Мазмұнға өту
Home

Пара

Көбей Өтжан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Пара

Көбей Өтжан — «Пара» (Көркем әңгіме). ПАРА

(Әңгіме)

Қанат қашып келе жатты. Өзі ішінен: «Зытып кетсем, зытып кетсем, жете алмай қалады, қуғыншылардан тек сонда құтыламын» деп ойлаған. Ересек, өздері бойшаң олар бесеу болса, қалай қорықпайсың.

Жоқ, олар қалар емес. Сонымен Қанат шынымен қашты. Үрейі ұшып қашты. Себебі, екі қолтығында он-оннан барлығы жиырма папка болатын. Олардың ішінде қылмыстық істер тігілген. Жиырма іс деңіз. Қуғыншылар жетсе, онда бұл істер құриды. Онда жас тергеуші Қанатты облыстық прокуратура бірден жұмыстан қуатын шығар, немесе тіпті бар ғой өз ісін атқара алмады деп айып тағып, тіпті бұған қарсы іс қозғап, қамауы да мүмкін ғой. Құпия, тергеу папкаларын жоғалту оңай іс емес, жауапкершілігі мол, ал содан айырылса мемлекетке, заңға қарсы келгенмен бірдей. Ой жүйрік қой қашанда. Қанат қуғыншылардан құтыла алмай келе жатып, осындай әртүрлі ойлардың қамауында еді. Жауапкершілікті ойлағандығынан ба, бойына күш-қуат қосылғандай әсер алды. «Ал, қаш, Қанат, келешек өмірің осы қазіргі сәтке байланысты. Қаш, Қанат» қашып келеді, қашып келеді, өкпесі құрығыр күйіп барады. Әл кете бастағандай бойынан. Сонда да қашып келеді. Қане, Қанат, құтыласың. Өзі ырс-ырс етеді, өкпесі қабынып, аузынан шығып кетердей. Сілекейі ме аққан – ой, құрып кетсін бүйткен өмірі. Қанатты да тергеуші дейді-ау, масқара бұзық балалардан қашып келе жатқаны мынау. Ешкім көрмесін, ешкім естімесін... Ызадан бойы босаған еді, екі қолы талған екен, папкалары шашылды да қалды жерге. Қап, құдай-ай, екі көзіне келген жасына ие болмай иегі кемсеңдеп, еңіреп жылауға сәл-ақ қалған. Бірақ, қуғыншылар кейіндеп, жете алмайтындай аралықта екен артқа бұрылып қараса, таңданып, қуанып кетті. Жылағанды қойып, папкаларын тез-тез жиып алды. Ашудан әлде ызадан болар, оның үстіне сәл дем алды ғой, Қанат тың күшпен ышқынып тұрып, қайта жүгірді. Екі қолтығындағы папкаларын қатты денесіне жапсыра қысып алған. Қанат қашып келеді, артына қарамайды, қашып келеді. Ол осылай келесі бір көшенің бұрылысына жеткенде барып тоқтады. Өзі алқынып тұрды. Артына қараса, әлгі бесеу жете алмаған соң бұған жұдырықтарын түйіп, балағаттай ма, айқайлайды. Қорқытып тұр-ау. Қолымызға түсіреміз, сосын көрсетеміз-ді айтады-ау. Басқа не демек. Қанаттың өкініші ыдырап, денесіне ме көңіліне ме қуаныш толғандай, ыржиып күлді. Болашақ күндеріне, жұмысына деген сенім пайда болды...

Райхан мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сабақтан босаған соң, жүгіріп үйіне келген еді. Ері Қанат столдың үстіне көп папкаларды жинап қойып, шетінен бір-бірлеп ашып оқып, қағаз жазып отыр екен. Екі қызы – олар да ақ парақтарға сурет салып жанында отыр екен . Әйтеуір, жалғыз бөлмелері оқу залына ұқсаған. Олардың түрлеріне қарап, риза болған Райхан үн-түнсіз қолындағы қағаздарын қоя салып, тамақ дайындауға кірісті. Кіре берісте, ыдыс-аяқтарды жуып, газды қосып, аспаздық өнеріне беріліп кеткен Райханның жанына келіп қарап тұрған Қанат, оған жақындап, бос орындыққа отыра кетті. Сөйтіп жұмыстан келе жатып жаңа ғана бұзық балалардан қалай қашып зорға құтылғанын әңгімелеуге кірісті.

Райхан оны үнсіз тыңдап: – Оңбағандар! – деді. – Сен әбіржіме, уайымдама да. Осы қаладағы бастықтардың еріккен ерке балалары шығар олар. Өздері нешеу еді?

– Бесеу – деді Қанат.

– Ендеше солар шығар – деді Райхан.

– Кімдерді айтасың? – Қанат оған қарсы сұрақ қойды.

– Кеше көшеде келе жатқанмын – бес жас өспірім қарсы жолықты. Біреуі алдымды кес-кестеп жүргізбейді. Өзгелері мәз, күледі. Әлгі:

– Девушка, можно с вами познакомиться – дей береді, қайталап, ыржақтап.

– Я вам не ровесница и не девушка, а моладая женщина, у которой двое взрослых детей. Уйди с дороги, а то милицию позову – дедім жыным келіп, өзім қорқып тұрсам да – деді Райхан.

Қанат шек-сілесі қатып күлді.

– Солар, точно солар екен. Вот совпадение – деді. Бүгін мені қуалады ғой олар, зорға дегенде қашып құтылдым.

Жаңа ғой қылмыстық папкаларды ашып, жиырма іспен танысып шықтым. Сол бесеуі бір баланы аямай ұрыпты. Ол ауыр жараланған. Жарақаттанған, сынған жерлері бар – қабырғасы болу керек. Ол баланы жедел жәрдем емханаға апарыпты. Точно, сол балалардың үстінен қылмыстық іс қозғалған екен. Бүгін соны жүргізуді бастық маған тапсырды. Жараланған баланың ата-анасы арыз жазыпты. Бүгін емес, ертең таңертең бәрін ұстап, оперлар оларды қамайды.

Ертеңнен бастап, балалардан мен жауап аламын.

Сол балалар біз екеуімізге де тиісіп отыр. Көрмейсің бе, адам таң қаларлық ғажайыптар өстіп тоғысады екен-ау бір жерде. Көреміз, қалай әлі олардың бишара күйде кешірім сұрағанын – деді Қанат.

Сол оқиғалардан соң екі күн өткен. Қанат кабинетінде жалғыз өзі жауап, түсініктер жазылған іс қағаздарын қайталап ақтарып оқып отырды.

Есікті тықылдатып, рұқсат сұрап жас жігіт кабинетіне кірді. Киімі таза, мойнына әсем галстук таққан, өңі аққұба келген қызмет істейтін болу керек, мәдениетті түрде, орындыққа отырды.

– Сіз мені танымайсыз. Атым – Ақан. Осы қалада тұрамын, қызмет істеймін. – деп, өзін таныстырды. – Мына Ақжол ауданындағы Амангелді совхозында туып өстім. Өзіміз он ағайындымыз. Әкеміздің аты Бекболат – деді. Сәл кідіріп, Қанатқа бақылап, сынай қарады. – Менің інім – Абылай, үйдегі ең кішіміз. Бір балаларға ілесіп, төбелескен сияқты. Бесеуі бір баланы ұрыпты деп есіттім. Жалғастырып айта берейін бе? – деп сұрақ қойды Қанатқа.

Қанат қолындағы қаламсабын сипалап, басын қисайтып өзімен жасты, шамалас жігіттің сөздеріне ден қойып отырған. «Не айтқысы келеді?»

– Құлағым сізде. – деді сосын, басын изеп.

– Көшенің балаларына ерме, шатыласың бір күні – деген ақылымды аға ретінде күніне бір рет құлағына құйсам да, ақыры міні жаман іске ұрыныпты.

Біз текті атаның балаларымыз. Тәрбиелі, үлкенді силайтын.

Әкеміз Бекболат кезінде аупарткомда, обкомда қызмет істеген, ауыл, қала емес, облыста құрметті, беделі бар адам ғой.

Ол кісінің атына кір келтіру, мына бізге – он баласына үлкен күнә. Күнә. Құдайға шүкір, тоғыз ағайынды, бауырлар дейінші тегіс институт тауысқан, қызмет істейміз. Ең үлкен ағам Ақәділ облыс акиматында қызмет етеді. Білетін шығарсыз?..

Сол кісі маған бүгін:

«– Ақан, тергеушіге бар, айт, Абылай әншейін ана төрт балаға ілесіп жүргені болмаса, баланы ұрмаған, қайта ажыратқан, қасындағыларға қарсы болған де, біздің бауырларымыз бұзық емес, көргенсіз емес».

– Үлкен аға айтқасын, қалай қарсы шығамын. Шынында інім ерке өскені болмаса, бұзық емес – деді Ақан.

– Сонымен не айтқыңыз келеді? – деді Қанат.

Ақан шамалы қысылғандай, күмілжіген үнмен:

– Ағам «сізге бер» деді – деп, ораулы ақ қағазды ұсынды.

– Ол не?

– Сегіз жүз доллар – деді ол.

«Жас жігіт, екеуіміз қатар шығармыз « деп ойлады Қанат іштей.

– Түсініп отырған шығарсың өзің де, бұл ісіңнің оң-терісін. Ұят емес пе, саған? Қылмыстық істі жап деп, ақша ұсыну заң қызметкеріне – біріншіден бұл. Екіншіден, пара берудің өзі қылмыс болып есептеледі. Сені қазір қаматсам сіздің – текті үйден шыққан бұл тағы бір жаңсақ, ұят тірлік болмай ма? Бұны мен жасамай-ақ қояйын, сен ана қағазыңды өз қалтаңа сал. Қайтадан маған алып келме. Келістік пе? қатар екенбіз, мені түсінерсің. Сау бол, - деді Қанат. Оған қолын ұсынып қоштасып.

Алдан амал жоқ, қолын беріп шығып кетті. Көп қылмыстың шетінен бастап, бойы үйренген Қанат енді бірінен соң бірін бітіріп сотқа өткізіп жүрді. Олардың да ата-ана, бауырлары келіп қылмыстық істің жасалғанына көздері жетсе күнәлерін сезініп кетеді. Бірақ, пара ұсынбады Абылайдың туыстары сияқты. Тергеу арқылы бес баланың қайсысының қандай екені анықтала берді. Баяғы Қанатты ұрғалы қуалаған балалар сүмірейіп қалған. Милиционерлер бір-бірлеп оларды Қанатқа тергеуге алып келеді, содан соң апарып қамап тастайды. Өздері қазір моп-момақан, қойдан жуас.

Тағы бір күні есікті ашып, еркін басып, бейтаныс, жасы үлкен кісі кірді кабинетке. Амандасты. Сосын Қанат ұсынған орынға отырды. Өзін таныстырды. «Ақәділмін. Інім, мен облыс акиматының бір бөлімінің бастығымын. Субординация сақтасам, өз кабинетіме шақырып алып сенімен сөйлесер ем – өзім келдім. Осыны түсін, сен. Ана кенже інім Абылайдың ісін қысқарт, әкемізге, маған ұят болады, ел естісе. Кішкентай ғана тірлік қой – өзің білесің. Бас жарылып, адам өлген жоқ. Сені өз көзіммен көріп кеткелі келдім алдыңа. Принципшіл екеніңді ұнаттым, ана бастығыңа айтамын. «Қанаттың қызметін өсір, қадағалап жүр» дегендей етіп. Уақытым тығыз, сонда да келдім. Кідірмеймін. Мына мың долларды қалтаңа сал, қажетіңе жарат. Жассың ғой. Рахметімді айтамын. Осыдан былай қарай екеуіміз аға-іні болайық. Кеттім,сау бол, Қанат» – деп Ақәділ шығуға бұрылғанда:

– Аға, – деді Қанат, – кешіріңіз, мына ақшаңызды алмаймын. Әуре болмаңыз, өзіңіз алып кетіңіз – деп түсін суытты. – Арыға бармайық.

Қанат ол кісіге тіс жарып сөйлемеді. Алдындағы қағазына көз сап, жазуына кірісті. Келген Ақәділ тұрып-тұрып, ақшаны алды да, есікті серпіп жауып, шығып кетті.

Ашуын да ала кетті. Ақтарған жоқ, тілдеген жоқ. Не де болса енді ішінде. Бүгін болмаса ертең, осы іс біткен соң бастыққа айтып жамандап, қызметтен қудыртса да, біреулерді жұмсап сабатса да, өзі біледі.

Осы қызметке келген күннен бастап, алғашқы қылмысты істі қолға алғаннан бастап таза болғысы келді Қанаттың. «Басшылардың айтқанына басын шұлғып, көне берсе ертең олар мұны ерттемей-ақ мойнына мініп алмай ма, алдына салып айдамай ма ноқтасыз, жүгенсіз, ер тоқымсыз. Тәуекел.Өз басшыларым ара түссе де заңсыз қылмысты істі қысқартуға келіспеймін көріп алдым талайымнан» – деп шешім қабылдады. Істі зерттей келе, бірақ Абылайдың сол төбелесте қол қатпағанын, таяқ жеп, жерде жатқан баланы тепкілеуге кіріскендерді қайта тоқтатып, ажыратқанын оның өзінен емес басқаларынан естіді. Қанша дегенмен оның ақ жүректігін, тәрбие көргендігін сезді. Осы балаға араша түскен ағаларына да іштей риза еді. Баланың ісінің намыстарына тигенін сезді. «Кім біледі, егер балалары сотталып кетсе ертең ол түрмеде, не бір жаман адамдармен бірге болады, олар оған теріс ықпалын тигізері анық, жас баланың өмірге деген көз қарасы, қарым-қатынасы өзгеріп, теріс жолға түсуі айқын емес пе. Осыны ойлап, уайымдағандарына рахмет. Туыс болсаң осындай бол» – деп Қанат оларға риза.

Бірақ бір күні осы іске байланыста үшінші адам келіп әңгіме бастағанда ол өзінің ашуына ие бола алмай шарт сынды.

Оқиға желісі мен шешім

Қолына телефон трубкасын алып, кезекші милиционердің телефонының номерін терген еді. Аржағынан жауап берген дауыс шыққанда, «сәл тұра тұр» деп оған алақанымен трубканы жауып ұстап тұрып:

– Ақсақал, жасыңыздың сексеннен асқанына қарамаймын, маған беріп тұрған бір мың төрт жүз доллар ақшаңызды пара деп қазір куәлардың көзінше актілеп, милиционерді шақырып алып, қолыңызға кісен салғызып қаматамын – деді Қанат алдында отырған қарияға.

Сасқалақтаған ол:

– Не істе дейсің, балам-ау? – деді шарасыздықтан, – Не істе дейсің?

– Ақшаңызды алып қалтаңызға салыңыз, шығармаңыз, маған көрсетпеңіз де, бермеңіз де – деді таусылып Қанат.

– Мақұл, шырағым, мақұл. – деп қария ақшаны пиджагінің ішкі қалтасына тықпалап салып қойды.

Қанат трубкаға:

– Жағдайың қалай? Е, мақұл, соны сұрайын деп едім. – деді де орнына қойды.

– Ақсақал, сіздің атыңыз – Бекболат емес пе? – деді Қанат.

– Иә, шырағым. – деді қария.

– Ал мен сіздің аупорткомда, обком партияда қызмет істегеніңізді білемін ғой – деді Қанат.

– Солай ма? – деді қария, жүзіне қан жүгіріп.

– Сіздің ауыл ғана емес, қала ғана емес, облыс көлемінде атыңыз шыққан, беделі бар кісі болғаныңызды білемін. – деді Қанат.

– Рахмет, шырағым. Ана кіші баламды алпыс жастан асқанда көріп ем, баланың кішісі болғасын адам оны жақсы көреді екен...

– Мақұл ғой, бірақ сіз де түсінсеңізші мені. Қылмыстылардың бәрі бірдей маған. Бірақ, біреуін бастықтың баласы екен деп құтқарсам, пара алсам, кедей-кемтарлардың баласын қаматсам – сол дұрыс бола ма маған? Өзіңіз айтыңызшы, құдайшылдығыңызды.

– Жоқ, елге еңбегім сіңіп еді деп ойлап ем. Ана кенже баланы жақсы көрген соң, нетіп едім. Өзің білесің, енді шырағым. – деді қария.

– «Тура биде туған жоқ» – деген емес пе, аталарымыз, би аталарымыз.

Біз алаласақ елдің ішінде алауыздық, наразылық тумай ма?

Аз ғана елміз, азып-тозып, іріп-шіріп кетсек көрінгенге ойыншық, мазақ, жем болмаймыз ба? Қайта-қайта маған параға ақша әкелесіздер. Осымен үшінші рет. Мен мына өмір жолын жаңа бастаған адам, бұзыламын ғой, бүйте берсеңіздер енді. «Алтынды көріп періште жолдан таяды екен» демей ме, көне мақал. Амал жоқ, менің түсінігіме мынадай ойлар келеді. «Бастықтар пара беріп қана өмір сүреді». Осы дұрыс па?

– Жоқ, шырағым. Адал бол, мені кешір, қой кетейін. Жақсы, құдай жарылқасын.

Қанат Бекболат қарияны есіктің алдына дейін сүйеп, ертіп барды. Сосын:

– Ақсақал, мен жаман жігіт емеспін. Балаңыз ақ болса, істі қысқартамын. Ештеңенің керегі жоқ – деді.

– Алла тағала разы болсын. Жақсы жігіт екенсің. – деп, – кетіп барамын – деді қария.

– Менің елімде қариялар: «Руым – қараша» десем, «Хан тұқымынан екенсің» дейтін. Абылай хан сияқты әділ, өз заманымның адал азаматы болып өмір сүрейін деп жүрмін.

– Құдайым, бетіңнен жарылқасын – деді қария.

Күндердің күні болғанда тергеу аяқталып кінәлілер сотқа берілді, олардың ішінде Бекболат қарияның кенже ұлы – Абылай жоқ болатын. Бойынан бір жүк түскендей, әрбір істі соңына жеткізген күні Қанат үйге құстай ұшып, көңілденіп келетін әдетімен кешкісін үйіне кіргенде, тар қуыс кіреберістен бастап жалғыз бөлмесінің төріне дейін төселген пленка мен дастархан төсеніштердің үстінде қаны аққан телегей теңіз жайылған көп етке көзі түсті. Үйдің еденінде аяқ басар жер жоқ. Қызыл-ала жылқының еті ғана көрінеді.

Кіре берісте күйеуін күткен, көздері жыпылық қаққан денесі кішкентай ғана, секпіл бет келіншегі Райхан тұр екен. Көздері үлкейіп кеткен. Күйеуіне:

– Мен емес, оллаһи, мен рұқсат берген жоқпын. Олар – екі адам еденге төсеніштерді төсеп-төсеп үстіне мына еттерді машинадан алып келіп лақтырып тастай берді, мені адам деген жоқ. Лақтырып тастай берді. Сені ұрса ма деп күтіп тұрмын, әлі. – деді Райхан.

– Олар не айтты? – деді Қанат.

– Ханның ұрпағының сыбағасы – деді. – Түсінбеймін, қандай хан?

– Түсінетін ештеңесі жоқ, кейін айтып беремін – деп, Қанат еттерді жиып, отыратын, жататын орынды зорға босатты. «Ханның ұрпағының сыбағасы».

Содан соң риза күйде бар дауысымен қарқылдап күле бастады. Райхан да күйеуі күлген соң барып, бетіне қан жүгіріп, ештеңе түсінбесе де бірге қосылып сыңғырлап күле берді.

Пәтердің иесі әйел кісі еді, оның үлкен ұлы автомашина айдайды деп есіткен-ді Қанат. Ертесіне жұмыстан келсе, бірге істейтін аға тергеуші Ағабек пәтерінде отыр екен. Әйелі Райханның жанында әлгі үй иесі әйел кісі, оның баласы бәрі Қанатқа қарап қапты. Ағабек:

– Мен қызметтен ертелеу шыққанмын. Алдында апам телефонмен «біздің үйге тез кел, тығыз шаруа бар» деген. Солай, әңгіменің ашығы мына жиенім көшеден өтіп бара жатқан адамды қағып кетіпті. Құдай сақтаған. Аман екен. Жеңіл жарақаттар алған сияқты. Сол істі саған беріпті ғой бастық, тергеуге. Мен білмеймін оны.

Жаңа барсам апам айтты маған. Өзі жылап отыр, қорыққан әбден. «Қой» дедім, «адам аман ба?» деймін сұрап. «Аман» – дейді. «Кешірім сұрадың ба?» – десем, «– Сұрадық. «Кешіремін» деп, «қағазға жазып беремін» деді. Содан соң, «Қой, ендеше, жылама. Қанаттың үйіне барайық деп саған ертіп келдім. Мә, мынау жиеннің шүкіршілігі, қалтаңа салып қой» – деді де, Ағабек бір уыс ақшаны столдың үстіне қоя салды.

Бұл түк емес, кәдімгі тірлік сияқты. Қанат осы бір сәтті түс көргендей, не дерін білмеді. Қанат үндемеген соң, Ағабек оған:

– Бірге істейміз ғой, сочтемся – деді, – апамның одан артық беретін ақшасы жоқ. Райханка мен асығысыпын. Жүз грамм бар ма еді үйде, әкелші. Бір-бір стакан ішіп алайық.

Қанат оның бар шыны екенін сезді. Алуға болмайды ақшаны. Алмауға тағы болмайтын сияқты. Содан кейінгі оның сөзі:

– Жақсы болды ғой, ұжымды үйге шақырып дәм бере алмай жүр едім. Айлығым жетпеген соң. Ертең сағат сегізге бәріміз кафеге барайық, отырайықшы бір – болды. Ол бұл ақшаны көпшілікке жұмсап құртайын деп ойлады.

– Жарайсың, Қанат! – деді Ағабек. Стакандағы арақты аузына қағып салып, наннан бір үзіп жеді де, орнынан тұрды. – Мен кеттім, Қанат. Жұмыста кездесеміз ғой. Райхан, кешке кафеде кездескенге дейін сау бол! Апа, жиен тірлік бітті. Уайымдамаңдар. Біз өзіміз ғой, тірлікті шешетін.

Бәрі қоштасып, үйден шығып кетті. Райхан Қанатқа қарады.

Қанат екі алақанын жайып, иығын қушитты.

– Против течения не поплывешь, Рабка. – деп еркелетер кездегі әдеті бойынша келіншегін құшағына алып, арқасынан қақты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙