Ұлы жүз ру-тайпалары туралы аңыздар
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының бір кітабында ұлы жүздің ру-тайпалары туралы аңыздар топтастырылған. Онда ұлы жүздің шығу тарихынан бастап, руларға жеке-жеке тоқталады. Жалайыр, Қаңлы, Бәйдібектен тараған рулар (Албан, Суан, Дулат), Шапырашты, Ысты, Ошақты, Шанышқылы, Сіргелі туралы аңыз-әпсаналар тілг...
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ШЕЖІРЕЛІК АҢЫЗДАР
І. ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ШЫҒУЫ ТУРАЛЫ
49.Ұлы жүз туралы
(І нұсқа) Үйсін батыр өзі жау жаулап кеткенде елі үркіп, Доғалақ тоқал жүкті екен. «Толғатып, жүре алмайсың» деп Доғалақты жұртқа тастап кеткен екен. Ертеңіне жау келіп, жұртта баласын алып отырған қатынға келіп:
– Ел қайда? – деген екен.
Әйел:
– Ел кеше үркіп кетті, – депті.
– Бұл жерде не бар? – дегенде:
– Осы тұрған таудың аржағында осы елдің жылқысы бар, – деді. – Айдап кеткенін, кетпегенін білмеймін, – депті.
– Бұл таудың жолы қайда? – деп жау сұрапты.
– Таудың жолы күн жарымдық. Тұманғынан айналып барасың ,–депті.
Жау жағы адамын жіберіп, жартысы кейін үш күнде жылқыны жатқан жерінен айдап келіпті. Жылқыны айдай келгенсін әйелге бір жылқы берейін десе, әйел айтыпты:
– Маған жылқы берсең, осы кәрі құла айғырды беріңіз, – депті.
Құйрығы шұбатылған бір құла айғырды берген екен. Әйел соны байлап алыпты. Жау жылқыны алып кетіпті. Таң алдында құла айғыр қатты бір кісінейді. Ертең кеште жылқының жартысы қайтып келіпті. Ертеңі, келесі күні жартысы келіпті. Соңынан адам келмейді. Жаудың ішінде бір жақсы адам бар екен. «Осы жылқы тек жылқы емес. Бұл жылқыны қумайық, елге қайтайық», – депті. Әйел құла айғырды үйіріне жіберіпті. Жылқы тауды айналып орнына барғансын, әйел таудың белінен қиялай түсіп, жылқының ішінде қос қылып отырыпты. Бірнеше күннен соң Үйсін батыр жұртына келсе, елі жоқ. Тау жағына қараса, бір арбаның ізі бар. Сонымен батыр атын жаяу жетелеп қиялап көп бейнет, машақатпен қуалап келсе, жылқының ішінде әйелі баласын алып отырған екен. «Ел қайда, не қылып отырсың?» – десе, болған уақиғаны баршасын бір-бір баян еткен екен. Сонан кейін еліне бармай, сол әйеліне үй тігіп беріп, әйелінің қолында болған. Бәйбішесінің он екі балалары атасынан жылқы қуып, араз болыпты. Сонан қарғыс кетіп, бұл күнде ол он екі баланың тұқымы әр елде аз-аз, тозғындап аз болды. Тоқалының тұқымы «Ұлы жүз» болып жүр екен.
ІІ. ЖАЛАЙЫР РУЫ
50. [Қабылан батырдың «Жалайыр» атануы]
Қазақ елін Тұран хандығы заманында «қызыл қалпақтылар» билейді. Бұл заманда өз еліменен жауласып, қазақтың ру-тайпа және ата қонысындағы (отцовство) жиналыста «Жалайыр» деген атақ алып шыққан Қабылан деген батыры болады. Ашулы Қабылан Жетісу, Іле, Шу, Қаратал, Ақсу-Алакөл жеріне талас Найман тайпасының қастандықпен Тентек, Көксу жайлауына талас, керісі басталады. Ашуланған Қабылан жүгенсіз ағып келе жатқан айғырдың кекілінен ұстап, жығыла тартқанда [оны] жалымен қоса қапсыра тартып, арқасынан жалын айырып, құйрығынан бір ақ шығарып, айғырдың жаясын қып-қызыл қанталатып, құйрығының қылын қолына іліп қалады. Осы оқиғадан кейін болған істі, керемет күшті көріп, халық Қабылан батырды – «Жалайыр» деп атап кетеді.
ІІІ. ҚАҢЛЫ РУЫ
51. Дүрбін мерген туралы бір аңыз
Есте жоқ ескі заман болса керек, қырдағы елдің бас иелік ететін ханы өліп, кімді хан қоярын білмей ел-жұрт қатты дағдарыста болады. Сонда ошарылған ел-жұрттың алдына бір ақ жаулықты ана шығып, ақыл айтады:
– Талабы бар ерлердің бәрі садақ тартсын, кімнің садағының оғы сағымға ілінсе, соны хан көтеріңдер, – дейді.
Хан болуға лайық жұртшылық уәжге тоқтайды. Бірақ ешбірінің оғы сағымға байланбайды. Сонда жаңағы ақ жаулықты ана:
– Менің Дүрбін деген мерген балам бар еді, тауда аң аулап жүр, соны шақырып әкеліңдер, бәлкім соның атқан оғы сағымға тоқтар. Аң қызығын балам қимағандай болса, мына жүзігімді көрсетіңдер!” – деп, қолындағы жүзігін шешіп береді.
Елдің жөн білетін адамдары, атақты билері Дүрбінді шақырып келуге аттанады. Шешесі айтқандай, аң қызығына берілген Дүрбін шақырушылардың сөзіне алғашқыда құлақ аса қоймаған екен, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көрген соң бармақшы болады.
– Бірақ, мен жанды нәрсеге мінбеймін, маған күйме керек”, – деп шарт қояды.
Ел-жұрт Дүрбіннің шартын ырым тұтып, күйме-арба жасап алып барады. Дүрбін күйме-арбаға мініп келе жатқанда арбаны жасаған шебердің жол-жөнекей аяғы мертігіп, ол да арбаға мініп жетеді. Содан, ел-жұрттың көз алдында Дүрбін садақ тартады. Садағының оғы сағымға сіңіп, ілініп қалады. Ел-жұрт бір ауыздан Дүрбінді хан көтереді. Содан бері Дүрбін мінген күйме-арбаны қаңғырлап жүретін дыбысына бола “қаңқа” деп атайды. Ал арбаны жасаған кісіні де, арбаға мінген кісіні де “қаңқалы” деп атайтын болады. Бара-бара “қаңқалы” сөзі біраз өзгеріп, “Қаңлы” сөзіне айналады...
52. Қаңлы
Ұрыстан соң Оғыз қағанның шеруіне, нөкерлеріне, халқына соншама көп жансыз олжа-мүлік түсті, жүкті тиеуге, тасуға ат, қашыр, өгіз аздық етті. Сонда Оғыз қағанның шеруінде үздік жақсы бір шебер кісі бар еді. Оның аты Бармақлық Жосын Білік еді. Бұ шебер бір қаңға (арба ) шапты. Қанға үстіне жансыз олжаны тиеді. Қаңғаның алдында тірі олжаны жегіп, тартып кете барды. Нөкерлердің, халықтың бәрі мұны көріп, тездетіп тағы қаңға шапты. Мұндай қаңға жүргенде «қаңға, қаңға» деп дыбыстап бара жатушы еді. Соның үшін оларға «қаңға» деп ат қойды. Оғыз қаған қаңғаларды көріп күлді де айтты: «Қаңға мен өлі олжаны тірілер алып жүрсін. Саған Қаңғалық аты беріліп, Қаңға аты сақталсын, – деп кетті.
ІҮ. БӘЙДІБЕКТЕН ТАРАҒАН РУЛАР
53. Жарықшақ туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Бәйдібектің төрт қатыны болады. Бірі – Сары бәйбіше, басқалары: Домалақ тоқал, Сыланды, Мапыраш (Шежіреші соңғы екі әйелді қате көрсеткен, шын мәнінде бұлд екеуі – Бәйдібектің келіндері – Т.Ә.). Бәйдібектің мекені Әулиеата уезінде, Күйік деген жерде екен. Ол уақытта қырғыз Қарын-Әнжан жағында болады екен. Бұл екі ел жау екен. Қырғыздан Бәйдібектің елі (Үйсін) Билікөл деген жерге қарап үркиді. Бәйдібек жылқысымен кеткенде, Сары бәйбіше толғатып жатқан Домалақ тоқалды «жау алсын» деп қастап, жұртқа тастап кетіпті. Домалақ қара лашықпен жұртта толғатып, баласын туып, емізеді де әлсіреп талып қалады. Сонда баласының басы соғылып жарылып қалады. Сондықтан баланың аты «Жарғышақ» болады. Қырғыздың қолы келіп жұртта балалап жатқан қатынды тауып алады. Қырғыздың қолы:
– Ел қайда, сен кімсің? – дейді.
Домалақ тоқал:
– Мен Бәйдібектің тоқалымын. Мен толғатқандықтан қарамай кетті, пәлен жолмен барса, Билікөлден елді табасың, – дейді, – Тез барсаң, аласың, егер елді шауып, аман алып келсең, маған сауын сал–сауғаға Бәйдібектің жылқысындағы бір ақсақ сары айғырды бер, – дейді.
Қырғыздар қатынның нұсқауымен елді шауып, қалың жылқыны топырлатып айдап келеді де, қолбасы қырғыз:
– Менің мына қатынға айтқан уәдем бар еді, – деп, ақсақ сары айғырды Домалаққа ұстап береді.
Қырғыздар жылқыны бұл күнгі Талас суын өрлей айдайды. Таластың өзенінен жылқы қайта қашып кетеді. Талас суының бойында қатынға келіп, айғырға үйелейді. Бұл кезде артынан қуғыншы соғысып, жылқыны айырады. Сондықтан сол судың аты «Талас» атанады. «Аса» – асудың аты, қырғыздар асып кеткен. Мұнан соң Домалақ бәйбіше әулие атанған. Бәйдібек Әулие ата, Шымкентті жерлеп жүріп өледі. Қазірде Домалақ бәйбішенің һәм баласы Жарғышақтың моласы Шымкент қаласы мен темір жол станциясының арасында. Тұқымдары күні бүгін «Домалақ енем, Жарғышақ, айналайын аруақ!» дейді.
Бұл ұранды осы күні қатыны толғатқанда, қызылбөрік елінің қатындары айтады.
54. Жарықшақ
Нүрила қыз Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан соң көп кешікпей дүниеге бір ұл келеді. Есімін Тілеуберді деп қояды. Нүриланың ерекше жаралған парасат-пайымын бағалап үйленген Бәйдібек би Тілеуберді дүниеге келген соң бұл шаңырағына одан сайын көңіл бөлетін болады. Бәйдібек бидің Нүрилаға көңіл бөлгенін Сарықыз бәйбіше қызғанып, мінез көрсете бастайды. Нүриланы бұрынғыдай есікте жүрген күңі сияқты ұстап, орынсыз кінә тағып, тіптен қол жұмсайтын болады. Тілеуберді дүниеге келген соң Сарықыз бәйбіше қызғанышын одан сайын үдете түседі. Ел ісімен көбінесе ат үстінде жүретін Бәйдібек бидің көзі тайса болды, Нүриланың басынан таяқ, құлағынан қаңқу кетірмейтін болып алады. Сарықыз бәйбішенің ержеткен тоғыз ұлы болса да, Бәйдібек би бар мұрасын тоқалдан туған Тілеубердіге бұйыртатындай көріп, бара-бара бесіктегі бейкүнә нәрестені қарғап-сілейтін болады. Қит етсе болды, Нүриланың қазан-ошағын шашып, әбігер етеді. Ең арғысы, түн баласында да тыныштық бермей, қара мал болып үйге сүйкеніп, Нүрила мен Тілеубердіні шошытады. Бір күні Сарықыз бәйбіше жеті түнде тұрып, қолына пышақ алып, Нүриланың үйінің сыртына келеді де, әдеттегідей қара мал болып үйді сықырлата сүйкенеді. Сонда әбден төзім-шыдамы таусылған Нүрила:
– Хайуан болсаң, өрісің кеңейсін, адам болсаң, мазасын алған жалғыз ұлым Тілеубердінің құзырында бол!” – деп дауыстайды.
Бұл сөзді естісімен, онсыз да булығып жүрген Сарықыз бәйбіше:
– Ә-ә, салдақы, енді менің үрім-бұтағыма тіл тигізейін дедің бе? – деп, есікті бір теуіп үйге кіріп келеді де, қолындағы пышақты бесікте жатқан Тілеубердіге сермеп қалады. Қараңғыда жұмсалған пышақ бесіктегі баланың шекесін тая тиіп, бала шар ете қалады. Жанталасқан Нүрила Сарықыз бәйбішенің екінші рет пышақ жұмсауына бөгет болып, қолындағы пышақты жұлып алады. Сол бетінде Сарықыз бәйбішенің шектен шыққан мына қылығына қатты назаланған Нүрила:
– Жүзге жетпе, жүзге жетсең, күзге жетпе! – деп қарғыс айтады.
Осы бір сойқанды түнде Нүриланың аузынан шыққан екі ауыз қарғыс сөздің салқыны Сарықыз бәйбішенің балаларына тиіп еді дейді. Сарықыз бәйбішенің тоғыз ұлы тоғыз шаңырақ болып отырғанда, Балабөгеннің аңғарынан сел жүріп, ауылды шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей бала-шағасымен суға қарық болады, тек қана Байтоқты деген баласының Ұшан атты келіншегі төркіндеп кетсе керек. Сол Ұшаннан туған Сарыүйсін ғана Сарықыз бәйбішенің ұрпағын жалғайды. Бірақ оның ұрпағы да онша өсіп-өнбейді. Нүриланың баласы Тілеубердінің шекесіне тайып тиген Сарықыз бәйбішенің пышағынан кейін баланың жас еті тез бітіп жазылады. Бірақ Тілеубердінің шекесі жарық сияқты ағарып, тыртық болып бітеді. Осыған байланысты Тілеубердіні төңірегі «Жарықшақ» деп атап кетсе керек. Жарықшақтан (Тілеуберді) – Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды «Қара үйсін» деп те атайды.
Ү. САРЫ ҮЙСІН РУЫ
55. Сары үйсін
(І нұсқа) Ақсақалдан Қараша би жалғыз екен. Қараша би болып, жұрт сұрапты. Өзінен бала болмаған екен. Бір жиында біреудің тілі тиіп, қатты назаланып, жатып алған екен. Елі жиылып, қожа қызы Қоңырбикені алып беріпті. Қоңыр жүкті болып, ұл туған екен, атын Байдәулет қойыпты. Бұны бәйбіше әйелі Зеріп бауырына салып, оның өкшесі жұғып, Зеріп бәйбіше жүкті болып, Жәлменбетті туыпты. Онан соң Қоңырбике Бәйдібекті туыпты. Сөйтіп, екі қатыннан үш ұлды болыпты. Байдәулеттің әулеті Дулат ішінде болып, бір болысқа таяу ел болған. Жәлменбеттен Ошақты, Иісті (ысты – Е.Қ.), Шапырашты руы тарайды. Бәйдібектен Жарғышақ туыпты. Тегінде Бәйдібек екі қатын алған екен. Үлкені Сарыүйсін, кішісі Нұрбүбі деп аталады. Нұрбүбі домаланып жүретін домалақ адам болғандықтан “Домалақ ене” атаныпты. Сарыүйсін (Бәйбіше) тоғыз ұғыл туып, оның біреуі ғана қатын алып, одан бір қыз туған кезде жұқпалы тамақ ауруы пайда болып, қалған ұлдарының бәрі шетінеп кеткен екен. Қыз туған ұлының әйелі де өлгендіктен оған үйде күң боп жүрген қырғыз қызы мен сарт қызын алып беріп, осы екі әйелден қалың “Сарыүйсін” атанған елдер тарапты.
56. Сарыүйсін
(ІІ нұсқа) Бәйдібектің бәйбішесінің есімі Сарықыз екен. «Сарықыз» десе, дегендей, ақсары, шегір көз адам болыпты. Бәйбішелік жолына лайық әміршіл, адуын мінезді еді дейді. Сарықыз бәйбішеден Бәйдібек тоғыз ұл көріпті. Бәйбіше ауылы атанып, ақарлы-шақарлы ел болып отырады екен. Бірде ел жазылып жайлауға шыққан кезде, Сарықыз бәйбішенің ауылы да тау бөктеріндегі шүйгін шатқалды өрлеп барып қоныс етеді. Таулы жердің жауын-шашыны мол. Бір күні жойқын нөсер жауып, таудан сел жүріп, Сарықыз бәйбішенің балаларының ауылын сел шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей бала-шағасымен опат болады. Тек қана Байтоқты деген баласының Ұшан атты келіншегі төркіндеп кетіп аман қалады. Ұшанның жанына ерген Сарықыз бәйбішенің қызы, яғни Байтоқтының қарындасы Алтын да аман қалса керек. Ұшанның аяғы ауыр екен, төркіндеп жатып босанады. Әжесі сияқты шикіл сары ұл туады. Оған Мырзақаз деп ат қояды. Мырзақаздың емшектегі кезінде Ұшан қайтыс болып, Алтын қыз Мырзақазды сүт беріп асырайды. Бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ – Мырзақазды Алтын “Сыйлықсары” деп мәпелесе, нағашы жұрты “Сарыүйсін” деп еркелетеді. Ақыры нағашы жұртының аузы дуалы болып, Мырзақаз есейе келе ел ішіне «Сарыүйсін» деген атпен танылады.
57. Сары үйсін
(ІІІ нұсқа) Бәйдібек бәйбішесі Мараудан он ұл (Мөйлау, Қойлау, Мойсал, Қайсал, Айтуған, Байтуған, Ерсары, Бисары, Байтоқты, Сарыбай), екі қыз көреді. Марау өжет, бірбеткей, қайсар: өз дегені болмаса ешкімге көнбейтін, кісінің тіліне ермейтін мықты адам болған деседі. Бүкіл елге билік жүргізген ақылды ана болғандықтан, ел-жұрты оны құрметтеп атын атамай “Сары бәйбіше” деп, одан туған балаларды “Сарыүйсін” деп атаған екен.
58. («Сары үйсін» аңызы)
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанады. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып Арыстан би аулына барғыштай береді. Түстеніп, қона жатып, би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды, оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке-шешесі, аға-жеңгелері еркелетіп “Сары қыз” дейді екен. Бәйдібектің сары қызбен көңілдес, бір-бірін ұнатып, сырласып жүргенің шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ жек көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады.
Бір күні Арыстан би:
– Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде құда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?
– Ондай жанашыр әке-шеше менде жоқ, өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.
– Ендеше Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді?
– Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірақ мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен, менде де ел бар, жұрт бар. Ауылға барайын, ағайын-туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей қайтып айналып соғайын.
– Жарайды, мұның да жөн екен.
Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болды.
Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар жылқысын еліне беттетіп, айдай жаяды. Бірнеше күн дегенде олар еліне жетеді. Шынтас бай жылқысының мұрты бұзылмай аман-есен оралғанына қатты қуанады. Жылқышылар Мойынқұм жайлауын қыстап шыққанын, ол елдің Арыстан деген биінің көрсеткен аталық қамқорлығын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді.
Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірі түсіпті:
– Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенің арқаң. Жайлы өріс тауып жылқымның тай-тулағына дейін сондай қаһарлы қыстан аман қалғаны тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің, енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін, Арыстан биге бар-дағы қалыңдығыңды алып қайт!
Осылайша Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би елінің тайлы-таяғы жиылып, Сары қызды ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе – барлық салт, дәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі. Шынтас бай да Арыстан биден қалмаймын деп барын салып той өткізеді. Беташар, жар-жар жырланады. Бәйге, көкпар беріледі. Елі-жұрты Бәйдібек пен Гүлжамалға ақ отау тігіп, енші береді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Көп кешікпей елі оны би етіп сайлап алады. Гүлжамал Байтоқты деген ұл, Алтын деген қыз туады. Байтоқты он сегіз жасында Керей жұртының Ұшан деген қызына үйленеді. Келесі жылдың көктемінде таудың қуысында отырған бес-алты үйді мал-жанымен бір түнде таудың тасқын суы алып кетеді. Солармен бірге Байтоқты да үй-мүлкімен опат болады. Соның алдында ғана төркініне кеткен Ұшан аман қалады. Төркінінде жүріп Ұшан ұл табады. Оның атын Мырзақаз қояды. Еліне келген соң Ұшан да қайтыс болып, бір жасқа толмаған баласы жетім қалады. Жас нәрестені Байтоқтының қарындасы Алтын ақ ешкінің сүтін беріп асырап алады. “Құдайдың берген сыйлығы” деп оны “сыйлық сары” қояды. Келе-келе ел оны «Сары үйсін» атап кетеді.
59. [Сұлықсары ұрпақтарының «Сары үйсін» руына сіңуі]
Кейбір шежірелерде Кішкене Палуанға өкпелеп кетіп қалып, Ұлы жүзге барып, Үйсіндерге қосылып, Бәйдебек бидің бәйбішесінен туған Сарыүйсін баласы Байтоқты байға келіп малын бағып, жалшы болады. Байтоқтының Мырзатаз деген бір ұлы, Қоңыр деген бір қызы бар еді дейді. Кішкененің жұмысы жағып, қойдан жылқы бағуға ауысыпты. Бір жылы қыс қатты боранды болып, жылқы оңтүстікке қарай ығады. Жылқымен бірге Кішкене де ыға береді. Жылқы Боқан тауына барып тоқтайды. Жылы жерге барып, жылқы қыстан аман шығады. Жаз шыға Кішкене жылқыны айдап аман-есен Байтоқты ауылына қайтып оралады. Жылқыны аман қыстан алып, шыққан еңбегіне риза болған Байтоқты қызы Қоңырды Кішкенеге береді. Сол төркінінде тұрып, Қоңыр ұл бала туады, атын Сұлықсары қояды. Сол баланы Байтоқтының бәйбішесіне бала етіп беріп, елге көшерде қалдырады. Сол Сұлықсарыдан Жақып, Қалша туады да “Сары Үйсін” аталып, сіңіп кетіпті дейді.
60. [«Сары үйсін» руы аталуы туралы]
(Ү нұсқа) Бәйдебек бидің бәйбішесі Арыстан бидің қызы Марау (шын аты – Гүлжамал) «Сары бәйбіше» атанған текті, жақсы адам болған дейді. Сол бәйбішеден тоғыз ұл болған дейді. Қытайлар оның малдарын барымталап айдап алып кеткенде артынан сол тоғыз ұлы қуып жеткен, тоғызын да өлтіріп кетіпті. Сарыбәйбіше бетін жыртып, Құдайды қарғап, күндіз-түні күңіреніп жүргенде Құдай оны келеке қылғандай, аяқ-қолы бүріскен, іштен кеміс бір ұл туыпты. Атын Байтоқты қойып, кейін Сирықты немесе «Силықсары» атап кетіпті дейді. Байтоқты–Силықсарының аяқ-қолы кем болғанымен, ақыл-ойы бүтін болған. Оған ер жеткен соң Ұшан деген қызды әйелдікке алып берген. Сол Ұшаннан бір сары үрпек бас ұл туып, атын Түргеш қойыпты. Кейін сол баланы Сары немесе «Сергексары» атап кетіпті де, осы баладан тараған ұрпақтар кейін “Сары Үйсін” руы аталып қалып еді дейді.
ҮІ. ШАПЫРАШТЫ РУЫ
61. (Үш таңба немесе тұмар таңба туралы)
Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен Жәлмәмбет туады. Жәлмембет отызға келгенше үйленбей, серілік құрып жүріп Мапыраш атты қызбен көңіл қосады. Мапыраш анамыз ұл табады. Бірақ қан көп кетіп, ұлын сүйе де алмай, қайтыс болады. ...Баланың атын анасына ұқсатып Шапырашты деп қояды. Бұдан соң Жәлмәмбет өзінің туған балдызы Қарашашқа үйленеді. Ай-күні жетіп, Қарашаш ұл табады. Толғатып жатқанда «мәрту» басып Қарашаш анамыз да қайтыс болады. Нәрестенің атын Ошақты қояды. Тегі Жәлмәмбет атамыз серілеу болса керек, сол екі арада Сыланды деген қызметшісімен көңіл қосып, оған да үйленеді. Іле-шала Сыланды ұл босанып, атын Ысты қояды... Шапырашты туғанда бір жылқышы Бәйдібекке сүйінші сұрап барыпты. Сүйіншісін берген бабамыз жылқы ішінен бір торы тайды ұстатқызып, темір көсеуді отқа қыздырып тайдың санына тартып жіберген екен. Ошақты мен Ысты туғанда да дәніккен жылқышы сүйінші сұрап барыпты-мыс. Бәйдібек баяғы тайды ұстатқызып, жамбасына тағы екі жерден қарып таңба басыпты. Кейінірек: «Сонша жылқыңыз бола тұра, ұш ұлға арнап жалғыз тайды бәсіре еткеніңіз қалай» деп сұрағандарға Бәйдібек: «Таңбасы бір болса тату болады» деген жауап қайтарса керек. Тайдың санына көсеуді үш тартқанда түскен таңбаны «Үш таңба» немесе сыртқы түріне қарай «тұмар таңба» атайды.
62. Шапырашты
(І нұсқа) Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріп – Шынтас байдың қызы. Биязы мінезді, асқан сұлу, адамгершілігі мол, үй тіршілігіне ұқыпты кісі екен. Одан жалғыз ұл Жалманбет дүниеге келеді. Отызға келгенше үйленбеген көрінеді. Серілік құрып жүргенде Жұпар деген қызбен көңіл қосады. Жұпар – шығыста көршілес жайлаған Қоңырат руынан шыққан атақты Мелде бидің үлкен қызы. Мелде биді замандастары “Қызыл би” деп атаған екен. Жұпар келін болып түскеннен кейін биязы мінезіне қарай ауыл адамдары оны «Мапырашты», «Мараш» деп атаған екен. Күндердің бір күнінде Бәйдібек өздері терең ұраға түсіріп алған жолбарысты қыл шылбырмен тұмылдырықтап, тірідей жетелеп, ауыл шетіне жақындағанда сонадайдан алдынан бір келіншек шығып, тізе бүгіп сәлем береді де, бабамыздан «сыралғы сауға» сұрайды.
Бәйдібектің жасауылдары жолбарысты жеткіздіріп береді. Келіншек Жұпардың сырлас жеңгесі болатын. «Ол жолбарысты сойғызып, жүрегін ашкідет қайын сіңлісіне жегізіп, жерігін қандырыпты», – деседі.
Жалманбеттің әйелі – Жұпар (Мапырашты) анамыз айы толып, ұл табады. Бірақ өкінішке орай, жолдасы түспей, дүние салады. Анамыз өлер алдындағы енесі Зеріпке айтқан өтініші бойынша баланың есімін “Шапырашты” деп қояды. Ал ел арасындағы тағы бір әңгімеге қарағанда, «баланың бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туыпты. Сондықтан баланың есімі «Шапырашты» болыпты» – деседі. Нәрестені Мапыраштының енесі Зеріп пен сырласы Сыланды ақ сүтін беріп өсірген екен. Сыланды Мапыраштыны ұзатқанда бірге келген қыздың біреуі еді. Шапырашты қайратты, жаудан жүрегі қайтпаған батыр, зерек жігіт болып өседі.
63. Шапырашты
(ІІ нұсқа) Бірде Бәйдібек би жанына сенімді серіктерін ертіп, сайланып шығып саят құрады. Аң-құсы жыртылып-айырылатын қалың жынысты кешіп келе жатса, «гүр-р» еткен жолбарыс дауысы естіледі. Бес қаруын сайланып шыққан жігіттер дереу тақым қағып, із кессе, уыздай байталды жығып, етін еңсере жеп жатқан жолбарысты көреді. Жас етке сылқия тойған жолбарысты аңшы жігіттер қаумалап жүріп соғып алады да, “үйірімен үш тоғыз” деп Бәйдібек бидің алдына көлденең тартады. Түз шерісіне Бәйдібек бидің де көңілі толып, жетектегі атқа өңгертеді. Аңшылықтың дәстүрі бойынша аң патшасын соққан соң әрі қарай аң аулауды тоқтатып, ауылға бет түзейді. Бәйдібек бастаған топ сарыала жолбарысты салақтатып бір ауылдың тұсынан өтеді. Сол кезде бұлардың соңына жаулығы желбіреген бір әйел ілеседі. Өкшелеп қалмай келе жатқан әйелді байқаған Бәйдібек тізгін тартып жөн сұрайды.
Сонда әлгі әйел:
– Мырзалар, айып болмаса, мына жолбарыстың бауыры мен жүрегін беріп кетсеңіздер, – дейді.
Бәйдібек сөзге келместен әйелдің тілегін қабыл алып, жігіттеріне жолбарыстың жүрегі мен бауырын алдыртып бергізеді. Әйел алғысын айтып кері қайтады. Сол жерде Бәйдібек бір жігітін жұмсап, жансыздап білдіртсе, әлгі әйел қоңырат ішіндегі «Қызыл би» атанған Мелде бидің Тәуіркөз деген бәйбішесі екен. Жолбарыстың жүрегі мен бауырын жеп, жерігін басқаны белгілі болады. Бұл оқиғаны Бәйдібек бір сыр көріп, көкейіне түйеді. Көп кешікпей Қызыл бидің бәйбішесі Тәуіркөздің босанып, қыз тапқанын, оған Жұпар деп ат қойғанын естиді. Сонда Тәуіркөз белін бекітіп, бала қырқынан шығып, бесікке салынған кезде Бәйдібек би барша жөн-жоралғысымен, сән-салтанатымен Қызыл бидің үйіне келіп түсіп, «бесік құда» болғысы келетін ниетін білдіреді. Бәйдібек өзінің «Сұлу Зеріп» деп атанған екінші әйелінен туған Жалмамбет (Жәлменде) дейтін баласына Жұпар қызды қалап, Құдай қосқан құда болғысы келетінін айтады.
Сонда, Қызыл би ойланып отырып Бәйдібекке:
– Бәйдібек, бұл ниетіңнің қандай себебі, нендей негізі бар? – деп сұрапты.
Бәйдібек:
– Себебі де, негізі де біреу-ақ: Тәуіркөз бәйбішенің жерігін өзім қандырып, ырым көріп едім, – депті.
Сонда Қызыл би:
– Е-е, баламның тіні менікі болғанмен, ділі сенікі екен ғой?! – деп оң шырай танытыпты.
Арада он шақты жыл өткенде ата-аналарының ақ баталарын алып, Жалмамбет пен Жұпар қосылады. Бәйдібек ауылына келін болып түскен Жұпар қазақтың жанама ат қоятын дәстүрімен «Мапырашты» атаныпты дейді. Кешікпей Мапырашты жүкті болып, арыстай бір ұл табады. Ауылдың дуалы ауыз бір қарты нағашы әжесінің жолбарыс жүрегіне жерік болғанын ырым көріп, баланың есімін анасы Мапыраштыға ұйқастыра «Шапырашты» деп қояды. Шапырашты ержүрек, батыр болып даңқы шығады.
64. Шапырашты
(ІІІ нұсқа) Бәйдібек би үш некелі болса керек. Бірінші әйелі Сары бәйбішеден – Байтоқты (кейбір деректерде – Сарыбай) туып, одан өрбіген ұрпақ «Сарыүйсін» атанған. Екінші әйелі Зеріптен – Жалмамбет, одан Шапырашты, Ошақты, Ысты туған. Үшінші әйелі Нүриладан (бұл кісіні ел-жұрт қадірлеп «Домалақ ене» деп атаған) Тілеуберді (жанама аты –Жарықшақ), одан Албан, Суан, Дулат туған. Атадан балаға жеткен қария сөздің айтуы бойынша, Бәйдібек би екінші әйелі Зеріптен перзент көріп, қоңырат Қызыл бимен (шежіре деректерінде «Мелде би» деп те айтылады) құдаласып, Мампырашты деген қызын ұлы Жалмамбетке алып береді. Күндердің бір күнінде Бәйдібек би қосшыларын ертіп, аң аулау үшін салбурынға шығады. Бәйдібектің қостап шыққан салбурыны сәтті болып, қанжыға майланып, қайтуға қамданған күні қан сонар түседі. Аңсақ жігіттер: “Құдай сәтін салып тұр ғой, бір сонарлап, төңіректі шолып қайтайық”, – деген соң Бәйдібек серіктерінің сөзін жықпай атқа қонады. Кешікпей-ақ өзіне ғана сеніп жортқан жалғыз арланның сонарға мөрдей болып түскен ізі кезігеді. Аңшылар: “Иә, сәт!” деп шоқыта жөнеледі. Сонар күнгі іздің мойны қашық болмайтын әдеті ғой, әне-міне дегенше қасқырдың да бойы көрінеді. Айтса айтқандай, өзіне-өзі сенген есік пен төрдей көкшулан екен, ұзақ жүгіріп, жігіттерді біраз әуре-сарсаңға түсіріп барып әрең соқтырады. Содан аңшылардың мінген аттары қырауытып, ауылға кештетіңкіреп оралады. Ас-су қамдалғанша жігіттер көкшулан арланды союға кіріседі. Сол кезде көрші-қолаңның бір қыз баласы келіп, сыпайы ғана тілмен қасқырдың бауырын сұрайды. Мұндай тосын қылықты жігіттер елей қоймаған екен, сол жерде Бәйдібек би: “Баланың меселін қайтарма!” деп, қасқырдың бауырын алдыртып береді. Сонсоң жігіттерінің біріне иек қағып: “байқашы, қайтер екен?” деп, ізіне салып жібереді. Сөйтсе, жерігін басу үшін қасқырдың бауырын алдыртып отырған Бәйдібек бидің келіні Мапырашты екен дейді. Мұны Бәйдібек би бір сыр етіп: “Е-е, Тәңірім, қайырын бере гөр!” – деп, көкейіне түйіп қояды. Арада біраз уақыт өткенде Мапыраштың айы-күні жетіп, дүниеге бір ұл бала келеді. Баланы Бәйдібек би алдыртып қараса, бір көзі ашық, келесі көзі қысық және алақанында шеңгелдеп қысқан қан бар екен дейді. Сол жерде Бәйдібек би: “Ниеттілегім қабыл болған екен, баланың аты Шапырашты болсын!” – депті. Шапырашты туған соң, жолдасы түспей Мапырашты қайтыс болыпты. Мұны естіген Қызыл би: “Бәйдібектен кіндігімді үзбеймін”, – деп ниет білдіреді. Содан Мапыраштының сіңлісі Қарашашты Жалмамбет балдыздай алады. Қарашаш Шапыраштыны бетінен қақпай, ешкімнен кем қылмай өсіреді. Шапырашты дүйім жұртқа даңқы жайылған батыр болады.
65. Шапырашты
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріптен туған жалғыз ұлдың есімі – Жалмамбет. Жалмамбет ақыл тоқтатып, оң-солын танып, жасы отызға жақындағанда қоңырат Мелде бидің (Қызыл би деп те атайды) үлкен қызы Жұпарға үйленеді. Жұпарды биязы мінезіне орай ауыл адамдары «Мапырашты» (кейбір шежіреде «Мираш» деп те аталады) деп атап кетеді. Жұпар келін болып ұзатылғанда өзімен сырлас болып өскен Сыланды деген қыз бірге келсе керек. Күндердің бір күнінде Бәйдібек би аңға шығып, олжалы оралады. Арнайы қазылған аран-орға жолбарыс түскен екен, соны тұмылдырықтап тірідей алып қайтса керек. Жұпарға тілеуқор, сырлас бір келіншек алдарынан шығып, тізе бүгіп тағзым етеді де, Бәйдібек биден сыралғы-сауға сұрайды. Сол жерде Бәйдібек сөзге келместен серіктеріне жолбарысты жеткіздіртіп береді. Мұның мәнісі, Жұпар жолбарыс жүрегіне жерік екен дейді. Жұпар жолбарыс жүрегін жеп, жерігін басады. Содан айы-күні толып, Жұпар арыстай бір ұл табады. Бірақ жолдасы түспей өзі дүние салады. Жұпар өлер алдында енесі Зеріпке айтқан өтініші ескеріліп, “Мапыраштының көзі ғой, анасын еске салып жүрсін” деп, баланың есімін Шапырашты қояды. Анасыз қалған Шапыраштыны Зеріп пен Сыланды қамқорлықтарына алады. Баланың Шапырашты атануы, туғанда «бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туған екен» дейтін де сөз бар. Шапырашты ерекше жаужүрек, батыр, зерделі болып өсіп, жұрт аузына ілінеді. Кейін ұрпағы өсіп-өніп, рулы елге айналғанда, ұлы аналары Жұпар (Мапырашты) жолбарыс жүрегіне жерік болғандықтан, бүкіл Шапырашты елінің киесі – қызыл шұбар жолбарыс болады.
66. [Шапырашты батыр]
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек бидің екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет туады. Ол да әкесі сияқты насат батыр боп өседі. Жалмамбеттің бірінші әйелі қоңырат Қызыл бидің (шын аты Мелде би) қызы Жұпар еді. Ол да жасында еркекшора боп өскен ер мінезді екен. Жұпар жолбарыс мінезді, өзі белді, мықты келін боп өседі. Ел оны алапаш, жолбарысқа ұқсаған келін деп, кейін «Мапырашты» атап кетеді. Мапырашты Бәйдібек батыр үйіне келе сала еңсеріп, игеріп кетеді. Қысы-жазы малға да қарайды, боранды күндері кәдімгі қарулы, палуан жігіттермен бірдей қимылдап атасының ойынан шығып жүреді. Кешікпей Мапырашты Досымбет деген ұл туады. Оның көзі бір-біріне атысып, шапыраштанып туған соң ел «Шапырашты» атап кетеді. Шапырашты да өсе келе әкесі Жалмамбет, атасы Бәйдібекке ұқсап насат батыр боп ер жетеді.
67. Шөңке
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, Шөңке қартайған шағында Албанның Құрман атасынан тараған Киікбайдың баласы Шалабайдың ауылына жас баласы Жұмабайды ертіп барады. Олар келгенде ауыл иттері мен Шалабайдың да қасқыр алатын төбеттері жан-жаққа қашады. Баласы мен екеуінің де киімдері көнетоздау болғандықтан Шалабайдың үйінде отырған басқа байлар “бұларың кім?” деп менсінбей, орындарынан қозғалмағанда, Шалабай қарғып тұрып қалбалақтап екеуін өзі қарсы алып, жақсылап күтіп, бұйымтайын сұрап, сый-сияпатын жасап шығарып салады.
Сонда әлгі байлар:
– Шалабай, сен неге соншама бір жаман шалдың алдында қалбалақтап кеттің? – дейді.
– Шал қасиетті жерден шыққан екен. Бірақ қасиеті өзіне емес баласына дарыпты. Олардың қасында үлкен қызыл жолбарыс бірге еріп жүрді. Иттер содан қашты және ол маған көрінді, – дейді Шалабай.
Шалабай да қасиетті адам болса керек. Көп ұзамай-ақ рудың игі жақсыларының басын қосып Шөңкені баласы Жұмабаймен шақырып, Шөңкені төрге отырғызып, асықты жілік ұстатып, Жұмабайды өз баласы Көлбаймен дос, бауыр жасайды. Содан бастап ел екеуін бөлмей ағайынды Көлбай, Жұмабай деп, бірі – Шапырашты, бірі – Құрман, екі ата ел болып Көлбай–Жұмабай ұрпақтары күні бүгінге дейін “бауырмыз” деп қыз алыспайды.
68. Асыл
[Түңқатар балаларының «Шала қазақ» атануы] Байбағыстың екінші ұлы Түнқатар саудагерлікпен айналысқан адам екен. Осы кәсібімен Қазанға барғанда бір әйел алады. Ол әйелінің тілінің мүкісі болғандықтан қазақ арасында тым сіңісе қоймаған көрінеді. Түнқатардың Бұқара, Самарқандқа барып жүріп алған екінші әйелі сарт болады. Бірі – ноғай, бірі – сарт екі әйелдің балаларының да тілі қазақша сүріншектеу болса керек. Сапырылысып көшіп-қонып жүрген заманда Түнқатардың балалары көбінесе Арқадағы Қарқаралыға қоныстанады екен. Ондағы қазақтар: “мыналарың қазақ емес, шала қазақ қой” деп жүріп, ақыры олар «шала қазақ» атаныпты. Содан бері олардың бір ауылы «Шала қазақ» атанған күйі Қарқаралы төңірегін қоныстанып, біржолата қалып қойыпты.
69. Айқым
Қалдының әйелі он екі бала туған екен. Өкінішке орай, он екі баланың екеуі ғана – Қалдықыз бен Айқым тірі қалады. Қалдықыздың есейген шағында, Айқымның жас кезінде анасы қайтыс болады. Қалдықыз бойжеткен соң Тобықты еліне ұзатылады. Ол кішкентай жас інісі Айқымды бірге ала кетеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін Айқымның немере ағасы Асыл сағынып, бауырын іздеп Тобықты еліне келеді. Осы кезде бес жасар Айқымның көшіп-қонып жүргенде жоғалып кеткеніне бір-екі жыл болған екен. Асыл жоғалған баланы жан-жаққа ат шаптырып іздестіреді. Бала көпке дейін табылмағаннан соң Асыл елге қайтып келе жатып, жолшыбай ойнап жүрген бір топ балалардың ішінен көңілсіз, селқостау бір баланы Асылдың бәйбішесі Жаңыл шырамытып, ат басын тура әлгі балаға тартады. Жаңыл ана аттан түсіп, Айқым екенін танып, құшақтап көзіне жас алады. Бірақ Айқымды иемденген адам:
– Бұл сендердің балаларың емес, – деп ешкімге дес бермейді. Сонымен Асыл жергілікті билерге жүгінеді.
Билер алқасының төрағасы Қариен:
– Баланың қандай белгісі бар? – дегенде, Қалдықыз былай дейді.
Арқасында алақандай қара қалы бар, менің де осындай қалым бар, бұл – біздің әкемізден қалған белгі. Баланың жейдесін шешіндіргенде, әппақ денесіндегі қалды отырғандардың барлығы көреді. Баланы иемденген адамға билер алқасы айып тағады. Асыл: «баламыздың өсіп-өнгеніне жақсы болар» деп, салынған айыпты алмай, қуанғаннан Айқымды атқа мінгізіп, тікелей ауылға тартады. Мінеки, содан бері Асыл мен Айқымның еншісі бір болған. Айқым өз көзі жұмылғанша Асылдан енші алмай өткен екен. Жалқы тұяқ Айқымнан: Қайдауыл, Сейітқұл, Қалқаман. Сейітқұлдан – Береке (Көнтек). Сейітқұл бұл дүниеден ерте қайтқандықтан, әмеңгерлік салт-дәстүр бойынша оның жесір қалған әйелін інісі Қалқаманға қосады. Одан Байғұл, Шал туады. Қайдауылдың немересі Әйтек табиғатынан дәулетті, мырза, жомарт, қайырымды болған. Үйіне келгендерді сый-құрмет жасамай жібермейді екен. Өз кіндігінен ұрпақ болмай ағалары Тойғұл мен Досқұлдың әкесінің (Қарамолда) інісі Бәйімбеттің және Базарқұл мен Сымбылдың ұл-қыздарын бауырына салып өсірген. Одан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін өздерін «Әйтекпіз» дейді.
70. [«Бәйбішенің баласы», «Үш тоқал» туралы]
Бәйбішеден туған Ақтөбет, Бертіс ерте марқалап өсіп, кейінгі үш қатынының балалары кенжелеп өседі де, аз болады. «Аздың атасы бір» деген, біз бірігіп жан сақтайық», – деп, Әлти, Қосай, Баянай бірыңғай болып, бұлар «Үш тоқал» атанып, үшеуі еншілес болады. Ақтөбет, Бертіс тұқымы «Бәйбіше» атанады. Осы күнге дейін ел арасында «Бәйбішенің баласы», «Үш тоқал» десіп, Жәрімбет ұрпағы екіге бөлінеді.
ҮІІ. ЫСТЫ РУЫ
71. [Жалмембеттің Сыландыдан өрбіген ұрпағының “Ысты” атануы]
(І нұсқа) Бәйдібек бидің екінші әйелі сұлу Зеріптен Жалмембет туған. Жалмембеттің бірінші әйелі – Қоңырат ішіндегі әйгілі Қызыл бидің (Мелде би) қызы Жұпар. Осы Жұпар ұзатылғанда өзімен бірге бірнеше күтуші қыздар еріп келсе керек. Солардың ішінде ақылына көркі сай Сыланды есімді бір қыз болады. Кейін осы қызды Жалмембет ұнатады да, бәйбішесі Жұпардың ризашылығымен екінші әйелі етіп алады. Сыланды үнемі таза киініп, үстіне иіс май сеуіп жүретін кербез жан болса керек. Осы қасиетіне бола Сыландыны Бәйдібектің кіші әйелі Нүрила (Домалақ ене) «Иісті келін» деп еркелетеді екен. Дуалы ауыз Нүриланың қас-қабағын баққан төңірегі де Сыландыны “Иісті” деп атап кетеді. Сыланды алғаш құрсақ көтеріп, ұл тапқанда тілеуқор енесі Нүрила баланы жерге түсірмей етегіне орап алып, өзінің емшек сүтімен ауыздандырып: “Ұрпағың өсіп-өркендесін, өзің сияқты иісті болсын!” – деп тілек айтыпты. Осы “иісті” сөзіне орай «Жалмембеттің Сыландыдан өрбіген ұрпағы “Ысты” атанып кетіп еді», – дейді.
72. Ысты туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Жалмамбет батырдың екінші әйелі Қарашаш сұлу Мапырашты ананың сіңлісі екен. Мапырашты қайтыс боларының алдында күйеуі Жалмамбетті шақырып алып айтыпты:
– Мен өлген соң басқа бір елден келіншек аларсың. Ол менің артта қалған балаларымды түрткілеп, өгейсітер. Сөйтіп, отбасының берекесін кетірер. Мені сыйлап тілімді алсаң, былай етерсің: менің сіңлім Қарашаш та бойжетіп қалды. Сен соны ал! Ол біздің балаларымызды өгейсітпейді. Бауырына тартып, менен бетер бағып-қағады. Келіннің бұл өсиетін атасы Бәйдібек те, оның әйелдері де құптайды. Жалмамбет өзінің сүйікті жары Мапыраштының өсиетін бұлжытпай орындайды, 14 жасар Қарашашты айттырып алады.
Қарашаш сұлу әрі салдарлы, сабырлы, ақылды болыпты. Оның өзгелерден бір ерекшелігі, үнемі өн бойын таза ұстап, иіс сабынмен жуынып-шайынып, қолы-бетіне иісті әтір жағып, сыланып-сыйпанып, үстіне қонымды таза асыл киімдер киіп, сән-салтанатпен кербез жүреді екен. Оның бұл әдет-дәстүрі келе-келе ауылдың қыз келіншектеріне үлгі-өнеге болып таралыпты. Қариялар, абысын-ажындар Қарашашты “Сыланды келін”, “Иісті келін” деп атайды екен. Одан өсіп-өнген ұрпақтарды “Сыланды балалары”, “Иісті балалары”, кейін “Иісті”, “Ысты” деп қысқаша атап кетеді.
ҮІІІ. ОШАҚТЫ РУЫ
73. Ошақты туралы
Жәлменбеттің үшінші жұбайының аты – Тұмар. Қартайғанша шашы ағармапты. Сондықтан жасы кішілер ол кісіні «Қарашаш ана» деп атайтын болыпты. Одан туған баланың аты – Атшабар. Бұл есім ру атын алып кете алмайды. Одан жараған үрім-ұрпақ «Ошақты» атанып кетеді. Ол жөнінде мынадай аңыз бар: Енші алу рәсімінде Тұмардың алдына боз биені жетелеп әкеліп, оның «сауырын тамғала» деп қолына ыстық көсеу беріпті. Ол қып-қызыл көсеумен бие санына үш бұрыш тұмарша тамға басыпты. Сол тамғаны кейін ел-жұрт «үш аяқты ошақ тамға» деп кетіпті. Бұл аңыздың бірінші түрі. Екіншісі – ауылға жау шапқанда біреу малын жетектеп, екіншісі көрпе-төсегін арқалап қашқанда, Тұмар ана үш аяқты ошағын ала қашыпты. Үшіншісі – ұлы Атшабарды ошақ басында босаныпты дегенге саяды.
ІХ. АЛБАН РУЫ
74. «Төрт шам – сегіз сары» атануы
Ерте кезде Дулат елінің Сары биі (қайсыбір әңгімеде Қара би деп те аталады) Албан елін аралап жүріп Досалы бидің ауылына келеді. Сол кезде Бірімбеттің бәйбішесі (Үмбеттің бәйбішесі) Шажаға тон тігіп жатса керек. Сүйерқұлдың өз кіндігінен тараған төрт ұлы (Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты) және Шоғанның еншілестері Алжан (Мәмбет), Үмбет бұларға қоса Бірімбет пен Шажа түгел бас қосып, алыстан келген мейманға ықылас білдіреді. Сонда Сары би әбден риза болып еліне барғанда «Төрт шам (Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты), сегіз сарының (осы төрт ата мен олардың Алжан, Үмбет, Бірімбет, Шажа деген ұрпақтарын айтып отыр) ықыласына тойып келдім. Қызыр қонған ел екен», – деп қайтыпты. Содан кейін бұл ауыл «Төрт шам, сегіз сары» ауылы атанып кетсе керек.
75. Қайыпберді мен Қалпелер хақында
Ағымсары ішінде ағайынды Қайыпберді, Қалпе дейтін аталар бар. Қайыпбердіге қарағанда, Қалпелер аз ауыл. Ежелгі ел тарихын жақсы білетін қариялар Қалпелердің неге аз екенін әрі кешігіп, кенжелеп өскенін былай деп айтып түсіндіретін еді. Қалпе атадан Желкілдек жалғыз туады. Мәйеке – екінші жанама аты. Қалпе ауылының әйелдері ат тергеп Желкілдекті «Майеке» деп атаған. Ал Желкілдектің жеті ұлы болыпты. Жетеуі жеті түрлі кәсіппен айналысады екен, соның бірі – Ботбай. Ботбай болса батыр шалыс, өр мінезді тәкаппар болып өседі. Үнемі бес қаруын белінен тастамай асынып жүреді екен. Бір күндері ауыл жігіттерімен бірге бір жортуылдан қайтып келе жатып, ат белін суытып аялдайды. Олжаға түскен жылқылардың біреуін сойып болған соң үлкендері Ботбайға: “Жақын маңда ауыл болса, қазан сұрап кел!” – деп, жұмсайды. Ботакең бір ауылға келсе, қыз-келіншектер жиналып үлкен тай қазанға көже қайнатып жатса керек. Қазан иелері: “Ішінде көже тұр, қалай береміз” дейтін көрінеді. Оған қарайтын Ботбай ма, тез арада бере қоймадың деп үзеңгіден аяғын шығарып қазанды төңкере төгеді. Енді еңкейіп алдына ала бергенде, қазандағы шала төгілген көженің біразы атының жалына құйылып, жидіп түскен. Сонда қыз-келіншектердің біреуі тұрып: “Құдай бар болса, Желкілдектің жеті ұлы өліп, жетім қалсын Ботбайы” деп қарғаған, – дейді. Содан көп ұзамай алты бауыры бірдей өліп, Ботбай ғана жалғыз қалыпты. Ботбайдан – Кемпір, бұдан Есіркеп туады. Есіркептің Жалтыр мен Наурызбай деген екі ұлы болған. Осы Наурызбайдың Ысқақ, Толыбай дейтін балалары бір жылдары Шу өзені бойында тұратын Дулат еліндегі Құлшық, Жарғақ деген нағашыларына көшеді. Елден көшкен кезде бұлардың кішірек бір баласы адасып, осында қалып қояды. Бір күндері Жаркент князы (ұлы татар) Шаныш деген бай көпес кездесіп жетім балаға пана болыпты. Баланың есімі Санай екен. Үйіне әкеліп өз баласындай бағып, өсіреді. Санайдан бұрын Шаныш байда бала болмаған деседі. Санай бұл үйге құт болып, көп ұзамай әйелі бала көтеріпті. Бірінен кейін бірін туып қатарынан екі ұл көреді. Аттарын ұйқастырып Батырқан, Қасымқан деп қояды. Сонымен Санайды қосқанда үш баласы болған. Санай ержете келе ақылды, қайырымды, өте пысық, алғыр жігіт болып өседі. “Ел құлағы – елу” деген, біреуден-біреу естіп, Кетпен тауындағы туыстары Санайды іздеп Жаркентке келеді. Бала бауыр-буғандарымен табысқан соң, енді өзінің ел-жұртына кеткісі келеді. Бұған кейінгі өкіл әкесі Шаныш та қарсы болмаған, қайта біраз мал-мүлік беріп, амалсыз шығарып салған деседі. Бұлар Іледен өтіп Тастықараның тұсына келгенде Қоңырбөрік еліндегі Қырғызбайдың көшіне кезігіпті. Сол жерде Қырғызбайдың Тінікей атты бойжеткен сұлу қызына Санайдың көзі түседі. Ол күні кеш болғандықтан, барлығы бірге қонады. Ертесі Санайдың ағалары: “Қызыңызды берсеңіз, құда болсақ”, – деп Қырғызбайға қолқа салады. Бірақ қыз әкесі оларды онша менсіне қоймаса керек. Айдаған малын соларға табыстап, үшеуі Жаркентке қайта келіпті. Ақыры Шаныш байдың тікелей араласуымен Қырғызбаймен шынымен құда болып, Тінікейді Санайға алып беруімен бұл оқиға аяқталған екен. Санай үйленгеннен кейін екі балалы болады. Шаныш байдың ересен еңбегі мен құрметіне балаларды екі ұлының атымен атап, бұларға да Қасымқан, Батырқан деп ат қойыпты. Қазіргі аз санды Қалпе тұқымдары осы екеуінен өрбіп отыр.
76. Шоған атасының аз болу себебі немесе Жартының табылуы
Ол заман – қырғызы, қалмағы және қалғаны бар, көршілес қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шапқыншылық жасап, маза бермейтін жаугершілік уағы. Бірде атқа мінер еркек кіндік түгел жауға аттанады. Осындай қарбалас шақта басқа жақтан тағы бір жау келіп ауылды шабады. Аласапыран кезінде ауыл адамдары үйлерін тастай қашып, кереге басында ілулі тұрған Жарты ұмыт қалса керек. Шырқыраған қатын-бала бір жерге жетіп, естерін жиған. Бұл уақытта жауға кеткен еркектер де елге келеді. Екінші бір жерге қоныс жөткеп, арада екі-үш күндей (біреулер бір жеті дейді) уақыт өткен сияқты. Елден бұрын еңіреп Жартыны іздеп жоқтаған шешесі қатты мазасызданады. Үйдегі баланың үлкені – жігіт болып қалған Шоғанға: “Біраз күн өтсе де Жартым өлмеген, тірі сияқты. Егер аман болса, барып баланы алып кел!” – деп жұмсайды. Сонда Шоған тұрып: “Осы уақытқа дейін бала тірі тұр дейсіз бе, оның үстіне адамға сандығы жоқ, өзі жарымжан баланы несіне іздеп әуре боламыз”, – деп, барғысы келмеген сыңай танытады.
Шешесі:
– Япыр-ай, шынымен Жартым жұртта қалды-ау! Бірге тусаң бүйтпес едің ғой. Ой, өрісің толып, онша өспегір-ай!.. – деп, аңыраған анасы отыра кетіп, қатты назаланған екен. (Сол шеше қарғысынан ба екен, басқа өзі қатарлы рулар сияқты Шоған ата ұрпақтары өркендеп, өсе қоймапты дегенді естиміз).
Шоған бармай қойғанда, естияр болып қалған Қожбанбет іздеп барыпты. Киіз үйлердің ойран-топыры шыққан, тонаған, қиратқан. Арса-арса үйлердің арасында, кереге басында кебентай ілулі тұр. Қараса, бала тірі. Қожбанбет қуанып кетіп, Жартыны қойнына тығып, томпайтқан күйі үйіне келіпті.
77. Батырша туралы
“Батыршаның азан шақырып қойған аты – Бесбұлақ екен. Қалдаудың Бесбұлақ және Қосбұлақ атты екі ұлының есімі де жер-су атауына байланысты қойылған. Қоныс болған «Бесбұлақ» басында туған баласының атын Бесбұлақ қойған ғой. Баласы ержетіп 15 жасқа келгенде атасы Тілеу батырдың жылқысын қалмақтар айдап кетіпті. Тілеудің қартайған кезі болса керек, Қалдаудың (Тұрсын әлі жас екен) қасына ауыл жігіттерін қосып, жауға кеткен жылқыны қайтарып келуге жұмсайды. Қалдау қасындағы жігіттермен қалмақтарды қуып жеткенімен, күші басым жауға тиісуден қорқып, елге қайтпақшы болады. Сонда елеусіз топта жүрген Бесбұлақ: “Әке, батаңызды беріңіз, жылқыны мен қайырып келейін, қалмақ қанша көп болғанымен, өзінің кінәлі екенін оңай білдіреді. Бейбіт жатқан елге келіп, барымталаған өздері. Қашанда кінәлі жақ жапырылған шөппен бірдей. Сіздер осы арада тоса тұрыңыздар. Маған өзіме ерліктері таныс он жігіт беріңіз!” – депті. Қалдау қанша қимағанымен, баласына батасын береді. Бесбұлақ қалмақты қайта қуып жетіп, “Бақтиярлап” ұран шақырып, қарақшыларды бірінен соң бірін шоқпармен ұрып, аттан түсіре беріпті. Сөйтіп, атасына жылқысын қайта айдап келген екен. Немересінің ерлігіне разы болған Тілеу қарт батасын беріп: “Сен жас та болсаң, хас батырларша ерлік көрсеттің. Бүгіннен бастап сенің атың – Батырша болсын!” – депті.
78. Жауғаш
Батыршаның сексеннен асқан кезі екен дейді, үлкен келіні атасының дәретінің көбіктенгеніне қарап: “Атамның белінде әлі бір-екі бала бар екен, күш-қуаты да мығым, әйел әперсек қайтеді?” – деп күйеуі мен қайындарына ақыл салады. Бәрі мақұл көріпті. Әкелеріне келіп айтқанда: “Ондай ойларың болса, кәнеки, онда да Мақпал сұлудай болса, шіркін!” деп, тамсанып бір жас иісті аңсаған екен дейді айтушылар. Батыршаның байлығы жетеді, 87 бас қаракүреңнің үйірін бұзбай түгел беріп, балалары өзі айтқан Мақпал қызды әкелеріне айттырып, ауылға алып қайтады. Бұл уақытта әкелері бармай үйде жатса керек. Айтқанындай-ақ, Мақпал сұлу жыл уағына жетпей балалы болады. Келіндерінің бірі: “Ата, шүйінші, нақсүйеріңіз ұл туды”, – десе: “Ой, қарағым-ай, шүйіншің қашпайды, менен туған бала жарғақ бас, шашы жоқ болып туушы еді, алдымен соны көріп келші?!” – деп, күдіктенген екен дейді. Өз баласы екеніне көзі жеткен қария жарғақ бас, өзі аппақ аршыған жауқазындай жас нәрестеге «Жауғаш» деп ат қояды. Мақпал сұлу Жауғашты туғаннан кейін бір жылдан соң дүние салыпты. Тағы бір ел әңгімесінде Батырша ауылына бір әйел келіп тұрақтайды... Әйел бекер емес, текті жердің қызы болса керек. Батыршамен некелесіп бір ұл табады. Осының аз-ақ алдында бір немересі өліп, енді сол бала төленді деп қуанады да, оның есімін Төле қойыпты. Мұны кіші ұлы Жауғашқа еншілес еткен. “Ағайынды Жауғаш-Төле” дейтіні содан. Одан кейінгі туған екінші баланың есімі – Естемес. Бұдан соң Батырша бай қартайып қайтыс болады. Кейінгі жас жесірі және бір ұл туған. Шешесі мұны Естемеске ұйқастырып атын Естен қойыпты. Бұлар аз ата болғандықтан, екеуін қосып “Естемес-Естен” деп бірақ атайды. Мұның сыртында Батыршаның Кәдір және Малай атты екі баласы тағы бар, сонда барлығы – 11 ұл. Естенді туғаннан кейін әйелге қастандық жасалған. Себебі Сұлу бәйбішеден туған бес ұл: «әкеміздің атына дақ келтірді, ғайыптан бала туды» деп намыстанады да, соңғы өгей шешелерін өлтірмекші болған жәйі бар. Ол кезде намыс, ұят күшті. Түн қатып бесеуі бірдей саусылдап үйге кіріп келгенде шошынған әйел: “Келіңдер, қарақтарым! Япыр-ай, түстерің суық қой... әкелеріңнің маған етегі тиген шешелерің едім ғой, бұларың не?” –дегенде басқалары шығып кетеді де, қатал мінезді Қазыбай ғана үйде қалыпты. Ажалы да содан болса керек. Сондағы назасы шығар: “Жер баспа, екі үйден аспа!” – деген ана қарғысынан Қазыбай тұқымы өспеген.
79. [Кәдір – басқаларына қарағанда шағындау, аз ата]
Кәдірдің шын аты – Бәйіт екен. Еліне елеулі қадырлы болғандықтан Кәдір деп атап кетіпті. Кәдір Қабылдың қолында өсіп, ержетеді. Осы арада бір әңгіме қозғаудың реті келіп тұр. Ол әңгіме Кәдірдің осы елге, яғни Батырша ауылына қалайша келіп тұрақтағаны жайында. Мұны білетін кәрі құлақтар бізге былайша түсіндіреді: Кәдірдің жігіт болып қалған кезі екен, кездейсоқ бір жағдайға душар болып, арты үлкен іске айналады. Бір бай кісінің қымбат қазына-мүлкі жоғалып, «оны көрген, алған осы» деп біреулер өтірік куәгер болса керек.
Кәдір безілдеп: “ақпын, алған жоқпын” дейді.
Оған мүлік иесі сенетін емес. Егер де ұры деп күмәнданған адамның адалдығын анықтау үшін бет-беделі бар жақын бір туысы келіп, “адалдығы үшін мен жан берем” деп, қолына Құран мен нан ұстап тұрып ант береді екен ол заманда. Алайда, Кәдірдің ондай ағайын-туыстары бола тұрса да, жан беретіндей етене ешкім табыла қоймапты. Олардың ойлағаны, алса алған шығар, босқа күйіп кетеміз бе деген дүдәмал қауіп. Әбден шарасы тусылған Кәдір жан сауғалау үшін амалсыз жақын жамағайындары Батырша байдың ауылына барыпты. Сонда басқаларынан бұрын ерекше ер мінезді, өжет Шора деген баласы оның адалдығына сенгендіктен жан беріп, Кәдірді аман-есен ақтап алады. Содан бастап: “Менің шын жанашыр бауырым – Шора ғана”, – деп, Батыршаның бір баласы болып атанып кетеді. Кәдірдің жас шамасы үлкендеу және Шораға қарағанда ұрпақтары көбірек болғандықтан, алдымен ағасы айтылып “ағайынды Кәдір-Шора” дейтін сөз осыдан келіп шығады. Кейіннен Кәдір тұқымдары көбейтіп, өсе келе, Қожбанбет ішінде өзінше бір ата болып қалыптасқан-ды.
80. Шахантай
“Қосқұлақұлы Қаржау батыр халыққа танымал Үйсіннің бір тармағы – Албанның Ханкелдісімен жолдас әрі сенімді серігі, бас сардары болған. Ол Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұрыстарда соғыс өнеріне жетілген, ерен ерліктерімен жұрт көзіне түседі. Абылай ұйымдастырған Қабанбай жорығына, қырғыз батыры Әтеке жырықты және қалмақ ханы Шахарды алу жорықтарына қатысады. Сондықтан: “қақ жарған қаһарлы Қаржау қасқа” атаныпты. Қабанбай жорығынан босап қайтқан Қаржау еліне келсе, Қожбанбет-Жарты ауылдарын жау шауып, малдарын барымталап алып кеткен. Шапқан жау Жоңғардың Шахар ханы (кейде Шаған деп те айтылады) Итішпестің Алакөліндегі шаһарында тұрады екен. Жау шапқан ел-жұртын көріп: “Түзге шықсаң, үйің жоқ, үйге келсең, күйің жоқ”, – деп қатты назаланды. Сол түні шапқыншы жіберіп, төңіректен 300-ге жуық қол жияды. Әкесі Қосқұлақтың есігінің маңдайшасына маңдайын үш рет тигізіп, Бөрте үйінен дәм татып: “Жауға кеткен жылқымды және кек алып келемін, не өліп келемін”,– деп серт берген екен. Алайда, Қаржау барғанымен өзінен күші басым, қорғаны мықты жауға тиісе алмай, үш күн бойы ториды. Соңында қорғанды бұза алмаған болып, жылыстап бойы тасалайды. Шағанның аңдаушылары қарсыласының қайтып кеткенін ханға хабарлаған. Қаржау бірнеше күнді өткізіп барып түн қараңғысында бейғам жатқан қалаға шабуыл жасайды. Бірақ қақпаны қолма-қол бұза алмай дағдарып, барлығы тұрып қалады. Осы кезде Қаржау өзінің немере інісі денелі, алып қара күштің иесі атанған Сасбақ батыр оңайлықпен қозғала қоймағанда, астындағы нарын тебініп келіп, оның толарсағына найзасын сұғып, намысын оятып, қаһарын қозғаған екен. Жанына найза батқан Сасбақ кіші әкесіне үндей алмай, қолындағы ауыр шоқпармен қақпаның тас-талқанын шығарыпты. Қалаға кірген қазақтар қарсыласқанын қанға бояиды. Күн төбеге келмей-ақ хан мен уәзірдің бастарын кесіп, қаланың қарсы алдындағы қақпаға іледі. Тізе бүккендеріне тиіспей, халыққа өзінің шапқыншы емес, намыс қуып, кек алуға келгенін ұғындырады. Хан ордасының бірқанша дүние-мүкамалын, бірнеше қыздарын олжалайды және тұтқын адамдарды босатып, әкеткен мал-мүлкін қайтарып, елге келеді. Қаржаудың шағын қосынмен барып шапқыншы Шағаннан кек алуы, ордасын ойрандауы ел арасында үлкен аңыз туғызады. Олжа үлесі кезінде Шахар ханның қызын Қаржау батыр өзі алады. Аты – Қоңыр екен. Қаржау сүйікті әйелі болғандықтан, Қоңырды еркелетіп «Қоңыртай» деген, бірақ кейіндей келе бұл атау қалып қояды да, жұрт көбінесе әкесінің атымен Шахантай деп кеткен. Қаржау тұқымындағы Шахантай әулеті осы ұлағатты ананың есімімен әлі күнге солай аталып келеді.
81. «Бесшал деген ел едік»
Сағым атамыздан жалғыз ұл Елбақты ғана, одан төртеу: Тоқан, Тоқыш, Есбол, Байбол туады. Үлкендердің айтуынша, Елбақты ерте үйленгендіктен бе екен, балалары өзімен қарайлас қатар өседі. Бәрінің де шал болып қалған кезі екен. Елбақты атамыз балаларын ертіп бір тойға кешігіп барады. Ел тарқаса да төрт баласымен бір үйде оңаша тамақтанып, ұзақ отырып қалса керек. Той иесі: “Ой, бұлар кімдер, қашанғы отырады, енді кетпей ме”, – десе, күтушілер: “Білмейміз әйтеуір бес шал отыр ғой, қалай кет деп айтамыз”, – дейді. Бұдан кейін де жұптары жазылмай бірге жүреді екен, содан “Бесшал” атаныпты.
82. Бозымның Айттан көптігі туралы аңыз
Атамыз Таубұзар деген кісі балуандықпен ел шауып, дүние кезіп жүріп, Үндістан деген шаһарға кезігіпті. Бұл шаһарда Мысыр қиссасы, Нұр қиссасы деген екі палуанмен кездесіп, шаһар халқы болып бұл үш палуанды күрестіретін болыпты. Сонда Туабұзар айтыпты:
– Мен бекер ел кезіп жүрген адам емеспін, – депті, – менің екі жетімдік бәйгім, алып жүрген алтын-күмісім бар, мынау екі палуанмен күрестірсеңдер, жығылсам, осы екі жетімдік алтын-күмісімді осы шаһардың ие адамына беремін. Олжа қылып алсын. Егар палуандарыңды жықсам, осы шаһардан екі жетім беріңдер.
Сонда шаһардың екінші бастығы Әбділғазиз деген көне ғылыми мешіт иесі бар екен. Бұл кісінің қолында ата-анасынан туа жетім қалған екі ұл бар екен. Ахмет Уәли, Қожа Ақмет Ясауи деген балалар екен. Әғылыми Әбділғазиз шаһар халқын жиып алып, мешіт майданында үш палуанды күрестіріпті. Уәде, тоқтам мешіт иесімен болыпты. Бұл Таубұзар алты күн күресіп, бұл шаһардың екі палуанын жығыпты. Әғылыми Әбділғазиз бұл кісіні неше күн мейман етіп, бұл Таубұзардың бәйгісіне қасына екі бала – Ахмет Уәли, Қожа Ахмет Ясауиды қосып беріп, барлық шаһар халқы болып жолға салыпты. Бұл Таубұзар неше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіпті. Бұл елде Көтібар деген бай бар екен. Бұл кісінің бірнеше әйелі бар екен, барлығының баласы жоқ екен. Туса да тұрмайды екен. Сондықтан ел-жұртын жиып алып, Таубұзарды ауылына қонақ қылып, бастан өткен көне тарихын, төрт әйелінен бір перзент жоқтығын айтыпты:
– Мынау алып келе жатқан екі баланың бірін бер, менің атым өшпесін, сенің Таубұзар атың әлемге жайылсын!» – деп. Жылқыдан ақбоз биені алып кеп сойып, асықты жілігін Ахмет Уәлиге ұстатып, бұл Көтібарға беріпті.
Сонда Таубұзар Көтібар байға айтыпты:
– Сен атам Үш жүздің кенжесі едің, бермесем жолым болмас», – деп, – өсіп-өнгін! – деп Ахмет Уәлиге батасын беріп, Көтібар байға беріп кетіпті.
Таубұзар Қожа Ахмет Ясауиды еліне алып келіп, Айт, Бозым екі баласына, еліне жөнін айтып, бұрынғыша асық жілігін ұстатып бала ғып алыпты. Айт пен Бозым өсіп еншілерін алып, екі ауыл болып кетіпті. Ағасы Айт бай болыпты. Інісі Бозым кедейлеу адамның бірі болыпты. Әкелері Таубұзар өлген соң, інісі Бозым саудамен айналысыпты. Таубұзардың үлкен үйінде Қожа Ахмет Ясауи, Бозым, қарындасы Қарашаш үшеуі осы үлкен үйде болыпты. Неше жылдар өткеннен кейін бір үлкен көпестің бай керуені келіпті. Сол керуенмен бірге інісі Бозым сауда қылып, ел аралап кетіпті. Бұл Бозым жоқ уақытында қарындасы Қарашаш жүкті болып қалыпты. Мұны Айт ағасы біліп, баяғы Қожа Ахмет Ясауиды өлтірмек болады екен.
Сонда атамыз Сарының үлкен ұлы Сүйерқұл кәрия келіп, Айтқа айтыпты:
– Мұны неге өлтіресің, сен алып келген жоқсың, сенің әкең, менің інім – Таубұзарым дүние кезіп жүріп, сен екеуіңе іні қылып, еншілес болып едіңдер, енді мұны өлтірмеңдер, осы Бозыммен бірге осы үлкен үйіңде болсын, ұл туса атын өзім қоямын, – депті.
Жылдардан жыл өткенде бұл Қарашаш ұл тауыпты. Бұл Қарашаш толғатқанда Қожа Ахмет Ясауи баяғыда атасы Таубұзар беріп кеткен кіші жүз Көтібар байдағы інісі Ахмет Уәлиді іздеп, соған қашып кетіпті. Ендігі сөзді Қарашаш қыздан естіңдер. Бұл толғатып ұл тауыпты. Шүйінші сұрап бір кедей ағасы Айтқа барыпты. Бұл Айт мұны өлтірмек болыпты. Мұны Таубұзардың ағасы Сүйерқұл естіп, шүйінші сұраған кісіге ат мінгізіп шығарыпты. Сүйерқұл кәрия келіп баланы бесікке салып, атын Жиенқұл қойыпты. Сонда Сүйерқұл кәрия бата беріпті Қарашашқа: «Кейін менің тұқымым қанша өссе, шырағым, Бозым екеуіңнің тұқымың соншама өссін!» – деп бұл кісі бата беріпті. Сол себептен Айттан Бозым көп, барлық қыстақ «Бозымбыз» деп сөйлейді.
Х. СУАН РУЫ
83. Бағыс Суан
Қазығұрт тауының оңтүстік бауырынан Келес өзені ағады. Келесті көргенде Асан Қайғы: “Екі Келес, бір Талас тастамай ат сауырына артып жүрер жер екен”, – депті. “Таяқ ұстап келген тай мініп кетеді, тай мініп кеткен таяқ ұстап қайта келеді”, – депті тағы бір бабамыз. Осы Келес өзенінің саға тұсында Бағыс Суандар тұрады. Суан ерке, сері бала екен. Жиырмалардағы жігіт кезінде бір күні астына ақ шабдар ат мініп аңға шығыпты. Жапанда келе жатып бір қашқынға жолығады. Ол қырғыздың ханы екен. Екі хан соғысып, бұл жеңіліп қашып келеді екен, астындағы аты әбден болдырыпты. Суан астындағы ақ шабдар атын ханға беріп, оның болдырған атын алып қапты. Хан сонда: “Балам, мә, қамшымды сен алшы!” – деп, қамшысын беріп кетеді. Артынан жеткен қуғыншылар Суанды ұстап алады да, ауылдарына әкеп көгендеп қояды. “Хандарыңа айтар арызым бар!” – деп Суан өтініш айтады. Ақыры хандарына алып келеді.
Хан:
– Менің жауыма неге атыңды бердің? Қолға түсетін жерінен құтқарып жібердің? Ол сенің кімің еді? – дейді.
– Мен оны танымаймын, бірінші көргенім – сол. Сұрасам, елдің ханы екен. “Хан өлсе, халқы қараң қалады ғой”, – дедім де, атымды бердім. Ханды сыйлау қашаннан айып болушы еді? – дейді Суан.
Ханға Суанның сөзі ұнайды. Босатады да, иығына шапан жауып, ауылына қайтарады. Ал сол кезде қуғыннан құтылған хан аман-есен еліне келіп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жатады. Еліне: “Егер мені құтқарған жігіт осы отыз күннің ішінде тойға келсе, қызымды қалыңсыз берем, оған қоса өз атын өзіне қайтарам, ал егер келмесе, оған мұның екеуі де жоқ”, – деп жар салады. Бірақ жігіт келмейді. “Ойпырмай, қыз бен ат бекер иесіз қалатын болды-ау”, – деген қу жігіттер ханға келіп: “Ол жігіт мен едім”, – десе, хан: “Сен болсаң, белгіңді көрсет!” – дейді. Белгі дегені не екенін біле алмай, олардың мысы құриды. Сөйтіп, жиырма тоғыз күн өтеді. Ауыл-ауылдағы барлық жігіт түгенделеді, бірақ құтқарған жігіт жоқ. Соңғы күні бір қойшы қой шетіне келіп, бір жігіттің кеше кешке ұйықтағанын, содан әлі ұйықтап жатқанын хабарлайды. Хан жасауылын жіберіп, әлгі жігітті алдырады. Жолай жасауылдан мән-жайды ұққан Суан:
– Сізді құтқарған мен, – дейді ханға.
Хан сенбей, қасына шақырады. Сонда Суан қойнына тығып жүрген ханның қамшысын алдына тастайды. Хан енді сенеді.
– Қырық күн той жасап, қызымды берем. Туыстарыңнан кім бар? Құдаларымды алдырайын, – дейді хан.
– Ағам Албан бар, інім Дулат бар, – дейді Суан.
Оларға: “Құдалыққа келсін!” – деп сәлем жібереді. Сәлемді естіп, оған Албан сенеді де, Дулат сенбейді: “Оған хан қызын беруші ме еді?!” – дейді. Албан келіннің қалыңмалы деп бір қора жылқы айдап ханға келеді. Жылқының шаңын көрген хан алдынан жасауылын жібереді. “Мен қызымды қалыңмалсыз берем дегем”, – деп жылқыны жолдан кері қайтарады. Сөйтіп, Суан қалыңмалсыз үйленеді. Сол қырғыз анамыздан Қарабас атты ұл туады. Одан Албаба деген ұл туып, одан Ханбағыс, Досбағыс, Ешбағыс немесе Сарыбағыс атты үш ұл туады.
84. [Суан туралы]
Суан Жетісу өлкесіне алғашқы әйелімен көшіп барып, тұрақтап қалады. Өзі атқа мінгенде, тізелері ат құлағына жетердей сом денелі, көрікті екен. Жай мінері – «Торытөбел» деген мықты аты, жарыстарға қосары, шаң жұқтырмас «Ақшабдар» жүйрігі, палуандығы, тапқыр сөзді, турашылдығымен маңына жұрт жиналған, сері мінезді. Оған сол жердегі беделді төренің қызы ғашық болып, екеуі сөз табысыпты. Ол кезде төре қызы қараға ерге шыға алмайды екен. Мұның амалын қыз тауыпты. Оның кеңесіне сай, Суан ешкі жоғалды деп жариялап, “күмәнім осы – төре үйі” депті. Бұған шамданған төре: “Түгел тінт, таба алмасаң айыбың мен жазаңның жеңіл болмасын біл!” – депті. Көп тінткілемей-ақ, ешкі төре қызының бөлмесінен табылып, енді төре масқара болуға айналыпты. Төре ғұрпы бойынша, үйінен ұрлықты мал табылса, мал егесіне бір адамын беруі керек екен. Төре қызы әкесіне: “Ел алдында абыройыңыз түспесін, сол Суанға мені-ақ бере салыңыз”, – депті. Сөйтіп, екі ғашық осылай қосылыпты. Бұған шыдамаған Суанның алғашқы әйелі Қазығұртқа қайтып келіп, босанып, ерінің мұнда келмесіне көзі жеткендіктен, әкесіз қара басы қалды деп, «ұлының атын Қарабас қойыпты» дейді.
85. Бай Суан
Суан өте ірі, кеуделі адам болған екен. Ат үстінде екі тізесі жерге аз тимейтін көрінеді. Бұл алып адамды тек бөрте қызыл аты ғана көтереді екен. Жоңғарлармен көрші отырғандықтан, жылқыларына тыныштық болмапты. Бір жолы сондай бір қарбалас кезде Суан байдың жылқысын жоңғарлар айдап кетіпті. Жасы жетпіске таман келіп қалған қарт жол жүруді ауырсынып, өзі бір шатқалда қалып, өзінің басына киіп жүрген ақ қалпағын Хоңтажыға жібереді.
Баратын сарбазға былай депті:
– Хоңтажыға айт: “Мынау – Суан батырдың қалпағы. Өзі келе алмады. Өзі үшін бұл қалпақ келді. Жер мен көкті малтап келді. Иіскесін деді тарқап шері”, – де. Хоңтажы еріксіз иіскейді. Сонда оның басына бүкіл мынау Алатау құлайды, қара орман күңіренеді. Жетісудың жеті өзені басып-жаншып итін шығарады. Иіскет, қызығын көр! Бір ескертетінім: Хоңтажыға жеткенше қалпақтан айрылып қалма. Бар, жолың болсын, Әумин!” – дейді.
Көкірегі әлі басыла қоймаған сарбаз Хоңтажыға келді. Алдына келіп жүгінді. Суан батырдың айтқан сөзін бұлжытпай айтты. Хоңтажы Суанның қалпағын қолына ұстады. Ары-бері көрді.
Көрді де айтты:
– Бұл өзі адам ба, осы қалпақ сұмдық қой. Мынау қалпақ па, жоқ әлде түңлік пе? – деді таңданып.
Содан кейін қасиетті қалпақты иіскеді. Көзі шарасынан шықты. Езуінен су ақты. Екі қолы ербеңдей бастады. Өзінің нөкерлерінің атын атады. Үй іші қорқып, Хоңтажыға су шашты. Есі кірді.
Хоңтажы есін жиды:
– Мына Суан жігітінің малын тегіс қайтарыңдар. Көзі барының көзін, көзі жоғының төлеуін үш еселеп беріңдер! – деді.
Сарбаз барлық малды айдап таудың ішінде жатқан Суан батырға келеді. Батыр ұйықтап жатыр екен. Оятып, бар мән-жайды айтыпты. Бұлар аулына келсе, бәйбішесінің үйі жоқ. Досбағыс, Жанбағыс деген екі ұлымен ғана әйелі Тәшкеннің түбіне қарай көшіп кетіпті. Себебі: “Суан өлді, енді бізді өлтіреді”, – депті. Кіші әйелі: “Суаннан жаным артық емес, Бәйтүгейден, Тоғарыстаннан жаным артық емес”, – деп қалыпты. Суан кеткен екі баласы мен әйелін іздемепті...
86. Суанның Бөлегі
Бөлектің шешесі Айбике атты кісі екен. Бөлек өзінің ата қонысы «Долаңқара тауы» аталып кеткен жайлауда дүниеге келген. Оның атын Бөлек қойған анасы көрінеді. Ол жөнінде мынандай аңыз бар. Бөргелтайдың Киікбай атты тұңғыш ұлы болған. Айбике екінші баласына жүкті болып жүргенде күйеуі қайтыс болып, жесір қалады. Жас қалған Айбикені қазақ салты бойынша күйеуінің жақын туыстарының біріне қосу жөнінде әңгіме болғанда, Айбике анамыз:
– Менің ішімде Бөргелтайдан қалған бала бар. Сол жарық дүниеге келмей мен ешкімге күйеуге шықпаймын, – деп кесімді сөз айтады.
Ол ақылына көркі сай, әр істі кеңінен ойлап шешетін адам екен. Кейін сәби дүниеге келіп, оның атын қоярда осы көрегендігін жасапты.
– Бұл Бөргелтайдан қалған соңғы ұрпақ. Сондықтан бұл баланың жөні бөлек, аты – Бөлек болсын! – деп, өзі қойыпты.
Анасы: «Киікбайдан туған Үмбетей жалғыз болмасын, екеуі бірге туғандай жұбын жазбасын», – деп екеуін еншілес еткен екен. Содан Үмбетей, Бөлек екеуінің аттары әлі күнге дейін қатар аталады.
ХІ. ДУЛАТ РУЫ
87. [Қанкөшектің ру ұранына айналуы туралы]
Құттықадамұлы Қанкөшекке 600-дей жылқы бітіпті. Сауын биелерін үйірімен бөлек баққызады екен. Бірде осы сауын билерді бағып жүрген жылқышыларды байлап тастап, ұрылар түгелдей айдап кетіпті. Қол-аяғы байлаулы жылқышыларды ертеңіне өрістен тауып алыпты. Қанекең төңірекке сұрау салып, көрген-білгендер болса, сүйіншісі дайын деп елге құлақтандырады. “Ел құлағы – елу” деген емес пе, біреуден біреу естіп, жылқылары Іле жаққа айдап бара жатқан беталысын айтып бір адам келіп сүйіншісін алады. Уақытты өткізбей ертеңіне ағайындарын жинап, батырлық аты төңірекке жаңадан шығып келе жатқан Масақ атаның баласы Барлыбайды басшы ғып сегіз жігітті жылқының соңынан аттандырады. Қуғыншылар Іле бойына жақындаған соң күндіз жатып, түнге қарай торып жылқы жатады ау деген жерлерді аралайды. Сөйтіп жүріп, таң алдында көп жылқының қарасын көреді. Бәрі сайланыпғ сегіз жігіт екі топқа бөлініп: “Ия, аруақ, аурақ! Қолдай көр, Қанкөшекті. Қанкөшек!” – деп, жылқыларды айдап жүріп береді. Жылқышылар ұйықтап қалған екен, жылқылардың дүрсілінен оянып, жылқылардың артынан 3–4 жігіт тұра қуады. Бұл кезде Барлыбай бастаған төрт жігіт қуғыншының алдын тосып, төрт жігіт жылқыларды сырғытып айдап кете береді. Қуғыншылар жетіп шарт та шұрт ұрыс болып, ұры жағының бір-екі адамы аттан түсіп қалады. Батыл қимылдап, сойылын еркін сермеп, талма жерден ұрып түсіріп жүрген Барлыбайды дәл көздеп «кеуде тұсы осы ғой» деп садақпен тартып қалады. Барлыбайға оқ тигеннен кейін қаша жүріп ұрыс салып, өз жылқыларын өңі-түсімен түгендеп, ұры жағының жылқыларын қайырып тастап кетеді. Біраз жер жүргеннен кейін Барлыбайдың атқа жүруге шамасы келмей, төрт жігіттен арттан қалады. Төрт жігіт жылқыларды тоқтаусыз айдап кете береді. «Менің халім болмай бара жатыр, тоқтаңдар!» – дейді Барлыбай, – «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық деген осы», елге менің атымнан сәлем айтыңдар, «Қанкөшек!» деп айқайлап, жылқыларды айдап бара жатырсыңдар. Осыдан былай Күнту елінің ұраны “Қанкөшек” болсын! Бұл –менің бірінші тілегім. Елімнен екінші тілегім – артымда үйелмелі-сүйелмелі үш бірдей балам жетім қалып жатыр, ағайын көз қырларын сала жүрсін!” – деп сөзге келіпті де көп ұзамай көз жұмыпты. Сөйтіп, есіл ер 37 жасында Іленің ну орманының ішіне жерленіп қала беріпті. Барлыбайдың тілегін орындап, елінің үлкен-кішісі жиналып, «Күнту елінің ұраны “Қанкөшек” болсын!» деп бәтуаласады. Содан бері неше ғасыр өткен шығар, ұлан-асыр бәйгеге ат қосса, бәйге атына мінген бала, сол сияқты екі жақ болып ерегісіп тартып жатқан көкпарды “Қанкөшек!” деп ұран тастап шабады.
88. [Қаттықұлақ]
Бименбеттің ағасы, Таздың екінші баласы Бәйімбеттің ертерек қайтыс болуына байланысты Қайып атты бір баламен әйелі жесір қалады. Бименбет жесір жеңгесіне әмеңгерлік жолмен қосылып, Қайыпты тәрбиесіне алады. Бименбеттің бірінші әйелінің қара, жеңгедей алған екінші әйелінің сары болуына байланысты, ел біріншісінен тараған ұрпақты “Қаракемпір”, екіншісінен тараған ұрпақты “Сарыкемпір” атандырып, ағайынды екеуінің аттары аталмай қалады. Бименбеттің құлағының ауырлығына байланысты ел “Қаттықұлақ” деп атаған.
89. Қоралас руының тегі жайлы
Аппақ ишан ел-елді аралап, ислам дінін үйреткен. Ишанның қасында Тақсырқожа баласы, діндар емші Алдияр деген кісі бірге жүрген. Күндердің күнінде жолы түсіп, қожалар Ботбай ауылына келеді. Ботбай ишанды үлкен құрметпенен қарсы алып, ауылында үш ай ұстап, қонақ қылады. Сонан бір күні бай елін жинап, ишанға малдан нәзір береді де: «Тақсыр ишан, сізбен құдандалы болайын, мына қызым Калкунды қалыңсыз сіздің жолыңызға қидым», – дейді. Аппақ ишан жанындағы Алдияр қожаға Калкун қызды тапсырады. Сол күннен бастап Алдияр қожа Калкунмен бірге тұра береді. Жолдастарымен қыруар олжамен еліне қайтады. Алдияр қожа емшілік жұмысымен айналысып, бір жылдан астам уақытқа Ботбай ауылында қалып қояды. Алты айдан соң Ботбай ауылына қалмақтар шабуыл жасап, бар малын айдап әкетеді. Сол шапқыншы қалмақтармен соғыста Ботбай ауылының көп адамдары қырылып, солармен бірге Алдияр да қаза табады. Жаугершіліктен кейін Алдиярдың әйелі Калкун әкесі Ботбайдың үйінде ұл тауыпты. Бірақ көп ұзамай Калкун қайтыс болған. Жаңа туған сәбидің атын Ботбай «Қоралас» қойып, бәйбішесінің қойнына салып, тәрбиелеп өсірген. Қораластан екі бала: Қарақойлы, Қарақосай дүниеге келді.
90. Көрпе
Жаугершілік заманның бір шатқалаңында төрт бала елден айырылып, айдалада адасып қалады. Құлан 13–14-терде. Жанай мен Теке 7–8-дерде, ең кішісі Төлеміс аяғын енді апыл-тапыл басқан шамада болса керек. Балалар аш-жалаңаш, бір-бірімен қол ұстасып, Төлемісті біресе жетектеп, біресе арқалап күн жүреді, түн жүреді, елін таба алмай әбден шаршап, ашығады. Олардың қанша жүргендерін кім білсін, әйтеуір аштықтан жандары қиналып, бастарына түскен ауыртпашылықты көтере алмаған бауырларының үлкені Құлан:
– Елсіз далада аш-жалаңаш, өзіміз шаршап-шалдығып өлгенше, жүк қылмай, мына жүре алмайтын Төлемісті тастап кетейік, – дейді.
Құланның мұнысына Жанай мен Теке үзілді-кесілді қарсы болады. Інілерін көндіре алмаған соң Құлан оларды айдалаға тастап, ел ауған жақты бетке алып, жалғыз өзі жүре береді. Оның қанша уақыт жүргені белгісіз, бірақ ел-жұртқа жетіп, ата-анасын табады. Олар құшақтасып, жылап көріседі.
Әкесінің:
– Інілерің қайда? – деген сұрағына Құлан төмен қарап күмілжіп:
– Олардан адасып, жоғалтып алдым, – дейді.
Осындай аласапыран заманда көп бала тұрмақ, бір баланың өзін қуат тұтып, аман-есен көргеніне құдайға мың бір шүкіршілік еткен ата-анасы, басқа балаларының асын беріп:
– Алла өзі берді, Алла өзі қайтып алды, – дескен көрінеді.
Елсіз далада ішерге суы, татарға дәмі болмаған үш бала қаңғырып қала береді. Аштықтан көздері қарауытып, әбден әлдері кетіп, өлді-талдық дегенде таудан сарқырап аққан өзеннің жағасына ілінеді. Беті-қолдарын жуып, су ішіп отырғанда үлкен қара тастың көлеңкесінен бір күлше нан тауып алады. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, бұл Қызыр ғалейһисалам бабаның балаларға берген ризығы екен деген сөз бар. Табылған күлшені Теке теңдей ғып екіге бөліп, жартысын Төлеміске береді де, қалған жартысын Жанай екеуі бөліп талшық етеді. Әйтеуір, күндердің бір күнінде үш бала сүйретіліп, азып-тозып ел шетіне жетеді. Оларды өлдіге санаған ата-ана, туған-туысқандары жүрегі жарыла қуанып, құшақтасып көріседі. Біраз күн өткен соң шындықтың беті ашылады. Өз бауырларын өлімге қиып тастап кеткен Құлан ата қарғысына ұрынады. Сондықтан оның ұрпағы өспей қалыпты деген әңгіме бар.
91. Алакүшік туралы бірер дерек
Бір аңызда Борас бабамыз он төрт перзент көрген, бірақ олар жастайынан шетіней берген. Осындай ауыр қайғыға душар болып, бір Аллаға жалбарына әулие-әмбиелердің басына түнейді. Бұл жолы да түсінде Баба Түкті Шашты Әзіз келіп аян береді: “Тоғатайдың 9 ұлындай ұл берейін бе, әлде түйенің 4 емшегіндей төрт ұл берейін бе?” – дейді. Содан ұйқыдан шошып оянған Борас баба Ташкентке өз еліне қуана қайтып оралады. Ел-жұртын жиып, құдайы жасап, қуанышын бөліседі. Осылайша әулие бабаның аяны ақиқатқа айналып, арада бір жыл өткенде бәйбішесі жүкті болады. Осы кезде Борас ата бір топ серіктерімен бірге аң аулауға кетеді. Көп ұзамай бәйбішесінің толғағы қысады. Қиналған ананың айналасына абысын-ажындары жиналады. Өйткені осыған дейін он перзентті дүниеге әкелген ананың бірде-бір перзенті аман қалмай, шетіней беретін. Осыны білетін абысындары ешкімге білдірмей, тек қана өздері құпия түрде ақылдаса келе “ырым” жасайды. Сондағы ойлап тапқан амалдары мынау: жаңа босанып, ес-түстен айырылып талықсып жатқан ананың омырауына жуырда ғана күшіктеген ала қаншықтың күшігін білдірмей әкеліп салады. Жас босанған ананың уызын емген күшік аман қалғанын бақылап тұрған абысындары енді оның орнына ертесіне жаңа туған нәрестені әкеліп емізеді. Сөйтіп, екі-үш күн бойы баланы да, күшікті де бақылаған абысындар екеуінің де аман-сау қалғандарына анық көз жеткізеді. Тек осыдан кейін ғана аң аулап жүрген Борас атаға кісі аттандырып, сүйінші сұратады. Бұған дейін перзенттерінің шетіней бергенінен әбден запы болған Борас ата бұл қуанышты хабарға сенерін де, сенбесін де білмей: “Бала аман ба?” деп қайталап сұрай береді.
Сүйінші сұрай келген адам:
– Аман! Міне, бір апта болды, Құдайға шүкір, аман-есен өсіп келеді, – деп жауап береді.
Ол енді;
– Баланың атын кім қоямыз? – деп сұрайды.
Сонда Борас ата:
– Жаман болса да, аман болсын, о неме! Оның аты не болса, о болсын, әйтеуір аман болсын!” – десе керек қуаныш, шаттықта аузына оңды есім түспей.
Хабаршы осыдан кейін елге құйғыта шауып келген бойы Борас атаның “Ұлдың аты не болса, о болсын, әйтеуір аман болсын!” деген сөзін жеткізеді. Міне, содан кейін баланың аты “Небосын” деп аталыпты. Осы аңыз соңында Небосынның есіміне қатысты құпия ашылады. Яғни, Небосын өзінің жалғыз ұлы әрі мұрагері Бақалайдың үшінші ұлына Алакүшік деген ат қояды. Сөйтіп бұл есім ел аузында айтыла-айтыла келе, «Алакүшік» деген атқа айналып кетеді.
92. Бозан қалай Көкірек аталды?
Бозан – Шымырдың кенжесі. Ол еркелеу өскен, өткір ойын батыл да бүкпесіз айтатын бірбеткей кісі болыпты. Бір елдің бетке ұстар зиялылары мен ақсақалдары жиналып даулы мәселелер туралы әңгіме қозғап жатады. Әрқайсысы өз ойларын ортаға салып, пікір таластарын көпке жібереді. Бұлардың ішінде қатысып отырған Бозан шыдамай, белсенділік танытып:
– О, оу, ағайын, жамағаттар, айтқан қоймылжың болып басталып еді, арты бара-бара сұйылып бара жатқан жоқ па осы, кесіп-кесіп айтпайсыңдар ма, кібіртіктей бермей, – дейді.
Аз үнсіздіктен соң әңгіме-дүкен қайта қозып кетеді. Әсіресе, жесір дауы мәселесі ұзаққа тағы созылады. Үлбіреген жас келіншек өксіп жылап отыр. Жиынға қатысқанның ішінен, әсіресе екеуі өрекпіп сөйлейді.
– Жесір менікі, – дейді біреуі.
– Жоқ, менікі, – дейді екіншісі шақ-шақ сөйлеп.
Төртпақ келген әлгі біріншісі орнынан қопаң-қопаң тұрып:
– Жоқ, сен ала алмайсың, алып көр осыдан, – деп көзін алартып кіжіне түседі. Екі жақ төбелесе кетуге дайын отырғандай қабақтары қатулы. Қамшыларын үйіріп-үйіріп қояды.
Қарамұртты жігіттік санатқа қосылып қалған Бозан орнынан қарғып тұрып, билік құрып отырған ел ақсақалы алдына қамшысын тастай:
– Дат, ақсақал, – дейді.
– Датың болса, айт! – дейді манадан бері екі жақтың сөзін үнсіз тыңдап отырған ақсақал.
Менің ойымша қызыл кеңірдек болып отырған мынау екеуіне де жесір жоқ. Мен бұлардың сырын аздап білемін. Келіншектің қайтыс болған күйеуі кезінде кедей адамның осы қызын зорлық жасап, алып қашып келген. Артынан қуып барып, қалың мал даулаған мүсәпір әкесіне ұялмай-қызармай: «Мә, саған осы да жетеді», – деп көтерем бір сиыр берген. Дауласуға дәрмен жоқ, “Қой аузынан шөп алмайтын” қыз әкесі жүрегі қан жылап, берген сиырын алып қайтуға мәжбүр болады. Көп ұзамай ол сиыр өліп қалады. Ал дөрекі мінезді әумесер жігіт бұл келіншекті екі жыл әйел етеді. Демек, “жесір менікі” деп өзеуреп отырған мына екеуінің ешқандай қақысы жоқ. Бұл келіншіктің қыз кезінде жақсы көретіп жігіті шетте отыр. Алдымен келіншекке бостандық беру керек. Өзінің сүйген жігітіне бара ма, әлде мына екеуінің біріне бара ма, оны келіншектің өз талғамы білсін! – деп Бозан қызулау сөйледі.
Сол-ақ екен:
– О, бәрекелді, – деп қалды отырғандардың бірі.
– Ау, мынау өзі көкірек қой, қалай-қалай сөз тастайды, – деп екінші қария сақалын сипады.
Дау шешіміне билік құрып отырған ақсақал Бозан айтқан шешімді мақұлдайды. Сонымен жесір дауы лажсыз бәтуаға келеді. Келіншекке бостандық беріледі. Ол сүйгеніне қосылады. Кейіннен Бозан келе жатқанда “Е, Көкірек келе жатыр” дейтін болыпты. Бұлай атау, әсіресе жеңгелеріне ұнап кетсе керек, өйткені, қазақтардың салты бойынша қайындарының атын атамай “пәленше мырза аға”, “түгенше мырза аға” деп айтатын. Ал Бозанды «Сазан мырза аға” деп келсе, енді “Көкірек мырза аға”, “Көкірек мырза”, “Көкірек қайным” аталып кетті», – дейді кейбір айтушылар.
ХІІ. ШАНЫШҚЫЛЫ (ҚАТАҒАН) РУЫ
93. Шанышқылыны үйлендіру
Алатау батырдың даңқы көпке жайылып, елін-жерін қорғап жүрген шағы. Бірде қазақ, бірде қалмақ жеңіске жетіп, кейде текетірес түсіп жатады. Бірде Хазар теңізі жақтағы Кіші жүз елінен “жау тиді” деген хабар келді. Алатау Қоңыраттың батырларын жинап, жорыққа әзірленеді. Өздері қарамағында отырған Ташкендегі Тұрсын ханға жағдайларын, “Елімізге, жерімізге, малымызға бас-көз болыңыз, қараулық жасамаңыз!” – дегенді айтады. Хан уәдесін береді. Кіші жүз еліндегі соғыстан жеңіспен оралса, елі аңырап отыр. Хан Тұрсын антын бұзып, жарамды жігіттердің жоғын пайдаланып, елін шауыпты. Алатау батыр сарбаздарын аттан түсірмей Ташкентке тартады. Хан ордасын “Хан Тұрсынды – ант ұрсын!” деп шабады. Хан Тұрсын қашып кетіп, оның айдай сұлу қызын олжалайды. Қызды жайдақ нарға мінгізіп алып келеді. Ол сүйекке таңба екен. Асқан сұлу қызға Қоңыраттың батырлары көз тігіп, таласып қалардай халге жетеді. Сол кезде Алатау батыр:
– Кешегі Хазар теңізі маңындағы соғыста асқан ерлік көрсеткен найзагер жігіт болды. Жекпе-жекте де, қалың қол соғысында да жан шыдатпады. Осы қызды «Шанышқылы» атанған батырға берелік, – дейді. Қалың Шанышқылы елі осылайша пайда болған деседі.
ХІІІ. СІРГЕЛІ РУЫ
94. Ұлы жүз Сіргелі руы жайлы
(І нұсқа) Ойсылдың отыз ұлы болған. Отыз ұлы ешкімге бағынбай, еркін жүреді екен. Тіпті сол кездегі Жәнібек ханға да бағынбай, оны басынып, ханның қызын Бораш деген батырдың баласы алып қашып кетіпті. Жәнібек хан ашу-ызасын білдірмей, өтірік құда-жекжат болып, тойына Ойсылдың отыз ұлымен қоса туыстарын да шақырыпты. Тоғайда қырық қара үйді қатар тіктіріп, есігін біреуінен кіретін етіп, ең соңғы қырқыншы үйдің есігінен шығып кететін етіп жасапты. Тойға келген Ойсылдың балалары мен туыстарын есіктен кіргенін кіргендей өлтіре беріпті. Соңында Бораш бастаған төрт батыр келсе, тым-тырыс. Сезіктенген олар аттан түсіп, қайта атқа мінгенше екеуін өлтіреді. Екеуі ат үстінде Жәнібек ханның бас кесерлерімен ұрысып, әрең қашып құтылыпты. Жәнібек ханның қызы төркініне екі қабат болып кеткен екен де, сонда босанады. Баласының атын Құсабай қояды. Құсабай ер жетіп, азамат болғанда Кіші жүз – Алшын, Тама нағашыларынан туыстарына кету үшін рұқсат сұрайды. Нағашылары алғаш рұқсат етпеген соң жас жігіт жылқы ішінде жүрген кішкене ғана тайды тұмсығындағы сіргесімен мініп кетеді. Нағашылары да соңынан қуып келсе, туыстарына келіп қосылған екен. Туыстары қарсы алып, ақ түйе сойдырып, той жасайды. Туыстары Құсабай деген баланы «тұмсығында сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргелі бала» атап кетеді. Құсабайдан бері қарай «Сіргелі» руы тарқайды. Туыстары Құсабайға ұрпағы көбейсін деген мақсатта екі қатын алып береді. Бәйбішеден бес бала: Батыр, Жайдақ, Елібай, Жаңабай, Айт-Бозым. Тоқалдан үш бала: Қарабатыр, Шалдар, Байжігіт. Құсабай баланың малы көбейіп, бай болып кеткен соң «Байұлы» атаныпты. Қарабатыр «Байұлының» жинақты аты деп те аталады. Сонда жоғарғы сегізі бір адамның баласы.
95. Ұлы жүздегі “Үш тамғалы” Сіргелі руларының шығу тарихы
(ІІ нұсқа) «Ұлы жүзде бері келе Бақтияр деген атадан екі бала болады» – деп еді. Үлкені – Ойсыл, кішісі – Үйсін. Ойсылдан “Үш тамғалы” мен “Сіргелі” тарайды. Ойсылдың отыз ұлының бірі – Бораш батыр екен. Бораш кезінде ру көтеріп, жау басқыншыларға қарсы бірнеше жорық-шабуылдарға шығыпты дейді. Тағдырдың жазуымен Кіші жүздің ханы Жәнібектің (қай Жәнібек екені әзірге белгісіз) әскерін басқарып қалады. Жәнібек жалғыз қыздан басқа перзент көрмеген дейді. Қызы бойжеткен күндердің бірінде Бораш пен қыз бірін-бірі сүйіп, тіл табысып, екеуі үйленбек болады. Табиғат заңы бойынша, жастықтың әсерімен екеуінің тәндері де жақындасып, қосылған екен. Мұны қыз әкесі білмейді. Қызының қатардағы адаммен сондай уәделестігін естігенде хан ашу шақырып, ызадан жарылып (өртеніп) кете жаздайды. Себебі “ақ сүйек – хан тұқымы” қыздарын “қараларға” әйелдікке бермейді екен. Не істерін білмеген хан бас уәзірімен оңаша отырып ақылдасқан екен.
– О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртып шығуға болады, – депті бас уәзір. – Егер ашық іске кіріскенде Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз келе ма, жоқ па? Мұны “шариғат жасына” туралайық. Біз қызымызды Борашқа береміз, Ойсылдан тараған еркек кіндіктілер құдалыққа келсін. Қызымызды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап ұзатамыз, – деп хабарлайық дейді.
Қырғиқабақтың (бас уәзірдің ел қойған аты) бұл ақылын хан мақұлдап үлкен, кең алқапқа қырық үйді жалғастыра тігеді. Бәрінің шығар есігі біреу-ақ. Тосын хабарды қуана қарап алған Ойсыл әулетінің еркек кіндіктісі түгелдей атқа қонып, сол түні хан ордасына жетеді. Мейман күту, құда түсу рәсім, салт-дәстүрлері басталады. Әрине құда күтушілердің сырттары күліп тұрғанмен, іштері түнеріп тұр еді. Ел дастархан басына отырып болған кезде далаға байланған Ойсыл әулетінің аттарының тартпа-бау, айылдарын, үзеңгі бауларын кесіп, тізгіндерінде шолақ етеді. Алдын-ала даярланып қойылған бірнеше топ баскесер – жасауылдар үйден шыққандардың бастарын кесе береді. Солайша Ойсыл әулетін бір түнде қырып болған хан Жәнібек оған қосымша бұйрық жариялайды: “Ойсыл әйелдерінің жүктілеріне тыңшы қойылсын, егер ол әйел ұл туса, сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз тапса, тимеңдер!”. Ханның бұл қаралы бұйрығынан соң жесір қалған Ойсыл әулетінің әйелдері төркіндеріне кете бастайды. Ордада тек «алтын қайшылы Ізбике» атанған Бораштың бәйбішесі ғана қалады. Пұшпағы қанап көрмеген Ізбике қолы ісмер, аса өнерлі пішуші, тігуші атанғандықтан, Орда адамдарының киімдерін әсемдеп тігіп, хан иесіне жағымды болып қалған көрінеді. Оны “қайшылы Ізбике” деп те, “қайшылы кемпір” деп те атайды екен. Ізбикенің күндесі Бораштың екінші әйелінен (жалайыр руының қызы) Тола, Нан деген екі ұл туады. Жасырын өсірген екі ұлдың бірі Толаға өзі ие болып, Нанды Ізбикеге әкеліп: “Мынаны ал да, өзіңе бала етіп, бауырыңа сал!” – деп тастап кетеді. Хан күмәндәніп жүрер деп сескенген Ізбике Нанды: “Мына баланы жаугершілік болған жерден тауып алып едім, өлсе обал болар, асырап бер, ақыңды төлеймін!” – деп бір әйелге береді. Бұл шақта хан дүниеден өтіп бұйрығы күшін жойды ма, кім білсін, әлгі әйел Нанды асырап, адам етіп, ер жеткізіп Ізбикеге қайтарыпты. “Қайшылы кемпірдің” тәлім-тәрбиесінде өскен Наннан тараған ұрпақ өсе келе ұлғайып, “Қайшылы” деген ел атанады. Наннан – Сауқым сопы. Бұл кісі – Қайшылы руының арғы атасы. Күндердің-күнінде айы-күніне жетіп толғатқан хан қызы ұл табады. Бойына Бораштан пайда болған нәрестенің кіндігін өзі кесіп, еш бір жанға айтып, көрсетпей, оңашада құндақтап, асылы жерде жатсын деп, қойдың қиының арасындағы көңнің ішіне апарып қояды. Оны өлтіруге көзі қимаған хан қызы Ізбике апасына келеді:
– Тағы бір сорлы перзент дүниеге келді, өлтірсең де, адам етсең де, өзің біл деп”, – хан қызы ұлды Ізбикеге қалдырып кетеді.
Ізбике ана ол баланы да: “Жаугершіліктен қалған болу керек, баласыз едім, осыны маған бала етіп асырап берші, ақыңды жемеймін!”, – деп тағы бір әйелге жасырын түрде өткізіпті дейді. Ол әйел баланың жайын білген соң оның атын «көңнен шыққан Көңірдек» қояды. Көңірдектен рулы ел таралған. Уақыт алға зымырап Нан мен Көңірдек Ізбике ананың қолында ер жетіп, есейген шақта мынандай хабар жетеді: “Ордадағы бәйбіше едің ғой, мына Ойсылдың бір ұлынан туған Тұрымбет есейіп қалды. Өзі ақылды, зерек ынталы болғанмен, ойнап жүріп балаларға тиісе беретін ұрыншақ, тентектігі де бар. Ашынып ыза болған біреу мұның Ойсыл әулетінен екенін ханға жеткізсе, басып кесіп, көзін жоғалтады ғой, осыны амалдап, қарауыңа алсаңшы!”
Бұл Тұрымбеттің нағашыларынан келген хабар еді.
– Жарайды, – депті Ізбике. – Ол баланы жасырып атпен қайыршы етіп жіберіңдер. Тек өз атын атасын. “Әкем де, анам да жоқ, кешегі өткен жаугершілікте қаза тауыпты. Әркімнің есігінде жүрдім. Әке-шешемнің кім екенін де білмеймін. Өз атым – Тұрымбет десін», – деп келісіп қояды.
Ізбике ана жерошақ басында сүт пісіріп отыр еді, қасына бір “қайыршы” бала келді. Кездес жоғарыда келісілгендей болып шықты. Баланы тамақтандырып, аржағына ел қондырған соң оған үй іргесіне апарып түйенің қомын төсеп беріп, дем алғызған Ізбике ана Тұрымбетке мал баққызып қояды. Күндердің күнінде Ізбике ана хан Жәнібекке бір ұсыныс жасады:
– О, алдияр тақсыр! Сізге айтатын бір шаруам бар.
– Айт, айт бәйбіше, – деп хан оны жылы жүзбен қарсы алады.
– Мына Тұрымбет жетім бала еді, – деп бастаған Ізбике оның “өмір тарихын” баяндай бастайды. – Кім білсін бейшара қарадан туды ма, төреден туды ма, онысы беймәлім. Бірақ та өзі өте зерек, ақылды. Елде сөз бар ғой: “Туғаннан бере ме, тұтынғаннан бере ме жақсылықты” деген. Маған сенсеңіз жаман адам шықпайды бұдан. Осы баланы жілік ұстатып бала тұтынсаңыз қайтеді.
Біраз күн ойланып барып хан Тұрымбетті бала тұтынады. Әскер басыларын жиып алған ол:
– Мына Тұрымбет менің балам, бұған соғыс ілімін үйретіңдер, – депті.
Бірнеше айдың ішінде-ақ соғыс өнерінің бәрін де үйреніп, өз ұстаздарынан да асып түскен дейді. Тұрымбет жүре келе ханның ойына тағы бір арамдық туды: «Қайшылы кемпір осыны тым айналып, үйіріліп кетті-ау! Тұрымбет Ойсылдың біреуінің баласы емес пе екен? Бір күні мені құртып, хан тағынан дәмелі боп жүрмесіне кім кепіл? Мен оны ту ұстайтын тубегі етіп жариялайын. Жау қолы әуел бастан-ақ ту ұстағанда нысанаға алады ғой. Мерт болса, сонда- ақ мерт болсын!» – дейді. Ханның арам пиғылы жүзеге аспай Тұрымбет дін-аман ер жетіп, үйленіп одан “Ту тамғалы” руы тарапты.... Хан Жәнібек дүние салған кезде қанды қырғыннан қандайда бір себеппен тірі қалған Ойсылдың отыз ұлының бірі Кіші жүздегі он екі ата Байұлы руларының бірінің қызына үйленген еді. Кейбіреулер оны Бораш алған әйелдердің бірі еді дейді. Сол әйелден туған ұл да нағашыларында жүріп ер жетіпті. Байұлы ынтымақты ел екен.
Ел жақсылары ойласып:
– Қой, енді жиенімізді үйлендіріп отау тіккізейік, қасиетті тұқымнан тарағандардың бірі еді ғой. Өз елі Ұлы жүзге апарып қосайық, – деп келісімге келеді.
Бұл пікірлерін Орда төңірегінде отырып қалған Ізбике анаға да хабарлайды. Ол:
– Жарайды, айналайындар! Ойсылдың аруағы қолдасын, келе берсін! – дейді. Байұлы елі жиендеріне отау тігіп, құл-күңдерін беріп, қаншама мал айдатты: жылқы, сиыр, түйе. Мал төлдері жолда енелерін еміп қоймасын деп, құлын, бұзаулардың тұмсығына сірге тағып, байлады. Бұлар содан “Сіргелі” руы атанды.
96. Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы
(ІІІ нұсқа) Жәнібектің бір ерке қызы бар екен. Сол қызға Ойсылдың ең кенже ұлы Бораштың көңілі ауады. Кенже ұлдың сотқарлау келетін әдеті бар емес пе?! Байлығы тасыған әкенің, кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай батыр ағаларының арқасында Бораш тіршілікке мойын бұрмай, ел қыдырып, үнемі серілік құрып жүреді екен. Сөзге көсем, тілге шешен Бораш әу дегенде-ақ ханның сұлу қызын өзіне қаратыпты. Сөйтіп, бір-біріне ынтық болған жастардың тілегі ақ неке дәстүрін аттаумен аяқталыпты. Ол заманда ата-ананың рұқсатынсыз жасалынған мұндай іс кімге болса да қылмыспен бірдей саналған. Сөйтіп, ел ішінде қалыптасқан қатал заңды аяққа таптап, іңкәр сезімнің жетегіне еріп қалған екі жастың тағдыры осылайша тығырыққа тіреліпті. Өйткені хан қараға қыз бермейтін кер заманның жұртты “ақсүйек”, “қараша” деп бөлінетін таптық салты екеуінің қосылуына кедергі жасапты. Хан қызының аты – Жанбике еді. Сол Жанбике бөтен көзден таса, келесі бір құпия кездесуде Борашқа бойына бала біткенін сездіріпті.
Албырт Бораш мұны естіген соң әкесі Ойсылдың алдына келіп құлады:
– Әке, сіздің алдыңызды орадым. Өйткені, сіз алдымен біреумен төс қағыстырып, құйрық жесісіп, құда болуыңыз керек еді. Осыдан кейін ғана қалыңдық менікі болуға тиіс-тін. Бірақ болар іс болды. Ақ шымылдықсыз, қызмет көрсетер жеңгесіз мен екінші біреуге ие болдым. Ер жігітке екі әйел көптік қылған емес қой. Бірақ, сізге келін – маған екінші әйел болатын адам өзіміз секілді қарашаның қызы емес, ханның қызы. Қыздың аяғы ауыр. Халы мүшкіл! Ханға кісі жіберіп, құда түсіңіз. Төре болса, төбеден түскен жоқ қой. Өзіміз секілді ол да екі аяқты пенде. Жағдайды түсінер, – деді.
Қарт Ойсыл ойлады: “Отыз ұлым атқа қонса жер қайысқан қол емеспіз бе? Артымнан шұбырған немерелерім анау, бәрі де отау иесі болып қалды. Сай-тасқа сыймай, шашырап жатқан малдарым мынау, жеті жұт қатарынан келсе де қырып тауыса алмас. Шүкір, өз атақ-даңқым да өрге домалап тұр. Інім Үйсіннен тарағандар да бір табын ел. Ендеше менің ханнан қай жерім кем. Жәнібек те жан-жағын терең ойлайтын кісі емес пе? Біріміз хан, біріміз қара болғанымызбен, даңқ-дәрежеміздің бірдейлігін еске алар. Осыны ойласа, құдалығымызға қарсы болмас...”
Сонымен Ойсыл хан Жәнібекке бар жағдайды айтып, кісі салды.
Қызының төре тұқымына қызмет ететін қарамен көңіл қосқан уәделестігін есіткен Жәнібек ашуға бой ұрып, бас уәзірі Қырғиқабаққа Ойсыл әулетін құртуды тапсырады.
Оған Қырғиқабақ:
– О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртуға болады. Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз жете ме? Оның үстіне, Әбілқайыр ханның қысымына шыдамай Алтын Орда қарамағынан ауа көшіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш өңір деп осы Шу бойына, Ұлы жүз ішіне келгенімізге де көп уақыт болған жоқ. Біздің сүйенеріміз Моғолстанның билеушісі Есенбұға десек, арқа сүйер тірегіміз етекті ел Ұлы жүз болып тұр. Сондықтан бұл істі шариат жолымен туралайық, – депті. – Болар іс болып кетті, ашуды ақылға жеңдірейік те, қызымызды Борашқа береміз деп құда түсейік, бізді шақырсын, құда кәдесін жасасын. Сөйтіп, Ойсыл әулетінің сенімінен шыққан боламыз. Әрі құда болғангымыз жайлы ел құлақтанады. Ойымыздың астарын ешбір жан байқамайды. Құда түсу кезегі бізге де келеді. Сонда іске асырар кегімізді алу үшін құдалар түскен кезде жау шауып кетті, қырғынға ұшыратты деп, олардың көзін құртамыз!” – дейді.
Дәстүр бойынша Ойсыл әулеті төрелерді құдалыққа шақырып, жақсы ниеттердің барлығы айтылып жатты. “Қара халық хан әулетімен құда болды, төренің қызын Бораш алыпты”, – деген әңгіме үйден үйге, елден елге тарап кете берді. Ойсыл әулетінің жақсылары өздеріне құрылар тордың боларын, елдің егесіз қаларын, аналардың жар мен баладан айырыларын қайда білсін. Құдалыққа шақырған соң хан ауылына төрт көзі түгел болып барған. Орда маңында құдаларды күту үшін жасалған дайындықтар күні бұрын жүріп жатты. Киіз үйлер шеңбер бойымен бір-біріне тақастыра тігіліп, қырығының да есік жағы шеңбер ішіне қарай ашылатын болып орналастырылады. Сол үйлерге жайғасатын адамдар кіретін де, шығатын да сыртқы есік біреу ғана болды. Меймандарды күтіп алып, қызмет істеп жүрген адамдар ісінде де мін жоқ. Әр үйге енген адамдар уытты шараптарға бой алдырған сәтте Жәнібек жағы көп жылқыны тігілген үйлерге қарай қуа айдап, жау шаптылып айқай-сүреңге салды. Ойсыл балалары далаға шыға ұмтылған кезде, алдын-ала даярланған жендеттер олардың бастарын шаба береді. Құтылып шығатындары бола қалған жағдайда қашып кетпесін деп аттарының мінер жағының таралғысын қиып, тартпасын босатып, тізгінін үзіп қояды. Осындай айламен жасалған келісімнен кейін меймандарды қырғынға ұшыратқан Қырғиқабақ жазалаушы топты бастап ешнәрседен хабары жоқ, тыныш ұйқыда жатқан Ойсыл ауылына қарай бағыт алады. Көпшілік жүрген жерде Жәнібектің жасап жатқан әрекеті хабарсыз қала ма, сатылап сол түннің ішінде жайсыз хабар Ойсыл ауылына жеткені сол екен, есітіп қалғандары жан-жаққа бас сауғалап көзге түспей кетуге әрекетін жасайды. Уәзіріне қосымша бұйрық берген Жәнібек: “Ойсыл ұрпағының еркек кіндіктілері қалдырылмасын, екіқабат әйелдер арасына тыңшы қойылып, ұл туса – сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз туса – тимеңдер”, – деп айтқан қатал үкімі орындалады. Бұл жағдайды баяндай келе, Ойсыл ауылында еркек кіндік қалмады деп күңіренеді шежіре. Осы оқиғадан кейін Жәнібек Қаңлы мен Үйсін Ойсыл үшін кек алып жүрер деген оймен бар елін жиып, Арқаға қарай ауа көшеді. Ұзақ жол үстінде баяғы Бораштан екіқабат болып қалған Жанбикенің ай-күні жетіп, толғақ қысады. Жәнібектің мұны білсе, өзін де, баласын да өлтіретінін сезген Жанбике қасына Қайшылы бике дейтін сенімді күтуші әйелін ертіп, таң алакеуімде көштен жырақтап барып, бір сайдың ішінде босанады. Нәресте ұл бала болып шығады. Жанбике оны алғашқы аналық уызбен емізіп алады да, Қайшылы бикеге егіліп отырып былай дейді:
– Ойсыл сорлының шаңырағы күйреді, Құдайға шүкір, менің туғаным ұл боп шықты. Мен бұл баланың қасында қала алмаймын. Қалсам, әкем іздеп келіп, екеумізді де өлтіреді. Бірге тағы алып жүре алмаймын. Себебін өзің білесің. Осы бала өмірлі болсын десек, менің кетуім керек. Мұнымен сен қал, лаждап адам ғып өсір. Ойсылдан ұрпақ, Бораштан тұяқ қалсын.!..”
Арада біраз уақыт өткенде жорықтан оралған Тұрымбет өз жұртының орнын сипап қалды. Бар оқиғаны естіген ол Жәнібек ханды шауып аламын деп, қолын ертіп, көштің соңына түсті. Екі-үш күн жүрген соң айдаладағы жалғыз құдықтың басында жас баламен отырған Қайшылыға жолығады. Мән-жайға қаныққан Қайшылы Тұрымбетке тоқтау айтты: “Азғантай ғана қолыңмен хан елін қалай шаппақсың? Сен оны емес, ол сені өлтіреді. Райыңнан қайт! Мына баланы алып, елге баралық. Екеуміз бірігіп, түтін түтетейік. Әкеңнің сөнген шоғын маздатып, елдің іргесін көтерейік...” Тұрымбет Қайшылының айтқанына көнді. Баланы алып, Қайшылыны атына мінгестіріп, Жиенқұм жеріне келді. Шағын болса да мәзірін жасап, Қайшылы екеуі үйленді. Әлгі балаға көң арасына түсіп еді, сондықтан өсіп-өнсін деген ниетпен ырым ғып “Көңірдек” деп ат қойды. Жылдар өте Көңірдек өсіп, ержетті. Сарысу бойындағы хан Жәнібек ауылында Ойсыл ұрпақтарына жасалған ойраннан бұрын Бораш мырзаның әйелі төрт жасар Құбасай деген баласымен Кіші жүздің Алшын руының атақты байы Қыдырбай әкесінің үйінде меймандықта жатқан еді. Қыдырбай Ойсыл әулетіне ханның жасаған қатыгездігін қызына айтып, еліне баруға болмайтынын, бара қалса Құбасайға төнетін қауіпті ескертіп, жібермей қойған. Уақыт өтіп жатады, осылайша жиен нағашысының ауылында өсіп, әкесі мен туған-туыстарын ұмытуға айналады. Ержетіп келе жатқан Құбасай ауыл балаларымен қосылып жарамазан айтып, тапқандарын бөліске салмақ болғанда Құбасайға табыстан аз беру үшін балалардың бірі: “Олжамызды алдымен әкесі барларға береміз”, – дейді. Құбасай:
– Менің де әкем бар, маған неге олжаны тең бөлмейсіңдер? – деп өзеурейді.
Сонда балалардың бірі:
– Қыдырбай сенің әкең емес, ол шешеңнің әкесі”, – дегенді айтады.
Осы сөзді есіткен Құбасай үйіне келіп, шешесінен:
– Менің әкем қайда? Мен кіммін? Руым кім?” – деп сұрайды.
Шешесі жауап бермеген соң:
– Үйде нан да жоқ екен, бидай қуырып бер”, – дейді. “Бұл бір нәрсе есітіп келген бе?” – деп ойлаған анасы сөзге келмей айтқанын орындайды.
– Қарның ашса, жей ғой, – деп ыстық бидайды уыстап берген кезде оны Құбасай уысының сыртынан қос-қолдап қысып:
– Әкемнің кім екенін айтпасаң жібермеймін! – деп біраз тұрып қалады.
Ыстық бидайға қолы күйіп бара жатқан анасы:
– Айтайын, қолымды босат!” – деп жалынады.
Әлден соң:
– Әкең Ұлы жүздегі Майқы бидің ұрпағы – Ойсылдан туған Бораш, – деп, өз білгендерінің бәрін айтып береді.
– Мен еліме неге бармаймын, туыстарымды неге таппаймын, әкемнің ағайындары кімдер, қонысымыз қай жер, өз жұртымызға кетеміз”, – деген баласының қиғылығын есіткен ана оған елге оралуға болмайтынын ескертсе, Құбасай өкпелеп тамақ ішпей, үйден шықпай жатып алады. Мұны есіткен нағашысы Қыдырбай:
– Балалығы шығар, бірге ойнаған құрдастарынан бір нәрсе есітті ме екен, басылар”, – дейді.
Жиенінің өкпесі тарамай ұзақ жатып қалғанын өз көзімен көрген нағашысы:
– Түбінде бұл жерде қала қоймас, «жиен ел болмас, желке ет болмас» деген осы да, – деп еншісін беріп, ата-бабасының қонысына апарып, Үйсін әулетіне табыс етейін деген оймен бірнеше түйеге жүк артқызып, жанына қызметші қосып, ақсарыбас түйеге көш бастатады. Көштің белгісі болу үшін алты ақ түйені салт қосады, үйірлеп жылқы айдатып, қоралап қой береді. “Ақ түйең алтау ма еді?” деген мақал осы көшке байланысты шыққан деседі. Бұзау мен құлын ембесін деп тұмсықтарына сірге байлатқан. Сірге анасының шабы мен бүйіріне қадалған соң енесі шоршып түсіп төлін емізбейді. Сірге – төлді енесінен күдер үздіру (емшектен шығару) үшін қажет болса, ал оның анасының оңалуына пайдалы әдіс. Құбасай көшіндегі бұзау мен құлынға салынған сірге – көш ұзақ жол жүретін болғандықтан ондағы адамдардың айрансыз, қымызсыз қалмауы үшін жасалған тәсілі.
Көш Ұлы жүзге қарай бет алған соң нағашысы Қыдырбай көшті бастаушыға «Ханның адамдары Құбасайды Ойсыл әулеті екенін біліп қойып қастандық жасап жүрер» деген сақтықпен:
– Жолда сұрағандарға Кіші жүздегі Байұлымыз деңдер”, – деп үйретеді.
“Ойсыл мен Үйсін бабаларыңның негізгі қонысы Қазығұрт тауының маңы еді. Көш басын сонда тіреңдер, туысыңды сол жерден табасың!” – дейді ол тағы. Қыдырбайдың «Байұлы» деп отырғаны Алшын, Әлім – үшеуі де Кіші жүздегі үлкен ру аттары. Көш қазіргі Бөген ауданы Қ.Спатаев атындағы совхоз жеріндегі бір төбешік бауырына ат басын тірейді. Бұл жерде біраз күн демалып аялдапты. Бұзауы мен жабағысына сірге салған кім деген сөзден, Құбасай «Сіргелі бала» атанып, ол біраз күн қоныс еткен төбешік «Сіргелі төбе» атанады. «Байұлы», «Сіргелі» деген сөздер – Құбасайға осылайша берілген қосымша лақап аттар.
97. Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары
(ІҮ нұсқа) Ойсыл отыз ұлды болыпты. Хан Жәнібектің уақытында әрі дәулетті бай, әрі өте зорлықшыл болған екен. Олардың ішінде Бораш мырзаның домбырашылық өнері басым болыпты. Бораш әрі балуан, батыр болыпты. Ол хан Жәнібектің қызына ғашық болып, сөз байласып, кездесіп жүреді. Бір күні қыздың екіқабат екені де білінеді. Бұл ұнамсыз жағдай Жәнібек ханның құлағына шалынып, ол ашуланып, қыздың шешесін алдына шақыртып алады да:
– Сенің басыңды кесемін, қызыңа неге ие болмайсың? – дейді.
Оған ханның бәйбішесі:
– Хан ием, сіздің қолыңыздағы қаншама уәзір мен жасауылдар батыр да палуан денелі Бораштың бетін қайтара алмағанда, менің қолымнан не келеді? – деген сұрақпен жауап беріпті.
– Бас уәзірді шақырыңдар! – деп айқайлайды хан.
Жәнібектің бас уәзірі Жағалбайлы руынан шыққан кісі екен. Бас уәзірі Қырғиқабақ та ханның қызына іштей ғашық болып жүреді екен. Хан осы уәзіріне:
– Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Бұдан Борашқа қызымды беріп құтылайын ба, қайтеміз? – дегенде, ол:
– Үш күнге мәулет бер, мен ойланып, жауабын берейін, – дейді.
Үш күннің ішінде өз ойынша бас уәзір бір іс жоспарын жасайды да, хан алдына кіріп:
– Тақсыр, хан ием, Борашқа қыз беруге болмайды. Біріншіден, сіз хан тұқымысыз, ол – қара. Екіншіден, зорлықшыл отыз ұлды Ойсылмен құдаласып, қандай жетістікке кенелемін дейсіз. Одан гөрі оларды үрім-бұтақтарымен қоса көздерін құрту керек. Ол үшін «қызымды беремін» деп дәмелендіріп, өтірік той жасаңыз. Отауларды қатар-қатар, бір-біріне тіркеп, қырық отау тіккізіп, олардың ішінен ор қаздырып, босағаларына екі жендеттен қойыңыз. Күтуші жігіттер құда балаларды отауларға біртіндеп кіргізсін. Сол кезде екі жендет олардың басын кесіп тастай берсін! – дейді.
Жәнібек хан сөзді мақұл көреді де, Ойсылдың бір баласы ту ұстаушы Тұрымбетті өлімге қимай, көп уақыт жүретін ұзақтау сапарға жұмсайды. Сөйтіп, “Борашқа қызымды беремін” деп, Ойсылды бар балаларымен қоса тойға шақырады. Оның алдында ғана Бораш Алшын руынан Қыдырбай деген дәулетті кісінің қызына үйленген көрінеді. Сол жас қатыны, өзінің үстіне тоқал түсіртетін бұл құдалық жолына ырзалық бермей, өкпелеп жүреді. Бораш ханның қызына қалайда некелесіп қосылуды көздейді де, наразы қатынын төркініне апарып тастайды.
Ойсылдың бауыры Үйсілдің жеті ұлы бар екен. Олар:
– Хан сендермен құда болуға қалай келісім беріп отыр? Сонда, амалсыздан қызының сырын ашық жария еткені ме? Бұл ақылға қонбайды. Тойға бармаңдар, хан қиянат жасайды, – дейді.
– Сендердің бос үгіттеріңе сеніп, басымызға кеп тұрған бақытты тебеміз бе? – деп, Ойсыл балаларының біреуі де оларды тыңдамай, тегіс тойға барады. Болашақ құда балаларды сақадай сай қаруланған жігіттер күтіп алып, қолтықтап, тігілген ақ отауларға біртіндеп кіргізеді. Екінші бір күшті жігіттер аттарды байлап, үзеңгілерді сылдыр еткен дауысын шығармай, кесіп тастай береді. Соңында жеті-сегізі суық тірлікті байқап, қашып аттарына мініп үлгереді. Сол уақытта алдын ала дайындап қойған найзаларды найзагерлер алады да соңынан қуады. Үзеңгісі жоқ тұлпарларға мініп, Ойсыл балалары ойдағыдай шайқаса алмай, көпшілігі опат болады. Олардың ауылына хан жасағы келіп, жас балалар мен екіқабат қатындарына дейін жаусатып салады. Сол кездегі отыз ұлды Ойсыл ұрпақтарының қырылған жері “Өлікті” деп аталады.
Әйел затынан хан мен оның жасауылдарының киімін тігетін, он саусағынан өнері тамған “алтын қайшылы” шебер әйел Әзбике деген қатын ғана аман қалады. Ойсылдан ұрпақ қалдырмауға бекінген ханның оған мән бермеуінің себебі – Әзбикенің бедеу атанып, бала көтермегенінен екен. Хан қызының толғағы келіп, ұл туады. Жібек жөргекке орап, далада малдың жатқан жерінен көң ашып, баланы соған жасырып, Әзбикеге хабар етеді. Әзбике анамыз баланы бауырына басып, емізіп еміренгенде, бедеу атанған анамыздың емшегінен өз-өзінен сүт шығады. Оң жақта отырған қызының екіқабат боп қалған жағымсыз ісінен кейін Жәнібек хан намыстанып көшіп, Ертіс басы Қарадеңгейге барып, сол жақта хандық құрады. Тұрымбет батыр алыс сапардан оралып келсе, бауырларына хан Жәнібек қырғын келтіріпті. Тек Жәнібек батырдың қызынан туған Бораштың баласы ғана Әзбикенің қолында қалыпты. Ол баланы ел-жұрттан жасырып, көңге көміп, ылғи іңірде емізіп баға береді екен. Содан “көң, көң, көң, іңір, іңір, көңір” деп жүріп, бала “Көңірдек” атанып кетеді. Бұрын бедеу атанып, енді ғана қос анарынан сүт шыққан “алтын қайшылы” Әзбике Тұрымбетке қосылып, Нан және Нау деген екі ұл перзент көреді. Кейбір шежірелерде Науды “Манат” деп атаған жері де бар. Әрі-бері өткен жолаушы Тұрымбеттің үйінде ойнап жүрген үш баланы көріп: “Мынау бейшаралардан да үш таңба қалыпты ғой”, – деп айтады екен. Сонда Көңірдек, Нан, Нау – үшеуі “Үштаңбалы” аталады. Тұрымбет Жәнібек ханның туын ұстаушы болғандықтан, ел-жұрт Тұрымбеттен туған Наудың үрім-бұтағын “Тутаңбалы” деп атап кетіпті. Шешесі Әзбике “алтын қайшылы” шебер атанғандықтан оның Нан деген баласының ұрпағынан Қайшылы руы тарапты. Кей деректерде қайшылы Әзбикені “Қайшылыбике” деп атайды. Бораш батырдың төркініне кеткен қатынынан ұл бала туып, оның атын Құбасай қояды. Ол кей әңгімелерде Құтабай деп те аталады. Құбасай дегені алпамсадай палуан боп өседі. Он екі жасқа толып, балиғатқа жетіп, додаға түскенде, одан серкені алатын жан шықпайды. Ақыры Алшын – Жағалбайлылар намыстанады да, Қыдырбайға:
– Сен елмен бол, иә болмаса жиеніңмен бол!” – депті. Содан Құбасайдың алдына құлынды қырық биені салып, еліне қайтарады. Сонда бала:
– Мұнша көп малды алдыма салмаңыз. Жол торыған ұры мен қарақшы кездессе, малымды аламын десе, қайтемін? – деп сұрайды.
– Байұлымын десең ешкім тиіспейді, – депті атасы.
Сонда Құбасайдың лақап аты «Байұлы» боп тарап кетеді. Ол уақытта биенің қымызын жолда азық етеді екен. Сондықтан да нағашы жұрты құлындар биені еміп қоймасын деп, құлындарының мұрынына сірге өткізіп, мұрындық салып береді. Құбасай еліне келіп, Тұрымбеттің үш баласына аман-есен қосылады. Бұрынғы үштаңбалы енді “Төрттаңбалы” боп атанады. Көңірдектен Уылдырық, Буылдырық деген екі бала болады. Дәулет бітіп, ақ отау тігіп отырған Уылдырық ұрпағы «Ақкөңірдек» атанса, кедейлеу болған Буылдырық ұрпағы «Қаракөңірдек» атанып кетеді. Құбасайға нағашылары тарту еткен құлындарының біреуі жүйрік болып шығады. Оның «жүйрік сіргелі тай» деген атағы тарап, «сіргелі, сіргелі» деп жүріп, Ойсылдың өсіп келе жатқан жалпы әулеті “Сіргелі” аталып қалады.
98. Сіргелі
(Ү нұсқа) Қазақтың қария сөзі бойынша Үйсін мен Ойсыл (Ойсын деп те атайды) ағайынды болса керек. Ойсылда отыз ұл болыпты. Сол отыз ұлдың ішінде Бораш есімді баласы жарамды болып ержетіп, әз-Жәнібек ханның қызметінде жүреді екен. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деген емес пе, ханның Алтынай есімді қызы мен Бораш екеуі бірін-бірі ұнатып, көңіл жарастырып жүреді. Күндердің бір күнінде бұл оқиға ханның құлағына жетіп, әз-Жәнібек: “Хан етегін қара басты, алтынға жез араласты”, – деп қатты қорланады. Сөйтіп, Бораштың көзін жоймаққа бел буады. Бораш болса ел-жұртқа танымал, жағымды жігіт. Оның үстіне отыз ағайынды. Хан осының бәрін ойластыра келе, ел жазылып жайлауға қонғанда, оңашалау бір қалтарысқа қырық үй тіктіріп, Борашты бас етіп, үзеңгілес серіктерімен бірге қонаққа шақырады. Ойында ештеңе жоқ Бораш өзінің нөкер жігіттерімен бірге ханның шақырған жеріне келеді. Аттарынан түсіп, қару-жарақтарын тастап, белдерін шешіп, қонақ үйлерге жайғасады. Осы кезде ханнан арнайы тапсырма алған әскер сау етіп келе қалып, Бораш бастаған жігіттерді қырып салады. Бұл қырғынды ел-жұртқа жаудың ісі деп қауесет таратады. Осы оқиғадан кейін хан дегеніне жетіп көңіл демдегенімен, ханның қызы Алтынай жүкті еді дейді. Болар іс болған соң Алтынай қайғысын ішке жұтып, сыртқа сырын шашпай, көзден таса жүріп, ай-күні жеткенде оңаша босанады. Содан, бала қырқынан шыққанша хан сарайының сыртындағы көң қорада сақтайды. Сол кезде Ойсылдан шыққан Тұрымбет деген бір ісмер адам хан сарайында қызметте жүреді екен. Алтынай жасырын тапқан баласын қырқынан шыққан соң құндақтап, Тұрымбетке:
– Сендердің қандас бауырларың еді”, – деп әкеліп береді.
Тұрымбет ісмердің өзінде де екі бала болса керек. Үшінші баласы етіп Бораш пен Алтынайдың арасынан туған баланы да асырап алады. Бұл үш баладан өсіп-өнген ұрпақ кейін “Үштаңбалы” атанған. Енді Сіргелі тайпасының қалай жаралғанына келейік. Ойсылдың Борашы хан қызы Алтынаймен көңіл жарастырып жүргенде өзінің некелі әйелі болады екен. Ол әйелі Алшын Қыдырбай дегеннің қызы болса керек. Ол Бораш қайтқан соң жыл уақытына дейін аза тұтып, сонсоң төркіндеп қайту үшін Құбасай деген жалғыз баласын ертіп еліне келеді. Сол келгеннен елінде қалып қояды. Түбі Ойсыл Құбасай Алшын ішінде ержетеді, әкесінің өзіндей болмаса да көзіндей жігіт болады. Жақсы болып өсіп келе жатқан жиеніне деген Қыдырбайдың да ықыласы ерекше болса керек. Күндердің күнінде Қыдырбай жиені Құбасайға батасын беріп, еліне қосылуына рұқсат етеді. Көшінің басы болсын деп алты ақ бас атан шығарып, жиеннің жолы деп сіргеленген тайларымен қырық қысырақты алдына салады. Содан, Құбасай көшкен елдей болып Қазығұрт өңіріне жетеді. Ел-жұртымен табысып өркен жаяды. Нағашысынан алып келген сіргелі тайлары бар қырық қысырақ қырық үйір жылқы болады. Сол сіргелі тайларды меңзеген былайғы жұрт Құбасайдың өсіп-өнген ұрпағын “Сіргелі” деп атайтын болады.
99. [Құлшығаштың өз атымен аталмай «Сіргелі» деп аталуы]
(ҮІ нұсқа) Пошан көкемнің айтуы бойынша Құбасай (Бораш емес) ханның қызын екі қабат қылып, екі жақ құда түсіп, келін түсіріп, құдалықта отырғанда ханның сарбаздары Ойсылдың отыз ұлын қырып салады. Сосын шабармандар ханның қызын алдына алып келеді.
– Ойсылдың балаларының бәрінің де басын кестік, екі қабат әйелдерінің ішін жардық, бесіктегі балаларын тулақша турадық, бірақ қызыңызға қолымыз батпады, – дейді.
Хан ойланып-ойланып «кісі қанын осы судай шашқаным да жетер» деп, қызын оң босағаға қояды. Ол ұл тауып, атын Құлшығаш қояды. Есін жиған соң жиенінің денесі қатайсын деп, хан оған жылқы бақтырып қояды. Батыр болатын тұрқына қарап, хан сыртынан сүйсініп жүреді. Бір күні жасы онға жеткенде бірге ойнап жүрген балалар ерегесіп қалып «еліңді тап» дейді.
Бала шешесіне келіп:
– Шеше, мен хан баласы емес екенмін ғой, – дейді қатуланып.
Шешесі шынын айтады. Бала еліне қайтамын деп, нағашы атасына барады. Атасы алдына мал беріп: «Жеке басыңа сыйлыққа қалағаныңды айт!» – дейді. Халқының ішінде өскен бала болашақ тұлпар болатын қулықтан туған (бірінші туманы қулық дейді) Құлагер тайды (толық қара емес, толық сары емес жылқыны құла дейді) көрсетіп, «Осы тайды бер!» – дейді. Хан оның құлағына алтын сырға салып, аттандырады. Содан Құлшығаш өз ағайыны Үйсіл елін тауып, олар Ойсылдан қалған тұяқты көріп қуанып, оған жаз жайлау, қыс қыстауын береді. Бала жайғасқан соң көңнің астында тірі қалған, ошақтағы күлдің арасына кіріп аман қалған ағайындарын тауып соған басшы бола біледі. Бораш құдалыққа бармай, момындау болған соң мал-жанға қарап қалған екен. Осылайша қан-қасаптан тірі қалып, балаларды асырып отыр екен. (Қисынға келетіні: он жерден той болса да мал-жанға еге болатын біреу керек қой). Құлшығашты елі өз атымен атамай Сырғалы дей келе, Сіргелі деп кетіпті. Сіргелі батыр болып өседі. Бірге туған бауырларының кегі тыныштық бермейді. Бір күні: «Мен Жәнібек ханды шабамын, сөйтіп ата тегін қайтарамын!» – деп қол жинайды. Сөйтіп ханды шабады. Сонда өзінің қолын қырып келе жатқан батырды көріп:
– Мынау кім? – деп сұрайды хан.
– Баяғы Құлшығаш, – дейді уәзірлері.
Сонда хан:
– Құлдан туған Құлшығаш,
Ер боларын білгенде,
Бесікте басын кеспес пе ем.
Қулықтан туған Құлагер,
Ат боларын білгенде,
Желіде басын кеспес пе ем, –
деп бармағын шайнап, түкіріп тастаған екен дейді
100. [Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы]
Бірде Тоғанас ауылы Қаратау үстіндегі «Көсегенің көк жонын» көктей өтіп, жайлауға көшіп бара жатқанда бір жырада, тығылып тұрған барымташылар көшкен елге тосыннан шабуыл жасапты. Ештеңені қауіп қылмай бейқам келе жатқан көштегі адамдар барымташыларға тиісінше қарсылық қыла алмапты. Қарсылық қыла алмағаны былай тұрсын, кейбірі жас балалары мен әйелдерін, малдарын тастай қашыпты. Кейбірі барымташылардың найзасына ілініп, жер құшыпты. Елдің еркек кіндіктісі бас көтере алмаған соң шабуылдаушылар малдармен бірге жас қыздар мен әйелдерді де аттарына өңгеріп, олжа ретінде талауға түсіре бастапты. Сол кезде көшбасшы қария:
– Азғантай ғана барымташыларға қарсы тұра алмай, қасқыр көрген қояндай зыта жөнелген біздің еркектер – ер емес, шетіне ез болып кеткен екен. Бұл Бәйжігітте елге тұтқа болатын бір жігіттің қалмағаны ма? – деп еңіреп жіберген екен.
Соны естіген Тоғанас:
– Налымаңыз, ата! Қоян жүрек еркектер қашса, қаша берсін. Ал мен қашпаймын. Малдарымызды біреуге олжа, әйелдерімізді оларға күң еткенше, өлгеніміз жақсы. Жаным – елімнің садағасы. Батаңызды беріңіз. Мен түсейін ұрысқа», – депті.
Сонда қария:
– Қашқан ересек, еркектің бетіне өмір бойы «қорқақ» деген таңба басылар, жас та болсаң, ұрысқа түсіп, үстем болсаң, бағың ашылар. Әумин! – дейді.
Содан Тоғанас найзасын қолына алып, барымташыларға тап береді. Шеттегі тұрған екі-үшеуін бірден жайпап түседі де: «Іштеріндегі батырымын дегендердің ата-баба жосығын ұстап, менімен жекпе-жекке шығыңдар!» – деп айқайлап, атын ойқастата, ары-бері шапқылай бастайды. Оңай олжаға кенеліп, мәз-мейрам болып тұрған барымташылар осы сөзді есіткенде айқай-сүрендерін сап тиып, қораланып тұра қалады. Араларында еңсегей бойлы, апайтөс, кең жауырынды бір батыры бар екен. Найзасын ойнатып, ары-бері ойқастаған Тоғанасқа ол:
– Әй, боқмұрын, әлі піспеген шикі өкпеңнің демі осы жерде бітсін демесең, анау қатын ағаларыңның артынан зыт. Әйтпесе, тамағыңды орып, басыңды домалатып тастаймын!» – деп ақырады.
Тоғанас болса:
– Жекпе-жекке шығарда қатын ғана айбат қылады. Ал еркек сөзге келмей, айқасқа түсер болар, – дейді.
Осы сөзден кейін әлгі батыр ортаға шауып шығады. Тоғанас та атына «шу» деп қамшы басып, анаған қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген әлгі қария: « Ойпырым-ай, бұл баламыз әлі жастау еді, батамды бекер бердім бе?! Жазым боп жүрмесе игі еді», – деп алақанымен санын шарт ұрады. Тоғанас болса, сол шапқаннан арындап барып, атын ойқастатып тұрған барымташылардың батырын найзасымен бір түйреп өтеді. Найза дәлденген жеріне тимей, ат ерінің қасына қадалады. Тоғанас ерден найзасын алмаған күйі ары шауып өткенде, найзамен бірге анау батырдың аты да айналып кетеді де, үстіндегі кісі бір жағына жантайып, құлай жаздайды. Осы кезде бәйжігіттер: «Ұр, ұр! Шоқпармен ұрсайшы!» – деп шу етіседі. Бірақ Тоғанас оны ұрмай, оның ер үстіне қайта түзеліп отырғанын күтіп, сәл тұрады. «Ай, мына бала, жауын жантайғанда ұрып құлатпай, қателік жасады-ау. Енді опық жеп қалмаса де», – дейді манағы қария күрсініп. Барымташылар батыры ерге түзеліп отырған соң Тоғанасқа ақыра ұмтылады. Оның найзасын Тоғанас қағып жібергенде, екеуі де найзаларын жерге түсіріп алады. Көк сүңгіден айырылған олар, енді сойылдасуға кіріседі. Қатты ағаштан істелген сойылдар бір-біріне тигенде, ауыр соққының әсерінен сынып түседі. Сынған сойылдарды лақтырып тастаған батырлар қылыштарына жармасады. Қос мықты бес-алты рет қылыштасқанда, болат қылыштардың жүздері майысып кетеді. Тағы біраз ұрысқанда, қылыштары морт-морт сынып түседі. Бар қаруларынан айрылған екі ер ат үстінде ұстаса кетіп, аударыспақ тәсіліне көшіп, бір-бірін аударып тастауға құлшынады. Алайда Тоғанастың өзіне қалыспайтын мықты екеніне көзі жеткен барымташылар батыры ат үстінде ұстасып тұрғанда, беліндегі қанжарын ала сап, мұның қарын тұсына сілтеп кеп жібереді. Абырой болғанда, Тоғанас атының басын кейін тартып, шалқайып үлгереді. Қанжар сол жақ санына қадалады. Санының ауырғанына қарамаған Тоғанас сәл кейін шегініп барып, ерінің қасында ілулі тұрған тұзақ-қақпанды лақтырып жіберіп, өзіне тағы ұмтыла берген қалмақтың мойнына дәл түсіреді. Анау арқанды мойнынан сыпырып үлгергенше, бұл атын тебініп шаба жөнеледі. Істер хайласы болмай қалған жау, керілген арқанмен бірге ат үстінен сыпырылып түседі. Тоғанас оны сүйреткен бойда біраз жер шапқылап, артына қараса, бәйжігіттер де, барымташылар да бұған аңтарыла қарап тұр екен, арқан ұшындағы жау қимылсыз жатыр. Батырларының мерт болғанына көздері жеткен барымташылар не істерлерін білмей тұрғанда, Тоғанастың жеңісіне масаттанып кеткен аз ғана бәйжігіттер оларға атойлап қарсы шабады. Бассыз дене сияқты, батырсыз қалған барымташылар қаша жөнеледі... Ұрыс біткесін, әлгі қария оған: «Желпініп тұрған жастығыңның желігімен жекпе-жекте жауыңмен біраз уақыт шайқасуға құмарландың-ау деймін. Әйтпесе, оны о баста-ақ жайратып тастауға шамаң бар еді. Бұл жолы сені әруақ қолдады. Бірақ есіңде болсын, бұдан былайғы жекпе-жектерде әлгіндей мүмкіншіліктерді қалт жіберме. Ұзақ шайқасқың келіп бара жатса, одан кейін де ұрыс көп қой. Күшіңді соған сақтарсың», – дейді. Осы оқиғадан кейін батыр атанған Тоғанас құба қалмаққа қарсы соғыс кезінде де көптеген жекпе-жектерге шыққан. Ондай кездері әлгі қарияның сөзі түрткі болды ма, жекпе-жекте жаңағыдай мүмкіндікті тез және оңтайлы пайдаланып отырған. Жоғарыдағы жекпе-жектен кейін алған әдісі – қарсыласына қарай шауып барып, найзасын оның ерінің қасына қадап, сол шапқан күйде ананың атын айналдырып жіберіп, үстіндегі батырды бір-ақ сойыл соққысымен жайратып тастап отырған. Ол он тоғыз жекпе-жекте осы әдісті пайдаланып, жеңіске жеткен. Қалмақ кезіндегі бір соғыста қазақтар саны басым жаудан қатары сиреп, жеңіліске ұшырай бастапты. Қолды сол кезде Абылайдың өзі бастап тұр екен. Қазақтардың қатарын селдіреткен қалмақтар Абылайдың өзіне тап беріп, қолға түсірмекке әрекеттеніпті. Аты да, өзі де болдырыңқырап қалған Абылай жасар амалы болмай, соңғы күшін жиып соғысқа кірісіпті. Мұны байқаған Тоғанас бір тың атты жетелеп келіп, Абылайдың алдына тосыпты. «Хан ием, сіз өлсеңіз, ел иесіз қалар. Ал мен өлсем, қазақтың бір әйелі тағы бір батыр ұл туар да. Мынау атқа мініп, қылмақтардан сытылып шығыңыз!» – дейді. Тың атқа мінген Абылай шауып барып, бір қосын әскерді әкеп, қалмқтардың тоз-тозын шығарыпты. Жеңістен кейін ол Тоғанасты шақырып алып: «Қарағым, сен қай бала едің? – деп сұрайды. Тоғанас жөнін, шыққан тегін айтады. Абылай тұрып: «Сенің есімің – елде жоқ есім екен, елде жоқ есімді иеленген адам бір тайпаға көсем болуға лайық. Лайықтығыңды ісіңнен көрдім. Атың бір елге ұран болатындай-ақ ер екенсің. Көп жаса, шырағым!», – депті. Аузы дуалы Абылайдың сөзі бар, кейін Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болып қалыпты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру