамның барлық мүшелерін ша­ қырса, Ғабит Мүсірепов: “Әдебиет — халықтың рухани байлығы”, — дейді [2]. Анық айтылған бұл сөз ешқандай түсіндірмені қажет етпейді. Әдебиет туралы айтылған бұл пікірлер қазақ ғалымдарының ойөрісінің әлемдік деңгейден көрінгендігінің бір белгісі. Сонымен бірге қазақ халық ауыз әдебиетіне этно­ граф-ғалым А.В.Затаевичтің (1869—1936), қазақ кеңес әдебиетіне көрнекті орыс жазушысы А.А.Фадеев­ тің (1901—1956) берген бағалары мен ғылыми пікір­ лері­нің маңызы өз құндылығын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Бұл пікірлерге сүйене отырып былайша ой қоры­ туға болады: ұрпақтың мәңгүрт болмай, ойлы болып өсуі, көбіне әдебиетке байланысты; әдебиеті жоқ елдің мәдениеті де болмайды, тілі де оңбайды; әдебиетсіз ұлттық қасиет жоғалып, ауыз әдебиеті де ұмытылады; көркемсөздің құдіретін тек қана әдебиет танытады; халықты ойлы ететін де, дана ететін де — осы әдебиет. Өмір өзекті мәселені қозғайды, өнер сол мәселенің эстетикалық құдіретін танытады, әде­би­ет сөз өнері мен ой өнерін дамытып, жетілдіреді. Ал әдебиеттану ғылымы — әдебиет тарихын, теориясын, сынын өнер­ дің шыңына көтеретін ғылым. Осы үш сала­ны жетік меңгерген ақын-жазушылар өмірге классикалық туындылар әкеле алады. Жалпы қай ғылым сала­сы болса да, онымен айналысқан адам ешкімге тәуел­сіз болуымен бірге, өте білімді болуы шарт. Осы пікі­ рімізді Шоқан Уәлихановтың мына сөзі дәлел­дейді: “Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім қажет” [3].

Сөзіміздің басы, яғни негізі — әдебиеттің күрде­лі жанрларының бірі — поэзия. Поэзия, шын мәнінде, ұлттық, жанрлық, стильдік, көркемдік ерекшеліктері мол әрі үздіксіз дамып отырған қазақ әдебиетінің де үлкен саласы. Поэзияның жанрлық ерекшелігі туралы, оның мүмкіндігі, адам өміріндегі атқаратын қызметі жөнінде академик Зәки Ахметов: “Поэ­ зия — сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. ...поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол — айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік-эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы”, — дейді [4]. Тарих өнер иесін елге танытса, әдебиет сөз өнерін, сөз құдіретін елге танытып келеді. Ұлттық ерекшелігі­ мізді әлемге таныту кез келгеннің қолынан келеді деп айту қиын. Отызыншы жылдары ойран бола жаздаған қазақ әдебиетінің туын желбіретіп, қазақ даласының тынысын поэзиялық көркемдікпен көрсеткен, клас­ сикалық туындылар жазып, сөзінің шеберлігімен, ойының жетіктігімен артына қайталанбас мол мұра қалдырған ақын-жазушыларымыз қаншама!? Солар­ дың бір бөлігі кеңестің сойқанды саясатының сан түр­ лі айласынан, өмір азабынан, замананың тірі адамға сыйлаған тозағынан, айдаудан аман қалып, біздің өмірімізге рухани азық, таусылмас нәр сыйлады. В.Г.Белинский: “Ақын — қоғамның, уақыттың, адамзаттың органы және өкілі”, — деген екен [5]. Сыншы айтқандай, қазақ әдебиетінің “…органы жә­не өкілі”, осы монографияның негізі, яғни зерттеу объектіміз — әдебиет тарихында поэмаларының саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша көзге түскен эпик ақындардың бірі — Қалижан Нұрқожаұлы Бекхожин (1913 — 1990). “Әр адам — зерттелмеген кен”, — десе [6], енді бірде: “Әдебиет — ардың ісі”, — дейді академик Зейнолла Қабдолов [7]. Қазақ әдебиетінде сол “зерттелмеген

кеннің” бірі — Қ.Бекхожин. Сол “ардың ісін” абыройлы атқарғандардың бірі — Қ.Бекхожин. Ақынның бүкіл шығармашылық мұрасын бес топқа бөлуге болады: 1) эпикалық поэмалары; 2) ұсақ лирикалары; 3) аудармалары мен драматургиясы; 4) ғылыми мақалалары; 5) балалар әдебиеті, сатира, эссе, естелік, эпистолярлық жанрларға қосқан үлесі және мектеп оқулықтарын құрастыруға, жазуға сіңірген еңбектері. Демек, Қ.Бекхожин шығармашылығы — дара құбылыс, ол — эпик ақын. Ақынның эпиктігінің белгісі — монографияның негізгі нысанасына ай­ нал­ған көлемді де көркем поэмалары. Ақынның шы­ғармашылығын дәстүр және жаңашылдық тұр­ ғы­сынан зерттеген ғалым Төкен Ибраги­мов: “Оқыр­ ман қауымға ертеден таныс “Орман қызы”, “Кек”, “Ақсақ құлан”, “Соңғы сайран”, “Кремль сақшысы”, “Мариям Жагор қызы”… т.б. кесек бі­тім­ді толғау, дас­ тандарынан өзге қырыққа тарта эпикалық тынысты шығармалары — оның эпик­тігінің даусыз айғағы” , — дейді [8]. Бұл — ақынның эпикалық туындыларды жазудағы жетістігіне беріл­ген баға. Қ.Бекхожин поэмаларының табиғаты тари­хи тақырыптарды жасампаздыққа шақыруында. Ақын­ ның зерттелінбеген шығармалары — асыл қазына. Сол қазынаны сақтау, бағасын беру — міндетіміз әрі парызымыз. Сонымен бірге ақынның эпикалық поэмалары монографияның негізгі өзегі болып табылады. Қ.Бекхожин поэмаларының құндылығын көрсе­ ту, кеңес саясатына сай келмей, түрлі себептермен екі нұсқасы жазылған туындыларының әділ бағасын беру, поэмаларының жанрлық, көркемдік ерек­ше­ ліктерін жіті зерттеп, оларды бүгінгі күн тұрғы­сынан жаңаша бағамдау — тәуелсіз кезең әде­биетінің ең не­ гізгі мәселелерінің бірі. Қ.Бекхожин Павлодар облысы, Баянауыл ауданында ақындығымен аты шыққан Нұрқожа ақын­ ның отбасында 1913 жылдың соңғы айында дүние­ге келген. Арқаның сұлу жерлерінің бірі атақты Баян­

ауыл қасиетті де киелі мекен. Оның қазақ халқының маңдайына талай марқасқа ұлдарды, қырмызы қыздарды сыйлаған өлке екені алты алашқа аян. Сол қасиетті өлке сыйға тартқан қадірлі ұл-қыздар туралы айтар болсақ, онда бүгінгі тақырып аясынан ауытқып кетеріміз анық. Дегенмен, ақынның өмірі мен шығармашылығына тікелей ықпал еткен аяулы жандардың бірсыпырасының аты-жөндерін атап өту парыз деп санаймыз. Олар: Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, М-Ж.Көпеев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Ж.Шанин, И.Байзақов және т.б. Керімсал Кереку өңірі — бұлардан басқа аты алысқа кеткен Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов сынды біртуарларды да дүниеге әкелген қасиетті мекен. Ақын алғашқы өлеңдерін 14-15 жасында жаза бастаған. Олар кезінде аудандық, облыстық баспасөз беттерінде жарық көрген. Әдебиетке отызыншы жылдары біржола бет бұрған ол өмірінің соңына дейін көптеген кітаптардың авторы атанды. Ол “Отан соғысының қаһармандары” (1941), “Көктем” (1948), “Батырлық жыры” (1949), “Қамбар ағай” (1950), “Ата мен Атан туралы аңыз” (1954), “Үш кезең” (1962), “Ардагерлер туралы аңыздар” (1965), “Жеті дастан” (1966), “Қайран жастық” (1968), “Мамырстан” (1970), “Шардара” (1972), “Әппақ-намә” (1974), “Менің замандастарым” (1978), “Бақытстан — байтағым” (1980), “Кешкі жаңғырық” (1987), “Сері күйші” (1989) және т.б. көптеген жинақтар шығарып, Халық ақыны атағын алды. Қ.Бекхожин екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталып, 1978 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Француз жазушысы Эмиль Золя (1840—1902) XIX ғасырдың өзінде-ақ поэзия туралы: “Таңғалар­ лық жаңалықтар ашып, көркейіп келе жатқан ғы­лым — заманымыздың ұлы поэзиясы”, — депті [2]. Бұл сөз Қ.Бекхожин шығармашылығынан бір ға­сыр бұрын айтылғаны белгілі, демек одан бергі уақытта поэзия

кемеліне келіп, дамудың үстіне дами түскені анық. Ендеше Қ.Бекхожин — тамаша лирик ақын және оның ұсақ лирикаларын бірнеше түрге бөлуге болады. Бірақ осы арада айта кету керек, З.Қабдолов: “Лири­ калық шығармалардың күрделі композициялық формалары бола бермейді, сондықтан оны белгілі бір жүйеге келтіріп, түр-түрге бөліп жатудың керегі жоқ”, — деген пікір білдіреді [7]. Десек те, XVIII ғасырдан, яғни классицизм дәуірінен бастап, лири­ каның түр-түрге бөлініп (элегия, баллада, романс, эпиграмма, эпитафия, сонет, ода және т.б.) кел­генін жоққа шығара алмаймыз, яғни Э.Золя пікірі абсурд емес. Сол се­бепті де ақын лири­каларының түрлеріне шолу жасап өтпекшіміз. Шығыс поэзиясында өлең түрлерінің қал­ыптасқан үлгілерінің бірі — ғибрат, өнеге түрінде келетін өсиет өлең. Өсиет өлең жазу көп уақыттан бері қазақ поэ­ зиясында қалыптасқан дәстүрге айналғаны бел­гі­ лі. Көркемдік деңгейі әртүрлі, тәрбиелік мәні зор, ақыл-кеңеске толы өсиет өлеңдер Қ.Бекхожин шы­ ғармасында молынан кездеседі. Ақынның ұлттық нақышта жырға, термеге лайықтап жазылған өлең­ дері де бір шоғыр. Өз уақытында бұларға арнап әуен жазылып, олар күні бүгінге дейін орындалып жүр. Сонымен бірге ақынның ұсақ лирикаларының ішінен ерекше орын алатын тағы бір түрі — танымдық мәні зор, ойды ұтымды әрі ықшам жеткізетін нақыл өлең. Негізінен, өсиет өлеңдер мен нақыл өлеңдер бір-бірімен ұқсас. Бірақ екеуінің табиғаты екі бөлек. Олар ішкі мазмұнына және өлең құрылысына қарай ажыратылады. Жол саны екі немесе төрт жол түрінде кездесетін қанатты сөздер (гнома) ұлтымыздың мақалмәтелдерімен үндес келеді. Осындай өсиет, нақыл (назидание) түріндегі шумақтар Қ.Бекхожин поэзиясынан кең орын алған. Ақын поэзиясының ішінде лириканың сирек кез­ десетін түрлері — сонет, романстар да бар. Бұл туған ел тағдырымен ғана шектелмей, әлем тынысына

құлақ түретін, соның жақсысына қуанып, жаманына жаны ауыратын ақын сезімінің ауқымы кең көлемде екенін аңғартады. Демек, ақынның романстары мен сонеттері — Еуропаның озық әдебиетімен таныстығын байқатып қана қоймай, қазақ поэзиясының ұсақ лирика жанрын дамытуға қосқан үлкен үлес екендігі ақиқат. Қ.Бекхожин — танымал аудармашы. Оның аудармасы арқылы қазақ халқына М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, К.М.Симонов, С.Вургун, Ғ.Ғұлам, Н.Хикмет, Я.Колос және Байрон, Гете, Гюго шы­ ғармалары таныстырылды. Ақын қалмақ халқы­ның эпосы “Жонгорды” (Жәңгір, 1940), “Жаңа қытай поэ­ зиясын” (1954) және қырғыз эпосы “Манастан” бірне­ ше тарауларды аударды. Өзбек халқының ұлы ақыны Ә.Науаидің “Ғазалдарын” (1968), әзірбайжанның ұлы ақыны Г.Низамидің “Жеті ару” (1971) атты дастанын аударып, олардың ақындық құдіретін шынайы жеткізе алды. Оларға қоса Араб, Индия, Африка, Куба елдері өлеңдерін аударды. Осының барлығы ақынның аударма саласындағы зор еңбегі болып саналады. Талантты ақын Қ.Бекхожин драматургия саласында да жемісті еңбек етті. Ол “Егер жүрек шын берілсе” (1962), “Нөсерден кейін” (1966), “Гималай сарыны” (1972) және “Ұлан асу” (1973), “Әзірейілдің әлегі” атты пьесалар жазды. Олар кезінде республикалық, облыстық театрларда қойылды. Қ.Бекхожин С.Төлешовпен бірігіп “Түрлі түсті бастар бар” (1957) деген тақырыпта фельетондар жинағын шығарған. Бұл ақынның сатира жанрына қосқан үлесін көрсетеді. Қ.Бекхожин әдебиеттану саласына да өзіндік үлес қосты. Ол әдебиеттің өсу жолдарындағы әртүрлі мә­ селелерге ден қойып, қоғамның дамуы барысындағы әдебиеттің орнын көрсететін бірнеше ғылыми-зерттеу мақалалар жазды. Оның Абай, Махамбет, Ақан сері поэзиясы жөнінде айтқан ойлары мен талдаулары әдебиет тарихынан өз орнын алды. Сонымен қатар

қазақтың белгілі тұлғалары жайлы (Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Б.Момышұлы, И.Байзақов және т.б.) толғаныстар мен естеліктер жазып, олардың шығармаларына талдау жасады. Ақынның осы зерт­теулері, әдебиет хақындағы ойлары, естеліктері және өзінің көрнекті шығармаларының өмірге қалай кел­гені туралы қызықты әрі деректі әңгімелері екі кітап болып баспа бетін көрді (Дәстүр және жаңашылдық, 1969; Өлең өткелдері, 1986). “Ғылым дегеніміз — тұнып тұрған ғажайып поэ­ зия”, — деген орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің бір сөзі бар [2]. Сол ғылымға, яғни поэзияға бар ғұмырын арнап, әдебиеттің көптеген жанрында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, кеңес дәуіріндегі әде­ биетіміздің қанаттанып, көркеюіне зор үлес қосқан Қ.Бекхожин өз халқының тарихи тұлғаларын, дәуір тудырған үлкенді-кішілі оқиғаларды, әр кезеңнің өзіне лайық бейнелерін, заман жаңалықтарын шебер де өткір жырлай білді. Поэзияға зор қабілетпен келіп, соңына өте мол мұра қалдырып, “Қазыналы Қалижан” атанған ақын өз замандастарының арасында өте талантты да талғам­ паз бола білді. Ақынның жалпы шығармашылығы хақында, оның ішінде, эпикалық поэмалары жөнінде өз пікірлерін білдіріп, зерттеу жасамаған ғалымдар, қаламгерлер кемде-кем. Ақынның шығармашылық портреті жасалып, өмірбаяны жинақталып, әдебиет тарихы мен мектеп оқулық­тарына енгізілді [9]. Монографияның негізгі мақсаты: Қ.Бекхожиннің қазақ поэзиясына, оның ішінде, салмақты саласы — поэ­ма жанрына қосқан үлесін анық, ашып көрсету; ақын поэмаларын әр қырынан талдап, тарихи-та­ қырыптық, стильдік, көркемдік ерекшелігін ай­қын­ дау; поэмалардың жанрлық түрленуіне байланыс­ты идеялық-тақырыптық, мазмұндық негізіне сай бөліп қарастыру; дәстүр сабақтастығы, идея үндестігі туралы мәселелерге тоқталу.

Бұл еңбекте еліміздің егемендік алуына байланыс­ ты төл әдебиетімізді жаңаша бағамдау тұрғысынан ақын поэмалары тұңғыш рет қарастырылып отыр. Сол себепті төмендегідей міндеттер жүктейміз: — поэмалардың идеялық сипатын анықтау; — әрбір поэманың жанрлық табиғатын зерттеу; — поэмаларды тарихи-тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктеріне байланысты топтастыру, жүйелеу; — әр шығарманың жазылу тарихы негізінде ақын­ ның саяси-қоғамдық көзқарасын анықтау; — ақын шығармаларындағы тоталитарлық жүйе­ нің озбырлығын астарлап жеткізген тұстарды саясиқоғамдық тұрғыдан бағалау; — поэмалардағы типтендіру, образ жасау және түптұлға (прототип) мәселесіндегі ізденістерді ашу; — поэмалардың көркемдік ерекшеліктерін саралау; — екі нұсқасы бар дастандардың жазылу себептерін ашу, көлемдері мен мазмұнын салыстырып, айыр­ машылықтарын санамалап көрсету. Монографияның деректілік негізіне ақынның таң­ дамалы дастандар мен балладалар жинағы, әдеби-сын мақалалары, мұрағат материалдары, қолжазбалар пайдаланылды. Монографияның теориялық және әдістемелік не­гізіне қазақ және орыс әдебиеттану ғылы­мының көрнекті ғалымдарының, басқа да қоғамдық ғылым өкілдерінің құнды пікірлері, сын зерттеулері, ой-тұ­ жырымдары, теориялық таным-түсініктері, жекелеген қағидалары негізге алынды. Ақын поэмаларының тарихи-тақырыптық сипатын, стильдік, көркемдік ерекшелігін ашу барысында жүйелі-комплексті, объективті-аналитикалық, тарихи тұрғыдан жүйелі талдау, жинақтау, қорыту әдіс-тәсілдері басшылыққа алынды. Сонымен бірге салыстырмалы және тарихи-хронологиялық әдістер де қолданылды. Ақынның ұсақ лирикаларынан бастап, көлемді поэ­ маларына дейін уақытында әдебиеттанушы ғалымдар

тарапынан өз бағасын алды. Бірақ бәрі де лайықты бағаланды деуге болмайды. Себебі, кеңестік жүйенің саясатына орай көпшілігі біржақты ғана бағаланып, орынсыз ұшқары пікірлер айтылып, ақын қатты сынға ұшырады. (Бұл жөнінде монография тарауларында рет-ретімен сөз болады). Олар ақынның жалпы шығармашылығы жөнінде әртүрлі деңгейде ғылымизерттеу мақалалары мен кітаптар жазды. Десек те, эпик ақынның эпикалық дастандары жүйелі түрде жеке қарастырылған жоқ. Ғ.Мүсіреповтің бір ауыз сөзіне тоқталсақ: “…онға тарта поэма — қандай поэзия үшін болса да әншейін нәрсе емес”, — [10] деген екен. Ал Қ.Бекхожиннің үл­кенді-кішілі қырықтан астам поэма жазып кеткені белгілі. Сондықтан ақын поэмалары жеке монография жа­зуға арқау болып, тікелей зерттеу объектімізге айналып отыр. Сол себепті, бұл жұмыста бізге дейінгі ғалымдардың зерттеулеріне, жекелеген ойларына, құнды пікірлеріне сүйене отырып ақынның тек поэ­ маларын кешенді (комплексті) түрде қарастыруға талпыныс жасалды. Еңбектің жаңалығы болып мына тұжы­рымдар табылады: — ақын поэмалары біртұтас зерттеле отырып бү­ гінгі күн тұрғысынан қайта бағаланады; — кезінде тек аты ғана аталған жекелеген поэмалары ғылыми айналымға бірінші рет түседі; — ақынның “Батыр Науан” поэмасының жазылу тарихына, көркемдік ерекшелігіне байланысты тың тұжырымдар жасалады; — зерттеуде әр шығарманың жазылуына орай, ақын өмірінің көлеңкелі тұстары да алғаш рет дәйекті деректермен дәлелденеді; — ақын поэмаларының ішкі жанрлық түрленуіне, көркемдік ізденісіне талдау жасалады; — ақынның саяси-қоғамдық көзқарасын аңғар­ татын тұстарына тұңғыш рет назар аударылады; — шығармалар тақырыптық сипатына қарай топтастырылады.

Еңбектің негізгі тұжырымдары: — Қ.Бекхожин — қазақ поэзиясының көрнекті өкілі; — ол — эпикалық поэманың шебері; — ақын дастандарында патриоттық және ұлттық идеяның азаматтық пафоспен жырлануы; — ақынның эпикалық поэмаларының саяси-қо­ ғамдық, тарихи-тақырыптық, идеялық-эстетикалық құндылығы; — дәуір шындығының, замана келбетінің ақын поэ­ масында суреттелуі; — тарихи тақырыпты жырлаудағы даралығы; — “Батыр Науан” поэмасының жазылу, баспа бетін көру тарихы және көркемдігі; — ақынның лиро-эпикалық поэмаларындағы фоль­ клорлық сарындардың қолданылуы; — Қ.Бекхожин поэмаларының өзіндік жетістіктері мен көркемдік ерекшеліктері және ұлттық таным, тәрбие мәселесі. Аталмыш монография екі бөлімнен тұрады. Бөлім­ дер көздеген мақсат-мүддесіне сай бірнеше тараулар мен тараушаларға бөлінген.

  1. Қ.Бекхожин поэмаларының зерттелуі және тарихи-тақырыптық сипаты Қ.Бекхожин әдебиетке келген кезең ХХ ғасырдың отызыншы жылдары болатын. Бұл елімізде кеңестік қоғамды толық орнату мақсатындағы “үлкен күрес­ тің” қызып тұрған кезі еді. Ақынның алғашқы қалам тартқан өлеңдерінің көпшілігі өз заманына орай осы төңкерісті жырлау, оны насихаттау болды. Ол кезде ақындар әдебиет майданында өз шығармашылығымен үгіт жұмысына белсене араласты және негізгі мінде­ ті болды. Тап күресі, бай мен кедей, жаңа заман, партияның қамқорлығы, ұжымдық бірлесулер (коллективизм), түрлі ұлттар арасында достықтың өріс алуы (интернационализм), техника мен ғылымның да­муы, өсуі, олардың жетістіктері (прогресс, развитие, эволюция), мәдени-ағарту жұмыстары мен адам ба­ласының рухани, адами жаңғырулары (гуманизм) — осының бәрі сол кездегі қазақ поэзиясының не­гізгі та­қырыбы болып табылды. Сондықтан ақындар тарихи тақырыптарды көр­ кемдеп жырлаумен қатар сол кезең өмірінің шын­ дығын, сол дәуірдің даралық келбетін жырларына бастау етіп, шығармаларының тарихи және тақырып­ тық сипатын ұлғайтты. Ақын Қ.Бекхожин туындыларынан осы жайтты аңғарған академик Серік Қирабаев былай дейді: “Ақындық жырлардан қуанышты, лепті көтеріңкілік, романтикалық ерлік, өмірсүйгіштік, жаһанға бар даусымен үн қатар құдіреттілік танылатын еді. Дәуірдің осы ерекшелігін Қалижан да бойына сіңірді. Өз заманының осы сипаттарын ол алғашқы өлеңдеріне арқау етті” [11]. ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ әдебие­ тінің көрнекті өкілдерінің көпшілігінің ұстазы болған М.Әуезовтің назарына ерекше ілігіп, болашағынан мол үміт күттірген жас ақындардың бірі — Қ.Бекхо­ жин. Ол Әуезовтен тағылым алып, дәрісін тыңдап, жәрде­мін көрген. Мұндай бақыт Әуезовті ұстаз, руха-

ни әке санап жүрген жандардың кез келгеніне бұйыра бермегені белгілі. Ал Қ.Бекхожин болса, тәңір берген талантының арқасында қазақтың ұлы тұлғаларының көңілін өзіне ерте аудартып, шығармашылық қабіле­ тінің шың­дала түсуіне үлкен мүмкіншілік ала білді. М.Әуезов ілтипатына бөленген ең алғашқы сәтін жадында сақ­таған ақын: “...Әдебиетке құмар екенсің, та­лабың бар көрінеді, КазПИ-ге түскенің мақұл еді”,— деп маған үлкен ойлы көздерін тоқтатып қалды…” — деп жазды өз естелігінде [12]. Араға екі жыл салып, КазПИ-дің студенті атанған Қ.Бекхожин ұлағатты ұстазының қамқорлығында болғанын, оның ұстаздық өнерін ерекше бағалап, сол албырт кездің шуақты сәтін еске алып: “... ардақты Мұхтар ағайдан да көп тағылым алған едім, бұл кісі­ нің КазПИ-де оқыған лекциялары бір академия тәрізді болды. Мұқаң оқуды бітірерде маған “Қобыланды батыр” эпосы туралы дипломдық жұмыс тапсырды. Жазғандарымды ерекше бағалап, жұрт көзінше мақ­тағанда, менің шексіз қуанышқа бөленгенім әлі есімде...” — дейді [13]. Қ.Бекхожин жас кезінде жастардан қамқорлы­ғын аямаған С.Мұқановтан да дәріс тыңдап, рухани әке са­нап, батасын алған. Ақын оны өз естеліктерінде: “...менің қаламгерлік жас қанатыма дем берушілердің бірі — С.Мұқанов”, — деп есіне алады. Шындығында да, жас студенттің әдебиет тарихынан білімділігі ұна­ ды ма, әлде дарын танығыш қырағы көз С.Мұқанов оның болашағынан үлкен үміт күтті ме, әйтеуір жас Қалижанды бауырына тартып, білімге баули берген. Ақынның балаң өлеңдерін жиі тыңдап, ақыл-кеңесін аямаған. С.Мұқановтың көреген көңілі мен сезгіш сезімі студент жастың таудай талабы барын бірден байқап, жанына жақын тарта берген. Оған дәлел — С.Мұқанов 3-курс студенті жас Қалижанды оқулық құрастыруға автор етіп алып, білім-ғылымға икемдей бастайды. Осы жайды ақын: “Бізге ХХ ғасырдағы қазақ

әдебиет тарихынан лекция оқып жүріп, С.Мұқанов менің жазушылық өнерге қарай бұрылуыма зор әсе­ рін тигізді. 1936—37 жылдары Сәбит орта мектептерге арналған әдебиет оқулықтарын жасауға мені өзіне қосалқы автор етіп алды. …оқу кітаптары мен хрестоматияларға Сәбеңмен қосыла мен он жеті жылдай автор болып келген едім”, — деп жазды [12]. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин арасындағы осы байланысты, яғни ұстаз бен шәкірттің өте қарапайым болса да сирек кездесетін бұл бірлігін жоғары баға­ лап, өз ойын ашық айтқан профессор Тұрсынбек Кәкішев: “…3-курс түгіл, қазір аспирантураны бітіріп, кандидаттық атағын алғандардың өзіне мұндай жауапты істі атқаруға сенім білдіре бермейтіндігімізді кім болса да түсінер. Өзі 1937 жылы зобалаңда тепкі көріп жүргенде, әдебиет­тің болашағын ойлау, Құ­ дайға күнәкар болсам да айтайын, қазақтың ешбір данышпан ақын-жазушысы жасамаған ерлік”, — деп таңданысын жасырмайды [14]. Міне, осылай жас шағынан бастап М.Әуезов пен С.Мұқановтың тәрбиесін көрген ақын әдебиетіміздің айтулы өкілдерінің қатарынан орын алып, артында өлшеусіз мол мұра қалдырды. Соның ішінде, бү­гін­гі біз сөз етіп отырған поэмаларынан басқа ақын шы­ ғармашылығының тағы бір қыры — мектеп оқу­лық­ тарын құрастырудағы үлкен еңбегі. Қ.Бекхожин 17 жыл үздіксіз (1937—1954) белгілі азаматтармен бірге қазақ мектептеріне арнап әдебиет оқулықтарын құрастырғанын әдебиетші қауым білгенімен, кейінгі ұрпақ біле бермейді. Себебі, жас ұрпақ үшін ауадай қажет бұл оқулықтар туралы Кеңес өкіметінің әдебиетімізді, мәдениетімізді, өнерімізді тұншықтыруға арналған аты шулы 8 қаулысының арқасында еш жерде айтылмады да, жазылмады. Көбі жалпылама “оқулық құрастырған” деген сөзден әрі аса алмады, тек академик С.Қирабаев жетпісінші жылдары ғана Қ.Бекхожиннің осы еңбегін және сол кездегі басқа да оқулықтар жөнінде өз пікірін ашық айта алды [15].

Бұл жайдың толық айтылмауының себебі, кеңес саясаты бұл оқулықтарды “жас ұрпаққа кері бағыт сілтеуші, зиян жағы басым” деп таныды. Сондықтан Абылай мен Кенесары-Наурызбайды мадақтаған жырларды, Бұқар, Дулат, Мұрат, Шортанбай және т.б. өлеңдерін мектептерге оқытуға тыйым салды. Сөйтіп, 1936—1953 жылдар аралығында шыққан қазақ әде­ биеті мен хрестоматиялар саясаттың салқынына ұшы­ рап, пайдалануға жіберілмеді. Олар “қара тізімге” ілігіп, архив қойнауына кетті. Сол тізімнің өзі жеке кітапша болып шықты. Онда: 1) Мүсірепов Ғ., Бекхожин Х., Сейітов С., Жармағамбетов Қ. 10 кл. “Қазақ совет әдебиеті” (1950); 2) Бекхожин Х. 6 кл. “Әдебиет оқу кітабы” (1951); 3) Исмайлов Е., Бекхожин Х., Айтмұқанов С., Сейітов С. 10 кл. “Қазақ совет әде­бие­ ті” (1943); 4) Мұқанов С., Бекхожин Х. 8 кл. “Қазақ әдебиеті” (1942) оқулықтары мен т.б. кітаптар болды [16]. Ақын поэмаларының барлығы тарихи шындықпен ұласып жатқан эпикалық туындылар. Мысалы: “Орман қызы” (1938) Күләш Байсейітоваға; “Кек” (1938) милиция ардагері Балтабай Баратпаевқа; “Дала комиссары” (1960) Әліби Жангелдинге; “Сұңқар туралы аңыз” (1964) Сәкен Сейфуллинге; “Кремль сақшысы” (1967) азамат соғысының ардагері Әли Сәрсенбинге; “Александр Невский” (1941) ХІІІ ғасырдағы орыс халқының ұлы қолбасшысы А.Невскийге; “Жиырма сегіз” (1942) Москва түбіндегі 28 батырдың даңқты шайқасына; “Тұрлаулы тағдыр” (1957) әлеуметтік ағымда жазықсыз жапа шеккен замандасы, жазушы Зейін Шашкинге арналған поэмалар. Сонымен бірге Қ.Бекхожин замана келбетін, яғни, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі өндірістің дамуы, соғыстан соң шаруашылықты қалпына келтіру, мұнайшы, малшы, шахтер, кеншілер еңбегі, ғылым мен техника жетістіктері және т.с.с. жаңалықтарды жырлауға үнемі үн қосып, айтарлықтай көркем шығармалар тудырды. Ақын сол кездегі кеңес поэ­

зиясына ортақ тақырыпқа айналған халықтар дос­ тығы, шетелдердегі саяси ахуалдар, халықаралық жағдайлардың кеңес еліне әсері, екі саяси жүйенің (социализм мен капитализм) бір-бірімен бітіспес күре­ сі секілді өз заманының келелі мәселелеріне де үлкен үлес қосқан. Ақын аталған жайларға арнап көркемдік дәрежесі түрлі деңгейде бірнеше поэмалар жазды. Монографияның бірінші бөлімінде аталған поэмалармен бірге олармен мазмұндас, тақырыптас басқа да ақындардың поэмалары бүгінгі күн тұрғысынан қай­та қаралады. Қ.Бекхожин поэмаларының зерттелу жайын сараптап, деңгейін бағамдау, туындылардың тарихи-тақырыптық сипатын ашып көрсету, ақынның поэма жанрына қосқан үлесін анықтау — осы бөлімнің алдына қойған мақсаты. Поэмалардың тақырыптық ерекшелігіне байла­ нысты бірінші бөлім үш тарауға бөлінеді. Поэмалар­ дың айтар ойы мен көтерген мәселелеріне, ондағы идеяның ұқсастықтары мен үндестіктеріне қарай бір тарауда бірнеше поэмалар қарастырылып, олар тақырыпшаларға бөлініп берілген. 1.1. “Орман қызы” поэмасындағы образ жасау және типтендіру мәселесі Бүкіл саналы өмірін еліне аянбай қызмет етуге арнаған ақынның қаламынан туған барлық мұрасы халқымыздың өмірімен, тарихымен, әдебиетімен, мәдениетімен және өнерімен тығыз байланысты. Еліміздің тарихында болып өткен оқиғалар (тарихи және кезеңдік), ұлты мен халқы үшін қызмет еткен аяулы ұл-қыздарымыз туралы құнды дәйек-деректер, үзік-үзік сырлар, бәрі — Қ.Бекхожин туындыларының негізгі арқауы. Поэзиядағы жаңашылдық және дәстүр жалғастығы жөніндегі пікірінде Е.Ысмайылов “30-жылдардағы қазақ поэзиясының даму бағытында екі түрлі ағым болды. Бірі — Маяковский дәстүрін жалғастырушы С.Мұқанов бағыты, екіншісі — Пушкин, Гейне, Шев-

ченко және т.б. меңгерген Сәкен, Ілияс бағыты” дей келе: “Бұл екі жаңашылдық беталыстың екеуі де қазақ совет поэзиясының дамуы жолындағы заңды құбылыс еді. Поэзияда әр алуан ақындық үлгі, өнер жолы қаншалық мол болса, соғұрлым өнімді нәтиже беретіндігі даусыз”, — деген болатын [17]. 30-жылдардан басталған Қ.Бекхожин шығар­ машылығы осы екі бағыттың қайсысына жатады? Біздің ойымызша, екі ағымның да Қ.Бекхожин шы­ ғармашылығына тигізген ықпалы зор болды. Бірін­ шіден, ақынның әртүрлі тақырыпқа жазылған дас­ тандары басқа ақындардың поэзиясымен жалғасып, үндесіп жатса, екінші жағынан, орыс поэзиясының әсері анық байқалды. Дегенмен, ашық айту керек, ақын ұстанған бағыт — екінші С.Сейфуллин, І.Жансүгіров ұстанған бағыт болатын. Сәкен (“Советстан”, “Альбатрос”) мен Ілияс (“Да­ ла”, “Күй”, “Күйші”) поэмалары — кеңес қазақ әде­биетіндегі эпикалық жанрдың озық үлгілері. Бізге дейін бұл туындылардың қыры мен сыры, көр­ кемдігі, жаңашылдық сипаты, көздеген мақсаты туралы ғылыми құнды пікірлер айтылып, салмақты тұжырымдар жасалып, барлығының да ой қорытула­ ры бір арнаға тоғысқан. Біз де осы поэ­малар жөнінде жасалған зерттеулерді әрі қарай жалғастырамыз. Олардың шығармалары кезең мен сол кезең адамдарын образ етіп алып, ескі мен жаңаны салыс­тыра көрсете білген лирика-философиялық эпиканың бастауы болғаны ақиқат. Заман ағымына орай жа­ зылған бұл поэмаларда тақырыптық кезең, дәстүр жалғастығы, ортаның жаңарып отыруы, оның кейін­ гімен жалғастық табуы эпикалық поэзияның сипатын аша түседі. Поэмалардағы ой ағыны (логика) фило­ софиялық, ал өзіндік өзгешелігі, яғни жазу мәнері (стиль) тұрғысынан қарағанда, публицистикалық болып келеді. Поэмада бұл екі көрініс эпиканың тың белгілері болып саналады. Сәкен, Ілияс дәстүрін ұстанған ақынның алғашқы поэмаларының бірі — “Орман қызы” (1938). Ақын

бұл поэмасын заман ағымындағы елеулі оқиға — ком­ со­молдың 20 жылдығына арнаған. Осы мерекеге байланысты Жазушылар одағы көркем шығармаларға бәйге жариялап, қорытындысында “Орман қызы” поэ­ масына озық жүлде берілген. Поэма — Мәскеуде өткен Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігін, сол кезең мен дәуір жаңалығының жекелеген сәттерін эпикалық жанрда кең бейнелеген поэтикалық шығарма. Бұл поэма — ақын шығармашылығындағы өз за­ ман­дасының көркем бейнесін жасап, оны жинақтап, яғни типтендірудегі алғашқы қадамы. Автор алғашқы поэмаларында-ақ тарихи деректерге сүйене отырып, оны нақтылы, дәйекті түрде қарастырып, әнші, күйші образдарын типтендіру мәселесінің шешуін тап­қан. Себебі ақынның осы поэмасынан кейін өнер адам­да­ рының өміріне арнап жазылған бірнеше поэмалары дүниеге келді. Әр көркем бейне, көркем әдебиет үшін, жаңа кейіп­кер. Ал жаңа кейіпкер туынды үшін жаңалық болуы шарт. Ол тарихи тұлға болса да, оған арналған бірнеше шығармалар болса да, жаңа көркем туынды үшін ол жаңа бейне болып табылу керек. Сондай-ақ ақын поэмасының басты образы — жаңа қоғам адамы. Ал жаңа қоғам адамының өзіне тән көзқарасы, дүниетанымы, ойлау мүмкіндігі, өз ортасы болуы шарт. “Орман қызы” поэмасындағы жаңа қоғам ада­ мының негізгі түптұлғасы (прототип) — әнші Күләш Байсейітова (1912—1957). Поэманың ерекшелігі — ақынның өмір шындығын көркем бейнелеуі және алғашқы эпикалық дастан­ дарының бірі ретінде саналуы. Поэмада ақын “тағ­ дыр тартысы”, “адам бақыты”, “әнші бақыты”, “ел құрметі”, “халық қошеметі”, “өнер құдіреті”, “ұлт қуанышы”, “табиғат сыйы” деген сияқты сөз тір­кес­ терімен адам өмірінің рухани дүниесі үшін керек қа­ жет­тіліктер мен құндылықтарды көрсеткен. Поэманың негізгі идеясы — тарих қойнауына кетіп бара жатқан саяси-әлеуметтік оқиғаның маңызын

көрсетіп, тарихи-тақырыптық сипатын беру. Ол жөнінде ақын: “Мен жазған поэмалардың мазмұндары тарихта және өмірде болған оқиғаларға негізделеді… “Орман қызы” қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылы Москвада өткен онкүндігінің әсем салтанатына кейін үн қосқан шығармам болды”, — дейді [18]. Шығарма желісіне келер болсақ, бас кейіпкер Қарлығаштың бала кезінен бастап, үлкен өнер биігіне көтерілгенге дейінгі уақыты баяндалған. Қарлығаш — орманшы, күйші шалдың қызы. Шешесі жасынан қайтыс болып, “әке әлдиімен”, “күй ырғағымен” бойжеткен қыздың балалық шағы орманда, яғни табиғатана аясында өтеді. Екі бөлімнен және қорытынды сөзден (эпилог) тұратын поэма өнер тақырыбын алғаш көтерген туындылар қатарына жатады. Автор поэманың басында өзін мазалаған жайларды баяндай келе шығарманы жазу себебіне тоқталады. Алаңсыз жүрген кезімде мені мазалаған — “ән сиқыры”, сол себепті әншіге жыр арнамаса, оған қошемет көрсетпесе болмайды деп ой түйеді де: Әлпештеп әлди әннің бебеуімен, Көтерем көкке құстай қыз құмарын... немесе Еркесі ой-сезімнің ән менен күй, Қыздың да жүрегіне тиер жылы, — дейді ақын [18]. Жоғарыдағы төрт жолдың өзінде-ақ ақын “ән” деген қасиетті сөзді “әлди ән”, “еркесі ойсезімнің ән” деп өзгеше бір ұғым, түсінік бермесе де, өзінше пайым, баға беріп кеткен. Одан әрі ақын өзінеөзі сенім артып, қиялын қанаттандырып: Қанат қақ, ал қиялым, үдере бер, Шаттықтың жерде жүрген үндерін тер, — деп [18], дастанның басталғанынан оқырманды хабардар етеді. Поэманың бірінші бөлімінде орман іші, жалғыз үй, екі адам: бірі — Қарлығаш, екіншісі — қыз

әкесі — күйші әрі бағбан шал. Күйші шал қызын кішкентайынан бастап күйдің алуан ырғағымен, түрлі бебеу қағуымен, баяулаған сыбырымен, әйтеуір күй әлдиімен тәрбиелейді. Жасынан күй тыңдап, ән тыңдап өскен қыз өсе келе өзі де сол әуенге тербеліп ән салады. Оны ақын: Өлсе де қыз анасы бала күнде, Бұлғақтап өсті ұқсап лала гүлге. Серпіліп қамқор әке әлдиіне, Жасынан әндететін қыз да бірге, — деп әдемі де әсерлі суреттеген [18]. Автордың кейіпкерлер мінез-құлқын, қимыләрекетін, өзіне тән ерекшелігін (характер) ашудағы, сырт бейнесін, кескін-келбетін (портрет) жасаудағы, олардың жан дүниесін (психология) кең әрі жоспарлы (планировочный) түрде көрсетудегі, кейіпкерлер өміріндегі қозғалыс-күйзелістерді композициялық бірлікте ұштастырудағы талпынысы поэманың өн бойынан айқын байқалады. Ақын бұл бөлімде табиғат көріністеріне (пейзаж) ерекше көңіл бөлген. Табиғат сыйы — әрбір гүлдің, жапырақтың, шөптің, талдың, бұтаның өсіп жетілуін жас қыздың өсуімен, оның көңіл күйімен, балалық шағымен, тіршілік әрекеттерімен салыстырып, та­ биғи құбылыстарды (жаңбыр, жел, дауыл, шуақ, самал және т.б.) қыз өмірінің бір сәттік тұстарымен қа­быстырып, өзгеше бір поэтикалық өрнек тауып, пси­хологиялық параллелизм тәсілімен суреттеген. Сонымен бірге ақын адамға эстетикалық ләз­зат сыйлайтын (эстетическое наслаждение) аң-құстардың (бөкен, киік, аққу, сандуғаш, бұлбұл) дыбыстарын, үндерін, қозғалыстарын, тіпті, сыртқы түрлерін қыз жан дүнесімен салыстырып, олардың әсемдігінен, сұлулығынан өзара ұқсастық тапқан. Поэмадағы тағы бір ерекшелік — біріншіден, шығарманың мазмұны өнер туралы болған соң, оның басты кейіпкерін нәзіктікті, сұлулықты, көркемдікті сүйетін адам (эстет) етіп көрсету, екіншіден, ақын

бойындағы ұлттық сезімінің әсерінен болу керек, туындыны ұлттық санаға, ұлттық түйсінуге қарай лайықтап жазу. Сондықтан да ақын күй туралы, ән туралы да көп ізденіп, көп толғанған. Ақын ән мен күй құдіретін жеткізу үшін, түрлі сипаттама (эпитет) арқылы бейнелі сөз тіркестерін орынды қолданған. Мысалы: сиқырлы әлди құйын ән кербез бөбек шерлі толғақ інген күй есті қоңыр Ақын Қарлығаштың балалық шағын жырлай келе, бөлім соңында қыздың бойжеткенін, көңілі алабұртып, бұрынғыдай әке тартқан күйге елітпеген шақ­ тарын, ішкі дүниесінде құпия сыр жасырынғанын сәтті бейнелейді. Ақыры көңілі алаң кейіпкер үйінен кетіп қалады. Қыздың үйден кетуі — поэманың шарықтау шегі (кульминация). Осы тұстағы дамудың табиғи процесі — желінің қалыпты ырғағынан ауыт­ қып, қыз бойындағы психологиялық көңіл күйді әсерлі көрсетуі. Қызын шарқ ұрып іздеген әкеге табиғат бейне бір адам секілді үн қатып: “Білмейміз, қай тарапқа қызың қашты”, — деп, шалдан бір сырды жасырғандай болады. Суреткер кейіптеу (олицетворение) тәсілі арқылы табиғатқа тіл бітіріп, оны адамша сөйлетеді. Ақын қиялының осы ұшқырлығы поэма жетістігінің бірі болып көрініп, оны былайша өрнектеген: Бұлбұл да көрмедім деп былдырлады, Бұлақ та білмеймін деп сыңғырлады. Бәйтерек басын шайқап шал байғұсқа, Бар орман түнгі бұлттай тұнжырады [18]. Жүрегі бір нәрсені сезсе де, үмітін үзбеген әке перзентіне неше алуан күй арнап, таудан, орманнан, ағаштан сұрауын тоқтатпай: “Қобыз ғой, еміздігің киігім-ау, Әуезін еміренбей қидың неден?” — деп күй­ зеліп, енді қызын алыстан іздеуге шығады.

Поэманың осы жерінен бастап өмірде кездесетін объективтік жағдай драмалық сипат алып, шығарма­ ның желісі қоюланып, оқушыны қызықтыра түседі. Автор осы арада әкенің балаға деген ниетінің тұнық­ тығын, баласын ешбір жамандыққа қимайтын ата-ана жанының құдіретін таза, табиғи қалпында көрсетеді. Оқиға одан әрі дамып, эпикалық шығармаға сай кейіпкерлер арасындағы психологиялық тартыстар (конфликт) тұтас бір картинаға ұласып, жоғары жетістікке жеткен. Екінші бөлімде Қарлығаш жақын ауылға барып, алтыбақан ойнап жатқан жастарға жолығады. Алты­ бақанда ән салған қыз сол жерде ұшқыш жігітпен танысып, Алматыға келіп білім алады. Ақын қыздың ән әлемінің биігіне көтерілген тұстарын “Қарайтын ғасырлардың ноталарын” деп көтеріңкі көңіл күймен (пафос) жырлайды. Ақын поэмада дәуір жаңалығы болып саналатын мәдениет пен өнердің қанат жайған тұстарын, кеңес­ тік дәуір кезіндегі халықтардың таным-түсінігін, достығын, бір-біріне деген ықыластарын суреттеуге де бірталай орын берген. Өз замандасының жарқын келбетін, қоғамның жақсы жақтарын көркемдікпен жырлаған ақын болған оқиғаларды нақты деректерге (факт) сүйене отырып жазған. Мәскеуде шырқалған қазақ әні, орындалған қазақ күйі, қазақ қызы Қарлығаштың Кремльде ән салуы, оның өнеріне мыңдаған кеңес халқының тамсана қол соғуы, “Коминтерн” радиосының осындай жаңалықты жан-жаққа таратуы, Мәскеу халқының әнші қызға ризалық сезімі, әншіге жасалған құрмет, берілген атақ және т.б. тарихи сәттерді ақын өз ұлтының жетістігі ретінде түсініп, қуанышпен, мақтаныш сезіммен шебер жеткізеді: Тарту ғып ұлы тойға Қазақстан… Аймалап Мәскеу халқы ән мен күйді… Шаттықпен қазақ даусы аспанға ұшты, Орады мұнарасын Кремльдің... [18].

Ол кезде Мәскеу сахнасында ән салу және жақсы құрмет-қошеметке бөлену кез келген өнер адамына бұйырмаған. Араға жарты ғасырдан астам уақыт са­ лып осы дәуірмен салыстыра қарайтын болсақ та, сол кездегі талаптың деңгейі өзгермеген күйінде қалып отырғаны бәрімізге белгілі. Оған дәлел — Мәскеу сахнасын көрген әншілеріміздің санаулы ғана болуы. Соңғы 20 жыл ішінде эстрада әншілері арасынан тек Қазақстанның Халық артисі Р.Рымбаеваның жеке концерті өтті. Ақын Қарлығаштың сахнада ән салып тұрған кезін сұлулықтың символы — аққуға теңеп, ерекше реңтүстердің бірі — “ақ” сөзін жиі қолданған. Қыздың әшекейлері — “ақ шолпы”, “ақ үкі”, саусағы — “ақ­ саусақ”, өзі — “ақ киіктің лағындай”, тіпті сахна пер­ десі де “ақ перде”, оған шын көңілден “ақ тілектер” айтылды дейді. Осы бір “ақ” сөзін құрастырып (компоновка), керемет бір үйлесім (гармония) тауып, деректі және дерексіз заттармен қатар қолданып, белгілі бір ұғымның сипатын беріп, дастанның көркемдік қуатын арттырған. Жалпы “ақ” сөзінің қолданысы көп жағдайда таза, пәк, кіршіксіз деген ұғымдарды білдіретіндіктен, символдық мазмұнды да көрсете алады. Сөйтіп, ақын “аққа” көмкерген кейіпкерін, оның өмірінің әсемдігін, өнердегі жолының ақтығын жаңа заманның ты­ ны­сы­мен салыстыра суреттейді. Ақын шығармасынан бейнелеу тәсілдерінің осындай ерекшелігін аңғар­ ған академик С.Қирабаев: “Қалижан поэмасынан да әсемдікке құмарлық, қыздың көркі мен әніне елткен ақынның сезімталдығы, сыршыл сезім-күйі танылатын. Ақын Қарлығаштың жастығын заман жастығы туралы ойға ұластырып, екеуінен ортақ бейнелер шабытты толғаныс үлгісін тапқандай еді”, — деп ой айтады [11]. Сонымен, орман ішінде әке тәрбиесінде жалғыз өс­кен жас қыз әнмен, күймен әлдиленіп, талантты дарын иесі болады. Жасынан естіген әуеннің құдіреті

мен өзінің жігер-қайратының арқасында заманға лайық атақ-дәрежеге жетеді. Ақын эпилогта бағбан шал мен қызы Қарлығаштың табысқанын, елдің құрметіне бөленгенін айтады. Поэма мәтінінде ұлтымыздың тұрмысын, мәде­ ниетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын (этногра­фия) бейнелейтін сөз тіркестері көп кездеседі. Мысалы, “отындай жерошақтың”, “жапанда керуендей”, “түйедей желді күнгі”, “қызық алтыбақан”, “өлеңмен шашу шашып”, “үн сыңсытып”, “үндердің сабасы”, “күймедей көмекейден”, “пейіште туған бұлбұлдай”, “жеңгедей жасырынған”, “болсын әзір ерулігің” және т.б. Сонымен бірге ақын тұрақты сөз тіркестерін де (фразео­логия) орынды қолданған. Оларға “бармағы­ нан бал тамған”, “ағарған сақал-шашы”, “сұңғақ бой”, “қаз омырау”, “қырмызы гүлдер”, “тоқсан тарау” және т.б. сөздер жатады. Поэмада: Басына дуалық қып қобыз қойып, Өткізген әлди әннің нелер таңын, — деген жолдар бар [18]. Осындағы “дуалық” сөзі — көне сөз (архаизм), негізінде діни наным-сенімдерге байланысты айтылады, яғни дуалап берген тұмарша деген. Ақын осы сөзді кеңес дәуірі тұсында да өз шығармасында орын тауып қолдана алған. Халық түсінігі бойынша, “дуа” адамдарға арнап Құран сөздері арқылы оқытылып жасалатын ішірткі. Оның негізгі мақсаты — болмайтынды болдыру және болатынды болдырмау. Ал бұл жерде “дуалық” мұсылман халықтарына тән балалар тәрбиесіне байланысты ырымдардың бірі ретінде, яғни қобызды кие тұту мағынасында беріліп тұр. Ақын оны баланың тұсына, яғни бас жағына іліп қойып, оның болашағынан зор үміт күтудің, жақсылықты шақырудың нышаны деп берген. Қ.Бекхожин — алғашқы поэмасында-ақ өзіне тән сөз саптау мәнерін (речевой стиль) қалыптастырған

ақын. Оған дәлел ақын шабытынан туған бейнелі сөз тіркестері, яғни ауыстырулар (метафора): “қиялдың ағысы”, “күйдің толғағы”, “замананың арбасы”, “әжім түскен ой-жүрек”, “қуаныштың бесігі”, “елші сөздер”, “күнәсіз сезім”, “кінәсіз қиял”, “қоше­ меттің сәулесі”, “жел — қиялдың жорығы”, “ән — махаббаттың әулиесі” және т.б. Поэмада өмір шындығын бұрмалап, мысал ретінде елестету (иллюзия), болған оқиғаны жалған немесе білмей мысал үшін айту (иллюстрация) атымен жоқ. Дерекке, өзінің көргеніне сүйеніп шын өмірде болған жайларды ақын көркемдік қиялымен (художественная фантазия) ұштастырып, поэзия тілімен жаза білген. Автор поэманың сюжеттік негізінде (фабула) қыз әкесін күйші, әнші етіп көрсетумен бірге бау-бақшаның бағбаны дейді. Осы арада ақын бағбан шалдың жан дүниесін, ішкі танымын, барлық адамдық болмысын, бойындағы жылы шуақты, сергек сезімді тек бау-бақша өсіруші емес, “адам өсіруші”, “адам бағбаны” деген ұғымға саяды. Сол себепті, ақын о баста-ақ кейіпкерінің бойына “қыз өсіруші” әкеге лайық осындай жақсы қасиеттерді жинақтап, топтастырған. Поэманың логикалық ерекшелігі — қыздың ана әлдиі­мен емес, әке әлдиімен өсуінде. Ақын бала мен ана арасын, оның ішінде, қыз баланың анаға тым жақын болуын білмейді емес, біледі. Бірақ ақын осы жерде қалыптасқан дәстүрді, пішінді (статическое форма) бұзып, “әке” бейнесін шығармаға арқау еткен. Бұл — ақын жүрегіндегі өз ойын жеткізудің бір тәсілі және “әке” деген атқа лайық пенденің жан дүниесі “ана” жан дүниесінен кем емес деген ойға тоқталып, соны философиялық тұрғыда дәлелдеуі. Автор шығар­ мада бұл мақсатына жеткен. Ақынның бұлайша ой қоры­туы — бүгінгі күн тұрғысынан да, халықтық этнопедагогика тұрғысынан да қажетті тәрбие құралы болмақ. Сол себепті, аталмыш туынды өз маңызы мен мәнін жоймайды.

Жоғарыда айтылған сөзімізге қайта оралсақ, “Ор­ ман қызы” поэмасының кейіпкері — жаңа қоғам адамы және оның түптұлғасы К.Байсейітова деп айтқанбыз. Бұл — шындық. Сол себепті, поэманың басты-басты екі құндылығына тоқталсақ, біріншіден, шығарма К.Байсейітоваға арнап, оның көзі тірісінде жазылғандығы; екіншіден, Күләштің көркем бейнесін жасаған тұңғыш туынды екендігі. Бұдан кейін Әбділда Тәжібаев “Күләш туралы этюдтар” атты толғау, Қасым Тоғызақов “Күләш” атты поэ­ ма жазды. Әрине, олардың бәрі де әйгілі әнші өмірден өткен соң, оның бейнесін көркем әдебиетте қалдыру мақсатында дүниеге келген шығармалар. Қ.Бекхожин бұл поэманы 25 жасында жазды. Ол кезде Күләш 26 жастағы барлық атақ-дәрежеге ие болған, аты алысқа кеткен өнер иесі еді. Демек, кез келген ақын-жазушының әншіге көзі тірісінде көркем шығарма арнауы оңайға түспеген сыңайлы. Десек те мұндай кедергілерді ақын Қ.Бекхожин жеңе білген. Дегенмен шығарманың көпшілікке, әдебиетші қауымға әсері (объективті) және кейіпкердің жеке­ басының характер мәселесі, оған дастан желісінің ұнап-ұнамауы (субъективтік) және т.б. жақтары болуы шарт. Қалай айтсақ та, ақын бұл шығармасында айтарлықтай табысқа жетіп, өзіне лайық бағасын алған. Бұл поэма туралы филол.ғ.д.проф. Әбділхамит Нарымбетов: “Сюжетті, эпикалық поэманың басты көркемдік компоненті — сюжет болса, сол сюжет үшін белгілі бір дәрежеде тартыс ауадай қажет екені белгілі. Ал “Орман қызында” ондай тартыс жоқ. Сон­ дықтан поэма қыздың шағын өмірбаянын көркем баяндайтын очерк типтес поэмаға көбірек ұқсап кеткен”, — дейді [19]. Бұл пікірді жоққа шығара алмаймыз. Себебі, поэмада тартыс жоқ, қыздың балалық шағы, өсуі, ауылдан кетуі, білім алуы, ән салу өнерін меңгеруі, Мәскеуде ән шырқауы, атақ-абыройлы болуы, әкесімен қайта табысуы, осылай рет-ретімен

кете береді. Ешбір тартыс байқалмайтыны рас. Дей тұрғанмен, жоғарыда айтып өткеніміздей қыздың әкесін тастап кетуі, сол сәттегі қыз әкесінің басынан кешірген сезім арпалыстары поэмада аз да болса оқиғаға қатысушылардың (персонажый) тартысын туғызған. Сонымен бірге поэманың көркемдік бояуы, ақынның өзіндік қолтаңбасы, тақырып игеру мүмкіндігі сол тұстағы қазақ поэзиясының жетістігін көрсетеді. Жоғарыдағы пікірден соң құрылымында (компо­ зиция) өзіндік өзгешелігі бар “Орман қызы” поэма жанрының қай түріне жатады деген заңды сұрақ туа­ ды. Проф. Ә.Нарымбетов “очерк типтес поэмаға көбірек ұқсайды” десе, енді осы мәселеге орай ғалым Т.Ибрагимовтің пікіріне жүгінуге тура келеді. Ол: “Поэма — композициялық құрылысы жағынан жартылай сюжетті, жартылай лирикалы. Негізгі оқиға екі бөлімді сюжеттік желіде баяндалып, прологті және эпилогті эпикалық құрылыс бітімін қосқанымен, автордың лирикалық, экспозициялық шегіністері сюжетті өзіндік еркін дамуынан жаңылдырып, лири­ калық қалыпқа ауысады да, поэма лиро-эпикалық сипат алады”, — дейді [8]. Ғалымның бұл айтқан ойлары поэманың құрылымымен дөп келеді. Ал Ә.Нарымбетовтің “очерк поэма” дегені ақынның тұң­ ғыш поэмасына жоғары баға болып саналмайды. Дегенмен ғалымның бұл пікірінің де астары бар сияқты, ғалым ақын талантын одан әрі ұштау мақ­сатында артық мадақтауға бармаған секілді. Сонымен, екі ғалымның пікіріне сүйене отырып әрі зерттеу барысында көз жеткізгеніміздей, “Орман қызы” — сюжетті лирикалық поэма. Поэма ерекшеліктерінің тағы бірі — ақынның өмір шындығын көркем бейнелеуі және алғашқы эпика­ лық дастандарының бірі ретінде саналуы. Поэмада ақын “тағдыр тартысы”,“әнші бақыты”, “ел құрметі”, “халық қошеметі”, “өнер құдіреті”, “ұлт қуанышы”, “табиғат сыйы” секілді адам өмірінің рухани дүниесі

үшін керек қажеттіліктер мен құндылықтардың қасие­тін ашып көрсеткен. Жүлде алған жеті поэма “Поэмалар жинағы” деген атпен жарыққа шықты (1940). Олар: Д.Әбілевтің “Мұң­ сыз Мәрия”, Н.Байғаниннің “Ақын”, Қ.Қазыбековтің “Жас патриот”, Қ.Әбдіқадыровтың “Алатаудың ер ұлдары”, Қ.Сатыбалдиннің “Шешілген жұмбақ”, Қ.Аманжоловтың “Құпия қыз” және Қ.Бекхожиннің “Орман қызы” дастандары. Кейін бұл поэма “Жеті дастан” (1966), “Алты асқар” (1973), “Үш томдық шығармалар жинағы” (1982) кітаптарында жарияланды. 1.2. Қ.Бекхожин поэмаларындағы патриоттық идея және азаматтық әуен Қ.Бекхожиннің 30-жылдардан бастау алған үл­ кен ой ағыны (идея), көтеріңкі көңіл сарыны (пате­ тика) ақынды замана толқуына қарай азаматтық әуенді жырлауға бет бұрғызды. Дәуір тынысына орай Қ.Бекхожин поэзиясы С.Сейфуллин шығарма­ шылығымен мақсат-мүдделері ортақ, ойлары үндес екенін жоғарыдағы тараушада айтқан едік. Осы мақ­ саттастықты, ұқсастық пен үндестікті кейбіреулер еліктеушілікпен шатастырады. Біздің ойымызша, екеуі екі басқа ұғым. Еліктеу — ақын шығармалары­ на құр ұқсаудан туған ғана көрініс. Ал үндестік — идея­ластық, мақсаттастық, яғни көзқарас, танымтүсініктің ортақтығы. Сол себепті, әр ақын жеке адам (индивидуум) болып саналады. Ендеше, олардың шығармашылық ізденісі, ақындық өзіндік стилі, аза­маттық болмысы түрлі деңгейде болуы керек. Ал зерттеушілер осы қасиеттерді олардың шы­ғар­ маларынан іздеуге тиісті. Жалпы үлкен жанрда соны із қалдырған ақынжазушылардың бәрі де әуелі ұсақ жанрларға қа­ лам тартқаны белгілі. Өзгелер өткен бұл жолдан Қ.Бекхожин да өткен. Оның патриоттық тақырыпқа жазылған поэмаларына бастау болған ұсақ өлеңдері,

балладалары, толғаулары екені анық. Поэма жазу­ ға осындай үлкен дайындықпен келген ақынның азаматтық әуенге үн қосқан, өз идеясын көркем тілмен жеткізген дастандары өз алдына үлкен бір дүние. Өмірдің ағымына қарай, қоғамның дамуына орай жазылған бұл поэмалардың негізгі мақсаты — жастарды ерлік пен еркіндікке, жаужүректілікке, отансүйгіштікке, табанды күреске, жеңімпаздыққа, қайсарлыққа, жасампаздыққа, жігерлілікке баулу. Өз ортасында азаматтық ойы қалыптасып үлгерген ақынның патриоттық идеяны санаға сіңіру мақсатын­ да жазылған поэмалары екі үлкен тарихи оқиғаны негізге ала отыра өрбіген: бірі — Азамат соғысы тұсындағы қанды оқиғалар; екіншісі — Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері. Сондықтан тараушаның көздеген мақсатына байланысты бірінші азамат соғы­ сы тақырыбына жазылған ақынның бірнеше поэмаларына талдау жасаймыз. Қ.Бекхожин бұл дастандарында сол кездегі жо­ рықтарды, оның маңызын, “қой үстіне бозторғай ұялаған” заманның негізін салған күн көсемнің бейнесін, оның идеясымен қаруланған және сол идеяны жақтаған азаматтар мен батырлардың көр­ кем бейнесін өзіне тән ерекшелікпен жырлаған. Біз ақынның сол шығармаларынан кімді жазды, кімді жаза алмады, нені айтты, нені айта алмады деген сауалдарымызға жауап іздейміз. Сонымен бірге әдебиеттану ғылымында негізгі болып саналатын мәселелердің — шығармалардың көркемдік ерекшелігін, тарихи-тақырыптық сипатын ашып, оған мазмұндық шолу жасай отырып туындылардың өмірлік маңызына тоқталамыз. 1.2.1. Оқиғалар шындығы және ақын көзқарасы Ақын азамат соғысы жылдарындағы тарихи оқи­ ғаны негізге алып 1938 жылы “Кек” атты поэма жазды. Поэма сол жылы “Лениншіл жас” газетінде жарияланып, жұртшылықтың жылы ықыласына ие

болды. Ақын поэма мазмұнында балалық шағында көз алдында өткен дүбірлі Қазан төңкерісін баяндайды. Дастанның бас кейіпкері — азамат соғысы кезінде опат болған, төңкерісті құп алып, оның орнауына белсене атсалысқан азамат Балтабай Баратпаев. Ақын оның бейнесін ешбір бүкпесіз, тура өз аты-жөнімен алған. Автор: “Мен сол алты-жеті жастағы ұлан кезімде тар көшемен үйіміздің алдынан найзалы мылтықпен артына жасақ ертіп, қара қасқа атпен құйғытып өткен Балтакеңді талай рет көрген едім… Кейін “Кек” поэ­ масын жазарда бала қиялымда ұялаған сол айбынды бейнесін еске түсірдім”, — дейді [12]. Поэмада алтыжеті жасар баланың көзі көрген алмағайып заман, төрткүл дүниенің төңкерілуі, най­залы мылтық, жалаңдаған қылыш, зіркілдеген зеңбірек, қызыл әскер, қызыл ту, бай мен кедей, қуғандар мен қаш­ қандар, ақтар пен қызылдар, Балтабайдың батыр бейнесі т.с.с. суреттер көркемсөздің қасиетімен әсерлі суреттеледі. Жас баланың санасында сол көр­ гендері бейне бір түрлі түсті картина көргендей әсер қалдырған. Ақын оны былай жеткізеді: Онда мен жетідегі жүгірмекпін, Ұқтым ба дүбірлеген сырын көптің? Зеңбірек күркілдесе қызық көріп, Қызыл ту желпілдесе күлімдеппін... немесе ...Шыққан бір шулы батыр Керекуден, — Естіген бала күннен жырым менің [18]. Поэманы “Кек” деп атаған ақын сол тақырыпты ашатын әрі тарихи шындық пен көркем ойды ұш­ тастыра суреттей отырып, оқырманға ой тас­тайтын аянышты көрініс беретін оқиғалар арқылы поэма сюжетін үлкен логикалық тәсілмен құра білген. Поэ­ ма сюжетінде бір ғана кектің қайтуы емес, бірнеше кектің қайтуы беріліп, оның негізгі қозғаушы күші, болу себебі (фактор) анықталып отырады. Автор кейіпкерлердің қым-қуыт тартысы (конфликт) ар­

қылы дастан құрылымына жаңалық енгізген. Поэ­ маны тарауға, бөлімге бөлмей, “көрініс” деп атап, олардың ішкі бөліктерін үзінді секілді (фрагмент) үлгіге сәйкестендірген. Мұндай тәсілдер сирек болса да эпикалық дәрежедегі ақындардың кейбір туын­ дыларында ұшырасып қалады. Көрнекті ақын Ж.Молдағалиевтың поэмаларында­ ғы азаматтық пафос мәселесін зерттеген филол.ғ.к. Жолдасбек Мәмбетов былай дейді: “Қазақ поэмасы қай кезеңде де ұлт өміріндегі ұлылы-кішілі мұраттар­ ды жаңаша бейнелеуге ұмтылып келеді. Адамның рухани жан дүниесіне, ұлттық санасына терең бойлау арқылы ғана поэманың жанрлық қырларын түр­ лендіріп молайтуға, ішкі сезімді бейнелеуге болады” [20]. Зерттеушінің осы сөзі Қ.Бекхожиннің “Кек” поэмасында орын алған жанрлық түрленудің сырын ұқтырғандай. Поэма желісі жөніндегі ойымызды нақтылай түссек, оны былай көрсетуге болады: Балтабайдың Ба­ ғайдан, Банудың Балтабайдан, жігіттің Банудан кек алуы. Бір-бірімен сабақтасқан оқиға осындай үш жағдайда (ситуация) дамиды. Осы үш жағдайда поэма желісінің тартысы шиыршық атып, олардың ішкі сезімдерінің бір-бірімен арбасуы өте әдемі шешім тапқан. Бағай байдың екі қызының үлкені— Бану әке­ сі үшін өлімге басын тігіп, бостандық әперу, азат ету (эмонсипировать) мақсатында Балтабай қолындағы семсерге жармасып, кешірім беруін өтінеді. Бірақ Балтабай жүрегіндегі бала күннен бергі қатқан шер жібімейді. Амалы таусылған сұлу қыз бұрынғы қыз­ метшісіне: “Мені ал немесе таңдағаныңды ал”, — деп жалынады. Кек буған Балтабай оған да илікпей, ақыры Бағай байды өлтіріп тынады. Әкесін көз алдында өлтірген Балтабайдан кек алу үшін Бану бар өмірін арнайды. Араға уақыт салып Бану Балтабайды өлтіріп, әкесінің кегін алады. Ал Бануды Балтабай жанын­ дағы жігіт өлтіреді. Бұның бәрі — заңды құбылыс. Сол себепті, поэмадағы бұл оқиғалардың барлығы да шын

өмірде болғандықтан, оқушыны шынайылығымен иландырады. Бұл көріністер тақырыпты кеңінен ашып, оқиға идеясын анық көрсетіп, автордың пат­ риоттық сезімін жеткізуде маңызды рөл атқарып тұр. Бұл жөнінде сыншы Рамазан Тоқтаров былай дейді: “Кек” поэмасы орындалу жағынан алғанда, мінсіз мүсінделген туынды. Шашау шықпай құрылған шымыр сюжет, еркін тыныстанған өлең, нық шегедей берік қағылған ұйқас, бәрі-бәрі поэманың өршіл үнін жарқырата ашып тұр” [21]. Табиғат көріністерін орынды жырлай білген ақын Кереку қаласын, Ертіс өзенін, Баян тауын, Жасыбай көлін өлеңіне арқау ете отырып: Туған жер бесігі ғой балалықтың, Құмында Керекудің жаралыппын. Әркімнің туған жері — Мысыр деген, Сол жерден таусылмайтын нәр алыппын, — деп [18] өз монологін да бере алған. Автордың бұл жерде туған жер туралы психологиялық толғанысын айтудың негізгі себебі, осы тарихи оқиғаның сол өңірде, ақын туған жерінде өтуінде. Поэманың негізгі ерекшелігі — ақын жалпылама ерлікті жырлай бермейді, нақты фактілерге тоқта­ лып, тарихи болған оқиғаларға көз жіберіп отырады. Автор сол фактілерді тізе бермей, поэманың көркемдік сипаты мен тарихи-тақырыптық маңызына көңіл аударған. Шығармада лирикалық шегіністер де анық байқалады: Жас күндер өзінше бір шеру еді, Әлі де көз алдымда керіледі. Қызықтап түйесіне мінетінбіз, Келгенде Баян таудың керуені… Жақ-жақ боп жасайтынбыз батыл жорық, Бәріміз Балтабайша батыр болып. Әлде жыр басталды ма сол жорадан, Кеудемде сондай әуен жатты толқып?.. — деген [18] ақын балалық шақтың қызықты күндеріне бір сәт бой алдырады.

Ақынның заман талабына үн қосқан бұл поэмасы — Балтабайдың ерлігін дәріптеп, оны ұрпаққа үлгі етуде, күрестің саяси-әлеуметтік астарын көрсетуде, идеяны көркемсөз қуаты арқылы айта білуде өз мақсатына жеткен. Поэманың тақырыбы, мазмұны, идеясы, автордың ұстанымы бір-бірімен жымдасып, шағын көркем туындыға айналған. “Кек” поэмасы мазмұндық жағынан жас буынға өз елін, өз жерін сүюді және қоғамдық жаңаруларды жатырқамай қарсы алуға үйретіп, қазақ поэмалары­ ның жанрлық түрленуіне мол үлес қосқан. Поэманы ішкі құрылысына (структура), тарихи тақырыпты, яғни деректі болған оқиғаны қамтыған сюжеттік же­ лісіне байланысты тарихи деректі поэма қатарына жатқызамыз. Ақынның көзі көріп, кейін шығармасының бас кейіпкеріне айналған, азамат соғысының құрбаны Балтабай Баратпаевтан Сапар атты бір ұл қалған. Ақын Керекуге барғанда, сол Сапармен бірнеше мәрте кездесіп, әңгімелескен. Бұл күнде одан тараған ұр­ пақтар Павлодар өңірін мекен етеді. Қ.Бекхожиннің осы тақырыпты арқау еткен келесі поэмасы “Кремль сақшысы” (1967) деп аталады. Поэма Кремльді күзеткен қазақ жауынгері Әли Сәрсенбин өмірінің бір кезеңіне арналған. Ақын поэманың басында айтылар ойдың өзе­гін, бас кейіпкердің негізгі жырлануға тиісті ерекшелігін, оқиғаға автордың көзқарасын сегіз шумақ арқылы берген. Одан соң тарауларды “Сақшының толғанысы” деп алып, оны беске бөліп, бас кейіпкер Әлидің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші толғанысы деп атап, поэманы бас қаһарманның сөзі арқылы оқиғалы (эпикалық) түрде баяндаған. Бұл баяндау дастанның түгел мазмұнын, ондағы кейіпкерлердің характерлерін, әр характерге тән сипаттамаларды (штрихтар), ел басындағы әлеуметтік жағдайды, бө­ лімдер арасындағы байланысты (завязка), қатысушы персонаждардың сөйлесуін (диалог), олардың ішкі дүниесіндегі өзгерістерді (психологиясы) және т.б.

көркемдік құрауыштардың (компонент) барлығын қамтиды. Жалпы шығармада орынсыз, басы артық, яғни көпсөзділік (плеоназм) жоқ. Шығарма жөнінде С.Қирабаев: “Кремль сақшысында” Қ.Бекхожин кө­сем туралы ойын, оның жарқын бейнесін Кремль сақшысы болған Әлидің ішкі күйі арқылы берген”, — деген бо­ латын [15]. Әлидің кім екендігін оқырман дастан басында-ақ мына шумақтан ұғады: Ашайын өмірімнің алғы бетін, Әкеден жеті жаста қалдым жетім. Жасымнан жүрдім байдың есігінде, Тарттым көп таршылықтың тауқыметін, — дейді [22]. Бас кейіпкер Әли бала кезден жетім өскен, оны жоқшылықтың, кедейшіліктің, панасыздықтың, таршылықтың қанды шеңгелі уысынан шығарар түрі жоқ. Сөйтіп жүргенде, ол жалғыз шешесін тастап, басына азаттық іздеп, үйден кете барады. Оны ақын: Сұм байдың есігінде жүремін бе, Сау болсам қи табылар күрегіме? Шешені құдайына тапсырдым да, Жөнелдім жебеу іздеп жүрегіме, — деп [22], кейіпкерінің шарасыз халін монолог тәсілі­ мен берген. Үйден, елден кеткен кедей шаруа баласын не керемет күтіп тұрсын. Ол теміржол жұмысында, одан соң қара жұмысқа, окоп қазуға айдалып, бірне­ ше ұлт өкілдерімен танысып, саяси санасы оянып, сол жағдайда жүріп азамат соғысын қарсы алады. Қатардағы жауынгер бола жүріп бірнеше шайқас­тарға қатысқан Әли Кремльді күзету, Ленинді күзету, онымен тілдесу дәрежесіне дейін жетеді. Бұл — поэманың мазмұны және тақырыптық сипаты. М.Әуезов қазақ поэзиясы хақында сөз қозғағанда, поэмалардың жанрлық түрленуінің ерекше екі түрін ғана атап өтеді: лирикалы-философиялық, оқиғалы сюжетті. Ойын әрі қарай таратқан ғалым поэмадағы монолог, диалог туралы мынадай пікір айтқан:

“Оқиғалық жағынан өткір, тартымды, қызғылықты, шабытты құрылған күйлер бұндағы тартыс пен қақтығыс кездерінде адам мінездерінің ішкі-сыртқы қалыптарын қатар ашып отырады. Осындай ерекше жайлары шығарманың монолог, диалог сөздерінде және де шебер, шешен тілмен жақсы үйлеседі” [23]. М.Әуезовтің бұл пікірі Қ.Бекхожин поэмасының жанрлық түрленуінің бір қырын аңғартады. Жалпы соғыс тақырыбындағы туындыларда же­ лінің (сюжет) екі түрі кездеседі: бірі — тарихи оқиғаны басты негізге ала отырып, ойдан, жазушы қиялынан шығарылып, сюжетке, тұлғаларға орайластырыла жазылады; екіншісі — болған тарихи шындыққа сай, негізгі оқиғаға, нақты фактіге сүйеніп, өмірде болған адамдардың көркем бейнесін жасайды. Осы тұрғыдан келгенде, “Кремль сақшысы” поэмасы екін­ші желіге жатады. Бұған дәлел Қ.Бекхожиннің өз сөзі. Ол: “1966 жылы мен Әли Сәрсенбинді Алматы облысында кездестірдім. Ардагердің бұл кезде жасы ұлғайған кезі екен. Басынан кешкен уақиғаларды маған өзі баяндап берді. Әлиді мен Алматыдағы үйіме шақырып алып та сырластым…” — дейді [12]. Ақын қарт жауынгер Әли сөзінің шындығын мұрағаттар қойнауынан да іздеп, көптеген құжаттарға кездескен. Ол туралы ақын былай деп жазды: “Ә.Сәрсенбиннің В.И.Ленинмен Кремльде кездесуін анықтау қажет болды да, Қазақ­ стан Компартиясы Орталық Комитетінің партия тарихы институтынан тарихи дерек іздедім. Архивтегі дерек бойынша Ә.Сәрсенбиннің Кремль курсында оқы­ғаны, Лениді күзеткені, ... рас болып шықты”, — дейді (13). Поэмада ақын 1916 жылғы патша жарлығы бо­ йынша қазақтан солдат алу кезін, оның қырда жатқан қазақ еліне әсерін, халықтың бұл жарлықты қалай қабылдағанын біршама әсерлі жеткізген. Сол себеп­ ті, “солдатқа бала бермеу”, “солдатқа жарамсыз болып қалу” мақсатында ел ішінде неше түрлі сұмдық оқиғалардың белең алғандығын екі түрлі оқиғамен,

яғни екі көрініспен (картина) көрсеткен. Оның үстіне, ақын сол кезді “қырсық кірген” деп өз ұстанымын ашық айтқан. Екі оқиғаның бірі — өз көзіне өзі мүсәтір қышқылын құйған адам, екіншісі — өз саусақтарын өзі шабуға дайындалған күйші жігіт. Ақын осы жайттарды поэмасына көркемдеп енгізіп, егжей-тегжейлі (детально) баяндаған: Аядым көзі кеткен мүсәпірді, Жанымда бірақ ашу-құса тұрды. Сол шірік майдан жаққа бармау үшін Көзіне құйыпты өзі мүсәтірді. және Тоқталды шерлі жігіт күйін тұсап, Қолына ақ балтаны алды бір сәт. Шаппақшы саусақтарын бармау үшін Майданға, елестеген ажал құсап [22]. Ақын көрсеткен бұл көріністер, шынымен де өмірдің ащы шындығы, заманның салған жарасы еді. Поэмада ақын ел ішін жайлаған мұндай сұмдық оқиға­ларға жол бермеуге әр кез лирикалық кейіпкерін жұмсап отырады. Кейіпкер оқиғаның үстінен дәл немесе кешігіп шығады, әйтеуір бас қаһарман — Әли араласып, бәрі орнына келіп жатады. Осындай жантүр­ шігерлік суреттерден кейін ақын кейіпкер ойын қорытынды есебінде бере отырып, сол арқылы адам сана-сезіміне әсер ететін философиялық түйіндеулер жасайды. Бұл түйіндеулер — заман сырының жақсы, жаман жақтарын ашып көрсетіп, өзінің саяси көз­ қарасын ашық білдіріп, әлеуметтік, қоғамдық мәсе­ лелерге үн қосқан ақынның азаматтық дауысы. Поэмадағы ақын жасаған Ленин бейнесі өз дәуі­ ріндегі басқа да ақындармен үндес, ұқсас, мазмұндас берілген. Ақын қолданған “адамзаттық мұнарасы”, “дүниенің кемеңгері”, “азаттықтың шұғыласы”, “адамзаттың шам-шырағы” және т.б. метафоралар өз заманында жаңалық болып табылмаса да, ақынның өзіндік қолтаңбасын айқын аңғартады.

Поэмада бір ғана диалог берілсе де (Ленин мен Әли), оны ақын өте қысқа әрі сәтті шығарған. Әдеби туындыда диалогтің құрылымы мен қызметі әрбір қаламгердің жазу стиліне байланысты болады әрі шығарманың идеясына қарай түрлі қырынан көрі­ нетіні де белгілі. Осы бір ғана диалог поэманың идея­лық-эмоционалдық, сюжеттік-композициялық жүйесіндегі диалог орнының маңызын анықтап тұр. Қазақ әдебиетінде Қ.Бекхожиннің “Кремль сақ­ шысы” поэмасымен айтар ойы жағынан, көз­де­ген мақсат-мүддесі тұрғысынан идеялас және кейіп­ керлердің басынан кешкен оқиғаларының өрістеуі ұқсас келетін, тақырып аясы бір арнада тоғысқан А.Тоқмағамбетовтің “Сақшы” атты поэмасы бар. Оның бас кейіпкері — Сұлтан Ахметов деген азамат. Асқар ақын Сұлтанның Ленинмен кездесу сәтін үш көрініске бөліп жазып, сол көріністер арқылы дастанның композициялық құрылысын ширата түскен. Бөліктер арасындағы байланыс, сәйкестік (пропорция) бірқалыпты сақталып, дастан сюжеті сәтті шыққан. Ақынның бұл поэмасы уақытында ла­ йықты бағаланып, бір тақырыпты бірнеше ақынның жырлауының сәтті үлгісі болды. Бұл поэманың баян ету, түсіндіру (трактовка) жағы мен желісі дұрыс болғанымен, аздаған ой қайталаулары ұшырасып қалады. Қ.Бекхожиннің бұл поэмасында дерексіздік (абс­ тракт), қаһарманды асыра дәріптеу, мақтау, қиялға беріліп өмірде болмаған жайларға көріністер арнау, кейіпкер санасына кейбір саяси ұғым-түсініктерді негізсіз тықпалау, халықтың салт-дәстүріне кесірін тигізетін ұнамсыз қылықтарды ашық жазу және т.б. жайттар мүлдем кездеспейді. Бұл — оқиғалар шын­ дығы мен көркемдік шешімді тығыз байланыстыра көрсеткен ақынның азаматтық көзқарасы. Филол.ғ.д., проф. Мүсілім Базарбаев поэзия жөнінде айтқан пікірінде: “Жаңалық дегенде, біз поэзияға кесек-кесек соны фактілер бірден келеді демейміз. Ол үнемі ізденуден, жаңа өмір құбылыстарының ұзыны

мен көлденеңін, тереңі мен биігін бірден қамтып, көре білудің нәтижесі болмақ”, — деген екен [24]. Ғалым­ ның осы сөзіндегі “өмір құбылыстарының ұзыны мен көлденеңін, тереңі мен биігін” толық қамтыған Қ.Бекхожиннің келесі поэмасы “Ертіс хикаясы” (1970) деп аталады. Поэманың мазмұны Қазақстан Республикасының 1920 жылы 26 тамызда жеке отау құруы туралы. Ал поэма көтерген мәселе — сол уақытқа дейін болған саяси-әлеуметтік жағдайлар мен шекара жөнінде туындаған тарихи және саяси-қоғамдық оқиғалар. Поэма желісінің нақтырақ түсінікті болуы үшін ақын­ ның: “Бұл жыр-хикаядағы шындық — тарих ғ.д., проф. С.Бейсенбаевтың “Ленин және Қазақстан” атты кітабындағы тарихи деректерге негізделді” [25], — деген сөзін келтірсек те жеткілікті. Себебі, аталған кітапта Қазақ Республикасын құрудағы кедергілер мен қиындықтардың, ел мен жер үшін күрестің қалай болғаны аз да болса анығырақ жазылған [26]. Қазір еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты бұрынғы жазылған әдеби туындыларды жаңаша бажайлау тұрғысынан қарастырамыз. Бұл поэма да кеңес кезінде әдебиеттегі түршілдік (формализм) пен бір үлгіде жазушылық (схематизм) дәуірлеп тұрған шағында жазылған. Сөйте тұра, Қ.Бекхожин екі үлкен саяси-қоғамдық мәселені ашық айта алған: бірі — шекара мәселесі; екіншісі — ұлтаралық мәселе. Бірінші мәселе тәуелсіздік алдық, айналамызды қымтадық десек те, кей облыстарда күні бүгінге дейін шешуін таппай келеді. Оған себеп — ішкі-сыртқы саяси, тарихи, қоғамдық, экономикалық, этникалық жағдайларға байланысты қазақ жерінің бөлшектеніп, шекаралас елдердің еншісінде қалып қоюы. Бұл отар­ лау саясатының басы ХVІІІ—ХІХ ғ.ғ. патшалық жүйе­нің (царизм) бүкіл қазақ жеріне ентелей кіріп, өктемдікпен күш салған кезден бастау алатыны тарихтан белгілі. Бұл туралы С.Мұқанов: “Патша өкіметінің қазақ даласын отарлауында екі дәуір болды: соғыс

отарлауы және жер отарлауы” деп атап көрсеткен болатын [27]. Ал екінші мәселе күн тәртібінен түспейтін өте өзекті мәселе. Себебі, әр мемлекет үшін, соның ішінде, көпұлтты Қазақстан үшін ұлтаралық мәселені қалыпты ұстау саяси-қоғамдық тұрақтылықтың бас­- ты құралы екенi ақиқат. “Қай халықтың болмасын әдебиет тарихы ең алдымен, сол халықтың қоғамдық-әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Ендеше, қазақ әдебиетінің тарихы — қазақ халқының қоғамдықәлеуметтік және саяси өмірінің бейнелі көрінісі, ізі болып табылады”, — дейді ғалым Н.Келімбетов [28]. Оның бұл пікірі осы поэмада көтерілген мәселелер мен тарихи оқиғалардың арақатынасын анық көрсетіп, бұл жайтты сөз өнеріндегі әдеби құбылыс ретінде арнайы зерттеуге болатынын, оның өзіндік маңызы, атқарар рөлі барын көрсетеді. Ендеше, ақын осы мәсе­ лелерді поэзия тілімен қалай көркемдеп жеткізді? Типтік образдарды қалай жасады? Енді осыған тоқ­ талып көрейік. Бас кейіпкер — Кәрім (Ғалым Тәжібаев) Ертістің екі жағасындағы қазақ жерлерін (Ақмола, Семей, Кереку және т.б.) Ресейдің солтүстік өлкесінің (Сибкрай) құрамына қосуға қарсы шығады. Ол Сибкрайдың басшысы — Сергеймен (Соколов Василий Николаевич) ымыраға келе алмай, Мәскеуге аттанады. Сөйтіп, кө­ семмен жолығып, оған қазақ жерінің, елінің жайын түсіндірген Кәрім елге қуанышпен оралады. Қазақ елі сол жылы (1920) жеке республика болып жарияланады. Поэмада Кәрімнің халқы үшін істеген істері, сөйлеген сөздері, жүрген жолдары өте сәтті жырланған. Сондықтан дастанда Кәрімнің ұлтжанды, жігерлі, сауатты, ары мен намысын жалау етіп, туған ұлты үшін жанын қиюға даяр азамат екені айқын көрініс тапқан. Автор бір Кәрім бейнесі арқылы сол замандағы ұлты үшін “ұлтшыл” атанған боздақтардың типтік бейнесін анық жасаған.

Мұндай типтік бейненің жекелеген тұлғалары сол заманда да, қазіргі тәуелсіз Қазақстанда да бар. Ондай тұлғалардың болуы — заңды құбылыс. Оған себеп қоғамдағы саяси-әлеуметтік, діни-этникалық, ұлттық этикалық және эстетикалық көзқарастар мен жаһанданудың (глобализация) дамуы барысында бо­латын кейбір қайшылықты пікірлер, кереғар қағидалар салдарынан туындайтын ойлардың келіс­ пеушілігінің болуы. Саясаттану ғылымында пікір келіспеушілігі әр мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси жағдайына байланысты ірілі-ұсақты элемент­ терге бөлінеді деп түсіндіріледі. Сол себепті де кей­бір сыртқы саяси маңызы жоғары мәселелердің ше­шуін таппай, тіпті уақыт өткен сайын кедергілерге тап болып, одан әрі күрделеніп, шиеленісуге дейін баратыны тарихтан белгілі. Ондай элементтердің пайда болуының бірнеше себеп-салдары болатыны да түсінікті нәрсе (ұлттық, тарихи, діни, құжаттық, гео­ графиялық, заңды, заңсыз және т.с.с.). Оған дәлел — Қазақстанда ішкі жер мәселесі мен сыртқы шекара мәселелері барысындағы дау-дамайдың әлі толық шешімін таппауында. Поэмадағы Сергей бейнесіне келсек, ол өркөкі­рек, өзімшіл, менмен, қазақ ұлтына көзқарасы басқаша адам ретінде бейнеленген. Оның ойының ішкі көкірек көзінің (интуиция) қандай екендігі өз сөзінен-ақ анық байқалады. Ақын осы екі кейіпкерінің адами қасиет­ терін, олардың саяси-әлеуметтік көзқарастарын оқу­ шыға диалогтер арқылы ұқтырған. Сергей: Ярмақтың ұрпағымыз, сібірлікпіз, Сібірге терді талай сіңірдік біз. Қалайша Қазақстан әулетіне, Сібірден бөлінеміз сырылып біз?.. — десе, Кәрім: Бұл Ертіс баяғыдан бесігіміз, Өгейсіп көргеміз жоқ, әсілі, біз. Халқымның арманы бар ағысында, Өршіген өзегінен несібеміз, —

дейді [25]. Осылай кезек-кезек сөз алмасулары ар­ қасында олар өздерінің кім екендіктерін, жүрек қойнауында не бұғып жатқандығын анық аңғартып қояды. Өктемдене сөйлеген Сергей: …Казактар қоныстады жағалауын, Өктем жұрт болып келді сол жердегі. немесе …Телісек казактарды Киркрайға, Ықтимал ара жанжал дау тууға, — деп [25], өз ойын ашық көрсете отырып, Ертістің екі жағалауын қоныстанған екі ұлт арасына шоқ тастай сөйлейді. Сергейдің ойы белгілі. Көмейі қыр елі, көш­ пелі қазақ елі “Қосылсын Сибкрайдың құрамына” деп бүлкілдеп тұр. Осы тұрғыдан қарағанда, ол — Кәрімге қарама-қарсы бағыттағы типтік бейне. Ақын Сергейдің осы жағымсыз бейнесін поэма соңына дейін дамытып, үдетіп, оқырманға үлкен ой қалыптасты­ рып отырады. Ол тек жер үшін емес, қазақ халқының адами, мәдени, рухани, тарихи құндылықтарын жоққа шығарушы ретінде де танылады. Бұл жерде автор жалғыз Сергейді емес, Сергей сияқтыларды, яғни қазақ еліне “әйнек ішінен” қараушылардың образын типтік тұрғыда ашық көрсетіп отыр. Ақынның тарихи кейіпкерлерді көркем бейне­ге айналдырып, оларды бұлайша типтендіруі — бү­гінгі күн тұрғысынан қарағанда да өзектілігі мен шынайылы­ ғын жоғалтпайтын тура тәсіл. Ақын қол­данған бұл көркемдік тәсілдің тәрбиелік, таным­дық маңызы еш уақытта да көмескіленбейді. Себебі, жеткіншектерге, жастарға, тәуелсіз елдің азаматтарына ақ пен қараны айыра білудің бір жолы секілді. Біздің айтарымыз, осы ақын бейнелеген Сергей мен Сергейдің ойын­да­ ғысын өз таным-түсінігіне айналдырған “сергейлер” тобы ешқайда кеткен жоқ. Олар қазір де арамызда жүр. Оған республика ай­мақтарында анда-санда болса да өзге ұлт өкілдері даусының қаттырақ шығуы дәлел.

Дегенмен қазіргі таңда өкіметіміз осы ұлтаралық мәселені ушықтырып алмау мақсатында үздіксіз жұ­мыс істеп жатқаны баршаға аян. Мысалы: ұсақ этностардың өкілетті елшілігінің ашылуы; діни көз­ қарастары әртүрлі ұлт өкілдерінің Астанада бас­қосуы; елімізге Рим папасының келуі және т.б. саяси маңызы бар оқиғалар. Ақын поэманың басында лирикалық серпіліс жасап, Ертіс өзенімен сырласа отырып, оның тарихына көз жібереді. Дариямен мұңдасқан лирикалық кейіпкер бар сырын өзен толқынына айтады. Ақын­ ның осындай сәтті шабыттарынан туған поэма тұста­ ры тоқсан алты шумақтан (96) тұратын поэманың жиырма тоғыз (29) шумағын алған. Жалпы дастан ішінде “Ертіс” сөзі отыз бір (31) рет айтылып, ақын “Ертісімнің ағысы”, “Ертістің өңірі”, “Ертістің ұлқыздары”, “Ертістің жағасы”, “Ертістің емеуріні”, “Ертістің тынысы” және т.б. сөз тіркестерін құрап, поэма көркемдігін күшейткен. Сонымен бірге Ертістің жалпылама мағынасы “дария”, “өзен” сөздерін де оннан аса рет пайдаланып, орынды қолдана білген. Автор өмірдің қуанышы мен қайғысын, мәні мен мұңын, қызығы мен ренішін, әдемілігі мен сұрықсыз тұстарын бейнелеп, “уақыт — өзен”, “несібе — кең айдын”, “тарих — өзен” секілді бейнелі сөздерді пайдаланып, сезім-әсер негізінде (ассоциация) ойының, түсінігінің, қоғамдық-саяси дүниетанымының ірілі­ гін байқатады. Суреткер өзінің көкірегінде тұнып жатқан тарих парақтарын біртіндеп ашып, оны көркемдеп, там-тұм­ дап болса да жеткізіп: Дариямсың, тебіренген, ырғалған, Тынысында ерлік аңыз, жыр қалған. Босқындықтан көп ашынған жұртымыз, Алқабыңды тартып алды Жұңғардан, — дейді [25]. Ақын ойын әрі қарай өрістетіп, қазақ жерінің “иесіне өлшетпеген” кеңдігін, оның жүрегін

“бөлшектеп” жаралаған царизм тырнағының орнын анық көрсетеді. Әрі қарай лирикалық кейіпкер: Қайран қыр, шар тарапқа ен шеттеген, Өрісін иесіне өлшетпеген, Шырматып жандаралдың тырнағына, Патша ғой даламызды бөлшектеген, — деп мұңға батады [25]. Ақын шабытынан туған бұл шумақтар қазақ халқының басынан кешкен ахуал­ ды шынайы бейнелегенімен бірге, өзінің азаматтық идеясының беріктігін, философиялық ой қорытуының негізгі астарын, рухани дүниесіндегі психологиялық иірімдерінің сырын байқатады. Бұл — ақынның ұлт­ тық намысының биіктігі, ұлтына, жеріне деген мәң­ гілік махаббатының айғағы. Ойымызды тұжырымдасақ, ақын сол жетпісінші жылдардың өзінде-ақ осындай екі саяси-қоғамдық маңызы бар мәселеге көңіл аударған. Сонымен қатар автор арада жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін айтулы оқиғаны қайта жаңғырта отырып, ондағы тарихи тұлғаларды көркем образға айналдырып, типтік бейне жасаған. Сөйтіп, азаматтық ойы жоғары деңгейде қалыптасқан ақын тарихи оқиғаның мәні мен маңызын толығырақ ашып, оның өз ұлтының пайдасына шешілгендігін құптап, авторлық ұстанымын жеткізе білген. Поэма бұрын, кеңес тұсындағы зерттеу еңбек­ терінде “социализмді орнату, көсем бейнесі, интернационализм” секілді мәселелерді дәріптеу тұрғысынан саяси ахуалға сай қаралған болатын. Енді шамашарқымызша, хронологияға сүйене отырып, тарихисалыстырмалы тәсілді пайдаланып, поэманың саясиқоғамдық, тарихи-тақырыптық, көркемдік сипа­тын жаңаша бағамдап, жанрлық түрін анықтадық. Аталмыш поэма саяси деректі поэма болып табылады. Қ.Бекхожиннің “Дала комиссары” (1958—1961) поэ­масы тарихи-тақырыптық жағынан сапалы, өзіндік ерекшелігі айрықша туынды. Поэмадағы ақынның ой қорытулары мен философиялық түйіндеулері

жоғары дәрежеде көрінген. Шығарманың басынан аяғына дейін азаматтық пафос лебі ерекше байқалады. Поэма азамат соғысының батыры Әліби Жангелдиннің (1884—1953) балалық шақтан бастап, үлкен күрескер дәрежесіне дейінгі жүріп өткен сүрлеуін суреттейді. Поэмадағы автордың негізгі мақсаты — патриоттық идеяны дамытып, оқушыға көркем образ арқылы эстетикалық тәрбие беру. Жалпы шығармада тарихи тұлғаны көркем бейне арқылы сомдау — оқырманға өзінің идеясын, пікірін жеткізудің бір көрінісі. Сөзі­ мізді дәлелдеу үшін ғалым Ә.Нарымбетовтің мына пікіріне сүйенсек, ол: “Ақын-жазушы адам образы арқылы өзінің оқушысына айтайын деген идеялық пікірін жеткізіп отыратыны анық. Сондықтан қайқай көркем шығарманы қарастырғанда, идея мен образды бірінен-бірін ажырату ешбір мүмкін емес. Шығармадағы идея мен образ үнемі бір тұтастықта, диалектикалық бірлікте болатыны анық”, — дейді [29]. Көркем туындының көркемдік қасиеті, әдеби құндылығы, жанрлық жетістігі, тарихи маңызы он­ дағы көздеген мақсаттың айқындығы мен образ­дың суреттелу деңгейінде. Демек, негізгі мәселе идея мен образдың шынайы бейнеленуі болып отыр. Образдың шынайы бейнеленуі — көркемсурет. Ал шынайы образ — поэманың идеялық мәнін, маңызын көрсете­ тін сапалық белгі. Осы айтылған топшылауымызды филол.ғ.д., проф. Бақытжан Майтановтың бірауыз пікірімен түйіндейміз: “Идея — сурет, сурет — идея” [30]. Қ.Бекхожиннің бұл туындысы — өте көлемді тарихи-эпикалық поэма. Дастан “Шырмаудан шы­ ғанға”, “Ақиқат кілті”, “Торғай құйыны”, “Дауыл алдында”, “Дала дауылы”, “Құм жорығы” атты үлкен алты тараудан және пролог пен эпилогтен тұрады. Аталған тараулар ішкі мазмұны мен оқиғаның баяндалуына байланысты бірден он төртке дейінгі аралықта

әртүрлі көлемде тараушаларға бөлінген. Жалпы поэма 2869 (екі мың сегіз жүз алпыс тоғыз) жолдан тұрады. Ақын болашақ поэманың кейіпкері Ә.Жан­гелдинді Алматыда сыртынан көріп жүрген әрі ол кісінің аңызға айналған өмірімен бұрыннан таныс. Партия басшылары 1941 жылы Ә.Жангелдиннен сұхбат алуға Қ.Бекхожинді жұмсайды, соның нәтижесінде комиссар мен ақын бетпе-бет кездесіп, ұзақ әңгімелеседі. 1942 жылы партия орындары Ә.Жангелдинді Алматы облысына іссапарға жіберген кезде, комиссар қасына Қ.Бекхожинді өзі қалап ертіп алады. Олар Жамбыл жыраудың үйіне орналасады. Атағы көпке мәлім азаматпен екінші рет кездескен ақын әңгімеге қанығады. Ол әңгіменің барлығы да ащысы мен тұщысы аралас, бұралаңы мен бұлтаңы көп өмір жолдары болатын. Ол уақытта комиссар өткен жолдар тарихтың қабат-қабат парақтарына айналып бара жатқан шақ еді. Осы кездесулер ақын қиялын алыстарға алып кете барды. Ақынға комиссардың құлақ құрышын қандырып, жүйелі түрде баяндаған ғұмырнамалық (биография) әңгімесі әсер етіп, шабыт толқындары шарқ ұра бастады. Сол жолы Ә.Жангелдин ақынға өткен күндердің шырғалаңға толы кездерін, ол күндердің бастан өткен дауылы мен құйынын шежіре ғып шерткен болатын. Осы бір әсерлі кездесуді авторы былай деп есіне алады: “Кез келген адамға өзінің өткендегі ерлік өмірінен әңгіме айтуды артық көретін Әлекең үйреніскеннен кейін маған өткен шақтарынан көп сырлар шерткен еді. 1961 жылы жазған “Дала комиссары” атты дастаныма революция ерінің өз аузынан естіген бірқатар хикаялар негіз болды” [12]. Комиссар мен ақынның кездесулері араға жылдар салып үлкен дастанның жазылуына арқау болды. Поэманың арада көп уақыт өткен соң жазылуына әуелі соғыс, соғыстан соң партия қаулыларының кесірінен ақынның қудалануы әсерін тигізді. Ақын дастанды 1958 жылдан бастап жазып, баспасөз беттерінде үзінділерін жариялап тұрды. Толық біткен соң “Дала

комиссары” деген атпен жеке кітап етіп шығарды (1961). Дастан негізі Қазақстан Республикасының 60 жылдық мерекесіне арналды, кейін орыс тіліне аударылды. Ақын поэманың “Толғану” атты бастауында Жамбыл ақынмен, комиссармен кездесу сәттерін өлеңіне өрнек еткен. Жамбыл ақынның Алатау етегіне тік­ кен ақ ордасын, оның қарттық кескін-келбетін қарт Жамбылға лайықты әдемі сөз тіркестерімен бейнелеген. Сонымен бірге ақын осы жерде біздің “кешігіп жазылған” деген топшылауымызды да жоққа шы­ ғармай: “Оқушым, кешігіппін, кінәлімін, Шын тарих шертілмесе кінә бүгін” деп, өз өкінішін білдіре кеткен. “Шырмаудан шығанға” атты бірінші тарау Әліби­ дің балалық шағынан бастап жасөспірім жасқа жеткен кезіне дейінгі аралықтан хабардар етеді. Тарауда бір үйдегі жеті баланың үлкені — Әлібидің қиыншылық­ қа толы балалық шағы, сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, байдың қойын баққан баланың қатыгездікке көне алмай ауылдан қа­ шып кетуі, патша жасауылдарына еріп қалаға келуі, шіркеуге баруы, шоқынуы, оқу оқуы, күреске араласуы, саяси санасының оянуы, Петрмен бірге жаяу жержүзін аралауы және т.с.с. өмір жолдары шұрайлы ақындық тілмен баяндалған. Патша солдаттарына еріп қалаға келген бала кө­ шеде қаңғып қалады. Қатал тағдыр балаға шіркеуді паналауға мәжбүр етеді. Осы қорғансыз баланың мүшкіл халін — қаңбақпен, жапырақпен, ал заманды — қалаған жағына айдап алып кететін дауылмен, құйынмен салыстыра суреттеп, теңеудің озық үлгісін жасаған ақын: …Жас Әліби — күзгі қаңбақ, Заман — дауыл оны қуған... немесе …Секілді бір қу жапырақ Қырдан құйын келген айдап, —

дейді [31]. Сонымен “Коля Степанов” деген атпен жас Әліби шіркеуде біраз уақыт болады. Сол жерден оны Қазан қаласына оқуға жібереді. Қазанға оқуға барған бала тағдыры 1905 жылғы қанды қырғынмен тұспатұс келіп, Әліби ұстазы Ашмарин екеуі сол толқуға қатысады. Ашмарин қайтыс болып, Әліби абақтыға қамалады. Осы саяси оқиғаға байланысты ол оқудан қуылады. Жасөспірімнің тағдыр талайы ақын суреттегендей: “Таппай орын дүниеден, Тағы торға қамалды бас, Тағы кез боп дін иемен” дейтін жағдайға тағы да жетеді. Одан соң Әліби Мәскеудегі дін академиясына оқуға жіберіледі. Осы кезден бастап ойы орнығып қалған жеткіншек өткен күннің суретін көз алдынан біртіндеп өткізе бастайды. Торғай даласы, Қайдауыл топырағы, ауыл-аймақ, ақырған бай, бақташы бала, жамыраған қой-қозылар, асық ойнап таласқан достары, сары сағымдар, түйе құмдар — бәрі-бәрі жеткін­ шек қиялын қырға қарай жетелей береді… Жас жанына еркіндік іздеген Әлібиге темір Құдай да (икон), мойнына салған темір айқыш та (крест), қағылған қоңыраулар да, хормен салған мұңлы әуен де (реквием), жалтыраған крест басты мұнаралар да қамқор бола алмайды. Ақыры өзін-өзі таныған жет­ кіншек: Туар таңмен кеңестім мен, Маған жаңа жан берді күн. Коля Степанов — емеспін мен, Енді Әліби Жангелдинмін! — деп жар салады [31]. Ақын поэмада кейіпкерінің осындай эмоциялық көңіл күйін білдіретін эпизодтарды өте әсерлі суреттеген. Ақын салған сол суреттер барша мұсылман баласына өз дінінің сәулелі шапағатын сездіре жарқ еткізіп, оқушыны белгілі бір бағытқа, тура жолға жетелегендей әсер қалдырады. Өйткені осы оқиғаға көзқарасын ашық білдірген автор өз қуанышын жасыра алмай, біраз тебіреніске түскендей. Бұған себеп —

ақынның барша мұсылманның сарқылмас ілімі мен білімінің, имандылық пен руханилықтың бастауы, қайнар көзі, негізі — Құран-Кәрімді мүдірмей оқып, оның аяттарын, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін жатқа білетін білімділігі болуы керек. Бұл пікірімізге Қ.Бекхожиннің мына сөзі дәлел бола алады: “…әліпбиден бастап аяттарға дейін жабырласа оқып, азан-қазан болатынбыз. Мен сондағы балалардың оқуда ең алдағысы болдым. Құранды оқығанда, судай сапыратынмын… Құранға қоса “Тіл құралын” да, “Пан-тәжуитті” де оқыдық. Барлық шәкірттер мен озық болғандықтан, маған бағынушы еді” [12]. Аталған тараудың көпшілік бөлігін кейіпкердің ішкі монологі құрайды. Баланың тәнімен қатар рухани дүниесі де күйзеліске түскен. Ол айналасына жаутаңдай қарап: “Түс кеудемнен бұғау крест”, “Мүлгіген сұм, өлік икон…”, “Шулы шіркеу, түнек қамал…” деп, жас жаны қамығумен, зарығумен, өксумен өмірін өткізеді. Ақыры іште қайнай-қайнай келген ыза мен кек, намыс пен ар пісіп жетіліп, шиыршық атып, бір-ақ атылады. Оны ақын жүйелі баяндай келіп: Ал хаяр поп, кетем мүлде, Табынбаймын Құдайыңа. Шоқынғанша шіркеуіңе, Шыңырауға құлайын да! — деп [31], түсінікті әрі қысқа қайырып, ойды мейілінше ықшамдап, тұжырымдап (лаконизм) жеткізген. Бұл жөнінде академик З.Ахметов: “Не нәрсе болсын, айтқанда, баяндағанда, мөлшерсіз созып, шұбатпай, ойды шашыратып алмай, айқын айтып беруде үлкен мән бар. Ықшамдылық әдебиетте жазушының сурет­ керлік шеберлігінің өте қажетті бір белгісі болып саналады”, — дейді [32]. Поэманың екінші тарауын “Ақиқат кілті” деп атап, сол “ақиқат кілтін” табу жолында лирикалық кейіпкер, яғни автор тақырыпты ашу мақсатында

көп еңбектенген. Кейіпкер еркіндік, бостандық, әділдік, азаттық, шындық іздеп, жержүзін шарлайды. Жиһангер жаһан дүниені жаяу-жалпы кезіп, аш-жалаңаш қаңғып жүрсе де, оның ойында бір ғана арманы бар. Ол — Отаны. Ол оны еш уақытта да есінен шығармайды. Оның Отаны — қазақ даласы, қазақ қыры. Бұл арада ақынның негізгі айтпағы — басыңа қаншалықты қиын жағдай туса да, Отаныңды, туған жеріңді, өскен еліңді ұмытпа дегені. Поэманы әрі қарай оқыған оқушының ойына: “Оның мақсаты не? Демеушісі кім?” деген сықылды заңды сұрақтар туады. Ақын оны: “Демі — жер, көлігі — жел, же­ беуі — күн”, ал мақсатын: “Құрсауын қиратуға жауыздықтың” деп, түнек дүниенің қара пердесін жыртуға ұмтылған поэма қаһарманының ой-арманы мен оқушы қиялын ұштастыра суреттейді. Осылайша жер бетін түгел шарласа да, әділдік, шындық таба алмай қиналған лирикалық кейіпкердің монологі: Апыр-ау, нені сездім, не байқадым, Құйындай қаңғып өттім жер байтағын? Қу жалған, қайда барсаң, сұп-сұр өмір, Қалай деп қалың жұртқа сыр айтамын? — деген [31] күйзеліс үстінде берілген. “Құйындай” қаңғыған кейіпкер мына жалған дүниенің “сұп-сұр” сиқына наразы. Шаршап-шалдыққан, арып-ашқан, дүниенің опасыздығына көзі жеткен, одан шығудың жолын таба алмай рухани тоқыраған ол ақыр аяғында: Апыр-ау, ақиқаттың кілті қайда? Түнектің пердесі бір жыртылмай ма? Әлде шын әділет бір бұлдыр сағым, Жалынан ұстатпайтын толқындай ма? — деп [31] тығырыққа тіреледі. Ақын осы шумақта әділеттің “бұлдыр сағымға”, ақиқаттың “толқынға” айналуын әсерлі жеткізу үшін шешендік (риторика) сұраулы сөз тіркестерін орынды қолданған. Ақын суреттегендей, сағымға жеткен, толқынды ұстаған бұл дүниеде ешбір пенде жоқ. Сондықтан да ақын

кейіпкерінің рухани күйзелісін авторлық позициямен ұштастыра отырып осылайша берген. Десек те үміті өшіп, арманы аяқасты болған жи­ һангердің қиялында әлі де болса бір ұшқын жылты­ райды. Ол сол ұшқынды іздеп тағы да жолға шығады. Басына “теңіздей толқыған ой” келген кейіпкер ақыры “ақиқаттың кілтін” Женева қаласынан табады. Онда Ленинмен кездесіп, саяси ұйымдардың жұмысымен танысады. Сол жерде “патшалықтың торын” үзуге жоспарлар жасалады. Тарау соңында көсем идеясымен қаруланған Әліби туған елге оралады. Автор аталмыш тараудың бірнеше жерінде “Адасса жалғыз қаздың үні шықпас”, “Балуан бірді жығар, мыңды жықпас”, “Қияға қалың қолмен бірігіп бас” және т.б. нақыл сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін ұтымды пайдаланып, кейіпкер характерін сипаттайтын штрихтарды молайта түскен. Тарауда философиялық түйіндеулер, психоло­ гиялық пайымдаулар да жиі ұшырасып отырады. Мысалы: “Дүние сыр ашпайды қаңғырғанға”, “Көктен бақ түспейді екен жарлы жанға”, “Көрінбес тозаң басып қалған ізім” деген жолдар бар. Бұл жолдардың мән-мағынасына көз жіберсек, ақын ойы мынаны меңзегендей: бірінші — жоспарсыз, мақсатсыз іс істеуге болмайды, яғни ғылым-білімсіз ештеңеге қол жетпейді; екінші — кедей адамның күнінің оңынан тууы оңай еместігі, яғни материалдық қажеттіліктің керектігін айтады; үшінші — адамның өмірден кетуі, өлуі із секілді түкке тұрмайды дейді. Сол себепті автор оқушыны мағыналы өмір сүруге шақырады. Поэма мазмұнының тәрбиелік маңызы осында жатыр. “Торғай құйыны” деп аталатын үшінші тарауда Әліби туған жері Торғай даласына келіп, ел-жұртымен аман-есен қауышып, бала күнгі досы Амангелдімен табысады. Оның астындағы “ақ тұйғындай” жараукер аттың “алды — жел, арты — құйын”. Бұл жерде ақын атты, яғни малдың өмірін айтып тұрған жоқ, сол арқылы заманның “құйындай”, “желдей” келбетін

көрсетіп, сөздердің эмоциялық мәнін арттырып (эмфаза) ұтымды қолданған. Амангелдінің төбеде Әлібиді күтіп тұрған шағын, олардың кездесулерін баяндай келе ақын екі азаматтың (Әліби, Амангелді) “қалың қас, қара мұртты, кең иықты”, “ақ сары, жүзі жылы” деп кескін-келбетіне де біршама тоқталып өткен. Тарауда әрі қарай ауылдағы басқосулар, жиналыс­ тар, Әлібидің әңгімелері және оларға қарсы екінші топ бары айтылады. Олар: бай — Қапар, оқыған — Мәдияр және оның жанындағылар. Бұлардың ойы анық. Олар Әлібиді ел-жұрттан алыстатпақ. Екі топ арасындағы тартыстар дау-дамайға ұласқан. Екі топтың бірі: “Қиядан қайтып келген жыл құсындай”, “Әліби тұйғынымыз түлеп қайтқан”, — деп комиссар бейнесін біртіндеп дамытса (градация), екіншісі: “Жасынан діннен безген, елден безген, Әліби — алаяқ бір әлем кезген”, — дейді. Ақын осы арада екі топтың бірбірімен қайшылықты көзқарасын шендестіру (антитеза) арқылы көрсетіп, поэманың басты образының айналасына күшті конфликт жасаған. Одан соң осы туындаған тартысты шешу үшін тарихи салыстырулар жасап, поэмада кеше мен бүгіннің әрекетін (динамика) даму тұрғысынан қарастырған. Әлібидің еліне әкелген олжасы: “киноскоп, фотосурет — жалғыз мүлік”. Сол суреттер арқылы Әліби халыққа жержүзіндегі барлық әділетсіздікке, тең­ сіздікке, жоқшылыққа, аштыққа т.с.с. “сұмырай” дүниенің сұрықсыз сиқына куә болғанын көрсетеді. Ол суреттер Варшавада, Стамбұлда, Қытай­да, Үндіс­ танда және т.б. елдерде түсірілген деп түсіндіріп, талдап береді (интерпретация) ақын. Ақын тараудың көп бөлігін елдің ауыр тұрмысын, етек алған әлеуметтік теңсіздікті, кедейлердің мүшкіл халін баяндауға арнаған. Суреткердің мына өлең жолдары соның айғағы: Түксиген баяғыша түйе белдер, Керуен — заман зілін сүйрегендер.

Замана — бұрқыраған құмды жапан, Шөлінде керуендей күйреген ел. Түйілген қара бұлттай билегендер, Иленген күбісінде күйбелеңдер… [31]. Ақын метафора, теңеу, кейіптеу, символ, эпитет және т.б. көркемдік құралдарды көптеп пайдалан­ ған. Мысалы: “аңшыдай” жанталасқан адам; “нөпір шағаладай” көп адам; “әпжыландай” қабағын түйген бұлт; “қасқырдай” ұлық, төре; “қойдай” момын ел; “теңіздей” тұнық ой; “мұнарадай” биік сезім; “сүліктей” елді сору; “сұңқардай” ашулы азамат; “шаң бүркенген” соңғы келе жатқан адам; “қалқып өрден”, төбе-қырдан тез орғып шығу; “қашқан киік” ауылды тастап кету; “қансырау” елдің ауыр халі; “барлаушыдай” ой аңдыған кісі; “жадау жүздер” кедейлер т.с.с. сөз тіркестері көптеп кездеседі. Бұл — туындының сапалық деңгейін жоғарылататын көркемдік жағы. Осы арада филол.ғ.д., проф. Серік Негимовтің мы­на пікіріне жүгінуге тура келеді: “Көркемдік — өнер туындысының сапалы көрсеткіші... Көркем ойдың өткірлігі, тартымды бейнелілігі, эстетикалық сезімнің нәзіктігі, суреткерлік шеберлік ұштасып келіп, шығармада терең мазмұн мен келісті түр, жарасымды бірлестік тапқанда ғана нағыз көркемдік келіп шығады [32]. Тарауда ақын шабытынан туған шұрайлы шумақ­ тар тіпті көп. Соның бірі: ...Төменде ауыл жатты дөңгеленіп, Иірілген түтіндері түндіктерге... Түнерген бейіттердей құрым лашық, Қой сауған келіншектер сыбырласып [31]. Бұл — қазақ ауылының шынайы келбеті. Ақын қолданған сөздің бәрі қазақы тұрмыс-тіршілікті ұғындыратын ұлттық бояу элементтері. Мұндағы “ауыл, түндік, құрым лашық, қой сауған келіншек” сөздерінің бәрі де қазақ халқына тән атаулар. Сонымен бірге осы тарауда атақты Мерке мергеннің бейнесі әр жерде қылаң беріп қалады. Желісі осы­

лайша өрбіген тарау соңында Әліби, Амангелді, Мерке батыр, Аяп бала және т.б. бәрі қосылып “түспейміз енді оның арбауына” деп, Торғай даласын басып өткен құйындай боп патшаға қарсы соғысқа аттанады. Тарау атының “Торғай құйыны” аталуы осы қорытындыға байланысты. Дастанның “Дауыл алдында” және “Дала дауылы” атты төртінші, бесінші тарауларында Орынборға ке­ ліп қызу жұмысқа кіріскен Әлібиді көреміз. Патша өкіметі құлаған, бірақ халықтың азабы әлі арылмай, қанды майдан күннен-күнге өршіп жатқан кез. Осы кезде де бас кейіпкер халық арасында, саяси жұмыстың бел ортасынан көрінеді. Ақын “құзғындай қарлы құздан түскен құлап” деп патша өкіметінің құлауына риза екенін сездірсе, халық ахуалын “Аспаны Россия тұр қанталап” деп табиғат сыйлаған бүкіл жер бетінің көрпесі — аспанның халі арқылы аяныш­ ты түрде бейнелеген. Аспан сондай жағдайда болғанда, жер одан да нешік халде екені ақиқат. Бұл — ақынның сөз саптауының, ой қиялының тағы бір ұшқырлығы. Аталған тараулардың негізгі көтеріп тұрған жүгі — халықтың әуре-сарсаңға түскен кезінің суреттелуі. Кімге ерерін білмеген қара халық күн сайын құбылған заманнан шаршаған. Бір күні қызылдар, екінші күні ақтар. …Уақытша өкімет, …эсерлер, …Алашорда. Қалай болса да, ақынның өзі бейнелегендей, “Бүйірін толқын ұрған заман — кеме” болып тұр. Автор осы тарауларда “заман — кеменің” қақ ортасында жүрген Әлібиді тарихи деректерге сүйене отырып оған өз ойындағы барлық мүмкіндікті, яғни ақындық қиялын қосып, комиссар образын сомдауда жетістікке жеткен. Сол себепті, комиссар бейнесі өз деңгейінде, то­лыққанды шыққан. Осы сөзімізді академик Рымға­ ли Нұрғалидың пікірімен дәлелдесек: “Образ үшін дыбыс, сөз, сөз тіркесіндегі бейнелілік, әуезділік, бояу — аз. Білімділік, ділмарлық, көп көру — бұл да жеткіліксіз. Дүниеге шығарма әкелетін қуатты күш — көзі ашық дүниетанымға сүйенетін суреткер қиялы,

қанатты фантазия. Қыл-қысқасы өмірлік шындық пен көркем шындықтың арасындағы көпір, оларды жалғастырушы буын, мағыналы арна — образ”, — дей­ді [33]. Осы тараудағы, жалпы поэма оқиғаларындағы ақи­ қаттың бірі — Алашорда өкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханов бейнесінің анық та ашық жасалуы. Ақын бұл арада аса сақтықпен Ә.Бөкейханов образын тарихи әрі шынайы күйінде бере алған. Олай дейтін себебіміз, оны: “Жалғыз ол төре қазақ Россияда”, “Ол төре, алаштың ол — оқығаны”, “Кадеттің әдетін де тоқығаны”, — деп, оның оқыған қазақ екенін және алаштың оқығаны екендігін жасырмай айтуында. Ақын поэмада екі түрлі бағытты ұстанған екеуінің (Әліби мен Әлихан) диалогтері мен монологтері арқы­ лы олардың ішкі дүниесіндегі сезім иірімдерінің бір арнада тоғысатындығын көрсетіп, оны өз дәрежесінде оқушысына жеткізе алған. Поэмада көрсетілгендей, Әліби мен Әлиханның ішкі мақсат-мүдделерінің, арман-мұраттарының тоғысуы — туған халқының, қазақ елінің болашағы, бостандығы болатын. Шын­ дығында да, ақын жырына арқау еткен бұл тұстар — екі азаматтың өмірінде болған шынайы да тарихи шындық. Екеуі екі түрлі партияға мүше болса да, олардың мақсат-мүдделері, арман-аңсары, негізгі ой ошағы — идеялары бір болатын. Ол — өз туған ұлтының азаттық, тәуелсіздік идеясы еді. Енді осы екі кейіпкердің диалогтеріне тоқталайық. Ақын Әлібиге: Қазақты қанды патша жалмағанда, Жендет қып жасақ берген жандаралға, Қалайша шыдайсың сен, енді солар Қырдағы момын жұртты қандағанда? — деп айтқызып [31], патшаның қазақ еліне жасаған қорлық-зорлығын оның жан күйзелісі арқылы береді де: “Енді оған қалай шыдайсың?” деп Әлиханға сұрақ қойғызады. Ал Әлихан қазақ халқы үшін, туған елі үшін өзі ұстанған бағыт — Алашорда атынан сөйлей­ ді. Ол Әлібиге:

Жөн емес жат қолында қаңғырғаның, Жақсы ғой өз жұртыңмен жаңғырғаның. Саған да шенім әзір Ордамыздан, Көтеріс алашымның шаңырағын, — дейді [31]. Міне, көріп отырғанымыздай, екі азамат­ тың да бар мақсат-мүддесі — өз халқының азат болуы, екеуінің де көздегені — қазақ халқының бостандығы. Бұл жердегі негізгі мәселе — екеуінің сол азаттыққа жетер жолдарының екі түрлі бағытты таңдауында. Десек те, сол кездегі кеңестік саясаттың ықпалына қарамай, Ә.Бөкейхановтың тарихи бейнесінің бері­ луі — шындыққа жапсырылған қалың перделердің бірін ысырғандай әсер береді. Шығармада Ә.Бөкейханов бейнесі осымен ғана аяқталмайды. Автор Әліби мен Әлиханды тағы да кездестіріп, олардың диалогтерін екінші рет желіге қосады. Ондағы мақсат — ол екеуінің алдыңғы ойларын нақтылап, екеуінің кездесуінің, сөйлесуінің маңызын ашық көрсете отырып, мақсат­тарын одан әрі айқындай түсу. Осы арада ақын өз ойын, авторлық ұстанымын да байқатқан тәрізді. Сол диалогтерге тағы да орын берсек, Әліби Әлиханға: Егер сен езілгенді жұртым десең, Солардың тағдырына нұр тілесең, — Бақытқа жетелейтін совет қана, Кел соның қызметіне, іркілме сен, — деп, өзі сенген Кеңес өкіметіне қызметке шақырып, достық көңілін білдіріп, адами қасиетінің жоғары­ лығын көрсетіп “кел” десе, Әлихан Әлібиге: Мұның тек қысыр қиял, ала сағым, Кім білген сахараның болашағын? Қамауға қайран жұртым түсті қазір, Сорлаған еліме енді араша кім? — дейді [31]. Автор бұл жерде Әлиханға үлкен толғаныс үстінде жауабы жуық арада табыла қоймайтын саясиәлеуметтік мәні зор сұрақ қойғызып, оның азаматтық, қайраткерлік, күрескерлік тұлғасын одан әрі сом-

дай түскен. “Қайран жұртым”, “сорлаған елім” деп Ә.Бөкейхановтың аузына сөз салған ақын Абайша толғап, кейіпкерінің азаматтық қырын аша түседі әрі поэманың көркемдік-эстетикалық, саяси-әлеуметтік, тарихи-философиялық жақтарының зор екенін бірден аңғартады. Сонымен бірге Ә.Бөкейхановтың бейнесін екінші жағынан, яғни қаралап көрсететін көріністер де баршылық. Себебі, бұл жағдай кеңес кезінде жазылған шығармаларға тән. Демек, ақын Әлихан бейнесіне сондай қосымшалар қосып, оның азаматтық тұлға­ сын заман саясатына орай көмескілендірмесе, сол кезде бұл поэманың да, автордың да жағдайы қиын болары сөзсіз еді. Бұл турасында әдебиетте кездесе­ тін мұндай жағдайларды көркем тәсілдің бір түріне санаған, ақтаңдақтар архивін ақтаруға зор үлес қосқан филол.ғ.д.,проф. Тұрсын Жұртбай былай дейді: “А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды атауға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде, әрине, сынап отырып, үлкен мән бар. Ол да күрестің бір түрі, ең болмаса атын елдің есінде қалдырудың амалы еді” [34]. Поэманың негізгі құндылығы, біріншіден, Ә.Бө­ кейхановтың көркем образын берумен бірге, оқиға шындығының сырын ашып, көркемдік шешімнің шынайы жасалуында; екіншіден, поэ­ма желісінде Ә.Бөкейханов образына қайталап соғып, оның шын бейнесін тағы бір рет болса да, бір қырынан көрсетіп қалайын деген ойында, яғни, автордың “жабық та­ қырыпты” сөз етуінде. Алаштың туын көкке көтеріп, халық үшін өмірін қиған саяси қайраткер Ә.Бөкейхановтың мәні мен маңызы мәңгі тозбас мына сөзі қазақ үшін күні бүгін де қажет екенін аңғаруға болады. Ол өзінің “Алаштың талапты азаматтарына” (1917) атты мақаласында: “Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған хайуан тұрмысы салты. Қағушы,

соғушы, күзетші хайуандық жолда адасқан адам баласына керек... Біздің жұрт бостандық, теңдік саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарқы жолында артта қалады. Бақыттан тысқары болады...” — деген екен [35]. Туған еліне сіңірген еңбегі үшін “Алаштың Әли­ ханы” атанған боздақтың өмірінің қалай аяқталғаны тәуелсіз Қазақ халқына бұл күнде ақиқат болды. Ә.Бөкейханов ақталған соң оның өмірі мен қыз­метін, мұраларын зерттеген тарих ғ.д.,проф. Мәмбет Қой­ гелдиев былай дейді: “Алашордалық қай­рат­кер­лерге қарсы 1928 жылы басталып кеткен сот про­цестері Ә.Бөкейханов пен оның пікірлес серіктерін сая­си өмірден біржола ығыстырып тастаған болатын… Ол 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әс­ке­ри коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жа­за­сына кесілген…” [35]. Ә.Бөкейханов — белгілі қоғам қайраткері, әде­ биетші, аудармашы һәм ғалым. Оның халқына сіңір­ ген осы еңбектері мен саяси қызметтері жөнінде филол.ғ.д.,проф. Мүсілім Базарбаевтың ғылыми зерттеуінде егжей-тегжейлі жазылған [36]. Поэманы автор Әлібидің өз аузынан естіген деректерге сүйеніп жазған. Поэма жазылған тұста Ә.Бөкейханов туралы жазбақ түгілі, айтуға тиісті емес, себебі олар туралы деректер жабулы жатқан еді. Десек те, ақын осындай “қатал” заман кезінде көркем әдебиетті пайдаланып, Ә.Бөкейхановтың көркем бейнесін жасап, өзінің ұлттық рухының күштілігін, жігерінің мықтылығын байқатты. Шы­ ғарманың осындай ұтымды тұстарын бағалаған ға­ лым Т.Ибрагимовтің: “Оқиғамен өріс алар сюжет ширақтығы композиция компоненттері реттілігін сақтап, оқиға шыншылдығы оқушы­сын жақсы баурайды. Баяндау тыңдатып, суреттеу сендіріп, диалогтер мен монологтер жанды әсер қал­дырады”,— деуі де сондықтан [8]. Аталған тарауларда ақын әдеби тәсілдің сан тү­ рін қолданып, дастанның көркемдік-эстетикалық

қасиетін барынша танытқан. Әсерлі сөздер мен тұ­ рақты тіркестерді қолдана отырып, айшықты өлең жол­дарын құраған. Ол өлең жолдарында ауыз әде­ биетінің, фольклордың үлгілері байқалып, нақыл сөз­дердің элементтері де қылаң береді. Мысалы: “Сол ойын жеті қырдан асырғалы”, “Заманың түлкі болса — тазы боп шал, Дәуренің аз да болса — қазы боп қал!”, “Саясат судай қайта сапырылған”, “Лай судан әуреленбе балық іздеп” және т.б. “Құм жорығы” — поэманың соңғы тарауы. Бұл Ә.Жангелдиннің аты аңызға айналған жорығының бірі — Маңғыстау түбегіне барған сапары жайында (1918). Құлазыған қу дала, айнала толған құм таулар, түйелі, атты керуен, Александр портынан (қазіргі Форт-Шевченко қаласы) жауды қуған Әліби тобының адасып қалуы, теңізден алыстап кетіп, табиғаттың қаталдығына тап болып, бір тамшы су таба алмай еріндері кезерген отряд, ой қыспағында қалған комиссар, құм далада Адай қызының жолығуы, Әліби мен Атанияздың кездесуі және тағы басқа жайларды ақын романтикалық шабытпен жырлаған. Құм таулар құдды биік қалың қорған, Осынау өлі шөлді көрмес еді… Қалған ба Адайлардан адаланып, Қу мекен, құлазыған қара шыған?.. Қағады құтыларын тамар ма деп, Бір тамшы таңдайына шөліркеген… — деген [31] жолдар арқылы құлазыған шөл даланың меңіреу қалпын, қатал табиғатты бейнелей алған. “Ақын поэмаларындағы оқиғаларды, қаһарман­ дардың іс-әрекетін, сезім дүниесін өмірдегідей дәл ақиқат күйінде суреттей бермейді, шартты, елес, аңыз дүниелеріне бөліп суреттейді. Осылай суреттеудің өзінде ақын өмір шындығынан алыстамайды, қайта сол ақындық қиял дүниесі арқылы айтпақ болған ойларын көркем де тапқыр бейнелеп отырады”, — деген ғалым Е.Исмаиловтың [17] пікірі осы тараудағы

ақынның Адай қызының образын берген тұстарына дөп келеді. Себебі, ақын аңыз элементтерін пайдалана отырып көркем образ жасаған. Адаймын, әкем аты Атанияз, Елімде жаугершілік — ата мирас… — деген поэма кейіпкері — Адай қызының сөзі мен автордың мына сөзі соның айғағындай: Адай қыз жанарынан жағып шырақ, Жөнелді үзеңгісін қағып бір-ақ… [31]. Ғалым Ә.Нарымбетов: “Поэманың тағы бір кейіп­ кері Атанияздың да прототипі бар, өмірде болған тарихи адам. Ол — Адай (Маңғыстау) уезінің тұңғыш ревком төрағасы Тобанияз Әлниязов”, — дейді еліміз егемендік алған соң жазылған кітабында [37]. Шынында осы поэмадағы Атанияз (Тобанияз) кім? Қан­ дай қызмет атқарған? Ақын бұл кейіпкерді қайдан алды? Жангелдинмен қандай байланысы бар? Енді осы сұрақтар төңірегіндегі деректерге, зерттеулерге жүгінейік. Атанияздың прототипі — Тобанияз Әлниязов (1875—1930). Ол тарихи шындық. Т.Әлниязов Кеңес өкіметіне қарсы іс істеген деп танылып, сола­қай сая­ саттың алғашқы құрбандарының бірі болды. Т.Әл­ ниязұлы 1929 жылы күзде жанындағы 68 адамымен бір мезгілде тұтқындалып (кей деректе 70 адам), Маңғыстаудан Атырауға әкелініп, Қазақстандағы Мем­ ле­кеттік Біріккен Саяси басқармасының Өкілеттік өкілдігі Үштігінің қаулысымен үкім кесіліп, жолдас­ тарымен бірге 1930 жылы атылған. Оның өлімі жөнінде тарихи деректердің өзі де әртүрлі айтылып жүр: бірінде сол Атырау түрмесінде атылды, екінші — Алматы түрмесінде атылды, үшінші— жолда Ақтө­бе түрмесінде қайтыс болды. Осы жантүршігерлік оқи­ ғаның ішінде Тобанияздың ұлы Бердіхан да болыпты дейді және бір дерек көзі. Осылайша Т.Әлниязов­ тың есімі мен ісі тарих беттерінен ысырылып, оны

білу­шілер қаһарлы саясат қатыгездігінен қаймығып қала берген. Осы арада тарих парағын жаба тұрып, біріншіден, поэмада бейнеленген Атанияздың көркем бейнесін талдап көрелік. Дастанда Атанияздың образы Адай қыздың сөзі арқылы диалектикалық тұрғыда ашыл­ ған. Сонымен бірге ақын оның бейнесін көріктендіру, одан әрі айшықтау мақсатында Адай жігіттерінің сөзі деп те бірнеше шумақтар берген. “Оның жанындағы жігіттер де жауынгерлік жол ата-бабасынан дарыған Адай жігіттері” деп суреттеген автор өзінің осы пайым­ дауын оқырмандарына нақтылау үшін көптеген көр­ кемдік құралдарды қолданған. Мысалы: “адайдың адуынды өр ұлдары”, “адайдың албырттары”, “адай­ дың өркендері”, “адайдың кекшілдері” және т.б. Қ.Бекхожин Атанияздың көркем бейнесін жасай отырып, оның тарихи нақты бейнесін де аша түскен. Атанияздың Әлібимен кездесу сәтіне эпизод арнаған ақын оны Маңғыстау түбегінің қорғаны, қорғаушысы етіп көрсеткен. Дастан желісі бойынша Атанияз Әліби отрядын бірден қарсы алмайды, олардың істерінің анық-қанығына жетпей құшақ жаймайды. Оны ақын Әліби мен Атанияз арасындағы диалог арқылы көрсеткен. Атанияз: Адайды адастырған арал құмда, Құйындай құйқылжыған әккімісің? Әлдебір сүмеңдеген сатқынбысың, Еліме, бұралқылар батты тісің? — дейді [31]. Тарауда шарпысулар арқылы осылай өр­ бі­ген диалог шарықтау шегіне (кульминация) же­ теді. Ақыры Әліби отрядының “қой үстіне бозторғай ұялаған” заманды әкеле жатқандығына сенген Атанияз онымен тіл табысып, түбек халқының болашағы, азаттығы үшін, мұңлы өлкенің мұңын азайту үшін Әлібимен келісімге келеді. Тобаниязды көзі көрген Әлібидің өз аузынан естіп білгендері арқылы ақын Атанияздың, яғни

Тобанияздың образын толықтыру мақсатында лири­ калық кейіпкердің монологін берген. Адасса адай білер өз жосығын, Жөн тапқан талай қырғын сасқалаңда. Жоқ шығар біздей қуғын басқа маңда, Сойылды көрдік ханнан, патшадан да. Айналдық ақ пен қызыл асырына, Тәңірім торын мәңгі тастаған ба? — деп [31] күңіренген Атанияздың жан сарайында күй­ зеліс байқалады. Адасқанда да, талай қырғында да жол тапқан адайлардың қазіргі саяси-әлеуметтік ахуалына сезімтал басшы сезіктене қарайды. Кейіпкер қатты налып, болашаққа күдіктенеді. “Біздей қуғын көргендер жоқ шығар” деп қапаланса да, артынша тоқтамға келеді. Енді, міне, лирикалық кейіпкердің хан мен патшадан қорлық көрген елі ақ пен қызылдың “асырына” айналған. Бұл жердегі “асыр” сөзі “асыр салу”, яғни “ойрандау” мағынасында беріліп отыр, демек күйзелген Атанияздың көкірегі шерге толы. Ол: “Тәңірім торын мәңгі тастаған ба?” — деп, амалы таусылғандай, тіпті, торыққандай сыңай байқа­ тады. Ақынның осылайша өз кейіпкерінің көңіл күйін налаға, өкінішке, өксікке, кекке толтыруы — оның келер күннен алатын “сыбағасының” белгісі ме деп топшылайсың. Қ.Бекхожин поэмада Атаниязды батыр қолбасшы ретінде көрсете отырып, оның өзіне тән характерін ашуды да мақсат еткен. Оны: “Қағылған қабақпенен қатал, сұсты, Адайлар ақтарылып аттан түсті” деген секілді жолдардан аңғаруға болады. Бұл жерде ақын Атаниязды қасындағы жігіттеріне қабақпен ғана бұйрық бере алатын бірсөзді, бірбеткей, қаһарлы басшы ретінде суреттеген. Одан әрі автор: …Сөйле деп Әлібиге әмір етті, Аңсағай Атанияз — аттан түсті… — деп [31], оның сыртқы тұлғасынан бой көрсеткен жігерлілікті, батырлықты, қайраттылықты “аңсағай”

сөзімен әсірелеп жеткізген. “Аңсағай” сөзі — толағай, дәу, үлкен сөзінің синонимі. Бұл сөз, негізінде солтүстік өңір қазақтарының диалектісі, яғни жергі­ лікті колорит. Қалижан ақын Керекудің тумасы болғандықтан, мұндай әдемі де әсерлі сөздер жиі кездесіп отырады. Автор Атанияз образын жинақтау барысында оның халқына деген ақ жүрегін, еліне берген сертін тағы да қайталап, батыр бабамыздың шынайы бейнесін ба­ рынша көркемдеп, мынадай түйін жасаған: У жұтып еңіреген ел кегінен, Жаралы жолбарыстай зілденіп ем. Серт еттім алдау, арбау әлегіне, Бір әскер жүрмесін деп құм белінен [31]. Келер күннен қанша күдіктенсе де, қанша сезіктен­ се де, жүрегі күпті, көңілі алай-дүлей лирикалық кейіпкер өз елі үшін “жаралы жолбарыстай” жанталасатынына, өзінің “құмды” жеріне пиғылы бөлек, ниеті бұзық ешкімді жүргізбейтініне серт етеді. Ақын­ ның суреткерлік шеберлігінен туған Атанияздың көркем бейнесі оның шынайы тарихи тұлғасының көшірмесіндей көңіліңе қона кетеді. Тарих бетіне қайта үңілсек, еліміз егемендік алған тұста ғана әр жерден күбір-күбір әңгімелер шығып, сірескен сең сырғи бастады. Бұған елдігімізді енді тани бастаған тұстағы (1991) елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “құпия архивтер ашылады” деген сөзі себеп болды. Соның нәтижесінде, жазасы жазымыштан емес, жауыздан болған азаматтарымыздың ісі қайта қаралып, ақтала бастады. Іске мемлекет басшылары араласып, жан-жақтан ғалымдар зерттеулер жүргізіп, құпия құлыптар біртіндеп ашылды. Осы тұста Т.Әлниязұлының 30-жылдары Мемле­­ кеттік қауіпсіздік комитетінде тіркелген “Тобанияз тобының ісі” деп аталатын 12 том (“Өте құпия”) ісқағаздары (ішінде фотосуреттер бар) маңғыстау­ лық жорналшы-жазушы Әбілқайыр Спанның қолына тиді. Жазушы аталған архив құжаттарымен алты

айдан астам уақыт танысып, ара-арасында баспасөз беттерінде “Адай қасіреті” деген атпен мақала жазып тұрды. Мұрағаттар шерткен сыр мен тарихи құжаттар айтқан деректерді жинақтап, елеп-екшеп, ел арасында сақталған әңгімелерді кірістіріп, соның нәтижесінде Ә.Спан “Тобанияз” атты деректі тарихиғұмырнамалық кітапты еліне ұсынды [38]. Осы іске ғалым Қабиболла Сыдиықұлы арала­ сып, Ә.Спанға ақыл-кеңесін беріп отырған. Оны Ә.Спан былайша есіне түсіреді: “Ал, айналайын, Құ­ дай сәтін салса, қолтығыңды сөгер кезің енді келді. Кезеңің туды. Барыңды салып бақ”, — деп, сол бойда менің творчестводағы тағы да бір бағыт-бағдарымды нұсқаған Қабең еді сонда...” [38]. Сонымен қатар жазушы Ізтұрған Сариев “Қанды ойран” деп аталатын тарихи деректі роман жазып, онда Т.Әлниязовтың азаматтық тұлғасын, адам­ дық болмысын, атқарған қызметін, Маңғыстау хал­ қына сіңірген еңбегін, жалпы Қазақстанның батыс аймағындағы азамат соғысының бергені мен алғаны туралы баяндайды. Жазушы деректі тарихи очерктерден тұратын бұл кітабында Тобанияз бейнесін барлық жағынан толықтай қамтып, тарихи және көркем образын жасаған [39]. Омаров Мұқашпен бірігіп Мемлекеттік саяси бас­ қарма құжаттары негізінде халық қасіретін баяндай­ тын хикая-романда да Тобанияз бейнесі молынан көрініс тапқан [40]. Т.Әлниязұлының тарихи бейнесін қалпына кел­ тіріп, ұрпақ санасына сіңіру барысында жазушы Марат Мәжитов те “Тобанияз” атты екі кітаптан тұратын роман жазды. Автор бірінші кітабында То­ банияздың Адай уездік комитетінің төрағасы болып сайланғанға дейінгі өмірін суреттеген. Сегіз арыс Адай еліне “хан Тобанияз” атанған, небәрі 55-ақ жыл өмір сүрген Т.Әлниязұлының қым-қиғаш өмірінің кейбір маңызды тұстарын осы кітапта көркем тілмен өрнектеп, Тобанияз бен Мұстафа Шоқайдың кездесу

сәттерін өте жатық әрі шебер жазып шыққан. Ірі саясаткер, белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай туған жерден жыраққа аттанар кезде Маңғыстауды бетке алғаны тарихтан белгілі. Маңғыстауға жеткен М.Шоқай түбекте аз уақыт аялдайды. “Туған елі — қазақ жерінің топырағын соңғы рет басып тұрған М.Шоқай сол жерде Ә.Тобаниязұлымен біраз күн бірге болды”, — дейді жазушы. М.Мәжитов романының ең шұрайлы тұстары осы [41]. Осы тарихи дерек туралы түркиялық ғалым Абду­ ақап Қара М.Шоқайдың күреске толы өмірін толық қамтыған, қайраткер туралы дүниежүзі ғалымда­ рының зерттеулеріне сүйеніп, таза құжаттық, де­ ректік негізде жазылған зерттеу еңбегінде де айтады. Онда М.Шоқай Маңғыстауда 1918 жылдың жел­тоқ­ санынан 1919 жылдың ақпан айының аяғына дейін болды деп көрсетіп, оны құжаттармен дәлелдеген [42]. М.Шоқайдың Маңғыстауда болып саяси жұмыстар жүргізгені, одан соң теңіз арқылы Баку асқаны да айтылған. Бірақ Т.Әлниязовпен кездескені жөнінде мәлімет жоқ. Демек, дәлелді дәйектер, құжаттар жоқ деген сөз. Ендеше, романдағы эпизодтар жазушының өз қиялынан туған болу керек. Осы қорытындымызды нақтылау үшін жазушы М.Мәжитовке телефон ар­ қылы хабарласып сұрағанымызда, Тобанияз бен Мұстафаның кездесулері шынымен де ақын қиялынан шыққандығын жазушының өзі айтты. Т.Әлниязовтың тарихи тұлғасын көркем әдебиетте екінші рет сомдаған — Қ.Бекхожин. Бұған ақынның өзі айтқандай, Ә.Жангелдиннің үлкен ықпалы тигені сөзсіз. Комиссар мен ақын кездесіп, әңгімелесіп жүргенде, Әліби Қалижанға Тобанияз туралы бар шындықты айтқан секілді, әйтпесе ақын оны білмеуші еді. Себебі ол кезде Т.Әлниязов та Ә.Бөкейханов сияқты “жабық” тақырып, дегенмен атақты комиссар қарыз арқаламай, жорық кездерін, Тобаниязбен кездесуін, Маңғыстаудың құм даласындағы қилықилы оқиғаларды, басқа да құпияларды жасырын

түрде айтқан. Сол себепті поэмада Тобанияз есімі “Атанияз” деп өзгертіліп берілген. Тобанияздың бейнесін көркем әдебиетте екінші рет жасаған Қ.Бекхожин дедік, ал сонда тұңғыш рет бейнелеген кім деген заңды сұрақ туады. Ол — халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов. Сәттіғұл ақын Тобаниязды көзі көрген, оның халқына істеген қыз­ метіне, Адай ревкомының тұңғыш төрағасы болып сайланғанына, артынан қатал тағдырдың шырмауына түскенін, темір тордан босана алмай бір елдің беткеұстар азаматының із-түзсіз жоғалғанын, бәрібәріне куә болған. Осы жайлардың алғашқысына қуанса, екіншісіне налыған ақын Т.Әлниязұлына арнап “Тобанияз туралы толғаулар” атты екі үлкен жыр-толғау шығарған: 1) “Тобанияз хан тұрғанда” (1918); 2) “Тобанияз ұсталғанда” (1929). Аталған толғау-жырлар Қауіпсіздік комитетіндегі “Тобанияз тобының ісіне” байланысты жұртшылықпен танысу құқығынан айырылған. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін Сәттіғұл ақынның сол толғауларына алғы сөз жазып, филол.ғ.д., проф. Жұмат Тілепов Маңғыстау облыстық газетіне жариялады [43]. Ал “Тобанияз кім?” деген сұраққа ғалым Қ.Сы­ диықұлы былай дейді: “Ол — 1918 жылы қазақ даласы­ ның төтенше комиссары Ә.Жангелдин Қаратөбеде өткізген он екі болыс өкілдері съезінде сайланған Адай төңкеріс комитетінің төрағасы. Әрине, бұл орынға кез келген адам ұсынылмайтыны белгілі… Адай ақса­қалдары түбек халқын етене білетін, ел мүддесін қорғай алатын, өзге жерлерде, тиісті орындарда қа­ жетті сөзін айта алатын шешен, би, өткір, тура, әділ, ұйымдастырушылық қабілеті зор, үлкен жүректі азамат Тобаниязды таныған. Оны Адай елінің беткеұстар беделі деп білген” [44]. Сонымен бірге жазушы Хамза Есенжановтың “Ақ жайық” романындағы “…Адайдың атақты Ниязы алпыс жігітімен келіп кірді” және “Жауынгер Адай елінің әрі биі, әрі көсем басшысы Тобаниязбен белгілі

помощник…” деп басталатын сөйлемдердегі де осы Тобанияз болатын [45]. Жалпы Т.Әлниязовтың тарих бейнесі мен атқарған қызметтері, өмірінің бұралаң беттері жөнінде мәліметтер көп. Соның бірі 1947 жы­ лы Ә.Жангелдин Тобанияз ұрпағының бірімен кездес­ кенде оның жазықсыз екенін, бірақ ақтап алуға күші жетпегенін айтқан деген де дерек бар. Ал кейіннен атақты комиссардың өзі де сол өз қолымен құрған кеңес қоғамынан қысым көргенін көпшілік қауым біле бермейді [46]. Халық үшін құрбан болған Т.Әлниязұлы толықтай ақталып, оның жарқын бейнесін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында іс-шаралар жасалды. Туған жерінде мектепке, көшеге аты беріліп, 1995 жылы Ақтау қаласында ескерткіш орнатылды. Қуғынның неше түрін көріп, түрікмен ағайындарды паналап, әйтеуір аман қалған жалғыз тұяқ — Тобаниязұлы Зәкіржанның (11-12 баласынан қалған) ұрпақтары қазір Маңғыстау облысында тұрады. Автордың поэмаға арқау еткен келесі мәселесі — Атанияздың ұлы. Ақын оны ақтар қолынан қаза тапқан деп берген. Негізі олай емес, оған қа­тысты әңгіменің бір ұшығы жоғарыда айтылды. Ақын Атанияздың өзімен бірге баласының да өкімет қо­ лынан өлгендігін Жангелдиннен естіп білген. Сол қанды оқиғаны сезімтал жүрекпен қабылдаған ақын қалай болса да, қатыгез тағдырдың шынайы шындығын көрсетуге тырысып, айтылған тарихи деректі негізге ала отырып, уақыт талабына сай әрі алдына қойған мақсатына орай, өз фантазиясына ерік бергенге ұқсайды. Олай етпесе, автор өткен тарихи оқиғаны айта алмас еді. Осыны білген ақын поэманы жазу барысында логикалық қорытындыны шебер қиюластырып, өмір шындығын өзгерте отырып, толғау желісіне Атанияз (Тобанияз) ұлының қаза тапқанын қоса алған. Сөйтіп, ақын алдына қойған межеге жеткен. Ал шындығында Тобаниязұлы Бердіхан сауатты болған, елінде мұғалімдік қызмет атқарған.

Екі рет ұсталып, сотталып, ақыры 1937 жылдан соң хабарсыз кеткен [38]. Эпикалық тарихи дастанның бас қаһарманы Ә.Жангелдиннің өмірбаянын тарихи деректермен, мұрағаттағы құжаттармен салыстыра баяндайтын екі тілде (орысша-қазақша) жазылған ғылыми-зерттеу кітаптары бар. Сонымен бірге комиссардың өзі де естеліктер жазып қалдырған [46]. Қ.Бекхожиннің азамат соғысын, оның батырларын шығармасына арқау етіп жазған туындыларын қорыта келе айтарымыз, автордың шығармашылық қиялының, шабытқа толы ойларының, қанатты жан дүниесінің, тілінің шынайы болуының бір сыры, біріншіден, ақын болашақ кейіпкерлерінің көзін көріп, өздерімен тілдесуді мұрат еткен. Бұл — ақын меңгерген сирек тәсілдердің бірі. Екіншіден, барлық жанр түрлерінен талап етілетін нәрсе — әдебиеттің негізі саналатын көркемдік мәселелер, яғни стиль, сюжет, образ сомдау, характер ашу, өмір шындығы мен көркемдік шындықтың үйлесім табуы ақын поэ­ маларында жоғары деңгейде көрінген. Үшіншіден, өз дәуірінің талап еткен қағидаларын орындауымен қатар, сол уақыт үнімен үндеспейтін “жабық та­ қырып” пен “айтуға болмайтын” есімдерді ебін тауып енгізіп, әрбір образдың өзіне тән азаматтық, ерлік бей­ несін эпикалық планда көрсете алған. Төртіншіден, тарихи дерек көздерін пайдалана отырып, соған лайық көркемдік шешім жасауда үлкен жетістікке қол жеткізген. 1.2.2. Соғыс туралы поэмалардағы көркемдік ізденістер Халық неше түрлі зобалаң мен зұлматтан көзін енді аша бастаған шақта, елімізді Ұлы Отан соғысының өрті шарпыды. Қ.Бекхожин шабытынан патриоттық жырлардың тууына екінші себеп соғыстың қаһарлы жылдары, күңіренген күндері, санаулы сағаттары болды.

Ақындар Отан соғысындағы ерліктерді, сұрапыл кезіндегі қысылтаяң шақтарды, жан алып, жан беріскен сәттерді, бір минут уақыттың алтынға те­ ңелген тұстарын, көз алдыңда дүниеден өтіп бара жатқан жанның соңғы қас қағым шағын, фашизмнің жексұрын қылықтарын, кеңес әскерлерінің азамат­ тық істерін, олардың ерлікке толы бейнелерін түрлі көркемдікпен жырлады. Ол туындылардың тақы­ рыптық сипаты бірдей, тарихилық маңызы ортақ болғанымен, стильдері өзгеше болды. Соғыс тақырыбына қалам тартқан Қ.Бекхожин алғашқы кезде өз кейіпкерлерінің патриоттық, ер­ лік тұлғасын ашуда, соғыстың адамзат баласына салған жарасын, қорқынышты сиқын көрсетуде көп­ теген өлеңдер, балладалар жазды (“Кек дабылы”, “Жауынгер маршы”, “Әнуар”, “Партизан анасы”, “Освенцим”, “Капитан”, “Днепрде” және т.б.). Содан соң тарихи шындықты ірі эпикалы түрде жырлауға ұмтылған бірнеше поэмалары дүниеге келді. Ақын оларды жинақтап, екі жинақ шығарды (“Шеру”, 1944; “Батырлық жыры”, 1949). Қ.Бекхожин “Александр Невский” атты поэма жазды (1941). Бұл ХІІІ ғасырда Ресей жерін басып алуға ұмтылған неміс басқыншыларының әрекетін талқандап, оған тойтарыс берген атақты А.Невскийдің батырлығын мадақтауға арналған. Поэма төрт жол бір шумақтан тұратын қара өлең ұй­ қасымен жазылған. Барлығы 74 шумақтан (296 жол) тұрады, ешқандай тарауға, бөлімге бөлінбеген. Поэма жанрына қарасақ, А.Невскийдің батырлығын, жауға деген кегін, ұлты үшін жасаған шексіз ерлігін баян­ даған очерк-поэмаға жатады. Дастанда басқыншы немістердің негізгі ойының бұзықтығын, арам ниетті жауыздардың пиғылдарын, олардың мінез-құлқын, тіпті, сыртқы кескін-келбетін көрсету үшін соларға лайық теңеуді ақын өз мүмкіндігінше қолданған. Жаудың қаныпезерлігін өз көзімен көрген жауынгер ақын олардың “ерекше” образын жасауда жаман

сөздерді пайдаланып өзіндік өрнек танытқан. Мысалы: “төбеттер”, “есерлер”, “құбыжықтар”, “иттер”, “әумесерлер”, “қанды көздер”, “албастылар”, “бұзықтар”, “алаяқтар”, “жындылар”, “қабандар” және т.б. Осындай теңеу сөздер арқылы жау образын оңды сомдаған автор олардың жеркенішті, өктем ойларын ішкі монолог тәсілі арқылы да сәтті берген: Бұл неткен жер ұлан-байтақ, Көк орманды қонысы кең?! Бағынғанда айнала аймақ, Бағынбайтын орыс па екен?!. [18] Поэмадағы жауыздардың көркем образы дастан­ ның тұтастай мазмұнын, тақырыптық идеясын айқын көрсетеді. Сонымен бірге: Сонда тағы шыққан екен, Күнбатыстан бір құбыжық... Тағы неміс төбеттері Қайда қаптап келе жатыр?.. — деп [18], неміс басқыншыларының бұл соғысы — орыс жерін басып алуға ниеттенген екінші соғысы екендігін де ашық айтқан. Ақын осы тарихи деректі поэзиясына арқау ету арқылы да жауынгерлер намысын қайрай түсіп, ой тапқырлығын байқатқан. Поэма ішінде халықтар достығы, фашизм әрекет­ теріне бірігіп тойтарыс беруі, қысылтаяң сәттегі олар­ дың төзімділігі, бір-біріне деген мейірімі реалистік тұрғыда бейнеленіп, романтикалық леппен жазылған. Мысалы: Бастады орыс, атой салды, Шапты артынан бауырлары. Ер грузин, кекшіл өзбек, Қайсар қазақ ауылдағы [18]. Ә.Тәжібаев осы поэмамен мазмұндас, идеялас, кө­ терген мәселесі, басты бағыты бірдей “Толғау” (1941) атты поэма жазды. Ақынның бұл поэмасы толғау жанры­ на ұқсас, ырғағы жеті-сегіз буынды тармақтарға

құрылған өлең жолдарынан тұрады. Поэманың “Тол­ ғау” аталуы да осыдан болса керек. Қ.Бекхожин қанқұйлы соғысты, қатыгездікті, жантүршігерлік сұмдық істерді жазба әдебиетінің қалыптасқан үлгісі бойынша, көркемдік құралдарды пайдалана отырып ықшам әрі түсінікті жазды. …Алаңы жоқ жатқанды жай, Кескіледі, қанын шашты… …Ұйықтап жатқан ұрды әйелді, Бауыздады жас баланы… [18]. Ал Ә.Тәжібаев А.Невскийдің батырлығын кәдімгі ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының үлгісімен жазды. Поэманы оқып отырғанда, көз алдыңа Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғындардың жырдағы көркем бейнесі елестейді. Бұл поэма уақытында өз бағасын алғанымен, қазіргі күн тұрғысынан бізді көп қуанта алмайды. Азғана мысал алып көрелік: ...Алды жауын жағадан Асырмайды қайратты. Алыстырмай көп ұзақ Аударғандай бір төбе, Атынан жерге аунатты [47]. Негізінен, екі ақын да шығармаларында қоғам­дықсаяси мәселені көтеріп, алған тақырыптарын біршама меңгеріп, бір межеден шыққанға ұқсайды. Олар екінші дүниежүзілік соғыста кеңес жауынгерлеріне батыр Невскийдің ерлігін өнеге етіп, оның тарихи тұлғасын көркемдеу арқылы тек соғыстағы жауынгерлер емес, тылдағы еңбек солдаттарының да азаматтық рухына дем берді. Отан соғысы тұсында кеңес ақын-жазушылары екі майдан шебінде де күш-жігерлерін аямай қызмет етті. Біріншіден, олар соғысқа тікелей қатысты, екіншіден, олардың қаламынан туған шығармалар соғыс және тыл жауынгерлеріне демеу болды. Олар алдыңғы шепте жүрсе де, қолдарынан қаламдары түспеді, мұндай ізгілікті істер істеу — олардың перзенттік парызда-

ры, азаматтық борыштары еді. Ел басына күн туған шақта қазақтың ақын-жазушылары осы екі бағытта өздерінің азаматтық қарыздарын абыройлы өтеді. Сезімтал ақын Қ.Бекхожин туындыларының не­гізгі мазмұнын адам жанының аласұрған сезім күйлері құрайды. Сол неше түрлі жан күйзелісін бастан кешкен адамның табиғатпен тығыз бірлікте берілуі арқылы ақын поэзиясында көркемдік шешім тапқан тұстары көп кездеседі. Бұл жайт оның шығар­ ма­ларының айрықша болмысы екені белгілі. Осындай болмысы айрықша, сұрапыл жылдардың өшпес тарихи көрі­нісін бейнелейтін қоғамдық-саяси маңызы жоғары бағаланған поэмаларының бірі — “Жиырма сегіз” (1942). Бұл — тарихи деректі поэма. Поэма 29 шумақтан тұратын шағын ғана туынды. Ақынның поэма көлемін 29 шумақ етіп жа­зуы­ның өзінде де тарихи құпия бар. Себебі, 28-панфилов­ шылардың алғашқы саны 29 болған деген сөз бар. Бұл мәселеге поэманы талдау барысында тоқталамыз. Неміс фашистері кеңес еліне тұтқиылдан шабуыл жасағанына тарих куә, бірақ олардың сағы сынып, жеңіліс тапқаны әлемге аян. Басқыншылардың жос­ парларын күйреткен, көңілдерін құлазытып, салын суға кетірген алғашқы жеңілістерінің бірі — Мәскеу түбіндегі 1941 жылы 16 қарашада болған ауыр шай­ қас. Сол қаһарлы күндер соғыс тарихының беттеріне алтын әріппен жазылып, бірнеше ұлт өкілдерінен құрылған кеңес жауынгерлерінің табанды күресі, олардың қайғылы қазалары аңызға айналды. Осы оқиға ақын-жазушылардың шабыт­тарына қозғау салып, олардың ерліктерін үлгі еткен, боздақтардың өліміне себеп болған қырғынның жеңіспен аяқталуын насихаттаған шығармалар дүниеге келді. Бұл оқиға қазақ қаламгерлеріне айрықша әсер етті, оған себеп даңқты 28 жауынгерлер дивизиясының Қазақстанда жасақталуы еді. Поэма жөніндегі “табиғатпен тығыз бірлікте” жа­зылған деген ойымызды әдебиет зерттеушілері З.Серікқалиев, Э.Серікқалиева және Қ.Қамбаровтың

пікірлері де толықтырады. Олар өз зерттеулерінде поэ­ мада ақын қолданған жаратылыс құбылыстарының бейнелену сәттеріне айрықша көңіл аударған [48]. Енді ерлік жырындағы өлең өрнектеріне тоқталып көрсек, онда ақын: Қараңғы түн, қалың орман, Алай-түлей қар бораған. Долы дүлей, долы боран Көкті жапқан, жерді ораған, — дейді [18]. Бұл — дастанның алғашқы шумағы әрі адам баласы үшін қорқынышты, сұсты, суық табиғат көрінісі. Ақын осы бірінші шумақтан-ақ сол бір қайғылы түнді табиғаттың ашулы сәтін сипаттайтын штрихтармен берген. Соғыстың қай күнінің болса да жақсысы жоғы белгілі. Дегенмен, 28-дің басынан өткізген сол бір күнін ақын табиғаттың осындай сұмдық келбетімен салыстыра суреттеген. Қараңғы түнде қалың орманның ішінде долы қарлы боран соқса не болады? Адам байғұс табиғатқа қарсы тұра алмауы мүмкін. Ал бұл көрініс табиғаттың емес, соғыс көрінісі, оған 28 қаһарман жауынгер қарсы тұра алды дегенді білдіреді. Бұл жерде ақын табиғаттың шынайы көрінісін пайдаланып, сұм соғыстың шын картинасын, ондағы жауынгерлердің ерлігін көз ал­дымызға әкелген. Ақын поэмадағы “Өршелене соқты боран, Орман шулап тартты қобыз” дейтін жолдарды, яғни бо­ ранның үдеп күшеюін, орман ішіндегі ағаш-жапы­ рақтардың шулағанын қобыз үнімен теңестірген. Бұл суреттеуде ақын қиялындағы ұшқырлықтың ерекше бір ұшқыны — ұлттық нышан байқалады. Қобыз — қазақы ұғым болса, орман — орыс орманы. Осы жерде “Ақын суреттеген мұндай ұлттық көріністер саясат тапсырысымен жазылған сындардың қармағынан қалай сау қалды екен?” деген ой келеді. Десек те, поэ­ мада ондай жолдар көп кездеседі. Соның бірі: Ақ кебіндей ақ боранға, Өлі неміс жатты оранып… [18].

Бұл жерде ақын табиғаттың дүлей күші — боранды “ақ кебінге” теңеген. “Кебін” — бүкіл мұсылман қауымына ортақ ақырет сапарға аттанушының киіп кететін киімі. Ал оның ақ болуы — о дүниеге кетіп бара жатқан жанның “ақ өліммен” өлуінде. Мұсылман ұғымында “ақ өлімнің” түсінігі өте күрделі. Адам баласы туған соң, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өледі, бірақ сол өлім “ақ өлім” болсын дейді. Мұның ар жағында “ақ жуып, арулап қою” деген өлім категориясының өзіндік элементтері бар. Осы айтылған “ақ кебін”, “ақ өлім”, “ақ жуып, арулап қою” — барлығы тұтасып өл­ ген жанның өлімінің салтанатты көрінісін береді. Ал ақын бұндай мұсылмандық ұғым-түсініктерді жақсы білгендіктен, басқыншы жаудың өлімі де осындай “ақ өлім” дегенді білдіріп, олар бәрібір өлуге тиісті. Сол себепті де оларды “ақ кебіндей” ақ боранға ораған секілді. Осыған ұқсас жолдарды тағы да қайталап кірістірген ақын: Кебін киіп көмілгендей, Омбы қарға батты неміс, — деп ойын нақтылаған [18]. Осы арада ескере кететін бір жайт — жырланған тақырып кеңес халықтарына ортақ болғанымен, поэ­маның ұлттық сыр-сипатта жазылып, автордың таным-түсінігінің ұлттық көрініс беруі. Поэзия әле­ мінде кездесетін бұл құбылыстар әлемдік әдебиет­тану ғылымында “ұлттық мінезді поэзия” делінеді. Бұл — тарихи категория. Осы мәселені тереңірек зерттеген филол.ғ.д.проф. Амантай Шәріп былай дейді: “Ұлт­ тық мінезді поэзиялық шығармалардың жалпы пафосынан немесе рухынан, сондай-ақ ақындық “мен”, лирикалық кейіпкер, лирикалық тұлға, лирикалық қаһарман бейнелерінің бітімінен анықтап-айғақтауға болады” [49]. Поэманың негізгі тарихи дерегіне байланыс­ты сөз қозғағанда, Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіндегі жауынгерлер саны басында 29 болған дегенді айттық.

Поэмада да ақын бірнеше жерде жауынгер санының 29 болғанын айтады. Сол 29-ға арналған “…Келе жатыр жиырма тоғыз”, “Жиырма тоғыз жау тобырын…”, “Көрді соны жиырма тоғыз…” деген жолдар бар. Бірақ “29 жауынгердің біреуі “сатқын” болып, қалған 28-і оны гранатпен жарып өлтірді” дейді ақын поэмада. Бізге жеткен тарих та осыны айтқан болатын, бірақ бұл арада жауынгер санының бізден жасырған құ­ пиясы әлі де бар секілді. Бұл құпия үшін әңгімені алыстан бастағанды жөн көріп отырмыз. 28-панфиловшы жауынгерлер рухына бас иіп, оның ерлігін жырына арқау еткен қаламгерлер қауымы өз уақытында көп болды. Ақындар жа­ уынгер ерліктерін жеделдете жырлап, соғыстағы ер­ лік идеясын насихаттады. “Жиырма сегіздің” ерлігін әлемге паш етуге бүкіл кеңес халықтарының ақындары атсалысты. Қазақ ақындарынан Қ.Бекхожиннен бас­тап, Д.Әбілев “Москва түбінде”, халық ақыны Н.Байға­нин “Ер туралы жыр”, Қ.Жапсарбаев “Сеңгір­ баев Мұса­бек”, қырғыз ақындары Т.Шамшиев “Панфиловшылар туралы жыр”, А.Тоқамбаев “28 батыр” атты дастандар арнаса, орыс ақындары Н.Тихонов “28 гвардияшылар туралы сөз”, М.Светлов “Жиырма сегіз”, П.Кузнецов “Панфиловшылар”, тәжік ақыны Ә.Лахути “Мардистан туралы аңыз”, түрік ақыны Н.Хикмет “Панфиловшылар” атты поэмалар жазды. Бұл — тек поэма жанрына қосылған туындылар. Бұлардың барлығы да тарихи дерекке сүйеніп, оқиға желісін бір арнамен ғана дамытты. Сонда олар тарихи дерек көзін, негізін қайдан алды? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Қанды шайқас жөнінде алғаш баспасөзде жазушыжорналшы А.Кривицкийдің мақаласы шықты (“Красная звезда”, 28.ХІ. 1941). Мақалада жауынгерлердің аты-жөні немесе соғыстың қалай біткені туралы ешбір мәлімет берілмеген және 28 жауынгер түгелдей қаза тапты делінген. Артынан сол 28-дің алтауы (6) тірі қалып, шындықтың беті ашыла бастады [50].

Солардың бірі — қазақ ұлтының өкілі Даниил Қо­жа­ бергенов еді. Ал сол кезде өкімет қаулысымен (1942 ж. 21 шілде) 28-дің бәріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Осындай үстірт хабардың, асығыс қаулының, негізсіз деректің зардабын тірі қалған алты жауынгер тартты. Олар: Д.Қожабергенов, И.Добробабин, Г.Шемякин, И.Васильев, И.Шадрин, Д.Тимофеевтер болатын. Оларды, яғни тірі батырларды кеңестік идеология құрсауындағы қоғам қа­ былдағысы келмей, нәтижесінде кеңестік саясат тән жаралары жанына батқан жауынгерлердің енді жан дүниесін жаралауға кірісті… Ақыры НКВД мүшелері араласып, тірі қалғандардың ішінде екі жауынгерге (Д.Қожабергенов, И.Добробабин) батыр атақтары қай­ тарылмады… Бұл жөнінде баспасөз бетінде бірнеше мақалалар жарық көрді [51]. Біз осы арада тарихтың шытырман тұстарын әрі қарай айтпай, тоқтатамыз. Оған себеп, осы “Даңқ­ ты 28 жауынгердің көркем бейнесі ТМД елдері (бұ­ рын­ғы СССР) поэзиясында қалай бейнеленді?” деген тақырыпта филол. ғ. к. Мәмила Жақыпбекова көп еңбек сіңіріп, зерттеді. Жоғарыда айтылған тари­хи деректердің бәрі осы М.Жақыпбекованың мақалаларында егжей-тег­жейлі нақты фактілермен баяндалған [52]. Ал оның 29-шы “сатқын” жауынгер туралы: “…екінші зейін аударатын мәселе — опасыздық әрекетімен 29-жа­уынгердің аталуы. Бұл турасында айтылған журналист М.Митьконың: “ерлікті шектен тыс әсірелеу мақсатымен сатқынды ойлап табудың қажеттілігі туындады” деген пікірі шын мәнінде опасыздық жасаған жауынгер болды ма, болмады ма деген екіұшты ойдың шешіміне же­те­ лейді” — дейді де [53], сөзін дәйектеу, дәлелдеу мақ­ сатында Н.Тихонов поэмасының жазылу тарихына тоқталған. Осы мәселеге байланысты зерттеушінің саралау барысында айтқан қорытынды пікірі дәлелді және тұжырымдары нақты. Сол себепті, ізденушінің пікіріне алып-қосарымыз жоқ.

Даңқты 28 жауынгерге арнап жазылған ТМД елдері ақындарының шығармаларының көркемдік сапасы, жанрлық ерекшеліктері қандай дәрежеде болды деген сауалға профессор Ә.Нарымбетов пен ф.ғ.к. М.Жақыпбекованың зерттеулері (жоғарыда көрсетілген) толық жауап береді. Ақынның адам ішкі әлеміне үңіліп, жан дүние иірімдерін тап басатын таланты — кейіпкердің бүкіл болмысын ашатын кілт екендігі аян. Тіпті соғыста құрбан болған ер-азаматтардың ерлігін сипаттаудан гөрі, оның адамдық қасиетінің бір қырын аңғартып өтуі ақынның өзінің адамдық болмысын көз алдыңа әкелетін сияқты. Академик С.Қирабаевтың еңбегінде Қ.Бекхожиннің “Жиырма сегіз”, “Александр Нев­ ский” поэмалары осы тұрғыда талданған. Қ. Бекхожиннің өмірде шын достарының бірі болған, Отан соғысында мезгілсіз көз жұмған талантты ақын Абдолла Жұмағалиев (1915—1941) туралы “Ол — өлеңнің қызғалдағы” атты естелігінде: “Сол тұстағы қатарлас бәріміздің өзімізше ізденістеріміз бар шығар, бірақ жастық өмірді, махаббат сырларын, адам тағдырын Абдолладай тебірене жырлаған ешқайсымыз жоқ дер едім”, — дейді [54]. Бұл — Абдолла қайтыс болған соң еске алу мақсатында жа­ зылған дүние. Ал Қалижан досы Абдолланың ерлік­ пен қаза тапқанын, өзі де әскери қызметте жүр­генде естиді. Сол сәтті ақын: “Абдолла туралы сай-сүйегімді сыр­қырататын суық әрі керемет хабарды естігенде, мыл­тығымды құшақтап отырып, жоқтау жыр жаздым…” — деп есіне алады [54]. Ақынның сонда жазған поэма-реквиемі “Ақын кегі” (1941) деп аталады. Қатарлас, қаламдас жолдасы, сырлас досы — Абдолланың өлімі Қалижанды қатты күйіндірсе, ерлігі сүйсіндірді. Ақын ақынды жоқтады, ішіндегі күйігін, көңіліндегі нала-мұңын, жүрегіндегі шерменде шерін өлең өзегіне айналдырып, өкінішін өлең өрнегіне негіз етті. Оның мезгілсіз өлімін, жаратылысында нәзіктігі басым жанның жасаған ерлігін,

онымен бірге қаншама құпиясы мол құнарлы дүние­ нің кеткендігін жырына арқау қылды. Абдолланың арман-мақсатының биіктігін, соның біріне де жете алмай кеткен боздақтың қыршын өмірін Қалижан қарымды түрде жырлады. Қ.Бекхожин толғауында А.Жұмағалиевты “есіл боздағым”, “әншіл бөбегім”, “сабазым”, “өлеңнің қызғалдағы”, “сәби ақын”, “албырт ақын” деген бейнелі тіркестер, яғни метафоралар мен эпитеттер арқылы оның жастығын, өлімінің мезгілсіз екенін анық көрсетті. Ақынның қысқа өміріне қоса бітпей қалған шығармаларын да “…Толмай сөнді қызған шағы, Бітпей қалды поэмалар…” деген жолдармен өрнектеді. Поэмада ақын досының ерлік істерін, отқа өртеніп қаза тапқандығын мұңдана, кектене, өрше­ лене жырлай отырып, өз жан дүниесінің толқулы сәттерін (эмоция) жасыра алмай қалған тұстары да кездеседі. Жауынгер ақын Қалижан батыр әрі ақын досы — Абдолланың дүниеден өтер сәтіндегі монологін сәтті берген. Онда лирикалық кейіпкер: Ей, есуас, жер жебірі, Ат денемді, өрте мейлің, Артымда өлең қалса тірі — Мен жасымаймын, мен өлмеймін. ...Шаттықпенен жас жаныма, Ән шырқаса неге өлемін! — дейді [18]. Ақын бұл монологті Абдолланың батыр тұлғасын асқақтата көрсету үшін пайдаланған. Әрі бас қаһарманның негізгі сипаттарының бірі — психологиясы болғандықтан, көркемдік тәсілдің бірі ретінде осы ішкі монологті қолданған. Бұл жерде біріншіден, лирикалық кейіпкер — батыр, сол себепті де ол өлімнен қорықпайды, “ат денемді, өрте мейлің” дейді. Екіншіден, ол — ақын, сондықтан да “артымда өлең қалса, …мен өлмеймін” дейді. Ақын ойы да, оқырман ойы да — бір. Екеуі екі арнамен ағып келіп,

бір өзенге құйылғандай әсер береді. Осы екі ой да, екі түйсіну де Абай Құнанбаевқа келіп тоқтайтын тәрізді. Себебі, Абай: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес... немесе …Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған? — деді “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” деген өлеңін­ де [55]. Абай осы өлеңімен мәндес, мағыналас өлең Ахмет Байтұрсыновта да бар: Мен өлсем де өлемін жөнімменен, Тәннен басқа немді алар өлім менен?!. Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін, — деп [56], өзінің өлім мен өмір туралы таным-түсінігін айқын білдіреді. Ғұлама ғалым тіршіліктің негізгі мәні — мағыналы іс, яғни келешек ұрпақтың қамы екенін айтып, өзім өлсем де, артымда өлмес ісім қалсын дейді. Осындай ұлы ойды Мағжан Жұмабаев та “Мен кім?” деген өлеңінде: Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді, — деп [57], философиялық мағынасы терең даналық сөз қалдырған. Абай, Ахмет, Мағжандар айтып кеткендей, артында өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын ерлік қалдырған ақын Абдолла, әрине, өлген жоқ. Қ.Бехожин аталған шағын ғана толғау-реквиемде поэмаға тән барлық компоненттерді пайдаланып, жау­дың зұлымдығын суреттейтін шұрайлы шумақ­ тар­ды тізілте отырып, шығармада батыр-ақынның, оның достарының және жаудың шынайы келбетін романтикалық сарында жырлаған. Қ.Бекхожин өмірден ерте кеткен Абдолла досына өлең-ескерткіш қоюымен бірге оның аз ғұмырына

арнап естелік-эссе жазып, шығармаларына ғылы­ ми талдаулар жасап, пікірін айтты: “Абдолла ұлы ақындардан, әсіресе Пушкин, Байрон, Лермонтовты ұнатушы еді. Олардың романтикалық дүниелеріне жас Абдолла жанымен беріле, сол сарынға еліктеуші еді. Абдолла жырларындағы кейбір алабұртпалы, күңіреністі саздар Байрон мен Лермонтов әсерлері екені даусыз...” [54]. Сонымен бірге Қ.Бекхожин Абдолла мен Мәншүк­ тің жастық шағы туралы “Албырт ақын мен қайсар қыз туралы хикая” атты шығарма жазды (Қазақ әдебиеті, 18.02.83). Бұл шығармасының жазылу тарихы туралы Қалижан былай дейді: “... ардақты Мәншүкті мен Отан соғысы алдында Алматыда жас шағында көрген едім... Әсемпаз Абдолланың тәкаппар Мәншүкке гүл ұсынып, тағзым еткені де рас... Менің хикая-жыр естелігім — Мәншүк пен Абдолланың аяу­ лы жастық шақтарынан естелік-елес” [12]. Қазақ әдебиетінде А.Жұмағалиев рухына арнап Қ.Бекхожиннен кейін сыйлас досы, қаламдас серігі болған аяулы ақын Қасым Аманжолов та “Абдолла” (1941) атты поэма жазды. Бұл поэма да жас Абдолла бейнесін, оның ерлігі мен батырлығын, жалпы соғыс сағатының соғуын, фашизмнің қанқұйлы әрекетін бейнелеген тәрбие құралдарына айналған маңызды шығарманың бірі болды. Қ.Аманжолов поэмасында Қ.Бекхожин бейнелеген шынайы көріністерден де өткір, ұшқыр, ұтымды өлең жолдары бар. Қасым Абдолланың ерлік істерін табиғатпен жанастыра, қатарластыра отырып, өлең өрімдерін егіздете құрған. Бұл — Қасым поэзиясына тән құбылыс, оны мына жолдардан көруге болады: Ашулы жел ащы дауыс Тұндырғандай жау құлағын... Қанды көбік қара топан Ортасында бейне шың тас. Қойып айды қарауылға, Күн де шомды ұлы ұйқыға… [58].

Сонымен бірге “қорғасын бұлт”, “алтын ошақ”, “әлемнің ашу-кегі”, “қанды пышақ — жау күлкісі”, “түн жүрегі”, “көктің миы”, “орманның шашы” және т.б. көптеген сөз тіркестерінде қолданыс тап­қан эпитеттер, теңеулер, метафоралар поэманың көр­ кемдік қуатын одан әрі арттырғандай. Досы, қаламдасы Қасымның суреткерлік шеберлі­ гін бірден таныған Қалижан бұл поэманы былай деп бағалаған: “Поэма — оқушыны тартатын, геройы­на ыстық сезім тудыратын, оның ерлік істеріне сүйсін­ діретін шығарма. Поэманың негізгі қасиеті — ақын­ ның бейнелеу, суреттеу жағына өтімді, қонымды және тың теңеу табуында. Қасым келе жатқан сұмырай жаудың сипатын аз сөзбен әсерлі, айқын етіп суреттей білген” [54]. Қасым шығармашылығын тікелей зерттеген ға­ лым Тұрсынхан Әбдірахманова монографиясының ғылыми маңызы зор. Ол өз зерттеуінде “Абдолла” поэмасы туралы: “Қасымның осы поэмасының, сондай-ақ Отан соғысы тақырыбына жазылған күллі поэзиясының екінші бір өзегі — лейтмотиві дерлік негізгі арқауы — азамат намысы, ердің кегі, Отан алдындағы борыш. Бұл да ақынның объективтік те, лирикалық та қаһарманының патриоттық сезімі, жанқиярлық ерлігін бейнелеу арқылы жырланған”, — дейді [59]. Ғалым ақынның азаматтық намысының, сезім дүниесінің, жекебасының өзгеше қасиеттеріне мән берген секілді. Қ.Бекхожиннің “Ақын кегі” мен Қ.Аманжоловтың “Абдолласы” — көлемдері ықшам, тілі жатық, ойлары анық, бірін-бірі толықтырған, бір-бірімен іштей қабысып, өзара үндескен өз алдарына дербес туындылар. Дегенмен, екі поэманың стильдік ерекшеліктері айқын көрінеді: бірі қалыптасқан қара өлең дәс­ түрімен жазылса, екіншісі толғау түріндегі халық ақындарының үлгісімен жазылған. Екі поэмада да баяндау тәсілі пайдаланылған, алынған тақырыпта, оқиғаның өрістеуінде күрделі желі немесе күшті тар-

тыс көп байқалмайды, тек соғыстың жалпы көрінісі, ерлік істердің элементтері ғана арқау болған. Аталған тараушаның көтерген мәселесіне қарай, тақырыпты ашу мақсатында, бүгінгі күн тұрғысына ыңғайластыра отырып, ақынның бір өлең-толғауын қарастырамыз. Бұл — қаламгердің азаматтық үні­ нің ең шарықтау шегі іспеттес, Махамбет рухына арналған “Махамбет қабіріндегі тебіреніс” (1972) деп аталатын балладасы. Махамбеттің жортуылды жорықтары тарихшы­ лардың, өрен өлеңдері әдебиетшілердің екі ғасырға жуық уақыттан бері қаламдарын қолдарынан түсір­ мей келеді. Махамбет рухына арнау жазған, поэзия­ сын өзінше бағамдаған әдебиетші-ғалымдарымыз бен ақын-жазушыларымыз аз емес. Соның бірі — Қ.Бекхожин Махамбет тақырыбын сонау студент ке­ зінен бастап, яғни 30-жылдардан қолға ала бастаған. 30-жылдар дегенде, еліміздің басынан өткен ауыр да азапты, үрку мен қорқуға, өкініш пен өксікке, тарығу мен торығуға, түңілу мен күйінуге толы жылдар керуені көзге елестейді. Ол кез — қазақ халқын рухани құлдырату, күйрету кезеңі еді. Дегенмен, филол.ғ.д. проф. Бекен Ыбырайым: “Белгілі бір тарихи кезеңдегі әлеуметтік және т.б. қыспақ қаншама қытымыр болғанымен, рухани дамуды мүлдем тоқтатып тастауы мүмкін емес”, — деп айтқандай [60], шынымен қанша­ ма тосқауылдар жасалғанмен, баспасөз беттерінде бірлі-жарым әдебиет тарихынан мақалалар бой көр­ сетіп тұрды. Соның бірі — ақынның орыс тіліндегі “Поэзия Махамбета” (1937) атты мақаласы [61]. Ақын бірнеше жылдан соң Махамбет тақырыбына қайта оралып: “Студент шағымда жазған мақаламда Махамбетті ағылшынның ұлы ақыны Джордж Бай­ ронға теңеппін… Менің айтпағым — поэзиялық ұқсас­ тық жайында емес еді, өр кеуде, ереуілшіл екі ақынның азаткерлік мұратының биіктігі, қайсарлығы хақында еді...” — деді “Буырқанған халықтың дауыл­ пазы” атты мақаласында [12]. Мақала алғаш рет

“Лениншіл жас” газетінде жарияланған (20.10.1979). Қ.Бекхожиннің осы мақаласын мұрағаттар қойнауы­ нан қарасақ, мақаланың Махамбетті Байронға теңеген жері жоқ екен. Студент Қ.Бекхожин мақаланы жазып апарып бергенімен, сол кездегі сауысқаннан сақ баспа қызметкерлері “сол тұстарын әдейі қырқып тастаған” деген ойға тоқтадық. Себебі, қолжазба табылып қалар деген оймен ОММ (ЦГА) пен ОҒК (ЦНБ) қорынан да іздедік. Мұнда да мақаланың алғашқы нұсқасы жоқ болып шықты, ал ақын мақала қолжазбасын сақтай алмаған. Оған бірнеше себеп бар: 1) студенттің тұрақты мекенінің жоқтығы; 2) 1937 жылғы зобалаң шақ­ тар; 3) сол зұлматтың артын ала келген Отан соғысы және т.б. жағдайлар мүмкіндік бермеген сияқты. Оның үстіне, ақын 1942 жылдың маусым айынан 1946 жылдың ақпан айына дейін әскери қызметте болды. Сонымен аталған мақаланың ең татымды тұсы алынып тасталса да, біз үшін үш түрлі маңызы барлы­ғын айта кеткіміз келеді: 1) саяси атмосфера құбылып, өзі қуғындалып жүргенде, батыр-ақын Махамбет туралы мақала жазуы — ақынның ерлігі; 2) 23 жасар студент Қ.Бекхожиннің Махамбет поэзиясын пайымдауға талпынысы (ол кезде КазПИ-дің 3-курсында оқиды); 3) Махамбет поэзиясына студенттің: “Поэзия Махамбета по своему социальному и художественному достоинству должна занимать почетное место в казахской литературе”, — деп баға беруі [61]. Ақынның біз айтып отырған бұл үш ерекшелігі ақын бойындағы патриоттық сезімнің қуаттылығын, азаматтық намысының биіктігін, жастық жігерінің жасампаздығын, білімділігін, жігерлілігін, ұлтжанды жастың қайсарлығын білдіреді. Махамбет поэзиясы — соғыс поэзиясы, ерлік поэ­ зиясы, бұл — дәлелденген құбылыс. Себебі, оның тау суындай сарқырап аққан жырларында айтылатын “мені” — тек соғысты, соғыстағы өкінішті, ұрыстағы қантөгісті, шайқастағы жалғыздықты, майдандағы

көзсіз ерлік пен тәкаппар өрлікті бейнелейді. Махам­ беттің осындай өр өлеңдерін жаттап өскен ақын соғыста саяси-үгіт қызметінде жүргенде жауынгерлерге талай оқып берген екен. Махамбет поэзиясын оқығанда, көз алдыңа келе­ тін ерлік пен өрлікке толы қайсар рух, қайнаған қара күш, жеңіліс тапқан соғыс, қиюы қашқан тірлік, бұғаулы бодандық, Исатай өлген — “Мұнар күн”, сергелдеңге түскен ер, талауға түскен жер, сермелген қылыш, жетім бала, аңыраған ана, қан жұтқан қарындас, жұтаған жұрт — бәрі қайғының қара бұлтын жамылып тұрғанымен, оқыған жанды ерекше күйге бөлейтіні ақиқат. Бұл — Махамбет жырының құдіреті, сондықтан да Қ.Бекхожин оның өлеңдерін рух беруші күш, сананы серпілтер құдіретті рухани дауа, шипа ретінде қолданған. Махамбет ақынның қандай сөз орамын (фраза) алсақ та, аласапыран дүниеге айналған “толарсақ­ тан саз кешкен” кездер, “беркініп садақ асынған” күн­дер, “Нарынды талақ еткен” сәттер, “жалаулы найза қолға алған” мезгілдер, “құсалықпен өт­кен” ақынның қысқа өмірі — бәрі-бәрі трагедия. Бірақ осы трагедияға толы өлеңдерді оқығанда, көңілің­ нің көк кептері самғай ұшып, жаныңа қанат біт­ кен­дей қомданып, одан сайын құмарта түсетініміз белгілі. Ал осындай дауылды жырды оқыған арқалы ақындар, әрине, шабытына шабыт қосары анық. Қ.Бекхожиннің “Махамбет қабіріндегі тебіреніс” атты балладасы осындай толғаныстан туған ірі дүние. Ақын Махамбетті “далама біткен биігім”, “от ауызды орақтым”, “тумасы жарық жұлдызым”, “алып шыңқұзым”, “ардагерім”, “нажағайым”, “батырым”, “тұңғиығым”, “кемеңгерім” деген кейіптеу, эпитет, шендестіру (контраст), теңеулермен суреттей оты­рып, Махамбет рухына өз мұңын шағып, өкінішін, арманы мен мақсатын айтқан. Ақын өзінің Махамбет рухына табыну тұстарын ерекше пафоспен жырлаған:

…Нөпіріңнен қалса бір тамшы Жұтар едім, Қызғышыңдай қызғанып… немесе Қарашаны хан ұлына теңгерем деп, Кек кернеген кіреукеңнің Күдіресін қанға батырдың… [18]. Қ.Бекхожин толғауында Махамбет дүниеден өткен күнге қарғыс айта отырып, Ықыласқа деген ашу-ызасын Махамбетше төкпелетіп: Атаңа нәлет Ықылас, Ата жұрттың асылын, Балтаға қайтып қиды екен?.. Тіріде маған кездессе, Тап өзіңше жұлқылап, Тірідей турап жер едім! — деп [18], өзінің жан дүниесіндегі өкініш пен өксікті ашу мен кекке айналдырып, оқыған жанды үлкен тебіреніске бөлеп, ішкі сырын ақтарған. Автор шығармасында кейіпкер характерін аша ке­ле оқиғаны әрі қарай өрбітіп, өз көзқарасын, автор­ лық ұстанымын көркемдей жеткізіп: “…Жарақтанған ханды, Жарақсыз-ақ қалтыратқан, Ата қазақ же­ рінде, Сендей де ақын жоқ шығар!” деп, лирикалық кейіпкерін қазақ жеріндегі ең мықты жауынгерақынға балайды. Қ.Бекхожин Махамбеттің керемет дарынына, асқан ерлігіне, аққан сел толқынындай өлеңіне ғашық көзбен қарап, өзін батыр-ақынмен салыстырып, бүгінгі өмірдің күйбең тіршілігіне көңілі толмай, былай дейді: Сен бейне Мұздыбалақ қыран ең, Қанатымен тас жарып Ажалын күткен қиядан. Мен кейде Жасықтардан жасқанып, Өлімнен сескенгеніме Сенің аруағыңнан ұялам [18].

Махамбетті қиядағы қыранға теңеген, өзіне “жа­ сықпын” деп риза болмаған ақын жүрек сырын сыршыл лирика тілімен ашып салған. Ақын бұл туындыда кейіпкерінің ішкі сезіміндегі күйзелісті аша отырып, өз жан дүниесіндегі жасырын сырларды да айта алған. Оқыған жанды жай қал­ дырмайтын, азаматтық көзқарасы айқын бұл көркем туынды — Қ.Бекхожиннің шоқтығы биік саяси лирикасы. Сонымен бірге толғаудың көлемінде, екпінырғағында, ішкі құрылысында елеулі өзгешеліктер бар. Бұл — тақырыбы таңсық болмаса да, мазмұны жанды және жанрлық түрленудің өзіндік өрнегін танытқан туынды. Осындай ерекшеліктеріне байланысты бұл толғауды поэма жанрының поэма-монолог түріне жатқызуға болады. Ақынның моральдықидеялық мақсаты айқын бұл поэмасына бізге дейін де бірнеше құнды пікірлер айтылған болатын [62]. Біз бұл пікірлерді қуаттай отырып, Қ.Бекхожиннің өршіл рухта жазылған бірегей шығармасын талдауды академик З.Қабдоловтың осы толғауға арнаған мына сөзімен қорытындылаймыз: “Лирикада мінез болады. Ол — ақынның мінезі: өлеңім, өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады” [63]. Махамбет поэзиясы — тәуелсіз қазақ елінің ұрпа­ ғын тәрбиелеуге, жастардың ұлттық таным-түсінігін арттыруға, елге, жерге деген мұрагерлік сезімін оятуға, Отанға, халыққа деген махаббатын арттыруға арналған баға жетпес құрал. Ал Махамбет бейнесі — қазақ халқының ерлік, еркіндік символы, сондықтан оның өлеңдерін балабақшадан бастап тәрбие құралы ретінде пайдалану қажет, яғни оқыту керек. Сонымен бірге өлеңдеріне лайықтап әуен жазылып, тәуелсіз еліміздің сарбаздарының сапта тұрып шырқайтын әні болуы тиіс. Әдебиетші қауым Махамбет жырларын зерттеп-зерделеуден, жалпы жұртшылыққа, жастарға түсіндіруден, ұғындырудан, насихаттаудан жалықпауы қажет және болашақта ақын поэзиясы­ ның түсіндірме сөздігін жасауды қолға алу керек деп ойлаймын.

Махамбет рухына Қалижан ақындай тартымды жыр, тебіреніске толы толғау, өрелі өлең, жалпы шоқтығы биік көркем дүниелер арнаған ақынжазушылардың саны көбеймесе, азаймасын тарихтың өзі дәлелдеп берді. Оған ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен батыр-ақынның 200 жылдық (2003 жыл) мерейтойы куә. Қ.Бекхожиннің жоғарыда аталған екі ғылыми мақаласы мен толғауы батыр-ақын Махамбет Өтеміс­ ұлының 200 жылдығына арнап шығарылған төрт томдық академиялық жинақтың қосымша бөліміндегі әр жылдар жазылған жарияланымдар тізіміне ен­ гізілген [64]. Тараушаның Отан соғысына байланысты туған шы­ ғармаларға арналған бөлімшесін қорытындылай ке­ле, сөз болған үш поэмаға жеке-жеке өз пікірлерімізді білдіреміз. 1. “Александр Невский” поэмасын жазудағы ақынның негізгі мақсаты — бұрынғы батырлардың ер­ лігін жырлап, сол жыр арқылы соғыстағы кеңес жауынгерлеріне рух беру және замана уақытына байланысты азаматтық әуенге үлес қоса отырып, өз идеясын білдіру. Ақын осылай өз идеясын ұсына отырып соғыстағы, тылдағы халықты шыдамдылыққа, ерлікке, батырлыққа үндеп, оларды жігерлендіріп, қайраттандырып, намыстандырып, алдағы жеңіс күнінің шапағатын көруге ұмтылдырады. 2. “Жиырма сегіз” поэмасының жазылуында осы тақырыпқа байланысты туған өзге шығармалардан мынадай өзгешеліктер бар: а) әр жауынгердің атын атап, түрін түстеп, жеке өмірбаяндық шежіресіне тоқталмайды; ә) олар жасаған ерлік сәттерін сипаттауда да жеке, бөлек, бөлшек түрінде қарастырмай, жалпылама түрде “жиырма сегіз” деп алған; б) ащы шындықты сонша трагикамен бере отырып, поэма әуені сыршыл лиризммен үндесіп жатыр. 3. Соғысты шынайы бейнелеген поэмалар ішінен кезінде Қ.Аманжолов пен Ж.Саинның туындылары

көркемдік шешімін тапқан, тақырыбы ашылған деп танылған болатын. Енді сол қатарға Қ.Бекхожин поэ­ маларын қосуға әбден болады, себебі “Ақын кегі” поэмасы — идеялық-тақырыптық, интеллектуалдық жағынан деңгейі жоғары туынды. Бұл поэманы жазуда ақын Қ.Бекхожин уақыт талабына сай мынадай нәтижелерге қол жеткізген: 1) соғыс салған жараны сол уақытта ашық айтып, жау образын анық бейнелеген; 2) соғыстағы ерлік идеясын кеңес халқына дер кезінде насихаттаған; 3) қимас досқа деген шын көңілін өлеңге айналдырып, поэма жанрының дамуына үлес қосқан. Поэмалар жанрлық түрленуге қарай очерк-поэма, деректі-саяси поэма, реквием поэма, поэма монолог және т.б. деп бөлінеді. Себебі, бұл поэмалардың көлемі ықшам болғанымен, оқиғалары ширақ, шешімдері анық. Дастандардағы ең басты ерекшелік — оқиға шындығы мен көркемдік ізденістер. Жалпы соғыс жылдарында туған шығармалардың негізгі мақсаты — жауды жеңу, жеңісті жақындату. Ал соғыс біткен соң жазылған туындылардың бар­ лығының да негізгі ойы өткенді тарих беттерінде таңбалап, келер ұрпаққа тастап кету болды. 1.3. Тарихи шындық және замандас бейнесі Аталған тараушада талданар дастандардың негізгі айтары — ақынның көзі көріп, көңіліне түйген, санасында сақталып, есінде қалған кеңес кезіндегі зобалаң шақтың, жекебасқа табынушылықтың қа­ лай туып, немен тынғандығы. Заманның теңіз тол­ қынындай толқуын, сол заман-толқындағы заман­ дасының жағаға шығып, қайраңда қалған кезін ақын әдебиет әлемінде поэзия тілімен бейнеледі. Тарихи шындықтың шынайы келбетін, замандастарының көрген бейнетін, сол уақыттағы қытымыр кеңес қоға­ мының қысымын, саясаттың сан түрлі құбылуын эпикалық планда көрсете алған ақын өз ойын, за­ мандас ойын астарлап, тұспалдап, бүркемелеп ғана

жеткізді. Мұны уақыттың талабына сай қол­даныл­ ған, сол кезең әдебиетінің амал-тәсілдерінің бірі деп ой қорытқанбыз. 1.3.1. “Өткел кешкендерге ескерткіш…” Зерттеу объектісіне айналып отырған ақынның эпикалық дастанының бірі — “Тұрлаулы тағдыр” (1962) немесе “Ақан Ақтаев” (1957). Сөзіміздің басынан-ақ поэма атының қосарланып жазылу тарихына түсінік берейік. 1957 жылы Қ.Бекхожин “Ақан Ақтаев” атты үш бөлімнен тұратын шиеленіскен тартысқа құрылған күрделі желілі поэма жазды. Осы атпен дастан сол жылы жеке кітап болып басылды. Поэма баспа бетін көргеннен бастап оның идеясынан, мазмұнынан саяси, әдеби қате іздеушілер саны көбейді. Осы жағдайға байланысты ақын туындыны өңдеп, сынға сый жасап, идеологияға сәйкестендіріп, 1962 жылы қайта жазып шықты. Араға 5 жыл салып, өңделген поэманың тақырыбы да өзгеріп, “Тұрлаулы тағдыр” атанды. Содан бері төрт рет баспа бетін көрді (“Үш кезең”), 1962; “Жеті дастан”, 1966; “Алты ас­ қар”, 1973; “Үш томдық шығармалар жинағы”, 1983). Соңғы төрт басылымда да поэма мәтіндері бірдей және “Зейін Шашкинге” деп арнау жазылған. Сындардан соң өзгеріс енгізілген бұл поэманы ақын бүтіндей дерлік қайтадан жазып шыққан деуге болады. Алғашқы нұсқа — “Ақан Ақтаев” поэмасы үш бөлімнен, 1-бөлім үш тараудан (713 жол); 2-бөлім үш тараудан (860 жол); 3-бөлім төрт тараудан (1184 жол) тұрады. Жалпы дастанның жол саны — 2757 жолды құрады. Негізі, сыншылардың тілге тиек еткені — дастанның құрылымы мен идеялық-көркемдік сапасы болды. Олардың көпшілігі көлемі үлкен сюжетті лиропублицистикалық дастанды “шашыраңқы жазыл­ ған”, “көр­кемдігі төмен” деп қабылдады. Осы секілді себеп-салдарға байланысты екінші рет жазылған поэманың құрылымын бірінші нұсқасымен

салыстырып көрелік. “Тұрлаулы тағдыр” деген ат­ пен жарық көрген екінші нұсқа да үш бөлімнен тұр­ ды. 1-бөлім төрт тарау (655 жол), 2-бөлім үш тарау (486 жол), 3-бөлім сегіз тарау (971 жол) болды. Сонымен, екінші нұсқадағы барлық жол саны 2168 бол­ды. Нәтижесінде, “Ақан Ақтаевтан” (1-нұсқа) “Тұрлаулы тағдырдың” (2-нұсқа) айырмашылығы — 589 жол. Дас­тан екінші рет жазылған соң, ықшамдалып, 589 жолға кеміген. Бұл — екі нұсқаның көлеміне бай­ ланысты берілген таза арифметикалық көрсеткіш, бірінші айырмашылығы. Поэма композициясының сыртқы белгілерінде тағы бір айырмашылық бар. Ол — поэма басында берілген 56 жолдан тұратын шығарманың бастау көзі (лейтмотиві). Оны ақын “Арнау” деп атаған. Бұл — поэманың екінші айырмасы. Сонымен бірге поэма кейіпкерлері де көп өзгеріске ұшырап, бірнеше образдар қысқарып, керісінше тың, жаңа бейнелер қосылған. Ақын тартыс мәселесін күшейтіп, сюжеттік желіні де ширата түскен. Көркемдік компоненттер ұлғайтып, айтарлықтай өзгеріс енген. Бірақ поэма мазмұны, идеясы сол күйінде қалған. Көптеген өзгертулер енгізіліп, қайта жазылған поэ­ ма жинақы, көркемдік дәрежесі жоғары, кең көлемді сюжетті лиро-публицистикалық поэмалар қатарынан өз орнын алды. Дастан жұртшылықтан, әдеби қауым­ нан, ғалымдар тарапынан жақсы бағаларға, жылы көзқарастарға ие болды. Шығарманың бірінші нұсқа­ сына айтылған сыни мақалалар мен екінші нұсқасын құптаған ғылы­ми пікірлердің көпшілігі профессор Ә.Нарымбетовтің кітабында берілген. Жоғарыда соңғы төрт басылымда да “Зейін Шашкинге” деп жазылған дедік, енді осы мәселенің түптамырына бойлап көрелік. “Жазушы З.Шашкин мен ақын Қ.Бекхожиннің әдеби, адами қарым-қатынасы қандай болды?” деген сауал төңірегінде ой қорытып, екі тұлғаның бірбіріне деген ықылас-пейілдері туралы сөз қозғай­

мыз. Қ.Бекхожин З.Шашкинді алғаш көргенін өз естелігінде: “… мектептің ілгері класында бұйра шашты, жүзі көрікті, тұңғиық ойлы бір жас оқиды. Ол мен секілді үзіліс арасында ойнамайды, қасына балаларды жинап алып: “Плеханов, Белинский былай деген”, — деп, әлдебір қисындарды айтып, пәлсапа соғып тұрады. Бұл қазіргі белгілі жазушы З.Шашкин еді”, — деп жазған болатын [13]. Бұл екеуінің Кереку қаласындағы орыс мектебінде оқыған 1928—29 жылдар болу керек. Қырағы жас Қалижан зерек Зейінмен сол кезден бастап танысып, уақыт өте қимас достарға айналған. Жалпы екеуінің арғы аталары бұрыннан Баян таудың баурайын жайлаған бір-бірін білетін, жа­қын адамдар болып келеді. Біраз уақыттан соң З.Шашкин мен Қ.Бекхожин Алматыда кездеседі (1934). Ол кезде Москвада оқып жүрген Зейін Қалижанға: “Мен сені оқи алмай қалды ма деп ойлап едім. Енді оқи бер, біліміңді молайт”, — деп, ақыл-кеңесін береді. Бұдан соң екеуі 1937 жылы Е.Ысмайыловтың үйінде кездеседі. Бұл уақытта З.Шашкин Е.Ысмайыловпен бірге “Әдебиет теориясы” атты еңбегін жазып жүрген. Өзі жазған тараулар­ дың қолжазбасын Қ.Бекхожинге оқытқан. Міне, осы кездесуден соң екеуі ұзақ жылдар бойы бір-бірінен ажырап қалған болатын… Тағдырдың тал­ қысы Зейінді қараңғы қапасқа тықса, Қалижанды сүр­леусіз соқпаққа салып, сергелдеңге түсірді. Сол 37-нің күзінде Семейде тұтқындалған З.Шашкиннің он­даған жылдар бойы түрмеде отырғаны көпшілікке мәлім… Бұл — өз алдына тарих. Кездесу сәті араға бір­ неше жылдар салып, Жазушылар одағының ауласында қайта жалғасты. Бұл 50-жылдардың іші болатын… З.Шашкиннің әр шығармасына орынсыз пікірлер айтылып, кедергілерге ұшырап, себепсіз сындарға душар болғанын және басқа да жеке өміріндегі қуа­ ныш-реніштерін бірге бөліскен Қ.Бекхожин осы жайт­ тардың барлығын тұжырымдап, ой елегінен өткізе отырып, З.Шашкинге арнап “Зерделі еді жасынан” деген мақала жазды [12].

Бір-біріне деген адал достықтың белгісі ретінде Қ.Бекхожин З.Шашкинге “Тұрлаулы тағдыр” поэ­ масының лейтмотивін арнады. Енді поэмадағы Қали­ жанның Зейін досына арнаған өлең жолдарына талдау жасап көрейік: Жас едік туған бірге таң нұрында, Ортақпын бақытыңа, тағдырыңа. Тосыннан құйын сені теңселткенде, Менің де түспеді ме дақ жырыма? Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі, Өсірді еркелетіп өмір өзі... — дейді ақын [65]. Ақын екеуінің бірге жүрген жастық күндерін айта келе: “Зейінді тағдыр талқыға салғанда, менің де жырларыма қара күйе жағылды”, — деп шын­дықты айтып отыр. Сол жылдары Қ.Бекхожин де қудаланып, жұмыстан, партиядан шығарылып, сер­ гелдеңге түскен еді. Сол кезеңге кінәліні іздеген ақын­ ның ішкі сыры, яғни монологі “Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі?” деп оқырманға сұрақ қоюмен ғана шектелген. Кінәні заманға, дәуірге артқандай болған, бірақ түп-тамыры басқалай. Ақын кінәні кімге артуды сол уақытта да білді, бірақ айта алған жоқ. Себеп біреу — кеңестік тоталитарлық жүйе. Дегенмен, ақын өзі айта алмаған өмір шындығын өлең жолдары арқылы айтып, “Өсірді еркелетіп өмір өзі” деп, дәуірдің “бет-бейнесін” астарлап жеткізді. Ақынның “еркелетіп” деген сөзі сол кездегі өмірге қарама-қарсы мағынада айтылған. Ол уақытта, яғни жекебасқа табынушылық үстемдік құрып тұрғанда, зиялы қауымның еркелемек түгілі, еркін тыныстауына жол берілмегені көпке мәлім. Сол себепті ақын негізгі айтар ой өзегін тұспалдап, астарлап жеткізіп: Баянның биігінде ойнап өстік, Ертістің тереңіне бойлап өстік. Албырт жас, дулы топтың арасында Екеуміз жанған оттай жайнап өстік, — дейді [65]. Ақын қасиетті туған жерін өлеңіне өр­ нек ете отырып, екеуінің “жанған оттай” болып

жүргендігін айтады. Иә, оларды жас шағында өмір қанша кейінге тартса да, олардың таланттары өз уақытында танылды. Екі қаламгер қазақ әдебиетінің поэзия мен проза жанрының дамуына үлкен үлес қосып, әдебиет тарихынан өз орындарын алды. Жоғарыдағы өлең иірімдері олардың өткен өмір жолдарының бір белгісі іспеттес. Ал поэмадағы салыстырулар жөнінде академик З.Ахметовтің пікіріне сүйенсек: “Поэзияда не нәр­ сені болсын жалпыға түсінікті, күнделікті өмірде неғұрлым көп ұшырасатын, халық ұғымына әбден сіңіскен заттармен салыстырады. Сондықтан астарлы сөздер, салыстырма бейнелер, әртүрлі көркем бала­ малар халық өмірінің шындығы мен еліміздің тарихынан елес береді”, — дейді [4]. Қ.Бекхожин досы З.Шашкиннің басынан қиын күндер өткенде хабарласа алмағандығын да дастанға арқау еткен. Оған: “…Сол кезге кінәлімін, досым, саған, Тыс қалып өкінішің өлеңімнен” деген жолдар дәлел. Әрине, өлеңі арқылы досынан кешірім сұраған ақын өткенге өкініш білдірген. Осы өлеңді оқыған З.Шашкин досының жан сырын ұққан соң, үйіне барып, рақмет айтады. Бірін-бірі шын ұғысқан екі азамат құшақтасып, көздеріне жас алғандығын өз естеліктерінде жазып қалдырған. Дастанда мынадай шумақ бар: Жасырсаң көңілдің бір мүгедегін, Қалайша қайта жанып түлер едің? Өзіңдей өткел кешкен өрендерге, Ақтарған адал сырым — бұл өлеңім [65]. Мұнда ақын көңілдің кірбің басқан келеңсіз кездерін, сергелдеңге түскен сәттерін, өмірдің жайсыз мезеттерін мүгедек жанға теңеп, салыстыра отырып “көңілдің мүгедегі” деген бейнелі сөз тір­ кесін қолданған. Ақын бұл сөзді “Көңілдің хо­шы жоқ” деген тұрақты сөз тіркесінің орнына пайда­ ланып, өз жан дүниесінің, замандастарының ішкі мұңын аңғартып отыр. Бұл — ақынның өзіне тән

индивидуалды-авторлық метафорасы. Сирек кезде­ сетін мұндай метафоралар — ақынның ой байлы­ ғының, дүниетанымының бір белгісі. Автор ойын қорытындылай келе, “көңіл мүгедегін” жасы­руға болмайтындығын айтып, халық даналығы “Көңіл кірі айтса кетедіге” келіп сүйенеді. Дастанның бірінші нұсқасына сын мақалалар бірінің артынан бірі баспа бетін көріп жатқанда, Зейін поэмаға ғылыми талдау жасаған. Поэманың тақырыбын, ақынның бағытын, бейнелеу жүйесін, композициялық құрылысын жан-жақты қарастырған ол: “Ақынның алған бағыты, поэзиясы оқушыға салғаннан түсінікті, астарлап ойын бүркемейді, сол жағымсыз кейіпкермен қатарласа, айтыса араласып отырады… Осы тартыс түйіні әрі қарай өрістеп, шымшытырық уақиға әрқайсысы өз саласымен шегіне жетіп, қайта түсінісіп жатады. Бұл — сюжет құрудағы Қалижанның сәтті табысы. Ақын схемаға бармай, өмірде бар конфликтіні тауып, соған талдау бере білген” [66], — деп пікір айтқан. Поэманы жазудағы ақынның негізгі мақсаты — жазықсыз жапа шегіп, саясаттың мезгілсіз құрбаны болған жандардың өмірінен халықты хабардар ету. Ол жөнінде автордың өзі былай дейді: “…Бұл поэ­ мада жазықсыз жаза тартып, қуғынға ұшыраған студент, жас инженер Ақан Ақтаевты бейнеледім. Ақан кейіпкерімнің шын аты емес және бұл бір ғана адамның өмірі туралы хикая да емес, бұл — бір кезеңде жаламен қуғын көрген білімді, адал абзал азаматтардың жиынтық образы” [12]. Ақын сөзін қуаттап, өз көзқарасын білдірген Ә.Нарымбетов: “Поэмадағы Ақан бастан кешкен қиындық-азап, жәбір-жапаны біздің көптеген замандасымыз өз басынан өткізгені тарихи шындық. Бұл ретте ақын үлкен жинақтау арқылы халық басына түскен жеке адамға табынушылықтың ауыртпалығын дәл көрсеткен”, — дейді [19]. Ақын поэма прологінде “өткел кешкен өрендерге” арнаймын деген. Шындығында, дастанның мазмұны,

идеясы, айтар ойы, көздеген мақсаты — бас кейіпкер Ақан өмірінің қиын кезеңдерін баяндайды. Сол себепті, ғалымдар пікірін қолдай отырып, Қ.Бек­хо­ жиннің бұл туындысын жапа шеккен замандастарына орнатқан ескерткіші деп бағалауға әбден болады. Біздің бұл пікіріміз поэманың екі нұсқасына да ортақ, себебі дастан нұсқаларындағы ақын идеясы, поэма мазмұны бірдей. Зерттеу объектімізге поэманың екінші нұсқасы, әдеби қауымға әбден таныс, бес рет жарияланған “Тұрлаулы тағдырдың” мәтінін пайдаландық. Поэ­ мада ақын өзі өмір сүрген қоғамдағы келеңсіз құбы­ лыстарды ашық бейнелейді. Шығарманың басты қаһарманы — “жиынтық образ” — жас инженер Ақан Ақтаев. Поэма өте көлемді сюжетті-эпикалық дастан болғандықтан, оның айналасында автор ойының астарын ұғындыратын, идеялық мақсатын, көркемдік сапасын көрсете алатын, бас кейіпкердің шынайы бейнесін толық ашатын басқа да көркем бейнелердің болуы шарт. Поэмада ондай шарттар өз дәрежесінде орындалып, композициялық бітіміне үлкен мән беріп тұр. Олар — Ақан жанындағы Әсия, Қараш, Ысқақ, Лера, Петя, Шаукен, Сергей, Русаков және т.б. кейіп­ керлер. Шығарма студенттер Ақан мен Әсия арасындағы махаббаттан бастау алады. Екі жас жазғы демалыс кезінде бір-бірімен хабарласа алмайды. Жігітке өкпе­ леген қыз “хат жазбадың” деп наз айтады. Ал жігіттің ойы — шырқы бұзылған әке өмірінде. Жігіт­тің әкесі жала жабылып, жазықсыз сотталып кеткен. Осы ара­дан поэма желісі тартылып, оқиғалар шие­ленісіп, кейіп­керлер тартысы туындайды. Басына түскен бұл жағдайды Әсияға қалай айтарын білмей, ішкі дүниесі арпалысқа түскен Ақанды көреміз. Ақан психологиясы алай-дүлей. Ақыры, айтпасқа лаж жоқ деп шешеді. Осы арада автор Ақан аузына “әкем жазықсыз” деп сөз салып, поэманың негізгі идеясын бірден аңғартады: Еңбектің елімізге ерлігі ұнар, Сол үшін алған сыйға ордені бар.

Менің сол әкешімді қаралапты, Елдегі өсек, пәле терген қулар... Айыптау басып тұр ғой қазір күшке Қуғын мен әкем түсті сергелдеңге. Арызбен аудан кезіп сенделгенде, Бөлінді сенен ойым сол іспенен… [65]. деп, Әсияға хат жазбаған себебін түсіндіреді. Осындағы Ақанның “Айыптау басып тұр ғой қазір күшке” деген сөзінің өзінен-ақ сол тұстағы замана­ ның ащы дәмі, оның келбетінің шын көрінісі айқын суреттелген. Бұл көрініс сол кездегі көптеген зиялы қауымның басындағы жағдай болатын. Бұл арада филол.ғ.д. проф. Айгүл Ісімақованың мына пікіріне сүйенуге болады: “Но историческая фабула оживает в его поэмах: автор поэм часто предоставляет слово самим персонажам, приближая этим их проблемы к себе и читателю, показывая драматизм происходящих событий” [67]. Бақ ішінде отырған Ақан мен Әсияны жиналысқа шақырған Қараш даусы елең еткізеді. Мезгілсіз жиналыста Ақанның мәселесі қаралып, “халық жауының баласы” атанып, “сын селіне” ұшыраған Ақан оқудан қуылып, комсомолдан шығарылады. Жазықсыз, жүрегі жараланған Ақан сонда да тыным таппай, әкесінің ісін қайта қаратуға құзырлы орындардың табалдырығын тоздырады. Бірақ ешбір жақсылыққа қолы жетпейді. Әсияны сағынады, көргісі келеді, оған да кедергілер көбейе түседі. Бірге оқыған жолдаста­ ры шала амандасып өте шығып, өзіне дос санағандар жалт бұрылып кете барады. Бұл — поэманың ша­ рықтау шегі. Міне, Ақан бәрінен айырылып болды (әкесі, Әсия, оқу, комсомолдық билет, достары). Мұндайды сезбеген жан күйіне ме, Сарауру, сондай тағдыр қиын неге?.. Кеулер ме кесір үрей, күңгірт, келте? Соңынан қалмай қойды бір көлеңке,.. — дейді [65] ақын кейіпкерінің сол халін “сараурумен” ауырған адамға теңеп. Ал қоғамда белең алған

саясаттың салқын қылығын, іс-әрекетін “адам соңы­ нан қалмайтын” көлеңке арқылы меңзейді. Поэманың өн бойында әрбір эпизод, ситуация­ лардан кейін автор өзіндік тұжырымдар жасап, өз ұстанымын айқын байқатып отырады. Солақай саясаттың кесірінен негізсіз істелген істерге куә болып, оған жаны ауырған ақын “…Ол кезде сондай жиын жаныңды жеп, Талай бас айналатын шыр көбелек…” және “Куәші болдық талай тағдырға біз, Талайлар қуғын көрді текке неше…” деп, анық та ашық өзінің күйзелісін, күйінішін білдіреді. Басы сергелдеңге түскен Ақанның айналасын қор­ шаған кілең қулар, сұмдар. Соның бірі — курстасы Қараш Дүрлікбаев. Ақанға “кінәңді мойында, әкеңді жау деп өзің айт” деп ақыл беруші де — Қараш. Оның осындай жымысқы әрекетін, ішкі ойының арамды­ ғын, пиғылының бөлектігін ақын: …Атына сиқы және сыры лайық, Жандай бір көзі бұлдыр жүретін ол, Жарықты сүзе қарап, сығырайып, — деп [65] суреттеп, пасық ниетін әшкере етеді және осы сөзін қорытындылай келе: О, тәңір! Сақта бізді осындай дос, Көлгір көз, күңгірт жаны бояулыдан! Түспесек сондайлардың торына біз, Тек селқос жырлаймыз ба көріп аңыз? — дейді [65]. Қараштай “жаны күңгірт” адамдардан сақтану керектігін айтады. Сонымен бірге ақын “мен аңызды жырлап отырғаным жоқ” көзім көрген, жа­ ныма тиген, сезімімді сескендірген, түсінігімді тоздырып, жүйкемді жұқартқан қиын кездің болғанын айтып отырмын”, — дейді. Сөйтіп, жазықсыз жала жабылған жас студент — Ақан Алматыда қала алмай, Жезқазғанға кетеді. Себебі, оған Алматыда қалуға ешбір мүмкіндік жоқ еді. Қайнаған қызу еңбектің ортасына түскен Ақан өміріне өзгеріс ене бастайды. Қол еңбегінің ащы

дәмін татқан жігітке көп ойлануға да уақыт жоқ. Жер астына, шахтаға түскен Ақан өмірден көрген зәбірін еңбектен қайтарғысы келген-ді. Жезқазғанға келген Ақанның соңынан аңдушылар пайда бола бастайды. Дегенмен, автор бұл арада бас кейіпкер өмі­ріне жеңілдіктер жасаған. Себебі, Ал­ ма­тыда Ақанға бәрі қарсы шықса, Жезқазғанда екі топ пайда болады. Бірі — қарсылар, екіншісі — жақтаушылар. Поэма­ның екінші бөлімі тұтастай осы екі топ арасындағы тартысқа құрылған. Шығармада автор осы тұстан бастап көркемдік шешім жасауға талпыныс жасаған. Бірте-бірте Ақанды жақтаушылар санын көбейтіп, көңілдегі күдік пен секемді азайтуға ден қойған. Бас қаһарманның бойында адамға сенім арту, үлкеннен ізгілік, кішіден ілтипат күту секілді адами сезімдер қайтадан оянып, оның өмірге деген құлшынысы да арта бастайды. Ақанның еңбегін бағалап, қамқоршы болған қарт кенші Ысқақ, парторг Сергей, комсорг Лера, жұ­ мыс­шылар Петя, Степан, Русаковтар осы екін­ші бө­лімде поэма желісіне қосылған. Ақын Ақан айна­ ласындағы осы адамдардың қарапайымдылығын, шыншылдығын, ізгілікті істерінің нәтижелерін сәт­ ті бейнелеген. Ақанға жаны ашып, өсек-жаладан, өтірік тағылған айыптан арашалауға барын салып жүрген олардың, шынымен де, жүректері ақ, ниеттері түзу, адамгершілік қасиеттері жоғары жандар. Осы кейіпкерлер де типтік бейнелердің жиынтығы. Ондай адамдар шын өмірде бар. Сол себепті, мұндай жағымды бейнелер қандай шығармада болса да, жа­ ғымсыз кейіпкерлермен қатарласып келеді де, ақыр аяғы олардың жеңісімен аяқталады. Дастанда қарт кенші Ысқақ, Петя, Лера, Русаков және т.б. сияқты жаны жайсаң, көңілдері ақ жандар арқасында Ақан өмірінің көлеңкелі тұстарына күн шапағаты түсе бастайды. Олардың араласуымен Ақан арам ниетті шұбар Шәукенге тойтарыс береді. Сонымен бірге поэмада автор Ақанның сырттай жоғары оқу орнын бітіргенін, өнертапқыш талабы

барын, оның өндіріске енгізген жаңалығын Жезқазған кеншілері қолдағанын, тіпті жоғарының да (Мәскеу) қарсы болмағанын баяндайды. Шығармада осындай тартыс үстінде өрістеген шытырман оқиғалар бірінің артынан бірі туындап жатады. Сол оқиғалардың барлығы Ақанның сүрінуінен басталады да, шегіне жеткен соң, қайтадан, біртін­ деп қалыпқа түсіп отырады. Автордың суреткерлік талантының бір қыры — поэмада кейіпкерлерінің мі­нез-құлқын қанық бояумен беруінде. Мәселен, бас кейіпкер Ақанның негізгі бейнесі әрбір логикалық блокта жай баяндау арқылы ашылмайды, керісінше оның мінезі, бітімі, адамдық қасиеттері — бәрі тек ісәрекет арқылы көрінеді. Ақын жағымсыз кейіпкерлерінің портретін жасауда да теңеу, эпитеттерді орынды қолданған. Манағы талап қара тұр мінбеде, Құбылған қатал күңгір түрі неге?.. Керіліп талпал бойы ащы сөзбен, Шампандай шапшаң шапшып көпіреді,.. — десе, дәл сондай екінші бір кейіпкерді: Өсекті гүлдей терген қолын сыбап, Шықты бір қалтақ сары, қалқан құлақ, — деп [65], олардың жағымсыз бет-бейнесін әсерлі су­ рет­теген. Автор осындай сұрықсыз кескін-келбеттер арқылы олардың іс-әрекетін көрсетіп отыр. Дастан ішінде тағы бір мекеме басшысын суреттегенде: “Жасқаншақ, жалтаң көзін жауып шүбә, Өзі тек күдік буған күйбең пенде” деп, оның жалтақтап жоғарыға қарайтынын, өзі еш нәрсе шеше алмайтын “күбең пенде” екенін ашық айтқан. Шұбар Шәукеннің образын жасағанда, оның ішкі дүниесінің шұбарлығын, алалығын сыртқы шұбарлығына сәйкестендіріп, “шұбар Шәукен” деп атаған. Бұл образдар — типтік бейнелер. Поэмада ақын қолданған көркемдік компонент­ тердің ең көрнектісі — пейзаж. Дастанда ақын та­

би­ғат көріністерін бейнелеуді екі түрлі жағдайда пайдаланған: бірінші — адам көңіл күйінің аянышты, қуанышты шақтарын табиғатпен салыстырса; екінші — сол кездегі заман мен кезең келбетін, сиқын, сұрқын табиғат құбылыстарына теңей отырып, психо­ логиялық параллелизм арқылы береді. Мына көріністі оқып көрелік: …Құйыннан қорғалады қалтырап тал, Сүт емген бұтағынан сөгілді де, Судырай түсті жерге жапырақтар, — дейді ақын [65]. Бұл — Ақанның құлазып, жалғыз қалған сәті. Оны ақын құйыннан қорғанып қалтыра­ ған талға, тіпті судырап жерге түсіп жатқан жапырақ­ қа теңейді. Иә, Ақанның халі ауыр, ол қорғансыз, панасыз, шынымен де жапыраққа ұқсайды. Ақын кейіпкерінің талқыға түскен тағдырын табиғаттың осындай заңдылығымен астарлай жеткізген. Оның басынан өткен психологиялық толқулар сол кезеңдегі Ақан сияқты мыңдаған пенделердің басынан өткені мәлім. Демек, дастан оқиғасы — тарихи шындық. Бұл шығармада табиғат көріністері бейнеленіп тұрғанымен, оның астарында адам өмірінің сыры байқалатыны рас. Құзында Алатаудың күн жорғалап, Қалаға от кірпігін төнді қадап. Шықтарын сілкіп сұрғылт жапырақтар, Мейірімін мәңгі нұрдың тұрды қалап [65]. Мұнда ақын Алматыдағы күннің шығу сәтін көр­ сеткен. Алатауға жорғалап бара жатқан күн “от кір­ пігінен” жылу шашуда. Күн жоғары көтерілген са­ йын жылуы артатыны белгілі. Сол жылуды үстіндегі түннен қалған шықтарын сілкіп тастап, жердегі жапырақтар қарсы алуда. Жапырақтар келер күннен жылылық, шуақ күтуде. Бұл арада жапырақтар деп адамдардың бейнесі астарлап беріліп отыр. Ақын па­ йымдауынша, адамдар келер күннен, болашақтан бейне бір жақсылық күтумен отыр. Ақынның бүркемелеп отырған суреті — сол уақыттың шынайы күйі. Ақын

поэмада адамзаттың жарығы — Күнді мейірім әке­ луші, нұр тасушы, жақсылық айтушы жан есебінде бейнелеген. Оған “күннің саусағы”, “күннің көзі”, “күннің кірпігі” секілді сөз тіркестері куә. Сонымен бірге бұл шығарманың өн бойынан үзіл­ мей келе жатқан алтын арқау ретінде бағаланатын — еңбек тақырыбы. Онда еңбектің мәні мен еңбеккер тұлғасы суреттелмей, оның жасампаздық құдіреті шынайы бейнеленеді. Ақынның өз кейіпкерлерімен етене араластығы бұл шығармада Қ.Бекхожин өрне­ гінің өзінше бітімі ретінде көрінеді. Бұл туралы академик С.Қирабаев: “... еңбек пен еңбекке деген жаңаша осындай көзқарасты көркемдікпен бейнелеуде Қ.Бекхожиннің “Тұрлаулы тағдыр” сияқты шығармалары зор рөл атқарды”, — деп бағалады [68]. Поэманың сюжетті тартысы бастан-аяқ Ақан басынан өткен қиыншылыққа, сергелдеңге, яғни психо­ логиялық күйзеліс сәттеріне құрылған. Шығарма соңында лирикалық кейіпкердің ұзақ уақытқа со­ зылған “психологиялық күйзеліс” кезеңінен өткенін көреміз. Сюжеттің шешілуі — Ақанның жеңісі. Ал Ақанның жеңісі — әкесінің ақталуы, өзінің адалдығы. Ақан осы жеңісінің арқасында жоғалтқандарын бір­ тіндеп таба бастайды. Поэма соңында Әсиямен, дос­ тарымен қайта табысып, қуанышты өмірге қадам басқан Ақанды көреміз. Жалпы бұл поэма — қазақ поэмасының жанрлық түрленуінің белгілерін анық көрсетуімен бірге идеялық-тақырыптық маңызының құндылығымен өз орнын тапқан туынды. Поэманың көркемдік ерекшеліктерін саралай ке­ ле, көлемі ықшамдау, ақын ойының сығындысын­ дай болған “Тұрлаулы тағдыр” поэмасының, яғни екін­ші нұсқаның әдеби деңгейі жоғары деген пікірге тоқталдық. Поэманың ойы ашық, тілі өте жеңіл, әр кейіпкерге тән сипаттамаларға (штрихтар) бай, ішкі қозғалысы (динамикасы) нақты, өмірдің шынайы келбетін жырлауда, еңбек адамдарының қызу жұмыс үстіндегі бейнесін көрсетуде үстірттікке бармаған. Қайта осы көріністердің бәрін табиғат құ­

былыстарымен қатар өріп, өзгеше бір өрнек салған. Поэманың кейбір кемшін жерлері бар. Мысалы, Ленин, комсомол, партия секілді сөздер орынсыз айтылып, жиі қолданылған. Бірақ бұл сөздер сындардан соң еріксіз енгізілген. Дастанның солай жазылуы, саяси сипатының басым болуы — кеңестік саясаттың ықпалы. Сөзімізді қорытындылай келе, әртүрлі себептерге байланысты қайта жазылған “Тұрлаулы тағдыр” поэ­ масын “Ақан Ақтаев” поэмасының екінші нұсқасы деп қабылдауды жөн санаймыз. Себебі, екі нұсқаның да әдеби негізі бар, екіншіден, ақын шабытынан туған осыншама дүниенің бағаланбай қалуына мүмкіндік бермеу керек. “Тұрлаулы тағдыр” поэмасы — кеңес дәуіріндегі адамдар өмірінің кейбір сәтті шақтары мен қиынқыстауға толы өмір жолдарын, олардың қажырлы еңбегін және қатал заман келбетін көркем тілмен баяндаған жанрлық сипаты айқын қалыптасқан шы­ ғарма. Дастанда адам өмірінің күнгейі мен көлеңкелі тұстары кезек-кезек беріліп, ақын жан дүниесінің толқуы, тоталитарлық жүйеге деген наразылығы кеңінен көрініс тауып отырады. Қ.Бекхожин ойлы да сырлы, отты да шерлі, сұлу сезімдерге бөленген поэзиясында отансүйгіштік, достық, ізгілік, адамгершілік, қайырымдылық, еңбекқорлық секілді адам жан дүниесіндегі адами қасиеттерді жан-жақты қамтып, кейіпкерлер харак­ терлерін бір-бірімен тығыз байланыс орната отырып суреттейді. Сонымен бірге махаббатты, ғашықтықты бейнелейтін поэма тұстарын ақын сөз өнерінің сұлу кестесімен шебер өрнектеген. 1.3.2. Сәкен Сейфуллин бейнесі Қалижан Бекхожин саяси қателіктердің мезгілсіз құрбаны болған аяулы азаматтардың, тағдыры тал­ қыға түскен зиялы қауымның қиын да қатал өмірін суреттеген “Тұрлаулы тағдыр” поэмасынан кейін

“Сұңқар туралы аңыз” (1964) поэмасын жазды. Бұл шығармасында автор қазақ халқының төбесінде алтын айдардай болған Сәкен Сейфуллиннің тарихи әрі лирикалық бейнесін сомдады. Сәкен бейне­ сін көркем әдебиетте қалдыру мақсатында ақынжазушылар қаламынан көптеген туындылар туды. Олар халықтың ықыласына бөленіп, оқырман қа­ уымнан, жұртшылықтан өзіне лайық бағаларын алды. Олардың жанрлық түрлері де әр қилы болатын. Атап айтсақ, С.Талжановтың “Сейфулланың Сәкені” повесі, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” поэмасы, С.Мұқановтың “Сәкен Сейфуллин” пьесасы, Ә.Тәжібаевтың “Монологтер” және С.Сейтқазиннің “Біздің Сәкен” атты поэмалары. Хронологияға сүйен­сек, С.Талжановтың аталмыш повесінен кейін Қ.Бекхо­жиннің “Сұңқар туралы аңыз” поэмасы тұр. Аталған көркем дүниелердің ойы бір, мақсатмүддесі ортақ, тақырыбы ұқсас, үндес болғанымен, әрбір автордың стилі, өзіндік ізденісі, әрқайсысына тән тіл шеберлігі айқын байқалады. Олар оқиғаны құру, желісін өрбіту, кейіпкердің жекелеген даралық қасиетін ашу, ерлік, патриоттық сезімін көрсету барысында бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бәрінің мақсаты — Сәкеннің күреске толы өмірінен, жемісті еңбек еткен жылдарынан, оның артында қалдырған мұраларынан, оның қайталанбас тәкаппар да сұлу сымбатынан халықты хабардар ету. Сөйтіп, бәрі ша­ ма-шарқынша Сәкеннің жарқын бейнесін асқақтата көрсетуге талпынды. “…Соңғы рет көргенім маған ұмытылмастай үрейлі елес қалдырды. Октябрьдің бір сұрықсыз күні еді, ақын жайшылықтағыдай баппен алшаң баспай, сәл иілгендей ентіге жүріп келеді… Сірә, жаңа ғана реніш көрген көңілінде өрен ойлар бұрқанып бара жатқан секілді… …әкемдей көрінген аяулы ақынды содан қайтіп көре алмадым…” — деп жазды Қ.Бекхожин Сәкен туралы естелігінде [12]. Байқасақ, ақынның

осы сөздерінен-ақ көп нәрсе аңғарылады. Қалижан ақын көрген сұсты да қорқынышты бұл көрініс шынымен де Сәкеннің бостандықтағы соңғы күндерінің бірі еді. Бұл — әлемге аян, тарих парақтарына қанмен жазылған, қазақтың қасіреті мен қайғысы қалың — 1937 жыл. Осы жылы күзде Сәкен тұтқындалып, содан соң елге қайтпағаны бәрімізге белгілі. Сол кездегі әдебиетші жастардың көпшілігі ұстаз тұтқан аяулы Сәкеннің ұстаздық ұлағатын көрген қазақтың ақын-жазушылары аз емес. Соның бірі ғалым Е.Ысмайылов былай дейді: “Сәкен өзінен оқыған жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көр­ кем поэзияны терең сүю, білу, зерттеу рухында тәрбиеледі. Егер көптеген ақын-жазушылар Сәкен­ нің творчестволық ықпалымен әдебиет майданына ара­ласқан болса, бірталай жас талаптар Сәкеннің шәкірті есебінде әдебиет майданына араласып, өзі­ нің творчестволық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды [69]. Е.Ысмайыловтың бұл сөзінен ҚазПИ-де оқыған жастарға С.Сейфуллиннің қалай тәлім-тәр­ бие бергендігімен бірге, оның ғалымдық тұлғасын анық аңғарамыз. Сонымен, қазақтың дара Сәкені — Қалижан Бекхожиннің ұстазы. Сейфуллин мен Бекхожин арасында тағы қандай байланыстар болды? Енді осы сауал төңірегінде ізденіп көрелік. Қ.Бекхожиннің әкесі атағы сол жергілік­ ті жерге мәлім Ақан серімен, Мәшһүр Жүсіппен ай­тысқан атақты ақын адам болған. Ақан сері мен Нұрғожаның айтысын 1933 жылы С.Сейфуллин бастырып шығарған. Бұл айтыс кейін Ақан сері шы­ ғармаларының (1963) жинағына енген. 1934 жылы Алматыда Қазақстан кеңес жазушылары мен халық өнерпаздарының республикалық съезі өтеді. Сол жиында болашақ ақын Қалижан Сәкенмен танысады. Бір әдебиетші Сәкенге: “Ақан серімен айтысқан сүйіндік Нұрғожаның баласы”, — деп таныстырған екен. Сәкен жас Қалижаннан “Әке­ ңе ұқсап өлең жазасың ба?” — деп сұраған. Артын-

ша: “Оқы бала”, — деп кеңесін береді. Ұлағатты ұстаздың айтқаны болып, сол жылы Қ.Бекхожин ҚазПИ-ге оқуға түседі. Содан әрі қарай шәкірттік өмір бас­талып, С.Сейфулиннен дәріс тыңдау бақытына ие болады. Сол кезде Қ.Бекхожин әкесінен қалған қолжазбаларды және біраз кітаптарды Сәкенге әке­ ліп береді. Оларды Сәкен мұқият бір қарамақшы болған. Бірақ қырсығын ала келген сол бір күндер қолжазбаны қарауға Сәкеннің мұршасын келтірмеген сыңайлы. Ақын тұтқындалған соң, үйін тінтуші­лер Нұрғожаның қолжазбасын Сәкен үйінен тапқан болу керек, себебі сол бір дүрбелең оқиғалар кезінде, НКВД қызметкерлері студент Қалижанды “халық жауларымен, оның ішінде, Сәкенмен байланысың бар” деп оқудан шығарды. Осы зобалаңның аяғы — сол бір зымиян заман Сәкенді ұстаз тұтып, сан мәрте білім нәріне суарыл­ ған, аға тұтып, ақылын тыңдаған, пана тұтып, саясын паналаған, сан рет сәби жырларының тұсауын кестірген, үйінен дәм татып, дастарқандас болған Қалижан ақынды араға жылдар салып естелік жазуға мәжбүр етті. Қ.Бекхожиннің Сәкенді іздеп, арпалысқа толған жан дүниесі алай-дүлей, санасы сансыз сұраққа толы еді. Сол бір қазақтың шырыны алынып, шырқы бұ­ зылған, қаймағы алынып, сүті іріген кезді ақын былай еске түсіреді: “Шынын айтсақ, біздің бірқатарымыз өзіміз ұстаз тұтқан Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің, одан кейінгі Мұхаметжан, Өтебайлардың ойда жоқта ғайып болып кеткеніне есімізден адасқандай дал болған едік. Жазықтарын түсіне алмай, өзара, іштей миымыз да ашитын…” [13]. Ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы өмір белестерінің небір тәтті кездері мен ащы сәттері жи­ на­лып, ақынның нәзік сезімі мен ұшқыр қиялына ты­ ныштық бермеуі — заңды. Соның нәтижесінде, Сәкен ақталған соң Қ.Бекхожин қаламынан буырқанысқа толы, романтикалық сарында жазылған “Сұңқар туралы аңыз” атты поэма дүниеге келді.

Поэма — өте ықшам жазылған эпикалық туынды. Құрылымы да жинақы, сегіз бөлімнен тұрады. Бөлімдер жеке-жеке аталмай, бір-бірімен сабақтаса жалғасып, іштей қабысып отырады. Осынау арнау жырдың есесіне, Кешіккен сәлемімді кешесің бе? Есіркеп тұрмын қарап, ескі үйге — Алматы, Карл Маркс көшесінде, — деп бастаған автор поэманы [65]. Ақынның бұл айтып отырғаны — поэма Сәкен өмірден өткен соң ұзақ уақыттан кейін (27 жыл) жазылғандығы. Оған бірінші себеп — Сәкеннің жабық тақырып болуында. 1953 жылы репрессияның алғашқы құрбандары ақталды. Поэма бұдан кейін де он жылдан соң жарық көріп отыр. Ақынның ұстазы, Сәкен рухынан ке­ шірім сұрап: “Кешіккен сәлемімді кешесің бе?” — деп тұрғаны сондықтан. Ал Карл Маркс көшесіндегі (қазір Д.Қонаев) ескі үй — Сәкеннің соңғы тұрған мекенжайы. Ақын 27 жылдан соң ескі үйге келіп, “есіркеп” қарап тұр. Адамға болсын, жан-жануарға болсын, табиғатқа немесе затқа болсын есіркей қа­рау — сол қарап тұрған адамның ішкі жанының күй­зелісін, сана сапырлысын аңғартатын белгі. Ал бұл жолғы есіркеу міскінді аяу емес — ақын көкірегіндегі қатқан шер, күйініш, өксік болатын. Ақын лирикалық шегініс жасап, “ескі үйдің” бұ­ рын қандай болғанын көзіне елестетіп, “Бұл бір үй — ақындарға болған орда”, “Ол кезде іші күмбез, даласы бақ”, “Қоңыр үй! Үй едің ғой бақ құсаған, Тұғырдай ақындарға ақ босағаң” деп суреттейді. Қазіргі жайкүйі мынау: Енді тұр… Бұлбұлы жоқ бақтай мүлгіп,.. Шырмауық әлде гүлін торлаған ба?.. …Қоңыр үй, жел қаққан ба, тозған қайтіп? [65]. Бұлбұлы жоқ бақтың не сәні болсын?! Оның үстіне, бұрын іші-сырты той-думанға толы үй қазір “мүлгіп” тұр. Мұндағы “мүлгу” сөзінің өзі жай емес, “үйдің

иесіз қалғандығынан” хабар бергендей. Және осындай жайсыз түсініктің бәрі алдыңғы “Енді тұр…” деген сөз тіркесімен байланыса келіп, өкініштің өксігін сезгендей күйге түсесің. Ал шырмауық ше? Ол да гүл, бірақ ол айналасындағы гүлдерді шырмап өсірмей тастайтын өзіндік ерекшелігі бар өсімдік. Әдетте, оны жеке ғана отырғызады. Оның тағы бір қасиеті — өзөзінен тез көбейгіш. Ақын бұл жерде шырмауықтың осы екі қасиеті арқылы жамандықтың да, жаман сөздің де тез тарайтынын айтқысы келген сияқты. Сол шырмауық Сәкен үйінің гүлдерін шырмап тастаған дейді ақын. Бұл жерде сол жамандық кейпіндегі шырмауық Сәкеннің үйі түгілі, өзін де шырмағанын түсінеміз. Біздің ұлттық ұғымымызда “шырмауықтай шырмалған” немесе “шырмауықша шырмаған” деген тұрақты сөз тіркестерінің жақсы мағына бермейтіні белгілі емес пе?.. Поэмада ақын Сәкен үйінің бұрынғы және қазіргі ішкі-сыртқы кейпін осылайша кезек-кезек баяндай келе, өз монологіне орын берген. Онда өзінің алғаш бұл үйге қалай келгенін, тұңғыш өлең оқығанын, сондағы басынан өткен сезім күйлерін, өзіндей жас­ тардың көптігін, сондай бақытты сәттердің бол­ған­ дығын сағына, елестете отырып бейнелейді. Ақын сол кездегі Сәкен үйінің шынайы суретін “Айнала алмалықтар, мәуе бақтар” деп, Сәкеннің сұлу келбетін “Өзгеден ол өзгеше Сұңқар адам” деп өз ойын былай тұжырымдайды: …Бұл үйге тәжім етіп жүретұғын Мен түгіл, сол кездегі сақалдылар… [65]. Поэма ерекшелігінің бірі автордың Сәкен өмірінің күрескерлік жолын романтикалық леппен жырлауында. Көркем туындыда стильдің, формалардың әртүрлі салада дамуына романтиканы ұштастыру ақын шеберлігінің бір қыры саналады. Романтика деректі қиялдан, өмірдің шынайы құбылыстарынан туатындығы белгілі. Заман тудырған құбылыстар

ақындардың қиялын биік романтикаға жетелейтіндігі де дәлелденген құбылыс. Жалпы романтизм — әдебиетте ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған үлкен бағыттардың бірі. Бұл — Еуропаның көп­ теген елдерінде қарқынды дамып, әлемдік дәрежеге дейін көтерілген көркемдік әдіс. Қазақ әдебиетінде романтика сарыны эпос, ертегі, аңыздардан бастау алады. Ал кеңес дәуіріндегі поэзияда 30-жылдар­ дың басынан басталған романтика сарыны дамудың үлкен сатыларына көтерілгені белгілі. Бұл туралы Е.Исмайлов: “Романтизм әдебиетте қатып қалған қағида емес. Тарихи қоғамдық дәуіріне, әлеуметтік таптың ортасында, ұлттық әдебиеттің дәстүрлеріне қарай өзгеріп, жаңа мән алып отырады”, — дейді [69]. Мысалы, С.Сейфуллиннің “Аққудың айырылуы” классикалы романтикалық, Ә.Тәжібаевтың “Толағай” лирикалы романтикалық поэмалар деп танылды. Бұл поэма лирико-символикалы романтикалық поэмалар қатарына жатады. Себебі, ақын дастан желісінде бас қаһарманын символмен ғана бейнелейді. Автор Сәкенді сұңқарға, тұлпарға, бәйтерекке, қы­ ранға, арғымаққа, дауылпазға т.б.символдарға теңеп, оның бейнесін лирикалық планда шынайы көрсеткен. Поэманың осы сипатына баса назар аударған академик Мұқаметжан Қаратаев поэма жөнінде төмендегідей ой түйген: “Бұл — қазақ поэзиясы үшін табыс болып табылған лирикалық поэманың жаңа түрі. ...ақын інісінің мөлдір жүрек сыры ардақты ақын ағаның тра­ гикалық тағдырымен романтикалық жағдайда шебер бейнеленіп, Сәкеннің жарқын образы жасалуын­да” [70]. Сонымен бірге Қ.Бекхожин Сәкеннің айналасындағы күрескер топты, қара халықты, тап жауларын жә­не т.б. жалпылама бейнелерді де символикалық астармен берген. Бұл жерде ерекше бір тоқталатын жайт — көр­кем образдардың бәрін ақын тек қана құстардың түрімен көрсеткен. Автор Сәкенді — сұңқарға, оның жанындағы

жол­дастарын — қыранға, лашынға, оның жауларын — құзғынға, қарақұсқа, халықты — боз­торғайға, балапанға, Сәкенді жоқтаушыларды — сыңсыған аққуқазға, мұңды бұлбұлға теңейді. Осы символдардың бәрі де адам тағдырының қайғы-қасіретін дәл жеткізіп, мән-жайын оқырманға сезінтуде үлкен рөл атқарып тұр. Поэмада Сәкеннің азаматтық бейнесін суреттеп қана қоймай, оның лирикасының нәзік сырын жүре­ гімен ұққан Қ.Бекхожин Сәкеннен қапыда айы­ рылып қалған өкінішке толы сәттерін, сағынған күн­дерін жан тебірентер шумақтармен толғады. Ғұ­ мы­рының көп белесін сәкентануға арна­ған С.Қира­ баев сөзіне сүйенсек, ғалым: “Ақын сурет­керлігі мен сезімталдығын танытатын әдемі жолдар оның ұста­ зын жоғалтқан кезін бейнелейді”, — дейді [68]. Шы­ ғарманың осы тұсы, яғни, поэманың бесінші бөлі­міне назар аударсақ: Күдері көңілімнің күрт үзілді, Аспанда буралардай бұлт тізілді. Жаңағы күн шуағы жоғалды да, Суық жел соға қалды бүркіп зілді, — деп [65], ақын қоңыр күздің картинасын көз алдыңа елестетеді. Ақынның бұл айтып отырғаны табиғаттың шынайы суреті емес, заманның келбеті, сол бір сұм өмірдің сиқы болатын. Мұндағы “күдер” сөзі — “үміт” сөзінің, ал “күрт үзілу” — “кенеттен”, “күтпеген жерден” сөзінің синонимі. Автордың осылай айтуына қарағанда, жоғары қызметтегі Сәкенді “ұсталып кете барады” деп ойламағанға ұқсайды. Лирикалық кейіпкердің көрген бұлты да ақша бұлт емес, “буралардай” бұлт. Ақынның бұлтты бураға теңеуі де өзгеше бір сұмдықтың айғағындай. Сол сәтте-ақ бағанағы “күн шуағы” жоғалып, орнына “суық жел” соқты. Аспаннан қар да емес, жаңбыр да емес, бұр­шақ та емес, “зіл” бүрікті. Міне, ақын суреттеген өмір шындығы. Оның негізі “зілдің” бүркуінде. Бұл арада ақын қасіреттің, сұмдықтың келуін —

Сәкен­нен айырылған қазақ елінің, ұстазын жоғалтқан шәкірттің, серісі кеткен өлең-жырдың, жапырағынан тоналған бәйтеректің бейнесінде көрсеткен. Көңілдің аянышты көрінісін табиғаттың алуан құбылысымен қабыстырып бейнелеген ақынның өлең өрімі өте сәтті шыққан. Автор сұмдық хабарды ести сала, “Жалбырап қара шашым жүгірдім мен, Үрейлі жапырақтың сыбырымен” деп, тұлабойын түршіктірген суық сөздің аныққанығына жету үшін Сәкен үйіне жүгіріп келгендігін таза табиғи тұрғыда баяндаған. Сәкен үйінің суреті, міне, төмендегідей: ...Қаптаулы терезелер қара тормен. Сұңғақ бой көрінбеді, стол бос тұр, — Сұңқар жоқ тұғырында қанат керген. Үй үнсіз. Көшкен жұрттай оты сөнген, Жапырақ жағаласып жатыр желмен. Құшақтап нәрестесін бебеу қағып, Түбінде қу қайыңның отыр жеңгем [65]. Бұл көріністен ақынның әрбір образды, адам психологиясын, сол кездегі зұлмат кезеңнің ауыр зар­ дабын көркемдік ой өрнектері арқылы табиғатқа, жансыз затқа көшіріп, оларды жанды бейнелермен көмкеріп сипаттайтын ерекшелігін тануға болады. Поэма үзіндісіндегі терезенің қара тормен қапталуына қандай да бір түсініктің керегі жоқ. Екінші жолдағы “сұңғақ бойдың” көрінбеуіне көркемдік деталь — үстелдің бос тұруы, “сұңқардың жоқтығына” дәлел — тұғырдың бос қалуы. Бұл — ақынның өз ойының, та­ ным-түсінігінің сезімтал тұстарын көрсете алған және сол арқылы поэманың көркемдік құндылығының арта түскенінің дәлелі. Келесі шумаққа келсек, ақын сол кезде өзі көрген Сәкен үйінің үнсіз, “көшкен жұрттай” күй кешкен сәтін көз алдыңа елестетеді. Одан арғы жолдардағы “нәрестесін құшақтап, бебеу қағып” отырған ақынның жеңгесі, Сәкеннің жұбайы — Гүлбаһрам екені анық.

Оның қолындағы нәресте — Сәкеннің ұлы Аян екені ақиқат. Дастандағы бұл көріністер — тарихи шындық пен көркемдік шешімнің шынайы сипатқа ие болған тұстары. Поэма жолдарындағы келесі “бебеу қағу” да — өмір шындығы. “Бебеу қағу” қазақы ұғым-түсінік бойынша “зарлау”, “жылау” деген мағынаны білдіреді. Ақын осы сөзді өз мәнінде пайдаланған. Бұл — ақын­ ның бір оқығанда барлық жанға түсінікті, мағынасы жағынан мазмұны терең, көп нәрсені аңғартатын бейнелі аз сөзбен көп мағына, үлкен ұғымды білдіретін тәсілді меңгеруі. Қ.Бекхожиннің өзі жырлаған обектісін терең ұғы­ нып, жете түсінуінің әрі оны кең түрде қамти жыр­ лауының (синтетикалық тәсіл) негізі себебі — осы жай­ дың бар­лығын өз көзімен көруінде. Бұл ойымызды автордың өз сөзі дәлелдейді: “…шағын дастанымның негізіне ақынның өзі шерткен сырларын және ұстаз ақыннан өзім көріп, білген жайттарды арқау еттім [12]. Жас ақын Қ.Бекхожин жоғарыдағы Сәкен үйінің суретін көріп, “есінен адасқандай” күй кешіп, көкі­ регіне өксік тығылып, “жұмбақ сырға” қорқа қарап, көзінен “жапырақ тамшылар” сырғып кетеді. Автор өзінің осындай “есалаң” күй кешкен сәтін, сол сәттегі бойында пайда болған психологиялық құбылысты былайша жеткізген: Бұлттардың ауған әлде елесімен, Апыр-ау, адастым ба мен есімнен? Қимадым жаманатқа. Дір еттім тек Қас қанжар қадалғандай өңешімнен. Жұмбақ сыр…

Жазылмайтын жұмыр қандай? Аңырдым, арнамнан жыр бұрылғандай. Жапырақ тамшы ұшты кірпігімнен, Жырымның бәйтерегі жығылғандай [65]. Сөйтіп, жарық күнде есінен адасқандай күй кешкен лирикалық кейіпкердің ендігі амалы — арманға қол созу, қиялға шому. Аһ ұрып өкінгенмен, қайғырып

жылағанмен, көмекке келер жан жоқ… Тек қиялдау мен армандау ғана қалды. Тәңірге жалыну ғана қалды. Поэманың бұл тұстарын ақын: “Ашыл тез, Кең аспаным, жасыл байтақ!”, “Сұңқарым әлде көкке ұшты ма екен?”, “Дариға, жетпедім бе арманыма…” және т.б. жол тізбектерімен жеткізген. Ақын поэманың жетінші, сегізінші бөлімдерінде “Қазір мен қалғыдым ба, ояумын ба?” деп, арада қанша жыл өтсе де, сол баяғы “өң мен түстей” болған сәтінен бір ажырамайды. Бір күн өңіндегі “тағдыр салған” қиянатқа көніп, мүсәпір халде болса, екінші күні түс көріп, түсінде Сәкен қайта оралады, оған: “Сағынтып, Сәкен аға, қайда жүрсіз?” — деп қол соза бере оянып кетеді де, тағы да ойға шомады. Осылай өң мен түсі кезектесіп, ақын жан азабын тартады. Осы түс көру — көркемдік компоненті арқылы автор өзінің Сәкенмен рухани ұқсастығын, таным дүниесі­нің үндестігін, қоғамдық-саяси көз­қа­рас тұрғысынан бірлестігін сездіргендей әсер бе­ре­ді. Сөзімізді нақты­лау үшін түс көру мәселесін арнайы зерттеген ғалым, филол.ғ.д.проф. Гүлзия Пірә­ лиеваның пікіріне тоқталсақ: “Көркем әдебиеттегі түс көру, психологиялық талдау, кейіпкердің ішкі өміріне енудегі таптырмас бейнелеу құралы ғана емес, көркемдік-философиялық тұр­ғыдан өмірді тану, таразылау (осмысление) ретінде қолданылады. Көркем әде­ биетте түс көру тәсілінің ең басты көркемдік қызметі — психологиялық нақты­лықты дәл бейнелейді,” — дейді [71]. Поэмада ақын символмен қатар метофора, теңеу, эпитеттерді де қолданып, шығарманың эстетикалық әсемдігін көркейте түскен. Әсіресе күрделі теңеу­лер мен ұлғайған метофоралар үлкен орын алған. Оған “Шынардай ем шық шалмаған”, “Сүрленген жүре­ гімде наз жырым бар”, “Сұңқардың түлегіндей самға жырым”, “қызымыр құзғын”, “әулие жыр”, “боздақ жыр”, “тасқын адам”, “қан шалған үзеңгі” т.б. жатады. Және де автор лирикалық шегіністер жасай отырып, пейзаж бен портреттер беруде де үлкен шеберлік

танытқан. Ендеше, мұның барлығы — Сәкеннің тарихи әрі лирикалық бейнесін Қ.Бекхожиннің қа­ лай сомдағаны, суреткердің жетістіктері, поэманың жанрлық түрленуі, қолданылған көркемдік тәсілдер­ дің құндылығы. Ә.Тәжібаевтың “Монологтер” атты драмалық поэ­ масында Сәкен бейнесі қалай жасалды? Бұл поэма, өзінің аты айтып тұрғандай, тұтастай қазақ елінің та­ лантты ұл-қыздарының монологінен тұрады. Сахнаға шыққан әрбір кейіпкер тыңдаушыға өзінің ішкі монологін айтады. Поэмадағы Сәкеннің ішкі сыры өте аянышты, шын өмірдегідей. Уақыт пен Сәкен арасындағы диалогті трагикаға құрған автордың негізгі айтар ойы өте сәтті әрі нанымды шыққан. Драмалық кейіпкер — Сәкен сөзі — дәлелдеуді қажет етпейтін шын өмір парағы. Автор осы ащы өмір шындығын көркемдікпен, қарапайым тілде түсінікті берген. Айтып отырғаны — қапияда қараңғыға сүңгіп кеткен аяулы Сәкеннің де, оның орнын сипап қалған қазағы — қалың жұртының да мәңгі орындалмай қалған арманы… Поэманың да ең өзекті тұсы — осы, ешбір астарсыз, көмкерусіз, ашық та анық монолог­ тің берілуі. Бұл монолог — бүкіл қазақ халқының монологі. Поэмада одан әрі тәкаппар Сәкеннің “қия­ натқа көнбейтін”, “өз елінде қорлықпенен өлмейтін” өр мінезі қылаң береді. Бірақ, бәрі керісінше болды... Драма соңында: Дүнием қандай жарық еді, Сәулетті еді заманым. Арман қандай анық еді… Енді кімге обалым? Кімге обалым айтсаңдаршы, Қаным қайда төгілген? Ат! Деген кім? Аттың қайсың? Қабірім қайда көмілген?.. — деп, Сәкен бейнесі сахнадан жайлап өте береді [72]. Сол сәтте-ақ санаң селт етіп, көзіңе жас үйіріліп, та­ мағыңа өксік кептеліп қалады. Иә, “Обалы кімге?”,

“Атқан кім?”, “Қабірі қайда?”… Бұл сұрақтар әрбір қазақтың санасында сарғайып, жүрегінің түкпі­рінде шамдай жанып тұрғалы қашан? Бірақ, әлі күн­ге дейін жауап жоқ. Әрекет, қозғалыс бар. Бі­рақ, нәтиже жоқ. Барлығын заманға арттық. Кінәлі Сталиннің жеке­­ басқа табынушылық идеологиясы болды. Ақыр аяғы төгілген қанды, табыл­маған қа­бірді құрдымға кеткен Кеңес өкіметі саясатына жап­тық. Сөйтіп “ақ­таң­ дақтар” деген атпен тарих­тың қалың қатпарына тағы бір бетті қосып, сол “ақ­таң­дақтар­дың”, яғни репрес­ сия құрбандары­ның ұзын сонар тізімін жаз­дық. Бә­рібір жүректегі жара жазылмады, өкініштің өткір тыр­нағы өзектітыр­най түсті. Күн, ай, жыл өткен сайын, ұрпақ жа­ңар­ған сайын күрсінген үн ұлғая берді. Ә.Тә­жі­баевтың да айтпағы осы. Шығармада Сәкеннің өзіне айттырып отырғаны — оны жоқтаған қалың қазақтың зары, мұңы. Екі ақынның (Қалижан, Әбділда) поэмаларындағы ортақ нәрсе — тарихи шындықты бүкпесіз жеткізу, сол қайғылы оқиғаны айтудағы идея бірлігі, ой-сана мен ұғым-түсінігінің үндестігі, авторлық ұстанымның ұқсастығы және жан дүние құбылыстарын бейнелеу­ дің өзіндік сан-салалы мәнері. Белгілі бір жақындық, үндестік бар дегенмен, бұл шығармалар бірін-бірі қайталамайды. Стильдері бөлек, ішкі жанрлық түр­ лері де өзгеше. Поэма жанрында Қ.Бекхожин мен Ә.Тәжібаевтан басқа Сәкен бейнесін сомдауға ұмтылған ақындардың бірі — Асқар Тоқмағамбетов. Әдебиетімізде поэманың туып, қалыптасуына үлкен үлес қосқан Асқар ақын Сәкеннің қым-қиғаш өміріне арнап “Ақын тағдыры” атты поэма жазды. А.Тоқмағамбетов дастанның ба­ сында-ақ бірден Сәкеннің тұтқиылдан тұтқынға түс­ кенін мәлімдейді: ...Тұтқынға тұтқиылдан алынды ақын, Жете алмай биік өрлеу, ең өріне. Алқынып ақын ауыр күрсінді де, Ұйықтап жатқан баласын бір сүйді де,

Айдалып сыртқа шықты өз үйінен, Түк қалмай тұла бойы тінтілді де [73]. Сюжеттік сарынында өзіндік өзгешелігі бар бұл поэ­мада, ақын Сәкен монологімен қатар Сәкен анасы, гүл сатушы қыз секілді кейіпкерлердің де ішкі се­ зімін, көңіл тебіреністерін терең жырлаған. Қапияда қиянаттың құрығына түскен аяулы жан: “Жарқ етіп шығар шындық шыңыраудан, Тас байлап, тастап со­ ған жіберсең де” дейді. Бұл — өзі құрдымға кетіп бара жатса да, ақыры ақталарына сенімі мол лирикалық кейіпкердің ақырғы сөзі. Сәкенінен айырылған ана баласы жүрген жерлерді аралаумен күнін өткізіп, әбден шаршап шалдыққан. Оның аянышты халін ақын: “…Айырылған баласынан арманда ана, Күңіреніп дей берді тек: “жалған, жалған”…” — деп, дүниеден түңіліп, өзімен-өзі күбірлеген кейпін суреттейді. Иә, жалған, жалған… Бір-ақ сәтте Сәкеннің бейнесі, қызметі, еңбектері көмескіленіп шыға келді емес пе? Иә, солай болды. “Дүние жалған” деген осы! Поэма соңында Асқар ақын халықтың Сәкен мұра­ ларымен сағына табысқан сәтін көрсетеді. Автордың бұл көркемдік шешімі — шынайы шындық және Сәкен­ ге қойылған айбынды (монументальді) ескерткіш. А.Тоқ­ма­ғамбетовтің бұл поэмасы хақында академик Рах­манқұл Бердібаев былай дейді: “Көкейкесті күй­ дей тұлғалы бұл дастан Сәкеннамаға қосылған өрісті шығарма [74]. Поэмада автор Сәкеннің өмірін, тосын тағдырын символмен бейнелеп, адам психологиясының неше алуан күйін шебер көрсете алған. Поэмада кейіпкердің басынан өткен қилы-қилы өмір құбылыстары мен автордың психологиялық толғаныс-тебіреністері, күйзелістері кезектесіп, алма-кезек келіп отырады. Ақын бұл көріністерді Сәкеннің өткен өмірі мен өзі көрген өмірінің “өң мен түстей” болғанын еске алу, елестету арқылы ғана көркем баяндайды. Көркем әдебиеттегі бұл тәсіл — психологиялық бейнелеу тәсілінің бірі. Сол себепті, сөзімізді филол. ғ.д., проф.

Г.Пірәлиеваның пікірімен қорытындылаймыз. Ол: “Психологиялық бейнелеу тәсілінің бірі — еске алу, еске түсіру (вспоминание). Адамның көңіліне келіп, жүрегін шаншып ауыртатын бір ауыз сөздің қайтақайта еске түсуі — қаншама ой арпалыстарына, сана қақтығыстарына, азапты да күрделі психологиялық ахуалға жол ашады... Бұл кейіпкердің жан әлемінде­ гі күйзелісті күшейтуде, пcихологиялық алабүлікті тереңдетіп, талдауға және оны жан-жақты ашуға, суреттеуге сеп болады”, — дейді [75]. Сәкеннің тарихи бейнесі мен көркем шығармада­ ғы бейнелі образын, жалпы Сәкенді түпнегіз еткен туындылардың жетістігі мен кемшілігін, әдебиетте алатын орнын зерттеп, ғылыми қорытынды жасаған академик Р.Нұрғали былай дейді: “Ақын өмірі — қа­ шанда романтикалы өмір. Ақын бейнесі — қашанда поэтикалық бейне... Оның тағдырында поэзия да бар, трагедия да бар. Сәкен өмірі — өнердің қай саласы үшін де аса қызықты да қиын тақырып” [33]. Қ.Бекхожиннің “Сұңқар туралы аңыз” поэмасын қорытындылай келе мынадай тұжырымдар ұсы­намыз. Автор лирикалық кейіпкерінің өмір мате­риал­дарын барынша сұрыптап, трагедиялық өмірін реалистік тұрғыда көрсетіп, романтикалық леппен жырлады. Ақын Сәкеннің талқыға түскен тағдырын, қапияда мерт болған Сұңқардың қайғылы өлімімен өткір бейнелеп, терең идеялық түйіндеу жасады. Нәтижесінде поэманың көркемдік-эстетикалық құді­реті мол болды. Ақын Сәкеннің лирикалық бейнесі арқылы дараны жалпыға айналдырып, типтік образ жасады. Сәкеннің трагедиялық тарихи бейнесі — Кеңес өкіметі идеологиясының қуғын-сүр­гінінен қыршын кеткен замандастарының жиын­тық образы. Ғалым Б.Майтанов: “Ақын үшін тақырып — өмір­ дің өзі, оның қуаныш-шаттығы мен қасірет-мұңы, арманды асулары мен кездеспей қоймас еңіс, ойпаттары, үмітті болашағы”, — дейді [30]. Шындығында да Қ.Бекхожин өзі таңдаған тақырыбын тереңірек ашу

мақсатында екі көлемді поэма жазды. Бұл тараудың ең мәнді, өзгеше жері — жазылған екі дастанның ішкі мазмұнында ақынның өз өмірі кейіпкерлер өмірімен біте қайнасып, бірге жүруі, яғни кейбір қиын да қы­зық сәттердің аралас, алма-кезек көрініс беруі. Поэзия туралы: “Поэзия, ең алдымен, ішкі еркін­ діктен, рух тәуелсіздігінен жаратылатын құдірет”, — деген екен филол. ғ.к. Тұрсынжан Шапай [76]. Осы сөздің негізгі белгі-нышандары өмір шындығы мен замана келбетін жырлаған осы туындыдан анық байқалады, себебі бұл тұста кеңес идеологиясының аз да болса босаңсыған кезі болатын. Мұндай “жылмық” сәттер қаламгерлер қауымының санасы мен сезіміне күрт әсер етіп, рухани дүниесінде мәңгілік еркіндік пен болашақ бостандықтың нұрлы сәулесін бір жарқ еткізгені аян. Сол кездер де шерменде жүректің шерін төгер дүниелер жазылатыны да күмәнсіз, үміт оты лаулап жанбаса да, сығырайып тұрғаны айқын. Тараудағы екі поэманың да ең не­гізгі тұшымды жерлері — ақиқатқа жетуге ұмтылған ақынның ин­ теллек­туалды-философиялық ой қорыту дәрежесі­ нің сонылығы, дастандағы замандас бейнесі­нің та­ри­хи шынайылығы, болған оқиға мен көркемдік шын­дықтың үйлесім табуы. Ал поэмалардың басты жаңалығы — ақынның негізгі ойларының сәтті тууы. Сондай-ақ, автор сомдаған кейіпкерлер бейнесі дәл сондай мыңдаған көркем бейнелердің жиынтық образы екені айқын көрініс тапқан. Ақынның айтар ойына байланысты шығармада қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ұлттық тәрбие мәселелері де айтарлықтай дәрежеде орын алған.

  1. Қ.Бекхожин поэмаларының көркемдік, стильдік ерекшеліктері және ұлттық таным Бұл кітаптың екінші тарауында Қ.Бекхожин поэмаларындағы сөз қолдану шеберлігіне, көркемдік деңгейіне арнайы тоқталып, әр шығарманың өзіндік стилі мен көркемдік (поэтикалық) ерекшеліктерін бағамдаймыз. Сонымен бірге тарихи құндылық, жанр­лық түрлену, әлеуметтік-идеялық сипат жө­нін­де пайым­даулар ұсынамыз. Стиль — қаламгер шығармаларын сөздері арқылы тану, сол сөздер арқылы бір-бірінің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін айыру. Стиль турасында көптеген ғалымдардың зерттеулері бар (Л.И.Тимофеев, Я.Э.Эльсберг, П.Г.Пустовойт, В.А.Ковалев, Г.Н.Пос­ пе­лов т.б.). Қазақ ғалымдары А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Б.Май­ танов, А.Ісім­ақова және т.б. стиль мәселесіне өздерінің пікірлерін қосты. Академик Қажым Жұмалиев: “Әдеби стиль өзгермейтін тас боп қатып қалған нәрсе емес. Қоғамда­ғы күрес тартыстарының кезеңдеріне бағыныңқы түрде стиль де өзгеріп отырады. Қоғамда­ ғы жаңа тап өзімен бірге жаңа мазмұн, жаңа мүдде, жаңаша құ­ралған ой-сезімдерді ала келеді. Жаңа мазмұн, әдебиет өзіне лайық түр, үлгі туғызады”, — дейді зерттеуінде [77]. Стиль үшін жаңа образдың характерлерін бейнелеуде суретшінің сол кезең идеясына орай көркем эстетикалық көқарасы болуы керек. Сонда автордың көзқарасы дәуірдің идеялық сипаты бола алады. Сонымен, стиль — әрбір ақын-жазушының әр шы­ ғармасынан байқалатын өзіндік жазу машығы, әр туындының өзіне тән сыр-сипатын танытатын тілдік жүйенің жиынтығы. Бір сөзбен айтқанда, стиль — жазылған шығарманың көркемдігін, негізгі тұтастығын құрайтын даралық белгісі. Қазіргі ғаламдасу кезеңінде ғылымның барлық салаларында даму, өсу процесі жүріп жатыр. Бүгінгі

таңда көркем әдебиетте жанрлық түрленулер, ұлт­ тық ерекшеліктер бой көтеріп, әлемдік деңгей­ лерден көрінді. Оған қазақ ақын-жазушылары шы­ ғармаларының әлемдік, халықаралық дәрежедегі сыйлықтарға, марапаттауларға ие болып, жүлделі орындардан көрінуі дәлел. Көркем әдебиеттің жоғарғы қарқынмен да­муы әдебиеттану ғылымының атқаратын қыз­мет аясын кеңейтетіні сөзсіз. Әдебиетті әр қырынан зерттеп, зерделеуге, талдап, саралауға әдебиеттану ғылымы салаларының маңызы айрықша. Осы әдебиеттану­ дың маңызды бөлшектерінің бірі — поэтика. Поэтика — әдебиет теориясына жататын ғылым. Ол әдебиет тео­риясының саласы ретінде әдебиеттің бейнелеу құ­ рал­дарын, шығарманың көркемдік ерекшеліктерін зерттейді. Поэтика тарихына көз жіберсек, поэтика ұғы­ мы үш түрлі бағытта жүйеленетіні белгілі. Әлемдік ғылыми-теориялық зерттеулердің нәтижесінде ой қорытып, тұжырымдап, поэтикаға түсінік берген филол.ғ.д., проф. А.Ісімақова: “Әдебиеттегі көр­кемдік құралдардың барлығы тілге қатысты екенін ескерсек, онда поэтика тілді зерттейтін көркемдік құралдар туралы ғылым болып анықталады”, — дейді [32]. Бұл тарауда Қ.Бекхожин поэмаларының стильдік ерекшелігі, көркемдік қуаты, ақын тілінің ерекшелігі зерттеу нысанасына айналады. Сонымен бірге поэма­ лардың тарихи құндылығы, жанрлық түрленуі, әлеу­меттік-идеялық сипаты, көркемдік-эстетикалық қасиеті жөнінде де өз пайымдауымызды ұсынамыз. Екінші тарауда “Батыр Науан” (1939) КенесарыНаурызбай көтерілісін дәріптеуге, “Ақсақ құлан” (1939—1963) Шыңғысхан жорығы кезеңдеріндегі аңызға, “Мариям Жагорқызы” (1949—1954) халық өнерпазы — Рыкина Марияға, “Соңғы сайран” (1969) атақты Ақан сері туралы аңызға, “Әппақ намә” (1974) әзірбайжан халқының ұлы ақыны Гәнжауи Низами

мен қыпшақ қызы Әппақ арасындағы махаббатқа арналған поэмалар сөз болады. Бұл тарауда аталған поэмалармен қатар автор­ дың өзі ұстаз санаған және өзімен қатарлас, тұстас ақындардың туындылары да айтылады. Себебі, олар Қ.Бекхожин поэмаларымен үндес, мақсаттас, тақы­ рып­тас болғандықтан, салыстыру мақсатында ғана пайдала­нылып, әдеби-тарихи мазмұнына, қоғам­ дық-әлеуметтік маңызына, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктеріне назар аударылып, талданады. Соны­ мен бірге ақынның кезеңдік тарихи мәселелерге суреткерлік көзқарас тұрғысынан қарап, оған үлкен эпикалық планда поэмалар арнауының негізгі себебі де айтылады. Тарау ақын поэмаларының тақырыптық-идеялық сипатына байланысты үш бөлімге бө­ лінген. 2.1. “Батыр Науан” поэмасындағы азаттық идея және тарихи тұлғалардың көркем бейнесі “Идея дегеніміз не? Егер, тақырып жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы; жазушының идеясы — көркем образ арқылы көрінген кенеулі ой. Жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқушы назарын неге аударса, қайда бағыттаса сол — идея. Идеясыз шығарма болуы мүмкін емес”, — дейді З.Қабдолов [6]. Демек, тарихи оқиғаны немесе өмірдегі құбы­ лысты, яғни бір тақырыпта қалам тербеген әр авторда әртүрлі идея тууы мүмкін. Ол жағдай сол оқиғаны әр қаламгердің өзінше түсінуіне, ұғыну дәрежесіне, кейбір әлеуметтік ортасының ықпал-әсеріне, саясиқоғамдық көзқарасына байланысты, сондықтан әр автордың өз идеясы болатыны анық. Осы орайда Қ.Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасын жазу барысында ұстанған идеясы — өз ұлтының азаттық, тәуелсіздік идеясы екені анық.

Тәуелсіздік, азаттық, бостандық ұғымдарын санаға сіңіру барысында әріге бармай-ақ, тарихымыздың бетінде таңбалы тастай із қалдырған ХVІІІ—ХХ ғ.ғ. қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің өзі жетіп жатыр. Халқының тәуелсіздігі жолында арпалысып, ұлты­ ның болашағы үшін жанын қиған Хан Кене — сол көтеріліс басшыларының бірі. “Хан Кене” атанған Кенесары мен “Науан батыр” атанған Наурызбай Қасымұлдарының тарихи тұлға­ сы, әдеби көркем бейнелері төл әдебиетімізде лайықты дәрежеде көрінді. Нысанбай жыраудың “Кенесары— Наурызбай”, Қашқынбайдың “Кенесары”, Көкбайдың “Абылай—Кенесары”, Досқожа, Күдері, Шашубай және т.б. жыршы-ақындардың дастан-жырлары өз алдына бір төбе. Солардың ішінде лиро-эпостық үлгідегі авторы белгісіз “Наурызбай—Қаншайым” дастанының маңызы зор. Көтеріліске байланысты туған жырдас­тандар, толғаулар әдебиет тарихында, батырлар жырында, жинақтарда топтастырылған [78]. Әдебиет тарихын жүйелей отырып, зерттеу объек­ тіміз болып отырған кеңес дәуірі әдебиетіндегі Кенесары, Наурызбайдың көркем бейнелеріне тоқталсақ, негізгі назарда М.Жұмабаевтың “Оқжетпестің ете­ гінде” поэмасы, М.Әуезовтің “Хан Кене” пьесасы, І.Есенберлиннің “Қаһар” романы және т.б. туындылар бар. Батырлар бейнесін көркем әдебиетте қал­ дыруға арналған осы әдеби шығармалар қатарында Қ.Бекхожиннің “Батыр Науан” (1940) атты сюжетті тарихи-эпикалық поэмасы барын кейінгі буын өкілде­ рі біле бермейді. Поэма кезінде жарияланғанымен, Кеңес өкі­метінің саясатына сай келмей қараңғыда жатуы көп болды. Оған себеп — тоталитарлық жүйенің қа­һарына ұшырап, саясаттың ықпалында қалған өкіметтің тегеуріні еді. Бұл туралы автор: “Мен 1940 жылы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын “Батыр Науан” атты поэма жазып едім. Кейін 1950 жылдары бұл поэмадан көресімді көрдім. Сол поэманың терістігін айтып, өзіме қадалған қатал сындар маған ұмытылмас

сабақ болып қалды”, — деп [12] өткен “сыңаржақ” сынды еске түсіреді. Ал сол сындардың “дұрыстығы” 70-жылдардың өзінде-ақ сол күйі біржақты бағала­ нып келді. Оған Т.Ибрагимовтің: “Қырқыншы жылдар соңын ала басталып, елуінші жылдардың алғашқы жартысымен шектелген жоғарыдағы сындардың негі­ зінде кей қисынды жақтары да бар еді. Осы орайда, Бекхожиннің, әсіресе “Батыр Науан” поэмасы туралы сындар сарыны біраз орынды”, — деп жазғаны дәлел болады [8]. Ақын мен оның шығармашылығын зерттеушінің пікірлерінен кейін, араға ұзақ уақыт салып, қазақ поэ­ зиясын жаңаша ойлау тұрғысынан зерттеген филол. ғ.д., проф. А.Шәріп: “…Қ.Бекхожин т.б. талантты ақындардың туындыларында белгі берген бұл жемісті тенденцияны 40—50 жылдардағы “ұлтшылдыққа” қарсы күрестің кезекті науқаны бірсыпыра уақытқа тежеп тастады”, — деп ғылыми дәлел келтірді [49]. Ғалымның осы пікіріндегі “жемісті тенденция” сол кездегі ақындардың еркіндікті аңсау, бостандыққа ұмтылу, тәуелсіздікке жету сияқты саяси мәселеге жасырын ұмтылуы еді. Сол кездері жалпы ұлттың, халықтың көкейіндегі зәру мәселелер ақындар поэ­ зияларында қылаң бере бастады. Оны қадағалап, аңдып отырған кеңес идеологтары дер кезінде байқап, шетінен жазалап отырды. А.Шәріп жоғарыда “кезекті науқан” деп қазақ зиялыларына екінші рет төнген қатерді (50-жылдар) айтып отыр. Енді осы поэманың жазылу тарихы мен баспа бетін көруі жайлы көз жеткізген деректерге тоқталып, өз дәйектеріміз бен тұжырымдарымызды алға тартамыз. Қ.Бекхожин “Батыр Науанды” 1939 жылы 26 жасында жазды. Жас Қалижан туындыны сиясы кеппеген күйінде екі ұстазына (М.Әуезов, С.Мұқанов) оқып береді. Әріден ойлайтын М.Әуезов: “Төркіні қиын тақырыпқа баруға батылдық жасаған екенсің, Қалижан. ...Кенесарының басы даудан аршыла қояр ма екен? ...Науанға орыс офицерін дүрелетіп қоюың

да сөкет сияқты…” — деп [12] күдікті ой тастаса, се­ зімтал С.Мұқанов: “Поэманың тілі жақсы екен, бірақ осы тақырыпқа бекер жолағансың, осыныңнан бір шу шығып жүрмесін”, — деп, екеуі де бір бағытта, бір ойды күдіктене айтып, бұл тақырыпқа баруын қаламаған. М.Әуезов пен С.Мұқановтың бұл қорқынышы­ ның негізі — баршаға аян жылдың басын ала келген қазақтың қаймақтарын қараңғы қапасқа салып, беткеұстар азаматтарын “халық жауы” атандырған зобалаңның әсері. Халқымыздың біртуар азаматтары сиқырлы саясаттың құрбанына айналып, атылып, асылып, тірі қалғандары қуғын-сүргін көріп, әр кү­ нін үреймен өткізіп жүрген шақта Қ.Бекхожиннің Кенесары мен Наурызбай көтерілісін дәріптеп, олар­ дың тарихи тұлғаларын көркем әдебиетте бейнеле­ уі ерлікпен тең еді. Қ.Бекхожиннің осы беталысы, заман күйіп тұрғанда “шулы тақырыпқа” баруы — оның жастығының, өрлігінің, тәкаппар мінезінің көрінісіндей. Жас ақынға екі ұстазының сақтандыра отырып айтқан осы сөздері — шынайы ізгіліктің ай­ ғағы. Жанашыр ағалары сол кезде-ақ оны солақай саясаттың ауыр сынынан қалай өтер екен деп, әріден ойлағаны көрініп тұр, себебі ол кезде қызыл импе­ рияның көркем әдебиетті уысында ұстап тұрған шағы болатын. Соғыс басталып, батырлар туралы дастандар, жырлар соғыстағы жауынгерлерге рух беруші күш есебінде қолданылды. Батырлар туралы ерлік жырлары екінші қару қызметін атқарды. Олар соғыстағы жауынгерлердің рухын, сана-сезімін, ішкі дүниесін қаруландырды. Соғыс біткен соң бұл туындыларға өкімет көзқарасы өзгеріп шыға келді. Жоғарыдан қазақтың ержүрек батырларының, ұлтшыл ақын­ дарының, кейбір белгілі қоғам қайраткерлерінің есім­ дерін тарих бетінен біржола өшіріп тастауға жоспар­ лар дайындалды. Көп ұзамай партияның нұсқауымен жасалған бұл саясат “пысық” пенделердің күшімен іске асырылды.

Партия нұсқауының нәтижесінде, Қ.Бекхожин­ нің “Батыр Науан” поэмасы 40-жылдардың соңын ала жаппай сыналған туындылардың тізіміне ілініп, “ұлтшылдық сарыны басым” деп танылып, “жарамсыз дүниелер” қатарына қосылды. Поэма, Мұхтар мен Сәбит айтқандай, “шу шығып”, “төркіні қиын та­қырыпқа” айналып жүре берді. Автор қуғындалып, поэма тағдыры таласқа түсті. Жағдай ушығып, ақынға қауіп төнді. Оның алдында “Сәкенмен байла­ нысың бар” (1937) деп оқудан шығарылып, істі болған Қ.Бекхожинге НКВД жандайшаптарының соңына түсуі қиынға соқпады. Сөйтіп, 50-жылдардың басын­ да Қ.Бекхожин партиядан шығарылып, қу­ғын-сүргін зардабын тартып, сүреңсіз өмір кешті. Жұмыстан шығарылып, жазғандарын ешбір баспа қабылдамай, ақынның азаматтық арына нұсқан келіп, шығар­ машылығына “жасанды тоқырау” жасалды. Бұл іске М.Әуезов араласып, ақынды Түрікменстандағы Тақияташ елді мекеніне бой тасалай тұруға кеңес береді. Түрікмен жерінде жарты жылдай паналап қайт­ қан ақынның “Қарақұм”, “Тақиятас”, “Таш­ауыз”, “Түрікмен қызы” және т.б. циклді өлеңдері сол тағды­ рынан хабар береді [65]. Сол күндерге куә болған ақынның қаламдасы Ғафу Қайырбеков былай деп естелік жазды: “Ең жас кезін­ де, жалынды шағында жазған “Ақсақ құлан”, “Батыр Науан” поэмалары үшін Қалижан 50-жылдардың басында дәуірлеп тұрған кезінде қуғынға ұшырады, Түрікменстан Тақиятас каналынан бір-ақ шықты, түрмеге түсуі де мүмкін еді, құдай сақтады, біраз уақыт еш жерде басылмайды. Сол кездегі ірі ақынжазушылардың тағдыры мұнда да бар еді, оны енді айтуға болады ғой…” [79]. Ақынның өмірбаяны және осы поэмасының аты жөнінде баспасөз бетінде филол.ғ.к., доцент Руда Зайкенованың жаңсақ пікірі жарияланды. Онда мақа­ ла авторы: “Кенесары—Наурызбай” дастаны үшін Қ.Бекхожин он жылға айдалды” деген [80]. Әрине,

бұл өрескел қате дерек. Бірінші, ақын поэмасының аты “Кенесары—Наурызбай” емес, “Батыр Науан”. Екінші, ақын он жыл түгілі, бір жыл да түрмеге отырған жоқ. Десек те, қудаланғаны, партиядан шығарылғаны туралы жоғарыда айттық. Оған ақын замандастарының естеліктері және Мемлекеттік мұрағатта сақтаулы Қ.Бекхожин папкасындағы жеке құжаттар дәлел бола алады [81]. Осы айтылған жаңсақ пікірге Қ.Бекхожиннің 90 жылдығына орай “Қазақ­ стан” ұлттық арнасы дайындаған “Ұмытпаңдар, мені” атты хабар барысында жауап берілді. Хабар телеарнадан 2003 жылы екі рет, 2004 жылы екі рет қайталап көрсетілді. Сонымен бірге еліміз егемендікке ие болған соң партияның 1947 жылғы қаулысы туралы, қаулыдан кейінгі саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты зардап шеккен зиялы қауым өкілдері туралы ашық жазған академик С.Қирабаев сол жағдайды жүйелі түрде баяндай келе: “...Ә.Тәжібаев, Қ.Аманжолов, Қ.Бек­ хожин сияқты ақындар партиялық жазаға тартылды...” — деп тұжырым жасады [82]. Осы мәселеге байланысты Дихан Әбілевпен, Мұза­ фар Әлімбаевпен (2003) сөйлесіп, Қ.Бекхожин туралы көрген-білгендерін қағазға түсірген едік. Бұл екі азамат та ақын құдай сақтап аман қалғанын, бірақ күнкөрісі қиын болғанын айтты. Сол кезде олар ақынмен жасырын кездескенін, кішкентай балалар ар­қылы хатпен хабарласқанын да жасырмады, себебі аңдушылардан қорқады. Ол уақытта ақындардың бәрі де аудармамен ай­ налысқан. Оларға бөлініп тапсырма беріліп, жария­ ланған соң қаламақы алады екен. Осындай өздеріне берілген аудармаларды жасырын түрде, кейде әйел­ дерден, кейде балалардан Қ.Бекхожинге беріп жіберіп отырған. Жұмыс біткен соң Қалижан ақын осындай амалдардың бірімен кері қайтаратын болған. Соның нәтижесінде баспасөзде Қ.Бекхожинің аудармасы басқа автордың атымен жарияланған. Содан түскен

қаламақыны замандастары, қаламдастары, яғни жанашыр достары түрлі жолдармен негізгі авторға жеткізіп, ақынның күнкөріс қамын жасаған. Қазір бізге айтуға да, жазуға да оңай болғанымен, олардың басынан өткендер ащы шындық, талқыға түскен тағдырлар еді. Тәуелсіздік алып, елдіктің, еркіндіктің шуа­ғын сезетін кез де жетті. Тәуелсіздігіміздің арқасында бұлыңғыр сағымға айналған асыл жандардың жарқын жүздерін суреттен көріп, істеген істерін, қалдыр­ ған мұраларын жиып-теріп, оқып-білу бақытына ие болдық. Келесі әңгіменің желісі осыдан 70 жылдан аса уақыт бұрын жазылған “Батыр Науан” поэмасының баспа бетін көру жайы. Алғаш поэма “Тарту” жинағында (1940) жарияланды. Жинаққа дастаннан үзінді ғана берілді (76 шумақ) [83]. Содан соң халық сұрапыл соғыстың зардабынан ес жия алмай жүрген кезде бірінің артынан бірі қабылданған қаулылардың салдарынан поэма “бағыты дұрыс емес, кері тәрбие береді” деп танылып, сөрелерден ысырылды. Бұл турасында жоғарыда айтылды. Сол 1940 жылдан бері баспа бетін көрмеген, ақын­ ның жыр жинақтарынан орын берілмеген, таңдамалы шығармаларының қатарында тұруға “жарамсыз” деп танылған “Батыр Науан” поэмасы тоталитарлық жүйе ыдырап, еліміз жаңа қоғамға бет бұрған кезде, яғни, араға 50 жыл салып, 1990 жылы “Жұлдыз” журналын­да жарияланып, елімен екінші рет табысты. Бірақ, бұл “Тарту” жинағында жарияланған 76 шумақ үзінді ғана еді. Ақынның өзі алғы сөз жазыпты. Онда: “Бұл дастанымда мен аты шулы қаһарман Кенесары мен Наурызбайдың Ресей патшасының отаршылдық сая­ сатына қарсы жасаған ерлік күрестерін жыр еткен едім. Кейін, сол кездегі тарихшылар, Кенесарының бұл көтерілісі өз хандығын сақтау үшін жасаған ұлтшылдық әрекет деп теріс түйіндеді. Соның салдарынан менің поэмам әділетсіз ауыр сынға душар

болды… Енді Кенесары, Наурызбай көтерілісі тарихи өз бағасына қайта ие болды, мен сол үшін өте риза болып, ұмыт қалған бұл дастанымды жариялауға ұсынып отырмын. Денсаулығым болмай, жайым кетіп жүргендіктен, поэманың толық нұсқасын архивімнен іздестіріп таба алмадым”, — деген [84]. Автордың бұл сөзіне қарағанда, поэма жалғасының “Екпінді” газетінде жарияланғанынан хабарсыз сияқты. Оны мынадай себептерге бөлуге болады: 1) мүлдем ұмытып қалған; 2) газеттегі мәтін мен қолындағы мәтінді бірдей деп ойлаған; 3) соғыс бас­талып, үзіндінің газетте жарияланғанын тіпті білмейді. Міне, біз осылайша сараптама жасадық. 1990 жылы күзде автор “Жұлдыз” журналы­на қолжазбасын апарып берген. Сол кезде сырқаттанып жүрсе керек, ақын көп кешікпей қайтпас сапарға аттанып кетті. Марқұм Қ.Бекхожин “Батыр Науан” дастанының “Жұлдызда” жарияланғанын, оқырманның поэманы қалай қабылдағанын көре алмады. Бірақ, бұл басылымдағы да поэманың толық нұсқасы болмай, жалғасы белгісіз күйінде қалды. Ақынның көзі кеткен соң әртүрлі пікірлер айтылып, “дастан толық біткен” немесе “жалғасын соғыста жоғалтып алған”, болмаса “тінтушілерден жасырып өртеп жіберген”, тіпті “жазбаған” деген жорамалдар айтылды. Содан соң, яғни кейінгі жылдары тәуелсіздігіміз толық мойындалып, өшкендеріміз қайта жанып, кеткендеріміз қайта оралып, арыстар мен батырлар рухына ас беріліп, ғылыми конференциялар ұйымдастырыла бастады. Соның бірі — Кенесары мен Наурызбай батырдың 200 және 180 жылдық тойлары (2002). Осы айтулы шараға орай республикалық “Қазақ әдебиеті” газеті батырлар рухына арналған жыр бәйгесін алты-жеті ай бұрын жариялады. Сол бәйгеге ақынның архивінен алып, зайыбы Зайда Бекхожина “Батыр Науан” поэмасын ұсынды. Сөйтіп, араға 12 жыл салып поэма оқырманымен үшінші

рет қауышты [85]. Бірінші, “Тарту” жинағы (1940), екінші “Жұлдыз” журналы (1990), үшінші “Қазақ әдебиеті” газеті (2002). Бірақ бәрі де сол баяғы 76 шумақ поэма үзіндісі болатын. Сонымен біз поэманың жалғасы қайда, жарық көрген бе, жоқ тіпті басылмаған ба әлде дастан туралы айтылған сөздер шындық па деген сұрақтар маңында ізденіп, алдымен бірнеше топшылаулар жасадық: 1) көлемді дастан “Тарту” жинағына сый­май, қолжазба архивте қалған шығар; 2) егер республикалық дәрежедегі әртүрлі басылымдарға жарияланған болса, елдің бәрі білу керек; 3) сол кезде қандай облыстық газеттер белсенді қызмет атқарды, соның ішінде ақынға жақыны қайсысы (гео­ графиялық жағынан)? 4) сол заманда зиялы қауым өкілдерінің назарындағы облыстық басылымдардың беделдісі қайсысы? Осындай мақсатта іздене келіп, зиялы қауымның ордасына айналған Семей облыстық “Екпінді” газетіне тоқтадық. Соның нәтижесінде, Орталық ғылыми кітапханада сақталған газеттен латын әрпінде жазылған поэманың 30 (отыз) шумақ жалғасын таптық [86]. Оны “Қалижан Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасының заңды жалғасы” деген атпен “Қазақ әдебиеті” газеті арқылы оқырман қауымға ұсынық. Сол газетте дастан үзіндісімен қоса бәйгеде марқұм Қалижан ақынның поэмасы арнайы жүлде алғандығы қоса хабарланды [87]. Поэманың алғашқы 76 шумағы бойынша жария­ ланған үш нұсқасын салыстырып, текстоло­гиялық, орфографиялық түзетулер енгіздік: 1) 13-шумақтың 2-жолындағы “кәнеке” деген сөздің дұрысы “Кенеке”; 2) 21-шумақтың 3-жолында “атанекес” сөзі алғашқы нұсқада бірге жазылған. Ол “қасжау”, “атажау” деген мағынада; 3) 46-шумақтың 2-жолындағы “ерден ерге” сөзінің дұрысы — “өрден өрге”; 4) 58-шумақтың 1-жолындағы “жолдан” сөзінің дұрысы — “қолдан”; 5) 59-шумақтың 3-жолындағы “айбынды аздап” сө­ зі — “айбыны асқан”; 6) 65-шумақтың 3-жолындағы

“жан-жағына” сөзінің дұрысы — “жан-жарына”; 7) осы шумақтағы 4-жолдың “қазақ” деген сөзі — “жасақ” болу керек. Сонымен бірге әріп ауысулары, үлкен әріппен жазылатын сөздер секілді техникалық қате­ лер үш-төрт жерде кездеседі. Осы аралықта Қ.Бекхожин Е.Ысмайыловпен бірге Кенесары-Наурызбай Қасымұлдарының ұлт-азаттық көтерілісін халық санасында қалдыру мақсатында “Кенесары, Наурызбай” деп аталатын көлемді кітапты 40-жылдары баспаға дайындаған. Кітапқа батырлар туралы халық жырлары, өлеңдер, аңыз әңгімелер, Нысанбай, Күдері, Мұхамбетжан, Орынбай, Арғынбай және т.б. ақын-жыраулардың жырлары, поэмалар кірген. Материалдарды жинап, құрастырған, алғы сөзі мен түсінігін жазып, баспаға әзірлегендер — Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожин. Кітаптың мазмұнына дейін машинкаға терілген күйінде Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы тұр [88]. Үлкен үш папкадан тұратын қолжазба: №1 — “Ба­ тырлар жыры” (547 б.) атты жинақтан; №2 — Е.Ис­ майловтың қолымен жазылған қолжазбасынан және “Кенесары, Наурызбай бастаған көтеріліс” атты зерттеу еңбектен (275 б.); №3 — Қ.Бекхожиннің “Кене­ сары, Наурызбайдың әдебиеттегі бейнесі” (101 б., тек қолжазба күйінде) атты ғылыми мақаласынан тұрады. Бұл кітап көп жылғы еңбектің нәтижесі екендігі белгілі. Қолжазбаның ішкі мұқабасында “1941 жыл” деп жазылған. Демек, кітап көрсетілген жылы толық дайын болған. Кезінде мемлекеттік тапсырыспен құрастырылған батырлар жырының жарық көрмей қалуының негізгі себебі: соғыстың бас­ талуы, ел экономикасының қиындауы деп ойлаймыз. Соғыс кезінде батырлардың ерлік істерін бейнелейтін шығармалар, олардың тарихи тұлғалары кеңестік идеологияның тиімді құралы болды. Мұндай ерлік жырын жырлаған дүниелер жауынгерлердің, қалың бұқараның патриоттық сезімдерін ұштауға, ерлікке,

батырлыққа шақырауда жетекші рөл атқарды. “Ал соғыс біткен соң неге шығарылмады?” деген сауалға жауап іздеу қиын емес. Соғыстан соң бұл тақырыпты басқаша түсіндірген кеңес саясаты ұсақ ұлттар мен ұлыстардың тарихын бұрмалауға тырысып бақты. Содан соң тарих пен әдебиет беттерінен батырлар, билер, шешендер т.с.с тарихи бейнелерді алыстата бастады. Сөйтіп, Кенесары-Наурызбай туралы әңгіме-деректер де жабық тақырыпқа айналды. Осындай себептерге байланысты кітап шықпай, қолжазба күйінде қалып қойды. Қазір егемендік алған соң да бұл еңбекті халықпен табыстыруға ешкім құлшыныс танытар емес. Керісінше, әр жерінен бір үзіп-жұлып, ешқандай сілтеме жасамай, аздаған өзгеріс жасап, өз аттарынан шығарып жүргендер бар. Қалижан ақын жоғарыда аталған кітапты құрас­ тырудың алдында 1939 жылы “Батыр Науанды” жазды. Содан кейін ғылыми деңгейі жоғары, құнды пікірлер мен сапалы сілтемелерге толы “Кенесары мен Наурызбай” (1941) атты мақала жазды. Ақынның бұл мақаласын Зайда апай жеке архивінен алып, газетке бастырды. Онда: “Кенесары жайындағы өлең-жырлар әлдеқайда көп. Оның атына байланысты шыққан өлең-жырлар, әңгіме-дастандар өз алдына бір том кітап болып отыр” деген жолдар бар [89]. Ақынның бұл мақаласы да еш жерде жарияланбаған. Мақала мазмұнына қарағанда, ақын оны кезінде жоғарыда аталған кітаптың алғы сөзі етіп жазғанға ұқсайды. Осы орайда айтарымыз, Е.Ысмайылов пен Қ.Бек­ хожиннің қолжазба күйінде сақтаулы қалған еңбек­ терін, олар жинаған батырлар рухын дәріптеген өлең-жырларды жарыққа шығару қажет секілді. Қолжазбаны қазіргі жазуға түсіріп сол күйінде жа­ рия­лар болсақ, екі аралықта жарияланған кейбір жа­ зылған жайлардың сыры ашылары анық. Орталық ғылыми кітапханадағы осы қолжазба жөнінде баспасөз беттерінде тек проф. С. Негимов ғана сөз қозғап жүр. Зерттеу барысында кездескен тағы бір шындықты айту керек. Ол — Кенесары-Наурызбай жөнінде

Қ.Аманжоловтың поэма жазғандығы. Бұл жөнінде Қ.Бекхожин: “…Қасымның өзі де Наурызбай туралы поэма жазған еді. Бірақ онысы баспасөз бетінде жария­ ланбады. Қасым да сыналды, бірақ оның бойындағы сырқаты асқынғанына байланысты сыннан араша тапты”, — деген еді [12]. Ақынның осы сөзіне дәлелді жоғарыда құрастырылған кітаптың мазмұнынан таптық. Кітап мазмұнында рет-ретімен батырлар туралы өлең-жырлардың авторлар мен аттары көрсетілген. Сол тізімнің аяғына таман Қ.Аманжоловтың аты-жөні мен поэмасының тақырыбы тіркелген. Бірақ, оны үстінен сызып, өшіріп және оның мәтінін кітаптан алып тастаған. Алынған кітап беттеріне қарағанда поэма көлемді секілді, себебі кітаптың 10 шақты беті жоқ. Шындығында да, Қ.Аманжоловтың КенесарыНаурызбай туралы поэма жазғандығы рас болып отыр. Енді сол поэма мәтінін табу — осы ұрпақтың ісі. Кенесары-Наурызбай қозғалысын азаттыққа, бос­ тандыққа ұмтылу деп түсінген ақындардың бірі — Асқар Тоқмағамбетов. Ол “Бұқарбай батыр” (1942) атты поэма жазды. Шығармада Кененің сарбаздары­ ның бірі болған — Бұқарбай батыр мен КенесарыНаурызбайдың көркем бейнесі суреттелді. Поэма осы жылы “Ленин жолы” газетінде жарияланды. Содан соң дастан да, автор да тура “Батыр Науан” поэмасы мен оның авторының кебін киді. Ендеше, жарты ғасырдан астам уақыттан бері бір рет баспа бетін көрмеген Асқар ақынның ол туындысын оқыр­манға ұсы­ну да біздің міндет. Сонымен қолымызда “Батыр Науан” поэмасының толық мәтіні бар. Енді дастанды талдаймыз. Поэма­ ның басынан аяғына дейін Абылай ұрпақтары — Кене­сары-Наурызбайдың сайын дала Сарыарқадағы жойқын жортуылдары мен көтерілістің шынайы шындығы шебер суреттелген. Бұл арада Сарыарқа қазақ даласының бүтіндігін, тұтастығын көрсететін топоним мағынасында берілген. Бұл жөнінде ғалым А.Шәріптің монографиясында ғылыми пікірлер бе­ рілген [49].

Дастанның басы Науан батырдың образын берумен басталады. Ақын оны: “Жусатқан талай жау­ ды жалғыз өзі, Майданда найзағай ғой көкте ой­ наған”, — деп Науанның батырлығын жасынның қуаттылығына балап, “найзағай” кейпінде көрсетеді. Ақын оның осылай болып тууы “жасынан от жүрегін кекпен көміп” өскендігінде дей келіп, сол себепті де, жас Науан “өрттей өршеленіп” өсті дейді. Жап-жас Науанның жүрегі неге кекке толды? Кімге кектенді? Поэма басынан-ақ автордың алдына қойған мақсаты осы болды. Әрине, жас Науанның көзін ашқалы көріп отырғаны — отаршылдық езгінің біртіндеп тізе батыруы. Оның жүрегінің кекпен көмілуінің сыры да осында. Жас батыр бейнесін әрі қарай дамыта, көтере суреттеген автор ауыз әдебиетіндегі көркемдік құралдарға сүйене отырып: Жас Науан биыл жеткен он сегізге, Дүбірлеп даңқы жеткен барлық жүзге. Аңсайтын жортуылды асыр салған, Жортатын жолбарыстай құла дүзде, — дейді [85]. Он сегіздегі албырт Науанды түз тағысы жолбарысқа теңейді. Мұндай дәстүрлі теңеулер төл әдебиетімізде бұрыннан бар. Бұл орайда ақын сол үлгіні жалғастырушы ғана. Поэма сюжеті кіші жүз рулары — Алшын, Жаппас елінен келіп, Хан Кенеден халқына, еліне, өз басына түскен зорлыққа араша болуды, сатқын Ахмет төреден кек қайтаруды сұраған жігіт арқылы өрбиді. Көмек сұраушы жігіт аузына: Кенеке, айбыныңыз асқан таудан, Құтқаршы сұлуды сол бұғаудан, Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, Самсаған албастыдай сонау жаудан, — деп [85] сөз салған автор сол шумақтар арқылы “айбыны таудан асқан” Кенесары образын, оның батырлық тұлғасын объективті түрде аша түскен. Поэ­мада қазақ елінің батысы — Еділ-Жайық бойынан келген жігіттің Кенеге “сорлаған ел-жұртыңды сақта

өзің” деуі де қазақ елінің этникалық біртұтастығын, бірлігін аңғартқандай. Енді Кене батырға келсек, ол ашуланып, жан-жағына қаһар шаша сөйлеп, “желекті найзасын” жерге шаншып, іштегі зарын, қайнаған кегін, жанын жеген күйігін жанындағы батырларға ақтарады. Сондағы Хан Кененің монологі: …Арқаны атанекес жауға сатып, Желігіп бара жатыр өңшең неме... немесе Қазақ ек, ала киіз туырлықты Тәкаппар менсінбейтін басқа жұртты. Құдай-ау, кез болдық па кер заманға, — Не пәле естідім ғой бұл сұмдықты? — деп берілген [85]. Бұл — туған халқымыздың кім екенін, кім болғанын, енді не болып бара жатқа­нын Хан Кене монологі арқылы суреттеген ақын­ның авторлық позициясы. Ақынның “Тәкаппар менсін­ бейтін басқа жұртты” деген сөздері, яғни дөрекі сөз орнына арнайы сыпайы сөз қолданып (эвфемизм), осы күнгі қазақ болғанына өкінетін, өзін “қазақпын” деп айтуға аузы бармайтын жандарға арнап, өз ұлтының ар-намысын ояту үшін, жігерін жанып, жасықтарды пысыту үшін айтылғандай әсер береді. Себебі, мұны оқыған зерделі жас ұрпақтың са­на­сында “тәкаппар қазақ екенбіз, өзгені менсінбейтін ел болған екенбіз” дейтін сәуле қылаң беріп, кеудесін­де намыс оты жарқ етуі әбден ықтимал. Сол кезде аңдыған дұшпан, анталаған жаудың қақ ортасында тұрып-ақ ақынның бұлай деуі — көзсіз ерлік, өршіл жастық, өзіндік өрнек. Бұл сөздер үшін Қ.Бекхо­жин қудаланбағанда кім қудаланады? Қазақ зиялыла­рының ұлттық бағыт­ тағы сөздері үшін қуғын-сүргін көруі ол кезде заңды құбылыс сияқты. Дастанның өн бойынан Кенесары, Наурызбайдың азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылып арпалысқан, жан ұшырып жанталасқан батыр тұлғасын көреміз. Сонымен бірге поэмада батырлардың жанында “аш арыс­ тандай”, “өңшең көкжал”, “айбаты тау теңселткен”,

“қамал бұзған” — Ағыбай, Бұғыбай батырлар, ер Жоламан, Шәкір, тәкаппар Жеке батыр, Жанайдар, Қыпшақ Иман батырлардың әдеби бейнесі көркем берілген. Ақын батырларды тарихи деректерге сүйе­ не отырып, биік эстетикалық талғаммен өздеріне тән характерлерін көрсетіп, анықтауыш сөздер арқылы батырлардың өмірбаян деректеріне (хроника жизни) нақты сипаттаулар жасаған. Мысалы, “қыпшақ” сөзінің өзі Иман батырдың ататегінен, руының кім екендігінен хабар берсе, кейбір анықтауыштар ба­ тыр­лардың мінезінің, іс-әрекетінің тарихи белгісін анық­тайды. Сөйтіп, ақын олардың адамдық дүниесі мен ерлік істерін штрих-детальдар арқылы таныта алған. Дастандағы тағы бір тарихи тұлға — Нысанбай жыраудың қобызын тартып, батырларды мадақтап, “жез таңдайы саңқылдап” отырған образы. Автор сол Нысанбай жыраудың сөзі арқылы жас Науанның батыр тұлғасын көз алдымызға тағы да әкеледі. Онда жас батыр — нағыз жаужүрек қас батыр болып көзге елестейді және “Кененің кегін қайтарар” деп үміт еткен батырлардың бірі болып суреттеледі: Бәрінен артық туған батыр Науан, Қазақта батыр бар ма жеткен оған? Кененің кеткен кегін сол әкелер, Келе алмас қайтып аман басқа ешбір жан [85]. Поэманың бірінші бөлімі батыр Науанның Ахмет төреден кек алуға, кіші жүз — Алшын-Жаппас елінің намысы үшін соғысқа аттанумен аяқталады. Кенекеңнің әмірін естіген соң, жортуылды сағын­ ған Науан батыр Ақауыз тұлпарға мініп, жолбарыс­тай жортып келе жатыр. Батырлар жырында батыр жанынан еш уақытта алыстамайтын бейне — тұл­парлар образы. Ақын ол туралы біршама сөз еткен. Оған дәлел — поэмада Науан астындағы Ақауыз тұл­пар образының сәтті шығуы. Оны ақын батырлар жы­ рындағы тұлпарлар секілді көрсетіп, әсірелеп, ауыз әде­биетіндегі қалыптасқан дәстүрді жалғастырған.

Поэмада ақын дастан кейіпкерлері арқылы өзінің ішкі сезімін жиі аңғартып, өз көзқарасын ашық білдіріп отырады. Автор өз жан дүниесіндегі сезім күйлерінің шамадан тыс асып-тасуын Кенесарының өкініші, орындалмаған арманы, іске аспаған мақсаты күйінде береді. Мұндағы батыр арманы — ақын арманы. Ал ақын арманы — халық арманы. Осының бәрі ұштаса келе бір-бірімен тұтасып, елдің азаттық аңсаған күйін шертіп тұрғандай: Қазаққа сонау патша көз алартып, Самал тау, шалқар көлін алды тартып,.. немесе Кім қарсы тұра алады ақ патшаға? Тәйір-ай, қазақта ондай бар ма шама? — деген [85] жолдардан-ақ Кенесары-Наурызбай көте­ рілісіне ақын пікірінің оң екендігін, ойында не жат­ қанын филологиялық баяндау тәсілімен жеткізген. аңғару қиын емес. Бұл туралы проф. Б.Ыбырайым: “30-жылдары қатты қысым көрген халқымыздың, ашаршылықтан есеңгіреген еліміздің ұлттық санасын оятуда немесе жігерлендіріп қайрауда адуын ақын Қ.Бекхожиннің бұл поэмаларының тарихи-көркемдік қызметі мен маңызы айрықша. Отаншылдық сезім өн бойын кернеп, бойға сыймай лықсып, асып-төгіліп жатқан жырлардың шабыт­тылығының сыры, сірә, ақынның үміті мен асыл арманын бейнелеуінде жат­ қан шығар…” — деген болатын [60]. Поэмада батырлардың сыртқы кескін-келбеті көп берілмейді. Тек кейіпкерлер іс-әрекеті мен ішкі мо­ нологі арқылы олардың бейнелері диалектикалық даму үстінде көрінеді. Дастанның екінші бөлімінде Науанның жойқын соғысы, сатқын Ахмет төре аулына түнде жеткен батырдың кек қайтаруы, дұшпанының басын кесіп алуы, жас Науанның жастығына қарамай, атамекен үшін жауға аттанып, күллі қазақ жұртының ар-намысы мен кегі үшін жанын салып, көзсіз ерлікке баруы

асқақ романтикалық леппен жырланған. Поэ­маның бұл тұстарын оқыған оқырманның төгілді­ре отырып біркелкі жырланған жыр шумақтарына таңғалмасы мүмкін емес. Осындай өмірлері ат үстінде өткен бабаларымыз туралы профессор А.Ісімақова: “Қазақ елінің қамы үшін пендешілік өмірдің қызықтарынан бас тартқан осы ерлердің биік кісілік тұлғасы келер ұрпақ үшін рухани ерліктің, атамекеніне деген ақ ниеттің үлгісі болып табылмай ма? Олай болса, бүгін қазақ халқы Кенесары, Наурызбай, Ағыбай сияқты асылдарымызды осы тұрғыдан танып, құрметтесек екен”, — деп үлкен ой тастайды [90]. Дастандағы қиян-кескі шайқасты суреттеген тұс­ тарға назар аударсақ, “Інісі Кенесары — Наурыз­ баймын!” деген сөздер бірнеше қайталанады. Автор осы сөздер арқылы Кене образын биіктете түскен. Поэ­ мада Кенесары басты тұлға болмаса да, туындының негізгі идеясы сол Кенесарыға байланысты өрістеп, дамып, шиеленісіп отырады. Бұл жайды поэмадағы мына көріністен байқауға болады. Ақын АлшынЖапас елінен көмек сұрай келген жігіттің образын халық ұғымына сай батыр кейпінде көрсетеді. “Жа­ рыңды алып қаш!” — деген Науанға: “Ұрланып қаша алмаймын қарақшыдай!” — деп жауап қайырады. Лири­калық кейіпкерінің сөзін автор: “Кегі үшін Ке­ некемнің өлем деді” деп, поэма желісін тағы да Кенесары образы арқылы дамытып, оны рухтандырушы, жігерлендіруші бейне ретінде көрсетіп, дәстүрлі прин­ципті ұстанған. Түн ішінде Ақауыз аттың үстін­де “Абылайлап” тоқсан жігітпен алысқан Науан ба­тырдың жойқын ұрыстары — поэ­маның шарықтау шегі. Поэманың үшінші бөлімінде ақын Хан Кененің образын әрі қарай дамытып, оның батырлық тұлғасын қиялына ерік бере отырып жырлаған: Ер бопты арыстандай кеудесі кең, Айбаты нажағай ғой күркіреген. Арқадан атой салып жөнелгенде, Алыста Еуропа да тітіренген [87].

Мұнда ақын батырды арыстанға, айбатын нажа­ ғайға теңесе, оның іс-қимылынан “Еуропа тітіренген” деп қазақ даласының шеңберінен шығара суреттеуі де тарихи шындық. Оған шетелдердегі мұрағаттар қойнауынан табылған көтеріліс туралы құжаттардың көптігі, яғни дүниежүзіне танылуы (гносеология) дәлел. Дастанда батырлардың ұранына айналған “Абылай” аты жиі айтылып, ұрыс алаңында оқтын-оқтын естіліп жатады. Мысалы: “Аттанған Абылайлап алуға кек”, “Дүбірлеп орай шапқан Абылайлап”, “Жыр қылды Абылайын кешегі өткен”, “Ашумен Абылайлап қайта шапты” және т.б. жолдар куә. Автор поэмада тек жойқын жорықтарды, сұрапыл ұрыстарды, батырлардың жаугершілік кезіндегі өмірін ғана көрсетпей, әлеуметтік жағдайларды, та­ ри­хи кезеңнің келбетін де қамтыған. Жалпы, тарих­ қа сүйенген ақын батырлардың көркем образын жа­ сауда келешек ұрпақ көкірегінен орын алатындай, іздегеніне жауап табатындай етіп елеп-екшеп, ке­лең­сіз жақтарын ауызға алмай, өз ойындағы ізгі мақ­сатын, өз идеясын мотивтер арқылы ұсынған. Осы орайда, проф. Шерияздан Елеукенов былай дейді: “Шы­на­йы суреткер тарихи материалға иек арта отырып, нысаналы идеясына байланысты көркем бейне сом­дайды… Тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушы өткен­нің елеулісін екшеп іріктегенде, біреуін бадырайта көрсетіп, шығарма идеясына шырай беретінін сұ­рып­тап, керексізіне кідірмейді” [91]. Поэмада мекен көрсетулері де нақты көркемдік шешімін таба білген. Поэзияға тән романтикалық мотивтермен дами отыра туған жер, ел туралы толға­ ныстар да шығарма өрісінің кеңеюіне, өлең өр­не­ гінің қабысуына өң беріп, туындының көркемдік ерекшеліктерін дамытып, құнарлы көрініс беріп тұр. Сондықтан дастанның басынан аяғына дейін Сарыарқа, Ұлытау, Баянауыл, Қарқаралы, Алатау, Көкшетау, Алтай, Еділ сынды киелі атамекендердің аттары жыр арқауына негіз болған. Оған:

Даланың дауылына біздер теңбіз, Алтайдан ақ Еділге жебеген біз... Күңіреніп тұрған еді сор маңдай боп, Сорлы жер сол кездегі Сары-Арқадай... Есіне түсті жері Арқадағы, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, — деген [87] өлең шумақтары дәлел болады. Туынды үлкен тарихи оқиғаны поэзия тілімен түсінікті етіп жазған, кейіпкерлерінің объективтік қасиеттерін терең аша білген, оқушының сезім-түй­ сігіне ой салатын лирикалық мотивтерге толы. Тарихи дерек пен әдеби көркемдікті бірге пайдалана білген ақын өз шығармасында батырлар образын, тар заманға тап болған есіл ерлердің жете алмаған арманы мен іске аспаған мақсатын осы ұрпақ өкілдерінің санасына жаңғыртып жеткізген. Ендеше, сөзімізді дә­ лелдеу үшін “Тарих пен әдебиет — егіз. Олар бірін-бірі толықтырып, тарих сабағын кейінгі ұрпаққа қатар жеткізіп отырады. Тарих деректерге сүйенсе, әдебиет тарихи оқиғаларды суреттеп, бейнелеп жеткізеді”, — деген академик С.Қирабаевтың [82] пікірі жеткілікті. М.Жұмабаев пен М.Әуезовтің Кенесары—Нау­ рызбай бейнелерін әдебиетте қалдыруда өздік үлес, дара қолтаңбалары бары анық. Осы мәселені толық зерттеген профессор Ш.Елеукенов: “Мағжан мен Мұхтар ұлттық тақырыпты саралап шешудегі сан қилы, сабақ­тас мәселелерде тоғысып, ұлт мүддесі сияқ­ты биік мақсатқа іштей ұғынысқан талаппен қол артқан. Армандары бір жерден шыққан. …Мағжан мен Мұхтар ел ішінің жерден, судан айырылған ащы шындығын суреттейді. Он жылға созылған халық көтерілісін және Кенесарыдай алыпты тарих сахнасына шығарған осы шындық екендігін әрқайсысы өз кестесімен жет­кізеді”, — деген [92]. Тараушаның зерттеу негізі Кенесары мен Нау­ рызбай батыр болғандықтан, олардың ұрпақтары туралы да айтуға тиістіміз. Өмірін күреспен өткіз­

ген, “түз далада тізе бүкпеген” тағдыр иесі туралы тарих қойнауындағы құжаттар, оларды халықпен таныстырудағы тарихшылардың еңбегі өз алдына. Батырлардың көркем бейнесін сомдауға ұмтылған түрлі жанрдағы әдеби дүниелердің өзі бірнеше том­ дарды құрайтыны даусыз. Сонымен бірге маңызы жоғары зерттеу еңбектерінің, ғылыми мақалалардың да саны қазіргі таңда баршылық. Олардың барлығын санама­лап айтып, тізім жасау міндет емес. Ал оның тікелей үрім-бұтақтары туралы Ахмет сұлтан Кене­ сарыұлының кітапшасы мен Н.А.Кенесаринаның “Кенесары хан және оның ұрпақтары” атты мақаласының маңызы ерекше [93]. Поэманың маңызы мен мәнін қорытындыласақ: бірінші, Кенесары-Наурызбай көтерілісін дәріптеген сол тұстағы көркем шығарманың көлемдісі; екінші, ті­лі жатық, көркемдік ерекшелігі өте жоғары; үшінші, саяси ахуалдың құбылып тұрған кезінде батылдықпен жазылғандығы. Қорыта айтқанда, Қ.Бекхожин Кенесары-Нау­ рызбай көтерілісінің тарихи деректеріне, ол туралы жазылған көркем әдебиеттерге жас кезінен қанық болған. Оған бірнеше дәйек-деректер дәлел болады: бірінші, студент кезінде мектеп оқулықтарын құрастырып, оған Кенесары-Наурызбай туралы шығармаларды енгізген; екінші, Е.Исмайловпен бірігіп құрастырған, бірақ белгісіз себептермен кітап болып басылмай қалған жинақ; үшінші, ақынның осы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты зерттеу жасауы; төртінші, жап-жас кезінде (26 жаста) екі ұстазының (М.Әуезов, С.Мұқанов) айтқанына көнбей, атақты “Батыр Науан” дастанын жариялатып жіберуі. Шығарма мәтінін оқып отырғанда байқағанымыз, автор дастанды көтеріңкі көңілмен, шалқар шабытпен бастаған, поэманы жазу барысындағы ырғағы бір төмендемей, бірқалыпты жырланған. Осылай үлкен шабытпен басталған дастан аяғына дейін сол күйден бір ауытқымай, өзіне тән тілдік, стильдік ерекшелігін

аңғартады. Бұл — поэманың жазылу ерекшелігінің бір қыры. Екінші қыры — шығарманың тілі жеңіл. Ішінара көнерген сөздер, диалект сөздер болғанмен, өте түсінікті. Үшінші қыры — поэма мазмұнында автордың жастық лебі, жасампаз бейнесі, ештеңеден қорықпайтын адуын мінезі анық көрініс тапқан. Халқымен қайта қауышқан “Батыр Науан” даста­ нының өміршеңдігі оның идеясында, яғни мәдениэтикалық тұрғыда баяндалған ұлттық сыр-сипатының басым болуында. Оның идеясы — азаттық, бостандық. Азаттықты аңсамайтын, бостандыққа ұмтылмайтын ел, оны арман-мұратына айналдырмайтын халық болмайды. Болған да емес. Сол себепті, ғасырлар бойы азаттықты аңсап, енді қолымыз жет­кен тұста бұл туындылардың маңызы мен құны өз тұғырынан жоғары көтерілмесе, төмендемейді. Поэ­зия­дағы азат­ тық, тәуелсіздік идеясын қарастырған филол.ғ.к., ақын Әділғазы Қайырбеков: “Ғасырлар­ды көктей өт­ кен ұлы сарын — азаттық, тәуелсіздікті аңсау сарыны болатын. Азаттықты аңсау сарыны бүкіладамзаттық мұрат-мүддемен ұштасып жататын­дықтан да — өміршең әрі мәңгілік”, — дейді [94]. Әри­не, “азаттық” ұғымы қандай мәңгілік болса, оны жыр­лаған шығар­ ма­лар­дың ғұмыры да сондай мәңгілік болуы тиісті. Поэманың өзегі — тарихи деректермен, болған оқиғамен дастан мазмұнының шынайы үндесуі, сәйкес келуі, яғни тарихи шындық пен көркемдік ше­ шімнің үйлесім табуы. Ал негізгі құндылығы — елді сатқындықтан сақтандырып, алауыздықтан алыстатып, ұлттық тұтастыққа, бірлікке шақырып, ұрпақты ұлтжандылыққа ұйыту. 2.2. “Ақсақ құлан” поэмасындағы дәстүр жалғастығы, ақын шеберлігі және нұсқалары туралы Қазақ ақындары қандай тақырыпты жырласа, соған байланысты көркемдік ерекшеліктерінде де өсу, даму қарқыны байқалды. Олардың өзіндік стильдері

анықталып, өзіндік машыққа, өзіндік мәнерге ие болды. Сөйтіп, қазақ ақындары көркем әдебиетте реалистік, романтикалық бағытта жазылған жақсы туындылар тудырды. Олар адам өмірінің қуанышқайғысын, арман-мұраттарын, адам сезімінің қалып­ тан тыс асқақ арманға, қанатты қиялға берілуі секілді жайттарды объективтік принцип турасында жазды. Қазақ әдебиетінде романтизм фольклорлық тақы­ рыптағы поэзиялық, драмалық туындылардан (ба­ тырлық, ғашықтық жырлар, аңыз әңгімелер) бастау алатыны белгілі. Осындай халықтық ғажайып туын­ дылардан қуат алған қазақ әдебиетінің кеңес дәуіріндегі ақын-жазушылары да өз шығармаларында реалистік бағытпен қоса романтикалық әдісті де ашық көрсетті. Поэзиядағы осы мәселелердің өсу, даму бағытын зерттеген ғалым Е.Ысмайылов: “…Әнші, күйшілер жа­ йын халықтың тәтті қиял, ғажап аңыздарына бөлеп жырлаған Ілиястың, Әбділданың, Қалижанның… поэмаларында реалистік, романти­калық мотивтер ұштасып отырады”, — деп атап көр­сеткен еді [69]. Қ.Бекхожиннің өнер тақырыбына арналып ірі эпикалық планда жазылған сюжетті поэмаларының бірі — “Ақсақ құлан” (1939—1963). Қазақ әдебиетінде 20—30 жылдардан бастап аңыз, хикая негізінде, солардың желісіне ыңғайластырып көлемді дастан жазу етек алғаны белгілі. Бұл поэма да сол игі дәстүрді жалғастырушылар қатарына жатады. Ұлттық әдебиетімізде осындай шығармалардың алғашқы қарлығаштары — “Сұлушаш”, “Көкшетау”, “Құралай сұлу”, “Ақбөпе”, “Аққудың айырлысуы”, “Күләнда” және т.б. дас­тандар. “Ақсақ құлан” поэмасын зерттеушілер І. Жансүгі­ ров дәстүрін жалғастыру мақсатында, соның өнеге­ сімен жазылған деген болатын (Е. Исмайлов, С.Қира­ баев, Ә.Нарымбетов, Т.Ибрагимов). Бұл сөзіміздің негіз­гі дәлелі ақынның өз сөзі: “Мен өлең өнерінің асқан зергері І.Жансүгіровтің шеберлік өнегесін өзіме зор ғибрат тұтып өстім. Өзімнің “Ақсақ құлан”

атты дастанымды Ілияс әсерімен, Ілияс үлгісімен жазғанымды мақтанышпен айтып келемін” [12]. І.Жансүгіров азғана өмірінде оннан астам поэма жазып кетті. Солардың ішінде ерекше танылғаны — “Дала”, “Күйші”, “Құлагер”. Бұл дастандар тек қаламгердің ғана емес, қазақ поэзиясының бағалы қазынасына айналды. Өнер, өнерпаз, олардың тарихы мен тағдыры туралы шығарма жазудың озық үлгісін көрсетті. Оның негізгі ерекшелігі — тарихи тақырыпты, соның ішінде, аңыз, хикая желісін иге­ руде батыл қадам жасауында еді. Сонымен қатар жор­ғадай төгілген өлең жолдары арқылы көркем ойлаудың (образное мышление) жоғары сапасын ту­ ды­руында болатын. Оның осы суреткерлік өнегесі өз алдына дербес мектеп болды. Сөйтіп, Ілияс дәстүрі пайда болып қалыптасты. Хронологиялық тәртіпке сүйенсек, “Ақсақ құлан” поэмасының жазылу кезеңі 30-жылдардың аяғына тура келеді. Бұл ақынның әлі отызға да толмаған жас кезі. Байқасақ, “Ақсақ құлан” поэмасы мен “Батыр Науан” поэмасы бір жылда жазылған болып отыр (1939). Бірі тарихи тақырыптың, екіншісі аңыз, хикая желісіне құрылған. “Ақсақ құлан” — аңыздың желісінде жазылған эпикалық сюжетті поэма. Күйдің шығу себебі туралы, күйді шығарушы жөнінде әр­түр­ лі мағлұматтар (сведение) бар. Олардың өзі де ертеде болған оқиғаға байланысты туған әр­түр­лі аңыздар желісіне сай жа­зылған. Бұл туралы кі­таптарда, энциклопедияда, ғылыми еңбектерде, летописьтерде, әртүрлі басылымдарда айтылған [95]. Ақынның аталған дастанының екі түрлі нұсқасы бар. Бірінші нұсқасы алғаш рет “Әдебиет және искусство”, №4, 6 (1939), екіншісі алғаш рет “Жұлдыз”, №7-8. (1963) журналдарында басылды. Автордың араға ұзақ уақыт салып поэманың екінші нұсқасын жазуға оты­руына бірнеше себептер бар деп топшылаймыз. Бірінші, “Ақсақ құлан” аңызының екі түрлі нұсқасы бар, сол себепті ақын дастанның да екінші нұсқасын

жазуды ойлаған болу керек. Осы “Ақсақ құлан” аңы­ зының халық арасындағы нұсқаларының тарихы туралы, аңызға байланысты тарихи дәйек-деректер, болған оқиғалар, фактілер және осы уақытқа дейін жазылған ғылыми еңбектер (түрлі тілде) сараланып, топтастырылып, ғылыми түрде жүйеленіп академик Сейіт Қасқабасовтың монографиясында толық берілген [96]. Екінші, дастан астарынан саяси қате іздегендер де болды. Олар ақынға “ескішіл, ханшыл” деп мін тақты. Сол тізімнің бәрін көрсетпей-ақ, Дихан Әбілевтің сөзін дәлел ретінде келтірсек, ақын: “Ақсақ құлан” дастаны қазақ поэзиясында Қалижанның ақындық дүниесінің ақиықтай самғаулы дастаны болды. Көреалмау­шы­ лар, қызғаншақтар, “белсенділер” көріне бастады… Поэма ескілікті қалдықты жырлайды, дәріптейді… Бұл барып тұрған ескішілдік, ұлтшылдық…” деп кінәлады”, — дейді естелігінде [97]. Ал үшінші себепке ақынның өзінің айтқан сөзі дәлел болады ғой дейміз. Бұл жайды ақын былай түсіндіреді. “Поэманы алғаш жазғанымда, “домбырамның құлағы дәл бұралмаған” албырт кезім еді. Енді жасым келіп, шабытым шал­ қып тұрған тұста бұрынғы қателерімді жөндеп, дас­ тан­ның көркемдік-идеялық сыр-сипатын қайта жаң­ ғыртсам ба” деген ойын айтқан. Жоғарыдағыдай объективті, субъективті жағдай­ ларға байланысты дастанның екінші нұсқасы жазылды. Ақын поэманы қайта өңдедім дегенімен, біз­дің поэманың екі нұсқасы бар деуге толық хақымыз бар. Оған себеп: екі нұсқаның да өзіне тән сюжеттік желісі, композициялық бітімі, идеялық қуаты мен көр­кемдік сапасының барлығы. Сонымен бірге дастан кейіпкерлері де түгелге жуық өзгеріске ұшырап, кейбірі жаңадан қосылған немесе алынып тасталған. Мысалы, бірінші нұсқадағы Алаша хан бейнесі екін­ ші нұсқада жоқ, оның орнына Жошы хан алынған. Тыма біріншіде қобызшы болса, екіншіде домбырашы болып бейнеленген. Ал қыпшақ қызы Елік —

екінші нұсқадағы жаңа кейіпкер. Поэма нұсқаларын салыстыра отырып, бұдан басқа да көз жеткізген дастанның идеялық сыр-сипатына, өзгешеліктеріне тоқталып, атап көрсетсек: 1) бірінші нұсқада ақын оқиғаны Сарыарқа өңірінде өтті деп көрсетсе, екін­ шіде қыпшақ жерінде, Сыр бойында өтті деп берген; 2) бірінші нұсқада Тыманы арғын жігіті десе, екіншісінде қыпшақ жігіті деп өзгерткен; 3) бірінші нұсқада ақын аңыздың мазмұнынан, ауқымынан ауытқымауға, аңыз желісін өзгертпеуге тырысқан, ал екініш нұсқада халықтың жай-күйі секілді әлеумет­ тік, қоғамдық шындықтарға еркін барып, оны терең ашуға ұмтылыс танытқан. Жалпы, ақын поэманың бірінші нұсқасындағы өз ойының жалқылық, қамту ауқымы аздық тұстарын екінші нұсқада толықтай өзгертіп, жалпылық дәрежеге көтеріп, туындының ұлттық, идеялық сипатын арттырған. Екінші нұсқасында бөлімнің, тараулардың аттары да, саны да ішкі мазмұнына сай, үлкен өзгеріске ұшыраған. Бірінші нұсқада жеті бөлім болса, екінші нұсқада бес бөлімге түсіріп ықшамдаған. Автор кей­ бір тарауды мүлдем алып тастаған. Дастанға кіріспені “Толғау” атты бөлім атқарса, қорытындының жүгін эпилог көтеріп тұр. Дастан композициясына ерекше әсер беріп тұрған бұл кіріспе мен қорытынды та­ рау­лар сол кездегі барлық поэмаға тән қасиет болатын. Поэма нұсқаларындағы ішкі мәндік, сыртқы құрылымдық айырма-өзгешеліктерді санамалай отырып, қорытынды сөзімізді ғалым Ә. Нарымбетовтің пікірімен түйіндесек, ол: “…“Ақсақ құлан” атты екі түрлі шығарма жазған. Өйткені екеуінің мазмұны, көркемдік сапасы екі түрлі туынды болып шыққан. Яғни, ақын поэмасының екі нұсқасы бар деуге толық негіз бар. Бірінші нұсқаға қарағанда екінші нұсқаның сюжеттік мазмұны да жаңарып, өзгергені көрініп тұр. …идеялық мазмұны тереңдеп, көркемдік сапасы молыққан”, — дейді [19]. Сонымен дастан нұсқалары жөніндегі әңгімені доғарып, ақынның өзінің, зерттеуші ғалымның, өз

пікірлерімізді орайластыра келіп, талдауға екінші нұсқаның мәтінін пайдаланамыз. Ақын поэманы ұзақ уақыт жазып, бірнеше рет жөндегені белгілі. Шындығында осы поэманы (екі нұсқасын) жазуға ақын 24 жыл ғұмырын арнаған. Мұндай тәжірибе дүниежүзіндегі ұлы ақындары­ мыздың бәрінде болғанын білеміз. Олар ұзақ жыл­ дар бойы өз шығармаларын ой елегінен өткі­зіп, сан жылдар бойы толғанып барып, бірнеше рет жөн­деп, түзетіп жазудан әсте жалықпағанға ұқсайды. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Гете “Фауст” поэмасын отыз жыл, Пушкин “Евгений Онегинді” он жыл, Сәкен “Көкшетауды” бес жыл, Ілияс “Күйшіні” 4 жыл жазған дейді. Осыған қарағанда, Қалижан ақын сол қатардың алды. Дастанды бастаған бойда ақын бұл аңызды бала кезінде алғаш әкесінен естігенін, аңыз болса да оның айғағындай артында “Ақсақ құлан” күйі қалғанын баяндайды. Поэмада баяндау мен суреттеу кезек­ те­сіп келеді. Дастандағы диалог, монологтер тек баяндау арқылы ғана берілген. Ханның қаһарлы бейнесі, халықтың аянышты халі, қыпшақ жерін жаулаушылардың қанқұйлы іс-әрекеті, ханзада мен жасауылдардың жорықтары, дүз тағысы — құланның сезімталдылығы, табиғат көріністері — бәрін автордың суреттеуінен ғана көреміз. Поэманың бірінші “Жортуыл” атты тара­уында ақын Шыңғыс ұрпағы Жошының Жайхұн өзенінің жағалауына келіп қоныстанғанын, қыпшақ қаласы — Сығанақтың “қоламтаға” айналғанын, ханның жен­ деттері мен нөкерлерінің “өлгендердің үстінде ойнапкүлгенін” және т.б. осы секілді қайғылы көріністерді берген. Соның бірінде ақын: Жошыға асыр болған осы мекен, Үркіп жұрт қарасынан шошиды екен. Аламан аңдай шулап жөнелгенде, Ізінен өзендей қан жосиды екен, — деп суреттейді [18]. Мұнда автор сол сұмдық суретті оқушыға нақтырақ, нанымдырақ жеткізу үшін бір-

ақ жолды пайдаланған. Ол осы шумақтың төртінші жолы. Ондағы қанның “өзендей жосып” ағуы мүмкін емес көрініс. Қанның жай ағуы, тамуы, тіпті, шапшып немесе шым-шымдап ағуы мүмкін. Осы арада ақын әсірелеу, күшейту тәсілін орынды қолданған. Мұны — фольклор үлгілерінің жемісі деуге болады. Себебі, бұл тәсілдің бастаулары эпостық жырларда жатқаны көпшілікке белгілі. Бұл тарауындағы келесі сурет — қыпшақ даласын емін-еркін сайрандаған, “Шығысты шеңгелімен уыстаған” Шыңғыстың ұлы Жошының айналасына нояндарын жиып алып, ойға батып отырған портреті. Оның осы кездегі кескін-келбеті мынау: Сұс беріп қасқыр бөрік хан басына, Аю тон айқарылған арқасында. Ырсиып тұлып басы жолбарыстың, Қызыл көз қыран отыр дәл қасында. Айдаһар отырғандай қусырғалы, Арландар хан қараса қысылады. Тұрғандай қан шылқытып түктерінен, Қырмызы парсы кілем тұсындағы. Қарысқан хан қолында аса ғана, Ашуын бұрқ етсе бір баса ала ма? Хан ойын бұзбасын деп тұр қақшиып, Сырттандай қос жасауыл босағада [18]. Бұл көріністегі хан басындағы “қасқыр” бөрік, үстіндегі “аю” тон, “айдаһар” сияқты отырысы, қо­ лындағы “аса” таяғы бәлендей рөл атқарып тұрған жоқ. Ханның мұндай сыртқы түрі ақынға дейінгі де, ақыннан кейінгі де көркем туындыларға тән. Бұл жер­де ақынның хан портретін жасауда ұтып тұрғаны — хан айналасындағы фон. Бұл фонда хан­ ның толық портреті — оның жан-жағындағы жанды-жансыз нәрселермен ғана ашылған. Мұндағы жан­дылар — хан қасындағы қыран, хан нөкерлері және қос жасауыл. Ал жансыздар — хан жанындағы жолбарыс басының тұлыбы мен хан тұсына ілген парсы кілемі. Бір қарағанда, бұлардың барлығы да

ханға керек деп ойлауға болады. Әрине, солай. Бірақ суреткер мұнда тұлыпты “ырситып”, қыранды “қызыл көз” деп, кілемнен “қан иісін сездіріп”, нөкерлерді “арландарға”, босағадағы қос жасауылды “сырттанға” теңеп, оларды қорқынышты, адам шошырлық құбы­ жық (тератология) қыла отырып, хан портретін сұсты етіп көрсеткен. Міне, осындай ызғарлы, сұсты ханның ойлап отыр­ ғаны не? Ол — өзінің ұлына (ханзадаға) тапсырма беруі. Мынау хан тапсырмасы: …Жүр дейді саяқ бір жан сары жонда, Астында жүйрігі бар аңқылдаған. Естідім, өзі өрен күйші дейді, Ол неге жорығыма сүйсінбейді? Жансыз ба жасырынған, неткен жалқы? Айдап кел, ашуыма күйсін мейлі! [18]. Жошының бұйрығын естіген ханзада мен оның нөкерлері бастарын шұлғып, қаруларын асынып, тістерін қаршылдатып, қара жерді шаңдатып жөң­ кіліп ала жөнеледі. Поэма сюжеті осы арадан бастап күрделеніп, даму сатысына қарай бет түзейді. Жалпы дастанда небәрі төрт-ақ кейіпкер бар. Олар: хан — Жошы, ханзада — Жошының баласы, Тыма — күйші, Елік — Тыманың жары. Қалғандары жалпылама, ортақ бейнелер. Олар — нөкерлер, нояндар, қара халық, саудагерлер және т.б. Ал дастанның негізгі арқауы — күй. Күйдің құдіреті. Домбыраның киесі. Күйшінің өрен өнері. Сол күй мен күйші өмір сүрген заманның көрінісі. Ондағы заман көрінісінің күнгейі мен көлеңкесін анық көрсететін жамандық пен жақсылық, қатыгездік пен мейірімділік, бас­ қыншылық пен қорғансыздық, тойымсыздық пен қанағатшылдық, ақымақтық пен ақылдылық, әйтеуір бір-біріне қарама-қарсы екі күштің алысуы мен арбасуы. Бұл — өмір заңы. Ханзада әке тапсырмасы бойынша күйшіні және құланын ұстауға бел буған. Ал Тыма күйші ойран­ далған Сыр алабын кезіп, күмбезі ортасына түскен

Сығанақтың, маңғұл тұяғының астында жапырылған Гүлстанның күлін иіскеп: “О тәңір, жай соқпай ма албас­тыңды?” — деп қайғыдан күңіреніп жүр. Мұн­дағы қолданылып отырған “албасты” сөзі — Шыңғыстың, Жошының, ханзаданың жеркенішті қылығы мен басқыншы іс-әрекетінің белгісі ретінде көрініп тұр. Сол бір ғана “албас­ты” сөзін ақын бір кейіпкерінің аузына салып, екінші кейіпкерінің бүкіл болмысын, толық тарихи бейнесін берген. Осы “албастыны”, басқа да мақұлықтар мен құбыжықтарды бейнелейтін фольклордағы хикая жанр екені белгілі. Сонымен, ақын қолданған “албасты” сөзінің негізі фольклорда екендігінде күмән жоқ. Біз айтып отырған “албасты” сөзінің емес, сол “албастының” өзінің шығу тарихын, ол туралы ай­ тылған хикая-аңыздардың неше түрлі варианттарын, версияларын, дүниежүзі фольклорындағы алатын орнын, оның түрлерін (қара, сары, әйел, еркек) зерттеген академик С.Қасқабасов әлем әдебиет­те­ ріндегі пікірлерге сүйеніп бірнеше құнды сараптау­ лар жасаған. Соның нәтижесінде өзінің ғылыми тұ­жырымын ұсынған ғалым: “Демек, жаңағы албас­ ты, үббе, жезтырнақ, шайтан образдарының түпкі төркіні — көне замандағы мифтік сана мен діни нанымдар... Қолда бар материалдарға қарағанда, албас­ ты — синкретті бейне, ол бағзы замандарда әртүрлі зиянкестер рөлінде көрінген болу керек”, — дейді [96]. Дастанда “албасты” сөзі үш жерде бірдей мағынада қолданылған. Үшеуінде де кейіпкердің ішкі дүниесін ашуда зор рөл атқарып тұр. Поэмадағы келесі көрініс — қоста қалған жары Елікке жетуге асығып, құланымен құйғытып келе жатқан Тыма. Осы жерде Тымаға кездескен ханзада нөкерлері оның соңына түседі. Ұстатпай кеткен Тыманы ақыры қостан тауып алады. Ақын осы аралықта Тыма астындағы құланның жүйріктігін, хан қаһары­ на бағынбаған табиғаттың тамылжыған көрінісін, аңқұстардың тіршілік-тынысын поэ­ма желісіне қосып шұрайлы шумақтар арнаған.

Тыма мен Елікті тұтқындауға әмір берген ханзада жүйрік құланға мінгенше асығады. Маңайына еш­кімді жолатпаған құланнан беті қайтып қалған нө­керлеріне “тұлан тұтып” ханзада жүр. Сол мезетте оның көзі “алдиярлап” дат сұрап тұрған Елікке түседі. Еліктің сұлу бейнесін ақын: “…Кішкене киік дене, бота көзді, Қалайша күн шалмаған айдай түсін?” деп суреттейді. Қыздың сұлулығына арбалған ханзада оған дат айтуға мүмкіндік береді. Сондағы Еліктің сөзі: — Мен өзім құл қызымын қыпшақтағы, Жылыстым туған жерден қыспақтағы. Шынарды паналаған жетім құспын, Мүскіннің кептерімін құшақтағы. Сұлтаным, айдын көлдей мерейі кең, Сен — сақа, жас киіктің кенейі мен. Дат еттім — босат қолын бұл күйшінің, Тұлпарын саған ерттеп берейін мен, — дейді [18]. Сөйтіп, Елік жүйріктің тұқымын, оны қайдан, қалай тауып алғандығын, немен асыраған­ дығын айтады да, асауды жуасытар күй ғана, сон­ дықтан күйшінің қолын босат дейді. Поэмадағы Елік бейнесі батырлар жырындағы сұлулардың көркіне ақылы сай, қиын-қыстаудан жол тауып кететін сәт­ терін меңзегендей. Бұған өз пайымдауымызша дәлел келтірсек, біріншіден, қыздың жетім болғанымен, тектілігінен хабар беретіні — оның “шынарды панала­ уы”. Шынар — өте биікте өсетін әдемі тал. Әдебиетіміз­ де “шық шалмаған шынардай” деген сөз тіркесі бар. Яғни, Елік — жетім болса да текті, ақылды қыз. Екін­ ші, Еліктің: “Сұлтаным, айдын-көлдей мерейі кең”, — деп ханзаданы алдауы. Үшінші, өзін ханзадамен са­ лыстыруы. Поэмадағы осы көріністің, яғни арбасып, алдасудың ең негізгі шыңы ақыры Еліктің ханзаданы асау құланға мінгізіп жіберуімен шешімін табады. Сонымен сәл шегініс жасасақ, қолы босаған күйші күй тарта бастағанда, асау құлан “дыбысты естіген­ де тұра қалды”. Ал ханзадаға келсек, оны ақын:

“…Ханзада тез мінгіз деп ентеледі…” деп, асау құланға мінгенше асыққан бейнесінде көрсетеді. Ақын ханза­ даның осынша асығуын оның ажалға асығуымен байланыстырған. Әрі қарай ханзада бейнесі дастан желісінде көрінбейді. Себебі, оны асығып мінген асау құлан теуіп өлтіріп кетеді. Поэманың келесі “Әлек” атты тарауы — тұтастай хан қаһарына ұшыраған халықтың ауыр жағдайын көрсеткен. Тараудың басында сол кеткеннен мол кеткен ұлының бір пәлеге тап болғанын сезген хан­ның аласұрған көңіл күйі жетекші баяндау принциптері арқылы суреттеледі. Ақын бұл шумақтарда дастанның идеялық-көркемдік қасиетін арттыру үшін бар күшжігерін салған. Хан ұлын тау-тастан іздеп сандалған жасауылдар, күндіз-түні көз ілмей, тыным көрмей қиналған халық, жөн таппай сандалған сәуегейлер, құлағын желге тосқан тыңшылар, “Тәңір-ау, ұшты қайда мұзбалағым?” деп күңіренген хан, түндігін түнек басқан хан ордасы, елірген нөкерлер — бәрі осы тараудың көтеріп тұрған жүгі. Хан жүрегі қайғыдан қарс айырылып отырса да, озбырлығын, жауыздығын, басқыншы әрекетін доғарар емес. Қайта күшейте түскен. Өз басына түскен қайғы-қасіреттің, қазаның өшін халықтан алуға ұмтылған ол: Кетпесін кегім мәңгі ел есінен, Арысын ашуымның елесінен. Емшектен айырылсын нәрестелер, Төл біткен ажырасын енесінен, — деп, әмір етеді [18]. Сонымен қатар: “Ажалын аяу­лым­ ның кім естірсе, Тілін кес, басын ал, бер жазасын!” — деп жендеттеріне бұйрық та береді. Бұл — поэмадағы Жошының жауыздық, қатыгездік бейнесінің ең шарықтау шегі. Тараудың аяғында жүйрік құланын іздеген, оның қан сорғалаған ізін тауып, құраулап шақырған, асауды жуасытып, өзіне серік еткен құдіретті күйді тартудан бас тартқан Тыманың бейнесін көреміз. Оны

ақын: “Қойды ол домбырасын жоғары іліп, Күй қалды көкіректе доғарылып” деп суреттейді. Қайғыланып отырған Тымаға Елік басу айтады: Мінгізген құланыңа өзім едім, Сұңқарым, торға түсіп езілмедің. Сен үшін садаға деп сол бір тайды, Өлерін ханзаданың сезіп едім [18]. Бұл жерде де Еліктің тапқырлығы бір басына жетерлік, сондай-ақ жүрегі нәзік, сезімтал, сезгіш, бол­жағыш, жарына адал жан екенін көреміз. Жалпы, Елік — Қ.Бекхожин жасаған әйелдер бейнесінің ішіндегі ең нәзігі, ең ақылдысы, ең қарапайымы. Өлген ханзаданы көміп, елге баруға ханнан қо­ рыққан қырық жігіттің жай-күйі де осы тарауда баяндалған. Ақын шабытынан туған көркем шу­мақ­ тар хан бұйрығынан кейін жазықсыз жазаланып, қанқақсаған елді суреттеген тұстарында анық көрініс тапқан. Аңыз сарынына сүйенген ақын Сыр бойында­ ғы осы қайғылы көріністі былайша толғаған: Жендет жүр Сыр бойында сілкіп қанжар, Айдалған екі бетке мүскін жандар. Шырылдап бөбек сайда, ана қырда, Айнала азан-қазан, сыңсыған зар. Айырылып ғашықтары сүйген тілден, Сұлулар бұрымынан сүйретілген. Шөл қағып жазирада шөккен ата, Сақалын жендет жұлып, күйретілген [18]. Автор осы секілді шумақтарды көп келтірген. Он­ дай жыр жолдарын ханның қанішер ниетін, жауыз­ дық әрекетін аша түсу үшін пайдаланған. “Күй” — шешуші әрі соңғы тарауы. Шешуші дейтін себебіміз, дастанның көркемдік шешім табатын, ақынның негізгі айтар ойының да көркемдік ше­ шіммен үйлесетін, тақырыптық тұрғыдан қарағанда қорытынды жасайтын — осы тарау. Бір сөзбен айт­ қанда, күй құдіретін ұғындыратын, адамзат баласын өнерге бас идіретін өнерпаздың талантына табындыра-

тын көріністердің бәрі осы тарауда. Ондай көріністерді сурет көргендей етіп жеткізген — ақынның тілі. Ақын тілі — оның шығармасының тілі. Бұл поэманың тілі жеңіл әрі көркемдеу құралдарына бай. Асқан ақындық шабытпен лирикалық сезімдерін әдемі жеткізген ақын дастанда толымды талантын анық көрсеткен. Сонымен, қара жамылған хан айналасына жанды жолатпайды. Жан-жағында жалақтаған жасауыл ғана. Осы мезетте оның құлағына алыстан күй әуені жетеді. Ол күй ордаға кіріп, Жошыға қарай жақын­ дап, үдей түседі. Хан жендеттері күйшінің басын алмақ болғанда, хан тоқтатады. Сөйтіп, күйді күйші аяғына дейін тартып шығады. Күйдің айтары сол — дастанның толық мазмұны. Ақын осы жерден бастап дастандағы көріністерді енді домбыра тілімен, күйші саусағымен баяндайды. Осы арада ханзада тағдырынан біз хабардармыз, ал хан хабарсыз болып көрінеді. Күйші сол болған оқиғаны ханға тек домбыра тілімен, саусақтарымен жеткізуге келіп отыр. Күй тартылады. Күй тартылып біткен кезде хан аһ ұрып, құлай кетеді. Сөйтіп, хан баласының құлан теуіп өлтіргенін күйден естиді. Бұл жерде өзінің маңыздылығын, мәңгілігін, құндылы­ ғын мойындатқан екі нәрсе бар. Бірі — қасиетті күй болса, екіншісі — сол күйді тартқан киелі өнерпаз. Өнерпаздық — ғасырдан-ғасырға ілесіп отыратын, адам баласының жетісті, даралық қасиеті. Ал күй — мәңгі өлмес рухани құндылығымыз. Күйлердің шы­ ғуы, туу тарихы, олардың танымдық-эстетикалық тағылымы туралы көркем шығармалар баршылық. Олар жинақталып, түрлі деңгейде жинақ болып жа­ рия­ланды [98]. Тарау соңында “Өлген баласының кегін алам деп құландарды қыруға шыққан Жошы қыпшақ ба­ ты­рының қолынан қаза табады. Ал ханзада өлімін естірткен күй “Ақсақ құлан” аталып, бізге дейін жеткен”, — дейді автор. Бұл — поэманың көркемдік шеші­

мі. Поэманың көркемдік шешімі аңыздың мазмұнына сай. Мұндағы ең басты идея — басқыншылықпен қыпшақ жерін жаулаған Жошының да, оның бала­ сының да — сол қыпшақ даласында қаза болуы. Екін­ ші — өнердің, өнерпаздың қасиетін көрсету. Үшін­ші — қансыраған қалың елдің бостандыққа қол жеткізуі. Мұның барлығы да автордың негізгі мақсаты мен ұстанымы (позициясы). Поэмада қолданылған сөздердің негізін, көркемдік сипатын, қолданылу аясындағы нәтижесін бірнеше түрлі жолдармен жіктеуге, талдауға болады. Әсіресе, ел тарихында болған аңыз әңгімелер ондай тілдік талдауларға үлкен нәтиже береді. Сол себепті, поэма­ дағы сөздерді лексика-семантикалық тұрғыда топтастырып, ономастикалық қолданыстағы сөздерді ономасиологиялық бірліктерге жіктеп көрелік. Негізінде, мұндай жіктеулер жасар алдында кес­те құрып, әрбір сөзді ономастикалық бірліктердің ата­ уының тұсына жазып қояды. Бүгін олай істемейміз. Себебі, ақынның толық шығармасын емес, бір ғана поэмасындағы сөздерді топтастырамыз. Сол себепті реттік сан бойынша жазып шығамыз: 1) жер бедеріне қатысты атаулар (оронимдер): құм, тау, шөл, жон, алап, бел, адыр, шоқы, қия, белең, ұра, ор, атырап, алқап т.б.; 2) қоныс, мекен, жер атаулары (ойконимдер): Сығанақ, Гүлстан, Хорезм, Арқа, Самарқан, Бұхар, Иран, Парсы, Қытай, Үнді, Хантау, Ұлы­ тау т.б.; 3) өзен, көл, су атаулары (гидронимдер): Жайхұн, Сыр, дария көл, жалғыз көл; 4) кісі есімдері (антропонимдер): Шыңғыс, Жошы, Тыма, Елік, хан­зада, абыз; 5) ру, тайпа атаулары (этнонимдер): маңғұл, қыпшақ, ұйғыр; 6) діни наным-сенімге байланысты атаулар (теонимдер): тәңір, сүлде (моңғол тәңірі), дозақ, пейіш, пырақ, әулие, жын, бақсы, шаман, албасты, сиқыр т.б.; 7) аспан денелері аттары (космонимдер): күн, көк, ай, жұлдыз; 8) өсімдік, ағаштар (фитонимдер): құрақ, қопа, қурай, қоға, жыныс, қамыс, шынар, гүл, бәйтерек, ебелек, шалғын,

құба тал т.б.: 9) жануарлар мен аң-құстар атаулары (зоонимдер). Ғылыми жүйеге сүйенсек, ономасиологиялық бір­ ліктердің атауы осы ғана емес. Оларды жіктеу, топтастыру жылдан-жылға артып отыр. Сонымен бірге осы аталған бірліктерді іштей бірнеше топқа жіктеуге болады. Бұл жұмыста жоғарыдағы топтастырулар­ дың ішінен жануарлар мен аң-құстар атауын ғана (зооним­дер) іштей төрт топқа топтастырмақшымыз. Себебі, ақын поэмасында ең көп қолданылған осы атаулар екен. Сонымен: 1) төрт түлік малға қатысты: жарау, тұлпар, сәйгүлік, тай, бота, құлын, атан, айғыр, түйе, арғымақ, нар, бағлан, жорға; 2) құс атау­лары: қыран, қызғыш, сұңқар, бұлбұл, қаршыға, қырғи, қаз, үйрек, кептер, шағала, торғай; 3) жабайы аңдардың атаулары: құлан, қасқыр, жолбарыс, арқар, арыстан, маймыл, бұлан, құралай, қодық, мысық, түлкі; 4) жәндіктер: жылан, маса, шіркей және т.б. Ономасиологиялық жіктеудің заңдылығына байланысты, сол төрт топтың өзін іштей бірнеше түрге бөлу­ ге болады. Мысалы, 1-топтағы төрт түліктің жалпылама немесе жеке сипаты, жасының атауы; 2-топтағы құстардың үй құстары мен дала құстары болып бө­ лінуі; 3-топтағы жабайылардың жыртқышы неме­се жыртқыш еместері; 4-топтағы жәндіктердің улы, усыз болуы, яғни, зиянды, зиянсыз деген сияқты іштей жіктеле береді. Сонымен, поэмадағы ономастикалық бірліктерді қолдану аясының кеңдігін көрдік. Қалижанның “Ақсақ құланы” Ілиястың “Күйші­ сiмен” мазмұндас, үндес екені туралы сөз етіп, оны ақынның өз пікірімен тұжырымдаған болатынбыз. Енді сол сөзімізді нақтылау мақсатында екі ақынның күйді, күйшіні суреттеген тұстарын салыстырып көрелік. “Ақсақ құландағы” күйшінің бейнесі: Қанат қып қақты күйші домбыраны, Қай жаққа қаршыға күй қондырады? Мінгендей құланына Тыма шалқып, Соңынан қадалғандай хан құлағы [18].

“Күйшідегі” күйші бейнесі: Қияндап кетті мініп қиялына, Ондайда қиял бойын жияды ма? Ұмытып кім екенін, қайда екенін, Быж-тыж боп отыр сорлы қыз алдында [99]. Біріншісінде, күйді “қанат қып” қаққан Тыма күй тартқанда, жүйрік құланына мінгендей шалқып, соңынан хан қарап тұрғандай әсерде болады. Ал екіншісінде “қиялына мінген” күйшінің өзін-өзі ұмытып, бойын жия алмай отырғаны көрінеді. Екі ақын да күй тартушы жігіттің сыртқы қалпымен қоса, ішкі жан дүниесіндегі сезім күйлерін бейнелеген. Ұқсастық бар ма? Бар. Ол — екеуінің де күйші портретін, яғни, бір образды жасауында. Айырмасы — тілі бөлек, балама, бояулары әртүрлі. Оның үстіне, біреуі — хан алдында, екіншісі — қыз алдына күй тартып отыр. Сол себепті де, күйшілердің ішкі сезім дүниелері де екі бөлек жайды аңғартады. Енді екі ақынның да күйдің құдіретін қайтсем сездіртем, оның қасиетін қалай білдірем деген бар өнерін салып, тартылып жатқан күйді суреттеген көрініске назар аударалық. “Ақсақ құланда”: Жаңбырдай ексімдеген, еселенген, Тұсаудан ағытылды нөсер әуен. Құландай тулап шықты домбырадан, Долы күй, адуынды әсерменен. Құдды күй алампұрыс асау мінді, Артына қалдырғандай жасауылды… [18]. “Күйшіде”: Тайпалып жорға болып салдырған күй, Мейірін тыңдағанның қандырған күй; Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып, Аққуды аспандағы қондырған күй. Лапылдап, мұз көңілді күйдірген күй, Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй. Тасытып тас емшекті тандыр болған Бота боп нар інгенді идірген күй [99].

Міне, ақындар бейнелеуіндегі күйдің көріністері осылай болып кете береді. Бірінен-бірі өткен күй суреттері, тіпті, күйді тыңдап отырғандай әсер бе­ реді. Күй бірінде “жаңбыр боп ексімдесе”, бірін­ де “жорғадай тайпалады”. Енді бірде “асау құ­ ландай” болса, бірінде “мейіріңді қандырғандай” сезім кештіреді. Екі ақынның да күйдің құдіретін берудегі жемісі өте мол. Айырмасы — Қ.Бекхожин күйдің тартылуын тақырып аясында ғана суреттесе, І.Жансүгіров кең түрде, ұлттық, жалпыхалық­тық ұғымға сай көлемді түрде суреттеген. Тақырыптың негізі күй болғандықтан, ақын осы күй айналасында қандай көркемдік жетістікке жет­ ті деген сауал туады. Поэманың өн бойында ақын күйдің сыры мен сиқырын жеткізу үшін көркемдік құралдардың алуан түрлі индивидуальды-авторлық, яғни жеке қорын ұлғайтқан. Төмендегі сызбаға назар аударсақ, бір күйдің ақын қолданысында неше түрі барын анықтауға болады. албырт, өктем, сабаз, сері, шешен, долы нөсер, құйын, жауын, керуен киік, құлан, қаршыға, қыран аза, сарнау, еркін, аяу, абыз, әулие күй Ақынның тілдік қорындағы мұндай бейнелі сөздер алуан түрлі мағына беретіні белгілі. Жоғарыда көріп отырғанымыздай, ақын адам бойындағы ерекше мінез-құлықты немесе ізгі қасиеттерді, табиғат құбы­ лыстарын, аң-құсты, жан-жануарларды және адам өмірінде кездесетін әртүрлі жағдайларды көр­сетіп, соларға теңеп, балап, күй қасиетінің құпия сырларын ашуға біршама үлес қосқан. Сонымен бірге “жаралы құстай күй”, “оқ тиген жолбарыстай күй” сияқты күрделі теңеулер де көп кездеседі. Ақынның сөздік қорындағы “алтын сандық” — поэманың ұлттық табиғатын, тілдік тазалығын білдіретін сөздері. Олар: қобыз, домбыра, обалар, керме, тулақ, қоламта, киіз, тең, жарғақ, шашбау,

шаңырақ т.б. Поэмада көнерген сөздер де өз орнымен қолданылған. Мұндағы архаизмдер көркем әдебиетте ұлттық ерекшелікті білдіретін зат, ұғым атауларын береді. Бұл сөздердің бүгінгі өмірде қолданыстан шыққандарын ғана атасақ, олар: найза, жасауыл, төлеңгіт, би, қос, көген, диірмен, жебе, қылыш, селе­ бе, наркескен және т.б. Қ.Бекхожиннің І.Жансүгіров толғамымен тол­ ғаған, “Күйшісімен” күңіренісі бір, көздеген нысанасы ортақ бұл поэмасын классикалық туын­ ды­лар қатарына жатқызатын — оның көркемдігі. Бейнелілік құралдарды орынды қолданған автор оларды оқушысына түсінікті әрі қарапайым түрде жеткізген. Осыған дәлел ретінде поэмадағы эпитет, теңеу, метофора, символ, айшықтау (фигура) және т.б. көркемдік құралдардың ақын қолданған сирек түріне ғана тоқталайық. Мыс: “Тұл жазық” — мұнда “тұл” сөзі “жазық” сөзінің эпитеті. Жердің тұл қалуы мағы­ насын беріп тұр. “Жамбы тұяқта” — “жамбы” сөзі құлан тұяғының қуаты мен құнын білдірсе, “Сары жал” — жылқы жалының түсін алтынмен салыстыра бей­нелеп отыр. Сонымен бірге “жырдың ығы”, “махаббаттың киігі”, “қырдың ақымағы”, “тәңірдің айы”, “ажалдың құрығы”, “жүректің пернесі”, “сұмның пердесі”, “ойдың шыңырауы”, “құдіреттің жұлдызы”, “Шың­ ғыстың бәйтерегі”, “күйге — тұсау”, “тілге — шырмау”, “айдаһардың түлегі” және т.с.с метафоралар көптеп кездеседі. Енді теңеулерге келсек, олар: “қаптаған қарақұрт­ тай”, “бәдәуидің шашындай”, “қытай қыздың тұлы­ мындай”, “түбектей”, “қияқтай”, “теңгеліктей”, “қу моладай”, “көрдей”, “құйындай”, “қулықтың құлы­ нындай” және т.б. Поэмадағы бейнелі сөздердің сирек кездесетін бірнешеуін атасақ, оған: “ашу бүріккен”, “көрдей шер”, “ажал түсті” және т.б. сөз тіркестерін жатқызуға болады. Суреткердің осындай жетістіктерін бағалаған проф. Асқар Егеубаев: “Өлең образ, теңеу, әсем тіркестерді

тізбектеп, көрмедегідей тамашалау үшін жазылмаған, керісінше, соның бәрі өмірді, тағдырды, тіршілік диалектикасын жеткізуге бағындырылған. Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов… т.б. ақындардың соңғы уақыт ішіндегі өлеңдеріне ортақ қасиет, ортақ күшқуат — өмірді жырлау, өмірдің өзі ақынға берген ұшқыр қиял, бедерлі бейнелеулер”, — дейді [100]. Ақын поэмасындағы көркемдеуіш қызмет атқарып тұрған сөздер мен сөз тіркестері, қорыта айтқанда, тек поэтикалық тілдік құралдар ғана емес, тарихи-ұлттық мәдениетті танытушы таңбалар, ұғым-түсініктер, зат пен нәрсе атаулары, наным-сенімді білдіруші, әдетғұрып пен салт-сананы аңғартушы сөздер болып та саналады. Шығарманың негізгі ерекшелігі — бейнелеу құрал­ дарының барынша мол болуымен қатар, өмірдің ға­ жайып сырларын, небір сиқырға толы сәттерін жанжақты әңгімелей отырып, лирикалық кейіпкердің басынан кешкен шынайы сезімдерін поэзия тілімен суреттеуінде. Оған қоса, поэмада тың желі, нақты сипат­тамалар, образдардың жан сыры мен олардың ішкі қайшылықтары (динамика) үйлесім тапқан. Поэманың осындай көркемдік қасиетін жоғары ба­ ғалаған Ғафу ақын: “Жастық жігерін, серпінін бұ­ рынғыша сақтап, шеберлік, көркемдік жағын сомдады. Мен оның осы — “Ақсақ құлан” поэмасын барлық шығармасының ішіндегі ең маржаны, шедеврі дер едім”, — дейді [79]. Қорыта айтарымыз: бірінші — поэзиядағы Ілияс дәс­түрін жалғастырған тұңғыш поэма; екінші — поэманың екі нұсқасының өзіне тән әдеби, тарихи, көркемдік ерекшеліктері бар; үшінші — аңызбен үн­ десе отырып, күйдің, күйші өнерінің биік қасиеттерін аша білген, хан мен халық арасындағы әлеуметтік тартысты, басқыншы әрекетті суреттеген поэманың қоғамдық маңызының басым болуы. Поэма соңында автор аңыз идеясынан терең философиялық түйін жасайды: хан өледі, халық қалады; өлім жеңіледі, өнер жеңеді; халық пен өнер мәңгі жасайды.

2.3. Ақынның лиро-эпикалық поэмалары Қ.Бекхожин — поэмаларының әртүрлі тарихи тақырыбымен де, онда өрбіген философиялық ой­ла­ рының маңыздылығымен де, өршіл ақындық қа­бі­ле­ тінің ұшқарылығымен де, шығармаларындағы та­ри­хи оқиға мен көркем ойдың ұштасуымен де та­нылған ақын. Сонымен бірге қоғамдық-әлеуметтік өмірдің сансалалы күресін арқау еткен, айтулы тарихи тұл­ғалар өмірінің кейбір бұралаң тұстарының себеп-салдарына жауап іздеген ақынның сюжетті ли­ро-эпикалық поэ­ малары өз алдына бір шоғыр. “Ма­риям Жагорқызы” поэмасы орыс қызы Мариям мен Дүй­сен махаббатына арналса, “Әппақ-намә” әзір­бай­жан халқының ұлы ақы­ны Низами мен қып­шақ қызы Әп­пақ арасындағы ма­хаббатты жырлайды. Ал “Соңғы сайранда” дүлдүл Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы қым-қиғаш ма­хаб­ бат оқиғасы жырланады. Аталмыш дастандардың негізгі айтары — қаһар­ мандардың махаббат майданындағы күресі, олардың нәзік сезімдері, ғашықтарын іздеген жандардың жүрек лүпілі, сүйген жүректерді бір-біріне тартатын көзге көрінбейтін тылсым күштер. Тараудың негізгі мақсаты — лирикалық кейіпкерлердің басынан өткен шым-шытырық махаббат оқиғасының қалай болғаны, олардың сезімдерін аяққа таптағысы келгендердің көздегені (тип және характер), қоғамның әлеуметтіктұрмыстық жұтаңдығы және тақырып аясының маңыздылығы. Поэмалардағы мораль мәселесі ұлттық таным-түсінік тұрғысынан қарастырылады. 2.3.1. “Мариям Жагорқызы” поэмасындағы фольклорлық сарындар мен ұлттық таным және поэма нұсқалары жөнінде Қ.Бекхожиннің бұл поэмасы 1950 жылы жеке кітап болып шықты. Поэма баспа бетін көрер-көрместен қа­ тал сынға ұшырап (саяси жағынан), ақынды ру­хани күйзеліске түсірді. Сын айтушылардың көбі­нің ойы

“халықтар достығы жоқ”, “тек махаббат жырлан­ ған”, “дін туралы айтылған” немесе “орыс қызы ді­нін өзгертпей-ақ қазақ жігітіне қосылуға болмай ма?”, “Дүйсен—Дудар неге батыр емес?” және т.с.с. болды. Бұл сындардың көпшілігі Қазақстан ке­ңес жазушыларының ІІІ съезі алдында жарияланған болатын (1952). Осындай қаптаған сансыз сындардың астында қалған ақынның сюжетті лиро-эпи­калық поэмасы социалистік реализм шырмауына шырмалып қала берді. Бұған себеп, сол кезде ақи­қаты анық болғанымен, ешкім батып айта алмайтын за­ манның әдебиетімізді “ашса — алақанында, жұм­ са — жұдырығында” ұстаған қатаң саясаты. Ол кез­де барлық шығарма бірыңғай схематизмнің ыңғайы­на қарай ойыса беретін, кейбір туындылар сол қалып­ тасып қатып қалған формализмнің құдығына құлап тынатын. “Мариям Жагорқызы” поэмасының да тағ­ дыры солай болды. Ақыры поэма “жарамсыз туын­ дылар” қатарына қосылды да, ақын құрастырған мек­теп оқулықтарымен бірге “оқуға рұқсат жоқ” кі­ тап­тар тізіміне енді [16]. Шындығында, ол айтылған сындардың көпшілігі негізсіз болды. Содан соң дастан түзетіліп, қайта басылды (1955). Бұл жөнінде ақынның өзі: “…дастанымда елеулі кем­ шіліктер бары баспасөз бетінде айтылып сыналған болатын. Сол сындарды еске ала отырып, бұл поэманы келелі өзгерістермен қайта жаздым”, — деп, өзіне артқан “кінәні” мойындаған еді. Екінші нұсқа орыс тілінде Москвада екі рет Н.Сидоренконың аудармасымен жарық көрді (1956, 1958). Ақын соғыстан соң романтикалық сарында “Келтемасат”, “Сырдария көкпары” және т.б. өз заман­ дастарының қажырлы еңбегін суреттейтін поэмалар жазды. Бұл дастандар жоғарының назарына бірден ілігіп, СССР Жазушылар одағының пленумында А.Фадеев жасаған баяндамада жақсы бағаға ие болды (1947). Сол баяндама негізінде “Правда” газетінде “Советская литература на подъеме” (“Өрлеу үстінде”)

атты мақала жарияланды. Онда автор: “…Следует также отметить стихи казахского поэта Бекхожина “Келте­масат” и “Легенда о Сыр-Дарье”. В этих стихах особенно наглядно виден переход от тем традиционного воспевания батыров прошлого к темам современности”, — деген еді [101]. Бас хатшының мақаласы баспасөз бетінде жариялануы ақын шабытының одан әрі өрістеп, дамуына көп септігін тигізді. Жоғары­ дан жылы сөз естіген ақын А.Фадеевтің өзіне тікелей барып, рақметін айтып, тағы да бір топ өлеңдерін ұсы­нады. Көп уақыт өтпей Қ.Бекхожиннің өлеңдер жи­нағы “Под звездами Москвы” деген атпен Мәскеуде орыс тілінде тұңғыш рет жарыққа шықты (1948). Бұл — қазақ ақын-жазушылары арасында айтарлық­ тай оқиға саналды. Себебі, сол кезге дейін Мәскеуден қа­зақ қаламгерлерінің ішінде саусақпен санарлықтай: 1) Ж.Жабаевтың; 2) С.Мұқановтың; 3) Қ.Бекхожиннің кітаптары шыққан еді. “Мариям Жагорқызы” поэмасы қырғыз тілінде де жарық көрді (1957). Ана тілінде бірінші нұсқасы бір-ақ рет, екінші нұсқасы ешбір өзгеріссіз бес рет қайталанып басылды. Ақын 1950 жылғы “Мариям Жагорқызы” поэма­ сының бірінші нұсқасының эпилогінде: Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де, Тегінде құмар едім әнге мен де. Еске алып махаббатты тұрды есіркеп, Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де, — деп жазған [102]. Ақынның бұл жазуына қарағанда, поэманы М.Әуезов пен жары Валентинаға арнаған секілді. Шындығында да, поэманың алғашқы нұсқа­ сы осы кісілердің махаббатына ескерткіш есебінде жазылған екен. Ал кейінгі нұсқасында “Махаббат пен достықтың бұл дастанын Қазақ ССР-і өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Мария Егоровна Рекинаға арнаймын” деп жазған. Біздіңше, дұрысы осы сияқты. Ал М.Рекинаның өмірі туралы кейінірек сөз болады.

Поэманың алғашқы нұсқасы сынға ұшырап, ке­ дергілерге тап болып жатқанда, С.Мұқанов: “Бұл поэма — Қалижанның өзінің де, қазіргі қазақ совет поэзиясының да зор табысының бірі. Мына поэма — ой-пікірі өскен ақынның, қаламы еркін ұшталған кісінің шығармасы”, — деп бағалаған еді [103]. Бәрібір поэма “өзіне тиісті жазасын” алып тынды (жоғарыда көрсетілгендей). Сөйтіп, поэманың екінші нұсқасы жазылды. Ол кезде де дұрыс бағасын беріп үлгерген С.Мұқанов: “Поэманың алған идеясы дұрыс. Ақынның мақсаты — Дудар мен Мариямның махаббаты арқылы революциядан бұрынғы орыс пен қазақ хал­ қының достығын көрсету”, — деп [104] ақынның айтпақ ойын дөп басқан еді. Екінші нұсқасының көркемдік ерекшелігі мен тілі жөнінде М.Әуезов “Мәлік Ғабдуллинге хат” деген мақаласында: “Біздің поэзияның соңғы айларындағы ең жақсы табысы деп Қалижан поэмасы “Мариям Жагорқызының” соңғы вариантын атар ем. Соңғы кезде поэманың соңғы вариантын оқығалы, тіл жө­ нінде мен Қалижанның қатты іздеуі, табуы бар екенін сүйсіне түсіп аңдадым”, — деп жазды [105]. М.Әуезовтің бір сөзінің өзі тарау-тарау болып кете беретіні, ол біртіндеп үлкен пікірлерге ұласатыны, ол айтқан бір ауыз сөздің өзі көп нәрсенің шешуі бо­ латыны белгілі. Осы сөзіміздің дәлеліндей, поэма әдебиетші қауым­ның арасында жақсы бағаға ие болып, бес рет жарияланып, шет тілдерге аударылды. Дастанның бірінші нұсқасының композициялық құрылысы мен сюжеттік желісінде ерекшелік бар. Сонымен қатар стилистикалық өзгешелігі де айқын, өмірлік шындық пен көркемдік шындық бір-бірімен дәлелді түрде қабысқан. Жалпы, дастан — шұрайлы шумақтармен өте сәтті жазылған дүние. Туынды “Ән” (420 жол), “Орыс қызы” (548 жол), “Қалыңдық” (322 жол), Үрей (468 жол), “Дударай” (417 жол), “Дауыл” (744) атты алты негізгі бөлімнен және арнау мен эпилогтен тұрады. Жалпы көлемі 3168 жолды құрайды.

Екінші нұсқа да алты бөлімнен, бірнеше тараулардан тұрды. Олар: “Орыс әні” (450 жол), “Көлдегі күй” (421 жол), “Жұт” (320 жол), “Шырмау” (689 жол), “Дудар-ай” (478 жол), “Дауыл” (550 жол) деп аталады. Сонымен бірге пролог пен эпилогке де біршама орын берілді. Олардың бірі — 36 жол, екіншісі 74 жолдан тұрады және тағы “Дүйсеннің Мариямға жазған хаты” деген қосымшалар бар (32 жол). Поэма бөліктерінің бәрін есептегенде, барлығы — 3050 жол. Олардың көлемдері жағынан айырмашылықтары аз, тек екінші нұсқа 100 жолдан асаға кем. Әдеби қауым арасында дастан нұсқалары туралы екі түрлі пікір қалыптасты. Бұл арада зерттеушісі Мәди Қайыңбаев мақаласының маңызы жоғары. Ол поэманың бірінші нұсқасы негізсіз сынға ұшы­рап, екінші нұсқасын ақын амалсыздан жазған, социа­ листік реализм идеясы алдында өзін әрең “ақтап” шық­қандығы айқын көрініп тұр дейді. Поэманың екі нұс­қасын салыстырып, бірінші нұсқасын озық үлгі деп таныған зерттеуші тағдыры талапайға түскен туынды туралы өз пікірін былай білдіреді: “Қ.Бекхожиннің “Мариям Жагорқызы” поэмасы да халық үшін уа­ қыт­тың бір бос орынын толтырып тұрған асыл қа­ зына, шексіз кеңістікте жарқыраған бір жұлдыз іс­петті. Сондық­тан да, тағдыры ғажайып тартысқа толы дүниенің тырнақалды нұсқасын қайта қалпына келтіру қажет” [106]. Екінші нұсқаның жетістіктеріне тоқтала келіп, оған ғылыми пікір білдірген Ә.Нарымбетов: “…Дүй­ сен мен Мариямның арасындағы махаббат сезімі, олардың ұнамды келбеті алғашқы нұсқадан гөрі терең де толық сипатталғанын көреміз. Сонымен, поэманың соңғы нұсқасы алғашқы түріне қарағанда әлдеқайда жақсарып, идеялық мазмұны тереңдей, көркемдік сапасы молая түсті”, — дейді [19]. Ал ақын шығармаларын тұтас қарастырған Т.Ибрагимов екі нұсқаның жетістіктері мен кемшіліктеріне арнайы тоқталып, өз тұжырымын ұсынған. Онда: “Кейінгі

түзетулер, өңделу үстінде жаңа тараулар қосылып, шығарма тынысы ұлғая түсті. Композициялық құры­ лым да, сюжеттік желі де кеңге құлаш жазды…” — де­ ген [8]. Поэма нұсқалары туралы мұндай қарама-қарсы пікірлерді көп келтіруге болады. Соның ішінде ғылыми сипаты басым дегендеріне тоқталдық. Енді осындай ғылыми пікірталасқа өз пікірімізді қоссақ, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда М.Қайыңбаев­ тың пікірін құптауға болады. Бірақ толық қосылуға болмайды. Себебі, нұсқалардың көркемдік-идеялық жақтарын салыстыратын болсақ, екі нұсқаның да көркемдік ерекшелігі, композициялық өзгешелігі, қоғамдық-саяси маңызы, ұлттық, этнографиялық жағы анық көрініс берген, яғни екі нұсқаның да әдеби негізі бар. Сол себепті, дастанның екі нұсқасы бар деп қабылдауымыз керек. Бірінші, поэманың алғашқы нұсқасын оқырманмен қайта табыстыру қажет. Ақын-жазушы қай кезең туралы жазса да, оның парызы — тарихи естеліктің дерек-дәйектерінің дұрыс болуына жауап беруінде. Ал тарихи шежірелердің күмәнділеу келген, алашақтау түскен, ұмыт болған жерлерін, фактілердің жеткіліксіз тұстарын жазушы өз фантазиясы арқылы құрайды. Поэманың соңғы нұсқасындағы соғыс көрінісі, Дүйсеннің соғыста өлуі, Андрей мен Мариям арасындағы желі, Өрік пен Базар арасындағы байланыс ақын фантазиясының жемісі екені айқын. Себебі, тарихи дерек бойынша, Дүйсен мен Мариямның өмірбаянында соғыс ізі байқалмайды. Поэманың негізгі мазмұны — қазақ жігіті Дүйсен мен орыс қызы Мариямның арасындағы махаббат мәселесі, соның нәтижесінде “Дудар-ай” әнінің тууы, әлеуметтік жағдай, тап тартысы. Мариям кім? Шын өмірі қалай болды? Енді осы сұраққа жауап берсек. Мария Егоровна Рекина — Ре­сейден қоныс аударған орыс шаруасының қызы. Осы “Дудар-ай” әнімен Қазақ ССР-і өнеріне еңбегі сіңген қайраткер атағын алған (1945). Қазақ Халық

композиторларының мүшесі. Жас кезінде Дүйсен Өкенұлына ғашық болып қосылып, жергілікті ұлт өкілдерінің әңгімелерінен қашып, екеуі Қорғалжын, Балқаш жақты мекендеген. Азғана уақыт отасқан соң, Дүйсен оба ауруынан қайтыс болып, Мариям жесір қалады. Екеуінен бала болмайды. Бірақ, Дүйсеннің алғашқы жары Рыстыдан (ол да ауырып қайтыс бол­ ған) Хамза атты ұл қалады. Хамзаны үш жасқа келгенше Мариям бағады. Кейін Дүйсеннің туыстары алып кетеді. Осы жайларды Мариям Қ.Бекхожинге өзі баяндаған. Оған себеп, ақын поэманы жазуға да­йын­ далып жүргенде, 1948 жылы М.Егоровна Алматыға Қазақстан композиторларының І съезіне келеді. Мариямды жолдан күтіп алған Қ.Бекхожин үйіне әкеліп қонақ етеді. Сол бір кездесу сәттерін кейін ақын былай деп жазды: “Атақты “Дудар-ай” әнінің авторын үйіме қонаққа шақырдым. Жасында еркін, сері өскен, қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариям сол бір хикаялы шақтарынан маған қызық сырлар шертті…” [18]. Өкінішке орай, Мариям өзіне арнап жа­зылған дастанды оқи алмай, 1950 жылдың басында қайтыс болды. Сонымен, Мариямды тағдыр Дүйсенінен айырған соң, кейін тағы да қазақ азаматымен (Боранбек Құр­ манғалиев) тұрмыс құрады. Екеуінен екі ұл, екі қыз дүниеге келеді. Кейін оның бір қызы — Мүслима Алма­тыға Қалижан ақынға келіп, жекебасының бір ша­руасына көмектесуді сұраған. Ақын барлық мүм­ кіндігін пайдаланып, М.Жагорқызының аруағын ри­ за етсе керек. Сол уақыттың куәсіндей ақынның же­ке мұрағатында Мүслимамен бірге түскен суреті сақ­таулы [107]. Мариямның ұл-қыздарының, немерелерінің ішінде өнер жолын қуғаны жоқ. Соңғы кезде М.Егоровнадан туған Рысалды деген қызының немересі Еркежанға өнер дарығаны баспасөзде жазылып жүр. Демек, Еркежан Мариямның шөбересі (Мариям — Рысалды — Хабиба — Еркежан). Тағдыры талайды елең

еткізген, әні талайды тамсандырған Мариямның өмі­ рі, Дүйсен, кейінгі жары Боранбек туралы, олардың үрім-бұтақтары жөнінде баспа бетінде біраз мақалалар жарияланды [108]. Автор бұл поэмасында фольклорлық желілер мен сарындарды пайдалану дәстүрін қолданған. Бірақ оны дайын күйінде пайдаланбаған. Оған шығарманың идеялық-көркемдік қағидалары дәлел. Фольклорлық мол мұраның элементтерін жетік меңгерген ақын­ ның бұл поэмасы осы сөзімізге толық жауап береді. Онда ақын қадым (антик) заманнан бері қалыптасқан фольклор­лық сарынды меңгерудің өзіндік қырларын таныта отырып, ауыз әдебиетіндегі поэтикалық са­ рынды да жақсы меңгере білген. Шығармалары оқырман жүрегінен орын тапқан қаламгерлердің қай-қайсысы да халық қазынасы саналатын ауыз әдебиеті қайнарынан бастау алады. Қалижан ақын шығармашылығындағы халықтық мұ­ раның әсері арнайы әңгіме етерлік арналы тақырып. Ол халық мұрасы, халық ақындары жайлы ой-түйін­ дерін тұжырымдап, көлемді шығармаларына арқау етіп отырған. Туған халқының ауыз әдебиеті жайындағы: “Қиыр­ сыз жазықтарда құландай жөңкілген көшпенді атабабаларымыздың алыстағы дәуірге, кейінгі ұрпақ­ тарына қалдырған асыл мұрасы — сөз, өлең-жыр екені талассыз болса керек-ті. Жазбасы жоқ даланың ерлік шежіресі де, философиясы да, халқының қасіреті мен арманы тек өлең-жырларда толғаныс тапқан. Кереметі күшті табиғат рухани дарынның ең асылы етіп көшпенді жұртымызға сөз өнерін сыйлапты” де­ ген [12] жолдардан әлемдік әдебиеттен хабары мол Бекхожиннің өз халқының рухани мұрасын қалай бағалай білгенін көруге болады. Халық рухындағы мәңгілік маңызын жоймаған тақырып — сүйіспеншілік, махаббат мәселесі. Сонау Қозы мен Баяннан тамыр тартқан өзара ынтазар көңілдің ешбір тосқауылға қарамайтындығын көркем

кестелеу дәстүрі әр суреткерде әрқилы. Әри­не, махаббат тақырыбына қалам тербемеген ақындар жоқтың қасы. Алайда Қ.Бекхожиннің бұл тұрғыдағы өрнегі өзінше бөлек. Адал махаббат жолындағы кү­рестің, бөгет-кедергілердің, мәселен, Қарабай мен Қодар секілді жеке адам мінез-қылықтарының кесі­рінен үлкен әлеуметтік қарсылықтар тосқауылына ұшыраса да жасымайтынын көрсету — қаламгер шығар­машы­ лы­ғының бір саласы. Махаббат мәселесі Қ.Бекхожиннің “Мариям Жа­ горқызы” дастанында бояуы қанық күйінде көрінген. Поэмада ақын махаббат пен достықты терең жырлап, ынтық сезімнің шынайы тұстарын, сол сезімге қарсы “қараниет” күштердің белсенді қылықтарын да анық суреттеген. Екі ғашық арасындағы махаббат сезі­мі­ нің жеке адам, қауым кедергісі емес, тіпті, тұ­тас ұлт алшақтығынан асып жататындығын жырға қос­қан. Бұл туындының Кеңес үкіметі тұсындағы интер­на­ ционализмді уағыздайтын шығармалар үлгі­сінен өр­негі бөлек. Оның арғы негізі, халқымыз сүйіп тың­ дай­тын әйгілі “Дударай” әнінің тарихи шығу себе­бі мен кейіпкерлерінің өмір парағына қатыстылығы. Тарихи фактіні түгелдей қамтып, махаббат мәселесін өзгеше жырлап, мән беруі ақын мақсатының деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Ақын: …Жырлаймын сен сақтаған махаббатты, Ежелден ғашық жыры маған тәтті… [18] немесе …Мәңгі жас махаббаттың жыр лебінде, Құмар ем, қалды даусың жүрегімде… — деп [18], жастық жыры — махаббатты жырлаған. Дастанның “халық үлгісімен” ұқсастығы, ең алдымен, сүйіскен ғашық жандардың жолына бөгет болар — адам мінезінің іштарлығын, сезімінің көр­ соқырлығын, жан дүниесінің жұпынылығын көрсе­ ту. “Қозы Көрпештегі” малы мен дүниесіне сеніп, аласұра көшкен Қарабайдың көзіне малдан өзге еш-

теме көрінбесе, Қодардың өзгеше жаратылысы, күшқайратының құны да сол өзінің даңғой, мақтаншақ мінезінің тасасында қалып қояды. Сол мінез, сол адам пиғылы, қараниеті заманнан өтіп, кешегі Дудар мен Мариям кезіне жеткен. Сондай сұрқия ниет ұлт, ел таңдамайтын да сияқты. Мәселен, қолындағы бишігі мен мал-мүлкіне масаттанып, сезім мен жүрек қалауына көз жұмып қарайтын Андрей бейнесі “Қо­ зы Көрпештегі” Қодар бейнесін еске түсіреді. Оны ақын: Мақтаншақ, селодағы бай баласы, Сыртынан қыздар оны “әңгі” дейді. Неғылсын, жерге, малға бай әке бар, Озбыр жан жегі-жебір пейілі тар, — десе, Андрейдің аузына сөз салған ақын жағымсыз кейіпкердің өз сөзі арқылы: Әкіммін, қаладағы билік менде, Сор болам, сені сүйіп іліккенге. Айдатам, ерегессең Дүйсеніңді, Бұзақы, таратқан деп іріткі елге, — деп [18], оның ішкі әлемінің қандай екенін одан әрі аша түседі. Бұл жерде қолында билігі бардың бә­рі “тоғышар” деген пікір тумау керек. Қодар мен Андрей — “дүниенің бәрі өзімдікі” болса дейтін пенделік эгоизмі басым жандар. Олар өздерінің жеркенішті ісін істеуде батырлығы мен әкімдігіне арқа сүйейді. Олар батыр, әкім болмағанда да осы қалпынан өзгер­ меуі мүмкін. Себебі, олар да бір-ақ рет жаратылған пенделер. Жырдағы өріс толы мал мен есепсіз байлықтың ешқайсысына көңіл тоқтатпай, өз намысын, арын жоғары қойған намысты ұл — Баян бейнесі мен “Мариям Жагорқызындағы” — Дүйсен бейнесі тамырлас, туыстас. Ақын бұл жайында дастанда: Бас имей кедейлікке, байлыққа да, Өзімше емін-еркін жүрсем мен де — Жасынан жасымаған жас жігерді, Өрлігі, өткірлігі басым еді.

Жанына үміт еткен бар талабы, Өзгеше даланың бұл жас түлегі — деп келтіреді [18]. Өзіне мол байлық пен зор биліктің тізгіні ұсынылса да, бәрінен “өзіме қымбат жастық, еркіндігім” деп, жастық шақты, бас бостандығын, ой еркіндігін жоғары қояды. Сөйтіп, өз ұйғарымының айғағындай өр мінезінен танбайды: …Әркімге қызметші — құлдықпен тең Арқалап жүре алмаймын қордың жүгін [18]. Ғасырдан-ғасырға жеткен махаббат дастанын­да­ғы Қозы мен Баян секілді ұлы сезім иелері — әр халықта да бар. Дүйсен сезіміне орайлас, жүрек қалауы үшін дәстүрі мен дінін де, тіпті, өзін де құрбан етуге дайын жандар арқылы махаббат тақырыбының мәні мен маңызы биіктей түседі. Бұған Мариям сөзі дәлел бола алады: Түсін сен, мұңы терең Мариямның Арманы толқынындай дарияның. Сен үшін, достық еркін өмір үшін, Дінді де, ғұрыпты да мен қиямын! [18]. Қай кезеңнің де өз Қодары мен Бекежаны бола­тыны, олар өз ойынан әрі аса алмайтын көр кеуде, даңғой, билікқұмар жандар екендігіне Қ.Бекхожиннің осы поэ­масында да көзің жетеді. Ақын олардың ниеттері­ нің бұзықтығы ешкімге қосылмайтын жүріс-тұры­ сынан байқалады дейді: Ісі жоқ жастықпен де, қызықпен де, Ойлаған, қу құлқынды бұзық пенде [18]. Бұл — жағымсыз, сүйкімсіз жан Ыдырыс бейнесін танытады. Әлсізге күшті көрініп, ал күштінің ал­ дын­да дәрменсіз, мал мен байлыққа масаттанған Ыды­рыс бейнесі — малынан айырылғанын жанынан айырылған­дай көретін Қарабай бейнесін көз алдыңа еріксіз әкеледі. Оның осы образын сұрықсыз түрі арқылы көрсетіп, “Ыдырыс, қарашұбар көзі қызыл”, “Жиырлып шұбар бет пен түнек қабақ”

деген си­паттаулар арқылы бер­ген. Бұл туралы Ай­ қын Нұрқатов: “Ақын жастар махаббатын жырлау­ мен бірге, олардың ке­селді жауларын, зұлымдық әрекеттерінің кесепатты ауыртпалығын да шынайы суреттейді. Қасарысқан бетінен қайтпайтын қатал болыс Ыдырыс, арамза хазірет, ақымақ та адуын уряд­ник Андрей бейнелері бұған айқын мысал болып табылады”, — дейді [109]. Әрине, шығармадағы Ыдырыстың “Дүйсеннің орыс қызын сүюі аруақты қорлау”, “бұзылғандық” дейтін сөздерін ұлттық тұрғыдан ақтап алуға болар еді. Бірақ дастанда олардың бәрі оның жымысқы ойын бүркемелеген айласы болып көрінеді. Оның ар жағында айтқанына көнбеген Дүйсеннен кек алу мен өзіне тоқал болудан қашқан өрімдей Өрік қыздың жолын бөгеу ниеті тұрғаны белгілі. Поэма мен ха­ лық жырының кейіпкерлерінде де, сюжетінде де ұқсастықтар бар. Жыр мен поэмадағы зұлымдық пен жауыздық та бір-бірінің көшірмесіндей. Жалпы поэманың өзіне тән қасиеттері, қажетті белгілері болуы шарт. Лирикадан, олардың ұсақ ішкі жанрларынан (баллада, сонет, романс, ода және т.б.) айырмасы тек көлемі ғана деп ұғуға болмайды. Поэмада дамы­ған оқиға желісі, шиеленіскен тар­тыс, шығарманың басты-басты образдары, ше­ ші­мі күрделі тақырыпты ашу, алуан характерлі бей­не­лер және олардың толық портреттері болуы керек. Сонымен бірге көркемсөз құралдарын жетік әрі орынды пайдалана білу қа­жет. Поэманың сырси­па­ты осы талаптарға сай дүние. Бұл туралы ака­ де­мик С.Қирабаев: “Поэмадағы дәуір шын­ды­ғының кең суреті, кейіпкерлердің молдығы, қақ­ты­ғыстың тереңдігі, характерлер тартысы оған үлкен эпикалық сипат береді. Ондағы тамаша жасал­ған адам портрет­ тері, табиғат суреттері, жастардың сүйіс­пеншілік сезімдері… Қалижан ақынның шеберлігін танытады. Осының бәрі “Мариям Жагорқызын” өлеңмен жа­ зылған роман деп қарауға да жол ашады”, — дейді [11]. Ендеше, дастанды “өлеңмен жазылған роман” деу әбден орынды. Бұл — поэмаға берілген ең жоғары баға

болып саналады. Дастанда бұл пікірлерді дәлелдей түсетін компоненттер көп. Пейзаж, портрет, диалог, монолог, деталь т.б. поэтикалық құралдарды өз орнымен қолданған ақын поэмасының көркемдік ерек­ шелігі өте жоғары. Бұл автордың эпикалық дастан жазудағы шеберлігінің бір ғана қыры. “Мариям Жагорқызы” — екі жастың сезімдерін, яғни мәңгі жырлануға тиісті махаббат туралы поэма екені баршаға белгілі. Оның негізі — “Дудар-ай” әні. Соған орай, бас қаһармандарының сезімдерінің ыстық ықыласқа толы болуы, бірін-бірі сағынуы, іздеуі, өз­ геден секемденуі, күдікті әсерде болуы сияқты түрлі психологизм элементтерін көп пайдаланған. Поэмада сезім күйлері бейнелеуінсіз бірде-бір тарау жоқ десе де болады. Сонымен бірге автор әлеуметтік қақтығысты не­ бір қиыншылыққа толы өмір тақсіретін, күштілер мен әлсіздердің арасындағы тап тартысын ащы шын­ дықпен дәлелдей отырып, оларды сан алуан эпизодтар мен ситуациялар арқылы бейнелеген. Дастан кейіпкерлері арасындағы желі осыны аңғартады. Оған Дүйсен—Мариям, Мариям—Андрей, Дүйсен— Андрей, Базар—Өрік, Ыдырыс—Дүйсен, Үкен—Жагор, Ыдырыс—Өрік, Дүйсен—Хазірет араларындағы тартыстар дәлел. Автор осының барлығын екі жастың сезімдерінің сергек, махаббаттарының берік болуын одан әрі нығайту үшін пайдаланған. Кейіпкерлерінің сезім шынайылығын таза моральдық тұрғыда жеткізу үшін ақынның осыншама тартыс, контраст жасауы — эпикалық туындының қас шебері екендігінің айғағы. Поэмаға кезінде С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Қ.Жар­ мағамбетов, Т.Жароков, Ә.Әбішев, Д.Әбілев және т.б. ғалымдар мен ақын-жазушылар Пушкин поэмаларына ұқсас (“Евгений Онегинге”, “Гаврилиадаға”) деген пікір айтқан. Әрине, бұл пікірлер де текке ай­ тылған жоқ: бірінші, Пушкиннің “Евгений Онегині” де, Қ.Бекхожиннің “Мариям Жогорқызы” да сүйіс­ пеншілікті, сүйіскен екі жүрек иелерін жырлайды;

екінші, олардың бас кейіпкерлері өз ортасы­ның тартыс ошағына айналған. Сонымен бірге ақын поэмасының Пушкин туындысына, яғни Абай аудармасына ұқсастығына тоқталуға болады. Бірінші, осы оқиғаның өту кезеңі қазақ даласында “Татьянаның Онегинге хаты” мен “Татьянаның сөзінің” Абай әуенімен айтылып, қазақ сахарасын кезген кезімен тұстас келеді. Талантты ақынның осы жайды аңғармауы мүмкін емес. Екінші, “Дүйсеннің Мариямға жазған хаты” мен “Мариямның жауап хаты” секілді тараушалар Абай аудармасымен әдебирухани үндесіп тұрғандай әсер қалдырады. Дүйсен: Адал сөзін — махаббаттың, Ар ғып саған айтамын наз. Жүрегіме сен от жақтың, Болдым сенің лебізіңе мәз… Мұңлы хатқа жауап күттім, Айт расыңды асық жарым. Қуанышпен жанды үмітім, Қосылуға асығамын, — деп [102], жаны сүйіп, жүрегі қалаған қызына хат жазуда. Махаббат күйігіне өртенген жас жігіт “қосылуға асығамын” деп нәзік сезімін паш етуде. Оған Мариям қыз былай деп жауап жазады: Қырында түлеп ұшқан сен бір сұңқар, Ұстауға қанатыңды болдым іңкәр... Қай тағдыр екеумізді ғашық еткен, Қайғысы жүрегімнің қайтіп тынар?.. … Дүйсен… Дударым-ау, кел тезірек, Ая сен жүрегімді тілгілемей... [102]. Осы арада мынадай сұрақ туады. Қай мұсылман қызы жүрек түкпіріндегі сырын хатпен, сөзбен ай­ қара ашып тастаған? Жоқ, мүмкін емес. Бұл — осы күнге дейін толық сақталмаса да, негізгі қасиеттері қанмен дарып, ғасырлардан бүгінге жеткен мұсылман қыздарының құпияларының бірі емес пе? Бұл арада

жалпылама мұсылман қыздары деп отырғанымыз­ бен, негізгі айтпағымыз — қазақ қыздарының сырсезім­дері. Олардың, яғни қазақ қыздарының өз сезім­дерін өте құпия, жасырын ұстауларына ұлттық ерекшелігіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, та­ ным-түсінігіміз, наным-сеніміміз кедергі келтірді де­дік. Оған жекебастың мәселелері — тұйықтық, қорғансыздық, ұялшақтық т.б. жағдайларды қостық. Ал оның негізгі мәйегі жайлы ештеме айтпадық. Біздің ұғымымыз бойынша, қазақ қыздарының өзде­ рі ер-азаматқа хат жазуы, сөз салуы өрескелдікке ба­ға­ла­натыны рас. Олар жоғарыда айтылғандардың бәрін де аттап өтіп, өзге ұлт өкілінің нәзік жандары жа­саған істі қазақ қыздары да жасай алады. Бірақ, жасамайды. Неге? Себебі, ондай іске оларды бір-ақ нәрсе жібермейді. Ол — ар, намыс. Оның төркіні құ­ дайдан басқаға бас имейтін тәкаппарлықта жатыр. Осы уақытқа дейін қазақ қыздарының бойындағы осы қасиетті көпшілік жұрт халқымыздың ұлттық болмысына жапты. Ал оның негізі даралық қасиетте еді. Талғамы жоғары Қ.Бекхожин осы жайтты да өте терең деңгейде түсінген секілді. Сол себепті Мариямның (заты орыс болғасын) көркем образына қазақ қыздарына тән емес өмір сәттерінің кейбір элементтерін қосқан. Ақын жасаған Мариямның бұл бейнесі бізге несімен ұнайды десек, әрине, орыс қызына тән табиғилығымен ұнайды. Мариям — орыс қызы. Сол себепті, оның іс-әрекетінің де өз ұлтына лайық болуында үлкен мән жатыр. Ақын поэмаларында кездесетін әйел образдары өздеріне тән ұлттық ерекшелігінің айқындығымен, нақтылығымен көрініс тапқан. Біріншіден, Мариям бейнесі өзіне тән ұлттық қасиеттерімен, өзгешелігімен өте сәтті шыққан, екіншіден, дәстүр жалғастығын, яғни Абай аудармасын жаңашылдық тұрғысынан дамытудың бірден-бір белгісі іспеттес. Сөзімізді дәйектеу үшін Абай аударған Онегин мен Татьяна хаттарына назар аударсақ, “махаббат” атты айықпас дертке ұшыраған Онегин:

Ықтиярсыз мұңды сезім Кетті ыршып жолыңа. Мазағыңа бердім өзім Өз басымды қолыңа... Менің өмірім таянып тұр, Үзілуге әм жаным. Ақ жүзіңді бір көріп құр Өлсе болмас арманым, — деп [110], Татьянаға өмірім сенің қолыңда, егер қосы­ ла алмасақ, сені бір көріп өлсем, арманым жоқ деген жүрек қайғысын ғашық тілімен зарлы, мұңды түрде жеткізеді. Татьянаға келсек, ол: Өзгеге ешбір дүниеден Еркімен тимес бұл жүрек. Әзелде тағдыр иеден, Қожам — сенсің, не керек... Тіршілігім — құрбандық, Шыдамай сені көргенше. Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием — сенсің өлгенше, — дейді [110]. Мұнда да қыз махаббат үшін жанпида екенін, сол үшін тіршілікті құбандыққа шалатынын айтып, жігітке “қожам да”, “ием де” сенсің деп, жүректің құпия кілтін қиындықсыз аша салады. Бұл арада Мариям мен Татьянаның халі өте ұқсас. Олар бір-бірімен үндесіп, тіпті, бір-бірін қайталағандай әсер аласың. Екеуінің де хатқа жазып, сыр ғып айтып отырғаны — ішкі құпиялары, нәзік сезім сырлары. Сол себепті де, екеуі ұқсас, мәндес болуы шарт. Бұл жердегі ерекшелік, ұқсастық — екеуіндегі орыс қыздарына тән жариялылық. Діндері, тілдері, әдетғұрыптары, наным-сенімдері, тәрбиелері бірдей олар­ дың сырларды жеткізу жолдары да бірдей екенін осы көркем образдарынан анық көреміз. Осы ұқсастықтар шығарманың мазмұндарында да анық байқалатыны белгілі. Демек, дастан осындай белгілерімен, өзіндік өрнектерімен қазақ поэзиясындағы махаббат дастаны болып қалады.

Екі ұлт өкілінің шынайы махаббатының символы — Мариямның өмір белестері, “Дудар-ай” әні жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Көркем әдебиетте Мариямның тарихи тұлғасын Қ.Бекхожиннен кейін белгілі жазушы Айтбай Хангелдин жасап, әнші-сазгерге арнап “Дударай” атты пьеса жазды. Кең тынысты жазушы­ ны насихаттаудың жетіспеуінен ол туралы көп жазылмады, ай­тылмады. Е.Р.Брусиловский “Дударай” атты опера жазды (1953). Қорыта айтарымыз, бірінші, “Мариям Жагорқызы” поэмасының екі нұсқасын әдеби айналымға түсіру; екінші, дастанды халық жырларының желісін жал­ ғастырушы, дамытушы деп қарау; үшінші, Абай дәстүрін жалғастырушы ретінде де тану қажет. 2.3.2. “Соңғы сайран” поэмасындағы тарихи шындық және мораль мәселесі Ең маңызды деген тақырыптарды эпикалық планға көтеріп, әнші-күйшілердің ғажайып сырға толы өмірлері туралы кең көлемде поэмалар жазған Қ.Бек­ хожин, Ж.Молдағалиев, Ә.Тәжібаев және т.б. ақындар өрелі де өрісті келешегін өз қолдарымен жасаған жандар. Әр ақынның поэзиясында өзіне лайық, өзі­ не тән қайталанып отыратын тақырыптар болады. Қ.Бекхожин шығармашылығында айқын көрініс бер­ ген — ақынның өнер, өнерпаз туралы туындылары. Соның бірі — Ақан сері (Ақжігіт) өміріне арнал­ған “Соңғы сайран” (1969) поэмасы. Бізге жеткен мәліметтерде ақындар, әншілер, сал-серілер дінмен көп тіл табыса бермейді. Оған Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Әсет т.с.с. ақын-әншілердің өмірі мен ән-өлеңдерінің жазылу тарихы куә. Салсерілік өнердің көрінісі, қалыптасуы, дамуы, жал­ ғастық табуы жөнінде айтылған пікірлер, жа­зыл­ ған ғылыми еңбектер өз алдына бір төбе. Олар: Ә.Мар­ғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Исмайлов, А.Нұр­қа­

тов, Ә.Тәжібаев, Б.Кенжебаев, С.Негимов, Қ.Сы­ диықов т.б. және музыка мамандары: А.В.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Г.Ерзакович, З.Қоспақовтар. Бұл сол өнердің өзіне лайық ерекшелігінен немесе сол кездің әлеуметтік жағдайынан, тіпті, бір сөзбен айтқанда, өнер табиғатының да басқалай екендігін көрсететін тәрізді. М.Жұмабаев келтірген мәліметтерге сүйенсек, кейіннен Ақан сері сопылық жолды ұстанғанға ұқ­ сайды. Ол жөнінде Мағжан: “…Науан қазіретке андасанда барып сабақ алады. Дінге, сопылыққа беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазартуға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлайтын Ақан сопылықпен жан тазарту жайын жырлай бастайды”, — дейді [57]. Ақан серінің алуан түрлі тағдырын қаламгерлер өз шығармасына арқау етіп, тарихи бейнесін көркем әдебиетте әр қырынан жасады. Бұл жерде Ақан сері Қорамсаұлының (1843—1913) қазақ әдебиеті мен өнерінде өшпестей із қалдырған тарихи тұлғасы мен мұрасын айту артық. Ал оның көркем бейнесі М.Әуезов пен С.Мұқановтың “Ақан—Зайра” (1935) пьесасында, І.Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасында (1936), Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері—Ақтоқты” драмасында (1941), кейіннен Қ.Бекхожиннің “Соңғы сайран” (1969), А.Хангелдиннің “Ақан сері” поэмаларында және С.Жүнісовтің “Ақан сері” романында (1971—1977) жасалды. “Соңғы сайран” — шағын ғана романтикалық лирикалық поэма. Ақан өмірінің соңғы сәтін ел аузындағы аңыздың желісіне орай бейнелеген. Автор­ дың өзі поэманы “аңыз-дастан” деп атаған. Өмірде аса сезімтал немесе қиялы ерекше ұшқары адамдардың есі ауысуына байланысты өзгеше құбылыстың көзге елестеуі, көрінуі сияқты (галлюцинация) жайлардың болатыны белгілі. Дастанның негізгі мазмұ­ны — сері басынан өткен осындай құбылыс кезіндегі махаббатты символикалық әрі романтика­лық трагедия түрінде көрсету. Дастанда, аты айтып тұрғандай, Серінің соңғы өміріндегі аянышты халі, дүлдүл Құлагерден, жаны

сүйген Ақтоқтыдан, бүргіш қыран Қараторғайдан, құмай тазы Базаралыдан, думан-сайраннан айырылып, жалғыз көл жағасын мекен еткен қасіретті шақтары суреттелген. Ел аузында: “Ақан есінен ауысыпты-мыс, пері қызына үйленіпті-мыс” деген лақап сөздер болғаны рас. Поэманы осындай аңыз әңгімелерге негіздеген автор дастан желісін Ақанның Ақтоқтыны мерт ету оқиғасынан бастаған. Өтсе де оған көп жыл, өршіп сол шер, Алысып албырт армен өксіген ер — Кешірмей бөбек қыздың еркелігін, Сілтеген сұлуына сері семсер… [22] Дастанның негізгі мазмұны — Серінің қасіретті өмір сүруіне, аянышты халге түсуіне өзінің білместік­ пен, қызғанышпен жасаған осы ісі душар етті дегенді ұғындырады. Ал тарихқа жүгінсек, Ақан мен Ақ­ тоқты оқиғасының болғаны анық. Бірақ ол әртүрлі нұсқада кездеседі. Дұрысы мынау сияқты. Тағы да М.Жұмабаевтың сөзіне сүйенсек: “…Қыз қалайда ра­зы болмайтындығын айтқан соң, алдында келе жат­қан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір то­ мар­дың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады”, — дейді [57]. Бұл оқиғаны Е.Исмайлов та осылай түсіндірген еді [69]. Бұл әңгіменің айғағындай “Ақтоқты, кеткенің бе, шыныменен…” деп басталатын ән бар. Бірақ Қ.Бекхожин Ақтоқтыны Ақан қолынан қаза тапты деп, дастан желісін сол қайғылы оқиғаға байланысты құрып, өт­ кен іске өкінген Ақанның шерлі бейнесінен бастаған. Қоскөлдің жағасында мұң құшып, ойға шомған — жалғыз Ақан. Жанында мылқау ұлы. Басқа тірі пен­де жоқ. Лирикалық кейіпкердің көз алдынан бұрынғы күндер тек елес күйінде өтіп жатыр. Жастық шақ, шырқалған ән-жыр, айнала толған қыз-қырқын, алтыбақан, баста сусар бөрік, үстінде шәйі шапан, әйтеуір сұлу Көкшенің айналасы күнде думан. Сол бір шаттыққа толы өмірінен қазір тек өкініш ғана қалған.

Қайғыдан күйреген Ақан ойына Ақтоқты түсе бе­ реді. Өткенге өкінеді. Бірақ кеш. Қайта-қайта ойына орала берген Ақтоқтыны сері: “Сексен қыз қоңыр қаз­­ дай тізілгенде, Ақтоқты аққудай ғой ас­пан­дағы” , — деп өзін-өзі жұбатып қояды. Міне, қа­раң­ғы түсе бас­ тады. Сері ойы енді елеске ұласты. Түсі ме, өңі ме білмейді. Көлге қарап телміріп отырған Ақанның алдына Ақтоқты аққу болып қона кетеді… Қайтадан ғайып болады… Сорлы Ақан осылай елес қуып жүре береді. Осы көріністі ақын былай деп суреттейді: Жүгірді күн батқанда көл жағалап, Бір елес… не керемет, болды ғажап? Ақтоқты су түбінен ымдағандай, Шерлі жан тұңғиыққа төнді қарап [22]. Көкірегін өткен істің өкініші кернеген Ақан жүрегі мәңгі күпті. Қайғыдан қарс айырылған жүрегінің жарасын қалай жазарын білмей арпалысқан Ақан өзін-өзі қарғап-сілеп: “Қарыспай сынғыр қолым, қапыда сол, Қалқама қанжар неге сермеп едім?” — деп күңіреніп, өкініш білдіреді. Қ.Бекхожин Серінің өткен өмірін есіне алғандағы көріністерді сипаттағанда жастық шақтың шырынды күндерін, жұлдызды-айлы түндерін, айтуға сөз жетпес сәттерін, қазір қысыр қиял мен құр арман­ға айналған кездерді — бәрін кейіпкердің ішкі моно­логімен берген. Сол монолог мынау: Қияға ләззат құсы ұшқаны ма? Ұшқыны қалмады ма құштарымда? Қайран қол ақ төсіңді аймалаған, Қалтырап қу таяқты құшқаны ма? ...Жалыны жүрегімнің сөніп мәңгі, Қаусай ма махаббатқа құмар тұлға? Тірліктің ләззат деген уын іштім, Ұстаймын етегінен ібілістің. Елһамсыз не зауықсыз өмір зая, Кештім мен тұңғиығын күйініштің [22].

Қараңыз, бұл жай ғана құрғақ риторика емес, мұнда жүрек түбінен шыққан сезім толқыны, адам жа­ нының тебіренісі жатыр. Осы шумақтарда әсері күшті, қуаты мықты үлкен бір мағына жатқандай көрінеді. Ақын шабыттың жалыны шарпығандай, оты күйдіргендей әсер аласың. Әрине, бұл — Ақан боп егілген, оның жүрегі боп жылаған автордың сол оқиғаны көңіл елегінен өткізіп, өз ойын білдіргені. Көзіне елестеген Ақтоқтысын сол елестен тағы көргісі келген Сері көл жағасына келіп: “Ақтоқты аузыңнан бал беріп ең, Күлкіңді өміріме сән көріп ем…” — деп шырқайды. Сол мезетте-ақ Ақтоқты көл бетіне сылаң етіп шыға келеді. Поэманың бұл тұста­ рын баяндау арқылы берген автор: “…Ақтоқты ақто­ тыдай жайды қанат, Жүгірді есі кетіп сері пенде” деп суреттейді. Пері қызының бейнесінде көрінген Ақтоқты Ақанға мұңын шағады: Серім-ау, киігі едім құба белдің, Бұл көлге семсеріңнен құлап өлдім. Зарыңды күңіреген естідім де, Сілкініп су астынан шыға келдім [22]. Осылайша елес, түс сияқты қайталанған кездесулер сері жанына дем береді. Өлген Ақтоқты Ақанға: “Мен әлі сені сабаз, жарым деймін, Отыңды маған жанған сөндірмеймін…” — деп, Серіге деген махаббатының мәңгілік екенін білдіреді. Бұл арада ақын “махаббат” атты тылсымның күштілігін, оның сиқырының қуатын көрсеткісі келген тәрізді. Өзін өлтірсе де, көңілінде Ақанға деген кек қалса да, Ақтоқты бәрібір өз жүрегіне өзінің әлі келмей тұр. Себебі, оның жүрегі Ақанды сүйеді. Сол сүйген жүрек оны айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп отыр. Міне, осының барлығы да махаббаттың құдіреті, қасиеті деп ақын ой түйеді. Сонымен, Ақан сері осылай аңыз бен шыны аралас, түс пен өңі қабаттас, дел-сал күй кешуде. Ол көріністі автор былай көрсетеді:

Білмеді қызойнақ па, жынойнақ па, Осылай түндер өтті бұл аулақта. Дауасын ескі дерттің тапты солай, Делбедей басы дел-сал ауған шақта [22]. Шығармадағы Ақан мен Ақтоқты махаббатын жоғары пафоспен, символикалық бояумен, роман­ ти­калық леппен жырлаған автор поэманың кей тұс­тарында елеске, қиялға көбірек беріліп кетеді. Қа­лай дегенмен, Қ.Бекхожиннің “Соңғы сайран” поэ­ масы Ақан сері өмірінің “күйреген” соңғы сәтінің айғағындай әсер береді. І.Жансүгіровтің “Құлагерінде” Ақанның қайғы­ лы оқиғаларға толы азапты өмірі мен Құлагер образдары сомдалған. Бұл поэмадағы негізгі мәселе — феодалдық теңсіздіктің себептерін тарихи оқиғаны қатыстырып, байланыстыра отырып ашу. Поэмада Ақан образы тек ақын емес, күрескер болып та көрі­ неді. Мұндағы ақынның негізгі мақсаты — тарихи ке­ йіп­керлер арқылы қоғамдық-әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті көрсету. Бұл поэма да қайғылы оқиғамен аяқталады. Дастан соңында Серінің қартайған шағы, ел аузындағы аңыз бейнесі көрінеді: …Кетіпті елдің аузы әуезе қып: “Жын құшып, жалғыз жүрген Ақан пері...” Өтті күн. Қалды ағашта бас қуарып, Қартайды Сері, сақал-шаш қуарып. Серіксіз, елсіз, малсыз иесіз тауда Өткізді өмірін ол босқа уанып [99]. І.Жансүгіров поэма соңын: “…Болса да мейлі сері, мейлі пері, Ақанның аты мен жұрт әнін сүйген”, — деп қорытындылаған [99]. Дастанның көркемдікидеялық қасиеті — жазылған тақырыптың тарихи шындығында. Мұндағы оқиғалардың көп бөлігі, Құ­ лагердің өлімі — тарихи шындық. Шығарма соңында Ілияс ақын Сері Құлагерсіз қалды, бірақ мәңгілікке “Құлагер” әні қалды, Ақанның мол мұрасы қалды деген тұжырымға тоқтаған.

Өзіне ұстаз санаған І.Жансүгіровтің “Құлагер” поэ­ масы туралы Қ.Бекхожин былай деп жазды: “Қазақ поэзиясының қадір-қасиетін көтеруге, оның шын өнер жолында өркендеуіне зор ықпалын тигізген — Ілиястың әйгілі “Құлагер” дастаны” [54]. Ақан серінің бейнесі Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” пьесасында жоғары деңгейде жасалды. Пьесадағы негізі тартыс, түпкі мақсат — екі жастың махаббаты. Нәзік махаббаттың дүлей күшпен тартысы. Мұнда Ақан сері әнші, ақын ғана емес, озбыр кезеңнің сыйықсыз сұмдығымен күресуші, кек алушы бейнесінде көрсетіледі. Драманың көркемдік шешім тапқан тұсы — соңы. Өзіне-өзі қол жұмсаған Ақтоқты өледі. Ақтоқтыдан айырылған Ақан өзін өлтірмек болғанда, оны Балта ақсақал тоқтатады… Пьеса соңында тез ес жиып қайраттанған Ақан: “…Тасқа салсам мұқалмайтын найзамды ел кегіне суа­ рып бер. Сол кегіңді ту етермін енді қалған жасыма! Тарт Құлагерді көлденең!” — деп, кек алуға аттанады [111]. Драмадағы Ақтоқтының күйеуі — Жалмұқан, әкесі — Қоңқай, шешесі — Дәмелі, Ақанның жолдас­ тары — Сейіт, Мұрат және Мылқау образдары тың бейнелер екені даусыз. Пьеса жөнінде кезінде Ғаби­ ден Мұстафин былай деген болатын: “…Бұл пьеса тек қазақ драматургиясының ғана қаймағы емес, жалпы кеңес драматургиясында ұялмай арысқа салатын шы­ ғармалар [112]. Ғ.Мүсіреповтің пьесаларының тәрбиелік мәні туралы проф. Жұмағали Ысмағұлов былай дейді: “…Бұ­лардың әрқайсысы, жеке-жеке алғанда, ерлік пен махаббаттың бір-бір дастаны, бір-бір гимні секілді… Талай ұрпақтың ұл-қызына әсемдік пен махаббаттың жырын жырлап, сезім сұлулығына бау­ лып өтеді” [113]. Ал Қ.Бекхожин драмадағы Ақан бейнесінің сәт­ті шыққандығы жайында: “Жазушы пьесасында Ақан қараниет, пәлеқор қауымға қарсы шыққан, солардың сұмдығынан зәбір шеккендерге ара түсуші, әділет үшін тайынбай күресуші ер, қайсар

тұлға болып көрсетіледі. Халық қиялындағы сері Ақан осылай бейнеленуге тиісті”, — деген [12]. Байқасақ, Қ.Бекхожин “Құлагер” поэмасына, “Ақан сері —Ақтоқты” драмасына талдау жасап, оларды ой таразысына салып, өз пікірін білдіріп отырған. Сол уақытта ақынның көкірегінде Ақанның тарихи бейнесін қай қырынан көрсетсем деген ой тұрған болу керек. Себебі, араға уақыт салып, дүниеге “Соңғы сайран” дастаны келді. Жоғарыдағы Ақан серінің көркем бейнесі өріл­ ген үш шығармада қандай үндестік, ұқсастық бар? Енді осы жөнінде пікір білдірсек, Ғ.Мүсіреповтің, І.Жансүгіровтің, Қ.Бекхожиннің шығармаларының ұқсас жері — соңы, яғни туындының аяғы. Ғабең драмасында Сері Ақтоқтысыз қалса, Ілияс дастанында Ақан сері Құлагерсіз қалады. Ал Қалижан поэма­ сында Ақанда ештеме де қалмайды. Себебі — Серінің соңғы өмірі. Бұл — поэма тақырыбы мен идеясының, авторлық ұстанымның бір-бірімен ұштасып, жымдасуы. “Құлагер” мен “Соңғы сайранда” Ақан бей­несі аңызға қарай көбірек ауысқаны белгілі. Оған екі дастандағы Ақанның “жын құшып, жалғыз жүр­гені” куә. Пьесада кейіпкерлер бойына драмалық эле­мент­ терді жинақтау үшін күшті тартыс қажет. Сол себепті драмада Ақанды батыр бейнесінде көрсеткен. Драма мен поэманың негізгі өзегі — махаббат. Авторлар Ақан мен Ақтоқты махаббатын екі түрлі жанрда, екі түрлі бағытта ащы трагедиямен көрсете алған. Дүлдүл Ақанның тарихи тұлғасын әр қырынан шынайы бейнелеген бұл көркем шығармаларда қайталаулар жоқ. Қайта бірінде айтылмағандар екін­ шісінде айтылып, бірін-бірі толықтырып, аяулы Ақанның тұтас бейнесі сомдалған. Поэзия жанрының жанды жерінің бірі ұйқас екенін ескерсек, “Соңғы сайран” дастанындағы шумақ, тармақ, ұйқас мәселесіне ақынның асқан жауапкершілікпен қарағанын көреміз. Ақын поэ­ маны басынан аяғына дейін бір ауытқымай төрт жол,

бір шумақ қара өлең ұйқасымен [а а б а] (ақсақ ұйқас) жазып шыққан. Барлығы — 340 жол, яғни 85 шумақ өлеңді бірқалыптан аудырмай, жып-жинақы етіп жазып шығуы — ақынның эпикалық дастан жазу мәнерін әбден игергенінің дәлелі. Дастанда дыбыстық қайталаулар да (аллитерация, ассонанс) әдемі үйлесім тапқан. “Алпұрыс”, “асқы­ нып”, “алысты”, “албырт” және т.б. сөздерінен бас­тау алған жолдар бір шумақты құрайды. Осы секілді “ж”, “с” дыбыстарынан басталатын дыбыстық қайталаулар бар. Қайталаулар өлең құрылысының сапалық дең­ гейін көрсететін поэтикалық құралдардың біріне саналады. Поэмада эпифоралық және жай қайталаулар бой көрсетіп, ақын тапқырлығын аңғартады. Оған дастандағы “екен” сөзінен бітетін бірнеше шумақтар дәлел болады. Ақын поэмада әрбір көркемсөз бөлшегін барынша шынайылықпен қолдануға тырысқан. Әрбір көркем образды суретті етіп, сырлы сөздермен әсірелеу, баян­ дау, суреттеу тәсілдері арқылы дастанға енгізген. Мысалы: “қайғы-мұңның кесесі”, “садақтай ән зулат­ қан”, “сұр арман”, “өмірдің ақшамы”, “түн қанаты”, “махаббаттың жайнамазы”, “ынта гүлі”, “жапырақ­ сыз жыр”, “махаббаттың бағы”, “ібілістің етегі”, “шоқ жалған” ,“кәрі жын”, “ызың дүние”, “қайыңдар қанаты” және т.б. Проф. С. Негимовтің: “Поэзиялық образ алғырлықты, байқампаздықты, көрегенділікті, білімпаздықты қажет етеді”, — дегені [114] осы дас­ тандағы ақынның сөз саптауына айтылғандай. Қ.Бекхожин Ақан сері мұрасы жайында ғылыми мақала жазды. Онда дарқан даланың серісі атанған сұлулық пен іңкәрліктің, махаббаттың жыршысы — Ақан сері әндерінің нені аңсап, нені көздейтіні, нені меңзейтіні жайлы құнды тұжырымдар ұсын­ ған. Ақанды тек сезім құлы ғана емес, керісінше, ол — қыздың арулығын, адамгершілік қасиетін ардақтайтын, ақылы мен көркі үндес абзал арулар­ дың нарқын білетін, оны дәріптейтін адам деп атап

көрсетті. Ақан әндерінің тарихына, ішкі бояуларына талдау жасап, оның туындыларында “…шығыс сарыны, Науаи, Фирдоуси, Низами жырларының лебі” байқалады деп пікір айтты. Ақынның осы пікірін: “Араб, парсы үлгілерін көп оқыған ақынның шығыс әдебиеті жолын ұстап қалғаны даусыз”, — деп академик С.Қирабаев та растайды [82]. Қ.Бекхожин Ақтоқты мен Ақан арасындағы махаббатты жырлаған “Соңғы сайран” поэмасында мораль­ дық маңызды мәселеге тоқталып, философиялық тұжырым жасаған. Автор оқушыға үлкен ой тастай отырып, махаббат киесі ханды да, қараны да құр жі­ бермейді деген пікірге тоқтаған. Дастан мазмұнында ақын ұлтымызға тән “киелі махаббат” сөзінің та­ нымдық маңызын, тәрбиелік мәнін көркемдік-эсте­ тикалық сипатта ұғындырған. 2.3.3. “Әппақ-намә” дастанының тарихи сипаты және көркемдігі Қазақ ақындары нені жырламады? Олар айтпаған не нәрсе қалды? Ештеме қалған жоқ десек артықтау болар. Олар қоғам дамуы барысындағы сан алуан құбылыстар мен тарихи тақырыптарды, ұлттық дәс­ түр мен салт-сананың ізгі қасиеттерін, ғылым мен техника жетістіктерін, адам бойындағы жақсы, жаман белгілерді, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді және т.б. жайларды жырларына арқау етті. Соның ішінде тәтті де ащы арманды, ұшқыр да ұтымды қиял­ ды, аяулы да аянышты махаббатты жырламағаны аз. Ақынның махаббатты сәтті жырлаған туындылары­ ның ішіндегі биіктегі шынары — “Әппақ-намә” (1974) атты лиро-эпикалық поэмасы. Белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов: “Қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы — қа­ шанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы — адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре ар­ қауы жалғанбаған жерде адамзат санасынан ғасыр­лар

ғайып болып, тіпті, мыңжылдық жеңістер мен же­ ңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал жазушы адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да, тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен, поэмамен жамайды”, — деген екен [115]. О.Сүлейменов айт­ қан “тарихшы әрі адамзат зердесінің жоқтаушысы” қаламгерлер болса, “тарих жыртықтарын” жамапжасқаған қазақ поэмасының бірі — “Әппақ-намә” екені ақынның көзі тірісінде мойындалған болатын. Ұлы Низамиге арналған түрлі шығармалар бары белгілі. Ал “Әппақ-намә” — Низамидің қыпшақ қызы Әппаққа ғашық болып, өзіне жар еткенін, азғантай уақыт болса да екеуінің бақытты сәттерін, олардың ма­хаббаттарын жырға қосқан дастан. Дастан трагедиямен аяқталғанымен, автор поэманың өн бойында мәңгілік тақырыпқа айналған нәзік те батыл сезім — махаббатты дәріптейді. Қ.Бекхожин Шығыстың жеті алыбының бірі атаған ұлы Низамидің (Фирдоуси, Рудаки, Физули, Науаи, Хафиз) ғажайып поэмаларын аударып, соның лебімен ақындық қабілетін арттырып, шеберлігін шыңдай алды. Дүниежүзі классиктерінің асыл қазыналарын аударған кездерінде көп нәрсе үйренген ақын олардың жауһар жырларынан, өміршең өлеңдерінен рухани азық ала білді. Ақын соның нәтижесінде Низамидің “Жеті аруына” еліктеп жазған дастандарын “Жеті дастан” (1996) деп атап, жинақ етіп шығарды. Замандастарының арасында “археолог ақын”, “шежіре шешені” атанған Қалижан Бекхожиннің “Әппақ-намә” поэмасы формасы жағынан да, тілі жағынан да, композициялық құрылымы жағынан да өзгеше, жаңа туынды. Автор оны үлкен-үлкен төрт бөлімге бөліп, оларды бірінші, екінші, үшінші, төртінші хикая деп атаған. Әр хикаяның ішінде бірнеше тараулар бар. Ал тарауларда баяндалатын хикаялар мазмұнына сай аталған. Дастанның басы ұлы Низами ақынға Бекхожиннің мадақ жырынан бас­талады да, соңы Әппағынан айырылған Низамидің аза жырымен бітеді.

Дастан басында Низамидің ақындық құдіретіне табынып, оны “ғашықтардың жыршысы” деп бағалаған ақын оқырманды Низами поэзиясының құдіретімен, табиғи тазалығымен таныстырып, оған бірнеше шу­ мақтар арнаған. Мысалы: Билеген сөз ғаламын падишасың, Балқыттың дауа жырмен фәни тасын… Дәріптеп наз жүректің дағуасын, Табынтқан ғашықтардың қағбасын. Сипаттап жер қызының нұрлы жүзін, Пейіште күйіндірдің үрдің қызын [22]. Автор Низамиге сенің жырларың “ғашықтардың қағбасына” айналды, “Сен жырлаған сұлулардың сұлу­ лығы “үрдің қызынан” да артық болды деп, Низами жырларының құдіретін бүкіл мұсылман атаулы табынатын Меккедегі қасиетті “Қағба” тасына ұқсатады. Ал “үрдің қызы” о дүниедегі пейіште болатын сұлу­ лардың жалпылама атауы екені белгілі. Ақын тілінің шұрайлылығы, бейнелі сөз табу тапқырлығы осы жолдардан көрініп тұр. Низами бейнесін толық көрсету үшін ақын бірінші оның жырларын мадақтап, дастандарының тарихын сөз етеді. Сол сияқты Әппақ бейнесі де бірден көрінбейді. Ақын бірінші Әппақтың туған елін, Дешті қыпшақтың мекенін, табиғатын, салтын жырлайды. Жыр арасында ақын ежелгі қыман (құман) тілінің мәдени мұрасы — “Кодекс Куманикусті” де айтып, қыпшақтар Хазар айдыны (Каспий те­ңізі) мен Алтайдың арасын мекендеген деп топшылайды. Сөй­тіп, қыпшақтардың, көшпенділердің ежелгі сән-салтанатын, әдет-ғұрпын, тұрмысын, байлығын, батырлығын жырға қосады: Мекені қиыры жоқ жарты жаһан, Өжет ел жаудан бұғып тартынбаған. Алтайда тас қайраған найзалары, Азаудың суын шайқап жарқылдаған [22].

Қыпшақтың ен даласын, ұлан-ғайыр сахараның арғы-бергі шетін өлеңіне арқау еткен ақын, енді Әппақ қыздың сұлулығын, оның ататегін, қыр қызының өмір сүрген дәуренін, тұтқынға қалай түскенін баяндайды. Малы мыңғырған қыпшақ елінің ұл-қыздары ұлы даланың төсінде сайрандап, ойын-сауық құрып, қаннен-қаперсіз өмір сүріп жатты. Арасында сұлулығы елді тамсандырған Құтан батырдың қызы — Әп­ пақ та бар. Кешкілік қаракөлеңкені жамылып тұт­ қиыл­дан шабуыл жасаған қарақшылар малдың басы Бозай­ғырды жарып, қыр гүлі Әппақты олжалап кете барды. Келесі көріністе қарақшы Дәуқара тұтқынның баскиімін сыпырып алып, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Тұтқын — қыз. Ол — Әппақ. Сондағы қыз бейнесі мен қарақшының ойы: Уа, сұмдық! Жан болды бұл басқа қандай? Жарқ етті ай сәулелі ақша маңдай. Сусылдап өрім қара бұрымдары, Көздері шырақ жаққан тостағандай. Әйел ме? Көз арбаған не шайтан ба? Жылқышы? Қыр қызы ғой… Сол да таң ба? Жайнаған қараңғыда алтындай боп, Көрінді бұл жат сұлу сол сойқанға [22]. Тұтқын қыз қарақшыға көнбей, қанжарына жабысып өлтірмекші болады. Бірақ, әккі қарақшы оның ойын жүзеге асырмай, қол-аяғын байлап тас­ тайды. Әппақтың тұтқынға түскен қауқарсыз халін ақын: “Жауыз қол шеңгеліне алды қысып, Тұтылды қыпшақтың сол құралайы” деп суреттейді. Поэма­ ның бірінші бөлімі Әппақтың тұтқынға түсуімен аяқталады. Табиғаттың тілсіздігіне, үнсіздігіне күйін­ гендей болған автор бойындағы сол сезімді былайша жеткізеді: Зілдей түн, сұлық белде мызғып жатты, Бозайғыр дымы құрып, түзге батты.

Уа тәңір, жар бола гөр, тұңғиыққа, Даланың әлпештеген жұлдызы ақты… [22]. Тарауды бір-ақ шумақпен қорытындылаған ақын мұндағы табиғат болмысына философиялық астар беріп, табиғат пен адамды бір-біріне қосарландыра, байланыстыра отырып өзгеше сипаттайды. Бұл жерде жылқының өліміне, қыздың тұтқынға түсуіне куә — табиғат ғана. Табиғаттың сондай келеңсіз оқиғаға куә болғандығын автор оның қазіргі келбеті арқылы көрсеткен. Мұндағы “зілдей түн”, “сұлық бел” және оның “мызғып жатуы” үнсіздіктің, тілсіздіктің ай­ ғағын­дай әсер береді. Демі таусылған Бозайғыр да “дымы құрып” үнсіздікке бет алған. Ал Әппақтың тұтқынға түсуін “аққан жұлдызға” теңеген ақын оның ендігі тағдырын “тәңірге” тапсырады. Ақын дастанда тарау тақырыбын ашу барысында сөздік қорын молайтып, оның қолданылу аясын кеңейткен. Бір сөздің айналасына оның барлық қа­ сиет­терін ашу үшін теңеу, эпитет, метафора және т.б. көркемдеуіш әрі анықтауыш сөздердің алуан түрін қолдана білген. Мысалы, “қыр” сөзін ақын “дала” сөзінің синонимі ретінде көрсетеді де, оған “көн”, “құрғақ”, “бейбіт”, “құба”, “қыпша”, “саз” деген сын есімдерді қосып, сол сөздер арқылы қырдың та­ биғатын, сұлулығын, ондағы жағдайды танытады. Дастан мәтінінен “қыпшақ” және “жыр” сөзінің әр­ түрлі қолданысын байқаймыз. 1. ер

  1. ерлік

қалың қыпшақ

дана жыр

қырлы

тозған

ата

асыл Ақын “Екінші хикая” атты бөлімде әзірбайжан халқының үлкен шаһары — Гәнжінің сипатын, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағда­ йын, құж-құж қайнаған базарын, жалпы қаланың тыныс-тіршілігін суреттеген. Сондай-ақ ақын үлкен шаһарда қызу тірліктің ортасында жүрген жеке адам­

дардың, жануарлардың, басқа заттардың өмірінен хабар беріп, олардың ұлтына, шыққан, жасалған жеріне қарай қимыл-қозғалыс, кескін-келбет жасап, бейне бір ертегі секілді бейнелеген. Енді, ақын суреттеген бұдан сегіз ғасыр бұрынғы Қап тауының етегіндегі ежелгі шаһардың көрінісіне назар аударалық. Ғұламалар мұнда ағылған жырақтан, Руми жақтан, Бағдаттан, Ғирақтан. Айтысқан көп кимиягер, хакімдер, Зікір салған машайықтар — хатымгер. Тәрк болып фәнизаттан, сүюден, Аш күзендей сопылар көп сүмиген. Құмырсқаның илеуіндей базары, Құл саудасы бай мен бектің мазағы. Қырдан келген көшпенді бар аздаған, Курдтың нары жерін жоқтап боздаған. Тоғысады түрлі жұрттар сыры ұзын, — Әзірбайжан, армян және грузин [22]. Дастандағы осы үзіндіден-ақ қала сиқын анық байқауға болады. Мұндағы “Руми” — Византия, “Ғи­ рақ” — Ирак елдерінің бұрынғы атауы. Міне, осындай қам-қарекет өмір кешіп жатқан қала халқының ортасында Низами ақын да жүр. Оның ойы алай-дүлей, жан дүниесі аласапыран күй кешуде. Оған кінәлі — патша. Ол Низамиді сарай ақыны болуға, тек патша әулетін мадақтауға шақырған. Осы айтқанымды істесең, “әзір саған асыл бұйым нәзірім” деген болатын. Оған жауап ретінде ұлы шайыр түнеріп, “Мына патша саудаламақ болды-ау өнерді” деп қиналып, қиянатқа көнгісі келмей сарайдан шығып кете барды. Сондағы Низамидің толғаныс үстіндегі монологі: Маған алтын — ғазіз жырым бір айтым, Бояу емес сарайыңды сырлайтын. Даңқың бар ма сөздің мөрі түскендей, Ер емессің айбыны зор Рүстемдей. Мейлің менің бұл сөзімді айып ет, — Патшалардан аулақ жүрген ғанибет… Тор ішінде тақылдаған тотыдай, Сайратпашы шаһ алдында, уа, Құдай [22].

Мұндағы Рүстем — Фирдоуси “Шахнамасының” бас кейіпкері. Ал Низами басындағы жағдай сол кездегі ақындардың көпшілігіне тән болуы мүмкін жайт. Демек, дастандағы бұл көрініс бәлендей жаңалық емес. Бірақ ақынның нанымды ой қорытуы, сол ойын бас кейіпкердің ойы деп беруі — тапқырлық. Бір жағынан, мұны да әр қаламгерде болатын тәсілдердің бірі деп қарастыруға болады. Бірақ мұнда негізгі мәселе — ақын ойының қорытынды түйінінде, яғни танымдық-эстетикалық құдіретінде болып тұр. Бұл арада лирикалық кейіпкердің түсінігі, жүрек қалауы немесе ақын ойы мынадай шешім қабылдап қойған: бірінші — өнер сатылмайды; екінші — “сөздің мөрі” кез келген жанға арналмайды ; үшінші — “тордағы тотыдай” билік басында отырғандардың құлы ете көрме. Міне, бұл — Низамидің көркем бейнесі арқылы, ақын жасаған үш тұжырым. Бұл үш тұжырым — адал өнер иелерінің, қарапайым жандардың шынайы жүрек сыры секілді. Танымдық, тәрбиелік мәнімен адамзатты адалдық пен ізгілікке жетелейді. Отызға келгенше үйленбеген Низами қанша сұлу­ ды көрсе де, жүрегін ұғатын, сезімін түсінетін нәзік жанды әлі тапқан жоқ. Шаһар ішіндегі неше алуан шарапхананы, базарды аралап, іштей қайғыға бөгіп келе жатқан Низамидің көзі кенет бір қызға түсіп ке­ теді. Оның көркін ақын “қасы садақ”, “кірпігі жебе”, “ай бетті”, “қызыл шырайлы” деп суреттейді. Осындай сұлуды көрген шайыр оған ғазалдарын арнайды. Бұл жолдарды ақын әуелі Низами жырының бір жолынан бастау алып, әрі қарай жалғастырған: Қараңғыда айым болып күлімдеші бір сәтке, Жаным — түнек мен мүскіннен

түңілмеші бір сәтке. Ләззатымның бұлағындай дүбірлеші бір сәтке Алау басқан жүрегімді күнім деші бір сәтке. Пәруанадай арбап мені жүгірмеші бір сәтке, Әлдилейін құшағымда дірілдеші бір сәтке. Әй, Низами, сені қазір арбаса да бұл сұлу, Сиқырыңа мүфтала боп,

сүрінбеші бір сәтке [22]. Бұл шумақтарда шығыс поэзиясының үлгілері сақ­ талған. Мұнда ақын Низамидің сиқырлы ғазалдарына еліктеп, алғашқы жолды ұлы шайырдан алған. Мұнда ақын адам сезімінің жай-күйін, ішкі әлемнің арпалыс сәтін өзгеше құбылыс секілді бейнелей келіп, артынша бәріне дауа іздеп, оған шипа тауып, жүрек лүпілін орнына келтіріп отырады. Поэзиядағы бұл тәсіл ассоциация делінеді, академик З.Ахметовтің пікіріне жүгінсек: “…мұның өзі тапқырлық, әр нәрсенің, құбы­ лыстың арасындағы ұқсастық-жалғастықты көре білу ғана емес, ақынның өмірден алған әсерлерінің, ой-сезімінің бейнелілігі, суреткерлікке бейімділігінің де айғағы бола алады”, — дейді [32]. Осы шумақтар шығарманың композициялық қа­ сиетін айқындап, поэтикалық құралдардың бірі — қайталау тәсілінің эпифоралық түрімен жазылған. Оған дәлел — алғашқы жолдың соңы “бір сәтке” сөзі­мен бітсе, қалған үш шумақ та солай аяқталған. Шу­мақтарда дауыссыз дыбыстардың қайталануы да (аллитерация) бар. Кей жолдарда “ш” әрпі қай­ таланып, сөздердің әсер ету қуатын арттырған. Ақын поэмасының осындай айшықты тұстарын көре біл­ ген ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді: “Автор пайғамбар ақын Низами стиліне қаныққан, бояуларды мол тапқан. Оқырман оқи жөнелгеннен сүйініс сезіміне бөленеді де, қалай және қанша рет қайталап оқығанын аңдамай да қалады” [116]. Ендігі сөз — әмір-Саифтың тұтқынында отырған Әппақтың халінде. Тұтқын қыз асқан сұлу. Сол үшін де Дербенд әмірі оны шын жақсы көріп, қатты қызық­ты. Бірақ “даланың тағысы” ешкімді маңайына жо­латпады. Әмір-Саифтың қолын тістеп алған қызды әмір һарамға қосуға бұйрық береді. Мұндағы

һарам (гарем) — сұлу әйелдерді жинайтын сауықхана. Сондағы әмір-Саифтың сөзі: Ал мынау тағы қызды қос һарамға, Шалдуар тентектігін тастар онда. Бұрымын бұрап көндір ырқыма тез, Сұлу ғой, бірақ онша қас та қылма! [22]. Әмірдің осы бұйрығынан соң Әппақты һарамдағы көп әйелдің ішіне қосады. Жан-жағы толған торға түскен тотылар, шырғалаңға шарасыз шырмалған сұлулар. Жын ойнаққа әкелінген Әппақ әр күнді елін ойлап зарлаумен өткізіп, қиқар мінезінен танбайды. Ал әмірдің қызға деген құштарлығы арта түседі. Қыз бәрібір көнбейді. Оны ақын: “Өтті кез, көндікпеді ақ қыз әлі, Әркімнің сұм ләззатын тапқызбады” деп суреттейді. Ырқына көнбеген қызды әмір-Саиф құл базарына сатуға рұқсат етеді. Бұл жерде автор қоғамның жеркенішті сиқын ашық көрсеткен. Сондағы ойы — бұдан сан ғасыр бұрынғы іріп-шіріген көріністің осы уақытта да көп­ теген елдерді жайлап алғандығын, әлемнің кейбір елдерінің ішкі азғындауы (моральдық) осы жағдайдан басталатынын айтқысы келген. Сол себепті, қоғамның келеңсіз қасіретін көрсетуге батыл қадам жасап, ақын өз ұстанымын анық көрсетіп, һарам үйлерінің бетпердесін бейнелеген. Оны мына шумақтан аңға­ руға болады: Нәпсінің уын сепкен харамына, Құбылған жүз казинак қарауында. Мүскіндер гүлдей солып көзін сүзген, Қойылған бүкір әтек қарауылға [22]. Ақын поэманың көптеген бөлігін Низами мен Дербенд әмірінің кездесулеріне арнаған. Оған ұлы шайырдың әмір-Саифқа айтқандары және “Шебер Симнар туралы бәйіт”, “Ескі бейіттегі байғыз әңгімесі”, “Фирдоуси жайындағы бәйіт” дейтін тараулар арнаған. Қ.Бекхожин бұл тараулардың барлығында да адам мен қоғам, байлық пен кедейлік, тоқтық пен аштық,

ізгілік пен қиянат, қастық пен достық, тойымсыздық пен қанағат секілді жағдайларға философиялық ой қорытулар жасаған: Шын сырыңды шертер болсаң досыңа, Бүркелеп айт, ақ жарылып жосыма. Сазды тартсаң, сақтана бас пернесін, Бір ырғағың сырыңды ашып бермесін... Әміршінің артық мадақ сыйынан, Уа, жасаған, сақтай гөр деп сиынам... Шын ақын әкімдерге бас ұрмайды, Айтады ақиқатын жасырмайды... [22]. Сонымен, құл базарына сатылуға әкеткелі тұрған Әппақты Низами Әмір-Саифтан қалап, сұрап алады. Ақын оны текке алмайды. Патшаны мадақтап жыр оқып, атақты ғашықтық туралы дастандарын айтып, сол еңбегіне тиеселі қымбат заттардың орнына алады. Осы екі аралықта автор “Низамидің тұтқын қызға назы”, “Әппақ сөзі” атты көптеген шумақтар қосқан. Оның барлығында да ақын Низами мен Аппақтың бірбіріне деген махаббатын дәлелдірек, нақтырақ көрсету үшін жазған. Сөйтіп, Низами Әппақты тұтқыннан босатып, өзіне адал жар етеді. Екеуі Қап тауының етегінде өмір сүреді. Мұхаммед атты ұлдары болады. Бірақ қатал тағдырдың үкімі бойынша екеуінің бақытты шақтары ұзаққа созылмайды. Низами әмірдің кезекті шақыруымен шаһарға кеткенде, жер сілкінісі болып, Әппақ қаза табады. Ажалға араша ешкім де, еш нәрсе де болып көрмеген. Қайғы мен құсаға белшесінен батқан ұлы ақын соңынан баласын ертіп жүріп Әппағын тау басына жерлейді. Соңынан дедектеді жас ұланы, Ыршыған ыстық жасы басылмады. Әппақтың жан азасын жырмен айтып, Бейітке қойды биік асудағы [22].

Әппағынан айырылған Низами өлгісі келеді, бірақ ажал келмейді. Ол қалған өмірінде жан жары — Әп­ паққа арнап жыр жазады. “Өлді менің Шахрезадам” (“Мың бір түн” ертегісіндегі дана қыз) деп күңірен­ ген Низами “Хұсрау — Шырын”, “Ләйлі—Мәжнүн” дас­тан­дарын Әппақтың аруағына арнады-мыс дей­ ді деректерде. Дастан жөнінде ғалым С.Негимов: “...Көшпелілер тарихын жетік білетіндігі һәм Фирдоуси, Науаи, Жәми, Қожа Хафиз, Низами шығар­ маларының рухын, сырын болмысына терең ұялат­ қандығы бұл шығарманың мінсіз мүсінделуіне шексіз әсер еткен. Дастан бастан-аяқ көркемдік сұлулыққа бөленген” [117]. Біріншіден, дастанда бейнеленген пейзаждың өзінде сан алуан бояу бары соншалық, бейне бір сол табиғаттың аясында өзің жүргендей сезінесің. Әрбір тал, жапырақтар, тау мен тас, аққан өзен, алма ағашы мен құрма ағашы, мәуесі сыңсыған бақтар — бәрі көкейіңдегіні дөп басып, көңіліңді аулайды. Айна­ лаңда тұнып тұрған табиғаттың бөліктері өзіңмен сөй­ лескендей, сырласқандай, тіпті, арманы бір жандардай мұңын шағып күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгімеге көшеді. Дастанды оқығанда, саналы жанға салиқалы сыр айтып отырған ақынның өзінің шынайы сыры екенін бірден ұғасың. Оқушының ойын шартарапқа сүйреген, өмірге деген құштарлығын арттырған бұл құдірет ақын талантының шарықтау шыңы секілді. Екіншіден, поэзиядағы басты көркемдіктің бел­ гісі — ұйқас. Ұйқас жөнінде Мырзабек Дүйсенов: “…белгілі бір ойды бейнелі түрде жеткізуде ұйқастың атқаратын міндеті де өте зор”, — деген болатын [118]. Ен­деше, негізгі айтар ойды өтімдірек, әдемірек етіп жеткізу үшін бейнелі сөздерге әдемі ұйқас керек. Поэзия екібастан ұйқастан тұрады, ұйқассыз поэ­ зия болмайды. Бірақ сол алуан түрлі ұйқастарды әр ақын өзінше қолданады. Бұл — олардың стильдік ерекшелігінің бірі.Ұйқастың өзі де бірнеше түрге бөлі­ нетіні мәлім. Мәселен, тарихи эпостарды жырлаған

жыршылар немесе ақын-жыраулар екі түрлі ұйқасты пайдаланған. Бірі — он бір және жеті, сегіз буынды қара өлең ұйқасы /а а б а/, екіншісі — он бір және жеті, сегіз буынды егіз ұйқас /а а б б/. Бұл турасында Қ.Жұмалиевтің еңбегінде нақтырақ жазылған [77] . Қ.Бекхожиннің “Әппақ-намә” дастанындағы ұйқас түрлеріне назар аударсақ, шығарманың өн бойында ақын ұйқастың төрт түрін кезек-кезек пайдаланаған. Бірінші, бірыңғай он-он бір буыннан тұратын егіз ұйқас /а а б б/. Бұл ұйқастар осы дастанда тек қос тармақтан ғана тұрады. Мысалы: …Сүй/сін/дім ға/зе/лің/е сы/ры те/рең, (11) а Жыр/лар/ын ма/хаб/бат/тың қы/зық кө/рем. (11) а Тол/ға/шы ға/шық/тар/дың мұң-дас/тан/ын, (11) б Бал/қы/сын мен сияқ/ты сыр/лас/тар/ың. (10) б Бақ/шы/ла ма/ған із/гі мә/зір жыр/ды, (11) а А/сы/рам се/нің ар/тық қа/дір/ің/ді… (11) а Міне, осылай жалғасып, қос-қостан, яғни егіздеп кете береді. Жалпы өлең өлшемдерінде бұл ұйқастың кейде үш тармақтан тұратыны да кездеседі. Екінші — бірыңғай он-он бір буыннан тұратын қара өлең ұй­ қасы /а а б а/. Бұл ұйқас түрін өлең өлшемдерін зерт­ теушілер ақсақ ұйқас деп те атайды [4]. Бұл ұйқас түрлері дастанда бірқалыпты тек төрт тармақтан құралған. Мысалы: Ә/ке/сі ай/бы/ны зор/ ба/тыр Құт/пан, (11) а Жау/ де/се жа/ны қай/сар, ба/тыр жұрт/тан. (11) а Ша/қыр/тып князь/ о/ны кет/кен е/ді, (10) б Көп/ бол/ды, о/рал/ма/ды сол/ жор/ық/тан (11) а Үшінші — он бес буыннан тұратын шұбыртпалы ұйқас /а а а а а а/. Мұның тармақтары төрттен алтыға дейін. Бұл поэмада көп кездеседі. Мысалы, бір ғана тармағын алсақ, “Құш/тар көз/дің мон/шақ жа/ сын, нұр/ым де/ші бір/ сәт/ке” (15) деген жолдар қай­талана береді. Төртінші — сегіз буыннан тұратын шалыс ұйқас та /а б а б/ көп қолданылған. Бұл ұйқас түрін қазір әртүрлі атап жүр (кезекті ұйқас, айқас

ұйқас). Поэмадағы бұл ұйқастар тек төрт тармақпен үйлесім тапқан. Аталған өлең өлшеміне мысал дастанда өте көп ұшырасады. Мынау соның бірі ғана: Жи/һан/гер/дің жа/са/ғын/дай, (8) а Жы/рым жер/де ше/гер ай/бат. (8) б Қып/шақ/тар/дың а/сау/ын/дай, (8) а Шы/ған/дар/дан шық/қан ай/дап (8) б [22]. Поэмадағы буын, тармақ, ұйқас түрлері осымен шектелмейді. Ара-арасында сирек кездесетін ерікті ұйқастар /а б в г а в г б/ (кейде аралас ұйқас дейді) және қаусырма ұйқастар /а б б а/ (кейде қапсырма) да кездеседі. Дастанда қазақ поэзиясында көп кездес­ пейтін ұйқастың бірі — аттамалы ұйқас /а в а г а д/ ғана жоқ. Ақын осы ұйқас түрлерін орынды пайдалана отырып, айтар ойын нақты әрі әдемі жеткізген. Сонымен, бұл ақынның қазақ поэзиясындағы өлең өрімдерінің дамып, жетілуіне қосқан зор еңбегі екені даусыз. Қазақ өлеңінде кездесетін шумақтар, тармақтар ондағы бунақ түрлері, олардың ұқсастық­ тары жөнінде А.Байтұрсыновтың еңбегінде тарата айтылған [119]. Поэзияның қадір-қасиеті оның көркемдігінде, эстетикалық күш-қуатында, эмоционалдық әсерық­палында екені белгілі. Бейнелі сөздер арқылы көп сөзді жинақтап, әсерлеп, оны өлең жолдарымен жеткізу — поэзияның құдіреті. Бір шумақпен немесе екі-ақ жолмен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне жауап беру де — осы өлеңнің қасиеті. Поэзияның осы қасиетін арттыратын, әрбір жазылған өлеңнің бағасын белгілейтін — оның тілі. Бұл жөнінде Рабиға Сыздықо­ ва былай деген еді: “Поэзия тілі дегеніміз — поэтика­ лық образдың тіл арқылы берілуі” [120]. Ендеше, ақын тілінің шұрайлылығын, дастанның көркемдігін арттырып тұрған — бейнелеу құралдары. Соның бірі — поэзияның жүрегі саналатын метафоралар. Поэмада­ ғы метафорларды жүздеп санауға болады. Мысалы: “фәнидің тасы”, “жүректің дағуасы”, “ғашықтардың

қағбасы”, “шер толқыны”, “жырдың бағы”, “аспан­ ның алдаспаны”, “жырдың құт ұясы”, “сөз бұлбұлы”, “фәнидің шамы”, “махаббаттың бейбағы”, “қасіреттің суыртпағы”, “жүректің сынықтары”, “мейірдің кең күмбезі”, “үміт жапырағы”, “шер жасағы”, “азаптың жемісі”, “жырдың лағылдары”, “жырдың өрмектері”, “жүрегінің тұсауы”, “аспанның қабы”, “бақыт көлі”, “ғұмырымның ақшамы”, “ақыреттің мінбесі”, “махаббаттың дұғасы”, “жортуылдың құрығы”, “мұң тұманы”, “қиялдың қақпасы” және т.б. жатады. Поэмада орынды қолданылған сипаттамаларды (эпитет) молынан ұшыратуға болады. Олар белгілі бір атау сөзге, яғни ұғымға (жанды, жансыз) нақты сипат беріп, сол сипат берген бейнелі сөз арқылы ақынның сөз өнеріндегі өрелі өрісін байқатады. Мысалы: “жұмбақ жұрт”, “ай тұяқ”, “долы бұлт”, “кең өлең”, “шуда бұлт”, “ақ сойыл”, “көмір сақал”, “түн теңіз”, “күншіл кеуде”, “ай бет”, “күңгірт мекен”, “дуа­на ақын”, “шымыр тіл”, “түнек үй”, “қанат қалам”, “қара сұм”, “қатал құдай”, “кәрі бұлбұл” деген сөз тіркестерін ақын барынша мағыналы қолдану­ ға тырысқан. Поэмадағы теңеулерге үңілсек, ақын күнделікті кездесетін қарапайым теңеулерге көп жол бермеген. Шығыс поэзиясына тән, араб-парсы сөздерін мейлін­ ше көп қолданып, бейнелеу құралдарының есебінде, теңеу ретінде пайдаланған. “Қайралып зүлфуқардай қауырсының” деген өлең жолы бар. Мұнда ақын Ни­ замидің қаламын “зүлфуқарға” теңейді. Бұл жол­ дардағы “Зулфуқар” — Мұхаммед пайғамбардың төрт сахабасының (Әбубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әли) ең кішісі — Әзіреті Әлидің екі басты қылышы. Ақын Низами қаламын киелі сахабаның қасиетті қаруына теңеп, мол мағына сыйдырған. Сонымен бірге “елһам” — қазақша “аян”, “медет” деген,“мазлұм” — “өмірден таяқ жеген адам”, “зұлымдыққа ұшыраған адам”, “мүфтала” — “күйіну”, “хатымгер” — “құранды бастан-аяқ жатқа айтатындар”, “хурият” — “еркін­

дік”, “пәруана” — “көбелек”, “дағуа” — “салт”, “пітнә” — “пәлеқор”, “шаһбазым” — “тарланым”, “жаһил” — “діннен безген, дінсіз” деген теңеулер өте көп кездеседі. Поэмадағы теңеулердің негізі ұлттық және ді­ ни ұғымды көбірек аңғартады. Ұлттық ұғымды білдіретін теңеулерге: “күй ескендей”, “шекпендей”, “сәуегейдей”, “тостағандай”, “аш күзендей”, “тотыдай”, “жебедей”, “күркедей”, “киіктей”, “қыл жібіндей”, “қалыңдықтай”, “Ніл суындай”, “құрма талдай”, “ұршықтай”, “әңгелектей” және т.б. жа­ тады. Діни ұғымды бідіретін теңеулерге: “пай­ғам­ бардың пырағындай”, “пейіштегі жыр-думандай”, “аждаһадай”, “жұмақтай”, “дәруіштей”, “диуанадай”, “зәмзәм судай”, “хор қызындай”, “ма­шайықтай”, “әулиедей” және т.б. сөздерді атауға болады. Сонымен қатар дастанда кейіптеу, деталь, символ, меңзеу (синекдоха) секілді бейнелеу құралдарының барлығы дерлік орын алған. Оған: “Күмбездері жасыл көкті тіреген, Айшығына ай қонақтап түнеген” немесе “Ай мен күннің тылсымын да түсінген, Жұлдыз нұрын жиһаздарға түсірген” және “Тұрғандай бір хор қызы мен періште, Осы сарай ұқсап кетті пейішке” деген [22] құбылтудың бір түрі — әсірелеуге, айшықтау­ дың бір түрі — дамытуға арналған жолдар дәлел бола алады. Ақын бұл дастанында әлемдік поэзияға тән эстети­ калық ұғым-түсініктердің бірі — космосимволдарды сәтті пайдаланған. Олай дейтін себебіміз, шығарма мәтінінде аспан шырақтарының атаулары жиі кез­ деседі. Қаламгер оны табиғаттың тылсым сырын ашу үшін емес, ұлттық әдет-ғұрыпты, тәлім-тәрбиені және кейбір этникалық жағдаяттарды ұғындыру мақсатында қолданған. Қазақ халқының аспан дене­ лері (космогондар) жөніндегі ұғым-түсініктері туралы Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ә.Марғұландар ғылыми ең­ бектер жазған.

Ақын аспан денелерінің ішінде жұлдыз (нұр жұл­ дызы, әлпештеген жұлдызы, көктен аққан жұлдызға, жұлдыз нұры, шоғыр жұлдыз) бен айды (асқан айдай, ай тұяқ, ай сәулелі, қырдың айы, айдай түн) көп қолданған. Утарид (меркурий) — шығыс ұғымында аспан құпиясын жазып отыратын періште және Зуһра — махаббаттың, ғашықтардың жұлдызы сана­ латын аспан шырақтарын да өлеңіне өрнек еткен. Поэзиядағы мұндай космогониялық таным-түсініктер Шәкәрім өлеңдерінде жиі кездеседі. Ақынның “Шын сырым” атты өлеңінде: 1. Күн батып жоғалды 2. Үркер мен Таразы Нұрыңнан ұялып. Шашылды шашуға. Жұлдыз бен ай қалды Шолпан да қарады Сәулеңнен нәр алып. Мауқын бір басуға.

Жетіқарақшы айналып Темірқазық арқандап Сені іздеп жүр…

Қосбозатын... — деген [121]. Мұнда Шәкәрім көңілдің сырын, шат­ тық сезімді қазақы болмыспен аспан денелері ар­ қылы сәтті тудыра алған. Осы секілді алуан түрлі өлең жолдарын іздесең, әр ақыннан табуға болады. Оның барлығы халықтық таным-түсініктің, сұлу­ лықты көре білген, түсіне білген эстетикалық көз­ қарастың күрделілігін байқатса керек. Осының өзінде Қ.Бекхожин қолтаңбасының тағы бір сыры ашылған тәрізді. Қазақ поэзиясында космосимволдарды же­тік пайдалаған ақын — М.Жұмабаев. Оған ақын шы­ ғармашылығын зерттеушілердің еңбегі дәлел [122]. Жалпы космосимволдар Е.Раушанов, С.Нұржанов және т.б. ақындардың өлеңдерінде жиі кезде­седі. Сонымен қатар Қ.Бекхожин бұл поэмасында ға­рыштық иллюзияның жалпылама атауы “аспан” сөзін де бір­ неше мәрте қолданып, дастанның көркемдік-эстети­ калық мәнін арттырған. Дастанда “Махаббат ғадауатпен майдандасқан”, “Саусағымды жайдым Айға” секілді жолдар бар. Мұны Абайды қайталау деу орынсыз. Себеп, екеуі де шығыс ғұламаларының шығармаларына жас кезде­

рінен қа­нық. Бұл — сол жайдың бір белгісі іспеттес. Сонымен бірге “Әппақ-намәның” кейбір сөздері Мағ­ жанның “Шын айт” деген өлеңінде де ұшырасады. Оған себеп, екі ақынның да махаббатты жырлауында. Демек, ой ұқсастығы, сезім, таным, түсінік үндестігі болуы заңдылық. Салыстырып көрелік, Мағжан ақын: “Сен — бір шам, айнала ұшқан мен — пәруана” (көбелек) десе, Қалижан ақын: “Пәруанадай арбап мені жүгірмеші бір сәтке” дейді. Пәруанаға Мағжан жігітті теңесе, Қалижан қызды теңейді. Бір-біріне қарама-қарсы тұрғыда қолданылса да, бұл арада екі ақынның ойы, айтары бір. Бұл — үндестік (гармония). Бұл — поэзия тылсымы, негізі шығыс поэзиясында. Бұл туралы Т.Шапай: “…көбелек — шығыс поэзиясында ғашықтық сезімнің ежелгі символы”, — дейді [76]. Поэмада Әппақтың тарихи тұлғасын көркем сөз­ бен кестелеген ақын оның сұлулығын, мінезін, ісәрекетін, ақыл-парасатын да сәтті суреттеген. Автор Әппақ бойына Шығыс сұлуларына тән барлық жақсы қасиеттерді жинақтай отырып, оны ақылды, сауатты және махаббатқа берік жан, баласына аяулы ана ретінде үлгі қылып, туған жеріне, ұлтына, дініне, тіліне деген асқақ сезімінің, сарғайған сағыныш оты­ ның мәңгі сөнбегенін айтады. Қ.Бекхожин Әппақтың көркем бейнесі арқылы оқырманды, яғни қазақ қыз­ дарын намысты, арлы, абыройлы, жігерлі, адал, өз ұлтымызға тән тәрбиелі болуға үндейді. Автор ойының негізі де, поэманың идеялық құндылығы да осы. Дастанның тағы бір ерекшелігі — ақын әрбір оқи­ғаны, ситуацияны, эпизодты тарихи деректерге сү­йене отырып, сол дәйек-деректерден ұзамай, тарихтан көп ауытқымай көркем схеманы дұрыс сыза білген. Ақынның осы жетістігін ғалым А.Егеубаев: “Тарих шежіресін, тарихи фактіні жыр дүниесінде игеруге келгендегі Бекхожиннің творчестволық лаборатория­ сы кең, табысы мол. “Әппақ-намә” дастаны — осы саладағы елеулі белес”, — деп бағалаған [123].

Қазақ әдебиетінде Низами мен Әппақтың махаббатына арналған “Әппақ-намә” дастанынан соң, Ғ.Мүсірепов “Қыпшақ қызы Аппақ” атты поэма жазды. Оны автордың өзі “драмалық поэма” деп атады. Бұл шығарманы жазушы жасы ұлғайғанда жазды да, көп кешікпей қайтыс болып кетті. Поэма мәтіні рес­ публикалық журналда бір-ақ рет жария­ланды [124]. Содан соң бірде-бір рет басылмады. Дегенмен шығарманың қолжазбасымен таны­ сып, оған ғылыми тұрғыдан баға берген проф. М.Ба­ зарбаев еді. Ол өз естеліктерінде Ғ.Мүсіреповпен жақын араласқанын айта отырып, дастанды “операға арналған либретто” деп бағалаған. Жазушының ұсы­ нысы бойынша сын көзбен қараған ғалым мынадай сыни пікірлер білдірген: “Либретто шыққан. Уақиға құрылысы, тіл бейнелеу жай мүлтіксіз… Аяқталуы да заңды. Бір-екі ой: 1) Даңғаздың ғашықтығы солғындау. Қолға түскендегі ісі де іс емес — қарындасын сатып кетуі ездік; 2) Аппақ қолға түсіп Хакімге келген сәт — кульминация. Осы жерде біраз оқиғалар болса; 3) текст жолдары ылғи біртектес буында сияқты көрінді…” [125]. Ғ.Мүсіреповтің “Қыпшақ қызы Аппақ” атты дас­ таны — драмалық поэма. Себебі, пьеса толығымен өлеңмен жазылған. Өлең сөзімен жазылған пьесалар жанр бойынша драмалық поэмаға жатады. Бас кейіпкер — Аппақ пен Низами және Қыпшақ бегі — Даңғаз және т.б. Жалпы пьесада тоғыз кейіпкер бар. Олардың көпшілігі Аппақ пен Низами махаббатына қарсы кейіпкерлер. Бірінші пердеде Аппақ, Аппаққа ғашық жігіт — Даңғаз бейнесі көрінеді. Ол қыздың жақын туысы. Даңғаз өзінің Аппаққа туыс екенін де ұмытқан. Бәрібір қыз оны сүймейді әрі жақыным деп ойлайды: …Еліміздің ескі салты, Бұзбай келген қазақ халқы — Жеті атаға жетпей тұрып

Қыз алыспау, қыз беріспеу, Байласқан серті, беріскен анты [124]. Аппақтың аузына осы сөзді салған автор, жасы ұлғайған шағында өз көкейінде жүрген, тәрбиелік маңызы ғасырларға жеткен, ұрпақ өсірудегі халқы­ мыздың мыңжылдық тәжірибесін (эксперимент) ұсынып, оны келер ұрпаққа жаңартып, жаңғыртып жеткізуді мақсат тұтқан тәрізді. Сонымен, соғыста қыпшақтар жеңіліп, дербент­ тіктер елді шауып, қыздарын тұтқындап алып кетеді. Ішінде Аппақ та бар. Аппақтың сұлулығына таңғал­ ған хакім Жаффар оны алтын сарайға әкеліп, небір әдемі киімдер, асыл бұйымдар береді. Оның бәрінен де бас тартып, алтын сарайды қораға теңеген Аппақ былай дейді: … Адам түгіл малын да Қыпшақ Қамаған емес қораға. Қамауға түскен қыз не болмақ? Көңілі сөнген, бәріне көнген күң болмақ [124]. Аппақтың бұл сөзінде шынайы шындықтың ізі жатыр. Қыздың осы сөзінен-ақ қазақ халқының ен далада, жайлауда өткен бұрынғы өмірі көз алдыңа келеді. Әрине, қазақ даласында түрме, қызхана, сауықхана түгілі, мал қора болмағаны шындық. Автор сол кездегі екі халықтың ішкі саяси-қоғамдық, әлеуметтік сырсипатын салыстыра отырып, өзі өмір сүріп отырған қазіргі замана кейпіне де сын көзбен қарағанға ұқ­ сайды. Демек, жазушы өз көкейіндегі, ойындағы бір сырдың ұшқынын кейіпкерінің сөзі арқылы екінші рет желіге қосып, фразеологиялық стильмен баяндаған. Қызханаға қамалған Аппақ ондағы қыздарды бас көтеруге ұйымдастырып, еркіндікке ұмтылған батыр-қыз бейнесінде суреттеледі. Оның бұл ісінен қорқып, көзін жоймақ болады. Ақылды Аппақ одан да құтылып, ақыры Низамиге қаламақы орнына сыйға беріледі. Ұлы шайыр сұлудың қайдан келгенін, ататегін сұрайды. Сонда Аппақ қыз былай дейді:

— Атым — Аппақ, Елім — Қыпшақ. “Мың қыстау”, “Мың бұлақта” туған жерім, Бірін қыс, бірін жазда жайлайды елім, Үш теңіз, он екі өзен төңірегі Біздің жер осы ғана мен білерім [124]. Аппақ қыздың бұл сөзінен нені көруге болады? Көргеніміз — Қазақстанның таза географиялық кар­ тасы. Үш теңіз: Каспий, Арал, Балқаш. Он екі өзен: Еділ, Жайық, Ембі, Ойыл, Сыр, Іле, Ертіс, Нұра және т.б. Ал Аппақтың туған жерін жазушы “Мың қыстау”, “Мың бұлақ” деген. Бірнеше ғасыр өткен оқиғаға нақты дерек келтіру, әрине, қиындау. Десек те оқиға Каспий теңізінің маңындағы Қап тауында өткендіктен, оған қазақ жерінің ең жақыны — Маңғыстау деген ойынан туған болу керек. Ал “Мың­ бұлақ” — Атырау облысындағы елді мекен. Драмада Низами Аппақпен осындай жағдайда табысады. Бұдан әрі поэмада екеуінің махаббаттары ғана жырланған. Дастанда көркемдеу тәсілдері жоқтың қасы, тартыс та жоқ. Десек те, шығарманың ең негізгі көркемдік сипаты — драмалық психологизм. Жазушы психологиялық талдау, яғни жан дүние диалектикасын ашу қағидаларын бірінші орынға қойып, талдауларды, тартыстарды тек қана диалог арқылы көрсеткен. Бұл — драмалық шығармаларға тән ғана тәсілдер. Екі шығарманы салыстыра айтар болсақ, кейіп­ керлер, оқиғалар ортақ. Сол себепті сюжет те ұқсас. Дегенмен махаббат сезімін тебірене толғаған бұл туындылардың желісі ұқсас көрінгенімен, ондағы ке­ йіпкерлердің сезім дүниелері, автордың суреткерлік қырлары, жалпы көркемдік даралығы бөлек те өз­ ге­ше. Себебі, шығармаларда ғашықтық хикаяларды баяндайтын шығыстық сарындар әртүрлі мотивтер­ мен берілген. Поэмалардың негізгі ерекшелігі — авторлар махаббат психологиясын жеке алып қа­ рас­тыр­ған. Махаббаттың эмоциялық құдіретін, күнделікті тіршілік ауқымынан шығып кететін

ерекше, дара құбылысқа, оқшау жағдайға теңеген. Бұл мәселе — авторлардың тақырыпты терең ашып, оған мәдени-психологиялық, этнопедагогикалық, философиялық мән-мағына беруін көрсетеді. Оның негізі — ұлттық рухты, жалпыадамзаттық болмысты жоғары көтеру. Ғ.Мүсірепов пен Қ.Бекхожиннің ли­ рикалық кейіпкерлері — оптимист, қанша қиындық көрсе де, келер күннен ешқашан үмітін үзбейді. Сол үміт жібі арқылы арман-мұраттарына біртіндеп жетеді. Авторлардың поэтикалық эмблемасы айқын. Ол — Махаббат пен Достық. Олардың айналасындағы бір­ ліктер — Сезім мен Сенім, Бостандық пен Еркіндік. Олар осындай ізгі мұраттарды моральдық-этикалық, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан таныта, ұғындыра алған. Шектеулі арман-мұрат саналатын — махаббатты идеал тұтқан авторлар өздерінің рухани ірілігін, адами қасиеттерінің ізгілігін, парасат-пайымының биіктігін анық байқатқан. Осы екі шығарма жөнінде проф. М.Базарбаев былай дейді: “Так же, как драматическая поэ­ма Г.Мусурепова “Дочь Кипчака Аппак”, дастан Х.Бекхожина “Аппак-наме” является большим художественно-эстетическим достижением казахской литературы последнего времени” [126]. М.Базарбаев зерттеуінде [126] Низами шығармала­ ры хақында да маңызды мәселелер сөз болады. Ға­ лым Темірғали Нұртазин де Низамидің өмірі мен шығармаларына зерттеу жүргізген. Онда ғалым: “Ға­ сырлар өткенде, ол қайда” деп сұрар келе­шек ұрпақ. Сонда менің өлеңімнің әрбір жолы: — Мен мұндамын? — деп жауап берер?” деп жазған еді Низами. Ұлы гуманист жаңылған жоқ: данышпан шығармалары арқылы ол ғасырларды аттап өтіп, халықтармен бірге жасап келеді”, — деп қорытынды жасаған [127]. Қазақ кеңес әдебиетінде Низамидің атақты бес дастанына (“Сыр қазынасы”, “Құсырау—Шырын”, “Ләйлі—Мәжнүн”, “Ескендірнама”, “Жеті ару”) жеке-жеке тоқталып, олардың танымдық, тағылымдық маңызын, тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен, жазылу

тарихын, жанрлық түрленуін зерттеген ғалым Нығмет Ғабдуллиннің “Низами және оның бес дастаны (хамсасы)” атты зерттеуінің маңызы ерекше зор [128]. Монографияның аталған тараушасында Қ.Бек­ хожиннің үш көлемді поэмасы негізгі нысанға алынды. Ақынның “Мариям Жагорқызы” дас­танының екі нұсқасы жөнінде ғылыми-зерттеу жүргізе отырып, дастанның нұсқаларындағы айырма-өзгешеліктер айтылды. Дастанның екінші нұсқасы неге жазылды? деген сауалға жауап іздеп, оған қолда­ғы дәйекдеректерге сүйеніп тұжырым жасалды. Сонымен бірге дастанда кездесетін фольклорлық сарындардың қазақ ауыз әдебиетінің бастау көзі ретінде көрініс беруіне поэмадан нақты мысалдар алып, ойымыз жет­ кілікті түрде дәлелденді. Жалпы дастандағы оқи­ ғаларға, кейіпкерлердің психологиясына ұлттық сана тұрғысынан анализ және синтез жасалынды. “Соңғы сайран” поэмасының негізгі сюжеті — Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббаттың қайғылы аяқталуына арналған. Ондағы оқиғалардың негізгі шешімдері мораль мәселесі болып табылады. Сол се­ бепті де өз көзқарасымыз ұлттық тәлім-тәрбие тұр­ғы­ сынан пайымдалды. “Әппақ-намә” дастанындағы негізгі мәселе де — ынтық сезім, ыстық махаббат. Ұлы ақын Низами мен қыпшақ қызы Әппақтың арасындағы махаббат қайғылы аяқталса да, кейінгі ұрпаққа санғасырлық тәлім-тәрбиелік маңызы барлығына тоқталдық. Жұ­ мыста олар азғана бақытты сәттерге жету үшін сон­ шалықты күреске толы көп уақыт кеткендігіне баса назар аударылды.

Қорытынды Көркем әдебиеттің поэзия жанрында өзіндік қол­ таңбасын қалдырып, әдебиетіміздің қанаттанып, көр­ кеюіне зор үлесін қосқан ақын Қалижан Бекхожин — туған халқының тарихи тұлғаларын, дәуір тудырған үлкенді-кішілі оқиғаларды, әр кезеңнің өзіне лайық бейнелерін, заманның қоғамдық-саяси өзгерістерін шебер де өткір тілмен жырлаған. 30-жылдардан бастап әдебиет майданына араласқан Қ.Нұрғожаұлының шығармашылық кезеңі тек өрлеу, даму үстінде болып, ол поэмаларында өзі өмір сүрген қоғамның дамуындағы өмір шын­дық­ тарын шына­йы және тұспалдап бейнелеген. Соның нәтижесінде ақын шығармашылығы сол қоғамның даму сатысымен бірге қосыла дамыған. Өмірдің күні мен түнін, жарығы мен қараңғысын, қызығы мен қиы­ нын, шуағы мен аязын қатарластыра, қосарландыра жырлаған ақын шығармашылығы тек үздіксіз ілгері жылжуда болған. Осындай тынымсыз даму, үздіксіз қозғалыс арқасында ақын туындыларындағы ұлттық тәрбие, жалпыхалықтық дүниетаным мәселесі мен тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық көзқарасы ұл­ ғайып, яғни логикалық қамту ауқымы да кеңейген. Еңбектің бірінші бөлімін “Қ.Бекхожин поэмалары­ ның зерттелуі және тарихи-тақырыптық сипаты” деп атап, ақын поэмаларын тарихи-тақы­рыптық сипатына, қоғамдық-әлеуметтік маңызына, көркемдікэстетикалық қуатына қарай топтастырып, үш тарауға бөлдік. Тараулар туындылардың әдеби, қоғамдық-сая­си маңызына байланысты әрі ақын шы­ғармашылығы­ ның эволюциясы мен идея­лық-эмо­циялық қарымқаты­насына, алған бағыт-бағ­дарына (тенденция) орай, бірнеше тараушаларға бөлінген. Бірінші бөлімнің “Орман қызы” поэмасындағы образ жасау және типтендіру мәселесі” деген тарауында “Орман қызы” поэмасындағы образ жасау, оны типтендіру мәселесіндегі ақынның ерек­шелігі сараланып, прото-

тип пен автор ара­сындағы байланыстың объективтік, субъективтік жақтары талданды. Поэманың өзіндік ерекшеліктері санамалап көрсетіліп, негізгі тарихи сипатына баса назар аударылды. Ақынның ән, күй құдіретін түсіндіру мақсатында қолданылған көркем сөздері сызба ар­қылы берілді. Дастандағы этнографиялық бояулар, те­ңеулер мен символдар, психологиялық параллелизмдер нақты-нақты мысалдармен көрсетілді. Поэманың бұрын талас тудырған жанрлық сипаты анықталды. “Қ.Бекхожин поэмаларындағы патриоттық идея және азаматтық әуен” атты екінші тарауды тақырып­ тың ішкі мазмұны мен ақын шығармашылығының эволюциясына байланысты екіге бөліп, зерттеу объек­ тісіне бірнеше поэмаларды топтастырып, талдау жасалды. 1. Ақынның Азамат соғысына арналған шы­ғарма­ лары сөз болды. Бұған ақынның “Кек”, “Кремль сақ­ шысы”, “Ертіс хикаясы”, “Дала комиссары” атты поэ­ ма­лары енді. Тарауда аталған дастандардың саяси-қоғамдық маңызы бүгінгі күн тұрғысынан талданып, ғылыми баға берілді. Сол тұстағы жорықтардың, күн көсемнің, оның идеясымен қаруланған және сол идеяны жақ­ таған азаматтардың көркем образын ақын қалай жырлады? Кімді жазды, кімді жаза алмады, нені айтты, нені айта алмады? Қандай тарихи бейнелерді шынайы немесе тұспалдап жеткізді? Осы секілді сауалдарға дәлелді дәйек-деректермен жауап беріліп, ғылыми тұжырымдар жасалды. “Кек” поэмасындағы көркем бейнелер, лирикалық шегіністер, монологтер тек тарихи фактімен ғана жазылғандығы анықталды. “Кремль сақшысының” құрылымдық жүйесі, поэма мазмұны мен идеясы “Сақшы” атты А.Тоқмағамбетовтің поэмасымен салыс­ тырылды. Поэмалардың айырма-өзгешеліктері туралы ғылыми пікір берілді. Ақын 1916 жылғы патша жарлығының қазақ еліне тигізген кесірін жеткізу үшін екі деталь қолданып, оған философиялық ой қорытулар

жасап, өзінің ақындық және азаматтық көзқарасын анық байқатқаны анықталды. Екі үлкен мәселені (саяси-этникалық және шекара) арқау еткен Қ.Бекхожиннің “Ертіс хикаясы” дастаны тұңғыш рет өзіне лайықты бағасын алды. Дастандағы басты образ — Кәрімнің ұлты үшін “ұлтшыл” атанған азаматтардың типтік бейнесі екендігі деректік негізде дәлелденді. Поэма­ның әдеби сипатымен бірге саясиқоғамдық маңызы да зерттелініп, бүгінгі саяси мәселе­ лермен салыстырылды. Қ.Бекхожиннің көлемді тарихи-эпикалық “Дала комиссары” атты поэмасы тарихи тұрғыда жаңаша бағаланды. Дастан кейіпкерлері Кеңес өкіметінің құр­ баны болған Ә.Бөкейханов Т.Әлниязовтардың есімін халық жадында қалдыру мақсатында ақынның үл­ кен еңбегі ғылыми негізге сүйене отырып бағаланды. Олардың көркем бейнелеріне тарихи және теориялық талдау жасалды. Ақынның эпикалық поэма жазудағы шеберлігі тұтас бір мектепті құрайтындығына баса назар аударылды. 2. Отан соғысына арналған шығармаларға талдау жүргізу барысында “Александр Невский”, “Жиыр­ ма сегіз”, “Ақын кегі” атты поэмалары зерт­теу объектісіне алынды. “Александр Невский” поэ­ма­ сындағы көркемдік ерекшеліктер сараланып, дас­ тан идеясының негізгі сырына мән берілді. Поэма Ә.Тәжібаевтың “Толғау” атты дастанымен салыстырыла зерттелініп, екі поэ­маға да ғылыми баға берілді. Ал “Жиырма сегіз” дастанындағы тарихи шын­ дық пен көркемдік шындықтың арасындағы кө­ мес­кі құжаттарға, фактілерге зерттеу жүргізілді. Мерзімді баспасөздердегі, әр жылдары жарық көрген зерттеулердегі, кейбір құжаттық негіздегі мақала­ лардағы көптеген шындықтың беті ашылып, соның нәтижесінде поэма ғылыми әрі тарихи бағасын алды. Поэмадағы “ұлттық мінез” мәселесі нақты мысалдармен, ғылыми пікірлермен дәлелденді.

“Ақын кегі” — поэманың толғау-реквием жанрына жататыны теориялық жағынан сараланып, ондағы ақынның философиялық ой иірімдері Абайдың, А.Бай­тұрсыновтың, М.Жұмабаевтың даналық сөз­ дерімен салыстырыла зерттеліп, ақын ойының жеке интеллектуалдық қасиеті бағамдалды. Сонымен бірге поэманың тарихи сипатына баса назар аударылып, Қ.Аманжоловтың “Абдолла” дастанымен салыстырылып, ғылыми пікірлерге сүйене отырып жаңа тұжы­ рымдар жасалды. Соғыс жылдарында туған шығармалардың негізгі мақсаты — жауды жеңу, жеңісті жақындату. Ал со­ғыс біткен соң жазылған туындылардың негізгі ойы өткенді тарих беттерінде таңбалап, келер ұрпаққа тастап кету болды деген қорытынды жасалды. I бөлімнің үшінші тарауы “Тарихи шындық және замандас бейнесі” деп аталады. Ғалым Б.Майтанов: “Ақын үшін тақырып — өмірдің өзі, оның қуанышшаттығы мен қасірет-мұңы, арманды асулары мен кез­деспей қоймас еңіс, ойпаттары, үмітті болашағы” — дейді [30]. Демек, тақырыптың көбі — өмірдің өзі. Қ.Бек­хожин осы тақырыпты тереңірек ашу мақсатын­ да екі көлемді поэма жазған. Бұл тараудың ең ма­ ңызды әрі өзгеше жері — жазылған екі дастан­ның ішкі мазмұнында ақынның өзі кейіпкерлерімен біте қайнасып, бірге жүрген. Кейбір қиын да қызық сәт­тер аралас, алма-кезек көрініс берген. Бір сөзбен айтқанда, бұл тарауда талданған екі шығармада да автор өмірінің кейіпкерлер өмірімен тығыз қарым-қатынасының шынайы келбеті анық көрініс берген. Бұл дастандар — “Тұрлаулы тағдыр” және “Сұңқар туралы жыр”. Еңбекте “Тұрлаулы тағдыр” (Ақан Ақтаев) поэма­ сының екі нұсқасы туралы, екінші нұсқасының жазылу себебі жөнінде тиянақты зерттеу жасалынып, олардың айырма-өзгешеліктері санамалап көрсетілді. Поэма — тоталитарлық жүйенің қыспағы мен Кеңес өкіметінің қысымшылығын көрген жандардың өмірі,

олардың басынан өткен қилы тағдырларын шынайы бейнеленуімен құнды. Жұмыста дастанның сол құн­ дылықтары толықтай зерттелініп, әрбір эпизодқа, көрініске талдау жасалды. Дастандағы тартыс, ша­ рықтау шегі, сюжеттің шешілуі, көркемдік шешім және т.с.с мәселелер теориялық тұрғыда талданып, одан құнды қорытындылар шығарылды. “Сұңқар туралы аңыз” атты дастан автордың өз өмірімен қиюластыра жазылғандықтан, әдеби көр­ кемдікпен бірге таза дерекке сүйеніліп зеттелінді. Бас кейіпкер — Сәкенді автордың алғаш және соңғы көргені тарихи фактімен дәлелденді. Ақынның поэ­ ма­ны жазу барысында психологиялық параллелизм, сим­волдық бейнелеу тәсілдерін пайдаланғаны анық­ тал­ды. Және бұл көркемдік компоненттерді дастанның өн бойында үздіксіз қолданғаны туралы нақты-нақты мысалдармен дәйектеліп, тұжырымдар берілді. Дастан Ә.Тәжібаевтың “Монологтер”, А.Тоқ­мағамбетовтің “Ақын тағдыры” поэмаларымен салыс­тыра зерттелі­ ніп, ғылыми тұрғыда бағаланды. Еңбектің екінші бөлімі “Қ.Бекхожин поэ­мала­ ры­ның көркемдік, стильдік ерекшелік­тері жә­не ұлттық таным ” деп аталған. Екінші бөлім үш тараудан тұрады. Бірінші тарау “Батыр Науан” поэ­ масындағы азаттық идея және тарихи тұлға­лар­дың көркем бейнесі” деп аталып, ақынның көп жылдар бойы саяси астарына байланысты жарық көрмеген аталмыш поэмасы зерттеу нысанасына алынды. Бұл поэ­маның ерекшелігі — дастанның өн бойынан 26 жасар авто­рының өзіне тән ұлттық мінезінің мен мұндалап тұруы. Оны поэмадағы ақындық “меннің” бітіміненақ анық байқауға болады. Суреткердің неғұрлым талабы мықты, таланты күшті болса, ұлттық мінезі де соғұрлым танылатынына осы поэма дәлел. Әдебиеттегі ұлттық сипат, ұлттық мінез туралы ғалымдар ұзақ жылдардан бері зерттеп, ғылыми қорытындылар жасап, пікірлер айтып жүр. Солардың бірі орыс ғалымы Д.Лихачев: “Ұлттық мінездің, ұлттық даралықтың бар екендігін жоққа шығару — халықтардың өмірін

көңілсіз және көріксіз ету деген сөз”, — деген екен [129]. Ғалымның осы сөзі “Батыр Науан” поэмасы­ның тақырыбына, мазмұны­на, идеясына, жарыққа шы­ғу тарихына және т.б. сипатына берілген секілді. Тарау­ дың негізгі құндылығы — 30 шумағының табылуы және ақын өмірбаянының кей­бір талас тудырып жүр­ген кезеңінің архивтік құжат­тармен дәлелденуі. Қорыта айтсақ, поэма тарихи деректермен, болған оқиғамен шынайы үйлесім тапқан. Хан Кененің қаһарлы айбыны мен жас Науанның көзсіз ерлігі көркемдік-эстетика­лық тұрғыда суреттелген. Автордың негізгі идеясы — азат­ тық. Көздегені — елді сатқындықтан сақтандырып, алауыздықтан алыс­татып, ұлттық тұтастыққа, бірлікке шақырып, ұр­пақты ұлтжандылыққа ұйыту. Жұмыста осы айтыл­ғандардың бәріне ғылыми сараптаулар жасалып, нақты деректер көрсетілді, теориялық талдаулар жасалып, ақын стилі зерттелінді. “Ақсақ құлан” поэмасындағы дәстүр жалғастығы, ақын шеберлігі және нұсқалары туралы” деген тарау­ да поэманың Ілияс дәстүрін жалғастырудағы үле­ сі анықталды. Ол ақынның өз сөзі және ғалымдар пікірлері арқылы дәлелденді. Кеңес дәуірінің алғаш­ қы кездерінде қазақ поэзиясында І.Жансүгіровтің “Күйші”, “Құлагер” поэмалары өнер адамдарының бейнесін жасауға арналғаны белгілі. Бұл поэмалар сюжетті поэмалардың ең жоғарғы биігі, жаңа белесі, тамаша үлгісі болғаны да анық. Поэма жанрын да­ мытуда Қ.Бекхожин қосқан үлес, өзіндік өрнек ғы­ лыми тұжырымдармен, нақты мысалдарымен анық көрсетілді. Сонымен бірге дастанның екі нұсқа­сы­ ның негізгі айырмашылықтары туралы ғылыми пі­ кір­лер берілді. Дастандағы ақын қолданған сөз­дер лек­сика-семантикалық тұрғыда топтастырылып, ономасиологиялық бірліктерге жіктелінді. І.Жан­ сүгіровтің “Күйші” поэмасымен тақырыптық тұрғыдан салыстырылып, ұлттық ұғымға сай баға­ланды. Жалпы поэманың әлеуметтік маңызының зор екендігі анықталып, ол ғалымдар пікірімен дәлел­ден­ді.

Екінші бөлімнің үшінші тарауы “Ақынның лироэпикалық поэмалары” деп аталып, онда басты-басты үш поэма зеттелінді. 1)“Мариям Жагорқызы” поэ­ масына тоқталып, тарихи шындық пен көркемдік шындықтың үйлесім табуы, дастандағы фольклор­ лық сарындар жөнінде жүйелі зерттеу жүргізіліп, дәйек-деректер­мен дәлелденді. 2) “Соңғы сайран” поэмасының бас кейіпкері — Ақан серінің соңғы өмірі жөніндегі аңыз бен ақиқаттың көркем туындыда қалай бейнеленгені жөнінде ғылыми сараптаулар жасалынды. 3) “Әппақ-намә” дастанына тұтастай поэ­тикалық талдау жасалынды. Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” драмасымен, І.Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасымен салыстырылып, ақынның ана­литикалық тәсілді шебер меңгергендігі анықталды. Сол себепті поэмада қолданған бейнелеу құралдары (метафора, теңеу, символ, литота, гипербола, синекдоха, ұйқас және оның түрлері) жеке-жеке талданып, мысалдар арқылы көрсетілді. Осы үшінші тараудың негізгі басты ерекшелігі— жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудегі ақын поэмала­ рының ықпалы зор екендігі ашық айтылды. Соның ішінде қазақ қыздарының табиғи келбетін, киелі саналатын махаббат мәселесінің құдіретін, өмірдің нәзік құбылыстарын Қ.Бекхожин үлкен психологиялық, педагогикалық, философиялық сипатта жырлап, оны ұлттық болмысты жоғары дәрежеге көтеру мақ­сатында жазғандығы жөнінде ғылыми топшылаулар жасалып, ғалымдардың ой-пікірлерімен дәлелденді. Поэмаларға тарихи және теориялық талдаулар жасалынды. Ойымызды қорыта келе зерттеуге байланысты ту­ ған пікірімізді ортаға салсақ, әдебиеттану ғылымында поэма жанрының ішкі жанрлық, түрлік сипаты әлі анықталып бітпеген. Күні бүгінге дейін поэмалардың бізге белгілі тарихи-эпикалық, сюжетті-эпикалық, лиро-публицистикалық, лирико-философиялық, ли­ ро-эпикалық, драмалық эпика, аңыз, хикая негізінде­ гі эпикалық поэма, символикалық, романтикалық

және т.б. көптеген түрлері бары анық. Оның ішкі композициялық, мазмұндық ерекшеліктеріне қарай арнау-поэма, естелік-поэма, поэма-монолог, поэмаочерк, поэма-диалог, поэма-хат, поэма-реквием жә­ не т.б. деп бөліне береді. Жанр табиғатының осындай құпия сырларының әсерінен болуы керек, ол ғылымда түбегейлі зерттелініп біткен жоқ. Оған басты себеп, жанр әлі даму үстінде және дами беретіні де анық. Ақынның көркем шығармалары санымен емес, көркемдік мәнімен анықталып, өз бағасын алған. Қ.Бекхожин поэмалары шыншылдық сипатымен ай­ қындалып, көркемдік-эстетикалық маңызымен ел­ге танылған. Ақынның шеберлік құпиясы табиғат көрі­ нісін тамаша суреттеу арқылы қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүріне орай жазылған тарихи оқиғалар мен аңыздарға құрылған дастандардың ішкі құрылымында жатыр. Ақынның оқырманға кеңінен таныс шығарма­ла­ рында авторлық ұстанымы айқын байқалып, кейіп­ кер бейнесін сомдауда эстетикалық, этикалық, фило­ софиялық критерийі анық көрінген. Қорыта келгенде айтарымыз, бұл сөз болған ой — Қа­ лижан Бекхожиннің телегей теңіз мол қазынасының тамшыдай ғана бір бөлшегі.

Пайдаланылған әдебиеттер 1. Исмаилов Е. Сын мен шығарма. А.: ҚМКӘБ, 1960. 2. Ақылдың кенi (Құраст.: Қ.Жарықбаев). А.: Қазақстан 1991. 3. Уәлиханов Ш. Толық шығармалар жинағы. А.: Жалын. 4. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А.: Мектеп, 1973. 5. Белинский В.Г. Собрания сочинений. Москва: Худо­ жествен­ная литература, 1982. 6. Қабдолов З. Жебе. А.: Жазушы, 1986. 7. Қабдолов З. Арна. А.: Жазушы, 1988. 8. Ибрагимов Т. Өлең өрісі. А.: Жазушы, 1979. 9. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі. А., 1958; Қазақ совет әдебиетінің тарихы, І-кіт. А., 1967; Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971; М.Қаратаев, Т.Нұртазин, С.Қирабаев. Қазақ совет әдебиеті. А., 1971; Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. А., 1973; Қазақ әдебиетінің тарихы (Кеңес дәуірі 1941—1956). А.: ҚАЗақпарат, 2004; Қазақ әдебиеті: Оқулық, 7-сынып. А.: Атамұра, 2012. 10. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. (Құраст.: Ә.Нарым­ бетов). А.: Жазушы, 1970. 11. Қирабаев С. Талантқа құрмет. А.: Жазушы, 1988. 12. Бекхожин Қ. Өлең өткелдері. А.: Жазушы, 1986. 13. Бекхожин Қ. Жеті дастан. А.: Жазушы, 1966. 14. Кәкішұлы Т. Сәбең әлемі. А.: ҚАЗақпарат, 2000. 15. Қирабаев С. Өнер өрісі. А.: Жазушы, 1971. 16. Сводный список (изданий, запрещенных к обращению в библиотеках общественного пользования и книготорговой сети). Алма-Ата, 1953 (ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында). 17. Исмаилов Е. Жаңа белеске. А.: ҚМКӘБ, 1962. 18. Бекхожин Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1 том. А.: Жазушы, 1982. 19. Нарымбетов Ә. Қалижан Бекхожин творчествосы. А.: Жазушы, 1983. 20. Мәмбетов Ж. Жұбан Молдағалиевтың ақындық шеберлігі. А.: Қазақ университеті, 2002.

  1. Тоқтаров Р. Жыр тынысы. А.: Жазушы, 1967. 22. Бекхожин Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 3 том. А.: Жазушы, 1984. 23. М.Әуезов Жиырма томдық шығармалар жинағы. 19 том. А.: Жазушы, 1985. 24. Базарбаев М. Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы. А.: Жазушы, 1973. 25. Бекхожин Қ. Мамырстан. А.: Жазушы, 1970. 26. Бейсембаев С. Ленин және Қазақстан. А.: Қазақстан, 1969. 27. Мұқанов С. Қазақтың ХVІІІ—ХІХ ғасырдағы әдебие­ тінің тарихынан очерктер. 2-басылым. А.: Арыс, 2002. 28. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. А.: Ана тілі, 1991. 29. Нарымбетов Ә. Уақыт шындығы — көркемдік кепілі. А.: Жазушы, 1989. 30. Майтанов Б. Сөз сыны. А.: Ғылым, 2002. 31. Бекхожин Қ. Дала комиссары. А.: ҚМКӘБ, 1961. 32. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі (Құраст.: З.Ахме­ тов, Т.Шаңбаев). А.: Ана тілі, 1998. 33. Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық шығармалар. 2 том. А.: Жазушы, 1991. 34. Жұртбаев Т. С.Мұқанов тағылымы. А., 1989. 35. Бөкейханов Ә. Шығармалары. (Құраст.: М.Қой­гел­ диев). А.: Қазақстан, 1994. 36. Базарбаев М. Заман тудырған әдебиет. А.: Ғылым, 1997. 37. Нарымбетов Ә. Қалижан Бекхожин. А.: Рауан, 1993. 38. Спан Ә. Тобанияз. Ақтау, 1995. 39. Сариев І. Қанды ойран (тарихи очерктер). А.: Жазушы, 2001. 40. Сариев І., Омаров М. Ойрандалған адай даласы (хикая). А.: Атамұра, 1995. 41. Мәжитов М. Тобанияз. Алматы: Өлке, 2003. 42. Қара А. Мұстафа Шоқай (өмірі, күресі, шығарма­ шылығы). Түрік тілінен аударған Г.Шадиева. А.: Арыс, 2004.
  1. Тілепов Ж. Сәттіғұл ақын толғауларына алғы сөз. // Маңғыс­тау (облыстық газет), 1995 жыл 25 қазан. 44. Сыдиықұлы Қ. Сарқылмас қазына. А.: Жазушы, 1996. 45. Есенжанов Х. Ақ жайық. 3-кітап. А.: Жазушы, 1988. 46. Жангелдин Ә. Революция от-жалында. А.: Жазушы, 1959; Жангелдин Ә. Документтер мен материалдар. А.: Жазушы, 1975; //“Жаңа Өзен” (қалалық газет). 1993 жыл 6 сәуір; Спан. Ә. Жалау Мыңбайұлы. Алма­ты: Информ-Арна, 2000; Қапашев Л. “Банды” Аманғали ісі. А.: Арыс, 2004. 47. Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 том. А.: Жазушы, 1978. 48. Серікқалиев З., Серікқалиева Э. Ақыл таразысы. А.: Жазушы, 1976; Қамбаров Қ. Ерлік эпосы. А.: Жазушы, 1979. 49. Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. Алматы: Білім, 2000. 50. Кривицкий А. Москва түбіндегі қарауыл (Орысша­ дан аударған Қ.Әбілдаев). А.: Жазушы, 1972. 51. Қойшыбаев Б. Алқызыл белгіге адалдық // Өркен. 1988, 25 июнь; Куманев Г. Ошибка писаря //Вечерняя Алма-Ата. 1989. № 107(3). 52. Жақыпбекова М. “Жиырма бес” және “Ер туралы жыр” дас­тандары //ҚазМУ хабаршысы. Филол. серия­сы 2000; Назым Хикметтің “Панфиловшылар” поэмасы //Ұлт тағылымы, 2001; Жиырма сегіз панфиловшылар ерлігін суреттеген поэмадағы көркемдік ізденістер //Ізденіс. 2001. 53. Жақыпбекова М. Дубосеково торабында болған тарихи оқиғаға қатысты кейбір деректер. //ҚазМУ хабаршысы. Филол. серия­сы, 2003. 54. Бекхожин Қ. Дәстүр және жаңашылдық. А.: Жазушы, 1969. 55. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы: Жазушы, 1986. 56. Байтұрсынов А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы: Алаш, 2003.
  1. Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989. 58. Аманжолов Қ. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 том. Ал.: ТОО “Тенгри”, 2001. 59. Әбдірахманова Т. Қ.Аманжоловтың поэтикасы. А.: Ғылым, 1976. 60. Ыбырайым Б. Отызыншы жылдардағы қазақ поэзия­ сы (Оқу құралы). А.: Көмек, 2001. 61. Бекхожин Қ. Поэзия Махамбета // Казахстанская правда, 1937. 11 август. 62. Жәмішев Ә. Жыр жанары. А.: Жазушы, 1970; Нәжімеденов Ж. // Жұлдыз, 1970. 63. Қабдолов З. Сөз өнері. А.: Қазақ университеті, 1992. 64. Өтемісұлы М. Төрт томдық академиялық жинақ (Құраст.: Ахметов. З., Егеубаев А., Раев Қ.). 1 том. А.: Ғылым, 2003. 65. Бекхожин Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 2 том. А.: Жазушы, 1984. 66. Шашкин З. Алты томдық. 6 том. А.: Жазушы, 1979. 67. Исмакова А.С. Возвращение плеяды. А.: Ғылым, 2002. 68. Қирабаев С. Революция және әдебиет. А.: Жазушы, 1977. 69. Ысмайылов Е. Әдебиет жайлы ойлар. А.: Жазушы, 1968. 70. Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. 3 том. А.: Жазушы, 1974. 71. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. А.: Алаш, 2003. 72. Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. 2 том. А.: Жазушы, 1979. 73. Тоқмағамбетов А. Төрт томдық шығармалар жинағы. 2 том. А.: Жазушы, 1983. 74. Бердібаев Р. Биік парыз. А.: Жазушы, 1980. 75. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. А.: Принт, 2001. 76. Шапай Т. Шын жүрек — бір жүрек. А.: Жазушы, 2000. 77. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. А.: ҚМОПБ, 1964. 78. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1 том. Алматы, 1948; Тарихи жырлар. 3 том. А.; Ғылым, 1996.
  1. Қайырбеков Ғ. Алыс та жақын жағалаулар. А.: Білім, 2001. 80. Зайкенова Р. Батырлық пен ақындық мәңгі мирас // Дала (халықаралық журнал). 2001. 81. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат. Фонд Х.Бекхожина. Р-2023; 676д; 1914 (1931—1980 г.г.). 82. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. А.: Ғылым, 2001. 83. Бекхожин Қ. Батыр Науан (поэмадан үзінді). Тарту (жинақ). 1940. 84. Бекхожин Қ. Батыр Науан //Жұлдыз, 1990. 85. Бекхожин Қ. Батыр Науан //Қазақ әдебиеті. 17.05.02. 86. Бекхожин Қ. Батыр Науан (поэмадан үзінді) // Екпінді (Семей облыстық газеті). 22.10. 1940. 87. Досбай Ж. Қалижан Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасы­ның заңды жалғасы //Қазақ әдебиеті, 20.09.02. 88. ҚР Орталық ғылыми кітапханасы. П.1328. №1, 2, 3. 89. Бекхожин Қ. Кенесары мен Наурызбай (Қ.Бек­хо­жин­ нің әдеби мұрасынан) // Егемен Қазақстан, 29.05.02. 90. Ақжолтай Ағыбай батыр (жинақ). (Құраст.: А.Ісімақова, С.Сәкенов). А.: Ғылым, 2002. 91. Елеукенов Ш. Мағжан мен Мұхтар Кенесарыны неге дә­ріптеді? //Абай (республикалық журнал), 1998. 92. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. А.: Жалын, 1997. 93. Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. А.: Жалын, 1992; Кенесарина Н. Кенесары хан және оның ұрпақта­ры. Кітапта: Кенесары Қасымұлы (Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары). Алматы, 2003. 94. Қайырбеков Ә. Филол.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайын. автореф. Алматы, 2004. 95. Қазақ ССР тарихы. А., 1957; Ерзакович Б.Г. Песенная культура казахского народа. Алма-Ата, 1966; Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968; Қазақ совет энциклопедиясы. Алма-Ата, 1974. Т. 5; Жұбанов А. Ән-күй сапары. А., 1976.
  1. Қасқабасов С. Жаназық. А.: Аударма, 2002. 97. Әбілев Д. Өткен күнде белгі бар. А.: Жазушы, 1997. 98. Ардақ (ән-күй туралы көркем шығармалар жинағы) Құраст.: Серік Негимов. А.: Өнер, 1989. 99. Жансүгіров І. Құлагер А.: Жазушы, 1974. 100. Егеубаев А. Сөз жүйесі. А.: Жазушы, 1985. 101. Фадеев А. //Правда. 1947 жыл, 30 маусым. 102. Бекхожин Қ. Мариям Жагорқызы. А.: ҚМКӘБ, 1950. 103. Кәдімгі Сәбит Мұқанов. (Құраст.: С.Шаймерденов, Қ.Ер­гөбеков). А.: Жазушы, 1984. 104. Мұқанов С. Өсу жолдарымыз. А.: ҚМКӘБ, 1960. 105. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 18 том. А.: Жазушы, 1985. 106. Қайыңбаев М. // Жұлдыз, 1992. №2. 107. Өлеңім — өмірім (жинақ). А.: Білім, 2004. 108. “Жұлдыз” журналы, 1983. №2; Қазақ әдебиеті, 1987 жыл 8 май; Егемен Қазақстан, 2003 жыл 22 қаңтар. 109. Нұрқатов А. Идея және образ. А.: ҚМКӘБ, 1962. 110. Құнанбаев А. Екі томдық шығармалар жинағы. 2 том. А.: Жазушы, 1986. 111. Мүсірепов Ғ. Драмалық шығармалар. А.: Өнер, 1982. 112. Мұстафин Ғ. Ой әуендері. А.: Жазушы, 1978. 113. Ысмағұлов Ж. Ғ.Мүсірепов туралы тоғыз толғам. А.: Қазақстан, 2002. 114. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейне­ лілігі. А.: Ғылым, 1991. 115. Сүлейменов О. Сөзстан (жинақ). А.: Жалын, 1987. 116. Әлімбаев М. Уақыт және қаламгер. А.: Жазушы, 1982. 117. Негимов С. //Алматы ақшамы, 2004 жыл 29 қаңтар. 118. Дүйсенов М. І.Жансүгіров. А.: Ғылым, 1965. 119. Байтұрсынов А. Ақ жол. А.: Жалын, 1991. 120. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.: Ана тілі, 1993. 121. Құдайбердиев Ш. Шәкәрім шығармалары. А.: Жазушы, 1988.
  1. Елеукенов Ш. Мағжан. А.: Ғылым, 1995.; Қанар­ баева Б. Жырымен жұртын оятқан. А.: Ана тілі, 1998; Ысқақұлы Д. Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған. А.: ҚАЗақпарат, 2004. 123. Егеубаев А. Уақыт және қаламгер (жинақ). А.: Жазушы, 1981. 124. Мүсірепов Ғ. Қыпшақ қызы Аппақ (драмалық поэ­ ма). //Қазақстан әйелдері, 1983. 125. Базарбаев М. Ғ.Махмұдұлы жайында есте қал­ғандар. Кі­тап­та: Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер. А.: Білім, 2004. 126. Базарбаев М. Казахская поэзия: художественные искания. А.: Жазушы, 1995. 127. Нұртазин Т. Шеберлік туралы ойлар. А.: Жазушы, 1968. 128. Ғабдуллин Н. Уақыт сыры. А.: Жазушы, 1981. 129. Лихачев Д. Избранные работы в 3-х томах. Т.2. Ленинград: Худож. лит., 1987.

Мазмұны Кіріспе...............................................................................3 1. Қ.Бекхожин поэмаларының зерттелуі және тарихи-тақырыптық сипаты.......................................15 1.1. “Орман қызы” поэмасындағы образ жасау және типтендіру мәселесі...................................................19 1.2. Қ.Бекхожин поэмаларындағы патриоттық идея

және азаматтық әуен..................................................31 1.2.1. Оқиғалар шындығы және ақын көзқарасы....................32 1.2.2. Соғыс туралы поэмалардағы көркемдік ізденістер..........70 1.3. Тарихи шындық және замандас бейнесі........................90 1.3.1. “Өткел кешкендерге ескерткіш…”................................91 1.3.2. Сәкен Сейфуллин бейнесі.......................................... 104 2. Қ.Бекхожин поэмаларының көркемдік, стильдік ерекшеліктері және ұлттық таным........................... 120 2.1. “Батыр Науан” поэмасындағы азаттық идея және

тарихи тұлғалардың көркем бейнесі......................... 122 2.2. “Ақсақ құлан” поэмасындағы дәстүр жалғастығы, ақын шеберлігі және нұсқалары туралы................... 142 2.3. Ақынның лиро-эпикалық поэмалары......................... 161 2.3.1. “Мариям Жагорқызы” поэмасындағы фольклорлық сарындар мен ұлттық таным және поэма нұсқалары жөнінде................................................. 161 2.3.2. “Соңғы сайран” поэмасындағы тарихи шындық және мораль мәселесі ...................................................... 177 2.3.3. “Әппақ-намә” дастанының тарихи сипаты

және көркемдігі...................................................... 186 Қорытынды.................................................................... 208 Пайдаланылған әдебиеттер.............................................. 216

Ғылыми-көпшілік басылым Досбай Жібек Бекіманқызы Қалижан БЕКХОЖИН ПОЭМАЛАРЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ Редакторы А. Төлепбердинова Көркемдеушi редакторлары А. Ақыл, Ж. Болатаев Техникалық редакторы И. Тарапунец Корректоры Р. Көшкінова Компьютерде беттеген И. Алмабаева Баспаға Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң № 0000001 мемлекеттiк лицензиясы 2003 жылы 7 шiлдеде берiлген ИБ № 3799 Басуға 22.10.13 қол қойылды. Пiшiмi 84х1081/32. Офсеттiк қағаз. Қарiп түрi “MM Mekteptik”. Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 11,76 + 0,42 жапсырма. Шартты бояулы беттаңбасы 25,62. Есептiк баспа табағы 9,68 + 0,38 жапсырма. Таралымы 2030 дана. Тапсырыс № “Мектеп” баспасы, 050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй. Факс.: 8(727) 394-37-58, 394-42-30. Тел.: 8(727) 394-41-76, 394-42-34. Е-mail: mektep@mail.ru Web-site: www.mektep.kz

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙