Мазмұнға өту
Home

Өлеңдер

Абай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер

Авторы: Абай

Абай шығармашылығы Өлеңдері АБРАЛЫҒА Мен жасымнан көп көрдім Мұсылманды, кәпірді. Абыралыдай көрмедім Намаз білмес пақырды. Қираәтін1 оқытып Көріп едім, шатылды. Ниет қыла білмейді, Не қылады нәпілді2. Намазшамның3 артынан Құржаң-құржаң етеді. Жер ұшық4 берген кісідей, Тоңқаңдай ма, не етеді. Нәпіл түгіл намазы – Бәрі желге кетеді. «Еннатайына кәлкәусар»5, Пашол дереу, күнәкар Аяғын ойлап айтқаны: «Әні-шаны күлаптар». Осы оқумен намаздың Қай жерінде сауап бар? Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар.

1 - Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу. 2 - Нәпіл (арабша) – міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз. 3 - Намазшам (парсыша) – күн бата оқылатын намаз. Шам – кешкі, кеш. 4 - Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау. 5 - «Еннатайына кәлкәусар» - шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай. АДАМ - БІР БОҚ КӨТЕРГЕН БОҚТЫҢ ҚАБЫ Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы. Мені мен сен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі — ол баяғы. Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?! 1901-ші жыл АДАМНЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ Адамның кейбір кездері Көңілде алаң басылса; Тәңірінің берген өнері Көк бұлыттан ашылса. Сылдырлап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай, Кірлеген жүрек өз ішін Тұра алмас әсте жуынбай. Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз. Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз. Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға, Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға Сынатып көрген-білгенін, Білдірсе алыс, жақынға Солардың сөйле дегенін. Ызалы жүрек, долы қол, Улы сыя, ащы тіл Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер, өзің біл. 1896-шы жыл АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ - ЖӨН, АРТЫ - СОҚПАҚ Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ. Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп, Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ. Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ, Мүшесінен буынып, басады алшақ. Қас алдына жымырып келемін деп, Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ, Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ. Керегеге сабауды шаншып қойып, Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ. Қу шалбар қулығына болған айғақ, Тізесін созғылайды қалталанса-ақ. Ұстаудағы кісідей мезгілі бар, Күні бойы шешініп, бір т...-ақ. Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ, Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ. Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ. Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ, Бәрі де шаруаға келеді олақ. Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ, Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ. 1886-шы жыл АЛЛА ДЕГЕН СӨЗ ЖЕҢІЛ Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес. Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін. Ақылға сыймас ол алла, Тағрипқа тілім қысқа аһ! Барлығына шүбәсіз, Неге мәужүт ол қуа. Ақыл мен хауас барлығын Білмейдүр, жүрек сезедүр. Мұтәкәллимин, мантикин Бекер босқа езедүр. 1897-ші жыл

АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас. Аманту оқымаған кісі бар ма? Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма? Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға. Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді. Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф алла еш жерде өзгемеді. Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгемес, Әһлі кітап бүл сөзді бекер демес. Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл. Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ, Басты байла жолына, малың түгіл. Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы, Екі дүние бұл тасдиқ— хақтың досы. Осыларды бұзатын және үш іс бар: Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы. Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен, Қарашы, дене біткен ретімен. Істің басы — ретін танымақтық, Иман білмес тағатты қабыл демен. Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған, Хуснизән мен иманды білді ойлаған. Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған. Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ, Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ. Құран рас, алланың сөзідүр ол, Тә'уилін білерлік ғылымың шақ. Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз. Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі, Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол, Шын илан да, таза ойла бір имаңды, Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол. Алла ішінді айтқызбай біледі ойла, Пендесіне қастықпен кінә қойма. Распенен таласпа мү'мин болсаң, Ойла, айттым, адамдық атын жойма! 1902-ші жыл АЛЬБОМҒА Сал демеймін сөзіме ықыласыңды, Қайғылы өлең еттім өз басымды. Көкірегім бар сырын өз әлінше, Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды. Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер, Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер. Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір Арттағыға бір белгі қойса нетер?

Кім біледі, кез болса арттағылар Ойға салып оқыр да, сөзін сынар. Көзін салып, ойланып кейбір сөзін, «Рас ау» деп мағынасын о дағы ұғар. Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім Жібермей, көп тоқтатар оның көзін. Жолаушы жол үстінде тамаша еткен Сықылды өткен жанның бір күмбезін.

АНТПЕНЕН ТАРҚАЙДЫ

Антпенен тарқайды, Жиылса кеңеске. Ор қазып байқайды Туа жау емеске. Анттасып алқайды1 Сен тентек демеске. Кім анттан шалқайды Амал жоқ жемеске. Аз адам шаршайды, Ебіне көнбеске. Бас ыңғай қайқайды, Амал жоқ өлмеске. Ел састы, аңқайды, Би тартты егеске. Жұрттағы мал жайды Ой қылар бермеске. Өсімге қол жайды, Тай алып серкешке. Алмаса ол тайды, Дап-дайын көрмеске. Кедей би жантайды Сауыр мен өркешке. Саумаққа ол байды, Кеңесер би кешке. Қайғы қып болмайды, Өкпелеп білмеске. Сүйтсе де оңбайды, Бұрынғы түсті еске. Пысықтар шалқайды, Таласып теңдеске. Қағысып шонтайды Өзімен жемдеске. Таласып тарқайды

Ақшадан төрт-беске. Бірлікті шайқайды, Араз боп өнбеске. 1894-ші жыл АСҚА, ТОЙҒА БАРАТҰҒЫН Асқа, тойға баратұғын, Жаны асығып, жас жігіт. Қолға кетті жауға бір күн, Тірі адамның ісі – үміт. Қозғады жау батыр ерді, Жауға сойқан салғалы. Қалыңдығы қала берді, Жатыр еді алғалы. Асықсаң да, шырағым, Саған деген құданың Жазылған қандай жарлығы, Есіткен жоқ құлағың. Қалыңдық құшып, сүюге, Күйеуіне ынтызар. Келісімен тиюге, Дайындалған ойы бар. Көйлегін ақтан тіккіштеп, Күні-түні дем алмай, Бітіруге жүр күштеп, Асыққансып, тоқталмай. Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес. Айтқаның болар ма екен деп, Мен қорқамын, көз жетпес.

Жара басты кеудені, Жаудан өлді ар үшін. Ескермей өзге дүниені, "Аһ!" деп өтті жар үшін. Жамандық тұрмас күттіріп, Ел есітті, қыз білді. Ақ көйлекті бітіріп, Кебінім деп киді, өлді... Қол жетпеген некені Сүйіп кеткен жан екен. Көзің неге жетеді, Қосылмақ онда бар ма екен? Шыны ғашық жар болса, Неге өлдім деп налымас. Онда екеуі кез келсе, Бірін бірі танымас. АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ Ата-анаға көз қуаныш – Алдына алған еркесі. Көкірегіне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі. Еркелік кетті, Ер жетті, Не бітті? Оқытарсың молдаға оны, Үйретерсің әр нені. Медеу етіп ойы соны, Жаны тыныштық көрмеді. Жасында күтті, Дәме етті, Босқа өтті.

Ата көңіл жанбаса бір, Артық өнер шықпаса. Ел танымай, үй танып құр, Шаруасын да ұқпаса – Үміті қайда? Соны ойла, Абайла! Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол. Сүйкімі жоқ құр масыл би Сүйретіліп өтер сол. Табылмас қайла, Ойбайла – Не пайда? Зарланарсың, ойланарсың, Не болам деп енді мен. Құрбылардан қорланарсың, Тәңірі ісіне сен де көн. Қайғысыз пенде, Көрдің бе, Өміріңде? Тәңірі сорлы етсе пенде, Не бітірер құр жылап. Жігері жоқ ақылы кенде, Жамбасыңнан жат сұлап. Бір жаман мен бе, Дедің бе, Көңіліңде?

АУРУ ЖҮРЕК АҚЫРЫН СОҒАДЫ ЖАЙ Ауру жүрек ақырын соғады жай, Шаршап қалған кеудемде тулай алмай. Кейде ыстық қан басып кетеді оны, Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай. Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген, Еркелік пен достықты ауру көрген. Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген. Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп, Осы күнді күн демес қарғап, міндеп. Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық, Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп. Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын, Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін. Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын.

Ауру жүрек ақырын соғады жай, Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай. Кейде ыстық тағы да қан басады, Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.

АШ ҚАРЫН ЖҰБАНА МА МАЙЛЫ АС ЖЕМЕЙ? Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей? Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. "Бір тойған — шала байлық" деген қазақ, Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей? Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей? Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді, Ол немене жоқтықтың әсері емей? Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан, Тәтті, дәмді іздер ең онан да әрман. Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр, Құлдық ұрып асайсың асы бардан. Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа, Ас берер ауыл іздеп жүрсің босқа. Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа. Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел. Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас. Есек к...н жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас. Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас. Зиян шекпей қалмайсың ондай істен, Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас. Асаған, ұрттағанға ез жұбанар, Сенімді дәулет емес сен қуанар. Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар. Мінер атын, киімін ып-ықшам қыл, Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып, Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан Антұрғанға қосылмай кетсін қаңғып. Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста, Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.

Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген Антұрғанға қосылма қапылыста. 1896-шы жыл ӘЙЕЛІҢ - МЕДЕТ ҚЫЗЫ, АТЫ - ЫРЫМ Әйелің – Медет қызы, аты Ырым, Айында бір жумайды беттің кірін. Ер кезек жігітке үшке дейін, Бір боқты тағы бас та және сүрін. ӘЛИФБИ ӨЛЕҢІ Әлифдек ай йүзіңе ғибрат1 еттім, Би, бәләи2 дәртіңа3 нисбәт4 еттім. Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат5, Си, сәнаи6 мәдхия7 хүрмәт еттім. Жем, жамалың8 қандай ақ рузи9 маған, Ха, хәлиллик10 таппадым, жаным, сәнан. Хи, халайық, мен емес, бәрі ынтизар, Дәл, дариға ғишық оты бермес аман.

Зәл, зәлиллік11 көрген соң, сайрай бер, тіл, Ре, риза қылмағыңды, яр12, өзің біл. Зи, зәһәрдай13 күйдірді ғишқың қатты, Сын, сәләмат қалмағым болды мүшкіл. Шын шикәр ләб14 есіме түскен сайын, Сат, сабырым қалмады, мен не әйләйін. Зат, зайғ15 өмірім өтті менің бекер, Тай, талаптан әйтеуір құр қалмайын. Зай, залым көп қылыш боп жанға оқталды, Ғайін, ғақылымды басымнан тартып алды. Ғайын, ғариблік басыма түскеннен соң, Фи, файдаң тие ме деп жаза салды. Қаф, қабыл болар ма екен жазған хатым, Кәф, кәмил16 ақылың, асыл затым. Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге, Мен, меһріңнен қалмас ед бар апатым. Нон, налә ғып қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау, уәйлана17 ғишқың уайым жеп, һи, һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз, Ләм әлиф, лә иләһа илалла18 деп. Я, ярым, қалай болар жауап сөзің, Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің19. Үтірмен асты-үстілі жазуда бар, Болуға асты-үстілі көнсең өзің.

1 Ғибрат (арабша) – үлгі, өнеге, нақыл, мағына. 2 Бәләи (арабша) – пәле, қиыншылық. 3 Дәртіңа (дәрд) – түп мағынасы ауру, азап шегу; өлеңдегі мағынасы – ғашық болып дерттену. 4 Нисбәт (арабша) – байланыс, бір нәрсемен байланыста болу. Бұл арада ем таптым деген деген мағынада. 5 Әбиат (арабша) – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі. 6 Сәнаи (арабша) – сұлу, әдемі, шебер. 7 Мәдәх, мәдхия (арабша) – мақтау, өлең, ода. 8 Жамал (арабша) – көрік, сұлулық. 9 Рузи (парсыша) – күн, күндей. 10 Хәлил (арабша) – шын дос, сүйген жар. 11 Зәлил (арабша) – азғын, жексұрын, қорланған. 12 Яр (парсыша) – дос, сүйікті мағынасында. 13 Зәһәр (парсыша) – у. 14 Шикәр ләб (парсыша) – тәтті ерін. 15 Зайғ (арабша) – жолдан таю. 16 Кәмил (арабша) – толық. 17 Уәйлана (арабша) – бақытсыздық, қайғы. 18 Лә иләһа илалла (арабша) – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ. 19 Бұл бір жолда араб жазуындағы сөздерді дұрыс оқу үшін қойылатын белгілерді келтіреді.

ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘРНЕГЕ Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де — бір кірпіш, дүниеге Кетігін тап та, бар қалан! Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу соңғысыз Біте қалса қазаққа, Алдың — жалын, артың — мұз, Барар едің қай жаққа? Пайданы көрсең бас ұрып, Мақтанды іздеп, қайғы алма. Мініңді ұрлап жасырып, Майданға түспей бәйгі алма Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден. Акырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстазтық қылған жалықпас Үйретуден балаға.

Көлеңке басын үзартып, Алысты көзден жасырса; Күнді уақыт қызартып, Көкжиектен асырса; Күңгірт көңілім сырласар Сүрғылт тартқан бейуаққа, Төмен қарап мүңдасар, Ой жіберіп әр жаққа. Өткен өмір - қу соқпақ, Қыдырады талайды. Кім алдады, кім тоқпақ Салды, соны санайды, Нені тапсаң, оны тап, Жарамайды керекке. Өңкей уды жиып ап, Себеді сорлы жүрекке. Адасқан күшік секілді Ұлып жүртқа қайтқан ой Өкінді, жолың бекінді, Әуре болма, оны қой. Ермен шықты, ит қылып, Бидай шашқан егінге. Жай жүргенді уерд қылып, Тыныш өлсеңші тегінде. 1894-ші жыл

ӘУЕДЕ БІР СУЫҚ МҰЗ - АҚЫЛ ЗЕРЕК Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық, Бұл – қайраттан шығады, білсең керек. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек. Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек. 1889-шы жыл

ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ Ішім өлген, сыртым сау, Көрінгенге деймін-ау: Бүгінгі дос - ертең жау, Мен не қылдым, япырмау?! Өз үйінде өзендей, Күркірейді, айтса дау. Кісі алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ1 және шау2. Мұндай ма едің ана күн, Мұның қалай, батыр-ау? Үш күн арқаң босаса, Бола қалдың бас асау.

Жан қысылса, жайтаңдап, Жанды еріткен жайдары-ау. Жан жай тапса, сен неге Жат мінезсің жабырқау? Ұрлық пенен қулыққа, Байлағанда, кестің бау. Берерменде бесеусің, Аларманда және алтау. Топ болғанда көрерсің Түрлі дауды жүз тарау. Аяғында сендейлер, Көрмей жүр ме қанталау? Қайтып келер есікті, Қатты серіппе, жарқын-ау! Жетілсең де, жетсең де, Керек күні бір бар-ау.

  1. Дәрменсіз 2. Тосырқап, тоқырап қалу 1889-шы жыл

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі - айна, көңілі - ояу, Сөз тыңдамас ол баяу. Өз өнері тұр таяу, Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқан елерме, Сөзге жуық келер ме? Түзу сөзге сенер ме, Түзелмесін білген ез? «Айтшы айтшылап» жалынар, Ұққыш жансып шабынар. Ұқпай жатып жалығар, Ұйқылы-ояу бойкүйез. Жас баладай жеңісқой, Байлаулы емес ақыл, ой. Ойлағаны - айт пен той, Ыржың-қылжаң ит мінез. Сұлу қыз бен я батыр Болмаған соң , тәңірі алғыр, Шығып кетер, я қалғыр, Оған ақыл - арам без. Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын беріп, Дертті ішіне ем көріп, Неге алтынды десін жез. «Ой, тәңір айшыл» кер есек, Қулық, сұмдық не өсек Болмаған соң, бір есеп - Мейлі қамқа, мейлі бөз. 1889-шы жыл

БІЛЕКТЕЙ АРҚАСЫНДА ӨРГЕН БҰРЫМ Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? Аласы аз қара көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын? Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тәтті қызды Боламын да тұрамын көргендей-ақ. Егерде қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе. 1889-шы жыл

БІР ДӘУРЕН КЕМДІ КҮНГЕ - БОЗБАЛАЛЫҚ Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық. Бар ойы - өлең айтып, ән салалық, Біреуді қалжың қылып қолға алалық. Қызды ауылға қырындап үйір болса – Көңіліне зор қуаныш бір бадалық. Демеңдер өнбес іске жұбаналық, Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық. Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып, Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық. Жастықта бір күлгенің – бір қаралық, Күлкі баққан бір көрер бишаралық. Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр, баралық, Бірімізді біріміз аударалық. Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, Күлкіні онша күйлеп, шуламалық. Уайым – ер қорғаны, есі барлық, Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық. «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық. Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық, Алдыңда уайым көп шошынарлық: Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік, Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық. Әсем салдық өлгенше кім қыларлық, Оған да мезгіл болар тоқталарлық. Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық? Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, Үзілмес үмітпенен бос қуардық. Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық. 1886-шы жыл БІР СҰЛУ ҚЫЗ ТҰРЫПТЫ ХАН ҚОЛЫНДА Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында, Хан да жанын қыяды қыз жолында. Алтынкүміс кигені, қамқа, торғын, Күтуші қыз келіншек жүр соңында. Деген сөз: « Бұқа буға, азбан дуға», Хан қарық боп түсіп жүр айғай шуға. Етімді шал сыйпаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға.

Сән салтанат жұбантпас жас жүректі, Кім де болса тұрғысын көксемек ті. Мезгілі өткен дәуренді қуалаған, Не қылсын бір қартайған өу сүйекті. Кәрі, жас дәурені өзге тату емес, Епке көнер ет жүрек сату емес. Кімде кім үлкен болса екі мүшел, Мал беріп алғанменен сатын емес. Есерлер жас қатынды тұтады екен, Жас қайғысын білдірмей жұтады екен. Ортасында бұлардың махаббат жок, Тұсап қойған қашырар бұқа ма екен? Бай қартайса, малына берер шылбыр, Мал өмірді жанғыртпас, құдай ұрғыр. Біреудің қызын алып малға сатып, Баяғыны іздеген қандай құрғыр?

Қатыным қалай демес ақсақал бай, Сонымен дос боп жүрсің,япырым ай! Қу қатынның майысса, мәз боласың, Шайтанның шәкіртінің қылығын ай! Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең. Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп, Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең. Кінәсіз бәйбішемен болады араз, Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз. Біреуі көк балдырған, бірі қурай, Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз? Үнем болмас құйрықты бұлаңдатқан, Сауырына шапақтап, сүіп жатқан. Екі көңіл арасы жылшылық жер, Оны қайтып қосады ол ант атқан?

БІРЕУДІҢ КІСІСІ ӨЛСЕ, ҚАРАЛЫ - ОЛ Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл. Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл? Бала туса, күзетер шілдехана, Олар да өлең айтар шулап жаңа. Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара. Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең.

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың, Айтсаң да үддасынан шыға алмайсың. Сен білмейді екен деп айтпасын ба, Неге мұнша сіресіп құп алмайсың? Өлең деген - әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық, орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы? Қарны тоқ қас надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді. Қадірін жақсы сөздің білер жанға Таппай айтпа оған да айтар кезді. Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан? Сүйенерлік адамды құрмет қыл, Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.

Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ. Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау. Әттең дүние–ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде–ақ көрініп тұр–ау. Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан–сауық ойда жоқ әуел баста–ақ. 1888-ші жыл

БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА Біреуден біреу артылса, Өнер өлшеніп тартылса, Оқыған, білген - білген-ақ, Надан - надан-ақ сан қылса. Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді. Надан жөндіге жөн келмей, Білер қайдағы шәргезді. Надан қуанар, арсаңдар, Таңырқап тұра қалсаңдар. Татымды ештеме болмас, Адамсып босқа талтаңдар. Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда. Ісі жоқ теріс пе, оң ба? Тіленіп, телміріп ізденер, Тиын ба яки бір сом ба? Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме, жынды сөзденіп, Жасынан үлгісіз шіркін, Не қылсын өнер ізденіп. Кісімсіп белгілі білгіш, Біреуге сондай-ақ күлгіш. Бұлықсып, бұлданып босқа, Өзімшіл, оңбаған шерміш. Кісіде бар болса талап, Отырмас ол бойын балап. Жүрер, әрқайдан ізденер, Алар өз сүйгенін қалап.

1889-шы жыл БАЗАРҒА, ҚАРАП ТҰРСАМ, ӘРКІМ БАРАР Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу - маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар, Сомалап ақшасына сонан алар. Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар. Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, Біреуден біреу алып, елге тарар. Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар. 1886-шы жыл

БАЙ СЕЙІЛДІ Бай сейілді, Бір пейілді Елде жақсы қалмады. Елдегі еркек, Босқа селтек Қағып, елін қармады. Жөнді, жөнсіз, Сөз теңеусіз, Бас пен аяқ бір қысап. Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұсап. Өзі ұлыққа Қәдірі жоққа Қарамай, өз халқына Сөз қайырмай, Жөнді айырмай, Жұртқа шабар талпына. Танымадық, Жарымадық Жақсыға бір іргелі. Қолына алып, Пәле салып, Аңдығаны өз елі. Шашты барын, Берді малын Боларында жұртына. Еміреніспес, Енді піспес, Ұқсамас еш сыртына. Ел де жаман, Ер де жаман - Аңдығаны өз елі. Елде - сыяз, Ойда - ояз, Оңбай-ақ тұр әр түрі.

Кетті бірлік, Сөнді ерлік, Енді кімге беттемек? Елің – ала, Отты шала, Тайса аяғың, кім көмбек? Өтті өмірім, Қайтты көңілім Бұл дүниенің ісіне. Жасы құрбы, Жаны тұрғы, Дос па деген кісіге. Ел керексіп, Сөзге емексіп, Не болады мақтаның? Пейілі шикі, Ақылы күйкі, Осы жұрт па тапқаның? 1890-шы жыл

БАЙЛАР ЖҮР ЖИҒАН МАЛЫН ҚОРҒАЛАТЫП Байлар жүр жиған малын қорғалатып, Өз жүзін, онын беріп, алар сатып, Онын алып, тоқсаннан дәме қылып, Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып? Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып. Әрі-бері айналса аты арықтап, Шығынға белшесінен әбден батып. Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа Құдай құмар қылыпты қалжыратып. Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң, Шаптырады қалаға бай да аңдытып. Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан, Қолға түсер сілесі әбден қатып. Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып. 1886-шы жыл

БАЙМАҒАМБЕТКЕ ҚАТЫНЫНЫҢ АТЫНАН ШЫҒАРЫЛҒАН Ажынның жақсы-ақ қызы едім, Жетістірем деп алды. Тілеуін түзден тілесе, Баста мені неге алды? Сол желікеннен желігіп, Жынды сары жоғалды. Ойбайлаған болайын-ай, Жоқтамасам, обалды-ды.

БАЛАЛЫҚ ӨЛДІ, БІЛДІҢ БЕ?

Балалық өлді, білдің бе? Жігіттікке келдің бе? Жігіттік өтті, көрдің бе? Кәрілікке көндің бе? Кім біледі, сен кәпір, Баяндыдан сөндің бе, Баянсызға төндің бе? Әлде, айналып, кім білер, Боталы түйе секілді, Қорадан шықпай өлдің бе? 1896-шы жыл БОЛДЫ ДА ПАРТИЯ Болды да партия, Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя, Дауың мен шарынды. Құрбыдай хош тұттым Жасың мен кәрінді. Жоқтамай, ұмыттым, Ақыл мен нәріңді. Ортаға көп салдым Өзімде барымды. Япырым-ау, неңді алдым, Сау қоймай арымды? Ойымнан ой бөліп, Қозғадың тамырды. Көңілге тік келіп, Кетірдің сабырды. Ойым да ақ, жарым да ақ, Кеңімді, тарымды Қарасам пайымдап, Сөзің сол сарынды.

Өсекке салмаңдар Ойымды, жарымды. Өлшеуге алмаңдар, Ойым бек тарылды. Ұрыңнан асырдың Сұм тілді қарынды. Жасырдым, жасырдым, Енді айттым зарымды. 1896-шы жыл

БОЛЫС БІЛДІМ МІНЕКИ Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал Қалмады елге тығындап. Сөйтсе-дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап. Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Әлсіздің сөзін салғыртсып, Шала ұғамын қырындап. Сыяз бар десе жүрегім Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей, Құр күлемін жымыңдап. Жай жүргенде бір күні, Атшабар келді лепілдеп: «Ояз шықты, сыяз бар», «Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп. Сасып қалдым, күн тығыз, Жүрек кетті дүпілдеп. Тыңтуяқ күнім сүйтсе де, Қарбаңдадым өкімдеп. Старшын, биді жиғыздым: «Береке қыл» деп, «бекін» деп, «Ат жарамды, үй жақсы Болсын, бәрің күтін» деп. Қайраттанып халқыма Сөз айтып жүрмін күпілдеп: «Құдай қосса, жұртымның Ақтармын осы жол сүтін» деп,

Қайраттысып, қамқорсып, Сайманымды бүтіндеп...

Оңашада оязға Мақтамаймын елімді, Өз еліме айтамын: «Бергенім жоқ,- деп,- белімді». Мақтанамын кісімсіп, Оязға сөзім сенімді. «Көрсеттім» деймін, ымдаймын Кәдік қылар жерімді. Сөз көбейді, ұлғайды, Мақтанның к... көрінді. Қазақты жеген қайратты «ер», Ұрынды да берінді. Әрлі-берлі тартысып, Ісі арамы жеңілді. Алқыны күшті асаулар Ноқтаға басы керілді. Үлкен-кіші ақының Бәрі сөз боп терілді. Қайрауы жеткен қатты би Қайрылып нетсін көңілді. Өз малым деп қойған мал Иесіне берілді. Ақылы жандар қамалап, Кептірді сонда ерінді. Арызшылар көбейді, Болыстың к... шөмейді, Қайтсін байғұс демейді. Бір кептірмей терімді, Күн батқанша шабамын Әрлі-берлі далпылдап. Етек кеткен жайылып Ат к... не жалпылдап. Оязға жетсін деген боп, Боқтап жүрмін барқылдап. Кейбіреуге таяғым Тиіп те кетті бартылдап. Пысықтың көбі бұғып жүр, Беттесе алмай шаңқылдап. Ашылып омырау, күн ыстық, Қойын кетті алқылдап. Елі жөнді болыстар Мақтанып жүр тарқылдап. Күлкісі жақсы қарқылдап, Үні бөлек сартылдап. Сөйлесе кетсе бір жерде,

Ағыны қатты аңқылдап. Оязға кірсе, өзгеден Мерейі үстем жарқылдап. Елің бұзық болған соң, Ояз жатыр шартылдап. Табаныңнан тозасың, Құр жүгіріп тарпылдап. Антұрғанмын өзім де, Бір мінезбен өтпеймін. Момындық күшті екенін Көрсем-дағы, күтпеймін. Сыяздан соң елімді Қысып алып кетпеймін. Әуелде к... бос кәпір, Мықтыға не қып беттеймін? Жуанды қойып, жуасты Біраз ғана шеттеймін. Ояз бардағы қылықты Ояз жоқта етпеймін. Кәкір-шүкір, көр-жерді Пайда көріп ептеймін. Мынау арам, тентек деп, Еш кісіні теппеймін. Өзімдік бол деп ел жиып, Құрастырып, септеймін. Бұзақының бүлігін «Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін.

Сүйегім жасық, буын бос, Біраз ғана айлам бар. Айлам құрсын, білемін – Болыстықтың жолы тар. Қайтіп көмек болады Антұрған өңкей ұры-қар? Көргенім әлгі, ойлашы, Ұят, намыс, қалды ма ар? Ендігі сайлау болғанда, Түсе ме деп тағы шар, Бұл күніме бір күні Боламын ғой деймін зар. Ақыл айтар туғандар, Бұл сөзімді ойлаңдар. Кәтелешке көбейді, Сөгіс естіп, тозды ажар. Мынау елді ұстарлық Кісі емеспін, кел, құтқар! Қолдан келмес қорлыққа Неге болдым мұнша іңкәр? Ел жайылды, жетпей ме, Оязға да бір хабар?

Тағы бүйтіп кеттің деп Қозғау салар, қолға алар. Қатты қысым қылған соң, Басым сотқа айналар. Кірлі болып түскен соң, Көрген күнім не болар? Өзіне мәлім, тентектер Өз бетімен не табар? Қағаз берер, қарманар, Аяғында сандалар. Бұрынғыдай дәурен жоқ, Ұлық жолы тарайды. Өтірік берген қағаздың Алды-артына қарайды. Өз қағазы өз көзін Жоғалтуға жарайды. Тауып алып жалғанын, Қылмысыңды санайды. Өзі залым закүншік Танып алды талайды, Көрмей тұрып құсамын Темір көзді сарайды. БУЫНСЫЗ ТІЛІҢ Буынсыз тілің, Буулы сөзің Әсерлі адам ұғылына. Кісінің сөзін ¥ққыш-ақ өзің, Қисығын түзеп тұғырыға.

Сезімпаз көңіл Жылы жүрек Таппадым деп түңілмес. Бір тәуір дос Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес.

БӨСТЕГІМ, ҚҰТЫЛДЫҢ БА КӨТІБАҚТАН?

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан? «Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан. Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым, Кісіге бос берермін бір мін тапқан.

БӨТЕН ЕЛДЕ БАР БОЛСА Бөтен елде бар болса Ежеттесің, сыйласың, Сыбырлас, сырлас көп болған, Көптен тату қимасың. Басыңа жұмыс түскен күн Татулықты бұрынғы Не қылып ол ойласын? Ашып берер жауыңа Өзі көрген қоймасын. Желіккен жауың кез болса, Араздығы сөз болса, «Бәрекелді батыр» деп, «Мықты боп бара жатыр» деп, Мақтап-мақтап қоздырар. Ескі досын көргенде, Есебі жоқ ант ішіп, Аруақ, құдай айтысып, «Сыр алғалы айттым» деп, «Жауыңды алдап қайттым» деп, Құдайдан қорықпай, антұрған Иман жүзін тоздырар. Келіп-кетіп кеп жүріп, Мен досыңмын деп жүріп, Дұспандығын оздырар. Алдайды деп жауыңа, Ел тарттырмай баурыңа, Көрінгенді азғырар. Кеселді болып бітеді Жақсыға біткен жақындар. Жау жағадан алған күн Өздері иттей тақымдар. Үйде отырып ескенде, Бәрі шешен қақылдар. Аулаққа шығып біріне Бірі сөзін мақұлдар.

Жау көп болса басыңда, Бірі қалмас қасыңда, Жетектесең, табандар. Далаға шығып, өзіңді Жаудан бетер жамандар. Жалбарынып күн көріп, Жақынын сатып, жөн көріп, Қалтаң-құлтаң амалдар. Туысқанға кекшілі Жас баладан бетер-ді, Ойлау да жоқ, білу жоқ Келер менен кетерді. Жақынға еріп, мал салмай, Жауды көріп, жан салмай, Қайдан ғана біледі Ауыр менен жеңілдің Арасымен өтерді? Жолдас аз боп сасқанда, Әуел сонан есітесің «Ат үстінен көтерді». Ауыр жұмыс кез болса, Араздығы сөз болса, Араз кісі болғансып, Сылтау етер бекерді. Үйренбейді кісіден, Кіржіңдеп жүріп кекер-ді. Оңалып егер алдыңыз Әр жерден-ақ көбейер Ажарлыңыз, малдыңыз. Пәленшені ұрам деп, Түгеншені қырам деп, Таршылықта қайраңдап, Кеңшілікте ойрандап, Көп батырға қалдыңыз. Егер тілін алсаңыз, Бірі қалмас кісіден, Егер тілін алмасаң, Бықсып шірір ішінен. Әркімде-ақ бар ғой туысқан, Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда, Күн ашықта мойныңда,

Арылмас міндет болған соң, Әркімнің көңлі суысқан. Жақсыға біткен ағайын Өз үйіңде кезексіз Шешен келер сартылдап. Біреу білер жер келсе, Сөз таба алмас қалтылдап. Қалжыңға келер шорқақтау, Жауға келер қорқақтау, Еркін жерде ызақор, Томырық келер тарқылдап. Әдеппенен тамылжып, Мінезі тәтті болмайды, Сасық паңдау келеді, Қырт мақтаншақ оңбайды, Кісімсініп жалпылдап. Біреуге өктем іс қылса, Өз күшім деп ойлайды. Егер күші жүрмесе, Бағанағы жақсының Қылғаны деп қоймайды. Жат айбынар ісі жоқ, Жау айдынар күші жоқ, Өз еркіне жіберсең, Еш нәрсеге тоймайды. Қалжыңы теріс, сөзі ұрыс, Айтқан сөзге көнбейді, Өз тентегін көрмейді, Қазан бұзар бір қырыс. Сондай кесел туысқан Қай жерінен болады Көңілге медеу, ол тыныс? Жалығуды пәледен Жұрт ұмытты біржола. Шыныменен тамам ел Кете ме екен ит бола? Ішкені мас, жеген тоқ, Уайым айтар біреу жоқ, Тым болмаса болмады «Бұлт ала, жер шола». Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды.

Ел ішінде бітімші Түгел алып қайтпайды Сұрай келген бір малды. Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды. Астыртын барып жолғасқан, Ақша беріп жалғасқан, Ақысын әрең сол алды. Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер Аз жүрегін жалғайды. Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылып бір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа? Жатқа қарар беті жоқ, Жалынбай тұрар к... жоқ, Ісі кетер шалысқа. Ел бүлігі Тобықты Көп пысыққа молықты. Малдының малын көре алмай, Борышын түгел бере алмай, Көрінгенге обықты. Қазақтың малын сапырып, Көп бәлеге шатылып, Кесепатқа жолықты. Өзінен шыққан жақсылар Түзей алмай зорықты. Бөтен елдің адамы, Тынбаған соң арамы, Көңілі әбден торықты. Саудагер қашты бұл елден, Несиесін жия алмай. Бұралқылар сандалды, Жуандарға сыя алмай.

Сенімсіз болды алашқа, Барымтасын тыя алмай. Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой, Елмін деген салты бар. Әлі күнге уайым Қылған жан жоқ, ұялмай. 1889-шы жыл ҒАБИДОЛЛАҒА Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын, Қайдан білсін өмірдің көбін азын. Бәйтеректі күндейді жетемін деп, Жылы күнге мас болып, көрсе жазын. Күз келген соң тамырынтүсік шалып, Бетегеге жете алмай болар жазым. Мен дағы көп есіттім жастың назын, Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың? «Боламынмен» жүргенде болат қайтып, Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым.

ҒАЛЫМНАН НАДАН АРТПАС ҰҚҚАНМЕНЕН Ғалымнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен. О-дағы қалыбынан аса алмайды, Жауқазын ерте көктеп шыққанменен. ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН - ОЛ ЕКІ ЖОЛ Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол. Көңілімнің рақаты сен болған соң, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын. Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?! Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе, Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

ҒАШЫҚТЫҢ ТІЛІ - ТІЛСІЗ ТІЛ Ғашықтың тілі - тілсіз тіл, Көзбен көр де ішпен біл. Сүйісер жастар қате етпес, Мейлің илан, мейлің күл. Ол тілге едік оңтайлы Қаріпсіз біліп сондайды. Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек, Енді ішіме қонбайды. 1893-ші жыл

ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. Жамандық көрсең нәфрәтлі, Суытып көңіл тыйсаңыз. Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз. Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз. Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз. Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты – Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз. Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз. Көп орында көріне айтпа, Біздің сөзге ерсеңіз. Мұны жазған кісінің Атын білме, сөзін біл! Осы жалған дүниеден Шешен де өткен не бұлбұл, Көсем де өткен не дүлдүл. Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл – мизан, өлшеу қыл. Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл. Ақымақ көп, ақылды аз, Деме көптің сөзі пұл. Жақынның сөзі тәтті деп, Жақыным айтты дей көрме. Надандықпен кім айтса, Ондай түпсіз сөзге.ерме.

Сізге айтамын, қаупім - бұл. Өзің үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл. Біреу үшін үйренсең, Біреу білмес, сен білсең, Білгеніңнің бәрі - тұл. Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай, Әр нәрседен құр қалма. Мұны жазған білген құл – Ғұламаһи Дауани, Солай депті ол шыншыл. Сөзін оқы және ойла, Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл - гүл. ДОМБЫРАҒА ҚОЛ СОҚПА Домбыраға қол соқпа, Шымырлатып бір-бірлеп. Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр-жүрлеп. Қайғылы көңілім қайдағы Бұрынғымды жаңғыртар. Қайратты алып бойдағы, Басымды қайғы қаңғыртар.

Онан да жылы жүзіңмен Кел, жарым, қара бетіме. Жылы, тәтті жауап айт Іштегі қайғы дертіме. Іштегі ескі жалынды Сөндір жаңа қылықпен. Сөйлесші жақсы, жағымды Мендей көңілі сынықпен. Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң. Көңілге түрлі ой түсер, Әр тереңге нұсқасаң. Күйлі, күйсіз бәйгеге Қажыды көңілім көп шауып. Көп қинамай әрнеге, Енді семірт, жем тауып. ДҮЙСЕНҚҰЛҒА Саудайы ай, сауды алмадың ау, сырқауды алып, Бір пәлеге жолықтың шырқау барып. Ала жаздай көгалды бір көрмедің, Сары жұртқа қондың ба ірге аударып? ЕМ ТАБА АЛМАЙ Ем таба алмай, От жалындай, Толды қайғы кеудеге. Сырласа алмай, Сөз аша алмай Пендеге.

Босқа ұялып, Текке именіп Кімді көрсем, мен сонан. Бетті бастым, Тұра қаштым Жалма-жан. Ұйқы, тамақ Қалды тым-ақ Керегі жоқ іс болып. Жай жатпағым, Тыныш таппағым, Күш болып. Жас жүрегім Жанды менің, Жай таба алмай, япырым! Өзің оңда Жақсы жолға Ақырын. Жас теректің Жапырағы Жамырайды, соқса жел. Түсті мойын, Толды қойын, Ақты сел. Мен паң едім, Бейқам едім, Еш нәрседен қайғысыз. Тез дерттендім, Кейде өртендім, Кейде мұз. 1890-шы жыл ЕРЕКШЕ ЕСТЕН КЕТПЕС ҚЫЗЫҚ ҚАЙДА? Ерекше естен кетпес қызық қайда? Жолығатын қыз қайда терең сайда? Сұлулығын қояйын, мінезі артық, Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.

Бұл өмір қызығы махаббатпен, Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де, өлмегенмен боласың тең. Жүректен ізі кетпес қызық көрсек, Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек, Жақынның да, жардың да, асықтың да, Бәрінің де қызығын көріп білсек. ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос, Қайғысыз, ойсыз, мас күнің — Кімді көрсең, бәрі дос. Махаббат, қызық, мал мен бақ Көрінуші еді досқа ортақ. Үміт жақын, көңіл ақ, Болар ма сондай қызық шақ? Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар? Ақырын, ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар!

Жалынасың, боқтайсың, Сағынасың, жоқтайсың. Махаббат кетті, дос кетті — Жете алмайсың, тоқтайсың. Көзіме жас бер, жылайын, Шыдам бер, сабыр қылайын. Жаралы болған жүрекке Дауа бер, жамап сынайын. 1899-шы жыл ЕСЕК Қырық-елу қос бір жерден Қайтқан екен керуендер. Мал айдап барып әр елден Сауда қылып жүргендер. Алтын артқан бір есек Соларменен келеді. Ол жай жүрсе, жұрт та жай, Ол желсе, жұрт желеді. Тамам қостың байлары Маңайынан кетпейді. Қошемет қылып бәрлері Шомын да жөндеп ерттейді. Ортаға алып әлгіні Бәрі бірдей сыйлайды. Бірі сүйіп құлақтан, Бірі жүнін сыйпайды.

Сылап-сыйпап, қадірлеп, Беретұғын жем де артық. Есер шіркін есіріп, Болып алды тым тантық. Көш бойы жұрт қасында, Өзгеменен жұмыс жоқ. Атты теуіп, адамды Тістесе де сөгіс жоқ. "Құдай аман сақта,— деп — Жарда, суда!"— бата алған. Еркелетіп ат қойып, "Жаппарқұл мырза" аталған. Алтын үсте жүргенде, Сол қадірмен көп жүрген. Өз ойында көк есек Өзгеше тудым деп жүрген. Алтынды бір күн бай алды, Есектен жұрт та түңілді. "Жаппарқұл" аты жоғалды, Боқ тасуға жегілді. Қарасаңшы бойыңа, Ұзын құлақ қалпың ғой. Жұрт ергені соңыңа — Үстіндегі алтын ғой.

ЖІГІТ СӨЗІ Айттым сәлем, қалам қас, Саған құрбан мал мен бас. Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас. Сенен артық жан тумас, Туса туар – артылмас. Бір өзіңнен басқаға Ынтықтығым айтылмас. Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас. Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айрылмас. Көзім жатқа қарамас, Жат та маған жарамас. Тар төсекте төсіңді Иіскер ме едім жалаңаш? Иығымда сіздің шаш, Айқаласып тай-талас, Ләззат алсақ болмай ма, Көз жұмулы, көңіл мас? Сізде сымбат, бізде ықылас, Осы сөзім бәрі рас. Сіздей жардың жалғанда, Қызығына жан тоймас. Етің етке тигенде, Демің тиіп сүйгенде, Тән шымырлап, бой еріп, Ішім оттай күйгенде.

Жүрек балқып игенде, Ішкі сырды түйгенде, Іздеп табар сұңқармын, Жарастықты шүйгенде. Қылығында жоқ оғат, Қарап тойман жүз қабат. Ыстық тартып барасың, Бір сағаттан бір сағат. Сіз – қырғауыл жез қанат, Аш бетіңді, бері қарат. Жақындай бер жуықтап, Тамағыңнан аймалат! 1889-шы жыл

ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік Ер табылса жарайды, қылса сұхбат. Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша. Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, Абайлар әрбір сөзді өз халынша. Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе, Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе. Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар, Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе. Керек іс бозбалаға – талаптылық, Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық. Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз! Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен, Қиянатшыл болмақты естен кеткіз! Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып. Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс, Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес. Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас, Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес. Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас, Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас. Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін, Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс. Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме! Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар, Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар. Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар, Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар. Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр, Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр. Жар көңіліне бір жанын пида қылып, Білместігің бар болса, қылар сабыр. Шу дегенде көрінер сұлу артық, Көбі көпшіл көрінер ондай қаншық. Бетім барда бетіме кім шыдар деп, Кімі паңдау келеді, кімі – тантық. Ақыл керек, ес керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек. Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, Қоржаң суық келеді кей сасық ми. Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, риаз үстіндегі үй. Жоқ болса қатыныңның жат өсегі, Болмаса мінезінің еш кесегі. Майысқан, бейне гүлдей толықсыған, Кем емес алтын тақтан жар төсегі. Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма. Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, Сазданбасын, қабақпен имендіріп. Ері сүйген кісіні о да сүйіп, Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.

Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі, Абройлы қалжыңмен келсін сөзі. Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда, Қатыныңда болмасын оның көзі. Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, Тілеуі, жақындығы – бәрі сату. Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ, Қажымас, қайта айнымас қайран тату! Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, Еңбекпен терін сатып түзден жимас. Меліш сауда сықылды күлкі сатып, Алса қоймас, араны тағы тоймас. Асық ұтыс секілді алыс-беріс – Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс. Бірі көйтке таласып, бірі арам қып, Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.

Жас бала әуел тату бола қалар, Ата-анадан жақын боп, ертіп алар, Бірін бірі құшақтап, шуылдасып, Ойын тарқар кезінде ұрыс салар. Біреуі жылап барса үйге таман, Ата-анасы бұрқылдар онан жаман. Татулығы құрысын ойыны мен, Дәл соларға ұқсайды мына заман. Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады иығы да зор. Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. Пысықтықтың белгісі – арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы. 1886-шы жыл

ЖАЗ Жаздыкүн шілде болғанда, Көкорай шалғын, бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда; Күркіреп жатқан өзенге, Көшіп ауыл қонғанда; Шұрқырап жатқан жылқының Шалғыннан жоны қылтылдап, Ат, айғырлар, биелер Бүйірі шығып, ыңқылдап, Суда тұрып шыбындап, Құйрығымен шылпылдап, Арасында құлын-тай Айнала шауып бұлтылдап. Жоғары-төмен үйрек, қаз Ұшып тұрса сымпылдап. Қыз-келіншек үй тігер, Бұрала басып былқылдап, Ақ білегін сыбанып, Әзілдесіп сыңқылдап. Мал ішінен айналып, Көңілі жақсы жайланып, Бай да келер ауылға, Аяңшылы жылпылдап; Сабадан қымыз құйдырып, Ортасына қойдырып, Жасы үлкендер бір бөлек Кеңесіп, күліп сылқылдап. Жалшы алдаған жас бала, Жағалайды шешесін Ет әпер деп қыңқылдап. Көлеңке қылып басына, Кілем төсеп астына, Салтанатты байлардың Самаурыны бұрқылдап. Білімділер сөз айтса, Бәйгі атындай аңқылдап, Өзгелер басын изейді, Әрине деп мақұлдап.

Ақ көйлекті, таяқты Ақсақал шығар бір шеттен Малыңды әрі қайтар деп, Малшыларға қаңқылдап. Бай байғұсым десін деп, Шақырып қымыз берсін деп, Жарамсақсып, жалпылдап. Шапандарын белсенген, Асау мініп теңселген Жылқышылар кеп тұрса, Таңертеңнен салпылдап. Мылтық атқан, құс салған Жас бозбала бір бөлек Су жағалап қутыңдап. Қайырып салған көк құсы Көтеріле бергенде, Қаз сыпырса жарқылдап. Өткен күннің бәрі ұмыт, Қолдан келер қайрат жоқ, Бағанағы байғұс шал Ауылда тұрып күледі, Қошемет қылып қарқылдап. 1886-шы жыл ЖАЗҒЫТҰРЫ Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу, Көбелек пен құстар да сайда ду-ду. Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су. Көл жағалай мамырлап қу менен қаз, Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз. Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда, Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз. Құс қатарлап байлаған қанжығаға Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек, Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек. Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл, Тастағы үнін қосар байғыз, көкек. Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер, Диханшылар жер жыртып, егін егер. Шаруаның бір малы екеу болып, Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер. Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер, Мейірбандық дүниеге нұрын төгер. Анамыздай жер иіп емізгенде, Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер. Жаз жіберіп, жан берген қара жерге Рахметіне алланың көңіл сенер. Мал семірер, ақ пенен ас көбейер, Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап, Бір сараңнан басқаның пейілі енер. Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне, Бойың балқып, ериді іште жігер. Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар, Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар. Жыршы құстар әуеде өлең айтып, Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар. Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай, Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай, Таң атқан соң шығарын күннің біліп, Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай. Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты, Құмары екеуінің сондай күшті. Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап, Күйеу келді, ай, жұлдыз к... қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп, Жан-жануар қуанар тойға елеріп. Азалы ақ көрпесін сілке тастап, Жер күлімдер, өзіне шырай беріп. Күн - күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң Жер толықсып, түрленер тоты құстай. Адам тіктеп көре алмас күннің көзін, Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін. Қызыл арай сары алтын шатырына, Күннің кешке кіргенін көрді көзім. 1890-шы жыл ЖАЛЫН МЕН ОТТАН ЖАРАЛЫП Жалын мен оттан жаралып, Жарқылдап Рағит жайды айдар. Жаңбыры жерге таралып, Жасарып шығып гүл жайнар. Жайына біреу келсе кез, Белгілі жұмыс, сор қайнар. Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған Сөзді қғатын қайсың бар? Партия жиып пара алған, Пейілі кедей байсыңдар. Қулық пенен құбылдан Жалықсаң, жақсы жансыңдар. Түзелмесе шұғылдан, Арсылдар да қалшылдар. Несі өмір, Несі жұрт? Өңшең қырт, Бас қаңғырт! 1903-ші жыл ЖАМАНБАЛАНЫҢ БАЛАСЫ ӨЛГЕНДЕ Белгілі сөз: «өлді, өлді», Белгісіз оның мекені. Не халатқа¹ әурілді², Қайда қандай екені. ¹Халат (арабша) — хәл-жай, жағдай. Бұл арада не хәлге, нендей күйге ұшырады деген мағынада. ²Әурілді (парсыша) — елжұртынан айрылып, шет жерде қаңғып жүруші. Бұл арада қай жаққа кетті деген мағынада.

ЖАПЫРАҒЫ ҚУАРҒАН ЕСКІ ҮМІТПЕН Жапырағы қуарған ескі үмітпен Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін. Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн. Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс, Ойға түйме қызықты қиялдан күс. Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш? Төңкеріліп құбылған жұрт — бір сағым, Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын. Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің, Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым! 1901-ші жыл ЖАРҚ ЕТПЕС ҚАРА КӨҢІЛІМ НЕ ҚЫЛСА ДА... Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да, Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да. ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ. Уайым аз, үміт көп, Ет ауырмас бейнетке. Бүгін-ертең жетем деп, Көңілге алған дәулетке. Қайратпен кіріп жалынбай, Ақылмен тауып айласын. "Мен қалайға?" салынбай, Жылы жүзбен жайнасын. Қайратқа сеніп қақтықпай, Жазасын тауып жауласар. Қатынша тілмен шаптықпай, Майданға шықса жарасар. Жалыны қайтар дененің, Үнемі тұрмас осы шақ. Талайғы кәрі дүниенің Бір кетігін ұстап бақ.

Құйрығы шаян, беті адам, Байқамай сенбе құрбыға! Жылмаңы сыртта, іші арам, Кез болар қайда сорлыға. Досыңа достық – қарыз іс, Дұшпаныңа әділ бол. Асығыс түбі – өкініш, Ойланып алмақ – сабыр сол. Ақ көңілді жақсыдан Аянбай салыс ортаға. Ақылы, ары тапшыдан Қу сөзін алма қолқаға. Сұм-сұрқия, қу заман Гүл көрінер жігітке. Қызықты өмір жайнаған, Кеудесі толып үмітке. Бір нәрсені ұнатса, Қайта ойланып қарамас. Мақтатып жұртты шулатса, Құмары сол қызба бас. Сенісерге келгенде, Сене берер талғамай. Жұрты құрғыр сенгішке Тұра ма қулық жалғамай? Ары кеткен алдағыш, Мені-ақ алда, сөкпейін. Балы тамған жас қамыс Ормасаңшы көктейін!

Сені жақсы көрмесе, Сенер ме еді сөзіңе? "Япырмай!.." деп терлесе, Ар емес пе өзіңе? 1891-ші жыл ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ҚАЙДАСЫҢ... Жастықтың оты, қайдасың, Жүректі түртіп қозғамай? Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай? Адамның тауып айласын, Кісілікті ойламай. Қаруын көңіл сайласын, Қолға ол түспес бойламай. Махаббат, қызық кім көрер, Оның да дәмін татпаса? Біржола басты кім берер, Жаныңа қайғы батпаса. Аямай жанын дос ерер, Жолдастықты ақтаса. Алдыңа айдап кім келер, Ерінбей жүріп бақпаса. Мал бақпақтық шаруа боп, Адал тауып асықпай. Құр айғаймен әуре боп, Өнердің жайын баса ұқпай.

Енді нені істейміз, Бәрінен де бос қалдық? "Ауызға келіп түс" дейміз, Қылып жүріп құр салдық ЖАСЫМДА ҒЫЛЫМ БАР ДЕП ЕСКЕРМЕДІМ Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрұм1 қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім. Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазаққа қара сөзге дес бермедім. Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

1 - Махрұм – бос, құр, бос қалу, құр қалу 1885-ші жыл ЖАҚСЫЛЫҚҚА Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық! Өз басыңда жының бар бір бақсылық. Борышқорлық – адамға қиын нәрсе, Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық. ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ... Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың жаны - терең сай, Тасыған өзен күрілдеп. Қалың ағаш жапырағы Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің, топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі. Тау жаңғырып, ән қосып Үрген ит пен айтаққа. Келмеп пе едің жол тосып Жолығуға аулаққа? Таймаңдамай тамылжып, Бір суынып, бір ысып, Дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп, Дүрсіл қағып жүрегі, Тұрмап па еді сүйеніп, Тамаққа кіріп иегі? 1888-ші жыл ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ - ҚЫРЫҚ ЖАМАУ... Жүрегім менің қырық жамау Қиянатшыл дүниеден. Қайтып аман қалсын сау, Қайтқаннан соң әрнеден. Өлді кейі, кейі — жау, Кімді сүйсе бүл жүрек. Кімі — қастық, кімі — дау, Сүйенерге жоқ тірек. Кәрілік те тұр тақау, Алдымызда айла жоқ. Қайғысыздың бәрі — асау, Бізге онан пайда жоқ. Қан жүректі қайғылы-ау, Қайырыла кет сен маған. Қасиетін ойлан-ау, Қам көңілдің тынбаған. 1899-шы жыл ЖҮРЕГІМ, НЕНІ СЕЗЕСІҢ... Жүрегім, нені сезесің, Сенен басқа жан жоқ па? Дүниені, көңілім, кезесің, Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!

Сезгеніңді сездіріп, Жете алмадың ортаққа. Тірі жаннан бездіріп, Апарасың қай жаққа? Ортақтық, тыныштық достық қой, Оның қадірін кім білер? Әркімге-ақ тілеу қостық қой, Бәрі — алдамшы саудагер. Халықтың аты керек қой Я мақтауға, боқтауға. Құбылға бәрі зерек қой, Бәрі жайсыз тоқтауға. Досты қайдан табасың, Кеңесерге адам жоқ. Әрлі-берлі шабасың, Жалғыздықтан жаман жоқ. Ақыл айтсаң біреуге Ішің еріп, егіліп, Ұялмас ақы тілеуге, Бермесең қалар түңілііп. Ақы беріп тындатқан Сөз көкейге қонар ма? Құлағын сатқан тәңірі атқан Оңдырар ма, оңар ма? Күйесің, жүрек, күйесің, Күйгеніңнен не пайда? Дүниеде нені сүйесің, Өмір қайда, дос қайда?

1900-ші жыл ЖҮРЕК - ТЕҢІЗ, ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ - АСЫЛ ТАС Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас, Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас. Достық, қастық, бар қызық — жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын — бұл күннің мәртебесі. Қартаң тартқан адамнан от азаймақ, От азайса, әр істің бәрі тайғақ. Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып, Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ. ЖҮРЕКТЕ ҚАЙРАТ БОЛМАСА Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек.

Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер. Қартыңның ойы шар тартқан Әдеті жеңіп күңгірттер. Тән сүйгенін бермесе, Жан шыдамас жаны ашып. Бере берсең бер десе, Үміт етер таласып. Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса? Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң Қайда барып оңайын?! 1898-ші жыл

ЗАМАН АҚЫР ЖАСТАРЫ

Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа Қойнына тыққан тастары. Саудасы – ар мен иманы, Қайрат жоқ бойын тыйғалы. Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғаны. Өнімсіз іске шеп-шебер, Майданға түспей несі өнер? Сиырша тойса мас болып, Өреге келіп сүйкенер. Күлмеңдеп келер көздері, Қалжыңбас келер өздері. Кекектеп секек етем деп, Шошқа туар сөздері. 1891-ші жыл

ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР Интернатта оқып жүр Талай қазақ баласы – Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың Шариғатқа шаласы. Орыс тілі, жазуы – Білсем деген таласы. Прошение жазуға Тырысар, келсе шамасы. Ынсапсызға не керек Істің ақ пен қарасы? Нан таппаймыз демейді, Бүлінсе елдің арасы. Иждиһатсыз, михнатсыз

Табылмас ғылым сарасы. Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер панасы? Орыс теріс айтпайды, Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар Қу менен сұм боларды, Орыста қалар жаласы. Бұл іске кім виноват: Я Семейдің қаласы, Я қазақтың аласы? Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой, Я тілмаш, я адвокат Болсам деген бәрінде ой, Көңілінде жоқ санасы. Ақылы кімнің бар болса, Демес мұны тілі ащы. Айтыңызшы, болсаңыз Здравомыслящий, Ақыл айтпай ма ағасы? Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге. Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге. Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыласың, Жазықсыз күнде сөгуге? Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге. Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге. Алыс та болса іздеп тап,

Кореннойға кіруге, «Талапты ерге нұр жауар», Жүріп өмір сүруге. Я байларға қызмет қыл, Ерінбей шауып желуге. Адал жүріп, адал тұр, Счетың тура келуге. Жаныңа жақса, соңынан Жалқауланба еруге. Қисық болса, закон бар Судьяға беруге. Ол да оязной емес қой, Алуға теңдік сенуге. Я өз бетіңмен тәуекел, Занимайся прямотой. Жеңіл көрме, бек керек Оған да ғылым, оған да ой, Қалайынша қайда енуге? 1886-шы жыл КІМ ЕКЕН ДЕП КЕЛІП ЕМ ТҮЙЕ ҚУҒАН Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәрімен белін буған. Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды... бірге туған.

КЕЙДЕ ЕСЕР КӨҢІЛ ҚҰРҒЫРЫҢ Кейде есер көңіл құрғырың, Махаббат іздеп талпынар. Ішем деп бейнет сусынын, Асау жүрек алқынар. Тартқан бейнет, өткен жас, Жүректің отын сөндірмес. Махаббат – өмір көркі, рас, Өлген соң ол да үндемес. Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар. Қызықтан өзге қалсаң бос, Қатының, балаң, досың бар. Жүрегі жұмсақ білген құл, Шын дос таппай тыншымас. Пайда, мақтан бәрі – тұл, Доссыз ауыз тұшымас. 1890-шы жыл

КЕЛДІК ТАЛАЙ ЖЕРГЕ ЕНДІ Келдік талай жерге енді, Кіруге-ақ қалдық көрге енді. Қызыл тілім буынсыз, Сөзімде жаз бар шыбынсыз, Тыңдаушымды ұғымсыз Қылып тәңірім берген-ді. Осы жасқа келгенше, Өршеленіп өлгенше, Таба алмадық бір адам Біздің сөзге ергенді. Өмірдің өрін тауысып, Білімсізбен алысып, Шықтық міне белге енді. Енді аяңда, жығылма, Сыймас жерге тығылма, Қой бұрынғы желгенді! Қайғы шығып иыққа, Қамалтпасын тұйыққа, Сергі, көңілім, сергі енді! Балапан құстай оңдалып, Қанатыңды қомданып, Жатпа ұяда қорғанып, Ұш, көңілім, көкке, кергі енді! Көңілде қайғы, қалың зар, Айтатұғын сөзім бар, Салсын құлақ ұққандар, Өрбі, сөзім, өрбі енді! Іште қайғы дерт пысып, Көкіректі өрт қысып, Айтуға көңілім тербенді. Өзің жалғыз, надан көп,

Ұқтырасың сен не деп, Әулекі, арсыз елге енді? Тыныштық сүймей қышынып, Өтірікке тұшынып, Пәледен тұрмас шошынып, Тұл бойын желік жеңген-ді. Туған жерді қия алмай, Тентекті жеңіп, тыя алмай, Әлі отырмыз ұялмай, Таба алмадық өңге елді. Әзелде тәңірім сорлы етті, Арсыз елмен әуре етті, Жалғыз үйде күңірентті, Тағдырға білдік көнгенді. Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар, Өтірік пен өсекке Бәйге атындай аңқылдар — Тұла бойым шіміренді. Барма топқа шақырмай, Жат үйіңде шатылмай, Шыдармын ба, япырмай, Жатуға шықпай үйде енді? Қатыныңның ойнасын Көрсең, білсең қоймасын, Не ойлар едің өз басың, Сонымен тең біз де енді.

КҮЗ Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан. Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай. Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, Жапырағынан айрылған ағаш, қурай. Біреу малма сапсиды, салып иін, Салбыраңқы тартыпты жыртық киім. Енесіне иіртіп шуда жібін, Жас қатындар жыртылған жамайды үйін. Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен, Астында ақ шомшы жүр, ол - бір керуен. Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы, Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең, Көңілсіз қара суық қырда жүрсең. Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң, Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең. Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. От жақпаған үйінің сұры қашып, Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы. 1889-шы жыл КҮЙІСБАЙҒА Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға, Бермек болған айғырдың көзі қайда? Көзді көрсең бересің, тайсаң танып, Алдамшы атанғанның несі пайда?

КҮЛЕМБАЙҒА Уағалайкүмүссәләм, Болыс, мал-жан аман ба? Мынадайға кез болдың, Аума-төкпе заманда. Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда. Болыстықтан пайда қып, Шығыныңды алсаң, жаман ба? Қалжыңдаймын әншейін, Оған келе де бермес шамаң да Орныңнан тұра шабасың, Атшабар келсе қышқырып. Ояз келсе, қайтер ең, Айдаһардай ысқырып? Отырасың үйіңде Өз өзіңнен күш кіріп. Босқа-ақ түсіп қаларсың, Біреу кетсе үшкіріп!.. КҮН АРТЫНАН КҮН ТУАР Күн артынан күн туар, Бір күн дамыл еткізбес. Ой артынан ой туар, Желге мәнсең жеткізбес. КҮШІК АСЫРАП, ИТ ЕТТІМ Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты.

КӨЖЕКБАЙҒА Жамантайдың баласы Көжек деген, Әркімге өсек тасып безектеген. Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед деген. КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ... Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы, Бітпейді ішімде, Ғашықтың жарасы. Қазақтың данасы, Жасы үлкен ағасы. Бар демес сендей бір Адамның баласы. Жылайын, жырлайын, Ағызып көз майын. Айтуға келгенде, Қалқама сөз дайын. Жүректен қозғайын, Әдептен озбайын. Өзі де білмей ме, Көп сөйлеп созбайын. Тереңдеп қарайсың, Телміріп тұрмайсың. Бихабар жүргенсіп, Бек қатты сынайсың. Сан кісі мұңайсын, Сабырмен шыдайсың. Күйемін, жанамын, Еш рахым қылмайсың.

Ақылсыз би болмас, Сәулесіз үй болмас. Жүректе оты жоқ, Адамда ми болмас. Шын ғашық сый болмас, Сый болса, сыр болмас. Арызымды айтайын, Құй болар, құй болмас. Кең маңдай, қолаң шаш, Я бір кез, я құлаш. Ақ тамақ, қызыл жүз, Қарағым, бетіңді аш! Қара көз, имек қас, Қараса жан тоймас. Аузың бал, қызыл гүл, Ақ тісің кір шалмас. Қыр мұрын, қыпша бел, Солқылдар соқса жел. Ақ етің үлбіреп, Өзгеше біткен гүл. Қарағым, бермен кел, Бізге де көңілің бөл, Қалқамның нұсқасын, Көр, көзім, бір кенел. Қайғың – қыс, жүзің – жаз, Боламын көрсем мәз. Күлкіңіз бойды алар, Бұлбұлдай шықса әуез.

Кісімсіп дүрдараз, Бұраңдап қылма наз. Мал түгіл басымды, Жолыңа берсем де аз. Иісің – гүл аңқыған, Нұрың – күн шалқыған. Көргенде бой еріп, Сүйегім балқыған. Қаяусыз қалпынан, Өзі артық даңқынан. Қызыл тіл шыға алмас, Мақтаудың шартынан. Сенсің – жан ләззәті, Сенсің – тән шәрбәті. Артықша жаратқан, Алланың рахматы. Көрік – тәңірі дәулеті, Қылса ұнар құрметі. Сұлуды сүймектік — Пайғамбар сүндеті1. Не десем саған еп? Ғашығың да қайғы жеп. Өртенген жүрекке, Бір көрген болар сеп. Біздердей ғашық көп, Қайсысы саған дөп? Жөндеп те айтпадым, Жүрегім лүпілдеп. Назыңа кім шыдар? Бұраңдап жүр шығар. Қасқая күлгені, Қылады тым құмар.

Ер емес қымсынар, Әркім-ақ ұмсынар. Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?

  1. Сүндет, сүннәт (арабша) – Мұхаммедтің істеген ісі мен айтқан сөзі 1891-ші жыл

КӨЗІНЕН БАСҚА ОЙЫ ЖОҚ Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі. Сонда да көңілі тым-ақ тоқ, Жайқаң-қайқаң әр несі.

Білмейсің десе, жел өкпе, Дейді дағы – тәңірі ісі. Бірінен бірі бөлек пе, Иемнің әділ пендесі?

Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың1 түсер сәулесі Іштегі кірді қашырса Адамның хикмет2 кеудесі

Наданның көңілін басып тұр Қараңғылық пердесі. Ақылдан бойы қашық тұр, Ойында бір-ақ шаруасы.

Кітапты молда теріс оқыр, Дағарадай боп сәлдесі. Малқұмар көңілі – бек соқыр, Бүркіттен кем бе жем жесі?

Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмайды өңгесі. Тыңдағыш қанша көп болса, Сөз ұғарлық кем кісі.

  1. Хақ (арабша) – көп мағыналы сөз: а) тура, шын, дұрыс; ә) баға; б) үлес, сыбаға; в) Алла; г) хұқық. Бұл арада дұрыстық, шындық мағынасында. 2. Хикмет (арабша) — көп мағыналы сөз. Пәлсапа (философия). Бұл арада білім, сыр, керемет мағынасында. 1891-ші жыл

КӨК АЛА БҰЛТ СӨГІЛІП Көк ала бұлт сөгіліп, Күн жауады кей шақта. Өне бойы егіліп, Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып, Жер көгеріп күш алар. Аққан жасқа қаңғырып, Бас ауырып, іш жанар.

КӨК ТҰМАН - АЛДЫНДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН Көк тұман — алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған. Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс, Келер, кетер, артына із қалдырмас. Соның бірі — арнаулы таусыншақ күн, Арғысын бір-ақ алла біледі рас. Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі, "Мені" мен "менікінің" мағынасы — екі. "Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, "Менікі" өлсе өлсін, оған бекі. Шырақтар, ынталарың "менікінде", Тән құмарын іздейсің күні-түнде. Әділеттік, арлылық, махаббат пен — Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды, Ылайла ылай оймен тұнығыңды, — Сонда өмірден алдамшы бола алмассың, Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды. Адам ғапыл1 дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі? Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін. Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек, Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек. Ғадәләт2 пен мархамат3— көп азығы, Қайда көрсең, болып бақ соған көмек

Әркімнің мақсаты өз керегінде, Біле алмадым пысығын, зерегін де. Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

  1. Ғапыл (арабша) — қапы қалу, байқамау. 2. Мазлұм (арабша) — зұлымдыққа ұшыраған адам.
  1. Ғадәләт (арабша) — әділет, шындық; рақым, жақсылық 4. Мархамат (арабша) — ашушылық. 1897-шы жыл

КӨКБАЙҒА Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды.

Ол жыламай қайтіп тұрады, Мынау азған қу заман Қалыбында тұрмайды. Біреу малды ұрлайды, Біреу басты қорлайды, ... болмаған соң Жылауына зорлайды.

КӨКБАЙҒА Бұралып тұрып, Буыны құрып, Қисайта тартып мұрынын. Әсемсіп, сәнсіп, Білгенсіп, бәлсіп, Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең, бір керім, Жақпайды маған сол жерің. КӨЛЕҢКЕ БАСЫН ҰЗАРТЫП Көлеңке басын ұзартып, Алысты көзден жасырса; Күнді уақыт қызартып, Көк жиектен асырса; Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа, Төмен қарап мұңдасар, Ой жіберіп әр жаққа. Өткен өмір — қу соқпақ, Қыдырады талайды. Кім алдады, кім тоқпақ Салды, соны санайды. Нені тапсаң, оны тап, Жарамайды керекке. Өңкей уды жиып ап, Себеді сорлы жүрекке. Адасқан күшік секілді Ұлып жұртқа қайтқан ой Өкінді, жолың бекінді, Әуре болма, оны қой. Ермен шықты, ит қылып, Бидай шашқан егінге. Жай жүргенді уерд қылып, Тыныш өлсеңші тегінде. 1896-шы жыл

КӨҢІЛ ҚҰСЫ ҚҰЙҚЫЛЖЫР ШАРТАРАПҚА Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, Адам ойы түрленіп ауған шақта. Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің, Тактысына1 билесін ол құлаққа. Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды, Жүрек тербеп, оятар баста миды. Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда, Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды. ¥йықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар. Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы уатар. Адам аз мұны біліп ән саларлық, Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық. Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?

Көбінесе ән басы келеді ащы, "Кел тыңда!" деп өзгеге болар басшы. Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір Сол жеріне ойыңмен араласшы.

Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.

Білімдіден аяман сөздің майын, Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын. Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі

Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын. Көкірегінде оты бар ойлы адамға Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.

  1. Такт (орысша) — бұл жерде өлеңнің ырғағы ретінде алынып отыр. 1897-ші жыл

КӨҢІЛІМ ҚАЙТТЫ ДОСТАН ДА, ДҰШПАННАН ДА Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда. Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда? Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық, Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық. Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ Мейір қанып, мәз болып қуанарлық. Байлар да мал қызығын біле алмай жүр, Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр. Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып, Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр. Ел аулақта күш айтқан, топта танған, Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр. Естілер де ісіне қуанбай жүр, "Ел азды" деп надандар мұңаймай жүр. Ала жылан, аш бақа күпілдектер, Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр. Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр, О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр. Қарсылық күнде қылған телі-тентек, Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр. Қарындас қара жерге тыға алмай жүр, Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр. Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң – Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр. Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, Не пайда, не залалды біле алмай жүр. Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр, Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр. Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле, Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр. Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр. Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң, Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр? 1886-шы жыл ҚАЖЫМАС ДОС ХАЛЫҚТА ЖОҚ Қажымас дос халықта жоқ, Айнымас серт қайда бар? Алда көрген артта жоқ, Мысқыл, өсек, айла бар.

Жақсылығың күнде ұмыт, Бір жаңылсаң, болды кек. Пайдасынан бой суыт, Өзі тимей жүрсе тек. Пайда, мақтан өзінен, Артыла ма ант ұрып? Жарыса өсек сөзінен, Айта берсін шарқ ұрып. Кімге достық көп еттім, Түбі болды бір кейіс. Жақсы өмірім әуре1 еттің, Жар таба алмай бір тегіс. Жау қожаңдап бұртайып, Дос құбылып, әуре етер. Кімі тентек, кімде айып, Тексере алмай өмір өтер. Сыйласарлық тектінің, Кім танымас нұсқасын? Күнде өзімшіл ептінің, Несін адам ұстасын? 1 Әуара (парсыша) – қаңғыру, сергелдеңге салыну

ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың. Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың. Көрсеқызар келеді байлауы жоқ, Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың. Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын? Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың, Оның да алған жоқ па құдай құлқын? Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жылқың. Баста ми, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын. Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың, Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың? Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық, Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың? Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың, Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың. Ұғындырар кісіге кез келгенде, Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын? 1886-шы жыл

ҚАЛҚАМ-АЙ, МЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮРЕМІН КӨП Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп, Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп. Жүректегі жалынды көзден жас қып, Ағызғаным болады ол неге сеп? Антұрған ел көзіне тік қараймын, Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын. Жүрегімді кескілеп сатып жүрген Арсыздарды досым деп неге аяймын? Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем, Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем? Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек, Көзінен жасы шықса, бойына ем. Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің, Дұшпандығың қатайған шығар сенің. Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды ұмытып, шошыр едің.

ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға. Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет, Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға. Салаң етіп жолықса қайтқан ізі, Сағадан сымпың қағып із шалғанда. Бүркітші тау басында, қағушы ойда, Іздің бетін түзетіп аңдағанда. Томағасын тартқанда бір қырымнан, Қыран құс көзі көріп самғағанда. Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз1 қайқаң қағып шықса аспанға, Көре тұра қалады қашқан түлкі Құтылмасын білген соң құр қашқанға. Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап, О да талас қылады шыбын жанға. Қызық көрер, көңілді болса аңшылар, Шабар жерін қарамай жығылғанға. Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі, О дағы осал жау емес қыран паңға. Сегіз найза қолында, көз аудармай, Батыр да аял қылмайды ертең таңға. Қанат, құйрық суылдап, ысқырады, Көктен қыран сорғалап құйылғанда. Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады, Жеке батыр шыққандай қан майданға. Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы, Адам үшін батысып қызыл қанға. Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, Ұқсайды хасса2 сұлу шомылғанға. Қара шашын көтеріп екі шынтақ, О да бүлк-бүлк етпей ме сыйпанғанда, Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда. Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып, Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға. Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді, Қыран бүктеп астына дәл басқанда. Құсы да иесіне қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда. «Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап, Жасы үлкені жанына байланғанда. Сілке киіп тымақты, насыбайды Бір атасың көңілің жайланғанда. Таудан жиде тергендей ала берсе, Бір жасайсың құмарың әр қанғанда. Көкіректе жамандық еш ниет жоқ, Аң болады кеңесің құс салғанда. Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген Бір қызық ісім екен сұм жалғанда. Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң, Суретін көре алмассың, көп бақпасаң. Көлеңкесі түседі көкейіңе, Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң. Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

1 - Қандыкөз – бүркітті айтады. 2 – Хасса, қаса (арабша) – өте сұлу, кемелге жеткен сұлулық.

ҚАРА ҚАТЫНҒА Қара қатынға

Қара қатын дегенге, қара қатын, Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын. Ала жаздай байың кеп бір жатпайды, Қазақтың не қыласың шарағатын1.

  1. Шарағат (арапша) – шариғат, іслам дінінің жолы, заңы

ҚАРАША, ЖЕЛТОҚСАН МЕН СОЛ БІР-ЕКІ АЙ Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай — Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй. Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай. Кедейдің өзі жүрер малды бағып, Отыруға отын жоқ үзбей жағып. Тоңған иін жылытып, тонын илеп, Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып. Жас балаға от та жоқ тұрған маздап, Талтайып қақтана алмай, өле жаздап. Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын, Бір жағынан қысқанда о да азынап. Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да, тоңбайды бай баласы, Үй жылы, киіз тұтқан айналасы. Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы. Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, Бала шықса асынан үзіп-жұлып, Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес, Үйген жүктің күн жағын орын қылып. Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр. Асын жөндеп іше алмай қысылады, Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр. Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай, Артық қайыр артықша қызметке орай. Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!

Алса да аяншақтау кедей сорлы, Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны. Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы. 1889-шы жыл ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман. Бай алады кезінде көп берем деп, Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп. Би мен болыс алады күшін сатып, Мен қазақтан кегіңді әпперем деп. Жарлы алады қызметпен өткерем деп, Елубасы шар салып1, леп берем деп. Жалаңқая жат мінез жау алады, Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.

Дос алады бермесең бұлт берем деп, Жауыңа қосылуға серт берем деп, Бұзылған соң мен оңай табылмаспын, Не қылып оңайлықпен ырық берем деп. Сұм-сұрқия – сұмдықпен еп берем деп, Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп. Жүз қараға екі жүз аларман бар, Бас қатар бас-аяғын тексерем деп. Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп, Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп. Қара қарға сықылды шуласар жұрт, Кім көп берсе, мен соған серт берем деп. Бұзыларда ойламас бет көрем деп, Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп. Қабағын итше өшігіп шыға келер, Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.

Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп. Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп? Атаны бала аңдиды, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні? Арын сатқан мал үшін антұрғанның Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні. Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып. Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар, Паруардигәр жаратқан несін жан қып!

Ант ішін күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрысын. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын. Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

  1. Елу үйдің атынан сайланған елубасылар кішкене тасты (шарды) екі ұялы жәшікке салу арқылы болысты сайлауға дауыстарын беретін болған. Оны жұрт сол кезде «шар салу» деп атаған. 1886-шы жыл

ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЙҚЫ СЕРГЕК Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек, Өнерсіздің қылығы өле көрмек. Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай, Еріншек ездігінен көпке көнбек. Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек. Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек, Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек. Рас сөздің кім білер қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек. Қызыл арай1, ақ күміс, алтын бергек Қызықты ертегіге көтерілмек. Ақсақалдың, әкенің, білімдінің, Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек. Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек. Таразы да, қазы да өз бойында, Наданның сүйенгені – көппен дүрмек. Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп, қайғы жемек. Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек, Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ, Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, Адалдық, арамдықты кім теңгермек? Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

  1. Арай (парсыша) – көркем, әдемі. 1886-шы жыл

ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ Сырмақ қып астына Байның тоқымын, Отының басына Төрінің қоқымын Бүксітіп, Бықсытып, Қоқсытып келтірді. Осының бәрімен Көңілінде міні жоқ,

Жүзінің нәрі мен Бойының сыны жоқ. Бүкшиіп, Сексиіп, Түксиіп өлтірді. Күлкі боп көргенге, Құрбыға қадірсіз. Ас қылып бергенге Шыдамас, сабырсыз. Келді, ойбай, Салды айғай, Түк қоймай боқтады. Сөзінің жөні жоқ, Ақылсыз томырық, Қатынның күні жоқ Қамшы мен жұдырық. Барқылдап, Тарқылдап, Салпылдап тоқтады. СҮЙСІНЕ АЛМАДЫМ, СҮЙМЕДІМ Сүйсіне алмадым, сүймедім, Сүйегім жасып, сор қалың. Сүйісіп саған тимедім, Бола алмадым сенің жарың.

СӘУЛЕҢ БОЛСА КЕУДЕҢДЕ Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл. Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел. Имамсыздық намазда — Қызылбастың1 салған жол. Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел? Берекелі болса ел — Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқалып, Бұлғақтайды соқса жел. Жан-жағынан күркіреп Құйып жатса аққан сел, Оның малы өзгеден Өзгеше боп өсер тел.

Берекесі кеткен ел — Суы ашыған батпақ көл. Құс қаңқылдап, жағалап, Сулай алмас жазғы төл. Оның суын ішкен мал Тышқақ тиіп, аспас бел. Көл деп оны кім жайлар, Суы құрсын, ол бір – шөл. Единица2 – жақсысы, Ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол. Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл? Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол. Рас сөзге таласып, Ақжем болма, жаным, кел!

  1. Қызылбастар – қызылбаши (түрікше) – Иран жеріндегі көшпелі түріктерден құрылған, шах Исмаил бірінші мемлекетінің ең басты күші болады. Қызылбастар әскери жауынгерлерінің ерекшелік белгісі – он екі қызыл жолақты сәлде болған. Парсы жұртын қызылбастар деп атау осыдан шыққан. 2. Единица (орысша) – жалғыз, дара.

1889-шы жыл

ТАЙҒА МІНДІК Тайға міндік, Тойға шаптық, Жақсы киім киініп. Үкі тақтық, Күлкі бақтық, Жоқ немеге сүйініп. Күйкентай күтті, Құс етті,

Не бітті?

Атамыз бар, Молдамыз бар, Айтқанына көнбедік. Арт жағында, Біз соған зар, Боламыз деп білмедік. Ұрланып қаштық, Жолғастық, Шуластық.

Жазу жаздық, Хат таныдық, Болдық азат молдадан. Шала оқудан, Не жарыдық, Қалғаннан соң құр надан? Бағасыз жастық — Бозбастық, Адастық. Бозбалалық — Қыз қарадық, Қалжың, әзіл сөйлестік. Ат жараттық, Сән тараттық, Әуейілік күйлестік. Көңілге келер, Кім жолар, Кім көнер? Қайын бардық, Қатын алдық, Енші тиді азғана. Шаруа атандық, Енді ойландық, Қала берді бозбала. Бұрынғы қайда? Ойбайла — Не пайда? ТОТЫ ҚҰС ТҮСТІ КӨБЕЛЕК Тоты құс түсті көбелек Жаз сайларда гулемек. Бәйшешек солмақ, күйремек, Көбелек өлмек, сиремек. Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек. 1902-ші жыл ТУҒЫЗҒАН АТА-АНА ЖОҚ Туғызған ата ана жоқ, Туғызарлық бала жоқ. Туысқан туған, құрбылас Қызығымен және жоқ. Тулайын десе шара жоқ, Толықсып жүрер шама жоқ. Ұйқы мен астан дәм кетіп, Сақалда, шашта қара жоқ. Байбайшыл тартып, баға жоқ. Жастарға жаппас жала жоқ. Жат қораны күзеткен Қартаң шалда сана жоқ. 1896-шы жыл ТҮБІНДЕ БАЯНДЫ ЕҢБЕК ЕГІН САЛҒАН Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗБАС ШАБЫЛСА ДА Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, Оған да үкі, тұмар тағылса да. Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды, Кім желігіп, қай шеттен қағынса да. Күшік ит бөрі ала ма жабылса да? Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да. Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды, Әр жерде-ақ керегеге таңылса да. Құтырды көпті қойып азғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы. ФИЗУЛИ, ШӘМСИ, СӘЙХАЛИ Фзули, Шәмси, Сәйхали, (3) Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммәси Мәдәт бер я шағири1 фәрияд2. 1 - Шағири (арабша) – ақын. 2 - Фәрияд (парсыша) – теңдесі жоқ, асыл.

ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС ҚҰЛАҚ Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жотасы болса күшті. Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, Тояттаған бүркіттей салқы төсті. Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ, Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ. Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік, Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ. Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы, Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы. Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп, Көтендігі сығыңқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті, Өзі санды, дөңгелек келсе көтті. Сырты қысқа, бауыры жазық келіп, Арты талтақ, ұмасы үлпершекті. Шідерлігі жуандау, бота тірсек, Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек. Екі көзін төңкеріп, қабырғалап, Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек. Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем, Иек қағып, еліріп басса әсем. Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас, Разы емен осындай ат мінбесем. Аяңы тымақты алшы кигізгендей, Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей. Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

ШЫҒЫС АҚЫНДАРЫНША Иүзи – рәушан1, көзі – гәуһар2, Ләғилдек3 бет үші әхмәр4. Тамағи қардан әм биһтар5, Қашың құдрет6, қоли шигә7. Өзәң гүзәлләра рәһбар8, Сәңә ғишық болып кәмтар, Сүләйман, Ямшид, Искандәр, Ала алмас барша мүлкигә. Мүбәда9 олса ол бір кәз, Тамаша қылса йузмә-йуз. Кетіп қуат, йұмылып көз, Бойың сал-сал бола нигә? 1 - Рәушан, рушан (парсыша) – жарық, айқын, әдемілік. 2 - Гәуһар, жауһар (парсыша) – асыл тас. 3 - Лағыл (арабша) – асыл қызыл тас. Лағылдек – лағылдай. 4 - Әхмар (арабша) – қызыл. 5 - Биһтар (парсыша) – бетер, жақсырақ. Бұл жерде қардан да ақ деген мағынада.

6 - Құдрет (арабша) – күш. Бұл жерде ерекше жаратылған деген мағынада. 7 - Шигә (парсыша) – әдемі, сұлу. 8 - Рәһбар (парсыша) – жол сілтеуші, бастаушы. Бұл жерде әдемілікке бастаушысың деген мағынада. 9 - Мүбәда (арабша) – егер де бола қалса деген мағынада. ШӘРІПКЕ Түңлікбайдың қатыны, атың – Шәріп, Байға жарып көрмеген сен бір кәріп. Сен – шыққан жол үстінде жалғыз түп ши, Көрінген ит кетеді бір бір сарып. ЫСЫТҚАН, СУЫТҚАН Ысытқан, суытқан. Бойыңды бір көңіл. Дүниені ұмытқан Құмарың тозар, біл. Әуелгі кезіңде Қайтпаған көңілдің, Есептеп өзің де Түрінен өмірдің; Бір жақсы күнім деп, Қызықпен сөйлесіп, Артынан ол нем деп, Ұялып кезнесіп.

Бір ақымақ әңгіме Сықылды көрінер. Онысып өңгеге Айтуға ерінер. Айтуға білсе, ерінбес, Надандықпен жеңілмес. Білген кісі айтса оған, Надандығы кемімес. 1893-ші жыл

ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ Өзгеге, көңілім, тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың? Оны айтқанда толғанып, Іштегі дертті жоярсың. Сайра да зарла, қызыл тіл, Қара көңілім оянсын. Жыласын, көзден жас ақсын, Омырауым боялсын. Қара басқан, қаңғыған, Хас надан нені ұға алсын? Көкірегінде оты бар, Құлағын ойлы ер салсын. Тыңдамаса еш адам, Өз жүрегім толғансын. Әр сөзіне қарасын, Іштегі дертім қозғалсын. Әуелесін, қалқысын, От-жалын боп шалқысын. Жылай-жырлай өлгенде, Арттағыға сөз қалсын. Мендей ғаріп кез болса, Мойын салсын, ойлансын. Қабыл көрсе сөзімді, Кім таныса, сол алсын. Не пайда бар - мың надан Сыртын естіп таңдансын. Онан дағы бір есті Ішкі сырын аңғарсын. Өздерің де ойлаңдар, Неше түрлі жан барсың. Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың. Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың. Соны көріп, соларға Қайтіп қана сарнарсың?!

1890-шы жыл ӨКІНІШТІ КӨП ӨМІР КЕТКЕН ӨТІП Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп. Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім. Арылмас әдет болды күлкішілдік, Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін. Тура тілді кісіні дейміз орыс, Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс. Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай, Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс. Сенімі жоқ серменде1 сырды бұзды, Анық таза көрмейміз досымызды. Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ, Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос-асықтың болмайды бөтендігі, Қосылған босаспайды жүрек жігі. Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз – Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі. Сеніскен досым да жоқ, асығым да, Ақыры өлең қылдым, жасыдым да. Көрмеген көп дүние көл көрінді, Кірлемеген көңілдің ашығында. Құдай берген бұл достық – кәннің2 бірі, Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі. Қолдан достық жасап ем болар-болмас, Итмұрындай наданның жыртты бірі. Сол досты сая таппай іздейді жан, Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан. Жау жабылса бұзылмас жан көрмедім, Артық жолдас таппадым татулықтан.

1 Сенделіп босқа жүрген адам. Негізгі парсының шаһрбант деген сөзінен шыққан. 2 Кән (арабша) – кен, кеніш (рудник). Ауыспалы мағынада: мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті. ӨЛЕҢ - СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол - ақынның білімсіз бишарасы. Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы. Әуелі хаят, хәдис – сөздің басы, Қосарлы бәйітмысал келді арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.

Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы, Мүнәжәт уәлилердің зар наласы. Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, Әрбірі келгенінше өз шамасы. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап. Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап. Жат елде қайыршылық қылып жүріп, Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап. Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап, Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап. Қазаққа өлең деген бір қадірсіз, Былжырақ көрінеді солар даңдақ. Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, Сендерге де келейін енді аяңдап. Батырды айтсам ел шауып алған талап, Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, Әншейін күн өткізбек әңгімеге Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап. Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп, Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап. Амалдап қарағайды талға жалғап, Әркім жүр алар жердің ебін қамдап. Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын, Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап. Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап, Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап. Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, Елдің байын еліртіп «жау мұндалап». Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап – Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап. 1887-ші жыл

ӨЛСЕМ, ОРНЫМ ҚАРА ЖЕР СЫЗ БОЛМАЙ МА?

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат, ғадауат¹ пен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма? Біреуге жай, біреуге тез болмай ма? Асау жүрек аяғын шалыс басқан Жерін тауып артқыға сөз болмай ма? Сонда жауап бере алман мен бишара, Сіздерге еркін тиер, байқап қара. Екі күймек бір жанға әділет пе? Қаны қара бір жанмын, жаны жара. Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ. Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме. Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті, Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме! Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең шіркін — өсекші, жүртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей. ¹Ғадауат (арабша) — дұшпандық, ашу, жек көру 1898-ші жыл

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙