TELEGEI

Home

Ақбөпе - Сауытбек

Kitap.kz

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақбөпе - Сауытбек

Ақбөпе - Сауытбек

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН

АҚБӨПЕ – САУЫТБЕК

Шығыпты Шу шымырдан ақын бала,
Сауытбек оның аты, сөзге сара.
Айтысқан қыз-жігіттің бәрін жығып,
Өлеңнен үздік озды жалғыз дара.

Сауыттың кемістігі кедейлігі,
Ақылды, сөзге шешен, болды дана.
Ойынан ән шығарып өлең жазды,
Қағытпа қара сөзге шебер жана.

Сауытбек Шуда өскен шымыр еді, 10. Шудағы шымырлардан шығып еді.

Орта жүз Ақбөпенің түп атасы,
Шудағы қара қыпшақ ұруы еді.
Екеуі Шудың өскен жағасында,
Атасы Шуда туған, бабасы да.

Қыс болса құмға түсіп кетуші ед,
Көктеуі Қорақатын сағасында.
Барлары Алатауға көшіп шығып
Жайлайды Сусамырдың саласына.

Сусамыр Алатаудың кең жайлауы, 20. Шу, Меркі, қазақ, қырғыз бәрі осында.

Ілгері орта жүзден көшіп келген,
Отыз үйлі қыпшақтар бар шамасында.
Қыз беріп, қыз алысып құданда боп,
Дулаттың өсіп-өнген арасында.

Қыпшақтар шымырлардың елінде еді,
Сыбайлас, той-жиындас шенінде еді.
Қоныстас қысы-жазда бірге көшіп,
Шу өзен Қорақатын жерінде еді.

Қыпшақтан ақын, әнші бір қыз шықты, 30. Атағы Шу еліне белгілі еді.

Айтысқан жігіттердің бәрін жықты,
Ешкімнен беті қайтып жеңілмеді.
Сауытбек айтыспаған сол-ақ қалды,
Басқасын бір-бір сынап көріп еді.

Қыпшақтан шыққан еді сол сұлу қыз,
Әнші, ақын, аты Ақбөпе шолпан жұлдыз.
Жері жоқ тұлғасының келіспеген,
Ақ тамақ, алма бетті, алқызыл жүз.

Дәріптеп Сауытбектің айтуынша 40. Періште тең болмайды болса хор қыз.

Ақбөпе пісте мұрын, сүмбіл шашты,
Қара көз, оймақ ауыз, қиғаш қасты.
Аршыған жауқазындай кірсіз жүзі,
Тісіне орнатқандай гауһар тасты.

Ұшынан екі беттің қаны тамған,
Тілінен сөйлегенде балы тамған.
Сауытбек арман етіп «аһ» дейтін,
«Ондай қыз тумайды, – деп, – ешбір жаннан».

Жалғанға Жаратушы қимас еді, 50. Ақбөпе аңлаусызда келіп қалған.

Денесі мінсіз тура тартқан сымдай,
Сымбатты сырт арқасы сыр сандықтай.
Тақтайдай жауырыны тегіс жазық,
. . . келген қыз жоқ ешбір мұндай.

Тұйғындай тұғырдағы мойнын толғап,
Сыланып отырады тоты құстай.
Қойғандай кірпік, қасы оспа жағып,
Сауырлы, белі нәзік, иіні жазық.

Жарқырап шарайнадай қара көзде 60. Тұрғандай гауһар тастың шамы жанып.

Хорының қызы ма деп көрген кісі
Тамсанып кете алмайды таңырқанып.
Сөйлессең бір жасайсың көңлің шат боп,
Сөзіне ләззатты мейірің қанып.

Биіктеу денесі бар талма бойлы,
Ылайық мінезіне әзіл-ойыны.
Салмақты, байсалқалы, сынық мінез,
Алыстан болжайтұғын терең ойлы.

Тиіссең Ақбөпені әзілге алып, 70. Тұрады күлімсіреп құлақ салып.

Ақбөпе өткір тілмен түйрегенде,
Қаласың жай түскендей естен танып.
Сөзге де Ақбөпе қыз шебер еді,
Ақылды, қатарынан зерек еді.

Ақбөпе ауылы жақын болғанменен,
Сынасып Сауытбекті көрмеп еді.
«Сырласып емін-еркін бір көрсек» деп,
Ғашық боп екеуі де жүрер еді.

Өлеңге екеуінің мол дарыны, 80. Жайылған Шу еліне сол сарыны.

Деуші еді Аша болыс ескі уақта,
Шу аудан осы күнгі орталығы.
Ашаның Тілеуқабыл болысы еді,
Шу өзен, Қорақатын қонысы еді.

Алматы, Әулиеата, Шымкент елін
Шақырып үш дуанға той істеді.
Шалғын саз Шуға түсіп тойын қылды,
Тамаша сауық-сайран ойын құрды.

«Болыстың Тілеуқабыл тойы бар» деп, 90. Жиналды Шу елінің ойы-қыры.

Күтініп қыз-бозбала жүруші еді,
Шешілмек осы тойда ойдың сыры.
Ақбөпе Сауытбекпен жүз көрісті
Болыстың Тілеуқабыл тойы күні.

Жиналды осы тойға жанның бәрі,
Қызықты болды жұртқа тойдың сәні.
«Қыпшақтың ақын қызы келіпті» деп,
Есітіп тегіс келді жанның бәрі.

Ынталы есітуге тойдағы жұрт, 100. Қандай деп Ақбөпенің салған әні.

Жұрт құмар Ақбөпенің салдарына,
Көргенде көз тояды ажарына.
Сырланған алты қанат ақ орданың
Шығарды Ақбөпені төр жағына.

«Ақбөпе қашан өлең айтады» деп,
Жұрт қоршап қамалап тұр жан-жағында.
Іленің жалайыры той бастады,
Үйсіннің ноқтағасы сол бастады.

Бас қойды, шапан жапты тойбастарға, 110. «Айтсын» деп Ақбөпеге сөз тастады.

Ақбөпе әннің басты ырғағына,
Дарыған ән мен өлең тіл-жағына.
Сондағы Ақбөпенің өлеңі еді,
Сиынып орта жүздің әруағына.

– Орта жүз арғы бабам арғын, қыпшақ,

Әруағын кем болмаспыз қадір тұтсақ.
Қақ жарған қара қылды Қазыбек би,
Үш жүзге үлгі берген жолға нұсқап.
Хан өтті, датқа өтті, патша өтті,

120. Әділдік жүргізбеген Қазыбек құсап.

Қобыланды батыр өтті өз қыпшағым,
Ел қорғап, ерлікпенен туын ұстап.
Арқаның Ағыбайын кім білмейді,
Жауды алған қарсыласқан матап-тұсап.

Солардың әруағы жәрдем берсе,
Болса да тоқтамаймын қиын-қыспақ.
Бабамыз арқада өскен ту басында,
Аз ғана қыпшақ кепті Шу қасына.

Отыз үй қыпшақтар шамасында, 130. Отырмыз көп дулаттың ортасында.

Салмағым аз да болсам жеңіл емес,
Салса да таразының бір басына.
Сауытбек ақын жігіт бар деуші еді,
Бұл сөзді терең ойлап болжасын да.

Бар болса бізге неге көріспейді,
Далада сыриып жүрмей, кел қасыма.

Сонда Сауытбек: – Мен Ақбөпеге айтысуға батпай жүргенім жоқ, Ақбөпенің сарыны жер жарады, жұрт өте дәріптейді, айтысқан жігіттер орнынан тұра алмайды. Айтыссақ сөзім тиіпкетер деп Ақбөпеге сырттап жүргенім ырас еді, – дейді. Сол сөзді айтып отырғанда Саукеңмен әзілдесіп жүретін Жидебай деген өте сөзге шебер, қу кісі Саукеңе қарап: «Көр айғыр боз байталды теуіп жібере ме деп сырттан оқыранып жүрген екенсің ғой» деп, отырған кісілерді күлдіріп қояды. Сонда Ақбөпе үйдің киізін түріп, керегенің көзінен көріп шақырған екен дейді. Шымырлардың жігіттері Жидебай, Әтібектер Сауытбекке келіп: «Сен неге сырттап жүрсің? Жаңағы Ақбөпе мақтаған орта жүздің әруағы басып тұр ма? Жүр, сені Ақбөпе шақырып отыр» – деп Ақбөпенің тұсына отырғызды дейді.

Ақбөпеге амандасып Сауытбекттің айтқан өлеңі :

– Ақбөпе, көңілің шат, денің сау ма,

Сайраған бұлбұл құссың сен бір бауда.
Өлеңмен Сауытбектеп шақырған соң,

140. Жеткендей болды төбем асқар тауға.

Ақ тұйғын қанатымен қағып өтті,
Тор жайсам түсер ме екен жібек қауға.
Созғанмен қолым қысқа, жете алмайды-ау,
Шың таста ұясы бар биік зауда.

Шақырсам қолыма кеп қонар ма екен,
Байырғы тұйғын еді өскен маңда.
Ақбөпе

– Сауытбек, есенбісіз өзіңіз де,

Қарт, жастар, жалпы аман ба еліңіз де.
Сауытбек шақырумен әрең келдің,

150. Алғашқы амандасу жөні сізде.

Болсам да төмен етек мен шақырдым,
Сынаңыз жөн келе ме өзіңізге.
Егерде мен шақырып алмағанда,
Ескеріп ілмесеңіз көзіңізге.

Кезіктік осы тойда жүз көрісіп,
Күтсем де келмеуші еді кезімізде.
Іштегі барлық сырды қалдырмай айт,
Сыртыңнан ынтызар ем сөзіңізге.

Мақсатты ойыңдағы ортаға сал,
160 Тарыдай дақ қалмасын көңілімізде.
Сауытбек

– Ақбөпе, бір көрсем деп болдым құмар,

Сүйгенін көрген кісі көңлі тынар.
Жанасып жақсыменен бір сөйлессең,
Қамалған қайғы, сәнаң іштен шығар.
Шарықтап шарлап ұшып іздеп жүрген,

Серігін таппай жүрген мен бір сұңқар.
Айтулы ақтұйғынға кезіксем деп,
Құмартып сырласуға көп ынтызар.
Тыңдауға жұрт жиналып қалған екен,

170 Салмақтап сөзді сынап көрсін бұлар.
Ақбөпе

– Сауытбек, той-жиыннан қалмай жүрсіз,

Көз қырын біздің елге салмай жүрсіз.
Білесіз әйел жолы жіңішкелеу,
Ынтызар болсаң неге бармай жүрсіз?
Көңілің сүйген болса барар еңіз,

Шынымен есіңізге алмай жүрсіз.
Ауыл да алыс емес, жақын еді,
Жолығып, дедіңіз бе, қандай жүрсіз?
Ер жігіт болсам іздеп барар едім,

180. Амал не, жолым нәзік, жағдай күйсіз.

Сауытбек

– Бара алмай жүрмін атым болмаған соң,

Кедейлік ауыр екен орнаған соң.
Танысып жүрмеген соң бара алмадым,
Сөйлесіп сырыңызды алмаған соң.
Көңілсіз, салқындау ма деп ойландым,

Араға қатынас сөз салмаған соң.
Мысалы пісіп тұрған сіз бір алма,
Жүрерміз әуестеніп барғаннан соң.
Арманы көңілімнен кетпес дедім,

190 Құмарым алманы иіскеп қанбаған соң.
Ақбөпе

– Ізденіп Адам барған Һауа анаға,

Ерді іздеп әйел кісі оңала ма.
«Қатынас сөз салмадың» деп отырсыз,
Тұра ма ер жігіттік мағанаға.
Сауытбек, мынау сөзің жолсыз тіпті,

Өзінше қыз жігітке сөз сала ма.
Адамға Һауа іздеп барған емес,
Һауа анам, атам Адам жаралғанда.
Талаптар табанын таптамай ма,

200. Кедейлік ерге кесір бола ала ма.

Алмаға өзің қолды созбаған соң,
Домалап алма аузыңа бара ала ма?
Біресе атым жоқ деп сылтаулайсың,
Аяғың қалай жетті бұл араға?

Сауытбек

– Ақбөпе, ақ байталдай алшақтадың,

Деп едім жақындайын, шалқақтадың.
Білмейсің орта жүздің қайда екенін,
Тербеттің сырттап жүріп әруақтарын.
Аспанға орта жүзді алып шығып,

210. Көтеріп көкке өрлетіп ардақтадың.

Ұлы жүз орта жүзден кейінбе еді,
«Бағалы алтынмын» деп мақтандың.
Дулатқа дуа қонған Қызыр шалып,
Кең байтақ жеріне кеп сен мастандың.

Арқадан ауып келген аз үй қыпшақ
Дулаттың ортасында жан сақтадың.
«Алтыннан ауыр бір қыз бар» деген соң,
Көрейін деп келіп ем салмақтарын.

Ақбөпе

– Сауытбек, меніменен өзіңді сал,

220. Жұрт көрсін, сөзің менен сөзімді сал.

Көппін деп көтеріліп көпсімегін,
Еліңе аз да болсам елімді сал.
Бір мысқал таразыға алтынды қой,
Алтынның мысқалындай темірді сал.

Қайбірі ауыр шығар терең ойлап,
Бағалап салмағына көзіңді сал.
Темір мен алтын парқы аспан жердей,
Аз деме, осы жағын есіңізге ал.

Сауытбек

– Ақбөпе, аздар көптен аса алмайды,

230. Салмағы аз болған соң баса алмайды.

Болған соң берекесіз, көлемі аз,
Бір жақтан салмақ алып қоса алмайды.
Мақал бар «көл батырар, көп қорқытар»,
Көп қолға жау да қорқып бата алмайды.

Аз елдің ардақтысы көп руда,
Ауызын қарсы сөйлеп аша алмайды.
Болса да әйел үсті мал берген соң,
Құтқарып басын алып қаша алмайды.

Ақбөпе

– Сауытбек, мынау сөзің жөн болмайды,

240. Жөнсіз сөз сөйлегенмен ем болмайды.

Азбын деп азамат ер жау санаспас,
Бар болса жүрегінде ел қорғайды.
Қобыланды жалғыз өзі жауды қуған,
Батырлар елге сеніп ер болмайды.

Қарғалар қаптаған көп, сұңқар жалғыз,
Қарға жем, сұңқар оған жем болмайды.
Қаңқылдап қарға шулап іс бітірмес,
Сұңқармен дәрежесі тең болмайды.

Сөйлейді мың адамнан бір-ақ кісі, 250. Тыңдаушы басқаларда сөз болмайды.

Бәйгені мыңнан озып тұлпар алар,
Бар болса сүйегінде кем болмайды.
Қуады мың қарғаны жалғыз тұйғын,
Қарғаның шулағаны кер болмайды.

Сауытбек

– Сенен мен, Ақбөпе қыз, кем болдым ба,

Сен алтын, темір, шойын мен болдым ба?
Ақсұңқар, алғыр қыран бола салып,
Алтынға аспандадың, тең болдың да.
Қаңқылдап қалың дулат қарға болып,

260. Аз қыпшақ жем ететін сен болдың ба?

Отыз үй орта жүзге сыймадың ба,
Ағызып алып келген сел болды ма?
Орта жүз жақсы болса неге келдің,
Жау шауып, құйын қуған жел болды ма?

Орта жүз жақсы болса көшпейсің бе,
Кемшілік көргеніңше кетпейсің бе.
Болғанша қасқарауға қатын үсті,
Ойлаған мақсатыңа жетпейсің бе?

Ақбөпе

– Сауытбек, білгіш болсаң «көш» дер ме едің,

270. Кім қияр көзін ашып өскен жерін.

Болыстың Тілеуғабыл атын бағып,
Атқосшы болғаныңды ескермедің.
Осы ма, Сауыт, сенің білген жерің,
Абайлап өз мініңді бір көрмедің.

Сауытбек, ойламайсың, кім қияды,
Кір жуып, кіндік қаны тиген жерін.
Өзімде өз шаруам жеткілікті,
Жерім жоқ көп дулаттан күн көргенім.

Әнші-ақын, Нұрмахамбет балуанды 280. Аз емес үйсініңнен білгендерің.

Дулатың саған жақын шымырыңнан,
Арқаның аралап жүр күллі елдерін.
Сайрандап орта жүздің ортасында.
Қимай жүр балуаның сүйген жерін.

Жатады ел болған соң араласып,
Аз емес орта жүзде жүргендерің.
Сауытбек

– Ақбөпе, сен емессің барып көрген,

Кісідей айта бердің танып көрген.
Көргендей көрмесең де тоқталмайсың,

290. Аралап танысып па ең барлық елмен.

Он жеті, он сегізге жаңа келдің,
Сен емес жасы кексе, тарих көрген.
Қасқырдан үріккен қойдай шетке шығып,
Адасып аз үй қыпшақ нағып келген?

Ақбөпе

– Сауытбек, болмас сөзді айтасың ба,

Көпшілік сөзді сынап байқасын да.
Әркімнің айтқан сөзі өзіне жөн,
Айыбын көзі көрмес арқасында.
Сауытбек, тарих жайын менен сұра,

300. Бабамнан үйренгенмін он жасымда.

Арқадан аз үй қыпшақ келгені рас,
Ел үркіп шабыншылық шайқасуда.
Наурызбай, Кенесары қырғынында
Қан аққан қырғыз, қазақ найзасында.

Наурызбай сол ұрыста қолға түсіп,
Қырғыздың қазақ қалды олжасында.
Келіпті сол қырғынның кесірінен,
Отырмыз көп үйсіннің ортасында.

Адамға адыр сөйлеу жараса ма, 310. Ақылды айқын жолдан адаса ма?

Көппін деп көтеріліп, көпіресің,
Көп дулат, саған Сауыт, қараса ма?
Ақылсыз албырт сөйлер айласы жоқ,
Қаттырақ айттым, Сауыт, ойласын деп.

Астыңда атың да жоқ жаяу жүрсің,
Көп елдің, Сауыт, саған пайдасы жоқ.
Сауытбек

– Ақбөпе, қызбаланып жалындадың,

Бәйге алған боз байталдай ағындадың.
Айып ба өскен елді сөз еткенім,

320. Сен де айтып орта жүзді сарындадың.

Кемітіп кедейсің деп кекетесің,
Бай еді құда болған қайындарың.
Бай болу, кедей болу ол бір кезек,
Білмейді ешкім болжап арғы жағын.

Қызығып байлығына болған едің,
Айтуға арзымайды қалыңмалың.
Үстіне екі әйелдің тоқал етпек,
Жағдайың, Ақбөпе қыз, маған мәлім.

Көп елді көтергеннің айыбы жоқ, 330. Қосып айт өскен болса арғындарың.

Ақбөпе

– Берейін, Сауыт, жауап сұрағыңа,

Сұраққа сөз қайтармай тұрамын ба?
Жасымда бабам айтып отырғанда,
Ұғынып алған едім құлағыма.
Жаттығып көңілімде қалған еді,

Он екі-он үш жасар уағымда.
Тарихты сіз де, Сауыт, үйренер ең,
Кездесіп бабам тірі тұрғанында.
Қыпшақ пен арғын, найман Арқа жақта,

340. Көптікпен қанат жайған әр тарапқа.

Екеуі уақ, керей бір анадан,
Тарақты ноқтағасы біздің халықта.
Мекендеп Әзіреттің Қаратауын,
Көп халық Сырда жатыр қоңыратта.

Осы айтқан жеті ру ел бәрі орта жүз,
Сауытбек, есептей бер аз ба, көп ба.
Кемітіп орта жүздің ішінде айтсаң,
Тірідей үйітер еді басыңды отқа.

Қобыланды ерлікпенен елін қорғап, 350. Халық үшін қарсы тұрған атқан оққа.

Кім болған Қазыбектей әділетті,
Зарлатты ел кедейін хан мен патша.
Қақ жарған қара қылды әділдікпен,
Бар болса Қазыбектей соны мақта.

Сауытбек

– Әлібек жаныс еді би болыпты,

Басқарып ұлы жүзді игеріпті.
Қазыбек, Әйтеке би, Әлібек пен,
Заманы үшеуінің бір болыпты.
Бір мүшел Әлібек би үлкен екен,

360. Құрметтеп ағамыз деп сый беріпті.

Бір жағы ұлы жүз деп сыйлайды екен,
Қадірлеп Әлібекті күнделікті.
Кейінгі әйелінен Әлібектің
Ақылды Төле деген ұл болыпты.

Әлібектен Төле деген бала болды,
Жасынан сөзге шешен сара болды.
Он төртте бітпей жатқан дауды шешіп,
Ақылы атасынан дана болды.

Төленің бала би деп даңқы шықты, 370. Жүргізді әділетпен таза жолды.

Мүгедек, мүсәпірге мейірі түсіп,
Жесір мен жетімдерге пана болды.
Қазыбек, Әйтеке би қартайған соң,
Төле би үш жүзге де аға болды.

Ақбөпе

– Болыс пен осы кезде биің қандай,

Баз адам би, болысқа сиынғандай.
Болыспен бірге жүр деп есітіп ем,
Орынын басасың ба, түрің қандай?
Жақында сайлау бар деп есітемін,

380. Шу елі, Аша болыс жиылғандай.

Болыстың бағы саған барған шығар,
Сайлауға ойың бар ма ұрынғандай.
Байларың қайырылып қараса ма,
Ел тартып таласуға күйің қандай.

Жарысып қалып қойсаң үлкен тамға,
Қоя ғой бола алмасаң шығындамай.
Сауытбек

– Ақбөпе, терең ойлап болжамадың,

Едім деп әйел үсті ойламадың.
Зорлығын бай-болыстың көріп жүрсің,

390. Басынып аз ұру деп қорлағанын.

Бай менен дегенің ғой болыс жақсы,
Көтеріп бай-болысқа болыспашы.
Жастары өз еркімен қалауында,
Болыстан әділ заңды орыс жақсы.

Бай менен деп отырсың болыс күшті,
Істей ме жақсы болса зорлық істі.
Бай-болыс әділетті болса тура,
Өзің де болмас едің қатын үсті.

Қайырылып қарасатын байым да жоқ, 400. Жалынар бай-болысқа жайым да жоқ.

Аз ел мен кедейлерге зорлық істеп,
Құдайдан қорқатұғын ойында жоқ.
Мінім жоқ кедейліктен жасырмаймын,
Астымда мініп жүрер тайым да жоқ.

Өзіңдей есі бар қыз еске алмаса,
Мал беріп белгіленген қайыным да жоқ.
Ақбөпе

– Сауытбек, деп отырсың алалым жоқ,

Қайрылып қарасатын адамым жоқ.
Табылар көңілі сүйген, ел емес пе,

410. Өзіңнің жүрегіңнің талабы жоқ.

Көңілі сүймегендер қаламайды,
Сүйіссе бай, кедей деп санамайды.
Уайым түбі терең батырады,
Жігітке жүрексіздік жарамайды.

Тәуекел мінсе қайық өте шығар,
Әр жұмыс тәуекелсіз бола алмайды.
Сауытбек

– Кедейге жақсы қыздар қарай ма екен,

Бай менен болыстардай санай ма екен.
Қалыңға берерге мал, мінерге ат жоқ,

420. Үйлену кедейлерге оңай ма екен.

Бай менен қайындарың болыс еді,
Қордай мен Ұзынағаш қоныс еді.
Өзіңдей жақсы қызды иемденген,
Кедейге кесір боп жүр сонысы енді.

Ноғайбай бағы жұрттан асып тұрған,
Болыстың әруағы басып тұрған.
Мысалы Ноғайбайға кім батады,
Не десе үйсін, дулат жатып-тұрған.

Ақбөпе

– Сауытбек, жарамайсың, сөзің жасық,

430. Өтпейтін қайраса да өзің жасық.

Байлықпен болыстықтың керегі не,
Ақылсыз, иіс білмейтін болса сасық.
Дәрежең жаныстармен тең емес пе,
Шымырдан кетер ме еді жаныс асып.

Сауытбек ішаратқа түсінбейсің,
Қалған ба кедейліктен миың ашып?
Сауытбек

– Ақбөпе, жөн сөзіңе жол беремін,

Орынды бұл сөзіңді оң көремін.
Мақсатым ойымдағы осы менің,

440. Беріліп енді сізге қол беремін.

Шымырап жетті сөзің сүйегіме,
Бұл сөзің жылы тиді жүрегіме.
Аңсаған арманымды өзің айттың,
Жеткендей болдым жаңа тілегіме.

Ақбөпе

– Тор жайсам деп едіңіз тұйғын құсқа,

Оралсын, торыңыздың жолын нұсқа.
Ойлаған мақсатыңыз орындалсын,
Созыңыз қолыңызды, қолымды ұста.
Сауытбек, ақтұйғынға торыңды кер,

450. Қолыңа қондырсаң жұрт орынды дер.

Қосамын тілегімді мен де сізге,
Қолымды қысып ұста, қолыңды бер.
Сауытбек Ақбөпеге қолын берді,
Сөздерін жиналған жұрт орын көрді.

Болсын деп екеуіңнің тырнақалдың,
Шәйі шапан, басы құндыз жолын берді.
Сөздері болды жұртқа ... барлы,
Татымды, тәтті сөзі тұшымалды.

Кигізіп Сауытбекке шәйі шапан, 460. Құндызды Ақбөпеге ұсынады.

Жымыңдап бір-бірінің қолын қысты,
Ғашықтық жалын өрті ішке түсті.
Қосылып екеуінің махаббаты,
Аймалап оңашада сүйіп құшты.

Көрмесе бірін-бірі тұра алмады,
Көргенше сабыр, таһыд қыла алмады.
Мақсаты шын жолдастық өмір сүру,
Іштегі барлық сырды шығарады.

Ақбөпе Сауытқа айтты: – Кетейік, – деп, 470. Өмірді бірге жасап өтейік, – деп.

Айрылып, ажырасып өкінерміз,
Әрекет осы бастан етейік, – деп.
Көрмесе тыныш ұйықтап жата алмайды,
Сол түні таң да тездеп ата алмайды.

Кер заман кедейлерге ескі уақта,
Сауытбек жүрексініп бата алмайды.
Бөпеге Сауыт жауап қайтармады,
Малының жоқтығынан қайсаңдады.

Аянып Сауытбектің көңілін қимай, 480. Қайталап Ақбөпе де айта алмады.

Көп еді Ақбөпенің қайғы-зары,
Қасқарау жаныс еді қайындары.
Үстіне екі әйелдің алмақшы еді,
Мал беріп атастырып болған жары.

Күйеуі қырық жетіге барған еді,
Үстіне екі әйелдің алмақ еді.
Байлықтың күшіменен Ақбөпеге,
Даңқына, малға жығып болған еді.

Күйеуі ауыл жанап кеп жүреді, 490. Ығыр ғып Ақбөпені бездіреді.

«Құдай-ау, күнім қандай болады» деп,
Ақбөпе қайғы-зарын жеп жүреді.
Күйеудің аты Тантай, өзі шата,
Ақбөпе мұны көріп өте қапа.

Еліне Ақбөпе қыз бармай жатып,
Үйінде көрсетіп жүр зәбір-жапа.
Кей күні ұмтылады «ұрамын» деп,
«Үйіңнен қашсаң сүйреп шығамын деп.

Ауылға сені осыдан алып барсам, 500. Жотаңнан таспа тіліп аламын» деп.

Ақбөпе шешесіне жылады кеп,
«Мұнымен қалай етіп тұрамын» деп.
Қызына шешесінің бар айтқаны:
«Шөбіңе салған шығар, шырағым» деп.

«Талқан боп араз болса шабамын, – деп,
Басыңа ақырзаман саламын, – деп.
Қолыңнан не келеді, аз үй қыпшақ,
Күң етіп қыздарыңды аламын» деп.

Ақбөпе күнде жылайды, 510. Қайғымен азып мұңайды.

Кетер еді Сауытпен
Шешесін ойлап қимайды.
Ақбөпе жылап еңірейді,
Қыпшақтар пәлен демейді.

Жылы сөз жоқ күйеуден,
Қайғысы қыздың көбейді.
Аз ұру қыпшақ ел еді,
Басқаның тимес көмегі.

Қайындары Қордайда, 520. Бай менен болыс, бек еді.

Ноғайбай елдің болысы,
Қордайдың белі қонысы.
Күйеудің болыс жақыны,
Қыпшаққа ауыр сонысы.

Тантайдың теріс мінезі,
Ақбөпе жақсы біледі.
Ақбөпе жақтырмаса да,
Ай сайын келіп жүреді.

Бір күні Тантай келеді, 530. Күйеу боп келіп түнеді.

Келгенін көріп Ақбөпе,
Тітіреп кетті жүрегі.
Тантай күйеу кеп қонды,
Ішіне қыздың дерт толды.

Күйеуге енді қыз керек,
Тамақты тойып жеп болды.
Ақбөпе зарлап еңіреді,
Еріксіз болдым мен деді.

Ақбөпені күйеуге 540. Жеңгесі ертіп келді енді.

Қолынан күйеу ұстады,
Жеңгесі шықты тысқары.
Махаббат жылы сөзі жоқ,
Еріксіз қызды қыштады.

Жекіріп Тәкең сөйлейді,
Ақбөпе пәлен демейді.
Дегені болмай Тәкеңнің,
Ұрыс пен жанжал көбейді.

Қасарып қыз да көнбеді, 550. Ұруға қамшы іздеді.

Қамшы іздеп Тәкең жүргенде,
Ақбөпе қашып жөнеді.
Үйіне қашып келеді,
Ішінен шынжыр іледі.

Есікті Тәкең аша алмай,
Үйді айналып жүреді.
Күйеумен келген жолдасы,
Тәкеңнің жасты құрдасы.

Күйеу жолдас Көбен де 560. Қырық жеті жастың шамасы.

Араз боп күйеу қайтады,
Жолдасы көріп байқады.
Көбекең келіп аулына,
Болынған жайды айтады.

Тантай қапа болады,
Халыққа бұл сөз тарады.
«Менсінбей жүр» деген сөз
Жанысқа тамға салады.

Болғандай тамға жанысқа, 570. Арланды жаныс намысқа.

Халыққа бұл сөз жайылып,
Таралып кетті алысқа.
Құлағына Ноғайбай,
Тиіпті барып болысқа.

Ноғайбай болыс біледі,
Жауатын бұлттай түнерді.
«Жесірімді берсін» деп,
«Күш сынасып көрсін» деп,

Қыпшаққа кісі жіберді. 580. Күйеудің Көбен деген жолдасына,

«Басында бар едің, – деп, – сен қасында.
Қасқарып қасқараулар шапқаннан соң,
Жаныстың қыпшақ түсер олжасына.
Менімен аз үй қыпшақ ойнамасын,

Ойнаса сау қалам деп ойламасын.
Түсіріп шаңғарағын ортасына,
Шығарам күл-талқан ғып ойранасын.
Қыпшақтың бәрін матап байлатамын,

Аулына ат шаңдатып ойнатамын. 590. Қызының аяқ-қолын керіп тастап,

Үстінен қой жүргізіп айдатамын».
Осылай болыс деп еді,
Жұмсаған кісі жөнеді.
Кісінің аты жіберген,

Атын Көбен дер еді.
Азанда шығып атпенен,
Араға қонып келеді.
Болыстың жазған сәлемін,

Естайға әкеп береді. 600. Ақбөпенің шешесі

Көбенге айтқан сөзі еді.

– Дайындап сенен айтса, Көбен, – деді,

Болмасын құдам қапа менен, – деді.
Бір нәрсе балалықпен деді ме екен,
Анықтап өзім сұрап білем, – деді.
Күйеуді жаннан артық көрем, – деді,

Көңілі ренжіді неден, – деді.
Болыстың көңіліне кір келмесін,
Түскен соң ел жайлаудан берем, – деді.

610. Шешесі солай деп еді,

Көбеннің көңілі сенеді.
Айтайын деп болысқа,
Атына мініп жөнеді.
Байлары Алатауда жазда болды,

Кедейлер Қорақатын сонда болды.
Кедейі байларымен араласып,
Көк майса Шуға түсіп сазға қонды.
Әсеттің Шуға түсті уағында,

Бидайдың қиғаш маусым орағында. 620. «Ақбөпе Шуға сазға қоныпты» деп,

Сауыттың тиді барып құлағына.
Сауытбек жолаушылап кеткен еді,
Аулына қайта оралып жеткен еді.
Сауытбек Ақбөпені көрмегелі

Арада айдан асып өткен еді.
Сауытбек Қорақатын жағасында,
Қонысы шымырлардың бар осында.
Шу менен Қорақатын қашықтығы,

Атпенен сәскелік жол арасында. 630. Жөнелді атқа мініп жолға түсіп,

Жүрегі аттай тулап алып ұшып.
Сауыттың көңліндегі арманы сол,
Бөпешін аймаласа сүйіп-құшып.
Намазшам өткен кезде келді жетіп,

«Көрініп, сездірсем, – деп, – жанап өтіп».
Ақбөпе уық шаншып тұрған екен,
Сауытбек қақты үзеңгі хабар етіп.
Сауытбек үзеңгісін қағып қалды,

Жалт қарап, Ақбөпе де танып қалды. 640. Ғашықтар бірін-бірі көргеннен соң,

Аймалап сүйіскендей болып қалды.
Таниды Ақбөпе де көз жіберіп,
Бір-бірін көптен бері енді көріп.
Сауытбек көзін тігіп тұрды біраз,

Ішарат ете ме деп белгі беріп.
Ақбөпе тұрған еді уық ұстап,
Уығын бір сілтеді Шуға нұсқап.
Белгілі екеуіне топ қамыс бар,

Дегендей жата бер деп атың тұсап. 650. Ол қамыс екеуіне белгілі еді,

Қышақтың қонысы деп ел біледі.
Ел көшіп, сазға түсіп қонған күні,
«Осында бас қосамыз» деп жүр еді.
Шідерлеп үш аяғын атын тұсап,

Шідермен кетпесін деп алыс ұзап.
Ақбөпе Сауытбекпен жүз көріспек,
Зылиха ашық болған Жүсіп құсап.
Бір қыз бар, Ақбөпенің құрдасы еді,

Құндызай оның аты, сырлас еді. 660. Ән қосып, өлең айтып бір жүретін,

Жанындай көңілі шырын, қимасы еді.
Ақбөпе «Құндызайға барамын, – деп,
Киізін жәрдемдесіп жабамын» деп.
Бөпеге шешесі айтты: – Барсаң барғын,

Келерсің таң атқан соң, қарағым, – деп.
Көңілі Ақбөпенің орындалды,
Қауіпсіз үй ішінен болып алды.
Ақбөпе Құндызайға айтып кетті,

Белгілі айтпаса да оның бәрі. 670. Нұсқаған топ қамысқа Бөпе келіп,

Сауытпен амандасты қолды беріп.
Құмары қол алысып тарқамады,
Екі ашық құшақтасып қолтық керіп.
Сүйісті құшақтасып, аймаласып,

Сағынып қалғандығы айдан ашық.
Босасып тұла бойы балқып еріп,
Иіскелеп тамағынан мауқын басып.
Сүйісіп махаббатпен күлімдеді,

Ай жарық бір-бірінің түрін көрді. 680. Бір айдай көрмегелі болған екен,

«Жүз көрдік сағынысып бүгін» деді.
Мақсаты көңілдегі бола берді,
Не қызық бұл жалғанда одан енді.
Сусындап ләззатпен мейірі қанды,

Іздемек шідерленген қаракерді.
Сауытбек атқа кетті «көрейін деп,
Хабарын қаракердің білейін деп.
Тұр ма екен тұсап қойған жерде атым,

Көрген соң жылдам қайтып келейін» деп. 690. Дыбысы қаракердің білінбеді,

Жерінде тұсап қойған көрінбеді.
Аты жоқ қойған жерде барып көрсе,
Бөпеге келіп айтты кідірмеді.
Сауытбек Ақбөпеге қайтып келді,

«Орнында атым жоқ» деп айтып келді.
Ақбөпе Сауытбектен сұрап отыр:

– Атыңды тұсап едің қайтіп? – деді.

– Атымды, – Сауыт айтты, – шідерлеп ем,

Бір жаққа жылжып кетіп жүрер деп ем. 700. Ауылдың ортасына барып қалса,

Бұл жерде жатқанымды білер деп ем

– Мен білсем атың судан ішем деген,

Шу өзен дарияға түсем деген.
Жүзе алмай су түбіне кеткен шығар,
Кесір боп үш аяғын шідерлеген.
Домалап дарияға аққан шығар,

Аяғын жаза алмастан батқан шығар.
Су толқып, жарға соғып, шетке қағып,

710. Ақжардың қайраңында жатқан шығар.

Айтқаны Ақбөпенің ақыл екен,
Болжауы жас та болса мақұл екен.
Сөзімен Ақбөпенің Сауыт барса,
Ақжардың қайраңында жатыр екен.

Қайраңның жағасында жатыр сұлап,
Осы еді мініп жүрген жалғыз шолақ.
Аты жоқ мұнан басқа мінетұғын,
Мұны да мініп жүрген майын сұрап.

Су жұтып қаракердің іші кепкен, 720. Мес болып бар денесі ісіп кеткен.

Сіресіп түнгі суға қатып қапты,
Тартпасы белін бунап кесіп кеткен.
Тартпасын шаппасымен қиып алды,
Сыпырып ер тоқымын жиып алды.

«Апарып таса жерге қояйын» деп,
Тартпамен бәрін қосып буып алды.
Арқалап ер-тоқымын судан шығып,
Іш киім, көйлегінің суын сығып.

«Кепкен соң кейін келіп алармын» деп, 730. Бір жардың қуысына қойды тығып.

Сауытбек: – Ақбөпеге келді қайтып,
Атының оқиғасын Бөпеге айтып.

– Атымды майын мінген суға ағызып,

Жүремін, – деді Сауыт, – елде қайтіп.
Сауытбек Аққолтыққа кетем, – деді,
Оралып он бес күнде жетем, – деді.
Ақбөпе айтқаныңды орындаймын,

Айналып енді қайтып келсем, – деді.
Ақбөпе

– Сауытбек, шыдамаспын келгеніңше,

740. Жолыңда менің басым өлгенімше.

Бойыма ішкен асым тарамайды,
Жүремін қайтіп шыдап көргенімше.
Жаныстар хабарлапты «келемін» деп,
Әжем де жүруші еді «беремін» деп.

Келе алмай қалып кетсең мен саған жоқ,
Онан соң ойламағын көремін деп.
Сауытбек

– Ақбөпе, бір өзіңсің есі-дертім,

Көрмесем басылмайды жалын-өртім.
Өлтірдім жалғыз атты суға ағызып,

750. Көремін қалай етіп елдің бетін.

Ақбөпе, сәулем сенсің, жаным, ділім,
Қараңғы сенсіз маған көрген күнім.
Бір айсыз қайындарың келе қоймас,
Келермін жаныстардан он күн бұрын.

Қосылып еркін дәурен сүре алмаймыз,
Шаттанып езу тартып күле алмаймыз.
Кетеміз есітпейтін жер түбіне,
Бұл жерде тыныштықпен жүре алмаймыз.

Сауытбек солай деп еді 760. Ақбөпе мақұл көреді.

Аймаласып, сүйісіп,
Бетіне ерні тиісіп,
Сауытбек «хош» деп жөнеді.
Аққолтық – Аша арасы

Жаяуға түстік жол еді.
Арғын, тама, үйсіннің
Жаз жайлайтын жері еді.
Үш ұру ел бас қосып,

Сауықтың орда кені еді. 770. Екі жағы майдан саз,

Ортада Шудың өзені.
Қызойнақсыз қызбайды
Тамаша сауық өлеңі.
Қызойнақты істейтін

Арқаның тама елі еді.
Жүнісбай деген бір тама,
Көріпті аңсап ұл бала.
Шілдехана той істеп,

Қуанған жылы сол ғана. 780. Қуанып тойды беріпті,

Сауытбек тойға кезікті.
Таң ата шығып Ашадан,
Дәл түсте жетіп келіпті.
Сауытбек тойды бастады,

«Айтсын» деп үйсін қоштады.
Қыз-бозбала, келіншек,
Жиналған тегіс жастары.
Төрт адам тұрды қалыстан,

Озғанды сынап жарысқан. 790. Өлеңнен озып бәйге алды,

Сауытбек келіп алыстан.
Сауытбек тойда жүргенде,
Бес кісі келді жаныстан.

Әлқисса, Сауытбек Аққолтықта жүрген кезде жаныстардан Ақбөпені алып қайтуға бес адам келіпті.

Жаныстар хабарлаған «барамын, – деп,
Сол жерде жұма күні боламын» деп.
Ақбөпе мұны естіп қайғыланды,
«Барғанша бармай өліп қаламын» деп.

«Болады енді қандай заманым» деп,
Басына қайғы орнады қараңғы боп

800. Ақбөпе өтіріктен кесел болды,

«Болмады мұнан басқа амалым» деп.
Ақбөпе кесел болды «өлемін, – деп,
Қалайша сүймегенге көнемін, – деп.
Сауытбек уәде ғып кеткен еді,

Кешікпей он бес күнде келемін» деп.
Әр күні Аққолтықта ойын-сауық,
Той болса өлең айтып, көкпар шауып.
Ақбөпе көңілінен көтерілді,

Сауытбек тамашаға көңлі ауып. 810. Бөпешті қараңғылық қайғы басты,

Ағызды қара көзден қанды жасты.
«Сауытбек он бес күнде келем» деген,
Күнінен уәделі төрт күн асты.
Қарамас мұңды қыздың жағдайына,

Ақбөпе Сауытты ойлап сарғаюда.
Өтірік «ауырдым» деп төрт күн жатты,
«Сауытбек келмеді» деп уайымда.
Аз ұру қыпшақтар болған жалтақ,

Арманын айта алмайды мейірі тарқап. 820. Амал жоқ қарсыласар көп жанысқа,

Алады аз ұруды аттай матап.
Жаныстар үш күн болды келгеніне,
Қайтпақшы Бөпешті алып елдеріне.
«Қызыңды тез шығар» деп қиқу салды,

Ауру деп қарар емес өлгеніне.
Жылайды Ақбөпе қыз «өлемін, – деп,
Қалайша сүймегенге көнемін» деп.
Қайғымен қапалығы асқындады,

«Қандай ғып Сауытбекті көремін» деп. 830. Ақбөпе шешесіне зар жылады,

Бүгінше тоқтатқын деп жалынады.
«Азанда жүрерсіздер, мал соямыз»
Деп еді, жаныстар да қабыл алды.
Жаныстар қонып түнеді,

Бөпештің болды тілегі.
Таң атса сәтті дүйсенбі,
Жолаушы сүйер күн еді.
Сауытбек және келмеді,

Қайғымен Бөпе еңіреді. 840. Күдерін үзді Сауыттан,

«Кетемін енді мен» деді.
Бөпенің қыздар қасында,
Бір өскен ойнап жасында.
Құндызай, Кәмшат, Толмаш та,

Шырайым бәрі осында.
Ақбөпе жылап еңіреді,
«Бақытсыз болдым мен» деді.
Сырын айтты қыздарға,

Сауытбек болса келмеді. 850. Қараңғы түсті басына,

Көзінен жасы жосыла.
Ақбөпенің мұңына
Жылады қыздар қосыла.

– Таң атса енді кетемін,

Қайғымен жылап өтемін.
Сауытбекке «сәлемде»,
Аманат табыс етемін.

Солтай деген бала жігіт Ақбөпемен Сауыттың арасында сөз алып беретін еді. Ол қыпшақтардың баласы еді. Ақбөпе барлық сырын осы баладан жасырмай айтып жүретін. Сол Солтай баланы қыздардың ішіне шақырып алып, қашығырақ, Ақжар деген жарға келіп, даусын адам есітпейтін жерде: – Ішімдегі, қайғы-шерімді ағызып тастайын. Осы айтылған өлеңімді, қайғылы-мұңды әнімді Сауытбекке менің даусымдай етіп, өлеңді, әнді айтып беріңдер. Менің Сауытбекке «сәлемде» деп тапсырған аманатым осы. Әсіресе, Солтай, саған бұрын жолығар. Менің даусым мен сенің даусыңның айырмасы жоқ қой. Екеуіміз әнді, өлеңді бір қосылып айтушы ек. Сен мынандай етіп айт, – деп, сондағы Ақбөпенің өзі егіліп, көзінің жасы етегіне төгіліп, былай деп өлең мен әнді айтып тұрған мезгілі еді:

– Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,

Екі қолым байлаулы, көзім жұмық. 860. Ықтиярсыз барамын, менде ерік жоқ,

Қол-аяғым матаулы, құрсау-құлып.
Мендей шерлі бар ма екен қайғы асқан,
Босамады жылаудан көзім жастан.
Көкірегім қайғылы, көңлім шерлі,

Сауытбекті барамын көре алмастан.
Күнім қандай болады біле алмаймын,
Көтеріліп көңілім күле алмаймын.
Қайғыменен қан жұтып сарғаярмын,

Дүниеде тірі боп жүре алмаймын. 870. Көп сарғайдым, Сауытбек, көремін деп,

Он бес күнде кетіп ең келемін деп.
Алып барса, қорлықпен өлтіреді,
Жүруші еді жазаңды беремін деп.
Сауытбекжан, қарағым,

Жолыға алмай қалғаның.
Уәдеңде келе алмай,
Арманда кетіп барамын.
Жүрекке түскен жараның,

Жалын өрттің, ішкі дерттің 880. Дәрісін қайдан табамын?

Шықпайтын торға шырмалдым,
Ызғары өтіп-ай боранның.
Атар таң, шығар күнім жоқ,
Ішінде қалдым зымданның,

Ішінде қалдым ой-ой зымданның.
Сауытбек келмей қалғаның,
Сен келмедің, мен көрмедім,
Құрыды менің амалым.

Қайғыменен қан жұтып, 890. Арманда кетіп барамын.

Бал орнына зәр жұтып,
Тістеулі кетті бармағым,
Тістеулі кетті бармағым!
Аттанып түске таяу жаныс кетті,

Жылатып Ақбөпені алып кетті.
Қасірет, үлкен қайғы сонан шығар,
Сауытбек Аққолтықта қалып кетті.
Бір қызға той істеді сол арада,

Сауытбек өлең айтты біраз ғана. 900. Ақбөпе сол мезгілде еске түсті,

Бар ма деп келіншегің сұрағанда.
Бөпешті енді есіне алған екен,
Айналып тамашада қалған екен.
Он бес күн уәдесін есептесе,

Ойласа он тоғыз күн болған екен.
Сауытбек қарамады жан-жағына,
Ақбөпе есіл-дерті арманында.
Мезгілден уәделі төрт күн өтіп,

Болыпты он тоғыз күн барғанына. 910. Сауытбек орынынан түрегелді,

Ашаға тура тартып жүре берді.
«Кешігіп уәдемнен қалыппын» деп,
Қиялын шартарапқа жібереді.
Сәскеде, бүгін кетті Бөпеш мұңды,

Сауытбек есіткен жоқ болған сырды.
Сауытбек бір көрсем деп зыр жүгіріп,
Аралап сексеуіл мен ескен құмды.
«Тапсам» деп келе жатқан Солтыбайды,

Біледі Солтыбай да барлық жайды. 920. Ол Солтай Ақбөпемен ән қосқанда

Тамсанып, жанның бәрі таңырқайды.
Жылқымен Аша елі Шу жағалап,
Сазына бие байлап, су жағалап.
Ол елдің қойларының барлығы да,

Жатады қара қойын құм жағалап.
Солтай да қой мен құмның жиегінде,
Өзеннің Қорақатын түбегінде.
Құдық бар Қатынқазған деп атайтын,

Белгілі үлкен құдық Шу еліне. 930. Құдыққа Сауыт шаршап келді жақын,

Дер еді Қатынқазған құдық атын.
Науада бес-алты қой қалған екен,
Жөнелтіп жаңа бопты қойдың артын.
Сауытбек Солтайды іздеп тура келді:

– Сені іздеп келдім, Солтай, мұнда, – деді.

Ауылдың басқасымен жұмысым жоқ,
Ақбөпе аман-есен жүр ма? – деді.
Солтай да амандасты салқын, жайлап,
Сондықтан Сауытбек те сезді байқап.

940. Солтай кеп Сауытбектің қолын алды,

«Осынша кешіктің» деп басын шайқап.
Сұрады: – Неге басты шайқадың, – деп,
Бір сұмдық болған екен байқадым, – деп.
Ұсынып Сауытбекке: – Су іш, – деді, –

Онан соң болған істі айтамын, – деп.
Сауытбек шаңқап келген судан ішті,
Солтай да баяндады болған істі.
«Ақбөпе кетіп қалды» деген кезде

Өкініп Сауыт зарлап, құмды құшты. 950. Сауытбек жалындады күйіп-пісіп,

Кісідей безгек болған денесі ісіп.
Адасып ақылынан жынды болды,
Қайғымен жылай-жылай көзі ісіп.
Сауытбек

– Армансыз болар едім көргенімде,

Мұнан да артық еді өлгенімде.
Сауытбек Солтайға айтты сонда тұрып,
«Ақбөпе бір белгісін бермеді ме?»
Солтай

– Ақбөпе сәлем айтты саған, – деді,

Дайындап кетті сөзін маған, – деді. 960. Сәлемі саған берген ән мен өлең,

Өлеңін айтып, әнін салам, – деді.

– Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,

Екі қолым байлаулы, көзім жұмық.
Ықтиярсыз барамын зорлықпенен,
Қол-аяқта салулы қырсау-құлып.
Мен секілді бар ма екен қайғысы асқан,

Босамады жылаудан көзім жастан.
Көкірегім қайғылы, көңілім шерлі,
Сауытбекті барамын көре алмастан.

970. Күнім қандай болады біле алмаймын,

Көтеріліп көңілім жүре алмаймын.
Қайғыменен қан жұтып сарғаямын,
Гүл ашылып, күн шығып күле алмаймын.
Көп қарадым Сауытбек келеді деп,

Төрт күн жаттым ауырып көремін деп.
Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,
Жүруші еді жазаңды беремін деп.
Болмады, Сауыт, хабарың,

980. Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде келместен
Тістеулі кетті бармағым.

Ақбөпенің осы өлеңін айтып, әнін салғанда Сауытбек бұрынғыдан да жаман боп, есінен адасып, жынданған кісінің бейнесіне түсті.

Солтай

– Қателік сенен Сауыт өтті, – дейді,

Сәскеде, түске жақын кетті, – дейді.
Астыңда жақсы ат болса жолығарсың,
Ұламның тұмсығына жетті, – дейді.
Кінә сенде кешігіп қалдың, – дейді,

Бір ат тауып артынан барғын, – дейді.
Жынданып, жылағанның пайдасы жоқ,

990. Амалдап бір жолығып қалғын, – дейді.

Отырған бүгін жолда боламыз деп,
Жолдағы жекжаттарға соғамыз деп.
Қордайға ақыр бүгін жете алмаймыз,
Ұламда Батырбекке қонамыз деп.

Сөзі еді Сауытбектің сондағы енді,
«Бір Алла, осы жолда оңда, – деді.
Қаңтарып таң асырып жүруші еді,
Торы атты берсе Құдай қолға, – деді.

Торы атпен Ақбөпеге жетемін, – деп, 1000. Көрінбей ұрлап мініп кетемін, – деп.

Сыбанбек сұрағанмен бере қоймас,
Бір кезге тәртіпсіздік етемін» деп.
Сыбанбек Сауытбектің жақыны екен,
Немере ағайынды тату екен.

Торы ат тұр жабулаулы қазығында,
Күн ыстық, түсте ұйықтап жатыр екен.
Торы атқа жабуымен мініп алды,
Қияды Ақбөпеге шыбын жанды.

Ауылдың сыртыменен кетті зытып, 1010. Көңілі ат жағынан тынып алды.

Жөнелді тор атпенен қамшы ұрып,
Бөпешке жолыққандай көңлі тынып.
Бәйгеге шілде шықса қосамын деп,
Торы атты жүруші еді таң асырып.

Соңынан Ақбөпенің жолға түсіп,
Жүрегі аттай тулап, алып ұшып.
Бетінің сау жері жоқ, құм жабысып,
Екі көз жылай-жылай кеткен ісіп.

Көргендер «мынау қалай көрім, – дейді, 1020. Жын менен ұрған екен пері» дейді.

Қараса тісі ағарып, көзі жылтырап,
Жабысқан құмнан беті көрінбейді.
Ісі жоқ Сауытбектің оныменен,
Барады Ақбөпенің жолыменен.

Бет-аузына жабысқан құм жыбырлатса
Бір сүртіп анда-санда қолыменен.
Күн батпай Ұламға да келді жетіп,
Торы атты қан-былау ғып екпіндетіп.

Сұрады бір қойшыдан келіншекті, 1030. Жіберді жатқан үйін ол көрсетіп.

Ақбөпенің үстіне «барам» дейді,
Ойланып, «күйеу қарсы маған, – дейді.
Бұрын да сезіктеніп жүруші еді,
Бәлеге білсе басым қалар дейді.

Оңаша басқа үйге қонсам, – дейді,
Шамалы жақын үйде болсам, – дейді.
Барған үй сауықшылдау бола қойса,
Ән шырқап бар дауысқа салсам, – дейді.

Бөпештің даусым жетсе құлағына, 1040. Қуанып қалар еді шырағым да.

Жолығып Ақбөпеге бір сөйлессем,
Жеткендей болар едім мұратыма».
Бір үйге келді Сауыт осыны ойлап,
Сыртында «сөйлес-ау» деп тұрды жайлап.

Сол үйден бір келіншек шыға келіп,
Түсірді Сауытбектің атын байлап.
Сауытбек үйге енді қадам басып,
Бір шалдың қолын алды амандасып.

«Ойпыр-ау, қайдан жүрген адамсың, – деп, 1050. Жынды» деп, шал қадалып қалды сасып.

Кідіріп Сауытбек те тұрып қалды,
Жабысқан құмды сонда біліп қалды.
Шал айтты: – Құмнан бетің көрінбейді,
Кім сені құмға аунатып жығып салды?

Сұрады: – Құмға аунатып кім ұрды, – деп,
Себеп не жабысқаны бұл құмның? – деп.
Сауытбек ол кісіге айтқан сөзі
«Ат үркіп келе жатып жығылдым» деп.

Шал айтты: – Іспен жүрген ерсің, – дейді, 1060. Байқасам қайғысы бар сенсің, – дейді.

Жасаурап екі көзің жасқа толып,
Отырсың жылайын деп, не елсің? – дейді.
Отырмын жағдайыңды сұрағалы,
Иегің кемсеңдеп тұр жылағалы.

Солқылдап Сауыт өксіп жылай берді,
Сабыры ар жағына шыдамады.
Солқылдап Сауыт өксіп жылап отыр,
«Жылаудың жайын айт» деп сұрап отыр.

Айтуға Сауытбекке ерік бермей, 1070. Өксігі тоқтау бермей қинап отыр.

Шал айтты: – Баласы едің не елдің, – дейді,
Не жайлы бұл ауылға келдің, – дейді.
Атың кім, ұруың не ел, қалдырмай айт,
Жылаудың жайын айтып бергін, – дейді.

Сауытбек

– Ұруым Ашадағы шымыр, – деді,

Бұл жерді көрмеп едім бұрын, – деді.
Сауытбек менің атым жарлы-кедей,
Сырым да сізге айтар шыным, – деді.
Сырымды сізге ойландым айтайын деп,

1080. Отырсыз жылағанды байқайын деп.

Келіншек қонып жатқан жан сүйерім,
Бір көріп келіп едім қайтайын деп.
Зарыма отырыңыз салып құлақ,
Жылаудың жағдайынан менен сұрап.

Малымның жоқтығынан қолым жетпей,
Айырылып ғашығымнан қалдым жылап.
Барады келіншек те қайғы-зармен,
Дерт болды екеумізге іштегі арман.

Қайғымен екеуміз де жылаудамыз, 1090. Келмейді онан басқа қолдан дәрмен. Сонда қария кісі: – Сен Сауытбек болсаң, ел аузында елеулі жігіттің бірі емессің бе? Сені сыртыңнан есітуім бар. Сені жұрт ақын әрі әнші, шайқымазақ, қызықшыл жігіт деуші еді. Мынау келіншек Ноғай болыстың аулының келіндері ғой. Сен өнеріңмен, ән-өлеңмен айландырып ақырында қолың жетпей қалыпсың. Малың болса неге әкетпедің? – дегенде Сауытбек еңіреп жылап қоя береді: «Малымның жоқтығынан, арманда болып, ажырап қалып барамын. Малым болса, бір әрекет жасаған болар едім» деп. Сонда Сақ қарт мұның жылағанына қарап «кем ақыл неме ғой» деген оймен мазаққа айналдырады. Сақ қарт: – Сен, Сауытбек, ғашығыңа жете алмай, басың айналып, сандалып, адасып жұртта қалып, ақырында келіншектің көшіне еріп келе жатыр екенсің ғой, – деп күліп қояды. Көшке еріп келесің дегені, сен де ит сияқты екенсің дегені. Онысын Сауытбек жақсы түсінеді. Сақ қарт біраз ойланып отырып: – Айтпақшы, Сауытбек, сені ақын, әрі әнші деп жұрт өте дәріптейтін еді. Ақыр сен адасып, ажырап жұртта қалыпсың, ақындығың, әншілігіңді көрейін және сынайын. Мен де сынайтын адамның бірімін, – дейді. Сонда «даусым шықса Ақбөпе есітетін шығар» деген оймен қуанған Сауытбек мына өлеңді айтып, аяғында Сақ қарттың айтқанын орындап, ит болып ұлиды.

– Маған айтқан, Ақбөпе, сырың кәні,

Сені іздеп Сауытбек ұрынғаны.
Тұмсығында Ұламның іздеп келіп,
Сауытбектің ит болып ұлығаны.
Орал төбе қасында бес үй отыр,

Ақбөпеден айырлып несіне отыр.
Малым болса бір шатпақ етер едім,
Кедейшілік қолымды кесіп отыр.
Өміріміз жылаумен өтер ме екен,

1100. Бармағымыз тістеулі кетер ме екен.

Адамзаттың түспеді рақымы,
Арызымыз Құдайға жетер ме екен.
Бір жолықсам Ақбөпе шырағыма,
Осы даусым жете ме құлағыңа.

Шыныменен кеттің бе ақ балапан,
Қара құстың түйреліп тырнағына.
Шырылдатып қара құс кетті алып,
Шеңгелінде барасың естен танып.

Зарымызды зарлаған екеуміздің, 1110. Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.

Ау, Ақбөпе, ау – уу – уу, аһ-аһ, аа – а – у.

Сонда үй егесі Сақ қарт Сауытбекке: – Сауытбек, шырағым, сенің елігіп жылағаныңды өрескел, ерсі көріп, арсыз неме ғой деп ойлап едім. Менің ол ойлауым, сенің мынау оқиға сырыңа түсінбей отыр екенмін. Шіркін, ғашықтық адамның ішіндегі жалын өрт қой, шын ашықтық жеңілге соқпайды. Соң жағы сары уайым мен ауруға шалдықтырады. Сенің сыртыңнан жұрт сарыныңды дәріптеуші еді, елдің айтуындай бар екенсің, ерім. Сауытым, сені мен ақындығыңды «қандай екен, ойланбай суырып ойынан ән, өлең шығара ала ма» деп сынау үшін айтқан едім, суырып салма әнге, өлеңге де өте күшті екенсің, даусың маған өте ұнады. Сен мені есітуің бар ма? Мен де сен құсап, Дәмелі деген қыздан айырылып қалған едім, – дейді Сақ ақсақал. Сауытбек қартқа «сіз кімсіз?» деп сұрайды. Сонда қарт: – Мен Балқыбектің баласы Сақ деген боламын, –депті. Сауытбек: – О, мен өзіңізді көрмесем де сыртыңыздан білемін, әніңізді салып, өлеңіңізді айтып жүретін шәкіртіңізбін, – деп, тұрып барып шалдың қолын алады. Сақ қарт Сауытбекке қарап: – Сауытбек, шырағым, менің жасым алпыстан асып, жетпіске қадам басып бұрынғы сәнім қашып тұрған тарланмын, ілгеріде бәйгені алғанмын. Бұл күнде аяқтан қалғанмын.

– Сынап көргін, Сауытбек, тарлан бозды,

Аяғынан шорланып қалған бозды.
Естен шығып елеусіз қалған едім,
Дүбіріңе, Сауытбек, арқам қозды.
Балқыбектің баласы Сақ едім,

Қыз сүйетін жасымда кісі-ақ едім.
Дәмеліден айырылып аласұрып,
Тура саған Сауытбек құсап едім.

1120. Жолдасың қайда, жамал-ау,

Таппадым іздеп амал-ау.
Кетпейді естен а, а, аһ-аһ, Дәмелі-ау.

Сақ қарт Дәмеліге арнап салған әні мен Сауытбекке екі ауыз өлеңін айтып болып, далада қазан асып тамақ істеп жүрген өз келінін шақырып алып: – Шырағым, анау Батырбектің үйінде қонып жатқан ұзатылып келе жатқан келіншек мына жігіттің ғашығы екен. Ол келіншектің аты – Ақбөпе. Сауытбек бір көріп қалайын деп еңіреп келе жатыр екен, аттың тері мен өзінің еңбегі еш болмасын, екеуіне дәнекер болғын, шырағым, бұдан сауап таппассаң жазығына қалмассың, – деп Сақ қарт сөзін доғарыпты.

Келіншек қайтты бұл барып,
Ақбөпе қыздан тіл алып.
«Келсін» деген Ақбөпе,
Сауытбек қалды қуанып.

Жолыққандай Бөпешке
Көңлі аздап жұбанып.
Күн де батты кеш болып,

1130. Жотаның үсті қызарып.

Ел жатпай-ақ кетуге
Бата алмай шалдан ұялып.
Баса алмас Сауыт құмарын,
Бөпештің көрмей дидарын.

Ел жатқан соң Сауытқа
Шал да берді жауабын.
Сауытбекке шал айтты:

– Көңліңді бұзба, шырағым,

Ноғайбай болыс жақыны, 1140. Білесің жақсы бұяғын.

Шабыстырып төрт елді,
Қан ойран, балам, қылмағын.
Ап қашсаң жақсы болмайды,
Бізді де бар деп ойлайды.

Көңлі өсік көп жаныс,
Елді шаппай тынбайды.
Оңай-ақ алар қыпшақты,
Қойғандай шашып қурайды.

Кісі өлер жаныс, шымырдан, 1150. Бітімін алып тынбайды.

Осы елден көріп жесірін,
Бізді де жақсы қылмайды.
Барғын, балам, бар, – деді,
Бір жолығып қал, – деді.

Жігітке оңай соқпайды,
Көңілі шіркін жар, – деді.
Көңіліңді қимай отырмын,
Есіңе мұны ал, – деді.

Басымнан кешкен бұл жұмыс, 1160. Білмейді басқа жан, – деді.

Жөнелді Сауыт зар ұрып,
Бөпені келген сағынып.
Шалдан ұрықсат болған соң,
Тұрмайды Сауыт аңырып.

Келіп жетті ақ үйге
Жүрегі тулап қабынып.
«Жолымды Құдай оңла» деп,
Әруағына жалынып.

Ақбөпе шықты ақ үйден, 1170. Бүркеншік шапан жамылып.

Ақбөпе шықты албырап,
Ақ бұғағы салбырап.
Неше түрлі бұралып,
Сәмбі талдай балбырап.

Ай да толған кез еді,
Түстікте тұрды жарқырап.
Ақбөпе айға шағылып,
Жаққандай гауһар шам-шырақ.

Қуанған мен қорыққан тең, 1180. Сауытбек кетті қалтырап.

Ғашықтық жалын зор күшті,
Ғашықтар білер ол істі.
Сағынып жүрген зарығып
Үркер мен айдай тоғысты.

Ақбөпе мен Сауытбек
Аймаласып қол қысты.
Ақбөпенің Сауытбекке айтқан сөзі

– Алып кел, Сауыт, атыңды,

Жолығу осы ақырғы. 1190. Тәуекел мінсең тез – қайық,

Бұрыннан қалған назым-ды.
Мінгесіп атпен кетейік,
Көз – қорқақ, қолың батыр-ды.
Тәуекел жөнеп кетейік,

Салса да заманақырды.
Сауыт та қалды хош көріп
Ақбөпе айтқан ақылды.
Үш кісі жүр қарауыл,

Қырсыққа ісі шатылды. 1200. Күзетші қойған Сақ қарт

Бір қойшы, екі қатынды.
Кетуге іләж болмады,
Жылаумен таңды атырды.
Ақбөпе, Сауыт қайғырды,

Ақыл мен естен айрылды.
Тыңдайтұғын адам жоқ,
Жылаған қайғы, зар, мұңды.
Сасқанынан екеуі

Қарауылға жалынды. 1210. Қарауыл: – Бізде ерік жоқ,

Айтыңыз шалға арызды.
Осылай деп тұрғанда
Көрінді таңның жарығы.
Құшақтасып, қайғырып,

«Кеттік» деп енді зарығып,
Таң ата жылап айырылды.
Көбейді қайғы, арманы,
Айырылып зарлап қалғаны.

Жолықсам деді азанда, 1220. Болмады басқа амалы.

Қонған үйге барды да
Атына ерін салады.
Ерттеп атын азанда,
Тартпасын тартып алады.

Өзі көрген ақ үйдің
Сыртына жетіп барады.
Жас әйел түйе сауып тұр,
Ботасын иітіп салғалы.

Оянбапты басқасы,
1230 Жалғыз-ақ әйел тұрғаны.

Ат үстінде Сауытбек қоштасып айтқан хабары. Ақ үйдің сыртына келіп, торы атқа сеніп, Ақбөпенің тұсында төніп, күйеулері басқа үйде жатқанын көріп, Сауытбек қайғырып, Ақбөпеден айырылып, Бөпешке қайырылып айтқан өлеңі мынау:

– Келдім, сәулем, Ақбөпе, қайтайын деп,

Ақырғы-соң қайыр-қош айтайын деп.
Бұдан былай көрмеймін енді сені,
Келіп тұрмын халіңді байқайын деп.
Қайғырғанмен келмейді қолдан дәрмен,

Кесел болды кетпейтін іштегі арман.
Жаратқанға жоқ еді жазығымыз,
Екеумізге орнады ақыр заман.
Ақбөпе, жаным,

1240. Шекер балым,

Қазан ұрған гүл құсап,
Кетті сәнім.

Сонда Ақбөпе Сауытты біліп, ақ үйден шығып, бұралып тұрып, титығы құрып, еңіреп егіліп, көзінен жасы төгіліп, бетіндегі шайы бүркеншігін алып, Сауытбектің қасына барып, мұңды өлеңмен қайғылы әнге салып жылап айтқан өлеңі.

– Даусыңды есіткен соң шыдамадым,

Сауытбек, сабыр етіп тұра алмадым.
Кетейік дегенімде бата алмаушы ең,
Бүгінгі неге арзиды жылағаның.
Еркім жоқ, ықтияр жоқ өз басымда,

Қарайтын бір адам жоқ көз жасыма.
Пайда жоқ қайғырғанмен енді бізге,
Сауытбек білмеп пе едің ол басында.

1250. Көп жаныс отыз үйге салды қыспақ,

Қолынан не келеді аз үй қыпшақ.
Қорқытып ат ойнатып аз ұруға,
Жылаған адам бар ма маған құсап.
Ғашығым көре алмаймын, күле алмаймын,

Қайғымен енді тірі жүре алмаймын.

Ақбөпенің бетінен сүйіп, бетіне беттері тиіп, өртеніп іштері күйіп, істерінің қырсыққанын біліп, ақырғы ажырап қоштасуы еді.

Сауытбек жүріп кетті,
Ақбөпе үйге жылап кіріп кетті.
Іштері өртеніп күйіп кетті,
Өкпе, жүрек, бауыры егіліп, іріп кетті.

1260. Сауытбек қайғырып,

Ақылынан айырылып,
Артына қайырылып,
Ән салды жоқтап зар ұрып.

– Ақбөпеден ажырап қалғаным ба,

О да қалды Ақбөпе зарлады да.
Кері заман кедейге кесір екен,
Жете алмай дым жоқтықтан арманыма.
Енді сені, Ақбөпе, көремін бе,

Қорлығына тағдырдың көнемін бе? 1270. Сенен қалып не болар көрген күнім,

Енді маған жылағанның керегі не?
Күн бар ма екен, Ақбөпе, көретұғын,
Жан сүйерім сен едің сенетұғын.
Жүрек-бауырым езіліп, ішім күйіп,

Көрінемін қайғымен өлетұғын.
Бұл қайғыны кім тыңдар, құлақ салып,
Өлейін мен бүйткенше суға ағып.
Енді тірі жүргенмен не боламын,

Керегі не өмірдің сенен қалып. 1280. Ақбөпе жылап зарығып,

Көзінің жасы ағылып,
Сарғайды Бөпе қайғымен,
Сауытты ойлап сағынып.
Ақбөпе жылап сарғайды,

Қасірет көріп зарлайды.
Ішкен асы бойға тарамай,
Тамаққа көңілі бармайды.
Аузына асты алмайды,

Күніге ері сабайды. 1290. Кеселі шындап күшейіп,

Қайғыға қайғы жамайды.
Болысар бұған адам жоқ,
Қарсылық етер заман жоқ.
Ақбөпе азып таралып,

Қабықтай еті қалған жоқ.
Көрмегенін көрсін деп,
Менсінбей жүрген сенсің деп,
Қарамай қойды қастықпен,

Қорлықпен жүдеп өлсін деп.
Демейді бар ғой обалы,
Қайғыға іші толады,
Барған жыл алты ай, он күнде

1303. Ақбөпе қайтыс болады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙