Қолғанат Нұржаубайұлы. Емші
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қолғанат Нұржаубайұлы — «Қолғанат Нұржаубайұлы. Емші». 1-ТАРАУ: ҚАСИЕТ
/uploads/2880551e-8c0d-506e-911e-6db58256efb2/cover.png
1-ТАРАУ: ҚАСИЕТ
ҚҰНАНОРЫС ҚОЖЫҚ
Адайдың құнанорыс руынан шыққан, есімі Маңғыстауға белгілі емші һәм сынықшы Қожық Сармағанбетұлы 1880 жылы дүниеге келіп, 1958 жылы 78 жасында қайтыс болған. Сүйегі өзінің ата қонысы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеге таяу Көгез жеріндегі Бибі қауымында жерленген. Қауымның Бибі атануының да өзіндік сыры бар. Сол жерге ертеректе ауылымыздан Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтқан анамыз жерленсе керек. Мұсылмандар қажылық парызын өтеген әйелді «қажы» деп емес, оларды «бибі» деп атаған. Солай десек, сонау Жамбылдағы Айша бибі мазары да қажылыққа барып келген, дін жолын ұстанған ананың құрметіне орнатылған кесене болуы керек.
Көріпкелдік, емшілік қасиеттер кез келген адамның бойына қона бермесі анық. Қожықтың әкесі Сармағанбет те тегін емес, бойында көріпкелдігі бар қасиетті кісі болған. Ол кісінің көріпкелдігі жөніңде өзінің келіні, менің анам Ақбалаш (1913-2002) былай деп еске алушы еді: «Бұл оқиға Ізбасқанды туғаннан (1933 жылдың қыркүйек айы) кейін болып еді. Шамасы, 1933 жылдың қазан қараша айлары болуы керек, бір күні отын шабуға кетсем, үйімізге үлкен әтекем (Сармағанбет) келіпті. «Келіннің қолынан дәм татып кетем» – деп, күтіп отыр екен. Содан, от жағып, бидай қуырып, шәй бердім. Бір кезде үлкен әтекемнің: «Апырмай, баласыз қалады-ау, орын қалмайды-ау» – деп өз-өзінен бір нәрселерді күбірлеп, сөйлеп отырғанын естіп: «Ата, не деп отырсың, кім баласыз болады?», – деп сұрап қалдым. Ол кісі үлкен қайнағаны (Жаңбырбайды) айтып отыр екен. Әтекемді содан кейін көрген жоқпын. Ол сол жылы Кетік жақта дүние салды».
Анамның әңгімелеп отырған жылдары елдің әлі ашаршылықтан ес жия қоймаған кезі. Сол тұста күнелтіс қамымен кәсіп іздеген Қожық Кетік бетте Захар Дубскийдің балық кәсіпшілігінде қайықшы болып жүрген. Көшіріп алып кеткен әкесі Сармағанбет сол жақта дүниеден өтеді. Сүйегі қазіргі Қызылөзен ауылындағы қауымда жерленген.
Сөз реті келгенде айта кетейік, біздің кәрі әкеміз Тілек деген кісіден төрт бала болған. Олар: Қаржаубай, Жаңбырбай, Қозыкен, Нұржаубай. Жастай өлген Қаржаубайдан орын жоқ. Жаңбырбайдан Рәзия деген қыз болды, ер бала болмады. 1942 жылы әкеміз соғысқа алынғанда анамыз Ақбалаш (кейін ауыл-аймаққа «Балаш», «Бәке» атанып кетті) іште қалған егіз ұлын босанып, аттарын Төлеген, Өтелген деп қояды. Абысыны егіз ұлды болғаннан кейін Жаңбырбай әкеміздің әйелі Игі шешеміз екі баланың бірін бауырына салуды сұрап, арнайы бұйыммен келіпті. Ақбалаш егіздің сыңары Төлегенді абысынына береді. Бірақ, анасының уыз сүтіне жарымай жатып, абысынына берілген бала әлсіз болды ма, әйтеуір Төлеген көп ұзамай шетінейді. Аңырап қалған Игі шешеміз жылап-еңіреп келіп отырған соң, Құдайға шүкір, өзі баласыз емес, Ізбасқаны бар, Ақбалаш анам оны аяп, Өтелгенді әлі қырқынан шықпай тұрып, Игіге тағы беріп жібереді. Беріп жіберсе де, ботасын іздеген аруанадай, баласын қимай, сонау көз ұшында кетіп бара жатқан абысынының соңынан алыстан еріп отырып, Шерқаланың қарсысындағы Жалғанның тауының басына дейін көтеріліп, көзден таса болғанша ет жүрегі езіліп артынан қарап тұрыпты-ау!.. Сол Өтелгеннен туған төрт баланың алғашқы екеуі – Қайрат (1967 ж.т.) пен Ғабиттің (1969 ж.т.) тууы туралы куәліктеріне фамилиялары «Жаңбырбаев» болып жазылып, иншалла, бұл күндері Жаңбырбай шаңырағының түтінін түтетіп отыр.
Қозыкеннен Болысбай, Сәуір деген екі бала болды. Болысбай өткен ғасырдың 70-жылдары дүниеден өтті, артында із қалмады. Ал, Сәуірдің бұл күндері өзі бар болғанмен, бала-шағасы жоқ.
Нұржаубайдан: Ізбасқан (1933ж.т.), Өтелген (1942ж.т.. Жаңбырбайға берілгенмен тууы туралы куәлігінде «Нұржаубаев» болып қалған), Қолғанат (1953 ж.т.). Арада 1950 жылы туған Жібек есімді қыз бар, тұрмыста, балалы-шағалы. Нұржаубайдан тараған үш шаңырақтан он бала бар. Ізбасқаннан туған төрт баланың бәрі (Ғазиз, Абзал, Абат, Азамат) үйленіп, өз отауларында ұрпақтарын өсіруде. Өтелгеннен туған төрт ұл (Қайрат, Ғабит Жаңбырбаевтар, Қайырхан, Ғабиден Нұржаубаевтар) да үйленіп, өз алдына шаңырақ көтерді. Өзімнің, яғни Қолғанаттың екі баласының бірі Асқар үйленген, жоғарғы оқу орнын тәмәмдап, заң саласында қызмет істеп жүр. Кіші ұлым Елдос – мектепте. Сөз болып отырған Тілектің төрт ұлы Қаржаубай, Жаңбырбай, Қозыкен, Нұржаубайлар емші Қожықпен үш-төрт атадан қосылады. Кезінде бір ауыл болып бірге отырған, Көгез жерін бірге жайлаған туыс адамдар. Егер Қожық пен Нұржаубайдың туыстық қатынасын шежіреге сүйеніп айтар болсақ төмендегідей болып келеді:
Бұрынғы кездерде қазақтар қыздарын текті, белгілі жерлерге беріп, ұлдарын да сондай өздеріне тең саналған елдің қыздарына қосуды мұрат еткен ғой. Қожықтың әкесі Сармағанбет те тегін адам болмаған. Солай деуімізге оның бектеміс руынан шыққан белгілі Несібек емшінің Тәніш есімді қызын алуы да дәлел бола аларлықтай. Сол кезде Несібек қызын кез келген көк аттыға өңгертіп жіберетін әке емес, бүкіл Маңғыстауды өзінің қасиетіне бас идіріп, үлкен абырой иесі болып отырған адам.
Сондықтан көріпкелдік – Қожыққа өз әкесі Сармағанбеттен берілсе, емшілік – нағашысы, бектеміс Оразалы баласы Несібектен дарыған.
Көріпкелдік қасиет Қожықтың өз аталарыңда болған деуімізге дәлел боларлықтай жәйді оның ағасы Сатыбалдының 1885-86 жж. дүниеге келген қызы Айжанның өміріне шолу жасай кетсек көз жеткізуімізге болатындай. Айжан жасынан есен жеменейдің бір баласына атастырылып, құда түсіп, қалыңмалы төленіп қойылады. Бірақ оның баратын адамы әйел алар жасына жетпей қайтыс болады да, құнанорыстар жуық арада оған бата оқып бара қоймапты. Балаларына бата оқып келмеген соң есеңдер жағынан да бұл ауылға адам қатынаспайды. Сөйтіп арада екі-үш жыл өтіп кетеді. Сол кезде шоңай Есболай байдың әйелі өліп, артында екі баласы жетім, өзі тұл қалады да, әйел іздестіре бастайды. Өмірінде оншақты әйел алған, руы базар жары Абылайдың бір әйелі құнанорыстың қызы Маңдайлы апамыз да, тағы бір әйелі шоңайдың қызы екен. Сол Абылай шоңайлардың аулына да, құнанорыстардың аулына да күйеу ретінде аралас жүреді. Енді сол кісі құнанорыстардың аулына келгіштеп, Айжанды Есболайға қосудың әңгімесін шығарып, ақыр соңы құнанорыстар ауылын дегеніне көндіреді. Мұны естіген Айжан, әйелі өлген, өзінен көп үлкен адамға барғысы келмей, есендер жағынан аяғы ақсақ, көзі соқыр да болсын біреу келсе, еріп кетпекші болып жүреді. Бірақ, қырсық шалғанда олардан ешкім ат ізін салмай қояды. Содан еріксіз Есболайға ұзатылып бара жатқан Айжан Абылайға: «Абылай, мені қатыны өлгенге бергіздің, екі аяғым төбеңде ойнасын, екі қолым жағаңда ойнасын, жалғыз балаңның қызығын көрме! Мені шалға қосқан сенсің Абылай, жалғызыңның қызығын көрме!» – деп қарғап кетеді. Көп ұзамай Абылайдың Еңсеген деген жалғыз баласы өледі. Кейін бір кездескенде Абылай Айжанға: «Сенен болды ма, әлде Құдайдан болды ма, білмеймін, жалғызым Еңсегенімнен айырылдым!», – деп мұңайған екен. Қазақта ұзатылған қызға: «артыңа қарамай аттан» деп, жасы үлкен кемпірлер аттанып бара жатқан қыздың артынан қолдарын шығарып, отыра қалып дәрет етіп жататын ырым бар. Айжан малы бар, әйелі өлген шалға ұзатылып бара жатып, үш ағасына: «Мен сендердің барлығыңнан не көрдім, маған ара түсуге де жарамадыңдар, әйелі өлген шалға ұзатылдым» – деп артына қарайлай-қарайлай жылап аттанған ғой. Содан болды ма, үш ағасының артында із қалмады. Қарғынбайдан туған Орынбай да фин соғысына алынғаннан хабар-ошарсыз кетті. Одан тек жалғыз қыз Мәдемхан ғана қалды.
Сонымен, Айжан ұзатылып кеткеннен кейін көп ұзамай екі ағасы бірінен кейін бірі өлген. Үшінші ағасы жалғыз қалған соң, алдыңғы екеуінің өліміне өзін кінәлі санаған Айжан мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайға тірі ағасының тілегін тілеп, жалбарыныпты. Бірақ, одан да еш нәтиже шықпай, үшінші ағасы да өліпті. Соңда шешесі үйдегі қара құмаңды «үш баламның артында қалып, мұра болмай-ақ қой» деп лақтырып сындырған екен. Содан Айжанның шешесін Есболай бай қолына көшіріп алыпты. Есболайдан Айжан апамыз жеті ер бала көреді. Ішкені алдында, ішпегені артында, не кием, не ішем деген уайымсыз өмір сүргендей. Бірақ, сырттай қарағанда еш кемдігі жоқ болғанмен, іштей көкірегі қарс айырылып отырады екен. Алдындағы үш ағасы бірдей өліп, олардың өліміне өзін кінәлі сезінген қарындастың ішкі жан-дүниесі қалай ғана тыныш тапсын! Сөйтіп жүргенде жаңа өкімет келіп, дүниенің астаң-кестең шығады. Байдың бар малы тәркіленіп, тігулі үй тігулі қалған. Есболай ұсталып кеткен. Кешегі шалқып жүрген Айжан енді көзге шыққан сүйелдей күй кешеді. Ешкімнің мұнымен ісі жоқ, әңгімелеспейді де. Бәрі де байдың әйелімен сөйлескенімізді көрсе ұсталып кетеміз деп қорқады. Үш ағасының артыңдағы ізі Орынбай інісінің үйі Жармышта, оған баруға «ініме кесірім тиер» деп өзі сақтанады. Шиеттей жеті баласымен қаңғып қалады, тұрмыс тауқыметінің ауырлығынан алдыңғы екі баласы шетінеп кетеді.
Бүгін болмаса ертеңгі күні артымдағы жалғыз ініме кесірім тимесін деп, бір есекке балаларын мінгізіп, Қабдолла деген баласы бір мес суды арқалап, бес баламен шұбырып, Бекдашыны бетке алып жолға шығады. Қолында азығы жоқ бір шал бұларға қара боп еріп бірге жүреді. Жол бойы шұбырған халық. Ұзақ жолдағы жаяу-жалпы жүріске ере алмаған үш-төрт жастағы нәрестелеріне қарайлауға да шамалары келмей, далаға қалдырып тастап кеткендерді де көздері көрді. Артында қалған баланың шырылдаған дауысын естіген аналары кете алмай, айналшықтап кері оралып келе беріп, жол байлау болатындықтан баланың етегіне құм түйіп, қолына тостаған мен қасық ұстатып алдарқатып тастап кетеді екен. Етегіне түйілгенді бидай деп соны алып жеу үшін түйілген жіпті шеше алмай алдарқанған бала біразға дейін жыламай қалып қоятын болған. Олар әрекетінен түк шығара алмай жылай бастаған кезде әке-шешелері олардың дауысын естімейтіндей қашыққа ұзап кететін көрінеді. Арттан келген басқалардың да ондай балаға көмек қолын созарға шамалары жетпейді, өз басымен әлек.
Сөйтіп келе жатқанда арт жағынан бір-екі аттылы адам жетіп: «Ойбұй, мына бала суын көтере алмай шаршап қалыпты ғой, әкел, местегі суды атқа артып жүгіңді жеңілдетейін» – деп алдап, суларын алып келеді. Қара ниет қаныпезерлер қай кезде де болған ғой! Оны қуып суын алмақ болған Қабдолланы бірге еріп келе жатқан баяғы шал тоқтатыпты. «Не қыласың әлектеніп, әуелі аттыға жете алмай шаршайсың, жеткен күнде де олармен жағаласып, әлсіреп, әрі қарай жүре алмассың. Адамшылығы болса өздері де қалдырып кетер еді ғой, жазасын Құдай берсін олардың.
Шыда, бізге де Құдай қарасар» – деп, тоқтау салыпты. Әлгі шал өзі де шаршап ауық-ауық есекке мінгесіп, аяғын суытып отырады. Шөлдеп, еріндері кезеріп келе жатқанда, Құдайдың қарасқаны болар, аспанға бұлт айналып, өткінші нөсер жауын құйып өтеді. Жолдағы тастақ жерге түскен суды қасықпен жинап, бір шәйнекке құйып алып, бұлар шөлдерін қандырады. Жас балаларын күн алдынан шықса арқалап, артынан шықса алдына ұстап, Айжан да өлдім біттім күйде Бекдашыға жетеді. Есболай болса, Гурьевтің түрмесінде. Биділла өздерімен ала келген есекпен отын тасып сатып, тапқандарын талғажау етіп, бұлар да күн көріп жатады.
Арада біраз жыл өткен соң Есболай түрмеден босап, Құлсарыға қоныстандырылады. Сол жерден өзінің Шынжырбай деген құрдасының атанын сұраусыз мініп кетіп елге келеді. Көшпей жұртында қалғандардан әйелі мен балаларының көшіп кеткенін естіп, Бекдашыға жетеді. Өзімен бірге ұсталған бұрынғы әйелінен қалған екі баласы да түрмеден шығып келіп, жұмысқа орналасады. Есболайдың өзі құмалақ ашып, бала-шағасын асырайды. Ағайыны Кетеден тараған төрт үй екен, солар Есболайға әрқайсысы бір-бір керегеден беріп, уықтарынан уық суырып беріп, қолдан шаңырақ жасап төрт қанат үй көтеріп береді. Бұл кезде олардың төртеуі де сульфатта жұмыс істейді, қолына түскен ас-суларын ортаға салып, Есболайға арнап енді беске бөліп ішеді.
Жағдай біршама түзеліп, енді ес жинай бастағанда «байларды қайтадан ұстайтын көрінеді» деген хабар шығады. Әке басына қауіп төнгенде балаға қарайламайды екен ғой, бір күні Есболай ересек екі баласын ертіп, үйдегі жалғыз есекті мініп, бір түнде жоқ болып, Иранға асып кетеді. Ол есекпен даладан тезек, томар тасып сатып күнкөріс қамын жасап жүрген Биділла есекті іздеп жүріп, бір шоңайдың қызына кездеседі. Ол: «Есекті іздемей-ақ қой. Өткенде әкеңнің мініп бара жатқанын көргенмін, енді оны іздеп әуреге –түспе», – дейді. Осыны естіген соң Айжан үйдегі азғантай бидайын диірменге тартып, ұн жасап, садақа нан таратыпты. Содан кейін басына үйірілген пәле-бәтерін Есболайлар алып кеткендей-ақ небір түрлі қорлықтардан құтылса керек.
Қожықтың көріпкелдік қасиеті жөнінде Мұшағұл баласы Әбубәкірдің мына бір әңгімесін айта кеткенді жөн көрдік. «Жездем (Қожық – Қ.Н ) бірде малға тыным көрсетпеген соң қасқыр атқызбақ болып айтулы аңшы бабық Нұрды шақыртады. Ол кісі Құнанорыс руына күйеу болып келетін, алғаны құнанорыс Серікбай деген кісінің Айым деген қызы еді. Оның үстіне Маңғыстауға белгілі, екеуі де елге сыйлы, өзара сыйлас адамдар болатын. Нұр келіп үйіне қонған түні емші түнімен сарнап шықты. Ертесіне апам: (Қожықтың соңғы әйелі Хади – Қ.Н) «Неге сарнадың, ұйықтатпадың ғой» – дегенде, жездем: «Мына Нұрдың киесі бар екен. Сол ұйықтатпады, бірақ оны өзіне айтуға болмайды» – деді. Мен бала болсам да екеуінің осы әңгімесін құлағыммен естіп, жатқа тоқып қалдым.
Несібек пен Нұр – айтулы халық емшілері, екеуі туыс адамдар. Алғашында емсектік пен сынықшылық Несібекке дарыған. Несібек өз тұсында бас, жүрек, бөтеке, іш құрлысы, қан қысымы ауруларының қай-қайсысын да қолмен қойғандай етіп емдеп, жазып жібергені жайында айтылатын деректер Маңғыстау өңірінде жеткілікті.
Несібек – (1780-1860) Бозашы түбегінде өткен емші. Айтушылар Несібекті әлімнің Әйтеке биінің қызынан туған деп пайымдайды. Несібек діни сауатты, сөзге ұста кісі болған деседі. Оның есімі көріпкелдік, емсектік қасиеттер тұрғысынан алғанда ерекше адам ретінде бағаланып, ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай айтылып келеді. Мысалы, ол адам ағзасындағы қайсыбір кеселге ұшыраған бөлшектерді оташылық жөнімен алып тастайтын құдіретке де ие болыпты. Оның дененің тиісті бөлігін жібек жіппен тігетіні, яғни ота жасайтын (хирургиялық) қасиеті туралы деректер де ел аузында сақталған. Несібектің емге Маңғыстауда өсетін табиғи шөп түрлерінің өскіндері мен тамырларын пайдаланатыны шындықпен астасып жатыр.
Несібектің туысы Нұр да қасиет киеден кенде болмаған кісі. Қазақ дәстүрінде алдында аға тұрғанда ініге жол тие бермейтіні бар ғой. Інісі Нұрдан гөрі Несібек емшінің белгілі дәрежеде есімі ерекше аталатындығы содан болса керек. Әлде емшілік қасиет алдымен соған берілгендіктен, бәлкім, аруағы күштірек болса болған да шығар.
«Маңғыстау» атты танымдық энциклопедияда жазылғандай, Несібектің 1860 жылы дүниеден өткені рас болса, оның 1880 жылы дүниеге келген жиені Қожыққа тікелей бата бергені көңілге күдік ұялатары анық. Десек те, Алланың құдіретімен мұндай қасиет тікелей бетпе-бет бата беру арқылы емес, арада біршама жылдар өткен соң аян беру арқылы қона беретіндігін ескерсек, емшілік Қожыққа Несібектен берілген дегеннің шындыққа жанасатындығын мойындамасқа лажымыз жоқ. Олай деуімізге мына төмендегі әңгімелер де негіз беретіндей. Біріншіден, Несібектің туыстары «ол кісі қасиетін өз ұрпағына емес, жиендеріне беріп кетті» деп «өкпелейді екен» деген де сөз бар. Шынында да, халық аузында: «Бектеміс руынан шыққан Несібек емші батасын үш жиеніне берген көрінеді. Олардың бірі тоқабай Айтқұл емші, екіншісі – жаңай руынан шыққан қазіргі белгілі сынықшылар Қалнияз бен Жұбанның аталары емші Жанқұлдың әкесі Асар сынықшы (оның Несібекке жиен атануы жөнінде Асар ұрпақтарының емшілігі туралы тарауда айтылатын болады), үшіншісі – құнанорыс Қожық екен», – деп айтылатын әңгіме де бар. Есейген шағында Қожықтың қолыңда болып, оның қол баласы болған балдызы Әбубәкірдің айтуынша емші үйіне жары руының адамдары келгенде нағашылы жиенді болып әзілдеп: «менің жеп отырғаным сендердің нандарың», – деп отырады екен.
Несібек төсек тартып, ауырып жатқанда көңілін сұрай барған қызы Тәнішке ырым қылып, өзінің телпегін берген көрінеді. Сол телпекті шешесі сақтап қойып, кейін Қожыққа кигізген делінеді. Телпек берегірекке дейін Қожықтың баласы Бозжігіттің үйіңде сақталып келіп, кейінгі жылдары ғана жоғалып кетті. Шетпе кентінде тұратын ақсақал ағамыз Құдайбергенов Шоңқал: «Әкем Құдайберген Қожықпен түйдей құрдас еді. Сол әкем: «Он-он бір жастар шамасындағы кезіміз. Қожық бәріміз далада ойнап жүргенде Қожық үнемі телпегін жоғалтып келетін. Шешесі қолына түндік бауды төрт бүктеп ұстап оған ұрсып-ұрсып, алдына салып айдап алып барып, ойнаған жерлерімізден әлгі телпекті іздеп тауып әкелуші еді» – деп еске алатын. Соған қарағанда Қожыққа қасиеттің сол телпек арқылы берілетіндігін анасы білген де болар, шамасы».
Емші жиендері: құнанорыс Қожыққа телпегі мен оташылық жасайтын қара пышағын, жаңай Асарға төс пен қолдан соққан қышқашын берсе керек, ал, тоқабай Айтқұл емшіге не бергені бізге әзір белгісіз.
Шынында да бектеміс Несібек емші өзінін бұл қасиетін толықтай өз ұрпақтарына неге қалдырмаған? Айта кетер бір жәйт, «ат аунаған жерде түк қалады» дегендей, Несібектің өз ұрпақтары да емшілік қасиеттен құр қалмаған. Есімдері Асар, Қожық, Айтқұлдай кең таралмаса да Несібек ұрпақтары Айтмағамбет, Құрманбайлар да емшілік қасиетімен елге белгілі болған. Несібек ұрпағының емшілік қасиеттері туралы келесі бір тарауда арнайы тоқтала кететін боламыз.
Ал, енді, Несібек емшілік қасиетін неге жиендеріне берген деген сұраққа айтар жауабымыз әзірге төмендегідей болмақ. Біріншіден, бойыңдағы қасиетті кімге берерін ол емшілер өз қалауымен емес, өздерінің еркінен тыс бір құдіреттің бұйрығымен қалдыратын болуы керек. Екінші бір себебі, емшілік қасиеттің Несібектің өзіне де нағашы жұртынан берілгендігінде болар деп шамалаймын. Бұл туралы Қожықты көзі көрген, білімі де бар, ескілікті әңгімелерді көп білетін, Маңғыстауға аты кеңінен мәлім бабық аңшы Нұрдың баласы марқұм Сабытай естелігінде жақсы айтылған. «Өзім Қожекеме жиен болсам да көп әзілдесіп ойнай бермеуші едім, қасиетті кісі ғой, қатты қадір тұтатынмын. Бірде ол кісінің өзінен: «Сіздің емшілік қасиетіңіз ата-бабаңыздан келе жатыр ма?» – деп сұрадым. Сонда, Қожекем: «Жоқ, бұл қасиет нағашым бектеміс Несібектен дарыған қасиет» – деп еді. Сол кездегі емшінің айтқандарынан есімде қалғаны былай баяндалушы еді: Несібектің шешесі Жеті рудың біреуінің қызы екен. Қызы ұзатылып бара жатқанда оның әкесі: «Ал, құдалар, бұйымдарың бітті, келіндеріңді алып бара жатырсыңдар. Ел арасы қашық, жиі араласып тұра алмаспыз. Сендер менің қызымды алып бара жатырсыңдар, енді мен сендерге бір бұйым салмақшымын». Келіндері қолына тиіп, келген шаруалары тиянақталған адайлар: «е, құда, айтыңыз, бұйымыңызды орындаймыз» – дейді ғой, қауқылдасып. Сонда, қыздың әкесі: «Ендеше, елдеріңе барғаннан кейін келіндерің жүкті болған соң онымен бір шамада қатар күшіктейтіндей қылып бір қара қаншық итті жіберерсіңдер. Дүниеге келген бала – менің тұңғыш жиенімнің бірінші ауыздануы сол қара қаншықтың сүтінен болсын!», – депті. Құдалары сол сәтінде «е, орындаймыз» десе де, кейін елге келген соң берген уәделерін естен шығарып алыпты. Содан Несібек дүниеге келген күні баяғы сөз есіне түскен бір қарт отырып: «Ойбұй, масқара болдық! Құда қасиетті адам еді, оған берген сөзімізді ұмытып, айтқанын істемеппіз ғой, енді қайттік, неде болса ырымын істейік, кеше туған қара биенің сүтін әкеліңдер, баланы сонымен ауыздандырайық» – дейді. Үлкен адамның айтқаны сол мезетте орындалып, бала қара биенің сүтімен ауыздандырылыпты.
Баланың жасы үшке жақындағанда, баяғы құдасы – Несібектің нағашы атасы келеді. Жиенін көрген соң: «Е, шырақтарым-ай, адайларым-ай, адай тентек, зорлықшыл деп естуші едім, бірақ, дәл мұндай, әңгіме тыңдамайтын ел деп ойламаушы едім. Бір ит асырауға шамаларың келмеді ме, мына баланы иттің емес, қара биенің сүтімен ауыздандырыпсыңдар ғой» – деп, шамалы уақыт үнсіздіктен кейін, – «Е, дегенмен жаман бола қоймас!» – десе керек.
Сабытай ақсақал айтқан, ел аузында сақталған осы әңгімеге құлақ салсақ, Несібекке де емшілік қасиет өзінің нағашыларынан берілген сияқты. Ендеше, өз бойындағы қасиетін жиендеріне беру – Несібектің өз еркінен тыс, әу бастан маңдайына жазылған бұйырмыш деу дұрыс болар.
Ал, енді, Несібек жиені Қожыққа қасиетін аян беру арқылы берді дейтін себебіміз мынада. Қожық сәлем бермекке Бозашыдағы нағашыларына барған сапарында жолай төбе басында ат шалдырып жатып, көзі ілініп кетсе керек... Түсінде нағашы атасы: «Ей, жиен, неғып жатырсың, тұр орныңнан, жан-жағыңды өрт қаптап келеді, тұр, күйесің!» – дейді екен. Ол жан-жағына қараса, шынында да от қаптап кетіпті. Содан, ұйқыдан айқайлап, өз дауысынан өзі шошып оянған. Қожықтың өзінің айтуы бойынша осы сәттен бастап оған әруақ қонған көрінеді. Қазіргі ғылыми-көпшілік әдебиеттерде тылсым қасиет иелеріне мұндай қасиеттердің осындай ерекше стресске (біреуді жоғарғы кернеулі ток ұрғанда, енді біреулер апатқа ұшырағаннан соң, немесе қатты ауырып өлім халінен қалғаннан кейін, т.с.с.) ұшырағаннан соң пайда болатынын ескерсек, жоғарыдағы айтылған әңгімені де теріске шығаруға болмайды. Тағы бір айтушыларға құлақ салсақ, Несібек өз қасиетін Қожыққа көзі тірісінде берген дейді. Бірақ, бұл айтылымға сенер болсақ, онда Несібектің өмір сүрген уақыттарын қайта зерттеп, зерделеуге тура келеді. Қазіргі басылымдар мәліметіне сүйенсек, оның өмір сүрген мерзімі мен Қожықтың өмір сүрген дәуірі арасында жиырма жылдай айырмашылық бар екенінің есте ұстағанымыз жөн.
Қожық сол сапарында барып, нағашыларына сәлем беріп, бата алған. Қайтып келе жатқанда, ел арасы қашық, тағы да бір төбе басында ат шалдырып отырса жылан мен ешкімдердің (кесірткенің бір түрі, далада ешкінің желініне жабысып сүтін сорып алады деген түсініктен «ешкіемер» атанған) төбелесіне куә болады. Бұлар қайтер екен деп қарап отырса жылан уынан әлсіреген ешкіемер өсіп тұрған саңырауқұлаққа сүйкеніп, оның ұнтағына аунаған соң қайта күш алып, қайтып келіп, жыланмен төбелесін әрі қарай жалғастырып, ақыры жыланды өлтіріп тынған... Осыны көрген Қожық саңырауқұлақтың емдік қасиетін біліп, емшілік тәжірибесінде оны кеңінен қолданған. «Саңырауқұлақтың ұрғашы, еркегі болады. Ұрғашы саңырауқұлақ ірі болады, оны ер адамдарды емдегенде пайдаланады, еркек саңырауқұлақтар ұсақ болады, оларды әйел адамдарды емдеуге қолданады» деп отырушы еді Қожық», – деп еске алады оны көзі көрген замандастары.
Қожық өзі қолданатын дәрі-дәрмектерін табиғатта кездесетін шөптер мен жәндіктерді, жан-жануарлардың жекелеген дене бөлшектерін зерттеп, іс-тәжірибеден өткізіп, даярлайтын болған. Бұл жөнінен алғанда ол қазіргі тілмен айтар болсақ, фармацевт те болды. Ол құрт ауруымен ауырған Қаржаубайұлы Қонысбайды емдеп жазып, оған: «Аузыңнан бір құрт түседі, соны алып қой», – деп тапсырып кетеді. Бір күні шынында да Қонысбайдың аузынан құрт түседі, ол оны қағазға орап көрпенің астына қоя салады да, артынша күнделікті шаруа күйбеңімен жүріп, ұмытып кетеді. Бір-екі күннен соң есіне түсіп, Қожыққа апарайын деп қараса, әлгі құрты жоқ, қағазды тесіп, шығып кетіпті. Қожық ол құртты алдырып, оны ненің күшімен өлтіруге, залалсыздандыруға болатындығын зерттемек болған екен.
Қожықтың ізденімпаздығы жөніндегі ойымызды Мұшағұлұлы Әбубәкірдің мына бір әңгімесі де растай түседі: «Сиырда, бұзауда бұзаубас дейтін дөңгеленген бас қотыр болады. Мен бұзаубас қотырды тәжірибе ретіңде емдеп көрдім. Бірде таудағы қотыр тастардың арасымен келе жатсам, олардың түйіршік-түйіршік мүк қабаттары бұзаудың басының қотырындай дөңгелек-дөңгелек болып тұр екен. Соны сиыршыларға бір табаққа қырғызып жинатып, оны қайнатып, бұзаудың басына жағып, емдедім» – деп отыратын жездем».
Қожық өз емдеріне ер құны, тамырдәрі, киікоты, адыраспан, саңырауқұлақ сияқты неше түрлі шөптерді, кесіртке, жылан, кірпі, құмырсқа, т.б. жәндіктерді, мумиені, мертік тасты (арқардың сиген жері. Ондай жер қақшиып қатып қалады, оны сыныққа пайдаланады) кеңінен қолданған.
Сынық салу – халық медицинасындағы өте ерте заманнан ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қасиетті өнер.Сыртқы және ішкі сынықтарды салуда өрбір сынықшының өзі ғана меңгерген түрлі әдістері болады. Мәселен, Қожықтың қолы өте жеңіл сынықшы болғандығы жөнінде халық аузында: «Бекбаулы (руы шаңай, Маңғыстауға аты белгілі, өзі Бекет атамен құрдас емші болған адам) сынықты теуіп салады, Қожық сынықты қолымен ұстап, сүйектің арасына ет қыстырылып қалмасын деп айнала етін тартып отырып сипап салады», – деген де сөз бар. Ал, әулие Бекет атаның тұстас құрдасы Бекбаулы атамыздың емшілігіне, әруағына Маңғыстау халқы еш шәк келтірмей, оның Ұланақтағы мәңгілік мекеніне әлі күнге дейін табынып, басына түнеп жатады. Кезінде Бекет атаның өзі құрдасына: «Сенің қасиетің жеті ұрпағыңа кетеді екен» – деп сәуегейлік айтқан көрінеді. Атаның сол айтқаны дәл келіп. Бекбаулы атаның тұқымдары осы күндері де сынық салуды өздеріне аталарынан келген мұра ретінде жалғастырып келеді.
Қожық тіліп қан шығару, кеселді аймақты сылып тастау, бас сүйекті ашып ісікті сылып тастау (трепенация) сияқты аса күрделі операциялар жасауды, яғни оташылық (хирургия) әдістерін де меңгерген емші. Бас сүйекті трепенациялау – бұл көне дәрігерлік өнердің қазақ жерінде шарықтау шегі болып табылады. Ол жөнінде менің дәріс алған ұстаздарым – белгілі тарихшы-археолог ғалымдар Әлкей Марғұлан, Кемал Ақышев, Мір Қадырбаев, Абдулманап Оразбаевтар бірігіп жазған «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» деген монографиялық еңбегінде де деректер келтірілген. Гиппократтың айтуынша, трепенацияны эпилепсияны емдеу үшін көне эллин дәрігерлері де көптеп қолданған екен.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей Қожық атамның өз емдеріне көп пайдаланған шөптерінің бірі – ер құны. Ол Қаратаудың ағыстық сайларының бойларына шығады. Басы бидай сияқты ұсақ көк гүлді, жанға жағымды хош иісі болады. Биіктігі қарыс сүйем құрайды, мамыр айының аяқ кезінде пісіп-жетіледі. Сол кезде жинап, кептіріп, емге пайдаланады. Жаз кезінде қурап, өңі өзгеріп кетіп. таныттырмай қояды. «Осы шөп көп ауруға ем болады» – деп отыратын емшінің баласы Бозжігіт ағамыз. Өкінішке орай, бұл күндері әйгілі емшінің қай шөппен қандай ауруларды қалай емдегені туралы дәл айту қиын. Тек қана көпшілікке айтарымыз – қазіргі кезде білетін адамдардың ер құнын қан қысымын реттеу үшін қайнатып ішіп жүргендігі ғана.
Халықтық медицинада кеңінен танымал адыраспан (гармала степная) деген шөптің де емдікке пайдаланғанда еркек, ұрғашысын айыра білу керек. Еркек адыраспанның бір бұтағында төрт дән болады, олар ірі боп келеді. Ал, ұрғашы адыраспанның бір бұтағында алты дән болады да, олар ұсақтау болып келеді. Адыраспан улы шөп, оны қураған кезде болмаса мал да жемейді, иісі жағымсыздау. Оны емге пайдаланғанда аса сақтықты қажет етеді. Емге пайдалану үшін аларда оның арнаулы батасын жасап: «Ассалаумағаликүм, адыраспан, бізді сізге жіберді Омар, Оспан» деп басталатын өлең жолдарын айтып барып алатын болған.
«Қантепер» деген шөп болады, қазып алғанда тамыры домалақ, қызыл болады, қант қызылшасының жабайы түрі сияқты, соған ұқсас болып келеді. Қан қысымы жоғары адамдарға қайнатып, шәй қылып ішкізеді. Екі-үш рет шәй қылып ішкен адам ауруынан жазылады, қасиеті: ұйып қоюланған қанды сұйылтып, бөліп жібереді.
«Жұпарбас» деген шөп бар. Қан қысымының көтерілуінен қан қоюланып, тамырлардың бойынан өтуі қиындайды, себебі уақ қан түйірлері тамырлардың бойыңда тұрып қалады. Көз қарайып, бас айналуы осы тамырлар бойында уақ қан түйірлерінің тұрып қалуынан. «Жұпарбас» сол түйірлерді таратып жібереді екен» – деп әңгімелейді маңғыстаулық шежіре қарт Нұрұлы Сабытай.
«Тамырдәрі» деген шөп құмда өседі, тамыры тереңге кетеді. Бұл шөпті де Қожық өзінің емдік тәжірибесінде кеңінен қолданған.
Қожық өміріңде бірнеше әйел алған адам. Оның бірінші әйелінен Әнет деген баласы болды. Ол баласы ат құлағында ойнайтын жақсы атбегі болды. Маңғыстауда кеңес өкіметі орнап, оған қарсы қозғалыстар шыққан тұста Әнет тоқабай Құрмаштың оғынан өлген. Ол оқиға былай болған. Тоқабай Құрмашты іздеп шыққан қызыл отряд Қожықтың аулының үстімен өтіп бара жатып, Әнетті жол көрсетуге жолбасшы қылып алып кетеді. «Бармаймын» деп бас тартса, қанына қарайып жүрген әскердің «жаусың» деп атып кетуден де тайынбайтын түрі бар. Оның үстіне жаңа өкіметтің ауылдағы дікілдеп жүрген шолақ белсенділерінің «молдасың» деп Құдайдың құтты күнінде зіркілдеп жүргені тағы бар. Осының бәрін екшей келе, әкесі Қожық Әнеттің қасына аталас туысы Жайтауды қосып жіберуден басқа амал таппай, ауылда қалса керек. Көргендердің айтуынша Қожық баласын енді тірі көрмейтінін сезгендей, әшейінде балаға көп илікпейтін ол осы жолы оның маңдайынан иіскеп қоштасып қалыпты. Содан қуғыншы отряд Қарамандыбастың «Құрмаш бекінді-ау» деген тұсына келгенде қалың тұман түсіп кетеді де, олар сол жерде аялдауға мәжбүр болады. Сақтық үшін айнала күзет қойып, жер ыңғайын білетін адамдардан жан-жаққа шолғыншылар аттандырады. Әнеттің де қасына жары руының бір жігітін қосып шолғыншылыққа жібереді. Ажал қайдан келерін қалай білерсің, көз көрсетпес тастай тұманда бұл екеуі Құрмаш жасырынған тамға өте таяу келіп қалғанын байқамай да қалса керек. Аяқ астынан «елмісің, жаумысың?» деген Құрмаштың дауысы саңқ ете қалғанда, абдыраңқырап қалған олар ат басын кері бұрып, шаба жөнеледі. Үстіне келгендердің өзінің бекінген жерін біліп аман кеткенін қаламаған әккі мергеннің дыбысқа қарай қуалай атқан оғы неге жіберсін, әлгі жары жігіті сол бойда оққа ұшады, аттың жалына жабыса жата қалып қашқан Әнет қара санына оқ тиіп жараланған күйінде отрядқа жетеді.
Артынша, сәске түсе тұман ыдырап, күн ысиды. Құрмаштың дерегін білген отряд жараланған Әнетке қарайламастан жолға аттанады. Әнеттің жараланған саны ісіп, іріңдеп, шіри бастайды. Дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмегендіктен ол аулына жете алмай сол жорықта дүниеден озады. Әттең, дүние-ай десеңші, бүкіл бір елге шипасы тиген әкесі бармақтай ғана қорғасыннан бауыр еті баласын арашалауға мүмкіндігі болмай өкінішпен аһ ұрып қала береді.
Әнеттің денесін ыссыда ауылға жеткізе алмайтын болғандықтан ағасы Жайтау бұрынғы жорықтарда қаза болған батыр аталардың жолымен оның денесінің етін сылып тастап, сүйегін шапанына орап ауылға әкеліп, Көгез жеріндегі ата қауымы Бибі зиратына жерлейді.
Қожықтың екінші әйелі бәли руының қызы Тұрсын. Одан Бозжігіт (1914 ж.т.) туады. Көп жылдар бойы Қарасай, кейін «Правда» колхоздарында мал баққан Бозжігіт ағамыз бұл күндері бақилық болды. Елге келген «жаңалықтан» тыс қалмай, Бозжігіт ағамыз да, салынып ішпегенмен, арақ деген тағамды жек көрмей, реті келгенде ұрттап қоятын болса керек. Айтушылардың сөзіне құлақ салсақ, баласының ащы судан дәм татқанына ренжіген Қожық оған емшілік қасиетін бермепті. Оны Бозекемнің өзі де кей сәттерде айтып отыратын. Дей тұрғанмен, емшінің қасиетін баласына қалдырмауының түп төркіні басқада. Бәлкім, сыртқы күштер әсерімен оның да жиеніне берілу қажеттігінен де болған жоқ па екен?! Десек те, көп жыл мал шаруашылығы саласында тер төккен Бозжігіт те ондай қасиеттен мүлдем мақұрым емес еді. Ол да сынық салатын, өр түрлі шөптерден дәрі-дәрмек жасап, өз айналасына емдік көмегін көрсете жүретін. Тиген селосында тұратын Салманұлы Рамазан ақсақал ертеректе Бозжігіттің сынықшылық қасиетін көргенін былай деп еске алған-ды: «1954 жылы әскерден келдім. Менің келгенімді естіп, тойға келе жатқан ағам Орынбайдың Нұраш деген қызы түйеден жығылып, қолы сынады. Ол кезде дәрігер деген жоқ, қапылып, Бозжігітті алдырдық. Нұраштың сынған қолын Бозекем салды». Осындай бір естелікті марқұм жездем, Маңғыстауға белгілі азамат, «Таушық» акционерлік қоғамының негізін қалаған Жолдыбаев Тұрар да айтқан. «1961 жылы ойнап жүріп, оң қолымды сындырып алдым. – деді ол – Оны алғашында шоңай Ботабайдың әкесі Дүйсенбай салып, мойныма асып берген. Артынша дүкеннің баспалдағынан секіріп түсем дегенде әлгі қолымды қозғап алып, жаным көзіме көрінгені. Содан, мені Таушықтың ауруханасында жатқан емші Қожықтың баласы Бозжігітке алып барды. Ол кісінің айтуынша, сынық орнынан қозғалып кетіп, арасына бұлшық ет қыстырылып қалған екен. Бозжігіт дәрігерлерге көрсетпей, жасырын түрде сынықты қайта салып беріп, артынша орны бітісіп кетті». «Ат аунаған жерде түк қалады» деген осы. Бұл күнде Бозжігіттің Айна (1958 ж.т.) деген қызы құмалақ ашып, азды-көпті емшілікпен айналысып жүр.
Қожықтың үшінші әйелі монша шоңай руының қызы, әңгімеміздің бас кезіңде есімі аталған молда Мұшағұлдың қарындасы Хади. Өзі аққұба өңді, сұлу кісі еді, оны көзіміз көрді, берігеректе 1971 жылы дүние салды. Хади әуелгіде малы бар бегімбет руының бір адамына ұзатылған, бірақ барған күйеуін менсінбей, төркініне қайтып келіпті. Өзі құрт ауруымен ауырады екен. Содан мына Шайыр бетінде отыратын Есболай байдың әйелі Айжан апамыз оны ағасы Қожыққа алып беріпті. Ол кезде Қожықтың әйелі Тұрсын өлген кез. Қожық Хадидың қарынан қан алып емдеп, оны ауруынан айықтырыпты.
Қожық қолында барын кісіден аямайтын адам болған. Ошағынан қазаны түспейтін, үйінен қонағы арылмайтын-ды. Дәулет жинап, баюды мақсат тұтпаған жан. Күні түсіп, алдына келген адамдардан ешнәрсе дәметпеген, емделуге келгендер де ол кезде не әкеле қойсын, әрі кеткенде бір-екі асым ет, немесе бір-екі қадақ бидай сияқты қолына түскендерін әкелсе оны ауылдас туыстарымен бөлісіп жеген. Байлығы жоқ. Олай дейтінім, біздің әкеміз Нұржаубай жақау руының байы Бекмағамбет жездесінің қолында жүріп Шәмбілдің қызы Ақбалашқа үйленген. Ол ауылдарда байларды кәнпескеге ұшырату науқаны жүріп жатқан мезгіл. Үш ауыз маңындағы қонысында отырған Бекмағамбет те кәнпеске тізіміне ұшырап, қолда бар малдарын айналасындағы жарлы ағайындарына «еншілік үлес» деп бөліп жаздырып қойса керек. Нұржаубайға да «еншілік үлес» бөлініп қойылыпты. Бекмағамбет байды кәнпескеге ұшыратуға келген комиссия төрағасы құнанорыс Дауылов Орынбасар екен, сол Нұржаубайды танып: «Сен мұнда неғып жүрсің?» – деп сұрап, мән-жайды білген соң оның «еншілік үлес» деген қағазын жыртып, орнына «малшылық үлес» деп қайта құжат толтырып, Нұржаубайға екі боталы түйе, екі құлынды бие, отыз қой-ешкі, төрт қанат үй бөліп берген. Азғана жүгін боталы түйелерге артып, «тез еліңе кет, барған соң мына малдарыңды ағайындармен бөлісіп пайдалан, әйтпесе кейбір белсенділер орта шаруаға жатқызып жіберер» деген ақылын айтып, бір түнде Көгезге асырып жіберіпті. Ауылға келген соң Нұржаубай бір боталы түйені өзі алып, екінші боталы түйені ағасы Жаңбырбайдың үйіне, құлынды биенің біреуін Қозыкенге, екіншісін Қожықтың үйіне берген. Кейін ауылға келген бір белсенділер емшінің құлынды биесін колхоздың есебіне кіргізіп, алып кетсе керек. Сонда Хади шешеміз әлгілердің соңынан жаяу қуып, жиырма шақты шақырым бойы соңынан қалмай қойыпты. Мұны көрген комиссия бастығы: «Қой, болмас, мына кісінің қарғысына ұшырармыз, емшінің жалғыз биесімен колхозды байытпаспыз, биесін қайтарайық» – деп ақылға келіп қайтарып беріпті. Міне, осының өзі Қожықтың артық дәулет қумағанының дәлелі бола алады. Қожықтың өзі жоқта Хади шешеміз де ешкімге алаңдамастан отағасысын жоқтатпай, келген қонақтарына қонақасы беріп жөнелтіп жататын. Хади шешемізден 1932 жылы Қаражігіт деген баласы дүниеге келеді. Ол бәйге ат ұстап, жүйрік баптап жүретін. Оның атқұмарлығын көрген Қожықтың немере туысы Көпешов Өтебай Бозашыда кеңес төрағасы болып тұрған кезінде Қаражігітке бір құлын енші қылыпты. Ол құлынның аталары бәйге алып жүрген жүйрік болса керек, құлын да кейін жүйрік ат боп өсті. Атын баптап, бәйгеге араласып, қаннен қаперсіз жүрген Қаражігіт сол күні Шеңгелдегі дайындау конторының агентіне түйемен жүн тапсыруға кетеді. Одан қайтар жолда іші қатты ауырып, ауылға жете алмай, далада қалған жерінде жолай тап болған адамдар ауылға алып келеді. Ауылға келсе, әкесі үйінде болмай шығады. Содан бір-екі күн жатып қалған Қаражігіт 1945 жылы соқырішегі жарылып, уыты бойына тарап кетіп өлген. Бибі қауымына жерленген оның мәңгілік тұрағын мола қасындағы аттың қураған бас сүйегіне қарап табуға болатын. Ол оның қарасына сойылған өзінің бәйге атының басы екен.
Қожықтың төртінші алған әйелі – Әсила. Әсила – біздің атамыз Тілектің әйелі. Тілек өлген соң Әсила шешемізді әмеңгерлік жолымен Қожық әйелдікке алады, одан екі қыз көреді. Бірақ, олардың екеуі де жастай шетінеп кетеді.
Маңғыстауда бөкен Мыңкісі, шоңай Бекбаулы, бектеміс Несібек, Нұр, құнанорыс Қожық, тоқабай Айтқұл, жаңай Асар мен оның баласы Жанқұл, жары Мүлкібай, т.б. елге әйгілі емшілер, сынықшылар өткен. Солардың арасынан өзіме туыстық жағынан жақын құнанорыс Қожықтың шипасы дарып, емделіп, жазылған біраз адамдармен, оның емшілік қасиетінің тірі куәлерімен кездесіп әңгімелестім.
Судай сырғыған өмір-ай, бұл күндері олардың да арасынан Нұрұлы Сабытай, Мұшағұл баласы Әбубәкір, Жалғасбаев Тұрар, өзімнің анам Ақбалаш, Бекбосынов Меңдібай сияқты маған көп деректерді айтқан кісілер де бақи дүниеге аттанып үлгеріпті. Имандары салауат болсын, олардың! Жоғарыда аталғандардан да басқа менімен Қожық туралы әңгімелесіп, өздері білетін деректерімен бөліскен байырғы чекист, ақтөбелік Кәмешов Қадыр, Құдайбергенов Шоңқал, Жақсығатов Мұратбай, Масатов Санатбай, Боқыбаев Сисен, Салманов Рамазан, ағам Нұржаубаев Ізбасқан, т.б. айтар алғысым шексіз.
Қожықтың емшілігі туралы ел аузында мынадай да әңгіме бар: «1923 жылы революция көсемі В.И. Ленинге уланған оқ тиіп, жараланған хабары құлақтарына тиісімен Форт-Шевченкодағы уезд басшылары ақылдасып, елдегі белгілі емшілерді саралап, екшей келе, білгір деген үш емшіні Ленинді емдетуге Мәскеуге жібермекші болады. Олар – түрікпен Алагөз емші, құнанорыс Қожық және үшіншісі бектеміс руынан шыққан бір емші екен. Сол үш емшіні Москваға аттандырыпты. Ол кезде бүгінгідей көлік қатынасы қайдан болсын, бұл үшеуі Астраханға жеткенде Лениннің өлген хабары жетіп, олар кейін қайтарылған екен». Маңғыстаулық адайлардың батырларға тән сенгіштігі, аздаған аңғалдығы, өзінен бұрын өзгеге көмек қолын созуға әрдайым әзір тұратындығын ескерер болсақ, бұл әңгіменің де ар жағында шыңдықтың бар екендігі анық. Басқаларды қайдам, ал, өзім ол емшілер дер кезіңде үлгеріп жетсе, Ленинді емдеп жазып алатындығына сенетіндей күйдемін.
Қожық емші еш жерде арнаулы оқу орнында оқып, білім алмаған. Он алтыға толған жігіт шағында Қызылөзенде Захар Дубскийдің қайығында балықшы болып жүріп, орыс тілін де жақсы меңгеріп алған. Сол жылдары кәсіп іздеп кеткен Қожықтың әкесі, кемпірі өлген Сармағанбет екінші баласы Омардың қолында болды. Емшілік, көріпкелдік қасиет Қожыққа Құдайдың құдіретімен қонған дедік. Ол – табиғат берген дарын иесі. Емші өзіне көмек сұрап келетін адамдарды алдын ала біліп отырған. Оның бұл қасиеті туралы келіні, менің анам Ақбалаш былай деп еске алушы еді: «Әтекем (Қожық) түнде ұйықтап жатып, сарнап шығатын, бірақ, онысын өзі сол сәтінде сезбейтін. Ол сарнап шыққан түннің ертесіне оған емделу үшін міндетті түрде адам келуші еді. Ондай күндері біз таң атысымен от суымызды даярлап, қонақ күтуге әзір отырушы едік. Түнде әтекем сарнап жатқан кезде бәріміз іштен тынып, оны оятып алмауға тырысатынбыз. Себебі бұл жөнінде оның өзі бізге ескертіп қойған еді». Анамның осы әңгімесін естігеннен соң, менің ойымда, шамасы ол кісі ұйықтап жатып өзіне бағыт ұстанған адамның сырқаты және оны емдеу тәсілдері жөнінде әлде бір құдіреттің күшімен біздің санамыздан тыс әлемнен мәліметтер алып, соны қабылдап жататын болар деген жорамал туды. Бұдан басқа, ол емдеу жолдарын құмалақ ашып та іздейтін болған. Ол туралы оқушыма таныс болып қалған Мұшағұл ұлы Әбубәкір: «Алдына келген ауруларды емдеу үшін Қожекем құмалақ ашып, сырқатқа дауа іздейтін. Құмалақ ашқанда өңі көгеріп, сұрланып кететін. «Бұл құмалақтың әрқайсысының қырық бір жоруы бар» дейтін. Құмалақ ашқанда неден дауасы түсетінін тапса, сонымен емдейтін» – деп әңгімелеген еді.
Қожықтың өзіміз әңгімелеген көріпкелдігінің тағы бір мысалы мынадай. Жасы өзімен шамалас ағайыны Майлыбайдың Іздібай, Досан деген балалары болды. 1915 жылы туған Іздібай Маңғыстауға белгілі аңшы, көп жыл колхоз, совхоз жылқысын бақты, өмірінің соңғы жылдарында Тиген селосында тұрды. Сол Іздібай 1937 жылы әйелі Түймешті (Жайлау деген қожаның қызы) Үштағаннан алып шыққанда Қожық түнімен сарнап, ертесіне Майлыбайға: «Келін жолға шықты, бірақ бір қара пәле артынан еріп шықты. Садақаң қабыл болғалы тұр, бір ала ешкі сойып, садақа бер» – дейді. Енді ойға салып көрсек, қараға қыз бермейтін қожа кеңес өкіметінен сескеніп, қызының қарадан шыққан малшының баласына барғанына наразылығын осылай дуалау арқылы жүзеге асырған болар деп шамалаймын. Майлыбай да пенде емес пе, «колхоз малын шығынсыз өсіріп, стахановшы озат боламын» деп жүрген атамыз бір ешкіні союға қимай, әлде өкіметтен қорықты ма, кім білген, емшінің айтқанын тыңдай қоймапты. Сонан соң Қожекең Іздібайдың қарындасы Зылиханың қолына бір ала жіп ұстатып: «Жеңгеңнің алдынан шығып, олар ауылға жетпей тұрғанда құшақтаған болып, өзіне байқатпай мына жіпті басынан айналдырып алып, лақтырып таста» – деп, әйел алып келе жатқан Іздібайлардың алдынан жібереді. Алайда, бұрыс жолға түсіп кеткен Зылиха жолаушылармен кездесе алмай қалып, емшінің айтқан тапсырмасын орындай алмайды. Қожық айтқан сол бір қара пәленің кесірі ме, қайдам, әйтеуір, содан соң, Түймештен туған он баланың оны да кеміс болып туып, бірінен соң бірі өле береді. Тірі қалған баласы Айладырдың (1952 ж.т.) тілі жоқ, басы бұлаңдап, көзі аларып кете береді. Бұл күндері тірі, өмірде бар. Осындай жағдайға душар болғанын көргеннен кейін Майлыбай кейіннен Қожықты шақыртса, ол: «Енді кеш, кезінде айтқанымды істемедің» – деп, бармапты. Түймеш шешеміз 1986 жылдан сал боп төсек тартып жатып, 1993 жылы дүниеден өтті. Әрине, бұл бір ағайын-туысымыздың отбасында болған трагедия. Егер, Майлыбай атамыз емшінің айтқанын орындағанда қалай болған болар еді деп іштей өкінеміз де. «Бірде таңертең әтекемнің түнімен сарнап шыққанын өзіне айтқанымызда, – деп еске алып еді анам, – ол: «Біреу келеді-ау, осы ауылда біреу жылайды-ау» – деді де қойды, басқа ештеңе айтпады. Шынымен-ақ түс ауа хабар келді. Шоңай Тұяқбайдың әкім боп жүретін Әбіш деген баласы болатын, сол кісінің қайтыс болғаны туралы жаманат естілді». Міне, жоғарыда келтірілген естеліктер Қожықтың көріпкелдігінен біршама хабар беріп тұрғандай.
Құдайдың берген құдіреті Қожыққа адам емдеткен. Алланың құдіретіне мойын ұсынбай, емдемесе, өзі ауыратын. Халықтық медицина әдістерімен адам емдеуді діншілдік, қожа-молдалар мен бақсылардың ісі деп теріс түсінген жаңа кеңес өкіметінің әпербақан өкілдері Қожыққа да тыным бермей, адам емдеуге тыйым салып, көп қудалауға ұшыратқан. Әсіресе, оның өзінің нағашы жұртынан шыққан Қуантқан деген бір милиция қызметкері көп белсенділік танытса керек. Кейін сол адам ауырып алдына келген сапарында Қожықтың оған: «Сен Қуантқан емессің, сенің атың Қуартқан», – деп ащы әзіл айтуы да оның сол бір жылдарда өзіне тигізген зиянын еске салғаны болуы керек.
Қожық кейін НКВД бастығы Кәмешов Қадырды, ауданның бірінші хатшысы болған Қағазов Төлегеннің шешесін ауруынан емдеп жазып, содан кейін осындай қудалаушылықтан көзі ашылса керек. Осы жөнінде атамыз туралы менің негізгі дерек берушім – анам Ақбалаш: «Алғашында әңгімелі қылып, жауаптап, тергегенмен әтекем ұстауда болған жоқ. Кәмешов дегенді емдеді, Қағазовтың шешесін емдеді. Соларды емдегеннен кейін жауапқа тартқандарын қойды» – деп отыратын.
Қожық емшілік жолыңда көп тер төккенмен, емшінің бәрін бір атпен «молда» деп есептейтін ой-өрісі төмен әлдекімдер ойлағандай Құран оқып, молдалықты ұстанбаған жан. Анығы, ол молдалық құрып, адам шығарып, жаназа атқармаған. Бірақ, өзіндік сенім-нанымына сәйкес бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын өтей білген, өзінің емшілік қызметінде бақсылықпен де айналыспаған. Заман қысымымен адам емдеуге тыйым салынған уақыттарда мал емдеумен айналысып, емшілік тәжірибесінен қол үзбеудің амалдарын да қарастыруға мәжбүр болыпты. «Соғыстан бұрынғы жылдары Маңғыстауда жылқыда «маңқа» деген ауру пайда болды. Жер-жерден, тіпті сонау Мәскеу бетінен де мал дәрігерлері шақырылып, олар малды емдей алмай, ауырғандарын өлтіртіп, өртеп, елге жылқы етін жеуге тыйым салғаннан басқа ештеңе жасай алмады. Сол кезде Қожық атамыз ауру жылқыны емдеп жазып, оқыған маман мал дәрігерлерінің өздерін таң қалдырды. Ол кісі малдың қотырын қи майымен емдеп жазушы еді. Содан Қожыққа «мал дәрігері» деген атақ беріліп, колхозға жұмысқа жүргізген еді», – дейді Шетпе кентіңде тұратын Құдайбергенов Шоңқал ақсақал.
Қожықтың колхозда мал дәрігері болып істегенін оның әйелі Хади шешеміздің інісі Әбубәкір қарт та растайды. Ол әкесі соғысқа кеткенде жалғыз қалып, 1942-1947 жылдары жездесі Қожықтың қолында болады. 1947 жылы жасы он жетіге толғанда әкесі Мұшағұл соғыстан оралып, тоқтамыс Жалғастың қызын әйелдікке алады. Содан екі қанат күрке тігіп, күзге қарай мал жайып баласымен бөлек шығады. Сол Әбубәкір айтады: «Жездемнің нағашысы бектеміс, оның өкілі. Милиция Қуантқан да бектемістің өкілі болуы керек. Сол жылдары ол Қожықты жауаптап, тергеп, оған емшілікті қойғызуға талаптанды. Содан Қожық жездем колхозға мал дәрігері болып кетті».
2001 жылдың сәуір айыңда «Үш қиян» газетінде «Құнанорыс Қожық» деген тақырыпта мақалам жарияланған соң жетпіс жеті жастағы Қонысов Қаби деген ақсақал іздеп келді. Ол: «1943 жылдың май айыңда мені Таушықта ашылған мал санитарларының бір айлық курсына шақыртты. Басқа колхоздардан да санитарлар шақыртылыпты, араларында Қожық та бар екен. Сол курста оқып жүргенімізде, бір күні Доллапада Жоланова Дәмкеш деген әйелдің аяғы сынып қалды. Мені сынықшы әкелуге жұмсады. Астыма бір биені мініп, бір биені жетекке алып, жүріп кеттім. Таушыққа барып, Шайырдан келіп оқып жатқан Асарбайға келсем, ол Қожыққа сілтеді. «Қожыққа бар, ол Құлшаров Қызылғұлдың үйінде» деді. Сөйтіп жүргенімде күн кешкіріп, қас қарайды. Түнде айтқан үйіне барсам, Қожық Апажарда отырған туысы Жаңбырбайдың үйіне кетіпті. Келген шаруам сол кісі болғандықтан іздеп соңда бардым. Ол кезде Өтелген бесікте. Келген шаруамды естігеннен кейін Қожық қолыма қағаз жазып беріп, мені баласы Бозжігітке ертіп жіберіп, мертік тас алдырды. Содан Доллапаға келіп, шешеміздің аяғын салды. Сол Дәмкештің балалары қазір Форт-Шевченко қаласыңда тұрады», – деп әңгімеледі. Бұл әңгіме де Қожықтың мал дәрігері болып істегенін растап отыр.
Қожық жөнінде маған мәлімет берушілердің айтуларына қарағанда, емшінің емдеу тәсілдері алуан түрлі болған. Адам ағзасына ауру көбіне салқыннан, жүйкесі шаршап, әр нәрсені уайымдаудан жабысатыны белгілі. Емші салқыннан болған ауруларды «бұлауға салу» әдістерімен емдеген. Бұлаудың «қаза бұлау», «кірпіш бұлау», «шұңқыр бұлау», «қарын бұлау» деп аталатын түрлі-түрлі әдістері болған. Жалпы, бұлаудың мақсаты – адам денесінің ауырған бөлігіне байланысты оны мүмкіндігіне қарай терлетіп емдеу. Мысалы, «шұңқыр бұлау» былайша жүзеге асырылған. Жерден қатар екі шұңқыр қазып, олардың арасын арнайы тесік арқылы жалғастырған. Содан кейін шұңқырдың біріне ауруды отырғызып, үстін қымтап жауып, екінші шұңқырға от жағып, адамның белінен төменгі дене бөлігін терлету арқылы емдеген.
«Қарын бұлау» – малды сойған бойда қарындағы боқ жындарын төккізбей алып келіп, ауру адамның екі аяғын соған салып жылытып, үстіне киім жауып терлету әдісі. «Кірпіш бұлау» – кірпішті қыздырып, жерді аздап шұңқырлап қазып, оны соған салып, адамның аяғын сол ыссы кірпішке жақындатып қойып, сыртынан қалың киіммен қымтай отырып, әлгі кірпішке су шашып булайды да, сосын түгел қымтап жауып тастайды. «Қазан бұлау» - қасиетті қара қазанды отқа қойып қызарғанша қыздырады. Ауру адамға етегі кең киім кигізіп, қазанның үстіне талтайтып тұрғызады да, қызарып қызып тұрған қазанға су құяды. Көтерілген бу адамның жалаңаш денеге киген киімі астынан бүкіл денесіне жетіп, терлетеді. Сол кезде оны даяр төсекке жатқызып, сыртын жауып, жатқызып қояды. Емші өзі оның қасында отырып, тамырын ұстап, жүрек соғысын бақылап отырады. Терлеген ауру адам ыстықтағанына қарамай шыдап жатып, өз денесінің қызуымен шыққан тері кебуі керек.
Үнемі басы ауыратын, халық тілімен айтсақ «басының сақинасы» бар, яғни, қан қысымы жоғары адамдарды емші басынан қан алу арқылы емдеген. Қанды шеке тамыр (височная артерия) және маңдай тамырдан (лобная артерия) алып емдеген. Қан алу әдістері де сан алуан. Оның бір әдісі – мойынға орамал салып ептеп бұрағанда әлгі қан тамырлары басқа қан тамырларынан гөрі білеуленіп ерекшеленеді. Содан кейін емші атамыз нағашысынан мұра боп берілген қара пышағының (шертпек) ұшын от жалынына жалатып алады да, бұл оның пышақ ұшын сыртқы микробтардан залалсыздандырғаны, содан соң қан тамырын аздап тіледі, осы кезде тамырдан қою қара қан ағады, аздан соң қанның түрі күреңденеді. Міне осы кезде орамалды босатады да, ағып жатқан қанды тоқтату әрекетін жасайды. Ол үшін құрым киізді күйдіріп басады немесе жыланның түлеп тастаған қабығын жапсырып тастайды.
Қан тоқтату үшін емші басқа да әдіс амалдар қолданған. Соның бірі қанды аурудың өз қанымен тоқтату болған. Ол үшін аққан қанды бір ыдысқа жинап күйдірген, сонан соң күйген қан күлін жараның аузына сепкен немесе мұрыннан аққан қанды тоқтату үшін әлгі күйген қан күлін тұмсықтың ішіне үрлеп енгізген. Адам денесіндегі жанды жараларды емдеу үшін қарақұйрық, киік немесе мал қандарын күнге кептіріп, ұнтақ күйге айналдырып жара бетіне сеуіп емдеген.
Қан алудың екінші бір тәсілі – стакан салу. Қожық алдына келген сырқаттың шашын ұстарамен тақырлатып алдырады да, алақанымен сипап отырып, өзіне ғана аян белгілеріне қарай стакан салатын жерін анықтап, сол орынға стакан салады. Стакан сорып шодырайып тұрған жерді тіліп қан шығарады да сол жерге қайтадан стақан салады екен.
Стакан сорғаннан кейін ол жерден де алғашында қою қара қошқыл қан ағады да, бірте-бірте қанның түсі алқызыл болады. Сол мезгілде стаканды алып тастап қан тоқтатылады.
Қожық бұдан да басқа сырқаттың тақырлатып алынған басын жаңа сойылған қара қойдың терісімен жылылай орап таңып, бір аптадан соң теріні кесіп алып тастап, ұрадай боп шодырайып шығып тұрған жерін тіліп қан алған.
Сондай-ақ, қан алу үшін сүлік салу әдісі де қолданылған. Сүлік те екі түрлі – оның еркегінің бір жағы бітеу болып, қанға тойған соң түсіп қалатын, ал, ұрғашы сүліктің екі басы да ашық, ауыз жағымен сорған қаны артқы бетінен ағып шыға береді. Емші сырқат адамның денесін сөл тіліп қанатып сүлікті салғаннан кейін сүліктің артынан аққан қанға қарап отырады да, қанның түсі алқызыл болған кезде сүлікті алып тастайды.
Қанды, әдетте, желкемдеу және бұлтты күндері, жазғы ыстықта, қысқы суықта алдыру зиянды деп білген. Қан алдырған кісіге тұзы ащы тамақ ішкізбеген, өйтсе, оның денесіне қышыма пайда болады деп есептеген. Ақжігіт ауылындағы Сана молда «Қожық туралы естігенім еді» деп төмендегі әңгімені айтқан еді: «Бір адам ауырып Қожыққа келеді. Қожық оған: «Ескіше мизамның бірінде күн шыға келерсің», – депті. Әлгі адам айтқан мерзімінде келгенде шымыраудан су тартып, оның үстіне үш қауға су құйыпты. Содан соң оған: «мұздай су құйғанда қалтаң жиырылмады, саған ем қонбайды, жүре бер» – деген екен. Бұл оның адам бойындағы ауру емін анықтаудағы тәсілдерінің бірі болса керек.
Енді біреулер күн өтіп, ауа сорып, ауырады. Ондайларды емші айранға, сүтке, малдың қанына шомылдырып емдеген. Қарақұйрықтың, киіктің сорпасын ішсе, олардың адам ағзасына күн өткізбейтін қасиеті барын біліп, мұны ел арасында кеңінен насихаттап отырған.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Қожықтың емдеген аурулары да сан түрлі. Біздің ауылымызда Көлбай, Тоқаш, Дауылбай, Толыбай деген ағайыңды адамдар болды, руы базар жары. Осылардың арасынан Қарабасов Көлбай соз ауруымен ауырып, дәрет жолы ісіп, шіріген. Ол сол шіріген жерін операция жасатып, сылдырып тастап, осы Қожықтан емделіп жазылды. Тоқаштың әйелі Жұмашұра деген ау руынан Қожекеңе емделген. Соңдай-ақ, Жұмасат деген кісінің әйелі Несібеліні Қожық шешек ауруынан емдеп жазған. 1962-1964 жылдары осы Жұмасат менің ағам Өтелгенмен бір отар қойды бірге бағып, қоңсы болған. Сол кезде жазғы каникул уақытында жайлауда болып қолқабысымызды тигізуге барғанда бетінде шешек дағы бар Несібеліні өзім де көрген болатынмын.
Біздің әкеміздің ағасы Жаңбырбай 1957 жылдың қысында тамағынан ас өтпей қылтамақ (қарын paгі) болып ауырады. Сонда туысы Қожық оған: «Құмырсқа илеуінен шыққанша шыдасаң, бұл аурудан жазып аламын» – деген екен. Алайда, көрер жарығы таусылған болар, Жаңбырбай көктем тууына, яғни құмырсқаның илеуінен шығар сәтіне жете алмай, қыс ішінде қайтыс болып кетті. Соған қарағанда емші Қожық атамыз рак ауруларын емдеуді де білген деп топшылауға болатындай. Кім біледі, рак ауруларына қарсы ем іздеуші ғалым-дәрігерлеріміз осы жазбаларды оқығаннан кейін құмырсқа немесе оның илеуі төңірегінде зерттеу, іздену жұмыстарын жүргізсе, бәлкім, оң нәтижелер беріп қалар. Бұлай бола қалған жағдайда өзі өмірден өтіп кетсе де емші атамыздың қайыры осы заманның адамдарына тиіп, аруағы разы болар еді-ау.
Қожық өзінің емшілік тәжірибесінде адамдармен қатар малдарды да емдегенін осы еңбегіміздің бас жағында айтып та кеткенбіз. Бірақ, неге екені белгісіз, ол түйе малын емдемеген көрінеді. Анам айтатын: «Есболай байдың әйелі әтекемнің қарындасы ғой. (Ол апамыздың есімі Айжан болатын). Соның бір түйесі алдыңғы аяғын баса алмай бүгежектеп ауырып қалды. Әтекем: «Мен түйені емдемеймін ғой, аузына тірілей кесіртке сал, содан жақсы болар» – деді. Содан әлгі апамыз түйені жыққызып, балдарға кесіртке ұстаттырып, оны түйенің аузына тірілей салдырып жұтқызды, осыдан кейін түйе жазылып кетті» – деп.
Қожық туралы әңгімемізді түйіндей келе, осы еңбекті оқып шыққанда, оның ауырған адамдарды түрлі бұлауға салу жолдарымен, шөппен, аң қанымен, мал сүтімен немесе олардың бөлек дене мүшелерімен, терісімен, қан шығару жолымен, операция жасау, сынық салу, т.б. ем түрлерін қолданған айтулы дауагер болғанын аңғарамыз. Қожық атамыздың, заманның қысымына қарамай, өзі ғұмыр кешкен жылдарда қарапайым еңбек адамы бола жүріп, жәй ғана ұстарамен үлкен операциялар жасағанын, табиғаттың өсімдік, аң жануар, жәндік сияқты жаратындыларының қасиетін айыра біліп, ем үшін пайдаланғанын, ауырған жанның дертін дөп басып танып қана қоймай, олардың әрбіреуіне сәйкесті емді дәл қолдана білгенін туа біткен дарындылық, елінің маңдайына біткен бақ десек артық айтқандық емес. Қазіргі заманғы халық емшілері немесе ғылыми медицинаны бұрынғы емшілік дәстүрлермен ұштастырып жүрген дәрігерлер Қожық кереметінің құпияларын білуге талаптанса, оны өз тәжірибелерінде пайдаланып, ел халық игілігіне жаратуға ұмтылса дұрыс болар еді.
Осы мақсатты көздегендіктен де Қожықтың жасаған емдері туралы естіп-біліп, жинақтағандарымызды кітаптың екінші тарауы ретінде бөлек әңгіме қылмақшымын.
2-тарау: ШИПА
ҚОЖЫҚТЫҢ ЕМДЕРІ
Біз қолымызға қалам ұстап, емші жөнінде материалдар жинақтай бастаған кездерімізде, Қожықтан емделіп, ауруынан айыққан жүздеген жандар бұл өмірден озып та кеткен еді. Дей тұрсақ та, әр кезеңде құлағымызға тиіп, назарымызға іліккен жандардың кейбіреулерімен көзі тірісінде өздерімен тілдесіп, аты көпке мәлім белгілі емшінің шарапаты арқасында сырқатынан айыққаны туралы әңгімелердің шындығына көз жеткізу мүмкіндігіне ие болғанымызға да ризамыз. Төменде сол естіп-білгендерімді оқырмандарға еш боямасыз баяндауға тырыстым.
Емші құнанорыс Қожық жөнінде бұдан бұрын кітап түгілі мерзімді баспасөз бетінде де жарытымды ештеңе жазылған жоқ деуге болады. Тек, өткен ғасырдың 80-жылдарының бас кезінде Ералиев аудандық «Түлеген түбек» газетінде маңғыстаулық журналист Асан Әбдіров «Маңғыстаудың киелі орындары» деген тақырыппен берілген топтамасында «Құнанорыс Қожық» материалын жариялап, оның емшілік қасиетінің екі эпизодына тоқталып өткен. Онда автор былай деп жазады: «Бірде Ахмедияр деген ағайынның бой жетіп отырған қыз баласы басын көтере алмай жатып қалады. Сырқатты көруге Қожық шақырылады. Емші сырқаттың жәй-күйімен танысып, сұрап білгеннен кейін үй иесіне: «Жойқын семіз жылқы тап, содан кейін қыз баланың бас сүйегін ашып, құлағының оң жақ тұсындағы бөлек сүйекті алып, мидың сыртына біткен іріңді қалтаны сылып тастаймын», – дейді. Үй иесі соңдай семіз жылқыны тапқаннан кейін оның қазысын бас сүйекке жеті күн таңып қойып, сегізінші күні Қожық бас сүйекті ашуға кіріседі. Қожық айтқан емін жасағанда қыз ешқандай ауырлық сезінгенін байқатпайды. Қыз бала кеселден айығып, кейін тұрмыс құрып, отызыншы жылдардың аласапыранында Түркіменстанға көшіп кеткенін білетіндер болған.
Базар жары Қыдырдың Кенжебегі Қожық емші жайында әңгімені тым әріден айтып отыратын кісі еді:
Әйелім перзентсіз болған жоқ. Жеті бала тапты, бәрі де бір жастан асқаннан кейін шетіней берді. Ақыры Қожыққа жүгінуге тура келді. Емші тамырымды ұстап қарады да: «Келіннің аяғы ауыр екен. Құдай қаласа ізден есімді перзент көресің. Бүгін мен таудан дәрілік шөптер жинап келемін, күт!», – деді. Мен айтқанды орындадым. Қожық шөптен дәрі жасап беріп, әр сәрсенбіде бір қасығын ішкізіп отырасың, – деп тапсырды. Сөйтіп, кемпірім (есімі Таразы) жеңілденгенге дейін осы дәріні пайдаланды. Дүниеге Ізден есімді бала келіп, сол тұрақтады».
Журналист әңгіме қылып отырған Кенжебек қартты, оның кемпірі Таразы шешейді, баласы Ізденді көзіміз көрді, ауылдас болдық. Таразы шешей менің өзімнен үлкен апам Жібектің кіндік шешесі еді. Ізден «Правда» колхозында тракторшы механизатор болды, 60-жылдардың аяқ кезінде Бейнеу кентіне көшіп қоныстанды да, 1996-97 жылдары дүниеден өтті.
ҚЫЗЫЛБАЕВ ЖАЗМАҒАНБЕТТІ ЕМДЕУІ
Маңғыстауда Кеңес өкіметін нығайтуға белсене атсалысқан қоғам қайраткері, өмірінің соңына дейін партия совет қызметінде болған Қызылбаев Жазмағанбеттің Қожыққа емделгені жөніндегі әңгімені мен алғаш рет 1977 жылы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры міндетін атқарып жүргенімде музейдің шаруашылық ісінің меңгерушісі Хуснадинов Хайреден Хасанұлының аузынан естіген едім. Біз «Хасаныч» деп атап кеткен бұл кісі соғыстан кейінгі жылдары Жазмағанбеттің қарамағында жүргізуші-шофер боп істеп жүргенде Ж.Қызылбаевты емші Қожыққа екі рет алып барып, оған жасаған емді өз көзімен көріп, куә болған. Х.Хуснадиновтың айтуына қарағанда Жазмағанбет үнемі басы ауырып, әртүрлі фельдшерлік емдер алса да ауруынан айығып кете алмаған. Оның айтуына қарасақ, Ж. Қызылбаевтың қан қысымы жоғары (давлениесі) болған сияқты. Содан ол бір күні әдейілеп емші ағасы Қожыққа келеді, өзінің ауырып жүргендігін айтып, ем жасауын өтінеді.
Аурудың белгілерін сұрастырып, Жазмағанбеттің тамырын ұстап көріп білгеннен соң Қожық бір қара қойды алдырып сойдырады. Өзі ұстарасын алып, Жазмағанбеттің шашын тақырлап тұрып алдырады, онысымен де қоймай ұстараны шаштың жатысына қарсы салып тағы бір қырып шығады. Сонан соң жаңа сойылған жылы қой терісімен Жазмағанбеттің басын орап, сыртынан таңып тастайды. Тері кеуіп, басын қысып ауыртса да шыдап, шешпеу керектігін баса ескертіп, бір жұмадан соң қайтып өзіне келуін тапсырады. Сойылған қойдың етін қонағасына жеп, терісін басына оратып Жазмағанбет Форт-Шевченкоға қайтып кетеді де, айтылған мерзімде емшіге қайта оралады. Қожық бұл сапар ұстарамен Жазмағанбеттің басына оралған қой терісін тіліп, оның орауын жазуға кіріседі. Бір жұма ішінде сырқаттың басында өскен шаш қой терісіне кірігіп кеткен екен, қаптаған теріні сыпырғанда Жазмағанбеттің жанына қатты батып ауырды. Теріні әбден сыпырып болғанда қараса, Жазмағанбеттің басында тері кепкен сайын қысып, содан үлкен ұра ісік пайда болған екен. Қожық енді қолындағы ұстара пышағын (шертпек) жанып жатқан оттың жалынынан бірнеше рет өткізіп микробтардан залалсыздандырады да ұраны тіліп, ішінен сығып қанын ағызады. Алғашында қою іріңді қара қан ағады да, бір мезгілде қан түсі алқызыл боп аға бастайды. Сол кезде құрым киізді отқа күйдіріп жараның аузына басып қанын тоқтатқан.
Міне, осы емші Қожыққа барған екі сапарынан кейін Жазмағанбет ауруынан құлан-таза айығып, жасы жетіп, дүниеден озғанша ол аурумен ауырмастан кетті. 1975 жылы оқуымды бітіріп, Маңғыстауға келгеннен кейін облыстық мәдениет басқармасы саласында, облыстық атқару комитетінде қызметтер атқарып жүргенімде ол ағамыздың үйінде болып, кездесудің де сәті түскен еді. Бұл кезде зейнеткерлікке шыққанына қарамастан Жазекең Форт-Шевченко қалалық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінде қызмет атқарып жүретін.
НКВД БАСТЫҒЫНА ЖАСАЛҒАН ЕМ
1942-47 жылдары Форт-Шевченко қаласында НКВД бастығы болып қызмет істеген Кәмешов Қадырды Қожықтың емдегені туралы алғаш рет өзімнің ағам Ізбасқанның аузынан естіген едім. Сәл кейінірек бұл әңгімені көп жыл «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінде байланыс басқармасының бастығы болып істеген медет Бекбосынов Меңдібайдың әңгімесінен тағы естідім. Ол кісі менің ағаммен құрдас, бір ауылда өскен, он бір-он екі жастарында Қожықтың жұмсауына жарап, қасында жүріп оның сырқат адамдарды қалай емдегенін көрген. Естіген әңгімелерімнің арқауы болған Кәмешов Қадыр кім? Сондай адам шынында НКВД-да басшы болды ма? Осы мақсатпен көп жылдар КГБ саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстық балық қорғау инспекциясында бастық болып қызмет жасап жүрген Ахметкереев Ыбырай деген адамнан сұрастырғанымда, ол Камешов деген кісінің болғандығын, қазіргі кезде Ақтөбе бетінде болуы мүмкін екендігін айтқан еді.
1987 жылдың шілде айының 2-жұлдызында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Ақтөбе облыстық атқару комитеті мен оның жергілікті Советтері жұмыстарын тексеру жөніндегі комиссияның құрамына алынып, Ақтөбе облысына баруым көптен көкейімде жүрген осы сұрағыма жауап алуыма мүмкіндік туғызды. Комиссия жұмысын аяқтап елге қайтар мезгілі таянғанда анықтама телефоны арқылы өзім іздеген Кәмешов Қадырдың үй телефонын тауып алуымның сәті түсе кеткені бар емес пе! Содан үйіне телефон соқсам, ол Ақтөбе қаласындағы химия өнеркәсібі саласындағы бір құрылыс мекемесінде кадр бөлімінде қызмет істеп жүр екен, дәл мен іздеген сәтте жұмыста болып шықты. Оны сол жұмыс орнына іздеп барып, Қожық қолынан емделіп жазылып шыққандығын өз аузынан естіп-білгенім тағы бар.
Кәмешов Қадыр 1916 жылы Орал облысының Орда ауданында туған. 1934-39 жылдары Орал мұғалімдер институтының тіл әдебиет факультетін бітірген, отыз бес жыл НКВД-КГБ саласында қызмет істеген кісі. Кәмешов Форт-Шевченкода НКВД бастығы болып жүрген кезінде тарантасқа жегіп мініп жүрген аты Қарашекпен (Баутино поселкесі) мен қала арасындағы тастан төселген жол бойында қарсы келген машинадан үркіп, арба аударылғанда ол астында қалып, қара санынан аяғы сынады. Содан Гурьевте емделгенінен аяғы қисық бітіп, жүруге жарамай қалады. Бұзып, қайта салуға хирург Сүндетов рұқсат бермейді. Жергілікті фельдшерлер оны емдей алмайды. Сол заманда Фортта тұратын Тұрғанбай деген кісінің әйелі конторда еден сыпырушы болып істейді екен. Осы арада Тұрғанбайдың үйіне Көгездегі құнанорыстармен бірге тұратын Қорғанбай келіп жатыр еді. Жеңгесінен Кәмешовтың хабарын естіген Қорғанбай: «Е, сынық та сөз болып па, Қожыққа келсін, сынықтың құдайы сол ғой», – десе керек. Осы әңгіме Кәмешовтың құлағына шалынады. Ол Қорғанбайды шақыртып, сұрастырып, содан кейін Қожыққа емделу үшін бес қанат үйін Шеңгел деген жерде отырған емші ауылына әкеліп тігеді. НКВД бастығы Қожықтың емшілік қасиетінен бұрыннан да хабары бар болуы керек.
Емші сынықты қайта бұзу керек екендігін, ол үшін семіз ту биенің қазы майы қажет екендігін еске салады. НКВД бастығы үшін колхоз басшылары неге аянсын, ол жылқы да табылады. Кәмешовтың адалдығы сондай, ол сол бойда колхоз кассасына құнын төлеп, жылқыны сатып алып, сойғызады. Қожық семіз жылқының қазы майын бір пұт бидай ұнмен, 7-8 кило қара тұзбен араластырып илеп, сынықтың үстін сылап, майлап, сыртынан тоқтының жас терісімен орап таңып тастап, үш күнге шерттейді. Үш күннен соң жігі ашылған сынықты Қожық қайта салып, шыбықтап орап, оның сыртынан тағы ағаш салып жіппен таңып тастайды. Содан күн сайын өзі таңылған жерді ашып, маймен, тұзды сумен сылап, бағып күтеді. Бір-екі жұма өткен соң Кәмешовты орнынан тұрғызып, қолтығына балдақ ұстатып, өзі бір жағынан сүйемелдеп, ауыл алдыңдағы төбе басына алып шығады. Төбе басына көтерілген соң оның қолындағы балдағын алып, өз аяғымен төменге түсуге бұйрық берді. Көптен сал боп жатып қалған аяқтары ырыққа көнбей, жанына батып қиналғаннан Кәмешовтың маңдайынан тер бұршақтап ақпай ма! Дегенмен де ол төбеден өз аяғымен жүріп түседі. Сол бойда емші оны үйге алып келіп, аяғын тұзды сумен сылап, таңып жатқызып қойды. Келесі күні әлгі әдіс тағы қайталанды. Осылайша төбенің үстінен өз аяғымен түсуді бірте-бірте көбейтіп, аяқ буынын жүруге икемдейді. Осылай, бас-аяғы екі жұма ішінде Кәмешов аяғын басып жүріп кеткен екен. Сауыққан соң қасына ауыл балаларын ертіп, маузерімен жақын маңдағы ши өскен алаңқайдан қоян атуға шығыпты, деп айтады көз көргендер.
Емшінің қасиетіне көзі жетіп, шын риза болған НКВД-ның бастығы одан «менен не тілегің бар?» деп сұраса керек. Қожық өзінің адам емдемесе ауырып жүре алмайтындығын, бірақ жергілікті атқамінерлердің «бақсысың, адам емдеуге болмайды» деп қудалай беретіндігін айтып, «қолыңнан келсе осыны тоқтат» деп өтініш жасайды. Емшің құдіретіне тәнті болған Кәмешов Қадыр өз қолынан қағаз жазып беріп, Қожықтың адам емдеуіне тиым салуды тоқтаттырыпты. Осыдан кейін Қожық атамыз милиция қудалауынан біржола құтылыпты.
Ауру жанына батқан қиын сәтте қол ұшын беріп, ем жасаған Қожыққа Кәмешовтың отбасы күні бүгінге дейін дән риза болып, қадір тұтып, есте ұстап келеді. Міне, олардың сол шынайы сезімі бір кезде Қожық қолынан емделген Кәмешовты Ақтөбеден іздеп табуыма септігін тигізгені де бар. Ол былай болған еді.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының орта шені. Біздің облыс шөлейт аймақта орналасқандықтан өз жерінде көбіне-көп шөп шықпай, малдың қысқы жем азығын республиканың басқа аймақтарынан дайындауға тура келетін. Маңғыстау ауданының бір совхозының адамдары осындай жем-шөп даярлау мақсатында Ақтөбе облысына барады. Қазір айтсақ сену қиын шығар, бірақ, ол кезде қалалардағы қонақ үйлерге орналасу нағыз қиямет-қайымның өзі еді ғой. Олардағы орындарды облыс орталығында өтетін түрлі жиын шараларға байланысты облыстық партия комитеті мен атқару комитеті араласып бөліп отыратын. Кезінде Маңғыстау облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып жасап жүргенде қаламыздағы жалғыз «Ақтау» қонақ үйінің орындарын жоспарға сай бөліп отырумен өзім де айналысқанмын.
Сөйтіп, Ақтөбе қаласына кештеу ұшып келген әлгі шөп дайындаушы бір топ маңғыстаулықтар қонақ үйге орналаса алмай аңтарылыңқырап қалады. Мұндайда кім-кім болса да орын табу үшін бар айла-шарғысын, түрлі амалдарын пайдаланып бағады ғой. Біреулер алыстан келгендігін, барар танысы жоқ екендігін айтып жалынып бағады, біреулер заң айтып, қорқытып дегендей. Бұлар да алыстағы Маңғыстаудан келгендіктерін айтып қонақ үйдің кезекші әйеліне жалына бастайды. Сол кезде әлгі кезекші әйел: «Маңғыстаудан болсаңдар Қожықты білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Құдай оңдағанда ол кездегі адамдардың Қожықты білмейтіні кемде кем, көпшілігі оны білетіндіктерін, соңындағы баласы мен немерелері туралы айтқан соң, кезекші әйел олардың бәріне де қонақ үйден орын алып беріп, орналастырып, көмегін тигізіпті. Ол Разия деген Қадыр Кәмешовтың әйелі екен. Сөйтіп атамыздың шарапаты өзі жоқ болса да кейінгілерге осылай тисе керек. Кәмешовты Ақтөбеден іздеуіме осы әңгіменің де септігі тиген еді.
АНАМ АҚБАЛАШТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
1913 жылы дүниеге келген анам Ақбалаш – шоңай руының даң бөлімінен Шәмбіл деген кісінің қызы. 1926 жылы он үш жасында әкеміз Нұржаубайға тұрмысқа шығып, Құнанорыс еліне келін болған. Өзі «әтекем» деп атайтын Қожық атасы туралы алғашқы деректерді мен осы анамның әңгімелерінен естіп-білдім. Бала кезімде Қожықты көріп, қолынан талай құлақ жесем де, ол кісінің емшілігі жөнінде есейіп, оқу бітіріп келген соң біліп, қызығушылығым оянған еді. Сол анам өзін жас кезінде кезік деген ауруынан емші атасының қалай емдегенін айтып отырушы еді: «Жас кезімде кезік деген аурумен ауырдым. Тұла бойым қалтырап, денем жылынбайды, басым, бүкіл денем қозғалтпай ауырады. Сол аурудан әтекем емдеп, жазып алды. Ол киіз үйдің ортасынан жерошақ қаздырып, оның үстіне қара шойын қазанды аузын төмен қаратып төңкеріп, астынан от жақты. Қазанды шоқтай боп қызарғанша қыздырды. Сонан кейін үстіме етегі кең көйлек кигізіп, қазаңды маған жақындатып қойды. Қазанға су құйып, одан көтерілген буды көйлегімнің етегі астынан денеме жіберді. Бүкіл денем терлеп, бусанды. Артынша дереу жылы орап, біраз уақыт терлетті. Сол тер өз қызуыммен кепкенше орнымнан тұрғызбады. Содан жақсы болып, жазылып кеттім. Мұны «қазан аруағы» деп түсіндірді», – деген еді.
Тағы бірде мен сұрап қоймаған соң анам айтқан мына бір әңгіме де есіме түсіп отыр. «Ізбасқанның алдындағы баламды (анамыз үлкен ағам Ізбасқанның да алдында бір бала тауып, онысы ертерек шетінеген, соның ізін басты деп ағамның атын Ізбасқан қойған ғой) емізіп отырғанымда (1930-31 ж.ж.) емделуге ауылымызға бір түрікпен адай кісі келді. Айтуына қарағанда басы ауырады, жатқызбай сырқырап, шаншып ауырады екен. Әтекем ошақ орнынан қар бойы шұңқыр қаздырып, әлгі кісінің бас терісін ұстарамен тіліп, сол жерге стақан салды, қанды су ағызды. Аққан қанды суды қазылған шұңқырға төгіп көмдірді. Ем жасау кезінде әрі қарай не істегенін қарауға дәтім шыдамай шығып кеттім. Сол емнен кейін әлгі адам жазылып кетті».
ІЗБАСҚАН ӘНГІМЕЛЕРІ
Әкеміз Нұржаубайдың үлкен баласы Ізбасқан 1933 жылы туған. Он төрт он бес жасқа келген соң кәкесі Қожықтың әртүрлі тапсырмаларын орындауға жарап, қол бала бола жүріп, сырқат адамдарды қалай емдегенін көріп, куә болған. Әрине, оның әңгімелері де емшінің ауру жайын қалай анықтап, дәрі-дәрмекті қалай даярлағанын тап басып айта алмағанмен де, Қожықтың емшілік тәжірибесінен біраз мағлұматтар берері хақ. Енді сол әңгімелерге тоқталайық.
Бас қысымын емдеуі. Басы үнемі ауыратын адамдар келгенде Қожық кәкем ол адамның басының әр жерін сипалап отырып өзіне ғана мәлім әдіспен қан алатын жерді анықтайтын. Ол кейде маңдай, кейде желке тұсы, кейде төбесіне сәйкес келетін. Сонан соң қан алатын жердің шашын ұстарамен тықырлатып алады, екінші қайтара қарсы алатын. Одан кейін сол жерге стақан салады. Стақан сорып, баста ұра сияқты томпақ пайда болғанда стақанды алып тастап, пайда болған ұраның бір шетін спиртпен сүртілген немесе от жалынына ұсталған қара пышағының ұшымен теседі де, сол тесіктің үстінен стақанды қайта салады. Сол кезде стақан сорып, тесіктен қан қайта аға бастайды. Алғашында қан түсі қара боп ағады, сонан соң ірің тәрізді қойыртпақ сұйық, қайтадан қара қан ағады. Қан түсі алқызыл боп аға бастағанда стақанды алып тастап, тесікке алдын ала жинатып даярлап қойған жылан қабығын жапсырып қанды тоқтатады. Жылан қабығы қанды тоқтатқанымен қатар, жараға бөгде микробтар түсуден де сақтайды екен. Ауру осы емнен кейін құлан-таза жазылып кететін. Қожықтан бірде өзім де емделдім, – деп әңгімесін жалғастырды Ізекең, – бала кезімде басымнан күн өтіп, ішім тиылмай, ішкенімді құсып, ауырып қалдым. Шамасы, әке-шешем шақыртқан болар, әлде өзі естіп келді ме, үйге Қожық кәкем келіп, тамырымды ұстап, «балаға күн өткен екен» деген тоқтам жасады. Шашымды ұстарамен тақырлап алып, шелектегі айранның өңезін алдырып басыма жақты да орап таңып тастады. Бір кезде тұла бойым терлеп, ұйықтап қалыппын. Ұйқыдан тұрғанда ауруымнан айығып ояндым.
Шаты айырылған адамды емдеуі. Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір жаз мезгілі болатын. Қожыққа шаты айырылған, жамбас сүйегі сынған бір адамды алып келді. Қожекең әлгі адамды өрістегі сиыр келгенше жатқызып қойды. Содан, өрістен сиыр келгенде аңқасы кеуіп, іші қабысып шөлдеп келген үлкен мінгі сиырды суға жібертпей ұстатып, оның үстіне әлгі адамды мінгізіп, екі аяғын сиырдың қарнына екі жағынан қабыстыра астыңғы бетінен бір-біріне тартып байлап тастады. Сосын астауға су құйдырып әлгі сиырды суарттырды. Суды сіміре ішіп сиырдың қарны қампайған сайын үстіндегі адамның екі аяғы талтайып, бірте-бірте тартыла түсті. Сөйтіп, сүйектің сынған жері орнына түскен екен. Содан оны сиырдың үстінен көтертіп түсіріп алып, санын, жамбас тұсын орап байлап тастады.
Өзденов Қазтұрған деген кісі болды. 1941 жылы оның екі бетіне құрт түсіп, екі жағы түсіп қалды. Сол кісіні сырға салды, сынапқа салды, ақыры емдеп жазды. Сынапқа салу былай жүзеге асырылады. Алдымен жерден шұңқыр қазады да ішіне от жағады. Адамның үстіне кең киім кигізіп, тамағының астынан ауа шықпайтындай етіп байлап, сол шұңқырдың үстіне отырғызады. Сынапты шұңқырдағы шоқтың үстіне тастап, ол тұтап буланады, буы адам денесіне жайылады. Содан құрт қашады дейді. Адамды сынап буына көп отырғызбайды, көп отырса оның өліп кетуі де ықтимал. Қолтығына су бүркіп, таңдайына су тамызып адамның есінен танбауына жағдай жасайды.
Алаша Күзенді емдеуі. Таушықта руы алаша Күзен деген пошта бастығы болды. Өзінің баласы болмаған, әйелі екеуі ғана тұратын. Сол кісі ауырып, Қожыққа алып келді. Емші ауру жағдайымен танысқан соң: «Бұл қаптал деген ауру, немесе соз ауруы деп те айтылады. Оны емдеп жазу үшін бұтындағы екі тасыңды алып тастау қажет, онда еркектік қасиеттен айырыласың, емделмесең енді көп өмір сүрмейсің» – деп қалауды Күзеннің өзіне қалдырады. Соған қарағанда ауру әбден асқынып кеткен де болар, шамасы. Өмірін өлімге қимаған Күзен операцияға келісім береді. Содан Қожық оны ауылда бірнеше күн қонақ қылып, желдің соғу бағытын күтеді, күн сайын далаға шығып, бармағын сулап. жел бағытын анықтайды. Бір күні өзі күткен желдің соғу бағыты түзелген болар, Күзенді арқа бетіне жастық төсеп, ығысып кетпеуі үшін бөксесінің астын шұңқырлап қазып, өзін үйдің керегесіне шалқайтып отырғызып таңып тастайды. Сонан соң екі аяғын басынан жоғары көтеріп, керегенің басына таңады да қалтаны тіліп ішіндегі екі тасын алып тастайды. Күзен сол операциядан жазылып, кейінірек өз ажалынан дүниеден өтті.
Медет Майланды емдеуі. Майлан біз білетін уақытта Шайырда қауын-қарбыз өсіретін егінші еді. Өзі анам Ақбалаш пен нағашым Қосуаққа нағашылығы бар адам. Бала кезімізде егініне түсіп, қауын да ұрлайтынбыз. Алыстан ақырып қуғаны болмаса, балдарды ұстап алып, жазалай бермейтін. Мойны қисықтау кісі еді. Ертеректе, яғни өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Маңғыстау жерінде барыс, жабайы қабандар да болған ғой. Майлан егінге түскен қабанды қуып, қабан өзіне қайыра ұмтылғанда аты үркіп, аттан жығылады. Содан оның он жорғасы сынып, басы мойнының ішіне түсіп кетеді. Сырқатқа емші, сынықшы Қожықты шақыртады. Ол Майланды өз үйіне алып келіп, киіз үйдің қақ ортасындағы ошақ орнын күреттіріп, сол жерге төрт қабат киіз төсеп биіктетіп, соның үстіне Майланды отырғызады. Сосын оның екі жағынан қазық қағып, екі санынан байлап тастайды, қолдарын екі жағына керіп, екі қайратты жігітке ұстатып қояды. Басын шандып ноқталап, ол жіпті аспадан асырып алып, басын жоғары тартады. Осы әдіспен оның басын орнына әкеліп, он жорғасының сынығын салып емдейді. Әйелдердің белбеу орамалымен иықтың үстінен шандып таңып тастап, бірнеше күнге шерттейді. Майланның қисық мойын болуы осы оқиғаның нәтижесі екен.
Қожағұл Тауасардың баласы, ұмытпасам есімі Ізтұрған болуы керек, жылқышы еді. Оны да аты тулап жығып кетіп, мойын омыртқасы үзіліп, мойны ішіне кіріп кеткенде әлгіндей әдіспен мойнынан басын көтеріп қойып орнына салғаны бар.
Масатов Мұратбайды емдеуі. Бектеміс руында Жақсығат, Масат деген екі ағайынды адамдар болды, – деп әңгімесін әрі қарай сабақтады Ізекең, – Жақсығаттан Жапырақ деген бір қыз болды. Масат Санатбай деген бір баласын Жақсығатқа берген. Масаттың Мұратбай деген баласы туғаннан астыңғы ерні үш қабат болып тұратын. Сол бала жас шамасы алты жетілерге келгенде қорынып, мектепке барғысы келмейді. 1946 жылы бір күні сол баланы түйемен сонау Керел деген жерден Шеңгелдің ар жағында отырғанымызда Қожық кәкеме алып келді. Сол күні емшінің өзі айтқандай жел оңынан екен. Негізінен Қожық операцияны жел шығыстан болған күні жасайтын. Емші үлкен бір жалпақ тақтай алдырып, ол баланы соған бесікке бөлегендей етіп, қол-аяғын таңып, басын да қозғай алмайтындай қылып байлап тастады. Біздерге алдын-ала шөп бастарында сиырылып ілініп қалған жылан қабығын жинаттырып алған. Содан алмастай өткір ұстарасын спиртпен сүртіп залалсыздандырып алып, баланың ішкі беттегі қос ернін сылып алды. Бала қозғалуға шамасы жетпейді, құлын даусы шығып шыңғырып жатыр. Еріңді сылып алғанда, әуелі бір ақ түйіршіктер, сосын қан шықты. Қан көп кетті. Қожық ерінді сылып алған соң орнын жылан қабығымен жапсырып тастады. Сол бала қазір бар, «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінде қызмет істейді деп естимін, – деп ағам әңгімесін аяқтап еді. Бұл әңгіме 1977 жылдың күзінде айтылған болатын. Мен ол кезде Қожыққа жиен болып келетін Жақсығат молданы да, оның баласы Масатов Санатбайды да білмеуші едім, олармен кейін танысып-білістім ғой. Кейін сол Санатбай: «Осы сен Қожық туралы неге жазбай жүрсің?!» – деп осы кітапты жазуды қолға алуыма да себепші болған-ды.
Нұрбайдың қызы Тыныштықты емдеуі. «Айтпақшы, жылан шаққанда Тыныштықты емдегені де бар еді, енді соны айтайын, – деп сөзін әрі қарай жалғастырды ағам, – ол кезде колхозда сиыр бағатынбыз. Қай жылы екені есімде жоқ, 1948 немесе 1949 жылдың жаз мезгілі болар, базар жары Нұрбайдың қызы Тыныштықтың алты-жеті жасар кезі. Сол Тыныштық үйінен қашығырақтау жерде жер шұқынып отыр еді, бір кезде анау-мынау емес баж ете қалды. Бақсақ, қолын інге тығып отыр екен, жылан шағып алыпты. Оның бағына қарай ауылда бұзау емдеп Қожық емші жатыр еді. Ол тез адыраспан алдырып, оны суға қайнатып самарға құюды тапсырды да өзі Тыныштықтың ісіп бара жатырған қолын шынтақтан жоғары жерден байлап тастады. Самардағы су денеге теріні күйдірмей шым-шым бататындай болған кезде қыздың қолын соған салып сылады. Шырқырап жылап жатқан Тыныштық сол бойда жаны жәй тауып ұйықтап қалды, осыдан соң айығып кетті».
МӘДЕМХАН АПА ӘҢГІМЕСІ
Сармағанбетұлы Қожықтың туысы Орынбайдан қалған жалғыз қыз Мәдемхан апам. Оның Қожыққа туыстығын көрсету үшін шежіре жолдарына көз салайық. Аталары Тұрғанбайдан Сатыбалды, Сармағамбет, Омар деген үш бала болады. Сармағамбеттен Қожық туады, Омардан Жанжігіт, ал Сатыбалдыдан Бектұр, Қарғынбай, Салық деген үш бала және Айжан апамыз туған. Салықтан бала болмаған, Бектұр мен Қарғынбайдан қыздар болған, сонымен бірге Қарғынбайдан Орынбай деген бала болады. Қарғынбай әйелі руы Жарбол Бәлидің қызы Шәймен ақылдаса келе: «Құдайдан үмітіміз бар ғой, Бектұр ағамның жасы ұлғайыңқырап кетті, Орынбайжанды сол кісіге бала қылып берейік» деп ұйғарған. Сөйтіп, Қарғынбай баласы Орынбайдың тегін Бектұрұлы қып жаздырған. Сонда Орынбай үш үйдің ортасындағы жалғыз бала боп өскен. Сол бала өскен соң, базар жары Абылайдың әйелі, құнанорыс руының қызы Маңдайлыдан туған Оңайханмен бас қосып, олардан 1937 жылы Мәдемхан апам туылған. Мәдемхан екіге толар толмаста Шетпеде ауылдық кеңестің хатшысы болып жүрген Орынбай әскерге шақыртылып, Фин соғысына қатысқан. Сол кеткеннен ол елге оралмады.
Кейін, күйеуі соғыстан оралмаған Оңайхан жақын абысыны Ақбалаштың соғысқа барып, немістер тұтқынынан босап елге оралған інісі Шәмбілов Қосуақпен бас қосады. Бұл жағдайға ризашылығын бермеген Қожық Мәдемханды өздеріне алып қалады. Орынбайдың апасы Айжан шоңай Есболай байға ұзатылып, күйеуі Түрікмен еліне жер ауып, кейінірек оның балалары Құлсары жағына келгеннен соң Мәдемханды алып кетіп, ұлы Сәнтайға қосқан.
Мәдемхан апам бірде Қожықтың емшілік қасиеттері туралы былайша әңгімелеген еді:
Қожық кәкем үш ай тоқсан қыста және шілдеде ем жасамайтын. «Бұл мезгілдерде ем қонбайды» деуші еді. (Біздің пайымдауымызша оның себебі көбіне бұлауға салып терлетіп емдейтін болғандықтан қыста қанша терлетсе де адамдар тысқа шығып суық тигізіп алатындықтан, ал шілдеде онсыз да тер бұршақтап жүретіндіктен ауруды бұлауға салуға жүрегі шыдас бермейтіндіктен болар деп ойлаймыз – Қ.Н.).
Күздігүні мен жазғытұрым кезінде емші кәкемнің алды адамнан арылмаушы еді. Аяғы сынып орнынан тұра алмай жатып қалған НКВД бастығы Кәмешев деген кісіні бір айда емдеп аяғына тұрғызғаны есімде.
Менің бала кезімде кәкемнің өз аузынан естуім бойынша есімде қалғаны – ертеректе бір бой жетіп келе жатырған қыз басы ауырып сұлқ түсіп жата беретін болған соң әке-шешесі кәкеме алып келіпті. Сол қызды емдегенін айтып отыратын. Жылқының майымен басына кеп тартып жиырма шақты күнде бас сүйектің ара-жігін босатып ашқан. Мидың үстіне түскен ісікті еппен сылып алып, бас сүйектерін қайта жымдастырып орнына салып, сыртынан терең телпек кигізіп орап тастап бітістірген. Осы емнен кейін әлгі қыз сырқатынан айығып, күйеуге тиіп, балалы-шағалы болған. Ол емді жасаған кезде кәкемнің отыздардағы кезі болса керек. Емделуге келген талай әйелдердің емшектегі балалары ауылда қалып, омырауы сүтке толып кеткенде олардың емшектерін маған сорғызып, сүтін төккізіп отырушы еді. Сонда есімде қалғаны кәкем түнімен сарнап шығады да, таңертең оянған соң «бүгін пәлен деген жерден түйемен (немесе атпен) адам келеді» деп, келетін адамның бағытын, түр-түсін, көлігін, келетін уақытын түстеп айтып отырады. Оның сол айтқандары айнымай келетін. Оны түс көріп біле ме, әлде басқадай аян беру арқылы біле ме, онысын біле бермейміз. Әлгі айтқан адамы келген соң сырқаттың жағдайымен танысып құмалағын ашады да ем жасайтындарына ем жасайды, ауруын көшіретініне көшіретін еді. Ауруды көшіретіннің бір өзім көрген оқиғасын айтып берейін. Базар жары Жөнекештің балдары тұрмай жүрді. Содан ол әйелін Бөгенде отырғанымызда Қожекеме алып келді. Бұл 1949 жыл болатын, мен он екі жасар қызбын, көргенімді есте ұстар жастамын. Қожық кәкем қара тауықты ұстап алып бауыздатып, соны әлгі Жөнекештің әйелінің қолына бала қылып ұстатып қойып, сосын біраз уақыттан соң оның қолынан алып кәдімгі адамша жерге жерлетіп, екі басына тас қойғызып көмдірді. Осылайша іштегі балаға туралап келген ажалды көшірді. Артынша «Маңғыстаумұнайгазда» жасайтын Қартбаев Аманжол дүниеге келген еді, соның кіндігін Оңайхан мамам кесіп, кіндік кескенге мамама бір басқұр берген болатын.
Шеңгелде отырғанымызда Жақсығатов Мұратбайды әкелді. Ол қос ерін болып туылған екен, соны тіліп алғанда қан шаңыраққа дейін шапшып атқылағаны көз алдымда.
Әбіл деген кісі болды, әйелі құнанорыстың қызы болатын. Әбілдің шешесі Жаңылдың анасы Мырзабике деген кемпір еді. Таушықта осы Мырзабикенің жалғыз түйесі жоғалып кетіп, Қожық кәкеме құмалақ аштырыпты. Оның Таушықта көмір шахтасында жұмыс істейтін Айжан қарындасының үйіне келгенін естіп: «Бар күнкөрісіміз жалғыз түйе еді, үш-төрт күннен бері жоқ, осыған құмалақ ашып беріңіз» – деп өтініп отырған соң Қожекең құмалақты ашып жіберіп, Мырзабике кемпірге: «Сен Тиген жаққа Ембі тауына қарай беттеп жүре бер, алдыңнан қой бағып жүрген бір сары әйел кездеседі, сол саған жөн сілтейді. Мойнында ала бұйдасы бар қара мая түйең өзіңе қарап күйіс қайырып жатып, алдыңнан тап болады» деп шығарып салыпты. Мырзабике түйесін іздеп Қожық сілтеген жаққа кетіп, дәл құмалаққа түскендей қой бағып жүрген сары әйелге кездесіп, соның сілтеуімен барып өзіне қарап күйіс қайырып жатырған түйесін тауып оралыпты. Содан Айжанға келіп жағасын қос қолдап ұстап тұрып: «Апыр-ай, туысың, ағаң әулие екен ғой» – деп әрі таңданысын әрі ризашылығын білдіріпті.
Қыдырша руынан Санау деген кісі (бұл Қожықтың келіні Жамбаланың, құда баласы Кәдірбайдың ағасы) Таушықта тұрған, Сартаста балық аулайды екен. Сол қайықпен теңізге кетіп, көпке дейін үйге оралмапты, келетін уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Санаудың кемпірі Қожыққа келіп, құмалақ аштырса, жиені Сәнтай Есболайұлы нағашы ағасының алдында отырып құмалақты жори жөнелсе керек. «Шеше, құмалақ аштырып отырған адамыңыз аман-есен, он жеті күннен кейін олжалы келеді» – демесі бар ма! Кемпір шошып кетіп, бұл бала не сандырақтап отыр деген болар: «Оң жағыңа жылан жұмыртқалағыр, не деп отырсың!» – деп ұрсады. Сонда Қожық жиенінің шыдамсыздығын жуып-шайып, кемпірге: «Адамың аман, келеді» – деп шығарып салады. Шынында да мұз үстінде қалып, ықтап кеткен Санау он жеті күннен кейін аман-есен олжамен үйіне оралыпты. Қожықтың қасына көп ерген Сәнтай да құмалақ ашу мен жоруды үйреніп алған екен, бірақ онысын көп қолдана бермеген. Санаудың кемпірі артынша үйге келіп: «Әулие бала екенсің ғой» – деп, басынан сипап, сүйіншісіне аздаған балық әкеліп беріпті.
ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ ШОҢҚАЛДЫ ЕМДЕУІ
Құдайбергенов Шоңқал 1930 жылы туған, көп жылдар тракторшы механизатор болып істеді. Шетпе кентінде тұрып, бұл кездері дүниеден озды.
– Әкем Құдайберген Қожықпен құрдас, әрі ағайынды адамдар. Ауылымыз да көршілес болатын. 1940-45 жылдары мен де екі рет Қожыққа емделдім. Дәл қай жылы екені есімде жоқ, балалау кезім, шамасы он екі-он үш жаста болармын, шықшытыма мысқыл деген ісік жара шықты. Әкем алып барып Қожыққа қаралдым, ол оны өткір ұстара пышағымен тіліп, іріңін шығарды. Сонан соң мыс тиынды егеп, ұнтағын жараға сеуіп таңып тастады. Осы емнен соң жазылып кеттім. Жасым он төрт он беске келгенде басыма ұра шықты, недәуір өсіп, ісіп кетті. Ауыруы жаныма батқан соң әкем тағы да Қожыққа алып келді. Ол кездері мал майын табу да оңай емес. Қожық медет Қоңыр деген кісінің үйінен мал майын өзі сұратып алдырып, онан әрі пинцетпен жараны тесіп, іріңін шығарды, май тартып жараны сорғызып емдеді. Адамның бас терісі қалың болады-ау деймін, оны тескенше де жаным көзіме көрінгендей болды. «Ұраның сыртында жылтыр қабығы болады, соны ала алмадым. Күндердің күнінде қайта білдіруі мүмкін» – деп еді. Міне, содан бері елу төрт жылдай өтті. Осы биыл сондағыдай бір томпақ пайда болып ауырып жүр, операция жасаттырады-ау деп ойлаймын, – деген еді Шоңқал аға, 1998 жылдың маусым айының басында кездескенімізде.
ӘМИН ТҰЯҚОВ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ
Әлемдік спорт тарихында есімі жазылып қалған желаяқ жерлесіміз, адайдың ауызы дуалы ақсақалдары «Ақмышта туып, АҚШ-та бәйгі алған» деп мақтан тұтқан, әйгілі спорт майталманы Әмин ағамен бір ауылданбыз. Менің Қожық туралы жазғандарымды оқып, елге келген бір сапарында Таушықтағы үйімізде қона жатып, Қожықтың өз әкесі Елеместі емдегені туралы төмендегіше әңгімелеген еді:
Темір Абдал қауымында Үміт деген нағашы шешем жатыр. Сол кісі 1942-43 жылдары болуы керек, қолын сындырып алып, салдырған. Кімге салдырғанын білмеймін, сүйегі дұрыс бітпепті. Соны Қожық жас малдың майымен сылап бұзып, қайта салғанын білемін.
Әкем Елемес 1945 жылы соғыс аяқталғасын елге оралды. Соғыстан аяғы ақсап келген еді, 1946 жылдың басында қатты ауырды. Сол аурудан әкемді Шайырдың басында Қожық емдеп жазды, ол кезде баламыз, көп нәрсеге зер салып, мән бермейміз ғой, қалай және немен емдегенін әкемнің ауруының не екенін айта алмаймын.
1954 жылы әкемнің інісі Едіге дүние салды. Соның уайымынан болды ма, әкем қатты ауырды. Біз ол уақытта Көгездің оңтүстігінде Шерқала маңындағы Құйжақ жерін қоныстайтынбыз. Әкем өте қатты жүдеп кетті, ауруының беті қайта қоймаған соң Қожықты шақыртты. Жаз мезгілі, ыстық түсе қоймаған кез. Қожық келгенде, әкем қатаң жатыр, жағдайы мәз емес. Қожекең келіп сырқаттың жағдайымен танысқаннан кейін маған Қарасайдың жоғарғы басында тегістеу жеріңде бір шөпті айтты, онша биіктеу шөп емес, соны жинап алып келуге жұмсады. Әкемнен айырылып қаламын ба деген қорқыныш күшті ғой, бар үмітіміз сол шөпте болғандықтан болар екі қанар қапты толтырып, жинап әкелдім. Қожық сол шөппен әкемді емдеді. Біздің көргеніміз ол кісі шөпті үлкен қазанға салып суға қайнатты. Соның суымен шомылдырып емдеді, бірақ оған тағы басқа қоспалар қосты ма немесе емдеу тәсілдерін жасады ма, оны айта алмаймын. Әкемнің бұл жолы белі мен аяғы ауырғанын білемін. Пайымдауымша бұл тұқым қуалаған ауру болуы керек, өйткені Елеместің әкесі Тұяқ та сал болып, жеті жыл жатып, өлген екен.
ДӘРІГЕР КҮШІКБАЕВ МҮРСӘЛІНІҢ ӘНГІМЕСІ
«Ертеректе жасы жетпістен асқан бір ақсақал өзін Қожықтың өкпе ауруынан (чахотка) қалай емдегенін айтқан еді. Соны тыңда, бір керегіңе жаратарсың», – деп бастады әңгімесін Мүрсекең, «Үш қиян» газетінде «Құнанорыс Қожық» деген мақалам жарияланғаннан кейін кездескенімізде. – «Ауру жаныма батқан соң Қожыққа келдім. Күз мезгілі еді. Ауруымның жайымен танысқан соң ол кісі әлдебір шөп іздеп келмекші болып тауға кетті. Содан жеті түрлі шөп әкелді. Бірақ, олардың не деген шөптер екенін сұрамағандықтан, өкінішке орай, қандай шөптер екенін айта алмаймын. Содан бір семіз қара қойды сойдырып, екі өкпесіне де пышақ тигіздірмей кеңірдекпен қосып суыртып алдырды да, әбден ұнтақталған әлгі шөптерді кеңірдек арқылы екі өкпенің ішіне тығып, өкпені үрлеп, кеңірдектен байлап тастады. Сол өкпені қазанға салып, үстінен таспен бастырып қойып, өзіне ғана белгілі бір уақыт қайнаттырып пісірді. Таспен бастырмаса үрленген өкпе суға батпайды екен. Сол піскен өкпені алып салқындатып, бөліп-бөліп жегізіп, емдеп, сырқатымнан айыққан болатынмын» – дегені есімде.
САЛМАНОВ РАМАЗАН ӘҢГІМЕСІ
Тигенде Қожықтың келіні Жамбала қайтыс болғанда, садақада отырғанымызда Рамазан айтқан мына әңгімені қойын дәптеріме түрте салған едім. Енді емшінің өкпе ауруын емдегені жайында жазып отырғанымда сол есіме түсіп, ол жазбаны да қағазға түсіре кеткенді жөн санадым.
«1945 жылы Жұмалыұлы Бекмырза өкпе ауруымен ауырды. Жұмалы баласын Қожыққа емдетуге алып келіп, ауылымызда үй тігіп отырды. Бір күні Қожық Жұмалыға: «Ауыл сыртындағы шиді арала. Оқшаулау тұрған бір түп шидің түбін қар бойы қазып, үш уыс топырақ алып кел, топырақ арасында түрлі жәндіктер де болуға тиіс» – деп ескерте отырып, жұмсап жіберді. Ол бір түп шиді бұрыннан көріп көздеп жүрді ме, немесе оның ашқан құмалағына түсті ме, әлде басқалай жолмен білді ме, онысын п басып айта алмаймын. Білетінім, Жұмалының екі рет қазып әкелген топырағы Қожық айтқандай болмады-ау деймін, ол оны үшінші рет жұмсады. Оның үшінші рет әкелген топырағын құрым киізбен қосып тай қазанға салып, суға қайнаттырды. Содан соң қазанды оттан түсіріп, үстін жауып тастады. Біршама уақыт өткен соң қазаннан құрым киізді алып, Бекмырзаның қабырғасына жауып, сыртынан көрпемен қымтап қойды. Біраз уақыт өткен соң көрпе ішінде қасындағы адамдардың құлағына естілетіндей дыбыс шығып, бірдеңе күтір етті. Бұл қабырғаға жабысып қалған өкпенің қабыртқадан ажыраған дыбысы екен. Содан кейін Бекмырзаны жылы жауып, бірнеше күн дем алдырып, өкпесін үрледі. Жасаған емі қонып, көп ұзамай Бекмырза жазылып кетті.
Бекмырзаның Қожыққа емделгені жөнінде Несібектің шөбересі Алтыназардың күйеу баласы бәйбіше руының Мұқаш деген азаматы былайша баяндаған еді: «1970 жыл. Ол кезде Шетпедегі автокөлік кәсіпорнында жүргізушімін. Бірде қасымда Бекмырза бар, Тұщықұдық бетіне кетіп бара жаттық Жолда Қожық жерленген Бибі қауымының тұсына келгенде, Бекмырза машинаны тоқтаттырып: «Иманды болғыр, мына жерде Қожекем жатыр ғой» – деп отыра қалып, аят оқып, Құран бағыштады. Мен: «Неге бұлай еттіңіз?» – деп сұрадым. Олай сұрайтын да жөнім бар, өзім осы бектеміс аулына күйеумін, оның үстіне Бекең партия кеңес саласының қызметкері, коммунист. Ол кісі былай деген еді:
Мен 1943 жылы «өлді» деп қатардан шығарылып тасталған адам едім. Жараланып, госпитальге түскенмін, бір күні «өлді» деп тізімнен сызып, өзімді жерлеу мақсатында далаға шығарып тастапты. Бір кезде ес жиып, өлмешінің күні бір қайырымды жаңдарға тап болып, аман қалдым. Содан сәл әл жиып, поездарға жабысып жүріп, Гурьевке жеттім. Осылайша айлап жүріп Жаңажолға келдім, өйткені соғысқа алынғанымда інім Қалмырза осында қызметте еді. Жағдайымды естіген соң әкем айтты: «Сені өкімет өлгенге санағанымен аман алып қалатын адам бар, ол – Қожық». Сөйтіп, мені Көгездегі емшіге алып келді.
Өкпем қабырғама жабысып қалған екен, дем алдырмайды, яғни өкпенің бір жақ беті жұмыс істейді, екінші бетінен пайда жоқ. Операция жасайтын мүмкіндік ол кезде жоқ, содан «қатарға қосылмайды» деп дәрігерлер қорытынды жасаған екен.
Қожық мені қарап, емдеп, бір ай, бес күн дегенде орнымнан тұрғызып жіберді.
Малды сойғызып, жас теріге тері бұлауға салды, жатқызып қойып жауырын тұсынан, қабырғаның сыртынан жайлап қағып ұрды. Сөйтіп қабырғаға жабысып тұрған өкпені ажыратқан. Үнемі жылқының майын ішкізіп отырды, шөптер қайнатып ішкізді. Қожық осылай мені емдеп қатарға қосқан адам. Жарықтық, өте емсек адам еді».
ӘБУБӘКІР ӘҢГІМЕСІ
1942-47 жылдары әкем соғыстан оралғанша, яғни он жеті жасыма дейін жездемнің (Қожықтың – авт.) қолында болдым. Жездем әңгімелеп отырушы еді: «Базар жары Тоқаштың кемпірі Ж. шоңайдың қызы еді. Сол әйел ауырып, бірақ ауруының жә жағдайын ұялып айта алмай жүрсе керек. Ол әйел «шұра» деген (шамасы киста болуы керек) аурумен ауырады екен. Алғашында әйелдің кіші дәрет алатын мүшесінің қапталынан бір кішкентай бөртік пайда болып, сол өсе келе бүйен ішекке айналған. Бір қарағанда әлгі ішінде қозысы бар қойдың жатыры сияқты ирелендеп жатады. Соны қарап, аурудың мән-жәйімен танысқан соң: «Келесі сәрсенбіде келемін. Үйдің босағасынан терең шұңқыр қаздырып қой, ана құрғырды қыл түбінен қатты байла», – деп тапсырма беріп кеттім. Айтқан күні келіп әлгі бүйен тәріздес бөлек затты дәл түбінен кесіп алып дайындалып қойылған шұңқырға көмдіріп тастадым. Бұл шұра деген ауру, «шұра шыққыр» деген қарғыс осыдан қалған», – деп отыратын. Сол емнен кейін Ж. ауруынан айығып, өткен ғасырдың 60-жылдарының орта иінінде тағдырдың бұйрығымен дүниеден өтті.
1945-46 жылдары ауырып, баяғы өзіне күн көрсетпейтін милиция Қуантқан алдына келді. Қуантқанның әйелі Өрік бөкеннің қызы. Бұл екеуінің балалары тұрмады, дүниеге келген соң 3-4 жасында шетіней берді. Сонда Өрік күйеуіне: «Сен Қожық емшіге күн көрсетпей жүрсің, бұл соның зайыры болар, сол кісінің алдынан өт» – десе де советтік қоғамның милициясы ондай сөзге неге иліксін, Қуантқан бармаған екен. Бір күні Өріктің өзі ауырып, «мені Қожыққа алып бар» десе де көнбей, әйелін емшіге басқа бір адамдарға ертіп жіберсе керек. Енді, міне, өзі ауырып, амалсыз емшінің алдына келіпті. Бұл кезде Көгездің ойында көп моланың маңында егін салып отырғанбыз, қырман бар, тары бастырамыз. Қуантқан орнынан тұра алмай, қатты ауырып келді. Мен үйде едім, жездем оған: «Ей, сен Қуантқан емес, Қуартқансың, саған Құдай неге керек, өзің жазылмайсың ба?!» – деп қояды. Бір жағы жиендігін жасап, әзілдеп отыр ма, бір жағынан шынымен көңіліндегі өкпесін сыртына шығарып айтып отыр ма, онысын білмедім. Жездемнің өзі де сол кезде жүре алмай қалып, құйрығымен жылжып қозғалып, ауырып жүрген кезі еді. Әрі алдыңғы жылы (1945 ж.) баласы Қаражігіт өлген, оның да қайғысы бар. Адамға кек ұстамайтын кісі еді ғой, сөйтіп отырса да Қуантқанды кірпіш бұлауға салып, емдеп, жазды.
Қуанәлі деген дәулеталы шал болды, кейінгі кезде Жетібайда тұрып, 1997 жылы қайтыс болды. Оны ауырғанда қойдың терісіне салып (тері бұлау) емдеді. Алып келіп бір үлкен Қара ту Қойды мес қылып бітеулей сойып, оны үрлетіп, одан соң сабаумен ұзақты күн сабатты. Содан кейін Қуанәліні теріге салды. Егер теріні сабамай салса, адам терлеген кезде теріні жиырып тастайды екен, сол жағдай болмауы үшін «теріні сабау керек» деп түсіндірді. Өзі қасында отырып оның тамырын ұстап қарап отырды, шамасы жүрек соғысын бақылап отырған болар. Қуанәлі содан жазылып кетті.
Мүлкібайдың Еділбайы балтырынан жара шығып, үстінен үнемі қара қан ағып, жел жара ауруымен ауырды. Оны жездем сырға салып емдеп жазды. Сыр дегенінің не екенін білмеймін, онысы көкшіл, қызғылт бірдеңелер болатын.
1948-49 жылдары қой жайып жүріп өзім де салқын тиіп ауырдым. Бір жақ енім күп болып ісіп кетті. Ауру жаныма батып шыдатпаған соң жездеме бардым, ол мені кірпіш бұлауға салып жауып жатқызып тастады, содан есімді білмей қатты ұйықтап қалыппын, оянсам, қара су болып терлеп жатыр екенмін. Тұрған соң тобықтың тұсынан қан алды, онысы алғашында қап-қара боп ақты, артынша қанның түсі алқызыл болып өзгергенде құрым киіз күйдіріп басып, қанның аққанын тоқтатты, содан сауығып кеттім, – деп әңгімесін аяқтап еді Әбекең.
БОҚЫБАЕВ СИСЕННІҢ ӘҢГІМЕСІ
Көп жыл оқу-ағарту саласында қызмет атқарған Боқыбаев Сисен Қожық атамыз жөнінде не білетінін сұрағанымда төмендегі әңгімені айтып еді: «Мен Қожық туралы сені көп әңгімеге қарық қыла қоймаспын, бірақ, өзім куәсі болған ол кісінің емшілігі, білгірлігі жөнінде бір эпизодты айтайын. Артындағы ұрпақтары ренжіп жүрер, атын атамай-ақ қояйын, осы Маңғыстауға есімі белгілі бір азамат көтеріліп ауырды, содан Қожыққа емделді. Оның қалай емдегенін көргенім жоқ, бірақ, әлгі азамат сол кісінің емінен жазылып қызметке қайта араласып, мына екі ғасырдың тоғысыңда үлкейіп барып, дүниеден өтті. Сонда Қожық оған: «Өзіңді бір емдеуге емдеп жаздым, бірақ бұл ауру тұқымында болады, келешекте балаларың да ауыруы мүмкін. Соның алдын алу үшін маған тағы бірер рет келіп қараларсың», – дейді. Бірақ, не себебі болғанын қайдам, одан кейінгі жылдары мен Жыңғылдыға ауысып кеттім де, артынан ол азаматтың неге емшіге бармағанынан бейхабармын. Естуімше ол емшіге екінші рет баруға ретін келтіре алмай, жыл сайын өз денсаулығын түзетуге курорттарға кетіп, әне-міне деп жүргенде Қожықтың өзі де дүниеден озады. Айтса айтқандай-ақ, кейін әлгі азаматтың үш баласы, бір қызы көтеріліп ауыратын болып, олардың екеуі осы аурудан қайтыс болғанын білемін. Осы күнгі медицина бұл ауруды ақи-тақи емдеуге шамасы жетпей отыр ғой».
Сисекең әңгімелеген Ж.Т. деген кісіден бала кезімде дәріс алғанмын, өзім де білуші едім, артынан іздеп барып, әңгімелескенімде, ол Қожекеңнен емделіп жазылғанын айтқанымен, қандай аурумен ауырып емделгені жөнінде көп шешіліп ештеңе айта қоймады. Сонда да болса «кеңес мұғалімі бақсы-балгерге қаралып, емделіп жүр» деген қаңқу сөзден, сол заманғы саясаттан шегер зиянынан сескенді ме, әлде басқалай бір себептері болды ма екен, әйтеуір Ж.Т. Қожыққа екінші рет бармаған. Ол реті келгенде жыл сайын курорт санаторийлерге емделуге барып жүргенін өз аузынан естіп білдім. Ауырып жатқан қарт мұғалімімнің үнінен қолынан сусып кеткен мүмкіндікке және соның әсерінен емші айтқандай әлгі аурудың өз кіндігінен тараған ұрпақтарын о дүниелікке бірінен кейін бірін алып кетіп жатқанына қатты өкінетіні сезіліп тұрды. Үлкейіп, өзі ауырып жатқанда өткенді есіне салып, одан әрі мазалаудың есебін таба алмай, жәй қоштасып, аттанып кеттім. Келер жылы Ж.Т. да дүниеден өтті. Осылайша, ол азаматтың ауруының және ол аурудан қалай емделгенінің сыры өз аузынан айтылмай, ашылмай қалды.
ДҮЙСЕНБАЕВ БОТАБАЙДЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Қожық та, тоқабай Айтқұл да емсек адамдар еді ғой. Олар жыңғылдың буымен, қамыспен емдейді. Қожық алдатөмпектің еркек, ұрғашысын қаздырып алып, соның топырағымен емдейтін. Біздің жақта сары құмырсқаның илеуінен пайда болған төмпешіктерді (термитник) алдатөмпек деп атайды. Алдатөмпектің биіктеуі еркек, аласалауы ұрғашы деп бөлінеді.
1939 жыл. Ауданымыз Тауский, Бузачинский деп ресми емес түрде екіге бөлінетін. Бозашыда пошта бастық Жұбаев Құлшық деген сауаты аздау адам болды. Таускийде Бәйсеуов Самарқан пошта бастық еді, оны сол жылы Таушыққа ауыстырды да, мен оның орнына Шетпеде қалдым. Бірде ауылдардан поштаға қап-қап көп ақша әкеліп тапсырды. Түнімен сол ақшаларды номиналына қарай сорттап, санадық. Мына Таушықтағы Дабысов Бегайдар мен Мырзағали екеуі ақшаны санайды да, жүз-жүзден купюрлейді, пошта бөлімшесінің бастығы болғандықтан мен оны қайта санаймын. Осылайша ақшаның дәл есебін алып, оларды арнаулы қапшықтарға салып, аузын жауып, сургучпен мөр басып, бекітемін. Арнайы адаммен әлгі ақшаларды атқа теңдеп артып, ауданға жөнелтеміз.
Сондай бір кезекті түн асып ақша санап шыққан күннің ертеңіне жауырыным қозғалтпай ауырып шықтым. Ертеңгісін орнымнан тұра алмай қалып, әкеме ауруымның жағдайын айтып ем, ол біздің үйде тұрып жатқан оралдық мұғалім жігіт Жолболдин дегеннің жирен атын жетекке алып, Көгезден құнанорыс Қожық емшіні алып келді. Дәретім де жүріңкіремейді. Емші келіп тамырымды ұстап: «Беліңді қанды су алып қалған екен» – деп ауруымды анықтап, үйдің еденін қар бойы терең қып қаздырды. Әкем бір қой әкеліп сойды. Қожық қолына өткір пышағын алды, киіз сөмкесінен судырлаған стакандар шығарды. Жатқызып қойып, арқама май сияқты бірдеңені екі қайтара жақты, ет бетімнен жатқан мен оның не екенін көрген жоқпын. Қолындағы үшкір құралымен арқамның әр жерін түртіп тескілегендей болды. Содан кейін сол жерлерге стакан салып, жылы жауып жатқызып қойды. Бір кезде әлгі стақандарды алып, оған жиналған қанды қаздырған шұңқырға апарып төкті. Осы әдіспен үш-төрт кезек қан алғанда есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам емші қолтығыма су бүркіп, ылғал шүберек салып, есімді кіргізіп жатыр екен. «Жүрегің әлсіздік танытты, ақи-тақи ем жасай алмадым, енді 25-30 жылдан кейін бұл ауруың қайта сыр беретін болады» – деген еді сонда Қожық. Жарықтық Қожық, Айтқұл емшілер бұл күндері бар болғанда профессор, академик болатын адамдар еді ғой.
ЕСЖАНОВ ҚУАНТҚАНДЫ ЕМДЕУІ
«Үш қиян» газетінде Қожықтың емшілік қасиеті туралы көлемді мақала жарық көргеннен соң 2006 жылдың 16 қарашасында факс арқылы Есжанов Таушадан оның әкесі Қуантқанның Қожыққа емделгені жөнінде естелігі келіп түсті. Төменде сол хабарламаның мәтінін көп өзгертпей беріп отырмын.
Есжанов Қуантқан руы бектеміс, оның өкілі, Маңғыстау ауданының ішкі істер бөлімінің Шетпедегі учаскелік милиция қызметкері болып жасады. 1942-43 жылдары ер-азаматтар соғысқа аттанғанда соғыстан қашқандар көп болыпты. Соларды іздеп тауып, қатарға қосу тапсырмасымен қыстың қара суығында, жаздың аптап ыстығында талай түндер түзге түнеп, соның әсерінен, яғни ыссылы-суықтан өкпесіне салқын тиіп, қатты ауырған. Сол жылдары Маңғыстаудың ойында ондай қашқындар аз болмаған сияқты.
Соғыс басылғасын аурудың зардабы күшейе бастағасын құнанорыс Қожыққа емделуге мәжбүр болады.
Қожықтың бектеміс ағайынға бұрыннан жақындығы да бар болатын. Қожық ол кезде Көгезде қоныс теуіп отырған еді. Қуантқан емделу үшін Көгезге көшіп барып Қожекеңнің тапсырмасы бойынша сырқатын қарағаннан кейін екі құлыңды бие байлатып қымыз ашытады. Сонымен қатар жеті түрлі емдік шөп алдырып, ешкінің терісін мес қылып сойғызып, теріні шаңырақтың жел бауына іліп қойып қымыздың сүтіне жеті түрлі дәрілік шөпті араластырып, саба қылып піскеннен кейін күніне үш-төрт рет бір кеседен ай бойы ішкізген. Қымыз нағыз бабына келгенде сары қойыртпақтанып ашиды екен.
Екінші емі түбі теп-тегіс сарбез зерен аяққа малдың майын шыжғырып құйып, ыссылай кеуде тұсының ауырған жеріне 20-30 минуттай күніне бір рет қызуы басылғанша басып отырған.
Үшінші емі жаңа сойылған қойдың өкпесін алып жоғарыдағы жеті түрлі шөпті өкпенің қолқа түтікшесі арқылы үрлеп, өкпенің ішіне жіберген – бұл емді «желөкпе» деп атаған.
Өкпені қазанға салып, асып, пісіріп, күн сайын 15 күн бойы жегізген және сойған қойының етін паршалап, қазанға қатар-қатар салып, бұрыш, тұз, дәрілік шөптерін сеуіп, буына пісіріп, шашлык сияқты оттың табына пісіріп жегізген.
Осы емдердің арқасында әкем Қуантқан құлан-таза айығып, жазылып кетіп, 1987 жылы жасы жетіп, өз ажалынан өмірден озды.
БИСЕНБІ ӘРІПОВТЫ ЕМДЕУІ
Қожық туралы жазғандарым «Үш қиян» газетінің бірнеше санында жарияланып бастаған кезі болатын. Күн жексенбі, далада қырық градустан астам ыстық болған соң ауа салқындатқышты қосып қойып, демалып жатқанмын. Телефон шырылдады. Көтерсем, арғы беттен ел ақсақалы Әріпов Бейсенбі хабарласып тұр. Ол кісі газетте жарияланған Қожық әулие туралы жазғандарымды оқып, маған рахметін айтқаннан соң, өзінің де 1943 жылы соғыстан жараланып елге келгеннен кейін өкпе ауруымен ауырып, содан Қожыққа емделіп, жазылғанын айтты. Ол оқиға туралы қағаз бетіне түсіріп, өзіме табыстайтынын, тоқтаған жеріндегі телефон нөмірін айтып, хабарласуымды сұрады. Мен айтқанына қуана-қуана келісіп, Бейсекеме жақын арада хабарласатындығымды айтып, қоштастым.
Ақсақал айтқанында тұрды. Қожық пен Несібек туралы білетін деректері мен ойларын қағаз бетіне түсіріп, қолыма табыстады. Оның ішіңде Несібекті қара қаншықтың сүтімен ауыздандыру жөнінде жазылған тұсына келіспейтіндігін де айтыпты. «Адам баласын иттің сүтімен ауыздандырады деген ой әулиелердің қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді» деген пікірін білдіріпті. Әрине, бұл Бейсекеңнің өз пікірі. Бірақ, мұсылман діні, емдік қажеттілігі қыстаған жағдайда пайдаланылатын болса арам хайуанаттардың сүтін, етін т.б. қолдануға тыйым салмаған. Мәселен, бұл турасында Маңғыстауға есімі кеңінен таныс Нұрнияз ахун туралы әңгімені келтіре кетсем дұрыс болар. Нұрнияз ахун семіріп кетсе керек. Содан «Уа, аллатағалам, мені мына арам еттен арылтып ала гөр», – дейді екен. Біраздан кейін ахун қылтамақ болып ауырып, еттен арылады. Өле қою оңай емес, Нұрнияз түрлі кітаптарды ақтарып ем іздейді. Бір кітаптан: «Бұл ауруға құрбақаның тұмсығынан ағатын сұйық ем болады» дегенді оқиды. Бірақ, құрбақаны өлтірген шариғатта адам өлтіргенмен бірдей күнә. Сол себепті ахун құрбақаны ұстап алып, басын төмен қаратып кереге басына іліп қояды, астына ыдыс қояды. 3-4 күн ілулі тұрған құрбақа өліп қалады, іздеген сұйығы тамбайды.
Нұрнияз қайтадан кітаптарды ақтарып отырып, «құрбақаның сүті (сұйығы) арам» дегенді оқиды. Сонда ол: «қап, әттегене-ай, мұны өткендегі кітапта неге жазбаған. Арамды біліп отырып ішу бізге күнә, қарапайым халыққа ем ретінде қолдануға болады, бізге болмайды. Мұны ертерек білгенде өткендегі құрбақаны өлтіріп, күнә арқаламас едім ғой» – деп қатты өкініш білдіріпті.
Сондай-ақ, қазақта «Итемген» деген адам есімдерінің пайда болуының да түп төркінінде осындай жағдай жатпасына кім кепіл? Өйткені, қазақ халқы бір нәрсені негізге алмай, балаға ат қоймаған. Сондықтан, ақсақалдың пікірімен талас тудыруды қажет деп таппадым және шежіре қарттардың айтуымен жеткен бұл мәселеге өзгеріс жасамадым. Енді Бисекеңнің жазбасындағы Қожықтан емделгені туралы әңгімесін ол кісінің өз баяндауымен ұсынайын:
Құнанорыс Қожыққа емделгеніме 63 жыл балды. Мен Әріпұлы Бисембі алғашқылар легінде 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алындым. 1942 жылғы июнь, июль, август айларында 90 күн-түн Ростовтан Сталинградқа дейінгі қырғынға қатынастым. Армия Қолбасшысы генерал А.И. Еременко, 62 Армия еді. Бұл кезде аспан мен жер үсті немістің қолында болды. Күн сайын шабуылға шығамыз да көп шығынға ұшырап, 8-9 шақырым кері шегінеміз. Қызыл Армия жаппай қырылып жатыр, қаруластар сиреді. Пленге амалсыздан түсіп кетіп жатыр. Сталинградқа қауіп төнді. 17 июль 1942 жылы Жоғарғы Қолбасшы И.В. Сталиннің «Бір адым да кері шегінуге болмайды» деген қаһарлы бұйрығы шықты. Шығыс және оңтүстік шекарадан кадровый армия құрамалары келтірілді. Жау 1942 жылы августа Сталинградқа кіре бастады. 23 август 1942 жылы Сталинградтың трактор зауытында өкпемнен, оң қолымнан оқ тиіп, ауыр жараландым. Ессіз қалған мені түнге қарай медбикелер тауып, госпиталъға жеткізген. Өкпеде, арқада тұрған оқты операция жасап алады. Ауыр жаралылар ішінде терең тыл Пенза қаласына әкелді. Осында тоғыз ай емделдім. Өкпемнің демалысы ауырлау, айығып жазылмады. «Елге барып демал!» деп, қайырып жіберді. Демалысым ауырлау болғасын емші іздедім, Қожықты таптым. Жағдайымды айттым. Ол кезде бұл кісі Маңғыстау ауданында мал дәрігері болып жұмыс жасайтын болу керек. Қожекең «емдік шөп қарастырып, 5- 6 күннен кейін келермін» деді. Айтқан уақытында келді. Жас тұсақ қой союды ұсынды, қой сойылды. Осы қойдың сойған бойдағы жылы өкпесімен аузым, мұрнымнан қайта-қайта жайлап үпірді. Өкпені астырып, шалалау піскенде жегізді. Алға қарай да өкпе жеу керек екендігін ескертті. «Өзің өз денсаулығыңа сақ бал. Өкпені қинамайтындай жұмыс жасай бер. Бір жыл қатты күтінсең, 1-2 жылда айығып кетерсің» деді. Қожекеңнің айтқаны болды, айықтым.
..Ақмыш-Көгезде мәңгі орналасқан Құнанорыс Қожық әулиеге дуға оқып келемін.
Дәптердің он бір бетіне жазылған Бейсекең жазбасының Қожыққа қатысты тұсын ол кісінің өз баяндауынша бердім. Жазбада Бектеміс Несібек туралы келтірілген деректерді Несібек емші туралы жазбаларымда пайдаланатындықтан ол жөнінде жазылғандарды өз уақытының еншісіне қалдырдым.
3-тарау: ДӘРУ
ҚОЖЫҚТЫҢ МАЛ ЕМДЕУІ
Қожықтың колхозда мал дәрігері болып істегенін ілгергі тарауларда да азды-көпті әңгімелеп өткенбіз. Осы тарауда оны көзі көрген ақсақалдардың әңгімелері негізінде емшінің мал түліктерін емдеген ветеринарлық қырына арнайы тоқтала кеткенді жөн санадық.
Қойда «топалаң» деген ауру болады екен. Бала кезімізде малдың кейбір асау қылықтарына кейіп, жаны күйген әйелдердің «топалаң келгір» деп қарғап-сілеп жататынын талай естігенімізбен, оның түпкі мән-мағынасына үңіліп жатпайтынбыз. «Топалаң» жаман ауру, малды қырып кетеді, − деп бастады бір әңгімесін Шетпедегі Шоңқал ақсақал, − қой үркеді, үріккен кезде бір-екеуі жығылады да оларды үріккен отар таптап кетеді. Осылайша, үріккен қойлар қайта-қайта үрке береді, әрбір үріккен сайын екі-үш бас қой аяққа тапталып өле береді. Бірде руы медет Омар дегеннің қойлары топалаңнан өле берген соң амалы таусылған ол Қожықты шақыртады. Емші отар қойды Есімқұл әулиенің қауымына айдатып, әулиенің басына жеткен соң сол жерде мал үріккен кезде жығылған қойды бауыздатып, бауыздау қанын малдың тобына шашып жіберіп, етін асқызып, садақа бергізеді. Осыдан кейін әлгі отардың үріккені сап тиылып, топалаңнан малдың өлімі тоқтапты». Мұнда не керемет бар екенін айта алмаймын, бірақ, осы әрекетке қарағанда малда да, басқа жан-жануарларда да түйсік дегеннің бар болғаны ғой деп шамалауға болатындай. Мысалы, жас кезімізде көрші отырған мал ауылдардың иттері таласқанда екі итті де қамшымен қатар сабаса сол екі иттің бұдан былайғы жерде таласпай тату болып кететінін тек мен емес басқаларымыз да байқаған болармыз. Бұл да сол түйсік деген қасиеттен туындайтын әрекет емес пе!?
Өткен ғасырдың соғыстан бұрынғы жылдарында, кейініректе де колхоздың басшылары, мал дәрігерлері көлік есебіңде ат мінетін болған. О заманда бүгінгінің бастықтарындай телефон соғып қойып, үйінде жата бермейді, ауыл шаруашылығындағы сапырылыс науқандарды бірінен кейін бірін шаруалап, демалыс дегеннің не екенін білместен дамыл таппай жүре береді ғой. Содан жүріске шыдамаған аттар ақсап (кейде алдыңғы екі аяғы бірдей ақсайды) қалған кезде Қожыққа емдетуге алып келеді екен. Сондайда емші ауылдың бір баласын ақсап келген атқа мінгізіп ауылды айнала жортақтатып, шапқызып қояды. Өзі екі-үш қап қиды (қой тезегінен даярланған отын) әкеліп бір жерге өртейді. Сонан соң әбден жанып болған шоқтарды ысырып тастап от өртелген жердің орта тұсын шұқырлап қазып, сол шұқырға сырық ағашты тікесінен нығарлап көмеді. Жортақ пен шабыстан қиналып терлеген атты алдырып, оны басынан ноқталап, әлгі тікесінен бекітілген сырық ағашқа аттың жатып қалуына мүмкіндік бермейтіндей биіктікте және сырыққа оратылмайтындай айналып тұратын қып бос байлайды. Аттың ауру аяғын қара тұқайдың үстінен төрт жерінен теседі немесе ісінген жердің жүнін қырып тазалап, аздап тіліп кеседі. От өртеп жатқанда ауылдағы балдардың бір тобын оқжылан ұстап келуге жұмсайды. Әсіресе өз туысы Омардың Жанжігіті оқжыландарды ұстап әкелуге шебер, қорқу дегенді білмейді. Оқжылан жіңішке әрі ұзын болады, яғни аттың сирағын бірнеше рет орауға молынан жетеді. Әкелінген жыланды емші тілін суырып алып, бас жағынан қысып ұстап отырып, құйрығынан бастап төске салып балғамен ұрып сүйектерін уатады. Сонда да жылан өлмей ирелендеп жатады. Сонан кейін жыланның бауырын тіліп жіберіп әлгі жылқының аяғына тілінген жерінің жоғарғы жағынан бастап орап, сыртынан байлап тастайды. Әлі жаны шықпаған жылан іскен жерді оралып сығады екен де, қанды іріңнің түгел сыртқа шығуына ықпал етеді екен. Кішкенеден кейін үсті-басы түгел жабумен қымталған ат өртенген оттың орнында аяғы қызуға шыдамай тықыршып, байыз тауып тұра алмай сырық ағашты айнала береді, қара терге түсіп малмандай боп терлейді. Оттың қызуы қайтып, ат әбден терлеген кезде оны шешіп алып, жетектеп қыдыртып суытады да, жайылымға жібереді. Осыдан кейін ат жазылып кетеді. Бұл ем көбіне жаз мезгілінде жасалады.
Мынадай да жағдай болыпты. Бірде колхоздың асыл тұқымды жирен қасқа айғыры жығылғаннан тоқпан жілігі сынып, аяғы басуға жарамай, бұлаңдап қалған. Қожекең осы сынықты салды. Ол үшін айғырды жыққызып жіберіп, сау аяқтары мен басын байлатып, сипалап отырып сынған жілікті біріктіріп салған, бірақ оны ораудың жөні жоқ, яғни аттың иығының үстінен орағанмен ол сырғып тұрмайды емес пе? Сол кезде емші темірді отқа салдырып әбден қызартып қыздырып алып, сынықтың үстін шаңбақтап айқұш-ұйқыш қарыған. Осыдан әлгі айғыр жазылып, аяғын басып кетеді. Әшейінде байқалмағанмен, тек желіске түскенде аяғының аздап сылтығаны сезілетін. Сол айғыр үйірде болды да, бірақ содан кейін мініс көлігі ретінде пайдаланылған жоқ.
Нағашым Шәмбілов Қосуақ ұзын бойлы, денелі адам болатын. Сол соғыстан оралған кезде басы бос мініс аты қапелімде бола қоймай, оған мініс көлігі ретінде бір құнан беріледі. Ірі денелі адам мінгендіктен болар әлгі құнанның ері үнемі мойнына қарай кетіп, жауырынды салмақпен басып тастағандықтан болған болуы керек, бір күні құнан алдыңғы екі аяғын баса алмай жатып қалады. Ол бір өте қиын кез, заң орындарының «шаш ал десе бас алып» тастайтын шағы, мініс көлігің не басқа да колхоз малы түгіл өзіңнің жеке меншік малыңды сойып жесең де жауап беруге тура келеді. Мал өлсе немесе жоғалса төлеуге тиіссің, ал өзінің малы жоқ адам несімен төлесін кейбіреулер сотталып та кеткен. Бірақ, абырой болғанда, сол құнанды Қожық емші емдеп жазып, қатарға қосты.
Ол қойдың сүтінен алынған сары майды ерітіп ысыттырып қойып, сонан кейін құнанның екі жауырынының тұсын тесіп, сол тесіктерге қамыстан түтік тықты. Артынша осы қамыс түтіктер арқылы ысытылған сары майды жылқының денесінің ішіне үпіріп құйып отырып, құнанның алдыңғы екі аяғын қозғалту арқылы жауырындарды қозғап ем жасады. Емшінің осы емінен кейін құнан жазылып кеткен.
«РКК құла». Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар. Шалғайдағы Маңғыстау ауданына бірен-саран полуторкадан басқа автокөліктер әлі жете қоймаған кез. Аудан басшыларынан бастап колхоз белсенділеріне дейін көлік құралы ретінде ат мінеді. Әрине, жылқының тәуірлерін әуелі жоғары шенді басшылар мінген. Жүрісі жайлы, өзіндік жорғасы бар мініс көлігінің бірі құла ат болды. Райком басшылары мінгендіктен бұл ат «РКК құла» («районный комитет комсомола» дегені болар − Қ .Н.) атанған болатын. Сол ат бір күні алдыңғы аяғынан ақсап, мініске жарамсыз боп қалды. Мал дәрігерлері емдегенмен еш нәтиже шығара алмаған соң «РКК құланы» колхозға қайтарып, колхозшылардың еңбек күні есебінен союға тапсырма беріледі. Міністе жүрген аттың қайбір күйі болсын, әлгі ат арық. Жануардың көрер жарығы таусылмаған болар, осы атты Қожық көріп, сонан соң колхоз бастығына келіп: «Мына құланы бәрібір союға ұйғарған екенсіңдер, оны сойғанмен колхозшылардың ерні шылқи қоймас, оны маған беріңдер, орнына менің атымды сойыңдар, атымның күйі тәуір, колхозшыларын да семіз ет жеп қаужаңдасып қалсын. Құланы емдеп көрейін, ем қонса өзім мінермін» − деп оны өз атына ауыстырып алады. Атты ауылға алып келіп таң асырады. Ертесіне жерді қазып, жерошақ жасап, от жағады.
Шәугімге су толтырып, мосыға асып, от үстіне қойып, ысытады. Су ысығанша жыңғылдың (қатты бұтақты бұта тектес өсімдік) бұтағын кесіп алып, ұшын жонып үшкірлейді. Сонан кейін аттың ауру аяғын шәугімдегі ысыған суға салып жібітеді. Ыссы суға жібіген қара тұқайдың жоғарғы шеттерін үшкірленген таяқшамен көтеріп, аттың мүйіз тұқайын бәтіңкені шешіп алғандай қып сыпырып алады. Аттың май табанына қан ұйып қалған екен, соны өткір пышағымен сылып алып тастап, орнын мал майымен майлап, тұқайды қайта кигізеді. Содан соң тұқайдың сыртын ешкінің жұмсақ жас сойылған терісімен орап, сыртынан шүберекпен шандып таңып тастайды. Емдеу процедурасы аяқталған соң құла атты кең шідерлеп, жайылымға жібереді. Алғашында аздап ақсағанмен «РКК құла» жайылып кетті. Бірнеше күннен соң аттың аяғындағы тері таспен қажалып жыртылып, табаны ойылып түсіп қалды. Ат аяғын дұрыс басып, жазылды. Қожық оны берегірекке дейін өзінің мініс көлігі ретінде пайдаланды.
НҰРҰЛЫ САБЫТАЙ АҚСАҚАЛДЫҢ ЕСТЕЛІГІ
«Пай, несін айтасың, Қожекем күшті емсек адам еді ғой! Көзін жұмып алып, сол кезде ұзын қастары тіптен төмен салбырап кететін, әңгімесін айтып отырушы еді. Әңгімелерінің көбісі есімде қалмапты, үлкейгендігім де болар, кезінде жазып қоюды да ескермеппін ғой. Десем де, Қожықтың бірде өзіме айтқан мына бір әңгімесі есімде сақталыпты: «Ой, омалғыр!» дейтін қарғыс бар, байқасам ол «омал» деген аурудың түрі екен, яғни адамның орнынан тура алмай отырып қалатын ауруы екен. Омалмен ауырғанды көрдім және оны емдеп жаздым», – деп еді. «Шұра шықсын!» деген қарғыс бар, сол шұра шыққанды да көрдім. Ауылымызда ферма бастық болып жүрген келіншек бар еді, сол ауырып, бір айға жуық жатты. Ұялған болар, алғашында шақыртпады, кейін ауру жанына батып шыдатпаған болар, шақыртып адам жіберіпті. Денесінен бөлшектеніп шыққан әлгісі жеті-сегіз кісі шәй ішкенде шөлі қанатындай қара шәйнек көлеміндей болып кеткен екен. Ұстап қарасам тамыры қатайыпты. Ойланып отырдым да түбінен кесіп алдым, артынша өзімнің үйреншікті әдістеріммен қанын тоқтаттым» – деген-ді Қожекем.
Осыдан соң аз-кем үнсіз отырып, жаңағы бір естелігі басқа да оқиғаларды есіне түсіргендей болған Сабытай ақсақал әңгіме тиегін әрі қарай жалғастыра түсті.
Он үш колхоздың зооветеринар учаскесінің бастығы кезім болатын. Бір күні бір табын жылқыдан онның үстінде жылқы ауырды. Ауруының түрі − жылқы орнынан қозғалмай, қақшиып тұрып қалады, біраздан кейін құлап жатып өледі. Ежелден мал баптаған қазақпыз ғой, осы біледі-ау деп сұрастырған ақсақалдарымыз бен кәрі құлақ азаматтарымыз: «бұл «маңқа» деген ауру» десті. Өзіміз ауруды қалай емдеуге болатынын білмеген соң Қожыққа хабарластық. Ол келіп малдарды қарап болған соң: «бұл «киеңкі» деген ауру» деді де, ем жасауға кірісті. Не боларын білмек боп зейін салдым. Қожық жылқының төрт аяғын буғызып қойып аузын аштырып жіберіп таңдайын тілді, содан соң тұмсықтың ұшынан бастап құйрығының ұшына дейін әрбір үш-төрт елі жерден тесіп қан алғызды. Ауру жылқының үсті қара қан болды, содан соң байлауын босатып, әлгіні сауырынан бір ұрды, жылқы атып тұрып, шауып ала жөнеледі. Оның бұл жасаған емін қасында тұрып өз көзіммен көрдім.
Енді бірде қырға көшпей, ойда қалған бір отардан бірнеше жылқы «сүлік» болып қалыпты. Келіп қарасам, әлгі жылқылар ауыздарынан қан ағып, әлсіреп жатыр. Демалыс күні еді, Шайырда оқытушы жігіттер бар, соларды көмекке шақырып, оншақты адам боп жиналып барып, жылқыларды жығып аузын ашып түу көмейде тұрған сүліктерді алып, әлекке түсіп жатқанбыз. Қайдан келгенін білмеймін, бір жағымыздан Қожық келе қалды. «Ойбұй, балдар-ай, босқа әлектеніп жатыр екенсіңдер ғой, бұл әрекеттеріңнен түк шықпайды, онан да жылқының аузына тұз құйыңдар!» − деп, емдеу ісін өз қолына алды. Сол бойда үйден тұз алдырып, суға езіп, жылқының аузына құйған кезде жабысып тұрған сүліктер өз-өзінен түсті де қалды. Соны көрдім. Сол сапарда: «Мынау ұрғашы сүлік, оның екі жағы да тесік болады, қаңды сора береді, сорған қаны екінші жағынан аға береді де ол тойынуды білмейді, түспей жабысып тұра беріп малды қансыратып өлтіреді, ал еркек сүлік бітеу келеді де, тойғаннан соң өзі түсіп қалады» − деп айтқаны есімде. Сөйтіп тұрғанымызда тағы бір жылқы аяғын сермеп тұра алмай жатыр еді, жақындап барып қарасақ, өлуге жақындап қалған екен. Қожық та «бұл енді мал болмайды, жазылар деген үміт жоқ» деген соң жігіттерге «бауыздаңдар!» дедім. Қызылсырап жүрген жігіттер де аяқ астынан тап болған мүмкіндіктен айырылып қалғылары келмегендей тезірек қимылдап, ауру жылқыны бауыздап еді, одан түк қан шықпады. Күйі бар жылқы еді, сойып қарасақ, еті аппақ, еш қан-сөл жоқ. Жігіттерге: «Адал мал ғой, шетінен ет асыңдар» − дедім. Азықтың жоқ уақыты ғой, жігіттерім де қуанып кетті, бір қазан ет пісіп жатыр. Түсірген соң қазанды алдымызға алып келді, әлгі пісірген етіміз кәдімгі осы күнгі капуста секілді, жеп көріп кей жігіттер табақтан шығып кетіп жатыр, енді біреулері «адал ас қой» деп жеп жатыр. Қожекең «еттің қалғанын тұздап алыңдар» деген соң, оны да істедік. Сөйтсек, әлгі ет ешқандай тұз ұстамайды, бойында тіпті ылғал жоқ. Сепкен тұзымыз саудырап төгіліп қалып жатыр. Сонда емші қарт: «Ә, жігіттер, ол етте қан-сөл жоқ қой, тұзды суға ерітіп, тұздық жасаңдар, етті сол тұздыққа салыңдар» – деп ақыл-кеңес берген еді.
Қожық мал дәрігері болып істеп жүрді. Дәрігерлік білімі болмаса да емсектігі кез келген институт бітірген дәрігерден артық еді ғой, жарықтық «Ұланақ», «Ақорпа», «Қарқын» колхоздарына алып барып, малшылар арасында малдың күнделікті жеңіл-желпі ауруларын емдеу тәсілдері жөнінде сол жылдары ол кісіге бірнеше рет әңгіме де айтқызған болатынмын.
Қожық туралы материалдар жинақтау барысыңда қолыма журналист Талғат Атшыбаевтың «Маңғыстау дәрігері» газетінің 2006 жылғы 16 тамыздағы санында жарияланған «Сан дерттің емін білген Құнанорыс Қожық өткен өмірден» деген мақаласы қолыма түсті. Ол мақалада айтылған кейбір жайлар туралы айтылып өтсе де мақала мәтінін өзгертпей бере кеткенді жөн санадым. Өйткені мақсат бәрін өз атымнан жариялап атақ-абырой іздеу емес, керісінше Қожық туралы ел есінде сақталып қалғандарды жинақтап кейінгілерге жетуін қамтамасыз ету:
«Ашық аспан аясындағы Маңғыстауда сан қырлы жандар ғұмыр кешкені аян. Солардың қатарында оқымаған сынықшы, емші, аса үлкен дарын иесі – Құнанорыс Қожық та аталады. Одан туған бала Бозжігіт ұзақ жылдар мал шаруашылығында тынымсыз енбек еткен жан.
...Бозекеммен ауылдастығым ақырында әруақты ата жайлы осы бір аз ғана деректі жазуға итермелеп, жолға шақырды. Қашанда жүрген тұрғанының өзі жарасымды қалжыңға сұранып тұратын, өзі де оған есе жібермейтін Бозекем төсек тартып қалыпты. Әйтсе де әкесі жайлы сұхбаттың тізгінін жібермеді.
–...Әкем бұл пәниде 78 жыл өмір сүрген адам (1880-1958). Жалпы жаратылыстан өзін жарылқап келген қасиет болуы керек, «былай пайда болды» деп сыр шашпаған кісі. Бәлкім, арғы түбі нағашысы Бектеміс Несібектен дарыды ма? Олай дейтінім Несібек уақытында шемен қатқан адамдарды сойып, жібек жіппен тігіп, ем жасаған. Ал оның баласы Айтмағамбет те сынық салып, дәрігерлік қылған адам. Әйтеуір қалай болғанда да алдына келген адам сауығып қайтатын еді.
Көбіне емге пайдаланатыны бұлау әдісі болатын. Мұның да бірнеше түрі болады. Май бұлау, құмалақ бұлау, жыңғыл бұлау, т.с.с. Олардың әрқайсысының дауасы түсер алау дерті болады. Әр бұлаудан соң әкем уақыт шерттейтін. Өйткені, сәл тақыл болдым ғой деп тұрып кетуге болмайды. Себебі, бойдағы ауру әлгі шерттеген уақыт ішінде сыртқа шығып болуы керек көрінеді.
Бірде ауылдың жігіті Тұрар Жалғасбаев келді. Бір жарым жылдан бері ревматизммен ауырады екен. Жап-жас жігіт қор болып қос таяқпен жүр... Содан оны ары-бері қарап болған соң әкем: «Тері бұлауға салу керек», – деп шешті. Қайта Тұрар ерте келген болып шықты. Ревматизм екі жылдан асса, сүйекке сіңіп, ем қонуы қиын болады екен. Сөйтіп қой сойдырып, Тұрарды тері бұлауға салды. Егер, өкпесі қысылып, шыдамсызданып бара жатса, мақтаны суға салып, екі қолтығына қояды. Адам терлеген сайын жайлана береді ғой. Содан әбден болды-ау дегенде, теріден шығарды да, әлгі сойылған қойдың етін өзі қолдан жасаған дәріге қосып жегізді. 3-4 күн үйде бақты.
Баға жүріп ауаны бақылайды. Мына кәдімгі жел бар ғой, соның айнала оралуы сағат тілімен бағыттас болады. Егер күннің сәті соған тап болса, тамырдан қан алады. Ол үшін алмастың жүзіне мақта орап, «қан тұр-ау» деп қауіптенген жерді тамыр бойымен тіледі. Адамның өз қаны шабдар әрі сұйық болады. Тілінген жерге банкі төңкереді. Жаман қаңды (қарақошқыл) сонымен төгеді. Қашан адамның өз қаны (шабдар қан) келеді, сол кезде әлгі тілінген жерді оқ жыланның түлеуімен жапсырып, желімдейді. Бала күнімізде сол оқ жыланның түлеуін бізге жинатып қоятын.
Сөйткен Тұрар, қос таяғын тастап, екі аяғымен тік басып кетті ғой.
Қан алады дегеннен шығады, бірде Бекмырза Жұмалиевтің келгені есіме түсіп отыр. Сары шілде болатын. Сол Бекмырза келіп, көптен басы ауыратынын, айыға алмай жүргенін, туралап әкеме келгенін айтты. Әкеміз біраз ойланып отырды да:
Шырағым, дертіңнің сырын біліп отырмын. Шеке тамырыңда ұйыған қан бар. Соны алу керек, – деді.
Ойбай, не де болса көнемін. Мына мең-зең күндер мазаны кетірді, – деп Бекмырза отыр.
Жасамайын деп отырғаным жоқ, қолымнан келетін іс, – деді әкем, –бірақ, ауаның райы оған келмейді. Қанды шілдеде алуға болмайды, қарағым. Ниетіңді қайтармайын.
Сөйтті де Бекмырзаның шашын айнадай қылып сыпырып, 2-3 жерден қан алды. Оқ жыланның түлеуін жапсырып, ай жарым уақытқа дейін күш түсіріп жұмыс істемеуге кеңес берді. Сол Бекмырза да айығып кетті.
Жалпы қан тасуы (давление) екі түрлі болады дейтін. Оның бірі ұйыған қан ұсақ тамырларды жарып жібереді де, екіншісі аяқ-қолды құрыстырып (паралич) тастайды екен.
Бұл күнде қан тасуынан адамдардың тіл тартпай, ауырып қайтыс болып кетіп жатқанын естіп жүрміз. Мен ойлаймын, осы күні біздің әкелеріміз құсап, тамырда қан алатындардың жоқтығынан да болар-ау деп. Бұдан сақтану үшін киікоты мен ер құнын ішу керек. Әсіресе, ер құнының септігі молырақ. Оны 15 күн «режіммен» ішіп, қанды тексерту қажет. Егер ол ем болмаса тағы да осындай уақыт ішу керек. Киікоты Ақтау қойнауларында, Қаракебірде, ер құны Қаратауда өседі. Оны әсіресе мамырдың аяғы мен маусымның басында жинауға болады.
Иманды болғыр, әкеміздің өкпе жабысып қалғанда да істер емі бар еді. Қуантқан Есжанов дейтін азаматтың да біздің қарттың алдын көргені есімде. Сонда не жасады дейсің ғой?..
Майды ысытады да ағаш тостағанның түбін жұқартып кеседі. Әлгі ысыған майды алдыңда саусағымен ұстап көріп, өкпенің қабырғаға жабысқан жеріне әкеліп, түбімен қояды. Егер май қызуы әлсіреп бара жатса, қайта қыздырып, әлгі жерге тағы қояды. Мен өзім нақ көре қалған жоқпын, бірақ, айтушылардың ауыз дәміне қарағанда талай рет өкпенің қабырғадан ажырағандағы сытырлаған дыбысын да естігендер болыпты.
Ол кісінің жылқыда болатын маңқа, кеңке деген қатерлі ауруларды да қалай емдегені жайлы аңыз көп. Мұнымен ауырған жылқы шойырылып, артын ала алмай қалады екен. Алмаспен тіліп, қан шығаратынды осында да қолданады екен. Сондай-ақ жылқының таңдайын да қиған көрінеді. Мына Тұщықұдық бетіндегі жылқышылар келіп, алып кетіп, бір-екі отар жылқының қанын алдырып, таңдайын қидырғаны да есімде қалыпты.
Әкеміз адамның да, малдың да сынығын салған ғой. Мұны мен де аздап ұстанғаным бар-ды, қазір жас үлкейіп, қолдан қайрат кеткен соң, қорламайын деген ойға келдім.
Жоғарыда әртүрлі бұлаулар жайлы сөз қозғадым. Тері бұлауды айттым. Ал, жыңғыл бұлауды көбіне жел ауруларына, шаншуларға ем ретінде пайдаланатын. Құмалақбұлауға келсек, оның мәнісі мынада. Қойдың былтырғы күздегі құмалағы биылғы күзде буырыл тартады. Міне, соны майға қосып, белі ауырған адамға басатын.
Бұл күнде мұның бәрі аңыз сияқты ғой. Ең өкініштісі соны үйреніп алмағандығымыз...
Бозекем солай әңгімесін аяқтады. Менің көз алдыма талай адамды ажал аузынан арашалап алып қалған әруақты баба елестеді.
Сонымен, Қожық кәкеміз туралы менің жинақтағандарым да аяқталып қалды. Әттең, осы атамыз туралы деректерді сонау 50-60 жылдардан бастап жинап, қағаз бетіне түсіргенде бүгінгі халық емшілері үшін де, ғылыми медицина үшін де мол мәліметтер қалдыруға болатын еді. Абай атамыз айтқандай «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп өкінгендей боламыз. Дей тұрғанмен, аз да болса Қожықтың емшілігі жөнінде арттағыларға осы дүниені жинастырып қалдырғанымызды көңілге медеу тұтамыз.
ҚОЖЫҚ АТАНЫҢ ТҮНЕУХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Қожық Сармағанбетұлы (1880-1958) – Адайдың Құнанорыс руынан шыққан көріпкел, емші, оташы. Түрлі шөптерден, жәндіктерден, мал өнімдерінен дәрі-дәрмек жасап, өз өмірін адам ағзасының тазалығы, денсаулығына арнаған Маңғыстау өңіріне айтулы емші.
Бойындағы ерекше қасиетімен адам ағзасындағы сырқаттарды, малдардың да ауруын емдеп, оташылықпен, сынықшылықпен айналысқан, адамның бас сүйегінің жігін ашып, мидағы ісікті (трепенация) емдеуге қол жеткізген. Тау мен дала өсімдіктерін: жантақ, итсигек, адыраспан, саңырауқұлақ, киікоты, тамырдәрі, ер құны, жусан, т.б шөп түрлері мен жәндіктерді, мал мен аң майларын, қанын дәрі-дәрмек жасауға кеңінен пайдаланған. Ол қолданған: жылқының майымен қисық біткен сынықтарды бұзып қайтадан салу, ішкі ағзаның кеселдерін емдеу әдістері таңғалдырарлық. Кезінде оның колхоздарда санитар болып, малда болатын түрлі ауруларды емдеу тәжірибесі ғалым мал дәрігерлердің өздерін таң қалдырған. Өзіне емделуге келетін адамдарды алдын ала біліп, оларға жасалатын емді де әлдебір тылсым қасиетімен білетін болған. Қожықтың ата қонысы Шетпе кентінен 15 шақырым қашықтықтағы Көгез жері, бейіті сол жердегі Шетпе-Шайыр тас жолы бойындағы Бибі қауымында.
Соңғы жылдары жанына медет, деніне саулық тілеген көптеген адамдар Қожық атаның басына барып түнеуі жиілеген соң, оның артында қалған ұрпақтары мен ағайындары атасының басына зияраттан келушілерге арнап түнеухана салуды қолға алған еді. Осы істің басы-қасында болып, көмек қолын созған Темірханова Ақсұлу, Масатов Санатбай, Тілеубаев Мұрат, Бозжігітов Бақыт, Нәбиев Балықбай, Нұржаубаев Өтелген, Ахметов Қайрат, Өмірұлы Ғизат, т.б. азаматтардың қолдауымен болған игі шара мәресіне жетіп, жақында түнеухана ашылды. Түнеухананың ашылу салтанатында Қожық атаға арнап ас беріліп, жиналған көпшілік алдында қасиетті атаның көзін көрген азаматтар естеліктерін ортаға салып, шетпелік Нұрмұқан молда Қожық атаның аруағына арнап құран оқыды. Ендігі жерде ата ұрпағы Жаңайбай Омаров басшылығымен құрылысы аяқталған түнеухана жылдың қай мезгілінде болса да келушілерді қарсы алуға даяр.
Қолғанат Нұржаубайұлы,
«Маңғыстау», 11.08.2008 ж.
ҚОЖЫҚ АТА
Жеткізген сөздерінің өзі бата,
Зердесі өзгелерден озық ата,
Емшілік зайырымен ел сүйсінткен
Мәңгі ұйықтап жатырмысың, Қожық ата!
Құлайды тұла бойдан сезім көші,
Толқитын, тербелетін кезің де осы.
«Көгездің» көк торғайы, көмей созып,
Бүгін бір күн батқанша безілдеші.
Емші ата, дүрмек болып елің келді,
Дұға оқып, бата жасап еріндері.
Осында – Құнанорыс ұрпақтары –
Ұлдары, арулары, келіндері.
Тояды сонадайдан көз қараған,
Қалмапты дегбір, тыным бозбаладан.
Сыңсиды күз желімен бозқараған,
Естіртіп ескі әуенді боз даладан.
Көрініп сәулесіндей таңғы үміттің
Кезінде емің менен жан жібіттің.
Басыңа түнемелік үй тұрғызды,
Балдарың, Жаңайбайы Жанжігіттің.
Түйсіндік енді, міне, тозбасыңды,
Сүйсіндік көрмесек те көз, қасыңды,
Емші ата, қасиетіңе құлдық ұрып,
Мен де ием қырау қонған боз басымды!
Бірғали Байекеев
5 қазан, 2008 жыл.
4-ТАРАУ: КИЕ
БЕКТЕМІС НЕСІБЕК ЕМШІ МЕН ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Алдыңғы тарауларда Құнанорыс Қожыққа емшілік қасиетін берген нағашысы Несібек емші туралы сөз қозғағанбыз. Енді көнекөз қарттарымыздың аузынан естіген, емшінің туыстары, ұрпақтарының өкілдері арқылы бізге жеткен, баспасөз беттерінде ол туралы жарияланған материалдар негізінде бектеміс Несібек, оның ұрпақтары жасаған ем-домдар жөнінде аз-кем әңгіме қозғаудың реті келген сияқты.
Несібектің ата-тегін тоқтамыс жарының ақсақалы Салманов Орынбай былайша таныстырып еді: «Адайдың Мұңалынан тарайтын Жарының Тоқтамыс, Бектеміс, Базар, Назар деген балалары болды. Бірде Жарының Тоқтамыс деген баласы жаугершілікке аттанып, көпке дейін ауылға оралмайды. Бектемістің әйелі бала көтермей жүретін, сол атасының уайымдап жүргенін көріп: «Ата, көп қайғыра бермеңіз, балаңыз келеді, көп олжамен оралады, бас олжаны маған берерсіз» – дейді. Атасы «е, айналайын, айтқаның болсын, беремін» деп қалады. Айтқандай-ақ, көп ұзамай Тоқтамыс елге оралады, олжалы оралады, үлкен қара нарға артқан жүгі, сұлу әйел олжасы болады. Келіні осы олжамен келген әйелді алмақ болады да, Жары сөзін жұтпай оны береді. Олжадан келген әйелдің аты Өкила екен, өзі бала көтермей жүргендіктен келіні оны күйеуі Бектеміске қосады. Өкиладан бір ұл туады, есімін Өкін деп қояды. Осы Өкіннен көптеген белгілі, қасиетті адамдар шыққан. Кешегі өткен Ержан хазірет, Қарағұл молдалар да осы Өкіннің ұрпақтары.
Өкіннің немересі Оразалыға Табыннан ба, әлде Әлімнен бе, бір әулие тұқымның қызын алып беріпті.
Қызын өкін Оразалыға берген кезде әкесі: «Әй, мына қызым ер балалы болады, сол бала дүниеге келген уақытта қораларында қара қаншық күшіктеп жатады, баланы сол қаншықтың сүтімен ауыздандырыңдар» – деп тапсырыпты.
Бала дүниеге келеді, айтқандай қорада қара қаншық та күшіктеп жатыр екен. Бірақ, босанған келіннің қасында сірә да әйелдер жүреді ғой, сол қатындар: «Қой, көтек, баланы иттің сүтімен ауыздандырады дегені несі!» – деп анасының сүтімен ауыздандырып жіберіпті. Артынан нағашы атасы: «Қап, болмаған екен, адайды көтерер, адайдың бетке ұстары болар деп жүр едім, шешесінің сүтімен ауыздандырыпсыңдар ғой, дегенмен жаман болмас, әруақты болар» – деп батасын беріпті. Сол бала осы Несібек екен».
Бектеміс – Өкін – Құттыбай – Оразалы – Несібек, Нұр. Несібектің баласы Айтмағамбеттен Досай, Нұрмағамбет, Жолмұхан, Құрманбай деген төрт бала болды. Есімдері аталған жандардың арасынан Несібек пен Нұрдан басқа емшілік жолын ұстанғандар қатарыңда баласы Айтмағамбет пен одан өрген немересі Құрманбайдың есімдері аталады.
Басқа дереккөздеріміздің айтқандарына қарағанда, Несібектің нағашысы әлім Әйтеке би тұқымынан, емсектік қасиет те осы нағашыларынан берілген деп айтылады. Несібек ақылды, сөзге шебер, діни сауатты, бес уақыт намазын қаза қылмаған, молдалық құрмаса да мұсылман жолын ұстанған, ағайын арасындағы жанжалға арашашы бола білетін, ел арасында беделі зор, иықты келген, шалт қимылды, бір адамға толық жетер қайраты бар адам болыпты.
Тарихи тұлғалар өмір сүрген заман қашықтаған сайын олар туралы әңгімелер ұмытылып, көмескілене берері аян. Сол сияқты тарих қойнауына бойлаңқырап еніп кеткен Несібектің жасаған емдері туралы да ауыз толтырып айтар әңгімелер бұл күңде жоққа тән. Дегенмен де оның өз заманыңда сырқатқа ұшыраған адамдарды сойып, орнын жібек жіппен тігіп емдегені жәйлі аңыздар Маңғыстауда әлі де болса айтылып қалып жатады. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда Несібек сынықшылықпен қатар бас, жүрек, өкпе, бөтеке, іш және қан қысымына байланысты ауруларды емдеп жаза берген. Емінің негізгі дәруі емдік шөптерді пайдалану арқылы жүзеге асырылып отырған. Емге қажет шөптерді өзі іздеп, жинап қоятын болған.
Ел ақсақалы Бисембі Әріпов 1992 жылғы 13 ақпанда «Маңғыстау» газетінде жарияланған «Несібек дарыны» деген мақаласында оның емшілік қасиетінің бір-екі мысалын келтірген екен. Енді соған тоқтала кетейік: «Бір адам жанжал үстінде соққыға жығылып, басынан ауыр жаралы болады. Көзі ауып кетеді. Аты-жөнін ұмыттым. Осы азаматты кереге үстіне салып, түйе үстіне жайлы орнықтырып жатқызып Несібекке әкеледі. Несібек азаматтың басын қарап көреді, әбден жайын біледі. Сосын айтады: «Мен, бұл жігіттің басының терісін сойып, қарап ем жасаймын. Ол үшін төрт адам қол-аяғын ұстап тұрасыңдар дегенде, әлгі ауру адам «мен өзім де шыдаймын, оң қолымды сол қолыммен ұстаймын да, екі аяғымды шалыстырып жатамын» деген. Сүйтіп, сою басталды. Басты еппен ұстап тұрып, теріні әр жерден сойып қараса, бастың кішкене сүйегі сынып, ішке қарай кіріп кеткен екен. Әлгі сынық сүйекті өз орнына ептеп салғанда, қисайып ауып кеткен екі көзі бірден өз орнына түсіп, дұрыстала қалады. Уәде бойынша ұстасып қойылған екі қол біріне бірі жабысып, біразға дейін ажырамаған. Бұл уәдесіне, дініне берік ер болған ғой. Ауру азамат жолдастарымен Несібектікінде біраз күн жатып жайланып, емделіп, сауығып, еліне жүретін болады. Несібекке айғыр үйірі жылқы сыйлықпен қоса шапан жабады. Несібек жылқыны алмайды. Шапанын алмауға ұялады. Несібек аруағы алымға бағышталмаған дейді.
Несібектің алымға үйір болмағандығы, ауырып сырқаттанғандарға көмек қолын созуды өзіне Алла-тағаладан берілген міндет, адамдық парызым деп ұғынғандығы туралы көп айтылады. Мысалы, жасы ұлғая келе ол емшілік қасиетін ұрпағына қалдыруды мақсат етіп, жеңіл-желпі сырқаттарға балалары Ақмолда мен Айтмағамбетті жібереді екен. Сонда барған жерінен берілген сый-сыяпатты Ақмолда ауылға алып келеді екен де, Айтмағамбет «Алла разы болсын» деп, алмай, тастап кететін көрінеді. Әке балаға сыншы емес пе, сонда Несібек: «Апырым-ай, мына Ақмолда алымқор болады-ау, қасиеттің Айтмағамбетте болғаны дұрыс болар» – деп батасын Айтмағамбетке беріпті.
Осы жөнінде Несібектің тікелей ұрпағы Алтыназардың Ителгі есімді қызына үйленген бәйбіше Мұқаш Боранұлының әңгімесінде де айтылған еді: «1970 жылы әйгілі емші бектеміс Несібектің тікелей тұқымы Алтыназардың Ителгі деген қызына үйлендім. Осылардың туысы Досай деген кісінің баласы Сейіт есімді елге сыйлы ақсақал болды. Мен ол кезде «Сельхозтехника» деген мекемеде автокөлік жүргіземін, шаруасы шыққан сайын сол Сейіт деген қайын атамызды бармақ болған жерлеріне көп тасыдым. Бірде сол кісінің шаруасымен Шетпеден шығып, Шебірге беттеп, Иірдің ойынан көтеріліп бара жатқанымызда: «Осы жерге сәл кідірші, әйет оқиын» – деп өтініш жасады. Айнала маңда көзге түсерліктей қойымшылық бола қоймаған соң: «Кімге оқымақсыз?» – деп таңырқаған кейіпте сұрағанымда: «Осы маңайда Мәтрей жатыр, соған Құран бағыштайын» – деп отыра қалып, дұға оқып, бетін сипады. Мен де ілесе қол жайып бетімді сипадым да: «Бұл кім, не істеген?» – деп сұрағанымда: «Ой, қарағым, бұл бір ауыр әңгіме еді» – деп, Мәтрей-Мәш әңгімесін баяндаған еді.
Ей, қарағым, бұрындары небір асыл шалдар өткен ғой, атамыз Несібек адам көрмеген емсек кісі болған, өлген адамды тірілткен, сондықтан елге беделі де зор болған. Бөтен емессің, біле жүргенің дұрыс. Бір-екі адамға алдырмайтын, өзін қажырлымын деп жүрген жігітке қауқары жетерлік, тез қимылдап қарсыласын жамбасқа салып, омырып жіберетіндей қайратты, иықты адам болыпты.
Онысын естіп жүрмін ғой, бірақ, Несібек атамыздың Мәтрей-Мәшке қандай қатысы болды?
Мәтрей-Мәш және тағы бір інісі бар, үш бала шешесімен бірге қолға түскен орыстар. Шешесі біздің елге күңдікте, өздері құлдықта. Мәтрейі Дмитрий, Мәші Миша болу керек, үшіншісінің есімі есте сақталмапты. Үшеуі де ірі, қайратты, бойларында күші тасыған алып жігіттер болып өскен. Мәтрей мен Мәш құл болғанда құлдың да жаманы, нойыс, біріге қимылдағанда ешкімге дес бермейді, маңайдағы елге тыным бермей, жұртқа қорлық бере беретін болған. Оларға ешкім қарсы тұра алмаса керек. Үшінші інісі жуастау, көп ешкімге тиісе бермей, жөніне жүретін болған, бірақ, ағаларына қауіп төнсе қол қусырып қарап отыра алмасы белгілі ғой. Содан ел ақсақалдары ақылдаса келе Несібекке келіп: «Біздің мына құлдарға істер еш амалымыз қалмады. Осыларды сен тоқтатпасаң басқа ешкім тоқтата алар емес, бәрімізді қойша бауыздап қырып салудан тайынар түрлері көрінбейді, бір амалын қарастыр», – деп қолқа салыпты. Біраз көзін жұмып ойға шомып үнсіз қалған Несібек бір мезет туыстарына қарап: «Сендер қозғалмаңдар, айтқан сөздерің осы табалдырықтан сыртқа шықпасын, бұлардан өзім құтқарамын» – дейді.
Ертесіне Несібек Мәтрейге: «Көгездегі Сармағамбеттің ауылына барып, қызым Тәнішті көріп қайтқалы отырмын, сен қара нарды қомда, мені сол ауылға апарып қайт» – деп, оны алдап алып шығады. Тоқтаусыз жүріп отырып, Иірдің ойына құлар тұсқа келгенде түйені шөгертіп, аяқ жазбаққа сәл аялдаған тұста Мәтрей де үлкен дәретке отырып алмақ болып тізе бүккен. Сол сәтті епті пайдаланған Несібек Мәтрейдің мойнына алдын ала даярлап алып шыққан қыл бұғауды аңдаусызда салып қалып, шапшаң да шалт қимылмен нардың өркешіне іліп, түйені тұрғызып жіберіп, асып өлтіріпті. Нар орнынан тұрып кеткенде Мәтрейдің денесі асылып қалған, соның өзінде оның аяғы жерге тиер-тимес боп тұрыпты. Өлтірген соң оны сол жерге көміпті де, қызының ауылына соқпастан жеделдетіп қас қарая елге оралып, өзінін тапсырмасы бойынша даяр отырған жігіттерді жауып жіберіп ұйқыда жатырған Мәшті де өлтірген. Болған жайды кешірек біліп қалған құлдардың шешесі үшінші баласына ара түсіп, өлтірмеуді сұраған, оның үстіне бұрыннан да жуастығымен адамдар назасына қалмаған оны өлтірмей тірі қалдырыпты. Мынау сондағы Мәтрей еді. Иә, шырағым ұрпақтың амандығы мен тұқымның тазалығы үшін мұндай іске де атамыз араласып отырған. Әңгімені сірә да бастап кеттім ғой, жол қысқарсын, мұндай жағдайдың тағы бірінің еске түсіп отырғаны, оны да айтайын.
Бір жылы ағайындардың бірінің ауылына татар молда әкелініп, бала оқытыпты. Жастық неге ұрындырмайды, сол молда ауылдың бір жас әйелімен күліп-ойнап қойған. Ондай нәрсе білінбей қалған ба, екеуінің ара-қатынасы пыш-пыш әңгіме арқылы әйелдің күйеуінің де құлағына тиген. Ол аңдып жүріп бір күні әйелі мен молданың күліп-ойнап жатқан сәтінің үстінен түскен. Сонда татар молда жанында жатқан балтамен әлгі жігіттің басынан ұрып, қашып кетеді. Балта жігіттің басына қадалып қалыпты. Сөйтіп, жігіт өлім халінде, бірақ кеудесінде жаны бар, басында балта қадаулы тұр. Содан жігіттің әкесі ат шаптырып, Несібекті алдыртады. Несібек қасиетті кісі ғой, өзі де біліп отырса керек, «өзім бармасам болмайтын іс екен» деп қос атпен суыт жүріп келеді. Келе «молда қайда?» деп сұрапты. Ол сорлы қалың адайдың ортасынан қайда қашып құтылсын, қолға түскен екен. «Молда бар, ұстап қамап қойдық» деген жауап естиді.
Ұстасаңдар болғаны, бұл баланы аман алып қалудың жалғыз жолы сол молданың өзін өлтіріп, өтін алып, емге пайдалану. Балтаның жүзі миға тиіп тұрған болуы керек, соны өттің ішіндегі сұйықпен залалсыздандыруым керек, әйтпесе миға зақым келіп, асқынып кетуі мүмкін, – дейді. Сөйтіп, бойында жаны бар тірі адамды бауыздатып, өтін емге пайдаланған. Ол кезде қазіргідей спирт немесе арақ жоқ, шамасы өттің сұйығы осылардың міндетін атқарған болар. Сол емнен әйелдің күйеуі емделіп жазылды, аман қалды, бірақ, әрине. Бұрынғыдай емес, ақыл-есі кемістеу болды.
Несібектің осындай әрекеттерін көрген рудың үлкендері: «Ей, Несібек, сен елге жақсылық жасаймын, елдің батасын аламын деп, мына істеп жүргенің не, тұқымымызға зияны тимей ме, екеудің біреуін аман алып қалғанмен сен қарғысқа ұшырап жатырсың ғой, артыңа зиян болмай ма?» – дегенде: «Қайтейін енді, маған Алла-тағала осылай бұйырып отырған соң не істеуге лажым бар» – деп жауап қайырған. Сол ақсақалдар айтқандай-ақ, оның өзінен тараған төрт баладан артта қалған тұқым аз. Бекназардан да тұқым жоқ, Нармағамбеттен де тұқым жоқ, тек қана емшілік қасиетті алып қалған Айтмағамбеттен, яғни бүкіл тұқымнан Құрманбайға немере болып келетін Алтыназардан туған жалғыз Қозы қалды, енді сол аман болса болады да», – деп ауыр күрсінген еді сонда Сейіт ақсақал. Ақсақалдың жанын ауыртқан күйзелістен туындаған үнсіздік біршама уақытқа созылды. Ол кісіні сол ауыр ойдың құшағынан шығаруды ойлап: «Ата, әулие атамыз өзінің бойындағы қасиетін неге басқа балаларына бермеген», – деп сұрадым қолайлы сәтті пайдаланып.
Несібек атамыз жеңіл-желпі ем жасау керек болғанда екі баласы Ақмолда мен Айтмағамбетті жұмсайды екен. Барған жерінен Ақмолда берген дүниені шашау шығармай алып келеді екен де, Айтмағамбет еңбегіне ақы алмайтын көрінеді. Несібек: «Апырым-ай, мына Ақмолда алымқор болады-ау, қасиеттің Айтмағамбетте болғаны дұрыс болар» – деп батасын Айтмағамбетке берген дейтін әкем. Ал, негізінен батасын жиендері жаңай Асарға, құнанорыс Қожыққа, Тоқабай Айтқұлға берген. Олар Маңғыстауға аты шыққан емшілер болды. Солардың ішінде Қожықты дүниеге келгенде алдына алып отырып, өзі ат қойып, «үлкен азамат боп өс, емсек бол» деп аузына түкірген екен, – деген еді Сейіт ақсақал.
Маған бұл әңгімені айтқан Сейіт ақсақал 1970 жылдары тоқсанды алқымдаған қарт, Несібек пен мұның өмірінің арасы 20-30 жыл ғана, естіміші мол, шежіре адам. Жаңағы 20-30 жыл ішінде ауызекі айтылған әңгіменің сонша көп өзгеріске ұшырай қоюы неғайбіл. Ал, Сейіттің естіген әңгімесінен қателесуі мүмкін емес, өйткені ол бұл әңгімені Несібекпен тұстас туыстарынан тікелей қабылдап қалды ғой. Сейіттің өзі Несібектің Досай деген немересінен өрбіген шөбересі, шамамен 1890 жылдары туған адам еді, берегеректе, өткен ғасырдың сексенінші жылдары дүниеден озды. Қазір Несібектен қалған ұрпақ: Несібек – Айтмағамбет – Құрманбай – Алтыназар – Қозы.
Мұқаш Боранұлының айтуындағы Несібекпен өмір сүрген уақыты басқа дерек көздерімен салыстырғанда тым жақынырақ Сейіт ақсақалдың сөзіне қарасақ, Несібек емшінің басылымдар бетінде беріліп жүрген өмір сүру кезеңінде бір шикілік немесе қателік бар сияқты. Яғни, ол он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдары емес, кейінірек Қожық дүниеге келген сексенінші жылдарының орта шенінде қайтыс болған болар деген болжамға итермелейді.
Бізге жеткен тағы бір дерек бойынша Несібек әлде бір шаруамен Арқаға барып қайтып келе жатса, жолдағы ауылда бір үйдің қасында топталған қарақұрым адам, әрі-бері жүгірген әбігершілік жағдайға тап болыпты. Жиылған топ арасынан ауылдарына жақындап келген, сырт түрінен өте бір сыйлы адам екенін сезген жас жігіт қарсы шығып құдайы қонақты аттан түсіріпті. Сонда «қиындау кезде тап болдым-ау» деп ыңғайсызданып жөн сұраған Несібекке әлгі жігіт: «Бір адамымызды қарақұрт шағып, безілдеп шыдамай жатыр, ағайын-тума соған жиналып жатыр, сіз қиналмаңыз, жолдан шаршап келген боларсыз, мына көрші үйге барып демалыңыз, құдайдың басқа салғанын көреміз ғой» – деп мән-жайдан хабар берсе керек. Несібек: «Әрине, іс Алланың қолында ғой, мені тезірек ауруға апарыңыз, ата-баба аруағы қолдаса, көмектесуге болар» – деп ауру жатқан үйге еніпті. Оның айтуымен үй ішіне ақ өре киіз жайылады. Несібек уақыт өткізбей отыра қалып, қарақұрттың оқуын оқып, шақыра бастайды. Жиылған жұрт үнсіз, сырқат ісіп-кеуіп, әлсіреп қалған. Біршама мезгіл тоқтаусыз оқу Несібектің өзіне де оңай тимей, қара терге түсіпті, бір мезгілде іргеден бір қарақұрт шығып, бірте-бірте ақ киіздің үстіне жақындайды, жақындаған сайын әлгі зорайып, ісіне береді де киіздің үстіне келіп, өз-өзінен жарылады. Сөйтіп, Несібектің қарақұрт оқуын оқып, сырқаттың себепкерін өлтіргенінен кейін жағдайы жақсарып, айығып кетеді. Ауруларының беті бері қараған соң ағайындары бағылан сойып, жақсылап шайлап, Несібекті қонақ етіп аттандырады. Ауруынан айыққан әлгі адам Несібекке ат мінгізіп, шапан жабады. Сонда емші «Қарағым, ниетіңе Алла разы болсын, астымда жарамды атым бар, ренжіме. Бірақ, көңілің қалмасын, жапқан шапаныңды алайын, ат өзіңде қалсын» деп оның атын алмаған екен.
«Маңғыстау» газетінің 1992 жылғы 27 мамырдағы санында жарияланған қарт ұстаз Шәкіратов Ысқақтың «Дара дарындар» деген мақаласында Несібек жөнінде былайша баяндалады: «Менің шешем жасында құрт аурулы болған. 14-15 жаста бір түнде бір аяғы санының ортасына дейін отауланып, көпіріп кеткен. Таңертең ішкен шәйі мұрнынан саулап төгілген. Үй-іші, ауыл-аймақ у-шу жылап, азан-қазан болыпты. Сол күні Несібек баласы Айтмағанбетті алдырыпты. Ол келген бойда қарап: «Құрт ауруының жедел де жаман түрі екен, біз де жеделдетпесек әліміз келмей қалар», – деп, үй ішінен ақ киізден күрке тіктіріп, «сыр сынап» деп аталатын қолдан жасаған дәрісін майға илеп, оншақты шырақ жасап, киіз күрке ішіне түтетіпті. Мезгіл-мезгіл сағатпен тамыр соғысын қарап отырып, «бір сағат болды, бала әлі жығылған жоқ, мықты бала екен» деп таңданыпты. Сағаттан асқан уақытта бала есі кетіп, талыпты. Бұған дейін қар бойы жер қаздырып, содан алған топырақты қайнаған суға салып араластырып, сүзіп, салқындатып, шәй қасықпен аузына жиі-жиі тамызып отырды, оған болмаған соң орта стакандай сүт ішкізіпті. Жығылғаннан бір сағаттан соң бала есін жиыпты. 40 күнге дейін қара шәй беріп, ағарған атаулыны бергізбепті. Серкешіктің етін, сорпасын, жасырып пісірген сарүйек жыланның етін, сорпасын беріп отырыпты. Содан құрт ауруы қайталамай жазылып кеткен. Анам Қанжан осы оқиғаны жиі еске алып, Несібек пен баласы Айтмағамбет атаға Құран оқып, иманын тілеп отыратын. Анама 88 жасында уақыт болды».
Емшілік Несібектің өз ұрпақтарында Айтмағамбетке, сосын оның баласы Құрманбайға берілген. Құрманбайдың адам емдегені жайлы Бисембі ақсақалдың жоғарыда аталған мақаласында былай деп жазылыпты: «Несібектің немересі Құрманбайдың 1940-1961 жылдарда сынған адамдардың сынығын салғанына талай куә болдым. Соның бір жар мысалын айта кетейін. 1941 жылы Кәрі деген жерде 1-май колхозында атақты жылқышы болған, құрықшы Есен Өтеулі баласы Талапбайдың аяғы жіліншіктен сынып қалды. Соған, Құрекең шақырылып, алдырылды. Жіліншіктің майы зақымданған екен. Мұндай жағдайда сынық салу өте ауыр болады дейді Құрекең. «Дегенмен, аталардың әруағына сиынып, салып көрейін» деді. Талапбай шыдамай безілдеп жатыр. Сынықты ұстағанда Құрекең де терледі. Сынық орнына түскен сияқты. Талапбай шып-шып терлеп, ұйықтап кетті.
1960 жылы Шебірде Кемелхан атты баламның қолының саусақтары сынды. Құрекең қарап көріп, «тіпу, ата-баба әруағы көмектескей» деп келіп, баланың қолын ұстап, тартып созды да «болды» деді. Бала артына қарамай жазылып, ойнап кетті. Құдірет емес пе?».
Несібектің шөбересі Алтыназардың емшілік қасиеті туралы Шәкіратұлы Ысқақ ақсақал жоғарыда аталған жазбасында төмендегіше еске алыпты: «Алтыназар он саусағынан өнер тамған әмбебап шебер де, сынықшы да еді. 1949-50 оқу жылында мен Жыңғылдыда мұғалім едім. Алтыназар мектеп салып жатты. 7-қазан күні абайсызда аяғым терең қазылған шұңқырға түсіп кетіп, ауырып қалды. Үйге оң аяқ теуіп жеттім де, келе Алтыназарға бала жібердім. Ол келді де аяғымды олай сипап, былай сипап, «біздің шалдар келе жатқанда сынық өзінен өзі орнына түсіп қалады екен, сөйтпесе, мен сынық салғаным жоқ, бәрі орныңда» деп кетіп қалды. Қайнап тұрған шайға да қараған жоқ. Шәй іштік, сол аяғымды олай-былай қозғаймын, ауырмайды. Үш-төрт шақырым жердегі орпада кешке мерекеге арналған кеш бар, оған шақырулы едім, соған барғым келіп отыр. Шынында да шықпаған болар деп, аяғымды байқағым келіп, жүз метрдей жүріп бардым. Аяғым бұрынғыша жақсы. Енді үйге қайта орала бергенімде аяғым тағы бастырмай қалды. Үйге тағы да оң аяқ теуіп келдім де, Алтыназарға бала жібердім. Ол келіп ұрсады-ау деп жатыр едім, ұрыспады. Аяғымды ұстады да «не пәле істедің, тобығың шығып кетіпті ғой» деді. Мен шынымды айттым. Ол аяғымды ұстап отырып, оқыс қозғап қалып еді, бірдеңе сарт етті, тобықтығым қатты ауырып кетті. Мен «Ох!» деп қатты дауыс шығарыппын. «Шалдар салып кеткен сынықты шығарып жіберген бәйбішеге осы керек» – деп күлді. Аяғымды сылап, шудамен, шүберекпен таңды. «Ертең бала жібер, балдақ жасап қоямын, жеті күнге дейін үйден шықпа, аяғыңды демеме» деп тапсырды.
Несібектің інісі Нұр есімі ағасымен қатар аталғанымен, оның емшілікпен айналысқандығы жөнінде дерек берушілерді кездестірмедім. Тек қана Нұр баласы Телмағамбеттен тараған Қойшығара туралы Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында тұратын Сана молда былай деген еді: «Қостай деген адам қылтамақ боп ауырып, Қойшығараға келген. Қойшығара кемпіріне көптен қолданылмай тат басқан қазан алдырып, соған жаңа сауған ешкінің сүтін пісірткізіп, татты сүт ішкізді. Сонан соң түсі алабажақ қозыны сойдырып, етін сүйегінен түсіп қалғанша пісіртіп, жегізген, жерошақ қазып, от орнына киіз төсеп, Қостайды жатқызып, үстін қымтап жауып терлеткен, тер өз қызуымен кепкенше жатқызған. Ертесіне таңертең шәй ішкізіп, тұрғызып жіберген. Осы емнен кейін Қостай жазылып кетті».
Өткен аталарымыздың өмірден көрген, жинақтаған бай тәжірибелері арқасында айналаға сын көзбен қарай білетін әртүрлі бағыттағы сыншылар да болған ғой. Олардың бірі құлын күнінен тұлпарды тани білетін, енді бірі жер бедеріне қарай су шығатын жерлерді айыра білетін, үшіншілері сәби кезінен болашақ би, ғұламаларды айыра білетін болған. Несібек те бойындағы құдай берген емшілік қасиеттерімен бірге адам тани білетін, болашақты болжай білетін сыншы да болыпты. Оны жасы жетіп қартайған кезінде көрген бір сыншы: «Жүзіне қарай уақыт белгісі бар екен Несекеңде» – деп, оның бақилыққа аттанар мезгілі тақағанын айтқанда, бұл әңгімені байсалмен тыңдай отырып: «Бұған да менен кейін жүз күннен соң уақыт болады» – деген екен. Айтқандай-ақ, көп ұзамай Несекең өмірден өтіпті. Оның жүз күндік садақасы берілгенде әлгі сыншы қарияның да өмірден озғаны туралы хабар жетіпті.
ЖАҢАЙ АСАР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Қожық туралы жариялаған алғашқы мақалаларымызда жаңай Асар сынықшының баласы Жанқұл емшіні бектеміс Несібектің жиендерінің бірі деп көрсеткен едік. Кейін бұл жөнінде Жанқұлдың ұлы Қалнияз сынықшының «бұл қате, Жанқұл Несібектің жиені емес еді» дегенін естіп, осы жөнінде Қалнияздың өзінен сұра білген едім. Сондағы Қалнияздың айтқаны: «Арғы атамыз Маңғыстауға есімі белгілі Асар сынықшы. Маңғыстауда жеменейде бөкендер – Мыңкісі тұқымы, жары да Несібек тұқымы, шоңайда Бекбаулы, жаңайда Асар және Саназар әулие тұқымдары емшілікпен аты белгілі болған. Атамыз қазақ айтқан ғой «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады, жаманды қанша мақтасаң да бауырынан қылыш шығады» деп, сол айтқандай бектеміс Несібек тұқымдарынан да біраз сынықшы емшілер шыққан. Бірақ, біздің әкеміз Жанқұл да, атамыз Асар да бектемістің жиені емес. Асардың қары нағашысы қара тоқай беріш, яғни атасы Кеніш Құлбарақ батырдың аталары болып келетін Табылды, Қабыл, Қара және екеуі бар...бес туыс беріштің Қарасының қызын алған, өз әкесі Бернияздың кемпірі құлкеш беріштің қызы.
Бұлардың ата кәсібі шеберлік, ұсталық құру, ағаш пен темірден небір керемет бұйымдар жасаған, там салған. Бұл жөнінде «Маңғыстау» газетінің 2002 жылғы 4 ақпандағы санында Б.Бегенішұлы былайша баяндайды: «Асеке, сіздің қолыңыздан келмейтін өнер, ісмер шеберлік болды ма?» дегендерге,«Ие, бізде пендеміз ғой... Мен домбыра жасадым, сазына келтіріп бұрауын түсірдім. Бірақ, әрі қарай күй шығарып, сазын тартып кете алмадым. Сазға ыңылдап дауыс қостым, бірақ даусым қаумалап келіп халық тыңдағандай бола алмадым-ау деймін, – деп күліпті де, – бірқатар ойға оралған нәрселер жасалды ғой» деген екен. Осы тұқымнан шыққан белгілі әнші Тамара Асар атасының сол арманын бұл күнде іске асырып жүргендей.
Асардың әкесі Бернияз темірден түйін түйген, тастан қашап там қалаған шебер болған. Ұлдары – Асар тоғызға, Өтеулі үш жасқа келгенде ол Кіштің құмында отырғанда тіл тиіп қайтыс болады да, оны Кетік бетіндегі Сағындық қауымына жерлеп, туыстары үстіне шағын төбелдірікті там орнатады. Арада жыл өткен соң тоянның ақсақалдары жиналып, Бернияздың әйеліне қайнағалары мен қайныларының бірімен атасуды ұсынады. Сонда Бернияздың жесірі: «Мына екі бала өсіп келе жатыр ғой, әкелері елге белгілі адам еді, мен біреуіңмен атассам бұлар сол адамның баласы болып кетеді, отағасымның атын жоғалтып, отын өшіргім келмейді. Ерім өлсе де елден кетпей, осы екі баланы қатарға қосамын» – деп ол ұсынысты қабылдамай қойса керек. Соған өкпелеген туыстары бұлардан іргесін аулақ салып, ол ауылды «жетім балдардың ауылы» атап кетіпті. Арада жылдар өтеді, Асар мен Өтеулі де ер жетіп, аздаған жылқысын бағып, күнкөріс қамын жасап жүріп жатады. Содан он үшке толғанда Асар ісініп, түнімен дыбыс шығарып сарнап, жын қаққандай аласұрып ауырады да, шешесі сол замандағы бір құмалақшыға барып құмалақ аштырады. Құмалақшы құмалақтарын шашып тастап, «ойпырмай, мына балаңдікі ауру емес қой, бұған әруақ қонғалы тұр ғой. Өз жақтарында мұндай қасиет жоқ па еді, мұны қысып жүрген әруақ екен, бұған нағашылары жағынан үлкен қасиет берілгелі тұр. Көп ұзамай жазылады, айтқаны келетін, атқаны тиетін қасиетті жан болар. Балаңа әкесінен қалған бір төс бар екен, соны бер де не істеймін десе де қолынан қақпа» деп, оны шығарып салады. Сонымен Асар төс пен балғаны қолға алып, ойына не келсе соны соғып, арасында аздаған жылқысын бағып жүре береді. Сол кезден бастап аузынан шыққан сөзі дуалы, қолынан келмейтіні жоқ шебер, істеген емі қонатын емші боп, атағы елге тарайды.
Несібек жаңайдың, оның ішінде де тоянның күйеуі, Бернияздың ауылымен әуелден аралас-құраластығы бар. Оның баласы Айтмағамбет пен Асар құрдас. Бірде жылқы бағып жүріп кездескенде Айтмағамбет Асарды ауылына ертіп келсе керек. Шәй ішіліп жатырған кезде бір қолы сынған адамды Несібекке алып келіпті. Бұл Несібектің үлкейіп, жиі сырқаттанып қала беретін кезі екен. Ол баласы Айтмағамбетке: «Мына кісінің сынығын сен ұсташы, мен осында отырмын ғой, орнына түсер» – дейді. Сол кезде Несібекті жезде қылып әзілдесетіні бар, Асар: «Айтмағамбеттің қолынан түк те келмейді, мен ұстайын» – дейді. Бұл әлі оның емшілік атағы шықпаған кезі болса керек. «Осы уақытқа дейін мен отырған жерде ешкім сынық ұстап көрген жоқ тұқымыңда темір соққаннан басқа сынық ұстайтын ешкім жоқ қой, сенің қолыңнан келмес» – деген жездесіне сонда да бой бермеген Асар сол жерде сынықты ұстауға Несібекті көндіріп, әлгі кісінің сынығын салады. Салынған сынықтың орнын ұстап көрген Несібек: «Астапыралла, осы кезге дейін менің алдымды ешкім кесіп көрмеп еді, сен тегін болмадың, шамасы саған бұл нағашы жағыңнан беріліп жатыр-ау» – деп таң қалғанын жасыра алмайды. Асар: «Е, соны білсең болғаны, менің қолымнан бәрі келеді» – деп мақтанып аттанады.
Кейінірек, Несібектің өлер шағында Айтмағамбет біреудің ортан жілігін салып, онысы қисық боп бітеді. Содан әлгі адамды Несібекке әкеліп көрсетіп, бұзып қайта салуын сұрайды. Сонда Несібек: «Мен үлкейдім, оны бұзып салуға қайратым жете қоймас, мына жаңайда Асар деген жігіт бар еді, Маңғыстауда менің алдымнан өтіп сынық салған бір адам сол еді, бір келсе соның қолынан келер, соған апарыңдар!» – деп оларды Асарға жұмсайды. Асар ол адамның сынығын бұзып, қайта салыпты. Сынықты бұзып қайта салған хабарды естісімен Несібек Асарды шақыртып, батасын беріпті.
«Ал, Асардың Несібекке «жиен» болуының сыры мынада, – деп жалғастырды әңгімесін Қалнияз. Бұл ағам Жұбекеңнің қателігінен болды. Ол өзі айтқанынан қайтпайтын мінезі бар адам. Жұбекең Маңғыстау поселкесінде жұмыс жасап жүргенде қойма меңгерушісі болып істейтін бектеміс жігіті құрдасы бар еді. Екеуі бірге ішіп отырғанда әлгі құрдасы: «Сенің тұқымында ештеңе жоқ, қасиет сендерге бізден Несібек жағынан дарыған болуы керек. Менің әкемнің сенің әкеңе бата бергенін білесін бе?» деп сұрайды, Жұбан білетіндігін айтады. Сонда әлгі құрдасы: «Білсең сол, емшілік қана емес, шеберлік те сіздерге бізден барған, қастерлеп ұстап жүрген төстерің сендерге берген біздің әкеміздің дүниесі» – дейді. Жұбекең де «мүмкін, солай болса солай шығар» деп келісе кетеді. Бар әңгіме осымен бітсе дұрыс болар еді, бірақ олай болмай шықты.
Әнебір жылдары Несібектің ұрпағы Қозы атасына ас беретін болып, біздерге де хабар салыпты. Мен вахтада жұмыста едім, кешігіңкіреп келдім.
Жұбекең мінбеде сөйлеп тұр. Тындасам: «Несібек аталарың әрі әруақты, әрі шебер адам болған екен. Біздің аталарымыз сол кісіге жиен болуы керек, әкемізге көңілі біткендігі соншалық, әулетіміздегі қасиетті төсті де бізге берген сол кісі болуы керек» – деп әңгімелеп тұр. Тілім байланып қалғандай не айтарымды білмедім, қарсы сөйлеуге болмайды. Әңгіме көп алдында айтылып кетті, енді оны кейін қайтара алмайсың. Міне, осылайша атамыз Асардың Несібекке «жиен» болуға тура келген жайы бар, сенің естігенің де сол әңгіменің бір шеті болар».
Асардың ең үлкені Құстанин деген өте көрікті сұлу, әкесі сияқты айтулы сынықшы қыз болды. Бектеміс аулына тұрмысқа шығып, барған жерінде үш айдан кейін қайтыс болды. Асардың екінші баласы Жанқұл – біздің әкеміз. Жанқұл туралы соңынан кеңірек әңгімелейміз. Үшінші баласы Қырымқұл етік тіккен, ер шапқан, т.с.с. шеберлікпен айналысқан, оның баласы Қоянбай сынықшы, көріпкел болды. Өзі оданылау сөйлейтін, кейде айтқандарына адам сенгісіз әңгіме айта салатын, соңдықтан да құрдастарының әзілінің нысанасы боп жүретін адам болған. Ол байбоз Мамыртай, дорал Төтебай, Төкен деген азаматтармен бір жылдың төлі, құрдас. Бірде осылар Қаракөл сорының жиегіңде ешкі жайып тұрған Қоянбайға келіп, оны сөйлетіп, әзілдеспек болса, Қоянбай күн салып, алысқа қарап тұрыпты. Құрдастары: «Қоянбай не қарап тұрсың?» – десе, «Пай, мына бір ақ шаңқан қаланы көріп тұрмын» – дейді. Ол кезде қазіргі Ақтау қаласының орнында теңізге қараған жарқабақтан басқа және бір-екі мал ауылдан басқа ештеңе де жоқ кез. Қоянбай болса: «Мынау Ақтау – астана, Мәрия шайхана, күн астында жарқырап тұрған қай қала?» – дейді ғой. Оның Мәрия деп тұрғаны сол жердегі ауылда тұратын, анда-санда мал қауырттағанда барып шәй ішіп кететін бір жеңгесі. Осылайша «Мәрия шайхана, сонау күннің астынан көрінетін ақ шаңқан қай қала?» деп Қолтықта қала салынатынын айтып жүрген осы Қоянбай. Айтқанындай-ақ, кейін Ақтау қаласы бой көтерді. Қырымқұлдан кейін Ақтиін деген қыз болды, емшілік сынықшылық жасаған жоқ. Ақтиіннен кейінгі баласы Батыр. Ол Форт-Шевченкодағы екі жылдық орыс мектебін бітірді, алғыр адам болды. Қарабұғаз кәсіпшілігі ашылғанда, соның алғашқы жұмысшылар комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Батырдан кейін Асардың Төлеп деген қызы болды, қыдырша руына тұрмысқа шықты. Сынық салумен өле-өлгенше айналысты. Асардың тағы бір баласы Сисенбай Сам жағында болды, үлкейген кезінде сынықшылықты ұстанды. Асардың ең кенже ұлы Айдарбай Маңғыстаудағы тұңғыш автоинспектор. Айдарбай сынық салды, арақ ішкенін қойғаннан кейін айтқаны келді, атқаны тиді – сондай қасиет иесі болды, бірақ, кейін шыдамы жетпей қайтадан арақ ішіп кетті. Сонда да сынық салып жүрді, бірақ басқа қасиеттерінен айырылып қалды.
Мынадай да бір жағдай болған. Айдарбай бірде ауыл-үйдің бірінде карта ойнап отырады. Сол кезде милиционер болып істейтін рысбай жаңай Шаттыбайдың баласы үй ішіңде жүгіріп жүріп кілемнің шетіне сүрініп құлап аяғын шығарып алады. Шаттыбай іздеп барса карта ойынының қызығына берілген Айдарбай орнынан тұра қоймайды. Сонда Шаттыбай:
«Ой, аға, әлгі бала шырқырап жылап жатыр, картаны қайтып келіп жалғастырмайсың ба, жүрсейші енді» деп оны орнына тұрғызбақ болады. Айдарбай орнынан тұра береді де: «Ту, ол баланың аяғын біреу салып жатыр ғой, мені несіне әурелейсің» – деп қайта отыра кетіпті.
Шаттыбай үйіне келсе, шынында да баланың аяғын Қоянбай келіп салып жатыр екен. Оны үйінің қасынан өтіп бара жатқанын көріп қалып Шаттыбайдың шешесі шақырып келсе керек. «Шаттыбай Айдарбайға кетіп еді, екеуің бір атаның балаларысыңдар, ештеңе етпес, баланың аяғын сал» деп, шақырып алыпты. Міне, осылайша қасиетті атаның көріпкелдік қасиеті осы жерде де өзін көрсеткен екен.
Біздің әкеміз Жанқұл сынықшылықты да, емшілікті де қатар алып жүрген адам. Жанқұлдан Жұбан және мен, Қалнияз – екі бала бармыз. Екеуміз де сынық салдық. Бірақ, мен отырғанда Жұбан ағам сынық салмайды, өйткені мен баталы адаммын. Бұлай деуімнің себебі мынадай: Әкем үлкейген кезінде Жұбанға: «Арақ ішпе, шырағым, сендерге арақ жақпайды, батамды берейін, атадан мирас сынықшылық емшілік қасиетті әрі қарай жалғастыр» – дейді. Оған Жұбан: «Әке, кешір, мен арақ ішпей жүре алмаймын, себебі менің жұмысым сондай, біреуден алуым керек, біреуге беруім керек. Батаңды Қалниязға бер, ол мұғалім, оған онсыз да арақ ішуге болмайды» – деп, өзінің арақты тастай алмайтынын ашық айтқан. Содан әкем өз ұсынысын маған айтты. Мен әкеме уәде беріп, арақты қойып кеттім де, әкем батасын маған берді. Сондықтан мен баталы сынықшы болдым.
Асардың көріпкелдігі: «қылтамақ» ауруы жөнінде айтқаны. 1910 жылы жаңайдың бір ақсақалы тамағынан ас өтпей ауырып, Асарды алдырады. Сонда Асар әлгі қартты тостағандағы қара суға түкіртіп, қақырыққа біраз уақыт қарап отырып, «болмаған екен, бұл жердің астындағы «қылтамақ» деген ауру еді, енді жердің бетіне келген екен. Бұл енді елге таралады ғой, мұның емі жердің астын мекендейтін «жекен» деген тышқан болады, ол жылына жалғыз рет балалайтын уақытта ғана жер бетіне шығады, соның еті мен сорпасы ғана бұл ауруға ем болады, мұның басқа емі жоқ» депті. Әлгі қарт: «інім, сен аурудың жайын айтып отырсың, енді сен мені емде» – дейді. Асар: «Олай болса, мен биыл Арқа жаққа көшейін, ол тышқанды сол жақтан іздемесем, ол Маңғыстауда жоқ» – деп Арқаға көшкен, бірақ іздегенін таппай, күзде елге оралыпты. Шалға: «Мен іздегенімді таба алмадым, маған ренжімеңіз, емдеу қолымнан келмеді, Құдайдың басқа салғанына көнесіз» –дейді. Асар сонда айтқан екен: «Бұл аурудың үш түрі болады – бірі алты айлық, екіншісі бір жылдық, үшіншісі екі жылдық». Осылайша Маңғыстау өңіріне «қылтамақ» ауруы ең алғаш 1910 жылы пайда болған көрінеді.
Ел ішінде «Асар сынықты ысқырып салады» деген сөз тараған. Оның сыры мынада: Арқада белгілі біреудің баласы аттан жығылып, астында қалып, үш бірдей бел омыртқасы сынған. Еліндегі сынық ұстайды деген адамдарды шақырғанмен ештеңе шықпайды, бала безек қағып ұстатпайды, сынықты салдыртпайды. Содан «Маңғыстаудың ойында Асар деген керемет сынықшы бар» деген хабар құлағына тиген баланың әкесі күйлі адам болса керек, екі атпен Асарға адам жібереді. Хабар тиген соң Асар: «Мен барайын, бірақ, маған бір қажетті құрал жасап алуыма мұрсат беріп» – дейді. Оларда емшіге қарсы келер дәрмен бар ма, оның үстіне емге қажет болса мұрсат бермеске амалы жоқ. Асар керегенің көзін тесетін үскідей үскі жасайды, онысын саптайды да қоржынға салып алып, жолға шығады. Ауылға келеді. Сонау қияндағы Маңғыстаудың ойынан келген қонаққа шәй беріп, жайланғаннан кейін сырқаттың жағдайымен таныстырады. Асар сынықты бірден ұстамайды. «Жылқының кепкен тезегін әкеліп, өртеп, жағыңдар» деп тапсырма береді, айтқаны сол сәтіңде орындалады. Асар сырқатқа көрсетіп баяғы өзі жасап әкелген үскіні отқа тығып қойып отырады. Бір кезде үскі қызарады. Баласының ауруы жанына батқан әкесі шыдамай: «Асеке, мына баланы қарамайсың ба?» – деп сұрайды. «Е, келген шаруам да сол емес пе, қараймын, мына үскі қызарсын, баланың аяғы мен қолынан мықтап ұстап қозғалтпайтын екі қажарлы жігіт табыңыз» – дейді емші. Отқа қызарған біздің түрінен сескенген әкесі: «Мына бізбен не істейсіз?» – деп сұрайды. «Бұл бізді омыртқаның бойына тығып, шыққан жерін түзеймін», – дейді емші.
Омыртқасы шыққан жігіт әңгімені естіп жатыр. Отырған адамдардың бәрі қып-қызыл бізді омыртқаға тығамын дегенді естігенде шошынып-ақ қалады, жігіттің де зәресі кетсе керек. Айтылды болды, екі қажарлы жігітті алып жетіп келеді. Біз де қып-қызыл болып қызған. Асар үскіні алып, ошақтың бұтына ұрып қағын түсірген, «ананы ұстаң, е, біссімілла» деп үскіріп үскіні алып атып тұрғанда, омыртқасы шыққан жігіт те қорыққаннан орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалыпты. Сол кезде «күтір» еткен дыбыс естіліп шыққан омыртқалары орнына түскен көрінеді. Сол кезде «болды» деп Асар бізді жерге лақтырып тастапты. Содан бастап «Асар ұстамайды, сынықты ысқырып салады» деген аты шыққан көрінеді.
Асекең Арқадан қайтып келе жатқанында өздерінің Тоян аулына жаңадан түскен жас келіннің үстіне су құйған метей артқан бір асау нар аунап, белден төменгі жерді түгел қиратып кетулі. Сүйектер талқандалып сынған және ол сүйектер қиын жерлерді жарақаттаған. Келінге ем жасау мүмкіндігі болмаған соң Асар ем жасамас бұрын барлық жол-жоралғысын жасатып, оны өзіне өкіл қыз етіп қабылдаған. Аллаға жалбарынып, әруақтарға сыйынып, емді бастайды. Ол үшін ағаштан ересек адам жататындай ғып, ол әлгі ауру әйелге дәл болатындай шешіммен бесік шапқан. Сол бесікке шымылдықтың арғы жағына әйелдің абысындарын шақыртып алып, оны жас баладай етіп бөлеттіріп, өзі сыртта тұрып сырқаттың аяқтарының басынан ұстап әрі-бері қозғап сүйектерін орны-орнына салған. Әлгінің аяқтарын әрлі-берлі қозғағанда сүйектер өздігінен орны-орнына түсе беріпті. Содан белгілі бір күндер өткенше күтіп жатуға тура келген. Күткен күні өткен соң орнынан тұрғызып, балдақпен жүргізіп көрген. Асекең айтады екен, «бірі – Арқада, екіншісі – Маңғыстауда салған екі сынық көпке дейін ойымнан шықпай мазасызданып жүрдім. Тек кейін екеуінің де артынан ұрпақ ерді дегенді естігенде көңілім жайланып, орнына келді» деп.
Жаңай руындағы Аяш деген кісінің ержетіп, үйленген жігіт баласы мал суарғанда қауғасы құдыққа түсіп кетеді, құдық терең болса керек, қауғаны іліп алу үшін қармақ әкелмек болып жаңадан үйретілген асау атына міне сала ауылға шабады. Қармақты ердің басына тұзақ бау салып іліп, атына міне сала қамшы салып қалғанда аты ырғып кетеді де, орнынан қозғалып кеткен қармақтың бір ұшы аттың шоқтығына қадалып қалады. Сол кезде аты тулап жігіт құлайды да, салбырап кеткен қармақ оның екі санының ортасын іліп кетеді. Жігіт қатты жарақаттанып, екі ені екі жаққа шығып қалады. Жағдай осылай болған соң атпен адам жіберіп. Асарды алдырады.
Асекең жеті оқ жыланды тірілей ұстатып алдыртады, қой сойдырып оның ащы ішегін жіп қылып иіртеді. Жігіттің жыртылған шабын орнына қойып оған жыланның көзін тамшылатып ағызып отырып, қабығын жамау ғып, қойдың ішегімен тігіп, емдеп жазады.
Күшік Нұрбаулыға бір жанжал кезінде көрпе руының жігіттері пышақ салып, қарнын жарып, «өлтірдік» деп кетеді. Нұрбаулы сол жарақаттан Астраханға дейін барып, дәрігерге қаралып, емделеді. Бірақ, қарнындағы жарық бітпей, іші іріңдеп, иістеніп, ем қонбаған соң оны елге қайтарады. Келген соң ол Асарды іздетеді. Бұл жайдан хабарлы Асар шақыру алған соң өзімен бірге тоғыз оқ жыланды тірілей ұстатып ала келеді. Ол келгенде ауылдың алты-жеті ақсақалы Нұрбаулының көңілін сұрап келіп отыр екен. Аман-саулық сұрасып, ем жасар алдында әңгіме үстінде Асар: «Мен он үш жасымнан бері ем жасап, адамдарға жақсылық жасап келемін. Алланың берген абыройы болар, айтқаным келді, атқаным тиді. Талайлар мені сынақтан өткізіп көрді, Құдайға шүкір соның бәрінен абыроймен өттім. Адам атаулыға жақсылық жасап келіп едім, сол бағытыммен өтейін деп келдім. Бүгін де мына сынақтан абыроймен өтермін, бірақ бұдан кейін мен келіспеймін, алдымнан не күтіп тұрғанын көріп-біліп отырмын» – деп замандастарына мұң шақса, олар: «Қой, Асеке, сізге кім тиюші еді, сабырлы болыңыз!» – дейді оның көңілін ауламақ ниетпен.
Асар Нұрбаулыны шымылдық жапқыштың арғы бетіңде жарасына жыланның көзін ағызып, жыланның қабығымен жамап, қойдың ішегімен тігіп емдеген. Ем қалай жасалды, оны Асардың өзі мен Нұрбаулы ғана біледі, бірақ шымылдықтың артынан шыққанда тоғыз жыланның көзі мен терісі жоқ болып шыққан көрінеді.
Асар 1930 жылдары кеңес өкіметінің белсенділері «бақсы» деп тыным бермей мазалай берген соң амалсыздан туған жерден ығысып, өзбек жеріне көшіп кетеді. Сол жақты паналап, 1933 жылы өмірден озған. Бейіті Өзбекстандағы Суханабад деген жерде.
АСАРҰЛЫ ЖАНҚҰЛ
Асарұлы Жанқұл 1890 жылы дүниеге келіп, 1982 жылы тоқсан екі жасыңда өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін емшілікпен, сынық салумен Маңғыстауға белгілі болды.
Жанқұлдың айтуынша адам бойындағы ауру түрлерінен хабар беретін бірінші көз, екінші тіл, үшінші қолдың тырнағы, төртінші құлақ. Соларды оқи, тани білу керек. Денедегі барлық жүйе, жүйке құлаққа шоғырланған, тек соны дөп басып тани білу керек, әр аурудың нүктесін дөп табу қажет. Аурудың көбі қанға байланысты, жоғарыда айтып отырғанымыз тек хабаршылар ғана. Қанның қозғалысын екі қолдың тамырын ұстап анықтайтын болған.
Жанқұлдың сынық салғанын бұрын көрмеген, білмеген адам «сынық салды» деп қабылдамауы да мүмкін. Өйткені, біріншіден ол кісі асығып аптықпайды, екіншіден, немқұрайдылау түрде «ештеңе етпейді, ештеңе етпейді» деп сынық бар жерді жай сипап, қозғай салады. Соның өзі жетіп жатады, сынық орнына түсіп, бебеу қаққан адам тыныш табады. Сынған адам сынықтың орнына түскенін сезбей де қалады, сондай қолы жеңіл жан болған. «Сынықты салу бар, оны дұрыс күте білу бар. Сондықтан сынық салынғаннан кейін тазалық сақталуы керек. Тазалық дегенде оны тек жуыну деп ұғынбау керек, ер мен әйел арасындағы қатынасты да тоқтата тұруға тура келеді. Осыны ем жасаған жанға ұғындырып жіберу қажет» дейтін Жәкен.
Жанқұл Маңғыстау өңірінде өте үлкен сыныққа ұшыраған, адам болуы екіталай жағдайға ұшыраған екі адамның өмірін сақтап қалғаны жөнінде әңгіме айтылады. Біреуі Құрық бетінде Әлі жаңай Құлыш деген молдалығы бар өзінен төрт жас кіші інісі болды. Соғыстан бұрынғы жыл жазғытұрым уақыт. Құлыш колхоздың малын бағады. Бір күні құдық басында шығырмен мал суарып тастап, екі метейге (метей – темір құрсаумен құрсалып ағаштан жасалған бөшке, сыйымдылығы 35-) су толтырып түйеге артып, өзі үстіне мініп кетіп бара жатады. Жел күшті. Таудан жоғары шығып бара жатқанда келелі түйелер ішінде жарап жүрген үлек артынан қуып келіп, астындағы түйесіне ауыз салады. Желдің дыбысынан Құлыш оның күркіреп келіп қалғанын сезбей қалса керек. Астындағы түйесі атыла ілгері ұмтылғанда андаусыз отырған Құлыш түйеден шалқасынан тасқа құлап, бір жағы түгел сынады. Ауылға барған түйенің бос келгенінен секем алған туыстары іздеп келіп, оны ауылға жеткізіп, Жанқұлға хабар береді. Сынықшы Құлышты астына алмалы-салмалы түбек салып отырғышқа отырғызып, тұла бойының барлығына киізден киім жасап, жан-жағын ағашпен бекітіп сүйектерін орнына салады. Құлыш сөзшең, тапқыр, ойланбай жауап беретін, күлдіргі әңгімелермен ортаны ашып отыратын көңілді жан еді. Кейін Құлыш айтатын: «Жәкем артымнан келіп отырып, денемді шайқағанда күтір-күтір етіп сынықтарым орнына келді, сонда барып демімді дұрыс алдым. Оған дейін бірде талып, есімді білмей, бірде есім кіріп, шыдатпас жан ауруын сезіп бебеулеп жаттым». Жанқұл, әлгінде айтқандай, орындыққа отырғызып, сынығын салып, керегеге таңып емдеген. Тек екі саусағы иілмейтін болып қалған. Бірақ Жанқұл ескертіпті: «Қолың кем болады, бәрін бірдей емдеу қиын. Қолыңды өзің әбден жазылған соң емдеп, кейін ретке келтіремін, уайымдама» депті.
Содан, 1941 жыл келіп соғыс басталып кетеді. Құлыш: «Қолымның кемдігін емдетуге бармайын десем, ағамның әруағынан қорықтым, барайын десем, жазылған соң соғысқа алып кете ме деп үкіметтен қорқамын. Әй, састым-ау! Содан бір күні «қой, қатарымның бәрі соғысқа кетті, елде қалып, жалғыз өзім не бітірмекпін, жаным солардың жанынан артық па, ағама барып қолымды емдетейін» – деп Жанқұлға келіпті. Жәкең де қасиетті адам ғой, оның ойын түсініп отырса керек:
Әй, Құлышжан, осыны емдемей-ақ қойсақ қайтеді, сенің осыдан кемдігің жоқ, мұны емдеп жазсам, сені армияға алып кетеді. Соғыстан елге аман-есен ораласың ба, жоқ па, кім біледі. Бізді де «армияға алады» деген хабар бар, елде қалсаң балдарға бас-көз боласың, осыны емдемеймін – депті. Құлыш осы әңгімені естігенде «жүрегім жарыла қуандым» дейтін.
Артынша Құлышты да әскери комиссариатқа шақыртады. Комиссия құрамында Ақтөбеден келген білгір бір дәрігер бар екен. Сол қарап, төс сүйекте де, қабырғаларда да, ортан жілікте де сынық іздерін байқап: «Сені адам қатарына қосқан бұл не қылған жан!» деп қатты таңғалып, бірден «жарамсыз» деп билет шығарып беріпті.
Екінші жағдай берегіректе Ақшұқырда болған. Тастемір жары Жарылғап деген жігіттің сексеннен асқан әкесіне уақыт болып, садақаға соятын мал әкелуге араларында қыдырша Қаржаубай бар бірнеше жігіт мал ауылға аттанады. Теріс жағадан машинаға жылқы тиеп, кабинадан орын болмаған соң Қаржаубай машинаның астауына мініп, даланың тегіс жолымен алпыс километр жылдамдықпен жүйткіп келе жатқанда жылқы оқыста басымен қағып жіберіп, Қаржаубай машинадан ұшып кетеді. Жүргізуші Берішбай. Үстіндегі адамның ұшып кеткенін байқап, тоқтай қалып, келіп қараса, Қаржаубайда алғашында тіршілік белгісі байқалмай сұлқ жатыр, қозғаса сүйектері пышырлап дыбысы естіледі, демі бар. Жігіттер ақылдаса келе, өздері қасында қалып, Берішбай жақын маңдағы ауылға хабар береді. Ауылда көпті көрген ақсақал бар екен, сол келіп, Қаржаубайды көрген соң: «Сендер оны жатқан жерінен қозғамаңдар, үстіне апарып үй тігейік, сынықшы алдырайық, – деп ақыл беріп, Есенкөбеков деген сынықшы шоңайды алдырады. Ол келіп, Қаржаубайдың сынығын көрген соң: «Бұған Жанқұлды шақырайық, сол бірдеңе істемесе, менің қолымнан келмейді», –дейді. Түн ішінде Жанқұлды іздеп барса, сынықшы ояу, өзін іздеп адам келетінін білгендей-ақ киініп даяр отыр екен. Сырқатқа келіп, оның бір жағы түгел сынғанын анықтайды. Он жорғадан бастап сынықты түгел салып, ол жазылғанша қасында болып, Қаржаубайды тірлікке қайта әкелді.
Қалнияз айтады: «Руы шалбар Өтеш деген құрдасым бар, соның ағасы бұрғылау қондырғысының бір тетігін бұрап жатырғанда екінші біреу аңдаусызда айналдырғыш тетікті қосып қалып, айналып тұрған механизм әлгінің аяғын орап кетіп быт-шыт қылып, уатып жібереді. Бұл 1960-61 жылдары болған жағдай. Жіліншіктің бір-екі жерінің еті шығып кеткен. Соған тездетіп Жанқұлды алдырыпты, арасында Ақтауға дәрігерге де хабар салынып қалады. Ертерек келген Жанқұл киіз күйдіріп басып қан тоқтатып отырған үстіне дәрігер де келіп: «мынау не қылған антисанитария!» деп шошып кетсе керек. Сол жерде Жанқұл сырқаттың сынығын салады да, ол енді дәрігермен ауруханаға барудан бас тартады. Халық емімен жаны қас дәрігер оған ауру туралы құжат (бюллетень) беруден бас тартып кетіп қалады. Арада ай өткен соң мұнайшы қалаға барып, баяғы дәрігерге аяғын көрсетіп, сынған жерін рентгенге түсіртеді. Сынықтың біткенін көрген дәрігер таң қалып, мұнайшының жұмыстан қалған күндеріне тиісті құжатты толтырып беруге мәжбүр болыпты.
Баласы Қалнияздың айтуынша Жанқұл көбіне балаларды емдеген. Балаларда «ұлан» деген ауру болады. Мұны теңіздің жағасына шығып қалған ұлудың қабыршақтарын қайнатып, соның суымен жуындырып емдеген. Сондай-ақ, балаларда болатын «шілделікті» шіл деген құстың етінің сорпасына жуындырып емдейтін болған. Балалардың тағы бір ауруының түрі «кірне» деп аталады. Оны қырық бір киімді жинатып алып ақ сабынмен жудырып, сол кірдің суын қайнаттырады. Ол қоюланып тосапқа айналған кезде суыттырып қойып, әбден суып кетпей жылы күйіңде адамның көзіне, аузы мен мұрнына, құлағына тигізбей басқа жерінің бәріне жақтырып, сырқатты таза ақ шүберекке орап, жатқызып қояды. Бір-екі сағат ұйықтағаннан кейін бала ұшып тура келеді. Оны сол шүберекпен үстінің бәрін сүрткізеді, одан кейін таза ақ шүберекпен сүрткізіп, баланың тұсауын кесіп, тамағын бергізіп, қоя беретін. Ауру бала төрт сағаттың ішінде құлан-таза айығып жазылып кетуші еді.
Жанқұлдың бір қасиеті өзінен көмек сұрап келгендер алдында бұлданып бәлсінбейтін, не істеп отырса да ісін тастай салып, сырқатқа көмек беруге жүре беретін. Сосын «ауруың бір айдан кейін немесе оншақты күннен кейін жазылады» дейтін болмайтын, керісінше «ештеңе етпейді, қазір-ақ жазылып кетесің» деп отыратын. Жанқұл аурудың диагнозын қолдағы екі тамырдың соғысына, сырқат жанның бетіне, көзіне қарап айырушы еді. Ол: «Шырағым, білмейтін нәрсеңді адам үшін жасама, оның жаны да өз жанындай жан егер соны дұрыс біліп, көзің жетіп тұрса ғана жаса, басқа уақытта жасама, ол оған қарсы соғады» – деп үйрететін.
Жанқұлдың «кірне» ауруынан қалай емдегені туралы баласы Қалнияз былайша еске алды: «Емші тоқабай Айтқұлдың немересі Әшіғалидың бір жасқа жетер-жетпес кезінде бір баласы ауырады екен. Бұл кезде оның әкесі Айтқұлдың ұлы Мединаның өмірден өтіп кеткен кезі еді. Әшіғали ол кезде Тельман ауылында, біздің үйіміз Ақшұқырда болатын. Әкем Жанқұл Тышқанбай деген жерде малда. Әлгі ауыратын баласын апармаған дәрігері қалмаған, бірақ ем қонбайды, бала өлуге жақындапты. Содан көрші-көлем, таныстары: «Оу, мына баланы Жанқұлға неге апармайсыңдар, өлтіруге айналыпсыңдар ғой» – десе керек, бір күні сары түсті «Москвич» машинасымен маған Әшіғали келіп отыр. «Жәкеңді алып келейік!» – деп қолқа салды.
Әкем келіп, баланы көрді. Баланың күйі кетіңкіреп қалыпты, аяқ-қолы шидей, адам көретін сиқы жоқ, тек құр сүлдері қалыпты. Әкем баланың шешесіне: «Баланы шешіндір!» – деп тапсырды да оның бетіне қарап, екі тамырын ұстады. Сосын: «Әй, ауру өтіңкіреп кеткен екен. Кірне ғой мынау. Ештеңе етпес, сәрсенбі қашан?» – деп сұрады. Сол күні сәрсенбі екен. «Ой, әлі жеті күн бар екен ғой, ал, енді мұның емін айтайын, менің айтқанымдай қылып істейсіңдер!» – деді. Әшіғалидың Тәнзи деген апасы бар еді, соған айтты. «Жалпы саны 41 киім жинап, бұл өзінің ырымы. Соларды ақ сабынмен (кір сабын деп те айтылады) жуың. Кірдің суын жинақтап қоюланғанша қайнатыңдар, сонымен қатты ыстық болмасын, жылы күйінде баланың көзі, аузы, мұрны мен құлағынан басқа жерін түгел сылап жағып ақ шүберекке орап жатқызып, көп кідірмес, бала ұйықтар. Тұрғанда бірден тамағын беріп, үстіндегінің бәрін ана шүберекпен сүртіп, содан соң таза шүберекпен сүртіп. Баланың денесі быршып терлейді, сүрткенде үстіндегісінің бәрі шүберекке жабысып қалады. Таза киім кигізіп, тамақтандырып, қайта бөлеп тастаң, бала ұйықтар, тәуір болып кетер» – деді. Сол емді жасағаннан кейін бала айығып, жазылып кетті, қазір ер жетті, Қаламқас кен орнында дәнекерлеуші болып еңбек етеді.
Әкемнің «қамшау» деген ауруды емдегенінің де куәсі болғаным бар. Тастеміров Айладыр деген ағамыз болды. Ол бір күні әкеме келіп: «Жәке, екі күн болды дұрыс ұйықтай алмай жүрмін, оң жақ қарнымның үстінде бір жара пайда болды, осы жағым түгел көтертпейді, түн болса ұйықтатпайды» – деді.
Қайсы, көрсет!
Айладыр көйлегінің етегін түріп жарасын көрсетті. Қарнында он теңгенің көлеміндей жерде бес-алты ақ бөртік пайда болған екен.
Тіфә, тіфә, қамшау екен ғой, ештеңе етпес, кетеді ғой, – деді әдеттегіше.
Аға, осыған өзің бір ем жасамасаң болар емес.
Жарайды. Сәрсенбі қашан?
Ертең жоқ бүрсігүні.
Е, онда сол күні кел!
Айтылған күні Айладырды Газ-69 машинасымен әкеме алып келдім. Әкем шәй табаққа мұздай су құйдырды. Сосын кәдімгі кендірді кесіп жіберді де ұшын тарақпен тарап, кәдімгі баудың басындай қылып күлтеледі. Күлтеленген жердің жоғарғы жағын қысып буды да «биссімилла рахман рахим» деп үш рет айтып қолындағы кендірдің басын үш рет шәй табақтағы суға малды. Сонымен әуелі бөртік шыққан жерді тіке ұрды, содан кейін «біссімілла рахман рахим» деп жоғары қарай үш рет, төмен қарай үш рет ұрды. Ағаш үйдің іші болатын, үйдің он жағына қарай әуелі күлтеленген кендірді, сосын су құйылған шәйтабақты лақтырып жіберді. «Ана шәйтабақты ертең жуып аларсың, түнімен жатсын. Мұның енді аздап зардабы болады, бірақ, жазыласың» – деді. Әлгі құрттай жара содан әрі өскен жоқ, Айладыр он бес күннен соң айығып, жұмысына шықты. Қамшаудың бұл әңгіме болған түрі «ұрғашы қамшау» деп аталады. Ол диаметірі 1,5-2см дөңгелек боп қызарып шығады, ортасында ақ жүгеріге ұсаған бірнеше бөртіктер жиынтығы болады. Емі: жоғарыда айтылғандай, кәдімгі кендір жіпті күлтелеп тарқатады да мұздай суға малып алып, оңды-солды және тіке үш-үштен тоғыз рет ұрады. Ауру 15-20 күнде жазылады.
Қамшаудың екі түрі болады екен. Оның екінші түрі «жалғыз қамшау» деп аталады. Ол маңдайдан жалғыз түйір қызыл бөртік түрінде пайда болады, оның емі жоқ. Миға әсер етіп, сырқатты үш күнде алып тынады.
«Ити» деген ауруды емдегенін көрдім. Оғылан деген оқытушы ағамыз болды. Сол кісінің 4-5 класта оқитын қызы ауырып, маған келді. Мен әкеме жұмсадым, өйткені оны қалай емдеуді ол кезде білмейтінмін. Жәкен қызды етпетінен жатқызып қойып қарады да: «Е, болмаған екен, мен мына ініңе айтайын, үйде біз бар, сонымен емдесін, қалай емдеуді оған түсіндірейін» – деді. Менің бұрын мұндай ауруды емдеп көрмегенімнен секемденген Оғылан: «Кәке, өзің емдегенің жақсы ғой» – деп қолқа салған соң ешкімнің көңілін қалдырмайтын Жәкем келісімін беріп, сәрсенбіге келуді тапсырды. Сәрсенбі күні қызды емдегенде қасында болдым. «Ити» деген омыртқа жотасының үстіндегі жұлынның қабығына түсетін ауру екен.
Емші үш біз алып бәрін отқа салып қып-қызыл ғып қызартты. Біздің ұштары қып-қызыл болып жалындай қызарғанда біреуін алды да алдын-ала даярланған табақшадағы судан ұрттап бізге бүркіп жіберді де омыртқа жотасының ұзына бойына «біссімілла рахман рахим» деп үш рет тигізді, екінші бізді омыртқа жотасының оң жақ қапталынан, үшінші бізді сол жақ қапталынан омыртқа мен жон етке көлденең тигізді, құдды бір екеуін бір-біріне желімдегендей. Қыздың терісі күлбіреп күйіп қалды. Оның күйгеніне ештеңе істеген жоқ, онысы бес-алты күннен кейін қабыршақтанып барып жазылып кетеді».
Жанқұлдың айтуынша қотырдың (экзема) жеті түрі болады екен. Мұның біреуінің емі адыраспанның түбі – тамыры. Оның сыртындағы қара қабығын қырып тастағанда түсі сап-сары болады. Сөйтіп тазартылған тамырды пышақпен кесіп ұсақтап суға қайнатады да денеге шым-шым батқандай күйінде денесін жуады.
Айдың жаңаруына байланысты жаңғырып отыратын қотыр болады. Ол ай жаңарғанда бастап шығады да он шақты күн қышытып жүреді де кетіп қалады, ай туған уақытта қайта көрінеді. Бұның емі қысты күні де көгеріп тұратын қызылша (эфедра) деген шөп. Осы қызылшаны тамырымен қосып түгел қазып алады да суға қайнатады. Сол суға сырқатты шомылдырады, ауру алды-артына қарамай жоғалады. Грибокты да осы әдіспен емдейді.
Қотырдың үшінші бір емі кәдімгі бұрқылдақ сары ұнтағы бар саңырауқұлақ, сол бұрқылдақты қотырға жағып емдейді.
Қотырдың төртінші бір түрі – түйме қотырдың емі кәдімгі шоғал (қырықбуын). Осының тамырын өртеп, күлін суға қайнатып алынған сілтімен жуады.
Күшіген деген ауру түрі болады. Бұл омыртқаның бойынан түсетін күржіктер бар ғой, соның ішінде сүйекке түсетін құрт. Мұның ерекшелігі – тамырға, жұлынға түспейді, тек сүйекке түседі. Бұл аурудың емі жаңа туған ауызданбаған иттің күшігі. Күшікті ішек-қарнын жарып алмай тірілей бауырынан жарады, іш құрылысымен, қан-сөлімен қосып күржіктің тұсына тартып байлап тастайды. Жеті күңде омыртқаның бойы тесіліп, күшіктің денесі барлық ірің, қан-жынды сорып алып, өзі шіри бастайды, сол кезде шешіп алып тастау керек. Ақшұқырда Сұлтан деген қаржау руының жігіті бар, Қаражанбаста жұмыс істейді. Сол Сұлтан 8-10 жасар кезінде шалқасынан жатса ауырсынып жылап, ұйықтай алмай, қырынан жатқызса тынышталатын болған. Сол осы күшіген деген аурумен ауырған екен, Жанқұл соны жоғарыда айтылған әдіспен емдеп жазған. Қазір мойны бұрылмайды, қажет болғанда қапталына бүкіл денесімен бұрылып қарайды, басқа кінәраты жоқ, бойы тіп-тік жігіт.
Құныс деген құрт бар. Бұл тіке сүйектің бойынан түсетін құрт. Дене бірдеңеге қатты соқтыққанда іштегі сүйектің эмаль қабығы ұшады да бұлшық етке кіріп кетеді. Соның әсерінен бұлшық ет іріндейді де сүйектің әлгі эмалі ұшқан кемік жеріне құрт түседі. Бұл күңде мұның емін білетін адам жоқ, білетіндер өмірден өтіп кетті. Оған ем итсигектің түбінде ілуде бір кездесетін ерекше бүршік болатын көрінеді. Оны тани білу керек, кез келген итсигекте ол бола бермейді. Жанқұл сол бүршікті баласы Қалниязға көрсетпек болып қаншама итсигекті қазғанмен өкінішке орай таба алмапты. Міне, сол бүршік осы ауруға ем болатын көрінеді.
«Қояншық» деген ауру түрі болады. Қояншықты Асардың Өтеулі деген інісі емдеді. Таушықтың маңында Есекжар деген жер бар, Өтеулі сол жерді мекендейтін. Өзінен Тілеген деген бір бала болды, әскерге алынып, соғыстан оралмады. Өтекең құмалақ ашып, «Балам тірі, бірақ, келмейді» деп отырады екен. Бір кісінің қыз баласы қояншық болып ауырып, Өтеуліге алып келген. Өтеулі: «Бұл ауруды емдеуге болатын шығар, бірақ оны ұзақ уақыт қарап бақылау қажет» – деп, оларды қасына көшіріп әкеліп, бақылаған. Қыздың ауруы ұстаған кезде басына қолын салып қарап отырады екен. Бір күні «таптым» деп, өзіне ғана белгілі жердің шашын дөңгелетіп қырып алып тастайды. Содан күтіп жүреді де келесі бір қояншық ұстаған күні әлгі жерді тіліп жібереді. Сөйтсек, қояншық деген бастың жігінде бір ұшы бастың ішкі бетіне, екінші ұшы бас сүйек пен терісінің арасына кіріп тұратын құрт екен. Құрт жыбыр еткенде бастың ішкі бетіне кіріп тұрған жағы мидың қабығына әсер етіп ауруы ұстап адам талып қалады. Әлгі қыз талып жатқанда Өтеулі пышақтың ұшымен құртты алып, ауруды емдеп, жазды.
Соғыс жылдары бір жаңай ағайынның баласы қолынан жарақат алып, госпитальде емделеді. Қолының тоқатай жілік пен қары жіліктің астасқан жерінен екі жіліктің де басы сынып, қолы иілген күйінен жазылмай иығына жабысып біткен. Госпитальдегі комиссия қарап, оны бұдан әрі соғысқа жарамсыз деп құжаттарын қолына беріп, елге қайтарған. Елге келген соң Өтеуліге келіп, қолын емдеп, сынығын салуды өтінеді. Оған Өтеулі: «Мен мұныңды емдеп жазуға жазамын, бірақ сені әскерге қайта алып кетпей ме?» – десе әлгі, «ой, Өтеке, мен қашып келген жоқпын, үкіметтің өзі қарап, қолыма әскерге жарамсыз деген қағазын беріп отыр, мені енді қайта алып кете қоймас» деп емдеуін сұрайды. Содан Өтеулі оның сынығын бұзып, қайта салады, жігіттің қолы екі-үш айда орнына келеді. Ел ішінде жанжал болмай тұра ма, бірде ол жанжал үстінде бір жігітті ұрып жібереді. Таяқ жеп қалған адам оның үстінен «әскерден қашып жүр, қолының сынық түгіл дымы да жоқ» деп арыз түсіреді. Тиісті органдар арызды тексеру барысында жігіттің қолының сау екенін көріп, оны қайта соғысқа жібереді де ол сол кеткеннен елге оралмай қалады.
Бірде Жанқұлға Жыңғылдыдан ерлі-зайыпты жастар 3-4 жастағы баласын алып келеді. Айтуларына қарағанда бала түн болса жылап жатпайды, екеуі түнімен кезек көтеріп шығады екен. Жанқұл баланы шешіндіртіп қараса, басында да, қарнында да тіліктің ізі бар. «Мынау не?» деп сұраса, дәрігерлер оны «соқырішек» деп те, «басының қан тамырлары жұмыс жасамайды, соны жалғаймыз» деп те операция жасаған екен.
О, иттер-ай, мыналарын не деуге болады, адам өлтіруші дейміз бе?! – деп, баланың тас төбесіне қолын салып, аз-кем отырғаннан кейін, «біссімілла» деп екі шекесіндегі тамырын ұстап көреді де Жанқұл: «Балаңның туғаннан басы ауырады екен, ештеңе етпес, жазылар», – дейді. Сөйтеді де келінінен: «Баяғы тұз бар ма?» – деп сұрайды.
Бар.
Соны алып келші.
1966 жылы кемпірі қайтыс болғаннан кейін Жәкең келініне: «Мынаны өзім сұраған уақытта берерсің», – деп бір жұдырықтай тұз берген екен. Әлгінде сұрағаны сол тұз болып шықты. Тұзды үшке бөліп баланың әке-шешесіне беріп, «ауылға барған соң баланың басын осы тұз салынған сумен үш күн жуарсың, жуған суыңды шұқыр қазып көміп тастарсың. Балаң содан жазылар, ештеңе етпес» дейді әдетінше жұбата сөйлеп. Жаз мезгілі, адамдар далаға төсек салып ұйықтайды. Әлгі қонақтар: «Баламыз түнімен жылап, елге ұйқы бермес, бізге төсекті тас үйге салың» – деп өтініш жасап, үй ішіне жатады. Таң елең-алаңда баланың шешесі далаға шығып, түндік ашып жүр екен. Өзі қуанып күледі: «Баламыз өмірінде бірінші рет тыныш ұйықтап шықты, әкесі екеуміз «өліп қалмады ма?» деп кезек қараймыз, қуанғаннан өзім ұйықтай алмай, ерте тұрып жүрмін, бала әлі ұйықтап жатыр» деп қояды. Жанқұлдың емінен кейін әлгі бала құлан-таза жазылып, батпанақтай ұл болып өсті. Бірақ, кейін 12-13 жасқа келгенде Ақтауға келіп жүргенде машина басып, қайтыс болды. Кейін анасы келіп: «Ата берген бала машина астына түсіп, қаза болды» – деп хабар беріпті.
Тұз демекші, Маңғыстаудың ойында емдік қасиеті мол заттар көп. Мысалы, алдыңғы тарауларда сөз болған Ақтауларда кездесетін мертік тас, Қаратауда болатын мумие жөнінде айтуға болады. Мумиені Маңғыстауда екі адам ала алған деп айтылады, бірі жаңай Асар, екіншісі бабық аңшы Нұр. Оны кез келген адам танып, ала алмайды.
Сол айтқандай емдік қасиеті мол Айдығұлдың тұзы деген бар. Бұл тұз жер астында, Айдығұлдың сорынан алынады, суы кез келген ауруға ем болады. Айдығұлдың соры Құрықтың Ақтау бетінде, қаладан шамамен 35 шақырым қашықтықта, жолдың солтүстік жағында Жетібай бетінде, Боржақтының арғы шеткі Тасмұрын тұсында. Сол жерде екі сор бар, соның біреуі. Жердің астында ең жақыны тереңдікте, қабат қалыңдығы 10- тұз, астынғы беті қара балшық. Ол балшық та емге пайдаланылады.
Жоғарыда сөз болған тұз осы Айдағұлдың сорынан алынған тұз екен. Бірде Түрікпенбаев Жапар деген адам қатпа болып ауырған түйесін емдетпек болып, Жанқұлды шақырады. Әлгі түйені бір-екі мал дәрігеріне көрсеткен екен, олар «қатпаның емі жоқ, күйі кетпей тұрғанда сойып ал» деген кеңестен басқа ештеңе істей алмапты. Жапардың шешесі: «Мыналар өзі не дейді, емделмейтін ауру болатын ба еді. Бір үйлі жанның аузына тосып отырған ақ адал малды қалай соя салайын, Жанқұл ағама көрсетейін» деп Жанқұлға келеді. Түйесін көрсетіп: «Аға, емдей аласың ба?», – дейді емшіге үміттене қарап. Жанқұл күліп: «Е, қарындасым, оны Құдай біледі дағы, мен қайдан білейін, бірақ «түйемді көр» деп келіп қалған екенсің, көрейін» – дейді. Түйенің алдына келіп қарап тұрып, «ой, жануар-ай!» дейді. Түйе болса шөгіп жатыр, бес-алты күннен бері орнынан тұрмаған, көзінен парлап жас ағады. Бір кезде түйені әбден қарап болып, Жанқұл: «Бір ем айтайын, соны балаң Жапарға айт, сол емді жасасын, түйең тұрып кетпес дейсің бе» – депті. Емі кебірде жататын борды отқа өртеп ұнтақтап езу керек. Оған сол ақ ұнтақтың көлемінен екі есе көп бидай ұн араластырып нан қылып илесін. Иленген наннан тоғыз құмалақ жасасын. Сәрсенбі күні таңертең түйенің ауызын ашып, тілін басып тұрып, бір құмалақты салып жіберіп артынша аузына су құйып жіберсін. Сумен бірге әлгі құмалақтың жұтылып кеткенін қадағаласын. Сол құмалақты үш күн әлгі әдіспен таңертең, түсте, кешке жегізсін» деп тапсырады. Айтқанындай-ақ, үшінші күні түстегі «таблетканы» жұтқызғаннан кейін түйе орнынан тұрып, сілкініпті де, артынша ауруынан жазылып кетіпті.
ҚАЛНИЯЗ
Жанқұлұлы Қалнияз – Маңғыстауға есімі белгілі сынықшы. Ол негізінен сынық салумен айналысады, емшілікті кәсіп етуге онша құлықты емес. Өзінің айтуынша аурудың қамшау, ити деген екі түріне ғана ем жасайды.
«Ем жасалуы керек, ол қалай істелуі тиіс болса солай істелуі керек. Мен неге ем істемеймін?! Әкемнің қалай ем жасағанын талай көрсем де, ол жөнінде талмастан әңгімелесем де өзім ем жасамаймын. Өйткені, мен тамыр ұстап, адамның қаңдай сырқатқа ұшырағанын айыра алмаймын. Сырқаттың сыртқы белгілері ұқсас болғанмен ол басқа ауру болып шығуы мүмкін. Оны толық ажыратып білмей тұрып, ем жасауға болмайды. Сыртқы белгілерінің ұқсастығына қарай ем жасасақ, басқа ауру түрі болса ем қарсы болып кетуі мүмкін» – дейді Қалнияз. «Мен екі түрлі ауруды ғана емдей аламын және соларды емдеймін. Оның біреуі қамшау деген жара, екіншісі омыртқаға, оның ішіндегі жұлынның қабығына түсетін ити деген ауру. Жұлынның қабығы бүкіл тамырларға қан бөліп тұратын орган. Бүкіл дененің көзге көрінбейтін қан тамырлары жиынтығы осы жұлынның қабығы арқылы таралады, ол құйымшақ сүйегіне дейін барады. Сол жерден бұл қан тамыры болып бөлініп шығады. Құйымшақ сүйектің екі бетінде төрт-төрттен тесік бар, ол сегізкөздік деп аталады. Осы тесіктерден төрт тамыр шығады. Аурудың ити деп аталатын себебі, ауруы жазылмай, жұлынның қабығы зақымданғаннан кейін денесіне қан тарамай, еттері құрғап, әбден діңкелетіп, әлектеп сырқаттың итін шығарады. Сондықтан ити атаған. Бұл енді маңғыстаулықтарға тән сөз тіркесінен алынған атау. Мысалы, жайылып жүрген малдың ішінен бір қозыны көздеп, бірақ ұстай алмай, отарды быт-шыт қылып шашыратқанда осыған наразы болған шопан «қап, қойдың тыртығын шығарды-ау» деп ренжиді немесе бір әрекетті аяқтай алмай, әбден сөзбұйдаға түсер болса «итін шығарды-ау» деп жатады.
Адамның сілекейінің өзі ем. Мысалы, адамның буыны салқыннан немесе ауаның әсерінен сырқырап ауыратын болса оны өзінің сілекейімен сылап емдеу керек. Мен 1966 жылдан бастап сынық ұстадым, сонда байқағаным адамның сүйегінің өсетіндігі. Себебі, ауа мен судың әсері болар деп ойлаймын. Сол ауруды бірден-бір басатын нәрсе адамның өзінің түкірігі. Қатты басып уқаламай-ақ, жәй сылап-сипап денеге сіңдірілген сілекей сырқырағанды да, ауырғанды да тыяды».
Сынықшының әңгімесін тыңдай отыра, оның бұл айтқанының жаны бар сөз деп ойладым. «Ит жарасын жалап жазады» немесе замандастарымыз бен бізден бұрынғы ұрпақ өкілдерінің есінде болар, абайсызда қолапайсыздықпен қолымызды ұрып алғанда оны ауызымызға салып жалап ауырғанын басатынбыз, аяғымызға тікен кірсе де түкірігімізбен сулайтынбыз, «тіл-көзден аман болсын» деп түкіріп жататынымыз – осының бәрі инстинктті сезім түрінде өз-өзінен еріксіз жасалып жатпаушы ма еді?! Шамасы, бұл тіршілік иесіне, оның ішінде адамзат өкіліне де, жаратылыстан берілетін ауру-сырқаудан қорғаныш тәсілі болса керек.
Қалнияздың ата кәсібін қолға алуы да кездейсоқ басталды. 1966 жылы ол Ақшұқырда мұғалім, әкесі Жанқұл малда болатын. Бір күні бірнеше оқытушы мектептен шығып келе жатып, Шәкірат ақсақалмен қарсы кездесіп қалады.
Ассалаумағаликум! – деп бәрі жамырай сәлем береді.
Уа, аликмүссалам. Араларыңда Жанқұлдың баласы бар ма?
Бар.
Қайсың боласың?
Мен, – дейді Қалнияз ақсақалға қарай ұмсына түсіп.
Аталарың Асар мен Өтеуліден бастап білемін, сенің әкең Жанқұл құрдасым. Ол малын бағып жүре берсін. Біздің үйдің бір ботасы кешеден бір аяғын баса алмай түр. Сен соны сал! – Ақсақалдың үнінде қарсылыққа көнбейтіндей өктемдік сезілді.
Ой-бүй, кәке, сынықты ұстап көрмеген нәрсем, қалай салатынын білмеймін.
Жоқ, сен мені тыңда! Сен қазір менімен бірге жүр. Мен үйден шүберек алып шығамын, сен ботаның аяғын ұста да әрі-бері қозғап сол шүберекпен таңып бер. Сен қасиетті атаның ұрпағысың, әкеңнің сынық салып, ем жасайтыны елге мәлім, Өтеулі де соңдай адам болды. Сен белгілі қасиетті тұқымнансың, сондықтан сенің емің қонуы тиіс. Мен сенен көп нәрсені сұрап тұрған жоқпын, ботаның аяғын арлы-берлі қозғап таңып бер деп тұрмын.
Ақсақалдың көңілін қалдырмауды ойлаған, оның үстіне жастықтың қызығушылығы оянған Қалниязда Шәкіратқа еруден басқа амал қалмағандай. Шәкірат үйге жақындай бере, келіні Зәуреге «ботаның аяғын таңатын шүберек әкел!» деп дауыстай оны желідегі ботаға ертіп келді. Қалнияз Шәкіраттың айтқанындай ботаның аяғын арлы-берлі қозғап таңып береді.
Болды, бұл бота ертең аяғын басып шауып кететін болады. Сау бол, қолың жеңіл болсын! – Риза болған Шәкірат Қалниязға алғысы мен батасын қатар беріп жатыр.
Ертеңгісін өзінің алғашқы сынықшылық әрекетінен не шыққанын білмек болып, қызығушылығы туындаған ол әдейі Шәкіраттың үй жағымен жүріп, мектепке бет алған. Шынында да кешегі емдеген ботасы аяқтарын нық басып, тапырақтап тұр екен. Қалнияздың ата кәсібін қолға алуы осылай басталып еді.
Осы оқиғадан соң Шәкірат ауылдастарына: «Осы сендер қит етсе далада мал бағып жүрген «Жанқұл» деп шабасыңдар, осында мына Қалнияз бар емес пе? Сынықты осыған ұстатып!» – деп, оның есімін елге жайды.
Қалнияз: «Шыны керек, алғашында менің сынық салуым: сынған жерді ұстап, әрі-бері бір-екі қозғаймын да таңып беремін, соның өзінде сынық орнына түсіп, бітісіп кетіп жүрді. Сынықты сипап орнына салу тәжірибесі кейін пайда болды ғой» – деп еске алады сол жылдарды бұл күнде.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қалнияз сынықшылықпен көп айналысқанмен емшілікпен айналысуды өзіне қолай санамады. Ол итимен ауырған екі адамды емдегенін еске алады. Оның бірі ағайыны, Маңғыстауға белгілі дәрігер Шәкенбайдың жиені Жұмабектің жеті-сегіз жасар баласы ауырып, қанша дәрігерге апарса да ем қонбай, содан оның шешесі Қалниязға: «Жәкең ағамыздың емдегенін көрдің ғой, мыналар доғдырдан доғдыр қоймай ештеңе шығара алмады, осы баланы өзің емде» – дейді. Қалнияз келіп қараса, бала әлсіреген, орнынан тұра алмайды. Ол баланың омыртқасының бойын қолымен баса сипап қарап отырса, бір жері бытыр-бытыр етіп қолға байқалады. Сосын «кәкелердің жасайтын емі бар еді, соны жасап берейін» деп келісімін береді. Шаруаның адамы, бұл Жанқұл әкесі сияқты күн тергеп жатпастан емге кіріседі. Дүйсенбі күні қажетті біздерді алып келеді де бұрын әкесінен көрген емін жасайды. Бала шырқырап құлындағы дауысы шығып жылап жатыр, бірақ ем қонуы үшін оған қарамайды. Сол емнен кейін бала құлан-таза айығып кетеді. Қалнияз екінші рет итиден Қаражанбаста шофер болып істейтін Сүлеймен деген жігітті емдеген. Сүлеймен белі ауырып, орнынан тұра алмай, Ақтаудағы ауруханада жиырма төрт күн емделіп жатып шығады. Ауруханадан үйіне келген күннің ертесіне таңертеңгілік белі қайта ауырып орнынан тұра алмай қалып, інісін шақыртады да соның машинасымен ауруханадағы емдеуші дәрігеріне қайтып барып: «Сіз не емдегенсіз, мына белім арада күн өтпей қайта ауырып тұрғызбай тастады, сіздерге не оқытқан өзі! Ақшұқырдағы Қалниязға барғанымда әлдеқашан жазылып кететін едім, жұмыстан қалған күндеріме бюллетень керек болатындықтан амалсыз келіп едім» – деп реніш білдіреді. Кешегі пациентінің сөзі шымбайына батып кеткен дәрігер «Шық кабинеттен, бар сол Қалниязыңа!» демей ме!
Сонда Сүлеймен: «Барамын Қалниязға, дүйсенбі күні келіп, ем жасаудың қалай болатынын көрсетемін» деп кетеді. Бұл сейсенбі күні болған әңгіме. Сүлеймен қасына інісін ертіп, сәрсенбі күні Қалниязға келеді. Оның ауруханадан шыққанын естіген Қалнияз: «Шырағым, сен ай бойы ауруханада жатып, дәрі қабылдадың. Мына аурудан ақи-тақи айығып кетуің үшін кемінде бір апта демалуың керек, қабылдаған дәрілеріңнің күші кетуі қажет, кейінірек кел» – десе, Сүлеймен: «Қалеке, мен дәрігерге сіздің емнің қонымды екенін дәлелдеуім керек, онымен алдағы дүйсенбіде ауруымнан айығып келіп, өзіне көрсетемін деп бәстесіп кеттім, мені қазірден бастап емдеңіз» – деп кетпей, отырып алады. Сонда Қалнияз: «Жарайды, мен сені емдейін. Бірақ, сенің ауруың шамалауымша басқа ауру сияқты. Сен үйіңе барып демал, мен жұма күні таңертең барамын. Егер менің шамалағаным дұрыс болатын болса, ем жасалғаннан соң төрт сағаттан кейін орныңнан тұрып кетесің» – деп оны үйіне қайтарады. Бірақ, Сүлейменге «уайымдап, ауруын тереңдетіңкіреп алар» деген оймен ауруының ити екенін айтпайды. Сүлеймен: «Дүйсенбіде дәрігерге бара аламын ба?» – деп сұрайды.
Е, құдай қаласа, барарсың.
Уәде берген жұма күні Қалнияз Сүлейменнің үйіне барып, тиісті емін жасайды. Төрт сағаттан кейін орнынан тұрған Сүлеймен жуынып, үстін таза шүберекпен сүртіп, дүйсенбі күні дәрігеріне барып, отырып тұрып, өзінің әбден айығып кеткенін көрсетсе керек.
Ол кісінің емдейтінін білсең, әуелден сонда барып, емделмей, басты не қатырып жүрсің, шық! – деп шығарып салады таң қалған дәрігер.
Құрықта тұратын жаңай Оңғарбай деген азамат ауылдасының машинасымен тіркеме тіркеп, түнделетіп үйіне шөп түсіреді де, артынша машинаның жүргізушісі тіркемені алып кетпек болады. Оңғарбайдың әскерге алынғалы отырған Нұран деген баласы тіркеменің машинаға жалғастыратын темірін туралап ұстап тұрса жүргізуші байқаусызда артқа қарай машинаны қатты ытқытып жүргізіп жіберіп балаң жігіт машина мен тіркеме арасына қыстырылып қалады. Бебеулеп бала жатыр, сынықшы іздеп Оңғарбай жүр шапқылап. Қапелімде жақын маңнан қолы жеңіл сынықшы да, көлік те табыла қоя ма, арада бір-екі сағат өткізіп барып, естеріне Қалнияз түсіп, Оңғарбай Ақшұқырдағы Қалниязға аттанып кетеді. Таңғы сағат бесте келіп, сынықшының есігін қағады. Бейсеубет келген ағайыны Оңғарбайдың мезгілсіз уақыттағы келісінен шошыңқырап қалған Қалнияз:
Оңке, не болды, жайшылық па? – деп сұрайды.
Жәй, үйге кірейік, хабарымды сосын айтайын, – деп ішке енген соң Оңғарбай болған жағдайды айтады. – Баланың жағдайы мәз емес, жөткірінгенде қан түкіріп жатыр, – дейді мұңайып.
Ой, Оңке, қорқа бермеңіз, қан түкіргенде тұрған ештеңе жоқ, өкпе деген өте нәзік нәрсе, сынған қабырғаның ұшы тисе де сырқат қан түкіреді. Мен барамын ғой, бірақ, бүгін сенбі, мектепте алты сабағым бар, мектеп директорынан сұранбай қалай кетемін, мені осы жағы қиналтып отыр.
Қалнияз, ол жағын өзім реттеймін, мектеп директоры Әзен құдам емес пе, қазір барып, рұқсат алып беремін, бар сенгенім сен, әуелі құдай, сосын өзің деп келдім.
Жағдайды естіген соң Әзен рұқсат бермей не қылсын, таң ата олар Құрыққа бет алады. Бұлар келсе, сырқаттың жанында Тоқбай деген ағасы отыр екен, Нұран ұйықтап жатыр. Амандық-саулықтан соң Тоқбай: «Ауылдан қашан шықтыңдар?» – деп сұрайды. Жүргізуші Ақшұқырдан шығар кезде сағатына қараған екен, «алтыда шықтық» деп жауап қайырады. Сонда Тоқбай: «Ой, жарықтық-ай, ата аруағының құдіретін қойсайшы, бебеу қағып, тынши алмай жатқан Нұранжан дәл сол алтыда тыныш тауып, ұйықтап кетті» – деп таңданғанын жасыра алмай, ой бөлісіп жатты.
Қалнияз Нұранды сипап қарап, үш қабырғасының сынғанын анықтайды. Жігіт алдағы дүйсенбіде армияға аттануға тиіс екен. Жағдайды екшей келе, Қалнияз Оңғарбайға:
Мен бүгін балаңның сынығын салайын, содан соң ол қозғалмай жатуы керек болады. Өкіметке қағаз керек, оны тек дәрігер ғана бере алады. Дәрігер шақырсаң, олар мұны қарап көрмек болып қозғап жіберуі әбден мүмкін. Сен дәрігерді жексенбі күні кешке қарай шақыр, бірақ, жағдайыңды түсіндіріп баланы қозғамауын өтінерсің, – деп ескертіп, өзі сынықты салады. Содан бала сегіз күн бойы орнынан қозғалмай жатып, сынығы бітіп кетеді, сол сынықтың әсерінен Нұран әскери міндетін өтеуден босатылады.
Әне бір жылдары «Қалнияз сынық салуды қойыпты» деген әңгімелер айтылып жүрді. Осы әңгіменің шығу себебін сұрағанымда, Қалекең бір-екі сынық салу оқиғасын айтып берген еді:
«Ел Қаражібек атандырып кеткен Жібек деген жеңгеміз бар. Сол кісінің қолын түйе шайнап, тас-талқан етіп, соған шақырылдым. Қарасам, сол қолын қарынан шайнап тастапты, кей жерінің сүйегі көрініп түр, қан кетіп жатыр. Жарықшақтанып сынған ашық сынық. Көргенде өзім шошып кеттім. Қан тоқтату үшін сынықтың жоғарғы жағынан таңып байлап тастадым. Сонан кейін ол жеңгеміздің баласы Сүйіндікке: «Мынаны салу қолымнан келмейді, мен лекерлеп сүйектерін орнына қойып, байлап берейін, бірақ, Жәкемді алдырғаның дұрыс» – дедім.
Кемпірдің қолын екі жақтан Сүйіндік пен оның әйелі Биғайшаға тарттырып қойып, сүйектерді орнына қойып жатырмын. Сүйектер тартылып кеткен, орнына келмейді. Бір кезде қолының астыңғы жағынан бір жарқыншақ сүйек жерге түсіп кетті. Адамның сүйегінің аппақ болатынын сонда көрдім. Соны көргенде Сүйіндік шыдай алмай: «Ақ мама-ау, сенің жаның қалай шыдап жатыр!» – деп құлай кетті. Ана жүрегін қойсаңшы, сол кезде кемпір: «Менің боларым болып, бояуым сіңді ғой, Қалниязжан, Сүйіндікжанды ұсташы!» – деп, қолын жұлып алды. Биғайша екеуміз кемпірдің қолын қоя салып, Сүйіндікке су бүркіп, әлекке түстік те қалдық. Артынша кемпірдің де қолын байлап бердім. Біраздан соң Жәкем келді. Байлағанымды шешіп жатып әкем: «Қарағым, мына байлағаның дұрыс емес, сүйектерді қосып байлауың керек» – деп үйретіп жатыр. Мен кесер буыннан байлаған екенмін. Сынықты салып, таңып беріп кетті. Артынан үш-төрт күннен кейін үйге Сүйіндік келіп отыр. «Қалеке, өткенде таңып берген шүберектің астынан ірің шығып тұр» – дейді. «Не дейсің?!» – деп шошып кеттім. Дәрігерге апарса, қолды кеседі. Содан Сүйіндікке еріп, үйіне бардым. Қарасам, шынында іріндеп кетіпті. Жараның байлауын алып, фурацилинмен жуып, спиртпен тазаладым. Өткенде түсіп кеткен сүйектің орны тесік, бар пәле содан шыққан. Содан Жәкеңнің қолдың қарына кигізу үшін жасаған киізінің сол тесіктің тұсына келетін жерін дөңгелетіп ойып алдым. Шешелерінің қолын Биғайша мен Сүйіндікке тарттырып қойдым. Сыртынан ораған ақзон матаны да тесіктің тұсына келген жерін ойып алып отырдым. Сөйтіп, қолдағы тесіктің тұсын ашық қалдыра отырып, Жәкеңнің байлағанындай етіп қайта таңып бердім. Содан екі күн сайын ауылдың дәрігеріне апарып, тесіктің тұсын фурацилинмен жуғызып, тазалатып отырды. Сөйтіп, кемпірдің қолы кесесін ұстап, киімін киюіне жарайтындай болып шор боп бітіп кетті.
Ана бір жылдары кезінде автотресте бас есепші болған бір кісінің әйелі қолын сындырып алып, маған келген. Қарасам, ашық сынық (открытый перелом). Сынығын көрген соң: «Мен мұны салмаймын, ертең гангрена болып кетуі мүмкін» – дедім.
Ойбұй, Қалеке, мен сізге еш талап қоймаймын, сынығын ұстаңызшы! – деп жалынды.
Жоқ, болмайды, сен болмасаң бала-шаға, келіндерің бар, бірі болмаса бірі шағымданып жүрер, жоқ жерден жауапкершілікті мойныма ала алмаймын. Мынау открытый перелом, оны дәрігерге апарғаның жөн – деп, келіспедім. Соның артынша осындай жағдаймен келген бірнеше адамды кейін қайтардым. Шамасы, солардың айтқаны болар, «Қалнияз сынық салғанды қойыпты» деген хабар елге тарап кетіпті. Бұл бекер, сынық салмай, келгендерді кері қайтаруға болмайды. Күні түсіп келіп жатса, әлі де ұстаймын. Ал, открытый перелом болып келгендерді қарамайтынымның себебі, 29 шағынауданда бір келіншектің аяғы екі жерден сынып, жіліншігінің сынған басы терінің сыртына шығып кетіп келді. Соны салғанмын, соның біреуі бір ай дегенде бітіп кетті де, екіншісі бітпей қалыпты. Бұл неге бітпеген деп қарасам, бір жарқыншақ етке кіріп, сол жерді іріңдетіп тұр екен. Соны көрген соң, бұрын адамды орындыққа отырғызып қойып қарайтынмын, бұл жолы әйелді шалқасынан жатқызып қойып, бір-екі әйелге қолын ұстатқан болып, сынықты көлегейлетіп отырып, өйткені әлгі жарықшақты алуым керек және оны алғанымды науқас көрмеуі тиіс, орнын тазалап, фурацилинмен жуып, таңып бердім. Жарықшақты бірден ала алмаймын, екі күн бойы жуып, тазалап, залалсыздандырып барып, тек үшінші күні ғана пинцетпен суырып алдым. Күн аралатып бір ай бойы барып тазалап жүріп, зорға жаздым. Менің де тірлігім бар, жұмысым бар, бұлайша бір сырқатқа байланып қала алмаймын ғой. Сонда айтқанмын, «е, құдай, енді бұдан былай открытый переломды ұстамаспын» деп ант етіп ем деген еді.
Қалнияздың қары атасы Асар «бұл қасиет жеті атаға дейін болады, әрі қарай білмеймін» деген екен, Қалнияз бұл тұқымдағы үшінші ата болып келеді.
«Жалпы бізге ниеті түсіп, ем қонарына сеніп келіп, ұстатса, сынық түседі. Менің әкем Жанқұл, оның туысы Айдарбай, Сисенбай сынық салды, Айдарбайдың Болат деген баласы бар, қазір сынық салады. Тұқымымызда балаларына «сынықты былай етіп сал» деп үйрету болмайды, тек жаратылыстың заңымен ғана ол ұрпаққа беріліп келеді. Балаларымызға адамның жаратылысы мен сүйектердің орналасу тәртібі туралы ғана айтып үйретеміз, әрі қарай олардың сынық салу – салмауы Құдайдың ісі. Қатар отырғанда біз де ет пен сүйектен жаралған жанбыз, бірақ, біреудің басына іс түсіп бізге келіп, олардың сынған жерін ұстағанда ғана әрі қарай не істеу қажеттігі белгілі бола бастайды, ал ол күш, қасиет қайдан беріледі – ол жөнінде ештеңе айта алмаймын. Менің балаларымның ішінде әзір сынық ұстаумен айналысып жүргені жоқ. Бірақ, Серік деген баламның өзінің досы Жанболаттың сұрауы бойынша бір қойының ба, ешкісінің бе аяғын салғаны туралы әлгі баланың әкесі Айжарықтан естігенім бар. Оқиға былай болған. Жанболат қойды айдап келе жатып таспен ұрып, абайсызда бір малдың аяғын сындырып алыпты. Соны әке-шешесі біліп қала ма деп қорқып менің Серік деген балама келеді. «Ойбай, Серік, жүр!» десе, бұл «Не болды?» деп сұрайды. «Біздің үйдің бір қойының аяғы сынып қалды, сен соны байла! Әкем мен шешем білсе, ұрсады». Шамасы, баяғы Шәкіраттың айтқаны ел ауызы арқылы оның да құлағына тиген болуы керек. Серік досына еріп барып, қойының аяғын таңып беріпті. Аяғы таңылған қойды көріп, Айжарық баласынан «мынаған не болды!» деп сұраса, ол «білмеймін, ақсап қалған екен, Серік таңып берді» деп жауап қайырады. Қойдың аяғы ертесіне жазылып, ақсағанын қойыпты».
Ал, ниеті түсіп келсе де сынық өз-өзінен түсе беретініне мына жағдай куә. Ақшұқырда Имашев Ерен деген беріш жігіт болды. Соның 1-2 класс оқитын баласының қолы шығып кетеді. Бұл сенбі күні болған. Ауыл адамының шаруасы біте ме, Қалнияз сол күні түс қайта демалысты пайдаланып, жоғалған малын қарап кеткен. Содан Ерен баласының қолын қаратпақ болып, Қалнияздың үйіне келіп, түн ортасы ауғанша күтеді, бұл келмейді, жексенбі күні күнімен күтеді, Қалнияз әлі жоқ. Түс қайта шырқырап жылаған баласын арқалап, тағы келеді, сынықшы жоқ. Содан: «Апырым-ай, мына бала бүгін де түнімен көз ілмей, жылап шығатын болды-ау!» – деп күйзеліп, баласын үйіне апарып, арқасынан түсірмек болып жатқанда ұлының қолы мұның қолынан шығып кетіп, арқасынан құлап түседі. Сол құлағанда баласының қолы орнына түседі. Ерен бір кездескенде Қалниязға: «Саған артынан неге келмегенімді білесің бе, келудің қажеті болмай қалды, саған ниеттенгенімнен болуы керек, баланың қолы өз-өзінен орнына түсті, бала жазылды» – деп ризашылығын білдіріпті.
5-ТАРАУ: АРЫС
ЛАБАҚ ПЕН ШАБАЙ
Адайлардың Маңғыстауды иеленуіне Атағозының сұсы, Лабақтың найзасының ұшы, жирен аттың күші арқылы қолы жетті.
Ел аузынан
Адайда құнанорыс ауылын «батырлар ауылы» деп санайды. Ру сұраса қалсақ, «құнанорыспын» дегенде, «Е, Шабай екенсің, батыр екенсің» деп жатуы тегіннен тегін айтылмаса керек. «Құнанорыстан ұл туса, дұшпанға күн туар» деген сөздің астарында да үлкен ой жатыр. Шынында Құнанорыс әулетінен жүректі дарабоз батырлар көптеп шыққан, олар Мыңбай мен Лабақ, Дос. Шабай, Есен мен Сүгір, Бердәулет пен Жоламан, Байтуған, Қалмағамбет пен Аманжол, Мырзалы мен Бижан, т.б. айтулы батырлар шыққан. Құнанорыстың батыр болуы – заманында қалыптасқан тарихи және әлеуметтік жағдайдың жемісі. Өйткені, Келімбердінің үлкен ұлы ретінде артынан ерген, әлі буыны қатып бекімеген інілерін, яғни бұл күнде іргелі елге айналған рудың басында тұрған Ақпан, Балықшы, Бұзау, Мұңал мен Тобышты сыртқы жаулардың шапқыншылығынан қорғау ағалары Құнанорыстың маңдайына жазылса керек. Сол жаугершіліктерде Құнанорыстың азаматтары көптеп қырғынға ұшырауына байланысты оның ұрпақтары көп өспеген. Осыны ескеріп, адайдың алқалы жиындарында ақсақалдардың шешімімен құнанорыс руының бір азаматы екі дауыстың иесі болып белгіленіп, құнанорыстар ортадан жиналар салықтан босатылған деседі шежіреші қарттардың әңгімесінде. Жаугершілік, азаматтары жорықта жүргенде ауылын жауға шапқызбау құнанорыстың қыздарын да үнемі жауына тойтарыс беруге дағдыландырған. «Құнанорыстың қыздары да қасқыр боп келеді» деп жатады. Бұл осы рудың қыздарының жүректілігі мен батымдылығына берілген баға. Айта берсек, адайда айтылған мынандай да сөз бар: «Қатын алсаң, Құнанорыстың қызын ал, жаманадай мен көрпенің қызын ал». Құнанорыстың қызын алсаң, отбасың берекелі, ұрпағың тәуір болады. Құнанорыс қызының істеген ісі жұғымды, ол Қызыр көрген, оған қызыр дарыған. Айтылған аңыз бойынша, Құнанорыстың үйіне Қызыр келген. Оның қызы таңертең оянса, тостағандағы сүтке нұр ұйып тұр екен, соны әлгі қыз ішіп қойыпты, міне, содан оған қызыр дарыған екен. Жаманадайдың қызының мінезі жайлы келеді, отбасында ұрыс-керіс болмайды, көрпенің қызы тирақ болады, отбасыңның шаруасы тиянақты болады».
Құнанорыстан батырлар көп шыққан, солардың арасынан Лабақ пен Шабайдың есімдері көбірек аталады.
Құнанорыс Лабақ батыр Жиенқұлұлы бір деректерге қарағанда 1709 –1773 жылдары өмір сүрген. Бірақ, бұл бізге жеткен жырларға қарағанда шындыққа сәйкес келмейтін сияқты. Өйткені шежіреші ақын Өмірзақ Қалбайұлының қазақ пен қалмақ қолының Шаған өзені бойындағы ұрысын жырлаған жырында:
Адайдан Атақозы, Қонай, Лабақ,
Және де Шотан батыр, Айбас, Жанақ,
Ер Шабай сонда он жеті жасында екен,
Басына қонған кезі ерлік-аруақ, –
деуіне қарағанда, Шабай ағасы Лабақпен бірге жорыққа қатынасқан. Ал, бұған дейін келтірілген деректер бойынша Лабақ дүниеден өткенде Шабай бес жасар бала болуы керек еді. Соған қарағанда Лабақтың өлген жылы туралы дерек қате ме деп ойлаймын. Лабақ Жиенқұлға бала болғанда, Шабай шөбере, егер Шабай 1768 жылы туылған деген дерек рас болса, онда 1785 жылы Лабақтың тірі болғаны.
Лабақ батырдың алғашқы жұрт көзіне түсіп, ерлік көрсетуі туралы 1925 жылы туған, өзі де қолына қалам алып газет беттеріне мақалалар жариялап жүретін көзіқарақты кісі, жары Салманов Орынбай ақсақал былайша әңгімелеген еді: «Лабақ пен Шотан құрдас, қатар өскен. Лабақ 14-15 жасында қыс кезінде жоқ қарап жүріп, ескелді Саназардың ауылына келеді. Ауылда төрт-бес жігіт бір нарды пышақтап сойып жатыр екен. Қастарына Лабақ келіп: «Ей, мына нардың терісіне шел кетті ғой, былай тұрыңдар!» – деп нарды жұдырығымен іреп, сойып беріпті. Ол заманда ел аш, теріге артық-ауыс май жіберу ысырап болып саналады. Мұны көріп отырған Саназар мына жігіттің тегін еместігін сезіп: «Әй, құнанорыстың Жиенқұлының мына баласы адайдың әруақты ұлының бірі болғалы тұр ғой, бұдан бірдеңе шығады, батыр болады екен» – деп ой түйіп, оның әкесін шақыртса керек. Шақыртумен келген Жиенқұлға: «Мына күрең құнан дөнен шығайын деп тұр, қысы-жазы баптап бағып отырмын. Кеше балаң келіп кетті, ол адайдың белді азаматы болғалы тұр екен, осы атты бесті шыққанша бағамын, бірақ, ат Лабақтікі» – дейді. Ат бесті шыққанда Лабақты шақыртып: «Ал, шырағым, мін атыңа, түрікпенге бар. Қасыңа қанша адам аласың?» дегенде, Лабақ: «Маған көп адам қажет емес, тек отыз жігіт аламын, көпті басқару қиын, жайылып кетеді, отыз өз уысымдай болады» – депті. Сол сапарда Оңдының алдында Лабақ жүз түрікпенді шауып өлтіріп, адайға танылыпты, бұл оның батыр ретінде алғаш көзге түсуі еді, – дейді.
Ел аузында аңыз болған «Атағозының сұсы, Лабақ батырдың найзасының ұшы, жирен аттың күші» дегенді қалай түсінуге болады? Бұл турасында әркезде баспасөз бетінде жазылып та, айтылып та жүрген мына аңызды келтіре кетсек теріс болмас: Адайлар қоныс іздеп Маңғыстауға соңғы рет, біржола келер алдында бас батыр Атағозы қаңғып жүрген жарлы кейпінде бір жігітті барлауға жібереді. Ол бір жыл түрікпендерге қызмет жасап, керекті мағұлматтарын жинаған соң елге қайтпақ боп еңбегінің ақысын сұраса түрікпендер мазақ етіп, ақысын бермейді. Содан әлгі жігіт бір сайлы арғымақты мініп, бірін жетекке алып, бір түнде қашып шығып, Атағозыға келіп хабарын айтады.
Көп ұзамай түрікпен ханы (түрікпендер ру басы байларын хан деп атайды) Құттықсейіт нөкерлерін ертіп адай елін аралап, Атағозыға қонақ болады. Кетер мезгілі жеткенде: «Қаңғып келген қайыршыңды бір жыл бағып едік, жақсылығымызды білмей, малымызды ұрлап кетті, алғанын қайтар, айып төле!» – десе, Атағозы батыр: «Ол жігіт сен айтқандай ұры емес, еңбегіне тиесілі ақысын алыпты, мұсылман бола тұра жарлы-жақыбай жалшыға қиянат жасадыңдар, кінә өздеріңнен, айып төленбейді» – деп әңгіменің тоқетерін айтады. Ызаға булыққан Құттықсейіт: «Сен қазақтың түндігіңді найзаның ұшымен ашып, мал мен айыпты еселеп алармын!» – деп доқ көрсетіп, аттаныпты. Еліне келген қонағын шабуға болмайды, Атағозы: «Мына түрікпеннің сөзінде зіл бар, қол жинап шауып кетіп жүрмесін. Бір-бірімізге жақын, хабарлы болып отырайық» – деп ескертеді руластарың. Саназар байға: «Жылқыларыңның ішінде тұлпар бар ма?» – десе, Саназар: «Мын жылқының ішінде не барын кім білген, бір жирен бар, бірақ, жуасытылмаған, асау, өзге малға қосылмайды, ет жинап, семірмейді, ауылдың жол жағында оңаша, басын сауырына салып жатады, соны көр» – дейді. Үнемі ат сауырында жүріп, жылқы баққан елдің ұрпағы емес пе, Атағозы да әлгі атты көріп, ұнатып, Саназарға: «Осы жиренді жуасытып, бас білдіріп қой, қырық күннен соң келемін» – деп аттанады. Уәделі уақытта алпыс жігітімен Саназардікіне келіп көрсе, жирен ат екі көзі оттай жанып, шабыс тілеп, оқыранып тұр екен. Алпыс батыр Бесбұлаққа келіп, көз салып қараса, Қарауылкүмбетте соғысқа даярлық жасап, машықтанып жатқан көп әскерді көреді. Атағозы Лабақ батырға: «Жиренге мін де, барып Құттықсейітті алып кел!» – дейді. Лабақ жиренді ерттеп мініп, сауыт-сайман киініп, қаруларын асынып жалғыз өзі шаба жөнеліпті. Шапқан күйі Қарауылкүмбетке келсе мың жарымдай жасақ соғыс өнеріне даярланып, садақ атып, найза салып, дайындалып жатыр екен. Тұлпары жер тарпыған, дулығасы жарқылдап, бес қаруы сай, жүзі суық, алып батырды көріп түрікпендер шоғырланып, тоқтап қалыпты. Лабақ батыр: «Хан қайда?» – деп ақырғанда, батырдың сұсынан сескенгендер Құттықсейітті көрсетеді. Лабақ сөзге келместен ат үстінен еңкейіп, жауырынынан бүріп ұстап, Құттықсейітті көтеріп алып, тақымына басып, кері шаба жөнеледі. Алғашында абдырап қалған түрікпендер сәлден соң ес жиып, хандарын лақша өңгеріп кеткен батырдың соңынан қуғанмен жирен ат жеткізбей кетеді. Тау басында жиналып тұрған алпыс батырды көрген қуғыншылар аттарының басын тартып, тоқтап қалыпты. Шамасы «мың жарымымыз қарап тұрып адайдың жалғыз батырына ханымызды алғыздық, ана алпысына сірә да, шамамыз келмес» деп кері қайтып, Хиуа ханынан көмек сұрайды. Маңғыстауды өз иелігінде ұстап келген Хиуа ханы: «Адайлар Құттықсейітті алып келсін!» – деп хабар жіберген соң, Атағозы батыр бастаған адайлар Құттықсейітті алып барады. Хиуа ханын көріп арқаланған Құттықсейіт хан алдына барып бас ұрып, аяғына жығылып, бағыныштылығын білдіріп, шағымдана бастайды. Оның мұнысын көріп шамына тиген Атағозы батыр: «Құттықсейіт, жалғыз жігіттің тақымында келген сен менің құлымсың, жан керек болса сауғаны менен сұра, аяғыма жығыл» – десе, Хиуа ханын арқаланған ол құлақ аспайды. Ашуы қозып қаһарланған Атағозы Лабаққа: «Шап, басын!» – депті. Дайын тұрған Лабақ сол сәт Құттықсейіттің басын шауып түсіріпті. Атағозы батырдың сұсынан сескеніп, дәрменсіздік көрсеткен Хиуа ханы басылып қалыпты. Мұны көрген түрікпендер асыға кері аттанып, Маңғыстаудан үдере көшіп кеткен екен. Кейінірек ақсақалдар Атағозыдан: «Тәуекел етіп, жауға Лабақтың жалғыз өзін жұмсағаның қалай?» – деп сұрағанда, Атағозы батыр: «Лабақта үш батырдың жүрегіндей жүрек, үш палуанның қайратындай қайрат, жирен атта үш аттың қайраты, төзімділігі, шабысы бар еді, сондықтан тәуекел еттім» – деген екен.
Жоғарыда айтқанымыздай, «құнанорыспын» дегенімізде «е, Шабай екенсіңдер ғой» деп, Шабайды алдымен ауызға алып жатады. Менің ойымша, оның себебі, адай батырларының ерлігін жырлаған ақын-жырауларымыздың Лабаққа қарағанда Шабаймен тұстас, оның ерліктерін өз әкелерінің, яғни сол ерліктердің тірі куәлерінен естіп-біліп, шығармаларына арқау еткенінен болар деп шамалаймын. Қалай дегенмен де, Лабақ батыр әрегеректегі тұлға, оның ерлік істері кейінгілерге ескіріп, біршама ұмытылып жетері сөзсіз. Десек те, Ақтан жыраудың «Найза ұстаған Адайда, ер өткен жоқ Шабайдан» деп жырлағанына қарағанда Шабай бабамыз осал жан болмаған.
Шабай батыр Жиенқұлдан туған Мыңбай батырдың ұлы Қоныстан туған, Жиенқұлға шөбере боп келеді, өмір сүрген уақыты 1768-1846 жылдар делініп жүр. Шабай қазақ жерін сыртқы жаулар басқыншылығынан қорғаған, ерлік істері маңғыстаулық ақын-жыраулардың жырларына арқау болған батыр. Бұл жерде мен Шабайдың бұдан бұрынғы кітаптарда жарияланған деректерін қайталағым келмейді. Сол себепті әр жерде өзім естіген соны деректерді сөз ете кеткенді жөн көрдім.
Жас кезден менің естуімше, Шабай батырдың ауылы Сам өңіріндегі Текебай, Қара, Тәжен, Найзақара құдықтарын мекен еткен. Шабай аласа бойлы, төртпақ денелі адам болған. Екі аяғымен жер тіреп тұра қалғанда алты-жеті нар тұлғалы жігіттер оны орнынан қозғалта алмайды екен. Бірде Шабай құдық басында мал суарып тұрса, басқа рудың екі-үш жігіті келіп, оның құдығынан жылқыларын суармақ болады. Өздерінше құдық басындағы адамды аударып тастамақ болып ұмтылғанда, Шабай құдықтың әйкеліне екі табанын тіреп, қасқайып тұрып алыпты. Әлгілер оны аударып тастамақ болып қанша тырысқанымен ойларын жүзеге асыра алмаса керек. Содан алдарындағы адамның Шабай батыр екенін біліп, кешірім сұрап, жалыныпты.
Өткен ғасырдың соңғы кезеңінде Шабай батырдың жатқан жері ретінде Қарақалпақстанмен шекарадағы Итібай деген жерге үлкен мазар орнатылды. Бірақ, Шабайдың сүйегі дәл сол жерде ме, әлде басқа жерде ме, ғылыми дәлелденген жоқ. Бұл мәселеге байланысты менің де ертеректе бір-екі әңгіме естігенім бар болатын. Оны осы жерде болашақ зерттеушілердің назарын аудармақ мақсатта жазып отырмын. Қалай болғанда да тарихи шындық зерттеушілердің ізденуімен, Шабайдың басына орнатылған құлпытастағы жазуымен анықталып, нақтылануы керек.
2004 жылы Ақжігіт ауылындағы Сана молдадан естіген мына бір әңгімені де оқырмандарымның назарына ұсына кетсем жөн болар: «Кішкентайынан, балалық шақтан өжеттігімен, жүректілігімен көзге түсіп жүрген бала Шабайды ауылдастары сынамақ болып, күн бата үлкен қауым ішінен отын теріп әкелуге жұмсайды. Қазір ғой елдегі кейбір жандардың молаларды жағалап, шырақшы болып, келген-кеткеннің байлағанын алып, малын бағып, қауымға жақын үй салып, жайлап отырғандары. Бұрынырақта жергілікті ел ауылдарын қорымдардан аулағырақ салып, молалардың жанынан өткенде еріндерін кәлимаға келтіріп, сескеніп өтетін. Түн баласы қалың жауынның немесе боранның үскірігіне тап болып, жабық тамдарды паналауға барғаны болмаса екінің бірі мола басына бара бермейтін. Сонымен әлгі сынаушылар Шабайды қас қарая мола басына жұмсамас бұрын бір адамды қауым ішіндегі құлаған көрге жалаңаш ақ кебінге орап жасырып қояды. Бозбала Шабай келіп отынды енді ала бергенде көрдегі дауыс: «Таста отынды!» – деп дауыс береді. Сонда Шабай: «Өліге отын неге керек, көріңде тыныш жата бер» – деп отынды алып, кетуге айналады. Енді ақ кебінді адам көрден шығып, Шабайға тап береді, сонда Шабай қылышын қынынан суырып алып, әлгіге қарсы ұмтылыпты. Шабайдың сұсынан қорыққан ол тұра қашып, қосқа келеді, қостағылар тоқтатса Шабай: «Ерте ме, кеш пе, ол адам өлуге тиіс қой, қынабымнан шыққан қылыш қан төкпей салынбауы керек» – деп, әлгі адамды өлтірмек болады. Сол жерде ақсақалдар араласып, зорға тоқтатса керек. Шабай жауға шапқанда: «Найзақара аттың бағы ма, Шабайдың соры ма?!» – деп шабады екен. Найзақара Шабайдың атының аты. Сам құмындағы Тұрышқа қарай жүрген жолдағы Найзақара жері Шабайдың қонысы екен.
Сол кездері адайлар атақты адамдары өлгенде, Сейсем-ата қауымына жеткізіп қояды екен. Сол үрдіспен Шабайдың да сүйегі Сейсем-атаға қойылды деп айтушы еді елуінші жылдары руы бектеміс Нұрдың немересі Телмағамбеттің Қойшығарасы.
Енді бірде маңғыстаулық жыршы, шежіреші Шыртанов Ізбасардың маған «Шабайдың сүйегі Бұғабайда» дегені бар.
Ескілікті әңгімелерді, шежірелерді жинақтаумен айналысатын есентемір руының жігіті Аманғали бірде: «Шабайдың үлкен әйелі – есентемірдің қызы. Шабайдың балалары – жиендеріміз жорыққа аттанарда нағашыларының ауылынан қол жинайтын болған. Есентемір руының да қосқұлақ деген тақтасы бар. Самдағы Амантұрлы батыр осы есентемірдің қосқұлағы, осындай жорықтың бірінде қаза болған. Бірақ, адайлар оны өздерінің қосқұлағынан шыққан батыр деп жүр. Шабайдың сүйегі ұшқанда деп еститінмін. Шабайдың біздің елмен аралас-құраластығына Ақкиізтоғай бетіндегі Қос Шабай, Жаман Шабай деген жер атаулары да меңзеп тұрғандай. Және бір дерек бойынша, есентемірдің бір адамының әйелі адайдың құнанорыс руының қызы екен, дауысы айқайлағанда көштік жерден естілетін болған, соны Шабайдың тақтасынан деуші еді» –– деген деректің ұшығын шығарғаны бар. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы болатын. Бірақ, оның бұл айтқанына онша мән бере қоймағанмын. Арада үш-төрт жыл өткенде, Бейнеу ауданы атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Нұрғалиев Қуандық Ақтауға көшіп келгеннен кейін бір отырыста: «Менің бір қойын кітапшамда «Адай құнанорыс Шабай біздің нағашымыз болған» деген жазу бар еді, оны қай жерде, кімнен естіп жазғаным есімде жоқ, көшіп жүргенде ол кітапшамның да қайда қалғанын білмеймін, таппай қалдым, бірақ жаңағыдай жазудың болғаны анық» – деп тағы бір сырдың ұшын шығарған еді. Сол кезде баяғы Аманғалидың айтқанының есіме түсе кеткені. Шамасы, осы бір әңгіменің түбінде бір шындықтың нышаны сезілетіндей көрінеді де тұрады. Сондықтан келешекте Бұғабай мен Ұшқан қауымдарынан Шабайдың есімі табылып жатырса, тарихымыздың тағы бір парағы ашылар еді.
Міне, Лабақ пен Шабай батырлар туралы мендегі аздаған дерек осы.
САРЫБЕК ӘУЛИЕ
Құнанорыс Сарыбек Дауқанұлы 1859-1936 жылдарда өмір сүрген. Кезінде дін жолын ұстап, қазіргі Маңғыстау ауданының Үштаған жерінде Дәрмен мекенінде мешіт салып, бала оқытқан, өзіне қасиет қонған жан еді. Ауызекі әңгімелер арқылы жеткен деректер бойынша, толғағы жетіп, босана алмай тұрған әйелдер Сарыбек келсе, тіпті сол үйге маңайласа немесе бас киімін беріп жіберсе де оңай босанады екен. Әділдікті жаны сүйген, айналасындағылардан да ешкімнің ала жібін аттамауды талап еткен. Айтушылардың ауызымен жеткен мына бір жағдай осы айтқанымыздың растығын дәлелдей түспек. Бірде Сарыбектің ауылына жақында көшіп келген бір көршісі қас қарая он-он бес жылқы айдап келеді. Оның түн қата суыт жүрісінің өзі-ақ жылқылардың ұрлық мал екендігін білдіріп тұрса керек. Әлгінің тұн ортасы ауа қуығы байланып, дәреті жүрмейді. Жаны көзіне көрініп, танды ұйқысыз атқызған сорлы Сарекеңе келеді. Оған Сарыбек: «Өзіне жан керек болса, анау төбенің басына шығып, «мынау менің малым емес» деп қайта-қайта айқайла, сонда дәретің жүреді» – дейді. Қаншалықты айқайлағысы келмесе де жанына батқан ауру шыдатсын ба, амалсыз талапты орындауға мәжбүр болады. Сол кезде қуығы ашылып, дәреті жүреді. Оған Сарыбек: «Енді мына алып келген малдарыңды айдап апарып иесіне тапсыр, одан кешірім сұра, болмаса менің алдыма қайта-қайта келуіңе тура келмек» –десе керек. Басқа лажы жоқ әлгі ұры әулиенің айтқанын орындапты.
Кеңес өкіметі орнап, елде молдаларды қудалау басталады. Өткен ғасырдың 30-жылдарында Сарыбек түс көріп, қоныс аудармаса жаман жағдайға тап болатынын біліп, алдымен Темірбаба жеріне көшіп барып, артынан Түрікменстанға қоныс аударады.
Сарыбек Дауқанұлының сүйегі Түрікмен жерінде, Қарабұғаз маңайында жатыр. «Сарыбек әулиеге» күні бүгінге дейін тәу етіп түнеушілер арылған емес. Мына төмендегі әңгімені шежіре қария Нұрұлы Сабытай ақсақалдан естіген едім:
Құнанорыс Сарыбек көзі тірісінде әулиелік көрсеткен адам. Бір сапарда Сарекең жанында үш-төрт жігіт ағасы жолдастары бар, жаяулап, бір ауылға таяп келгенде жолай кездескен есерсоқтау үш жігіт қасындағы адамдарды әй-шәйға қарамай, қамшының астына алыпты. «Құдайларыңды танытайық!» – деп сабай жөнеліпті. Сонда Сарыбек: «Ей, қарақтарым, таныдық, Құдайымызды таныдық, енді қоя қойындар» – десе, еліріп алған біреуі: «қой дейтін кім еді, өзі, ана шалдың өзін сабаңдар!» – дейді. Сол кезде әлгі жігіттердің біреуі келіп, мұны да қамшымен тартып-тартып жіберіпті. Сол кезде Сарыбек қолындағы найзадай аса таяғын алып жіберіп: «Жоқ болың!» –– деп ақырыпты. Сарыбектің қаһарлы үні мен түтігіп кеткен сұсты жүзінен жүректері шайлығып, қорқып кеткен жігіттер тоқтап қалады. Осыдан үш күн өткен соң әлгі жігіттердің біреуі, келесі үш күннен соң екіншісі, тағы үш күннен соң үшіншісі – сөйтіп, үшеуі де өледі. Ел оны Сарыбек әулиеге және оның қасындағы кінәсіз жандарға қол тигізгеннен өлдіге сайыпты.
«Дәрмен» деген жерде Сарыбектің мешіті болған. Ол адамгершілік қасиеті мол жан болды.
Шешемнің әкесі мен дүниеге келген жылы (1921 ж.) бақилық болып, анасы мен үш ағасы сол жылы түрікмен жеріне көшіп, хабарсыз кеткен. Сарыбек шешеме әке орнына әке болып, қамқорлық жасап өткен. Сол себепті де әкем Нұр мен анамның әңгімесінен Сарыбек туралы көп естідім.
Сарекеңнің бір қарындасы болыпты, ол ата-анасынан жетім қалып, ағасының қолында өседі. Сол он жетіге келгенде Сарыбек қарындасын шақырып алып: «Ал, қарағым, саған әкең ашық хат (рұқсат дегені болар) беруі керек еді, амал не, ол ерте қайтты, орнына мен әке болып қалдым ғой, он сегізге шыққан соң саған бұл үйде тұруға болмайды.
Алланың бұйырмысы бойынша өз ұяңды табуың керек. Бұйрық солай, он сегізге толған соң қыз негізгі орнын табуы керек. Ал, сол орынды әке мен шеше билеп, ол жаман болып шықса, олар сенің обалыңа қалады. Сондықтан, бұлай болмас үшін мен бүгін саған әкеңнің орнына ашық хатымды беремін. Қатарларына бар солардың арасынан жігіттермен таныс, өзіңе әбден ұнаған, адамгершілігі жеткілікті деп тапқан адамыңа қосыл. Бірақ, он сегізге шықпай тұрып, бұл үйден кетпейсің, он сегізге шығардан бір-екі күн бұрын маған айтарсың» – депті.
Содан әлгі қарындасы: «Е, ағам ықтияр етті ғой» – деп, шапқылап жүріп, бір жігітпен кеткен де қалған. Қыз кеткенде Сарыбектің кемпірі Жақсыбике ауылда жоқ, қыдырып кеткен екен.
Арада екі-үш күн өткеннен соң бір адам келіп: «Сареке, сіз кешірім етіңіз, алдыңыздан өтпей, бас қосқан екі бала болмай қалды, ауруға ұшырады» – деп кешірім сұрап келсе, Сарыбек: «Е, кешірмей қайтем, кетері кетті ғой. Ертең кемпірім келсін, сонан соң хабарласармыз» – деп келген адамды қайтарып жібереді. Алыстағы ағайынға қыдырыстап кеткен кемпірі айға жуық уақыттан соң келеді. Келген күні үйге түнеп, келесі күні таңертең кемпіріне: «Сен, Жақсыбике, бір тоқтыңды өңгеріп қыздың соңынан бар. Сол балдар болыңқырамай қалған шығар. Бірақ, ол үйден мал да сойғызба, ет те жеме. Өзің апарған тоқтыны сойғызып етін пісір де, өз қолыңмен етті турап, қыз күйеуге өзің бер. Сорпаны да өз қолыңнан бер», – депті.
Тоқтысын өңгеріп кемпір келсе, қыз кемпірден де жаман күйге түскен: бет-ауызы қыртыс-қыртыс, белі бүгіліп, жаман жағдайсыз халде екен. Күйеу жігіт те қу сүйек боп құр сүлдері қалыпты, екеуі де төсек тартып, ауырып жатыр, әке-шешесі жылап-еңіреп отыр. Жақсыбике Сарыбектің айтқанын істеп, қыз күйеуге әлгі әкелген тоқтысының етін жегізіп, сорпасын ішкізеді. Сол күні қонып, таңертең оянса, қыз да, жігіт те айығып, бұрынғы жас қалыптарына келіп ояныпты.
Сарыбектің өзінің де Жаңыл деген жалғыз қызы болды. Сол қызын бір күні ауылдас ағайындарымен бірге шақырып алып: «Ал, қарағым, – депті қызына, – жаратқан Алла маған екі баланы көмекші қылып қолдансын деп беріп еді, сені он сегіз жыл қызықтасын деп беріп еді, міне. биыл он жетіге толып отырсың, сені қызықтайтын бір жылым қалды. Он сегізге шыққанда сен негізгі орныңды табуың керек. Әкенің міндеті саған ашық хат беру. Мен, міне, бүгін саған сол рұқсатымды бергелі отырмын. Бүгіннен бастап қатарларыңмен сөйлес, таныс, сосын ұнатып келіскен адамыңды маған келесі жылы айтарсың» – дейді.
Содан жыл өтеді, әзір еш хабар болмайды, қыз он сегізге толады, әлі ештеңе демейді. Сондай бір күні Сарыбек: «Әй, Нұр, мыңда кел, шапшаң!» – деп осы құнанорыс ауылына күйеу бабық Нұрды шақырып алыпты. «Нұр, менің ұйықтамағаныма бүгін үш күн болды, ана қызымнан хабар жоқ, неғып жүрген адам бұл, бар біл, балдызыңның не ойлағаны бар!», – деп тапсырады.
Нұр балдызы Жаңылдан әзілдеп сұрастырып қараса, оның Сағын деген жарының Досай деген баласымен әңгімесі бар екен, соны айтыпты. Сарыбек естіген соң: «Бар, шақырып кел, Досайды» – деп Нұрды жұмсайды.
Досай келген соң Сарыбек: «Әй, қарағым, Жаңылжанмен өмір қосамын депсің, екеуің қосылсаңдар сен де менің балам боласың-ау, ана Сағын сияқты мен де әкең боламын, шешең сияқты менің кемпірім де шешең болады, бізді әке-шеше деуге қалай қарайсың?» – деп сұрайды. Осылай дегенде әлгі бозбала төмен қарап үндей алмай қалады. Сәлден соң Сарыбек: «Ей, балам, қарағым, үйіңе бара ғой, ұятың бар екен, ұят иманның қабы дейді ғой, бара ғой» – депті. Содан соң жігіттің әкесі Сағынды шақыртыпты. «Әй, Сағынжан, біздің балдарымыз осылай өмірлерін қосамыз депті, ол екеуі өмір қосса біз екеуміз тумалас боламыз. Менің жасым үлкен, сондықтан аға боламын, сен менің інім боласың, осыған қалай қарайсың?» – деп сұрапты. Сонда, Сағын: «Ойбұй, Сарекем-ай, сенімен Құдай туыс қылса, еш арманым жоқ» – деп еңкілдеп жылап жіберіпті.
«Жылама, айналайын, жылама! Бүгін балаларды алып кел!» – деп арқасынан қағып, жұбатыпты Сарекең. Кешке балаларды алып келіп, бір ешкісін сойып, түнімен әңгіме-дүкен құрып, таңертең аттандырып жіберіпті.
Барлығы бір жерде қоныстас отырған адамдар ғой, Сағын жеті-сегіз күнде құдасын шақырыпты, Жақсыбикеге «сүт ақың» деп өзінің жалғыз боталы түйесін арнапты. Соны естігенде Сарыбек Сағынға ақырып жіберіпті: «Не айтып отырсың, сен! Өткенде екеуміз туыс боламыз дегенім қайда?! Мен аға, сен іні болған жоқ па едік. Бұл үйде Досай мен Жаңыл екі балам болды, өз үйімде екі балам бар. Мына екі баламдағыны алып барып, ана екі баламды бай қыламын ба, тоқтат әңгімені!» – деп ұрсып тастаса керек. Сағын: «Сареке, енді бұл елдің дағдысы ғой...» — дей бергенде: «Елдің дағдысын қой! Біз екеуміз туыс болған соң сенікі, менікі болмауы керек. Егер мен біреуге бере жақ болып, өзімде болмай сенікін сұраусыз алып, артынан айтып қарызымды өтесем, немесе сен мендегіні сұраусыз алып, қарызыңды өтесең ренжімейтін – бір-бірімізге туыстығымыз осылай болсын» – депті. Қарап отырсаң, бұл да біздің қазақтың бұрын-сонды жасамаған жоралғысы ғой.
Сарыбек мешіт салды. Ел оның қасиетті кісі екенін білді, зекетті осы кісіге әкеліп беретін болған. Сонда бұлар он үй құнанорыс, Нұрдың үйі және бір ауру қызын емдетемін деп көшіп келіп, қызы өлген соң осы ауылда қалып қойған бір тоқабай руының шалы мен кемпірінің үйі – барлығы он екі үй боп бірге отырыпты. Сарекең келген малды қаншадан келсе де осы он екі үйге тең бөліп береді екен. Ал, енді біреулеріне бір-екі мал жетпей қалса, келесі келгенде оларға артықтау беріп, теңестіріп отырған. Ірі-қараны сойып жіберіп, оны да тең бөліп беріп отырады. Байлық жимаған. Бірде кемпірі: «Жұрттың молдасының бәрі байып кетті, сен келген малды елге үлестірумен жүрсің, ертең таңертең жейтін тамақ жоқ осы үйде» – деп пенделікке берілсе, Сарекең аз уақыт үнсіз отырып қалыпты, бір кезде ештеңе болмағандай: «Жақсыбике, кеше көйлек-дамбалымды шешіп едім, соны жушы» – депті. Кемпірі ештеңе ойламастан оның кір киімдерін жуып, суын төккелі жатса: «Тоқта-тоқта, төкпе, ана ыдысқа құйып қой. Енді өзіңнің көйлек-дамбалыңды жу!» – дейді. Оның да суын төккізбей, әлгі ыдысқа құйдырады. Кірдің суын қазанға құйдырып: «Бар нәрсеңді осыған салып ас, ертеңге жоқ болса, бүгін осылармен кетсін, ас» – деп бұйырыпты. Кемпірі: «Ойбұй, не айтып отырсың, бұл екеуміздің үстімізден түскен кір ғой, оған қалай ет асамын!» – дейді шыр-пыр етіп. Сарыбек: «Сен не айтып отырсың, мына келіп жатқан мал да бізге берілген елдің кірі ғой, оны да ішіп-жеп келген жоқпыз ба?! Мен мына он бір үйге үлестіру арқылы сол кірді жойып отырған жоқпын ба? Екінші рет осы әңгімеңді естіртуші болма!» – депті. Бұл да – бұрын бір қазақ жасамаған ғибратты қимыл.
1928 жыл. Бұл кезде кеңес өкіметінің молдаларды қойдай қуған белсенділерінің әрекетіне шыдамаған Сарыбек Түрікменстанға көшіп кеткен болатын. Осы жылы бабық Нұр балықшылық кәсіппен айналыспақ болып Кендірлі бетіне көшіп келіп, Темірбаба маңында қыстап шығады. Сол жылғы қараша айыңда Сарыбек те қолындағы келінімен осы ауылға көшіп келіп, қоныстанады. Сабытай бұл кезде жеті жасар бала, Сарыбекті сонда көріп, танып-білген. Ол көшіп келгенде үстіңде алты қанат шамасындағы үйі болған, бірақ ішінде ескілеу төсеніші мен сондай жамылатын көрпесінен басқа дымы болмапты.
Сол жылы, 1928-29 жылдың қысында он бір кісі орыстардан құрылған экспедиция келіп, ауылдан әудем жерде палатка тігіп, қоныстанған. Олардың тілін түсінер ауылда адам жоқ. Нұрдың үйінде бір-екі сауын түйесі болды, Сабытай әлгі экспедицияға сүт апарып береді, олар оған кәмпит, печенье секілді ауылда кездесе бермейтін нәрселер береді.
«Бір күні таңертең Сарекең әлгі орыстарға кетіп, түсте оралды, – деп еске алды Сабытай, – келген соң әкеме: «Әй, мерген, мына көршілерге барып, жолығып келдім. Бұлар кәменестер екен, бағыт-бағдарын, алдағы мақсаттарын сұрап білдім. Пай, шіркін-ай, мақсаттары Мұхамбет пайғамбарымның мақсатынан тіпті аумайды екен. Егер барлық кәменестер осындай болатын болса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туар еді-ау, ай, шіркін-ай, біреуі былай, біреуі олай, ертең бұрып кетеді дағы, пайғамбарымның жолынан аумайды екен» – деді. Бала болсам да осы айтқаны есімде қалды, кейін ақыл тоқтатқан кезде сол әңгімені есіме түсіріп, орыстардың әңгімесін толық түсінгеніне қарағанда Сарекем орысша білетін болған-ау деп шамаладым».
Міне, тірісінде ел аузында әулие атанған құнанорыс Сарыбек әулие туралы Сабытай ақсақалдан жазып алып қалған дерегім осы еді.
Ж. МЫҢБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ СТАЛИН
«Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Жалау Мыңбайұлы И.В.Сталиннің өзімен жеке таныс болған». Осы сөзді естігенде алғашында өз құлағыма өзім сенбедім.
Бұл әңгімені 2008 жылы ортаншы ағам Өтелген дүниеден озып, соның кезекті бір қадесін өткізбекке Шетпеге барып қонаға жатқанымызда, үлкен ағам Ізбасқанның аузынан естіген едім. Ойымызға өткен-кеткен оқиғалар оралып, екеуміздің де ұйқымыз келе қоймай, естіп-білгені мен көргені көп ағамнан ағайын-тумаларымыздың басынан өткерген тарихы мен шежіре туралы ананы-мынаны сұрап, әңгімелесіп жатқанбыз. Бір кезде жақау руындағы бай апа-жездесінің қолында жүргенде әкеміз Нұржаубайға кәнпеске жөніндегі комиссия төрағасы Орынбасар Дауыловтың мал бөліп бергендігі туралы айта келе, ағам жоғарыдағы жайдың ұшын қылтитқан еді. Мен алтын желінің шетін ұстағандай боп сол әңгімесіне жабыса түстім.
«Шынында Жалау әкеміз Сталинмен таныс болды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, 1965, әлде 1966 жыл ма, есімде қалмапты, республикалық «Социалистік Қазақстан» немесе Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газеттерінің бірінде орталарында Сталин бар көп адам болып түскен бір сурет жарияланды. Сол суретті көріп отырып, мырзагелді Бәйімбет деген шал Сталиннің жанында отырған адамды көрсетіп: «Апырым-ау, мынау Жалау ғой! Сен Жалау әкеңді білуші ме едің?» – деп сұрағаны бар. Шынымды айтсам, мен ол кезде Жалаудың кім екенін көп білмеуші де едім.
Бәйімбет: «Жалау Мыңбай баласы Кетіктегі кеңес өкіметін басқарған, артынан бүкіл Қазақстанды басқарған үлкен кісі, сендерге әке болады, руы құнанорыс. Біз Захардың тұз өндірген кәсіпшілігінде арба айдап, бірге жұмыс жасағанбыз. Сол жылдары орысша жақсы сөйлейтін Жалау кемемен Махашқала, Баку, Астрахан беттеріне тұз, балық тапсыруға да барып келіп жүретін. Сондай сапарларынан келгенде кейбір оңаша қалған сәттерде «көп ұзамай елде кедейлердің күні туады, жақсы заман орнайды» деуші еді. Өзі қажарлы, айналасындағыларға қайырымы мол азамат болатын. Біздей емес орысшаға жүйрік, жер ауып келіп, қара жұмыста жүрген орыстармен көп сөйлесетін. Қазақты қара жұмысқа ала бастағанда, мен елге кетіп қалдым. Ауылда ағам Қонақбай үлкен молда, біз соны сағалап, күнкөрісімізді жасап жүрген жан едік қой. Жалаумен жақсы жолдас болдық. Жалау өткір, батыл жігіт, тіпті Сталинмен де таныс болды. Кейінірек қала шығып, Кетікке барғанда Жалаумен тағы бір рет кездесіп, әңгімелескенім бар. Сонда ол «ертеректе Бакуге барып жүргенде Сталинмен танысып едім» дегені есімде қалыпты. Артынан ел басынан небір зұлматтар өтті, аузына ие бола алмағандар бір ауыз сөзі үшін ұсталып кетіп жатты. Кіммен таныс болдық кіммен жолдас болдық, айтуға қорқатын болдық қой. Сеңдердің Жалауды білмеулерің де соның әсері. Ал, мына суреттегі сол Жалаудың дәл өзі, бұрын ол туралы айтылмаушы еді, шамасы жақсылық бір жағдай болған-ау» – деп еді.
Әңгіме сол жерде айтылды, колхоздың, артынан кеңшардың түрлі қым-қуыт жұмыстарымен жүргенімізде артын біреу қаузап сұрап жатпаған соң естіген көп әңгіменің бірі ретіңде ол ұмытылып та кеткен-ді. Кейінірек жұмыс бабымен Түпқараған ауданында қызмет жасап жүргенде, Жазмағамбет, Өмір, т.б. ағайындардың арасында болғанымда естігенім, Жалау өкіметті басқарып тұрғанда бір келген сапарында ағайындарды жинап: «Қазір менің қолымда мүмкіндігім бар болып тұрғанда Тараз, Алматы жақтардан жер алып беріп, қоныстандырайын, сол жақтарға көшіріп, тұрмыстарыңды түзеуге көмектесейін» – деген екен, оған ақсақалдарымыз: «Ата қоныстан ұзап не аламыз, ниетіңе рахмет» – деп ыңғай бермепті дегенді естідім, – деп Ізекем әңгімесін аяқтаған еді.
Жалау Мыңбайұлы туралы «Жалындап өткен жас ғұмыр» деген кітабында марқұм Сейсен Демеубай да «Ел арасында «Жалау Сталинмен таныс болған» деп айтылады» деп көрсетеді. Әрине, Ресейге қарасты болған автономиялы елдің басшысы Сталинмен көрісіп білісуі заңды құбылыс. Бірақ, жоғарыдағы әңгімелердің айтылуы мұндай таныстық жөнінде болмаса керек. Аталған жайдың ел аузында айтылуы Сталин мен Жалаудың ел басшылары ретінде емес, одан гөрі жақынырақ таныстығы жөнінде болып отырған сияқты. «Халық айтса, қалп айтпайды» демекші, енді осы мәселеге ойша барлау жасап қарасақ, Сталин мен Жалау Мыңбайұлының өзара таныстығы Жалаудың мемлекет басшылығына келуінен көп бұрын болған деп болжауымызға негіз береді. Өйткені, Маңғыстау уезі әкімшілік-территориялық жағынан патшалық Ресей кезінде бір мезгіл Тбилисиге, енді бір мезгіл Ашхабадқа бағынышты болып келді. Сталин болса революциялық күресінің біраз мезгілін Кавказ сырты елдерінде жүргізді, 1907-1910 жылдары оның құпия революциялық жұмыстары мына тұрған Бакуде өтті. Бакуде жүріп қолға түсіп, жер аударылды. Бұл туралы 1989 жылы Мәскеуде басылып шыққан венгер ғалымдары Ласло Белади мен Тамаш Краустің «Сталин» деген еңбегінің 35-бетінде былай деп көрсетілген: «1907 және 1910 жылдар аралығында түрме мен айдауда болған 15 айды қоспағанда Қоба Бакуде кәсіподақ жетекшісі болып істеді» (аударма біздікі).
Жоғарыда аталған Сейсен Демеубайдың еңбегінде 1908 жылы Ж. Мыңбаев, Н. Оңғалбаевтардың жетекшілік жасауымен Форт пен Николаевскіде тұзшылар, балықшылар, жүк тасушылардың жасырын төңкерістік үйірмелерін ұйымдастырғаны, 1916 жылы Жалаудың тұз кәсіпшілігі жұмысшыларының кәсіподағын басқарғандығы әңгіме болады. Және Сейсен жер ауып келген Клавдия Живетинаның «Ташкенттен жер ауып келген саяси сенімсіздер Меер Соснов пен Иосиф Прачицкийдің осында бұрын келген Раймонд Комстың үйінде тұрып, олардың жатар орнына жергілікті жастар Жалау, Сыдық, Нұрсұлтан, Төлесіндердің күн құрғатпай келіп, олармен бірге түнімен отырып қобыз тартып, «Марсельеза», «Интернационал» әндерін шырқайтыны» туралы естелігін келтірген. Оның үстіне Жалаумен жұмыстас болған Бәйімбеттің әңгімесінен Жалаудың тұз, балық, т.б. өнімдерді тапсыруға Кавказдың қалаларына жіберіліп отырғанын естіп-білдік. Кетік қаласы патшалық Ресейдің саяси сенімсіз адамдарды жер аударатын орындарының бірі болғандығын және олардың осы өлкедегі көзі ашық жұмысшы адамдармен тікелей байланыста болу мүмкіндігі болғанын ескерер болсақ, «көп ұзамай елде жақсы заман орнайды, кедейлердің күні туады» деп жүрген Жалаудың сол сапарларында Бакудегі кәсіподақ жетекшісі Сталинмен кездесіп, ақыл-кеңесін алуы, оның революциялық көзқарасының ықпалына түсуін әсте жоққа шығаруға болмас. Кәсіпкерлердің сырттан жұмысшы күшін пайдаланбас үшін кемелермен өз жұмысшыларын сапарға жіберіп отыратынын ескерсек, Жалау да сондай сапарларының бірінде порттағы болған келіспеушіліктен немесе басқа да тәртіп бұзушылықпен жандармдар қолына түсіп, уақытша қамау камерасында Сталинмен аз ғана уақыт жолы түйісу мүмкіндігін жоққа шығара алмаспыз.
Ал, оның осы жылдар ішінде Сталинмен кездесуін, таныс-біліс болу мүмкіндігін жоққа шығарған күннің өзіңде, ол екеуінің 1918- 1919 жылдары тағы да сол Бакуде кездесіп, танысып-білісу мүмкіндігі болған. Олай дейтініміз, жоғарыда аталған венгер ғалымдары кітабының 70-бетінде былай деп жазылыпты: «...1918 жылғы 29 мамырда Халық Комиссарлар Кеңесі Сталинді Ресейдің оңтүстік аймақтарындағы азық-түлік ісінің жетекшісі етіп тағайындап, оған төтенше өкілдіктер берді... 10 шілдеде ол Ленинге тағы да хат жолдап, өзінің өкілдігін кеңейтуді сұрады: «Азық-түлік мәселесі әскери мәселелермен тығыз байланысты. Істің дұрыс шешімін табу үшін маған әскери өкілдіктер де берілуі қажет...». Әрі қарай осы еңбектен: «...19 шілдеде Солтүстік-Кавказ әскери округінің Әскери кеңесі құрылып, Сталин оның төрағасы болып тағайындалды...» – деп оқимыз. Яғни, бұл Сталин Кавказдағы азық-түлік және әскери мәселелерді өз қолына шоғырландырды деген сөз.
Енді «Жалындап өткен жас ғұмыр» кітабының 42-бетіндегі «. .. 28 наурыз күні Ж. Мыңбаевтың өзі де совдепке өтініш беріп, әскери білім мүшелігінен босатуды сұраған. Оның себебін ол азық-түлік секциясындағы жұмысының бастан асып жатқандығы және әскери білімінің жетіспейтіндігімен түсіндіреді... Астық өніміне деген тапшылық империяның басқа аудандарынан: Орталық Ресейден, Солтүстік Кавказдан, Сібірден және көршілес Персия мен Бұхарадан әкелінетін астық есебінен өтелетін...», 44-беттегі «...уездік совдептің азық-түлік бөлімі... бастығы М. Капканщиков, орынбасары Ж. Мыңбаев», 46-беттегі «...1918 жылдың аяғына қарай ...уездік азық-түлік бөліміне азық-түлік алып тасымалдайтын бағытты өзгертуге тура келді. Енді Баку, Петровск, Красноводск, Дербент, Кизляр, Грозный, Астрахан, Самара, Мәскеу бағыттарына үміт артылды...» деген жолдарға зер сала оқитын болсақ, Сталин мен Жалаудың Маңғыстауға азық-түлік бөліп жіберу мәселесінде кездеспеуі тіптен мүмкін еместей көрінеді. Азық-түлік мәселесі революция жылдарында Ресейге қарасты жерлердің барлығында да мәз болмағаны белгілі. Олай болса, теңіздің арғы жағынан «қазақтар келген екен» деп әзербайжан бауырлардың еш кедергісіз азық-түлік тиеп жібере салмасы дау тудырмас деп ойлаймын. Осындай жағдайда тапсырылған істі жеріне жеткізе орындауды мақсат санайтын, алған бетінен қайтпайтын, батыл қадамдар жасауға әрдайым даяр Жалаудың мәселені шешу үшін жоғарғы басшылыққа, яғни Сталинге дейін баруы әбден мүмкін жағдай.
Мұндай кездесулер бола қалған күнде тек таптық белгісі ғана емес, сонымен қатар тағдырлары да ұқсас, яғни әкелерінен ерте айырылып, аналарының тілеуімен екеуі де орыс мектептерінде оқып білім алған, жұмысшылар кәсіподағын басқарған, революциялық ұйымдар құрған (Сталин 1898 жылдан фузиндердің «Месаме даси» социал-демократиялық ұйымының мүшесі, Бакудегі құпия баспахананы құрушылардың бірі, Жалау - жастардың «Бірлік» одағы, балықшы, тұзшылардың жасырын төңкерістік ұйымдарында болған), мінездері қызба Сталин мен Жалаудың өзара түсінісіп, тіптен достасып кетуі де ықтимал.
Екеуі кездесіп, таныс болған жағдайда Сталиннің Жалауға назар аударып, оның болашағынан үміт күтері даусыз. Өйткені, саяси күрестің небір асуларынан өткен, азамат соғысын басқарып, тәжірибе жинақтаған Сталиннің болашақ жас мемлекет үшін жергілікті жерлерден кадрлар сайлай жүруі әбден заңды құбылыс. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да кеңестік идеология әсерінен тыс тұрған венгерлік ғалымдардың осы жөніндегі пікірлеріне сүйеніп көрелік: «...Азамат соғысы майдандарында өткізген жылдары Сталиннің көп тәжірибе жинақтап, оларың кейін пайдалануына мүмкіндіктер берді... Қиын сәттерде Саяси Бюроның басқа мүшелері де майданға араласты, бірақ, олардың бірде-бірі жергілікті партия және кеңес жетекшілерін Сталин танып білгендей біле алмады...
... Соңғы кезеңге дейін екі халық комиссариатын басқарып және партияның екі басқару ұйымына мүше боп үлгірген Сталин партия аппаратының болашақ жетекшісі ретінде көптеген жергілікті қызметкерлер мен орындаушыларды, болашақ одақтастарын тани білді. Осы екі жыл ішінде өзінің жеке кадрларының резервін анықтап алды...» деп жазады.
Осы авторлардың жазуы бойынша «шығыс республикалар мен облыстарда зиялылар, ойлы адамдар, оны айтпағанда сауаты бар жандар соншалықты аз, оларды саусақпен санауға болады, сондықтан да оларды қалай бағаламасқа?» дейді Сталиннің өзі (100-бетте).
Ендеше, жалындап жанып тұрған қазақтың орысша сауатты, қайсар Жалауы Сталиннің болашақ мемлекет қызметкері болады-ау деген резервінен орын алмауы мүмкін бе?! Міне, Сталин мен Жалау Мыңбайұлының таныстығы 1907-10 немесе 1918 жылдары басталған болуы керек деп болжауымызға осы жайлар әсер етпек.
Сондай-ақ, Жалау Мыңбайұлы Қазақ автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметінен аластатылған сәтте-ақ өзіне үнемі қарсы боп келген Жалауды Республика партия комитетінің хатшысы Ф. Голощекиннің бірден соттатып жібере алмауы да оның Сталиннің өзімен жеке таныстығынан болған деген болжамды растай түсетіндей. Оның үстіне кезінде Қазатком төрағасы қызметіне Жалаудың кандидатурасын сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетінің ұйымдық-партиялық бөлім меңгерушісі Н. Ежовтың ұсынғаны белгілі. Ал, ол болса бүкіл елдегі репрессияны бастаушы НКВД бастығы. Бұл жағдай да бірден Жалаудың үстінен қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік бермесі дау тудырмайды.
Маңғыстаудан шыққан мемлекет қайраткері, Қазақ республикасының тұңғыш өкімет басшысы Жалау Мыңбайұлының облыс орталығы Ақтау қаласында ескерткіші орнатылып, туған жер төсіне оралғанына да көп болған жоқ. Жылдар бойы өзі іргетасын қалаған мемлекетінің теріс саясатының құрбаны болып, есімі көпке белгісіз болып келген арыстың өмірінің бір сәті туралы жұртшылықты таныстыру мақсатында осы мақаланы жазуды қолға алдық. Жалау Мыңбайұлын халқымен кеңінен таныстыру мақсатында әлі талай мақалалардың жарық көретініне сенімдіміз.
ТАҒЫ ДА Ж. МЫҢБАЙҰЛЫ МЕН И. СТАЛИН ТУРАЛЫ
Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының И.В. Сталинмен жеке таныстығы туралы ойларымды қағазға түсіріп, облыстық «Маңғыстау» газетіне ұсынғаным сол екен, менің ойларымның дұрыстығына дәлел боларлықтай жаңа бір дерек алдымнан қылаң бергені. Ол, ақын інім Сабыр Адайдың: «Аға, сіздің ойыңызды қуаттар бір дерек Ұлықпанов Қайырбек деген ақын ағамыздың қолында. Жалау әкеміз Сталинмен жәй ғана таныс болмаған, ол онымен түрмеде бір камерада аз ғана уақыт бірге де отырған» – демесі бар ма!
Мына дерек үйде отырғызбай, тегі атыраулық, шеркеш руының азаматы Қайырбекті іздеп табуыма себепші болды. Мың болғыр Қайрекем қолда барын бәлсінбей, қағазға түсіріп, қолыма берді. Енді сол әңгімені оқырман назарына ұсынбақпын:
«Мен сізге айтқалы отырған әңгімемді 2006 жылы жаз мезгілінде елге демалысқа барып жүріп, Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Мұқыр елді мекенінде тұратын соғыс ардагері Жаманғараев Жұмағали ақсақалдың аузынан естіген едім. Ол кісі 1946 жылы соғыстан оралған соң Мұқырда темір жол саласында жұмыс жасаған, менің әкем Ұлықпанұлы Түсекенді жақсы білетін болып шықты. Ал, әкем Гурьев асыл тұқымды қаракөл қойы зауытының директоры болып қызмет атқарған еді. Осы Жұмағали ақсақал Жалау Мыңбайұлы ҚазЦИК-тің төрағалығынан босап, Гурьев округтік атқару комитетінің төрағасы болып келгенде, осы округте НКВД бастығы болып қызмет атқарған Қабыл Құлкенов деген азаматтың Жалау туралы айтқандарын естіп-біліпті. Қабыл Құлкеновтің әйелі шеркеш руының қызы екен, баласы Қабдеш осы Жұмағалимен тату дос болған, оның үстіне бұлардың нағашылы жиендігі де жақын болса керек. Сол себепті бұлардың отбасылары аралас-құралас болған. Қабыл Құлкеновтың айтуына қарағанда, Жалау Гурьевке қызметке келген соң онымен тығыз байланыста болыпты. Өзара әңгімелерінің бірінде Жалау Мыңбайұлы Қ.Құлкеновке өзінің И.В. Сталинмен таныс-біліс болғандығын, төңкеріске дейін Кавказдың түрмесінде аз ғана уақыт онымен бірге отырғандығы туралы сыр ғып айтқан көрінеді. Ол Жалаудың 18-25 жас шамасындағы кезі, кемемен Кавказға барып, сауда-саттық, кірешілік жұмыстарға араласып жүрген кездері болса керек. Қабыл Құлкеновтен естуі бойынша, Жұмағали ақсақал әңгімелеген Жалау туралы тағы бір дерек әңгімесі Жалаудың Ф.И. Голощекинді ұрып жыққандығы жөнінде болыпты. Қазақстан Өлкелік партия комитетінің хатшысы Филипп Исаевич Голощекин 1926 жылдың күз айларының соңдарында, күздің қысқа айналар кезі болса керек, Қазақ Автономиялық кеңестік социалистік республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Жалау Мыңбайұлын кабинетіне шақырып алып, жедел түрде ортадан жоғары шаруашылығы бар қазақтардан бастап олардан да ауқаттылығының малдарын сыпырып алып, иелерін дүние-мүлкін кәнпескелеуге ұшыратып, жер аударуға тапсырма береді. Жалау Ф.Голощекиннің бұл тапсырмасына зығырданы қайнап тұрса да шыдамдылық көрсетіп, одан бұл істің орындалуын келесі жылдың көктемі туғанша кідірте тұруды сұрайды. Және байлардың малын қазір, яғни қысқа таяу жинап алса, оларды қыстан аман шығарудың қиындығын алға тартады. Оның үстіне тек мал қырылып қоймайды, малдан айырылған халықтың да қырылатындығын сөзіне желеу етеді. Бұрыннан да көптеген мәселелер бойынша пікірлері кереғар болып жүрген Ф.Голощекин Жалаудың айтқандарын құлағына да ілместен, керісінше орындықта отырған Жалаудың алдын әрлі-берлі кезіп жүріп, оны балағаттап, «контрсың өкімет пен партия саясатына қарсы шықтың, ұлтшылсың» деп жер-жебіріне жетеді. Айтқан уәжін тыңдата алмай, оның үстіне жеке басына балағат естігенге шыдамы таусылған Ж. Мыңбайұлы бір сәт аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, көлбеңдеп жүрген Голощекиңді құлақ шекеден бір ұрып, ұшырып жібереді. Қайратты жігіттің соққысынан мұрттай ұшқан Голощекин екі-үш минуттай есінен танып қалып, бір мезгілде есін жиып, еңбектеп барып, столының астында тұрған бір тетікті басып қалғанда, ар жағынан: «Филипп Исаевич, не болып қалды?» – деген Сталиннің сабырлы үні естіледі. Қол-аяғы дірілдей орындығына отыра берген Голощекин орнынан атып тұрып, стол үстінде тұрған микрофонды алып, өзін кабинетінде Жалау Мыңбаевтың ұрып-соққандығын баяндайды. Сол сәтте Сталин: «Байланыс желісінің тұтқасын Мыңбаев жолдасқа беріңіз!» – деп бұйырады. Телефон арқылы Жалаумен амандасып, мән-жәйға қаныққан И.В. Сталин Жалау Мыңбаевтың тез арада Мәскеуге келуіне бұйрық береді.
Мәскеуге келген Жалау Мыңбайұлын Сталин жеке қабылдап, оның Голощекинді ұруының себебін сұрағанда, Жалау: «Оның берген тапсырмасының арты неге соқтырарын, оның айтқанын жасасақ малды да, халықты да қырып алатындығымызды түсіндірсем, тыңдамай өзімді балағаттап, нойыстық көрсетті, сол себепті ұрдым» – деп, және «Қазақ өлкелік партия комитеті басшылығына ақылсыз, ұрда-жық Голощекиннен басқа адам жоқ па?» деген ойын да білдірсе керек. Сталин оған сәл жымия қарап: «Жақсы, Жалау, сен Голощекинмен бірге жұмыс істей алмайды екенсің, өзіңнің туып-өскен ауылыңа жақындап жұмыс істе» – деп Ж. Мыңбаевты Гурьев округі атқару комитеті төрағасы қызметіне ауыстыртқан екен.
Бірақ, сұрқия саясат өз дегенін істемей қоймады. Елде Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген жымысқы талабы орындалып, кәнпескелеу науқаны жүріп, қолда бар малынан айырылған қазақ халқы аштықтан қырылды. Жалау сияқты саналы, ойын ашық айта алатын, сауатты қазақ азаматтары қудаланып, «халық жауы» деп танылып, айдалды, атылды, елдің тоз-тозы шықты.
Жалау Мыңбайұлы Қабылдың айтуынша ұзын бойлы, батыр тұлғалы ірі кісі және денсаулығы да мықты адам болған. Олай дейтінім, орыстың бұрынғы балық аулатқан көпесінің салдырған үйінде тұрған НКВД бастығы Қабыл оны әйелімен қосып үйлеріне шақырып, қонақасы беріп, құрмет көрсеткен екен. Қабылды таң қалдырғаны сол, ол өзі ертесіне ішілген ішімдіктен басы ауырып, түске дейін жұмысына бара алмаған кезде дастархан басында бірге болған Жалау Қабыл інісінің кабинетіне телефон шалып, ештеңе болмағандай қалыпты дауысымен оның жағдайын сұраған көрінеді». Міне, Қайырбек Ұлықпановтың Жұмағали ақсақалдан естіген әңгімесінің ұзын-ырғасы осыңдай. Біздің ойымызша, жоғарыдағы фактіні айтқанда тәжірибелі чекист мәселенің ішімдік жөнінде емес, Жалаудың денсаулығының мықты екенінен хабар беріп, бүркемеленген түрде оның өлімінің аурудан болмағандығын меңзегісі келгендей көрінеді де тұрады.
Осы жерде айтпағымыз, Жалау балық және тұз кәсіпшіліктерінде жұмыс жасап жүрген мезгілдерде Баку, Мақашқала, Астрахань қалаларына өнім өткізуге кемемен барып-келіп тұрғанын бұрын да әңгіме еткенбіз. Сондай сапарларының бірінде жастайынан қара жұмыс жасап, қайраты тасып тұрған, басынан сөз асырмайтын намысқой, қайсар, жас жігіт төбелеске ұрынып немесе басқалай да тәртіп бұзуы салдарынан жандармдардың қолына түсіп қалуы әбден мүмкін. Міне, ел ішіндегі «Жалау Сталинмен таныс болған» деген әңгімені және Қ. Құлкеновтың «Жалау төңкеріске дейін Сталинмен түрмеде бір отырды» деуін ескерер болсақ, тергеуге дейін қамауға алынған Жалау сол жылдары (1907-10 ж.ж.) қолға түсіп, тергеу камерасына қамалған И. Сталинмен бір камераға тап болған болар деп шамалауымызға мүмкіндік берсе керек.
Ж. Мыңбайұлының Кеңес өкіметін құптап қарсы алып, Маңғыстау өлкесінде кеңес өкіметін орнатып, нығайтуға белсене араласуына Сталин сияқты большевикпен кездесіп, ой бөлісуі, оның ұстанған саяси бағытының ықпалына түсуі де себеп болған болар деп шамаласақ қателеспеспіз. Оның үстіне, бұрынғы кеңестік аймақтың басқа елдерін білмеймін, нақ Маңғыстау өлкесінде бай мен кедей арасында аса қатты бас араздыққа ұрындырар таптық қайшылық бола қойған жоқ. Өйткені, біреуге мал бітсе, басқа туы ағайындар сол байдың ығында, соның малын бағып, шаруасын күйттеп, өздерінін аздаған мал-жандығын байдың малына қосып бағып, күнкөріс қамын жасаған. «Байға біткен мал мен байлықты оған Құдай берді, өзгенің малы мен байлығына көз сүзу күпірлік болады» деген сеніммен өмір сүрген. Бай да аталас туыстарының еңбегін жемей, қамқорлық жасап отыруды өзіне парыз санаған. Мұндай жағдайда қазақтың байы мен кедейі арасында төңкеріске апарардай таптық қайшылықтың орын ала қоюы мүлдем неғайбіл.
Осы орайда мына бір әңгімені мысал ретінде келтіре кеткенім жөн болар: Жаңай руының Есберді деген бір тақтасы бар. Естуімізше осы Есберді әлдебір жағдайлармен ауып келген Орта жүздің жігіті екен. Алғашында ол ескелді Саназар байдың қолында болып, соның малын бағып, шаруасын шаруалапты. Бірақ, Саназар оны үйлендіріп, үстіне үй тігуге асыға қоймаған. Саназар мен Қожаназар құрдас, дос-жар адамдар болса керек. Бірде Саназар ауылына келген Қожаназардың көзі түсіп, Есбердіні досынан қалап сұрап алыпты. Ауылына барған соң оны өзінің бір баласы деп жариялап, қатын алып беріп, үстіне үй тігеді. Күндердің күнінде Қожаназар Есбердіге:
Балам, ауылдарды аралап көр, малдың жағдайымен танысып қайт, – деп жұмсайды. Қожаназардың жерге сыймайтын малын аралап көріп келуге айға жуық уақыт кетеді. Сол сапардан оралған Есбердіні Қожаназар шақырып алып, малшылардың жағдайын, малдың күйін сұрағанда, Есберді:
Ата, барлық ауылдарды аралап көрдім, малдың күйі жақсы, қыстан аман шығары сөзсіз, тек қана малшыларыңыз малды қалаған уақытында сойып жеп жатыр екен, сонысын ұнатпадым, – деп жауап беріпті.
Ал, сол малшылар малды тек сойып жеп жатыр ма, әлде жан-жаққа сатып, таратып жатыр ма? – деп сұрайды Қожаназар.
Жоқ, сатып не таратқанын көрмедім.
Е, онда ештеңе етпес, менің малымның басының өсуіне, күйінің жақсы болуына сол малшылар ғой еңбек сіңіретін. Олардың ішіп-жегенінен менің дәулетім азайып қалмас, онысына тыйым салма, қалған жағына малға сен бас-көз бол, – депті. Міне, бұл, кейбір сараң байлар болмаса, Маңғыстаудағы ірі байлар мен оның малын бағып-қаққан малшылары, яғни рулас туыстар арасындағы қалыпты жағдай дер едік.
Бұл жағдайды Маңғыстауда, қала деген аты болғанмен күні кешеге дейін «үлкен ауыл» дәрежесінде болып келген Кетікте туып-өскен, ауылдағы ағайындармен тығыз байланыста өмір сүрген Жалау жақсы түсінді. Сол себепті де Жалау Форттағы байлармен, көпестермен жақсы қарым-қатынасын үзген жоқ.
Оның «байларды кәнпескелеуге» бірден ықылас білдірмей, Голощекинмен кереғар келуіне де осы жағдай өз ықпалын тигізді. Сондықтан да болар, Голощекин қысқа қарай байлардың малын кәнпескеге ұшыратуға ниет білдіргенде, ол науқанды шаруаның немен бітерін жақсы түйсінетін, қысқа қарай ешқандай азық дайындамастан малдарды кәнпескелеу оны қырумен пара-пар екенін білген Жалаудың бұл саясатқа қарсы тұруы заңды еді. Өнеркәсібі дамыған, капиталистік өмір салтына аяқ басып, буржуазия мен жұмысшы табы қалыптасқан Ресейдегі жағдайды Орталықтың бұйрығына сай қазақ еліне елеп-екшеместен әкеліп таңа беруге болмайтындығын ол жақсы білді. Бірақ, Ресейден келген, жергілікті жердің тұрмысы мен салт-дәстүрін білмейтін Голощекиннің де Жалаудың аргументтерін түсіне қоюы мүмкін емес болатын. Осы жағдай ол екеуінің арасындағы саяси қарама-қарсылыққа әкеліп соқтырып отырды.
Бұл кезде Орталық партия комитетінің басшысы Сталиннің «бүкілодақтық староста» атанған Калининнің ролін төмендетіп, мемлекетті басқару ісін өз қолына шоғырландырып, жеке дара билікке ұмтылысының бастау алған жылдары екендігін ескерсек, қаншалықты жеке таныстығы болғанмен Жалауға бір республика басшысын жығып бермесі анық. Оның үстіне бірнеше күн түрме камерасында бірге болған, кейін Кавказда азық-түлік комиссиясын басқарған кездері аз-мұз таныстығы болған Жалау үшін ұстанған бағытынан Сталин неге айнысын!
Ал, Жалаудың округтік НКВД бастығы Қабыл Құлкеновке Голощекинмен арада болған қақтығысты сыр ғып айтуыңда да мән бар болуы мүмкін. Өйткені, республика басшылығында болған жылдары саяси басшылықтың талаптарымен келіспегендердің «халық жауы» атанып, жойылып кетіп жатқанын көріп білген Жалау өзін «Сталиннің қолдайтындығын, онымен түрмеде бірге отырған танысы екендігін» НКВД бастығына білдіріп, өзіне қарсы НКВД тарапынан болар қиянаттың алдын алуды ойластырмады дей аламыз ба?! Әрине, бұл жағдай оны бүкіл елде орын алып отырған «халық жауларын әшкерелеу» саясатынан ақи-тақи құтқара алмасы анық. Бірақ, қандай да болмасын дәрежеде кейінге шегере тұруға септігін тигізері сөзсіз еді.
Солай болды да. Кейін Жалаудың үстінен қылмыстық іс қозғалғанмен, қайтыс болуына байланысты ол қысқартылған. Ал, Жалау Мыңбайұлының аяқ астынан ауырып, өле қоюының өзі көңілге күдік ұялатады.
«МҰСТАФА ШОҚАЙ» ФИЛЬМІ ХАҚЫНДА
«Үш қиян» газетінің өткен жылғы соңғы сандарының (№46) бірінде «Мұстафа Шоқай» фильмі жөнінде біраз пікірлер жарияланған екен. Әсіресе, мұғалім Әсем Мұстафа Шоқайдың Париждегі Әміре Қашаубаевпен, Қажымұқан Мұңайтпасовпен кездесулерінің, яғни тарихи фактілердің киногерлер назарынан тыс қалғандығы жөнінде қынжыла жазыпты. Мен де осы пікірді қолдай отырып, төмендегі жағдайларға назар аударғым келеді. Өйткені Мұстафа Шоқай сияқты ұлы тұлға туралы түсірілер фильм болашақта осымен шектелмесі белгілі. Бәлкім, сонда осы пікірлеріміз ескерілер деген үміттемін.
Мұстафа Шоқайдың 1919 жылы шетел асуы Маңғыстау арқылы жүзеге асқаны бұл күнде ешкімге де құпия емес. Бұл жөнінде маңғыстаулық Ә. Спан мен С. Демеубайдың «Жалау Мыңбайұлы», «Отарбай Иманғазыұлы» және «Жалындап өткен жас ғұмыр» кітаптарында кеңінен баяндалған. Сондықтан, қазақтың тағдыры ауыр көрнекті ұлы туралы деректерді барынша толығырақ көрсеткіміз келсе, оның өз шығармалары арқылы расталып, дәлелденген – шетелге кету сапарының елеулі бір кезеңі болып табылатын Маңғыстауда болған уақытын фильмде ұмыт қалдырмағанымыз жөн болатын еді.
Мұстафа Шоқай шетелге кетпес бұрын 1918 жылдың қысында неге Маңғыстауда бой тасалаған? Оның бірнеше себептері бар еді. Соның бірі, марқұм С. Демеубай жазғандай, бұл өлкенің кезінде Мұстафаның өзі құрған «Уақытша Халықтық Кеңес» ұйымының қарамағында болуы және оның басшылығы бұрыннан таныс полковник Оспан Көбеевтің қолында болуы еді. Тағы бір себебі, бізге бірнеше дерек көздерінен белгілі болғандай, Мұстафа Шоқайдың адай елінің, оның ішінде құнанорыс руының жиені болғандығында деп білеміз. Озалдан, қазақта ер жігіттің басына күн туғанда паналар жері нағашыларының елі болып саналып келген. Мұстафаның әкесі Шоқайдың әйелі адайдың құнанорыс руынан шыққан белгілі байы Айтыманның қызы, яғни Мұстафа осы Айтыманның жиені. Ақын, ескі әңгімелерді жетік білетін кәрі құлақ Светқали Нұржан берген деректер бойынша, Айтыманның тағы бір жиені мамыртай руынан шыққан Сүтбала 1919 жылы Мұстафамен Маңғыстауда бірге жүріп, төрт ай бойы ел аралатқан. Соғыс кезінде Түркістан легионы құрамында болып, кейін ұрыстан соң Сібірде айдауда жүріп өлген. Яғни ол Мұстафамен бөле болғандықтан онымен бірге жүрген.
Мұстафа Маңғыстаудағы белгілі қоғам қайраткері, кейін Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы болған, құнанорыс Жалау Мыңбайұлымен 1917 жылы 22 қарашада өткен мұсылман халықтарының төртінші съезіне Маңғыстау делегациясын бастап барған кезде танысқан. Мүмкін, сол кезде нағашылы жиенді болып жақынырақ біліскен болуы керек.
Мұстафаның Айтыманға жиен екендігі туралы «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітабында С.Демеубай да мынадай дерек келтірген: «Осы жерде бізге жеткен тағы бір деректің басын ашқымыз кеп отырғаны. Оны бізге айтушы құландылық Төкенов Теңел ағамыз. Қашанда тарих пен шежіреге құлағы түрік жүретін ағамыз үлкендерден естігенім деп осы бір сапарда Мұстафаның Жалау, Отарбай, Шайқы сынды ел ағаларының демеуімен Үстірт үстіндегі Жүзадым жерінде жатқан нағашы атасы Айтыманның бейітінің басына барып, рухына бағыштап садақа берген дегенді айтты».
Осы турасында 1981 жылы жасы жетпісті алқымдаған құнанорыс руының ақсақалы Аязханұлы Нәбиден (ол кезде Нәбидің анасы да тірі, жасы 105-ке келсе де қаланың бес қабатты үйлерінің соңғы қабатына қиналмай көтеріле беретін) естіген дерегімізді айта кетсек артық етпес. «Мыңбай байбоз Жылкелдінің баласы Қази деген кісінің қызы Айтаразыны алды. Айтаразыдан Жалау мен қарындасы Жауқасым туады.
Сарышоңқалда түрікпен байының кәсіпшілігі болды. Жалау сонда қабылдаушы болып жұмыс істейді. Менің әкем Тағанияздың баласы Аязхан да сол байда қайықшы болды. Жалаудың жылы қоян болуы керек, себебі Аязханнан бір-екі жас кішілігі бар еді.
Жалаудың Жауқасым деген қарындасын Ақбота жеменей Қарасай алды. Қарасай мен Жауқасымнан Тастайбек туды. Қарасай өлген соң Тастайбекті Жалау тәрбиелеп, ол Мыңбаев болып өсті. Айтаразы 70-ке жақындағанда сауат ашып, Жалауға хат жазып тұрыпты. Жалау әлгі Мұстафа Шоқай деген кісімен жақын болды, ұмытпасам сол Мұстафа бізге жиен дегенді де құлағым шалып еді, бірақ осыны кімнен естігенім жадымда жоқ» деген еді.
Мұстафаның адайға жиен екендігін жанамалап болса да көрсететін тағы бір жағдай, С. Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабынан белгілі Әлихан Ағаевтың өзін «адаймын» деп жариялауы. Кейін белгілі болғандай «Ағаев» оның лақап аты, шын атақ жөні Әмірхан, ысық руының жігіті екен. Шамасы, Түркістан легионының көсемі М. Шоқайдың адайға қатысы барын білгендіктен, оған жақынырақ болу мақсатында ол өзін осы рудың азаматы етіп көрсеткен болар деп топшылаймын.
6-ТАРАУ: ҚОҒАМ
ӘЛСІЗДІ АЛЛА ҚОЛДАЙДЫ
(болған оқиға ізімен)
Ел басына қара бұлт үйірген соғыс аяқталып, қанқұйлы жаумен болған арпалыстан аман қалған ер-азаматтардың біртіндеп елге орала бастаған кезі. Кеше ғана аяқталған соғыстан кейін көпшілігі қатын-қалаш, жас балалар мен кәрі-құртаң, майданнан жараланып, мүгедек болып оралған бірен-саран ер-азамат боп келетін ауыл адамдарының әлі де ес жиып, етек-жеңін түгендей алмай жатқан уақыты. Мезгіл күздің қара суыққа айналып, қысқа ұласар кезеңі. Жаздай жайылымда бос жүріп, бабына келген шабдар атын жақында ғана үйірден ұстатып, алдырып мінген колхоздың ферма басқарушысы Жүсіп қарауындағы мал ауылдарды аралап, отарлардың жәй-күйімен таныспаққа түс ауа ауылдан аттанған болатын. Бұл өзі жасы елуден елу бірге қадам басқан, мінезі сабырлы, ел арасында әжептәуір абырой-беделі бар кісі еді. Жол жүргендегі сенімді серігі шабдар атын аса қинамай аяңмен, ілуде бір желе-жортып жүретін, шаруашылық қызметіне тиянақты жан болатын.
Осы Қодарұлы Жүсіп алғашында Шорым жерінде колхоздың жылқысын баққан. Тіпті, соғыстан бұрын еңбекқорлығымен көзге түсіп, жылқы фермасының бастығы да болып сайланған. 1941 жылы соғысқа алынып, 1944 жылы жараланып елге оралған соң Жыңғылдыда сиыр фермасын басқарып, сол жылы денсаулығының сыр беруіне байланысты бұрынғы өз қонысы Шайыр ауыл советіне қарасты «Жаңалық» колхозына ауысқан болатын. Өзі бір сабырлы, салмақты адам-ды. Дәрмұқанның аулынан тамақтанып аттанған Жүсекең астындағы атын аса қинағысы келмей, сипай қамшылап, жәй аянмен Мүлкібайдың қорасын бетке алып келе жатты. Ойы онда көп аялдамай, әйелінің қолы ашық, қазанға барын аямай салатын құрдасы Атшыбайдың аулына барып қонып, ертесіне қалған ауылдарды аралап, колхоз орталығына оралу.
Осылайша бүгінгі мен ертеңгі сапарын ойластырып, қаннен-қаперсіз келе жатқанда кенеттен оның алдынан бір түлкі тұра қашты. Әшейінде көп қақ-соқпен ісі бола бермейтін, сәл нәрсеге желігіп, қызына қоймайтын Жүсіп алғашында ол түлкіге онша мән бермеген. Бұрынғы жүрісінен жаныла қоймағандықтан ба, енді бұл атты адамнан өзіне қауіп төнбесін сезгендей, түз тағысы арқан бойы жүгіріп барды да артына қарап, тұра қалды. Адамнан қаймықпай, жайбарақат тұрғаны аздай, аттылыға қарап, тісін ақситып күлгендей бір қимыл жасады. Бір ферманың білдей бастығынан мына бір кішкентай аңның айылын да жимай тұра қалып, келемеж қылып күлгендей болғаны қытығына тиді ме, әлде өмірі мал бағу мен аң аулауды кәсіп қылған ата-баба қаны бойын қыздырды ма немесе санадан тыс тағы бір тылсым құдіреттің әсері болды ма, Жүсіп атын тебініп қалып, түлкіні қуа жөнелді. Астындағы жарап тұрған шабдар ат иесі оқыс тебінгенінде орнынан ытырыла ұмтылып, әлгі түлкінің көз жаздырып, ұзап кетуіне мұрса бермей, әп-сәтте аңды өкшелей қуып жетіп барды. Жарамды аттың екпінді шабысынан сытылып кете алмаған анды әні-міне дегенше соғып алып, түлкі терісін қанжығама байлаймын-ау деген дәме де күшейіп, аңшылық құмарлығы еселеп артқан Жүсіп те ат басын тартар емес. Қанша уақыт қуғаны есінде жоқ, бір мезгілде атының тұмсығының астында жан ұшыра қашып келе жатырған түлкінің алай-бұлай жалтарғанын да байқамай қалыпты. Қалай екені белгісіз, ол бір сәтте көзден ғайып болды. Төбесінен төніп келіп енді қамшы сілтер сәтте аңнан көз жазған Жүсіп атының басын тартып тоқтатып, кері оралып әлгі жерге келіп із кеспек болып еді, тастақ жерде онысынан да түк шықпады. Айнала көз салса, алдында Мәулім төрт күлдің қырқасына келген екен, маңайдан ешбір тірі жан иесі көрінбейді. Соншама жерден қуып келген аңы алысқа ұзай қоймағанына сенімді болған ол «түлкі маңайдағы тастардың астына кірген болар» деп ойлаған. Үркітпек болып дауыс шығара айқайлап көзіне түскен қуыстарды қарай бастаған. Сол арада алдындағы тастың астынан бақыра жылап екі бала бірінен кейін бірі шыға келгенде, қапелімде аузына сөз түспей, қорқып кетті де, атының басын еріксіз кері бұра берді. Былай шыға бере, тілін кәлимаға келтіріп, ес жиып, артына қараса, әлгі екеуі бұл ойлағандай жын-шайтан емес, шынында да жылап тұрған екі бала. Оларды тірі жан иесі дейін десе, бұл маңайда біреуі бес-алты, екіншісі үш-төрт жастағы балдардың аяғы жетер жерде ауыл да жоқ. Осыны ойлап, аңтарылыңқырап тұрып қалған Жүсіп, қара суықтан қалшылдай тоңып жылап тұрған балаларды аяп, оларға таяп келіп, атынан түсті. Бұл араға қашан тап болғанын кім білсін, екі баланың екеуі де әбден тоңған, сөйлеуге әлі жоқ. Балалардың кім де болса адасып, өзіне тап болған адам баласы екеніне анық көзі жеткен жолаушы олардың кішілеуін үстіндегі кеудешесіне орап, алдына отырғызып, ересектеуін шекпеніне орап, артына мінгестіріп, ат басын өз аулына бұрды. Ауылға қас қарая жеткен Жүсекең балаларды көтеріп үйге кірісімен әйелі Алмаға: «Тезірек су ысыт, бірақ, ауызды күйдірмейтіндей ғана ысқылтым болсын, тым ысып кетпесін, сол суға үштің біріндей етіп сүт араластыр» – деп тапсырып, сәлден соң айтқанындай қып әйелінің даярлап әкелген сүт араласқан жылы суын кезекпе кезек қасықпен екі баланың аузына тамызды. Іргелігі сыртынан топырақпен көміліп, ортасына от жағылған киіз үйдің ішінен отқа таяу маңнан төсек салғызып, екі баланы жатқызып, үстін үйдегі түйе жүнінен жасалған ескілеу көрпемен жауып, сыртынан тағы да өзінің түйе жүн шекпенімен қымтады. Сәлден кейін бұл жолы жартысына дейін сүт қосылған әлгіндей ысқылтым суды екеуінің аузына тағы құйды. Содан арада сүт пісірімдей уақыт өткен соң екі баланың аузына қасықпен енді сүттің өңкей өзін құйғаннан кейін қарындарына нәр барып, бойы жылынған ол екеуі маужырап ұйқыға кетті. Бойы мұздап, аштықтан бұралған адамға бірден көп мөлшерде сүт не басқа тағам ішкізер болса, оның өліп кетуі де мүмкін. Соны білген Жүсіп даладан табылған екі балаға сүтті суға араластырып, аз-аздан беріп, ағзаға қуат беретін сүттің өңкей өзін бірден ішкізбеген-ді.
Ертесіне ұйқысы қанып, көздері шырадай жанып оянған екі баладан: «Кімнің баласысыңдар?» – деп сұраса. «Руайданың» – деп жауап қайтарады олардың ересектеуі.
Атың кім?
Асқар. Мынау Озған – деді ол інісін көрсетіп.
Әкең кім?
Екі балада үн жоқ. Әкелері Құлшанай соғысқа кеткенде бірі екі жаста, екіншісі іште қалған екі бала әкелерінің есімін айта алмайды. «Үйің қайда?» деген сұраққа, қолдарын сілтеп алыста екенін меңзегеннен басқа жауап ала алмай, «Руайданың» кім екенін тағы біле алмай, Жүсіп тығырыққа тіреледі. Содан далаға шығып, жүгенін қолға ұстап атқа кеткен Жүсекең онысын алып келіп, шабдар атты ерттеп, белдеуге байлап, үйге қайта оралған сәтте Асқарға қарап: «Ауылың қайда?» – деп тосыннан сұрап қалғанда, Асқардың аузынан «Саройда» деген сөз шығып кетеді.
Ферма бастықтың үйінен қатық, сүт ішіп естерін жинап, өз-өзіне келген екі баланы атына мінгестірген Жүсіп Саройға келіп, сұрастырса, әлгі «Руайда» дегені құнанорыс Құлшанайдың әйелі екен. Алып келген екі баланы аналарына табыстайды. Сұрастырып білсе, үйдегі екі баланың қарны ашып жылай берген соң анасы «қолға бидай, талқан секілді бірдеңе ілігер ме екен» деп алдыңғы күні үйдегі құртақандай інісін Асқарға тапсырып, маңайдағы ауылдарды аралап кетсе керек. Соғыстың аяқталғаны кеше ғана, елде жағдай жоқ. Кімнің шекесі шылқып отыр дейсің, қолына жуық маңда ештеңе іліге қоймаған соң сонау Көгезде отырған емші қайнағасы Қожықтың аулына барып, аздаған тары талқан, бидай сұрап алып түн ортасы ауа үйіне жетсе, – балдары жоқ. Сол түні көршілес үйдің адамдарын түн ортасында оятып, балаларының атын атап, айқайлап, іздегенмен оларды таба алмай, көрер таңды көзбен атырады. Таң атысымен ауыл маңындағы жыра, сай-саланы қанша кезсе де балдарының не өзін не өлігін таба алмай, зар қаққан ана ферма бастық Жүсіп екі баласын алып келгенде, орнынан үш ұмтылып тұра алмай, тілге келмей біраз уақыт отырып қалады. Біраздан кейін есін жиып, Жүсіпке риза болып алғысын жаудырған ана жоғалып табылған екі баласын бауырына басып, аймалай берсе керек.
«Ажалы жетпеген өлмейді» деген осы.
Екі баланың қарындары шұрқырап, көп күткен шешелері келмеген соң, далаға шығады. Ертеңгісін анасы кеткен жақтағы төбе басына шығып, оның жолын тосып жүріп, ауылдан алыстап кеткенін ауылдастардың ешқайсысы да байқамай қалады. Тез арада айналаны қараңғылық тұмшалап, үйлерінің қайда екенін білмей, әрбір қарайған бұта көздеріне құбыжық боп көрініп, бойларын үрей билеген екі жас нәресте жүре-жүре, ауылдан алыстап кетеді. Түнімен жүріп, әбден шаршап діңкелері құрыған екі бала суықтан қорғану үшін алдарынан кездескен қотыр тастың астындағы жел үрлеп ойған қуысты паналайды. Бір-біріне тығылып, бүрісіп ұйықтап тұрып, аң қуған аттының тұяқ дүрсілі мен айқайлаған дауысын естіп, далаға шыққанда Жүсіпке тап болады. «Әшейінде тау қозғалмаса қозғала қоймайтын Жүсіптің де бойына жел бітіп, алдынан тап болған түлкіні қуа жөнелгені де осы екі баланы Алла-тағаланың өлтірмей, аман алып қалуы үшін істеген амалы болар» деушілер де болмай қалған жоқ. Десе дегендей-ақ, «енді, міне, қамшымен ұрып аламын» деп ат бауырына алып келе жатқан аңының дәл сол балалар тығылған қуыстың тұсына жеткенде әрі-бері бұлтармай көз апара жоқ болып кетуі шынында да әлдебір құдірет күшінің әдейі ұйғарғанындай-ақ емес пе! Ол екі бала сол түні далада қалар болса, түнгі суықтан қатып, бойлары мұздап, өліп қалары сөзсіз еді. Онда соғыстан оралмаған құнанорыс Құлшанайдың шаңырағы құлайтын-ды.
Сол жылы медет Жүсіпке тап болып, тірі қалған Асқар мен Озған аман-есен ержетіп, Маңғыстау ауданының «Правда» колхозында, кейін «Октябрьдің 50-жылдығы» аталған кеңшарда мемлекет малын бағып, ұрпақтарын өсірді. Озған 1989 жылы тамыз айының басында Ақтау қаласындағы облыстық ауруханада емделіп жатып, дүние салды, аурулы Асқар да інісі қайтқаннан кейін көп ұзамай дүниеден өтті. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, Тәңірі жар болып, Жүсіпке түлкі қудырып, көрер жарықтары таусылмауына себеп болған Асқар мен Озғанның да артында ұл-қыздары қалып, бұл кезде әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі атанып отыр.
ЖЕЛТОҚСАН СІЛКІНІСІ ХАҚЫНДА
Биыл, 2006 жылы тарихымыздағы елеулі оқиға – Желтоқсан сілкінісіне жиырма жыл толады. Кеше ғана өткен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымыздан шығарылған басылымдарға көз салсаңыз: осы Желтоқсан және оған қатынасқандар жөнінде орыс тілді газеттерден жөні түзу материал таба алмас едіңіз. Керісінше, «Маңғыстау», «Үш қиян» газеттері осы оқиғаның ортамызда көзі тірі куәлары мен қатынасушылардың естеліктерін, бақилық болғандардың суреттерін жариялап, сол күндердің қасіретін, желтоқсан оқиғасының маңызын көрсетуге әрекет жасап жатты. Енді бір теле көрсетілімде «тарихшы» деген аты бар біреу желтоқсан оқиғасына әлі тарихи баға берілмегендігін айта отырып, оған ұлт-азаттық қозғалысы немесе көтерілісі деп баға беру үшін оқиғаның алғышарттары, себебі, маңызы болу керек деген «пәлсафасын» соқты. (Тарихшы атын жамылып, өзі не бітіріп отыр екен десеңші).
Енді Желтоқсан сілкінісі туралы өз ойларымды ортаға салып көрейін.
Кешегі кеңестік дәуірде қазақ халқы Ресейдің қоластында бодандықта болып келгеніне бүгіндері ешкім де дау айта алмас. Бірақ, бұл бодандық біздің санамызға сіңірілген «бодан» деген ұғымнан өзгеше түрде іске асырылып келді. Рас, біздердің оқуымызға, жұмыс жасап, бала-шағамызды асырауымызға, ғылыммен айналысып, жаңалық ашуымызға, т.б. ешқандай да кедергі болған жоқ, керісінше, ол өкімет тарапынан қолдау тауып отырды. Бізге ешкім қазақ тілінде сөйлесуімізге тыйым салған жоқ, ақын-жазушыларымыздың қазақ тілінде жазуына тыйым салған жоқ. Кеңестік дәуірдің халқымызға жасаған жақсылықтарын әлі де жіпке тізіп айта беруге болғанмен, шынтуайтына келгенде Конституцияда әрбір ұлттың дербес мемлекетін құруына рұқсат делінгенімен бұл лениндік ұлт саясаты шын мәнінде орындалған жоқ. Кеңестік империяда ұлттық саясат ашық түрде жүргізілмей, КСРО құрамындағы әрбір ұлттық республикаларда орыстандыру, оларды діннен бірден айырғанмен, ділі мен тілінен айыру мәселесі көзге ұрмайтындай өте-мөте жасырын түрде, ұзақ мерзімге арналған перспективалық бағытта жүзеге асырыла бастады. 1с қағаздары орыс тілінде жүргізіліп, қызметте өсірілгенде әр азаматтың орысша сауаттылығына аса үлкен мән берілетін болды. Өзінің қызметте жоғарылауын ойлағандар орыс тілін меңгеріп, балаларын орыс мектептеріне беру кең етек алды. Жетпісінші жылдардың (XX ғ.) орта шенінде миллионға жуық тұрғыны бар астанамыз Алматыда екі қазақ мектебінің (№4, 12) ғана болуының өзі көп жайдан хабар бергендей емес пе еді! Зиялыларымыз орыс пен татар, ебірей қыздарына үйленіп, олардан туған тегі қазақ, өңі мен жан-дүниесі орыс қандастарымыздың көбейіп кетуінің зардабын күні бүгінге дейін тартып отырғанымыздың өзі неге тұрады?! Сол зиялыларымыздың ендігі жерде айтары мен жазарын орысша ойлап, орыс тілінде жазып, ақындарымыздың өлендерін орысшадан аударма түрінде оқи бастағанымыз, аса маңызды кәсіпорындарға қазақ жастарының тұмсық сұға алмай екінші сортты адамдар қатарында жүргенін қалай көрмейміз! Күні кеше емес пе еді, «Қаражанбастермнефть» мекемесінің үй жинаушыларына дейін арнайы ұшақпен Краснодардан әкеліп, жергілікті ұлт өкілдерін есіктен де сығалатпай қойғаны және оның ең сорақылығы сонда, мекемені басқарып отырған өз ағаларымыз шарасыздықпен іні-қарындастарын жұмысқа қабылдай алмай, бармақтарын тістеп отырмап па еді! Әртістеріміз бен әншілеріміз өнер биігінен көрініп, КСРО әртісі атағын алу үшін міндетті түрде репертуарларына орыс әндері мен кейіпкерлерін алуға мәжбүр болғандығын қалай білмейміз! Олимпиада ойындарында жеңіске жету мүмкіндіктері бар екенін біле тұра қолға түскелі тұрған спорттық жеңістерді құрбан ете отырып, спортшыларымызды тек қана ұлты қазақ болғаны үшін одан мүмкіндігі әлдеқайда төмен орыс спортшыларымен ауыстырып жіберіп отырғанда қайда жүрміз! Міне, КСРО кезіндегі бодандығымыз осылайша көзге көрінбейтіндей жолмен шебер жүзеге асырылып жатты.
Көзі ашық оқыған азаматтар осыны көре білді десек те, көпшілік жұрт тамағы тоқ, киімі көк болған соң өте-мөте шебер бүркемеленген бодандықтың тарих өлшемімен алғанда енді бір аз ғана уақыт ішінде «қазақ» деген халықты ұлт ретінде жер бетінен жойып, «советтік» деген ұлтты дүниеге әкеліп тынатынын сезген де жоқ. Сол себепті де біздің халық қатты бүркемеленген «Ұлы орыстық шовинизм» саясатына қарсы ұйымдасқан түрде бас көтеруді ойлаған да жоқ.
Бірақ, ел ішін күннен-күнге жайлап бара жатқан «ұлы орыстық шовинизм» тонын қанша айналдырып кигенмен, көзге көрінбей қала алмады. Бұл саясаттың қатерлі екендігін сезінген Мәскеудегі қазақ студенттері Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатай, Мақаш Тәтімов, Болатқан Тайжан, жерлесіміз Бекбасар Төлегенов, т.б. бастаған «Жас тұлпар» ұйымы, сол кездегі Ақмола өңіріндегі немістердің «Қазақстанның қақ ортасынан автономиялық облыс немесе аудан құрып беруді» талап етуінің КПСС Орталық Комитеті тарапынан қолдау табуына қарсы Целиноград қазақтарының бас көтеруі, басқа ұлттардың жергілікті ұлт намысын таптауына қарсы Ұзынағаштағы қазақ жастарының бас көтеруі, 1978 жылғы осындай жағдайдағы Жаңаөзен қазақтарының бас көтеріп, оған Құлсары, Бейнеу кенттерінен көмекке асыққан жастардың Сай-Өтес маңында милиция, әскер күшімен тоқтатылып, кейін қайтарылуы... Бұл тек менің білетіндерім ғана, осының бәрі 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» деп аталып жүрген ұлт-азаттық көтерілісінің алғы шарттары, себептері болып табылады.
Осы қозғалыстар неге бүкілхалықтық сипат ала алмады дегенге келер болсақ, халық аузында «үш әріп» деген атауға ие болған Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ауызға оралады. Ол кезде әрбір үш адамның біреуі осы комитеттің тыңшысы болды. Мемлекет саясаты туралы аңдаусызда айтылып кеткен әрбір сөзін сол күні комитеттегілерге мәлім болып, әлгі сөздің авторы ерекше бақылауға алынып отыратын. Оның үстіңде КСРО көлемінде бірде-бір тәуелсіз басылым болған емес, ақпараттық құралдар қатаң тексеруден өтіп отыратын, газет редакцияларының жанында бір-екі арнайы бақылаушы штаты болып, олар газеттердің әр сөзін тексеріп, басылымға рұқсат беріп отырды. Сондықтан тек Қазақстан ғана емес, бүкіл КСРО көлеміндегі әлгіндей оқиғалар мен болып жатқан апаттар тек ұзынқұлақ арқылы, шетелдік «Америка үні», «БИ-БИ-СИ» радиотолқындарын жасырын тыңдағандардың сыбырлап айтуынан естілетін де, оның анық-қанығы туралы ешкім толық мәлімет біле бермейтін. Ол ұзынқұлақ хабар да арада уақыт өтіп, басталған қозғалыс өкімет күшімен басылып қалғаннан кейін жететін. Осындай жағдайда әлгіндей жекелеген стихиялы түрде басталған қозғалыстардың ұйымдасқан бүкілхалықтық қозғалыс ретінде өрістеуіне еш мүмкіндік те болмайтын.
1974 жылдың қараша айының аяқ кезінде орыстар тарапынан көрсетілген әділетсіз әлімжеттік саясатқа қарсы біздің де ешқандай арнайы ұйымдастырусыз-ақ стихиялы түрде басталған бас көтеруіміз болып өткен еді. Бірақ бұл бас көтеру еш жерде жарияланбаған. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сол оқиға туралы Желтоқсан көтерілісінің ардагері, ақын Светқали Нұржан інім сұраған соң айтып берген болатынмын. Соны тағы бір рет еске сала кетейін. Бәлкім, бұл ол оқиға жөніндегі тасқа басылған бірінші жазба естелік те болар.
Мен ол кезде қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің төртінші курс студенті болатынмын. Өзім Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабында айтылатын «Виноградов, 88» мекен-жайында орын тепкен 1-жатақхананың 94-бөлмесінде Елеуов Мадияр (қазір Түркістанда, Археологиялық орталықтың басшысы, тарих ғылымының докторы, профессор), Бекпағанбетов Мұхамбет (Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұрады) деген курстас жігіттермен бірге тұратынмын.
Бұл – жастарды күзгі әскер қатарына шақыру кезеңі еді. Осындай мезгілдерде әскерге кететін жастардың жауапкершілікке тартылудан аса сескенбей (өйткені бүгін-ертең армия қатарына алынып, аса ауыр қылмыс болмаса милиция тергеуінен құтылып кетеді, армияда ант қабылдағанша тағы жауапкершілікке шақырылмайды), бұзақылық жасауы өршіп кететін-ді. Алғашында бірен-саран қазақ жастарының орыс жігіттерінен таяқ жеп келгенін осындай бұзақылықтарға сайып, мән бере қоймағанбыз. Бірақ, күн өткен сайын мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бір күні кешкі қараңғылықта лекциядан шығып, жатақханаға келе жатқан бір-екі геофактың жігіттерін жатақхана есігін сыртынан басып тұрып, нақ жатақхана алдында соққыға жығып кетті. Арада күн өтпей жатып, «Целинный» кинотеатрынан шығып кетіп бара жатқан мединституттың екі жігітін қарсы кездескен жандарында қыздары бар екі орыс жігіті төртеу болып жабыла сабап, өлімші халде ауруханаға түскенін естідік. Қастарында қыздар болғасын әлгі жігіттер қапыда қап, сақтықты ескермей қалса керек. Ол ол ма, жас жігіттерді былай қойып, университеттің қазақ профессорларын (жаңылмасам филолог, профессор Т. Кәкішев болуы керек), жасы егде тартқан қазақтарды да ұрып-соғуы көбейіп кеткен соң, құқық қорғау мекемелері осындай орын алған жағдайға көңіл аударған болуы керек, бір күні жатақханамызға Совет аудандық ішкі істер басқармасынан Володя деген аға лейтенант келіп, осы жағдайлар туралы сұрастырып, бұзақыларды ұстауға көмек көрсетуімізді өтінді. Біз келістік.
Келесі күні қас қарая жиырма-отыз болашақ географтар мен тарихшылар жатақханамыздың жоғарғы жағындағы Құрманғазы көшесінің қараңғы, адам аяғы сиректеу бөлігіне шығып, көшенің екі бетіндегі ағаштар тасасына, арық ішіне, үйлердің кіреберісіне орналастық та, көше бойымен екі әлжуаздау жігітті әрлі-берлі жүргізіп қойдық. Көп күттірген жоқ, екі жігітіміз көше бойлап көтеріліп, енді кейін қайтқанда үш орыс жігіті оларға тап берді. Бізге де керегі осы еді, сол сәтте оларды жан-жақтан андыздай шығып, қоршап алдық. Қолға түскен «жауларға» қаны қатып жүрген кейбір қызбалау жігіттеріміз алғашқы соққыны беріп те үлгерген. Қалғандарымыз оларға тоқтау айтып, қолға түскендерді Совет аудандық милиция бөліміне әкеліп тапсырдық. Топталып келген біздерді көрген соң, милициядағылар қолға түскендер мен біздің бес жігітімізді ішке кіргізіп алды да, қалғандарымызға тарай беруді тапсырды. Алдымыз тарай бастағанмен, көпшілігіміз «енді не болар екен?» деген әуесқойлықпен қапелімде тарап кете қойған жоқпыз. өзіміздің сәтті аяқталған «операциямызды» даурыға талқылап, тұрыңқырап қалдық. Қалтамда «Целинный» кинотеатрының кешкі тоғыздағы сеансына билетіміз бар – мен ішке кіріп кеткендердің арасындағы Мадиярдың шығуын күтіп, кідіріп тұрғанмын. Көп ұзамай, әлгі біз ұстап әкелген үш орыс жігіті бір милицияға еріп, далаға шықты да жөндеріне кетті, біздің өкілдеріміз әлі жоқ. Аң-таң болып біз тұрмыз. Ішкі істер басқармасының бастығы майор орыс жігіті болатын. Мынадай әділетсіздікті көрген соң ашуымыз басқа тепкен біздер жатақханадағы қалған жігіттерге хабар жіберіп, жігіттерімізді шығаруын талап ете бастадық. Іс насырға шапты, милиция тарап кетуімізді талап етіп, «әйтпесе 24 сағат ішінде біздерді Алматыдан аластайтындықтарын» айтып, қоқан-лоқы көрсетуге кірісті. Іштегі өкілдеріміз әп-сәтте Алматыдағы орын алып отырған ұлтшылдық көріністерін ұйымдастырушылар болып шыға келді. Жағдайды бағамдаған соң артымыздан келген басқа студенттермен жалпы қарамыз алпыс жетпіс адамға жеткен біздер де қаймығуды қойып, милиция ғимаратын тығыз қоршауға алып, іштен бірде-бір милиция шығармай, сырттан да ешкімді ішке кіргізбей, табанды түрде адамдарымызды босатуын талап етуді күшейте түстік. Бұл текетіресіміз немен аяқталарын қайдам, егер аяқ астынан жанымызға көзі бақырайған қара баласын ертіп, ірі денелі, бойшаң, жақсы киінген, түріне қарағанда татар ұлтының өкілі бір адам келмегенде. Ол келе сала, біздерді көрсетіп, баласынан: «Мыналардың арасында бар ма?» – деп сұрады. Жүзімізге көз салған баласы арамыздан бірде-бір орыс көрмеген соң бірден: «Бұлар емес» – деп жауап қайтарды. Бақсақ, әлгі баланы да сол бойда көше бойында орыс жігіттері сабап кеткен екен. Оны ертіп, милицияға келе жатқан әкесі КГБ-ның полковнигі болып шықты. Ол кезде КГБ-ның полковнигі түгіл лейтенантының өзі милицияның байыңдай емес пе, біз болған оқиғаны түгел айтып, Володя есімді аға лейтенанттың өтініші бойынша іс атқарып, енді аяқ астынан өзіміз кінәлауға ұшырап жатқандығымызды жайып салдық. Ішке кіріп кеткен полковниктің милиция адамдарына не істегенін қайдам, ішкі бетте жүгіріс басталды да, көп кідірмей біздің де жігіттеріміз босатылып, қатарымызға қосылды. Одан әрі қарай не боларын қайдан білейік, біздер тарап, жөнімізге кеттік.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деген, мәселенің зіл-батпаны артынан шықты. Әлгі «Алматыдағы ұлтшылдықтың ұйымдастырушылары» деп біздің бес жігітке кінә тағуда үлкен мән бар екен. Қазақ жігіттерін ұрып кету күшейіп кеткен соң алдыңғы күні түнде ашуға мініп, қандарына қарайған зооветинститут студенттері ұйымдасып, Абай проспектісінің екі бетімен жүріп отырып, қарсы кездескен орыс атаулыны жас демей, кәрі демей соққыға жығып шықса, политехникалық институттың жігіттері Ленин проспектісінің бойына шығып, дәл осылай істеген екен. Оны біз кейінірек естіп-білдік. Бұл жағдайдан хабарлы милиция бөлімі «киіктің қасынуына шүріппенің басылуындай» болып қолдарына өздері келіп түсе қалған «осы оқиғалардың дем беруші, ұйымдастырушыларын» аяқ астынан ұстап, жоғарғы жаққа мәлімдеп, абыройға ие бола қойғысы келсе керек.
Алматыдағы жағдай КПСС Орталық Комитетіне хабарланып, Бас хатшының алдында абырой-беделі биік Д. Қонаев мәселені өзі қарап, жағдайды реттейтін болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қарауына алдырады. Университет ректоры Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбеков қарамағындағы студенттерін өзі тәртіпке шақыруға міндеттенеді. Сөйтіп, 1974 жылдың 3-желтоқсанында университеттің барлық студенттерін бас корпусқа жинап, Орталық Комитет өкілі, Жоғарғы және арнаулы орта білім беру министрі қатынасқан үлкен жиналыс өтті. Бұл жөнінде баспасөз құралдары ләм-мим деп жақ ашқан жоқ. Тек, 4-желтоқсан күнгі «Вечерняя Алма-Ата» газетінің бірінші бетінің жоғарғы тұсында алты-жеті жол «университет студенттері арасындағы интернационалдық тәрбиені күшейту туралы» жиын өткендігі жөнінде кішкентай хабарлама жарияланды да қойды. Міне, осы «кіші желтоқсан» оқиғасы 86-ның студенттерінің құлағына да жеткен екен. Светқалидың сол оқиға туралы әңгімелеуімді өтінгенінде сондай себебі бар болып шықты. Ендеше, кешегі «үлкен Желтоқсанның» бұл да бір алғышарты болмады дей аламыз ба!
Желтоқсан көтерілісінің себептері мен алғышарттары жөнінде қорыта айтар болсақ, ең негізгі себебі – кеңестік империяның құрамындағы басқа ұлттарды, соның ішінде қазақ ұлтын да таяу болашақта ұлт есебінде жойып, кеңестік ұлт қалыптастыруды ұстанған ұлтсыздандыру саясаты, лениндік ұлт саясатының өрескел бұрмалануы, ұлы орыстық шовинизм саясатының белең алып. Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың тек қазақ ұлты есебінен жүзеге асыруы, басқа ұлт өкілдерінің жергілікті ұлт намысын аяққа таптап, өктемдік көрсетуіне тиым салынбауы, осы қиянаттардың қазақ ұл-қыздарының көкірегіне шемен болып қатуы еді. 1986 жылғы елді жиырма жылдай басқарып келген, қарапайымдылығымен, төрешіл болмай, халқының ұлы бола білген Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, Қазақстан Компартиясы басшылығына қазақ жерінде болып көрмеген Г. Колбин деген адамды әкеліп тағайындауы жылдар бойы ушығып келген жараның аузын тырнағандай болып, көтерілістің басталуына сеп болды.
Қазақстандағы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі дүниежүзілік маңызы зор оқиға болып танылып, тарихтан өз орнын алды. Біріншіден, КСРО атанған алып империяның фундаментіне жарықшақ түсіп, негізі шайқалды. Екіншіден, КПСС Орталық Комитетінің жоғарғы билеуші тобы ендігі жерде жергілікті ұлт өкілдерімен санаспай, бір жақты шешім қабылдай берудің қауіпті екенін ұқты. Үшіншіден, бұл көтеріліс басқа ұлттық республикалардағы (Тбилиси, Баку) ұлы орыстық шовинизмге қарсы күрестің өрістеуін туғызды. Төртіншіден, социалистік лагерьге қарсы күштердің жандануына әкелді, олар КСРО империясына қарсы әрекеттерін күшейте түсті. Нәтижесінде, 90-жылдардың басында коммунистік идеологияға негізделген алып империя құлап тынды. Бесіншіден, Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының санасында үлкен сілкініс туғызып, ендігі жерде олар ешбір келімсек ұлт өкілдеріне қазақ ұлты намысын қорлауына жол бермейтін күш екендігін түсіңді. Соның нәтижесінде 1989 жылғы шектен тыс дандайсып кеткен кавказ ұлттарының еркінсуіне қарсы Жаңаөзен көтерілісі дүниеге келді. Ең бастысы Желтоқсан көтерілісі Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауға алып келді.
Желтоқсан көтерілісіне баға берілу мәселесінің кешеуілдеу себептеріне тоқталар болсақ, ол, сөз жоқ, сол кездегі осы қозғалысқа қарсы болған, қозғалысқа қатынасқан жастарды жазалауға белсенді атсалысқан адамдардың әлі де болса билік орындарында отырғандығында болып тұр. Олар Желтоқсан көтерілісіне тарихи оң баға беріліп, оған қатысушыларға жеңілдіктер жасалып жатса, өздері жазаға ұшыраймыз деген қауіптен арыла алмай отыр. Соңдықтан, оқиғаға баға берілген кезде, көтерілістің қарсы жағындағылардың сол кездің ұстанған идеологиясына тәуелді болып, өздері өмір сүріп отырған коммунистік қоғамның тапсырмасын амалсыз орындауға мәжбүр болғандығы ескеріліп, оларды жазаға тарту мәселесі күн тәртібіне қойылмай-ақ қойғаны дұрыс. Олар, батылы жеткендері, саясаткер Дос Көшім айтқандай, халық алдында оз кінәларын мойындап, тәубелеріне келсе, батылы жетпегендері өздерінің ары алдында жауабын берер. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы айтқандай, ары алдында жауап берген адам кінәлімін десе, онысын халық алдында мойындаудан қорықпайды. «Ұсынған мойынды қылыш кеспес» демей ме халық даналығы. Ендеше ондай адамдар сол әрекетімен-ақ халық кешірімін алады деуге болады.
Екінші бір көңіл аударар жағдай, сол жылдары партия, совет, құқық қорғау органдарында қызмет атқарғандардың бәрін желтоқсаншылардың қарсыластары ретінде кінәлаудан аулақ болған дұрыс. Өйткені, олардың көпшілігі сол қызметтерінде жүріп-ақ жастардың қозғалысына ішкі дүниесімен тілектес бола тұра, заманның талабына сай қозғалыс қатарынан табыла алмаған болар еді. Империяның күш қолдануы нәтижесінде жастардың қаны төгілмесін деген ниетпен олардың арасынан да оқиға орнына барып, жастардың үйлеріне қайтып, алаңнан кетуін талап етушілер көптеп табылды. Олардың бұл әрекетін теріс қабылдау дұрыс болмайды. Сондықтан, Желтоқсан оқиғасына тарихи баға берілуін талап еткенде әлдекімдерді жазалау негізгі мақсатымыз ретінде бой көрсетпеуі керек.
Бір еске ұстар жәйт, Желтоқсан оқиғасына оң көзқарас білдіріле бастаған кезеңнен бастап кешегі қарсы лагерьде болғандардың – өздерін осы оқиғаның қатынасушылары қатарына қосып, қаһарман, қайраткер, данагөй ретінде сезініп, өз есімдерін жарнамалай бастағандығының да куәсі болып жүрміз. Ертеңгі күні желтоқсаншыларға жеңілдіктер бере бастайтын болсақ, кешегі партия, совет органдары мен құқық қорғау мекемелерінде қызмет атқарғандардың желтоқсаншылар қатарынан табылып қалмауына, егер ондайлар бар болатын болса аса ыждағаттылықпен тексеру нәтижесінде ғана мүмкіндік беруге баса назар аударған жөн. Өйткені, бұл категориядағы адамдардың желтоқсаншылардың қатарынан ашық көрінуге мүмкіндіктері аса шектеулі болды. Бұлай деп отырған себебім, желтоқсан оқиғасының қайнаған бел ортасында жүргендердің көпшілігі сол күндердің қасіретін саналарында тағы бір рет жаңғыртпау үшін көбіне көп үнсіздік сақтап, өздерін өздері жариялауды қажет етпейді. Егер, желтоқсан оқиғасына еш қатысы жоқ әлдекімдер желтоқсаншылар қатарында марапатталып жататын болса, бұл желтоқсан құрбандары әруақтары алдында кешірілмес күнә болар еді.
Тарихи оқиға туралы сөз қозғай отырып, халқымыздың кешегіден бүгін сабақ алғанын қалар едім. Соңғы кездері баспасөз беттерінде «қазақ ұлты» деген сөзді «қазақстандық ұлт» ретінде қабылдау қажеттігі туралы да арагідік айтылып қалып жүр. Мен осы ұстанымды кешегі жекелеген ұлттарды орыстандыра келіп «советтік ұлт» ретінде көрмек болған ұлы орыстық шовинизмнін бүгінгі күні терісін айналдырған түрі ме деп ойлаймын. Бірақ, бұл мәселе аясы кеңіп, ендігі бастауын дүниежүзілік сионизмнен алып отырғандай көрінеді. Өткен замандарда жергілікті халықтарды қырып-жойып, жер бетінен жоғалтып, жан-жақтан жинақталған американдықтардың бүгінгі күні «демократия» атауын жамылып, орта азиялық елдердің ішкі саясатына араласып отырғаны да естен шықпауға тиіс. Айтылып жүрген «ғаламдасу», «жаһандану» саясаттарынан да сақ болғанымыз жөн. Міне, Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі бізге осыны үйретті.
«Үшқиян», 09.02.2006 ж.
ҚАЖЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
Қажылыққа жағдайы жететін, өзі сапарға кеткенде артында қалған үй-іші ашықпайтын, жоқшылық көрмейтін, өзі мұсылмандық парызын бұзбай ұстанатын, исламға толық бет бұрған адамдар баратын болған. Кейбір түсініктерде қажылыққа барған адамдар арып-ашып, жаяу-жалпы, жол азабын тартып баруы тиіс деген де бар. Мұндай тұжырыммен бүгінгі жол-көлік қатынасы жоғары дәрежеде дамыған жиырма бірінші ғасырда келісе салу дұрыс бола қоймас. Өйткені, ислам діні дүниеге келіп, дами бастаған жетінші сегізінші ғасырлардағы жол-көлік қатынасы деңгейін бүгінгі заманға тели салсақ, сөйтіп, ғылым мен техниканың жетістіктерін көр соқырлықпен көрмеу саясатын ұстансақ, ол ислам дінінің ілім ретіндегі дамуына да салынған тұзақ болып шығар. Қажылыққа ұшып барып-келгені үшін олардың қажы екендігіне шәк келтіру дұрыс емес дер едім.
Бірақ, осы қажылыққа барып келушілердің кейбір іс-әрекеттерінің дұрыстығына менің көкейімде жүрген күдік пен дүдәмал ойлар да жоқ емес. Мәселен, тарихымызды оқығанда немесе бұрынғы кезеңдердегі қазақтардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жөнінде жазылған зерттеу еңбектерінен, әдеби еңбектерден, бір сөзбен айтқанда еш жерден қажылыққа барып «қажы» атанған әйелдер жөнінде мәлімет кездестіре алмадым. Менің түсінігімде әйел баласына қажылыққа баруға тиым салынбағанмен де, әйелге «қажы» атағы берілмейтін-ді. Сол себепті елімізден қажылыққа барып келіп «қажы» атанып жүрген әйелдер баспасөз бетінде көріне бастаған соң осы мәселенің дұрыс бұрыстығын білмек болып, үлкен ақсақалдардан сұрастырғанымда да олардың көпшілігі (біреуінен басқалары) бұрын әйелден қажы шыққандығын естімеген болып шықты. Тек қана Бейнеу кентіндегі Қойлыбай ақсақал соғыстан бұрын Түрікменстандағы ауылдарында күйеуі мен баласынан қатар айырылған елге сыйлы бір кемпірді ауылдастарының «қажы апа» деп атайтындығын еске түсіріп, бірақ, ол кісі қажылыққа барып келгендіктен солай аталып жүр ме немесе бес уақыт намазын қаза етпейтін тақуа діндарлығынан ауылдастарының атап кеткендігі ме, ол жағын білмейтіндігін айтқан болатын. Осы жағдайды бұдан екі-үш жыл бұрын Ақтауға келген бір сапарында қазақтардың он сегізінші он тоғызыншы ғасырлардағы әлеуметтік тұрмыс-салттары мен әдет-ғүрыптарын (заңдарын) зерттеген заң ғылымының ақсақалы, академик Салық Зимановтан да сұраған едім. Ол кісі де бұрын-соңды әйелдерді «қажы» деп атағанын естімегендігін де, еш жерден оқымағандығын да айтты. Менің түсінігімде қажылыққа барған әйелдерге «қажы» атағы берілмеген, оларды «бибі» деп атаған. Ондай адамдар халық арасында соншама көп те болмаған. Мысалы, Айша бибіден басқаларын өзім де көп біле бермеймін. Және олар тек өздері ғана ислам діні жолын ұстанып, мұсылмандық парызын қаза қылмай өтеп жүруге тиіс болған. Олардан қажылардан талап етілетін мұсылмандық жолды өзгелерге насихаттау, т.б. әрекеттер талап етілмеген. Кешегі кеңестік дәуірдің әйелдер теңдігі саясаты ұстанымын ұстанған қазақ қыздары қажылық сапарына барып-келіп, өздерін «қажы» деп атап жүруі аса бір көрегендік дей алмаймын.
Және бір ескерер жәйт, араб елдері күйеусіз келген әйелдерді еліне кіргізе бермейді. Ендеше, басқа бір еркекпен жалған некеге отырып, қажылық сапарына барып-келген әйелдердің «қажылығына» қалайша шәк келтірмеуге болады?!
Меккеге қажылыққа барып келген әйелдер «бибі» атауын иемденіп, мұсылмандық парызын өтеп жүрсе де сый-құрметтен кенде қалмас еді. Ғасырлар қойнауынан ер адамдардың еншісі болып келген басындағы бөркі мен бұтындағы шалбарын иемденіп кеткеніндей ендігі жерде әйелдердің «қажы» атауына да жармасуын ақсақалдарымыздың сақалына жармасуындай бір түрлі ерсі көремін.
Қазіргі кезеңде теледидар көрсетілімдерінен «Сәлима қажы», «Айнагүл қажы», «Сәуле қажы», т.б. әйел қажылар көбейіп бара жатуы – осы бір дерттің бүкіл Қазақстанды кеулеп кеткендігінің көрінісіндей әсер етеді. Бір таңқаларлығы сол, әлде өздері де білмей ме, қайдам, осы мәселе жөнінде еліміздің Жоғарғы діни басқармасы тарапынан да ешқандай түсінік беру әрекеттері байқалмайды. Әрине, мен бұл мәселені тектен тек әңгімелеп отырған жоқпын, егер менің көкейімде жүрген осы бір дүдәмал күдікті дәлелді сөздерімен сейілтер жандар болса, ой бөлісер деген ниетпен көпшілік назарына ұсынып отырмын.
Қажылық жөнінде екінші бір айтарым, қажылыққа баруды өзінің байлығын көрсетудің амалына айналдыруды ниет етіп жүргендер де кездесіп қалып жатады. Баспасөз бетінде де «пәленше қажылыққа Мекке-Мәдинеге екі рет барған, үш рет барған» деп, оны басқалардан ерекше жан ретінде көрсетуге тырысатындар да кездесіп қалып жатады. Бұл ретте қалам ұстап жүрген әріптестерімнің назарына ұсынарым, қажылыққа отыз рет барып келсе де «қажы» атауы алғаш барғанда бір-ақ рет берілетін атақ. Неше рет барса да «қажылық» шен дәреже ретінде одан әрі көтерілмейтіндігін есте ұсаған жөн. Қажының қадір-қасиеті тек қана оның сол бірінші сапарынан кейінгі мұсылмандық жолын адал ұстануымен бағаланып, атақ-абыройы ел арасында сонысымен артады. Жетім мен жесірге, қаріп пен кесірге, мұқтаж боп алдына келгенге көрсеткен көмектерін немесе аш-жалаңаш жандарға бір мезгіл түстік ас бергенін теледидарға түсіртіп, елге жария етуін ондайлардың қажылық жолын ұстануы деп түсіну үлкен қателік дер едім. Мұндай әлсіз бен мұқтажға қамқорлық шаралар айқайлап айтылмай, жаһанға жар салмай, үнемі істелгенде ғана өз орнымен жасалған сауапты іс болып саналады. Жан иесіне жасалған жақсылық жерде қалмайды, оны өзің жар салмай-ақ халық бағалайды. Әлгі «пәленшелерге түгенше қажы түстік ас берді» деп газетке жаздырып, теледидардан көрсетіп жатқан әрекеттер өзін-өзі жарнамалау, алдағы сайлауға саяси капитал жинау, т.с.с. деп түсінемін және өмірде ондай жағдайлар жиірек орын алып та жатады. Баспасөз бетінде күн құрғатпай суретіңді шығарып, атыңды жазып жатсаң да ел жүрегіне жол таба алмай, керісінше өзіңе деген сол елдің теріс пиғылын туғызып алу оп-оңай. Ал, елге істеген жақсылығыңды сол газетте жазбай-ақ халықтың өзі қабылдаса, онда сенің есіміңді ел көкірегінен қаншама даттаса да ешкім өшіре алмайды. Дана халқымыздың «көкек өз атын өзі шақырады» дегені жоғарыда сөз болып отырғандарға қарата айтылғанын қаперден шығарып алмаған жөн.
ШАПАН ЖАБУ ДӘСТҮРІ ЖӨНІНДЕ
Осы күні қазақтың бұрынғы шапан жабу дәстүрі ойыншыққа айналып бара жатқанын баршамыз да байқап жүрген шығармыз. Бұрынғы кезде астындағы атын түсіп беру, шапан жабу дәстүрі біреуге ерекше разы болған жағдайда жүзеге асырылатын немесе елге сыйлы ақсақалдарымызға жоғары сый көрсету ретінде бағаланып келсе, ол бүгінгі кезде жас жігіт отызға шығып той жасаса да, немесе басқа бір елден біреу келсе де шапан жауып құтылатын, әлгі әйелдердің үй қыдырған кезде матасын апарып тастап, орнына соңдай матасын айырбастап алып қайтатындай дәрежеге дейін төмендеп кетіп отыр. Халқымыздың осы бір қасиетті дәстүрінің салмағын бүгінгі ұрпақтары, біздер, жеңілдетіп, тіпті аяқ асты еткендей сезінетін сәттерім көп менің. Немесе, бір той-томалақ бола қалса мың теңгелік бағамен базардан сатып алынған әлгіндей «шапандарды» ақсақал шапан ретінде онды-солды таратып-ақ жатамыз. Сосын «мен той жасағанда пәлен ақсақалға түген шапан жаптым» деп шелектей бола қаламыз. Ал, сол жапқан шапанымыз қадірлі сый ретінде қабылданып, ең болмаса әлгі ақсақалымыз иығына бір рет жамыла ма деп ешқашан ойламаймыз да.
Шетелден келген меймандарға да қауқитып қалпағымызды, онда да кешегі дәуірде тек хандарымызға кигізген хандық бас киімдерімізді кигізіп және оқалы шапандарымызды жауып жатамыз. Осы көрсеткен сыйымызды олар қастерлеп төріне іле ме, әлде, былай шыға бере аяқ астына лақтыра сала ма, онда еш шаруамыз жоқ. Біле білсек, ата дәстүрімізде бас киімін кез келгенге беру жаман ырым боп саналып келген. Ол жағдай «басқа қонған бақтан, қолға тиген ырыстан айырылу» болады деп саналған. Кейде ойлаймын, еліміздің ырысы – мұнайымыздың басқалардың ырысына айналып кетіп отырғаны осы бас киімдерімізді кім көрінгенге кигізіп жіберіп жатқанымыздан болып отыр-ау деп. Өкініштісі сол, осы жағдайға жетуімізге көбіне-көп елге пана болады, халқының салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай сақталуына қорған болады деп үміт күтетін зиялыларымыз, аз болсын, көп болсын ел басқарып отырған басшыларымыз мұрындық болады. Замандастар, ендігі жерде шапан жабарда оны кімге жабатынымызды екшеп, ойланып барып, шапанымыздың салмағын төмендетіп алмайтындай болайық дегім келеді.
7-ТАРАУ: ТАҒДЫР
ҚАШҚЫН
1. ӘЛҚИССА
Бағзы замандардан бері елі мен жерін қорғауда қазақ жерінде түрлі жаугершілік қақтығыстар болып тұрған ғой. Осы қазақ қандай да бір жаугершілікке ұшыраса да «жалғызды жауға салма» деген ұстанымды басшылыққа алып отырған. Таратып айтар болсақ, осындай жаугершілік соғыстарға аттанғанда қазақтың ру басшылары мен қол бастаған батырлары, ел билеген билері мен төрелері қол жинаған кезде әр атаның ұрпағының үзілмеуін қатаң қадағалайтын. Жауға аттанар қолға бір үйдің бір баласын ғана алуға, жалғыз ұлы барлардың балаларын алмауға тырысқан.
Зер сала қарасақ, жаратылыстың кез-келген өнімі, яғни тіршілік иесі, мейлі ол өсімдік болсын, жан-жануар немесе адам болсын әрдайым кеңістікке, айнала қоршаған ортасының кең болуына ұмтылыс жасайды. Бұл – күрес, жақсы өмір сүру үшін күрес. Егер бақшаңызда өсірген қызанақтың бұталарының арасы жиі болып, оны сиретіп жұлмасаңыз, өнімді нашар аласыз және алған өніміңіз де уақ, сапасыз болмақ. Ал, ұстап отырған итіңізді босатып жіберген сәтте оның айнала жүгіріп, өзі иелік құратын аумағын белгілеп, сол маңайдағы өзінен әлсіз туыстарын талап қуып, шама келсе өзінің иелік етер кеңістігін күн сайын кеңіте түсуге ұмтылысын талай мәрте байқаған боларсыз. Сонда бұл ненің белгісі? Бұл қоршаған ортаның тіршілік иесіне табиғи қыспағы, кез келген тіршілік иесі осы қыспақтың неғұрлым әлсіз болғанын қалайды. Ал, сол тіршілік иесі өмір сүретін орта кең болған сайын ол қыспақ әлсірей түспек.
Сондай-ақ, жалпы, менің ойымша, еуропалық елдердегі тұрғындар бір-екі баладан артық тумай, өмірді өздері үшін сүреді. Олардың бала санын көбейтуге құлықсыздығы жеке пенде ретінде кез келген адам сезініп болмайтын өздері өмір сүретін ортаны онан әрі тығыздандыра түсуге деген ынтасының жоқтығынан десек, ал, азиялық елдердегі халықтар, соның ішіңде қазақтар да өмірді ұрпағы үшін сүреді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондай-ақ, тарихты қарап отырсақ, еуропалық елдер соғыс ашуға неғұрлым мүдделі болып келеді. Оның, тағы да менің ойымша, экономикалық және саяси себептерінен де басқа, халқының көптігі мен жерінің тарлығынан болатын қоныстану тығыздығынан туындайтын, қоршаған ортасының тарлығынан бала боп аналық жатырында жаратылған сәтінен санасына қанмен гендік түрде берілетін, тіршілік иесінің тынысын тарылтқандай әсер беретін сол ортаны кеңіту үшін соғысқұмарлық түйсігінің сіңіріліп туатындығында ма деймін. Мысал ретінде мына бір жағдайды айта кеткім келеді. Жақында іс-сапармен Маңғыстауға келген жапондықтар кешкі астан соңғы үзіліс кезінде аспанға қарап мойындарын созып, жұлдыздарды тамашалаумен болды. Бұларың қалай деген сұраққа: «Біздің тұратын жеріміз үлкен мегаполис, кешкісін аспан да, ондағы жұлдыздар да көрінбейді, сіздер қаңдай бақыттысыңдар, мына аспан аясын айқын көріп, жұлдыздар әлемін тамашалап, еркін тыныстай аласыңдар», – деп жауап берді. Міне, ұланғайыр кеңістіктегі саны аз қазақ халқының басқа елдерге соғыс ашпай, соғысының барлығы жерін қорғау мақсатында жүргізіліп, керісінше бейбіт өмір сүріп, ұрпақ өсіруді өмірінің негізгі кредосы етіп қоюының себебі осында жатыр. Өйткені кеңшілікте туған баланың тынысы кең, жерін кеңейтудің қажеттілігі жоқ, оның орнына сол кең территорияға иелік ететін және басқалармен иық теңестіру үшін халқының санын өсіру қажеттілігі болып отырады.
Өткен ғасырдың ортасында алғашында Еуропада басталып, артынша дүние жүзін шарпыған алапат соғыс қазақтың санасында қалыптасқан, қанымен бірге жаратылған бұл үрдісті мүлдем ескермеді.
Германиямен арадағы келісімге үміт артқан кеңес өкіметінің басшылығы Гитлердің Кеңес Одағына соғыс ашу мүмкіндігін жоққа шығарып, соғыс бола қалған жағдайда елде жаппай мобилизация жасау жоспарын жеріне жеткізе ойластырмады. Ойластырған күнде де ол жоспарда КСРО құрамындағы елдердің ұлттық ерекшеліктері мен мүдделері ескерілмеді. Мәселен, жоғарыда сөз еткен қазақ ұлтының ұрпақ өсіруге, ұрпақ үшін жанын пида етуге даяр екендігі, соғысқа ер-азаматтарды мобилизациялағанда олардың осы ерекшеліктерін ескере отырып, ұрпақ жалғастығын сақтауға мүмкіндік қалдыру жоғарғы басшылардың ойына кіріп те шықпады.
Кеңес өкіметінің басшылығы үміт артқан Германиямен арадағы келісімнің күлі көкке ұшып, күркіреп соғыс та жетті. Жан-жақты ойластырылған жоспары жоқ өкімет 18 бен 40 жас арасындағы ер-азаматтарды жаппай әскер қатарына шақырған кезде, Маңғыстаудың осы жас арасындағы, нағыз өнім берер, ұрпақ өсіруге жарамды ер-азаматтарын бір түнде жинап, соғысқа аттандырды. Кездейсоқтық па, әлде арнайы жоспарланды ма, оны тап басып айту қиын, бірақ, маңғыстаулықтардың дені қалмақ даласындағы ұрысқа салынды. Ұрыс болғанда да өмірге келе алмай кеткен бүтін бір ұрпақ кешпейтіндей оларға еш қарусыз, екі не үш жауынгерге бір бесатармен жасанған жауға мидай тегіс далада ұрысқа қатысуға тура келді. Құдды бір тел аяқ боп бір қасықпен кезектесіп ас ішкендей алдыңғы солдат қазаға ұшыраса немесе жараланып қатардан шықса, соны күтіп келе жатқан екінші жауынгер оның мылтығымен ілгері ұмтылуға тиіс. Немістің мұздай қаруланған, Еуропа елдерін тегіс жаулап, соғыстың мол тәжірибесін жинақтаған мотороталарына қарсы Маңғыстаудың маң даласында малын бағып, бейбіт өмір кешіп жүрген момын қазақтарды қарусыз ұрысқа салу, менің ойымша, Сталиннің кекшіл мінезінің, яғни осыдан он жыл бұрын кеңес өкіметінің қарулы отрядтарына қарусыз қарсы шығып, көтеріліс жасаған адайлар «енді сол «тәжірибесін» қарулы неміс әскеріне жасап көрсін» деген арам ойының жемісі емес пе екен деген күдік туғызады. Адайлардың 1931 жылғы өкіметке қарсы көтерілісін Германия билігі ескеріп, жергілікті халықтың ішкі наразылығын пайдаланбақ болып Гурьев облысы аймағына диверсанттық топ түсіріп жатырғанда, адайлардың өзі басқарып отырған өкіметіне қарсылығын кекшіл грузиннің ұмыта қоюы неғайбіл еді.
Оның үстіне елдегі жарлы-жақыбайлардың мүддесін көздеп, сойылын соғуға уәде берген өкіметтің саясатында тура жолдан ауытқып, бар билікті бір адамның қолына шоғырландыру, елге өктемдік жүргізу, қара халықтың бар жиған-тергенін ортаға салып алып, қолындағы малына да билігін жүргіздірмеу, сауатсыз надан белсенділердің асыра сілтеушілігі, бай мен кедейге бөліп, ағайындар арасына сына қағып, туыстық сезімнен айыруы, жаны күйзелгенде бар пәленің себепшісі көріп Құдайдың өзін жер-жебіріне жеткізе ұрсып жататын қазақтардың өзі Құдай үйі санайтын мешіттерді бұзып, тасын мал қораларына пайдалануы, мемлекеттік басшылық ұйымдарының орыс ұлты мен басқа ұлттар арасындағы жікке бөлуі мен орыстың Столыпын саясатына байланысты қазақ жеріне қоныстанған контингентіне бүйрек бұруы, т.б. бұра тартушылықтар ел ішіндегі ішкі қарсылыққа ұшырап отырды. Мысалы, жер жөніндегі мәселеде, құнарлы жерлерге орыс мұжықтары ие болып, қазақтардың өз жерінен ығыстырылуы, қазақтың ата-бабадан мұра боп жеткен ұланғайыр жерінің біраз бөлігінің Ресейге қарасты болып кетуі тек қарапайым халықтың емес, ел билігінде жүрген көзі ашық азаматтардың да наразылығын туындатты. Соның айқын бір мысалы ретінде айтар болсақ, Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ Автономиялы республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев: «Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?» деп сұрайтыны анық. Біз болсақ: «Ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар» дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?» десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды» деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ, қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?» деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», – деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті», – деп күйіне айтқан 1926-27 жылдарда. («Оңтүстік Қазақстан» газеті, №33, 19 тамыз 2010 ж. Т. Жұртбаев: «Жер мәселесі және жазалау саясаты» мақаласынан).
Айтса айтқандай, жас кеңес өкіметі орнықпай жатып төңкерісшілер көсемі В.И. Ленин қазасынан кейін ұлттар жөніндегі өте нәзік мәселеде үлкен қателіктерге жол берілді. Орыс ұлтын басқалардан жоғары қою күні кешеге дейін жалғасын тауып келді. Мемлекеттің ұстанған қате саясатының нәтижесінде ел ішінде туындаған наразылықтарға қатынасқандар «банды» атанып, аяусыз жазалауға ұшырады. Ел арасындағы артынан ел ертуге мүмкіндігі бар беделді адамдарға өздері ешқашан естіп-білмеген «ағылшын», «жапон», т.б. елдердің тыңшысы деген адам сенбес желеумен жала жабылып, «халық жауы» ретінде репрессияға ұшыратылды.
Ал, осы соғыстың алдында өкіметтің теріс саясатына қарсы Маңғыстау адайларының қарулы көтерілісі мен отызыншы жылдарда орын алған ашаршылықта елдің жаппай қырғынға ұшырауы, жағдайы кеткен халықтың «балапан басына, тұрымтай тұсына» басы ауып, есі кеткен кезде ел асып, жер асып, босып кетуі адай рулары адамдарының санын азайтып-ақ жіберген еді. Осы жағдайлар қазақтарда жер бетінде халық ретінде сақталып қалу мақсатында әр адам бойында өзін-өзі сақтау, ұрпағын жалғастыру инстинктін қалыптастырған еді. Және бұл инстинкті олардың санасына жеке тұлғаның қалауынсыз-ақ, керек десеңіз оның еркінен тыс сыртқы бір құдіреттің күшімен ендірілген болатын.
Сондықтан, қолына заманына сай қуатты қару-жарақтың түрін жинақтаған, кәсіби армиясы бар өкіметке қолдағы азын-аулақ қарумен қарсы шығып еш нәтижеге қол жеткізе алмасына көзі жеткен адай азаматтары ендігі жерде қарсылықтың көзге түспес құпия амал-айлаларына көшкен-ді. Айтар болсақ, өткен ғасырдың бас кезінде түрікмен, иран, түркі, қытай жерлеріне қазақтардың үдере көшуінің өзі өкіметке қарсылықтың бір түрі еді.
Сол сияқты, Германия Кеңес одағына шабуыл жасап, соғыс хабары шыққанда жекелеген адамдардың соғысқа барудан түрлі амал-айла қолданып бас тартуы да осындай қарсылықтың түрі деуге болады. Соғысқа баруға келіспегендердің бірі өтірік жынды болып, сол ролін соғыс біткенше ойнап шығуға мәжбүр болса, екінші бірі билікті органдардағы таныстықтарын пайдаланып, жолын тауып «бронмен» қалып жатты, ал үшінші біреулері тау-тасты паналап, жақында алған әйелдеріне ұрын келіп, артына ұрпақ қалдыруға тырысып бақты. Айта берсек, мұндай қарсылықтың неше бір түрін табуға болар еді.
Жау көрсе ажалдың бетіне тура қарауға бесіктен тәрбиеленіп өскен, күні кешеге дейін Қазақстанның кез келген аймағында «адай» десе жапонның самурайы сияқты «ержүрек», «жауынгер» деген ұғымды білдіріп келген адай жігіттерінің өлімнен қорқып қашуы мүмкін емес еді, ондайлар бола қалғанның өзінде ру азаматтарының үнсіз сотымен жазаланып, қоғамнан шеттетіліп қалары анық. Қоғамнан шеттетілген жанмен рулас туыстары, ауылдастары – бәрі де тіл қатыспай, одан іргесін аулақ салатын болған. Адайлардың кешегі соғыс басталған кезде өз арасынан шыққан соғысқа барудан бас тартып, ұрпағын жалғастыруға қам-қарекет жасаған туыстарын «қашқын» екен деп, олардың бұл әрекетін опасыздық деп танымауы, керісінше сауып отырған жалғыз түйесін айдап кетіп сойып жесе де олардың жасырынған жерлерін біле тұра өкіметке ұстап бермеуі қоғамның осы әрекетті іштей қолдауы деп қабылдағанымыз дұрыс.
Еліміз тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі тарихшылар мен жазушылардың еңбектеріңде кешегі «банды» атауына иеленген қандастарымыз «көтерілісшілер» деген тура мағынадағы атауларын иемденіп жатқанда, «қашқын» атауымен аталып келген жандардың әрекетіне де талдау жасап, оның өкіметтің солақай саясаты туындатқан теріс әрекеттері нәтижесінде өкіметке қарсы жасалған қарсылықтың бір түрі екендігін мойындауымыз қажет.
Сондықтан мен өкімет кезінде «қашқын» деп айдар таққан, соғысқа барудан бас тарту, осы сөздің тура мағынасында айтылатындай қорқақтық немесе өкіметке сатқындық емес, ол бір жағынан осы өкіметтің бұрыс саясатына қарсылық болса, екінші жағынан қазақ халқының менталитетіне сәйкес ұрпақ үшін күресі еді деп бағалаймын.
2. ҰРПАҚ ҚАМЫ
(Болған оқиға ізімен)
Кешегі қарлы қыстан кейін жер бетіне жан бітіп, көктемнің әлі биіктей қоймаса да түбірінен көктей бастаған жусаны мен араларында сарысы мен көк гүлдері бітісе өскен өлі шөбі айналаны жап-жасыл түске бояған дала төсінде бір салт атты астындағы атын сипай қамшылап, жорғалатып келеді. Атын сипай қамшылағанымен, ара-тұра шалт тебініп, ілгері ентелей ұмтылысынан жүргіншінің асығыс екендігі көзге ұрып тұрғандай. Салт атты жүргінші кешегі күні жоқ қарап шыққан. Бастауын анау Айрақты тауының шың-құздарынан алып, Оқасқанмен жалғаса көлбей жатқан таулы қырқаның етегіндегі Аманқызылитте қоныс тепкен молда ағасы Қондыбайдікіне қонып шығып, таң сіберлеп атар атпаста ауыл маңында жайылып жүрген тұсаулы атын әкеліп ерттеп мініп, іздеп жүрген жоғын да ұмытып, Қабақтағы өз аулына асыққан Өтен еді бұл. Күнделікті шаруаның тыныс-тіршілігімен күн кешіп жатқан ауылына дәл қазір жетпесе бауырынан өрген екі ұлдан қалған жалғызы Дүйсенінен де айырылып қалардай боп, ойы он саққа жүгірген Өтен тым асығыс.
Жасы он жетіге толған жылы әкесі мен туыстарының араласуымен қатарларынан ертерек әйел алған Өтеннің келер жылы Жұмабайы, араға төрт жыл салып Дүйсені өмірге келді. Өзі әкесі Сисенбайдың аталас ағайыны Қондыбай молданың малын бағып жинаған азды-көпті шаруасына ие болып, осы ағасының аулына жеке ауыл боп қоңсы қонып, тұрмысын түзеп келе жатқан шағы еді. Баласы Жұмабайға да жасы он алты он жетіге толысымен қатын алып беріп, қасына бөлек үй ғып шығарған. Ондағы ойы кіндіктен жалғызбасты боп өткен әкесінен өзі де жалғыз болғандықтан, Сисенбайдың Өтенінен тараған әулеттің қарасын көбейтіп, дәулетін молайту болатын. Сосын ғой, өзін өзі аяусыз қамшылап, қажымай-талмай санын молайтқан малының шетінен қалыңмалын төлеп, замандас құрдасы Дәулеттің қызы Жазираны баласына ертерек алып бергені. Өзінше ырымдап, бұрын бір үй болып отырған отбасын екі үй ғып баласына бөлек киіз үй тігіп жүргені. Содан бері әлдекімдердің аузынан өз ауылы туралы «анау Қабақтағы Сисенбайдың Өтенінің ауылы» дегенді естігенде, бөркі қарқарадай боп, төбесі көкке жеткендей өзгеше күй кешетіні бар мұның.
Бірақ, пендесінің ойын жоғарыдағы Тәңірі құп көрмеді ме, әлде басқалай бір себебі болды ма, кім білген, әйелімен екі жылға жетер-жетпес отасты да өзіне қолғанат боп жүрген Жұмабайы аз ғана күн ауырып, Көгездегі емші Қожық келіп жеткенше, он тоғызға енді шыққалы тұрғанда көз жұмды.
Кеше ғана отау ғып тіккен төрт қанат боз үй ішінде өмірге жаңа келген Жексенқұлын бауырына басып, жас жесір келіні Жәзира қалды аңырап. Өмірдің тауқыметін көп тартқан Өтенге, ұлын бөлек отау етіп, енді қызыққа кенелемін дегенде жастай солған баласының қазасы қатты батты. Маңдайынан біреу қос қолдап ұрғандай, есеңгіреп отырып қалған. «Қайыр болсынға» келіп жұбату сөздерін айтқан ағайын мен ауылдастарының көңілдері сәл де болса демеу болды. Алланың салғанына көнгені ғой, құлынын жоқтап жүрегі қарс айырылғанымен қолдан келер не амалы болсын, «тірі адам тірлігін істейді» дегендей, ол өзін өзі қолға алып, баласының үшін өткізгеннен кейін орнынан тұрып, күнделікті шаруасымен айналысқан. Онысы дұрыс та болғандай. Ұлының қазасына байланысты туындаған түрлі кәделерін өткізу, қала берді отбасы өмірінің нәрі болар малының бағым-күтімі, қабырғасына аяздай батқан қайғысын бір мезгіл есінен шығарып, ұмыттырғандай ма, қалай, әйтеуір, жан жарасының жазылуына септігін тигізгендей болды.
Жұмабайдың артында қалған жалғыз тұяғы Жексенқұлды бөтеннің қолына қалай телміртсін, тұңғышының қырқы өткен соң басына таудың қара тасын тасып, моласын қалап, арада жылға жетпес уақыт өте ағасы Қондыбай молданы шақырып, ауылдың ақсақалдарын жинап, батасын алып, бұрынғылардың жолымен жастай жесір қалған келіні Жәзираны он бестен он алтыға қадам басқан Дүйсеніне атастырған еді. Бұл 1929 жыл болатын.
Пендесін жарылқайын десе, Алланың қолын кім қағар, Құдайының бұған да қарасқаны болар, содан бері Жұмабайының тұяғы Жексенқұлдың соңынан Дүйсен мен Жәзирадан өрбіген Бәсен, Мұхит, Оңал деген үш інісі еріп, Өтеннін қос шаңырағы толысып-ақ қалған-ды. Атадан жалғыз Өтеннің ордасы толып, Сисенбайдан өрген жалғыздың жапырағы жайылған кезі болатын. Көзі қорқып қалған ба, Өтен немерелеріне көзін тіке қадамай, оларды «тіл-көзден сақтай гөр, жаратқаным» деп Құдайға құлшылық етіп, сырттарынан ұшықтап жүретін. Тәңірдің бергеніне разы, Жәзира келіннің етегі құтты болды. Өміріне риза Өтен әне бір жылдары алдымен серіктестік, артынан колхоз дегендер құрылып, алдындағы аз ғана дәулеті малын үкімет ортаға қосып, өзін отбасымен бірге колхозға кіргізгенде де аса ренжи қоймаған. «Үкімет аштан өлтірмес, мына Жұмабайы мен Дүйсенінен ерген ұрпақтары аман болса болады» деп шүкіршілік еткен-ді. Содан бері колхоздың бір отар қойын бағып, ішінде өзінің маңдай терімен өсірген малдары да бар, солардың өз көз алдында жүргенінің өзін көңіліне медеу тұтып, жүріп жатырған жайы бар.
Енді, міне, осы тірлігін көп көргендей, екі шаңыраққа ие деп жүрген Дүйсенінің де басына бұлт үйірілгендей сезініп, балапанын жар басына өрмелеген жыланнан қорғап, шүйліге ұмтылған дала қыраныңдай Өтен үйіне асығып келеді.
Кеше, Құдайдың құтты күні бірін бітірсе екіншісінің басы қылтиып шыға келетін, таусылмайтын қарбалас колхоз шаруасынан қолын бір босатқан. Ауылдағы мал күтімін Дүйсен мен қарақұлақ болып қалған немерелерінің еншісіне қалдырып, колхоздың мінгіге беріп қойған торы атымен екі күннен бері өрістен қайтпаған сауын сары інгенді іздеп шыққан. Өтен Аманқызылиттегі Қондыбай молданың ауылына кештетіп келген. Ойы – ауыл арасы шалғайлау, кезінде көп қамқорлығын көрген ағайынға қол ұшын беріп, амандасып қайту болса, екінші жағынан осы жақтан хабары шыққан жоғалған түйесін сұрастыру. Бұл ауылға ат басын бұруының тағы бір себебі – соңғы кезде ел аузында жүрген «Қондыбай молданың жалғыз баласы Айтанды жын иектепті, апырмай, Қонекемнің өз баласын емдеп, жазып ала алмағаны қалай!?» деген қаңқу сөздердің анық-қанығына көз жеткізу, солай бола қалған күнде «жақсылығы жақын болсын» деп ағайынға тілектестік көңілін білдіру еді.
Өтен үй сыртына таяп кеп атынан түсе бергенде өзіне жақындап қалған еңгезердей Айтанды көрді. Екі көзін өзінің өңменінен өткізе тесіле қарауынан едәуір сескеніп, «е, ел біліп айтып жүр екен ғой, сорлы бала-ай, қор болған екен» деп ойлап, бойы біртүрлі түршігіп кеткендей болды. Бірақ, өзіне төне жақындаған Айтан: «Ассалаумағаликүм, Өтен аға, қатының аман болсын, Дүйсенің аман болсын» – деп жымиған кейіпте амандасқанда, көңілі орнына түскен. Дегенмен, бүгінгі Айтан шынында да бұрынғы көріп жүрген Айтаны емес екені көзге ұрып тұрды. Үстіндегі ықылым заманнан жеткен түйе жүн шекпені де, бұтына киген көнетоз жарғақ шалбары да біртүрлі қонымсыз, олпы-солпы, шашы ұстарамен тықырлап алынғанмен, сақалы мен мұрты біраз уақыттан бері ұстара жүзін көрмепті. Көзінің аясы кеңейіп адамға алара қарайды, үстіңгі ерні дүрдиіп, астынғы ерні ерсілеу салбырап, сілекейі сыртына шығып, екі езуден көбік шашырап, құдды бір келеге түсіп, ұрынарға қара таппай, көрінгенді бауырымен таптауға әзір тұрған қара үлектей үрей шақырады. Сөйте тұра, өзіне қарай қадам бассаң, алдындағы кісіден жасқаншақтап шегіне алыстауға даяр. Ара-тұра естірте күбірлеп, түсініксіздеу бір сөздер айтып қалады. Дүйсенімен жасы шамалас Айтанның мына аянышты халін көріп, ішінде аяныш сезімі оянғанмен одан әрі оған қарап тұра беруге дәті шыдамаған Өтен оның қасынан жылдамырақ басып алыстап, үйге беттеді. «Ассалаумағаликүм, аға!» деп табалдырықтан ішке енді. Оң жақта қалың ғып салынған төсекте жартылай шынтақтап, әлдебір кітапты оқып отырған Қондыбай түрулі іргеден көріп отырған Өтен інісінің сәлемін «әликісәлем, Өтенбісің, өркенің өссін!» деп қабыл алып, оған өз қасынан, төрдің жоғарғы жағынан орын ұсынды. Көп ұзамай, үйге қайнағасына иіле сәлем етіп, көрікті жүзіне мұң ұялаған келіні – Айтанның әйелі Жәния еніп, дастархан жайып, шәй әкелді. Шәй үстінде Қондыбай ағасы мен жеңгесіне «Айтанжан ауырып қалды» деп естіген соң көңілін сұрайын деп келіп едім. Жақсылығы жақын болсын, ініміз тезірек айығып кеткен» деп тілегін білдіруден әрі аспаған Өтеннің алдын түнге салып жолға шықпасын білген жеңгесі іргедегі қара кебеженің аузын ашып, қысқы соғымнан қалған сүрленген ет шығарып, Жәнияға қазан көтеруге ым жасап, қонақасы берудің қамына кіріскен.
Амандық-саулық сұрасқаннан басқа әңгіме өрбімей, шәй үнсіз ішілді. Шәй дастарханы жиналып, ыдыс-аяқ тостағанға құйылған сумен шайылып, аяқ сүрткіш орамалмен жалтырата сүртіліп, шәй сандыққа салынғаннан соң үйдің кемпірі мен келіні кешкі астың қамымен тысқа беттеген.
Е, шырағым, Өтен, өзің де білесің, әкең Сисенбаймен көп жолдас болдым, иманды болғыр, ісіне адал, қайратты, тындырымды, жақсы адам еді. Өзі атадан жалғыз болды, сен де кіндіктен жалғыз болып, артыңнан іні ермегеніне көңілі жабырқайтын-ды, сосын да болар, бар тілегі сенің үстінде болатын. Құдайдың қарасқаны болар, бұл күні шүкір, Сисенбайдың жапырағы жайылды ғой, тек тіл-көзден, көлденең кесапаттан сақтасын, иншалла! Менің Айтаным да, өзің білесің, інім Бимағамбет екеуміздің арамыздағы жалғыз ұл ғой. Екі үйіміздің де ұрпағымызды жалғастырар жалғыз үміті де осы бала. Дүние тыныш болмай тұр ғой. Ана бір керман деген ел соғыс ашып, айналасындағыларды жалмап жаулап келеді. Кәзит оқығандарды тыңдап отырсам, соларың түбі осы кеңес өкіметіне де соғыс ашатын түрі бар. Пәленің беті аулақ, соғыс бола қалса, осы Айтан мен Дүйсендей өрім азаматтарды жіпке тізіп алып кетері сөзсіз. Соны ойлап ойым он саққа жүгіріп, түн баласы ұйқысыз өтетін болды, тіптен мазам кетті. Әрі ойлап, бері ойлап. Айтанымды дуалап, есалаңдау күйге енгізгеннен басқа амал таппадым. Әлгінде келгенде көрдің ғой, ештеңемен ісі жоқ, адамға зиянсыз, әйтеуір бір жүрген жан. Жаныма батады, бірақ соғысқа кетіп, сонда кім үшін десеңші, жоқ болғаннан есалаңдау болса да көз алдымда тірі жүріп, ұрпағын өсіргені жөн деген шешімге келдім. Осы баланы қызықтамақ боп аяғын тұсап қатын алып бергенім кеше ғана. Ал, ол соғысқа кетіп, оралмаса, не болмақ! Бұл үкімет әуелінде жарлы-жақыбайдың көсегесін көгертеді дегенімен – ондай болмай тұр ғой. Кешегі өз қолдары өз аузына жетпей жүрген құл-құтаннан шыққан белсенділері қит етсе түрмеге тығып, елдің берекесін кетірді. Бір тышқақ лақ сойып жегені үшін ана Биғали алты жылға сотталып кетіп, артында шиеттей бес баласы қалып еді. Оны қатыны қалай асырасын, амалы құрығасын балдарын детдомға беріп, бесеуін бес жаққа тентіретіп жіберді. Басына мал біткен жақсы мен жайсаңды құртты «байсың» деп, басқа жақты білмеймін. осы Маңғыстауда байдан қорлық көрген кім бар еді?! Біздің елдің жақсылары қасындағы жамағайынына жамандық жасап па еді, сірә. Бай ағайынның малын бағып еңбегімен дәулет құрамаушы ма еді!?. Солардың бірі сенің әкең Сисенбай мен өзіңсің, Өтенжан. Менің әкемнен, болмаса менен сендердің жамандық көрген кезіңіз болды ма? Маңғыстауда байлар құл ұстап, күң жұмсады дегенді бұрын-соңды естіп пе ең? Қолға түскен құлды балдарымен тең ұстап, ұл қылмайтын ба еді біздің елде, жаугершілікте қолға түскен жігіттер ру ақсақалына бала болып, артынан бір рулы елге айналмайтын ба еді! Малшысын аш қылған, жетімін телміртіп, жесірін тентіреткен кімді білесің көзің көріп, құлағың естіген жерде! Асып бара жатырған дәулетің болмаса да сендердің де малдарыңды ортаға қостырып, өздері берген әлі еттен басқа енді бір қой сойып жеуге шамаларың жетпей жүргендерің, мынау. Мұның бәрін сені көрген соң іштегі күйікті сыртқа шығарайын деп айтып отырмын, бөгде біреу болса тіріде сес шығарармын ба! – осылай деп іштегі шерін біраз ақтарған Қондыбай молда біраз уақыт үнсіз қалды.
Иә, Өтенжан, көкейінде тұрған сұрауды біліп отырмын. «Бұқарадан оқып білім алған, елге ішірткі жазып, кітап ашатын, жеңіл-желпі сырқаттың сырын ашып, емін айтатын, көз тиген мен тіл өткенге дұға жазатын Қондыбай молда өз баласын неге емдемейді?» деп ойларсың. Соғыс бола қойса, мына үкімет сені мен менің жайымды, кейінге ұрпақ қалдыруымыз қажет екендігін ойлап бас қатырмайды. Соны біліп, қолымнан келгенше алдын алу мақсатыңда Айтанымды осы күйге өзім түсірдім. Алла сәтін салса, ел іші тынышталған кезде кейін емдеп жазып алармын. Әлгі керман дегені келіп соғыс аша қойса бұл кәпір мен кәпірдің арасында болатын соғыс. Сол соғыста мұсылманның талай боздақтары ажал құшады, бірақ, оларды шейіт болады дей алмаймын. Кешегі Мырзагелді, Тұрмамбет, Қармыс аталарымыздай ата-баба жерін қорғау керек болса, жорыққа бірінші болып ақ батамды беріп ұлымды өзім аттандырар едім. Мына соғыста кімнің жерін кімнің елін қорға дермін. Жарылқаймын деп келген үкіметінің түрі мынау, алдымыздағы өз малымызды өзімізге де бұйыртпай тыйым салып, өлмешінің күнін көргізіп қойған. Қайта жаратқан ием өзі қарасып, даланың аңын ұстап, бірді бірге жалғап отырмыз. Баласын сүндеттеп, өлісін адалдағаннан басқа адам баласына зияным тимесе де «молдасың, молданың баласысың» деп күн бермей, ағайыннан айырған бұл үкіметті қорға деуге қалай аузым бармақ. Сені туыс деп айтып отырмын, бұл менің ішімде шемен боп қатқан жара еді, соны сыртыма шығарып, бір жеңілдеп қалғандай болып отырмын. Басқа біреуге тісімнен шығармаған, әм шығармайтын да сырым еді бұл. Сыртқа шықса бас жұлатын әңгіме екенін түсініп отырған шығарсың. Ана Дүйсені кетсе, сендердің күйлерің не болмақ? Шиеттей төрт баланы қарақұлақ қып қараға ілестіруге шамаң жете ме, сол немерелерің кімнің қолыңда қалады? Сорлы Биғалидың балдары құсап, әрқайсысы әр жаққа бытырап, атасын танымайтын кәпір боп кетпек пе? Осы жағын ойладың ба? Сені ойлансын, ерте бастан бас амандығының қамын жасасын дегендіктен айтып отырмын. Ертең әскерге шақырту келген күні кеш болады, сол шақырту қағазы балаңның мойнына түскен бұғалық болмақ, үкіметтің құрығы қашан да ұзын, құтқармайды. Бірақ, не амалын жасасаң да ешкіммен, тіпті қойныңдағы қатыныңмен де сыр бөліспе, дымың ішінде болсын. Бұл күнде кім кімге сеніп болады, мен Сисенбайдың баласы болғаныңнан ғана саған, кезім жеткен жәйді айтып, ойлансын деп отырмын.
Мұнысын шәй мен еттің аралығында тысқа шығып, ауыл алдындағы төбе үстінде отырып, екеуара әңгіме үстінде айтты.
Көпті көрген, оқыған тоқығаны мол, басынан жаңа үкімет келгелі небір құқайды да өткеріп, кәнпескеден соң жер аударылғалы тұрған жерінен інісі Бимағамбетпен Кетікте бірге арба айдап, тас кескен құнанорыс Мыңбай баласы Жалаудың көмегімен елде қалып, тыныш өмір сүріп отырған Қондыбай молданың осы әңгімесінен кейін Өтен ұйықтай алмай, ойы сан-саққа жүгіріп, түнді мазасыз өткізген. Сәл көзі ілінсе болғаны, бір ақ шулан арлан қасқыр Дүйсеніне атылғалы жатады немесе алдында жатқан терең әйкелсіз апан құдықты байқамаған ұлы енді бір қадам алға аттаса сол апанға құлап мерт болуға шақ қалды... Айқайлап оны тоқтатайын десе, үні шығар емес... Өтен қорқынышты түстерінен оқтын-оқтын шошып оянып, таңның атуын асыға күткен. Мұндайда таң да атып болмайды. Ақыры таң сіберлегенде жәй ғана қақырынып, дыбыс шығарып, Қондыбайға өзінің кетіп бара жатқанын білдіріп, кеше кешке ат арқасынан сыпырып алып қойған ер-тұрманын иығына асып, ауылдың сыртындағы тұсаулы атына беттеген.
Міне, содан ауылға асыққан беті. Ара-тұра атын желдіртіп алады. Бар ойы Дүйсенін қалай аман алып қалудың амалымен алаңдаулы. Бір сәт ойлайды, «ол неғылған соғыс, бәлкім бола қоймас, ел басына күн тумай жатып, ағамның қай сасқаны, жалғыз ұлын есалаң қып, «тілеп алған аурудың емі болмайды» деуші еді... Астапыралла, не ойлап кеттім, о, жаратқан, кешіре гөр!.. Сонда деймін-ау, Қонекеме қарағанда менің жағдайым алхам шүкір, екі ұлымнан өнген төрт немерем бар. Ертең-ақ жігіт болып шыға келмей ме, елмен бірдей болармыз. Соғыс бола қалса, барып-келер. Тепсе темір үзетін жаста... Әй, мен не деп кеттім, қайратым бұрынғыдай өсудің орнына кері өшіп бара жатыр. Заманның түрі болса мынау, ол балаларды Дүйсенсіз бір қараға жеткізе аламын ба, жоқ па?.. Осы мен ақылымнан алжасайын деген шығармын. Бірақ, Қонекемніңде бір білгені бар болар, білмесе жалғыз ұлын осындай күйге түсірер ме еді! Дүйсенімді қалай аман алып қаламын? Молда ағама айтып, оны да дуалатсам ба екен? Түһ, не деп кеттім, жасаған ием, сақтай гөр, қайдағыны қайдан ойыма алдым, жоқ... мен басқа бір амал ойлап табуым керек». Шырғалаң ой соңына түскенмен Өтеннің есіне әзір еш амал-айла келер емес. Дүйсенді енді тұтанғалы тұрған соғыс өртінен аман алып қалудың айла-шарғысын іздеп терең ойға шомған сәтінде иесінің ойын бөлмейін дегендей торы аты да жорғадан аяңға көшіп, бір сәт жүрісін бәсеңдетіп, дем алғандай баяулап қалады. Атының бұл әрекетін онша байқамаса да ішкі асыға қобалжуының әсері ме, Өтен тебініңкірей ілгері омыраулай ұмтылады. Ондайда аты басын жерден көтеріп барып, әлгі жортақ желісіне қайта түседі. Осылай келе жатып кенет Өтеннің есіне Хорезмнің ойындағы түрікпен Құрбанқұл тамыры түсе кетпесі бар ма!
Е, түрікпен қонағын жауға бермейтін мәрт халық қой, кемді күн балам малын бағысып, соның қолында жүре тұрса, бұл жақта бізді ешкім жей қоймас, ел іші ғой, «көппен көрген ұлы той» бірдеңе қып күнімізді көрерміз». Осы ойынан көңілі қуат алып, басын көтерген Өтен сәскеден түске ауған мезгілде ауылына жеткен еді.
Түрікпен жігіті Құрбанқұлмен танысуы да өз алдына бір хикая. Ол кезде Өтен жас жігіт, Маңғыстаудың қара ойынан бас қосып, жинақталатын кірешілерге еріп, Бесқалаға (Маңғыстауда өзбек қарақалпақ еліндегі Нүкіс, Қоңырат, Шымбай, Хожелі, Үргеніш қалаларын бір сөзбен Бесқала деп атаған) барып, астық, жүгері, шәй, мата, тағы басқа тұрмысқа қажетті заттар әкеледі. Әдетте кірешілер Бесқалаға жүгері пісіп, жиналып болғаннан соң, түйелерінің аяғына киізден, мал терісінен аяққап тігіп аттанатын. Оңдағысы зат толтырылған ауыр ала қанарларды жүктеп алыс сапарға шыққанда көлігінің аяғы кетпесін, қардың мұз қабаты түйенің тілерсегін кесіп, жарақаттамасын деген сақтық шарасы ғой. Қараша айының ортасында кетіп, қырық күннен соң, желтоқсанның аяғына таман оралады. Кей кездерде ауыл азаматтарының аз ғана тобы қысқы кірешілер сапарын тоспай-ақ киіз үйдің сүйегін, басқа да керек-жарақтарын әкелу үшін сол жаққа аттанып жатушы еді. Соңдай сапар кезінде керуенді ұрымтал тұстарда күтпеген жерден шыға келетін жол тосушы қарақшылар шабуылынан қорғау үшін сойыл асынып, жарау ат мінген он шақты жігіт, араларында осы Өтен де бар, өзара әзілдесіп, ән салып, көңілді келе жатты. Кенет алдағы қыр астынан бір ат шауып шыға келді. Қапелімде қарақшылар келіп қалған екен деп дереу ұрысқа даярланған адайдың сайдың тасындай іріктелген қарулы жігіттері атынан ауып белең алған күреңнің үзеңгісіне аяғы ілініп сүйретіліп келе жатқан жалғыз жігітті көріп, аңтарылып қалған. Сол сәт алдымен ес жиған Өтен астындағы құла төбел арғымағын тебініп жіберіп, еліре шапқан күреңнің алдын қия шауып жетіп, аттың шылбырына жабысып ұстап, ат артында сүйретілген жігітті ажалдан арашалаған-ды. Сол жігіт осы Құрбанқұл болатын. Екеуі сол жерде таныс болып, төс қағысып, мәңгі дос болуға ант берген. Құрбанқұл кірешілерді құм ішіндегі ауылына апарып, бір күн ұстап, жібермей қонақасы беріп, құрметтеп шығарып салған. Кейін де әрі-бері өткен сайын сол досына соғып, қасындағы жолдастарымен бірге ас-су ішіп аралары үзілмейтін. Колхоз құрылып, үкімет жұмысына араласқалы қым-қуыт шаруадан қолын босата алмай, соңғы бес-алты жылда ол жаққа ат ізін сала алмай жүрген-ді. Бірақ, әрлі-берлі жүріп-тұратын жүргіншілерден сәлем айтып, екі арадағы хабары үзілмеген. Құрбанқұл өзіне қарасты малымен құм ішін жайлап, жеке шаруасын күйттеген жан. Ол жақта өкімет біздің елдегіден басқа ма, әлде тумысынан мәрт түрікпендер бірін-бірі күндеп, қудаламай ма, кім білсін, әлде заңдары біздікіне қарағанда жеңіл ме, әлде, басқа бір себебі бар ма, әйтеуір, үкімет Құрбанқұл сияқтыларға онша тиісе бермейтін сияқты. Ондайлардың малын өсіріп, шаруасын күйттеп отыра беруіне еш кедергі келтірмейді екен.
Ойына Құрбанқұл тамыры түсуі мұң екен, Өтен көңілденіп сала берді: «Е-е... өзімнің осы ақылым – өзіме жөн . Дүйсенімді Құрбанқұлға жіберейін, елде тыныштық орнаған соң қайтып келер».
Үйіне келген соң ештеңеден қаперсіз Дүйсенің көріп, алдынан жүгіріп шыққан немерелеріне мейірленіп, молданың дастарханынан «шәйға тісте» деп жеңгесі ұсынған бір шақпақ қантын бөліп беріп, көңілі орнына келгендей. Өтен өзін мазалаған ойын әзір ешкімге білдіре қойған жоқ. Кеше өзі іздеп шығып, ағасының аулынан естіген әңгімесінің әсерімен ауылға асығамын деп жүріп, таппай қайтқан сары інгені бұл кеткен соң кештетіп өзі келіпті. Өтен іштей мұны да «Алла-тағалам мені Қонекемнің ауылына жіберіп, ұрпағыңды сақта деп белгі берген-ау, шамасы» деп, өз ойын өзі құптап, іштей жақсылыққа жорыған.
Өтеннің ендігі ойы өкіметтің де, былайғы жұрттың да назарына іліктірмей, Дүйсенді Құрбанқұлға қалай да жіберу. Соның жолын іздестіре бастады. Әрегідік алда болар зобалаңның хабарын естіп, басқа түсер қиындыққа ішкі даярлықтары туындасын дей ме, Қондыбай молдадан естіген соғыс туралы әңгімесін де суыртпақтап үй ішіндегілерге айтып қояды. Жан-жаққа құлақ түріп, Бесқалаға баратын кірешілер туралы да өткен-кеткендерден сұрастырып жүр. Сондағы сылтауы «жүн-жұрқа тапсырып, тапқан ақшасына астық, шәй, балаларға киім тігетін мата алдырсам ба деп едімге» саяды.
Сөйтіп жүргенде. оның алдағы 1-мамыр мерекесі өткен соң Тигендегі жарылардың Бесқалаға кірешілер аттандырғалы жатқан хабары құлағына тиді. Енді ойға алған жоспарын Дүйсенге айтып, оны көндіру ғана қалған. Дүйсеннің сыры өзіне мәлім, қырсық мінезден де күр емес. Әкесінің шешіміне осы уақытқа дейін қарсы келіп көрмеген баласының өз сөзіне құлақ асатынына сенімі кәміл болғанмен, «отбасын, бала-шағасын тастап кет» дегенін қалай қабылдар екен деген күдігі де жоқ емес. Жетесіне жеткізе айтпасаң, «ешқайда кетпеймін, әлі ел шетіне келмеген жаудан қорқып қашатындай не бар?!» деп қасарысып қалмасы үшін оған мәселені жан-жақты ойлап, екшеп айтып, түсіндіруі қажет. Мәселенің оңай шаруа еместігіне көзін жеткізу үшін Қондыбай молданың жалғыз ұлы Айтанды өзі есалаң қылып қойғанын да айтуға тура келетін шығар. Дүйсеннің ол жөнінде басқа жанға тісінен шығармайтынына өзі сенімді. Және бұл әңгіме тек екеуі арасында, қатын-қалаштың құлағына тимейтіндей боп оңашада айтылғаны дұрыс.
Осындай шешімге келген күннің ертеңіне Өтен қойды өзі өргізіп кеткен. Әкесінің күндегіше өзін оятпай, қойдың соңынан өзі кеткен бүгінгі тосын қылығына таңырқаған Дүйсен оның бұл әрекетінде бір сыр барын сезгендей. Атын ерттеп мініп, отардың соңынан жеткен.
Балам, – деген Өтен өзіне сұраулы жүзбен қарап қалған ұлына, – сенімен ақылдасар бір ой бар. Қой жайыла берсін, ана төбенің басына шығып отырып әңгімелесейік – деп, ауыл сыртындағы боз төбеге беттеген.
Төбе басына шығып отырған соң да Өтен баласына бірден оңаша сөйлесуінің сырын аша алмай бөгеліңкіреп қалды. Әкесінің күнделікті күйбең тірлік емес, одан гөрі күрделілеу бір жәйт туралы әңгімелескісі келетінін іштей түйсінген Дүйсен де үнсіз. Неде болса өзі айтар деген оймен жүзін сонау қарауытып көрінген Отпан таудың ұшына қадап күтіп отыр.
Дүйсенжан, сенің атаң, менің әкем Сисенбай бір атадан жалғыз кіндікті боп жаратылған, одан өнген мен де жалғызбын. Әкем менің соңымнан іні ергенін қанша қалағанымен Құдай бермесе қайтсін, – деп Өтен әңгімесін әріден бастады. – Жұмабай мен сен дүниеге келгенде тілегімді Құдай берді деп ақсарбас шалып, ағайындарды шақырып, қатты қуанған еді. Өмірден өтерінде де екеуіңді алдырып, маңдайларыңнан иіскеп, беттеріңнен сүйіп: «Өмір жастарың ұзақ болсын, арманым жоқ» – деп батасын беріп кетіп еді. Бірақ, Алланың ісіне не шара, Жұмабай ағаң өмірден жастай кетіп, екі шаңырақтың да иесі өзің боп қалдың, шырағым, – деп, босаңсып дауысы дірілдеп барып сөзін түзеген Өтен:
Артыңнан ерген інің мен үш ұлыңды аман-есен өсіріп, Сисенбай атанның үрім-бұтағын көбейтіп, арманын орындау міндеті сенің мойныңа артылып отыр, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
Әркімдерден естіп қалып жүрмін, өзің де естіп жүрген боларсың, керман деген ел бар екен, сол айналасындағы елдерге соғыс ашып жатыр дейді. Енді сол ел орыстарға да соғыс ашады деп жүр ғой. Соғыс бола қалса, сен қатарлы жігіттерді әскерге жинап алып кетері даусыз. Сені соғысқа алып кетсе, ана балдардың күйі не болмақ, мен болсам күн санап қартаймасам, жасармаспын. Маған осы ой маза берер емес, сен не дейсің бұған? – деп сұраулы жүзін баласына бұрды.
Мен не дейін, әке. Алып кетсе, елмен бірге болармыз, соғыс десе соғысармыз, бабаларымыз соғысып, осы жерді қорғады емес пе, Құдай өмір берсе, жауды жеңіп келерміз.
Е, ұлым, солай деріңді өзім де білгенмін. Мырзагелді батырдың ұрпағы емессің бе, бірақ, бабаларымыз осы өзіміз басып жүрген жерді қорғап соғысты ғой. Маңғыстауға жау келіп жатса, сол соғысқа өзім де аттанар едім, мына жағдай басқа, сен болсаң кәпір мен кәпірдің соғысына кетесің ғой, одан аман келесің бе, жоқ па, кім біліпті? – Өтен өз ойына молда ағасының әсері болғанын осылайша байқатып алды. Енді әңгіменің шығу төркінін жасырудың қажеті жоқтығын сезгендей: – Қонекем де Айтаның ұрпақ қамын ойлап өзі дуалап есалаң етіп қойыпты, онысын «кешегі Сисенбай ағаның ұлысың ғой, бізге де бөтен емессің» деп маған сеніп айтты, – деп, бұл сырды тірі жанға тісінен шығармау керектігін де ескерткендей болды.
Сонда қалай, мені де Айтан секілді дуалатып, есалаң етпекпісің? –деді Дүйсен әкесіне таңырқаған кейіпте.
Е, жоға, қақпан да аңның жүріп өткен ізіне құрылмаушы ма еді, олай етсек Қонекемнің бізге сеніп айтқан сырын ашқандай болармыз, оның үстіне «тілеп алған аурудың емі жоқ» деген, ертеңгі күні дауасы түспесе өзіңді есалаң еткеніме өмір бойы өкініп, қалай жер басып жүрмекпін. Осы жағдайды ойлап, бірнеше күн мен түнді ұйқысыз өткізгенде тапқаным, сені түрікпен досым Құрбанқұлға жіберу керек деген шешім болды.
Бұл өкімет ол жақта жоқ деп ойлайсың ба? Қажет болсам, жердің түбіне кетсем де тауып алмай ма?
Ол жағын да ойлағанмын. Кешегі өткен бабаларымыздай түрікпендер де мәрт болып келеді, қанша жерден қуғыншы келсе де төрдегі қонағын ұстап бермейді. Керек десе, төрінде отырған жауы болса да осы дәстүрден аттаған туысымен жауласуға бар. Ертеде біздің адайлар да солай болған. Бірақ, түбіміз қазақ қой, бертін келе осы дәстүр бізде аяқсып кеткен. Шамасы ол жақтың өкіметі біздегіге қарағанда жұмсақтау-ау деймін. Сонысы болар, Құрбанқұлдардың жеке шаруасымен құм ішін әлі күнге жайлап отырғаны. Ал, біздің алдымыздағы кешегі малымыз қайда?!. Сұрастырып көріп ем, Тигендегі жарылар алдағы май мейрамы өтісімен Бесқалаға астық, шәй, мата алдыруға кірешілер жібермек көрінеді, бастаушысы Қуанбек екен. Сен менің осы айтқандарыма қарсы болмай көнер болсаң, Қуанбекке барып сөйлесіп, өзіңді соларға қосып жіберсем бе деп едім. Не айтасың?
Әкесінің әңгімесінен мәселенің шешімін жан-жақты ойластырып, енді тек бұл ойына өзін көндіруді мақсат етіп отырғанын іштей түйсінген Дүйсен әдеттегісінше әкесіне қарсы келудің пайдасыз екендігін біліп:
Өзің бәрін ойластырып қойыпсың ғой, осы уақытқа дейін алдыңнан кесе өтіп көрмеп ем, не айтсаң сол болады да. Бірақ, бұл жақта қалып, өздерің қайтіп күн көресіңдер, сендерге қиын болады ғой, – деп жауап қатты, – төрт бала мен екі әйелді асырап бағу өзіңе оңай тимес.
Ойың дұрыс, балам, бірақ, әлгінде айттым ғой, осы әңгімені бастамас бұрын өзім де көп ойланып-толғандым. Екі аяғымызды бір етікке тығып, қуырып жеуге дайын үкімет үшін соғысудың бізге не қажеті бар? Кешегі күні шоқайын сірісінен басып жүрген Қуантай мілисаның бүгінгі зіркілінен гөрі Қонекемнің малын бағып, ағарған сүтімді керегімше ішіп, еркін жүргенім мың артық екен. Әкем Сисенбай ішпей-жемей 20-30 қой-ешкі, 1-2 түйе, 5-6 жылқының басын құрап кетіп еді. Қонекемнің малын баға жүріп, соларды өзім еселеп өсіріп, 40-50 қой-ешкі, 3-4 түйе, басы аз да болса бір үйір жылқыны алдыма салып, басымызға екі киіз үй тігіп, Қонекеме қоңсы қонып бөлек ауыл болып едік. Сүтін ішіп, етін жел, терісі мен жүнін кәдемізге жаратып, еркін өмір сүрген заманымыз енді жоқ! Шіркін, осы үкімет келіп малымызды ортаға алып, өзімізді колхозға күштеп кіргізіп, көшіп-қонуымызға да тыйым салмағанда, Құрбанқұл құсап бұрынғыша сән-салтанатымызбен жүре бермес пе едік. Енді мынау, өз малымызды өзіміз сойып жей алмай, жей қойсақ, итжеккенге айдалатын күй кешіп жүргеніміз. Ойлап қарашы, осындай үкіметті қорғау үшін бар үмітімді артып отырған жалғызымды не үшін соғысқа, барған жанның тірі қайтар қайтпасы белгісіз қырғынның арасына өз қолыммен жібермекпін. Жағдайымызды айтсақ түсінер жан сірә жоқ, қолға қару алып, бұл үкіметті құлата алмасымызға ана бір жылдары көзіміз жетті. Әйтпесе, құнанорыс Мырзалылар, артынан кісі ерітер қауқары бола тұра, осы үкіметке шамасы жетпей, құрып кеткен жоқ па! Енді тек қал-қадерімізше іштей, ешкімге жария етпей қарсылық көрсетіп, бас бақпасақ болмас деген ойға келдім, балам. Менің айтқандарымды сенімімізді ақтамай, ұрдажық билеп-төстеумен басымызға әңгіртаяқ орнатқан өкіметке қарсы күрестің әдісі деп қабылда. Ержүрек адайдың тұқымымын деп зеңбірегі мен мылтығын халқына қарай ойланбастан кезейтін солдаты мен мілисасына көзсіз қарсылыққа бару абырой бермес, босқа қырылғаннан басқа ештеңеге қол жеткізе алмаймыз, бізде одан басқа амал-айла қалмай тұр ғой. Ал, біз болсақ, ел ішіндеміз ғой, мал бағып жүрген соң, бірде сүтін ішерміз, реті келгенде етін жерміз, колхоз беретін белімнің еті бар дегендей, өлмеспіз. Әзірге бір отар қойды бағуға шамам жетеді, бір-екі жылда Жексенқұл мен Бәсенжан қолғанат болуға жарап қалар. Ар жағында, бәлкім, тыныштық орнап елге оралар күн туар, оған алаңдама. Қала берді, атадан қалған қасиетті қара қақпан бар, аң аулап жерміз, иншалла, өлмеспіз. Әңгімені осымен доғарайық, ертең Тигенге барып, Қуанбекпен жолығып, сені ала кетуді тапсырып қояйын. Сен қойыңа бара бер, ұзап кетіпті, ит-құс шауып жүрер. – Осыны айтып Өтен шалбарының құйрық жағын қағынып орнынан тұрып, ауылға бетін бұрды. Бұл қимылы, әңгіме осымен бітті дегені еді.
Әкесі ауылға қарай бір-екі қадам жасады да, әлденені есіне түсіргендей кері бұрылып:
Дүйсен, бұл әңгіме тек екеуміздің арамызда қалсын, басқа жанға сездірме, – деп әрі қарай жүріп кетті.
Ертесіне сәскеде колхоз орталығы Тигенге кеткен Өтен Қуанбекпен жүріс-тұрысты келісіп кештетіп оралды. Мал жайлап болып, дастархан басына кештеу келіп отырған сәтте Өтен үй-ішіне естірте:
Дүйсен, май мейрамы өтісімен Тигеннен Бесқалаға кірешілер аттанбақ. Керуен басы Қуанбекпен сөйлесіп, сені ала кетуге келісімін алып келдім, жолға дайындал,– деді. Әкесінің ойға алған жоспары бар екендігін, оның бұл әңгіменің артын екеуара жеке айтатынын сезіп, әке шешіміне қарсы келмейтіндігін үнсіз мақұлдап, Дүйсен басын шұлғыды да қойды.
Ертеңгілік әдеттегідей қой өргізе шыққан Дүйсен ауыл сыртындағы жайылыста жүрген аттарды әкеле жатырған әкесін көрді. Екеуі іштей ұғысып, үнсіз аттарын ерттеп, бүгін де өріске шыққан отарға ілесіп бірге ере шыққан. Ауылдан едәуір ұзаған сәтте Өтен сөзін бастады:
Дүйсен, кірешілермен бірге Қоңыраттың базарына кірген соң, өзіңді елеусіздеу көз жаздырып қаларсың, сырт қарағанда көп ішінде адасып қалып, бұзақылардың қолына түсіп қалғандай болып көрінгенің жөн. Базардың сыртқы қақпасына қарсы күнбатыс бетінде көк дарбазалы еңселі үй тұрар. Ол – Дұрды деген түрікпеннің үйі. Сол дарбазаны қағып, жұрт көзіне түспей, ішіне енген соң өзіңнің Өтен деген адайдың баласы екеніңді, Құрбанқұлдың ауылына баруың керек екендігін айтарсың. Дұрды Құрбанқұлмен дос, оның малын, жүні мен басқа да заттарын базарға шығарып, өткізіп отыратын адамы. Сол сені Құрбанқұлға алып барады. Құрбанқұлға өзіңнің сол ауылда қалатыныңды тек өзіне түсіндіріп айтып, менің сәлемімді жеткіз. Артыңа алаңдама, өткен-кеткеннен хабар беріп тұрармыз, ол жаққа Маңғыстаудан барған қазақтардың көзіне түсе бермеуге тырысарсың.
Осы әңгімеден кейін арада бір жұма өткен соң, май мейрамын тойлаған колхоз мүшелері, 1941 жылдың 6 мамыры күні Бесқалаға аттандырған кірешілермен бірге Қуанбектің жүк артқан нарының қомына мінгесіп Дүйсен Құрбанқұлды іздеп жолға аттанды.
...Арада бірнеше күн жолда қона жатып жүріп, бұлар ығы-жығы көп үйлері бар Қоңыратқа да жеткен еді. Осыған дейін қала дегенді естігенімен көрмеген, Тигенге барып, он-он бес үйдің бір жерде отырғанын көріп таң-тамаша қалып жүрген Дүйсен үшін айналадағының бәрі таңсық. Тіпті, аузын ашып, жан-жағына жалтаң-жалтаң қарап келе жатып, базарға қалай жеткенін де байқамай қалған. Базар маңына жақындап келіп, кірешілер түйелерін шөгеріп, жүк артқан түйелердің қасына екі-үш жігітті қалдырып, Қуанбек бастаған топ базар қақпасына беттеген. Дүйсен де көп кідірместен сол топтың артынан еріп базардың ішіне енді. Далада мал соңында жүріп мынадай қайнаған өмірді көрмеген Дүйсен үшін айналадағының бәрі қызық. Алғашында өзінін неге келгенін бір сәт есінен шығарып алған ол сапарластарының біршама ілгері кеткенін күтіп кібіртіктеп кейін қала берген-ді. Олардың бірі ала келген жүн, тері бұйымдарын өткізетін делдалды ертіп, енді біреулері шығыс базарының бас айналдырар қызылды-жасылды дүниелерін ұстап көріп, естері шығып жүрген.
Содан орайы келген сәтте ауылдастарының қашықтап кеткенін пайдаланып, қақпаның сыртына шығып, айнала көз жүгірткен. Қақпаның батыс бетіндегі әкесі меңзеген көк дарбазалы еңселі үй көзіне оттай басылып, жоғалтқанын тапқандай болған Дүйсен тездете сол қақпаға бет алды. Қос арба қатар кіре алардай үлкен дарбазаны бір-екі рет соғуы мұң екен, құдды бір өзін күтіп тұрғандай есік сықырлай ашылып, арғы жағынан қаба сақал бір кісі:
Уа, кім боласыз? – деп сызылта сұрап шыға келді.
Дұрдының үйін іздеп жүрмін.
Мен – Дұрды, өзің кімсің?
Адай Өтеннің ұлы Дүйсенмін, Құрбанқұлдың ауылына баруым керек.
Е, онда кел, қазақ.
Дұрды аға, менің мұнда екенімді бірге келген адамдарым білмеуі керек.
Бопты, ол жағын өзіме қалдыр.
Құрдасы Өтеннің өтінішімен осы сапарға ертіп келген Дүйсенді Қуанбек екі күн бойы сұрастырып, іздегенмен, еш хабарын шығара алмады. Әрі қарай бұл әрекетінен ештеңе шықпасына көзі жеткен Қуанбектің адамдары тағы да бір-екі күн аялдап, әкелгендерін өткізіп, іздегендерін алып, шаруалары тиянақталған соң елге қайтты.
Бұл кезде өзін іздеп келген Дүйсенді Дұрды су ысыттырып моншаға түсіріп, жуындырып, кешкісін шығыстың тәтті палауын пісіртіп, қонақ етті. Маңғыстаудан шыққалы жуылмай кірлеген көйлек-дамбалын жудырып, ауланың көзге түсе қоймайтын бір бұрышына жайғызып, кептірді. Қуанбектің оны іздеп жүргенінен хабардар Дұрды Дүйсенді Құрбанқұлдікіне алып жүруге асыға қоймай, маңғыстаулық кірешілердің бұл жерден аттанып кетуін күтті.
Кірешілер елді бетке алып өкше көтерген күннің ертесіне Дұрды да арбаға түйесін жегіп, Құрбанқұлға қажетті дүниелерді тиеп, Дүйсенді алып жолға шықты.
Сәске болмай жолға шығып, арада бір қонып, келесі күні кеш түсе түркімен жеріндегі құмның ішкі бір қабатын мекен етіп отырған ауылға келгенде, межелі уақыты өтіп кешіккен досы әрі саудасын жүргізер өкілін «Дұрды неге кешікті?» деп мазасыздана күткен ауыл иесі оның қасындағы төртпақ келген иықты, бойынан қайраты сыртқа ұрып тұрған талпақ танау сары жігітті көріп, «мынауың кім?» дегенді көзімен ұқтыра қарсы алған. Әкесінің айтуы бойынша, осы бір қапсағай бойлы, самай тұсы ағарған егде жанның Құрбанқұл екенін жазбай таныған Дүйсен арбадан домалай түсіп: «Ассалаумағаликум, Құрбанқұл аға, мен адай досыңыз Өтеннің Дүйсенімін», – деп амандасты. Күтпеген жерден көптен хабарсыз қалған досының атын естіп, қуанған Құрбанқұл да алдындағы жігітке құшағын ашып:
О, Өтеннің Дүйсенісің бе, кел, қарағым, әликісәлем, әкең аман-есен, күйлі-қуатты ма? – деп, кәдуілгі ауыл қазағындай қазақша қауқылдай амандасты. Жалма-жан әрегіректе қой жайласып жүрген жасы Дүйсенмен шамалас ұлы Мұратты шақырып:
Мұрат, мынау Дүйсен, Өтен досымның баласы, таныс болыңдар. Екеуің жас жағынан шамалас болып қаларсыңдар, қонағыңа мал сой, тынықсын сосын жөн-жосықты сұрай жатармыз, әзір ауылыңа кете қоймайтын боларсың, Дүйсен балам, – деген Құрбанқұлдың үнінен әкелік жылы леп байқалды.
...Арада ай өте астық, шәй, шығыс базарында ғана болатын небір тәттілер: өрік-мейіз, қант пен набат, халуа, үйдегі бәйбішелері мен қыздарына, келіндеріне арнап қызылды-жасылды мата артып кірешілер де оралды. Келген күні жолдан шаршап келген Қуанбек пен оның жолдастары жатып демалып, ертесіне ауылдың бір-екі ақсақалын еріткен керуенбасы Қабақтағы Өтеннің ауылына келіп, үй-ішіне Дүйсеннің жоғалған хабарын жеткізді.
Ассалаумағаликум, Өтеке, – деп дауысы қарлығыңқырап есіктен аттаған Қуанбек пен ақсақалдарды көріп, көңіліне күдік қашқан кемпірі мен келінінің бетіне көзін бір тастаған Өтен:
Әликүміссалам, төрлетіңдер, келін, шырағым, қонақтарға көрпе сал, – деп келгендерді қазақы қонақжайлылықпен сабырлы қарсы алды. Одан әрі аяқтарындағы кебістерін босағаға шешіп, төрге озған ақсақалдар үнсіз келіп жайылған көрпе үстінен орын алды. Арадағы біршама үнсіздіктен кейін Қуанбек жаз ортасы ауа Бесқаладан оралған кірешілер Қоңырат базарында Дүйсеннен көз жазып қалғандарын, екі-үш күн бойы сұрастырып іздегенмен оның ұшты-күйлі жоқ болып шыққан жаманат хабарын жеткізген еді. «Өтеке, аман-есенсіңдер ме? Біз де өткенде кеткен сапарымыздан кеше түс ауа елге келгенбіз. Күш-көлігіміз аман, барған шаруамыз да оңынан оралғандай. Бірақ, Қоңыраттың базарына барған күні Дүйсеннен көз жазып қалдық. Екі күн керуенді тоқтатып, сұрастырып, іздегенімізбен таппадық. Шамасы, бұзақылардың қолына түсіп мерт болды-ау деп те ойладық. Олай болғанда да бір хабары шығар еді, ешкім ештеңе білмейді, не болғанын көрген жан жоқ. Сондықтан «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар, күдер үзбеңдер, хабарын өз аузыммен айтуға келдім, ерте бастан жаман ойлап қалып жүрмесін, бәлкім бір хабары шығып қалар, жастықпен әлдебір сайқымазақтарға қосылып кетті ме деп те ойлаймын. Әйтеуір, «өлді» хабары жоқ, үміт үзбе, күт дегелі келіп отырмыз». Осы кезде «жалғыз-ы-м, бізді қайда тастап кеттің, біреуінен өлі, екіншісінен тірілей айыратындай, не жаздым, саған, қасқа Құдай, артында қалған...» деп дауыс шығарып жылай бастаған кемпірі мен үнсіз бетін басып көзінен жасы ытқып шыққан келініне Өтен: «Тәйт, әрі, жаман ырымды бастамай, «өлді» деп сендерге кім айтты, бір жағдайға ұшыраған болар, жаманат хабары шыққан жоқ, сұрастырармыз, іздерміз, келер, әліптің артын бағайық, не болды екеуің екі жерден жылап», – деп зекіре тоқтатып тастаған Өтен одан әрі «хабары шығар, келер, әліптің артын бағайық, сол жақтағы таныстарға хабарласып сұрастырармыз» – деп сөзінің артын жайма шуақтандырып барып тоқтады. Күдікті ой туындамасын деп досы Құрбанқұлдың есімін әдейі атаған жоқ. Одан әрі жүзін келген қонақтарына бұрып, «Қуеке, асықпай отырып шәй ішіп кетіңдер, барған сапарыңыз жөнінде кеңірек әңгімелесейік, кеше мына Бәсенжанның алғаш рет құрған қақпаны майланып, қарақұйрықтың бір лағы түскен екен. Мына ақсақалдармен бірге соның басын мүжіп, қонақ боп кетіңдер» деді. Олардың «қой, не керек, дәм ауыз тиіп, жүрелік» дегеніне қарамастан кемпіріне: «Тұр, тамақ ас, ана басты үйтіп пе едің, иншалла, Дүйсенім аман келер, ақсақалдардың батасын алайық, бұл да болса бір жақсылықтың нышаны болар, Жазира, сен шәйіңді тездеп даярлай қой» деген оның үнінен біртүрлі ойға алғаны іске асқанына сенімділіктің нышаны сезілгендей еді. Онысын жас еттің хабары құлағына тиген соң еріндерінің емеуріні «кетелік» дегенімен орындарынан тұрып кетуге асыға қоймаған шалдар да, бір сәт «не істейміз?» деген сұраулы жүзін ертіп келген жолдастарына бұрған Қуанбек те байқай қойған жоқ.
Өтеннің бұл қылығынан әлдебір үміттің ұшқынын сезгендей екі әйел де содан бері жылауын қойып, шаруаларына алаңсыз араласып кетіп еді.
Дүйсеннің жоғалған хабары ел ішіне лезде тарады. Аяғы жеткен ағайындар мен таныстар «жақсылығы жақын болсын, үміт үзбендер, келер» дегенге саятын көңілдерін білдіріп келіп-кетіп жатты, аяғы жетпегендер: «Апырмай, Өтенге қиын болған екен, бір баласынан өлі айырылып еді, екінші баласының өлі тірісін де білмей, әбден пұшайман болды-ау, көзі көріп өлген болса ақ жуып, арулап қояр еді, күдерін үзер еді, бәрінен тірілей жоқ болып кеткені қиын екен» – деп алыстан аяушылық сезімдерін білдіріп жатты. Айдың күннің аманында адам жоғалуы оңай ма, ауылға келіп-кетіп жүретін Қуантай мілиса да Қуанбек пен оның қасындағы жолдастарын қайта-қайта жауаптағанымен олардың сөзі бір жерден шығып, Дүйсеннің жоғалуы туралы біржақты шешім шығару мүмкін болмай, тергеу құжаттары аудандағы милиция бөлімінің кеңсесіне тапсырылып, әрі қарай шаң басқан көп қағаздың арасында қалып тынды. Оның аяқсыз қалуына аяқ астынан тұтанған соғыс та өз әсерін тигізбей қоймап еді. Тұтқиылдан тиген жаудың хабары ел ішінде үлкен дүрбелең туғызған-ды. Әскери комиссариаттың кеңсесі күні-түні тынбай жұмыс жасап, елдегі жасы он сегізге толған жігіттер мен елуге жетпеген азаматтарды әскерге шақырып, Кетікке, одан әрі Гурьевке жөнелтіп, жаппай майданға аттандырып жатты. Ауданның барлық милициялары осы істің басы-қасында болып, қала берді соғысқа барудан бас сауғалаған «қашқындарды» іздеуден қолдары бір босамады. Ауылдарда ерлердің орнын әйелдер басып, колхоз жұмысына жұмылдырылып жатты.
Майданға аттанғандардың жаманат хабары да көп күттірмеді. Бір түнде жиналып әскерге алынғандардың басым көпшілігі қалмақ даласындағы ұрысқа түсіп, баудай қырылыпты. Артында қалған ата-анасы пошташы шоңай Қартбайдың қолынан «қара қағаз» деген пәлені алып, жылап-сықтағандардың саны күн сайын естіліп жатты. Майдандағы адамынан көптен хат алмаған ауыл адамдары Қартбайды бір жағы үмітпен, енді біреулері үреймен күтетін болды. Пошташы Қартбайды тек қана соғысқа адамы кетпеген Аманқызылиттегі Қондыбай молда мен Қабақты мекен еткен Өтеннің ауылдары ғана күтпейтін.
Өтеннің отбасында өзінен басқа еңбекке жарамды Жазира, жастары 13 пен 11-ге келіп, қолқанат болуға жарап қалған Жексенқұл мен Бәсені бар екені ескеріліп, олар сол бір отар қойға ие боп, шаруаны күйттеп жүре берді.
Бұл кезде Құрбанқұл Дүйсеннен Өтеннің айтқан сәлемін естіп, Дүйсенді өзінің Мұратымен бірге шаруаның бір жағын ұстап жүре берсін деген шешімге келген. Қабат-қабат құмның ішінде жеке шаруасын күйттеп жүріп жатқан Құрбанқұлдың баласы Мұрат кеңес кеңсесіне тіркеліп, куәлік те алмаған-ды. Сол себепті Мұрат та, елінен қашып барған Дүйсен де әскерге шақырылған жоқ. Оның үстіне сақтық ойлаған әккі Құрбанқұл жерден жартылай қазып, үстінен қыш кірпішпен қалаған үйінің төргі кілем ұстаған жарынан сыртқа ешкімнің көзіне түспей шығып кетуге қолайлы есік қалдырып, онысы әрегіректегі қой қораның атқы бетіндегі сырт көзге шығар ауызы елеусіздеу, ит жататын үңгірге ұласатын. Енді соғыстың хабары естіліп, әрлі-берлі жүргінші көбейгелі сырттан келіп түсіп жатқан бейсеубет жан бола қалса екі баланы сол есіктен тысқа шығарып, жұрт көзінен тасада ұстауды әдетке айналдырған-ды. Күндіз малда жүрсе де екі жігітке сырт көзге түсе бермеуді мықтап тапсырып отырды.
Жылжып жылдар өтті. Соғыс та аяқталып, бірі қолынан, енді бірі аяқ пен көзден айырылған жауынгерлер елге оралып жатты. Соғыстың ауыртпалығын көтере алмай, күн көрісі төмен жандар ауқаты бар адамдарға жалданып, өлместің қамын жасаған. Сондай жандардың бірі, әкесі соғысқа кетіп, анасы ұрыс даласынан жараланып, елге оралған бір белсендіге тиіп, үйінде жалғыз қалған жас қызды аяған Дұрды шаруасына көмектесіп, күнін көрсін деген есеппен Құрбанқұлға әкеліп тастаған қазақ қызы Зейнеп еді. Осы ауылда жүрген тепсе темір үзетін Дүйсенді қазақ ғой деп қанына тартты ма, немесе басқа таңдау болмай, маңдайына жазғаны осы болар деді ме, соғыс аяқталып, ел іші енді тыныш бола берген елуінші жылдардың басында Дүйсен мен Зейнеп көңілдері жарасып, Құрбанқұлдың рұқсатымен бас қосқан. Өзінен әлденеше жас кіші әйелін қимады ма, әлде елге барсам ұсталып кетемін деп, өкіметтің құрығынан сескенді ме, Дүйсен Маңғыстауға оралуға онша асыға қоймады.
Бұл кезде Дүйсеннің елде қалған шешесі шалынан бар сырға қанық боп, баласын бір көрсем деген арманына жете алмай, аз ғана күн ауырып, бақилық болған. Өмірден өтер алдында көп жыл сыйлас, әрі жапандағы жалғыз үй боп сырлас болған келіні Жазираны оңаша шақыртып алып, өмір атты бұралаң соқпақта елден жыраққа кетуге мәжбүр болып, ол жақта басқа жанмен бас қосқан Дүйсенге кешірімді болуын өтініп, тілегін білдірген. Омырауынан өрген төрт баласы ер жетіп, солардың тілеуін тілеп отырған Жазираның бұл күнде байсырап отырған жайы жоқ, енесінің ол тілегін қабыл алып, бір арманы іште кетіп бара жатқан мұңлық жанның көңілін бірлеген-ді. Жасы он жетіден он сегізге қарағанда, колхоз ауданнан келген нұсқауды орындау үшін Жексенқұлды ФЗО-ға оқуға аттандырған. Соның арқасында ол мәшін айдайтын маман болып, Кетіктегі автобазда жұмыс жасап жүр. Анда-санда колхозға керек-жарақты заттар әкелгенде ретін тауып, ауылға жолшыбай бір жар соғып кеткені болмаса, жұмыстан қолы босап келе бермейді. Қайда жүрсе де аман болсын деп тілеуін тілеп жүре бергеннен басқа мұндағылардың да қолынан келер қайран жоқ. Ал, Бәсені болса колхоздың мал доғдыры болып жүрген Қожықтың көзіне ілініп, бұл күнде жасы жетіп, шау тартып қалған емші колхоз бастығына айтып, осы бір малсақ баланы өзіне көмекші ғып ертіп алған. Содан ол соғыстан кейінгі үш-төрт жылдан кейін аудан орталығы Таушықта ашылған бір айлық мал санитарларын оқыту курсына да Қожекеңмен бірге барып, оқып қайтқан. Арада екі жыл өткен соң оны Гурьевтегі мал дәрігерлерін оқытатын үш айлық курсқа оқуға жіберіп, қолына «мал дәрігері» деген қағаз беріп, іші бірнеше бөліктен тұратын, бауы бар, сыртқы бетіне киіз үйдің есігі тәріздес қабат жауып сөмкеге бекітілген, доға темірге тесігінен өткізіліп, тілдей қайыспен бекітіліп жабылатын мал доғдырының сөмкесін арқалап қайтқан-ды. Сөйтіп, ендігі жерде алдарындағы бір отар қойға иелік ету атасы Өтен мен жасы он жетіден асқан Мұхитқа қалған болатын. Кенжесі Оңал мектепте, бесінші сыныпты тәмәмдап, алтыншы сыныпты оқуға аттанбақшы.
Сол, өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Маңғыстаудың колхоздарында мал басы еселеп өсіп, ендігі жерде қонысты Ақтөбе облысынан қайтарылып алынған адайдың ата қонысы Сам өңірінен іздеу қажеттігі туындады. Өтен немерелері мүшесі болып табылатын «Правда» колхозы да басқа колхоздармен қатар мал басын іріленген екі фермаға біріктіріп, соның бірін жеменей руының бөкен тақтасына жататын Қаратай ұлы Нұрбектің басшылығымен Сам құмындағы Теректі жерін орталығы етіп, үш отар түйе, бес отар жылқы, жиырма бір отар қойды қырға қоныстауға жіберген еді. Бұл кезде жасы ортадан асып кетсе де бір кісілік қайраты бар Өтен мен баласы Мұхитты бүкіл отбасымен Самға көшетіндер қатарына қосып, сол жаққа қоныстандырған болатын. Үлкен емшінің қасында жүріп, мал ауруларының түрі мен оны емдеу жолдарын тәп-тәуір меңгерген, Гурьевке барып «мал дәрігері» деген қағаз әкелген Бәсенді де осы фермаға мал дәрігері етіп белгілеген. Ол Самға аттанбас бұрын ауылдағы Дәнеш деген қызбен қосылып, жеке шаңырағын құрған болатын. Енді, міне, Өтеннің бір үйі болып, Теректіде салынған қоржын үйдің бір басын иемденіп отыр.
Қайраты бар дегенмен жас үлкендігі өз дегенін жасатады екен, жасы келген Өтен Мұхит баласына ақылын айтып, ауыл маңындағы жайылыста малдың бір жағын қайырысқанмен, қой түнетіп, өріске барып мал жаю, шөліркеп қайырғанға бас бермей суға ұмтылған қойдың алдын бөгеу, шығырмен су тартып, қауға алу сияқты ауыр жұмыстарға шамасы келе бермейтін болды. Ендігі жерде мал бағудың ауыртпалығы жас Мұхиттың мойнына ауып, баласын аяған анасы Жазираның иығына түскен. Соғыстан соңғы оншақты жылдың ішінде ел едәуір ес жиып, шылқыған байлыққа кенеле қоймаса да, ішінара жағдайы жеткендер арадағы қатынас жандана түскен Бесқаладан, Шымбайдан төрт, бес қанат киіз үйлердің сүйегін алдырып, үй көтере бастады. Үлкендік жеткені ме, Өтекең соңғы кездері жиі ауырып, денсаулығы сыр бере бастаған соң, арада қатынасқан жандардың бірінен Құрбанқұлдың ауылындағы Дүйсенге хабар жіберіп, өздерінін Сам өңіріне көшіп келгендігін, денсаулығының мәз еместігін, көптен көрмеген баласы Дүйсеннің елге келіп, үйіріне қосылғанын көріп кетуді Алладан күн сайын жалбарына сұрап жүрген жайы бар екендігін жеткізген. Хабар тиісімен туған жерге, артта қалған әкесі мен балаларына деген сағынышы жанын жеп жүрген Дүйсен әлгі адамның Маңғыстауға қайтар кезінде онымен ілесіп елге, Сам өңіріне жеткен. Туған-туыстарымен сағына құшақтасып, көріскен. Ауылда бірнеше күн аунап-қунап, тыныққан соң жеңгелей алған әйелі Жазирамен оңаша қалған сәтті пайдаланып, әңгімелесіп, бақұлдасуға тура келді:
Жазира, әке тілегін аяқасты ете алмай, елден кетуіме тура келгенінен өзің де хабардарсың. Ұрпақ үшін осылай істеуге көнуге тура келді. Балаларды мен жоқта аман-есен өсіріп, адам қатарына жеткізгенің үшін өмір бойы өзіне қарыздармын, рахмет!
О не дегенің, Дүйсен, ел іші, «көппен көрген ұлы той», атам бар, осы күнге аман-есен жеткізгеніне шүкір. Ол жақта өзің қалай жүрдің? «Әйел алыпты» деп естігенмін, ол «күндесімнің» жағдайы қалай, балаларың бар ма? «Күндес» дегенімді көңіліңе ауыр алып қалма, сөздің реті келген соң айтып жатырмын. Әйтпесе, соқталдай жігіттің осыншама жыл екі тізесін құшақтап жүре алмасын түсінбейді деймісің, оның үстіне мен жеңгең емеспін бе? – Жазираның үнінен Дүйсенге емес, өз тағдырына деген реніш табы сезілгендей болды да, сол бойда әзілдеген боп: – Енді бізге қашан көрсетпексің түрікпен жерінен тапқан сұлуыңды? Тезірек көшіріп әкел, күтеміз, – деп, Дүйсеннің өзін ыңғайсыз сезініп, сүмірейген түріне қарап, сыңғырлай күлді. Бұл оның көп жылдардан бері алғаш рет жазылып, жадырай күлгені болатын.
Ризамын, Жазира, ризамын өзіңе. Еңдігі өмірде қабағыңа кірбің ұялатпай өтуге сөз беремін. Иә, ол жақта Зейнеп деген қазақтың жетім қызына қосылғанмын, ол да Құрбанқұлдың қолында үй шаруасын жасап, күнкөріс қамымен жүрген жан еді. Қазақ деп іш тартты ма, алғашында қарындасым болып маған жақын жүрді, мен де қамқорлығымды аяған емеспін. Уақыт өте келе екеуміз бір-бірімізді өте жақын тартып, аяғы бас қосуымызбен бітті. Әзірге бір Зәбеш деген қызымыз бар. Ертең осындағы ферма бастығы Нұрбек деген ағайынмен сөйлесіп, жұмысқа алатын болса, көшіп те келем-ау деп ойлап жүрмін. Шіркін, өз елінде, туған-туыс пен бала-шағаңның ортасында болғанға не жетсін! Анамды ақтық сапарына жөнелттің ғой. Не деді? Мені көре алмай арманда кетті-ау?!.
Иә, өле-өлгенше сені бір көру арманы боп кетті. Үзілер алдында мені шақырып алып: «Жазира, айналайын, Дүйсенге әйел алды деп кек сақтама, кешірімді бол. Алыстан балаларын аңсап келгенде маңдайы тасқа тигендей болмасын. Маңдайға жазғаны сол болар, шыда, бұл менің сенен ақтық тілегім» деп көзін жұмды. Енемнің бұл тілегін орындауға уәде беріп, көңілін тыныштандырғанмын. Оның үстіне жасым да біразға келді, байсырап отырған жоқпын. Ештеңеге алаң болмай, қатының мен қызыңды алып келе бер, абысынды-ажынды боп, тіл табысып кетерміз, ештеңені уайымдама. Құдайға шүкір, балаларымыз ер жетті, еңбекке араласты, кенжеміз Оңалжан да мектебін тәмамдап қалды, оқуы жақсы. Алматыға барып, бастықтың оқуын оқимын деп жүр, Құдай алдынан жарылқасын, тірі болсыншы, әйтеуір. Құдай көпсінбесін, қазір жағдайымыз жаман емес, біреуден ілгері, біреуден кейін күн көріп жатырмыз. Осы балалар еңбекке араласқан соң ауызымыз аққа тиіп, қарынымыз ашқан жоқ. Ендігі жерде, әкесісің ғой, сен де балдарыңның қызығын бірге көр, ана жас қатының тағы да бала туамын десе, оларды да бауырыма басуға қарсы емеспін. Жас сәбидің иісін сағынғандаймын ба, қалай өзі, – деп әңгімесінің соңын күлімсірей айтқан Жазираның сөзінен күйеуімен тірілей табысып, алда бірге боларына деген ризашылық көңілі айқын сезіліп тұрды.
Артынша Дүйсен ферма бастық Нұрбекпен сөйлесті. Шаруашылыққа адам қолы қажет екендігін, көшіп келсе, баласы Мұхитпен бір отар қойға ие болып, колхозға мүше болуына еш кедергі болмайтынын естіп, оның үстіне Дүйсеннің соғыстың хабары шықпай тұрып, басқа тұраққа кеткенінде еш қылмыстық әрекеттің жоқтығын, ол Маңғыстаудан түрлі себеппен кеңес елінің басқа жеріне қоныс аударуы қылмыс боп табылмайтындығын естіп, көңілі бірленіп кеткен. Содан Дүйсен көп ұзамай, әйелі Зейнеп пен кішкентай қызы Зәбешті алып көшіп келді. Баяғы екі үйдің бірін иеленіп, шаруаға араласты. Артынша Зейнептің аяғы ауырлап, дүниеге Сонақұл деген ұл келді. Оның артынан араға жыл аралатып оған Аманбек, Барақ, Мереке деген інілері ерді. Елуінші жылдардың аяғына таман мектеп бітіріп, Алматыдағы ауыл шаруашылық институтын бітірген Оңал да бала кезде өзі айтқандай кеңшар директоры, артынан түрлі облыстық мекемелерді басқарған басшы болды. Бұл кезде Сисенбайдың Өтенінің Жұмабайы мен Дүйсенінен өрбіген сегіз баласынан өскен ұрпақтары бір рулы елге айналған.
Баяғы Қондыбай молданың Айтаның елі көз түрткі қылған жоқ. Керісінше, әркім әрбір ойын баласына мейіріммен қарап, қастарына жақындаса оны келемеж ғып қаша жөнелуге даяр балаларына ұрсып, «балаң аман болсын, қызың аман болсын!» деп жымия тілек тілеп, босағаға тізе бүккен Айтанға шәйін, тамағын ұсынып, қолына ақша ұстатып жатқаны. Сондайда Айтан болса «Ленин атаның басы бар ақша» деп қызыл ондықтарды ерекше ықыласпен аялай сипап, аса бір қуанышты кейіпте қалтасына бөлек салып жататын. Қондыбай молда қанша тырысса да Айтанына ем қонбай қойған. Шамасы «тілеп алған аурудың емі болмайды» деген осындайдан қалса керек. Кеңес елінің бір қияли басшысының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» коммунизм заманын орнатпақ болған өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін өмір сүріп, өле-өлгенше есі түзу болмай өтсе де еш адамға зиянын тигізген жоқ. Әкесі армандағандай Қондыбайдың артынан екі, оның інісі Бимағамбеттің артында бір бала қалды. Бүгінде ол екеуінен өрбіген оншақты отбасынан елуге жуық үй түтін түтетіп, аталар ұрпағын жалғастыруда. Сөйтіп, олар да дегеніне жеткен. Заманына қарай біреулердің өз биігінен ғана берген бағасына қарап, Қондыбай молда мен Өтеннің әрекетінің тамырына бойламай, асығыс байлам жасауға болмас. Үкімет «қашқын-пысқын» дейді екен деп, соғысқа барып құрығаннан, артта ұрпақ қалдырып, бабалар жолын таңдағаны үшін оларды кінәлау қателік деп білемін. Менімше, керісінше дұрыс болған деген жөн.
Бұл Қондыбай мен Өтеннің қызыл өкіметтің бұраң саясатына қарсы ішкі құпия күресінің жеңісі, «ұрпағымызды өшірмей, жапырағымызды жайсақ» деген арманының жемісі еді.
3. КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ
(әңгіме)
Кезекті демалысымды алып, жылдағы әдетіммен курортқа келген болатынмын. Демалыстың аты демалыс, күнделікті емдік процедуралар, көлге шомылу, серуендеу, тамақтану. Жастар жағы дискотека деп кетіп жатқанда, самайларын ақ қырау шалған елуді еңсергендер отыра қалып, әңгіме соғамыз, осылайша бір күніміз екінші күнімізге ұқсас өтіп жатады.
Міне, осындай күндердің бірінде әңгіме тақырыбы қалай екенін білмеймін, сталиндік репрессия жылдарындағы НКВД қызметкерлерінің «шаш ал десе бас алған» қатыгездіктеріне ауысып, әркім өз еліндегі «атышулы» милиционерлерінің әрекеттерін әңгіме етіп жатты.
Бір кезде келгелі өзін томаға-тұйық ұстап, өзара әңгімемізге көп араласа бермей жүретін, өзі маған жерлес болып келетін Нұрмағамбет есімді маңғыстаулық ақсақал тамағын кенеп, әңгіме айтуға ыңғай білдірді. Бағанадан жамырай әр әңгіменің басын бір шалып отырған үшеуміз де ішкі таңданысымызды жасыра алмай сол сәт тына қалдық.
Е, шырақтарым, әрқайсың да естігендеріңді айтып, уақыт өткізудің қамын жасап отырсыңдар. Мен сендерге өз басымнан өткергенімді айтып берейін, бәлкім біреуіңнің кәдеңе жарап жүрер. Бұл өзі бұрын тіс жарып тірі жанға айтылмаған әңгіме еді. – Біз үлкен қазынаның үстінен шыққандай үнсіз ілгері ұмсынып, құлағымызды тіге қалдық. Тыңдаушыларының қызығушылығын байқаған Нұрекең «е, бәлем, шыдамдарыңды тауыстым ба?» дегендей әрқайсымыздың бетімізге күлімсіреп қарап алып, әңгімесін жалғастырды.
Бұл оқиғаны білетін үш адам ғана болдық. Бұл күндері олардың екеуі о дүниелік болып кетті, тек мен ғана әзірге тірі жүрмін. Кәрі қойдың жасындай өмірім бар, қай күні Тәңірімнен бұйрық болады, біз де кетеміз ғой, – деп ақсақал бір сәт өткен өмірін көз алдынан өткізгендей үнсіз қалды. Тарих қойнауының тағы бір белгісіз бетін ашатындай біз де үнсізбіз.
Иә, бұл әңгіме де іште қалған күйі менімен бірге кетер ме еді, сіздердің әскерилер мен қызыл жағалылардың шектен тыс қаталдықтары туралы айтқандарыңды естімегенде. «Адам аласы ішінде», әскер киімін киіп жүргендердің арасында да адамгершілігі жоғары, жүрегі мейірімді жандар көп. Менің қостанайлық досым Ғалиасқар сондай жан еді. Осы адамның үлкен азаматтығын ішіме сыйғызып, о дүниеге ала кеткенім жөн болмас, айтайын, тыңдаңдар. Біз ата-бабамыздан бері жылқы бағып, еңбек еткен жандармыз. Соғыс басталардың алдыңғы жылы колхоздың жылқысын бағатын әкем мені көрші ауылдың Сәнім деген қызына үйлендірді. Ол кездегі елдің жағдайы, оқыған, көзі ашық азаматсыңдар ғой, өздеріңе белгілі, кешегі 37-38-ші жылдардағы елдің бас көтерер азаматтары бірін бірі көрсетіп біраз жігіттер итжеккенге айдалған кез. Өзіңнің жалғыз тоқтыңды сойып жеуге рұқсат жоқ, білсе – сотталасың. Колхоз малын көзіңнің қарашығындай сақтауың керек. Әйтеуір, даланың аңын аулап, етін жесең, ештеңе демейді. Әкем өзі қақпан құрып аң аулайтын, үйленгенімде арқардың бір құлжасын алып, ауыл-аймаққа той жасады.
Жылқышы әкемнің жасы елуден асқан, менің жасым он тоғызда. Менен басқа өзіммен түйдей құрдас Қайырбай деген жамағайын бір жігіт бар. Оның үш-төрт жыл бұрын әке-шешесі бірдей өліп, колхоз оны он бес жасар кезінен әкеме көмекші жылқышы етіп бекіткен. Қасымызда үйі бөлек демесең, тамақты бірге ішеміз. Ол маған қарағанда ірілеу, қайратты, жетімдік ерте есейткен, ересектеу болып көрінеді. Менің де тап онша шая жігіт болмағанымды өздерің көріп отырсыңдар ғой. Екеуміз өте тату доспыз, ол да әкемнің бір баласы есебінде, жасының менен екі-үш ай кішілігі бар. Әкем: «Биыл Нұрмағамбет ағаңа қатын алып бердім, ендігі жылы күз түсе сені де үйлендіремін» – деп қоятын. Ауылымыз Жармыштың арғы бетінде, Қаратаудың басталар тұсында отыратын.
Жұмабек деген әкемнің немере туыс інісі Кетікте үкіметтің қызметінде істейтін. Маңғыстау өз алдына аудан боп құрылғанда ол сонда аудандық атқару комитетіне қызметке ауысып келіпті дегенді естігенбіз, бірақ, көрмеген, кездеспеген адамым. Соғыс басталар жылы көктемге салым төл алу кезінде сол Жұмабек ағам шаруашылыққа өкіл боп шығып, маңайдағы мал ауылдарын аралай жүріп, реті оңынан оралып қалған соң «құтты болсынға» әкеме келіп, біздікіне қонды. Құдайға шүкір, қыстан сақталған аңның және не жасыратыны бар, елден тысқары малда отырған соң көрсетпей сойып алған малдың да сүр еті бар, ағама қонақасыны дұрыстап беріп, ұйқыға кештеу жаттық. Таудың қара тасынан қалап, ортасын қоржын пешпен бөлген бір бөлме, таудың томары мен малдың қиын қоса жағып, іште тамақ асылған үй іші жып-жылы. Пештің бізге таяу іргесінде шешем жатыр. Арғы төр бетінде көптен көріспеген әкем мен Жұмабек, екеуі біразға дейін әңгімелесіп жатты. Есік алдындағы бөлікте келіншегім екеуміз, ұйықтаған болып, мен де әңгімелеріне құлақ түріп жатырмын. Бір уақытта Жұмабек ағам әкеме: «Гитлер деген жау шықты, айналасындағы елдердің бәрін басып алды, біздің елімізге де соғыс аша ма деген қауіп бар. Соғыс бола қалса, мына Нұрмағамбет сияқты жастарымызды түгел жинап алып кетеді-ау, менің балам әскерде еді, келуіне әлі бір жыл бар, соны қатты уайымдап жүрмін, көре алмай қаламын ба деп қорқамын» – деді.
Қой, соғыстың беті аулақ, әлгі үгітшілерің өткенде «Сталин соғысты аштырмайтын болды» демеп пе еді? – Әкемнің дауысы сәл қаттырақ шығып кеткендей көрінді.
Жайырақ, аға, балдар оянып кетер. Иә, ондай келісім жасалды ғой, бірақ, жан-жағын жалмап, жеңіске мастанған Гитлер сөзінде тұрса жақсы. Әй, білмеймін-ау, Кетіктегі әскери комиссар досым бар еді, соның айтуына қарасам, бұл соғыс болмай қоймайтын сияқты. Аға, біздің бұл әңгімемізді тісіңізден шығарушы болмаңыз, басымыз кетеді. Мен тек туыс болған соң ертеңгі күні қапы қалмасын, баланы әскерге жібермеудің шарасын қарастыра берсін деген оймен өзіңізге ғана айтып жатырмын.
Үлкендер арасындағы аса құпия түрде айтылған осы әңгіме құлағыма тигелі мен де көп ойланатын болдым. Әйелім Сәнім екіқабат, енді үш-төрт айда босануы жақын. Біресе, «көппен көрген ұлы той», әскерге шақырса барамыз, Гитлерің де ет пен сүйектен жаралған шығар, аталарымыз қолдап, жаудың емін беріп, көзіне көк шыбын үймелетерміз» деп соғысқа бара сала оны жайрата салардай іштей күпсініп қоям. Енді бір сәт «ертең дүниеге келер ұлымды көрмей кетемін бе (жастық қой, қыз туады деген ой тіптен миыма кіріп те шықпайды ғой) деп те ойлаймын. Қартайған әке-шеше (сол кезде әкем елудің үшеуінде, шешем елуде), әйелім Сәнім мен ұлымның жайы қалай болар екен деп ойға берілемін. Жүйкемді жегідей жеген ой шыдатпады ма, бір күні өрісте жылқы қайырып жүріп досым Қайырбаймен ой бөлістім.
Қайырбай-ау, ертең соғыс бола қалса, қайтеміз?
Қайткені несі, соғысамыз. Ержүрек адайдың ұрпағы емеспіз бе, жауды жеңіп, елге батыр боп ораламыз. – Ол жігіттік қызбалықпен артынан не боларын екшеп жатпастан жауап берді.
Сәл сабыр ет, Қайырбай! Алғашында мен де сен сияқты алып ұшқанмын, бірақ, ақылға салып қарасам, олай деуге болмайтындай. Айналасындағы елдерді түгел жалмап келе жатқан Гитлер осал жау емес сияқты боп көрінеді. Соғыста өліп кетсек, қайтеміз, мен дүниеге келер баламды көріп, маңдайынан иіскеместен, сен әкеңнің шаңырағын тіктеместен кете бермекпіз бе? Жауған оқтың астынан тірі келеміз бе, жоқ па, кім біліпті?
Әке шаңырағын тікейту туралы айтқаным қатты әсер етті ме, Қайырбай да үнсіз ойланып қалды. Ол оның жатпай-тұрмай аңсап жүрген арманы еді. Осы әңгімеден кейін Қайырбай екеуміздің оңашаланған сәтімізде айтарымыз алдағы болар соғыс, одан аман қалудың сан қилы жоспарлары болды. Осылайша жүргенімізде Қайырбай бірде:
Сол соғысқа бармас үшін көз көріп, құлақ естімейтін жерге кетіп қалайық, – деп қалды.
Қалай?
Не қалайы бар. Мына жылқының ішінен екеуміз екі атқа мінеміз де бір түнде ізімізді жасырамыз.
Саған оңай, артыңда қарайлайтын ешкім жоқ, мен қайтпекпін?
Е, біз бір мәңгілікке кетпекпіз бе, «кеңес армиясы жауды тас-талқан қылып жеңеді» деп еді ғой өткенде келген үгітші, соғыс біткен соң қайтып орала саламыз, оған дейін Жәкем де аса қартайып отырған жоқ, қайраты бойында, отбасын жүдетпес.
Әңгіме осымен бітті, екеуміз көз көрмеске кетуге іштей даярланып жүрдік. Алдын-ала өзімізбен ала кететін қажетті заттарды сайладық. Кеткен соң ауылға жуық маңда хабарласа алмасымызды, артымыздан қызыл жағалылардың іздеу салатынын, келіп қолға түссек, сотталарымызды, бәрін алдын-ала ойластырып қойдық.
Күн артынан күн өтіп жатты. Сөйтіп жүргенімізде «соғыс!» деген үрейлі хабар да келіп жетті. Хабар құлағымызға тиісімен бір шешімге келіп, сол түні әкеммен ой бөлістім. Ол да іштей толғанулы екен:
Балам, «осы соғыс болады-ау, сенің жағдайың қалай болады?» деп ойланып жүруші ем. Қайырбай екеуің де бұл жөнінде ойластырып қойған екенсіңдер. Ата жолын ойлап, жалғызды жауға салмауды бұл өкімет ескерер дейсің бе, әзірге бас сауғалай тұрғандарың жөн, соғысы қаншаға созыларын кім білген, бәлкім қыстап қалуларыңа да тура келер. Кетсеңдер кешікпей, бірақ сайланып кетіңдер. Арттарыңа қарайламан, өзім ілдалдалап отбасымызды жұтатпаспын, алдарыңнан жарылқасын! – деп батасын берді.
Әкемнің сөзі қанат бітіргендей болып, сол бойда бір шешімге келдім. Тезірек, ауданнан шақырту келмей тұрып, ауылдан қарамызды батырып, көзден таса болуымыз керек. Кесім сол болды. Жылға жуық уақыттан бері ауыл маңында екі-үш саяқ жылқы жүретін, іздеп келген жан жоқ, байқауымша, бұл маңдікі емес, шамасы, басқа колхоздан жоғалып келген сияқты. Несін жасырайын, алда-жалда малдан шығын бола қалса, солардың орнына есепке қосып жіберермін деп іштей ойлап жүруші ем, соның орайы енді келгендей. Жылқы табынының ішінде Қайырбай екеуміздің өзіміз еншілеп көздеп жүрген екі дөненіміз бар еді. Екеуі бір айғырдың баласы, ара-тұра жылқы қууға мінгеніміз болмаса көбіне бос жүретін. Келешекте мінгідегі аттарымыздың орнына сайлап, жылқы қайыруды үйретіп жүрген аттарымыз. Бұл дөнендердің әкесі үйірінен қасқырға құлын да бермейтін қасқа айғыр. Бірде таң ата арқырай кісінеп, ауылға шауып келгені бар. Жүгіре шықсақ, денесінің сау-тамтығы жоқ, терісі әр жердей жыртылған шүберектей желбіреп жүр, үсті-басы қан-қан, сол бойы сіздерге көріндім ғой дегендей бір кісінеп жіберіп, кері шапты, бір пәленің болғанын түсінген кәнігі жылқышы әкем бастап қолдағы аттарымызға міне сала артынан жеттік. Барсақ – үйірінін жайылысында үлкен арлан қасқыр маңдайға тиген тұяқ соққысынан миы шашырап, көзі ұясынан атып кеткен, теңкейіп өліп жатыр. Әрегеректе тағы бір қасқыр артын ала алмай санын жалап, тұра алмай қалған. Жылқы дін аман, тек бір құлынның артқы бөксесіне қасқырдың тісі тиіпті, бажайлап қарап, із кесіп көрсек, қасқа айғырдың үйіріне бірнеше қасқыр шапқан екен де, ол үйірін жансебілдене айнала шауып жүріп ұялы қасқырлардың бірін мерт етіп, екіншісін мертіктіріп, арланы мен бір күшігін, яғни көсемін өлтіріп, үйірін аман сақтап қалыпты. Қасқа айғырдың үйірін қорғаудағы жанкештілігін мойындап, өздеріне төнген қауіпті сезген өзге қасқырлар ендігі әрекеттерінен нәтиже шықпасын бағамдап шабуылдарын тоқтатып, сонау қалыңға қарай ойысқан. Бәлкім, әлі де болса жаралы құлын шеткері қалар деген үмітпен ұйыса өскен бұталардың түбінен көз салып жатқан да болар. Ауылға әкеліп, айғырдың жалбыраған терілерін орнына желімдеп, май жағып емдеп жазып алғанбыз. Енді міне, сол айғырдың екі баласын – қос дөненді шамамыз келгенше тыққыштап колхоз басшыларының көзінен таса ұстап жүретінбіз. Оның да себебі жоқ емес, колхоз басшылары да, белсенділер де жақсы ат көрсе жабысып, алмай қоймайды және оны қайбір баппен мінеді, тепкілеп-тепкілеп жауыр қып қайтарып отырады. Бүгін таң ата Қайырбай екеуміз екі атпен аңға шыққан болып аттанып, өрістен сол екі дөненді ұстап, өзімізбен ала кеткен ер-тұрманмен ерттеп, жетекке алып, ауылдан кетеміз. Күні бойы тау қуысында бой тасалап, түнімен жүріп отырып Ақтөбе бетіндегі Тоқсанбай тауы, Тасастау-Қайнар бетіне асамыз. Бұл бағытты таңдауымыздың да себебі жоқ емес. Қайырбайдың әкесі бұрын сол жақта жылқы баққан. Жасынан әкесіне қолғанат болған Қайырбайға ол жерлер танысырақ, ұмытқаны болса, барған соң есіне түсер деген ойдан да құралақан емеспіз. Өткенде екеуміз әңгімелескенде бұл ұсынысты оның өзі айтқан болатын. Біраз жерге барған соң ауылдан мініп кеткен аттарымыздың тартпасын сәл босатып, жүгенін салбыратып бос жібереміз. Жануарлар есті, ауылды тауып барарына сенімдіміз. Мақсатымыз – «аң қуып жүріп екеуміз де аттан жығылып мерт болып, денеміз табылмады» деген ой туғызу, онымызға ел сене ме, жоқ па, оны ойлап жатуға уақыт тар. Бір-екі күн іздеп қояр, әрі қарай індетіп іздеуге кімнің шамасы келер дейсің, әркімнің өз қайғысы өзінде, күдер үзер. Кесімді шешімімді, барар бағытымызды тек әкеме ғана айттым:
Әке, Қайырбай екеуміз осылай ұйғардық, тәуекелге бел будық, «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген, құдай оңғарса, келерміз, аман болып. Біз мініп кететін екі аттың орнына есепке ана екі саяқты енгіз. Колхоздың малы түгел тұрса екі баласынан бірдей «айырылып» жылап отырған сеңдерге ештеңе дей қоймас, қиын тиіп жатса жылқыны санап тапсыр да, жеңілдеу жұмысқа сұран. Тірі болсақ, мына соғыс деген сұмдығы басылған соң ретін тауып, елге оралармыз.
Күрте шалбарымды, сары тонымды түйе жүнінен жасалған көрпеге орап, қанжығама байладым, ешкі терісінен жасалған меске су толтырып, оны да ер алдына жайғастырдым. Қажеті болар деп жылқының қылын араластыра есілген жиырма құлаштық арқанды, бір-екі қара қақпанды, сосын баяғы Толстов әскері босқанда әр жерде шашылып қалған қарудың бірі болар, әкем даладан тауып әкеліп ескі шүберекке орап көзден таса жүк артына іліп қойып жүретін қайқы қылышты ер басына іле салуды да ұмытпадым. Әкем қуыртуға сапарымыздың сыры ашылып қалар деді ме, ашыққанда ауызға салып шайнап, нәрем аларсыңдар деп бір қалта бидай мен тары, кептірілген құрт салынған қоржынды қолыма ұстатты.
Қайырбай да осы тақылеттес жүкті атына теңдепті. Жетім өскен жан өмірге бейімдеу ғой, мосыға ілетін құлағы бар кішігірім темір шәугімді, шашын алдырып жүрген әкесінен қалған алмас ұстараны, отын шауып жүрген қара балтаны алуды да ұмытпапты. Екеуміздің де белімізде ауылдың ұстасына соқтырған қынды пышақ. Өзімізше «бес қаруымызды» белімізге байлап, таң қараңғылығы сейілмей тұрып, өрістегі жылқыға бет алдық. Құрған жоспарымызға сәйкес дөнендерімізді ерттеп, жетекке алып, Қаратаудың қойнауына сүңгіп бара жатқанымызда таң сіберлеп, айнала айқындалып келе жатқан мезгіл болатын. Алдын-ала даярлап алған екі-үш күндік азығымыз бар, тау қуысында күні бойы бой тасалап, қас қарая мініп келген екі атты босатып жіберіп, дөнендерімізбен алыс жолға аттанып кеттік. Ізімізді жасыру үшін дөнендеріміздің тұяғын киізбен орап алғанбыз, сондықтан да тастақ жер қуалап әлекке түспей-ақ еркін қозғалып таң атқанша едәуір жерге қара үзіп кеттік. Ел көзіне түспес үшін күндіз таса жерге бой тасалап, түнде жүріп отырып, бес-алты күн дегенде Тоқсанбай тауына жеттік. Шіркін, несін айтасың, біздің адай жылқысы жүріске төзімді, ұзаққа шабады. Адай жігіттері түрікмендермен ұрыста қашуға тура келсе ежелгі бабаларының «қаша ұрысу» әдісін қолданып, жауларының ақалтеке аттарын әбден шаршатып барып, өз аттарының денесін қыздырып алып қашып, құтылады екен. Ал, қашқан жауын қуғанда олардың артынан қара үзіп қалмай ілесе қуа беріп, ақырында алысқа шабудан аттары шаршағанда қуып жетіп, ұрыс салады екен. Аты болдырған жауы ат үстіңде ұрыса алмай жеңіліске ұшырап отырған. Міне, сол адай тұқымының қос дөнені бізді де сыр бермей осы алыс аймаққа жеткізген еді.
Босатып жіберген екі ат ері бауырына ауып, жүгені салбырап ауылға барады. Мұны көріп, екі әйел шошып кетіп, дауыс сала бастайды, әкем болса біраз уақыт үн-түнсіз отырып, бір кезде кемпірі мен келініне тоқтау салып, өзі ерттеулі атына мініп, көрші ауылға шабады. Келген аттарды ұстап, ер-тұрманын алуға асықпайды, ойы екі аттың осы күйде бос келгенін басқалар да көрсін деген болуы керек. Әп-сәтте айнала ауыл-аймақ болған жайдан құлағдар болады. Малшы, жылқышы жігіттер іздеуге шықпақ боп жинала бастайды, колхоздың орталығына хабаршы жіберіледі. Сол кезде құдайдың бізге қарасқаны болар, аспанды бұлт торлап, найзағай ойнап жаңбыр жауып береді. Күн ашылысымен іздеуге кеткен жігіттер даладан ешкімді таппай оралады, ауданға хабар беріліп, тергеуші милиционер келеді, үйдегілерден жауап алады, олар «аңға кетіп еді» дегеннен басқа ештеңе айта алмайды. Екі әйел екі жерде дауыс салып еңіреп отыр, сұрастырса жылқы түгел, сонымен тергеуден де, іздеуден де еш нәтиже болмайды. Бейсеубет жүрісті жандарды ешбір ауыл байқамаған, арада біршама уақыт өткеннен кейін «құздан ұшып ит-құсқа жем болған болар» деп іздестіру шаралары тоқтатылады. Қылмыстық іс қозғайын десе, біз жоқпыз, «қашқын» деуге біз ешқайда шақырылмай тұрып, жоғалып отырмыз, оның тағы реті жоқ, оның үстіне әкем күн аралатып, тау-тасты кезіп, шарқ ұрып бізді іздеп жүр, өткенде Қуантай мілиса қайта-қайта тергеп мазасын алған соң: «Ойбай-ай, екі бірдей баламнан бірдей айырылып, өзім қан жұтып жүргенде сенің мына қорлығың өтті-ау, сенбесең мә, мені атып таста осы жерде!» – деп күйіне айқайлағаны да әсерін тигізген болар, тергеу тоқтатылыпты.
Әкемнің жеңіл жұмысқа сұрануын колхоз басшылары қабылдамайды, елдегі іске татыр ер-азаматтарды әскерге алып жатыр, жылқы бағуға адамды қайдан тапсын, жалғыз шешесі бар Күнбатыр деген бозбаланы көмекші қылып беріп, жылқыны баға беруге тапсырма береді. Әкем жылай-жылай көзі іскен келінін аяп, оның үстіне іштегі балаға зақым келіп жүрер деп ойлап біздің қайда кеткенімізді оған там-тұмдап жеткізіп, ешқандай сыр бермеуін ескертіп қояды...
...Бір қарағанда етегі үлкен сайға ұласатын, бұлақтан аққан суы да бар, Тоқсанбай тауы өмір сүруге қолайлы-ақ жер екен. Бірақ, сырттан біреу келе қалса, бой тасалар жықпыл-жықпылы жоқ. Бөлек тау көңілімізге онша ұнай қоймай, Тасастау-Қайнар бетіне қарай ығысып барып, тағы бір таудың қуысын таңдап, қоныс тептік. Елдің бәрі орталыққа қарай шоғырланған, келген жерімізде ел қарасы көрінбейді, бірақ, даланың аңы мен құсы жыртылып-айырылады, әзірге қауіптенбей, күнкөріс қарекетімен айналыса беруге болатындай. Тау етегінде, сай басыңдағы үлкен кеуек үңгір де біз үшін арнайы жасалғандай екен. Сырттан қарағанда үңгірге дейін қалың өскен жыңғыл мен жиде ағашынан оның кіреберіс ауызы көзге түспейді. Біз де алғашында оны байқай қоймағанбыз. Артына түскен қос аттылыдан қара үзбек болып жырыла қашқан жалғыз қарақұйрық бірде осы қалыңды бетке алмағанда көрмей кетуіміз де мүмкін еді. Міне, әкелген дүниелерімізді сол үңгірге түсіріп, жан-жаққа барлау жасадық. Сәл әрегеректе жыңғыл мен бір-екі түп жиде ағашы өскен жерде бұлақ бар болып шықты, айнала іздерге көз салсақ, аңның су ішер орны екен, малдың немесе адамның ізі көзге түсе қоймады. Сол жерге екеуміз ала келген төрт қақпанды құрып тастап, жатар орнымызды сайлауға үңгірге қайтып оралдық. Үңгірдің ішін тазартып, сай табанындағы қаулап өскен шөптен жұлып әкеліп, төсек орнын даярладық, үңгірдің төргі бетінен аттарымызды байлар орын жасадық, себебі ендігі бар сенеріміз ер қанаты осы екі ат. Оларды қасқырға жегізіп алсақ мына ми далада өзіміздің де сүйегіміз қурап қалатындай көрінді де тұрды. Алда қандай өмір күтіп түр, ертеңгі күніміз не болады, бұл қанша уақытқа созылады, артта не болып жатыр екен деген сияқты сан түрлі ойларды ойлап біраз жатқанбыз. Алты-жеті күн жортуыл шаршатқан ба, көп ұзамай екеуміз де қатты ұйықтап кетіппіз. Ертесіне сәскеге таяу оянып, бұлаққа барсақ, кешегі құрған қақпанымызға киіктің бір текесі мен лағы түсіп, сол күні-ақ қара шәугімнің ішін қандағанбыз. Ендігі мәселе сойылған етті шірітпей кептіру. Осы жерде Қайырбай өзінің тапқырлығын көрсетті: «Бала күнімде әкем айтушы еді, жаңа сойылған малдың етін бұзылмай сақталуы үшін қарынға салып сорға көмеміз» деп, ертең жан-жаққа шолу жасап қайтайық, бұл далада сор жоқ деймісің, біз де сол әдісті қолданармыз, ал қыста аязға қатырып тастасақ ол еттің ештеңесі де кетпейді, әзірге жылы мезгілдің жағдайын ойластыралық, күн сайын қақпанымызға аң топырлап түсе бермес.
Міне, осылайша біздің тағылық өміріміз басталды.
Қарынымыз тойып, аз ғана жатып демалған соң аттарымызды мініп, айналаны шолып келуге аттандық. Алдымен көзімізге түскені таудың ұшар басы болды. Соған көтерілсек әрегіректегі жазықтықтың орта тұсы ауылдағыдай, қысты күні Қаратау баурайына қатқан мұздай боп жарқырап жатыр. Жаз ортасында бұл не қылған мұз, әлде басқалай сыры бар ма екен деп білмекке құмартып, сол жерге беттедік. Келсек, жалтырап жатырған сордың беті екен де, мұз деп жүргеніміз сор бетіне қатқан кәдімгі тұз болып шықты. Дереу пышағымызды алып жіберіп ойып ала қоймақ болған әрекетімізден түк шығара алмадық. Сосын қажет болып қалар деп қоржынға салып ер басына іліп жүрген қара балтамен ұрып сындырып алып, кішкене сынығын тілімізге бассақ кәдімгі тұз, тұз болғанда да анамның «жарықтық, Шопан атаның тұзы еді, шөлдегенде тіліңнің астына саларсың» деп күртемнің қалтасына салып қоятын тұзы. Құдай берді деген осы, сол жерде бірнеше кесек тұзды шауып қоржынымызға салып алып «үйімізге» келдік. Таңертеңгі сойған етімізді ит-құс жеп кетпесін деп үңгірдің түпкі жағына биікке жіп керіп іліп кеткенбіз, соларды дереу қақтап тұз сеуіп қайта жайдық. Сонымен қысқа азық даярлап сақтау мәселесі осылайша шешілген еді.
Аттарымызды күндіз көз алдымызда шүйгін шөпке жайып, бұлақтан суарып, кеш бата үңгіріміздің ішіне байлаймыз. Мініске түспей, еркін жайылып, екі аттың жүндері жылтырап аз күнде семіріп шыға келді. Білмейтін жердің сыры белгісіз, бәрібір қолымыз бос, біздің ендігі шаруамыз өзімізге де, аттарымызға да қысқа азық даярлау. Азық болғанда негізінен ет қой, оған Құдайға шүкір, аң жыртылып-айырылады, екеуміз де екі-екіден төрт қақпан бар, арасында жастығымыз жеңіп кете ме, екі атпен топ киікке қуып араласып, бұғалық салып тірілей де ұстаймыз, сонымен ет жағы жеткілікті. Әкем айтушы еді, «мына кәдімгі жантақты ем үшін қайнатып ішкенде кәдімгі шәй сияқты екен» деп. Соны айтып едім, Қайырбай қайнатып көрмек болып жантақ жұлып әкеліп, уақтап турап, шәугімдегі қайнаған суға салып еді, шынында да кәдімгі шәй болып шықты. Сол-ақ екен, енді жантақ жинап, оны уақтап турап, көлеңкеде кептіріп, біраз шәй даярлап алдық. Үнемі ет жеп одан да ығыр боласың екен, сондықтан тау баурайынан жаужұмыр, қоян тобық, мондалақ, қымыздық сияқты бала күннен өзіміз жеп ауызданған өсімдіктерді қазып, жинап, азық қыламыз. Онымен де қарап қалмай, жатағымыздан алыстаңқырап даладан мырза сораңның, шитарының әрегеректегі құмдақтан қияқтың басын қағып, кездескен жерде қамыстың түбін қазып, ақ шоңқайын алып, қоржынымызды толтырып ораламыз. Далада мал соңында өскен біздер үшін азық болар өсімдіктерді тауып, кәдеге жарату сонау аштық жылдарындағы әкемізбен қарын тойдыру қамын жасаған кезден белгілі. Жинағандарымызды тастан жасап алған диірменге салып тартып ұн қылып, тасты ойып жасаған ыдыстарға толтырып үстін жауып қойдық, бұларды ертең нан орнына қолданатын боламыз.
Аңға қақпан құрамыз, қалған уақытта көптен мал тұяғы тимей бітік боп өскен шүйгін шөпті қолмен жұламыз, кенепке салып үңгірдің төменгі бетіне жинаймыз. Қолымыз сәл босаған кезде тас жинап, үңгіріміздің ауызғы бетін қалап, ішке кірер есік қалдырдық. Аңның терілерін жамап-жасқап көтеріп кіретін есік жасадық, жатар орнымызға да шөп төсеп, үстіне аң терілерін жауып, бөстек төсек жасап алдық. Қайырбай жеген еттеріміздің сүйектерін бірін қалдырмай жинап жүрген, «оларды не істейсің, далаға тастасаңшы» дегеніме, «үндеме, керегі болады» деген де қойған. Бір күні: «Жүр, Нұрмағамбет, итсигек шабамыз» дейді.
Ау, ол неге керек, итсигекті жылқы түгіл басқа мал да жемейді.
Керегі бар, осылай азып-тозып жүре береміз бе, сабын қайнатып, суға түсеміз, үстіміздің кірін аламыз.
Сонымен екеуміз біраз терлеп, екі-үш құшақ итсигек шауып әкелдік. Қайырбай оларды бір ортасы ойыңқылау жалпақ тастың үстіне жинап от беріп өртей бастады, ара-тұра ортасын қағыстырып толық жануын қадағалап қояды. Күн тып-тынық, лүп еткен жел жоқ. Жинаған итсигектеріміз толық жанып, орнында тек үйіліп күлі қалды. Қайырбай оларды жинақтап бұлаққа барып су толтырып әкелген шәугімге салды, үстіне әнеугіден бері жинап жүрген сүйектерін әкеліп салды да шәугімді жерошаққа қойып астына от жағып қайната бастады. Арасында ернін жыбырлатып дұға оқығандай болып, бетін сипап қояды. Оның әрекетін сырттай бақылап отырған мен де онымен қосыла бетімді сипаймын. Қайырбайдың қайдан үйреніп жүргенін білмеймін, от жағудың нағыз шебері. Құдды бір бар өмірі осылай тастың қуысында өткен жандай, екі шақпақ тасты бір-біріне ұрып, мал майымен сорықтырылған мақтаны әп-сәтте тұтата салады. Қала берді жыңғылдың қураған бұтағын екі бұтақтың арасына қыстырып, көз ілеспес жылдамдықпен екі алақанының арасына салып зырылдата бұрап отырып, от тұтатады. Қайырбай болмағанда сайын далада тап бұлайша өмір сүру менің қолымнан келмес те еді.
Күл сарқылдап қайнап-қайнап бір кезде шәугімнің түбіне шөккенде ол суды, яғни пайда болған сілтіні құйып алып, күлді әрегерекке апарып төкті. Сонан соң суды қайтадан шәугімге құйып, ішіне жинаған сүйектерін салып қайтадан отқа қойды. Шәугімдегі су әрлі-берлі қайнап, сілтіге түскен сүйектер әбден ағарып қурағандай болғанда сүйектерді де алып тастап сұйықты қайната берді. Арасында жыңғылдың жуандау бұтағынан жонып жасап алған қасығымен сұйықтың бетіне шыққан қиқымды, майды сүзіп алып отырды. Бір кезде шәугімдегі сұйық қойыла бастады, енді оның түбі жабысып қалмасын деп ара-тұра былғап отырды. Қайнатпасы әбден қоюланған шақта шәугімді оттан түсіріп, ішіндегі қойыртпақты ыдыстың жан-жағына жақты да, алынған нәрсені суытуға қойды. Қайнатпа қолды күйдірмейтіндей салқындаған кезде шетінен жұлып алып домалақтап тастың таза жеріне қоя бастады. Осылайша жуынып, үстіміздің кірін алатын сабынды да Қайырбайдың біліктілігінің арқасында жасап алдық. Ол енді бірде, күз кезі еді, тағы да итсигек шапқызып алдырып оны өткендегідей өртей бастады.
Қайырбай-ау, несіне әлектеніп жатырсың, өткенде жасаған сабының әлі де кішігірім бір ауылдың керегіне жетерлік, қайнатып не қыламыз? – дегеніме:
Үндеме, мұның да керегі болып тұр. Бір-екі қасқыр алып, терісін қажетімізге жаратсақ, жаман болмас, – деп жауап берді. Оның мұнысы мен үшін тіптен де жұмбақ жәй еді. Сондықтан, оның бұл ісіне қарап, үндемей отыра бергеннен басқа амалым болмады. Қайырбай өткендегідей итсигекті өртеп күлін алды, әрі қарай күлді қайнатып оның сілтісін алды. Шәугімді босатып, әбден тазалап жуды. Алған сұйығын мұздатып құйып қойды. Арада бірнеше күн өткен соң қақпанға түскен қарақұйрықтың лағын сойып бір санына әлгі сұйықты құйып қасқыр жүреді-ау деген жерге апарып тастап келді. Араға күн салып әлгі уланған санды тастаған жерге барсақ шынында да бір қасқыр өліп жатыр. Оны сол жерде сойып терісін алдық та, етіне уымыздан тағы құйып қалдырып кеттік. Бірақ, ол тұзағымызға басқа аң түсе қоймады. Артынан осы әдіспен тағы да бір-екі қасқыр алып, терісін түзбен илеп, керегімізге жараттық.
Осылай даладағы тағылық өмірімізге де көндігіп алдық. Күн артынан күн өтіп жатты. Қылышын сүйретіп қыс та жетті. Үңгіріміздің барлық қабырғалары, едені түгелдей аң терілерімен қапталды, ойпаңдағы қалың жыңғылдан керекті отынымызды да даярлап алғанбыз. Қыста жейтін етіміз мол, оның біразы кептірілген күйінде, енді біразы қарақұйрық пен киіктің өз қарындарына салынып, маңайымыздағы кішілеу қуыста ілініп сақталынуда. Баяғы ауылдан аттанғанда қалтаға салып алып шыққан шикі бидай мен тарыны Қайырбай көктем шыға егін егеміз деген оймен жегізбей сақтап жүр. Оған қарсы келер менде шама жоқ, басшылық әр нәрседен хабары бар соның қолында.
Қыс кезі, көбіне «үйімізде» жатамыз, арасында қоянның жымына тұзақ құрамыз, былайынша қолымыз бос. Жылы шуақты күндері екі атты далаға шығарып бойын жазып, шідерлеп, жайылысқа жібереміз де, өзіміз оларды көзден таса етпес үшін қар домалатып, жазғытұрым егін екпек боп белгілеген жерімізге тасимыз. Ойымыз, сол жерде қар неғұрлым көп болса ылғал да соғұрлым мол болады дегендік. Екі қолымыз алдымызға сыймаған соң даладан тас әкеліп, түрлі су жинайтын ыдыс, т.б. жасаймыз. Бір күні Қайырбай екі үлкендеу қалақ тас әкеліп балтамен, шапашотпен оларды дөңгелетіп шаба бастады. Бірте-бірте әлгі тастары дөңгеленіп, ортасынан және біреуінің үстіңгі жағынан тесік ойылып кәдімгі қол диірменге айналып шыға келді. Ерігіп отырған мен:
Ойбай-ау, мына диірменді неге жасап әлектенесің, оған неңді тартқалы отырсың, шөптің басын тартуға өткенде жасағаның да жарамай ма? – деп Қайырбайға әзілдей бастап едім, ол:
Асықпа, ертең еккен бидайымыз бітік шықса соны тартып үн жасаймыз, нанымыз болады, адам сияқты кәдімгі қара диірменге тартқан үн дәмді болады, – деп сабырмен күле жауап беріп, ісін жалғастыра берді.
Айтса айтқандай, көктем туып, жер беті қарая бастағанда сайдың табанындағы тегістікке недәуір ауқымды жерге тары мен бидайды септік, үстін өзімізше жыңғылдың бұтағынан жасаған «соқамызбен» тырнап, бүркеген болдық. Онымыздан не шығады, білмесек те сайдың көлеңкелі жерінде қалған қарды жинақтап әлгі «егістігіміздің» үстіне шашамыз, арасында аңның терісінен жасап алған және өзімізбен ала келген местерімізбен су тасып құямыз. Еңбегіміз еш кетпеді, көп ұзамай қылтиып еккен егініміз де көріне бастады, қуанышымызда шек жоқ. Осындай еңбекпен шығарған егінімізді басына дән жинала бере торғайдан қорғап әлекке де түстік. Кейде бәріне қолды бір сілтеп тастап та кеткіміз келді, бірақ, ертең ауызымызға түсер нанның дәмі қолымызға қайтадан тас ұстатып торғай қууға шығаратын.
Әрине, егініміз шықты дегенмен, ол біздің жыл бойы жеуге жетпесі белгілі, сонда да бір мезгіл нан қылып жеуге, бидай қуырып жеуге, тарыны суға жібітіп аузымыздың дәмін алуға мүмкіндік берді. Шыққан өнімнің бір-бір қалтасын Қайырбай тұқымдыққа керек деп сақтап қойды, енді бір көлемділеу бөлігін қысқа сақтап қойдық. Онымыздың да өзіндік себебі бар, жаз мезгілінде түрлі өсімдіктерді пайдаланып, нанның орнын толтыруға болады ғой.
Қырық бірінші жылды тәмамдап, бұл жерді бір қыстап, екінші қысқа даярлық жасап жата бердік. Даладағы тұрмысқа да дағдыланып алдық. Елге баруға жүрек дауаламайды, дүниеде не болып жатыр, «бәлкім соғыс аяқталып, қуатты қызыл әскер керманды жеңіп, ауылдастар елге оралған болар, біз ғана осында жүрген болармыз», енді бір сәт, «қой, соғыс аяқталса ел малдың жағдайын жасап олай-былай көшіп, біреуі болмаса біреуі көзімізге түспес пе еді, келген жау да осал емес деп еді ғой, әзірге ауылға қайтудан кідіре тұрайық, соғыс аяқталып, елге тыныштық орнаса, әкемнің өзі бізді іздеп келеді ғой» деп өзімізге өзіміз тоқтау салып жүріп жатырмыз.
Сондай күндердің бірінде, күздің әлі күшіне ене қоймаған жылы мезгілі еді. Небір көкжал бөрілерге бетпе-бет барудан да тайсалмай, қорқу дегеннің не екенін ұмытқандай болып жүрген екеуміз қатты қорықтық. Оның себебі, жаңа ғана кешкі асымызды ішіп болып төсегімізге қисайған едік, бір кезде өзімізге түсініксіз бір гүріл естілді де бірте-бірте күшейіп жатағымызға жақындай берді. Екеуміз де жастығымыздан басымызды көтеріп-көтеріп алыстық, жатағымыздың есігі ашық тұрған, бір сәт жарқабақтың қарсы бетіне сәуле түсіп жап-жарық қылып өтті, енді гүріл алыстаңқырап бәсеңси түсті де, айналаны қараңғылық қайта тұмшалап алды. Тілімізді білгенімізше кәлимаға келтіріп, ауызымыз жеткеннің бәріне сыйынып-ақ жатырмыз. Бір кезде әлгі гүріл бұлақ бетінен естіліп, қыраңның үстінен от жарқырап біз жатырған төскейге түсті. Зәреміз кете қорықтық, ертегілерде айтылатын жын-шайтаны осы екен деп ойладық. Мұндай пәлені бұрын кім көріпті, есігімізді түсіріп, қылыш пен балтаны қолға ұстап, кім келсе де шауып тастардай болып отырмыз. Қорыққанымызды екеуміз де білдіргіміз келмейді, бірақ сыбырлай тіл қатыссақ та дауысымыз ішкі сезімімізден хабар беріп қойып отыр. Көп ұзамай жанталаса қайтарған кәлимамыз әсер етті ме, салдыр-гүлдір дыбыс естілді де, гүріл сап тиылды. Таңды көз ілмей өткердік, мұндайда таң да атып болмайды екен. Айнала түгел жарық болған кезде есігімізді ашып айнала көз салсақ, алғашында ештеңе көзге түсе қоймады. Содан батылданыңқырап үңгірден шыға бергеніміз сол еді: «Оу-у, кім бар, тірі жан бар ма бұл маңда?» – деген айқайды естіп, тұра қалдық. Дауыс көмекке шақырғандай мүжәлсіздеу болып естілді.
Сонда да болса үңгірден елеусіздеу шығып, төмендегі қалың бұтаны тасалап, бұлаққа қарай жақындадық. Қалыңның арасынан бас бағып қарасақ, жардың етегінде бір арба жатыр, қасында екі адам қараңдап күйбеңдеп жүр екен. Біреуінің үстіндегісі Қуантай мілисанікі сияқты оқалы киім, бірақ түрі сарғыштау көрінді, белінде дәл соныкіндей маузері бұлаңдайды. Енді бұлардың көзіне түспеуге тырыстық. Біздің ойымызды сезді ме, бұл маңда адам бар екенін ізімізден сірә, біліп тұрған болуы керек, оқалы киім кигені: «Ау, адам болсаң, бері шық, жамандық жасамаймыз, аңға шығып жүріп, апатқа ұшырап қалып тұрмыз, кім болсаң да, шықшы!», – деп бірнеше рет айқайлаған соң, далада жүріп қиындыққа ұшыраған қазақ баласына қол ұшын бермеуді жөн санамай, осы адамдардан келер жаманшылық болса көріп алармыз деген тәуекелге бел буып, қалыңнан шығып, оларға қарай бет алдық. Беліндегі маузері болмаса нақ осы екеуіне әл бермесімізге сенімдіміз, десек те, аяқты андай басып жақын келдік.
Ассалаумағаликүм, кім болсаңыз да мұсылман екенсіңдер, менің есімім Ғалиасқар, арғын руынанмын, жолшыбай қарақұйрық кездесіп қалып, қызығып қуып кетіп едік, мына жағдайға тап болдық. Машинамызды қапталына жығып алып масқара болып тұрмыз, көмектесіңдер, жақсылықтарыңды ұмытпаспыз, – деп бізге жақындаған оқалы жігіттің жүзінен жылылық лебі сезіліп тұрды. Өзі де адамды баурап алатын биязы жан екен, шамасы сақалы мен шашы өскен біздерді өзінен көп үлкен адам деп қалса керек.
Әликүміссалам, мұсылман баласы екенсіңдер, әуелі мына арбаларыңды орнынан тұрғызып алайық, сосын жай-жағдайымызды айта жатармыз, өзің бір иманжүзді жан екенсің, киіміңе қарасақ тегін адам емес екенің көрініп тұр, жамандыққа бара көрмессің, – деп, машинасын орнынан тұрғызуға көмектестік. Машина дегенді бұрын кім көріпті, таң қалып, әр жерін сипап қарап, қызықтап жатырмыз. Қасындағы жүргізушісі болар, машинаның әр жерін шұқып қараған болып жатыр.
Ал, ағайын, Құдай айдап, мекенімізге келіп қалған екенсіңдер, үйімізге кіріп, дәм татып, демалып кетіңдер. Сол жерде жағдай сұрасармыз, қазір мына бұлақтан жуынып, үйге жүріңдер – деп, олардың қарсылығына қаратпай жатағымызға беттедік.
Ес жиып, айнала жарық түскен соң қарасам, айнала аттың және адамның ізі бар. Қуанып кеттім, не болса да адам баласы ғой, мына соғыстан жеріп, бас бағып жүрген жан болса қол ұшын берер деп ойладым. – Көңілімізге келер деді ме, «қашқан» деген сөзді айтқан жоқ. – Бұл соғыс елге келген бір зауал болды ғой, оған барғысы келмей қарсы болғандар да баршылық, енді қайтсін, біздің қазақ алдымен артына ұрпақ қалдыруды өздеріне парыз санайды ғой, оны бірақ, кім ескеріп жатыр! – Қонағымыздың мына сөзі өзіміздің діттеген ойымыздан шыққаны сондай, біз де өз жағдайымызды оған толық жайып салдық.
Жатағымызға алып келіп, ет асып, шәй қайнатып, қонақтарымызды жақсылап сыйладық. Мілисамыз қостанайлық жігіт екен, бізден бес-алты жас үлкендігі бар, фин соғысына қатынасып, одан осы соғыс басталғаннан кейін жарақаттанып, тылға ауыстырылған. Осыдан екі жүз шақырым жердегі Шалқардағы әскери комиссардың орынбасары екен. Іссапардан оралып келе жатып, адасып, қияс кетіп, одан қарақұйрыққа тап болып, атып ала қоймақ боп, анау қырдан аса бере мәшіндерін жығып алып, ақыр соңы бізге ұшырасқаны осы болды. Кетерінде қонағымыз сөмкесінен бір домалақ зат алып, әрі-бері айналдыра қарап, беті шимайланған қағазды төңкерістіріп, жүретін бағытын анықтап алды. Қыраңнан аса бере бір жағына аунап түскен мәшіндерінің де міні көп құрамапты. Жолға шығар алдында Ғалиасқар: «Ал, бізді сіздерге Құдай кездестірген болар, осылай далада жүре бересіңдер ме, менімен жүріңдер, мүмкіндігім бар ғой, соғысқа жібермей, алып қалудың жағдайын жасаймын. Шалқар осы жерден 150-200 шақырым жер, соғыс әлі жүріп жатыр, бірақ немістердің бұрынғы арыны басылды, жеңіс біздікі болады», – деп жанашырлығын танытты. Оның бұл шақыруына бірден қолп ете түскен жоқпыз, үстіне оқалы киім кигенге сене қою да оңай емес, алдап-сулап ел шетіне алып барып, өкіметке ұстап беріп жақсы атаққа ие болғысы келмесіне кім кепіл? Бірақ атам қазақ «түсі игіден түңілме» деген, кім біледі, шын көңілінен шыққан сөзі болар. Алғысымызды айтып, «бәлкім, қысқа қарай барсақ, барып қалармыз» деп, іздеп бара қалған күнде оны қалай табатынымызды сұрап, өзімізде жеткілікті аңның етінен дорбаларын толтырып ет салып беріп, біз қалдық.
Күз де өтті, қарашаның аяқ кезі болуы керек, бір түнде айналаны аппақ қар басты. Аттарымыздың да, өзіміздің де қыстық азығымыз, отынымыз да жеткілікті, далаға көп шыға бермейміз, аттарымыз да күйлі, шаруамыз бір мезгіл олардың бойын жазуға далаға алып шығып, бұлақтан суарып, үйімізге су алып қайту ғана, даладағы саршұнақ сияқты уақ мақұлықтардың бәрі ұйқыға кеткен. Аң да жылы жаққа кеткен болар, көп кездесе бермейді, бұл маңайда біздегі екі аттан басқа мал атаулы да жоқ болғандықтан ба, жатағымызды қасқырлардың торуылдауы, түн баласы айнала ұлып мазалауы көбейіп тұр. Ұйқыда жатқанда қапымызды тауып кетер, бұл қасқыр дегенің өте ақылды да айлалы болып келеді. Айлакер деп жүрген түлкіміз қасқырдың айласының ширегіне де келмейтіндей көрінеді маған. Сол себепті үңгіріміздің есігін жыңғылдың бұтақтарынан себет тоқығандай ғып өріп жасап алғанбыз, соны түнге қарай мықтап жауып іштен байлап, «айбалтамыз» бен қылышымызды сайлап екеуміз де сергек ұйықтаймыз. Елден жырақ далалық өмірге етіміз әбден үйреніп кеткенімен ұзақ уақыт адам баласын көрмей жүру, әрине, екеумізді де мезі еткен болуы керек, әлде әйелім Сәнім мен әлі күнге өзім көрмеген баламды, әкем мен шешемді сағынғаным ба, бір күні Қайырбайға:
Қайырбай-ау, тонадағы кәміссар көмектесем деп кетті. Бір кезде барып, көмегін аламыз деп жүргенде әскери адам ғой, басқа жаққа ауысып кетіп жүрер. Соған барып көрсек қайтеді, көңілімізден шықпай жатса, қайтып кету қиынға соға қоймас. Сен қалай ойлайсың? – деп сауал тастадым.
Иә, маған өзі жаман жігіт боп көрінбеді, өтірік көлгірсіген болса біреуміз онысын сезер едік қой. Мына қар еріп, күн сәл жылынған соң барсақ барайық.
Екеуміз осылай пәтуаластық. Талай жыл әкемізбен жылқы соңында жүріп күн райын бақылап дағдыланған әдетіміз бар, оның үстіне бұл жақта да екінші қысты басымыздан өткеріп жатырмыз ғой, ақпанның аяқ жағына таман алдымызда үш-төрт күн ішінде күн суытып, ауа-райы бұзыла қоймас деп шамаладық. Жолға азығымызды молырақ алып, қолда бар қаруымыздан, балта мен қылыштан басқа дүниелерімізді үңгірдің ішіне қалдырып, сыртқы есікті таспен қалап бекітіп, жолға шығуға даярландық. Уақытылы шөбін жеп, суын ішіп, қыстай жылы жерде күйін жоғалтпай, cap желісті сағынып қалған аттарымыз да алдағы жорықты сезгендей тұяқтарымен жер тарпып қояды. Өзіміздің есебіміз бойынша сәрсенбінің сәті деген күні Шалқарды бетке ұстап жолға шықтық. Сар желіспен, арасында аттарымыздың бойын қыздырып шауып та аламыз, енді бір сәт аяңға басып жүрдік. Ортаға бір түнеп, құдайға шүкір, қасқырдың терісінен аттың құйрығының қылымен «тігіп» алған жамылғымыз бен баяғы үйден ала келген сары тонымыз тоңдыра қойған жоқ, екінші күні діттеген жерімізге де жеттік. Ел шетіне жеткен соң күн батып, қас қараюын күтіп, сәл дамылдадық. Мен аттардың қасында қалдым да, Қайырбай жарық барында елеусіздеу барып Ғалиасқардың үйін көріп келді. Айналаны қою қараңғылық басқан кезде Қайырбайдың күндізгі барған ізімен оп-оңай Ғалиасқар ағамыздың үйіне жетіп, қорасына аттарымызды кіргізіп байлап, «ассалаумағаликүм!» деп үйге кірдік. Соғыс кезі, әскери комиссариатта жасағанымен, бұлардың да күйі онша емес екендігі көрініп тұрды. Картоп салып пісірген, түрі быламыққа келетін тамақтарын алдарына енді ала берген кезге тап болыппыз. Үй иесі: «Әликісалам, мақтап жүреді екенсіңдер, тамаққа келіңдер» – деп бізді бірден таныған Ғалиасқар орнынан ұшып тұрып, қазаққа тән қонақжайлылықпен құшақ жая қарсы алды. Сол жерде ауызғы бөлмеге қалдырып кеткен қоржынымызды әкеліп, жақсылап пісіріп жолға алып шыққан сүрленген етімізді дастархан үстіне қойдық. Кәдімгі әскери паекке берілетін наннан ауызымызды толтыра асап жеп жатырмыз, есесіне көптен ет жемей консервіге қарап қалған үйдегілер, Ғалиасқардың әйелі Толқын мен он жасар баласы Ғалиакбар етке қол созып, мәре-сәре болдық та қалдық. Сол күні әшейінде аздаған тамағын талғажау етіп, ерте жатып қалатын Ғалиасқардың үйінің шамы түннің бір уағына дейін жанып тұрды.
Ертесіне біздерді үйге қалдырып, тысқа шығып, ел көзіне түсе бермеуімізді ескертіп, аттарымызды қораның түпкі жабық бөлігіне қамап, Ғалиасқар жұмысына кетті. Сол кеткеннен ол түнге қарай оралды. Оның кешіккенінен аздап іштей қауіп ойлағанымызбен, «аңшының кешіккенінен сүйін» деген, ертеңгі күніміздің не боларын көбірек ойлап отырғанымызда Ғалиасқар да оралды. Оның күлімсіреген жүзінен біздің тағдырымызға қатысты мәселенің оңынан оралғанына күмәнсіз сеніп, бағанадан бері мазалаған ойларымыз бірден сейіліп жүре берді.
Қайырбай, Нұрмағамбет, бақтарың бар жігіт екенсіңдер. Біздің әскери комиссар Петров Сергей Иванович алтын адам ғой. Әуелгісінде сіздердің жағдайыңыз туралы не ойлап қалады деп көпке дейін айта алмадым. Ол да менің өзіне бір нәрсе туралы айта алмай жүргенімді сезді-ау деймін, жұмыстың соңына қарай екеуміз қалған кезде:
Ғалиасқар Құланбаевич, сізді бір жәй қатты мазалап жүр ғой. Бағанадан бері айта алмай жүргеніңіз не мәселе? Екеуміздің бірге қызмет істескенімізге екі жылдан астам уақыт өтсе де сіздің дәл бүгінгідей мазасызданғаныңызды көрмеген екенмін. Не де болса бүкпей айтыңыз, осы жылдар ішінде бізді тек қызмет қана емес, екеуара достығымыз да табыстырып жүрген жоқ па? Қолымнан келгенінше көмек беруге даярмын, маған сеніңіз.
Иә, Сергей Иванович, айтқаныңыз рас, сол достығымыз ғой маған бұл жайды сізге айтқызып отырған. Сіздің орныңызда басқа біреу болса, тіріде айтпас едім. Өзіңізге өзіме сенгендей сенетіндігімнен ғана осы мәселені ақылдасқалы отырмын, – деп бастығыма сіздердің жағдайыңызды және өткен жаздағы өз басымнан өткен оқиғаны баяндап бердім.
Түсіндім. Біреу-міреу олардың соғыстан қашқанын және біздің көмектескенімізді білсе басымыздан сипамас. Бірақ, өзің айтқан қазақтардың ұрпағы үшін жанын беруге даяр екендігі менің көңіліме ұнады. Жоғарыдағылардың ол жағдайды ескермей, талай шаңырақты ортасына түсіріп, талай жанның артында ұрпағы қалмай, жойылып кеткендігі туралы көп ойланып жүретінмін. Арасында жау тұтқиылдан соғыс ашып, бас қолбасшының оны ойлауға мұршасы да келмеді ғой деп, сол өкімет өкілі ретінде ақталғандай болғаныммен, Бас штаб соғыстың болмай қоймайтынын біліп отырды, неге алдын ала мобилизациялау жоспарын тыңғылықты ойластырмады екен деп жүретінмін. Сенің бұл екі жігітің қашқын емес, нағыз ер жігіттер, тәуекел, көмектесейік, не істемек ойың бар? – деп өзіме сұрақ тастады.
Сергей Иванович, бұлар жастайынан жылқы баққан, жылқының бағып баптауын жақсы меңгерген жігіттер, екеуін құжаттармен қамтамасыз етіп, өзіміздің конюшняға әскери қызметке қабылдасақ қайтеді, оның үстіне керемет аңшы, арасында кезектесіп аңға шығып, комиссариаттың қызметкерлерінің ауызын қызылға тигізіп тұрар едік.
Келістім, құжаттарын реттеп, қызметке алумен өзің айналыс, олардың бұрынғы тағдыры туралы жан баласы білмеуге тиіс. Қайдан шақырылғандығы туралы легенданы өзің ойлап тауып, жігіттерге түсіндір. Мен де сол легендадан басқа деректі білмеген болайын. Бұл менің жауапкершіліктен қашқаным емес, алда-жалда жауапқа тартылып жатсақ, жауабын бірге береміз, бірақ, істің сәтті болуы үшін осылай жасауға тиіспіз.
Рас, Ғалиасқар екеуінің арасында болған бұл әңгімені бізге сол бойда айта қойған жоқ, оны арада біраз уақыт өтіп, соғыс бітіп, елге оралғаннан соң, кейін бір кездескенімізде айтып еді. Сонымен аттарымызды әскери комиссариаттың аттарына қосып, өзіміз алдында ғана майданға алынған адамдардың орнына жанадан алынып, әлде бір жағдайлармен армияға жарамай, тылдағы әскер қызметіне алынған жандар ретінде әскер киімін киіп, казармаға орналасып, атшы боп істей бастадық. Арасында Қайырбай барып, қақпандарымызды алып келді, аң аулап, бастықтарымызды да, комиссариаттың басқа қызметшілері мен асханасын да етпен қамтамасыз етіп тұрдық. Сөйтіп, соғыс аяқталған соң жарты жылдан кейін 1946 жылы көктемде соғыстан оралған жауынгерлер құсап, елге оралдық. Құжаттарымыз да сай, ешкім бізді сұрауға алып әурелеген де жоқ. Әкем де, шешем де аман-сау, Сәнім сол жылы күзде қыз туған екен, шамасы менің ұл туады деп жүргенімді ескерсе керек, әкем қызымның атын Ұлбала қойыпты. Ол алдымыздағы күзде беске шығады, келген соң жұмыс қолын күтіп отырған колхоз шаруашылығына бұрынғыша жұмысқа араласып кеттік. Ғалиасқарды содан төрт-бес жыл өткенде әлде бір кәміссия құрамында Маңғыстауға келіп жүргенде аудан орталығына барып жүріп кездестірдім. Ауылымызға қонақ болуға мүмкіндігі болмай, сондағы бір жамағайынымыздың үйіне ертіп барып, қонақасы беріп жібердім. Баяғы бастығымен арадағы болған әңгімені де екеуміз оңаша қалған сәтте айтып еді. «Нұрмағамбет, мен айдалада апатқа ұшырап, өлімге беттеген сәтте өздеріңе жолығып, аман қалдым. Сендерге қарыздар едім, рахметті сіздерге көмектесуге ойланбастан қадам жасаған Сергей Ивановичке айтыңдар. Ол өзі үлкен жүректі адам, нағыз орыс интеллигенциясының өкілі еді, сіздер кеткеннен кейін 1946 жылы кенеттен жүрегі ұстап, дүние салды» – деп күрсініп еді Ғалекең.
Содан бері алпыс жылдан астам уақыт өтті. Қайырбай да үйленіп, балалы-шағалы болды, Құдайға мың да бір мәрте шүкір, үш баласы үш үй, екі қызы тұрмыста, туған балдарымыздай болып өсті. Қайырбай осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткені болмаса, шүкір, артында ізі қалды. Менде де төрт ұл, екі қыз бар. Әкем ұрпағының жалғасқанын, немерелерінің өсіп үй болғанын да, шөберелерінің алдын да көріп, өміріне риза боп аттанды ана дүниеге. Менің де бұл өміріме өкпем жоқ. Ғалиасқар ағамыздың жасаған жақсылығы ішімде кетеді-ау деуші едім. Қанағат, сен әр нәрсені жазып жүретініңді білуші ем, мені сен танымағанмен өзіңді теледидардан көріп, жазғандарыңды оқып жүремін. Реті келсе осы әңгімемді де бір қадеңе жаратсын деп айтып отырмын, – деп Нұрмағамбет ақсақал әңгімесін аяқтады. Сосын үнсіз іргеге қарай аунап түсіп, кішкенеден кейін пысылдап ұйықтап кетті.
Біз әсерлі әңгіменің шырмауында қалғандай, біршама үнсіздіктен кейін ұйқымыз келмей, далаға шықтық. Толқындары шылп-шылп, жағаны ұрып жатқан көл жағасына барып, шипалы суға тағы бір-бір сүңгіп алып, жатағымызға оралдық.
«АҚСҮЙЕК»
(мөлтек әңгіме)
Кептен қалаға ат ізін салмай кеткен Бәйімбеттің бүгін ойламаған жерден облыс орталығына жолы түскен-ді. Содан, осындағы республикалық маңызы бар ірі компанияда бөлім бастығы боп жұмыс жасайтын аталас туысы Мейірбекке сәлем бермек болып, іздеп келген. Үйде Айнамкөз жеңгесі жарқылдай қарсы алып, түс мезгіліне арнап жайған дастархан үстін әп-сәтте небір түрлі тағамдармен жайнатып-ақ жібергені. Күйеуінің тетелес немере інісі, айналасын әрдайым көңілді күлкіге кенелтіп жүретін, жарқын мінезді Бәйімбет қайнысын көптен көрмегесін сағынып қалғаны білініп-ақ тұр. Жұмысында тосын жағдайлар болды ма, әлде қағаз жазып отырып, түс әлетінің болғанын байқамай отырыңқырап қалды ма, ондай жағдайлар да жиі болып тұратын, ағасы Мейірбек кешіккен соң, «піскен астың күйігі жаман», жеңгесінің айтуымен екеуі түскі асты ішуге кірісіп кеткен болатын. Өзі де ауылда қонақ көрген отбасында өскен ақ борық жеңгесі ауылдың аман-саулығын, балалар мен абысынының амандығын, тіпті мұның қорасындағы бота-тайлағына дейін сұрастырып, арасында жеңгесіне деген қайнысының жеңіл әзіліне риза боп күлісіп, екеуі мәз-мәйрам боп ауқаттанып отырған бұлардың үстіне келген Мейірбектің ойына не келгенін қайдам, інісінің: «Ассалаумағаликүм, Мейіреке!» деп берген сәлемін де ернін қыбырлата селқостау алып, түпкі бөлмеге өте берді.
Ұзамай киім ауыстырып, қайта шықты. Үстіне кинолардан көріп жүргендей жалтылдаған атлас матадан мол қып тігілген халатын киіп, аяғының басына былғары жеңіл үй тәпішкесін іле салыпты. Халатының етегінен төмендеу көрінген жалаңаш түкті балтыры да, бөлме ішіне қалың боп төселген кілем үстіндегі көрпе бойымен аяқ киім киіп, мейлі, ол үй тәпішкесі болсын, оның маңғаздана басып кеп, үстел басына жайғасуы да көрер көзге қораштау көрініс берді. Тек республикаға емес, кезінде одаққа есімі белгілі журналист, сурет салудың шебері, әрі ақын байқампаз Бәйімбет ағасының мына жүрісінен батыстық мәдениетке, еуропалық аристократ – ақсүйектерге тән қимылдардың үлгісіне еліктеушіліктің белгілерін көргендей боп, үнсіз бақылап отыр. Үстел басына жайғасқан Мейірбек Бәйімбетке селқостау көз тастап, аман-саулық мезіретін жасаған болды да, әлгіндегі маңғаздығынан бір сәт жаңылысып кеткендей боп дастархан үстіндегі тағамдарды бірінен соң бірін ашқарақтана умаштай қылғытуға кірісіп кетті. Ол үшін дәл осы сәтте көз алдында сап түзеген дәмді тағамдар салынған хрусталь вазалар мен фарфор тәрелкелерден басқа ешнәрсе қажет еместей.
Дастархан басындағы әлгіндегі көңілді күлкі, арқа-жарқа әңгімелесу бәрі сап тиылған, жайната жайылған тағамдар да опыра кіріскен ашқарақ қолдың екпініне төтеп бере алмай, селдірей бастапты.
Бір кез қарны тойған «ақсүйек» орнынан самарқау қозғалып бөлменің төргі бетінде орын тепкен кресло үстінде керіле ұйықтап жатқан мойнына қызыл бантик таққан сүттей аппақ парсы тектес бала мысықты қолына алып, өзі сол орынға екі аяғын созып тереңірек жайғасып отырды да асқан бір нәзік еркелеткен үнмен: «Марки-и-из, ұйқыңды бұзғанымды кешіре гөр, мен жоқта сені ешкім ренжіткен жоқ па, саған тамақ берді ме, қарның ашқан жоқ па?» – деп мысықпен сөйлесіп кетті. Мысықтың оған не деп жауап бергенін Мейірекеңнің өзінен басқа ешкім естіп жатырған жоқ, бірақ, Мейірбектің оны аймалай мекірене сөйлеуі тиылар емес. Сипалағанды неге жек көрсін, ақ мысық көзін жұмып, пырылдай кергиді. Мейірекеңнің де оған деген мейірімінде шек жоқ, екеуі өзара ықыласпен тіл қатысқандай күйде. Тетелес немере ағасының қаламдас әріптестеріне деген іштарлығын, өзін өзгелерден жоғары қойып, алынбас асуды алғандай болып, айналасындағыларға астамси қарап, білгішсініп, білімнің барлық саласын жете меңгерген данышпандай сезініп, өзінен өзгелерді менсінбей, ерік-жігері төмен-ау дегендеріне өктемдік те көрсетіп, олардың көзінше аяғын асықпай кердеңдей басып, мардымси сөйлейтін, керісінше күні түсетіндерінің алдында құйрығын бұлғаңдатып қожасына еркелеген күшіктей көздеріне мөлие қарап, қолпаштай сөйлеп, өтірік күліп шаруасын тындырып жүретін мінезін бұрыннан білсе де өзін дәл бүгінгідей қорлайды деген күмән Бәйімбеттің ойына келмеген. Мына көрініс онымен отыз жылға жуық отасқан Айнамкөздің де қытығына тисе керек, шыдамай кетті-ау шамасы, әдеттегідей қаттырақ айтып тастар мінезімен: «Әй, өзіңе не көрініп отыр, есіңнен ауысып отырғаннан саумысың, әлде бізді адам санатынан шығарып тастап па едің, мысық ғұрлы қадіріміздің қалмағаны ма?» – деп, күйеуіне дүрсе қоя берді. Үнінде қайнысының алдында күйеуінің оғаш қылығына деген ыңғайсыздану, өзін айыпты санау басымырақ. Жаңа ғана жұмақтың төріңдей болып тұрған дастархан басының берекесі әп-сәтте көзден ғайып болғандай. Адуын әйелінің қаһарлы мінезіне қанық Мейірбек те әлгіндегі маңғаз, самарқау қалпын әп-сәтте жоғалтып алып: «Ой, Әйкешім, болды-болды, кейімеші жаным, айтқаныңа құлдық, қойдым-қойдым, ләббәй тақсыр!» – деп мәймөңкелеуге көшті.
Бұл кезде мына көрініске жиіркене көз салған Бәйімбет үн-түнсіз киімін киіп, екі көзінен от шаша Мейірбекке қадай түсті де, қандас туысын жамандыққа қимағандай ең соңғы сәтте көз жанарындағы ызалы ұшқынды аударып әкетіп, оның қолындағы қызыл бантикті ақ мысыққа бір сәт назарын тіктей қарады да, ағасының үйінін есігін сыртынан серпе жауып, кетіп те қалған еді. Ағайынды екеудің арасындағы үнсіз арбасуды қалт жібермей бақылаған Айнамкөз Бәйімбеттің көзінен жалт еткен бір ұшқынның ақ мысыққа қадалғандай болғанын көріп, бір сәт естен танғандай күй кешті. Арада екі күн өткенде Мейірбектің ақ мысығы аяқ астынан аяқтары серейіп, ауырып-сырқамастан жантәсілім етті. Айнамкөз мысықтың өлімі өткендегі Бәйімбеттің көз сұғынан болғанын іштей сезген. Бірақ, күйеуіне ол жөнінде ләм деместен іштей тілін кәлимаға келтіріп, Тәңірден кешірім сұраумен тиылды. Ал, Мейірбек болса «сонау төменгі мөлтек аудандағы орыс кемпірдің мысығы енді қашан күшіктер екен» дегенді ойлаумен болды.
Содан бері де аттай алты жыл өтті. Бәйімбет «ақсүйек-аристократ» ағасының есігін содан кейін қайта ашпай кеткен еді.
ҚЫЗ-ҚЫЗҒАНЫШ
(болған оқиға ізімен)
Кешегі сұрапыл соғыс басталар алдында бұлардың бес-алты ағайынды туыс адамдар болып бас құрап, алдарындағы аздаған мал-жандығын бірігіп бағып, күнкөріс жасап отырған ауылы Уақ құмды жайлайтын. Араларындағы жасы кіші Қажымнан және тек жақында үйленген Қамысбайдың жанұясынан басқалары өз отбасын құрап, балалы-шағалы болғалы қашан. Тумысында ақ жарқын, әрдайым көңілді жүретін, жұмсаса тіл алғыш елгезек інілері Қажымды ағалары да, жеңгелері де еркелетіп, үнемі әзілдесе кетуге даяр тұрушы еді. Ауыл ақсақалы Сүйінбай өзі бас болып құда түсіп, Қамысбайдың аяғын тұсағалы әлі ай да өте қоймаған болатын. Тып-тыныш дүние бір күнде тас-талқан болып, әлгі «керман деген пәле елімізге соғыс ашыпты» деген хабар естілгелі бұл ауыл да үрпиісіп қалған-ды. Онысы бекер емес екен, ертесіне ауданнан қасында мелисасы бар әскери комиссариаттың өкілі келіп, ауылдағы еркек кіндіктіден жасы келген Сүйінбай ақсақал мен мұрты енді тебіндеп келе жатырған Қажымнан басқа ер-азаматтардың ешқайсысын қалдырмай жіпке тізгендей қып алды да кетті. Аңырап ана, шулап бала-шаға, «отағасы-ау, бізді қайда қалдырдың, мына шиеттей балаларыңды қайтіп өсірем» деп жылаған әйелдер улап-шулап қала берді.
Жақында ғана келін болып түскен Айман келіншек те дауыс шығара жылауға адуындау енесінен ығысып, тек іштен тына егіліп, түн баласы жастығына басын тыға өксіп шығатын. Сондайда оның санасының түкпірінде жар құшағының жылуын сезініп те үлгермей, ең болмаса басқалардай өзіне тірек болар қолына ұстап қалған баласының жоқ екендігі туралы ой әрегідік қылаң бергендей болатын.
Осылайша ай артынан ай, жыл артынан жыл өтті. Алғашқыда майдан даласынан бір жар хат келгендей болғанмен, міне, жылдан асты Қамысбайдан хат та, хабар да жоқ, бейне бір құрдымға кеткендей. Айман соңғы кездері жаман түстер көріп, шошып ояна беретін болды, түстерін жамандыққа жорығысы келмегенмен ол енді Қамысбайды көзі тірісінде көре алмайтындай сезініп те жүр.
Ағалары майданға кеткенде жасы жетпегендіктен ауылда қалған қайнысы Қажым тыстағы жұмыстың ең бір қиын тұстарын өз мойнымен көтеріп, ауылдың қатын-қалашының ауыртпалығын жеңілдетуді міндетіне алған. Сөйте тұра шаруадан қолы сәл босаса дөңгелек жүзді, жұлдыз көзді аппақ жеңгесі Айманды көбірек жағалайтынды шығарған. Әрегідік жеңгесімен әзілдескен болып қолын оның төсіне, тырсия сыртқа теуіп тұрған төңкерілген қос анарына қарай созып, реті келгенде құшақтауды да әдетке айналдырып жүр. Алғашында «Өй, жарымағыр, қолыңды тарт, ертең ағаң келгенде айтып, жаныңды шығартамын» деп қашқақтаған болғанмен, Айман да соңғы кездері оның осы дөрекілеу әзілін іштей күткендей, сағынатындай, тағы да қолын жүгіртіңкіресе екен дегендей сыңай танытып қалып жүргенін өзі де байқап жүр.
Бүгін енесі үйдегі қара қоспақ інгенге екі метейге айран, сүт құйып, онысын аудан орталығындағы кәперетіпке тапсыруға кеткен, содан әлі жоқ. Күн батып, қас қарайғанша далаға шыққыштап, аудан бетке әлсін-әлі көз тіккенмен Айман енесінің бүгін келе алмайтынын сезген, содан шоққа қойған қара шәугімдегі су қайнасымен бір-екі аяқ шәйін, үйде қалған азғантай сүттен бір тостағанын құйып ішіп төсегіне қисайғанмен ұйықтай қоймай біраз жатты. Түн ортасы ауа көзі сәл ілініп кеткен екен біреудің үйге ұрлана кіріп келе жатырған дыбысын естіп, оянып кетті. Алғашында енесі келген болар деп ойлап: «Ене, сенсің бе, неге айналдың?» – дей бергенде әлгі адам, «Жеңеше, мен Қажыммын, қорықпа! Өзіңді сағынып кеттім, қасыңа кішкене жата тұрайын!» деп сыбырлай үн қатып, өзінің келісім берген бермегенін күтпестен көрпесінің астына кіре берген қайнысын келіншек те еркінен тыс бір күш қол-аяғын матап, тілін байлағандай үнсіз қарсы алды. Жігіттің ыстық деміне мас болып, бар денесі балқып бара жатқандай күй кешіп, оның ырқына бағына берген. Бәлкім, оның бұлай етуіне қайнысының жасы жетіп, военкоматтан шақырту алып, бүгін-ертең әскерге кетпек болып отырғаны әсер етті ме, әлде жар қызығын көрер көрместе күйеуінен айырған өмірге деген ыза ма, кім біліпті, әйтеуір Айман қайнысының қолын қақпады. Жасы он сегізге енді толып, ағалары майданға кеткелі малдың бар шаруасы өз иығына түсіп, еңбекпен шыныққан қарулы жігіт ыстығы басылмай жастай жесір қалған жас келіншек – жеңгесінің құмарын сол түні бір қандырған еді.
Көп ұзамай Қажым да әскерге кетті, бірақ сол бір түнгі екі жастың махаббат қызығына берілген сәті еш кетпепті, артынша Айман аяғы ауырлап, сәбеттің кітабына «Қамысбаев» деген фамилиямен тіркелген осы Санат дүниеге келген-ді. Ата-баба тарихында «аға өлсе інісі» деген әмеңгерлік ғұрыпты мойындап өскен енесі де Айманның бұл қылығын сыртқа шығарып сөкеттемеген-ді. Ал, ауыл қатындарының арасында өртенген қу қамыстай гу ете түскен пыш-пыш та көпке ұзамай өшкен еді...
Одан бері де талай заман өтті. Санаттың әжесі де, өзін дүниеге әкелген анасы да әлдеқашан бақилық болған. Бұл күнде соғыстың қос боздағы Қамысбай мен Қажымның өмірлерінің жалғасы екенін іштей мойындап өскен Санат та ел қатарлы ер жетіп, өз отбасын құрап, қосағы Жаныммен бірге он бір перзентті дүниеге әкеліп, бір рулы елге айналған. Заман түзеліп, шаруасы күйттелген, балаларының бәрі аяқтанып, келін түсіріп, бес қызды да құтты орындарына қондырған, құда-құдағиларымен алыс-берістері түзу, Құдай берген әулетке айналып, өз өмірлеріне риза болып жүріп жатырған жайы бар еді. Құдайға шүкір, қолдарына түсіп, кезегімен бөлек отау тіккен келіндерінің бәріде өз көңілдерінен шыққан. Орнықты жердің қыздары, бәрі де екіден үштен немере сыйлап, арагідік үлкен үйде бас қосып, Қамысбай Қажымның Санатының қара шаңырағын демалыс сайын бір дүркіретіп кетуші еді. Ойнақтаған ұрпағының асыр сала ойнап, үйдің астын үстіне шығарғанына Санат пен Жаным еш қабақ шытпай, керісінше қызықтай масаттанып: «е, Құдай, осы құлындарымды аман қыла гөр!» деп іштей тәубе етіп отыратын.
Кенжесі үйленіп, жас келін қолына түскеннен соң арада бір жылдай уақыт өте Санат пен Жаным кіші келіннің арқа беттің қызы екендігін, оның алдындағы келіні Мұраттың келіншегі Гүлжанның өздері жақсы білетін ауыл азаматы, аудандық мекемелерде көп жыл қызмет жасаған көзі ашық зиялы азамат Төлегеннің елге үлгілі жанұясында тәрбиеленгенін, қолдарына келгелі отбасында берекелі жағдайдың ұялап, келген қонаққа көрпесі төсеулі, дастарханы жаюлы, ағайын-туыс деп бөліп жатпай, үлкеннің бәріне сәлемін жазбай, кішілердің «айналайын» деп басынан сипап, ошақ басы еш ұрыс-керіссіз ауыл-аймақтың ілтипатына бөленіп жүргенін, тағы басқа жәйларды елей-екшей келе, кенжелерін бөлек отау етіп, өздері осы Мұрат пен Гүлжанды қолына ұстап қалған-ды. Бұлардан да, Құдайға шүкір, екі бала өмірге келіп, үйелменді-сүйелменді боп өсіп келеді. Күнде көріп, қолдарында өсіп келе жатқандықтан ба, басқа балаларынан тараған немерелері келгенде, күшіктер-ай, бұл екеуі өздерін олардан қызғанып, шыж-пыж болып-ақ жатқаны. Міне, осы жайма-шуақ өмірдің бір күндей болмай өте шыққаны болмаса.
Мұнай кенішіңде вахталық әдіспен жұмыс жасап жүрген Мұрат кезекті демалысынан соң жұмысқа кеткен болатын. Содан арада үш-төрт күн өткен соң, түс мезгілі еді, үйге ауылдың үш ақсақалы «ассалаумағаликүм!» деп кіріп келді. Ә дегенде күнделікті келіп-кетіп жүрген көп қонақтың бірі болар деп «әликсәлем» дей берген Санаттың жүрегі бір нәрсені сезгендей боп денесі түршігіп сала бермесі бар ма. Бәлкім, келгендердің бірден төрге озбай, бірін-бірі итермелей кібіртіктей бергендігі ме, әлде әлгіндегі «ассалаумағаликүмнен» басқа ауыздарына сөз түспегендей абдырағандығы ма, әйтеуір жүрістерінің жайшылық емес екендігі білініп тұрғандай олардың мына келісі Санаттың жүрегіне ауыртпалық жүгін арта берген еді.
Мұраттың жұмыста жүріп автокөлік апатынан қаза болғанын естіртуге келіпті. Үй-іші әп-сәтте қара оранып, күңірене жылаған ана мен жардың, ештеңе түсінбесе де оларға қосыла шырылдай жылаған қос балапанның у-шуына ұласып жүре берді. Көзінен ытқи шыққан ыстық жасты қолымен сүрте берген Санатқа келгендер енді басу айтып, «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ, бәріне бір Алланың құдіреті, сабыр ет, мыналарға тірек бол, құдайға шүкір, баласыз емессің, Мұратыңның да артында тұяқтары бар, шүкір ғой» деп жатыр. Қайғылы хабардан есеңгіреп қалған Санат олардың бір сөзін естісе, екінші сөзін ұғына алмай, өз ойымен әлек: «құдай-ау, не жазығым бар еді, мына құртақандай қос тентектің дүниеге келер келместе жетім қалардай не жазығы бар еді, бүкіл ауылға сыйлы Гүлжанның қандай жазғаны бар еді саған, әлде оның осы асыл қасиетіне біреудің көзі тиді ме...». Ойы он саққа жүгірген Санат бір кез есін жиып, үлкен ұлы Саматқа телефон шалып, үйге тезірек келуін өтінді де, жылап-сықтаған дауысқа жинала қалған көршілерімен алда тұрған садақа, баланың мүрдесін әкелу, жерлеу, молда алдыру шаруаларымен айналыса бастады...
Мұраттың дүниеден өткеніне тоғыз ай толғанда дүниеге шекесі торсықтай тағы бір ұл келді. «Мұратымның орнын толтыруға келді-ау, бұл күшік, есімін Орынбасар қояйыншы» деген ата тілегін әдеттегідей құп алған келіні перзентханадан шықпай тұрып, оның метіркесіне «Мұратұлы Орынбасар» деп жаздырған. Онысына атасының көңілі жылып қалып еді.
«Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі жан тіршілігін жасап», күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Кішкентай Орынбасары қырқынан шығып, кішкене қатайған соң, балаға қарар енесі де онша қартайған жан емес, Гүлжан мектептегі жұмысына шығып, шәкірттерінің арасында бір мезгіл көңілі бөлініп, енбекке араласып кетті.
Мектепте дене шынықтыру сабағынан дәріс беретін Мырзағали жасы отызға таянса да әлі үйленбей жүрген бойдақ жігіт. Өзінің бұрыннан да Гүлжанға сырттай ынтықтығы болушы еді, енді күйеуі қайтыс болып, жесір қалған келіншекке деген сезімі бұрынғысынан да күшейіп, онысын жасырмай, сездіріп те алып жүрді. Сырт көз, әсіресе, ауыл-аймаққа да, ұжымына да сыпайылығымен, ілтипатымен аты шыққан Гүлжанға қызғанышпен қарайтын әйелдер үшін Мырзағалидың махаббаты күн сайын қоспасымен жаңартыла айтылатын таптырмас тақырыпқа айналды. Гүлжан Мырзағалиға: «Мен үш баланың анасымын, оның үстіне Мұратқа деген махаббатымды оның өзі жоқ болса да мына маған аманат етіп қалдырған үш балапаны тұрғанда сөндіре алмаймын. Сен де бір сәттік қызба ойға бой алдырма, сүйгеніңді тап, сонымен бақытыңа қол жеткіз» десе де ол бұған қол созуын тоқтатпады. Шынында да жігіттің өзіне деген сезімі жаңа бүр жарған гүлдей кіршіксіз еді, оны келіншек те іштей анық сезінген болатын. Ұяда көрген тәрбиесі мен ұяңдығы ма, әлде жігіттің өзіне деген ақ адал сезімін сыйлағаны ма, Гүлжан Мырзағалидың бетіне қатты келе алмады, бар болғаны сыпайы сөзімен оның өзіне деген сезімін әрі қарай өршітпей тоқтатудың амалын жасаумен болды. Мырзағалидың Гүлжанға сөз айтып, кей кездерде мұғалімдер бөлмесінде екеуінің әңгімелесіп отырғаны осы мектепте жұмыс істейтін Санаттың кіші қызы Мақпалдың да назарынан тыс қалмай, жеңгесін қызғанғаны мен отбасының намысы үшін қорланған ызалы сезімдері қатар бой көтерген оның Мырзағалиды іштей жек көріп, атарға оғы болмай жүр.
Сөйтіп жүргенде «жақында Мырзағали үйленеді екен, дүкенші Күнсұлу мен Мырзағали шақыру билеттеріне суретке түсіп, мейрамханаға тапсырыс беріпті» деген хабар мектеп ұжымы арасына жайылып кетті.
Мырзағалидың үйімен көрші тұратын Сәлима да бұл хабарды растап, өткенде оның аға-жеңгесі мен нағашысының Күнсұлуға құда түсіп қайтқанын, үй-ішінің тойға даярланып жатқанын айтып келді.
Әдетте келін мен ене арасындағы бір-бірімен келіспеушілік ененің келінге сол үйдің қызметшісі болып, отымен кіріп, күлімен шығуы керек деген ескі түсініктен бастау алып жатады. Сонымен қатар қыз бойында болатын анасын қызғану сезімі де бұл жөнінде өз үлесін қосып жататыны болады. Мәселен өздерін бауырынан өрбітіп, аялаған, еркелетіп, мәпелеп өсірген анасы мен әкесін үйге түскен келіннің «иемденуі» қыз көкірегінде оның өзінің еркінен тыс қызғаныш сезімін тудырары хақ. Міне, бұл қыз-қызғаныш деген ерекше сезім. «Қыз жат жұрттыққа жаралған» дегенмен де қыздардың бойындағы бұл қызғаныштың сөне қоюы екіталай құбылыс. Ал, басқа елге келін болып түскен қыздың туған әке-шешесін келінінен қызғануы көбіне ене мен келін арасына шоқ болып түсіп жатады, төркін жұртындағы ене мен келін арасындағы ұрыс-керістің тууына себеп болатын да сол. Мырзағали мен Гүлжанның арасындағы өсек сөз жігіттің үйленетін хабары шыққалы сәл саябырсығандай болғанмен ақи-тақи өше қойған жоқ. Оған себеп тағы да сол Мырзағалидың ата-ана, туған-туыс қысымымен үйленгелі жүрсе де жас жесірге деген ынтықтығының басылмай, жастық албырттықпен келіншекке деген ессіз-түссіз ғашықтығын сырт көзден жасыра алмай, сездіріп алып жүретіндігі еді.
Әке-шешесінің келіні Гүлжанның асты-үстіне түсіп бәйек қағуы, ертеңгісін «ұйқысы қанып тұрсыншы» деп оятпай, ас үйдегі оны-мұны шаруаны анасының өзі тындыра салатыны, ауланың ішін де келіні келгенше күйбеңдеп өзі сыпырып, «жұмыстан шаршап-шалдығып келер-ау, бала оқытқан оңай ма, кейде үйдегі екі-үш немеренің тентектігіне бола шаршап қаламыз, оның қасында отыз үйдің тентегін бағындыру оңай дейсің бе» деп алдынан шәйін қайнатып, күтіп отыратыны, келініне шаң жуытпай алақандарына салып, сыйласуы қыздардың көкірегінде бұғып жатырған қызғанышын үрлеп тұтатқан. Әсіресе, тұрмысқа шыққанына үш-төрт ай ғана болған кіші қызы Мақпалдың тарапынан «Гүлжан оны істемеді, мұнысы дұрыс емес» деген сөз шыға қалса, әкесі мен шешесі: «Тыныш жүріп, барған жерлерінде біздің Гүлжандай келін бола алсаңдар, бізге сендерден керегі сол» – деп ауыздарынан қағып, келініне ара түсе кетуі отқа май тамызғандай, оның Гүлжанға деген қыжылын өршіте түсетін. Сырт қарағанда Мақпалдың Гүлжан жеңгесіне деген еш өштігі де жоқ, кей сәттерде оның жүріс-тұрысына, қимыл-әрекетіне өзі де қызыға қарап, «Еркем» деп еркелете үн қатқанда жүрегі елжірей жеңгесіне еркелей мойнына асылып жатады. Бірақ, оң жақта жүргенде тек өзіне ғана бағышталатындай болып көрінетін ана жүрегінің жылуы енді Гүлжанға ғана тиесілі болып қалғандай қыздың өзі де бағамдап сезіне алмайтын ішкі қыз-қызғаныш кейде еркіне бағынбайтындай, бірақ жеккөрініш дегенге келіңкіремейтін түсініксіз бір тентек сезімді мұның бойына ұялатып, өзін Гүлжанға қарсы қоятыны бар. Оның үстіне жастық албырттығымен алдында не күтіп тұрғанын бажайламай тек сүйгеніне деген ыстық сезімнің жетегімен тұрмыс құрған жас келінді түскен жерінде бауырына тартар ене болмаса немесе «қатынды бастан» дегенді қару етіп, жас келінді «отырса опақ, тұрса сопақ» деп қарсы алатын қатыгез енеге тап болса, анасының бауырынан ажырай сала енесінің аналық жүрек жылуына бөлене алмаған ондай қыздардың бойында әлгі сезімнің екі-үш есе арта түсері анық. Өзінің маңдайына жазылып, келін боп түскен жерінде ене ықыласына бөленіп, сонысымен абысын-ажын мен ауыл-аймаққа сыйлы келін атанса, Мақпалдың бойындағы сол қыз-қызғаныш бәсеңсіп барып басылар ма еді, бәлкім. Бірақ, ол барған жерінде әйелі бақилық боп, өзі бала-келіннің қолында қалған атасы мен үйленбеген інісі Жиенбайға бас-көз боп отырған аға-жеңгесінің қолына келін боп түскен еді. Жиенбаймен бас қосқан оған анасының орнын басар енесі болмағандықтан ба, Мақпал төркініне барып қайтқан сайын қыз-қызғаныштың бұғауына әбден шырмалғандай, көңілі жабырқау тартып қалатын. Сондықтан болар, өзін өзі Гүлжанды қаншалықты жақсы көремін деп сендіргісі келгенмен жеңгесінің әлдебір кемшілігін тауып, оның ата-енесі алдында бедел абыройын түсіруге ұмтылып тұратын мінез тапқан-ды.
Жаңа жыл қарсаңыңда кеште Санаттың кіші қызы Мақпал мен ортаншы қызы Нұржамал күйеулерімен қыдырып келе қалғаны бар. Дастархан жайылып, отбасы мәре-сәре болып жатқан. Күн кешкіріп, қас қарайған кез. Өрістен келген түйені саумақшы болып, шелегін қолына ұстап, қораға беттеген Гүлжанның алдынан «амансың ба, Гүлжан? Сенімен сөйлесуім керек еді» деп сыбырлай үн қатып Мырзағали шыға келмесі бар ма! Алғашында бейсеубет жүрген адамды көріп, тіксініп қалған Гүлжан Мырзағалиды таныған соң сәл кідірістеп: «Неғып жүрсің түн ішінде, бұл жерден тезірек кет, біреу-міреу көрсе сөзге қалармыз» дегенмен, жігіт кете қоймады. «Менің ертең үйлену тойым болады, бірақ, менің көңілім Күнсұлуды қаламайды, сені бар жаныммен сүйемін, балаларыңды да жетімсіретпеймін, оларға әке боламын, тек сен келісіміңді берсең болғаны, ертеңгі тойға өзіңді алып барып, үйленемін. Тек келісіміңді берші, сенің соңғы сөзіңді естуге келдім» деп өзеурей түсті.
Мырзағали, есіңді жый, мен саған айтарымды айтқанмын, ендігі жерде үш құлынымды өсіріп, азамат қатарына жеткізуге жұмыстанамын. Менің жүрегім әу бастан Мұратты қалаған, оған өле-өлгенімше адал боп өтемін... Гүлжан жігітке айтпақ ойын аяқтай алмады.
Мына қарабет дүзі қараны қараңдар, ұятты қойып, түн жамылып, еркекпен кездесіп тұрысың ағамның ақ төсегінен адыра қал, қаншық! – деген әйел дауысы түн шымылдығын серпіп тастағандай күтпеген жерден құлағының түбінен саңқ ете қалғанда, Гүлжан не істерін білмей, қолындағы шелегін тастай беріп, жерге отыра кетті. Одан арғысы түстегідей, айнала боқтық пен қарғыс, осы сәтті аңдып шыққандай болған күйеу жігіттер жұдырықтарының қышуын қандырғысы келгендей-ақ жұлқына ұмтылып келіп ғашық отына өртенген Мырзағалиды ұрып, тепкіге алып жатыр, екі қайын апасы мұның шашынан сүйреп, түйгіштеп, үйге апара жатты.
Қораның алдына келіп желіні сыздап сауылмай түйе қалды жайына. Күні бойы өріс бойлай шүйгінге жайылып үйде қалған ботасына жинаған ақ бұлақ сүтін таңертеңгі ажыратылғанынан бері боздап күткен ботасының ерніне тигізе алмай не болмаса ақ шелекке саудырып тұла бойын кернеп тұрған сүт бұлақтың қысымынан босай алмай, боз інген тұр боздап. Күні бойы асыға күткен анасының бауырына бара алмай, ақ бұлақ сүттің дәмін тата алмай желісінде аласұра боздап бота тұр. Күн сайын өрістен келген сәтінде еркелете қарсы алып, бауырына ботасын салып, емшегін сипай тартқылап сүтін сауатын әдемі аққұба келіншекті бүгін ана бір адамдар жұлқылай сүйреп, үйге алып кеткеннен соң, өзіне енді жақындар жанның жоқтығын іштей түйсініп сезінген ана түйе ботасының үстіне омыраулай түсе берген. Бірақ өзегіне капрон жіп қосып есілген ноқта бау ботасының басын босата қоймай қанша аласұра талпынғанмен төлінің ерні емшегіне жете алмай әлек. Бір сәт шаң-шұң айқай, дүркірей жүгірген аяқ тыпыры боз інгеннің де бойына үрей ұялатып, үркек сезімге бой алдырғандай денесін діріл жайлап, манадан бері сарқырай саулай жөнелгелі тұрған сүтін бойына тартып ала қойды. Мұны қазақ «түйе исініп кетті» деп жатушы еді. Бірақ, бүгін боз інгеннің исінгеніне де, түйе сауылмай, дастарханның шайлық сүттен қағылғанына да назар аударар жан жоқ еді.
Беймезгіл уақытта шаңқылдай ұрысқан дауысқа елең еткен ауыл-үйдің көршілері де далаға шығып үлгіріпті. Үй-іші болса әп-сәтте ұрыс алаңына айналды, адал сөзін айтып, ақталмақ болған Гүлжанның сөзін тыңдар жан болмады. Осындайда ара түсе кететін атасы мен енесі де үнсіз, жылдар бойы жинаған абырой-атағы бір сәтте жерге төгілгендей боп, бүкіл ауыл-аймақ алдында қарабет болғандай түнеріп алған. «Иә, келінім жақсы, сендер де сондай болың!» деуші едіңдер ғой, көрің енді, оның қандай екенін, жылы өтпей жатып, ағамның ақ төсегін былғап, елдің бетіне қалай қараймыз енді!» деп шаптыққан Мақпалға қарсы дау айтар ешкімнің дәрмені болмады. Гүлжанның ақтығына қанша сенейін, ара түсейін десе де «Мырзағали дегеннің жүрісі анау, әсіресе, үйінің қыр көзіне келіп, келінімен кездесіп тұруы қай басынғаны, үйдің азаматы жоқ болғанмен оның айнала туыс-бауырлары бар емес пе?!» деп іштей толғанып, сол сәт қанша рет Гүлжанды қорғап бір ауыз сөз айтқысы келгенмен Санат та іштей буған ыза мен ашуын жеңе алмаған еді.
Далада енесінің өзіне деген ақ бұлақ сүтінің дәмін тата алмай мөлдір қара көздерінен жас саулап, ақ бота мұңдана боздайды, үйде «бақилық болған жарымның махаббатына адал боламын, Мұратымның өзіме аманаттап кеткен үш ұлы мен жасамыс тартқан ата-енесін қадірлеп өтемін» деген ақ сезімі аяқасты тапталып, бір қора жанның ішінде сөзін тыңдар ешкім болмай қорлана булыққан асыл жар іштей булыға өксиді. «Ене, менің еш жазығым жоқ, тыңдаңызшы!» – деп жалына алдына келгенде әдетте «жарығым, құлынымның көзі» деп аялай қарсы алатын енесі Жанымның бүгін оны ала көзбен өңменінен ата қарап, тыңдамай, жанынан өте бергені, атасының өзін көргенде жиіркене теріс айналғаны өзегін өртеп бара жатты...
...Өзінің адал, ақ екенін айтып қанша қарғанса да ендігі жерде Гүлжанды ешкім тыңдамады. Атасы мен енесі де әнеугі қарғысты түннен бері мұнымен тілдесуді ұмытты, бұған дейін есесі кетіп, енді соның қарымын қайтарып қалуды мұрат тұтқандай күн құрғатпай ат ізін салып кететін осы ауылда тұратын ортаншы қайын апасы мен қайын сіңлісі енді бұған күн бермеуге айналды. Мұның арты әбден шыдамы таусылған Гүлжанның бір күні үш баласын алып әке-шешесінің үйіне кетуімен тынды. Болған жағдайды байыппен тыңдаған Төлеген қызының жазықсыз жапа шегіп жүргенін, ол жігітпен арасында ештеңе болмағанын айтып хабарласқанымен Санат илікпеді. Құдасы илікпегеннен кейін «далаға тастар балам жоқ, қызымның адалдығына, күнәсі жоқтығына сенемін, өзі де жұмыс жасап, табысын тауып жүр, қазақ жаттың балаларын да бауырына тартып, бала қылып жатпаушы ма еді, жиендерім де балаларым боп өсер» деп бұлар да тым-тырыс жатып алды.
Жеген таяқтан алған жарақаттары жазылып, жұмысқа шыққан Мырзағали мектеп директорына келіп, болған жайға кінәлі өзі екендігін, оның сол кеште үй жанына келетінінен Гүлжанның хабарсыз болғанын, өзі шын көңілі қалаған Гүлжанның райынан қайтып, көңілін берсе ертеңгі үйлену тойын сонымен жасамақ боп, соңғы рет үмітін үкілеп барғандығын, оның артының мынадай боп аяқталғанын, екеуінің арасындағы әңгімені түгел жайып сап, ұжымдастары мен Гүлжаннан кешірім сұрайды. Сол мектепте көп жылдан ұстаздық етіп келген Қамария апай өзінің құрбысы, Санаттың қалада тұратын үлкен қызы Сәулеге ауылда болған жағдайды толық түсіндіріп, Гүлжанның кінәсі жоқтығына көзін жеткізеді.
«Жуастан жуан шығар» демекші, Санат қатесін мойындауға шамасы келмей, жәбірленген сезімнің емін таппағандай, кешірім сұрап, келінін үйге қайтарып әкелуге сонда да илікпей қойған соң, айнала ағайын көп жыл ауылдық кеңес төрағасы, кеңшар директоры болған туысы Шортанбай ақсақалға барып мән-жайды түсіндіріп, Мұраттың келіншегі мен балаларын елге қайтаруға көмек беріп, Санатты ақылға шақыруын өтінеді. Әрлі-берлі айтқанға үнсіз көнбей отырған Санатқа Шортанбай: «Ей, Санат, сенікі не отырыс, мәселенің анық-қанығына мына туыстарың көз жеткізіп, келіннің кінәсіздігіне бәрі сеніп отыр. Ерінен жастай, жиырма бес жасында жесір қалып немерелеріңді бағып отырған ол келінге қисынсыз кінә артқанша, қайта табынбайсың ба! Жас, әдемі, қыздай балаға біреудің көзі түспей ме, әңгіме айтпай ма?! «Қымызды кім ішпейді, қызға сөзді кім айтпайды?» дегенді тектен-тек айтты деймісің, жігіттің көзі түскен болар, үміттеніп, сөз салған болар, ол үшін келіңді кінәлауыңа жол болсын! Сұлуға жігіт көз салмаса, сенің өзің қайдан шықтың, соны ұмыттың ба? Ақылға кел, құдаңнан, келініңнен кешірім сұра, керек болса аяқтарына жығыл, өмірден өткен ұлыңның балаларын тентіретіп қойып не абырой таппақсың, қайтар келін мен балаларды ұясына!» – деп оның өткенін еске салса керек. Өмір көріп, абыздыққа бет түзеген жамағайын ағасының соңғы сөздері Санаттың үстіне мұздай су құйғандай санасына үлкен ой салды. Ойланып, ақылына келген Санат артынша құдасының үйіне барып, келіні мен немерелерін үйге алып қайтты. Үйге қайтар алдында келіні: «Ата, Мұратымның шаңырағын жықпас үшін ғана қайтамын, сынған кесені қанша желімдесе де сынығы көрініп тұрары анық, ақ, адал көңіліме түскен жараның тыртығы ара-тұра сыздап кетер, ендігі жерде отбасымызда бұрынғыдай жаймашуақ береке бола қоймас, есігіміз бөлек болғаны дұрыс болар, көршідегі үй «сатылады» деп еді, мені сол үйге шығарыңыз. Мұраттың балаларын «бауырларына жат болмай өссін» дегендіктен ғана қайтамын үйге, денедегі тыртық жазылғанмен көңілдегі қаяу кетуі қиын» – деген болатын. Ақылды келіннің мұнысына қайтарар уәжі болмаған Санат оның сөзін мақұл көріп, көрші үйді сатып алып, келіні мен немерелерін сонда бөлек шығарды.
Алайда, сүйікті ұлы Мұратының мезгілсіз қазасы, артынша оның отбасын өсек сөздің желігіне еріп өзінен алыстатып, Гүлжан келінінің көңіліне қаяу түсіріп, басқа балаларымен оның арасын ашып алғаны, әлдеқашан жеке отау тігіп, бөлек қос болып кеткен басқа бала-келінді қайта қолға қайтарудың оңай еместігінен ендігі жерде өздерінің балаларының бірінің қолында болмай, үлкен ұлдан өнген немеренің қолында қалуы – бәрі-бәрі сыртқа шықпай жанын іштей жегідей жеген Санат инфаркт алып, ауруханаға түсіп шыққалы үйден шығуды қойған. Ұзақты күн ұзын-сонар ойға беріліп, үн-түнсіз теріс қарап жатуды әдетке айналдырып алып еді. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де Санат сол қалпынан таймай, ағайын-туманың қуанышына да, қайғысына да баруды қойып, айналамен араласпай, жатып алатын ауру тапты.
Міне, қыз-қызғаныш, ақылды ашуға жеңдірудің арты неге соқтыратыны басқаларға сабақ болар деген ниетпен болған оқиға ізімен жазылған еді бұл әңгіме.
ҰСТАЗ
Бала кезде талай асыр салып, ойнаған Сам құмының бір шетіне аяғым іліксе болғаны, сонау балғын балалық шақ, бірге ойнаған бала достармен байланысты елестер көз алдымнан тізбектеле өте беретін... Жанбике бетінен шаңдатып көрініп, біздің ауылды қоршаған құмды жиектей өтіп бара жататын геологтардың машиналары. Солардың бәрін өзімізге жат «орыс» деп, сәби көңілімізбен қорыққандықтан велосипедтерімізді сүйрете-мүйрете жан сақтағыш құмның арасына кіріп, қалың өскен қоян сүйек бұталарының арасынан жол бойындағы ыңырана өтіп бара жатқан ауыр жүк машиналарының қарасы басылғанша баспалап жататынбыз. Бір сәт құм ортасыңда өсетін күміс сабақты көсікті сыртынан сызып қоршап меншіктеніп, қос сұқ саусақпен қазып жинайтынымыз, ауылдан ұзаңқырап кете қойсақ шағыл құмның арасындағы «Қасқыр бұлақ» аталатын сап-салқын мөлдір бұлақ суынан мейіріміз қана су ішіп, ыстық күнде сол сумен рахаттана беті-қолымызды шайынып жататын ыстық суреттер көз алдыма келеді. Көкірегімді сол бір өткен күндердің тым алыста қалғанына өкінгендей сезім билейтіні бар. Күз түсе біздің ауылдың орталығы Теректіден он екі шақырым жердегі Қызыләскер селосында орналасқан мектеп-интернатқа барып, білім нәрінен сусындайтынбыз. Сол мектепте оқитын шағымызда, әр демалыс сайын жалғыз баласы Қаржау мен қызы Түймешті ауылға алып кетуге сенбіде машинасымен келетін Қанжан ағай, ауылымыз бір болған соң бізді де тастамай, Теректіге алып кететін. Сондай сәттерде, «Правданың» балаларына басқа колхоздың балаларының қызыға да қызғана қарап тұрғаны, бір түнеп кетуге келген болса да анасын сағынған сәбидің үйіне кіргендегі қуаныш сәті, дүйсенбі күні таң атар-атпастан ерте тұрып, оқудан кешігіп қалмас үшін сол баяғы жүк машинасының астауына тырмыса мініп, Қызыләскерге кетіп бара жататынымыз, Құдай-ау, не деген ыстық көріністер еді!..
Осы күні сол сәттерді еске алғанда менің көз алдыма сүйікті ұстазым Ермекбай бейнесі де қоса елестейтін болып жүр. Ермекбай Оразалинов Сам-2 алыс учаскесіндегі Амангелді колхозының орталығы Қызыләскер селосында орналасқан орта мектепте сабақ беретін мұғалім болғанмен, арғы шыққан жері біздің «Правда» колхозынан. Сол шаруашылықта шопан болып істейтін Тақабай деген кісінің тұңғыш баласы. Гурьев педагогикалық институтын бітірген математика пәнінің маманы. Естуімізше, Маңғыстау өңіріңде аты шыққан математик Шоңқалов Торғай сияқты бұл да білгір математик. Біздерге математика пәнімен қатар геометрия, химия пәндерінен де дәріс беретін, оның үстіне жоғарғы класқа өткеннен кейін біздің кластың жетекшісі де болды. Оқушыларына сабақты жете түсіндіріп, пәнді игеруіне көп көңіл бөлетін. Және бір қасиеті, басқаларды қайдам, өзіме дауыс көтеріп ұрсып көрмеген жан. Есімде қалғаны, темекіні жиі тартушы еді, оның үстіне жаз мезгілінде үнемі «тұмауратып» жүретін.
«Аллергия» дегеннен түк хабарымыз жоқ бізге, оның жаз айларында осы аллергиясы ұстаған кезі «тұмауратқан» болып көрінеді екен ғой.
Қазіргі мұғалімдерді қайдам, ол кездегі мұғалімдер ауыл ішінде де, оқушылар арасында да үлкен сый иелері болатын. Өйткені, мұғалімдер қауымы жырақта орналасқан ел үшін тек ағартушылық ролін атқарып, білім нәрін сеуіп қана қоймай, ауылға мәдениет үлгілерін де әкелушілер болатын. Сол жылдары көрші «Сам-1»-дегі Тұрыш мектебінің мұғалімдері сахналаған «Еңлік-Кебек», «Шұғаның белгісі», т.б өнер туындылары біздің әлі көкірегімізде. Ол кезде оқушы мен оқытушы арасында өзара сыйластық, бір-біріне деген құрмет басым болатын сияқты еді. Ермекбай сияқты атын үлкен алтын әріппен жазуға лайық Ұстаздар шәкірттерінің бойындағы таланты мен дарынын айыра танып, келешегінен үміт күтетін шәкірттерін үнемі өрге сүйреуші еді және осы қызметіне ешқандай ақы-пұл дәметпейтін. Осы орайда өз басымнан өткен бір оқиғаны еске ала кетсем артықтық етпес.
1968 жылдың көктемі. Орталау мектепті бітіруге таяу мезгіл болатын. Бір күні класымызға Ермекбай ағайға ілесіп бір кісі келді. Өзін Шүренбай Нәубетов деп таныстырған ол кісі Таушықтағы №82 орта кәсіптік-техникалық училищенің қызметкері екен. Ауыл-ауылды аралап, мектептерге барып училищеге оқушылар тартып жүрсе керек. Содан келіп: «Бізге оқуға келсеңдер тракторист, шофер, токарь, слесарь мамандықтарын игеріп шығасыңдар. Сіздерге арнаулы әдемі формалы киімдер беріледі, онжылдықты сол жерден бітіріп шығасыңдар, әрі мамандық алып шығасыңдар» деп, баршамызға жарқын болашақты орнатып тастамасы бар ма. Содан, Шүренбай ағайдың әдемі әңгімесіне елтіген біздер, кластағы ер балалар жағы түгелге жуық училищеге баратын болып шыға келеміз ғой, баяғы! Бірдеңе айтып, әлгі кісінің айтқандарына қарсы уәж қайтаруға болмайтын болғаны ма, қайдам, Ермекбай ағай дәл сол сәтте бізге ештеңе айта қоймай, үн-түнсіз қала берді. Сөйтіп жүргенде, сегізінші класты да аяқтап, орталау мектепті бітіргендігіміз туралы куәлікті де қолға алдық. Арада жаз өтіп, күзге салым уақыт туған кез еді. Бір күні далада жүрсем, анадайдан біздің үй жақты бетке алып Ермекбай ағай келе жатыр екен. Менің ағам Ізбасқан ферманың есепшісі, көршіміз ферма бастығы Қаратауов Нұркен, екі үй бір корпустың екі басында. Нұркеннің үйінің арғы бетіндегі корпуста зоотехник Бекбалаев Меңдіғалидың үйі бар, ол болса Ермекбайдың жездесі. Ермекбай ағай сол үйге барып, көп айналмай, іле-шала далаға шығып, енді біздің үйді бетке алды. Мұғалімнің алдын қия кеспейтін сол заманның оқушыларына тән әдетім бойынша мен жылдамдатып үйге еніп кеттім. Көп ұзамай ағай да анаммен сәлемдесіп, үйге кірді. Төрге көрпе төселіп, жайғасып отырғаннан кейін Ерекең қолына шәйнек алып сыртқа беттеген мамама тоқтау салып, айран ішіп қана аттанатындығын, өйткені өзі ілесіп келген көліктің реті сондай екендігін айтты. Теректіге ол мені әдейі іздеп келген екен. Келген шаруасы да менің келешегіме қатысты болып шықты. Себебі, өткен көктемде менің училищеге оқуға баратындар тізіміне енгендігімді білгеннен соң, шынымен сонда оқуға кетіп қалар, баланың сабағы жақсы, келешегінен үміт күтетін оқушы, орта мектепті құтқарып, жоғарғы оқу орнына түсіп оқығаны жөн дегенді анама, ағама айтып түсіндіріп, менің мектепке қайтып оралуымды сөз етпек екен. Мен болсам баяғы әңгімені әлдеқашан ұмытқанмын. Сентябрь туысымен мектепке баруға даярланып жүргенмін. Осы хабарымды естігеннен кейін көңілі жайланған Ұстазым шәкіртіне деген ризашылық сезіммен аттанып кетті. Кейін естіп білсем, ол оқу озаты Әбдірейімнің де үйіне осылайша арнайы шаруалап барған екен. Ермекбай ағайдың бұл келісінен менің көңілімде оның абырой-беделі бұрынғыдан да биіктеп өсе түскендей болды. Міне, Ұстаздың шәкіртіне деген құрметі, оны ілгері, өрге жетектеуінің нағыз көрінісі еді бұл.
Оқуды жақсы оқып, мектеп пен интернаттың белсендісі болсам да, біреудің басын жарып, қолын сындырмасам да, балаға тән тентектігім болғаны рас. Мұғалімдер мен ата-анаға көрсетпей темекіге әуестену, онымен де қоймай өзімнің ықпалым жүретін балаларды соңыма ертіп, темекіге баулу деген менде де болды. Осының бәрін сырттай сезіп, біліп жүретін Ұстазым «бір реті келгенде өзіне түсіндіріп айтармын» деп жақсы көретін шәкіртінің бұзықтығын сыртқа жария етпей жүреді екен. Оныншыны аяқтап, өзімізше кеш өткізіп, «мұғалімдер бақылауынан» кеттік-ау деген оймен біреулеріміз ашықтан ашық шарап ішіп, енді біреулеріміз темекі түтінін мұрнымыздан будақтатып шығарған күннің ертесіне асхананы жинастыруға келген маған Ерекемнің: «Қолғанат, сенің темекіге әуестеніп жүргеніңді мен көптен білемін. Бірақ, оны мұғалімдер талқысына салып, сені жазалағанмен темекі тартқаныңды бәрібір қоймаған болар едің, одан түсер маған да, саған да пайда жоқ. Түсініксіз бала емес едің, темекіден түбі пайда жоқ, сол құрғырды қоймай шегіп жүрген мен оны білемін. Бұдан былай да темекі тарта бересің бе, әлде осы бастан қойып кетесің бе, оны өзің біл» – деп біртүрлі өзімен тең адамдай сөйлесуінің маған тигізген әсерін бұл күндері сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Сол күннен бастап қалтама жасырып салып жүрген бір қорап темекіні құм арасына лақтырып тастағаным есімде. Одан кейін де әр жерде тиіп-қашып темекі шеккеніммен, оны ақи-тақи тастап кетуіме Ұстазымның сол бір ауыз әңгімесі себеп болғаны рас.
Осы бір ауыл мектебінің қарапайым мұғалімінің әр қимылы шәкірттеріне өнеге болғаны анық. Білмегенін мойындау, білгеннен үйрену деген кез келгеннің қолынан келе бермес әрекет. Біздің көңілімізге «аса білгір математик» болып қалыптасқан Ермекбай ағайдың да математикалық есептін шешуін таба алмайтын жағдайы болады екен. Ол былай болды. Ауылымызда Үсен деген молда бар болатын. Бірақ, молдалықты қатты кәсіп етпей, баласы Мақсыммен колхоздың малыңда шопан болып істеуші еді. Бірде даладан жоқ қарап жүріп, Ермекбай ағай малда жүрген осы Үсекеңмен кездеседі. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Үсен молда: «Ермекбайжан, жұрт сені білгір математик деп жүр. Бір есеп берейін, соны шығарып берші» – депті. Ерекең келіседі де, Үсен молда сол жерде құмның бетін тегістеп жіберіп, қолындағы шыбық ағашпен жер бетіне бір есепті құрастырып жазып беріпті. Ермекбай ағай әлгі есепті өте қатты қиналып, ұзағырақ отырып шешіп береді. Сонда Үсекең: «Бәрекелде, айтса айтқандай, біледі екенсің. Бұл өзі орыстардың небір білгір математиктері де шеше алмайтын есеп еді», – десе керек. Бақсақ, ел ішінде көп ешнәрсемен ісі жоқтай көрінетін Үсен молда патша заманында екі класстық орыс мектебін бітірген аса сауатты адам екен. Ауылдасы Үсекеңнің нағыз білгір математик екенін Ермекбай ағай әрдайым мойындап, бұл оқиға туралы өзі де айтып жүретін.
Өзінің қарапайымдылығымен, білгірлігімен, ұстаздық өнерімен әр оқушысының жүрегіне жол тапқан менің Ұстазым Ермекбай Оразалинов осындай адам еді.
Ұстазым, менің, ұстазым,
Өзіңмен өтті қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
– деп ән жолдарында айтылғандай, үлкен Ұстаз Ермекбай ағайдың бейнесі оның ондаған, жүздеген шәкірттерінің көкейінде өмірлік жатталып қалғандай көрінеді де тұрады.
8-ТАРАУ: АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ
МЕҢДІБАЙДЫҢ ХИКАЯЛАРЫ
Жаңай Ережептің үлкен ұлы Меңдібай ауылда мал бағатын. Тілінің аздап мүкістігі бар, сөйлегенде «р»-дың орнына «й» қолданылып кете беретін-ді. Бірде ол шаруаның ретімен жолшыбай көршілес Юсуптың аулына барып түсіп қалады. Сонда түстеніп, үй иесімен бірге бір жартылықты бөліп ішеді. Юсуп болса мотоциклді шебер жүргізетін, далада киік қуғанда мотоциклімен қуып жетіп, андардың сауырын сипап отыратын немесе жайылып жүрген түйенің астынан өте шығатын шеберлігімен ел аузында жүретін-ді. Екеуі «ақаңды» бөліп ішіп, көңілденген соң Юсуп коляскасын түсіріп тастаған екі дөңгелекті «Урал» мотоциклімен Меңдібайды аулына жеткізіп тастамақшы болып артқы орындыққа мінгестіріп алады. Сөйтіп олар мотоциклді жүйткітіп, көзді ашып-жұмғанша Меңдібайдың аулына жақындап та қалады. Осы кезде Меңдібайдың есіне жолдағы кесе көлденең жатқан қазынды ор бар екендігі түсіп, ол: «Абайла, жүрісіңді жәйлат, алдымызда ой бай» – деп Юсуптың құлағына айқайлайды. Мотоциклдің желінен оны Юсуп естіңкіремей қалып, мойнын артына бұрып «не дейсің?» деп ишараласа, Меңдібай: «Ой бай, ой бай деймін» – деп айқайлай беріпті. Сонда Юсуп: «Ой, Меке-ай, несіне ойбайлайсың, айқайламай тыныш отырсайшы» – деп ауыз жиғанша, мотоциклі көлденең орға келіп соғылып, екеуі рөлден асып, әудем жерге ұшып кетіпті.
Ертерек кез болса керек, ол кезде Ережептің өзі бас шопан. Бірде кеңшардың мал дәрігері өзінің қажетіне жарату үшін оның отарынан екі қойды «аурудан өлді» деп актімен есептен шығарып тастайды да, «кейінірек алып кетермін» деп қалдырып кетеді. Арада біршама уақыт өтіп, мал дәрігер бірде әлгі екі қойды өрісте жүрген жерде Меңдібайдан алып кетеді. Бірақ онысы біреулердің көрсетуімен белгілі болып қалады да, «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деп мал дәрігерінің үстінен тергеу амалдары жүргізіледі. Тергеуші мал ауылға келіп, Ережепті «жалған куәлік жасасаң сотталасың» деп қорқытып, жауап алады.
Мал дәрігер сенің отарыңнан қой алды ма?
Алды.
Неше қой алды?
Екеу.
Қойлардың түстері қандай, соны түстеп айтып бер.
Қой алғанда отарда Меңдібай болып еді, мен білмеймін.
Тергеуші құдық басында мал суарып тұрған Меңдібайға келеді. Тағы.
да тергеуші:
Егер жалтарып, жалған жауап беретін болсаң, өзіңді жауапқа тартамын, мал дәрігер отардан қой алды ма? – деп сұрайды. Қорқып кеткен Меңдібай:
Алды, – депті.
Қанша қой алды, түсін түстеп айт?
«Екеу». Меңдібай екі саусағын көрсетіпті. Бійеуі ақ, бійеуі қайа, бійеуі ійі, бійеуі кіші, – деп жауап береді. Тергеуші оның сөзінен әңгіме төрт қой жәйінде болды деп түсініп қайта сұраса, Меңдібай:
Бійеуі ақ, бійеуі қайа, бійеуі ійі, бійеуі кіші, – депті тағы. Тергеуші Меңдібайға:
Сен немене мені келемеж қылғың келе ме? Өзіңді 95-статьямен жауапқа тартайын ба? Ойлан, жақында тағы келемін, – деп кетіп қалады.
Ол кетісімен Меңдібай әкесіне келіп: «Әке, мені 95 жылға соттаймын деп кетті» деп жылап жіберіпті.
ТӨЛЕШТІҢ АЙТҚАНДАРЫ
Араларында Төлеш бар, Ережептің ұлы Жақсылық бар бір топ адам бір үйде қонақ боп, шәй мен еттің арасында карта ойнап отырса керек. Бір кезде әлгі үйдің кішкентай баласы даладан жүгіре кіріп келеді де сүрініп кетіп сыйдиған етсіз Жақсылықтың үстіне құлап қалады. Танымайтын үлкен кісіні жатырқап, әрі бір жерін ауыртып алған бала жылап қоя берсе, Төлеш: «Ой, жазған бала, косилканың теміріне құлағандай болдың-ау» – десе керек.
Төлеш пен Ордалы Қосай – нағашылы жиенді, оның үстіне институтта бірге оқыған, бір-бірімен әзілі жарасқан құрдас жандар. Бірде Төлеш жолы түсіп, Тұщықұдыққа келіп, Ордалының үйінде түстеніпті. Ордалының әкесі Мұқан молда, шәй дастарханы жасалғанша Төлеш үлкен кісінің қасында амандық-саулық сұрасып отырады. Мұқан әңгіме кезінде қолындағы тәспиғын айналдыра санап отырады да, шәй келген соң жиып қойып, бәрі дастархан басына жайғасыпты. Шәй да ішіліп болып, қонақ дастарханнан кейін ығысып, Мұқанның жанынан орын алады. Мұқаң қайтадан тәспиғын қолына алып, санай бастағаны сол екен, Төлеш:
Көтек байғұс, мынасы шайға дейін санағанда түгел еді, соның арасында мен ұрлап алды дегені ме, қайта санай бастағаны несі?! – деп орнынан ыршып түссе керек. Ордалы ішек-сілесі қата күліп, құлап қалыпты.
Әне бір жылдары ауылдарда баласы орта мектепті бітіргелі отырған ата-аналар мектептің мұғалімдер ұжымын қонаққа шақырып, қонақасы беру әдетке айналған еді. Ақжігіт аулындағы орта мектепті тәмамдағалы отырған Ералының анасы Алуа да бір күні мұғалімдерді қонаққа шақырады. Қайнысы Құдабайға райподан бір бөшке чех сырасын, арақ-шарабын алдыртып, қойын сойып, қонақтарын жақсылап сыйлапты. Арақ-шарап та, ол кезеңде қат дүние болып саналатын бір бөшке сыра да мұғалімдердің қарнынан өз орындарын тауыпты. Арада бірнеше күн еткеннен кейін Мұқаш пен Төлеш физика пәнінен емтихан қабылдайды. Жауап беру кезегі Ералыға да келеді, ол болса сұрағын татпайды, қосымша сұрақтарға да мандытып жауап бере алмайды. Емтихан қабылдап отырған Мұқаш не істерге білмей, қасында отырған Төлешке: «Мынау ештеңе білмейді, не істейміз?» – десе, ол: «Сырасын іштік, енді не істейтініңді қайдан білейін» – деп дүңк ете түсіпті. Содан, Ералыға «үш» деген баға қойып жіберсе керек.
Бірде Төлеш қалаға барып, ауылға оралса одан «қала қалай екен?» деп сұрапты. Сонда, Төлеш: «Қаланың енесін..., нағыз құрыған жер, үйлерінің туалетіне кірсең Манатыдан құлаған машинадай тормозға басасың да отырасың» – деген екен.
Төлештің қарындасы Аралдың жігітімен тұрмыс құрады. Мұғалімнің қолы жазда босайды ғой, сонымен шілде айында олар Арал қаласына құдалыққа барады. Күн болса ыстық, өзі толық Төлеш қара терге түсіп, жөнді тамақ іше алмай, қара суды сіміре берсе керек. Келесі жылы Төлештің өз қызы Хожеліге тұрмысқа шығып, тағы да жаз мезгіліңде құдалыққа баруға тура келеді. Төкең өткен жолғы кепті тағы киіп елге оралған соң: «Осы, жұрт, қыз өрісің дейді, мен сол өрісте өлетін шығармын, сірә» – десе керек.
Енді бірде Төлеш Хожелідегі құдаларына барып, елге қайтар кезінде Қоңырат-Бейнеу поезына келсе, саудагерлердің үлкен-үлкен қанарлармен жүктеген жүктерінен вагонға кіру мүмкін болмайды. Жүк арасындағы кішкентай кірер жолға толық адам сыймайды. Содан, не істерін білмей, төмен түссе, вагонның бір купесінің терезесі сынған, үңірейіп тұр екен, құдалары оны сол терезеден көтеріп мінгізіп жіберіпті. Іштегі толып отырған саудагер әйелдер «біздің орнымыз» деп оны ығыстыра сығып тастайды. Осы кезде есіктен кіре алмай Төкең мінген тесіктен тағы бір ірі денелі әйелді көтеріп мінгізеді. Әлгі қатынның көйлегінің етегі түріліп кетіп, жақын отырған Төлештің басына кептеліп қалыпты. Сонда Төлеш: «Ей, тарт мынауыңды, қашанғы иіскеймін!» – деп айқайласа керек.
Мектептің спорт алаңында жоғарғы класс оқушылары мен мұғалімдер волейбол ойнап жатса керек. Төлеш кең балақты спорттық шалбарымен ойнап жүрген. Кезекті бір сеткадан асыра доп ұру сәтіңде ышқыр бауы үзіліп кетіп, шалбары аяғының басына түсіп қалады. Ұрымтал сәтте оқушыларының алдында ыңғайсыздыққа ұшыраған Төлеш: «Прощай, большой спорт!» – деп отыра қалыпты.
КӨМЕКБАЙДЫҢ АЙТҚАНДАРЫ
Көмекбайдың шаруамен біте қайнап өскен Ақихат деген ұлы бар, өте қажырлы, анау-мынау білік темірлерді қолмен иіп, майыстыра береді. Сол баласы арақ ішіп алып, базарда жүрсе, бір милиция келіп жеңінен тартып, оны бөлімшеге алып кетпек болады. Ақаңның буымен бойы қызып тұрған Ақихат оны бір ұрып, жалпасынан түсіреді. Өзінің дүлей күш иесіне шамасы жетпесін бірден түсінген милиционер жолдасын шақырады. Енді екеулеп ұстамақ болса, Ақихат екі жағынан жабысқан қос милицияны да екі жаққа лақтырып жіберсе керек. Содан олар бөлімшемен хабарласып, тағы бір жігітті жәрдемге шақырып, үшеулеп жүріп оны бөлімшеге алып кетеді. Базарға соғып, баласын милиция алып кеткенін естіген Көмекбай аудандық милиция бөліміне жетіп, оның бастығы Қылишаев Бекбергенге кіріп, баласын босатып беруді өтінеді. Бекберген алдындағы байланыс торабын іске қосып, кезекшіден: «Бізге Ақихат деген азаматты әкелді ме?» – деп сұраса, кезекші: «Иә, әкелді, осы жерде бәрімізді қырып кетердей арпалысып, әрең дегенде тордың арғы жағына қамадық» – деп жауап қайтарады. Оны Көмекбай да естіп отырады. Милиция бастығы: «Естіп отырсыз ғой, балаңыз тәртіпсіздік жасап, онысымен қоймай милиционерлерге қарсылық көрсеткен, босата алмаймын» – десе, Көмекбай еліріп: «Ой, әкеңнің аузын.., бір балаға шамасы келмейтін үш адамды милиция ғып үкіметтің ақшасын босқа шашқанша, оларды шығарып жіберіп, орнына менің Ақиымды алмайсың ба?» – деген екен.
Көмекбай қой сатып, ақша қылмаққа Бейнеуге келеді. Мұның қойлары ірі, жайлауда жайылыс көрген семіз, әрі жүні қырқылған, күйі көзге ұрып тұрса керек. Базардан мал сатып алмақ болып келген бір жігіт мұның қойларын әрі-бері қарап көріп, біраздан соң оның он жағында жүні қырқылмаған, сырт көзге ірі боп көрінген бір қойды сатып алып жөніне кетеді. Сонан соң тағы бір жігіт әйелімен келіп, мұның қойларын ұстап көріп, бағасын сұрап жүріп, Көмекбайдың сол жағындағы сатушыдан жүнімен күдірейген бір қойдың аяғын байлатып салып алып кете барады. Осылайша бірнеше алушы келіп кеткеннен соң Көмекбай баласына: «Ей, әкеңнің, тие қойларды, ауылға кетеміз!» – дейді. «Неге?» деген баласына Көмекбай: «Бейнеудің адамдары қойдың етін емес, жүнін жейді екен, кеттік!» – десе керек.
ҚЫДЫРСИЫҚТЫҢ ҚИМЫЛДАРЫ
Мақтымов Қыдырсиық Бейнеуде депоның бастығы, біреулерге майда тілімен, енді біреулерге жұдырықтың күшімен айтқанын жасатып тұрған кез. Әкесі Сисен өлгенде Маңғыстау мен Атырауға қарасты темір жол мекемелерінің басшылары көңіл айтуға келеді. Барлығын кешке әр жерге бөліп орналастырады. Ертесіне әкесін шығарар кезде, түнімен бастары қосылып карта ойнап, арақ ішкен шала ұйқылы қонақтар таңертең ісіп-кеуіп қаралы үйге келеді. Қыдырсиықтың депосы Құлсарының депосына қарайды, оның бастығы Шеркешбаев деген азамат намаз кезінде мас күйінде тұрғаны көзге ұрып тұрады. Оны Қыдырсиық та көреді, бірақ, үндемейді.
Содан бір ай шамасы өткен кезде Құлсарыда Шеркешбаевтың әкесі қайтыс болады. Тағы да бүкіл темір жол мекемелерінің басшылары көңіл айтуға барады. Барлық қонақтар әр жерге бөліп орналастырылып, астарына көлік бекітіледі. Таңертең өлікті шығарар кезде Қыдырсиық бір жартылық пен екі бокал ала барады да, қасына Шеркешбаевты шақырып алады. Әлгі шөлмекті екіге бөліп құяды да, біреуін өзі тартып жібереді, екіншісін Шеркешбаевке беріп: «іш!» – дейді. Қыдырсиықтың жүзіне көзі түсіп кеткен Шеркешбаев амалсыз арақты қағып салады. Қыдырсиықтың әрекетін Атырау темір жол бөлімшесінің бастығы Селбаев та көріп тұрса керек. Басқалар «апырмай, енді Қыдырсиықты жұмыстан қуады-ау» деп ойлапты. Бірақ, басшылары да бұның «барымтаға қарымта» екенін түсінген болулары керек, артынан бұл оқиға жөнінде ешкім ештеңе демепті.
Бірде Қыдырсиық қасында Аманкелді деген жігіт бар, поезда келе жатады. Ол кезде жігіттердің бастары қосылса бірігіп тамақтанып, «ақмағанбетпен» тамақ жібітіп, карта ойнап жол қысқартады ғой. Қыдырсиық та көрші купедегі басқа да әріптестерімен қосылып, осылай жол қысқартып келе жатады. Ал, Аманкелді өз купелеріндегі бір қазақ, бір орыс жігітімен бірге болады. Арасында Қыдырсиық вагонның туалетіне шығып, купелерінің жанынан өтіп бара жатса, орыс жігіті екі қазақ жігітіне қарап бірдеңелері дәлелдеп әлек екен. Барған шаруасын тиянақтап, кері қайтып келіп, купесіне бас сұқса, әлгі еңгезердей орыс жігіті көйлекті шешіп тастаған, мойнына ілінген кресті қолына ұстап, ара-тұра үстелді соғып қойып, жігіттерге: «Міне, мынау крест, бұл менің христиан екендігімнің белгісі, егер далада өліп қалсам мені осы белгіме қарай христиандар қауымына апарады, ал сендердің мұсылман екендіктеріңді кім біледі, далада шірисіңдер» – деп пәлсафа соғып жатыр екен. Ақанның буымен желпінген орыстың екпінінен сескенді ме, біздің жігіттер үнсіз.
Қыдырсиық сол жерде әлгі орыстың мойнындағы кресті умаштай ұстап жұлып алады да вагонның ашық терезесінен далаға лақтырып жібереді де: «Сен, енді кімсің? Мойныңда кресің жоқ, буддасың, ал мен мұсылманмын, міне, қара!» – деп, шалбарды шешіп жіберіп, еркектік құралын сылқ еткізіп үстелдің үстіне құлата қойған екен. Орыс үнсіз қалыпты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру