Камелия
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жангелді Немеребаев
ЖАНГЕЛДІ НЕМЕРЕБАЙ
«КАМЕЛИЯ» лирикалық өлеңдер жинағы
КАМЕЛИЯ Ақ қардың арасында тауда көшкен, Тап-таза шаң-тозаңнан аулақ өскен. Камелия дейтұғын гүлді көріп, Бір сәтке айырылып қалғам естен. Көп гүлдер көркіне оның тең келмеген, Керімсал неткен сұлу мен көрмеген?! Сағағы самал желмен ырғалғанда, Менің де жүрегімде тербелді өлең. Арудай алатұғын күліп қарсы, (Кейпіңнен кербезденген сыр ұқсамшы) Көзіндей жәудір қыздың мөлдіреген, Жапырақ жанарыңда тұнық тамшы. О,Камелия! Жаралған ерек мөлдір, Сезіміңмен жанымды қоректендір. Жетер ме екен өзіңе,бекер ме әлде, Саған дейін сан түрлі мен өпкен гүл?!. Қайықсыз қасіретті кешіп ерен, Шер жұтып,мұңға батты-ау есіл өлең. Сәбиін жүрегімнің жұбатайын, Өмірге өкпе артамын несіне мен. Сыйласқан артта іні,алдымда аға, (Еркелікпен сайран да салдым дара) Кей-кейде түсірсе де шырғалаңға Түсінікпен қарадым тағдырға да. Достықтың өлкесінде өрісі кең, Таныдым тілектесті көп ішінен. Қас қылған дұшпанға да кектенбедім, Құндырақ өмір маған сонысымен. Қиялмен мініп талай ерттеп елік, Сезіммен түстім қанша өртке келіп. Махаббат машахаты жеңе алмаған, Ақын едім сүю мен сертке берік...
БІР БЕЙНЕ... Жүректе бір сезім гүлдей ме? Жанымды кернейді жыр кейде. Әйтеуір күндіз де,түнде де, Көзімнің алдында бір бейне. Сол бейне ерекше мүсінді, Ескексіз еселер күшімді. Өзіне ынтызар еткізіп, Ілгері жылжытқан ісімді. Ол енді өлшеусіз көлемі, Бақытқа жанымды бөледі. Өлеңнің шыңына сол бейне, Жалықпай жетелеп келеді. Есімнен тандырған,сүйдірген, Жүректі жандырған күйдірген. Өмірдің ақпенен қарасын, Бір ғана тағдырдан түйдім мен. Тәңірдің бір өзі танытқан, (Өзімнен жоқ өзге жан ұққан) Сол бейне жоғалса қайтемін, Жаңылып қалам ғой бағыттан...
ТҮС Түсіме енді керім қыз ерке, Кейіпкеріндей «мың бір түн» Қуанышпенен оянып ерте, Көңілдің сырдым мұң бұлтын. Бұл көрген түсім өңімдегідей, Сәл бірақ одан көңілді. Тамаша бәрі өмірдегідей, Шынайы болып көрінді. Көктемнің салқын көрік таңында, Жанартау болдым жалынды от. Ешкімге айтып, жорытпадым да, Өзіме ғана мәлім боп. Үзілген түсті жалғастырса ғой, Жұмбақтың көбін шешетін. Өңменен түсті алмастырса ғой, Бақытты-ақ едім кеше түн... СӨЙЛЕЙТІН ГҮЛ... Мен бір гүлді сүйіп келем, Тұлабойы -тұнық АР.
Өзімді де биік көрем, Оның да өз шыңы бар. Құшақтаймын төзімменен, Күйретпей еш күлтесін. Тамызған соң сезімменен, Жүрегімнің білтесін. Жапырағы жасыл мәңгі, Айдай мүсін қияқты. Сұлулығын жасырғанды, Қалайтын да сияқты. Мен сол гүлді сүйіп жүрмін, Гүл болса да ұғынар. Кейіпкері киік жырдың, Сөйлейтұғын тілі бар...
*** Тағдырымды алмадым сатып,құрап, Ешкімге де бармадым жақұт сұрап. Бақытсыз да болмадым,бақытты да, Тек өзімді сезіндім бақыттырақ. Өміріңді өрнектеп сәндесе де, Арман-ойлар адамда бар нешеме. Кең дүниеге кездер бар сыймай кетер, Сыйып жүріп тар бөлме,тар көшеге. Шын сүйесің бір жанды сағынасың, Қуанасың,сол үшін жабығасың. Өзге әлемге соны аңсап сапар шегіп, Бір жоғалып, қайтадан табыласың. Бағаламай гүл атқан көктеміңді, Мекен еткің келеді көкте күнді. Шың басына шығам деп байқамайсың, Шын өмірден алыстап кеткеніңді..
*** Жүрген шақта мұнар ойда, Лап қойғандай тұла бойға От келіп. Өрт сезімді өкіндірген, Бастан тағы отырмын мен Өткеріп. Қанша ызғарға тоңсақ-дағы,
Солған сезім сол шақтағы Бүр жарып, Пәк махаббат гүл өрілген, Бүгін қайта жүрегімнен Кетті өніп. Көөп жылдан соң хабарласып, Болғандығын маған ғашық Ақтарды... Сүйгендігі "естен кеткен" Рас болса,кештеу жеткен Хатты алдым. Кәусар сезім оралмас бұл, Махаббаты ең алғашқы Шығар деп. Сүйген жарға шынымды айтып, Өткен шақтан сырымды айтып Ақталдым. Сол жылдары мен КҮЙКЕНТАЙ, Мұң шалмаған ол кішкентай жүрегі, Еркін жүріп,еркелеген, Сабағын от өртемеген гүл еді. Ал мен бүгін затымды ұқпас, Бір қарасам ақынға ұқсас бір жанмын. Бойжеткен қыз ал ол болса, Шәкіртімнің амал қанша бірі еді...
*** Көп менің таусылған сәттерім, Сиясы секілді қаламның. Ей,өмөр не деген тәтті едің, Сияқты қылығы баламның. Болса да азырақ әттеңім, Мұңымды келеді ел білмей. Ей,өмір не деген тәтті едің. Мен сүйген керімнің ерніндей. Өлеңмен толтырған дәптерін, Ақынмын... Бастысы АДАММЫН. Ей,өмір бірақ сен қатты едің, Сонда да ризамын саған мың... *** Күнді аңсаған гүл сынды, Солғын тарттым бір түрлі. Бір сағыныш мұңайтты, Менің жарқын күлкімді. Тасты жарған гүл сынды, Көңіл көкке ұмтылды. Өзімді,өзім түсінбей, Ғұмыр кештім тылсымды.
Құшақтағы гүл сынды, (Шыны көңіл мың сынды.) Көлеңкелеу өмірде, Сүйдім бе әлде сылқымды?... КАБАКТА Сәттерімде салірек қанат талған, Сәттерінде сағыныш тағатты алған. Телефоным тұрады сөндірулі, Мені іздеңдер сол кезде кабактардан. Кабактардан көңілді KYЙ табасың, Өнер сүйген достардан сый табасың. Өлең оқып,шансоннан ән шырқаймыз, Көрші орыстың сұрап ап гитарасын. Жүрегімді құтқарып кұлыпталған, Босатамын көнілді кұрықталған. Бір бейнеге ұқсайтын жанды іздеймін, Түніменен шулайтын клубтардан. Түзу жолдан кей-кейде алшактаймын, (Адамдыққа алайда қарсы ақпаймын) Топырлаған тобырдың арасынан, Бір бейнеме ұқсайтын жан таппаймын. Қарсы алғанмен шаттықтар бөлеп алдан, Өтіп жатыр алдаумен көне жалған. Бір мақсатты алсақ та бағындырып, Табындырып келеді бөлек арман... *** Кейде өмір сияқты тамұқ түн, Ал бірде ерекше ғажайып.
Саны артқан сайын бұл халықтың, "Адамдар" бара ма азайып *** Үйлестірген жүректің күйсандығын, Сен әнімсің ең сұлу шырқар бүгін. Мені қойшы тоңбаймын бұл қарлы күн, Өзің жаурап қалмашы бір тал гүлім... ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН... Жырақ қалған жарқын менің, Шуақ тамған алтын белім қайда. Жауын кешіп өзіңменен, Сыр ақтарған бал түндерім қайда. Қайда өмірімнің сол шақтары, Қайда дүр жаңбырдың моншақты әні. Сезім-сөнбес жалын. Қайда жастығымның сол кездері, Айдай ақ арудың шөл көздері бүгі бәрі сағым?! Айлар асып жылдар өтті, Жастығымыз жылдам өтті лезде. Ол кездегі бала арманым, Бұл күндері шыңға жетті өзге. Самға ақ қанатты қиял құсым, Жалғар гүл дәуренді күй,әнбісің? Неткен жүйрік көңіл. Гүлім,бәрі-бәрі есте бүгін, Жырым-саған деген естелігім. Өшпес өлең-өмір! P .S Жаңбырлы түндерде түсесің сен есіме, Жарқ еткен жасынды ұқсатам елесіңе... Ақ мөлдір моншақ тағып, Кеттің-ау алшақтанып, Оралмай көктем-өмір белесіне. АЙКӨРКЕМ Ай көркем қыз,гүл керім, Ерке мінез қылықтым.
Тек сен аштың тілдерін, Кілтсіз жүрек-құлыптың. Бойда лаулап от әлем, Бір ғажайып күй кештік... Сегізінші нотамен, Сырлы әуендей үйлестік. Сенім артқан сүйіктім, Сезіміңе қанықпын. Өзің барда биікпін, Айсыз түнде жарыкпын. Ғашықтықпен расында, Тәуекелмен өрт кештік. Із қалсын деп ғасырға, Ізгілікпен серттестік. Сыңғырлайды күлкің де, Жүрмін және мәз боп мен. Жұптасуы мүмкін бе, Екі мезгіл жаз,көктем?!.
БОЛМЫС Тал бойынан танытқан адалдықты, Шын періште сияқты ол маған тіпті. Асқақтығы кем емес хор қызынан, Қарапайым бірақ ол болмысынан. Тұнық тамшы секілді мөлдіреген, Тұнық сезім тек содан көрдім ерен. Табылса да нәзіктік бір өзінен, Батылдығын байқадым мінезінен. Болса да көрікті аймен таласатын, Одан да биік еткен парасатын. Қыста да арылтпайтын бағын гүлден, Жаны-көктем сол жанды сағындым мен. *** Сенің атың Сезім дейтін ұлы күш, Менің атым көз ілмейтін Құбылыс. Сендік жүрек мені сүйген періште, Мендік жүрек кеудемдегі пейіште. Сендік ғұмыр жыр бейнеге айналған, Мендік ғұмыр тағдыры тас байланған.
Сендік қиял мен білмейтін ағыста, Мендік қиял бүгін тағы ғарышта... АЛҒАШҚЫ МАХАББАТҚА Сен тұратын көшеге тұңғыш аттап, Есіңде ме,барғаным гүл құшақтап. МЕН келемін сол түнгі сырды сақтап, СЕН жүрмісің мен берген жырды сақтап? Қызғаныштан кетсін деп қызып қаным, (Тентектердің қоюшы ең тізіп бәрін.) Сенер болсаң мен бүгін сен түгілі, Сол көшенің сағындым бұзықтарын. Сырты шаттық болғанмен іші мұңды, Жүрегім -саған алғаш ұсынылды. Гитарамен сонда алғаш ән шығардым, Суреттеп гитара бел мүсініңді. Қоштастық қимай сол бір шақтарменен, "Пәк сезім" жоқ біздер бақ тапқанменен. Ұят болды-ау саған деп жазған жырлар, Болған еді ол кезде жаттанды өлең...
ҚАРҒАЛДАҚ Жанарым толған сезімнің ұшқынды өлеңі, Еліттің сәулем көзіме түстің де мені. Өзіңмен бір сәт сырласып өткенгі күндей, Көктемгі гүлдей құшаққа қысқым келеді. Сейілтіп мұңды шертіп ең жүректің қылын, Көлеңке басқан көңілді нұр еттің күнім. Жиырма жасымнан селт етпей келген едім ғой, Жолығып саған неліктен дір еттім бүгін. Кездескен сайын рухани қаламын байып, Сырымды бүкпей тек саған саламын жайып. Әріңді бермей сақтапсың сәніңді көркем, Жүрсең де бүгін тағдырдан табаның тайып.
Еліктей еркем қырларға жүз барған ойнап, (Жазбаппын өлең дәл сендей қызға арнап әйбәт) Қара көз қалқам тауда өскен қарғалдақ сынды, Ақ қарда солмай, құлпырған ызғарда жайнап. Жанарым толған сезімнің ұшқынды өлеңі, Мен қыран болсам сен едің құстың бөлегі. Өзіңмен бір сәт сырласып өткенгі күндей, Көктемгі түнде тағы бір құшқым келеді..
БОЙЖЕТКЕН Мен сені көргенімде үйленген ем, Сондықтан жақындауға именген ем. Қол ұстасу керегін білгенменен, Шалыс басу әдеттен жиренген ем. Сенімен танысқанда бойдақ емен, (Жүрмеймін баяғыдай тойлап ерен) Құлпыңды ашам кел маған демесем де, Сыр тыңдасам деген бір ойға келем. Тағы бір жолыққанда жарым болған, Мен үшін аянбайды ол барын қолдан. Кешір мені кешіңе соғалмаймын, Көшім кері бұрылмас жарым жолдан. Түсін мені бойжеткен үйленген ем, От сезімге болса да күйген денең. Шалқып басып өмірде жүргенменен, Қолтықтасып кеталман сүйгенменен... *** Бұла күн, Неліктен сонша жыладың? Найзағай шалған қанатын, Дәрменсіз мен бір қыраның. Нұрлы күн, Түрілмей тұр-ау түңлігің. Көлдетпесе де көз жасым, Дәл қазір мен де мұңлымын. Гүрілдеп, Көк бұйра бұлтты тілімдеп. Аңсаған менің "КҮНІМ" боп, Жарқ ете қалшы күлімдеп! ***
Қуат беріп бір ғана жылы сөзің, Шуақ төгіп таратты өлкеме нұр. Селт еткізіп сендегі ұлы сезім, Ұйқысынан оянды ерке көңіл. Шабыт сыйлап жалғыз-ақ жүрек үнің, Кеудемдегі жайқалтты өлкеме гүл. Сен бар үшін серпілдім күле бүгін, Сен бар үшін құлпырды көркем өмір... *** Шаттықты алмас қыламын, Берілмей еш бір мұңға, Тірлікті жалғастырамын, Кетпеймін еш кұрдымға. Жаңа бір жолға бастап ем, Ертеңді тәтті елес қып. Жігерлі көзқараспенен, Күн кешем оптимисттік. Бұғаудан босатылгандай, Байланған бүгін жүрегім. Шапағын шашатын таңдай, Мен енді күліп жүремін. Кайғыдан жасқанбаған ем, Елдің де көздері күлсін. Мен ақтым баска арнаменен, Өзгелер өздері білсін. p.s Қамықпа,қасқалдақ өлең, Сені де аялар бір жан. Қоштасып аспандағы әлем, Ұшырса сая бағыңнан...
ВИРТУАЛ...
Жүрмін сенен нәр алып, Арманымды ақсатпа. Күтем жақсы жаңалық, Кірсем жиі ватсапқа. Өлең етіп сөйлемді, Мүсініңді қашадым. Көру үшін бейнеңді, Инстамды ашамын. Тілдесетін жекеден, Әлеміңде Мен бар шын. Желілерден кетер ем, Фейсбукте Сен барсың. Заманымыз айналған, Әлеуметтік теңізге. Тағдыры бар байланған, Сайттардан мені ізде... *** Әркімге мойын бұрып қарамаса, Талай жанның жүрегін жараласа. Сол үшін де Жангелді кінәлі ме, Кінәлі ме, көңілі қаламаса. Не айтасың жүректің әміріне, Көнбейді екен өзгенің жәбіріне. Кеудедегі кіршіксіз кербез сезім, Бағына ма кім білсін Тәңіріне.
Сенімдерін мен бәлкім ақтамадым, Сезімдерін түсіндім, даттамадым. Қыздардан келсе-дағы хаттар ағын, Жауабсыз сұрақ едім (әппақ арым). *** Сезім қайнап, қаймықпай жел өтінен, Дауылда да сан қызбен кеңесіп ем. Бозбала шақ, әліде қол бұлғайды, Өткен күннің оралмас елесінен. Аласы көп болса да бересінен, Қайран күндер кетер ме ер есінен. Толқын уақыт барады толқындатып, Жастығымды ұзатып кемесімен. Артта қалды алшақтап кейінгі өмір, Сайран өтті, бүгінге дейін небір. Ауыздықпен алысып, асау жастық, Бас бермей жүр әлі де ойын көңіл.
*** Бәрі есімде сенімен өткен күнім, Көктемгі түн табиғат төкен нұрын. Уәделескен уақыттан кешігіп қап, Әрең-әрең жеткен де, сөкендігің. Әлі есімде сені алғаш өпкен күнім, (Өскен гүлің жұлынса - өктемдігім) Ми болды ма миындай бөктергінің, Айырмаппын сезімнің от пен күлін... *** Түсінсең жырдың мәнін, Сағынып жүрмін жаным. Сен үшін тауға шығып, Жинаушы ем гүлдің бәрін. Еске алып сол шақтарды, Көзімнен моншақ тамды. Осы өлең тумас еді, Екеуміз болсақ мәңгі. Сезіммен құндақталған, Сырлар-ай түнде ақтарған. Ақ таңды қарсы алушы ек, Бауларда гүл қапталған.
Бір ғажап тартылыспен, Шын ләззәт сарқып ішкен. Ойға алып сол түндерді, Мен жүрмін қорқынышпен... *** Мен Тауға барсам да, Бауға барсам да барі-барінде жүретін жолдың... Сезіммен тылсым Бөліскен сырды, Корғайтын менің Періштем сынды Сол жағымда өмір сүретiн болдың. Көңілімді де, өмірімді де Жайнатар сенсің гүл өпкен АРМАН. Ән-жырымды да, Тағдырымды да Жап-жарық етер бір шырақ сенсің, Жүректе жанған. Жалған мұңым ба, Калған гұмырда Сендегі сертпен байланған едім? Тағдырдың озі әсiлi мұңлы, Кешірсін Алла асылығымды, Мен сүйген АРМАНКүннен де сұлу,Айдан да Керім!
*** Қоғамда құлдық сана асқынып тұр, Тәуелсіздік табанын тас тіліп тұр. Мәңгүрттер өміріне мәз боп жүрсе, Ұлтшылдар жанарында жас тұнып тұр. "Теңгені рубль қыл"- деп өз қазағым, Еркін елдің қадірін қаштырып тұр. Кейбіреу кешегі өткен одақты аңсап, Толқыған ұлт көңілін пәс қылып тұр. Қазақ сөзін сөйлеген тұлғаларды, Бәзбіреу өз халқына қас қылып тұр. "Х-фактор" сияқты жын жобалар, "Қазақстан дауысын" бастырып тұр. Төл өнерін паш еткен өнерпазға, Космополит қандастар рас күліп тұр. Кей жастарды азғырып жат ағымдар, Саналарын улаумен мас қылып тұр. Ұлттық мүддең тұрғанда ыдырамай, Аз қазағым,бөлінбей... Бас біріктір!
*** Тағдыр кейде көндірмес құламауға, Жығылсам да тырыстым жыламауға. Бос көңілім тек қана жасқа толды, Шыдамай әділетсіз бұла дауға.
Қайтейін өмірімді тұманды еткен, (Қолыма алмадым ба Құран көптен?) Алайда Жаратқанға тәубе қылдым, Қайтер ем ғұмыр кешсем бұдан да өткен. Шыңдалдым саралаумен санамды әр күн, Жарандардың ниетін сан аңғардым. Шын түсіндім ақ — қара өмір заңын, Көргенде пенделігін адамдардың. Кей-кейде ақындықпен еркіндедім, (Сонда да уәдемнің сертінде едім) Бір адамға жақсылық жасау үшін, Мың адамға қиянат келтірмедім. Кетті ғой бұдан бетер бастан қайғы, Өткенді ойлап жүректен жас парлайды. Не пайда аһ ұрғанмен,шарқ ұрғанмен, Қайтадан жастық өмір басталмайды…
ТАСТҰМА
Тастұма жердің атауы, Әлемді таудың етегі. Тас бұлақ ағып жатады, Ежелгі елдің мекені. Тас тұма төрдің атауы, Бабамыз қоныс тепкен жер. Тастұма белдің атауы, Мал жайып егін еккен жер. Тастұма маңы жоталы, «Есболай», «Таубай» бөктері. Осында Көлбай атаның, Ерлікке қолы жеткені. Тарихтың жырын кең толғай, Қозғасақ арғы ғасырдан. Қабанбайлар мен ер Көлбай, Қалмақты таудан асырған. Атадан қалған сан із бар, Көнеден жеткен күй сарын. Өлкесі — отын тамызған, Қожеке, Дүзбай, Исаның. Тереңнен шыққан тас қайнар, Шипалы дейді бұлақты. Суы бар мұнда тастай нәр, Жер бетіндегі жұмақтың.
Осы жер біздің ауылдың, Тарихи ата қонысы. Ағайын туыс бауырдың. Ұмытпай жүру - борышы.
АРҚАНКЕРГЕН
Ажал келсе жанды алар тылсым көктен, Қайран өмір,тез солар гүлсің неткен?! Отан қорғау жолында құрбан болған, Қош болыңдар қырандар қыршын кеткен. Жау келді ме жасырын қайқаң белден, Айырылдық қаншама қалқанды Ерден. Ашылмаған қайғылы оқиғаға, Сен куәсің, жұмбақ тау — «Арқанкерген» Заставаның зар айтып бағанасы, Алакөлдің шарқ ұрды шағаласы. Жанып өткен жасындай ұландардың, Әкесі мен жоқтады-ау, жан анасы. Жары қалды артында жас баламен, (Бұзылмастай сарбаздар-тас қамал ең). Бір-ақ түнде бәріңнен айырылдық, Үзілгені-ай, тым ерте асқақ әуен.
Көк аспаннан жұлдыздай аққан жандар, Жазаланар сендерді жаққан жандар. Шейттерім болыңдар пейіш төрде, «Сарыбөктерден» бақиға аттанғандар!
О,МУЗА…
Өлең жазбай кеттім-ау көптен бері, Өткен күннің оралмай көктем лебі. Асуынан асырмай жатыр шіркін, Көлденеңдеп тірліктің көк белдері. Шабысымды мен әлде шектеу қылып, Жыр асауды жүрмін бе ерттеу біліп. Той-думаннан кеттім бе қызық іздеп, Абыройды төктім бе көптеу күліп. Қайда жүрсің, о, муза, сағым-елес, Қажет еді өзіңнен тағы кеңес. Жырсыз маған бұл өмір көлеңкелі, Жырсыз маған бұл дүние жарық емес. Талай дарын саған тер төккен еді, Ағат айтсам о, муза, сөкпе мені. Шабытымды одан да шарықтатып, Алып ұшып кетсеңші көкке мені.
БІР ЖОЛДАСТЫҢ МОНОЛОГЫ
Өкініш күй отырмын шерте бүгін, Қателікке соқтырып еркелігім. Кешір мені анашым,білместікпен, Ойнап жүріп от басты тентек ұлың. Тәңір мені әлі де талай сынар, Жазылғаны маңдайға солай шығар. Темір тордан телмірген күні құрсын, Мұнда менің қу жаным қалай шыдар. Өтке күндер қайтейін шуақты еді, Сол шақтардың елесі жұбат мені. Ал,бұл жақтың жазы да қырау басқан, Қатал тағдыр жатыр-ау сынап тегі. Бұл жақтарда кеш батып,таң атпайды, Шыдам кетіп,жанымнан тағат тайды. Уақыт шікін өтпейді дегеніңмен, Өмірдастан беттерін парақтайды. Мені достар сөкпеңдер налыдың деп,
Қуатым бар әлі де жалыным көп. Тар қапаста мезгілім өткені рас, Өміріме алайда арызым жоқ. Жүрмеген соң қайталап Құранды ұдай, (Түлкі –тірлік,арбаған құмарлық-ай.) Түзелуге байладым белді бекем, Шалыс басып жүрмеуге бұдан былай. Жақсылықты көп жаса бауырларым, Шуақтан соң ұмытпа дауыл барын. Қамшы сапты ғұмырда мейірленіп, Жанымыздың жазайық ауырғанын!
ТАСБАУЫР ЗАМАН
Уақыттың керуен көшіне еріп, Сөйлейін бүгін шешіле келіп. Сұмдықты небір көретін болдық, Еліктеуменен есіре беріп. Дөңгелеп өмір,құбылған ғалам, Сұрқыңнан сенің сырыңды аңғарам. Мейірім кеміп,қатыгез қаптап, Біріне-бірі ұрынған заман. Кешеміз ғұмыр сөнбес үмітпен, (Қу көңіл кейде теңдес ұлықпен) Жағымпаздықтан жан салмай алға, Жүргендер қанша пендешілікпен. Жырлайын мен де шамам қалғанша, Қаракөз қалқам санаңда қалса. Көрінер көзге иманды болып, Қылмыскер болған адамдар қанша. Мәңгүрттік билеп бастан улаған, Ұрпаққа келді тасбауыр заман. Бабалар салған бақ жолдан тайды, Жеңілтек қыз бен асқан ұл надан.
Тәңірім құтты бірлікке құйған, Әлсіреп жатыр шындық пен иман. Араз ғып қойды бір туғандарды, Дүние-мүлік тірлікте жиған. Өмірдің әділ жолындағы адам, Жалғандық сөзді қабылдамаған. Сертінен тайған адамдар қанша, Уәде беріп, орындамаған. Толғанған жүрек,көңілім де ойран, Жайқалсын гүлдей өңірім қайдан. Осылай күнде алаңдауменен, Барасың өтіп өмірім қайран. Жаттықтың жолын салмасақ екен, Қазақ деп биік самғасақ екен. Жаһанданудың жалынан ұстап, Жойылып кетіп қалмасақ екен. Қадірін елдің тонатпай бүгін, Ойларын жаттың жолатпай бірін. Қайырын бергін соңының Алла, Қазақылықтың жоғалтпай құнын…
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ - ДАРА ШЫҢ
Қазақтың байтақ даласын Шарлады бүгін Алаш үн. Әлемге атын паш етті Тәуелсіз елім - дара шың. Ұрпаққа бақыт сыйлаған, Жер үшін күшін тыймаған. Батырларымен қазақтың Аңызға толы күй-далам. Ата-жұрт - ұлы қонысым, Жан қиған бабам сол үшін. Менің де, сарбаз сенің де Отанды қорғау - борышың. Көркейген елді асқақтай, Қорғайық біздер қас қақпай. Егемен елдің ұрпағын Жүрейік жаудан жасқатпай. Жеткізді Тәңір баққа шын, Жау оғын енді атпасын. Сан соғыс көрген қазақты Қантөгістерден сақтасын. Әумин!
КӨЛБАЙ АУЫЛЫ
Бір жақсысы ауылдың ортақ әні, Елінің де еңбекке зор талабы. Бір жаманы жастарға жұмыс та жоқ, Кетіп жатыр бетке алып әр қаланы. Бір жақсысы ауылда өнерпаз көп, Жиын -тойда қозатын арқалары. Бір жаманы мәдениет үйі де жоқ, Солардың басын қосар ортадағы. Бір жақсысы ауылда көлік те көп, Жұрт қайда барам десе жорта алады. Бір жаманы көшелер ойлы-шұқыр, Дөңгелекті құртады жол торабы. P.S Қарапайым ел-жұрты баяғыдай, Қонақ келсе құшағын жаяды ұдай. Көлбайдың күннен-күнге көркін алмай, Болашағын жарқын ет, ая Құдай!
ЖАЙЛАУДА
Болжаған сөзі кетпес бір теріске, Куә еткен адамзатты үлкен іске. Хайуанның тілін білген жер бетінде, Болыпты баяғыда бір періште. Бір жауап алам деген сыңайменен Бәрінен хайуанаттың сұрай келген. Періште жолыққанда мысыққа кеп, Сұрапты: «Кім екен депҚұдай деген». Мысығың айтты маған тең болар кім, Мен деген иесімін кең далаңның. Адамдар үйінде де құрметтімін, Сондықтан сол Құдайың мен болармын. Депті де мысығыңыз мияулапты, Алдында періштенің ұялмапты. Шынымен он сегіз мың ғаламыңды Жаратқан мен шығар деп қиялдапты. Малшының үйіне кеп қыраттағы, Періште жауап іздеп тұрақтады. Елеңдеп үріп шыққан құлақтары Итке кеп жалғастырды сұрақты әрі.
Ит айтты: «Адамдардың серігімін, Адамның болған емес теңі бүтін. Мен үшін Әміршіңіз ақылы асқан Адамзат, одан асқан ең ұлы кім. Сондықтан маған Құдай адам бүгін, Өйткені билеп алған санамды мың. Мені олар балайды да қазынаға, Сол үшін тілеп жүрем амандығын». II Ол рас, қалмаған еш көші қоннан, Ежелден ит адамның досы болған. Қасына серік етіп қосып алған, Ит екеш итке адамдар сенім артып, Құдайы болмаса да иесі болған. Мініп ап ойнақтатқан ат-шыбығын, Балалық бейнелерім тапшы бүгін. Жайлауда қара борбай шағымда мен Иттің бір көрген едім жақсылығын. Сол күндер айналды ғой түс-елеске, Ойлансам еміс-еміс түседі еске.
Өріске бір отар қой таратып кең, Тау асып бағушы едік бала біткен. Кей күні ата-анамыз тойға барса, Кетуші ек суыр аулап шалалықпен. Сол күннен бір оқиға болса дерек, Беткейде болған-тұғын арша бөлек. Қамалып сол аршаға мал қайтқанда, Далада бір бөлек қой қалса керек. Тауында «Шұбартөбе» заңғар далам, Жер қалмай «Жамантаста» сандалмаған. Ақыры ойын қуып кешқұрымда, Өрісте қалған қойды аңғармағам. Түнімен үрген итке құлақ түрдік, Қойды емес, итті жоқтап сұрақ қылдық. Таңертең малды санап өргізгенде, Жарты отар қой кемдігін бірақ білдік.
Бәріміз атқа қондық табанасты, Ондайда тұрып қалу жарамасты. Атына қамшы соғып бір ақырып, Әкеміздеді бізге «қара басты».
- * Аспан да ертеңгісін тұрған ашық, Қаланған тау тастары - бір қалашық. Тездетіп, «Қора тасқа» жетіп келдік, Мал жайған жерді қарап қырдан асып.
Ұлыған итті көрдік қаңсылаған, Үстінен қып-қызыл қан тамшылаған. Далада қой күзетіп түніменен, Алысып аюменен қансыраған.
Деді әкем: «Енді саған қой бақтырман, Ит екеш ит те ерлікпен айбат қылған. Байқаймын малдың басы түгелдеу ме, Болмаса екі-үшеуі жайрап тынған».
Сол иттің арқасында далада аман, Бір топ қой «Қора тасты паналаған». Ойласам атам қазақ итті ежелден Бекерге қазынаға баламаған. Адамдар иттен рас епті шығар, Ал, иттің сәл ақылы аз тек күші бар. Десек те бір-біріңді «итсің» деме, Иттің де дәл осындай тектісі бар. *** Осынау нулы өмірде қалың тоғай, Келген көп сындырғысы сағыңды оңай. Досың да, дұшпаның да маңайыңда, Сөнерсің, лауламасаң жалындап-ай. Мына өмір өрмекші - өмір тор құрылған, Алдамшы әртарапқа жол бұрылған. Тасадан тас атқандар доспын дейді, Өтірік сүйеген боп қолтығыңнан.
*** Өлең десе қозатын делебесі, Немеребай қарттың мен немересі. Бойыма өнер анамнан қонған болар, Оған куә боз үйдің керегесі. Болмасам да перзенті жыр елінің, Жырға құмар ауылдың түлегімін. Өнердегі ағалар бата беріп, Жан-сері деп ат қойды міне бүгін. Киелі үйдің шаңырақ, уықтары, Жанымызға жамандық жуытпады. Анамыздың аялы алақаны, Отбасының жылуын суытпады. Бір тамырдан нәр алып көктей бүгін, Тәрбие алдық Әкеден төкпей нұрын. Он бір бала бір үйден қанаттандық, Береке мен бірліктің сөкпей жігін. *** Тауқыметтің бір шама татқан дәмін, Мойымастан өмірде тапқан бағын. Анам ылғи айтушы ед өсиет қып, «Орынсыз бекер бөсіп мақтанбағын».
- Жақсы адам адал ісін өндіреді, Ашуын ақылына жеңдіреді. Әркімнің өз қолында кім болуы, Жақсы-жаман екенін ел біледі. Ақылын айтатұғын жалықпастан, (Ана-жыр, ана-толғау алып дастан) Ақынжанды болатын менің анам, Сол қасиет маған да қалыптасқан.
АЙ ТУҒАН СӘТ
Ай туыпты жұмада әке бүгін, (Оған сәлем бермесем қателігім). Ай көрдім, аман көрдім деп айтатын, Бар емес пе қазақта мәтел-ұғым. Ақ бұлттары аспанныңшудалы екен, Арасынан шалқақтау туған екен. Тысқа шығып айға әке бата қылшы, Алаңдамай сырттағы шуға бөтен. Ақ қылыштай суырған қыннан лезде, Өткір екен сәулесі ұрған көзге. Саулық сұрап Тәңірденбет сыйпайық, Қара аспанды бұлт баспайтұрған кезде. «Айдан аман ет Алла, жылдан есен, Ел ертеңін жарқын ғып нұрбер әсем. Жауын болып осы айда егін жайға, Толсын балам осы жылжырға көшең». Әумин!
*** Жыр жаздым қырық екі әріппенен, Зор үміт күткеннен соң халық менен. Ауылымның жұртына алғысым көп, Өнерді бойымдағы дәріптеген. Мұраға бабалардан қалыпты өлең, Сусындап жырларына қанып келем. Ақындық ардың отын алаулатып, Ендеше мен де өзімше жанып көрем. Мен енді жыр әлемін бетке аламын, Мұқалмаса болғаны тек қаламым. Ежелден қазанында сөз қайнатқан, Алаштың ұлы болсам деп қаламын. *** Отыздан астық от жалындатып, Ойын күлкімен көп дауылдатып. Байқалмай өткен бозбала шақты, Сағынышпенен жоқтадым жатып. Жиырма бес жастың шарықтап әні, Көгімде жүр-ау қалықтап әлі. Керуенді жылдар жылжыған сайын, Сауық пен сайран қалып барады.
Сал-серілікпен жігіттік құрып, Арудан талай сыр ұқтық біліп. Жүрек пен сезім от болған шақта, Сұлудың тәнін жылыттық кіріп. Жүйрікті баптап қызықтық мініп. Шабандоз болып шынықтық жүріп. Бәйгенің алдын бермедім талай, Жүлдесін де алдым жұлып тік тұрып. Даланың күйін сағына шертіп, Құстардың салған сазына елтіп. Асынып қару,аңға да шықтым, Ақжалға мініп,тазылар ертіп. Қанжығамды да түгелдей майлап, Қайтушем кештеп түнергенде аймақ. Ұстаған құс пен түлкіні талай, Жолыққан жанға жібергем байлап. Сайранды күндер сағымдай болған, Сезімдер алау жалындай жанған. Бәрі де кейін қалады екен, Барады көшіп бағынбай жалған.
Отыздан астық өр мінезбенен, Ойланар шаққа енді кез кегем. Ойнақтап ойдан,шығыппыз қырға, Сері болар ма елді кезбеген. Бұл күндер қайда асығады екен, Уақытқа әлде бас ұра ма екен. Көк аспандайын күркіреп барып, Жастықтың даусы басылады екен. *** Ей өмір, өлім екі араң, Сенің де бар-ay шекараң. Таусылған күні дәм-тұзым Келмеске мен де бет алам. Келмеске бір күн бет алам, Өлмеске болар не шараң. Өлшеніп берген уақытқа Қанағат, шүкір ете алам. Жүргенмен тәуба бек аман, Әр неге көңіл тек алаң. Өксікке толған өмір-ай, Өкпелеп саған не табам...
*** Бұл тірлік баяны жоқ шиырлаған, Мұң-зар ғып естіртеді күйін далам. Келмеске тағы да бір пенде кетті, Ең құрса жарты ғасыр бұйырмаған. Сұм ажал қаратпады жағыдайына, Қалдырып туғандарын сары уайымға. Өміріне қойылды соңғы нүкте, Жазыпты-ау келте ғұмыр маңдайына. Ажалдың амалы жоқ көнді ырқына, Есімін ұмытпайтын сенді ұлтына. Мәңгілік мекеніне бағыт алды, Қалдырып игі істерін ел-жұртына.
ГҮЛ ҒҮМЫР
Астынан қардың ақ мамық, Өмірге келген жап-жарық. Ғұмыры қысқа бәйшешек, Қалады-ау бір күн тапталып. Қоштасып қимай қыс кетті, Алмасып мезгіл құс кепті. Жастық та өтер жалт етіп, Найзағай оты іспетті. Тұрса да өсіп күнгейде, Солады екен гүл бейне. Өмірдің солай өткенін Қаларсың ертең білмей де. Көктемнің көркі - назды гүл, Көрмейтін мүлде жазды бір. Табиғат заңы осындай, Жасындай жанған аз ғұмыр. Өмір мен мынау өлкені, Жыр қылып өту - серт еді. Жырлайын ерке сезімді, Гүл ғұмыр өтпей келтелі...
ПОЭЗИЯ
Жүрекке жыр, кеудеме толтырып ән, О, поэзия өзің деп толқыды жан. Ғашық едім мен саған жан-тәніммен, Азабыңды қаншама тарта білгем. Қармағымды үмітпен тереңге атып, Табамын ба деп жүрмін сенен бақыт. Жазған болса ақын деп маңдайға Аллам, Кешір менің кезімді әнге айналған. Әуендерге аударсам назарымды, Сен арқылы саз қылдым жазарымды. Көңілге мұң, түскенде жанға қаяу, Шер тарқаттым жыр жазып таңға таяу. Бірге болдың үміттер ақталғанда, Көкке төбем екі елі шақ қалғанда. О, поэзия гүлденген жасыл бағым, Сен арқылы жетер ме ғасырға әнім.
КЕПТЕРЛЕР
Сезімнің сепкен нұрын, Сүйетін көктем гүлін. Елімнің ерке құсы, Көрінбей кеткен бүгін. Көлбайдың кептерлері, Қонбай жүр көптен бері. Алысқа қанат қағып, Оралмай кеткен бе еді. Жүрегім жылап еді, Жұбатты жыр әдемі. Алғашқы махаббаттың, Сендерсің куәгері. Көп көрген тағдыр желін, Сендердей тағдырлы едім. Бірге ұшып өздеріңмен, Кеткен -ай бал күндерім...
КӨКТЕМНІҢ СОҢҒЫ ҚАРЫ
Арқауын шаттық әннің, Тапқандай нақ қуандым. Жарқ етіп шыға келдің, Ішінен ақ тұманның. Тұрса да қар қылаулап, Шабытым жанды лаулап. Себебі жолықтың сен, Жүргенде ән-жыр аулап. Құлшынған құлын мүсін, Көргенде жылынды ішім. Өмірге әкелдің ғой Жүректің туындысын. Таласып таң жүзімен Сан өрнек салғызып ең. Сен әлгі ертегіден Кеп жеткен қар қызы ма ең? Жылынып тоңдым әрі, (Тамаша болды бәрі) Сен үшін жауғандай-ақ Көктемнің соңғы қары...
ӘСЕМ ҚОҢЫР
Еңсемді көтерейін десем де бір, Көп уықыт болып жүрдім бәсең көңіл. Жігерлі сезім берген сондағы күй, Дина шешей шығарған «Әсемқоңыр». Әдемі әуезімен еліктірді, Елесі көз алдыма келіп тұрды. Әуеннен жаратылып әсем-ару Сөйтті де ғашық етті бөрікті ұлды. Тыңдасам шабыт берген болдың маған, Жыр-құс боп тұғырыма қондың ба аман. Көзіме еміс-еміс көрінетін, Музамедің алыстан қол бұлғаған. *** Өміріңді демеймін күйеледім, Күйелесем әрине күйер едің. Арамыздан сезімдер табылмады, Табылғанда мен «өліп» сүйер едім. Шын жүректен онда мен сүйер едім, Сен болмадың өйткені сүйенерім. Кінәлісің сол үшін дей алмаймын, Өзімді де келмейді күйелегім.
Шеше алмадым жұмбағын жүрегімнің, (Кәдімгідей өзіңмен жүре білдім) Сөйтіп жүріп мен сенен ғайып болдым, Махаббатын таба аламайгүл өмірдің.
ҚЫЗЫМА
Жақсы тілек күтеміз елден бүгін, Құтты болсын өмірге келген күнің. Әкешіңнің әнімен сыйға тартқан, Қуанышты кешіңде тербел күнім. Күлімдеші үнемі әппақ айым, Көздеріңнен от көріп шаттанайын. Елдің гүлі болсаң да болашақта, Тәрбиені қазақы сақта дәйім. Қыз баланың ежелден жолы күтім, Бар айтарым-адам бол ары бүтін. Алақанда аялап әлпештеген, Ата-анаңның ақтағай зор үмітін! *** Жасыдым рас, жасыдым рас кей күндер, Көңіліме адал қаяу түсіріп бейкімдер. Сондықтан болар ақынның нәзік жүрегі, Шуағын күннің сендердей аңсар-ей, гүлдер!
Жасыдым неге, жасыдымнеге таңдарда, Жандарға кейіп, қуыныш құсы самғар ма? Отырам кейде ұйқымен түнгі алысып, Балконнан қарап, сөнбеген үміт шамдарға. Ал, бірде тасып, келгендей болам «тараптан», Шуағын шашып тұрған бір сәтте қарап таң. Өмірдің мынау саналуан құбылыстарын, Жыр ету үшін ақын қыла ма Жаратқан. *** Көп жылдар өтті тынбастан, Кездер де кетті қырды асқан. Күндерді сол бір сағындым, Өзіңмен талай сырласқан. Көктемнің сәні гүлмісің? Көңілде қалған бір мүсін. Сезімді, ғашық кезімді, Ұмытты ғой деп жүрмісің... *** Аққуындай жүзген алакөлдің, Түсімде мен сені дара көрдім. Толқын қуып ұзап кеттің алыс, Жағада мен қала бердім...
*** Сұрасаң өткен күннен бүгін дерек, Тағдырдан талай-талай сүрінген ек. Алайда асқар таулар қол бұлғады, Альпенистік өмірден түңілме деп. *** Көңіліме жақындау бір қыз едің естегі, Алып қашты әр жаққа сезімімнің ескегі. Мені адал сүйетін сен екенсің о,тоба! Көңіліңді байқамай кеш түсіндім,кеш мені! *** Құтқара алсам жүрегіңді қапталған, Сенім болсам алдыңдағы ақталған. Сүйер ме едің, сүйер ме едің сен мені, Гүл әперсем гүлзарлы әсем бақтардан. Орындалар еді-ау бәлкім тәтті арман. *** Қасымда жүруші едің сен еркелеп, Ал қазір көңіліңде көлеңке көп. Шынайы саған деген сезімімді, Қайтейін байқамаппын мен ертерек.
*** Алланың маған берген сыйы шығар, Жүрегім - әнменен, жыр күй ұшырар. Шектеме шабытымды о,Тәңірім, Өлең бер,ел-жұртыма жиі ұсынар! *** Айтып өлтір босқа үндемей тұрғанша, (Арамызда айтылмаған сыр қалса) Саған деген сенімсіздеу сезімім, Қайтер едің басқа жанға бүр жарса. Ақын өлмес артында егер жыр қалса, Көктем сайын гүлге оранған қырларша. Қайтер едің саған деген махаббат, Басқа жанға сәуле шашып нұрланса. P.S Тән жарасы жазылар, жан жарасын қайтесің. Ұмытсақ та біз ертең өкпелескен Ай кешін. *** Жақсы жыр мен әсем ән күтеді аймақ, Осы екеуін сарылып күтем айлап. Оқырманның ойынан шығам ба деп, Кеткендеймін өлеңмен біте қайнап.
*** Жақсы достың жарқын болар жамалы, Досы көптің бұзылмайды қамалы. Сен сияқты шын ниеттес адамдар, Күннен күнге сиреп неге барады. *** Мінгізердей жыр атын, Шабыт берді-ау мына түн. Алматыда тұратын, Сөз қадірін ұғатын, Бір аруға өлеңін, Жолдап жатыр бір ақын...
САҒЫНЫШ
Сонау бала кезімнен ер жетпеген, Сағыныштың бесігін тербеп келем. Жұбата аламай сәбиін сезімдердің, Өтер ме екем өмірден ермекпенен. Арманым көп алысқа алып ұшқан, Сәттерім де жоқ емес жаңылысқан. Сырға толы жүрегім, жырға толы, Кетер ме екем өртеніп сағыныштан. *** Кейде өмір сияқты тамұқ түн, Ал бірде ерекше ғажайып. Саны артқан сайын бұл халықтың, "Адамдар" бара ма азайып? *** Үйлестірген жүректің күйсандығын, Сен әнімсің ең сұлу шырқар бүгін. Мені қойшы тоңбаймын бұл қарлы күн, Өзің жаурап қалмашы бір тал гүлім...
*** Қазақтың қайталанбас тұлғалары, Қасқайып Қаһарман боп тұрған әні. Аттарын тарихтан еш жоя алмаған, Солақай саясаттың шырғалаңы... *** Бұлт жүрек,жасын жарқырап, Күркіреп келіп жауды жыр. Сағыныш селі сарқырап, Барады ағып бал гұмыр... Қуат беріп бір ғана жылы сөзің, Шуақ төгіп таратты өлкеме нұр. Селт еткізіп сендегі ұлы сезім, Ұйқысынан оянды ерке көңіл. Шабыт сыйлап жалғыз-ақ жүрек үнің, Кеудемдегі жайқалтты өлкеме гүл. Сен бар үшін серпілдім күле бүгін, Сен бар үшін құлпырды көркем өмір...
ТАЛДЫҚОРҒАН-БАҚ ҚАЛА
Менің сайран мекенім Талды қалам, Сенде оқып,жыр жазып ән құрағам, Алыс кетсем тұрады көргім келіп, Аңсағандай ғашығын барлық адам. Куәсісің өткен мен келер шақтың, (Өтті өзіңде сан қызық, нелер шат күн) Жетісудың жауһары -Талдықорған, Жаны жайсаң достар да сенен таптым. Сұлулықтың символын мол ұқтырдың, Жүрегімде ән мен жыр болып тұндың. Мен өзіңнен өмірлік махаббатты, «Ғашықтар көпірінен» жолықтырдым. Саябақта жарқырап шам-шырағың, Саз бұрқақтан шашылған ән шуағың. Түндеріңмен ғажайып тамылжыған, Шабытымды тағы бір қамшыладың.
Еркесіндей Жетісу-Алатаудың, Бүгінде «Талды-Париж» қала атандың, Болашаққа көз тастап,өткенді ойлап, Жағасында келемін Қараталдың...
*** Азалы күн... Азалы күн, о, неткен қайғылы күн, Беу,Халқым мен де сендей қайғылымын. Бейбіт елім, бұзылды-ау тыныштығың, Қанды қолдан көз жұмып АЙБЫН ұлың. Ел едік қой бауырмал құт қашпаған, Бірін - бірі жағадан ұстаспаған. Ашық күнде, жап-жарық айлы түнде, Найзағай түсті аспаннан бұлт баспаған. Әсерлеген дінменен бар кескінін, Адасқандар жасады лаңкестігін. Отан үшін оқ құшты қайран Ерлер, Қаймықпастан жолында жанкештінің. Азалы күн,о,неткен қайғылы түн, Жазбасақ екен енді қайғылы жыр. Тәңірім бейбіт елге береке бер, Қазақтың сүріндірмей сәйгүлігін!
АҒАНЫ АҢСАУ
Жыр күтіп әр шақта менен, Демеу боп шаршатпаған ең. Тірлікте алшақтамап ем, Бір сәтке өзіңнен аға. Күніге сұрап хәлімді, Тілеуші ең гүл атқанымды. Шешуші ең сұрақтарымды, Жоқтығың сезілген аға. Кездерде жаным жылаған, Тосушы ең барыңды маған. Сен кетіп тауым құлаған, Өзіңді сағындым аға. Ән күтіп әр шақта менен, Демеу боп шаршатпаған ең. Шақырып аржақтағы әлем, Әкетті-ау сағым-ғып аға. Түсініп тентек ініңді, Көтердің еркелігімді. Әй,өмір... Келтелі, мұңлы Тағдырға бағындым аға. *** Анажан, өмірімнің желкені едің, Сен жоқсың. Енді кімге еркеледім. Бүгінгі қызығымды көрсетпеген, Ой, өмір-ай, неғылған келтелі едің?
Шынында өмір неткен келтелі едің, Анамды асықтырдың,ентеледің. Балалықты бір күнде артқа тастап, Жас күнімді есейттің ерте менің. Есейгені не керек ес білемін, Қайғы-мұң жүрегімді кесті менің. Жүргенде алдан күтіп бақыт таңын, Кім білген қаралы бір кеш кірерін. Атыңнан айналайын киелі есім, Киелі есім түсіме жиі енесің. Тірлікте асқақтаған әуенім ең, Естілмей кеткен бүгін күй-елесім.
Жақпай жүр ме әлде бір жат қылығым, (Ерсілеу естілді ме шаттық үнім). Әйтеуір түсімде ылғи мұңаясың, Өрулі келбетіңде ақ бұрымың. *** Түн ұйқысын төрт бөліп, Бесігін шайқап тербеген. Арқалап белін талдырып, Көтеріп талай терлеген. Қилы заман көрсе де Жаманшылық көрмеген. Есіме алып Анамды Жырыма қосып тербелем. Дүниеде не қымбат, Айтыңдаршы, ағайын? Ана десем ардақты Келісесің талайың. Аяулы асыл Анамды Жырламай неге қалайын. Дүниеге әкеліп, Ашқызған өмір сарайын.
КҮЗГІ ТҮН
Күзгі түн батыс жақтан жел келеді, Адасқан жапырақтар сенделеді. Қурайлар мұңдылау бір әнге салып, Шайқалып күміс терек тербеледі. Әуезден естіледі қыс хабары, Табиғаттың заңды бұл нұсқалары. Алма кезек ауысқан мезгілдермен, Адамның да өмірі қысқарады. Баулар да естілмейді құстар әні, Жылы жаққа себебі ұшқан әрі. Ауыспалы уақыттың елшілері Қағидасын қашан да ұстанады. Күздің түні жел тұрса шуы басым, Жауынына армансыз жуынасың. Күз артынан қыс келіп суытса да, Адамдардың жүрегі суымасын.
МҮШӘЙРАДА
Поэзия күні болды бүгін ерек, Ілияс атамыздың жыры демеп. Мүшәйраға жиылып жас ақындар Жыр оқыды ескерткіш түбіне кеп. Ақ қағазға әкелген тізіп өлең, Шабыттанды ұлы да қызыменен. Жерұйық Жетісуды жырға қосты, Ілияс Жансүгірдің ізіменен. Мүшәйра дегеніңіз - майдан әлем, Жарысуда қанатын жайған өрен. Шалыс басқан кездесті ақындар да, Қалыбына құйылмай қайран өлең. Тәкаппар тас мүсіннің жаны бардай, Қуанып ал біресе налығандай. Малдас құрып биіктен шолып тұрды, Дегендей қара өлеңнің қалы қандай. Бұл сайыс - ақындардың сынағы еді, Танылды ақын-ару қыран ері. Жастардан шықпасына кімдер кепіл, Болашақ жырдың жүйрік Құлагері.
ҚАРИЯЛАР
І Атымтайдай жомарт боп мәрт атанар, Мәрттік етіп шерін де тарқаталар. Жалғыз атын соятын қонағына, Қайран ғана кең пейіл қарт аталар. Мейірімін ұрпаққа төгер тегін, Тентектерді бір сөзбен шөгертетін. Барады ма азайып батагөйлер, Көсегесін елімнің көгертетін. II Өмір дейтін ұлы көш сапардағы, Тіршіліктің мәңгі емес татар дәмі. Тойбастарды шырқайтын той-думанда Апалардың сиреді қатарлары. Ақылшы да апалар ұлы көштің, Ертек тыңдап, ақылын ұғып өскін. Қандай әртіс келсе де жиын-тойға, Апалардың айта алмас жырын ешкім.
БАТАНДЫ БЕР ҚОЛ ЖАЙЫП
Шуағын төгіп көктем де келді нұрланып, Самал жел тербеп, бәйшешек белде ырғалып. Шашуын шашып әжелер менен аналар, Наурызын тойлап қызыққа батып жүр халық! Қария - қыстан қауқары кетіп тұр налып, Бойжеткен - наурыз бой түзеп жатыр жырғалып. Күн менен түннің теңесер шағын көп күткен, Бозбала – сәуір көз қадап тұр-ау ұрланып. ІІ Ұзын сарыдан ұзаққа кетіп ес жиып, Төрт түлік төлдеп жатырмыз аққа мол байып. Қыр жақтан келген Қыдырдың даусын естиік, Халқыма мынау батаңды бер деп, қол жайып. Ұлыстың күні ұлы күн болды бәрі үшін, Алаштың жұрты алқалы тойда бас қосып. Қыдырдың берген батасы елге дарысын, Жаңа жыл сайын адамдар жасқа жас қосып...
ТОЙ
Көңілін ашып талайдың, Ай-хой жүрек тербеген. Мейрам келіп арай күн, Бойды шаттық кернеген. Әсем әнім арналсын, Елге салтанат құрған. Тойың тойға жалғансын, Шашу шашайын жырдан. Ашық аспаным бүгін, Мәз боп ғарыш та күлген. Қосты –ау бастарын бүгін, Жұртым қауышпай жүрген. Бейбітшілік сақтаған, Халқым ғажап бүгінгі. Қазақпын деп мақтанам, Тойлап азат күнімді...
ӘЛІ-АҚ ТӨРГЕ ОЗАДЫ
Ата-бабам Азаттық аңсап еді, Тәуелсіздік жолында жан сап еді. Сонау ықылым заманнан арман етіп, Ақындар мен жыраулар ән сап еді. Жау қолына түссе де достаспаған, Өз тілісіз өмірмен қоштаспаған. Ұлылардың ұрпағы емес пе едік, Ұсақтауды біздерден тоспас далам. Етек жиып ел болып енді міне, Қол жеткенде ұлтымның теңдігіне, Тілден безген мәңгүрттер пайда болды, Сын әкелер Егемен елдігіме. Қашан туар тілімнің айы оңынан, Келеміз ғой атойлап баяғыдан. Ана тілін менсінбей кейбіреулер, Ұлтымыздың шалып жүр аяғынан.
Насихаттау өз тілін бізге борыш, Жатқан кезде жылжымай ілгері оң іс. «Космополит» қандастар қайғырмай жүр, Түрі қазақ өйткені тілдері орыс. Әлі-ақ біздің тіліміз төрге озады, Қыр қазағы қолдайды өр қазағы. Ұлтын сүймес «шұбар тіл» бәзбіреулер Өзді-өзіне түбінде көр қазады. Ел басқарған қолдап жүр тұлғалар да, Пікір-өлең әйтпесе тыңдалар ма? Өзге ұлттың барлығы біздің елде, Сайрайтұғын қазақша күн бар алда, Деген үміт сөнбейді бұл балаңда.
ДОСТАРДЫ АҢСАУ
Қалтырмас қиналғанда құса-мұңға, Дем берер биікке де ұшарыңда. Ей, достар, қайдасыңдар бірге өскен, Бір көше, бір ауылдың құшағында. Сол күндер уақытпенен сырғып ақтың, Жүруші ек алмасын жеп нұрлы бақтың. Шомылып достарменен өзенге де, Суын да бірге ішіп бір бұлақтың. Есімде тайға мініп жарысқаным, Ең алғаш қыздарменен танысқаным. Оралмас бозбала күн артта қалды, Беу балалық, біздерден алыстадың. Ең алғаш ғашық болған сәттер қызық, (Бүгін де қолымызда таққан жүзік). Жүруші ек бір жауабын күтуменен, Біреуден махаббатқа хат бергізіп.
Жүгіртсем ойларымды шартарапқа, Көңілдің сағынышы тарқамақ па? Уақыттың ағыны ғой түсінемін, Кетсеңдер, ей, достарым, әр тарапқа. ҰҚСАТА АЛМАЙ КЕЛЕМІН (Абай атаға) Алпыс екі тамырда қан айнала, Ақындыққа ұмтылдық талай бала. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» Деп айтып ең расында Абай баба. Кей кездері тірліктен шаршағанда, Жырыңды оқып елітем ән самалған. Қара сөзің - қазақтың қазынасы, Ақыл берген дәл мендей қанша адамға. Үлес қосар өнерге, баталы елге, Ақын болсам деп едім ата мен де. Қара өлеңнің ұға алмай қасиетін, Ұрпағың жүр еліктеп жат әуенге. Жастар да көп адасқан сана бөлек, Шыңғырығы шығыстың - «жаңа дерек».
Әр заманның Абайы бар деуші еді, Біздерге де дәл сіздей дана керек. Қанат қаққан өнердің бір құсымын, Абай ата, жырыңның үлгісі мың. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп едіңіз, Ұқсата алмай келемін жыр мүсінін.
АҚЫН ІНІГЕ
Тағдырың кейде мұңдылау қылып айтады ән, Сондай бір сәтте өлеңнен ғана жай табам. Мені де бір кез улаған гүлдер шоғыры, Сүрініп кетіп жүгіргемтұрып қайтадан. Жалықпа бала бесіктенбелің шықпастан, Шыдамсыз ерден махаббат ерлікқұт қашқан. Сол гүлдер үшін өмірім талайөрт болып, Сол гүлдер үшін етіксіз мен де шық басқам. Ақын ба мұң мен шаттықтыңдәмін татпаған, (Амалым нешік қарақат көзкөп қаптаған) Бүгін де саған көріксізболған гүлзарды Аралап жүріп,абайсыз мен де таптағам...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру