Тарихи очерктер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ізтұрған Сариев — «Тарихи очерктер». КІРІСПЕ
/uploads/286eda4e-01c0-5b27-8ae4-b168d35357d1/cover.png
КІРІСПЕ
(автордан)
Қандай ел, қандай халық болмасын өзінің отанына, Атамекеніне, туған өлкесіне, кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігі өзгеше ыстық болатыны анық. Осыдан болар деймін өз еліміздің басынан өткен өмірге көз жіберсек, ойыңа әр қилы оқиғалар елестейді. Соның ішінде Атамекеннің басынан кешірген қасіреттері, оның тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгіп, шейіт болған ата-бабалардың аруағын еске алу кейінгі ұрпақтың міндеті екені белгілі. Осы ретте Маңқыстау өлкесі казактарының көрген қасіреті жөнінде бір азғантай тарих ақтаңдақтарының бетін ашамыз ба деген үмітпен осы еңбекті сіздердің алдарыңызға тартуды жөн көрдік.
Бұл — Қазақстанның ең шет аймағында орналасуына, қазақтың басқа жерлері мен байланысының қиындығына, жерінің көпшілігі шөл, шөлейт болғандығына қарамастан, табиғаттың осындай ауырлығына көндігіп, бауыр басып, ғасырлар бойы Атамекенін қорғап, сыртқы жаулармен алысып өмір кешкен ел.
Маңқыстау еліне өмір бойы Хиуа хандығы қыр көрсетіп, осы елді өзіне бағындыру үшін талай рет қан қақсатып, қанды шабуыл ұйымдастырып, халықты ауыр күйзелістерге ұшыратқан. Бұған қоса патша үкіметі XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Маңқыстау жеріне орналасып алып, өзінің үстемдігін жүргізген. Бұлардың елге жасаған қиянатына қарсы Маңқыстау қазақтары қарсылығын білдіріп, өздерінің бостандығы үшін арпалысып өткен. Үлкен-үлкен бас көтерулер болған. Солардың ең бір ауқымдысы 1870-1874 жылдары Досан Тәжіұлы бастаған Адай көтерілісі. Патша үкіметі Жайық өзенінің бойын бағындырғаннан кейін, Маңқыстаудың екінші бөлігін, оның шығыс бетін, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойын, Каспий теңізінің солтүстік жағасын бағындыру үшін де бірнеше рет әрекет жасап, елді күйзеліске ұшыратқан. Бұған қарсыласқан халық ел батырлары Төремұрат, Нарымбай, Өтен тағы басқа ел азаматтары қан төгіп, шейіт болған. Осы сияқты үлкенді-кішілі ел қарсылықтары аса қатаңдықпен басылғаннан кейін, Маңқыстау елі біржола патша заңына бағынып, бостандықтан айырылады.
Осындай қорлық пен зорлықты ғасырлар бойы басынан кешірген Маңқыстау елі Қазан төңкерісі келіп, оның үгітшілері мен басшыларының көпірме өтірігіне, алдау-арбауына қалай түсіп қалғанын да білмей қалды. Кеңес үкіметі Маңқыстауда қазан төңкерісінен 15 күн өткеннен кейін орнады. Халық бостандық алдық тәуелсіз ел болдық деп, бөріктерін аспанға лақтырып, бұл үкіметті шын ниетпен қарсы алып, оны орнықтыруға белсенді түрде ат салысты. Бірақ қызыл большевиктердің алаяқтығына алданып қалғандарын кейін түсінді. 1920 жылдардың ортасынан бастап-ақ халық үлкен ауыртпалыққа душар болды. Елдің әлеуметтік, тұрмыс жағдайы күрт төмендеді. Алым-салық көбейді, асыра сілтеушілік орын алды. Көшпелі елді отырықшылыққа зорлады, ұжымшарға кіру еріктілігі бұзылды. Байлардың, орта - шаруалардың мал-мүлкі тәркіленді. Ең бастысы, жергілікті әкімшілік «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтеушіліктің алуан түрлі зымияндығын іске асырды. Осыларға өздерінің наразылығын білдірген ел азаматтары қуғыншылыққа ұшырап, көптеген азаматтар жазықсыз жазаланды. Жергілікті әкімшілік салықтың, мал дайындаудың негізді, негізсіз түрлерін көбейтті. Мұның үстіне байлардан тартып алынған малдың кім көрінгеннің аузында кетуі және бағымсыздықтан өлім-жітімнің көбеюінің салдарынан мал басы күрт төмендеді. Тек қана малмен күнелтіп отырған халық не жасарын білмей, кей жерлерде салық төлеуден бас тартып, қарсылық көрсете бастады. Мұндай жағдайды өкімет басшылары округтің басшы қызметкерлерінен көріп, оларды ел басқарудан шеттетіп, көпшілігін орынсыз жазалады.
Тек 1929—1930 жылдары Маңқыстау округінен, бұрынғы төңкеріс комитетінің төрағасы Әлниязұлы Тобанияз бастаған 70 адамды, Құрмаш Қосжанұлы тобынан 42 кісіні бір мезгілде тұтқындап, бұлардың 43-ін ату жазасына кесті, қалғандарын ұзақ жылдарға концлагерьге айдады. Бұл сияқты үкімет шаралары халықтың наразылығын бәсеңдетудің орнына күшейте түсті. Бұны місе тұтпаған үкімет басшылары, тағы бір қитұрқы саясатқа жол беріп, елдің бірлігін азайтамыз деген мақсатпен Адай округін таратып, бірқатар бөлігін Гурьев, Ақтөбе округтеріне жөне Түрікмен республикасына қосты. Дегенмен мұндай айла-шарғыдан да ештеме шықпады. Маңқыстау елі қолына қорғағыш алып қарсы тұруға мәжбүр болды. Мұның қандай қайғымен біткені алда сөз болмақ. Дегенмен, бір сезбен айтқанда, Маңқыстау қазақтарының бұдан көрген қасіреті мен азабы Қазақстанның басқа аумақтарынан әлдеқайда қайғылы болды, аяусыз жаншылды. Халықтың адам айтқысыз қырғынға, қуғыншылыққа, қайыршылыққа ұшырап, туған жерін, елін тастап, басы ауған жаққа қаңғырып кетуіне әкеліп соқтырды. Мұндай алапат әрекетті басынан өткергендерден басқа ешкім білген жоқ. Бұл халықтан жасырылды, өте құпия сақталды.
Мұның қағаз бетіне түсірілуіне 1995 жылы ғана мүмкіндік туды. Бұл жөнінде «Ойрандалған адай даласы» деген қысқалау очерк жарық көрді. Мұнда да көп мәселелердің беті ашылмай қалды. Осыған байланысты сіздердің алдарыңызға осы оқиғалар, елдің тарихы, оның ескерткіштерін, атақты ел қорғаған батырларын, қара қылды қақ жарған би, бабаларын, ақын-жырауларын, әнші күйшілерін, елдің әдет-ғұрпын, дәстүрін аз да болса өз білгенімізше көрсетіп кетуді дұрыс деп санадық. Осыған қоса 1931 жылғы Маңқыстау өңірінде болған Адай көтерілісі жөніндегі ресми мағлұматтарды толықтырып көрсетуді де жөн көрдік.
Бұл еңбекті бастамас бұрын оқырмандардың есіне салып кететін бір мәселе, көтеріліске қатынасқандардың қатынаспай оларды қолдағандардың, аты-жөнін, руын, кім екенін көрсетуіміздің себебі, артында қалған ұрпақтары табылып жатса, солар білсін, дәріптеп айта жүрсін деген ізгі ниет. Екіншіден, осы арқылы көтерілісшілер жөнінде біз білмейтін мағлұматтар табылып қала ма деген үміт те жоқ емес.
Тағы да бір айтпай кетуге болмайтын жәйт. 1931 жылғы көтеріліске үкімет басшыларының өзі «Адаевское банда — восстание» деп ресми түрде ат беріп, айдар таққан. Мұның басты себебі бұған қатынасқандардың бәрі тек қана адайлар болған, осыдан бүкіл адай елі банды атанған. Ал қазақ жеріндегі сол кездегі көтерілістердің барлығы дерлік жер аттарымен аталғаны белгілі.
Ал біздің кейіпкерлердің қай рудан екенін ашып көрсеткен себебіміз, бұлардың көбі құжаттарда өз аттарымен немесе әкесінің аттарымен ғана көрсетілгендіктен, ажыратуға оңай болсын деген мақсат.
Бұл Маңқыстау елінің қасіреті жөніндегі мәліметтер қағаз бетіне бұрын түспегендіктен, қазіргі жастар Маңқыстау деген атын ғана білмесе, жер өзгешелігін, жерінің шалғайлығын, климатының өзгешелігін және ең бастысы көтерілісшілердің қақтығысқа қатынасып, қаны тамған жер-су аттарын білмейтіні анық. Сондықтан бұларды да білу артық болмас деп ойлаймыз.
І ТАРАУ
Қазақтың ұлан байтақ өлкесінде шөлді жерлер де, шөлейт жерлер де, орманды, көгалды жазиралы даласы да, асқар таулары да, өзендері мен көлдері де жеткілікті. Осыншама кең даланы иемденіп, оны қорғап, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, сыртқы жаулардан қорғап өткен бабаларымыздың еңбегін зая етпей кейінгі ұрпақ та осы сияқты еңбегімен, парасатты саясатымен, болмай бара жатса, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сатал қалған. Осындай кең даланың бір бөлегі — терістігінде Ойыл, Ырғыз өзендерінен: батысы Каспий теңізінің терістік жағалауынан басталып, түстік жағы теңіздің терістік бетімен, одан солға қарай Түрікмен шекарасымен, Қарақалпақ жеріне дейін ұласып жатқан Маңқыстау түбегі, Үстірт үсті. Бұл өңірдің жер аумағы — Кавказдың сыртындағы үш мемлекеттің жерлерін қосып есептегенде сыйып кететін немесе Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва және Эстония жерлерімен пара-пар, сегіз миллион гектар жерді алып жатқан кең байтақ алқап.
Бұл жер қанша кең болғанмен, жазиралы, құнарлы, сулы, мал-жанға қолайлы деп айтуға болмайды. Осындай қатаң табиғаттың салдарынан бұл жерлерде ертеде болған өзендер, көлдер, бұлақтар көзі бітіп, шексіз шөл далаға айналған. Бұл өңірді тек қана ыстыққа шыдамды, ылғалды тереңнен алатын жусан, изен, баялыш тағы басқа құнарлы шөптер жапқан. Теңіздің толқынындай ұзын-ұзын жалдар, бір-бірімен жалғасып жатқан боз төбелердің бірінен өтсең екіншісі басталып, шеттері жоқ болып көрінсе, екінші бір бөлегі ұшы-қиыры жоқ, айлап жүретін тегістік. Бұл жерлерде де жусан, бұйырғын, ебелек өседі. Ал көктемде түрлі құнарлы ақ шөптер қоңырбас, мысық құйрық, шытыр, сіңбірік тағы осындайлар өседі дегенге адам сенбейді. Бірақ бұлардың ғұмыры бір айдан аспай, күйіп кетеді. Осындай далада алдыңнан жап-жақын болып көрініп, бірақ ертеден кешке дейін жеткізбейтін, көзді алдаушы сағымдар, талай жолаушылардың діңкесін құртып, аңқасын кептірген. Бұл жерлерде жаздың ыстығында басыңа көлеңке етерліктей, қыста ықтын боларлықтай бас сауғалайтын итсейгектен басқа ешқандай биік шөп те болмайды. Оның қауқары тек түлкі, қарсақ, қояндарға ғана түспесе, басқаға шарқы жетпейді.
Осындай жерде өмір сүріп шыдау үшін, тіршіліктің қамын тек қана төзімділік пен ерінбеген еңбек атқарады. Жергілікті халық осы үшін өмір бойы күресіп келеді. Судың тапшылығы егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бермейді. Халық бұрын бұлақ суларын пайдаланып азғантай бау-бақша өсірген болса, қазір судың тартылуына байланысты мұндай мүмкіншілік те болмай қалған. Маңқыстаудың барлық өңірінде де осындай жағдай. Бұл жердің жергілікті халқы мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып өмір сүрген. Қазақ жерінде төрт түлік мал болса, бұлар үш түлік мал ғана ұстайды, сиыр малын өсіруге климат жағдайы, жем-шөптің кемшілігі мүмкіндік бермейді. Қыста кар өте аз түсіп, тез еріп кетеді, жаңбыр бір жазда бір екі рет қана жауады. Осындай өте қатаң табиғат жердің өңірін де өзгертіп, көп жерлер сортаңды, кұмды, сазды төбелер мен дөңдер болып қалған. Міне Алла Тағаланың жақсылық мейірінен тыс қалған жердің сиқы осындай десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен 10-15 жылдарда бір рет бұл өңірге Құдайдың рақымы түсіп, жаңбыр жауып, жерге жеткілікті ылғал беретін кездері де болады. Сонда бұл өңір адам танымастай құлпырып, көздің жауын алып шыға келеді.
Маңқыстаудың, Үстірт үстінің бәрі теп-тегіс жазық дала деуге де болмайды, бұл жерлерде таулар да жоқ емес. Олар көп те емес және Кавказ, Алатау, Памирлердей болмағанмен терең қияларымен, ұшпаларымен, сай, жықпылдарымен ерекшеленеді. Бұлардың биіктігі 500-1000 метрден аспайды және бір ерекшелігі, бұл таулардың қойнаулары қарағай, қайыңсыз. Төскейінен бастау алар өзендер де жоқ. Бұлардың ең қомақтысы Каспий теңізінің шығыс жағасындағы, Бозашы түбегіне жақын орналасқан Қаратау, Ақтаулар. Нақ осылардай болмағанмен, шағын таулар мен биік жалдар да Үстірт үстінде баршылық. Сағыз, Қайнар өзендері бастау апатын Үстірттің шет жағындағы шатқалды да Алатау деп атайды. Бұл шындығына келсек тау емес, үсті тегіс, өте құнарлы, бұлақтар мен құдықтары мол, ел жайлауға қолайлы жер. Жазда шыбын, шіркей дегендер болмайды, мал жазғы бір-екі айда өте жақсы қоңданып, семіреді.
Бұл өңірдегі ең үлкен өзен Жем. Бұның да бойы қарағайлы, қайынды болмағанмен жыңғылды, тобылғылы, қамысты, қияқты болып келеді.
Дүние жүзіндегі ең терең шұңқыр, Қарақия ойпаты да, осы өлкеде, Каспий теңізінің жағасында, Маңқыстаудың ойында.
Үстірт үсті, Маңқыстау түбегінің табиғаты ерте заманда жаман болмаған дейді. Әсіресе кәзіргі су тапшылығынан ол кезде халық зардапты аз шеккен. Жері құнарлы, өзендер де, бұлақтар да мол болған. Қысы жылы келетіндіктен шөп шауып, қора салудың керегі де жоқ екен. Мал өз аяғымен жайылып, шыбын-шіркей, маса, сона дегендерді білмеген. Сондықтан бұл елдің мал басы қазақ жерінің көп елінен көп болған. Кейіннен табиғаттың өзгеруіне байланысты, жаңбырдың аз жаууынан, бұлақтардың көзі бітіп, өзендер құрғаған. Осыдан болу керек жергілікті халық шыңырау құдық қазып, соның суын пайдаланған. Жазда бұл жерлерде ел аз қалып, көбі Жем өзенінен өтіп, одан әрі қарай көшіп, жайлауға шыққан.
Бұл өңірде жергілікті халық «айранын ұрттап, қойын құрттап» жайшылық өмір сүріп, күн көру қамын ойлаған. Тарихта да, естеліктерде де, барлық казак халқы жөнінде, соның ішінде Маңқыстау қазақтары да еш уақытта басқа елге шабуыл жасап, біреуге зорлық істеді, біреудің жеріне, еліне көз алартты деп айтылмайды. Ал керісінше, біздің қазақтың жеріне, байлығына қызығушылар да, шапқыншылар да аз болмаған. Сондықтан өмір бойы осыдай дұшпандармен алысып, қайырлы қонысты қорғауда қан төгіп, шыбын жанын пида еткен батыр бабалар, ел азаматтары аз болмаған. Соның айғақтары — осы күнге дейін «қырғын» деп аталатын шейіт болғандардың ауыл мекендері өте көп.
Маңқыстау түбегінде, Үстірт үстінде тарих деректеріне, естеліктерге, аңыздарға қарағанда, көшпелі халық ертеректе аңшылықты серуен, саяхатшылық, демалуға пайдаланса, екінші жағынан кәсіпке де айналдырған. Әсіресе Айрақты, Оғыланды, Қараған, Қаратау, Ембі, Оңтүстік, Солтүстік Ақтаулардың баурайларында сыңсыған арқар, киік, қарақұйрық, түлкі, қасқыр, мәлік, некен-саяқ барыс пен қарақұлақ, қабандар болған.
Ал Үстірттің үстінде дуадақ, жек, қарабауыр, бұлдырық, балшықшы, суында қу, үйрек, қарабай мен шағала көз тұндыратын дейді. Бұлардың тұқымы құрып кетпегенмен, бүгінде өте аз.
Кезінде Маңқыстаудың табиғи байлығын, географиясын зерттеуші Г.С.Карелин, қазіргі Құланды аралында құлан кездестіргендіктен осы аралды Құланды деп атаған.
Маңқыстаудың көп жерінде сексеуіл, теріскен, баялыш, изен, итсигек, сай-салаларында жыңғыл, итмұрын, ши тағы басқа да шөптер өсіп, алуан түрлі жәндіктер мекен етеді екен. Жем бойының шағылдары мен Қарақұм өңіріндегі қояндардың шарлаған іздері көз тұндыратынын соңғы кездерге дейін өз көзімізбен көргенбіз.
Қазір Маңқыстау өңірінде, Жем өзенінің оң бетінде, Иманқара, Қойқара дендерінің жоғарғы жағында киіктерді қамап ұстауға арналып жасалған арандардың қалдықтары кездеседі.
Осындай кең де, қиын да, табиғаты қатаң жерді пайдаланған, өмір тірлігіне ыңғайлап, қиындығына көнген халықтардың ең соңғысы қазақтар болғанға ұқсайды. Бірақ бұлар қашан келген, қайдан келген деген сауалға тиянақты жауапты ешкім дөп басып айта алмайды. Жер, су аттарының, қауым, мазарлардың, оларға қойылған құлпытастардың айтуына, жазуына қарағанда, қазақтар сияқты түркі тілдес халықтар немесе мұсылман тектес халықтар болғаны анық. Олар да бұл жерден кетіп үлгерген. Жеті жұрт кеткен қайырымсыз қоныс деп Асанқайғы бабамыздың айтуы бекер емес сияқты.
Маңқыстау жеріндегі 362 әулиелердің көбінің аттары қазақ есімдеріне ұқсамайды, соған қарағанда бұлар қазақтардың алдында өмір сүрген халықтардан қалған деп тұжырымдауға болады.
Тарихтың деректеріне қарасақ, Маңқыстау жеріндегі Бекет әулие Адай руының Мұңал бөлімінен тарайды. Бұдан басқа да бірнеше қазақ тұқымдарынан шыққан әулиелер бар екені анық. Бекет атаның ата-бабалары Жем өзенінің бойындағы, казіргі Құлсары өндірісінен 40-50 шақырымдай жоғары Ақмешіт қауымына жерленген дейді. Сол жерден 10-15 шақырымдай төмен ақ бор тауды үңгірлеп жасаған үш бөлмелі Құлшан әулие мазары бар. Мұны да Бекет ата салған деп айтады. Бұдан басқа Бейнеу маңында Бекет ата мешіті тағы бар. Ал өзінін жатқан жері Маңқыстауда, Оғыланды тауында Бекет ата мешітінде, бұл жөнінде әңгіме төменде болады.
Осылар сияқты бір-бірінен қашық емес жерлерде тағы да бірнеше әулиелер мазарлары орналасқан. Солардың бірі Жем бойындағы Құлшан әулиенің төменгі жағында 15 шақырымдай жердегі Бақашы деп аталатын әулие. Бұл үлкен мазар ерте заманнан елдің қонысында орналасқан. Аңыздарда Бақашы деген атау бір жалғыз басты кемпірден қалған дейді. Ол кісі бақа жеп күн көргенге ұқсайды. Елдің айтуынша өте зерделі, киелі адам болған. Дүние салғаннан кейін осы жерге жерленіп, қауым «Бақашы» аталып кеткен. Бірақ оның шын атынын кім екенін ешкім айта алмайды.
Бұл жерден түстікке қарай 50 шақырымдай жерде Ұшқан әулие дейтін қауым бар. Мазар өте үлкен, қазақтардан да бұрын бұл қауымда жерленгендер болған. Мұндағы құлпытастардың жазуын айыру қиын. Бұлардың биіктігі 3-4 метрден кем емес, көбі құлап қалған.
Құлсары кен орнының оңтүстігінен 40 шақырым, Қарақұмның шетіндегі Қарашүңгіл ескі қауымы да әулие деп аталады. Бұл елдің қыстағына жақын орналасқан. Мұнай, газ іздеушілер бұл жерді көп зерттеген, XIX ғасырдың аяғында мұнай фонтаны атқылаған. Бірақ мұнай көзінің аздығынан жабылып қалған. Дегенмен Қазақ мұнай тарихы осы 1899 жылдан, Қарашүңгілден бастау алады деп есеп қылады. Қарашүңгіл зираты көлдің жағасына орналасқан. Соңғы 50 жылдан бері қарай көп өскен, өзгерген. Бір таңқаларлығы көл көп төмендеп, шұңқырға айналған, көл жағасындағы бейіттер су астында қалған.
Маңқыстау өлкесіндегі әулие атанатын қауымдар мен мешіттердің бәрін тізбелеп жаза беру мүмкін емес. Бұлардың барлығының да өздерінше ерекше тарихы бар, әрқайсысы өздеріне тән естеліктерге, аңыздарға бай.
Осылардың ішінен Маңқыстаудағы Бостан кұмының жоталарында орналасқан Масат зиратын еске алуды жөн көрдік. Мұнда ерте заманғы, тіпті оғыздардан бастап, кейінгі түрікмендер мен адай, әлім руларының таңбалары да бар.
Масат мазары, оның мешіті бор тауынан қашалып жасалған. Масат ата біздің жобалауымыз бойынша, Түрікмен тайпасының батыры, әулиесі, өте білімді, беделді адам болған. Ел аузында қалған аңыздарға сүйенсек, ол суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін құдірет иесі. Оның жаулары мұнымен бетпе-бет қарсы келе алмаған. Оған жауының қылышы да, найзасы да өтпеген, ерекше жан болған деп дәріптейді. Масаттың жаулары мұны өлтіру үшін неше түрлі айла жасағанмен ештеме шығара алмаған. Содан күндердің күнінде, Масаттың қасиетін білетін бір сатқыннан: «Ол намазға ұйып тұрғанда ғана қылыш өтеді, сонда ғана өлтіруге болады»,— дегенді естіп, Масаттың намаз оқып тұрған шағында сыртынан келіп, қылышпен басын шауып түсірген. Жауының жасаған жауыздығына ашуланған Масат-ата, етегіне түскен басын салып алып, жауының артынан қуа жөнеледі. Осыған қайғыланған Масат-атаның құлынды биесі де ере шабады. Масаттың жалаң аяғының астындағы қара тас та балқып, оның және құлынды биесінің тобыққа дейін батқан іздері тасқа еніп, осы күнге дейін сайрап жатыр. Қырат басында, қара таста қалған өте ірі жалаң аяқ адамның, жылқы мен құлынның ізін қолдан жасаған деуге бола ма? Осыдан Масат-атаның жәй адам еместігін білуге болады.
Тағы бір естеліктерде Бекет-атаның Арал жағалауындағы Баялы жерінде, Ақтөбе қаласының таяу маңында да мешіттері болған деп айтады. Бұлардың әрқайсысында жылдың әр мезгілінде тұрыпты дейді.
Бекет-ата жасы жерортасынан ауғанша талай рет елге шапқыншылық жасаған жаулармен алысып, ел бостандығын қорғаған. Осымен қатар түрікмен шапқыншыларымен бітімге де келіп, ел тыныштығын сақтауға да көп еңбек сіңірген. Соның бірі талай рет қарсыласып, тірескеу түрікмен батыры, кейінде әулие атанған Бекдұрдымен қол алысып, ант берісіп, ел алдында түрікмен мен қазақтар арасында тыныштық орнатудың туын көтерген, екеуі де ел басшылары ретінде мешіт салдырған. Бекет-ата Маңқыстауда, адай елінде алғашқы дін мектебін ашып, ер балаларды оқытқан. Өзі дінге берілген, софылық жолына түскен.
Бекет-атаның көріпкелдік қасиеті де болған. Түс көріп, тұспалдап, бұлары көбінде дәл келіп оның абыройын көтерген. Әсіресе «қыс қатты болады, қарманыңдар», «жер қуаң болады, сақтаныңдар», «байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес», «біріңе бірің қарасындар» деген сияқты қамқорлық өсиеті оның беделін көтерген. Өзі тұрмысты ойлап, мал-мүлік, дүние жинамаған, не болса да соны місе тұтып, «жалаңашпын, ашпын, жоқпын» дегенді құлықтамаған.
Деректерге қарағанда, ол 1814 жылы өліп, Оғыландыға жерленген. (Э.Эверсмен, А.О.Дюгамель. Первые Русские научные исследования Устурта, А.Н. СССР, Москва, Стр. 145).
Енді осы Оғыланды жөніндегі ел аузында қалған бір естелікке тоқтап етелік.
Бекет-атаның жасы ұлғайған шағында Маңқыстау адайлары қалмақтарға қарсы жорық жасап, кеп тұтқын, мал олжамен қайтып, тұтқындарды үлестіре келгенде, Бекет-атаға 15 жасар қалмақ қызын сыйға тартады. Бекет-ата одан бас тартып: «Мен қартаң тартқан көзімде қызымнан кіші баланы қорламаймын, бір адамды қанша рет жылатуға болады, қатарына қосындар, менен ұлықсат»,— дейді. Сол кезде оның ағасы Құлжан: «Мен аламын»,— деп жабысқан. Осы қыз екі тума арасына жік салып, Бекет-ата өзінің қызын күйеуімен ертіп, Оғыландыға кетеді. Оғыландының бұлағына үйін тігіп, шағын төбе бауырынан жарып, осы күнгі мешітті тұрғызады. Төбе үстінен қызы мен күйеу баласына орын сызып: «Менімен бірге, еліңнен, жеріңнен бөлініп, елсіз далада маған қара болғандарың үшін менен жоғары жатуға тиіссіңдер, мені төменге жерлерсіңдер»,— деп өсиет қалдырған.
Осында тұрып жатқанда, бұлақтан жасырынып келіп су ішіп, адамға көрінбей жүрген ақсақ балаға кездескен. Бекет-ата баланы емдеп, аяғының сынығын салып, жартылай жалаңаш баланы қамқорлығына алады. Оны түрікменше оғыланым (қазақша ұлым) деп атап кетеді. Осы атақ жердің, таудың географиялық атауына айналған. Оны оқытып, сауатын ашқан.
Бекет-ата қайтыс болғаннан кейін, Оғылан оның атағын шығаруға көп еңбек еткен, ол өлгеннен кейін, қазақтар оны да әулие тұтыпты.
Енді Оғыландының тарихына келсек, мұның өзі бір хикая. Ұшқан құс та, жүгірген аң да, бауырынан енген балаға күймей ме, сондай оқиға ертеректе Жабай деген түрікмен мен оның баласының басынан өткен. Біреулер аңшылықты серуен — қызық үшін жасаса, біреулер күн көріс үшін жасайтыны анық. Ерте кезде Маңқыстау өңірін түрікмендер мекендегені мәлім. Соның бірі Манатта тауы Қаракешуден басталып, күн шығысқа қарай созылып жатқан ақ бор тау. Ол Үстіртке қарай тіркесіп, үсті теп-тегіс Алғидың ала деңі болса, асты, төменгі жағы, мыңдаған сала, найзағай шоқы, бектерінде некен-саяқ тұщы, ащы бұлақтары бар. Олардың бойы ойдым-ойдым қамыс пен жүзген өскен көгалды болып келеді. Ұзын сілем ақ таулардың асты тегіс я құмды болса, кей жерлерінде аспаннан әкеліп қоя салғандай бөлек-бөлек ақ тау, ақ шекелек маялар, адам қолымен жасалғандай әр түрлі сурет іспетті таңғажайып табиғаттың құдіреті әдемі көрік береді. Солардың бірі — күннің шығысына қарай омырауын көтеріп тұрған ақ тау «Жабайы ұшқан» деп аталады. Бұл Оғыланды тауының маңдай алдында, қозы көштей жерде ғана. Осы жерді малдың жайына қарап, тұрмыс жағдайын күйттеген түрікменнің, өз еңбегімен күнін көрген бір кедейі — Жабай ата-бабасынан бері мекендеп, тәңір берген ырызық деп аталатын арқар, киік, қарақұйрық аулап, күнін көріп, тамақ асыраудың қамын жасайды екен.
Сол Жабай тау жағалап, дабыл қағып, бүркіт ұя салған таудың бір ұшпасын байқапты. Мұны сыртынан қадағалап жүріп, бүркіт балапаны қарақанат болды-ау, бүгін-ертең ұшып кетуі мүмкін-ау деген шамада баласымен тау басына келіп, баласын балапанды алуға ұшпадан түсірген. Баласының беліне қырық құлаштай қыл арқанды байлап, мойнына шағын дорбасын асып, білегіне бүлдіргелі таяқ қыстырып жатып:
Балам қорықпа, тек салбырай бер, аяқты теппелеп, арқанды саумалап, жібере бер, астындағы құзға қарама, дәл осы тұстан үнемі нағыз ақиық қыран ұшады. Ол өткенде қасқырға түсіп, опат болатын тұйғынның ұяластары болар. Осы балапан мен көктұйғыңды өзіне енші етемін, қызығын көресің. Балапанның ұшар кезі, саған қайран жасап көне де қоймас. Қанатын қайыр да, басын жоғары қаратып, дорбаңа сал да аузын бүре байла. Енесі саған шабуыл жасаса, қолындағы таяқпен бастан, я топшысынан соғу дұрыс болады. Мен де мылтықпен жасқаймын. Жолың болсын,— деп, жазған әке жалғыз баласын бетінен бір сүйіп, саумалап, ұшпаға түсіре бастады.
Әуелі қанша қызық көрінгенмен, ұшпа бауырында салбырап бара жатқан баланың жүрегі айнып, басы айнала бастады. Қолы да дірілдеді.
Қауіпті жағдайды сезген қыран ұясынан ұшып шығып, шаңқылдап, бүкіл тау бауырын басына көтерді. Бала бүркітке қарсы қаруын даярлады. Бүркіт биіктей ұшып, балаға қарай шүйілгенде, бала таяқтың бүлдіргісін қолына кигізіп, келсең, кел дегендей бір шошайып тұрған кіндік тастың үстіне аяғын басып, ұруға оңтайлана бергенде, жоғарыда әкесінің мылтығы тарс етті. Бала ұяға жетті де, ақ мамық үні түсіп, қара қанат бола бастаған үш балапан жатқан кіндік тасқа аяқ басты. Балапандар шаңқылдап, жат жанға қарсыласып, қанаттарын сабалап, тырнақтары сойдиып, шабуылға шықты. Бірақ қолындағы таяғымен жасқай, мөлдір көзі от шашып, айбат шеккен біреуіне тап беріп жабысты да, қанатын қайырып, дорбаға тықты. Басын жоғары қаратып, дорбадан басын шығарды да, дорбаның аузын жиырып байлады. Содан кейін арқанды қатты-қатты сілкіп, бар дауысымен айқайлап, әкесіне белгі берді. Тарт деп айқай салды.
Екі кісі бойындай жоғарылай бергенде, тастың қыры қажаған арқанның бір тіңі, одан кейін екінші тіңі үзілді де, бала сырғанай, құлдырай жөнелді. Шолтаң етіп үзілген арқан әкесін шалқасынан түсірді. Бақыра тұрған еке маңдайын соққылап, сақалын жұлып қанша айқайласа да, баладан еш дыбыс болмады. Дүние айналып бара жатқандай теңселіп, біраз жүріп, арғымағына отырды. Құйғытып үйіне келді. Үйінде өзінен басқа ешкім жоқ еді, әйелі қайтыс болып, баласымен екеуі ғана тұратын.
Жабай неде болса, бір тұңғиық ой түбіне кетті де, өзінше оны дұрыс деп тапты. Лашығына еніп, намазын оқып, таза киімдерін киіп, жайнамазын бүктеп, аттың қанжығасына байлады. Теңселіп үйді бір айналып шықты да, отынға жинаған баялышты үйдің іргесіне үйді, шақпағын қолына алып, майлақыланып қалған ескі күпінін астарын жыртып, мақтасын алып түтіп, оған от берді. Үйдің оң жағында тұғырда отырған Көктұйғынның томағасын алып, қош деп айтпастан босатып қоя берді. Ол жоғары көтеріліп барып, үйге қайта оралды. Жанып жатқан үйді үстінен шыр айналып кетпей қойды. От көтеріле бергенде, үй сыртында жатқан құмай тазысы шекесінен тұра қашып, көкке мойнын созып, зарлана ұлыды. Арғымағы кісінеп, арқырап қоя берді. Жабай олардың біріне де көңіл бөлмей, көзінен жасы моншақтап, басы зеңгіп, ойында тек қана «Ендігі өмірді баламның артынан барып, о дүниеден бір көрермін» деумен болды.
Қу баялыш лезде от алып, үйді жалын қоршай жөнелді. Жабай қаруын асынып, атқа қонды, тазысын жетекке алды, аттың барлық шабысымен баласы ұшқан шыңға қарай ұшырта жөнелді. Көтерілген отты көрген ауыл адамдары үйді құтқару әрекетіне кіріскенде, Жабай ұзап кеткен болатын. Сақалын жуған көз жасы оған ешнәрсені де ойлатпады. Жүрек қабынып, қасірет отына өртенді. Екі сөзінің бірі: «Жалғызым менің, ажалына ортақ болған мен бейбақ сенен қалып, қандай өмір сүрмекпін, қасіреттің пырағына мініп, саған тез жетейін»,— дегенді қайталаумен ұшпаға бар пәрменімен ат қойды.
Арғымақ шыңғырып, аспанға атылды, ойқастай айналып кетті. Жабай аттың көзін байлап, қайта ұмтылғанда, ат қарсылық жасамады. Шың бауырында үлпілдек сексен қара бөрік, жұтынған қара арғымақ оның артында қылғына сүйретілген тазы қалқып бара жатты.
Міне ұрпақ қасіреті, әкенің балаға деген сүйіспеншілігі, оның үстіне түрікмен халқының мәрттігі, Жабайдың көз жұмып осындай шешімге келуіне әкеліп соқтырды. Жергілікті халық осы күнге дейін Жабайдың мұндай шешімге келуін бұрыс деп айтпайды, керісінше, мұның қайғысына ортақ болғандай, бұған бас иіп, мұны да әулиелік деп есептейді.
Қапсағай тас үстіне құлап келе жатқан атты адамды көргенде, баланың есі шығып, шыңғырып жіберді. Сол бойда гүрс еткен денелердің, сынған сүйектердің дыбысы естілді. Бәрі де бітті. Бала атын, сұлап өліп жатқан әкесі мен тазысын танып, есі шықты. Арқан үзілгенмен, қапсағай бауырмен сырғанай домалаған бала өр кенерге бір соқтығып, қармануға мүмкіндік тапқан еді. Ең соңғы бес-алты қадам қалғанда, қатты домалап түскен, біраз уақыт талықсып, есін жиғанда, бір аяғының сынғанын білді. Еттері жыртылып, қан судай аққан.
Бала қанша қайғырып, қан жұтқанмен, опат болған әкесінің, арғымағының, тазысының енді кайтып келмейтінін түсінді. Он бес шақырымдай Оғыланды тауына неше күн жүріп жеткенін білмейді, тауға жетіп, оның бұлағынан су ішіп, жуынып жаны қалады. Жаралы баланың тау маңындағы ағайындарына жетуге еш мүмкіншілігі болмайды.
Оның үстіне, жалғыз, жаралы баланың қайғысына қырсық жалғасып, бұл өңірді мекендеген түрікмендер мен қазақтардың арасында алауыздық туып, түрікмендер бұл өңірден ығысып, қоныс аударған. Сонымен жаралы бала ақи-тақи адасып, жалғыз қалып, елсізде жартылай жабайыланып, Оғыланды тауын мекендепті. «Құдай баққан қоңыр тоқты» дегендей, бұлаққа суға келген арқар мен киік, қарақұйрыққа аяқ тұзақ құрып, ұстауды үйреніпті. Адамды көрсе жасырынып, тіршілік етіпті. «Өлмеске өлі балық жолығып», бір күндерде Оғыланды бұлағына бір әйел, екі еркектен құралған қазақ көші келіп, орналасады. Бұлар жоғарыда айтқандай Бекет-ата, оның қызы және күйеу баласы болады.
Міне, Бекет-ата жөніндегі ел аузында қалған көп естеліктердің бірі осындай.
Жем өзенің, оның төменгі сағасына орналасқан ауданды жергілікті халық Кең Жылыой деп атайды. Бұларды көбірек еске алуымыздың себебі, бұл жер осы өңірде өмір сүрген ел өте қадірлейтін, халыққа ырыс, байлық әкелген құтты қоныс болып саналады. Бұлар жөнінде қиссаларда, жырларда, ақындар мен әншілердің аузынан кетпеген әндер, күйлер, көптеген тарих тағылымдары жатыр.
Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда, Жүйрік ат, өткір қылыш жанға пайда.
немесе: Орынбор, Тұз төбенің тұзын көрсең, Жылыойдың таң қаласын қызын көрсең деп айтылатын әндер ғасырлар бойы айтылып, ел арасында осы күнге дейін сақталып келе жатқанының өзі жайдан жай емес. Құрманғазының «Төремұрат» атты күйі де осы Жылыой өңірінде, Жем бойында дүниеге келген.
Егер өткен аңыздар мен үлкендердің айтып кеткен естеліктеріне көз жіберсек, адайлар Кіші Жүздің басқа рулары сияқты ерте заманда Алтай, Алатау аймақтарын мекендеген екен дейді. Қай мезгілде екені белгісіз, адайдың Құдайке және Келімберді ауылдары бір дариядан (Шу өзені деп айтады) мұз үстімен етіп жатқанда, Құдайкенің көші, үй ішімен мұз астына кетіп, тек өзі ғана аман қалыпты-мыс. Құдайке сол кезде біраз жасқа келіп қалған болса керек, інісі Келімбердінің үйінде тұрады. Келімбердінің әйелінің айтуымен Құдайкеге жау елінен қолға түскен бір қызды алып береді. Сол кісіден екі бала — Тәзіке, Қосай туады. Осылар мен Келімбердінің алты баласын қосып, адайлар: «Сегіз арыспыз»,— дейді.
Адайдың Құдайке мен Келімберді тұқымдары батыс аймағына XVII ғасырдың басына таман келген екен дейді, адай шежіресін осылардан бастайды. Ал бұдан бұрынғы аталарын айтпайды. Сонда адай Құдайке мен Келімбердінің әкесі ме? Егер осылай болса, бұл тіпті берідегі аталар. Ал кейбір деректерге қарасақ адайдың кейбір тұқымдары — Жеменей, Бәйімбет, тағы басқаларының аттарымен аталатын жер аттары Алтай өңірінің арғы жағында да бар. Сондықтан біздің жобалауымызша Адай атамыздың ертеректе болуы анық, бірақ бұл Құдайке мен Келімбердінің туған әкесі болуы мүмкін емес. Бірақ ол кезде руға бөлінбеген болуы мүмкін, ал руға бөліне бастағанда ру басын арғы аталарының аттарымен атаған сияқты. Егер шежірені Құдайке мен Келімбердіден бастасақ, барлығы 16-17 ата ғана болады. Сонда оның арғы жағы қайда қалады?
Ал, казактың Үйсін, Қанды, Жалайыр, Найман, Қыпшақ, Қоңырат тағы басқалары ертедегі тайпалар. Бұлардың балалары болып есептеліп, шежіреде көрсетіліп жүрген қазіргі рулар тіпті берідегілер. Осыған қарағанда Албан, Суан, Дулат, Шапырашты тағы басқаларының арғы аталары — Үйсін екені анық. Бірақ, туған әкесі дегеніміз тарих есебіне сай келмейді.
Жоғарыда айтылғандай, бір кезде қазақ жеріне жау келіп қуғыншылық болғанда Кіші Жүз рулары, соның ішінде он екі ата Байұлы Алатау өңірінен Сырдария бойын жағалап, арал теңізінің солтүстік бетімен батысқа беттеген. Мұны «Сауран айналған кездер» дейді.Бұл жөнінде тағы бір аңызда, он екі ата Байұлының бір тармағы Жаппас Арал мен Ырғыз маңында дүниеден өткен дейді. Жаппас дәулетті болған екен. Жастау кезінде қайтыс болғанға ұқсайды. Ол кісінің жастай жесір қалған бәйбішесі Алтын шешеміз төркіндерін сағалап, сол жерде қалып қойған. Онымен бірге Жаппас тұқымдарының көпшілігі осы маңда қалған. Азғантай бөлігі батысқа беттеп, бір қатары Астрахань маңына дейін барған. Кейбір қағаз бетіне түсіп жүрген «шежірелерде» он екі ата Байұлын он үш ата деп, оған Алтынды қосады. Бұл дұрыс емес, он үш ата Байұлы болған емес. Бірақ Алтыннан да ұрпақтар болған, олардың да Алтын деп аталуы мүмкін.
Алтын шешеміз жөнінде мұнан басқа да әр түрлі аңыздар баршылық. Тарих та мұны жоққа шығармайды.
Он екі ата Байұлы рулары Ырғыз, Ор, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойында, Үстірттің солтүстігінде қалмақтармен соғысып, ата мекенін жаудан босату жолында айқас салған. Бұны да тарих деректері анықтайды. Осы жерлер үшін күрескен, қан төккен ерлер мен батырлар аттары осы күнге дейін ел аузында, тарихта өздерінің қадірлі орындарын алуда.
Он екі ата Байұлы рулары, оның ішінде адайдың Құдайке балаларының бір қатары Жайық бетіне, одан әрі Еділ жағасына дейін барған. Олардың тұқымдары осы күнде Астрахань, Саратов, Волгоград, Орынбор маңдарында баршылық. Көпшілік адайлар Жем, Сағыз, Қайнар, Ойыл өзендерінің бойын, Сам аймағын, Үстірттің терістік бетін мекен еткен.
Ел қорғаған батырлардың есімімен аталатын мекендердің бірі — Жем бойының сол жақ бетіндегі Құлшан Әулие. Сол тұстан 20 шақырымдай жерде, дөңнің басында, бұлақ ағып жатқан жерді Есекжал деп атайды. Есек батыр адайдың Қосай ұрпағынан, Алтай жағынан ойысқаннан кейін, осы жерді қоныстанған. Бұл кісінің батырлығын сипаттайтын неше түрлі аңыздар ел арасында ертегі сияқты айтылып жүреді. Ол «жезтырнақпен», «тау тайлақпен» алысқан деп айтады.
Екінші бір жер — Жем өзенінің он жақ бетінде, Құлсарыдан 50 шақырымдай терістікте, Мақат өндірісінің оңтүстігінде орналасқан Бек-Бике өндіріс орны. Қосайдың Тіней тармағынан шыққан Тәңірберген батыр осы жерді мекен еткен. Ол бір соғыста қалмақтардан қолға түскен бір сұлуды «ақ биенің сүтіне жуып, некелесіп, атын Бек-Бике қойған екен» дейді. Ол жер қазір Бек-Бике елді мекені болып қанат жайған.
Дегенмен, жоғарыда айтылған жерлерде адайлар қанша тұрғаны белгісіз. Мал-жаны өскен олар қоныс іздеп Үстірт үстімен Маңқыстау түбегіне қарай бет алады. Ол кезде бұл жерде түрікмендердің Егдір, Шәудір, Бозашы, Абдал тағы басқа тайпалары тұрғанын тарих растайды. Осылармен адайлар көршілес тұрады, кейіннен бұлардың арасынан жанжал шығып, жер, су таршылығынан көптеген түрікмендер түстікке, казіргі Қара-Бұғаздан әрі, кейбір тайпалары Ставрополь өтіп кетеді.
Ел арасында, аңыздарда айтылып жүргендей: «Адайлар түрікмендерді қонысынан қуып шығып, жерін тартып алыпты» деген шындыққа үйлесіңкіремейді. Әрине, бұл екі ел арасында келіспеушілік болған. Көп түрікмен тайпалары өздері кеткен, бір қатары кейін XIX ғасырдың аяғына дейін теңіз жағасын қоныстанып, қазақтармен көршілес тұрған.
Шындығында, түрікмендер мен қазақтарды араздастырып, біріне бірін айдап салып, ел араздығын қоздырып отырған Хиуа хандығының саясаты. Бір кездерде түрікмендер де, адайлар да Хиуа хандығына тәуелді болып, салық төлеп отырған. Екі елдің басын қоспау, біріктірмеу үшін жасаған саясат түрікмендерге де, адайларға да оңай тимеген, көп қиыншылыққа, жоқшылыққа, қырғынға ұшыратқан.
Достықты дәлелдейтін мысалдардың бірі — халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың арғы атасы Хожаназар жөнінде айтып кетсек артық болмайды. Хожаназар өзі бай, өзі батыр, Маңкыстауды теңіз жағасын, қазіргі Форт-Шевченко маңын жайлап, қыстаған түрікмен байы — Әжнияз-Бек дегенмен дос болған. Бұлардың ұрпақтарының достығы бес атаға дейін жалғасқан дейді.
Әжнияз-Бек өзінің досы, тамыры Хожаназарға Қаратаудың оңтүстік бетіндегі, казіргі Онды маңын жайлауға, қыстауға бөліп береді. Сол жер осы күнге дейін Хожаназардың әулеттерінің тұрағы. Бір жылы Хожаназар қыстаудан ертерек көшіп, баласы Тағанды жылкымен досының ауылын қалдыра тұрады.
Тағанның сол кезде айттырып қойған қалыңдығы Сырым батырдың атасы Шоланның қызы екен. Бірақ Таған, Әжнияз-Бектің сұлу қызымен көңіл қосып, қызды алып қашады. Қыз өте сұлу, қажырлы, қайратты болған. Бір аңызда: жол бойында тас арасына кептеліп қалған бір еркек қойды көріп, Таған ат үстінен көтеріп алайын десе, шамасы келмейді, сонда қыз ат үстінен қойды өзі көтеріп алады. Бұл қыздан бес ұл туады. Ел оларды «Бес қалмақ» деп атап кеткен дейді. Бәрі де қарулы, батыр болады. Қыздың аты Сұқсұр екен. Бұл қалмақша сұлу деген сөз. Неге түрікмен қызының атын қалмақша қойғаны белгісіз. Күзге қарай Хожаназар, Әжнияз-Бекке елші жіберіп, кешірім сұрап: «Не айтса да көнемін, шешімін айтсын»,— дейді. Әжнияз-Бек: «Қызым мен күйеуімді жіберсін, өзім тойын жасап, ұзатамын»,— дейді. Бек сөзінде тұрып, қызын 100 қарамен ұзатыпты. Сонымен Хожаназар Шоланның қызын да келін ғып түсіріп, екі келінінің тойын бірге жасапты.
Әжнияз-Бек өлгеннен кейін, баласы Жәналы-Бек жарлы болады. Үйленуге, қалыңмал төлеуге малы болмайды. Жәналы-Бек шешесінің ақылымен әкесінің досы Хожаназардан көмек сұрайды. Ол 40 еркек қой, 40 ере киіз беріп, сауынға түйе береді. Қалын малды да төлейді.
Міне, түрікмендер мен қазақтардың достығының бір көрінісі, ел арасында осылай дәріптеледі.
Бұл өңірде өмір сүрген тайпалардың қайсысы болса да өздерінің әдет-ғұрпы мен салт-санасын, өнер шеберлігін бейнелеп, айқындайтын тарихи ескерткіштерін қалдырып кеткен. Сол көне мұралар мен тарихи деректерге көз жіберсек, Маңқыстау өңірінде бірқатар елдер мен тайпалардың өмір сүргендігіне көз жеткіземіз.
Қазақ жерінен Днепрге дейінгі ұлан байтақ территорияны қоныс еткен сақтар, соңғы кезде түрік аталып төрт түлік мал бағып, сол малдың етімен, жүнімен, сүтімен күн көрген. Тарихта бұлар да өздерінің мәдени іздерін қалдырды.
Тарихтың арғы түкпіріне бармай-ақ ата-бабаларымыз мекендеп, өніп-өсіп, өмір сүрген қазіргі қазақ жерінің өзі өткен тарихи деректерімен, ерлік пен батырлықты сан түрлі ескерткіштерімен, естеліктерімен құнды екені белгілі. Ал Маңқыстау өлкесі мұндай бай мұраға толы деп айтуға болады. Соңғы кездерде басылымдарда, газет, журналдарда жазылып жүргеніндей, Қазақстан аймағында жиырма мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер тіркеліпті десек, соның жартысынан астамы (57 проценті) осы Маңқыстау өңірінде. Халықтың іскерлік, шеберлік өнерінің ең бір таңғажайып түрлері осы Маңқыстау өңірінде қалыпты десек, өтірікші бола қоймаспыз. Тастан тұрғызылған сәулетшілік ғимараттар, ағаштан, алтын, күмістен, темірден жасалған жиһаздар, зергерлік бұйымдар, өрмек тоқу, ши орау, киіз басу өнерінің айырықша түрлері де осы жерден кездеседі.
Зорлық пен қорлықтың жоқтық пен қуғыншылықтың дәмін адай еліндей ешкім басынан кешірмегені анық. 1930 жылдардағы тәркілеуден, 1931 жылғы көтерілістің зардабынан, 1932—1933 жылдардағы ашаршылықтан кейін де, ел ішінде асыл киімдер, алтын, күміс тағы басқа қымбат бұйымдардың аз да болса қалған жұқанасы бар екеніне таң қалмасқа болмайды. Мұны тек қана соңғы кезде көре бастадық. Әсіресе әйелдердің киетін, тағатын асыл бұйымдары — өңіржиек, сырғалар, жүзіктер, сақиналар, білезіктер, шашбаулардың неше түрлі әдемілерін, бірен-саран деңмент белбеулерді еліміз тәуелсіздік алғанша көрсетіп киіп, таға алмағанын, зардап шеккен халықтың қорқа соқтап, қымтырылып, «тағы не болып кетер екен» деп алаңдағанынан деп білуге болады. Бірінші рет неше түрлі әйелдерге арналған қымбат бұйымдарды өз көзімізбен 1993 жылы Қашаған жыраудың тойында, 1995 жылы Тобанияздың 120 жылдық мерекесінде ғана көрдік десек, өтірік емес. Бұл тойлардағы тігілген киіз үйлердің тарихы, жасалуы, оның ішіндегі жасауы мен жабдығы өз алдына. Мұның бір айғағы 1993 жылы өткен ел жиынында күллі республика халқын таң қалдырған Маңкыстаудан әкеліп тігілген киіз үйлер. Мұны әкелген Форт-Шевченко қаласынын тұрғыны Бозжанұлы Бақыт деген азамат. Өкімет басшылары: «Сол киіз үйді астанаға қалдырыңыз, шет жерден келген қонақтарға көрсетіп мақтан етейік» дегенде: «Шаңырағымды тастап кету ел салтына, дәстүріне жатпайды. Керек болса астанаға лайық үй жасап беруге болады»,деген Бақыт уәдесінде тұрып, 1993 жылдың қазан айында сол бұрынғы үйінен артық болмаса кем емес, екі киіз үй жасап, өкімет басшыларына табыс еткен. Ол үйлерді ендігі жерде астанадан тамашалауға толық мүмкіндік бар.
Осының бір жалғасы — 1960 жылдары Түрікменстаннан көшіп келіп, Алматы облысына қоныстанған бұрынғы Маңқыстау қазақтарының ұлттық киім киюі, киіз үйлерді жабдықтау өзгешеліктері айырықша болғаны белгілі. Маңқыстау елінде киіз үйге үлкен мән берген. Оның сүйегін кереге, уық, шаңырақ, босаға, маңдайша тағы басқаларын Хиуа, Хорезм жерінен әкелген. Ол жерлердің ағаштары үй жасауға өте сапалы деп саналған. Ал, үйдің ішкі жиһаздарын, басынан аяғына дейін өздері жасайды. Бұлардың көпшілігі мал жүнінен иіріліп, тоқылып жасалады. Мысалы басқұр — жалпақтығы 20-30 сантиметрдей, ұзындығы 6-8 қанат үйдің керегесінің басын қоршап байлауға жетеді. Бұл түрлі түсті, әсіресе қызыл, жасыл, сары бояулармен боялған жіптерден әшекейленіп тоқылады. Осы күні басқұрдың әр жеріне балаларының, немерелерінің аттарын жазып тоқитын болыпты. Уықтардың сыртынан жүргізілетін бірнеше құрлар болады. Бұлардың жалпақтығы 15-20 сантиметрдей, ұзындығы әр түрлі, үйдің сәнін келтіруге жасалған. Шаңырақтан, уықтардан, төмен түсіріп байлайтын әдемі жүн жіптерден тоқылған жіңішке желбаулар болады. Міне, осылармен үйдің ішін әшекейлегенде үй іші жарқырап кетеді. Бұдан басқа да тек киіз үйге арналған түрлі-түрлі жиһаздар бар. Бәрін түгел айтып шығу өте қиын. Киіз үйдің керегесі қызыл қоңыр бояумен боялады. Торкөз керегенің көзінің кендігі 10-15 сантиметрден артық болмайды. Әрбір кереге бір қанат деп аталады, алты қанат үйде алты кереге, сегіз қанат үйде — сегіз. Кереге жиналғанда оның басын біріктіріп байлайтын, тоқыма жіңішке құр болады. Киіз үйдің уықтарының ұзындығы, үйдің қанатына байланысты, бұл да қызыл күрең бояумен сырланады. Уық бау да әдемі жүннен иірілген жіптен істеледі. Үйдің шаңырағы өте қатты ағаштан істеледі. Шаңырақ қоңыр бояумен боялады.
Киіз үйдің сәнін келтіретін — ши. Ши қызыл, жасыл, сары бояулармен боялған жүнмен оралады. Оралу мәні шиге салатын әшекейге байланысты, суреттер түрлі-түрлі болады. Қошқар мүйізді, төрт бұрышты, дөңгелек әшекейлер салынады. Шидің ұзындығы екі қанат керегемен тең болады. «Шым ораулы болмаса, шидің сәні келмейді» деген Молдабайдың әні шидің әдемілігіне арнап шығарылған ғой.
Босаға, табалдырық, маңдайша, сықырлауықтар да өте әдемі сырлармен әшекейленеді.
Кешегі жаугершілік кезеңі мен ел қозғалып, шет жерлерге қоныс аудара бастаған уақыттарда мұндай ауыр үйлерді алып жүру өте қиын болды. Көп отбасылары үйлерін жеңілдетті. Торкөз керегеден, екі жел кез жасауға болады, сонда оның көзі төр көзден екі есе үлкен, салмағы тура жартысына кемиді.
Қазақтың әдет-ғұрпында киіз үйді тіккенде, шаңырақты бақанмен тек қана ер адам көтеру керек. Бұл біріншіден шаңырақтың ауырлығы әйелге көтеруге қиындау болса, екіншіден қазақ әдетінде шаңырақ иесі, үй қожасы ер адам деп есептеліп, шаңырақ көтеру рәсімін ер адам жасау қағидасы өте қатты сақталады.
Осыған байланысты біздің елде болған бір жағдайды айта кету артық болмайды. Ауыл бір жерге келіп қонып, үй тігуге кіріскенде, ауылда бір жасы үлкен ер адамнан басқа ешкім болмаған. Келіндері: «Аға-еке шаңырақ көтеріп жібермесеңіз болмас, ауылда сізден басқа ешкім болмай тұр»,десе, ол кісі келіседі. Шал адам ақ дамбал, ақ көйлекпен (елде үлкен кісілер, үйде отырғанда осылай киінеді, шалбарсыз) шаңырақты көтергенде, дамбалының бауы үзіліп кетіп, дамбалы аяғына түсіп кетіпті. Келіндері «ойбай көтек» деп сырт айналып кете бастайды. Сонда әлгі ағамыз (атын айтудың қажеті жоқ болар), інісінің атын айтып: «Мен оның шаңырағын ортасына түсіретін жағдайым жоқ, ол ырымға жаман, келіндер уықтарыңды шаншыңдар»,— деп айқайлап шақырып алыпты. Содан үй тігіліп, жұмыс жайғасыпты. «Шаңырағың ортасына түссін» деген қарғыс тектен тек болмаса керек.
Киіз үйдің қадірін кетірген бір жағдайды еске алмауға болмайды. Жетпісінші жылдардың ішінде, шет ел туристері (қыдырымпаздары) үшін таудағы Медеу стадионының қасынан он бес шамалы киіз үй тігіліп, қонақтарды бір-екі күнге сол үйлерде сыйлап, қаржы табу қамын жасағанын білеміз. Бірақ оларды киіз үй деп айтуға болмайды, үш қанат күрке, ел күлерлік нәрсе. Үй іші де, сыртқы көрінісі де өте жұпыны. Бұл тек қазақты күлкі етудің бір жолы десек өтірік болмайды. Сондықтан да болар, ондай «қонақ жайлылықтың» өмірі қысқа болды, кейіннен жабылды. Осыны басқарып жүрген сол кездегі басшылардың біреуіне: «Бұларың қалай, қазақты мазақ етудің бұдан басқа жолын таппадыңдар ма?»— деп, «өзің білме, білгеннің тілін алма» дегендей ештеме көрмеген, қазақтың ескі әдетінен мақұрым мәңгүртке тап болғанымызға іштей күйінгенбіз.
«Қазақта мәдениет жоқ, көшпенді, бүгін мұнда, ертең анда» деген сөз қазақтарды кемітудің бір белгісі. Қазақтар мал бағып, сол малдың өнімімен күн көрген. Сондықтан бір жерде отыра беруге жем-шөптің тапшылығынан мүмкіншілігі бола бермеген. Олар қыстайтын жерінің отын жазда пайдаланбаған, жазда жайлауға шыққан. Терістік беттегі қазақтар қыстайтын жерлерінде тастан үй тұрғызып, сонда қыстаған да, жазда киіз үймен жайлауға шыққан. Ал Маңқыстау қазақтары қыстау салмаған, қысы-жазы киіз үймен күнелткен. Себебі Маңқыстау ойы қыста өте жылы, қар аз түседі, шөп шаппайды, мал аяғымен жайылған. Көшкен қазақтар азап шеккен, қиындық көрген деу қате түсінік. Көшкен елдің өзіне лайық қызығы да болған. Ақсақалдар көш бастап, ауылдың қонатын жерлерін даярлайтын болса, жас жігіттер, қыздар атпен бөлек, көштен өте алысқа кетпей бірге жүрген. Ал әйелдер болса түйенің үстін отыруға ыңғайлап үлкейтіп, оны текеметпен қоршап, емшектегі баласы болса, бесігін түбектеп түйенің үстінде ұстайды. Бесік баланың өне бойы құрғақ болуын сақтайды, ал 3-5 жастағы балаларын түйенің жанына кебеже байлап, соның ішіне отырғызады. Ол әрі жылы, әрі қауіпсіз. Түйенің жанына кебеже байлау, түйенің адам отыратын жерін кеңітеді. Бір түйенің үстіне 2-3 баласымен бір әйел отыруға мүмкіндік болады.
Қазақтардың өздеріне лайық сәнділігі, жақсы, қымбат киім кию мәнері ертеден бар қасиет. Әйелдер ұзын көйлек, көзекей, камзол киіп, жаулық тартады. Қыздар бүрмелі көйлек, камзол, басына дөңгелек, үстіне үкі таққан, биік емес, бас киім киеді. Қазіргі өте биік, сәукелені қазақтың қыздары тек күйеуге шығарда, барған жерінде киеді. Қыз күнінде сәукеле киюге болмайды. Қазақта тағы бір жақсы әдет, қыздар қызыл орамал, шарқат тартады. Қызыл орамал тарту оның қыз екенін анықтайды. Қыз өз үйінде отырып, ақ орамал салмайды. Ақ орамал тарту тек қана келіндерге, жас әйелдерге арналған. Тіпті бір жағдайлармен өз үйіне қайтып келген қыз да қызыл орамал тартпайды, сол ақ орамалмен жүреді. Қазақта өлең бар: «Басыңнан қызыл шарқат ауған күні, саныңды бір соғарсың күндер-ау деп» деген осыдан шыққан болар. Қызыл орамал кетті, ол енді қыз деп есептелмейді.
Жас келіншектер мен қыздар, әсіресе жаз шыға, көктем келе гүл-гүл жайнап, құлпыра түседі. Жібек мінезді, паң жүрісті, шашбау сылдырлап, алтын сырға жарқылдап, көк сәуір мәсі, барлық жібін күмістеп өткізген кебісінің қозы құмалағындай қоңыраулары күмбірлеп, тұла бойы, қолы толған моншақ, қозғалса сылдырлайды, құлақтағы сырғалар, немесе аяқтағы шоңқайма етік ерекше сән береді. Міне қазақ қыздарының, жас әйелдерінің көркі осындай болған. Бірақ осы күнде бұған біреу сенсе, біреу иланбауы да мүмкін.
Қазақ қызды өте қатты сыйлаған, сонымен бірге оларға өте қатаң қараған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген де осыдан. Қыздарды жас күнінен айттырып қоюды, әйелді қорлау деп есептеуге болмайды. Ол отбасының берік болуының басты шарты. Қызды жастай ұзатудың бір жақсылығы албырттықтан кететін қателіктен сақтандырады, ары таза болады. «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегеннен сақтайды. Екіншіден жастай ана болу, мейірімді болудың бірден-бір жолы, жас келін келген жерінде қадірлі болады.
Жас келінге түсетін жүктің де аз болмайтынын ескерген жөн. Қазақта мама, папа деген болмаған. Келін күйеуінің әкесін — ата, шешесін — ене, ата, енесінен үлкен туыстарын да ата, ене дейді. Күйеуінің ағасын аға-еке, немесе аға, інісіне, ағасының әйелдері абысындарына лайықты қосымша ат қояды. Өзі келмей тұрғанда туған ағаларының сәбилерінің де аты аталмайды. Жас келін ерте тұрып, түндік ашып, жай жатып түндік жапқан. Үй шаруасының басқа да жұмыстарын жасаған. Бірінші сәбилі болғаннан кейін ғана бұл жұмыстардың көбінен босатылады. Бұдан келіннің тек қана абыройы өсіп, ауыл ішінде қадірі артады. Келін күйеуінен үлкендерге сәлем ету қағидасын мықты ұстауға міндетті. Сәлем беру — тізесін бүгіп иілу. Оған көп жаса, бақытты бол деген бата алу үлкен құрмет. Келін күйеуінің, әкесінің, ағаларының қолын алып амандаспайды, тек сәлем етумен шектеледі. Жас келіннің ең басты қасиеті абысын-ажынмен тату болу. Бұлар біреуінің баласын бірі алып, мәңгілік тату-тәтті өмір сүруге байланыстырады. Қазақ әйелдерінің қонақ сыйлау қасиеті де ең басты қағида. «Қонақ өз несібесін өзімен бірге ала келеді» немесе «келер жері кең болсын» деп, қонақтан барын аямайтын әйелдің аты бүкіл елге жайылған.
«Қазақ қызды, әйелді сыйламаған, оны малға сатқан» деген қате, жетпей айтқан қызыл империяның шығарған, қазаққа жапқан жаласы. Қызға берген қалыңмалдан, қыз ұзатқанда берілетін еншісі, жасауы одан бірнеше рет асып түсіп отырған. Бұрын қыз, бір жылдан кейін әкесінің, әкесі болмаса, ағасының үйіне төркіндеп келу әдеті болған. Төркіндеп келген қыздан ештеме аямаған, сұрағанын берген, сұрамаса да қыздың қолын бос қайырмаған. Егер ол баласы мен жиенді ертіп келсе, бұл марапат бәрінен де асып түскен. Жиен нағашысына не жасап, еркелесе де ерікті болған. «Жиенге қол жұмсағанның, қолы қалтырауық болады» деген мақал бар.
Қазақта қызға қол жұмсау деген болмаған. Қызды сыйлап, үйде жоғары отырғызып, бұлар әзірше, уақытша қонақ деп есептеген. Қазақ қыздары туған туыстарымен жылқы бағуға, аңға шығуға, тіптен жауға аттануға да барған. Атақты ел басқарған бәйбішелер, әнші, домбырашы, жыраулар да, он бармағынан өнер төгілген шеберлер де болған.
Бұл айтқанымыз қазақ қыздары жөніндегі біз білетін азғантай ғана деректер. Ал, ер адамдарының киген киімдері, ер-тұрмандары, олардың үлкенді сыйлау, кішіге ілтипат, патриоттық қасиеттері өз алдына. Қазақтардың бәрі бай болыпты, кимегенді киіп, ішпегенді ішіпті десек жалғандық болады. Жарлылары да, кедейлері де болған. Бәрі бірдей жақсы, қымбат киім киіпті деген де шындыққа үйлеспейді. Дегенмен қымбат киімнен малын аямаған. Естеліктерде бір ақынның айтқанына көңіл бөлсек, ол: «Бір мырзамның белінде 100 жылқының құны денмент бар» дейді. Денмент белбеу алтын, күміспен, асыл тастармен әктелген өте қымбат дүние. Ер-тұрман, жүген, ноқта, жона тағы басқалары да осындай болған.
Жас жігіттердің бір көрінісін былай деп суреттеуге болады: балағы жырма, қошқар мүйізделген мақпал шалбар, қызыл немесе көк мақпал, мәндала бешпент, қама бөрік, аяғында көксәуір етік, белінде түрме немесе деңмент белбеу. Күмістеген ер-тұрман, оның ішінде көксәуір жона. Бұлар да кәзір, қазақ өмірінде келмеске кеткен қиялмен тең.
Кешегі қиыншылық заманда бұлар сияқты асыл бұйымдар бір аяқ ұнға, бір дорба бидайға айырбасталып, бөтен елдің меншігіне айналып кеткен.
Тағы бір айтатын нәрсе, ертеде ер адамдар, жасы ұлғайған әйелдер мәсі, кебіс киген. Бұлар жаугершілік емес, бейбіт уақытта сәндікке киетін өте қадірлі, қымбат киімдер. Кебіс те әшекейленіп, күмістеп, көк мақпалмен сірісі көмкеріліп жасалады. Исатайдың қуғыншылыққа ұшырап, Жайықтың солтүстік бетіне, қыстың ішінде өткен кезінде, кейінгі ұрпаққа: «Жаугершілікте кебісті киім деп, шайды тамақ деп есептеуге болмайды екен»,— деп өкінгенін айтсақ та болады. Бірақ тыныштық кезде кебісті мәдениетке, тазалыққа киеді. Қазақтар жерге отырады, оған кілем, көрпе теселеді, сондықтан кебісті шешіп төрге шығады, бұл тазалықтың белгісі.
«Мәдениеті жоқ» қазақта айта берсе, көп тәрбие беретін мағлұматтар бар. Біздің тоқтағанымыз осылардың бір ғана бөлігі.
Қазақтың осы жоғарыда айтқан әдет-ғұрыптарының көбі Атырау облысының Жылыой ауданында, Маңқыстауда, Қарақалпақ, Түрікменстан, Өзбекстан асып кеткен, шет елге жер ауып кеткен қазақтардың арасында қаймағы бұзылмай сақталып қалған десек, асырып айтқандық емес. Қанша қиыншылық көрсе де, ата заңын оның ішінде үлкенді сыйлау, жақын-туысқа көмегін беру, ағайынды адамдар енші алыспай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүру дәстүрі жалғасын табуда. Бұл айтқандардың көбін көзіміз көрді.
Дегенмен, бұл жағдай көп жерде өзінің жалғасын жоғалтқанына өкінеміз. Қазіргі қала жастарының киім кию мәнері, мінез-құлқы шет елдердің дарақы киноларындағыдай. Қыздары, келіндері әке-шешесімен, ата-енесімен, өзінен үлкендермен қалай сөйлесетінін, олардың адам айтқысыз мінездерін, жалаңаш-жалпы, ойларына не келсе, соны жасауын көргенде, осы сияқты «мәдениетті» не үшін, қандай қасиет, тәрбие алу үшін таратып жүргенімізді не деуге болатынын ойланбасқа болмайды.
Тұрмыстағы азды-көпті қиыншылықты шылау етіп, бұзылып бара жатқан ата дәстүрін қалай аман сақтап қалуға болады. Көргенді болып қыз өссе, инабатты болып ұл өссе, қазақ айтқандай «мұнан жаманымызда да тойға барғанбыз» деген қағиданы ұстанып, ойға алсақ, құдай біледі, (қазекең талай қиыншылықты басынан кешірген), бұдан да аман өтеміз, біздің де ауылымызда той болуы анық.
Бұл айтқандардың барлығы да жаңалық ашып, біреулерді таңдандыру емес, қазақтардың көбі білетін әдет-ғүрып, сана-салт, ертеден келе жатқан қағиданы тағы да бір еске алып, кейінгі жастардың жадына салып, ескерсін деген ниет. Қазір жастар емес, Қазан төңкерісінен кейін туғандардың көбі бұл жағдайдан шеттеу қалып, бірін естісе, бірін естімей, жаңа саясатқа икемделіп өскен ұрпақ. Ал жастар болса, олардың деңгейі әлдеқайда төмен екені белгілі.
ІІ ТАРАУ
Маңқыстау топырағында атақты ел азаматтарына, батырлар мен билерге қойылған ескерткіштердің неше бір әдемісі мыңдап саналады. Осы тұрғыдан алғанда сол халық қолөнерінің жалғасы осы күнге дейін жалғасып келеді және Қазақстанның алыс аймақтарында да көріне бастады. Оған мысал әйгілі ақын Сұлтан-Махмұт Торайғырұлына салған мазар. Қазіргі Абай және оның әулетіне арналған, бүкіл елді таң қалдырған күрделі құрылыс та осы адай мазарлары үлгісінен алынды.
Ежелгі тарихи мұраларды насихаттау мен қалпына келтіру мақсатында ерінбей еңбек етіп жүрген сәулетшілер, шеберлер Маңқыстауда көптеп саналады, олардың аттарын мақтаныш ретінде атауға тұрады.
Маңқыстау өңірінде ауыз судың жетіспеушілігі ежелден келе жатқан мұқтаждық. Күн көрістің қиындығынан болу керек, жер астынан су тарту, шыңырау құдық қазу бұл елде ерте заманнан келе жатқан көне өнердің бір түрі. Себебі шыңырау құдық қазудың Маңқыстаудағыдай шеберлікпен жасалған үлгісі басқа еш жерде болмаса керек.
Маңқыстау жерінде шынырау қазу жөнінде, су тапшылығы жайлы ел арасына тараған аңыздар өте көп. Ол жөнінде «төбелеске табылған суды, әншейін демейсің бе» деген мақал да бар. Осыған қарағанда судың тапшылығынан жанжалдар да болмай қалмағанға ұқсайды. Ақсақалдардың айтуынша бұл елде Қараш, Бегей руларынан шыққан көптеген атақты құдықшылар болған. Құдықшылар жазғытұрым дәулетті адамдардың тапсырмасы бойынша, еңбек ақысын, сауын малын алып, елсіз далада Үстірт үстінде, Маңқыстау ойында шыңырау қазып, күзде ел қыстаққа қайтып келгенше құдықты әзірлеп қояды екен. Құдықтардың тереңдігі 50-80 метрден кем болмаған. Маңқыстау жерінде «жүз сажын» деген құдықтың бар екені белгілі. Сонда бұның тереңдігі жүз кадамдай болғанға ұқсайды. Шыңыраулардың суы тұщы, мол болады екен. «Мың суалмас» деген шыңыраудың, атына қарағанда, мың бас малды (қойды болса керек) суаруға жететін суы болса керек.
Осындай құдықтарды қазу үлкен білімпаздықты, шеберлікті керек еткен. Жер астының мол, тұщы суы қай жерде жатыр? Оны білу ғылыми тұрғыдан да мәні бар шаруа. Ол құдықтар ел жайлайтын, ел қыстайтын аймақтарда, керуен жолдарында болған. Бір өкініштісі шыңыраулардың саны қанша болғаны, қай жерлерде болғаны жазылып, хатталып қалмаған, көбі кешегі мал азайып, ел қоныс аударған кезеңдерде қаңырап бос қалып көміліп, су көзі бітеліп қалған.
1925-1927 жылдары Маңқыстау өңірінде бір миллион 600-800 мыңдай мал болған дейді. Сол малдарды жазда, күзде құдықтан-ақ суарған. Қазір ондай мал жоқ. Кеңшарлардың малдарына суды автомашинамен тасиды. Құдықтарды пайдалану ұмытылған, сондықтан да жылдан жылға мал басы кеміп, оның кұны қымбаттаумен келе жатыр.
Су тапшылығы жөнінде тағы бір болған жайды еске алсақ. Маңқыстау өңірінде өмір сүріп, Кеңес өкіметін құруға еңбек еткен, көргені көп, шежіреші Алшын Мендөліұлының осыдан шығарып айтқан бір әңгімесін еске салып кетуге болады.
«Жиырмасыншы жылдары атақты заңгер, кезінде Ресейдің дума мүшесі болған, ел қамын көксеген, Қаратайұлы Бақытжан Маңқыстау үйезінен кеңеске сайланбақшы болып, Маңқыстауға жолға шыққан. Жол үстінде көшіп келе жатқан елге кездеседі. Көш басшысы сусыз жерде кездескеніне қарамай көшті қондырып, айдап келе жатқан биелерді байлатып, бір тайды сойып, жылқының сүтіне ет пісіп берген»,— дейді.
Осы жайды Алматы тұрғындары Сейдалы балалары Рүстем мен Асқардың анасы, Бақытжанның қызы Зиада апай да: «Жылқының етін, жылқының сүтіне пісіргенде өте дәмді болады екен»,— деп әкесінің айтып отыратынын әлденеше рет естігенін жиі есіне алатын.
Маңқыстаудың тарихи мұраларының ең бір қасиеттісі — діни ескерткіштер. Халықтың айтуынша, әулиелер — Бекет-Ата, Шақпақ-Ата, Шопан-Ата, Масат-Ата, Сұлтан-Ене, Кеней-Баба, Қараман-Ата, Дүлдүл-Ата тағысын тағылар жүздеп саналады. Бүкіл қазақ еліне әйгілі 362 әулиенің мекені де осы жерде.
Жоғарыда айтылғандай, тарихи, мәдени, рухани мұралар мен халықтық шеберліктің, өнердің Маңқыстаудағыдай сақталып қалуы — халықтың тұрмыс-салтымен сіңісіп, күнделікті күн көрісімен біте қайнасып жатуында болса керек. Неше бір қиындық тауқыметін басынан кешірген елде, қас шеберлікпен жасалған адам таң қаларлықтай таңғажайып ескерткіш - мұралардың ғасырлар бойына салтанат құрып, бүгінгі күнге жетуі таңдай қақтырарлық құбылыс.
Бұл топырақтағы ескерткіштерді былай қойғанда, тек қана қазақ емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ шығарма — 90 мың жолдан артық, жастарға патриоттық тәрбие беруде айтарлықтай мәні бар, дүниежүзілік әдебиетте көрнекті орын алатын «Қырымның қырық батыры»— дастанын осы Маңқыстау тұрғыны Сеңгірбайұлы Мұрын жырау ғана есінде сақтап, болашаққа қалдырып кетті.
Өкінішке орай, өте қиын, таршылық заманда, екінші дүние жүзілік соғыс кезінде сол кездегі қазақтың зиялы азаматтарының арқасында, Мұрын жыраудың өз аузынан жазып алынған бұл дастан, осы күнге дейін халықтың игілігіне жаратылмай жатыр. Осы жөнінде марқұм Мариям Хакімжанқызы да бірнеше рет еске салып кетіп еді. Ол кісінің Мұрынның өз аузынан жазып алғаны бір төбе де, ал Мұрын жырау жөніндегі естеліктерінің өзі бір төбе.
Мұны 45 жыл өткеннен кейін еске аламын деп кім ойлаған. 1952 жылы. Мұрын жыраудың 90-нан асқан шағы, Форт-Шевченко қаласының түстік бетінде 10-15 шақырымдай бір кішкентай ауылда тұрғанда сол жердің екі-үш ақсақалымен бірге барып, сәлем беріп кеткеніміз есімде. Бізбен көп сөйлескен жоқ, шәй үстінде: «Сәлем беріп, көрісіп келгендеріңе рахмет, көп жасаңдар»,— дегеннен басқа ештеме айтпады. Осы кісінің өз аузынан жаздырып кеткен дастандарының осы күнге дейін қолжазба күйінде сақтаулы тұруы кімді де болса ойландыратын жәйт.
Мұрын жыраудың қалдырған мұрасы өз алдына, бұдан басқа да Маңқыстау ақындарының, жырауларының, отаншылдық, ел қорғауда қан төккен ерлер жөнінде де қалдырып кеткен мұралары баршылық. Бұлар да еске алынып ел арасында қадірленіп жүр.
Ертеректе өтіп Кеткен Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Қалнияз, Сәттіғұл, Елібай, Ту, Сүгір тағы басқалары шығармаларының үлкен тәрбиелік мәні ар екенінде сөз жоқ. Бірақ бұл бабаларымызды дәріптеп, ел арасына таратуда да көп кемшіліктер бар. Ауыл арасында айтылып жүргенімен, Қазақстан көлемінде жоқтың қасында. Бұлардың көбі кезінде большевиктік партия саясатына жатпады, әсіресе, 30-40 жылдары мүлдем құрып кете жаздады. «Мынаны айтуға болады, ал мыналар айтылмайды» деп тыйым салынғаны да белгілі. Дегенмен, соңғы кездерде аз да болса айтылып, ел арасына таралып жүр. Иншалла!
Маңқыстау өлкесінде ақындар мен жыраулар қандай көп болса, әншілер мен күйшілер де аз болмаған. Олардың ішінде дарынды домбырашылар Абыл, Боғда, Құлшар, Есір, Өскенбай, Мұрат, Қоңыр, Шамғұндар болса, Жылкелді, Досат, Шолтаман, Қибас, Қыздарбай, Тастемір, Хамит, Сәулебай, Қайыптардың әншілік шеберліктерінің көпке көрінбей, елге көп естілмей келе жатқанына қынжыламыз. Тек бұдан былай, тәуелсіз мемлекет, егеменді ел аясында ұмыт қалмаса болды дағы.
Тұрмысқа, тіршілікке Маңқыстау жері, Үстірт үсті қандай қиын, ауыр болғанымен, бұл өлкенің қазақтары ғасырлар бойы осы жерді мекен етіп, өздерінің тәуелсіздігін қорғап, соңғы үш ғасырдан артығырақ уақыт, шет ел шапқыншыларымен күресіп келген. Маңқыстаудың қонысы мен ел байлығын иемдену үшін шығыстан Хиуа ханы, Бұхар шапқыншылары көз алартып, өмір бойы тыныштық бермей, шет жақтағы қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуыл жасап отырған. Осыған қарағанда өзінің елін, жерін, суын қорғаған халық тыныштық көрмеген сияқты. Дегенмен бабалардың төгілген қаны мен терінің зая кетпегеніне бүгінгі күн куә.
Маңқыстау қазақтары әсіресе, Хиуа ханының қарауында болып салық төлеп тұрған кездерінде, үнемі әділетсіздікке, кемітушілікке, озбырлыққа шыдамай жанжалдасып тұрған. Кейін салық төлеуден де бас тартып, осының салдарынан әлденеше рет қарулы қақтығыстарға да барған.
Осындай қиын-қыстау кезеңдерде ел тәуелсіздігін қорғаған батыр бабалар мен ел ақылшыларының ішінде өмір бойы Хиуа ханымен тайталасып, күресіп өткендердің ең көрнектісі, бастысы — Адай руынан Мұңалының Жарысы оның ішінде Жетімек тармағынан шыққан Үргенішбайұлы Сүйінғара батыр. Бұл кісінің басшылығымен қарсыласқан халық, Хиуа хандығының қазақтарды өздеріне қаратып алмақ болған жымысқы саясатын да, күшпен езіп-жаншып тастамақ әрекетін де іске асырмайды. «Маңқыстау қазақтары Ресейдің қарамағына кіретін болыпты-мыс» деген лақабы сеніп, бұны өзінің ата жауы Сүйінғарадан көріп, 1832 жылы қыста Хиуа ханы Аллакұл, түрікмен Мәмбетияз бастаған 3 мыңдай әскермен қазақ ауылдарын, соның ішінде Сүйінғара ауылын аяусыз шауып, 300-дей адамын өлтіріп, мал-мүлкін, бірнеше қыз-келіншектерді, соның ішінде Сүйінғараның екі қызын, бір ұлын тұтқындайды.
Тұтқиылдан келген шапқыншылықтан кейін, адай елі тез жиналып, көптеген батырлар бас болып, бұның ішінде беріш Құлбарақ батыр бар, 800 кісімен Қызыладыр, Шәжік деген жерлерде жауды қуып жетіп, ұрыс салады. Сырым батырдан қашқан Әбілқайыр ханның тұқымы, Сырым өлтірген Есім ханның баласы Қайыпалды Маңқыстауға келіп, өзін өзі ханмын деп жариялап, осы ұрысқа қатынасып, басқарады. Естеліктерде айтылып жүргендей Қайыпалды Хиуа ханы Аллакұлмен астарлас болған дейді. Адай жігіттерін соғысқа жаяу салып, сол жылғы қардың қалыңдығынан қарға омбылап, соғыста адайлар 400-ден аса сардарынан айрылады.
«Қайыпалды Аллақұлмен астарлас болыпты» деген деректің негізі бар екенін дәлелдейтін бір жағдай, оның Маңқыстауға Хиуа арқылы келгені тарихтан мәлім.
Естеліктерде, тарихта да көрсетілгендей, бұл соғыста 400-ден астам адай жасақтары қаза болғанын ақындардың, жыраулардың шығармалары, қарттардың әңгімелері де анықтайды. Бұлардың көбі атақты батырлар болған. Олардың ішінде беріштің Қаратоқайынан Құлбарақ батыр, Жеменейдің Бегімбетінен Мырзатай батыр тағысын тағылар. Уақыт керуеніне байланысты көбінің аттарын атауға мүмкіншілігіміздің жоқтығына өкінеміз.
Бұл қырғын адай еліне ауыр қайғылы, қаралы жыл болып, үлкен ауыртпалық әкелді. Көп әйелдер жесір қалып, қара жамылды, сәбилер жетім қалып, жапа шекті. Осының салдарынан болу керек, адай елінің арасында әр түрлі келеңсіз әңгімелер де болмай қалған жоқ. Біреулер мұны ашынғаннан айтса, кейбіреулері бұл ауыртпалықтың зардабын Сүйінғараға жапты. «Егер осы кісі жайына қарап жүрсе, Хиуалықтармен шатаспаса, осындай қырғын ел басына түспеген болар еді. Азаматтарды асығыс жинап, қарулы жауға әзірліксіз қарсы тұруы дұрыс болмады» дегендей кінәлар артылған.
Шындығында, сол кезде сексеннен асқан Сүйінғара осыншама қолды зорлап жинады деп ойлауға бола ма? Оның халық алдындағы беделі мен абыройына шек келтіру мүмкін емес. Ел азаматтарының шейіт болуы да тегіннен тегін еместігі осыдан белгілі. Адай елінің азаттық күресіне Сүйінғараның қосқан еңбегі өте зор болған. Кезінде ол Исатай — Махамбет көтерілісіне де тікелей көмек беріп, қолдау көрсеткен. Есет Көтібарұлымен де хабарлас болған. Естеліктерге сүйенсек, ел арасындағы бірлікті, татулықты аңсаған. Адай мен Әлім рулары арасындағы араздықты жойып, екі елді татуластыру мақсатында ақсақалдармен бас қосып, ақылдасқан. Сол бас қосуда Исатай, Махамбет те болған. Бұл жөнінде Халел Досмұхамедұлының Исатай — Махамбет атты кітабында да айтылған. Бейбітшілік жұмысын жүргізуге арналған мәжіліске Сүйінғарамен бірге адайдың көрнекті батырлары Шабай, Мәмбетияз тағы басқалары қатынасқанын, бұған кете руынан Құдайберген батыр да қосылғанын тарих растайды.
Естеліктерде Құлбарақ батыр жөнінде ел арасына тараған әңгіме — шындық бар: «Жау жағы Құлбарақты өлтіріп, басын кесіп алып, олар мұны Сүйінғараның басы екен деп Хиуаның ханы Аллақұлға тарту етеді. Хан Құлбарақты танып, оның аруағын сыйлап, еліне қадірлі азамат екенін еске алып, жау да болса, оның зор атағына бас иіп: «Ақ жуып, арулап қойындар»,— деп жарлық берген дейді. Ал Құлбарақтың аруағы екі жерде де ел алдында үлкен сыйға бөленіп, оған тағзым етіледі. Сисен-атада жатқан Құлбарақ мазарына әйет оқымай, құлшылық етпей өту күнә. Оның басын әкеліп, осы жерге қою жөніңде әңгіме болғанда, Хиуа жеріндегі елдер бұған келісімін бермей: «Құлбарақ біздің жерде де әулие саналады, біздің піріміз, ел құрметтейді» деген соң көнуге тура келген.
Бұл қырғын жөнінде адайдың ақыны Абыл жыраудың үлкен жоқтау-толғауы ел арасында осы күнге дейін айтылып жүр. Осы шығармада кімдер батырлық көрсетіп, жау қолынан қаза тапқаны дәріптеліп, халықты жұбатып, көңіл айтуы өте қайғылы түрде берілсе, ел қорғаудағы жас ұрпаққа өнеге, тәрбие ретінде айтқан ғибраттары да өте есте қаларлық.
Маңқыстау елі Хиуа хандығымен, оның қолшоқпары болған түрікмен шапқыншыларымен XVIII ғасырдың басынан, XX ғасырдың 20-шы жылдарына дейін күресіп келген. Осылардан тағы бір болған оқиғаны еске алсақ:
Бір жылдары түрікмендер Хиуа ханының айтақтауына елігіп, жорық жасап, Қаратаудың маңына дейін жетіп, көп ауылдарды ойрандап, қыруар тұтқын, мал мүлік алып кетіпті. Түрікмендер қыздарды бұрымдарынан матап, ұлдарды көгендеп, әйелдер мен ерлерді малға қосып жаяу айдапты. Содан Қараған — Босаға құдығына келіп, айнала күзет қойып, олжалары мен тұтқындарын бөлісуге кірісіпті.
Маңқыстау елі қолына қару ұстайтын еркек атаулыны Қамысбай қауымына жинап, жау сүрлеуін қапталға алып, шұбай жөнеліпті. Көк мойнақ сәйгүліктеріне мінген барлаушылар жаудың бағытын біліп отырып, алдын орап, лап қойып, таудың шығыс бауырында оларды қамауға алыпты. Қол бастаған Балуанияз, Балтеке, Мәмбетияз, Тұрмамбет батырлар төрт топ жаумен кескілесіп, түс қайта жеңіске жетіп, жесірлерді құтқарып, Балуанияз:
—Уа халқым, түгелдендіңдер ме?— дегенде, бір әйел:
—Емізулі балам жоқ!— деп зарлапты.
—Апырмай ешкім құтылып кетпеген сияқты еді, іздеңдер,— дейді. Сөйткенше тау қосқаннан шыға қашқан бір аттыны көріп, Балуанияз:
—Шап, Балтеке, тірідей алып кел!— деген екен.
Балтеке қуып жетіп, найзаласуға ыңғайланғанда, түрікмен атып жіберіпті. Балтекенің атының ойнап шыға келгенін көрген Балуанияз, атына қарғып мініп, қуып жеткенде, түрікмен бұдан көп сескенбейді. Балуанияз: «Тоқта, жекпе жек»,— деп қылышын суырып алғанда, мұны да атуға ыңғайланады. Балуанияз оның қойнынан шығарып жатқан мылтығын байқап қалып, садағын бұл да тартып үлгереді. Екі аттың иесіз ойнап шыға келгенін көрген Тұрмамбет: «Қапыда кеткен бауырым, ызғындай қолды жеңіп, бір қарақшының қаруынан мерт болдың ба?» деп егіледі.
Түрікменнің қолтығынан оқ тиіп, жанталасып жатса да, бес-алты қадамдай жерде жатқан ағылшын маузеріне жетуге тырысып, жете алмапты. Есік пен төрдей жерде өзіне қарай көзінен от шашып, жылжып келе жатқан жауынан көз алмаған Балуанияздың да жақындауға шамасы келмепті. Бірақ ол:
—Әй, Көпенұғылы, өлмейтін ешкім жоқ, міне, қазір екеуміз де өлеміз. Мен елімді, жерімді, қатын баламды қорғап, азаматтық борышымды орындап өлдім деймін, сен не үшін өлдім дейсің, қарабет! Ата-анаң, әйелің сендей қанішерді не деп жоқтайды?»— дегенде, ол:
—Батыр, тірі қалсаң, ұшқан құсқа болса да: «Бөрте батыр ақырет жолына аттанды» деп, көп Жәуміттің біріне жеткізерсің. Мұсылманбыз ғой, ит-құсқа жем қылмай, жерлетерсің,— деп жан тапсырыпты.
Балуанияз өлі бітіп, аспан айналып, дүние төңкеріліп бара жатқандай, есі кіресілі-шығасылы жатқанда, Тұрмамбет пен Мәмбетияз келіп жетіп:
— Ардақтым менің,— деп аттан өкіре түскен Тұрмамбет басын көтеріп, киімін жеңілдетіп, сауыттың ілгектерін ағытып, қанша әлек болғанмен, көз жанары сөніп бара жатқан Балуанияздың: «Менің құлағыма іңгәлап жылаған баланың дауысы естіледі, осы маңды қараңдар»,— деуге ғана шамасы жетіпті. Бірақ айналадан бала табылмайды. Өліп қалған түрікменнің арқасында томпайып жатқан бір нәрсені байқаған Мәмбетияз қылышпен киімін тіліп қараса, тұншығып, өлімші болып жатқан бала екен.
Кейіннен анықталғандай, Бөрте Хиуа ханына қазақтың 40 баласын тұтқындап әкелуге уәде беріп, оның қарымтасына ағылшын маузерін алған көрінеді. «Жортуылшы басы жолда қалады» дегендей, бұл жорықта екі жақтан да көп адам қырылып, бүкіл алқап бойы қан сасыпты.
Бұл қайғылы қасіретке жыл толғанда Балуанияз бен Балтекенің асы беріліп, бастарына күмбез көтеріліпті. Жиын тарқағасын Тұрмамбет (қауым басына үйімен көшіп келген екен):— Түнде түс көрдім, 20 жылдай қарулас болған досым Балуанияз кетпеші деді, мен «болсын» дедім, қазір ауырып отырмын, ертең маған да уақыт болар деп есептеймін, қамдана беріңдер,— депті. Содан үшінші күні бұл да қайтыс болыпты. Осы батырларға қойылған ескерткіш құлпытастар бетіне 1845 деген жыл белгісі қойылыпты.
Қазынасына олжа, гареміне қыз, есік алдына ұстайтын күл күтіп отырған хан хабарсыз кеткен жасақ жайын естіп, қайтадан кек алуға жорық ұйымдастырыпты. Осы кезде Кетікке (Форт Ново-Петровскіге) бекініс салған патша әскеріне, адайлардың да көп иліге қоймаған уақыты екен. Дегенмен, олардан қатты тықсыру да көрмеген.
Маңқыстау қазақтарының орысқа жақындап бара жатқанын Хиуа хандығы қызғанып, біржола бағындыру үшін 400-дей жәуміт түрікмендерін аттандырыпты. Олар Қаратау алдындағы, Бекі, Сәубет жерінде елді тонап жатқанда, қазақтар орыс әскеріне хабар жіберіп, көмек сұрайды. Олар түрікмендерді жеңіп, жартысын қырып, Дуанбегі бастаған біразын қолға түсірген. Орыс әскерлерінен де өлгендері болған. Оларға сол жердегі қазақтардың күшімен 1848 жылы ескерткіш орнатылады. Ол Сәубеттен шығысқа қарай жүргенде алыс емес, «көпір тамы» деп аталып, осы күнге дейін сақталған.
Маңқыстау қазақтарының естеліктерінде, әсіресе Хиуа хандығымен, түрікмен шапқыншыларымен жауласып жүрген кездерінде ел ішіне тараған мынадай аңыз халық жадында қалған:— Түрікмендердің арғы аталары Сейілхан мен қазақтардың атасы Жайылхан егіз болып дүниеге келіпті-мыс. Екеуінің арқасы бір-біріне жабысып, бітеу туғандықтан, әуелі олардың кіндігін кесіп, содан кейін қылышпен арқасын айырған. Сонда екі бала да «аһ» деп дауыстап жіберіпті,дейді. Осыны естіген әкесі «япырмай, бұлардың арасына қылыш жүрді, өмір бойы жауласып өтпесе игі еді» деп жорамал жасапты дейді.
Мұндай аңыздың арғы жағында не жатқанын кім білсін, дегенмен сол кезде бұл екі халық — түрікмендер мен қазақтардың арасында татулық болмағаны анық. Бұлар бір-біріне көп қасірет әкелген. Көптеген боздақтар өмірмен ерте қоштасса, балалар жетім қалып, әйелдер жесірліктің ауыр азабын тартқан.
Тарих бойынша 1731 жылы Әбілқайыр хан Ресей бодандығын алып, кіші Жүздің қазақтарын оның қарауына өткізген. Осылай бола тұрса да, бұдан бір ғасырдай артық уақыт өткенге дейін де Маңқыстау қазақтары Хиуа хандығына бағынып, оған салық төлеп тұрған деген де деректер бар екенін білеміз. Осыған қарағанда ақ патша да, Әбілқайыр да Маңқыстау елін өздеріне толық бағындыра алмағанға ұқсайды. Оған біріншіден, жердің шалғайлығы себеп болса, екіншіден, бұл елдің патшаға бағына қоюға аса құлқы да болмаса керек. Ал патша үкіметінің Маңқыстаудың қазақтарын бағындыруы бұдан бір ғасыр өткеннен кейін ғана, 1846 жылы Форт-Новопетровск, қазіргі Форт-Шевченко деген атпен бекініс салған уақыттан басталған. Осыдан он бір жылдан кейін, 1857 жылы ол Форт-Александровск деп аталады. 1882 жылы Шевченкоға осы қалада ескерткіш орнатылған. Осыған қарағанда, бұл қалаға ақ патшасы болсын, қызыл империясы болсын бірнеше рет ат бергені белгілі. Патша үкіметі құлағаннан кейін, кеңес үкіметі бекініске қызылдардың атақты бастықтарының бірі Урицкийдің атын, кейін оны да місе тұтпай, 1939 жылы Шевченконың атын берді. Шевченко осы жерде 7 жыл өмірін өткізгенде, қазақтар үшін қандай еңбек сіңірді деген сұраққа, нақтылы жауап табу да қиын-ау, сірә.
Маңқыстау өңірінде, сусыз шөл далада түйеден басқа еш нәрсе жоқ сияқты болып көрінгенімен, өзінің өзгешелігімен, таң қаларлық жәйттерімен адамға ой саларлық бір деректі айта кетсек артық болмас. Ол Н.Островскийдің «Өзіміз ғой, есептесерміз» (свои люди, сочтемся) деген қойылымы Мәскеудің үлкен театрында 1861 жылы ғана қойылса, Форт-Александровскіде бұдан он жылдай бұрын, яғни 1852 жылы «шымылдық ашқан» деп жазады жазушы марқұм С.Еркебаев. Бұның шындығына шұбалануға бола ма?
Патшалық Ресей қазақты қанша кеміткенімен, менсінбегенімен Қазақ жерінің стратегиялық жағдайына, оның елінің байлығына ертеден-ақ ден қойып, қызыққан. Сонау Бірінші Петр заманынан бастап олар Маңқыстау түбегіне небір зерттеушілерін, академиктерді, картографтарды, жазушыларды, суретшілерді, геологтар мен географтарын жіберіп отырған. Солардың арасында саяси сенімсіздер де бар еді. Бұлардың барлығы да арам ниетпен келмегендерімен, қазақ жерін отарлауға, патша үстемдігін жүргізуге, сахараның байлығын иемденуге әжептеуір еңбек еткендері белгілі.
Осының бір айғағы 1816 жылы Александр Бекович Черкасский Астрахань қаласы арқылы осы түбекке келіп, кеме тоқтайтын қолтық деп, «Әулие Петр»Александр бай бекінісін салған. Бірақ ол бекініс отыз жылдан кейін 1846 жылы Новопетровск бекінісін салғанда, Каспий теңізі деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалған.
Бұдан басқа да көптеген зерттеушілер 1731, 1764, 1798 жылдары бұл жерге аяқ басып, Маңқыстау қазақтарын бағындыру ойларында болғанмен, оны іске асыруға онша асықпай, Маңқыстау арқылы Орта Азияның кіндік тұсынан Хиуаға, Бұхараға шығуды кездеумен болды.
Патша үкіметі Маңқыстау түбегіне бекініс салмастан бұрынырақта Орынбор, Уральск жағынан Маңқыстауға шығу үшін бірнеше мәрте әрекет жасағаны тарихтан аян. Қазіргі Атырау қаласы арқылы, Жайық өзені бойын билігіне алғаннан кейін, Орынбор, Уральск жағынан Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойымен Үстіртке қарай шығу мақсатын ойлаған. Жергілікті халық бұған да қарсылық көрсетіп, бірнеше рет ел ішінде кішігірім көтерілістер, қарсылықтар, қақтығыстар болып тұрған. Сол себепті олар Жем өзенінен өтіп кете алмай, Жыла қойса (Қаңбақты деп те айтады) деген балық өндірісін Жемнің төменгі сағасына, Каспий теңізінің жағасына салумен шектелген. Бұл жөнінде жазылып қалдырылған мәліметтер жоқ, бар болған күнде де оны қайдан табуға болатыны белгісіз. Бұл елді мекен 1930 жылдары Жылыой ауданының орталығы болған. Каспий теңізінің тартылуына байланысты аудан орталығы қазіргі Қосшағыл мұнай кенішіне көшірілген.
Әйткенмен, ел аузында қалған, ақын-жыраулардың шығармаларында сақталған естеліктерден анықталады. Бұған дәлел Жем бойында туып өскен Бала Ораз ақынның Жетісудың ақын қызы Жібекпен айтысында бар. Ораз патша отаршыларына қарсы күрескен ел батырларын мадақтап мақтан етіп: «Төремұрат, Нарынбай, Өтен сынды ерлерім» дегенде, Жібек:«Төремұрат, Нарынбай, Өтен сынды ерлерің, Қолыңнан бар ма еді көмгенің?»—деп олардың патша үкіметі басқыншыларының қолынан қаза тапқандығын баяндайды. Сол Өтен батырдың шикі балшықтан соққан кішкентай бейіті Құлсары өндірісінің батыс жағындағы 10-15 шақырымдай жерде, екінші дүние жүзілік соғыс кезінде бар болатын, оны өзіміз көргенбіз.
Ал Төремұрат болса, ол атақты Кұрманғазы күйші күй арнаған батыр.
Маңқыстаудың тұс-тұсынан түгел көз алартқан жаулардың, шапқыншылардың, барымташылардың бәріне көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қарсы тұрып, ел азаттығын көксеген, өжеттік үлгісін көрсете білген, қайсар халық, елдің егемендігі мен тендігі үшін төгілген қанды ескерусіз, елеусіз қалдырмаған.
Маңқыстау топырағындағы әр белгі, көп жерлерде «қырғын» деп аталатын қауымдар ел үшін төгілген қан мен ол үшін күрескен ерлерге арналған ескерткіштер десек болады.
Атамекенді қорғауда, жаудан елді азат етуде ерлік көрсетіп, атақ-даңқтары жайылған Атақозы, Есен, Ақпан, Шотан, Қонай ерліктері, бұдан кейінгі жер мен елге көз алартқан басқыншыларға жанталаса қарсы тұрып, жандарын пида еткен Сүйінғара, Қармыс, Құлбарақ, Мыңбай, Мәмбетияз, Балуанияз, Төлеп, Шабай, Досан, Алғи тағы басқа осылар сияқты батыр бабаларымыздың ерліктері есте сақталарлықтай.
Қызыл империяның отызыншы жылдары халық арасына салған жауыздығы мен озбырлығына, елді жаппай күйзеліске ұшыратқанына шыдай алмай қарсы тұрып, жағаласқандардың бәрі де осы елден болатын. (Кейінірек біздің әңгімеміздің сабағы да, өзегі де осы жөнінде болмақ).
Өткенді былай қойғанда, кеше ғана империяның жендеттері бүкіл халықты ұлтшыл деп әшкерелеп, әлеуметтік, экономикалық кемсітушілікке ұшыратқанда, заманның қиын кезеңінде де бүгежектемей бас көтергендердің бірі де осы өлкеден, Жаңа-Өзен қаласынан шыққан. Қазақтардың басына патша үкіметі тұсында да, қызыл империяның қызыл көз алпауыттары билеген кезде де қара бұлт түнермей тұрған шағы өте аз болды. Соларға төтеп беріп, өздерінің ойын, пікірін ашық айтып, болмай бара жатқанда қарсы тұрған кездері де болмай қалған жоқ. 1979 жылы Ақмоланы бөліп алып, біреулерге сыйлаймыз, Қазақстанның қақ ортасынан бөлек үй тігіп, автономия құрамыз дегенде де, 1986 жылғы Желтоқсандағы солақай саясатқа да көрсетілген қарсылық осыны паш етеді.
Қазіргі уақытта әр кімдердің аузынан шығып жүрген қазақтың қанына сіңген әдетіне, елдігіне жатпайтын ыңғайсыз сөздер, пікірлер бар. Олар: «Осы күні қазақ жастарында патриоттық сезім, ел қорғауға ынта жоқтың қасы» деп айтып қалып жүр. Мұндай қазақтар, әсіресе әскер қатарынан қашып жүрген, немесе уақытша мол байлыққа қолы жетіп, «өзінен басқа неме жоқ, су үстінде кеме жоқ» деп кеудесіне нан пісіп жүрген бір азғантай, ақылдары қысқалау, қазақ тарихын білмейтін, оны оқымайтын, тілге шорқақтар болмаса, жалпы жастардың ішінде ел қамын ойламайтын, ұлттық сезімі жоқтар бар дегенге сену қиын. Құдай сақтасын деп айтайын, ел басына ауыр жағдай туған күнде ел қорғауға белсене қатынасатын жастар бізде баршылық.
Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы Сырым Датұлы бастаған күрес Ақтөбе, Торғай жерлерін, Ырғыз өңірін, Ор, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын, Жем өзенінің жоғарғы басын қамтыса, осындай күрес бұл жерлерде Есет Көтібарұлының, осымен шамалас мезгілінде Кенесары Қасымұлының да атын қалдырған. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі де осы жерлерде болғаны соның айғағы.
Осындай қарсылықтар 1870-1874 жылдары да өзінің заңды жалғасын тапты. Ол бүкіл Маңқыстау түбегін, Хиуа жерін шарпыған Тәжіұлы Досан батыр бастаған халық көтерілісі. Бұл «Адай көтерілісі» деп аталған. Бірақ тоталитарлық заманның жәдігөй қолшоқпарлары мұны орысқа қарсы әрекет деп тауып, оған ұлтшылдық сипат беріп, бүкіл халықты, ел ардақтыларын, тәуелсіздікті аңсаған қолбасшы батырларды айтуға, дәріптеуге тыйым салынды. Олар тарихтан аластатылды. Шынында, Досан батыр бастаған бұл көтеріліс алым-салықты көбейтіп, елді күйзеліске ұшыратқан патша үкіметінің «уақытша ережесінің» озбырлығына қарсы басталған ең бір күрделі ұлт-азаттық қозғалыс ету 1869 жылы Маңқыстау үйезі приставының бастығы подполковник Рукин деген елден алатын алым-салықты үш есеге көбейтіп, екі жылдың салығын бір жылдың ішінде жинауға шешім шығарып, оны орындауға кіріседі. Ол патша үкіметінің «уақытша ережесіне» сәйкес, елді болысқа, ауылға бөліп, от басын қатаң есепке алып, жерді мемлекеттік меншік деп есептеп, жергілікті халықты өте қиын қасіретке ұшыратады. Салық төлеген құжаты болмаса, елдің жайлауға көшуіне де рұқсат бермейді. Рукиннің бұл зорлығына, істеген озбырлығына, үстемдігіне жергілікті ел басшылары да қосылып, қысымшылықты күшейтеді. Осындай отаршылдық, әлеуметтік саяси жағдайдың асқынып, елді күйзеліске ұшыратуы, халықтың бас көтеріп, қарсы шығуына әкеліп соғады. Ел арасы бұзылып, салық төлеуден бас тарта бастайды. Қара халық көшіп-қонуды көбейтіп, кейбір ауылдар орталықтан алысырақ үстірттің шеткері жақтарына жасырынады. Осы әрекеттен сескенген Рукин және патша саясатына икемделген ел басшылары жаңа ғана басталып жатқан қарсылықты басып тастауға шығады. Рукин әскері Форт-Александровскінің терістік бетінен 30-40 шақырым Үшауыз деген жерде, Бозашыдағы балықшылар мен шаруаларды басқарған Досан Тәжіұлы, Қаратау, Ақтау шаруаларының басшысы Иса Тілепбайұлы бастаған 400-дей көтерілісшілермен кездеседі. Өзінің күшінің аздығын байқаған Рукин айлаға көшіп, көтерілісшілерді келісімге шақырады. Рукиннің бұл айласына түсінген Досан бірден шабуылға шығып, Рукинді және оны қолдаушы би Маяұлы Баймамбетті әлтіреді. Тағы басқа көптеген жасағынан айрылып Рукиннің қалған әскері қашып, Форт-Александровскі бекінісіне тығылады. Досанның тобына Иса, Сүгір, Шабай балалары, тағы басқалар өз адамдарымен қосылып, 1870 жылы сәуір айының басында Форт-Александровск маңына бірнеше мың көтерілісшілер жиналып, қаланы қоршауға алады. Бірнеше рет үлкен соғыс болады. Көтерілісшілердің ерлік көрсетіп, шабуылға шығуы іске аспайды. Бұған олардың қаруының жеткіліксіздігі мен сапасыздығы, тек қана айбалта, қылыштан, найзадан басқа қаруларының жоқтығы кесірін тигізді. Көп кісілерінен айрылып, Форт-Александровскіні ала алмайды.
Бұдан кейін Форт-Александровскідегі патша өкілдерінің сұрауымен Ресейдің жер-жерінен, Кавказдан, Астраханнан көмекке әскер жіберіліп, олар көтерілісшілердің соңына түседі. Үстірт үстінде бірнеше қақтығыстар болады. Соның салдарынан бейбіт халық, көшіп жүрген ауылдар зардап шегеді, малы тоналады, бала-шаға, кемпір-шалдар қырғынға ұшырайды. Көтерілісшілер Үстірт үстінің жерін, жолын жақсы білгендіктің арқасында қаша соғысып, Үстірттің шөл даласына шығып кетеді.
Естеліктерге сүйеніп, еске алсақ және әр уақыттарда қағаз бетіне түсіп жүрген деректерге көз жіберсек, жазалаушылар бүкіл Маңқыстау жерінде қазақтарды жаппай жазалаған. Олардың көтеріліске қатысы бар ма, жоқ па оны олар елеп-ескермеген. Көзіне көрініп, кездескен қазақтардың барлығын жау деп есептеген. Енді солардан бір-екі мысал келтірсек.
1870 жылы қыркүйек айының басында жазалаушылар көтерілісшілердің, олардан басқа да бөлек-бөлек өз жайымен көшіп жүрген бірнеше бейбіт ауылдардың соңына түсіп, оларды қанға бөктірді. Қияқты деген жердің маңында бір ауылды аяусыз жазалап, көптеген малдарын тонайды. Дауылша қойнауында отырған адайдың Қырықмылтық тармағының 20 адамын өлтіріп, үй мүліктерін өртеп, әйелдері мен қыздарын зорлап, сонан кейін атып тастаған. Сағыз өзені бойында, қазіргі Сағыз темір жол бекетінен төменірек, айдалада Ойылдан астық алып қайтуға бара жатқан керуеннің 350 түйесін тартып алып, дүние мүлкін тонап, 20 керуеншіні өлтіреді. Ел аузында мұндай қанішерлік көптеп. айтылып жүретін, қазір мұның да көбі ұмыт болған. Қайғыны уақыт жеңеді деген осыдан шыққан ғой.
Досаннан өшін алу мақсатымен патша басқыншылары халықты осылай аямай жазалайды. Жолдарында кездескен бейбіт ауылдарды түгін қалдырмай тонап, талқандап, кісілерін өлтіріп, әйелдерін зорлап, адам айтқысыз айуандық жасайды. Осыдан үріккен ел Маңқыстаудың түкпір-түкпіріне тығылып, малын, дүниесін тастап бас сауғалап кеткен.
Жазалаушылардың қанды шоқпарының зардабынан Маңқыстау халқы күйзеліске ұшырайды. Көптеген мал-мүліктері патша әскерінің қолына түседі. Адамдар шығыны көп болып, жергілікті халық ауыр қиыншылықты басынан кешірді.
Өкінішке орай, көтерілісшілердің шығындары жөнінде мағлұматтар жоқ, болған күнде де оны табу мүмкін емес. Патша отаршылары болсын, қызыл империяның үстемшілері болсын қарсыластарының шығынын көрсетпей жасырып, шындығын бүркемелеу бұлардың қанына сіңген әдеті. Ол осы күнге дейін созылып келе жатқан ауру. Бұл әсіресе, бейбіт халық жөнінде болса, оны елден жасыруда алдына жан салмайды. «Өтіріктің түбі бір тұтам» деген бұлардың басын ауыртпайды. Шіміркенбейді де.
1870-1874 жылдардағы халықтың шығынын әркімдер әр түрлі айтады. Ел аузындағы әңгімелерге қарасақ, біреулері мыңдап айтса, кейбіреулері одан да көбейтеді. Шындығына келсек, төрт жылға созылған бұл соғыста адайлар аса көп шығынға ұшырағаны анық. Біздің халық үшін бұл да бір құпия, бұны қай ұрпақ ашады, ол да белгісіз.
Басқыншылар көтерілісшілердің, бейбіт ауылдардың соңына түсіп, тұс-тұстан қыспаққа алады. Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінің, Үстірттің терістік жағынан патша әскері шығып, Досанның алдын кеседі. Осыдан көтерілісшілердің 3 мыңнан астам отбасы 1870 жылдың желтоқсан айында, қақаған қыстың ішінде, бет қарыған аязға, өкпеңнен өткен желге қарамай, Хиуа хандығының жеріне өтіп кетуге мәжбүр болады. Патша үкіметіне керегі де осы еді. Бұлар патшаға қарсы шыққан Досан тобын жоямыз деген сылтаумен Хиуаға деген өздерінің жымысқы саясатын іске асыруға мүмкіндік алды. «Патша үкіметінің қас жауы Досан және оның қолдаушылары Хиуа еліне де тыныштық бермейді. Сондықтан бұларға қатаң шара қолданып, Хиуа еліне көмектесеміз» деген сияқты қара ниетті саясатты желеу етіп, өздерінің отаршылдық ойын ақтағысы келгені айдай аян.
Досан және онымен бірге барған адайлар бұл өңірде қатты қиыншылық көрді, тыныштық таба алмады. Хиуа хандығы да бұларға қарсы тұрмағанмен, аяушылық білдіріп, жәрдем көрсетпеді, патша үкіметінің әскеріне де «кет әрі» деген жоқ.
1871-1874 жылдары патша әскері Досанның соңынан қалмай, Хиуа жерінде де бірнеше рет шайқасады. Дегенмен, патша әскерінің қыспағынан құтыла алмасын білген халық, «бөтен елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген халық даналығын еске алып, ол жерге тұрақтай алмай біртіндеп елге, Маңқыстауға орала бастайды. Досан өзінің аулымен Хиуа жерінде қалады. 1874 жылдың көктемінде ол Сам кұмының «Қосуық-Ишан» деген қауымына көшіп келеді. Сол жерде бұның соңына түскен подполковник Аничкин отряды Досанның аулына шабуыл жасап, бүкіл мал-мүлкін, бала-шағасын қолға түсіреді. Өзі ауылда болмай, кейіннен кездесіп, қатты қарсыласып, ауыр жараланып, тұтқынға түседі де, Гурьев қаласының абақтысына қамалады. Одан 1875 жылы қараша айында Форт-Александровскі абақтысына әкелінеді. Осы жерде үш ай бойы азапталып, жөндеттердің қолынан («аурудан») қаза табады. Батырдың сүйегі Қаратөбе деп аталатын өз жайлауына жерленеді.
Кейбір құжаттарға қарағанда және естеліктерде осы көтеріліске белсенді түрде қатынасқан Алғи Жолмағанбетұлы, Дихан Өтепұлы, Шүрен Иманұлы, Демесін Жиенбайұлы, Әлібай Сүтембайұлы жеті жылға Сібірге жер аударылады. Алғи мен Дихан «қашып бара жатқан жерінде» оққа ұшады. Сүгір Шабайұлы мен Өтеген Итемгенұлы сотқа дейін абақтыда қайтыс болған.
Досан ғасырлар бойы азаттық аңсаған өз халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, шыбын жанын пида еткен ел перзенттерінің ең көрнектілерінің бірінен саналады. Ол кісінің батырлығы, батылдығы, орасан зор күштің иесі екендігі ел ішінде аңызға айналған. Өкінішке орай, бұл азамат та еске алынып, ескерілмей келе жатқан қазақ халқының көп арыстарының бірі.
Дихан жөне Сүгір атақты адай батырлары Өтеп пен Шабайдың ұрпақтары. «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деген қағиданы бұл бабаларымыз да жалғастырған. Ойлағандарың іске асыра алмай, дегендеріне жете алмай, ел үшін, жер үшін, сары бала, қара қазанның қамы үшін шейіт болып, арманда кеткен ардақты азаматтар.
Патша үкіметі Маңқыстау өлкесін толықтай бағындырып, Форт-Александровскідегі бекінісін бекітіп, Ресейдің түкпір-түкпірінен, Астрахань, Гурьев қалаларынан орыс балықшыларын Форт-Александровскінің түбіндегі Николаевскіге орналастыра бастайды. Жергілікті халықтың басқа мүмкіншілігі болмағандықтан патша саясатына бас июге мәжбүр болады.
Сонымен қайғылы аяқталған күрестердің тағы біреуінің осындай қиын жағдайда өзінің өміршең қарсылығын тоқтата тұруына тура келді. Жапа шеккен халықтың ойында тек қана ыза мен кек қалды. Бұны іске асыру келер ұрпақтың қолынан келетін шығар деп олар үміт етті, бірақ бұдан да ештеме шықпайтынын ол кезде ешкім де білген жоқ. Осыдан кейін жарты ғасырдан асар-аспастай уақыт өтпей-ақ тап осындай қайғылы қасіреттің тағы да бір айналып соғатынын кім білген.
Сонымен, патшалық Ресей өзінің тағы бір отаршылдық мақсатын Маңқыстау жерінде күшпен орындап болғаннан кейін, өзінің алпауыттық ниетін одан әрі жалғастыруға бет алғаны байқалады. Ол — Хиуа арқылы Орта Азияға, Бұхара, Самарқанд қалаларына, одан да әрі шығу еді. Осы жайында тарихта болған бір уақиғаны айтып кетсек те жеткілікті болар.
1875 жылдары Маңқыстаудан тура Үстірттің үстімен 90 түйемен жергілікті халықтан 9 түйеші алып, орыс отряды Хиуаға жол тартады. Осы отрядтың ішінде зорлықпен жолбасшылыққа алынған адайдың атақты күйші-домбырашысы Есір Айшуақұлы да бар еді. Есірдің осы жөнінде шығарған «90 түйе, тоғыз түйеші», Хиуадан аман-сау босанып, елге қайтарда қуанып шығарған «Ақжарма» сияқты, тағы басқа да бірнеше күйлері бұл күндері республика көлемінде кеңінен орындалып жүр.
III ТАРАУ
Жоғарыда айтқан «Адай көтерілісі» немесе Досан батыр бастаған патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілістен кейін Маңқыстау қазақтары өткен кездегідей қайғылы қасіретке ұшыраған жоқ. Дегенмен патша үкіметінің неше түрлі тауқыметін тартты. Оның озбырлығын, халыққа істеген зорлығын, кемітушілігін, менмендігін айтып жеткізу мүмкін емес. Осының үстіне, 10-15 жылда бір айналып соғатын жұт тауқыметі де қылаң беріп, сорлы халықтың соңынан қалмай-ақ қойды.
Әйткенмен де осы ғасырдың басында адайлардың мал-жаны өсті. Досан батыр бастаған көтерілістің салдарынан қоныс аударған халық өзінің туған жеріне қайтып оралды. Маңқыстау қазақтары шет жерлермен сауда-саттық жүргізді. Өздерінің өскен малының артығын, одан өнген өнімдерін Орынбор, Ақтөбе, Көкжар (Ойыл), Ішкі орда (Бөкейлік) жәрмеңкелеріне апарып, керекті киім-кешек, азық-түлікке ауыстырып отырды. Жылына екі рет Бесқалаға базарға шығып тұрды.
Осындай әлеуметтік, экономикалық жағдайының жақсаруының арқасында ұлан байтақ кең далада бейбіт өмір болды. Халықтың хал-ауқаты жақсарды, той тойлап, өлгеніне ас беріп, ескерткіш орнатып, құдайға құлшылық етіп, Мекке барып бас иіп, өмірдің тыныштығына бейімделді.
Дегенмен Досан көтерілісінің ызғары патша үкіметінің ойынан көпке дейін кетпегендіктен бе, әлде Александр II патшаның таққа отыру құрметіне қатынасқан қазақтарға тілмәш болған П.Неболсин, 1854 жылы шығарған «Жолаушының жазбалары» деген еңбегінде айтқандай: «Қырғыздардың ең бір шеткері, ең бір бас бұзар бөлігін адайлар яғни адай руының қырғыздары құрайды. Бұл ең көп рулардың бірі. Қазіргі күнде олардың саны 20 мың үйге дейін жетеді. Адайлар Маңқыстауда, Бозашы түбегінде, Каспий теңізінің кейбір аралдарында, бір бөлегі Үстіртте қыстайды. Бұл халық өте-мөте жанжал құмар, әрі тынышсыз» деп саналды. Осыған бір айғақ ретінде Ханжан ақсақалдың естелігін еске алсақ:
«Біздің басымыздан өткендерді ұрпақтарымыздың басына бермесін. Біз не көрмедік. Біздің орыстардан көрген жәбіріміздің шегі жоқ қой? Ол неден басталды дейсіндер ғой, ақ патша деп халық аспанға көтеретін патша, тек орыстардың патшасы ма деймін. Мына Долгий бір кезде шағын арал болатын. Қазақтардың көшпей қалған кедейлері қысы-жазы шиден тоқыған ауларымен балық аулап, қармақ салып, қатын-балаларын асырайтын. Тұщы суы мол, шағын да болса, жайылымы бар, қысы-жазы балығы құрттай қайнаған бай арал олардың ырысы дейтін байлар. Бірақ қазақтар оны сатып пайда таппайтын. Қаз, үйрек пен қу деген көз тұтатын. Қасқалдақты таяқпен соғып алатын.
Осындай байлығы бар тамаша аралды орыстар қайдан білді, білмеймін, бір күні қағаздатып, әрбір орыс отбасы мұздай қаруланып келіп, қазақтарды қуып шықты. Аралға жақын жерге ау төктірмеді, тұщы суға да жолатпады. Ол аз дегендей Долгийден солтүстікке қарай, Орлов, Кирел, Бұрынжық, Заворот сияқты орыс-армян поселкалары орнады да, мұз қоймалары мен пристань, лаваздары тұрғызылды. Балықтың ең ұйық жерлерін қоршап алды. Қазақ балықшыларын ол жерден шығандата қуды. Ауларын кесіп, кемелерін тесті. Үкімет орны біздің арыздарымызды тыңдамады. Осыған шыдамай мен бандылық жолына түстім. Ұрлық жасап, ауларын кестім, талай кемелерін суға батырдым. Бірақ ізімді жасыра да білдім. Орыстар «корсар Канжанка» деп, менен зәре құты қалмай қорқатын болды. Бірақ одан не пайда, жалғыздың үні шыққанмен, ісі өнбеді»,— дейді Ханжан ақсақал.
Осындай тынышсыз ел саналғандықтан ба, қажыға баруға да бұл өлке тұрғындарына қазақтың өзге жерлеріне қарағанда өте кеш рұқсат етілді. Дәлірек айтсақ, Маңқыстау қазақтары үшін бұл жағдай тіпті бертінде, XX ғасырдың басынан ғана басталған. 1902— 1911 жылдарда 78 Маңқыстаулықтар қажыға барғанын, Маңқыстау облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Зиада Ижанов өзінің 1995 жылы ақпанның 8-дегі «Ана тілі» газетінде жариялаған мақаласында айтқан. Ал 1892 жылдан 1898 жылға дейін берілген 37 кісінің арыздары қаралмай, аяқсыз қалған дейді. Әрине, бұл архив құжаттарынан алынған шындық екеніне күмән жоқ. Бірақ патша үкіметінің әділетсіздігінің талайын басынан өткізген адайлар бұған аса қапа болмаған сияқты. Олар өмірдің басқа тіршілігіне көңіл бөліп, өздерінің күн көріс шаруашылықтарымен айналысқан.
Мұндай бейбіт өмірді анда-санда болса да, Хиуа хандығының, түрікмендердің тентектері бұзып отырғанын айтпағанда, 1905 жылы Каспий теңізінің суы көтеріліп, жазғытұрым теңіз жағасында отырған көп ел топан судың астында қалды. Осы қасірет жөнінде Құрманғазы «Топан» атты күй шығарса, Қашаған жырау осы аттас үлкен толғау қалдырған. Қашаған осы шығармасында: «Ел байлыққа масайрап, мейманасы тасып, тәубасынан жаңылды, асып-тасқан байлыққа мас болған елге, бір тосқын дегендей, қасіретке тап болды»,— деп құдайға құлшылық етіп, тәубе етуге шақырды.
Қалай болғанмен де, тыныштықтың аты тыныштық, табиғаттың әкелген ауыртпалығы ұмытылып, жоғалғанның орны толып, ел бұрынғы қалпына қайта келе бастады. Осы ғасырдың бастапқы 10-20 жылдарының арасында, 1910 ит жылғы жұтты айтпағанда, Маңқыстау қазақтарының әлеуметтік шаруашылық жағдайы бұрынғыдан да жақсарды десек, өтірік болмайды. Мұны әр түрлі деректер де, естеліктер де растайды.
Қазақтар орыс патшасына бағынғаннан бұрын елді басқарған хандар мен сұлтандар қазақ халқының қамын ойлап, елдің мүддесіне бейімделіп, шет жерден келетін қауіп-қатерге, шапқыншылыққа қарсы тұруға, ел қорғауға көңіл бөліп, қол басқарып, қан, тер төкті. Сондықтан да бұларды халық сыйлап, айтқанына көніп, аңдағанына жүрді.
Ал отаршыл Ресей империясының қарауына кіріп, бодан болғаннан кейін, қазақ халқы неше түрлі кемітушілікке ұшырады. Олар қазақ жерінде мемлекет, тарих, әдебиет, мәдениет болмаған, сауатсыз, жартылай жабайы, бұратана халық деп ат қойып, кемсітіп, менсінбей, өзінің отаршылдық саясатын жүргізіп бақты. Сол кездегі қазақ елін басқарған хан, сұлтандардың көбі патша үкіметінің шенін, шекпенін алғанына мәз болып, көңілдеріне шайтан кірді. Патша әкімшілігіне қалай жағамыз деп, олар тастаған сүйекті таласып-тармасып иемденуге бар күшін салды. Сол үшін халқын да, туысын да, зиялы азаматтарын да құрбандыққа шалудан тайынбады.
Патша үкіметінің отаршыл саясатына қарсы шығып, елдің тәуелсіздігін аңсаған, халқы ақ киізге көтеріп хан сайлаған Кенесары, болмаса ел ардақтылары Исатай, Махамбет, Есет Көтібарұлы тағы осылар сияқты XIX ғасырдың атақты, азулы азаматтары қуғын-сүргінге ұшырады, оларды қырып жойды, түбіне жетті. Бұларды кұрту жолында патша жендеттерінен көмегін аяған жоқ.
Осыған шыдап баққан сорлы қазақ сілімтігін сүйретіп келген Қазан төңкерісін байқамай да қалды. Большевиктер басқарып, іске асырған бұл зұлмат халықтың басына түскен қиыншылықты шебер пайдаланып, еңбекшілерге жел беріп жасаған бүлігі екенін түсінбеді. Қызыл империя 70 жылдан аса халықтың бостандығына жол бермей, сана сезімін, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшелігін, қасиетін жоюға бар күшін салып бақты. Мұның бәріне кейін ғана көзі жетіп, түсініп, бұрынғы патша озбырлығына халық жылап көріскендей болды.
Қазан төңкерісінің бастапқы кезінде большевиктердің көпірме үгітіне еріп, «патшаның тауқыметінен құтылдық, тәуелсіз ел боламыз, бозторғай қой үстіне жұмыртқалап, тыныштық орнайды» деп бөркін аспанға атып, қуанғаны да шындық. Бірақ бұлардың айтқандарының барлығы істеген істерімен сәйкес келмей, көбі жел сез болып шықты. Күннен күнге өздерінің озбырлығын асыра түсті. Халықты алдап, алаңдатуға бар күшін салды және оны өте шебер пайдаланды. Өздерінің саясатын шөл даланың сағымындай халықтың алдына көлбеңдетіп, бірақ еш уақытта жете алмайтындай етіп көрсетті. Алтайдың қызыл түлкісіндей бұлаңдап, анда-санда бір шалдырған болып, дәмелендіріп барып ұстатпай құтылып, алдаумен болды.
Дегенмен, осындай жалаң саясаттың арасында аз да болса, жасаған игі істері де болмай қалған жоқ. Мұны айтпай кету де, еске алмау да әділеттікке жатпайтынын ескеру қажет.
Осындай жақсылықтың бір нышаны ол — кеңес үкіметі тұсында қазақ халқы жаппай сауатын ашты, білім алды. Алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кірді. Қазақтардың арасынан неше түрлі мамандықты меңгерген азаматтар шықты. Бұлар өздерінің мамандығы жөнінен, білім деңгейінен ешбір елдің азаматтарынан кем болмағанымен, бұл білім бір жақты ғана пайдаға асқаны да анық. Өз елінің мұқтажына пайдалануға мүмкіншілік болмады. Қызыл империяның мүддесін орындап, оның жоғын жоқтады. Большевиктер партиясының, кеңес үкіметінің саясаты қазақ елі үшін, бұрынғы патша үкіметінің саясатынан да сорақы болды десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан шикізат қана өндіруші жартылай отар аймақ деңгейінен шыға алмады.
Біздің ерме, жаңашыл қазекең осындай солақай саясатқа қарсы тұрмақ былай тұрсын, оған кұрттай да болса наразылығын да айта алмай, орыс тілін білмесең, аштан өліп, көштен қаласын деп балаларын орыс мектебіне қарай жетектеді. Осы жөнінде көршіміз өзбек ағайындардың жасап жатқан тіршілігіне де көңіл бөлмеді.
Қазақ әдебиетін, тарихын, бұрынғы әдет-ғұрыпты, ата дәстүрін дәріптейтін оқулықтар, шығармалар жазу түгілі, айтуға да болмады. Аз-мұз жазылғандарын жастар оқи алмады, осының салдарынан өткен ұмытылып, партияның, кеңес үкіметінің солақай саясаты дәріптелді. Мұндай саясат қазақтың бірқатар азаматтарының әмірге көзқарасын өзгертіп, олардың ой-өрісіне теріс ықпал енгізбей қоймады.
Қазақтың кертартпалығы, ермелігі, ел басқарушыларының алаңдаған пұшайман мінезі, оған қосымша большевик партиясының бір жақты солақай саясатының әсерінен қазақ тарихында болған ел ақындары, жыраулары, күйшілері, ел қорғаған батырлары, бұлардан кейінгі елге еңбегі сіңген, халық арасында үлкен беделге ие болған зиялы азаматтар ескерусіз қалды. Ауыл арасында, ақсақалдардың аузында болмаса, республика, одақ деңгейіне шыға алмады. Баспасөз беттерінде көрініп, айтылып жүргендері тек қана кеңес дәуірінде, сол идеологияға икемделіп, соның саясатына бейімделіп жұмыс жасағандар, солардың шоқпарын соққандар ғана болды. Бұлар марапатталды, партияның адал ұлдары атанды.
Мұндай жағдай Қазақстанның көп жерінде болды, ал Адай округі халықтарының зардап шегіп, жаппай жазаланып, қуғыншылыққа ұшыраған кездерінде халық үшін, елдің болашағы үшін партияға, кеңес үкіметінің орнауына ат салысып, жан аямай жұмыс жасаған зиялы, асыл азаматтарының көбі тасада қалды, ел басқару жұмысынан аластатылды, кейін аяусыз жазаға ұшырады. Бұл жаза ұзаққа созылды. Бұрынғы Адай көтерілісіне қатынасқандардың бірен-саран аман қалғандары 1937-1938 жылдары қайтадан жазаға тап болып, зардап шекті. Қаралаушы аппараттың ұзын құрығы туған жерінен қашып, шет жерлерге аштықтың, жалаңаштықтың, кемітушіліктің, қорлық пен зорлықтың ащы зарын тартқан жерлестерімізге ғана жете алмады. Олар Түрікменстанға, Қарақалпақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, тіпті шет елдерге Ауғанстанға, Иранға тарап кетті. Олар бұл жерлерге барғанша, барғаннан кейін де көп қиыншылықпен азап, аштық, жалаңаштық көріп, түрлі ауруларға шалдығып, қырылды. Мұндай сұмдықты біз соңғы кезде, еліміз тәуелсіздік алып, ағайындар елге оралып, араласа бастағаннан кейін ғана білдік. Бұған дейін бәрі де құпия ұсталды. «Шет елде туған туысқандарын тұра ма?»— деген сұрақ жұмысқа кіру үшін толтыратын құжаттарда болатынын көзіміз көрді. Осының барлығы ел тарихына зиянын тигізбей қойған жоқ. Сондықтан небір зиялы азаматтар, олардың елі үшін еткен ерең еңбектері уақыт керуенінің тасасында қалып, ұмыт болып барады.
IV ТАРАУ
Маңқыстау өлкесінің климаты өте қатаң болғанмен, бұл жерде ерте заманнан бері қарай тіршілік жалғасын тауып келеді. Жер көлемі қанша кең болғанымен, мекендеген халық онша көп болмаған. Халықтың нақтылы есебін алып, оның саны қанша болды деген сұраққа толық жауап беретін құжаттар жоқтың қасы. Жыл он екі ай көшіп жүретін елдің нақты есебін жүргізу де оңай болмаса керек. Дегенмен осы сұраққа жауап беретін мәліметтер жөнінде төменде әңгіме етеміз.
Бір естеліктерде 1895 жылдары Сыртқы Каспий губерниясының бастығы адай елінің шежіресі мен халқының саны жөнінде еңбек жазғаны белгілі. Бірақ оның қай тұрғыда жазылып, қаншалықты құндылығы бар екені жайында біздің мәліметіміз жоқ.
1925—1927 жылдарда СССР ғылым академиясының айырықша комитеті Одақ көлемінде одақтық, автономиялық республикалар бойынша зерттеулер жүргізген.
Осы айырықша комитеттің «Адай үйезінің қазақтары» деген Ә.Н.Бөкейхан еңбегінде:
«Адай үйезі Каспий теңізі мен Арал теңізінің аралығында 42 және 50 параллелінде орналасқан. Жер көлемі 303325 шаршы километр (1928 жылғы мәлімет бойынша 345200 шаршы километр). 1925 жылдың мәліметі бойынша Адай үйезінде 27 болыс, 216111 шаруашылық, 127798 адам, (1928 жылғы мәлімет бойынша 170 мыңнан астам), оның 66015 ерлер, 61183 әйелдер. Осы 27 болыстың Ойыл және Қазыбек болыстары таздар мен ысық рулары, олар ойыл маңын қоныстанған. Үш болыс шөмішті табын және адай 42 руларынан құралған. Бұлар үйездің шығыс бетінде орналасқан. Қалған 22 болыс адай рулары»,— деп көрсетіледі.
Ә.Н.Бөкейханның осы еңбегінде 27 болыстың қай жерлерді орналасқанын, қандай шаруашылықпен айналысқанын, болыстардың, ауылдардың қай рулардан тұратынын толық көрсеткен. Соның ішінде:
№ 19 Тұпқараған болысы Мұңал руы Кетік түбегінде (Форт Александровск).
№ 8, 9, 10 және 11 жеменей және жарылар Бозащы түбегінде.
№ 8 болыстың олжашы руының екі ауылы Қойғалы және Бабахай жерлерін мекендеген (Үстірт 24 меридиан).
№ 10 болыстың бір ауылы пұсырман және ырысалы (жетімектер) тармақтары Жем өзенінің оңтүстік сағасындағы Қарақұм бойын мекендеген, осы жерлерде көшіп қонған.
№ 11 болыстың екі ауылы Кенже руының Қойсары бөлімшесі жазда Кенжалы өзенінің бойын (Ойыл өзенінің бір саласы), Қонай бөлімшесі Сағыз өзенінің бойын жайлаған.
№ 4 болыстың ауылдары Қаратүлей мен Сам бойында көшіп қонған, осы болыстың бір ауылы Темір (Қарақамыс) елді мекенінің солтүстік бетін жайлаған.
№ 5 және № 6 болыстардың қосай, түрікмен адайлары қыста Қарабұғаздың терістік батыс бойында, жазда Сағыз өзеніне дейін көшіп қонған.
№ 5 болыстың екі ауылы Нұрбай және Есек (Қосай руының тармағы) Сағыз өзенінің солтүстігін Темір мен ойылдың (Көкжар) араларын жайлаған.
№ 1, 2 және № 3 болыстардың ауылдары Шерқала мен Мұғаджар, Қарақамыс маңайын жайлаған.
№ 14 болыстың бір ауылы Кетік маңында көшіп қонған, екі ауылы Өтес пен Қаратүлей аралығында (22-24 бойлықта, 44-46 ендікте) болған. Бір ауылы тобыш руының қараш тармағы Қобдаға дейін (параллель) Ақтөбе қаласына қарай көшіп, қыста Қарабұғазға дейін келген.
№ 13 болыстың жеменейлері — бегімбет, кедей, ақша кедей, қара кедей Қарақұм бойын мекендеген (Жем өзенінің оңтүстік сағасы), бір ауылы — шолақ тармағы жатақтар Бозашы түбегінің оңтүстік батысында егін шаруашылығымен айналысқан.
№ 20 болыстың қосай руы Тәңірберген тармағының бір ауылы
—Кетіктен 140 шақырымдай жерде Торыш төңірегінде (Ақтау мен Қаратау арасында) егін шаруашылығымен айналысқан, бір ауылы шалбар тармағы жатақтар Кетікте, Үш ауылы Таңғат (дұрысы Таңат), Құдайберген, Есембай тармақтары қыста Үстірт үстінде, жазда Ойылдың солтүстігіндегі Жакенді өзенінің бойын жайлаған.
Бес ауылдан құралған № 21 болыстың, бір ауылы ысық, жар болдардан құралған.
№ 14 болыстың екі ауылы өтептер Тұзбайыр, Сеңгірқұм, Аққуыс бойын (Маңқыстау ойы 44 параллель) қыстаған, бір ауылы (Есберді тармағы) Ырғызбай құдыққа (бойлығы 26 және ендігі 46) дейін көшіп қонған.
№ 22 болысы Тайсойған, Сағыз бойының жатақтары.
№ 24 болыстың ауылдары Сағыз өзені терістік бойының жатақтары.
№ 25 болысы Жылыой — Қосаның (Қанбақты) жатақтары.
№ 7 болыс алты ауылдан құралған, оның бір ауылы мамыртай, Жақай (жатақтар) Бөрібас маңында (бойлығы 24, ендігі 44) қоныстанған, үш ауылы — Әли, Жанғозы, Жантақ қыс кезінде Бөрібас, жазда Темір маңын жайлаған. Жанақ тармағы да қыста Бөрібасты, жазда Ойылдың шығыс бетін жайлаған.
Адай үйезі — Тайсойған — Сағыз, Шилі — Сағыз, Жем — Сағыз, Ойыл және Қазыбек — барлығы бес болыс жатақтар. 1.
Ә.Н.Бөкейханның адай өлкесін, оның халқын зерттеу еңбегі ғылым саласында. бұрын-соңды болмаған сияқты. Бұл еңбекте қай жерде қандай ұжымдар болғанын, оны қандай рулар қыстағанын, жайлағанын — барлығын да біршама дұрыс көрсеткен. Ру, жер аттарында жіберілген бірен-саран қателер бұл еңбектің құнын кемітпейді. Қателер еңбек орыс тілінде жазылғаннан болар деуге де болады.
Маңқыстауды қоныстанған қазақтар жөнінде бұдан бұрын да көптеген ғалымдардың топшыламалары болған. Бірақ Ә.Н.Бөкейханның еңбегі олардан өзгеше, бөлек дүние.
С.Н.Толстов, Н.А.Аристов, В.В.Бартольд, С.Аманжолов, В.В.Востров, Я.Г.Гуламов, Ә.Абдірахманов, С.Омарбеков, А.Медоевтердің шығармаларында, зерттеулерінде, әр түрлі пікірлер айтылған. Бірақ қазақтар қай мезгілде, қай жақтан келіп бұл ауыр климатты өлкені мекендегенін ашық айта алмаған, тек қана ғылыми жорамалдар жасаған.
Маңқыстау түбегі, Үстірт үсті XIX ғасырдың басынан бастап-ақ оқымыстылардың, зерттеушілердің назарында болған. Патша үкіметінің түрлі-түрлі жеңіл 4-5, 10-15 кісіден құралған барлаушыларының алғашқы аяқ басулары 1877 жылдардан басталғанға ұқсайды. Бірақ ешқандай өнімді еңбек жасап, жаңалық ашыпты деуге де болмайды. Дегенмен, олар зерттеген мағлұматтарына қарағанда, Маңқыстау өңірінде әр түрлі жер асты байлықтарының нышаны бар екенін айтып кеткен. Ол кездегі жол қиындығы, жер шалғайлығы тыңғылықты еш нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік бермеген. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де бұл мәселеге көзқарас онша болмаған. 1925-1934 жылдары үздік-үздік барлау жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыс екінші дүние жүзілік соғыс кезінде мүлдем тоқтаған. Жалғыз ғана Таушық елді мекенінде қоңыр көмір шығару және оны жергілікті жерде пайдалану жолға қойылып, соғысқа кеткен азаматтардың әйелдері мен балалары шахтада жұмыс жасаған.
Бір айта кететін жағдай неміс басқыншылары бұл жерде бір қымбат байлық бар екен деп ойлаған болу керек сол кезде екі рет бомбы тастағанын білеміз.
Жылыой ауданында Қосшағыл, Құлсары, Қаратон мұнай кеніштері отызыншы жылдардың аяғында ашылып, мұнай бере бастаған.
Маңқыстау жерінде елуінші жылдардың басынан бастап, одан кейінірек геолог барлаушылар тұрақты зерттеулер жүргізгенмен айтарлықтай нәтижеге жете алмады. Осының салдарынан әр түрлі пікірлер туып, бұл өңірде жер байлығы бар ма, жоқ па, деген күмән да пайда болған. Мұның басты себебі жердің шалғайлығы, жол қатынасының жоқтығы, судың тапшылығы, Үстірт үстінде елді мекендердің болмауы болса, қиыншылыққа төзе алмаған, кейбір мамандар оңай жерден олжа табуды да ұмытпай, үкімет қаржысын тиімді жұмыстарға пайдалануды тілге тиек еткен. Бұл жұмыс Қазақстанның жоғарғы партия, өкімет орындарында да әңгіме болып, көңіл бөліне бастады. Әсіресе, Қазақстан Ғылым академиясының басшысы академик Қаныш Сәтбаевтың басқаруымен 1949 жылдың 25-31 қаңтарында Гурьев (Атырау) қаласында республикалық ғылым академиясының көшпелі сессиясы болды. Бұл сессияға сол кездегі Одақтың шығыс аудандары жөніндегі мұнай өндірістік министрлігінің, химия өндірістік министрліктерінің өкілдері қатынасты.
Сессияда Батыс Қазақстанның өндіріс орындарындағы маңызды істерге көңіл бөлініп, соның ішінде Маңқыстаудың табиғи байлығын халық мүддесіне жарату мақсатына аса зор мән берілді. Сессияның пленарлық мәжілісіне бұл проблемалар жөнінде алты, мұнай сессиясында он екі ғылыми баяндамалар талқыланып, оларды іске асыру тұжырымдары қабылданды.
1956 жылы Атырауда (Гурьевте) геология және кен сақтау жөніндегі Одақтық және Республикалық министрліктердің, Республика ғылым академиясының бірлескен конференциясы өтті. Мұнда талқыланған 19 баяндаманың ерекшелігі — Маңқыстауда ашылған мұнай, газ кен орындарын толығынан меңгеріп, ізденіс, барлау жұмыстарын қарқынды және кеңінен алға бастырудың жобалары талқыланды. 2.
Осыған орай академик Губкин атындағы Одақтық ғылыми академияның мұнай институтының аға ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Саркисян Маңқыстау өңірінде мұнай кен орындарының бар екені жөніндегі Қаныш Имантайұлы болжамының дұрыстығын атап өтті.
Осындай байлықты игеруде ғылыми болжаудың қандай мәні болса, қажырлы еңбек етіп, тер төккен геологтардың, геофизиктердің, бұрғышылардың, жұмысшылардың, жергілікті халықтың еңбегінің жемісі де аз емес. Сондықтан жарты ғасыр бұрын осы жерге келіп, қиыншылықты жеңіп, із қалдырған қадірлі азаматтардың есімдерін атамай кетуге әсте болмас.
Жоғарыда айтып кеткендей, Маңқыстау өңірінде жүйелі зерттеу жұмысы елуінші жылдардың ортасынан басталды дедік. Осы уақыттан бастап, Маңқыстау байлығын ашуға Ембі мұнай өндірістерінде еңбек еткен көп мамандар тартылды. 1957 жылға дейін мұнай, газ іздестіру жұмысын жеңіл геофизикалық экспедициялар, көбінесе тайыз бұрғылау геологиялық барлаушылары атқарды. Бұлар көптеген мұнай, газ көздері бар деген жер қыртыстарын ашуда көп еңбек сіңірді.
Бірінші терең бұрғылау жұмысы 1957 жылы Маңқыстауда құрылған терең бұрғылау кеңсесінің ашылуымен басталды. Сол уақытта осы кеңсенің бастығы болып, Мәскеудегі академик Губкин атындағы мұнай институтының түлегі Есенов Зайлағи тағайындалды. Ол кезде Маңқыстаудағы бір ғана ауылшаруашылық ауданы, азғантай халқымен Гурьев облысына бағынатын. Орталығы Таушық елді мекені болды. Кеңсе де сонда орналасты. Түбектің қалған жері елсіз, қазіргі қалалар Жаңа-Өзен, Жетібай, Ақтау, Құрық ол уақытта жоқ. Үстірт үстінде, Маңқыстаудың ойында, жаз, қыс кезінде мал баққан ұжымшар малшыларынан басқа ешкім болған жоқ.
Екі жылдай осындай, елсіз далада қиыншылыққа төзіп, Маңқыстау өңірінің казіргі мұнай шыққан алқаптарының көпшілігін, соның ішінде Жетібай, Өзен, Теңге тағы басқа жерлерге бұрғы жіберіп, бұрғылау бағдарламаларында көрсетілген тереңдікке барлау жасағаны анық. Бірақ ол кездегі техниканың деңгейі төмен болғандықтан, жол қатынасының жоқтығынан, бар құрал-сайманды тасып жеткізетін темір жол жүйесінің болмағандығынан, мұнай жатқан жер қыртысына жете алмады. Дегенмен көптеген жаңалықтар ашты, қалың ұйқыда жатқан Маңқыстау байлығын оятуға үлкен үлес қосты. 3.Есенов коллективті мүлтіксіз басқарды. Қиын болса да, халық үшін пайдалы бастаманы аяқсыз қалдырмауға тырысты, бар күшін салды, бірақ «әттең тоңнын келтесі-ай» дегендей, ойлағанына жете алмады. 3 Дегенмен, Маңқыстаудағы мұнай байлығының ашылу тарихы осыдан басталды десек, қателеспейміз.
Есенов Зайлағидың басқа бір өзгешелігі, ол инженер, техниктерді былай қойғанда, қарауындағы қатардағы жай жұмысшылардың тұрмыс, жағдайларына, көңіл күйіне қатты көңіл бөлетін, көмегін аямайтын. Өзінен кіші бастықтардың жұмысшыларға жағдай жасамай, кішігірім қысымшылық жасағанын білсе, оларды өте қатал жауапкершілікке шақыратын. Жұмыс жасап жатқан бұрғышыларға келгенде, оны бүкіл жұмысшы қарсы алып, кұрметтейтін. Олардың әрқайсысына әдейі көңіл бөліп, өзінің құдай берген ақ жарқын мінезімен күлкілі әңгімелер айтып, көңілдерін көтеріп кететін. «Тіпті қазып жатқан буровойда, тезегішті өз қолына алып, он-жиырма минут жер қыртысына бойлап, рахаттанып қалатын еді»,— деп айтып отыратын жұмыстас жолдастары. Мұндай басшылар қазір де, ол кезде де өте сирек болатын.
Ол өте көпшіл, кішіпейіл, қандай болмасын жиындарда өте көңілді, өзін қарапайым ұстайтын. Ол отырған жер күлкісіз болмайтын, кезінде талай жиындарда асаба қызметін атқарып, халықтың көңілінен шыққанын да білеміз.
Ол он жылдай терең бұрғылау жұмысының төменгі сатысынан бастап, үлкен коллективен бастығына дейін өскен білімді инженер. Өзінің өткір тілімен, жасқанбай айтатын тік мінезімен қандай болмасын басшы әкімдердің алдында бүгежектемей, тура айтып талай рет жоғарғы орындарға тиісті мәселе қойып отыратыны басшыларға әрине ұнамайтын. Осыған байланысты болу керек, кейіннен кеңсенің орнына трест құрылғанда, бұған ол жұмысты қимады. Ол Құлсарыға келіп, терең бұрғылау экспедициясын басқарды. Бұл жерде де оның тұрғылықты жұмыс жасауына кедергілер болмай қалған жоқ. Осы экспедицияда екі рет бастық болып, кейін басқа жұмысқа ауысып кетті.
Қай уақытта болсын ол өзіне жүктелген іске шын көңілмен беріліп жұмыс жасады. Біреудің етегінен ұстап, жалбақтау оның пешенесіне жазылмаған азамат.
Зайлағидың алғырлығы, өте сауаттылығы сонау, 1948 жылы Гурьев мұнай техникумын бітіретін жылы байқалғанын анықтайтын мынадай бір оқиға болғанын еске алсақ. Сол жылы Зайлағиды облыстық партия комитетіне шақырып, оны облыстық комсомол комитетінің хатшылығына ұсынған. Барлық сатыларынан өтіп, енді конференция болайын деп тұрғанда, әңгіме басылып қалды. Оның әкесі 1930 жылдары халық жауы атанып, атылу жазасына кесілгені кедергі болғанын кейін білдік.
Ол өте бауырмал болатын. Қарабалин әулетінің берекетті дастарқанынан дәм татып, олардан көмек алмаған туған туыстары, дос жарандары аз болар. Зайлағидың туған ағасы Қарабалин Сүлеймен талай жетім-жесірлерге қол ұшын берген қадірлі ағамыз 46 жасында қайтыс болып, одан кейін жеңгеміз Ақзира дүние салып, Ұзақбай бастаған 9 бала жастай жетім қалғанда, ағадан қалған қамқорлықты өз мойнына алған Зайлағи бұлардың барлығының жоғарғы білім алып, ел қатарына қосылуына бар күшін салды.
Досқа адал, от басына жұғымды, үлкен жүректі қадірлі азамат 53 жасында бұл дүниеден өтті.
Маңқыстау өңірінде мұнай байлығының үлкен қоры барлығына барлау жұмысының нәтижесінде көзі жеткен Қазақстан ғылым академиясы тікелей мәселе көтеріп, партия, кеңес орындарының ұйғаруымен бұрғылау кеңсесінің орнына трест кұрып, оған басшылық етуді Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Москвадағы академик Губкин атындағы мұнай институтын тамамдаған Өзбекқалиев Халелге тапсырды. Трестің барлық керек-жарағын, инженер-техник қызметкерлерін қарт Ембінің мамандарымен толықтырды. Кездескен қиыншылықтарға, жер шалғайлығы мен жол қатынасының ауырлығына төзіп, аянбай еңбек етіп, көп кешікпей Жетібай жерінен мұнай фонтанын ашты. Бұл бүкіл Маңқыстау елінің мақтанышына айналды. Жергілікті халық та құлшына кірісіп, қолда бар мүмкіншіліктерін аяған жоқ.
Осындай жемісті еңбек еткен Өзбекқалиев Халел бастаған бірнеше басшы қызметкерлер Ленин сыйлығына ие болды. Ол осы өңірде 20 жылдай еңбек етіп, Жетібайдан басқа тағы бірнеше кен орындарын ашып, Маңқыстау атағын бүкіл Қазақстанға паш етті. Оның ерен еңбегі Ленин, тағы басқа ордендермен, бірнеше медальдармен марапатталды. 1970 жылдардың аяғына таман Қазақстан геология министрінің орынбасарлығына жоғарылатылды. Қазір құрметті зейнеткер.
Маңқыстау елі қызыл империяның озбырлығының талайын басынан өткергені аз болғандай, бұл нәубет Одақты Хрущев басқарған кезде де көрінбей қалған жоқ. Маңқыстау өңірінің байлығын қазақтар игере алмайды деген сылтаумен Түрікменстанға өткізіп жібере жаздағанын білеміз. Бұл ел еңсесін түсіріп, тағы бір қайғы әкелетіні анық еді. Хрушевтің «жылымығы» Қазақстан үшін жылы болған жоқ. Ташкентке жақын жердегі өте бай Бостандық ауданын, одан кейін Мырзашөл алқабындағы үш ауданды да оларға сыйға тартты. Бірақ құдай сақтап, бұлар өз игілігімізде қалды. Әйтпегенде бұрынғы одақтың басқа жерлеріндегідей дау-дамайға ұшырауымыз да мүмкін еді.
Мұндай озбырлықтың қазақтар үшін ертеден-ақ қолданылып келе жатқанын еске алсақ, 1929 жылы Адай округінің Қарабұғаз ауданын Түрікменстанға бергені де белгілі.
Бұған дейін Үстірт үстінде ел болмағанын айтқанбыз. Бірақ зерттеушілердің, геологиялық экспедициялардың қызметкерлері Үстірт үстінен, әсіресе Сам кұмдарына жақын жерлерден, тағы басқа осы сияқты Маңқыстаудың қиын түкпірлерінен бірен-саран көшпенді ауылдарды, 3-4 отбасын кездестіріп жүретінін айтатын. Бұлар әрине, басқа жерден келгендер емес, осы жердің байырғы қазақтары, бірақ оларды ол уақытта үкімет тарапынан ешкім іздемеген. Үкіметтің есебіне алуға ешкім көңіл бөлмеген». Сондықтан бұлар өкімет есебінде жоқ, өздерінің азғантай малдарымен күн көріп, өмір сүргендер. Олардың қоныстары — өлкенің адам бара алмайтын ең киын түкпірлері. Сол далада көшіп-қонып, елмен байланысы тек қана өз туыстарымен болмаса, басқалармен мүлде болмаған. Геологтармен кездесіп қалған уақыттары да болған, бірақ бұларға ашылып, ештеме айтпаған. Себебі бұлардан қорыққан. Осындай жасырын өмір сүріп, елден, жерден безген, қайғылы халық елуінші жылдарға дейін болғаны анық. Осындай қаңғығандар жөнінде аңыздар да, әр түрлі әңгімелер де ел ішінде қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың ортасына дейін айтылып жүретін. Бірақ ол кезде бұған ешкім мән бермейтін сияқты еді.
Бұл жөнінде 1948 жылы Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Үстірттің терістік шетіндегі Ұшқан мұнай барлау экспедициясына жұмысқа келгенде, байырғы жұмысшылардың айтып отыратынын естігенмін. Бірақ өз басымыз олармен кездескен жоқпыз.
1950 жылдарда елден, жерден бөлек, үкіметтің құрығынан алыс өмір сүргендер болыпты дегенге кім сенген. Қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрған шақта, Герман империясын жеңіп, жер жүзіне өзінің әміршіл үстемдігін жүргіземін деп, Айға ұмтылып тұрған кезінде, азғантай ауылдың шөл далада, бұлардың құзырынсыз, есебіне ілінбей жүруі шынында да адам сенгісіз жайт болатын. Бұларды осындай халге жеткізген осы үкіметтің өзінің тепкіні екенін мойындайтын ақиқаттың ауылы алыс болатын. Осындай қашып-пысып өмір сүрген ауылдардың шын жағдайына түсінетін ешкім болған жоқ. Бұларды білемін, көрдім деуге ешкімнің аузы бармайтын, «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» дегенді қатты жадында ұстаған. Дегенмен, сол кездегі бір ақсақалдың айтқанын еске алсақ, оның айтуынша: «Бұлар отызыншы жылдардағы жергілікті халықты еріксіз отырықшылыққа, ұжымшарға қауымдастырып, малдарын тәркілеп, оның арты Адай көтерілісіне ұласып, аяусыз жазаланғаннан кейін қуғыншылыққа ұшырап жер-жерге тарап кеткен. Одан қалғандары үкімет қаһарынан қорқып, осы күнге дейін Үстірт үстінде күңіреніп, жылап-сықтап күн кешкендер. Адай еліне 1931 жылғы көтерілістен кейін тыныш өмір сүру, өз жерінде, өз елінде жүру қиын болды, қиын емес мүмкіншілік болмады. Сондықтан мыңдаған отбасы тұс-тұсына қаңғырып кетті. Қарақалпақстанға, Түрікменстанға, Ресейге, Орынбор жағына, шет елдерге қоныс аударса, күн көрудің қиыншылығына, қуғыншылыққа ұшырағанына төзіп, шет жерге қоныс аудармай, азғантай ағайындарымен, туған жерден кете алмай, «өлсек осы жердің топырағында қалайық» деп, Үстірт үстіңде. Сам кұмының маңайында тозып жүргендердің болғаны рас. Бұлар үкімет құрығына ілінсе жақсылық, рақымшылық болмайтынын біледі, сондықтан ешкімге сенбейді, қорқыныш пен өкініш, өшпенділік пен ыза бұлардың есінен әлі күнге дейін кеткен жоқ. Жәй халық оларды біледі, қолынан келген көмегін аямайды, әсіресе, киім-кешек азық-түлікті, басқа керек-жарақты елден алып отырады». Жергілікті әкімшіліктер бұларды білмеді деуге болмайды. Олар да білген, бірақ оны жария етуге қорыққан. Егер үкімет орындарына айтып хабарласа, оның артында жатқан пәлесінен сескенді. Оларды шөл даладан, елсіз жерден іздеп табу бұлардың өздеріне жүктелетінін де біледі. Сондықтан ешкімге айтпауға тырысқан. Дегенмен Жылой ауданында Үстіртті жақсы білетін, ізшіл Санақ деген қарт адамға жол бастатып, көшпенділерді, бұлармен қоса соғыс кезіндегі әскерден жалтарған қашқындарды іздеп ішкі істер қызметкерлерінің бірнеше рет шыққанын естігенбіз. Бірақ ешқандай нәтиже шығара алмаған.
Марқұм Санақ ақсақал елуінші жылдардың басында дүние салды. Бұл кісі жөнінде ел ішінде аңыз қылып айтып отыратын. Үстіртті он саусағындай білетін, ол кісі қай жерде қандай құдық барын, сол сияқты жердің өзгешеліктерін, ескі құдықтарды, қауымдарды жақсы білетін еді дейді. Ол кісінің бір ерекшелігі «түнде аттанған жеріне, сол түнде қайта оралғанда, тұп-тура үстінен түсіретін еді» деп, бұрын милицияда жұмыс жасаған Қойман ағайдың айтқанын талай естігенмін.
Басшылар білсе де, білмеген болғанмен, халық олардан жасырды дегенмен, өмірдің қиыншылығы қашып-пысып қаңғырып жүрген бұл сорлылардың тұрмыс-тіршілігін күннен күнге төмендете түскен. Осыған шыдай алмай, шөл даланың азабынан құтылудың бір жолы өз еркімен елге оралып, үкімет құрығына мойын ұсынудан басқа жол жоқ деп шешім алған бір топ босқындардың жасаған тіршілігін көзіміз көріп, құлағымыз естіген. Енді соған тоқтап өтуді жөн деп есептедік.
Адай руының жеменей, оның сол тапалы тармағының азаматы, біздің жамағайынымыз Қолғанат деген кісі 1934 жылы «Менің күн көруім қиындап барады, бүгін бе, ертең бе мені тұтқындай ма деп сескенемін, оның себебін өзің білесің, сондықтан мен бір-екі туыстарымды алып, бұл жерден кетемін»,— дегенді менің әкеме айтқан. Елсізде аң аулап, тамақ асырауға қажет болар деп, біздің үйдің тазы итін сұрап алған. Оның өте жүйрік, алғыр тазы болғанын Қолғанат білетін. 1932-1933 жылдары ашаршылық кезінде Жем бойындағы тоғайлардан әкем күніне бір-екі қоян әкеліп, апам екеумізді асыраған болатын. Қолғанат 1931 жылғы Иманқара түбіндегі көтеріліске қатынасып, оларды басқанда, қашып шыққандардың біреуі болатын. Содан да оның соңынан қалмай, «қазақтың жауы — қазақ» дегендей ауыл ішіндегі өсектің кесірінен, сол ағамыз елден безіп кеткен болатын. Қолғанат сол кеткеннен отызыншы жылдардың аяғына дейін Үстірт үстінде өмір сүрген. 1936 жылы қыстың өте қатты болуына байланысты, азғантай малы жұтап, ашаршылықтың қаупінен қорқып, өзінің туған жері Жылыой ауданының Аралтөбе ауылдық кеңесінің орталығына 5-6 адаммен келіп, қарулары болғанға ұқсайды, ауыл адамдарын ешқайда шығармай, ұжымшардың малын, басқа да азық түлік алып, Үстірттің бір түкпірінде отырған өзінің туыстарына үлестіріп берген. Мұндай қылмысты іске амалсыздан барғаны белгілі. Дегенмен, күн көріс жағдайы күннен күнге қиындай берген. Оның үстіне кеңес әкімшілігі, әсіресе ішкі істер халық комиссариатының жергілікті орындары тағы да бір бандының тобы пайда болды деп, Үстірт үстіне жазалаушы отрядтар жіберіп, іздестірген. Аралтөбе ауылдық кеңесінің адайлары тағы да тергеу астында қалып, қысымға алынып жәбір-жапа шегеді. Оларды Қолғанаттың сыбайластары жақтастары деп күнәлаған. Ең бастысы біздің тазы итіміздің кесірі бұлтартпас кінә болып, әкем бір жыл тыныштық таба алмай, аудан орталығы Қосшағылға бірнеше рет шақырылып, тергеу астында болғаны осы күнге дейін есімнен кетпейді.
Бірақ Қолғанат үкімет құрығына ілінбей, кейіннен қиыншылық, ауыр тұрмыстың қыспағына шыдай алмай елге оралып, жолдастарымен өз еркімен қолға түсіп, тұтқындалды.
Адай көтерілісі аяусыз, аса зор қаталдықпен басылғаннан кейін, осы сияқты ауыр тағдырлар ел ішінде аз болған жоқ. Мұны ол кезде ешкім білмеді. Елден жасырылды, басылымдарда, жазушылардың шығармаларында, тағы басқа баспасөз құжаттарында, жалпы халық көтерілістері хақында, оның ішінде «Адай көтерілісі» жөнінде ешқандай мәлімет болған жоқ. Бұлар өте құпия сақталды.
Соңдықтан «Адай көтерілісі» қалай басталды, қайда басталды, не себептен ел бас көтерді деген сауал ел арасында әр түрлі жағдайда айтылып, сипатталып жүретін.
Біреулер «Атырау мен Арал, Мұғалжар мен Балқан арасын, Каспий теңізінің шығыс түстік жағасын, Жем, Сағыз, Ойыл, Қайнар, Ор өзендерінің бойын түгел алып жатқан өлкеде отызыншы жылдары қызыл империяның солақай саясатына, қысымшылығына шыдамы таусылған жергілікті адайлар жаппай көтеріліс ұйымдастырыпты. Бұл көтеріліс Ырғыз, Қордай, Созақ, Батпаққара, Абыралы тағы басқа қазақ жеріндегі көтерілістердің ең ауқымдысы болды»,— деп дәріптеп айтса, кейбіреулері: «Адайлар кеңес үкіметінің қарауынан шығып, өз алдына хандық мемлекет құру мақсатымен бандылық көтеріліске шығып, үкіметке қарсы тұрып, аяусыз жазаланыпты»,— дейтін.
Ал сол көтерілісті басуға қатынасқан, партия, кеңес, сол кездегі комсомол көрсететін. Көтерілісшілерді басуға және жазалаушы отрядтарға көмектесуге тартылған белсенділердің барлығы басқа жердің, басқа рулардың азаматтары болатын. Адайлардан ешкім бұлардың арасында болмаған, өкімет оларға сенімсіздік білдірген. Көтерілістің бүгешігесін белсенділердің өздері де білмейтін. Олар тек қана үкімет саясатына сәйкес бұрмаланған мағлұматтармен қаруланған партия және кеңес өкіметінің қолшоқпарлары еді. Қарапайым халыққа ауыртпалық пен асыра сілтеушілік көрсету себептері де сол. Олар «шаш ал десе, бас алған», олардың тарапынан зорлық-зомбылық аз болмаған. Көтерілісшілердің қолына түскен белсенділердің бір қатарының қатаң жазаға ұшырауы да осыдан болса керек. «Қанға — қан, жанға — жан» қарымтасы.
Осыған байланысты өз басымнан өткен бір жағдайды айта кетуді жөн көрдім.
1944 жылы Гурьев мұнай техникумына оқуға түсу үшін ауылдан оқытушы ұстазым Тынысбайұлы Оразға еріп, Гурьев қаласына келіп, сол кісінің қайынағасының үйіне түстік. Кешкі ас үстінде үй иесі марқұм Байбосын деген кісі Ораздан жолдасының, менің кім екенімді сұрап, «руы адай» дегенде: «Иә, банды адайдың тұқымы екенсің ғой»,— деп бірталай ауыр сөздер айтты. Марқұмға айтқан сөзіміз ауыр болмасын, маған ол кісінің сөзінен гөрі, қатты батқаны: «Кел, банды бала, ет асатайын»,— деп бетімді қолындағы етімен «жақсылап» майлап жібергені еді. Бүйтіп жеген еті де құрсын, мұрнымнан шыққандай болған. Бірақ қарсы сөз айтуға шама жоқ, ішімнен күйініп, түнімен ұйықтай алмағаным бар.
Байбосын сол кезде елулер шамасындағы жігіт ағасы, облыстық қаржы бөлімінде қызмет жасайтын. 1931 жылы Жылыой ауданының халқынан салық жинауға барған екен, елдің ауыртпалыққа шыдай алмай, қозғалып жатқан кезі болса керек. Байбосынды ұстап, өздерімен бірге көшкен елмен алып жүрген. Түнде жатқанда қашып кетпеу үшін, ере киіздің түп жағына салып, үстін сол киіздің шетімен жауып бастырып қояды екен. Содан 10-15 күндей бірге алып жүріп, кейін босатып жіберген.
Сол 1931 жылғы көтерілістен кейін адай халқының соңынан осындай қасірет қалып көрген емес. Бұл үшін көтерілісшілердің өздері ғана емес, олардың туған-туыстары да, балалары да, немерелері де жапа шегуде. Газеттерде, журналдарда, кітаптарда, басқа да бұқара ақпарат құралдарында мұндай оқиғаларды жазуға тыйым салынды, халықтан жасырылды. Бар деректер тек қана ұсталғандардың үстінен жүргізілген қылмыстық, тергеу істерінде, өте құпия қалпында, соңғы 1990 жылдарға дейін мемлекеттік кауіпсіздік комитетінің, ішкі істер министрлігінің, партия, кеңес орындарының қара сандықтарының түбінде жабулы жатты. Бұл құжаттарды көріп, танысуға жай халық түгілі өз қызметкерлері де жіберілмеді. Мұндай заңсыздық кейбір жерлерде осы күнге дейін жалғасуда. Көтеріліс жөнінде ел арасында, сол көтерілістің салдарынан зардап шеккендер ғана азын-аулақ білгендерін, естігендерін сыбырлап айтпаса, дауыстап үн қата алмады. Ал елу жыл өткеннен кейін ғана, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының энциклопедиялық анықтамасының 225 бетінде: «Алайда, 1931 жылдың бірінші жартысында, кей жерлерде колхоз құрылысы мен отырықшылықты ұйымдастырудың Лениндік принциптері бұзылып, асыра сілтеуге жол берілді. Мұны пайдаланып, байлар малды жаппай қырғынға ұшыратты, ел ішінде азық-түлік жағдайын қиындатып, көшпенділік басталды» деп жазылды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында бұл көтеріліс жөнінде ешбір мағлұмат берілмеген. Көріп отырғаныңыздай, тек қана «көшпенділік басталды» дейді де, қояды. Ал, елдің бас көтеріп, арты қанды қырғынға айналғаны жөнінде ештеме айтылмайды.
«Лениндік принципті бұзған» дегенге біз 70 жыл сеніп, бас иіп келдік. Үкімет тарапынан асыра сілтеу, әпербақандық болыпты дегенді естігеніміз жоқ. Көтерілістің шығу себебін байларға, молдаларға, елдің атақты азаматтарына жапты, біздер оларды халық жауы, революцияның қарсыластары деп ұқтық.
Қолына қару алып, қарсыласқандар тек байлар ғана емес, орта шаруалар да, кедейлер де ашынғаннан «малым — жанымның садақасы, жаным — арымның садақасы» деп шыбын жанын шүберекке түйіп, қарсы шығуға мәжбүр болғанын ешкім түсінбеді, түсінгісі де келмеді. Осылардың шындығын анықтаудың жалғыз жолы көтерілісті басып жаншыған қаралаушы органдардың құжаттары ғана еді. Бірақ бұл жөніндегі мағлұматтарды алуға ол кезде ешқандай мүмкіншілік болмады. Бұл лажсыздық көпке созылды, тек алпыс жылдан артық мезгіл өткеннен кейін ғана, қара түнекте тығулы жатқан мәліметке қол ұшы жетіп, соның арқасында аз да болса деректер тауып, соны халыққа жария етуге мүмкіндік алдық. Біздің қолымызға түскен құжаттардың барлығы қызыл империяның сол кездегі саясатына сәйкестендіріліп, көтерілісшілерді қаралауға ғана бейімделіп жазылған деректер. Осы құжаттардан біздің түсінгеніміз қанды шайқасқа көтерілісшілер ғана кінәлі, ал оларды басушылар революцияға жан-тәнімен берілген, қызыл қырандар, патриоттар болып саналған. Дегенмен, шайқастардың қай жерде, қай уақытта өткенін, оған қатынасқандардың кімдер екенін, аты-жөнін, жоғарғы орындардан түскен нұсқауларды, оларға берілген жауаптарға сүйеніп, керекті жағдайларды анықтауға аз да болса мүмкіншілік туды. Мұнда тағы да бір айтпай кетуге болмайтын нәрсе көтерілісшілердің тарапынан болған шығын, қару-жарағы, олардың саны дұрыс көрсетілмеген. Ол кезде бұған күмән келтіруге ешкімнің құқы болмағандықтан деректер өрескел бұрмаланып отырған.
Дегенмен қанға бөккен көтеріліс қалай басталды, оған қандай себептер болды, осыларға тоқтаудан бұрын, аздап шегініс жасап, Маңқыстау жері, елі, азаматтары жөнінде қысқаша мағлұматтар беріп кетуді жөн көрдік.
V ТАРАУ
Біздің айтайын деп отырғанымыз, XX ғасырдың басында өмір сүрген Маңқыстау елінің азаматтары жөнінде. Бұлардың көбін екінші дүние жүзілік соғыс кезінде, 1941—1945 жылдары соғысқа бара алмаған жастары асқан ел ақсақалдарынан естігенбіз. Ол уақытта бұл құпия болатын, мұны айтуға қорқатын. Олар кеңес үкіметі орнағанның бастапқы кезінде, белсенді түрде жұмыс жасап, кейін қуғыншылыққа ұшырап, мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қармағына ілінген зиялы азаматтар. Олардың көбі ұмыт болды. Бұлар жөніндегі құжаттар осы күнге дейін жабық. Қазір олардың атылғандарынан басқасының ішінен кімнің елге оралғанын, кімнің хабарсыз кеткенін тек қана туған туысқандарынан басқа ешкім білмейді. Бірен-саран елге оралғандарының өздері, сол кездегі жағдайға байланысты жасырын өмір сүрді, бұлардың көрген күндерін адам баласының басына бермесін. Архив құжаттарының деректеріне қарасақ, олардың ішінде Әлниязұлы Тобанияз, Түниязұлы Закария, Жұбанұлы Талпақ, Сарғожақлы Қойсары, Жұбайұлы Сыдиық тағы басқалары, барлығы 70 адам бір мезгілде, бір іспен 1929 жылы тұтқындалған.
Олардың әрқайсысының өмірбаяны бір хикая. Бәрін жазуға мүмкіншілік те жоқ, оның үстіне көбі ұмыт болған. Сондықтан біздің әңгіме еткелі отырғанымыз Адай революциялық комитетінің бірінші төрағасы Әлниязұлы Тобанияз. Құжаттарда, аз-мұз жазылған баспасөздерде, журналдарда осы кісінің басшылығымен, араласуымен істелген жұмыстар жазылады да, бірақ Тобанияздың аты аталмай, шығарылып тасталып отырады. Мұның себебі Тобанияздың атын атап жазу қорқынышты болды. Оған тыйым салынды. Жазған адамның бір пәлеге ұшырауы да сөзсіз болатын.
Тобанияз жөніндегі құжаттар Атырау, Маңқыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік басқармасының архивінде сақтаулы. 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі біріккен кезде осы мекемеде жұмыс жасап жүріп, танысқаным бар. Бірақ ол кезде Тобанияз жөнінде көп білмейміз және оған мән де бергеніміз жоқ. Оның үстіне тергеу ісінде тартымды ештеме жоқ болып шықты. Оқу орны ол кезде қорқынышты да болатын.
Дегенмен Тобанияз жөніндегі естеліктерден, өз әкемнен және 1936—1939 жылдары жасы 60-тар шамасындағы олжашы руынан шыққан Қалпақби деген ақсақалдан естігенім бар. Сол жылдары Қалпекен біздің ауылдан 20 шақырымдай жерде Ворошилов атындағы ұжымшарда тұрды. Ол көп қуғынға ұшыраған. Түрікменстан, Қарақалпақстанда болып, ол жерлерде де көп кідіре алмай, осы жерге келген. Әкем жыл сайын, жазғытұрым, наурыз айында «Қалпекенмен көрісіп келейік» деп, мені қасына алып, түйе арбамен барушы еді. Бірде сол Қалпекеңнің үйінде Тобанияздың үлкен баласы Бердіханмен кездескенбіз. Ол кейін тұтқындалды деп естідік. Қалпекен Бердіханның асты-үстіне түсіп, «Хан ағамыздың баласы келіп қалды, саған қонақасы беріп сыйлайтын ағаңның жайын өзің көріп отырсың»,— деп қиналған. Менің әкем де өрен дегенде үкімет, қудалауынан құтылып, бай деген атақтан да ада болып, аздап есімізді жинап, оңала бастаған кезіміз болатын.
Біздің ең соңғы барғанымыз болу керек, Қалпекең Тобаниязбен 1927 жылдарда кездескенін, онымен бірге сәлем беріп, көрісуге адайдың атақты биі жарының Құдайберген тармағынан шыққан Мәтжан Тілеумағанбетұлының аулына барғанын әңгімелегені есімде. Мәтжан би ол кезде тоқсандар шамасында болса керек. Оның ауылы жайлауда, Иманқара тауының оңтүстік батыс баурайында Ханғожа деген жерде отырған. Ол осы жерде 1929 жылдары қайтыс болып, сол жерде жерленген. Тобанияз өзінің қыстағында — Ноғайтыда, Ханғожадан 30-40 шақырымдай жерде болған.
Мәтжан би Маңқыстаудан жайлауға көшкенде, өмірінің көбін осы Ханғожада өткізген. Күзде, жазғытұрым Көкжар (Ойыл) жәрмеңкесін базарлайды екен. Сол жәрмеңкеде жиналған көп елдің ішінде болып, ел арасындағы әр түрлі ұрыс-кағыс, дау-жанжалдарды, тағы осы сияқты алауыздықты шешіп отырған. Ол кісінің білімпаздығы, әділдігі жөнінде бүкіл Кіші жүз жерінде естеліктер мен аңыздар, тәлім-тәрбие беретін шешендік сөздер көп. Мәтжан Ханғожа жерін қатты ұнатып, ол жерді аруақты, киелі дейді екен. Оның да себебі бар сияқты.
Иманқара, Қойқара, Ханғожа атанатын жерлер Ноғайлы эпосындағы Едіге батырды, Тоқтамыс ханды, Ақсақ Темірді еске түсіреді.
Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батыры» эпосында Едіге Құтты Қаба Барпария баласы делінген. Тоқтамыс хан Құтты Қабаға Қуғанат дейтін кұсын бақтырады. Құтты Қаба сол кұстың жұмыртқасын Ақсақ Темірге ұрлап береді. Сол үшін Тоқтамыс Едігенің әкесін дарға асады. Жас қалған Едігені Жылқыбай деген кісі бағады. Тоқтамыс Құтты Қабадан қалған баланың бар екенін естіп, іздеу салып Жылқыбайға келгенде, Жылқыбай Едігенің орнына өз баласын беріп жібереді. Бұл баланы да Тоқтамыс өлтіреді. Дегенмен өсіп қалған Едіге көзге түсіп, қуғынға ұшырайтынын біліп, Тоқтамыс ханнан қашады. Ақсақ Темірді сағалайды. Тарихта белгілі, кейіннен Едіге Тоқтамыс ханды өлтіреді. Сол уақыттағы Едігенің серігі Ханғожа дейді, оның балалары Тоған, Әбіғай, Қойқара дегендер болыпты. Осыған қарағанда Жем өзенінің бойындағы Ханғожа жері, Қойқара дөңі тегіннен тегін осылай аталмаса керек.
Енді Мөтжанның Тобаниязға және оның қасындағыларға айтқан әңгімесіне келсек, оның ұзын-ырғасы мынандай болғанға ұқсайды. «Шырағым Тобанияз, біз қартайдық. Біздің сөзімізді түсінетін адамдар аз қалды. Ойына әр түрлі жағдай түседі. Жаңа үкімет келді, ел ішінің алауыздығы, ру таласы, барымта-қарымтасы басылды ғой, патша үкіметінің зорлығынан құтылдық қой, кеңес үкіметінің айтқаны рас болса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнады ғой деп едік, олай болмай шықты. Осы күнгі ел басқарған пысықайлар ел арасын біріктіруден гөрі араздастырып екі арада өздері олжа тапқанды көздейді. Ел берекесі қашты, қайда барарын білмей, әр ауыл, әр ру әр жаққа, тіпті шет елдерге кетеміз деп жатқандары бар дейді. Ол жақта жау жоқ деп кім айтқанын қайдан білейін, бөтен жерде жұмақ бар дегенге сенбеймін. Бұл жердегілерде өз жеріне симай, қай жағымыздан, не пәле келіп қалады деп, алдындағы тамағын да тыныш отырып іше алмай жүр. Менің айтатыным, сіздер бас болып ел ішін тыныштандыруға кіріспесеңіздер, бұл істі кім қолға алады» деген сияқты ақылдар айтқан.
Қалпекеннің айтуынша Тобанияз Мөтжанмен көп әңгімелескен. Ол: «Ел ішінен шыққан жаулар сонымнан қалмай, үсті-үстіне арыз айтып, жамандауды көбейтті. Көп азаматтар осындай жаладан ұсталып жатыр, кешікпей мені де тұтқындайтын болар»,— депті. Оған жауып жүрген жаланың бастысы: «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегеннің көбі екенін айтады.
— Мәтеке, тақ кеткенмен, бақ, абырой кетпеген сияқты, ел азаматтарымен хабарласпын. Бірақ осыны да көре алмаушылар бар сияқты. Бұлар, елдің атақты, көрнекті азаматтары Тобанияздан неге қол үзбейді деп, осыны әлдебір саққа жүгіртіп, әр түрлі өсек-аяңға жол беруде. Адайларды Түрікменстанға кешіруге үгіт жүргізіп жүр дейді, ал мен болсам оған қарсымын. Ондай ойым болса, былтыр ел қыстаққа қарай, Маңқыстауға көшкен мезгілде соны пайдаланып әрі қарай өтіп кетуге болатын еді ғой. Оны жасағаным жоқ осы жерге қайтып келдім. Шынында аздаған ауылдар көшіп те кетті. Олар менімен келісіп пе? Мен олардың көбін танымаймын, білмеймін. Жаз болса, мен осы жерден кетпеймін, Ноғайтыдан қыстау да салып алдым. Бір жыл осында қыстап та шықтым. Осылардың бәрін үкімет әкімшілігі білмейді емес, бірақ менің соңыма түсіп, өтірік жалаға жол беріп, сол жалақорларды қолдайды, солардың өтірігін тыңдайды»,— деп қиналды,— дейді сонда Тобанияз,— «Бір жақта алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, біздің Адай қысылған уақытта Хиуаға, Түрікменстанға да көшкен. Бірақ ол жақта да көп тұра алмай қайтып келгенін де білеміз.
...Ел азаматтары азды, өтірік, өсекке жақын, бас пайдасының қамын ғана ойлайды, елге зорлық зомбылық жасайды, соның ішінде партия, кеңес жұмысына бас сұғып алғандардан халық орасан зор зардап шегуде»,— дейді.
Қалпекен Тобанияз бен Мәтжанның әңгімесін күн ұзақ үлкен зор ықыласпен баяндады. Әкем: «Атаңның әңгімесін тыңда»,— деп, қасына отырғызып қойғанмен, көп сездеріне көңіл бөлмегеніме осы күні өкінемін. Екеуі көп әңгімесін басын қайырып, бастарынан кешкендерін баяндап, шерлерін тарқатты. Мәтжан мен Тобанияздың бірін-бірі сыйлайтынын, сырластығын айтып, шежіре ағытқан Қалпекеңнің өзінің де өкініші ішінде кеткен адам екенін осы күнде түсіндік.
Осыдан кейін Қалпекене екінші дүние жүзілік соғыс кезінде бір рет өзім барып сәлем беріп, көрісіп кеткенім бар. Ол кезде оның тұрмыс жағдайы өте нашар екен.
Қалпақ би — балуан, батыр атанған адам. Бұл жөнінде ел ішінде көптеген аңыздар да, әңгімелер де көп.
Отызыншы жылдардың аяғында Жем өзенінің бойында бұл кісінің көршісі, сол жердің жергілікті қазағы, таз руынан Естібай деген есті, сөзге тоқтайтын адам болды. Бірде сол кісі Қалпекене: «Сені адайда Қалпақ-Қалпақ дейді, көлеңкең қанша жерге түседі»,— дегенде, Қалпақ: «Оның несін сұрайсың? Қалпақ, Қалпақ болып жүргенде, Байұлы деп айтпай-ақ қояйын, адайға түсе ме деп ойлайтын едім, қазір өз басыма да жетпей жүр емес пе?» депті.
Түрікмендермен адайлар арасында қақтығыс болып жүрген кезде, ел ақсақалдарының ұйғарымы бойынша шекарада тыныштық сақтау үшін көптеген азаматтар қарауылға, барлау жұмысына пайдаланылған. Соған Қалпекеңнің де еңбегі сіңген, бірде қарауылдан қайтып келе жатқандағы бір уақиға жөнінде, осы кісінің тумасы, Олжашы Баймұхан деген айтып еді. Қалпақ қарауылдан оралып, елсіз далада келе жатса, жолында бір түрікмен бе, қазақ па, айырып болмайтын, бір атқа мініп, жетегіндегі атқа екі үлкен қоржынды артып, келе жатқан еңгезердей қара біреумен кездеседі. Қалпақ неде болса, осы кісінің жетегіндегі атын жүгімен олжалауды ойға алып, жетектегі аттың ноқтасын кесіп, атты қуа жөнеледі, ал анау мұнын соңына түседі. Ат үстінде жағаласып, бірін-бірі ала алмайды. Содан екеуі келіседі. Жерді дөңгелетіп сызамыз, сол шеңбердің ішінде күресіп, қайсымыз жықсақ сонымыз олжаны аламыз дейді. Күрес басталады, бірін-бірі жыға алмайды, әбден шаршап, екеуі шеңбердің екі жағында отырып жөн сұрасады. Осы сен кімсің, аты жөнінде айтшы десе: «Мен Олжашы Қалпақпын»— дейді. Сонда екіншісі: «Езуіңді... мен Бегімбет Қаракісімін», депті. Бұлар екеуі де бір тайпадан, ағайын, бірін-бірі естіп жүрсе де, бірақ кездеспеген екен. Бұл да адайда аты шыққан батыр, балуан адам болған. Содан Қаракісі, «Ер азығы мен, бөрі азығы жолда деген, інім екенсің мына ат пен қоржынды саған сыйладым»,деп Қалпаққа беріп, бір қоржынын өзі алып, елдеріне тарапты дейді.
Мұнын шындық екені анық, бірақ тап осылай біздің жазғанымыздай болды ма, әлде аздап қосып айтқандық бар ма, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ ел ішіне тарап, жадында қалған әңгіме. Бір айтпай кетуге болмайтын сыр бар, ол шындығында Қалпекеңмен айдалада кездесетін кісі Қоспамбет баласы Ермағамбет болатын. Бұл да жеменейдің шолақ тармағынан Жойқын күштің иесі, батыр, балуан, елге атағы шыққан азамат болған. Біздің Қалпекенмен кездескен деп айтып отырған бабамыз Қаракісі бұлардан бұрынырақ өмір сүрген, бірақ мұны көрсетуіміздің себебі Маңқыстау өңірінде аңызға айналған бабамыздың аруағын қағаз бетіне түсіріп, атын тарихта қалдыру үшін әдейі көрсетіп кету болатын. Бұған Ермағамбет атамыз да, Қаракісі бабамыз да ренжімес дейміз.
Осы айтып отырған мезгілде, шапқыншылықтан сескенген адай елі шекараға барлаушылар жіберіп отырған. Оған тек қана өз еріктерімен, күшіне сенгендер ғана баратын болған. Олар елімге басын байлап, ел шешімімен өздерінің құнын алып, осы катерлі іске кетеді екен. Жоғарыда аттары аталған аталарымыз осындай сапарға талай рет қатынасқандар екені анық.
Қалпақ би 1946 жылы қайтыс болды. Бұл Тобаниязға ағайын, жастары да шамалас, көпті көрген, көп білетін Тобанияздың бас биі Айдарбай Қорекұлының жақын туысы болатын.
1940 жылдары бұдан басқа да көптеген ақсақалдарды көре алдық. Солардың ішінде кедей Үмбет Кәтенұлы, Ақбота Тайбоз, Қалампыр шешеміз, Жұмырұлы Әжмұхан тағы басқалары елді атақты азаматтары. Олар Тобанияз жөнінде көптеген естеліктер білетін, бірақ көбі ұмыт болды.
Үмбет Кәтенұлын өзіміз көрдік. Ол кісі 1940 жылдардың басында бақилық болды. Біздің тұқымымыздың ен үлкені еді. Барлық біздің ауылдың балалары ата дейтін. Осы кісінің кемпірі Айболған өте адуынды, сөзшең, ақ көңіл, балажан кісі болатын. Мені көрген сайын «көзім келдің бе» деп маңдайымнан сүйетін еді. Оның көзім дейтін себебі, бұл кісі жоғарыда айтқан Мәтжан бидің немере қарындасы, менің шешем Ханжанның немере апасы болатын.
Осы Үмбет атамнан естіген бір әңгімені айтып, кейінгі ұрпақтың есіне салсақ, артық болмас деймін.
Біздің арғы аталарымыз Тоқтасұлы Құлет деген кісі 1800 жылдардың ортасында өмір сүрген болса керек. Ол кезде де адай мен Хиуа хандығының арасында жанжалдар болып тұрған. Жоғарыда айтқан, қарауыл, барлау жұмысы сол уақыттан басталса керек. Кұлет өте қарулы, батыр адам болған. «Барлау кезіндегі жорықта Құлет бір жаудың басына шықса, аржағынан бір түрікмен барлаушысына кездейсоқ қарсы келіп қалады. Қатар келе жатқан екеуі бірін-бірі аңдып келе жатса керек, көп кешікпей бір-біріне жармаса кетеді. Құлеттің қолы оның жауырыны тұсына шапанға тиеді, оның мойнын құшақтап алуға шамасы келмей қалады, түрікмен оның шекпенінің етегіне жармасады. Ат үстіндегі жағаласты: Құлеттің қолында түрікмен шапанының арқа тұсының бір азғантай шеті қалады. Түрікменде мұның шекпенінің етек жағы кетеді. Содан екеуі бір-біріне қарамай, өз жолдарымен кете барған. Ауылға келгесін Құлет атамыз түрікмен шапанының қолында кеткен үзіндісін, өзінің шекпенінің жыртылған жеріне жаматып алыпты, атамыздың сол шекпенін көзіміз көрді»,— деп айтып отыратын үлкендер.
Осы көне көз қарттардың тағы біреуі — Тобаниязбен жұмыстас болған шежіреші Мендәліұлы Алшын ақсақал 15 жылдай халық жауы деген атақпен ұсталып, жазасын өтеп, елге оралған. Алшекен соңғы 1960 жылдардың аяқ кезінде, бірнеше рет Алматыға келіп жүргенде, көп әңгімелер айтып, қазақ шежіресінен көп мағлұмат берген.
Міне, осы жоғарыда аты аталған қарттардан, ел аузында қалған естеліктерден, қолға түскен архив құжаттарынан жинақтап, нақақтан жазаланып, арманда кеткен елдің ардақты азаматтары, соның ішінде Тобанияз Әлниязұлы жөнінде білген мәліметтерімізді құрастырдық.
Кеңес үкіметі Маңқыстауға Қазан төңкерісінен 15 күннен кейін, яғни 22 қазанда орнады. Сол кездегі өкімет белсенділері тарапынан жарияланған үндеулер мен үгіттер халықтың көңілінен шыққаны рас. Осыған сенген жергілікті халық кеңес үкіметін шын көңілмен қолдап, қарсы алды. Осы мақсатты іске асыру жөнінде қажырлы еңбек еткен ел азаматтары Жапау Мыңбайұлы, Телесін Әлиұлы, Зұлқаш Баймырзаұлы, Нұрсұлтан Оңғалбайұлы, Жұбай-ұлы Сыдиық, Тұниязұлы Закария, Көбейұлы Оспан, Сарғожаұлы Қойсары, Нәдірбайұлы Қылыш тағы басқа көптеген зиялы азаматтар жан аямай жұмыс жасады, жаңа реформаны жан-тәнімен қолдады.
Жаңа үкіметті, кеңес үкіметін қолдаудың бір айғағы 1918 жылы, тамыздың 23-де Маңқыстауға, Қараған түбегіне, Астрахань қаласынан теңіз арқылы Әліби Жангелдин бастаған интернационалдық отряд келіп түсті. Бұларды Тобанияз Әлниязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозащы түбегіне, елдің қалың орналасқан жеріне жеткізді.
Осы кезде ел ішінде «Маңқыстауға орыс әскерлері келіпті, бұлар да баяғы патша басқыншылары сияқты халыққа қысымшылық жасайтын орыс отаршылары болар» деп жергілікті қазақтар сезіктене бастады. Бірақ Тобанияз және басқа азаматтар халық арасында дұрыс түсінік жұмысын жүргізіп, халыққа сол кездегі саясатқа сәйкес шындықты айтып, Жангелдинге қолдау көрсетті. Ол өз тарапынан, ел арасында үкімет бастамасы мақсаты жөнінде түсіндіріп, Қаратөбе, Мәстек жерінде адай елінің съезін ашып, Маңқыстау революциялық комитетін құрып, оның төрағалығына Тобанияз Әлниязұлын сайлады.
Тобанияздың революциялық комитет төрағасы болып сайлануының негізі бар еді. Оның арғы аталары ел қорғаған батырлар, сол бабаларының салтын, даңқын сақтаған, өнегелі дәстүрін жалғастырған, шешен тілі бар, өнерлі, шебер ісі бар, ел оны жадына халық шежіресін сақтаған, байсалды, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматы деп танитын, білетін. Сондықтан да ел ішінде оның қолдау табуы жайдан жай болмайтын.
Жангелдин отряды керекті адам күшімен, көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ел арасындағы алауыздықтан, қауіп қатерден сақтап, жол білудің арқасында, су тапшылығына жолықтырмай отрядтың аман-сау, екі жарым ай жол жүріп Шалқарға жетуіне көмектесті. Әр түрлі жазылып қалған құжаттарға, көріп, естіген естеліктерге сүйенсек, Жангелдин отрядын 600 түйе, 700 жылқы, жолшыбай тамақпен, жем, шөппен көшпелі халық қамтамасыз еткен. Тобанияздың көмегімен 100-ден аса қазақтар экспедиция жауынгерлерінің қатарына енген.
Тобанияз Әлниязұлы адай руының жеменей тармағының кенже бұтағынан Кенженің екі баласы — Қойсары, Қонай. Қонай адай елінде атақты батыр болып ел қорғаған, «Қара Қонай» атанған. Кіші жүз рулары Жетісудан көшкенде бірнеше рет қалмақтармен соғысып, тосқауылда тұрып ел қорғаған. Жайық бойындағы Сарайшықты қалмақтардан босатқан жорықтарға қатынасқан. Дегенмен бұл қиын-қыстау кезінде аман қалып, Маңқыстау жеріне жетіп, дүние салған. Сол жердің Сисен-ата деген атақты қорымынан орын алған.
Мұның тұқымдары Төкеш, Құлтума, Қозыбек, Шегір. Бұлар да батырлар. Тобанияз Қонай батырдың тікелей ұрпағы — шөпшегі болып есептеледі. Әлнияз үш ағайынды. Әлнияздан Тобанияз, Боққара және бір қыз — Бағорнай туған.
Тобанияз 1875 жылы Маңқыстаудың Аусары құдығы деген жерінде дүниеге келген. Тобанияз балалы болған адам. Бірақ қуғыншылықтың салдарынан бірнеше балалары шетінеген. Оның үлкен ұлы Бердіханның соңынан мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қарақшылары қалмай жүріп, «әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген өз үкіметінің қағидасын өрескел бұзып, мұның соңына түсіп, екінші рет халық жауынын баласы деген қара күйе жағылып, 1937 жылы Жылыой ауданының Қазақстан ұжымшарында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезінде ұсталып, жазаланған. Кіші ұлы Зәкір де ағасының кебін киетін еді, бірақ құдай сақтап жақын ағайындарымен Түрікменстанның Мары облысына барып аман қалып, 1974 жылы қайтыс болды. Зәкірге өз әкесінің аты бұйырмай, туған нағашысы, шешесі Дөңбайдың әкесінің аты мен Бақтыбаев болып, бұл дүниеден өкініште өтіпті. Зәкірдің балалары, немерелері 1980 жылдардың ортасында Маңқыстау облысына көшіп келіп, сол жерде тұрып жатыр. Қыздарының бір-екеуі, бала-шағасымен Мары облысының Тақтабазар деген жерінде тұрады.
Боққараның бір қызы Сәуле, күйеуі Әбіл Алматы облысының Ақши елді мекенінде тұрады. Тобанияздың басқа тұқымдары Атырау, Маңқыстау облыстарында баршылық.
Тобанияз сауатын мұсылманша оқып ашқан. Ол бала кезінен бастап, ел арасында өзінің өткірлігімен, шешендік қабілетімен байқала бастаған, қол өнерін үйреніп, оны жақсы меңгерген. Етік тігу, зергерлік жұмыспен айналысып, өңіржиек, жүзік, сырға, шашбау, білезік жасаудың үлкен шебері болған. Ер тұрман тағы басқа тұрмысқа керекті жабдықтарды жасауда өте қабілетті болған. Оның жасаған өңіржиегін бірінші рет 1995 жылы өткізілген 120 жылдық мерекесінде, бір туысының әйелі тағып келгенде көрдім. Тобанияздың шеберлігін естеріне алып, осы кісіден көп нәрсе үйренгендерін айтып отыратын.
Тобанияз жастайынан ел арасындағы зорлық-зомбылыққа, әділетсіз ел басшыларының, қайырымсыз байлардың кедей шаруаға, қарып-қатерге жасаған үстемдігін жиі әшкерелеп, қара шаруа қамы үшін өзінің еңбегін аямаған. Сол үшін ел арасында зор беделге ие болған, би атанған. Осының бір ғана мысалын көрсетіп кетсек артық болмас деп ойлаймыз. Қариялардың айтуы бойынша, Тобанияз 1892 жылы Маңқыстаудың атақты байлары Әли, Қали Төлеу балаларымен шатасады. Қали Тобаниязға өтірік жала жауып, өзінің байлығын пайдаланып, ісін өкімет орындарына беріп, оны Сібірге аңдатпақ болады. Сол кезде 17 жастағы Тобанияз бұл жаладан ақталып шығады. Бұған оның ой өрісі, айтқан, келтірген дәлелді деректері, шешендік қабілеті көмектеседі.
1909—1910 жылдары Маңқыстау түбегінде үлкен жұт болған. Көп ауылдарда тігерге тұяқ қалмай, елді қатты күйзелткен, осының салдарынан 1910 жылы жазда ашаршылық басталады. Маңқыстаудағы патша әкімшілігі амалсыздан халыққа көмек көрсетуге мәжбүр болады.
Осы жағдайды жазып отырғанда есіңе еріксізден 1932-1933 жылдары қазақ жерін жайпаған жалпы ашаршылық түседі. Кеңес үкіметі қазақтың барлық малын жинап алып, ел аштықтан өле бастағанда да осы науқанын үдете түскені белгілі. Қазақтардан жиналған малды Ресейдің өндірістік өңіріне жіберуін тоқтатпаған, халық аштан қырылып, өз малы өзіне бұйырмаған. Ал 1910 жылы патша әкімшілігі халықтың малы қыстың қатаңдығынан жұтқа ұшырағанда, елге аз да болса көмек көрсетіп, елді өлімнен құтқарған. Міне «жарлы-жақыбайды, кедей шаруаларды жарылқаймыз» деп жар салған пролетариат үкіметінің іс жүзінде бет пердесінің осылай ашылғанын, қасірет шеккен халық кейін бір-ақ білді.
Ашыққан елге үкімет көмегін ұйымдастыру және басқару жұмысы Форт-Александровск қаласының азаматы Ораз Оңғалбайұлына жүктелді.
Ораз орта шаруасы бар, көзі ашық адам болған. Оның баласы Нұрсұлтан (кейін кеңес үкіметін орнату жолында қажырлы еңбек еткен азамат) Форт-Александровск қаласындағы орыс бастауыш мектебін бітіріп, Ашхабад қаласындағы сол кездегі Сыртқы Каспий облысының орталығындағы гимназияға оқуға түседі. Ол сол қаланың тұрғыны орыс әскерінің полковнигі Жайлаубай дегеннің үйінде тұрып оқиды. Орыс, неміс, француз тілдерін жақсы игерген адам. Бірақ ол сол кездегі социал-демократтардың ықпалымен 1905 жылғы жұмысшылар арасында патша үкіметіне қарсы жүргізген үгіті үшін оқудан қуылып, Форт-Александровск қаласына, өз үйіне келеді. Нұрсұлтан бұл жерде де балықшылар арасында астыртын жұмыспен айналысады.
Тобанияз Ораздың үкіметтің көмегін ағайындарына, тума жекжаттарына үлестіріп жүргеніне шыдамы таусылып, наразылық білдіреді. Ашаршылыққа ұшыраған ел атынан арыз айтып, Форт-Александровскіге келіп, Нұрсұлтанмен кездеседі. Бұл екеуі бұдан бұрын да бірін-бірі жақсы білетін, сырлас, сыйлас азаматтар болатын. Тобанияз өзінің Ораздың үстінен жазған шағымын Нұрсұлтанға көрсетіп, оны орыс тіліне аударып беруді өтінеді. Нұрсұлтан арызды оқып, ондағы әкесі жөніндегі деректердің дұрыс екенін түсініп, Тобаниязды тілегін орындайды.
Бұл деректі марқұм Маршал Әбдіхалықов өзінің баспасөз беттерінде жариялаған еңбектерінде де көрсеткен болатын.
Жергілікті патша әкімшілігі бұл арызды Оразға көрсетеді, ол мұны жазған Тобанияз екенін, оны орыс тіліне аударған өзінің баласы екенін біледі.
Оразға арызда көрсетілген деректер қатты әсер еткен, оған қарсы ештеме айта алмай, өзінің жіберген ағаттығын, кемшілігін түсініп, ел алдында әшкере болғанына өкінген. Тобаниязбен бетпе-бет сөйлескенде ешбір мардымды жауап бере алмаған. Оның ұлы Нұрсұлтанға айтқан: «Адайда бес би болған, оның басы Есен Ермембеттен өзімді артық болмағанмен, кем емеспін деп жүретін едім, ал Тобаниязбен сөйлескенімде «ол менен артық па» деп ойладым», деген сөзі ел арасында осы күнге дейін айтылып жүр. Әсіресе, марқұм Алшын ақсақал осыны көп айтушы еді. Бұл деректерді жазушы Маршал Әбдіхалықовтың да айтқанын естіп едім. Марқұм Маршал тірі кезінде Тобанияз жөнінде бірқатар материалдар жинаған деп естіп едік, олардың қазір қайда, кімнің қолында екенін білмейміз.
Ораз өз қатарының алды, сөз білетін, ел тарихынан хабары бар, би кісі болған. Сонан да болар, ез кемшілігін мойнына алып, сөзге түсініп, тоқтай білген. Мұны бұрынғы өткен қадірлі ақсақалдардан қалған көрегенділік деп түсінген жөн.
1916 жылғы патша үкіметінің қазақ жастарын «қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін жасауға қара жұмысқа алу туралы» жарлығына қарсы шығып, ел арасында үгіт жұмысын жүргізуге қатынасқандарды басқарғаны үшін Тобанияз Әлниязұлын, Қаражан Тасымұлын, тағы басқа Маңқыстау азаматтарын тұтқындайды. Бірақ 1917 жылғы ақпан буржуазиялық революциясының ықпалымен Тобанияз жолдастарымен абақтыдан босатылады.
1917 жылы 22 қазаннан бастап Форт-Александровскіде үкімет билігі жұмысшы шаруалар және солдаттар депутаттарының қолына тиді дегенмен, сол кездегі ақтардың бас көтеріп, кеңес үкіметіне қарсы тұруына байланысты Маңқыстаудан басқа жерлерде, Гурьевтегі кеңес генерал Толстовтың, Ақтөбедегі Кеңес атаман Дутовтың қолына көшті. Маңқыстаудың түстігіндегі Орта Азияда Ашхабад — Красноводск темір жолын басқару құқы ағылшындарға тиді. Осы жағдайда Форт-Александровск, Маңқыстау түбегі ғана кеңес үкіметінің ықпалында болды. Бірақ бұл да көпке созылмады. 1918 жылдың жазында генерал Толстовтың әскері Форт-Александровскідегі өкіметті құлатып, Маңқыстауды билеуді кадет партиясының мүшесі, патша әскерінің полковнигі, осы Маңқыстаудың тұрғыны Оспан Көбейұлына берді.
Осының салдарынан ел басқарған кеңес үкіметін қолдаушылар бас паналап, астыртын жұмысқа көшеді. Солардың ішінде Тобанияз Әлниязұлы, Нұрсұлтан Оңғалбайұлы, Қаражан Тасымұлы, сол кездегі кеңес құрамының азық-түлік комиссиясының бастығы, кейін Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағасы — Жалау Мыңбайұлы, кейін Чапаев дивизиясының комиссары, қазақ ұлттық полкінің командирі — Телесін Әлиұлы тағы басқалары болды.
Атақты орыс генералы Толстов қызылдардан ығысып, Гурьев қаласынан қуылып, өзінің Урал деп аталатын ауыр қолын Жем өзенінің сағасынан Үстіртке қарай, Форт-Александровскіге алып жүргенде Жем бойындағы, Ақкиіз тоғай өңірінде біздің ауылдардың үстімен өткен. Елдің жаңа көтеріліп келе жатқан егінін, тарысын таптап, қолына түскен мал-мүліктерін тонап, жол бастауға ер азаматтарды зорлап өздерімен бірге ала кеткен. Әйелдер мен қыздарға да зорлық жасаған деп айтады. Біздің ауыл Жемнің он жақ бетіне, үлкен тоғайларға жасырынған. Үстірттен Форт-Александровскіге жеткенше ұлы армиядан тек қана бір мыңдайы қалып, оның да қолға түскені тарихтан аян. Форт-Александровскіге жеткенше олардың түбіне жеткен сол жердің жергілікті қазақтары. Үстірт үстінде ұтымды жерден тосқауыл жасап, шөл далада адастырып, көбін оқпен өлтірмегенмен шөлден, аштан қырған. Осындай қиыншылықтан азған, шаршап-шалдыққан орыс әскері теңізге жетіп, одан әрі қарай шет елдерге өтіп кете алмау қаупі туғандықтан болу керек Толстов өзінің елден, үкімет қорынан жинаған көп дүниесін адайлардың қолына түсірмеу үшін, алтын, күміс тағы басқа қымбат бұйымдарын Үстірттің бір жеріне көміп кетіпті деген аңыз ел ішінде айтылып жүретін. Кейінірек оны іздеушілер де табылған. Бірақ бүл осы күнге дейін құпия.
Марқұм Алшын ақсақал, осы іздеушілердің ішінде өзінің де болғанын айтып отыратын.
Форт-Шевченко тарихи музейінің бұрынғы директоры марқұм Өмірбаев Есболдың естелігінде бұлар жөнінде былай делінген.
«Манатаның астындағы «Орыс қырылған» деген жерде қаңқиған зеңбіректер, оның томарлана тот басқан оқтары, адам басы сиғандай патрон-гильза, адамның, малдың қаңқа сүйектері қалған. Бұлар Жайық бойынан Маңқыстауға жол тартқан генерал Толстов әскерінің суыққа тоңып, қырылған жері екен. Бұл жерде қызыл комиссар Сыдиық Жұбайұлының (кейін Тобанияз Әлниязұлымен бірге 1930 жылы атылған) басшылығымен халық жасақшылары Толстовтың әскерін қыстың күнінде бір ай Манатаның жолымен құлатпай, тосқауыл жасап, жолын байлаған. Орыс әскерлері бұдан құтылудың жолын іздеп, «Орыс қырылған» жерден жол салуға мәжбүр болған. Сол жолдың құлауында бұлар біраз техникасынан, әскерінен, көліктерінен айырылған. Бұл жер содан кейін осылай осындай аталып кетеді».
Есбол ағай ол кезде жас бала. Әкесінің ағасы Сүйеудің айтқанын былайша баяндайды:
«Біздің ауыл Аққауымды қыстап шыққан жылы, бір күні «жау келді» деп ауылды көшіріп, сай-сайды қуалай Сартағанға қарай жөнелтті. Біздер жүріп кеткенде, Сүйеудің үйі қалып қойды. Таңертең бұлар көшкелі жатқанда, арбаның шиқылдаған, түйелердің бақырған дауысы мен қос-қостан нар жеккен екі арбалы 10 орыс әскері келіп жетеді. Ауылдың көшкелі жатқанын көріп, екі рет аспанға мылтық атып, мол тон, тері берік киген қаба сақал орыстардың бірі: «Иттің балалары, қырылып қалғыларың келмесе, мал сойып қонақ етіңдер және Фортқа баратын жолбасшы беріңдер, үйлеріңді тігіңдер» деп ақырады. Бұлардың екеуі офицер екен. Сүйеу әкеміз бұл пәлелерден аман құтылудың бірден-бір жолы жақсылап қонақасы беру екенін түсініп, бір қойын сойып, жүгері дөңіне бір қазан майлы палау жасап, табақ толтырып алдарына қояды. Жол соқты болып келген олар лаулап жанған қазан астындағы отқа қызара бөртіп, жылынып, маужырай бастайды. Мылтықтарын керегеге сүйеп, қылыштарын іліп жайбарақаттанады. Осы кезде жұмыс жасап жүрген төрт жігіттің екеуі екі қосауыз мылтықтан төрт рет атып, үй іші көкала түтін, бақырған адамдардың дауына толады. Осының үстіне тағы 7 жігіт кіріп, күрекпен ұрып, қалғандарын өлтіреді. Бұлардың өліктерін, арбаларын таудан ұшырып, мылтықтарын олжалап, сол күні түнде Бекіге құлаған. Мұны ұйымдастырған ер көңілді Сүйеу атамыз екен»,— дейді. Мұндай жағдайлар сол жылы Маңқыстауда көп болған.
Осындай оқиға әкемнің айтуы бойынша, сол жылы жазда Жем бойындағы Ақкиіз тоғайда отырған біздің ауылда да болған. Жем бойындағы бір төбенің бауырында отырған 10-15 үйге, тұтқиылдан орыстың алты атты әскері келеді. Олар қорқытып-үркітіп тамақ сұраған. Ауыл адамдары жылдамдатып қой сойып, шай қойып қонақтауға кіріскен. Бұл үй Үмбет атамның үйі екен, шайға отыра бергенде, ауыл жігіттері киіз үйдің артынан келіп, үйді төңкеріп орыстардың қол аяғын байлап, ауыл маңындағы бір құдыққа лақтырып тастайды. Олар құдықтың ішінде бақырып жылап, бірдеме сұраған, бірақ не айтқандарына түсінбегенін айтатын.
Біздің ауылдың жігіттері сол шұбырған орыстардың жүруге жарамай қалған аттарын, өлген орыстардың мылтықтарын жинап, кейін көшпелілерге бір мылтықты бір жылқыға айырбастағанын айтып отыратын. Менің әкем 19 мылтық сатып, он тоғыз жылқы алып, шаруашылығын едәуір көтеріп алыпты.
Осылардың ызасы есінен кетпеген Толстов, түрікмен жері арқылы Австралияға өтіп, одан өлер алдында Францияға келіп жазған естелігінде: «Ең соңғы адайдың сүйегін музейден көрсем мен армансыз, бақытты адам болар едім»,— деген екен. (Әнес Сараев. «Еділ Жайық» 373-бет). Осындай атағы бүкіл Еуропаға жайылған, жайсыз, қыңыр, тынышсыз қылығынан ба, әйтеуір Маңқыстау қазақтары патшалық Ресейдің көңілінен шықпай-ақ қойған. Бұдан кейін де олардың шекесі шылқыған уақыты шамалы болғанын төменде айтпақпыз.
Көбейұлы билеген «өзін өзі басқару» әкімшілігі құрған интервенттердің өкіметін Маңқыстау елі онша мойындап, танымады. Оның құзыры тек қана Форт-Александровскіде болмаса, Маңқыстаудың өзге өңіріне жүрмеді.
1919 жылы сәуір айында Форт-Александровскіге әскери кеңестің мүшесі С.М.Киров бастаған екінші кеңес әскері өкілдерінің келуімен ақтардың өмір сүруі тоқтады.
1919 жылы 16 мамырда Маңқыстау үйездік кеңестер съезі өткізіліп, үйездік атқару комитетінің төрағасы болып Нұрсұлтан Оңғалбайұлы сайланды. Бірақ екінші армияның өкілдері кетісімен генерал Толстовтың әскері мұндағы өкіметті құлатып, Оспан Көбейұлын ел басқаруға қайтадан тағайындады. Форт-Александровскідегі кеңес үкіметінің белсенділері ұсталып, қамауға алынды. Бұлардың ішінен Тобанияз Әлниязұлын, Нұрсұлтан Оңғалбайұлын, Жалау Мыңбайұлын ату жазасына кесуге үкім шығарылды. Бірқатар азаматтар қашып, ел арасына, Үстіртке шығып кетеді. Бірақ Оспан Көбейұлы ел наразылығынан сескеніп, абақтыдағыларды қашырып жіберуге мәжбүр болады.
1920 жылы сәуір айында Форт-Александровск ақтардан қайтадан азат етіледі.
1920 жылы 4 қазанда партияның бүкіл Қазақстандық I съезі Маңқыстау үйезін Адай үйезі деп жариялады.
1917-1920 жылдары бірде ақтардың, бірде қызылдардың қолына көшкен Форт-Александровскідегі аумалы-төкпелі үкімет өз билігін осы қаладан басқа жерге жүргізуге шамасы жөнді келмеді.
Маңқыстау түбегінен бастап, Ойылға, бір жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең байтақ далада көшіп жүрген ел арасында бірден-бір билік жүргізу құқы тек қана революциялық комитеттің, оның төрағасы, хан атанған Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен жүрді десек, қателік болмайды.
Революциялық комитет, ауылдық кеңестер, кейіннен Тобанияздың ұсынысымен ауылдық революциялық комитеттер болып құрылып, елдің жағдайын түзету үшін бұқара арасында саяси-мәдени, тәрбиелік, әлеуметтік-шаруашылық жұмыстарын жүргізді. Ел тек қана революциялық комитетті таныды, ел арасындағы бұлардың қажеттілігі арта түсті.
Партия, кеңес ықпалы халық арасында мардымды түрде жүрмеді. Мұның бірінші себебі, ол кезде партия қатарына тартылғандардың саны өте аз болса, олардың білім деңгейі, саяси сауаттылық өрісі де өте төмен еді. Сондықтан халық арасында кеңестің жұмысын тиянақты насихаттауға шамалары келмеді. Халық бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-санасын, әлеуметтік жағдайын күрт өзгертіп, партия, кеңес саясатына сәйкес жүргізуге аса ынталы бола қойған жоқ. Бұл жұмыс ел ішінде өте мардымсыз жүрді. Оның үстіне көп жерлерде жаңа үкімет саясатын құбыжық қылып көрсетуге тырысқандар да аз болған жоқ. «Ұйымдасқан ортақ шаруа, мал-жан барлығы да ортақтастырылады, әйелдерге шейін ортақ болады екен» деген сынды қауесеттер кеңестің жұмысына кесірін тигізбей қоймады.
Екіншіден, ауылдық кеңестерде, ауылдарда, шаруашылық кызметтеріне жастар — «тілектестер» тобы тартыла бастап, комсомол қатарына кірушілер саны көбейгенмен, бұлардың белсенділігі де онша артып жарымады.
Үшіншіден, партия, кеңес жұмыстарына кіргендердің арасында басшылық жұмысқа, билікке таласуға әуестенушілер де аз болған жоқ. Осыны іске асыруда өтірік, өсек, пара беру, жақын-туыстарын билік мінбесіне, сауда-саттық жұмысына орналастыруға бар күштерін салды. Мұндай жағдай кеңес саясатын жүргізуге аса зор қиыншылық әкеліп, үкіметке келеңсіз көлеңке түсірді.
Осылар сияқты келеңсіз жағдайларға төтеп беретін бір ғана орган бұл Революциялық комитет болды. Бірақ бұл жұмысты тиянақты шешу, жаңа саясатқа бейімделу оңай болмады. Халық бұрынғы қалпынша жайбарақат, өмір сүру бейімділігін онша өзгерте қойған жоқ. Революциялық комитет те халықтың жағдайымен санасып, ел тыныштығын бұзуға, елді зорлап кеңес саясатына бейімдеуге белсене кіріскен жоқ. Осы бағытпен жалғасқан өмір тынысы бірқалыпты жүріп отырды. Халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы бір шама жақсарды. Мал-жаны өсті. Маңқыстау халқының арасында бейбітшілік орнады.
Революциялық комитет халықтың салт-тұрмысын, әдет ғұрпын, ескіден келе жатқан ел арасындағы қарым-қатынасты, дау-жанжалды, соның ішінде, жесір дауын, жер дауын, барымта қарымталарды сол кездегі кеңес заңымен, саясатымен байланыстыра отырып жүргізуге тырысты.
Кеңес үкіметінің бастапқы орнаған кезінен бастап-ақ, Маңқыстау үйезінде милиция, сот, прокуратура тағы басқа да осындай басқарушы органдар болғанымен, олардың жұмыстары ел ішінде, Тобанияздың басшылық еткен мезгілінде билер алқасымен, ескі ел дәстүрімен байланыстырылып жүргізілді. Ол кезде бұны бұзатын, бұларды пайдаланып, өмірге керектісін алуға тыйым салатындай кеңес үкіметінің заңдары да шығып үлгермеген. Сондықтан бұл жаңа саясатқа қарсылық болып та есептелмеген. Бұл уақытта Маңқыстау жерінде Форт-Александровскідегі патша үкіметінен қалған кішкене абақтыдан басқа қылмыскерлерді ұстайтын орын да болған жоқ. Ел арасы алыс, көшіп-қонумен айналысатын елде қылмыс та аз болатын. Сондықтан ұсақ-түйек келіспеушіліктер осылай шешіліп отырған.
Осы айтылғандарға мысал ретінде болған бір уақиғаны еске салып кетуге болады.
1921 жылы менің әкемнің туған қарындасы Айкенже күйеуге барған жерінен өз үйіне қайтып келеді. Айкенженің артынан кешірім сұрап, қайта алып кетуге күйеуінің ағасы Есенғұл және оның жолдасы бабық тармағының бір жігітімен келеді. Қыз шешесі, ағалары Айкенжені қайтаруға келіседі, қыздың қасына кіші ағасы Бөршекті ертіп, төрт адам екі түйемен Жем бойындағы қазіргі Ақкиіз тоғайдан Маңқыстаудағы жайлауға көшіп келе жатқан елдің алдына қарай жолға шығады. Мезгіл жазғытұрым болса керек, осы күнгі Бейнеу стансасының маңындағы Жіңішке Кебір деген жерде жолаушылардың алдынан бір дуадақ кездеседі. Соны атамын деп көздесе, бесатар мылтық от алмайды. Содан біраз жүргеннен кейін мылтық иесі бабық жігіті қамшының сабымен мылтықтың шүріппесін ұрып қалғанда мылтық атылып, екінші түйенің үстіндегі қыздың ағасы Бөршекке тиіп, өлтіріп кетеді.
Сасып, қорыққан екеуі қызды өлген ағасымен тастап, қашып кетеді. Далада қалған қыздың үстіне көшіп келе жатқан ел келіп, Бөршекті «аманат» деп жерлеп, өзін елге жеткізеді.
Осыдан кейін екі рулы ел арасы бұзылып, кісіні өлтіріп, елсіз далаға тастап кеткенге ренжіп, арты үлкен жанжалға «жанға — жан, кісі өлтіреміз» дегенге дейін барады. Кісі өліміне кінәлі жағы араша сұрап, революциялық комитеттің төрағасы Тобаниязға барады.
Тобанияз ел арасындағы жанжалды ушықтырмау үшін сол кездегі тиянақты жаңа заңның жоқтығынан, қазақтың өткен әдет-ғұрпына сүйене отырып, екі елді татуластырып, құн төлетумен шектейді, ел арасы бітімге келеді.
Дәстүр бойынша өлген кісіні «аманат» деп жерлесе, оны қайтадан алып, қалаған жеріне апарып жерлеуге болады екен. Содан 17 күн өткеннен кейін, сүйегін Жем бойына әкеліп, өз елінің қонысына қойған. Сол қауым осы күнде Бөршек деп, сол кісінің атымен аталады.
Бөршектің оққа ұшқан жерін «Жіңішке кебір» деп атайды. Ол қарапайым тегістік шөл дала, белгі боларлықтай төбе, сай-салада жоқтың қасы. «Аманат» деп қойған ел көшіп кеткен. Ел адамдары жобамен табамыз деп, асығыс шығып сол маңға келгенде 10-12 күндей іздеп таба алмай, енді елге қайтамыз деген күні, Бөршектің інісі мұсылманша оқыған, молла Аманғали ерте тұрып, ешкімге айтпастан шығысқа қарай бет алып, түске таман жолдастарына келіп, Бөршекті тапқанын айтады. Ол кісінің осындай «көріпкелдігін» кейіннен туыстары ел адамдары айтып жүретін.
Бір таңқаларлығы, ол өлер алдында жайнамазын алдына жайып, әйет оқуға шамасы келді ме, келмеді ме белгісіз, жан тапсырған.
Бөршек сол жылы мұңалдың жарысынан тарайтын Құдайберген тармағынан Сарбас дегеннің қызына үйленген екен. Сарбас, оның әкесі Ақшолақ үлкен бай болған адамдар. Ол кісінің аты Ханжан, адайдың атақты биі Мәтжан Тілеумағанбетұлының қарындасы. Келін болып түскен бойына жесір қалған Ханжанды бір жылдан кейін менің әкем Сарыға қосады. Әкемнің бұдан бұрынғы әйелі қайтыс болып, одан үш қыз жетім қалыпты. Сол апаларымның ең кішісі Ізден 1991 жылы қайтыс болды. Ол 1933 жылы күйеуге шыққанға дейін мені бағып, маған көп еңбегі сіңген адам. Қалған екеуі Кәмпит, Мәлтен күйеулерімен 1930 жылдары Түрікменстанға өтіп, Ашхабадта тұрған. Содан бұл жерде жер сілкінісі болғанда хабарсыз кетті.
Ханжаннан менің алдымда екі ұл болады, аттары Наурызбай, Ақалаш, олар жастайынан қайтыс болған. Содан кейін мен дүниеге келіп, солардың ізін басты деп әжеміз Жұма атымды Ізтұрған қойған. Сол әжеміз мені 5 жасқа келгенше баққан. Шешем Ханжан менің екі жасымда, Ермек деген бала үстінде қайтыс болған. Сонымен екі жетімді әжеміз бағыпты. Бірақ жетімнің көз жасын кім көрген, әжеміз бес жасымда, Ермекті екіден асқан шағында бақи болған. Сол жылы жазғытұрым Ермек те дүниеден өткен. Кәзір ойлап қарасам, ауруға аштық қосылып, бағымсыздықтан болғанға ұқсайды. Ермек әжеміздің оң жағында кереге моланың жанында жатыр.
Әжеміз Жұма ел ішінде Жұма атанған өте ықпалды кісі болыпты. Ол Қосай руынан, Байболының Шалбар тармағынан тарайтын Дүйсенбай дегеннің қызы екен. Әкемнің әкесі Бекбай атамыз отыз жасында дүние салып, әжеміз төрт баламен жесір қалған. Балаларының үлкені қыз — Орындық апай, 30-жылдары қызы мен ұлы қайтыс болып, кішкентай бес жасар немересі Алданышпен біздің үйге келіп паналап, 1946 жылы дүние салды. Мұнан кішілері Шәнен, Сары, Бершек жастайынан жетім қалған. Әжеміз осыдан кейін Қайнысы Бөлекбайға қосылады. Бөлекбайдан Аманғали, Шебік, Алаш және Айкенже деген кенжесін көріпті. Екі шалдың балаларынан тек қана Бөршек пен Аманғалидан басқаларынан тұқым баршылық. Барлығы да Атырау, Маңқыстау облыстарында тұрады.
Әкем 1942 жылы Ханғожадан 20 шақырымдай жерде Сарқұмақ елді мекенінде қыстап, жазғытұрым нағашым Мәтжан бидің бейітіне мені алып барып әйет оқыған. Ол кісі 1929 жылы 90 жасында дүние салып, сол жерге асығыс жерленген, ескерткіш те қоя алмай балалары Маңқыстау, одан әрі Өзбекстан асып кеткен. Ол өзінің інісі Адай деген кісінің зиратының қасыңда жатыр.
Әкемнің айтуы бойынша Мәтжан 1928 жылы Жем бойында біздің үйге келіп, қарындасына бата оқып кеткен екен. «Содан кейін нағашыңды көргенім жоқ, ел аласапыран болып, балапан басына, тұрымтай тұсына тарап кеткен уақыт еді»,— деген. Менің туған нағашыларым Сарбас, Қылаубай балаларымен 1930-жылдары елден безіп, Өзбекстанның, қазіргі Гагарин қаласынан бір-ақ шыққан. Кейін Сарбас пен Қалаубай балаларымен Ақтауға келіп, сонда тұрады. Мен бұларды тек 1975 жылы ғана таптым.
Кейіннен Тобанияздың үстінен іс көтеріліп, орнынан алғанда құн алу, құн беру мәселесі бұған бір пәле болып жабысты. «Өзінің ағайынына күн алып берді, ескі әдет-ғұрыпты сақтады. Бабықтарға толық күн төлетті. Құнның жартысын қыздың барған жері төлеу керек екенін ескермеді. Қызмет бабын пайдаланды», деген сияқты тағы басқа жалалар жабыса түсті. Дұрысында құнды екі ел бөліп төлеу керек екен, бірақ Тобанияз: «Бабықтар өздері түгел төлесін, адамы өліп жатқан елді әуреге салмаңдар, жарты құнды таздардан (қыздың барған жерінің руы) өздері алсын»,— деп шешім шығарған.
Тобаниязға тағылған жаланың тағы бір бастысы — оның алаш партиясы батыс бөлімінің басшылары Халел жөне Жанша Досмұхамметұлдарымен байланысты болуы. Бұл деректермен де, естеліктермен де анықталады. Соның бірі сол кезде революциялық комитеттің милиция қызметкері болған біздің жамағайынымыз Досжан Сәлдірұлы ақсақал «1919-1920 жылдары (нақтылы қай жылы екенін ұмытқан) Ойыл қаласында болған алаш партиясының бір жиынына Тобанияз бастаған 50-60 кісімен бірге барғанын» есіне алып отыратын.
Бұл жиын жайында және Тобанияздың сол Ойылға Досмұхамметұлы Жаншаның шақыруымен барып, мәжіліске қатынасқанын, Тобанияздың алаш партиясының мүшесі және Маңқыстау үйезінде сол ұйымның басшысы болғанын көрнекті жазушы Хамза Есенжанұлы өзінің «Ақ Жайық» трилогиясында толық жазған. Онда былай делінеді: «Таңертең қалаға, Ойылға алпыс жігітімен адай руының атақты басшысы Тобанияз кірді...
Жауынгер Адай руының басшысы, өзі бай, өзі би Тобанияздан басқа, бұл қалаға көптеген байлар мен билер, қажылар мен хазіреттер, оқымыстылар, шенеуніктер мен әкімдер келген.
Мәжілісті Жанша Досмұхамметұлының өзі басқарып, өзі сөйледі. Мұнан шешен, мұнан сөз тапқыр адам бұл дүниеде жоқ болар.
Ал Тобанияз ше? Егер Тобанияз аузын ашса, бесіктегі бала да жылағанын қоя-қояды... Бұл руда одан қадірлі адам жоқ, оның билігінсіз бір жігіт үйленбейді, бір қыз күйеуге шықпайды...
— Хатшы жазыңыз,— деді Тобанияз:— Менен жүз жігіт Ойыл кадет мектебіне жіберіледі, олардың барлық шығыны менің есебімнен. Оқу бітіргеннен кейін оларды атпен, ер-тұрманмен жабдықтаймын, жүздіктің әр біреуіне 20 жігіттен қосып, Адай полкын құруға көмектесемін, менің көмегіме сенуіңізге болады,— деді Жаншаға».
Өкінішке орай, Хамза Есенжанұлы осы шығармасын сол уақыттағы қызыл империяның саясатынан, Сталиндік зұлымдықтан сескеніп және өзі де осыдан зардап шеккендігінен Алаш партиясының, оның басшыларының ел үшін істеген игі істерін шын тұрғысында дұрыстап көрсете алмаған. Сол кездегі саясаттың қараңғы түнек жолынан шығып, анығын көрсетуге шамасы келмеген, қорыққан. Соның салдарынан Тобанияз жөнінен жазғаны да шындыққа үйлесіңкіремейді. Оның Тобаниязды бай дегені дұрыстыққа келмейді, ол бай болмаған, би болғаны рас, үстемшіл (диктатор) болмаған. Тобаниязды бай, үстемшіл деп көрсету кеңес үкіметінің саясаты мен үйлестіру үшін қажет болса керек. Өйтпесе кітап шықпас еді ғой.
Алаш партиясы, оның басшылары ол кезде ұлтшылдықты көксеген, кеңес үкіметіне қарсы жұмыс жасаған тап жаулары, алаш үкіметін құрушылар деп есептелгені белгілі. Кейіннен бұл өңірде Алаш партиясының соңына түсіп, басшыларын қуғынға ұшыратқанын білеміз. Алаш партиясын, оның Батыс бөлігіндегі ұйымын қудалау кезінде, Ойыл қаласындағы Алаштың жауынгер тобын, Адай округінің күшімен, Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті әкімшілігінің басқарушылары талқандағанын, оның бастығы Жанша Досмұхамметұлы автомашинамен әрең дегенде қашып құтылғанын мақтанышпен жазғандарын басылымдардан оқығанымыз бар.
Тобанияз Әлниязұлы революциялық комитеттің төрағасы болған кезде де, одан босағаннан кейін де революциялық комитет әлеуметтік, шаруашылық, тәлім-тәрбие жұмыстары мен ел арасындағы тыныштыққа көп көңіл бөлді. Ол бастап кеткен игі жұмыстар 1927 жылға дейін өзінің белсенділігін бәсеңдетпеді. Халықтың тұрмыс жағдайын ескеріп, кедейлерді ауылшаруашылық салығынан босатты, тағы басқа да игілікті істер жасады. Жаңа үкіметтің мүддесіне сәйкес бетбұрыс болды.
Тобанияздың жүргізген саясатымен жасаған жұмыстарының халық арасында қолдау табуы, әсіресе оның алаш партиясының басшыларымен қарым-қатынасы, большевиктер партиясының, кеңес үкіметінің әкімшілігіне, Бүкіл Одақтық Комиссияның жергілікті қызметкерлеріне ұнамады. Олар әр нәрседен ілік іздеп, Тобанияздың соңына түсті.
Кеңес үкіметінің айқай салып, ел арасында жүргізген саясаты «халықтардың өзін өзі билеу құқығының» өтірік көпірме сөз екенін Тобанияз да түсіне бастады. Бірақ өзінің жасаған жұмыс бағытын жалғастыруға тырысты, алған бағытынан бас тартып, үкіметтің солақай саясатына бейімделу бұған қиын болды, оған ар-ұжданы жол бермеді. Турасын айтамын деп, көптеген мансапқор, шолақ белсенділерге жақпады.
1921 жылы Хорезм жерінен Адай үйезінің шекаралас ауылдарына бірнеше рет шабуылдар ұйымдастырылады. Олар адай ауылдарының мал-жанын, мүлкін талапайлап кетуге әдеттенеді. Хорезм үкіметінің тарапынан бұған ешқандай тойтарыс болмайды. Қазақстан басшылары бұл әрекетке араласпай, «жергілікті үйездің өзі қорғансын» дегеннен басқа шара қолданудан бас тартады. Кейіннен Тобаниязды шатағанда бұл айтқандарынан бас тартып, бар пәлені оған жапқаны белгілі.
Адай үйезінің және Хорезм халықтарының өзара татуласу, ел арасындағы араздықты ауыздықтау жөніндегі шаралары да ешқандай нәтиже бермейді. Оның үстіне осы кезде шет жақта көшіп жүрген атақты адай батыры, кезінде Исатай — Махамбет көтерілісіне қолдау жасап, көмектескен Сүйінғараның тұқымдарының ауылын тағы да шауып, малын олжалап кетеді. Осыған шыдамы таусылған халық Тобанияздан көмек сұрайды. Осыдан кейін Тобанияз бірнеше жүз кісімен Қоңырат қаласына баруға мәжбүр болады. Бірақ ешқандай қақтығысқа жол бермей, ел басшыларымен келіссөз жүргізеді. Осындай істелген шара өзінің жемісін беріп, ел арасындағы жанжал басылады. Тобанияздың бұл әрекеті өш алу қимылы емес, тек «біздің де күшіміз бар» деген сияқты ел тентектеріне сес көрсетуі болатын.
Тобанияздың елдің қамын жеп, тілегін орындауы, Қоныратқа барып, елге тыныштық орнатуы халық алдындағы оның абыройын, ел арасындағы беделін арттыра түседі. Бұған жергілікті әкімшілік, партия, кеңес қызметкерлері әр түрлі айла-тәсілмен шамасы келгенше кедергі жасап, Тобанияздың беделін түсіруге әрекет жасады. Еп ішін рушылдық, күншілдік, алауыздық жайлады. Партия, кеңес басшылары мен революциялық комитеттің арасында жұмыс бабында ашықтан ашық қайшылықтар біліне бастайды. Соның бір көрінісі 1922 жылы осы келіспеушіліктің салдарынан, 1901 жылы туған коммунист-қазақтарды әскер қатарына шақыру жұмысы іске аспай қалады. Бұны да Тобанияз тарапынан болған деп есептеп, үкімет саясатына қарсылық әрекет деген сипат береді.
Көшпелі ел арасында, оның ішінде әр тайпа, ру арасындағы қақтығыстар, барымта-қарымталар, жер дауы, жесір дауы ерте кезден бері жалғасып келе жатқан дерт. Маңқыстау өңірінде жерге жеке меншік болмаған, құдықтар да ортақ болған. Кім бұрын көшіп келсе, сол ауыл жерді де, суды да пайдалана берген. Дегенмен, жайылымдар мен қыстақтар үшін су тапшылығының әсерінен кішігірім даулар болмай тұрмаған.
Мұндай жанжалдар бұрын ел ақсақалдарының, билерінің араласуымен шешіліп отырған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл мәселелер жергілікті әкімшіліктің билігіне беріліп, көбінесе олар өздерінің қызмет бабын пайдаланып, асыра сілтеп, жеке бастарының қамы үшін жұмыс жасау салдарынан әділ шешілмегендіктен ел ішінде арыздар көбейіп, ұрылар мен барымташылар осындай келеңсіздікті жақсы пайдаланған. Осыған бір мысал: сол кезде үкімет саясатына наразылық білдіріп, алым-салық, мал дайындау науқанының озбырлығына көнбей әкімшілікке жек көрінішті болып, шет жақта көшіп жүрген Құрмаш Қосжанұлы ел арасында тентек атанған, жергілікті өкімет басшыларымен бас араз болған адам. Ел арасындағы ұры-қарылар, әсіресе барымташылар өздерінің жасаған қылмыстарын Құрмашқа жауып, құтылып кету мақсатымен әкімшілікке шағым түсіріп отырған. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, жергілікті өкімет тарапынан мұндай шағым арыздар бір жақты тексерілген. Оған мән беріп дұрыс қараудың орнына арызқойларды қолдап, Құрмашты тәртіпке салуға бірнеше рет әрекет жасаған. Орындаушы өкімет әкімдері мен Құрмаштың арасында арандатушылық күшейіп, бірнеше рет қақтығыстар болған. Сондықтан ол банды, үкіметтің жауы, барымташы, жәй халықты қан қақсатқан арам ниеті, шет елге кетейін деп жүрген қылмыскер атанды. Құрмаштың шет елге кетіп қалу ойы да болмай қалмаған, ол ойын іске асыруға да талаптанған. Бірақ ештеме шығара алмаған.
«Осындай бұзыққа қолдау жасап, әлденеше рет Құрмашты құтқарып жіберген» деп, мұны да Тобаниязға айып қылып таққан.
Кейбір деректерге және естеліктерге қарағанда, Құрмаштың қуғыншылыққа ұшырап жүрген уақытта, Тобаниязбен кездескенін өтірікке шығаруға болмайды. Бірақ ол Құрмашты ұстап беруге жұмыс жасамағаны да анықталады. Осыған қарағанда, арандатушылықпен қылмысқа баруға мәжбүр болған Құрмаштың жағдайын Тобанияз түсінген болу керек.
Құрмаш Қосжанұлы жөнінде 1970 жылдары Мендәліұлы Алшын ақсақалдың Алматыда болғанда айтқан бір әңгімесін еске түсіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол былай деген: «1927 жылы ма, болмаса 1928 жылы ма, күзге таман, мен аудандық кеңес қызметінде жүрген кезім, Атқару комитетінің басшылары «Құрмашпен сен рулассың, ол сенің айтқаныңды тыңдауы мүмкін. Құрмаштың ауылы Самның маңайында дейді, соған барып сөйлес, елге қайтсын» деген. Мен қасыма 4-5 кісі алып, Самның бір түкпірінде отырған Құрмаштың ауылына келдім. Құрмаштың бір сәбиінің шетінеуіне байланысты айтқан қайыр болсынымызға жылы шырай танытпады, жөнді сөйлеспеді, байқаймын сенімсіздік байқатты.
— Алшын, сен менің көріп жүрген күнімді білесің ғой. Мен қуғынға ұшырап, жаламен күйіп жүрген адаммын, мені әурелеме. Мен сенің үкіметіңе сенбеймін. Егер маған қиянат жасайтын болсаң, менен жақсылық күтпе,— деп қысқа жауап берді. «Сенің үкіметіне» деген сөзді шегелеп, қатты әсерленіп, маған қыр көрсеткендей айтты. «Батырға да жан керек» деген, осыдан кейін біз оның: «Мал соямын, сыбағаларыңды жеп кетіңдер,— дегеніне де қарамай, жүріп кеттік».
Алшын ақсақал Құрмашты банды, баукеспе ұры деп айтпады. Бірақ үкіметтің саясатын қолдамайтын, бір беткей, тіке айтатын, тентек адам деген.
Осыған қарағанда, Құрмаштың өтірік, өсек, жергілікті қылмыскерлердің жаласы, ауыл әкімдерінің өшпенділігімен «қосақ арасында бос кетіп», олардың әдейі арандатуына ұшырап, үкімет тарапынан қылмыскер, банды, барымташы атанғаны шындық.
Естеліктерге сүйенсек, Құрмаштың айналасында көп адам болмаған. Ол өзінің жақын туыстарымен бөлек көшіп жүрген. Егер құжаттарда көрсетілгендей, 1919—1929 жылдар арасында он жылдай банды, барымташы, ұры болса, үкімет тарапынан осы уақыттың ішінде ешқандай шара қолданылмауы таң қалдырады. Әлде оны ұстауға шамасы келмеген бе? Заң бойынша жазалауға болмағаны ма? Дегенмен Құрмашты жергілікті әкімшілік ұстамаған.
Құрмаш сияқты Жайық бойында, Нарын құмында, Тайсойған өңірінде сол кезде жасырынып, үкіметтен оқшауланып жүрген ел азаматтары Аманғали, Құныскерей, Қонатыр батыр, Ерғали Аязбайұлы тағы басқалары аз болмаған. Бұлар да жергілікті өкімет тарапынан банды, барымташы атанып, қуғыншылыққа ұшыраған. Бір таңқаларлығы — бұлар да жазалаушылардың қармағына ілінбеген. Ел ішінде жүрген осындай «бұзықтардың» ұстатпай кетуінің себебі бұлар ел тарапынан қолдау тапқан, қадірлі азаматтар болғанға ұқсайды. «Құрмаш осы Аманғалимен де, Құныскереймен де хабарлас болып, кездесіпті» дегенді де ақсақалдар айтатын.
Құрмаштың да беделді, батыл, батыр азамат болғаны анық. Оның ән салып, өлең шығаратын сері адам болғанын да дәлелдейтін естеліктер бар.
«Мен өзім Тоқабайдың Құрмашы едім, Той болса қыз, жігіттің жорғасы едім»,—деп басталатын әні кейінгі кезге дейін ел арасында айтылып жүр.
Қазақ тарихында осылар сияқты ардақты азаматтар аз болмаған ғой. Солардың ішінде Есет Көтібарұлының да тағдыры осы жоғарыда аты аталғандарға ұқсас болғанмен, бұларды Есетпен салыстырып, атағын шығарайық деген ойдан аулақпыз. Тек патша үкіметінің біздің елге жасаған қылығы мен қызыл империяның жауыздығын көрсете кетсек деген ниет қана.
1858 жылы 1-ші қазанда жарық көрген «Русский художественный листок» журналының №31 санында «Би Есет Көтібаров» деген мақала жарияланған. Онда Есеттің жеті кісі жолдастарымен бірге түскен фотосуреті бірге тіркелген. Осы мақалада Есет пен патша әскерінің бірнеше рет кездескенін жазған. Бұл мақаланың авторы Есетті «банды, бас кесер» деп қараламайды, атақты барымташы дегеннен басқа, оның ел ішіндегі абырой-беделін, батырлығын, тапқырлығын, ой-өрісінің жоғарылығын, сөз тапқыр шешендігін бір жоба дұрыс көрсетіп, оны жасыра алмағанын айтпай кетуге болмайды.
Есет те көбіне жаламен патша үкіметі мен хан тұқымдарынан жапа шегіп, қуғынға ұшыраған, бірнеше жыл Үстірт үстінде, борсық құм жағында көшіп жүрген. Қанша қудалағанмен патша әскері Есетті қолға түсіре алмаған. Бірақ Есет күн көрудің, қашып-пысудың қиындығына шыдай алмай өз еркімен қолға түсуге мәжбүр болған. Ақ патша: «Өз еркімен берілсе, қылмысын кешіремін»,— деп уәде берген. Содан кейін Есет 1858 жылы 4 маусымда Ембі бекінісіне жолдастарымен келген. Оны ертесіне генерал-адъютант Катенин қабылдап, патшаның жарлығына сәйкес Есетке бостандық беріп, қабылдаудан соң оған: «Менің сенімім мол, өзімнің туысқанымды көргендей болып отырмын. Маған Орынборға қонаққа келуіңе болады. Осыдан бастап кең далада маған берілген, сенімді Есет Көтібаров бар деп есептеймін»,— деген. Қоштасарда Есет: «Үстіртте менің атымды пайдаланып, мен білмейтін көп қылмыстар жасалғанын білемін. Мұндай жағдайлар қайталанады, сондықтан сізден сұрайтыным, менің өзіммен сөйлеспей, мені айыптама. Мен сіздің шақыруыңызды екі етпей келіп, барлық жағдайды айтамын. Мен кінәлі болсам да, оны жасырмаймын. Осы сөзімді әкеме берген уәдем деп біліңіз»,— депті. Осымен сөзін бітірген ол азиялықтардай көп сөз де, мадақтау да айтқан жоқ дейді. Патша сөзінде тұрған, Есет тыныш өмір сүріп, өз ажалынан өлген.
Есет пен Құрмаштың жағдайын салыстырсаңыз, арасы жер мен көктей. Көбіне жалаға ұшырап, қуғынға ұшыраған Құрмаш 1929 жылы барлық туған-туыстары, серік-жолдастары, бала-шағасы қолға түсіп, тұтқындалғаннан кейін, жалғыз өзі Маңқыстаудың айдаласында соңғы оғы таусылғанша жазалаушылармен атысып, ақырында жау қолынан қаза табады.
Қазақстан мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілеттік өкілдігі үштігінің 1929 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен Құрмаштың серіктестерінің 42-сіне үкім шығарылған. Оның 22-сі ату жазасына кесілген.
Тарихшы Т.Омарбеков осы Қосжановтың ісі бойынша 78 адам тұтқындалған дейді. (Ақиқат журналы, 1993 ж. 4 саны). Жоғарыда көрсетілген 42 адам үштіктің үкімімен ғана жазаланғандар. Ал архив құжаттарының деректеріне сүйенсек, Құрмаштың және оның серіктестері деп есептелгендердің емшектегі баласына дейін, соның ішінде 83 жастағы Құрмаштың шешесі де тұтқындалғаны анық. Бұлардың қанша уақыт абақтыда отырғаны белгісіз, кейін жер аударылып, өздерін бір бөлек, балаларын бір бөлек әр жерлерге жер аударған. Аты-жөні орыс тілінде жазғанда дұрыс көрсетілмей, кейіннен іздеп табу мүмкіншілігі болмай, көбі, әсіресе жас балалар жоғалып кеткенін ел ішінде осы күнге дейін айтады.
Тобаниязға Құрмаштан басқа да түрлі-түрлі жалалар жабылған. Оның ең бастысы — жергілікті партия, кеңес басшылары мен белсенділерінің арасындағы алауыздық, жікшілдік, баққа таласушылық. Олар жоғарғы орындарға үсті-үстіне өтірік мәліметтер, шағымдар беріп, оны орнынан алу емес, тіпті тұтқындатуға әрекет жасаған. Сонда олардың Тобаниязға тағатын айыбы пара алды, елді қанады, халыққа қиянат, зорлық жасады емес, «Ол хан атанды, халық оның айтқанын жасайды, ықпалы, беделі ел алдында дәріптеледі, халық тек ревкомды таниды, партия, кеңес заңдарына бас имейді, оған кінәлі Тобанияз»,— деген сияқты болып келеді. «Аққа пәле айрандай жұғады» деген мақал рас болды. Бұл әрекеті іске асыруға мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілдері де белсене кірісіп, ақыры өз дегендеріне жетті.
Құжаттарға қарағанда Тобанияздың және осы сияқты елдің атақты азаматтарының үстінен, бұлардың мағлұматтар, өсектер жинауы соңғы бір-екі жылдың іші емес, одан едәуір бұрын басталғанға ұқсайды. Әр түрлі мәлімет берушілердің көпшілігі өз ішімізден шыққандар. Жау сырттан келмеген, сол заманның құлы болған, онымен бірге жұмыстас болған, жақсы білетіндер. Баққа таласушылар, одан дәмелілер. Бұлардың атын атап, түсін түстеп тәптіштеп жатудың керегі шамалы деп есептейміз.
Тобанияз Әлниязұлын 1918 жылы Қырғыз Далалық айырықша комиссары Жангелдіұлы Әліби Маңқыстау революциялық комитеттің төрағасы етіп сайлағанмен, оны Қыр республикасының өкіметі ресми түрде 1919 жылы тағайындаған. Бұл Орынбор қаласында болып, сол жерде өкімет басшыларымен келісіп, өзіне орынбасар етіп Жұбайұлы Сыдиықты, революциялық комитеттің мүшелері етіп Жаналыұлы Хұсайынды, Айтуарұлы Аманқұлды тағайындайды.
Тобанияз жоғарғы Кеңестің бірінші съезінде орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланады.
Осыдан кейін Тобанияздың беделі, ықпалы өсе түседі. Жоғарыда айтқандай, осы сапардан қайтқаннан кейін, Форт-Александровск қаласына келіп, Қыр республикасы үкіметінің жарлығына сүйеніп, байларға салық салып, 7200 қой, 800 ірі қара (жылқы мен түйе) мал жинап, 150 кісілік эскадрон құрады.
Тобанияздың ықпалының ел алдында арта түскенін, революциялық реформаны іске асыруда барлық билік тірегі оның тарапынан жүргізілгенін мынадай дәлелдермен көрсетуге болады.
Бүкіл ауылдық, болыстық атқару комитеттерінің басшыларын болыстық, ауылдық ревкомның төрағасы етіп қайта тағайындайды. Осыған қарағанда жергілікті кеңестердің ықпалы ревкомның алдында төмен болғанын көрсетеді. Уездік революциялық комитеттің шешімі бойынша, ревком солдат, жұмысшы-шаруа депутаттарының бірден-бір өкімет орны болып есептелді.
Жұмысшы-шаруаға еркіндік беріледі, барлық азаматтар тең құқықты болады деген партияның, кеңестің саясатына жете түсінбеушілік ел ішінде, әсіресе басшы қызметкерлер арасында қайшылықтар туғызбай қойған жоқ. Біреулер революциялық комитеттің ұстаған бағытын қолдаса, әсіресе коммунистердің шолақ белсенділері кеңесті қолдады. «Барлық билік — кеңеске» деп жұмыс жасаған болды. Осының салдарынан жергілікті жерлерде билікке таласу, жікке бөліну, өз адамдарын қолдау, соларға билік тұғырын алып беру күресі қызу жүрді. Мұның арасында жала жабу да, өтірік айту да, жалпы жұмысқа әдейі кедергі жасау да, тағысын тағы осы сияқты жағдайлар жол алды.
Округ еңбекшілерінің тұрмыс жағдайының ауырлығы туралы Тобанияз әлденеше рет үкімет алдына мәселе қойып, олардың шешілмегеніне назырқап, бүкіл Қазақстандық кеңесінің үшінші съезінде сөйлеген сөзінде округтің бірқатар шаруашылық, әлеуметтік, халықтың тұрмыстық хал күйі жайлы мәселе қозғайды. Көптеген мәселелер жөнінде республика басшыларын сынға алып, сарқыла сөйлеген. Өкінішке орай, ол қазақ тілінде сөйлеп, оның сөзін Сиық Жұбаев орыс тіліне аударып отырған. Бірақ. ол кісінің мазмұнды, шешендік тіл мөрлігі орыс тілінде өзінің мәресіне жетпегенін өзі де, Сыдиық та кейін мойындап, ойына алғанын, еске алушылар айтып отыратын еді.
Десе де, оны осы съезде республикалық кеңес мүшелігіне өткізбеген. Ол кісінің сол сөйлеген сезінің стенографиялық нұсқасы болмауы мүмкін емес, бірақ оны таба алмадық.
«Соңына түскен жау алмай қоймайды» дегендей, 1922 жылы Тобаниязға «ақсақалдар билігін сақтайды, бұрынғы ескіден келе жатқан ата салтын дәріптейді, дін мәселесіне мән береді, оны қолдайды, адай елінде хан атанған, хан болуды көксейді. Үлкен ықпалды, беделді адам, Алаш партиясы мен оның батыс бөлімінің басшыларының біреуі. Қазақтарды түрікмен халқына қарсы қойды, ұлтшыл»,— деген айып тағылды.
Бүкілодақтық Арнаулы Комиссиясының (ВЧК) тарапынан Тобанияздың Хорезмге жорығын халық арасына салған алауыздық, өзінің жұмыс бабын пайдаланып, асыра сілтеушілігі деп есептеп, оны қылмыстық жауапқа тартуға ұйғарады. 40 күндей абақтыға да жабады. Бірақ оның ел ішіндегі үлкен беделі мен ықпалынан сескеніп, оны революциялық комитеттің төрағасы жұмысынан босатумен шектеледі.
Осыған қарағанда Тобанияз Хорезмге барғанда қылмыстық іс жасамағаны ғана бұлардың арам ниетінің іске аспай қалғанын дәлелдейді.
VI ТАРАУ
Тобанияздың орнынан алынуына себеп болған Қоңырат жорығы, ресми құжаттарда әртүрлі болып сипатталады. Бірінде мұны «шапқыншылық, бандылық, ел тонаушылық жорық болды» десе, екіншісінде «екі ел арасындағы араздықты жою үшін болған, ел ішіндегі тентектерге тыйым салу үшін жасалған шара» дейді. Сондай құжаттардың бір-екеуіне тоқтайық. «1921 жылы революциялық комитеттің төрағасы болып тұрғанда (Әлниязұлы Тобанияз) Хорезм республикасына жорық жасап, Қоңырат қаласын талады»,— дейді.
Ал екінші бір, сол Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының Өкілеттік Өкілдігінің (т.3, л.д. 138-139) құжатында Әлниязұлы Тобаниязға берген қысқаша мінездемесінде: «Екі ел арасындағы алауыздықты жою мақсатында Хорезм республикасына жорық жасады»,— дейді. Бірақ жоғарыда көрсетілгендей Қоңырат қаласында, болмаса басқа жерде бұлардың тарапынан ешқандай зорлық, зомбылық, ел тонаушылық деген сияқты мағлұмат жоқ.
Бір ескерте кететін жағдай, осы екі құжаттың біріншісі Тобанияздың және басқалардың үстінен іс көтергенде ғана жазылса, екіншісі одан әлдеқайда ертерек жазылса керек. Анығында екі құжат та өткен шақпен жазылған.
Құжат жазып, қаралаушылар өздерінің жасаған жұмыстарына дұрыс көңіл бөлмей, қалай болса солай ат үсті қарағандықтары осыдан көрініп-ақ тұрғаны анық.
Егер ол ел тонауға қатынасса, оны қылмысты іске неге тартпаған, әлде одан қорыққан ба? Болмаса оны аяған ба? Оны орнынан алу себебі жөнінде жұмыс бабын пайдаланған, асыра сілтеушілік дегенді айттық. Шынында Тобанияз бұл жорыққа амалсыздан, халықтың талабы бойынша, үйез халқын Хорезм республикасының тентек топтары бірнеше рет жәбірлеп, мал-мүлкін тонағаннан кейін, оның үстіне үкімет тарапынан Қазақстан болсын немесе Хорезм республикасынан болсын ешқандай шара қолданылмағандықтан, шарасыз барғаны шындық.
Көптеген көне көз қарттардың естеліктерінде де, бұл жорық жөнінде ел адамдарының өз ара сөйлескендерінде де, болмаса, ауыл арасындағы аңыздарда да, алып-қашпа әңгімелерде де, жорық жасалғанын айтады да, ел тонап, шапқыншылық жасалғаны жөнінде бірде-бір сөз болмайды.
Тағы бір естеліктерді еске алсақ, ел шабуға әскер жинап, Хорезмге барған кісі өзінің әйелін бірге алып жүре ме? Тобанияз Хорезмге аттанарда ақсақалдардың ақылымен өзінің әйелі Доңбайды және бірнеше туысқандарын, сойыс малдарын, азық-түлік тағы басқа керек-жарақтарын өзімен бірге алып кетуіне қарағанда бұл шапқыншылық жорығы емес екендігі айдан анық.
Революциялық комитеттің төрағасы Әлниязұлы Тобанияздың орнынан алынуының бірінші себебі оның Хорезмге жорығы болса, екінші себебі партия, кеңес қызметкерлері мен ревком аппаратының арасындағы қайшылықтар болды.
Хорезм сапарынан кейін республиканың жоғарғы басшылары ревкомның жұмысын, оның ел арасындағы жүргізіп жатқан саясатын қатты тексеріске алып, олардың басшыларын қысымға ала бастады. Көбін орнынан алып, қылмыстық іске тартты. Сол кездегі үкімет саясатына қарсы белең алған наразылықты революциялық комитеттің басшыларынан, басқа да беделді азаматтардан көрді. Соның ішінде Тобаниязды барлық келеңсіз жағдайды ұйымдастырушылардың басшысы ретінде айыптап, соңына түсті. Осыған бір дәлел № 1353 бүкіл Одақтық Айырықша комиссиясының құжатында оған мынадай мінездеме береді. «Тобанияз Әлниязұлы әулетті, құрметті тұқымнан, Қазақстанда өте белгілі адам. Патша үкіметі тұсында бірнеше жыл болыс (волостной правитель) болған, бұрын да, қазір де үлкен бай... Барлық адай жерінде үлкен беделді, ықпалды адам. Ол 1920—1923 жылдары Округтік революциялық комитеттің төрағасы болды, ол жұмыстан түскеннен кейін де адайды басқаруын қойған жоқ, хан атанды. Өзіне дін уажасына сәйкес мөр жасатты. «Нет бога — кроме бога, а Магомед его пророк». Кеңес үкіметінің заңына бағынбай, ел арасында үстемдік жүргізеді. Ел ішіндегі жағдайды тұрмыстық - дін жолымен шешеді».
Осы сияқты мінездемелерді бұдан басқа да бірнеше құжаттардан кездестіруге болады.
Тобанияздың бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде Адай округі елінің алдында ықпалы аса зор болғанын партия, кеңес органдары да, Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының аппараттары да мойындаған. Ол революциялық комитеттің төрағасы жұмысында жүргенде Адай округінің 1919 жылға дейін Түрікменстанға бағынуына наразы болып, осы жөнінде бірнеше рет өзінің орынбасары Сыдиық Жұбайұлымен екеуі Орынборға барып, Қыр республикасының басшыларымен төрт айдай сөйлесіп, осы жұмысты дұрыс шешіп, Адай округі 2 жылдан кейін Қазақстанның қарауына енген.
Мемлекеттік біріккен Саяси Басқармасының өкілеттік өкілінің шығыс бөлімі өзінің № 4016 1929 жылғы 22 желтоқсандағы мәлімдеме хатында: «Хорезм республикасына бағынған кезінде, Адай үйезінде қандайда болмасын жүргізілетін шаралар Әлниязұлымен келіспейінше іске аспаған, жергілікті кеңес органдары уәкілдер мен әкімдерді Тобанияздың «Визасы» болмаса, қабылдамаған. Олар өздерінің қызмет бабында ешқандай қолдау ала алмаған». Міне, бұл жайт Тобанияздың кеңес аппаратының алдында орасан зор ықпалының болғанын дәлелдейді. Бұл да Тобаниязды қаралау мақсатында, оны тұтқындағаннан кейін жинақталған деректер.
Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының № 2560 мәлімдемесінде Әлниязұлына берілген қысқаша мінездемеде былай дейді:
«1921 жылы Революциялық комитет төрағасының орынбасары Жұбайұлы Сыдиық милицияның бастығын сабаған Үстірт үстінде көшіп жүрген байларды ұстау үшін отряд жібереді. Отряд пен байлардың арасында атыс болып, үш бай оққа ұшып өледі. Осы үшін Әлниязұлы Жұбайұлы бастаған жеті кісінің әрқайсысына 37 жылқыдан құн төлеткізеді». (Арх.дело №3, л. д.138—139). Ал іс жүзінде Жұбайұлы бұлармен бірге болмаған.
Бұл уақиға жөнінде Тобанияздың кісі өліміне кінәлі өзінің орынбасарына да кешірім жасамай, қатаң шара қолданғаны байқалады.
Отряд байларды ұстап, елге қайтарудың орнына, соғыс ашып, кісі өліміне әкеліп соқтырған.
Кісі өліміне кінәлілерден «құн» алу ерте заманнан, бұрынғы хандық дәуірден келе жатқан ата салты ретінде сақталып, заңдастырылған әдет. Қазақ елінде абақты, концлагерь, қазіргі замандағыдай сот аппараты болмағаны белгілі. Сондықтан барлық мәселе ел ішінде осы жоралғылармен шешілген. «Құн» төлетудің екінші бір дұрыстық жағы ел арасындағы араздыққа, арандатушылыққа, барымташылыққа, жауласушылыққа жол бермей, тыныштық орнатқан. «Құн» төлеушілерге барлық жақын жуығы, жұрағаттары көмектескен, мал жинап, екінші жақтық, риза еткен. Бұл кісі өліміне жол бермеудің бірден-бір дұрыс шешімі болған. Кісі өлімі ел атағына жаман танба болса, мал жинап кұн төлеу сол елдің өзіне де жеңіл тимеген. Сондықтан ерте уақытта кісі өлтірушілік өте аз болған.
Ол уақыттағы саясатшылар, мемлекет басшылары, тағы басқа сол кездегі ұрда-жық белсенділері Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңындағы өлген адамға құн төлеу жоралғысы кеңес заңына қайшы келмейтінін ескермеген. Құн төлеу кеңес одағының декретімен тек қана 1925 жылы күшін жойған. Ал Тобанияздың күн төлететін мезгілдері 1921—1922 жылдарға дейін болған. Бірақ қолында билік барлар, қызыл қырандар мұны білмеген бе, білсе де оны орындауды міндетіміз деп санамаған ба, белден басып «жаптым жала, жақтым күйе» деп, Тобаниязға үйіп-төгіп қылмыс ретінде жапқан.
Өлген адамның отбасына, оның бала-шағасының күн көрісіне көмек үшін төленетін құн осы күнгі әскерде жүріп қайтыс болған болмаса қақтығыстарда зақым алып, мүгедек болғандарға үкімет тарапынан берілетін жәрдем сияқты емес пе? Бірақ ол кездегіден көп аз ғой. Күн өлшемі ер адамға 1000 қой, әйелдерге оның жартысы, бұдан басқа да жоралғылары өз алдына.
Қазақстандағы мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Мыңбайұлы жалауға арналған бір құжатында (арх. дело № 01, том 11, л. д. 92) былай дейді: «Орталық атқару комитетінің төрағасы Меңдешев және Әліби Жангелдин Әлниязұлы Тобаниязбен өте жақын, тату, жақсы болған. Тобанияздың ықпалын Мыңбайұлы пайдаланып, партия мүшелігіне өтуге мүмкіншілік алған» дейді.
Осыған қарағанда Мыңбайұлы мен Тобанияздың арасында байланыс болған деп, сол кездегі Орталық Атқару комитетінің төрағасы жұмысында жүргенде оның үстінен іс жүргізілген. Кейіннен ол Гурьевке округтік атқару комитетінің төрағалығына ауысқанда да, бұл әрекет жалғастырылған, бірақ мемлекеттік біріккен саяси басқармасын бұл істі жүзеге асыра алмауына Мыңбайұлының 1929 жылы қайтыс болуы кедергі жасаған. Сондықтан қылмыстық істі қысқартуға мәжбүр болған (т.6, л.д.314, 315, т.7, л.д. 373,378, т.8, л.д.75).
Құжаттардағы мәліметтерге қарағанда және Тобанияздың берген жауаптарында да партия, кеңес органдары, мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті аппараты Тобаниязды орнынан алғаннан кейін де «хандық жолын тастаған жоқ, ел осы кісіге бағынады, осының айтқанын жасайды» деп оның соңына түскен. Ел ішіндегі кіші-гірім ыңғайсыз жағдайларға дейін Тобанияздың ықпалымен болған деп болжалдаған.
Тобанияздың өз қолымен, араб әрпімен жазған қысқаша өмірбаянында: «Менің соңыма түскендер партия, кеңес қызметкерлері. Олар өтірік жала жауып, ел арасында болып жатқан алауыздықты, тағы басқа да келеңсіз жағдайларды, өздерінен көрмей, менен және менің айналамдағы азаматтардан көреді»,— дейді.
Осы, тергеушілердің талабы бойынша жазылған өмірбаянның соңында: «Менің бір кемшілігім, партия қатарына өтпедім, себебі партияға өткендердің көбі парақорлар, тағы басқа қылмыс жасайтындар, сондықтан да партияға кірмедім»,— делінген.
Дұрысында партия, кеңес саясатын дұрыс жүргізбей, оны бұрмалаушылар осылар сияқты басшы қызметкерлердің арасынан шыққан. Тобанияздың бұл айтқандары сол кездегі басшы орындарда болғандардың көбі жұмыс бабын пайдаланып, асыра сілтеп, тағы басқа қылмысты істер жасағандар болғаны анық. Осыны пайдаланып, ол кезде партия қатарына кіргендер мен басшы жұмысқа орналасқандардың да көбі пара беріп, болмаса туыстық, рулық, жікшілдікті өздерінің мүддесіне асырғандар екені де құжаттармен дәлелденеді. Бұлардың көпшілігі қылмысты іске де тартылған.
Адай округінің Маңқыстау аудандық партия ұйымының жұмысын тексеріп, қайта тіркеуге 1929 жылы Өлкелік партия комитетінің шешімімен өлкелік бақылау комиссиясының төрағасы Сырғабеков бастаған партия комиссиясы жіберілген. Жоғарыдағы жағдайлар комиссия жұмысының қорытындысында да көрсетілген. Осы жөнінде 1929 жылдың 27 наурызында Орталық партия комитетінің мәжілісінде жасаған баяндамасында Сырғабеков: «Маңқыстау ауданының басшылары айтып жүрген «Адай өзгешеліктері мен қиыншылықтары» сол жердің ойлап шығарған, өздерінің жеке бастарының пайдасы үшін, жоғарғы орындардың алдында ақталу саясаты» деп тұжырым жасаған.
«Адайдағы «Әлнияз авантюрасы» билеген уақытта,— деді ол — басшы қызметте болғандардың көбі шенеуніктер мен байлардан шыққандар болса, басшылықты коммунистер мен кеңестер алғаннан кейін де сол күйінде қалған. Бұл басқарудың бір ғана өзгешелігі, ол — «жас коммунистер» деген атпен, бұрынғы басшы қызметкерлердің балалары мен жақындарына көшкен. Бұл әрекет Тобанияздың басқарушылығына қарсы қойылған коммунистік шара болғанмен, жағдай сол күйінде қалған».
Сырғабеков өзінің баяндамасында жеке коммунистердің, басшы қызметкерлердің кемшілігі мен жіберген қателіктеріне көп көңіл аударған. Әсіресе ол «жікшілдер» тобының басшылары деп Мыңбаевты, Қилыбаевты сынаған. Бұл сынға Жандосов, Әлиев, Исаевтар да ілінген.
Тексерудің қорытындысында 1929 жылдың басындағы Маңқыстау ауданындағы 540 коммунистің, комиссия шешімімен партия қатарында аудан бойынша тек 91 мүше, 27 кандидаты ғана қалған.
Сол мәжілісте Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин қортынды сөз сөйлеп: «Адай халқы актөбеліктермен де, оралдықтармен де, түрікмендермен де төбелесіп келеді, ондай жерде кеңес үкіметін құруға болмайды,— деген...— Біздің арамызда адайлар жөнінде теріс мағлұмат беріп, бізді теріс жолға салғандар бар». Бірақ олардың аты-жөнін айтпай кеткен, кейіннен аттарын айтпағанмен, олар да өз сыбағаларын алғаны анық қой.
Адайдағы партиядан шығып, орнынан алынғандарды ол жерге қалдыруға болмайтынын, бұған да дұрыс баға берудің керектігін айтып, Голощекин осы мәжілісте Адай округін ыдыратып, екіге бөлуді ұсынған. Бұрын орталық атқару комитетінің төрағасы болып, кейін басқа жұмысқа төмендеген Мыңбайұлы Жалау тағы басқаларының ісін бөліп, партия коллегиясының қарауына беру керектігін айтқан.
Сырғабеков бастаған комиссияның жұмыс қорытындысында да, оның орталық партия комитетінің мәжілісінде жасаған баяндамасында да, мемлекеттік біріккен саяси басқармасының ұшан теңіз хабарламасы мен мәліметтерінде де Адай округіндегі кемшіліктерді, оған жол берген басшы қызметкерлерді айтып, айыптаған деректер аз емес. Олардың атын атап, түсін түстеу мәліметтері де жеткілікті. Бұларға тағылған айыптардың барлығы «пара алды, жұмыс бабын пайдаланды, жақын туыстарына заңсыз көмек көрсеткен» деген сияқты бас пайдасы үшін жіберген кемшіліктер мен қылмыстар.
Дегенмен сол кездің өзінде-ақ Адай округінің, оның ішінде Маңқыстау ауданының басшы қызметкерлері, атақты азаматтары жоғарғы орындарға жақпаған, сондықтан да болар бір ауданнан 400-ден аса (барлық коммунистердің бестен төрт бөлігі) коммунистердің партиялық билетін бір мезгілде жинап алып кетуі қалай десеңіз де түсініксіз. Бұлардың барлығы қылмыскер немесе коғамға зиян деп айтудың өзі де қиын.
Бұл сол кездегі Адай округіндегі жағдайға байланысты болғанға ұқсайды. Ол ел ішінде үкіметтің солақай саясатына наразылық біліне бастаған мезгіл болатын. Сондықтан басшы қызметкерлерін, атақты азаматтарын шектесек, жағдай түзелер деп қолданған шара болуы керек.
Бірақ өкінішке орай, Адай округін ыдырату да, басшы қызметкерлерін қуғынға ұшырату саясаты да, өзін ақтамағаны анық. Мұның арты қайғылы қасіретке әкеліп соқтырғаны да белгілі. Бір айтпай кетпеуге болмайтын өзгешелік Тобаниязға тағылған айыптар: «Ол ел ішінде ықпалды, беделді, оны адайлар тыңдайды, соның айтқанымен жүреді, оған бағынады» деген сияқты жалалар. Тобанияз пара алды, жеке басының қамы үшін қылмысты іске барды деген ешқандай мәліметтер жоқ.
Тобанияз өзінің ел алдында жасаған адал еңбегімен, ұшы қырлы ойымен, әділ билігімен, ел аузында аңыз болып қалған. Оның қандай азамат болғанын, қандай беделі, ықпалы болғанын осы күнге дейін ел арасында айтылып жүрген аңыз әңгімелерден білуге болады. Оның осал адам болмағанын достары да, дұшпандары да мойындаған.
1994 жылдың аяғында оқымысты, профессор Кәкішев Тұрсынбек, ақын-композитор Илья Жақанов Ирандағы қазақтардың арасында болып, олардың тұрмыс-салтымен танысып, бірнеше күн болған. Олар Ирандағы қазақтардың тұратын үш елді мекендерінде болып солар жөнінде қысқаша деректі фильмдер түсірген.
Осы үш мекенде тұратын, олар қазір 10 мыңдай отбасы. Бұлар — сонау 1930—1931 жылдары амалсыздан елін, жерін тастап, сол жерлерге ауысқан адайлар. Осыларды көрсеткен бір фильмде, сол жердің бір ақсақалы өзінің Маңқыстаудан кеткенде 9 жаста екенін, ол «адайда Жеменей Әлнияз баласы Тобанияз деген хан болғанын», өзінің әкесінен естігенін әңгімелеген еді, Тұрсынбек: «Ол хан болмаған, ревкомның төрағасы болған»,— деп түзету жасағанда, ол кісі Тобанияздың адайда аты әйгілі, атақты адам болғанын, ел басқарғанын, би болғанын, халық оны хан атағанын, оның шебер болғанын, Тобанияздың жасаған ер-тұрмандары атқа өте жайлы, жеңіл, тынышты әрі әдемі келетінін айтты. Тобанияз жайындағы сол жиында бір жас жігіт Тобанияздың толғауы деп терме айтқанын да естіп, көрдік.
Алпыс жылдан артық уақыт өтсе де, ел аузында Тобанияздың адамгершілігі мен қабілеті, абыройы мен атағы, билігі мен шеберлігі әлі ұмыт болмағанға ұқсайды. Оның ел арасында сыйлы болғаны анық.
Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының ұйғаруы бойынша ел арасындағы үкіметтің саясатына сай келмейтін жағдайлардың барлығын, салық төлеуден қашып шеткері көшіп-қонып жүрген ауылдарды Тобанияздың басшылығы, оның ықпалы деп есептеп оның қай жерде, қай ауылда кімдермен болғанын, не жөнінде сөйлескеніне дейін есепке алып, назарынан қалдырмады, бұл жөнінде мәліметтер алып тұрды. Тобанияздың Қазақстандағы, оның ішінде Ақтөбе, Гурьев, Маңқыстау округтеріндегі байланыстарына қандай мән берілсе, оның Қарақалпақ автономиялы облысындағы тамыр-таныстарына да көп көңіл бөлінген. Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының өкілеттік өкілдігі шығыс бөлімінің 22 желтоқсандағы мәлімдеме хатында: «Қарақалпақ автономиялық облысындағы Шаабаз контрреволюциялық ұйымы таратылып жойылғаннан кейін алынған мәліметтерде Тобанияздың Қара-Құм ишандарымен, соның ішінде Ильяс-Ишанмен байланысы бар. Олар Қарақалпақ автономиялық облысында, Ақтөбе, Гурьев округтерінде Адай руының бұрынғы «ханы» Әлниязұлымен кездескен» дейді.
Ильяс-Ишан мұсылман ордені «Кадристің» негізін салушы Яссавидің шейхы 1927 жылы өлген Ишан-Идрис-Жан Құтлыходжаның ұлы, мұрагері болатын.
Қарақұм-Ишанның 5 мыңдай мүриттері және софылары, Қарақалпақ автономиялы облысында, Ақтөбе, Гурьев, Қызылорда, Сырдария округтерінде, Қостанай округінің бір азғантай жерінде және бұрынғы Хорезм республикасында болды. Бұл діни қауым халық арасында орасан зор беделді, әйгілі болды. Ол пайғамбар Мұхаметтің тұқымы болып есептеледі.
1919 жылы Қара-Құм-Ишан Қарақалпақтар мен қазақ-орыстардың кеңес үкіметіне қарсы көтерілісінің ұйымдастырушысы, дем берушісі болды. Бұл көтеріліс бейбітшілік шартпен аяқталып, барлық көтеріліске қатынасушыларды және олардың басшыларының жазасын кешірумен аяқталды.
Осындай ел ішіндегі ықпалының арқасында, Қарақалпақ автономиялы облысында 1927 жылға дейін барлық қоғамдық-саяси өмір бұрынғы Қоңырат, Чымбай үйездерінің көп жерлерінде Идрис-Ишанға бағынды. Бірақ кейіннен бұлардың да түбіне жетіп, тоз-тоз қылып, бөліп-бөліп жойғаны тарихтан белгілі.
Мемлекеттік Біріккен Саяси басқармасының хабарламаларында Ильяс-Ишан және оның діни қоғамы ұлан-ғайыр кең далада контр революциялық үгіт жүргізді дегенмен, шын мағынасында бұлардың алдына қойған мақсаттары исламның негізін қорғау, діни ұғымын, заңын халық арасында кеңінен тарату болатын. Ал сол кездегі большевиктер партиясының және кеңес үкіметінің саясаты бойынша дінді дәріптеу, оны ел арасына тарату үкіметке қарсылық, контрреволюциялық әрекет деп есептелді.
Осындай діни ұғымды таратушылар мен оларды қолдаушылардың жолын кесу үшін олардың ықпалынан сескенген үкімет басшылары Тобанияз бен Ильяс-Ишанның кездесуіне жол бермеу үшін бұлардың соңына түскен. Әсіресе Тобанияз Ильяс-Ишанмен кездессе, оның ел ішіндегі ықпалы, беделі бұрынғыдан да жоғарылайды деп қорықты.
Мемлекеттік біріккен Саяси басқармасының жергілікті органдары осыны сөзсіз мойындады жөне өздерінің ықпалының күннен күнге төмендеуінің себебін де осыдан көрді. Сондықтан қалайда болса, Тобанияздың жұртшылық алдында абыройын төгіп, беделін түсіруге жұмыс жүргізді. Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының жергілікті қызметкерлері өздерінің осындай жұмыстарының нәтижесінің мардымсыздығын түсініп, Тобаниязды және басқа беделді адамдарды өз мүдделеріне пайдалану керектігін де ұмытпай, осындай жұмыс жүргізуге де талаптанғаны байқалады. Мұндай тәсіл сол кездің өзінде-ақ ойларында болған. Бұл кәсіпті бұлар өмір бойы іске асырып, жемісін соңғы демі біткенше пайдаланғаны белгілі. Бірақ Тобанияздың ар-ожданы бұлардың тыңшысы, жансызы болуға жібермеген сияқты.
Тобанияз бұл қармаққа ілінбей қалған. Сондықтан бұдан ештеме шықпайтынын байқап, байырғы жұмыстарын жалғастыра берген. Олардың мақсаты неғұрлым көп мәлімет жинаса, солғұрлым Тобаниязды шеттету шаралары жылдамырақ іске асады деп есептеді. Бұған мынадай бір мысал келтіре кетсек артық болмайды. «Гурьев, Жылыой және Табын аудандарынан көптеген байлар көшіп, Форт-Александровскіден 500-600 шақырымдай Красноводск бағытында бұрынғы Үстірт-Сам ауданының жерінде орналасқан. Олар ұжымшарға кірмеу және басқа да міндеттерден құтылу мақсатында қағыс жүріп, шеткері жерлерде ақсақалдар қауымының негізінде барлық өздерінің саяси экономикалық жағдайларын жүргізіп отыр. Бұлардың арасында Тобанияз Әлниязұлы, Орынбасар Дауылұлы, Хұсайын Жанәліұлы бар. Бұлардың ел арасында жүруі тек қана ақсақалдық мақсатта емес, басқа да міндеттері болуы мүмкін. Ақсақалдық мәселелерді шешу үшін ел аралап, бірге жүрмей-ақ істеуге болмай ма, осының мәнісін түсінбедік» деп хабарлайды. (Дело №01, т.5, 16, іс қағаз).
«Мәнісін түсінбедік» дегеннің аржағында қандай мәселе жатқаны айтпаса да белгілі ғой. Бірақ олардың айтайын деп отырғаны Тобаниязды және оның жолдастарын арашалау емес, олардың арғы ниеті неде болса, бұлар жөнінде бір ілік тауып, қаралау мақсаты болатын.
Тобаниязды қаралап, оның соңына түсушілердің хабарлауына қарағанда оның болған да, болмаған да жерлерінде ел арасындағы уақ әңгімелерді тізе берген. Соның бірінде былай делінеді: «Осы жылдың 27 қаңтарында кеңес үкіметінің тұсында 6-7 жыл болыстық атқару комитетінің торағасы болған бай Сәдет Кенгенұлы, орта шаруа Қылыш Тілеукұлұлы, орта шаруа Тілеукұл Саламатұлы, бай Қазжіғұл Жантеліұлы Жарбай деген жерде, Жантеліұлы Қожағұлдың үйінде отырғанда: «Тобанияз өзінің айналасына қорғану үшін 30 кісілік қарулы жасақ ұстап, қауіпті дегендерді ауылына жақын келтірмейтін көрінеді. Тобанияздың айтуынша, адайдан шыққан барлық өкімдерді тұтқындаған, өзіне де осындай жағдай болуы мүмкін, бірақ атыспай берілмеймін депті. Әңгімеге қатынасқандар мұны дұрыс деп есептеді», дейді. (№43 іс қағазы). Тобанияздың өкімет өкілдерімен атысып ештеме шығара алмайтынына ой өрісі жетпейді дегенге кім нанады. Бұл сияқты шындықтың ауылынан алшақ жатқан өтірік, оның жауларының ойлап тапқан жаласы екеніне күмән жоқ.
Осындай хабарламалар мен мәлімдемелердің жәй әңгіме, өсектердің айта берсе шегі жоқ. Бұлардың Тобанияз айтты ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Бірақ бәрі де тиісті орындар жинақтаған, кезінде мән берілген, оны қаралап, күйе жағуға үлесін қосқан мәліметтер сияқты. Осы айтқандардың тиянақты болуы үшін тағы да бір екі мәліметті мысалға келтірейік. «№ 13 ауылдан Есбайұлы Ақкөз және Мұрат менің көзімше өзара әңгімелесіп: Тобанияз Шағадамнан (Красноводск) хабар алыпты, онда ақ жалау ілулі тұрған көрінеді, соған қарағанда кеңес үкіметі көп болғанда 10 күн тұрар, содан кейін Англия келіп, үкіметті қолына алады дейді, бұл әңгіменің ішінде Өзенбекұлы Сарекен де болды» (№42 іс кағазы).
Тобанияз жөніндегі қысқаша мінездемеде көрсетілгендей, ол 1925 жылдан кейін өкімет жұмысында болмаған. Өзінің байырғы қонысы Бұрақолга үй салып, сол жерге орныққан. Жазда осы жерде болғанмен, қысқа қарай жылы жаққа, Маңқыстауға елмен бірге көшкен уақыттары да болған. Осы мінездемеге қарағанда, ол 1928— 1929 жылдарда көшіп-қонған сияқты. Осы себепті жергілікті Мемлекеттік Біріккен Саяси басқармасының аппараты Тобанияздың қай жерде, қандай байлармен бірге көшіп жүр, Түрікменстанмен, тағы басқа жерлермен қандай байланысы бар, осыларды анықтау үшін жұмыс жасап, хабарлап тұрған. Осының біреуі: «Бізге түскен қосымша хабарларға қарағанда Әлниязұлы Тобанияз Форт-Александровск маңында «қыр» деген жерде, барлық ауқатты адайлардың басын біріктіріп: «Кеңес үкіметі бәрібір барлық малды тәркілейді, сондықтан Ауғанстанға көшу керек, ол жерлерде біздерге ешкім тимейді»,— деп өте белсенділікпен үгіт жүргізуде. Ауғанстанға көшу мерзімі жазғытұрымға белгіленді, қыста ол жерге жету өте қиындыққа түседі» (д.№1764, л. д. 173). Бұл Тобаниязды қайткен күнде де тездетіп тұтқындаудың байбаламы еді. Демек, көктемге дейін мұндай шара қолданылмаса, ол колға түспей өзімен бірге көп елді ертіп, тіпті Түрікменстан емес, Ауғанстан асып кете ме деген қауіпке жоғарғы жақты иландырудың айласы болатын.
1927—1928 жылдардан бастап-ақ Адай округінде алым-салық, мал дайындау науқаны кезіндегі асыра сілтеушіліктің салдары халық арасындағы наразылықты күшейте түсті. Үкімет саясатының бұрмалауынан байлар да, орта шаруалар да, тіпті, 10-15 қой, 3-4 қарасы бар кедейлер де тәркілеуге ілініп, болмаса, барлық малын салыққа төлеп қайыршылыққа ұшырады. Осыдан қашып, бас сауғалау үшін, бірқатар байлар, әлді шаруалар басқа жерлерге үдере көше бастады.
Осындай ауыр жағдайлардың орын алу себебіне жоғарғы үкімет басшылары мән бермеді. Кезінде тыңғылықты шара қолданудың орнына, мұны елдің беделді азаматтарына жапты. «Бұлар елдің арасына іріткі салушылар, халықты үкіметке қарсы бас көтеруге ұйымдастырушылар» деп, бұларды ел ішінен шеттетіп, қылмыстық іске тартуды көбейтті. Бұл Голощекиннің Қазақстанға «Кіші Октябрь» революциясын жасау керек деген ұранына сай қолданылған қоғамда тап күресін өршітіп, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға негізделген саяси әдіс болатын. Осылай ел арасын ашып алғаннан кейін бұл әдістің негізгі мақсаты басты азаматтарды қанаушы тапқа жатқызып, қуғынға салып, қатаң жазаға ұшырату тұғын.
Осымен бірге нақты Адай округіне бейімделген Голощекиннің саясаты округті екі бөліп, басқа округтерге бағындырып, ел бірлігін бұзып, сол кездегі елді титығына жеткізген саясатқа қарсы бас көтере бастаған халықтың қимылын көтеріліске жеткізбей басып тастау болатын. Бұған сол кездегі, ел ішін жайлаған ауыр жағдайлар мен оның салдарынан туындаған алуан түрлі әрекеттер айқын айғақ.
Құжаттарға қарағанда, «осындай қайшылықтардың жол алуының басты себептерінің бірі Тобанияздың басқаруымен ұйымдастырылып жүр», деген жалаумен оның үстінен неше түрлі мәліметтер жиналған.
Партия, кеңес басшылары салық төлеуден қашқақтап, немесе малын жасырып, Маңқыстау кеңістігінде жаппай көшіп жүрген адайлардан салық жинау жөнінде мардымды ештеме шығара алмайтынын түсінгеннен кейін, ел «Түрікменстанға көшіп кетеді, болмаса Қарақалпақстанға қоныс аударады» деген сылтумен түрлі жазалау отрядтарын жіберіп, кейін қайтаруға шара қолдана бастады. Бірақ кең далада көшіп жүрген елді тоқтату, кейін қайтару оңайлықпен шешілмейтінін түсінгеннен кейін үкімет пен партия бұл жұмысты басқарып, қатаң шара қолдану үшін Мемлекеттік Біріккен Саяси басқармасының аппаратын пайдалануға шешім шығарады.
Сол кездегі бірден-бір ықпалды, үрейлі, үкімет саясатын орындауда атағы жер жарған бұл аппарат, мұндай нұсқауды орындауға құлшына кірісті. Ол уақытта қандай да болмасын үкімет тарапынан ұсынылған нұсқаулардың басым көпшілігі осы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасына жүктелетін және бұларсыз ешқандай мәселе шешілмейтін. Бұлардың қолданған шараларымен үкімет басшылары да санаспай қоймайтын. Бұлар орталық партия комиссиясының жасаған шешімінен бұрын да Адай округінде түрлі жазалау шараларын жүргізіп үлгерген. Бір топ Адай округінің азаматтары «үкіметке қарсы әрекетті ұйымдастырушылар» деген атақпен ұсталып тұтқындалған. Бірақ бұл жұмыстың жеткіліксіз жүргізілгенін шылау етіп, жоғарғы орындарға мәліметтер жіберіп, мұны жалғастырудың керектігін қайта-қайта баяндап отырған.
Қазақстандағы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының өкілеттік өкілдігінің бастығы Волленбергтің Қазақстан өлкелік партия комитетіне 1929 жылғы 22 қазанда берген № 4011-ші хабарламасында: «Кеңеске қарсы элементтердің партия және кеңес ұйымдарының арасында іріткі салу ықпалына қарсы, партия және кеңес комиссиясының жүргізген тазалау шарасы тек қана партия мүшелері мен кеңес қызметкерлерімен шектелді. Бұл шара Адай округінде көпшілікті құрайтын байлар мен шенеуніктер контингентіне жүргізілмеді... Мұны жеткілікті деп есептеуге болмайды»,— деп жазды.
Осы жөнінде Волленберг тағы да өзінің сол хабарламасында: «Осы күнге дейін округтің партия және кеңес аппараты ауылдың басшы топтарынан асып кете алмай жүр. Таптық қоғамның жіктелу нышаны жоқтың қасы. «Адайларды бөлу» (автономиялау) жолында таптық элементтер күрес жүргізуде... Үкіметке қарсы үгіттің түр-түрі жол алуда. Округтің байлары кең өріс алған саяси және қылмыстық бандитизмді белсене қолдады, осыған ұшыраған аудандарда, Қарақалпақ автономиялы облысында ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, округтегі жағдайды бір жола айықтыру үшін, елді кеңестендіру мақсатымен кеңес үкіметіне қарсыласу қозғалысының басшыларының көпшілігін кең мөлшерде, дер кезінде жазалауды қажет етеді... Партия, кеңес органдарында 25 көрнекті ірі байлардың өкілдерін жазалау үшін тиісті мәліметтер жеткілікті»,— дейді.
Мұндай шешімді орындауға бағытталған Мемлекеттік Біріккен Саяси басқармасының өкілетті өкілдігі шығыс бөлімінін 22 желтоқсан 1929 жылғы №4016 мәлімдеме хатында былай делінеді: «Адай топтары 1928—1929 жылдардағы партия комиссиясының шешімі бойынша жойылғанымен, олардың басшыларының жазаға ұшырағанына қарамастан, қалған күштерін қайтадан іске тартып, «Адай адайлар үшін» деген ұранмен кеңес үкіметінің саясатына қарсы күрес жүргізуде».
Осыған қарағанда, жазалауға тиісті адамдардың саны мен аты-жөні сол кездің өзінде-ақ, алдын ала белгіленіп қойылғанға ұқсайды. Бұлардың алдына қойған мақсаты кейіннен жоғарыда айтқан 25 кісімен шектелмей, 70-тен астам азаматты тұтқындаумен орындалғаны төменде айтылады.
Түсіп жатқан мәліметтер мен хабарламалардың арасында айырмашылықтар, қайшылықтар да аз емес. Бір құжаттарда Тобанияз бастаған топтар «Ауғанстанға көшуге елді үгіттеп жүр» деп хабарлап жатса, екінші біреулерінде «елді Түрікменстанға қоныс аударуға жұмыс жасап жатыр» деп хабарлайды. Осыған мынадай мысал: «Әлниязұлы Тобанияз, Дауылұлы Орынбасар, Дәрментайұлы ел арасына іріткі салып, Түрікменстанмен бірігуге қазір мүмкіншілік бар екенін айтып, Ақтөбе округінен 100 отбасын көшіруді шешкен. Олар «Қарны жарыққа» келгенде, Ақтөбеден шыққан 30 кісілік отряд қуып жетіп кейін қайтарған. Ал бұлардың басқарушылары Әлниязұлы, Дауылұлы, Дәрментайұлы тұтқындалған. Олар қазір Ақтөбе абақтысында». (Арх.дело № 01, том 4 л. д. 81, 41).
1929 жылдың желтоқсан айында Тобанияз Әлниязұлы бастаған 69 ел қадірлілерін бір мезгілде тұтқындайды. Бүл атағы жер жарған байлардың, сәудегерлердің, патша үкіметінің және Адай округінің бұрынғы қызметкерлерінің «контреволюциялық ұйымы» деп аталды. Бұл іс бойынша айыпталушылар қылмыстық істер кодексінің 58-2 бабына сәйкес үкіметті құлату мақсатымен контреволюциялық көтеріліс дайындаған болып есептелді.
Бұл іспен ұсталған айыпкерлердің барлығы бір мезгілде тұтқындалып, тергеу ісі өте ыждағатты, шұғыл жүргізілген.
Қылмысты істерде айыпкерлер тарапынан арыздар, шағымдар болмаған ба? Егер болса олар іске тігілмеген бе? Бұл жағы белгісіз.
Бір айтпай кетуге болмайтын мәселе, айыпкерлердің көбі орыс тілін білмейтіндер. Бірақ іс орыс тілінде жүргізілген. Сондықтан бұлардың айтқандарының көбі ескерусіз қалуы да мүмкін. Жалғыз-ақ Тобанияздың араб әрпімен жазған қолжазбасы табылды.
1929 жылы 20 желтоқсанда Тобанияздың өз қолымен араб әрпімен жазылған Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының өкілетті өкілдігіне берген мәлімдемесі (т.11, л.д.113-118) архивте сақтаулы. Бұл мәлімдемені ол тұтқында отырғанда жазған, бірақ оның не үшін жазылғаны белгісіз. Мұны тергеушілерге немесе олардың бастықтарына жазды ма екен? Онда өзінің жасаған қызметтері, мал-басы, отбасында қанша жаны бар, осылардың барлығы баяндалған.
Архивте осы мәлімдеменің орыс тіліне аударылған көшірмесі де іске бірге тіркелген, бірақ оны өмірбаян (автобиография) деп аударған. Осы мәлімдеменің түпнұсқасында қандай деректер көрсетілгенін толықтай түсу үшін, Тобанияздың қолжазбасын ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне аудартып алуға тура келді. Сонда біздің шүбә келтірген ойымыз дұрыс болып шықты. Орыс тілінде жазылған мәлімдеме мен қазақшаға аударылғанының арасында көп айырмашылық бар екені анықталды.
Біріншіден, Тобанияздың мәлімдеме деп жазғанын, не себеппен өмірбаян деп аударғаны түсініксіз.
Екіншіден, өзінің соңына түсіп, жала жапқан адамдардың аты-жөнін жазып көрсеткен сияқты. Олардың төменде аттары аталады дейді. «Маған қарсылар мыналар, кәдікті жерімді мұның аяғындағы ескертуде көрсетемін» деген. Бірақ ескертуде бұлар жазылмаған. Осыған қарағанда мұны бөлек қағазға жазып бергенге ұқсайды. Мәлімдеменің өзінде ондай мағлұматтар көрсетілмеген. Қандай себептермен олар істе болмағаны бізге беймағлұм. Оларды әшкерелеуді саясатқа, болмаса тергеу ісіне кедергі жасайды деп жойған ба немесе ол кісілерді айту, ел арасында қайшылықтар, араздықтар туғыза ма деп сескенген бе? Немесе Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасының мүддесіне, оның жұмысына керекті адамдар болғандықтан, оларды сақтап, құпияда ұстау керек болды ма, әйтеуір бұлардың кім екендерін қазір ешкім білмейді.
Мұндай құжаттар сол кезде, тергеу үстінде жойылуы мүмкін емес, ол қалай болғанда да кейін ізін жоғалтқан немесе мәңгілік құпияда қалып, бір түкпірге тығылған.
Бұлардың кім екендігінің белгісіздігі бізді де онша қынжылтпайды. Одан бері қанша уақыт өтті, бұлардан қазір ешкім де қалған жоқ. Егер болған күнде де, олардың ұрпақтарына, «Тобаниязды көрсетіп жала жапқан, сіздердің аталарың екен» деп, олардың бетіне басу дұрыстыққа, адамгершілікке, әділеттікке жатпайтыны анық. Сондықтан көңілге күдік болмау үшін олардың аттарын білмей-ақ қойғанымыз әлдеқайда артық болар.
Орыс тіліне аударушы мәлімдемедегі деректерді өрескел бұрмалап, дұрыс аудармаған. Мысалы: «1920 жылдары Саташков бандасына қарсы тұрып, көбін ұстап тапсырып, бандылардың қарсылығын жойып едік, ішінде өлгендері де болды»— дегенді орыс тіліне аударғанда мынадай болып шыққан: «Боролся против банды Саташкова, некоторых ловил и передавал, некоторых убивал сам» дейді. Не себепті осылай аударылғаны белгісіз.
Тергеу істері де, қылмыстық істер де орыс тілінде жүргізілгені белгілі. Сондықтан үлкен бастықтар, тергеушілер орыс тілінде жазылған құжаттармен танысатыны анық. Сонда олар Тобанияз өз қолымен кісі өлтірген екен деп түсінуі анық емес пе? Мұны Тобаниязды қаралау үшін осылай жасаған ба? Болмаса аудармашының жіберген қатесі ме, түсініксіз.
Осы мәлімдемеде Тобанияз Түрікменстанға, Персияға, Иранға көшуге бет алған көп адай ауылдарын түсінік жұмысын жүргізіп, кейін қайтарғанын да жазған. Ал кейбір құжаттарда «Тобанияз елді шет елдерге қоныс аударуға үгіттеп жүр» деп кінәлайды. Сонда мұның қалай екені де бізге түсініксіз.
Тобанияз орнынан алынғаннан кейін 53 сом 60 тиын айлық ақымен салық жинаушы болып екі жылдай (1924-1926 жылдары) жұмыс жасап барлығы 3-4 айдың ақысын ғана алғанын, қалғанын қалалық кеңестің бермей кеткенін жазады. Және осыны алуға көмек болар ма екен дегендей екі ұштылау етіп құлақ қағыс қылып, өтініш жасайды.
Осы құжатта ол өзінің отбасының көп жанды екенін айтып, орнынан алынғаннан кейін, өзінің қыстағы Гурьев округінің сол кездегі Адай округінің Ноғайлы деген жеріңде тұратынын, өз қаражатына мектеп салдырып, жергілікті елдің балаларын оқытып жатқанын да жазған.
Бірақ бұл жазған мәлімдемесіне тергеу жүргізушілер тарапынан қандай да бір мән берілмегенге ұқсайды. Бұл жөнінде құжаттардан ешқандай мағлұматтар кездестіре алмадық.
Тобанияз және басқа айыпкерлер жөніндегі тергеу істері шұғыл түрде жүргізілгенін төмендегі деректермен дәлелдеуге болады. Бұлар тұтқындалған мерзімнен үш ай өтпей-ақ тергеу ісі аяқталған. Гурьев округтік мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Маңқыстау аудандық уәкілі Фетисов 1930 жылы 1-ші наурызда Гурьевке, 6-шы наурызда Гурьев округтік мемлекеттік біріккен саяси басқармасының бастығы Рудаков Алматыға жеделхат жіберген. Онда: «Тұтқындағы «хан» Тобанияз Әлниязұлы өміріне қауіпті аштық жариялады, тергеу ісін жылдамдатып қарап, абақтыдан босатуды талап етеді. Ол жөніндегі тергеу ісі аяқталды. Оны босату мүмкін емес. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 206-бабы бойынша істе жиналған материалдармен таныстыруды талап етеді. Бірақ оны әр түрлі себептермен орындауға болмайды. Айыптау қорытындысын оқып берумен ғана шектелу керек. Облыстық прокурор бұған келісті. Өзіңіздің нұсқауыңызды жедел хатпен хабарлауыңызды сұраймын. Рудаков ».
Қазіргі қалыптасқан ұғым бойынша мемлекеттік қауіпсіздік мекемелерінде заң бұзушылық 1937—1938 жылдары күрт пайда болған деген пікір айтылады. Бірақ олай емес екенін Әлниязұлының ісі-ақ дәлелдеп отыр. Сол кездің өзінде заң аяққа басыла бастаған. Әйтпесе, Әлниязұлының аштық жариялап, «қылмыстық процессуалдық кодексінің 206-бабына сәйкес іспен танысқым келеді» деген заңды тілегі неге орындалмайды? Оның орындалмауы осыны бақылайтын прокурордың да бұған дұрыс қарамауын дәлелдейді. Мұндай заң бұрмалаушылықта бір ғана сырдың жатқаны анық. Жетпіс адам негізсіз жауапқа тартылған. Тергеу олардың кінәсін дәлелдеу мақсатында қанша күш салып, талаптанғанмен ешқандай мардымды дерек таба алмаған. Осындай әділетсіздікпен істеген қаныпезер жауыздықтарының бетін ашпау үшін бұлардың заңды тілектеріне тойтарыс берілген. Іс ақырында сот орнына берілмей, заңсыз құрылған үштікке түсіп, соның шешімімен 70 адам жазаланып кете барған. Осындай заңсыздық кеңес үкіметімен өмірге бірге келіп, өрби-өрби 1937-1938 жылдары жаппай террорға айналған.
Тергеу істерінің деректеріне қарағанда 1930 жылдың маусым айында Әлниязұлы бастаған айыпкерлер ауыр жағдайларына наразылық білдіріп, бес жоғарғы орындарға жеделхат арқылы арыз жолдағанға ұқсайды. Бірақ кімдерге, қандай орындарға екені көрсетілген мәліметтер таптырмады. Онда өздерінің өтірік жалалармен жауапқа тартылғандарын, тергеудің өрескел бұрмаланып жүргізілгені айтылып, соған байланысты тергеуге сенімсіздік білдіріп, сот және тергеу комиссиясын жіберуді өтінген.
Әрине, бұл арыздардың аяқсыз қалғанын айтпасақ та белгілі. Бұлар үшін мұндай рахымшылық жасау ол кезде мүмкін емес.
1930 жылы қыркүйектің 12-інде мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Гурьев округтік бөлімі Әлниязұлын Алматыға толық құқықтық уәкілдігінің қарауына жіберуге қаулы қабылдайды (арх. дело №01, т. 6, л.д.231). Осы істе 1930 жылғы 1 қыркүйектегі (л.д.164-166) және сол жылғы сәуірдің 10-дағы (л.д.180) Әлниязұлынан жауап алған протоколдар бар. Бірақ онда ешқандай тыңғылықты мәліметтер жоқтың қасы. Дегенмен Әлниязұлының Алматыда болуы анық, не үшін оны Алматыға алдыртқан, қандай мақсатпен, бұл жөнінде ештеме айтылмаған.
Осыдан кейін көп кешікпей-ақ 1930 жылы 9 қазанда Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен Саяси Басқармасының Өкілеттік Өкілдігі үштігінің ұйғаруымен 21 айыпкер дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына, 15-і дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге, 9 адам дүние-мүлкі тәркіленіп 5 жылға, 9 адам дүние-мүлкі тәркіленбей 5 жылға, 14 адам 3 жылға концлагерьге кесіліп, 3 адам абақтыда отырған уақыты есептеліп босатылған, 1 адам 3 жылға, округтен тыс жерге жер аударылған. Осы іс бойынша тағы да 4 адам жазалануы керек екен, бірақ бұлар үкім шықпастан бұрын бұл дүниеден өткен. Осылардың ішінде Қазақстан Өлкелік орталық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Жалау Мыңбаев та болған. Ол да құдай сақтап, үш ай бұрын өз ажалынан өліп, әрең құтылған.
Бұл үкіммен 21 адам атылған, қалған 49-ы түрлі жазаға тартылған дедік. Өкінішке орай, осылардың қаншасы жазаларын өтеп елге қайтып келді деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Бұлардың арасынан бірен-саран ғана елге оралғандары болған, қалғандарының тағдыры не болғаны белгісіз. Лагерьде «қазасынан» өлді ме, болмаса 1937-1938 жылдардағы науқанға ілініп, істері қайта қаралып, келмеске кетті ме, оны білмейміз. Егер естеліктерге, ел ішіндегі ақсақалдардың айтуына сүйенсек, мұндай жағдайдың болғаны анық. Бірақ қаншасы қайта ұсталды ешкім білмейді.
Егер олар 10 жыл лагерьде болып, елге оралған уақытта бұлардың ең жасы үлкендерінің бірі Тобанияз 65-те ғана болады екен. Өкінішке орай, туған жердің топырағы көбіне бұйырмаған.
Содан 30-60 жылдай уақыт өткеннен кейін ғана 1962 жылы 8 ақпанда бұлардың істері жарым-жарты қайта қаралып, ашық айтып, ақталды деуге батылдары бара алмай, сол кездегі саясатқа сене алмай, бұлар дұрыс сотталмаған екен деп қана шектелген. Кейіннен 1990 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасының жоғарғы сотының қылмысты істер жөніндегі алқасының шешімімен айыпкерлердің әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті қысқартылып, барлығының ақталғаны ашық айтылып, дұрыс шешілді.
Тағы бір естеліктерге сүйенсек, атылу жазасына кесілген 21 адамға үкім Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында орындалған дейді. Бірақ бұл жөнінде тиянақты дерек, аты-жөні көрсетілген құжат таптырмады. Мұндай құжаттардың болмауы мүмкін емес. Себебі ол кезде атылғандардың аты-жөні жазылған, оларға қанша оқ шығын болғанына дейін көрсетілген құжаттарды архивтің басқа беттерінен кездестіргеніміз бар.
Енді бір көңіл қоймай кетуге болмайтын мәселе, ол жоғарыда көрсетілген 1930 жылғы қыркүйек айындағы қаулы бойынша Тобанияз Алматыда болуы керек болған. Ал осыдан 26 күн өткеннен кейін, 9 қазанда бұлардың барлығына үкім шығарылған. Осыған қарағанда, қыркүйек айында Тобанияз Алматыда болса, 9 қазаңда Гурьевке үлгеріп келуі де неғайбыл. Сол уақыттағы қатынас жолының мүмкіншілігіне қарасақ, ол Алматыда қалғанға ұқсайды. Сондықтан үкімнің де осы қалада шығарылғанын ескерсек, ол Алматыда орындалған болу керек деп жорамалдаймыз. Біздің өкінішіміз — Тобанияздың сүйегі қайда қалды деген сұраққа жауап таба алмай, іздестірген еңбегімізден ештеме шығара алмағанымыз. Елдің, туған-туыстарының алдында борышты екенімізді мойындаймыз.
Қалған атылу жазасына кесілген Тобанияздан басқа 20 арысқа үкім Гурьев қаласында орындалғаны анық. Бірақ қашан екені тағы беймәлім. Олардың қай жерде сүйегі қалғаны белгісіз.
Міне, осы 70 кісінің тізімін береміз. Егер бұлардың ұрпақтары, жақын жұрағаттары табылып жатса, автордың әулетімен, болмаса баспамен хабарласуы сұралады.
1930 жылы 9 қазанда Қазақстандағы Мемлекеттік Біріккен Саяси басқармасының Өкілеттік өкілдігі Үштігінің қаулысымен үкім кесілген 70 кісінің тізімі.
1. Әлниязұлы Тобанияз — 1875 жылы Маңқыстау үйезінің Аусары құдығында туған. Адайдың Жеменей руының Кенже тармағынан. 1922 жылға дейін үйездік революциялық комитеттің төрағасы. 1925 жылдан жұмыс жасамаған. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
2. Атанұлы Мұхамедияр — 1867 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Сауатсыз, 3 баласы бар. Үлкен бай. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
3. Байжанұлы Асқар — 1879 жылы Маңқыстау үйезінің №3 ауылында туған. Шала сауатты. Екі әйелі, 6 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
4. Балқыұлы Сағындық — 1880 жылы Маңқыстау үйезінің № I ауылында туған. Сауатсыз. Бай. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
5 . Бекназарұлы Шәкір — 1875 жылы туған. Түрікмен. Шала сауатты. 5 баласы бар. Үлкен саудагер, шикізат дайындау агенті. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
6. Бекназарұлы Сафар 1897 жылы туған. Түрікмен. 3 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
7. Ғұбайдуллаұлы Садық — 1879 жылы туған. Татар. 3 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
8. Жақсыбайұлы Сағындық — 1896 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Адайдың Құнанорыс руынан. Шала сауатты. 4 баласы бар. Саудагер. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
9. Даулетниязұлы Айладыр — 1898 жылы Красноводск қаласында туған. Адайдың Қосай руының Жаманадай Сүйіндік тармағынан. Адай округтік милиция бастығы, округтік соттың төрағасы, 1929 жылы маусым айынан Түрікменстан жоғарғы сотынын мүшесі болған. Партия мүшесі. Бір баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
10. Дауылұлы Орынбасар — 1884 жылы Жылыой ауданының № 41 ауылында туған. Адайдың Құнанорыс руынан. Адай округтік революциялық комитеті төрағасының орынбасары, атқару комитетінің орынбасары. 6 баласы бар. Шала сауатты. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
11. Жұбанұлы Талпақ — 1872 жылы Ойыл ауданының №22 аулында туған. Адайдың Қосай руының Тіней тармағынан. Сауатсыз. Үлкен бай. 3 әйелі, 7 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
12. Жұбайұлы Садық (Сыдиык) — 1886 жылы Астрахань қаласында туған. Ревком төрағасының орынбасары, округтік партия комитеті бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық ағарту бөлімінің бастығы. Партия мүшесі. Сауатты. 3 баласы бар. Дүние мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
13. Ирзаұлы Өтақас — 1902 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Адайдың Жары руының Жетімек тармағынан. Екі әйелі, үш баласы бар. Сауатсыз. Бай саудагер. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
14. Измамбетұлы Салмен — 1902 жылы туған. Уйездік комсомол комитетінің хатшысы, үйездік соттың мүшесі. Әйелі, бір қызы бар. Сауатты. 5 жылға концлагерьге кесілген.
15. Иманғазыұлы Отарбай — 1870 жылы Маңқыстау үйезінің № 3 ауылында туған. Шала сауатты. Үлкен бай саудагер. Бір баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
16. Көбейұлы Қалдыбай — 1907 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Халық соты, округтік соттың мүшесі, төрағасы, округтік партия комитеті бақылау комиссиясының төрағасы. Партия мүшесі. Бір қызы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
17. Қалиұлы Әбіш — 1896 жылы Маңқыстау үйезінің № 3 ауылында туған. Сауатсыз. Екі баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
18. Қалқанұлы Дүйсембай — 1872 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Шала сауатты. Халық соты, округтік соттың орынбасары. Партия мүшесі. Екі әйелі, 3 баласы бар. Бай. Дүние мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
19. Қожықұлы Қалым — 1896 жылы Маңқыстау үйезінің № 15 ауылында туған. Адай руының Жары бөлімінен. Халық соты болған. Сауатты. Партия мүшесі. Екі әйелі, 4 баласы бар. Бай саудагер. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
20. Құқдаманұлы (Құлшарұлы) Сағындық — 1885 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
21. Көпжанұлы (Қожбанұлы да болуы мүмкін) Қуандық — 1889 жылы туған. Адайдың Қосай руы, Байболының Мәмбетқұл (шалбар) тармағынан. Шала сауатты. Бес баласы бар. Үлкен бай саудагер. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
22. Көбейұлы Оспан — 1875 жылы туған. Жоғары білімді. Орынбор кадет корпусын, Мәскеудің Александр атындағы училищесін бітірген. Патша үкіметінің полковнигі. Маңқыстау үйездік әскери комиссары, жер бөлімі бастығының орынбасары болған. Екі қызы, бір ұлы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
23. Мақымұлы Мұхан (Мақұлұлы да болуы мүмкін) — 1884 жылы Маңқыстау үйезінің №7 ауылында туған. Адайдың Тобыш руынан Зорбай тармағының Өтеғұлы. Үлкен бай. Бір қызы бар. Шала сауатты. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылға концлагерьге кесілген.
24. Маймақұлы Жүндібай — 1879 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Шала сауатты. Баласы жоқ. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
25. Нәубетұлы Хожа - 1894 жылы Форт-Александровскіде туған. Түрікмен. Шала сауатты. Екі баласы бар. Бектер тұқымынан. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
26. Омельянович Василий Амвресимович — 1878 жылы туған. Белорус. Екі баласы бар. Сауатты. Мемлекеттік сауда агенттігінің бастығы. Патша әскерінің поручигі. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
27. Сақауұлы Бегай — 1875 жылы Маңқыстау үйезінің № 2 ауылында туған. Екі әйелі, 6 баласы бар. Сауатсыз. Бай саудагер. 5 жыл концлагерьге кесілген.
28. Сарғожаұлы Қойсары (Қайсары) — 1897 жылы Маңқыстау үйезінің N°1 ауылында туған. Жеменей руынан. Училищенің 2 класын бітірген. Партия орындарында жауапты қызметгерде болған. Әйелі бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
29. Салықұлы (Садықұлы) Омар — 1898 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. 2 кластық мектеп бітірген. Екі баласы бар. Кеңсе қызметкері. 3 жыл концлагерьге кесілген.
30. Тоқтамбетұлы Сұлтан — 1893 жылы Маңқыстау үйезінің N°1 ауылында туған. Адайдың Тобыш руынан. Шала сауатты. Екі баласы бар. 3 жыл концлагерьге кесілген.
31. Томалақұлы Бозжігіт — 1892 жылы Маңқыстау үйезінің № 4 ауылында туған. 3 әйелі, 5 баласы бар. 2 класстық мектеп бітірген. Байдың баласы. 5 жыл концлагерьге кесілген.
32. Тілеубергенүлы Қалдыбек — 1880 жылы Маңқыстау үйезінің № 12 ауылында туған. Сауатсыз. 2 әйелі, 6 баласы бар. Саудагер. 5 жыл концлагерьге кесілген.
33. Тотайұлы Алген — 1877 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Адайдың Қосайының Байбол тармағынан. 2 класстық мектеп бітірген. 3 ұлы, 3 қызы бар. Бай. 3 жыл концлагерьге кесілген.
34. Түрниязұлы Закария — 1893 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Адайдың Қосайының Тіней тармағынан. Білімі төмен. 2 әйелі, 5 баласы бар. Бай. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
35 . Оңғалбайұлы Қонарбай — 1862 жылы Форт-Александровскіде туған. Шала сауатты. 4 баласы бар. Бай. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
36. Оңғалбайұлы Лeпec Қонарбаевич — 1906 жылы Форт-Александровскіде туған. Үйленбеген. Рабфак бітірген. Жандармерияның баласы. Кеңсе қызметкері. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
37. Оңғалбайұлы Хаджы Қонарбаевич — 1904 жылы Форт-Александровскіде туған. 2 класстық темір жол училищесін бітірген. 3 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
38. Ожарұлы (Омарұлы) Балкот — 1885 жылы Красноводск округінің Кожинскі ауданында туған. Сауатты. 3 баласы бар. Байдың баласы. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
39. Омарұлы Жұмагали (Дәулетбай) — 1897 жылы Ойыл ауданының №13 ауылында туған. Гурьевтегі 2 класстық училищесін бітірген. Адай руының Қосай, Байболының Мәмбетқұлы (Шалбар). Алаш-Орда әскерінде офицер болған. 3 баласы бар. Байдың баласы. Партия мүшесі. Ойыл аудандық партия комитетінде бөлім бастығы болған. Аудандық прокурор болған. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
40. Омарұлы Хайруш — 1878 жылы Ойыл ауданының N°5 ауылында туған. Сауатты. Адай руының Қосайының, Байболының Мәмбетқұлы (Шалбар). Сауатты. 5 баласы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген.
41. Үсембайұлы Шадыман 1899 жылы Маңқыстау үйезінің №9 ауылында туған. Адайдың Қосай руының Бәли тармағынан. Сауатты. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Партия мүшесі. Бір баласы бар. 5 жыл концлагерьге кесілген.
42. Чумпақұлы Жәнібек — 1901 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Сауатты. бір баласы бар. Ауқатты кісінің баласы. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
43. Юнусұлы (Жүнісұлы) Өтесбай — 1895 жылы Форт-Александровскіде туған. Партия-кеңес мектебін бітірген. 2 баласы бар. Ойыл ауданының «Алты қарасу» елді мекенінде тұрған. 3 жыл концлагерьге кесілген.
44. Айжарықұлы (Осқанбай) Өскенбай — 1898 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Адайдың Жеменей руынан.2 класстық училище бітірген. Бір қызы бар. Жарлы. 3 жыл концлагерьге кесілген.
45. Аманшаұлы Мұратбай — 1898 жылы Форт-Александровскіде туған. Шала сауатты. Партия мүшесі. Бір баласы бар. Малшы. 3 жыл концлагерьге кесілген.
46. Дәулетбайұлы Мырзағали — 1906 жылы Ойыл ауданының №13 ауылында туған. Сауатты. Адайдың Қосай руы, Байболының Мәмбетқұл тармағынан. Шалбар. Партия мүшесі. Шала сауатты. 2 баласы бар. 3 жыл концлагерьге кесілген.
47. Ирпанайұлы Іздібай — 1882 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. 2 класстық училище бітірген. Партия мүшесі. Округтік партия комитетінің бөлім бастығы, үйездік ревкомның хатшысы болған. Бір қызы бар. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
48. Елшібекұлы Қалдыбай (Елшібайұлы да болуы мүмкін) — 1902 жылы Форт-Александровскіде туған. Шала сауатты. Бір баласы бар. Партия мүшесі. Жарлы. 5 жыл концлагерьге кесілген.
49 . Игилжанұлы (Ығылманұлы) Ильяс — 1898 жылы Ойылда туған. 2 класстық мектеп және гимназияның бір класын бітірген. Руы Әлімнің Кетесі. Әйелі бар. 5 жыл концлагерьге кесілген.
50. Қарамбетұлы (Еркенғүл) Еркегүл — 1896 жылы Маңқыстау үйезінің № 4 ауылында туған. Адайдың Мұңалының Бәйімбетінің Жанбоз тармағынан. Сауатсыз. Саудагер. 5 жыл концлагерьге кесілген.
51. Құлчарұлы Қызылгүл 1897 жылы туған. Мәскеуде партия курсында оқыған. Шығыс халықтарының коммунистікі университетінде оқыған. 1921 жылдан партия мүшесі. Үйездік партия комитетінің хатшысы болған. 2 баласы бар. 3 жыл концлагерьге кесілген.
52. Қосымұлы Зейнетқали — 1904 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Қалалық 2 класстық училище бітірген. Адайдың Бәйімбетінің Көрпе тармағынан. 3 баласы бар. 3 жыл концлагерьге кесілген.
53. Көпбергенұлы Қуанай (Қуанбай) 1879 жылы Маңқыстау үйезінің № 3 ауылында туған. Шала сауатты. Малшы. 5 жыл концлагерьге кесілген.
54. Күзембайұлы Қали — 1877 жылы Маңқыстау үйезінің №I ауылында туған. Сауатсыз. 3 баласы бар. Саудагер. 5 жыл концлагерьге кесілген.
55. Құлжарасұлы Сейкет — 1884 жылы Ойыл ауданының № 14 ауылында туған. 6 баласы бар. Бай. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл концлагерьге кесілген.
56. Құбышұлы Жетпісбай — 1887 жылы Ойыл ауданының № 5 ауылында туған. Сауатты. 3 баласы бар. Орта шаруа. 5 жыл концлагерьге кесілген.
57. Нарегенұлы Бөлтек — 1887 жылы Маңқыстау үйезінің № 7 ауылында туған. Сауатсыз. Бір баласы бар. 5 жыл концлагерьге кесілген.
58. Нұрқабайұлы Сұлтан — 1888 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Адайдың Қосайы, Байбол, Мәмбетқұл Шалбар тармағынан. Бір баласы бар. Бай, саудагер. 5 жыл концлагерьге кесілген.
59. Ташкенбайұлы Ниязғали — 1891 жылы Маңқыстау үйезінің №1 ауылында туған. Шала сауатты. Екі әйелі, екі баласы бар. 5 жыл концлагерьге кесілген.
60. Ташекенұлы Хаби — 1903 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Ауыл мектебін бітірген. Кеңсе қызметкері. Партия мүшесі. 3 баласы бар. Бұрын Ералиев ісі бойынша қылмысқа тартылған. 5 жыл концлагерьге кесілген.
61. Өтебайұлы (Данарбай, Данабай) Қанатбай — 1896 жылы туған. 2 класстық училище бітірген. Партия мүшесі. 5 жыл концлагерьге кесілген.
62. Өтегенұлы Смағұл — 1905 жылы Ойыл ауданының №1 ауылында туған. Миялыда тұрған. Сауатты. 2 баласы бар. Адайдың Құнанорыс тармағынан. 3 жыл концлагерьге кесілген.
63. Омарұлы Дәулетбай — 1864 жылы туған. Сауатсыз. Адайдың Қосай руының Байболының Мәмбетқұлы (Шалбар). 4 баласы бар. Үлкен бай. 5 жыл концлагерьге кесілген.
64. Үмітбайұлы Рахмет — 1907 жылы Форт-Александровскіде туған. Ойыл ауданының Алты-қарасу елді мекенінде тұрған. Адайдың Жеменейінен. Рабфактың 3 класын бітірген. Үйленбеген. Байдың баласы. 3 жыл концлагерьге кесілген.
65. Шорбайұлы Қойлыбай (Торбайұлы) — 1858 жылы Ойыл ауданының № 5 ауылында туған. Әлім руының Кете бөлімінен. Сауатсыз. Екі әйелі 11 баласы бар. Бай. Округтен тыс жерге 3 жылға жер аударылған.
66. Берікбайұлы Сүйінішәлі — 1906 жылы Форт-Александровскіде туған. Адайдың Тобышынын Табынай тармағынан. Ойылда тұрған. Әйелі жоқ. Сауатты. Кеңсе қызметкері. Кедей шаруа. Қызыл әскерде болған. Ақталған.
67. Аманчайұлы (Аманшаұлы) Жуасбай — 1902 жылы Маңқыстау үйезінің № 1 ауылында туған. Шала сауатты. Партия мүшесі. Әйелі жоқ. Кедей, ат айдаушы. 3 жыл концлагерьге кесілген.
68. Тумышұлы (Маймақұлы) Көмек — 1911 жылы ойыл ауданының №14 ауылында туған. Шала сауатты. Ат айдаушы. Абатқыда отырған уақыты есептеліп босатылған.
69. Баймамбетұлы 1888 жылы туған. 1922 жылдан партия мүшесі.
70. Бармақұлы Қосбай — 1855 жылы Ойыл ауданының № 14 ауылында туған. Сауатсыз. 3 баласы бар. Бай. 1930 жылдың маусым айында қайтыс болған.
Құлшарұлы Алпысбай, Мырзабекұлы Нұрмұхамбет, Баймырзаұлы Оспан, Мыңбайұлы Жалау хақындағы қылмыстық іс бұлардың қайтыс болуына байланысты қысқартылған. (т.6, л.д.314-315. т.7, л.д.373, 378, т.8, л.д.75).
Тізім бойынша көрсетілген 70 кісінің туған жылын, жерін, руын, білімін, кім болып жұмыс жасағанын, балаларының қанша болғанын тағы басқа мәліметтерін, шамамыз келгенше көрсеткен себебіміз, бұл күнде артында қалған ұрпақтары, жақын жұрағаттары іздеу салса, аз да болса, анықтауға жеңілдік болар деген ой.
VII ТАРАУ
Жоғарыда айтылғандай, Тобанияз, Құрмаш істері бойынша, бұл арада басқа да жүздеген ел азаматтары жазаға ұшырағанымен, ел наразылығын басу жөніндегі үкіметтің ойға алған шарасы іске аспады. Керісінше, 1928—1929 жылдарда күрт өзгерді. Елге жасалған қысым күннен-күнге күшейе түсті. Халық қолына қару алып, Маңқыстау жерінде үкіметке қарсы қарулы қақтығыстарға шыға қоймағанымен, осындай әрекеттен алдын ала қауіптенген қаралаушы органдар, өздерінің ойларын ашық айтамын деп елге араша түскен азаматтарды қуғынға ұшыратып, орындарынан алып, жазалай бастады. Мұндай жағдай сол кезде Қазақстанның көп жерлерінде орын алғаны белгілі. Бірақ Маңқыстау округінде айрықша, қатаң жүргізілді.
Тек 1929 жылдың өзінде бірнеше топ, соның ішінде Құрмаш Қосжанұлының, Тобанияз Әлниязұлының істері бойынша жүздеген ел азаматтары жазаланды, осы топтан 43 кісі атылып кетті.
Жазалау науқаны жалғаса берді. Ел ішінде сенімсіздік, бірін-бірі көрсету, көре алмаушылық, алауыздық жол алды. Кеңес үкіметінің жаңа саясаты елдің, жеке адамдардың арасын біріктіруге жұмыс жасаймыз деп жар салғаны тек жәй әңгіме болып, керісінше бұлардың арасына таптық шектеу енгізді. Рушылдық, жікшілдіктің жаңа түрі пайда болды. Оның үстіне бұрынғы көшіп жүріп күн көрген көшпенділерді бөтен жерге аударып, отырықшылыққа зорлады. Отырықшылыққа көшіп барғандардың күні қараң болды. Ол жерлерде, бұларға басқа тұрғыдан қарады. Алым-салықтың, мал дайындаудың жүйесін озбырлықпен бұрмалап, мұның түрлерін көбейтіп, байларды да, әлді шаруаларды да тәркілеп, ұжымшарлар орнатамыз, соған кіресің деп зорлады. Әсіресе бұған көшіп келгендер ұшырады. Үкіметтің үндеу салып, айтып жүрген қағидасы — «ұжымшарға кіру еріктілігі» өрескел бұзылды. Осындай асыра сілтеушілікпен жүргізілген жергілікті әкімшіліктің саясаты халықтың күн көріс жағдайына аса зор қиыншылық әкелді. Мұндай өзгеріске ел көндіге алмады, мұның артының не боларын білмей, халық әуре-сарсаң болды. Бұлардың түсінгені, ел басқару жұмысындағылар болсын, сауда, мал дайындау, кооператив ұйымдарына орналасқандардың көпшілігі өздерінің бас пайдасынан басқа, елге жұмыс жасауды міндетіміз деп санамады. Пайдалы жерге өздерінің туған-туысқандарын орналастыруға жұмыс жасады. Осы үшін бұлардың арасында талас-тартыс басталды. Осындай пайдакүнем, бақ құмарлар жылы орындарынан айрылып қалмау үшін жоғары орындарға жағыну мақсатымен, ел жағдайына қарамады. Олардың нұсқауларын халыққа қысым жасап, асыра сілтеп, бар күштерін сала орындауға тырысты. Ал жоғарғы партия, кеңес басшылары бұларға шексіз билік беріп, әр уақытта олардан қолдау алып отырды. Осылар сияқты сол кездегі деңгейі төмен, ел басқаруға мүлдем тәжірибесіз, дүние танымы тайыз, шала сауаттылар халық арасын жікке бөлді. Халық бұларға деген сенімін азайтты, қайшылықтар пайда бола бастады. Бастықтар мен оған бағынушылар дегендер өзара келісе алмайтын жағдайға жетті.
Сол кездегі үкімет тарапынан жариялаған жалаң саясат халық көңілінен шыққанмен, бірақ оларды іске асырып, ел мүддесіне асыру әдістері озбырлықпен бұрмаланған себепті ауылшаруашылық жүйесі, өмір салты, идеология, мәдениет, жеке адам құқы бәрі, егер үкімет белгілеген саясатқа сай келмесе, бұған қатаң шара қолданып, осыған кінәлі дегендер қуғынға ұшырады. Осының салдарынан қазақ ауылының тағдыры да, алдағы күн көріс өмірі де, адам айтқысыз тәлкекке түсті.
«Қазақ халқының капитализмге соқпай, баса көктеп бірден социализмге өтуге мүмкіншілігі бар» деген партия саясатының алдамшы уәдесі жел сөз болып шықты. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін-ақ оның шарттары жергілікті жерлерде озбырлықпен бұзылды.
Көшпенділік қарапайым сырт көзбен қарағанда, артта қалған жетілмеген тұрмыс тіршілігі болып көрінгенмен, оның өзіндік айырмашылығы барлығы еске алынбады. Көшпенділер арасындағы рулық-қауымдық, бірігу-ұжымдық жүйесі өмір бойы адамдардың өзіне сай ерекше ақыл-ойын, әдет-ғұрпын, табиғи ортаға әбден үйлесімді тұрмыс-тіршілігін қалыптастырып келгені де ескерілмеді. Мұны ешкім білмеді. Қазақтың кең байтақ жеріндегі, оның ішінде Маңқыстау өлкесіндегі шөл және шөлейт аймақты тиімді әдіспен игеріп, көшіп-қонып, соншама кеңістікті өзінің әлеуметтік жағдайына, пайдасына қызмет етуге бағындырып, табиғатпен тіл табысып, оған икемделіп кетудің тәсілдері бар екенін ешкім түсінбеген. Керісінше, бұған қарсы пікір айтқандардың барлығына, егер ол жергілікті ұлт өкілдері болса, «буржуазиялық ұлтшылдар» деген айып тағылды.
Жергілікті басқару орындарында, ауылдарда солақай белсенділік көрсетіп, «шаш ал десе, бас алатындардың» өздері ешқандай сауаты жоқ, не шала сауатты, ел басқаруға қабілетсіз жандар болатын.
Осындайлардың бірі өзіміздің көзімізбен көріп, зардап шеккен 1931-1932 жылдарда Жылыой ауданының Аралтөбе ауыл кенесінің төрағасы болып жасаған Әбілтай атты азамат, өзінің ұрда-жық мінезімен, ой-өрісінің тарлығымен, шала сауатты білімімен, ел арасында үкіметтің аты шулы қол шоқпары болды. Ол аузына не келсе, соны айтып балағаттап, жұмысының көбін айқаймен жүргізіп, халыққа маза бермейтін. «Әбілтай келе жатыр дегенде жылаған бала қоя қоятын» деген сөз осындайдан шыққан болу керек. Ауыл арасында Әбілтай жасаған жөнсіздіктер жөнінде көптеген әңгімелер соңғы кезге дейін еске алынатын. Сол кезде біздің ауылда Әбілтайдан лауазымы үлкен әкім де жоқ болатын. Сондықтан бұлардың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болды. «Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпестің» зардабын халық осындайлардан көрді. Осылар сияқты өрісі тар адамдар ел басқаруға қойылғаннан кейін, үкімет беделіне, абыройына аса зор нұқсан келді. Халық жаңа үкіметтің жүргізіп жатқан саясатына сенімсіздік көрсетіп, шүбәлана бастады.
Жәй халықтың тағдырымен санаспау, ертеден хандық заманында да, патша үкіметінің тұсында да болған, жоғарғы орындарда отырған азғантай топтар өздерінің билігін, үстемдігін жүргізу мақсатында ешқандай әділеттікке жол бермеуге тырысқан. Ал большевиктер партиясы басқарған кеңес үкіметі бұлардан да асып түскені анық.
Бұлар жергілікті басқарушыларына шексіз құқық берді, сонымен қатар өз мүдделерін орындатпай қоймады. Орындаушылар өз бастарынан қорқып, бұған жан-тәнімен кірісті.
Осының салдарынан халықпен басқарушылардың арасы алшақтай түсті. Бұл басқарушы партияның саясатына қайшы екеніне ешкім мән беріп, түсінбеді. Мұның қарама қарсы қақтығысқа әкеліп соқтыратынын ешкім білген жоқ.
Бұл айтқандарымызды сол кездегі Қазақстан шеңберінде өткен кеңестер сайлауының бұрмалануының өзі айқындайды. Қазақстанның басқа жерлерін әңгіме етпей-ақ, Маңқыстау үйезіндегі кеңестер сайлауы халықтың күткен үмітін ақтамады. Ел ішінде партия, кеңес, шаруашылық басшылығына сайланып, тағайындалғандардың көбі бірін-бірі қолдаушылар, бір-бірінің жақын туыстары екенін халық жақсы түсінді. Сол кездегі айтып, үгіттеп жүрген «демократиялық ерікті сайлау» жүйесінің қалай, кімнің пайдасына, кімнің мүддесін орындауға жүріп жатқаны айқындалып, өзінің шын мәнісіндегі бет пердесін ашып берді. Қандай да үкімет болсын, қолында билік бар топ болсын, олардың істеген істерін әр дәуірде де халық түсініп, біліп отырған. Бірақ бір жерде оған қарсылық жасалса, екінші жерде, елде мұндай әрекетке ешкім бармаған.
Туыстық, жерлестік, рулық тағы басқа осы сияқты ұсақ-түйек келеңсіз әдет қазақ елінде ертеден келе жатқан, жазылмайтын дерт. Мұндай жағдай қазақ халқының бірлігін бұзуға, әр уақытта да зиянын тигізбей қойған емес.
Бұл патша үкіметінен қалған, елді ауылға, болысқа бөліп, ру арасын бірін-біріне қарсы қою саясатының жалғасы екені анық.
Республикалық партия, кеңес, өкімет тарапынан неше түрлі ұйымдастыру шаралары жүрді. Қаулылар, қарарлар алынып, ел ішіне уәкілдер жіберіліп, тиісті саяси, экономикалық науқандарды дер кезінде орындап, елді кеңестендіру шарасын жылдамдатуға күш салды.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті президиумының 1927 жылғы маусымның 20-дағы қаулысымен Адай үйезі Адай округі болып құрылды. Бұл округте Қазақстан Комиссарлар Кеңесінің шешімімен Ақтөбе және Гурьев округтерінің жалғас жатқан бір азғантай жерлері кіріп, округте 5 — Маңқыстау, Үстірт — Сам, Эмба Байсары, Ойыл, Алты—Қарасу аудандары құрылды. 1928 жылғы деректер бойынша округтің жер көлемі 345200 шаршы шақырым, халқы 170 мыңнан астам болды.
Округтік партия, кеңес ұйымдары бастапқы кезде белсендік көрсетіп, бір шама жұмыс жасаған. Округте кеңес үкіметі біржола бекітіліп, жергілікті кеңестердің сайлауы өтті. Тағы басқа да үкімет саясатына сәйкес бір қатар жұмыстар жөнге қойылды. Дегенмен партия және мемлекеттік біріккен саяси басқарманың архив құжаттарына қарағанда, мұндай белсенділік көп жерлерде өздерінің жұмыстарын толықтай жолға қоя алмаған. Партия, кеңес, қызметкерлерінің арасында тәртіпсіздік, заң бұрмалаушылық жол алғандығы да, бұларға тиісті, мардымды шара қолданылмағаны да айтылды. Осының салдарынан басшы қызметкерлердің арасында өзара бәсекелестік, жікшілдік, рулық айтыстар тоқтамаған. Осындай жағдайлар мемлекеттік біріккен саяси басқарманың мәліметтерінде де, партия құжаттарының көрсетуінше де жікшілдік пен баққұмарлықтың жол алуына басты кінәлілер деп, сол кезде айтылып жүрген екі үлкен рулық топтың басшыларына айып тағады. Дұрысында осылай болды ма немесе бұл топтардың басшылары деп жүргендерді сол кездің өзінде-ақ, партия, кеңес, жұмыстарынан шеттетудің бір айласы ма, түсініксіз. Әйткенмен, жікшілдер деп көрсетілгендердің көпшілігі, барлығы десек те болады, 1929 жылы тұтқындалып, жазаланғандарына қарағанда, бұған күмән келтірудің реті жоқ сияқты.
Жоғарыда айтқан екі топтың басшылары — «Орынбасар Дауылұлы, Алпысбай және Қызылғұл Құлшарұлы, Алшын Мендәліұлы, Сайпат Құлжарасұлы, Хұсайын Жанәліұлы, Ильяс Ығылманұлы, Сүйінғали Өмірбайұлы, Рахмет Жүнісұлы, Өтесбай Борамбайұлы — бұлардың көпшілігі Құнанорыс руынан. Екінші топ — Байбоз Қилыбайұлы, Сыдыйық Жұбайұлы, Жұмағали және Хайрош Омарұлы, Қошан Бағдәулетұлы, Закария Тұрниязұлы, Талпақ Жұбанұлы, Шадман Үсембайұлы тағы басқалары Қосай руының Шалбар тармағынан» — деп жазылған партия архивында.1927 жылы желтоқсанның 2-9 аралығында X округтік партия конференциясында жоғарғы екі топтан бөлініп, Шадман Үсенбайұлы бастаған 16 делегат үшінші топ болып бөлек шыққан. Бұларды «он алтыншы» деп атаған. Бұл топ округтік партия комитетіне сенімсіздік білдіріп, конференцияның төрағасына арыз жолдаған. Конференция, округтік партия комитеті бұларды жазалауға шешім алады. Бірақ қандай жаза қолданылғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Округтік партия комитетіне, оның басшыларына, аудандық комитеттерден наразылық көбейе түсті. Кей жерлерде бұлардың шешіміне бой ұсынбай, бағынбаушылық орын алған, сөйтіп партияның принципі бұзылған.
Осыған дәлел, Маңқыстау аудандық партия комитетінің 1928 жылғы қазанның 21-індегі партия конференциясында ауданда орын алған кемшіліктерді, жіберілген қателіктерді мойындап, партия жұмысын жандандырудың орнына, округтік партия комитетінің жұмысы сыналған. Осындай жағдай Ойыл ауданының партия комитетінде де болған.
Осының барлығы 1928 жылы тамыздың 22-де Қазақстан өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен Адай округтік партия комитетінің бюросы таратылып, 7 кісіден құралған уақытша бюро мүшелерін тағайындауға әкеліп соқтырады.
1928 жылы 18-24 қарашада бірінші округтік партия конференциясы өткізілді. Конференцияның қараған негізгі мәселесі округтегі орын алған «жікшілдік топтардың» жолын кесіп, оның басшыларына қатаң шара қолдану болды. Төрт күнге созылған конференция жұмысы мардымды нәтиже бермегенін құжатты деректерден көруге болады. Айтыс-тартыспен өткен жұмыс кезінде демократиялық бұзушылық та орын алмай қоймаған.
Жарыс сөзге шығып сөйлегендердің өз пікірлерін ашық айтып, әсіресе басшылардың тарапынан жіберілген кемшіліктерді шешіле сынауына жол берілмеген. Конференция төрағасы, оның мүшелері жарыс сөзге шыққан делегаттарға қысымшылық жасап, сөйлетпеді дейді. Кейбір құжаттарға сүйенсек сайлау, дауыс беру кезеңдерінде де көптеген кемшіліктер кеткені кейін анықталған.
Дегенмен, округте өpic алған қайшылықтар, осының ішінде басшы қызметкерлердің арасындағы жікшілдік, өзара күрес тоқтамаған. Басшы орындағылар төменгі топқа қысым жасап, оз айтқандарына көндіре алмаса, оларды қызмет орнынан шеттетуге, бірін-біріне айдап салып, араздастыруға жол берген. Партия комитеттерімен кеңес орындарындағы басшылар өздерінің туыстарын, тамыр-таныстарын басшы қызметке орналастыру үшін бірінің үстінен бірі шағым жазуға, өтірік жала жабуға дейін барған. Парақорлық жол алған. Осылардың барлығы архив құжаттарында толықтай көрсетілген. Дұрысында да өкімет, партия жұмыстарына тағайындалғандардың білім деңгейі, қолынан іс келмейтіндігі ол кезде ескерілмегені де анық. Осындай қолдан қойылған қолшоқпарлар халықтың жағдайына қарамағаны аян. Олар тек өз мүдделері үшін, басына пайда табу мақсатында жұмыс орнын жақсы пайдаланған, асыра сілтеп елдің ызасын, сенімсіздігін тудырған. Үкіметтің абыройына, жасап жатқан жұмысына нұқсан келтірген. Бұлардың қаншалықты шындық екенін білмейміз. Әйткенмен, мұндай жағдайлардың, қандай тұрғыдан болса да, орын алғаны күмәнсіз. Сондықтан да болар республика басшыларын да ойландырмай қалмағанға ұқсайды.
1928 жылы желтоқсанның 11-інде Өлкелік партия комитетінің секретариаты Маңқыстау аудандық партия комитетін тарату жөнінде шешім қабылдап, Маңқыстауға төтенше партия, кеңес комиссиясын жіберді. Бұл комиссия аудандық партия комитетінің жұмысынан көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Бұрынғы үйездік партия, атқару комитеттерінің, революциялық комитетінің қызметкерлері, басшылары жұмыстарынан қуылды, көпшілігі қамауға алынды. Партия кеңес аппараттары жаңартылды. Олардың орындарына Қазақстанның әр түпкірінен келгендер тағайындалды. Бұлардың көбі жұмыс жөнінде тәжірибесі жоқ, жер, ел жағдайын білмейтіндер еді. Сол кезде ел ішінде білімді, сауаттылардың аздығынан, басшылардың бір қатары шала сауаттылар болды.
Оның үстіне 1928-1929 жылдары бүкіл Қазақстан бойынша латын әрпіне көшу науқаны басталды. Осының салдарынан бұрынғы шала сауаттылар мүлдем сауатсыздар қатарында қалды. Мұның барлығы ел басқару жұмысының деңгейін көтеруге зиянын тигізді. Жаңадан келген әкімдер, партия қызметкерлері жоғары басшыларға жағыну үшін жергілікті халықтың жағдайына қарамай, елді қатты күйзеліске ұшыратты. Халық ең қиын қысымшылықты, әділетсіздікті жергілікті шолақ белсенділерден көрді, олар шаш ал десе, бас алуға дейін барды. Бұлардың жасаған жұмысындағы кемшіліктері, асыра сілтеушіліктері жоғарғы орындардан қолдау тапты, тыйым салынып, шара қолданылмады. Халықтың тілегі, ұсынысы, жағдайы еш уақытта есепке алынбады. Осы себептерден ел арасы бұзылып, жергілікті өкімет басшыларына наразылықтар көбейе бастады. Ел байырғы қоныстарына көшіп, басқа жерлерден жеңілдік іздеді. Мұны ауыздықтау үшін өкімет билеушілері халықты зорлықпен отырықшылыққа көндіруге, елді ұжымшарға кіргізуге шұғыл түрде іске кірісті.
Дегенмен партия, кеңес басшыларының жұмысы ілгері баспады, округте жүргізілген шаралар нақтылы нәтиже бермеді. Ел арасындағы наразылықты жою үшін ел ішіне қаралаушы органдарының, мемлекеттік біріккен саяси басқармасының, милиция, сот прокуратура қызметкерлері жіберіле бастады. Мұның да нәтижесі мардымды болмағанға ұқсайды. Осындай шарасыздықтан болу керек, республика өкіметі бұл мәселені шешуді мемлекеттік біріккен саяси басқармасының толық өкілеттік өкілдігіне жүктеуге мәжбүр болған. Бұларға халық айтқандай «құланның қасынуы, мергеннің басуына сай келіп», Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі, Адай округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары Шәбден Ералыұлының Каспий теңізі үстінде қайғылы қазаға ұшырау себеп болды.
1928 жылдың қазан айында Адай округінің орталығы Ойылдан округтік партия комитетінің тапсырмасымен Шәбден Ералыұлы Маңқыстау аудандық партия комитетінің конференциясына қатынасып, басшылық ету үшін Форт-Александровскіге келеді. Кеңес үкіметінің, қызыл империяның құлағанына дейін созылып келген ауру сол кезде-ақ басталғанын кейін білген екенбіз. Оның себебі Ералыұлына Маңқыстау аудандық партия комитетінің хатшылығына Сағындықұлын өткізу жұмысы тапсырылған екен. Бірақ бар мәселе, шиеленіс, айтыс-тартыс осы жөнінде болғанға ұқсайды. Бөтен жерден келген, ешкім білмейтін, бұрын көрмеген адамды сайлауға, бұрын мұндайды білмейтін делегаттар наразы болып, округтік партия комитетінің жіберген кісісін өткізбей, жергілікті партия комитетінің жақтаушылары өтіп кетеді. Осыған қоса аудандық партия конференциясында Қазақстан өлкелік партия комитетінің Адай округтік партия ұйымы жұмысының кемшіліктері жөніндегі шешіміне қарсы пікір айтылып, наразылық білдіріледі. Мұны партия уставы талабына сай келмейтін қайшылық дегенді айтқан Ералыұлы мен делегаттар арасында жанжал шығып, қызу пікірталаста, өтірік шынын кім білсін, тергеу ісінін құжаттарында делегат Лeпec Оңғалбайұлына (кейін 10 жылға концлагерге кесілген), Ералыұлының бетіне түкірген деп айып тағылды.
Округтік партия конференциясына 27 кісіден құралған делегаттар сайланып, 1928 жылы қарашаның 1-інде Форт Александровскіден моторлы қайықпен (мұны қазақтар кеме деп атайды) Гурьев (қазіргі Атырау) қаласы арқылы Ойылға бару үшін жолға шығады. Тергеу ісінің деректеріне қарағанда келіспеушілік айтыс болған деп көрсетіледі.
Түн ішінде Ералыұлы қайықта жоқ болып шығады. Қолданған іздестіру шараларынан ештеме шықпайды. Гурьев қаласына келгеннен кейін барлық делегаттарды округтік тергеу органы тұтқындап, қылмыстық кодексінің 57-7 террор бабымен қылмыстық іс қозғайды. Тергеу жұмысының бір жақты, тек қана делегаттарды қаралау мақсатымен жүргізілгенін төмендегі деректермен дәлелдеу қиын емес. Тергеу жүргізушілер Ералыұлының кешке қарай кеменің үстінде қатты мас болып жүргенін айтқандардың сөзін еске алмаған. Каспий теңізінің үстінде өне бойы жел болып, теңіз толқындары көтеріліп тұратыны, ал сол күні түнде қатты жел болғаны да, мас адамның құлап кетуін, сәтсіз уақиғаға ұшырауы мүмкін екендігі де ескерілмеген. Бұл жағдайлар кейбір қаралаушы басшыларға ұнамсыз болуы керек, сондықтан мұндай деректер іске кірмей, шығарылып тасталған.
Тергеу үш айдай жүргізілген. Делегаттардың қаншасы, қай уақытта абақтыдан босатылғаны жөніндегі құжаттар таптырмады. 1929 жылы 19-шы ақпанда әуелі 10, кейіннен алты делегатқа — Чымырұлы Жұмалы, Айболатұлы Баймұхан, Ізмамбетұлы Жетімек, Көбейұлы Салтыбай, Ишимұлы Әбілхан, Шабайұлы Жакеге қасақана кісі өлтірді деген айып тағылып, сол жылы мемлекеттік біріккен саяси басқармасының толық өкілдігінің алқасы бұларды ату жазасына кескен. Осыдан жарты жыл өткеннен кейін ату жазасын он жыл концлагерьге ауыстырады. Бұлардың төртеуі — Ишимұлы, Айболатұлы, Ізімамбетұлы, Көбейұлы бұл өзгерген үкімді ести алмай, абақтыда дүние салған.
Ату жазасына кесілгеннен кейін, алты айдан аса абақтыда отырып, өлім күту адам баласы төзгісіз қаралы қайғы екені белгілі. Оның үстіне абақтының адам төзгісіз ауыр азабына шыдау мүмкін емес екендігі анық. Осындай қайғы-қасіретке шыдай алмай, жоғарыда аты аталған азаматтар жабылған жаланың зардабынан қаза болады. Ал қалған 10 жылға концлагерьге кеткендерден де кім елге оралғаны белгісіз. Мұндай құжаттар архивте жоқ. Жазасын өтеп қайтып келгендердің біреуі кейіннен қайтадан жазаланғанын білеміз. Бұлардан қазіргі уақытта ешкім қалған жоқ.
Жоғарыда аты аталған ату жазасына кесілгендердің үкімін қайта қарап, жеңілдетуінің ең бір басты себебі: оларға жаны ашығандық немесе үкімет тарапынан болған қайырымдылық деп түсінуге болмайды. Шындығында тергеу барысында жиналған деректердің толық еместігі, ат үсті, тек қаралау мақсатында жүргізілгенін мойындап, сәл де болса жасқанса керек. Оның үстіне бір жылдан кейін табылған Ералыұлының мәйітіне жүргізілген сарапшылардың дәрігерлік қорытындысының шешімінде — елім қылқындырылғаннан болған деп көрсетілген. Бір жыл теңіздің тұзды суында қалқып жүріп, неше түрлі теңіз жәндіктерінің әрекетінен жарақаттанған мәйіттен ешқандай дәлелдеуге керекті деректер қалмайтынын арнайы мамандар түгілі жәй адамдардың да білетіні баршаға аян. Жасаймын дегенін жасап, істеймін дегенін істеген, қызыл империяның қызыл көз қырандарының біздің халыққа көрсеткен бұл да бір озбырлығы емес пе?
Осы сарапшылар шешімі тек қана СССР Жоғарғы соты әскери алқасының 1958 жылғы 8 наурыздағы ұйғарымымен дәлелсіз деп табылып, сотталғандардың қылмыстық әрекеті болмағандықтан үкім қысқартылды. Бірақ мұны әттең, олардың ешқайсысы да білген жоқ. Жазықсыз шейіт болған ардақты азаматтардың иманы жолдас болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Сонымен округтік партия комитетінің конференциясы Маңқыстау ауданынан сайланған делегаттардың қатынасуынсыз өтті. Мұндай соққы бүкіл адай халқына қара күйе болып жұқты. Ал республика басшылары өздерінің тағы бір қитұрқы қимылы іске асты деп есептеді. Кешегі қарсыластардың көбі күйреді, аман қалған жарқыншақтары бастарын біріктіріп, ел арасында жүріп жатқан Адай округін таратады деген сыбысқа қарсылық көрсетуге бел байлады. Партия, кеңес басшылары өз есебі бойынша, «егер Адай округін ыдыратып, екі-үшке бөлсек, жалғыз Маңқыстау ауданының қарсыластары ештеме жасай алмайды. Саяси шиеленіс осымен шешіледі. Маңқыстау қазақтарының бірлігі жойылады, салық, мал дайындау, байларды тәркілеу, елді ұжымшарға орналастыру жұмысын тиісті жолға қоюға септігін тигізеді» деп түйіндеді.
Ел азаматтарының мұндай қарсыласуға бару себебінің екінші бір жағы Адай округі жойылса, бұлардың, басшы қызметкерлердің тұрмыс-тіршілігіне де, лауазымына да зиянын тигізетінін жақсы сезінді. Бұл жөнінде ел арасында ашық айтпағанмен, көбінің көңілінен орнықты орын алды. Көп азаматтардың жанына қатты батқаны елді ыдыратып, бөлшектеу саясаты болды. Сондықтан ашықтан ашық Адай округін ыдыратуға қарсылық жасау мақсатында бірнеше жерде үгіт жұмысын ұйымдастырған делінген құжаттарда. Бұларда халықтың көпшілігі өздерінің наразылығын айтса, үкімет басшылары олардың тілегіне көңіл бөлмей тұра алмас деген үміт те болды.
Округтің Ойыл ауданында, қазіргі Қызыл қоға ауданының көп жерінде, оған іргелес Жылыой ауданының Сағыз, Қайнар, Жем өзендерінің бойында ел арасында үгіт жұмысын Жұмағали, Дәулетбай, Хайруш Омарұлдары, Закария Тұрназұлы, Сейіт Құлжасарұлы, Шадыман Үсембайұлы, Орынбасар Дауылұлы және тағы басқалары, Маңқыстау ауданында — Сағындық Балықұлы, Шәкір және Сафар Бекназарұлы, Сыдиық Жұбайұлы, Жүндібай Маймакұлы, Хажы Оңғалбайұлы жүргізді. Бұл жұмыстарды басқару Тобнияз Әлниязұлы, Сыдиық Жұбайұлы, Жұмағали Омарұлы, Закария Тұрниязұлы, Сағындық Балқыұлы тағы басқаларына жүктелді.
Тергеу, қылмыстық істердің деректеріне қарағанда, ел басшыларының бас қосып, ақылдасқан жиындарында халық арасында төмендегідей жұмыс жүргізу керектігі қамтылған.
- Ел арасына өздерінің беделді, абыройлы азаматтарын жіберіп, ел атынан Қазақстан басшыларына халықтың наразылығын білдіріп, Адай округін ыдыратпау, болмаса Маңқыстау ауданын тікелей Алматыға бағындыру жөніндегі мәлімдеме жолдау.
- Егер бұлай шешілмейтін болса, Адай округін Түрікменстанға немесе Дағыстанға бағындыру.
- Адайларды отырықшылыққа орналастыру үшін басқа жерлерге көшіруге болмайтынын дәлелдеп, бұларды бөлек бір жерге орналастыру сұралсын.
Мұндай талаптардың құжаттарда қаншалықты дұрыс көрсетілгені біздерге мәлім емес. Дегенмен, осы тектес талаптар, тілектер болғаны анық.
Құжаттарда дұрыс көрсетілсін, көрсетілмесін, бұл талаптарда үкімет саясатына қарсылық, қайшылық болған деп есептеуге болмайды. Тек қана халық атынан өтініш жасалған деп түсіну керек. Егер ондай болатын болса, олар міндетті түрде айып ретінде көрсетілмей қалуы мүмкін емес қой. Бұл айтқандардың көпшілігі көшпенділердің қалыптасқан әдет-ғұрпына, дәстүр-салтына байланысты екенін үкімет басшылары түсінбеді, түсінгісі де келмеді. Партияның сол кездегі саясаты мен мақсатының өзі де осы дәстүр сананы, әдет-ғұрыпты бұзу болатын. Және оны феодализмнің қалдығы, мұсылман дінінің ықпалы деп насихаттаған үкімет тарапынан бұл қойылған талаптардың біреуі де орындалмай қалды.
Халық үкімет тарапынан ешқандай жақсылық болмайтынын сезіп, қарсылықтар, наразылықтар көрсете бастайды. Бұған тек ірі байлар, моллалар емес, өз қонын өзі қасып, аз да болса мал жинаған момын байлар да, орта шаруалар да, осылардың малын бағып, шаруасына көмектесетін жақын туыс жақыбайлары да қатынасты.
Ел арасында жүргізілген үгіт жұмыстары да өзіндік нәтижесін бермеді. Жергілікті әкімшілік күш алды. Олар өздерінің айтқандарын, ойлағандарын іске асыра бастады. Жоғарыда аттары аталған азаматтардың барлығы сол кездің өзінде-ақ қара тізімге ілінгендерін кейіннен ғана білді. Олардың барлығы 1929 жылы тұтқындалып, жазаланғанын айтқанбыз. Бұлар ел ішінде өте беделді, халық алдында сөздері өтетін, абыройлы азаматтар болатын. Сондықтан да бұларға халық өздерінің тағдырын сеніп тапсыруы бекерден-бекер емес еді. Өкінішке орай, бұл ел ағаларының кім болғанын, ел алдында қандай еңбек сіңіргенін, өмір тарихын анықтайтын құжаттар қолымызға түспеді. Мұндай деректерді білетіндердің де қатары кеміген. Дегенмен ескілікті ақсақалдардан естіген, ауызекі шежіреден есте қалған Закария Тұрниязұлы, Шам, Талпақ Жұбанұлдары жөнінде, бір-екі ауыз сез айта кетуді жөн көрдік.
Закария — ақын, жырау, сері адам болған. Ол Адайдың Қосайының Тіней тармағынан. Атақты Еламанұлы Жұбан, оның балалары Шам, Талпақ деген байлардың туысы. Закария, Талпақ Тобаниязбен бірге тұтқындалып, зардап шегіп, жазаланғандар.
Жұбан үлкен бай болған адам. Ол кісіге 1899 жылы көтерген мазар-күмбез Жем өзенінің он бетінде 40 шақырымдай жерде. Дәулеталы шыңырауынан 15-20 шақырым шөл далада, үлкен жалдың басына салынған. Ұлу тасты 50 шақырым Қабыланды деген жерден түйемен тасып әкелген дейді. Күмбез төрт қабырғалы, биіктігі 4-5 метрдей, оның үстіндегі күмбезі метрден кем емес. Күмбездің жасалу шеберлігі адам тан қалғандай, қиындарының арасы пышақ жүзі өтпейтіндей етіп жымдастырылып жасалған. Ішіндегі өрнектер — осы күнге дейін кетпеген, қара, қызыл, жасыл сырлармен боялып салынған суреттер. Сыртындағы төрт бұрышты қабырғаның жоғарғы жағындағы басқұр ретінде салған өрнектің сырлары кете бастаған. Мазардың ішіне 4-5 қойтас қойылған. Бір қойтастың орны бос, шамасы ол жерге кісі қойылмаған сияқты. Бұл мазар кейінгі кезде «қызыл кітапқа» тіркеліп, үкіметтің қамқорлығына алынған. Бұл мазарды соңғы рет 1947 жылы көргенмін.
Сол кезде ұлу тас шығатын жерлерде, соның ішінде Қабыландыда да осы сияқты мазарлар салатын шеберлер кәсіп жасаған. Олар әр түрлі көлемде мазарлардың жобасын даярлап, сататын болған. Сондықтан әркім өзінің дәулетіне қарай салатын жеріне шеберлерін алып барып тұрғызатын болған. Жұбан мазары солардың ең ауқымдысы және Үстірт, Маңқыстау түбегіндегі ең бір әдемілерінің, сәулеттілерінің бірінен саналады.
Қарттардың айтулары бойынша, Жұбан балаларына: «Мені жылқымның өрісіне қойындар, дүбірін естіп жатайын», депті. Сол тілегін балалары орындапты.
Бұл жерлерді көрмегелі де 50 жылдан артық уақыт өткен екен. Бұл өңір малға өте жайлы, суы мол, шөбі құнарлы, жаз жайлауға кеншілік, қазақтардың қайырымды қонысы болған. Ерте заманнан Маңқыстау қазақтары жайлап, өмірінің көбін осы жерде өткізген. Маңқыстауда қысқа қарай 2-3 ай болса, жылдың қалған уақытында, наурыз айынан күзгі қарашаға дейін елдің қонысы, жайлауы Жемнен бастап, Орынбор даласына дейін созылған. Ел күзге қарай Маңқыстауға қайтарда, базарын базарлап, азық-түлігін, шай, матасын алып, малдары қоңданғаннан кейін, осы Жем, Қайнар, Сағыз бойында тойларын тойлап, өлгендеріне астарын беріп, садақасын жасап, содан кейін ғана Маңқыстауға, жылы жаққа жылжып отырған. Бұл жерлерде осылар сияқты болған уақиғалардың іздері де көп.
1943-1944 жылдары біздің ұжымшардың қой фермасының бастығы жамағайынымыз Тайбоз ақсақал Дәулеталы, Қырықмылтық, Қайнар бойларында болған тойларда, астарда атқа, бәйгеге шапқан бала кездерін есіне түсіріп, қай жерде, қанша жерден аттар жіберілгенін, кімнің тойы, қандай ат бірінші келгенін айтып, сол жерлерді көрсеткен еді. Қайнардың бойынан, ас берген бір байдың жерошақтарының орындарында із қалғанын да көргенбіз. Ол кезде бәйгеге баланың жеңілдеуін таңдайды екен. Тайбоз кішкентай кісі болатын, сондықтан ол бәйге атына көп шапқан. Ол кісінің айтуы бойынша, аламан бәйге осы күндегідей айналып шаппайды, тіке жіберіледі. Таңертең бәйге аттарын ат айдаушылар келісілген жерге дейін айдап, сол жерден кейін қарай жібереді. Сонда бәйге жіберген жерге дейін бәйге аттары шаппағанмен, шоқырақтап отыратын болса, қайтарда шауып отырады. Сол жерлердің алыстығы шамамен 30-40 шақырымнан кем емес. Сонда бәйге аттары бір күнде 60-80 шақырым жер алады екен. Ол кездегінің тағы бір өзгешелігі, бәйге жолының орта жерінен бастап, ат айдаушылар болыпты. Сатылап, әр жерден күтіп, өз аттарын тартып отырған.
Ол кездерде жоғарыда аттары аталған өзендерде су мол, жері құнарлы болған. 1930 жылдан кейін бұл кең далада ел болмады. Тек қана екінші дүние жүзілік соғыстың кезінде, одан кейін Жылыой ауданының ұжымшарлары жайлауға шыға бастады. Жазғұтұрым бұл маңда қар суынан үлкенді-кішілі бірнеше көлдер пайда болады. 1942 жылы қардың көптігінен Дәулеталы тағы басқа көлдерге су көп жиналып, күзге дейін сарқылмай, Жылыой ауданының Молотов ұжымшары қол жағасына төрт шығырмен 20 гектар жерге тары еккен. Басқа да көлдер сол маңда сол жылы өте суды болып, айналасын ел жайлап, шөп шабылды.
Енді бір-екі ауыз сөз Закария Тұрниязов жөнінде. Ол — ақын, әнші, сері, ел басқарған зиялы азамат. Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының құжаттарындағы бұл кісінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің көрсетуінше, «Закария 1893 жылы бұрынғы Ақтөбе округінің Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Адай руының Қосайының Тіней тармағынан. Білімі төмен, екі әйелі, 5 баласы болған». 1930 жылы 9 қазанда дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылға концлагерьге айдалғаны жөнінде айтқанбыз. Осы қылмыстық істе Закария Тұрниязов деп көрсетілген. Дұрысында Тұрнияз Жанаманұлы Закарияның атасы, оның баласы Сағындық Закарияның әкесі. Закария қазақтың дәстүрі бойынша атасы Тұрнияздың тәрбиесінде болған деп айтады.
Тұрнияздың әкесі Жанаман мен Еламанұлы Жұбан бірге туысады. Бұлардың тұқымдары үлкен бай болғандар. Әкесінің байлығының шет-пұшпағын Закария да пайдаланған. Бірақ бұл мал жинауға аса көңіл бөлмей, серілік, аңшылық, ақындықпен айналысқан. Бұл жөнінде ел арасында әр түрлі аңыздар, әңгімелер баршылық. Соның бірінде Закария көп мал беріп бір жүйрік шұбар ат сатып алады. Осыған байланысты оның құрдасы ма немесе нағашы-жиеніме шығарған бір ауыз өлең ел ішіне тарап кеткен. Ол: «Баласын Тұрнияздың сығыр қаққан, Айрылып бір мың қойдан шұбар баққан» — деп келеді. Әрине, Закария бұл атты бір мың қойға алмаған болу керек, бірақ көп мал бергені ақиқат.
1943 жылы біздің жамағайынымыз, Закарияның замандасы Тайбоз ақсақалдың, 1970 жылдары Маңқыстаулық шежіреші Алшын Меңдіәлиевтің айтулары бойынша 1922 жылы Жұбанның баласы Шамға Қоңыраулы деген жерде ас бергенде 600 үй тігіліп, үлкен жиын болған. Көп ат бәйгеге қосылып, бас бәйгеге 50 жылқы тігілген. Сол бәйгеде бірінші болып Закарияның шұбары келген. Ел дәстүрі бойынша өзінің туыстарының асы болғандықтан бәйгені алмай, ошақ басына қалдырған дейді.
Закария мұсылманша оқып, сауатын ашқан. Ел басқару жұмысына қатынасып, кеңес үкіметі орнаған кезде белсенді түрде 1927 жылға дейін ауылдық кеңестің төрағасы болған. Бірақ зерделі азамат үкімет саясатының өрескел бұзыла бастағанына наразылық білдіріп, кеңес жұмысынан өз еркімен бір жола кетіп тынған. Әрине Закария үкімет жұмысынан кеткенмен де, ел арасындығы беделі мен ақындық, әншілік қасиетінің арқасында Маңқыстау халқының ауыр тұрмыс-тіршілігінен хабардар болғаны да анық. Ел ішін көп аралап, ауыртпалықты жеңілдетуге үлес қосқанын да айтпай кетуге болмайды. Осыған байланысты жергілікті мемлекеттік біріккен саяси басқармасының әкімшілігі мұның соңынан қалмай, ақырында оны 1929 жылы қамауға алып тынады. Сол қамауда отырғанда Закария үлкен толғау шығарған. Соның ойымызда қалған бір үзіндісін беруді жөн көрдік.
Адамзаттың баласы,
Арман болмас дүниеде,
Алласы болса панасы.
Жақсылар аттан жығылса,
Жаманның қанар табасы.
Түрмеге салған біздерді,
Сол нәрсенің жаласы.
Жазықсыз қуған дұшпанның
Көңілінің болып аласы,
Өтірік жала жаптырды
Атасыз иттің баласы.
Жазықсыз іске шатаған,
Жауыз деп бізді атаған.
Анығын ашпай қылмыстың,
Тұтқынға бізді қамаған,
Газетке басып әйгілеп
Жер-жерге хабар тараған.
Центрден келді тергеуші
Бір жеті өтпей арадан.
Бұзықтың сөзі шын болды
Болса да нахақ-қарадан.
Жүректі езген ауыр дерт
Толтырды ішті жарадан.
Қайғырды сыртта ата-ана
Күдерін үзіп баладан.
Хакімнен үміт үзілді
Соттары болып жаңадан.
Бер жағы алты ай, жыл жарым
Аржағы бес жыл шамадан.
Бұдан артық не болсын
Болмаса жәрдем Панадан?
Келген екен қорғаушы
Ақтөбе деген қаладан.
Қаратайұлы Бақытжан
Жасы жеткен шал адам.
Тыңдамады айтқанын
Дерегі қолда бар адам.
«Қасиет бұдан шықпайды» деп
Айтатын еді көп адам.
Сыртым бүтін болғанмен
Қапаланып осы күн
Ішім толды жарадан.
Ақсұңқар құс талпынар
Баласын көрсе ұядан.
Арғымақ жылқы жайылмас
Қараны көріп қиядан.
Көңіл бір көшіп қозғалса
Қайғылы болмақ сірәдан.
Көтеріліп қаламыз
Хал сұрай келсе бір адам.
Тұтқында ерлер ойлайды,
Ойласа ойға тоймайды.
Дертке толған сұм жүрек
Ерді еркіне қоймайды.
Орынсыз көрген оқиға
Көңілдің шерін қозғайды.
Байлаулы жатқан нар тайлақ.
Үйірін іздеп боздайды.
Келгесін адам жаралып
Баянсыз фәни-жалғанға-ай.
Қапа шегіп кімде-кім
Қалған екен арманда-ай.
Сол арманның бірі біз
Отыралық қорланбай.
Әзіреті Жүсіп біз түгіл
Ол дағы түскен торларға-ай.
Жалғыз өзі зынданда
Бірнеше күн сандалды-ай.
Тағынан тайған бірнеше
Ел билеген хандар да-ай.
Басынан бақыт ауған күн
Талайлар болған албарлы-ай.
Мүгедек болып отырмыз
Жасы жеткен шалдардай,
Сәл нәрсеге жұбанып
Нәресте — сәби балдардай.
Асыр салып жатырмыз
Төрт-бес бөлме вокзалда-ай.
Қасірет-қайғы орнады
Жеті мүше — ағзаға-ай.
Қапталы жауыр болса да,
Қайыспас жүкке қара нар.
Мүсәпір қылса пендені
Аллаға нешік шара бар?
Тұтқында жатқан біздерге
Нахақтан болған жала бар.
Өзекті барып өртейді
Жүрекке түскен жаралар.
Сөз жазайын қортынды
Дұшпанның көңілі бір тынды.
Қолдан келер шара жоқ,
Ағайын-туған жұртым да
«Іс істелді төтен — деп
Төтесін тауып жетем» — деп,
Келгендер бізге айтпады
Аяушылық етем деп.
Сақтамаса құдайым
Қалмады ешкім паналар.
Қарындас — халқым күйзеліп,
Аңдыған дұшпан табалар
Жабықпағдар әлеумет,
Құдайым сүйіп қолдаса,
Мезгілсіз бағың таймайды,
Бақытты заман орнаса,
Шыдамшылық, тәубе қыл,
Бұдан да қиын іс түскен,
Біздің елдің басына...
деп елге күш, жігер берген. Бұл толғауды «Түрмеден жазған сәлемхат» деп атаған.
Закарияның осы толғауында аталатын, 1890 жылы Санк-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген, үлкен заңгер, қоғам қайраткері, 1907 жылы Орал округінен мемлекеттік ІІ- думаға депутат болып сайланған Бақытжан Қаратайұлы қорғаушы ретінде Закария тағы басқаларының істерімен танысқан. Жоғарыда Закарияның айтқанындай-ақ оның бұларға көмектесуге шамасы келмейді.
1945 жылы Атырау қаласында Закарияның үлкен баласы Хамит осы толғауды толықтай және тағы да басқа шығармаларын домбыраға қосып, бір кеш айтқанын естігенбіз. Закарияның біздің қолымызда «Күн қайда жүретұғын ырғалып-ай», «Көлденең жатқан Маңқыстау», «Қош бол, елдерім», «Мұнымды кімге шағайын?» деген көлемді шығармалары бар. Басқа еңбектері қолымызға түспеді.
Закарияның қылмыстық ісінде 5 баласы болған деп көрсетеді, бірақ оларды біз білмейміз. Тек қана Жазит атты баласы ағасымен Атырау облысының Қызылқоға ауданында тұрғанын білеміз. Хамит 1950 жылдардың басында сол ауданның бір ұжымшарында зоотехник болып қызмет жасап жүргенде, 19 өгіздің табанына шеге қаққан деген жаламен қамалған. Кейін қандай үкім шығарғанын білмейміз. Мұнын ар жағында не жатқанын айтпаса да түсінікті. Халық жауының баласы бостандықта жүріп, әкесінің өлеңін ел арасына таратуға бола ма?!
Закарияның серілігі, ақындығы, әншілігі хақында ел аузында қалған әңгімелер жеткілікті. Тек өкініштісі бұлардың көбі ұмыт болған. Оның сүйіп айтатын әні «Кел қайнар», атақты Ақтан жыраудың «Қаражаны».
«Барады көшіп ауылым Барқын құмға,
Қаражан, қайда кеттің халқың мұнда.
Сен кеттің басқа елге бауыр басып,
Мен қалдым баулы құстай талпындым да»—
деген әндерді Закария айтушы еді деп, кейінге дейін ел ішінде ақсақалдар айтып отыратын.
Закария және басқалары жөніндегі архив құжаттары біздің қолымызға 1995 жылы ғана түсті. Бұған дейін ол құпия болды.
Сол азаматтардың тағы біреуі Шауман Үсенбайұлы. Ойыл аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда тұтқындалған.
Сол кезде ел азаматтарының ішінен екі-үшеуі жайлы ғана мәлімет беріп отырмыз. Олардың әрқайсысының өзі бір тарих. Бірақ соншама уақыт өткеннен кейін, бұлар жөніндегі естеліктердің көбі ұмыт болған.
VIII ТАРАУ
1929 жылдың аяғында, 1930 жылдың басында халық тәркілеуден, салықтан қорқып, малдарын есептен жасырып, сатып, сойып азайта бастағаннан да, көшіп-қонып бұлардан құтыламыз ба деген үміттерінен де ештеме шығара алмағаннан кейін басқа шараға баруға мәжбүр болды. Ең бастысы басқа жерлерге қоныс аудару деп түсінді. 1929 жылдың күзінде Қарабауырда, 1930 жылдың басында Төбеде бірқатар ауылдар Түрікменстанға көшуге шешім алып, 1930 жылдың көктемінде 500-дей ауқатты отбасылары көшіп кеткен дейді. Осыдан кейін жергілікті үкімет елді қысымға ала бастаған. Тарыққан ауылшаруашылығының жағдайын қайта қарап, елге ыңғайлы өзгеріс жасауға ешқандай шара қолданбады. Ел бұған қарсылық ретінде алым-салықтан, мал дайындау орындарына малын, оның өнімдерін, астық тағы басқа заттарын тапсырудан бас тартты. Үкіметтің тарапынан қолданылып жатқан зорлығына, тікелей қарсыласу шарасы да өріс ала бастады. Жағдай күннен күнге шиеленісе түсті. Үкімет ел ішіндегі мұндай жағдайдың ұшығып бара жатқанын түсініп, жазалау шарасын қолданып, түрлі міндеттерді орындамады деген шылаумен сотқа тартып, тұтқынға алды. 1931 жылдың басында Форт-Александровскідегі абақты үйіне 200-ден астам адам қамалды. Бұл абақты үйі патша үкіметі тұсында Досан бастаған көтеріліс кезінде салынған, небәрі 50-60 кісілік қана болатын. Осыншама тар жерде халықты азаптау ұзаққа созылды. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде де бұл абақты аузы-мұрнынан шығып жұмыс жасағанын білеміз.
Бұл кішкентай болғанмен өте мықты, екі кісілік камералы болатын. Патша үкіметі қазақ еліне мәдениет әкелдік деп күпінгенмен, Маңқыстау жерінде өнерлерін ең әуелі осындай мықты абақты салудан бастаған. Бұл және қазақ жеріне салынған бірінші абақты десек өтірік болмас. Мұның «қызығын» бір ғасырдай уақыт тек Маңқыстаулықтар ғана көрді. Оның өмірі 1954 жылға дейін созылып, содан кейін ғана жойылды.
Осы абақтыны жою жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде Форт-Шевченкода болғаным бар. Кейіннен жергілікті әкімшілік бұған да зар болып, кісі қамайтын жер таба алмай, әр жерге бір көшіп, әуре болғанын да білеміз.
Жазалау шарасын үдетіп, басшы азаматтарынан айырсақ, үкімет жүргізіп жатқан саясатқа қарсылық азаяды деп есептеген басшылардың ойы орындалмады, керісінше наразылық күшейді. Осыған мысал ретінде құжаттардан алынған бір деректі айтып кетуге тура келеді.
Сейітқазыұлының, Боранқұлұлының, Есқалиұлының тергеу істеріндегі жауабында көрсетілгендей, 1929 жылы қыркүйектің 11-де аудандық кеңесте көп кісілердің алдында (оның ішінде аудандық атқару комитетінің төрағасы да бар), Смағүл Өтегенұлы былай деген:
«Мен партия мен кеңес үкіметінің саясатына риза емеспін, олар байларды жабдықтайды, байларда астық та, тағы басқа мал өнімдері де бар. Кеңес үкіметі кімді қолдайтыны осыдан түсінікті емес пе? Кедейлер қашанда ештеме ала алмайды. Осыған қарамай астық дайындау жұмысын жүргізеді, ал халық ашаршылықтың алдында тұр». (сл. дело № 100, арх. 011377, т. 9, л, д. 27 0, 51, 71, 137).
Өтегенұлының бұл сөзіне отырғандардың арасынан ешқандай қарсылық білдірілмейді. Аудандық кеңес төрағасы Шадман Үсембайұлы да үндемей қалады. Осы үшін болу керек Өтегенұлымен бірге Шадман да қамауға алынады.
Сол кездегі саясаттың сорақылығын, халықтың жағдайының нашарлауын бір ғана мысалмен айтқанда, Маңқыстау өлкесінің қазақтары, бір азғантай Жем өзенінің бойында отырған отырықшылардан басқасы егін шаруашылығымен айналыспайды. Ал астық дайындау науқаны елдің барлығына бірдей жүрді. Халықтың жанына қатты батқаны жоқ нәрсені бер, бермесең жазаға ұшырайсың дегені болды. Мұндай өрескел озбырлыққа халықтың шыдамы таусылып, ел арасында ғана емес, тіпті абақтыда отырғандар да үн қосты.
1929 жылы қыркүйектің аяғында Смағұл Өтегенұлы абақтыда отырып, халыққа үндеу тастады. Бұл ел ішіне жылдам тарап, көпшіліктің ойынан шықты. Ол үндеуде былай делінген: «Менің қорлық көріп, қайғы, қасірет шеккен, халқым! Сен дәрменің кетіп тентіредің, от басынды жоқшылыққа тіреп, тұйыққа қамадың. Астық дайындау науқаны сенің соңғы 5-6 пуд астығыңды алады, онымен бірге 5-10 малында кұриды.
Үкімет сені осымен ашаршылыққа ұшыратып, жаныңды алады. Оның басты мақсаты — қаныңды сорып, мал өсірушілерді кұрту.
Енді ашаршылық жайлады, ал үкімет не беріп жатыр? Ол ажал береді. Бізге мұндай үкімет керек пе? Бізге мұндай ел қамын ойламайтын, халықты қыспаққа алатын үкімет керек емес, ондай үкіметті жою керек.
Адал еңбегіңмен, отбасын үшін тапқан таянғаныңды үкіметке бермеңдер. Мұндай саясатқа қарсы тұрамыз, мен оған әзірмін» (сл. дело№ 100, арх. №011377, т. 9, л, д. 178, 179, 180.)
Үкіметтің қатаң жазалау саясаты, халықты қорқыта алмады. Ол өзінің мейірімсіздігімен, әділетсіздігімен елді өшіктіре түсті. Кешегі алаңдаушылық білдіріп, үкіметтің саясатына сенер-сенбесін білмей жүргендер, бүгін өздері көтеріліске шақырып, халықты осыған үгіттеді. Бұл үгіт бүкіл ел арасында қолдау тапты. Аспанды бұлт торлады, ел бүліне бастады. Бұған кінәлі үкіметтің сорақы саясаты, оны жүргізушілердің, қолдаушылардың елге салған ойраны. Қарсы тұрудың арты не боларын ол кезде ешкім білмеді. Кейіннен халық «арыстан айға шаптының» кебін киіп, күйреді, қырылды, бұл жөнінде әңгіме төменде айтылады.
Голощекиннің «кіші октябрь» науқаны Қазақстанның басқа жеріне қарағанда Маңқыстау округінде екі жылдай кейін басталса да, өте жылдамдықпен жүргізілді. Халықтың өмір тіршілігі есепке алынып, таза көшпелі халық немен тіршілік етеді деген мәселеге көңіл қойылып, дұрыс шешілмеді. Бір-ақ айдың ішіңде ұжымшарға біріктіруді бітіру керек деп, өте асыра сілтеушілікпен атқарылды. Халықтың малын тәркілеу былай тұрсын, қақаған қыстың ішінде ет пен жүн салығы, ескі зат, киіздерін түтті. Осындай ел басына түскен қиыншылыққа қоса, «жұт жеті ағайынды» деген рас болып, 1927-1928 жылғы «ақ қоян» жұты қызыл қырандардың әкелген аламат апатымен ұласып, Маңқыстау елінің әл-ауқатын төмендетіп, мал санын күрт азайтты. Мал мен күн көріп отырған халық үкіметтің сорақы саясатына ұшырап, бұрынғы ауыр жағдайымен жылап көріскендей халге душар болды.
Осындай науқан кезінде Долгий аралына жіберілген шолақ белсенділер балықшыларға арналған қоймалардағы ұсталмаған, жаңа ау тоқитын жіп пен арқандарды, ауларды пәрше-пәршелеп, ескі заттар қатарына есептеттіріп, жинатты. Осының салдарынан балықшылар балық аулауға шығатын кезде, ау құралдары, арқан, жіптер жетіспей көп зардап шекті.
Осы жылғы өзіміздің басымыздан өткен жұт ауыртпалығы әкемнің және Адай ағамның айтуынша былай болған: Сол жылы біздің үйде 700-дей қой, 40-50-дей жылқы, 15-20түйе бар екен. Жаз жайлаудан Маңқыстауға қарай көшкенде, біздің үймен бірге 4-5 отбасы туыстарымыз — Дүкенбай балалары Сиық, Кәдір, Кешкін, Өткіл, біздің үйде әкемнің Адай, Алаш атты үйленбеген інілері және менің апаларым Кәмпит, Мәлтен, Ізден, әжеміз Жұма болды. Бұлардан басқа тағы да 3-4 үй жақындарымыз болыпты.
Үстіртке шыққанда қыс ерте түсіп, құрсаудай бұрап, қарсы алған. Ысқырған жел, түтеген боран, шулаған қой мен түйе, адам ешнәрсені айырып болмайды. Мал айдаушылардың «Мықты болыңдар, жығылып қалмаңдар, мал бөлініп кетпесін сақ болыңдар», — деген айқайлары ғана естіледі. Түйелерге артқан жүк шешілмейді, кешке қарай қонатын кез болғанда, түйелерді жүгімен шөгеріп, аяқтарын тіздеп, бастарын байлап тастайды. Мұндай азапқа жарықтық түйе ғана шыдайды. Көш қонғаннан кейін, екі-үш қанат керегені жайып, үстіне киіз жауып, күндіз жол-жөнекей шөп басын тартып, қолтықтарына қысқан шөкім-шөкім отындарын жағып жеңіл-желпі ыстық бірдеме ішеді. Басқа тамақ жасап ішетін мүмкіншілік жоқ.
Ауыл қонарда 3-4 жігіт қазғыштарымен үш-төрт жерден шұқыр қазып, ат үстіндегі қора ағаштарын жылдамдап қадап, шимен қоршап, соның ығына малдарды ықтауға иіреді. Егер бұлай жасамаса, қойлар күш бермей, боранға ығып кетуі ықтимал. Түнімен кезекпе-кезек қош ығына мал иіріп, маза көрмеген ер азаматтардың үстері сіресіп, екі көзі ғана жылтырайды. Көш тағы жол тартады, жол-жөнекей карға малтығып келе жатып, шөп жұлып, түйеге асатады, бұл кешке қонғанда түйеге күйіс болады.
Бірнеше күннен бері ыстық тамақ ішпей тынымсыз көшумен әбден мезі болған адамдардың үстіндегі киімдері мұз болып қата бастады. Адамның жаны қандай сірі болса да, қажи бастағаны сезіледі. Бірақ табиғаттың алапат күшіне қарсы тұрып, әлде де өліспей берілер түрі жоқ. Үдере көшіп, жылылау Маңқыстауға жету үміті оларды ширықтыра түседі. Маңқыстау елінің мұндай сұрапыл қысты көрмегеніне 18 жылдай болған екен. 1910 жылғы жұттан кейін ел зардап шекпеген.
Жер биігі Үстірттің ызғырған бораны мен аязына, тышқан ықтар панасы жоқ сырғым далада адам түгіл мал да шыдай алатын емес. Бір-бірінің жүнін жеп, тіпті қора ағаш, бақанға, түйелер жазыларымен ауыттарына дейін ауыз салады. Мың болғыр қойлар ғана үнсіз, бәріне төзіп, қар үстінде қылтиған шөп-шеңгені қағып жеп келеді. Бұған шамасы келмегендер құлап өліп те жатыр.
Адай ағамның айтуынша мен әжем мен екеуіміз сары нардың үстінде киізбен қоршалған көрпелердің арасында отырыппыз. Осы екеумізден басқалардың көрген күндері жоғарыдағыдай болған. Әжем піскен етті, өзінің дорбасына салып, басқа ешкімге бермей маған асатып отырады екен. Көбіне ол кісі маған қойдың тоқатай жілігінің етін беріп өсірген.
Сол қарлы боранның астында 3-4 күн тыным алмай көшкенімізді білеміз дейді. Әйтеуір Маңқыстаудың Қаратүлейіне құлап, адам аман, малдың ортасынан көбін садақаға айтып, 700 қойдан 300 дейін ғана аман алып қалған. Басқа малдардан қанша өлгені белгісіз. Сол жылғы жұттан мұндай малмен қалған ауылдар өте аз болған. Көптеген байлардың малдары қар астында қалып, ақбаспаққа ұшырады. Малды аққала қылып үйіп, көгенін жинап, желісін кесіп, дымсыз қалғандар көп болған.
Қаратүлейге келгесін қамбалы, қар басып үлгермеген жерлерге жан сақтап, күн көтеріле ши қорадан айдалып шыққан мал жел үрлеп, қарын айдап кеткен қара қатқақты қуып, шөп атаулыны қағып жеп, кешкі күйістігін алады. Малдың жығылғанын тұрғызып, өлгенін тастап, кешке дейін жігіттер отқа жағатын отындарын да қамти келеді. Осындай өмір қыс бойы, күн сайын қайталанады да тұрады.
Жаз шыға, наурыз айының аяғына таман күн жылынып, жердің ақ көрпесі сөгілгеннен кейін, адам төзгісіз жағдайды басынан өткерген халық сай салаларда қырылып, тау-тау болып үйілген малды көріп қамықты. Көп ауылдар ашаршылыққа ұшырап, қиыншылық көрді. Қыстақтарда қалған халыққа үкімет тарапынан бөлінген азын-аулақ көмек те жетістірілмей жатты. Шетте қалған ауылдар елдің шоғырланған жерлеріне — Тұщықұдыққа, Шебірге, Жармышқа, Кендірліге қарай жылжи бастады.
Біздің ауыл өздерінің байырғы қонысы — Жармышқа келіп, туыстарына қосылды. Қайда да малмен күн көрген, барлық үмітін малға артқан халық ағайыншылап, сауын сұрап, аз да болса, малы бар ағайындарын сағалап, күн көріс қамын жасады. Талай байлар тұсауын белдеріне қыстырып, қай үйден түтін шықса, сол үйді жағалап, асыл бұйымдарын арқалап, бір шелпек нанға, бір тостаған жүгеріге ауыстырғандары да болмай қалған жоқ. Бұйдасын жоғалтпай, көгенін сақтағандардан көмек іздеп сандалып жүргендер көбейді.
Солардың бірі біздің жақын туысымыз, біздің ауылдың ең үлкен үйі деп саналатын Құлет баласы Жалғасбай атамыз көп малынан айырылып, бір-екі түйесінен басқа ештемесі қалмай, қамығып біздің үйде отырғанда, Шағадамнан, Красноводскіден Жыңғылдыдағы жұтқа ұшыраған ағайындарына шай-су, астық әкеліп, көрісіп сәлемдесуге келе жатқан жолаушыларға кездеседі. Әңгіме үстінде:
— Келе жатқан жолдарында ел көп шығар? Биыл жұттың салдарынан ел Арқаға, жайлауға көше алмай қалды ғой — деген сауал тастайды.
— Біз жол бойы аздап шығысқа қарай ауытқып, Сахар тауымен, Сенек—Сусамен жүрдік. Ел сирек, мал аз сияқты. Бірақ Сахар тауының күншығыс жағында, теп-тегіс жерге қолдан қоя салғандай үлкен қара шоқы етегінде, шамасы 10-15 үйірден кем емес көп жылқы жатыр екен. Бұл маңда ауыл болғаны ғой деп, төңірекке көз салып едік, ештеме көре алмадық. Жылқы әбден семірген, кілең қара күрең сәйгүліктер. Бізге айбат шегіп, алды-артымызды ойқастаған күрең айғырдың құлағының артында тілік енін байқадық, — дей бергенде Жалғасбай атам:
—Апырмай Қыдыр емессіңдер ме? Айтып отырғандарың менің жылқым ғой. Құдай тілеуімді он қылып, ата-бабаның аруағы бетімнен сипайын деген ғой, сүйіншіге бір жылқы, — деп қуанғаннан не айтарын білмей қалады. Жолаушылар аң-таң, жылқының жайын сұрағанда, ол:
— Боран басталғанда, Қарақұмға жеткен едік, сыбай көшіп, Үстіртке шықтық. Алай-түлей ақырзаман болғаны өздеріңізге белгілі, панасы жоқ қырда, жылқы әл бермеді. Екі жылқышы, марқұм Еділбай мен Берекет үсіп өлді. Жылқыдан күдер үзіп, өліктерді түйеге артып, боранмен арпалысып, қалғандарымыз аман қалдық. Аллатағала ұлым деген шығар, тұз малы ғой, ыға-ыға Сахар тауына жетіп, сай-саласы көп алқапты арымға паналаған ғой.
Жаз шыға дала құлпырып кетті, көк майса, үй орындарындай жерге дейін жайылым болып кеткен. Азғантай қалған малдарын сауып, ірімшік қайнатып, қатық ұйытып, тіпті бір-екі ешкілері барлары да айран ішіп, молығып қалды.
Осындай табиғаттың кеңшілігін пайдаланып, біздің ауыл Жемге қарай көшіпті. Соның ішіңде Жалғасбай атам да көп жылқысын айдап, Жемге құлаған. Бірақ не керек, бұл көп малдың қайырын көрмей, бар малы тәркіленіп, өзінің атына жазылған бір баласы Максым ұсталып, қалған балалары атасының атына Құлетов болып жазылып аман қалып, Жарылғап, Көшен екеуі Атырау қаласына, Жанаберген мен Ақберді Қызылқоға ауданына барып жан сақтаған. Біз 1931 жылдың күзінде Қайнар өзенінің бойында отырған ағайындарға келгенімізде, Жалғасбай атам қатаң науқас, пештің жанында төсек тартып жатыр екен. Әкем: «Атаңа көріс», — дегесін қолын алдым. Тек осы ғана есімде қалыпты. Сол жылы қыста атамыз дүние салып, сол Қайнар бойына қойылыпты.
Маңқыстау өңірінде сол жылы боран желтоқсан айының басынан ақпан айының аяғына дейін бір тоқтамаған.
Ол кезде Есбол ағай 14 жастағы бала, ағасының қойын бағады екен. Сол кісі өзінің естелігінде былай дейді: «Сол қыста біз Сәубеттің шығыс бетіндегі көп қосқаттың азынаған басында еді. Боран бір күн басылса, он күн ышқындады. Әркім өзімен өзі, басқа жақта не болып жатқанын білмейміз. Жұрт тек қолдағы бар өмір тіршілігін сақтап қалу қамында. Есболай ағамыздың 300-ге тарта қойы барды. Он шақты күнде қорасын түп-түгел қар басып қалып, қойдан құлақ ұстамауға жақындады. Үйін төбесіне дейін қар көмді, оны аршып, малдарын аман алып қалуға шамалары келмей, жұтады.
Күн толастауды қойды, қар үй пал ақтап, сөйлесіп тұрған екі адамның мұрнын да көрсетпейді, дем алдырмайды, демін тарылады. Сықырлаған аяз дүниенің барлығын қатырып, күні-түні қар борап, бір ашылуды қойды. Жел азынап, зарлап, дүниеден мәңгі бақи кетіп жатқан өмірдің жоқтауын айтып, ұли түседі. Күн сәл ашылса, жер де ақ, көк те ақ, күн қып-қызыл болып қораланып, ертеңгі өмірдің хабаршысындай елдің зәре-құтын алады. Қырдан да, теңізден де қарым-қатынас үзілді. Қыр халқын қойғанда, отырықшы қала мен село халқын отынмен, тағаммен қамтамасыз ету қиынға соқты. Күндіз түні үзбей соққан бораннан бүтін округтің мектептері жабылды дегенді естідік. Халық аштан қырылу қаупіне ұшырады».
Сол жылғы жұттан қиыншылық көрген Маңқыстау халқына жәрдем беру үшін Ресей федеративтік республикасы, Түрікменстан, Қазақстан үкіметтері тарапынан әдейі комиссиялар құрылды. Маңқыстау округінің жұтпен күресу комиссиясының төрағасы Сыдиық Жұбаев Қазақстан өкіметінің жарлығымен Түрікменстанға барды. Оның көмекшісі Өтесбай Жүнісов осы сапарын былай деп баяндайды: «Біз Ашхабадқа келіп түстік. Жұбаев бірден Орталық атқару комитетінің төрағасы Нәдірбай Айтақовқа кірді. Олар құшақтасып амандасты. Маңқыстау халқының басына түскен ауыртпалық жәйін жақсы біліп отырған Айтақов: «Я, бәрін де естіп отырмын, қиын іс болған. Не деген ауыртпалық? Табиғатқа қарсы күресе алатын заманға қашан жете аламыз? — деп күрсінді де, тез тиісті орындарға нұсқаулар берді. Үш күннен соң екі кеме азық-түлік, киім Красноводск портында тиеліп жатты. Біз Айтақовтың үлкен адамгершілік иесі екеніне, елге деген жылы жүрегіне дән риза болдық». («Жұмысшы» газеті, № 69)
Бірақ өкінішке орай, үкімет тарапынан бөлінген азық-түлік, азын-аулақ қаражат жергілікті қызмет басындағылардың жұмыс бабын пайдаланып, қара бастарының қамын ойлауы салдарынан көрінгеннің аузында кетті. Мұқтаждардың мүддесіне толық жаратылмады. Осы жөнінде Боршанский өзінің тергеушіге берген жауабында: «1928 жылғы жұтқа байланысты ашаршылыққа ұшыраған елге көмек үшін Форт-Александровскіге көп астық жеткізілген. Осы жөніндегі комиссияның шешімімен астықтың жартысы Кендірліге, қалғаны Форт-Александровскіге қалдырылды, Маңқыстау аудандық тұтыну қоғамы бұл астықтың бір пұтын 20 тиыннан сатып алып, әр пұтын 8 сомнан базарға шығарған». (сл. дело № 100, арх. № 11377, Т. 6 Л. Д. 198-199)
Кендірлі ауылына жіберілген астық та осының кебін киген. Ахмет Меңдібайұлы, Сұлтан Ахметұлы деген уәкілдердің 10 арба астықты Ханға—Бабада жоғарғы бағаға сатып жібергені анықталған. (Іздібай Ирпанұлының жауабы). Осы кісінің көрсетуі бойынша Махачкаладан сатып алынған шөп, жем ауылдарға жетпей, Форт-Александровскіде қалдырылып, ол да өз дегендеріне жаратылған.
Республика үкіметінің нұсқауына сәйкес жеке адамдардың меншігіндегі азық-түліктер есепке алынып, ашаршылыққа ұшырағандарға тұрақты бағамен сату ұйғарылған. Саудагерлер бұл жөнінде де айла тауып, 1800 пұт ұнды шикізат дайындау басқармасының агенті Абдулла Көбейұлының заңсыз берген патенті бойынша өте қымбат бағаға сатып жіберген. Оның үстіне елдің қиын тұрмыс жағдайын пайдаланып, олардың шикізаттарын арзан бағаға сатып алған. (сл. дело № 100, т. 7, л. д. 569). Тағы да осы сияқты бір мысал: 1928 жылғы 24 сәуірде Адай округінің прокурорына жазылған хатта былай делінеді: «Жеменей болысының хатшысы Қожахметұлынан сауда бөліміне түскен арызда: бірнеше алыпсатарлар мен шикізат дайындау басқармасының агенттері Әжіғара Шындәулетұлы, Ешман Құрманбайұлы және тағы басқалары астық және тағы басқа товарларды елге қымбат бағаға сатып, өте төмен бағаға шикізаттарын сатып алуда. Осы жөнінде әкімшілік бөліміне нұсқау беріліп тергеу жүргізу, жауапқа тарту Адай округі прокурорынан сұралады. Осымен қатар ауылда жүрген алыпсатарлардың патенттері бар ма. Ол Окр Фодан сұралсын. Қожахметұлының арызы қоса тіркеледі.
КНТК уәкілі Салықов
Экономист Черненко»
(Альбом № 47, раздел «районный кооператив и самозаготовка», хранится в Манкыстауском одл. музее этнографии).
Архив құжаттарынан алынған деректерге қарағанда жұттан зардап шеккен ауылдарға, оның ішінде жарлы кедейлерге үкіметтен бөлінген 75 мың сомның небәрі 15 мыңы ғана тікелей осыларға берілген де, қалған 60 мыңы басшылардың, алаяқтардың пайдасына жаратылып кеткен. Мұндай деректер Абрамов, Ирпанайұлы, Өтебайұлы, Бәйімбетұлы тағы басқа азаматтардың тергеуде берген жауаптарымен де анықталады.
Бұған қоса кооператив тарапынан шикізат сатып алуға арналып бөлінген қаражат та тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Мұның да көбін әртүрлі айла мен жалған құжаттар тауып алған саудагерлер пайдасына жаратқан. Кооператив атын жамылып, жаңа экономикалық саясаттың үкімет бағдарлаған бағытынан ауытқып, өздерінің жеке бастарының қамы үшін неше түрлі қитұрқы қулықтар, елді алдау, пара беріп бастықтарды сатып алу, тағы осы сияқты көзбояушылықтар, әсіресе әкімдер арасында көп орын алды. Бөлінген қаражатты бұлар несиеге алып, жеке бастарының пайдасына жаратқан. Кооператив арқылы жиналған тері-терсек, жүн, тағы басқа шикізаттар тікелей басқа жерлерге жоғарғы бағаға сатылып, үстемесін саудагерлер мен уақ шенеуніктер бөлісіп алып отырған. Ал үлкен бастықтар әртүрлі саудагерлер мен жемқорларға жалған құжаттар беріп, оның есесіне пара алып, байыған. Осындай қулықтардан халық көмек көрудің орнына зардап шекті. Осылардан бір-екі мысал келтіре кетейік.
Форт-Александровскіде тұратын ауқатты Бекназаров Шәкір деген (кейіннен ату жазасына кесілген) «Бекназаров и К» сауда компаниясының бастығы, (бұған қалай қолы жеткенін бір құдайдың өзі білсін), осы жұмысымен қоса Омельянович (бұл да атылған) басқаратын мемлекеттік сауда агенттігінің агенті жұмысын бірге атқарып, үкіметтің қаражатына сатып алынған 120 пұт ешкі түбітін 1928 жылы қымбат бағаға Астраханьға апарып сатып, одан түскен пайданы Омельянович екеуі бөліп алғаны анықталған.
Осылар сияқты жалған агенттер халықты алдап, ақшасын береміз, болмаса өнеркәсіп бұйымдарымен қайтарамыз деп шикізатты несиеге алып, із-түзсіз жоғалып кеткендерде шек жоқ. Сол кездегі саудагерлер мен осы күнгі біздің алыпсатарлардың айла-шарғылары бір-бірінен айнымайды. Елге сатуға шығарған өндіріс бұйымдарының, шай-қанттардың сапасы қандай нашар болса, бұлар 3-4 есе артық бағамен сатылып, халықтың қанын соруда алдына жан салмаған. Жәй халық бұларға ешқандай тоқтау жасай алмаған. Кімге шағым айтып, арыз жазуды білмеді, айтылған шағымдар аяқсыз қалды. Мұндай қан сорғыштарды жөнге салушылар ол кезде де, бүгін де жоқ болуы қандай өкінішті. Патша үкіметінің тұсында тартқан ауыртпалыққа халық жылап көріскендей болды. Мұндай әділетсіздікке жоғарғы үкімет тарапынан да мардымды шара қолданылмады. Заңға қайшы, саясатқа жатпайтын істерге жол бермеу керек деген сияқты нұсқаулар ол кезде де болған, бірақ оның орындалуына ешкім мән бермеген. Ел басқару жергілікті әкімдердің жағдайына қарай орайластырылған. Мұндай жағдайлар бұрын ақсақалдардың, билердің билігімен шешілетін, енді бұған да тыйым салынып, олардың өздерінің бастары саудаға түсті.
Әділетсіздік елдің ашу-ызасын қоздырды, наразылығын күшейтіп, зығырданын қайнатты.
1910 жылғы Маңқыстауға келген жұттан кейін, 5-6 жыл өтпей-ақ елдің мал басы жақсы өскен, 1916 жылғы санақта Маңқыстау түбегіндегі елде бір миллион 66 мың бас болған, ал «ақ қоян» жұтына дейін бұл бір миллион 800 мыңдай болды деген де деректер бар.
Осыншама мал соңғы бір-екі жылдың ішінде қалай кеміп кеткені таң қаларлық уақиға. Бұдан бұрын Маңқыстау елі Жайықтың арғы бетіне, Ішкі Орданың, Ойылдың Көкжар жәрмеңкелеріне, Қоңыратқа — Бесқала базарларына мал шығарған. 1928 жылға дейін кеңес үкіметі де бұған мән беріп келген. Кейіннен үкімет саясатының өзгеруіне байланысты бұл жағдай да үлкен өзгеріске ұшырады. Базарлап, малдарын, оның өнімдерін сататын халық жөн-жосықсыз көп салықтың салдарынан мұндай мүмкіншіліктерінен де айрылған. Сондықтан мал басының азаюына нендей себептер болғанын талдасақ, біріншіден жұттың әсері болса, екінші жағынан алым-салықтың, мал дайындаудың ауыр тауқыметінен байлар малдарын азайтқан, сойып, сатып жоя бастаған. Оған қоса үкіметтен қорқып, мал өсіруге, оны бағып-қағуға мүлде жауапсыз қараған. Сондықтан малдың өлім-жітімі де көп болған. «Бақпасаң мал кетпедінің» кейпі ғой.
Осы жөнінде тіпті нануға да болмайтын бір деректі келтіре кетуді жөн көрдік.
1920 жылдардың аяғында Форт-Александровскіде Қазақстан үкіметтік сауда агенттігінің меңгерушісі болып қызмет жасаған Омельянович дейтін (кейін атылып кеткен) өзінің берген жауабында былай деп көрсетеді: «1928 жылғы жұттан кейін Маңқыстау ауданында халық шаруашылығы мекемесінің есебі бойынша 135 мың саулық қой болған. Егер осыған 2-3 есе қозысы және басқасын қосқанның өзінде революцияға дейінгі есептен айырмашылығы үлкен. Осындай ойсыраған адайлардың мал басының кемуі тек 1928 жылғы жұттың салдарынан болды деуге болмайды. 1930 жылы ауа райы мал бағуға қолайлы болғанмен, мал басы, оның ішінде қой 117 мыңға дейін кеміген», — дейді. Мұның шындыққа үйлесіңкіремейтін тағы бір жағы, қазақ мал басын есептегенде саулық қойды бөлек санамайды. Мал басы мынадай, оның сол жылғы төлі мынадай немесе сол жылғы төлді қоспағанда мынанша бас деп айтады. Омельяновичтің көрсетуіндегі «2-3 есе қозысы мен және басқасын қоспағанда» дегені де түсініксіз. Маңқыстау қойының тұқымы ұзатып өріске айдауға төзімді, қысқа шыдамды, қазіргі Еділбай қойларымен тұқымдас болғандықтан, қойдың егіз табуы көп болмайды. Еркек қойлар да саулықтан аз болады. Сондықтан саулықтан басқасын 2-3 есе кеп етіп есептеу дұрыстыққа жатпайды. Мұны айтушы да, жауап алып жазушы да бұл жөнінде жеңді білмейтіндер болуы керек.
Қалай десек те, халықтың бірден-бір күн көрісі болып отырған мал басы күрт кемігені анық. Көшпелі елдің экономикалық, этникалық, әлеуметтік жағдайымен санаспай, көз жұмып жасаған үкіметтің солақай саясаты осындай ауыр, қайғылы нәтижеге әкеліп соқтырса, жергілікті шала сауатты, қанағатсыз, пайдакүнем, қорқау, өнер бақан басшылардың жүргізген асыра сілтеушілігі кейіннен жалпыхалықтық трагедия — ашаршылыққа, жаппай қырғынға ұшыратты.
Халықтың жағдайына қарамай жасалған жаңа идеология көшпелі елдің тұрмыс тіршілігімен байланыспады. Әсіресе 1930 жылы ел дағдарысы күшейе түсті. Қазақстан үкіметі өздерінің осындай қысыл-таяң шешімін, қаулы-қарарларын қайта қарап, елдің арызына, талабына аз да болса көңіл бөлудің орнына, әкімшілік-басқару әдісіндегі жазалау шарасын күшейтуге тырысты.
Бұған дәлел: жиырмасыншы жылдардың аяғында, отызыншы жылдардың басында адайлардың 1500 отбасын Ақтөбе округіне аударып, отырықшылыққа бейімдейміз, ұжымшарға ұйымдастырамыз деп қаулы қабылдады. Мұндай таяз ойланып жасалған шешім экономикалық, ұйымдастыру жұмыстары ат үсті, асығыс болғандықтан орындалмай қалды. Қарапайым халық осындай тыңғылықсыз жасалған үкімет саясатын адайларды бөлшектеуге бағытталып, әріден ойластырылған сұрқия сұмдық деп түсінді. Сондықтан озбырлықпен, зорлықпен отырықшылыққа икемдеу жұмысы іске аспады. Адай ауылдары мұны ойлап тапқан басшылардың айтқанын орындамай, өздерінің туған жеріне оралып, бұрынғы көшпелі өмірінің қоламтасын қайтадан көсеуге кірісті.
Жергілікті өкімет басшылары өздерінің жұмыстарының нәтижесіз, аяқсыз қалғанын, халықтың мүддесінен әлдеқайда алшақ жатқанын мойындағысы келмей, 1931 жылы 18-ші маусымдағы Форт-Александровскіден Қазақстан үкіметінің мүшелері Меңдешев, Асылбековтердің Өлкелік партия комитетіне жіберген жеделхатында былай делінеді: «Қоныс аудару жұмысы мүліктей, ақшалай қамтамасыз етілгендіктен көшушілердің тарапынан ешқандай ықылас, ынта болмады, оларды қызықтыра алмадық.» (сл. дело №17, арх. № 8184, т.7. л.д. 530). Бұлар бұл жұмыстың саяси бағытын көрсетпей, экономикалық ынталандырудың кемшілігінен болды деп бүркемелеуге тырысқаны көрініп тұр. Сондықтан бұл жұмысты жалғастырып, қоныс аударып, отырықшылық науқанын жылдамдатып жүргізу керектігін көздейді. Осыған байланысты қаражат бөлу, құралып жатқан ұжым шаруашылықтарын материалды мүліктермен жабдықтау, оларға тәркіленіп алынған малдарды, тағы басқа саймандарды берген дұрыс деп есептейді. Осымен қоса өкімет мүшелері төтенше жағдайды ескеріп, халыққа қыр көрсетіп, қорқыту мақсатымен қарулы күш сұрауды да ұмытпаған.
Жоғарыдан бөлінген мардымсыз, азғантай қаражат қоныс аудару жұмысына толықтай пайдаланылмады. Архив құжаттарының деректеріне қарағанда, ақша, мүлік кім көрінгеннің, партия, кеңес қызметтеріне кездейсоқ орналасып алған алаяқтардың аузында кеткен. Олар үкіметтен түскен қаржыны қарыз ретінде (ссуда) алып, жалған кооперативтер құрып, өздерінің мүддесіне жаратқан. Көбінесе мұндай жұмысқа қолында билік барлар, партия, кеңес қызметкерлері де, басшылары да құлшына кіріскен.
Маңқыстау аудандық партия комитетінің хатшысы Лeпec Оңғалбайұлының әкесі Қонарбай Оңғалбайұлының жалған ауылшаруашылығы «Таң сәрісі»(3аря) деген артель құрып, көп ақша алып өздерінің пайдасына жаратқан. Осы партия комитетінің қызметкері Домапакұлы жалған «Талап» балық аулау әр телін кұрады. Жетпісбай деген Ойыл ауданының №5 ауылынан құрылған «Кемерші» атты тұтыну қоғамының атынан үкімет қорынан арзан бағамен дүние алып, оны қымбатқа сатқан. Екі жалған артельді партия мүшесі Нәубетұлы «құрған» (сл. Дело № 100, арх. 11317, т. I. л. д. 5,9,17, 25, 35, 37, т. 6 л.д. 10-і, 19, 30, т. 8 л. д. 9,7, т.9 л.д. 24,143.)
Жем бойында Әділхан деген біздің жамағайынымыз жаңа экономикалық саясатты пайдаланып, үкімет қорынан қарыз алып ел ішінен шикізат, үкіметтің өндіріс өнімдерін дүкендерден, қоймалардан алып, көшпелі елдің ішіне шығарып қымбатқа сатқан. Бірақ жаңа экономикалық саясаттың өзгеруіне байланысты бұлардың барлығы қуғынға ұшырап, жазаланған. Соның ішінде Әділхан ағамыз елге 1940 жылдардың аяғына таман ғана оралғанын білеміз. Біреулер осындай тәсілмен байыса, көпшілік халықтың тұрмыс жағдайы күннен күнге төмендей түсті.
1928 жылы тамыздың 27-інде республикалық орталық атқару комитеті мен халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылданды. Осыдан кейін әуелі үлкен байлар, содан кейін кіші-гірім байлар, орта шаруалардың мал-мүлкі тәркілене бастады. Қосақ арасында күн көріске жетер-жетпес азғантай ғана малы барлар да кетті.
Осындай өрескел шешімдердің, солақай саясаттың нәтижесінде елдің барлық малы бір жерге шоғырланды. Мұның арты насырға шауып, жем-шөптің, құнарлы жайылымның жетіспеушілігінен және оларды бағып-кағудың жауапкерсіздігінен мал басының шығыны көбейе бастады. Шаруа жүйесі бұзылды. Мұндай жағдайлар әсіресе Үстірт үстінде, Маңқыстау түбегінде, жайылымы, жем-шөбі кем жерлерде орын алды.
Тәркілеуге жатқан байларға саясатқа қарсы деген сипаттағы, басқа да қылмыстық кодекстің баптары қолданылып, қылмысқа тартылды, жер аударылды. Ол кезде мәселені сот арқылы шешу деген болмады. Мұны мемлекеттік біріккен саяси басқармасының аппараты шешіп отырды. Жоғарыдан белгіленген міндеттерге және үкімет мақсаттарына сай келмесе, олар заңға қайшы деп саналып, қуғындалуы керек деп есептелді.
Тәркіленіп бір жерге жиналған көп малды бағу мәселесі қиындай бастағанына байланысты, мал шығынын азайтудың бірден-бір дұрыс жолы деп, алынған малды кедей шаруаларға үлестіре бастады. Азғантай мал алған шаруалар қолына мал тигеннен кейін, алған малын сатып немесе сойып жеп, өздерінің бұрынғы байырғы кедейшілік тіршілігіне қайтып оралды. Бұлай жасамасқа олардың ешқандай амалы да жоқ болатын. Бұған бір жағынан күн көрістің қиындығы болса, екіншіден берген малды қайтып алып қоя ма деген қауіп те себеп болды. Малынан айырылған байлар мен жарлылардың арасында араздық, ала көздік етек алды.
Байлар, орта, әлді шаруалар тәркіленіп, байлар мен жарлылардың күн көрісінің бірдей болуы шаруашылық құрылымының бұзылуына әкеліп соқты. Байлардың шектелуі ауылдағы орташалар мен кедейлердің арасын жақындатуға, олардың әлеуметтік хал күйінін күшеюіне емес, қайта ауылдардың жарлы-жақыбайға, қайыршылыққа айналып, шаруашылықтың күйзелуіне әкеліп соқты. Шаруашылық өнімдерін дайындау жөніндегі науқан тек байларға ғана ауыр тиген жоқ, ол кейде шаруаларға да өте қатты соққы болды. Бұлардың хал-күйлері бұрынғыдан да төмендеді.
«Тауарлардың бағасын арттырғаны, болмаса оларды жасырғаны немесе рынокқа шығармағаны үшін» қылмыстық кодексінің 107 бабымен, «жалпы мемлекеттік маңызы бар міндеттерді атқарудан бас тартқан үшін» қылмыстық кодексінің 61 бабымен қылмысқа тартты.
Дайындау көлемдері жоспарлы тапсырмалармен белгіленді. Бірақ бұл тапсырмалар халықтың қолындағы мал санына үйлеспеді. Соның салдарынан ауылдарға қолда бар малдың нақты санынан анағұрлым артық тапсырмалар беріле бастады. Міндетті түрде астық дайындау жоспары мал шаруашылықты ауылдардың астық сеппейтін шаруашылықтарына да берілді. Жазадан қорыққан халық малын, дүние-мүлкін астыққа айырбастап, дайындау есебіне өткізуге мәжбүр болды. Осындай дайындау жұмысының барысында орын алған төтенше зобалаң мен салық ауыртпалығы ел басына төніп келе жатқан апатты жақындата түсті.
Тағы бір архив құжаттарының деректеріне жүгінсек, 1931 жылы үкімет басшыларының нұсқауы бойынша, (әрине бұл жергілікті әкімшіліктің болжамына сүйеніп жасалған есеп болуы керек). Маңқыстаудың ірі байларынан жылына 130 мың сомнан артық салық жинауға болады деп сендірілген. Бірақ бұл шындыққа үйлеспеген сияқты. Салықтың тек жартысы, мал дайындау жұмысының 30 проценті ғана орындалған. Осыған қарамай жоғарғы орындардан жергілікті әкімшілікке мал дайындау, салық мөлшерін кемітпей мезгілінде артығымен орындауға өте қатаң нұсқаулар беріліп жатты.
Округтің кейбір жерлерінде 1931 жылдың басында халық қозғалысы басталып жатқанына қарамастан Өлкелік партия комитетінің хатшысына Рошельдің 1930 жылғы 13-ші сәуірдегі Өлкелік өкімет мүшесі Мендешевке және Маңқыстау аудандық партия комитетінің хатшысы жолдаған жеделхатында мал дайындауды шұғыл түрде жүргізіп, байлардың дүние-мүлкін тәркілеп, өздерін жекешелеуге дейін шара қолданылсын деп нұсқау берілген. (сл. дело №18, арх. №8184, т. 7 л.д. 218).
Жоғарыдан түскен нұсқауларды жергілікті әкімшіліктер бар күшін салып орындауға әбден бейімделіп алған. Олардың бұлай етпеуге шаралары да болмайтын. Ол кезде тәртіп бойынша қандай да болсын нұсқау орындалмаса, бұл революцияға, партия саясатына қарсылық деп есептеліп, орнынан алынуға, қылмысты іске тартылуға дейін өте қатаң шара қолданылатын.
Ол кезде елден жиналған салық жергілікті халықтың мүддесіне жаратылмай, орталықтың қалтасына түсетін. Сондықтан да бұған саяси астар беріліп, алым-салық мөлшерін көбейтіп, оны мезгілінде жинауға ел ішінде неше түрлі уәкілдер, әкімдер жіберіліп отырған. Бұларға салық жинаумен қатар бұл жұмыстың саяси астарына да үңіліп, тиісті шара қолдануды да тапсыратын. Уәкілдерге, бұлардың ел ішіндегі көмекшілеріне, ешқандай наразылыққа қарамастан, байларды да, орта шаруаларды да бүтіндей немесе жартылай тәркілеуге нұсқау берілді. Олардың ішінде бар болғаны 20-30 қой-ешкілері, бір-екі қарасы барлар да кетті. Бірқатар осылар сияқты қасірет шеккендер қарсылық көрсетіп, бағынбай, түрлі сылтаулар айтып ауа жайыла бастады. Халықтың осындай наразылығынан сескенген бұлар ел арасына шығып салық жинағанда, мал дайындағанда мемлекеттік біріккен саяси басқарманың қызметкерлерімен, қарулы жасақтармен, соттармен, прокурор, милиция қызметкерлерімен бірге жүріп, малдарын есептен жасырғандарға, салықтарын төлемей жалтарып жүргендерге қатаң шара қолданып, көп жерлерде сотқа беріп, қамауға ала бастады. Осыған қарағанда сол кезде заң деген қолдан жасалып, оны орындаушылар ойына не келсе соны жасаудан тайынбаған секілді.
Ал бұған тыйым салушылар болмаған ұқсайды. Міне, осындай үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан зорлық-зомбылық байларға да, орта шаруаларға да, жарлы кедейлерге де аса зор күйзеліс әкелді. Әсіресе отбасының жаны көп, малдары аз кедей шаруалар, аз да болса малдарынан жұқана қалған өздерінің бұрынғы бай туыстарын сағалады. Осылардан киім-кешек, азық-түлік алып күнін көрді.
Большевиктер партиясы мен кеңес үкіметінің сол кездегі байларды шеттетіп, қара шаруаны өз ықпалына бейімдеу саясаты өтірік даурықпа, жел сөз болып шыққанын халық түсіне бастады, наразылық, ыза күшейді.
ІХ ТАРАУ
1930 жылдың аяғы, 1931 жылдың басында Маңқыстау округінің терістік бетіндегі елдер өте ауыр қиындық көрді. Мұнын басты себебі, Маңқыстау ойынын ауа райымен салыстырғанда бұл жерде қыс өте қатты, аязды, боранды және тым ұзақ, сәуір айына дейін созылады. Бұл өңірде елдің көбі, әсіресе тұрғылықты тұрғындар, қыстаққа үй тұрғызып, малдарына шөп дайындап, күн көреді. Ал көпшілік адайлардың, соның ішінде, зорлықпен қоныс аударғандардың мұндай мүмкіншіліктері болмады, көбі қысты киіз үйде өткізді. Бірқатар салықтан, мал дайындау науқанынан қашқақтап, көшіп-қонуды да қойған жоқ. Осыған мысал ретінде біз білетін бір деректі көрсетіп кетуді жөн көрдік. Адайдың Қосай руының Тіней тармағынан 25-тен аса отбасы бір қыста үш рет қыстағын өзгертіп, 1931 жылы наурыз айында қазіргі Қызылқоға ауданының 25-ші ауылының территориясындағы Сарыкөл маңайына келіп қонады. Бұл жерде наурыз айында қар ери қоймайды, тек түс ауа ғана қар беті жіпсіп, кешке қарай қайтадан тоңази бастайды. Маңқыстау қазақтары бұл өңірді арқа деп атауының себебі де осыдан болса керек. Қыстай көшіп-қонып жүрген елдің еңсесі төмен. Әйел, бала-шаға түгілі, ер азаматтар да шаршаған, көңіл күйі жабырқау, ауа райы қандай ызғарлы болса, ауыл басшылары да сондай ызалы, қабақтары жабық.
Жерде қар жатқанда киіз үйде күн көрудің өзі қандай қиын болса, қыста көшіп-қону азабын қандай екенін тек басынан өткізгендер ғана біледі. Бұған көшпенділер ғана шыдайды.
Бұл жерге көшіп келген 25 отбасында бала-шағасымен есептегенде 200-ден астам жан бар. Әр үйде 4-5 бала, көбінің күн көрісі өте төмен. Бір қыста үш рет көшіп, суыққа тоңып, азып-тозған. Енді ғана жаз шығады, жер көктеп бала-шаға тойына бастайды деп отырғанда, ойда жоқта тап болған қиыншылық бұл ауылға өте ауыр тиді.
Сарыкөл маңы жазда өте құнарлы болатын. Елдің көп жайлайтын жері, бірақ бұл жерде тұрақтай алмайтындары да белгілі. Неде болса түстікке, ел арасына қарай жағалауды жөн көрген ауыл азаматтары осы шешімге келген. Бұл ауылдардың оңтүстікті бетке алып, қыстың ішінде жылжуының да үлкен себебі бар еді. Маңқыстау округінің ең шет жағында басқа округтің елімен шектес жатқандықтан бұлардың шаруа жағдайы тәуір болмады. Жергілікті әкімдерден қысым көрді, олар бұлардың жағдайларына қарамады. Ұрлық-қарлық көбейді, салықтан қалған азғантай малдарын ұрылардан қорғауға да шамалары келмеді. Ел ішінде жоғалған малды іздеп, кейін тауып алатын. Ал бұл жерде олар із-түзсіз жоқ болып кететін болды.
Бұлардың тентіреуі 1929 жылдан басталған болатын. Бұрын Ойыл ауданының №22 ауылының қарауында болған. Олардың ішінде байлар деп есептелген Жұмағали Салманұлы, Қарабатыр Бейбітұлы және оның баласы Жұмаш, орта шаруашылығы бар Нысанғали Тикіұлы, Сақыш Қарайдарұлы, Елубай Ойыпсырұлы тағы басқалар бар еді. Ол кезде бұл ауылдардың шаруашылық жағдайлары жаман болмаған, байырғы мал шаруашылығымен айналысып, мезгілінде көшіп, баратын жерлеріне барып, күнделікті күн көрісі бұзылмаған. Малы бар ауқаттылардың маңайындағы жақын туыстары, жамағайындары осылардың шаруашылығына көмектесіп, өздерінің бала-шағасын асырап, бірге көшіп жүрген. Кейіннен байлардың мал-мүлкін тәркілегеннен кейін, бұлар арқылы тамақ асырап жүрген кедейлердің күй жағдайы да қатты шайқалып, күйзеліске ұшырай бастады. Ал байлардың да күйі кетіп, өмірдің таршылығын көріп, кедейлерге көмектесуге шамалары келмей қалған. Оған қоса үкімет тарапынан болған байларға деген келеңсіз пікір бұлардың еңсесін одан сайын түсіріп жібергенді.
Бұл мезгіл асыра сілтеушіліктің нағыз күш алып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранның жалаулап тұрған уақыты болатын. Мал тәркіленіп, бір жерге жиналып, елді отырықшылыққа зорлап көндіру жұмысы айрықша қатаң түрде жалғастырылып жатты. Жоғарыда айтқан бұрынғы № 22 ауылды өздерінің байырғы көшіп-қонып жүрген жеріне көшірген. Келген бойда бұларды салық жинаушылар қыспаққа алды. Архив құжаттарында көрсетілгендей Қарабатыр Бейбітұлы дегенді малының бұрын тәркіленгеніне қарамастан астық тапсырмадың деп үш жылға соттап жіберді. Көшіп жүрген елде астықтың болмайтыны еске алынбады. Сақыш Қарайдарұлының 40 бас қойының 18-ін, 6 түйесінің екеуін, екі атының біреуін тартып алды. Қалған малының көбін 320 сом ақшалай салығын төлеу үшін сатқан. Жарлы Елубай Ойыпсырұлының бір қойын, 25 сом ақшасын алған. Мұнын бар болғаны бір жылқысы, бір түйесі, 10 жандығы ғана қалды. Ал отбасында 6 жаны бар еді.
«Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» дегеннің кейпін киіп, жаңа жерде де тыныштық көре алмады. Ауыл ақсақалдары бөтен жерде, басқа рулардың арасында бұларға күн көрудің қиындығын жақсы түсінді. Бұларға салық мөлшері жергілікті халықтан әлдеқайда артық салынатынын білді. Сондықтан одан құтылудың бір-ақ жолы жерден кету деп ұйғарды. Қақаған қыстың ішінде Ақтөбеден жасырын түрде көшіп, Сарыкөлге келіп қонғанын айтқанбыз. Бұл жерге келісімен-ақ былтырғы жылдың салығын төлегенбіз дегендеріне құлақ аспай, салық жинаушылар екінші рет салық төлеулерін талап етіп, ауыл кеңесінің төрағасы Хиан Бөртебайұлы Қарайдарұлының 22 қойының 12-ін, жалғыз атын, 210 сом ақшасын тартып алды. Қалған отбасылардың қай-қайсысы да бұл зорлықтан құтылып кете алмады. Барлығының да шаруа күйі төмендеді, не жасарларын білмей, әуре-сарсан болды.
Екі рет тоналған ауыл, Сарыкөлдің түстігіне қарай үшінші рет көшті. Алдында не боларын білмеді. Өрескелдікпен жүргізілген асыра сілтеушілік көшпелі елдің шаруашылық негізін бұзғанын былай қойғанда, алдында келе жатқан ашаршылыққа, қантөгіс қарсылыққа жақындата түсті. Осындай ел басқару әдісінің жөнсіз, берекесіз жүргізілуі үкіметтің айтып жүрген үгітінен алшақтап, әлеуметтік негізін жойды. Экономикалық, әлеуметтік дағдарыс өз алдына, саяси дағдарыстың ұшқыны көріне бастады.
Осы кезде ел басына түскен ауыртпалықты қалай жеңілдету мақсатында бас қосып, ақылдасу жұмысы қызу жүре бастады. Осындай бір мәселемен жүрген ауыл кеңестің хатшысы Хасен Ыбырайұлы деген азамат осы ауылға да көшудің керектігін айтты. Оның айтуы бойынша Қайнар, Қырықмылтық, Боздақ, Дәулеталы, Алшонқайлы көлдерінің маңайында Боқымаш Шоланұлымен сыбайлас 600-700 үйдей адай ауылдары бар екен. Бұлар да сол жерге, Боздаққа келіп, осыларға қосылды. Бұлардан басқа бұл маңда Доссор ауданының № 19, 34, 45, ауылдары, № 42 Жылыой ауданының, № 22 Ойыл ауданының, № 9 Қызылқоға ауданының ауылдары, Адай руының Мұңалының Жары тармағынан Майлан, тастемір, Бәйімбеттің Абыз, Байпақ тармағынан және Қосай тұқымдарының ауылдары болған.
Боқымаш Шоланұлы 1875 жылы туған шала сауатты, мал шаруашылығымен айналысқан. Адай руының Мұналының Жары руының Майлан тармағынан. Майланнан атақты билер шыққан. Соның бірі — Сырлыбай би, атағы елге жайылған, беделді кісі болған. Осы ғасырдың басында бұл ауылда дәулеттілер көп болған. Боқамыш атақты бай Сарбас Саламатұлының туысы. Сарбас халық арасында өте қайырымды, мырза адам екен. Ол 1916 жылы әкесі Саламатқа ас бергенде 600-дей үй тігіп, әр үйге қонақасыға бір тайдан сойып, асып, етті үй-үйге табақпен атпен жүріп таратқан. Осы тәртіпті Сарбас бұзып, әр үйге 15-20 қонақты күтіп сыйлауға әдейі дәйекшілер тағайындап, солар малын сойып, шайын қайнатып, басқа тамағын әзірлеп кұрметтепті. Сол Сарбас балалары, туған туыстарымен кейін көтеріліске қатынасып, өлгені өліп, өлмегендері тұтқындалып, қуғынға ұшырап, жоқ болған. Сарбас қартайған шағында бала-шағасынан толықтай айрылып жалғыз қалып, Жылыой ауданының Тұрғызба деген жерінде қайыр сұрап жүріп, 1932 жылы аштан өлген. «Ақырбайдың түбі аштан өлді» деген жеңсіздеу мақал, қызыл империяның қылығынан Сарбасқа тап болған.
Шоланұлы Боқымаш жөнінде архив құжаттарынан алынған деректерден басқа жөнді мәліметтеріміз жоқ. Құжаттардың көрсетуінше ол үлкен бай болмаған. 1931 жылдың басында оның үш әйелінің шаруашылықтарын қосып есептегенде барлығы 200дей ұсақ мал, 60 жылқысы 18 түйесі болған. Ол 1930 жылдың аяғына дейін казіргі Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданының Жақсыбай деген жерінде тұрған. Мал тапсыру міндетін орындамаған деген сылтаумен елден бұрын тәркіленуге ұшыраған. 84 қой, 34 жылқы, 17 түйесінен айрылған. Тағы бір құжатта отбасының тамағы үшін өзінің жекеменшігіндегі малдарын рұқсатсыз сойды деп, оған 9 мың сом айып салынған. Боқымаштың барлығы 3 мың сомнан басқа мүмкіншілігім жоқ дегеніне құлақ аспай, оны жауапқа тартуға шешім қабылданады. Осыдан қорқып ол бала-шағасын тастап бас сауғалауға мәжбүр болған.
Малын бағып, отбасының қамымен айналысып отырған Боқымаш осындай қуғыншылыққа ұшырап, Адай округінің терістік жағындағы Жем өзенінің оң бетіндегі Қырықмылтық, Дәулеталы көлдерінің жоғарғы жағында отырған адай руларының азаматтарымен бас қосып, алым-салықтың асыра сілтеушілігінен елдің күйінің кеткенін, оның үстіне отырықшылыққа зорлап көндіру озбырлығын қалай жеңілдету жағдайын ойластырады, ақылдасады. Бұл бас қосуда көп мәселелер жөнінде әңгіме болады. Осылардың ішінде елді Маңқыстауға көшіріп, елдің көпшілігімен бас қосып, одан әрі Түрікменстанға көшу мәселесіне тоқталады. Қазіргі басты шаруа Үстіртке қарай жылжуды жылдамдатуға соз байласады. Шоланұлының ұсынысына ел ақсақалдары қолдау көрсетті. Ол кездегі үкімет өлшемі бойынша, арабша оқып, діни білім алғандар сауатсыздар қатарына жатқаны белгілі. Әйткенмен Боқымаштың қандай діни білім алғаны жөнінде біздің мәліметіміз жоқ. Бірақ ол ақылды, абыройлы, ел ішінде болып жатқан көп мәселелерден хабары бар, зерделі азамат болғаны мәлім.
Боқымаш пен ел азаматтарының ұйғарымы яғни сол кездегі Жем өзенінің тасуына байланысты түстікке қарай өтіп кету мақсаттарының орындалуы аз уақытқа кейінге қалдырылады. Ертеде Жем өзені батыстағы Жайық өзенінен кейінгі ең бір ірі өзендердің қатарына жататын. Мұғалжар тауы мен шатқалдарының қары еріген кезде, жаңбыр суымен бұлақ көздерінің ашылуына байланысты Жем өзені өте қатты таситын. 15-20 күндей өткел бермей, мезгілінде өте алмай қалған ел Жемнің екі бетінде қалып қойып отырған. Жемнің суы күркіреп-арқырап тасыған кезде арнасынан асып, көп жерге жайылып, көлдер пайда болып, жазда жайылымдарға, пішен дайындауға өте қолайлы жағдай туғызатын. Өзеннің төменгі сағасында, осы күнгі Қазыбек, Ақмешіт, Құлшан әулие, Аралтөбе, одан төмен Бақшы, Қара-арна, Тұрғызба, Жылыой атыраптарында тоғайлар мен көлдер пайда болатын. Олар: Жыңғылды тоғай, Шоқпар тоғай, Шеңгелді тоғай, Ақкиіз тоғай тағысын тағылар. Шөптікөл, Айранкөл одан төмен ну қамысты көлдер мен өзектер теңізге дейін жалғасатын. Бұл жерлердің нар қамыстары 1940 жылдардың ортасына дейін сақталды. Қалың қамыстардың арасында ертеде жыртқыш аңдар да болған деп айтады. Солардан қалған қабандар соңғы кезге дейін болды.
Жем өзенінің қатты таситыны жөнінде Маңқыстау елінде мынадай аңыз бар: «Ертеде Адайлар жазғытұрым Маңқыстаудан жайлауға көшерде Жемнен өтіп, одан да әрі терістікке қарай бет алады. Адайдың Мұналының баласы Жары өзінін баласы Мұратты Бейнеудің түстік бетінен «Жемнің суы қайтты ма екен, соны біліп кел» деп жұмсайды. Ол сол маңдағы суы қайтып, құрғап қалған бір терең сайды көріп, кейін қайтады. «Жем әлдеқашан қайтқан екен» деп хабарлайды. Ел көшуін жалғастырып, Жемге келсе, өзен тасып жатыр. Жары баласы Мұратқа ұрысып, сен «кещесің» дегеннен, Жарының Мұрат деген тармағы Кеще атанып кетіпті» дейді. Кәзір бір рулы ел.
Жемнің суы толық кезінде, Каспий теңізі қайтпай тұрғанда Жемнің сағасында балық өндірісі жақсы дамыған. 1920 жылдардың аяғына дейін теңіз жағасындағы «Жилая Коса» елді мекеніне кемелер де келіп, балық өндірісімен сауда саттық жасап тұрған. Бұл елді мекен Жылыой ауданының орталығы да болған.
Ертеде теңізге жақын жағалаулардың барлығы ну қамысты болған. Оның айналасына көшпелі ауылдар көп қыстаған. Қатты борандарда, ұзақ қыстарда ел малының жұтқа ұшырамауына, қиындық көрмеуіне орасан зор көмегі тиген көрінеді.
Жемнің қатты тасуы ең соңғы рет 1942 жылы болды. Одан кейін Жем тасымай, жазда суы қайтып, кей жылдары үзіліп қалатын болды. Жер өңі бұзылды, ел кетіп, қайырлы қоныс қараң қалды.
Жем өзені Еділ, Жайықты айтпағанда, бұл өңірдегі Ойыл, Сағыз, Қиыл, Қайнар тағы басқаларынан көбірек айтылады. Бұл жөнінде ақындардан, жыраулардан, шежірешілерден қалған неше түрлі ән, күй, жырлар, толғаулар мен аңыздар көп. Солардан қалған бірен-сараны осы күнге дейін айтылып жүр.
Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда,
Жүйрік ат, өткір қылыш жанға пайда...
деп басталатын ән де жайдан жай айтылмаса керек.
Енді Жем өзенінің қайтуын күткен елге келсек, олар Жем мен Сағыз өзендерінің арасында Иманқара, Қойқара, Ханқожа, терістігі Алатау бетінің төменгі жағына, шығысы Тайсойған құмына дейін көшіп-қонып жүрді. Бұл жерлер шүйгін шөпті, мал жайылымына қолайлы болғанмен, ел көші-қонын тоқтата алмады. Ол баяғы өнер бақан өкімет белсенділерінің құрығына түспеудің амалы еді.
Көшіп-қону өздеріне қанша қиын болғанымен, бас сауғалаудың бірден-бір ұтымды жолы олар үшін осы ғана болатын.
Боқымаш ел арасына келгеннен кейін өзінің ойына алған халық жағдайымен бірнеше жерде бас қосуда болды. Соның бірі сол кезде есепке алынып, хатталып қалса керек. Ол — наурыз айының жиырмасында Топырақшаштыда бұрынғы бай, қазір тәркілеуге ұшыраған Баянқұл Көптілеуұлының үйінде болған мәжіліс. Осы бас қосуда елдің мал-мүлкін тонау күннен-күнге күшейіп, елдің тұрмыс-жағдайына аса ауыр болғаны, бұдан құтылудың ең бір басты жолы қарсы тұру, бүйтіп жұта берсе не болмақ. Сондықтан әзірге мал басының бар кезінде Маңқыстау өңіріне қарай көшу, одан әрі Түрікменстанға қоныс аударудың қолайлы екені, ол жақта үкіметтің заңы, халыққа көзқарасы бұл жердегідей емес екендігі айтылған. Үкімет тарапынан көшуге қарсылық болатыны да ескеріліп, бұған қарсы тұру шарасы да қарастырылған. Елден зорлап алынған малдар мен мүліктерді, елден жиналған қаражаттарын қайтарып алу үшін, топтар құру керектігі де ойластырылған дейді. Жергілікті әкімшілік тарапынан болатын қарсылықтарға тиісті соққы беруді де ұмытпаған. Сонымен бірге басты әңгіме қарулы жазалаушылардың қақпанына түсіп қалмау үшін көшу жағын жылдамдату болған. Осы мәселелерді тыңғылықты шешу үшін бірнеше күн өткеннен кейін Қайнарда тағы бір бас қосу болып, сол жиында Боқымаш Шоланұлын хан етіп сайлайды, және оның төрт кісіден тұратын хан кеңесінін мүшелері де тағайындалады. Архив құжаттарына қарағанда, көшпелілер де, жазалаушылар да бір қақтығыстың болмай қоймайтынын және оның жақын уақытта болатынын білген. Бірақ жазалаушылар тарапынан қандай әзірліктер жүргізілгені жөніндегі деректер таптырмады.
Хан кеңесінің шешімімен елді, малды қорғау үшін жауынгерлер топтары құрылған. Олардың басқарушылары болып Жылой ауданының №43 ауыл кеңесінің төрағасы Рахмет Әминұлы, бұрынғы «Қосшы» ауыл кеңесінің төрағасы, болыстық кеңестің төрағасы, атқару комитетінің төрағасы, түркімен адай (Қосай) кедей шаруа Мамай Салғараұлы, Қызылқоға ауданынан бұрынғы ауыл кеңесінің төрағасы Құныскерей (құжатта Құдыскерей деп көрсетілген) Қожахметұлы және Өзбек Ертөреұлы, Қазақ Шиенұлы, Асан Шынғалиұлы тағайындалды. Осы жауынгер топтарын басқарушы ретінде әскер басшылығына Шоланұлының орынбасары болып, Қарамырза Ембергенұлы сайланды.
Осы жоғарыда аталғандардың барлығын байлар, молдалар, атқа мінерлер деуге болмайды. Бұлар еті пысық, ел басқаруға қабілеті бар, көрнекті азаматтар болатын. Сол кезде адай қозғалысына байлар да, кедей шаруалар да қатынасқаны анық. Үкімет саясатында айтылып жүргендей, «Адай көтерілісін бастаушылар, ұйымдастырушылар, қолдаушылар ірі байлардан, би-мырзалардан құралды. Олар ел ішін бұзды, халықты кеңес үкіметіне, партия саясатына қарсы қойды» деуі шындыққа жанаспайды. Мысалға бұрынғы малай, кейіннен «Қосшы» ауыл кеңесінің, болыстық атқару комитетінің төрағасы жұмысын атқарып жүріп, көтерілістің бір тобын басқаруды қолына алған Мамай Салғараұлын, болмаса Рахмет Әминұлын тағы басқаларын алсақ та жеткілікті. Олар — кеңестің басшы жұмысында жүріп, үкімет жүргізген саясатқа, халықтың көріп жатқан зорлық-зомбылығына әбден шыдамы таусылып, жақсылық болады, кедей шаруаны жарылқайды дегенге сенімі бітіп, осындай қауіпті де қатерлі әрекетке басын байлағандар.
Көтерілісшілер азамат соғысында 19 шет мемлекеттің шабылуынан құтылып, жеңілмей шыққан кеңес үкіметін жеңеміз деп бас тіккен жоқ. Бұлардікі өлер алдындағы «тұяқ серпер» іспетті шерменде болып, «ноқталы басқа бір өлім» деп шыбын жанын шүберекке түю еді.
Айта берсе, бұлар сияқтылар өте көп, осыларға тағдыры ұқсас Құныскерей Қожахметұлы жөнінде де төменде мәлімет беріледі.
Х ТАРАУ
Маңқыстау жерінде көтерілістің басталу себебі, республика өкіметінің, жергілікті партия, кеңес басшыларының, шолақ. белсенділердің асыра сілтеу, бұлардың қызмет бабын пайдаланып, өздерінің жағдайын көздеуі, елді көпе-көріне алдауынан болды деп өкімет мүшелері Мендешев, Асылбековтер мойындағаны жөнінде мәліметтер архив құжаттарында сақталған. Мұны бірақ олар Маңқыстауда, Үстірт үстінде халық қансырап жатқанда ғана есіне алған.
Өкінішке орай, мұны үкімет басшыларының мойындауы, қайғының осы сияқты озбырлықтан болғандығын кейін түсінгені ол кезде ешкімнің ойына келген жоқ. Халық қанға боялып, бала да, шаға да, шал да, кемпір де жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқан уақытта үкімет басшылары болсын, ауыл әкімдері болсын, қаралаушы, жазалаушы аппараттар болсын үсті-үстіне жоғарыдан көмек сұрап, тездетіп қозғалысты басу үшін әрекет жасағаны бесенеден белгілі. Ол уақытта осылай жасау да керек болған шығар. Халықтың көз жасын ешкім көрген жоқ. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда, азғантай адай ауылын ауқымдау мұның жұмырына жүк болып па?
Мұның қалай деп айтқандарды да, тіпті ойлағандарды да омақастырып жатқан уақыт еді ғой. Бұл сияқты озбырлықты бірен-саран төменгі сатылардағы әкімдер сол кездің өзінде-ақ мойындап, жоғарғы орындарға хабарлағандары да болғанға ұқсайды. Бірақ мұны да ешкім құлаққа аспаған. Осылардың бірі Қызылқоға аудандық мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперативтік қызметкері Гафиатулиннін Гурьев округтік бөліміне 1931 жылы 14 сәуірде жіберген жеделхатында былай делінген: «Ауданда асыра сілтеу жол алған, осының салдарынан заңсыз тәркілеу басталды. Дайындалған малдың құнын төлемейді, мал, тағы басқа шикізат өткізушілерге тиісті азық-түлік, өндіріс бұйымдарын бермейді, Аудан кедейлерге, орта шаруаларға үш мың сомдай ақша, көптеген ұн, өндірістік бұйымдар берешек болып отыр. (сл. дело № 17, арх. № 8184, т. 7).
Мұндай жанашырлық барлық жерлерде болыпты деп айта алмаймыз. Керісінше, жоғарғы үкіметтің нұсқауларын орындауда жан-тәнімен жұмыс жасаған, тіпті асыра сілтеуден басқаны білмеген, жеке адамдар да, мекемелер де көп болған. Ел жағдайын, халық тағдырын есепке алмай, өзімдікі дұрыс, басқанікі бұрыстан басқаны білмейтін жазалаушылар мен қаралаушылардың елді айыптап жазған құжаттарын да кездестірдік.
Бұл сөзімізге 1931 жылғы 14 мамырда Жылыой аудандық әкімшілігі басшыларының Голощекин мен Исаевтың атына жіберген жеделхаты (№ 32/539) айғақ. Онда: «Сіздің № 5228 нұсқауыңыз қатаң басшылыққа алынып, бұлжытпай орындалуда. Нұсқау қазақ тіліне аударылып, барлық партия ұйымдарына, кандидаттық топтарға, ауылдық кеңестерге, ет дайындау уәкілдіктеріне жіберілді. Біздің ауданға өлкелік партия комитетінің берген бағасы бірден-бір дұрыс, большевиктік деп түсініп, біздер, біріншіден, өлкелік партия комитетінің, республика өкіметінің әлденеше рет еске салып, ескертуінің енді кажеттілігі жоқ деп есептейміз. Екіншіден, біз дайындау мекемелеріне, мал дайындау одағына берілген қатаң, басшылықты орындай алмадық. Өлкелік мал дайындау одағының нұсқаушысы Дашкиннің жарлығы аудандық ұйымдарды түсінбеушілікке соқтырды. Оның айтуынша өлкеден түскен тонналық ет мөлшері, төрт түлік мал: түйе, сиыр, қой есебімен шағылған. Осының салдарынан ауылға, байларға, кулактарға ет мөлшері осы есеппен берілді. Осының нәтижесінде І-ші мамырға 1934 тонна түйе, оның ішінде байлардан 773 тонна, жылқы 565 тонна, оның ішінде байлардан 391 тонна, барлығы 1959 тонна немесе жылдық жоспардың 38,2 проценті орындалды. Шет жақтағы байлар малдарын қырып жойды, бұлармен қоса байлардың үгіттеуімен кедейлер мен орта шаруалар да малдарын азайтып жатыр. Уәкілдердің хабарлауына қарағанда елде түйе мен жылқы ғана қалды, қойдың басы көп кеміген, сиыр малы тіпті құрып барады. Бақылау цифрды орындауға және артық орындау үшін, жасалып жатқан кедергілерді жоюдамыз, сенімді ақтамаған ауыл кеңестерді таратып, сотқа беріп, ауылдардағы жұмыс ашық басшылыққа алынды. І-ші мамырда елге жіберілген уәкілдерге қосымша тағы да 26 кісі, тексеру жұмысын жүргізу үшін 5-ші мамырда 5 басшы қызметкерлерді тағы да жібердік. Бұлардың ішінде Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі, аудандық партия комитетінің ұйымдастырушысы, нұсқаушысы, мал жинау одағы батығының міндетін атқарушы тағы басқалары бар. Осыған қоса балық науқанынан босаған 5 коммунистер мен комсомолдарды да жібереміз. Бұлардан басқа жауынгерлік отрядта біздің ауданнан 23 басшы, оперативтік, техникалық қызметкерлер, оның ішінде Қаратонның прокуроры, коммунистер тағы басқалар да, мамандар да бар. Ауылдарда 13-ші мамырға біздің ауданнан барлығы 59 қызметкерлеріміз бар».
Жеделхаттың аяғында «ауданға тұрақты жұмысқа, сот қызметіне, тергеушілікке қызметкерлер жіберуді сұрайды». (сл. дело № 17, арх. 8184, л. д. 462-465).
Ол кезде жергілікті әкімшіліктердің жоғарғы орындардан көмек сұрауы, соның ішінде Маңқыстау еліне, материалдық жәрдемнен басқа, қызметкерлер сұрау, әсіресе прокурорларды, соттарды, тергеушілерді, партия, кеңес қызметкерлерін басқа жақтан әкелу әдетке айналған шаруа болатын. Мұндай әкімшілік жұмысқа, жергілікті елден, оның ішінде адайлардан ешкім тағайындалмаған. Оларды қызметке тарту өте қауіпті деп есептеліп, сенімсіздік білдірілген. Сондықтан мұндай сұраныс заңды құбылыс болған, мұны олар бұл елге жасаған көмек деп есептеген. Мұндай жағдай көтерілісті басқаннан кейін жаппай орын алып, кешегі күнге дейін созылғанын білеміз.
Міне терістік Үстіртте халық қарсыластығының топтары осылай құрылды. Жем, Сағыз, Қайнар өзендерінің бойларын архив құжаттарында терістік Үстірт деп көрсеткен.
Дұрысында бұл жерлер терістік Үстіртке жатпайды, ол Жем өзенінің сол жақ бетінен, Ұшқан әулиеден түстікке қарай жүргенде басталады.
Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының және өкіметтің оперативтік отрядтарының архив құжаттарында көрсеткеніндей, «көтерілісшілер жасақтары ұжымшарлардың, кооперативтердің малдарын, дүние-мүліктерін талады, мұның үстіне 60-тан аса мал дайындау науқанын жүргізуші уәкілдері мен партия, кеңес қызметкерлерін қолға түсірді. Бұларды ұрып-соғып , бірнешеуін өлтірді. Екі дайындаушыны Рахмет Әминұлының тобы өлтірген. Жергілікті халыққа да бұлардың зияны тиген, малдарын барымталап, мүліктерін тартып алған» дейді.
Бұл айтылғандар — архив құжаттарынан алынған деректер. Мұның шындыққа қаншалықты үйлесетінін анықтап айту өте қиын. Барлық архив құжаттарында, соның ішінде мемлекеттік саяси басқармасының архивтеріндегі көрсетілген деректер бір жақты, тек халық қозғалысына қатынасқандарды, оның басшыларын қаралау бағытында жинақталған. Ал бұлардың өздерінің тарапынан жіберілген озбырлық, қатыгездік жөнінде ештеме айтылмайды. Әсіресе, бейбіт ауылдардың малын толықтай тартып алуы, осының салдарынан аштан, шөлден, аурудан қаза тапқандар жөнінде бір ауыз сөз жоқ.
Көтерілісшілер жазалаушылармен қақтығыс кездерінде де, болмаса жәй көшіп жүрген уақыттарында да өздерінің ауыл аймағы, бала-шағаларымен бірге болған. Оларды қорғау үшін бірге алып жүрген. Сондықтан да олар ауыртпалықты, қанды қақтығысты көтеріліске қатынасқан азаматтармен бірге көрген, оқ астында олармен бірге болған. Бірақ бұл бейбіт ауылдардың арасынан шығынға ұшырағандар жөнінде сөз болмайды. Бұлар кезінде халықтан жасырылған, сондықтан құпия болып қала берген.
Осы жерде айтып кетпеуге болмайтын бір жәйіт, құжаттарда айтылған «60-тан аса жергілікті өкімет әкімдерін қолға түсірді» дегені де, «кооперативтердің, ұжымшарлардың малын, мүліктерін талады» дегені де шындықтан алшақтау, асырып айтқанға ұқсайды. Ол кезде жоғарыдан айтылған жерлерден төмен, Жем бойында отырған азғантай отырықшы Таз, Шеркен руларының ауылдарынан басқа елдің көпшілігі Жемнің төменгі сағасына қыстап, адай қозғалысынан сескеніп, қыстақтан жоғары көтерілмей, аңдысын аңдап отырғандары анық. Ол кезде Жылыой ауданының орталығы Каспий теңізінің жағасында Жилая-коса (Қанбақты) балық өндірісті мекенінде болған. Сондықтан қоғамның малдары да, өндіріс бұйымдарының қоймалары да сол маңға орналасқан. Ал Боқымаш қолдаушыларының ауылдары осы жерден 100-150 шақырымдай қашықтықта болғандықтан, олардың 60 кісісін тұтқындап, көп малдарын алыпты дегендері шындыққа үйлеспейді. Бірақ осындай мөлшерде болмағанмен, қолға түскендер болғаны анық. Олардың көбі ел ішінде жүріп салық жинаушылар, мал дайындаушылар болған. Қолға түскендердің ішінен өлтірілгендері болғанына да шүбә келтіріп, оны ойдан шығарған дей алмаймыз.
Сонымен қатар Боқымаш маңайындағы елдердің басты міндеті Жем өзенінен жылдамырақ өтіп, қуғыншы жазалаушылардан құтылып кету болатын. Олардың шабуыл жасаумен шұғылданбағаны, өне бойы қашумен болғаны анық. Бұлардың барлаушы топтарының айтуына қарағанда, жазалаушылардың отрядтары жедел түрде әзірленіп, көтерілісшілер топтарын бір-бірімен қосылып, күштерін біріктіруіне мүмкіндік бермей, бөлек-бөлек ауылдарды дер кезінде жазалап, басып тастау үшін мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті басшылары әзірленіп жатқандары анықталған. Осының бірі Попов деген басқарған жазалау отряды қалай болғанда да Рахмет Әминұлы ауылының Шоланұлының тобына қосылуына кедергі жасау үшін шара қолданып, бесатар мылтықпен, қылышпен, бір автомашинамен қаруланып, 200-250-дей жасағы бар Әминұлының тобымен кездеседі. Бұл бірінші соғыс Иманқара дөнесінің түстік батыс бетінде, Ханқожа көлінің маңында 1931 жылғы 15 сәуірде болды. Бұлардың барлық қарулары қылыш, найза, құс мылтық, бұл да жеткіліксіз болғандықтан соғысты ұзаққа созуға шамалары келмеді. Көтерілісшілер жазалаушылардың екі жағынан, екі рет шабуыл жасағанымен, ешқандай мардымды нәтижеге жете алмады. Жазалаушылар алыстан оқ жаудырып, бұларды жақындатпады, тіке шабуылға шықпады. Әминұлының жасақтары осы екі рет қысқалау шабуылда, 9 кісісінен өлідей, екеуінен жаралылай айрылып, ендігі қарсылықта бұдан да көп шығынға ұшырайтынын сезініп, қаша соғысып, кешке қарай өздерінің ауыл-аймағы мен бала-шағасын, малдарын қорғай отырып, сай-саламен Қойқора дөңістігінен жоғары қарай 25-30 шақырымдай жердегі Толағайсор көлінің терістік-батыс бетінде отырған Шоланұлы ауылдарымен қосылып үлгерді.
Олар бұл жерде көп кідіруге болмайтынын түсінгенмен, кейін қалып қойған ауылдардың бас-аяғын жинағанша бірнеше күн өтті. Көш өте ауыр болды. Елдің ірілі-уақты малы бар, кемпір-шал, бала-шағаларымен алысқа ұзап та кете алмайтын еді. Бұл ауылдардың жалпы санын құжаттардан кездестіре алмадық. Көне көз қарттардың айтуынша «Мың үй адайлар шабылған жер» деп айтқандарын естігенбіз. Осы ауыр көш жазалаушылардан құтылып кету мақсатымен, енді ғана жылжып, Жемнен өтіп кетеміз деп отырғанда, 21 сәуірде бұларды 8 автомашинамен қуып жеткен Воронежский басқарған мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Саратов қаласынан шыққан, өздерінің жеке қаруларынан басқа, 6 қол, бір станокты пулеметпен қаруланған 90 кісілік отряды көтерілісшілерді үш жағынан қамап, бесатардан, пулеметтен оқ жаудырып, көп шығынға ұшыратты. Бұл соғыс та көпке созылмады. Көтерілісшілер үш еседей көп болса да, 20 кісісінен айрылып, елді көп шығынға ұшырататынын түсініп, қарсыласуды тоқтатып, қол көтеруге мәжбүр болды.
Ыза мен өшпенділік өршігенмен, намыстың отын сөндірмейміз деп қанша жанталасып, қардай бораған оққа қарсы шапқанмен қарудың аздығы, оның ішінде мылтықтың кемдігі қолды байлағаны рас. Қанша жанталасқанмен ұрыс пулеметпен қаруланған жазалаушылардың пайдасына шешілетіні айдан анық еді. Көтерілісшілердің қаруларының аздығын мынадай деректерден-ақ көруге болады. Олардан бар болғаны 3 бесатар, 3 аңшы мылтығы, 27 қылыш және 11 тапаншаның оғы алынған. Сол кездегі өлшеммен айтқанда, бақайшағына дейін қаруланған жазалаушыларға қарсы тұру тек қана ашу-ызамен көзсіз ерліктің белгісі болатын.
Сол күнгі ұрыс ұзаққа созылмай барлық көтерілісшілер ауылдары тұс-тұстан қамалғанымен, күннің кешке айналуына байланысты азғантай ауылдар бөлініп-бөлініп қаша бастаған. Соның ішінде Шоланұлы мен Әминұлы да қоршаудан шығып, қашып үлгерді. Бірақ бұлар бірнеше айдан кейін ұсталып жазаланған.
Көтерілісшілердің бірінші рет көрген қаралы қайғысының үстіне, жазалаушылардың жәй халыққа жасаған жауыздық әрекетін ауызбен айтып жеткізу қиын. Қолға түскен ауылдарды қоршауға алып, барлық ер адамдарды бір жерге жинап, ұрып-соғып аяқтарына кісен салып, дереу тергеу астына алды. Бұлардың барлығының саны қанша болғаны белгісіз. 834 ер адамды кедейлер деп, контрреволюциялық қозғалысқа белсенді түрде қатынаспаған деп шешті, бірақ бұларды босатып жіберді ме, болмаса уақытша ұстады ма белгісіз. Ондай дерек жоқ. 459 адамды банды қозғалысына белсенді түрде қатынасқан деп, сотқа беруге шешім шығарды. Мұндай шешім, аяқ астынан, сол бойда алынған, артынын не болғаны беймәлім.
Жазалаушылардың ең қатаң шарасы қолға түскен мал-мүліктің барлығын тартып алу болды. Мұны олар көтерілісшілер жасақтары кооперативтерден және елден айдап кеткен мал, соларды қайтарып береміз деп сылтауратты.
Көтеріліске белсенді түрде қатынасып, қарулы қарсылық көрсеткендердің отбасыларын контрибуцияға жатқызды. Қашан болатыны белгісіз, әйтеуір бір уақытта болатын соттың осындай шешім алатынына «жеңімпаздар» күмәнсіз сенді. Мұндайлардың саны 222 еді. Бұлардың бала-шағасы мен 1100 жаны, 4099 бас малы болыпты, оның да көбі төлдер. Осыдан 2743 бас малды тартып алған, сонда кісі басына бір малдан ғана қалған. Мұнымен қалай тамақ асырасаң солай асыра, «өлмесең өшірем қаптың» кері. Кейіннен бұлардың көбі осы қарғыстың кебін кигені белгілі.
Жеңімпаздар халықтың алдында жақсы атты көріну мақсатымен болуы керек, өздерінше жарлы-жақыбайлардың жағдайына қараған сияқты қитұрқы сипат танытып, белсенді түрде көтеріліске қатынаспаған отбасыларының мал және басқа дүние-мүліктерін алмады. Олардан алатын да ештеме болмайтынын бұлар жақсы білді. Мұндайлардың саны 118 отбасы, бала-шағасымен 486 жан болатын. Ал малына келсек, барлығы 439 бас қана. Бұл кісі басына бірден де келмейтін.
Попов басқарған құрама отряд Әминұлының жасақтарының қолға түскендерін жазалап, Иманқара дөңесінің түстігіндегі Ханқожа көлінің маңынан кейін қайтқан. Бұлардың қанша көтерілісшілерді, бейбіт ауыл адамдарын ұстағаны жөнінде мәлімет таптырмады.
Сол кезде Жем бойындағы Ақкиіз тоғайда біздің ағайындарымыз — Жеменейдің Кедейінің, Тоттыбай тармағынан 100-ден аса отбасының бірқатары егін шаруашылығымен айналысатын. Менің әкем өзінің бірнеше туыстары бар көтерілісшілермен бірге болып, олар жеңіліске ұшырағанда қашып шығып, өз ауылдарына келіп жасырынған. Бұлардан көтеріліске тек ер адамдар ғана қатынасқан. Ауылдары жатақшы ретінде болғандықтан аман қалса керек.
1931 жылдың көктемінде Жем бойындағы көтерілісшілер аса күшті қаруланған жазалау отрядына төтеп беріп, қарсы тұра алмай, бір азғантайы қашып құтылып, Үстірт үстіне қарай кеткенмен, көтерілісшілердің екі үлкен тобы, оларға қоса сол маңда көшіп жүрген адай ауылдары, біріншісі Иманқараның оңтүстік бетінде, екіншісі Қарақұмның терістік жағында, Аққұдық, Қарашүңгіл әулие маңында қоршауға алынып, қолға түскен. Қарақұм деп отырғанымыз Жем өзенінің солтүстігінде Құлсарыдан 50-60 шақырымдай құнарлы, шөбі шүйгін, құмды өңір. Бұл жерді адайлар қыстаққа пайдаланған. Мұның батыс беті Каспий теңізінің терістік жағалауына жақын, қысы жылы, жері қамысты келеді. Қарақұмдағы көтерілісшілер және оған қатынаспаған жәй көшпенділер, өздерінің мал-бастарымен, бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген жерінде жазалаушы отрядтардың қармағына ілінді. Олар жазалаушылар тарапынан аяусыз жазаланды. Адамдарын қорлады, зорлады, мал-мүлкін талады. Бұл 1931 жылы болған, бірақ жылдың қай мезгілінде болғанын сұрамаппыз. Біз зерттеген архив құжаттарында бұл жерлерде көтерілісшілер мен жазалаушылардың кездескендері жөніндегі мәліметтер жоқ. Дегенмен бұл маңда да қақтығыстың болғаны анық және бұл ең соңғы шешуші айқас болуы керек. Қарақұмда қолға түскен көтерілісшілердің ер азаматтары бір бөлек, тонаудан қалған азғантай малдары мен бала-шағаларын бір бөлек Гурьев қаласына қарай айдауға қатынасқан сол кездегі комсомол мүшесі, белсенді ретінде осы жұмысқа тартылған марқұм Шашан Оразбайұлы өзінің естеліктерінде былай дейді: «Біздер, партия, комсомол, кеңес белсенділері Қарақұмнан ұсталған көтерілісшілер ауылын Гурьевке қарай айдадық. Жалпы адам саны балаларды қоса есептегенде мыңнан асатын болу керек. Көбі жаяу, Сарықамыс маңы мен Жем өзенінің сағасы арқылы теңіздің жағасымен Гурьевке қарай жүрдік. Бұл жерден Жемге жету үшін, бір тәуліктен артығырақ уақыт кетті ғой деймін. Жемге келгенде адамдар мен малдың өзенге бас қойғанын көргенде жаның түршігеді. Содан кейін Гурьевке қарай жол тарттық. Алдымызда әлі 200 шақырымдай жер жүруіміз керек. Жолда су жоқ, осы жолда көп адамдар, балалар мен қарттар шөлден жүре алмай, өлгені өліп, өлмегені жолда қалды. Ең ауырлығы әйелдер мен балалардың күңіренгенінен, жылағанынан сай-сүйегін сырқырайды. Бүкіл ел, дала зарлағандай болды. Гурьевке ер адамдардан басқа ешкім жеткен жоқ. Бірқатарын, балалар мен әйелдерді жолда босатып жібердік, сондай тәртіп болды ғой деймін».
Шашан ақсақал Жайық бойында туып өскен, Кеңес үкіметінің тұсында Құқық халық комиссары, Қазақстанның бірнеше облыстарында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып басшы қызметтер атқарған. 1994 жылы 87 жасында Алматы қаласында дүние салды.
Шоланұлы мен Әминұлы басқарған екінші топ барлық ауылдарымен Иманқара түбінде қоршауға алынып, бұлар да Гурьевке айдалды. Бұл кезде 15-16 жастағы комсомол мүшесі Өтесін Бисембайұлының айтуы бойынша: «Біздер көтерілісшілердің бала-шағасын, қарттарын азғантай малдарымен Гурьевке қарай алып жүрдік. Мен өте жаспын, бойым бесатардан биік емес. Біздерді бұл жұмысқа Гурьевтен алып келді. Ұсталғандардың саны өте көп болды 2-3 мыңдай десем өтірік болмас. Иманқарадан Гурьевке 250 шақырымдай болу керек. Ұсталғандардың көбі жаяу, жолда су жоқ, тақырларда жаңбырдан қалған қақтар, ел соларды ішті, ол да жеткіліксіз. Жол өте ауыр болды. Көп адам шөлден, аурудан өлді, бірқатары жүре алмай жолда қалды. Жол ортасынан ауғасын, Доссор өндірісінің маңында әйелдерді, балаларды, қарт адамдарды босатып жібердік. Бүкіл жол бойы жылаған зарлаған әйелдер мен балалардың дауысы осы күнге дейін құлағымнан кетпейді», — дейді.
Өтесін Бисембайұлы 1915 жылы туған. Ұзақ жылдар милиция органдарында басшы қызметтерде болған, полковник. Бұл күнде зейнеткер, Алматы қаласында тұрады.
Осы екінші топтан Доссорда босанып шыққан Жарының Майлан тармағынан Түгелбай Өткелбай тұқымдары өздерінін бала-шағасымен Қызылқоға ауданының Миялы деген жеріне қыстап шығуды ұйғарған. Түгелбайдың баласы Досбай және бұлардың барлық туыстары, ер азаматтары сол Маңқара түбіндегі соғыста қаза болды ма, әйтеуір қоршауға түскеннен кейін жоқ болып, хабарсыз кеткен. Досбайдың жақын қарындасы, қазірде Құлсары өндірісінде тұратын Қаймақ (бұл кісі 1997 жылы марқұм болды) деген жеңгеміздің әңгімесі: «Миялыға қыстаған жылы ер азаматтары жоқ біздердің барлық қалған малдарымызды жергілікті қазақтар «бұлар бандының малдары» деп, ұрлап тауысты. Жазғытұрым күн көрістеріміз күрт төмендеді, жөнді мал да қалмады. Досбайдың әйелі — Құрықтың шешесі қайтыс болды. Екі баласы — Сырық 4 жаста, Құрық 1 жаста және қызы 10 жаста жетім қалды. Жаз шыға бұлар көшіп кетті», — дейді.
Содан Маңқыстауға, одан әрі Түрікменстанға, ол жерлерде көп кідіре алмай, Оңтүстік Қазақстанның Мақта-Арал ауданына барып, Құрықты балалар үйіне орналастырып (Сырық қайтыс болған), апасы сол жерде тұрмыс құрып, балалы-шағалы болады. 1970 жылдардың ортасында қайтыс болды.
Құрық Түгелбаев балалар үйінде тәрбиеленіп, әскер қатарынан оралғаннан кейін, Алматыдағы милиция мектебін бітіріп, көп жылдар милиция органдарында басшы қызметтерде болды. Полковник атағымен 1987 жылы демалысқа шығып, 1989 жылы дүние салды.
Құрық Алматы қалалық ішкі істер басқармасының бірінші орынбасары болып жұмыс жасап жүргенде, сол уақыттағы ел басшыларының солақай саясатының салдарынан мұнын жұмыс орны біреулерге лайық деп табылып, мұны Ауғанстанға қызметке жіберіп, содан бір жылдан кейін ауырып, елге қайтқан. Осындай зорлықтың кеселінен Құрық денсаулығын жөндей алмады. Ауғанстаннан келгесін жөнді жұмыс бермеді. Бұған көбінесе Одақтағы атақты Чурбановтың «көлеңкесі» түсіңкіреді. Бірақ одан арашалайтын ешкім табылмады.
1931 жылы жазғытұрым Иманқараның түбінде мың үй адайлар шабылғанда (бұл жер осы күнге дейін осылай аталады) осы топта болған менің әкемнің айтуынша Шоланұлының жасақтарының ішінде 10-12 кісіден құралған мергендердің үш тобы болған. Осының біреуінде әкем де бар. Сол күні Жемге құлайтын үлкен Терісақхан сайының ішінде, көтерілісшілерге жақын жерге бұлар да орналасқан. Бұлардың пайымдауынша, жазалаушылар көтерілісшілер тобына шабуыл жасағанда жақын келеді деп ойлаған. Бірақ олай болмай соғыс әдісі басқаша өрбіп, жазалаушылар көтерілісшілер жасақтарын алыстан атып, өздеріне жолатпаған. Сондықтан бұл мергендер тобының оларды атуға мүмкіншіліктері болмаған. Кешке таман көтерілісшілерді қоршауға алғанда, бұлар олардың сыртында, Жем жақ шетінде қалып, әкем өзінің бір жақын інісімен Терісаққан терең сайының бойымен Жемге құлап аман қалып, өз отбасына қосылады.
Кейіннен жазалаушылар, жергілікті белсенділер бұл ауылдарға да келіп, көтерілісшілерді іздестірген. Бірақ ер адамдардың көпшілігі Жем бойының тоғайларына жасырынып, ұсталмай қалды.
Бір еске алатын нәрсе, әкем бір бесатар мылтығы мен бір шолақ бесатарының 1932 дейін болғанын, оларды Жем бойында бір жерге көміп құтылғанын айтатын.
Біздің үй сол жазда бірнеше туыстарымызбен, үкімет қаһарынан сескеніп, жазалаушылардан қашып құтылған елге қосылмай, Қарақұмның ішімен Бейнеудің теңіз беті арқылы Маңқыстауға көшкен. Кейін әкемнің және бізбен бірге болған туыстарымыздың айтуынша сол жолғы көшу тауқыметі өте ауыр болған. Қалай болғанда да жылдамырақ Маңқыстауға жету үшін күндіз-түні көшкен. Бұл қиын сапар былай болыпты.
Қарақұм үлкен-үлкен шағылды құм емес, жұмсақ, тебіндік айыр-айыр, құнарлы шөпті жалдар, бір бірінен алыс емес аласа төбелер. Анда-санда үстіне селеу шыққан, шағын-шағын құм төбе, шағылдар да кездеседі.
Ауылдар күніне үш рет көшеді. Ертемен көтерілген ауыл түске таман шаршаңқырап қонады, тамақтанады. Түс ауа қайта көшеді, қызылша бесінде күндегі әдет бойынша қайта қонады. Мал сауады, қозыларды жамыратады, көшерде қозыларды айырып, бөлек айдады. Сүт пісіріп, ірімшік қайнатады. Түйенің белін суытып, жүктерін жеңілдетеді, бірақ қомдарын түсірмейді. Адамдар тамақтанады, көз байлана қайта көшеді. Түн ортасында қайта қонады. Үйлерді қос қылып тігіп, бала-шаға, әйелдер шаршағаннан құлай-құлай кетеді. Міне, осындай жағдай қайталана береді. Көшпелі өмір осыған жаттықтырған. Бірақ тыныштық уақытта бұлай болмайтын. Бұл — жазалаушылардан, жергілікті өкімдерден қорқудың салдары еді. Бейбіт кезде жылдың бұл мезгілінде Маңқыстауға қарай ел көшпейтін. Ол кезде Қарақұм маңында, одан әрі қарай ел жоқтың қасы. Жазалаушылардан қашқан ауылдардың көбі бұл арадан жоғарырақ, Бейнеу үстімен, одан да жоғарылау бетпен көшкендерін кейін білдік. Әр ауыл ешкімге көрінбеудің қамын жасап, қайткен күнде де Үстірттің үстіне жылдам шығып кетуге мәжбүр болған.
Қарақұмда және теңізге жақын жерлердің топырағы құмды болады. Қарақұм бойында шегендеулі құдықтар болмайды. Бірнеше күннен кейін қазылған құдықтар құлап, жермен жексен болады. Көшкен ел Күйкен тауына дейін су тапшылығын көрді. Бірақ ғасырлар бойы бұған үйреніп алған ел көштен бұрын, таң азанда мал өргізіп, жүк артыла бастағанда, ауылдың бірнеше жігіттері белдеріне бір-бір арқан, күректерін қыстырып, астауларын өңгеріп, долыларын қанжығаға бөктеріп ілгері озады. Көш келгенде олар оппа кұм арасынан, екі кісі бойы құдық қазып, даяр етеді. Құдық кен, өрнегіне биік дере қойылады. Бұл құдықтар өте қауіпті, өйткені құлап топырақ астында адам қалып қоюы да мүмкін. Міне, осындай жағдай Үстірт үстіне, шыңырау құдықтарға, бұлақтарға жеткенше қайталанады. Бұлар бұл өңірде 810 күндей көшеді.
Сонымен біздің ауыл бүкіл Маңқыстаудың үстімен жүріп отырып, осы күнгі Құрық елді мекенінің түстік бетіндегі Жыланды деген жерге келіп тоқтаған. Бұл жер Маңқыстау мен Түрікменстан шекарасына жақын. Осы жерде біздің азғантай ауыл ала жаздай отырып, менің әкем 3-4 туыстарымен Түрікменстанның Небидтау өндірісіне барып, сол жақтың жағдайын біліп, ол жерден астық, шекер-шай, киім-кешек алып қайтады. Қыркүйек айының басында оралған олар барарда да, қайтарда да түнде жүріп, күндіз сай саланы паналап, жасырын түрде жол шеккен. Ол кезде жол жүру өте қауіпті болған. Осыдан оралғаннан кейін әкем «жалғыз баланы елден алып кетіп, шет жерге апарғанда не жақсылық болар дейсің, не болса да «көппен көрген ұлы той», құдайдың салғанын көрерміз» деп елге оралуға шешім алған. Қалған ағайындары мұны мақұлдап, сол жылы қайтадан елге қарай көшкен.
Күзде Жем өзенінің терістік бетіндегі кішкентай Қайнар өзенінің бойын қыстап отырған шағын ауылда жақын туыстарымыз Күлетұлы Жалғасбай атам, оның балалары Мақсым, Шыңдығали бізбен бірге көшіп келген оның інісі Қайыр, оның балалары Жарылғап, Көшен, әкемнің, ағасы Шәнен атам тағы басқалары болды. Жалғасбай атам үлкен бай болған. Сол кезде жасы 80-нен асқан. Біздің алдымызда өзінің атындағы баласы Максым тұтқындалып, соның күйігінен болу керек, қатты науқас екен. Сол жылы қыста дүние салып, Қайнар бойында қалды. Басын қарайтуға да шама келмепті. Қалған балалары ол кісінің атында болмағандықтан ұсталмай аман қалды. Қайыр менің әкеммен құрдас болатын, ол да сол жылы қайтыс болды. Келер жылы жазда Жалғасбай тұқымдары жан-жаққа тарап кетті. Жарылғап елде қалды. Көшен Атырау жаққа барды. Бұлар кейін соғысқа алынып, содан қайтпай қалды. Шандығали тағы басқалары Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан күн көріс іздеп, ашаршылықтан қашып құтылды. 1931 жылғы Жем бойындағы көтерілісшілерді басқаннан кейін оған қатынасқан әкемнің інісі Шәбік ағам сол жылы әкемнің бәйгеге қосып жүрген бурыл атын алып, әйелімен екеуі Ақтөбе жаққа қашып кетіп, 1938 жылдары ғана елге оралды. Жылыой ауданының Омба ауылына келіп орналасқан осы ағамыздың үйінде мен бірінші сыныптың есігін ашып, екі жылда үш сынып бітіріп, үйге оралдым.
Құлетұлы Ақберді (бұл да Жалғасбайдың баласы) сауатты азамат еді. Ауыл кеңестерінің хатшысы болып тұрғанда бай баласы деп қуғынға ұшыратып, 1932 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданынан бір-ақ шығыпты. Соғысқа қатынасып, 1946 жылы елге оралып, мені Гурьевте оқып жүргенде тауып алды.
Көктемде Маңқыстауға көшіп, күзде қайта оралу, одан көрген қиыншылық, сол кездегі аласапыран заманда елдің не істерін білмей әуреге түскені менің шала-шала есімде. Біздің де жағдайымыз осындай болған. Сол жылы күзде қайтып келе жатқанда Қарақұмдағы тұтыну қоғамының сауда мекемесіне әкем малының көбін мата, былғары, шай, астыққа айырбастап, малды азайтып Қайнарға келгенде отбасымызда, мені 5 жасыма дейін тәрбиелеген әкемнің шешесі Жұма әжем, 13-14 жастағы апам Ізден әкем төртеуміз ғана болдық. Сол жердегі ағайындарымыздың саманнан салған қыстаулары болды. Біздің үй жерден жертөле қазып, сонда қыстадық. Келгеннен кейін «Сары бай келді» деп қарсы алып, малымыздың қалғанын тәркілеп, бізге апам екеуімізге жетім балалар деп бір түйе тастады. Әкем күзде малды тәркілеп жатқанда, бір құнанды сойып, апам екеумізді Ханқожада тұратын ағамыз Ақбердінің үйіне апарып тастады. Апам сол жерде мектепке барған болды, мен соның қасында болдым. Әжем қыста, Қайнарда 90-нан асып дүние салды. Оны Жем бойындағы баласы Бөшекпен бірге қоюға көлік болмай, қыстың қаттылығынан 40 күн төрт ағаштың басына кереге қойып, далада ұстаған. Жаз шыға баласының қасынан, төрт құлақты кереге моланың ішінен орын алды. Ол жерге мен бармағалы 50 жылдай болған екен. Әжеміздің бейіті әлі күнге дейін тұр деп естимін. Міне, осыдан кейін жетімдіктің «жемісті» таяғы маңдайыма тиді. Әкемде әйел, менде шеше жоқ, кім көрінген күле қарап, маңдайыңнан сипаса, сол кісіге еріп кеткің келіп тұратын қу жетімдіктің талай тауқыметін тарттық. Сол 1932 жылы жазда ашаршылық та келіп жетті. Әкемнің үлкен апасы марқұм Орындық апай, қызы мен баласынан айрылып, жалғыз 3 жасар немересі Алданышпен біздің қолымызға келіп паналады. Ол апамыз да 1946 жылы 80-нен асып бақи болды. Әкемді құдай сақтап, үкімет ұстамай, тек жеке деп бөлек отырғызып қойды. Бір түйенің және Орындық апамның бір бұзаулы сиырының сүтімен аштан өлмей тірі қалдық. Әкем ала жаздай тазы мен қоян аулап бізге әкеліп, апам оны шәйнекке асатын. Неге олай жасайтынын білмеймін, қазан көтеруге сол кездегі аштықтан болу керек, қорқатын шығар. Апамның сиыры жөнінде де бірталай әңгіме бар. Ол кісінің бір түйесі болған екен, оны сол жердің бір азаматы ұрлап сойып алыпты. Соны әкем іздеп тауып, ұрының сиырын тартып алған. Сол сиырды апам арқандап бағып, кешке киіз үйдің оң жағына ұстайтынбыз.
XI ТАРАУ
Жемнің оң бетіндегі Ойыл, Сағыз, Қайнар бойындағы Малай Сағараұлы, Құныскерей Қожахметұлы, Өзбек Ертөреұлы, Асан Шыңғалиұлы тағы осылар сияқтылардың көп ауылдары өздерінің жасақтарымен Шоланұлының және Әминұлының ауылдарымен Қайнар өзенінің маңында қосыламыз деп уәде жасағанымен, оған мүмкіншіліктері болмады. Бұлар Әминұлының Попов отрядымен кездесетін жерінен жоғарырақ, Алатаудың төменгі бетімен, Қазыбек тұсынан Жемнен өтіп, Маңқыстау түбегіне қарай Үстірт үстімен жол тартады. Бұларға Шоланұлының жазалаушылардан қашып құтылған біраз ауылдары да қосылады. Бірақ қай жерлермен жүрді, қай жерде елге қосылды, оның нақтылы деректері табылмады.
Қолға түскен деректерге сүйеніп, Боқымаш Шоланұлы жөнінде азғантай мәлімет бергенбіз. Енді естеліктерден, есте қалған әңгімелерден жинақтап, Құныскерей Қожахметұлына да тоқтап өткенді жөн көрдік. Құжаттарда бұл кісінің атын Құдыскерей деп жазған. Оның ел ішінде атағы тараған, өте беделді адам болғаны жөнінде аңыздар мен ақиқаттар өте көп.
Хамза Есенжанұлы өзінің «Ақ Жайық» трилогиясында Құныскерейді өте жақсы көрсетіп, шебер жазған. Ол ел арасында атағы шыққан, осы күнге дейін аса дәріптеліп айтылатын азамат. Батыл, батыр, құралайды көзінен ататын мерген адам болған.
Құныскерей кеңес үкіметі орнаған кезде, аса белсене кірісіп еңбек сіңіріп ауылдық кеңестің төрағасы да болған. Осы жұмыстарда жүргенде партия, кеңес саясатының халықтың күткеніндей болмай шыққанына өте қинала қарап, кеңес үкіметінің саясатын дәріптейтін көзқарасын өзгерте бастайды. Естеліктерге қарағанда ол жиырмасыншы жылдардың ортасынан бастап жергілікті өкіметтің жүргізіп жатқан озбырлығына ашықтан-ашық наразылық білдіреді. Өкімет жұмысынан бас тартады. Халықты ұжымшарға, отырықшылыққа зорлап орналастыру, алым-салық жинаудың асыра сілтеушілікпен жүргізілуіне қарсы тұрады. Осындай үкімет саясатына жатпайтын мінездері мен оны ашық айтқаны үшін ол өсек-аяңға, жалаға ұшырап, өкімет тарапынан қуғын-сүргінге, түрткіге ұшырайды. Оған барымташы, банды деген кінә тағылып, қылмысты іске тарту басталады. Осының салдарынан Құныскерей ел арасына жасырынып, бірнеше рет өкімет адамдарымен қақтығысып қалған кездері де болған. Бірақ Құныскерей ел аузында қалған әңгімелерге қарағанда, қақтығыстарда қанша мерген болғанмен, кісі өлтірмеген, тіпті болмаған жағдайда олардың атын атып кететін дейді. Осындай ешкімнің қанын жүктемей, өміріне зиян келтірмегені үшін де ол халық алдында қалаулы, беделді болғаны анық.
Патша тұсында да, кеңес кезінде де үкімет тарапынан қуғынға ұшыраған Құныскерей сияқты атақты азаматтар Қазақстанның көп жерлерінде кездеседі. Олар — Маңқыстауда Құрмаш, Атырауда Аманғали Кенжеахметұлы, Ерғали Аязбайұлы, Құрмаш Қосжанұлы, Арқада Иманжүсіп, Мәди, Қанафия тағысын тағылар.
1929—1930 жылдары ел арасы бүлініп, адайлар үкіметке ашық қарсылық көрсете бастағанда, Құныскерей сол көтерілісшілер тобына қосылып, олардың басшыларының бірі болды.
1931 жылы Боқымаш Шоланұлының жасақтары мен оның қарауындағы ауылдары жеңіліске ұшырап, азаматтары ұсталғанда Құныскерей және басқаларының басқарған топтары Шоланұлы; мен Әминұлының ауылдарымен қосылуға мүмкіншіліктері болмай, бөлек, Жемнің жоғарғы жағымен жазалаушылардың қармағынан сытылып, Жемнен өтіп үлгереді де, Маңқыстауға қарай бет алады. Осыдан кейін оның ізі жоғалады. Боқымаш тағы басқалары Маңқыстауға барып, көтерілісшілерге қосылғанда, Құныскерей бұлармен бірге барды деген дерек жоқ.
Ел аузында Құныскерей жөнінде әр түрлі әңгімелер бар. Оны біреулер Иранға, Ауғанстанға өтіп кетті десе, біреулер Дағыстанға өтіп кетті дейді.
Маңқыстау округінің көтерілісшілерін басып, елді жазалағаннан кейін, елдің бірқатар бөлігі Түрікменстанға, Қарақалпақстанға, шет елдерге қоныс аудара бастайды. Осы кезде ме, елде бұдан ертерек пе, Құныскерей өзіне ешқандай кешірім болмайтынын сезіп, «Мен Қытайға кетемін» деп сыбыс таратыпты деген де: әңгімелер ел ішінде тараған. Бірақ Құныскерей шет елге кетпеген. Соңғы 1950 жылдарға дейін ол Жамбыл облысының Созақ па, болмаса Сарысу ауданында ма, Кіші жүз руларының арасында тыныш өмір сүріп, балалы-шағалы болған дейді. Оны көрген кісілер де болғанға ұқсайды. Бір естелікте «Құныскереймен көтеріліс кезінде бірге болып, көтерілістен кейін мұны елден шығарып салуға көмектескен бір ақсақал 1950 жылдардың ішінде Созақ па немесе Сарысу ауданында ма Құныскерейдің үйіне түсіп, сый-сияпат көреді.» Бірақ оның Құныскерей екенін білмейді, танымайды. Ал Құныскерей болса мұны танып, оған аттанарда үлкен сый көрсетіп, бір түйесін жетелетіп жіберіпті» деген де әңгіме бар.
Бұл шын ба, болмаса аңыз ба, ол жағы бізге белгісіздеу. Бірақ Құныскерейдің үкімет тарапынан жазаланбай, ұзақ жасап, өзінің ажалынан қайтыс болғаны анық.
Міне, Құныскерей жөніндегі біздің білетініміздің ұзын ырғасы осындай.
«Егемен Қазақстан» газетінің 1995 жылғы 23 қарашадағы санында жарық көрген «Кейіпкердің кейінгі өмірі» атты мақалада Кұныскерей жөнінде жаңа деректер айтылады. Онда журналист Әбілқайыр Спанов: «Құныскерей елден кетіп, Түрікменстанға өтіп, басқа есіммен танылды. 1968 жылы өз ажалынан қайтыс болады. Тек көз жұмарының алдында ғана бұл дүниеден азан шақырып қойған атымен аттануды қалаған ол жақын замандастарына өзінің Құныскерей Қожахметұлы екенін айтып, жаназасының осы атпен шығарылуын аманат етеді. Құныскерей Түрікмен жерінде екінші рет үйленіп, Айман, Шолпан атты екі перзент көрген екен. Олардан тараған жиен-жұрағаттары Түрікменстан мен Маңқыстауда тұрады», дейді.
Ел азаматтарының туған елден, жерден айрылып, туған-туысқандарынан адасып, быт-шыт болған уақытында бірқатар азаматтар туған топырағын тастап кете алмай, қашып-пысып құтыламыз ба деген үмітпен ел ішінде қалған. Өкінішке орай, олардың көбі мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қармағына ілініп, зардап шекті. Бұлардың кім екенін анықтаудың жалғыз жолы, олардың аты-жөнін біліп, архив құжаттарын қарау. Бірақ ондай мүмкіншіліктің қиын екені де белгілі. Бұлардың кім екенін білу үшін сол кездегі барлық қылмыстық, тергеу істерін қарап шығу керек. Мұны жасаудың да оңай емес екендігі анық.
Жем өзенінің он жақ бетіндегі адайдың көп ауылдары сәуір айында (жазалаушылардың екі рет соққысынан қасірет шегіп, көп адамдарынан, мал-мүлкінен айрылған Шоланұлы мен Әминұлының қолға түскен ауылдарынан басқалары) Жемнен өтіп, Маңқыстауға бет алғанда бұларға басқа ауылдар да қосылды. Ел арасы аласапыран болады, қалай болғанда да ертерек көшіп, көшкенде әдеттегідей емес, кейін қарай, Үстіртке бет алып, елден қалып қоймау үшін ауыл басшылары асыға бастады. Мұның басты себебі сол кездегі үкімет саясатының қатаңдығы еді. Кеше ғана бастарынан кешірген қанды қырғын мен адам айтқысыз қатыгездік, аяусыз жазадан кейін ел бас сауғалаудың бір-ақ жолы көшу ғана деп білді. Оның үстіне қолданылып жатқан қатаң шара күннен күнге күшейе түсті. Қандай да болмасын көшіп бара жатқан елді кейін қайтарып, жайлауға қарай көшуге аса қатты тыйым салынды. Көнбегендерге күш көрсете бастады. Соған қарамастан 1931 жылы қысқа уақыттың ішінде ірге аудару жаппай жол алды. Үкімет тарапынан жасалған қысым да, үгіт-насихат жұмыстары да жемісін бермеді.
Бір құжатта (нақты есебі осындай болды ма, болмады ма, оны айқындап айта алмаймыз) жергілікті әкімшіліктердің көрсетуі бойынша, мамыр айында Маңқыстау ауданының осы жерлердегі елдерінен 3500, Жылыой ауданынан 3200, Табын ауданынан 7000дай шаруашылық көшіп кеткен делінеді. Доссор жағынан ел өте аз көшті. Ойыл ауданынан Маңқыстауға қарай кеткендері көп. Ол кезде Орынбордың бергі жағында тек қана қазақтар болғаны белгілі. Сол жылдары кеткен қазақтар осы күнге дейін сол жерлерге қоныстанып қалған. Осылардың ішінде Жарының Майлан тармағынан көптеген ауылдар бар. Олардың ішінде біздің жұрағаттарымыздың бар екенін кейіннен білдік. Құрық Түгелбаев қайтыс болғанда, 1989 жылы бір-екі туыстары келген. Дегенмен, қанша ел көшкені жөнінде нақтылы деректерді кездестіре алмадық.
Сол кездегі жергілікті әкімшілік немесе жоғарғы үкімет басшыларының айтқандарындай, ел арасына таратқан жалған үгіттерінде көрсетілгендей, көшіп кетіп жатқан адайлардың қоныс аударудағы түпкі мақсаты Қарақалпақстанға, Түрікменстанға өтіп кету, болмаса Маңқыстауға барып жиналып, тәуелсіз Адай хандығын құру емес еді. Көп ауылдардың байырғы көшіп-қону бағытын өзгертіп, түстікке қарай бет алуының басты себебі жоқшылыққа ұшыратып, малын, мүлкін тонап алып жатқан алым-салықтан, мал дайындау науқанынан құтылудың амалы болатын.
Ел ішінде не болмайды, көшіп жатқандардың арасында Қазақстаннан кетіп, түрікмен, Қарақалпақ елдеріне өтіп кету ниеті барлар да болмай қалмаған. Дегенмен, 1931 жылы көшкен елдің көбі Үстірт үстіне, Маңқыстаудың кең жеріне барсақ, жеңілдік бола ма деген ойда еді. Бірқатар зиялы ел ақсақалдарының шет жерге кетуді қолдамағаны да белгілі.
Халықтың бұлай үдере көшуі, жергілікті өкімет басшыларын қатты қиналтты. Егер кете беретін болса, салық жинау, мал дайындау жоспарының орындалмайтынын білді. Жоғарғы өкімет күннен-күнге шара қолдануды, жазалауды күшейту керектігін айтып нұсқау беріп жатты. Жергілікті әкімшілік жоғарыдан түскен жарлықты орындай алмай, өздерінің қара бастарынан қорқып, әуре-саранға түсті, елді тоқтатуға да шамасы келмеді. Сондықтан бұлар үшін байлар да, жарлылар да революцияға қарсы, үкіметтің жауы деп есептеліп, жазалау шарасын күшейту үшін жоғарғы орындардан жазалау отрядтарын сұратты. Келген жазалаушылардың ішінде қазақтар өте аз болды. Олар Еуропа халықтарынан құралған, тіл білмейтін, қазақтың әдет-ғұрпы, көшпелі елдің салт-санасы, шаруашылық жүйесінен хабары жоқтар еді. Олар жолдарында кездескен ауылдарды қатаң жазалап, малдарын, дүниелерін тартып алды. Бас көтерген ауыл азаматтарын қамауға алып, елді көшуге үгіттеп жүрген осылар деген жала жапты. Осындай асыра сілтеудің кесірінен ел іші азып-тозды. Лажсыздықтан жарлылар да, байлар да бас біріктіріп, қарсы тұрудан басқа ешқандай амал қалмағанын түсінді. Өздерін шаруа жайымен көшіп жүрген момын кедейлер де, көтерілісшілерге қосылу ойы жоқтар да аса зор қысымшылықтан көтерілісшілер қатарына қосылуға мәжбүр болды. Ашынған ел осылардан ғана қолдау, жәрдем күтті. Осы кезде ел арасында жазалаушылар да, уәкілдер де, тағы басқа қаралаушылар да өздерінің ойына келгендерін жасады. Көне көз қарттардың айтуына қарағанда, көшіп жүрген ауылдардың көштері, бұрын автомашина көрмеген түйе, жылқы, басқа малдар одан үркіп, көштердің ойраны шыққан. Бала-шағалар зәбір көрген, аттан, түйеден құлап мертігіп жатқандары да аз болмаған. Ал жазалаушылар мұны қызықтап, өздерінің жауыздығын осылай көрсеткен. Қалай болғанмен де, нендей жан түршігерлік қаталдық жасағанмен де, көшкен елді тоқтатуға олардың шамасы келмеді. Шоланұлы мен Әминұлының ауылдары шабылып, жазаланғанмен қалған азаматтар, басқа да осылар сияқты көшпенділер ашық қарсыласпағанымен, қаруларын тастамады, түбінде қару жұмсайтын кездің де болатынын сезінді.
Мамыр айында Жеменейдің Кедей тармағынан Досан бастаған бір топ ауыл Жемнен өтуге үлгере алмай, алдыңғы ауылдардан қалып қойып, Боздақ маңында Бакуден келген Ефименко деген басқарған жазалау отрядына кездесіп қалып, қақтығыс туады. Бұл жерде қақтығысты дегеннен гөрі соғысты десек, дұрыс болар. Бұл соғысты әкелген көтерілісшілер емес, бұларды іздеп, қудалаған жазалау отрядтары екені белгілі. Олар қай жерде, қандай ауылдар көшіп-қонып жүр, олардың күштері қандай екені жөнінде барлаушылар арқылы толық мағлұмат алып, өр уақытта шабуыл жасап, жазалап отырған. Бұл жолы да осылай болды. Көшіп бара жатқан бейбіт ауылға тұтқиылдан тап беріп, талқанын шығарды. Көтерілісшілердің жеңіске жетеміз деген мақсаты жоқ екені белгілі. Қаша соғысып, 6 адамнан өлідей, 8 адамнан жаралыдай айрылады. Оның бесеуі кешікпей жарақаттан өліп, 15 адамы қолға түсіп, жеңіліс тапты. Қатты жеңіліске ұшырағанына қарамастан, Досан өзі қорғаған ауылдарын Жемнен өткізіп, түстікке, Үстірттің түпкіріне қарай алып өтті.
1931 жылы көктемде Жем бойында көтерілісшілер үш рет жазалаушылардан қатты соққы жеді. Естеліктерге қарасақ, Жемнің сол жақ бетінде, Қарақұмда, осы жылы көтерілісшілердің тағы бір үлкен тобы жеңіліс тапқан. Көп адамдар ұсталып, олардың мал-мүліктері қолға түскен. Бірақ бұл жөнінде құжаттардан мәліметтер кездестіре алмадық. Бұл көтерілісті басудың басқасында болған сол кездегі комсомол мүшесі Шашан Оразбайұлының естелігі төменде беріледі. Бұдан басқа қарулы қақтығыстар бұл өңірде болыпты деген мәліметіміз жоқ. Осы жылдың көктемінде бұл беттегі көптеген адай ауылдары үдере көшіп, жазда Маңқыстаудағы жергілікті ауылдарға қосылған.
Маусым, шілде айларында көтерілісшілердің қарсылығы енді осы Маңқыстау өңірінде өршиді. Ел ішіндегі жағдайдың нашарлап, шиеленісе түсуіне байланысты жұрт үкіметке ез еркімен салық төлеп, малдарын беріп, бала-шағасын аштан өлтіргенше, ештеме бермей қарсыласып бағуға бел байлаған. Осы кезде Маңқыстау елінде өте төтенше жағдай болды. 12 сәуірде Форт-Александровск қаласындағы абақтыдан күзетшілерді қарусыздандырып, қашып шыққан 200 тұтқын көтерілісшілердің арасына сіңіп кеткен. Осы жөнінде Гурьев мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілеттік уәкілдігінің оперсекторының бастығы Калашниковқа жіберген хабарламасында, бұлардың қандай қылмыскерлер екені былай деп көрсетілген: «30 кісі революцияның жауы, контрреволюционері, 20 кісі байлар, мал дайындауға қарсылық көрсетуші, революцияға қарсыластар, 100 кісі Сіздің ұсынысыңыз бойынша қамалғандар, қалғандары сайлау науқанына қарсыластар, ет дайындауға және басқа да қылмыстары үшін отырғандар». (сл. дело№17, арх. 8184, т. 7.)
Бұлардың айтуы бойынша, абақтыдан қашқандардың жартысы революцияның жауы болса, қалған жартысы 100 адам, ешқандай қылмысты іске байланысты деректі құжаттары жоқ, бірақ округтегі мемлекеттік біріккен саяси басқармасының бастығының айтуы бойынша қамай салғандар болып тұр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Жоғарғы басшылары отырғыз десе, отырғызады, жазала десе жазалай беруге болған. Ол кездегі олардың ойлап тапқан жеке іске асырған шектен шыққан заңсыздығы міне, осындай. Мұндай заңсыздықтың ешбір мемлекеттің заңында болмағаны айқын. Ол кезде де, кейін де, ақырғы демі біткенше қызыл империяның өз дегендерін жасағаны және мұны шектеу болмағаны белгілі. Жер жүзіне даурығып айқай салып, жұмысшы-шаруа мемлекетін құрамыз деген пролетариат үкіметінің сиқы міне.
Маңқыстауда жаз кезінде ғана анықталғандай, Жем бойындағы көтерілісшілердің қанды қырғынға ұшырауы бұл жердегі ауылдарды да алаңдата бастады. Ел арасында мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жазалаушылары, қаралаушылары қысым жасаса, бұлардың шетке қарай Түрікмен шекарасына жақындаймыз ба деп қозғала бастаған үміті де үзілді. Ол жақтағы былтырғы көшіп кеткен адай ауылдары да Түрікмен республикасының жазалаушы отрядтарынан тыныштық таба алмай, олардың қысымынан ығысып, елге қайта орала бастады.
Абақты үйінен қашқандар тарапынан ба, немесе Түрікменстаннан қайтып келгендердің арасынан ба, ел ішінде әр түрлі әңгімелер пайда болды. Біреулер: «Англияның әскерлері келіп, кеңес үкіметіне қарсы соғыс ашыпты», — десе, кейбіреулері: «Қазақстанның көтеріліс бастаған басқа жерлеріңде кеңес үкіметі құлапты», — деген сыбыс таратып, көтерілісшілер топтарын жігерлендіре түсті. «Жауды аяған жаралы болады» дегендей кеңес үкіметіне халық сенімділігінің үміті үзіліп, қарсылықты тоқтатпауға бел байлады. Осыған байланысты ел бір құдай жар болсын деп, құдайы садақа беріп, құлшылық етті. Бұл халық қамы үшін соғыста шәйіт болған боздақтарға да, үкіметтің қанды қақпанына түсіп, азаппен жан тапсырғандарына да арналды. Мұндай жағдай әсіресе Үстірт үстінде көп болды. Ел қанша құдайға сиынғанымен, арқасын көңге салып, тыныштық өмір қашан келеді деп аңсағанмен, оның шеті бұларға көрінбеді. Олар күн сайын үрейленіп, түнде тыныш ұйқы жоқ, күндіз күлкі жоқ, көшіп-қону қамымен айналысып, бұрынғыдай өмірдің бірі жоқ, көшіп қону қамымен айналысып, бұрынғы жазғытұрым жайлауға көшу салтанаты бұзылды. Кәзіргі уақытта бұрынғыдай өмірдің бірі жоқ, қай жағыңнан, қай төбенің астынан жау келіп қалады деп алаңдаумен, қорқыныш пен үрей астында күн көрісін өткізіп жатқан халық. Бұл жағдайда барамын деген жеріне баруға мүмкіншілігі болмай, жетемін деген жеріне жете алмай, ел үлкен дағдарыста, қиындықты басынан кешіруде.
Дегенмен, көшпенділер өмірінің өзіне сай қасиеттері де бар екені ертеден-ақ түсінікті. Бұлар әсіресе суы аз, жайылымы құнарсыз, шөлейт далада бір жерге жиналып, орнығып отыруға мүмкіншілігі жоқ екені белгілі. Сондықтан өне бойы жылжымалы өмір сүріп, бөлек-бөлек көшіп жүрген. Осыған байланысты бұлардың бірігіп күш жинап, қарсыласуға да жағдайы келмейді. Әрбір ауылдың соңына түсіп, шала таныс шөл далада бұларды тауып, жазалаудың да оңайлыққа түспегені белгілі. Көшпенділер күнде қоныс аударып отырғанмен, олардың мал-жанымен бала-шағасымен, шал, кемпірлерімен қуғыншылардан құтылып кету мүмкіншілігі де аз еді. Ауыр көшпен алысқа да ұзап кете алмады. Көшпенділерге аз да болса көмек болғаны, тек жер жағдайын жақсы білуі ғана болды. Алайда қуғыншылардың қуып жетіп, жазалау мүмкіншілігі бұлардан әлдеқайда артық еді. Олар автомашиналы, салт атты жақсы қаруланған арнайы дайындығы бар әскерлерден құралған. Сондықтан көтерілісшілер бұлардан құтылып кетіпті деген деректер кездескен жоқ, өне бойы жазаға ұшырап отырған.
Көтерілісшілердің әуелден алдына қойған басты мақсаты үкіметпен соғысу емес, жазалаушыларға қарсы тұру немесе олардан қалай да құтылып кету, балаларын, малдарын қудалаушылардан қорғау болатын. Ағайын-туыстық, ауызбіршілік, ынтымақтастық пен қайырым-қамқорлық елдің етіне сіңген ізгі қасиет. Ал мұндай жаугершілік уақытта өздерінің бастықтарын сайлап, тағайындау, олардың айтқанын екі етпей орындау басты мәселе деп есептелетін және бұл сөзсіз орындалып отыратын.
Ақсақалдардың, басшыларының бұйрығымен ерікті жауынгер жасақтары құрылды. Әрбір отбасынан бір жігіт, өзінің көлігімен, қару-жарағымен шығу қамтамасыз етілді. Олар 30-40 кісіден бөлініп, әскери бастықтарын тағайындады. Мұндай топтар Үстірт үстінде бірнеше жүзге тарта адамдардан құралды. Бұл топтар бір бірімен әр уақытта хабарласып, өздерінің басшыларының тапсырмаларын орындап, барлау жұмысын жүргізіп, жазалаушылардың жылжымалы отрядтарының бағытын біліп, оны тез хабарлап отырды. Ерікті жауынгерлер тобының әрбір мүшесінің басты міндеті және өздерінің құран ұстап берген анттары: жолдасын жауға тастамау, жау қолынан өлген, жараланған жолдастарын шамасы келгенше жау қолында қалдырмай алып шығуға тырысу, шейіт болғандарды ақ жауып, арулап көму, олар үшін құран оқытып жаназасын шығару, олардың артында қалған жесірлері мен балаларына көмектесу, олардың алдына мал салып, қамқоршы болу.
Қанша сақтық жасап, шара қолданғанмен соңына түскен жаудан құтылып кете алмай жазаға ұшырап отырды. Бұлардың атыс құралдары, оның оқ дәрісі мүлдем жоқтың қасы еді. Жасақтардың көбі қолдан жасаған найза, қылыш, шоқпар, айбалтамен қаруланды. Көтерілісшілерді жазалаушылар әр уақытта жақындатпай, алыстан бесатар, пулемет оғымен қарсы алып, көп шығынға ұшыратып отырды. Сондықтан бұлар кездесіп қалғанда қаша соғысып, құтылып кету қамын ойлады.
Осы кезде көтеріліске қатынасқан бір кісінің: «Қаралда баласы Қарабатыр балуанның және оның өзі сияқты қарулы замандастарымен қанды көйлек жауынгер жолдастарының «жаумен қолма-қол айқасып, жағасынан алып өлгеннің арманы бар ма екен? Біздер қайсы-бір қоян жүрек қорқақтардың алыстан атқан оғына ұшып, жауға жақындай алмай пұшайман болып, бармағымызды тістеп еттік қой«,— деп, өксігенін естіп едік«, дегені барды.
Көтерілісшілердің азық-түлігінің азаюы, малдың өне бойы айдауда жүріп арықтауына байланысты халықтың тұрмыс күйі күннен-күнге төмендей түсті. Осыған байланысты көтерілісшілердің бөлек-бөлек топтары амалсыздан үкіметтің, коғамның, ұжымшарлардың шаруашылықтарына, халықтан жиналған малдардың шоғырланған жерлеріне шабуыл жасап, азық-түлік, мал алып, елге үлестіріп отырды. Жергілікті әкімшіліктің «көтерілісшілер алып кетті, жұлып кетті, өлтіріп, болмаса жазалап кетті» деген көптеген жалалары артық, көтеріп айтылған, дұрыстыққа жатпайтын мәселе. Жергілікті халыққа жек көрінішті болып, жәбірлеушілер атанудың өздеріне де пайда еместігін олар жақсы білетін.
Көтерілісшілердің бір тобы Үстірттің солтүстік шығыс жағындағы, Сам құмдарының маңайында жиналды. Олар Өлі— Қолтықтың соры, Күйген денесі, Бейнеу маңына дейін қимыл жүргізіп, күн көру қамын жасады. Доссор ауданының № 32 ауылдары өздерінің басшысы етіп, Жанақ тармағынан Ыстамғазыны, оның көмекшісіне Жеменейдің Кенже тармағынан Тұяқты сайлады. Бұлардың жасақтары 500-ден аса болды дейді.
Көтерілісшілердің ең бір үлкен тобы Үстірттің орталық бөлігінің түстігінде, Сам құмдарынан Қарабауыр бөктеріне қарай шамамен 400 шақырымдай өте шалғай жатқан Қарамая тауы мен көлінің айналасына дейін созылған жерлерге орналасқан. Бұл Қарақалпақстан, Түрікменстан жерлерінен көп алыс еместі.
Осы аталған көтерілісшілер ауылдарын Мырзағали Тынымбайұлы, Айшуақ Жаңайұлы, Дауылтай және осылардың сенімді көмекшілері Мамай Салғараұлы, Өтебай Батынұлы (Қожақұлы), Бәйімбет Жангелдіұлы, Назыр Бекенұлы, Қарабатыр Қаралдаұды, Ерғали Күтегенұлы, Қонғабай және Досандар басқарды. Бұлардың жасақтары бірнеше жүзден құралған, барлығы 2000 адамнан асты деген деректер бар.
Маңқыстау өңіріндегі барлық көтеріліс қозғалысының басшылығына ел алдында беделді, халық қолдайтын, сыйлайтын Мырзағали Тынымбайұлы сайланды. Мырзағали жазалаушылардың үлкен әзірлік жасап жатқан әрекетін сезіп, көтерілісшілердің бастарын біріктіріп, байланыс жұмысын жандандыру мақсатында Маңқыстау түбегіне, теңіз жағалауына қарай, барлығы 500-600 шақырымдай Форт-Александровск қаласынан көп алыс емес бетке, Бозашы түбегіне өзінің көмекшілері Жармағамбет Қожыбайұлын, Қарабатыр Қаралдаұлын, Өткелбай Батынұлын, Ақшолақ Жанайұлын, Жұмабай Үсенұлын, Қоңғабайды, Досанды және басқаларын жіберді. Бұлар осы жерлерде қарсыластардың жаңа топтарын ұйымдастырды. Бұл жұмыс екі бағыттан тұрды. Мұның біріншісі, үлкендеу бөлімі Терістік Ақтаудың түстік жағы, Түстік Ақтаудың айналасы, Қаратаудың батыс және шығыс бетінің елдерін, дұрысын айтсақ, Маңқыстаудың орталық батыс бөлігін түгелімен қамтыды деуге болады. Бұл жердің бастығы болып Жармағамбет Қожыбайұлы сайланды. Қарауында мыңға тарта жасағы бар бұлар түбектің батыс бөлігінің бірқатар жерін алып жатқан Түпқараған түбегінен бастап, оның батыс жағалауындағы Форт-Александровск, Баутино елді мекендеріне, мұның терістік бетіндегі Бозашы түбегіне, Қайдақ сорының түстік және шығыс жағалауына, Қаракешу шатқалының маңына дейінгі айналасы 200-300 шақырымдай жерді қамтитын аумақта көшіп-қонып жүрді.
Маңқыстауда құрылған екінші топ, Шопан-Ата, Бесоқты құдықтарының маңын, Сеңгір кұмының түстік бетін, Бостан Құмының шығыс жағын қамтиды. Осы жерлерге көтерілісшілердің бөлек-бөлек топтары Каспий теңізінің шығыс жағалауына, Қарақия ойпатынан бастап, теңіз жағалауын тегістей, Александр-бай, Кендірлі шығанақтарының арасына дейін күн көріс қамын жасады. Бұл маңда Жұмабай Үсенұлы мен Қонғабайдың басшылықтарымен бір мыңнан аса атты көтерілісшілер болған дейді. Бұл жерлердің аумағы да бірталай еді. Айналасы 200-300 шақырымнан кем емес. Бұл екі беттегі көтерілісшілермен бірге жүрген ауылдар тыныштық көріп, өз шаруаларымен айналысты деуге болмайды. Осыншама ұланғайыр шөл далада болса да, коммунистік және жазалау әскери бөлімдер көтерілісшілерге жоспарлы түрде жазалау шарасын қолданып, соққы беріп отырды.
Көтерілісшілер топтары да осы жаз айларында бұрынғыдан әлдеқайда ұйымдасқандық көрсетіп, ауыл-аймағын қорғауда өздерінің қимылдарын ширата түсті. Көтерілісшілердің бірқатар ауылдары жазаға ұшырап, малдарынан, дүние-мүліктерінен айрылғанмен, қолға түскендері көп болған жоқ. Жазалаушылар көшпенділердің қарт адамдарын, бала-шағаларын тұтқындамай, олардың көбін босатып жіберіп отырды. Олар жазалаушылар үшін артық жұмыс, масыл болатынын және өздері үшін олардың аса қауіпті еместігін түсінді. Дегенмен, көтерілісшілердің ауқымдылығы, олардың саны күннен күнге көбеймесе азаймайтыны бұларды алаңдатпай қойған жоқ. Бұлар осыны байқап, өздерінің әскери күштерін, қару-құралдарын көбейтіп, бір жерден басшылық етіп, көтерілісшілерге қатаң шара қолдануды жоспарлады. Маңқыстау өңіріндегі бұлардың жалпы басшылығы Қазақстандағы өлкелік мемлекеттік біріккен саяси басқармасының ерекше бөлім бастығы Белоноговка жүктелді. Оның басқару орталығы Форт-Александровскіде болды. Бұлардың нақтылы әскери бөлімшелері мен коммунист отрядтарынан басқа ел арасында көптеген жансыздары, тілектестері, қол үшін берушілері де аз болған жоқ. Олардан ел арасындағы жағдайлар жөнінде мағлұмат алып, бұлардың қай жерлерде, қандай әрекет жасап жатқанын, басшылары кімдер, қанша күштері, қару-жарақтары бар екенін біліп отырды. Бұдан тыс өздерінің жауынгер отрядтарынан да, бөлімшелерінен де мәліметтер түсіп жатты. Форт-Александровскідегі орталықтан рация арқылы теңіз бетімен, оның арғы беттерімен байланыс жасалып, жоғарыдан нұсқаулар да беріліп тұрды.
1931 жылдың жазында бұлардың 32 бөлімнен құралған жазалаушылар отрядтары болды. Мұнын жартысына жуығы, 14-ті мемлекеттік біріккен саяси басқармасының әскерінен де басқалары әр түрлі коммунистік ерікті бөлімшелерден партия, комсомол белсенділерінен құралып жиналғандар. Олар еріктілер, белсенділер атанғанымен, әскери тәжірибесі бар командирлер басқарған, қару-жарақтары әскерлермен бірдей қамтамасыз етілген жауынгерлер болатын. Жазалаушылар отрядтарының жалпы саны, 200-ден аса еріктілерді санамағанда 1000 кісіден асты, 12 станокты, 8 қол пулеметі, бір мортирка қысқа мойынды зеңбірек, бір күзетші кеме, 13 жүк машинасы, 2 жеңіл автомашинасы, көптеген жылқы көлігі болды.
— Енді жоғарыдағы көрсетілген жазалаушылар күшінің жалпы кұрамын бөліп-бөліп қарасақ, олардың топтары төмендегідей болған.
Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың сыртқы Кавказ округтік-шекаралық басқармасының бастығы Сумбатов басқарған екі дивизион, Баку жартылай эскадроны және Дағыстан отряды, барлығы 400 жауынгер.
— Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы әскерінің 24-ші полк көмекшісі Оглоды басқарған әскери күзетінің 100 кісілік атқыштар тобы, 70 адамдық мемлекеттік біріккен саяси басқармасының әскері 2 станокты пулеметпен және «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген;
— 100 әскери жауынгері бар, 2 станокты пулеметпен, 6 қол пулеметімен қаруланған Воронежский басқарған Саратов отряды;
— Бұлардан басқа да түрлі отрядтар, жауынгерлік бөлімшелер.
Маусым айында жазалаушылардың әскери күші жоғарыда көрсетілгеннен әлдеқайда көбейді. Бұлар жақсы қаруланғандарын былай қойғанда, барлау жұмысын, ұрыс әдісін жүргізуде де арнайы әскери дайындықтары барлығын көрсетіп, ұйымшылдықпен қимыл көрсетті. Барлау кезінде асқан жылдамдықпен көтерілісшілерге тұтқиылдан шабуыл жасауда көлік күшінің артықшылығын, әсіресе автомашиналарды ұтымды пайдаланды. Көтерілісшілердің қай жерде, қалай қаруланғанын, олардың жылжу бағытын тыңғылықты біліп алып, жазалаушы отрядтар жаз бойы, маусым айынын басына дейін бірнеше жерде көтерілісшілерге қатты соққы берді. Бұлардың қалай, қай жерлерде болғанына көп тоқталмай, басқа деректерді көрсете кетуді жөн көрдік.
1931 жылғы мамырдың 21-інде Каспий теңізі арқылы Өлі— Қолтықтың түстік шығысына 40 кісілік әскері бар Гурьев дивизионы келіп түсіп, барлау жұмысын жүргізді. Осыдан кейін теңіз жағасымен ұзақ жол жүріп, 5 маусымда Кендірлі шығанағының жағасынан бір-ақ шықты. Осы жерден автомашинамен дивизион әскерін терістік шығысқа қарай Бесоқты және Сенек құдықтарына бағыттады. Одан әрі қарай Сенгірқұм және Бостанқұм кұмдары арқылы отряд Қайдақ сорының оңтүстік жағалауымен Қараракешуге келді. Бұлардың жүріп өткен жерлері өте шалғай болғанымен, отрядтың автомашиналары, ат көліктері жеткілікті болғандықтан барлау жұмысы тыңғылықты жүргізілді.
Мамыр айында 8 жүк, 2 жеңіл автомашинамен қарауында 110 әскері бар бір полк, 2 қол, 3 станокты пулеметпен қаруланған және 39 атты әскерімен Форт-Александровскіден Сырма басқарған 68ші дивизион шықты. Бұлар Маңқыстау бөктерінің және Бостанқұм кұмының оң беті мен Бесоқты, Сенек құдықтары арқылы жоғары көтеріліп, Босағаға, Қайғылы-Бабадан шығыс түстікке қарай, Қарқын, Тағылбай, батыстағы Күшетас құдықтарына келді. Осы жерден кейін қарай, батысқа бет алып, Қосакұрық арқылы Қарашек көлінің терістігімен Бесоқты, Сенек құдықтарына қайта оралды. Бесоқты маңында бұларға барлау жасап жүрген Клигман жауынгерлерінің тобы қосылды.
Бұлардың жаздың аса ыссы кезінде осыншама жерді арашауларының бірінші себебі — барлау жұмысы болса, екіншіден, ел арасына үрей туғызып, үркітіп-қорқыту мақсаты да болғанға ұқсайды.
Осыған қарағанда, қарсылас топтардың екі жағы да алдындағы шешуші айқасқа өздерінше әзірленіп қамданғаны байқалды. Көтерілісшілер тобы адам саны жағынан басым болғанымен қару жарақ жоқтың қасы. Олардың барлық әзірлігі жазалаушылардан сытылып шығу, елді аман сақтап, көп шығынға ұшыратпау, қатын баланы жылатпау болды. Бұлар тікелей шабуылға шығып, жауды жеңеміз деген мақсаты қай уақытта да алдарына қойған емес. Олардың мықты қаруы озбырлыққа қарсы ашу-ызасы, халықтың көз жасы, ел қорғап шейіт болған боздақтардың төгілген қаны, осыған ызаланған көзсіз батырлық, қайсарлық, өшпенділік, жауынгерлік күш болатын.
Жазалау топтарының осы жазғы әзірлігі аса зор болды. Көп жақты бағдарламалар жасалды, қару-жарақпен толықтай қамтамасыз етілді. Олардың «көздері мен құлақтары» қай жерде де болғаны анық. Бірқатар жерлерде барлау жұмысын жалғастыра отырып, жазалаушылар отрядтары көтерілісшілермен төрт рет кездесіп, оларға шабуыл жасайды. Енді сол қақтығыстарға толығырақ тоқталайық.
Архив құжаттарының деректеріне сүйеніп, ол қақтығыстардың қалай басталып, қалай аяқталғанына зер салсақ, олар төмендегідей си пат алады.
8-10 маусымда Сенек құдығының маңындағы Қонғабай сарбаздарының бір тобына жазалаушылар отряды шабуыл жасайды. Осы соғыста олардың үш кісісі өліп, екі көтерілісші 50 оғы бар екі бесатар мылтығымен қолға түседі.
19 маусымда Қарқын құдығының басында екі қол пулеметі бар Сырма жазалаушы отрядының бір взводы Қонғабай жасағының 60 кісілік жасағына қарсы соғыс ашып, қанға бөктіреді. Бұл соғыста көтерілісшілердің 7 кісісі өліп, 7 кісісі қолға түседі, 60 оғымен бір бесатар мылтық алынады. Бұл жолы көтерілісшілердің қарауындағы бірге көшіп жүрген бейбіт ауылдар ауыр жазаға ұшырайды. Өздері ала жаздай тыным таппай қуғыншылардан ығысып шаруа жағдайы қатты төмендеген ауылдар 1200 қойынан, 150 түйесінен, 23 жылқысынан, 42 киіз үйінен айырылады. Осы қайғылы соғыстан кейін, өлгендерін, жаралыларын өздерімен бірге алып, көтерілісшілер Қарқынның шығысындағы Қыңыр төңірегіне қарай шегінеді. Жазалаушылардың бұл соғыстағы бір ат қана.
21 маусымда Босаға құдығының оңтүстік бетінде Бәйімбет жасағына 68-ші дивизионның бір қол пулеметі бар, 20 атты әскері бесатар мылтық пен пулеметтен оқ жаудырады. Көтерілісшілер қарсыласуға шамасы келмей, сол жерлердің сай, жықпылын пайдаланып, оқ астынан әрең легенде қашып үлгерді. Соғыс даласында олардың ер-тұрманы мен 9 аты және бір қылышы қалып қояды. Осыған қарағанда көтерілісшілер жасағы, өлгендері мен жараланғандарын алып кетуге үлгермеген болуы керек. Ерттеулі аттарын тастап кету тек осыны ғана дәлелдейді. Архив құжаттарында бұл соғыста қанша адам өлді, қаншасы жаралы болды деген мағлұматтар жоқ. Жазалаушылар әр уақытта соғыс даласында алып кетуге шамасы келмей, қалып қойғандарды ғана шығынға есептейді. Сондықтан да өлген мен жараланғандар санын әрдайым азайтып көрсету де бұлардың саясатының бір астары болғаны анық.
Жоғарыда айтқанымыздай, осы жерлерге көтерілісшілер топтарының шоғырлануы жер ыңғайының қолайлығына байланысты болды. Бұл жерлерде биік төбелер, сайлар мен жыралар, жықпылдар болғандықтан бұлардың шағын-шағын топтары барлау жасап, жазалаушыларды бақылап отырса, екінші жағынан олардан жасырынып, қашып құтылуға да мүмкіншілік болған. Ал бұлардың қанша екенін қай жерлерде орналасқанын білу үшін 24 маусымда Қарқын құдығының маңындағы тау асуына Сырма бір автомашинамен 8 жауынгерін және 2 оперативтік қызметкерлері Чапурин мен Фетисов дегендерді жіберді. Тау асуына жақындағанда оларды көтерілісшілер оқтың астына алады. Фетисов ауыр жарақат алып, лагерьге жеткен соң екі сағаттан кейін қайтыс болады. Автомашинаның жүргізушісі жеңіл жаралы болып аман қалған, бірақ берілген тапсырманы орындай алмаған. Сондықтан Сырма жасырын барлау жүргізу үшін 3 атты жауынгерін екінші рет жіберген. Бұлардың да жолы болмай, лагерьден 12 шақырымдай жерде оларды қамауға алып, екеуін өлтіреді, біреуі аман оралады.
Көтерілісшілер бұл жерлердің ой-шұқырын жақсы білетіндіктерін пайдаланып, жазалаушыларға қосымша күш келмей тұрғанда шабуыл жасауға шешім алады. 24-25 маусымда Босаға құдығынан 12 шақырымдай шығыс бетінде көтерілісшілердің барлық күшінің бастығы Мырзағали Тынымбайұлының жауынгер жасақтары мен 68-нші дивизион әскерінің арасында тәулік жарымға созылған қанды шайқас болады. Бірінші күні жазалаушылардың саны 40 кісідей ғана еді. Бұл көтерілісшілер қолынан 10 еседей кем болатын. Осыны пайдаланып, көтерілісшілер жазалаушылар отрядын үш жағынан қоршауға алып, шұғыл шабуыл жасайды. Бірақ қарудың, соның ішінде атыс құралының аз болғандығынан, шабуылдың асығыс басталып, ұйымдастыру басшылығының кемістігінен ешқандай нәтижеге жете алмайды. Түнге қарай соғыс бәсеңдейді. Келесі күні соғыс қайтадан басталады. Жазалаушылар соғысқа110 кісілік, 3 станокты, 2 қол пулеметпен қаруланған әскерлерінің келуін пайдаланып, барлығын соғысқа қосады. Бұл күнгі ұрыс ұзаққа созылады. Мұндай ұзаққа созылған атысқа көтерілісшілердің мүмкіншілігі аз екені белгілі. Бұларда атыс құралы мардымсыз, мылтықтары аз, оқ дәрісі санаулы. Мұндай күшпен жақсы қаруланған жазалаушыларға қарсы түру амалсыздық болатын, Жау жағынын қаруы, кісі басына бесатар, пулеметтер өз алдына. Көк ала қару асынған әскерлері — атыс құралын жақсы меңгерген, арнайы әскери әзірліктен өткен, соғыс амалын білетін, тәжірибелі жауынгерлер.
Қазақтар ерте заманнан бері қарай жауға ат үстінде қолма-қол найзамен, қылышпен қарсы тұрған. Сондықтан өз қаруларының мардымсыз жағдайын ескерген көтерілісшілер атысып ештеме шығара алмайтынын біліп, неде болса оққа қарсы, төтен ерлікке бел байлап, көзді жұмып ашық шабуылға шығып, қардай бораған пулемет оғына шапты. Бірақ бұдан ештеме шықпайтыны белгілі болатын. Бірден-ақ шабуылшылардың қатары бұзылды, жақындауға шамасын келтірмеді, құлаған аттар мен адамдардың көптігін көрген жасақшылар шегінуге мәжбүр болды. Асығыста оқ астынан 3 өлігін, 3 жаралы жолдастарын алып кете алмай, жау қолына тастап, Қарқын құдығының маңына қарай ығысты. Екі күнге созылған соғыстың салдарынан ба, болмаса шала таныс жерде көтерілісшілердің соңына түсуге сескенді ме, Сырма жауынгерлері бұларды қумады. Соғыс даласында қалғандардың біреуі Мырзағали Тынымбайұлы болып шығады. Кейіннен жоғарғы орындарға жіберген хабарламада көрсетілгендей Мырзағали ауыр жарақат алып, лажсыздан соғыс даласында қалып қойған. «Бірақ қаруын тастаудан бас тартып, оғы таусылғанша атысты,— дейді де, содан кейін неге екені белгісіз, атуға оғы жоқ, жаралы кісіні — Оның тірідей қолға түспейтінін түсінгеннен кейін Мырзағалиды қылышпен шауып өлтіруге тура келді», — дейді.
Мырзағали Тынымбайұлы тағы басқа ел азаматтарының барлығы да халық үшін қан төккен, беделді, қадірменді адамдар болатын. Сондықтан осындай атақты азаматтардың бірі Мырзағали сынды ерлер бұл өмірден жау мазағына, азабына қалмай, осылай көш айтысып, туған жер топырағында қалған.
Бізде Мырзағали жөнінде деректер жоқтың қасы. Сол кезде онымен бірге болған адамдардан ешкім қалған жоқ. Ел аузынан азын-аулақ естіген естеліктерге сүйенсек, ол өте батыл, батыр болған адам. Оның батырлығы, ақылдығы басшы болғаны осы көтеріліс кезінде бірнеше рет дәлелденген. Оның үстіне ел басқару қабілеті де үлкен болған. Оны бүкіл Маңқыстау өңіріндегі көтерілісшілердің басшысы етіп тағайындаудың себебі де осыдан болса керек.
1997 жылы кездестірген Жаңа—Өзен қаласының тұрғыны 82 жастағы Мұса ақсақал 1931 жылы 13-14 жастағы бала екен. Ол кісі сол Мырзағалидың қорғауындағы ауылдардың бірінде болып, соғысқа қатынаспағанымен, айтып отырса, басынан кешкен ауыр, азабы, өлген, жаралы болған, қасірет шеккен халықтың ішінде болғаны, кейін жер ауып, түрікмен жеріне кетуі, одан 1990 жылдары қайта туған еліне оралуы — бір хикая.
Мұса ақсақал Мырзағалиды жақсы білетінін, оның Адайдың Құнанорыс тармағынан, аты Мырзалы, Тынымбай оның атасы, өз әкесінің Құлмағамбет екенін айтқан. Мырзалы 5-6 ағайынды болған, бәрі де көтеріліске белсенді түрде қатынасқандар. Мырзалының бір баласын біледі екен. «Ол да сол дүрбелең жылдары жоқ болып кеткен болуы керек», — дейді. Оның екінші баласы орыс ұлтынан. Оны Қоңырат базарында құлдықта жүрген жерінен сатып алып, өзіне бала еткен. Оның атын ұмытып қалыпты. Кейінгі тағдырынан да ештеме білмейтінін айтып, өкінді. Мырзалының ел ішінде қадірлі азамат болғанын, оны халық хан атағанын, ереуіл жауыздықпен басылғаннан кейін елдің көбі қолға түсіп, Үстірт үстімен Гурьев қаласына айдалғанын, олардың тағдырын көп білмейтінін айтты.
Бір ғана айтқаны: Мырзалы жау алдында бас имей, шыбын жанын пида етіп, ақырғы оғына дейін жауға атып, қылышын сермеген. Бұлардың қолына түсіп, Досан бабалары сияқты абақтыда шіріп, жендеттердің қолында өлгеннен айқаста өлгенін артық көріп, оғы таусылып, жаралы болғанда да берілмей, жау қылышы басын кескенше күрескен.
Осы Мырзағали үшін болған соңғы соғыста оны кескілеп өлтірудің мәнісін қалай түсінуге болады? Өзі жаралы, атуға оғы жоқ, қылыш сермеуге әлі жоқ Мырзағалиды қылышпен шауып өлтіру жауыздықтың барып тұрған шекті шегі десек те, мұны өшпенділіктің ызасы десек те, адамшылықтың арынан айрылған айуандық деп түсінсек те, болмаса, бұратана халыққа көзқарастың бір көрінісі десек те, әйтеуір кім білсін, өлім халінде жатқан кісіні шауып тастауды жәйдан-жәй түсіну қиын. Жазалаушылардың мұндай адам айтқысыз қаталдығы амалсыздан істеген іс емес, әдейі жасалған жауыздық. Кезінде мұндай жағдайды тек басына қайғы түскен Маңқыстау қазақтары ғана түсінді, ал басқа халықтың көбі түсінген жоқ. Қазақ үшін, соның ішінде адай еліне кейіннен келген геноцидтің бастама нышаны десек артық болмас. Осы көтерілістің барысында қанша халық қырылып, қуғынға тап болса, оның арты ашаршылыққа ұшырады, ел азып-тозып қаңғырып кетті, ұсталып жоқ болды. Қалғандары екінші дүние жүзілік соғыстың құрбаны болды. Сонда мұны геноцид демегенде не дейміз? Осындай геноцидтік қуғын-сүргіннің жалғасы осы соңғы соғыс кезінде де жалғасқан. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Форт-Шевченко тұрғыны Исатай Сисенбаев соғыста орасан зор ерлік көрсетіп, ол Кеңес Одағының батырлығына ұсынылады. Бірақ оған орден берумен шектелген. Мұның бір сыры «кешегі үкіметтің жауының ұрпағына бұл артықтау болар» деп шешкені де осы геноцидтің бір ұшқыны болмаса не қылсын.
XII ТАРАУ
Мырзағали Тынымбайұлы бейнесін жан-жақты толық ашуға бұдан артық деректеріміз болмады. Осы еңбек жарық көріп, ел арасына тараса, оқырмандар ішінен Мырзағалидан қалған ұрпақтар немесе оның туған-туыстары шығып қалар деген үміттеміз. Ондай мүмкіндік туа қалса олардың білетінін жинақтап, осы бір сом тұлғаны халқымызға таныту кімнің де болса құрметті парызы болар еді.
Екінші бір азамат көтерілісшілердің басшыларының бірі болған Қаралдаұлы Қарабатыр да жәй тұқымнан емес-ті. Оның әкесі Қаралда Саламатұлы Жеменейдің бес Өрдегінің Бөкен тармағынан. Қаралда үлкен күш иесі, балуан адам екен. Ел арасында «күшті болсаң, нән болсаң Қаралдадай бол» деген сөз бар.
Осы кісі жайындағы ел ішінде қалған бір естелікті еске салған марқұм Алшын ақсақал болатын: Қаралданың бурасы су ішемін деп шыңыраудың аузына басын салғанда, басы тас өйкелге кептеліп, ілініп қалып шығара алмайды. Қаралда бурасын тартқанда, оны әйкелмен бірге көтеріп алып шыққан дейді. Сол Қаралда балуанның немересі Қарабатыр да алып күштің иесі болған екен. Ол көтеріліс кезінде өлді ме, немесе ұсталып кетіп жоқ болды ма, бізге белгісіз. Сөйтіп, есіл ерлер ұрпағы осылай із-түзсіз кеткен.
Әйкелді таудың тасынан дөңгелентіп өңдеп, ортасын қауға сиятындай етіп тесіп, құдықтың аузына жабады. Бұлар бірінің үстіне бірі қойылады, биіктігі құдықтың аузынан жарты метрдей жоғары, астаудың аузынан сәл биіктеу болады. Әйкел құдықтың ішіне шаң, топырақ түсірмей мықты әрі таза ұстау үшін жасалады.
Мырзағали жасақтарымен болған қанды шайқас жөнінде Қазақстан мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілетті өкілдігіне тағы басқа жоғарғы басшы орындарға жіберген хабарламасында Белоногов: «Көтерілісшілер ашық шабуылға шыққан кезде Қолқанаттан пулеметтерден оқ жаудыру нәтижесінде олардың жалпы шығыны 60-100 адамнан кем болған жоқ», — деп, өздерінің бір өтірігін өздері әшкерелейді. Хабарлама авторының айтуынша, көтерілісшілер, өлгендер мен жараланғандарың алып кетуге үлгерген. Шайқас даласында алып кетуге үлгере алмағандары ғана қалған. Жазалаушы Сырма отрядының қолына төрт орыс, екі ағылшын, он атар қарабин мылтығы, екі тапанша, үш жүз оқ бұдан басқа көтерілісшілердің көптеген отбасы, барлық мал-мүлкі түгелдей түскен. Хабарламада, тағы басқа да құжаттарда бұлардың саны қай мөлшерде екені көрсетілмеген. Дивизионның үш жауынгері өліп, екі кісісі жараланған. Түстіктегі Мырзағали Тынымбайұлы басқарған көтерілісшілер жеңіліс тауып, оларды паналаған ел қатты күйзеліске ұшырағаннан кейін, қолға түскендерінен басқасы бытырап, бөлек-бөлек ауылдар өз қамын ойлап, әр жерге көше бастады. Бұлардың да бірқатары жазалаушыларға тап болып, малдарынан айырылып, зардап шекті, күн көрісі төмендеді. Орталыққа қарай, теңіз жағасындағы Форт-Александровск қаласының маңына жетсе, тұрмыс жағдайы жеңілдеу болар деп үміт қылды. Бірақ қанша отбасы келгені жайлы деректер архив құжаттарында жоқ.
Бұл өңірдегі елдердің де жағдайының оңып тұрғаны шамалы болатын. Әсіресе түбектің батысында және сол жерлердің маңындағы ауылдардың көтерілісшілерін басқарған Жармағамбет Қожыбайұлының жасақтары елдің азық-түлік, киім-кешектен зарығып, қиындық көре бастағандығынан маңайындағы өкіметтік, қоғамдық шаруашылықтарға, кооператив тіректеріне шабуыл жасап отырды. Бұлардың мұндай тіршілікке баруына халықтың қиыншылық көріп, аштық жалаңаштық қаупінің төнуі, осыған байланысты ауру-сырқаудың көбеюі бірден-бір себеп болды. Былтырдан бері қарай көтерілісшілердің қарауындағы. елге де, олардың маңайындағы бұлармен байланысы жоқ момын ауылдарға да, соның ішінде отырықшы жатақтарға да үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Бұлар да көтерілісшілерді қолдаушылар деген шылаумен керісінше жазалаушылардан қысым көріп, жазаланып отырған. Бұлардың көбі жарлы, малдары жоқ кедейлер еді. Осындай қиыншылықтан қалай құтыларын білмеген олар аштан өлместің жолын тек қана көтерілісшілерге қосылып, олармен бірігіп дайындау тіректері мен балық өндірістеріне шабуыл жасап отыру деп білген. Осы сияқты елге жабатын жалалы мәліметтер (өтірік-шынын кім білсін), архив құжаттарында баршылық. Осылардың бірнешеуін келтіре кетсек артық болмас. Мамыр айында Бозашы түбегіндегі халықтан жинап, дайындалған үш мың қойды олжалап кеткен. Форт-Александровск қаласының маңында екі кооперативтік тіректі тонап елден жиналған бес мыңдай малды алып кеткен. Маусым айының басында Форт-Александровскіден 60 шақырымдай жерден 200 жылқыны қуып кеткен. Жағдайдың шиеленісіп, шабуылдың жиіленуі өкімет әкімшіліктерін, жазалаушы отрядтарының басшыларын сескендіре бастады. Бұлардың барлық әскерлері мен ерікті отрядтарының қызметкерлері жорықтарда, қаладан жырақтау жерлерде жүргендіктен халықтан зорлықпен жиналған 20 000 қой-ешкіні, 1500 түйе мен жылқының аман сақтап қалу қамын ойлап, барлық малды Форт-Александровск қаласына жинап бағу керек деп шешеді. Бірақ мұны орындау да оңай емес еді. Маңқыстаудың жағдайында, оның ішінде қалада осыншама малды бағу қиынның-қиыны болатын. Осыны пайдаланып және қалада әскери топтардың жоқтығын білгеннен кейін Жармағамбет Қожыбайұлы 23 маусымда мың қарулы жасағымен Фортқа шабуыл ұйымдастырады. Бұларға тек қана қала әкімшілігі, белсенділер қарсы тұрады. Архив құжаттарының деректерінде көрсетілгендей бұлардың 60 бесатары, 40 шақты аңшы мылтықтары болған. Олар өкімет орындарын, банкіні, кооператив пен сауда орындарының қоймаларын, абақты үйін, радиостанциясын қорғап қалған. Көтерілісшілер 8 жекеменшік үйді, кооператив тірегін, өндіріс тресін өртеп, тонаған. Жергілікті әкімдерді жәбірлеген, ұрып соққан. Барлық малды айдап кеткен. Екі белсенді өліп, біреуі жаралы болған. Өздері отыз шамалы адамдарынан өлідей, жаралыдай айырылған.
Жармағамбет жасақтары қаланы ала алмайтынына көздері жетіп, көп шығынға ұшырайтынын байқап, мал-мүлікті олжалап, қаланы тастап үш топқа бөлінеді. Мұның біріншісі бір мыңдай шаруашылықты қорғауға алып, Қаракешу арқылы Үстіртке қарай көшті. Қайдақ сорының оңтүстік жағасымен Қаратүйе мекеніне жетіп, одан әрі қарай жылжыды. Көш өте ауыр, жол жүру қиыншылықтары халықты қатты қинады. Ешкіқырған құдығында бұлар Ақшолақ Жанайұлы жіберген Өткелбай Батынұлы басқарған екі жүз кісілік жасаққа қосылып, көш көлігіне біраз демалыс берді. Осыдан кейін Агото құдығының маңымен Қарабауыр құламасын бетке алады. Бұл жерде бұларға Ақшолақ, Қонғабай, Бейімбет, Досан басқарған ауылдар мен жасақтар бірікті. Осы тұста Мырзағали отрядының жазалаушылардан қашып құтылған жұрнағы да келіп қосылды.
Ауызбен айтып, қағазға түсіру оңай болғанымен, бірінші топтың Фортты тастап, мыңнан аса ауыр көшпен Үстірттің үсті, шөл даламен жаздың нағыз ыссы кезінде Қарақалпақ шекарасына қарай Қарабауырдың құламасына дейін көшуі қияметтің қайымы екені даусыз. Бұл мезгіл көшпенділердің көшетін уақыты да емес екендігі белгілі. Көше қалған күнде бейбіт кезде жазғытұрым бұл ауылдар жайлауға терістікке қарай Жем, Сағыз, Қайнар, Ойыл өзендерінен әрі қарай салқындау жерлерге көшетін. Бұларды осындай жағдайға жеткізіп, қуғыншылыққа ұшыратқан үкіметтің жазалаушы отрядтарының екпіні еді. Бұл ауылдардың 1000 шақырымдай күнге қарсы көшуінің басты себебі де осы қуғыншылардан құтылудың амалы болатын. Көшкен елдің бала-шағасы, жасы жеткен қарттары ауруға шалдықты, шөлге, ыстыққа шыдай алмай елімге ұшырады. Оған азық-түлік тапшылығы қосылды. Жаз кезінде малдың сүтімен күн көретін көшпенділер көшіп-қонып жүргенде, сауын малдары төлдерімен бірге айдалып, бала-шағаға сүт болмады. Соның салдары сәбилер арасында әртүрлі аурулардың көбірек етек алуына соқтырып, балалардың шетінеуі көбейді.
Бірінші топқа қарағанда сан жағынан аздау болғанымен екінші топтың кұрамы да әжептәуір болатын. Бұлардың баратын жерлері аса алыс емес-ті. Бұлар Бозашы түпкіріне барып, 27 маусымда Долги жарты аралындағы балық өндірістерінің дүние-мүлкін олжалады.
Үшінші төл өздерінің шаруа отбастарымен, азғантай ғана 60 шамалы жасақтарымен теңіз жағалап, түстікке кетті. Шаруашылық жағдайлары төмендеген бұл ауылдардың да жалғыз-ақ мақсаты Александр-Бай шығанағындағы балық, тағы басқа да өндірістерге шабуыл жасап, жүректерін жалғап, олардан азық-түлік алып, тұрмысқа хәлі төмендеген ағайындарына бөліп беру болатын. Соңғы екі топтың ауылдары бірінші топтың көрген қиыншылықтарын, ауыр азабын көрген жоқ. Үшінші топтың барған жерінің қашықтығы 500-600 шақырымдай болғанмен, теңізге жақын жағалаумен көшудің қатты қиыншылығы болмады. Дегенмен жайшылық уақытта көшу мен жаугершілік мезгілде көшіп-қонудың айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі. Ел өне бойы қорқынышта, үрейде, қай жақтан, қай уақытта қуғыншылар келіп қалады деген секемде болды.
Тағы бір деректерге қарасақ, мемлекеттік біріккен саяси басқармасы әскерінің 24-ші полк командирінің көмекшісі Оглоды басқарған Баку отряды 27 маусымда Форт-Александровск қаласына жетіп үлгерген. Бұлардың мақсаты — шұғыл түрде Форт Александровскінің айналасын, терістік, түстік беттерін елу шақырымдай қаланың айналасын көтерілісшілердің қайталап шабуыл жасау қаупінен қорғау еді. Сонымен бірге жазалаушылардың Форт-Александровск қаласының терістік бетіндегі көтерілісшілердің шағын топтарын бір-бірлеп жою да ойларында болған.
Маусым айындағы қалаға шабуыл жасап дүрліктірген көтерілісшілердің үлкен бір тобы Бозашы түбегінде балықшы өндірістеріне де тыныштық бермей кооператив мүліктерін олжалап жүрген. Міне, осылар қалаға қайта орала ма деген қауіп те бар болатын. Сондықтан Оглоды отрядының Шматков және Ефименко басқарған жауынгерлері Бозашы түбегіндегі көтерілісшілердің соңына түсіп, соққы беруге кірісті. Сол маңдағы кездескен ауылдарды талқандап, малдарын талап, адамдарын жәбірлеумен айналысты. Соның бірі 29 маусымда Бозашы түбегінің түпкірінде, Қайрының батысында 25 жауынгерден тұратын Ефименконың бөлімшесі бір топ көтерілісшілер жасағымен кездесіп, бір азғантай атысқаннан кейін қазақ жасақтары шығынға ұшырамай жасырынып үлгереді. Жазалаушылар осы маңда көшіп жүрген Жылыой ауданының №26 және №27 ауылдарының 23 адамын банды кұрамының «белсенді қолдаушылары» деген айыппен тұтқындады.
Біздің жазып отырған деректеріміз архив құжаттарында сақталған жазалаушылар отрядының командирлері, солардың басқа да басшыларының жоғарғы орындарға жазған хабарламаларынан алынды. Бұл деректердің қаншалықты шындыққа саятынын кім білсін. Қызыл империяның үстемшіл, әкімшіл-әміршіл әдеті бойынша бір жақты дәріптеліп жазылуы да мүмкін. Оған күмән келтірудің қажеттілігі де жоқ екені белгілі. Осыған дәлел мемлекеттік біріккен саяси басқармасының, оның жергілікті әкімшілігінің сол кездегі жазып кеткен деректерінің көбі өрескел бұрмаланып, әсіресе көтеріліс жөніндегі мәліметтерде ешқандай әділеттік, шындық жоқ екені кейін ғана анықталды. Ол көзді жұмып қойып өтірік айту, немесе біреуге жала жабу әдеті еді.
Десек те, қолымызға түскен архив құжаттарының тағы да бірнеше деректерін жарияламай кетуге болмас. Бұл деректер тек қана көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында болған қақтығыстары мен соғыстары жөнінде.
Бір станокты пулемёты бар «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген 96 жауынгерлік Шматков отряды 4 шілдеде Кочак шығанағының терістігінде, Шәудір құдығының теңіз бетінде 90 кісілік жасағы бар көтерілісшілермен кездесті. Соғыс көпке созылмай, бұлар 17 кісісінен өлідей айырылып, 10 адамы жараланып, елу адамы жау қолына түсіп, қатты жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілерден 33 мылтық, (қандай екені айтылмаған) алынды. Көптеген малынан, дүние-мүлкінен айырылды. Шматковтардың бір кісісі ғана жаралы болды.
Форт-Александровск қаласының терістік бетіндегі, теңіз жағасына, Бозашы түбегінің маңына шоғырланған көтерілісшілер жазалаушылардың қарулы күшіне төтеп бере алмады. Жазалаушылар жедел шара алып, тыңғылықты әзірлік жасап, 10-15 күннің ішінде көтерілісшілердің бірнеше топтарын толығымен жойып жіберді. Сөйтіп, бұл тұстан енді Форт-Александровскіге көтерілісшілердің тарапынан шабуыл жасау қаупін жойды.
Жазалаушылар терістік батыс теңіз жағасындағы, Бозащы түбегіндегі көтерілісшілердің қимылын біржола басқаннан кейін, Маңқыстау түбегінің басқа жеріндегі соның ішінде Сам құмының маңайындағы көтерілісшілер қозғалысына қысым жасай бастады. Бұл жерлердегі оперативтік қызметкерлер Криворучко, Мостовой, Токарев, Рахматуллиндер басқарған отрядтар тұс-тұстан көтерілісшілерді қоршауға ала бастады. Бұл маңдарда бірнеше қақтығыстар болды.
Көтерілісшілердің ол кездегі басты мақсаты жазалаушылардан қалайда құтылып кетудің қамы болатын. Бірақ олар құрған қақпаннан аман қалу бұларға қиынға соққанын тағы бір мысалмен көрсете кетейік. 12 шілдеде Сам кұмының терістік шығысында барлауда жүрген Мостовой отрядымен кездесіп қалды. Мостовойдың отряды барлығы 18 кісіден болғанымен, қаруларына сенген болу керек, оңай олжаға тап болдық деген оймен ұрысқа кірісті. Айқас 9 сағатқа созылды. Отряд қатты жеңіліске ұшырап, 18 жауынгерінің 13 жоғалтып, 5 кісісімен Мостовой әрең дегенде қашып құтылды. Бұл жылға созылған қақтығыстарда жазалаушылардың бірінші рет жеңіліс табуы еді.
Қайдақ сорының шет жағында Өтес, Қызылтас, Қызылсай маңында орналасқан 200-250-дей жасақтары бар көтерілісшілер Сам кұмының батыс жағындағы көтерілісшілерге қосылу мақсатымен Өлі Қолтықтың жағалауы арқылы терістікке қарай жүруі керек болды. Бұл екі араның жол қашықтығы 250-300 шақырымдай болғанмен, Бейнеудегі Рахматуллин басқарған коммунистік отрядпен кездеспеу мүмкіншілігі жоқ-ты. Себебі Бейнеудің түстігімен жүрсе, шала таныс, елсіз, шөл далада су тапшылығына тап болатынын бұлар білетін. Олардың Бейнеуге соқпай кете алмайтынын Рахматуллин да сезген. Сондықтан ол Мостовой сияқты жеңіліске ұшырау қаупінен сескеніп, барлығы 47 кісіден тұратын өз отрядының көтерілісшілер күшінен 5-6 еседей аз екенін мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Гурьевтегі оперсекторына хабарлап, солардың келісімімен Бейнеуден көтеріліп қолын 200-250 шақырымдай қашықтықтағы Сарқырамас, Прорва, одан әрі Қаратон өндірісінің маңына қарай алып кеткен.
Мамыр айының ортасынан шілде айынын аяғына дейін бүкіл Маңқыстау өңірінде, соның ішінде терістік Үстірт, Жем өзенінің бойындағы көтерілісшілер бірнеше рет жеңіліс тауып, жазаға ұшырағанын есепке алмай, жазалаушылар отрядының басшылары жоғарғы орындарға хабарлама жасап, «көтерілісшілер қозғалысы әлі де болса бәсеңсіген жоқ, олардың жасақтары және бұларды қолдаушылар жеткілікті» деп, қосымша әскер, қару-жарақ, көлік, азық-түлік сұрап жатты. Дұрысында бұл кезде бүкіл Адай округі екі топқа бөлінген. Біріншісі жазалаушылар және бұларды қолдаушы әкімшілік кеңес, партия белсенділері. Ал жалпы округ халқы, соның ішінде көшпенділердің көпшілігі көтерілісшілердің жағында болды. Бұлар ашық қарсылық көрсетіп, қару алып соғыспағанмен, көтеріліс топтарынан бөлініп кетуге мүмкіншілігі болмады. Бұлай жасауға жазалаушылар жол бермеді. Жайына көшіп жүрген бөлек-бөлек бейбіт ауылдардың барлығын банды есебіне санап, жазалап, малын, тағы басқа да дүние мүлкін тартып алып отырды.
Бір қырсық тап болса, екі пәле өзінен өзі жабысатын әдеті ғой. Осыған орай, халықтың «жұт жеті ағайынды» дегені бекер айтылмаса керек. 1931 жылдың жазы басталысымен Үстірт үстінде ауа райы әдеттегісінен әлде қайда ыссы болып, елге айтарлықтай ауыртпалық әкелді. Су азайып, жайылымдар ерте күйіп, малға өте қолайсыз болды. Судың азаюы көшпелілерді құдықтардың, бұлақтардың маңайларына шоғырлануға мәжбүр етті. Осының салдары жайылымдардың жылдам тозып, малдың азып, арықтауына әкеліп соқтырды. Елдің әлеуметтік жағдайы төмендеді, сауда-саттық жасайтын мүмкіншілік сірә жоқ, азық-түлік таусылып, ашаршылық қаупі туды, түрлі ауру-сырқау көбейе бастады. Мұның бәрі халықтың рухын түсіріп, шешімін кеміте бастады. Табиғаттың қатаңдығына шыдай алмай, көшпелі ел Маңқыстау ойпатына, теңіз жағалауына ойысуға мәжбүр болды.
Көтерілісшілердің тұрмыс күйінің нашарлауы, қиыншылыққа тап болып амалсыздан ойға түсуі жазалаушыларға «іздегенге — сұраған» дегендей болды. Бұларды енді шөл даладан іздемей өздерінің негізгі базасынан алыс емес және жауынгерлеріне таныс, ұрымтал жерлерде қарсы алып, ұтымды соққы беруге қолайлы жағдай жасады. Сөйтіп, көтерілісшілер қаралаушылар қақпанына өздері келіп түсті.
Осыған қарамастан Маңқыстау өлкесінің жазалаушылар басшысы Белоногов көтерілісшілер қозғалысын бір жола жылдамырақ қатаң түрде басып тастау үшін тыңғылықты түрде жоспар жасап, оны Қазақстандағы мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілетті өкілдігіне жіберген. Ол көтерілісшілер қозғалысының әлі де болса күші ауқымды екенін айтып, республикалық біріккен саяси басқармасының өкілетті өкілдігінің сол кездегі бастығы Даниловскийден, оның орынбасары Рогозиннен 200 кісілік тұрақты әскер жіберуін сұрады. Бұл жерде айтпай кетуге болмайтын бір қитұрқы саясат Белоногов қазақтың қарсылығын қазақтардың өздерімен басу үшін Маңқыстаудағы өлкелік партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің өкілдері Мендешев пен Асылбековтың қолдауына сүйенді. Сол кездегі ұлттық атты әскер полкінің командирі Маңқыстаулық Төлесін Әлиев болатын. Полк толығымен тек қазақ жастарынан құралғаны белгілі. Белоноговтың бұл жоспарлы бағдарламасында оның қарауындағы әскерлер мен коммунистік отрядтар Еуропалық ұлттан құралғандар, сондықтан жергілікті халықтардың арасында наразылық тууы мүмкін деп сендірмек болып, өзінің ұлттық атты әскер полкынан 200 жауынгер қазақты жіберуін сұрайды. Мұндай саясаттың түпкі мақсаты айдан анық еді. Қазақтарды қазақтарға қарсы қойып, өздерінін күшімен басу. Оның басшысын жергілікті Адай руынан шыққан Әлиевке жүктеуді сұрауы сұрқиялықтың барып тұрған арғы шегі емес пе?
Бұлар бұл мәселеге қатты мән берген, осыны дәлелдейтін бір құжатты келтіре кетейік. І-ші шілдедегі Форт-Александровскіден Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голошекиннің атына Мендешев пен Асылбековтың және мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Гурьевтегі оперативтік секторының бастығы Калашниковтың жіберген жеделхатында жалпы жағдайды хабарлаумен қатар ұлттық атты әскер дивизионын жіберуді сұрайды. «Жағдайдың өте маңыздылығын ескеріп, операцияны ұлттық атты әскердің күшімен жүргізу саяси орынды деп есептейміз. 22 маусымдағы секретариаттың қаулысы бойынша атты әскер дивизионын жолдас Әлиевтың басқаруымен жіберуді сұраймыз. Дивизион 5-ші шілдеде Красноводск қаласы арқылы түскені жөн»,- дейді. (сл. дело № 17, арх. 8184 т. 7 л. д. 561)
Бұған қарағанда Мендешев пен Асылбеков, Калашников, операцияның бастығы Белоногов барлығы да ұлттық атты әскерінің дивизионын жіберуді сұраумен қатар, сол полктың командирі Әлиевтің келуіне аса зор көңіл бөліп, сұрағаны айқын көрініп тұр. Мұның себебін айтпағанмен, «бұл саяси орынды болады» дегендеріне қарағанда, олардың түпкі ойы қандай екені белгілі, әйтеуір Әлиевті қалай да осы шешуші айқасқа тарту қажеттігі екені айдан анық.
Әлиев Маңқыстауға келді ме, көтерілісшілер қозғалысын басуға қатынасты ма, ол жөнінде архив құжаттарынан мәліметтер кездестіре алмадық. Шешуші айқастың қалай өткенін, оның қай уақытта басталып, қалай өткенін, оның қай уақытта басталып, қалай аяқталғанын анықтайтын мәліметтер де жоқ. Сондықтан бұл жағдайлардың бір-бірімен байланысты болуы мүмкін. Мұндай мәліметтер архив құжаттарыңда болуы болған, бірақ олардың таптырмай кетуінде де бір сыр бар сияқты. Бұл тегін емес. Белоноговтын дәлелдеуінше, оның қарауындағы әскерлердің және басқа қосымша күштерінің ішінде қазақтар аз дегені де шындыққа келмейді. Қазақтардан құралған коммунистік отрядтарда Қазақстанның басқа жерлерінен, соның ішінде, Гурьев, Ақтөбе округтерінен шақырылған қазақтар аз болмаған. Архив құжаттарында Алдияров, Гафиатуллин, Насыров, Рахматуллин, Үмбеттияров, Омарходжаев, Халилов тағы басқалар отрядтарды басқарды деген деректер кездеседі. Бұлардан басқа да барлық отрядтарда, бөлімшелерде оперативтік қызметкерлер, тілмаштар, жол көрсетушілер, барлау жұмысын жүргізуші қазақтар болғаны анық.
Белоногов жоғарғы орындардан қосымша күш сұраумен қатар көтеріліс қозғалысын жылдамырақ басу мақсатындағы жоспарлы бағдарламасында мына төмендегідей басты-басты мәселелерді тілге тиек еткен:
— Біріншіден, көтерілісшілерді Түрікменстанға, Қарақалпақстанға жібермеу үшін операцияны сол шеттерден бастау;
— Екіншіден, бұл үшін барлау жұмысын күшейту;
— Көтерілісшілер топтарының басын біріктірмеу үшін, барлық топтарға бір мезгілді шабуыл жасап, олардың нақтылы күштерін жойып жіберу;
— Барлық Маңқыстау өңіріндегі, теңіз жағасындағы, өндіріс, балық орындарындағы қоймаларды, мал, шикізат одақтарын сенімді қорғауға алу;
— Ең басты мәселе Түрікменстан мемлекеттік біріккен саяси басқармасының отрядтарымен байланыс жасап, ол жерлерге өтіп кеткендерді жазалап, кейін қайтару;
— Көтерілісшілер арасына беделді ақсақалдары, басшы ел азаматтарын жіберіп, олардың ішіндегі ру басшыларымен байланыс жасап, көтерілісшілердің қарсылығын тоқтату, болмаса іріткі салып, ел бірлігін бұзу;
Бірақ мұндай жұмысты қай уақытта жүргізу жөнінде қандай шешім алғаны белгісіз. Бұл шешуші айқастан бұрын жүргізілген деп тұжырым жасауға болады. Құжаттарға қарағанда бұлардың барлау жұмысы, агентуралық әрекеттері ел арасында, көтерілісшілер жасақтары мен топтарының ішінде белгілі бір бағытта, жоспарлы түрде жүргізіліп отырғаны анық.
Жазалаушы отрядтары, олардың жоғарыдағы басшылары барлаушы топтарының деректеріне сүйене отырып, Маңқыстау түбегінде, Үстірт үстінде, шығыс және түстік беттеріне, Қарақалпақ, Түрікменстан шекарасына дейін бір мезгілде, бірнеше жерден көтерілісшілерге соққы беру үшін, Белоноговтың жоспары бойынша, Форт Александровскіден ең қашық жатқан Қарақалпақ шекарасына жақын жерлерді де қамту мақсатымен Кендірлі шығанағы бағытында Бесоқты, Қарқын құдықтары арқылы Тағылбай және Күшетас құдықтарына қарай шығу 170 әскери құрамы бар бірінші отрядқа тапсырылды. Бұл жорық ең үлкен, баратын жерлері ұзақ, алыс жол болатын.
100 жауынгері бар екінші отрядқа Форт-Александровскі, Қара түйе мекені — Ешкі қырған құдығы — Бесшыңырау, болмаса жағдайға қарай, Қоса— Құрық құдығы бағыты бекітілді. Бұл бағыт бірінші отрядтың терістік жағымен жүріп отырып, Бейнеудің түстік беті арқылы Үстірттің орта бөлігін түгелімен қамтуды көздеді.
70 жауынгері бар Рахматуллин және Мостовойдың біріккен үшінші отрядына Күйкен мекені мен Бесшыңырау, Бейнеудің түстік жағымен Қарабауырдың терістік орталығын алып, Қарақалпақ шекарасына дейінгі бағытта соққы беру, содан кейін жағдайға қарай екінші отрядпен хабарласу тапсырылды.
Төртінші Аральск біріккен отрядының оперсекторы Әжібай шығанағынан Барса-Келмес сорына қарай жүретін жолмен Күшетас құдығына қарай бет алды.
Бұл жерлерді қамтудың да өзінше үлкен мәні болатын, бұл Қазақстанның Қарақалпақстанға шығатын шет жағы. Сондықтан шет елге өтіп кету үшін көшіп жүрген ауылдарды кейін қайтарып, бірінші, екінші, отрядтардың жүрген жерлеріне қарай елді қайыру мақсатымен жоспарланған жұмыс болатын. Бұл бағытқа, егер керек болатын болса, үшінші отрядтың жауынгерлері де бұрылып, екінші отрядпен хабарласу тапсырылған.
Осындай жан-жақты қаралған жоспар бойынша Белоноговтың қарауында жақсы қаруланған мемлекеттік біріккен саяси басқармасының бөлімшелері және оперативтік қызметкерлер басқарған коммунистік отрядтар, барлығы мың жарымдай адамнан құралған күш болды.
Жоғарыда көрсетілгендей жақсы қару-жарақпен, оқ-дәрімен, зеңбірекпен, пулеметтермен, гранаталармен қаруланған, әскери әзірлігі бар 1500 жауынгерді Белоногов жеткіліксіз деп есептеп, жоғарғы орындардың тапсырмасы бойынша, шешуші операцияны қыркүйек, әрі кетсе қараша айына дейін бітіру керектігін желеу етіп, оның үстіне жергілікті елдің, жердің өзгешеліктерін, жердің ұлан-ғайыр шалғайлығын, ауыз судың тапшылығын, азық-түлік, жем тасудың ауырлығын, жолдың жоқтығын, қолға түскен мал мүліктерді және тұтқынға түскендерді мезгілінде жеткізудің қиындығын, шеткері жақтарға қақтығысқа шығатын бөлек-бөлек жауынгерлерін азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етудің ауырлығын, байланыс жүйесінің мезгіл-мезгіл істен шығып қалатынын айта келіп, көтерілісшілердің көшіп-қонып, орын ауыстыру жылдамдығын да ескеруін сұрайды. «Олар бір жерде бір күн де тұрмайды, бір күнде екі рет көшетін уақыттары да болады», — деп көрсеткен. Бірақ оларды осындай жағдайға душар қылған, кімнің, ненің әсері екенін айтуды ұмытып кеткен.
Осындай қиыншылықтарды тізбелеп айтып, алға қойылған міндетті мезгілінде ойдағыдай орындау үшін төмендегідей қару жарақ, адам күшін, тағы басқа жабдықтарды жіберуді сұрайды: Пулеметке 6000 оқ (патрон), кем дегенде 6 мортирка (қысқа мойынды зеңбірек), жеткілікті түрде граната, станокты пулеметтерді тачанкамен жабдықтауды, 68-ші дивизионды 35 әскери атпен қамтамасыз етуді, қосымша жіберілген жауынгерлерді 300 оқпен жабдықтап, қосымша 20000 патрон жіберуді, екі вьючная радиостанция, базалар мен байланыс орындарын ұйымдастыру және бекіту үшін коммунистік отрядтар құрамын 50 жауынгермен толықтыру, неге екені белгісіз, мұны Уральск оперативтік секторына тапсырудың керектігін сұрайды. Жүріп өтетін жолдарды және құдықтарды аралық базалармен, байланыс тіректерімен бекітуді, жіберілген бөлімшелерді шатырлармен, екі айлық азық-түлікпен, жеммен қамтамасыз етуді өтінеді. Осылардың үстіне агентуралық, тергеу жұмыстарын күшейту үшін жергілікті ұлттың азаматтарынан 5 оперативтік қызметкер жіберуін қоса сұрайды.
Шешуші операцияның нәтижелі аяқталуы сұралған қосымша күштің мезгілінде келуімен және қару-жарақпен қамтамасыз етумен байланысты екенін айта келіп, Белоногов Қазақстандағы мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілеттік өкілдеріне 8 шілдедегі № 037/23 жіберген жеделхатында былай жазады: «Алайда бағдарламаны қарағанда, тамыз айында Адайда, әсіресе Үстіртте өте ыссы болады, ол операция жүргізілген мезгілде әскер күшіне, малға, автокөлікке өте жағдайсыз болатыны ескерілсін, соңғы шайқаста ыстық өтіп кету уақиғасы көп болды», — деп хабарлайды.
«Осы уақытқа дейін созылып келе жатқан операцияны жүргізу жоспарының жан-жақты қаралуы қыркүйек айына қалдырылып, оған дейін осы жоспарға сәйкес отрядтарды дайындап, негізгі бағыттарына шоғырландыру керек» (сл. дело, арх. 8184 т. 7, л.д, 588.)
Белоногов жоғарғы орындарға өзінің жоспарын жіберіп, олардан сұралған қару-жарақтар, тағы басқа керекті жабдықтар келгенше, өзінің қолында бар мүмкіншілігін пайдаланып, көтерілісшілердің арасында барлау жұмысын жандандырды. Әсіресе олардың көші-қонын, қай жерлерде орналасқанын, елдің көңіл-күйін білуге аса зор көңіл аударды. Алматымен, Бакумен, Гурьевпен, Ақтөбемен рация арқылы сөйлесіп, шешуші шабуылдың нәтижелі аяқталуына байланысты мәселелерді мәлімдеп, шешіп отырды. Осымен қатар теңіз жағалауынан десант (шабуылшы топ) түсіретін жерлерді, байланысқа ұтымды орындарды белгілеп, осы сияқты шабуылға қолайлы жағдай туғызатын мәселелерге көңіл бөлді. Архив құжаттарындағы Белоногов барлаушыларының деректеріне, хабарламаларына қарағанда, көтерілісшілер топтары да өздерінше әзірленіп жатқанға ұқсайды. Бұлардың басты міндеттері, бөлек бөлек топтардың, ауылдардың басын біріктіріп, бір жерге топтамағанымен, жақын жерлерге шоғырландырып, жинақтау болды.
Көтерілісшілерді аса зор қиналдырған қару-жарақтың кемшілігі, әсіресе оқ-дәрінің аздығы. Оның үстіне ала жаздай, аз да болса атыстарда қанша оны үнемдегенмен, мұның шығынын толтыратын мүмкіндік жоқ болатын. Бұлардың алдына қойған бірінші мақсаты — оқ дәріні тиімді пайдаланып, тек қорғану қамына бейімделу еді.
Мырзағали Тынымбайұлы өлгеннен кейін Босаға—Қарқын— Тағылбай құдықтарының маңындағы көтерілісшілер, Мырзағали қолының қалдықтары және Қожыбайұлы, Бәйімбет Жангелдіұлы, Ақшолақ Жаңайұлы басқарған көтерілісшілер өздерінің ауылдарымен Қонғабайдың жасақтарына қосылады. Осындай біріккен жасақтардың жалпы саны 1500 адамға дейін жеткен дейді. Үстірт үсті жайылымның нашарлап, шөптің күйіп, судың азаюына байланысты Қоңғабай өзінің қарауындағы шаруашылықтарды көп жайлайтын осы жерлер мен Сеңгірқұм, Бостанқұм құмдарының айналасына орналастырды. Осы жерлерден Кендірлі шығанағындағы жеке басқа да балық өндірістеріне, сауда тіректеріне жорық жасау да ойларында болған. Шағын топтармен жорыққа шығып, өздеріне азық-түлік, шай, секер, астық сияқты күнделікті керек жарақ алып тұрған.
12-ші шілдедегі Сам кұмының маңында Мостовойдың коммунистік отряды көтерілісшілерден жеңіліске ұшырағаннан кейін, «батырға да жан керек» дегендей, Рахматуллиннің коммунистік отряды Бейнеу бетінен терістік батысқа, Қаратон өндірісінің маңына қарай ауысты деп айтқанбыз. Содан кейін бұл жерлерде жазалау отрядтарының жоқтығын пайдаланып, Қарабатыр Қаралдаұлы мен Өткелбай Батынұлы басқарған көтерілісшілер өздерінің қарауындағы ауылдарың Үстірттің батыс беті арқылы Қайдақ соры мен Тұзбайыр сорының түстік батыс мүйісінің арасындағы Ағашты және Агиске құдықтарына әкелді. Осыдан кейін тағы жылжып, батысқа қарай Шығыс Қаратау және Чек-Чексу бұлағына дейін барып, Онды құдығының батысына келіп тоқтайды. Осы жерлерде бұларға Ізімберген Жоймебайұлы, Ағашбай Өтежанұлы, Нәдір Бекенұлы, Досан тағы басқалары басқарған көтерілісшілер ауылдары қосылды. Сонымен Қайдақ сорының Оңтүстік шығысынан бастап, Өтестен түстікке қарай Ешкіқырған-Қыземшек, мұның батыс бетіндегі Тұзбайыр соры арқылы Онды құдығына, одан Чек— Чексу, Жыңғылды құдықтары арқылы жүретін бүкіл Бозащы түбегінің оңтүстік шығысын алып жатқан ұланғайыр алқапқа көтерілісшілер топтары орналасты.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, осы маңдағы көтерілісшілердің барлық жасақтарының саны екі мың кісі шамасындай болды дейді. Мұндай мәліметтер де архив құжаттарының деректерінде көрсетілген. Сондықтан мұның шындыққа үйлесетініне күмәндіміз. Оның да себебі жеткілікті. Өйткені сол кездегі үкімет басшылары да, жазалаушы отрядтардың бастықтары да, көтерілісшілер санын, олардың қару-жарағын көтеріп айтуға, бұларды құбыжық қылып көрсетуге үйренген. Бұлай етудің де өзінше есебі болатын. Жоғарыдан көмек сұрау үшін өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтуға олардың әбден еті үйреніп алған.
Бұл жерлердегі көтерілісшілер Қонғабайдың жасақтарымен тығыз байланыс жасап тұрды. Бұлардың да шағын топтан құралған жеңіл жасақтары теңіз жағалауы бетінде барлау жүргізіп, ел жағдайының нашарлауына байланысты, күн көріс қамы үшін, амалсыздан қауіп-қатерге бастарын байлап, өкімет, қоғам орындарына шабуылға шығумен қатар көтерілісшілерге қосылмаған бейбіт ауылдардың да мазасын алып, қорқытып-үркітіп, азық-түлік алыпты деген де мәліметтер жоқ емес. Бұлардың тарапынан болған өрескелдіктер қандай деңгейде болғанын айту қиын, дегенмен көтерілісшілер мен бейбіт ел арасында наразылықтар болғаны болған. Жорықта жүрген жасақтар кімнің кім екенін талдап, айырып жатпағаны белгілі. Сондықтан көтерілісшілер тарапынан зардап шегіп, зорлық көргендердің туған-туысқандары, жекжат жұрағаттары көтерілісшілердің арасында да аз болмаған. Осындай туысқандық қатынастардың салдарынан алауыздық, сенімсіздік, түсінбеушілік екі жақтың ішінде де орын алғаны байқалды.
Көтерілісшілер ішіндегі алауыздық, белсенділік танытпай, немқұрайлы мінез көрсетушілер басқа да жарлы, кедейлерден құралғандардың арасында болған. Олар көтерілісшілер қатарынан ауылдарын аулақтау салып, шамалары келсе, тыныштық өмірге бейімделуді аңсағандар. Ала жаздай қаңғырып, Үстірт үстінде аштықтан, аурудан, тағы басқа да қиыншылықтардан шаршаған халықтың көңіл-күйінің төмендеуі тегіннен тегін емес-ті. Бұған қоса бір жылдай қарсы тұрып, өне бойы жеңіліске ұшырап, малынан, жанынан айырылып, көп шығынға ұшырап, қатаң жазаға тартылуы да әсер етпей қойған жоқ. Бұған тағы бір себеп: республиканың жоғарғы орындарынан түсіп жатқан үндеулер мен үгіттеріндегі «егер олар көтерілісшілер қатарына білместікпен, болмаса зорлықпен қосылуға мәжбүр болса, қылмысты іске бармаса, үкімет алдында жауапкершіліктен босатылады» деген сөздер де әсер етпей қоймаса керек.
Белоноговтың жоспарында көрсетілгендей көтерілісшілер арасындағы ақсақалдармен, беделді азаматтармен жасырын жүргізілген келіссөздер де әсерін тигізбей қойған жоқ.
Ел ішіндегі орын алған аштық-жалаңаштық, ауру-сырқаулық, осының салдарынан болған өлім-жітім, туған-туысқандарынан айырылған қайғы-қасірет сансыратқан, бұған қоса қарулы әскерге қарсыласып ештеме шығара алмайтынын түсіне бастаған халыққа үкімет тарапынан көтерілісті күшпен басу емес, басқа бір шешім қабылданғанда, соңғы қанды қырғын мөлшері әлдеқайда аз болған болар еді. Бірақ өкінішке орай, бұл ешкімнің де ойына келмегені анық.
Ел арасында, көтерілісшілер ішінде де осындай алаңдаушылық болғанын жазалаушылар да, үкімет орындары да білгенмен оған тиісті көңіл аударылғаны белгілі. Олардың ойы, мақсаты тек соңғы шешуші айқасқа өте мұқият әзірлікті тоқтатпау еді. Бұл қырғын 1931 жылғы тамыз айының аяғына таман басталып, қыркүйек айынын аяғында біткенін, сілтеме деректерден ғана білеміз. Ал көне-көз ақсақалдар өздері көрмегенмен, естігендерін естеріне алғанда да осыны айтады.
Жем бойындағы көтерілісшілер жеңіліс тауып, көбі ұсталып, қарауындағы ауылдары азапталып айдалғаннан кейін, бұл жерлердегі көшпенділердің қалған бір азғантайы терістік Үстірттің үстімен Маңқыстауға қарай ойысып, сол жерлердегі көтерілісшілер ауылдарымен біріккен.
1931 жылдың жазында бұл жерлердегі көтерілісшілердің көбі талқандалғаннан кейін қалғандары Үстірттің шығысына, Самнан әрі қарай ойысып, ол жерлерден де тыныштық таба алмай жанталасқан. Бірақ жазалаушы отрядтар бұлардың соңынан қалмай, кездескен ауылдардың барлығын шауып, жазалаған. Маңқыстаудың шығыс терістік бетінің ең шет жағында көшіп жүрген ауылдардың қорғаушы көтерілісшілері Қарақалпақстанға өтіп кетеді деп қауіптеніп, жазалаушылар Қаратүлей, Қызыластау деген жерде Сапыкұлы Мамай, Сарбасұлы Смайыл тағы өзгелер басқарған ауылдарды қанға бөктірген. Көп азаматтар, бейбіт ауыл адамдары, оның ішінде Смайыл, Мамай ерлікпен қаза тапқан. Көп ер азаматтар және олардың бала-шағалары түгелдей қолға түсіп, сол жерден, шілденің ыстығында 1000 шақырым жердегі Гурьевке жаяу айдалған. Бұл жаяу жорықта көбі жолда өлген. Бұл ауыр азаптан кімнің тірі қалғаны белгісіз, елге оралғандарын ешкім білмейді. Мұндай деректерді архив құжаттарынан да кездестіре алмадық.
Көне көз қарттардың айтуы бойынша, 1931 жылдың жазында жазалаушылар бүкіл Үстірт үстінде, Жем бойында, Маңқыстау ойында ойран салған. Жаз айларының аяғында бұларға қарсы тұрушылар тіптен болмаған. Осы кезде жергілікті әкімдердің де құдайы берген, бұлар ел ішінде айтқандарын жасатып, ойлағандарын орындаған. Жуасыған халық не жасарын білмей, мүшкіл халге душар болған.
Біз жоғарыда айтқан көтерілісшілердің шоғырланған жерлерінде қазан айының басында немесе қыркүйек айының ішінде ақырғы шешуші айқас бітіп кеткен болуы керек. Қозғалысты басқаннан кейін көтерілісшілердің қолға түскендерін шұғыл түрде Форт-Александровскіде, ал терістік Үстіртте қолға түскендер Гурьев, Ақтөбеге қарай айдалған.
Міне осы жылдан бастап Маңқыстау жерінде көшпенділер көшуді қойған. Қарттардың айтуы бойынша «тұсап жіберген атыңды, малдың көптігінен, ертеңіне таба алмайтын» мыңғырған малы бар Маңқыстау жері елсіз, малсыз, қаңырап адыра қалды.
Біз іздестірген құжаттарда соңғы, ақырғы шешуші қанды айқас қалай бітті, қай жерлерде кездесіп соғыс болды, ұсталған көтерілісшілер мен ауылдарды қалай, қай жерлерге апарды деген деректер болмай шықты. Үш айдай әзірленіп, көптеген әскер, қару жарақпен қамтамасыз етілген жоспардың қалай аяқталғаны жөнінде мәлімет архив құжаттарынан таптырмады. Бұл соңғы соғыстың бұрынғы болған қақтығыстардан әлдеқайда ауқымды -болғаны анық.
Халықтың айтуы бойынша, адам шығыны өлгендер мен жараланғандар саны өте көп болған көрінеді. Өкінішке орай, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде мұны анықтайтын мәліметтер болмады. Әр жерлердегі жанама сілтемелерге қарағанда, осыларды анықтайтын бір бума том 1959 жылы болған, бірақ оны іздеп таба алмадық. Кездесіп қалған үздік-создық мәліметтер мен ел аузында қалған әңгімелерге сүйенсек, соңғы шешуші операция жоспарда көрсетілгендей 1931 жылдың қыркүйек айының аяғына таман аяқталған сияқты. Бірақ мұның уақ-түйек жалғасы көпке созылған. Бұл жөніндегі әңгіме алда айтылады.
Көне көз қарттардың бірі — марқұм Алшын ақсақалдың естелік сөзіне құлақ қойып көрейік:
«Бүкіл Маңқыстау өңірінде, сол жылы күзде шұғыл түрде шара қолданылып, барлық көшіп жүрген елдерді түгелімен ұстағанын ұстап, ұсталмағандары жан-жаққа қашып-пысып, Маңқыстау жерін тастап кеткенін білеміз. Маңқыстау аудандық атқару комитетіне түскен хабарламаларға қарағанда, қыркүйек айының аяғында бұл өңірде ешқандай ел қалмаған».
Қазақстан өкіметінің мүшелері Мендешев, Асылбеков Гурьев округтік партия, кеңес басшылары және Белоноговтың қайта-қайта хат жазып, Қазақ ұлттық атты әскер полкінің командирі Төлесін Әлиевтің бастауымен бір эскадрон жауынгерді Маңқыстауға жіберу керектігін сұраған құжаттар болғанымен, қанша әскер, қай жермен, қай уақытта, Красноводск немесе Аральск арқылы барғаны жайлы архив құжаттарында, тіпті сілтеме деректерде де ешқандай мәлімет жоқ. Бұл жағдайды білетін ел ішінде қалған ақсақалдарды да кездестіре алмадық.
1995 жылдың қазан айында Тобанияз Әлниязұлының 120 жылдық мерейтойына Маңқыстауға барғанда, Атырау облысының Ноғайлы теміржол бекетінде тұратын Әлнияздың туған інісі Қалнияздың баласы, 83 жастағы Бектазы ағамызбен кездескенбіз. Ол кісі де Төлесін Әлиев жөнінде ештеме білмейді. «Көтеріліс басталғанан бұрын-ақ біздің тұқымның барлығы қуғынға ұшырап, ұсталғанымыз ұсталып, амалын тауып құтылғандарымыз жер-жерге тарап кеткенбіз», — деген. Бектазы қарт та бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында ғана айдаудан аман оралып, елге келіп, содан кейін төрт жыл соғысқа қатынасып қайтқан екен. Марқұм бұл ақсақал ағасынын тойына барып қайтқаннан кейін, көп ұзамай, 1996 жылы наурыз айында дүние салды.
«Әлиев жайлы кейін ел арасындағы әңгімелерден естігенбіз. Бірақ көтеріліске қандай қатынасы бар екенін білмеймін», — деді. Осы сияқты әңгімелерді тойға жиналған ақсақалдардан естідік. Олар да тиянақты ештеңе білмейді. Бірақ Әлиевтің Маңқыстауға келгенін анықтайды.
Бұлардан басқа тағы бір сілтеме мәліметке сүйенсек, 1996 жылғы «Жұлдыз» журналының 8-ші санында Қазақ ұлттық атты әскер полкының бір эскадронын басқарған Кәрім Әсеновтың «Тұңғыш қазақ полкі» деген естелігінде былай деп мәлімденді. «1931 жылы Қазақ полкі Алматыда тұрды, оның бастығы Төлесін Әлиұлы болды. Соғыс округінен түскен нұсқау бойынша Әлиұлына сексен сенімді жауынгерімен Маңқыстауға, көтерілісшілерді 6acyғa жүру тапсырылды. Осы жорықта Балтабек Жетпісбайұлы деген жауынгер болған»...
Әсеновтың жазуы бойынша Жетпісбайұлы және басқаларының айтуына қарағанда, жорық өте қын болған. Бірақ қай уақытта Алматыдан шығып, Маңқыстауға қай уақытта барды, көтерілісті қалай басты, тағы басқа да осыған байланысты еш дерек айтылмаған. Соғыста екі жолдасынан айрылғанын ғана айтады.
Жобамен жорамалдасақ, бұл жорық шілде, тамыз айларында болғанға ұқсайды. Эскадрон әзірленіп Алматыдан Аральскіге, немесе Красноводскіге поезбен барғанның өзінде де одан әрі қарай көлікпен жүру бір айдан артық уақыт алатыны даусыз.
Әлиевтің жорығы болсын, болмасын, қазақ полкінің көтеріліске араласуы хақында мәліметтер болмауы мүмкін емес. Бірақ көп қағаздың арасында қалды ма немесе жоғалып кетті ме, ол жері бізге беймәлім. Алайда Төлесін Әлиев 1937-1938 .жылдардағы нәубеттен аман қалып, ол 1941 жылы қайтыс болған. 1929 жылғы Сырғабековтың орталық партия комитетінің мәжілісінде жасаған баяндамасына сілтеме жасасақ және Голощекиннің екі ұштылау етіп, атын атап, түсін түстемей айтқан қортынды сөзінде Алиевтің, Мендешевтің, Мыңбаевтің басын сол кезде қара бұлт торлағаны көрініп-ақ тұр. Ол: «Біздің арамызда Адайлар жөнінде теріс пікір айтқандар бар», — дегенде Маңқыстау, Атырау жерінің азаматтарын тұспалдағаны анық. Бірақ Әлиев те, Мендешев те аман қалған. Осыған қарағанда, бұлардың Адай көтерілісін басуға сіңірген еңбектері еске алынған болу керек.
Жалпы Адай көтерілісін біржолата басу үшін нақтылы жоспар жасалған соң оның қалай орындалғаны жөніндегі іс қағаздары, жарлықтар, нұсқаулар, хабарламалар, жеделхаттар, бұларға берілген жауаптар болмауы мүмкін емес. Соғыстың қалай өрбігені, онда қандай шығын болды, ұсталған көтерілісшілердің саны, олардан алынған мал-мүліктер, бұларды қайда жөнелтті, апарды, тағысын тағы жәйттер жөнінде мәліметтер тіркелуі тиіс қой. Және бұл жұмысқа әскерден басқа да мекемелер қатынасқаны анық. Бірақ осылардың артында із қалмауы қалай?
Ел аузында қалған естеліктерде Адай көтерілісінің қасіреті мен зардабын адам баласының басына бермес жан түршігерлік қиямет етіп айтады. Бұл шындықты білетіндер, басынан өткізгендер кезінде айта алмады, соңғы кезде олардың өздері де бұл дүниемен қоштасты. Шындық, қасиет құпияда, ешкім білмейтін, естімейтін қара түнекте сақталды. Мұны артқа қалдыруды өте қауіпті деп есептегеннен болу керек, сол деректер тағы да ізін жоғалтып, таптырмады.
XIII ТАРАУ
Қалай дегенде де бір жылға жақын созылған Адай елі қозғалысының осындай қайғылы, қанды қырғынмен аяқталатыны әуелден-ақ белгілі еді. Біз жинаған мәліметтерге, естеліктерге сүйенсек, көтеріліс қыркүйек айында толығымен жеңіліске ұшыраған. Бірақ оның қорытындысын білуге мүмкіншілік болмағанын айтқанбыз. Елдің күйзелісін, көрген қорлық-зорлығын ешқандай өлшеммен өлшеуге болмайды. Көтеріліс басталған наурыз айынан, бастап-ақ үкіметтің аса қарулы күшіне көтерілісшілер тек ыза мен өшпенділіктен басқа ештеңені қарсы қоя алмады. Бұлардың артықшылығы әр уақытта тек қарауылға алынып, қазаға ұшырайтын қараусыз адам санының көптігі ғана болған. Сондықтан да жыл бойында барлық қарулы қақтығыстарда жеңіліске ұшырап отырды. Жазалаушылар өне бойы, қару-жарақпен, жауынгерлермен, көлік, азықпен қамтамасыз етіліп, жоғарғы орындардың алдына қойған тілектерінің барлығы мүлтіксіз орындалып отырды. Сонымен қатар жазалаушылар отрядтарының бастықтары тәжірибелі,, әскери әзірлігі мол қолбасшылар да, жауынгерлері әскер қатарында даярланып, жәй халықты басып-жаншуда тәжірибе жинақтаған, одақтың әр түпкірлерінен жиналғандар болатын. Жазалаушылар тамақ, көлік жөнінен ешқашан да таршылық көрген жоқ, бұлар орталықтан, өкімет тарапынан қамтамасыз етіліп отырды. Бұған қоса жеңіліске ұшыраған жасақтардың, ауылдардың мал-мүлкін де өздерінің күнделікті шаруаларына жаратып, пайдаланды.
Ал көтерілісшілерге келсек, бұлардың көбі шала сауатты, әскери тәжірибесі жоқтар. Қару-жарақ жөнінен айтатын ештеме жоқ, аздаған бесатар, шиті, аңшы мылтықтары, мұның да оқтары санаулы, жеткіліксіз. Бір жылға жақын соғысқандықтан оқ-дәрілері азайған, мұнымен жабдықтайтын орталықтандырылған органдары жоқ. Соғыста қолға түскен қару бұларда әсте болған жоқ, керісінше қақтығыста өлген, жараланғандардың қарулары жау қолында қалып қойып отырды. Естеліктерге қарағанда, көтерілістің соңғы жағында атқыш құралдары мүлдем бітуге айналған. Әрбір қолда бар бесатарға 5 оқтан ғана болған дейді. Осы сияқты қаруы бар жәй халықты құбыжық етіп көрсетіп, жазалау жұмысының барысы нәтиже бермейді деп зарлап, жазалау отрядтарының басшылары жоғарыдан үнемі қару-жарақ алып отырған. Көтерілісшілер қуғыншылардан құтылып кету мақсатымен күніне екі рет көшіп немесе жер жағдайын жақсы білгендіктен түнделетіп қоныс аударып отырғаны белгілі. Ал жазалаушылар болса, автомашинамен, ат көлікпен қозғалып, радиостанциялармен хабарласып, шұғыл түрде мәлімет жинап, мұны нәтижелі пайдаланып отырған.
Жоқты бардай етіп, азғантай барды дардай етіп айту қызыл империяның идеологиясының сол кездің өзінде-ақ қанына сіңген ауру екенін, көтеріліс жөніндегі мәліметтерден көруге болады. Болмаған істі болды деп өтірікшілердің, өсекшілердің, жағымпаздардың өсегін «жерден жеті қоян тапқандай» етіп басшыларына, жоғарғы орындарға хабарлау бұларға сол кездің өзінде әдетке айналған.
Көтерілісшілердің адам саны, олардың қару-жарақтары жөнінде шындыққа үйлеспейтін мәліметтер қақында көптеген мысалдың біреуіне тоқталып өтуді жөн көрдік. Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Доссор аудандық бөлімінің бастығы Хлебников 1931 жылы 12 сәуірде Гурьевке жіберген хабарламасында, «Шоланұлы мен Әминұлының жасақтары 100-ден аса бесатармен, аңшы мылтықтарымен қаруланған», — деп көрсеткен. Ал шындығына келсек, олар жеңіліске ұшырағаннан кейін 21 сәуірде барлығы 3 бесатар, 3 аңшы мылтығы ғана алынған. Өтіріктің шындыққа жанаспайтынынан ұялған олар «ұялған тек тұрмас» дегендей, көтерілісшілер жеңіліске ұшырағаннан кейін мылтықтарын жерге көміп кетуге үлгерген деп нандыруға тырысқан. Бірінші рет жаумен айқасып, аса қатты жеңіліс тапқан, барлық ауыл-аймақтары, мал-мүліктері қолға түсіп, өлгендерін көмуге шамасы келмей, не жасауды білмей қамыққан, қаралы ел, мылтықтарын көміп, оны кімге қалдырамыз деп ойлайды дейсің.
Енді бір айтпай кетуге болмайтын жағдай көтеріліс қозғалысының басталғаннан бастап, аяқталғанына дейін, барлық топтардан 137 бесатар, 542 аңшы мылтығы және 3349 оқ патрон алынған деп мәлімет береді жазалаушылар басшылары.
Біз білетін жаз бойындағы қақтығыстарда және жазалаушылардың мәліметтеріне сүйенсек, көтерілісшілерден барлығы 2030 бесатар мылтық алынғанын білеміз. Қалған 100-ден аса бесатар ақырғы, соңғы шешуші айқаста қолға түскен болуы керек деп тұжырымдауға болады. Сонда соңғы шайқастың әлдеқайда ауқымды болғаны дәлелденеді.
Үкіметті қорқытып, үркіткен «революция жауларының» қаруларының ауқымы міне, осындай. Жақсы қаруланған әскерге қарсы шығып, үрей туғызыпты деуіне жол болсын, тағы бір құжатқа көз жіберсек, көтерілістің басынан аяғына дейін болған 15 ұрыста, 8 қақтығыста толық емес мәлімет бойынша, қыркүйектегі ақырғы шешуші айқастың қорытындысын қоспағанда, көтерілісшілер 168 кісісінен өлідей айырылып, 22сі жараланып, 74 адам қолға түскен дейді. Бұдан басқа 1715 адам ұсталып қамауға алынған. Бұл цифр құжаттардан, жазалаушылардың жоғарғы орындарға берген ақпарларынан, мәлімдемелерінен алынан. Бірақ ақиқатқа жүгінсек, өлгендер мен жараланғандар санының әлдеқайда көп болғаны ел ішіне тараған әңгімелерден де белгілі.
Өлгендер мен жараланғандардың тізімін алу үкімет тарапынан ресми түрде жүргізілмеген және жүргізу де мүмкін емес еді. Бұл есеп қақтығыстарға қатынасқан бөлімшелердің жоғарғы басшыларына берген хабарламаларымен шектелген. Көтерілісшілер өлгендерімен жараланғандарының көпшілігін соғыс даласынан алып кетіп, ауыл-ауылға, туған-туыстарына таратып беріп отырған. Сондықтан да бұлардың жалпы есебі жүргізілмеген. Өлгендер мен жараланғандардың санын анықтап, шындығын айту үкімет саясатына қайшы келеді деп есептегені белгілі. Бұған бір дәлел барлық жараланғандардың саны 22 адам болыпты дегенге кім сенеді. Қандай соғыс болмасын, жаралылар мөлшері өлгендерден бірнеше есе көп болары ақиқат.
Өлгендер мен жаралылардың саны әлдеқайда көп болғанын жазалаушылар отрядтарының басшыларының, оның ішінде Белоноговтың: «Көтерілісшілер әр уақытта өлгені мен жаралыларын алып кетуге үлгерген«, — деп мойындауының өзі дәлелдей түседі.
Осыған байланысты көкейде жүрген қарттардың естеліктеріне зер салсақ.
Ресми құжаттарда Маңқыстау өңірінде сәуір айынан қыркүйекке дейін 15 ұрыс, 8 қақтығыс болған деп көрсетілген. Шындығында оның әлдеқайда көп болғанын сол кездегі 10-15 жастағы, қазір 80-ді алқымдап қалған, көне көз қарттар, Муса, Орынбай, Есбол тағы басқаларының естеліктері айқындап береді. Олардың айтуынша, сол 6 айдан аса уақытта жазалаушылардың көшпелілерге шабуыл жасамаған күндері аз болған. Көшіп келе жатқан елді автомашиналармен қуып жетіп, әуеден ұшақтармен ойран салған. Осылардан көшпенділердің түйелері мен аттары басқа да көліктері үркіп, содан жығылып мертіккендердің, оқтан өлгендердің санын ешкім білмейді. «Осы сияқты шайқастарда жараланғандар мен өлгендердің көп болғанын көргенбіз», — дейді. Бірақ бұлардың саны еш жерде көрсетіліп, тіркелмеген. Бұларды үй-үйге таратып, бөліп алып кетіп отырған. Осыған қарағанда көтерілісшілердің шығыны мыңдап саналды. Осыған аштықтан, жаралы болып бағым сыздықтан, дәрі-дәрмектің жоқтығынан, аурудан өлгендерді қосыңыз. Мұның сыртында үріккен елдің шөл дала арқылы елге қашып, барамын деген жеріне жете алмай жолда қалғандары қаншама. Мұны қызыл қырғын деп санамағанда не дейміз? Барлық өлгендер мен жаралылардың жалпы саны қанша болғанын бір құдайдың өзі ғана біледі.
Кең далада бір жерге тұрақтай алмай, көшіп жүріп өлгендерін өздері көміп, жаралыларын өздері емдеп, қасірет тартқан халықтың көрген күні міне, осындай болған.
Жаралы болғанына қарамай, қолға түсуден бас тартып, соңғы оғы қалғанша атысып, жау қолынан қаза тапқан бірен-саран Мырзағали сияқтылар ғана амалсыздан соғыс даласында қалып қойған. Тағы да қайталап айтсақ артық болмайды, өлгендер мен жараланғандардың саны құжаттарда көрсетілгеннен әлдеқайда көп болғаны айдан анық. Мұны жазалаушылардың өздері де білуі мүмкін және бұған мән беріп жатпағандары да белгілі.
Жаралыларға қандай дәрігерлік көмек көрсетілген деген сауалға жауап беру тіпті мүмкін емес. Көшіп жүрген елде дәрігерлер немесе орта медициналық білімі барлар, дәрі-дәрмектер атымен жоқ болған. Жаралыларды өздері халық емімен ғана емдеген және бұларды емдеуге ешқандай жағдай болмағандықтан, жаралылардың көбі жан азабын көріп, қор болып өлген.
Көтерілістің басынан аяғына дейін жеңімпаздардың барлық шығыны: Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының бір қызметкері, 16 жауынгері, 7 адамы жаралы болған, 9 адамы қолға түскен.
Архив құжаттарында көтерілісшілер жөнінде неше түрлі мәліметтер бар. Солардың көпшілігі барлық пәле-жәлені осыларға жапқан сияқты. Көтерілісшілер тарапынан да қатыгездік, қолға түскендерді азаптау, өлтіруге дейін барғанын айтпай кетуге болмайды. Әйтсе де, жазалаушылар «түймедейді түйедей» етіп көрсетуді өздерінің басты мақсаты, үкімет саясатын орнықтырудың бірден-бір дұрыс жолы деп білді.
Бұл жөнінде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп талдамай-ақ архив құжаттарынан алынған бірнеше деректерді көрсетіп кетуді жөн көрдік.
«Көтерілісшілер 22 адамды өлтірді, жүздеген өкімет өкілдерін, белсенділерді жазалады, азаптады дейді. — Соның ішінде Байте деген жерде Ақеділ Ағатайұлының жасақтары салық төлеуден жасырынып жүрген байларды қамауға алған, кеңестің үш уәкілін ұстап азаптап, ішін жарып, мүшесін кесіп алған» — деп жазады.
«Өзбек Шоранұлының көтерілісшілері милиция қызметкері Дәулетов пен Жұмабаевты азаптап өлтірген. Прокурор көмекшісі Торешевті тірідей жерге көмген» — дейді.
Көтерілісшілер өздерінің жағымсыз, қаталдық, әділетсіздік, арам ниетті қылықтарымен ел арасына белгілі болған мал жинаушыларды да, сот қызметкерлерін де, салық агенттерін де, сол сияқты мемлекеттік біріккен саяси басқармасы мен әскери өкіметпен қарым-қатынас жасаған жансыздарын да аямаған, өлтірген, қатаң жазалаған. Бұл шара олардың тарапынан жасалған мейірімсіздік, қайырымсыздық, аямаушылық қылықтарының қарымын қайтару деп есептелген.
Көтерілісшілердің тарапынан тартып алу, қуып кету деген сияқты әрекеттер аз болған жоқ. Олар тұтыну қоғамдарының, балық тресттерінің, дайындау орындарының, шикізат, өндіріс бұйымдары, азық-түлік қоймаларының мүліктерін тартып алған, қоғамдық үйлерді өртеген. Осылардан келген шығын бір миллион сомнан артық болды деп мәлімдейді. Өкіметтік және қоғамдық ұғымдардың 40 мыңнан астам қой-ешкісін, 166 сиырын, 1211 жылқысын, 900 түйесін қуып кеткен. Бұлар мұны өздерінен «үкіметтің күшпен тартып алған малын», «шикізат сатып алған борыштарын қайтарып» алуымыз деп есептеген.
Жазалаушылар мен қаралаушылар да бұлардан асып түспесе, кем қалған жоқ. Көтерілісшілер зорлық-зомбылық жасаған, әділетсіздік, мейірімсіздік көрсеткен өкімет уәкілдеріне, қызметкерлеріне, белсенділерге қаталдық жасаса, бұлар бейбіт халықты, әйелдер мен балаларды, жасы жеткен қарт адамдарды да аяған жоқ. Қолға түскен көтерілісшілерді «қашып бара жатыр» деп атып тастады. Ауылдардың көптеген қарапайым адамдары үйлерінен айрылып, қақаған ыстықтың астында, күн көзінде, аш жалаңаш, сусыз шөлде азап шекті. Алыс жолдарға оларды жаяу айдады. Осының салдарынан көп жазықсыз адамдар аурудан, аштықтан, шөлден өлді. Айдаушылар бұлардың ауыр жағдайымен мүлде санаспады. Қашты деп, жүрмеді деп, жүруге шамасы келмегендермен де есептеспей, ұрып-соғып, жазалап отырды. Мұндай өрескел мейірімсіздік, айуандық қатаңдықтың кесірінен өмірден ерте кеткендердің есебі алынған жоқ, із-түзсіз жоқ болып кетті. Бұлардың туған-туысқандары бұл жөнінде хабарсыз болды, іздеуге мүмкіншілік болмады, оған жол да берілмеді. Мұның барлығы құпия деп есептеліп, айтуға, жазуға тыйым салынды.
Көтерілісшілердің отбасына, бала-шағасына да ешқандай аяушылық, есіркеу болмады. Бұларға қалдырған азғантай малдары ішсе тамаққа, кисе киімге жетпей, қайыршылық күн кешті. Мұның арты елді жайлаған зұлмат ашаршылыққа соқтырды. «Адамдарды өшпенділік заңы басқарған жерде қайырымдылыққа, мейірімділікке, рақымшылдыққа орын қалмайды» деген халық даналығының рас екені осыдан байқалады.
Екі жақ та келісімге келмейтін қарсы тұру жағдайында болғанмен, ел басына түскен ауыр азаптың қатаңдығын ескеріп, аяушылық нышанын танытқан бастықтар да кездесіп қалғаны байқалды. Өтірік расын, оның іске асқаны аспағанын кім білсін, кейбір кездескен мәліметтерге қарағанда, Қазақстан мемлекеттік біріккен саяси басқармасының өкілетті өкілдерінің бастығы Даниловскийдің және Гурьев оперативтік секторының бастығы Калашниковтың көтерілісті басушылардың басшыларына берген нұсқауларында, «көшіп жүрген елдердің барлығы көтерілісшілер болуы мүмкін еместігі, бұлардың ұлттық-шаруашылық жағдайларын ескеру керектігі» айтылған. Жазалау шарасын қолға түскен кешіп жүрген көшпенділердің барлығына жаппай жүргізбеу керектігін, кедейлер мен орта шаруаларға, егер олар кісі өлтіруге, тонауға, өрт жіберуге тікелей қатынасы болмаса, рахым шылық жасауды, жауапқа тартып, тұтқындауға бармауды ескерткен. Мұны саясаттың қитұрқы бір әдісі деп пайымдап, ел ішіне іріткі салудың бір түрі деп түсінуге болады. Бұл Белоноговтың жоспарында да болғаны анық.
Көтерілісшілер де қолға түскен жазалаушылар өкілдерінің барлығына бірдей қатаң жаза қолданбаған. Қатаң шара тек қана көтеріліс басталғанға дейін, болмаса көтеріліс кезінде, мал дайындау науқанында, тағы басқа өкімет жұмыстарын жүргізгенде алдағандарды, пара алғандары, әйелдерді ашыналыққа үгіттеушілерге қолданылған. Басқа қолға түскендерді, егер олар қылмысты іске бармаса, келеңсіз, өрескел әрекет жасап, өздерінің қызмет бабын пайдаланбаса, босатып жіберіп отырған.
Дегенмен көтерілісшілерге өтірік жала жауып, жасамағандарын жасады, істемегендерін істеді деген айыптар тағылған жағдайлар да көп болған. Мұндай өтірік жала жабудың ол кезде саяси мәні де болмай қалған жоқ. Болмағанды болды деп ел арасына тарату, көтерілісшілерге деген халықтың наразылығын туғызу тәсілі еді. Әсіресе шет жақтағы ауылдарда, көтеріліске қатынаспаған басқа округ елдерінің арасында көтерілісшілерге көмек беріп, оларды қолдай ма деген қауіптен сескенген атқарушы, кеңес, партия әкімшілігі әдейі ел арасында осындай үгіт жүргізіп, жәй халықты қорқытып, үркіткен. Осының бір айғағы, жоғарыда айтылған К.Әсеновтың мақаласындағы Жетпісбаевтің айтуы бойынша, көтерілісшілер құдықтарды улап, оларға өлген мысықтардың, иттердің өлігін тастап кеткен дейді. Бірақ ешқандай оперативтік құжаттарда, тергеу істерінде мұндай бірде-бір уақиғаның болғаны айтылмайды. Егер мұндай жағдай бола қалған күнде, ол жазалаушы, қаралаушылар тарапынан ескерусіз қалмайтыны белгілі. Оларға қылмыстық әрекет деп іс қозғалмай қалуы мүмкін емес. Мұның шындыққа жатпайтындығы, ол кезде көтерілісшілерде улы зат болуы да неғайбыл, тағы ертең өздерінің туыстары, жерлестері сол жерге келетінін олар жақсы білетін. Мұндай ойдан шығарылған лақап кезінде біреулердің жапқан жаласы болуы да мүмкін, болмаса осыны айтушының сол кездегі жағдайдың қиындығын, көтерілісшілерді басудың қатерлі екенін аңғартып, осыны басымыздан өткердік көрдік деп айту үшін шығарғаны болуы да мүмкін.
Көтерілісшілерді құстәналаушылар жазалаушылар ғана емес, олардың көбі өзіміздің қазақтардың ішінен шыққан большевик үгітшілері, жағымпаздары мен шолақ белсенділер тағы осы сияқтылар десек өтірік болмайды. 1960 жылдарға дейін көтерілісшілерді құбыжық етіп көрсету бәсеңдеген емес. Адайлар түрікмендермен де төбелесті, әлімдермен де алысты деп кінә тақты. Ал адайлардың Хиуа хандығынан 300 жылдай зорлық көргенін, өмір бойы шапқыншылыққа ұшырап, зардап шеккенін, оның үстіне әлімдер мен адайлар болмашы нәрсеге араздасып, соның салдарынан адайлар үстіртте, шөл далада, жайлауға шыға алмай қорлыққа ұшырағанын да ешкім ойына алып, түсінгісі келмеді, көмек те болған жоқ. Тек қана 1832 жылы хиуалықтардан малдарын, тұтқындалған адамдарын құтқаруға қол үшін берген Қаратоқай Беріш Құлбарақ батырдың басы Хиуаға кетсе, мүрдесі ақ жуылып, ауырлап Үстіртке қойылды. Әлімдермен пәтуаға келтірген де Исатай—Махамбеттер болатын.
Ал 1930 жылдардағы көтерілістердің барлық пәле-жаласын адайларға жапты. Қызыл империяның қылығын жергілікті қол шоқпарлар қолдап, бұларды сүттен ақ судан таза деп жар салып, жарапазан айтудан шаршаған жоқ. Бұл істе келісім болмағанын, қасірет орын алғанын ешкім ойына алған жоқ.
Сондықтан көтерілісті мадақтап, оған қатынасқандарды, сол үшін жапа шегіп, жанын бергендерді ел ардагерлері деп айтатын күннің жақындайтын мезгілі болар ма екен?
XIV ТАРАУ
Барлық тірі қалған көтерілісшілер басшыларынан тек Жармағамбет Қожыбайұлы, Дауылтай және Қоңғабай ғана қылмыстық жауапкершіліктен құтылған. Олар Түрікменстанға ма, әлде одан да әрі ме қашып, сол жақтан таптырмай кеткен. Боқымаш Шоланұлы, Мамай Салғараұлы, Қазақ Шиенұлы өздерінің жасақтары жеңіліс тапқанда сытылып шығып, бірақ қашып құтыла алмай, кейіннен мемлекеттік біріккен саяси басқармасы органдарымен іздестіріліп, қамауға алынып, жазаланған.
Біз айтып отырған Қоңғабай Түрікменстанға, болмаса басқа жерге ме қашып, ұстатпай кеткен болса, тағы бір естеліктерде «Қонғабай Шоғырұлы, Тобыштың Шегем тармағынан, 1930 жылдарға дейін Түрікменстан жағында болып, түрікмендермен бе, әлде үкіметке жақпастық әрекет жасаған ба, әйтеуір мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті органдарының қырағы қабағынан құтыла алмай жүргенде, олардың Қоңыраттағы және Гурьевтегі органдары бірігіп, оған: «егер Құрмаш Қосжановты ұстауға көмектессең, жазаңнан құтқарамыз», — деп уәде беріп, Құрмашты іздестіруші жазалау отрядына жолбасшы етіп еріксіз алған», — делінеді. Қонғабай Маңқыстау жерін жақсы білетін, ізшіл, аңшы, батыл адам болған. «Өткен қылмыстарыңды ұмытамыз» дегеннен кейін, басқа шарасы болмай, амалсыздан келісіп, оларға жол көрсетуші ғана болады. Содан Құрмаш Маңқыстаудың шөл даласында жаралы күйінде жазалаушылармен жалғыз өзі атысып, қолға түспей қаза болған. Осыдан кейін бұлар берген уәделерінде тұрмай, Қоңғабайға сенімсіздік білдіріп, айдалада атып кеткен деген әңгімелер тағы бар.
Ал көтеріліске қатынасқан Қонғабай (әкесінің атын құжаттардан кездестіре алмадық) 1931 жылы көтерілісшілер жасақтарының бір бөлімшесін басқарған, кейін жеңіліс тапқан кезде қашып, таптырмай кеткен. Бұлар бір кісі ме немесе аттастар ма, кімде болса үкіметтің қара тізіміне ілінгендердің қатарында болған адам.
Бұрын көрсетілгендей, 1715 көтеріліске қатынасушы тұтқындалған. Осылардан 5 тергеу істері бойынша (№ 17, 38, 100, 3329, 5671) 802 адам РСФСР-дың қылмыстық кодексінің 58-2 (контрреволюциялык көтеріліс) және 59 (бандитизм) баптарымен жауапқа тартылған. Тергеу жүргізу барысында осылардың ішіне 79 адам Гурьев, Ақтөбе абақтыларында қайтыс болған. 215-і қылмыстық әрекет жасамаған деп танылып, босатылған дейді. 508 айыпкердің ісін Гурьев мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстандағы өкілетті өкілдігіне жіберген. Бұлардың үштігі өзінің 1931 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылыой, Ойыл және Маңқыстау аудандарынан 135 көтерілісшіге және 1932 жылғы 5-ші сәуірдегі қаулысымен 373 маңқыстаулыққа әр түрлі үкім кескен.
Халық қозғалысының 15 басшысы мен белсенді қатынасушылары — Боқымаш Шоланұлы, Қарамырза Ембердіұлы, Рахман Соқымашұлы, Демеген Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшыгүл Жантілеуұлы, Демепберген Ембердіұлы, Көбеген Құрманұлы, Қойсары Қайдагүлұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантырұлы, Жұмабай Үсенұлы, Лұқпан Сарқұлұлы ату жазасына кесілді.
Дүние-мүлкін тәркілеп 10 жылға концентрационный лагерьге 21 адам, дүние-мүлкін тәркілемей 10 жылға 17 адам, 5 жылға дүние мүлкін тәркілеп 125 адам, тәркілемей — 14 адам, бір жылдан үш жылға дейін, дүние мүлкін тәркілеп 39 адам, тәркілемей — 53 адам сотталып, Қазақстан өңіріне 5 жылға 19 адам, 3 жылға дүние мүлкін тәркілеп — 11, тәркілемей 8 адам жер аударылған. Арнайы жер аударуға (спецпереселение) — 100 адамға үкім шығарылған. Тергеу мезгілінде абақтыда отырған уақыттары есептеліп, 66 адам босатылған, қалғандары ақталған дейді.
Большевиктер партиясының сұрқия саясаты, оның орындаушы органдары мен шолақ белсенділерінің халықты осыншама қан жазаға ұшыратуының бір көрінісін осылай қағаз бетіне түсіріп отырмыз.
Партияның, кеңес үкіметінің жер бетіне жар салып, «кедей шаруаны жарылқаймыз, оларды байлардың, молдалардың қысымынан құтқарамыз» деген өсиеті, іс жүзінде ешбір шындыққа жанаспайтынын осыдан, бұдан басқа да халыққа жасаған өрескел қылықтарынан көруге болады.
Қызыл империя басшыларының, оның үгітшілерінің басты мақсаты патша үкіметінің отаршылдық саясатын, оның халыққа жасаған озбырлығын адам айтқысыз етіп жамандауға келгенде алдына жан салмағаны белгілі. Ал іс жүзінде бұлардың елге салған бүлігін айтып жеткізу қиын. Осыған бір ғана мысал келтіре кетсек те жеткілікті. 4-5 жылға созылған 1870-1874 жылдарғы Досан батыр бастаған Адай көтерілісінің қалай басылғаны белгілі. Олар жергілікті халыққа үлкен озбырлық жасады, көптеген көтеріліс басшылары, жәй бейбіт ауылдар да жазаланды. Оның саны да аз болған жоқ. Ал бір жылға жетер-жетпес уақытта Адай көтерілісіне қатынасқандардың қандай шығынға ұшырап, қаңсырағанын, қанша сотталып, атылып кеткендерін, патша үкіметінің істегенімен салыстырсақ жер мен көктей. Досан көтерілісіне қатынасушылардың соғыста, абақтыда өлгендерін санамағанда (Досан да абақтыда өлген) көтеріліс басшыларының бір азғантайы ғана Сібірге жер аударылған. Олардың біреуіне де өлім жазасы заң жүзінде қолданылмаған. Осыған қарағанда большевиктер партиясының, оның үкіметінің саясатының қан құйлы қолшоқпары мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жасаған жауыздығын ешбір мемлекеттің саясатымен салыстыруға болмайды.
Барлық тұтқындалған қылмыскерлердің ішінен 79 адам абақтыда өлген дедік. Соның ішінде көрсетілген қылмыскерлердің 131не осы жылдың 22 желтоқсанында үкім кесілген. Бұлар 1931 жылдың сәуір айында Доссор, Жылыой, Ойыл аудандарындағы көтерілісшілерді басқанда қолға түскендер болуы керек. Маңқыстау ауданынан қолға түскен 373 адамға, 1932 жылдың 5 сәуірінде үкім кесілген. Бұлар 1931 жылдың маусым айынан көтерілісшілерді толықтай басқанға дейін 4-5 айдың ішінде қолға түскендер екені анық. Сонда бас аяғы бір жылға жетпейтін уақытта 79 адамның абақтыда қаза тапқанын қалай түсінуге болады. Оларды абақтыда атып тастады деп айта алмаймыз. Бірақ орта жастары 20-40 шамасындағы жас жігіттер абақтының ауыр азабынан, ауруларға дәрігерлік көмектің жоқтығынан басқа да адам төзгісіз ауыр жағдайдың орын алуынан өлді десек, сөзіміз жалған болмас.
500-ден астам адам жазаланып, концлагерьге айдалып, жазасын өтеуге кеткен. Бірақ бұлардың көбінің елге қайтпай қалғаны анық. Олар сол жақта дүние салды ма, болмаса істері қайта қаралып, жазалары күшейтілді ме, белгісіз, әйтеуір елге оралғандары бірен саран. Олар да тыныштық таба алмай, қайтадан қармаққа ілінген. Ал енді көтеріліске қатынасып, бірақ әр түрлі себеппен жазаланбай босатылғандары, тіпті көтеріліске қатыспаса да, соларды жақтағандары, олардың тұқымдары, осылармен бірге байлар да, молдалар да, зиялы ел азаматтары да бір-бірлеп, жеке-жеке жазаланды. Шет елге кетіп қалғандарының да соңынан қалмаған. Бұған мысал Иранға өтіп кеткен ғалым Оразмағамбеттің тағдыры. Ол жайлы кейінірек баяндаймыз.
Оларды көтерілістен кейін бірден жазаламай, кейіннен бір бірлеп жазалауының да бір сыры бар сияқты.
Қызыл империяның қазақтарға, оның ішінде Маңқыстау қазақтары үшін жүргізген саясатына көз салсақ, 1950 жылдардың басына дейін жазалау әрекеті бұл жерде әсте бір тоқтамаған. Мұны көне көз қариялар сыбырлап қана еске алатын. Ішінен тынатын. Олар өмір бойы үрейде, қорқынышта болып өмір кешкен бейбақтар еді.
ХV ТАРАУ
Кеңес үкіметі мен оның қолшоқпары және сол кездегі сүйеніші, мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қазақ халқына, оның ішінде Маңқыстау еліне жасаған озбырлығын, қиянатын, елдің бұлардан көрген қасіретін айтып жеткізу қиын. Көтеріліске қатынасқандарды да, қатынаспағандарды да ресми түрде жазалап жойғаны өз алдына, көтерілістен кейін, әсіресе 1931-1932 жылдары сол маңдағы жайына жүрген қазақтардың барлығын ұстап алып, жазалап отыруды жалғастырған. Бұлардың қаншасы өліп, жойылып кеткенін ешкім білмейді. Мұндай есепті жүргізу үшін тыйым салынған, құпия ұсталған, халықтан жасырылған. Біз зерттеген архив құжаттарының деректерінен басқа да бұл жөнінде мәліметтер жеткілікті. Осылардың біреуіне тоқтап өтсек деп отырмыз. Осыған орай 1995 жылғы «Парасат» журналының 5-ші санында тарих ғылымының докторы, профессор Сақтап Атауов өзінің «Ескеретін ер болса» деген мақаласында былай деп жазған: «Алпысыншы жылдарда Ленинград университетінің аспирантурасында оқып жүріп, жазғы демалысқа келгенде жамағайыным Жұмағұлов Айдарбекпен кездестім. Ол кісі былай деді: «Далада мал бағып жүр едім, жазалаушы әскерлер келіп ұстап әкетті. Соның алдында «Маңқыстауда адайлар аштықтан қашып жатыр. Түрікменстанға, Иранға. Жазалаушылар далада жұмыс істеп жүрген немесе үйінде отырған адамдарды ұстап, Құлалы аралына алып барады. Көбі Атырау, Маңқыстау, Ақтөбе жерінің қазақтары. Айыбы қазақсыңдар, қазақ болған соң Адай көтерілісіне қатынастыңдар дейді - мыс», — деген сөздерді естіп жүргенбіз.
Құлалыға әкелгендерді атып жатты. Бір күні мені де атуға алып барды. Түн еді, соны пайдаланып, мылтық атылғанда өлген болып құлай кеттім». Кәзір Айдарбектің тұқымдары Атырауда, Ақтауда тұрады.
Атырау, Ақтөбе, Маңқыстаудан аштықтан қашқан қазақтарды жазалаушылар қуып жетіп, жас сәбилерін балалар үйіне берген.
Оларды Қазақстанда қалып, қазақ болмасын деп Дағыстан, Нальчиктегі балалар үйіне жібергені жайлы да көп естігенбіз.
Жазалаушылар қазақты қырып қана қоймай, заттарын да тонаған. 1970 жылдардың басында Ленинград университетінде докторант болып жүргенде, бірінші дәрежелі капитан, тарих ғылымдарының докторы, профессор Иван Васильевич Погорельский Мариенбург станциясы, Рошаля поселкісінде тұратын. Оның атасы Макаренко Иван Ефимович 1927-1956 жылдары Шымкент облысында тұрған. Бізді сол кісі, жұбайы және қызы Надя қарсы алды. Қазақша сөйледік, қой сойыпты, бас ұстатты. Түскі астан кейін екінші қабатындағы бөлмелерін көрсетті. Төрт бөлме толы қазақ дүниелері екен. «Мынау құс мұрын сақина, деді Иван Ефимович, — Абылайдың тұқымынан бір қап ұнға алдым. Мынау Бұхар мылтығы, мынау кілем, мынау алтын ыдыстарды аштан өліп бара жатқан қазақтар ұнға, шайға, қантқа айырбастап кеткен-ді. Мен ол кезде Созақта райпотребсоюздың бастығы едім», — деген. Осы сияқты деректерді айта берсең шегі жоқ.
Көтерілісті басқаннан кейін, «жеңімпаздар» бүкіл Маңқыстау елін бандылар деп санап, қудалап, жазалау шарасын жалғастырумен қатар, елдің байырғы, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпына, мәдени ошақтарына өздерінің қиян құрыс қылықтарын озбырлықпен жүргізді. 1932 жылы күзде 17 жастағы Есбол ағай өзінін көзімен көрген бір сұмдықты былай баяндайды.
«Дүбірлі жылдың күзінде, Форт-Александровск қаласында патша әскерінің үлкен дарбазасы айқара ашылып, қала халқы, 200дей балалар үйінің жеткіншектері тау басына қарай шұбырды. Сыртын әдемі етіп сырлаған зәулім әскер шіркеуінің, бекініс плацының үстінде ызғындай халық, тау кенересін жағалай аудан басшылары сығылыса орналасты. Шіркеудің ұзын мұнарасына баспа қойылып, күмбезіне, иығына кеменің ауыр шынжырын орап, бірнеше адам шынжырдың шетін етектегі халыққа ұстатты. Бір кезде бұйрық беріліп, барлық халық шынжырды жапыра «урага» салып тарта бастады. Шіркеу де, күмбез де қозғала түсіп, орнына қайта тұрып қалды. Содан кейін адамдардың қосымша күшімен қайта тартқанда, шіркеу түбімен қопарылып, қоңыраулары күңіреніп, 40 метрдей ойға келіп құлады да, өр кеудесін көкке созып тұрған асыл дүние опырылып жерде жатты. Сөйтіп, тамаша бекініс те пролетариатқа табынудың құрбандығы болды.
Бекіністе сақталған тамаша архив құжаттарының ақ қағаздары алынып, қалғандары өртелді. Кейбір үйлер мен ескерткіш бетіндегі өз заманының куәгері боларлықтай тақталар алынып тасталды.
Қаланың ортасындағы өте әдемі құрылыс Далмағамбет мешіті де осылардың кебін киді.» Біз білетін Жем бойындағы Дүйсеке мешіті де 1940 жылдары тері-терсек қоймасына айналғанын көргенбіз.
Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың басында Маңқыстау халқына тап болған аса зор ауыртпалық жайын, осыған қоса көтерілістің салдарынан қуғыншылыққа ұшырағандар жерін, елін тастап басқа жерлерге, шет елдерге қоныс аудара бастағанын айтқанбыз. Маңқыстау өлкесінен қанша халық немесе қанша отбасы кетті, оның есебі еш жерде жоқ, оны ешкім білмейді. Елден кеткенде бір есеп болса, баратын жеріне қаншасы жетті, белгісіз. «Баратын жеріне» дегеніміз оғаштау, олар қайда баратынын білмеген, бастары ауған жағына қаңғырып, аз күн болса да, күн көруге болады-ау деген жерге келіп тоқтаған. «Атадан алтау едік, келе-келе жетеу болдық» деген ата мақалы бұлар үшін шындыққа шықты. Өсудің орнына азайып, құруға айналған сормаңдай халықтың осы бөтен елдерде бірнеше мың ұрпақтары қалды. Олар тек туған жердің бар екенін ғана біледі, ал ата-бабасы туып-өскен жерде тұқымдарынан кімдер бар екенін білмейді. Мұны білуге де тыйым салынған. Осының барлығы 1931 жылғы көтерілістің зардабы.
Көшіп, қоныс аударғандар және оларды басқарып ұйымдастырушылар байлар мен молдалар деген саясаткерлердің ойдан шығарған теріс ұғымы екені айдан анық. Байлардың малы, басқа да малдан жинаған өнімдері тек қана өздеріне емес, олардың туған туыстарының, жегжат-жұрағаттарының күн көруіне жаратылған, осыларды асырап, киіндірген. Ал жарлы туыстары олардың өтеуін байларға өздерінің сіңірген еңбегімен қайтарған. Сыйластық, қайырымдылық бұлардың арасына жік сала алмаған. Соның себебінен көшіп кеткендердің ішінде жарлы-жақыбайлар көп болды. Ел туған-туыстарымен үдере көшті.
Қай жерде кімдер бар, олардан кәзір кімдер қалды, тек қана еліміз тәуелсіздік алып, есін жиғаннан кейін ғана бірін-бірі тауып, қауышып жатқандары белгілі.
Сол кездегі ел басына түскен ауыр азаптың кесірінен көптеген зиялы азаматтар елден кетуге мәжбүр болды. Олар туған жерге орала алмай, арманда, шет жердің топырағында қалды.
Ауыр жағдайдың ауыртпалығын аз да болса жеңілдетуге еңбек еткен, елдің бірлігін ойлаған, ауыр азаптан құтылудың жолын іздеген бас көтерер азаматтары қуғынға ұшырады. Мұның ұшы қиыры болмады, тіпті жасы жеткен ел ақсақалдарына шейін арнайы есепке алынып, қудаланды. Бұған тағы бір мысал:
Он екі ата байұлының атақты биі десек артық болмайды, Адайдың биі Жары Мәтжан Тілеумағамбетұлы 1927 жылы қартайған шағына қарамай қуғынға ұшыраған. Бұл кісіні Жем бойында тұтқындауға дейін барған. Ол кезде Мәтжан 90 жасқа келіп қалған болуы керек, денсаулығының нашарлығынан тұтқындай алмаған.
Осыдан кейін көп кешікпей дүние салады. Ол кісінің сүйегі өзінің байырғы жайлауы Ханқожа жерінде қалды. Заманның тарлығына байланысты Мәтжанның балалары Мұхамедин, Алуадин, Шәди, Сахи, Нұраған әкесін шала шарпы көміп, өздері Маңқыстауға қарай үдере көшкен.
Мәтжанға жөнді ескерткіш те салынбай қалды. Содан жылдардан жылдар өтіп, оған құлпытасты оның ағайыны, Құлсары тұрғыны марқұм Қазақ Кідібасұлы тұрғызды деп естідік.
Мөтжанның екі баласы Шәди, Нұраған Маңқыстаудың бір түпкірінде қалған. Олардың балалары, немерелері кәзір Маңқыстау облысында, Ақтау қаласында тұрады. Мұхамедин сол кеткеннен мол кетіп, оның балалары Айса, Айнахан Өзбекстанның Гагарин қаласына тұрақтайды. Айнахан 1986 жылы, Айса 1996 жылы дүние салады. Бұлардың балалары сол жерде тұрып жатыр. Алуадин орта дәрежелі дәрігерлік училище бітірген, Ауғанстанға өтіп, сол жерде біреулердің қолынан қаза тапқан деп естіп едік, кейіннен ол жаққа бармағаны белгілі болды. Алуадиннан да, Сахидан да қандай тұқым қалғаны жөнінде мәлімет жоқ. Мәтжанның және оның туыстарының тұқымдары, немере-шөберелері Өзбекстанда, Қазақстанның Маңқыстау облысында баршылық.
Маңқыстаудың Жармышында патша үкіметінің тұсында болыс болған адайдың кедей тармағынан Етенбай Ержанұлы өзінің 30 шамалы отбасы туыстарымен 1930 жылы Өзбекстанға жақын, Қазақстанның Мақта-Арал ауданына барып тоқтаған. Етенбайдың үлкен баласы 70 жасқа жақындап, 1994 жылы қайтыс болды. Осылардың айтуы бойынша, осындай алыс жолға көшкенде кеп қиыншылық көрген. Өзбекстан, Түрікменстан жерімен жүргенде, күннің ыссылығына, аштық-жалаңаштыққа шыдай алмай көп адамдары жолда өлген. Етенбайдың әйелі, екі баласы өліп, бір баламен қалған. Басқа ағайындары да осындай қасірет шеккен. Осы жерлердің ыссылығына, суына, шөбіне адам түгілі мал да шыдай алмай, түйелер көп өлген. Маңқыстаудан көшкенде 30 отбасы болса, 60 жылдан кейін, бұдан көп асып кете алмаған. Кәзір бұлардың ұрпақтары осы жерде тұрады.
Етенбайдың ағайындары атақты байлар Шәукенбай, Таушанбай балалары өздерінің туыстарымен Түрікменстанға өткен. Бұлардың немере-шөберелері 30-дай отбасы Мары облысының, Тақтабазар ауданы, Қалаймор ұжымшарында тұрады. Бұлармен 1975 жылы ғана хабарласып, білістік. 1980 жылы немерелері Шәукенбай аталарына ас берді. Соған Сапықбай Ержанұлы мен маған шақыру қағазын жіберген екен, бірақ баруға мүмкіншілік болмады. Олардың айтуынша, Қалаймор ұжымшарында 350-дей, Пограничный ұжымшарында 300-дей, Сараджа ұжымшарында 135, барлығы 3700-ден аса қазақтар мекен етеді. Барлығы да бір-бірімен құда-жекжат болып, туысып кеткен. Елдің хал-жағдайы, әлеуметтік тынысы да жаман емес. Бір кемшілігі аудан көлемінде бірде бір қазақ мектебі, класстары жоқ көрінеді. Балалары түрікмен және орыс тілдерінде білім алады.
Тағы да осы Кедей тармағының үлкен байы Тілемісұлы Жарықбас өз жақындары Тоғамбай, Қайпарбай, Есіркеп, Мұнжандармен Иран жеріне өтіп кеткен. Оның бір ғана баласы болған, аты Наужан, осыны білетін едік. Наужанның немересі Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ береді.
Маңқыстаудың бұрынғы тұрғыны, атақты оқымысты араб, парсы, орыс тағы басқа тілдерді жетік білетін Оразмағамбет 1929-1930 жылдары Қазақстанда байларды, молдаларды қуғынға ұшырата бастағанда, Иран өтіп кеткен. Оның баласы Мұхамбет кәзір Бендер—Түрікмен қаласында бір фабриканы басқарады. Қазақстанға бірнеше рет келген, Құрылтайға да қатынасты. 1994 жылы Алматыда өткен көрмеге шығарған дүниелерін алып келді.
Оразмағамбет жөнінде бір айта кетейін уақиға былай өрбиді. 1920 жылдардың аяғында бұл кісіні ел арасына ірікті салушы, өте беделді, білімді адам деп сескеніп, үкімет қудалай бастайды. Осыны ақырын байқаған Оразмағамбет өзінің бала оқытатын мектебін жауып, араб, парсы тағы басқа шығыс және орыс ғұламаларының еңбектері жазылған кітаптарын Маңқыстаудың бір белгілі жеріне көміп, баласы Мұхамбетке көрсетіп, Иранға жол тартқан. Кейінірек Мұхамбет сол кітаптардың қай жерде екенін айтып хат жазып, тауып беруге уәде етеді. Сол кітаптарды Қазақстан ұлттық ғылым академиясынан жазушы, ғалым марқұм Балтабай Адамбаев барып алып келіп, академияға табыс еткен. Кейіннен Мұхамбет Алматыға бір келгенде Балтекеңмен кездескенін көргенбіз.
Оразмағамбет шет елге кеткенмен, кеңес үкіметінің ұзын құрығы бұл кісінің соңынан қалмаған. Бірінші дүние жүзілік соғыстың алдында ішкі істер мекемесінің Қазақстандағы өкілдері Иранға Оразмағамбеттің бір-екі «сенімді» таныс адамдарын жіберіп, оны елге алып келуге, болмаған жағдайда көзін жоюға тапсырма берген дейді. Бірақ Оразамағамбеттің ол кісілермен елге қайтуға жүрегі дауаламайды. Кеңес үкіметінен қорқатынын жасырмайды, шекараға дейін шығарып салуға келіседі. Шекарадан өтерде алып кете алмайтынын білген олар Оразмағамбетті өлтіріпті дейді. Мұның өтірік-шының кім білген, Оразмағамбет содан кейін ауылына оралмағаны анық.
1995 жылдың аяғында бір журналда Сұлтан Балқаевтың «Маңқыстаулық ғалым Оразмағамбет» деген мақаласы жарық көрді. Онда «Оразмағамбетті шекараға дейін әкеліп таста деп алдап, заставаға келгесін оны қамауға алып, 1942 жылы 60 жасында Ашхабад абақтысында азаппен қаза табады» деп жазған.
Оразмағамбет жөнінде біздің архив құжаттарынан мәлімет таба алмауымыздың себебі осындай болса керек. Бұл кісіні Түрікменстанда ұстап, сонда жазалағандықтан қылмыстық, тергеу істері сонда қалғаны анық.
Қазақстанда өткен дүние жүзі қазақтарының құрылтайына Ирандағы ағайындардан 16 кісі келіп, елді аралап, аталары туып өскен, Маңқыстауға барып қайтты. Қазір Ираннан елге оралып жатқандары аз емес. Бірақ тұрмыстық жағдайға байланысты көбіне жөнді көмек берілмей қиындық көруде. Әйтсе де туған жерге келуге өте құштар. Сол жақтан келген бір ақсақалмен сөйлескенде, оның айтқанына түсінікпен қарағанбыз. Ол кісі: «Біздің әке шешелеріміздің көрген күні, шеккен азабы, қайғы-қасіретін бізбен салыстыруға әсте болмайды. Олардың көрген қиыншылығы мен біздің кәзіргі жағдайымыз жұмақ деп айтсам артық болмас. Олар көшкенде күніне бірнеше бала-шағасынан, қарттарынан айырылып, солардың бетін шала-шарпы жауып, өздері зарлап, қайда баратынын, алдында не күтіп тұрғанын білмей, еңіреумен өмірлерін өткізген. Сондықтан біз келгенде алдымыздан барлығын әзірлеп қоймады деп ренжуіміз ағаттық. Туған жерге келіп, кейінгі ұрпақты ата-бабаның әдет ғұрпына үйрету, елге, жерге пайда тигізудің бірінші міндет екенін түсінуіміз керек», — деп еді.
Мұндай қиыншылық жағдайды жұрттың бәрі осылайша түсінсе жақсы ғой, өкінішке орай, олай болмай жатқаны да белгілі. Келгендердің өкініп жүргендері де аз сияқты. Жергілікті басшылардың бұлардай туған жерді аңсап келгендерге алалап қарап, нақтылы көмек былай тұрсын, «сені мен шақырғаным жоқ» деп, теріс айналатындары да бар екені айтылып жүр.
Бұлардың біріншіден, туған жерді аңсап, өмір бойы армандаған тілегіне жеткенін есімізге алуымыз керек болса, екіншіден, біздің Отанымыз үшін мұның саяси мәні бар екенін әр уақытта есімізден шығармауымыз керек.
Бұл айтқандарымыз шет елдерге кетіп, сол жерлерде тұрып жатқандар жөнінде. Ал бұлардан басқа, сол кезде ағайынды адамдардың бір-бірінен, әкесі баласынан, қызы шешесінен айрылып қалғандары да аз болмаған. Осыларға іздеу салушылар осы күнге дейін баспалардан, радиодан, теледидардан көрініп қалады. Әсіресе, Маңқыстау елін талан-таражға салған уақытта, әкелерін тұтқындап, шешелерін бір жаққа, жас балаларын бөтен елдегі балалар үйіне жіберген құжаттарды да кездестірдік. Мұның бір сорақылығы балалардың аты-жөнін бұрмалап, әдейі қате жазып, із-түзсіз кетулеріне жол берген.
Біздің туыстарымыз Естұр балалары Бөжбен мен Сарбала 1931 жылдары Маңқыстауда қалып, ал Шегебай мен Кенжебай Түрікменстанға өтіп кеткен. Кенжебай ағамыз жойқын күштің иесі болған. Көтеріліске қатынасып, содан сатылып шығып, бөтен елде бас сауғалаған. Оған ешқандай аяқ киім симайтын, зор денелі адам екен. Түрікменстанның Бегдаш елді мекенінде тұз өндіру өндірісінде қара жұмыста болған. Өзінің мініс есегі арықтан өтпесе, оны көтеріп, арықтың арғы бетіне шығарып, содан кейін есегін мініп, жол тартатын көрінеді. Бұған және ағасы Шегебайға туған жерден топырақ бұйырмай, сол бөтен елде қалды. Шегебайдың үлкен баласы Жәнәбіл 1992 жылы Жаңа Өзен қаласына келіп, 1993 жылы дүние салды. Кіші баласы Сұлтан Өзбекстан жерінде әскер қатарында болып, одан кейін Самарханд қаласында жоғарғы оқу орнын бітіріп, Қарши қаласына жолдама алып, сол жерде басшы қызметтерде болған. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 6 жыл Қашқадария облысының бір ауданында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып содан кейін көп жылдар Қаршы мемлекеттік құрылыс мекемесін басқарды. 1995 жылдың аяғына дейін Өзбекстан Жоғарғы кеңесінін депутаты болды. Екі мәрте «Еңбек қызыл ту», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталып, басқа да құрметті атақтарға ие болды. Қәзір Қарши қаласынын құрметті азаматы. Өзбек республикасына енбегі сіңген қайраткер. Төрт ұлы, төрт қызы үйлі баранды, барлығы да сол жерде орналасқан.
1996 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Қазақстанның мәдени он күндігіне арнаған сөзінде, қазақ азаматтарының жемісті еңбек еткен басшы қызметкерлерінің ішінде Сұлтан Шегебаевты бірінші атап кеткенін айтпасқа болмайды.
Міне тағдырдың тәлкегіне түскендер жер-жерде өсіп-өніп жатыр, бірқатары елге де оралуда.
Сарбаланың төрт баласы Бірғали, Қамбар, Берішбай, Бердібай ешқайда бармай Маңқыстаудың бір түпкірінде, таудың жықпылдарында жасырынып, көпке дейін аң аулап күндерін көрді. Қамбар ағамыз 1939 жылы әскерге шақырылып, соғысқа қатынасып, хабарсыз кетті. Бердібай ініміз екі жоғарғы оқу орнын бітіріп, Маңқыстау ауданында басшы қызметтерде жемісті еңбек етті. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Бейнеу аудандық атқару комитетінің төрағасы жұмысын атқарып, аудан қатарынан үш рет Одақтың қызыл туын жеңіп алғанына қарамастан, сол кездегі облыс басшыларының солақай саясатының кесірінен қуғындалып, содан ауыр науқасқа ұшырап, зейнеткерлікке шықты.
Осы жөнінде өз басымыздан өткен тағы бір жағдайды айтпай кетуге болмас. Көтеріліске белсенді түрде қатынасқан әкемнің інілері Сариев Нұржан, Орынбай тағы басқа туыстарымыз бізден айрылып Маңқыстауда қалған. Біздер бір бөлек ағайындарымызбен Жем бойына көшкенімізді айтқанбыз. Мұндай жағдай бүкіл адай елінің басына түскен. Кімнің қайда кеткенін, қай жерде өлгенін, иә ұсталып кеткенін ешкім білмеген.
Содан жылдардан жылдар өтті, көтерілістен кейін Жылыой ауданында қалған біздер Маңқыстау елінен хабарсыз болдық. Туыстарын іздеп, олардың өлі-тірісін білуге мүмкіншілік болмады. Маңқыстау елімен бір азғантай байланыс тек Гурьев қаласы мен Форт-Шевченко арасында моторлы қайық арқылы ғана болды.
Ұшақ, автомобиль қатынасы болған жоқ. Үстірт үсті 1950 жылдарға дейін елсіз болды.
Нұржан ағамыз көтерілістен кейін ұсталып, абақтыда өліпті. Ал Орынбай ағамыз көтеріліске 16 жасында қатынасып 10 жылға концлагерьге кесілген. Бірақ жасы балиғаға жетпегендігінен бе, әйтеуір құдай сақтап, 3-4 ай отырып елге оралыпты. Форт— Александровскіде қалуға өкімет ызғарынан сескеніп, Үстірт үстіндегі Тельман ұжымшарына оқытушы болып орналасқан. Екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда еңбек армиясына алынып, Алматыда құрылыс жұмысында мастер, бригадир болып, жасөспірімдер театрын және басқа құрылыстар салуға қатынасқан. Содан 1946 жылы мені Гурьев қаласынан тауып алған. Менің Орынбай ағамды бірінші көруім. Бұл кезде оның шешесі, әйелі Маңқыстауда болатын. Бұл жерде ол басшы қызметтерде, аудандық тұтыну қоғамының бастығы, ұжымшардың төрағасы болып жұмыс жасады. 1950 жылдардың ортасына дейін партияға кіре алмай көп қиналды. Жасының ұлғайғанына қарамай жоғарғы оқу орнын бітірді. Ағайын-тумаға өте қадірлі, бауырмал, дастарқаны мол, жолдас-жоралары көп адам болатын. Осындай тұрмыс жағдайына пайдалы орындарда жұмыс жасағанымен, дүние жинамаған, барын дастарқанға жұмсаған кісі.
Осы ағамыздың арқасында бүкіл Қазақстан жерінде тұратын туған-туыстармен араласа бастадық. Өзінің достарымен мені және басқа інілерін таныстырудағы бұл кісінің еңбегі ұшан теңіз.
Орекең Маңқыстаудан Гурьевке келгенде әкеме соқпай кетпейтін. Ол бірінші рет келгенде, мұны 1931 жылы бір-екі рет көргенін айтып, ол үйінде ешкіммен сөйлеспей, тамағын бөлек ішетін еді дейтін. Соны есіне алып: «Орынбай сен де адам болған екенсің-ау, үйінде тамағыңды теріс қарап отырып ішетін едің», — деп қалжыңдағанын естігенбіз. Енді ойласақ, ол кезде үкіметтің қанды қақпанынан құтылғанымен, оның қармағына қайта түсемін бе деп қорқып, ешкіммен араласып, сөйлеспейді екен.
Ағамыздың екі ұлы, бес қызы барлығы да жоғарғы білім алып, балалы-шағалы болған отбасылары.
Ағамыз 1978 жылы бір туысқанымыздың шаруасына көмектесемін деп жүргенде, автомобиль апатынан қайғылы қазаға ұшырады.
Қызыл империяның қанды шеңгелінен қасірет шеккендерінің шегі жоқ екенін білеміз. Соның ұшығы біздің тұқымымызға көбірек тиген сияқты болып көрінеді де тұрады маған.
Олардың тағы біреуі кеңес үкіметінің орнығуына көп енбек сіңірген Маңқыстау елінің көрнекті, көзі ашық азаматы, кезінде Орал облысының Шыңғырлау, Казталавка, Орда аудандарында, Гурьев округінің Теңіз ауданында прокурор болып жұмыс жасаған, кейін Маңқыстауда прокурорлық қызметте жүргенде 1937 жылы халық жауы атанып, бір түнде облысқа шақырылып, ұсталған — Хиту. Ол кісі Ырзахан Өтешев деген ағамыздың балдызы болатын. Хиту ұсталғаннан кейін оның әйелі, отбасы осы Ырзахан ағамыздың қамқорлығында болды. Хитудың ер баласынын жоқтығын ескеріп, өзінің ұлы ініміз Киікбайды осы кісіге басы байлы берді. Киікбайдан туған балалар Лида, Тарас тағы басқалары осы күні Хитуов болып кеткен. Ал Хитудың әйелі Киікбайға шеше болып, соның қолында 1995 жылы дүние салды.
Хитудың інісі Сисенғали орысша, қазақша сауатты, басшы қызметтерде болған адам. Мұның ағасы Есбол Өмірбаевтің айтуы бойынша, Сисенғали жездеміз ақ сары өнді, көзі көкшілдеу, ұзын бойлы, көбіне орысша сөйлейтін, танымайтын кісі орыс болар деп те қалатын кісі екен.
Біздің Орынбайдан кіші Әсем апамыздың осы кісіге күйеуге шығардағы бір жағдайын Есбол ағай былай баяндайтын: «Сисенғали орыс қолдау, осыдан сескенген анасы, оның бір орыс қызымен кездесіп жүргенін сезіп: «орыс алатын болсаң, көрмеймін»,— деп ақырып-жекіріп, шатақ шығарған. Ол кезде орысқа үйлену қазақ арасында, оның ішінде Маңқыстауда болмаған жағдай, өте өрескел саналатын. Осыдан кейін Сисенғали ағам, жездем Хитумен келісіп, ауыл қызын алуға бел байлайды. Екеуі елге шығып, Торыштан Жармышқа қарай бет алып, біраз жүргесін жалығып, жарыса жөнеледі. Ұшқырлау аты бар ағам, мал суарып жатқан құдыққа келсе, әйкелдің үстінде түйе суарып жатқан қызды көреді. Қыз сәлем бермейді. Қызыл келген ат астаудағы суға басын сала бергенде, қыз аттың басына қауға саппен салып қалыпты. Ат қарғып кеткенде, ағам аударылып қала жаздаса керек. Атына оңдалып отырып «мұның не» десе: «Қаңғып жүрген қай жақтың орысысың, түйемді үркітпей аулақ жүр», — демесі, бар ма. Сол кезде кейін қалып қойған жездем де келіп жетеді. Қыз бұрыннан таныс жездеме сәлем беріп, амандасыпты. Ағам «мен осы қызды аламын» депті.
Ол қыз жездемнің жездесі Ырзаханның ағайынының қызы екен. Ертесіне құда түскен жездем ештеме шығара алмайды. 24 жасында жесір қалған қыздың шешесі бой бермейді. «Орысқа берер қызым жоқ», — деп отырып алады. Қыздың шешесі өте ажарлы, аққұба, зер төккен қызыл мақпал бешпент, ілмелі жаулық, ақ көйлек киген өте келісті ықпалды адам екен», — дейді.
Бұл шешемізді мен 1961 жылы Маңқыстау ауданының орталығы Таушыкелді мекенінде жасы ұлғайған кезінде көрдім. Сонда да «сыры кетсе де, сыны кетпеген» өнін көп бермеген екен.
Есбол бұл әңгімесін былай жалғастырады: «Ырзахан өзінің туыстығын пайдаланып, қыздың ағасы — біздің ағай Орынбайды көндіреді. Орынбайдың тез келісуінің себебі, ол сол кезде көтеріліске қатысқаны үшін тергеу астында болып жүрген мезгілі екен. Содан бұлардан бір жақсылық бола ма деп жылдам көнуінің сыры осы болғанға ұқсайды. Сонымен Сисенғали ағай жеңгемізді алып келді. Жеңгеміз ағам мен жездемнің қасында, семіз көк атқа мінген, аяғы үзеңгіге жетпей, таралғыға салған, тізесі ердің басын қағып отыр. Үстінде қызыл қамзол, бүрмелі көйлек, басында үкі таққан қызыл, айналасы моншақталған, асыл көйлек, басында дөңгелек бөрік. Өте әдемі, күрең өңді, қанды ақсары, дөңгелек бет, ойнап тұрған өткір көзді, не керек сұлулықтың барлығын осы кісіге жиып-теріп берген сияқты, талдырмаш, сұңғақ бойлы, 15-16 жастар шамасындағы қыз екен. Бешпетінің өңір қалтасында сары шынжырға байлаулы қаламы бар, сауатсыздарға сабақ береді екен. Ағам мен жеңгем арасында көпке дейін салқындық болғанын сезетінбіз. Мұның басты себебі жеңгеміздің халық жауының қызы болуы. Партия мүшесі, лауазымды қызметі бар ағам үшін мұның саясатқа жатпайтыны ол кезде айдан анық болатын.
Көп ұзамай жалғыз баласы Орынбайдың сотына келген анасы біздің төрт қанат үйімізді, күйімізді көріп менсінбегендік білдіріп, біресе қызын айтып, біресе баласын айтып, екі көзі жастан кетпеді. Сисенғали 1937 жылғы қармақтан аурулығына байланысты төсек тартып жатқандықтан аман қалды. Ол ауырып жатқанда ГПУ қызметкерлері оның «ден саулығын» сұрап тұруға араларына күн салмай келіп тұратын еді»,— деп есіне алатын Есбол ағай.
Жездеміз Сисенғали 1946 жылы 36 жасында ауыр да ұзақ науқастан дүние салды. Одан бір ұл, бір қыз қалды. Жездеміз қайтыс болғаннан кейін Орынбай ағамыз апамызды қасына алып, қамқорлық жасады. Бұл кісі 1993 жылы қайтыс болды.
Міне, біздің туған-туыстарымыздың басынан өткізген қиыншылықтарының бір көрінісі осындай.
XVI ТАРАУ
Жоғарыда айтылғандай, Адай көтерілісі жөнінде бұрын-соңды шындық айтылып та, жазылып та көрген емес. Біз қараған, зерттеген. қылмыстық және тергеу істерінде де, жоғарыдан түскен жарлық пен нұсқауларда да, оларға қайтарған жергілікті әкімшіліктердің жауаптарында да, ел арасында, сол көтерілістің басы-қасында болған өкімет мүшелері де, жергілікті солақай белсенділер де, жазалаушы әскери басшылар да, қаралаушы прокурор, сот, милиция қызметкерлері де, салық жинау, мал дайындау, тіпті шикізат сатып алушыларға дейін, өз бастары мұндайды басынан кешірмегендіктен және сол кездегі саясаттың ағымына қарай, көтеріліске бір жақты сипат берді. Көтерілісшілерге, оған қатынаспаған жәй көшпенділерге де барлық келеңсіз жағдайларды жабуға тырысты.
«Бұлардың бәрі революцияға қарсыластар, адай елінің, оның басшыларының мақсаты бөлек — Адай хандығын құрып, кеңес үкіметінің қарауынан шығу» деген ұғымды өздерінің алдына басты міндет етіп қойды. Барлығына саяси сипат берілді. Құжаттарда, тергеу істерінде, тағы сондай үкімет тарапынан жүргізілген хаттамалар мен нұсқауларда бөлек-бөлек көтерілісшілер топтарында пәленше-түгенше хан болып сайланыпты дегенді сылтау етіп, көтерілісшілердің басты мақсаты хандық құру екен деп ел арасына үгіт жүргізді. Қазақ елінде бұрын-соңды командир тағы басқа әскери лауазымдар, атақтар болмаған. Көтерілісшілердің хан сайлауы — басшы, ақылшы сайлауы екеніне ешкім түсінбеді. Көтерілісшілер топтарында өздерінің басшылары сайланып отырғаны анық, оның хан деп аталғаны да рас. Бірақ бұл хандық құру емес, бұл басшы, бір кісіге бағыну — ата заңы.
Адай тарихындағы ең жойқын аяусыз қырғын 1870 жылдан кейін 1931 жылы болды. Бұл адай халқына жан кешті қырғын, саяси қуғын-сүргін, геноцид әкелді. Елді түрлі шұбырынды, басқыншылыққа душар етіп, қасіретті қайғыға ұшыратты.
Көтеріліс күшпен басылды. Ел азды, не істерін білмеді, тоз-тоз болып әр жерде үркіп, бірде түстікке, бірде кейін қарай көшіп, сандалу елдің хал-күйін, тұрмыс жағдайын күрт төмендетті. Мал азайды, басқа тамақ асырау мүмкіншілігі жоқтың қасы болды. Малдың азайғанына байланысты жұмыссыздық деген көшпенділер арасында адам айтқысыз көп болды. Турасын айтсақ жұмыс жасаған ешкім болмады. Ел басына тағы бір зұлмат төнді.
Ауыл шаруашылығын Лениндік ұжымшарға біріктіру мақсаты мен социализм орнату идеяларын нығайтуға күш салған үкімет саясаты шын мәнінде бұқара халықты күйзелтіп жіберді. Көтерілісті басқаннан кейін партия, кеңес әкімшілігі халықты отырықшылыққа, ұжымшарға зорлықпен тартуды, байлардың, орта шаруалардың мал-мүлкін тәркілеуді аса озбырлықпен жалғастырды, үдете түсті. Көтеріліс кезінде халықтың күн көріс жағдайының төмендеуі бірқатар әлді шаруалардың шет жерлерге кетіп қалуынан мал басы азайып шаруашылық жүйесі бұзылды. Осындай ауыр хал кешкен халыққа «жығылғанға — жұдырық» дегендей мыңдаған адамның өмірін қиған ашаршылық нәубеті келіп тиді. Бұл зұлмат Адай округінің территориясында өзінің шырқау шегіне 1933 жылы жетіп, мұның аяғы кей жерлерде 1934 жылдың жазына дейін созылды.
Ашаршылық қанша уақытқа созылса да, Қазақстанның қай жерінде болмасын, соның ішінде Адай округінде аштан немесе соның зардабынан өлгендердің есебі жүргізілмеген, құжаттарда аштан өлді деген мағлұматтар тіптен жоқ. Бұл саясаттың жасырын сыры екенін ол кезде ешкім білмеген. Мұндай есепті, олардың аты жөнін, қанша адам өлгенін бөлек ауылдар, рулық топтардың өздері ғана біледі. Бірақ бұл жалпы есепті бермейтіні белгілі. Ескілікті қарттардың «біздің ауылда ашаршылық алдында мынадай отбасы бар еді, ашаршылықтан кейін ешкім қалған жоқ», — деп, болмаса тірі қалғандардың бірен-саранын ың аттарын айтып отыратынын естігенбіз. Сондықтан бір ауылда болған қасіретті ғана айтсақ та жеткілікті болар деп есептейміз.
Қазіргі Атырау облысының бұрынғы Адай округіне қараған Жылыой ауданының Аралтөбе ауылдық кеңесінде болған ашаршылықты көзіміз көрді. Ақкиіз тоғай елді мекенінде отырған отырықшылар сораң, құмаршық жеді. Мұны табу да оңай болған жоқ. Елді ауру жайлады, кезік, бүкіржік, цынга, безгек деген аурулар халықты баудай түсірді. Сол ауылдық кеңестің халқынан келер жылы бір ғана ТОЗ-ға жетер-жетпес ел қалды. Сол елді жайлаған ауылдардың кезік пен бүкіржіктен басқасының не ауру екенін ол кезде ешкім білген жоқ. Дәрігер дегенді ел көрген емес, дәрі дәрмекті білмеді. Үкімет тарапынан дәрігерлік көмек болған жоқ. Осы аурулардың салдарынан көктемде далаға шығып тышқан, құс, балық аулап күн көруге шамасы келмеді. Үйлерінен шыға алмай өлді. Жем өзенінен балық ұстап жеуге құрал-сайман болмады. Ay тоқып, балық аулауға жіп болмады. Шөп жинайтын айырдан шанышқы жасап балық аулағандар болды. Сол кездегі Жем өзенінің көп балығы бұйырмай, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегеннің дұрыс екенін білгенмен, оған шамасы келмей, су жағасында телміріп аштан өлді.
Бұл 1933 жылдың жазы болатын. Қожас деген қарт адам 8-10 жастардағы екі қызымен қыстауынан шыға алмай, бірнеше күн жылаған сияқты ыңылдап жатып өлгенін өз көзімізбен көрдік. Біздер баламыз, кіруге қорқып, олардың жылағанын даладан тыңдайтынбыз. Ол кезде біреуге біреудің көмектесуге мүмкіншілігі жоқ. Қожастың көршісінен сұрағаны өлгенде бетін жабу болған. Сол өтінішін Сиық деген ағамыз орындап, жалғыз өзі қыстауының қасына үшеуін бірге көмген. Қожастың үш ұлының екеуі тамақ іздеп, ауылдан кетіп қалған. Үлкен ұлы Максым бір көршілерінің арық түйесі өліп, соның етінен қуырдақ жасауға отын шабамын деп кетіп бара жатқанда құлап, жан тапсырғанын көрдік. Тағы басқа да жақын жердегі ауылдарда аштан өліп жатқандар болды.
Бірқатар ауылдар саршұнақ жеп, 2-3 шақырымдай жерде бөлек отырды. Ислам діні бойынша тек қана шөппен қоректенгенмен, інінің түбіне қарап жатқандықтан саршұнақ арам деп саналып, оны адамға жеуге болмайды екен. Сондықтан арам жегендермен аяқтабақ араластырып, бірге отыру күнә саналған.
Байлар тәркіленіп, өздерін жер аударып немесе қамауға алғаннан кейін, көтерілісте әке, ағаларынан айрылғандардың бала-шағасы, қарт әке-шешелері мүлдем панасыз қалып, аурудан, шетінеп, кейбірі ел аралап, қайыр сұрап жүріп аштан өлді. Большевиктік идеяның Қазақстанда асқан асыра сілтеу шілікпен, дөрекі әдістермен жүзеге асырылуы мен әкімшіл-әміршілдік әпербақандықтың қанды қармағына басқа қазақтардан гөрі, Маңқыстау халқы ерекше тап болып, адам айтқысыз апатқа ұшырады.
Үкіметке малыңды, тағы басқа мал өнімдеріңді, жөнді жөнсіз салықтарыңды өз еркіңмен уақытында төлеп, тапсырып, өзің адал қызмет етемін деген шын сөзіңе ешкім сенбеді. Сен бәрібір қатаң жазалануың керек, сен тап жауының өзісің, болмаса соның құйыршығысың, туысысың деп қудалады. Немесе аштықтан, зорлықтан бой тасалағандардың бәрі банды атанды. Жері өртке айналған, халқы қасірет шеккен, өмірі тозған, тар жол тайғақ кешудің қайғысына толы ауыр азабын басынан кешірген адай ауылдарының «банды» да, «контрреволюционер» де емес екенін ешкім түсіне қоймады, түсінгісі де келмеді.
Бұрын қазақ елінде ұры-қары, барымташы дегендер болмаса, банды деген сөз, ұғым болмайтын. Қолына қару беріп, ауыл ішіне жіберілген уәкілдер, «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер асыра сілтеп: «Көшпелі ел енді өмір сүруге тиіс емес, көшпенділікті жоямыз», — деп халыққа зорлық-зомбылық жасады. Оларды әскери репрессияның өзіне айналды.
Патша үкіметінің озбырлығынан Маңқыстау қазақтары бірінші рет Досан батыр бастаған көтерілістен кейін қуғынға ұшырап, босқындап, Хиуа, Бұхар, Түрікмен жеріне кетсе, екінші рет 1931-1932 жылдардағы Адай көтерілісін күшпен, аса қаталдықпен басқаннан кейін тағы да қуғынға ұшырап, босқын болып кетті.
1928 жылғы 27 болыс адайлардан, оның 170 мыңнан аса халқынан отызыншы жылдардың аяғында Жылыой ауданында 15 мыңдай, Маңқыстау ауданында одан да аз халық қалды.
Өз халқын жеңген «жеңімпаздар» ауыл қазақтарын тонаушылар саясатын одан әрі қарай қатаң түрде жүргізе берді.
Қызыл империяның үгіті бойынша байлар жарлы кедейлерді қанады, еңбек ақыларын дұрыс бермеді деген өтіріктерін ел арасына таратып, байларды тап ретінде жоюға күш салды және орындады. Қазақ байлары қай жерде болмасын, өздерінің ерінбей еңбек еткенінің арқасында мал жинаған деген ақиқатқа большевик саясатын қолдаушылар құлақ аспады. Қазақ байлары арнайы малайлар, жалшылар ұстамаған. Олар өздерінің жақын ағайын-туыстарын маңайына жинап, солардың енбегін пайдаланған. Ал олардың киім, тамағы, мінер аты, көшу көлігі байлардың мойынында болған.
Бұған қоса өздерінің жеке меншік күн көрісі де болған. Бұлардың арасында қайшылықтар болмаған. Егер бірен-саран келіспеушілік болса, оларды зорлап ұстамаған, қысым жасамаған. Ақыларын да алған, көмектерін де аямаған, ағайынның татулық әдет ғұрпын қатты сақтаған. Қазақта енші алыспайтын туыстардың татулығының өзі осыған айғақ.
Байлардың көбі мырза, жомарт болған. «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген қағиданы мықты ұстаған. Қазақта танымайтын, білмейтіндерге де сый-құрмет көрсету ғұрпы ата-бабадан қалған қасиет. Жолаушы құдайы қонақтарды да сыйлаған. Үйіне қонақ түсірмейтін сараңдарды қатты сынап, ел ішінде олардың қайырымсыздығын әшкерелеп отырған. Осыған дәлел ретінде Қашаған жыраудың Кете руының Есқали деген сұпысына оны жақтырмай, қонуға рұқсат бергісі келмегені жөнінде айтқан, сынаған сөзі ғасыр жарым уақыттан артық ел аузынан қалмай айтылып келе жатқаны да жайдан жәй емес.
Ел басына түскен ауыртпалықты да байлар көтерген. Кенеттен қиын жағдайға кездесіп, күйзеліске ұшыраған ағайындарына, өлгендеріне ас беріп, келін түсіріп, қыз ұзатуда бірлесіп, мал-мүлікпен көмектесіп отырған. Ең ұсағы — ат майын беруде де сараңдық жасамаған. Ат майын беру деген, жазда байлар көлігі жоқтарға мінуге ат береді, бұл жарлыға көмек болса, байлардың жылқысына бас білдіріп, жуасытуға көмегі тиген.
Осыларға мысал ретінде марқұм Алшын ақсақалдың естелігін айта кету орынды. Жоғарыда айтқан Тіней Жұбан байдың баласы Шам өзінің Тілеген деген қызын 1915 жылы Адайдың Бәйімбетті, Байпақтың Қыздарбай дегеніне ұзатқанда 200 түйе, жылқы, 200дей әр түрлі жасау, қымбат бұйымдар берген.
Ертеректе Жаңай Қожаназардың асын Жем бойында берген. Асқа 1000-ға жақын үй тігілген, 2000 қой сойылып, бәйгіге 500 ат қосылады. Бас бәйге 100 жылқы болған, бәйгені той иесі Қожаназардың баласы Шонтының көк биесі алыпты. Асқа қонаққа Нұралы хан шақырылған дейді. Ханның атынан түсіп, үйге кіргенше жолына ақ киіз төселген, содан сол жер Ақкиіз тоғай деп аталып кеткен. Қәзір Құлсары өндірісінің шығыс бетінде, Жем өзені бойында, ұжымшардың орталығы Ақкиіз тоғай елді мекені болып аталады.
Адайлар кеңес үкіметі орнағанша жыл сайын 30-40 кісі Меккеге де барып тұрған дейді. Осы сияқты мысалдар, есте қалатын естеліктер көп болған, бірақ бәрі ұмыт болып, бір күнгідей болмай аласапыранға ұшыраған.
Қызыл империяның 70 жылдан астам тарихына, мұнын осы жылдар бойы жүргізген солақай саясатына бүгінгі көзқараспен қайта қарасақ, адам баласының ақыл-ойы жетпейтін, дені дұрыс ешқандай болжамға ұқсамайтын неше түрлі сұрқия істерді еске алуға, екшелеп көруге болады.
Қәзір өткен уақыттағы ел басқарудағы кеткен қателіктер, тіпті сорақы қылықтар, асыра сілтеушіліктер, озбырлықтар, әділетсіздіктер жөнінде біз өз көзімізбен көргенімізді ғана баяндап отырмыз. Осының бірі отызыншы жылдары Жылыой ауданының Аратөбе ауыл кенесінің орталығына жақын Жыңғылды тоғай деген жерде, кім ойлап тапқанын бір құдайдың өзі білсін, «халықты бір жерге шоғырландырамыз» деп, бір шаңырақтың астына бірнеше отбасын орналастыру үшін үй тұрғыза бастаған. Бірақ сол кездегі елдің хал-жағдайының нашарлығынан, аштыққа ұшырап жатқан уақыт болғандықтан ол құрылыс аяқталмай қалған. Соның орны 1940 жылдардың аяғына дейін болды. Айналасы 30-60 метр, орталарын әр отбасына деп бөлген барақ сияқты құрылыс.
Ашаршылық басталған кездегі жергілікті өкімет әкімшілігінің бір сорақылығы Жем өзенінің оң жақ бетінен 1932 жылы жазғытұрым жер жыртып тың көтеруге кірісті. Тың көтеру мәселесі сол кезде де болғанға ұқсайды. Жәлеке қорымынан төмен қарай Сарнияз жалының үлкен бауырын, одан төмен Бөршек қауымының маңын сол жердегі шоқы аталатын алқаптардың барлығын жыртып, тұқым септі. Колективизация кезінде ұжымшарға жиналған түйелермен қатар, халықтың қолында қалған бірен-саран түйелер де бұл жұмысқа қатаң түрде тартылды. Ол кезде бұл жерлерде жер жыртуға түйе ғана пайдаланылды, жылқы мен өгіздері бұл іске жекпейді. Жыртқан жердің жалпы аумағы ұзындығы 20-25, көлденеңі 5-10 шақырымдай. Осы жерді жыртуға Жылыой ауданының ауыл кеңестерінен көптеген аш, жалаңаш адамдар қатынасты. Ауыл белсенділері таңертең ерте, үй-үйге атпен келіп айқайлап, жұмысқа шығуын талап ететінін өз көзімізбен көргенбіз. Сол жерге тары егілді. Тұқымға кеткен астықты, аш адамдарға бергенде көп отбастары аман қалған болар еді. Тұқымға күндік тұқымды себушілерге үлестіріп беріп отырады. Қолында тұқым барлар аштық көрген жоқ.
Бұл өңірдің табиғаты өте құрғақшылық жағдайында. Жаңбыр жылына бір рет жауады, көбіне жаз бойына жаңбыр болмайтын жылдары да болды. Егін әрине шыққан жоқ. Тұқым дұрыс себілді ме, оны да ешкім білмеді. Тың көтеру науқаны сол кездегі асыра сілтеушіліктің кезекті ойлап тапқан жемісі екенін соңынан білдік. Бұл жерде бұдан бұрын, қай заманда да жаңбырға сеніп егін салмаған. Жем бойындағы жатақтар өзен суын шығыр арқылы пайдаланып, тары, жүгері егетін және жаман түсім алмайтын. Егер ылғал болса, бұл жерлер өте құнарлы, бірақ шығырмен суару да оңайға түспейтін.
1933 жылдары ашаршылықтан бас көтере алмаған Маңқыстау қазақтарының малы күрт азайды. Ұжымшарлар да ел үшін мардымды көмек жасай алмады. Осының салдары бөлу керек, кей жерлерде ұжымшарларды таратып, халыққа ерік беріп, өз күндеріңді өздерің көріңдер дегендей ишарат жасалды. Елге ұжымшарлардың қалған малдарын бір-екі қойдан, кейбіреулеріне торпақ үлестірді және бұл берген малдарға қатаң есеп жүргізіліп, оларды сақтап, бақылап өсіруге көңіл бөлінді. Ұжымшарлардың таратылуына байланысты ауылдарда жер өңдеу серіктестігі ТОЗ құрылды. Олар қолдарында қалған бірен-саран түйелерімен шығыр арқылы егін суарып, еңбек етті. Тоздың ұжымшардан айырмашылығы 4-5 отбасы бір шығырмен 5-6 гектар егіп, одан түскен түсімнен жергілікті өкіметке салығын төлеп, қалғанын өздері бөліп алып отырған. Сондықтан «өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» деген рас екен, ел жан-тәнімен жұмыс жасап, күн көру қамын жасады. Кейін қайтадан ұжымшарға ұйымдасқанда мұндай жағдай болмай қалды. Жасаған еңбегіне қарай еңбек күн жазылатын болды. Соған жыл аяғында, егер ұжымшарда табыс болса ақыңды аласың, болмаса ештеме жоқ. Шығырмен жасаған еңбек өнімі төмен болды. Ол кезде ұжымшарда мал да өте аз еді. Сондықтан халықтың жұмыс жасауға ынтасы нашар болды, табыс та бұрынғыдай болмады, оның көбі бөлінбейтін қорға құйылды.
Дегенмен, екінші дүние жүзілік соғыстың алдында, бұрынғыға қарағанда елдің хал-жағдайы едәуір жақсарды. Қайтадан мал жинап, өкіметтің сауда орындарынан және тұтыну қоғамдарынан өндіріс бұйымдары шығарылып, халықтың тұрмысына жарататын керек-жарақпен қамтамасыз етуге көмегін тигізді.
Әр халықтың тарихында төтенше ауыр, қайғылы, зарлы заман болатыны белгілі. XX ғасыр қазақ халқы үшін, оның ішінде Маңқыстау қазақтары үшін өте қайғылы кезең болды. Жазықсыз бейбіт халықты жаппай қуғын-сүргінге салып, соттан тыс заңсыз буындардың-үштіктердің, айрықша кеңестердің өз бетінше үкім кесуі өріс алды. Әуелі Алаш азаматтарын, кейіннен ел ардақтыларын, зиялыларын қудалап, абақтыға жауып, жер аударып, атып, қырып, жойып тынды.
1928-1930 жылдары елдің атақты азаматтары Әлниязұлы Тобанияз бастаған барлығы 70 адам бір мезгілде тұтқындалды. 25 кісі екінші рет ұсталып, жазаланды. Беймәлім кеткендері қанша, оны бір құдайдың өзі білсін. Мұны архив құжаттарынан іздеп табу өте машақатты жұмыс. Көтеріліс кезінде, қара тізімге ілінгендердің бұл жолы аман қалғандары 1937 -1938 жылдардағы жаппай жазалау науқанына қайтадан ілінді. Бұл жазаланғандардың көбі елге қайтпай қалды. Әсіресе қайғылы қасіретке 1937-1938 жылдары ұшырағандардың жазасы өте ауыр болды. Бұлар өз елінде халық жауы атанды. Отбасы, әйелдері, балалары, тіпті жақын туыстарына дейін жазаланды. Бұлардың атын атауға да болмады. Балалары әкесінің атын алып, құжат алуға қорықты, сондықтан басқа атаққа көшті, көбі елден безіп, бөтен жерлерде күн көруге мәжбүр болды.
Еліміз тәуелсіздік алып, ардақты азаматтарының аттарын келешек ұрпаққа танытқанымызға шүкіршілік етіп, құлазыған көңілге жұбаныш етеміз.
Империя 70 жылдың ішінде адам мінезін, құлқын, біріне-бірінің қарым-қатынасын, жасы үлкенге сыйластық, кішіге ілтипатын мүлдем өзгертті. Бастықтарға бас иіп, солардың айтқанын екі етпеу, партияның басты саясаты болды. Бастықтарды сыйламау партияға, кеңес үкіметіне қарсылық деп саналып, олар ашық партия тарапынан да, жасырын құпия түрде деп саналып, олар ашық партия тарапынан да, жасырын құпия түрде де қудаланып, жазаланып отырды. Әсіресе Маңқыстау қазақтарының қуғыншылыққа ұшырауына байланысты олардың құлқы, мінездері мүлдем өзгерді.
Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың: «батырдың тұқымы — жуасқа, жуастың тұқымы — ынжыққа, ынжықтың тұқымы — азғынға, азғынның тұқымы — сатқынға, сатқынның тұқымы — мәңгүртке айналған» дегені сияқты ел ішін өсек-аяң, сөз тасушылық жайлады. Бірінің ізіне бірі түсті, бірінің аузын бірі бақты. Мұндай азғындықтар сол кездегі үкімет тарапынан, оның қолшоқпары мемлекеттік біріккен саяси басқарманың аппараттарынан қолдау тапты. Осының қайғылы зардабын Маңқыстау қазақтары, көтеріліске қатынасқандардың ұрпақтары көрді. Олардың үкімет жазасына ұшырағандарынан қалғандары бандының тұқымы деп қудаланған. Оларға сенімсіздік білдірілді, ел басқару жұмысына жіберілмеді. Біз білетін Жылыой ауданында 1940 жылдардың басына дейін аудан көлемінде түгілі, ауылдық ауқымда да ел басқару жұмысына адайлар өте аз тартылды.
1922 жылы Тобанияз революциялық комитетінің төрағасы жұмысынан босатылғаннан кейін Маңқыстау елінде жергілікті азаматтардан бірінші басшы болып ел басқарушылар болған жоқ. Барлық басшылық қызмет орнына басқа рулардың, басқа жерлердің азаматтары тағайындалып, «сайланып» отырды. Бұлардың барлығы теріс ниетпен келгендер деп айтудан аулақпыз, бірақ ақиқаты осылай болғаны анық. Басқа жерлерден келгендердің барлығы бірдей сіңісіп кете алмады. Бұлар ол елдің мінез-құлқын, салт дәстүрін, әдет-ғұрпын, ел, жер жағдайын, өзгешелігін білмеді.
Мұның барлығы большевиктік партияның, кеңестің, олардың жергілікті өкілдері, соның ішінде ВЧК—ОГПУ—НКВД органдарының халыққа сенімсіздікпен қарау саясаты. Қандай да болмасын басшы қызметке бұлардың тексеруінсіз ешкім жіберілмеді. Сондықтан бұлардың арасынан жоғарғы қызмет орындарына ешкім бара алмады. Тек қана Тобанияздан кейін 65 жыл өткенде Маңқыстау ауданына бірінші басшы болып, 1974 жылы Рзаханов Киікбай, 1983 жылы сол жердің азаматы Кемелбайұлы Сақып сайланды.
Осындай жағдай Адай көтерілісі басталған орталықтардың бірі бұрынғы Адай округінің, кәзіргі Атырау облысының Жылыой ауданында да орын алды. Бұл ауданда да адайлардан бірінші бастық 1970 жылдардың аяғынан бастап тағайындала бастады. Маңқыстау ауданы 1973 жылға дейін, 55 жыл бойы Гурьев облысының қарауында болды. Облыстың басшы қызметіне Маңқыстаудан бірде-бір адам жіберілмегені де өтірік емес. 1973 жылы Маңқыстау облыс болып құрылғанда да облыс басшылары да, үлкен ірі мекеме басшылары да басқа жақтан әкелінді.
Сол кездегі солақай саясаттың, Қазақстан басшыларының көзқарастарының терістігінің салдарынан 1988 жылы Маңқыстау облысы жойылып, қайтадан Гурьев облысының қарауына кірді. 1990 жылы әрең дегенде Маңқыстаудың болашағы еске алынып, қайтадан облыс болып құрылды. Тек осы кезден бастап облыстың бірінші басшысынан басқалары жергілікті жерден сайланып, тағайындала бастады. Мұның өзін бірінші көрген көне көз ақсақалдар жақсылыққа жорып, мәз болды.
Маңқыстау тарихында неше бір сорақы жағдайлар өмір бойы, ғасырлар бойы орын алып келді деген сұраққа тарихтың өзі-ақ жауап береді.
Патша үкіметі «бүлікшіл», «бунтарь» ғасырлар бойы өзінің тәуелсіздігін көксеп, елін, жерін қорғаған халықты «тағы да не болып кетеді» деген арам пиғылмен, қазақтың басқа жерінен бөліп алып басқару үшін, 1870 жылға дейін орталығын Тифлистегі Кавказ сыртқы әскери округіне бағындырса, атақты Досан батыр бастаған «Адай көтерілісінен» кейін Ташкенттегі Түркістан генерал губернаторына қаратты, орталығын Ашхабадтағы Сыртқы Каспий облысына бағындырды.
Маңқыстау елі тек 26 тамыз 1920 жылы ғана Қазақ Автономиялық кеңестік социалистік республикасының кұрамына кірді. Бұл мәселені шешуге де Тобанияз Әлниязұлының үлес қосқаны жоғарыда айтылды.
Бұл көркем шығарма емес, 70 жылдай бұрын болған адай халқының қанды шайқасы, осыған байланысты ел басынан өткен қасіреттерге айғақ боларлық архив құжаттары, оның ішінде қара түнекте жабулы жатқан мәліметтер мен аз да болса есте қалған көне көз қарттардың естеліктерінен құралған деректі жинақ қана. Дегенмен бұл қасіретті толықтай көрсететін, соңғы шайқасты баяндайтын құжаттар жоқ болып кетуіне байланысты шындықтың түбіне жете алмағанымызға өкінеміз.
Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан кейін адай халқының басына түскен қиын да қайғылы істі әркімдер әр түрлі түсінеді. Бұл көтеріліс бір ғана рудың емес, бүкіл қазақ халқының әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығы деп түсінгеніміз дұрыс.
Адай халқының басынан кешірген ондай қаралы күннің зардабы ұмытылып бара жатқаны да белгілі. Мұны сол көтерілістен таяқ жеген, соның ащы дәмін татқандардың ұрпақтарынан басқа империя 70 жылдың ішінде адам мінезін, құлқын, біріне-бірінің қарым-қатынасын, жасы үлкенге сыйластық, кішіге ілтипатын мүлдем өзгертті. Бастықтарға бас иіп, солардың айтқанын екі етпеу, партияның басты саясаты болды. Бастықтарды сыйламау партияға, кеңес үкіметіне қарсылық деп саналып, олар ашық партия тарапынан да, жасырын құпия түрде деп саналып, олар ашық партия тарапынан да, жасырын құпия түрде де қудаланып, жазаланып отырды. Әсіресе Маңқыстау қазақтарының қуғыншылыққа ұшырауына байланысты олардың құлқы, мінездері мүлдем өзгерді.
Маңқыстау елі тек 26 тамыз 1920 жылы ғана Қазақ Автономиялық кеңестік социалистік республикасының құрамына кірді. Бұл мәселені шешуге де Тобанияз Әлниязұлының үлес қосқаны жоғарыда айтылды.
Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан кейін адай халқының басына түскен қиын да қайғылы істі әркімдер әртүрлі түсінеді. Бұл көтеріліс бір ғана рудың емес, бүкіл қазақ халқының әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығы деп түсінгеніміз дұрыс.
Бұл көтеріліс пен адайлардың одан көрген қасіреті туралы қағаз бетіне бірінші рет түсіріліп отыр. Бұрын бұл жағдайды жазу түгілі, айтуға да болмайтын еді ғой.
Сондықтан ізі жоғалып, ұмыт болып кетпеу үшін, келешек ұрпақтың дұрыс ұғынып, түсінуі үшін, шындығына көз жеткізу үшін аз да болса септігі тисе, біздің ойлаған, алдымызға қойған мақсатымыздың орындалғаны деп есептейміз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру