Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 38 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ислам Қосжан
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
ИСЛАМ ҚОСЖАН
ТАЛҒАТ ҚАЙБҰЛЛАҰЛЫ
САДУАҚАС АБДЫНАСЫРҰЛЫ
АТАЛЫҚ ӘБДЕШҰЛЫ
ЖҰБАН ТАСАР
ЗӘКІРЖАН ҚАЛКЕНБАЕВ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақындар И. Қосжанның, Т.Қайбұллаұлының, С.Абдынасырұлының, А.Әбдешұлының, Ж.Тасардың, З.Қалкенбаевтың шығармалары енгізілді.
ИСЛАМ ҚОСЖАН
Ислам Қосжан – 1954 жылы туған. 1972-1973 жылдары Жетісай мәдени-ағарту техникумының халық аспаптары бөлімінде оқыған. 1973-1977 жылдары Арқалық педагогикалық институтында оқып, физика – математика мамандығы бойынша Маңғыстауда ағартушылық салада жұмыс жасаған. Қазірде «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінде жұмыста. Ақтау қаласында тұрады. Өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда» газеттерінде, «Таң Шолпан», «Жұлдыз» жорналдарында жарық көрген. «Мазасыз тіршілік», «Мазасыз жүрек», «Іңкәр көңіл», «Сезім жапырағы» кітаптарының авторы. АЛЫСТАҒЫ АҒЫСТАР (Өлеңдер)
І БӨЛІМ
ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР Кездеріңде, Жан қиналып, ауырған, Іздегенде тек жаныңнан табылған. Өкпесі жоқ – Бұл дүние тұрады, Жүрек пенен бауырдын.
Өлеңім Желік беріп жел көтерген танауға, Өлең бердім бір ағаға сынауға. Ағам айтты, Босқа өткен күндерің, Өлең дейсің, «Өлеңдерің» мынау ма? Деді тағы, Өлең сенің ісің бе? Өлең жазсаң Абайларша мүсінде. Бетке айтатын мінезім бар тік сондай, Түсін мейлің, түсінбе. Бекер болды өлеңімді бергенім, «Мезгілінен қолымды кеш сермедім...» Некролог жазып беріп өлеңге, Өз қолыммен жерледім. ...Бір жақсылық күтетіндей ел менен, Елім саған, Жырдан басқа не берем?! Өлең жаздым, Көп жыл салып араға. Ұяң қыздай, Тойға барып көрмеген. Тындырдым не, Қандай істі бітірдім? Дей алмаймын, Шаруа бітті, шүкірмін. Сөйлемімнің Қойылмаған нүктесі, Әзірге тек, үтірмін!
Тұсауымды кесіңдер өмір, менің
О, Дүние, Сұрағым бар, сұрар менің, (Түбі біреу сырымды ұғар менің). Метеориттей аспаннан тасталған боп, Өмір сүрсем... Қайтадан басталған боп, Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?! Сұрағым бар қоятын, сұрар менің, (Ұғатындар түбінде шығар дедім.) Тасталқан боп дәл қазір күйіп кетсем, Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?! Демесем де, Дүние, жалықтым-ау, Кейбір жерде осалдық таныттым-ау. Келетін де, кететін біздер екен, Өмір жатыр бір күйі ағып мынау. Өгейсініп, Бұл өмір тастамасын, Соны ойлап қатады қасқа басым. Аяқтау да өмірді керек шығар, Жаңа өмір қайтадан - Бастағасын! Әр нәрсені бір ойлап, түңілгенім, Жеңістерім, тағы да сүрінгенім. Қайраттанып қайтадан бастайыншы, Тұсауымды кесіңдер, Өмір, менің! Егемендік көктемі Көп жыл күткен... Көктемнің келгені анық, Шаттығым тұр жаңбырдай селдеп ағып. Ашсам болды аузымды жыр ағады, Жүрегіме алғандай перне тағып. Жаңа Айдың сәулесі көлде жанып, Жусан иісі сіңеді желге барып. Қаулап өскен мен дедім, Бәйтерекпін, Әуелі шөлдеп алып. Жинап алған, Жылуын нұр ағыстан, Желбіреген туымда қыран ұшқан! Болмайды екен жастың да кермек дәмі,
Көзден ақса, қуаныштан. Ана тұстан дүмпулер... Мына тұстан, Хабар келді, Шыққанда жаңа қыстан. Әнін айттым Шәмшінің жүректі ұстап, Осы – деді періштем, Қазақстан! Маңғыстауға келдің бе?!
... Түбінде, Маңғыстауға барамын мен, Қасыма ертіп алып «Қырық қызымды»... Ақтәжі (Қарақалпақтың ақын қызы) Тауы да, Теңізі де – кілең өлең, Келдің бе, Маңғыстуға келем деп ең?.. Қаратау Маңғыстаудың қақпасы де, Шегелеп қой тастарын шегендеген. Тастары шежіредей, Кілең көсем, Жатқаны уақыт күтіп, еленбесем. Он жылда бірақ рет көгеретін, Шөптер бар Маңғыстауда көрем десең. Тарихтың тұнып жатыр ашпағаны, Жазылған ескі хаттай тасқа бәрі. Меккесі Қаратаудың Бекет жатыр, Сол тұстан Маңғыстау да басталады. Қадамың сәтті болсын бағыттаған, Алдыңнан Теңіз шығар салып бір ән. Мен саған Теңіз болып төселемін, Төсінде ақ шағала қалықтаған. Берілсе аз-мұздаған өмірдерек, (Жүремін мен қасыңда көңіл демеп). Түсініп, Маңғыстауды жырлау үшін, Жеті рет кетіп және келу керек. Көркі - Күн, Мекенімді аралашы, Дейтұғын ескі көздер - Тұран осы. Түнді де жап-жарық боп қарсы алады, Биікке шырақ жағып мұнарасы!
Қаратаудың тасы Бесігіне құштарлықтың бөледің, Ниет түзеп, Ата саған келемін. Қаратаудың тасы жатыр сыр шертіп, Тіліменен көненің. Жолдар қанша, Бір-бірімен жарысқан, Саған келіп, Күн нұрымен табысқан! Жылылықтың, Ұлылықтың мекені, Бір арнада тоғысқан! Қуат берген Күн көзі, Ғасырларға сыр бермеген іргесі. Көрінеді алыстан, Биіктік пен тереңдік, Жер астының күмбезі. Шаңы жұтпай жылдардың, Әр жүректің түпкірінен үн жардың. Әрбір тасы маңдай термен қашалған, Ізі жатыр қолдардың! Келдім, Ата басына, Жаңбыр жауды... Нұрдың тамған жасы ма?! Пана болған баршаға, Қасиетті-ау, Қаратаудың таса да!
МЕКЕНІМ
Қанша арман сапарларға ұзатты, Сағынышты тек жұбаныш жұбатты... Асыл мекен, Тарту күші сендегі, Атомнанда қуатты. Киелім сен, Қасиетті мекенім, Ұзап шықсам, Құстай ұшып жетемін. Ата – Бекет Ата Сенсің менің шөлдегенде шәрбәтім, Сенсің менің шекерім. Орындалса асқақ арман, Тілегім, Сенің маған тілеуің деп білемін. Жеріңе өңдес реңім, Өзіңе үндес жүрегім. Кей кездерде, Жабығумен күн кешем... Түнде жүріп, Жұлдыздармен тілдесем. Сенен алыс, Ұзақ шығып келмесем, Сағыныштың не екенін білмес ем! Өмір – өлең
Жатарда, Үш қайырған келемеден, Туса ғой дәл осындай кемел өлең. Кәдімгі жапырағы, Сабағы бар, Дәптерге көшет қылып өлең егем. Сапарда, Үш қайырып келемеден, Бір ойлар кетпей қойды неге менен? Өлеңді шеңбер сызып шыр айналам, Білмеймін қызғанамын сені неден?! Күбірлеп, Жатқа айтып келемеден, Түбі бір кетпеспін-ау сенен өлең. Бәріне ортақ жалғыз жүрегім бар, Біткенше соңғы демім, төге берем! Бүгін тек, Сазға салып келемеден, Түндерге тіл қатайын түнемеген. Әуенмен жүрегімді тербетейін, Қосылып сеніменен, Өмір – Өлең! Қарақия
...Мынау бір жатқан қап-қара ойпат, Соқты ғой содан жып-жылы леп бір. Дүниедегі ең төмен алқап, Теңіз деңгейінен жүз елу метр. Ғ. Қайырбеков.
Нар өркешті, Тау дегенде қиялар, Биігінде қыран салған ұя бар. Қарақия тереңдіктің тамыры, Көң беттері қыртыс-қыртыс жыралар. Қой тастары Күн нұрына тіл қатып, Жел бұрымын жыңғылына шырматып. Ең төменгі нүктесіне келгенде, Ащыағар тұр, Ащы жасын құрғатып. Сәл желпініп самал соқса қырынан, Сыбызғыдай сызылады қызық ән. Қасқыр шығар... Тау шатқалын аралап, Түнді түртіп ұлыған.
ЖЫҢҒЫЛДЫ
... Өнер мен үлгі - өнеге жөнінен Қазақстанды кең жазира дала десек, Маңғыстау – оның оазисі, ал Жыңғылды – соның нақ ортасындағы гүл бағы. А. ЖҰБАНОВ. Тау болмаса... Құйылмас жыры мұндай, Құр-құрлаған, Құрлардың қылығын-ай. Таңдай қаққан тастары, Тас төбеңде, Тау бұлағы таулардың бұрымындай. Күннен түскен сәуленің сынығын-ай, Отта жанған жыңғылдың шыбығындай. Қырмызы гүлі жыңғылдың жайқалады, Абыл тартқан, Күйлердің тұнығындай. Ұғатындай көп сырды дала мұнан, Ұшты қанша,
Бұл таудан дара қыран?!. Үрпек бетке тау суы ағып жатыр, Абыл тартқан домбыра шанағынан. Күй секілді басталған жоғарыдан, Сумен қоса күй аққан бұлағынан! Есір болып, Есілген есіл күйлер, Құйылғандай Ай – Шуағынан!
ТАМШАЛЫ
Табиғат та қызық-ау... Сусыз ен далада, көлемі үш қанатты ағаш үйдің аумағындай қаратаудан үңгір жасап қойған, үңгірдің биіктігіне созған қолың жеткендей, төбеңнен мыңдаған тамшылар тамып тұр...
Кезсем деп, Теңізі мен құба белді, Шөлдесем шөл басармын сұрап елді. Дегенде, Жаңбырларын тасырлатып, Алдымнан моншақ мойын шыға келді. Өң мен түс тәсіл тауып араласқан, Шылбырын тұлпар - бұлақ ала қашқан. Бұлттардың жаңбыр жауған даусыменен, Моншақтар тамшылайды қара тастан. Көрмеген бұрын мұндай кереметті, Оюлы бұлақ жайған текеметті. Қой тастар суды көріп жамыраған, Мен болып құлақтары елең етті. Құтқарып алатындай қиын сәттен, Табиғат тіршіліктің күйін шерткен. Исініп кетпесін деп, шандыр дене, Даланың төсі болар иіп кеткен. Орман боп, Жыңғыл, қамыс шаншылады, Мұндағы туғандардың әнші бәрі. Даланың жан бітірген тамырына, Нәр берер Тамшалының тамшылары!
Үрпек – Жыңғылды елді мекеніндегі тау суы жиналатын қазандық. Қаламқас Жаугершілік заманында ер-азаматтар елге оралғанша Қаламқас қызкеліншектерден жасақ құрап, елді қорғаған, қарттар мен балаларды аң аулап, аштықтан сақтаған. Қаламқас қатты боранда аң қуып жүріп, абайсызда ұшпадан ұшып өлген. Қазірде осы жерде Қаламқас атыман аталатын үлкен мұнай – кен орны бар.
І Қаламқасты бір көру арман тұнған, Есімі де есіңді ойландырған. Аңыз деген сөзінен шындық жақын, Естіледі бір әуен салған қырдан. Қаламқаста болу бір құмар бастан, Теңіз болып, Алдыңнан шығар аспан. Теңіз жақтан көрініп шыққан ізің, Қас-қағымда мұнар басқан. Кеткенменен ол күндер оралмасқа... Кешегіден айтылған бұл ән басқа. Еріксізден ілестім бір әуенге, «Айттым сәлем Қаламқас» - Қаламқаста.
ІІ Қиялымды тілеулес ұзатып ем, Кетті менен сабырсыз, Маза тіптен. Аңызақ жел, Сор, Аптап, Қаламқас деп, Қалай нәзік атаған? Қыз атымен. Сосын сені көруге арнап барғам, Ойлар таптым өзіңнен салмақталған. Сөйтсем халқын жылдардың аштығынан, Қызы екен ол түбекте қорғап қалған. Білмеген ем болар деп, сыры мұндай, Көрінесің алтынның сынығындай. Тұрбалары мұнайдың жатыр көлбеп, Тарқатылған Қаламқас бұрымындай. Құлан жортпас, Көңілден таса болған... Сорлар жатыр қарттардай, Шашы ағарған. Бүгінгінің ерлері сол далада, Ақиқатты аңыздан жасап алған!
Қаражамбас Естілдің түнектей боп маған алғаш, Тіршілік атаулыға пана болмас. Соры бар... Бес елідей маңдайының, Қара жан баспапты ғой, Қаражамбас. Сорлы жер, Теңізі бар, Шөлді мекен, Жоқ онда көзге түсер белгі деген. Боздаған боз маядай желдің даусы, Бүгінге шыдап қалай келдің екен?! Тіршілік мұңдаспаған, Сырласпаған, Шайтанның мекені деп, жан баспаған. Иірген қарт әженің жіптеріндей, Жолдар да үзік-үзік жалғаспаған. Сол дала... Бүгін міне сырлас маған, Сорлары аппақ гүлдей бүр ашқаннан. Мұнайдың дариясы – Ариясы, Өзіндік дауыс алып, ән бастаған. Болғанмен басқашалау санамда алғаш, Жырыма мен өзіңнен табам жалғас. Мұнайдың мұнарасы көк тіреген, Атыңнан айналайын Қаражамбас Тербесін мені тербесін, Көңілді шаттық кернесін. Тербелмей тұру мүмкін бе? Биікке шығып көргесін. Еңбекпен әсем жыр құрар, Төсінде жердің бұрғылар. Тереңде соққан тамырлар – Тереңде жатқан тұрбалар. Мұнара сансыз,
Мұнара - Сыңсыған орман бұл ара. Қиялмен жүріп биікте, Орманды кел де арала. Көңілің шалқап тасыған, Қараса мұнара басынан. Аспанда жүрген ақ бұлттар, Мойныңа келіп асылған.
ЖЕТІ ҚАЙҚЫ
«Жеті қайқы»: Тастемір, Өскінбай, Тұрсын, Жылгелді, Досат, Шолтаман, Әділ. І Түп қияннан жетті бізге асыл ән, Аспанында бұлттар бүркеп жасырған. Қаратаудың аржағынан шырқалып, Бержағына асылған. Қақ айырып қою түнді жолынан, Жұлдыз жанып, Айы туып оңынан. Заты басқа, Аты болар басқаша, Жүрек шырқап, Естіледі болып ән. Жетті бізге ұзатылып ұзын көш, Сұлулық-ай, Бір міні жоқ үнінде еш. Дауысында бес байталдың құны бар, «Жеті қайқы» ән салады бүгін кеш. Дауыл керек шымырлатар денені, Жай дауысты елім ерсі көреді. Бір-біріне шаң тигізбей аттары, «Жеті қайқы» қырдан асып келеді.
ІІ Ағыстарды елемей, Жарып бұрған, Алыстарды телегей, Қарық қылған. Ақ жаңбырдай дүние-ай, Нөсерлеткен, Ән екен ғой аспаннан ағып тұрған. Аппақ, әсем сөз елес, Сазы ұқтырған, От па десем? От емес - Жарық қылған. «Жеті қайқы» шетінен сылқым сері, Келе жатқан айқайды салып қырдан. ...Қыз қылығы, Айтпай-ақ назы ұқтырған, Ерін гүлдей бүршігін жарып тұрған. Жеңгесінің жүрегі дүрсілдейді, Қызды ертіп жігітке жолықтырған.
ІІІ Әуенін айт жеткесін дегеніне, Ақ қанатын ақ бұлтқа іледі де. Аузын ашса ән ұшқан көмекейден, Аржағынан көрінген көмейі де. Зер шашақтың малынған реңіне, Төгілетін түрі бар міне-міне. Ән келеді аспаннан бұлт қайырып, Сыйса жақсы жер-көктің көлеміне. Бал жағылған сазына, Өлеңіне, Жұтқан сайын бір жұтқың келеді де! Шыр айналып тұрғандай, Ән қалықтап, Биші қыздың оралып білегіне. Әуенін айт бұл әннің ұйқы ұрлаған, Төрт тағандап дүниені сыйқырлаған. Жүрек дейтін тәйірі, жүрек пе екен? Бір дөңбекшіп, Орнынан бұлқымбаған!
ІV Жансызға да жан бітіп, Қарап қалып, Ине-жіптей ән-өлең сабақталып. Үнсіздікті кеткендей бұзып-жарып, Ән барады аспанда қанат қағып. Аппақ гүлдей жаңа ашқан бүрін жарып, Бірте-бірте келеді шымырланып. Тұңғиыққа тамыры терең тартқан, Ән барады жүректі жұлып алып. Бұрқылдаған құмандай шоқта тұрып, Қосыласың әнге іштей жатқа біліп. Таудан тіке құлаған сарқырама, Ән барады көмейден ақтарылып. Әншілікті маңдайға жазбағасын, Көңіліңді тыңдаумен мәз қылысың. Сұлулық-ай, Осыша тәтті болып, Бір мысқылдай сен неге аз боласың?!
V Қадалар бір нүктеге көзің талмай, Бір таңға тек «әу» деген созылғандай. Жүйріктей құйындатқан екпіні бар, Есілмес, Ең әуелі озып алмай. Бұл әннің «қылықты қыз» назы қандай, Сөзі де оймақ ауыз, Жазық маңдай. Оюлы құрақ көрпе айналасы, Көк көлдей кете алмаған қазы қонбай. Бұл әннің «сырғалы қыз» сазы қандай, Әуенмен қоса шыққан сөзі балдай. Қыран да биігіне самғамайды, Қанатын кеңге шығып жазып алмай. Осылай жеткендігі өрлігі ме, Бір әуен алас жақтан келді міне?! Қаратау таңдай қағып жаңғырады, Әуеннің қанат жайған кеңдігіне.
VІ Жарқ етті көңіл - найзағай, Есілген әнді тыңдаған. Жарығы түскен айнадай, Сәулесі жанды шырмаған. Лап ете қалды от өріп, Жануы бөлек басқадан. Салмағын аспан көтеріп, Шеңгелдеп жерге тастаған. Ән ғой бұл тұрған жарқырап, Ал, Күннің көзі – тостаған. Аспаннан бұлтты тартып ап, Жарқырап жетті асқақ ән! Шашылған көктен ән деші, Табылмай сөздің тұрғаны–ай. ...Дірілдеп суда сәулесі, Үн тамып кеткен сырғадай.
VІІ Көктен шығар, Көк пен жерді көктесін. Келген болар күткесін. Шағаланың қанатына ілініп, Тауып алдым, Бір әуеннің нүктесін. Жеткен шығар, Жаңбырлатып төккесін. Тіліп өтіп, Қақыратып көк төсін. Қасқалдақтың тұнып тұрды көзінде, Ағып түсіп, Жерге тамып кетпесін! Абыл ақын Түркпеннің классигі Мақтымқұлы: «Түсімде Абыл және қарақалпақ, қаңлы руынан шыққын Ақтәжі ақын қыз үшеуміз бір жерден кесемен ас іштік. Қызбен екеуміз кесенің ішіндегі асты іштік те, Абыл кесені асымен жұтып қойып еді. Абыл бізден кейінгі ақын болар, бірақ, ақындығы басым болар» - деген екен.
Өзі дүр-ді, Басқа әлем, Ашпаған, Дерек аз ба?.. Жыр жазуға жасқанам. Қағазсыз–ақ домбырамен Абылым, «Қырық том» жазып тастаған. Өлең-жырдың дариясы ағылған, Көлем жырдың ариясы лағылдан. Біз білетін, «Қырымның қырық батыры», Бастау алған Абылдан. Адай дейді-ау. Адайлығын жасаған, Ас пен бірге кесені де асаған. Абыл бастар, «Бес жүйрігін адайдың», Нұрым, Ақтан, Аралбай мен Қашаған. Басылмады көңілімнің құмары, Ой – санамда Абыл ақын тұрады. Барымызды бағаламай келеміз, Мойындаған, Мақтымқұлы пырағы! ...Абыл геліп аддан дүшди, Анча Бек гелип гөрушди... ...Абыл келіп аттан түсті, Қанша Бек келіп көрісті... Хатам (түркпен ақыны)
Күтудей-ақ күтуде ауыл бүгін, Сағындырған естуге жағымды үнін. Маңайдағы кең қазақ жиналуда, Жыр-жырлайды дегесін Абыл дүрің. Осы ауылға келері көп естіліп, Абыл келді, Керуен – жыр ілестіріп. Сап түзеген алдында Бектер тұрды, Шыққан болып бір үйден кеңес құрып. Осы емес пе? Ел-жұрттың қалағаны, Абыл жырдың қадепті қара нары! Бұл Бектердің Абылды күтуі шын, Күтпеуіне жетпейді шамалары. Ай жырласа жиналмай жыр етегі, Түнді түнге әкеліп, түнетеді. Бір сәтінен ақынның үзінді бұл, Осы шығар Абылдың ірі екені!
Нұрым ақын Бірде, Мұрын жырау ұстазы Нұрымға сұрақ қойыпты: – Абыл сізден қаншалықты алдағы ақын?- деп. Сонда Нұрым қарсы сұрақ қойып: – Бұхара осы арадан қанша жер?-депті. – Екі айлық. Нұрым сол кезде Мұрынға: – Менің алдымда Абыл да дәл сондай қашық – деген екен. Жаныңды бір аяз-ой қарығасын, Адалдықты шынымен сағынасың. Сондай сәтте сұрапты Мұрын жырау, Сізден қанша алда деп, Абыл ақын?
Алыстарға кеткенде шығып атың, Мәрттік демей не дейін, Мұныңа шын?!. «Абыл бізден алысы Бұхарадай, Екі айлық жер» - депті ғой, Нұрым ақын. Бірі басым ақын-ды, Бірі жасын, Кішірейтіп тұрғаны ұлы басын! Мықтылықты мойындау осалдық па? Ірісің ғой өзің де, Нұрым ақын. Бірі Абылым болғанда, Бірі Нұрым, Бірі сазым болғанда, Бірі жырым. Сіздерменен көрінер адалдығым, Сіздерменен білінер ірілігім!
Жанғабылдың Сәттіғұлы Бірде Сәтіғұл Қашағаннан: – Мен қандай жобадағы ақынмын? – деп сұрапты. – Сөздерің дәнді, бірақ көп сығалайтын мергенсің, сен сығалаймын дегенше жау кезек күтіп тұра ма?! – деген екен. (Сәтекем көптеген шығармаларын көрпені бүркеніп жатып шығарды деген де сөз бар) Отты сөзі жалындай, Отты жыры, Қақыратқан дауылдай, Өткір үні. Тартып тұрған жебені, Сөз мергені, Жанғабылдың Сәттіғұлы! Тәтті сөзі қауындай, Тәтті жыры, Туған өлең бүркеуде, Сәтті күні. Сөзі шықты бүркеуден, Өзі қалып, Жанғабылдың Сәттіғұлы. Қатты сөзі, Жауындай ақты жыры, Құлағыңа келгендей ат дүбірі. Сөзі шықты, Бүркеуден өзін алып, Жанғабылдың Сәттіғұлы!
Аралбай жыр ...Көңілім шатты күнінде, Аралтай едім халқыма. Әлдилеп сүйген жалғызым, Қайырылмай кетті-ау артына. Аралбай. Жұмбақ болып көрінген, Аралдай дүр, Оқшау қонып керілген, Қамалдай тұр. Үйірінен адасқан құлындай бір, Оралмай жүр, Неліктен? Аралбай жыр! Шоқ түсірген жүрекке, Жанардай нұр, Таңғы шыққа сүрінген, Самалдай бір. Қона алмай жүр, Неліктен? Аралбай жыр! Табылмай жүр, Қасқалдақтың қанындай жыр. Таңдайыңа татыған, Шырындай жыр. Оралмай жүр, О, жалғызын іздеген, Аралбай жыр!
Ән еді салған жеңешем Сырнайлы әуен, Төгілді үн, Жүрекпен тапқан үйлесім. Мен тұрмын тыңдап, Көңілдің, Ағытып тастап түймесін. Кербездеу бастап сиқырлы ән, Жүрекке қонған гүлістан! Серпілтіп тастап ұйққыңнан, Жаныңмен жақын ұғысқан. Мәуелеп тұнық тараған, Ән бе, ей, мынау, Ғажайып?! Төзім де менде жоғалған, Ал, ғашық болсам... Несі айып?! Сан арман менде көктеді, Мақтауға сияр не десең! Жүректі билеп кеткені, Ән еді салған жеңешем.
Ақиқатқа хат Ақиқат (Ізберген) дүниеге келгенде әкеміз Рзабек ағашты ойып, домбыра жасаған екен. Жығып тастап, Бір ағашты шалқадан, Шөміш-шөміш тер шығарып арқадан. Сен туғанда сол ағашты шауыпты, Шыға ма деп ән содан! Жауап іздеп, Таппай жауап қаша адам, Бітер іске күте-күте шаршаған. Екпінінде найзағайдың жарқылы, Әке үнсіз, Үн шығыпты балтадан. Қуат беріп, Жігеріне сол қадам, Сен туғанда әкем әнді аңсаған. Ақиқаттың бір тартқанын көрем деп, Бір домбыра жасап берген аршадан. Солай болсын... Мен ырымға сенемін, Әкеміздің жалғастырған өлеңін, Арша ағаштан бір домбыра жасалған, Аға сенің артыңа ерген мен едім.
Әкеміз жасаған домбыра облыстық мұражайда. Жауабы жоқ, сұрақпын Мүңкір періште жақсыңды жазып отырады, Тізеді Нәңкір тек қана айып-кінәні. «Тафсир» ...Алдымызда бір сот бары анық бұл, Жұмақ, бәлкім тамық-дүр. Біз пақырды жерде аңдушы аздай-ақ, Аспаннан да бағып тұр... Е.Раушан
Жауабы жоқ сұрақпын, Таппағасын жаным жай. Өмір тәтті, Бірақ тым – Қысқа, қамшы сабындай. Жазсаң оның арты дау, Шыным осы. Жазбас ем! Жоғарыдан бақылау, Жердегіні аз десең. Қыздырады шекеңді, Тұман ойлар бүркейді. Әттеген-ай... Қатеңді, Нәңкір жинап, тіркейді. Жазады екен күнде не, Сұрауға да болмайды, ә? Айтқың келсе бірдеңе... Мүңкір бірақ, тыңдай ма?! Ысылғанбыз көндігіп, Басқаға да... Шыдармыз. Қалтырама шерлі үміт, Жол болмайды бұраңсыз! Іштей тынып алһаммен, Жақсылыққа шөлдедім. Бір Алласы болғанмен, Құдайы көп... пендемін.
Қарлығаштың ұясы Қалден Серен қазақ ауылдарын бірінен соң бірін шауып, құйындата, жұйткіп келе жатады. Қарсы тұрарға күш болмағасын Төле би елді түгел көшіреді де, өзі көшпей қалып қояды. Қалден Серен ауылға жақындағанда жұртта қалған жалғыз үйді көреді. Жақындап келіп, Төле биден: – Ауылың қайда? – деп сұрайды. – Сенен қорқып көшіп кетті. – Сен неге көшпедің? – Киіз үйімнің босағасына қарлығаш ұя салып, балапан басып шығарды, солар темір қанат болып, ұшып кеткенше үйімді жықпаймын деп, қалып қойдым. Бұл қасиетті құс, обалдан қорқып отырмын,- деп жауап беріпті. Сонда дұшпандардың өзі «бұл тегін адам болмады» деп, ордасына шақырып, құрмет көрсетіп, аттың басын бұрып, кері қайтқан екен.
Тыныш мекен, Іздегенде табылмас, Пана болмай ну тоғайың, Қалың тас. Босағаның беріктігін бекітіп, Киіз үйге, Ұя салған қарлығаш. Үй иесі, Отыр төрде Бектерше, Күн санайды саусақ саны жеткенше. Ел көшсе де, Киіз үй тұр жығылмай, «Алтын» қанат, «Күміс» болып кеткенше. Ән – жұмыртқа тіршілікке қолыңды аш, Келсін десең қанатты өмір - Ағын жас! Киіз үй тұр ертеңіне алаңдап, Ұялы үйге, Ұя салған қарлығаш.
Бесіктегі бал үніндей басталған, Сол ұядан таралады асқақ ән. Үй иесі, Отыр төрде Бектерше, Босағаның беріктігін ұстаған! Бастау алған, Арман әні биіктен, Екі үйді, Қарлығаш жүр сүйіп тең. Көтеріп тұр, Ұя салған – Жер шарын, Осы үйдің босағасы иықпен! Сартас ...Маңғыстаудың ойында, Қарайды бізге мүсіркеп, Мықтылық пенен Көркемдік. Е.Раушан.
«Сары тас» - деген, Бұл неме, Сап-сары ма? Қоспа құсап қосылған ақ, сарыға. «Үш ауыздан» теңізге құлағаның, Жұдырықты жұмғанда ашқаның ба? Шаншылады «Үш ауыз» аспанымда, Қадалатын қазық жоқ, сасқаныңда! Оңай ма екен биіктен лақтырылу? Оттан суға түскендей қас-қағымда. Мықтылықты сынайтын бала, күнің, Я, Жаратқан дегейсің, -- Ая, бүгін! Көркемдікті көрмесең мүсіркейді, Төсер теңіз көкпіңбек жаялығын... Еңкейемін, Тағы да, Шалқаямын, Өркешіндей сары тас нар маяның. Шулағаны теңіздің, Төркін іздеп, Сыңсып шыққан қызындай баяғының! Кебеже Біздер де сіздей болғанбыз, Сіздер де біздей боласыз. (Зираттағы жазу)
Қалдырсам деп келер күнге қол таңба, Хас шеберлік бар өнерін салған ба?! Күні жетіп, Зат төресі кебеже, «Сартас» (Сары тас) – жағасы теңіз, таулы жер. «Үш ауыз» – теңізге келуге үш таудан өтетін қақпа
Шығып қалған балконға. Бетіндегі ою-өрнек бүлінбей, Жеткен екен осы күнге сүрінбей. Заманында асыл еді сүйегі, Тұр бүгінде көп мүліктің біріндей. Дегендей боп, Сен осыдан ән ізде, Түскендеймін шебер салған бір ізге. Айналамды ою – өрнек қоршаған, Отырмын мен балкон деген дәлізде. Мұны көріп өткен күнді кеземін, Жүрек жылап, өртенеді өзегім. Сол үйдің бір ұлы болар ішіне, Салып қойған қоянның бір көжегін. Жәй көрініс, Ешкімнің де ісі жоқ, Ірі заттың тұрғаны ғой кіші боп. Кешір адам, Кебежеге теңесем, Сырты бүтін, іші боқ. Қалай айтам, О, аржағын сөз етпе... Өмір – ғайып, Кебеже ме? Көжек пе? Дөңгеленген дүние бұл - Дүние, Тұрмыз біздер кезекте!
Қамшы Үй төрінде, Іліп қойған қамшы тұр, Суыртпақтап тарттым сенен тамшы жыр! Шулағанды көрсетейін сендерге, Дегендей ме? Тек қолыңа алшы бір. Жауын көрсе жайдақ мініп бір аттан, Қамшыларын бабам талай сынатқан. Осы қамшы, Кең даланың қорғаны, Қарсыласын бір-ақ сілтеп сұлатқан. Осы қамшы ептілікті алыпты, Қамшы мінез тектілікті танытты.
Нар шалдарым бір қараса қамшыға, Бәйбішенің үні шықпай қалыпты. Қамшыларым болған дейді күрескер, Деп ойласам, Бабаларым елестер. Қай үйде де табылады білектер, Жетпей жүр-ау, Қамшы мінез жүректер! О, басында, Іздеп едім тамшы жыр, Шуағынан төгіледі қанша нұр! Ошағымның тыныштығын күзетіп, Үй төрінде іліп қойған қамшы тұр!
Бұлтқа сыр Бұлттар менің, Даусым және сырласым, Екеумізде бірдей аспан, Бір жасын. Менің жерде мәңгілікке жүрмесім, Белгілі ғой, Сен көгіңде тұрмасың. Қиналғанда өзің болдың мұңдасым, Сондықтан да, Бұрдым саған жыр басын. Жыладым мен, Қуаныштан жыладым, Қасымда сен тұрғасын! Қашан да сен меніменен біргесің, О, басында қатар салған іргесін. Күркіредім, Күркіредім дәл бүгін, Қасымда сен жүргесін! Дос туралы... Білем, Үлкен ұғым бар, Бірегейі сол досымның, Ұғыңдар! Бұлттар менің шын досым, Шыбын жаны отқа түсіп шырылдар. Екеумізде мөлдірлік бар ұстаған, Адамдарға құштар ән! Іздегенде, Маңайымда жоқ қазір, Дәл өзіңдей, Айтшы қайдан дос табам?!.
Бұрым шашым Қара нар жүк көтермес бел кеткесін, Ен дала құлазиды ел кеткесін. Сүйреткен боз жорғаның шылбырындай, Қылаңға сөз ереді бой жеткесін. Жылгелді (Жеті қайқы) Бірі сылаң, Болғанда, Бірі қылаң, Шашыраған дүниеге нұры – бір ән. Жырдың исі шалқыған қылығынан, Күннің исі аңқыған бұрымынан. Күн сәулесі мойнына асылғанда-ай, Ақ иықты қолаң шаш жасырғандай. Жылу берген алыстан шырақ шамдай, Шашың сондай!
Шашың қандай?! Оюдай, Өрілетін, Ойлы түндей қашанда көрінетін. Ойнақтаған, Жалт еткен кезіңде сен, Зер шашақтай төгілесің. Шашпау тақса... Сылдыры ән шақырып, Сезіміңе тұрғандай бал батырып. Перне жауып кетеді, Айналаңды, Кетсе кенет қос бұрым тарқатылып. ...Ұзын шашы - Ақылы өлшемінің, (Нақыл сөздің бұрысын ерте білдім.) Қарашашым, Сұлушаш, Алтыншашым... Бала күнгі ертегімнің, Жалғасы ертеңімнің! Ұлып алғым келеді «Әділетсіздікке шамаң келсе қолдап күрес, ол мүмкін болмаса сөзбен күрес, сірә болмаса, іштей наразылығыңмен күрес» Құран-Кәрім. Айтар жерде айта алмай, Қиналамын сынаса. Ал, мендегі ой қандай? Үндемеймін сұраса.
Бала-шағам есен бе? Күн көрісім жүр есте. Әділетсіз десем де, Бара алмаймын егеске. Осы шығар болғаным, Мен дегенім - Елес пе? Сәлем берген қолдарым, Жарамайды күреске. Батылдық та сөнеді, Жан-жағыңнан таласа, Ұлып алғым келеді, Шығып алып оңаша! Есікті біреу Есікті біреу қағып тұр.Іштегі дауыс: - Үйде ешкім жоқ! - Ендеше шам неге жанып тұр? - Қазір сөндірем! - Онда мен...ертең келермін. Жүрегі жан ба, жаралы? Ессізге тағы санама. Есікті біреу қағады, Ашпауға енді бола ма?! Ашпады. Бірақ түсінді, Ертең де осы жасары. Қу шарап сосын ішілді, Сол ғана қайғы басады.
Ашылмай қалған сырсың ба? Кім сені ұқсын? Айтып көр! Ашпаған есік сыртында, Шашылып жатты кәмпиттер. ...Ғашықтар еді табысқан, Іздейді енді, Жоқ әнін. Естіліп жатты алыстан, Жылаған даусы баланың.
Балшы Жүргенімде ойланып, Басым қатып, Тіршіліктің кермек дәм – жасын татып. Алақанды жайдым мен балшы сыған, Ертеңімді айтып бер жасырма бүк. Айта бергін сыған қыз айтарыңды, Тыңдап тұрмын жаттанды, сайқал үнді. Қансонардан аңшыдай белбеуі бос, Біліп мен бір күні қайтарымды. Тілің тәтті зарлауық, безілдеген, Сұғанағы қолдың да сезілмеген. Атың кім деп қоймайсың, қайта-қайта, Білмей тұрмын атымды, өзім де мен. Қалай ғана өмірді оңайлаттың, Түскені ме, бекерге самайға ақтың?! Бар тағдырым дәл қазір, Шыныменен, Алақанда тұрғандай қарай қаппын. Сығалаған өлім бе есіктен мың? Жауыр сөз ғой, Бұрын да есіткенмін. Ұзақ өмір Есекше қажеті жоқ, Мағыналы ғып өмірді шешіп бергін. Таппағандай маңайдан сырлас адам, Сұрақ емес, Өзіңе мұң да шағам. Әрбір сәтті күндерін жыл санаған, Ұлықпан ғұмыр бер маған мың жасаған! ...Сыған қыз жүр күндегі, жолды торып, Табыс табу, әйтеуір, қолды жорып. Қателесіп тағдырым кете көрме?
Алақанды жайғызып, Сорлы қылып! Құрқылтайдың ұясы Сұрамаса жүргендік пе, іздемей, Қыз дейін бе? Іздегенім түз демей! Көрдіңдер ме? Өзін емес, ұясын, Құрқылтайдың жыр көмей. Көптен бері сабыр сақтап, іркем ой, Балапаны шамда жанған білтедей. Құрқылтайдың көрдім кеше ұясын, Үлкендігі, Қосқа тіккен күркедей. Табылғасын, Жүргенім де үндемей, Күтіп жүрмін күндіз демей, Түн демей. Балшы айтқан, «Ұя» тауып әкелсең, Келіншегің, ұл туады күлшедей. Жан-жағына, жаутаңдайды дүмше ой, Қырсыққанда алуға ерте, Ерте ғой. Құрқылтайдың көріп жүрмін ұясын, Балы түскір білсе ғой! Күзде
Құлазиды салқын бақ, Күздің көзі ызғарлы. Соқыр жаңбыр там-тұмдап, Күнді кімнен қызғанды?! Ызыңдайды айналам, Көктем әні жоқ есте. Дүркіретіп айдаған, Бұлттар жылқы емес пе?! Бұрандадай бұралып, Көлеңке тұр ұзарып. Таң атады бозарып, Күн батады қызарып. Қан шығармай қадалған, Тікенектей жел өктем. Суық ойлар қамалған, Мұң шығады жүректен. Күзге неге сыр аштым?! Жылылық жоқ дәметкен. Тоңғаны ғой ағаштың, Жапырағы дір еткен... Мен емеспін
Өткен күнді қайткенде бөгемекпін! Неге келдің балалық, Неге кеттің? Мына біреу ұқсайды көлеңкеме, Мен дейді ғой, Мен – деген, Мен емеспін. Бәрі жасыл болатын төңіректің, Оралмасқа кеткені ебелек күн. Күмбезі бар мешіттей, Төсінде Ай, Қараша үйде, Мен деген мекен еттім. Қараша үй. Баллалық. Керемет күн, Мен өзіңе келеді ере кеткім! Анам бар -ды... Тербетіп бесігімді, Маған енді айтпайды өлең ешкім. Шықсам деп ем ішінен көп елестің, Хабар сұрап жатпайды менен ешкім. Мына жүрген, Жүрген бір сұрау белгі, Мен дейді ғой, Ол деген - Мен емеспін! Келінтөбе Тұрысын-ай, Затына аты келіп, Мың бұралған сұлу Сыр шашын өріп. Күн шыққанда дүние таңданады,
Паңданады, Келінтөбе қасын керіп. Келінтөбе, Мысалы, Ал, қыз делік, Алу қайда? Білмеймін, Әнсіз келіп! Іздейтіндер тағы да табылады-ау, Алып қашса қайтеді? Таң сыз беріп. Жүрек керек, Қайтуға көркін көріп, Кетер ме екен гүлдерін жел сындырып?! Ай туғанда шығам деп, Келінтөбе, Шықпай қалған секілді желпіндіріп. Ақ моншақтай, Жанары жасқа толып, Ұялайды бұлттары тасқа қонып. Жел шайқаған үкісін сәукеленің, Тұрысын-ай, Қасқаның, Басқа болып!
ЗЕРЕН КЕСЕ Әсемдігі Мұрын жырау жырындай, Үлкендігі Мұрын жырау мұрнындай. Батыр қолға ұстағанда, Зеренді, Кішілігі шыбындай. Ескі көзден қалған кесе ырымдай, Бояуы тұр, Ескі сөздің сырындай. Ирек-ирек өрнектелген жиегі, Өріп қойған бұрымдай. Ескі зат деп қарағасын бұрын жай, Кетер едік елемесек ұғынбай. Абысыны келініне сыйлаған, Сөрелерден аман қалған жығылмай... Ертегілі елден келген сырың бай, Жалғыз қалған шал-кемпірдің ұлындай. Кербез қыздың тұрысындай кескіні, Ал, өрнегі болат қылыш қынындай. Құндылығы құнан қойдың құнындай, Ескілігі ескі көздің нұрындай. Жиегі де жұмсақ тиген ерніңе, Сусыны да шырындай!
«Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрат жырауды мұрнының үлкендігіне жеңгелері «Мұрын жырау» атап кеткен.
Құм елі Өң түгіл түсіңе де кіреді де, Ып-ыстық, жақынмын мен құм еліне. Сол жерде қалды менің балалығым, Байлаған ыстық желін жүрегіне. Атқаннан күннің көзі төбе тескен, Аспаннан жаумай жаңбыр ерегескен. Құм-десем, көз алдыңа шөл келеді, Шөл-десең, сексеуілдер... неге өскен?! Жүрекке сексеуілдің жырын ектім, Өлең боп, ту сыртынан күбір еттім. Сексеуіл тереңдіктен су тартады, Тылсымы осы болар құдіреттің! Құм елі... Жұмбағымен ойландырған, Тақырға төбелдей жер айналдырған. Есіңе ә, дегенде сусын түсер, Кеседе, Аппақ тақыр - айран тұрған. Күн анау, тас төбеге келіп алған, Жолдардың өрге шығып белі талған. Ауыттай үйлер жатыр, Ақ шағыл құм, Түйедей нән өркешті шөгіп қалған. Аумайтын қоңырлығым қайран құмнан, Секілді қолымдағы айнам тұрған. Сап-сары сағынышым жатыр менің, Мөп-мөлдір тамшыларын құйған жырдан...
Күй Сері Сержан Шәкіратұлына Киіз үй. Жиналған жұрт күй тыңдаған, Күйші отыр ағытылып сыр тұнбадан. Күйімен айналаны сиқырлаған, Қолынан айналайын былқылдаған.
Күйші отыр… Домбырасы төрде тасып, Күйлері сан ғасырдан келген асып. Күйшінің бар, жоғы да білінбейді, Саусағы сұлулықтың перне басып. Шыны сол, Тосын болып кездесерің, Жүрекпен тыңдамасаң сезбес едің! Дыбыстан лақтырылған қуаныштар, Мұңы да жылы ағыстай – Өзгеше мұң. Бұлақтай биік жардан ақтарылған, Екпіні жаңылғандай соқпағынан. Мүмкін ол – Алаулаған жалын шығар, Сыр тартқан өткен күннің шақтарынан. Таңдауы осы болып көп керектің, Көңілін көпшіліктің көктем еттің. Сағада тоғысады тоқсан тарау, Жайылған бұтағындай көктеректің. Күйші отыр. Айтамын деп мына жайды, Атадан қалған көне мұра жайлы. Бұл күйді тұнып тырған тыңдау үшін, Кең дала керегеден сығалайды. Күй атын бірі білсе, бірі білмей, Тамсанған жұрт сөйлеуге тілі келмей. Текті күй сол далаға қанат жайды, Естілген арғымақ ат дүбіріндей! Жаныма байлап қойып құмарымды, Домбыра еске салды ұранымды. Осы де маған біткен қос жанарым, Жаратқан сөндірмеші шырығымды!
Бір тамшы Бір тамшы жас... Бір тамшы су, бір тамшы, Ізім болып - Бір тамшыдай жыр қалшы. Өмір деген көп тамшыдан құралған, Өзім де мен сол тамшыдан тұрсамшы?! Бір тамшы су, Сен бар жерге көп келем,
Себебі мен шөлдегенде жеткен ем. Бір тамшы су тіршіліктің бастауы, Құдірет күш деп білем! Бір тамшы жас... Білесің бе бет-пернем? Бір тамшыдан басталған жас төккен ем. Себебі ме? Себебі... Талай жерде сүріндіріп кеткен ең! Мақсатыма талай жеткен, Жетпеген, Бір тамшы жас жұтып тұрып кектенем! Өткелдерім өтпеген! Жақсы көрем... сөйте тұра, жек көрем. Неге былай?.. Мұң кешемін текке мен, Қуаныштың жасын талай төккен ем! Көңіл деген тұрады екен бұлттардан, Сол тамшыдан құралады көк деген. Бір тамшымен бреді екен Жерге дем, Бір тамшыдан мұхит, теңіз, көл, өзен. Бір тамшы су дүниені тербеген, Бір тамшыдан құралғанбыз, Сен де, Мен! Бір тамшы жас, Қимасымды жерлеген, Жас тамбаған көздерді де көрген ем... Дүниеге сағынышпен қарасаң, Бір тамшыға ұқсайды екен, Жер деген!
Алтынның буы Нағашым Биғара Өтемістің айтқаны Шопан жігіт қойдан жуас мінезі, Қой соңында ертелі – кеш жүреді. Шаршамаған барлық істі тындырған, Қой сауғанда, қой көгендеп бір өзі. Шаруасы жоқ бөтен сөзбен, кісімен, Маңдай термен, Нанын тапқан күшімен. Бар шаруаны жалғыз өзі тындырып, Бір ауылды таң қалдырған ісімен. Сырттан келген дүлей күш пе? Қысым ба? (Анық сыр бар ел білмейтін осында.) «Байдың қызын енді қашан алам» - деп, Айқайлаған қой көгендер тұсында.
Шопан жігіт қойды жүрген көгендеп, Қалады екен осы тұста дедеңдеп. Айқайлаған, «байдың қызын алам тек, айтпаса да берем деп». Шопан – шопан, Қызды алардай бай емес, Қой соңында жүрген пенде қара кеш, Тойып ішер тамағы жоқ, Үйі жоқ, Байлық айтып, айқайлатқан қай елес?! Бір нүктеге келген кезде күліпті, Міне содан болған көзге күдікті. Қой көгендер сәтте шыққан айқайды, Сауыншысы күнде естіп жүріпті. Шопан еріп өрісіне қой шықты, Өрнек өріп іздеріне айшықты. Көргені мен естігенін қалдырмай, Сауыншысы бір күн байға айтыпты. Болған жайды бай тыңдаумен қанықты, Ойға салып, бір білгірлік танытты. Қой көгендер жерді барып қаздырып, Мол қазына -- алтын тауып алыпты. Әлқисасы, Шопан келген өрістен, Қой көгендеп, араласты көп іспен. Өткен күнгі бірі де жоқ айқайдың, Мұңаяды тек іштен. ...Байлық буы, Алтын буы ғаламат, Өн бойыңды кеткен кезде аралап. «Алтын көрсе жолдан тайған періште»- Адамда да жоғалады қанағат!
Бес балам Бес қазынам, Шүкір, бес балам, Жұмыртқа сынды аршыған. Мақтанып кейде төс қағам, Асығым түсіп алшыдан. Бесеуі әнім, Мақтаным, Ашылған көзі бұлағым. Тіл-көзден аман сақтағын, Құдайдан соны сұрадым. Жағасы жайлау, Кең өріс, Мендей-ақ болсын бір адам. Қамында жүріп күнкөріс, Санасыз болмаң сұранам. Өмірге іңкәр, Шөл едім, Ашылды гүлі бүрімнің. Сендерді қалай бөлемін, Бірің Ай, Маған бірің Күн. Бес балам, Менің бай кенім, Жалғасын тапқан арманым. Бөлшектеп жазып қайтемін, Бес шумақ өлең арнадым!
Қыл қобыз Тозған деуге келмейді, Озған ғасыр, Ескілеу. Үніне жақын жел дейді, Дұрысы, желден естілеу. Ішегі қылды талшықтан, Үні зарлы, Қайғылы. Заманы әрі Қорқыттан, Белгісізі, қай жылы?! Күй тартылса - Жыр-аңыз, Сазы жанға өтімді. Аты оның қылқобыз, Өзі жүрек секілді. *** Сөйлер жерде іркілсем, Сөзге келмей, Күйіп, жанып, піспей-ақ өзгелердей. Қабағым да түйілген, Сондай сәтте, Мен сөйлесем дүние өзгерердей. Сөйлемесең, Осылай ұрсып бәрі,
(Ішіндегі мен болып қырсықтары) Ойланамын, Бірақ та ұйқыдамын, Сүртілмеген көзімнің былшықтары. Болғаным ба? (Ойлаймын) Ұяң ағаш, Бұтағына құс қонып, ұяламас. Өмірдің де білінбес тәттілігі, Қатарласып жүрмесе мұң аралас. Кінәлі тек мен болып, Ұрсып бәрің, Ішіңдегі мен болып қырсықтарың. Орамал бер одан да сүртейін мен, Сүртілмеген көзімнің былшықтарын!
Сексеуіл І Ақ шағылдар... Қонып, көшіп барады, Көшкен үйдей, керуендетіп баяғы. Ызыңдайды сексеуілдің таяғы, Күн дегенің, Түстің мықты қонағы. Айқұлақтың қалқияды құлағы, Сексеуілдің сол әуні, Сол әні. Жолдар деген, Төмен тіке құлайды, Шығып алып жоғары. Күн теседі, Тесік тауып төбеңнен, Құмның түсі, Күн көзінен көнерген. Құлаш-құлаш тереңдіктен су тартып, Сексеуіл тұр, Көкпеңбек боп көгерген. ІІ Қызуы күннің өртеді, Айнала түгел тұр жанып. Құм әнін жайлап шертеді, Сексеуіл желге ырғалып. Салады мұңды ән-жырға, Жел келіп соқса қашаған.
Бір ұрттам су жоқ, Жаңбыр да, Сараңдық мұнда жасаған. Кезесер оған жай аз ба Бәріне тосар кеудесін?! Аптапқа, Желге, Аязға, Көктейді екен төзгесін! Серісі дерсің даланың, Бәріне төзіп көктесе. Есіме жиі аламын, Мықтылық маған жетпесе! Бауыр мен өкпе І Өкпесі бар бауырдың, Бауырға шын зәрумін. Арасында жүрмін бе? Екі бөлек ауылдың. Өкпесі жоқ бауырмын, Өкпеліден тәуірмін. Арасында жүрмін бе? Қайта соққан дауылдың. Бары жақсы бауырдың, Жолы жоқтай барудың. Өзі қиын бәрінен, Бауыр болып қалудың!
ІІ Туыс деп қиын есептеу, Көрмеген бұрын, Туысқан. Әйелге тән ғой өсектеу, Ерлерге қалай ауысқан. Іздесе себеп, Амал көп, Өсекке айыз қана ма? Сыртынан айтсақ жаман деп, Жаманың жақсы бола ма?! Ерсем деп едім қасыңа, Туыс ек көрмей табысқан. Көргендігің осы ма? Келгенде інің алыстан. Жыр жазып едім бұрын да, Жыр жаздым аға, тағы да. Сыртымнан босқа ұрынба, Түсірме сызат жаныма. Өсекті қойшы сазармай, Інің ем, Назбен тіл қатқан. Өкпесі қара қазандай, Қайғысы оның бір батпан!
Өмір кезек Апам Қаймаққа Көз ілмей шығам бұл күнде, Ауылға қашан келесің. Қиын боп оқу, жүрсің бе? Түсіме жиі енесің. Әкең де үнсіз қарайды, Сен келер жаққа, Жолға көп. Ұмытып қайта сұрайды, Хат-хабар сенен бар ма? деп. Сіңбейді - дейді, Шай-тамақ, Кетті деп тағы, Маза тым. Бір сөзін екі қайталап, Анашым хатын жазатын... ...Жас жігіт аға атанды, Өмірді жалғап келем мен. Сапарда жүрсе баламды, Түсімде жиі көрем мен!
БІРЕУГЕ ЖАЗДЫМ ӨЛЕҢДІ... Жақсы деп біреу мақтаса, Местей күпіп ісесің. Біреудің сөзі жақпаса, Соңына қалмай түсесің. Қажеті жоқ қой ақылдың, Өз білгенің өзіңде. Ойланбай тағы ақырдың, Қан ойнап көкшіл көзіңде. Қолыңда бар деректей, Байбаламға салдың ғой. Түбі тесік шелектей, Салдыр ете қалдың ғой. Сөзде жоқ іспен үйлесім, Не дейін басқа мен енді. Сөздерім саған тимесін, Біреуге жазым өлеңді.
ЖЕМЕНЕЙ
Қытайда Жеменей көлі, Жеменей жайлауы, Жеменей ауданы бар... Радиодан Білмеген жүр... Білгендері елемей, Жетті бізге айтылған сөз – Жебедей. Шин елінде, Қытайдағы жайлауда, Қайдан жүрсің Жеменей?! Көзі болып - Сөзі болған ескінің, Бүгіндегі жатта қалған ескі мұң... Елес аудан, көлі менен жайлауы, Туу алыстан ат дүбірін естідім. Естімеген... Естігенді елемей, Шин елінде гуілдейді жел өгей. Қытай киген жейдеде, Аман қалған түймедей, О, Жеменей, Жеменей!
Ініге Інім-ай, Ертең біз кетіп... Шақырар сонда іздетіп. Алдыңнан шығар тас керең, Тұтқасы қырау, мұзды есік. Сондықтан кел сен шақырмай, Шақырсам келер, кім-кім де. Көп болды еркін отырмай, Жүргелі қашан апырмай. Ағаның үйі – Ақ мешіт, Шақырмай кел сен үйіме. Келінге тұрам «ұл тап» - деп, Сәлемін еткен иіле.
Күй болып сонда төгілем, Бұрауым түсіп күйіме. Биіктеп көңіл – мұнарам, Қапылып жүрем қой сойып, Шақырып туыс, көршіні. Жағасы жайлау бұл ағаң, Келгендей сыйлы төркіні, Көз ілмей шығар сол түні. Сол күні басқа бақ дарып, Қуанып, күліп шаттанып, Ағаның болмас арманы, Кетіп те қалса аттанып... ...Жүргелі қашан отырмай, Жырларым жатыр оқылмай, Сырларым жатыр айтылмай, Тыныштық болсын, Апырмай!
Мықтылық Адамға берген сана, Өрісті кең, Бәріне бірдей ортақ, Жер үсті кең. Түбінде осал болмас, Жастайынан, Үлкеннен «таудай болды» көп естіген. Ешкім де төбесімен көк тіремес, Биікке біреу демеп жеттім демес. Биікке шықтым енді дегендердің, Шетінен бәрі бірдей мықты емес. Тағдыр ма? Алға сүйреп жетелеген, Жраспас ноқталанып кете берген. Биікте жүргендердің осалы жоқ, Шын мықты, Құлап тұрып көтерілген! Іздеу М. Болатқа Жүргенде, Тұман... Қамап ой, Дедім мен қайда сол аға?! Інісін іздер аға ғой, Інісіз аға бола ма?!
Кезесті жолда мың адам, Ағадай көңіл тола ма?! Кетсем бе әлде қаладан? Ауылда жүрген ағаға. ...Сол жүріс, Жүріс бұрынғы, Сіз кеткен жүрмін қалада. Бәрінде қойшы, Жырымды... Оқыды ма екен? Сол Аға! «Адай» күйін тыңдағанда «Адай» күйі, Шанағыңда от өрген, Шығып жатқан көк термен. Дыбыстары пернесіне сыймаған, Ат жалында атылғандай оқ-жебең! «Адай» күйі, Жүрегіңді өртеген, Тентектікпен, Тентектікпен көркем ең. Жылдамдықтар тоғысқан, Ат үстінде аттың ерін ерттеген! «Адай» күйі, Ақберен, Әр пернеден, Саусақ тиген от көрем. Домбырадын асау әуен төгіліп, Тілдеседі көкпенен!
Қазақтың арлы баласы С.Ерқасұлына Қимылы егіз ісімен, Сексеуіл жанса шоқ қандай?! Жаныңды жақын түсінген, Көңілі аппақ ақ қардай! Төрінде үйдің қанжар тұр, Болаттан таза соққандай. Көненің көзі қалған бір, Зерленіп өрнек таққандай. Сабырмен сақтап тұр қыны, Соғылған таза болаттан. Суырса қыннан, Қимылы, Жарық етіп жүзі қаратқан. Сабырлы тұрыс, Бары осы, Бір істі бірдей біледі. Қазақтың арлы баласы, Қазақ деп соққан жүрегі! Қарасы өткір, Тас түйін, Ізденген ісі тынымсыз. Атыңа мадақ естимін, Дер шағында – Бүгін сіз! Ағаға тілек (Л.Қиыновқа.) Туғанын көрмеген, Өлгеніне қайғырмайды. (Мақал)
Келдің бе Аға, Маңғыстау, Дүниені мына ғашық қып, Жатқанда мұнай – кеніне. Қанатын қаққан кезінде, Ән-аққу арман көгіне. Жетсем деп, елге, жалған-ай, Құс жүрек қанша ұмтылды?! Қиындау соққан заманда, Көзде жас қанша іркілді?! Жан аға, деме жұртыңды! Әулиелердің Отаны - Маңғыстау, Майлы Түбекті, Талайлар келіп, түлетті, Олардың қарып, сызы өтті. Жүректі, білем, жүдетті. Хан етіп халқы көтерген, Тотанияздай дүр өтті, Аузыңа ал, Пір Бекетті, Маңғыстауға дәл бүгін, Сендей бір Аға керек-ті! Әбіш тау
Ұлы Абайдың Әбіші – Құнанбайдың Әбіші, Маңғысатудың Әбіші – бүкіл қазақтың Әбіші. Отпан тауым – Дара тау, Біз білетін Қаратау. Әбіш көсем – Қаратау, Әбіш шешен – Маңғыстау. Дәніспан тау, Жалған тау, Маната тау - Тарлан тау. Талайға болған мың қыстау! Әбіш – Өзен... Маңғыстау. Әбіш деген – Аңыз-ау, Әбіш көреген – Абыз-ау. Бір шоқыны атасақ, Нең кетеді Маңғыстау?! Биік-биік сатылар... Әр биіктің атан түйе аты бар. Қатар тұрса Әбіш тау. Алау жаққан шоқылар, Жалау таққан осылар!
Бір қарындасқа... Жазған өлеңімнің арманы басым, Әр өлеңім бір тамшы жасым. Бірі от болса - Қалғаны жасын, Сен соны ұққайсың, Қарындасым. Өзің де мынау, сөзің де мынау, Ол деген, қате ойлаумен бағыңды сынау. Оның арты өкініш, жылау, Қайтейін... қарындасым-ау! Атың да құрау, затың да құрау, Ойрандап ішіңде бір лағын жүр-ау. Өмірің де мүмкін, құраудан тұр-ау, Аман бол... қарындасым-ау!.. Қыз кеткен. Қоңыр күз
Қасқа күйді айтасың... Қыздың үйден кеткені. Басқа сыйды қайтесің, Бұл өмірдің өткелі. Билеп алған сананы, Көңіл жатыр өкпелі. Қаздар ауып барады, Қараша күз жеткелі... Болғанымен сұрағы, Жуабы тек жоқ еді. Жаңбыр ғана жылады, Сол түсініп тек мені. Көктем де емеспін, Көктен де демессің. Сендерден айырмам, Сенделген елеспін. Шерменде емеспін, Көмгенде өлмес кім?! Жанымда таңба бар, Таңбалар... Неге өшсін!
*** Сағынса жүрегімен сағыныпты, Бірақ та олар кімге жағыныпты?! Өзінен басқалары ақын емес, Ақынның осалы жоқ – Бәрі мықты! Азғана талқан еткен тары күнді, Қозғама... Ақындардың жаны мұңлы. Сөзге де, Өзгеге де тоқтамайтын, Сауы жоқ, Ақындардың бәрі жынды! Лағын – шайтан (Мәшhүр Жүсіп) *** Сөйлегенде білімі бар адамдар Екі қайтып белгілі дер келмесің. Қайтып келу бар шығар деп жүрмеңдер, Денең шықпас қара жерге көмгесін. Уақыттың аяқталып өлшемі, Шыбын жаның кеткен кезде аспандап. Тәнің болса туған жердің бөлшегі, Жаның үшін нағыз өмір басталмақ.
*** Бала кезімізде менен алғаш күй үйренген, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Отырар сазының» бас дерижоры Ж.Бегендік Маңғыстауға концертпен келді. Еске алып балалық, өткен күнді, Тамшылар тұр айғыздып бетте кірді. Өнеріне тілеулес, Тілек тілеп, Еленбеген танысы шетте тұрды. Балалығы келді ме оралып бір?! Өткен күннен жатқандай қамалып сыр. Көп ызыңға шатасып, Балалық жүр... Күйін тыңдап бүгіннің ағалық тұр. Еске алып кешегі, Өткен күнді, Оркестр тұр ағызып төкпе күйді. «Маэстро», «Бисстердің» тамшыларын, Жинай алмай бір ақын шетте тұрды... Еленбесе пендесі... Еленбесін, Жүйрік болды Жалғасбек өнерде шын. Өткен күндер қайтейін, көнергесін, «Жаман сырын...» айтқызған өлең дерсің!..
Шайырлық шешен Арқардай мекірейген сәнді сөз, Айғырдай ақыранған әнді сөз. Қайыңның қабығынан қатты сөз, Жұтсаң балдай тәтті сөз. Салмағы ауыр Ата сөз, Жібектей жұмсақ Ана сөз. Есілген желдей Шаңтимес, Шабысы ерек Ақмоншақ, Асылы бөлек Алкетті. Желді күні желдеттім, Шаңды күні шаңдаттым, Шапқан сайын көсілдім, Ешкімге есе бермеппін. Шайырдан шыққан шешенмін, Сөйлей-сөйлей кетермін, Сөйлеген сайын бетермін. Жүйесімен сөйлесем, Балдай тәтті, Шекермін. Ту етіп сені көтердім, Қазақи сөзде құдірет, Ардақтап сені өтермін – Деп, сөйлейді келтіріп, Оразғали Өтеулің!
Кел, Шайырым сырласайық Кел, Шайырым оңаша сырласайық, Мәңгі құшақ бұл өмір тұрмас жайып. Көктеміңді құлпыртып сен алып кел, Сөйтіп, тойды екеуміз бір жасайық. Бірге шығып қайтайық қыраттарға, Көңіл шіркін мұндайда тұрақтар ма?! Малып алып кеудені бұлақтарға, Тау кезейік арқардай, қуат барда! Бола бермес күткенде, Сірә, мұндай, Көктем деген жастықтың ұранындай! Мен тұрайын! Кеудемді желге тосып, Шоқта тұрған шопанның құманындай. Жүрегім менің тулайды Жүрегім менің тулайды, Аңсай ма әлде ғашығын?! Жағалап таулы баурайды, Достардан кеткем жасырын... Енді не? Аға, біз үлкен, Жауқазын жысыл өмір ең. Дос қайда кеше тізілген,
Дос түгіл қатар кеміген. Жастықты қайдан табасың, Елесі қалды артымда?! Білгенің жақсы шамасын, Сабыр ет, жүрек, алқынба! Өмірге мен де құштармын, Сен мені жүрек құптарсың. Бір күні сен де тоқтарсың, Дәл сонда бізді жоқтар кім?! Уақытпенен жарысып, Озамын деп, Көрсеттім-ау өмірдің азабын көп! Қатарымнан қалып мен қоймадым ба, Жүргенімде жақсы жыр жазамын деп?! Кей түндерде шошынып оянамын, Біле тұра қайтейін, аямадым. Қадіріңді білмедім, қара нарым, Енді міне, келеді аялағым! Жырла жүрек, жыршының жүрегіндей, Жүрген шығар достарым біле-білмей. Мен де саған тыныштық бермеспін-ау, Ұйықтап жатып ұйықыңнан түрегелмей!
Парыз бен Қарыз ..Баспалдақтан аттаған кезде Жәбірейіл былай деді: «Кім де - кім әке - шешесін көздері тірі кезінде риза етпей, оларға қиындық әкелсе, Алла ол кісіні мұңайтатын болады» Ана - мәңгі тәрізді, Еркелікпен жүріппін. Біле тұрып парызды, Қарызымды ұмыттым. Тірегім бар арқамда, Тілегің боп жүріппін. Қарызды көп алсам да, Парызымды ұмыттым. Кеткен күні жаны ізгі, Кештеу біліп қалыппын. Прызым мен қарызды, Тым көбейтіп алыппын. Ескерткіш деп өлеңмен, Қарызымды өтермін, Парызымды, Дегенмен, Қалай өтер екенмін?!.
Әнші туралы ой Шырақ қылып Айдың сепкен жарығын, Іште жанып, Іште сөнген жалыным. Мен әнімді түнде ғана айтамын, Сондықтан да, өлеңімнің бәрі мұң. Ән айтамын жүрек болса ұғынбақ, Гитарамды бауырыма сығымдап. Сөзін білмей Шәмші жазған әуеннің, Әнін айтам арасында ыңылдап. Аккорд қойып саусақ сымды тіреген, Айтсам деймін жүректі езер бір өлең. Ышқынамын арияға жақындау, Ән шығады кафе - барда түнеген. Біруден сөз, біреуден саз ұрладым, Бұзып айтса болады екен ырғағын. Әнім бітсе мысық біткен мияулар, ...Сағат түнгі бір жарым.
ИТАЯҚ Суретші Мырзабай Епенге Суретші, Кенепке түсірген, Жаны бар сүгірет, Адамға түсінген, Құдірет! Қиялдың отырмын ұшырып, Құсын мен. Үйшік тұр, Шынжыр бос, Иті жоқ итаяқ. Тұрғандай сиқырлы күй тарап, Тостаған... Кім екен астына төңкеріп, Дән егіп тастаған. Қараңғы түнектен, Құп-құрттай жүрекпен, Тостақты көтеріп, Өмірге құштар ән, Тіршілік бастаған! Көгершін
Бала кезімде жабайы кептердің жұмыртқасын әкеліп, үй көгершініне бастырып шығарттым. Есейгенде сол кептерім жабайы кептерлерге ілесіп, төбемде үш ай налып кетіп қалды. Мен кептердің балапанын емес, жұмыртқасын әкелдім ғой... Есімде жүр... Бала күнгі көгершін, Жүрегімде, Елес ғұмыр неге өлсін! Бала көңіл аспанында көп күтті, Деген болар, Түбінде бір келерсің. Балалық-ай, Арманшылдау келерсің, Періштелер қанатыңды демер шын. Жабайы құс жұмыртқасын бастырып, Кептер емес - Өспеді ме көгершін?! Әр нәрсеге уақыт жетіп, Келер сын, Табиғаттың заңдылығын көрерсің! Үш қайтара айналды да төбемнен, Өз тобына кетті ілесіп көгершін. Үйде өскен, түзді білмей көгершін, Бала көңіл алай-дүлей, не дерсің?! Сен жасаған бояуыңды таппадым, О, Таиғат шеберсің!
Төлеген Айбергенов С. Есенинге ...Орыстың туа салған бір бағына Есілсе сырнай әуен сайран бақтан, «Бір тойы» Төлегеннің тойлап жатқан... Ән болса, Қанатына іліп алып, Ұшқаны Қасқалдақтың Мойнақ жақтан. Қыздардың жанарына жас ұрлатқан, Естілсе, Таныс әуен жасыл бақтан... Көктемде бұлақтарға елеңдеймін, Сен бе деп, арнасынан тасып аққан. Биіктен бастау алса мөлдір өлең, Көрінен жылдан-жылға өрлігімен. Әлі де сенбей келем,
Сенбеймін мен, Сөздерге Төлегенді өлді деген. Жүректің қыл пернесін дірілдеткен, Апыр-ай құдірет пе, Өлең неткен? Өлді деп қалай ғана айта аламын, Өлең боп ізің жатыр жүріп өткен?! Дегендей сағына біл, Сағына жүр, Құйылған санаңа – нұр, Жаныңа – жыр. Өлеңнің аспанында қалықтайды, Қазақтың туа қалған бағыны бір! Өлеңді өлтіру
Айта алмаймын, Өлеңді ермек қылдым. Жақсылардың сөзіне шөлдеп жүрдім. Шақырғасын Мұқанов барып едім, Бар екен деп, Өлеңім көрмек күнің. Таттым дәмін, Көп жылдар кермек жырдың, Ұйқыда жоқ ұйықтаған жөндеп бір күн. Туған күнің жоқ сенің, Өлген күнің, Қош өлеңім, Мен сені жерлеп тұрмын. Баратын жер ұшпағың, Көр деп білгін, Өлсең өлші, Ызадан өл деп күлдім. Көшербаев шақырса қайтер екем, Ей, ақыным, Кел деп бір күн! Түнгінгі қонақ - Бұл кім ей, қаққан есікті, - Менмін ғой – деді Финдилей. - Қойсаңшы мұндай кәсіпті. - Қоймаймын – деді Финдилей! - Тісіңнен бірақ шығарма, - Өллаһи – деді Финдилей! Роберт Бернс
Бұзылмай түннің орамы, Тыныштық басқан ойды да. Есікті біреу қағады, Кірем деп, түннің қойнына. Көп күткен үміт кешікті, Жоқ оның енді амалы. Қаға алмай түнгі есікті, Жырларым кетіп барады. Тарақтап қара бұрымын, Ұйқысы түннің керемет. Есікті қағып не жының, Оятып түнді не керек?! ...Есікті қақса тұрмадым, (Мойынды тағы бұрмадым.) Үндеме - деді сырларым, Өллаһи - деді жырларым!
КАСПИЙДІҢ ТОЛҚЫНДАРЫ – АЙ
Ашылған Күн нұрынан, Шашылған алтын арай. Ән ескен сылдырынан, Каспийдің толқындары-ай! Каспийдің толқындары - ай І Кеудесін желге тосып, Маңайын сәнді етеді. Тұрғандай перне басып, Толқындар әндетеді. Сөйлеген жыр тілінде, Жағасы шаттық айым. Сұлудың кірпігінде, Толқының – аққу мойын. Бар бақыт бір өзінің, Басына қонып алған. Сұлу Ай білезігін, Суыңа шомылдырған. Жағаңда тасың қалған, Сұлудың моншақтары, Сәулесін шашып алған, Созғанда саусақтарын. Ашылған Күн нұрынан, Шашылған алтын арай.
Ән ескен сылдырынан, Каспийдің толқындары-ай! ІІ Алдымнан шықты көсіліп, Самал жел құсап есіліп. Парақтап дәптер ашқандай, Толқындар жатыр көсіліп. Алдымнан шықты тік тұрып, Тереңнен сырды ұқтырып. Ойлаған тағы ойыңды, Толқындар, әне, кетті іліп. Толқындар,- дейді, Тулайды, Айтылған сәтте ол жайлы. Толқындар ой ғой жиналған, Тыныштық ойда болмайды. Толқындар,- дейді, Тоңады, Жағалап келса жағаны. Толқындар от қой, От деген, Көкпіңбек толып жанады! Жоқ мұнда шет пен шек деген, Сұлулық соқпай өтпеген. Ұзындық пенен тереңдік, Бірігіп кеткен көкпенен!
Ақтауда жүр ақ көктем Ақ жағада, Ақ шағала, Ақ арман болып қонады, (Ақтаудың тасы, елеңдеп тұрған құлағы.) Айдында жүзген аппақ аққулар, Теңіздің аппақ омырауы әнге толады. Аппақ теңіз, Аспан да аппақ, мөп-мөлдір, Аққу қаз келген, Сағыныш хаттай төккен жыр. Ақ гүлге орап, Көкпеңбек мынау Әлемді, Ақтауда аппақ көктем жүр. Теңізім менің, Төкпе күй болып шалқыңдар, «Көбік шашқан» күйі, Керуен де керуен толқындар. Теңізге беттеп, Ұласқан Күннің нұрында, Кемпірқосақ қосқан алтын бар. Ақтауға маңғаз, Сұлулық қонып аспаннан, Құс жолыменен, Алтын зер болып тасталған, Не десем екен? Кіршіксіз аппақ, дүние, Әсемдік сазы, Сол тұстан әне, басталған?!
Теңіздегі сұлулық Тер кепсе де шөл кетпей, Ай сәулесі Теңіздегі өрнектей. Тербеледі суға түскен көлеңкем, Жаға қуып жеткен құты шөлмектей. Сағыныш ән - Аңсатқан, Бір құбылыс толқындарға қарсы аққан. Қиқулайды аппақ құстың базары, Жартастарға ән жаққан. Үш бұрыш боп екі түзу қосқанда, Құс тізбегі ақ сәулелер аспанда! Қанаттары ұқсайды екен дәптерге, Ән төгілген, Әрбір бетін ашқанда. Бір-бірімен жарысқан, Сұлулық та тұрады екен ағыстан. Кейде маған көрінеді сұлулық, Дүние боп, Осында кеп табысқан. О теңізім, Шын сұлулық сен деп ем, Толқындарың дүниені тербеген. Менің шөлім – Пендеден, Әлем жатыр сұлулыққа шөлдеген! Тоғыз қайық
Тоғыз қайық жоғалып, Суға кетті қанша ер... Е. Бөкенбаев. «Тоғыз қайық»
I Бұл Теңіз, Ән кеудесін сырға бөккен, Қырда күз сарғаяды - Мұнда көктем. Өлеңмен іздеп шықтым қайда екен деп, Кешегі тоғыз қайық суға кеткен?! Іздеген... Жоқ нәрседен бекер ілік, Білемін жоғаларын шекер үміт. Сап түзеп тоғыз қайық келе жатса, Астынан толқындардың көтеріліп. Тізіліп шыққандайын өлең көші, Теңізде жарқырайды күрең төсі. Алыстан тоғыз қайық бұлдырайды, Судағы Айға ұқсап көлеңкесі. Көк Теңіз кеткенімен сан із шайып, Тұр маңғаз тоғыз ғайып – Аңыз жайып. Қайтіп бір көрінсе елге келетіндей, Тереңге ау байлаған тоғыз қайық. Тынықса Теңіз жаққа сапарлап Күн, Оттары жарқырайды шаһар жақтың. Тарауы тоқсан күйдің тоғыз қайық, Ойлаған көк Теңізге батар деп кім? Бір сәтке айқай-шудан жаға тынып, Тұрғандай өткендерге дұға қылып. Кенеттен... Тоғыз қайық шыға келсе, Көк бұйра толқындардан бір атылып! II Жарқырап судың беті аппақ нұрдан, Маяк-дүр түн қойнына от лақтырған. Теңізде Ай сәулесі, Якорь тастап, Қайықтай теңселеді тоқтап тұрған. Қусам деп Теңіздегі көк-қараны, Аспаннан мөлдір моншақ ақ тамады.
Бұл деген – Түнде жүріп жарық іздеу, Құмар деп ойламасын «жоққа» бәрі. Бір әннің естілгендей сазы көктен, Біздің ой сағынышын азық еткен. Тағдырын сонша жанның, Маңдайына, Бір күнде суға кету жазып па екен?! Десе де ойлағанда адам жайлы, Көңілім әлі күнге алаңдайды. Бір үміт іштен шыға қыңсылайды, Қой енді... Тоғыз қайық оралмайды. Ізімен жүргеніммен бос аңыздың, Өзіңнен күдерімді қашан үздім? Теңізге, Ең болмаса қайтар деймін, Сүйегін суға кеткен атамыздың!
Көгілдір кеш І Тағы да қараңғы, Тағы да паң төсі. Қою түн келгесін, Көз алдым жұлдыздың сәулесі. Тарқатып бұрымын таранды, Айсәуле айна ғып көл бетін. Ұйқысын тербетем жырыммен, Көгілдір түніме ғашықпын. Тағы да көз ілмей бүгін мен, Көгілдір әлемге сіңуге асықтым. Білем ғой олардың от демі, Жұлдыздар аққанда тайғанап, Қимастық сезімнің сәттері, Не деген тәтті еді?! Бір тамшы жас болып,- Әр мұңым, Жұлдыздай аспаннан жол тартып, Ақты енді. Білсе ғой... Мендегі от – жалын ұқсайды толқынға, Көк күмбез – сендерде жыр-өлең, Лақтырған найзасын ұшына жар – құздың, Толқындар, Шаншылып, аспанды тіреген!
Тағы да қараңғы, Тағы ды паң төсі, Қою түн келгесін. Тірейтін орын жоқ табанды, Періште қағады қанатын. Осында болса ғой ән кеші, Дыбыстар ағатын. Мен саған тыныштық бермеспін, Сен маған тыныштық бермеші, Ол солай болмаса,-- Күні ғой болатын! Тағы да қараңғы, Тағы да паң төсі. Қою түн келгесін, Ай болып бетіңде мең тұрар, (Сұлудың көркі бар) Толқынға жел құмар, Көгілдір келбеттім! Көркі де сен шығыр,- Жер – көктің! Содан да шөлдеттің. Сен маған тыныштық бермедің, Дегенмен, Мен саған тыныштық бермеспін, Өлеңмен!
Теңіздегі сурет -Сенесің бе, Теңізде су Сұлуын көрдім? -Су Перісі шығар. -Жоқ, Перизат. -Қызуыңды көрейін бе, маңдайыңды ұстап? -Кетші бар!
I Перизат-ай, Су Сұлуы бір керім, Сылдырындай толқындары, Сырғаның. Еске түсіп,
Өткен – кеткен күндерім, Құшағыңда бақытты күн, Тұрғаным. Сұлу келбет, Теңіз жатыр тұп-тұнық, Сұлулыққа сұлулық тұр елжіреп. Толқындардың кірпігіне шық тұнып, Сенің жақұт көздеріңдей, Мөлдіреп. Ақ білегің, Ай нұрынан жарқылдар, Сұлулыққа ұрын барып қарадым. Аққу мойын толқындар, Жұпар шашқан, Сенің аппақ тамағың! Бұлқынбасын, Осы сәтте қай жүрек? Тыныштық та жоқ маған! Дүниенің сұлулығын әйгілеп, Қос жанартау, Сүйірлене тоқтаған. Теңізге ме?.. Мен сүзіле қарасам, Періштелер қонақтаған маңайда, Тіл жетпейді, Саусақ бүгіп санасаң, Сұлулыққа қосылуға болмай ма?! Іштегі от, Қоса шығып шерімен, Шор боп қатқан ілкіде. Келген десем ертегілер елінен, Қалар ма екем күлкіге?! …Көңілімді алаң етіп жүргесін, Жылуындай нұрын сепкен жұлдыздың. Салсам деп ем, Соған ұқсас суретін, Пері емес - Бір қыздың!
IІ Қиындау болып шықты... Самғау маған, Суға – ән, Жанға – сәулең от лақтырып. Алтайдың түлкісіндей қарға аунаған, Арқаның үр қызындай аппақ болып.
Күн болды, Күндерімнен бүгін мықты, (Мас болсақ, Тек сезімге мас болайық!) Көрмеген бұрын мұндай сұлулықты, Жанарым кетсе қайтем, тасқа айналып? Жанарым... Шайқалады жасқа толып, Құз-жардан құлайтындай бір аттаса! Теңіз де құлпырады, Басқа қалып, Төсіне Айперісі қонақтаса. Аппақ гүл, Көк толқыннан ашылады, Ән бе екен? Кеш те болса талып жеткен! Мөп-мөлдір моншақ сулар шашылады, Толқынның кірпігінен тамып кеткен! Сен әлде... Мен іздеген қиял ма едің? Бір сазды төгілдіре шертіп барсам. Перім-ай, Дүниеге сыяр ма едің? Жүрекпен саған ғашық, Кетіп қалсаң! Теңіз бен қыз
Қалқыған Теңіз төрінде, Туған Ай қандай жайың бар?! Қол жетпес биік менің де, Дәл сендей аппақ Айым бар. Ақ толқын моншақ шашқанда, Теңізде менің үнім бар. Жарқырап тұрған аспанда, Күлімкөз менің Күнім бар. Ах ұрса Теңіз өлеңде, Аңсаумен өткен шақтарым. Жұлдыздар сансыз төбемде, Жолданбай қалған хаттарым. Шағала Теңіз әншісі, Жүрекке сенен ән тұнар. Көзімнің аққан тамшысы, Теңізде кермек бар шығар..!
Су Перісіне сыр... I Ей, Перизат, Ойнақ салған Теңізде, Ойлағандар дейді екен мені кім? Жұртқа мына жынға үйір дегізбе, Деп жүрмесін, салқыны бар Перінің. Көптеу десең, Жағадағы тұрғанды, Ол да жұмбақ өзіме! Білемін мен, Жақсы көргем бір жанды, Жүрегіммен езіле. О, Жарқылым, Асыл ән! Ол да менің көкірегімде тұншыққан. Бақыт деген... (Сенен несін жасырам.) Сырт айналып, Маған десе қырсыққан. Ех, жанымды түсінетін жан болса, (Бірақ сенің қатысың жоқ оған да.) Аспанымда жұлдыздан нұр тамғанша, Күтем... Кетем, орынымнан тұрам да! Таң атсыншы, Көрмегенді көресің, Іздеме сен, Жоқты мен де іздемен. Түнде жүрген болсын менің елесім, Кешір енді... Адамбыз ғой біз деген! II Басыңнан пенде ғұмыр кешіргенің, Сыр айтып, Маған тағы есілгенің. Теңізде қара түннен жарық көру, Дұрыс па екен осы есім менің?!
Тағдыр ма? Аямаған сені, мені, Шексіз ой Теңіздей боп көрінеді... Перінің мұңы бар деп кім ойлаған, Ащы жас тас моншақтай төгіледі. Айтпаған басқа түгіл қасына сын, Әніме Пері неге қосыласың?! Қайғыңа ортақ болу қолдан келмес, Сенің де жаның маған ашымасын. Айып па білмегенді сұрағаным? Ештеңе өзгертпейді қарағаның! Жыласа жүрегі бар жылаушы еді, Бұл қалай? Пері болып жылағаның. Қойғанмен дүниені жұмақ қылып, Кеудемде жатыр менің сұрақ, күдік. Мен сені қалай ғана жұбатамын, Өзім де жылап тұрып?!. Теңіз, мен, қыз
Көрсем деп сені, аспандап бардым, Сағынышқа толы сезімге ердім. Қанатын қаққан қасқалдақтардың, Тұп-тұнық мөлдір көзінде көрдім. Тосыннан шабыт қонған ақынға, Әлсіздік болса сілкінбес еді. Ұшқан құстардың ән қанатында, Жырламай қалу мүмкін бе сені?! Қанатын қақты ән салған құстар, Барады күзде тыраулап. Бізден де өтті Таң Шолпан тұстар, Сыр емес тұрмын... Жыр аулап. Бір нүкте болып көгің де қалдым, Сәуле боп тұнсам есіңде мәңгі. Шетінде тұрмын төгілме жардың, Сен жақтан тыңдап есілген әнді..! Теңіз. Теңіз жағалап жүгірген тарғыл ит -Бәке деймін-ау, осы Қасқырбай да қызық адам. -Хім...
-Қойға өзіміздің төбетті ұстамай, қайдағы жоқ тарғыл ит асырыған. - Хім... -Сау ит емес, «есекті көкке айдасаң, тақырға қашар» - деген, көктем келсе болды, ұлидыма-ау... Теңізге діңкелейді де тұрады. -Хім... (жаңа атқан насыбайын шырт түкірді.) - Қасқырбайдың бұған не жазығы бар дейсің, жазған-ау?! Балалары , қала жақтан әлі көзін ашпаған күшіктей әкелген. Бұл иттің аталары аңшы болған болу керек. Ол содан... Бәкең аузына насыбай салды -Хім... (Екеудің әңгімесі.)
Шаңқылдаған айдынында шағала. Теңіз беттен, Соққан желден әл жиып, Жүгіреді қамысы ну жағаға, Отар қойды тастап кетіп... Тарғыл ит. Толқындарға толқи қарап, Толқыған, Жаға қуып, Жүгіреді тарғыл ит, Аспан кезген, Ой қатпарлы жалқы ән, Тұратындай жүрегіне нәр құйып. Өткен күні, Қайтқан қаздай оралып, Үнін қосқан көктемге. Тарғыл ит қой, Алғашқы боп қуанып, Теңіз жаққа кеткен де. Аңшылықтың бәсі қалған көнеріп, Теңіз бетке ұлып кейде алады. «Ит дегенің жүрмейді ме неге үріп?» Түсінетін адам - Жанын шамалы. ...Қойлы ауыл, Шу, мереке әр күні, Күнде келіп, Төл санайды басқарма. Қаз-үйректің естіледі қаңқылы, Тарғыл ит қой ұлып алған аспанға!..
Теңіз жағасындағы ой Кербез мойын аққудай, Толқынның аппақ тамағы. Оралмас дей ме? Шақ мұндай, Құшады келіп жағаны. Сыңғыры шығар күлкінің, Көз алмай қатқан сылқым жар, Қайрып ұзын кірпігін, Шашылған моншақ – Толқындар. Мұндағы шыққан күлкінің, Аспанда бәрі ұшады. Сондықтан болар бұл түннің, Сәуледей аппақ құшағы. Жаныңа жақын бұл өзі, Ән болып көктен қонады. Түннің де жұмсақ тілегі, «Мың бір түн» десең болады. Жағаны әнмен өруге, Толқын ғой келген еркелеп. Осының бәрін көруге, Аспаннан үлкен көз керек!
Мен саған ғашық болмасам... І Үзілмей тұрған тілек қой, Өзіңе үміт жалғасам. Түндерде толқып, Үдетті ой, Лапылдап тұрып, Жанбасам. Лүпілдеп соққан жүрек қой, Сен жайлы жырды толғасам. Дәл сендей шабыт, Керек қой, Мен сендей тасып, Толмасам. Десе де, Орның бөлек қой, Көгілдір әлем, Ол да әсем. Бәрі де бекер, Түнек қой, Мен саған ғашық болмасам! II Кеудемді тосам деп, Іркіп келіп ем. Мауқымды басам деп, Кілкіп келіп ем. Жапырақ жайып тұр, Толқынның бүршіктерінен. Айтпаймын осал деп, Сілкіп көріп ем. Суыңды шашам деп, Бүркіп көріп ем. Теңізде тамшы тамып тұр, Толқынның кірпіктерінен.
III Теңіз бе, ей, Мынау шалқыған?! Аспанға шашқан моншағын. Тереңнен жатқан тартып ән, Құмары болған баршаның. Алдыңнан шығар жағалау, Шағала қанат жайып бар. Көтерген биік ақ жалау, Желкенін желпіп қайықтар. Қасқайып желдің өтіне, Толқыны – ұшы жебенің. Өрілген өрнек бетіне, Осы ма, теңіз дегенің? Қарадым тағы болып таң, Бір күштің барын сеземін. Дүние келмей тобықтан, Теңізді кешіп келемін. Биіктік мұнда шектелсе, Тереңдік жатыр өлшенбей. Өзендей ағып өткенше, Толқысам деймін мен сендей! IV Сылдырындай шолпының, Сұлулықпен табысып ем. Толқының қайда? Толқының, Аққудың әні сіңген. Толқымай жатты көк теңіз,
Қалдың ба бір сәт ойланып?! Төңірек біткен теп-тегіс, Тыныштық күйге айналып! Сабырлы қарттай қарайсың, Маңайды түгел шолып кең. Кеудеңде қалсам абайсыз, Кемпірқосақ болып мен. Арынды толқын қайда деп, Жағаңа келдім іздеп шын. Төңкерілген Айды әкеп, Төсіңде сенің жүзбекпін. Сезімді келдің үрлеумен, Жаттығың жоқ қой, біргемін. Өзіңдей дауыл жыр кеудем, Тоғыз балл аңсап тұр менің.
V Дәл тауып перне басқанда, Сұлулық жатыр ән салып, Ән тамып, Қара тастан да, Мен тұрмын соған тамсанып. Жұмақ па? Ах-хау дегізген, Жүректің көркем абаты. Жылы леп соққан теңізден, Желпіген аққу қанаты. Нұрланып сырмақ самал кеш, Зерленген әнмен өңірім. Ақ тамақ мінсіз, Қайқы төс, Шағала – аппақ көңілім. Арманда көрген, Көрмеген, Толқындап кеткен тасып ой. Теңізде тұрып шөлдеген, Әсемдік деген осы ғой. Егіліп жеткен өмір ме? Төгіліп кеткен бұл маңға. Сыйсын ол қалай көңілге, Әлемге сыймай тұрғанда! Теңіз ғой осыҚұдірет, Жапырақ – толқын көктеген
Аумағы үлкен сүгірет, Бояуы әлі кеппеген. VI Самалы құшқан есіліп, Мәуелеп ұшқан наз қоңыр. Сол Теңіз жатыр көсіліп, Кеудесі толқын, Саз ғұмыр. Теңіздің бетте меңіндей, Шомылған суға Айперім. Сұлулық тұрған төгілмей, Төгіліп кетсе қайтемін?! Сәулелер билеп сылқым би, Күн нұры түскен жұмақтан. Домбыра – Теңіз, Толқын – күй, Ағылып тұрған шанақтан. Сезімнің кілтін тапқандай, Көзімнің ақ пен қарасы. Тереңі ойлы қарттардай, Базарлы жастық жағасы! ...Жағада шалқып келемін, Толқында – толқын тасып ой. Теңіз бе? Теңіз дегенің, Күмбірлеп жатқан осы ғой!
VII Теңізге келсең жағада, Толқынның зерден шашағы. Ақ гүлдей аппақ шағала, Қауызын көкте ашады. Теңізге келсең керемет, Сұлулық - Саған шөлдейді. Толқынды қойған сөрелеп, Биіктен түскің келмейді. Теңізге келсең төңірек, Саз ғұмыр - Үні сырнайлы. Сәл бассаң толқын еңіреп, Сұлулық жайлы жырлайды. Таппайсың іздеп бір қылау, Бұлт та жоқ тұрған түнеріп. Моншақтар таққан түн мынау, Теңізге отыр сүйеніп. Мақпалдай жұмсақ түнгі аспан, Әлем де ғашық - Ынтызар. Алыстан үнсіз сырласқан, Жамырап сансыз жұлдыздар. ...Сол түнде үнсіз келемін, Бір ойды бір ой қозғаған. Алыста жүрген кеменің, Түйедей үні боздаған.
VIII Зерленген шашақ алтыннан, Теңізге Күн де құлады. Шағала – ақ нұр, Алдыңнан, Қайқайтып төсін шығады. Билесе бір сәт жағаны ой, Биіктен құлап ән жеткен. Толқыны сыршыл сала ғой, Сәулесін Айдың тербеткен. Шағала Теңіз еркесі, Толқында тұрған желкендей. Жүректі сен де өртеші... Кімдерден қалған өртенбей?! Дуылды күндер, Өтті той, Тоналған жандай кеудем бос. Жастық шақ ол да кетті ғой, Кешегі бірге жүрген дос. Шөліркеп жүрген жанымды, Бұл күнде деймін ұғар кім? Жап - жасыл гүлзар бағымды, Алдымнан алып шығарсың?! Ғашық боп қостым өлеңге, Тапсын деп көңіл құмарын, Аққуды көрдім сенен де, Таппаған іздеп сыңарын... IХ Маңайды түгел ән қылып, Атады ерте таң күліп. Осында міне қозғалыс,
Жататын тынбай мәңгілік! Нұрына күннің жолығып, Көк Теңіз жатыр шомылып. Қанатын қаққан шағала, Хаттардай жеткен сағынып. Жоқ мұнда, Жоқ қой, Жоқ аспан, Теңіз ғой көктен әрі асқан. Ақ бұлттар - Аппақ аққулар, Ұшам деп жүріп адасқан. Жүрсем де сені сүйіп мен, Көз салсам шіркін биіктен. Көк Теңіз осы аспанды, Көтеріп тұрған иықпен. Ән тұнып тұрған маңайым, Жан десең қазір жанайын... Тоғыз балл соққан Теңізді, Төсіммен тосып алайын. Таң қалып тылсым құдыретке, Дір етсін асау жүрек те. Ілініп сосын қалайын, Айвазовский салған суретке!
Х Шағала – ақ парақтар, Сөйлемде – көзі нүкте. Қанаты – жазған хаттар, Қалғандай сөзі көкте. Күн нұры келген жері, Сәулесі Айда жатыр. Жазылған сөйлемдегі, Аяғы – қойған үтір. Толқыннан ән шашырап, Тарайды асқақ үні. Көк Теңіз – нән жапырақ, Шағала – аппақ гүлі. Бәрін де шайқап әсем, Күн нұрын өріп тұнық. Түспесем қайтер екен, Суыңа, Келіп тұрып. Жұмақтай, Байтақ өлкем, Жарасқан көріктілік. Мен ертең қайта келем, Жағаңа келіп тұрып. Алтын Ай айнам десең, Сен тұрсың еліктіріп. Жағаңда айтам өлең, Кеудемді керіп тұрып!
Теңізді іздеу Жасыл орман, Жап-жасыл тегіс беті, Сарғаяды, Сап-сары теңіз шеті. Сағыныш нұр, Сарғайған Теңіздегі, Мен Теңізді іздедім, Теңіз мені. Табады де, Табады көп іздеген, Үмітімнен су ішті көңіл деген. Тұман шықты алдымнан адастырып, Теңіз мені іздеді, Теңізді мен. Айдарыман жел ескен тәрізді еді, Толқын болып шашылған ән іздері. Құшағыма тұрғаным сыйғыза алмай, Теңізді мен, Теңіз мені! Теңіздегі мұнара Ілессем деп, Өмірдің ағымына, (Табиғаттың мән бермей шағымына) Жердің беті көсеуге жетпегендей, Суға шықты, Мұнара тағы мына. Жерге емес, Мұнара, Көресің ба? Шаншылады Теңіздің денесіне. Биік тауға жарасқан, Қара бұлттар,
Түнереді мұнара төбесінде. Мұнара тұр, Теңізде, Жел өтінде, Теңселеді, Өмір – Теңіз кемесінде. Қара мұнай атқылар, Адырнада, Қара оқтай мұнара – жебесінде.
Автопортрет Қыртысты, Шоқыр маңдай – Аралымдай, О баста туа - жекжат, ағайындай. Ұштары оқтын-оқтын түйісетін, Қайықтың қос ескегі – қабағымдай. Кім былғар?.. Күнгей беттен орамалын, Теңізге батқан Күндей қарағаным. Қисықтау, Соқпақ жолдай танауым бар, Иілген тұмсығындай шағаланың. Толқынның айбыны бар мінезімде, Қайтатын буырқанып лезінде. «Теңізге иек артқан мүйістейін» Тастардай, Ойқыш-ойқыш иегім бар. Кеудем – Тау, Елестетер құс базарын, Қондырған жүрегіне құстар әнін. Кермектеу өлеңдерім... Айып етпең, Әйтеуір, Мен Теңізге ұқсағанмын!
ӨЛЕҢІМ СЕН ДЕП, ЖҮР ЕДІМ... Соңында жүріп елестің, Адасып кетсем сол қайғы. Жынды деп, Жынды емеспін, Сау деуге тағы болмайды.
Қыз құйған шай Қыз құйған шай, бұдан тәтті не болады, білмедім Қыз құйған шай, бұдан ащы не болады, білмедім. Жұмекен. І Қырық қыз жайлы, Оқыдым өлең, От кештім, Құман мен қыздың, Әні бұл бөтен, Тілектеспін. Қыз құйған шайды, Бәрібір ішем, Бәрібір ішпей кетпеспін! ІІ Себеп тауып, Келтіргесін ретін, Шай ішуге қызды үйге кіресің. Тәттісін-ай, Қыз құйғанда, Алғашқы, Ерініңе тиетін. Бөлек мәні, Шай қадірін білесің, Іштей сезіп, Іштей ұғып жүресің, Ыстығын-ай, Қыз құйған да, Алғашқы, Ерінің де күйетін! ІІІ Кім десем... Шайды құйған бұрқыратып, Құманнан аққу мойын жыр құлатып. Кесе тұр қыз ұсынған шайға толып, Гүлдердей күрең қызыл бүршік атып. Кесенің «қалың малдай» бек тұрысы, Дүниенің ағыл – тегіл төрт бұрышы. Ақ білек жеңнен шығып кесе ұсынса, Қалғандай қынабы жоқ, Тек қылышы. Жайықтай дастарқанға жазылып ек, Шайға деп, қыздың қосқан назы бөлек. Бұл шайды еселеп бір ішу үшін, Көңілге ақ мойынның сазы керек.
ІV Аяқталып бала күнгі ертегім, Жігіттіктің іңкәр күйін шертемін. Құман салған әнді тыңдап өскен ұл, Тері ақты, Қамшыдай боп төрт өрім. Қыз құйған шай, Білмей ішіп өлшемін, Тамақты емес - Жүрегімді өртедім. Бір самаурын шайды ішіп тауысардай, Ей, бойжеткен, Кімің едім мен сенің? Қыз құйған шай, Шай тегін, Қиял құсым қалықтайды ой көгін. Шекер қосқан шайға шөлім қанбады, Ей, бойжеткен, Өзің енді айт емін. Қыз құйған шай, Әй, керім, Ұрттап ішкен шыпылдайды қайқы ерін. Кесе толы құйған шайды, Бір Пері, Ішіп кетсе қайтемін?! V Құман тұр отта, Ән десең сазды бұл қандай? Қызуы оттың бетіңді жұмсақ ұрғандай. Жылылық біткен жүрекке келіп ұялап, Қызылы шоқтың, Бетінде қыздың тұрғандай.
Қаз-қатар адам, Егілген тұтас ормандай, Қалқыған Айды, Ұстаған кесе қол қандай?! Секерді алсаң, Аспаннан жұлдыз жұлғандай, «Қос алқа» күйі сырғаңдай! Адамдар отыр, Жағалай тізген қалқандай, Кесе де мынау, Үлкен де емес, ортанбай. Қыз құйған шайды ұрттап-ақ іштім, Десе де, Бақыттың өзі кеседе тұнып қалғандай! Ішіне үйдің, Сәулесін шашқан нұр таңдай, Шағылған көзге, Моныңа таққан алқаңдай! Мұрынның үсті, Шым-шымдап қана терлейді, Мойыны ұзын сор маңдай. Кесе де мылқау, Қыз сырын тұрған айта алмай, Қимастық сезім, Өтер ме енді байқалмай. Кетер ме екем, Отырған жұртты таң қылып, Кесені қойсам қайтармай!
Тараздың қызы Гүлназға I Бұрауына түсіп тұрған бір саздың, Күн көркіне сөз жете ме Гүлназдың?! Хафиз жазған аруындай Шираздың, Сұлу қызы Тараздың! Бәрі осы. Біраз қайғы, Біраз мұң, Таңды-таңға асырады ұйқы аз күн. Ұмыттырып ақ күлкіні іздеген, Тек жымиып қарағаны Гүлназдың. Ерке көктем, Ерте келіп Тараздың, Ерте жеткен, Ерте кеткен саны аз күн... Көктем деген ешкімдікі демесең, Көктемі ол - Гүлназдың! Бірге жүрген, (Бақытты күн!) Біраз күн, Тәттілігі кімге жетсін сол аздың?! Сұлу қызы, ару қызы Тараздың, Сағыныштан саған арнап жыр жаздым! Ақын жаны мұңаяды,
Неге жүдеп? Сезетіндей бір сырды жүрегі тек. Қызға оқып алғашқы өлеңін де, Оқып берді досымның өлеңі деп. Дегені көп... Шын бақыты жазылған өлеңі боп, Тылсым күштер, Тағы да Аспан, Әлем, Жұлдыз жайлы өлеңі, Себебі жоқ! Жарып шыққан секілді өзегін от, Біте-бірте барады өлең үдеп. Қыз тыңдайды өлеңді жүрегімен, Одан басқа бақыттың - Керегі жоқ! III Таразда жасыл орманОсы қорған, Бұлттардай, Жамбыл таудың басын алған. Мен сені сағыныштан жырға қостым, Өйткені, Сенде менің досым қалған. Кім дейсің Гүлназ емей?.. (Қасында арман) Жүректі, Сол досыммен қосып алған. Гүлназды Айдан биік көтерем деп, Таразда досым қалған...
Ділдә ханым I Шымқаланың, Күнгейі күнде сағым, Сағым орап ұшады күрке тамың. Сая болмай, Саялы сая бағың, Шөл басайық сол тамнан, Ділдә ханым. Неге жақтың? Сезімнің білте шамын! Неге тәттім, қош деді? Қызға мәлім! Жалын орап өртенер күрке жағың,
Ділдә ханым. Шымқаланың, Күнгейі күнде сағым, ...Күнде шалың өргізер күнге малын. Қаздар айтып барады күзге әнін, «Қаздар қайтып барады...» Ділдә ханым. II Шымқалада, Қалған бір сыр болатын, Отырады сол бетті... Жырлап ақын. Күндізі от, Түні де нұрға жақын, Ділдә ханым. Пісіп тұрған алма бақ, Күзге салым, Таныс соқпақ, Таныс қой... бізге бағың. Және де мөлдір жаның, Ділдә ханым. Менің күнім еді ол, Сізге мәлім, Мен жұтатын ауаға сіңген әнің. Ойға түссе, Әлі де қызғанамын. Ділдә ханым. Шымқаланың , Күнгейі күнде сағым, Сол сағыммен кеткен де бірге жаным. Төлеген де қоштасқан, Алты қазбен, Қоштасармыз... Таң атсын. Ділдә ханым. III Шымқалада, Сол жылы күз болатын... Ақын жазған, Өлеңмен қызға хатын. Өлең жазып, Өлеңге атын жазбай, Шимайына мәз болған біздей ақын. Сылдырындай су жатты сырғасының,
Ақын ғана айтатын суға сырын. Сол мықтың да, әрине, Біз болатын, Өлеңдері көрмеген бір басылым. ...Сыр ақтарған жылдарым, Жыр ақтарған, Енді орамал кім былғар, Бірақ саған?! Күндерім-ай жылуын қайырмаған, Өлеңім де сол қыздай қымбат маған. ...Алма исі аңқыған күзде бағың, Ұрылардай қараушы ед, бізге шалың. Бізден қартың қызғанса алма бағын, Мен өзіңді өзгеден қызғанамын, Қайтейін?.. Ділдә ханым. IV Қиялым бір қарбалас... Кетер көкке, Бақыты - Елесіндей шырын шақтың. Өзімді орап тұрып шекер сәтке, Сезімді сен арқылы сұлулаттым. Тілсіз де кетер едік ұғынып та, Дүние сені көріп өзгеріпті. Айтсын деп, Мадақ сөзін сұлулыққа, Өзіңмен тілдесуге сөз беріпті. Көзім де, Жоқ ... сезімім, көз ілмейді, Алдымен саз ғұмырлы сөз келіпті. Сұлулық ғашық болмай көрінбейді, Көрсін деп, Маған сені көз беріпті. Сәуле бұл, Дәл жаныма тиіп кетіп, Айтуға тіл де жетпес, Ай көрікті. Қиялын жүрсін деді-ау биіктетіп, Тағы да ойласын деп, ой беріпті. Тылсым күш, Көктен түскен өлең шығар, Сап-сары сағынышым көгеріпті. Өзіңді жырлап өтсін деген болар,
Мені де ақын қылып жіберіпті! V Он екі бет, (Өлең) Бір дәптер, Ішінде жатқан ән қайнап. Сені де білем... Тыңдап көр, Кеудеңде тұрар жалт ойнап. Он екі бет, (Өлең) Жыр дәптер, Одан соң қанша жол жүрдім. Сені де білем... Кей сәттер, Кешесің кейпін сол күннің. Сол күнге жаным шөлдеп жүр, Парақтап ашсам дәптерді. Алма бақ тағы гүлдеп тұр, Есіңе салып өткенді. Тулатып бойда қаныңды, Уызы тәтті жырдың да. Қызғанып алма бағыңды, Жап-жас ақынды қудың ба? Енді кім мұны шешеді, «Тартылыс заңы...» ашпаған. Іздеймін қартты кешегі, Күзеткен бақты басқа адам. Әр жолы тұрған тармақтай, Атызда өлең тулайды. Елейтін бізді жан жоқтай, Ешкім де бізді қумайды. Ақынмын әзір жоқ атым, (Жас ақын десе, таңданам.) Бұрын да солай, Бұл ақын, Аты жоқ өлең жолдаған. Орамал былғап тұратын, Елесің ғана қалмайды. Қазір де солай, Бір ақын, Аты жоқ өлең жолдайды!.. VI
Сен басқасың, Қарау керек басқаша, Кез-келгенің көрінбейтін көзіне. Гүл де шөптей, Қауызын жарып ашпаса, Хош исімен тартар ма еді өзіне?! О басында, Тапқан сені адаспай, Ол дегенің сәттер болар қас-қағым. Гүлді иіскеп көрші өскен ағаштай, Мен де мүмкін, Ой көзіне басқамын. Жұрт көрмейді, Мен көргенді, Басқасың, Сұлулықтың тұратынын ағыстан. Ұмтылады жұрт қауызын ашқасын, Хош иіс емес - Шаң ұшқан. Ойлағанға дүниенің үміті, (Білмейді олар) Тұратынын талшықтан. Гүлдің нағыз жұпар исі менікі, Үндемеймін сондықтан! Айналаны гүл ораған, Нәрі мұң... Неге екен, осыған таң қаламын? Кешіктіңдер тағы міне жарығым, Кешіктің-ау қарағым!.
О, Махаббат ұлысың Күн бе? Ай ма? Бірі шын, Қонған бақыт жырысың! Шағын мейрам жасадым, Өзің білші, Кім үшін?! Күн бе? Ай ма? Нұры шын. Бірі күн де, Бірі түн. Қызды кешке шақырсам, Ертіп келді жігітін. Бітті бәрі. Құрысын. Өлді десем,-- Тірісің! Осыныңмен ірісің, О, махаббат ұлысың!
Дос дейді ғой... І Күн түсірмей, Көлегейлеп жүргенге, Сен жүресің қамқорлық бар іргеңде. Мен жүремін сынықтарын шашылған, Жинай алмай, Сен жарқылдап күлгенде. Доспыз дейсің, Дос дегенде жатса мұң, Торланады көңіл деген аспаным. Қыз бен жігіт арасында болмайды, Нағыз достық, басқа мағына, Басқа ұғым. Дос дейді ғой, Бұл сөзіне көнем бе? Соқыр дос па, кереңге?! Сандырақ ол, түсінгім де келмейді, Шын сүйгендер қызғанбайды дегенге! Болғанымен дос-тілеулес жат көзге, Болған емес, Достық деген, жоқ бізде. Менің егер көзімменен қарасаң, «Достық» деген көпіріңнен өткізбе. Бір өзімдей бола алмайды бар кісі. Күн есімді жүрегімнің жалқысы. Қоштаса алмай, Достаса алмай тұрдым мен, Жүрегімнің ішке тамып тамшысы! ІІ Келмесі айдан анық, Аспанда Айдың, Өзінен өзім кейде қашқандаймын. Барады барлығы да аяқталып, Сондықтан мен ешқашан басталмаймын. Келмесі болды мәлім,
Аспада Айдың, Сәулемен қоса маған шашқандай мұң. Бір досым болып еді... Кетті ол да, Мен енді ешкіммен де, Дос болмаймын. Бір сырды айтпақшы едім... Досым жайлы, (Досынан сырын ешкім жасырмайды) Көңілден қалған көңіл, Балшық емес, Сүт қосып илесең де қосылмайды. III Мен өлмедім, Өлмей қалдым сенер ме ең? Тірі қалдым, Жай түскенде төбемнен. Қансыраған жүрегімді жаралы, Келем енді емдесем деп өлеңмен... Ауыр болды, Бәрінен де жол бүгін, Сен де мендей сорлысың-ау сорлы күн. Бағыты жоқ, Жараланған жүректі, Алып шықса - Алып шығар бол жырым! Қиын екен, Тегіс жерде сүрінген, Бордай болып үгілген. Бар жаныммен өлеңіме сүйеніп, Сүйреп келем, Жүрегімді бүгін мен.
Пенделік пен ақындық Жүректі сыздап, Мұздаған, Көргенде емдер гүл өңің. Пенде боп сені қызғанам, Ақын боп сені сүйемін. Мұратқа іздеп жетпеген, Іштегі у ғой бұл қайғым. Пенде боп сені жек көрем, Ақын боп сені қимаймын. Кеудемде әлсіз жаным жүр, Езілген суға бордаймын. Пендеге енді бәрі бір, Ақын боп мәңгі жырлаймын!
Махаббат деген майданда Ғашықтық ұшқын, Бір елес, Еркіңе қоймас жырлатпай. Сұлулық деген ірі емес, Сұлулық деген бармақтай. Түннен де күнді іздеп ек, Түнменен біз де күндеспіз. Сұлудың жөні бір бөлек, Сұлулық деген, қыз деппіз. Кісі боп, Иттер үргенге, Торыдық талай қыз жақты. Үйтіп те-бүйтіп жүргенде, Іштегі дертті қозғапты. Жігіт те болдық, Ер кеуде, Жүрдік қой талай сүргін сап. Сәлем деп қолын бергенде, Қыздардың қолы жұп-жұмсақ. Қызыққа жастық тойған ба? Қызға жыр жаздық арнап біз. Махаббат атты майданда, Ақын боп қалған солдатпыз!
Осал емеспін –ау Қалың тұман қаптайды,- Қалың қайғы, Іштегі от сексеуіл шоғындай-ды. Саған ғашық болғандар жетіп жатыр, Төлегендей, Бірақ та, Табылмайды. Көңіл шіркін жоқ-барға алаңдайды, Бар үмітті, (Сол қалған) Амалдайды. Маған ғашық болғандар табылады, Қыз Жібектей, Бірақ та, Бола алмайды. Жақын айтқан тоқтатып, Кеңес мынау... Көз алдымда тұнған бір елессің-ау. Сені сүйген мазасыз жүрегім бар, Шынында да, Мен осал емеспін-ау!
Сүймеген жанды... Сүймеген жанды сағынып қайтем, Сағыныш жайлы сөз басқа. Шын сүйген жанның шағымын айтам, Адам бақытты болмас па?! Сол бақыт ұшқан, Құс деген еді, Құс болса қолға қонбас па? Көзіме менің түспеген еді, Адам бақытқа жолдас па?! Шын ғашық болу, Бақыт деп еді, Бақытқа барар жол -- Қасқа. Емдейтін бәрін уақыт деп еді, Мен сенбей тұрмын, Рас па?! Парақтап бетті... Күлді десе, Күлген шығар, Мен өзіне болдым ғашық. Ауып оған аңсарым. Білді десе, Білген шығар, Шын сырымды алдым ашып, Салмағынан шаршадым. Мұңды десе, Мұңды шығар, Сүюге адам жаралған, Аксиома бұл енді. Үнді десе, Үнді шығар, Отқа жүрек ораған, Ақын жазса өлеңді.
Отыр десе, Отырған шығар, Айнала жинап достарын. Тарақтап шашын басқаның. Оқыды десе, Оқыған шығар, Өзіне ғашық дастанын, Парақтап бетті... Көзімнен аққан жастарым! Қыз сыйлаған орамал Жиектелген, Теңіздің жиегіндей, Жұмсақтығы қытайдың жібегіндей. Қыз сыйлаған орамал, Сәуле шашқан, Батар күннің реңіндей. Өрнектері, Биші қыз білегіндей, Оюланған парсының кілеміндей. Қыз сыйлаған орамал, Үлкендігі, Бір жапырақ көлеміндей. Қызыл гүлі қауызда, Гүл еріндей, Қоюлығы мақпалдың күреңіндей. Қыз сыйлаған орамал, Қыз ұсынған, Жүрегіндей! ***.
Тыңдаған жанға, Бәрі де жұмбақ. Тыңдадым таңда, Сыйқырлы ән. Тұңғиық терең, Әріден жырлап, Айырған төзім, Ұйқыңнан. Айтқанда сөзбен, Түсінбес еді, Түсімде естіп, Тұрмын мен. Естісем деп ем, Өңімде сені, Тараған әнді, Күлкіңнен. Оятқан таңды, Тыңдасаң мәңгі, Тыңдасам тағы, Шіркін мен. Көрсетпей сенен, Ұрлаған әнді, Күлкіңнен. Түн еді...
Түн еді... Бұзылған бозбала жүрегі, Байқалар екеудің реңі, Жәй-жәйден сол түнге сіңеді. Ту-у... Аулақта иттер үреді. Түн еді... Көрінбес көзге түк, Қос ғашық кездесіп. Оңаша үлгірмей сөйлесіп, Жүректер кетіпті тілдесіп. Түн еді... Ай шамын бұлттарға іледі, Қуланып, жай ғана күледі. Түннің де дүрсілдеп жүрегі, Ту-у... Аулақта иттер үреді. *** Өшірмей ыстық сезімді, Алдыңа жанып келіп ем. Айтайын деген сөзімді, Айта алмай тұрмын еліктен?! Қырларды кезіп осылай, Кетейік дедім, Жүр бірге. Қас-қағым сәтті осын-ау, Қимаймын неше күндерге. Бұл менің айтпақ, Ойым ғой, Сен соны сезіп білдің бе?! Үндемей кеттің, Күлдің де! Жас тамып кеткен...
Айтатын әні, Басқа ән, Біз айтқан әнде жатса мұң. Сызықтай түзу қоспаған, Бізді де тағдыр қоспадың.. Бар дейді тапқан, Бар теңі, (Өтеді жылдар қас-қағым) Түсіне кірсем қайтеді? Тілеуін тілеп басқаның. Жоғалтқан кезде сенімді, Дауа жоқ деген бұл елге. Онсыз да алаң көңілді, Мазалап енді жүрем бе? Жүргенім осы жыламай, Орны жоқ айтар өкпенің. Өзіме жүрді ұнамай, Жасырып жасты төккенім. Жасқанып көктен, Келіп күз, Жартасқа біткен бұл неге? Жас тамып кеткен, Еріксіз... Ашиды жаным гүлге де! Тас-талқан болған жүрегім...
Сүймеген жанды қайтесің дейді, Сезім ұнатқан жоқ па ? Сүйемін! Махаббат оты өртесін мейлі, Өзім жаққан отқа, Күйемін! Сүймесін мейлің, Бәрі-бір маған керек шын, Қызығам желге, Шашынан оның сыйпаған. Жүргенге енді не жетсін, Жақындау оған бір қадам. Көңілде жүрген, Өмір деп білген, Мүсін ең, Ғашықтық у-ын, Кісідей қанып ішіп ем. Махаббат үшін, Тас-талқан болған жүрегі, Төлегенді аяп, Қодарды мен де, Түсінем! Өмірдің ол да өрнегі
Өзгеше күйді шертіп ем, Өзімше мен де сүйіппін. Сұлулық құрған көркімен, Лағы еді киіктің. Екпіні бөлек ағыстан, Құлаштап керіп аспанын. Қиялым келіп жарысқан, Армандар алған бастауын. Көргенде қалам болып таң, Басқандай сұлу пернені. Тар жолда тайғақ жолыққан, Өмірдің ол да өрнегі. Соңында жүріп елестің, Адасып кетсем сол қайғы. Жынды деп, Жынды емеспін, Сау деуге тағы болмайды. Күту мен үміт жалғасты, Күй болды бұрын шертпеген. Көктемнің гүлі алғашқы, Жүрекке келіп көктеген!
Сурет I Жанары жанға жайлы күліп қарар, Жүрекке жылы тиген қылық та бар. Керме қас, ақ маралдай керілгенде, Жүзген Ай, Көкті керіп тұрып қалар. Саз ғұмыр жүрегінің дүрсілі де,
Ажары гүлдің жарған бүршігінде. Қасынан іле жүріп қараған жан, Ілініп, сынып қалар кірпігінде. Жап-жазық шұғылалы ақша маңдай, Ақ дәптер бетін әлі ашпағандай. Жаратқан суретті салған кезде, Шабытын осы жерден бастағандай. Құлаған ақ тамаққа иек әсем, Ойнаған ақ сазанды білек десем. Тәйір-ай, сені ешкім жүрек демес, Орныңнан бір қозғалып, дір етпесең! Жүргенде жүрісінен жел еседі, Жер түгіл, дүниені тербетеді. Көзіңе жұмағыңды елестетер, Көлбеңдеп көйлегінің зерлі етегі. Көз нұрың сұлулықтан сүрінеді, Алыстан қоc жанартау білінеді. Сыртына атын жазған осы сурет, Төріне қай жүректің ілінеді?!
II Жұлдыздардың жарығына жуынған, Әппақ Айдың сәулесіне шомылып. Қара Түннің, Көзі тастай жұмылған, Ес қалмаған, Паң кескінге жолығып. Айнала гүл, Аңқыған нұр, Гүлістан, Осы шығар, О, дүние, Гүл бағың. Жорғалардай, Су төгілмей ыдыстан, Қайталайды сазды әннің ырғағын. Қолаң шашы, Биік жарға өрмелеп, Сәуле шашқан, Аққу мойын, Ақ маңдай. Құмыраны иықтағы қол демеп, Сұлу мүсін судан келе жатқандай. Дүниені, Асты –үстіне түсіріп, Жанар қандай? Жанардағы от қандай?! Кірпігіне қалғаныңмен қысылып, Жұмсақ тиген, Қою қара мақпалдай. Жүрекке, айтам...
Қалың ой қаптап тұрғаны-ай, Көтертпей басып еңсені. Бағынбай жүрек... Бұл қалай? Түсінбей тұрмын мен сені. Әлде не түсіп есіңе, Өлең боп жалғыз сырласың. Дөңбекши бердің несіне, Бір үйге сыймай бір басың. Түн ұзақ, Қойды таң атпай, Жырыңды жұмбақ кім ұқсын?! Беймезгіл келген қонақтай, Махаббат сен де қызықсың! Қайғысы жатқан мың батпан, Жанымды кім бар ұғатын?! Айтайын деп бір тіл қатсам, Әзілге сөзді бұратын. Тұрған бір сонау күлімдеп, Көремін жалғыз елесін. Іздесем қайғы - жырым боп, Әнім де мұңды келетін. Қиялшыл болдым бұл кезде, Жүректе толқып бір сезім. Қадалған оған көп көзге, Қарсы боп тұрам бір өзім! ...Саған
Болса деп ем... Жалғыз әнім, Ертегідей қиялым ба?! Саған арнап жыр жазамын, Атын басқа қоямын да. Сыйластықты бұзбағаным,
Бақыт болып қонбасаң да. Басқа көзден қызғанамын, Маған көзді салмасаң да. Жоқ батылдық, Жігерім де, Сүю арман гүл ерінді. Жүрегіммен сүйемін де, Ауыртамын жүрегімді. Қиялымнан түлеп шығып, Жырмен саған тіл қатамын. Саған бақыт тілеп тұрып, Бақытымды ұрлатамын. Мәртебеңе басты тігем, Өтем жырмен биік қылып. Барлық қызды жақсы көрем, Сені жалғыз сүйіп тұрып! *** Жүректі кімге емдетем?! Қиыр да-шиыр, Жүрістің шағы, Бос жүріс деп те айтпаймын. Жүрекке жақын шығыстың сазы, Хафиздан өлең жаттаймын. Мереке десем - Күнімнің сәні, Алданыш одан таппаймын. Тамаққа тиіп шылымның дәмі, Һайямның жырын мақтаймын. Зарлыққа ұқсап, Жырымның бәрі, Мұңлық деп, саған ат қойдым. Түсіме кіріп, Ұғындым тағы... Сол күнді бірақ, жоқтаймын. Қиналған жанды, Сөйте ме екен? Қимаған әнді шерттім мен. Махаббат деген, Күлкі ме екен?! Көзімнің жасын сүрттім мен. Шын сұлулықтың, Күлкісі бөтен, Сұлулық емес - Көп күлген.
Бәріне көну мүмкін бе екен? Қолымды сілтеп кеттім мен. Тұсынан өтсем, Күрсініп өтем, Болмай ма одан шет жүрсем?! Бақыт деп білген, Бір түрлі екен, Бақытқа қашан жеттім мен?! Сағыныш сазы түнепті түнге, Қауызын әлі ашпаған. Емдетем айтшы жүректі кімге? Шырынын сығып тастаған. Қоштасқым келмейді Күн өтіп барады, Жүрегім шөлдейді. Деп еді, Бақытты, Ол өзі тербейді. Барады аққулар аспанда, Қоштасқым келмейді. Ай өтіп барады, Еркіңе көнбейді. Деп еді, Уақытты, Ол өзі емдейді. Барады аққулар аспанда, Қоштасқым келмейді.
Жыл өтіп барады, Махаббат сөнбейді. Жүректі сағыныш, Ән болып тербейді. Барады аққулар аспанда, Қоштасқым келмейді. Тулатып бойда қаныңды, Уызы тәтті жырдың да. Қызғанып алма бағыңды, Жап-жас ақынды қудың ба? Енді кім мұны шешеді, «Тартылыс заңы...» ашпаған. Іздеймін қартты кешегі, Күзеткен бақты басқа адам.
ҚЫЗ СЫРЫ
Мүмкін мен он сегізде. Не жиырма бесте болармын Әңгіме онда да емес... Жігіттерден қыздарды көп дейді. Мен сол көптің бірі болғым келмейді. (Қыздың жазған күнделігінен)
Жұлдызың боп, Жарқырасым көгіңнен, Сәулелері аққан жас боп көзімнен. Қолаң шашым – түн десем, Сені аңсап, Төсегіме төгілген. Саған деген, Болмысым мен күйіммен, Сен күн болсаң, Мен гүл едім иілген. Бір-ақ ысқыр, Ит біткенді шулатып, Атып шығам үйімнен. Сағынышым үйінді боп үйілген, Сенсіз өткен күндеріме күйінген. Бір-ақ ысқыр, Айды аспаннан келтіріп, Кетем үйден бүгін мен. Сырлы саздың, Желі есіп үніңнен, Сен келетін, Жолға үміт жүгірген. Бір-ақ ысқыр, Айлы түнде шіреніп, Атып шығам үйімнен! Түсіне кірем мен қашан?!
Теңіздің мынау, Шаттыққа бөлеп жағасын, Аружан сұлу, Маржандай тұнық қарасың. Сапарлар шеккен, Алыстап аппақ кемелер, Арманым болып, Ардағым болып қаласың. Қайрмасы: Тербесін мені, тербесін, Көгімді шаттық кернесін. Тербелмей тұру мүмкін бе? Осындай жерге келгесін. Теңіз де осы, Сағыныш сазын желпіген, Өзіне тартқан, Тұңғиық ойлы, көркімен. Сұлулық біткен түсіме менің кіреді, Ақудай арман, Түсіне қашан мен кірем.
Күзде Құлазиды салқын бақ, Күздің көзі ызғарлы. Соқыр жаңбыр там-тұмдап, Күнді кімнен қызғанды?.. Ызыңдайды айналам, Көктем әні жоқ есте. Дүркіретіп айдаған, Бұлттар жылқы емес пе?.. Бұрандадай бұралып, Көлеңкем тұр ұзарып. Таң атады бозарып, Күн батады қызарып... Қан шығармай қадалған, Тікенектей жел өктем. Суық ойлар қамалған, Мұң шығады жүректен... Күзге неге сыр аштым, Жылылық жоқ дәметкен. Тоңғаны ғой ағаштың, Жапырағы дір еткен... Балдызға (Әзіл) І Серік қылып, Мол үмітті, Бір жүректі мазалап, Жыр еткізіп. Есігіңнің алдына сол жігітті,
Қойдың ба сен ақысыз күзетші ғып. Күннің қарап кешіккен батысына, Мен сияқты кешегі, Болып ғашық. Күзеткеннің бір күні, Ақысына, Балдызым-ау кетпесін алып қашып! ІІ Жоғалғандай, Мендегі төзім мүлде, Қадалады апыр-ай, Көзің кімге?! Өзге түгіл шынымен, Кейде осы, Қызғанамын мен сені өзімнен де. Ұқсатамын өзіңе гүл орамын (Мендей қамқор жоқ шығар сірә, жаным) Болғаны да шіркін-ай қандай жақсы, Қызғанатын өзгеден, Бір адамың! Қыздар (Әзіл-шыны аралас) Қыз дегенде, Шығардай шыбын жаның, Жүрмесіңе қоймайтын қырындамай. Көрген сайын біріңді әзілдеуге, Тілім қышып тұрады, мұным қалай?!
Қара шашы қап-қара түнім еді, (Түнді іздеп, бозбала жүгіреді) Түннен іздеп тыныштық таба алмай, Боз баланың жүрегі бүлінеді. Таңғы шықтай, Мөп-мөлдір жанар қандай?! Өн бойыңа бір сезім тарағандай. Көз сүрінер қарасаң, Қос анары, Вулканы бар сөнбеген, Жанартаудай. Үндемейді ойыңды сезіп жүріп, Жанарымен бәрін де сезіндіріп. Үйретеді осылай мықтылықты, Көрсетеді осылай төзімділік. Көңіліңе жүретін көк тіретіп, Өміріңді жүретін көктем етіп. Әзілдесек жігіттер шектен өтіп, Алмайықшы қыздарды өкпелетіп!
*** Естілмей кетті таныс үн, Деп жаным текке күсінбе?! Беймезгіл кезіп бақ ішін, Мені ойлап... Жалғыз жүрсің бе?! Көгілдір келбет көтемде, Қаптады гүлі қырдың да. Қос аққу көріп көк көлдк, Мені ойлап... Жалғыз тұрдың ба?! Бұлақтың аққан сылдыры, Ұрланған сенің күлкің бе?! Ойыңа ой сап қыр түні, Мені ойлап... Жалғыз жүрсің бе?! ...Ойлаған жақсы әманда, Ойламау білем – ұмыту! Күресіп жатқан санаңда, Жалғыздық деген... – Ұғысу! *** Естілгендей, Алыс жақтан ән тұнып, Мен қараймын кірпігімді талдырып. Жанарымды сен жүретін көшеге, Іліп қойдым шам қылып. Түнгі ұйқыны ала таңға ұрлатып, Көз шықтарын Күн нұрына құрғатып. Жүрегімнің жырға толы дүрсілін, Тек өзіме тыңдатып! Әнім менің жаңылғандай сазынан, Мезгілінің қысы көптей жазынан... Өлеңімді тек өзіме оқимын, Саған арнап жазылған. Әзіл ме еді, Сенің үшін жай мұным, Сені ойламай өтіп еді қай күнім.
Су алуға лақтырылған шелектей, Тастадың ғой құдығына қайғының! Құштарлық Шығарып салып, Құстардың тұрсаң тізбегін, Барады қайтып, барады айтып күзге мұң. Көктемде келер үмітке толы құстардың, Тізбегінен мені іздегін... Құстарды көрсең, Сап түзеп ұшқан төбеңнен, Ол менің хатым сағынышын өрген өлеңмен. Ешкімге әлі ашпаған жүрек сырларын, Құпия сақтап келем мен. Тізбегін көрсең, Сұңғыла сазды құстардың, Мекенін аңсап ағыл датегіл ұшқан мың. Сол құстар деген көктемге ғашық емес пе? Дәл сондай саған құштармын!
ТАЛҒАТ ҚАЙБҰЛЛАҰЛЫ
Талғат Қайбұллаұлы. Алматы мемлекеттік университетін1995 жылы бітірген. Ақтау қаласында тұрады. Ақын. Қазақстан журналисттер Одағының мүшесі. «Маңғыстауда Пір Бекет ата», «Менің елім Қазақстан» кітаптарының авторы. Бекет Атамыздың 250жылдық мерей тойында өткен ақындар мүшайрасының жүлдегері. 2008 жыл өткен Маңғыстау жұлдыздары байқауында облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапатталған.
МЕНІҢ ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН (ӨЛЕҢДЕР)
КӨК БАЙРАҚ
Жыр болып төгіле бер, жақсы ойларым, Бал-шекер жыр деп білгін жақсы ой дәмін. Тұңғыш көріп көзіме жас алғанмын, Желбіреп тұрғанда асқақ көк байрағым. Көк байрақ, елімізге бір күш бердің, Басы сенен басталып үлгі істердің. Көк бөрі тектес елдің көк байрағын Елбасының қолынан тұңғыш көрдім. Сол сәт менің көңілімді елжіреткен, Көкке өрлеші, көңілім, сергіп өткен. Асқақ рухты айналдым спортшылардан, Ең алғаш Атлантада желбіреткен. Елжіреген, көңілім, елжіреші, Дей алмаймын, көңілім, сергімеші. Қазақстан әр түкпір аймағынан Желбіреші, көк байрақ, желбіреші! *** Қалайша шыға алмайды үнім менің, Шабыт қысқан сәтім ғой бүгін менің. Көк байрақтың бетінде бейнеленген, Сөнбеші шуақ шашқан, Күнім менің! Сөзімді отырған шығар ұғып бәрі, Аман болсын қазағымның ғұрыптары. Шуақ шашқан Күн бетін байрақтағы Баспасын күндестіктің бұлттары. Баспасын жамандықтың бұлттары, Қандай жаман зұлматтың суықтары?! Әр шаңырақ сол Күннен шуақ алып, Босамасын ешқашан уықтары. Босамасын еш шаңырақ уықтары, Қазағымның тасысын ырыс-бағы. Жүз қырық ұлт жатсынбай жерімдегі, Қолына көк байрақтай ту ұстады. Көреді байрағымнан анықтаған, Күн астында қыран құсты қалықтаған.
Қыран құсым, биікке ұш, төмен ұшпа, Құс төресі ең қанатты жарыспаған. Құс төресі ең қанатты жарыспаған, Дей алмаймын арманым алыс маған. Қыранның қырандығы осында ғой, Қыранмен қарға-құзғын алыспаған. Көк еді ғой байрақта түс белгісі, Күн белгісі содан соң құс белгісі. Үш деген киелі сан қазақ үшін, Байрақтың бар осындай үш белгісі. Желбіреші, көк байрақ, желпілдеші, Дей алмаймын байраққа, жел тимеші. Айтарым – Қазақстан атауына, Көк байраққа жаман ат келтірмеші. Жаман ат келтірмеші, туыстарым, Сөзімді әлі халқым, дұрыстармын. Мен әлімше төбемде тік көтеріп, Көк байрақ, ант етемін, тік ұстармын!
ЕЛТАҢБА
Ақындық әу баста мұратым, Шабытын шыңдайды шын ақын. Ақынның өлеңі өлмейді, Өлеңін өсиет қылатын. Оңымнан туғандай Күн-Айым, Жазбасам жыр маған уайым. Елтаңба бейнесін жырменен Ұрпаққа мен баян қылайын. Шабытым, қырандай самғашы, Көңілім емес қой болмашы. Ерекше терең ой бар мұнда, Елтаңба - елімнің таңбасы. Шабыттың оты ғой өшпеген, Өшкенде сені, өлең, не істер ем? Қанатты қос ат тұр таңбамда, Елміз ғой «Ер қанаты – ат деген». Ел едің «Ер қанаты – ат деген», Елді де қорғадың атпенен. Осындай терең ой тұнып тұр, Жерді де қорғадың атпенен. Қазанаты ізі бар қазылған, Керемет ой екен табылған.
Мәңгілік өшпестей қашалып Астына «Қазақстан» деп жазылған. Сол сөзден кетесің жадырап, Ақынның болады ойы нақ. Қазақстан ортақ үй дегендей Ойылып салынған шаңырақ. Ешкімнің жоқ шығар сенгісі, Әркімнің сіңген жөн елге ісі. Елтаңба - елімнің бағы ғой, Елтаңба - елдіктің белгісі!
АСТАНА
Аққу-қаз қонбайтын көл болмас, Ондай көл бар ма екен, кім білген? Астана салмайтын ел болмас, Даңқын дүниеге білдірген. Жарасып өзіне бедері, Сән түзер әп-әсем қалалар, Тек қана шебердің шебері Көрікті астана сала алар. Өлеңді бастайды тіл өзі, Осылай басталып сөз басы, Астана – сол елдің тірегі, Ғылым мен мәдениет ордасы. Лайық ел билеу хандарға, Сөзімнің мәнісін аңғарғын. Ең алғаш дәм тартып барғанда, Астана, көркіңе таң қалдым. Астана, арудай әз қала, Еніпсің ғажайып мүсінге, Оянған адамдай жап-жаңа, Бұл өзі өңім бе, түсім бе? Өзіңді көруге асығам, Ғажайып шырқалшы, қайта әнім, Таң қалдым, несіне жасырам, Өзіңді жыр қылып айтамын. Жайымды деп айтшы түсінем, Қол жетпес арман ең сен маған. Ойланып, толғанып көңілден, Сазгер де саған ән арнаған. Бәйтерек басына бір шықсаң, Самұрық төбеңде тұрғандай.
Шабытпен жүректен жыр шықсаң, Жүзіңнен кетеді мұң қалмай. Мұң емес қуаныш кернейді, Ақынның бірі боп ең өжет. Көңілім қалайша желмейді, Астана, көркің бар керемет!
OSCE САММИТІ
Ақыннан жыр туады қиналғанда, Жыр шығады ақынды қинау барда. Саммитті өткізді ғой Елбасымыз, Халықты қиын кезде жинау залға. Хандарды қиын кезде жинау залға, Білікті еді Елбасы қиналған ба?! Қазақ халқы көрсетті қонақжайлық, Шетелден келген алыс меймандарға. Жиында Елбасының өзі қазы, Әр сөзі тыңдаушыға мағыналы. Алыс-жақын елден келген қонақтары, Қазақтың қонақжайлылығына разы. Болған соң мерей үстем, көп разы, Арта түсер, елім, сенің бағың әлі. Қазақтағы қонақжай көңілменен Бейбітсүйгіш ниетімізге бәрі разы. Елге дұрыс әр елден дос тапқаны, Сол кезде айқара аштың қос қақпаны. Тіл-көзден аман бол деп мен тіледім, Сол кезде ел мерейі асқақтады. Алғысын халық тегін бермейді ғой. Пейілі қазекемнің кең дейді ғой. Еңбегі Елбасымның ұшан-теңіз, Кез келгеннің қолынан келмейді ғой. Елбасым елден биік баға көрсін, Ел алғысын Елбасы ала берсін. Еңбегіңнің жемісін халық көріп, Еліңе құт-береке ала келсін. Еліме құт-береке ала келсін, Елбасы, елді ойлаған саналы ерсің. «Ердің бағы әуелден елмен бірге», Нұр аға, елмен бағың жана берсін! Еңбегіңе еліңіз дән разы, Қолдайды әр ісіңді тағы бәрі. Сол бір Саммит өшпестей болып енді
Тарихтың тақтасына жазылады! ЕСІЛ Қуанам, айтайын неге мұң, Табылар өзіңнен керегім. Жайқалтқан арқаның терегін, Есілім – кәусарым-өзенім. Жағаңда бой жазып балқиын, Сен жайлы жыр жазып шалқиын. Айдында әп-әсем тізілген Қазыңдай қаңқылдап, қалқиын. Осындай өлеңде шалымым, Жырымда осындай жалыным. Шабағың күмістей шолп еткен Өзіңде мол еді балығың. Есілім, өзенім, Есілім, Тербете бер толқын-бесігін. Ақын ұл саған жыр арнады, Жыр жазу болған соң кәсібім.
БІРЛІК Сан мәрте жараланды жердің жүзі, Адамзат апатының салған ізі. Сол кезде қалыңдады елдің мұңы, Көңілдің талай-талай болды күзі. Түбіңе жетті талай алауыздық, Таптадың, аямадың бір-біріңді, Тудырған қызғаншақтық, алауыздық Быт-шыт қып жіберді ғой тірлігіңді. Өзін зор басқалардан тау санаған, Әлсізге әлімжеттік жасаған көп, Осыдан қырылып ед қаншама адам, Көңілің құса болды қападан тек. Еңбекке жұмса, адам, жігеріңді, Еңбекпен күн кешетін тірлік керек. Тыңдашы, жұртым, жалғыз тілегімді, Жемісін сол еңбектің бірлік берет… ТӘУЕЛСІЗДІК Өлеңнің ыстық аптабын,
Шабытты ем, Келмес тоқтағым. Керегіңді ал, оқырман, Өлеңнен шашу шашқаным. Айтатын ой бар жырымда, Емес ед бұл да шатпағым. Аңсатып күткен еліме, Арайлап атқан ақ таңым, Қаңтардан кейін туғандай, Аппақ қыс мынау ақпаным. Басыңа қонған елімнің, Басына қонған бақ таңым. Күпірлік қылған мен емес, Шүкірлік айтам Хаққа мың. Бейбіт күн бе едің еліме, Бұлт шалмаған аспанын? Арманы ма едің елімнің Жетіп бір тұрған шаққа бұл? Талайлар тіккен бастарын, Біледі бүгін жастарым. Мәңгі орна елдің басына, Тәуелсіздік ақ таңым!
ГҮЛДЕНШІ, ЕЛІМ Бидайың жайқалған қырыңда, Сенетін қазақпыз ырымға, Арқадан Астана сап жатқан, Гүлденген ел едік шынында. Соятын қазақпыз бір атын, Бабаның сақтаған мұрасын, Көк байрақ бетінде қыраның Биікке сілтесін құлашын. Біз емес дұшпаннан ығатын, Тайсалмай майданға шығатын. «Ел іші өнердің – кеніші», Ақын да, батыр да шығатын. Тілегін балаңның шын көрші, Тәңірім, ел тілегін шын берші. Мәңігіге жырлайын сені, елім, Мәңгіге гүлденші, гүлденші! САЛТ-ДӘСТҮРІ ЕЛІМНІҢ Шектен шықпа, досым-ау, елден безбе, Өзіңе елің сеніп сөз бергенде.
Өз еліңнің мұрасын қастерлей біл, Көзіңді сала берме кез келгенге. Бұл дегенің нақ өзі әліппенің, Өте қате болады кәдік деуің. Өзге жұрттың дәстүрін не қыласың, Өз еліңнің дәстүрін дәріптегін.
Демеймін өзге елдің ығына жүр, Демеймін өз еліңнен шығына жүр. Қазақ болып келген соң дүниеге, Өз еліңнің дәстүрін ұғына біл. Жөн болады салт-дәстүрді мақтағаның, Мәнісін білмей тұрып таптамағын. Ұрпағың елін, тегін танып өссін, Жөн болар салт-дәстүрді сақтағаның. Сен шырқа қазақ болып жыр-әнімді, Ылайлама, қастерле бұлағыңды. Мына бізге салт-дәстүрді бабаларым, Білсеңіз, зор сеніммен мұра қылды. Қамды көп ойламасын қара басың, Өз әлін әркім енді шамаласын. Ұрпаққа үлгі етейік мәнін ұғып, Бабалар бізге сенген аманатын!
ЕҢБЕК Шаршама, сен де ендеше қалам жырдан, Етейін уақытымды саған құрбан. Ғибрат алсаң жетер, мақсатым сол, Ағайын, ақын жазған ғазал жырдан. Қиыннан қиыстырып жол тапқандар, Деуші еді «шебер қолы – ортақ қолдар». Тәңірі де тілектеріңді қабыл қылар, Маңдайыңның терімен мал тапсаңдар. Жексұрын жұртшылыққа көрінбесең, Отырарсың көпшіліктің төрінде сен. Бейнетіңнің зейнетін көресің ғой, Еңбектенсең, ешқашан ерінбесең. Ұрлыққа баспасаңыз, жамандыққа, Еңбек ет, осы саған адал нұсқа. Тер төгіп адал еңбек қыла білсең, Ол сені бастап барар адамдыққа. Еңбектенген адамзат қайсар, мықты, Ашайын еппен ғана ой-сандықты. Қолыңыздан түспесін күрегіңіз,
Жаныңа жолдас қылма жалқаулықты. Арасын айыра біл ақ-қараның, Өзеннен көрінеді тасқан арын. Ұрлық қылып мал жима, еш уақытта Біреудің ала жібін аттамағын. Ұрлықтың түспе ала-жолағына, Түсерсің Тәңірінің тозағына. Сонда ешкімнің дауы жоқ сеніменен Еңбектен тапқан адал қазаныңа. Демеші біздей ақын не біледі? Жаманға жаманшылық кезігеді. Ұрпағыңа дәріпте ұлы еңбекті, Не үйренсе балапан соны іледі. Болса егер тауып жүрген наның адал, Болса егер тауып жүрген малың адал, Болса егер мына жұртқа арың адал, Сен сүрген онда өмірде мағына бар!
АСТАНА – БАС ҚАЛА Жаратқан нұрын аямай төгіп көгінен, Тіктеген бойын Арқадай төрде кеңінен. Астанам, сенсің қайсар қазақтың жүрегі, Өр Қазақстан тыныстап жатыр сенімен. Бас қалам, сені жырлаудан неге жасқанам? Жас болсаң-дағы ілгері тұрсың басқадан. Қаншама ұлт пен ұлыстың басын бір еткен, Бейбітшіліктің айғағындайсың, Астанам. Пирамидасын шеберлікпен соқтырған, Бәйтерегіне алтыннан кірпіш тақтырған. Шынында, сірә, бір күнде жырлау мүмкін бе, Сұлулығыңды әлемге таңдай қақтырған?! Елордам, бүгін басыңнан қалай бақ ұшпақ? Экономикаң тұрған кезеңде қарыштап. Дәл сендей ару қаласы барда біздің ел Ең үздік елу мемлекетпенен алыспақ. Бұқарша айтсам «бағаналы орда, басты орда» Айналды бүгін қол жетпейтұғын асқарға. Он бір жылдағы жетістіктерің нақ үлгі Өзіңмен қатар өскелең мынау жастарға. Асқақтығыңды қосатын әнге, жырға да Ел үшін сенің мәртебең биік тұр дара. Меніңше Лондон, Парижден ешбір кемің жоқ, Нұрлы жолменен Нұр-ағам салған нұр қалам!
ТӘУЕЛСІЗДІК – БИІК ТУЫМ, АЙБЫНЫМ Есіл ерлердің бойында ыза-кек қайнап, Азаттық үшін қақтығыс жылдап, өтті айлап. Бабамыз сорлап, қайғы бұлтының астында Өтіпті талай тар жолдар кешіп, көк тайғақ. Білектің күшін, найзаның ұшын көрсетіп, Атойлап ерлер жауына талай шекті айбат. Солардың соңы сексен алтымен ұштасқан, Өрімдей ұл-қыз қазақ намысын бек қайрап. Азаттық дейтін бабаның ізгі арманын Халқының кеткен қанжығасына дөп байлап. Жиырма бес жыл да өтіпті кірпік қаққанша, Тарих оған алтын әрпін етті айғақ. Батырын аңсап жыл сайын өксіп тұрады Алматыдағы қанға боялған текті аймақ. Алаш көгіне алтын күн шашып шуағын, Батыл боздақтар қайғының бұлтын кетті айдап, Өр Қазақстан - тәуелсіз ел деп әлемге Жар салып биік тұғырында тұр көк байрақ.
АЗИАДА – АҚ АЙДЫН Жаратылған от намыстан жасынан, Каһарына жауы келіп бас ұрған. Азиада жақты алауын төріме, Алашымның абыройын асырған. Азиада қос қаламнан төр тепті, Төрт құрлық та дүбірінен селт етті. Ұл-қызымыз жалындаған өр, текті, Елім үшін аянбастан тер төкті. Асқақтадық, айбындадық тағы біз, Жарқырады жұлдызымыз – бағымыз. Желтоқсанда қан төгілген көк мұзға, Төгілмеді абырой мен арымыз. Байрағыңа бірнеше бас иілді, Күмбірлетіп ойнаттырып күйіңді. Таудан төмен сырғанаған шаңғымен Шаңғышылар қыран сынды шүйілді. Кешегі өткен жөн білетін ізгілер Дүниенің тылсымдарын жүз білер. Денсаулықтың кепілі ғой бұл спорт, Сол спортқа шырақ жақты біздің ел. Тамашаға куә болып келгендер, Шеберлікке таңдай қақты көргендер.
Кедергілер кездессе де жолында, Нысананы дәлдеп атты мергендер. Бұл додаға бізден осы сый деді, Қыз бен жігіт қол ұстасып биледі. Алуан түрлі қимылдары таң қылып, Мұз үстінде бірін-бірі сүйреді. Мұрат, мақсат күтіп тұрды тіпті алда, Ұлт мүддесін ел ағасы ұққанда, Азияға дүбір жетті біздерден, Азиада ақ барысы шыққанда. Мекен еткен алыс-жақын қиырды, Өңкей дүрлер еліме кеп жиылды. Оза шауып бәйге алды тұлпарлар, Мықтыларға алтын алқа бұйырды. Сан тараптан келсе-дағы кіл мықты, Жасамады айтарлықтай сұмдықты. Жеңіс бізге өзі келді, өйткені Жеңістен де артық қойдық бірлікті.
- * Әуелден азаттыққа құмар бабам, Жау десе тор бестісін тұмарлаған. Дертімді қызыл қанға тұншықтырып Еркіндік сыйлап кеткен бұлар маған. Туған соң текті анадан қырандай ұл, Буған соң белді ел деп ұрандай бір. Өздері қашып-пысып күн көрсе де, Ұрпаққа жер қалдырған ұлан-ғайыр. Қазақпыз жолында өлген ар-намыстың, Сәйгүлік құлағын да жолда құштым. Тегіміз қарға тамыр болғанымен, Биікте қырандай боп самғап ұштым. Айтқаны тоқтау салған ақылдының, Аңыз боп ел аузында жатыр бүгін Қырылған қылышымнан қынадай боп, Ұрынған жауыма аян батырлығым. Орданың ірі шығып ортасында, Қорғаған қалың елін қалқасында. Әр таңды азат ел боп атырамыз, Баһадүр бабалардың арқасында.
«НҰР ОТАН» Қорғаны жастың дәл, Асудан астыңдар. Елдікке шақырып, Бірлікке бастаңдар. Саясат шебері Кемеңгер басшың бар. Сен мықты, «Нұр Отан»! Ерлігің есте мың, Еңбекпен өскенің, Елімнің ілгері Сүйредің көштерін. Қазақстан алдында Еңбегің көп сенің. Сен мықты, «Нұр Отан»! Жаратқан бергенде ес, Сырым жоқ елден де еш. Ұйым көп болса да, Өзіңе тең келмес. Барша жас өзіңді Әкеден кем көрмес. Сен мықты, «Нұр Отан»! Шындықты жақтайсың, Дәстүрді сақтайсың. Еліңнің үмітін Әрқашан ақтайсың. Сүйгесін жүрекпен Қазақты мақтайсың, Сен мықты, «Нұр Отан»!
ОТАНЫМ Жолымен атаның, Жер жарған атағың. Жәй дау деп қарайсың Дұшпанның шатағын. Найзағай секілді Ашынсаң қаһарың, Енесі өзіңсің Боздаған ботаның. Мен сені сүйемін Бас ием, Отаным! Отаным тым қымбат, Өлермін бір күн нақ. Қалдырып кетемін Сен жайлы жыр жырлап. Шабыттың қолында
Қаламым қылғынбақ Көгінен күміс Күн Күледі сыңғырлап. Отаным – ардағым, Сазыңды жырлаған Сүймейтін талайлар Тістеген бармағын. Тұзақ қып құрдың-ау Махаббат қармағын. Көгіңде талмастан Қырандай самғадым. Жырларым жаңаша Кәдеңе жараса, Қөркің бар тамаша, Шын сүйіп қараса. Көтерер тауларын Басына қаласа, Отаным жаныңда Асқар да аласа. Шырайың гүл көрік, Келесің гүлденіп Төсіңде тіршілік Алуан түрленіп. Тарих көнеріп, Болашақ бүрленіп. Жатырмын жылу ап, Бауырыңда күн көріп.
ЕЛБАСЫНА АРНАУ Ұлтымның көшін алға бастаған бір адам, Тұлғасың ерек, білімі кемел ұлы адам. Қазақстанның бағына туған жарқырап, Жасынан елді ойлай бастаған Нұр-ағам. Еңіреп жатқан ұлтына құшақ жая сап, Асан қайғыдай астына мінген маясы ақ. Есікте тұрған қазақтың басын төрге әкеп, Патшамыз үшін парасат пайым – саясат. Қайсарлығы кем түспеген-ді батырдан, Бірлікке елді, тірлікке ерді шақырған. Болашағына байыппен қарап баянды, Туған халқы үшін шаттықпен таңын атырған. Қазағын бірер жадынан ешбір тастамай, Күні мен түні ойлаған кім бір патшадай? Тәуелсіздікті алғалы бері жаңа өмір,
Жаңа өмірге жаңа Астанамыз – Ақ сарай. Бірлігінде ғой іргелі елдің тірегі, Дұшпанның сонда тісі бата алмай жүреді. Ұлтының бағы боп туғанының белгісі – Барша қазақпен бірге соғады жүрегі.
Елім деп кешті басынан не бір жайларды, Елім деп тіпті азулы намыс қайралды. Маңдай терінің арқасы міне, қазағы Жүрегі түкті арыстанға да айналды. Батыр бабалар болмаса шалқып жүрер ме ең? Алаңсыз жатып, алаңсыз өмір сүрер ме ең? Бабаның асыл арманың жүктеп мойнына, Ақ патшамызды Алланың өзі жіберген. Бабалар, сенің тастаған игі мұраңды, Ақылы асып, көсем боп туған ұл алды. Кешегі Абылай, Кенесарылар аңсаған Іргесі мықты мемлекетті құра алды. Ағаға тартып азамат болса өрендер, Талай Нұрсұлтан тізгініңді ұстар кемеңгер. Атыңды сенің әлемге жар сап, дүр қылып, Алатаудайын мәртебең қалай төмендер?! Әрбір ақ таңда азат күн көктен күлімдер, Жоқтап тұрады жегідей жеген мұнынды ер. Сонау алыстан шаңдатқан нұрлы көш көрсең, Әбіштің ұлы пырағында деп біліңдер!
ТУҒАН ЖЕР Ұмытпайтын ойпаты мен қыратын, Селт еткізіп мойыныңды бұратын. Бір жер болар магниттей тартқылап Әр адамды ынтық қылып тұратын. Сені мықтап байлап қойған шегелеп, Мұның мәнін сұрамағын неге деп? Жанға жайлы әр адамға бір жер бар, Ауасының өзі қандай керемет. Тек сол жерде айдарыңнан жел есер, Қолтығыңнан қошеметпен демесе ел. Ол жердегі тауларының қызығы – Ұшам десең қанат тағып береді. Ол жерде шын саған қарап бақ күлед, Ой-бойыңа бір рахат кіред. Ол жердегі бақшалардан жегенде – Шикі алманың өзі ерекше тәттірек.
Сол жер ғана бойға дарын дарытар, Сағыныштың ақ түймесін ағытар. Осындағы өмір сүріп жүргендер, Бір ерекше жанашырлық танытар. Осы жерде өтер қызық-мұңлы күн, Білер бұл жер қыз бен батыр ұл құнын. Бұл жер қалай саған ыстық болмасын, Кесілген соң туған сәтте кіндігің?! Махаббаты тереңдеген көл екен, Осы жерде құтың және берекең. Топырағы алтын сынды бір уыс, Туған жер деп аталатын жер екен. МАҢҒЫСТАУДА ПІР БЕКЕТ АТА (поэма) «Маңғыстау – Пір Бекеттің туған жері...» Түмен
І Тәңірім оңғарса егер талап алдын, Төрешісі жалғыз сен бар адамның. Кешегі шығыста өткен шайырлардай Қолыма бисмилла деп қалам алдым. Қолыма қалам алдым шайырлардай, Айтатын мынау жұртқа ойым бардай. Ұсақтық пен қысастық неге керек, Қастыққа алдиярлап бой ұрғандай. Атымды шығармаймын қастықпенен Асау көңіл сен дағы бастық дер ем. Сыйластықтың төріне шығаратын, Жасай бер мәңгілікке достық деген. Көңілім доссыз болса бытырайын, Қалайша бір суынып, ысымайын. Жырымды қабыл алсаң, жұртым-елім, Сендерге дос көңілмен ұсынайын. Атбегі емен жүретін бие сынап, Араб емен жүретін түйе сынап.
Талғаттың жазған жырын қабыл алғын, Сендерге, туған елім, ниетім ақ! Бітеді дос көңілдің мұраттары, Шықпай қалмас қайтадан бір ақ таңы. Аққудай қанат қақсам айдынымнан, Қазақтың тарлық етпес жыр аспаны. Ақын ем жырдан басқа не берейін, Қызыл сөзді өлеңменен тең өрейін. Жаңбырдан соң жер құсап көгерейін, Халқым-ау, алғысыңа бөленейін.
Алтын шапақ күн батса ұясына, Құлдилап қыран қонар қиясына. Жүрегін жыр қысқанда шайырларым, Қаламның сыр ақтарған сиясына. Сезімнің қыл пернесін бір басайын, Ел ме екен келешегін қылмаса уайым? Ақ қағаз айдынында қалқытқандай, Қауырсын қалам, сенімен сырласайын. Мінеки, болып қапты кіші бесін, Кеш болса көлеңкелер кішіретін. Ей, қауырсын қаламым, шабыт қысса, Қырандай маған қанат бітіресің. Дәл мұндай келе бермес шабыт дәйім, Естісем дәуір даусын неге ұқпайын. Тарихтың сан соқпағын жерден оқып, Көк аспан құшағында қалықтайын. Сипатшы маңдайымнан сөз самалын, Қаңқылдап көл шулатса қазша жаным. Жұмбағы мол құпия сырыңды оқып, Сан қилы тарих саған көз саламын. Алайын көтергемше керегімді, Дәйектейін болжам мол дерегіңді. Берешекпіз, қарызбыз, қастерлейміз, Біздей ұрпақ алсын тек сенен үлгі. Дүние тұра бермес қалыбында, Нақ ақиқат осы ғой анығында. Тарих, шежірең мол шерлімісің, Көп сенде тәлім менен тағылым да. Басайын, тарих, саған қалай қадам? Әр қадам басу үшін сан ойланам. Өзіңді толық білу мүкін емес, Көп уақыт өтті сенен талай заман. Өтті рас қилы-қилы талай заман, Әрбір таң атты сенен арайлаған. Сан қилы тағдыр да көп бір өзіңде, Соның бәрін өлең қып қалай жазам? Уа, тарих, сенің ізің суда да бар, Уақыт бар жылғасынан су боп ағар.
Алтын күн қызуымен көп елесің, Аспанға көтерілер бу боп олар. Бу болып кетеді елес бұлтқа айналып, Уақыт – жел, бар деймісің бұлтта ай бағыт. Теперішін тағдырдың талай көріп, Іргелі қазақ отыр ұлтқа айналып. Тарих кенде емессің өкпе-наздан, Басшыда ақыл болмаса бастан азған. Қағаз, қалам іздемей біздің қазақ, Тарихын өшпестей қып тасқа жазған. Сол тарих жатыр бүгін тау-тасымда, Тайпалар таңбасы көп қой тасымда. Біздерге тұр ғой үнсіз тасқа айналып, Сан түрлі бейнелерің әр тасыңда. Тарих орын емес ол күл төгерлік, Қырқылдық та қиылдық, күлтелендік. Ақиқаттың жолынан ауытқымай, Тарихты жырға қосу білсең ерлік. Адамдай суға кеткен тал қармайтын, Мен емес алды-артымды аңғармайтын. «Өлең – сөздің патшасы» деген жұртқа, Әруағы ұлы Абайдың, жар болғайсың!
ІІ Басына айбалтаның қада сына, Тарихтың түсер болсам тазасына. Сыр да көп, сиқыр да көп бауырыңда, Көз салсам Маңғыстаудың даласына. Құзың бар аждаһаның өңешіндей, Төбеңе қаһарланса төнетіндей. Төрт түліктің төресі түйелерің, Шөл даланың желкенді кемесіндей. Көкмойнақ пырағың бар тұяқты да, Желдей ұшса жете алмас қияқты да. Көне жұртқа түйемен барар болсаң, Жібек жолын білетін сияқты ма? Маңғыстау, бір сен деп жыр ақтарамын, Тек қана мен өзіңнен бақ табамын. Алшаң басқан атанды көрген кезде, Асанның желмаясы деп қаламын. Ата-бабам жайлаған бар қыстағын, Жатқа біліп сай-сала сан пұшпағын. Асан қайғы іздесе Жерұйықты, Сенсің маған Жерұйық Маңғыстауым.
Жеті жұрт келіп-кетіп тұрмаған жер, Мойынын қайтып кері бұрмаған жер. Суынан көкмойнақтай құлын шығып, Қарт Каспий көк толқыны тулаған жер.
Қарт Каспий көк толқыны тулаған жер, Айдында шағаласы шулаған жер. Талай көне тайпалар мекен қылған, Талай-талай қамалдар қираған жер. Өксігін әлі күнге тимаған жер, Талайдың түсіне еніп қинаған жер. Мұрынның жыраулығына кім сенбейді, Қырымның қырық батырын жырлаған жер. Ия, рас Мұрындайын дүлдүл де өткен, Жырын айта білетін жыр-дүрмектен. Кешегі Есір менен Құлшарларым, Күйімен кең даланы күмбірлеткен. Десеңіз көшкен жұрттың нешеуі өткен, Қыранмын тағат тапқан кесек еттен. Жеті атадан дарыған ұлы өнер ғой, Сондықтан да қайқының жетеуі өткен. Өмірін жеті қайқы сән қып өткен, Көңілге жарасады мәңгі көктем. Менікі, сенікі деп бөліп-жармай, Маңғыстауын жетеуі ән қып өткен. Осындай бабалардың ұлы істерін Табылмас ішімізден бұрыс дерің. Ән мен күйді ұрпаққа үлгі етіп жүр, Бүгінде Сержан менен Күріштерім. Күріштей ешкім әнді сала алмайды, Сержандай ешкім күйді қаға алмайды. Артында жоқтаушысы болса осындай, Ұлы өнері қазақтың жоғалмайды. Бұл жерден небір қайсар батыр да өткен, Найзағай-намыс тілгілеп жасын беттен. Асар сұпы, Дауымшар, Мыңбай, Құдабайлар, Айтулы ерлерімнің сапында өткен. Ер Шотан, Иса менен Досандарым, Сүйінқара, Құлбарақ аттандарым. Ер Шабай, Қармыс, Сармыс, Балта балуан, Сендерді жырға қоспай жата алмадым. Қарасын да тең көрген төресінде, Осындай ерлерім көп көресің бе? Бәрімізді айтпады деп назаланбаң,
Бәрің де ер, есімдерің ел есінде! Бұл өзгеше әңгіме жатыр бөлек, Бұл жерде батыр түгіл ақын да ерек. Ел тірегін ойласақ батыр дер ек, Ел жүрегін сөйлетсек ақын керек. Жыр – атасын сыйлаған, сөз – анасын, Өлеңімен ұйытқан жамағатын. Халық та, батырың да тайсалмаған, Ақынның жырынан қуат ала алатын. Таусылмас дүниенің базынасы, Қам көңілдің тым ащы азынасы. Жылаған жұртын ақын жұбататын, Халықтың рухани қазынасы!
Білері аз ақындар несін бастар, Білгені көп көсемдер шешім бастар. Сөздің көшін Майқы би қолына алса, Асан атам жыраулық көшін бастар. Одан соң Абыл, Нұрым, Ақтандарым, Аралбай, Сәттіғұл, Сүгір атқан жалын, Елібай, Ұзақбай мен Есенғали, Қашаған елге әйгілі мақтандарым. Өздеріңді жұртым бар мақтан қылған, Мың түрлі саз шығады басқан қылдан. Кектескен жауын жеңген ерлерімнің, Сендерсіңдер ерлігін дастан қылған. Ылдиынан өрлетпес құлама шың, Тау биігін төбелер құп аласың. Өзеуреген еліңе кей пасықтың, Өлеңменен бердіңдер сыбағасын. Мен сендердің жырыңды тыңдап өстім, Таудан айбат алайын, шыңнан екпін. Ақтық демің қалғанша, шайыр шалдар, Арғы-бергі тарихты жырлап өттің. Тербетілген сезімің жыр-кемеге, Есің болса асылға тіл беземе. Айтып кеткен жыр менен дастандарың, Келешек ұрпақтарға үлгі-өнеге. Алғансыңдар сан мәрте ел мақтауын, Сом алтыннан кем емес салмақтарың. Талғат балаң сендерді жырға қосты, Сөзден бәйге бермеген саңлақтарым! Міне осындай мақтаулы шалдарым бар, Әр сөзін ақын ұлдың аңғарыңдар.
Іздеуші жоқ деп бізді қамықпаңдар, Іздеріңді жалғаған балдарың бар. Айтыста бір балаң бар Мэлс деген, Айтыста талайларды тегістеген. Қолға алса Қашағандай домбырасын, Төгіліп кете берер келісті өлең. Шапқанда шалқұйрықтай желдей жүрген, Жұрт жүрегін жырымен емдей жүрген. Мэлісім Абыл, Нұрым, Қашағандай, Шапқанда бәйге ешкімге бермей жүрген. Жыр жаздым сөзден өлең түзілгесін, Қара өлең қара нары бүгілмесін. Іздері міне осындай ақындардың, Ұрпаққа жұғысты боп үзілмесін. Жалғанға кім кетпеген созып қолды, Жасампаз жарқын ойы анық болды. Өмірінің әр күнін саған арнады, Маңғыстау, білесің ғой Серікболды. Көңілі Серікболдың карта сынды, Зерттеді, зерделеді тау-тасыңды. Өзгенің алтынынан артық көрді, Маңғыстау, сенің әрбір жай тасыңды. Көз салды талай тайпа көшкен жерге, Өз ұлын туған елі өш көрген бе? Талай ғалым ағалар елең етті, Тарихты түу тереңнен тексергенде. Көненің көзі ме екен деп қаласың, Көненің сөзі ме екен деп қаласың. Сұм ажал Серікболды көп көрді ғой, Ел үшін ісі көп еді атқаратын. Жазбадың сен еңбекті атақ үшін, Мал үшін не болмаса атан үшін. Маңғыстау көне жұртын зерттеп кеткен, Қазақтың сен екінші Шоқанысың! Жұртым-ау, Маңғыстаудың тектісін күт, Серікті Шоқан екен деп түсіндік. Серікболың өлген жоқ, Маңғыстауым, Тарихтың қойнауына кетті сүңгіп! Маңғыстаудай менің ата қонысым бар, Маңғыстау, небір текті арысың бар. Әдебиетте әлемде мойындалған, Өзгеден дара туған Әбішің бар! Ақының айтар ойын дестеледі, Өнерден орын алар өскелеңі.
Маңғыстау, сенің жұмбақ тарихыңды Әбекең көркем сөзбен кестеледі. Тарихты арғы-бергі қол жетімді, Сендегі ибалы қыз, жендет ұлды. Әбекең сиқыр сөзбен суреттеді, Маңғыстау болмыс-бітім, келбетіңді. Маңғыстау батыр сілтер қару деді, Босқан ел тек өзіңе зәру деді. Маңғыстау жарын күткен төсегінде, Әбекең: «Ұйқыдағы ару» - деді. Сезім-жыр сіркіреген жауын ба еді, Маңғыстау менің асқақ тауым да еді. Бұл сөзге түсінбеген кей топастар «Ұйқыдағы аруға» жар іздеді. Маңғыстау, бола берсін үстем бағың, Беттен от алаулайды, іштен жалын. «Ұйқыдағы аруым», беу, Маңғыстау, Таңы еді тәуелсіздік күткен жарың!
ІІІ Өлеңмен кіргізейін сөз реңін, Тебіренсең шалқыған теңіз едің. «Үш қиянды» жырлаған Мұрат ақын, Жайлысы да майлысы өзің едің. Қимайды атажұртты өзгеге ешкім, Жат жұртта сұлтандықтан без демес кім? Маңғыстау, 360 әулиең бар, Сен тіпті киеден де кенде емессің. Өзіңді мекен еткен бір кездері, Жаңғырып жүрегімде жыр безбені. Зеңгір көкпен тілдесіп жатырғандай, 360 әулие күмбездері. Сыр тартсаң саған сырын айтар еді, Бойыңыз бір жеңілдеп қайтар еді. Ақ шүберек байлаған тәу еткен жұрт, Киелі ағаш саналған бәйтерегі. Қандай ғажап өсуі бір шыбықтың, Белгісіндей жалғыз сол тіршіліктің. Тамырыңа көктен нәр сұрағандай, Бұтағың жайған қолдай ұмтылып тұр. Көкке қарап өсетін күнге ұмтылып, Тұма туады екен тілден тұнық. Әр әулие басында жапырақ жайған, Расында байқасаң бір-бір шыбық.
Кімің бар бұл сөзімді аңғарғандай, Кімің бар бұл сөзіме таң қалғандай. Бақилық болып кеткен бабалардан, Малы емес, мына бізге тал қалғандай.
Бұл талдың бабаларға керегі не? Келместің кеткен сүңгіп тереңіне. Әр әулие басында бір-бір желек, Біздерге ормандай өс дегені ме? Ендеше, қазақ елім, ормандай бол, Жайқалған жас шыбыққа қорғандай бол. Бабалар басындағы бәйтеректен, Ұғынып үлгі-өнеге алғандай бол. Жайқалған бәйтеректей келісті бол, Көлеңкесі саялы жемісті бол. Ұлтым-ау, ұлың өсіп ырысты бол, Жұртым-ау, қызың өсіп өрісті бол. Киеге құрметпен игізгейсің, Кесірін кесепаттың тигізбейтін. Ұлтымызыдың ұрпағын мына біздей Жолымен ата-баба жүргізгейсің. Ел едік қадір тұтқан әруақ басын, Ақының айтар ойын салмақтасын. Мыс-жезіне қызықпай өзгелердің, Қолындағы алтынды ел ардақтасын. Ардақта алтыныңды қолда барда, Бір күні ыршып түсер қолдан ол да. Дау мен жауға тәңірі тап қылмағай, Елімді түсірмегей байбаламға. «Ердің соңын біздің ел Есет деген, Пірдің соңын біздің ел Бекет деген. Айналдым, атам Бекет, әруағыңнан, Тілегін жақсылардың екі етпеген!» Ақынға бола берер сөз ыңғайлы, Шабытсыз киелі өлең жазылмайды. Талғаттайын ұлыңды қолдашы, ата, Ұрпаққа жыр жазайын өзің жайлы. Өзіңді пірдің соңы дескен елім, Айбары тек өзіңмен өскен елім. Абыз болған күніңнен сөз қозғайын, Халыққа аңыз болып кеткен ерім. Айырған ақ-қараның ара шебін, Әділдікке дайын еді ғана төрің. Мың жылда бір туылар бұл өмірге
Мырзағұл атамыздың баласы едің. Тарихты тарқатайын тыңдаса адам, Мың жылсыз дәл өзіңдей тумас адам. Мырзағұлдай әкеде арман бар ма, Дәл өзіңдей ұрпақпен мың жасаған!
Бақсың ғой Алла берген бағымызға, Бағымыз да өзіңсің, нарымыз да. Оқып білім алмаққа талаптандың, Он төртке аяқ басқан шағыңызда. Бұл аңызды менсіз де білер елім, Тілегін сенен, ата, тілер елім. Әкеңнен ақ бата алып, жолға шығып, Басына Шопан ата түнеп едің. Бұл жайлы жамағатқа баян болды, Көңілің дей алмаймын қаяу болды. Үшінші күн дегенде бала Бекет, Шопан ата түсіңде аян берді. Сонда түсінде аян берген Шопан ата бала Бекетке былай деп ақыл-кеңес берді: – Хиуаға енді басқын қадам,- деді, – Білім берер Бақыржан бабаң,- деді. – Таң намаздан соң жолыңа мінерсің,- деп, – Бір пырақ мінгіземін саған,- деді. Ел білер сөзді солай ұғыналық, Айғақты аңыз бұл ғой сыры қанық. Бір Аллаға сыйынып жолға шықты, Ата берген пырақты мініп алып. Міне сүйтіп пырақты мініп алып, Хиуаға жеткізді түсте мұны барып. «Талапты ерге нұр жауар» дейтін елім, Аталы сөз деп ұққын мұны да анық. Талаптың тұлпарын Бекет мініп алып, Аңыздан жыр ұғалық, сыр ұғалық. Ұстазының бөленіп ықыласына, Жеті жыл жатты сонда білім алып. Талапты ерге әрқашан бақ қонағанда, Пендесін қақпайды екен бақтан да Алла. Жеті жыл мол білімді алды Бекет, Енді ауылға қайтатын шақ болғанда. Ұстаз тұтты Бақыржан дана шалды, Көп оқыған, көп білген дара шалды. – Ізбасарым деп білем, - деді ұстазы, Лақтырам кім тапса көк асамды.
Бір Алладан күш-қуат сұрап тұрды, Міне осындай ұстазы сынақ қылды. Сөзін айтып болған соң ұлы ұстаз, Айналдыра көк асаны лақтырды.
Даналыққа айналған бала көңілі, Жаны пәк арамдықтан дана көңілі. Шәкірттері табам деп жүгіргенде, Бекет бала орнында қала берді. Шәкірті бала Бекеттің бұл қылығына таң қалған ұстазы Бақыржан ата былай деп сауал қойды: - Қай жері ұнамады сізге ненің? - Бердім ғой шәкірттерге біз керегін. - Көк асамды көп шәкірт іздеп кетті, Деді ұстаз: - сен неге іздемедің? Сонда Бекет жауабын пысықтап ап, - Жоқ менде арам ой мен мысық талап. - Әуелі Алла, алайын сізден бата, - Аса жерге түскен жоқ, ұшып барады. Аң-таң қалды бұл сөзге қартың әлгі, Асылдың басқалардан нарқы барды. Алласыз ешбір істі бастамайтын, Бекеттің жауабына тәнті болды. - Өзің ең шәкірттерден тым ерегім, - Бүйтпесең сенен үміт үзер едім. - Жолың болсын, батамды бердім, балам, - Алдыңнан бір оғлан жіберемін. Жолға шықты ұстаздың батасын ап, Шықпай қайтсін қылған соң ата сынақ. Бақыржан ұстазының пір Бекетке, Болыпты білімі азық, батасы бақ. Ұстазы білім нұрын шаша түсті, Қасиетін бала Бекет аша түсті. Көктен құран түскендей пайғамбарға, Маңғыстауға киелі аса түсті. Шабытты өлең-жырдан жалын шығар, Жүйріктің тұяғынан дауыл тұрар. Ата менен асаны Аллам берсе, Маңғыстау, бұл да ерекше бағың шығар! Ең бірінші дін-аман халқым болсын, Халқыма осы өлеңім тарту болсын. Бірлігіңнен берекең ажырамай, Маңғыстау, келешегің жарқын болсын!
ЖАРЫМА Сенсіз атпас ақ таңым, Сенсіз батпас күнім де. Азамат деген атым бар, Мен барда еш түңілме. Қуаныш бізге кез келер, Қиындық бастан өткенмен, Айта берсін өзгелер, Бірге өтеміз өткелден. Айтпай да ұғар асылым, Алтыным сенсің қолдағы. Тез тарқаушы еді ашуың, Ашуланбасаң болғаны. Шалыңның түсін әзілін, Ұрыса көрме тағы да, Әзілдей біл деп жазымын, Шәй бермей жүрме тағы да. Өлеңмен солай маздадым, Жыр басы міне құралған. Асылым, сенсің, ардағым, Мен сенсіз өмір сүре алман!
САДУАҚАС АБДЫНАСЫРҰЛЫ
Сәдуақас АБДЫНАСЫРҰЛЫ – 1961 жылы ақпанның 28 күні Түркменстан Республикасы, Ташауыз облысы, С. Түркменбашы (бұрынғы Октябрь) ауданына қарасты Байрам Тағанов атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1968-1978 жылдарда осы ұжымшардағы №14 қазақ орта мектебін табысты бітірген соң, ауылда бір жыл тракторшы болып істеді. 1979-1984 жылдарда Нөкіс Мемлекеттік Университетінің филология факуьтетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдады. 1984-1996 жылдарда туған ауылында өзі оқыған мектепте мұғалім, ұйымдастырушы, оқу ісінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет етті. 1996 жылы желтоқсан айында ата жұртқа оралды. Сол жылдың желтоқсан айынан бері Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық селосындағы №1 орта мектепте мұғалім болып істейді. Жоғары санатты ұстаз. Ол 2002-2003 жылдарда Қарақия аудандық «Қарақия жаңалықтары» газетінің бас редакторы, 2004 жылдың қаңтар айынан – 2008 жылдың сәуір айына дейін аудандық «Қарақия» газеті редакциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директор-бас редакторы болып қызмет атқарды.
2008 жылдың сәуір-тамыз айларында «№1 орта мектебі» мемлекеттік мекемесінде психолог, қыркүйек-қазан айларында оқу ісінің меңгерушісі, 2008 жылдың қараша айынан 2009 жылдың сәуір айына дейін мектеп директоры міндетін атқарды. Қазір осы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. 2010 жылды «Қарақиям – қазыналы мекенім» атты кітабы жарық көрген. МАХАББАТ ДЕГЕН БІР ҒАЖАП...
О, МУЗАЛАР
Көңіліме оңашада мұң арттым, Кейде пәс боп тағдыр шіркін мұнарттың. Іздеймін деп жанға дауа музадан, Есім кетіп мен өлеңге құмарттым. Құмарттым да ақындарға жабыстым, Сағынысқан ғашықтардай табыстым. Лапылдады сезім оты мендегі, Жігерлендім туын ұстап намыстың. Қолға алғанда қайта-қайта Қасымды, Қам көңілім жадырады басылды. Мұқағали мұңыменен сырласып, Түнек сезім серпілді де ашылды. Төлегеннен төкпелетіп оқысам, Төбем көкке төрт елідей жетпейді. Фаризаның сұлу, сырлы сезімі, Менің дағы көкірегімде көктейді. Қадір аға қадірін де ұққанмын, Өйткені мен оны да оқып шыққанмын. Жұмекеннің, Ақұштаптың, Күләштің, Өлеңінен жүрегіме жұққан мұң. Қашағанның жыры қандай қайратты, Абыл қанша сөз маржанын сайратты.
Нұрым және Сәттіғұл мен Қалнияз, Жырлары да көңілімізді жайнатты. Есенғали, Ұлықбек пен Жүрсіндер, Жырларыңмен қуат беріп жүрсіңдер. Темірханның, Өтежанның ойлары, Сезіміңді қозғар терең қайдағы.
Орандым да отына сезім - жалынның, Оңашада ой-қиялға бағындым. О, музалар жүрегімді тербеткен, Қиналғанда өздеріңе табындым. *
АЙТАРЫ БАР АҚЫНДАРДЫ ҰНАТАМ
Келер күнге жібін созып үміттің, Қам көңілімді өлеңменен жібіттім. Қиым-қиғаш, кедір-бұдыр өмірдің, Қиындығын осы сәтте ұмыттым. Құмарланып жыр оқыған кезімде, Күлімденер шаттық оты көзімде. Өлең құдірет, иірімі тұңғиық, Әсер етер шымырлатып сезімге. Жақсы ақынды көңілімнің туы еттім, (Мынау қандай деме бірі қу ептің). Ұнағанның бәрін мақтап, мадақтап, Келмейді әсте даңғазаның шуы еткім. Өлеңменен кейде өзімді жұбатам, Өлең оқып кейде атырам бұла таң. Мейлі мені делқұлы де өзің біл, Айтары бар ақындарды ұнатам.
БЕУ, АРЫСТАР...
Қазағымның қай кезде де жыры нық, Нық жырынан құлақ түріп сырын ұқ. Асыл перзент, Алыптардың күшімен, Жетті бізге тарих қанша сүрініп. Ауыр кезде белде салмақ бүгіліп, Заман тұрды тұман басып бүлініп. Қандай қорлық көрсетпеді жауыздар, Кеткендейсің бұл өмірден түңіліп. Беу, Арыстар, арпалыстың елім деп, Туған жерден қандай батыр жерінбек?! Ар алдында асқақ ұстап өздерін, Жауыздықтан тайсалмаған ерім көп! Сол бір заман болып еді дүрбелең, Мәні басқа, ұға білсең бұл терең. Бәрінің де айту керек шындығын, Еркін елміз, енді неден күрмелем? Тар қыспақта жүрек қанша сыздады, Ұқтық қанша біліп соны біз дағы. Азат елді аңсап қанат қомдаған, Ол ағалар қыран бүркіт құздағы. Ескерткіш деп ең болмаса тасты үйіп, Тағзым ете алмап едік басты иіп. Кешіріңдер, кештеу ұқсақ Сіздерді,
Еске аламыз енді құлпы тас құйып. Рухыңыз ұрпағымды әр кезде де жебесін, Қолдай берсін, қолтығынан демесін. Пәк жүрекпен ағаларды ардақтап, Қасаң ойдың сөксін дейміз көбесін.
Талантыңыз тал бесікке қонсын көп. Құшағымыз қуанышқа толсын тек. Осы өлеңді өздеріңе арнадым, Құлпытастың бір кірпіші болсын деп! *
О, АБЫЗ АҚЫН ҚАШАҒАНЫМ
О, абыз ақын Қашағаным, киелім, Талантыңа табынып бас иемін! Асыл сөзбен асқақтата жырлаған, Ақпа-төкпе жырларыңды сүйемін. Мен өзіңнен сөз құдіретін ұққанмын, Жырларыңды жаныма үлгі тұтқанмын. Адуынды адай жырын үйреніп, Мен де сенің «шапаныңнан» шыққанмын. Зүлфұқардай жырларыңыз тым өткір, Қырандайын қанат қаққан түлеп бір. Өзіңе ұқсау қайда біздей пендеге, Көңілдегі көрікті ойым - тілек дүр. Жырлағанда жорғадайын тайпалдың, Қайырымсыз бай меселін қайтардың. Айтыста да айға білеп ауызды, Орныменен Ізбасты да тойтардың. Туып өстің сен де мендей жырақта, Елді таптың ес жиған соң бірақ та. Аңсап жетіп ата жұртқа әндетіп, Салдың ерді жыр дүлдүлі - Пыраққа. Туған жерің Ташауыздың аймағы, Бұзылмаған онда діннің қаймағы. Туған жерден таусылмайтын нәр алып, Желбіреді жауһар жырдың байрағы.
Қадірлеген Қашағандай алыпты, Жырын жаттап әкем жастай қанықты. Сондықтан да сенің туған жеріңе Әкем мені домалатып алыпты! Қашағандай болсын деген тілегі, Шығар бәлкім, мақсатын кім біледі? Асқақ жырды аңсап әлде өзінше, Бір нәрсені сезді ме екен жүрегі. Мен білмедім, бәлки шығар жай қылық, Көрген де жоқ бұл сыр маған айтылып. Қашағанның жырын айтса, әкемнің Жүрер еді жанарында ой тұнып. Әкем менің біраз өмір көрген-ді, Жыр айтуды жатқа терең меңгерді. Қашекеңнің «Есқалиға айтқанын», Әкем бір күн жырлап маған берген-ді. Кесір келін келіспеген сұтыны, Көргеннен соң адам бұл деп жұпыны. Сөз сойылмен төпеп ауыз аштырмай, Тезге салған Есқалидай сұпыны. «Қу ағаш» деп сөккенде дүмше молда, Алдымен домбыраны алдың қолға. Сөз бастап шариғатпен шымыр өріп, Төпелеп топан жырды төктің сонда. Кемшілікті көргенде ақын ба ыққан? Білімді қай кезде де сөзден ұтқан. Санамалап көрсеткен тап өзіңдей, Қу ағаштың қадірін кім бар ұққан? Заманның келбетіне етіп қайғы, Толғадың өмір жайлы, өнер жайлы. Дауылпаз дүлей жырлар төгілгенде, Өр мінезге келеді сөзі сайлы. Жырладың «Атамекен», «Адай тегін», Ықтырған асыл сөзбен талай теңін. «Топанда» тасқын селді баян етіп, Қопарған жасын жырдың таудай кенін. Төгіп өткен нөсердей жер бетіне, Тыңдайсың әрбір сөзін тербетіле. Саф алтынан құйғандай әрбір сөзі, Көрік берер кісілік келбетіңе. Қашаған дүр сөзімен қадірі артық, Жастарға болсын енді жыры сарқыт. Төкпе жырдың қутын тап басатын, Туса екен енді саған біреу тартып.
ҚОС ҚЫРАНЫМ ТІРЕГІМ (М. Әуезовке) Әуез молда ұлы Абайдың өлеңдерін қаттатып, Немересі Мұхтарға айтып жаттатып Қасиетін жастайынан ұқтырған, Қыран құсты балапаннан баптатып. Шыңғыс тауы, Абай аулы ордасы, Ыстық бізге қазір де оның әр тасы. Абай жүрген қасиетті топырақ, Жас күнінен Мұхтар өскен ортасы. Абай жолы шарлап жатқан Жидебай, Көңіл шіркін, кейде жұтаң, кейде бай. Сол кездерден жап-жас ойлы Мұхтардың, Көз алдында көлбеңдеді бейнең-ай! Содан кейін шәкірт болдың, Ұлы Абайға ақмаңдай, Сыпырылып қара түнек, Ағарып таң атқандай. Әрбір шумақ көңілін тербеп, мазалап, «Абай жолы» мен мұндалап жатқандай. Тағзым етіп содан бері Абай жазған өлеңге, Сол арқылы тамыр тарттың тереңге. Ұшқыр қиял, зор шабытпен, талантпен, Ұлы Абайды әйгіледің әлемге! Өзіңе ұқсап өрге тартса талабым, «Абай жолын» қайта қолға аламын. Ұлы Абайдың өзгеше ұғып сезімін, Өзіңменен сырласқандай боламын. Қос қыранның ұғып содан жүрегін, Рухынан қуат алып жүремін. Мен қуансам демеу болар екеуі, Ал, қайғырсам, сүйенішім, тірегім.
ӘУЕЗ БЕН ӘНГЕ АЙНАЛЫП КЕТТІҢ АҒА! Шәмші әні! Десе менің көңілім шалқып, Сырлы әуеннің
сырына кетем балқып. Тыңдағанда жан тыншып тұңғиыққа, Батасың рахаттанып, сезім тасып. Көкке сермеп, құлашты жайып кеңге, Сезімді әуелеткен ғажап әнге. Шәмші аға, қадіріңді қастерлеймін, Нұр менен қуат берген жанға, тәнге! Жазып алып, тастамай жанымыздан, Өскенбіз әніңді айтып жасымыздан. Мәңгі жас боп сондықтан біз келеміз, Өтсе де талай ғұмыр басымыздан. Той, думанда әніңді қалықтатып, Қайта-қайта айтуға жалықпадық. Жанға жайлы әнің мен әуезіңе, Құрбымен вальс билеп қалықтадық. Осы күн... қалай енді ұқтырамын, Естігенде әніңді тік тұрамын. Шәмші аға! Аяулым ең, қапыда қап, Білмеппін кірпігіме шық тұрарын. Бітеу жара іштегі емделер ме? Тұлпар менен сұр жабы тең келер ме? Суайттар бар сыртыңнан сыпсыңдаған, Не дейсің ондай оңбас пенделерге! Тіфа, қазақ таланттан кенде ел ме? Бірақ орның ойсырар жөнделер ме? Әнге бөлеп еліңді қайрылмасқа, Кеттің бе аға, ырза бол сен де елге.
Шабытпен зеңгір көкке қанат қаға, Әуез бен әнге айналып кеттің аға! Сезім мен жүрек тербер құдіретті, Мұраңа ізде қалған жетпес баға! СЕЗІМ ЖЫР (Төлеген Айбергеновке)
Төлеген аға! Жырыңды оқып, өзіңдей мен де жалындап, Жыр жазсам деп ем Тайбуырыл текті арындап. Сезімге өрген Қуатың мені Тартады терең иірімге, Көлгірсу емес бұным, Алдыңда аға арым ақ! Өлеңдерің маған Етене жақын өртене жазған сезіммен. Сіз болу қайда? Болу да келмес қолымнан. Ұқсасам онда, Бейшаралық мына өзімнен. Өлеңдеріңді оқыған сайын қолыма алып қайталап, Жазсам деп өлең Туады менде ой-талап. Көкжиегі көрінбес Көгілдір сонау теңіздей, Сезімің қандай, Ойларың қандай байтақ-ақ! Сағыныш жайлы Жазар ең тіпті беріліп, Болмысың содан Тұрады жарқын көрініп. Кәусар бұлақтың Суына бас қойғандай, Мейірім қанып, Құмарттым аға, Көрген де емен жерініп. Өзіңді мен де Сағындым аға, Бейнеңді көрем өлеңнен. Сол демеу маған Жырыңды жаттап келем мен. Оқыған сайын Жаңа бір қиял туындар, Сезіммен жазған
Толғаған жырың тереңнен. Сағыныш деген Құштарлық пенен іңкәрлік, Ұлы өмір Тұрмайды тек нала, мұңнан. Дүниеге шексіз мынау сағыныштан, Төгілген Сезім жыры қаламыңнан. Өзің едің, Шың басында Қырандай қалықтаған, Ақиық Түлеп ұшқан Аралымнан!
АСЫЛ ТҰЛҒА ӘБІШ АҒАМ БІЛГЕНГЕ
Қиындықтан әсте мойып саспаған, Қазақ едік біз әдептен аспаған. Табан асты айта алар өлеңді, Керек жерде айтыстан да қашпаған. Өскен осы өнегемен жас балаң, Қанға сіңген қасиет бұл, хас бағам. Әдебиетте біздің Әбіш ағам да, Сөз құдіретін поэзиямен бастаған. Толқытқанда бұла талант әмірі, Қуат берді поэзия тәңірі. Зор шабыттан бастау алған көрікті, «Алтын шуақ» асыл ойдың тамыры. Қара сөзден нұрлы шуақ төктіріп, Кеттің кейін прозаға бет бұрып. Айта білген халқымыздың өткенін, О да үлкен тектілік! Көркем ойлы шығармамен сандаған, Туған жердің шежіресін толғаған. Маңғыстаудай қасиетті мекеннің, Құдіретсің Дала кейпін сомдаған! Ескі күннен
әсте есте қалмаған, Аңыздардан ой тұтатып маздаған. Өткендегі ел тарихын тірілттің, Суға кеткен кісідей тал қармаған.
Ата-баба өмірін оймен жалғап, Ала білдің керегін таңдап, талғап. «Үркер» мен «Елең алаң» тарихымыз, Қопарған ғасырлардан терең толғап. «Құсқанаты», «Аңыздың ақырында», Сөйлеттің Қала, Дала батырын да. Тап бастың замананың ақиқатын, Айта алмаған шеше де, ақының да. Жазғаныңыз шыңғыртып «Шыңырауда», Шымырлатып санамды мың бұрауда. Ата салтын жоғалтқан ұрпағыңа, Көңіл ұлып, төзе алмай ыңырауда. «Бір шөкім бұлт», «Бір уыс топырағың», Әсер беріп, ой толғап отырамын. Түсіне білер кісі болса шіркін, Күрделі ойлар толып жатыр ағын. Қамтыған алуан өмір арналарын, Бір төбе «Тырау-тырау тырналарың». Айта берсек бұл тізім ұзарады, Сыйғызам қалай қазір жырға бәрін. Сіз жазған аңыздардың бар ма есебі? Білгендер мұнда ақиқат бар деседі. Аңыз тектес шығарма шоғырынан, Шалқи соққан Шығыстың лебі еседі. Асыл тұлға осындай ол, білгенге, Асқар тау ол, асқақ тұрған іргеңде. Мұзарт шыңдай қатпар-қатпар ойлары, Бұл күндері маза бермей жүр менде!
КЕҢ ӘЛЕМ ҚИЫР
ҒАРЫШҚА ҚҰЛАШ СЕРМЕДІМ
Мен сұлу сөзге Болған емеспін әсте, құмар көп, Үкілі ойлар айта аламын ба, білмеймін көпке тұмарлап. Оңашада кейде өзіммен-өзім тілдесіп, Қырық құрау болған Ойымды жазам бір кісі ақыр ұғар деп. Уақытты тауып Оқысаң мұны өзің біл, Шыдап көр тағы, неге көнбеген төзім бұл. Мендегі жүрек Соғады Сен деп сондықтан, Арнадым Саған сезім жыр. Қайтемін бекер қағазды босқа қаралап, Десем де болмас, жүрегім менің жаралы-ақ Жазбауға болмай қолыма қалам алдырар, Байқасам болды өмірді мынау саралап. Жаза да алман, не болса соны шимайлап, Мендегі ойлар кеудеме әсте сыймайды-ақ. Сезімді қалай жеткізсем екен сіздерге Міне, осы мені шынымен нағыз қинайды-ақ. Қиял көп менде, кетемін кейде көкке өрлеп, Көкірегім толы тұрады сезім бал кернеп. Түсінші жаным Сен де бір мені өзіңдей, Ақтарылып жатса Теңіздей толқып ой өрнек Кең әлем қиыр, Ғарышқа құлаш сермедім,
Миығыңнан күлме, Жоқ деймісің басқа ермегің. Ойыммен өрлеп, Шексіздіктен көз сап қарасам, Жер-жұмыр, Дөңгелеп ғұмыр барады басқа көрмедім. Көргенді айтсам, Сезіммен әсте қызынбай. Көңілім тұрмас, Лайланбай нілдей бұзылмай. Жер үстінде тұрады екенбіз Аяқтың әрең ұшында, Ұлы Пикассоның «Шар үстіндегі қызындай». Қарасам жерге бәрі де лас ауа да қазір ып-лас. Түзейтін оны бар ма екен жұртта ықылас? Адамдар неткен безбүйрек болып барасың, Қараулық құртар Түбінде бізді ып-рас. Білмеймін қазір адамдар неткен қомағай, Қайдасың бауыр? Ел үшін туған Толағай! Боқ сасып жатқан Жамандықтардан жердің бетіне Кеткім де келер жоламай! Жалғаншы дүние, деп еді білген, - бес күндік, Қағидамен осы, ер жетіп біздер ес білдік. Тойғанда қарын Күмпидік тағы ісініп, Дүниені жалпақ басқандай тағы төске ұрдық. Әдеттен осы Келеді жаман жиренгім, Ал сен де досым, арамзалықтан именгін. Дүние әлем мынау ашылар жаңа жердей боп,
Тылсыммен жаным, Тілдесіп сен де үйренгін.
АСАУ КӨҢІЛ
Асау көңіл қарамай-ақ тасқынға Сезім шіркін, Қуат барда тасқында. Қалды талай Құнарлы ойлар көміліп Мал ізі мен құм, шаңдардың астында! Деп ойлаймын Шабыттанған кей кезде Момын-ақпын Қарапайым жай көзге. Ойындағы жүзеге аспай жатса егер. Болады екен, бұл ақындар ай кезбе. Қызыл сөзді Қызбалатып алданып, Жүргеніммен Ой елеске арбалып. Күнделікті шаруаменен күйбеңдеп, Жүргенім де Жақсы екен мал бағып. Деймін тағы Шаршағанда қол сілтеп, Бірақ мені жатқызбайды Тылсым көк. Дүбаралық бар көңілдің аласы, Шабытымда сезім, қуат болсын тек. ЗАМАН САҒАН ӨКПЕЛІМІН Тарам жолдар бұл өмір өткелі мың. Отырғам жоқ,
Сендерге төккелі мұң. Жүрегімді ауыртар қайғы-дерті. Заман саған Мен өзім өкпелімін. Өкпелімін түлкідей бұлаңдайсың. Кейде арудай Көз бояп сылаңдайсың. Қайтсең дағы Жақпайсың көңіліме, Кей сәтте Түсі суық жыландайсың. Жыландайсың тұрасың шашып ызғар. Көрген кезде Көңілім қатты мұздар. Қатпарланған Жүректің тоңы болып, Қалған содан көңілде кетпес сыз бар. Кетпес сыз бар, Жібітер заман бар ма? Иіріміне тарта ма дария-арна? Тілегім бар Жалғыз-ақ баршаңыздан, Түспесінші тек сызат сезім, арға!
МЕН ЕМЕС ЕМЕУРІНДІ ҰҚПАС ЕРІҢ
Ой қуып, ерте есейіп, ерте өстім, Бұл жолда ақыл айтар болмады ешкім. Сондықтан бірде дұрыс, бірде бұрыс, Өмірді аума-төкпе бастан кештім. Жоқшылық қаумалады айналамды, Сонда да салған жоқпын байбаламды. Нарық та құрығынан құтқармаса, Көңілім енді қалай жайланады. Біреулер өз балам деп аймалады, Біреулер бұл кім ед деп ойланады. Біреулер немқұрайды көзқарасы, Түгендеп жатсын қазір қай баланы?
Өзің біл не десең де ағайындар, Өздерің маған баға тағайындар. Еркелеп ағайынға базыналап, Айтатын бұл сөзімді орайым бар. Келгенде алыс жерден арып-ашып, Қайсысың қарсы алдыңдар құшақ ашып. Бай ма екен, бастық па екен дегендейін, Алыстан сұрау салдың тиіп-қашып. Мен емес емеурінді ұқпас ерің, Қалай да есепшілік ұтпас ебің. Бай болсам, бастық болсам айналамнан, Үймелеп шыбындайын шықпас едің. Сонда да мен сендерге өкпелі емен, Қайтейін ой-өрісің болса төмен. Әлде де жанымды ұғар бар ағайын, Өтейін мен олардың көңлін немен?
ЖЫРЛАЙ БЕРЕМ...
Қазақстан, қазақ деген халықпын, Бұтағымын өр Түріктей алыптың. Елім менен еңіреген ерлерден, Жүрегіме мәңгі қуат алыппын. Жоңғарларға жау оғындай атылдым, Теңдік үшін талай таңды атырдым. Ақ патшаның дәргегіне жармасқан, Сан жылдардың қойнауында жатыр мұң. Талай мәрте арпалыспен өтті күн, Жөргегімде-ақ жүрегіме екті мұң. Азаматындай алып тұлға Алаштың, Арпалыспен азаттыққа жетті кім?
Көкірегімде өр намыстың оты боп, Батырлардың жүрегіне жағылдым. Ақыр міне, қабыл болды тілегі, Елі үшін еңіреген ақ Ұлдың! Тәуелсіздік – қабыл болған тілегім, Теңдік алып мен қайтадан түледім. Қолға түскен Азаттық пен Еркіндік, Азаматтың бақыты деп білемін. Тәуелсіздік – қастерлейтін тұмарым, Шат дүр қазір желкілдеген Ұланым. Мақтанышпен теңдікті айтып, жар салып, Жырлай берем қанғанша ақыр құмарым.
УРА ЖЫР
Аңсаған ата-бабамыз Дербестікке қол жетіп, Қуантты ел мен жұртымды. Уысқа түскен ырысқа Халықпен бірге шаттанып, Толқыды жүрек, бұлқынды. Қаным ойнап денемде Бойды кернеп бұла күш, Қайратым тасып жұлқынды. Бұл ерекше қуаныш Көтеріп көңіл тербетіп, Көзімде мөлдір сыр тұнды. Бабына түсіп пырағым
Кемерден асып шабытым, Шығарды түйдек жыр құнды. Баласын алты алаштың Бостандық алған күнімен, Құттықтадым ұлтымды. Ізгі ниет жар болып Ақ тілекпен әр адам, Үмітпен алға ұмтылды. Оңынан туып ай, күнім Ойда жүрген сан ғасыр Қол жетпесті шын қылды. Қайда барсам алдымда Бал-бұл жайнап жүздері Күлімдеген жан тұрды. Айды аспанға шығарып Әлемде ойып орын ап Ғаламды қазақ таң қылды. Қиындықтардан қайыспай Қиялай өтіп жол тауып Белесті асты сан қырлы. Сарыарқаның төріне Астана құрды елбасы Жарқыратып айна сыңғырлы. Жол салды ел ішінде Қалыпқа түгел сай қылып Еркін де жүрер даңғылды. Ауылға бөліп көңілді Егінді бітік өсірсе, Далада малым маңғырды. Бейімделіп нарыққа Жаңалыққа бет бұрып, Ескінің орны жаңғырды. Кәсіпкер боп жеке іске Кірісіп енді адамдар Сыбанып білек қам қылды. Сан ұрпаққа жалғасып, Бабадан қалған мирас боп Қайтардық дәстүр-салтымды.
ТУРА ЖЫР
Тәуелсіз елміз дегенмен, Нарықтың келіп қыспағы Биледі заман ырқымды.
Жан-жағымнан қаумалап Жемсауы үлкен жемқорлар, Жалаңдап бұзды шырқымды. Ептілер елдің ырысын, Көз бояп тапа-тал түсте, Қазынадан ұрлап қымқырды. Өтірікті шындай ғып, Ақсақты көрсек тыңдай ғып, Жолға да түстік бұлтыңды. Әлдімен ауыз жалассаң, Пара да беріп қыр ассаң, Шаппады балта мұртыңды. Жан-жағыңа жалдаңдап, Есебін тауып екі асап, Толтырдың майға ұртыңды. Көлденең келген табысқа, Бақыттан басың айналып, Құшақтадың сосын сылқымды. Ел үшін туған екпінді Қыранды нағыз көзге ілмей, Хан көтердің қыртыңды. Жалаңдаған жалатай, Жалбақтаған ала тай, Жігерімді жойып, құм қылды. Өз елімде алшаңдап, Өкіреңдеп өзге ұлттық Тұлымдымды тұл қылды. Қайдағы бір әр түрлі Жұмысқа жегіп ең ауыр, Бұрымдымды құл қылды. Ғайыптан бас ауырып, Төтеннен балтыр сыздаса, Айта алмайсың қыңқылды. Жағымсыз мұндай кей іске, Бас көтерсе кейбіреу, Жұмыстан қуып жым қылды. Маңдай тердің өтеуі үшін, Итаяқтың түбіндегі Тиеді саған сырқынды. Ащи ма жаның, ағайын, Лажсыз қалған бейшара Көргенде осы тұрқымды. Қайрансыз жайға осындай, Булығып іштей ызаға,
Көзімді сүрттім дымқылды. Ел болам десең, алдымен Елпілдеген етегіңе ие боп, Бүтінде іш пен сыртыңды.
БІР ҚАРЫНДАСҚА
Жанарында пәк сезімі тұнатын, Жан бар ма екен сірә сендей туатын? Сезсең еді жүрегіңмен жаным-ау, Мендегі ұлы махаббаттың қуатын. Сәл қағылса сенің қиғаш қастарың, Мен тағатсыз бір күйге ене бастадым. Сенің берген сыйлығыңды ұйықтарда, Мен қадірлеп тек басыма жастадым. Мен білмедім бір Алланың қостарын, Сезем бірақ менде мықты дос барын. Тек жанымды ұқсаң болды сүйгенім, Ұға алмадым бұл сезімнің астарын. Мені тартар келбетің бар, сиқың бар. Сезімді өртер сенде ғажап сиқыр бар. Нұрлы бейнең көз алдымнан көлбеңдеп, Түнде дағы жатқызбастан ұйқы ұрлар. Жаным менің саған неге тым құмар? Асау жүрек
тек өзің деп жұлқынар. Мен сезімнің жетегіне шырмалдым, Жағдайым жоқ өз-өзіме сын қылар. Оңашада қалған күні өткенде, Төбем менің көкке жетті өпкенде. Бақыттымын мен осыған, бақ құсым, Тас төбемнен бір айналып өткенге. Содан кейін ұялапты ой көзіңе, Ризамын не десең де өзіңе. Тек тілегім шын сүйетін бір адам, Бар екенін алсаң болды сезіне. Адам деме қалай өзі әлдебір, Бұл ағаңның көңілі әлі өрде тұр. Ләйлісіне ғашық болған Мәжнүндей, Махаббатқа басы айналған пенде-дүр.
МЕНДЕ СЫР ЖОҚ... Менде сыр жоқ сенен жаным жасырын, Сүйем сені, естимісің сүйіктім? Сен қасымда жүрсең болды асылым, Сонда ғана көңілім көкте биікпін. Асыл сөзді көкірегіме жиып мың, Жүрегіме пәк сезімді ұйыттым. Сүю бақыт екендігін өмірде, Сен арқылы көңіліме түйіппін. Жанарыңнан бақыт нұрын жиі ұқтым, Едің бұрын сыр ашпайтын тұйық тым. Дүр серпілдің көңілімді көтеріп, Жүрегіме сырлы сезім құйып тың. Сүйкімдісің лағындай киіктің, Қылығыңмен бал сезімді иіттің. Пәк сезімді адалдығың алдында, Бақыт үшін саған басты иіппін.
ӘЙ, ӨЗІМ...
Әй, өзім, Жындымын-ау, екем жынды, Күнәлаймын Бұл халге енді кімді? Махаббатқа шырмалып пәк жүрегім, Ойым ойран болғанда, жаным мұңды. Әй, өзім, Жындымын-ау, екем жынды, Қайткенде өмірімді етем құнды. Мейлі сен делқұлы деп ұғына бер, Ал менің жүрегіме сезім тұнды. Білемін, қол жетпеске ұмтылғанмын, Жүрегім сондықтан да бұлқынған мұң. Тағдырым талқысына салып мені, Төзімді аямай-ақ сын қылған мың! Қайтемін басқа салса көнемін бе? Құсадан ақыр бір күн өлемін де. Сенің бейнең қалады жүрегімде, Сенің өзің қаласың өлеңімде!
МЕН ДЕЛҚҰЛЫМЫН
Мен делқұлымын көргелі сені жаным, Жүрегім өрт, шалқиды сезім жалын. Білемін биіктесің қолым жетпес, Сеземін амалсыздан қайнап қаным.
Қайда жүрдің көрінбей сен көзіме? Мен көргеннен ғашықпын тек өзіңе! Сенсең сен, сенбесең де өз еркіңде, Жүректен қайнап шыққан бұл сөзіме. Сенсіз жаным бұлыңғыр өмір маған, Жеткізіп айта аламын қалай саған? Мөлдіреп еліктейін қарағанда, Алдамас сезіміме шын-ақ жанам. Білемін, ұнатасың мені сен де, Алдамшы көңіліңе тіпті сенбе! Сезімді қастерлесең ашығын айт, Тағдырдың жазмышына тура көн де. Кетейікші бұл жерден алысқа ұзап, Сапар шегіп, көз көрмес елге ұзақ. Салған соң амал бар ма бұл тағдырға, Жүрекке қыл бұраулы сезім тұзақ.
СЕН СҰЛУСЫҢ Сен сұлусың, тек қана маған емес, Көңілімде келбетің болар елес. Қадірлей ме, білмедім сені жаным, Алдымызда алынбас тұр ғой белес. Біріксек біз жеңеміз бәрін-дағы, Іс қой бұл бір Алланың қолындағы. Жұрт не десе, о десін, пішту бәрі, Біз құрбанбыз махаббат жолындағы. Түсін жаным осыны өзің мендей, Екі ойлы боп өзіңе жүрме сенбей. Мен бар жерде қысылма қарағым-ау, Артық жан жоқ өмірде маған сендей!
ЖЕТЕЛЕР АЛҒА ҮМІТ ТЕ Жетелер алға үміт те, Жүрсің бе әлі жайраңдап. Талғамың қандай жігітте, Күтесің алдан қандай бақ? Жастық шақ үміт сайтандай, Өткені қалар байқалмай. Расын айтсам бос жүрме, Ретін тапсай ой, Аллай! Көңілсіз әлде кезің бе, Келесің кейде өктемдей. Түсінбей жүрмін өзіңе, Мінезің кейде көктемдей. Сыр ашсам жәймен жүрекпен, Ерсі де көрер ме екенсің. Сезімді өзің түлеткен, Алаулы арман етем шын. Ынтыққан көңіл ауанын, Жүрегім қалай көтерсін? Өзіңе айтам бұл сырды, Парызым айтар өтелсін!
ОЙ ТЕРБЕП... Желпініп шашың самалмен, Келесің көрсең жүгіріп. Ой тербеп мені мазалап, Барамын жаным үгіліп. Сезімім алды мазаны, Махаббат па бұған жазалы? Ойласам болды сен жайлы, Жүрекке түсер азабы. Өрекпіген нұр сезім, Күннен-күнге ушығып Саған деген махаббат, Тұр ғой менде тұншығып. Көз алдымда әрқашан, Жүргенде жанып, жайнап сен. Жанымды тербеп бір сезім, Отырам сені ойлап мен.
МҰҢАЙЫП ЖҮРСІҢ НЕГЕ СЕН? Алқызыл жүзің солыңқы, Мұңайып жүрсің неге сен? Жадырап кәне, қарашы Көнейін сосын не десең. Торықпа жаным, түнеріп Мұңайған саған жараспас. Болсайшы одан шіреніп, Қайғымен тіпті санаспас. Тұңғиық түбі – қайғының, Көрінбес көзге – тас түнек. Көрсетіп мінез айбынын, Алға да қадам бас түлеп. Еңсені көтер тік ұста, Болады сонда ұтыс та. Мәселе жоқ қой шешілмес, Мәселе дұрыс ұғыста. Жадыра кәне, күлші бір, Жадырап солай жүрші бір. Көтеріп көңіл сергітіп, Маған да көңіл бұршы бір.
МАХАББАТ ДЕГЕН БІР ҒАЖАП Сезімім желдей есілді, Көңілім көлдей көсілді. Махаббат деген бір ғажап, Үмітті биік өсірді. Қалқам-ау алған есімді, Сағынсам аршын төсіңді. Көк шулан қою түтін мен, Сырадан алам өшімді. Қолданып алуан тәсілді, Көтере берме бәсіңді. Пендеге өлшеп берілген, Өмір ғой мынау кесімді. ҚҰЛАЗИДЫ КӨҢІЛІМ СЕН ЖОҚ КЕЗДЕ Мөлдіреп
қарағанда екі көзің, Тағат таппас мендегі ұлы сезім. Кеш кезіктім қайтейін тағдырыма, Іштей жеп құрытармын өзімді-өзім. Қастерлім жоқ, шын айтам, сенен өзге, Алтынды айналдырма сары жезге. Көз алдымда күлімдеп жүре берші, Құлазиды көңілім сен жоқ кезде. Көңілдің астан-кестен бұзар шырқын, Махаббат ғажап күш қой, неткен шіркін! Сен дағы мың толғанып мендегі ұлы, Сезімді түсінерсің ақыр бір күн.
ӨЗІҢ ДЕП... Өзің деп бұл күндерде көңіл алаң, Сендік ұлы сезімге күйіп-жанам. Бір сүйіп, ақ төсіңді аймаласам, Шабытыма өлшеусіз қуат алам. Көркейтіп көңіліме сән бере шын, Өміріме өлшеусіз нәр бересің. Өзіңмен бірге болсам қорықпаймын, Тұрса да алдымызда әлдене сын. Түсінер деп өзіңе жаздым мұны, Ұқсаң осы мендегі жүрек мұңы. Махаббатсыз бос өткен күннің бәрі, Мен үшін бес тиындық болмас құны. Отырғам жоқ басыңды айналдырып, Екі ауыз сөз шатпақтап ойдан құрып. Мен қайтейін, қойған соң пәк сезімім, Өзің жайлы күн-түні ойландырып. Арманым ең
бір өзің жарға балар, Дертке дауа, жаныма шипа болар. Түсіне білген жақсы пәк сезімді, Боқ дүние бізден де ақыр қалар.
ЖАНЫМДЫ ҚАЛҚАМ СЕЗГЕЙСІҢ. Кездессең дағы өмірде кеш, Тағдырға қайтем өкпелеп. Кетпейсің естен жан қалқам сен, Нұр сезім тұрса төкпелеп. Жалын жанымды, қалқам, сезгейсің, Тағдырға қатал төзгейсің. Сезімнің нұры сиқырлы болар, Түсіну қиын сезбей шын. Үмітім жалғар ақ сезімді, Көргенде жаным өзіңді. Сенсіз өткен күндерге шыдар, Не деген жаным төзімді. Тағдырым қатал не деген, Жүрекке жара салғандай. Жадырап жаным сені мен, Алармын еске армандай. Аялай білер қимасым сен, Кездессек сезім шаттанар. Қолыма түспес бақ құсым ең, Жүректе мәңгі сақталар.
СЕН АРҚЫЛЫ Мөлдіреген ботакөзім, жақұтым, Сеніменен көңілді өтер уақытым. Құлай сүю, ғашық болу дегеннің, Сен арқылы сездім мен бақытын. Шын ғашықтық көңіліме нық тұрды, Жүрмейтінін жүрекке әмір ұқтырды. Тағдыр тартқан әділетсіздікке шын күйіп, Қос жанарға қайғы болып шық тұрды. Қайтем енді, шынын айтсам білмеймін, Жарқылдаған көңіл қалды, күлмеймін. Сенен басқа көрінбейді көзіме, Табыспаған тағдырымды тілдеймін. Білмеймін мен, сенің қандай бар ойың? Үмітпенен өтіп жатыр сан айым. Қиналмашы, сен аман бол өмірде,
Өз махаббатыма өзім күйіп жанайын. Сарытап қып санаңа ойлар келмей мың, Ғашық болып көңіліңе енбей мұң Менің ұлы жүрегімдегі сезім мен, Махаббатымды ұғасың деп сенбеймін.
АҚ ҚЫРАУ БАСҚАН АҚПАНДА Ақ қырау басқан ақпанда, Айнала аппақ ақ таңда. Сені ойлап жаным келем мен, Алшаңдай басып Ақтауда. Мүмкін маған бақ таң ба? Деп келдім, жаным, тоқтамға. Айнала неткен әдемі, Ақ қырау басып жатқанда. Көңлім де аппақ ақ қардай, Сәбилік таза шақтардай. Кездескен сәттен өзіңмен, Сезімім шалқып жатқандай. Келші бір сәтте осындай, Қарсы алам сені тосылмай. Шығар ма сезім құмардан, Мойынға білек асылмай. Жымыңда сен де ақ қырау, Араймен таңғы шағылып. Есімде қалсын бал күндер, Алатын еске сағынып.
СЕНІ ОЙЛАП ТАҒЫ ОТЫРАМ Ызғарлы суық қаңтарда, Омбалай басып ақ қарда Келгенде уәде бойынша, Сөзіңнен танып жалтарма. Боранды күнде ақпанда, Айнала сүңгі таққанда. Сені ойлап тағы отырам, Сезімге нұрлы батқанда. Жыл басы наурыз ай қандай, Табиғат түлеп жайқалғай. Көктеммен бірге құлпырып, Жүректе жанып ой қалғай! Айында жылда сәуірдің, Көңілім ерек тәуірмін. Махаббат деген от екен, Шарпиды лебі әуірдің. Жүрегім салған дабырға, Сезімім сергек жаңылма. Екі ұдай ойда болам мен, Құлпыра жеткен мамырда.
Мезгіл жоқ жазда маусымдай, Жалғасса екен таусылмай. Жүректі тербер сазымен, Сағындым қалқам даусыңды-ай! Қыдырған жайлы саябақ, Өзіне тартар шын мені. Сезімді айтқан сыр қылып, Ұмытам қалай шілдені. Көргенде сені жаны ізгім, Сезімнен бұлақ ағыздым. Сағынам әлі таңдарын, Тамылжыған тамыздың. Саялап бақта бір тұрған, Жүректерге нұр тұнған. Жадымнан менің кетпейді, Қыркүйек айы құлпырған. Самал жел соқса азанда, Мұңымды төгем ғазалға. Тағатым күнде таусылып, Еске алам сені қазанда. Сезімдер тербеп тамаша, Шығатын кейде оңаша. Ғажап қой білген адамға, Келгенде айым қараша. Мөлдіреп көздер қияға, Ғашыққа қиын жол тосқан. Суық та болса күндерің, Қимаймын сені желтоқсан.
СЕНІҢ ЖҮЗІҢ Сенің жүзің бал-бұл жанған жайдары, Теңесе алмас аспандағы ай-дағы. Үлбірейді ерекше бір сезіммен, Қып-қызыл шоқ ерініңнің аймағы. Шашың қандай? Толқындана тербелер, Осы бір сәт көңіліме нәр берер. Шашты сілкіп, кеудеңді тік ұстасаң, Сонда сенің мінезің де өр келер. Көзің қандай? жайнаған бір шам дерсің, Сөзің қандай? Сызылған бір ән дерсің. Сұлуларға сенің бейнең секілді, Берсе құдай Осындай-ақ тән берсін!
ОЙ ЖЕТЕГІНДЕ Бірде бойға жиған төзім қуатын, Ғасырда бір хас таланттай туатын. Көздеріне ақыл мен ой тұнатын, Бір қария маған былай деп еді: «Уақыт сынап, сырғанайды өтеді, бәрі жалған көз көрмеске кетеді. Жастық шақты мәнді өткіз бірібір, Бұл өмірдің қайғысы мен қуанышы жетеді». Ойлап бірде осы сөздің астарын, Жиналғанда басын қосып достарым. Айтып едім, әншейін бір дос қыз, Елең етіп, қақты қиғаш қастарын. Қиналғандай сөзді неден бастарын, Екі көзден мөлдіретіп жастарын. Тұрды дағы бойын жиып бір кезде, Айтты ойының төмендегі жапсарын: «Қандай ғажап ой-пікір», - деп таңданды, Әлде өзі бір нәрсеге алданды... Ерекше бір сезім бойға жүгіріп, Бір керемет өзін билеп алған-ды. Осы ойда қандай әйбат сиқыр бар? Мен ойласам санам жетпей шиқылдар. Сонда неге қызға ерекше әсерлі,
Таңданатын дәнеңе жоқ ұйқы ұрлар. Сонда қызға қарап қаппыз біріміз, Мықты болсаң бір уәж айтып көріңіз. Әр кәллада бір ой қуып әркім-ақ, Ыдырады береке мен сәніміз. Әншейінде қысыр сөзге тым құмар, Осындайда кеуде керіп жұлқынар, Мен дегеннің тіпті жүні жығылып, Қыз алдында жоқ жағдайы сын қылар. Мысы басты өзі әлде өктем бе? Бір басынан біраз тарих өткен бе? Біз білмедік, әйтеуір де іркіліп, Аңтарылып қалдық бұған көп пенде. Сын-сипаты жарасып бір өзіне, Тұрғанменен ұялапты ой көзіне. Қыздың құрдым ой-қиялын түсініп, Жүрекпенен кім бар алар сезіне. Ал кәне кел, ойлап көрші сен де бір, Ой, санаңа қиял түсер әлдебір. Таба алғанда аймен сырлас түндегі, Қыз көңілі шырқау биік өрде тұр. Р. S. Мен білемін қыз ойын, Сен табасың, көр де тұр!
КӨҢІЛ ҚАЛАЙ БІРЛЕНЕР... Адамдар бар аузын айға білеген, Батырлар бар қайыспайтын кіл емен. Бұл өмірге наразы боп түңіліп, Кейбіреулер өз тағдырын сілеген. Өмір деген Міне, осылай түрленер, Осы жолда абыроймен жүрген – Ер. Сен күрсінсең тағат таппай қиналып, Шарқ ұрумен көңіл қалай бірленер? Жүректе бар әр түрлі ойлар дүреген, Махаббаттан бір жасарып түлеген. Менің жаным шүберекке түюлі, Сен бақытты болса екен деп тілеген.
ҚЫЗ ЖІБЕК ПЕН ТӨЛЕГЕНІ ҚАЗАҚТЫҢ Экранда көрген ғашық бейнесін, Махабаттың ұлы күші жандауам. Қыз Жібек пен Төлегенді сомдаған, Ұлы өнерге басымды иіп таңданам. Пәк сезімді сиқырымен арбаған, Махаббат па алға өмірді жалғаған? Табындырған тамсандырып өнерге, Шын көңілден берер ұлы бар бағам. Айтсам енді шын сөзімді өзімнің, Меруерт – Құман қос аққуы сезімнің. Махабатты қастерлеген шынайы, Мен солардан пәктік нұрын сезіндім. Өнерлерің биіктерге өрлесін, Жандарыңыз еш жамандық көрмесін. Қыз Жібек пен Төлегендей жарасып, Махаттатың алып күші тербесін. Биік өнер, шеберлікпен толайым, Аға ұрпақтың тамсандырған талайын. Қыз Жібек пен Төлегені қазақтың, Тірі міне, алдарыңда ағайын.
ДОСТАРЫМА Кетсек біздер, Біріміз-бірімізден жырақ тұрып, О, бауырларым, Мен сендерді сағынам жылап тұрып. Себебі сендер үшін ыстық сезім, Жүрегімде мөлдіреп тұрад тұнып. Өздеріңе көңілім бұлақ тұнық, (Талай байқап көрдіңдер сынақ қылып.) Сәл нәрсеге өкпелеп қалатығұн, Көңілімде бар әлі бала қылық. Тұрсақ та алыс жерге жырақ барып, Қиялмен әрқайсыңа шын-ақ барып. Өткен күннің елесі еске түсіп, Өтеді көз алдымнан парақтанып. Қалсақ та алыс жерде тұрақтанып, Жүрек бірге қалмайсыз жырақтанып. Еске түскен кей сәтте өздеріңе, Тұрамын сағынышты жыр ақтарып.
СТУДЕНТ ӘНІ Үңілген том-том кітап беттеріне, Уақыттың өтіп міне кеткені ме? Ай бойы көз ілместен жүргенімде, Демалыс зарықтырып жеткенің бе? Ұшайын ауыл жақ та көп көңілде, Байқалмас бұл уақыттың өткені де. Сүйген қыз, сен ауылда қалып едің, Оқуға мен қалаға кеткенімде. Каникул қызықтарың келді жетіп, Сайрандап қалайыншы кетпей өтіп. Сүйген қыз есігіңнің алдындамын, Шықсайшы сөйлесейік неғып-нетіп. Сен үшін қайғы-мұңды шекпедім бе? Сырыңды іздеп келсем бүккенің не? Мен болсам бақытым деп біліп едім, Өзіңді алғаш рет өпкенімде.
КӨКТЕМ КЕЛДІ Көктем келді. Жер жүзі құлпырады, Осындай кез көңлімде жыр тұнады. Менің де сезіміме қозғау түсті, Жүрегім әлденеге бұлқынады. От кеудем, ыстық сезім, махаббат па? Білмедім бұл ғажаптың тұрқын әлі. Келеді өлең айтқым, ән де салғым, Жүрегім шымырқаншы, сілкін кәні! Тамсантып, тамылжытып, мамырлатып Салатын қалқатайдың шіркін әні! Кетпейді құлағымнан еш уақытта, Есіме түссе көңілім бұлқынады. Көктем келді. Жүрегім бұлқынады, Сені іздеймін көңілім шарқ ұрады. Табармын, табысармын түсінісіп, Келешегім алдымда жарқын әлі.
КӨКТЕМ, КӨКТЕМ... Көктем, көктем зарығып күтем сені, Бұзылсын деп көңлімнің қатпар сеңі. Жадыратып жанымды тербететін, Соқсын деп бал сезімнің самал желі. Күттім сені ашсын деп жүрек сырын, Сақтаулы көңілімде сезім шырын. Қаһарлы қыстан қорқып үндемедім, Тежеу сап көңіліме ежелгі ырым. Көктем келді! Ерекше шаттанамын, Ойлап сені, ойыма ап тоқталамын. Жүрегімді тербеткен со бір сөзді, Қаншама рет айтуға оқталамын. Аңдып талай жолыңа көп қарадым, Сені көрсем ыңғайсыз боп қаламын. Тартпаймын бұрымыңнан сезесің бе? Мен биыл бұрынғыдан жат баламын. Өзіме-өзім Кей кезде таң қаламын, Сезімді ақ қағазға ақтарамын. Ойымды жеткізе алмай қалған кезде, Жүректі торлап алар қап-қара мұң. Таусылмаған қыстың салған зор әні, Ерте көктем, көктеген жоқ жер әлі.
Қарлы боран ақша қарға ауысып, Жатыр далам бусанып көр әні. Тамырына әлсіз ғана жан еніп, Жусан жатыр ақша қардың астында. Қырдың үсті қаптап жүрген сан елік, Шуақ іздеп түскен дүбір босқынға. Осы бір кез ерекше бұл далада, Таба алмайсың бұл кезге түр балама. Ырызығы аң-малдың кейбір шөптер, Қар астында бастайды бүр жара да! Сарыұзынның белгілі сыры маған, Күшке мініп, күн де әлі жылымаған. Шыдай тұршы, келгенше жіңішкеріп, Ұлы күн, жайма шуақ - Ұлыс ағам!
АТАЛЫҚ ӘБДЕШҰЛЫ
1947 жылы туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы журналист. «Мен де бір қазақ...», «Іздеген бақты ісімнен» атты шығармалар жинағы жарық көрген. *** Ақ жолын тілдің іздеген, Шеккенде азап – Қатесін істің тіздеген, Аңсаған азат – Шідерін әркез ағытып, Үмітін ғажап – Бәйгелі сәттен үзбеген.
МАҢҒЫСТАУ Иемен бәрі сүзілген, Шығанақ, түбек үзілген Астыменүсті астасып Адамға ризық түзілген. ххх ...Білімпаз небір тер төккен Тылсымның сырын төрлеткен Ашуға үміт болжамын Кезекті ғалым өрлеткен. Басталған ерлік тың дастан Тұлғалар іздеп тынбастан, Білекпен өткен шың, тастан Тереңге тартқан бұрғыдан Құйындап ұңғы сел басқан Қақпасын жарып «бел» асқан Атылған мұнай бұрқаққа Шомылған сәті жераспан! Қойнауға бүгіп жасырған Несібе ұлас ғасырдан Ұрпаққа бүгін бұйырып – Әлемге даңқын асырған. Қапаста бөккен қабаттан Турылып сырғи сағақтан Жарықа шыққан арыны – Көрінді аймақ абаттан. Теңізден ақ жол таңдаған, Қазкеуде кеме самғаған
Артылған дәулет жан-жақпен Ұрпаққа ырыс қамдаған – Дәуірлер көзін аялап, Жапырақ жандар саялап Үрімпар үнмен халқының Желпіген рухын бай алап!
ОТПАН ТАУЫ Бабаларым Отпан тау деп жер атын, Атап кетті өрлетер деп ер атын. Найза шыңы Арман болып көрінер, Бір шығуға құмартады өріне ер. Дәуірлерде қыраттары қырланған, Қошқылданып жүзі сұсты сырланған. Басқыншылар айбатынан қаймыққан, Асуларын еңсере алмай сай бұққан. Кеудесімен жауын серпіп қайырған, Шауып алу пиғылынан айырған. Тұлғасымен өз еліне пана боп, Берешегі мейірлене дала боп. Бұл дүниенің мәні мәңгі тірлікте, Өркендетер өмір парқы бірлікте – Екендігін ұқтырғандай Ана боп, Ен далада тұрып қалған Дана боп. Шыңдарынан нұр төгілтіп айнала, Гүл оранды қала, дала сай-сала. Сыртқы жаудан қалқан еткен бабалар, Арқа сүйеп,табан тіреп ағалар, Елін, жерін танымастай түлеткен, Шөл далаға жұпар иіс гүл еккен... Қасиетті топырағын уыстап, Жүріп келем Баба жерде Ту ұстап. Айбын болған мың да бір сан төзімді, Жандарына жақын тартар өзімді, Отандасқа жиі-жиі кезігем, Отпан таудай оқшау ойлы сезінем.
КӨКАЙҒЫР МЕН КӨКЖАЛ (баллада) Аймаққа шу асаулығымен әйгілі Көкайғыр, қасқыр тартқан санының ойынды еті салбырап, тұла бойы қан-жоса күйі иесінің үйі іргесіне келіп арқырай кісінеген-ді. Ертесіне Отпан тауының етегінен қасқырдың өлексесі табылды. Отпанның баурайы шалғын шұрат,
Көмкерген бұлақтарын балғын құрақ, Ернімен ебелекті еппен үзген Көкайғыр үйірімен қалған жырақ. Жануар жүйрік-тұғын құлын шақтан, Көсіліп ертеден кеш талмай шапқан, Тұяғы қызған шақта омыраулап Көрінген бәйгелерде алғы саптан. Айғыр ед үйір үшін арқыраған, Елірсе, екпінінен жар құлаған, Қырқысып, тарпып тепкен шайқастарда Маңдайы талай мәрте жарқыраған. Әркезде байқалатын мінезінде, Сескенбей жымып құлақ лезінде, Асаулық, шайпаулық пен шалыс қимыл Ерекше біткен-тұғын бір өзінде... ...Сол таудың қырат қабақ шатқалынан, Бір көкжал шыға келді қапталынан, Аңсары тай-құлынды жарып салып Тойынбақ ыстық қанның аптабынан. Аң мен құс мекен еткен өңкей майда, Өңірде өзі патша сай-салада, Кемәлді хайуанаттан тайсалама Кез болды бір үйірге айдалада. Көргенде екі көзі шоқтай жайнап, Араны қорғасындай оқ боп қайнап, Ақситып азу тісін, аузын ашып Тілімен жанып-жанып алды қайрап. Көзі алда, жер табандап қадап басып, Тақалды ту биеге қанаттасып, Көк жалы күжірейіп, аузын керіп Тістерін сақылдата жанап басып. Жыртқыштың шапшып шықты қан басына, Атылды «жемтігінің» жамбасына, Көкайғыр шауып келіп орағыта Бір тепті сом тұяқпен аң басына. - Қаңқ,- етіп, қанды ауыз қалды аунап, Көкайғыр қарсы тұрды қаны саулап, Еркектік ер айбынын алды жиып Жауымен жұлқысуға жаны лаулап. Көреді мойын толғап аспанды көк, Жарық Күн шұғыламен жасқады дөп, Ағынан бадана көз шатынады Өн бойын өшпенділік басқан-ды кек. Бойында қозып жыны еліреді,
Жымырып қос құлағын желігеді, Делдиген қос танаудан бу бұрқырап Қырланған алмас тістер көрінеді. Кетпендей қару етіп күрек тісін, Қуатын, танытуға жүректісін. Қарш шайнап хас жауының желкесінен Бұлғайды, сілкілейді шіреп күшін. Қасқайып, тұяқ тіреп жұлқылады, Көкжал да жансебіл боп бұлқынады, Босауға балта тістің қыспағынан Осқылап мойын тұсын ұмтылады. Қанталап екі көзі пырақ тұрды, Сілкілеп қандыауызды лақтырды, Жонымен жапырыла аунап түсіп, Көкжал да тәлтіректеп, бірақ тұрды... Қаншама омақаста сағы сынбай, Соншама дүздүлейің тағы қыңбай, Арсылдап өршелене шапшиды кеп Араны көкайғырдың табытындай. Тарпаң мен түз тағысы байқасады, Дембе-дем шалт қимылмен айқасады, Жанталас: бірі-мертігу ,бірі-жеңу Жолында жалғасуда шайқас әлі. Бөріге асау айғыр алдырмады, Дендеуге ешбір амал қалдырмады, Гүрзідей шойын тұяқ төпей, жасқап Дөңгелене айналып шалдырмады. ...Көкайғыр сатұр-сұтыр тағы тепті, Шытынап шықшыт қалды, жағы кетті, Барлығып үні үздігіп қаңсылаумен Бөрінің бас сауғалап бағы кетті. Шапшуға шама бермей тепті тарпып, Тұмсығын қанжар тіспен кетті қарпып, Жұлқылап басын әнтек көтергенде Сыдырып бет терісін кетті қалпып. Жотадан ұйпа-тұйпа, қан сорғалап, Көкжал да бәсеңсіді жан қорғалап, Жыртқыштың беті қайтты мерттігінен Барады бүгежектеп һәм жорғалап... Көкайғыр шапшып көкке тарпығанда, Омырып бүк түсірді қарпығанда, Танаудан қорқыраған қан жосыды Өн бойын ажал өрті шарпығанда. Көкжалдың шапқындаған әлі кетті,
Қысылып ең ақырғы зәрі кетті, Ұйлыққан үркер үйір арасынан, Бір қулық көкайғырды талып өпті.
САБЫР БАУРЫМ, САБЫР!
Тәуелсіздіктің жолы тақтайдай тегіс болмағаны да баршамызға мәлім. Ел экономикасында дағдарысты кезең де болмай қалған жоқ. Осыған дейін біздің сана-сезімімізге сіңіріліп, ойымызда берік орныққан адамгершіліктің не бір асыл қасиеттері замана ағынының екпініне ұшырап, қара бастың қамын ғана ойлайтын күйкі тірліктің шылауына оратыла бастады. Қалың бұқараның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашарлап, кедейліктің кеселдерін асқан төзімділікпен бастан кешіп жатты. Сондай мезгілдің бірінде тұрмыс деңгейі төмен жұмыскерлердің бір тобы ашынғаннан алаңға шықты... Жалақыны уақытылы төлеуді ... талап етті: «- Өтпелінің өкпегі өктем бе еді: күні кеше арлының ары кетті, майда сауда жолында жары кетті. бей-берекет болған соң билік басы, Жарлық пенен қаулының жаны кетті, жосықсыз әрекетті тезге салар ақыл-кеңес айтудың дәмі кетті, ардагердің өтемсіз малы кетті, ауқаттының нашарлап әлі кетті, кәсібіне адалдың салы кетті, әділдік пен қамқорлық тағы кетті. тіршіліктің міңірсіз қамыменен сұлулардың ажарлы әрі кетті. балғын қыздың мезгілсіз тәні кетті, келе алмаған сәбилер елі кетті, сүреңсіз мына дүние сан сұрланып, адамдардың мезгілсіз әлі кетті жүйріктердің бәйгесіз тері кепті. заңсыздық пен озбырлық құрбаны қып, көзапара адамды балық етті. жан дүние рухани жұтаң тартып, жетегінде өзге елдің тілім кетті, біліктілік, шеберлік ол да кетті, әділдіктің аулы әрі кетті. жасандылық белең ап сәні кетті. бір ұрпақтың Арманы, әні кетті,
өтпелі кез бәрін де тәрік етті, ой-сананың өлшемі өзгермесе, ...бәрі кетті, бауырым, бәрі кетті! Теңге теңсіз бөлініп солға кетті, алаяқтың қолынан қолға өтті. жалақысыз адамдар Қолға жеткен, ақымызды төлеңдер молға кеткен!» - деп ашына сөйледі ашаң жігіт, Қаймықпастан бәйгеге басын тігіп. - Ей, бауырым, Алаңға кеп ашындың ба? Алымқорлар тежеусіз басынды ма? Жалақысын жарты жыл алмағандар, Шер тарқатып,көңілің ашылды ма! Айтқан сөзің бәрі рас, өтпелі кез: дағдарысқа шарпыды даламызды, ойсырата омырды санамызды, улы әдеті батыстың бас берместен, ушықтырды бұрынғы жарамызды. Түсінемін: нарыққа дайындықсыз, еніп кеттің жүйеге жайың ықсыз. еңбегіңнің зейнетін көргізбеген, бәлкім, туған жұлдызың, айың құтсыз... Торлаған бұлтты күннің бәрі де өтер, Ашылып көк аспаннан әрі кетер, Келешек алғы өмірден болма үмітсіз, Жарқырата айнала шуақ шашар, Мезгілге де, бауырым, сабыр сақта Қарымдылық, бірлікте қолың жетер!
ТІЛ ӘЛЕМІН БАРШАҢА АЛАП ЕТЕМ!
Қаламызда өткізілетін маңызды жинындардың орыс тілінде жүргізіліп өткізілуі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Сондай жиындардың бірінде мемлекеттік тіл – қазақ тіліне жанашыр жанның монологы. ... Ата заңның талабын, салтын бұзған, Жиналыстың үстінде талқы қызған, Даусы шықты саңқылдап өр жігіттің, Суырылған семсердей жалқы қыннан, Қаны қайнап қамаған салқын сыздан: «- Әуезіне жан қалмас балқымаған, Қазақ тілі оқшау қап жалқыланған, Баяндалған тілменен талқыланған, – Бұл не өзі! Тілімді алқымдаған?
«Кәмелетке толса да тежелінген, Талап ет!» – деп, ел тілін халқым қалған, Бір сөзім бар, айтатын! Сөз бер маған!» Залдағылар елеңдеп, ойын үзіп, Қопарыла қарады мойын тізіп. Көтерілді мінберге қыран жігіт, Залды шолып бір сәтке көзін сүзіп, Жәудіреген жүз пайыз қаракөзден – Тұтанғандай бастады сөзін түзіп: «- Қазақстан – біртұтас бөлінбеген, Бөле – жарып, ешкімнен жерінбеген, Мәртебесін тілімнің асқақтатқан Ұл-қыздарын әйгілеп – Ерім! – деген. Өздеріңмен жолынан кері теуіп, Табан асты қойған соң тары сеуіп, Тайғанақтап келеді тайпалған тіл – Намыс кернеп өн бойын Ары теуіп! Мәртебесін алғаннан сүрең беріп, Мұз үстінде тартатын түрен беріп, Тұлпар тілді тізгіндеп, бар жүгіне Мәз боламыз несіне күрең1 жегіп?! Келіспеймін: өз елін елсінбеген, ұлы халық тіліне жерсінбеген, өзге тілді өремен өзеуреген, көзқаманмен, тілімді менсінбеген! Өскін ұрпақ, мен кешкен тіл құқайын, Бүгін, ертең, ешқашан көрмесін деп, Мәңгүрттікке еліктеп ермесін деп, Өзге тілді меңгеріп, өз тілімен – Ешкімге де есесін бермесін деп, Тілімізге қиянат келмесін деп, Шөл кезеңнің «жемісін» термесін! – деп: асыл сөзден өн бойын жарақ еткен, өз қолымен әр қазақ қалап өткен, Тіл әлемін баршаңа Алап етем! Көкті тіліп самғаған ала бөтен, Ғарыш тілге тілімді балап өтем, Ғаламдасу адамзат бәйгесінде Қазақ тілін білуді талап етем! Талап етем және де талап етем: Еуразияны сілкінткен дала тілін, Фараби мен Абайдың дана тілін. түркі тілдің діңгегі – дара тілін,
1 Күрең – аудармашы деген мағынада. әрбір қазақ нәр беріп өрлетуді талап етем бәріңнен, Ана тілін!» Жанайқайын жеткізіп залға жолдау, Көз жіберді, қайрыла күтіп қолдау?! Намыс оты дуылдап, тарап әрі, Әр жүректе жаңғырып аралады, Айшықтала айтылған айдынды сөз – Айбынымен сананы саралады. Көрді сонда: нұр сәуле төгілгенін, түн-түнектің көбесі сөгілгенін, жамыраған жанарлар ұшқынымен құшағына Намыстың өбілгенін.
ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚҰТ ТӘҢІРІ
Қолдап Алла Азатетті, Орақ балға Дәуір өтті, Ұлдарымен Асыл текті Егеменге Қолым жетті ! Елбасымен Берен елмін: халқым тірек, қосып білек, айтақырға табан тіреп, баққа бағдар барар жолға, ақ гүл тілеп қадам бастым, сұспен сіреп! Бұлқын жылда Асу астым: түйін жаңа, үйім жаңа күйім жаңа, ағардым! Озық елмен иықтастым, жаңардым! Әлем танып, Жігер жанып Бет түзедім, Тартып тыңға, Қуат алар Өрлеп шығар Қилы қырға, Қанығуға Қырлы сырға, Жаңғыруға Жылдан жылға! Елін бастар Адал ұлға, Баршамызға: Тәуелсіздік – Асқақ сезім, Сан мың жылға Елін, жерін Нәрлендіріп, Әрлендіріп Етер өркен Ғажап көркем – Құт Тәңірі Нұрлы тұлға!
ҚАРАҚИЯ ОЙЫСЫ (Ақын Жұбан Тасарға арнаймын) Жұбан екеуміз дүние жүзіндегі ең терең ойыстардың бірі – Қарақия ойысының ең төменгі табанында тұрмыз. Осы Ойыс тереңдігі мен адам қабілетін бағалау сандары бірдейлігінің үндестігі жайында: «Қарақия – бір жүз отыз және екі Өрлі өресі – Жер мен теңіз астасқан тұс көбесі, Ой мен қия деңгейінің сөресі, Әрбір адам, Басар табан, Ізгілікті жолды қалап, Байқатуға қарымын, Бойын тіктеп, ойын жіктеп, Асар қадам – Көтерілер арынын Сынға түсер асқын алап Қояр мақсат төбесі: қайтпас талап, қыран қанат, қонар шыңның төресі!» – деді ақын, Қатпар қабат Қырға қарап, Әлеуетті Терең ойды, қилы биік Тауға балап.
ҚҰЛСАРЫ
Құлсары әулие өзі мекен еткен жерінде жарық дүниемен қоштасар алдында, құлағынан ұдайы дүбір мен дүрсіл кетпейтін қасиетіне болжам жасап, өсиет қалдырған екен: « – Дүбірді шалды құлағым, Кетпеді дүрсіл, шырағым, Қазына толы бұлағым Киесі қонған пырағым – Кеудемнен ытқып парлады Толқындай лықсып бір ағын, Алапқа тартты арнаны Алаудай жолын жарық қып, Жанғандай қайта шырағым, Өсиет еттім, құрағым, Бүркенген перде жылғаның Айқара жоны сөгіліп Ашылар беті тұнбаның: Түзілген қойнау сайлығы, Қонысқа қолай жайлығы, Білектес биік мұратпен Ағылған жандар бөгіліп, Несібе терер өбіліп,
Кенелтер ризық төгіліп, Түбінде елін байлығы! Дүбірге толар жан-жағым, Дүркірей өсер мал-жаным, Атағым асар алысқа Жай табар менің баз жаным – Іздеген халқым Жерұйық Дәл осы мекен тұрағым Денемді қойың биікке !?– Аманат менен, сұрағым?» ...Дүниеден озды жер егем, Қабыл ап тілек несібін Қайғыра жұрты жебеген, Арулап қойды сол жерге Қауымға беріп есімін. Айтқаны айна қатесіз: ана жер иіп елеген, орасан байлық дереген игерген қолға береген, ырысқа елін бөлеген береке -бірлік әр үйде шаңырақ берік керегем, түбі май тартсаң қияғын, картаға мөрлеп тұяғын, әлемге атын әйгілеп бедерлей салған сияғын, дүбірлі мекен Құлсары – бабамыз неткен көреген!
СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ТОЛҒАНЫСЫ (шайқас алаңында қаза болған қаруластар рухына және бүгінгі ұрпаққа арнаған) Жеңістің атаулы күні меркелік медаль соғыс ардагерінің омырауына тағылды. Ардагер белгі қорабын қолына қысып тұрып: « - Көңілім бір сәтке үгілді, Өкініш неше жыл бүгілді, Ерліктің есімі елеусіз – Майданда мезгілсіз үзілді!? Жау оғы, снаряд ызыңды, Сіңірген қаным да қызулы, Сұрапыл айқастың сүреңі, Есімде мәңгілік түзілді: көгарыш бауырдай тілініп,
көк түтін шаншыла ілініп, белінен бөлінген желектер өртенді тепсең жер бүлініп, шайқаста шаншылып Қолымыз, қайнады қалыңдап сорымыз, қарулас берендер жазым боп, жайрады оңы мен солымыз. өршіді тозақ от аралы, мен жаттым аяқ-қол жаралы, сарбаздар түп-түгел қырылды, дәл сол күн мен үшін қаралы. Қатарда ең соңғы, сол бір ер: айқаста Намысты арлады, жау оғы толассыз сарнады, көмейден оқ ытқан оқпанға гранат пәрмендеп қарлады. Оқборан кеудесін төседі Талқан боп зіркіл үн өшеді, өкшелес полк кеп: «Ура! -лап» Жеңістің самалы еседі. Өзінің: орнынан тұрмағы ауыр –ды, қансырап тұла бой ауырды, нөсер оқ ақтарып кеудесін, бөлген-ді іш-қарын, бауырды. Соңғы рет көз тастап айнала, Көк аспан, көк шалғын, сай-сала, Көздеген көкейде көп арман, Іркілді тіліне байлана. ... Боздақтың ышқынып демдері, Жігері ес жиып дем берді, Ақырғы сөздерін айтуға Тарылтты сұм соғыс кең жерді: «-Жылғадай жағасы қияқсыз, Сапарым үзілмек аяқсыз, Жалғыз ем әулеттен шаңырақ, Шайқалып жойылмақ тұяқсыз! Хош болың ! – айтамын еліме, Рухымды шыңдаған жеріме, Қасқайып қайтарар еріме. Ұрыстың, әр кезі жалындау, Талайдың ай жүзі жабылмау, Маған да бұйырған сияқты, Алаңын мәңгілік дамылдау...»
Шамасы осыған көнеді, Мезгілі ажалдың төнеді, Қапыда кетсе де жауына Тістеніп...дүниеден жөнеді... ...Қаншама хас батыр мерт кетті, Тірілер кек үшін серт етті, Бейнесі сол жасын қалпында Бес мүшел бойына дерт етті. Бәрі де бірегей батыр-ды, Бір өзі он санға татыр-ды, Жан қиған Отаны – ел үшін Жандары жаннатта бақұл-ды!» Қияпат әкелген соғысқа Ішінде сақтады қыжылды. Жайдарлы жүзімен көңілді: «- Біз жеңдік! Жеңістің сөресі – Аманат: майданнан қайтпаған ерлерді – жадында сақтауға жамағат, өмірді сүруге саламат тіріге тигізу шапағат! Соғыстың мәресі – Өкініш Қасірет әкелер ғаламат, Қадірін Жеңістің білуге Ұмтылыс керек –ақ әркімге – Мықты рух, өр намыс, қанағат !» Баталы тілекпен төгілді: « - Ұрпағым қарымды, жалынды, Бар іске алымды, шалымды, Намысты, табысты жігермен – Еліміз дәулетті, сәулетті, Әрқашан өрлеген әулетті, Халқымыз аман да тоқ болсын, Дұшпаны, қайғысы жоқ болсын !» - Жараны қозғаған Қорап та, Осы сәт уыста мыжылды.
ӨЗЕНІМ – ӨРКЕН ӨРЕЛІМ
Елімізде «Өзен – Қызылқая – Берекет – Этрек - Қорған» темір жол тармағы Орта шығыстағы шырайлы елдерге шығатын ғаламдық темір жолы тартылуда. Ардагер ағаның жанында тұрған немересі: -Ата, бұл жолды салған кім? – деп сұрады. Атасы сонда жеткіншекке былай деген-ді:
«–Халқымыз, айбын төр есім, Ұшқыр ой кемел өресін Танытқан ізгі ісімен Әлемге елдің төресін. Ғасырлар бойы тоң болған, Жібіткен ісі оң болған, Арасын жалғап он сан ел Қақпасын ашар жол салған. Мұздарды жарған өр ісі, Болат жол – шалғай өрісі, Жерорта демі демделіп Есілтер лебін бөлісі! Қарулы қолдар терлеген, Тау-тасты ойып зерлеген, Өңірлік жиек әдіптеп Қос тінді түйіп ерлеген. Керілген сымдай тартылар, Күймелер жасыл жарқырар, Қызылды, жасыл жасанып Ынтымақ – бірлік артыллар Әлемдік нарық жарысқа, Күре жол – келіс-барысқа, Керуен тартар жасауды, Ұзатып салар алысқа. Түрікмен беттен бел асар, Ираннан өтіп ел асар, Жақын қып сонау парсының Бұғазын көктей жер асар... Ақ көйлек киген легім, Жүргейсің дақсыз! – тілегім Пәк жаның құштар білемін, Өзенім өркен өрелім Ұластыр ата білегін!» Ұлы жол – жорық сеземін: өрлетер өрге тез елін ізгілік ізбен сапарда – өр өскін күткен кезегін!
ЕЛІМНІҢ ЕРЕН БАРЫСЫ (Илья Ильинге арнаймын) Зілтемірден Олимпиада чемпионы Илья Ильин Францияда өткен Әлем біріншілігінде жеңіске жетіп, Әлем чемпионы атағының биік тұғырында, еліміздің Көкбайрағы көтеріліп, Елұраны ойнап тұрған сәтінде
туған елін, жарыс алдында Бекет Атаға арнайы келіп тәу еткенін есіне алып, қатты толқып егілген еді: «– Дем беріп мерей өскен кез, Бойымда сенім сескенбес Ересен тың күш еселеп Құйылған қуат ескен кез! Көтердім салмақ қос таған, Білеулі білек қос баған Сыздаған балтыр сырымен Мәреге қалған қос қадам– Ең биік меже кескен кез: «А, Бекет,жар бол!» – Ауф!– дедім, Кере де тартып ұртымды, Қуантпақ оймен жұртымды, Қуатты күшпен серпідім, Ысырып кейін бұлтымды Жұлдызды шақпен желпідім Көкбайрақ көкте, ұлтымды! Әнұран сазы шалқыды Жер жүзін көктей қалқыды: «...Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!...» – Жүрегім елге балқыды Медет ап қуат өзіңнен, Аруағым асты, төзіммен, Пір Бекет демеп қолдады – Парлады сезім көзімнен...» Нышаны еткен барысты, Адал Ұл елдің намысты Көрген-ді, сынап қайратын Әлемдік талай жарысты. Тартыста түгел білектес,
Алыптар күште ілектес Ерлікке тәнті сүйсініп – Құшақтап, бәрі тілектес! Дарыса дарын ар ісі – Халқының болу арысы. Әр ұлы болғай өзіңдей – Елімнің ерен барысы! ___________________________________________________
ЖҰБАН ТАСАР
1937 жылы туған. Алматы кооператив техникумын бітірген. Мамандығы экономист-бухгалтер. Облыстық ақындар айтысының жүлдегері. «Туған елім» атты жыр жинағы жарық көрген.
АБАЙ – ШЫҢ, БҰЛТ ҰЯЛЫ... Абайды сараптайтын ақын емен, Алыпқа жүз қадам да жақын емен. Абай – шың, бұлт ұялы, кеудесі күн, Етекте өсу арман – тақыл емен. Әр берген ғибараты даламызға, Ортақ ол Адамзатқа, санамызға, Бар ғалам әрбір сөзін пір тұтады Сыйынып Тәңіріндей данамызға. Ұлы ақын әр сөзімен құйған алтын, Жоймайтын ешқашанда баға нарқын. Құбылып сан қырлана жалтылдайды, Абай тұр тұғырында – «әлем ақын». Ту етіп сөз төресін ойлы жерден, Ұмтылған бір Өзіңе қилы өрден, Санаулы олжа салған, жаныңа кеп Ақындар сәлемдескен сыйлы төрден.
АСТАНА Қазақтың арқа төсінде, Астана асқақ жас қалам. Бәйтерек өзек өсінде Сәулеті сұлу жасқаған. Есілге түсіп сәуесі, Астасып сайын көгіммен. Талайлар таң қап әуесі Тамсана келіп өбілген. Қарымы барыс қадамды – Сүйсіне елдер қараған. Тартады көркі ғаламды Бойынан нұры тараған. Сәулесі ізгі жерімде, Әлемге тарқар тұяқты. Бірлігі тұтас елімде Әулетті тұлға сияқты.
ҚОСКӨЛ
Кербез-тін мөлдіреген гүлім дейтін, Өн бойы қоға, қамыс күлімдейтін, Қаз-үйрек жүзіп жүрген қайықтайын Сыбдыры жан біткенге білінбейтін. Тыңдадым ән мен күйін салған құрақ, Балыққа суұйық боп болған тұрақ, Көл бетін нәзік жанды шымырлатып Қоғадан қамшы өрдім бұрап-бұрап. Толықсып Қоскөл сонда қыпылдайтын, Жағасы толқын сүйіп шыпылдайтын, Құрағы самал желмен тербетіліп Қамысы сыбызғы боп сыпылдайтын. Жастық шақ жағасында салдым ойнақ, Сүңгумен тереңіне алдым бойлап, Құстарын үркіттім де қиқулаған Бармастан байыбына алдын ойлап... Жаратқан түзген көркем барын баста, Балаймын: бал сезімді балғын жаста, оралмас оралынан қол бұлғайтын мәңгілік өмір сәні – қарындасқа.
АҢШЫНЫҢ ӨКІНІШІ (баллада)
Төбетімді ертіп алып, қару алып қолыма, Із кесумен ой жүгірте көтеруге көңілді, Аңсақ сезім, алып шықты аң аулайтын жолыма Келем кезіп, ойлы-қырлы бедерімен өңірді. «Жолашарым» алға озды әудем жерде барады, Ашық аспан, бесін кезі тал тоғайды сүзгілеп, Көп жүрді ме, бір мезгілде мойын бұрып қарады Іннің аузын бытыс басқан қалың шөпті үзгілеп. Шықтым келіп бір төбеге ауырған соң қара сан, Құтымды алып тыныс ала, шөл басуға су жұтып Жан-жағыма көз жіберіп, барлай келіп қарасам «Серігім» жоқ, ғайып бейне көрінбеді бу тұтып. Айқайладым, арсылдаған естіледі бір сайдан, Сүрінсем де, жөнеп бердім құлдилата төменге, Көрдім сонда сырттанменен, бөрі салған бір майдан, Айқасты да, қашты көкжал жаңа үйген кебенге. Білетінмін, жыра-жықпыл терең өзек сай бар-ды, Таяп келіп ернегіне биік жартас қолаттың, Болсадағы итім мықты, екен ол тым айбарлы
Қосауыздың шүріппесін басып қалып оқ аттым. Тиді білем, омақаса құлап түсті жонды ұрып, Қарсыласы жатқан жерден, ала кетті қоңынан, Мүйіз сапты ақ пышақты оң қолыма қондырып Мен де жеттім жанталасқан екеуінің соңынан.
Болсадағы қан жарадар аңдасыма алдырмай, Азуымен айбат шегіп қарсы тұрды азарға, Деген оймен: «серігімді жазым етер қапыда Қан аңсаған, тап келдің-ау дәл осы кез ажалға», Тіктескенде, кеңірдегін ордым оңтай жақындап, Түсті құлап, нұры тайды жарқылдаған көзінің, Арланым да болысқандай жұлқылайды тақымдап Тап сол сәтте тұрды аяныш жүрегімде өзімнің. Жалғыз жанды екеуледік, кеткен едім емініп, Жалаңдаған пышағыммен ірей бердім терісін, Күн де батты ұясына, сұп-сұр болып егіліп Көрінбесін, дегендей-ақ сенің мұндай «ер ісің».
ДОМБЫРА Жұмыр түбі – жер шарының кескін келбет белгісі, Шертер шанақ – керіліп жатқан берекелі далам бұл, Пернелері – өр сатыдай өрге шыққан ер кісі Ішектері – шертілгенде бұлбұл үндес ғалам бұл. Тиектері –- биік белес сырға толы қияқты, Құлақтары –- азат ойдың түйіндері тұяқты, -Өмір жолың болсын – деген, – шуақты Тілек айтқан, маған ғана қос қариям сияқты.
ҚАРАТАУДА БИІГІМ Қаратау алып сомдалған, Әр қилы қима құйылған, Сандықтай тастар томдалған Қиюлап жүктей жиылған. Ұшына ұштас төңкерген, Дұлғасын көкпен қаймалап, Еліне ерлер өң берген Жондарын елге жаймалап. Асуға жолдар тараған, Сапарда бейнет тартатын, Шоқыдан, өрден қараған Сынақтың жүгін артатын. Ұмтылдым кере қадамдап, Қысқартып меже арасын, Жотасын мөрлеп табандап Қырқаның көрдім қарасын. Еңсерген шыңым алаптан, Көрінген ерек қыратын – Ақталған үміт талаптан «Биігім» қойдым жыр атын.
ДАЛАНЫҢ ЕРКІН ЕРКЕСІ Табынын бастап серкесі, Тынысын тауып тайпалған, Даланың еркін еркесі Ырғала басып шайқалған. Үстірттен құлай құлдырап, Көсіле шапқан киіктер, Кейінге сағым бұлдырап Сырғанар айбын биіктер. Жетпейді оған желің де, Тұмсығын тартса пыр етіп, Қараны көрсе белінде Бұлқынып өтер қыр етіп. Жаратқан өзі жасаған, Екпінді тұяқ ірі етіп, Ортқыса шыңдап қашаған Құба жон қалар дір етіп. Ақселеу демеп шашасын, Бастарын иіп желп еткен, Серпіген тұяқ ашасын Саздауыт жебеп елп еткен. Киіктей сырғып қаламым, Ізінен қуат аламын, Киелі жолда талабым – Төрт таған жыр боп қаламын.
ЖЕМ Өзен бар ма жер бетінде Жемімдей, Сүйген жардың бой балқытар деміндей, Айналасын нұр мен жырға бөлеген Жанға дауа дәрігердің еміндей. Толқыныңа елпілдеген елтемін, Менен бұрын болған ғашық ерте кім, Өн бойымнан төгіледі үндескен Өзің жайлы мақтан жырын шертемін. Бір өзіңнен қуат алам бөлекше, Шомылғанда шабыт алам ерекше, Жапырағы көлеңке боп көркейген Өзім еккен ернектегі терекше. ...Жағалауда балғын құрақ бел ұйып, Қоныс етіп ризық терген ел ұйып, Қос құрлықты астастыра шайғылап Жиектеген Жемнің бойы жерұйық.
ЖЕТІ ҚЫЗ БЕН ӘЖЕ Көзінде ана қуаныш, Күлімдеп көпке қарайды, Көңілі тауып жұбаныш Бақытты өзін санайды. Келіні алғаш босанып, Алтын –деп қойды қыз атын, Той қамы міне жасалып Ұлы әкеп сойды өз атын. Кезекті келді жерігі, Келіні тағы көтерді, Босанбай тұрып келіні Ұлболсын –деп жөтелді. Әйтседе ол да ұл болмай, Қыз болды, әже күтпеген, Ұлболсын қойды мәз болмай Шықпаған ойдан діттеген. Екі жыл өтті арадан, Босанды келін тағы да, Қуанып әже қараған Тағдырға енді бағына. Қыз болды бұл да жаңылмай, Әженің көңілі толмады, Есімін қойды Жаңылай Қайткенмен ұлды болмады. Көрсем деп енді тұяқты... Әже де жүрді өле алмай, Қорқатын өзі сияқты Кетем бе деп көре алмай. Келіні тағы босанып, Қыз туды тағы арыстай, Әже де бұған жасанып Дәметіп ұлды қалыспай. Дәметкен –деп ат қойды, Жаңа туған бөбекке, Жұмсартпады күпті ойды
Осындай тілек себеп пе? Арада екі жыл өтті, Босанды келін тағы да, Әжесі тағы тілепті: «Ұл болғай деп бағыма». Тілегі қабыл болмады, Қыз туды тағы шаршатты, Сонда да өмір солмады Әжесін қатты шаршатты. Шаршаған қойды сәбидің, Шаршадым ғой енді деп. Қыз біткен мына ақ үйдің, Шаңырағын жеңді деп. Әженің жасын күн жепті. Келіні тағы құрсақтап, Көтерді тағы баланы Үміттеніп сыр сақтап. Оның атын Үміт деп, Содан кейін қойды да, Ешкінің жүнін түбіттеп Қалжаға деп сойды да. Тағы да екі жыл өтті, Әл кетті әже бойынан, Бір мүшел жасы құр өтті Тілек кетпей ойынан. Шақырды ұлын: –Өрнегім, Немере бірақ көргенім, Үмітке жетпей көрмегім – Үлесім болмақ көр менің. Ғұмырың сапар аян-ды, Кекілді болса әулетің, Шаңырақ жалғас саяңды Асатын атақ, дәулетің. Аманат қойғын есімін, Аяла барлық құсыңды! -деді де шеше шешімін Соңғы рет қолын ұсынды...
КҮЗ. ҚАРАҒАЙ Күз лебі, ағаштардың жапырағы үзіліп, Тұскілемге түр салғандай, түсті қию түзіліп, Қарағай тұр, тарамдалған бұтақтары шалқайып Бойын созып, көкке қарай шаншылады сүзіліп. Бәлки өзін, игіліктің тетігіне балаған, Күн нұрының мөлдіріне құштарлана қараған, Тіршілікті нәрлендірер тірегінің аясы Көтеріліп сол биіктен көрінгенін қалаған. Жұмыр жердің құнарына тамыр тартып қабаттан, Саф ауаны баптауменен айналаға таратқан, Ғанибет қой, қажет болу шарапаты тиетін Қабілетін өзгелердің қадесіне жаратқан. АЙНА Опа жағып, шашың тарап, Құбылтасың талғам таным, Әуреленбе маған қарап Мен өзгермен ұғын жаным.
ҚАНЖАР Ұста мені қолыңа, Болса егер өжеттігің. Басқа сенің жолыңа – Жоқ шығар қажетті
ЗӘКІРЖАН ҚАЛКЕНБАЕВ
Қалкенбаев Зәкіржан Ақдәулетұлы, 1956 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданыда дүниеге келген. 1997 жылы облыстық “Маңғыстау» газетіне жұмысқа тұрды. 2000 жылдан «Алтын Орда» газетінің Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. З. Қалкенбаев 1981 жылғы елімізде тұңғыш ұйымдастырылған шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің жүлдегері. «Тоғыз перне», «Қоңыр кеш» жыр жинақтарының авторы.
Қазақстан Сен жиырмаға толғанда қуандым мен, Бақытыңды тілегем туар күннен! Көк байрағың көгертіп көсегемді Көңілімнен күмәнді қуар мүлдем. Азаматсың сен енді, Қазақстан! Сымбатыңа сай болсын саналы ұстам. Аман болғай тіл-көзден деп тіледім Көз сүзгендер көп саған әлі алыстан. Жиырмадасың, өзіңнің күшіңдесін. Заман желі еңсеңді түсірмесін! «Жөргегіңнен таныс ең мұң тілімен» Жел жағыңнан енді ешкім түкірмесін. Біраз бейнет көріп ең сен жасыңнан, Сенің тауқыметіңнен мен басылғам. Енді сенің керегең шайқалмасын Құт кетпесін ырыстың дорбасынан. Құтты болсын әр жылың алға аттаған Қараймын да туыңа салмақтанам. Қазақстан! Енді осал емессің сен Әлем біліп атыңды ардақтаған. Тарихың бар, тегің бар тамсанардай Өз жақсыңды келіп ең жар сала алмай. Енді батыл қадам бас, ертеңдерге Дұшпан күйіп, дос сүйіп қарсы алардай. Енді ешкімнен қаймықпа, Қазақстан! Шалқайғанға шалқайып, талап ұстан. Танытып қал топшыңның тегеурінін Шағыңда құбылаға қарап ұшқан. Өзің ғана мазмұны тірлігімнің Құшқысы жоқ жақыннан күнді кімнің? Ұмтылып өс, өзгемен иық теңеп Биіктігін аңғартып түндігіңнің. Танытардай әлемге бар, асылың Тек қасыңнан табылғай жанашырың. Тоқсан тарау жолдардың тоғысында Сен аман бол, көзімнің қарашығы!
Ұмыт қалған ырғақпын
Күнде қанша, түнде қанша бар айып? Күн – ырыс деп, түн – тыныс деп қарайық. Маған бірақ көрінеді кейде осы Күннің нұры баратқандай азайып. Бұрынғыдай емес түн де ғажайып... Түседі еске шағын ауыл, түнгі аспан Жұлдыздары көзді арбаған, ымдасқан. Бәкене үйдің ауласында жатып ап Ертегілер айтылатын тынбастан. Сол ауылды бұл күндері құм басқан Ал көгінде ерні кепкен мұңды аспан. Көкжиектен атқанымен таң күле Елге барсам ой құшамын мәңгіре Қазір онда әкесіне біреудің Салған тамы, берген асы – әңгіме. Қайта құру жиі сөз боп қалада Саясатты айтар шал да, бала да. Мәжілісте мінбедегі қызылкөз Қызыл сөзбен сын айтады данаңа. Бұған да ауыл селт етпейді, Аралдың Кемесіндей қайырлаған жағада. Күнде қанша, түнде қанша жазық бар? Қолдан келсе несібеңді алып қал. Бұйығы ауыл мүлгиді үнсіз аулақта Таусылмайтын уәдеден жалыққан Ығыр болған қамыт пенен салықтан. Мен де тап сол ауылымдай жұмбақпын Сенімімді селдіреттім, ұрлаттым. «Роктардың» айғайының астында Ұмыт қалған халқым сүйер ырғақпын. Күннен көзім қарыға ма деп қорқып Түнге ғана тереземнен үн қаттым. Қара өлеңнің Мұқаң сүйген шекпенін Иыққа ілдім, жерге тастап кетпедім. Көндіге алмай көп айтамын, ақ түстің Қас қағымда қараға еніп кеткенін. Ақты іздедім шыбын жаным шырқырап Көзім сүрттім ақша бұлтты жыртып ап. Ертеңім деп қол созып ем бүгінге Ал бүгінім сана ауыртар кіл сұрақ. Күнде – қанша, түнде – қанша бар айып?
Дәме етерім бара жатыр азайып. Енді өзімнен қорқып жүрмін Көңілім Күлге айналып кете ме деп қарайып. Сезім қайда ертеңге асық, күнге асық? Көкіректі кетті неге түн басып? Жанын жеген күдіктермен ырғасып Ерте өле ме шыныменен бір ғашық?.. ...күнде қандай, түнде қандай бар айып?..
Боларсың деп... Боларсың деп сорым, әлде мақтаным Сүйдім сені, сенен өзге таппадым. Біздің үйге енген күні тақсын деп Саған арнап жүрек сырға сақтадым. Мұңым болсаң – амалым не тағдырға Мойымаспын жазмышымның алдында Менің аппақ қос сезімім – қос сырға Қуанышым, қызғанышым бар мұнда. Шығарсың деп мұңым, әлде мақтаным Саған арнап сақина да сақтадым. Сығаласа күдік-сайтан кеудемнен Елеңдетті күбірлескен бақтағы үн. Бағым болсаң – (мен де соны хош көрем) Одан өзге қажет емес ештеңе. Бақыт шіркін үркек дейді біреулер Безіндіріп алам ба деп сескенем...
Қошобада туған қыз Қошобада туған қыз, көріктім-ау Бақытым боп бағыма жолықтың-ау. Махаббаттан ұлық жоқ дүниеде Мен өзіңді көргенде соны ұқтым-ау. Қошобода туған қыз көркем едің Ұйқы бермей талай түн өртеп едің. Өмір атты айдында алып жүзер Үмітімнің бір өзің желкені едің. Қошобаның сылаған ақ самалы Жалғыз дәні жұмақтың бақшадағы. Кірпіктерің сүйеп ап қолтығымнан Іздегенін жанымның тапса кәні.
Табиғаттың еміп ап бар асылын Толықсиды бойыңда жарасымың. Құлазыған көңілді көктем еттің Өзіме ашып жүректің дара сырын. Ұмытсақ та тірліктің көп үрдісін, Махаббатқа ұрпақтар сеніп жүрсін. Адал жүрек, қылаусыз мінезіңмен Қошобада туған қыз – сен үлгісің.
Кідірмедім... Қара көзің мөлдіреп... -Кідір. – дедің. Сәл бөгелдім, мен бірақ кідірмедім. Кідірсеңші, дегенің қалды есімде Қара көзің жәудіреп, үніңде мұң. Кеткеніңді басқамен кешіре алмай, Кеудемдегі бір отты өшіре алмай «Кідір» деген сөзіңді ерсі көрдім Қара күшік «ыр» етті өші бардай. Кідірсем ғой сонда мен... Не істер едің? Ақтарар ма ең сырыңның текшелерін? Өзегімді өртеген өкінішті Еске алуға әлі де сескенемін. не істер едің кідірсем? не істер едім? Кідірмедім, қалмадым, бөгелмедім. Көргім келмей асылдың көнергенін. Кідірмедім, Жалғыздық жанын жесе Менен артық көргені келер дедім. Жылдар қандай асығыс, есірмелі Таңды еске сап мазалар бесін мені. Кідір, - деп ең мөлдіреп, кідірмедім Кідірмеді уақыт, кешір мені...
Қара қос Мені қандай алдымнан тоспақ үміт Жүрер болсам даурығып, босқа күліп. Бабам тіккен қойының ығын ала Көптен бері шықпадым қосқа кіріп. Қараша қос таныс-ты бала жастан
Төбесінен елжірер қарап аспан. Келгендерді күндіз-түн қабылдайтын Киіміне, көркіне қарамастан. Салқындаушы ем айран, не шалап ішіп Онда жайлы, кеткенмен далаң ысып. Босағада бұзаутіс қамшы ілініп Бөстегінде жататын қара күшік. Жер емес-ті қара қос бақ сынайтын Жалынға ұстап төстігін ащылайтын – - Туған жылың мешін бе, жылқы ма? – деп Қосағасы сәлден соң жас сұрайтын. Сан әңгіме сонан соң басталатын Өзің шаршап жетсең де, ақсап атың. Жіберетін қара қос күш бітіріп Қара қостан күншілдік жасқанатын. Қанша жатам десең де біледі еркің Күңгірт ойға құрсалып, жүдеме тым. Қиялыңа үзеңгі тағып беріп Ой өңгертіп қара қос жіберетін. Ақ тезектің ортада күлі қалып Қосағасы әзілдей күліп алып Без боп қата бастаған көкірегіңде Күйкілікті тастайтын сылып алып. Қара қосқа көп болды соқпағалы Соғам десем әлдене боп қалады. Өмірімнің бастауы қосты ұмытсам Тірлігімнің тоқырап, тоқтағаны. КЕШІРДІМ… (Синельников бойынша) Мен сүрінсем күлгендерді Мені қас деп білгендерді Менің аңғал қылығымнан Жаулық іздеп жүргендерді – Кешірдім! Мені осалға санағанды Маған сенбей қарағанды Менің достық ниетімді Төмендікке балағанды – Кешірдім! Аттап өтпек болғандарды Маған қулық қолданғанды Мына менің көмегіммен Кісі болып оңғандарды –
Кешірдім! Маған жәрдем бермегенді Тілін безеп сермегенді Менің оңқай істерімді Теріс қарай жөндегенді – Кешірдім! Маған жала жапқандарды Қадамымды баққандарды Сенімімді қан жылатып Аяқасты сатқандарды – Кешірдім! Атыменен Ұлы Алланың Мен бәрін де құп алғанмын. Аярлардан сан таяқ жеп Жылап-жылап жұбанғанмын! Жаным – жомарт, кесірім – кем Періште енсін есігімнен – Мен бәріңді бірдей көрдім Сендер де енді кешіріңдер.
Өлең жазшы... Өлең жазшы, қаламым Қалайын бір жетіліп. Жадырасын қабағым Алайын бір бекініп. Қалайыншы сауығып Дерттен бойды жайлаған. Жүрген кілең мауығып Жын-жыпырлар айналам. Жынға толды айналам Ісі тайғақ, серті жоқ. Артпақ бұлай қай бағам Көкіректің дерті көп. Айығайын бәрінен Оңашаға қашайын. Түскен әрбір әріп – ем Жазып көңілім басайын. Өлең жазшы, қаламым Жас балаша, шимайлап. Жеңілдесін азабым Өзгеше бір күйді ойлат. Табысайын күніммен Періштедей күнәсіз. Ләззат тауып бүгіннен Қарайын бір шүбәсіз.
Күлсін әлем жетілген Кімге, не бар кектеніп? Сүйсін шалдар бетімнен «Біздің бала» деп келіп. Сәл нәрсеге өкпелеп Жүрегімді жүктемей. Өткен күннен көп дерек Енді соны діттегей. Өлең жазшы, қаламым...
Үстірттің үсті Балбала тастар сырларын айтып қурайға Үстірттің үстін қыдырған самал тынбайды, ә? ... Қалғыған батыр әлдебір тұстан шыға сап Дабылын қайта ұрғай ма? Шақырып жынын, айғайға сосын басқай ма? Ашуға мінсе аударып тауды тастай ма? Берекет көріп бойын алдырған ұйқысын Сонда да дала ашпай ма? Күн салып тұрып қарар ма батыр шалғайға Даладан жеткен жат үннен секем алғай ма? Үстіртті бойлап ебелек көрдім сабылған Бағытын айтар жан қайда? Аяқтың асты жатқандай сусып, жирылып Дегелек құсың көрсетер ме екен қиғылық? ... Үстірттің үсті күтетін сынды біреуді Ұран тауға отын жидырып. Үстірттің үсті. Келердей біреу бір жақтан Самалдың лебі жаңылғандай ма ырғақтан? Балбала тастың сипадым салқын жотасын Тазарттым жеңін құм қатқан. Боз төбелердің астынан бір үн шығардай (Бусанды кеудем. Жүр екен қылы бұралмай). Сілкілеп салып бұйрат та бұйрат құмдарды Бабалар кеңес құрардай. Үстірттің үсті. Көрінер емес тірі адам. Жауапсыз сөзім, тірі адамдарды сұраған. Жындыбас құйын бетіме шаңын бүрікті Осы ма сонда сыбағам? Боз жусан бұлтқа сұраулы жүзбен сұқтанған Ажары тайған адырлар неге дықтанған?
Сыбыр да сыбыр... бір елес көрдім, қабақты Қырқалар нені күтті алдан? Сөзбенен ойын жеткізу қиын ақынға (Ұғынғың келсе еріп жүр маған, мақұл ма?). Үстірттен үнсіз қарбалас көрдім. Рухтың Оянар сәті жақын ба?
Теңізде Ата Каспий! Алдыңа алып аймала. Шамам жетсе ұзағырақ малтырмын. Мені күтіп алар екен қай жаға Көкжиектен үміт күтіп алқындым. Ақ моншағың жанарымды қытықтап Құлаш созсам, құшағыңды жаярсың. Сайран салсам айдыныңды ұлықтап Өз ұлыңның қылығына саярсың. Алыстадым жағалаудан Өзің біл – Бәлкім мені ықтырарсың аулаққа Төскейіңде жанға жақын сезім жүр Әкет мені күңкілдерден сау жаққа. Алға лақтыр Көтеріп көр, буындыр Сырыңды ақтар құлағыма сыбырлап. Мені әйтеуір тазарғанша жуындыр Жігер сыйла, кебірсіген мұңымды ап. Алға асықтым Келмес кейін қарағым Жағалаудың қылығынан шошынғам. Шалғайыңда ғана тыным табармын Мен жоғалтқан барлық мөлдір осында. Күрсінесің, Сипап қойып басымнан Кейде биік көтересің жәй ғана. Күбір-күбір шежіре айтып ғасырдан Көк шәйімен қымтап жатыр айнала. Сәл деміктім, Жуып тегіс денемді Толқындарың маған таныс айтады ән. Бар күнәмнан арылып ап мен енді Періште боп оралармын қайтадан.
Төсіңдемін Кермегіңді таң көрсем Күткенім де тек өзіңнен араша. Тал бойымнан түйір арам қан көрсең Өкінбеймін, Терең тарт та, жаба сал!
Өзіме өзім ұнамай... Келмесе де ешкіммен жамандасқым Мен біраз адамдармен арамды аштым. Алдайтыны қинайды ағалардың Қараулығы қинайды замандастың. Тұрпайысы шошытқан інілердің Қылығына қиналам, бүлінермін. Көпіршіген сырадай достарым көп Ұққысы жоқ сырымды бірі менің. Апаларға ұнаймын елпілдесем Қызға ұнармын, керемет - көркің десем. Шарап ішсем шатақ деп қашатын жұрт Сөз қылады тойларда желпінбесем. Ұрыспасам ұнармын қарындасқа Әйел ырза, жылы үйде жанын бақса. Бір жолдасым қол сермеп қалды кетіп Қуантарға болмай қап жанымда ақша. Басшыларға ұнаймын үндемесем Неге мәзбін шықтым деп түннен есен? Жасықтығы деп ойлап жәләптар жүр Жүндейтұғын жерінде жүндемесем. Бәрінің де табам деп көңілдерін Төгілетін жерлерде төгілмедім. Ащы күннен ұнатам тәтті түнді Түс боп шыққай деп тілеп өңімдегім. Момындығым ұнаған ағайынға Мырзалығым ұнаған талай ұлға. Өзіме өзім ұнамай, ең қиыны Ойран болып жатыр жан сарайымда. Жүрмесем де ешкіммен шығысқым кеп Бүгін арсыз ініге ұрыстым бек. Тасқа тамған тамшыдай қояр емес Батысымды бәтшағар шығыс қыл деп. Інім кейіп танытты ұнатпаған Бұрынғыдай бұйымын сұратпағам. ... Кейде семсер-ашуды суырған жөн Жатқанына мәз болмай қынапта аман!
Жұбаныш Жүректегі жаралар жазылады, Көп қуаныш сыйлайды таңым әлі. Өзім сүйген қазақтың арасынан Маған да бір сүйеніш табылады. Кетеді әлі көңілдің кірлегені, Тікенек боп шықпайды гүл дегенім Жолым болып жатады қайда барсам Күнде алдымнан шығады іздегенім. Кек тұтпайды достарым базынамды Шуақты өлең бұрқырап жазылады. Өкініштің өртіне шалдықтырмас Бір жаңа жол алдымнан табылады. Адам біткен қарайды құрметпенен Дос түгілі дұшпаннан құрмет көрем. Адамдар мен кезеңдер ұмтылады Қақпақ қойып аузыма үндетпеген. Таңнан таңға бір үміт артылдырып Жарым менің жүреді жарқын күліп. Мақтаса деп тұрады басшы біткен Таныта алмай діңкелеп, салқын қылық. Қолын қалам, көздерін әріп тескен Мадақ естіп жүремін әріптестен. Жалғыздықтан көрмеппін жапа шегіп Жүрген кезім болмапты қалып көштен. Меніменен асығып танысқалы Кеп жатады біреулер алыстағы. Жұлдыз біткен мені алып нысанаға Нұрын төгіп жатады ғарыштағы. Бақытым мен қуантып атақтарым Саулығыма ағам жүр атап малын. Көре алмасым береді күнде сәлем Бір кездері ұмытып тас атқанын. Мен осылай өсемін тұлғаланып Қымыз ішіп тұрамын қырға барып. Ағайын-дос іс қылар ізетпенен Айтқанымды мақұлдап тыңдап алып. Мен осылай бақытқа бөленемін Қамшымды іліп басына керегенің. ... Қиялымды көкке айтып күбірлеген Ай күледі сыртында тереземнің.
Қала. Түн. Ай қарайды көгімнен қияқтанып, Қыстан шыққан тоқтыдай сияқты арық. Подъезден үн келді құлағыма Шәмша ағамның күлкісі сияқтанып. Талай дауыс таратып жатыр маңай Әлсін-әлсін сығалап шатырдан ай. Көрші ауладан бір еркек айқайлайды Жолан ағам балдарын шақырғандай. Қала деген жатпайды түніменен, Құлақ тұнар көліктің үніменен. Әйел көрсем көшеде дабырлаған Тойдан қайтқан жеңгемнің бірі дер ем. Қала. Түн. Оттар мұнда сөнген емес Түнде де тыншымастай елдегі елес. Қаланың төріндегі пәтерімде Түн ішінде өтеді көлбеп елес. Озалды да ұмытып, ажалды да, Шерімді естен шығарып, жазамды да Қаладағы қарбалас кештен кейін Тұра қалар ауыл кеп көз алдыма. Кімнің даусы, күлкісі кімдерінің Есігінде, төрінде жүргені кім – Тізбектеліп өтеді елес беріп Жатырғандай оқытып күнделігін. Мүмкін жатар айтылып маған да сын Айтады ғой, айтар сөз таба алғасын. Сол ауылды емініп жиі еске алам Сағыныштан мен байғұс жаралғасын. Тарлық көріп жүргем жоқ ештеңеден (Шамырқансам әлі де сескенеді ел). Күні бойы қалада тірлік етіп Өзім туған ауылға кешке «келем». Оймен шолып ауылды, елеспенен, Өзен көрем тартылған, дөңес көрем. Кімдер барып жүр екен бұл күндері Өлең жазып отырған белеске мен? Біреулері бар ма екен жырға құмар? Ойдағылар аман ба, қырдағылар? Біз секілді пақырды таныр ма екен Бой түзеген бозбала, сырғалылар?
Сан ой келіп осындай жосып өткен Еске аламын жылдардың көшін өткен. Ораламын сонан соң өз қалама Төрт бетон қабырғаны бесік еткен. Аһ ұрмай-ақ кетті деп есе кімде Сезімімнің жеңсізін шешемін де - Сен ертең де керексің, демалшы, - деп Жатқызады сағыныш төсегіме.
Қайда? Жаны жомарт, жоқ күнәсі Қайда сол бір қара бала? Кеткені ме көп қыр асып Жас еді ғой жаңа ғана? Шыққан күннен қуаттанған Қырдың таза самалындай. Шертіп қалсаң сыр ақтарған Домбыраның шанағындай. Жарқын күліп жүретұғын Көрінгеннің бәріне дос. Тек жақсылық білетіні Қайда барса көңілі хош. Жаны мөлдір, арманы көп Қайда сол бір қара бала? Сөздерінің жалғаны жоқ Жаны шыншыл дара бала. Аспан неге аласарды Қиялды кім әкетті ойдан? Ашуланшақ қара шалды Орнына кім әкеп қойған? Қара бала елге ұнаған Айналды ма қара шалға? Тыным тауып, ендігі арман Жыр жазу ма оңашада?
Сен мен үшін Мен өзіңе арнайыншы жақсы өлең Қалсын қунап сенің адал жүрегің. Қуантсам деп ойлап едім баста мен Ойыңнан көп шыға алмадым, білемін. Сен шынықтың аяздарда, аптапта Менің боран мінезіме тотығып. Сені бір кез келін еткен жат қақпа
Бір өзіңе тәу еткендей отырып. Сен айдынсың, лайланбас тұнығы Сол айдынның мөлдіріне қуанам. Сен еменсің майыспайтын шыбығы Өлеңімнің тамшысымен суарам. Сен асқарсың, қарағандар елтіген Бір өзіңде сан әлемнің тылсымы. Сен дәрусің жабыққанның дертіне ем Бәйшешексің, көз қуантар бүршігі. Сен шуақсың бойға нұрын таратқан Қуандырып көрген барлық пендені. Түнгі аспансың, жұлдыздарын санатқан Тәнті болған жан иесі жердегі. Ертегісің, сиқырлары бітпейтін Жетелейтін жұмбағы көп қиырға. Сен үмітсің Ынтықтырып «күт» дейтін Күте білген жанға ғана бұйырған. Бір сөз айтшы, көңілімді жұбатар Пендең бүгін қуанышпен көз ілсін. Шыбын жанды шырғалаңда сынатар Сен мен үшін мынау қысқа өмірсің!..
Қос өзен Қос өзеннің қоса құйған жерінде Елім жатыр мына отырған менің де. Сол қос өзен шабытыма нәр берген Менің өлең жазатыным тегін бе? Қос өзеннің тоғысатын жерінде Айтылмаған әнім қалған менің де. Екі өзен де құлап тынған құрдымға Мен де құя алмағанмын Еділге. Екі өзен де... Мен де өкси көксегем Алдымыздан шалқар дария өпсе деп. Көк дарияға құя алмасам көп себеп (аямайды кейде тағдыр-көксерек) Күндер өтіп кетті абайсыз өкшелеп. Екі өзенде... содан бергі жазықта Күн кешіппіз сайрандаудан жалықпай. Су мен жырға суардық та талайды Өзіміз де танылыппыз халыққа. Мына мен! – деп кеудемізді ұрмаппыз
Күлкімізді ап қалыпты ұрлап қыз... Арнамыздан асып кейде сыздаппыз Алға асыппыз, бір сәтке де тынбаппыз. Ырза болып көз тойдырған айбынға Алға асыппыз құямын деп айдынға. Аңғармаппыз адасқанын үміттің Күлкіміздің қалғандығын қай қырда. Көз алдынан күле қашып ұлдың да Сол қос өзен құлап тынды құрдымға. Болмайтынды болдырам деп болдырған Есі кірген қара бала жүр мұнда. Қос өзеннің қосып құйған жерінде Одан бергі сары жазықта, елімде Құлағыма өлең болып өбектеп Бейкүнә арман аялаған мені де. Мен де содан бір от алып кеткенмін (Кімге керек қабыршақтап кепкен мұң). ...Қызығына мен елтіген ертегі Қанатында кетіп қапты кептердің.
Жаңаөзен «Жақсылар жылдам өтеді, - деме, Ақтың да оты өшеді» деме. Жатсынбас сені Жаңаөзен мынау - Намысты ұлдардың мекені-міне! Болмаса да бай сәнді бақтарға (Жауады мұнда жаңбыр ақпанда). Қасқая қарап қилы тағдырға Қазақ боп қалған жалғыз-ақ қала! Еселеп елдің несібесін көп, «Бүгін болмаса – кешігесің» деп, Бауырды жинап бауырына басқан- «Аузың бір болса - жетілесің» деп. Жындарды жым қып құнығып тұрған Ұлдарға ұлттың құнын ұқтырған. Жаңаөзен осы –өз қазағына Өңірін ашып, бұрылып тұрған! Лебін сезініп сәуірде ызғардың, Көбесін сөккен дауыл - мұз-қардың. Жайсаң жігіттің жиналған жері, Тұрағы да осы тәуір қыздардың! Асырап елді мұнайыменен, Шындықпен кірген шырайы кілең.
Жаңаөзен осы - жасампаз қала Қуат алатын ұдайы күннен. Жауабын сайлап жатқа беретін, Өліара шақта жаққан ел отын. Жаңаөзен осы – Әнұранындай Қазақ екенін мақтан ететін! Сырға бір толы сыздаған әлем - Жаңаөзен, жанға жыр жамаған ең! ... Қимай аттанып кететін кезде Асығып жетем бұл қалаға мен!
Әке тілегі Ұлым Бейбарысқа Ішпе суын сен Нілдің Құлы болма басқа үйдің. Қатарыңмен тең жүзгін Айдынында Каспидің. Тағзым етіп бабаңа Көрсең көргей Мысырды. Орал бірақ далаңа Бермей жатқа ішіңді. Сұлтандықтың күні өткен Министр бол, жарайды. Табанына сыз өткен Құтқарып қал талайды. Қазақ деген ер халық Аңғал халық алайда. Қамау терін ерте алып Зорықтырма, жарай ма? Бұл әрине, әзіл ғой Кім болсаң да бол, адам Өзіңе айтар назым ғой Ақ тілектен тараған. Бейбарыс деп ат қойдым Бабаң дәйім жебесін. Қалжыраған шақта, ойдың Сөгетін сен көбесін. Бабаңа ұқсап бол батыр Талай жауды ол жасқаған. Алдыңда сан жол жатыр Құпиясын ашпаған. Жарлылығын білдірмес Жалды болғай, қарағым.
Етегінен ілдірмес Даңқын берсін бабаның. Бердім баба есімін Кеңдеу киім сияқты, ә? Сен де өсесің, несі мін Қалдырма тек ұятқа. Тұлға болсаң деп едім Білмесе де Ніл елі. Үлкен болсын жүрегің Әкенің сол тілегі.
МАЗМҰНЫ
ИСЛАМ ҚОСЖАН Алыстағы ағыстар (өлеңдер) І бөлім Жүректегі жазулар Өлеңім Тұсауымды кесіңдер өмір, менің Маңғыстауға келдің бе?! Қаратаудың тасы Мекенім Өмір – өлең Қарақия Жыңғылды Тамшалы Қаламқас Қаражамбас Жеті қайқы Абыл ақын Нұрым ақын Жанғабылдың сәттіғұлы Аралбай жыр Ән еді салған жеңешем Ақиқатқа хат Жауабы жоқ, сұрақпын Қарлығаштың ұясы Сартас Кебеже Қамшы Бұлтқа сыр Бұрым шашым Ұлып алғым келеді Есікті біреу Балшы Құрқылтайдың ұясы Күзде Мен емеспін
Келінтөбе Зерен кесе Құм елі Күй Бір тамшы Алтынның буы Бес балам Қыл қобыз Сексеуіл Бауыр мен өкпе Өмір кезек Біреуге жаздым өлеңді... Жеменей Ініге Мықтылық Іздеу «Адай» күйін тыңдағанда Қазақтың арлы баласы Ағаға тілек Әбіш тау Бір қарындасқа... Қыз кеткен. Қоңыр күз Шайырлық шешен Кел, Шайырым сырласайық Жүрегім менің тулайды Парыз бен қарыз Әнші туралы ой Итаяқ Көгершін Төлеген Айбергенов Өлеңді өлтіру Түнгінгі қонақ Каспийдің толқындары – ай Ақтауда жүр ақ көктем Теңіздегі сұлулық Тоғыз қайық Көгілдір кеш Теңіздегі сурет Теңіз бен қыз Су перісіне сыр... Теңіз, мен, қыз Теңіз. Теңіз жағалап жүгірген тарғыл ит Теңіз жағасындағы ой Мен саған ғашық болмасам...
Теңіздегі мұнара Автопортрет Өлеңім сен деп, жүр едім... Қыз құйған шай Тараздың қызы гүлназға Ділдә ханым О, махаббат ұлысың Дос дейді ғой... Пенделік пен ақындық Махаббат деген майданда Осал емеспін –ау Сүймеген жанды... Парақтап бетті... Қыз сыйлаған орамал Түн еді... Жас тамып кеткен... Тас-талқан болған жүрегім... Өмірдің ол да өрнегі Сурет Жүрекке, айтам... ...Саған Қоштасқым келмейді Қыз сыры Түсіне кірем мен қашан?! Күзде Балдызға Қыздар
ТАЛҒАТ ҚАЙБҰЛЛАҰЛЫ Менің елім – Қазақстан (өлеңдер) Көк байрақ Астана Елтаңба Оsce саммиті Есіл Бірлік Тәуелсіздік Гүлденші, елім Салт-дәстүрі елімнің Еңбек Астана – бас қала Тәуелсіздік – биік туым, айбыным Азиада – ақ айдын «Нұр отан» Отаным Елбасына арнау Туған жер Маңғыстауда пір бекет ата Жарыма
САДУАҚАС АБДЫНАСЫРҰЛЫ Махаббат деген бір ғажап... О, Музалар Айтары бар ақындарды ұнатам Беу, арыстар... О, абыз ақын қашағаным Қос қыраным тірегім Әуез бен әнге айналып кеттің аға! Сезім жыр (Төлеген Айбергеновке) Асыл тұлға Әбіш ағам білгенге Кең әлем қиыр Ғарышқа құлаш сермедім Асау көңіл Заман саған өкпелімін Мен емес емеурінді ұқпас ерің Жырлай берем... Ура жыр Тура жыр Бір қарындасқа Менде сыр жоқ... Әй, өзім... Мен делқұлымын Сен сұлусың Жетелер алға үміт те Ой тербеп... Махаббат деген бір ғажап Құлазиды көңілім сен жоқ кезде Өзің деп... Жанымды қалқам сезгейсің. Сен арқылы Ақ қырау басқан ақпанда Сені ойлап тағы отырам Сенің жүзің Ой жетегінде Көңіл қалай бірленер... Қыз Жібек пен Төлегені қазақтың Достарыма
Студент әні Көктем келді Көктем, көктем... АТАЛЫҚ ӘБДЕШҰЛЫ Маңғыстау Отпан тауы Көкайғыр мен көкжал (баллада) Сабыр баурым, сабыр! Тіл әлемін баршаңа алап етем! Тәуелсіздік – құт тәңірі Қарақия ойысы (ақын Жұбан Тасарға арнаймын) Құлсары Соғыс ардагерінің толғанысы Өзенім – өркен өрелім Елімнің ерен барысы (Илья Ильинге арнаймын) ЖҰБАН ТАСАР Абай – шың, бұлт ұялы... Астана Қоскөл (баллада) Аңшының өкініші Домбыра Қаратауда биігім Даланың еркін еркесі Жем Жеті қыз бен әже Күз. Қарағай Айна Қанжар
ЗӘКІРЖАН ҚАЛКЕНБАЕВ Қазақстан Ұмыт қалған ырғақпын Боларсың деп... Қошобада туған қыз Кідірмедім... Қара қос Кешірдім… Өлең жазшы... Үстірттің үсті Теңізде Өзіме өзім ұнамай... Жұбаныш Қала. Түн. Қайда? Сен мен үшін Қос өзен Жаңаөзен Әке тілегі
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру