TELEGEI

Home

Азаттығым мен қазақтығым

Дүкен Мәсімханұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Азаттығым мен қазақтығым

Азаттыққа қол жеткізуден гөрі, оны ұстап тұру әлде қайда қиын. Өйткені азаттық үшін күрес біраз жылдарға немесе неше ондаған жылдарға, тіпті ғасырларға созылуы мүмкін. Ал азат ел ретінде мәңгі өмір сүру үшін мәңгі күресуге тура келеді. Бұл мәселе өзін «қазақ баласымын» деп есептейтін барлық саналы азаматты толғандырмай қоймасы анық. Себебі азаттықтың ағылдыр айдынына өз кемесін алып шыққанына ширек ғасырға да толмаға

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

- Елдік пайымдар, сыр-сұхбаттар, толғамдар

Астана
“Фолиант” баспасы

І Бөлім

«ҚАЗАҚ» ДЕГЕН

ЖҰРТЫМ БАР...

БЕТАШАР

Азаттыққа қол жеткізуден гөрі, оны ұстап тұру әлде қайда қиын. Өйткені азаттық үшін күрес біраз жылдарға немесе неше ондаған жылдарға, тіпті ғасырларға созылуы мүмкін. Ал азат ел ретінде мәңгі өмір сүру үшін мәңгі күресуге тура келеді. Бұл мәселе өзін «қазақ баласымын» деп есептейтін барлық саналы азаматты толғандырмай қоймасы анық. Себебі азаттықтың ағылдыр айдынына өз кемесін алып шыққанына ширек ғасырға да толмаған жас Қазақ елінінің тек экономика саласында ғана емес, идеология мен мәдениет саласында да іргесі бекіп, тұрманы түгенделе қойған жоқ. Бүгінгі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы тәуелсіздік алған күннен бері, бұрынғы қазақ хандары секілді, екі алып көршінің ортасында, ептеп-септеп «жаңбыржаңбырдың арасынан жол тауып» жүріп келеді. Қазақ зиялылары мен саясаткерлері арасында бұл жүрісті «дұрыс» деушілер де, «бұрыс» деушілер де жетіп артылады. Ел аман болса, бұл «жүрістің» шынайы бағасын алдағы уақыт пен келешек ұрпақ бере жатар. Ал алдымыздан әлі нендей соқпақтар, қандайқандай жолайырықтары кездеседі? Олар бізді қандай болашаққа бастап барады? деген сұрақтар, жас мемлекеттер ғана емес, бүгінгі қатепті, алпауыт елдердің де күнтәртібінен түспейтін мәңгілік сұрақтар. Бұл сұрақтар біз үшін, тіпті де өзектілігін еш қашан жоғалтпақ емес. Сондықтан жоғарыдағы сұрақтар қазақтың қарапайым бір баласы ретінде, бізді де еш қашан бей-жай қалдырып көрген жоқ. Сонымен Отанға оралған күннен бастап, негізгі жұмысымыз университетте ұстаздық, негізгі шығармашылық бағытымыз - поэзия, аударма, ғылыми-зерттеу болғанымен, ел ертеңі мен ұлт мүддесі, жас мемлекетіміздің іргесін бекемдеу, мемлекеттік тіл, ата дініміз, дәстүр-салтымыз, елдегі демографиялық жағдай, көші-қон барысы және отанға оралған қандастардың жай-күйі, жас ұрпақ тәрбиесі т.с.с. толып жатқан елдік, ұлттық мәселеде, ылғи да өз ойымызды, жеке пікірімізді дер кезінде жұрт назарына, өкіметтің қаперіне ұсынудан бір тынбай келеміз. Бүгін міне, солардың бір парасын жинақтап, жеке кітап етіп назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ондағы мақсат, «азат ел ретінде мәңгі өмір сүру үшін мәңгі күресуге тура келеді» деп жоғарыда айтқанымыздай, ел іргесінің бекемделіп, еңсесінің тіктеле түсінуіне, ұлттық ұлы мұраттарымыздың жүзеге асуына үн қату, бір кісілік үлес қосу болып табылады. Өйткені осы кітапқа енген мақалалар мен сұхбаттарда айтылған кейбір деректер (әсіресе цифрлар) ескіргенімен, жалпы ойлар мен идеялар, ұсыныстар мен пікірлер әлі де болса өзінің өзектілігін жоя қоймағаны белгілі болып отыр. Тіпті «өзектілігін жойды» дегендердің өзі, біріншіден, Еліміздің қандай соқтықпалы, соқпақсыз

жолдарды басып келе жатқанын көрсетсе, екіншіден, біздің де сондай бір шешуші шақтарда нендей азаматтық ұстанымда болғанымызды айғақтайды. Тағы бір жағынан, біз мұндағы мақалалар мен сұхбаттарда айтылған ойлар мен пікірлерді бұл жолы қайта қарап, ішінара болса да өңдеуден өткізген жоқпыз. Өз кезінде қандай көзқараста, нендей пікірде болдық, бұл жолы да сол күйі жібердік. Тіпті алғаш елге оралған тұстағы «стилстикалық» ерекшелігіміз - сөз саптау «мәнеріміз» де сол күйі кетті. Яғни әдейі солай қалдырдық. Өйткені оның бәрі біз үшін, бүгін үшін тарих. Себебі ол біздің шығармашылық жолымыздың ғана емес, тұтас азаматтық ой-санамыздың сорабы, белесі деп білеміз. Сондай-ақ, кейбір мақалалар мен сұхбаттар өз кезінде газет-журналдарда ықшамдалып жарық көрген болса, біз бұл жолы, мүмкіндігінше, табылғандарының толық нұсқасын беруге тырыстық. Ал кітап соңыдағы «Ғибратнама» атты тарау, соңғы он шақты жылдан бері жеке қойын дәптерге түртіп жүрген «дүниелер» болғанымен, осы жолы тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылып отыр. Абай атамыздың сөзімен айтқанда, «кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзіміз өзіміздікі».

- автор.

БАС-КӨЗІМІЗ – ОТАНЫМЫЗ!

Қазақстан – жер бетіндегі күллі қазақтың отаны! Демек, алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз тарихи отанына қашан табан тіресе, сол күннен бастап Қазақстан республикасының азаматы есептелуге тиіс. Көп жағдайда, біздің халықта сөз басқа, іс басқа болып жатады.... Мәселен, Моңғолиядан келген ағайындарға әлі күнге дейін азаматық берілмей отыруы соны көрсетсе керек. Дей тұрғанмен, «Мұсылмандық аста, аста» дегендей, бәрі бірте-бірте оңалар деген үмітпен күн кешеміз де. Бұл менің әлі азаматтық алып үлгермеген қандастарыма айтарым.

Ал, енді өз басыма келер болсам: мен де сол тағдыр тауқыметімен жан сауғалап шетелге кеткен көп қазақтың біреуінің ұрпағымын. «Жан сауғалап» дегенде, біздің ата-бабаларымыздың қай-қайсысы болмасын, өзге елге жанына жайлы қоныс, малына шұрайлы өріс іздеп кетпегені жұртқа мәлім. Мысалы, менің атам (Мәсімханның әкесі) Нақысбек Жалпетекұлы әйгілі 1916 жылғы Қарқара көтеріліснен кейін, көтеріліс кезінде жерлестеріне жәрдем беріп, орыс отаршылдығына қарсы шыққаны үшін патшалық ресейдің қудалауына ұшырап, еріксіз қытай асып кеткен... Жарықтық, сол атамыз қытай асып бара жатып, осында қалған туыстарына: «Қытайды паналасам мен паналармын. Ұрпақтарым қайта оралатын заман болады. Сонда соларға бас-көз болыңдар», - деп өсиет айтқан екен. Міне, мұндағы қандас туыстардың бас-көз болып, қанатының астына алғаны осы емес пе?! Бүгінде тәуелсіз отанымның азаматымын! Мен үшін бұдан артық бақыт жоқ. Тіпті бұдан артық бақыт болады дегенге сенбеймін де! Себебі, құдай сені бір ұлттың өкілі етіп жаратқан екен, өзіңнің тәуелсіз отаның бар болса, сен оның бір азаматы болсаң – арманың не?! Менің ұғымымда одан басқаның бәрі 99-шы кезектегі мәселе! Ия, ойлап қарасақ, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде төгіліп жатқан қанның дені «Отан үшін! Азаттық үшін!» екені құпия емес.

Сонымен, құдай бұйырса, азаматтық алдық! Рас, алғашқы күндері қуанышты хабарға есіміз кете мәре-сәре болғанымызбен, артынша, шаттық шалқар шабытқа ойысып, күлкі күрделі ойға жетеледі. Сосын шабыт келіп жүрекке, ой барып санаға салмағын түсірді. Әрине, олай болары заңды еді. Себебі шетелден «Отан» деп аңырап жеткендегі бар мақсат – Қазақстан азаматтығын алғасын, әсте шалқадан түсіп, шалжиып жату емес болатын. Керісінше, хал-қадерімізше сәби отанымыздың аяғынан тік тұрып кетуіне бір кісілік азаматтық үлесімізді қоссақ деген арманмен келіп едік. Міне, Отан азаматтығын берді. «Алмақтың да салмағы бар» демеуші ме еді атам қазақ, сол демекші, азаматтықты алғалы мойындағы азаматтық қарыз бен перзенттік парыздың да салмағы неше еселеп арта түскендей... Бірақ қанша еселенсе де, ғұмыр болса, денсаулық болса, отаным алдындағы қарыз бен халқым алдындағы парызды ада ету жолында бар күш-жігерімді аяп қалмаспын!

Ал, енді бүгінгі сөздің ретінде тағы бір айта кететін жай - өзім туып өскен Қытай еліне деген ризашылығым еді. Себебі мен де «Ас ішкен аяқты теппейтін», «Су ішкен құдығына түкірмейтін» қазақтың ұрпағымын ғой. Сондықтан Қытайда туып-өскенімді, Бейжіңдегі жоғары оқу орнына білім алғанымды, Үрімжідегі академияда ғылыми қызметкер болғанымды, бірнеше кітап шығарғанымды, Қытай жастар сыйлығының иегері болғанымды қай кезде де тек ізгі сезіммен еске алатындығым шүбәсіз! Бекер обалы қане, өз басым қытай елінде жамандық көрген жан емеспін! Ол елден кетсем тек отанға деген махаббат пен ұлтыма деген сүйіспеншіліктің құдіретімен кеттім. Бұны өз ұлтын сүйе білетін әрқандай адам баласы түсінуге тиіс!

Сонымен, Отандағы, ұлы Қазақ еліндегі ардақты қандастарым, түк тындырып бермесе де, бір қазақ болса да көбейе берсін деп қуанып отырсыздар ғой. Олай болса, сіздердің де қуаныштарыңыз баянды болғай! Себебі біз өз Отанымызда әлі де азшылық жағдайдамыз. Бір шаңырақ астында өсі-өнуге Алла нәсіп етсе екен!

Мен өзімдегі бұл бақытты шетте жүрген бар қандасыма тілеймін! Әумин.

«Шалқар» газеті. 1996 жыл.

ҰЛТТЫҚ АТАУ ДА ҰЛТЖАНДЫЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ

- тағы да Алматы аудандарының аттарына орай

Еліміз тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жеткелі де төрт жылдың жүзі болып қалыпты. Әрине бұл төрт жылда тәуелсіз елдің рухани және материалдық өміріне қажетті мүкамалдарының зор қарқынмен толықтанып келе жатқанын ілкі сезіммен атап өткен мақұл. Бәріне көзді жұмып алып, мысықша қарай беруден ұтарымыз шамалы. Басқаны айтпағанда, БҰҰ-ға мүше болдық, әлемдегі алпауыт елдер Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік берді, шекара сызығын көршілерімізбен дау-дамайсыз тұрақтандырдық. Төл теңгеміз айналымға енді. Шетел елшіліктері астанамызда күн санап көбейіп келеді. Ал, инвестиция салуға, бірлескен кәсіпорын ашуға келген шонжар елдердің шоң-шоң іскер топтары тіптен көп... Құдай қаласа, олардың жемісін көретін уақыт та қашық емес, деп айтуға батылымыз барады. Иә, бұның бәрі елдігімізге қажетті дипломатиялықэкономикалық шаралар мен шарттар. Яғни бұлар ел болуымызға қажетті сыртқы себептер. Ал енді өзіміздің ішкі шарттарымыз – рухани түлеуіміз бен өсуіміз, идеологиямыздың қалыптасуы мен жүзеге асуы, ұлттық санамыздың жәй-күйі мен жаңғыруы... т.б. қай деңгейде? Яғни ұлт ретіндегі ішкі шарттарымыз өркениетті ел болудың жүгін көтеруге дайын ба? Болымды жағынан жауап беруге шарасызбыз. Иә, сылбырлығымызды «көш жүре түзеледі» деген көнбіс қағидамен жауып үйренген дағдымыз істелер қыруар жұмысқа, ілгері басар талай аяққа тұсау болып отырғанын кімнен жасырайық. «Жүре түзелу» үшін сол көшке де жағдай керек екеніне неге мән бермейміз!? Жүкті артып, ес-түс жоқ, бағыт-бағдар жоқ түйеңді айдап жіберші, түзелгенін көрейік! Бақытты болашаққа бет алған Қазақ елінің көші де сәт сайын қадағалап, кемшін әбзелін толықтырып отыруға зәру. Әсіресе, біз секілді бодандықтың қамытатын жаңа шешкен ел үшін, тоталитарлық «қызыл» идеологияның уынан арылу – маңдай алды міндеттердің қатарына жатуға тиіс. Яғни кезінде отаршылдардың бізге бір танымды зорлап таңуы қалай шұғыл қажет болса, біз үшін бүгін одан шұғыл құтылу да сондай қажеттілік. Өкініш есебінен, біздің бұл саладағы қадамымыз өте сылбыр, мысалды алыстан да, өзгеден де іздемей-ақ, мына астанамыз Алматыдан айтайықшы.... Елімізде шетел елшіліктері мен әлемнің әр шалғайынан келген іскер топтардың молайып келе жатқаны екібастан ақиқат дедік. Олардың бәрі қазір негізінен Алматы (қазірше астанамыз ғой) қаласында жұмыстарын жалғастырып, бізбен бірге тіршілік етуде. Демек, олардың тіркелуі, кіру-шығуы сияқты жұмыстармен астана аудандарының ішкі істер басқармалары айналысады деген сөз. Тұрғын үйлеріне байланысты мәселелермен өздері тұрған ауданның тұрғын үй басқру мекемелері айналысса; балаларының білім

алуына қатысты жұмыстармен сол ауданның оқыту

басқармалары шұғылданады. Қысқасы, қала тұрғыны ретінде өзі тұрған ауданның барлық мекемесімен қатынас жасауына тура келеді. Олай болса, қане, астана аудандарының атын атап, түсін түстеп көрейікші. Октябрь, Ленин, Москва, Совет, Калинин, Фрунзе, Әуезов, Алатау. Ал осындағы Ленин, Москва, Совет, Калинин, Фрунзе дегендердің кім болғанын; Совет, Москва, Октябрь деген атаулардың нені меңзейтіндігін түсіндіріп жату басы артық шаруа. Аталған адам аттары мен «қызыл атаулар» - астаналық аудан әкімшіліктерінің, түрлі мекемелердің туымыз түстес көк маңдайшасында әлі «жарқырап» тұр. Бұларды өзгертетін, азат елдің әлпет-ажарына, тірлігіне лайық ат қоятын уақыт баяғыда-ақ жеткен. Асықпайтын салтымыз бойынша, «ештен кеш жақсы» дей отырып, енді едел-жедел қимылдап жатсақ, ол да күпая. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болмай жүреміз бе! Мұндайда «Онда тұрған не бар?» деп кежегесі кері тартатындар да табылуы мүмкін. Ондайларға «онда тұрған көп жай бар» екенін де айта кетейік. Бұл ретте, сөзді сәл арыдан қозғауға тура келеді. Яғни кешегі Кеңес империясы тұсында, жоғарыда аттары аталған (аталмағандары да толып жатыр) «пролетарлар» мен «қызыл атауларды» отаршылар күллі кеңес өңіріне (тіпті социалистік лагерьдегі өзге де елдерге) неге зорлап таңып, шегелеп орнықтырып еді? Еріккеннен бе? Жоқ. Әсте олай емес! Өз идеологиясына санаңды жаулатып, жаныңды улату үшін, өткеніңді ұмыттырып, мәңгүрттікке тез апару үшін, қызыл империя өзінің «дана көсемдерін» күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпастай етудің қамына кірісіп бағып еді ғой. Ол барыстың түрлі формасы, қилы мазмұны болғанын бәріміз жақсы білеміз. Тарихтан қалыптасқан ономостикалық атаулар мен жаңа елді мекендердің атауын «қызылдандыру» сол көп әдістердің бірі болатын. Айтты-айтпады, бұл шаралар өз өнімін бермей қалған жоқ. Бүгінде Алматыда тұратын қазақтың сорпа бетіне шығары, ары мен ұжданы – интеллегенттер, біріміз Фрунзе, тағы біріміз Октябрь ... аудандарында тұрамыз. Ара-тұра балаларымызды, немерешөберелерімізді ертіп Ленин көшесімен бойлап барамыз да «28 панфиловшылар» бақшасына немесе М.Горький атындағы саябаққа кіріп «демалып» қайтамыз. Жол бойы бала-шағамызға КСРО тарихынан сыр (өйткені олар жаңағы көше, саябақ аттарына байланысты сұрайды ғой) шертіп береміз. Тіпті кейбіреулеріміз сол заманды сағына, көзімізге жас ала отырып әңгімелейміз. Мінеки, ендігі жерде «қызыл империяның кешегі еңбегі еш болды, төккен тері далаға кетті» дей аламыз ба!? Немесе бала (сәби) санасындағы ата-анасы қалыптастырған танымды ендігі жерде өшіріп көріңіз! Өшуі өшер, бірақ көп уақыт, мол қажыр-қайрат, қыруар қаржы сарп етуге тура келеді. Кейбіреуінікі, тіпті, өшпеген күйінше кетуі де мүмкін. Себебі бала кездегі орнаған танымның өзгеруі қиын. Мәселен, мен, өз басымнан бір мысал айтайын, бала кезімде, әке-шешем жек көретін біреулерді әлі жақсы көре алмай

келе жатырмын. Оның себебі біреу-ақ. Сол адамдар туралы менің танымым әке-шешемнің ықпалында пайда болды әрі солай қалыптасты. Ол танымымды өзім саналы түрде өзгертейін десем, біріншіден, әке-шешем маған ренжитін секілденеді, екіншіден, әлгі адамдар шынымен де «жаман» секілденеді де тұрады. Демек, оның оңай-оспақта өшетін, өзгеретін түрі жоқ. Ал атасы мен әжесі (немесе әкесі мен шешесі) еңірегенде етегі толып, сағыныш күйігін баса алмай еске алған «қызыл көсемдерді» бүгінгі ұрпақ ертең қалай ұмытсын?! Сонымен ертең азаттығымызға екіленіп қарайтын, екідай танымдағы ұрпақ келеді. Оларды бүгін, өзге емес, өзіміз солай тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан көтеріп отырған мәселеміз бүгінгі ұрпақтың жан дүниесіне, санасына азат елдің өз идеологиясын ұялату үшін, оларды ұлттық сана нәрімен суару үшін керек. Мұндай бүгін үшін кішкене болғанымен, ертең үшін мәні зор шара жедел істелер қызметтердің күн тәртібімен әсте қағыс қалмауы керек. Бұл –бір. Екіншіден, елімізде ашылып жатқан шетел елшіліктерінің, келіп-кетіп жатқан іскер адамдар мен туристердің күн санап молайып келе жатқанын жоғарыда айттық. Оған тағы бір қоса кетеріміз, Аллаға шүкір, астанамызға екі күннің бірінде әлемдегі үлкенді-кішілі елдердің лидерлері, басшылары, әр деңгейдегі лауазымды адамдар келіп-кетіп жатыр. Келгені, әрине, жақсы ғой. Бірақ «сырт көз сыншы», «қонақ аз отырып, көп сынайды» деген жосық бойынша, ой жүгіртсек, сол «қонақтарымыз» астана - басқалаңды бір айналып шығып-ақ, біздің халықтық болмысымызға, ұлттық намысымызға, елдік сенімімізге нобайлап болса да бағасын беріп, айдарын тағып қайтады. Олардың беретін бағасы белгілі. Тіпті, «Бұлар (қазақтар) әлі күнге дейін Мәскеуге деген құлшылдықтан арылмапты». «Ұлттық намыстары біржола өліп кеткен сыңайлы». Немесе «Әттең осындай тәуелсіздікті құдай бізге берсе ғой». Немесе «Алматыдан көк тудан өзге көп жаңалық көрмедім», - деген сияқты пайымдарды шетелдіктердің аузынан естіп те жүрміз. Бұл пікірлерін олар Алматыда айлап-жылдап тұрмай-ақ, қаланы бір айналып шығып-ақ айта береді. Себебі орыстардың өзіне көк тиынға керек болмай қалған кешегі қызыл империяның құрушылары мен мақсат-нышандары бүгінгі ТӘУЕЛСІЗ Қазақстанның астанасында (тіпті бүкіл аумағында) мұрты бұзылмаған қалпы тұрса, «міншіл, сыншыл» қонағымыз жоғарыдағыдан өзге қандай танымда болуы мүмкін?! Сондықтан, ардақты ағайын, құрметті ел тізгінін ұстап отырған азаматтар, ел боламыз десек, бүгінгі жас ұрпаққа – ертеңгі елдің егелеріне елдік мызғымас бағыт-бағдарын, жол жобасын жасап беруге ат салысайык. Азат елдің азат азаматтарынша тірлік етуді үйретіп кетейік? «Албасты да қабаққа қарап басады» дегенді атам қазақ тегін айтпаса керек. Оның бержағында сыйлағанды қорыққандық, кешіргенді топастық деп түсінетін мәскеулік шовинистерге (Жироновский сияқты) керегі біздің кесек мінезіміз бен кескін қимылымыз

екенін де бір уақ ескерген жөн. Батылдық дегеннің өзі де саясаттағы өте маңызды кілт. Оны дұрыс пайдаланудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Оның үстіне біреудің ішкі ісіне араласайық деп отырған біз жоқ, ендеше, өз қотырымызды өзіміз қасудан неменеге именеміз!? Онда әлгіндей атауларды бүгінгі қажеттілік пен талапқа сай, жергілікті халықтың тағдыр-талайын, парасат-пайымын көрсететін көрнекті атаулармен ауыстыруды жедел қолға алған орынды. Мысалға, ондай құрметке лайық қазақтың ұл-қыздары, ұлағатты оқиғалар болған даталар, қасиетті тау-өзендер аз ба?! Осы жолдардың авторы жоғарыдағы аудан, көше аттарына ауыстыруға лайық деп мынадай тізім ұсынады: Алаш, Мұстафа Шоқай, Сырым Датұлы, Ұзақ Батыр, Жәмеңке, Аманкелді Иманов, Кенесары; 16-жыл, 32-жыл, 86-жыл, Арқа, Жетісу, Сыр, т.б. Бұл өзі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Саналы қауым жиі ортаға салып жүрген әңгіме. Енді Елбасымыз бен үкімет жұрт талабына құлақ түрсе болғаны, айтылудан кенде емес.

«Алматы ақшамы» газеті.
25 қазан 1995ж.- №43

АЛТЫН ТАҒЫҢ БОЛҒАНША, АЛАҚАНДАЙ ЖЕРІҢ БОЛСЫН

Баяғыда «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны; Ойылды келіп алғаны, ойындағысы болғаны»,- деп ақылман аталарымыз айтып-ақ кетті ғой. Талай жерден жылай-жылай айырылған халық енді еңсе көтеріп, ел болдым ба деп отырған бүгінгі күні «жерді сату», «қостілділік», «қос азаматтық», «жерге жекеменшік беру» деген секілді өрескел талаптарды қалай ғана бей-жай қабылдай аларсың?!

Қазақстан – жер жүзіндегі күллі қазақтың тарихи Отаны. Бұл Елбасымыз мәртебемізді асырып, жиі айтып жүрген лебіз. Сондай-ақ даусыз ақиқат та. Демек бұл жер – қазақ даласы, қазақ панасы. Қайсыбіреулердің назарындағыдай, пышақ үстінен бөлісіп ала салатын иесіз топырақ емес. Бағзы заманнан бері атабабаларымыз осынау ұлы мекеннің – қасиетті топырақтың тағдыры үшін жан алып, жан берген. Кең-байтақ жерімізді сақтап қалған. Міне, бүгін тәуелсіз ел болып отырамыз. Халқымыз да әлемдегі іргелі ұлттардың қатарынан орын алды. Алайда санамыздың он миллионнан асқандығы туралы айдай әлемге мақтанышпен жар салып жүргенімізбен, сол қазақтың үштен бірі дүниенің түкпір-түкпірінде әлі де тарыдай шашылып жүргендігін қайда қоясыз. Сонда да олардың бір Алладан тілейтіні – қазақ елінің амандығы, Отан топырағының бүтіндігі. Өйткені, олар да «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын» деп ғұмыр кешкен қазақтың тұяғы болғандықтан, өздері шетелде қандай күн кешіп жүрсе де «тұғырым – туған жерім бар, Отаным – байтақ елім бар» деген сенімнен айырылған емес. Сталин мен Голощекин қырғынынан бас сауғалап, дүниенің төрт бұрышына тентіреп кеткен қазақтың бүгінгі ұл-қыздары ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде тарихи Отандары – Қазақстанға оралатынына сенеді. Сонда сол Отанындағы қасиетті топырақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе, олар үшін де бұдан өткен қасіреттің жоқ екенін бойында қаны, жүрегінде оты-намысы бар адамның сезінбеуі мүмкін емес.

Иә, басқа емес, кешегі өткен Әбілқайыр мен Абылай хандардың осынау даланы қайдағы бір қалталыларға сатып-сатып жіберіп, байлығын оңды-солды шашып, бес күндік жалғанды жалпағынан басып жүруге ақыл-парасаты жетпей қалған жоқ еді ғой... Яғни, олар елімен бірге бодан болуға бас исе де, қара тұяқтарынан хал кеткенге дейін жерден біржола айырылмаудың қаракетін жасады. Нәтижесінде ел тағдыры солай шешіледі де, жер өз елегімізде қала береді.

Рас, егемен еліміз өз басынан нарықтық қатынастарға көшудің недәуір қиын кезеңін басынан кешіріп отыр. Қандай қиын болса да, бұл бағыттан ауытқуға болмайтындығын әлемдік тәжірибелер дәлелдеп берді. Дүниежүзілік қоғамдастықтың жаңа бір мүшесі ретінде, бізді де тығырықтан шығаратын, өркениетті елдермен тереземізді теңестіретін бірден-бір дұрыс

жол осы екендігі күн өткен сайын білініп келеді. Ал сол шын мәніндегі, кемел түріндегі нарықтық қатынастардың орнауы – жоспарлы шаруашылық шырмауындағы қауымдық өндірістен қалай шығып, өндіріс құрал-жабдықтарын (жер-су, зауыт-фаврика) жекешелендіру қалай жүргізілумен тығыз байланысты.

Бұл арада басы ашық бір нәрсе, өндіріс орындарының басым көпшілігін мемлекет меншігінен алудың маңызы зор. Алайда, бұл мемлекет меншігіне, атап айтқанда, жалпы халықтық меншікке, соқыр тиын немесе бұрау қалдырмау деген сөз емес қой. Қайта, жалпы халықтық шаруашылықтың қан тамыры тақылетті негізгі тұлғаларын қай елде де, қашан да мемлекет өз меншігінен әсте шығарған емес. Сол арқылы шаруашылық құрылымдарын, нарықтық қатынастардың бәсекесіндегі экономикалық ауыртпалықтан туатын шаруашылық және саяси дағдырыстың алдын алып отырған. Пәрменді мемлекеттік аппарат бізге ең алдымен сол үшін керек. Ондай күш-құдіретсіз ешбір үкімет шаруашылық шаралар мен халықтың әлеуметтік жағдайына белсенді ықпал көрсете алмайды.

Ал, қазір бізде нарықтық қатынастарға көшудіңғ, соған сәйкес жекешелендірудің жөні осы екен деп, «бәрін де жоспарсыз, негізсіз, жүйесіз, ту-талақай бөлісіп алып, түп-түгел жекенің қолына ұстатып жіберсек қана, тығырықтан тез шығып, шаруашылығымызды шалқытып жіберетін едік», дейтін аптықпа көзқарас бел алып барады. Мұның негізгі көрінісі мемлекеттің, яғни жалпы халықтың ең басты байлығы – жер-суды саудағы салып, қалталылардың мәңгі меншігіне берсек дегеннен байқалуда.

Мұндай талапты қоюшылар мен қолдаушылардың нені ойлап, нені көздеп отырғандарын бір құдайдың өзі білсін. Ал біз мұны «нарықтық қатынастарды қалыптастырудың қажетінен туындаған шығар» деп түсіне отырып, оларға жерсуды мемлекет иелігінен алмай-ақ, нарықтық қатынастарды ойдағыдай орнатуға әбден болады деген пікірімізді ұсынған болар едік. Оны дәлелдеу үшін айналамызға сәл-пәл боса да көз жіберіп көрейікші. Тіпті алысқа бармайақ, іргеміздегі көрші Қытай елінің экономикалық реформадағы тәжірибелері-ақ бізге мол сабақ болары даусыз.

Алып Қытай елі өз тарихында жерді сату мен жалға берудің қасіретін басынан көп көшірген ел. Сонау 1840 жылғы апиын соғысында құдіретті Ұлыбритания империясынан ойсырай жеңілген қытайлықтар бірте-бірте іргелі елдердің шылауына түсіп, талай-талай теңсіз келісімдерге еріксіз қол қойып үлгірді. Құмырсқадай құжынаған Қытай елін толық бодан етіп барқадар таппасын білген батыс отаршылдары, іріп-шірудің шегіне жеткен Қытай үкіметі арқылы елдің қалаған өңірінен арзан бағамен ұзақ мерзімге жер алып, елді теспей сорғысы келді. Сөйтіп 1845 жылғы 29 қарашада Британия отаршылдары Қытай үкіметіне «Шанхайдан жалға жер алу ережесіне» қол қойдырып, қытай жерінен тұңғыш рет жер сатып алды. Бұл Қытай тарихында халық намысын аяққа таппаған, ел күнпарағына қара әріппен жазылатын қасіретті күн еді.

Осыдан соң жалға жер сатып алу Қытайдың Гуаңжу, Шиямін, Тиянжин, Хонкоу, Жиюжияң сияқты экономикалық жантамыры саналатын, маңызды стратегиялық, аса ірі қалаларында да жүзеге аса бастады. Әрине, бұл олжадан АҚШ, Германия, Франция секілді алдыңғы қатарлы алпауыт елдер де сырт қалған жоқ.

Алғашында жалға берілген жерлерге Қытай үкіметі әкімшілік басқару және заңды иелік құқығын жүргізе алатын еді. Кейін бұл жерлер жалға алушылар тарапынан өз әкімшілігі, өз қарулы күштері бар мемлекет ішіндегі мемлекетке айналып шыға келеді де, Қытай үкіметі бұл жерлердің шекарасына: «Қытайлардың және иттердің кіруіне болмайды!» деген ескерту де жазылып қойылды. Дәл осы тұста бүгінгі Байқоңыр ғарыш айлағындағы Қазақстан азаматтарының жұмыстан қуылып жатуы, оларға «Ресей азаматтығын қабылдасаңдар, жұмыс беріледі» деген талаптары еске түседі екен...

Міне, өз жеріне деген иелік құқығын қалпына келтіру үшін қытай халқы аттай бір ғасырдан астам уақыт қан кешіп, күрескені белшілі. Соның өзінде Хонгонг секілді қалаларын күні бүгінге дейін қайтарып ала алмай отырғандығы да құпия емес.

Өз тарихында осылайша жерді жалға берудің, сатудың қасіретті кезеңдерін басынан кешірген қытай елі Ата заңдарының 1-тарауындағы ІХ бабында: «Кен, су, орман, жайылым, егіс даласы, сазды жерлер, табиғи байлықтар түгелімен мемлекет меншігінде, яғни жалпы - халықтық меншікте болады» делінсе, Х-бабында: «Әрқандай ұжым немесе жеке адамның жерді иемденіп алуына, саудаға салуына, сондай-ақ басқа да заңсыз жолдармен өткермелеуіне жол берілмейді» деп ашық көрсетілген. Сөйтіп жер-судың тек мемлекет меншігінде болатындығын, алып-сатуға тыйым салатындығын заңмен шегелеп бекіткен.

1978 жылғы желтоқсаннан басталған Қытайдың «реформа жасау, сыртқы есік ашу» саясатының бүгінгі күні ғаламат жеміс беріп отырғандығы әлемге мағлұм. Осы 16 жылдан бері Қытай үкіметі ондаған «экономикалық ерекше аудан» немесе көптеген «ашық қалаларды» дүниеге әкеліп, оған сан миллиардтаған шетел инвестициясын салып, мыңдаған шетел иелігіндегі кәсіпорындармен бірлескен кәсіпорындар ашып отырғанмен, дәл қәзірге дейін сынық сүйем жердің иелік құқығын ешкімге біржола берген жоқ. Тек оны жалға беру жолымен жердің пайдалану құқығын ғана уақытша өткермелеп береді. Ал жердің басы бүтін сатылып, түбегейлі жекешелендірілмеуіне байланысты қытай елінде нарықтық қатынастар орнамай, экономика керіне кетіп жатпағаны кімкімге де түсінікті.

Жалпы ауыл шаруашылығында қытай үкіметі өте сергек те икемді саясат ұстанып келеді. Айталық, Қытай жерінің небәрі 10,6 проценті ғана егістік жерге пайдаланылады. Сол жерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде олар бір миллиард үш жүз миллион халықты азық-түлікпен, қыруар зауыт – фабрикаларын егіншілікпен шикізатымен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда олар

бұрынғыдай жапатармағай «үлкен қазаннан» тамақтанатын ұжымдық тірліктің орнына, тек егістік жерді диқандарға кісі басына, сондай-ақ еңбек күшіне қарай жалға беру саясатын қолданды. Нәтижесінде, өз еңбегінің жемісі тек өзіне ғана бұйыратынына әбден көзі жеткен дихандар егіншілікпен белсене шұғылданып, аулышаруашылық өнімдерінің мөлшерін жедел арттырды. Айталық, жерді жекеге жалға беру тізімі толық аяқталған 1982 жылы 1981 жылмен салыстырғанда өнімділік 11,2 процентке артты. Міне, бұл қытай тарихында бұрын-соңды болып көрмеген нағыз «зор секіру» еді. Осыған байланысты еңбегі жанған диқандардың тұрмыс деңгейі де тез қарқынмен көтерілді. Ескерте кететін тағы бір мәселе – жалға жер алушы жеке, мемлекеттік тапсырысты орындауға, түрлі салық пен басқа да төлемдерді өз уақытында өтеуге және әлеуметтік еңбектерге қалмай қатысуға міндетті. Мұнымен қоса жалға берілген егістік жерді егіс қажетімен басқа да қосымша кәсіптер үшін пайдалану қорғау және күту қатаң міндеттелінген (жайылым мен су айдындары да солай). Диқандардың қосымша кәсіптерімен шұғылдануына да толық мүмкіндік берілген. Егер, осы жерлерді Қытай үкіметі әуел баста-ақ, не істесең соны істе деп басы бүтін сатып берген болса, экономикасын дәл қазіргідей өркендету былай тұрсын, күні бүгінге дейін соның дау-дамайынан құтыла алмай, былыққа белшесінен батып жүруі ғажап емес еді.

Көріп отырғанымыздай, тығырықтан шығудың жолы тек жер-судың иелік құқығын сатуда ғана тұрған жоқ екен. Ең бастысы, үкімет экономикалық саясатты жүйеге келтіріп, шаруашылық құрылымдарын ретке салуы, жекешелендірудің ел жағдайына, халық тағдырына үйлесімді бағдарламасын жасап, оның іске асуын жеделдетіп басқаруға батыл реформа жасап, шаруашылықтардың ақаусыз атқарылуын кепілдендіру қажет.

Қысқасы, дана халқымыз: «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын», «Елі аманның жері аман» деген сияқты ақыл-нақылдарын тектен-текке айтпағаны шындық. Бүгінде жер бетінің әр тұсында төгіліп жатқан қан, түбін қуып келгенде жер үшін екендігі де анық. Олай болса, біздің «ел аман, жұрт тынышта» жерді сатамыз дегеніміз қай сасқанымыз! Жер тағдыры – ел тағдыры.

Ал түптеп келгенде, экономиканың дамуы тек жерді саудалауға ғана қарап тұрмағанын жоғарыда қытай елінің қарапайым да озық тәжірибесі арқылы дәлелдеп бергендей болдық. Оның озық да үздік болатыны – жердің мемлекет иелігінде қалдырылуында деп білеміз. Жоғарыда баяндағанымыздай, жер сатудың тек қасірет әкелетінін ескермесе, ел санының 96 процентін таза қытайлар құрайтын бүгінгі ҚХР үкіметі кімнен именіп, неден тартынып отыр дейсің?..

Бәрін айт та, бірін айт – жер сатылмау керек! Біле білсек, жоспарлы шаруашылықтан нарықтық экономикаға көшкен ел ретінде де, Азиялық ұлттық мемлекет ретінде де экономикасының дамуы дүниенің алдыңғы қатарына тез өткен (небәрі он бес-ақ жыл) держава ретінде де, демімізге демі тиіп отырған

ұлы көршіміз ретінде де қытай елінің экономикалық реформасынан алар өнегеміз, үйренер үлгіміз аз болмаса керек.

«Егемен Қазақстан» газеті.
25 қаңтар 1995ж. №16.

«ӘКЕМІЗДІҢ БАСЫ БАР».........

Біздің қолымызға қалам алып сіздерге үшбу хатты жазуымызға себеп болған нәрсе-соңғы кездері респуплика өмірінде бел ала бастаған бірнеше сорақы ұсыныстар болып отыр. Яғни, «жер сату», «қостілдік», «қосазаматтық» деген мәселелер төнірегіндегі жөнсіз талаптар жүрегімізді мұздатып, жанымызды қарып барады. Ұлттық намысымыздың аяққа тапталуы мен арымыздың қорлануына апарып соғатын ондай жүгенсіздік қазақ халқының намысты саналы ұл-қыздары ретінде бізді де бейжай қалдырған жоқ. «Қазақстан-жер жүзіндегі күллі қазақтың ТАРИХИ ОТАНЫ!» Бұлсіздер жиі айтып, жанымызды семіртіп жүрген қасиетті лебіз. Сондай-ақ даусыз ақиқат та. Ұлтымыз жан санының он миллионнан асқандығы туралы айдай әлемге мақтанышпен жар салып жүргенімізбен, сол қазақтың үштен бірі дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап, шілдей тозып жүргені құпия емес. Сонда да олардың бір Алладан тілейтіні Қазақ елінің амандығы, отан топырағының бүтіндігі. Олар да «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын!» деген қасиетті ұғыммен заман кешіп келе жатқан қазақ деген халықтың тұяғы болғандықтан, шетелдерде қандай күй кешіп жүрсе де елім бар, жерім бар деген сеніммен бір айырылған емес. Ендеше ерте ме, кеш пе, олар да тарихи отандары-Қазақстанға табан тірейді деген сөз. Сонда сол отанындағы қасиетті топырақ өз қандастарына да бұйырмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе, олар үшін де бұдан асқан қасиет жоқ екендігін естеріңізге салғымыз келеді. Кешегі өткен хандардың осынау туған топырақты кім көрінгенге сатыпсатып жіберіп, ақшасын жеп, алшаң басып жүруге ақыл-парасаттары жетпей қалған жоқ еді ғой. Яғни олар елімен бірге бодандыққа бас исе де, жерден біржола айырылмау жағын көбірек ойлады. Әрине, ол солай болды да. Сондықтан бүгінгі өздеріңізді хан көтеріп,елдікке жеткеніміздің өзі осынау топырақтың егелігінен айырылмағандығымыздың арқасы емес пе? Қысқасы «Жерімізді сатып, экономикамызды өркендетпей-ақ» қояйық. Айта берсек, экономиканың өркендеуі жердің мемлекет иелігінен алынуына ғана қарап тұрған жоқ. Мәселен, ел жан санының 96 процентін қытайлар құрайтын ҚХРдың өзі жерді арендаға (өз азаматтарына) беру жолымен-ақ, дүниенің алдыңғы қатарынан бой көрсетіп отырған жоқ па?! Ал «қостілділік» дегенге келсек, сіздерден несін жасырайық, алыс шетелден өз отанына (қазақ еліне!) оралған қазақ азаматтары ретінде, қазақ тілін ұмытпағанымызға мақтануымыздың орнына, орыс тілін білмегендігіміз үшін жасып жүрміз. Өйткені, қазақ тілімен еш жерге сөзіміз өтіп, еш мекемеге документтеріміз (құжаттарымыз) қабылданып көрген жоқ. Сонда мемлекеттік тіл деген атағы ғана бар қазақ тіліне жасалып отырған ендігі шабуыл оны біржола жоюды ғана көздеп отыр деп айтуға батылымыз барады. Ал тіліміз

жойылған жерде «қазақпын» деудің, бұл елді «Қазақ елі» деудің қанша құны бар екен? Құрметті ел ағалары, дауға арқау болып жүрген үлкен әңгіменің бірі «Қосазаматтық» төңірегінде өрбуі. Шыны керек, «Қосазаматтық» тек жеке баспайдамызды ойласақ,ең алдымен біздер-шетелдік қазақтар үшін тиімді болып еді. Бірақ, отан тағдыры, ел тәуелсіздігі үшін біз ондай сасық пайдадан ат тізінінен аулақ салып келеміз. Өйткені, оны жансала дәріптеушілердің мақсатының екінші бір елде азамат ретінде жүруі деген сөз. Қазақстан үшін оның неге апарып соғатының қиядауын өзі қорқынышты. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, «қосазаматтық» дәметіп еріккен еркелерді емес, тыңдасаңыздар, Қазақстанның (тек қана қазақ елінің!) азаматтығын ала алмай, сандалып сараң боп жүрген, мына біздің уәжімізді тыңдаңыздар! «Шетелден келген қазақ ұлтының өкілдеріне алты ай ішінде азаматтық беріледі» деген сөз жиі айтылды. Тарихи отанға қоныс аударғанымызға алдымызға бес жыл, артымызға бір жыл! Тек бойдағы қанымызды азаматтық, жүрегімізді төлқұжат етіп жүріп жатырмыз. Бұл жұмысты реттейтін қатысты мекемелер өтінішімізге немкетті,сүйейсалды жауап айтып шығарып салады. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сол да баяғы. Осыған жыламай, «шыда, жаным шыдалап» жүрген біздікі қандай жан, Қазақстанның азаматтығы тақиясына тар келіп, ерігіп шұрқан тілеп жүргендердікі қандай жан?! Біз секілді сорлы қазақтар сормаңдай ұрпағының сорасының құрғайтын күні бар ма, жоқ, осылай кеткеніміз кеткен бе?! «Қазақ» деген халық ең әуелі өзінің тарих бетінен өшіп кетпеуі үшін тарихта «мың өліп, мың тірілгенін» өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал сөйткен халық, өз тізгіні өз қолына түгендейтін кезде, төрт құбыласын енді түгендейтін кезде, мынадай бейқұт заманда «қазақ» деген сөзді қарап отырып Ата заңнан сызып тастау керек пе?! Олай болатын болса, Шыңғыс хан жорығынан бері қарайғы, әсіресе, соңғы үш жүз жылдық отаршылдыққа қарсы күресте төгілген ата-бабалар қаны не үшін төгілді деп түсіндіреміз?... Құдайға шүкір, қазақ деген құрметті сөздің құлы болып «еркек тоқты құрбандық» деп жүрген азаматтар әлі де аз емес. Былайша қазақты ашындыра берудің неге апарып соғатыны қашан да естен шықпағаны абзал. Иә, өздеріңіз де жақсы білесіздер, «Конституция» (Атазаң) деген әркім бір редакциялай беретін біреудің шығармасы емес. Ол-елдіктің бас құжаты. Кісілік қоғамның-мемлекеттің-негізгі жарғысы. Егер өзгертуге тиіс болатын болса, оған біздің де алып-қосарымыз табылады. Мәселен, біз сіздерден, сондай-ақ Жоғары Кеңестен, шетелдегі қазақ халқының зиялы қауымының өкілі ретінде, Конституциядағы: «Біз, Қазақстан халқы» дегенді, «Біз қазақ халқы және Қазақстанда жасайтын өзге де туысқан халықтар» деп өзгертуді өзгертер едік...

Әрісі 300 жылдық отаршылдық, берісі 70 жылдық тоталитарлық жүйенің «үздік өнімдері» -бүгінгі ішінара өзіміздің жетесіз ұрпақтарымыз бен кейбір арандатушы күштердің ауа жайылуына рұқсат берілмеуін, сондай-ақ, Конституцияны қорғайтын заңды жедел қабылдап,оның тез күшіне енуіне асығуларыңыздан үміт етеміз. Сонымен бірге азаматтығымыз туралы айқын құжаттың да тез арада іске қосылуын өтінеміз. «Түркістан» газеті. 1995 жыл

P.S.: Бұл мақала «Түркістан» газетіне шетелден келген бір топ қаламгер ағайынның «жерді мәңгі меншікке беруге» наразылық білдірген ашық хаты ретінде жарияланды. Толық мәтінді біз дайындаған болатынбыз.

ТІЛІМІЗ КІМГЕ КЕРЕК БІЗДЕН БАСҚА?

Жылқы кісінейді, қой маңырайды, сиыр мөңірейді, ит үреді... Осындағы «кісінеу, маңырау, мөңіреу, үру» - аталған жануарлардың «ана тілі». Көріп отырсыздар ғой, олар да туған тілін ұмытпаған. Ал француз французша, ағылшын ағылшынша, жапон жапонша, өзбек өзбекше, орыс орысша пікірлеседі. Демек, олар да өз ана ттілімен сөйлеседі екен. Тек... тек қана біздің сорлы қазақ өз ана тілінде сөйлемейді... Тілі бар ма өзі? Бар болғанда қандай, әлемдегі ең әдемі де бай тілдердің бірі. Бірақ сол әдемі тіл күн өткен сайын тозып, сән-салтанатынан ада болып, қанатынан қайырылып, базарынан айырыл барады. Себебі дейсіз бе? Себебі көп. Оның бастысы ретінде біреулер жат жұрттықтардың отаршыл саясатын тілге тиек етсе, тағы біреулер өзіміздегі намыссыздық пен жарамсақтаушылықты көлденең тартады. Мен осы соңғы пікірдегі топқа қосыламын. Не үшін екеніне көрсетер дәлелім мол. Соның біразын айтайын, тыңдай беріңіз... Иә, отаршыл саясат, тоталитарлық жүйе... Бұл шыныменде бодан халықты рухани тозуға, азғындауға, тіпті құрып жоғалуға апаратын қатігез соқпақ. Дей тұрғанмен өз тарихында өзге елге бодан болмаған халық кемде-кем екендігі тарихтан белгілі. Бір шындық бар, ол – отаршылдық езгінің қашанда, қай елде де жақсы, жанға жайлысы болған емес. Ал сондай езгі астындағы бодан халықты көбінде екі түрлі тағдыр күтіп тұрады. Оның бірі – сол халықтың түрлі жолдар мен мүмкіндіктерді пайдаланып, азаттыққа, тәуелсіздікке қол жеткізуі де, енді бірі – отаршылық саясаттың құлы болып, дінінен, тілінен, ділінен, айырылып, сосын өз мәдениетін түбегейлі мансұқтап, ең соңында халық ретінде құрып жоғалу. Бірақ бұл екі тағдыр, Алланың жарлығымен немесе үкіметтің пәрменімен жүзеге аспайды. Өйткені, Алла тағала: «жарату менен, тарану өзіңнен», - дейді екен. Ал бір халықтың халықтық болмыстарын сызып тастап, екінші бір халықтың ұлттық болмысына көшіре қою да үкіметтік бір әмір-пәрменмен жүзеге аса беретін оңай-оспақ шаруа емес. Сондықтан бодан халықтың алдынан шығатын бұл екі түрлі тағдыр, көбіне-көп сол, халықтың өз дәстүрлі мәдениетінің тарихта қатепті түрде қалыптасқанқалыптаспағандығына, ұлттық мақтаныш қайрауында болатын ұлттық намыстың күшті-әлсіздігіне қарай екі түрлі тағдырдың бірімен кезігіп отырады. Бұған адамзат тарихынан мысал келтіріп жатудың өзі басы артық жұмыс болар еді. Яғни қай ғасырда, қай құрлықта болмасын, бір реткі ғана емес, отаршылдық сан реткі езгіні жеңе отырып, бүгінге жетіп отырған халықтар да, отаршыл саясаттың құрбаны болып, құрып жоғалған халықтар да аз емес. Отарлық езгіден құтылып, азаттық жолына түскендер – ұрпақтарын өзінің дәстүрлі ұлттық мәдениетімен суғарудан бұрын жалықпаған, өзінің рухани байлығымен өзгелер алдында мақтана алатын, халықтық ар-намысты бәрінен биік қоя білген халықтар болса, ұлт ретінде тарих сахнасынан өшіп кеткендер

бұның керісінше істеген халықтар екені даусыз. Бұл арада басын ашып айта кетер нәрсе, сөз болып отырған жөн-жосық негізінен орта ғасырдан кейінгі толыққанды, қалыптасқан ұлттардың жағдайына ғана саяды. Ал осы өзін-өзі сыйламайтын халықтар қатарына қазақты жатқыза жаздап жүргеніміздің де өзіндік себептері бар. Иә, қайсы халық кімге болмады дейсіз?!отаршылдардың мақсаты – отар өңіріндегі халықтың кезін жойып, жерін иемдену. Ал отаршылдардың осындай мақсатына саналы да белсенді түрде қолғабыс етіп, жойылудың сәт-сағатын асыға кететін халық болмайды. Бірақ біздің халық жаппай солай істемесе де, біразының сол жолға түсіп бара жатқаны да ащы болса шындық еді... ХХ ғасырдың соңғы санаулы жылдарына демократия мен саяси саналылықтың лебі ұялап, кеңестік империяның күллі көкке ұшпағанда, бетіміз бері қарар ма еді, қарамас па еді? Әй, қайдам! Бүгінгі Тәуелсіздік алып, өз қолымыз, өз аузымызға жетті деп жүргендегі сиқымыз мынау, егер кеңес үкіметі дүрілдеп әлі тұратын болса, бұл уақытқа дейін «қара орыс» болуға шақ қалған болар едік. өйткені тәуелсіздіктің төбесі көріне бастаған 89-90 жылдардың өзінде, қазақ тілінің арқасында академик болған ғалымдарымыздың өзі «мемлекеттік тіл орыс тілі болсын», - деп интернационалистік байбалам салғаны есімізде. Жарайды, ол кезде әлі де империалдық саясаттың ызғары бар еді. Содан ықтаған, соған жағынғысы келген шығар делік (асылы бұл да кешірілмеуге тиіс), ендігіміздің аты не? Өзгеміз бітіп, тек конституциямыз қалғандай, айналып-айналып келіп сол туралы шу көтереміз де жатамыз. Онда да ол шуымыз басқа емес, «мемлекеттік тілқазақ тілі» деген құр әншейін, тек қағаз жүзінде жазыла салған бір сөйлем төңірегінде өрбиді. Сонда мемлекеттік тіл сұрап жүрген орыс болса құдайдың жөні ғой. Шен-шекпенге, биік мансапқа жету үшін халықтың қазынасын саудаға салып, елдік беделімізді өзгелердің табанына тастағысы келіп жүрген – тағы сол өзіміз баяғы. Өкініштісі, жо-жоқ, қорқыныштысы – ондайлардың саны күн санап көбеюде. «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді» демекші, «ерушілердің» дауысы бүгінде бұқаралық үнге айналып барады. Оған «бық» дейтін қазақ па? Интеллегент біткен тіршілік қамымен кеткен. Чиновниктерге бәрібір, оларға тек креслосы аман болса болғаны. Студент байқұстар «байтал түгіл бас қайғы», бәрі аш. Олардың да қайғысы көбінде қарынның төңірегінде болатын сыңайлы. Ал ауыл адамдары елбасына, Алматыдағы « игі-жақсыларына» сеніп кеткен. Мұндағы игі жақсылардың жағдайы жаңағыдай. Астанаға баяғыда келген сабазын тұрғай, ауылдан кеше келген боқмұрын іні-қарындастарымыздың өзі қазақша сөйлесең мұрнын шүйіріп: «не понил» дегеніне не бетіңді айтарсың! «бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы». – деп ұлы Абайдың зарлап айтқанындай, ауыл сеніп отырған Алматының да сиқы осы. Басқасы басқа, өздерін халықтың ары мен намысымыз , тілі мен тілегіміз қолқасы мен жүрегіміз деп жүрген біраз ақын – жазушылардың орысша қосып сөйлегенін көргенде қу құлағың керең болмай қалады. Бұл күнде « сразу, вовше,

уже, какраз, обезательно, вот, так, ничего, наоборот, интересно, например... (тізе берсең әлі толып жатыр) деген сияқты «тұздық» сөзді қоспай сөйлейтін қазақты кездестірдім деу құстан сүт дәметуден пара-пар. Әсіресе, троллейбус, автобус, театрларда, көшелерде, дүкендерде орыстың көзінше осы сөздерді өз қандастарым ана тіліне қосып сыдыртып отырғанда, кірмегенім қара жер! Несін айтасың, өзге халықтан ұялғанда, әттең, жер тесік болмай қалады! Осындайда ұлы Абайдың:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып, - дегені еріксіз еске түседі. Ұялатыным – «орыстар (немесе басқалар) бұл сорлылардың өз тілінде әлгінде айтылған шылау – үстеулерде жоқ екен деп ойлайтын шығар» дегенде төбемнен тотиайын езіп құйғандай есеңгіреп қалам... Бұдан да сорақы бір жағдайды айтайын. Бір жапон жігіті Жапонияда жүргенде қазақ тілін үйреніпті. Сосын ауызекі сөйлеу деңгейін көтеру мақсатымен Алматыға келіпті. Ол: «Алматы қазақ елінің астанасы. Қайнаған қала. Қаптаған қалың қазақ өз тілінде сарнап жүреді. Соның ішіне кіріп кетсем, бір-екі айда қазақша сайрап шыға келем», - деп ойлаған ғой, «қайда, оның бәрі Токиодағы қиялым екен. Алматы, әрине, мен ойлағаннан да әсем қала болып шықты. Бірақ мен туристік келгенім жоқ қой, бір-екі айда өзім қазақша сайрап кеткенді былай қойып, қазақша сайрап тұрған қазақтың өзін жарты жылда зорға жолықтырдым. Сенің халқың қызық екен, неге өз тілінде сөйлемейдігіне таң қаламын» дегенде тағы бір өлдім. Оның «сенің халқың қызық екен» деген пікіріндегі «қызық» деген сөз менің жаныма қатты батты. Тіпті Абайдың «сорлы қазақ» дегенінің өзі оның қасында «айналайын» деген сөзге ұқсап қалды. Ана жылқы қайсы бір кассада отырған қаракөз қарындасыма бұйымтайымды айта бастап едім, орысша былдырлап сөйлей жөнелді. Сосын мен «айналайын қарындасым-ау, мен Қытайдан келген ағаң едім, орысша онша...» деп жағдайымды айта бастағаным сол еді, сөзімнің аяғын да күтпей: «Немене, Қытайдан келсеңіз сізге қытайша сөйлеуім керек пе?» - деп қазақша дүрсе қоя бергені. «Әке-ау, қарындас, қытайша да, орысша да сөйлемей-ақ қоялық. Өз тіліміз бар емес пе біздің!? Қазақша білмесең бір сәрі, біліп тұрып бұл қай сасқаның?» - дегеніме ол пысқырған да жоқ, сыбағамды әрі қарай орысша беріп жатты. Жүрегім қан жылап, жанымның жайлауы тозып, екі көзіме жас аралас қан толып, әлгі кабинеттен слдерімді ғана әкетіп жаттым. «Ішім өлген, сыртым сау» дегенді ұлы Абай осындай тірідей «өлген» кездерінде айтқан шығар-ау шамасы. Жә, қойшы, ондай фактілерді тізе беретін болсақ, бір мақала емес, том-том кітапқа жүк болады. Сонда өзін-өзі сыйламайтын қазақты кім сыйламақ?! Қазақтар сөйлемейтін қазақ тілі кімге дәрі?! Алыс-жақын шетелден тіліңді үйреніп келгендердің елге аяқ басқанда, өзге емес, қазақтардан еститіні «че говорит» бола, оларға ендігі

жерде қазақ тілін үйреніп не жапа?! Туған халқының өзіне керек болмаған тілді үйреніп, басын қатырғанша, жүрдім-бардымды түсіндіретін орысшасымен-ақ мақсатына жете бермей ме?! Бір жазушы ағама: «Балаларыңыз неге қазақша сөйлемейді?» - десем, әлгі ағам: «Қазақ тілі кімге керек! Керек болатын заман болса, бұлар өздері-ақ сайрап кетер еді», - деп жауап берді. Бұл – ол кісінің керемет тауып айттым деген жауабы.сонда біз ана тілімізді керек болғанда сөйлейміз бе, әлде, сөйлесек керек болама? Әрберден соң, «керек болу, керек болмау» деген не сөз? Олай болатын болса, жер бетіндегі халықтар әр тілде сөйлеп шаршамай-ақ, «ең керекті» бір тілге көшіп алса болмай ма! Жоқ, тіл деген тек қана қатынас құралы емес, онымен бірге адам бойына ұлттық қасиет, халықтық болмыс, этика, психология дариды. Ұлттың өз ана тілі бір, толыққанды, қалыптасқан ұлтқа сол үшін де керек. Онсыз ұлтпын деудің өзі бос сөз. Әлемдегі ең озық жазуды дүниеге әкелген Латындардың тілі жойылып еді, өзі де жойылды. Тек «латын жазуы» деген атау ғана тарихта қалды. Ал біз «жойылмаймыз» деп немізге, кімімізге сенеміз!? «Қазақ балабақшалардың, мектептердің саны бәлен мыңға көбейді» деп, жаппай жар салып жүргенімізбен, аты ғана қазақ ондай балабақшалар мен мектептерді көңілге медет, дәтке қуат есептемей-ақ қояйық. Өйткені ішінара біреулері болмаса, көп санды балабақшадағы балалар да, олардың тәрбиешілері де қазақша сөйлеп жүрген жоқ. Олардың «бұлардың қалай?» деп, ескерту жасайтын адам да көрінбейді. Ал мектептердегі жағдай одан да сорақы. Еркін пікірлесу арқылы оқушының ойы ұшталып, тілі байыйтын дәл сабақ аралық үзіліс кезінде ана тілінде сөйлесіп тұрған баланы кезіктіру – қияметтің қыл көпірінен өтуден қиын. Бұдан тыс балаға үйге келгенде ана тілінде сөйлеуді, оның жанына қазақы қасиетті дарытуды, отан туралы сүйіспеншілік сезім қалыптастыруды ойлап жүрген ата-ана қасқалдақтың қанынан да аз. Бірде, бір ағамыздың үйіне (отағасы өзін нөмірі бірінші интеллигент, ұлт-жанды адамзатпын деп есептейтін адам) бара қалсам, үйде отырған балалары «Ресей» каналының мультфильм көріп отыр екен. Бәрі мәре-сәре. «Қазақша неге көрмейсіңдер?» - дедім, не дер екен деген оймен. «Ылғи қазақ-қазақ деген сөйлесу болады. Салым суға кеткен мен, ақырын барып «Қазақстан-І» каналын бассам қазақ тілінің тағдыры жөнінде сұқбат жүріп жатыр екен. «Алатауды» бастым. Онда әлгі сазгер Н.Тілендиевтің шығармашылық кеші жүріп жатыпты. Осы екі хабардың біреуін де көрмей, «тышқан мен мысықты» тамашалап отырған не үміт, не қайыр! Ұлттың тағдырынан, еліміз тәуелсіздігінің баяндылығынан, өз халқымызды мақтанышынан қызықты, содан қымбат не болуға тиіс!? Қорқынышты! Осы беті кете берсек, кешегі «таз» қалпымызға өз аяғымызбен қайта барамыз. Иә, ағайын, бұл менің әсіре күмәннан туған үрейім емес, қайта ащы да болса шындық. Кезінде ана тілінен мақұрым қалған жастарымыз енді өз ұрпақтарын

өмірге әкеліп, қатарға қоса бастады, Қазақ тілінің исі олардың мұрнына екі дүниеде де баратындығы күмәнді. Сондықтан бұл тіл туралы мәселе бүкіл ұлт болып, бүкіл интеллигент болып назар аударып, көңіл бөлмесек, енді бес-он бәрі кеш болады. Себебі, ертең әзіргі «таза қазақы» қауымның қатары сирейді. Елдің тізгін шылбыры да «орыс тілді» қазақтардың қолына өтеді. Ақынжазушының ең басты мұраты туған халқы оқитын шығарма жазу емес пе!? Олай болса, біздің ақын-жазушыларымыз ең кемінде өз шығармасының тағдырын неге ойламайды екен деймін. «Ана тілі ертең жойылатын болса, бүгін өлуге әзір. Расул Ғамзатов секілді тіл жанашырлары бізге де керек! Ол қашан болады? Әрине, тіл туралы мәселе мемлекеттік деңгейдегі мәселенің күн тәртібінен түсіп көрген емес. Түспеуі де керек. Өйткені, мына заманда көп нәрсе, әмірпәрменмен, ақшамен шешіледі. Ал бұл қоғамдық топтардың, бірер жекенің қолынан келе бермейді. Сондықтан елбасымыздан тартып, қатысты министрліктер, облыс аудан әкімдері өз міндетінің үлкен бір саласы әрі өзінің азаматтық борышы ретінде ана тілімізге жағдай жасауды қолға мықтап алу керек. Бір мақсатты қолға алу бар да, оны жүзеге асыру бар. Тіл тағдырына қатысты мәселені әсте науқаншылдыққа сайдырмай, онымен табандылықпен айналысу керек-ақ. Себебі, жетпіс жыл (арысы үш жүз жыл) батпаңдап кірген дерт бойымыздан мысқылдап шығады. Әсіресе ол дертті бүгінгі – тәуелсіздік тұсындағы жас ұрпаққа жұқтырып алмау жағын көбірек ойлаған дұрыс. Егер керісінше болатын болса, ендігі жерде өз облысымыз өзімізге. Пәлемізді жаба салатын отаршыл ел жоқ енді. Солай, «қайран да менің қазағым», ел боламыз десек, ел болудың жолына бет түзейік. Ол, әрине, біз үшін жоғалған халықтық болмысымызды түгендеуден басталуға тиіс. Оның ең бастысы тілі. Себебі тіл – барлық рухани болмысымыздың алтын тұғыры. Қалғандары соның көмегімен жүзеге асады. Сондықтан өз тіліміз барда өз даралығымыз да, дербес тәуелсіздігіміз де, жарқын болады. Бір өмірде, бір өңірде екі орыс мемлекеті болу мүмкін емес, тек қазақ болсаң дарасың, тәуелсізсің! «Түркістан» газеті. 5 маусым 1995ж. №26.

АЗШЫЛЫҚТЫҢ ҚАСІРЕТІ

Бұрынғы кеңес одағы өңірінде өмір сүрген өзге де халықтар секілді, біздің қазақтың да құдай көз жасын көрген шығар, әйтеуір, үш ғасыр армандаған тәуелсіздігімізге қолымыз бір жетуге жетті. Бақсақ көбіміз осығанда «шүкір» деп, масаттанатын сыңайлымыз. Әрине, шүкірі – шүкір ғой! Бірақ осы тәуелсіздігіміздің қазіргі жай-күйі масаттануға тұра ма? Деген сұрау төңірегінде пікір алысар болсақ, әркім өзінше уәж айтары белгілі. Яғни біреулер «көш жүре түзеледі» деген көнбіс қағидаға иек артса, енді біреулер «елемеген ауру жаман, ескермеген дау жаман» деген түйінге тиянақтайды. Тіпіт «не болса, сол болсын. Мен үшін бәрі бір» деп қолын бір-ақ сілтеп жүре беруді жөн санайтындар да аз емес. Демек өз елінің ертеңіне деген халықтың таным-пайымы, міне, осылай әрқилы...

Уақыт тұрғысынан да, адами өмір тұрғысынан да «бүгін – ертеңнің анасы» екендігі шындық. Олай болса, ертеңді ойламау дегеніңіз бүгінді тәркілеу; ал бүгінге мән бермеу болса – ертеңнің тамырына балта шабу деген сөз. Сондықтан да біздің қазақ баяғыда-ақ: «Ертеңін ойламаған ерден без» деп айтып кеткен ғой. Демек бүгінгі тіршілігіміздің бәрі ертеңгі болашағымыз үшін екенін ұмытудан үлкен қасірет болмауға тиіс.

Иә, ел ертеңін ойлаған еңіреген ерлер – бүгінгі күннің өзекті проблемаларын ашына айтып та, жар салып жазып та жатыр. Ондай проблемалардың тізімінен тіл, дін, оқу-ағарту (ұрпақ тәрбиесі), мәдениет қатарлы рухани күретамырларымыз түсіріп көрген емес. Ол әрине заңды да. Себебі ұлт боламыз дейді екенбіз рухани күре тамырсыз бір күн де өмір сүре алмасымыз белгілі. Дей тұрғанмен, өтміште өшкіндеген мәдениетімізді қалпына келтіру үшін, ертеңге сеніммен қарап, болашақта да қазақ деген ұлт болып қалуымыз үшін жетпей жатқан бір-ақ фактро бар. Ол – халқымыздың өз еліндегі азшылық жағдайы. Бұған мән бермейінше, көтеріп жүрген көп проблемаларымыздың біреуі де оңды шешім таба қоюы неғайбыл.

Айталық, қазақ халқының республикамыздағы үлес салмағы 50 процентке әлі жете қойған жоқ. Ал осы көрсеткіштегі қазақтың бәрі қазақ тілді қазақтар болса ғой! Өкінішке орай олай емес екендігі бәріміз жақсы білеміз. Демек ұлттың рухани әлеміне өкілдік ететін қазақтардың өз еліндегі тірлігі «жалғыздың үніндей, жаяудың шаңындай» ғана жағдайда. Бұндайда оның қайтіп өз тілі өркен жайып, мәдениеті көгеріп-көктесін?! «Көптен қорықпай, тереңге батпай» кемесін өрге жүздіретін кімнің еркесі еді бұл шөкімдей қазақ!? «Атыңның басын алып жүріп, енді жорғасы қалды ма?» дегендей, тағы келіп, «баспасөзіміздің жағдайы басқалардай болмай жатыр» деп қазақты жазғырғышпыз. Бұл күйі кете берсек, баспа сөз тұр ғой, қазақтың өз басына зар болармыз әлі...

Демографиялық фактормен бірлестіріп, ең әуелі тіл туралы пікір өрбітіп көрелікші. Ата заңымызға «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып, қабылдадық. Бір қызығы, қағаз жүзінде болса да солай қабылданғанына есіміз кете қуандық. Ал осы қуанышты не деп түсіндіруге болады. Егер «балық суда тіршілік етуі керек» деген қаулы қабылданса, ол да қуанатын жағдай ма?! Күлкілі ғой! Ал біз қуандық. Себебі отаршыл елдің өкілдері мен өзіміздегі «интернационалшылдардың» аз да болса «қазақ» деген атты сыйлағанына мәз болдық, соған-ақ төбеміз көкке жетті. Бірақ олар бізді «сыйласа» өздерінің ұмтылмайтынын біліп «сыйлады». Егер бұл секілді ерекше қажеттілік болып жатса, Франция да, Жапония да... тіпті Қытай да ата заңына екіленбей-ақ «Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз» деп жаза салған болар еді. Алға қойған ұлы мақсатқа жету үшін қағаз жүзінде қала беретін бір сөйлем сөзде тұрған не бар дейсің, тәйірі. Аталған елдердің қара ормандай қалың бұқарасы қағазға жазылған екен деп қазақтың тілін үйрене жөнелмейтіні кімге болса да белгілі ғой. Сол секілді біз де заңымызға жазып алдық, не бітті?! Ата заңның үнін нарық заңы мен алпауыт халықтың зор дауысы басып түсті, әуелі десеңіз бәрі керіне кетті. Мемлекеттік тіліндегі газет-журналдар жабыла бастады. Телеарналардың қазақша беріліетін сағаттары кісі нанғысыз деңгейде қысқарды... Себебі не? басқа емес, ең басты себеп – азбыз. Аз болғасын « көптен қорқып, тереңге батып» бара жатқан жайымыз бар. Иә, қарапайым мысал, оқырманы аз газет-журналымызға, көрермені аз телеарнамызға ешкім жарнама (реклама) бермейді. Басқа да ақылы жұмысқа ешкім шақырмайды. Содан кейін олар өздерін қаржыландырғаны сол, қарыз болмағанына қуанады. Өкінішке орай, қарыз емесі жоқтың қасы. Егер көп болсақ ( ең кемінде республика жан санының 70-80 процентін құрасақ), жаңағы кәсіпкерлер мен бизнесмендер, жарнамаларын бізден ақыл сұрамай-ақ өздері үшін қазақша дайындап әкелмес пе еді!

Қысқасы, газет-журналымыздың тиражы мардымсыз екені шын ғой. Телерадиомыздың жағдайы да мәз еме екені өтірік емес қой. Жабылып жатқандары да жоқ емес! Олай болса, бұндайда қазақ журналистері мен баспасөз ұжымдарын кінәлаудан гөрі, мәселенің денін халқымыздың өз жерінде өзі азшылыққа айналып отырған аянышты жағдайынан, әрі содан туындайтын күрмеуі күрделі проблемалардан іздеген орынды.

Тіл дегеннен еске түседі, бұрынғы Республикалық Тіл комитетін «түк тындырмады» деп жазғырып ж.ргендер көп. Сонда оларға «не қыла қоймадың» дейміз?! Тілді жалпыластыру деген – техниканы жалпыластыру емес. Тіл үлкен қоғамдық құбылыс. Онда халықтық болмыс жатады, ұлт тағдыры жатады, елдік саясат жатады. Олай болса, халықтық болмыс, тағдыр, саясат дегендер тізеге салуға келмейді. Ал егер халқыңның саны көп болып жатса, заңға жазып, комитет құрып әуре болмасаң да, өмірдің өз ырғағымен, күнделікті тіршілік талабымен-ақ, тағдырыңның доңғалағы алға жылжи берер еді. Олай болса, Тіл

комитетін (қазіргі Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік Комитеті) құрып қойып, онда отырғандарды ыстық табаққа салып шыжғыра берудің де беретін өнімі шамалы. Сондықтан бәрі айналып келгенде аздығымыздың кесірі екеніне мойынсал болмай, құр бекер тыраштанудың крегі жоқ. Ол - өзіңді өзің алдаумен тең. Мәселен, Қытай елінде Юань хандығын құрған Құбылыай да, қазақ даласында Алтын Орда хандығын құрған Жошы да әуелде өз мемлекеттерінің тілін мұңғұл тілі деп жарилағаны белгілі. Бірақ билік басындағы ат төбеліндей мұңғұл ғана білетін тілмен ел билеудің мүмкін еместігі күн өткен сайын дәлелдене бастайды. Сонымен не керек, көп өтпей, жергілікті халықтың тіліне көшуге мәжбүр болады. Тіпті дінін де қабылдады. Міне аздықтың қасіреті!

Ал ендігі бір сөз дін төңірегі көбірек өрістеп жатады. Дұрыс, әрқандай бір халықтың нағыз ұлттық қасиетін ұстап тұратын алтын діңгек осы – дін. Ол – отаршылдар айтып жүргендей «апиын» да емес, «насыбай» да емес. Бүгінгі ұғыммен айтатын болсақ, керісінше дін дегеніміздің өзі бір түрлі қатепті идеология! Олай болса бір халық екінші бір халықтың идеологиясын не зорлықты күш арқылы, не үгіт-насихат арқылы қабылдайды десек, ол үшін екеуіне де күш керек. Ол үшін не? АДАМ!

Тарихқа көз жіберіп қарар болсақ та, ешқашан көп халық аз халықтың дінін (яғни дүние танымын) қабылдамағанына куә боламыз. Негізінде оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден: көп адамның таным-пайымы қашан да аз адамдікінен кемелді болары даусыз. өйткені адам молайса, мәселені көретін кез көбейеді, ойлап-шешетін бас көбейеді. Осыдан барып кемелді таным жүйесі қалыптасады. Екіншіден: жасыратын несі бар, саны көп халықтардың өкілінде көптігіне сенуден қалыптасқан мен-мен психология ауыр болатындықтан, оларда көбінде өзінікінен басқаның бәрін мешеу деп ойлайтын тоғышарлық басым болады. Сол бойынша олар өздеріндегінің бәрін елге зорлап таңып, елдікінің (әсіресе саны аз халықтың) бәрін қомсынып, мансұқтағысы келеді де тұрады. Сөйтіп бірте-бірте ол халықтың жан дүниесін, таным-талғамын жаулап алғысы келеді. Әрине күш-қуаты жетіп тұрған соң бірте-бірте бар мақсатына жетеді де. Мәселен, бүгінгі іргелі діндердің қайсысын алып айтсақ та, о баста оның еш қайсысы да саны өте аз халықтікі емес еді. Басқа емес, Орта Азия, Қазақстан өңірінде жасаған халықтардың өзіне кезінде ислам дінін арабтар «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» зорға қабылдатқаны кімге құпия!? Сол заманның өзінде мыңдаған дін үгіттеушілер әлемнің түкпіртүкпіріндегі халықтармен бірге өмір сүргені де тарихи шындық. Олай болса, осының тасасында жатқан шындықты – арабтардың жан санының мол болғандығын неге ескермеуге тиіспіз. Ал бүгінде арабтар ірге кеңейтпегенмен, дүниежүзіндегі мұсылман елдердің көп болуының өзі-ақ араб халқының айбынын асырып отырған жоқ па! Араб халқы үшін (тіпті күллі мұсылман үшін) осының өзі неге тұрады!

Демек, бір халықтың өз дінін ұстанып тұра алу-алмауынан тартып, ол дінді өзгелерге қабылдата алу-алмауына дейінгі жойқын барыс, көбінде сол халықтың қоғамдық құдіретіне (жан саны) тікелей қатысты. Олай болса 70 жылдық атеистік тәрбиенің «арқасында» діннен айыруға шақ қалған мына біздер үшін, ендігі жерде өз еліміздегі демографиялық деңгейімізді көтерудің мән-маңызы ерекше. Олай болмайтын болмаса, бүгінгі дін дегеннің исі мұрнына бармайтын жастарымыз «ел қайда көшеді» деп, әйтеуір көп адам сеніп жүрген бір дінге шоқынады да кетеді. Оның несін жасырайық, солай болып та жатыр. Ал бұл жағдайды да заң жарлықпен өзгерту мүмкін еместігін бәріміз жақсы білеміз. Өйткені Атазаңымызда азаматтардың дінге сену-сенбеу еркіндігіне, сенсе қай дінге сену керек екендігіне шек қойылмаған. Әрине біз бұл ретте Атазаңды кінәлаудан аулақпыз. Алайда, халқымыздың діни тұтастығын қорғауға хақымыз бар. Яғни ертеңгі күні «мұсылман-қазақ пен кәпір-қазақтың» ырылдасып жатқанын көргіміз келмейді. Дей тұрғанмен бұл біздің субъектив қалауымыз ғана. Шындық пен тағдыр әсте біздің қалауымыз бойынша «әйшайға» қарай бермейді. Сондықтан күні ертең өзі аз қазақтың ішінен мұсылманқазақты шырақ алып іздеп жүруден құдай сақтасын дейік! Бұл ретте жаратушы иеміздің: «Сақтансаң сақтаймын» деген ескертпесін еске алудың өзі де жетеді.

Ал енді діл төңірегіндегі сөзге келетін болсақ, ол туралы ақиқаттың басы ашық. Яғни, ұлттық тіл жойылуға бет алған жерде, халықтың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан діні жойылған жерде, діл туралы сөйлеудің өзі басы артық әңгіме. Себебі марксизмшілер жан сала дәріптегендей «тіл – тек қана адамдардың қарым-қатынас жасайтын құралы» емес. Онда сол халықтың дүние танымы, күн көзқарасы, өмір сүру қағидалары жатады, ұлттық мінез-құлқы, болмыс-бітімі жатады. Мәселен, қазақ жалқында «жаман адам – кекшіл» деген мақал бар. Осы тілді ана тілім деп есептейтін адам кекшіл болмайды немесе кекшлі болмауға тырысады. Ал енді Қытай халқында «нағыз еркек үшін он жылдан соң кегін қайтару да кеш емес» деген мақал бар. Бұл тілді ана тілім деп есептейтін адам асқан кекшіл болады немесе кекшіл болуды үлгілі қылық, еркектік мінез ретінде танып өседі. Демек бір тілде сол халықтың құн көзқарасы, ұлттық мінез құлқы жатыр ма? Жатыр. Олай болса тілде тек қана «қатынас құралы» деп түсіндіру, әншейін, бала алдағандай бос сөз. Бірақ отаршылдардың бұл сөзінің тасасында үлкен құбыжық мақсаттар жатыр еді. Ол мақсат болса – тілінен айырылған халықтың ділі солғындайды. Ал ділінен айырылған халықты ассимилациялаудан оңай шаруа жоқ деген шовинистік идея еді. Ал дін болса – ділдің күретамыры, яғни алтын діңгегі. әсіресе, діннен ажырағаннан кейін ділің далада қалады. өйткені дінде имандылық, инабаттылық, еңбек сүйгіштік секілді кісіліктің басты шарттары жатыр. Дін кеткен соң, осынау шарттар жойылады. Бұлар жойылды деген сөз, адамдар бір ұлт емес, жай тобырға айналды деген сөз. Жай тобырды әркім-ақ қайырып-айдап алып иемдене бермей ме?! Оның үстіне қайыру бермейтін көп болсақ бір сәрі,

шөкімдей ғана аз халықты алдыға салып қуып кеп беру алпауыт елдер үшін түк те емес.

Ұзын сөздің қысқасы, дәл бүгінгі күні қазақ ұлтының тағдырына қатысты қандай проблема болса, соның дені ұлттың жан санын арттыру арқылы ғана тез әрі оңай шешілер еді. Олай болатын себебін жоғарыда таратып айтып өттік. Ал енді қазақ халқының өз отанындағы демографиялық салмағын көтерудің қандай мүмкіндіктері бар? Төменде аз-кем аялдайық.

Заман тыныш болса, көлденең көп кесепаттан аман болса, жалпы өсемкөгерем деген халықтың мүмкіндігі аз болмауға тиіс. Ал туған халқымыз жөнінен тіпті де солай. СЕБЕБІ:

Біріншіден: ата-бабаларымыздан қалған «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» деген танымды бүгінгі жас жұбайлардың, балиғатқа толған жастардың жанынан терең ұялатып, олардың өз отбасын ерікті түрде жоспарлағысы келіп отырған теріс ниетін өзгерту керек. Ол үшін нақтылы тәлім-тәрбие қызметін жүргізудің еш артықтығы болмас еді. Мәселен, санын шектеп отырған халықтарға біздің жастарымыз қалайша жалаң еліктейді? Бұл еліктеу ме, әлде тұрмыс тауқыметі солай итермелеп отыр ма? деген сияқты мәселелерге мемлекеттік деңгейде жауап тауып, шешім ету қажет-ақ. Сондай-ақ үш-төрттен көп перзентті болған отбасыларға мемлекет нақтылы әлецметтік, эконимаклық тиімділіктер жасап, жас жұбайларды көп балалы болуға ынталандыру керек.

Екіншіден: Балалар үйіндегі тастанды сәбилерді өз қанымызға тартып, бауырымызға басып тәрбиелесек, олардың бәрі болмаса да, көбі қазақ ұлтының өкілі болып ержетері даусыз. Бұл сөзім базбіреулерге біртүрлі қызық (қазақпыз ғой!) сезілуі мүмкін. Ал келешегін ойлаған халық үшін, өте ақылға қонымды талап. Себебі бол бір бес-алты бала емес, ерекше қомақты сан ғой. Мәселен, басқа емес, өз ағамыз өзбекті алайық, елінің балалар үйіндегі сәбилердің бәрінің ұлтын өзбек деп жазып қойғаны өз алдына, біздің іргелес Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының балалар үйіндегі сәбилерді де қалап алып кетіп жатқан көрінеді. Мақсат не? Халықтың санын арттыру. Тастанды балаларды қойы, кезінде Өзбекстандағы орыстан өзге ұлт өкілдері түгелімен «өзбек» болып жазылуға мәжбүр болғаны кімге құпия?! Бүгінде өзбек 20 миллионға жетсе, ұлт ретінде көбеюге деген ынта-жігерінің арқасында жетті. Түркияда бұл тәсіл әлі күшін жоя қойған жоқ. Егер, біздің жан санымыз 20 миллионға жетсе, онда мұрнымызды балта шабар ма еді?! Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне ұлтжанды, мықты тәрбиешілер тағайындап, балаларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, еңбексүйгіштікке баулу қажет-ақ. Сондай-ақ, олардық тастанды болуына әке-шешесі емес, 70 жылдық отаршылдық саясат кінәлі екендігін ұғындырудың да маңызы ерекше. Тіпті өзбек ағайындарша олардың бәрінің ұлтын «қазақ» деп жазып жіберу де керек шығар.

Үшіншіден: Қазақ 10 миллионнан астық деп бөркімізді аспанға жиі атамыз. Дұрыс қой, өскенімізге қуануымыз, әрине, орынды. Өкініштісі, сол қазақтың үштен бірі телім-телім боп, дүниенің түкпір-түкпірінде жүрген жоқ па?! Қазақстан тәуелсіздігін алғалы олар да елеңдеп, қопақтап қалды. Тіпті алдыңғы топ атамекенге ат басын тіреп те үлгерді. Міне, осы алыста жүрген қазақтардың түгел болмаса да (түгел келсе тіпті нұр үстіне нұр болар еді ғой!) келем деушілердің ел болып, үкімет болып отан құшағына оралтып алсақ, жел кеулеген бүйіріміз жабылып, ортамыз толып қалмас па едік!? Бұған кей ағайын, «қиын кезеңді» көлденең тартады. Қанша қиын болса да «коллективтендіру», «32 –жылғы ашаршылық», «Отан соғысы» жылдарындағы қиыншылық жоқ қой. Одан құдай сақтасын! Сол замандарда кәріс пен немістің, орыс пен украинның жетім-жесірін «жиеніндей» асыраған, қайран қазақ бүгін өз бауыр-туысы келгенде «қиын болды» деп қыңқылдай бергенше, «екі жарты қосылып бір бүтін болудың» қамына кіріскен оң болар еді. Осындағы базбір ағайындар «шетелдегі қазақтарды құтқарып алуымыз керек» деп жиі жар салады. (Әрине ой, мақсаты өте дұрыс!). алайда, өзінің де жарқабақтың жиегінде тұрғанын ұмытпаса, тіпті де керемет болар еді! Демек, шетелдегі қазақ атамекендегі қазаққа, атамекендегі қазақ шетелдік қазаққа мұқтаж! Яғни исі қазақ – қатепті бір ұлт ретінде, азып-тозбай бір елде, бірге өмір сүруге мұқтаж! Ал көші-қонның проблемаларын қозғау – ол өз алдына бөлек әңгіме.

Қысқасы халқымыздың тағдырын демографиялық фактор шешеді. «Өркенің өссін» дегенді атам қазақ тегін айтпаған. өсіп-өнейік ағайын.

«Түркістан газетінің» «Қоныс» қосымшасы.
29 қараша 1995ж. №2.

БІЗ ҒАСЫР КӨПІРІНДЕ ТҰРҒАН ҰЛТПЫЗ Президент сайлауы өтетін күн белгіленуден бұрын-ақ, Республиканың ішісыртындағы «қамқоршыларымыз», оппозиция өкілдері ел экономикасының «мүшкіл жағдайын ашына айтып, «күйініп» жазып жүрген болатын. Ал Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтетін болып шешілгеннен бері, бұл «тақырыптың» базарын «оппозиция» өкілдері тіптен қызыдыра түскендей. Әрине, қиындықтың бар екенін біз де жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Алайда сол қиындықтың себеп-салдарын, түп-тамырын түсіндіруге келгенде әлгі «қамқоршылар» әдейі қынырға тартып, сыңар езуге салады. Ондағы мақсаттары, әсіресе саналы да сауатты қауымға түсінікті, яғни қоғамдық атақабырой алу, саяси ұпай жинау. Дей тұрғанмен халық дейтін жарықтық та кейде бала сияқты ғой, байқап отырсаң, сол «батырлардың» байбаламына, бірде болмаса бірде иланып, кәдімгідей елегізіп қалатын түрі бар. Әрине, оған бола халықты кіналай да алмайсың. Себебі қамыңды жегенсіп, қамқорсып айтылған «жылы сөз» мейлі кімнің аузынан қандай мақсатпен шықса да бір сәт ішінді жылытып, еліктіріп әкететіні бар емес пе. Ал бар мәселені салқынқандылықпен салмақтап, сараптап қараған кісі «жел сөздің» желігіне бой алдыра қоймайды. Себебі біздегі сол «оппозиция» дегеннің кімдер екендігіне бір сәт назар аударып көрелікші. (Бұл арада олардың аты – жөнін тізбелеп жатудың қажеті шамалы.) Яғни бүгін «оппозиционер» болып айғайлап жүргендердің дені кешегі лауазым иелері - «биік шыңның» басындағы тұғырлы «тұлғалар» емес пе еді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде олар қызметін дұрыс жүргізе алмағаны үшін немесе басқа да былық-шылықтары үшін тағынан таяды. Сол күннен бастап, олар қозғалыс, партия, ұйым, топ құрып, оппозияция болып шыға келеді. «Мен Таққа отырсам» - деп сайрайды сосын олар, – сол күннен бастап (тым құрыса ертесі десеші!) ұжмақ болмағанмен, коммунизмді орната қояр едім, мына билік басында отырғандар мынаны дұрыс істей алмай отыр, ананы ішіп-жеп қойды» - деп байбалам салады, ары шабады, бері шабады. Төменге қарап «сайрап - сайрап» алады да, сосын жоғары жаққа қарап әлде неден дәметкендей, иегін сипалап, желкесін қасиды. Сосын бәрі болмаса да кейбіреулері қызмет қажетінен бе әлде басқа себептер бола ма, белгілі бір мәртебелі креслоға қайтадан жайғасады. Содан былайғы жерде әлгі «бұлбұлдың» тілі байланады да, тек тойған қозыдай томпандап, іске кірісіп кеткен белсенді бейнені ғана көресің. Әлгі байғұсқа қарап отырып (әрине, бұл кезде ол көшеден емес, көбіне көгілдір экраннан қылаң береді) біресе ол үшін ұяласың, біресе жаның ашиды. Бірақ, бір «тәуірі», өзінің аса ұялып, тым қызарып жүргені байқалмайды. Керісінше, әр сөзін алтынға балап, сыздап, Казақстанның аспанын жалғыз тіреп тұрғандай кісімсіп, міндетсіп отырғанына куә боласың. Міне біздегі «оппозицияның» сиқы. Ал осыдан кейін олардың «халық қамқоры» екендігіне, елдегі экономикалық қиын жағдайды оңалқалы жүрген «мықтылығына» сеніпкөріңіз. Қашанда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен келе жатқан ондай танымы таяз, санасы

саяз, ұлттық ар – намысы сұйқыл «сұрқылтайлар» халық қамын, ел намысын ойлап жарытқан емес. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, елімізде экономикалық қиындықтар жоқ емес, бірақ бізді одан құтқаратын нағыз құтқарушы оппозиция саяси сахнамызда әлі көріне қойғанжоқ. «Оппозициямыз» деп жүрген жанашырларымыздың жағдайы жаңағыда. Іс жүзінде, бүгінгі экономикалық қиындықтардың себеп-салдары, түптөркіні неде? Енді сол туралы бірер сөз. Біз ағымдағы ғасырдың 20 жылдарынан 90 жылына дейін, тек сөз жүзінде ғана КСРО – деп аталатын алып империяның «одақтас бір республикасы» ретінде есептеліп келгеніміз белгілі. Ал шынтуайтына келгенде, евразиялық алып державаның отарындағы, халқымыздың рухани құндылықтары жойылуға беттеген, жеріміздің асты-үстіндегі байлық тоналып жатқан «өгей өлке» – аты бар да заты жоқ «республика» санатында қалдық. Ал сол алып державаның экономикалық - өнжірістік сипатына келсек, ұжымдық өндіріс негізіндегі жоспарлы экономика болатын. Бұл, әсіресе бодан елді, отар жерді тонаудың таптырмайтын тәсілі еді. Яғни, жеріңнің асты мен үстіндегі байлықты «жоспар» деп аталатын жосықпен империя құлқынына тыға беруің керек, жылтырағаныңды солай қарай таси беруің керек. Ал сен империяның өлтірмеу үшін тастаған азғантай талшығымен жан сақтауын шарт. Бір қызығы, еліңді қинап, жеріңді тонап отырған сол империя тастаған талшығын «әділеттілікпен» тең бөліп беретін. Ондағы мақсаты байығандар да, аштан өлгендер де (32 – ші жылғы ұйымдастырылған аштықтың жөні басқа) болмауы керек. Байысаң ес жиясың, өлсең империя малайсыз қалады. Ал , сені «жарылқап» салған зауытфабрикасының» сиқына келсек, жүн жуатын, темір қорытатын, тері тазалайтын... шикізат өңдеу орындары еді. Демек, қоқсықтар, қалдықтар, улар-зәрлер сенің жерінде қалуы керек. Біздің жерімізде сол мақсатпен салған «ірі өндіріс орындары» болуы болды. Бұдан сырт, алып КСРО – ны бай қожайын десек, оның қойшы – жалшысы біздің қазақ еді. Әрі өмір бойы қойшы –жалшы қып ұстау үшін қожайынымыз бізге керемет «жақсылықтар» жасап тұрды. Атап айтсақ, автмонша апарып «жуындырып», дәрігерлер апарып «тексеріп» тұратыны жасырын емес еді. Бірақ, қнадай қорлау, неткен мазақтау екенін ол кезде сезгеніміз жоқ, сезуге санамыз да жеткен жоқ. Сонымен, құл мазақ мал соңында құлшынып жүре берді. Аяғында жеріміз ақтылы қой, алалы жылқыға толып кетті. Бірақ, сол малдан бір бағланды қонағына сойып беруге құқын жоқ болатын. Алайда «қазақ» болғаннан кейін «ішіп - жемей» тағы отыра алмайтынсын. Сонымен, ұрлыққа, тонауға, жасырын жеуге, жалған ақпар беруге мәжбүр болатынсын. Жегенің бойына сіңу үшін жоғарыдағы көкеңмен бөлісетінсің. Оған да кеңірдек керек, былайғы жерде көкең көрсе де көрмеске салып отыра беретін. Ал, ондайға «ебі» жо жалқаулар империяның тастап бергенін талшық етіп, жата беретін. Мінеки, осы үрдіс неше ұрпақтың қанына сіңіп,қасиетіне айналды. Сонымен, қанша сорақы болса да, ол жағдай бізге

қалыпты тірлік тынысы, дұрс өмір ырғағы сияқты еді. Көбімізде оның дұрыс еместігін сезетін сана болған жоқ. Ал, сезінетіндердің екі елі аузында төрт елі қақпақ тұратын... Сөйтіп жүргенде, айымыз оңынан туды ма, жоқ, құдай неше ғасырдан бергі көз жасымызды көрді ме, кеңес империясы ыдырап, тәуелсіздік алдық. Одақтас республикалардың бәрі өз күнін өздері көрудің қамымен бетбетімен кетті. Бәрінің қолында Кремльдің тай қазанына ырыс құйып келген алып «шөміш» қана. Кремльге ендігәрі ештене құймайсың, өзінде тайқазан жоқ, енді қай қазанға құймақсың?! Сонымен алып, «шөміштер» (ірі типтегі шикізат өңдеу зауыттары) жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Адамның тұрмыс тіршілігінің бар саласының сұранысын қанағаттандыратын сан мындаған өндіріс орындарын салып, оны іске қосу бір – екі жылды қойып, 20-30 жылда да жүзеге асатын іс емес. Ел экономикасын тығырыққа тіреп отырған жағдайдың себебі міне осы. Ол мемлекет билігін бір қазақтың қолынан алып, екінші қазақтың қолына берумен ғана шешіле салар мәселе емес, оған уақыт керек. Уақыт дегеннен еске түседі, өзге емес, іргемізде тұрған ҚХР – ды айтайын, біріншіден өзі көрші ел, екіншіден бәріміз азиялық халықтармыз, үшіншіден олар да біраз жыл социализмнін «жоспарлы шаруашылығының абзалдығын» бастарынан өткерген халық. Демек, ұқсастықтыр көп деген сөз. Ал, сол қытай елі 5 мың жылға жуық көне тарихы, 50 жылдық жаңа тарихы бар алып держава. Сол державаның арғы бес мың жылы туралы сөз қозғамай – ақ, бергі елу жылына көзжіберіп көрелкші. ҚХР құрылған 1949 жылдан бері қарайғы табандатқан жарты ғасырлық мерзім ішінде, қытай елінде не болмады дейсіз? 20-30 жылға созылған жоқшылық - аштық, неше ондаған жылдарға жалғасқан ішкі саяси былықпалық, руханият, мәдениет саласындағы ұзақ уақытқа жалғасқан күйреу... т.с.с. сан түрлі сарсаңдар халықты әбден сансыратып, ел жадайын мүлде тұралатып кеткені мәлім. Тек 80 – жылдардан кейін ғана беті бері қараған Қытай экономикасы 90 – шы жылдарға келгенде, ұлттық жалпы өнім құны жағынан әлемнің ең алдыңғы қатарына көтерілді. Демек, Пекин елдің экономикалық дамуына 40-50 жылда қол жеткізіп отыр деген сөз. Алайда, қытайлықтарды ұжмақ өмірде, ертегі тұрмыс кешіріп отыр деуге әлі ерте. Мәселен, Дэн Сяопин «жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды» жүзеге асыруды дәріптеп кеткен болса, бүгінде Жяң Зымин бюджеттік мекемелерді, оның қызметкерлерін «жаппай қысқартуды» жүзеге асыруда. Осындай саясаттардың нәтижесінде Қытайдағы «ұжмақ коммунизм» елесі де көзден бұл – бұл ұшып барады. Ал енді, болса да КХР құрылған кездегі қытай елінің экономикалық, саяси, мәдени мүмкіндігімен 90шы жылдардағы біздің түрлі мүмкіндігімізді мүлде салыстыруға келмейтін жағдайда болатын. Яғни, Қытай елі 1949 жылы тек қоғамдық формация өзгерткені болмаса, одан бұрын да, Пкин, Шанхай, Тянжин, Нанкин, Гуаңжоу, Гонконг, Далиян секілді сауда мен өнеркәсіпті негіз ететін ірі қалалары, порттары бар; елдік тіршілікке, халық өміріне қатысты түрлі сала бойынша өндіріс орындары әлемдік деңгейде дамыған; неше

мындаған алпауыт капиталистері бар; жан санының 90 проценттен астамын қытайлар (ханьзу) құрайтын кәдімгі қатепті мемлекет, ірі империя. Соның өзінде, соңғы елу жылда аяғын әлтек-тәлтек, онды-солды басып жүріп, тұрақты даму арнасын енді тауып отырған жайы бар. Ал бізде тәуелсіздік жариялаған кезде, ондай мүмкіндіктің қайсысы болды?! Жалғыз Алматы қаласы, о жер, бұ жердегі шикізат өндіруге арналған өзі далиған, өзі мешеу жабдықталған «зауытсымақтар» ... Бар болғаны – осы ғана. Соның негізінде біз мемлекет құрып, ел боп келе жатырмыз. Қайта, құдайға шүкір дейік! 5 мың жылдық тарихы бар данышпан ұлттың елендегідей, адамзаттың ескі мәдениет отанындағыдай, біздің 30-40 жылымыз саяси былықтарға, «мәдени төнкерістерге» сарып болып жатқан жоқ. Ел құруға, тәуелсіздікті нығайтуға арналып жатыр. Жалпы, адамзаттың өркениет тарихына, мемлекеттердің даму тарихына көз жіберетін болсақ, алғашқы 20-30 жыл бір мемлекеттің қалыптасу кезеңі екенін аңғарамыз. Өзге емес, өзіміз өмір сүрген КСРО – ның өзі 40-50 жылдан кейін ғана «аузымызды аққа тигізген» жоқ па?! Міне, осылардың бәрін ой елегінен өткізбестен, ақылға салып таразыламастан, жеті жылдық тарихы бар Қазақстанның 7 ғасырлық немесе 70 жылдық тарихы бар мемлекеттердегі жағдайды талап етеміз. Талап етуімізді дұрыс делік, бірақ оған ешқашан ел басындағы бір қазақты кіналау арқылы қол жеткізе алмаймыз. Оған ел болып талпыну – ұмтылу арқылы, ояу ұлттық санамен, сергек ақылмен, ар – намысты ту еткен береке – бірлікпен ғана жетеміз. «Ел басқарған қазақты кіналау» дегеннен еске түседі. Дұрыс, еліміз өз тәуелсіздігін қолна алғалы бері, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Президенті қызметін атқарып келеді. Алғаш сайлаған өзіміз, 1996 жылы референдуммен ұзартқан тағы өзіміз. Демек, Мәскеу тағайындаған жоқ. Қалай болғанда да өз еліміздің басшысын өзіміз сайладық, өзіміз ұзарттық, міне тағы өз таңдауымыз өзімізге беріліп отыр... Ал осы тәуелсіздіктің алғашқы жеті жылына бүгінде «қара көзілдірікпен» қараушылар көбейіп барады. «Өтірікті үш рет қайталасаң шын болады...» деп атам қазақ айтқандай, «қара көзілдіріктердің» уағызына жұрт бірде болмаса бірде иланып та қалып жүрген сыңайлы. Сондықтан Елбасының тікелей араласуымен өткен оңды қадамдарды ел есіне тағы бір сала кетудің артықтығы болмас – ау деп ойлаймын. Жеті жыл ұлы тарих көшімен салыстырғанда қас – қағым сәт. Осы қысқа ғана жеті жылда қазақ елі өзінің әлемдік қауымдастығы алар орнын берік иемденіп, «Қазақстан» атағын айдай әлемге паш етті. Бұны әрине, ең әуелі республика басшысының сыртқы және ішкі саясаттағы белсенді де ұтымды еңбегінің бодауы деп ұққан орынды. Ал енді назарды елдің ішкі жағдайына бұрар болсақ, ондағы саяси, экономикалық, мәдени салалардағы жаңғыруларды, адамдар санасындағы өзгеріс – сілкіністерді, жалпы әлеуметтік таным мен талғамдағы болып жатқан бет – бұрыстарды бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Тіпті саясат пен

экономика әрі сол саладағы реформалардың жалпы жағдайы туралы сөзді аталған сала мамандарының еншісіне қалдырып, мәдени рухани өмірімізде болып жатқан түлеуге, жаңғыруға, сілкініске ой жіберіп көрелікші. Демек, бұнда да адамдар жан дүниесінің қатпар – қатпарына сәуле шашқан, психология, таным – наным, тіршілік тынысы... секілді салаларға да өз бедерін салып келе жатқан рухани жаңғырудың, ой – сана бетбұрысының өрлеуін байқауға болады. Соның басты – бастыларын ендей етіп, бойлай шолып, сарабдал сананың сүзгісінен тағы бір өткізіп, дәуір безбеніне салып бағамдасақ ғажайып игі қадамдар жасалғанына куә боламыз. Сол игі шралардың бірінші кезегінде Дүниежүзілі қазақтарының 1 құрылтайы өткені есімізде. Яғни 1992 жылы қыркүйекайында, сол кездегі астанамыз Алматы қаласында дүниенің түкпір – түкпіріне тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың басын қосып, төрт көзімізді түгендедік. Себебі, тағдыр тауқыметімен бүгінде қазақ халқы әр елде өмір сүріп жатқанымен, оның болашағына, тағдыр – талайына қатысты бір – ақ жер бар, ол күллі қазақтың қара шаңырағы, ортақ отаны – осы Қазақстан. Бұл туралы академик С. Сартаев құрылтайда: «Қазақ мемлекеті – тек Қзақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүниежүзіндегі қазақтарың ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет» - деп орынды пікір айтқан болатын. Демек, бұдан былай да қазақтың жоғы осында түгенделіп бары осында базарланбақ. Міне бұл тәуелсіздігімізді қолға алғаннан кейінгі бүкіл ел болып өткізген алғашқы шара – дүниежүзі қазақтарының 1 құрылтайы деген атпен тарихта қалды. Бұл шараның исі қазақ баласының рухани оянуына елдегі қандастарымызға, шын мәніндегі елдің қожасы болғандығын, құлдықтан құтылғандығын сезіндірсе, шетте жүрген ағайындарға қамқор отанының, қорымал елінің бар екендігін ұғындырды. Қысқасын айтқанда жер бетіндегі күллі қазақ ауымы сол құрылтайда күрт оянып, орнынан тік тұрды деуге толық негіз бар. Ал, одан кейін 1993 жылы Ордабасыда өткен – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің 400 жылдығына арналған ұлыжиын – үш ғасыр бойғы отарлық езгіде аран – аран болып ауыз бірлігінен айрылып қалуға шақ қалған қазақ халқын тұтас бір тұлға етіп, бүтін бір бітім етіп, қайта қайнатып, қорытып, біріктіріп кетті. Әсіресе ұлы үш биіміздің береке – бірлік, елдік – ынтымақ жөніндегі ақылияларының жұрт санасына жаппай сіңірілуін, ұрпақтар жүрегіне нәр болып құйылуын сол ұлы дүбірдің теңдессіз табысы деуге болады. Сосын араға жыл салып барып, яғни 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде өткізуге мүмкіндік алдық. Бұл рухани шараның қазақ халқына бергені тіпті де ұшан – теңіз болғанын астын сызып айтқымыз келеді. Яғни бұл жылы қазақ халқы ұлы ақынының тағылымдарымен қайта бастан сусындай отырып, ел болудың , халық болудың жолын, қамын

етерңірек қарастыруға мүмкіндік алды. Сондай – ақ, қазақ халқы Абайды, Абай қазақты әлемге мыөтап, одан сайын таныта түсті. Сол арқылы Абай идеясы қазақ елініңі әлеуметтік – рухани мұраттарының құбылнамасына айналды. Міне осындай рухани түлеу, жаңғыру процестерін тағы да биік белеске көтере түскен мәдени шаралар қаншама. Ал енді 1997 жылы «ұлттық татулық және репрессия құрбандарын еске алу жылы» болып, 1998 ж. «Ұлттық тарих және халық бірлігі» жылы болып есте қалудан тыс, бұрыннан бүркеліп келген қыруар дүниенің беті ашылып, халыққа жеткенін осы екі жылдың ең қомақты табысы деп бағалауымыз керек. Себебі басқаны айтпағанда, тек осы екі жылда қанша бұрмаланған ақиқат орнына келіп, неше бүркеулі шындықтың беті ашылып, қанша ақтандақтардың орны толғанын сауатты жұрт жақсы біледі деп ойлаймыз. Бұдан сырт 98 жылдың үлесіне, әлем алдында жаңа Астана тойын абыроймен өткізгенімізде қосыңыз. Міне, осынау әрісі халықаралық, берісі мемлекеттік, тіпті облыстық, аудандық деңгейде атқарылып отырған ұлылы – кішілі шаралардың қай – қайсысы болмасын, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен немесе тапсырмасымен жүзеге асқанын қалай жоққа шығаруға болады?! Егер Назарбаевтың орнында қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің, тарихы мен даналығының исі мұрнына бармайтын біреулер отырғанболса жоғарыдағы шаралардың бірде – біреуі өткізілмеген болар еді. Өтсе де аз деңгейінде болмас еді. Әрине, жүзеге асқан шаралардың басы – қасында Н. Назарбаевпен бірге көптеген зиялы қауым өкілдері, біраз ұлтжанды әкімдер мен министрлер, жалпы халық бұқарасы болғанын да жасыра алмаймыз. Қош делік, демек елде жүзеге асқан игі шараларға зиялы қауым өкілдері, әкімдер мен министрлер, жалпы халық бұқарасы өз деңгейінде үлес қосқан екенбіз, ал саясаттағы кейбір «минустарға», экономиканың тез қарқын алмауына, қазақ тілінің өз деңгейінде күшіне еңбеуіне біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп ойлайсыз ба?! Олай ойласаңыз қатты қателесесіз?! Яғни зиялы қауым, әкімдер мен министрлер, жалпы халық бұқарасы – елдегі он қадамға қалай үлес қосқан болсақ, теріс қадамға да солай «үлес» қосып келеміз. Ең әуелі зиялы қауым туралы айтайық, біз елдің ақылы мен парасаты, ары мен ұжданымыз. Сондықтан да № 1 ұлттық байлық болып есептелеміз. Түрлі жиын – тойларда, түрлі бас қосуларда елбасымен жиі кезігетін де біздерміз. Сұранып, елбасының қабылдауында көбірек болатын да біздің зиялы қауым өкілдері. Азат отаның болмаса, ел іргесі бүтін болмаса, сұрап алған сыйлығын, тілеп алған атағын кімге дәрі?! Сондықтан зиялы қауым қай кезде де елдік мүддені қорғайтын, ұлт болашағы үшін күресетін авангард қосын ретінде саясатқа, елбасына игі ықпал етіп, көмектесіп отыруы керек. Бұл бізге тағдыр сыйлаған, халықжүктеген қасиетті борыш. «Аузын баққан би болады» деген жосық бізге жараспайды.

Ал енді әкімдер мен министрлерге, басқа да әртүрлі лауазым иелеріне келетін болсақ, заң бойынша да, жөн бойынша да елбасы саясатын, мақсат – жоспарын нақты орындаушылар, жүзеге асырушылар солар. Өркениетті елдерде ауыл жағдайы үшін ауыл әкімі, ауданжағдай ыүшін аудан әкімі, облыс жағдайы үшін облыс әкімі, қысқасы, әркім өзі басқарып отырған ұжым үшін жауап беруге міндетті. Ал бізде керісінше, ауыл мен аудан орталығы арасына автобус қатынамай қалса да, ауылдың магазині жабылып қалса да, балаларға оқулық жоқ болса да Назарбаевты кіналап жатқаны! Әрі-беріден соң осының өзі естіген елден ұят нәрсе. «Ауылымыздың, ауданымыздың әкімі бар емес пе?, облыс әкімі қайда? Салалық министрлер не қарап отыр?» деген сұрақтарды мүлдем ұмытқанбыз. Тіпті де сорақысы, шағын, орта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін ағайындарға, шаруашылығын дөңгелетіп барып жатқан фермерлерге, чиновниктер тарапынан кедергіден басқа ештене істелмейді. Кәсіпкерлерді, фермерлерді қат-қабат қағаздың (жасанды кедергі) астында қалдырып, сол арқылы қорқытып, үркітіп, тонап отырғандар басқа емес, тек әр деңгейдегі чиновниктер екені ащы болсада шындық. Тәртіп бұзуға, адамдар құқығын аяққа таптауға баратын тағы да чиновниктер. Бірдеңе болса олар жаланыжоғары жақтағыларға жаба салады. Сонымен аңқау ел жоғары жақты кәналайды да жатады. Ал бұл жағдай, сол әр деңгейдегі чиновниктер үшін көктеген сұрағаны жерден табылғанмен пара-пар деген сөз. Яғни өздері сүттен ақ, судан таза, тек бір-ақ адам жаман, бір-ақ адам кіналы. Міне елдегі экономиканың, тәртіптің, мәдениеттің, білімнің рулінде отырған мәртебелі мырзалардың қылығы. Демек жұртқа елбасын жағымсыз көрсетушілер де солар , ал одан шексіз игіліктеніп отырғандар да солар. Әрине біз бұл арада көпке топырақ шашудан аулақпыз. Ия, тарихтан жақсы білетініміздей, бек-төрелердің ақылдылығы мен тектілігі тек патшаның абыройы ғана емес, жалпы халықтың бақыты. Егер бек-төрелерді (әкім) халық өздері сайлайтын заман болса (оның да ауылы алыс емес), іскер азаматтардың қатары тіптен өсе түсері даусыз . Міне, ардақты ағайын, мен құдай ақы, біреуге жақсы көрінейін деп отырған жоқпын. Шет елден елім деп еңіреп, отаным деп оттай жанып жеткен қазақтың қара баласымын. «Жұтаған жұртын мақтайды» демеңіздер, мен Қытайдан жан баға алмай келгенім жоқ . Бекер обалы қане, керісінше, Қытайдағыжағдайым өте жақсы еді деуіме болады. Қытай жастары сыйлығынан иегері едім, жыл сайын кітаптарым шығып тұрды. Бірақ, онлағы жақсы тұрмыс, бардам тірлік, атақ-абырой дегендерді тәуелсіз отанның бір жұтым ауасына айырбастап, құстай ұшып, атамекенге оралған жайым бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, дербес Отаным – Қазақстанымның қадамына, оның басшысына қояр кінам жоқ. Әрине Нұрсқлтан Әбішұлы да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой, кемшіліктері бар шығар, алайда сол кемшілікті көріп тұрып, айтпаған өзіміз, әсіресе зиялы қауым, біз көбірек кінәліміз. Сондай – ақ елдік ізгі ниетпен, таза жанашырлықтан туған ойларды және де дер кезінде

елбасымызға жетіп отыруға тиісті шындықтарды, кейбір құнды талап – пікірлерді өзінше «сақсынып», жақсы атанып жарияламай қоятын әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан басшылары көбірек кінәлі деп ойлаймын. Ондай дүниелерді жариялап отырудың ең әуелі елдік мүдде үшін керек екенін, сосын елбасына көмек екенін бағалап – бағамдайтын кезіміз болды ғой. Бұлардан тыс, елбасының ойын емеурінінен түсініп, заң негізінде ұлттық мүддемізді түгендейтін іскер, саналы басшылармыздың аздығы үлкен ұтылыстарға әкеліп отыр. «Елбасының ойын емеурінінен түсініп» дегеннен еске түсдеі: Президент Н. Назарбаев өткен жазда, бір облыста іс сапарда болғанда, облыс орталығының үлкен алаңында тұрған Ленин мүсінін нұсқап, «Жігіттер, мына «көсем» осылай тұра бере ме? Бұның орнын би, хан, батырларымыздың ауыстыратын уағы болды ғой, бұған да менің жарлығым керек пе?» деген сөзін теледидардан ет құлағымызбен естідік. Ал осы сөзден кейін, қазақ даласы мен қалаларында қаптап тұрған «отаршыл мүсіндер» қалмауға тиіс еді... Бірақ, біздің чиновниктерді президент осылай әрбір «әйкелге» ертіп барып, «мынаны құртт та, ананы орнат» демесе қозғалмайды. Бұл арада мысал «ескерткіш» туралы ғана болып отырғанымен чиновниктер тірлігі барлық сала бойынша солай. Ол туралы жоғарыда айтылды. Саналы, қалыпты адам үшін отаннан қымбат, отаннан қасиетті байлық та, ұғым да болмауға тиіс. Сол қымбат, қасиетті отанымыз, бүгінде қалыптасудың, елдік негізін қалаудың ауыр айларын басынан өткеруде. Тек қоғам тыныш, ел іргесі бүтін болса, біз болмасақ та ұрпағымыздың бақытты боларына шүбәланбаймын. Сондықтан, «көпірде көлік ауыстырмайтын» қазақтың баласымыз ғой, өзге жұрт не десе о десін, Нұрсұлтан Әбішұлының бастаған ісін бір елге шығаруына мүмкіндік берейік. Ең кемінде дербес мемлекет ретінде қалыптасып алайықшы, сосын патшаны таңдау, сайлау қолайға жақпаса алып тастау секілді құбылыстар түк те болмай қалады. Дәл қазір біз «тойға айналғанда, қойға айналатындардың» қаупі ішімізде де сыртымызда да жоқ емес, ондай қауіпке төтеп берер, қауқар бізде әлі жоқ. Болған күнде де Оңдайдан құдай сақтасын дейік! Не нәрсенің болса да, туылып, қалыптасу кезеңі аса бір қиын жағдайларға толы болады. Сол секілді біздің де «арбамыз» толық жабдықталып, тұрманы түгенделіп, өз жолына түссін. Ол үшін «жабдықтаушыға» жағдай жасайық, мұрса берейік дегім келеді. Сондықтан Отанның амандығын ойласақ, ел болашағын, ұрпақ тағдырын ойласақ, дәл осы жылы Нұрсұлтан Әбішұлын ауыстырудың реті жоқ. Одан гөрі, сайлап қана қоймастан, жалпы халық болып, оның елдік мұратмақсаттар үшін өнімді әрі дұрыс жұмыс істеуіне бағыт-бағдар, ақыл-кеңес айтып, көмектесіп отырайық демекпін.

«Жетісу» газеті.29 желтоқсан 1998ж. №144.

МЕН АҢСАҒАН АЛМАТЫ...

Жауырды жаба тоқып қайтеміз?! «Аурауды жасырғаныңмен, өлімің әшкере қылады». Қазақ елінде қазақ мәдениетінің тынысы тарылып, өрісі қуырылып барады! Бейнелеп айтсақ, «қазақ мәдениеті» атты алып кеме «нарық» атты мұқитқа құйлап, бірте-бірте жұтылып бара жатқандай... Ләйім, біз-ақ қателесейік! Оны құтқаруға бола ма? Болса, кімдер құтқара алады. Олар не істеуі керек? әңгіме осы сұрақтар төңірегінде. Жер басып жүрген жеке адамның тіршілік ететін ортасы белгілі бір мәдениеттің шылауында болады. Яғни қандай да бір адам болмасын – ол белгілі бір мәдени ортаның перзенті. Өйткені мәдени орта өз аумағында өмір сүріп отырған адамдардың дүние танымына, ойлау жүйесіне, тұрмыс-салтына, құн көзқарасына... өз бедерін салып, айқын таңбасын қалдырып отырады. Сөйтіп барған сайын бекемделіп, ұлғая түседі де тұтас бір қоғамның бағдаршамына айналады. Осындай «мәдени бағдаршам» қазақта болып па еді өзі? – деген сұрақ қойсаңыз, «кезінде болған. Бірақ әрісі үш жүз жылдық, берісі жетпіс жылдық отарлық кезеңде ол істен шығып қалды. Шыныларытшағылып, сым жолдары қиылып тасталған» деп жауап берер едім. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін, оны – «бағдаршамды» (анығы, қазақ мәдениеті) сауықтыруға, іске қосуға үкімет те мән берген жоқ, халық та ұмтылған жоқ. Себебі, бұл кезде «қожайын» елдің – «аға ұлттың» мәдениеті бар қазақтың санасын жаулап, қанына сіңіп кеткен болатын. Тек санаулы ақын-жазушыларымыз, тарихшы ғалымдар, аздаған өнер адамдары ғана әлі күнге дейін шыр-пыр болып келеді. Өкініштісі, бұлардың тірлігі «жалғыздың үні, жаяудың шаңындай» ғана. Онымен мәдениетіміздің тірілмесі айдан анық. Ауырлау болса да ақиқаты осы. Себебі, ол санаулы жеке адамдардың тірлігі, ұмтылысы деңгейінде жеке адамның еркінен тыс өмір сүріп отырған қоғамдық болмыс. Ол ешқашан бір жекенің қалауымен туылып, мансұқтауымен өшіп кетпейді. Тіпті, әлгі жеке тұлға өзінің ұрпағын да өзгерте алмауы мүмкін. Себебі, жарық дүниеге жаңа келген сәбиді толыққанды, шын мағынасындағы «адам» деуге болмайды. Ол бар болғаны бір тіршілік иесі – жандық қана. Шыр етіп жерге түскен күннен бастап әлгі сәби өзі тұрған мәдени ортаның ықпал-әсерін қабылдап, жайлап есейе береді. Есейген сайын жан дүниесі, қаны, ой-сезімі, құн көзқарасы сол мәдени ортаның жаңбырымен суарыла береді. Сөйтіп ол енді нағыз адамға, белгілі бір мәдениеттің өкіліне айналады. Сондықтан «АДАМ – ЖАН – МӘДЕНИЕТ» десек, онша қателесе қоймаспыз. Олай дейтініміз жеке адам тіршілігінде өзі өмір сүріп отырған ортаның ортаның салт-санасы мен заң жарғылары оның болмысын

қалыптастыра бастайды. Осылайша ол бала ержетіп, сол мәдениеттің өкіліне айналған кезде, сол ортадағы көптің салты, нанымы, талабы... түгелімен оған көшеді. Сондықтан жалғыз ата-ананың тәрбиесімен ғана баланың өзге мәдениетінің өкілі болып ержетуі неғайбыл. Ендігі әңгімені халықтық мәдениетке бұрайық. Жер бетіндегі кез-келген адам бір ұлттық немесе ұлыстың өкілі. Бір халықтың мемлекеті оның азаматтарының ғана емес, сол халықтың мәдениетінің де отаны. Бұл реттен келгенде Франция – француздар мен франция мәдениетінің отаны... Бұл тізімді Ресей, Қытай, Үндістан, Италия, Арабия, Корея... деп соза беруге әбден болады. Ал кезек Қазақстанға келгенде еріксіз кібіртіктейсің. Заң бойынша да, жөн бойынша да Қазақстан Республикасы қазақтар мен қазақ мәдениетінің отаны екені даусыз. Яғни қазақ мәдениетінің бары базарланып, жоғы түгелделетін бірақ жер – осы Қазақстан. Ал шындық, нақтылы жағдай одан мүлде басқаша... Әрине, оның тарихи-әлеуметтік себептері бар екенін жақсы білеміз. Алайда, тәуелсіздік алғанымызға дөңгелектеп айтсақ, он жылдың көлемі болады. Өзгерген бір-ақ нәрсе (алайда бәрінен де маңызды басты нәрсе!) – қазақ халқының қоғамдық орны. Яғни қазақтар бүгін әлдекімнің «інісі», боданы емес, елдің иесі, мемлекеттің қожасы! Ендеше, қазақ мәдениетінің Қазақстанда өгейлік көріп отырғанына кім кінәлі бүгін?! ҚАЗАҚ деген халықтың өзі кінәлі! Әрине, «халық» деген жалпылама ұғым. Оны басқаратын, оған жөн сілтейтін оның үкіметі мен зиялы қауымы. Демек, кінәнің ауыры қоғамның осы екі жігінде. Бұл екі жіктің жағдайына келсек, алдыңғысына мәдениет емес, «мал» қайғы. Соңғысына жан қайғы. Осының кесірінен қазір өзге мәдениеттің елімізді отарлау процесі шұғыл жүріп жатыр. Әр тұстан «жаяудың шаңындай, жалғыздың үніндей» дабыл қағылуда. Оны құлағына іліп жатқан пенде жоқ. Оның себебі, қазақтың мәдени ортасын керексінетіндердің онсыз да мардымсыз саны барған сайын кеміп барады. Бұл топқа жаңадан келіп қосылып жатқан жас буын жоқ дерлік. Қысқасы, қазақ мәдениетінің өрісі қусырылып, тынысы тарыла түсуде. Қазақ тілінде өтетін жиналыстар, басқосулар жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі газетжурнал, баспалардың тірлігі «шықпа, жаным, шықпа!». Демек, бұлардың өзі бүгін бар, ертең жоқ деген сөз. Енді Алматыға мені сонау Қытайдан «айдап» әкелген қандай құдірет екенін айтайын. Ол жақта жүргенде менің қиялымда өзінше бір Қазақстан, өзімнің бір Алматым бар еді. Шіркі-і-ін, ол Алматы қандай керемет еді. Қала толы қазақ бір-бірімен тек қана қазақ тілінде «малжан аман ба?» деп қауқылдасып жатқаны. «Радионы ашып қалсаң, Ғафекең» дегендей, менің Алматымның радио-телевизорлары, газет-журналдары тек қана мемлекеттік тілде жұмыс істейтін. Сондай-ақ менің Алматымды «Отырар сазы», «Құрманғазы» оркестрлері, Ермек, Бибігүл, үш Роза, Әлібек, Мақпал, Қайрат, Бекболаттың әндері күні-түні тербетіп тұратын. Ал менің Алматымдағы Жазушылар одағы қайнаған әдеби өмір еді, ақын-

жазушылар шұрқырасып-дүркіресіп келіп-кетіп, кіріп-шығып, әдебиеттің сан-алуан саласы бойынша әңгіме-дүкенін қыздырып жататын. Бәрін айт та бірін айт, бәрінің менің Алматымның студент жастары қандай еді десеңші, шетінен патриот, шетінен білімге құштар, шетінен өнерпаз. Олар, тіпті, Қадыр, Тұманбай, Олжас, Мұхтар Шахановтарды күнде кездесуге шақыратын, «қолтаңба беріңіз» деп көшеден жүргізбейтін. Бәрекелді, ұмытып барады екем ғой, менің Алматымның қыздарын білесіз бе? О, олар туралы айтуға тіл жетпейді! Шетінен сұлу, шетінен арлы, шетінен көргенді, шетінен ақылды! Міне, мен осы Алматыға жетуге асықтым. Миллиард қытайдың ішінде өзім ғой қазақ болып өтермін өмірден, ал ұрпағым не болады? – дегенді ойлағанда ұйқым шайдай ашылатын. Сонымен 1993 жылы аңсаған Алматыға емес, басқа қалаға келгендей әсерде қала бердім. Расында бұл Алматы емес! Алматы деген... Шір-кі-і-ін! Мен сол Алматыны әлі аңсап жүрмін. Бір күні баратын секілденем де тұрам. Ара-тұра болатын бірудің мерейтойы, әредікте қойылатын концерт, қазақ тіліндегі теледидар жаңалықтары... дегендер Үрімжіде де бар. Ал менің іздеп келгенім туған халқымның мәдени ортасы еді. Алматыдағы тірлік менің «рухани» шөлімді баса алған жоқ. «Қытай болып кетпесін» деп әкелген балаларым көз алдымда орыс та емес, қазақ та емес «бірдеңе» болып барады... бұл менің ғана емес, қазіргі Қазақстандағы бар қазақтың басындағы жағдай. Жасырып, бүркеп қайтеміз, бар шындық осы! Ал бұл жағдайды өзгертуге бола ма? – деген сұраққа келсек, өзгертуге әбден болады дер едім. Себебі, біріншіден біз – бір ауыл немесе бір облыс емес, мемлекетпіз! Екіншіден, өз билігіміз өзімізде. Демек, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек. «Экономика дұрысталғаннан кейін...» деген сөз бәтуа емес. Бүгін мемлекеттің қалтасында он теңге болса, соның ең кемінде үштен бірі, халқымыздың рухани құндылықтарын тірілту, түлету, орнықтыру, дамыту салаларына жұмсалу керек. Адамзаттың күллі тарихын ақтарып шығыңыз, экономика ешқашан экономика үшін ғана қызмет етпеген. Қазақша ұғыммен айтқанда, баюдың мақсаты бақуатты болу. Ал мақсат-мұратқа қарай күн сайын, сағат-секунд сайын жылжып отырсақ игі. Ол үшін істі қазақтың тілінің, салтсанасының, дініні, әдебиеті мен өнерінің өмір сүретін ортасын жасаудан, жасақтаудан бастауымыз керек. Сосын оны орнықтыру, бекемдеу сатысы басталады. Ал бекем орныққан мәдени орта өзге мәдениеттің өкілін өзіне тез сіңіріп алып отырады. Біз ел боламыз десек, мәдени бақуаттылыққа ұмтылайық, экономикамыз сол үшін қызмет етсін.

«Қазақ әдебиеті» газеті. 23 сәуір 1999ж. №17.

«ҚОЛЫМДА БІР ҚАМШЫ БАР...» немесе халқымыздың қамшыгерлік өнерін спорттың бір түрі ретінде дамытуды қолға алсақ...

Біздің ержүрек ата-бабаларымыздың туған даламызды қорғауда қолданған қаруларының бірі – қамшы. Әрине, бүгінгі құлаққа «қамшымен ел қорғады» деген ерсілеу естілгенімен, ядролық қаруы, зеңбірігі, тіпті мылтығы болмаған бағзы замандарда садақ, қылыш, найза, шоқпармен қатар қамшы да үнемі қолданылатын негізгі қару болып есептелетін. Сондықтан да, қазақтың халық жырларының, қарасөздерінен, мақал-мәтелдерінен, тіпті, салт-дәстүрінен қамшыға қатысты толғауларды, аңыздарды, ырым-жырымдарды жиі кездестіреміз... Негізінде қамшы - ат-көлік, мал айдауға арналған ат үсті әбзелдерінің бірі, сондай-ақ қамшы – қорғануға немесе шабуылға арналған негізгі ұрыс қаруы. Ал қамшыгерлік – қамшыны дұрыс пайдалана білетін, дәл ұрып, қатты соға алатын соғыс һән спорт өнері. Сондықтан да, қамшы ерте кезде (ішінара бүгін де) әрбір малшының қолында жүретін елеусіз суық қару әрі еңбек құралы болған. Бірақ бар қазақтың қолында қамшы жүргенімен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермеген. Сырт көзге қамшылы адамның бәрі құралды адам болып көрінгенімен, тек қамшыгерлер ғана өздерін суық қаруға, елеусіз ұрыс құралына иемін деп есептейді. Сондықтан болар, халықтың салтдәстүрлік заңында қамшыгерлердің қамшыны бей-берекет пайдалануына, қарапайым адамды (жау емес немесе қамшыгер емес адамды) қамшымен ұруына тиым салынған. Ал қамшыгерлер де бұл заңға қайшылық жасамауға тырысатын болған. Ертедегі қазақ салтында қамшыны қолға ұстап үйге кіру бір пәленің, жамандықтың басы, белгісі деп есептелетін болғандықтан, сырттан келген адам, мейлі ол кім болсын (үй иесі мен мүшелерінен өзге) қалай болғанда да қамшысын ат үстінде немесе үй сыртында қалдырып кіретін болған. Осы салт тура осы қалпында күні бүгінге дейін Қытайдағы Баркөл қазақ автономиялы ауданының қазақтары мен жалпы моңғол шаруалары арасында сақталып отыр. Моңғол этнографтарының түсіндіруінше, қамшы суық қару, оны үйге көтеріп кіру, үй иелеріне қылыш, садақ, мылтық асынып, баса-көктеп кіріп келген жау ниеттегі адамдардан кем әсер қалдырмайды. Сондықтан өз үйінен басқа үйде кіргенде қамшы сыртта қалуға тиіс. Мақсатсыз болса да қамшымен үйге кірген адам сөгіс естиді немесе айыпқа тартылады. Ал қазақ халқында

қамшымен үйге кірмеуден тыс қамшыны қадірлейтін көптеген ырым-салттар бар. Мәселен, қамшыны жерге тастамау, егер жерде жатса, аттамау, қамшының сабы сынғанда жамандыққа жору, адамдағы кеселдерді, малдағы кейбір індеттерді қамшымен ұшықтау, қамшыны алақынынан (кей жерде бүлдіргесінен) ілмеу, қамшыны қанжығаға байламау, қамшыны маңдайшаға немесе босағаға ілмеу т.б. толып жатқа, ырымдар мен тиымдарды атауға болады. Бұдан сырт, қамшы бақсылардың жын ойнаудағы басты сайманы екенін білеміз, сондай-ақ қазақ халқында қамшы ілулі тұрған үйге шәйтән кірмейді деген де ұғым бар. Демек осылардың өзінен-ақ, қамшы деген қарудың қазақ халқының өміріндегі, санасындағы орнын аңғаруға болатын сиақты. Ат әбзелі һәм ер қаруы ретінде ұсталатын қамшының ұрылуы мен тигеніне қарап-қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, смпап қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту,оса тарту, тіле тарту, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, көстите тарту, салып қалу, тартып қалу, сілтеп қалу деген секілді атаулар өмірге келген болса, әрі осы атаулар арқылы тыңдаушы қамшының қалай ұрылып, қаншалықты зардабы болғанын аңғарып отырған. Ал нені қай жерден қалай ұруға байланысты қамшы теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеді, езеді, бөледі,сындырады, өлтіреды. Қазақта қамшы қару ретінде тек ұрыста, майданда ғана қолданылумен шектелмеген. Керісінше той-томалақта, ас-жиында, ел жұрт жиналған ұлыстың ұлы күндерінде ат бәйге, балуан, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді спорт түрлерімен қоса қамшыгерлерді де бәсекеге шақырып, жиналған жұрт алдында сайыстыратын болған. Әрине бұндай сайысқа атақты, өзіне сенген қамшыгерлер ғана шығатын, дәстүр бойынша жеңгендерге жүлде берілетін. Бұндай сайытарда, сондай-ақ қамшыгерлердің жекебас қайшылығынан туындайтын төбелестерде, қазақтың салт-дәстүрлік заңдары бойынша; қамшыгер қарсыласын талмау, жанды жерінен емес,жонарқа, қызыл асық секілді жерлерінен ұрып, аттан құлатып кетуі ғана керек. Қамшымен жауынан (кәдімгі шапқан жау немесе өзінің жеке дұшпаны, жыртқыш аңдар...) қорғана алатын немесе оларға шабуыл жасай алатын адамды жұрт қамшыгер деп атайды. Қамшыгерлік өнер әсте тума қабілет емес, яғни ол адам бойындағы тездік, ептілік, оралымдылық, діттілік, өткірлік, қаталдық, қарурылық, мергендік, ауырқолдылық сияқты ішкі-сыртқы шарттардың пісіпжетілуінен, шынығып – шыңдалуынан қалыптасатын, ұшталатын өнер. Спорт өнерінің өзге де түрлері секілді, қамшыгерлік те көп ізденуді, тынымсыз машықтануды қажет етеді. Ол үшін жастайынан адамгершілікке құмарту, әйгілі қамшыгер – ұстаздардан тәлім-тәрбие алу, қамшыны ұстай білу, ұра білу, адамды, малды, жыртқыш аңдарды қай жерінен қалай ұрғанда құлайды... дегендердің бәрін қолмен қойғандай қапысыз білу шарт. Негізінде қамшы атүсті шайқастың қаруы болғандықтан, қамшыгерден қамшыны дәлдеп бір-ақ рет ұру, сол бір-ақ рет ұрғанда жеңіске жету талап етіледі. Себебі тұрып

алып сабалай беретін қарсы жақ томар емес, ол қорғанады, ал сенің атың ойқастап арлы-бері ағылады, оның үстіне қарсы жақтың шабуылынан өзің қорғануың керек. Ендеше қайткенде қамшыны бір-ақ тартып жеңіс тұғырына көтерілуге болады деген сұрақтың туары даусыз. Мұндайда қамшыгерге қамшыны ұстау, үру өнерінен тыс, қарсыласының осал, жанды, нәзік жерін біліп алуына тура келеді. Мәселен, адамды жон арқадан қамшымен мың ұрсаң да өлмейді, есесіне, адам денесінде осал, жанды жерлер көп-ақ. Бұндай осал, жанды, нәзік жерлер адамда ғана емес, жан-жануарларда да болады. Атап айтсақ, адамда шеке, құлақ, самай, құлақ шеке, маңдай, еңбек, қара құс, көз, шынтақ, қызыл асық, аяқтың үсті, тізенің көзі т.б. жерлер десек; ит пен қасқырда – қара тұмсық, жолбарыс пен аюда – қара құс, айғыр бұқаларда – қасқа маңдай, орай тұсы секілді жерлер жанды жерлер болып есептеледі. Қай жерінен ұруды қамшыгер өзі таңдап алады немесе шайқас үстіндегі қамшыгерге қай жерінің ыңғайы келсе, сол жерден ұрады. Қазақ халқы ертеде (көп жерде қазан төңкерісіне дейін) қамшыгерлік өнерін – ат үсті спортының бір түрі ретінде насихаттап, дәріптеп, жалпыластырып, аруақтандырып келген екен. Тіпті кейбір өңірлерде адам мен адамды сабаластырмай-ақ, сиырдың шылғи терісін төрт пұшпағынан төрт қазыққа керіп тастап, қамшыгерге соны ұрғызған. Қамшыгер атпен шауып келіп теріні салып өткенде тері не тесіледі, не жыртылады, не тілініп түседі. Соған қарап бәйгені белгілеп отырған екен. Бұны айтудағы мақсатымыз, бүгінде қазақтың ұлттық ат спортының жанданып келе жатқан жайы бар. Жиын-тойларымыз ат-бәйгесіз, қыз қуусыз, аударыспақсыз, теңге ілусіз өтпейді. Енді осның қатарына қамшыгерлік өнеріміз қосылса, тіпті нұр үстіне нұр болмас па еді. Себебі қамшыгерлік өнер жоғарғыда айтқанымыздай ер-азаматтарымызды жүректілікке, тездікке, ептілікке, мергендікке, шымырлыққа баулитын ат спортының үлкен бір саласы. Бұны тірілтсек, бірте-бірте оның жаяу түрінде де өмірге әкелуге болатын шығар... Біздің бұл ұсыныс-пікірімізге республикалық спорт және туризм комитетіндегі ағайындар қалай қарар екен?!

«Қазақ университеті» газеті. – 2000ж.- №2.

ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТУГЕ БОЛАДЫ?

«Қазақ елінің бүгінгі жай-күйі масаттануға тұра ма?» деген мәселе төңірегінде ағайынмен ой бөлісер болсақ, әркім өзінше уәж айтары белгілі. Яғни біреулер «көш жүре түзеледі» дейтін көнбіс қағидаға иек артса, енді біреулер тәуелсіздіктен кейінгі бар құбылысқа «қара көзілдірікпен» қарап, бәрін сыпыра жоққа шығарады. Бүгінде қазақ халқының республикамыздағы үлес салмағы 50 пайыздан асты деп бөркін аспанға атып жүргендер көп. Оған, әрине, қуанған дұрыс, бірақ мақтануға әлі ерте! Өйткені, республикамыздағы қазақтардың саны жеті миллионнан астам ғана, қалғаны өзге ұлттар. Оның үстіне, жаңағы көрсеткіштегі қандастарымыздың бәрі қазақ тілді, ділі, діні бүтін болса ғой... Өкініштісі, олай емес. Демек, ұлттың рухан тұрпатына өкілдік ететін қазақтардың өз еліндегі тірлігі «жалғыздың үніндей, жаяудың шыныдай». Бұндайда оның қайтіп өз тілі өркен жайып, мәдениеті көгеріп-көктесін?! Кеңес одағы келмеске кетті дегеніңізбен, ол орнықтырып кеткен империялық тіл, славяндық мәдениет әлі де өз тағында. Себебі, бұл тіл бүгінде тонын аударып киіп, ауылдағы қазақтар үшін – баласын қалаға кіргізетін тілге, қаладағы қазақтар үшін – ұрпағын ұшпаққа шығаратын тілге айналып отыр. Өз елің, өз жеріңде 15-20 миллион болып отырсаң, бұл мәселелерге басың қатар ма еді?! Ал, қазір бас қатырмақ түгілі, бас жар, ештеңе өзгерте алмайсын. Себебі, азсың, азсың! Тағы да азсың! Демография және тіл

Жоғарыда айтқанымыздай, бізде көп сөз болатын мәселенің бірі – тіл. Енді демографиялық факторды басшылыққа ала отырып, тіл туралы ой өрбітіп көрелік. Ата заңымызға «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазарын жазсақ та недәуір қиындықпен қабылдадық. Бұл қиналудың себебі – тағы сол аздығымыз. Қабылданды. Бір қызығы, қағаз жүзінде болса да, солай қабылдағанына есіміз кете қуандық. Ал, осы қуанышты не деп түсіндіруге болады? Дүниежүзіндегі басқа бір ел қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп қабылдаса немесе «БҰҰ іс жүргізетін алты тілінің үстіне жетінші етіп қазақ тілін қабылдады» десе, оған қуануға болар еді. Ал, «қазақ елінде мемлекеттік тіл – тілі болды» деп қуану – «балықтар суда өмір сүретін болыпты» дегенге мәз болғанмен бірдей емес пе?! Қазақтың тілі мен мәдениетіне отаршылдар о баста орын қалдырмаған. Ал, тәуелсіздіктен кейін қанша ұмтылғанымызбен шамамыз келмеуде. Өйткені, бүгінде қазақтардың көбінің дүниетанымы, эстетикалық талғамы, көзқарасы мүлдем өзгерген, бұл бір. Екіншіден, тәуелсіз елімізде өте азшылықпыз. Аз болған соң «көптен қорқып, тереңнен тайсақтап» күн кешуге мәжбүрміз. Үшіншіден, демократия. Төртіншіден, нарық.

Сондықтан бәрі айналып келгенде аздығымыздың кесірі екенін мойындай отырып, бар мәселеде істі осы олқылықтың орнын толтырудан бастау керек.

Дін және ұлттық тұтастық

Ал, енді жұрт арасында көбірек өрістеп жататын бір әңгіме дін төңірегінде. Дұрыс, әрқандай бір халықтың, іргелік ұлттық болмысын ұстапа тұратын алтын діңгек осы – дін. Дін дегеніміз елдік болмысты айқындап әрі ұстап тұратын, қатепті халықтық идеология. Олай болса, бір халық екінші бір халықтың идеологиясын не зорлықты күш арқылы, не үгіт-насихат арқылы немесе қуатты экономикасы арқылы қабылдайды десек, осының бәріне де шама керек. Ал қуаттың, шаманың тірелер жері – АДАМ! Яғни, ертеңгі күні халқымыздың «мұсылман қазақ пен кәпір қазаққа» жіктеліп, ырылдасып жатқанын көргіміз келмейді. Бірақ бұл біздің субъектив аңсарымыз ғана. Шындық пен тағдыр әсте біздің қалауымыз бойынша иіліпбүгіле бермесі анық. Сондықтан ертеңгі күні онсыз да аз қазақтың ішінен мұсылман қазақты шырақ алып іздеп жүруден құдай сақтайсын дейік! Ана тілдің тынысы тарылып, халықтың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан діні сұйылып бара жатқан жерде, дін туралы сөйлеудің өзі басы артық әңгіме. Себебі, марксизмшілдер жан сала дәріптегендей «тіл – тек қана адамдардың қарым–қатынас жасайтын құралы» ғана емес. Онда сол халықтың дүниетанымы, құн көзқарасы, өмір сүру қағидалары, ұлттық мінез-құлқы, болмыс-бітімі жатады. Тілді тек қана «қатынас құралы» деп түсіндіру, әншейін, бала алдағандай бос сөз. Бірақ отаршылдардың бұл саясатының тасасында аса ірі құбыжық мақсаттары жатыр еді. Ол мақсат болса – тілінен айырылған халықтың ділі өшеді, ділінен айырылған халықты ассимиляциялаудан оңай шаруа жоқ. Әсіресе діннен ажырағаннан кейінгі жерде ділің далада қалады. Өйткені, дінде (әсіресе ислам дінінде) имандылық, инабаттылық, дүниетаным, тазалық, ар-намыс, еңбексүйгіштік, обал-сауап, адал-арам, ұрпақсүйгіштік... секілді кісіліктің басты шарттары мен мазмұндары жатыр. Дін кеткен соң осынау шарттар жойылады. Бұлар жойылды деген сөз – адамдар бір ұлт емес, жай тобырға айналды деген сөз! Жай тобырды әркім-ақ қайырып, алдыға салып айдап, керегіне жарата бермей ме?! Оның үстіне қайыру бермейтіндей соншалықты көп болсақ бірсәрі, шөкімдей ғана аз халықты қамалап, айдап әкету алпауыт елдер үшін түк те емес. Әрі ділден айрылған жұртта оған қарсылық та бола қоймайды. Ұзын сөздің қысқасы, біз дәл қазір қазақ халқының, еліміздің тағдырына қатысты қандай проблема болса, соның бәрі халқымыздың жан санын көбейту арқылы ғана тез әрі жеңіл шешуге болатын мәселелер деп есептейміз. Яғни, көбеймесек – көсегіміз көгермейді. Олай болатын себебін жоғарыда таратып

айттық. Ал енді қазақ халқының өз еліндегі демографиялық әлеуетін көтерудің қандай мүмкіндіктері мен жолдары бар? Енді сол туралы аз-кем аялдай кетейік.

Қандастарды қайтармай, қатарымыз өспейді

Заман тыныш болса, көлденең көп кесепаттан аман болса, жалпы өсем, көгеріп-көктеймін, көбейемін деген халықтың мүмкіндігі аз болмауға тиіс. Ал, қазақ халқының мынандай жолдар мен іс-шаралар арқылы көбеюге мүмкіндігі бар: Біріншіден: Ата-бабаларымыздан қалған «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасайды», «атадан пұл қалғанша ұл қалсын...» деген танымды бүгінгі жас жұбайлардың, жастар мен жасөспірімдердің санасына сіңіріп, жанына терең ұялатып, олардың өзгелерге жалаң еліктеуден туған отбасын жоспарлау ниетін түбірінен өзгерту керек. Бұл мәселеде әрбір ата-ананың атқарар рөлі ерекше. Олар өз ұрпақтарының құлағына сәби кездерінен бастап көп балалы болудың өзінен бастап мемлекетке дейінгі тигізер пайдасын, игілігін сәт сайын құйып отыруы керек. Осы тұста мынандай мәселе еске түседі, бүгінде біздің қазақтар, отбасында балаға елдік есепттен, ұлттық мүддемен, мемлекет тағдырымен байланыстырып тәрбие беруді ұмытқан. Есесіне тауып, бағып-қағып отырған бірді-екілі баласын әрі кеткенде «қызмет қылып, шен алуға», бері болғанда «нан тауып жеуге» баулиды, сол туралы тәрбиені қақсап көп айтады. Бұл мәселемен, әрине, мемлекеттің айналысуы да еш артықтық етпейді. Екіншіден: Балалар үйіндегі тастанды сәбилердің шетелдіктерге асырап алуға берілуіне, сатылуына тыйым салып, оларды мықты тәрбиеші аналар арқылы өз бауырымызға басып тәрбиелесек, солардың бәрі болмаса да, көбі еліміздің есті ұл-қызы болып ержетеріне еш күмән жоқ. Бұл ретте біз өзге емес, «өз ағамыз» өзбектерден үлгі алсақ та жетіп жатыр. Өзбек үкіметі өз елінің жетім балалар үйіндегі сәбилердің бәрінің аты-жөнін, ұлтын өзбек қып жазып жіберетіні өз алдына, біздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының балалар үйіндегі сәбилерді де «асырап алу» деген желеумен көптеп әкетіп жатыр деседі...Мақсат не? Халықтың санын арттыру! Тастанды балаларды былай қойып, кезінде Өзбекстандағы орыстан өзге ұлт өкілдерінің біразы «өзбек» болып жазылуға мәжбүр болғаны кімге құпия?! Бүгінде өзбектер 20 миллионға жетіп отырса, олар халық ретінде көбейсек деген ынтаықыластың, қажыр-жігерінің, кешенді елдік саясатының арқасында жетіп отыр. Түркияда демографиялық ырықтылыққа жетудің бұл тәсілі (тастанды балаларды түріктендіру, өзге халықтарды «түрік» деп жазып алу) ежелден бар үрдіс. Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне ұлтжанды, мықты тәрбиешілер тағайындап, балаларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге баулып өсіру қажет-ақ.

Үшіншіден: «Дүние жүзіндегі қазақтың саны он екі миллионнан асты» деп бөркімізді аспанға жиі атамыз. Орынды қуаныш. Біздің межеміз бойынша, тіпті одан да көбірек болуымыз ғажап емес. Себебі, ҚХР мен Өзбекстанның ресми мәліметіне сену қиын. Мәселен, Қытайдағы қазақтар туралы мынандай долбар есеп (бірақ ақылға қонымды) жасауға болады: Алтай аймағында 7 аудан, Тарбағатай аймағында 7 аудан, Іле аймағында 8 аудан – барлығы 22 аудан, бұған қазақтың 3 автономиялық ауданын (Баркөл, Мори, Ақсай) қосыңыз, сонда барлығы 25 ауданның негізгі тұрғыны қазақтар деген сөз. Ал осы аудандардағы қазақтардың қоныстану жиілігі – 150 мың, 100 мың, 80 мың адамның айналасында екендігін ескеріп, орташа санын 100 мың деңіз де, 25 ауданға көбейтіп кеп жіберсеңіз, екі жарым миллион қазақ шығып тұр. Бұған енді Бұраталадағы, Санжыдағы, Үрімжі ауданындағы, Үрімжі қаласындағы, Құлжа, Күйтің қалаларындағы қазақтарды қоссаңыз, асырып айтпай-ақ қояйық, үш миллион қазақ емін-еркін шығады. Ал, Өзбекстанда да екі миллионнан астам қазақ бар деген межеге сенгіміз келеді. Өйткені, қай елде болсын, өзге халықтардың санын кемітіп көрсету мемлекеттік саясатта ежелден бар үрдіс. Бұл реттен келгенде көршілерді кінәлаудың қисыны жоқ. Тіпті қандастарымыз өмір сүріп отырған елдердің берген ресми мәліметіне сенген күннің өзінде қазақ баласының үштен бірі телім-телім болып, дүниенің түкпір-түкпірінде шілдей тозып жүр. Ата жұрттағылардың халі әлгіндей...

Әр облыста бір миллион қазақ болса...

Қазақстан тәуелсіздің алғалы бері шеттегі ағайын да елеңдеп, қопаңдап қалды. Биыл көштің алдыңғы легі келгеніне оныншы жыл! Осы он жылда шеттегі ағайынның бір миллионын (тіпті жарты миллионға да жетпепті!) әкеле алмаппыз. Әрине, өкінішті! Міне, біз осы шетте жүрген, қандастарымыздың бәрін болмаса да (түгел келсе, тіпті де нұр үстіне нұр болар еді) келем деушілерін ел болып, үкімет болып Отан құшағына оралтып алсақ, жел кеулеген бүйіріміз бүтінделіп, ортамыз толып қалмас па еді?! Бұған кей ағайын бүгінгі «қиын кезеңді» көлденең тартады. Қазір қанша қиын болса да, «коллективтендіру», «Бұған кей ағайын бүгінгі «қиын кезеңді» көлденең тартады. Қазір қанша қиын болса да, «коллективтендіру», «32-жылғы ашаршылық», «Отан соғысы» жылдарындағы қиыншылық жоқ қой. Сол қиын замандардың өзінде кәріс пен немістің, орыс пен украиндардың жетімжесірлерін «жиендеріндей» асырап, үйінің бір бөлмесін босатып беріп, жарты күлшесін бөліп жеген қайран қазақ бүгін өз бауырларына келгенде «қиын кезде бұлар да...» деп қынқылдай бермей, баяғыдағы өзгелерге жасаған мәрттігі мен бауырмалдығын қандастарына да бір қайталап жіберсе, жас мемлекетімізге онша салмақ та түспес еді! Ал, Ресейдің «әнші кемпірлерінің» жылына қазақ

қалталыларынан алып кететін ақшасына ауылды жерге 50 оралманның отбасын орналастыруға болады екен... Оны ойлап жүрген қазақ байы жоқ! Елбасының, Қазақстан үкіметінің шеттегі қандастарды көшіріп алу саясаты – ұлтымыздың болашағын, тәуелсіздігіміздің тағдырын ойлаудан туындаған ұлы бастама. Егерде оны «шеттегі қазақтарды құтқарып алу үшін» деп қана түсінсек, қатты қателесеміз. Өйткені, қазір алыстан келетін ағайынның Отанға деген мұқтаждығынан гөрі мемлекеттің оларға деген мұқтаждығы өте маңызды, төтенше шұғыл болып отырғаны ащы да болса ақиқат. Шетелдерде өмір сүріп жатқан бар қазақ Отанға бір-ақ көшіп келді деп қиялдасақ, Қазақстанның әрбір облысында бір миллионнан аса қазақ өмір сүретін жағдайға жетеді екенбіз. Ондай жағдайға жетсек, қазақ деген халық та, оның мемлекеті – Қазақстан да ертеңінен, тағдырынан алаңсыз күй кешер еді. Яғни қазақтың мұртын балты шаппас еді! Қысқасы, көсегіміз көбейсек көгереді.

«Жас Алаш» газеті. 12 қыркүйек 2000ж. №110.

«ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА ҚҰТ БОЛАДЫ…»

Мейлі ол байырғы алпауыт ел болсын немесе шағын, жас мемлекет болсын, демографиялық саясат кім үшін де, қашан да маңызын жоғалтқан емес. Себебі бір елдің демографиялық жағдайы сол елдің экономикалық әлеуетіне, қорғаныс саласына, өзге де толып жатқан ішкі-сыртқы саясатына, бір ауыз сөзбен айтқанда ел тағдыры мен болашағына қатысы зор саяси, әлеуметтік мәселе. Сол үшін де қандай мемлекет болмасын өзінің демографиялық жағдайын бір сәт назарынан тыс қалдырмайды (дұрысы қалдыра алмайды.). Тіпті кейде бір мемлекет өзінің маңайындағы өзге де елдердің демографиялық жағдайын зерделеп жатса, ол да әсте “еріккеннің ермегі” емес, керісінше іргесіндегі елдің күш-қуатын, ертеңін алдын ала бажайлап, бағдарлап алып, сол арқылы Өз есебін, бағытын күні бұрын сараптап отыру қамынан туған дана шара. Біз бұл арада “күш-қуатын” деген сөзді жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені жұртқа белгілі болғанындай, демографиялық әлеует дегеніміз – қарапайым сөзбен айтқанда елдегі тұрғындар (адам!) санының аз-көптігі деген сөз. Бүгінде әлемдік аузы дуалы саясаткер атаулы бір ауыздан мақұлдап отырған, әрі жұрттың да көзі анық жеткен бір ақиқат – мемлекеттің құдіретті болмағы немесе әлсіз болмағы көбіне-көп оның демографиялық жағдайымен тығыз байланысты. Себебі экономикадан тартып, мәдениет, ғылым, қорғаныс… салаларының қай-қайсысын алмаңыз, адамның дене күшінсіз, қоғам мүщелерінің парасат қуатынсыз белгілі бір санаға да, сапаға да көтерілуі мүмкін емес. Сол үшін де шығар, әлемдік қауымдастықтағы “ірі ел”, “алпауыт империя”, “қуатты ел”, “стратегиялық маңызды мемлекет” т.б. атанып отырған мемлекеттердің сол деңгейге жетуіне олардың экономикалық, әскери қуаты ғана емес, демографиялық әлеуеті де мұрындық болып отырғанын кім жоққа шығара қойғандай?! Жоққа шығару былай тұрсын, гәпті індетіп келсеңіз, экономикаңыз бен әскери қуатыңыздың көсегесін көгертетін, тіптті айдарынан жел естіретін әрі-беріден кейін басқа емес, тек жеткілікті адами капитал. Бұған мысал ретінде бүгінгі Қытай мен Жапон елін айтуға болады. Қазір дүниежүзіндегі төрт адамның біреуі қытайда тек қана өмір сүріп жатқан жоқ, есесіне әлемнің көптеген елін ішер ас, киер киім, тұрмыстық тұтыну бұйымдары т.б.лармен қамтамасыз етіп отыр. Ал жапондар ше? Алақандай жерде отырып-ақ әлемдік экономика дамуындағы тіректі елге айналып үлгерді. Қарап отырсаңыз, әлемдік қауымдастықта Азияның осы екі мемлекетімен есептеспейтін кім бар?! Бұл екі ел, басқасы басқа, осындай құдіретке тек адам күші мен оның ақыл парасаты арқылы жетіп отырғанын өздері де мақтанышпен айтады. Бір кездері – ҚХР алғаш құрылған 1949 жылы 400 миллион жан саны болған қытайдың демографиялық әлеуетін қомсынған Мао: “Адам факторы қашанда бірінші” деп елге ұран тастап, халықтың ішкі өсіміне барынша қолдау көрсеткен болатын. Соның арқасында отыз-ақ жылда (1980ж.) ҚХР жан саны бір миллиарт 100

миллионнан асып жығылды. Өз халқын шексіз сүйген осынау атышулы саясаткер әлемнің теңдігін, мүсмкін, өзт еліндегі адамның санымен-ақ сақтағысы келген шығар. Бүгінде Мао-ның ол арманы жүзеге асты деуге толық негіз бар… Қысқасы демографиялық саясат кез-келген елдің, әрқандай халықтың өмір сүруінен тартып, оның дамуы мен гүлденуіне қатысты аса маңызды әлеуметтік, саяси және экономикалық шара болып табылады. Оған мән бермеу елдің тағдыры мен болашағына немқұрайды қараумен парапар. Құдайға шүкір, біздің Қазақстанымыз, оның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақ елінің демографиялық жағдайына тәуелсіздіктің тізгінін қолына алған күннен бастап тынбай бас қатырып, тоқтаусыз толғанып, аянбай тер төгіп келеді. Себебі тағдыр тауқыметімен өз жерінде азшылыққа айналып үлгерген қазақ халқының елдегі үлес салмағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялағанда, 30 пайыздың айналасында ғана еді. Бұл дегеніңіз сол кездегі 17 миллион тұрғыны бар республика жұртшылығының істеу керек? Сло кездегі қазақ зиялыларының да, елбасының да алдында тұрған ең басты, ең маңызды, ең кезек күттірмейтін мәселе – барынщша қысқа мерзім ішінде елдегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағын көтеру болғаны белгілі. Осы мақсатпен дүниежүзі қазақтарының І құрылтайын өткізуге қам жасала бастады. Тіпті құрылтайдың өтуін, оның шешімдерін күтіп отырмай-ақ Түркиядан, Моңғолиядан, ТМД елдерінен “еңбек шарты” деген секілді желеулермен қандастар көшінің алғашқы легі атамекенге ағыла бастады… 1992 жылдың қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында дүрілдеп дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Бұл құрылтайдың исі қазақ баласының рухани оянуына еткен шарапаты ұшан-теңіз болды. Атап айтқанда құрылтай елдегі қандастарымызға құлдықтан біржола құтылғандығын, шын мәніндегі азат мемлекеттің қожасы болғандығын сезіндірсе, шетте жүрген ағайынға қамқор Отанының, қормал елінің, іздеушісінің бар екендігін ұғындырды. Бір ауыз сөзбен айтқанда жер бетіндегі күллі қазақ атаулы сол құрылтайда жаппай бір оянып, рухани бір түлеп, орнынан тік тұрды деуге болады. Өйткені өз тізгіні өзіне тиген, азат елінің тұңғыш президенті осы құрылтайда жержүзі қазақтарына: “Бүгінгідей қиыншылығы мол заманда көңілімізге медеу болар бір жай – қазақтардың өз атамекенінде бас тоғыстыруы, әр түрлі себептерге байланысты туған жерден үдере көшіп кеткен туыстарымыздың өз еліне қайта орала бастауы. Біздің бәріміз сарыла күткен ұлы көштің алды атамекенге жетті. Тәуелсіз Қазақстанның құшағы сіздерге ашық, бауырлар!” деп жар салды. Сол сәтте осы күнді, осы сөзді үш ғасыр бойы аңсап келген қазақ баласының көзінен жас бұршақтады. Бұл шын мәніндегі қуаныш жасы, жүрек тебіренісі болатын… Осылай үлкен тебіреніспен басталған құрылтай – дүниежүзі қазақтарына және Қазақстан үкіметіне бес баптан тұратын өз үндеуін жолдады; Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құрып, оған елбасы Н.Ә. Назарбаевты төраға,

белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы Қ.Найманбаевты оның бірінші орынбасары етіп сайлады; Әлемнің әр шалғайына тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың атамекенге оралуына заңдық және әлеуметтік негіз қалап берді. Қысқасы бұл жолғы құрылтай – “Қазақ мемлекеті – тек Қазақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүнриежүзіндегі қазақтардың да ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың хұқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қоғауы қажет” (Заңгер ғалым, академик С.Сартаев.) екендігін айдай әлемге һәм ұғындырып, һәм дәлелдеп берді. Сол жылдардан бастап Қазақстан үкіметі көші-қон және демография мәселелерімен айналысатын арнайы агенттік құра отырып, шеттегі ағайындарды отанға оралтуға бюджеттен квоталық қаржы бөліп, алыс-жақын шетелдерден қандастарымызды көшіріп әкелу мен орналастыру шараларын жоспарлы, кешенді түрде жүзеге асыра бастады… Содан бермен қарайғы 10 жыл ішінде алыс-жақын шетелдерден тарихы отаны – Қазақстанға 500 мың (тілкөзіміз тасқа, жарты миллион!) қазақ баласы оралып үлгеріпті. Демек тәуелсіздіктің 10 жылының әр бір жылында орта есеппен 50 мың қандасымыз отан құшағына оралып отырған деген сөз. Бұл аз ба, көп пе деген мәселеге келетін болсақ, нарықтың аса қйындықтарға толы болған жылдары үшін бұл цифрға қанағаттанумызға тура келеді… Ал мен осы жылдың (2001ж.) жазында Елбасы қабылдауында болғанда шеттен келуші ағайындарға бөлініп отырған квотаның тым мардымсыздығына Президенттің назарын аудардым. Бұл мәселенің стратегиялық та, экономикалық та қажеттігін дәлелдеп Ол кісіге ауызша да, жазбаша да табыстадым. Елбасы менің ұсыныстарымды бірден құптады. Сөйтіп алдағы уақытта бұл цифрды еселеп көбейтетіндігін, 2002 жылдан бастап көші-қон квотасын бұрынғы 500 отбасынан 5-10 мың отбасыға дейін арттыру жөнінде үкіметке нақты тапсырма беретінін шегелеп тұрып айтты… Айтып-айтпай көші-қон және демография саясаты Қазақ елі үшін аса маңызды стратегиялық саясат. Бұл сөзіміздің тағы бір дәлелі ретінде, бүгінде көші-қон және демография мәселелерімен үкімет құрамында арнайы агенттіктің жұмыс істеп отырғандығын, “ҚР көші-қон заңы” қабылданып, күшіне енгендігін, ҚР парламентінде көші-қон және демография комитеті құрылғандығын, жергілікті жерлерде де көші-қон және демография басқармалары мен бөлімшелері өз жұмыстарымен тұрақты айналысып келе жатқандығын… айтуымызға болады. Мен еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстан” беріп отырған осы орайды пайдалана отырып “ҚР көші-қон заңын” ана тілімізде жазып, әрі оның қабылдануына бар күшін салған бұрынғы парламент депутаты, қоғам және мемлекет қайтаркері, оралмандардың үлкен жанашыры, ақын Әкім Ысқақ мырзаға, торқалы той үстінде, оралмандар атынан үлкен рахметімді айта кеткім келіп отыр! Себебі Ә.Ысқақ мырзаның “заңымен” бірге парламентте қаралған, үкімет ұсынған заң қабылданып кеткенде Елбасының көші-қон саясаты және оған қатысты іс-шаралар аздұр-көптұр

кедергілерге тап болған болар еді… Бұл реттен келгенде, Ә.Ысқақ мырзаның авторлығымен ұсынылып қабылданған бүгінгі көші-қон заңының алыс-жақын шетелдерден қандастарымыздың отан құшағына оралуына, елге келген оралмандарды орналастырудан туындайтын сан алуан мәселелерді шешуде заңдық құжат ретіндегі атқарып отырған рөлі ерекше екендігін атап айтқан орынды. “Елге ел қосылса құт” дегенді атамыз қазақ тегін айтпаса керек. Бұл дана қорытындының өміршеңдігі мен ақиқаттығына тарихқа үңілсек те, бүгінгі тірлігімізді бағымдасақ та көз жеткізу қиынға соқпайды. Демограф ғалымдардың есебіне жүгінсек, 1956-1963 жылдары көрішілес қытай елінен 100 мың отбасы Қазақстанға қоныс аударған екен. Бүгінде олардан тараған ұрпақ 1,5 миллионға жеткен көрінеді. Бұл әрине, 32-мен 37-нің қырғындарынан, 41-45 жылдардағы “Отан” соғысынан кейін өз жерінде этнос ретінде жойылуға шақ қалып, шаңырағы шайқалып тұрған Қазақ елі үшін шексіз қуат көзі, қайта тірілу орайы болғаны жасырын емес. Тіпті олардан тараған ұрпақтардың Қазақ елінің шаңырағына уық болып шаншылып, керегемізді кеңейтіп жатқанын айтпағанның өзінде, сол 100 мың қазақтың ішінде кімдердің елге не алып келгеніне бір сәт назар аударып көрейікші. Бір өзі Әсеттің ән мектебін қалыбын құратпай елге әкелген, һәм өзінің әншілік-сазгерлік талантымен Жетісудың ән өнерін биік белеске көтеріп кеткен, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев, Бүгінгі қазақ әдебиетінің қара нары, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық әртісі Фарида Шәрипова, белгілі өнер және қоғам қайраткерлері Әмина Нұғманова, жазушылар Бұқара Тышқанбаев, Құрманбай Толыбаев, Жолдасбай Тұрлыбаев, Нұрқасым Қазыбеков, Ахмет Жүнісов т.б.; ақындар Оразақын Асқар, Нүкеш Бәдіғұл, Марфуға Айтқожина, Қажытай Илиясов, Жәркен Бөдешов, Несіпбек Айтов т.б. да толып жатқан өнер, мәдениет, қалам қайраткерлерінсіз қазақтың әдебиеті мен мәдениетін көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Әрине қазақтың өнері мен әдебиеті оларсыз тұралап, тоқтап қалар еді деуден аулақпыз. Дей тұрғанмен Дәнеш болмаса Әсеттің тұтас ән мектебімен, қала берді жекелеген әндерімен қоштасуымыз әбден мүмкін еді. Ал әдебиетіміздің алтын қорына қосылған Райымбек батырдың (Ж.Тұрлыбаев), қаракерей Қабанбайдың (Қ.Жұмаділов), Әсеттің (Қ.Толыбаев) көркем бейнелерін неге мақтанышпен айтпасқа?! Бұған ғылымбілім саласында тер төгіп келе жатқан ғалымдар мен ұстаздарды қосыңыз… Демек “елге ел қосылса құт” екендігінің бір мысалы осы емес пе?! Ал тәуелсіздіктен кейін оралған 500 мың қазақтың тек соқа бастарының өзі еліміз бен жеріміз үшін баға жетпес байлық, құдіретті қуат, шексіз құт екендігін әркімақ біліп, бағалап жүрген жоқ па?! Шынымен де дәл қазір балшықтан қазақ жасай алмай отырған Қазақ елі үшін Құдайдың “мә” деп бере салған жарты миллион қазағын құт демегенде не дейік?! Оның үстіне тәуелесіздіктен кейін отанға оралғандардың ішінде жоғары білімді, егемен еліміз үшін аса қат

мамандықтардың иелері, әдебиет, мәдениет, өнер саңлақтары тіпті аз емес. Атап айтсақ, егемендіктен кейінгі ұлы көштің алғашқы қарлығашы болып елге оралған, бүгінде халқымыздың қадірлі қариясы болып ортамызда жүрген Халифа Алтай ақсақалдың бір өзі еліміз бен жерімізге иманның үйірілуіне, хақ дініміздің саналарда қайта жаңғыруына, діни сауатымыз бен танымымыздың өсуіне қаншалық ықпал еткенін еске алайықшы! Ал Моңғолиядан келген қандасымыз, МХР халық әртісі Қабылаш Әбікейұлы өнердегі өзінің қайталанбас болмысымен сахнамыздың сәніне айналғалы қашан! Немесе отан құшағына кеше оралған, бүгінде қазақ елінің өнер жұлдызына айналып үлгерген, бар қазақтың мақтанышы, әнші Майра Мұқаметқызы мен биші Шұғыла Сапарғалиқызын айтайық. Біреуі бұлбұл көмей дауысы арқылы қазақтың ән өнерін жалпақ жаһанға паш етіп жүрсе, енді біреуі буынсыз қимылымен би өнеріміздің абыройын аспандатып келеді. Ал бұлардан басқа да оралмандар ішінде өнер, әдебиет, мәдениет, ғылым, білім, кәсіпкерлер салаларында жемісті еңбек етіп жүргендер аз емес. Әсіресе екі жастың біріне келгенде қосақтарын жетелеп, балапандарын аузына тістеп “елім!” деп еңіреп жеткен жазушылар, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегерлері Жақсылық Самитұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, ақын, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қапшықбаевтар бастаған ақын-жазушылардың тұтас бір шоғыры келіп, азат елдің әдебиетін өркендету жолында өз терлерін төгіп жүргенін қалайша тебіренбей айтарсың?! Оларға тағы да ғалымдарды, жеті жұрттың тілін біліп келген білгір аудармашыларды, таптырмас медиктерді, іскер кәсіпкерлерді қосыңыз. Бұлардың бәрін Алланың Қазақстанға жаудырған “Рахман жаңбыры” деп бағаласақ еш артық емес! Себебі жүздеп-мыңдап саналатын осындай талантты, қат кадрларды дайындау үшін еліміздің қанша уақыты, қажыр-қайраты мен қаржысы жұмсалар еді десеңізші! Міне құт, міне байлық! Шетінен дайын мамандар, бірөңкей патриот кадрлар, ылғи еңбекқор жандар… Осы жайларға қарап отырып, елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тындырған өзге ісін айтпағанда, тек осы көші-қон және демография саясаты арқылы ғана ел тағдыры мен болашағы үшін қандай өлшеусіз үлес қосқанына көз жеткізесің, тәнтә боласың! Әттең, елбасының осы саясатын емеурінінен танып, істі іліп әкететін аңғарлы әкімдер мен білікті бектердің аздығы, тіпті, жоқтығы кейде кісіні қынжылтады. Бұған біз ғана емес, елбасының өзі де қатты қынжылтатынын жасырмайды. Олай деп отырғанымыз, көзқарақты оқырмандар мен көрермендердің есінде болса, осы 2001-жылдың 31 шілдесі күні елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы оралмандардың өкілі ретінде осы жолдардың авторын қабылдаған болатын. Бұны әрине жеке маған ғана емес, шетте жүрген 3,5 миллион қандасымыз бен елге жаңадан оралған 0,5 миллион оралманға көрсетілген зор құрмет деп түсінген орынды. Осы қабылдауда менен Елбасы елімідегі көші-қон саясатының соңғы кездегі атқарылу деңгейін, оралмандардың қазіргі жағдайын, қытайдағы қазақтардың нақтылы хал-ақуалын, Қазақстандағы қытайтану мәселесінің бүгіні

мен болашағына қатысты мәселелерді тәптіштеп сұрап, қадағалап ұғыса келіп: “Бір кездері Қазақстанға күштеп жер аударылған орыс пен немістің, кәріс пен украинның т.б. толып жатқан халықтардын өкілдеріне жарты нанын бөліп беріп, өз баспанасынан оларға қоныс берген біздің халқымыз, бүгін өз бауырлары келгенде сол жомарттығын неге танытпай отырғанына таң қаламын. Ал облыс, аудан, ауыл әкімдерінің осы мәселе бойынша түсінігі мен тірлігі мен тіпті де қатты қынжылтады. Егер бір ауыл жылына қандастарымыздың бір отбасын өз күштерімен қабылдап, мемлекетке салмақ салмай жағдай жасап отыратын болса, онда оралмандар саны бүгінде жарты миллион емес, одан әлдеқайда көп болған болар еді…” деген өкініш аралас қынжылысын да жасырмады. Сонымен бірге, реті келгенде оны да айта кетейін, елбасы оралмандарды да үкіметке ауыз аша бермей еңбек етуге шақырды; әрі бұдан былай оралмандарға көрсетілетін материялдық көмек көбірек олардың арасындағы зиялы қауымға, көп балалы отбасыларға, мүгедектер мен кәрі-құртаңдарға көрсетілетіндігінен, келесі 2002 жылы 6 мың отбасыға квота бөлу жоспарланып отырғандығынан хабардар етті. Мінеки, оралманның бір өкілін қабылдай отырып, аталмыш мәселеге елбасының ерекше , қадағалай мән бергенінің өзінен-ақ көші-қон және демография саясатының елімізде қаншалық салмағы бар екендігін аңғаруға болады. Ұзын сөздің қысқасы, көші-қон және демография саясаты Қазақ елінің тағдыры мен болашағына қатысты күре тамыр саясаттардың бірі. Олай болса, бұл саясаттың мәні мен маңызын айғайлатып айтқызбай-ақ түсіну, жалаулатып жар салмай-ақ орындау – бүгінгі күннің чиновниктеріне заман жүктеп отырған қасиетті борыш. Өйткені еліміздің экономикалық жағдайы жаңадан ғана оңалып келе жатқан жайы бар. Егер біз тек үкіметтің қалтасына ғана қарап отыратын болсақ, көші-қон және демография саясатының орындалу барысын тым-тым ұзақтарға созып аламыз. Тым ұзақтарға біз шыдағанмен, елдің іші-сыртындағы сан құбылған саяси атмосфера бір қалыпта тұра береді дегенге кімнен кепілдік бар?! “Түн ұзарса түс көбейеді” дейді халық даналығы. Сондықтан мемлекеттің бұндай аса маңызды саясатына жергілікті бек-төрелер мен қалталы ағайындар да белсене атсалысып жатса – нұр үстіне нұр ғана емес, елдіктің де бір жарқын көрінісі болар еді. Осы орайда еске түседі, жұртқа мәлім болғанындай, дүниежүзінде көші-қон және демография саясатын арнайы министрлік құрып, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөліп, ол туралы арнайы заң қабылдап, оны жүйелі де кешенді жүргізіп отрыған үш мемлекет бар. Оның бірі – Израил, екіншісі – Германия, үшіншісі – біздің Қазақстан. Осы арада алдыңғы екі ел туралы да бірер сөз айта кетудің еш артықтығы бола қоймас. Өйткені көші-қон туралы сөз бола қалса, Израил мен Германияның тірлігіне тамсанатындар бізде аз емес. Белгілі болғанындай, Израил – АҚШ қалталылары мен конгресмендерінің қуаты жаман емес. Тек олардағы басты мәселе – елдегі еврейлердің аздығы, яғни еврейлер көбейген

сайын ел іргесі кеңейіп, мемлекет нығая түспек… Ал Германияға келетін болсақ, “батыс өркениеті” әбден өтіп кеткен неміс әйелдері ХХ ғасырдың соңғы ширегінен кейін туытты негізінен тоқтатқан. Осыған байланысты елдің жан саны жыл санап емес, ай санап құлдырауда. Елдің іші-сыртындағы социалог ғаламдардың пайымдауынша, болашақта неміс жерін Түріктер мен өзге де европалық халықтар алып қоюы мүмкін деген қауіп күшті. Оның үстіне елдің экономикасы жер бетіндегі тірі немісті бір күнде көшіріп алуға жетіп тұр. Енді не тұрыс, неміс үкіметі қандастарын шақырып жатыр, бар жағдайын жасап қабылдап жатыр… Ал Қазақстанның жағдайына келетін болсақ, еліміз тәуелсіздігін жаңа жарияланған жас мемлекет, экономикасы енді көтеріліп келеді. Сонысына қарамай жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орынды иеленіп отырған ірі мемлекет. Алайда елдің жалпы тұрғыны 16 миллионның айналасында. Оның ішінде жергілікті халық 8 миллиондай ғана. Бұл әрине өте аз! Өйткені елдің жер көлемі мен тұрғындар саны арасында ешқандай гармония жоқ. Жер бетіндегі осындай сәйкессіздік жою болашақта бүкіл ғаламның міндетіне айналды. Оған дейін біз жеріміздегі адам жиілігін жүзеге асырып үлгеруіміз керек. “Адам” болғанда да кез-келген көк аттымен емес, өз ұрпақғымызбен, өз бауырымызбен толтыру басты мақсат болса игі. Себебі біздің әр бір облысымызда бір миллион қазақ баласы өмір сүретін күнге жеткенде ғана алаңсыз өмір сүруімізге толық негіз қаланды. Ал ол санға ішкі өсім арқылы жету үшін өт ұзақ жылдар керек. Өйткені Қазақстандағы ұрпақ өсімі өлімнің орнын әрең-әрең жауып, тіпті кей жылдары жаба алмай қалып та жатады. Сондықтан біздің үкіметіміз халық санын өсіремін десе, біріншіден, ішкі туытты қолдауды мықтап қолға алуы, екіншіден, шетте жүрген қандастарымыздың көптеп елге оралуын қамтамасыз етуі керек. Қиындығы аса мол болған өткен он жылда жарты миллион қандасымызды қабылдаған болсақ, Алла бұйырса, алдағы он жылда ең кемінде бұдан екі есе көп ағайынды елге оралта алсақ, ортамыз толып, жыртығымыз бүтінделіп қалар еді…

«Егемен Қазақстан» газеті . 14 желтоқсан 2001ж.

ЕЛБАСЫ – ЕЛДІК КЕПІЛІ

Өркениетті ел үшін Елбасы туралы ашық әңгіме айту, тіпті ол туралы пікірталастардың өрістеп жатуы – заңды да қалыпты құбылыс. Құдды сол сияқты біздің елде де Елбасы туралы оңды-солды әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Бұл ретте оңды тұрғыдан айтылып жүрген әңгімелер түсінікті. Яғни олардікі – елдікке, Елбасына деген тілеулес ойдан туған жанашыр пікірлер. Мұндай ойдан туған орынды сын-пікірдің жөні басқа. Ал тырнақ астынан кір іздеп, елдікке тіл тигізіп, Елбасына жала жабатындардікі – жалғыз Елбасы үшін ғана емес, Отан тағдыры үшін, жер бетіндегі күллі қазақтың мүддесі үшін аса қатерлі құбылыс. Әдетте жаңағыдай сыңар езулеп, қыңырға тартқыштар өздерін – «халық қамқоры», «оппозициямыз» деп түсіндіруге тырысады. Осындай «қамқоршыларымыз» бен «оппозиция» өкілдерінің көбіне-көп тілдеріне тиек қылатыны – ел экономикасының «мүшкіл жағдайы», «азыптозған ауыл ахуалы», т.с.с. Әрине, қиындықтардың бар екендігін біз де жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Алайда сол қиындықтың себеп-салдарын, түптамырын түсіндіруге келгенде әлгі «қамқоршылар» әдейі теріс езулеп, ашықтанашық қыңырлыққа басады. Ондағы мақсаттары - әсіресе, саналы да сауатты қауымға түсінікті, яғни қоғамдық атақ-абырой топтап, саяси ұпай жинау. Дей тұрғанмен халық дейтін жарықтық та кейде бала сияқты ғой, байқап қарасаң, сол «батырлардың» байбаламына бірде болмаса бірде иланып, кәдімгідей елігіп қалатын түрі бар. Оған бола халықты да кінәлай алмайсың. Себебі қамыңды жегенсіп, қамқорсып айтылған «жылы сөз» мейлі кімнің аузынан қандай мақсатпен шықса да, бір сәт ішіңді жылытып, еліктіріп әкететіні рас. Ал бар мәселені салқынқандылықпен салмақтап, сараптап қараған кісі ондай жел сөздің желігіне бой алдыра қоймайды. Олай деп отырғанымыз – ең әуелі біздегі сол «оппозициямыз» деп жүргендердің кімдер екеніне бір сәт назар аударып көрейікші. Жұрттың да көріп-біліп жүргеніндей, олардың дені кешегі жоғары лауазым иелері – «биік шыңның» басындағы тұғырлы тұлғалар болып келеді. Өйткені олар кеше тұғырында отырғанда қызметін дұрыс атқара алмағаны үшін немесе билігін асыра пайдаланғаны үшін тағынан тайған. Сол күннен бастап олар партия, топ, қозғалыс... құрып, «оппозиция» болып шыға келеді. Себебі ендігі жерде олардың бүлдіріп алған қылмыстарына байланысты іс қозғала қалса, халықаралық ұйымдар «оппозиция қудаланып жатыр» деп ара түседі. Сосын – рахат; аузыңа келгенді айтасың да жүре бересің. Бір қызығы – олардың бәрі болмаса да кейбіреулері ақталып па, жоқ әлде өзге себептермен бе, белгілі бір мәртебелі орынға қайта қонжия қалады. Содан былайғы жерде әлгі «бұлбұлдың» тілі байланады да, тек тойған қозыдай томпиып іске кірісіп кеткен белсенді бейнені ғана көресің. Әлгі байғұсқа қарап отырып (бұл кездері), біресе ол үшін ұяласың, біресе оған жаның ашиды. Бірақ бір «тәуірі» - өзінің аса ұялып,

тым қызарып жүргені байқалмайды. Керісінше кейбіреулерінің «Президенттің командасындамын» деп әр сөзін алтынға балап, сыздап, Қазақстанның аспанын жалғыз тіреп тұрғандай кісімсіп, әлденеге міндетсіп отырғанына куә боласың. Міне, біздегі «оппозицияның» сиқы. Осыдан кейін олардың «халық қамқоры» екендігіне, елдегі экономикалық жағдайды оңалтқалы жүрген «іскерлігіне» сеніп көріңіз. Қашанда төскейден шауып, төрге озғысы келетін ондай таяз, санасы саяз, ұлттық ар-намысы сұйқыл «сұрқылтайлар» халық қамын, ел намысын ойлап жырғатқан емес. Керісінше біздің мемлекетіміз Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты мен іскер басшылығының арқасында небәрі он-ақ жылда қиын күндерді артқа тастап, тұрақты дамудың арнасында толық түсті деуге болады. Осы ретте көп жұртты мазалап жүрген «Артта қалған он жылда неге сонша қиналдық? Әлі де болса еңсеміз неге көтерілмей отыр?» деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп, Елбасының еңбегіне елдің көзін анық жеткізуге тырысып көрелік . Біз өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарынан КСРО деп аталатын отаршыл империяның «одақтас республикасы» ретінде есептеліп келгеніміз белгілі. Ал шынтуайтына келгенде, еуразиялық алып державаның шылауындағы, халқының рухани құндылықтары жойылуға беттеген, табиғи ресурстары жаппай тоналып жатқан, индустриялық деңгейі мешеу «өгей өлке» - аты бар да заты жоқ, саны бар да санаты жоқ «республика» едік. Ал сол алып державаның өзінің экономикалық-өндірістік сипатына келсек, ұжымдық өндіріс негізіндегі әлеуметтік жоспарлы экономика болатын. Бұл - әсіресе, бодан елді, отар жерді тонаудың, теспей сорудың таптырмайтын тәсілі еді. Яғни жеріңнің асты мен үстіндегі байлықты «жоспар» деп аталатын жосықпен империя құлқына тыға беруің керек. Ал сен империяның өлтірмеу үшін тастаған азғантай талшығын талғажау етудің шарт. Ал енді «жарылқап» салып берген «зауытфабрикасының» сиқына келсек, жүн жуатын, тері өңдейтін, темір қорытатын, т.б. толып жатқан шикізат әзірлеу орындары еді. Демек, қоқсықтар, қалдықтар, улар-зәрлер сенің жеріңде қалуы керек. Біздің жерімізде сондай мақсаттармен салынған «ірі» өндіріс орындары болуын болды. Бұдан сырт алып КСРО-ны бай қожайын десек, оның жалшы-қойшысы біздің қазақ еді. Әрі өмірбақи жалшықойшы ғып ұстау үшін қожайынымыз бізге керемет «шарт-жағдай» жасап бергені тағы рас. Атап айтсақ, автомонша апарып «жуындырып», дәрігер апарып «тексеріп» тұратын. Алайда осының өзі қандай қорлау, неткен мазақ екенін ол кезде сезе алмадық. Сонымен, құл қазақ мал соңында құлшынып жүре берді. Аяғында жеріміз ақтылы қой, алалы жылқыға толып кетті. Бірақ сол малдан бір балғанды қонағыңа сойып беруге құқың жоқ болатын... Мінеки, осы үрдіс неше ұрпақтың қанына сіңіп, қасиетіне айналды. Сонымен, қанша сорақы болса да, ол жағдай бізге қалыпты тірлік тынысы, дұрыс өмір ырғағы сияқты еді. Көбімізде оның дұрыс еместігін сезінетін сана болған жоқ, ал сезінетіндердің екі елі аузына төрт елі қақпақ қойылды... сөйтіп жүргенде, айымыз оңынан

туды ма, жоқ, Құдай неше ғасырдан бергі көз жасымызды көрді ме, кеңес империясы ыдырап, тәуелсіздік алдық. Одақтас республикалардың бәрі алғашқыда өз күнін өздері көрудің қамымен бет-бетімен кетті. Бәрінің қолында тек Кремльдің тайқазанына ырыс құйып келген «шөміштер» ғана қалды. Кремльге енді қай қазанға құймақсың?! Сонымен біздегі сол алып «шөміштер» (ірі типтегі шикізат әзірлеу-өңдеу зауыттары) жұмысын тоқтатпауға мәжбүр болды. Бір мемлекеттің, онда өмір сүріп отырған адамдардың тіршілігін қамтамасыз ететін сан мың түрлі өндіріс орындарын салып, оның өнімін игіліктене бастау 5-10 жылдан қойып, 20-30 жылдың өзінде толық жүзеге аса салатын жеңіл-желпі шаруа емес. Ел экономикасын бәленбай жыл тығырыққа тіреп келген, әлі де болса күрделі мәселелерін алдымызға көлденең тартып отырған жағдайдың түпкілікті себеі, міне, осы. Бұл мәселе әлдекімдер айтып жүргендей, мемлекет билігін бір қазақтың қолынан алып, екінші бір қазақтың қолына берумен ғана шешіле салар мәселе емес. Оған салиқалы саясатпен бірге уақыт керек. Уақыт керек дегеннен еске түседі, өзге емес, іргемізде жатқан ҚЫтай Халық Республикасын алайықшы. Біріншіден, өзі –көрші ел; екіншіден, бәріміз азиялықпыз; үшіншіден, олар да біраз жыл социализмнің «жоспарлы экономикасын» басынан өткерген мемлекет. Бұл ұқсастықтарымыз аз емес деген сөз. Осы Қытай елі - әрісі 5 мың жылдық көне тарихы, берісі 50 жылдық жаңа тарихы бар алып держава. Сол державаның арғы бес мың жылдық тарихынан сөз қозғалмай-ақ, бергі елу жылына көз жіберіп көрейік. КХР құрылған 1949 жылдан бермен қарайғы табандатқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қытай елінде не болмады дейсіз?! 15-20 жылға созылған жоқшылық-аштық, ондаған жылдарға жалғасқан ішкі саяси былық, рухани мәдениет саласындағы ұзақ уақытқа созылған күйрету-жою...т.с.с. саналуан сарсаңдар халықты әбден сансыратып, ел жағдайын мүлде тұралатып кеткені мәлім. Тек 80-інші жылдардан кейін ғана беті бері қараған Қытай экономикасы 90-ыншы жылдары ұллтық жалпы өнім құны жағынан әлемнің ең алдыңғы қатарына көтерілді. Демек, Пекин елдің мұндай экономикалық дамуына 40-50 жылда зорға қол жеткізіп отыр. Алайда қытайлықтарды ұжмақ өмірде өмірде баяшат тұрмыс кешіріп жатыр деуге әлі ерте. Мәселен, Дың-Сияупиң «жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды» дәріптеп кеткен болса, бүгінде Джияң-Зымин «бюджеттік мекемелерді, өзін-өзі ақтай алмайтын кәсіпорындарды жаппай қысқартуды» жүзеге асыруда. Осындай саясаттардың нәтижесінде Қытайдағы «ұжмақ коммунизм» елесі де көзден бұл-бұл ұшып барады. Ал енді КХР құрылған кездегі Қытай елінің экономикалық, саяси, әлеуметтік мүмкіндігі мен 90-ыншы жылдардағы біздің түрлі мүмкіндігімізді мүлде салыстыруға келмейтін жағдайда болатын. Яғни, Қытай елі 1949 жылы тек қоғамдық формация өзгерткені болмаса, одан бұрын да Пекин, Шанхай, Тянжин, Нанкин, Гуаңджоу, Гонконг, Далиян... секілді толып жатқан сауда мен өнеркәсіпті негіз

еткен ірі қалалары, порттары бар; барлық бала бойынша өндіріс орындары әлемдік деңгейде дамыған неш мыңдаған, миллиондаған алпауыт капиталистері бар; жан саны жарты миллиардтай, оның 90 пайыздан астамын қытайлар (ханьзу) құрайтын кәдімгі қатепті мемлекет, ірі империя болатын. Соның өзінде соңғы елу жылда аяғын әлтек-тәлтек, оңды-солды басып жүріп, тұрақты даму арнасын енді тауып отырған жайы бар. Ал бізде тәуелсіздік жариялаған кезде ондай мүмкіндіктің қайсысы болды?! Жалғыз Алматы қаласы қана жөндем; о жер-бұ жердегі шикізат өндіруге ғана арналған, өзі далиған, өзі мешеу жабдықталған «зауытсымақтар...» Бар болғаны – осы ғана! Соның негізінде біз мынау алмағайып заманда мемлекет құрып, ел болып келе жатырмыз. Қайта құдайға мың мәрте шүкір дейік! Бес мың жылдық тарихы бар ежелгі халықтың еліндегідей біздің 30-40 жылымыз саяси былықтарға, «төңкерістерге» сарп болып жатқан жоқ, ел құруға, тәуелсіздікті нығайтуға арналып жатыр. Жалпы, адамзаттың өркениет тарихына, мемлекеттердің даму тарихына көз жіберетін болсақ, бірінші ширек ғасыр мемлекеттің қалыптасу кезеңі деп аталады. өзге емес, өзіміз өмір сүрген КСРО-ның өзі 30-40 жылдан кейін ғана «ауызымызды аққа тигізген» жоқ па?! Міне, осылардың бәрін ой елегінен өткізіп, ақылға салып таразыламай, он жылдық немесе мың жылдық тарихы бар Қазақстаннан жүз жылдық немесе мың жылдық тарихы бар мемлекеттердегі жағдайды талап етеміз. Талап етуімізді дұрыс делік, бірақ оған ешқашан ел басындағы бір қазақты немесе бір-бірімізді кінәлау арқылы қол жеткізе алмаймыз. Оған ел болып талпыну – ұмтылу арқылы, ояу ұлттық санамен, сергек ақылмен, ар-намысты ту еткен береке-бірлікпен ған жетеміз. Ол үшін елді басқарып отырған адамның ақылы мен қайраты шешуші рөл атқармақ. Бұл реттен келгенде Нұрсұлтандай ұлын дайындап, тура осы кезде ел басқаруға әкелген қазақ халқы бақытты! Тіл-көзіміз тасқа. Он жыл – ұлы тарих көшімен салыстырғанда қас-қағым сәт. Осы қысқа ғана он жылда Қазақ Елі өзінің әлемдік қауымдастықтан алған орнын бекем иемденіп, «Қазақстан» атағын айдай әлемге паш етті. Бұны, әрине, ең әуелгі республика басшысының сыртқы және ішкі саясаттағы белсенді де ұтымды еңбегінің бодауы деп ұққан орынды. Ал енді назарды елдің ішкі, нақтылы жағдайына бұрар болсақ, ондағы саяси, экономикалық, мәдени салалардағы жаңғыруларды, адамдар санасындағы өзгеріс-сілкіністерді, жалпы әлеуметтіктаным мен талғамдағы болып жатқан бетбұрыстарды бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Тіпті саясат пен экономикадағы оңды өзгерістер туралы сөзді аталған сала мамандарының еншісіне қалдырып, мәдени-рухани өмірімізде болып жатқан түрлеуге, жаңғыруға, сілкініске сәл ғана ой жіберіп көрелікші. Мұнда да адамдар жан дүниесінің қатпар-қатпарына сәуле шашқан, психология, таным-наным, тіршілік тынысы... секілді салаларға да өз бедерін салып келе жатқан рухани

жаңғырудың, ой-сана бетбұрысының өрлеуін байқауға болады. Соның бастыбастыларын ендей өтіп, бойлай шолып, сарабдал сананың сүзгісінен тағы бір өткізіп, дәуір безбеніне салып бағамдасақ, ғажайып игі қадамдар жасалғанына куә боламыз .сол игі шаралардың алғашқы кезегінде Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өткені есімізде. Яғни осыдан тура он жыл бұрын, 1992 жылы қыркүйек айында, сол кездегі астанамыз Алматы қаласында дүниенің түкпіртүкпіріне тарыдай шашырап кеткен қандастардың басын қосып, төрт көзімізді түгендедік. Себебі тағдыр тауқыметімен қазақ халқы әр-әр елде өмір сүріп жатқан болса, оның болашағына, тағдыр-талайына қатысты бір-ақ жер бар, олкүллі қазақтың қара шаңырағы, ортақ Отаны – осы Қазақстан. Бұл туралы осы құрылтайда жасаған баяндамасында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол –тәуелсіз Қазақстан. Бүгінгі қиыншылығы мол заманда көңілімізге медеу болар бір жайқазақтардың өз атамекенінде ба тоғыстыруы, әртүрлі себептерге байланысты туған жерден үдере көшіп кеткен туыстарымыздың өз еліне қайта орала бастауы. Біздің бәріміз сарыла күткен ұлы көштің алды атамекенге жетті. Тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздерге айқара ашық, бауырлар!» - деп құрылтай қонақтарына ағынан жарылған болатын. Айтқанында тұрып, уәдесін орындаған Елбасымыз бүгінге дейін Отанға жарты миллионға жуық қандасымызды көшіріп әкелді. өткен жылы біз ол кісінің қабылдауында болып, көші-қон жөніндегі кейбір ойларымызды, ұсыныстарымызды айтқанымызда, ол кісінің бұл мәселе жөніндегі танымы мен түсінігінің, ойы мен жоспарының кешенділігі мен ауқымдылығына ерекше тәнті болып шыққанымыз бар. Елбасымыздың аузынан: «Көші-қон саясаты – еліміздің аса маңызды стратегиялық саясаты. Біз шетегі қандастарысымызды отан құшағына оралту жұмысын барынша жандандырып, оған бөленетін квотаны да жыл сайын ұлғайтып отыратын боламыз», - деген тебіреніске толы сөзі мен бұл саясаттың мән-маңызы жөніндегі көзқарасын естігенде жан дүниемізді бір жылы ағыс аралап өткендей күй кештік. Бұлай толқуымыздың да өзіндік себебі жоқ емес. Қарап отырсақ, жер бетіндегі елдердің ішінде көші-қон туралы заң қабылдап, онымен айналысатын арнайы министрлік жасақтап, шетелден қандастарын көшіріп алып отырған үшақ мемлекет бар екен. Оның бірі – Германия, екіншісі – Израиль, үшіншісі - өзіміздің Қазақстан. Көпшілік қауымға алдыңғы екі елдің мүмкіндігі туралы айтып жату артықтау болар... Ал Қазақстанның көші-қон саясаты - әлдекімдер бұра тартып жүргендей, еліктеу-солықтаудың жемісі емес, шын мәніндегі тәуелсіз Отанымыздың тағдыры мен болашағын ойлаудан туған данышпан шешім. Ол, әрине, сыртқы көріністе «шете азып-тозып жүрген қандастарымызды құтқарып алу» үшін жасалып жатқан шара сияқты болып көрінеді. Біздің кейбір жетесіз әкімдер мен санасыз саясаткерлер бұл мәселеге тек осы қырынан ғана мән беретіндіктен көп жағдайда бұл шараға көлденең тұрғысы келеді. Елбасының ұлжандылығы мен сұңғылалығы осы саясаттан-ақ

айқын көрініс тауып отырған жоқ па?! Біз қабылдауында боғанда да ол кісінің емеурінмен аңғартқаны көбеймесек, көсегеміз көгермейді дегенге саяды. Қабылдаудың соңында біз Елбасыға арналған мына өлеңімізді оқып һәм қолына жазбаша табыс еттік.

Алаштың асқақ айбыны

Ау, Нұр аға, Нұр аға,
Алты Алашқа пір аға.
Құтты болсын тағыңыз,
Көтерілсін бағыңыз!

Арнадым саған жыр, аға,
Құлағыңды түр, аға:

Сен, сен едің, сен едің,
Асып бір туған ер едің,
Езіліп келген еліңді
Жетелі іске жебедің

Сен, сен едің, сен едің,
Ел тізгінін қармаған,
Шабысынан танбаған.
Қара қазақ қамы үшін

Шаршы әлемді шарлаған.
Болашағыңда боларды
Бала шағаңды барлаған,
Ақылы айдын кемелім,

Әбес бір іске бармаған.
Мұзбұлақ қыран сен едің,
Қанаты қанша қақса талмаған.

Ау, Нұрекем, Нұрекем,
Дүние қолдың кірі екен.
Алданып қалар аярға
Өзіңді теппе өзекке;

Алаштың қамы қашанда
Алғашқы болсын кезекте.
Өзіңе мәлім жайымыз,
Оңынан туып айымыз,

Солынан туды күніміз.
Шала бір жансар жаны бар,
Тірілсін енді тіліміз.

Түтіліп түте тоз болған,
Етекте қалған еленбей,
Төрлесін енді дініміз,
Өрлесін енді үніміз.

Имандай сеніп арыңа,
Тізгінді бердік тағы да.
Отырдың солай тағыңа!

Уа, Нұр ағам, Нұр ағам,
Жаны бар жайсаң –жыр алаң.
Еліңнің мәңгі бақытын
Алладан күнде сұраған

Сен, сен едің, сен едің,
Сабыр-төзімге кененім.
Елім деп өтер еңіреп,
Еңсегей туған ер едің.

Нұр егем десең еліңе,
Гүл егем десең жеріңе –
Қысылсаң, ақыл бермейтін,
Қамшыламай желмейтін,

Нұсқаламай көрмейтін,
Айтқаныңа көнбейтін,
Құлқынын ғана жемдейтін,
Тексізден уәзір жинама!

өзіңді өйтіп қинама!

О, Нұрекем, Нұрекем,
(Мансап та қолдың кірі екен).
Кірден таза жаныңды,
Сүттен аппақ арыңды

Ақ жүрекпен жыр етем,
Көңліңді сөйтіп түлетем.
... Бақыт па, сор ма осымыз,
Бір жағымда – самұрық,

Бір жағымда – аждаһа...
Тігілді қатар қосымыз.
Ең жақының кім болса,
Әуелі содан шошыңыз.

Құп десе көңіл қошыңыз,
Сөзіме құлақ тосыңыз:
Баяғы баба билердей,

Шыжымдап тартып, ши бермей,
Талай тайғақ өткелден,
Оралдың толық ұпаймен.
Есіңе енді саларым –

Ойнасыңда орыспен,
Қалжыңдас па қытаймен!
Аман болсын ел десең,
Бүтін болсын жер десең –

Сөзіме құлақ түргейсің,
Шығыстан байқап жүргейсің,
Шүршітті мықтап білгейсің.
Ең үлкен уәжім осы еді,

Осы бір жерім бос еді...
Демеңіз әсте, Нұр аға,
Маңайдың бәрі дос еді...
Жетсе сізге бұл тілек,

Дүкеннің көңілі қош еді!
Бүгінгі күнін мүлде азат
Сақтаймын десе бұл Қазақ,

Нұр аға, Сізге сенеді,
Сенеді, Сізге ереді!
Нұр аға, сіз де «Ел! дегей,
Ел үшін ғана терлегей.

«Шылыққа» орын бермегей.
Алаштың нұрлы ертеңін,
Алақанымен тербегей!

Бұл жыр жолдары ақынның Елбасына жағынсам деген ойынан емес, тарихи Отанына аңсап жеткен қазақ баласының азат Отанына, оны басқарып отырған Елбасына деген шексіз сүйіспеншілігі мен мақтанышынан, сондай-ақ зор сенімімен туған өлең болатын. «Ел мен Елбасы» кітабынан. Алматы. 2003 жыл.

АЗАТТЫҒЫМЕН МЕН ҚАЗАҚТЫҒЫМ

Өткен жылы жазда, Үрімжідегі оқиғадан бірер ай бұрынырақ, кезінде Үрімжіде жақсы араласқан ұйғыр ақыны Астанаға мені іздеп келіпті. Үйімде қонақ болды. Жата-жастана өткен-кеткенді, арғы-бергіні сапырдық. Ол осы сапарында Өзбекстанда, Қырғызда, Түрікменде, Әзербайжанда болыпты. Қазақстаннның Алматы қаласын, Алматы облысын, Оңтүстік Қазақстан облысын, Жамбыл облысын, Шығыс Қазақстан облысынар алапты. Көргенбілгенімен, байқаған-түйгенімен бөлісті. Қанша дегенмен ақын емес пе, оның үстіне «сырт көз сыншы» деген де бар, 1991 жылы азаттығын алған туысқан халықтарының бүгінгі тірлігінен көп нәрсені аңғарыпты, тіпті біздің өзіміз байқай бермейтін талай жағдайды сезініпті. Аталған елдердің бүгінін сараптап, болашағын межелеп ұзақ әңгіме айтты. Дегенмен Қазақстан туралы ашылыпжарыла қоймады. Қонағымды қайырмалап, қақпалап қайта-қайта Қазақстан туралы әңгімеге алып келем, сырғақтап-тайғанақтап бірдеңе айтқан болады да, дереу сытылып басқа тақырыпқа кетіп қалады. Содан бір кезде тағатым таусылып Қазақстан туралы пікірін ашық сұрадым. - шынымды айтсам ренжімейсің бе? – деді ол. - маған шыныңды айтқаның керек! Неге ренжимін? – дедім. - жоқ, мен сенің ұлтшыл екеніңді жақсы білем ғой, жүрегіңді ауыртып алармын, айтпай-ақ қояйын, – дейді қонағым. Содан не керек, ары ырғасып, бері ырғасып ренжімейтініме де, «жүрегімнің ауырмайтынына да» сендірдім. Сонда барып қонағым бүй деді: - Сен қазаққа қор болып кеткен қайран азаттық! Естігім келіп отырғаны осы сөз екен! Қурап қалғыр қу құлақ естіді. Өлмегенім қара жер! Жердің тесігі болмай қалды! Жиырманың о жақ, бұ жағындағы тас шайнап, жалын бүркіп, от шашып, алау атып жүрген кез. Туған халқымды ес кете, өртеніп, өліп-өшіп сүйетінім соншалық, оған зәредей де шаң жуытпай, қазақты «анау-мынау» дегеннің жағасынан ойланбастан ала түсетінбіз. Сол кезде Абай атамды оқып отырып, оның қазаққа қаратып айтқан «ауыр-ауыр» сөздері шымбайыма батып, тіпті намысыма тиіп, кейде «әй осы шал да…» деп ұнатпай да қалатынмын. Уақыт өте келе: «Абай атам ХІХ ғасырдағы қазақтың тірлігін айтып отырған жоқ па, қазіргі қазақтың жағдайы жаман емес қой» деп жұбататынмын өзімді өзім. Дегенмен ұлы ақынның: Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып. Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып, – дегені қалай айтылған сөз екен деп, көбінде байыбына бара алмаушы едім. Кейін бұның да ащы ақиқат екеніне сан мәрте көз жетті ғой… Дегенмен бүгін міне ұйғыр досымның «арқасында» Абай атамның бұл сөзі тағы бір мәрте өте жанды, әсерлі, аянышты түрде дәлелденді. «Ренжіткен, жүрек ауыртқан» түк емес, тірідей жерлеп кетті! Азаттығымыздың қадірін білмеген қазақтығымызды айтып, табалап кетті! Не деп ақталам?! Не деп жалтарам?! Мәскеуді жамандайын ба? Орысты жамандайын ба? Немесе компартиядан көрейін бе? Жоқ әлде, Пекинді, Вашингтонды жазғырайын ба? Байлығы жоқ деп даламнан көрейін бе? Ұл таппадың деп анамнан көрейін бе? Айтшы сен, кеудесінде жаны, бойында қаны бар қазақ баласы, не деп ақталуым керек еді?! «Жібекті түте алмаған жүн қылады, жігітті күте алмаған құл қылады». Азаттықтың құнын білмей, қадірқымбатына жетпей қор ғып отырғанымыз өтірік пе, түге?! Иә, азат ел болуға лайық жұрт едік! Азат елдің оғландарындай алп-алп басып, алшаң-алшаң жүруге лайық ұл мен қыз едік! Оған қазақ халқының елі де, жері де, рухани, материалдық шарт-жағдайы толық еді. Әттең, бөденей жорғалап, басымызға өзі келіп қонған бақ құсы – азаттықтың қадірін білмедің, қазақ баласы! Бармысың, армысың Алаш баласы?! Намысың қайда жандағы? Ерлігің қайда қандағы?! «Неменеге күйіп-пісті?», «неменеге түңілді?» дерсің. Негі күймеймін, неге түңілмеймін! Біздің уайым, бүгінгі қазақ қайғысы саусақпен санарлық қана болса арман не?! Өкінішке орай, азаттығымызға сызат түсірген қазақтығымыз толып жатыр. Жүздеп, мыңдап саналады. Демек енді ойланбасқа, оянбасқа болмайды жұртым! Уақыт өтіп барады. Енді кешігеміз! Тіпті кешіктік деуге де болады. Дегенмен «ештен кеш жақсы». Ендігі жерде «шаңырағымызды көтеріп алайық, уығымызды шаншып алайық, босағамызды байлап алайық, бау-шуымызды сайлап алайық» дегеннің бәрі бос әңгіме. Бұл шаруаларды жүзеге асыруға бес жыл демей-ақ қояйын, он жыл былай жетер еді. Біздік тәуелсіз ел болғанымызға келер жылы жиырма жыл толады. Бес емес, он емес, он бес емес, табаны күректей ЖИЫРМА ЖЫЛ! Тәуелсіздіктің құрдастары отау иесі бола бастады. Осы жиырма жылда біз – қазақ елінің билігінде жүрген азаматтар, қалың зиялы қауым, жастар, ақсақалқарасақалдар – қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыра алдық па? Өкінішке орай, жоқ! Қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыру былай тұрыпты, керісінше қазақтың тілі далада қалды, рухы тапталды, қара қазақ азып-тозды, ұлт діни тұтастығынан айырылды, жері, байлығы тонауға түсті, ата-бабам ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қан кеше жүріп қорғап, не бір зұлмат заманнан бізге аман жеткізген қайран қазақ жері, оның асты мен үстіндегі байлық айдың-күннің аманында ит пен құсқа жем болды! Храпунов, Машкевич, Ким, Миттал… дегендердің қазақтың елі мен жерінен сонша байлықты күреп алуға қандай қақысы бар еді?! Қазақ халқы үшін, Қазақ елі үшін кім еді олар?! Азат Қазақ елінде, өз жерінде қай қазақтың баласының қолы осындай байлыққа

жетіп жатыр?! Қазақ сорлының баласы әрі кеткенде әкім болғанына, министр болғанына, депутат болғанына мәз! Онда да қолы жеткені, бағы жанғаны, ебін тапқаны! Қалған қазақ «қаңғып келген шүрегейдің» құлы, малайы, егіншімалшысы, отыншы-сушысы! Ойланайық ағайын! Оянайық бауырлар! Бұл ретте, әсіресе көбірек ойлансын, тезірек оянсын, кеудесінде шыбын жаны, бойында қазақтың қаны бар, ел керек, жер керек, ұрпақ керек, ұрпақтың бақыты, келешегі керек, азаттық керек дейтін Алаш баласы, зиялы қауым, елдің ертеңгі қожасы жастар! Себебі сіздер мен біздер еліміздегі қазіргі қалыптасқан жағдайға көбірек кінәлі адамдармыз! Сіздердің намыссыз күлкі, қамсыз ұйқыларыңыздың арқасында тәуелсіздіктің жиырма жылында жеткен жеріміз осы болды. Біздің ежелгі дағдымыз бойынша, әйтеу біреу кінәлі болу керек. Қазір де сол, бар кінәні билікке жауып, өзіміз сүттен ақ, судан таза кісі болып отырғанымыз. Әрине, мен бұл арада билікті ақтап алайын деп отырған жоқпын. Ол туралы әңгіме бөлек. Дегенмен, өткенде басқа бір басылым бетінде айтқан: «қазақта «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» деген мақал бар. Халық та, оның билеушісі де солай. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дейді тағы да сол қазағың. Мақал «саба, піспек, сақал, іскек, алма, ағаш» туралы болып отырғанымен, бар құбылыс солай. Халқы билеушісіне, билеушісі халқына әмәнда сай, сәйкес болады. Әрине, «сай болайын» деп болмайды, тарихи, әлеуметтік, этникалық, генетиалық, сана-сезімдік, психологиялық, зерделік, бір ауыз сөзбен айтқанда, тарихи қалыптасқан ұлттық менталитет қай кезде болмасын, қазақ баласының бойында сақталады» деген пікірімізді осы арада тағы бір қайталай кеткім келіп отыр. Қысқасы билік қайдан шықты? қазақ халқының ішінен шықты. Билік төңіректеп жүргендердің дені (тіпті бәрі деуге де болады) кімдер? өзіңнің қазағың. Сонда біз кімге өкпелейміз?! Иә, жауырды жаба тоқып қайтеміз, жалпы қазіргі қазақ баласының көбісінде намыс қалмаған, береке-бірлігіміз қожыраған, елдік сана-сезім, патриоттық рух өшуге айналған. Халқымыздың бойында ол қасиеттердің бұрын болғанына, әрине күмәніміз жоқ. Бірақ әрісі патшалы Ресейдің, берісі Кеңес одағының кезінде тәннен өтіп қанға, қаннан өтіп сүйекке сіңген құлдық санадан әлі арылған жоқпыз. Өйткені Ел саясатының жалпы мазмұнында, тінінде санамыздағы құлшылдыққа қарсы, бодандық психологияға қарсы үгіт-насихат, тәлім-тәрбие болған емес. Сондықтан көбіміз өзімізді азат елдің азат азаматы ретінде, Қазақстандағы қожайын халықтың өкілі ретінде сезіне алған жоқпыз. Егер билік маңайдағы анаған-мынаған жалпаңдап, жалтақтап отырған болса, оның да бір ойлағаны, бір себебі бар шығар. Әлемдік саясаттың қитұрқысын, көрші елдің десі мен сесін біз қайдан білейік. Түптеп келгенде біз секілді әлсіз мемлекеттің, кеше ғана біреудің құлдығынан шыққан елдің көрінгенге жалпаңдамай да әддісі жоқ. Грузин Президенті И.Саакашвили «Ресейге жалпаңдамаймын, жалтақтамаймын» деп еді, не болды әне?! Құдай оның бетін

аулақ қылсын! «Орыс ойына келгенін істейді», «орыспен дос болсаң ай балтаң беліңде болсын» деген мақал атам қазақтың ойнап айтақан сөзі емес, екі-үш ғасырлық өмірінің қорытындысы. Демек, Ресей деген елмен тату көрші болып тұру оңай-оспақ шаруа емес. Өйткені Ресейді еурапдағы өркениеттің биігінде тұрған елдерімен мүлде салыстыруға болмайды. Айтайын дегеніміз бұл емес еді. Мәселенің бәрі түптеп келгенде қазақтың өзінің намыссыздығында, тірі өлік, ездігінде жатыр. Менің ұйғыр досым дұрыс айтады, қайран азаттық сорлы қазаққа қор боп кетті. Азаттық алдық, тәуелсіз ел болдық деп жұрт болып сілкінбедік, ел болып желпінбедік. «Баяғы жартас сол жартас қалпымыздан» бір өзгермедік. Кеңестік кезең тұсындағының бәрін Мәскеуден, отаршылдық езгіден көрдік. Құлап қалған кеңес одағына жауып құтылғансыдық. Әрине, ол заманда өлдік-қырылдық, тартпаған азап, көрмеген қорлық қалмады. Мәскеудің әңгір таяғы өзгеден гөрі біздің басымызға бірнеше мәрте артығырақ тигенін де білеміз. Дегенмен сол Кеңес одағында отар болған біз ғана ма едік?! Неге Москва қазаққа істегенін өзгелерге істей алған жоқ?! Неге?! Ұйғыр халқында «бөзәкни бөзәк қылмысаң о дұнияда сориғи болұдұ» (қорды қорламасаң о дүниеде сұрағы болады) деген мақал бар. Сол айтқандай жуас түйені кімнің болса да жүндегісі келіп тұрады. Қазақы кеппен айтқанда «албасты да қабаққа қарап басады»! Өзімізді өзіміз кейде «жуаспыз» деп мақтаймыз, сонымен мақтанамыз! Жуас дегеннің баламасы «қор, ез, қортық, бейшара» деген сөз. Сондықтан бодан кезіміз болсын, азаттыққа жеткен кезіміз болсын, жер бетінде қазақты мазақтағысы, қорлағысы келмейтін адам көрген емеспін. Қыл аяғы америкалық жарымес Боратқа дейін айдай әлемнің алдында ит-сілікпемізді, масқарамызды шығарды. Мың жерден жарымес болса да, қорлауға төзетін, мазақтауға көнетін жер шарында тек қазақ деген ел бар екенін ту Америкада жатып ол да біліп алған. Оның біз туралы ойдан жасаған масқарасы мен қорлауына санаулы адамдардың ғана шамырқанғаны болмаса, қалың қазақ «мәу» деген жоқ. Мұрнын тартып қойып, бешбармағын жеп отыра берді. Сондықтан да біздің жас ұрпақтың дені қазақ баласы болуды қаламайды, Алаш ұлы болуды армандамайды. Өйткені оған бәрі белгілі, бәрі түсінікті. Егер ол шынайы Қазақ (тілі, діні, ділі, рухы) болатын болса, пенде ретінде көп нәрседен құр қалады. Құры қалып қана қойса тағы жақсы ғой, елге мазақ, жұртқа күлкі болады. Өзге емес тіпті өз бауыры – «жаңа қазақтардың» өзі оны «мамбет», «ауылбай», «казахбай» деп артын ашып тарқ-тарқ күледі. Табалайды. Сол үшін қазақ баласы әр қашан қолдан келсе қазақ болмауға тырысады. Соған барын, жанын, арын салады. Өзгеге сіңіп кетуден түк те намыстанбайды, еш қашан арланбайды. Өйткені өзгеге сіңіп кетудің ұяты мен намысы қазақ болып көретін қорлық пен намыстан әлде қайда жеңіл! Сондықтан қазақ баласының қолы жеткені ойда орысқа, қырда қытайға сіңіп жатса, қалғаны қырғыз, ұйғыр, моңғұл, өзбек, тәжік, сығанның құшағына кіріп жатыр. Сөздің осы тұсында бір мысал, Алматы облысының ұйғыр ауданында ұйғыр азаматына күйеуге шыққан

қазақ қыздары бар екен, балалары, әрине тап-таза ұйғыр, ұйғырша және орысша біледі. Мақұл, бала даусыз ұйғырдың баласы, оған өкпе жоқ. Ал олардың анасы – қазақтың қызы өз тілін баяғыда ұмытқан. Тек ұйғырша, орысша сөйлейді. Жарайды, «Қыз – жат жұрттық» деп өзімізді тағы да жұбатқан болдық. Ал енді сол ауданда біраз ағамыз ұйғырдан қыз алыпты. Мына сұмдықты қараңыз, әлгі ағаларымыз да қазақ тілін ұмытқан, балалары, әйелі (онсыз да) бәрі ұйғыр. Сондай ағамыздың біріне: «Оу аға, бұныңыз не?» дедік, намыстан өртеніп өліп барамыз. Бірақ білдірмеуге тырыстық. «Әмді бұ йәрдә ұйғыр көп құ» дейді сабазың. Азат қазақ елінде, қазақ облысында, қазақ ауданындағы («ұйғыр ауданы» деген әшейін жер аты ғой, аудан халқының дені қазақ) қазақтың тірлігі осы! Бұны аз десеңіз тағы бір мысал, менің бала кезімде ауылымызда бір әжей болды, өзі қырғыздың қызы еді. Өткен ғасырдың 70-шы жылдарында 85 жасында дүниеден озды. Үлкендерден естуімше ол кісі біздің ауылға 15 жасында келін болып түсіпті, содан өлер-өлгенге дейін бір ауыз қазақша сөйлемей кетті. Мінеки, халқына адал ұрпақ деп сол кемпірді айт! Кейін біздің көршіміздің қызы бір қырғыз жігітімен қашып кетті. Оншақты жылдан соң, әлгі қарындасымызды аудан орталығынан кезіктіріп қалдым, қазақшасы баяғыда жоқ болыпты, қырғызша шүлдірлеп тұр. Жылайсың ба, күлесің бе?! Мұндай мысалдарды санап тауыса алмайсың! Осылай, әлі күнге дейін орысты көрсек ойысып, қытайды көрсек қылымсып, моңғұлды көрсек маңырап тұратын себебіміз - сол баяғы қағынан жеріген құландай, қазақ болудан қашу, өз ұлтымыздан жеріну. Тіпті бүгінде ұлт ретінде осынымыздың дұрыс емес екенін сезінуден де қалып барамыз! Етіміз өлген, көзіміз үйренен. Қазақтардың өз елінде өзге тілде шүлдірлеп-құлдырлап бара жатуы еш кімге де ерсі емес. Ерсі көріну былай тұрыпты, ол қазақ үшін мақтаныш! Үлкен жетістік! Ұлы жеңіс! Оған қой деп жатқан адам жоқ, керісінше «ура! вперёд!» деген ұран көбірек естіледі. Осынау ессіз, тексіз ұранға жастарымыздың желіккені соншалық, олардың көбісінің сана-сезімінде, ұғым-түсінігінде ұлтқа орын қалмай барады. Оған жастар, жеткіншек ұрпақты қалай кінәлаймыз?! Себебі біз оларға өзіміздің де еш кімнен кем емес жұрт екенімізді, азат ел екенімізді әр баланың ойына, әр сәбидің бойына, жастарымыздың санасына сіңіре алған жоқпыз! Сонымен өзге жұртпен араласып бастасақ болды, санадағы құлдықтың әсері біздің еркімізді билеп кетеді. Соның салдарынан бүгінгі қазақ баласының психологиясы, негізгі ұстанымы - өз қарным тоқ болса, өз жағдайым дұрыс болса болды. Қалғаның гүл болмасаң бүл бол! Мынау елдегі қазақ тіліне деген немқұрайдылықтың өзі де біздің осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, оған ерекше статус бергенімізге жиырма жылдың жүзі болды. Иә, тіпті Атазаңымызда да «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазулы тұр. Бұл арада тәуелсіз, азат елдегі конституцияның (ата заң) рөлі мен маңызына

анықтама беріп жату басы артық әңгіме болар. Ал қазақ тілінің нақты жағдайы Қазақстанда Ата заңымызда көрсетілген статусындағыдай құдіретке ие ме?! Жоқ! Олай дейтіміз, қайда болмасын, «мемлекеттік тіл» деген сол елдің бүкіл тірлігінің «күні қарап тұрған» тіл деген сөз. Ал біздің күллі тірлігіміздің күні, қазақ тіліне емес, «көрші елдің тіліне қарап» тұр. Қысқасы әлемде өзінің мемлекеттік тілінде емес, бір жақтағы, өзге бір елдің тілінде тірлік кешіп отырған ел – ол біздің Қазақстан. Демек өз кониституциямыз өз елімізде орындалмай, орындалғанды қойып, ілікке де алынбай отыр деген сөз. Қазіргі Қазақ еліндегі қазақ тілі – қазақ ауылдарындағы кемпір-шалдардың, қазақ тілді ақын-жазушылардың шығармашылық кешінің, қазақы ортадағы тойтомалақтың…ғана тілі. Ал ҚАЗАҚ еліндегі (Ресей, Қытай, Франция, Иран, Сомали, Непал…т.б. елдерді айтып отырған жоқпын, ағайын!) ресми орындарда қазақ тілі босағадан әрі озбайды. Алысқа бармай-ақ қояйық, азаттық алдық деп жүрген жиырма жылға таяу уақыттан бері мемлекеттік деңгейдегі ресми жиналыстардың бірде-бірі тап-таза қазақ тілінде өтпегені осы сөзіміздің дәлелі. Әрі кеткенде сөз басында «ардақты ағайын» деп залмен қысқаша амандасу, соңында «аман болайық, тыныш жүріңдер» деп қоштасу. Міне азат Қазақ еліндегі қазақ тілінің ресми жиналыстағы орны, сыйқы, кейпі осы! Бір қызығы сөйлеуші де қазақ, залдағы тыңдап отырған шенді-шекпендінің, қасқа мен жайсаңның кем дегенде, тоқсан пайызы қазақ! Бірақ шамырқанған демей-ақ қояйын, селт еткен, «неге» деген пенде көрмейсің. «Ертең жөнделер» деген үмітпен жиырма жылды артқа тастаппыз. Осы жиырма жылда бұл мәселе айтудай айтылып, жазудай жазылып келе жатыр, соның өзін де күн өткен сайын ілгері жылжудың орнына керісіне кетіп бара жатыр. Әрине, қазақ тілін көтеруге жыл сайын миллиарттаған қаржы бөлініп жатыр, қазақ мектептер салынып жатыр, қазақ тілін білгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің де саны жыл санап өсіп келеді… Дұрыс, әрине ол да керек. Бірақ, түптеп келгенде одан не пайда, егер бұл елде қазақ тілі тек тойда тост сөйлейтін ғана тіл болса; егер ақпараттардың қайнар бұлағы мемлекеттік тілде емес, өзге тілде болса; егер орыс тілін білмеген адам мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттай алмаса; егер мелекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдері ілікке алынбаса; егер жастарымыз бен жас-өспірімдеріміз ғылым-білімнің соңғы жетістіктерін мемлекеттік тілде ала алмаса! Оны айтасыз, қытайдан келген не бір қат мамандықтың иелері, өзіміздің бауырларымыз «Отан! Отан!» деп оттай жанып келіп еді, көбісі Қазақ елінде орыс тілін білмегені үшін қаңғып қалды. Сондықтан тіл деген марксизмшілдер айтқандай жай ғана «қарым-қатынас құралы» емес, ұлттың рухы, жаны, қаны-сөлі! Егер ол тіл бір елдің мемлекеттік тілі болатын болса, оның құдіреті бұрынғысынан мың есе арта түспек. Оған қосымша саяси, стратегиялық мән-мағна жүктеледі. Ұлты басқа азаматтардың санасына тілімізбен бірге сүйіспеншілік те, құрмет те дариды. Қазақ тілі үшін шыр-пыр болып, қазақ халқы үшін ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрген

Г.Белгер ағамыз бен Асылы Осман апамыз, егер қазақ тілін білмесе, қазақ халқын дәл қазіргідей сүйе алар ма еді?! Мүмкін сүйсе сүйер, бірақ қазақ тілінің қадір-қасиеті туралы көп ештеңе айта алмаған болар еді! Бұған Гер-ағамның қазақ тілі туралы: «Сонау XVІІІ-XІX ғ.ғ. жыраулардың, ақындардың өлеңжырлырын оқып отырып таң қаламын. Қазақ тілінің ауқымы қаншама десеңізші?! Күнделікті тұрмыста пайдаланудан шығып қалған сөздерді есептесек, қазір он миллион қазақ сөзі бар екен. Ондай сөздік қор немістерде де, орыстарда да, ағылшындарда да жоқ. Соны бірақ қазақтардың өздері де біле бермейді. Иә, депутаттарды қарасаңыз да, президенттің маңайында жүргендерді қарасаңыз да, бәрі де жиналыстарда орыс тілінде сөйлейді. Соған жұрт қарайды да “Е, осы қазақ тілінің болшақта қажеті жоқ шығар” деп ойлайды. Қызметте үлкен жетістікке жету үшін, бизнесте табыс табу үшін қазақ тілінің қажеті шамалы екен ғой, орыс тілін білсең, ағылшын тілін білсең жарайды екен ғой деп ойлайды. Тіпті ел басшысының өзі де шетелге іссапармен барған кезде орысша сөйлеп тұрады. Қазақстанның Президенті бола отырып, мемлекеттік тілде емес, орысша сөйлеп тұрғанына таң қаласың» деген жүрекжарды толғанысы мен күйініші жақсы дәлел. Сондықтан мемлекеттік тіл тәуелсіз елдің елтаңбасы, туы, әнұраны, атазаңы секілді ерекше қастерлі, саяси, стратегиялық мәні зор белгілерінің бірі. Қазақ тілі, ол – қазір жай ғана бір ұлттың тілі емес, бір мемлекеттің тілі. Демек, ол Қазақстан деген елдің ішкі тірлігінің тынысы ғана емес, сыртқы әлеммен де пікір алысатын құралымыз! Тәуелсіз ел ретінде өзгелерге көрсететін негізгі рәміздеріміздің бірі. Сондықтан мемлекеттік тілді жандандыру мен оны өз деңгейінде пайдалану еш қандай екінші бір елдің көңіліне келетін, ренішін қоздыратын шаруа емес. Керек болса, тәуелсіздікке құрмет мемлекеттік тілге құрметтен, тәуелсіздікті нығайту мемлекеттік тілді нығайтудан басталу керек. Өйткені тәуелсіздік деген ұлттың азаттығы. Ұлттың азаттығы деген сол ұлттың бүкіл құндылықтарының есе-теңдікке жетуі, әлемдік кеңістікке шығуы деген сөз. Сондықтан да Тәуелсіздік деген тек жылы, тәтті, әдемі, қадірлі, құдіретті сөз ғана емес, ұлт басына қонған бақ! Шеті-шегі, өлшемі, бағасы жоқ байлық! Қарап отырсаңыз, жер бетіндегі (тарихта немесе бүгін) төгіліп жатқан қанның, ағып жатқан көз жастың дені осы азаттықпен тікелей қатысты. Егер азаттық, тәуелсіздік ұлт үшін соншалық қадірлі, қастерлі, қажетті болмаса, жұрттың сол жолда қан төгіп, құрбан беріп несі бар?! Қазақ тарихындағы Кенесары, Махамбет, Исатай, Сырым, Саурық, Тазабек, Есет, Ұзақ, Жәмеңкелердің отаршылдыққа қарсы соғыстары, Алаш арыстарының ұлтазаттыққа деген ұмтылысы, күресі; Кешегі желтоқсан көтерілісіндегі жастардың төгілген қаны, аққан көз жасы… бәрі, бәрі де азаттық үшін айқас, тәуелсіздік үшін күрес болатын. Меніңше, біз тәуелсіздіктің құнын, қадірін онша бағалай алмай жүрсек, оған себеп - азаттық бізге 1991 жылы еш қандай

күрессіз, қан төгіссіз, құрбандықсыз келді. Тіпті біздің жұрттың ішінде азаттықтың ауламызға «өз аяғымен кіріп келгеніне» қуанғандарлан гөрі, КСРОның құлап қалғанына налығандар көбірек болды. Міне осы «көпшілік» қауым жиырма жыл бойы өз ұрпағына артта қалған «комунизм» туралы «жоқтау жырын» ғана айтумен болды. Ал билік басындағылар жалпы ел тұрғындарына отарсыздану, жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруге мән бермеді. Осыдан барып ойласаңыз, бүгінгі тәуелсіздіктің, азаттықтықтың, Отанның құнының, қадір-қасиетінің неге арзандап кеткен себебін оп-оңай түсінесіз. Нанбасаңыз, қазір ауылды жерге барып, көнекөз қарияларға Кеңес одағына, Сталинге, Брежневке шүбә келтіретін әңгіме айтып көріңізші, ит қосып қумаса маған келіңіз. Осыдан кейін біздің қазаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, азаттықтың құны туралы сөз қозғаудың қандай мән-мағнасы бар деп ойлайсыз. Жалпы қай кезде, қай елде болмасын, білім мен тәрбие адам үшін құстың екі қанаты секілді. Біз бала бақшада, мектепте, жоғары оқу орнында бүлдіршіндерге, жас ұрпаққа өз деңгейінде тәрбие бере алып жатқан жоқпыз. Балабақшада балаларға киіз үйдің модельін көрсетумен, мектептерде «қыз сынын» өткізумен, жоғары оқу орындарында «Жас отан» деп жар салумен жас ұрпақтың бойына, сана-сезіміне отаншылдық, ұлтжандылық, елдік сүйіспеншілік сіңіре аламыз ба? Күні бүгінге дейін жалпы жас ұрпақтың тәрбиесімен қазақ елінде еш кім айналысып жатқан жоқ. Себебі балабақшадағы, мектептегі, жоғары оқу орнындағы тәрбиенің сыйқы жаңағы. Бұған да жалаң билік емес, қазақтың осы салада жүрген ұстаздары да кінәлі. Мәселен, Өзбекстанда, тағдыр тәлкегімен балалар үйіне түскен, ұлты басқа тастанды баланы өзбек етіп шығару үшін ондағы тәрбиешілер, еш кімнің нұсқауынсыз-ақ жанын, барын салады. Атын өзбекше қояды, тілін өзбекше шығарады. Қысқасы, қаны басқа біреуден «жә» деген өзбек жасап шығады. Бізде ше? Мектепке барған «тарыдай» қазақтың баласы «таудай» орыс болып шығады. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты, жығылғанның үстіне жұдырықтап». Тілім, дінім, ділім, ұрпағымның тәрбиесі, ұл-қызымның ертеңі… деп жүргеніміз жай сөз, ойыншық болып қалды! Енді міне бар бақытың, зор байлығың, аспандағы айың, көгіңдегі күнің – Азаттыққа қауіп төнді!!! Қауіптің басы сол, кешегі – Ресей, Беларуспен бірігіп кеден одағына кіргеніміз! Ол неге қауіп дейсіз бе? Себебі оның әрі жағында біртұтас экономикалық аймақтың (экономикалық одақ) құлағы қылтиып тұр. Оның артынан әрине, ортақ валютаның шеті жылтиып тұр… Сосын ортақ эконмиканы қорғайтын ортақ әскер… Сосын азаттықтан айырылмай нең қалды Алаш баласы?! Жоғарыдағы атқа мінерлер, билік төңірегінде жүргендер, жалпақшешей экономистер, кедендік одақтың экономикалық тиімділігін дәлелдеумен әлек. Ол әрине, кімге болса да түсінікті теория. Бірақ ел асқан таудың бәрі, жұрт жүрген соқпақтың бәрі бізді бақытқа бастап барады десек қателесеміз. Себебі кедендік одақ саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери

әлеуеті қарайлас, терезесі тең, өркениетті елдер арасында пайда өзара пайда беруі мүмкін. Ал біз кімбіз? Ресей кім? Қай тауарымыз өтпей, қай кәсіпорнымыз қаңтарылып қалып еді?! Есесіне ендігі жерде Ресейге біздің астығымыз бен мұнаймыз, өзге де шикізаттарымыз су тегін ағылайын деп тұрған жоқ па?! Яғни өзіміздегі бағамен осы жерден алған астық пен мұнайды Ресей мен Беларус бізге кеден салығы үшін бір тиын төлемей күндіз-түні тасый бастайды. Ал біз Ресейден не аламыз? Бүгінге дейін өзіміз аграрлық мемлекет бола тұра, ұялмайқызармай Ресейдің ет-сүт өнімдерін алып келдік. Егер өзіміздегіні ұқсата алған болсақ, жиырма жылдан бері осы аграрлық саладағы өндіріс орындарын аяқтан тұрғызып алған болсақ, Ресейің бар, басқаң бар, жер шарының біраз елі ауылшаруашылық өнімдерін керісінше бізден алатын еді. Ендігі жерде Ресейден кеден салығынсыз кірген нан, ет-сүт өнімдері біздегі азық-түлік өндіретін шалажансар кәсіпорындардың күлін көкке бірақ ұшырғалы тұр. Демек, бұдан былай тапқан-таянғанымыз Ресей кәсіпкерлерінің таңдайына бұйырмақ. Иә, Ресейден алмауға болмайтын бір-ақ тауар бар, ол – әскери қару-жарақ. Оның өзін күнде алып жатқан жоқпыз. Одан өзге Ресейде не бар? Информациологиялық технологияның отаны Жапония мен АҚШ. Одан қалса Қытай, Оңтүстік Корея. Жеңілөнеркәсіптің отаны Қытай мен Жапония. Көлік-транспорт өнімдерінің отаны Германия, Жапония, АҚШ. Тері киімдердің отаны – Түркия. Аяқ киімнің отаны – Италия. Әтір-мәтірдің отаны -Франция. Жеміс-жидектің отаныӨзбекстан. Ал орыстың арағын өзімізде де қатырып шығарып, өкіртіп ішіп жатырмыз… «Жаман айтпай жақсы жоқ». Ертең бодандықтың шүңетіне шырғалап тарта бастағанда, кім бізбен есептесіп, біз кіммен жұлқысқандаймыз?! «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным» дегендей, Ресеймен одақ болып неміз бар еді?! Жоқ, әлде орыспен одақ болып көрмеп пе едің, тоймап па едің Сен қазақ?! Немесе құлдықты сағынып, арқамыз қышып бара жатыр ма?! Әйтпесе, не бұл?! Ғарыштағы қаңғып кеткен «Қазсат» үшін санап берген неше миллиондаған долларымызды өндіре алмай, «Байқоңырдың» аренда ақысын бірде алып, бірде ала алмай отырған Ресеймен одақ болып, мұртымыз майланады дегенге өз басым сене алмаймын. Сондықтан түптің-түбінде азаттығымызға қауіп төндіретін, болашағы бұлыңғыр кез-келген «май шелпектен» айналып өткеніміз дұрыс. Қашанда «күлшелі бала сүйкімді». Бізбен кімнің болса да дос, одақ, әріптес, ағайын, тамыр, құда-жұрат, ака-ұка, кардеш болуға құштар екені бепбелгілі. Оның себебін бізге кілең сқаяқ, тіс қаққан империялар: «иә сенің күлшең үлкен, сенің күлшең дәмді болғандықтан» деп шынын айтушы ма еді?! Керісінше «қазақ халқы қонақжай», «Қазақстан – Орта Азияның лидері», «Қазақстан сенімді әріптес», «Астана деген әлемде жоқ әйбәт қала», «салиқалы саясаттарыңыз, кешенді заңдарыңыз бар» деп әндетіп, өлеңдетіп келеді. Барсаң кернейлетіп-сырнайлатып қарсы алады. Жатып жастық, иіліп төсек болады. Кекілімізден сыйпайды, арқамыздан қағады! Бұның бәрі түптеп

келгенде кәмпит қабығына оралған апиын! Алдау-арбау. Шырға. Тұзақ! Әрине, біз еш қашан да, Қазақстанның халықаралық аренаға шыққанын, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ала отырып, кез-келген мемлекетпен бейбіт, қатар өмір сүргенін, барыс-келіс, сауда-саттық жасағанын теріске шығармаймыз. Бұл арада сөз Қазақстанның тағдыры мен мүддесіне көлеңке түсіретін кезкелген экономикалық айла-шарғыдан аулақ болу туралы болып отыр. Яғни, қарным ашса ашсын, азаттығым аман болсын! Байымасақ байымайық, бодан болмайық! Сондықтан халықаралық заңдарды басшылыққа ала отырып, бұл одақтан тез арада бас тарту керек. Себебі бұл басы ашық – ақылдаспай жасалған, терең сарапталмай істелген қателік. Аңғармай, сараптамай қателік жіберіп алудың оқасы жоқ, қателіктің көкесі оны түзетпеу! Демек, билікті жағалап жүрген азаматтар, үкімет мүшелері уақыт оздырмай, атышулы одақтан шығып, еліміздің бұрынғы «Кеден кодексін» қалпына келтіргені жөн. Бұны бір біз ғана емес дұйым жұрт, күллі зиялы қауым сұрап отыр. Ел тағдыры мен ұлт болашағына төніп тұрған кесапат пен қауіптің бастау көзі – міне осындай мәңгүрттік пен құлдық сана! Алаш жұртының көзі ашық, санасы ояу ұл-қыздары! Біз билікке қарап, үкіметке қарап, оппозицияға қарап, қол қусырып отыра бермейік. Олар да өз деңгейінде өз шаруасын жасай жатар. «Үмітсіз шайтан» деген ағайын! Ал біз елдегі санасы азат, ойы озық, ұлтжанды, мемлекетшіл барлық қазақ баласын ұлттың бойындағы әлгіндей кесір-кесапатпен күресуге жұмылдырсақ деймін. Сөйтіп жатпай-тұрмай қазақ баласының бойына ұлттық рух, елдік сана, ұлтжандылық, патриоттық сезім ұялатумен айналыссақ деген ойым бар. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралының барлық түрін пайдаланайық. Әсіресе электронды БАҚ-тың құлағын ұстап отырған бауырларымыз да ойланса, оянса сауап болар еді. Бала бақшалардың тәрбиешілерімен, мектеп мұғалімдерімен жұмыс істейік. Мәселенің бәрі сол балабақшамыз бен мектебіміздегі тәрбие жұмысында болып тұр. Ардақты, қалам ұстаған, сөз ұстаған ағайын! Бір мезгіл өлеңдеріңізді, роман, әңгімелеріңізді доғара тұрыңыздар. Қазір оларыңызды онсыз да ешкім оқып жарытып жатқан жоқ. Мына заман осылай кете беретін болса, онымыздың ертең мүле еш кімге керегі болмай қалады. Сіздер жақсы білесіздер, кез-келген тарихи кезеңнің өз сыйпаты, өз міндеті болдады. Қазіргі қазақ қоғамындағы тарихи кезең Сіздерден қазақ ұлтының рухын оятуды, азат отанның іргесін бекемдеумен айналысуды, жас ұрпақ санасына отаншылық дәнін егуді талап етіп отыр. Қытайдың классик жазушысы Лу Шүннің жиырма томдық шығармалар жинағының үш-төрт томы ғана әдеби шығарма. Қалғаны тұтастай көсемсөз бен аударма. ХХ ғасыр басында дәлірек айтқанда 1911 жылы Цинь империясы құлады. Сол кезден бастап әдебиет әлеміне араласқан жазушы соңғы демі біткенше (1936) қолынан қаламын тастамады десек, ол

шығармашылық уақытының денін туған халқының бойындағы құлдық санамен күресуге арнады. Әрине, жалғыз Лу Шүн емес, сол тұстағы қытай қаламгерлерінің дені көсемсөз арқылы қытай халқының рухын оятып, санасезімін құлдық түсініктен арылтуға қам жасады. Қытай қаламгерлерінің бұл еңбегі, әрине, далаға кеткен жоқ, ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында қытайға Жапония басқыншылық жасап кіргенде қытайдың әскері өз алдына, қарапайым хылқының еңбектеген сәбиінен еңкейген кәрісіне дейін сойыл көтеріп «отан қорғауға» шықты. Егер Лу Шүн бастаған қытай жазушылары егер, Цинь империясы құлай салып, ұлттың рухын оятып, халық бойындағы құлдық санамен күреспегенде, бүгінгі алып Қытай болар ма еді, болмас па еді, бір құдайдың өзі біледі! Сондықтан Ел боламыз десек, ұлт рухын оятып, құлдық санамен күресейік! «Бесігімізді түзейік» жұртым! Азаттығымыз қазақтығымызға айбын берсін, қазақтығымыз азаттығымызға айдын болсын!

«Қазақ» альманағы. 2010 ж. №03(07).

АДАМДЫҚ НЕГІЗІ – ИМАН

- немесе Ф.Гүлен және бүгінгі әлем

Сонау ХІХ ғасырдың өзіне-ақ қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ойын ортаға салған екен. Өкініштісі ұлы ақын өмір сүрген кездегі «қараңғы қазақ даласы» Абай ойының нарқына да, парқына да бара алмады. Ал әлем жұрты болса, қолынан келгені ірге кеңейтумен, өнер асырумен әлек болып жатыр еді… Мүмкін, қазақ ақынының бұл пікірімен санасар саналы азамат тура сол кезде өзге жұртта болған да шығар… Алайда, батыстың «еуроцентристік» асқақ, менмен идеясы оларға Орта Азиядағы, Қазақ сахарасындағы бір «шалдың» осындай адамзатқа керек, жер шарының бейқұт тірлігіне керек ұлағатты ой айтады дегенді қиялдарына келтірген жоқ. Тағы бір жағынан сол замандағы бодан тірлік пен мешеу коммуникация ұлы ақынның сөз болып отырған пікірінің де, өзге дүниелерінің де әлемге таралуына мүмкіндік бермеді. Сонымен қазақ ақыны ХІХ ғасырда айтқан осынау ұлағатты ой, адами пікір тасада қала берді. Уақыт керуені жылжып ХХ ғасырға келгенде, зұлымдық жағынан патшалы Ресейді шаң қаптырып кеткен, Кеңес одағы деп аталатын тажал шықты да, ақынның өлеңдері, ойлары түгілі, тұтас халықты жойып жіберуге шақ қалды. Ал ұлы ақын өмірінен эпопея жазған М.Әуезов болсын, немесе Абайды зерттегісі келген өзге ғалымдар болсын, кеңестік кезең тұсында, әуелі Абайды «орыс ойшылдарының шәкірті» деп, орыс ойшылдарының «шекпенінен шығарып» алып, содан кейін барып ғана ақынның парасаты туралы сөз етіп жүрді. Яғни солай етуге мәжбүр болды. Ал өз тізгініміз өз қолымызға тиіп, азаттықтың айдынына шыққан 90-шы жылдарда ( ХХ ғ.) жан-жағымызға қарасақ, Қазақ дейтін халықтың перзенті, даланың данагөйі Абай атам айтқан «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ой әлі күшінде екен. Адамзат баласы бұл кезде де өзін өркениеттің «асқар шыңына шықтым» деп есептеп жүргенімен, әлі де бір-бірін бауырым деп сүйе алмай, сүйгені былай тұрсын, тіпті бір-біріне деген дұспандық пиғылдан, жаулық сезімнен де арыла алмай отыр екен. Дегенмен, ел-жұрт болған соң ер туғызбай, халық болған соң хакім туғызбай тұра ма?! Қазақтың ұлы ақыны айтқан ұлағатты ойды ХХ ғасырдың соңғы жартысында әлемнің әр түпкірінен жалау етіп көтеріп, жаһанға жар салушылар туыпты. Әрине, біз бұл арада Абай ойын «көшіріп алды» деуден аулақпыз. Себебі, дүлей табиғат күштері, жыртқыш аңдар… бұрынғымен салыстырғанда адамзатқа басты қауіп, негізгі жау болудан қалып, «адамның жауы адам» болған соңғы ғасырлардағы дүниежүзілік соғыстар, жарылыстар, шабуылдар, қантөгістер, адам қолымен жасалған апаттар, осылардың бәрінде,

ең өкініштісі, көбінде бейбіт тұрғындардың, бейкүнә адамдардың зардап шегуі сана-сезімі ояу, ақыл-есі дұрыс қандай адамды болса да «осы адам баласына не жетпейді?» деген сұрақ төңірегінде ойландырары, толғандырары сөзсіз. Алайда, біз болжағандай «сана-сезімі ояу», «ақыл-есі дұрыс» адамның бәрі ойланбапты.Тіпті керісінше, ойланған, толғанған саналы адамдардың бұл саладағы ізденісінің өзі біреуден қолдау тапса да, біреуден қуғын көріп жатқаны құпия емес. Сондай «адамзатты бір-бірін сүюге» шақырып, жаһанға жар салып жүрген өлемдік тұлғаның бірі, һәп бірегейі Түрік жұртының ұлы ойшылы, адамзаттың ардақты перзенті Фетхуллах Гүлен десек еш артық айтқандық болмас еді. Жалпы Ф.Гүлен туралы қазірдің өзінде жер жүзінің көп адамы, тіпті жер жүзіңіз былай тұрыпты, біздің казақ халқының өзі де жаппай біле бермейді. Оның әрине, әр түрлі себептері бар. Оның бастылары ретінде мыналарды атапайтуға болады. Біріншіден, Ф.Гүлен мұсылман жұртының өкілі болғандықтан өзге діндегілер Гүлен идеяларының, ой–пікірлерінің байыбына барып жатпай-ақ, оны бірден «панисламист» етіп көрсетуге, сөйтіп оның ойпікірлерінің таралуына шектеу қойып келеді. Екіншіден, Гүлен өзге діндерді де терең зерттеп олардың да өзекті ойы, түп қазығы жаратушыға құлшылық, имандылық, инабаттылық екендігін насихаттап жүргендіктен, ислам әлеміндегі кейбір дүмше діндарлар, әсіресе фанатик мұсылмандар «Гүлен өзге дінге шоқылып кеткен адам» деген өсек-аяң таратып, мұсылман жұртын да оған қарсы қоюмен айналысып келеді. Үшінші себеп, бұл жалпы адам баласының өзінің ғасырлар бойы, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан қасаң түсінігіне байланысты. Демек, адам баласы ешқашан бір-бірін жаппай бауырым деп, бәріміз бір Адам атаның баласымыз деп қараған да, сүйген де емес. Бұған көз жеткізу үшін, өзге емес қазақ тіліндегі «бауыр, бауырлас» деген сөздердің қолданылу аясына үңіліп көрсек те жеткілікті. Яғни «бауыр (немесе бауырлас)» деген сөз қазақтың тілінде, түсінігінде бірге туған аға-інілерді, туыстыққандастық жақындығы бар ер адамдарды, бір ұлттың құрамындағы қандас адамдарды, бір дінді ұстанатын, діндес адамдарды меңзейді. Мысалы 1. Ағайынды төртеуміз. Бауырларымның бәрі осы ауылда тұрады ( бірге туғаным дегенді меңзеп тұр). 2. Шыбыл атадан тараған әулет бүгінде бес мың түтіннен асыпты. Одан тараған бауырларымыздың арасында біраз атақты адамдар бар (туыстық – қандастық, аталастықты меңзеп отыр). 3. Алманиядағы бауырлар, қытайдағы бауырлар, т. б. ( бұл арада «қазақтар» деген ұғым меңзеліп отыр) 4. Араб, парсы бауырларымыздың діни салты біздегінен сәл өзгешелеу (бұл арада діни туысқандық, нанымдық жақындық меңзеліп отыр). Ал біздің ұғымтүсінігімізге, тілімізге ағылшын бауырлар, жапон бауырлар, қытай бауырлар, тіпті монғол бауырлар деген тіркес, түсінік жат. Құдды осы секілді, өзге жұрттарда да «бауыр, бауырлас» ұғымы жоғарыдағы біздің түсінігіміздегі шеңберде қолданылады.

Бұдан нені аңғаруға болады? Адам баласы жаралғаннан бүгінге дейін демейақ қояйық, әсіресе соңғы мыңжылдықта тек өзінің туыс-туғанын, қандас-ұлттас – руласын, әрі кеткенде діндесін ғана «бауырым » деуді қалыптастырған. Осынау қалыптасқан қасаң қағида, дәстүрлі түсінік кеше Абай айтқан, бүгін Ф.Гүлен көтеріп жүрген «адамдар бір-бірін бауыр деп сүю керек» деген ойдың өркен жаюына барынша кесе-көлденең болып отыр. Сондықтан барлық жерде, әр елде Ф.Гүлен мырзаның бұл идеясын қолдаушылармен бірге, оған «секта», «мәзхаб» немесе «шоқынған» т. б. деген секілді айыптар тағып, оның идеяларын бұрмалап көрсетушілер де көптеп табынуда. Дегенмен, уақыт өткен сайын, әсіресе, жер шарының әр түкпірінде күн сайын, сағат сайын туындап жататын идеологиялық, этникалық, діни, конфессиялық, мәдени қақтығыстар салдарынан зардап шегіп отырған жұрт Ф.Гүленнің «адамдық негізі – иман», «адам адамды сүю арқылы ғана» әлемде тыныштық орнайды деген танымына құлақ түре бастады. Шынына келгенде Ф.Гүлен идеяларынан қандай да бір «сектаның», «мәзхабтың» немесе «шоқынғандықтың», немесе «фундаменталистің» шалығын іздеп шаршаудың мүлде қисыны жоқ әңгіме. Оған көз жеткізу үшін алысқа бармай-ақ өзіміздің айналамызға аз-кем назар аударсақ та жетіп жатыр. Атап айтқанда, Ф.Гүлен негізін қалаған Түрік лицейлері дүниенің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтіні белгілі. Біздің еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап Түрік лицейлері Қазақстанның жержерінде бой көтеріп, жас ұрпақтарымызды тәрбиелей бастады. Қазір осы Қазақ-Түрік лицейлерінен түлеп ұшқан жастар жоғары оқу орындарын да бітіріп, азат Отанымыздың әр сала, әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың бәрі дерлік имандылық жолын берік ұстанады. Отанын, халқын сүйеді. Ата-анасының, тіпті жәйтеу жасы үлкендердің алдынан кесіп өтпейді. Арақ ішпейді, өтірік айтпайды, зинақорлық жасамайды. Бюрократия, жемқорлық, жікшілдік дегеннен аулақ. Шеттерінен қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерін таза меңгерген. Бірөңкей білікті мамандар. Елге бұдан артық не керек? Жастарымызды өзіміз өз елімізде осы деңгейде, осы мінезде, осы бағытта тәрбиелей алып отырмыз ба? Өкінішке орай, «иә» деп жауап беруге дәрменсізбіз. Егер шынымен де Ф.Гүлен «секта», «мәзхаб» немесе «шоқынған» немесе «фундаменталист» болатын болса, оның лицейлерінің тірлігінен немесе бітіріп кеткен түлектерінің әрекетінен ондай пиғылдың, нысайдың байқалатын уағы баяғы болған жоқ па?! Демек, Ислам дінін, оның қасиетті кітабы «Құранды» ізгіліктің діні, ақиқат Алланың аяны ретінде даңқын аспандатып жүрген адамды өзге діндегі жат ниетті жандар қайдан ұната қойсын?! Сондықтан ондай ішітар қызылкөздер Гүленнің күллі адамзат қоғамына керекті озық ойын көрсе де, көрмеске салып, тоқтаусыз өсекаяң таратып, жала жауып, күйе жағумен айналысуда. Ал біз болсақ, әрине, біз

болғанда, Ресей не айтса қосыла шулай жөнелетін санаулы топ, ештеңенің байыбына барып жатпастан Гүлен туралы өсек-аяңды гулетумен келеміз. Жоқ-а, дейміз-ау, Ф.Гүленнің адамзатты шақырып отырған озық ойларын, бәтуалы пікірлерін бағамдай алмасақ та, осы көз алдымыздағы нақты тірлікке ( Қазақ -Түрік лицейлеріне ) бір сәт назар аударуымызға болар еді ғой. Жоқ, бізге «Ресей айтты», бітті . Шындық та, ақиқат та, соңғы сөз де, кесімбітім де солардікі… Бұның бәрі біздің құлдық сана-сезімнен әлі арылып болмағанымыздың кесірі. Ал, шын ықыласпен, адал көңілімен «Осы Гүлен кім? Оның мақсаты не?» деп білмекке құштар көңілмен үңілетін болсақ, Ф.Гүлен мырзаның адамзат баласын имандылыққа, бірін-бірі «бауырым» деп сүюге үндеп отырғанын, сол арқылы адамзат қоғамындағы діни, этникалық, мәдени және идеологиялық қақтығыстарды болдырмауға болатынын насихаттап келе жатқанын аңғару қиын емес. Демек Гүлен арманы адамзаттың бейбіт, тату әлемі. Гүлен жолы – имандылық пен сүйіспеншілік. Яғни осы жолды күллі Адам баласы берік ұстанатын болса, Гүлен арманының ертен-ақ ақиқатқа айналатыны даусыз. Ал аталған жолды берік ұстану анау айтқандай «мүлде мүмкін емес» нәрсе емес. Ол үшін мемлекеттік билікті жаппай діни бағытқа бұрудың да немесе өзге діндегі халықтарды мешіттерге тоғытудың да қажеті шамалы. Өйткені иман барлық діннің өзегі. Рухтың мәңгілігін барлық діндер қуаттайды. Осы өзекті түйінді ұстай отырып, ұрпақтарымызды имандылыққа тәрбиелей білсек жетіп жатыр. Ол туралы Ф.Гүлен бүй дейді: «Иә, адамзат баласы үшін азғындықтан арылудың жалғыз ғана жолы бар, ол өлгеннен кейін қайта тірілетініне сенуі. Жастық желіктің алдын алатын, оның есірігін басатын, бірте-бірте өлімге қарай жол алған әрбір қадамында көңілі жарақат алып, үмітсіздік шырмауына түскен қарттарға үміттің шырағы болатын, сәбилердің балауса жүректеріне бақыт шамын жағып, жарық өмірге жетелейтін тек қана осы ақыретке деген иман ғана… Сондықтан адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төккен, оған бақытты өмір салтын ұсынуды өзіне мақсат етіп қойған барлық ойшылдар мәселені дәл осы тұрғыдан қарастырғандары абзал.» Көріп отырғанымыздай бұл арада Ф.Гүлен белгілі бір дінді, белгілі бір елді немесе белгілі бір билікті меңзеп отырған жоқ. Есесіне тұтас адамзатты, нақтырақ айтқанда «адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төгіп жүрген ойшылдарға» мәселені неден бастауды меңзеп отыр. Бұл ой-пікірді Ф.Гүлен, әрине, қиялынан шығарып немесе ауадан алып айтып отырған жоқ. Яғни, ұсынып отырған идеяны жүзеге асыруда әр дін өкілдерін немесе «барлық ойшылдарды» өз діндерінің кітабына сүйену керектігіне меңзейді. Бұл ретте өзі бастамашылдықпен әр ойын, әр пікірін қасиетті «Құран» сүрелерімен шегелеп отырады. Мәселен, адамдарды имандылыққа шақырудың басты тетігі, ең ұтымды әдісі бар пендені ақырет күніне сендіру деп есептей отырып бұл ұсынысын «Құранның» «Зілзала»

сүресіндегі: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады», − деген аятымен нақтылай түседі. Қысқасы Ф.Гүленнің паймдауынша, «адам осы иман мен сенімді бар болмысымен қабылдағаннан кейін, оған «қалағаныңды жасай бер!» деуге де болатын» көрінеді. Иә, айтыпайтпай, иман нұрына шомылған адамның әрбір жасаған ісі алдынан сол қалпында шығатынына шүбәсіз сенетіні шындық. Ал осындай сенімге ие болған адамның өз тіршілігінде адам баласына зәредей қиянатқа, болмашы болса да жамандыққа бармайтыны өз алдына, тіпті өз басындағы қарапайым пендешіліктің, нәпсінің өзін ( ішіп-жем, жүріс-тұрыс) тежеп, тиып отырады. Байыптап, ақылға салып қарасақ, заманымыздың ұлы ойшылы, гуманист Ф.Гүленнің бұл ойлары мен пікірлері жүзеге аспайтын қиял немесе соншалық қиын мәселе емес. Яғни, «жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі барша адамға жан бақытын сыйлағысы келетін әрбір діндар бола ма, саясаткер бола ма, жоқ әлде мемлекет басшылары бола ма, жатпай-тұрмай адамдардың жүрегіне ақыретке деген сенімді ұялатумен айналысуы керек. Сонда ғана «жастар тәртіп пен тәрбиеге бойсұнып, балалар бұзықтығын тоқтатып, қариялар өздерін жаннаттың жолаушылары ретінде сезініп, бақытқа кенеледі және осындай отбасына бақыт құсы оралып, шаңырағына қонақтайды. Имандылық салтанат құрған мұндай үйде ақыретке кетпей тұрып-ақ ақыретте берілетін бар сұлулық, игілік атаулының сәулесі нұр шашып, бұл дүниеде болса да, жәннат бақшасында жүргендей күй кеше бастамақ». Ал осы тұрғыдан әңгімені әрі қарай өрбітер болсақ, жер шарындағы қай мемлекет, қай қала, қай ауыл болмасын, жүздеген, мыңдаған, он мыңдаған отбасылардан құрам табатыны белгілі. Егер бір ауылдағы, бір қаладағы немесе бір елдегі отбасының бәрі-бәрінде «имандылық салтанат құратын» болса, онда сол ауылдың, қаланың немесе мемлекеттің барлық тұрғыны «жәннат бақшасында жүргендей болар еді. Мәселе қазір жер бетіндегі барлық елдердің билеушілері діннің, иманның осы қасиетін, құдыретін жүйелі жолға қойып, ел тұрғындарын имандылық жолына шақырудың орнына, «дінді мемлекеттен бөлінген» етіп көрсетіп, халыққа «құқықтық, зайырлы» билік жүргізгісі келеді. Оның салдары әрине, халықты бейбіт, тыныш өмір сүруге алып келсе тағы да «мейлі!» дер едік. Өкінішке орай, айтылмыш «дінді мемлекеттен бөліп» тастаған елдердің тұрғындарының діни наным-сенімімен ылғи да өзге мақсаттағы, бөтен пиғылдығы діни, саяси топтар айналысып, ақырында сол қоғамға да, сол мемлекетке де қаншама орны толмас қайғы, есепсіз шығын әкеліп жатқаны ащы болса да ақиқат. Бір қызығы осыны көріпбіле отырып, жер бетіндегі көптеген елдердің саясаткерлері, ел басылары осы мәселеге немқұрайды қараудан танбай-ақ келеді. Біз сөз етіп отырған Ф.Гүлен бұл ойларды сөз жүзінде, қағаз бетінде айтумен ғана шектелместен, оны жүзеге асыруға болтындығын практика жүзінде де дәлелдеп берді. Жоғарыда біз сөз еткен, Ф.Гүленнің мұрындық болуымен әлемнің көптеген елінде ашылған, сол

елге жүздеген, мыңдаған иманды адам, билікті кадр тәрбиелеп беріп отырған Түрік лицейлері мен жоғары оқу орындары осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Ал біз болсақ жасырып-жабары жоқ, жастарымызды, өз ұрпақтарымызды «жақсы оқысаң, мол білім алсаң, көп тіл білсең, болашақта табысы көп жақсы жұмыс табасын… бай боласың, бақуатты боласың…» деген бағытта тәрбиелейміз. Сосын ол бала ертен қайткенде де сан алуан тәсілмен (әрине, оның ішінде алдау-арбау, жемқорлық, ұрлық, тонау т.б. тәсілдер де бар) баюдың, дүние жинаудың жолына түседі. Ал байый алмағандары, дүние-мал жинай алмағандары құлқынның құлына айналады, ақшаға арын да, жанын да, елін де, жерін де сатады. Осыдан барып адам азады, қоғам тозады. Адамы азған, қоғамы тозған елдің халқын үмітсіздік пен үрей билейді. Ал ертеңнен үміті жоқ, бүгінін үрей билеген елді қалай ғана «бақытты ел» деуге болады?! Бұл туралы Ф.Гүлен бүй дейді: «Қала мен мемлекет – адам баласы үшін үлкен үй екені даусыз. Жастары құлқынның құлы болса, қариялары үмітсіздік пен бақытсыздықтың шырмауында қалып, өмірден күдер үзсе, залымдары байғұс жәбірленушілердің аянышты үнінен ләззат алып, тұмсығын көкке көтеретін болса, ол жерде бақыт пен бейбіт өмірдің болуы мүмкін емес. Мұндай дүниеде қалалар, мемлекеттер мен ұлттар да бақытсыз.» Демек ақырет күшіне сенбеген, оған жан-тәнімен илана отырып, ақырет күнінде жаратушы алдында есеп беруге дайындалмаған адамның бойында, сана-сезімінде «обал-сауап», «халал-харам» деген де ұғымдар болмайды. Ал тұрғындары бұндай ұғымдардан мақұрым қалған елде «қайырымды қала», «үлгілі қоғам» болады деу құстан сүт дәметкенмен пара-пар. Бұл туралы « Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрған үлгілі қоғамының басты ерекшелігінің бірі – ақырет пен жаратушы алдында есеп беруге деген сенімге негізделгендігінде,» − дейді Гүлен мырза. Осы арада бір ескерте кететін жағдай, Ф.Гүлен адамдарды имандылыққа шақыруда діни наным-сеніммен бірге, кісілік, адами тәрбиенің де рөлін жоққа шығармайды. Яғни ұлы ойшыл жұртты тек діни фанатизмге үгіттеп отырған жоқ. Оның пайымдауынша, жас ұрпаққа бүгінгі заманға сай білім берумен бір уақытта, оларға имандылық шарттарын да, адами тәрбие де бере білу керек. Яғни жалаң ғылым-білім берсең, ұрпағын робот болып шығады, жалаң діни білім берсең ұрпағың тек қана фанатик болып ержетеді. Олай болса, бұл екі бағытты өзара тығыз қабыстыратын кісілік ақыл, адами тәрбие. Гүлен мырза бұл туралы өзінің Түркияда жарық көретін «Заман» газетінің тілшісі Нүрие Акманга берген сұхбатында, тілшінің: «террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе?» деген сұрағына: «Кінәліміз. Ұлт та кінәлі. Білім беру жүйесі де кінәлі. Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып

қалуы неғайбал. Дін бір мақсатқа жету үшін өлтіруге тиым салады. Ал оларға дұрыс тәрбие беру жолында біз қаншалықты күш жігерімізді жұмсадық? Қандай рухани ізгілік арқылы олардың аяқ-қолдарын тұсауладық? Террорист болмайды деп сенетіндей оларды қандай жауапкершілік сезімімен тәрбиеледік? Яғни мектеп бағдарламаларында тіпті адамдық пен мәдениет сабақтары да болмайды. Өмірге қажетті нәрселердің барлығы мектептен бастап сіңірілуі керек. Солардың ішінде салауатты өмір жөніндегі ілім де», −деп жауап береді ұлы ойшыл. Қысқасы ғылым-білім мен имани тәрбие құстың екі қанаты секілді, адам баласын бақыттын көгіне самғататын егіз−екі құдірет. Егер оның біреуі болып, біреуі болмаған жерде ол адамды кемелді, толық адам деуге болмайтындығы өз алдына, тіпті, осы екі үзеңгіні тең баспаған немесе осы екі тізгінді тең ұстамаған адамның түптің-түбінде, біреуі болмаса біреуі, өзіне де, тұтас қоғамға да орны толмас залал әкелуі ғажап емес. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, заманымыздың ұлы ойшылы, адамзат бақыттың шырақшысы, Түркі жұртының аяулы перзенті Ф.Гүлен идеялары, оның ой-пікірлері туралы сөз, әрине, бір ғана шағын мақала ауқымына сыймайды. Ол туралы іргелі зерттеулер керек. Тіпті зерттеу жұмыстары басталып та кеткені жасырын емес. Әрине бұның бәрі болашақтағы «Гүленизм» ғылымының басы деп сеніммен айта аламыз. Қысқасы, үш ғасырдай уақыт бодандықта болған, әсіресе оның соңғы ғасырын атеистік, тоталитарлық жүйеде өткерген Қазақстан секілді ел үшін, оның қожасы қазақ халқы үшін Ф.Гүлен идеялары ауадай қажет. Оның үстіне тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, азат ел болған, жиырма жылдай уақыттан бері біздің елімізде «дін мемлекеттен бөлінген» деген принципті ұстанып, соның кесірінен қазақ халқы діни тұтастығынан айырылып барады. Ал «ислам дінін ұстанады» деген ағайындардың өзі бірте-бірте түрлі ағым, секталарға, мәзхаптарға жіктеліп, бүгінде бір мешітте отыра алмайтындай жағдайға жетті. Ал енді дінге әлі ден қоймаған жастарымыз АҚШ−тың жасыл қағазының құлына айналып, жыл емес, ай емес, күн санап азғындап барады. Бұнын артының неге апарып соғарын болжап отырған адам жоқ. Тек бір Алла ақырының жақсылығын берсін деуден өзге шара жоқ. Ал шынымен де ел боламыз десек, азат Отанымыздың іргесі берік болсын десек, Қазақстанда нағыз бейбіт өмір, шынайы бай-бақуатты өмір орнасын десек, елді, әсіресе жас ұрпақты Гүленшілдік идеямен тәрбиелегеніміз жөн болар еді. Әрине, біздің бұл сөзімізден Ф.Гүлен идеясы Қазақстанға ғана керек деген сөз емес, тұтас адам баласы иманға бет түзеп, ақырет күніне сенсе, барлық жұмыр басты пенде «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе алады» дегенді меңзейді Ф.Гүлен.

Осынау үлгісі жасалған, тәжірибеден өткен, күллі адам баласын бақытқа бастайтын жолдан адамзаттың неге кері тартып отырғанына кейде еріксіз таң қаласын! Бірақ, бір нәрсенің басы ашық, Ф.Гүлен ойы ерте ме, кеш пе адамзат әлемінде салтанат құрары даусыз.

«Сана сәулетшісі» кітабынан. Алматы. 2010 жыл.

АҢСАП ЖЕТТІМ, АТАМЕКЕН ӨЗІҢЕ!

Бүгін Алланың бізді жарылқаған күні! Азаттыққа жеткен күніміз! Осы ұлық мейрам құтты болсын! Азаттығымыз мәңгілік болсын, бауырлар! Алаш жұртының осы бір ең қастерлі мерекесіне байланысты, сондай-ақ азаттығымыздың 20 жылдық торқалы тойына орай Ел газеті “Егемен Қазақстанның” кеше (15.12.2011ж.) арнайы мерекелік нөмірі жарық көрді. Тәуелсіздік алған жиырма жылда дүниенің әр түкпірінен бір миллионнан астам қандас-бауырларымыз Отан құшағына оралыпты. Солардың өкілі ретінде “Егемен Қазақстанның” мерекелік нөмірінде Дүкен Мәсімханұлы сөз алған болатын. Мен шетелде туып-өссем де Қазақстанның тарихи отаным екенін бала күнімнен санама тоқып есейдім. Әлі есімде, алты-жеті жас кезім ғой деймін, анам радиоқабылдағышты ашып қойып: “Қазір Алматыдан нағашы ағаларың сөйлейді” дейтін де біреуімізді күзетке тұрғызып (ХХ ғасырдың 6070-ші жылдарында Кеңес одағының радиосын тыңдау қытайда үлкен қылмыс болып есептелетін) “Шалқарға” құлағын төсейтін де отыратын. Содан не керек, анамыз бауырының аты шықса да жылайтын, шықпаса да жылайтын. Оған тұнжырай отырып, терең күрсініп: “Менің інім не күн көріп жүр екен” деп әкем қосылатын… Сөйтіп ол кісілердің қимас жандары, сүйікті атамекендері біздің сәби жүрегіміздің төрінен орын алып, қанымыздан жанымызға дарып жататын … Бара-бара бұл сезім мен түйсік Ұлт, Атамекен, Отан деген қасиетті ұғымдарға ұласып, ендігі жерде қазақ радиосын (“Шалқар”) өзіміз-ақ жастанып жатып тыңдайтын жағдайға жеттік. Бір қызығы, біздің тыңдауымыз ата-анамыздікінен өзгешелеу болатын. Яғни біз Қазақстан радиосын ашып қалғанда тек нағашы ағамыздың атын естуді ғана армандамай, күллі қазақ елінің тыныс-тіршілігімен, өмірімен, өнерімен танысуды, сусындауды мақсаттап тыңдайтынбыз. Бұл тірлігіміз әрине, өз жемісін бермей қалған жоқ. Ең бірінші туған халқымыздың жер бетіндегі еш халықтан кем, қор емес екенін ұғындық. Өзіміз өнерге жақындадық. Осылайша біздің сәби жүрегімізде ұлттық намыс пен ұлттық мақтаныш бүр жарған болатын… Кейін келе, ол елдегі саясат оңала бастағанда, Қазақстанмен ашық-әшкере мақтанатын (КСРО-ның құрамында болса да) жағдайға жеттік. Айлар өтті, жылдар өтті, есейдік, сана-сезім, таным да өсті дегендей… Ендігі жерде Қазақстанның тәуелсіздігін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей аңсайтын болдық. Әрине, жарты ғаламды билеп тұрған, “мәңгі мызғымас” Кеңес одағының

талқаны шығады деп ешқашан үміттенген емеспіз, дегенмен бір тәтті қиял, асыл арман басымызға ұя салып алған қарлығаштай қалықтап, көкейімізден бір шықпай қойды. Қайда жүрейік, не туралы сөйлесейік, бәрінде де әйтеуір, айналып келіп Отан туралы, азаттық туралы тақырыпқа ойыса беретінбіз. Әлі есімде, Пекинде университеттің жоғары курсында оқып жүрген кезіміз еді. 3-4 бала бір ағамыздың үйіне қонаққа барып, түннің бір уағында университетке жаяу қайттық. Таксиге, болса да, иек қышымайды. Қоғамдық көліктер баяғыда тоқтап (демалып) қалған. Біз университетке таяғанда шығыс көкжиектен балыққарындап таң атып келе жатты. Көп кешікпей сыпыртқыларын көтерген көше тазалаушылар жұмыстарына кірісіп кетті. Оларды көрген біздің бір жігіт: «Мыналар осыны да жұмыс деп істейді-ау ә?!» деп қалды. Бұл сөзге қалғандарымыз өре түрегеліп: «Азат отанымыз болса, соның бір қаласында көшесін сырырып жүріп өлсек арманымыз болмас еді!» деп оны жабыла тойтарып тастағанымыз бар. Міне осы секілді, ұлттың азаттығы, Отанның тәуелсіздігі деген тақырып қисынды-қисынсыз тұста да, саналы-санасыз түрде де біздің әңгімеміздің алтын қазығына айналып бара жатты… Құдай-тағала тек біздің ғана емес, жер бетіндегі күллі қазақтың арман-аңсарын, көз жасын көрген шығар. Кешікпей сол армандаған азаттықтың ақ таңына куә болдық… Шетелде, шетел болғанда да Кеңес одағымен жиырма жылдан аса «қырғиқабақ» болып келген, коммунистік партия басшылығындағы социалистік Қытайдың азаматы ретінде, сол елде жүріп Қазақстанның тәуелсіздігін қарсы алу, қазір айтарға қызық болғанымен, ол кезде тіптен қиын болып еді. 1987 жылы Пекиндегі оқуды аяқтап, жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Үрімжі қаласының тұрғыны болғаннан кейінгі алғашқы жалақыма тұңғыш сатып алған дүние-мүлкім «Жаһан» (хуанчю) маркалы радиоқабылдағыш болды. Күндіз академияның жұмысы, кешкі шаруа «Азаттық» радиосын тыңдау. Бұл кез – Кеңес одағының шаңырағы шайқала бастаған шағы болғанымен, Қытай үкіметі 1989 жылғы Тянь-Аньмэн оқиғасынан кейін, елдегі тәртіпті біршама қатайтып жіберген. Сондықтан «Азаттық» радиосының хабарларын тыңдап жүргенімізді көлденең көк аттыдан ептеп жасырамыз. Бірақ «Азаттық» радиосын бір күн құры жібермейтін «ауруға» тап болдық. Ара-тұра иманды болғыр Хасан Оралтай ағамыздың өз дауысын да естіп қалып жүрдік. Әйгілі 1991 жыл. КСРО қожырап, іргесі сөгіле бастады. Күндіз-түні «Азаттыққа» құлақ төсеп, күндіз-түні Алладан Алаш жұртының азаттығын сұраймыз… Күз басында Қырғыз, Өзбек ағайындар азаттықтың айдынына шықты. Шыдам таусыла бастады. Сумаңдаған сан түрлі өсек-аяң одан сайын сабырымызды тауысып, жүйкемізді жұқартып бітті. Жыл аяқталып келеді. Енді қашан?! Біздің қазақтарға не болды?! Дегбір-төзім тақа таусылды. Тыпыршып

жер текпілейміз. Бір күні әдеттегідей «Азаттық» радиосына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай, ортан белінен үзілді де: «Сүйінші Алаш жұрты! Сүйінші қазақ баласы! Қазақстан тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Марқұм Хасан Оралтай ағамыздың дауысы. Ол кісі «кешіріңіздер!» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен ес-ақылымнан адасып қалдым. Күлемін. Жылаймын. Қайтадан күлемін. Қайтадан жылаймын… Төрге тоңқалаң асып, құлай кетіп домалаймын, қарғып тұрып секіремін. Ысқырамын. Айғайлаймын…… Егер сол кезде қасымда біреу қарап тұрса, еш күмәнсіз мені жынданды деп ойлаған болар еді… Бірақ есімді тез жиып, достарыма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті үй телефонының өзі тек бастықтардың үйінде ғана болады. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар бір жерге жиналдық. Кешке қарай, жоқ жерден бір «туған күн» жасап, қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйіне бардық. Ақсарбас атап сойып, жақсылап тойладық. Кеш барысында сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ шекара бұзып қашып өтеміз» деген уәжге тоқтадық. Уәде осы болды да ертеңінде түске таман тарастық. «Жаман уәдеге берік» дегендей, қашпай-ақ, шекара бұзбай-ақ, Қазақстанның арнайы шақыруымен, жергілікті Қытай үкіметінің заңды рұқсатымен, Қытайдан алғашқылардың бірі болып мен 1993 жылдың басында Қазақстанға оралдым. Салыстыру үшін, әңгіменің осы тұсында мына бір жағдайды айта кеткім келіп отыр. Өткен жылы (2010ж.) ресми іссапар орайында, дәм бұйырып, тәуелсіздік күнін ҚХР астанасы Пекинде қарсы алуға тура келді. 15 желтоқсан күні кеште Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау жасап, қонақасы берді. Бұл бас қосуға ҚХР үкіметінің ресми өкілдері мен ондағы өзге мемлекеттердің елшілерінен тыс, Пекин қаласында тұратын, сол елдегі қандас бауырлардың көбі (тіпті бәрі деуге де болады) шақырылыпты. Көбісі біздің көнекөз таныстар. Олармен арқа-жарқа әңгіменің бір тұсында: - Осы тұрған көбің комунистсің. Бұндай шараға қатысуға тиым жоқ па? – деп сұрадым. Менің бұл сұрағыма күле жауап берген бауырларым: - Ол саясат ХХ ғасырмен бірге тарих қойнауына кеткен. Қазір біз мұнда, Қазақстанның тәуелсіздігін, шақырылсақ елшілікпен бірге қарсы аламыз, шақырылмасақ, өзіміз жиналып мейрамханада тойлаймыз,- деді. Мен бұл сөзді естіп, «Жаратқанға мың тәубе! Аналайын азаттық, қасиетті Отан, бәрі сенің арқаң ғой!» дедім ішімнен. Иә, сонымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен Отанға оралдық. Оралуын оралсақ та, алғашқы жылдары қатты қиналдық. Алайда елде болып жатқан бұл қиындықтан Қытайда жүргенде-ақ хабарадар болатынмын. Демек, қиындықты, қиналатынымызды көріп-біле тұра,

бәрін осындағы ағайынмен бірге көреміз, ауырлықты бірге көтереміз келдік. Ал керісінше ол кезде Қытайдағы жағдайымыз жап-жақсы болатын. Содан ғой, кетудің қамын жасап жүрген кезімізде кейбір ағаларымыз бен ағайындарымыз: “Қазір не бар?! Ол жақта бүгінде жоқшылық жайлап, жұрт аш-жалаңаш отыр… Кейін жағдайлары оңалып жатса, сол кезде көрмейсің бе? ”- деген ақылын да ашық айтты. Бірақ ондай ақыл менің жолыма кедергі бола алған жоқ. Өйткені менің ұғымымда, қарын тойдыру – тек хайуанның ғана қайғысы. Ол туралы халқымыздың “ер туған жеріне …” деп басталатын жақсы мақалы бар ғой… Әрі еске алу үшін, әрі шетелдерден елге жаңадан келіп жатқан ағайындарға, әсіресе олардың жастарына ғибрат болсын үшін, тәуелсіздің алғашқы жылында елге келіп, қалай қиналғанымыздың шет жағасын айта кету артық болмас деп ойлаймын. Біздің ол кездегі қиналысымыз, қазіргідей «квота, виза, ықтиярхат, баспана, жер телімі…» мәселесі емес, бір ауыз сөзбен айтқанда «жанды қалай сақтаймыз» дегенге ғана саятын. Туған ауылымен, ағайын-бауырымен бірге өмір сүріп отырған, осындағы жергілікті ағайындардың өзі “шықпа, жаным, шықпалап” әзер күн кешіп қалған кезде, бұл қиындық шекара асып келген біздерге қалай соққанын шамалай беріңіз. Кәдімгі «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегеннің кебі. Әсіресе мына бір-екі жағдай есімнен еш кетпейді. 1993 жылдың қараша айында ақша ауысып, ұлттық валютамыз – теңгенің құны күн санап құлдырады. 1994 жылдың басында, жаңылмасам, жалақымыз 100 (жүз) теңге болатын да, бір нан 5-6 теңгенің төңірегінде еді. Сол жүз теңге жалақының өзін айлапжылдап ала алмайтын кездер болды. Сондай күндердің бірінде, Алматыда бір туысқанның үйіне қонаққа бардық. Қайтарда олар бізді таксиге мінгізіп жіберді. Үш жасар қызым әлгі таксидің ішінде ұйықтап қалды. Жатақханаға жеткесін мен қызымды көтерген күйі бөлмеге кірдім. Баланы шешіндіре бастаған мамасы “баланың аяқ киімінің бір сыңары жоқ” деді. Асып-сасып далаға жүгіріп шықтық. Такси баяғы да кетіп қалған. Баланы көтеріп кірген ізімізді қараймыз. Жоқ. Ертеңінен бастап балам: “етігім қайда? Далаға шығам” деп ал, келіп жыласын. Содан қыс бойы балам аяғын құшақтап, үйде жылады да жатты… Жүрегімнің ауырғаны соншалық, бір күні өзімнің де көзімнен жас шығып кетті… Ал 1995жылы, екінші балам өмірге келді. Белгілі себептермен сәбиімізді “Бона” дейтін дайын тағаммен азықтандыруға тура келді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде үш айлық сәбиімізге не бәрі 30 теңге тұратын “Бонасын” алып бере алмай, аштан қатырып ала жаздаған да кезіміз болып еді… Әрине, «көппен көрген – ұлы той». Қиындықтың бәрі артта қалды. Бұл әңгімені бүгін айтсақ, өзге түгіл, өз балаларымыз ертегі секілді қабылдайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атам айтқандай, сол келгеннен күні бүгінге дейін еліміздің жоғары оқу орнында ұстаздық етіп келемін. 1993-2002 жылдары Әл.Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану

факультетінің сол кездегі Қиыршығыс елдері кафедрасында он жыл табан аудармай ұстаздық қызмет атқарып, болашақ қытайтанушы шәкірттерге - өзімнің сүйікті іні-қарындастарыма қытай тілі мен әдебиетінен, қытай мәдениетінен сабақ бердім. 2002 жылы Астана қаласындағы ЕҰУ-не ұстаздық қызметке шақырылып, содан бүгінге дейін осы білім ордасында болшашақ қытайтанушылар мен дипломаттарды, қытай тілі мамандарын даярлау ісіне атсалысып келемін. Бір қызығы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қытайдан 100 юаньға әкелген тауарыңды ойланбай да қиналмай 100 АҚШ доллларына саудалауға әбден болатын еді. Осыны көрген көп ағайын жұмысын да, оқуын да тастап саудаға кетіп жатты. Белшеден кешуге болатын сол батпанқұйрықты көріп-біле тұра біз ұстаздықтан әсте безінбедік. Ел ертеңіне керек, тәуелсіздіктің тағдырына қатысты шаруаны аяқсыз қалдыра алмадық. Сөйтіп елімізге неше жүздеген қытайтанушы жас мамандар тәрбиелеп, қазақстандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына өзіміздің бір кісілік үлесімізді қосу жолында тер төктік. Еткен еңбек, төккен тер далаға кеткен жоқ, бүгінде ҚР Сыртқы істер минстрлігінде, Қорғаныс министрлігінле, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент және үкімет аппаратында, Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен консулдықтарында, ЖОО мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, әр түрлі ұлттық компанияларда біздің шәкірттеріміз жемізті еңбек етуде. Сонымен бірге шәкірттерді ресейлік оқулықтарға тәуелді етпеу, азат еліміздің азат оқулығын жазу мақсатымен өмірге келген “Қытай тілі фонетикасының негіздері”, “Қытай филологиясына кіріспе”, “Қытай әдебиетінің тарихы”, “Лу Шүнтану негіздері”, “Елтану мәтіндері” атты оқулықтарымыз шәкірттеріміздің қолында жүр. Жалпы біздің елімізде қытайтану ғылымы Ш.Уәлихановтан басталғанымен, патшалы Ресей тұсында болсын немесе кейінгі КСРО кезінде болсын, біздегі қытайтану ғылымы тек ресейлік көзқарас, ресейлік мүдде тұрғысынан қалыптасқаны жасырын емес. Ал азат Қазақстан үшін дүниеге тек өз көзімен қарап, нені болса да өз мүмкіндігімен, өз ой-санасымен саралаудың қажеттігі шығар күндей шындық. Іргеміздегі алып көршіміз, дос ел Қытайды тануда тіпті де солай болу керек. Бұл салада біз бүгінге дейін еліміздің ғылыми және бұқаралық, мерзімді баспасөздері бетінде 200-ден астам ғылыми және танымдық еңбектер жариялаппыз. Сондай-ақ осы алып көршімен қарымқатынастың қыр-сырын сәт сайын таразылап, сараптап, биліктің де, халықтың да назарына ұсынып келеміз. Бүгінде жігіт жасы жиырмаға толып отырған Қазақстан, азат ел, өркениетті мемлекет ретінде жер жүзіне кеңінен танылып үлгерді. Жердің бетін екі мыңнан астам ұлт мекендеп отырған болса, соның екі жүзден астанымының ғана тәуелсіз, ұлттық мемлекеті бар. Дүниедүзіндегі әр бір қазақ баласының маңдайына осындай шексіз бақыттың қонғанына да жиырма жыл толып отыр!

Демек, бүгінгі мереке Сіз бен біздің шынайы бақытымыздың 20 жылдық мерекесі! Біз бұл арада «дүниедүзіндегі әр бір қазақ баласы» деп жай-жай айтып отырған жоқпыз. Өйткені заңғар заңгер, академик С.Сартаевтың Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында: «Қазақ мемлекеті – тек Қазақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүниежүзіндегі қазақтардың да ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзіндегі қазақтардың хұқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет», – дегеніндей, тәуелсіз Қазақ елі бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан күллі қазақ баласының жанындай қастерлісі, таңындай мақтанышы ғана емес, тәңірдей тірегіне, құдайдай қорғанына да айналып үлгерді. Сондықтан күллі қазақ баласы үшін азаттықтан ардақты ұғым, тәуелсіздіктен асқан байлық, 16 желтоқсаннан асқан мереке жоқ. Себебі бұл тәуелсіздік – біздің халқымыздың тарпаң тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінің бәрін көре жүріп, «мың өліп, мың тіріле жүріп», қылша мойнына ілінген бодандықтың болат қамытын үш ғасырға таяу мойымай көтере жүріп, ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалғанда зорға жеткен азаттығы! Бүгінде бәзбіреулер: “Біз ұйықтап жатқанда тәуелсіздік іргемізге өзі келді”- деп ел егемендігінің құнын кеміткісі келіп, халқымыздың әр замандағы бодандыққа қарсы күресінің қанды тарихына көз жұмбайлық жасап жүр. Меніңше бұдан өткен намыссыздық, ұждансыздық болмайды. Себебі, өткен ғасырлардағы Кенесары, Исатай, Махамбет, Саурық, Жанқожа, Есет, Ұзақ, Жәмеңкелер бастаған бабаларымыздың қанын ұмытсақ та, дәп күні кеше ғана – 1986 жылғы Желтоқсанда төгілген қыршын жастардың қаны жадымыздан шыға қоятындай болған жоқ! Жаңағы “ұмытсақ” та деп отырғанымыз шартты түрде айтылған сөздің тәмсілі. Бабаларымыздың, бауырларымыздың берген құрбанын, аққан қанын былай қойып, тіптен бодан кезде көрген әр бір қорлық-зорлық, теперіштепкінің, кісәпір, тәуменділіктің біреуінің де естен шықпауы керек. Сонда ғана тәуелсіздіктің қадірі, азаттықтың құны еселеп арта түспек. Өкініштісі сол, кешегі қызыл жалаулы “коммунизм” кезінде көрген қорлық-зорлық бүгінде кейбір бауырларымыздың есінен тез көтеріліп кеткені сонша, тәуелсіздіктің құнын бүгінде дүкендегі заттың бағасымен өлшегісі келеді. Әрине, бақытты өмірді аңсамайтын адам болмайды. Бірақ ол аспаннан түспейді, жерден шықпайды. Бақыт пен байлықтың кілті – адамның ақыл-парасаты мен екі қолы. Ал, жеріміздің асты мен үсті тұнып тұрған қазына. Тек ақылмен ойлап, екі қолмен сол қазынадан игіліктене білсек болғаны. Өкініштісі, біздің ағайындардың көбісі әлі де болса “алма піс, аузыма түс” деп үкіметке ғана алақан жайып дағдыланған кеңестік масылдық психологиядан арыла алмай келеді. Ауылға барғанда сондағы жастардың, тепсе темір үзетін жігіттердің «жұмыс жоқ» деп сенделіп, ата-анасының зейнетақысына телміріп отырғанына таң қаласың. Керісінше еліміздің әр түкпірінде тұратын, жер емшегін еме білетін неміс, кәріс, орыс, дүңген, өзбек, ұйғыр секілді туысқан ұлт

өкілдері есігінің алдындағы алақандай бақшалық жерімен-ақ алқып-шалқып отыр. Олардың қасында біз ел егесі, жер қожасымыз, шетімізден фермер, кәсіпкер болып, туған елдің де, өзіміздің аузымыздан ақ май ағызып отыратын жөніміз бар емес пе еді?! Қарекетке не кедергі?! Аяқ-қолға не байлау?! Демек, кешегі кеңестік жүйе қалыптастырған тіршілік ету танымымызға, бүгінде түбегейлі бетбұрыс қажет болып отырғанын астын сызып отырып, ерекше атап айтқым келеді. Шетсіз-шексіз тарих көші үшін 20 жыл деген қас қағым сәт қана. Ал адам ғұмыры тұрғысынан белгілі бір кезең ретінде қарауға болады. Әлем елдерінің тарихына зер салатын болсақ, көптеген елдер, мемлекеті құрылғаннан кейінгі жарты ғасыр, тіпті бір ғасыр бойына өз жолын таба алмай, талай-талай қиынқыстау кезеңдерге тап болғанын көреміз. Тіпті өзгені айтпағанда, өзіміз жақсы білетін КСРО мен ҚХР-ның тарихына бір сәт үңіліп көрейікші. Кеңес одағының 20 жылдығы қарсаңында ресми Мәскеу ел ішінен «жау» іздеп, халықтың сорпа бетіне шығар ұл-қыздарының алдын атып, артын итжеккенге айдап, одан қалғанын күреске тартып жатты. Бұл тұстағы Кеңес одағы адамның отаны емес, ажалдың апаны болатын. Ал 1969 жыл – Қытайдағы «мәдени төңкерістің» ең бір қайнап тұрған кезеңі еді. Ол елде де зиялы, сауатты қауым ұрылып-соғылып, көзі жойылып, былайғы қарапайым жұрт тек ауыз бағып қана қалған. Қала мен даланы ессіз айғай-аттан кернеп, есе тиген есіріктер елге бүйідей тиіп тұрған болатын. Барлық нәрсенің құны, әр қандай құбылыстың қадір-қымбаты салыстыру арқылы анықталады. Ал біздің 20 жылдық тарихқа назар аудара отырып, құдайшылық сөзімізді айтатын болсақ, әрине, «әттеген-айымыз» да жоқ емес. Ал тәубе дейтін табысыз, мақтанатын жетістігіміз жетіп артылады. Олардың бәрін санамалауға бір мақала емес, нешелеген томдар жазуға тура келеді. Соның ең бастылары ретінде, әрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстылары деп мен мына үш ұлы жеңісімізді атап айтқан болар едім: 1. Астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіріп әкеліп, орнықтырып алғанымыз; 2. Көршілерімізбен шекарамызды бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп алғанымыз; 3. Алыс-жақын шетелдерден бір миллионға жуық қандастарымызды отанға оралтып, бауырымызға басқанымыз. Осылардың әр біреуін жеке-жеке «ғасырлық жеңіс» деп бағалауға толық негіз бар. Ал бұларды «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты» деп отырғаным, жалпы елімізде атқарылып жатқан өзге жетістіктер (БҰҰ мүше болу, ұлттық валютаны енгізу, шетелдермен достық-қарым қатынас, экономикалық даму т.с.с.) кім Президент болса да жүзеге асыруы мүмкін. Ал біз санамалап отырған ұлы үш жеңісті тек Н.Ә.Назарбаевтың жеке еңбегінің, жеке парасатының, жеке саясаткерлігінің арқасында ғана мүмкін болғанын, жеке құлшынысымен жүзеге асқанын, бүгін, ақиқатқа тура қарап тұрып айтуға тиіспіз.

Жиырма жылдық қана тарихы бар, жас мемлекеттен біздің еліміз бағындырған белестерден де биік шыңдарды талап ету, бұдан да жылдам қарқынды дәмету әбестік болар еді. Билік басына мың жерден парасатты адамды қойып, бүкіл ел болып жабыла жұмылған күнде де, тарихи дамудың табиғи заңдылығы деген бар. Ол заңдылықтың өз қарқыны бар. Сол заңдылық сақталса, ол – эволюция. Сақталмаса, ол – революция. Қазақстан эолюциялық дамудың ең жоғары қарқынымен самғап келеді. Бізге де керегі осындай тарихи дамудың табиғи үдерісі. Сөз соңында барлық отандастарымды, алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан бауырларымды азаттығымыздың 20 жылдық ұлық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін!

«Егемен Қазақстан» газеті. 15 желтоқсан 2011ж. № 628.

ҚАЗАҚҚА ҚАДІРІ АРТЫҚ ХАСАН АҒАМ…

Хасан Оралтай! Бұл есімді Алаш жұртына таныстырып жату – басы артық әңгіме болар еді. Жер жүзіндегі сауаты бар, ұлттық сана-сезімі бар Қазақ баласында Хасан Оралтайды білмейтін адам кемде-кем. Себебі оның бүкіл саналы ғұмыры шынымен де «елім-айлап өткен өмір». Хасан Оралтай ағамыз қай қырынан салыстырсаң да кешегі ХХ ғасырдың басында өткен Алаш арыстарының нағыз мұрагері, адал ізбасары болатын. Хасан ағамызды жақыннан білмесе де, оның «Елім-айлап өткен өмірін» оқыған адам біздің бұл пікірімізге зәредей де шүбә келтірмеуге тиіс. Ал ту Еуропада өмір сүргенімен, Хасан ағамның менің өмір жолыма шашқан шуағы, тағдырыма жасаған игі ықпалы тіптен тұтас бір кітапқа жүк боларлық әңгіме. Қазақ зиялысының ішінде, әшейінде «Қазақ! Қазақ!» деп сайрайтындар көп. Ал ондайларға ұлт қамы, ұлт болашағы қамымен, тым болмағанда, пікірлесейін деп жақындасаң, өзінің жүзінен, өзінің руынан болмай қалсаң табан астында теріс айналады. Шетелден елге оралып, жоқ дегенде қара көбейтіп жүргеніңе қуанғанның орнына, алдындағы асына ортақ болғандай, ризығын шайқап, несібесін төгіп кеткендей алакөздейді. Реті келсе аяғыңнан шалады. Осындайлардың қылығын Хасан ағамның қам-қайғысымен салыстырып кеп жіберсең, кімнің кім екені өз өзінен менмұндалап шыға келеді. Жасыратын несі бар, Хасан ағам, орта жүздің Керейі. Мен ұлы жүздің Албанымын. Жас айырмашылығымызға келсек, Хасан аға менің әкем құралпы адам. Ол кісімен алғаш танысқанымда: «Егер кімде-кім қазақты сүймесе, ұлтшыл болмаса, онда ол Керей түгілі, Жантекей болып кетсе менің жауым!», – деп еді. Бұл сөз – өзінің жүрек сөзі, өмірлік ұстанымы екенін тұтас ғұмырында дәлелдеп кетті. Хасан аға туралы естелікті жазудағы мақсұтымыз да осынау ұлы тұлғаның нағыз ұлт зиялысына тән кескін-келбетін айшықтауға ат салысу еді. Сөзді неден бастасақ екен деп отырғанда, Хасан аға туралы әңгіме өз-өзінен әріректен басталып кетті. «Әрірек» деп отырғанымыз Хасан ағаның туған жері, баяғы Шығыс Түркістан, бүгінгі Шынжаң. Мен сол өлкеге қарасты Текес ауданында өмірге келдім. Мен туғанда Қытайдың қызыл туы желбіреп тұр екен. Есейіп, ес біліп мектепке бардық. Хат танығанда байқадық, ала қағаздың бетінен «Мао сөздерінен» өзге немесе «Маоға мадақтан» басқа бөтен сөз тауып оқу қиын. Сөйтіп жүргенде, 1976 жылдың күзінде «мың жасасын!» деп жүрген «күн көсеміміз» мыңды қойып, жүзге де жетпей бұл дүниеге қош айтты. Оның «адал ізбасары» Хуа Гофың деген біреу екі жылдай «Тек Маоның жолын жалғастырамын» деп милиарттың басын тағы екі жылдай сарсаңға салды. Тек 1978 жылы ҚХР-ның билік басына

Дың Шяопиң келгеннен кейін, тұрмысы оңалып қана қоймай, бұрынғымен салыстырмалы түрде айтқанда, ой-санасы азаттық айдынына шығып, екі елі аузындағы төрт елі қақпағы алынып, жұрт кәдімгі қапастан босағандай күй кеше бастады. Ал 80-ші жылдарға келгенде әр-әр кімнің аузынан (оның өзінде сыбырлап айтады) қазақтың арғы дәуірдегі хандары мен батырларынан бастап, кешегі Алаш арыстарына дейін, тіпті иек астындағы Шығыс Түркістан Республикасы, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әкбар, Сейіт, Оспан, Қалибек хакім, Жақыпберді батыр, Дәлелхан Сүгірбаев т.б. толып жатқан ақындар мен батырлары туралы ести бастадық. Бүгін ойлап қарасақ, оны айтатындардың өзі тек ол тарихты шала-пұшық білетін, қарапайым ауыл адамдары екен. Ал нағыз білгірлер, оқымыстылар бәрі бір «ауыз бағып» қалыпты. Содан не керек, 1982 жылы туған ауданымнан он жылдық мектепті бітіріп, сол жылы мемлекеттік қабылдау емтиханында үздік нәтижеге ие болып, Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің филология факультетіне оқуға қабылдандым. Бір топта Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарынан келген ұлы бар, қызы бар, жалпы 30 баламыз. Алтайдан келген балалар Оспан батыр, Бөке батыр, Зуқа батыр, Ақыт қажы, Дәлелхан Сүгірбаев туралы әңгіме айтса, Тарбағатайдан келгендер Дубек Шалғынбай, Балқаш Бапин, Қалибек әкім, Жағда Бабалық туралы сыр шертеді. Біздер Іледен барғандар Көдек, Шарғын, Таңжарық, Әкпар, Сейіт, Жақыпберді туралы естіген-білгенімізді айтамыз. Осылайша қызыл қытайдың жасырып-тығып жүрген Шынжаң өлкесі туралы «құпиясының» сыры ашыла бастады. Содан әрі қарай тінтінектеп білген сайын біле түскіміз келді. Бірақ ол туралы жазылған жүйелі кітап жоқ, там-тұм болса да ақиқатын айтатын газет-жорнал да жоқ, тек «құлақ молдасының» ауызша әңгімесі. Бір қызығы, Пекинге бара қалған күннен бастап, тобымыздағы Назар Иманғалиұлы деген жігіт екеуміз өте жақын жүрдік, тіпті кейін дос болып кеттік. Өзі Сауан ауданының Бөртіңке деген ауылында туып өсіпті. Айтуынша әкесі Иманғали ақсақал ауылына шешен, щежірешілігімен, ержүрек, батылдығымен танылған, өте инабатты кісі көрінеді. Аудан, аймақ әкімдерінің өзі арнайы келіп салам беріп тұрады екен. Сол парасатты әкенің әңгімесінен құймақұлақ бала Назар көкейіне көп нәрсе түйіп алыпты. Оның үстіне біздер университетке барғанда жиырмаға әлі толмаған бала болсақ, Назар жиырманың мол ішіндегі жігіт болатын. Бәріміз «ақсақал» деп әзілдейтінбіз. Сол Назармен жақын болуымның арқасында, Сауан ауданында болған тарихи оқиғаларға көбірек қанық болудың сәті түсті. Әрине, негізгі «дерек көзім» Назардың әңгімесі ғана емес. Мен Назар арқылы Пекинде тұратын көптеген Шәуешектік, Сауандық кісілермен танысып, солармен дәмдес, сұхбаттас болдым. Олардың арасында ақын, баспагер, марқұм Қазымбек Арабин, Елубай Әбілқасымұлы, қазір Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің профессоры Еркін Ауғали, сол кездегі ұстазымыз, қазір Түркияда тұратын ерлі-зайыпты ғалымдар Зейнеш Смайыл мен Сәуле Дағайқызы, Гүлсайраш Мәрбекқызы т.б. толып жатқан кісілермен жас

айырмашылығымызға қарамастан өте жақын араласып тұрдық. Зейнеш пен Еркін екеуі біз барған 1982 жылы университет бітіріп, сол университетке мұғалім болып қалыпты. Екеуі де қытай мектебінде оқығанымен, ұлтшылдық жағына келгенде алдына жан салмайтын. Әсіресе, Зейнеш мұғалімнің ұлтжандылығына ерекше тәнті болатынбыз. Жол түсіп Пекинге келген Нығымет Мыңжани, Жақып Мырзахан, Нәбижан Мұқаметхан секілді тарихшыларды шақырып әкеліп, біздерге «қазақ тарихынан» дәріс оқытатын. Ал өзі бізге қолмен жазып, шифаграфпен басып «Қазақ әдебиетінің тарихын» таратып берумен бірге, кейде оқығаны, білгені, естігені негізінде Шығыс Түркістан туралы әңгіме айтып беретін. Осылайша осы бір ұлтын шексіз сүйетін, жігерлі жас ұстазымыздың арқасында туған халқымыздың тарихы мен мәдениетін білуге деген құштарлық күн санап арта түсті. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, шын іздеген адам керегін таппай қоймайды екен. Сондай ізденістің арқасында Ілияс Есенберлиннің ішкі құжат ретінде қытай тіліне аударылған «Қаһар» романын, Жәрдем Тілековтің «Жоңғар даласында» романын, Қабдеш Жұмаділовтің қос томдық «Соңғы көш» романын тауып оқыдық. Бұл шығармалардан алған деректер мен әсерлерді ауызша мәліметтер күн санап толықтырып, байытып жатты. «Ауызша мәлімет» демекші, мен Текестік кісілердің үйіне Назарды ертіп барам. Ал Назар өз ауылдастарының үйіне мені ертіп барады. Сондайда дастархан басында сауандықтардың әңгімесінің негізгі тақырыбы Қалибек әкім туралы болатын. Осындай әңгіменің бір тұсында «Қалибек әкімнің баласы қазір Германияда «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарады» деген тосын хабарды естіп қалдым. «Тосын» деп отырғаным, біріншіден, «Азаттық» радиосының қытайшасы бар екенін білгеніммен, «қазақшасы бар» дегенді алғаш естуім, екіншіден, оны басқаратын – есімін көптен естіп жүрген, әйгілі Қалибек әкімнің баласы екендігі. Сол күннен бастап «Хасан Оралтай» деген ұлы есім менің миыма шегеленіп, жүрегіме терең орнап қалды. Осы хабарды естіген күні-ақ, жатақханаға келе салып, радионы таң атқанша ары бұрап, бері бұрап «Азаттық» радиосының қазақшасын таба алмадық. Тек әдеттегіше қытай тіліндегі хабарларын тыңдап жүрдік. Оның өзінде де ұрлап-жырлап, жасырын ғана… Уақыт көші жылжып 1985 жылдан бері жылжығанда, Түркиядағы қазақ ағайындар қыдырып келіп, қытайдағы ағайындар ептеп туысшылап Түркияға бара бастады. Сол барған келген ағайындардың әңгімесінен Хасан ағамыз туралы нақытрақ, тереңірек біле бастадық. Герменияның Мюньхен қаласында тұратынын, өте ұлшыл, алашшыл азамат екенін білдік. Сондай жолаушылардың бірі маған Халифа Алтайдың «Естеліктерім» атты өлеңмен жазылған әйгілі мемуарлық романын силады. Бұл кітаптың қолымызға түсуі Түркиядағы қазақтардың ол жаққа қайдан, қалай жеткені туралы тарихты көркем де жанды картинамен көз алдымызға жайып салды. Қытайдағы қазақтың жас буыны –

біздерге Еуропадағы ағайындардың тарихы мен тағдыры туралы дұрыс таным мен терең түсінік осы кітаптан кейін ғана қалыптасты… 1987 жылы Пекиндегі оқуды аяқтап, жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Менің сана-сезімім мен танымталғамымдағы, тағдырымдағы болашақ бетбұрысқа Үрімжіге келіп, академияда жұмыс істеуім үлкен негіз қалап берді деп нық сеніммен айта алам. Олай дейтінім, академияда қытай, ұйғыр ғалымдарын айтпағанның өзінде, Нығымет Мыңжани, Бұлантай Досжанин, Жақып Мырзахан, Бексұлтан Кәсей, Нәбижан Мұқаметхан, Шәріпхан Әбдәли қатарлы қытайдағы қазақтың бетке ұстар ғалымдары аталған академияның әр түрлі институттарында қызмет атқаратын. Олардың әр қайсысы бір-бір мектеп, бір-бір академия еді. Әсіресе Н.Мыңжани марқұм халқымыздың арғы тарихының хас білгірі ғана емес, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Шығыс Түркістан тарихының көзі тірі куәгері болатын. Оның үстіне өзі кісі жатырқамайтын жайсаң, мен-мені жоқ, өте текті адам еді. Ол кісінің бұл мінезі менің емін-еркін барып-келіп, әңгімесін тыңдап тұруыма үлкен мүмкіндік туғызды. Әуелгіде кібіртіктеп, бірден көсілмей отырады, сосын ол тұстан, бұл тұстан естіген-білгенің туралы сұрақ қойсаң, соған жауап бере келе, ағыл-тегіл ақтарылып кетеді. Мен ол кісімен көбінде Шығыс Түркістан Республикасы туралы, Оспан, Қалибек әкім, Дәлелхан туралы сұрайтынмын. Мен Қалибек әкім туралы, оның ұлы Хасан Оралтай туралы ең тұщымды, ең нанымды, ең жүйелі мағлұматты міне, осы Нықаңнан алып едім. Үрімжіге келгенімнің тағы бір пайдасы, «Азаттық» радиосының қазақ тіліндегі хабарларын бұл қалада радиоқабылдағыш әсіресе түнге қарай емін-еркін, таптаза ұстайды екен. Күндіз де тыңдауға болады, бірақ сапасы онша мәз емес. Академияға жұмысқа қабылданып, Үрімжі қаласының тұрғыны болғаннан кейінгі тұңғыш сатып алған дүние-мүлкім «Жаһан» (хуанчю) маркалы радиоқабылдағыш болды. Күндіз академияның жұмысы, кешкі шаруа «Азаттық» радиосын тыңдау. Кеңес одағының аман шағы. Қытайдың да қазіргідей етек-жеңін жайына жіберген кезі емес. «Азаттық» радиосының хабарларын естіп отырып жаныңнан түңілесің. Бірақ айтып жатқандарының бәрі шындық, бәрі ақиқат. Ара-тұра Хасан Оралтай ағамыздың өз дауысын да естіп қалып жүрдік. «Хасан ағамыздың дауысы» дегеннен еске түседі. Әйгілі 1991 жыл. КСРО қожырай бастады. Мен сол баяғы ҚХР Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының әдебиет институтында әдеби қызметкермін. Германияның Мюнхень қаласынан сөйлейтін «Азаттық» радиосынан өзге Қазақстанға қатысты тұщымды әрі жылдам ақпарат алатын еш бір бұлақ көзі жоқ. Күндіз-түні «Азаттыққа» құлақ төсеп, күндіз-түні Алладан Алаш жұртының азаттығын сұраймыз… Жаз ортасында Қырғыз, Өзбек ағайындар азаттықтың айдынына шықты. Шыдам таусыла бастады. Сумаңдаған

сан түрлі өсек-аяң одан сайын сабырымызды тауысып, жүйкемізді жұқартып бітті. Жыл аяқталып келеді. Енді қашан?! Біздің қазақтарға не болды?! Тыпыршып жер текпілейміз. Бір күні әдеттегідей «Азаттық» радиосына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай, ортан белінен үзілді де: «Сүйінші Алаш жұрты! Сүйінші қазақ баласы! Қазақстан тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Марқұм Хасан Оралтай ағамның дауысы. Ол кісі «кешіріңіздер!» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен ес-ақылымнан адасып қалдым. Күлемін. Жылаймын. Қайтадан күлемін. Қайтадан жылаймын… Төрге шалқамнан құлай кетіп домалаймын, қарғып тұрып секіремін. Ысқырамын. Айғайлаймын. Егер сол кезде қасымда біреу қарап тұрса, еш күмәнсіз мені жынданды деп ойлаған болар еді… Бірақ есімді тез жиып, достарыма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті жай телефонның өзі тек бастықтардың үйінде ғана болады. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар жиналдық. Кешке қарай қолдан бір «туған күн» жасап, қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйінде тойладық. Кеш барысында сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ шекара бұзып қашып өтеміз» деген уәжге тоқтадық. Уәде осы болды да ертеңінде түске таман тарастық. «Жаман уәдеге берік» дегендей, қашпай-ақ, шекара бұзбай-ақ, солардың ішінде мен бірінші болып, 1993 жылдың басында Қазақстанға оралдым. Алайда 1992 жыл, аттай 12 ай, яғни 365 күн тұтастай паспорт жасатудың әлегімен кетті. Бірақ «бір жамандықтың бір жақсылығы» болады деген рас екен, паспорт жасатудың қамымен жүргеніммен жұмыстан қол үзген жоқ болатынмын. Яғни қытайда өткен сол соңғы жылым Хасан Оралтай ағаммен іштей түсінісе бастауыма, рухани жақындаса түсуіме үлкен мүмкіндік туғызып берді. Оның мәнісі былай, 1991 жылы Жақып Мырзахан ағамыз Академиядан «Шынжаң қоғамдық ғылымы» журналының қазақ тіліндегі нұсқасын шығаруға рұхсат алып, алғашқы нөмірлері шыға бастаған. Алайда журнал шығаруға қажетті штат уағында шешілмей, оны Академиядағы қазақ жігіттер әр нөмірін кезекпен жауапты болып шығарып тұрдық. Маған 1992 жылғы №2 санын шығару жүктелді. Саясат, экономика, заң, тарих, тіл, әдебиет, этнография айдарлары бойынша материалдар жинақталды. Енді қалай болғанда да, елді елең еткізер бір жаңалық кіргізуді ойладым. Содан әрі ойлап, бері ойлап, сол жылы көзі тірі ғұлама, әйгілі тарихшы, этнограф ғалым, ақын-жазушы Нығымет Мыңжани 60 жасқа толады екен, сол кісіден сұхбат алдым. Қытай қазақтарында тұңғыш рет «Сұхбат» айдарын су жаңа ғылыми журналда ашу оңайға соққан жоқ. Академияның кейбір басшылары біздің бұл қадамымызды «Қазақстанға еліктеу» деп кіналады. Содан не керек, ақыры атышулы сұхбат сол нөмірге шықты. Журнал тоқсандық басылым болғандықтан, мамыр айының соңында жарық көрді. Атышулы сұхбаттың қоғамдағы әсері де ерекше болды.

Ұмытпасам, тамыз айы болу керек, бір жолдас жігіт сүйіншілеп үйге келді. Сөйтсем, әлгі сұхбатты кешеден бастап «Азаттық» радиосы оқи бастапты. Кешке қарай «Азаттыққа» құлақ төсеп едім, иә, шынымен де, Хасан ағам кіріспе сөз сөйлеп, Нығымет Мыңжаниды таныстырып, әрі қарай сұхбатты басқа бір журналшы (ұмытпасам сол журналист Нұркамал болуы мүмкін) оқыды. Бөрікті аспанға аттық. Енді ше, әйгілі «Азаттық» радиосынан мақалам оқылып жатса, әйгілі Хасан ағамның аузынан атым аталып жатса, бұдан артық қуаныш бола ма?! Қазақстанға келгеннен кейін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қытай тілі мен әдебиетінен сабақ бере жүріп, күн құрғатпай мерзімді баспасөз бетінде тіл, дін, Қытаймен қарым-қатынастың қыры мен сыры, көші-қон мәселесі, оралмандар саясаты, дала-қала, елдімекен, көше-даңғыл атаулары т.с.с толып жатқан мәселелер бойынша шыр-пыр болып, бұрқыратып жаза бастадым. Осы тұстағы мақалаларымның денін Хасан аға «Азаттық» радиосынан оқытып тұрды. 1994 жылы сол кездегі «Парасат» жуналының бас редакторы, белгілі жазушы Сымағұл Елубай мені жұмысқа шақырды. Университеттен қол үзбей, журнал жұмысына атсалысуға келісімімді беріп бардым. Онда негізінен Қытай елі туралы танымдық материалдар беріп тұрдым. 1995 жылдың ерте көктемінде Сымағұл ағам бір күні шақырып алып: «Дүкен, «Азаттық» радиосына барып істегің келе ме?»,-деді. Қуана-қуана баратынымды айттым. «Олай болса, бәлен деген қонақүйдің бәлен деген нөмірінде Хасан Оралтай деген ағаң жатыр. Сол кісіге барып жолық»,- деді Сымағұл ағам. «Жарайды» дедім де, ұшыртып отырып айтқан жеріне келсем, Хасан ағамның бөлмесі жабық. Түс қайта барғам, түннің бір уағына дейін күттім. Келмеді. Ертеңінде түстің кезінде таптым. Қасында марқұм Батырхан Дәрімбет бар. Бұрын көрмегеніммен, «қазағың қайсы десе, мынау дейтіндей, ірі, келбетті адам» деп естігенім бар. Салам беріп амандастым. Аты-жөнімді айтып едім, танымай қалған жақын туысын көргендей орнынан тұрып еңселі бойын иіп келіп, құшақтап қайта амандасты. Арғы-бергіні айтысып біраз отырған соң, бұйымтай сұрады. Сымағұл ағамның жібергенін, «Азаттық» радиосына қызметкер болғым келетінін айттым. Ол кісі бірден азаматтығымды сұрады. Қазақстан азаматтығына 1993 жылы өтініш бергенімді, әлі ала алмай жүргенімді естігенде, «Әй, Батырхан мынау не сұмдық?! Шеттен келген қазақ өз елінде бәленбай жыл азаматтық ала алмай жүргенін ел естімесін!» деп бір кейіп, күйіппісіп алды да: «айналайын Дүкенжан, өзің де білесің бұл «Азаттық» радиосының қожайыны анау Америка деген ел. Олардың сенің ұлтыңда шаруасы жоқ, азаматтығың қытай болса болды, бәрібір қытайсың. Сондықтан Қазақстан азаматы болмасаң, бұған менің еш амалым жоқ. Бұл бір. Екіншіден, саған бір ағалық ақылымды айтайын, өзің Қазақстанға жаңа келіпсің, енді қаңғып Чехия барып қайтесің, одан гөрі осы отандағы ел-жұртпен үйірлесіп, ұрпақтарыңды осында тәрбиелеп-өсіргенің жөн шығар»,- деді. Сөйтті де, тағы

бір жерге кездесуге барғалы отырғанын айтты. «Хабарласып, хат-хабар алысып тұрайық» деп Мюнхендегі мекен-жайын, телефонын берді. Сол жылдың жазында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына келіпті, кезіге алмай қалдым. 1999 жылы сол кездегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түрік тілі кафедрасының меңгерушісі, белгілі аудармашы Фәдли Әли Түркияға, Мюньхенге барған екен, сол кісіден Хасан аға өзінің «Елім-айлап өткен өмір» деген кітабының бір данасын «Алашшыл азамат, дарынды ақын Дүкен Мәсімхан ініме! Ағаң Хасан Оралтайдан» деп қолтаңба жазып беріп жіберіпті. Кейін қатысқан елден «Елім-айлап өткен өмірді» оқығаннан кейінгі әсерімді айтып хат жазып, өзімнің зерттеулерім мен өлеңдер жинағымды беріп жібердім. Бірақ алған-алмағанын біле алмадым. Кейінгі кездесулерде ол туралы сұрауды ұмытып кетіппін. «Кейінгі кездесулер» демекші, Хасан аға 2007 жылдың күзінде Астанада өткен «Алаш қозғалысының жылдығына» арналған Халықаралық симьпозюмға арнайы шақырылды. Астанадағы көптеген жоғары оқу орындарында ол кісімен кездесу өткізілді. Барлығында да марқұм ұстазым, Хасан ағаның аяулы досы акдемик Рымғали аға екеуміз қасында болдық. «Хасан ағаны үйге шақырып дәм берсем» деген ойымды Рымғали ағаға айтып едім, ол кісі «дұрыс» деп құптады да, бір әредікте «Ей, керейдің кәрі тарланы! Күнде келіп жатқан жоқсың, мына Дүкен інің, өзіңнің қытайың, үйінен дәм татқызсам деп шақырып отыр, күндізгі уақытыңа қиянат жасамай-ақ қояйық, бір түніңді бұған, бір түнің маған қи» деді. Рағаң екеуі жасының алшақтығына қарамастан қатты қалжыңдасушы еді. «Ей, кәрі кәмүнист! Өйтіп қыдырып жүретін уақыт болса жақсы болар еді ғой, мыналар түнде де босатпай жатыр ғой, концерті бар, қонақасысы бар, біреудің шақыруымен келіп алып, қаңғып кеткенім ұят емес пе?! Інімнің тамағы қайда қашады? Алдымен кәмүнистердікін жеп алайық, сенікіне бір-екі сағатқа кіріп, Рабиғаның (Рағаңның кенже қызы) маңдайынан иіскеп шығайын» деді. Сөз осы болды. Ертеңінде кешкісін Рымғали ағаның үйінде ортамызда Хасан аға, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы, Астана қалалық «Руханият» орталығының директоры Ербол Тілешев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Құныпия Алпысбай, белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин т.б. қонақтар өте бір мәнді-мағналы кештің куәсі болдық. Кетерінде аздаған сәлем-сауқытпен қоса, Алматыдағы «ҚазАқпарат» баспасынан шыққан «Көкпар», Пекиндегі «Ұлттар» баспасынан шыққан «Алтынның буы» (төте жазумен) деген жыр жинақтарымды, Алматыдағы «Балалар әдебиеті» баспасынан шыққан «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» деген монографиямды сыйладым. Бәрін қуана, ықылыаспен қабыл алды. «Міндетті түрде оқимын» деп қолымды алды. Қазір өзі біреуге кітап берсең бәрі сөйдеп айтады ғой. Хасан ағамдікі де сондай сөз шығар деп онша мән бермегем. Содан бір ай өтті ме, өтпеді ме, бір күні Хасан ағам үйге телефон шалды. Мен

«Қазақстанға келген екен» деп ойлап, «Қайдасыз аға?» деп едім, «Мюньхендемін. Үйден телефон шалып тұрмын. Өткенде жазып алған телефон, мекен-жайыңды қайда қойғанымды таба алмай, жаңа ғана сенің ұстазың – кәрі кәмөнестен телефоныңды алдым. Басқа бұйымтайым жоқ, өткенде берген кітаптарыңды оқып, сенің ұлтшылдығыңа, түрікшілдігіңе тәнті болып, батамды берейін, ризашылығымды білдірейін деп телефондап тұрмын. Шамам келсе, денсаулық жар берсе, өлеңдерің туралы бір нәрсе жазсам деймін. Оны алдағы уақыт көрсетер. Ең бастысы аман бол айналайын! Қайда жүрсең де бір Алла жар болсын! Енді қасыңа осы бағыттағы, осы ниеттегі азаматтарды, әсіресе жастарды топтастыра бер. Қазақты құтқаратын, мәңгі аман сақтайтын ұлтшылдық пен түрікшілдік – осы екі бағыт.Осыны жүрген жеріңде айтып, насихаттап жүр»,-деді. Мен Хасан ағама мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледім. Алла ырза болсын айттым… 2008 жылы Қазан айының соңында Рымғали аға маған телефон соқты, «Германиядағы керейдің кәрі бурасы келіпті, жүр барып салам беріп келейік» деді. Айтып отырғаны Хасан аға екенін бірден түсіндім. «Нұрдәулет» деген қонақүйге тоқтапты. Қасында Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, немерелес інісінің баласы Әбілбашар Ілиясұлы бастаған біраз адам бар екен. Аман-сәлемнен кейін, Хасан аға бұл сапарының мақсатын бірден баян етті. 2008 жылы Хасан ағаның туған әкесі, Шығыс Түркістан қазақтары ұлтазаттық күресінің серкелерінің бірі Қалибек хакімнің туғанына 100 жыл толады екен. Осыған байланысты қараша айының басында Алматы қаласында халықаралық ғылыми конференнция ұйымдастырылып, ас берілетін көрінеді. Осы шараның дайындық жұмыстарына қатысты кейбір мәселелерді пысықтап алу мақсатында ҚР мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзамен сөйлесу үшін Астана арнайы келіпті. Қалибек атамыздың 100 жылдық мерей тойының жалпы жоспарымен танысып, бәріміз қолдан келгенше ат салысуға бәтуаластық. Кешкі астан соң мен Хасан ағама «былтыр шақырғанымда, келесі келгенде сөзсіз барам деп едіңіз, ертең үйден дәм татыңыз»,-дедім. «Рахмет айналайын Дүкенжан! Бұл жолы өте асығыспын. Ертең министрге кірем де, кешке қайта Алматыға ұшам. Онда барып дайындық жұмыстарының басы-қасында боламын. Алла өмір берсе тағы келеміз! Ниетіңе рахмет балам!»,-деді. Бұл соңғы жүздесуіміз екенін қайдан білейін?! «Келесі жолы келгенде міндетті түрде біздің үйге келесіз!» дегеніме «Келістік!»,-деп қол беріп еді қайран Хасан ағам… Айтпақшы, сол күнгі дастархан басында Рымғали аға менің 2008 жылдың 23 күні докторлық қорғайтынымды айтып еді, кәдімгі өзі қорғайтындай болып, балаша қуанды. «Қорғағаныңды, диплом алғаныңды маған хабарлап тұр» деп шегелеп тапсырды. Кейін естідім, сол күннің ертеңінде Мұхтар Құл-Мұхамед Хасан аға мен Қ.Жұмаділов екеуін қабылдап, мерейтойдың барысын пысықтапты. Кешінде

алматыға ұшып кетіпті. Осыдан көп ұзамай, «Егемен Қазақстан» газетінен жазушы-пулицист Жұмагүл апай (Солты) маған телефон шалып: «Дүкенжан, министрліктен тапсырма алып отырмыз. Қарашаның 5-не үлгертіп Қалибек хакімнің 100 жылдық мерейтойына орай көлемді мақала жариялауымыз керек. Өзің Шығыс Түркістан тарихын зерттеп жүрсің, Хасан ағамен де жақсы қарымқатынастасың, осыларды ескеріп, Қалибек хакім туралы мақаланы саған тапсырайық деп отырмыз»,- деді. Басқа әр қандай бір тұлға туралы болса бірден бас тартар едім. Себебі қорғауыма санаулы күндер қалды. Жұмыс, қағаз шашетектен. Жалпақ тілмен айтқанда сіңбіруге мұршам жоқ болатын. Бұндайда, қалай ғана басқа мәселеге бас қатырмақсың?! Алайда бірден Хасан ағам көз алдыма келді… Қалибек хакім күнде 100-ге келіп жатқан жоқ… Ұлт-азаттығы жолында қанша боздақ жанын қиды… Осыларды ойладым да, «бірер апта ұйқым шала болса болар» деген шешімге келіп, Жұмагүл апайға келісім бердім. Мақаланы жазып болып, редакцияға бере салысымен, жетекші ұйымның (М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты) талқылауынан өту үшін Алматы кеттім. Ондағы кісілер менің жұмысымды талқылауды 6-шы қарашаға қойды. Өйткені ондағы қызметкерлер аптасына бір күн (бейсенбі күні) ғана жұмысқа келеді екен. Ал тура сол 6-шы қараша күні Алматыда Қалибек Хакімнің 100 жылдығына арналған «Қалибек Хакім: заман, тағдыр және тарих» атты халықаралық конференция өтеді. Енді қайттік?! Егер академиядағыларға ол конференцияңды айтсаң, диссертацияңды қолыңа ұстатып, есіктен итеріп шығарып жіберуі әбден мүмкін. Не істемек керек?! Шақшадай басым шарадай болды. Абиыр болғанда, «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 5 қарашасындағы нөміріне «Қаһарман Қалибек» деген көлемді мақала жарқ ете қалды. Мақаланы қолыма ала салып Хасан ағамның ұялы телефонына қоңырау шалсам, ол кісі Семейде жүр екен. «Алматыға бүгін ұшып барам, балаларға алып қой деп айтам»,-деді. Кешке қарай өзі телефон шалды. Мақаланы бір емес, бір неше мәрте қайталап оқығанын айта келіп, «Алла ырза болсын! Қалибек атаңның аруағы қолдасын!», – деп қайта-қайта бата берді. Сосын мен әлгі жерде манағы қиыншылығымды айттым. Сөйтіп едім, салған жерден аруағыңнан айналайын Хасан ағам: «Жоқ, Дүкенжан, Қалибек атаң туралы айтарыңды күллі Алаш баласына айттың! Мұндағы ас, жеп-ішу деген әшейін сауап үшін ғана. Ең маңыздысы тасқа басылып, мемлекеттің ең үлкен газетіне шыққан сенің мақалаң. Ал енді сен ондай іргелі шаруаңды ақсатпа! Бәрі сәтті болсын шырағым! Талқылаудан қалай өткеніңді айтып маған сүйіншіле!», – деп батасын берді. Үстімнен бір тау түскендей жеңілдеп қалдым. «Бұның қалай? Қатысқаның жөн болар еді ғой…» десе қайтем деп, әбден қиналып едім, бірден жеңілдеп сала бердім. Ертеңінде 6-шы қараша күні Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жас-өспірімдер театрында Алаш жұрты өзінің ардақты перзенті Қалибек Хакімнің 100 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтіп жатқанда, мен Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында талқылаудан

өтіп жаттым. Түс қайта талқылаудан аман-есен өтіп, академия ғалымдарының бір ауыздан «қорғауға ұсынылсын» деген ықыласын алдым да, сол күні күнітүнімен отырып, талқылаудың хаттамасын дайындап, ертеңінде қол қойңызып, мөр басқызып, оның ертеңінде Астананы бетке алып жолға шықтым. Алматыдан Алманияға аттанар алдында Хасан ағам маған тағы да телефон шалып, батасын беріп, «келер жазға біздің үйге Алманияға, Түркияға қыдырып келіп, қонақ болып қайт! Бала-шағаммен таныстырайын, Алманияны, Түркияны аралатайын»,-деді. Мен ағаның шақыруын қабыл алып, «дәм бұйырса барамыз аға», -деп уағдаласып қоштастым. Кейін мен аман-есен қорғағанымды айтып электронды почтасына хат жаздым. Хатыма Хасан ағаның жауабы кешігіп келді. Сөйтсем, ауырып емханаға түсіп қалған екен… Диплом алғанымды естіп тағы да балаша қуанды… Рымғали аға марқұм «2009 жылдың жазында Хасан ағаңа – Алманияға барып қайтайық» деп жоспарлап жүр еді, жазында ол кісінің денсаулығы сыр берді де, жаздай емханада жатты. Ал біз болсақ, докторлық қорғаймыз деп белшеден қарызға буылып қалғанбыз, содан тырп ете алмай Астананы «бағып» біз жаттық… Ара-арасында Хасан ағамен электронды почта арқылы хабарласып тұрдым. Қазақстандағы тілге, дінге қатысты «әттеген-айлар» жүйкесін жұқартып, жанын ауыртып жүргенін көп айтатын. Бірде денсаулық жағдайына байланысты: - Алла шипасын берсін аға! Немістің медицинасы мықты ғой, әлі-ақ айығып кетесіз,- деген жұбату сөзіме: - Е, Дүкенжан, кеудеміздегі жан Алланың аманаты ғой, оны әр кім ерте ме, кеш пе, бір Аллаға тапсырамыз. Біраз жасқа келдік, қазір алса да, Алланың ақ өліміне өкініш жоқ. Бірақ мені қинайтын бір-ақ нәрсе – Қазақ елінің ертеңгі болшағы, қазақ халқының келешек тағдыры! Артыңнан, еліңнен, отаныңның тағдырынан, ұлтыңның келешегінен алаңсыз өлу деген де бір бақыт екен! Мен елімнің, отанымның тағдырына алаңдап кетіп барам,- дегенде сай-сүйегім сырқырады… Бұдан кейін хабарласқанымда, мен ылғи да ол кісіні қуанту мақсатымен, елдегі, өзімдегі, маңайдағы оңды өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды ғана айтып жүрдім… Бірақ ойламаған жерден, 2010 жылдың 16шы ақпаны күні Хасан ағама аса бір қайғылы хабарды естірту міндеті маған жүктелді. Хасан ағаның ауырып жүргенін білем. Не істемек керек?! «әкесі өлгенді де естіртеді» деген атам қазақтың жосынымен, еріксіз Хасан ағамның элетрондық почтасына жазып, қайғылы хабарды естіртуіме тура келді. Ол қайғылы хабар – қазақ халқының ардақты перзенті, қазақ әдебиеттану ғылымының хас білгірі, академик, Хасан ағамның жан досы Рымғали ағаның (Нұрғали) қазасы еді. Ертеңінде жауап хат келді. Дос қазасының жанына ерекше батқанын, қатты қайғырғанын айта келіп, маған «Хадишаға (Рымғали ағаның әйелі), бала-шағасына менің атымнан көңіл айт. Жүруге шамам болса барып, топырақ салар едім… Иманды болсын есіл бауырым», -депті… Содан кейін арада бірер ай өткенде, яғни сәуір айының 14-ші күні Түркиядан –

Мәриям Қырымлы әпкемізден (Хасан ағаның қарындасы) ұялы телефоным арқылы «Хасан Оралтай дүние салды» деген суық хабар алдым… Бұл хабарлама келгенде, әйелім Айнұр екеуміз базарға азық-түлік алуға кетіп бара жатыр едік, дереу кері қайттық та, Хасан ағамыздың қазасын оның осындағы таныс-біліс, дос-жарандарына хабарладық. Сөйтіп отырғанда, менің кеудемді қысқан өксік, жүректі буған қайғы бірден өлең жолына айналып, көз жасыммен бірге ақ қағаздың бетіне төгіліп түсті:

АЛТЫ АЛАШ АЙЫРЫЛДЫ АРЫСЫНАН

- Алашшыл азамат Хасан Оралтайдың рухына

Ажалды болжап білген қашан адам,
Қорқыт та ол құрықтан босамаған.
Жыландай сумаң етті суық хабар,
«Дүние салды,-деген, – Хасан ағаң».

Өлдіге қалай қиям кемел ұлды,
Білмеймін сенбесімді, сенерімді…
Алманда жүргенменен Хасан аға,
Жалғанда сүйіп өттің тек еліңді.

Мүжілген намысымның қайрағы едің,
Қапыда қайғы жұтты-ау қайран елің!
Көкбөрі Қалибектің бөлтірігі,
Тулаған Ер Оспанның байрағы едің…

Тағдырдың көрсең дағы мазағын мың,
Үмітпен жан жараңды жаза білдің.
«Азаттықта» қырық жыл еңбек етіп,
Азаттығын аңсадың қазағыңның.

Еліңе өзгелермен тең тұр дедің,
Ертеңге түк те күмән келтірмедің.
Ауропада көтеріп Алаш туын,
Мағжандардың мақамын өлтірмедің.

Пенделік, бас пайданы лақтырып,
Алаш жолын қаладың мұрат қылып.
«Қазақстан – азат ел» деп әлемге,
Сүйіншілеп жар салдың жылап тұрып.

Хас-ағам, Ерентаудың барысы едің,
Шын ғұмырың басталар әлі сенің.
«Елім-айлап өткізген бар өмірін»,
Сен де бір Алашымның арысы едің.

Озды осылай бақиға алып адам,
«Елім!» деуден жазбаған, арымаған.
Бұл пәниді күреспен өткізіп ең,
Жаннаттан орын тапсын жаның, ағам!

Бұл жоқтау ертеңінде «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Абай.кз» сайтына жарияланды. Кейін көптеген оқырмандардан «өлеңіңізді жылап отырып оқыдық» деген хат алдым. Ал шындығына келгенде, оқырмандарды жылатқан өлеңнің құдіреті емес, қазақ баласына хадірі артық Хасан ағамның азаматтығы мен тағдыры еді. Менің ендігі Алладан тілерім, біріншіден, шынымен де Алла-тағала Хасан ағама жаннаттан орын сыйласа екен! Екіншіден: Хасан ағам секілді арыстарымыздың рухы о дүниеде алаңсыз жатуы үшін, Алла қазақ халқына күш-қуат, қазақ еліне бақытты, жарқын болашақ сыйласа екен деп тілеймін! Аумин!

«HASAN ORALTAY» атты кітаптан алынды.
Түркия. Станбұл. 2011ж.

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ

Мен жеке өз басым, Қазақ елін құру, қалыптастыру жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мынадай үш ұлы еңбегі бар деп есептеймін: 1. Астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіріп әкеліп, орнықтыруы; 2. Көршілерімізбен шекарамызды бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп алуы; 3. Алыс-жақын шетелдерден бір миллионға жуық қандастарымызды отанға оралтуы. Тәуелсіз ел құрудың қат-қабат қиындықтарымен қатар жүзеге асырылған осынау ұлы игіліктердің әр біреуін жеке-жеке «ғасырлық жеңіс» деп бағалауға толық негіз бар. Осылардың ішінде, әсіресе, әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайындарды елге оралту, ол – мейлі саяси-стратегиялық тұрғыдан болсын, мейлі гуманитарлық-патриоттық тұрғыдан болсын, қашан да қазақ елі үшін мәні мен маңызын, қажеттілігі мен өзектілігін жоймайтын құбылыс. Себебі қай елде болмасын, қашан, қандай мәселеде болмасын, ұлттың жан саны, адам факторы көп мәселені шешеді. Біздің елдің жағдайында, әр облысымызда ең кемінде 2-3 миллионнан қазақ баласы өмір сүретін күнге жеткенде ғана тәуелсіздіктің тағдырынан алаңдамай күн кеше аламыз. Осы тұрғыдан келгенде «Оралман» деген атпен елге қосылған әр бір қазақтың соқа басының өзі баға жетпес байлық десек еш артық айтқандық емес… Осы ащы ақиқатты Елбасымыз күнілгері сезді, дер кезінде қимылдады. Алланың жәрдемі, ата-бабалар рухының қолдауымен 1991 жылы 16 желтоқсан күні Алаш баласының ғасырлап аңсаған асқақ арманы орындалып, тәтті қиялы ақиқатқа айналды. Азат ел, тәуелсіз мемлекет болдық. Сол тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тек Қазақ елінің тағдыры мен болашағына ғана емес, тарихтың түрлі кезеңдерінде тағдыр тауқыметімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қазақ баласының да тағдыры мен болашағына бас қатыра бастады. Түптеп келгенде бұл екеуі, яғни тәуелсіз Қазақ елі мен шетелдерде өмір сүріп жатқан қандас бауырлар, екі бөлек дүние емес, бірі біріне мұқтаж, бірін бірі толықтыратын, бірін бірі бүтіндейтін бір құбылыс, бір мәселе, бір тағдыр, бір болашақ болатын. Себебі тәуелсіздігімізді жариялаған тұста мемлекетке атын беріп отырған жергілікті халықтың республикадағы үлес салмағы қырық пайыздан әзер асатын. Осындай демографиялық жағдаймен азаттықтың алып айдынына шыққан Қазақ елінің кемесі күтпеген дауылды толқындарға шыдастық бере алар ма еді?! Қайдам, ол кезде үміттен күдік басым еді… Қазақ елінің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешудің бірден-бір төте жолы – шетелдерде өмір сүріп жатқан қандас бауырларды елге оралтып, сол арқылы ортамызды толтырып, кемімізді бүтіндеу екендігін Н.Ә.Назарбаев ерте аңғарды. Аңғарып қана қойған жоқ, жедел іске кірісті. Тіпті Елбасының бұл бағыттағы қадамы тәуелсіздік алмай

тұрып-ақ басталып кеткені жұрт есінен көтеріле қоймаған болар. 1991 жылдың қыркүйек айы. КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған кез. Осы тұста егемен (суверенный) Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған болатын. Сапар аясында Стамбул қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, шетте жүрген күллі қазақ диаспорасының жүректеріне үміт отын жағып, көңілдеріне болашаққа деген сенім ұялатты. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруін» өтінген болатын. Президент бұл өтінішті екіленбестен қабыл алып, әрі көпке созбай тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырларымызды атамекенге жеткізді. Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана таппай, бөтен ел, жатжұрттарға босып, азып-тозып жзүрген сол бауырларымыз бүгінде Жетісай, Түркістан, Шымкент, Алматы және Ақтөбе облысы т.б. өңірлерде өсіп-өніп, еңбек етіп, бақытты болашағының бесігін туған халқымен бірге тербетіп, отан құшағында алшаң басып жүр. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Осынау шексіз қуаныштың, ұлы дүбірдің ап-сабы басылып үлгерместен есік қағып, жаңа жыл – 1992 жыл келді. Яғни бұл Тәуелсіздіктің 15-ші күні деген сөз. Бұл күндердегі Қазақ еліндегі абырсабырды, мың сан қарбалас тірлікті ойша елестету де, қиялмен бағамдау да қиын емес еді. Алайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев уақыт тауып, шетелдерге хабар тарату радиосынан сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, тәуелсіз мемлекет басшысының үні қандай асқақ, сөздері қандай екпінді! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті ет құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болған жоқ. Әсіресе Елбасымыздың: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді. Айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Елбасымыздың сөйлеген сөз, айтқан ойларының бәрі біртіндеп жүзеге аса бастады. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды.

Ғасырлап азып-тозған қазақ баласы бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жұрт жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлар ұшақтан шыға салып, әуежайдың топырағына аунай кетіп, қара жерді құшырлана сүйді. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастық төрағасы болып Елбасы Н.Ә.Назабаев сайланды. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен соң, ұзамай 1992 жылдың қараша айында Иран Президентінің арнайы шақыруымен Қазақстан Президенті Иран еліне тұғыш рет ресми сапармен барды. Осы сапарында Елбасы сол кездегі Иран Президенті Әли Акбар Һашеми Рафсанжани мырзамен Иран қазақтарының тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ондағы ағайынның атажұртына өз қалауы бойынша еркін көшуі туралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе, жастары парсылану алдында тұрған Ирандағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш болды. Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан т.б. одақтас республикалардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі де оңай болған жоқ. Дегенмен бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін де Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған елдердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, тіл табысып, келісімге келу арқылы шешіп берді. Соның арқасында әсіресе Өзбекстандағы қандастар отан құшағына кедергісіз оралуға мүмкіндік алды. Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту мәселесінде Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көп көңілін күпті қылған сұрақтардың бірі болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ҚХР-ның сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауыз-екі келісіп, «бөлініпжарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұхсат алды. Соның арқасында ҚХР-ында өмір сүріп жатқан қандастардың арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне де кең жол ашылды. Қазірге дейін Қазақ елінде дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өтті. Дөңгелектеп айтқанда бес жылда бір құрылтай өтіп тұрды деген сөз. Әр жолғы құрылтайға Елбасы өзі қатысып, алыстан келген ағайынға өзінің бауырмалдығын, Қазақ елінің ыстық ықыласын білдірумен бірге, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерді мұқият тыңдап, қатысты сала басшыларына оларды тездетіп шешу туралы нақты тапсырмалар беріп отырады. Әсіресе әр жолы құрылтайға келген ағайынға арнап айтқан жүрекжарды лебізінен Елбасының туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аңғару қиын емес. Бір мысал, 2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайында Н.Назарбаев халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүріп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың

жүрегі арқылы өтетін жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келіп, туған жер төсінде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіздер. Қай жерде жүрсеңіздер де, атамекенді ардақтаған адал жүректеріңізбен туған жеріміздің жақсы атын шығарып келесіздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рақмет айтамын», — дегенде залдағы жұрттың дені лықсып келген көз жастарына ерік берді. Бұл әрине, қуаныштың, бақыттың, тебіреністің көз жасы еді… Иә, бүгінде Қазақ елі – ата-бабалары ғасырлар бойы аңсаған азат күнге жетіп, тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап тағдыр талайымен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарын қомақты қаражат бөліп, еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттердің бірі. Соның арқасында өткен 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралып, бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам қандастарымызбен толықты. «Елге ел қосылса – құт» дейтін қазақ даналығын бір сәтке де естен шығармайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың көшіп келу квотасы 20 мың отбасыға дейін көбейді. Бұл – жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мыңға таяу қазақ мемлекет көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік алып отыр деген сөз. Ал атажұртқа өз күші, өз қаражатымен оралып жатқандары қаншама!? Бұдан тыс, Елбасының көші-қон саясатының түпкі мәнін терең түсініп, ел тағдыры мен болашағына қатысты іргелі шараға жұмыла қолдау көрсеткен бірқатар аудан, аймақ басшылары туған елмен қауышып, ортамызды толтырып жатқан қандастарымызға қолдан келгеннің бәрін жасап, тіпті арнайы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймақтарында бейімдеу орталықтары құрылып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қажетті шарт-жағдайдың бәрі жасалуда. Алайда соңғы жылдары көш кідіріп, белгіленген квота мөлшері толмай қалатын жағдай жиі қайталана бастаған болатын. Бұл мәселеге 2011 жылы мамыр айының 25-27 күндері елордамыз – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі баса назар аударып, қандастарымыздың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жою, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын жүйелей түсу жұмыстары бойынша нақты тапсырмалар берді. Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы осы құрылтайда алдағы кезде атқарылуға тиіс жұмыстардың бес бағытын айқындап берді: бірінші – елге оралатын және оралып жатқан қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылдау; екінші – шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп сапалы білім алуы үшін оларға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, олармен жүйелі жұмыс жүргізу; үшінші – шеттегі қазақтардың Қазақстанмен жан-жақты байланыс орнатуына

көмектесу; төртінші – қандастарымыз тұратын елдерде ұлттық мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына жәрдемдесу; бесінші – шетелдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізіп тұру қажеттігіне жан-жақты тоқталды. Демек қазақ көші әлі де жалғаса береді деген сөз. Келемін деуші ағайынға отанның құшағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көпшілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруасымен айналысып, бала-шағалаларын өсіріп, Отан төрінде беймарал өмір сүруде. Кейде аннан-мұннан Қазақстандағы көшіқон жұмыстарын сыпыра жоққа шығарып, оралман атаулыны түгелдей жетім баланың күйін кешіп, күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету нысайлары да қылаң беріп қалады. Тағы да қайталап айтамыз, тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі жүзеге асқан ең маңызды, ең ауқымды, мақтанып айтуға тұрарлық табыстарымыздың бірі һәм бірегейі – шетелдердегі ағайындарды атажұртқа көшіріп әкелу. Өзімізбен қатар тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсысы да тап осындай ауқымды істі жүзеге асыра алған жоқ. Оған тәуекелдері жетпеді. Ертегідей ерлікке пара-пар мұндай қадамға тек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды. Ерлік емей немене?! Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ елін аяғынан тұрғызудың қат-қабат қиындықтарына қарамастан, шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасын елге оралтумен жүйелі айналысуға – отансүйгіштік үлкен жүрекпен қоса, көзсіз ерлік те қажет болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, батыл да дәйекті түрде жүргізіп келген салиқалы саясатының жемісі мен жеңісі екендігін атап айтуға тиіспіз. «Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға айбын қосқан бір миллион қазақ түгілі, Қазақ елі үшін бір қазақтың соқа басының өзі баға жетпес байлық. Оның сыртында шеттен келген бауырларымызбен бірге елге оралып жатқан мәдени құндылықтарымыз отандық мәдениетіміздің дамуы мен өркендеуіне тың тыныс, жаңа өріс сыйлағанын неге мақтанышпен жыр етпеске!? Атап айтқанда қазақтың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілі мен бай әдеби мұралары, діни сенім-нанымы мен халықтық салтдәстүрі, ұлттық рух пен мінез-құлқы, ұлттық қолөнердің әр түрлі үлгілері, Қазақ елінде ұмыт болып бара жатқан көптеген ән-күйлері мен билері осы оралманбауырларымызбен бірге соңғы жиырма жылда отандық мәдениеттің қоржынына қосылды. Бұдан тыс, атажұртқа оралған ағайындардың арасында еліміздің іскерліккәсіпкерлік саласында, ғылым-білім саласында, өнер мен мәдениет саласында жемісті еңбек етіп, Қазақ елінің дамуы мен гүлденуіне өзіндік үлес қосып жүргендері қаншама?!

Бір ғана әдебиет саласына назар аударар болсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толыққанын көреміз. Елге оралған қандас қаламдастардың әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп алып келгені өз алдына, бәрінен де маңыздысы, олардың қаламынан туған қазақ халқының өзге елдегі тыныс-тіршілігі мен тағдырталайы отандық оқырмандардың жүрегіне жол тартты. Сондай-ақ қазақ қиссадастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік Баян» атты медициналық алып еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, еліміз руханиятының көкжиегін кеңейте түсті. Ал өнер саласында, әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ, бір ғана Майра Мұхамедқызының Қазақстанның ән өнері мен музыка мәдениетін әлемдік жаңа белеске көтергенін айтсақ та жеткілікті. Ұлттық би өнеріміз тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты десек, бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебі атажұрттағы ағайынның үлкен қызығушылығын туғызып, қазақстандық жаңаша би өнерінің дамуында белсенді рөл атқарды. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» биі бүгінде еліміздегі бірегей әмбебап ұлттық биге айналды. Таэквондо – қазір еліміздегі қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағына келіп, тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламұлы әлемдік шаршы алаңда ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биікте желбіретіп жүр. Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен келіп еліміздегі білім мен ғылым саласына қосылған жоғары білікті педагог, ғалым бауырларымыз да аз емес. Олардың бәрі бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылымизерттеу орталықтарында жемісті еңбек етуде. Әсіресе Зардыхан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпіл Пазілханұлы, Нәбижан Мұхамедханұлы, Ислам Жеменей, Дүкен Мәсімханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Бақыт Еженханұлы, Жанымхан Ошанұлы қатарлы тарихшы, әдебиетші, тілші ғалымдар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мамандықтары бойынша жас мамандар тәрбиелеу мен ғылыми-зерттеу ісін қатар өрістетіп келеді. Олардың кейбіреуі қазіргі және ежелгі моңғол тілін, кейбірі қазіргі және ежелгі қытай тілін, тағы біреуі қазіргі және ежелгі парсы тілін, енді біреулері ежелгі түркі тілі мен шағатай тілін мықты меңгерген білікті мамандар. Осындай ғалым, ұстаз бауырларымыздың елге оралуымен бұрынғы ұлы держава шығыстанушыларының аузына қарайтын тарих артта қалды. Әсіресе, аталған

ғалымдардың атсалысуымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың көне мұрағаттарындағы қазақ және Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер ғылыми жүйеленіп қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ олардың қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыратын том-том сүбелі ғылыми еңбектері оқырманмен қауышып, еліміздегі азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына мұрындық болды. Ал іскерлік-кәсіпкерлік салада да ел экономикасы мен қазақстандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бауырларымыз аз емес. Солардың көрнекті өкілі ретінде, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ерлізайыпты кәсіпкерлер Талғат Мамырұлы мен Фәрида Мерхамитқызын атап айтуымызға болады. Фәрида Мерхамитқызы қазақ халқының салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып жаңа стильдегі жоғары сапалы киім, әртүрлі арнайы жұмыс киімдері мен сувенирлер шығаратын, бүгінде сапалы өнімімен әлемнің көптеген еліне танылып үлгерген кәсіпорын «Ерке-Нұр» компаниясының президенті. Ал бизнесті басқару ғылымының докторы, профессор Талғат Мамырұлы қоғамдық сұранысқа сай, 2007 жылы өз қаражатымен «Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы» колледжін ашып, «Аударма ісі», «Туризм», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Екі шет тілі» (қытай және ағылшын), «Іс қағаздарды жүргізу және мұрағаттану», «Киім дизайны» сияқты мамандықтар бойынша кәсіби-техникалық кадрларды дайындап келеді. Бұл біздің еліміздегі гуманитарлық білім беру мен кәсіптіктехникалық білім беруді өзара ұштастырған алғашқы кәсіптік оқу орны болып табылады. Ал Елбасының көші-қон саясатының арқасында елге оралған малшы мен егіншіні, жеке кәсіпкерлерді айтпағанның өзінде, неше жүздеген жаратылыстық, техникалық ғылым салаларының ғалымдары, медицина мамандары, әскери һәм құрылыс-инженерлік сала мамандары, ІТ технология мамандары т.б. небір жаңа, қат мамандық иелері туралы айтып жатуға уақыт тар. Қысқасы «Елге ел қосылса – құт» деген осы. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасы жөніндегі ізгі ниетінің арқасында өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды! Дегенмен, бәрі «қатып кетті» деп, бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Жеріміздің көлемі мен жан санымыздың пропорциясы әлі де сын көтермейді. Алыс-жақын шетелдердегі елге оралғысы келетін ағайындардың саны күн өткен сайын өсе түсуде. Өкінішке орай, өткен жылдан бері атажұртқа ағылып жатқан қазақ көші қаңтарылып қалды. Бұл Қазақстанда қазақтардың санының өсуін қаламайтын еліміздің іші-сыртындағы мысықтілеулі дұспандардың істеп отырғаны деп ойлаймыз. Олардың ел ішіндегі қолшоқпарлары БАҚ арқылы оралмандарды ағаш атқа теріс мінгізіп, отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Тіпті «Қазақстан қоғамындағы орнықтылықты бүлдіретін қауіпті фактор» дегенге дейін барды.

Арам пиғылдан туған бұндай қаскөй насихатқа Елбасының төңірегіндегі кейбір «новый қазақтардың» иланып қалғаны да белгілі болды. Бұндай жағымсыз пікірдің қалыптасуына оралман ағайындар арасындағы санаулы кербақпалардың қылығы да «ілік» болғанын жоққа шығармаймыз. «Ондай Ораз қайда жоқ» дегендей, адам болған соң, естісі мен есері, телісі мен тентегі қатар жүрмей ме?! Ендеше «ит үреді екен деп, керуенді кідіртсек», битке өкпелеген болмаймыз ба?! Қысқасы Елбасымыздың Қазақ елінің тағдыры мен болашағын ойлаудан туған, өзі білек түре кіріскен, бүгінде жемісін де бере бастаған стратегиялық ұлы саясаты еш қашан сұйылмауға тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ елдегі үлкенді-кішілі әкім-қараға, қалталы ағайындарға Елбасымыз бас болып жүргізіп келе жатқан осы саясаттың түп-төркінін түсіну үшін қайталай университет оқудың қажеті жоқ шығар?! Мәселен, әр бір аудан, әр бір кәсіпкер әр жылы бір ағайынның отбасын бауырына басса, бюджетке салмақ салмай-ақ, қанша ағайын елге оралар еді, есептей беріңіз… Түйіндеп айтсақ, біздің де мақсат жағыну емес, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон, диаспора саясатының тағылымын жұрт қаперіне бір салу. Ол тағылым мынау: Ел боламыз десек, өсіп-өнейік, көбейейік. Көсегеміз көбейсек қана көгереді!

«Егемен Қазақстан» газеті. 27маусым 2012ж. №352.

ІІ БӨЛІМ.

ЕЛДЕН

ЕЛДІҢ

НЕСІ

АРТЫҚ?...

ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ БӘРІМІЗГЕ ДЕ ҚЫМБАТ

- Профессор Әбсаттар Дербісәлиевпен сұхбат

- Әбеке, сізді жұрт шығыстаушы ғалым ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ ҚазМу-дың шығыстану факультетін біраз жыл бұрын басқарғаныңыз да ел есінде. Міне, сол өзіңіз шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған шығыстану факультетінің өмірге келгеніне де бес жыл болып қалыпты. Сондықтан аталған факультет туралы газет оқырмандарына кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

- Өзің айтқандай, небәрі бес-ақ жыл болса да ол университетіміздегі іргелі факультеттердің қатарына қосылып үлгерді. Бірақ оның іргетасы 1977 жылы қаланған болатын. Сонау 1960 жылдардың өзінде-ақ республикамызға шығыс тілдері мамандарының өте қажет екендігі жайлы баспасөз бетінде пікірлер айтылып жүрді. Сол жайт қозғау болды ма, әйтеуір 1975 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі араб тілін оқыту және оған қажет мамандар даяарлауға арналған қаулы қабылданды. Онда ҚазМу-де, «Мектеп» баспасы мен республиканың ғылым академиясында араб, шығыстану бөлімдерін ашу, Қазақстан бойынша 10 орта мектепте араб тілін оқыту туралы айтылған-ды. Соған орай болу керек 1977 жылдың басында мені ҚазМу-дың филология факультетіне оқушылық қызметке шақырды. Соның алдында ғана Москва шығыстану институтының аспирантурасын бітіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына ғылыми қызметкер болып орналасқанмын. Араб әдебиеті бойынша кандидаттық диссертациямды бітіріп, енді қорғау алдында жүр едім. Ақыры келістім де келдім. Сөйтіп сол жылы филология факультетінің қазақ бөлімінен 12 студентті бөліп алып араб тілінен дәріс беруге кірістім. Ал 1979 жылдан бастап араб бөліміне енді өз алдына 25 шәкірт жеке қабылданды. Бірте-бірте шығыстанушы мамандар да жинала бастады. Біздің ортамызға Ленинрад, Ташкент, Душанбе университеттерінің шығыстану факультеттерін бітірген Г.Нәдірова, Ф.Мамеко, Б.Райханова, Б.Әміреев, Ж.Еңсебаев, Ж.Тоқмамбаев сияқты жас мамандар келіп қосылды. 1984 жылы біз өз алдымызға «Шығыс филологиясы» атты жеке кафедра болып бөлініп шықтық. Сол жылдан бастап араб бөлімінің студенттері Тунис, Марокко, Иордания, Сирия іспетті араб елдерінің жоғары оқу орындарына барып біліктілік арттыруға кірісті. Мұның болашақ жас шығыстанушылар үшін маңызы зор екені өзінен-өзі түсінікті болса керек. Араб тілдерінің мектептерге енгізілуіне байланысты біз енді 2-11 класс шәкірттеріне арнап араб тілінің бағдарламасы мен оқу құралдарын жазуды да қолға алдық. М.Мәженова, Б.Тасымов, Ж.Тоқмамбаев, М.Шафиғов, Г.Рамазанова секілді арабтанушылардың оқулықтары мен оқу құралдары жас жеткіншектердің қолына тиді. Осы ретте ерекше атап айтарлық жәйт –

республикамызда араб тілін оқыту мен дамытуға ҚазМу-дың сол кездегі ректоры, академик Өмірбек Арыстанұлы ағамыз көп көмек көрсетті. Сол жылдары осы бір абзал азаматтың арқасында араб тілі мен әдебиетін оқытудың іргетасы мықтап қаланды. 1986 жылдан бастап факультет болуға жағдайымыз келді-ау деген кезде араб бөлімі негізінде жеке факультет ашу жайлы өтініш білдіре бастадық. Біреулерден қолдау тапсақ, енді біреулердің қарсылығына да ұшырадық. Жасырып-жабары қайсы, әйтеуір неге болса да бір ауыздылығымыз кем түсіп кері тартып тұратын халықпыз ғой. «Осы Шығыс тілдерін оқыпзерттеу неге керек?!» деген сұрақтар да алдымызды кесе-көлденеңдемей қалған жоқ.Содан құдай оңдағанда Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ҚазМу-ге келіп араб бөлімінің жұмыс жағдайымен танысып, мүмкіндігіне көз жеткізді де, шығыстану факультетін ашуға көмектесті. Содан бастап факультетімізде біртебірте жаңа кафедралар ашыла бастады. Мәселен, қытай, иран-түрік, Азия және Африка елдерінің тарихы кафедрасы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Жапон, урду тілдерін оқытуды да қолға алдық. Сөйтіп қазір араб, парсы, түрік, қытай, жапон, урду тілдері бойынша мамандар дайындалуда. Әрине мамандықтан мамандықтың жорағасы жоқ, дегенмен егемендігін енді алып, халықаралық қатынастарды өзінше жүргізе бастаған жас республикамыз үшін шығыс тілдерін білетін мамандар өте қажет. Өйткені дербес ел ретінде Қазақстан қазір шет елдермен барыс-келісті жиілетіп, ғылыми, мәдени, сауда, дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруде. Осы тұстағы ең үлкен, әрі басты проблема бірнеше тіл білетін білікті дипломат кадрлардың тапшылығы дер едік. Міне біздің шығыстану факультетін бітірген жас мамандар осы бір өзекті іске үлесін қосуда. Өйткені республикамызда дәл қазір мұндай факультет ҚазМу-да ғана. Болашақта үнді, қытай, малай, вьетнам тілдері білімдерін ашсақ деген ойымыз да бар. Өкпе тұсымызда жатқан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бұл елдер мен де толыққанды қатынас жасау үшін сол жұрттың да тілін меңгеру керек. Себебі біз де шығыс дүниенің ажырамас бір бөлігіміз. Әрі ұлтымыздың да шығыс халқы екендігі шындық. Оны тек географиялық орнымыз ғана емес, жалпы халқымыздың нәсілі, мәдениеті мен этикасы да айқындап тұр. Осы тұрғыдан келгенде біздің шығыс елдермен рухани туыстығымыз, іліктестігіміз, қарым-қатынасымыздың тамыры тереңде. Қазақ даласына ислам діні келген кезден басталатын мұсылман мәдениетінің өзі де халқымыздың тарихында өзінше жаңғырып, өзге түр, өзгеше дәстүрмен байлап, толыға түсті. Бәрін айтпағанның өзінде араб алфавитінің өзін біз 1929 жылға дейін яғни 10 ғасыр бойы пайдаланып келдік. Ал Қытай қазақтары ол жазуды күні бүгінге дейін қолдануда. Сондай құнарлы да құйқалы мәдениет топырағының төлдері болып табылатын талай – Тарази, Фараби, Сығнақи, Женди, сандаған Исфиджаби (Сайрами), Түркістани, Баласағұни, Дулати, Жалайырилерді бүгінде кім білмейді?! Ал сол тұстағы араб, парсы тілі немесе кейініректегі араб

алфавитімен жазылған рухани жазба жәдігерлігімізбен аталған ғұламаларымыз қалдырған мұраны бүгінгі ұрпақ игілігіне айналдыруға қолқабыс ететін де біздің шығыстану факультетінің болашақ жас зерттеушілері дер едім. Ал қытай тілін үйреніп жатқан мамандар ше? Олар тек ҚХР мен Қазақстанның дипломатиялық қатынасы немесе барыс-келістегі тәржіма үшін ғана емес. Қытайдың көне жазбаларындағы халқымыздың ежелгі тарихын оқып-біліп, сол арқылы тарихымыздың байып, кемелденуіне есе қосу үшін де қажет. Сондай-ақ факультет дайындайтын болашақ жапонтанушы, үндітанушыларға да артар үміт мол. Жалпы ҚазМу-дың шығыстану факультеті республикамыздағы шығыс тілдерінің мамандарын даяарлайтын білім ошақтарының бірегейі дегім келеді.

- Мынау мәдениет зерттеуші ғалымдар арасында «Батыс мәдениеті олай» немесе «Шығыс мәдениеті былай» деген сияқты пікір-таласы жиі болып жатады. Өзіңіз шығыстанушы ғалым ретінде бұл туралы қандай көзқарастасыз?

- Жалпыға мәлім жәйт-азаматтың әр тектілігі салдарынан мәдениетте де плюрализм (көп тектілік назариясы) дүниеге келді. Асылы адам баласы жасаған мәдениеттің жаманы жоқ. Кейбіреулердің мәдениетті бәсекеге салып, тәркілейтіні ғана жаман. «Менікі озық, сенікі тозық» деп өз мәдениетін көкке самғатып, өзге жұрт мәдениетін тұқыртатын сыңаржақ зерттеушілер әдетте халықтар арасына жік түсіріп, алауыздыққа итермелейді. Өкінішке орай қазір де әлемнің әр тұсынан осы тақылеттес сорақылықтарға мұрындық болып жүрген («ғалымсымақтар») кездесіп қалады. Бұл сол баяғы атышулы Еуропацентризм концепциясының жаңғырығы. Өз басым адам баласы жасаған мәдениеттің жаманы жоқ деп ойлаймын. Дей тұрғанмен әр нәсіл, әр ұлт әр тайпа қанына сіңген, жанына дарыған өз мәдениетінің этикалық нормаларымен күн кешеді. Бұл әрине өзге мәдениеттің жамандығынан емес. Сондай-ақ мәдениеттің өзі де өзгермейтін, қатып қалған нәрсе емес, қайта өзге де жамағат жасаған мәдени байлықтармен толығып, байып отырған құбылыс. Мәселен, көшпенді халықтар отырықшыға айналса, қала мәдениетін қабылдамай қоймайды. Керсінше, отырықшы халықты көшпелі елдер қатарына апарып, сол тұрмысқа дағдыландырса уақыт өте олардың да сол мәдениетке бейімделетініне таңқалуға болмас. «Мәдениеттің жаманы жоқ» деген ой осыдан туындаса керек. Ал енді Шығыс мәдениетін зерделей білген адамның ( мейлі ол Шығыс яки Батыс халқының өкілі болсын) оны мешеу деуге аузы бармайды. Ата мен бала, үлкен мен кіші, туыстық арақатынас, ұрпақ парызы, қайырымдылық секілді ізгі қасиеттерді Батыс ғалымдары қазір «нағыз адами қасиет» ретінде өз елдеріне насихаттай бастады. Тарихқа үңілсек Шығыс мәдениеті дами келе гүлденудің шыңына шығып, «салқындай» бастаған тұста, Батыс мәдениеті «ояну дәуірін», «саналы» түрде енді ғана бастаған. Демек уақыт тұрғысынан алғанда да Шығыс мәдениетін адамзат тарихындағы «аға мәдениет» деуге толық негіз бар. Ал

Батыс мәдениетінің соңғы ғасырлардағы техникалық «жетістік-термен» толықтандырылып отырғандығынан, оның әлемге ықпал-әсері де ерекшелеу болды. Ұзын сөздің қысқасы, «Батыс, Шығыс» деп керілдесудің орнына әр халық өз мәдениетін дамыта отырып өзгелердің мәдениетін шет қақпай қылмаса адамзат мәдениетінің бағы жанар еді.

- Біздің қазақ сол «Шығысқа» жататын Азиялық халық қой. Дегенмен соңғы ғасырда Батыс мәдениеті қазақ мәдениетіндегі дәстүрлі «шығыстық бояуды» солғындатып жіберген жоқ па?

- О не дегенің?! Солғындатқанды былай қойып халық ретінде жойлып кете жаздаған жоқпыз ба?! Оның себебі де сол жоғарыда айтылғандай, бір мәдениетті екінші мәдениеттің шетке қағуында, яғни отаршылдардың бодан халықты көзге ілмей, немесе оны жойып жіберу ниетінен ажырамауында жатыр. Мәселен, біздің дініміз ұзақ жылдар бойы «апиын» деп насихатталып мешіттеріміз қиратылды, немесе шектеуге ұшырады, ал христиан діні ше? Шіркеулер Қазақстанда онда қысым көрген жоқ. Ғасырлар бойы жасалған этикамыз «феодалдық мешеулік» болып шықты да, жатжерліктердің этикалық нормалары үлгі ретінде ұсынылды, зорлап таңылды. Соның нәтижесінде халқымыздың тарихында болмаған «қарттар үйі», «тастанды балалар үйі», «алқаш» деген атаулар шықты. Той-томалақ, қонақасы арақ-шарапсыз өтпейтін болды. «Коммунизмге орыс тілімен барамыз» деген іспетті жалған ұран желеуімен тіліміз шеттетілді. Өз тарихымыз бен мәдениетімізге өзге ел көзімен қарауға дағдыландық. Рухани байлығымызды «Батыстың барометрімен» өлшейтін болдық.... Иә сөйтіп Шығыс халқы бола тұра «батыстана» жаздаған жайымыз бар. Енді, тізгініміз қолға тиіп, тәуелсіз елге айналған бүгінгі күні, бодан кезімізде жоғалтқан асылдарымызды тауып, өзімізді өзіміз қайта танымасақ былайғы жерде «ұлттық мәдениет», «ұлттық намыс», «ұлттық мақтаныш» дегендерді сөз ету де мүмкін болмай қалады. Ал олар болмаған жерде «ұлтпыз, халықпыз» деуің өзі бос сөзге айналады.

- Әбеке, бүгінде біраз қайраткерлеріміз «Ислам фундаментализімі» дегеннен қорқып, дініміз жайлы тереңірек сөз ету де керенаулық танытып отыр. Аталмыш «Ислам фундаментализмі мен «Ислам дінінің ара-жігі туралы өзіңіз қандай танымдасыз?

- Ислам дінінің тарихын тәпіштеп оған түсінік беріп жатудың қажеті шамалы болар. Өйткені ол жайлы жақсылық-жаманды бірқатар еңбектері жарияланды ғой. Ал, «ислам фундаментализімі» дегенге келсек, бұл өзі ойдан шығарылған, немесе исламға көпе-көрнеу тағылған қоңырау дер едім. «Фундаментализм» деген атау тұңғыш рет Америкада 1909-1910 жылдары христиан дініне байланысты шыққан. Христиан дінінің кертартпа топтары ұстанған ағым өкілдері фундаменталистер деп аталған. Олар «Інжіл» уағыздарын бастапқы кезіндегідей бұлжытпай орындауды талап ете отырып, оған сын көзбен қарап шүбә келтіруге үзілді-кесілді қарсы шыққан. Олар

христиан фундаменталистерінің бүкіл әлемдік ассоциясын құра отырып өз ықпал-әсерін өзге жұртқа да таратуға тырысқан. Сөйтіп түп-тамыры христиан дінінде жатқан фундаментализм соңғы кездері ислам дініне зорлап таңылып отыр. Отаршыл тәуелсіздігін енді алған Орта Азия мен Қазақстан халқын мұсылман әлемінен шектеп, бөлек ұстап, шеңгелінен шығармас үшін бізді ислам фундаментализімі атты ойдан шығарылған қисынсыз нәрсемен қорқытып, үріткісі келеді. Мұсылман халқы немесе түркі жамағаты бірігіп кетсе үлкен күшке айналады, қол астымыздан шығып кетеді деп қауіптенеді. Отаршылдардың мұндай айла-шарғыларына сеніп, алданып жүргендер де өкінішке орай жоқ емес. Қазір республикамыздың 60 процентке жуығын әлдекімдер жалаулатып жүргендей орыс тілділер емес мұсылман халқы құрайды. Осыны да көбірек айтып халықтың құлағына сіңіре беру керек. Қазақ халқының мұсылман екені шын болса, Қазақстан Республикасының мұсылман елдер қатарына жатқызылуы заңды құбылыс. Бұл шындықтан ешкім бас тарта алмайды. Әрі-беріден соң, бас тартатындай не бопты? Отаршылдардың құрқайынан қорқып, қабағына қарап, жаман үйреніп кеткеніміз сонша тәуелсіз болғанымызбен жалтақтауды қоя алмай келеміз. «Ислам фундаментализмі» дейді деп діні бір, ділі бір, тарихы, салт-санасы жақын мұсылман шығыс елдерінен безсек, « пантюркист» дейді екен деп түркіліктен қашсақ, онда біртебірте «қазақпыз» дегенді де қоюға тура келер. Сондықтан, жат-жерліктердің қабағына қарап емес, заман талабына қарай іс істеу абзал. Ол – егемендігімізді бекемдеп, Президентіміздің айналасына топтасу, ол жүргізіп отырған мәнді де маңызды саясатты қолдау, экономиканы көтеру, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару, шекараны жауып жүгенсіздікті, жергілікті халық атына айтылып жатқан жала, өсек-аяң, арандатушылықты тыю, шығысқа бірте-бірте бетбұрыс жасау деген сөз. Мұсылман шығысынан бізге келер жау жоқ. Дін құрыса, тіл де оп-оңай құритынын ұмытпайық. Әрі «баяғы өткен заманда, дін мұсылман заманда...» даламызда сақшы болмаса да тәртіп күшті болатын. Халқымызда есікке құлып салу әдеті болмаған. Себебі, бабаларымыз иман мен парасат, арұятты жоғары қойған, ізгілік пен мазалықты ту етіп, сөзге тоқтаған. Сондай тәртіп, әдеп, мораль, ар-ұятты бүгінгі қоғамызға қажет емес деп кім айта алады?!

- ҚазМу Қазақстан Республикасының бірден-бір ұлттық аса ірі оқу

орны екені белгілі. Қазақтың осындай маңдай алды оқу орнында шет
елдіктердің оқу жайы қалай?

- Жасырып жабары жоқ. Кеңес үкіметі тұсында Мәскеу кімді жіберсе, соны оқытып келдік. Ал Африка немесе Еуропадан келді ме, онда біздің шаруамыз болмайтын. Тіпті, Мәскеумен табыс бөліскенді былай қойып, оны білуге де хұқылы емес едік. Шетелдік студенттер жақсы жатақханаларға орналастырылатын, тегін оқитын. Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері бұл жағдай басқаша шешімін тапты. Қазір шет ел азаматы ҚазМу-де оқу үшін жылына екі мың АҚШ долларын төлейді. Осындай келісім шартпен дүниенің төрт

бұрышынан келіп, әртүрлі мамандық бойынша оқып жатқан студенттер баршылық. Сондай-ақ ҚазМу-дің әлемнің түрлі елдерінің 30-ға жуық озық жоғары оқу орындарымен мәдени-ғылыми келісім-шарты да бар. Соған орай сырт елдерге студенттеріміз бен оқытушыларымызды да біліктілік арттыруға жіберіп тұрамыз. Мысалы, ҚазМу-дің студенттері қазір АҚШ, Англия, Франция, Германия секілді Батыс елдері ғана емес, сондай-ақ Азия мен Африка жұртында да білім алуда.

- Әбсаттар Бағысбайұлы, қазақ халқының үштен бірі қазір Қазақстаннан тыс жерлерде ғұмыр кешіп жатыр. Сол шет елдегі қандас -тарымыздың ұл-қыздары ҚазМУ-ға келіп оқи ала ма? Оның қандай жолдары бар?

-Шет елдегі (мейлі ол таяау немесе шалғай шет ел болсын) қандастарымыздың перзенттері ҚазМУ-да әлбетте оқи алады. Ол жайлы үкіметіміз қабылдаған арнайы қаулы да бар. Шет елдегі қазақтардың ұлқыздары Қазақстанның жоғары оқу-орындарына түсу үшін біздің оқушыларымызбен бірге конкурсқа қатысуы керек. Озып шықса қалған мамандығы бойынша студент бола алады. Қазақстандық студенттермен қатар ақысыз әрі стипендия алып оқиды. Үстірт қараған кісіге шет елдегі қандастарымызға жеңілдік жасалған сияқты. Ал, іс жүзінде келгенде қаулының біраз кемшіл тұстары да жоқ емес. Өйткені, қазақ халқының өкілдері тұрып жатқан шет ел оқу орындарының бағдарламалары әртүрлі. Оның үстіне қазақ балалары өздері тұрып жатқан ел тілінде дәріс алады. Тіпті, мынау қазақ тілінде оқиды деген Қытай қазақтарының оқу бағдарламалары да біздікінен басқаша. Олар көбіне-көп Қытай тарихы, этнографиясы, әдебиеті, тілін оқиды. Ал Түркиядағылар түрікше, Алманиядағылар немісше, Ирандағылар парысша, Араб жұртындағылар арабша оқиды. Сонда сондай жұрттан келген оқушылар қазақстандық шәкірттермен бәсекеге қалай түседі? Сол себепті аталмыш қаулыға қайта оралып, біраз түзетулер енгізген жөн секілді. Әйтсе де біз конкурстан озып шықсаң ғана оқытамыз» деп сіресіп отырмай шет елден келген іні-қарындастарымызды мүмкіндігінше қабылдап жатырмыз.

-Әңгімеңізге рахмет, Әбеке!
Сұхбаттасқан: Дүкен Мәсімханұлы,
«Азия» газеті. 1994 жыл №13 (93) .

НАР БЕЛІНЕ ЛАЙЫҚ ЖҮК

ҚХР Шыңжан өлкесінде тұратын белгілі тарихшы ғалым Нығымет Мыңжанұлымен сұхбат

- Қадірменді Нығмет Мыңжанұлы, өзіңізді белгілі ғалым ретінде қазақ халқы ғана емес, басқа туысқан ұлттар да жақсы құрметтейді. Тек елі іші ғана емес, біраз шет елдер де атыңызға, еңбектеріңізге әбден қанық. Өзіңіз де жақсы білесіз, ертеде өткен ақын-жыраулар жас туралы көп жырлаған ғой, солардың бірі ардагер ақын Әсет Найманбаев «Жас Шама» деген бір өлеңінде:

Елу жас екі жастың дәл ортасы,

Бар болса ескі күштен сағымдайсың

Алпыста самай, сақал бәрі ағарып,

Жас күнің еске еске түссе жымыңдайсың, -деп толғаған екен.Осы
орайда алдымен жас-шама, арман-мұрат туралы не айтар едіңіз?

Жас туралы толғаулар көп қой, әрине. Өткен заманның шалы мен бүгінгі шалдардың көңіл-күйінде қандай айырмашылық болар екен дегенді білгің келіп отыр ғой, баяғы. Айырмашылық, әрине бар. Ілгеріде істеген еңбектерімізді бүгінгі күні оқырман қауым елеп,еске алатындығына,атап жүретіндігіне, халқымның маған деген сый құрметіне көп-көп рахмет айтар едім.Алайда мен осыншалық көптің, халықтың аузынан тастамайтындай пәлендей үлкен жұмыс тындырдым деп айта алмаймын. Оның түрлі-түрлі себебі де болмай қалған жоқ. Ол жағы көпке мәлім. Ертеде бір кемеңгер адам болған екен, бірде оған шәкірті: «Бір тамшы суды құрғатпай сақтаудың амалы не?» деп сұраса керек.Сонда әлгі кемеңгер: «Оның ең жақсы амалы-ақ,сол бір тамшы суды теңізге қоса салу»-деп жауап берген екен. Сол айтпақшы, менің еңбектерім де «құрғап» жоғалмай,ұшан теңіз халық қазынасына тамшы болып қосылып. Зәредей болса да ел игілігіне айналса менде өзімді бақытты санар едім. Жасың ұлғайған сайын дәрменің кемігенмен, арманың асқақтай береді екен. Қазірде істесем деген немесе істеуге тиісті жұмыстар күн санап молаюда. Менің ойым, кетпен шауып, жер жыртып, немесе таяқ алып, мал соңында жүрмегеннен кейін, өмір болса, ойға алған жұмыстарымды тындыра беру. -Оқырмандарыңыздың көбі сізді алдымен тарихшы деп білетіндіктен, басқа мамандығыңыз туралы ауыз ашпас бұрын, әңгімені осы тарих ғылымы жөнінде бастағанымыз жөн секілді.Қазақ тарихын зерттеу саласында өзіңіз көп жұмыстар тындырдыңыз. Соңғы жылдары өзіңіз қалам тербеген «Қазақтың қысқаша тарихы» мемлекеттің іші-сыртына жақсы аңыз қозғағанына да куә болып жүрміз. Айтайын дегенім, өзіңізде оқып-біліп жүрген шығарсыз, өз артыңыздан ілесе, өкшеңізді басып біраз

тарих зерттеушілер жетіліп келеді. Аға тарихшы ретінде,солардың еңбегі туралы не айтар едіңіз.

-Жұрттың мені тарихшы деп жүргені, тарих саласындағы азды-көпті еңбегімізге орай болуы мүмкін. Яғни, еңбектерім қазақ тарихы, қазақ әдебиеті, қазақ тілі қазақ этнографиясы сияқты салаларды қамтып жатыр. Осы салалардың бәрін жинақтап айтқанда «Қазақ тану» яғни «Қазақ туралы білім» дейтін бір жинақтық ұғым шығады. Ал осы «Қазақтану» ғылымының басталғанына 200 жылдай болып қалды. Бірақ, оны қазақ тану деген осы кесек түрінде емес, әрине.Жеке-жеке әдебиетін, тарихын, этнографиясын, тілін, дінін...бөлек-бөлек мамандар зерттеп келеді.Жалпы алғанда,менің зерттеп жазған дүниелерімнің бәрі осы көлемнен шығып кетпейді. Ал осы көлемнің ішінде де, өзің айтқандай, тарих жағы басымдау. Олай болатыны, қазақ тарихымен айналысуым азаттықтан (1949 ж) бұрын басталды.Сол кездің өзінде «Қазақ тарихынан деректер» деген кітабым қытай тілінде жарық көрді.Одан кейінгі зерттеулерден тыс, өздеріңізге таныс көлемді еңбек «Қазақтың қысқаша тарихы». Ал,басқа саладағы менің зерттеп жүргендерімнің де дені сол пәннің тарих жағы. Мәселен,тілді алып айтсақ, менің көбірек ден қойғаным тіл тарихы болды. Әдебиет зерттеуде де мен әдебиеттің сыны,назариясы дегендермен айналысқан емеспін. Тек қазақ тарихы мен фольклоры әдебиет тарихы мәселелері төңірегінде сөз қозғап келдім. Ал, этнографияны айтсақ,ол да тарих пен дінге қатысты дүние ғой...

Енді осы ғылымдардың бәрімен айналысудағы себебімді айтайын: бұл менің осы ғылымдардың барлығына жүріп тұрғандығымнан, мықтылығымнан болған емес.Бір кезде адамның аздығынан, қажет кезінде неге тура келсек соны істеуге мәжбүр болған кездеріміз болды.Біздің қазақта «Көлік көп болса,жүк аумайды» деген мақал бар емес пе,сондықтан бір кезде «көлік» тапшы болғандықтан қандай жүкті болса да жалғыз арқалауға тиісті болдық. Ол кездегі біздің жағдайымызбен қазіргі зерттеушілердің жағдайы мүлдем ұқсамайды.Біздің тұсымызда кітапхан деген атымен жоқ.Әйтеуір тапқантаянғанымызды қойын дәптерге сыза беретінбіз. Осындай жағдайда кейбір дәптеріміз әуелі «энциклопедия» болып кететін. Қойшы, әйтеуір, нақ әлгі «инемен құдық қазғандай» кезеңдерді бастан кешірдік.

Ал енді осы тарих саласынан алып айтар болсақ, бізде қазақ тарихын зерттеп жүрген бірталай азаматтар бар. Олардың ішінде екі Жақыпты (Жақып Жүсіпұлы мен Жақып Мырзаханұлы) ереше ауызға алуға татиды. Оқырманға мәлім болғандай Жақып ЖҮНІСҰЛЫ қазақ тарихына қатысты көптеген құнды мақалалар жазады. Әсіресе оның баспадан шығуға дайын тұрған «Тарих сөздігі» атты тарих-зерттеу саласындағы үлкен жаңалық деп білемін.Жақып МЫРЗАХАНҰЛЫ да тарих-зерттеуде жемісті еңбек етіп келгер тарихшы. Әсіресе, оның «Қазақ деген халық», «Тарихи-этнографиялық зерттеулер» атты кітаптары Қазақ тарихын зерттеудегі сүбелі шығармалар.

Фольклор зерттеу, әдебиет тарихы саласынан сөз қозғар болсақ,әрине Ақыметбек КІРІШБАЕВ, Ахыметолла ҚАЛИҰЛЫ, Бексолтан КӘСЕЙҰЛЫ қатарлы зерттермендерді атамай өте алмаймыз. Олардың басқа еңбектері өз алдына, қазір олар «Қазақ әдебиеті тарихын» жазуда сапалы да игілікті іс жолында тер төгу үстінде.

Бұлардан сырт, тарих зерттеушілер қатарына тағы бір топ жас буын келіп қосылды.Олардың ішінде тіпті докторлық атақ алған немесе алғалы жүргендері де бар. Соның бірі Бақыт Еженханұлы. Ол да зерттеу тақырыбының сонылығымен, мәселелерді өзінше шешуге тырысуымен көзге түсіп келеді. Докторлық диссертациясында наймандар туралы жақсы зерттеген болса, магистрлік диссертациясында қазақтың батыс қанаты туралы бұрын жаңсақ айтып келген мәселені түсіндіріп берген болатын. Енді бірі Жігер Жәнәбілұлы. Ол тегінде Шыңжан университетінде оқыған. Қазір Американың «Гарвард» университетінде докторлық оқып жатыр.Оның таңдап алған тақырыбы «Қазақ хандығы тарихы» екен. Егер оның диссертациясы сәтті болып, сол жақта – ағылшын тілінде жарияланатын болса Қазақ хандығы жөніндегі зерттеуде тең тыныс байқатқан болар едік...

Ал осы біздің артымыздан келе жатқан тарихшылар, әсіресе анау жас буындар өздерінің тамаша мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, қазақ тарихы ғылымындағы ақ жатқан тақырыптарға ішкерілей қалам тартса, шешімін таппай келе жатқан көп мәселені қолға алса дегім келеді... - «Ақтаңдақ тақырыптар, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді» таратып айтып берер ме екенсіз? - Жалпы тарих ғылымын былай қойғанда жеке бір ұлт тарихының өзі де қыры мен сыры мол, кесек те күрделі сала. Ұлт тарихы бірер адамның зерттеуі немесе бірер кітаптың жазылуымен аяқталмайды. Ал өз ұлтымыздың тарихы жөнінде айтсақ, әлі де шешімін таппаған мәселелер, күні бүгін зерттелмей жатқан тақырыптар көп-ақ. Басқаны айтпағанда, тек «Қазақ» деген ұлт атының қалай шыққанын, оның мағынасы жөнінде пікір айтылғанның өзіне де талай жылдар болды. Дәлірек айтсақ, сонау Мұхаммед Хайдардан бастап, бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Онан соң мынау қазақ ұлтының атабабасы, яғни арғы тегі жөнінде де нақтылы, бір келкіге келген пікір жоқ. Мысалы, қазақ халқының құрамында ертеден бері келе жатқан көптеген рулар бар. Кейбір зерттеулердің сандық мәліметіне қарағанда қазақ халқының құрамындағы рулардың ұзын саны екі жүзден екі жүзден асады екен. Осы рутайпалар қазақ халқының құрамына қалай кірді? Қашан, қай жерден келді? Ұлтты қалай қалыптастырды? Міне осы мәселелердің дені әлі шешімін тапқан жоқ. Ал қазақ халқы құрамындағы рулардың біразы басқа халықтарда да бар. Соның қазаққа тиесілісі қанша? Кімдер? Олар қазақтың ұлт болып қалыптасуына қандай үлес қосты? Нендей мәдениет ала келді? Олардың тілінің, дінінің ерекшеліктері қандай еді? т.с.с. мәселелердің бәрі халқымыз

тарихы үшін мән-маңызы зор, құнды да кесек тақырыптар бола тұра, тым жете зерттелмей келеді. Тағы бір мәселе, қазақ халқының ұлт қалыптасуының дәуірі. Яғни осы қалыптасу барысы қай кезден басталып, қай кезде аяқталады деген мәселе де үлкен әңгіме. Мысалы, Су Бейхай мырза қазақтың ұлт болып қалыптасуын Түркештерден бастау керек дегенді айтады. Мұсатай Ақынжанов Қарлұқ тайпасынан бастау керек десе, енді біреулер қазақ хандығы кезінде болды дегенді дәлелдегісі келеді. Міне осы мәселелердің бері шетінен тереңдей зерттеуді, жедел қолға алуды қажет етіп отыр. Ал бұлардың сыртында, бір ұлт болғаннан кейін, оның әлеуметтік тарихы деген болады. Мәселен, қоғам қалай қалыптасты? Қоғамның құрлымы қандай? Шаруашылығы өндіргіш күші, өндірістік қатынасы қалай болған? Тарихын нендей тарихи дәуірлерге жіктеуге болады? деген мәселелер де кезек күтіп жатыр.

Тағы бір мәселе, қазақтың антропологиялық типі де жөнді зерттеліп жүрген жоқ. Мысалы, Жетісу өңіріндегі қазақ руларының антропологиялық типі үйсін тайпасы деп жүрміз. Ал басқаларынікін қалай түсіндіреміз. Онан кейін, әлгінде атйып өткен Жігер Жәнәбілұлы таңдап лаған тақырып та негізінен қазақ тарихын зерттеудегі бір ақтаңдақ болатын. Яғни бұдан бұрын «Пәлен хан түген жыл өмір сүрді, одан кейін бәленбай хан болды» дегеннен ары бара алмадық. Таза қазақ хандығының өзі ХV –ғасырдан ХVІІІ –ғасырға дейінгі ұзақ мерзімді өз ішіне алады. Ал осы қазақ хандығының тарихы, мәдениеті, шаруашылығы, заң түзімі, ағартуы, сыртқы істері, әскери істері, т.б. жөніндегі ізденуіміз де көңіл көншітпейді. Міне бұл мәселелердің бәрі терең де жүйелі түрде зерттеуді қажет етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда ұлтымыздың тарихы шешілмеген мәселелерге толы. - Шежірені бүкілдей тап-таза тарихтың өзі деп түсіну, әрине, жаңсақтық болар еді. Дегенмен руларды аталап, ашалап таратуын дерек ретінде пайдалануға бола ма? - Дұрыс айтасың. Тегінде шежіре дегеніміз айна-қатесіз тарих емес. Дей тұрғанымен, оны тарихтың бөлігі деп айтуға болады. Шежіре тек біздің қазақ халқында ғана емес басқа көптеген халықтарда да болған Шежіре өз заманында төтенше маңызды білім ретінде атадан балаға қалып, бірден-бірге жалғасып отырған. Жерлік (өңірлік) қатынас емес, әсіресе қазақ, қырғыз, монғол секілді ұлыстың (рулық) қатынас арқылы басқарылып келген халықтарда бұның маңызы ерекше болып келеді. Қазақтар тіпті «Жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары» деп арғы тегін (шежіре) білмеуді төтенше намыс санап, өз ұрпағына ата-бабаларының тегі жөнінде ұғындырып кетуді азаматтық борыш деп есептеген. Айтуларға қарағанда, мықты шежірешілер он-он бес атаға дейін, тіпті 77 атаға дейін тарата білген дейді. Бірақ шежіре іздеп, жинап, құрастырып жүргенде ондай шежірені кезіктірмедім. Ал осы қазақ шежірелеріндегі бір жағдай: арғы аталары қай заманда өтті, одан кім туды, сол тұста ел басынан қандай кесек уақиғалар (ауыр жұт, ашаршылық, соғыс, қоныс

аудару...) өтті., ол замандағы батыр кімдер, билер кім, елдегі ілікті-біліктілер кім... деген сияқты мазмұндардың бәрі шежіремен бірге әңгімеленетін. Өткен заманның ғалымдары - қазақ тарихын тұңғыш қолға алушылар міне осы деректерге көбірек иек артқан. Енді бүгінгі бізге жетіп тұрған шежірелер әлгіндегі әңгімеленетін аңыздан ада болып,тек ата-бабалардың тізімдігі ғана қалған.Дегенмен осының өзі де халықтың ата-тегін,рулық құрамдарын даму барысын зерттеуде маңызы зор қосалқы дерек бола алады.Өйткені шежіре алдымен бір халықтың үлкен атасын,яғни ұлтты жасп алады да,онан соң,аталар ұластырды,бұтақтап руларды таратады. Ал тарих сөзді ең әуелі ұсақ қауымтайпалардан бастап,соңынан ұлтқа, мемлекетке әкеліп тірейді.Екеуінің сорабы бұлай қайшыласып жатқанымен, тарихтың шежіреден алары көп болуға тиіс. Ал шежіре тарихтан қаласа алады, қаламаса өз бетімен жылжи береді. Кейде шежірені тарихтан айырып қарап,халқымыз мәдениетінің құрамдас бөлігі деп айтатынымыз содан.

Іле «халық» баспасынан алдыңғы жылы тұңғыш «Қазақ шежірелерінің 1томы»басылып шықты. Ондағы шежірелерді бір-біріне салыстырып отырмай,мақсатты түрде,кім өзі қалай айтып,қалай жазса, бұзбай-жармай, айнақатесіз беріп жібердік. Ондағы мақсатымыз басқа емес, кітап шыққан соң қоғамда түрлі аңыз туылады. «Ол жері олай емес, былай болатын» дейтіндер табылады.Мәселен, қазір де талай-талай хаттар алып жатырмыз. Келешекте, мүмкіндік болса, Шыңжандағы қазақтар арасында таралып жүрген шежірені толық жинап алып, салыстыра отырып, жүйелі де көлемді шежіре етіп құрастырып шықсақ игілікті іс болар еді. Сонымен бірге шежіреге ілесіп жүрген көптеген аңыздарды жинап алуға да мүмкіндік туар еді. Жалпы шежіренің қамтитын уақыты кең ғой. Мысалы: Шежіре туралы Мұсатай Ақынжанов өз көзқарастарын айта келіп, шежіре ХІІ –ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі дәуірді қамтиды деген сілтемесін ортаға қояды. Алайда бүгінгі шежіреде мынадай тағы бір шалалық сақталып отыр: бергі дәуірді ақ күйінде қалтырап кетеді. Әлгінде айтқанымыздай шежірені толық жинап алсақ, бұл кемдікті де толықтап алар едік. Бұл толықтанса, тарих зерттеуімізге де игі ықпалы болар еді. - Бірталай жылдардан бері (кемінде он жыл болған шығар) қазақ тарихы жөнінде жазылып жатқан ғылыми мақалалар едәуір мөлшерге жетті. Монографиялар, мақалалар жинағы да толассыз жарық көруде. Әрине бәрінің сапасы керемет деп айту қиын. Денінде бірін-бірі қайталау бар секілді. Сонда «Саннан сапаға өту керек» дейтін талап қояр босақ, тарихи тақырыпқа арналған ғылыми еңбектердің сапасы несімен өлшенуі керек? - Тарих жөнінде жазылған еңбектің сапасы, әрине, ең әуелі алған тақырыбы жан-жақтылы зерттеліп, мәлімет деректері толық болып, шындықты дұрыс ашып берсе, онан соң ашылмай жатқан күрделі мәселелерді

шешіп берсе, бұл еңбектің сапасын жақсы, ересі биік деп айтуға болады. Ал менің айтқанымды ол қайта айтса, оның айтқанын тағы біреу қайталаса, онда оның несі зерттеу, несі ғылыми еңбек болады. Өзің айтқандай, бізде кейде осындай жайт те кездесіп қалады...

Ал енді осы сұрауыңның тұсында айта кетейін деп отырған бір ойым: тарих зерттеуде жалпылама шолу мақалалар көп жазылды. Бұдан ғылым дамымайды, зерттеу өспейді. Ең керегі арнаулы тақырыптарды тереңдей зерттеу керек. Тағы бірі әр ел деректерін көбірек іздеп, тауып, пайдалана отырып жазған еңбек мейлі сапалық жағынан болсын, мейлі өзінің ғұмырлығы жағынан болсын ырықты орында тұрады. Бұдан сырт, шежіреге фольклорлық шығармаларға, археологияға этнографияға, тілге, (әсіресе тілдегі адам аттары, говорлар ) сүйене отырып жазудан да автордың ұтары көп болды. Міне осы талаптар бойынша зерттеген зерттеуші түбінде ұтады. Мәселені көп, тез тауып шеше алады. Жазу барысында қиындыққа да аз кездеседі. Жазғаны тың да құнды болып шығады. - Иә, ақсақал, тіл зерттеу, аударма жағындағы есепсіз еңбектеріңізбен қоса, бір кезде академиямыздың тіл инстиутын басқарғаныңыз есімізде. Бұл күндері тіл ғылымы саласындағы кейбір ағаларымыздан «тілге тиек етер мәселе қалмады» сөзді жиі естіп қаламыз. Жалпы жасампаздық үшін айтылған «Тақырып таусылмайды» деген қағида мен «Ғылымның шетшегі жоқ» деген түйінді тіл зерттеуге қолдануға келмей қалғаны ма? - Тілде зерттейтін нәрсе қалмады – деген пікір тым үстірт. Тіл ғылымы деген бір үлкен іргелі ғылым. Ал, қазақ тілінің зерттелуі, тіліміздің тарихы жөнінен алып айтқанда, бүгіннің әңгімесі деуге болады. Ең алғаш тілді бір жүйеге түсіру үшін оның емлесі зерттеліп, емле ережесі жасалды. Кейін мектеп оқушыларына оқыту үшін грамматикалық оқулықтар жасалып, пайдалануға берілді. Онан соң екі тілді немесе көп тілді сөздіктер істелді... осымен – тіл саласындағы жұмыс аяқталды деуге бола ма?! Жоқ ! Тіл деген қатпары қалың, сыры мол, үлкен пән. Тек қазақ тілінің грамматикасының өзінде шешілмей жатқан мәселе қаншама?! Фонетиканы алып айтар болсақ, қазір дүниеде эксперименттік фонетика деген жарыққа шықты. Бұл бізге әлі кірген жоқ. әлгінде айтқанымыздай, емле ережесін зерттей келіп, біздің «тіл –жазу комитетіміз» «Емле сөздігін» жасады. Бұл емле ережесі орфография болса, енді орфоэпия деген бір пән бар. Бұл да біздің тіл зерттеудегі ақ таңдақ. Орфография ауыз-екі сөйлеу бойынша жазуға болмайды десе, орфоэпия жазу бойынша сөйлеуге болмайды деген қуаттаманы ортаға қояды. Міне тіліміздегі осы орфоэпиялық ерекшелік әлі қозғалмаған күйі жатыр. Бірде кейбір тілгерлеріміздің теледидар – радиодағы диктор, дыбыс актері болып жүрген жас балаларды «дұрыс сөйлей білмейді» деп сөге сөйлегеніне куә болғаным бар, меніңше мәселе тек оларда емес, өзімізде де жатыр. Тіліміздің орфоэпиясын

зерттемесек, «сөйлеу сөздігін» шығармасақ, олар «дұрыс оқимын» деген оймен жазған дүниені айна қатесіз оқи бермей қайтеді?!

Айта берсек тілде ақтаңдақ сала көп: тіл мәдениеті, семантика, этимология, тарихи грамматика, тарихи фонетика, тарихи лексика, тіл тарихы, т.б. салалар негізінен әлі қолға алынған жоқ. Ал, тарихта ұлан-байтақ өңірде жасап келген, бүгінде көптеген елде жасап отырған қазақ халқының ешбір диалектісіз сөйлеуіндегі себеп не? Бұл бір ілгері мәдениеттің туындысы ма? Әлде тарихта болған жүйелі әдеби тілдің туындысы ма?.. Әсіресе осы тақырып біздің ерекше назар аударып, мықтап зерттеуімізді қажет етеді. Тіл ғылымы жалпы тіл, тулық, тайпалық, халықтық, ұлттық сияқты сатыларды басып өтеді деп түсіндіреді. Ал қазақ тілі осылардың қайсысын қашан басып өтті? Қазақтың қайсы дәуірдегі тілін қайсы сатыға жатқызамыз? Бізде күні бүгін бұл жөнінде зерттеп жүрген адам жоқ.

Қазақтың тілімен жазылған әдебиеттер бүгінде әлемге әйгілі болып отыр. Ал осы әдеби тіліміздің қалыптасу дәуірі жөнінде де талас көп. Біреулер қазақтың әдеби тілінің қалыптасуын тіпті арыға созады. Енді біреулер беріге сүйрейді, яғни қазақтың әдеби тілі Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин дәуірінде ғана қалыптасты дейді. Бұл пікірге Абайды жете зерттеген ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі «Абайдан бұрын да қазақта әдеби тіл бар» деген көзқарасын ортаға қояды. Бұл турасындағы талас екі түрлі негізде өрістеп отыр. Оның бірі: жазбасыз әдеби тіл болады. Қазақтың тілі әне сондай тіл дегенді тиянақ етеді де, егер бұлай болмаса «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Ертарғын» эпостарының тілі жыраулардың тілі әдеби тілге жатпағаны ма? деген мәселені көлденең тартады...

Ал анау құрылымдық тіл ғылымы, салыстырмалық тіл ғылымы, психологиялық тіл ғылымы, әлеуметтік тіл ғылымы қатарлы ағымдар біздің зерттеу саламызға әлі енген жоқ. Осылар бойынша зерттегенде біздің тілімізден қандай өзгешелік байқалып, нендей сырлар ашылар еді... Міне осы мәселелердің бәрін зерттей отырып, шешуге тиісті мәселелерді мөлшерлер болсақ, санап тауысқысыз десек болғандай. «Тілде тілше тиек етерлік мәселе қалмады» деу бүкілдей бос сөз. Бір нәрсені қаншалықты шала білген адам оны соншалықты оңай, қарапайым санайды емес пе?! - Жә, Нықа – аға, өзіңіз Шыңжан қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш повестің авторсыз. Өлеңмен «Қарлығаш» романын жаздыңыз, ара-тұра мерзімді баспасөз беттерімен өлеңдеріңізді оқып тұрамыз. Қазір осы ақын, жазушылық жағындағы тебеніңіз қалай? Жазып жүрген немесе ойға алған дүниелеріңіз жоқ емес шығар? - Кейде әдеби жасампаздықпен де айналысып, ірілі-ұсақты нәрселер жазғаным рас. Онда өзің айтқандай, поэзия да бар, проза да бар. Енді, дәл қазір жазып жүрген ештеңем жоқ. Жоспардың жөні өз алдына. Менің қазіргі

ойым: Әдеби туындыларымды (жариялағаны бар, жарияланбағаны бар) жинап, реттеп қойсам деймін.

Әрине, жалаң ғана баспаға беру мақсатында емес, бастысы еңбегіме – «іштен шыққан шұбар жыланға» жанашыршылық ретінде , осы жұмысты орын дап болған соң, не жазыппын, не қойыппын деген мәселеге анық жауап тауып алып, мүмкіндік болса содан кейін ойланармын... онда да уақытым болса...

«Уақытым болса» деп отырғаным, қазір мен қатысты шаруалармен бірге үш үлкен жұмыстың жауапкершілігін мойныма алып отырмын. Бірі «Қазіргі қазақ тілі», енді бірі «Қазақ әдебиеті тарихы», тағы бірі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». Бұлардың бәрі үлкен, әрі ұжымдық жұмыс. «Жеке шаруамен болам» деп халықтың мүддесін қайырып тастауға арың бармайды. Оның бер жағында жиналыс деген де бір басыма жетіп асады... Байқасам, ғұмыр бойы марафон жарысында келе жаткандаймын ғой... - Жарайды, ақсақал әңгімеміз де бір жерге барып қалған сыңайлы, енді оқырмандарыңызға алдағы жоспарыңыз туралы әңгімелеп бермес пе екенсіз?..

- Жоспар туралы әңгімелеу қолайсыз ғой. Сөйтсе де бастыларынан бірерін айта кетейін: Бірі өз көрген-білгенімді көлемді әдеби шығарма етіп шықсам деймін. Енді бірі, қазақ тілінің тарихы жөнінде қолыма қалам алсам деген ойым бар. Ал енді осы екі үлкен жұмыстың істелуі барысында, бос уақыт болса қарап жатпаспын. Дегенмен, кейде жеке жоспарды ұжымдық міндет, ұйымдық тапсырма бұзып кете береді. Мәселен «Ислам дінінің қазақ ұлты арасына таралуы» деген еңбегім – Америкада ашылатын ғылыми конференцияның тапсырмасы бойынша жазылған. Өйтпесе сол жылдары, дәл осы тақырыпта ғылыми еңбек жазсам деген жоспарым жоқ еді.

«Той сылтауымен тон тігіледі» демекші бұл да бір тынған іс болды. - Көрген-білгеніңіз жөнінде жазсам деген еңбегіңіз «Естелік», «Ғұмырнама» үлгісінде болады ғой... - Жоқ, мен оны естелік түрінде жазбақшы емеспін. Тек өзімнің көрген-білгенім негізінде, бір әдеби шығарма жазсам деймін. Естелік-ғұмырнама ретінде жазу қолайсыз секілді. Аз болмаған шектемелер кездесетін көрінеді... - Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Дүкен Мәсімханұлы «Азия» газеті. 1994 жыл. №4 .

«ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ДА АТАМЕКЕНІНЕ КӨШЕ АЛАДЫ...»

ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ ҚЫРҚҮЙЕК АЙЫНДА ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ РЕСМИ САПАРМЕН ҚЫТАЙ ЕЛІНЕ БАРЫП ҚАЙТҚАНЫ БЕЛГІЛІ. СОЛ ТҰСТА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ КОНСУЛДЫҚ БАСҚАРМАСЫ АЛМАТЫДА ҚЫТАЙ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ КОНСУЛДЫҢ БАСҚАРМАСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ. БҰЛ РЕСМИ КЕЗДЕСУЛЕРДЕ КӨШІ-ҚОН МӘСЕЛЕСІ ДЕ СӨЗ БОЛҒАН ЕДІ. ОСЫҒАН ОРАЙ ГАЗЕТІМІЗДІҢ ТІЛШІСІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ КОНСУЛДЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ АСҚАР АХМЕТҰЛЫ МУСИНОВ МЫРЗАНЫ ӘҢГІМЕГЕ ТАРТҚАН-ДЫ.

– Қадірменді Асқар Ахметұлы, жақында Пекиндегі қытайлық әріптестерімізді–Қытай Сыртқы істер министрлігі Консулдық басқармасының делегациясын Алматыда қарсы алып, кеңес өткізгендіктеріңізді естіп-біліп жатырмыз. Сондай-ақ, дәл сол тұста елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Қытай елінде екі-үш күндік достық сапарда болғаны да ел есінде. Экономикалық барыс-келіс, Лоб-Нор полигоны, шекара мәселелері... дегендердің қатарында, ондағы қандастарымыздың көші-қон да сөз болды десіп жүр. Жалпы көші-қон туралы қандай оңды қадамдар бар? – Әрине Азиядағы ірі елдердің бірі ретінде Қытайдың өз жолы, өз саясаты бар. Онымен сыйластық-достық пиғылда сөйлесу – көршілік парыз. Ішкі саясатқа араласу этикетке жатпайды. Бірақ халықаралық заңдар бойынша олардың (бөлініп-жарылған отбасылардың) басы қосылуына біз де, Қытай елі де қол ұшын беруге міндеттіміз. Бұдан бұрынғы жылдарда «көшуге» деген шақыру қағазын ала алмай, біраз жұрт сарсаңға түсуші еді, қазір ол шешілді. Яғни, оны республикалық көші-қон департаменті беретін болды. Қытайдың ішкі істер органдары сол бойынша паспорт жасайды. Біздің Қытайдағы елшілігіміз «бір жола қоныстануға» деп виза ашып береді. Міне, бұл жақында ғана қытайлық әріптестерімізбен кезіккенде шешкен мәселеміздің бірі. Ал, қысқа мерзімге қыдырып келуге бұрынғыша ішкі істер мекемелері, жұмыс бабымен келуді біздің басқарма реттеп отырады. –Жақсы қадам құтты болсын! Ал, енді Асеке, мынау қыдырып келушілерге берілетін шақыру қағазын бұрын ішкі істер мекемелерінен алып қана арғы беттегі туыстарға жібере салушы едік. Қазір сол «шақырту» қағазын, нотариустен өткізіп, Әділет министрлігінің таңбасын, сіздердің басқармаларыңыздың таңбасын, Қытайдың осындағы елшілігінің таңбасын бастырып, сосын жіберетін болдық. Жүрісті азайтып, жұмысты жеңілдеткеннің есесіне, халықты осынша сарсаңға салып қойғаны түсініксіз. – Бұл – Қытай ішкі істер мекемелерінің ісі. Ол елде кейбір қулар Қазақстанның жеке сапарға арналған шақыру қағазын өздері жасап, табыс көзіне айналдырып алған көрінеді. Ал мұндағы туысына жетуге асыққан кейбір дегбірсіз ағайындар жаңағы жалған құжат жасаушыларға базар ашып беріп

отырған сияқты. Мұндайда, әрине, Қытай ішкі істер мекемелерінің жаңағыдай қосымша құжат сұрауына тура келеді. Қысқасы, сіз айтып отырған «ұзақ жүрісті» жалған шақыру жасаушы бұзақылар тудырып отыр. Еліміздің амандығын, тату көршілікті ойлағанда, Қытай тарапының мұндай талабы құптарлық жағдай. -Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Дүкен МӘСІМХАН. «Түркістан» газеті. 8 қараша 1995ж.

ОРТАҚ ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫН ОРТАҚ ОЙЛАСАҚ ИГІ

-ҚР ІІ Министрінің орынбасары Өмірбай Мұсаевпен сұхбат

Өмірбай Мұсаев, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары, төлқұжат-виза және тіркеу комитетінің төрағасы, милиция полковнигі:

– Құрметті Өмірбай Көпбайұлы, «Түркістан» газетінің жанынан шығатын біздің «Қоныс» деп аталатын қосымшамыз – алыс-жақын шетелдерден көшіп келіп, атажұртына қоныс теуіп жатқан қандастарымыздың мұң-мұқтажымен айналысатын тәуелсіз басылым. Ал сіздер бұл мәселемен ежелден таныссыздар. Жалпы келіп жатқан ағайындардың тұрақты тұрып қалуы, азаматтық алуы... секілді мәселелер қалай шешім тауып жатыр? – Еліміздің өз егемендігін алғаннан кейін, түрлі-түрлі тағдыр тауқыметімен дүниенің түпкір-түпкірінен тарыдай шашырап кеткен қандастарымыз тарихи отаны Қазақстанға қоныс аудара бастады. Ол, әрине, заңды да. Қазақты былай қойып, адам ретінде біз оны былай түсінуге тиіспіз. Алайда, осы істі жүйелі әрі кешенді жүргізу үшін, мәселенің бәрі мемлекеттік деңгейде шешіліп, заң күші бар қаулылар арқылы атқарылғаны жөн еді-ау деп ойлаймын. Себебі, ағайындардың бұл көші-қоны елдің ішіндегі бір облыстан екінші бір облысқа қоныс аударуы емес қой. Еларалық деңгейде шешілетін қыруар мәселелері бар. Мәселен, ондай проблемалармен айналысу біздің міндетіміз емес. Соған қарамастан, ішкі істер мекемесіне түк те қатысы жоқ іспен бізді әурелеп, өздерін сарсаңға салып жүретін ағайындар аз емес. Ал біз болсақ, заңда белгіленген өз жұмыс көлемімізбен шектелеміз. Мәселен, 1992 жылдан бастап Моңғолиядағы қандастарымыз келе бастады. Бірақ олар «еңбек шарты» деген атпен келді. Ондайлардың құжаттары, біздің елдің заңы бойынша, азаматтыққа да, тұрақты тұруға да қабылданбауы керек. Енді не істеуіміз керек? Заңды тыңдаймыз ба? Жоқ, әлде ағайындардың уәжін тыңдаймыз ба? Бұл мәселеде бізді кінәлаушылар көп. Заң дұрыс болатын болса, елге оралып жатқан ағайынды түртпектейік деп отырған біз жоқ. Одан құдай сақтасын. Мәселен, Ираннан, Ауғаннан, Түркиядан келген ағайындар туралы жоғары жақтың (яғни, екі елдің) пікірі анық болды. Біз оларды бірден азаматтыққа қабылдап алдық. Бір қуанарлық жағдай, Моңғолиядан келген ағайындардың біразы жақында Моңғол елінің азаматтығынан шығып, бізге азаматтық жөніндегі өтініштерін бере бастады. Оларға біз азаматтық беріледі деп отырмыз. Осы елден келген, Қазақстанның азаматы болғысы келетін барлық ағайын аталған жолмен жүргені оң.

Өздеріңіз білесіздер, әрбір аудандағы ішкі істер мекемелерінің паспорт бөлімшелерінде осы іспен біздің тек 2 – 3 қана қызметкеріміз айналысады. Яғни, адам күшіміз жетіспейді. Соған қарамастан біз алыстан келген ағайынның жұмысын ақсатпауға бар күшімізді саламыз. Мәселен, Иран, Ауған, Түркиядан келген 5 мың қандасымызға осы жылдың қаңтар айында Қазақстанның паспортын бердік. Ал жақында Иран елінен тағы да 400-ден астам отбасы көшіп келді. Енді біз солардың құжаттарын әзірлейміз. Ал мынау Қытай елі – біздің қандастарымыз ең көп тұратын мемлекет. Әрі үлкен көршіміз. Неге екенін қайдам, бұл елмен көші-қон мәселесіндегі игі мәмілеге келе алмай отырмыз. Бірақ, ондағы ағайындар өздері жол тауып келіп жатыр. «Келісім жоқ» деп оларды кері итеріп отырған біз жоқ. Қалам дегенін қалдырып, азаматтық сұрағанына азаматтық беріп жатырмыз. Ұзын сөздің қысқасы, Ішкі істер министрлігі болсын, оның әр деңгейдегі мекемелері болсын, әйтеуір, өз қолынан келетін мүмкіндігін қандастар аяп отырған жоқ. Аямайды да. Алайда, біздің заңмен жұмыс істейтіндігімізді ағайындар да түсінгені абзал. – Халықаралық заңдар бойынша бөлініп-жарылған отбасылардың бір елде өмір сүруіне кедергі болмау керек. Алайда, Қазақстан ішкі істер мекемелері қалайша «көшуге» деген шақыру (көк қағаз) бермейді? Көп жұрт осы жағын анығырақ білгісі келеді... – Біздің елдің заңы бойынша, ішкі істер орындары тек қысқа мерзімге қыдырып келуге шақыру бере алады. Ал көшіп келем деуші ағайын өзі жасап жатқан елдегі біздің елшілік арқылы «көшуге» деп виза аштырады. Көшіп келген адамның паспортына, азаматтығына қатысты мәселемен айналысамыз. Ал Қытай қағазымызды сұрап отырса, ол елдің өз еркіндегі әңгіме. Бірақ оны да Сыртқы істер министрлігі арқылы реттеп, жөнге келтірген жөн. - Қыдырып келіп қалаға тіркелушілерге (басқа жерді білмеймін) бір жолда үш мың теңгеден де көп ақша төлетіп жүр. Бұл қалайша осылай қымбат болып отыр? Оны Қазақтарға жеңілдетуге болмай ма? – Үкіметтің шығарған қаулысы бар. Сол бойынша төлетіп отырмыз. Ал онда «қазақтардан алмаңдар, немесе аз алыңдар» деп жазылмаған. Үкімет ертең «Қазақтардан алмаңдар» десе, алмаймыз... – Қандастардың көбісі екі жұмыс қылмай, төте азаматтық алуға болмаспа екен, деген армандарын жиі айтады. – Біздің «азаматтығымыз» алты ай, он ай аралығында шығады. Осы аралықта оның осында жүріп-тұруына «рұқсат» ретінде көк паспорт (вид на жительство) береміз. Ал тұрақты көшіп келгендердің көбіне біз бірден азаматтық беріп жатырмыз. – Шетелден келген ағайынның ұлттық (жеке) паспортының уақыты бітті делік, оны өз елі ұзартуға құлықсыз болса, Қазақстанның ішкі істер

мекемелері ықтияр хатты (вид на жительство) өз бетімен ұзартып бере ала ма? – Қай ел болмасын, ұлттық паспортты 4-5 айға емес, 4-5 жылға береді. Ал бұл деген азаматтық алуға былай да былай жететін уақыт қой. Ал қалғысы келмеген адам өз паспортын өз елінен ұзартып алмай ма?! – Бұрын сіздерден қыдырып келушілерге алатын «шақыру» үш апта мөлшерінде дайын болатын. Қазір үш айда қолға тиеді. Бұл қалайша осындай ұзақ уақытқа өзгерді? – Ол мүмкін емес. Оның мерзімі ары кетсе бір айдан аспауы керек. Егер солай екі-үш ай бойы шақырту ала алмай жүргендер болса, дәлел-сыпатымен маған кірсін, мәселесін шешеміз. Егер қазіргі жағдай сіз айтқандай болса мен қызметкерлерімді тәртіпке шақырамын. –Алыс шетелден келген өзге ұлт өкілдері біздің елдің азаматтығын көптеп алып жатыр екен деген қауесет бар... –Ол бос сөз. Алыс шетелден келген өзге ұлт өкілдері біздің елдің азаматымен немесе азаматшасымен үйленген жағдайда, біз оны азаматтыққа қабылдай аламыз. Ал негізінде олардың қалуының өзі заңсыздық болып есептеледі. Ал бір жөнін тауып қалып жатса, бес жыл тұрмайынша азаматтық берілмейді. –Өмірбай Көпбайұлы, мынау «Қоныс» жаңадан шығып жатыр, оның оқырмандарына қандай тілек айтқан болар едіңіз? – «Қоныс» құтты болсын! Жер жүзіндегі қазақтың бәріне Қазақстан – ортақ отан. Сол ортақ отанның тағдырын бәріміз ортақ ойласақ, абыройын бірге көтерсек дейміз! –Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Дүкен МӘСІМХАН. «Түркістан» газеті. 29 қараша 1995ж. №2

КӨШ КӨЛІКТІ, ҚОНЫС ЖАЙЛЫ БОЛСЫН ДЕСЕК....

Қазақстан Республикасы Еңбек министрінің орынбасары, Қазақстан
халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Әлихан Мұхамедиялы
Байменовпен сұхбат.

-Құрметті Әлихан Мұхамедиялы,көші-қон департаменті құрылғалы да екіүш жылдың жүзі болып қалыпты...Әрине, аса қысқа уақыт емес...Әдетте, біз бір нәрсені қолға алсақ, бастабында алды-жұлды науқанға айналдырып, артын сиыр құймышақтатып жіберуші едік. Көші-қонда солай болып қалған жоқ па?Бұл мәселе қазір жоспарлы, нысаналы, кешенді түрде жүргізіліп жатыр деп ойлайсыз ба? -О баста бұл департамент сырттағы қандастарымыздың Отан құшағына оралуына қол ұшын беру мақсатында дүниеге келген.Еңбек министрлігінің жанынан құрылған бұл департаменттің орталық аппаратында-16, облыстарда 68 адам жұмыс істейді.Ал көші-қон жұмысы республикалық жұмыспен қамтуға көмектесудің мемлекеттік қорынан қаржыландырылып келеді.Өткен жылдарда бұл қордың жағдайы әр қалай болып келді.Дегенмен биылғы тәуірлеу деген мүмкіндікті пайдаланып, атамекенге қоныс аударушыларға қол үшін көбірек беру мақсатында тырбанып жатырмыз. 1991 жылдан бері әлемнің әр шалғайынан 125 мың қандасымыз Отанға ат басын тіреп үлгеріпті. Бүгінгі күні бұлардың ішіндегі 4500 отбасы мәселесін шешіп беруді өтініп отыр.Дегенмен,құдайға шүкір,соңғы 4 айдың ішінде бес жүз отбасына тұрғын үй сатып алып бердік.Бұнымен ғана шектеліп қана қоймаспыз,бұны шешуге тағы да қаржы бөліп отырмыз.Осы арада басын ашып алатын бір мәселе:жоғарыда да айттым,әуел баста департаментіміз көшіп келуші ағайындар үшін құрылған болса,соңғы кездері республикамыздан тарихи атамекеніне қоныс аударушылардың ісімен,сондай-ақ Қазақстанға келуші өзге де халықтар өкілдерінің қоныстану проблемасымен айналыса бастады.Себебі,қандастарымыздың көші-қонымен қоса,өзге халықтардың келуі мен кетуіне де мән бермеуге болмайды.Мәселен,осы 95-жылдың алдыңғы жартысында республикамызға сырттан 33 мың адам көшіп келген болса, оның 8 мыңы ғана өз қандастарымыз. Олардың 16400 орыс ұлтының, қалғаны өзге халықтардың өкілдері. Өткен жылы да көшіп келуші қандастарымыз бен өзге халықтардың сандық салыстырмасы осылай болған. Біз көп ұлтты республика ретінде өзге халықтардың көші-қонына да көңіл аударуымыз қажет. Бұл-бір. Екіншіден, Қазақстаннан өзге өңірлерге қоныс аударушыларға да мән бермеуге болмайды.Өйткені, көштің себебін анықтау, кейбір өте қажет мамандарды

мүмкідігінше алып қалу жөнінде қызмет істеу секілді жұмыстарда біздің көшіқон департаментінің мойнына жүктеліп отыр. Сондықтан, біздің ағайындар, департамент тек қана көшіп келуші қандастар үшін қызмет етеді деген түсінікті өзгерту керек. Міне,осындай жағдайдағы көші-қон жұмысын нысаналы, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр деп айту әлі ертерек. Ал бұдан былай шамамыздың жеткенінше кешенді түрде жүргізуге тырысамыз.Таяуда көші қон жұмысының мемлекеттік бағдарламасын жасадық, оны аз күннен соң үкіметке ұсынбақпыз. Сонымен бірге үкіметтің алдына көші-қон көмитетін құру жөніндегі талаптілегімізді қоямыз (бұрын да қойылып келді ғой). Бұл талапқа қаржы министрлігінде отырған азаматтар да ылғи да қарсы бола береді. Заңды негізі толық бұл талапқа олардың неге келіспейтіні түсініксіз.... Департаменттің статусын көтеру де, кадрларын іріктеу де күн тәртібінде тұрған мәселелер. Жалпы «көш жүреле түзеледі» дегендей, департаменттің де жемісті еңбек етер шағы алда екендігі шүбәсіз. -Қазақстан үкіметі өзінің қиын жағдайына қарамастан, көшіп келушілерге арнап жылына бюджеттен аздап қаржы бөліп отырғаны рас. Осы қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр деген де сөз бар...

-Бұл - біздің жұмыс барысымызбен таныс емес адамдардың долбары ғана. Мәселен, былтыр көшіп келушілерге арналып бюджеттен 17 млн. теңгедей бөлінсе, ал биыл дәл осы уақытқа дейін көшіп келушілердің тек баспана мәселесін шешуіне көмектесуіне бағытталған 110 млн. теңге, көшіп-қонуды ұйымдастыруға арналып 40 млн. теңге бөлініп отыр. Осындағы үй алуға бөлінген қаржы тұрғын-үй құрылыс банкі арқылы әкімдер жанынан комиссиялар шешімінің негізінде жұмсалады. Мүмкін департамент қызметкерлері көші-қонды ұйымдастыруға бөлінген қаржыны үнемдемей жұмсайтын жағдайлар болған шығар (мысалы, жақыннан таситынды алыстан тасып, бір ұшақ жіберетін жерге, екі ұшақ жіберіп деген сияқты), бірақ «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті деу артық болар. -Әлеке, мынау Моңғолиядан келген ағайындарға, кейбір жергілікті әкімшіліктер: «еңбек шарты бойынша келген мерзімдерің аяқталды, енді елдеріңе қайтыңдар» дейтін көрінеді.

-Жақында біз бір семинар өткіздік. Онда осы Моңғолиядан келген ағайындардың азаматтық мәселесін қалай тез шешу қарастырылды. «Еңбек шарты» деп аталғанмен көбісі түпкілікті қоныстануға келгені белгілі.Семинарда көшіп келушілердің еркі болса, азаматтық алуға көмектесуге біздің дайындығымыз жайлы Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктері өкілдерімен бірлесіп пікір алмасу өткіздік.

-Моңғолиядан келген біраз отбасы қайта көшіп кетті. Осы «теріс
көшке» кім кінәлі деп ойлайсыз?

- Бұл мәселеде белгілі бір жаққа кінәні арта салу жарамайды. Ең бірінші, көшіп келуші ағайындарға Отанға деген үлкен сүйіспеншілік болса, яғни жер бетіндегі қазақ елінің тағдыры үшін, соның болашағы үшін деген ниет болса, бұндай «теріс көштің» болуы мүмкін емес еді. Осы орайда мен бір мысал айтайын, Израиль мемлекеті алғаш құрылғанда, еврейлер өздері жасап отырған жұмақ елдерін (Америка сияқты) тастап, қазіргі Израильдің тастақ даласына келіп, елін көркейтуге жұмыс жасады. Біздің сырттан келген қандастарымызда осындай патриоттық сезім болса, кері көшудің болуы мүмкін емес еді.Тағы бір жағынан «атамекенге оралдым, бәрін үкімет жасауға тиіс» деген психологиядан да арылатын уақыт жетті. Бұдан тыс, жаңағы «теріс көшке», біздің кейбір жергілікті әкімшіліктердің істеріндегі кемшіліктер де, сол «теріс көшушілер» сәл ғана ойланса жөн болар еді. Қуанарлық жағдай «теріс көшушілер» әзірге аз.

-Бүгінде Қытай елінде бір миллионнан астам қандасымыз бар.Олардың көші-қоны туралы қандай ойдасыз?

-Ең әуелі Қытайдың ұлы держава екендігін,бізбен іргелес жатқандығын ескерсек,онымен тату көршілік қарым-қатынасты сақтау бәрінен маңызды.Ал,ондағы ағайындар туралы айтсақ, тарихи себептерге байланысты бөлініп жарылған отбасылардың қосылып,бір жерде өмір сүруіне жағдай жасауға,әсіресе, біз көбірек ынталы да белсенді болып отырмыз.Оған Қытай үкіметі де кедергі жоқ деп отыр.

-«Қоныс»
қосымшасының
алғашқы
нөмірін

пайдаланып,
оқырманымызға, редакция ұжымына не айтар едіңіз?

-Бәріміздің илемек болып жүргеніміз бір терінің пұшпағы екен.Бір
жағадан бас,бір жеңнен қол шығарсақ игі.

-Әңгімеңізге рахмет,Әлеке!
Сұхбаттасқан: Дүкен МӘСІМХАН.
«Түркістан» газеті. 8 қараша 1995. №45.

СЫРТТАҒЫ 5 МИЛЛИОН ҚАЗАҚ ОТАНЫНА ОРАЛА АЛА МА?
(«Жас алаш» газетінің сауалнамасы)

Дүкен Мәсімханұлы: Оралмандардың проблемалары түбегейлі шешілді деп айту қиын. Олардың көбі үй-күйсіз жүр. Егер бюджеттен бөлініп отырған қаржы сол мақсатта ғана жұмсалса, бір жылғы қаржының өзі тәуелсіздіктен бері оралмандардың бәрін баспанамен қамтамасыз етуге жетер еді. Өкінішке орай, оралмандарға бюджеттен бөлінген қаржы оларға не жетпей қалады, не талантаражға түсіп кетеді. Оралмандарды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, Қытайдан келгендердің дені жоғары білімді, тәжірибелі, бесаспап маман болғанымен, олар еңбекпен қамтылмай қалды. Мәселен, Американы Америка еткен – соңғы 300 жылдың ішінде шетелдерден ғалымдар тарту әдісі. Ал, біз болсақ керемет-керемет мамандықтарды шетелдерден игеріп, өз аяғымен келіп жатқан өз бауырларымыздың қадіріне жете ала алмай отырмыз. Олар Қытайдан жұмыс таппағандықтан, күн көре алмағандықтан емес, сол жақта жасалған барлық жағдайды тастап, Отаным деп келіп отыр. Тіпті олардың ішінде Жапонияда докторлықтың ең жоғарғы дәрежесі – аға докторлықты алып тоғыз жыл оқып келген Уатхан Сәйпіл деген жігіт бар. Содан соң мықты аграном, қытай, жапон, ұйғыр тілдерін ана тіліндей білетін, өз мамандығы бойынша Жапониядан магистратура оқып келген Болатқазы Әнуарбекұлы деген азамат та назардан тыс қалды. Бұлардың барлығы – алтын қолды мамандар. Алайда, қазір олар күнкөріс үшін сауда-саттықпен айналысуға мәжбүр. Баспана да берілген жоқ. Жұмыспен қамтылу жағы мүлде ауызға алынбайды. Яғни, Қазақстандағы көші-қон саясаты кешенді түрде жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын. Жоғарыдан Елбасының пәрмені бар, заң бар, бірақ, төмендегі атқарушы биліктегі шенеуніктер заңның өзімен таныс емес. Оралмандардың тұрмыс деңгейі қазір әртүрлі. Өйткені, кезінде біразы жұмыспен қамтылғанымен, келе-келе көбі жұмыссыздар қатарына қосылды. Осының басты себептерінің бірі – Қазақстандағы тіл саясатының әлсіздігі. Мәселен жоғарыда айтылған Болатқазы деген азамат өз саласы бойынша, қайда барса да орыс тілінің қиындығы алдынан шыға бергесін, екіншіден баспанадан қиналғандықтан еріксіз базар жағалауға мәжбүр болды. Сөйтіп, осылар секілді өзге де толып жатқан азаматтар өз мамандықтары бойынша орналасқан жұмыстарынан әртүрлі себептермен ығыстырылып, бүгінде қолға ілінген шаруамен айналысуға мәжбүр. Олардың бір мақсаты тарихи Отанға жету болса, одан жоғары мақсаты сол Отанына өзінің білімін , ақыл-ойын беру, мамандығы бойынша қызмет ету болатын. Өкінішке орай, қазір олар тек жанбағыспен айналысуға мәжбүр. Оралмандардың балаларын жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдау туралы мәселе алғашқы жылдары болған. Кейінгі екі

жылда ешқандай жеңілдіксіз Қазақстан азаматтары мен тестік әдіспен сынақ тапсыратын болды. Бұл жерде оралмандарға басқаша көзқарас керектігі ұмыт қалған секілді. Өйткені, олардың қазақстандық балалармен бәсекеге түсуі қиын. Себебі, әр мемлекеттің оқу бағдарламасы ұқсамайды. Сондай-ақ, оралмандардың жоғары оқу орындарында аспирантурада оқуына да осындай кедергілер көп. Егер оларға ғылыми тақырыпты оралмандардың өздері келген елдің тарихымен, мәдениетімен қабыстырыла берсе, оған әлдеқайда жеңіл болар еді. Бұқара халық әлі көш бастаған жоқ. Қазір Қытайдан 100 отбасы, яғни мыңға жуық қазақ келді. Соның оншақтысы ғана бюджеттік мекемелерде жұмыс жасайды. Яғни, оралмандарды қандай болсын жұмыспен қамту мемлекеттік тұрғыдан кешенді тұрғыда шешіліп жатпағандығы байқалады. Оны былай қойғанда, сол жұмыссыздықты өздері жеңіп, бизнеске араласып шетел инвестициясын әкеліп жатқан жоқ. Мәселен, үкімет шетелдерден келген оралмандарға көмек ретінде олардың бизнесінен алынатын салықты азайтса, тіпті, 4-5 жылға салықтан құтқарса олар мемлекеттен ештеме сұрамайтын еді. Біздің мемлекеттің әлсіз тұсы – бізде қытайтану дұрыс жолға қойылмаған. Ал олар алақандағыдай көріп зерттеп отыр. Сондықтан Қазақстанда қытайтану орталығын ашып, онда Қытайдан келген зиялы оралмандарды тарту жөнінде Елбасыға да хат жолдағанмын. Оралмандардың ең басты мәселесі – тиісті құжат жүзіндегі құқығын ала алмауы. Еңбекпен қамту және бейімделу мәселесіндегі кемшіліктер. Сондай-ақ оларды орналастыруда да салиқалы саясат қажет. Мәселен, Қытай Халық Республикасының Алтай, Тарбағатай аймағындағыларды Семей, Өскемен жағына, ал Іле қазақтарын Алматы, Талдықорған облыстарына орналастыру тиімді. Сол сияқты Өзбекстаннан келген оралмандарды Қызылорда, Ақтөбе облыстарына, ал Моңғолиядан келгендерді Солтүстік Қазақстанға орналастыру ыңғайлы.

Әрине оралмандардың солтүстікке баруы қиындау. Ауа райына көндікпеуі мүмкін. Алайда, республикадағы демографиялық тепе-теңдікке қол жеткізу үшін негізінен славян тектес халықтар көбірек қоныстанған Орталық, Солтүстік Қазақстанға оралмандарды көптеп қоныстандыру қажет. Егер солтүстікке барғандарына жер, үй, несие берсе десе, көпшілігі солай қарай ауар еді. Оралмандардың Оңтүстікке қызығатын себебі – мұнда сауда істеуге қолайлы. Сауда арқылы күн көреді, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады. Ал егер Үкімет үйді солтүстіктен тегін берсе, оралмандардың оңтүстікке ұмтылуы азаяар еді. Алайда көштің сипатына да көңіл аудару керек. Өйткені, бұқара халықтың көшімен зиялылардың көші ұқсамайды. Зиялыларды негізінен жерлерге орналастырып, оларға қызмет беріп, олардың мүмкіндіктерін, тәжірибесін пайдалану қажет. Кезінде Қытайдан 1952-1962 жылдары оралмандар қайтқан кезде оларға тек жұмыс қолы ретінде ғана қаралды. Олардың ішіндегі білімді азаматтар да қарапайым халық та негізінен ауыл шаруашылық жұмысына жегілді. Қазірігі жағдайда оралмандарға мұндай саясат

жүргізуге болмайды. Оралмандарға қарапайым халықтың да көзқарасы әртүрлі. 1941-1945 жылдарда кәрістің, орыстың, шешеннің, немістің, т.б. толып жатқан ұлттың өкілдерін қабылдап, бір бөлмесін босатып беріп, пәленбай жыл төбесіне көтеріп, күткен қазақ енді өзінің қандастарына дәл сол бауырмалдылығын көрсете алмай отыр. Қазақстанда көші-қон заңы бар. Сол заң атқарылуы керек.

«Жас алаш» газеті. 6 мамыр 2000ж. №55

«МЕН ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛДЫМ...»

Кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығыста жатқан көрші Қытай елімен Қазақстанның қарым-қатынасы, аралас-құраласы аз болғаны анық. Өйткені кіммен кімнің араласып, барып-келуін Мәскеу шешіп, өз уысында ұстап отырды. Ал, еліміз егемендік алғаннан кейін Қытай секілді ұлы көршімізбен қарым-қатынас, ондағы қандастарымыздың тарихи отанына келіп-қайтуы, қалаған жағдайда оралуы едәуір жақсарды. Біз бүгін осыдан сегіз жыл бұрын ата-жұртқа ат басын тіреген, қазір әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік Ұлттық университетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, қытайтанушы ғалым, ақын Дүкен Мәсімханұлымен болған жедел әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

-Ақпарат құралдарынан білгеніміздей, сіз жақында ғана Президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын, тыныс-тіршілігін сөз еткен көрінесіз. Ол жақтағы елдің жағдайы қалай? Елбасымыз екі елдің қарым-қатынасы хақында не айтты?

-Мен мына іреміздегі Қытай жерінде туып өстім. Орта мектептен соң Пекиндегі орталық ұлттық университеттің филология факультетінде оқып, қытай тілі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Қазақ елінің егемендікке қол жеткізгені – шетте жүрген бізге де зор ықпалын тигізді. Содан да шығар, 1993 жылы Қазақстан Үкіметінің шақыруымен Алматыға ат басын тіредім де, Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетіне оқытушы болып жұмысқа орналастым. Қытай тілінің маманы болғандықтан әрі сол елде ержетіп, есейгендіктен ондағы қазақтардың хал-жағдайын жақсы білемін. Көзбен көрген, көңілге түйген кейбір мәселелерді Елбасына баяндау үшін біраз уақыт қарекет жасағаным рас. Ақыры талабым тасқа тимей, Елбасына жолықтым. Жасырып-жабары жоқ, қазір Қытайдағы қазақтардың жағдайы жағдайланып, ұлттық дәстүрі, салт-санасы, рухани жақтан өсуі, дүние танымы таяздап барады. Әсіресе, қазақ мектептерінің саны кеміп, ана тіліміздің қолданыс аясы тарыла түсуде. Жас қазақ әйелдерінің дүниеге ұрпақ әкелуіне шек қойылған. Төрт түлік мал өсірумен айналысатын қазақтардың күнкөрісі де сын көтермейді. Олар орталықтан шалғайдағы тау шатқалдарында, шөлді аймақтарда тіршілік етіп жатыр. Егін егетін қазақтардың да ахуалы керемет емес. Жер тапшы. Өнген өнімге салынатын салық та жоғары. Міне, осы мәселелерді Елбасына баяндап бердім. Ал қуаныштысы – Қытайдағы қазақтардың жағдайын Елбасы менен кем білмейді екен. Квота арқылы атажұртқа қайтып оралған қандастарымызға көп жеңілдіктер жасалатынын айтты. Сондай-ақ басқа жолдармен келген қандастарымызға да азаматтық берілетінін, бірақ жаппай жұмыспен, үймен қамтамасыз етудің қиын екенін ортаға салды. Дүниежүзінде шетте жүрген

қандастарын тарихи Отанына көшіріп алу мәселесімен Израил, Германия және Қазақстан Республикасы нақты шұғылданатынын еске салған Елбасы Қытайдағы қазақтарға қопарыла бері қарай көш деуге біздің қақымыз жоқ. Бұл – Қытайдың ішкі саясатымен сабақтасып жатқан мәселе. Дегенмен, біз атажұрттан ажырап қалған қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына әрқашан қамқорлық жасаймыз деді.

-Сіз осы кездесу кезінде Елбасына өзге де өтініш айттыңыз ба? - Еліміз егемендік алғанға дейін Қытай халқын танып-білуді, оның өкіметі жүргізіп отырған саясатты саралап, салмақтауды кешегі Кеңес өкіметі өз қолында. Сондықтан ол Қытай секілді ежелгі көршісінің жай-жапсарын жақсы білуге де тиісті. Осыған орай Елбасына республикамызда қытайтану орталығын ашу қажет екендігін жеткіздім. Елбасы бұл өтінішімді құп көріп, құзырлы мекемелер арқылы зерттеп, зерделейтінін сездірді. Сөз орайына қарай айтып кетейін, өзім еңбек ететін шығыстану факультетінде бір топ жас қытай тілі мамандығын оқып жүр. Осы факультетті бітірген сондай біраз жастар қазір Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде, сыртқы сауда саласында, тағы басқа да мәдени орындарда қызмет атқарады. Егер қытайтану орталығы ашыла қалса, біз дайындаған мамандар қытай тарихын, әдебиетін, мәдениетін, экономикасын, ғылымын одан әрі терең зерттеп, білетін болады. Сонда ғана біз жақсылығы жеткілікті, жұмбағы көп көршіміздің тарихын ғана емес, бүгінгі талап-тілегін де терең тани аламыз.

-Енді Отанына оралған өз отбасыңыз жайлы да біле кетсек артық
емес шығар?

-Атажұртта ғұмыр кешіп жатқанымды бақыт санаймын. Алматыдай ару қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі үй алдым. Жұбайым Айнұр да – қытай тілінің маманы. Ол сыртқы сауда саласында қызмет етеді. Үкідей үлпілдетіп үш қыз өсіріп отырмыз. Шығармашылық жұмысым да табыссыз емес. «Семсер суы», «Жер буы» атты екі жыр жинағым жарық көрді. Жақында «Елорда» баспасынан «Сарап» дейтін ғылыми зерттеу мақалаларым басылып шықты. Қытай тілін зерттеуге арналған еңбегімді баспаға әзірлеудемін. Түйіндеп айтқанда, алдағы уақытта да қандастарымызды Қытай секілді сан қырлы тарихы бар елмен етене таныстыра түсуді өмірімнің өзегі санаймын.

-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Мінуәр Әкімханов
«Қазақ елі» газеті. – тамыз 2011ж. - №12

«МЕНДЕ ЖАЛҒЫЗ ОТАН БАР…»

- «Ауылым көшіп барады қырдан асып, қырдан асқан бұлтпенен араласып…» Осы әнді тыңдаған сайын жанары барға жас келеді, жүрегі бар бір күрсінеді. «Тауда арқар мөңіресе, сайда сиырдың мұйізі сырқырайды» деген ел едік, Дүке! Ат-көлік аман-есен, атамекенге табан тіргелі де біраз жылдың жүзі болды. Онда не қалды, мұнда не бар екен? - Шекара аттап, бір елден бір елге бір жола көшу тұрыпты, бір қаланың о шетінен бұ шетіне көшудің адам жүйкесіне түсіретін моральдық, психологиялық, материялдық… салмағының өзі қанша ма?! Ал мына ауданнан ана ауданға, ауылдан орталық қалаға қоныс аударғандарды елі-жұрты, туғантуысы, көрші-қолаңы… жиналып, көріс айтып, шу-шұрқан, азан-қазан боп шығарып салып жататынын білеміз. Бұл әрине, тек біздің халықтың ғана менталитетіне тән бауырмалдық сезімнің де әсері, көрінісі шығар. Дей тұрғанмен осының астарына, өзегіне үңілетін болсақ, онда адам баласының өз өмірінің белгілі бір кезеңін, белгілі бір мазмұнын жоғалтуы, сонымен қоштасуы жатқанын аңғару қиын емес. Ал шекара аттап, бір мемлекеттен екінші мемлекетке біржола қоныс аударудың адам жанына салар жарасы мен салмағын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сияқты… Тіпті, біздер – жат жұрттан, кісі елінен, атамекенімізге – азат отанымызға – азаттыққа өз еркімізбен келіп, елімен қауышушы, отанына оралушымыз ғой, соның өзінде мекен ауыстырудың зілмауыр салмағына жүрек байқұс зорға шыдас береді. Өйткені онда – кеткен жерімізде мені жаратқан, қалыптастырған топырақ қалды. Атап айтсам, туған ауылым, қарындас-бауырым қалды. Ел-жұрт, туыс-туған, дос-дұспан, құдажұрат, жора-жолдас, сыныптас-курстас, таныс-біліс, көрші-қолаң… тұтас қалды. Ең ауыры атам мен әкемнің басы қалды. Ал енді осындай төңірегі жоқ қазақты қайғысыз қазақ деуге, жандүниесі бүтін адам деуге бола ма?! Соңғы кездері сол жақтағы туған ауылым жиі түсіме кіреді. Әлдеқандай қимас туыстарыммен қауышып, жылап жатып оянам… Туған ауылымды көрмегеніме биыл 12-ші жыл! Өзің ойлашы, етжүректі адам үшін, оның ішінде «туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейтін халықтың жүрегі нәзік ақыны үшін туған жерін 12 жыл емес, 12 ай көрмеудің сағынышынан ауыр не болуы мүмкін?! Ал «мұнда не бар екен» дегенге келетін болсақ, мұнда өзге жұрттардың әлгінде мен санамалаған қимастарын, тіпті өз басын құрбандыққа шалса да жете алмай жүрген, адамның шексіз бақыты – Азаттық бар, Отан бар! Қазір дүниежүзінде екі мыңнан астам ұлт өмір сүріп жатса, соның екі жүзден астамының ғана өз мемлекеті – азат Отаны бар екен. Сол бақытты халықтың бірі біздің Қазақ – Сіз бен біз. Осындайда елі жоқ, жері жоқ, тілі, діні жоқ, бұлары болғанмен азаттығы жоқ жұрттарды ойлаймын да «тәуба» деймін! Азаттық үшін күні бүгінге дейін

қан төгіп жатқан жұрт аз ба? Өзгені былай қойғанда, туысқан ұйғырлады айт, дін-қарындас шешенді айт… Осындай сезімнің жетегінен болу керек, мен қандай ортада тыңдасам да әнұранымызды бірде-бір рет толқымай тыңдаған емеспін. Орнымнан тұрып әнұранға ілесіп шырқай бастағанымда-ақ кеудемді мақтаныш па, қуаныш па, жоқ әлде от-жалын ба… алай-дүлей бір сезім билейді де кетеді… Ол сәтте дүниеде менен бақытты адам жоқ, бәрін ұмытып, басқа бір әлемде қалықтап жүрем. Мүмкін Азаттықтың, Отанның бақыты деген осы сезім шығар! - Дүке, әлгінде бір сөзіңізде туған жерімді көрмегеніме 12 жыл болды деп қалдыңыз. Ол жақтан келгендердің біразын білем, олар күнде демей-ақ қояйын, екі күннің бірінде шуап барып-келіп жатады ғой. Сонда Сізге ерекше шектеу бар ма, қалай… - Ерекше шектеу бар деп кесіп айта алмаймын. Бірақ ана бір жылдары Қытайдың жергілікті құқық қорғау органдары Қытайдан келіп, Қазақстанның азаматтығын алған, бірер жылдан соң қайыра ауылына барған біраз ағайындарымыздың паспорттарын тартып алып, оларды талай уақыт себепсіз әуре-сарсаңға салғаны бар. Солардың біразы қайтып келгеннен кейін маған: «Сен барушы болма!» дегенді ерекше ескертті. Осыдан соң туған жерді көрсем деген ниет пәсеймегенмен, тартып кетуге жүрек дауаламай қалды. Коммунистік-тоталитарлық жүйенің шет жағасын өзің де көрдің ғой, ондай қоғамда заңды белден басу, кісілік құқықты аяқасты ету деген түк емес. Әсіресе төмен жақта заң бұзушылық әрі өрескел әрі жиі болады. Олармен тәжікелесіп жүргенде (онда да бостандықта жүрсең) біраз ғұмырың өтіп кетуі де ғажап емес. Ал қырсыққанда әрі өкініштісі ондайға араша түсетін, өз азаматының жоғын жоқтайтын Қазақстан үкіметі ме?! Біздің Бекқожа деген бауырымызды (Қазақстан азаматы) қытайдың жергілікті құқық қорғаушылары табаны күректей төрт жыл мырза қамақта ұстағанда «мәу» деген қазақ үкіметін көрмедік. Осыдан кейін кімге сеніп, қалай барасың?! Туған жеріңді түсіңде көргеніңді қанағат тұтуға тура келеді… - Дүке, әңгіменің ашығы дұрыс. Жүзге бөлінгеннен «өлердей қорқатын» біреулер, оралмандар келгелі қазақ халқы төрт жүзге бөлінетін болды деген сыңайдағы сыбыс таратып жүр. Шындығында тағдырдың айдауымен тарыдай шашылып кеткен қазақтар өз отанында өгейлеу бала сияқты шетқақпайлықты қатты сезінетін секілді. Сондықтан да болар сырттан келген ағайындар өздерінше бөлек, саяқтау топ құрып жүргендері жасырын емес. Мал екеш малдың өзі бір жерді жерсінсе, бір жерді жерсінбейді ғой. Ал енді жүрегі бар адам баласы, әрине, мұндай жағдайда ішкі жандүниесімен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. «Оралман» деген сөздің өзі моральдық тұрғыдан адам құқығына қол сұғу болып есептеледі. Осы бір сөзді реті келсе мұлдем қолданбау керек деген ойды үнемі есімізде

ұстауымыз жөн-ау. Себебі қазір іркіттей іритін уақыт емес. Жеке өз басыңыз атажұрт топырағына тамыр жайып кеттім деп айта аласыз ба? - Өзіміз аруағына күнде лағнет жаудырып жататын Кеңес одағы 1956-1963 жылдары қытайдан заңды жолмен көшіп немесе шекара бұзып қашып келген қазақтарды «оралман, пәлен-пәштуан» демей-ақ қарсы алып, ауыл-ауылға бөліп орналастырыпты. Ертеңінде паспорт бөлімінің қызметкерлері келіп анкетасын толтырып әкетіпті де, бір аптадан соң азаматтық паспорттарын қолдарына ұстатып кетіпті. Бірде-бір адам далада қалмаған, нашар болса да баспанамен толық қамтамасыз етілген. Бірер айдан соң, оқушысы мектепке, студенті университетке, еңбекке жарамдысы орағын алып егіске, таяғын алып өріске кеткен. Ал бізде ше, таусылмайтын дау, қып-қызыл жанжал, бітпейтін шатақ. Домбырам басы балқурай, әуелгі машақаттардың машақаты Қазақстанға жету. Ол өзі газетіңнің бір нөмірін тұтас алатын ұзақ әңгіме. Сондықтан оны доғара тұрайық. Келген соң пропискаға тұру, квотаға кіру, азаматтық алу, жұмысқа тұру, баланы мектепке беру, дәрігерге қаралу, мамандығы бойынша жұмыс табу, кәсіппен айналысу, қыл аяғы ары-бері жүріп-тұру…дегендер тұрған бір қияметтің қыл көпірі. Қарап тұрсаң, бәрі қолдан жасалған кедергі, арып-ашып келген ағайынды тонау үшін, елден бездіру үшін қиялдан шығарылған қиындықтар. Енді саған өтірік, маған шын, Қазақстанға шеттен келген ағайынның көбісі-ақ «қайтып келген қыз жаман…» немесе «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген уәжбе-е-ен ғана амалсыз жүр. Оның үстіне біздерге өзің айтқандай «оралман» деген өзі сауатсыз жасалған, өзі албастының атындай суық, бір сұмпайы ат қойып алды. Қайда барсаң да көлеңкеңдей көлбеңдеп, құйрығыңдай бұлғаңдап осы «атағың» қалмайды. Тіпті «Халықтың көші-қон туралы заңының» өзінде «Оралмандар – ҚР егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар» – деп көрсетілген. Демек ҚР-ның азаматтығын алған күннен бастап оралман емессің деген сөз. Іс жүзінде мүлде олай емес. Қазақстанның азаматтығын алғаныма 10 жыл болған мені әлі «оралман» дейді. Бұл не? Бұл – өзің айтқандай, моральдық тұрғыдан адам құқығына қол сұғу. Бұл – бүтін бір ұлтты бөлу. Бұл – шеттен келген ағайынды шетқақпайлау. Бұл – елім деп келген қандасты бауырым деп қабылдамау. Қысқасы бұл – адамды қорлау. Сондықтан алдағы күндерде көшіқон заңына өзгеріс енгізілерде бұл атауды һәм сауатты һәм жүрекке жылы тиетін, туыстық, қандастық, тұтастық сезімді қоздатып тұратын басқа сөзбен ауыстыру керек. Ал енді жеке өз басыма келсем, мен негізі тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында – 1993 жылдың наурыз айында қытайдан бірінші болып көшіп келген қазақпын. Сол кезде қытайдан бері қарай қоныс аударарда, маған: «Қазір онда не бар? Қазақстанды жоқшылық, аштық жайлап жатыр. Босқа қиналып қаласың» – деп ақыл айтқандар аз болған жоқ. Мен тыңдамадым. Алған беттен

қайтпай, көш басын Алматыға бірақ тіредік. Айтып-айтпай ол кездегі елдегі экономикалық қиындық, шетелден арып-ашып жеткен біз түгіл, осындағы тонды-қоңды, ауылды-бауырлы жұрттың өзін сансыратып-ақ тұр екен. «Көппен көрген ұлы той» десек те, оған төзу оңай болған жоқ. Бірақ төздік, жеңдік. Иншалла! Бірақ бұған манағы айтқан моральдық қиындықтар келіп қосылғанда, жасыратын несі бар, жанынан түңіліп, берекесінен айырылғандар аз болған жоқ. Ондай қиындықтарға төзбеген біраз ағайын келген ізімен кері қайтты, енді біреулері мамандығын да, қаламын да тастап «барахолкадан» пана тапты. Небір талантты жігіттер қоңыз теріп, небір ұйыған шаңырақтар бүлінді. Әрине, әлгінде айтқанымдай, біздің де төзуіміз оңай болған жоқ. Жаны сезімтал, жүрегі нәзік ақын адамның неге болса да тез оталатыны бар емес пе, біздің де тіршіліктен түңілген кезіміз болды. Менің «Семсер суы» жыр жинағымдағы «Қайдасың ажал» деп аталатын өлеңім сол кездегі көңіл-күйдің туындысы еді. Қазір ғой, сол өлеңдегі: Қайдасың, ажал, кел маған, Тыныштық, тыншу бер маған. Ендігі қалған демімді, Қараңғы жым-жырт көрде алам. Ризығым мұнда жоқтай бір, Бастырмай қойды көп қайғы. Жаралы мынау жүрегім, Тыншиды, қашан тоқтайды?!- деген шумақтарымды оқудың өзінен үрейленем. Дегенмен, «әйелдің бақыты – жақсылап жылап алатындығында» дегендей, ақынның бақыты – іші толған шерді жыр қылып, сыр қылып босатып алатындығында… Иншалла, қазір ол күндер артта қалды. Бүгінде атажұрт топырағына тамыр жайып кеттім деп айтуға толық негіз бар. Осы «тамыр жаю» дегеннен еске түседі, 94-ші жылы ма, әлде 95-ші жылы ма екен, Алматыдағы бір бас қосуда, «Өзге топырақта өсіп тұрған ағашты діңінен кесіп немесе тамырларын қиып, қопарып әкеліп екінші бір топыраққа отырғызсаңыз, егер жаңа топырақ құнарлы, ауарайы қолайлы болмаса, ол өнбейді, қурап қалады. Мен тура сондай ағашпын. Алайда мен келіп шашшылған топырақ құнарлы, ол – азат, тәуелсіз Отан. Ендігі мәселе ауарайында. Ол – осындағы ағайынның ықылас-пейілі, бауырмалдық мейірі. Ауарайы жақсы болғай!» дегенім бар еді. Қазір, үш-төрт балалы болдық, оншақты кітап шығардық, жүздеген қытайтанушы шәкірт тәрбиелеп ұшырдық. Демек ептеп жеміс бере бастаған болсақ – тамыр жайғанымыздың дәлелі емес пе. Өкінішке орай, кейде қоғамнан, төңірегіңнен, қолдаудың орнына, ашық шетқақпай көріп жатқанда жаның жараланбай тұрмайды. Бір қызығы, қазіргі әдебиеттің аға буын өкілдері өздеріне кезінде М.Әуезов, қос Ғабең, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Ж.Молдағалиев, Ә.Сәрсенбаев, С.Мәуленов т.б. толып жатқан ұлылар ағалық қамқор қолын созғанын, олардың шапағаты мен ақ тілеуіне шомылып

өскендерін мақтанышпен, сағынышпен еске алады. Жөн-ақ. Ал өздері бүгін артынан ерген іні-қарындастарына қол ұшын беріп, оларды желеп-жебегені сол, керек болса сәлеміңді алмайды. Танымасқа салып, танауларын шүйіреді. Тіпті арттарынан ерген талантты жастарды жек көретін сияқты ма, қалай. Қазақтың әдебиеті, сөз өнері солармен ғана аяқталу керек сияқты… Ал шеттен келген «оралман» деген байқұс болсаң, тіптен аулақ, ағалық алақанға иегің мүлде қышымай-ақ қойсын… Сонысына да қарамай кейде өзіңді осы елдің бір азаматы ретінде сезініп, әлденеге ашық пікір айтып, кірісіңкіреп кетсең немесе есіміңді жұрт елей бастаса «оралман» екеніңді көзіңе «шұқып» тұрып есіңе салып қоятындары тағы бар. Сондайда еріксіз: О, Мұқа, сенен несін жасырамыз, Біз дағы кейде «жөнсіз» шашыламыз. «Ей, оралман» – дегенде оразбайлар, Есімізді жиямыз, басыламыз,- деп, тіріден сыр айтар кісі таппай, еріксіз Мұқағалидың рухына мұң шағасың. Сосын таң қалам, сондай шіркіндер «Елім!»-деп шеттен келген бір бауырын жасытқаннан не ұтады екен, деп! - Сосын мынау азаматтық алуға мүмкіндіктері бола тұра, Қазақстанның азаматтығынан бас тартып, екі ортада «қосмекенділердің» өмірін кешіп жүрген ағайындар бар. Бұл нені білдіреді? Қаршадай бала, Тоқтарәлі ақын «Менде жалғыз ана бар – туған Анам, Менде жалғыз отан бар – Қазақстан» – деп жырлаған еді… - Олардың тірлігі, бір ауыз сөзбен айтқанда дүниеқоңыз – пендешілік. Қазақ тіліндегі осы «пендешілік» деген сөз түсіне білсек недәуір ауқымды ұғым. Яғни ол көп жағымсыз дүниелерді бүркеп тұрған перде сияқты. Демек пендешіліктің күшейгені адамның азғаны деген сөз. Ал адам азғанда азаматтық рухы сұйықтайды. Азаматтық рухы сұйықтаған кеудеге сатқындық ұя салады. Жүрегіңдегі Ар мен Намыстың отын бүгін өшірсең, ертең оның орнынан пасықтық түтіні бықсиды. Ал сатқын туыс, пасық дос әшкере жаудан әлденеше есе қауіпті. «Қос мекенділердің» біразымен мен де сөйлесіп көрдім. Сылтаулары әр түрлі. Біреулері қытайдан алып тұрған жалақысын айтады. Енді біреулері ертең зейнетке шығатынын айтады. Тағы біреулері істеп отырған кәсібі бар екенін айтады. Тағы біреулері тағы бірдеңе… Бәрі ақылды. Ақымақ – осындағы Сіз бен Біз. Негізінде Қазақстан олар үшін дүниекөзі – базар, пайда ғана. Яғни олар Тазша бала, Қазақстан ақымақ бай. Олардағы Қазақстан туралы түсініктің сықпыты, танымның сиқы осы. Оларға мен: « Оу, көке, сенің жұмысың жұмыс боп па, жұмыстың көкесі бізде болған, пысқырмадық. Табыстың, жалақының көкесі бізде болған, қолды бір-ақ сілтедік. Болашақтың көкесі бізде болған, алданбадық. Өтірік десең айт. Соның бәрі мен үшін азат Отанымда өткен бір күніме татымайтындай әсерде болдым. Шынымен де солай болды. Әрине, мен де Қытайды жек көрмеймін. Сонда тудық, білімін алдық. Сонда оң-солымызды таныдық, адам болдық дегендей. Ол ақиқат. Сөйткен елге

– туған жерге тас атсам су ішкен құдығыма түкіріп кеткендей қасиетсіздік болар еді. Бірақ өз ұлтыңды, отаныңды сүю қай елде де қылмыс болып табылмайды. Напалеон: «Ұлтжандылық өркениеттіліктің басты белгісі»- депті. Ал оны қылмыс болады деп ойлап алған өздерің»,-деймін күйіп-пісіп. Бірақ олар біздің сөзге қыңбайды. Айт, айтпа бәрі бір. Өйткені олар өте «ақылды» адамдар. Олар біздегі қазақтан шыққан космополиттердің, асқан интернационалистердің туыстары. Өзге елде туғанымен олардың оттауы да, күйсеуі де бір. Олардың назарында сен ғасырлар қойнауында қалып қойып, аяқастынан тірілген біреу сияқтысың. Бірақ, өкініштісі олар шеттен келген, келетін ағайындардың ішіндегі шынайы патриоттарға кесірін тигізуде. Бірақ осындағы саналы жұрт, ел тізгінін ұстап отырған шенеуниктер «битке өкпелеп тонды отқа тастамас» деп ойламын. - «Әргі бет пен бергі бет» деген ұғымды Адалбек жалғыз-ақ өлеңімен жоққа шығарған болатын. Дейтұрғанмен әргі беттегі бауырлардың жәй-күйі қалай, күн көріс кәсібін, кісілік келбетін бергі бетпен салыстыра аласыз ба? Жалпы, әргі беттегі қандастарымыз саяси-әлеуметтік һәм рухани тұрғыдағы мүмкіншіліктерін қаншалықты дәрежеде қанағаттандыра алады? - Өзгені қайдам, өлеңмен, қиялмен барды жоққа шығара салуға, жоқты орната салуға ақындардың хақысы бар! Алайда ащы Ақиқат өзгеріссіз қала бермек. Ақиқатты өзгерту тұрыпты, кез келген адам үшін оны мойындаудың өзі оңайға түспейді. Алайда ақын қиялы мен ақын арманына шектеу жоқ. Айтарын айтады, жазарын жазады. Ал Патшалы Ресей мен Цинь империясы Қазақ даласын пышақ үстінен қақ бөліп, бүтін бір халықты екіге айырып тастаған кездегі қызыл сызық тұрғанда «арғы бет, бергі бет» деген ұғымға да орын бар деген сөз. Қалаңыз, қаламаңыз, бұл – Ақиқат. 1860 жылдары әлгінде аталған екі империя бүтін бір ұлтты екіге айырып тастады. Содан бастап екі жақтағы қазақ баласы болмысы, мәдениеті, менталитеті, діні, ділі… бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі империяның қанжығасында қанжылап кете барды. Содан бері 150 жылға таяу уақыт өтіпті. Нелер-нелер заман болды, нешелеген ұрпақ ауысты. Әрине осы 150 жыл барысында қытайдағы қазақтар ресейлік, кеңестік зұлматтар кесірінен Қазақстаннан жансауғалап қашып барған мыңдаған, жүз мыңдаған қандастарымен қатарын толықтырып отырды. Сөйтіп қомақты санға жеткен қазақ жұрты ол жақта да іргелі бір ұлт ретінде өмір сүруге мүмкіндік алды. Алайда көшпелі тірлік бұл жақта ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында аяқталған болған болса, ол жақта ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін жалғасты. Мәселен мен көшпелі өмірдің шет-жағасын көрген қазақпын. Демек бұл жақтағы ағайындар өркениетке қытайдағы бауырларына қарағанда жарты ғасырдай бұрын аяқ басты деуге болады. Алайда бізге келген өркениеттің өзі біреудің шылауындағы өзгеше бодандық, жаңаша өмір ғой. Сондай өркениеттің арғы бет, бергі беттегі ағайындарға келу мерзімінің әркелкілігі, оның үстіне

«қожайын» халықтарының дін, тіл, ділінің ұқсамауы һәм сондай мүлде ұқсамайтын мәдени ортада бір жарым ғасырдай бөлек өмір сүру – ондағы және мұндағы ағайынға кәдімгідей өзгеше психологиялық болмыс-бітім, құндылық көзқарас, кісілік келбет қалыптастырып кеткені жасырын емес. Мысалға дінді айтайық, бұл жақта 1910 жылы туылған бала жаңаша яғни атеистік тәрбие ала бастады. 1990 жылы ол кісі 80 жаста. Оның баласы 50-де, немересі 20-25 жастарда болды деген сөз. Яғни осы 20-25 жастардағы жас қазақ атеистік тәрбиеде өскен үшінші ұрпақ. Ал қытайдағы қазақтардың 1940-1950 жылдары туылған баласы атеистік тәрбие алып өсті. Ол кісі қазір 50-60 жастарда. Оның баласы 20-30 жастарда. Демек ондағы қазақтар діни нанымнан тақыр-таза арылып кеткен жоқ. Мысалы менің әкем Мәсімхан Нақысбекұлы деген кісі ауыл имамы болды. Демек мен діндар отбасында өмірге келген адаммын. Сондықтан ол жақтағы ағайындардың ішіндегі біздің буынның құлағына атеистік тәрбиені мектепте, университетте қанша құйғанымен, көкейге бала күннен орныққан иман оған оңай орын бере қойған жоқ. Ал бұл жақтағы ағайынның санасынан дін жойылып кете жаздағанымен, есесіне сауаттылық, білімділік деңгейі жағынан әлемдегі мен-мен деген қай халықпен де иық теңестіре алатын жағдайға жеткені жаһанға жасырын емес. Сондықтан Кеңес одағы құлаған кезде Қазақстанның кадрдан қысылмай, тәуелсіз мемлекет, дербес ел ретінде дүрк етіп жүріп беруі – халықтың сауаттылығының, интеллектуалдық деңгейінің жоғарылының арқасы. Ал қытайдағы ағайындар арасында оқығандар, зиялылар өте аз. Ал енді күн көріс кәсібі деген мәселеге келетін болсақ, менше, ерекшелеп, бөліп жарып айтар ерекшелік шамалы. Ондағы ағайынның дені малшы, егінші. Зиялы қауымы негізінен қала-қалашықтарда. ШҰАР-ның өлкелік, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылық қызметтерінде де қазақтар аз емес. Соңғы 10-15 жылдың жүзінде ол жақта кәсіпкер ағайындардың да қатары өсіп келеді. Қысқасы ол жақтағы ағайындардың күн көріс ахуалы, экономикалық, материялдық жағдайлары жаман емес. Әрине, санаулы байларын айтпағанда, жалпы жұртты жаппай ауқатты деп айтуға әлі ерте. Дегенмен қазіргі жағдайларын көлектері көк, қарындары тоқ деп айтуға болады. Ал олардың саяси-әлеуметтік, рухани тұрғыдағы мүмкіндіктерін, әрине, мұндағы азат, дербес елде өмір сүріп жатқан біздегі мүмкіндікпен салыстыруға келмейді. Өйткені ондағы бір жарым миллионнан астам қазақ тек бір автономилық облыс және бірнеше автономиялық ауданда қат-қабат қожайынның қол астында өмір сүріп отыр. Қат-қабат деп отырғаным оларға қытайлар үлкен қожайын, ұйғырлар кіші қожайын. Оның үстіне, өзің де білесің, онда коминистіктоталитарлық жүйе әлі күнге дейін салтанат құрып тұр. Тағы бір жағынан, бір жарым миллиарттың ішіндегі бір жарым миллион деген көлге тамған бір тамшы сүттей ғана емес пе?! Осындай-осындай саяси-әлеуметтік ортада күн кешіп отырған ағайынның рухани мүмкіндігі қай деңгейде болатыны айтпаса да

түсінікті. Алайда қытай еліндегі ұлттар саясатының кейбір тиімді жақтары ондағы қазақ болсын, өзге ұлттар болсын, бәрінің ұлттық тіл-жазуын, өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуына белгілі деңгейде мүмкіндік беріп отыр. Соның дәлелі ретінде, ондағы оншақты баспадан қазақ тілінде, мемлекет есебінен жылына жүздеген әдеби, саяси,ғылыми кітаптар жарық көріп тұратындығын, екі бірдей телеканал өлке аумағына 24 сағат бойы тап-таза қазақ тілінде хабарлар тарататынтығын, қазақ тілінде 40-тан астам әр түлі газетжурнал жарық көретіндігін, қазақ облысына қарасты екі университет пен оншақты техникалық училищеде жүздеген-мыңдаған қазақ баласы білім алып жатқанын т.с.с. айтуға болады. Дей тұрғанмен ондағы ағайынның арасында Қазақстанға – тарихи отанына көшіп келуге ниет білдірушілердің барған сайын көбейе түсуі ондағы саяси-әлеуметтік, рухани мүмкіндіктің қанағаттанарлық дәрежеде емес екендігін көрсетсе керек. - Иә, ондағы елдің беті бері ауып отырғанын күнделікті естіп, біліп отырмыз. Осы орайда біздегі көші-қон мәселесіне көңіліңіз тола ма? Сіздің ұсынысыңыз… - Жалпы қытайдағы қазақтың атамекеніне – Қазақстанға көшкісі келуіне негізінен мынадай төрт түрлі фактор себеп болып отыр деуге болады: Бірінші, ҚХР-ында кешенді түрде жүргізіліп отырған туытты шектеу саясаты. Бұл саясат «балалы үй базар…», «адам ұрпағымен мың жасайды…», «атадан пұл қалғанша ұл қалсын»… деген таныммен ғұмыр кешіп келе жатқан қазақ баласына өте ауыр тиюде. Екінші, ол елде ұлт ретінде сақталып қалудың мүмкіндігі барған азайып, ассимиляция қаупінің белгі-нышандары көрнекті түрде байқала бастауда. Үшінші, Қазақстанның тәуелсіз ел болуы. Яғни мұнда көшіп келгісі келетін ағайынның көбісіне «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «өз елің – алтын бесік» деген сияқты ұлттық сана-сезім көбірек түрткі болуда. Бұл сана-сезім негізінен ұлтжанды, көзі қарақты, зиялы қауымның және жастардың бойынан байқалады. Төртінші, туыс адамдардың қаншама жылдар екі елде бөлініп-жарылып өмір сүріп келгендігі. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап бөлініп-жарылған отбасылар Отанға жетуге – туғандарына қосылуға асықты. Міне осындай себептер ондағы ағайынның атажұртқа көш түзеуіне мұрындық болуда. Алайда қытайдағы қазақтың түгі қалмай Қазақстанға түп қотарыла көшеді деп айту да қиын. Кейбіреулердің көшкісі келмеуіне себеп болып отырған біздегі көші-қон саясатының кешенді жүрілмеуі. Былай қарағанда, көші-қон және демография саясаты біздің елдің аса өзекті, стратегиялық маңызы үлкен саясатының бірі секілді болып көрінеді. Негізінде солай болуға тиісті де. Елбасы былтырғы жолдауында «таяу болашақта Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізуді көздеп отырмыз»-деген мазмұнда сөз айтылып қалды. Бұл санға қалай жетеміз? Балшықтан қазақ жасаймыз ба?! Жоқ. Халық санын, елдің демографиялық жағдайын көтерудің жалпыға мәлім екі жолы бар. Оны бірі, ішкі өсімді –

туытты қолдау. Екіншісі, шетелдердегі диаспора өкілдерін елге шақыру, жинау. Бізде осы екі саясаттың екеуі де бар. Бірақ ойдағыдай қолға алынып, атқарылып отырған жоқ. Мәселен көп балалы аналарға жасалатын жеңілдіктер жоқтың қасы. Он бала тауып, өсірген «Алтын алқалы ананың» пенсиясына бар болғаны 1700 теңге ғана қосылады екен. Ал ауыраяқ анаға, жас балалы анаға медициналық та, әлеуметтік те көңіл бөлінбейді. Тіпті үшінші балаға ауыраяқ болған ананы дәрігерлердің өзі сайқы-мазақ қылады. Қағып-түртіп, сүтке тиген мысықтай көреді. Соның кесірінен көп ата-ана екі баламен шектеліп қалуда. Былтырдан бергі жас босанған аналарға беріледі деген бір реткі жәрдем ақыны (он үш-ақ мың теңге) қырық мың құжат жинатып, алты ай сандалтып өлдім дегенде зорға береді. Бергенде де босанған аналарға «осы ақшаға бола тудың ғой» дегендей сыңай танытып, мысқылдап береді. Бұл қиындыққа, қорлыққа төзбеген көптеген аналар оны алудан бас тартуда. Айта берсек біздегі жағдай туытты қолдан гөрі, қолдан жасалған әлеуметтік, медициналық, психологиялық қысымдар арқылы туытты шектеуге көбірек ұқсайды. Ал көші-қон мәселесіне келетін болсақ, бұл саланың да барған сайын кетеуі кетіп барады. Елдің экономикасы тығырыққа тіреліп тұрған қиын жылдардың өзінде – сонау 90ыншы жылдардың ішінде көшіп келушілер дерлік баспанамен қамтамасыз етіліп отыратын. Көші-қон және демография агенттігі үкіметке тіке қарайтын, министрлік деңгейіндегі мекеме болатын. Ал Экономикамыздың айдарынан жел есіп, елдің еңсесі көтерілген бүгінгі күні оның біреуі де жоқ. Қазір квотаға кірген бауырларымызға беретініміз кісі басына 600$ көлеміндегі жәрдемақы ғана. Бір үйде бес жан бар деп есептесең, отбасына тиетін 3000$ көлеміндегі ақшаға керек десең бүгінде шалғай ауылдардан да үй келмейді. Сонымен елдің ішіндегі баспанасыздарға сырттан келгендер қосылып, қазақ халқының өз еліндегі әлеуметтік қал-ахуалы күн өткен сайын нашарлай түсуде. Өйткені баспанасыздардың бәрі тек қазақтар ғана. Ал баспанасыз, жағдайы нашар отбасында өмірге келген ұрпақтың денсаулығы қалай болатыны айтпаса да түсінікті. Ресми медициналық мәліметтерге сенсек, бүгінде өмірге келіп жатқан мың баланың тоғыз жүзі ауыру болып туылады екен. Ал биліктегілер болса келер ұрпаққа сақтап отырған ұлттық қордағы ақшамыз 5 миллиарт 400 мың АҚШ долларына жетті деп бөріктерін күнде аспанға атады. Оу, көке, халқың бүгін үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш, ауыру-сырқау күн кешіп жүрсе, олардан туған дімкәс ұрпақ ертең ол ақшаңа емделгеннен өзге не бітіреді деп ойлайсыз?! Сондықтан ұлттық қордағы ақша дәл бүгін қазақ халқының демографиялық жағдайын көтеруге, денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға, біліктілігін арттыруға қызмет етуі тиіс емес пе?! Сонда ғана келешек Қазақстан жан саны мол, қуатты, сауатты елге айналады. Өйтпейтін болсақ ол ақшаға ертеңгі әлжуаз ұрпақтың тіпті, ие бола алу – алмауының өзі неғайбыл. Ал көші-қон жөніндегі біздің ұсыныс мынау: Ең әуелі Көші-қон және демография агенттігін қайтадан қалпына келтіріп, оның құзыретін кұшейту

керек. Яғни ол келген ағайынға квотаны үлестіріп беріп қана қарап отыратын мекеме емес, мемлекеттің демографиялық саясатын жүзеге асырудың нақтылы іс-шараларын жасап, оны қадағалушы, орындаушы орган болу керек. Екіншіден, алыс-жақын шетелдерден квотамен келгені болсын, өз еркімен келгені болсын, бәрі тұтастай баспанамен қамтылуға тиіс. Мұнда ашалап айта кетер жағдай, ауылға келгендерді тұрақты баспанамен, ал қалаға келгендерді коммуналдық пәтерлермен уақытша қамтамасыз ете отырып, кейіндеп олар отырған пәтерін жекешелендірем десе, пәтер құнының 50 пайыздайын мемлекет көтеру керек. Алайда қалаға келетіндерді өте шектеп, іріктеп отырған жөн. Мәселен ол ерекше қат маман болып, белгілі бір мемлекеттік мекеме оған соншалықты зәру болған жағдайда ғана қалаға бөлінген квотаға енгізген дұрыс. Сосын көшіп келген ағайынның мұң-мұқтажы тек баспанамен қамтумен ғана шектелмейді. Олардың орнығуына, тірлік етуіне қатысты толып жатқан проблемалары бар. Мәселен, кәсіркелікпен айналысу, зейнетақы, емделу, білім алу, әскери міндет т.б. Осылардың бәрінде олар ылғи да табанынан тозып жүргені. Өйткені біздегі бір заң екіншісіне қайшы. Заңдардағы бұндай кереғарлықты болғызбаудың төте жолы – шеттен келген ағайындардың ішінен сауатты бір-екі адамды Парламентке енгізу. Сөйтіп көші-қон заңындағы оралмандарға берілген жеңілдіктерді өзге де салалық заңдарда қарастырып отыруға жағдай жасау керек. Сосын көші-қон саясатының көкейкестілігін көптеген шенеуниктер, жалпы қауым жеткілікті түсіне бермейді. Себебі бізде бұл саладағы үгіт-насихат жоқтың қасы. Яғни шеттен келетін ағайынға біздің мұқтаж болып отырғанымызды, еліміздің әрбір облысында ең кемінде бір миллионнан қазақ баласы өмір сүретін жағдайға жетпейінше, тәуелсіздіктің тағдырына, ел болашағына сенудің қиын екенін атажұрттағы әрбір ағайын анық түсінуі тиіс. Бұл әсіресе журналистер мен мерзімді баспасөздің тізгінін ұстап отырған азаматтардың қаперінде жүретін өзекті мәселе. - Ел білсін деген ниетпен сұрап отырмын. Ұлт игілігі үшін мынадаймынадай іс тындырдым деп айта аласыз ба? - Қиындау сұрақ екен. Қиын болатыны – «мен бүйттім, мен сүйттім» деп, екі иығымыздан дем алуға ертелеу шығар. Ал «осы күнге дейін тек ас ішіп, аяқ босатушы болдым» деген тағы ыңғайсыз. Неде болса сұрақ қойылған екен, сауалға жауап берген сауап болар. Атамыз қазақ «отызыңда орда бұзбасаң, қырығыңда қыр аспайсың» депті. Мен тура отыз жасымда қытайдан атамекенге қоныс аударып келген бірінші қазақпын дедім ғой. Көшуден бірер жыл бұрын ел-жұртты аралап, сенімді деген жора-жолдасты, туыс-туғанды Қазақстанға көшуге нәсихаттап, бәрінің келісімін алдым, әрі оларға өз төңірегіне де осы насихатты жүргізу туралы өтініш жасадым. Мен Қазақстанға келгеннен кейін, үш-төрт жылдың ауқымында менімен пікірлес болғандардың бәрі көшіп келді. Демек тәуелсіздіктен кейін қытайдан қозғалған жаңа көштің мұзжарғышы болғанымды бұл күнде біреу білсе біреу білмейді. Бұл бір. Сосын 12 жылдан

бері мұғалімнің мардымсыз жалақысын қанағат тұта жүріп, Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасыуына шәкірт дайындау арқылы да, ғылыми зерттеулерім арқылы да бір кісілік үлесімді қостым ғой деп есептеймін. Бұл екі. Үшінші, Өзің де білесің, 2001жылға дейін шеттен келетін ағайындарға бөлінген квота мөлшері тек 500 отбасымен шектеліп келді. Сол жылы мен Елбасы қабылдауына барып, ол кісіге квотаны көбейтудің қажеттігін ауызша да, жазбаша да мәлімдедім. Келесі жылынан бастап квота мөлшері 5000 мың отбасыға, одан кейін 6000 мыңға өсті. Демек осы бір ұлағатты да игілікті іске сәл де болса ықпалым болдау деп ойлаймын. Мынау ұйғыр халқында «таз болсаң самай таз бол» деген мақал бар екен. Сол айтпақшы ақыр мақтандық, енді соңына дейін апарайық. Менің ашық мақтанып, «мен тындырдым» деп айтып жүретін бір дүнием, ол – «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея» деген тақырыптағы кандидаттық қорғаған ғылыми жұмысым. Кеңес одағында қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бастады. Сондай өңірдің бірі Шығыс Түркістан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі мерзімде Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түркістан Республикасының құрылуына ұйтқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идеясы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, алды атылған, арты қытай түрмесінде шіріген қаншама ақынжазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Жүсіпбек қожа, Асқар, Мағаз, Құрманалы, кешегі Бұқара, Омарғазы, Құманбай т.б. толып жатқан алашұранды әдебиеттің өкілдері қаншама жылдар мұндағы ұрпақ назарынан тыс, санасынан көмескі ұсталып келді. Енді олардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, олардың еңбектерін ғылыми айналымға енгізу – бүгінгі қазақ әдебиет тарихы ғылымындағы көкейтесті міндеттердің бірі болатын. Осы қиын да қызықты міндетті ұстазым, академик Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігімен сәтті орындап шықтым. Бұны төрт деп қойыңыз. Шынын айтсам, осы ғылыми жұмысымнан кейін-ақ Қытайлардың маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Қазірше осылармен шектелгеніміз жөн болар. - Сізді қазақ халқы ақын ретінде қабылдады. Егер, мүмкін болса «менің ақындық төлқұжатым – осы» дейтіндей бір өлеңіңізді тыңдасақ… - Меніңше, «қаламгерлік төлқұжатым – осы» дейтін бір шығарма жазушыда болуы мүмкін. Ақынның бір ғана өлеңі оның «ақындық төлқұжаты» бола алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали, Жұмекендерді жеке-жеке, мына-мына бір-бір өлеңі әйгілі етті деп айта алмасақ керек. Бұндайда академик Зейнолла Қабдоловтың: «Асылы, бір-екі жақсы өлең жазу, сол арқылы бір немесе екі сыр аңғарту, шындық таныту кез-келген өлеңшінің қолынан келуі мүмкін. Ал өзі жазған өлеңдер арқылы өзінің өзгелерден бөлек ақындық бітімі мен мінезін таныту, сол арқылы өзінің өнер

әлеміндегі тұтас творчестволық беті мен бағытын таныту кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді», – дегені еске түседі. Сондықтан «ақындық төлқұжатым» ретінде емес, көңіліме тоқтау бір өлеңімді оқып берейін:

Ауыл. Шілде

Сарытап ауыл.
Таныс маң…
Санасы,қамы әр қилы.
Ақ сағым ойнап алыстан,

Бетіңді жалын шарпиды.

Бозадыр жоны сарыкүйік,
Сайлардың кепкен тандыры.
Тораңғы, жыңғыл тарбиып,
Қақтана жатып қалғыды.

Шаншылып түсіп шаңқан нұр,
Өртейді жердің өзегін.
Кебеді сонда аңқаң бір,
Қаңырап, қаңсып өзенің.

Қазандай қайнап атырап,
Ақ жалын шашты аспанға.
Қыртысы жердің қақырап,
Балқып бір жатыр тастар да.

Төбеттер тілі салақтап,
Құйрығын қуып, қабады…
Сиырдың бәрі далақтап,
Бағдарын білмей шабады.

Бір уыс болып кең өлкең,
Жанады оттай, маздайды.
Қуырылып құрттай көлеңкең,
Артыңа кіре жаздайды.

Лапылдап аққан лағылға,
Пенденің жүрмес еш емі.
Түс қия құйды-ау ауылға,
Алланың рахман нөсері…

- Бәрекелді! Енді соңғы сұрақ, қазір Қазақ не ойлап отыр? - Қазіргі қазақтардың «әр кәлласында бір қиял» боланымен, бір халық ретінде бүкіл қазақ бір ғана ойдың үстінде отыр деп айту қиын. Бұл ретте қазақтың ойына қоғамды жікер арқылы үңілген дұрыс сияты. Бұл күнде қазақтар негізінен бай, кедей, зиялы, билеуші болып төрт жікке бөлінеді. Бай қазақтар қашан «құдай» болам деп отыр. Кедейлерге ауыл қазағы мен жұмсысшылар жатады. Олар «таңғы нәсіп тәңірден», ал түскі, кешкі асты қайдан тапсам екен деген ғана ойда. Ал зиялының аты зиялы ғой, оның ішінде қазақ зиялысын – бізді айтсаңшы! Біздерде жалпы ой көп. Соның бастыларынан билікке қайтсем жағам; қайтсем сыйлық, орден, атақ алам; қайтсем жаңа пәтер алам, қайтсем ұл-қызымды жайлы жұмысқа кіргізем… деген сияқты өте «ауқымды» ойларды атауға болады. Енді билеушілердің ойына келсек, олардікі көбіне қай жерден, қалай олжа түсірем; жұтқан сүйегімді қалай сіңірем; қайтсем кресломды биіктетем т.б. болып келеді. Осылардың ішінде егер «жоқ менің ойым олай емес, мен халқымның болашағын, елімнің тағдырын ғана ойлап жүрмін» деген адам болса, әрі онысын дәлелдесе, мен ол адамнан кешірім сұрауға әзірмін. - Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Маралтай Райымбекұлы
«Алтын орда» газеті, 12 шілде 2005ж.

ҚАЙРАН АЗАТТЫҚ ... ...

-Дүкен мырза, мына қоғамда сізді не мазалап жүр? Елдегі жағдайдың
ақиқатын ашық айта аласыз ба?

- Өлген намысты тірілтуге, құм болған жігерді тасқайрақ қылуға, егер тек менің сөзім себептігін тигізе алса, айтайын. Абай атам сонау XІX ғасырда-ақ: Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла, толғанып. Жұртым деуге арлымын, Өзге жұрттан ұялып, - деп кетіпті. Сол айтқандай, басымызға қонған бақ құсы – азаттықты қолымыздан шығарып алмасақ жарар еді деген зар-мұңнан, қасіреттен бір өліп, бұл намыссыз қазақты «жұртым деуден арланып», ұяаттан екі өліп отырған жайым бар. Демек, мені мазалап жүрген, «мазалап» деудің өзі дұрыс емес, жанымды жегі құрттай жеп, қанымды қайнатып, жүрегіме шаншу боп қадалып жүрген жағдай көп. Біреу емес, екеу емес, жүздеп-мыңдап саналады. Ел ішінде ұлына, қызына, келініне, күйеу баласына, ағайын-туысқа құда жұратқа ренжіген, көңілі толмаған кейуана көкірегі қарс айырылып: « Ка-а-а-айсы бірін айтайын!» - деп отырмаушы ма еді. Сол айтқандай, елдегі бірер жағдай «әттең-ай!» дегізсе де, басқа жағымыз «шүкір» дерлік деңгейде болса, жаумай, қазан ұрмай, көз алдымызда қожырап, іріп-шіріп, үгітіліп, құл болып барады.

-Апыр-ай, Дүке, расында ашынып жүр екенсіз... Азаттығымыз құл
болатындай не қасірет туды басымызға?

- Мен сізге ол қасіретті тізіп берейін. Ата заңымызда «мемлекеттік тіл – қазақ тіл» деп жазулы тұр. Ал бірақ шындық – мүлде керісінше. Өз кониституциямыз, өз тіліміз өз елімізде ілікке алынбайды. Бұл мәселе тәуелсіздік алған күннен бастап айтудай айтылып, жазудай жазылып келе жатыр, соның өзінде күн өткен сайын ілгері жылжудың орнына, кері кетіп бара жатырмыз. Қасірет пе? Қасірет! Ұлтымыздың тұтастығының алтын діңгегі – ақ адал дініміз қожырады. Қазақ діни тұтастығынан айырылды. Қасірет пе? Қасірет! Айдын күннің аманында талапайға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан ырысымыз бен байлығымыз – анау. Есесіне елдің, жердің иесі, қанша ғасыр қан кешіп, жан алып, жан беріп, осы жерді қорғаған қазақ қайыршы күйге түсті. Оған дәлел – қалт-құлт етіп, «шықпа, жаным, шықпа» деп зорға отырған ауылдарымыз. Оған дәлел - өз жерінде, азат елінде өзгенің құл-құтаны болып, жанын әзер асырап жүрген қазақ жұмысшылары. Қасірет пе? Қасірет!

Өз елінде өгейдің күнін кешіп отырған мәдениетіміз бен өнеріміз. Нанбасаңыз, айтайын, бүгінде ешкімге керексіз, ең бейшара, ең қауқарсыз, ең қадірсіз, тобанаяқ тобыр – қазақтың ақын-жазушылары! Олар Кеңес Одағы

кезінде де бұндай сорлы күйге түспеген. Ал біздегі ең жетім өнер, ең қадірсіз өнер, ең сайқымазақ өнер, өз елінде өліп-өшіп бара жатқан өнер – қазақтың дәстүрлі әні мен күйі. Қасірет пе? Қасірет! Оны тыңдағың келсе өз еліндегі телеарнадан тек түнгі сағат екі-үштен кейін тамашалай аласың! Бұдан артық қандай қорлық керек?! Қазақтың әні мен күйін кезіндегі отаршыл-әміршіл жүйе де бүйтіп қорлай алған жоқ! Өз еліндегі ең құнсыз, қортық, қотыр, қорғансыз, бейшара, сорлы, сүмелек, қауқарсыз-ол қазақ! Қазақты Қазақстандағы ұйғыр өлтіріп, сүйегін қорлап кетеді. Шешен келіп шауып кетеді. Орыс одыраңдайды, кәріс кердеңдейді. Оны айтсаң, тімтеңдеп кеше келген қытай, үнді, ағылшын... дегендер де бүгін қазаққа осқырына қарайды. Қазақстанда қазақтан басқаның жүрісі талтаң-талтаң, одыраң-одыраң. Осының бәріне төзіп, сүмірейіп қана, қатқан нанын қажап, қара суын ұрттап, әйтеуір, құл-пенде болып күн кешіп отырған халықтың бойында зәредей намыс бар дегенге кімді сендіре аласың?!

Ал «үмітсіз – шайтан» деп, ертеңге деген үмітпен күн кешейін десең, бүгінгі жас ұрпақтың сана-сезімі мүлде сын көтермейді. Өйткені оларды біз тәрбиелеп жатқан жоқпыз. Жас ұрпақты күндіз-түні өзгелер тәрбиелеп жатыр. Олардың бойынан зәредей де ұлтшылдық, отаншылдық таппайсың. Оларға бәрібір. «Бәрібір» деген сананы жастарымыздың бойына, қанына Батыстың рухани-мәдени, діни экспансиясы орнықтырып болды.

Әрине, көпке топырақ шашуға болмас, жастардың ішінде де ұлтын, елін сүйетіндер бар шығар. Бірақ ондайлар, өкінішке қарай, өте аз! Балабақшалар, мектептер, университеттер шама-шарқынша білім беріп жатқан шығар, бірақ отаншылдық, кісілік, имандылық тәрбиесі – жоқтың қасы. Барының өзі баяғы компартияның, комсомолдың, пионердің жиындары сияқты, сұйық, жансыз. Ал денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет саласын жемқорлық меңдеп алған. Тұтас елдегі қай салада, қандай шаруаң болмасын, пара бермей, тым болмағанда жоғарыдан бір «көкең» араласпай бітпейді...

Көктей шолып, қысқа қайырып айтқан осы жағдайлардың бәрін көтеріп жүрген жүйкеге, осының бәріне шыдас беріп жүрген жүрекке, қане, енді таңғалмай көр! Мүмкін, намысы кемдеу жүрек пен жүйкеге онша салмақ түсе қоймайтын шығар немесе намыссыз, сорлы халыққа осындай өмір, осындай қоғам мүнәсіп те шығар, кім білсін?! - Сіз айтқандай, қоғамның көлеңкелі тұстарын, үкімет саясатының, ел билігінің ақ-қарасын айтыңызшы деп, аға буын зиялыларды іздесек, санаулы 4-5 адамнан басқа ешкімді таба алмаймыз. Бәрінің айтатыны – балашаға, қызметінің қамы немесе келе жатқан мерейтойы сияқты себептер. Жалпы, сіз қалай ойлайсыз, зиялылықтың қағидасы қалай болуы керек? - Ең әуелі зиялы деген кім? Осыны біз әлі анықтай алмай жүрміз. Қазір «зиялы» десек, жоғары оқу орнын бітірген, қалтасында бір ме, екі ме, тіпті үш дипломы бар, костюм-шалбар киіп, галстук таққан, қолтығында бір папкасы бар,

шашы-қасы ретті, бір әйелі, бір-екі баласы бар әлеуметтік топ көз алдымызға келеді. Зиялының анықтамасы, өлшемі осы ма? Жоқ. Біз зиялы дегенді латынның «интелигент» сөзінің аудармасы ретінде қолданып, солай қабылдап кеттік. Ал интеллигент «оқыған, сауатты» деген ұғымды білдіреді. Ал біздің қазақ тіліндегі «зиялы сөзінің ауқымы одан әлдеқайда кең. Мәселен, бір замандарда қазақ ауылдарында зиялы шалдар болған, олардың дипломын былай қойып, кейбіреуінің сауаты да болмаған. Демек, қазақтың түсінігіндегі «зиялы» деген ұғым саналы, сұңғыла, аңғарлы, иманды, ұятты, кісілікті, көргенді, елшіл, көпшіл, әділетшіл, шыншыл деген қасиеттердің бәрін қамтып жататын.

Ал бүгінгі біз айтып жүрген зиялының бойынан осы қасиеттер тұтастай табыла ма? Өкінішке қарай, жоқ. Бір кезде әлдекімдер: «Зиялы қауым – зиянды қауым», - деп айтып қалып жүрді ғой. Бұлайша көпке топырақ шашқан дұрыс болмас, дегенмен, кім айтса да, ашынғаннан, бүгінгі «зиялының» қылығына күйіп кеткеннен айтқан шығар. Ал өзге елдерге қарап отырсақ, елдегі зиялы қауыммен есептейтін билік жоқ. Ол дегеніңіз биліктің елшілігі мен зиялының тегеурінін көрсетеді. Мәселен, жаңылмасам, 1996 жылы болу керек, Алматыда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиналысына Ресей президенті Борис Ельцин, ҚХР төрағасы Цзянь Цземинь келеді деп күтілді. Кешікпей, белгілі себеппен Ельцин емес, Игорь Черномырдин келетін болыпты. Осы хабарды естіген Қытай зиялылары шулап, Цзянь Цземинге: «Ресей президенті бармаған жиналысқа ҚХР төрағасы неге барады?» - деп хат жазды. Сонан соң Цзянь Цземин зиялылар өкілдерін қабылдап: «Мен ШЫҰ жиналысынан тыс, ресми Алматымен шекара келісіміне қол қоюға барамын», - деп түсініктеме берді. Көрдіңіз бе, елдің зиялылары өз еліндегі билікке қалай ықпалды? Ал біз ше? Өзгені қойып, елшіл, ұлтшыл, мемлекетшіл болуға тиіс ақын-жазушылардың өзінің басы бірікпейді. Егер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – 700 ден астам қаламгер о баста – ақ елдік, ұлттық мүддеге қатысы бар мәселеде бірауызды болып, билікке белсенді түрде ықпал етіп отырған болса, елде дәл қазіргідей сорақылық орын алмаған болар еді. Жалпы, Қазір шырылдап Мұхтар Шаханов, Ғаббас Қабышев, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин (оның өзі шетел асып кетті), Смағұл Елубай, Эрнест Төрехан, Софы Сматай, Темірхан Медетбек, неміс болса да, қазақ үшін күйіп-пісіп Гер-ағаң (Г.Белгер) жүр. Тағы кім бар? Осы саусақпен санайтын шағын зиялы топ шыр-шыр етеді... Олардың тірлігі «жалғыздың үні, жаяаудың шаңы» секілді. Қалған жұрт «қай жеңгенің менікі» деп үйінде жатыр. Сонда не, бұлардың бала-шағасы, қызметі, тіршілігі, мерейтойы жоқ па? Оларға атақ-сыйлық, орден-медаль, жаңа пәтер, жайлы қызмет керек емес пе? Өздеріне болмаса да, балаларына билік мансап, жұмсақ кресло керек емес пе? Жай пенде боп ойласаң, бәрі керек.

Бірақ елдің болашағы, мемлекеттің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қалай ғана, егер ол шынымен де саналы адам болса, өзін бақытты сезінеді? Қалай ғана тыныш ұйықтайды? Оның үстіне, қоғамдағы дерт-дербезді көрсету, елде орын

алып отырған келеңсіздіктерді айту, биліктің шалыс басқан тұсын ескерту дегеннің не жамандығы бар? Біле білсе, билікке көмек, ұлтқа пайда. Мін айтқанның бәрін – дұшпан, кемшілік айтқанның бәрін – жау көру, түптеп келгенде, биліктің өзіне зиян.

- Аға буын зиялылардағы осы бойкүйездік кешегі кеңестік дәуірден қалған құлдық сананың сарқыншағы сияқты. Дегенмен қазір тәуелсіз елде тұрып жатырмыз ғой, ұлт зиялылары неден, кімнен жасқанады?

-Аға буын зиялылар құлдық санадан арыла қойған жоқ. Әрине, өзімді ақтамаймын, мен де сол буынның өкілімін. Ал жаңа буын зиялыға ұлт-шылдық, отаншылдық тәрбие бере алған жоқпыз. Демек, аға буын зиялылардың неден қорқып, неге жалтақтайтынын айттым. Ал жаңа, жас буын «оқығандарға» бәрібір. Өйткені олардың көбі бодандық дегеннің не екенін, азаттықтың қадірін, тәуелсіздіктің құнын білмейді.

- Сіз елге тәуелсіздікпен бірге оралдыңыз. Содан бері де біраз жыл өтті. Қазақстанның ішкі-сыртқы, қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайларын көзбен көріп, көңілмен тоқып келесіз... Сіздің ойыңызша, осы жылдарда тәуелсіздік бізге не берді?

- Тәуесіздіктен кейін жеткен жетістігіміз деп ауыз толтырып айтар мақтанышымыз – көршілермен ел шекарасын бекіттік. Астанамызды елдің орталық өңіріне көшірдік. Шетте жүрген біраз қандас бауырлар елге оралды. Егер бүгінгі билік ел ішінде орныққан сорақылықтарды (мен атап кеткен) жойса, саясаттың басым бағыттарын ұлттың болашағына, мемлекет мүддесіне қарай бұрса, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тұңғыш президент ретінде жаңағы мен санамалап өткен үш ұлы еңбегімен-ақ тарихқа алтын әріппен жазылып қалар еді. Бірақ, өкінішке қарай, өңмеңдеп келіп, өзгелер ойына келгенін істеп жатса, шекара сызығымызды бекітіп алғанымызды қайтейін! Жаңа астана жаңаша бағыт ұстанбаса, ұлт мүддесі баяғысынша далада қалса, астананы көшіргеніңді қайтейін! Қара қазақ баласы өз елінде өгейлік көріп жатса, ол өгейлерге шеттегі қазақты қосып қаңғыртып қойғаныңды қайтейін!

Жалпы, 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Ертеңіне 17 желтоқсаннан бастап, Қазақстанға кетудің қамына кірістім. Ол кезде Қытайда паспорт жасату, шетелге шығу – қияметтің қыл көпірімен өткенмен бірдей болатын. Содан не керек, бір жыл бойы шапқылап жүріп, 1993 жылы наурыз айында от боп жанып, лапылдап, жүрегімді аузыма тістеп, Отаныма – Қазақстаныма, астанам – Алматыма жеттім. Келсем, бәрі баяағыша, бәрі сап-салқын. Бәрі жым-жырт. Елеуреген жұрт, азаттыққа мастанған, тәуелсіздікке мақтанған ешкім көрінбейді. Таңғалдым. «Азаттық алғанымыз шын ба өтірік пе?»- деп күмәндана бастадым. Жиналыстар баяағыша орысша. Көшедегі КСРО көсемдерінің ескерткіштері, көшелердің аттары – сол қалпы.

Содан не керек, азды-көпті зиялы қауымның, ұлтжанды шенеу-ніктерінің әсер-ықпалы мен мимраттап болса да, ептеп алға жылжу болды. Ол кезде, бір

тәуірі, жердің асты-үстіндегі байлықтың егесі мемлекет болатын. Жұрт аш болса, да ертеңге деген үмітпен күн кешіп жатты. Бірақ қазақ халқының сан ғасырлық арманы да, аңсап – шөлдегені де, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзіндегі елі деген ертеңі де, күткен үміт де бұндай азаттық емес еді! Тіпті менің іздеп келгенім де мұндай Қазақстан, мұндай азаттық емес болатын.

-Тәуелсіздіктің дәл бүгінгі қадір-қасиетін қалай бағалайсыз? Жалпы, біз шынайы тәуелсіз елміз бе?

-Тәуелсіздік – тек жылы, тәтті, әдемі сөз ғана емес, ұлт басына қонған бақ! Шеті-шегі, өлшемі, бағасы жоқ байлық! Қарап отырсаңыз, жер бетіндегі (тарихта немесе бүгін) төгіліп жатқан қанның, ағып жатқан көз жастың дені осы азаттыққа тікелей қатысты. Егер азаттық, тәуелсіздік ұлт үшін соншалық қадірлі, қастерлі, қажетті болмаса, жұрттың сол жолда қан төгіп, құрбан беріп несі бар?!

Қазақ тарихындағы Кенесары, Махамбет, Исатай, Сырым, Саурық, Тазабек, Есет, Ұзақ, Жәмеңкелердің отаршылдыққа қарсы соғыстары, Алаш арыстарының ұлт-азаттыққа деген ұмтылысы, күресі; кешегі Желтоқсан көтерілісіндегі жастардың төгілген қаны, аққан көз жасы... бәрі, бәрі де азаттық үшін айқас, тәуелсіздік үшін күрес болатын. Меніңше, біз тәуелсіздіктің құнын, қадірін онша бағалай алмай жүрсек, оған себеп – азаттық бізге ешқандай күрессіз, қантөгіссіз, құрбандықсыз келді. Тіпті біздің жұрттың ішінде азаттықтың ауламызға «өз аяғымен кіріп келгеніне» қуанғандарынан гөрі, КСРО-ның құлап қалғанына налығандар көбірек болды.

Міне, осы «көпшілік» қауым жиырма жыл бойы өз ұрпағына артта қалған «коммунизм» туралы «жоқтау жырын» ғана айтумен болды. Ал билік жалпы ел тұрғындарына отарсыздану, жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие бере алмады. Осыдан барып ойласаң, бүгінгі тәуелсіздіктің, азаттықтың, Отанның құнының қадір-қасиетінің неге арзандап кеткен себебін оп-оңай түсінесің. Нанбасаңыз, қазір ауылды жерге барып, көнекөз қарияларға Кеңес Одағына, Сталинге, Брежневке шүбә келтіретін әңгіме айтып көріңізші, сізді таяақтарын ала қумаса, маған келіңіз. Осыдан кейін біздің қазаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, азаттықтың құны туралы сөз қозғаудың қандай мән-маңызы бар деп ойлайсың... - Қазақтың бойындағы сіз саналмаған кемшіліктерді ұлы Абай да айтып кеткен еді. Кемеңгер бар кінәні қазақтың өзінен көрген болатын... - Қазақта «Сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» деген мақал бар. Халық та, оның билеушісі де солай. «Алма ағашынан алысқа түспейді», - дейді тағы да сол қазекем. Мақал «саба, піспек, сақал, іскек, алма, ағаш» туралы болып отырғанымен, бар құбылыс солай. Халқы билеушісіне, билеушісі халқына әмәнда сай, сәйкес болады. Әрине, «сай болайын» деп болмайды, тарихи, әлеуметтік, этникалық, генетикалық, сана-сезімдік, психологиялық, зерделік, бірауыз сөзбен айтқанда, тарихи қалыптасқан ұлттық менталитет қай кезде болса да, қазақ баласының бойында сақталады.

Оппозициялық партиялардың, тәуелсіз, басылымдардың сөзіне нансақ, «тек Назарбаев биліктен кетсе, қазақтың бар мәселесі шешіліп, керемет ел болар едік» дегенге саяды. Жоқ, мен бұл пікірмен келіспеймін. Ертең Назарбаевтан кейін билікке Базарбаев келуі мүмкін, бірақ ел жағдайында, саяси жүйемізде үлкен өзгеріс, айтулы бетбұрыс бола қоймайды. Себебі, бір елдің халқын кеседегі су десек, одан бір қасық суды іліп алып дәмін көр, екі, үш, төрт, бес, он, жүз, мың ... қасық алып көр, бәрібір – сол су. Сондықтан ол судың құрамын өзгерту, тазарту, сапаландыру керек. Бір кесе судың сапасын өзгерту, әрине, опоңай һәм бір сәттік шаруа. Ал халықтың қан құрамын, рухани сапасын өзгерту – ғасырлардың әңгімесі. Ол үшін неше буын ұрпақ ауысу керек. Ұлттық менталитет өзгерту керек. Өйткені қазақ халқы өз тарихында ешқашан өзін-өзі билеп көрген емес. XY-XVІІІ ғасырларда бізді хан-төрелер (Шыңғыс хан ұрпақтары) биледі, XVІІІ ғасырдан XX ғасырға дейін орыс биледі. Қара қазақ жаралғалы тек бодан, құл, құтан болып 5 ғасыр ғұмыр кешіп келді. Бұндай елден, біз сияқты халықтан бүгін-ертең Дэнь Сяопинді, Ататүрікті, тағы басқа біреуді іздеу әбестік болар еді. Осыған уақыт керек.

Сол күнге жеткенге дейін, ілдалдап азаттықты аман сақтап тұрса, соның өзі – қазаққа үлкен олжа. «Азаттықты аман сақтап тұрса» дегенді жайдан-жай айтып отырған жоқпын, жалпы, тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдай уақыт болды ғой, осы уақытта қазақтың билігі болсын, зиялысы болсын, қарапайым халқы болсын, жастары болсын, азат ел болуға дайын емес екендігін байқатты. Бүгінгі біздің елдің жалпы саяси-әлеуметтік, мәден-рухани жағдайы – соның салдары, жемісі. Егер ел боламыз десек, бірінші кезекте ұлттық болмысты жаңғыртуға күш салуымыз керек.

- Ол үшін не істеу керек?

– Билік бас болып, зиялы қауым жетекші болып, тұтас ұлттың бойындағы кінәратпен күресу керек. Ұлттық сана-сезімді, ұлттық мінезді, ұлттық түсінікті, бірауыз сөзбен айтқанда, қазақ деген ұлттың менталитетін, болмысын түбірінен өзгертпейінше, басқа тірліктің бәрі «жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» кебі болмақ. Ол үшін тұтас зиялы қауым, әсіресе ақындар мен жазушылар қолдарына қаламын алып, туған халқының ой-санасы туралы толғансын. Меншік нысанына қарамастан, барлық БАҚ журналистері Ресей журналистеріне жалаң еліктеп, «Таңғалмаңыз!» «Кеш қалмаңыз!» деген секілді еріккенің ермегіне ел ақшасын шығындалмай, тұтас ұлтты ойландыратын, ояататын сөз айтсын.

Яғни бүгінгі күні қазаққа М.Мағауиннің «Ұлтсыздану ұраны», Т.Шапайдың «Қазақтың жаны» сияқты, бір кездегі М.Қабанбайдың көсе мсөздері секілді дүниелер керек. Яғни қазақтың ақын-жазушылары бір мезгіл өлеңін, әңгімесін, романын қоя тұрсын да, көсемсөзге көшсін. Сөйтіп, қазақ халқының менталитетіндегі бүгінге, тіпті ертеңге керек қасиет не? Жоқ нәрсе немесе жетпей тұрған нәрсе не? Сондай-ақ ұлт бойында қандай кертартпа,

кесір-кесапат мінездер, қылықтар бар? Соның бәрінің қоясын ақтарсын. Қазақты сілкісін. Жойылу қаупі төніп тұрған немесе ешкімге керек емес тілде жазған өлеңнің, романың кімге дәрі?! Егер шын елім, қазағым деген қаламгер болса, осының бәрін жазсын, мектептерге барсын, радио-телевизордан сөйлесін. «Ұра берсең, құдай да өледі». Бұл тірлік ерте ме, кеш пе, өз жемісін береді. Қысқасы, тәуелсіз елдің болашағы, азаттықтың тағдыры үшін, бірінші кезекте атқарылар шаруа – осы. Жоғарыда айттым ғой, Назарбаевтың орнына Базарбаевтың келуімен ештеңе шешілмейді. Сондықтан қазақ зиялысы жаппай ұлттың рухани сапасын көтерумен, менталитетіне бетбұрыс жасаумен айналыссын. Егер ұлт менталитеті өзгермесе, мың мәрте президент ауыстыр, түк шықпайды. Бұған көрші қырғыздардың жағдайы – жақсы дәлел.

- Бүгінгі жастардың тәрбиесі, әдеп-инабасының көңіліңізге толмайтыны сөз ләміңізден байқалады...

– Дәл қазір қазақ қоғамында үш түрлі әлеуметтік топ бар. Біріншісі – тәуелсіздікке қуанған, соның болашағын, амандығын, тілеп, сол жолда аздыкөпті еңбек етіп жүргендер;

Екіншісі – тәуелсіздік алғанда аса қуана қоймаған, бүгінде «маған
бәрібір» деген түсінікпен жүргендер;

Үшіншісі – тәуелсіздіктен кейін өсіп-өнген жастар. Алдыңғы екі топ туралы жоғары әңгіме арасында айтып өттім. Ал жастар туралы айтатын болсақ, әрине, ойы озық, санасы азат, елім деп еңіреп өсіп келе жатқан жастар бар. Өкінішке қарай, оның саны өте аз. Жүзден емес, мыңнан бір әрең-әрең кезігеді. Ал біздің көптеген жас буынның бойынан ұлттық сана-сезімді, отансүйгіштікті, елге деген жанқиярлық махаббатты байқау қиын. Көбісінің жетсем деп алдына қойған мұрат-мақсаты – иегенің асты, мұры-нының ұшы. Жақсы жұмыс, мол ақша, шетелге кету т.с.с.

Бұған кім кінәлі? Бұған жиырма жыл бойы тәлім-тәрбие бере алмаған өзіміз кінәліміз. Олар бодандықты көрген жоқ. Бірақ біздің оларға туған халқының бодан кездегі көрген қорлық-зорлығын айтып, біреуге отар болғанның, құл-құтан болғанның қалай болатынын санасына сіңіруіміз керек еді. Оны жасадық па? Жасаған жоқпыз. Айтатынымыз –жоғалып кеткен Жоңғар. Сол соғыстағы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек т.б. батырлардың ерлігі. Жарайды, ол да керек. Бірақ неге біз патшалы Ресейден, Кеңес Одағынан көрген қорлық-зорлықты айтпаймыз? Кенесарының өмірінен, Махамбеттің ерлігінен, Алаш арыстарының өмірінен, XX ғасырдағы 16 жыл туралы, 20 жылдарындағы ұжымдастыру шындығы, 32 жылғы ашаршылық жайында, 37 жылғы қырғын туралы шыңғырған шындықты айтып, бір кино түсіре алдық па? Жоқ!

Ұлы Мұхаңның (Әуезов) «Қилы заманын» экранға шығара аламыз ба? Шығара алмаймыз. Осыдан кейін барып, жастарымызды еліңді сүймедің, жеріңді сүймедің, тәуелсіздіктің қадірін білмедің деп қалай кінәлаймыз?!

Осының кейін барып, жастарымызды еліңді сүймедің, жеріңді сүймедің, тәуелсіздіктің қадірін білмедің деп қалай кінәлаймыз?! Осының бәріне тек, тек қана билік емес, манағы мен айтқан қазақ ұлтының бойындағы керенау мінез, жауапсыз қылық, жасқаншақ психология, ұлт мүддесін ешқашан өз мүддесінен жоғары қоя алмайтын тоғышарлық, бишаралық себеп болып отыр.

Жалпы, қай кезде, қай елде болса да, білім мен тәрбие адам үшін құстың екі қанаты секілді. Біз балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында бүлдіршіндерге, жас ұрпаққа тәрбие беріп жатқан жоқпыз. Балабақшада балаларға киіз үйдің моделін көрсетумен, мектептерде «қызсынын» өткізумен, жоғары оқу орындарында «Жас отан» деп жар салумен жас ұрпақтың бойына, сана-сезіміне отаншылдық, ұлтжндылық, елдік сүйіспеншілік сіңіре аламыз ба? Күні бүгінге дейін жас ұрпақтың тәр-биесімен қазақ елінде ешкім айналысып жатқан жоқ. Себебі, балабақшадағы, мектептегі, жоғары оқу орнындағы тәрбиенің сиқы – анау. Бұған да жалаң билік емес, қазақтың осы салада жүрген ұстаздары да кінәлі.

Мәселен, Өзбекстанда тағдыр тәлкегімен балалар үйіне түскен, ұлты басқа тастанды баланы өзбек етіп шығару үшін, ондағы тәрбиешілер ешкімнің нұсқауынсыз-ақ жанын салады. Атын өзбекше қояды, тілін өзбекше шығарады. Қысқасы, қаны басқа біреуден «жә» деген өзбек жасап шығарады. Бізде ше?

Мектепке барған «тарыдай» қазақ баласы «таудай» орыс болып шығады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, менің: «Қазақ халқының менталитетінде мәселе бар»,- деген пікіріме келісесіз бе?! Демек, «сасыған етке борсыған май», «сақалына қарай іскегі», «ондай қазанға бұндай шөміш» деген –осы.

-Оппозицияға деген көзқарасыңыз қалай? Кейбір азаматтар: «Қазақстанда нағыз оппозиция жоқ, барлары – биліктің өнімі», - деп жүр. Сіз не айтасыз? -Биліктің өнімі болама, басқа болама, Қазақстанда оппозиция бар. Бірақ оларда қазақ қоғамын меңдеген дерттің диагнозын дөп баса алып жүрген жоқ. Яғни олар бар кінәні тек биліктен ғана іздейді. Ұлттың өн бойындағы мәселемен, ұлттың рухани хал-күйін жаңғыртумен айналыспайды. Сайлау кезінде ғана аса белсенді жұмыс істеген сыңай танытады. Жай кезде тіпті қарапайым халық оларды ұмытып кетеді. Сосын біреуімен біреуі қосылып, бөлініп, кейде ырың-жырыңға да орын беріп жатады. Оның өзі көбінде қарапайым халықтың сенімін әлсіретіп, күдігін көбейтеді. -Дүкен мырза, өзіңіз ақынсыз, Астанадағы әдебиет пен өнердің, мәдениеттің халі жайында не айтасыз? -Астанада әдеби орта жоқ деуге болады. Санаулы ғана ақын-жазушы бар. Олардың дені – мемлекеттік қызметте. Қалғандарының өз тірлігі өздерінде. Сонымен өте сирек өтетін ақын-жазушылардың мерейтойлары, шығармашылық кештері, кітаптарының тұсаукесері т.б. сияқты шаралардың тұсында болмаса, Алматыдағыдай қайнап жатқан әдеби, мәдени өмір жоқ.

Ал бір уақ газет алып оқиыншы десең, қазақ тіліндегі басылымдарды итпен іздеп зорға табасың. Астанадағы ұлттық кітапханаға директор болып жазушы Рахымжан Отарбаев келгелі бері «Мағжан оқулары», «Әуезов оқулары», «Айтматовты еске алу кеші», одан басқа да біраз ақын-жазушымен кездесу өткізілді. Осы кітапхана соңғы кездері Астанадағы рухани орталыққа айналып келеді. Бірақ жай күндері Қазақстандағы қай қалаға (ауылға емес!) барсаң да, өзімді Қазақ елінде жүргендей сезіне алмаймын. Әйтеуір, төменшіктеп, жаутаңжаутаң етем де жүрем. Өйткені орысша білмеймін. Орысша білмеген соң, басымды көтеріп, кеудемді керіп жүре алмаймын... Біздің жағдай –осы! -Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен : Жұқамыр Шөке, «Дат» газеті. 10 наурыз 2010ж. № 10 (47)

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ СЫРТҚЫ НАСИХАТЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ

– Сіз «салыстырмалы әдебиеттану» деген мамандық бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде докторлық диссертация қорғаған ғалымсыз. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы осы бір жаңаша ұғым деуге келетін салыстырмалы әдебиеттану ғылымы туралы оқырманмен өз ойларыңызбен бөліссеңіз. Сондай-ақ оның кешегісі мен бүгіні, болашағы, қазақ әдебиеттану ғылымы үшін өзектілігі деген мәселелерге де өзіңіздің пікіріңізді білсек деп едік. – Бұл арада әсіресе қазақ әдебиеттанушыларына, жалпы көзі қарақты оқырман қауымға «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» туралы түсініктеме беріп, ол туралы ұзақ сонар сөз айту басы артық әңгіме болар еді. Өйткені салыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М.Әуезов екенін айтады. Алайда негізін салу, іргетасын қалау деген сөз – қалай дегенмен де, сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Сол ұлы Мұхтар Әуезовтер ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында негізін қалаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қазақ елінде 50-жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек Тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде кеңестік кезеңде салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп – ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, осы бір идеяны ғана «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Әрине, біз бұл арада «қазақ әдебиетіне орыс әдебиетінің игі ықпалы болған емес, орыс қаламгерлерінен нәр алған, үлгі-өнеге алған ақын-жазушы болған жоқ» деуден аулақпыз. Тіптен осы бағыттағы «ықпал-әсерді, өзара үлгі-өнегені» зерттеудің өзі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір бұтағы, бір тармағы ғана болатын. Яғни салыстырмалы әдебиеттану ғылымының өзі «ықпалдастық теориясы» және «параллель зерттеу теориясы» деп жіктелетін болса, кеңестік идеология осындағы тек «ықпалдастық теориясына» ғана жылы қабақ танытып келді. Оның өзінде бұл теория жоғарыда айтқанымыздай, тек бір бағытта, яғни одақтас республикалардан шыққан қаламгерлердің тек «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққандығын» «дәлелдеу» үшін қызмет етуі керек болды.

Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымының тағы бір үлкен саласы адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің, эстетикалық аңсарының, арман-мұратының үндестігін, сәйкестігін, тамырластығын, қанаттастығын, өзектестігін, сарындастығын айқындауға бағытталған, сөйтіп, бүгінгі жер бетіндегі діні, тілі, түрі бөлек халықтардың өмір сүру мұраты, әлемді қабылдауы мен тануы, махаббаты мен ғадауаты қарайлас, о баста, шынымен де, Адам ата мен Хауа ана дейтін бір тектен, бір атадан тараған «Адамзат» деп аталатын бір жұрт екендігін дәлелдеуді мақсат тұтатын «параллель зерттеу» деп аталатын бұтағы мүлде шеттетіліп келді. Әрине, Кеңес Одағында өмір сүретін халықтардан бір ғана «кеңес ұлтын» жасауды мақсат тұтқан қызыл империяға бұл бағыттағы танымның да, теорияның да ұнай қоймасы екібастан анық болатын. – Сонда Әуезовтен басқа біздің әдебиетшілер бұл салада ізденбеген бе? – Біздің әдебиеттанушы ғалымдарымыз «қызыл идеология рұқсат етпейді» деп, мүлде қол қусырып қарап отырмаған. Яғни М.Әуезовтен бермен қарайғы қазақ ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымын жеке-дара, өзінше ғылым ретінде қарастырмағанымен, Қожанасырдың «жауын-жауынның арасымен жүргеніндей», өзге еңбектерінің ара-арасында, басқа тақырыптардың орайында салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жиі-жиі соғып, аталған ғылымды теориялық та, практикалық та тұрғыда орнықтыруға атсалысты. Сондай ғалымдардың бірі һәм бірегейі осы біз сөз еткелі отырған академик Рымғали Нұрғали десек, артық та, асыра да айтқандық болмайды. Басын ашып айтар бір нәрсе – өмір бойы қазақ әдебиетін, оның түрлі жанрлары мен өзекті мәселелерін, ондағы Алаш рухын жеріне жеткізе зерттеген академик марқұм Р.Нұрғалидың барлық әдеби-зерттеу мұраларын қарап отырсақ, ғалымның салыстырмалы әдебиеттану ғылымының да бірегей білгірі екендігі, аталған ғылымның өткен-кеткенімен, қыр-сырымен жан-жақты хабардар, жай хабардар емес, тіпті оның үлкен теоретигі екендігі менмұндалап тұрады. Әрине, бүгінгі күні әлдекім жер шары дейтін ортақ мекенде іргелес жасап келе жатқан халықтардың ақыл-ойының, мәдениеті мен өнерінің өзара ықпалдастықта дамитындығы туралы айтса, ол, әрине, ешқандай жаңалық та, ерлік те болмас еді. Ал «сендер Қазан төңкерісінің арқасында ғана адам қатарына қосылдыңдар, ұлы орыс халқының арқасында өркениетке жеттіңдер» деген жалғыз ұранмен ғана өмір сүргізген, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде ағысқа қарсы жүзу, қарағайға қарсы біткен бұтақтай тірлік ету ғалыми парасаттылықты былай қойғанда, ерлікпен парапар болатын. Бүгінде Қазақстан мен өзге елдердегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының даму тарихын, пәнді зерттеудің теориялық, методологиялық негіздерін, басты категориялары мен түсініктерін айқындай түсу үшін нақты ғылыми тұжырымдар жинақталып келеді. Байыптап қараған кісіге жаһанданудың жойқын үдерісі ұлттық тіл мен ұлттық территорияны өзінің басты нышаны, өзекті өлшемі еткен «ұлттық әдебиет» атты ұғымға белгілі деңгейде көлеңке

түсіре бастағаны бірден аңғарылады. Керісінше, салыстырмалы әдебиеттану ғылымына кең өріс ашып берді. Өйткені жалпыға мәлім болғанындай, «ұлттық әдебиет» ұғымы ХVІ ғасырда ұлттық мемлекеттердің жаппай бой көтеруі мен ұлттық тіл бірлігі мәселесінің тарих сахнасына атойлап шығуына ілесе өмірге келген мәдени, идеологиялық құбылыс болатын. Сондықтан ұлттық әдебиет о баста-ақ өңірлік, ұлттық, тілдік, мәдени ерекшеліктерді өзінің басты қайнар бұлағы, тіршілік тынысы, бет-бейнесінің қалыбы етіп қалыптасты. Ал салыстырмалы әдебиеттану болса, өмірге жолдама алған күннен-ақ ұлтаралық, мәдениетаралық ұғымдарды басты тұғыр ете отырып, алды-алдына «би» болған, жеке-дара өмір сүріп жатқан ұлттық әдебиеттерді «ымыраға» шақырумен бірге, олардың арасындағы ықпалдастықтар мен үндестіктердің себеп-салдарын, қырсырын, заңдылықтарын аша отырып, олардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етуді басты мақсат етті. Өкінішке орай, кеңестік кезең бұл игілікке қолымызды жеткізген жоқ. Ендігі жерде қазақ әдебиеті мен өзге елдер әдебиетін терезесі тең әдебиеттер тұрғысынан салыстырыла қарастыруға көбірек ден қоятын, ерекше назар аударатын уақыт жетті деп ойлаймын. – Қазақтың ұлы суреткері М.Әуезов пен қытайдың танымал жазушысы Лу Шүн шығармашылығын салыстыра қарастырып, докторлық диссертация жазғаныңыз белгілі, «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» деген монографияңыздың жарық көргенін де білеміз. Жалпы, М.Әуезов пен Лу Шүнді салыстыра зерттеуіңізді қытайлар қалай қабылдады? – Жұртқа мәлім болғанындай, Қытай деген де – ірі мемлекет, алып ел. Олар сыртқа жымын білдірмей, жымиып қана жүргенімен, іштей оңай-оспақта өзгелерді бойына тоғыта қоймайды. Әсіресе біз секілді көшпелі тірліктен келген елдерді тіптен көзге іле бермейтіні анық байқалып тұрады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Пекиннен шығатын «Лу Шүн зерттеу» деген журналға қытай тілінде жазылған «М.Әуезов және Лу Шүн: шығарма өзегі – ұлт тағдыры» деген мақаламды жібердім. «Қазақстанда ұлы Лу Шүнмен Мұхтар Әуезов деген бір қазақты салыстырып, біреу докторлық диссертация жазыпты» дегенді естігенде, алғашында қытайдың лушүнтанушы ғалымдары миығынан күліпті. Көп өтпей маған хат келді. Хатта: «Лу Шүнмен салыстырылатын жазушының деңгейіне біз ерекше мән береміз. Лу Шүнмен салыстыратындай бұл М.Әуезов деген – кім өзі? Ең әуелі, бізге сол туралы мәлімет берсеңіз», – депті. Әуезов туралы анықтама бердім. Қытайлар табынып оқитын Л.Арагон, М.Шолохов, Л.Федин, А.Фадеев, Ш.Айтматовтардың Әуезовке берген бағасын айттым. Содан кейін барып олар мақаланы басты. Өткен жылы аталған журнал бетінде бір қытай ғалымының Лу Шүнмен салыстырыла зерттелген әлем жазушылары туралы мақаласы жарық көрді. Мақала авторы Әуезовті де ерекше ілтипатпен ауызға алыпты. Қазір Қытайда менің сол «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» деген монографиям қытай тіліне аударылу үстінде. Демек, бір ғана біздің осындай болмашы ізденісіміз

қытайлардың Алаш қозғалысы туралы, ХХ ғасыр басындағы қазақ елі туралы, қазақ әдебиеті туралы, М.Әуезов туралы қасаң түсінігінің мұзын ерітті деуімізге болады. Ал егер бір ғана Мұхтар Әуезовті емес, басқа да ұлы қаламгерлерімізді әлемнің өзге де классиктерімен салыстыра қарастырсақ, зерттеу еңбектерімізді сол елдерде жарияласақ, артынан шығармаларын аудартсақ, өз елімізде қайтақайта қалың-қалың томдарын шығарғаннан гөрі, әлдеқайда жемісті, мәнді, мағыналы шаруа болар еді. - Бүгінгі қоғамда әдебиет ұлт мүддесіне қызмет етуі үшін бірінші кезекте нендей мәселелерді қолға алу қажет? - Күллі адамзаттың тарихына қарап отырсақ та, өз тарихымызға үңілсек те, қай кезде де, қандай қоғамда да сөз өнерінен, сөз өнерінің құдіретінен пайдаланбаған ел болған емес. Өзгені былай қойғанда, баяғыдағы қазақ билері мен шешендері, ақындары мен жыраулары өз заманындағы қазақ қоғамының сақшысы да, жоқшысы да болатын. Ал Абай сөзі күні бүгінге дейін қазақ руханиятының бағдаршамы болып келеді. Тіпті қыл аяғы кешегі кеңестік кезеңнің өзі де сөз өнерінің құдіретін әлсіреткен жоқ. Әрине, олардың ұстанған жолы, бағыт-бағдары ұлт мүддесіне қайшы болды, соның өзінде әдебиетті өз идеологиясына қызмет еттірді. Сол идеологияға қызмет ете жүріп те, қазақтың керемет әдебиеті жасалды. Сол әдебиетте жасырын түрде ұлттық рух сақталды, мүлде жымысқы түрде ұлт-азаттық күрес насихатталды. І.Есенберлиндердің тарихи романдары, Ж.Молдағалиевтердің «Мен қазақпын» поэмалары әр кезде өз оқырманының жігерін қайрап, намысын жанып отырды. 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаны, екінші бір сөзбен айтқанда, сондай ұлттық рухтағы әдебиеттің жемісі деуге де болады. Ал Тәуелсіз елге әдебиет керек емес пе? Керек болғанда қандай, әдебиет бізге ең бірінші кезекте азат еліміздегі азат сананы қалыптастыру үшін, ұрпақтарымыздың санасына патриоттық сезімтүсінік ұялату үшін, жалпы, мәңгі азат Қазақ елі болып қалуымыз үшін керек. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі күні дүниежүзіндегі мемлекеттер мен халықтардың өмірі мен мәдениетінің бар саласына дендеп еніп бара жатқан жаһандану үдерісі барлық ұлттар мен ұлыстардың алдына ауқымды да көкейкесті міндеттер жүктеп отыр. Ол міндет – жаһандану үдерісімен бірге келетін тиімділіктер мен жеңілдіктерден ұтымды пайдалана отырып, әр халық өзінің төл құндылықтарын сақтап қалу және оны әрі қарай дамыту. Бұл міндетті жүзеге асырудың басты тетігі – әр халық өзінде бар рухани құндылықтарды жедел түрде әлемдік аренаға шығарып, жаһандық рухани айналымға енгізу. Бұл шараға, әрине, ұлттың өзге де рухани құндылықтарымен бірге, әдебиеті мен өнерінің, мәдениеті мен ғылымының алтын діңгек, сом тұлғаларын да тарту – парыз. Ондай тұлғаларға қазақ әдебиеті мен өнері, мәдениеті мен ғылымы да кенде емес. Бұрын да кенде болмаған, Құдайға шүкір, қазір де кенде емес. Сондықтан мемлекеттің әдебиет пен өнерге салған ақшасы зауыт-фабрикаларға салған ақшасы секілді күні ертең қып-қызыл ақша болып қайта оралмауы мүмкін, бірақ

елдің тағдыры үшін, ұлттың болашағы үшін өлшеусіз пайда әкелетіні жасырын емес. Осыны ойлағанда, батыстағы әлдебір болған-толған елдерге еліктемей, әдебиетіміз бен өнерімізді барынша әспеттеп, оның құдірет-киесін де, өресі мен өрісін де кемітіп алмағанымыз дұрыс. Нақтырақ айтқанда, қазақ ақынжазушыларының, қазақ әдебиетінің жағдайы, кем дегенде, кеңестік кезеңдегі құдіреті мен құрметінен төмен болмауы керек деп ойлаймын. Әрине, қалам ұстаған жұрттың бәріне болмаса да, мемлекет аса талантты тұлғаларға шығармашылық жағдай жасағаны жөн. – Сіздің ойыңызша, бүгінгі жас ұрпақ, оның ішінде қала өркениетінде, ұлттық өнерден гөрі батыстық мәдениеттің бесігінде тербеліп өскен балдырғандар әдебиет деген ұғымды қалай түсінуі мүмкін? – Біздің қазақта қалада туып-өскен, шығармаларын қазақ тілінде жазатын ақын-жазушы бұған дейін болған емес. Бар болса, кешірсін, бірақ ондай ақынжазушыны естіген емеспін. Бұның себебі не? Бұның себебі – күні бүгінге дейін қалада қазақ мәдениетінің өрісі, қазақ руханиятының бесігі болған жоқ. Қысқасы, Қазақстанның қалаларында қазақ өмірі жоқ. Тіпті өзгені былай қойғанда, қарым-қатынас жасайтын тілдің өзіне тыныс, өріс жоқ. Егер ана тіліне уызы жеткілікті жарып келген біреу болмаса, ауылдан келген адамның өзі аз жылдан соң-ақ тілдік кембағалдыққа ұшырай бастайды. Сондықтан қалаларымызда қазақ мектептерінде оқып жүрген балаларымызға сөз өнері дари қоймайды. Олар үшін әдебиет деген – мектепте оқытылатын көп пәннің бірі ғана. Өлі түрде жаттап алса, жақсы баға алса, болғаны. Сондықтан біздің зиялы қауым қаладағы қазақ мәдениетінің, қазақ руханиятының өсіпөркендеуінің кешенді бағдарламасын жасау керек. Өйткені біз әрідегі көшпенді халықтың ұрпақтары болғандығымыз үшін көшпелі мәдениет, көшпелі ой-сана қалаға келгенде, еріксіз отырықшы елдің өркениетіне орын береді. Сөйтіп, өз-өзінен ығыса, суала береді. Бұл өз кезегінде бөгде мәдениеттің диірменіне су құятын күштердің санын арттырумен бірге, өз ішімізден шыққан өз мәдениетімізге қарсы нигилистердің де қатарын өсіруі мүмкін. Сондықтан бізге тездетіп, тіпті мемлекеттің атсалысуымен қалалық-отырықшылық мәдениеттің үлгісін жасақтау керек. Онсыз урбанизация екпіні әкеліп, қалаға тоғытып жатқан бүгінгі қазақтардың ұрпағының бәрі ертең басқаша бағытта қалыптасуы мүмкін. Мәселен, қытай тарихына қарап отырсақ, көшпелі моңғолдар мен манжурлар қытайларды билеп-төстеп отырып-ақ екі-үш ғасырда жұтылып кеткенін көреміз. Оның ең басты себебі – көшпелілердің мәдениеті қалаға келген соң, әдіре қалып, түкке жарамай қалады. Сондықтан қалада туып-өскен баланың қазақ әдебиеті туралы түсінігі былай тұрсын, қазақ ұлты туралы түсінігін жөндеуге мән беретін уақыт жетті ғой деп ойлаймын. - Алашқа айтар датыңыз.. - Әншейін отырып алып, өз қазанымызда өзіміз қайнап, өз буымызға өзіміз семіріп, «Абайымыз ұлы», «Әуезовіміз классик», «Мағжанымыз керемет» деп

отыра берудің заманы өтіп барады. Әсіресе бүгінгі мынау жаһандану заманында өз ұлттық құндылықтарымызды әлем халқының назарына ұсынып, әлемдік рухани қазынадан орын алуға ұмтылмасақ, ертең бәрі кеш болады, кеш болған соң, еткен еңбек, жиған байлық еш болады. Иә, Абай да, Махамбет те, Мұхтар да, Мағжан да… – бәрі-бәрі де әдебиетіміздің ұлы тұлғалары. Тіпті бүгінгі көзі тірі классиктерміз де әлемнің менмін деген алыптарынан бір мысқал да кем емес. Бірақ олардың бәрін жалпақ жаһан жаппай біле бермейді ғой. Бізге қазақ әдебиетінің сыртқы насихатын күшейту қажет. Егер өзге елге «сенің бәленше деген ұлы ақының секілді біздің Абайымыз бар» дейтін болсақ, бұл пікірге олардың көзін жеткізу үшін сол екі ақынды салыстыра зерттеу керек, ғылыми түрде олардың көзін жеткізу керек. Сонда ғана олар Абайды мойындайтын болады. Демек, жай ғана аударма арқылы танытып жібереміз деу де – жаңсақ ұғым. Негізінде, салыстыра зерттеудің арқасында қазақ әдебиеттану ғылымы да, қазақ әдебиеті де әлемдік рухани кеңістіктен өз орнын иеленуге мүмкіндік алар еді. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ
«Алаш айнасы» газеті. 9 маусым 2010ж. №94ж

ОТАН ҚҰШАҒЫНДА ӨТКЕН ОН ЖЫЛ

Бекен Қайрат: – Дүке, отанға оралғаныңызға биыл тұп-тура 10 жыл толыпты. Әрине, он жыл тұтас жөңкіліп жатқан тарих көші үшін қасқағым сәт қана. Ал адам өмірі үшін белгілі бір кезең беуге болады. Осы отанда өткен он жылыңыз туралы не айтар едіңіз. Дүкен Мәсімханұлы: Бұл он жыл туралы айтар сөз бір сұрақтың жауабының аясына сия қоймас. Иә, тағдырдың жазуымен шетелде туып-өстік. Білім алдық. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, тарихи атамекенге – азат Отанға жетсек дегенде ұшарға қанат болмады… Бірақ қанша асыққанымызбен, Отанға оралудың сәті 1993 жылдың науырыз айында ғана туды. Б.Қ.: – Ол кез яғни 1990-шы жылдардың алғашқы жартысы еліміздің зкономикасы тығырыққа тіреліп тұрған қиын кезең болды ғой, тура сол кезде отанға оралыпсыз. Қиналам деп ойламадыңыз ба? Д.М.: Ол кездегі Қазақстанда болып жатқан экономикалық қиындықтан қытайда жүргенде-ақ жақсы хабардар едім. Ол жақта мен жұмыс істеген мекеме қазіргі “Жұлдыз”, “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті”, “Жас алаш”, “Парасат”, “Зерде” деген мерзімді басылымдарды жаздырып алатын, әрі ол кезде “Шалқар” радиосын ол жақта күндіз-түні тыңдауға болатын. Оның сыртында бүгінгідей екі ел арасында жұрт шуап жатпағанымен, бірлі-жарым барған-келгендерге кезігіп тұратынбыз. Қысқасы бұнда болып жатқан барлық жағдайдан хабарымыз бар еді. Демек, қиындықты, қиналатынымызды көріп-біле тұра келдік. Ал керісінше ондағы жағдайымыз жап-жақсы болатын. Содан ғой, кейбір ағаларымыз бен ағайындарымыз: “Қазір не бар?! Ол жақта бүгінде жоқшылық жайлап, жұрт аш-жалаңаш отыр… Кейін жағдайлары оңалып жатса, сол кезде көрмейсің бе? ”- деген ақылын да ашық айтты. Бірақ ондай ақыл менің жолыма кедергі бола алған жоқ. Өйткені менің ұғымымда, қарын тойдыру – тек хайуанның ғана қайғысы. Ол туралы халқымыздың “ер туған жеріне …” деп басталатын жақсы мақалы бар ғой… Осындай танымның жетегімен, отанымдағы қиындықты ондағы қандас-бауырларыммен бірге көрейін деп, қиналсам да өз отанымда қиналайын деген рухпен келген болатынмын. Б.Қ.: – Ондай патриоттық рух бар да, ащы ақиқат тағы бар. Алғаш келген жылдарда қиналған жоқсыз ба? Д.М: “Қиналмадық” деп қылымсып қайтейін. Қиналдық. Қиналғанда жай емес, қатты қиналдық. Туған ауылымен, ағайын-бауырымен бірге өмір сүріп отырған жергілікті ағайындардың өзі “шықпа, жаным, шықпалап” әзер күн күн кешіп қалған кезде, бұл қиындық шекара асып келген біздерге екі-үш есе салмақ сала келді. “Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде” – дегеннің кері ғой, баяғы… Б.Қ: – Қатты қиналған кезіңізден бір-екі мысал айтыңызшы.

Д.М: Адам баласының әдеті емес пе, жамандықты, қиындықты тез ұмытып кететін… Бүгінде ол қиындықтардың бәрі ұмытылған. Дегенмен еске түсіріп көрейік… 1993-жылдың ақша ауысып, ұлттық валютамыз – теңгенің құны күн санап құлдырады.1994-жылдың басында, жаңылмасам, жалақымыз 100 (жүз) теңге болатын да, бір нан он теңгенің төңірегінде еді.Сол жүз теңге жалақының өзін неше айлап ала алмайтын кездер болды. Сондай күндердің бірінде, Алматыда бір туысқанның үйіне қонаққа бардық. Қайтарда олар бізді таксиге мінгізіп жіберді. Үш жасар қызым әлгі таксидің ішінде ұйықтап қалды. Жатақханаға жеткесін мен қызымды көтерген күйі бөлмеге кірдім. Баланы шешіндіре бастаған мамасы “баланың аяқ киімінің бір сыңары жоҚ” деді. Асыпсасып далаға жүгіріп шықтық. Такси баяғы да кетіп қалған. Баланы көтеріп алып кірген ізімізді қараймыз. Жоқ. Ертеңінен бастап балам: “етігім қайда? Далаға шығам” деп ал, келіп жыласын. Содан бір ай бойы балам аяғын құшақтап, үйде жылады да жатты… Жүрегімнің ауырғаны соншалық, бір күні өзімнің де жүрегімнен жас шығып кетті… 1995-жылы, екінші балам өмірге келді. Белгілі себептермен сәбиімізді “Бона” дейтін дайын тағаммен азықтандыруға тура келді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде үш айлық сәбиімізге не бәрі 30 теңге тұратын “Бонасын” алып бере алмай қалып, аштан өлтіріп ала жаздаған да кезіміз болып еді… Б.Қ.: -Осындай қиналған шақтарыңызда ат басын кері бұру ойыңыз болған жоқ па? Д.М: Олла - биллаһ болған емес. Тіпті қолымдағы қытай паспортының мерзімі бітіп кетуіне байланысты, полицейлер ұстап алып, қытайға қайтарып жіберуге оқталғанда, осында жер бауырлап жатып алып, біраз ел ағаларының көмегімен қалып қалғаным есімде… Қазір бұның бәрі көрген түс сияқты немесе ертегі секілді… Б.Қ.: -Ал енді құпия болмаса, он жылда қол жеткізген табыстарыңыыз туралы да айта кетсеңіз. Д.М: Табыс туралы айту, кейде, жұртқа мақтан секілді әсер береді. Дегенмен сұрақ берілген соң, оған жауап қайтармауға тағы болмайды. Алғашқы табысым да, шексіз қуанышым да “Қазақстан Республикасының азаматтығын” алғаным болды. Өз отанымның аспан түстес көк паспортын қолыма алғанымда көзімнен қалай жас парлап кеткенін өзім де аңғармай қалсам керек… Одан кейінгі табысымыз ретінде, бүгінде, ондаған-жүздеген ағайын-туған, дос-жаран тапқанымызды айтуға болады. Ұстаз ретіндегі табысым мен мақтанышым – шәкірттерім. Олардың дені қазір еліміздің ғылым-білім ошақтарында, түрлі министрліктерде, Қытайдағы Қазақстан елшілігінде жемісті еңбек етуде. Үш балам осында – өз отанында өмірге келді. Оншақты кітап шығардық… Санамалай берсек, табысымыз бен мақтанышымыз аз емес сияқты. Ең бастысы, тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында отанға келіп, азат елдің шаңырағын бірге көтерісіп, уығын бірге шаншысқанымыз! Бұл – қай кезде де мақтанып,

кеудені керіп айта алатын негізгі табысымыз болмақ. Б.Қ.: -Дүке, сізді республика жұртшылығы ақын ретінде жақсы біледі. Негізінде сіз ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым, ұстазсыз. Бір адам үшін осының бәрі тым көп жүк емес пе? Д.М: Маған бұл сұрақ үнемі қойылып тұрады. Әрине, аталған салаларды бір адам үшін аз жүк деп айта алмаймын. Бірақ қиын да болса менің өз тағдырым осылай істеуге мәжбүр етуде. Ақындық – ол құдайдың о баста маған берген сыйы. Ақын болам деп болмайсың, болмаймын деп қоя алмайсың. Сол үшін де “Сөз өнері дертпен тең” –дейді Абай атам. Бүгінге дейін 3-4 жеке жыр кітабым жарық көрген болса, 4-5 ұжымдық жинаққа өлең топтамаларым енді. Ал аудармашы ретінде, қытай тілінен бір романды, бір әңгімелер жинағын, жиырмадан астам зерттеу мақалаларын аудардым. Бүгінде қытай поэзиясының антологиясын аударып, баспаға дайындап отырмын. Қытайтанушы ғалым-ұстаз ретінде бір монографияның, бір ғылыми-зерттеу мақалалар жинағының, үш оқулықтың афторымын. Шәкірттерім туралы жоғарыда айттым… Оны айтасыз, әрі қарай енді өзім мақтанайын, бұларға әуесқой сазгерлігім мен публицистігімді қосыңыз. Бүгінге дейін оншақты еңбектердің авторымын. Әрине, шамам жеткен деңгейге дейін өлеңімді жазып, сабағымды беріп тыптыныш жүре беру қолымнан тіпті де жақсы келген болар еді.Менің жаман ойым ылғи да: “Осыны сен ғана істей аласың. Ал қаламыңды қолыңа! Жаз!”- деп маған маза бермейді. Көбіне осы “жаман ойымның” айтқанының жаны бар сияқты болып көрінеді. Мәселен, Қытай поэзиясының антологиясын түпнұсқадан өлеңдетіп аударып шығару үшін, біріншіден қытай тілін мықты білетін, екіншіден, аударма өнерінен хабары бар, үшіншіден, қытай әдебиетін жақсы білетін, төртіншіден, ақын адам болу керек қой. “ Сол сенсің” дейді “ жаман ойым” . Сөйтіп қолға қалам аласың. Ал жоғары оқу орнында ұстаз болып жүрген адамның ғылымнан іргесін аулақ салуы тіпті де мүмкін емес. Публицистика да солай. Тәуелсіздіктің тағдыры, елді ертені, ұрпақ тәрбиесі, тіл, дін, жер… тағдыры туралы өзіңнің азаматтық ойыңды айтпай, көрші елден көріп-біліп келгеніңді мұндағы ағайынмен бөліспей тағы тұра алмайсың. Әрине, әр түрлі саламен айналысқан адамның ойы бытырап, уақыты шашырап жататынын мен де жақсы білемін. Бірақ ақындықты айтпағанда, қалған салалардың бәріне араласуды өзімнің азаматтық борышым сияқты сезінемін. Сезінемін де әдейілеп барып сол саланың арбасына жегілемін. Тіпті кейбіреулерге: “Оу, көке, мен істеп жүрген шаруаларды, егер, өзгелер әлдеқашан тындырып тастаған болса немесе дәл қазір біреулер сол салада тер төгіп, еңбектеніп жүрсе, менің онда нем бар еді?!”-деп қатқылдау да жауап бергенім бар. Демек, қажыр-қайрат, денсаулық, ғұмыр жар берсе, Иншалла деп, бастаған жұмысты тастамаспан деп ойлаймын. Б.Қ: – Оралман ретінде өзіңізді көп толғандыратын мәселенің бірі –

еліміздегі көші-қон мәселесі екенін де жақсы білеміз. Осы көші-қон, оралмандар мәселесі туралы да ойларыңызбен бөліссеңіз. Д.М: Иә, көші-қон, оралмандар мәселесі мені қатты толғандырады. Бірақ “Оралман ретінде” ғана емес, Қазақстан Республикасының бір азаматы ретінде, қазақ дейтін халықтың перзенті ретінде толғандырады. Отаршылдық езгі мен қолдан жасалған қырғындардың кесірінен өз жерімізде өзіміз азшылыққа айналып қалыппыз. Тәуелсіздік жарияланған тұста халқымыздың саны Республика тұрғындарының 50 пайызын да құрамайды екен. Сондай жағдайда Қазақ халқының есімін титуль етіп тәуелсіздік жариялаудың қиындығын біреу білсе, біреу білмес. Кейде таң қаласың! Тек бір Алла ғана жар болған ғой… Осы қиындықты бірден сезген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1992-жылдың күзінде дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайын шақырып, әлемге тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды отанға оралуға үндеді. Көп өтпей көші-қон туралы заңға қол қойып, Көші-қон және демография агенттігін құрды. Мінеки содан бері қарайғы оншақты жылдың жүзінде жарты миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Бұл әрине, үлкен көрсеткіш емес, бірақ өткен он жылда мемлекет құрудың қиындықтарымен қатар, қосанжарласа атқарылған бұл шараны ерлік деп бағалай отырып, бұл көрсеткішке қанағаттануға болады деп ойлаймын. Жалпы, дүние жүзінде көші-қон туралы заң қабылдап, онымен айналысатын арнайы мекеме құрып, бұл саланы мемлекеттің өзекті, стратегиялық саясаты ретінде қарастырып отырған үш мемлекет бар. Оның бірі –Германия, екіншісі – Израил, үшіншісі – біздің Қазақстан. Германияда – халықтың ішкі өсімі тоқтаған, тарихи неміс жерінде көрші елдерден келіп қоныстанушылар саны ерапайсыз көбейіп барады. Қысқасы Алман елін өзгелер алып кету қаупі күшті. Сондықтан олар жер бетіндегі тірі немісті түгел жинап алуға қам жасап отыр. Израилдікі түсінікті – ірге кеңейту. Оның үстіне артында арқа сүйер АҚШ тұр… Ал біздікі азаттықты, елді-жерді аман сақтап қалу әрі оны орнықтыра, нығайта түсу. Ол үшін бізге адам керек. Адам болғанда да өзіміздің қандасымыз, осы ел мен жерге жаны ашитын, ие болатын қазақ баласы керек. Біздің көптеген чиновниктеріміз Елбасымыздың осы саясатын жете түсіне бермейді. Оларға (кейбір жетесіз чиновниктерге) шеттегі қандастарымызды көшіріп алу – суға ағып бара жатқан әлдекімді құтқарып алу сияқты әсер етеді екен. Түптеп келгенде бұл саясат мемлекетіміздің тағдыры үшін керек. Ел мен жерді сақтап қалу үшін керек. Өйткені біздің жеріміз бен жан санымыздың арасында пропорция жоқ. Елбасымыздың биыл көктемдегі халыққа жолдауында да қысқа мерзім ішінде республика тұрғынын 20 миллионға жеткізіу туралы ой айтылған болса, оның астарында да әне сондай тарихи һәм стратегиялық мақсат жатыр… Былтырдан бері шеттегі ағайындарды көшіріп алудың мемлекеттік квота көлемі бұрынғы 400-500 отбасыдан 5000-6000 отбасыға арттырылды. Бұл да әрине, қуанарлық

жағдай. Дегенмен де кейде, “осындай үлкен стратегиялық мақсатты жүзеге асыруда көші-қон саласына бөлінген азғантай қаржыға қарап отыра бермей, әр бір облыс-қала әкімдері, министрлер, ұлттық компания басшылары өз бетімен келуші ағайындарды да көптеп тартып, әр біреуі жылына 20-30 отбасын орналастырып отырса, тіптен нұр ұстіне нұр болмас па еді” деген ой келеді. Бұған құдайға шүкір, қазір ақша жетеді. Тек ықылас жетпей тұр ғой! Ал халық санын өсірудің тағы бір негізгі көзі ішкі өсімді, туытты қолдау. Бұл туралы қысқартып айтатын болсам, бес бала туып-өсіріп отырған анаға барлық жағдай жасалу керек. Сонымен бірге көп балалы аналарға, жесір-жалғызбасты, бірақ балалы-шағалы аналарға көрсетілетін қамқорлық пен жеңілдік нақтыланғаны һәм заңмен шегеленгені дұрыс-ау деп ойлаймын. Сондай-ақ “көп балалы ана” туралы да ойлану керек сияқты. Себебі бұрынғы шетінен оншақты перзент сүйетін аналар қазір жоқ. Сондықтан “Алтын алқалы ананы”, “Күміс алқалы ананы” қанша баланы өмірге әкелген анаға беру керек деген мәселені де қайта қарайтын мезгіл жетті… Қысқасы мені көші-қон, оралмандар мәселесі осы қырынан толғандырады. Өткен жолы Елбасы қабылдауында болғанда да негізінен осы төңіректегі ойларыммен бөліскен болатынмын. Б.Қ:–Елбасы қабылдауынан шығып, тележурналистерге берген сұхбатыңызда “Елбасына еліміздегі қытайтану мәселелеріне қатысты қсыныстарымды да жеткіздім”-деген едіңіз… Д.М: Иә, мені ол кісі әрі қытайтанушы ғалым ретінде, әрі оралманның өкілі ретінде қабылдады. Әрине, Президенттің қабылдауында күнде бола бермейсің, соны қатты ескерген басым, Елбасына өзімді толғандырып жүрген біраз проблеманы жеткізіп қалуға тырыстым. Сондағы айтқан тағы бір мәселем – ол Қазақстанда қытайтану ғылымын қалыптастырыу мен дамытудың көкейкестілігі төңірегінде болды. Жұртқа мәлім болғанындай, қазақ елі, қазақ жері ежелден бері екі алып көршінің арасында өмір сүріп келеді. Ежелгі түркі тайпаларынан бері, қарап отырсақ, біздің хандықтарымыз бен мемлекеттеріміз осы көршілеріміз тарапынан бірде жойылып, енді бірде ішкі мүмкіндігінің арқасында қайта “тіріліп” отырыпты… Патшалы Ресейдің үш ғасырлық отарлау саясатының бір “кереметі” – бізге орыс елі, орыс мәдениеті, орыс менталитеті… дегендердің не екенін мықтап үйретіп кетті. Ал біз, шынтуайтына келгенде, көк түріктер дәуірінен кейін қытаймен тікелей қарым-қатынасқа шыққан емеспіз. Абылай хан заманында азды-көпті араластық болғанымен, ол кезде қытайдың өзі Манжур халқына бодан болып отырған. Демек шығысымыздағы алып көршімен қайткенде достық қарым-қатынасты, тату көршілікті сақтай отырып, бейбіт, қатар тұруға болады деген мәселе – біздің еліміздің ішкі-сыртқы саясатындағы стратегиялық мәні жағынан аса ауқымды, төтенше актуальды саясат болуға тиіс. Әрине бұл саясатты сәтті де табысты жүргізіу үшін – ғылыми зерттеуге иек артпай, жеткілікті маман-кадрлар қосынына сүйенбей болмайды. Бұл тұрғыда айтылған нақты ұсыныстарым Елбасы тарапынан

толығымен қолдау тапқан болатын. Бірақ, неге екенін қайдам, әлі күнге дейін ештеңе жасалған жоқ… Б.Қ: – Саясаттан Қайыра әдебиетке оралсақ, өлеңді неше жасыңыздан бастап жаздыңыз? Д.М: Қолыма 15 жасымда қалам алдым. Өлеңім баспа бетінде алғаш рет 19 жасымда жарияланыпты. Б.Қ: -Ақындық, тіпті жалпы өнер атаулы тұқым қуалайды деп жатады ғой. Сізге ақындық қалай дарыды деп ойлайсыз? Д.М.: Менің атам – Нақысбек Жалпетекұлы болыс болған адам. Тарихта Нақысбек шешен деген атпен де белгілі. Ол кісінің нақылдары мен шешендік термелері, дау шешкенде тауып айтқан ұтқыр сөздері ел ішінде өте мол. Мен ол кісінің туған немересімін. Жалпы ақындық пен шешендік бастауы бір құбылыс қой. Оның үстіне анам Дәмеш Тұрлыбайқызы жас күнінде елге белгілі айтыс ақыны болыпты. Сонымен бірге ол кісі халықтық қисса-дастандарды да өте көп білетін. Осындай ана сүті мен ата-баба қаны бәрінің болмаса да, бір перзентінің бойынан көрініс табатын көрінеді. Сол бақыт бізге бұйырған шығар деп ойлаймын. Б.Қ: – Сосын Дүке, сіздің “Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлтазаттық идея” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаныңызды білеміз. Жалпы ондағы ағайындардың рухани жетіліуіне бұл жақтағы іргелі Қазақ елінің – Қазақстанның ықпал-әсері қандай болды? Д.М.: Жалпы қазақ диаспорасының қалыптасуы әлемдегі өзге халықтардың диаспораларының қалыптасуына ұқсамайды. Яғни Еуропа елдерінде шашырап жүрген аздаған ағайындарды айтпағанда, қазақ халқының шетелдердегі диаспоралары өзге елдің елін-жерін жаулап алу үшін немесе жер аудару жолымен қалыптасқан емес. Керісінше, маңайымыздағы алпауыт империялар қазақ жерін бөліске салғанда, жеріміз ғана бөлініп қалған жоқ, елден ел – әкеден бала, ағадан бауыр бөлінді. Алайда сол қызыл сызықтар жерімізді бөлгенімен, ұлттық рухымызды, ділімізді бөле алған жоқ. Ал қытайдағы қазақтар үшін Хрущев пен Брежнев тұсындағы 15-20 жыл ғана Қазақстаннан – іргелі қазақ елінің тірлігінен хабар-ошарсыз қалған кезең болды. Алайда бұл тұста “Алматыдан сөйлеп тұратын” “Шалқар” радиосы ондағы ағайындардың атажұртпен арадағы рухани сабақтастығына алтын көпір бола алды. Қысқасы қай кезде де болмасын, Қазақстанның болуы, іргелі қазақ елінің болуы – жер бетіндегі барлық қазақ баласының жойылып кетпеуінің ғана емес, өсіпөркендеуінің де үлкен кепілі болғаны шығар күндей шындық. Соның жарқын бір мысалы, жер бетіндегі күллі қазақ баласының шексіз бақытына айналып отырған бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болуы – осындағы ағайындардың бар болғанының, ұлттық рух пен мүддемізді сақтай білгендігінің арқасы екендігі естен шықпауға тиіс.

Б.Қ:-1937-1939 жылдары Қазақстандағы жаппай жазалау науқаны қытайдағы ағайындарды да айналып өткен жоқ. Осы науқан қытайда қалай жүзеге асты? Д.М: Ол кезде қытай елінде азаматтық соғыс пен жапон басқыншыларына қарсы отан соғысы қатар жүріп жатты. Осы кезеңде Шынжаң өлкесін дара билеп тұрған Шың-Шицай ептеп ішкі қытайдағы гоминдаң билігінен қол үзіп, Шынжаңды жеке-дара билеу ойында жүрді. Оның бұл пиғылын сезген Сталин оның қолтығына су бүркіп, “Совет-Шынжаң достығы” шартнамасына қол қойды. Бұл “достықты” баянды етудің бірден-бір кепілі – “ ортақ жауды бірлесіп жойып отыру” болды. Олардың “ортақ жау” деп отырғаны кеңес одағынан қашып барып барып, Шынжаңдағы көтерілістердің отына май құйып жүрген “халық жаулары”, “пантүркистер”, “панисламистер”, “троцкийшілдер”, “жапон тыңшылары” һәм олардың шынжаңдық “құйыршықтары” еді. Сталин мен Шың-Шицайдың осындай достық келісімшартының негізінде, 1934-жылы “Алтай полкі” деген атпен генерал Викторов бастап, бір полк әскер Шынжаңға кірді. Бұдан тыс кеңес одағы Шынжаңға қаржылай да, маман-кадр жағынан да өте бір “мырзалықпен” көмек жасады. Бір қызығы “маман-кадрларының” дені заң, барлау саласының адамдары еді. Сонымен Шынжаңда да “халық жауларын” жазалау науқаны басталды да кетті. Қандықол Сталин мен Шың-Шицайдың жендеттері а дегенде-ақ, Райымжан Марсеков, Зият Шәкәрімұлы (Құдайбердиев), Ғазез Қалманов, Төлеуғазы Абылайханов, Мырзахмет Оразалин, Әбеу Құдышұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Мақсұт Сасанұлы т.б. толып жатқан – кеңес одағынан келгені бар, сондағы ел ішінен шыққаны бар – кілең ел ағаларын, Алаш арыстарын жаппай тұтқындап, аяусыз қырғындай бастады. “Тұқындап, қырғындап” деген жай айтарға ғана жеңіл. Ал шынтуайтына келгенде оларды сан алуан хайуандықпен жазалады. Бұл туралы Таңжарық ақынның “Түрме халі” деп аталатын толғауында егжей-тегжейлі, өте әсерлі баяндалған. Шың-Шицайдың бұл жаппай жазалауы тоғыз жылға (19371946) жалғасты. Осы мерзім ішінде жер аударылған, зынданға тасталған, абақтыда шіріген, атып өлтірілген, жасырын қастандық құрбаны болған адамда есеп жоқ. Бір ғана түрмеде өлгендер туралы Таңжарық ақын: “Түрмеде тоғыз жылда өлген адам, асыпты орта есеппен алпыс мыңнан”,- дейді. Қысқасы, сталиндік зобалаңның қазақ халқына жасаған қиянаты әлі толық зерделенген жоқ. Б.Қ:-Бүгінгі таңдағы қытай қазақтарының баспасөзі (газет, радио, телевидение): бағыты, мақсаты, ауқымы, ерекшелігі туралы әңгімелеп берсеңіз. Д.М.: Қытайдағы қазақтардың баспасөз, ақпарат құралдары біршама кемелдену кезеңінде тұр деуге болады. Пекиндегі “ұлттар”, Үрімжідегі “халық”, “Жастар мен өрендер”, “денсаулық”, “оқу-ағарту”, “ғылым-техника”, Күйтіңдегі “Іле”

баспаларының қазақ бөлімдері жыл сайын жүздеген-мыңдаған кітап шығарады. Әрине, қазақ тілінде. Бұдан тыс, Пекин, Үрімжі, Құлжа, Шәуешек, Сарсүмбе қалаларында қазақ радио-телевидениесі, толып жатқан әдеби-көркем, ғылымитанымдық, партиялық-саяси басылымдар қазақ жұрты үшін жұмыс істеп жатыр. Ал осы аталған ақпарат, баспасөз құралдарының ең бірінші міндеті – ондағы қазақ тілді ағайынға Қытай КП басшылығын, ҚХР тұтастығын, ел тыныштығын, халықтар достығын… насихаттау. Бұл деген сөз, онда біздің ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміз қағыс қалып жатыр деген сөз емес. Қайта қытайдағы ағайындар тұтас ұлтымыздың игілігі мен мақтанышына айналарқыруар жұмыстар тындырып жатыр. Бұл ретте, Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясының ғалымдары аударып, дайындап, Пекиндегі «Ұлттар» баспасынан шығарып жатқан алты томдық “Джұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер” деген еңбекті бөле-жара атап айтқан орынды. Қытай бес мың жылдық тарихқа ие, өте байырғы ел. Сол бес мың жылдық тарихында 26 хандық өмір сүрді. Осы 26 хандықтың тарихын ҚХР тарихшылары “26 тарих” деп атайды. Бұл “26 тарих” қытай еліндегі ең жүйелі, ең сенімді, барынша ғылыми дерек көзі болыпесептеледі. Жаңағы біз айтқан “қазаққа қатысты деректер” осы құжаттардан іріктеліп алып, аударылған іргелі еңбек. Бұдан басқа да толып жатқан жетістіктерді айтуға болар еді. Оған уақыт қысқа, журналыңның бізге бөлген беті шекті.Қысқасы, Қытай КП-ның ұлттық саясаты, ҚХР ұлттық территориялық автономия заңдары, сонымен бірге біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынас… бәрі-бәрі де ондағы ағайындардың әдебиеті мен мәдениетін, ғылым-білімін өркендетуіне оң әсерін тигізіп отыр. Б.Қ.: – Өзіңіз білетін, бірақ қазақстандық ғалымдарға белгісіз, алдағы күндерде назарда болатын, қытай мұрағаттарында тағы да нендей қызықты деректер бар? Д.М.: Қытайдың тарихи құжаттары жатқан бір мұхит. Әлгінде біз айтқан “26 тарих” содан жүйеленіп, жүлгеленіп алынған “таза қытайы тарих” деуге болады. Біздің ғалымдарды (қытай тілін білетін) көбіне-көп осы тарихтың сорабы қызықтырып жүр. Әрине, ол да керек. Ал енді мен көптен бері қытай құжатттарындағы түркі жұртының тарихи тұлғалары жөнінде, олардың өмірбаяны, атқарған қызметі, ғылым мен өнердегі жаңалығы деген тақырып жөнінде ізденіс жасап жүрмін. Қазірге дейін Қарлұқ Кегменер ақын Үлге ұлы, Қаңлы Бұқым ақын, Қарлұқ Найжан, Тарихшы Тоқтай бастаған 20-шақты ұлы тұлға жөнінде жеткілікті дерек жинадым. Алдағы уақытта бұл еңбегім де оқырманмен жүздесіп қалар. Б.Қ.: -Дүкен Мәсімханұлы, сіз Қытай елінде туып-өсіп, жоғары білімді де сонда алғаныңызбен, Қазақстанға келгелі бері қарайғы оншақты жылыңызды тұтастай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті секілді еліміздің жетекші оқу орындарында ұстаз әрі кафедра меңгерушісі болып өткізіп келесіз. Осыған

байланысты бір сұрақ, Қазақстанның білім-ғылым жүйесінде батыстықеуропалық ерекшелік басым ба? Әлде шығыс менталитетінің көрінісі көбірек пе? Д.М.: Осыдан он екі жыл бұрын, Қазақстанның КСРО дейтін асқан ірі империяның құрамында болғаны белгілі. Ал бұл империя тек білім-ғылым саласының өзінде, жер жүзінің ешбір елінде жоқ жүйе жасап, сол жүйемен 70 жылдай ғұмыр кешті. “Сырт көз сыншы” демекші, сырттан келген адамға бұл жүйенің “ерекшелігі” менмұндалап тұрар еді. Мен алғаш атажұртқа оралып, ұстаздық қызметке кіріскенімде, көп нәрсеге таң қалып жүрдім. Мәселен, жоғары оқу орындарындағы, тіпті, жалпы ғылым-білім саласындағы төрешілдік, ақсақализм, жалған ақпар берушілік, нобайшылдық ( “5”-тік баға, тестілеу), ұстаздардың педагогикалық жүктемесінің ерепайсыз көптігі, ұстаздар қауымының қоғамдық-әлеуметтік орнының төмендігі, жалақыларының мардымсыздығы, студенттер қауымының салғырттығы т.б. да толып жатқан жағдайлар тұтас кеңестік жүйенің қалыптастырып берген “әдісі” болатын. Бүгінде одан бас тартып, батыстық өркендеген елдердің оқу-зерттеу әдісіне көшіп жатырмыз. Алайда бұл “көшу” ешқандай кешенді бағдарламасыз, жоспарсыз жүзеге асып жатқандықтан, нағыз бір құтым-шатпақ, миша былыққан “жүйе” пайда болды. Басқаны айтпағанда, шәкірттердің білімін бағалау әдісінің өзі ұлттық университеттерімізде әр қилы. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді айтатын болсақ, онда да жаңаша бакалавр, магистратура, PhD доктор, ескіше ғылым кандидаты, ғылым докторы араласып жүр. Бұның бәрі неден болды десеңіз, білім саласына жеткілікті мән берілмеуден. “Мән беру” деген тек қаржы бөлу деген сөз емес. Сонымен бірге, әлемні озық тәжірибелерін өзіміздің нақтылы жағдайымызбен ұштастыра қабылдау, сөйтіп революцилық тәсілмен емес, эволюциялық жолмен білім жүйесіне байыпты реформалар жасау керек. Б.Қ: -Бұған дейінгі реформалар сәтсіз болды деп есептейсіз бе? Д.М: Бұған дейінгіні реформа деуге бола ма?! Білім саласының өзіне 14 жылда 12 министр келіп, кетті. Біреуі бір “жаңалық” әкелген болады, келесісі оны терістеп, өзінің бір “жаңалығын” енгізеді… Тәуелсіз ел болғалы бері білім саласындағы біздің тірлік осы! Б.Қ: -Отбасыңыз туралы да қысқаша таныстыра кетсеңіз. Д.М: Төрт балам бар. Үлкендері мектепте, кішісі балабақшада. Жолдасым Айнұр Әбиденқызы да Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаз. Б.Қ: - Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Бекен Қайрат «Алтын бесік» журналы. 2004 жыл. № 1.

БІЗДІҢ ЕЛДЕГІ ОРЫСТАР ДИАСПОРА БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ

Еліміз азаттық алған алғашқы жылдары көппен бірге атажұртқа келген қазақтың бірі – Дүкен Мәсімханұлы. Бүгінде ол филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ аймақтану кафедрасының профессоры. Сондай-ақ оның қытайтанушы әрі ақын екенін айтпай кетуге тағы болмайды. Себебі Қытай елінде біздің әр басқан қадамымызды аңдып отыратын бірнеше Қазақтану орталығы жұмыс істейтіні белгілі. Ал Алаш жұртының қытайтануы қай деңгейде? Осы және өзге де сауалдарымызға Дүкен Мәсімханұлы ашық әрі нақты жауап берді. – Дүкен аға, былтыр дүркін-дүркін баспа сөзде сұхбат беріп, мақала жазып едіңіз. Кейінгі кезде көрінбей кеттіңіз. Соған қарағанда, жоғары жақтан қандайда бір қысым болды ма? Әлде, басқа да себебі бар ма? – Тап сол кезде “Қазақстандық ұлт” доктринасы мен қазақ тіліне қатысты мәселенің ушығып тұрған кез еді. Ұлтымыздың намысын аяқасты етіп, жанды ауыртатын жағдайларда үндемей қалу мен үшін ұят нәрсе. Әріберіден соң “Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ” деген елдің ұрпағы емеспіз бе? Сондықтан болар, аталған сөздерім үшін жоғары жақтан немесе өзім қызмет ететін университет басшылығынан қысым болды деп өтірік айта алмаймын. Әрине, жұқалап болса да ескертулер айтылды. Бюджеттен жалақы алып отырған соң сол мемлекеттің де саясатын қолдау керек қой дегендей. Дегенмен де журналистерден қашып жүрмін деп айта алмаймын, реті солай болып жатыр. Алла қаласа, келер жылы елге келгеніме 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде елдік мүдде мәселесінде пікірімді жасырып қалған емеспін. Сондай-ақ алдағы уақытта да өз ұстанымымда қаламын. – Сіз еліміздегі санаулы қытайтанушының бірісіз. Жалпы, қытайлар біздің әрбір қадамымызды тышқан аулаған мысықша аңдып отырғаны жасырын емес. Осы ретте Қазақтың қытайды тануы қай деңгейде жүріп жатыр? Жалпы қытайды тани алып жатырмыз ба? – Қазақ елі мен Қытайдың арасындағы ресми дипломатиялық байланыс орнағанына келер жылы 20 жыл толады. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда ғана Қытайдың кім екеніне ден қоя бастадық. Әйтсе де қытайтануға апырыпжапырып кірісіп кеттік деуге әлі ерте. Қанша дегенмен ҚХР – 5 мыңжылдық тарихы бар ұлы держава. Сондықтан да олар айналасындағы мемлекеттер туралы зерттеуін бір сәтте доғарған емес. Ал қытайлар үшін Қазақтың ешқандай жұмбақ жері жоқ. Тарихымыз бен мәдениетіміз және де менталитетіміз оларға бес саусақтай белгілі. Керісінше, бізге қытайдың қатпары қалың, сыры бүгулі жатыр. Мұның әртүрлі себептері бар. Ең біріншісі – тарихи себеп. ХІІІ

ғасырдағы Шыңғыс ханның жорықтарынан кейін Қытайлар мен Түркі халықтары арасындағы барыс-келіс үзіліп қалды. Оларды Шыңғысханның Құбылай деген ұрпағы, ал бізді оның үлкен ұлы Жошы биледі. Бірнеше ғасыр бойы Қытайлар әртүрлі топтың ықпалында болып келді. Тек 1911 жылы ғана Цин империясы құлады. Тура осы кезге дейін, 7 ғасырға жуық Қазақ пен Қытай бір-бірімен бетпе-бет келе алған жоқ. Ал кеңестік кезеңде екі елдің арасындағы барыс-келісті Мәскеу реттеді. Онда біз Кремль Қытай жау десе жау деп, дос десе дос деп айқайладық. Ұзын сөздің қысқасы Кеңес үкіметі тұсында бізде қытайтану ғылым ретінде анау айтқандай қалыптаса қойған жоқ. Қазақтың танымында “Ақырзаман болғанда қара қытай қаптайды” немесе “тісі қисық, көзі қысық көршің болады” деген сияқты мәтелдері болды. Мұның мардымсыз ақпарат екенін мойындауымыз керек. Тек азаттық алғаннан кейін елімізде қытайтану мамандығы ашылды. Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шақыртуымен келгенмін. Аталған сала бойынша бүгінде 100-ге жуық маман тәрбиелеп шығардық. Қазіргі кезде елімізде қытайтану ғылымы енді ғана қалыптасуда. Толыққанды қалыптасты деуге әлі ертерек. Қазақ үшін қытайды тани түсу – көкейтесті мәселелердің бірі. Себебі біз түгілі, мұхиттың ар жағындағы алпауыт мемлекеттердің өзі Қытайдан сақтанады. Ал біз болсақ, жас мемлекетпіз. Қытаймен иық тірестіріп тұра алатындай әскери-экономикалық және демография жағдайымыз оларға төтеп бере алмайды. Олармен тәуелсіз мемлекет ретінде тереземіз тең. Бірақ қалай болғанда да ішкі және сыртқы саясатта көрші елмен қарым-қатынастың өзіндік ұстанымдары болуы керек. – Соңғы кезде БАҚ-тарда Қытайды «Аспан асты елі» деп атау дәстүрге айналып бара жатыр. Біздің оларды дәл осылай атауымыз өзімізді жарға жығып жүрмей ме? Себебі онсызда “Балқашқа дейінгі жер біздің жеріміз” деп езеуреп жүргенде… – Осы “Аспан асты елі” деген сөзді елге келгенде бір-ақ естідім. Мұның мәні не деп үңіліп көрсем, бұл орыс тілінен аударылған сөз екен. Ал Қытайлар өздерін қазір ешқашан да “Аспан асты елі” деп атамайды. Мысалы, олардың “Жунго” деген атауы Орталық мемлекет дегенді білдіреді. Әйтсе де аталған сөзді әртүрлі бұрмалап түсіндіретін Қазақ және шетелдік саясаткерлер бар. Шын мәнінде “Жуң” – орта, “го” деген мемлекет дегенді білдіреді. Әлдекімдер айтып жүргендей Жунго дүниенің кіндігі деген сөзді білдірмейді. Тарихта қытайда көптеген ұсақ-ұсақ бектіктер мен хандықтар болған. Солардың орталығында шоғырланған бектіктің негізінде кейін келе Жунго деген мемлекет құрылған болатын. “Жуңго” атауы солай пайда болды. Ал “Аспан асты елі” деген Қазақ және қытай ұғымына келмейді. Бұл – орыстардың шығарып жүрген атауы. Ал олардың қазірге дейін не үшін бұлай

қолданып жүргені түсініксіз. Нақты білу үшін мұны зерттеу керек. Өйткені қытайдың өзінде қазір “Аспан асты еліміз” немесе “аспан астында біз ғана тұрамыз” дейтіндей түсінік жоқ. Шын мәнінде аталған атауды пайдалану қазаққа ғана емес, өзге де халыққа тиімсіз және ұят нәрсе. Мұнан кейін журналистер мен саясаттанушылар “Аспан асты елі” дегенді мүлде қолданбауы керек. – Соңғы 1-2 жылдан бері көтеріліп келе жатқан “Кедендік одақ” дауы қазіргі кезде “Еуразиялық одаққа” ұласқалы отыр. Соңғы жылдары жиіжиі көтерілетін осындай сансыз одақ бізді орға жығып жүрмей ме? – Осы Кедендік одақ мәселесі көтеріле бастағалы бері менің жаным күйзелді. Себебі кез келген одақ пен бірлестік әлеуеті тең, шама-шарқы қарайлас елдердің бірлесіп күн көруге арналған ұйым болуы керек. Ал одақтың ішінде алпауыт немесе кішкентай мемлекет болса, барлығының мүддесі ешуақытта тең болмайды. Менің негізгі қарсы болуымның сыры – одақтас елдердің құрамы болды. Мәселен, Ресей мен Беларусь этникалық тұрғыдан бірбіріне бөтен халық емес. Себебі олар түптің түбінде бір-бірімен қосылып кетуі әбден мүмкін. Тіпті солай болған күннің өзінде екеуі де ұтылмайды. Ал біз күні кеше Кеңес үкіметінің құрамынан әзер дегенде босап шықтық. Осы себепті бізге мүмкіндігінше орыстың экономикалық-әскери т.б. экспанциясынан алыстай беру керек. Алыстай беру деген сөз отарсыздану бағытына жылжу дегенді білдіреді. Егер қайтадан барып оларға жақындасақ, орыстың отарлау кезіндегі психологиясы күшейеді. Ұзын сөздің қысқасы, отарлық санаға қайтадан күш бітеді. Сондай-ақ экономикалық әлеуетіміз орыспен тең болуы керек. Өкінішке қарай, бізде шикізаттан басқа ештеңе жоқ. Негізінен біздер екі нәрседен қатты ұтыламыз. Біріншіден, Ресейдің қымбат әрі сапасыз тауарын сатып аламыз. Екіншіден, шетелдің арзан әрі сапалы тауарына қолымыз жете алмай қалады. Айналып келгенде аталған жағдай халықтың тұрмысының нашарлауына алып келеді. Кедендік одақтың ар жағында Біртұтас экономикалық аймақ, оның ар жағында ортақ валюта мен ортақ армия мәселесі тұр. Бұл дегеніңіз аты өзгерген заты бір бұрынғы одақтың құрамына барып бодан болу деген сөз. Бұл жағдайды мен осылай түсінемін. Әлде де болса елбасы мен парламент Кедендік одақтан шығып, өз бетімізше тіршілік етудің қамын қарастыру керек. Мұны атам қазақ Маркс сияқты 40 том капитал жазбайақ “Ортақ өгізден оңаша бұзау артық” деп айтып кеткен. Сол “бұзауымызды” бағып-қағып, “өгіз” болуын қамтамасыз етсек жарайды. – Жуырда ұлтшылдар “Мемлекеттік тіл туралы” заңының жобасын көпшілікке ұсынғанынан хабардар боларсыз. Жалпы, Сіз Ата заңымыздан “Орыс тілі – ресми тіл” деген статусты алып тастау мәселесіне қалай қарайсыз? – Елге келгелі бері қазақ тіліне байланысты пікірлерімді шырылдап айтып келемін. Журналистер қазақ тіліне қатысты мәселені жазудан жалықпауы және

мұны ескірген тақырып деп есептемеуі керек. Себебі Қазақ тілі қашан мемлекеттік тілдің деңгейіне жетпейінше, күресімізді тоқтатпауға бір жағынан мәжбүрміз. Мемлекет басшысынан бастап кез келген шенеунік шетелге шыққанда қазақша сөйлесе ғана мемлекеттік тіл мәселесі шешіледі. Ал ұлтшылдар ұсынған “Мемлекеттік тіл туралы” заң жобасын мұқият оқып шықтым. Осы күйінде қабылданып жатса, әрине, жақсы болар еді. Ал орыс тіліне ресми немесе ұлтаралық тіл деп статус берудің қажеті жоқ. Өйткені біздің елде орыстар бар болғаны диаспора болып есептеледі. Ал дүние жүзі мемлекеттерінің конституциясында диаспораның тіліне артықшылық берген емес. Сондықтан да ешқандай екілендірместен конституциядағы орыс тілі ресми тіл дегенді алып тастауымыз керек. Бұл – бір. Екіншіден, мың жерден тілге байланысты заңды қатырып қойып қазақ тіліне мемлекеттік тұрғыда қажеттілік тудырмасақ, одан түк те шықпайды. Қазіргі кезде БАҚ Қытайдағы Қазақ мектептері жабылып жатыр деп дабыл қағуда. Дегенмен де аталған мектептерді Қытайлар жауып жатқан жоқ. Қазақтардың өзі “Балам нан жей алмай қалады” деп жаппай балалаларын қытай мектептеріне беріп жатыр. Өйткені Қытай үкіметі өз тіліне деген қажеттілікті жоғары деңгейге көтере білді. Осындай қажеттіліктен барып өзге халықтар қытай тілін үйренуге мәжбүр болуда. Біздің билік қазақ тіліне қажеттілікті тудыра алса болғаны. Басқасы өздігінен шешіледі.

Әңгімелескен: Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ.
«Жас алаш» газеті. 8 желтоқсан 2011ж. №98

ЖАС ҰРПАҚҚА БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІ ҚАЛАЙ БЕРІП ЖАТЫРМЫЗ?
(«Халық сөзі» газетінің сауалнамасы)

Дүкен Мәсімханұлы: Қазақ үшін тәуелсіздіктен асқан қастерлі ұғым жоқ. Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Тәңірдің бізге берген осы сыйына, міне, биыл 20 жыл толып отыр. Жиырма жылдың барысында «Қазақстан Республикасы» деген атпен әлемге танылдық. Жер бетінде 2000-нан аса ұлт пен ұлыс бар болатын болса, қазақ халқы мемлекеттілігін құрып, тәуелсіздігіне қол жеткізген 200 шақты ғана халықтың бірі ретінде өмір сүріп жатыр. Өз тіліміз бар, өз жеріміз, өз Туымыз бар, бұл–бақыт емей немене? Осы жылдарда қазақ елі мынадай үш ұлы жетістікке қол жеткізді: біріншіден, айналасындағы көршілерімізбен тату-тәтті жағдайда шекарамызды белгілеп алғанымыз. Екіншіден, астанамызды Алматыдан солтүстік өңірдегі Ақмолаға көшіріп әкелгеніміз. Үшіншіден, Елбасымыздың сұңғылалығымен жүргізген көші-қон саясатының арқасында шет елдерде көзтүрткі болып, тарыдай шашырап жүрген бір миллион астам қандасымызды Отанына оралтқанымыз. Жиырма жыл біз үшін тақиямызға тар емес. Бірақ өз деңгейінде істелуге тиіс, шешімін таба алмай жатқан міндеттер де жоқ емес. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі созбұйдаға салынып, басқалардың күлкісі мен мазағына айналып та бара жатқан сияқты. Бір әттегенайымыз осы. Екіншіден, ұлттық тәрбие қожырап кетті. Тек «білім, білім» деп білімге ғана баса назар аударылып, ал тәрбиеге мүлде көңіл бөлінбейтін болды. Қазір өзімізді өзіміз емес, басқалар тәрбиелеп жатыр. Адам үшін білім мен тәрбие құстың қос қанаты секілді. Білім беруге кей шақта қауқарымыз жетпей жатса да, тәрбиені қожыратпайтын болсақ, кез келген азамат ұлттың патриоты болып шығады. Білім беріп, тәрбиені ысырып қойсақ, «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» дегендей, ол өте қауіп тудырады. Содан кейін сыртқы саясатта да Ресейдің құшағына қайта - қайта ұмтыла беру ұлтты кейін тартатын тірлік деп есептеймін. Осындай - осындайды есепке алмағанда, Тәуелсіздіктің жиырма жылы табысқа толы, берекеге мол жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Азаттығымыздың көк Туы көкте мәңгі желбірей берсін!

«Халық сөзі» газеті.– 14 қараша 2011ж.– № 90

ҚЫТАЙДА АЙТЫСПЕН ҚОСА ҚАЗАҚТЫҢ 32 МӘДЕНИ МҰРАСЫ

ҚОРҒАЛАДЫ

Жақында Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Күнес ауданында Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрлігі, Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы Үкіметі және Іле қазақ автономиялы облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақ халқының айтыс өнерін зерттеу және дамыту» атты халықаралық конференция өтті. Оған ҚХР Мәдениет министрлігінің өкілі Бай Биң, ШҰАР Үкімет басшысының орынбасары Тілепалды Әбдірашитұлы, Іле облысының әкімі Мәнен Зейнелұлы және Қазақ елінен арнайы шақырылған мамандар қатысты. Біздің елден барған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Баймолдаев, айтыс ақыны Серікзіт Дүйсенғазин, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Әлбеков және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы мен осы оқу орнының доценті Айнұр Әбиденқызы аталған жиналыстың басы қасында болып, баяндама жасап қайтты. Шыңжаңдағы қазақтардың айтыс өнері аспан асты елі тарапынан қандай деңгейде қорғалып жатқаны жайлы сауалдар төңірегінде профессор Дүкен Мәсімханұлымен әңгімелескен едік.

– «Қазақ халқының айтыс өнерін зерттеу және дамыту» атты халықаралық конференцияның қандай деңгейде өткенін сол елдің тиісті мекемелер басшыларының қатысқанынан-ақ байқауға болатын сияқты. Қытайдағы қандастарымыз айтыс өнерін сақтап қалу және оны дамытуда сол елдің қандай қамқорлықтарына бөленіп отыр екен? – Бұл конференция ҚХР Үкіметінің арнайы тапсырмасымен рухани мәдениет, яғни олардың атауы бойынша бейзаттық мәдениетті қорғау аясында өтіп жатқан шаралардың біріне жатады екен. Себебі Қытай – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдениетті қорғау конвенциясына қол қойған, соған мүше мемлекет. Сондықтан, олар қазірге дейін өздерінің үлкенді-кішілі материалдық емес мұраларын және ұйғырдың «12 мұқамын», «Мәшірабін», қырғыздың «Манасын», моңғолдың «Жәңгірін», Тибеттің «Гсарын» сол ұлттардың атынан ЮНЕСКО-ның қорғауына енгізіпті. Оларда рухани мәдениетті қорғауы екі түрлі жолмен жүзеге асады. Бірі, мемлекеттің қорғауындағы рухани мәдениет, екіншісі, халықаралық деңгейдегі ЮНЕСКО-ның қорғауындағы рухани мәдениет. Осы негізде қазақтың 32 мәдени мұрасы Қытайда республика деңгейінде қорғауға алынған. Оның ішіндегі ең бастысы қазақтың айтыс өнері болып саналмақ.

Қазақ айтыс өнерін қорғау, насихаттау мақсатында Қытай Үкіметі жыл сайын миллиардтаған юань бөліп отырады екен. Бір жыл сайын аудандарда, екі жыл сайын аймақ деңгейінде, үш жылда бір облыс деңгейінде тұрақты түрде ақындар айтысы өткізіледі. Осы өткізілген айтыстардан жүлде алған ақындарға бір жолғы сыйақымен қоса тұрақты степендия беріп отырады. Бұдан сырт Үрімжідегі Мәдениет басқармасы Рухани мұраларды зерттеу орталығында және Күйтің қаласындағы Күйтің педагогикалық институтында Айтыстану ғылыми орталығы жұмыс істеп келе жатыр. Аталмыш орталықтар айтыс өнерін арыдан зертеумен қатар, айтыс мәтіндерін қытай тіліне және ағылшын тіліне аудару, айтыс өнерін зерттеуге, дамытуға арналған конференциялар өткізу сияқты толып жатқан шараларды өткізу шараларын өз міндетіне алған. Соның бір дәлелі, Күйтіңдегі зерттеу орталығы «Қазақ айтысының тарихы» атты екі томдық монографияны шығарып қана қоймай оны қытай тіліне аударыпты. Енді осы екі томдықты ағылшын тіліне аударғалы жатса, жеті томдық «Қазақ айтысының жинағын» да шығарып үлгерген. Ол да хан тіліне ауарылмақ. Сонымен қатар, Қытайдың Құлжа қаласында орналасқан Іле педагогикалық институтының Филология факультетінде «Айтыс ақындарын дайындау» мамандығы ашылғанына да екі жыл болған. Онда шешен, сурыпсалмалық қасиеті бар, мектепте ақындық қырынан таныла білген жастар шығармашылық емтиханнан сүрінбей, оқу бітіру емтиханынан жоғары балл алғанда ғана оқи алады. 2010 жылдан кейін екінші рет ұйымдастырылған конференцияда айтыстың қазіргі даму деңгейі, зерттелуі, ұлтымыз руханиятының алтын діңгегі ретінде сақтап қалу мәселелері қытай және қазақ зерттеушілері тарапынан жанжақтылы талқыланды. – Хан ұлтының өкілдері де жауһар мұрамызды ұлықтауға үлес қосып жатқан болды ғой? – Қазақ тілін жетік білетін Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің профессоры Уй Шун, Шыңжаң өлкесі Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Майыңшың профессор және басқа да санаулы қытай ғалымдары біздің айтыс өнерімізді зерттеп жүріпті. Олардың барлығы аталмыш конференцияға қатысып, баяндамаларын оқыды. «Туғанда дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына кіретін», өлеңмен сөйлесіп, жырмен тартысатын қазақтан басқа әлем ұлттарына бұйырмаған айтыс өнерін олар тамсана тамашалап, қызыға зерттеп жүргеніне куә болдық. – Еліміздегі айтыс өнерінің қыры мен сырын қандастарымызбен бөлісіп қайтқан боларсыздар? –Шынын айтқанда, Қазақстандағы айтыстың жай-күйі қалай дегенде бетімізден басып, көзімізбен жер шұқып қайттық. Қазір елімізде ақындар айтысы мерекелік шоу ғана сияқтанып қалғанын мойындағанымыз жөн. Ең жоғары деңгейдегісі Тәуелсіздік күнінде, одан ары қарай үлкенді-кішілі той-

томалақтарда өтіп жатады. Алайда, өнер ретінде зерттеп, дамытуда ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасалмай жатыр. Айтыс өнерін зерттеу орталықтары мен ғылыми институттардың бізде де жұмыс жасауына мән берілгені дұрыс еді. Айтыстың жанашырлары бірнеше адам ғана бар. Атап айтсақ, ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбеков, айтыс үшін шыр-пыр болып жүретін Жүрсін Ерман, жанкүйер бірнеше меценаттарымыз ғана. Қазақ рухани мәдениетінің бары базарланып, жоғы түгенделетін жер осы Қазақстан ғой. Адамзатта қайталанбайтын ұлы өнерімізге аса зер салмай, салғырттық танытып отырғанымыз жүректі сыздатады. Ұлттың «иммунитеті» көтерілмесе жаһандануға жұтылып кететініміз анық. Сол «иммунитетті» көтеретін нәрсе – рухани мәдениетімізді қорғап қалу және оны дамыту екені айтпаса да түсінікті. Соның ең биік шыңында айтыс өнері тұрған жоқ па! – Айтыс ақындарының білімі мен білігі жағынан Қытайдағы қандастарымыз бен өз ақындарымызды салыстырып көрсек? – Білім, білігі, өнері жағынан біздің ақындар көш ілгері тұр. Оған Қытайдағы ақын қандастарымыз ренжімесін. Себебі, олардың жан-жақты білім деңгейінің төмен болуы – олардың қарапайым халықтың арасынан таңдалатындығында жатыр. Олардың барлығы дерлік тума талантымен ауылдан шыққан айтыскерлер. Біздің ақындар болса ақындық талантпен қоса барлығы жоғары білімді. Тіпті олардың ішінде доктор, профессор, ғылым кандидаттары да көптеп шығады. Солай бола тұра айтыс өнерін мамандық ретінде дамытып, өнер ретінде әспеттеуіміз жетіспейді. – Айтысты ЮНЕСКО-ның қорғауына енгізу жұмысына бірнеше ел жармасып, дау туғызғаны есімізде. Алайда, қазір қазақ пен қырғыз бірігіп айтысты ЮНЕСКО дайындайтын Адамзаттың материалдық емес мұрасының көрнекі тізіміне ортақ мәдени мұра ретінде енгізбекші болып жатыр емес пе? – Ол былай болған. Қазақтың айтыс өнерін ЮНЕСКО-ның қорғауына ұсыну мәселесі бойынша Қытай Халық Республикасының ресми делегециясы екі жылдан бері елімізге бірнеше рет келді. Алғаш келген делегация мүшесі ШҰАР Үкімет басшысының орынбасары Тілепалды Әбдірашитұлы сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесіп Қазақ елімен бірлесіп ЮНЕСКО-ға ұсынуды талап еткен. Мұхтар Абрарұлы бұл мәселе бойынша сол кездегі Президенттік мәдениет орталығына тапсырма беріп, орталықтың директоры Мырзатай Жолдасбеков ҚХР-мен бірлесіп айтысты ЮНЕСКО-ның қорғауына ұсыну туралы арнайы топ құрып, ары қарай жұмыс жасала бастаған. Соның ықпалымен бізде жеделдетіп Заң қабылданып, Парламент былтырғы жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдап, оған Елбасы қол қойған. Сосын құжаттың ратификациядан өткені туралы акт 2011 жылдың 28 желтоқсанында ЮНЕСКО-ның Бас директорына табыс етілгенін, Конвенцияның 34-бабына сәйкес, ратификацияланғаны

туралы акті табыс етілгеніне үш ай толғанда, яғни 2012 жылдың 28 наурызында құжат күшіне енгенін бәріміз білеміз. Өткен жылғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ақындар айтысы кезіндегі Елбасының құттықтау хатында да Қытай Халық Республикасымен бірлесіп айтысты ЮНЕСКО-ның қорғауына ұсынылғалы жатқанын қуанышпен жеткізген. Бұл ақпарат айтысқа қатысуға келген қырғыз ағайындардың назарынан тыс қалмағанын айта кету керек. Сонымен айтыс өнерін өздерінде де жандандырып жүрген айыр қалпақты ағайындарымыздың да бұл іске ортақтасуына тура келді. Сол аралықта өзің айтқан «армияндар айтысты меншіктенбекші, біз Қытайлармен бірікпейміз, Қытайда айтыс болмаған» деген сияқты даудың да бұрқ етіп қайта басылғаны содан. Бұл жердегі жаңсақтыққа менің қосарым, Қытай айтысты қорғағысы келгені олар хан ұлтының емес, Қытайда тұратын қазақтардың атынан қорғауға атсалысқысы келген. Оның мәні ҚХР өз жерінде тұрып жатқан аз санды ұлттардың мәдениетін, өнерін, басқа да құндылықтарын қорғайтындығын көрсету арқылы халықаралық деңгейде саяси ұпай жинау ғана болып табылмақ. Соған қарамстан айтысты бір туған ағайындарымызбен бірлесіп қорғаудың қамы қатысты орындарда жасалып жатыр. Нәтижесі келер жылдың еншісінде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Майра ҚАЗЫБЕК
«Baq.kz» Ақпараттық порталы.
7 қыркүйек 2012 жыл.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ТӨРЕ ЖЕСЕ ҚАСИЕТ, ТӨРЕНІҢ ҚАМЫН ЕЛІ

ЖЕСЕ ҚАСИЕТ

«Ұлт Tіmes»: – Аға, қазіргі халықаралық саясатта біздің ел көпвекторлы саясатты ұстанып отыр. Сіз қытайтанушы ғалым ретінде ханьзу ұлтының Қазақстанға есеп-қисапсыз мыңдап, миллиондап келуінен сақтану қажет деп ойлайсыз ба? Дүкен Мәсімханұлы: – Халықаралық саясатта Елбасымыз ұстанып отырған бағыт өте дұрыс. Батыста – Америка бастаған дамыған елдермен қарымқатынасымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр, Солтүстігімізде бұрыннан өзіміздің көршіміз – Ресеймен, Шығысымызда Азияның алып елдерінің бірі – Қытаймен қарым-қатынасымыз жақсы. Бірақ, Қытаймен көршіліктің, татудостықтың басқамен салыстыруға келмейтін жіңішке әрі өте нәзік тұстары бар. Мысалы, Америка өзінің Жер шарына қожа болу пиғылы арқылы саясат жүргізуі мүмкін, Ресейдің де Кеңестер Одағы кезіндегі өзінің дегенін жасатып, уысынан шығарғысы келмейтін империялық ниеті бар. Мұнда ескеретін жағдай, Қытай өз саясатын АҚШ немесе Ресей секілді ашық жүргізбейді. Бұл олардың ұлттық менталитетіне байланысты. Екінші мәселе, Қытай Ресей мен Америка секілді демографиялық жақтан ақсап отырған жоқ. Қытай – өзінің арнасынан асып-төгіліп, іргесінде жатқан бізді былай қойып, мұхиттың арғы бетіндегі елдерге қауіп-үрей туғызып отырған мемлекет. 1976 жылы Мао (Мао Цзедун) қайтыс болған соң, 1978 жылы орнына келген Дэн Сяопин реформаны «сыртқа есік ашудан» бастады. Осы саясаттың нәтижесінде жылдар бойы тұмшаланып, жабулы тұрған қазан сыртқа лақ етіп ағылды да кетті. Сол кезде Оңтүстік Азиядағы Сингапур, Тайланд, Индонезия сияқты елдер алғашында қытайларды өздеріне арзан еңбек күші ретінде кіргізіп, кейін олар жеке инвесторлар ретінде өтіп, Сингапур 20 жылға жетер-жетпес уақытта жалпы тұрғындарының 50 пайызынан астамын қытайлар құрайтын Қытай мемлекетіне айналды. Қазір Сингапурде қытайдың саны 80 пайызды құрайды, мемлекеттік тілі қытай тілі болып бекітілген. Премьер-министрі, жалпы қаржылық күштер тұтастай қытай алпауыттарының қолында. Мен Қазақстанға келгелі бері шырылдап айтып жүргенім де осы Сингапурдің тарихы мен тағдырын біз қайталамасақ екен деген ой. Әрине, мен сол елде туып-өстім, білім алдым, сол жерде қалған туыс-туғаным мен 1,5 миллионнан астам қандастары тұратын азамат ретінде Қазақстанның Қытаймен дос-тату болғанын қалаймын. Бірақ, достық деген – өзіңнің тағдыр-талайыңды, ерік-жігеріңді, елің мен жеріңді беріп қою деген сөз емес. Қарапайым ғана мысал айтайын, үйіңе қонақ шақырсаң да дәмді ас-тұзыңды қонағыңның алдына қоясың, бірақ, оған ар-намысыңды таптатып, оған үйіңді билетіп-төстетпейсің. Қазақ ежелден «Жаман үйді қонағы билейді» деп, ондайға жол бермеген. Біздің халқымыз қонақ сыйлаған ел, қанша жерден төрін берсе де, басына шығармаған,

қонағының өз сыйымен отырғанына аса мән берген халық. Қазір осы «қонақ күту» жағы бізде ақсап жатыр. «Ұлт Tіmes»: – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1992 жылы сол кездегі Қазақстанның үкімет басшысы болған Терещенко мырза Қытайға барған сапарында екі ел арасында емін-еркін жүруге құқық беретін визасыз режимге қол қойып жібергені белгілі. Біздің шектен шыққан қонақжайлығымызды білдіретін сауатсыз құжаттар мен қауіпті келісімшарттарға қол қоюлар қазір де жалғасуда… Дүкен Мәсімханұлы: – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы екі ел арасындағы ресми құжаттар мен түрлі меморандумға қол қойғанда «Қазақстанды қытайлар топ-тобымен келіп, елімізді, жерімізді басып алсын» дегенді әсте мақсат тұтпағаны анық. Ал, осыны түсінбеген біздің шенеуніктер Елбасының Қытайға деген ынта-ықыласы жақсы, достық ниеті дұрыс дейді де заңсыз жүрген қытайларға тиіспейді. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Астана» телеарнасының журналисіне сұхбат бердім. Тілші қыз «Қазақстанда қанша қытай бар, олардың қаншасы азаматтық, қаншасы ықтияр хатпен жүр деп ойлайсыз?» деп сұрақ қойды. Менің қолымда тек бейресми мәліметтер бойынша 300 мың қытайдың бар екенін, олардың 200 мыңы ықтияр хатпен жүргенін, 100 мыңға таяу қытай Қазақстан азаматтығын алғанын естігенімді айтып, бейресми мәлімет болған соң, мұның заңдық күші жоқ екенін түсіндірдім. Орынды да өзекті мәселеленің нақты жауабын ресми мекемелерден, ІІМ-дегі Құжаттандыру бөлімінен сұрау керектігін айтып едім, журналист қарындасым келісті. Сөйтіп, ІІМ-дегі Құжаттандыру бөлімінің басшысы мен өзім берген ақпаратты қосып, мәлімет беретінін айтты. Телеарна болған соң ақпаратты кешіктірмеуші еді ғой деп бір апта емес, бір айдан соң хабарлассам: «Аға, Сіз айтқан бөлім бастығының алдына айлап жүріп кіре алмай, әрең дегенде әңгімеге тартқанымызда, «Қазақстанда қанша қытайдың бары құпия» деген жауап алдық», – деді журналист. Сонда мен Қазақстанда қанша қазақтың бар екендігі құпия емес, орыс, ұйғыр, кәрістің саны нешеу, қанша оралманның келгені, олардың қаншасының азаматтық алып, қаншасының ала алмай жүргені құпия емес, тек қана қытайдың келгені қалай «мемлекеттік құпия» болып қалғанына таңғалдым. «Ұлт Tіmes»: – Бұл құпияның астарында жасырынып жатқан саясаттың болуы заңды. Сіз қалай ойлайсыз? Дүкен Мәсімханұлы: – Бір ақынның: «Ел көзінен тасалаған нәрсенің, Пәктігі жоқ деп айтуға бар сенім» деген өлең жолдарын оқығаным бар еді. Ресми орган білмейді емес, біледі, бірақ, ол жасырып отыр екен, демек, ол жерде тазалық жоқ деген сөз. Жоғары жақта жүрген шенеуніктердің, басқа да қаржылық топтардың көбісінің жеке бизнесі Қытаймен тікелей байланысты. Сондықтан олар өз кәсібін қорғау үшін, қытайлардың нақты санын беруден

жалтарып, қорғаштап отырады. Осындайда қытайлармен қарым-қатынаста тәжірибесіздігіміз, Қазақстанның жас мемлекет екендігі білініп қалады. «Ұлт Tіmes»: – Сіз күні бүгінге дейін қытайтану орталығын құру туралы мәселе көтеріп жүрсіз. Бірақ, біздің билік бұған мән бермек тұрмақ, еліміздің әрбір қаласында заңсыз жүрген қытайды тануға құлықсыз. Себебі неде? Дүкен Мәсімханұлы: – 2001 жылы Елбасы қабылдауында болған кезімде Қытайдағы 20-дан астам Орта Азияны зерттейтін орталықтар ашып қойғанын (бірақ ол аты ғана, негізгі зерттеу нысаны – Қазақстан), біздің елде әлі күнге дейін бірде бір Қытайды зерттейтін ғылыми орталықтың жоқтығын алға тарттым. Президент бірден «орынды ұсыныс, қолдау керек» деп, бұл мәселені шешуді сол кездегі Президент аппаратының жетекшісі, марқұм Сарыбай Қалмырзаевқа тапсырма бере отырып, «Елімізге бір қытайтану орталығы керек» деген болатын. Орталықты құруға көмектесер деумен 2 жыл күттім, нәтиже болмады. 2003 жылы Президент жанындағы ұлттық кеңеске мүше болып, сол кезде де айтылды, қолдау болмағасын тағы да қалды. Осыдан екі ай бұрын Қытайтану орталығын құру туралы мәселені Елбасының есіне салып, істің аяқсыз қалғандығын, бұл орталықтың елімізге не үшін қажеттілігін көрсетіп, хат жаздым. Ол кісіге менің хатым жетіп, «өте дұрыс ұсыныс, қолдау көрсетіңдер» деп бұрыштама жазып, сол кездегі Мемлекеттік хатшы МұхтарҚұл-Мұхаммедке жіберіпті. Мемлекеттік хатшы Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлына тапсырма берді. Қазір университет басшылығы тарапынан дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Енді әліптің артын бағамыз тағы. Құрылым ретінде бұл Үкіметке немесе Президент аппаратына тікелей қарағаны дұрыс болар еді. Себебі, кадрлық, қаржылық мәселесінде, сондай-ақ кейбір стратегиялық жоба-жоспар жасау, жүзеге асыру жағында қиындық болмас еді. Тіпті, осы ЕҰУ жанынан құруға мүмкіндік берсе де жетіп жатыр. Құдайға шүкір қазір кадрлар жеткілікті. Қалай дегенде де Қытайдың тарихы мен мәдениетін, ішкі-сыртқы саясатын, Қазақстанмен қарым-қатынасын, ШЫҰдағы мақсаты мен мүддесін, Орта Азия республикаларына ұстанып отырған ішкі-сыртқы саясатын, сол елдегі күрделі мәселелер мен болашақ дамуы қалай болатынын біліп отыру – бұл елмен көрші, әріптес болып отырған біз үшін өте маңызды. «Ұлт Tіmes»: – Замандастарыңыз қытайдың менталитетін Мәсімханұлынан артық терең зерттеген адам аз деп сеніммен айтады. Ұлт ретінде қазақ пен қытайдың Сізді таңғалдырған қандай ұқсас немесе өзгеше мінездері бар? Дүкен Мәсімханұлы: – Қытайдың ұлт ретіндегі мінез-құлқын, танымпайымын, менталитетін біздің билікте отырған шенеуніктерден бастап, қарапайым халыққа дейін жаппай біледі десек, онымыз шындыққа жанаспас еді.

Сондықтан қытаймен аралас-құраластықта көптеген түсініспеушіліктер болып жатады. Мәселен, қытайлар да қалжыңдайды, бірақ, біздің қазақ секілді өте қатты, шектен тыс әзіл-қалжың дегенді түсіне бермейді. Былтыр Қытайдың Ху Хұңбау деген жазушысы: «Қазақтар қонақжай халық, қонақжайлылығы сондай, қой сойып, ет беріп күтумен қоймай, қызын қонағының қойнына салып береді» дегеніне жата-жығыла ренжіп, ұлардай шуладық. Менің мөлшерлеуімше, ол қытайға бір қазақ осылай деп қалжыңдап айтқан, содан ол мұны шын деп ойлап, қаламына арқау еткен. Қытайдан келген көптеген үлкен-үлкен ресми делегацияға аудармашы болдым. Сонда біздің шенеуніктер Қытайларға «біздің қыздар сұлу да әдемі, алыңдар, бізде қыз көп, ұлдар аз, сендерде ұл көп екен, келіп алсын біздің қыздарды» деп «әзілдеп» жатады. Іс жүзінде қазақтар қалжыңдап отырмыз дейді, бұл сөзді қытайлар қалжың деп түсінбейді. Ұлттың менталитетін түсінбеу кейде осындай қателіктерге ұрындырып жатады. Кейде Қытайдан келген делегация әңгіме арасында «Алматыдан Астанаға пойызбен келдік, жерлеріңіз не деген кең, босқа жатыр екен ғой» десе, біздің қазақтар «келіңдер, алыңдар сол жерлерді, көкөніс егіңдер, игеріңдер» деп өзінше қонағына дархандық танытып «қалжыңдаған» болады, бірақ, қытайдың санасында «осында келіп бұлардың қызын да, жерін де алып алсақ, қарсы болмайды екен ғой» деген ой қылаң береді. Қысқасы, қытайтану орталығы құрылатын болса, қытайдың діні мен ділінен бастап, жалпы олардың менталитеті туралы да танымдық дүниелермен қамтамасыз еткен болар едік. «Ұлт Tіmes»: – Жан-жақтан қаулаған алып елдердің уысына оңай түсіп кетпеудің бір жолы ғасырдың қажетті ғылымын өз деңгейінде игеру дейміз. Біздің елдің ғылымы Сіздіңше қай деңгейде? Дүкен Мәсімханұлы: – Үкімет жыл сайын жаратылыстану сынды іргелі ғылымдарға миллиардтап ақша бөледі. Бірақ, осы кезге дейін биология, химия, физика саласына бөлінгендей, гуманитарлық салаларға жеткілікті қаржы бөлінген емес. Мәселен, біз 100 баспа табақ болатын 70 мың сөз бен сөз тіркесі қамтылған «қытайша-қазақша үлкен сөздік» құрастырдық. Соны Білім және ғылым министрлігіне ғылыми жоба ретінде бірнеше рет ұсындық, бірақ, бекітпеді. Сонда деймін-ау, жаратылыстану ғылымында жеткен жетістігіміз қайсы? Робот өндірмейміз, компьютер өндірмейміз, магнитафон, теледидар, көлік жасап, адам геніне қатысты жаңалық ашып жатқан жоқпыз. Математикадан дүниежүзіне танылған 1-2 ғалымымыз бар, болды. Қалған ғалымдарға миллиардтаған ақшаны жылда бөледі, бірақ, қайда жаратып жатқаны белгісіз. Басқасын айтпағанның өзінде, компьютерге қажетті картридж-парашок пен кәдімгі ақ қағаздың өзін шетелден тасып жатырмыз. Бізде ақша бөледі де, нәтижесін сұрамайды. Басқасын айтпағанның өзінде, біздегі соңғы 10 жылға бөлінген білім, ғылымдағы қаржыны есептеп, нәтижесімен салыстырар болса, бәрі белгілі болады. Әрине, мен еліміздің ғылым-техникасының өскенін, өркендегенін қалаймын. Алайда, дәл бүгінгі күні,

тәуелсіздігімізді жаңа алып, оны орнықтырып жатқан өліара шақта, бізге гуманитарлық саланы күшейту, сол арқылы елдік сананы, ұлттық рухты орнықтыру, ұлттық патриотизмді нығайту керек. «Ұлт Tіmes»: – Бүгінде Қытаймен екі арадағы сауда-саттық, экономикалық байланыс күшейіп, тауар айналымы ғарыштық деңгейге көтерілгендей ақпарат таратып жатырмыз. Бұл шынында солай ма? Дүкен Мәсімханұлы: – Мұнайды шикізат ретінде сата бергенше, соның ақшасына мұнай өңдеу зауыттарын салу қажеттігі үнемі айтылып келе жатыр. Мұнайды өзімізде өңдесек, пайдасы неше еселеп өзімізде қалар еді. Қазір мұнайдан түскен ақшаны «ұлттық қор» деп жинап, банкке сақтап қойдық. Оны сақтап қойғанша неге зауыт-фабрикалар салмаймыз? Кейде халықты қарық қылып, мұнайдан түскен ақшадан халыққа банк арқылы несие беріп жатамыз. Алайда 2-ші деңгейлі банктер үкіметтен 5 пайызға жетпейтіндей үстемақымен алады да, оны халыққа 15-20 пайызбен береді. Осылайша банкирлер жылы жерде отырып алып, күнін зорға көріп отырған халықты қанайды. Осыны неге қадағаламасқа? Мұны қадағалау – ақшаны беріп отырған мемлекеттің қолынан келмейді дегенге кім сенеді?! Мәселен, Қытайда мемлекет банктерге қаржы береді де, «халыққа несие беретін болсаң 4-5 пайыздан асырмайсың» деп шарт қояды, банктер оны орындайды. Біздегі кейбір банктер қаржыны шетелден алады делік, соның өзінде олар 5-7 пайыздық өсіммен береді. Мәселен, Еуропа даму банкі, Ислам даму банкі, Американың толып жатқан қаржылық институттары беретін қаржының пайызы өте аз. Халыққа солардан алған ақшаны әрі кеткенде 10 пайызбен берсе де жетіп жатыр. Алайда, Қазақстандағы қаржылық топтар еркін жұмыс жасауы үшін заңды өздеріне ыңғайлы етіп жасап алған. «Ұлт Tіmes»: – Қытай біз үшін жақын көрші ғана емес, Қазақстан жайлы ақпаратты өзінен бұрын біліп отыратын қырағы зерттеушіге айналып үлгерді. Қытайдың біз жайлы білмейтін сыры қалды ма? Дүкен Мәсімханұлы: – 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Жарты жылға жетпейтін уақытта 1992 жылдың мамыр айында Қытай «Қазақстан Республикасының жалпы жағдайы» деген қалың кітап шығарды. Ол кезде ондай кітап Қазақстанның өзінде жазылған жоқ болатын. Кітапта негізінен еліміздің жалпы территориясы, халық саны, қазақтың тарихы, құрамы, білім деңгейі, басшылар құрамында қазақтардың, орыстардың үлес салмағы салыстырмалы түрде, тіл, діннің жағдайының бәрі тұр. Қазір Қытайда Қазақстан туралы 20-шақты ғылыми орталыққа қоса, бірнеше арнайы сайттар жұмыс істейді. Қазақстанға қалай бару керек, онда қалай бизнес жасау керек, қалай қоныстанып қалу керек деген секілді сұрақтардың бәріне сол жерден жауап табасыз. Шыңжаң гуманитарлық зерттеу институтында, әдебиет институтында жұмыс жасадым. Сонда бізбен көрші отырған Орта Азия институты, негізінен Қазақстанды зерттеумен айналысатын. Сонда олар

Қазақстан жерінің астында не бар, үстінде кім бар, басшысы кім, қосшысы кім дегенге дейін зерттеп отыратын. Сол зерттеу институтында тек қана Елбасымыз Н. Назарбаевты зерттеумен айналысатын бір әйел, бір ер адам жұмыс жасады. Бірі қазақ тілін, бірі орыс тілін жетік білетін. Орысша білетіні Н.Назарбаевтың орыс тілінде жарық көрген мақалаларын, сұхбаттарын тізіп отырса, қазақша білетіні қазақ басылымдарға берген сұхбатын, кітаптарын қарап, зерттеп отырады. «Ұлт Tіmes»: – Ал, біз жанымыздағы көршімізді қаншалықты таныпбіліп отырмыз? Дүкен Мәсімханұлы: – Мен өзім бұл саламен елге келген жиырма жылдан бері тұрақты түрде айналысып келемін. Жүздеген шәкірттер дайындадым. Қытайтануға қатысты біраз зерттеулерім, оқулықтарым, аударма еңбектерім бар. Жақында «Егемен Қазақстанда» жарық көрген Қытай КП-ның жаңадан сайланған басшысы Си Цзиньпин туралы көлемді мақаламнан ҚХР-дың бас газеті «қазақстандық қытайтанушының пікірі» ретінде үзінді жариялады. Бұдан өзге басқа салада жүрсе де, ара-тұра тиіп-қашып айналысып жүрген бірді-екілі зерттеушілердің еңбектерімен ғана шектеліп отырмыз. Белгілі қытайтанушы ғалым, Қазақстанның ҚХР-дағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Әуезовтің «қытайтану орталығын» құру туралы ұмтылысы үлкен. Ол кісінің де көтеріп жүрген мәселесі осы қытайдың демографиялық экспансиясы, экономикалық жақтағы келеңсіздіктер, Қара ертістің, Іле өзенінің суына қатысты, шекараға қатысты мәселелер. Біздің жанайқайымызды елеп-ескеріп жатқан әзірге ешкім жоқ. Тіпті, «қытайтанушы» деп айтқысы да келмейді. Ал, қытай тілін қай деңгейде білетіні, қайдам, әйтеуір, Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырларды зерттеумен айналысатын Константин Сыроежкин есімді орыс азаматының Қытайға қатысты айтқан сөздері «ішірткідей» өтіп-ақ тұр. ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқаратын Сыроежкиннің айтқанына билік құлақ асады. Ал, оған бәрібір. Оған сенің жеріңнің, еліңнің тағдыры, болашағы көк тиын. Сыроежкин мырза ешқашан қытайдан келетін қауіптерді айтпайды. Оның ойынша, «болашақта Қазақстанда әлеуметтік орнықсыздық тудыратын фактор – оралмандар». Сол баяғы Мәскеуге табынып, «ұлы орыс халқының» аузына қарап үйренген құлдық менталитетпен әлі келе жатырмыз. «Ұлт Tіmes»: – Демек, болашақта әйтеуір бір құрылатын қытайтану орталығының басшысы анық екен ғой. Дүкен Мәсімханұлы: – Солай болып жатса, мен әсте таңғалмаймын. Ол әбден мүмкін. Бізде орыс айтса қалт айтпайды, орыс басқарса бәрі керемет болады, қыл аяғы «орыс кемпір алған майда қылшық болмайды» деген ой әбден қалыптасқан. «Ұлт Tіmes»: – Ақын, аудармашы ретінде Қытай мен Қазақстан арасындағы әдебимәдени байланыс туралы не айтасыз?

Дүкен Мәсімханұлы: – Біз Қытаймен Жер жаралып, су аққалы бері көршіміз. Қытай «алып ел екен», «адамы көп екен» деп еш қайда көшіп кете алмаймыз. Қытайдың тарихи территориясы Қытай қорғанының іші болса, қазір ол Қытайдың Шығыс жағындағы тарихи мұра ретінде қалып отыр. Қытай асықпай жылжып келе жатыр, біз жайлап ығысып барамыз, осылайша өтіп бара жатқан өмір. Кеңестік кезеңдегі саясаттың кесірінен, тарихшыларда тарихты соғыстардың шежіресі ретінде көрсету дәстүрі қалыптасқан. Қандай да бір тарих кітабын алып қарасаңыз, іші толған бітпейтін қанды майдан, соғыстар. Кеңестік кезеңде қалыптасқан тарихшылар мектебінде тарихты жазудың тағы бір методикасы бар, яғни тарихымыз Жоңғар шапты, Қоқан қоқаңдады, моңғол жаулады, арабтар қырды, қытай басқыншылық жасады, олар біздің қызымызды күң етті, ұлымызды құл етті деген сипатта баяндалады. Ал, орыс халқы осындай қиын-қыстау кезеңде қазақтың басынан сипап, аузына су тамызған, құтқарушы, жарылқаушы ұлт ретінде жазылады. Яғни, орыстар ғана бізді алақанында әлпештеп, маңдайымыздан сипаған, алдына алып, тамақ беріп отырған, біздің анамыз сияқты халық болған деп сипатталады. Ал, тарихтың бір тармағы – мәдени қарым-қатынас екені естен шығып жатады. Қытай өзінің хатқа түскен тарихын бес мың жыл деп есептейді. Сонда, біз Қытайдан кейін үш мың жылдан соң пайда болдық па? Жоқ, меніңше, барлық адам баласы бір уақытта пайда болды, «Адам ата мен Хауа анадан өрбідік» десек те, Дарвиннің эволюция ілімі бойынша «маймылдан пайда болдық» десек те, даму тарихымыз бір. Егер қытайлар бес мың жылдың алдында пайда болған болса, қазақ төрт мың жылдан кейін аспаннан жауды да, жерден өніп шықты ма? Жоқ! Олай емес екен, демек, біздің де бес мың жылдық тарихымыз бар деген сөз. Айырмашылығымыз, қытай секілді хатқа жазып, киіз кітапқа баспадық. Басқанымыз сақталмады. Қытаймен қарым-қатынасқа зер салсақ, бес мың жыл дегеніміз елу ғасыр. Бір ғасырда бір рет алапат соғыс, ірі қанды шайқас болды десек те, елу ғасырда елу рет қана алапат қырғын орын алуы мүмкін, әрине, ұсақ-түйек қақтығысты айтпағанда. Қалған уақытта олар өзара қыз алысып, қыз берісті, біздің өнерімізді олар алды, олардың өнерін біз алдық. Рухани барыс-келіс негізгі, басты ауқым болды, мұны қытайдың тарихи құжаттары да растайды. Бес мың жыл бойы оқ жонып, садақ көздеп отырдық деу қалай ақылға сияды?! 1911-1949 жылға дейін Қытай біресе Отан соғысын, біресе азаматтық соғысты бастан кешіп, өзімен-өзі әлек болып жатты. Тек 1949 жылы қазан айының 1-ші күні Мао Тянь-Анмэн алаңына шығып, Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялады. Сол күннен бастап ханьзу деген ұлт өз елінің билігіне қол жеткізді. 1991 жылдан кейін ғана тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы, ұлт ретінде қазақ пен ханьзу бір үстел басында сөйлесуге мүмкіндік алды. Демек, Тарихшылар тарихты жазғанда әдіснаманы өзгертуіміз керек. Егер қантөгістерді жазатын болсақ, бәрін неге жазбаймыз?! Ресеймен арада ештеңе болған жоқ па? Не үшін біз күні бүгінге дейін Кенесары

туралы, Исатай-Махамбет туралы, Саурық-Есет туралы, 1916 жылғы Қарқара, Қоянды көтерілістері туралы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы не кинофильм, не телесериал түсіре алмаймыз?! Неге?! Жауап жоқ. Қазіргі режиссерлерге «жоңғар» деген жау жақсы болды. Қазақтың батырын көрсеткің келсе, жоңғарды айтасың. Өйткені, жоңғар жоқ, рахат. Ал, патшалы Ресей, КСРО кезіндегі, кеше ғана болған тарихты жаза да, айта да алмайсың. «Ұлт Tіmes»: – Сонда Қытайда да биік мәдениет болды дейсіз ғой? Дүкен Мәсімханұлы: – 70 жыл Кеңес одағының отары болған кезеңде қазақтың санасына орыстан асқан мәдениет те, өркениетті халық та жоқ деп сіңірген. Көп аға буындарымыз әдебиет те, мәдениет те орыста деп есептейді. Әрине, мен үзілді-кесілді орыстың мәдениетін жоққа шығармаймын, оларда үлкен мәдениет, әдебиет бар. Адамзатқа Толстой мен Пушкинді сыйлаған үлкен әдебиетті ешкім жоққа шығармайды. Тіпті, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуына ықпал еткен де осы орыс әдебиеті деуге болады. Бірақ, бұл арғыбергідегі қазақтың әдебиеті төмен болған дегенді білдірмейді. Бүгінде дүниежүзінің «мен-мен» деген әдебиетімен иық теңестіріп тұра алардай қазақта әдебиет қалыптасты. ХХ ғасырдың басы, жалпы әлемдік рухани ояну кезеңі ретінде сыйпатталады. Осы кезеңде Алаш арыстарының ояну кезеңі мен Қытайдағы жаңа мәдени оянуы бірдей уақытта болғаны таңқаларлық. Мәселен, қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүн 1917 жылы алғашқы әңгімелерін жазса, Мұхтар Әуезов те қарайлас кезеңде алғашқы әдеби шығармаларын өмірге әкелді. «Ұлт Tіmes»: – Қазір поэзия жанрына жастар жаппай ден қоюда. Әдебиет сыншылары осы кезеңді поэзия жанрының шырқау кезеңі деп есептейді. Осыған ақын ретінде Сіздің көзқарасыңызды білсек… Дүкен Мәсімханұлы: – Бүгінде біздің қазақ қоғамының әдебиетіне батыстық модернизм мен постмодернизм деген ұғым баса-көктеп еніп алды. Қазіргі поэзия көзге көрінбейтін, жұмбақ, өмірде жоқ абстракциялы дүниені жазуға құмар. Ақын ретінде түсініксіз өлең жазатын ақындарға таңғаламын. Адам өлең жазғанда оны біреу оқысын, ой түйсін, эстетикалық ләззат алсын деп жазады. Мұндай жағдай прозада да, поэзияда да белең алып келеді. Бұл түптеп келгенде адамдардың рухани азғындауынан қасиетті өнерге жасалып жатқан қиянат. Батыстың синолог ғалымдары қытай мәдениетін «химиялық ерітіндіге» теңейді. Яғни, тарихта Қытайдың жерінде қаншама ұлттар өмір сүрді, солардың басым көпшілігі қытайға сіңіп, жұтылып кетті. Юань патшалығы тұсында Қытайды 100 мыңдаған моңғолдар басқарды, соңынан мин деген ұлт болды, одан кейін манжурлар болды, барлығы ұлт ретінде жоғалып, қытайға сіңіп кетті. Қытайдың дәстүрлі мәдениетінің арнасы кең, терең мәдениеті қалыптасқан. Сондықтан біз секілді жас мемлекет өзінің жас ұрпағына тамыры жоқ, тегі жоқ постмодернизмді насихаттағанша, ертегілер мен қисса-дастандарын жақсылап оқыту керек.

«Ұлт Tіmes»: – Бүгінгі қазақ қоғамы қайда барады дегенге әрбір адам алаңдаулы, ұлт зиялысы ретінде Сізді не толғандырады? Дүкен Мәсімханұлы: – Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тәрбие мәселесіне қатысты айтқан дана сөзі көп ойлантады. Бұрын дәстүрлі қазақ қоғамында баланы қоғам тәрбиелейтін. Көшеде қыз бала дауысын шығарып, қаттырақ күліп қойса, анадай жерде тұрған танымайтын үлкен кісі «қызым, даусың қатты шықты ғой, ұят болады» дейтін. Егер жас балалардың жасырынып шылым шегіп жатқанын байқаса, көріп тұрған өзге үлкен адам, ұрсып тыйып тастайтын. Кеңес өкіметі кезінде жас ұрпақты балабақша, мектеп пионер етіп тәрбиеледі. Өзіне керекті адамын Кеңес өкіметі балабақшадан бастап осылай өсірді. Ал, тәуелсіздіктен кейін қазақ балаларының тәрбиесімен төріміздегі «көк сандық» айналысып жатыр. Бұрын ауылда бала кезімізде біреу қайтыс болып кетіпті дегенді естісек, тұлабойымыз түршігіп, қалшылдап, қорқып қалатынбыз. Ал, біздің қазіргі балаларға біреудің өлімінің әсер етпеуі мені терең ойға батырады. Мысалы, Жапония ислам мемлекеті емес, бірақ, сонда барып оқып, қызмет жасаған жолдастарым жапон үйлерінде құлыптың болмайтынын айтып, таңғалдырғаны бар. Ал, біздің елдің тұрғындары жыртқыш-аңдардың немесе қалың жаудың ортасында өмір сүріп жатқандай, кіреберіс есіктеріміз шойыннан, пәтердің есігі тағы темір, онда бірнеше үлкен құлып, терезелерімізге темір қоршау қойып тастағанның өзінде тырс еткеннен жүрегіміз су ете қалатын күйге жеттік. Мұның бәрі қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген сенімнен айрылып, тәрбиенің аяқ асты қалғанының көрінісі. Тағы бір мәселе, тәрбие десе біздің жұрт бірден баланың тәрбиесін айтады, тәрбие деген ол ересек адамдарға да қажет. Ал, тәрбие құралы деп саналатын біздің бұқаралық ақпарат құралдарының, радиодан, телеарнадан көрсетіп жатқаны бітпейтін ән-думан, жыр-думан, ән-жұмбақ, мәнсізмағынасыз телесериалдар, радиодан беріліп жатқан толассыз құттықтаулар, біреудің зейнетке шыққан күні, енді біреудің келінінің құлағын тескен күні сияқты ұсақ-түйек, тәрбиелік мәні жоқ шимай-шатпақ бірдеңелер. Қазаққа қатысты қаншама тақырып бар. Мәселен, ақсақалды аталар, ақ жаулықты әжелер сиреп бара жатқан заманда, он бала тапқан «батыр ананың» салиқалы сөзі, әкімінен гөрі ақсақалын сыйлайтын ауылдағы аузы дуалы қариялардың әңгімесінің өзі үлгі-өнеге емес пе?! «Халықтың қамын төре жесе қасиет, Төренің қамын елі жесе қасиет» дегенді назарда ұстасақ екен. Қорыта келгенде, Қазақ қоғамы бастап бара жатқан көш көлікті болса екен, оны басқаратын адыңғы буынның кейінгі буынға қалдырар үлгі-өнегесі шын мәнінде кісі қызығарлықтай салмақты болса деп тілеймін. - Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен: Құндыз ЕРАЛЫ «Ұлт Tіmes» газеті. – 7 ақпан 2013ж. -№4(37).

ОТАН ҚҰШАҒЫНДА ӨТКЕН 20 ЖЫЛ...

- Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы көшті бастаған және елге оралғаннан кейін де көші-қон, оралман мәселесімен қоян қолтық араласқан азамат ретінде егемендіктен кейінгі көші-қонның басталуы мен ондағы Елбасының алатын орнына тоқталсаңыз? - Шетелдегі қандастарды тарихи отанына оралту, оларды қоныстандыру саясаты тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, ынтасымен болған шаруа. О баста Кеңес Одағы ыдырауға бет алып, қалтылдап тұрған кезде-ақ 1990-1991 жылдары Елбасы өзі тікелей Мәскеудің рұқсатын алып, «Еңбек шарты» деген сылтаумен Моңғолиядан мыңдаған ағайындарымызды көшіріп әкелді. Ал, 1991 жылы қыркүйек айында Түркияға сапарлай барып, ондағы қазақтармен кездесіп, хал-жағдайын білісті. Елбасы келді дегенді естіген Еуропа елдеріндегі қазақтар да сол жолы Түркияға арнайы келіп Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесіп, Елбасымен мұң-мұқтажын бөліседі. Сонда сөз болған маңызды тақырыптың бірі, Ауғанстандағы соғысқа байланысты босқын атанып Иранда, Түркияда, Сауд Арабиясында азып-тозып жүрген ағайындарды елге көшіріп мәселесі болды. Көп кешікпей Елбасымыз жіберген арнайы ұшақ сол қандастарымызды атажұртына алып келді. Қазіргі кезде олар Оңтүстік Қазақстанның бір неше аудандарына өсіп-өніп, тіршілік етіп жатыр. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған кейінгі 15-ші күні, яғни 1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасымыз жаңа жылды қарсы алу құттықтауын, азат ел атанғаннан кейінгі тұңғыш ыстық ықыласын шетелдегі қандастарына арнады. Сол жолы айтылған жалынды лебіз сөз күйінше қалған жоқ. 1992 жылы қыркүйек айында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сол кездегі астанамыз Алматыда дүркіреп өтті. Оны өткізу де, ұйымдастыру да Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатты. Сол құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Ол қауымдастықтың мақсаты келген ағайындарды қарсы алу, орналастыру, шетте тұрып жатқан ағайындарға рухани, материалдық көмек беру болатын. Құрылтайда әр елден келген қазақтар Елбасын бір ауыздан осы қоғамның төрағасы етіп сайлады. Оған қуана-қуана келісім берген Елбасы қоғамдық ұйым болса да, қазірге дейін қауымдастықтың төрағалығы міндетін атқарып келе жатыр. Осы құрылтайдан кейін Елбасы көп өтпей Иранға сапарлай барды. Бұл реткі сапарында да Ирандағы қазақтармен кездесіп, жастардың парсыланып бара жатқанын көреді. Қайтып келісімен Ирандағы қазақтарды қотара көшіріп алды. Келгісі келмеген санаулы қазақтар сонда өмір сүріп жатыр. Осылайша Елбасы шеттегі қазақты көшіруді тәуелсіз ел құрудың қиындығымен қатар жүзеге асырды. Зейнетақы тарата алмай, жалақы

төлей алмай отырған 1990 жылдардың басында шеттен келген ағайындарды жаппай тегін баспанамен қамтамасыз етті. Көп өтпей Көші-қон заңы қабылданды. Шала тұстары, жетіспей жатқан жақтары бар шығар. Бірақ, сол Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалып, бекітілген заң жиырма жыл бойы 1 миллионнан астам қандастарымыздың атажұртқа оралуына септігін тигізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан сырт, Көші-қон комитеті, кейде агенттік болып та жұмыс істеді. Көші-қонмен айналысатын мемлекеттік құзырлы мекемелер республиканың түкпір-түкпірінде құрылды. Бүгінге дейін Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өтті. Оның төртеуіне де қатысқан Елбасы келген ағайындарға ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аяп қалған жоқ. Келген делегаттармен бірге шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетудің жобаларын талқылады. Сөйтіп күні бүгінге дейін шеттен 1 миллион қазақ келді десек, осының барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің жеке, азаматтық позициясының арқасында жүзеге асты деуге толық негіз бар. Себебі, кез келген мемлекеттің бірінші басшысының «ел іші тыныштығын сақтау, халықаралық қауымдастықта өз елінің беделін көтеру, ұлттық қауіпсіздік, бейбітшілігін қорғау, өзге мемлекеттермен тату-тәтті өмір сүру, елдің экономикасын көтеру...» сияқты толып жатқан конституциялық міндеттері болады. Осы міндеттерге жатпайтын, біздің Елбасымыздың атын алтын әріппен жазып қалдырарлықтай мынадай үш ұлы еңбегі бар: 1. Қазақ елінің астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіруі; 2. Көршілерімізбен келіссөздер нәтижесінде, ешқандай ырың-жырыңға бармай шекарамызды шегендеп алуы. Яғни келесі ұрпаққа ешқандай жер дауы қалған жоқ. Бұны тіпті тарихи ұлы жеңіс деуге болады; 3. Тәуелсіз ел құрудың қиындығымен бірге, шетелдерден 1 миллионнан астам қазақ баласын тарихи отанына оралтып, ортамызды толтыруы. - Басқасын айтпағанда, Елбасымыздың сіз айтқан соңғы ерлігінің арқасында Қазақ еліне адам байлығымен қоса үлкен қазына да келіп жетті ғой… - Дұрыс айтасың! Былай қарағанда, бір миллион қазақ келді деп санын ғана айтамыз. Осы бір миллион қазақтың ішінде кімдер жоқ?! Қарапайым малшы, егіншіден бастап ғалымдар, ұстаздар, әдебиетшілер, басқа да өнер майталмандары, мыңдаған бизнес өкілдері келіп ел руханияты мен экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Шетелден қанша жыл оқытсаң да сол деңгейде білім алып келе алмайтын мамандар келіп жатыр. Солардың барлығы қазір еліміздің әр саласында егемендікті орнықтыру, елді дамыту мақсатында терін төгіп жүр. Оның сыртында 1 миллион қазақпен бірге шеттегі қазақтың бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмаған руханияты келді. Қытай қазағының өзінен ғана айтатын болсақ, ондаған том қазақ ертегілері, жиырмаотыз том қазақ қиссалары жетті. Оған Ақыт қажы Үлімжіұлы, Әсет Найманбаев,

Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлының мұраларын қосыңыз. Классик жазушы Қажықұмар Шабданұлының 6 томдығы жарық көрді. Әдебиеттің төңірегінде еңбектеніп келе жатқан 100-деген ақын, жазушы оралды. Оған тағы әншілерді, бишілерді, күйшілерді қосыңыз. Әр елден осылай руханият келіп қосылғанда қазақтың бүгінгі рухани деңгейінің қаншалықты байып жатқанын, соған қандастарымыздың қаншалықты үлесі бар екендігін пайымдау қиын емес. Демек, қай кезде де мейлі шеттен келген ағайын болсын немесе Қазақстандағы зиялы қауым мен әр деңгейдегі шенеуниктер болсын, біздің елдегі көші-қон, демография саласының, шеттегі бауырларды елге оралту саясатының басында Елбасымыз тұрғанын естен шығармауымыз керек. - Көші-қон мәселесіне бас кезінде білек сыбана кіріскеніңізбен соңғы уақыттарда осы мәселе төңірегінде сөз болғанда өзіңізді байқамай қалып жүрміз? - Шынымен де, мен соңғы бес-алты жылдың жүзінде таза шығармашылықпен, ұстаздықпен айналысып, тыныш жатқан жайым бар. Бұған бола кейбіреулер мені көші-қонмен, ағайындардың мәселесімен айналыспайтын адам сияқты көреді. Бұндай пікірмен келіспеймін. Мен 1993 жылы наурыз айында атажұртқа біржола келдім. Яғни, тәуелсіздіктен кейін Қытайдан көшіп келген бірінші қазақпын. Сол алғаш келген күннен бастап көші-қонның сан түрлі мәселесі алдымыздан шықты. Тіркелуден бастап, азаматтық алу, қоныстану, туыс-туғандарды шақыру жұмыстарының бәріне тыңнан түрен салуға тура келді. «Түрен салайық, жаңалық ашайық» деген мақсатпен емес, қажеттілік солай болды. Шетелдікті жай әшейін уақытша тіркеудің өзін қалай жүргізетінін, бұрын Мәскеудің аузына қарап үйренген біздің ішкі істер органдары біле бермейтін болып шықты. Мысалы, мен ең алғаш келген кезде бір білгіш КазҰУ-дың Халықаралық байланыстар басқармасына барып тіркелуім керек екенін айтты. Олар мені Алматы қалалық виза және тіркеу басқармасына жіберді. Ол жерде отырғандар мені ана есікке, мына терезеге сілтеп, ақыр аяғында «өзіңіз тұрған ауданға барасыз» дегенді айтты. Өзім тұрған ауданыма барсам, ондағылар «ҚазҰУ өзі тіркейді» дейді. Сөйтіп жай ғана уақытша тіркеу үшін сандалып бір айдай жүргенім бар. Қысқасы шетелден келген адамды кім, қайда тіркеу керек екенін ешкім білмейтін болып шықты. Мен келе салып азаматтық алуға өтініш бердім. Өтінішім 3 жылдан соң ғана орындалып, 1996 жылы ғана Қазақстанның азаматы болдым. Мәселе бұл жерде, менің құжатымды ұзақ қарады деген ұғым тумауы керек. Азаматтық берудің өзінде тәртібі, жолы, тәжірибесі жоқ болғандықтан солай ұзаққа созылды. Жоғарыда айтқанымдай Елбасымыз тәуелсіздік ала салып шеттегі қазақты топырлатып шақырып жатқанымен, біздің елдің құқық қорғау саласы оларды қабылдау, құжаттарын ыңғайлау жұмыстарына дайын болмай шықты. Тәжірибе жоқ, үлгі жоқ. Сонымен, статусымыз жөнінен шетел азаматы бола тұрсақ та, аталған мәселенің бәріне өзіміз тікелей араласа жүріп, соныдан жол салуға тура

келді. Сол кезде Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының виза және тіркеу қызметі, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құдайдың құтты күні біздерді шақырып алып, «Мына мәселені қалай шешеміз? Қытайдағы тәжірибе қандай? Басқа елдерде тәжірибе қандай?» деген сауалдар төңірегінде талқы, жиналыс өткізетін. Мысалы, менімен қарайлас мезгілде Қытайдан қатар өтіп Қырғызстанға келген Апу деген қырғыз жігіті болды, мамандығы дәрігер еді. Оның Қырғыз елінің азаматтығын алғанына бес-ақ жыл болды. Ол да Қырғызстан тәуелсіздік алғанда қол-аяғы жерге тимей, ұшып-қонып келген болатын. Бірақ, Қырғызстанда біздегідей көші-қон заңы болған жоқ. Сөйтіп «Елім!»деп келген жалғыз қырғызға 15 жыл дегенде әрең азаматтық беріпті. Соның өзінде ана жақтағы әйелімен ажырасып, Қырғызстанның жергілікті қызымен үйленіп жүріп, азаматтықты зорға алыпты. Осыған қарап, біздің елімізде тәуелсіздіктен бері көші-қон саласында істелген істердің ұшан-теңіз екенін бағамдауға болатын сияқты. - Көші-қон заңын дайындауға атсалысқан азаматтардың қатарында өзіңіз де бар деп естиміз… - 1996 жылы Елбасы тарапынан құзырлы орындарға «Халықтың көші-қон заңын қабылдау» тапсырмасы берілгені белгілі болды. Ал құзырлы мекенің (сол кездегі Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) тізгіні Наталья Коржова ханымның қолында болатын. Былайғы өзге мекеме, қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға Парламентке заң ұсына алмайды. Ал жеке тұлға Парламентке заң жобасын ұсыну үшін, ол Парламент депутаты болу керек екен. Қазір Президент әкімшілігінде жауапты қызмет атқаратын Әкім Ысқақ деген бауырымыз ол кезде депутат еді. Сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Найманбаевтың басшылығымен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген он шақты адамнан ынталы топ құрылып, халықтың көші-қон заңының жобасы қауымдастық қабырғасында дайындалды. Осы заң жобасы кейін Ә.Ысқақ мырзаның атынан Парламентке ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі өздерінің жобасын ұсынды. Сөйтіп, Парламенттегі «елім, халқым» деген азаматтардың арқасында Әкім Ысқақтың атынан ұсынылған, біздер дайындаған сол заң қабылданды. Егер, алда-жалда сол кезде Н.Коржова дайындаған заң өтіп кеткенде, қазір кейбіреулер «оралман» деген атау ұнамайды» деп жүр ғой, соның өзіне зар болып қалар едік. Өйткені Н.Коржованың дайындаған заң жобасында шеттен келген қазақтарды тек босқын ретінде, яғни көшеде қаңғып жүрген тәжік, цыгандармен мәртебеміз бірдей етіп барып, қабылдамақ екен. Кейін оны өзгерте алар ма едік, өзгерте алмас па едік. Ол да бір үлкен әңгіме. - Елбасының қабылдауында да болдыңыз. Сол кезде көші-қон мәселесі жайлы ұсыныстар айта алдыңыз ба?

- 2001 жылдың шілде айында Елбасының арнайы қабылдауында болдым. Ол кісінің қабылдауына барғанда мен бірнеше ұсыныспен бардым. Соның біреуі осы көші-қон мәселесі болатын. 2001 жылға дейін жыл сайын шетелден көшіп келуші 500 отбасына ғана квота берілетін. Мен осы мәселені айттым. «Қазір жыл сайынғы көші-қон квотасы 500 отбасымен шектелуде, бұл тым аздық етеді. Шетелде әлі 5 миллиондай қазақ бар, осы қарқынмен ол қанша жылға созылады? Қазір Құдайға шүкір, Қазақстанның әл-ауқаты жаман емес. 90-шы жылдардың басымен салыстырғанда жағдайымыз көп жақсарып қалды. Сондықтан көші-қон квотасының санын да көбейтуге болмас па?» деген өтінішімді айтып, ұсыныстарымды қағаз жүзінде де бердім. Содан 2002 жылдан бастап жыл сайын 5000 отбасына квота беріле бастады. Сол жылы мен қызмет бабымен Астанаға ауыстым. 2003 жылдың күзінде Елбасы жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңеске оралмандардың өкілі ретінде әрі көші-қон мәселесі бойынша мүше болып қабылдадым. Күні бүгінге дейін сол Ұлттық кеңестің мүшесімін. Шеттегі отандастармен байланыс және көші-қон мәселелері бойынша консультативтік кеңес деген қоғамдық кеңестің де мүшесімін. Онда да осы көші-қонға қатысты отырыстар жиі болып тұрады. - Білуімше, «Атажұрт» атты қоғамдық бірлестікті де басқарасыз? - «Атажұрт» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің төрағасы етіп 2004 жылы осы Астана қаласы мен оның маңында тұратын оралман ағайындар сайлаған болатын. Сол бірлестік арқылы күні бүгінге дейін шеттен келген ағайындардың балаларының оқуға түсуіне, грантқа ауысуына, шәкіртақы алуына, Астана маңайында тұратын ақсақалды аталарымыз бен ақ самайлы аналарымыздың зейнетақы алуына, ҚР азаматтығына өтуіне, тұрақты тіркеуіне тағы да басқа мәселелеріне өзіміздің көмегімізді жасап келе жатырмыз. Астананың маңында Қоянды деген жер бар. Ол жер о баста тек қана Моңғолиядан кезінде еңбек шартымен келген ағайындардың қоныстануы үшін шешілген жер болатын. Өйткені кезінде «еңбек шарты» деген желеумен елге оралған моңғолиялық ағайындарға «жекешелендіру» науқаны кезінде баспана, егістік, жайылымдық жерді қойып, тышқақ лақ та тимеді. Себебі олардың бәрі ол кезде Моңғолия азаматы болатын. Сол ағайындар үшін Қоянды ауылынан санаулы отбасыға жер телімі берілді. Алайда біз «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атынан Парламентке, Үкіметке, Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдеріне, шетелден келген аз ғана ағайынды “аннан келгенмыннан келген” деп бөліп жармай-ақ, Қояндыдан Астана қаласы мен оның төңірегінде тұратын, баспанасыз ағайындардың барлығына жеткілікті жер телімі берілсе деп хат жаздық, біраз мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қолын жинадық. Әсіресе бұл шаруада, иманды болғыр Ақселеу Сейдімбек ағам ерекше белсенділік танытып еді. Соның арқасында Қоянды ауылынан дүниенің барлық елінен келген, Астана мен оның маңында тұратын баспанасыз

ағайындарға алғашқы кезекте 800 отбасы үшін жер телімі бөлінді. Қазір аталған ауылда шеттен келген ағайындардан мың шақты түтін өмір сүріп жатыр. Тіпті сонау 90-шы жылдардың басында ҚазҰУ-де ұстаздықпен айналыса жүріп, «Түркістан» газетінің сол кездегі бас редакторы Қ.Мұхаммеджанов ақсақалдың қолдауымен аталған газеттің жанынан «Қоныс» деген қосымша шығарған болатынбыз. Қосымшаның бас редакторы марқұм Айтан Нүсіпханов ағамыз болды да, жалғыз әдеби қызметкері – мен болдым. Сол кезде де оралман, көші-қон мәселесіне қатысты қаншама өзекті мәселелер көтердік, қаншалаған лауазымды тұлғалармен сұхбаттар ұйымдастырдым. Міне, биыл менің елге оралғаныма 20 жылдан асып бара жатыр. Қарап отырсам, осы 20 жылдың ішінде көші-қон мәселесіне қатыссыз бірде-бір күнім өтпепті. - Соңғы кездері көш тоқтады деп ұрандатушылардың қатары көбейіп кетті. Сіздіңше көштің саябырлауына не себеп болды? - Ол рас, қазақ көші саябырлап қалды. Әрине, ағайындардың жанайқайын түсінуге болады. Қалай болғанда да қазақ көші тоқтамауы тиіс. Шетелдерде өмір сүріп жатқан біздің ағайындардың Отанына ораламын дегендері емін-еркін келу керек. Ал мен жеке өз басым, көші-қонның сұйылуының бірден-бір себебі – біздегі қолданыстағы «Халықтың көші-қон туралы заңының» функциясының сарқылғандығында деп білемін. Яғни ол заң шеттен келген ағайынның тек көшуін, қонуын ғана реттейтін құжат. Ал көшіп келген ағайынның көштен өзге тірлігі жоқ па? Көшіп келудің алдындағы шақырту алдыру, виза алу мәселесі, келгеннен кейінгі тіркелу, азаматтық, зейнетақы мәселесі, қарапайым шаруаны егістік жермен, малшыны жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесі; Егер ол зиялы қауым өкілі болып қалалы жерге келетін болса оны жұмыспен қамту жағы бар. Отанға оралған ағайындардың балаларының оқуы, медициналық сақтандыру, әскер жасындағы жастардың Отан алдындағы міндетін өтеуі, келген еліндегі еңбек өтілінің есептелуі т.с.с. сан мың мәселе «көші-қон» ұғымының да, заңының да аясына сия бермейді. Сондықтан қазір мен ҚХР-ның «Қытай диаспорасы туралы заңының» тәжірибесі бойынша заң дайындап жатырмын. Оны қазірше шартты түрде «Бауырластар туралы заң» деп атауға болады. Осындай атаулы, салалық заң қабылданғанда ғана, шетелде тұрып жатқан 5 миллион қазақ баласының статусы айқындалып, олардың Атажұртқа жай қыдырып келіп-кетуінен тартып, оқу, жұмыс бабымен келуін, көшіп келген ағайындардың жоғарыда айтылған сан мың мәселесін ың-шыңсыз реттеуге болады. Көштің тоқырауына екінші себеп болған нәрсе – еліміздегі сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық жер жүзіндегі періштелер емес, кеңірдегі тесік пенделер өмір сүретін барлық елде бар. Бір елдің ішінде барлық салада бар. Сондықтан тек қана «оралмандар оңбаған екен, сыбайлас жемқорлық осы тарапта ауыр екен» деп кіналауға болмайды. Түптеп келгенде оны тек қана оралмандар жасап отырған жоқ. Мемлекет бөлген ақшаны кім басқарады? Көші-

қонның басы-қасында отырғандар басқарады. Олар кіммен сыбайласады? Әрине олар оралманның ішіндегі жылпостар, алаяқтар арқылы мақсаттарын жүзеге асырады. Сөйтіп, олардың арасынан көптеген делдалдар шықты. Нақтылап айтқанда, олар сыбайлас жемқорлықтың сыбайластары. Бұл жерде «Бейсенбайдың қатысы бар, Сәрсенбайдың қатысы жоқ» деп атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бұл жемқорлықтың ушыққаны соншалық, кейбір ағайындар шетелде тұрып жатып, осында көшіп келмей-ақ он шақты рет квота алған. Ол адам сол ақшаның бәрін өзі алды ма? Одан ортадағы делдал, квота беруші құр қол қалды ма? Оның барлығы түсінікті жағдай. Үшінші себебі, жалпы әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесі мойнына бұршақ салып, жаппай, бір жүрек, бір тілекпен «Қазақ елі көгеріп-көктесін, бақуатты елге айналсын, Қазақия мәңгілік болсын» деп тілеп отыр десек қатты қателесеміз. Демек, тілеулес достарымыз да бар, мысықтілеулі дұшпандарымыз да жоқ емес. Сондай қызылкөз дұспандарымызға қазақ елінің амандығы, күшейгені, елдегі қазақ халқының жан саны артып, шын мәніндегі қазақ еліне айналғаны, тәуелсіздігін бекемдей бастағаны ұнаған жоқ. Сондықтан олар шеттен ағылып келіп жатқан қазақ көшінің жолын кесуге жанын, барын салып бақты. Бұл ретте олар әуелгі кезекте Елбасының төңірегінде жүрген, биліктің биік бұтақтарында отырған ұлттық сана-сезімі таяздау, космополит «новый қазақтарды» пайдаланды. Атап айтқанда қазақ көшіне қазақтың өзін қарсы қойды. Соның нәтижесінде «Оралмандар – Қазақ еліндегі орнықсыздықты тудырушы басты фактор» болып шықты. Төртінші себебі, біздің шеттен келген ағайындар отанға келгеннен кейін өзінің жанын бағып, тіршілігін істеп, қолынан келгенінше осы елдің дамуына, болашағына үлес қосып, бала-шағасын өсіріп бай-бақытты өмір кешкені дұрыс еді. Әрине біз демократиялы ел болған соң әркімнің немен айналысуы, не айтуы өз құқы дейміз. Дегенмен, демократияның да шегі, реті, қисыны бар. Қолым бар екен деп көрінгенді ұра бермейтінің сияқты, аузым бар екен деп, ауызға келгенді сөйлей беруге де болмайды. Біраз оралман ағайындар қазір оппозицияның ішінде жүр. Көрінген жерде айғайлап, ол жер, бұл жерде мақала жариялап, сұхбат беріп Елбасының жеке басына тисіп, әртүрлі жағымсыз пікірлер айтып жүрген ағайындар да жоқ емес. Осының барлығы қазақ көшін алғаш өзі бастаған, әлі де сол сарабдал саясатын жалғастырып келе жатқан Елбасының құлағына жеткен болуы мүмкін. Міне, кезінде өзі Назарбаевтың көші-қон саясатының арқасында Отанға оралған, бүгінгі күні оппозицияның тиірменіне су құйып жүрген жігіттердің тірлігі жоғары жаққа аса ұнай қойған жоқ деп ойлаймын. Сонымен, менің ойымша биліктің көші-қонға деген көңілі қалды. Әр нәрсені, әр мәселені айтатын өз адамы болады. Әр мәселені реттейтін өзінің кезі болады. Мен Моңғолиядан, Ираннан, Ресейден келгендердің өз елінде кімнің кім болғанын білмеймін. Бірақ Қытайдан келген өз жерлестерімнің ол елде кім болғанын бес саусағымдай білемін. Анау алыс

ауылдағы бір мектептен келген, әрі кеткенде аудандық, аймақтық қатардағы мекемеден келген, орта мектептік сауаты иә бар, иә жоқ, өзінің ауылының әкіміне, мекемесінің басшысына кіре алмай жүрген біреулер мұнда келіп «қоғам қайраткері», «үлкен саясаткер» болғысы келеді. Аузын ашып қалса болды, айтатыны «Ақорда, Назарбаев...». Демократия екен деп, келсе-келмес мемлекеттің саясатына араласу, шамаға қарамай айға шабу деген өте ұят жағдай. Жүйесі, тәрбиесі, менталитеті бөлек өзге бір елден келіп, бұл елдің саясатымен айналысуды қойып, біздің ағайындар өз басын жөндеп алып жүрсе де үлкен олжа. «Аяз әліңді біл, Құмырысқа жолыңды біл» дегенді атам қазақ осындайда айтса керек. Қысқасы, Ел боламыз десек, мейлі ол шеттен келсін, мейлі жергілікті болсын, әркім өзінің тірлігімен айналысқаны дұрыс. - «Бауырластар туралы заң» дайындап жатырмын деп қалдыңыз. Сіздіңше, Көші-қон туралы заңға өзгеріс керек пе? - Иә, мен жоғарыда айтып өткенімдей бізге де тура Қытайдағыдай заң керек. «Оралман» немесе басқа деп айтудың керегі жоқ, «Ағайындар туралы заң» деген өте орынды деп есептеймін. Ол шетелдегі тұрып жатқан ағайындарға қандай статус пен жеңілдіктер беру керек және әр түрлі себептермен келушілер (жеке сапар, оқу, кәсіпкерлік т.б.) мен көшіп келіп, қоныстанушылардың жоғарыда мен айтқан мәселелерін заң қалай реттейді дегенге жауап болады. Кез-келген ішкі істер бөлімінде, кез-келген мекеменің еңбек басқармасында сол «Ағайын туралы заң» жату керек. Сол арқылы толып жатқан мәселе өзөзінен реттелетін болады. Қазір мен дайындаған заңды заңгерлер қарап жатыр, одан соң тағы да халықаралық адам құқығы жөніндегі ұйымдардан кеңес аламын. Әлі де жетілдіретін, әлі де толықтыратын тұстары жоқ емес. Ең соңында заңды дайындағаным жайлы қатысты адамдарға және құзырлы мекемелерге хабар беремін. Бұл заң да әрине, Парламент депутаттары арқылы ұсынылатын болады. Бұл заң жобасын дайындау – өмірдің, уақыттың өз талабынан туындап отыр. Яғни қолданыстағы «Халықтың көші-қон туралы заңы» бұл күнде көп мәселеге жауап бере алмай қалды. Мәселен, Моңғолиядан келген бір ағайын ол жақта 10 жылдай мемлекеттік қызметте істеп келіпті, ал сол жұмыс өтілі бұл жаққа келгенде есепке алынбай жатқанына налып отыр. Оның қолында еңбек кітапшасы бар. Осындайда «еңбек кітапшасын» бермейтін, бұрынғы кеңестік жүйеде жұмыс жасамайтын елдерден келген ағайындардың мәселесі тіпті де қиындай түседі. Бұндай мәселе қазіргі «Көші-қон заңында» қарастырылмаған. Қолданыстағы «көші-қон» заңында қамтылған ең үлкен мәселе ол – бер реткі жәрдемақы беру жағы ғана. Шынтуайтына келгенде, тіркеу жұмысы, азаматтық беру мәселесі де көші-қонның аясына сай келетін дүние емес. Демек көп мәселе құқықтық, құжатнамалық істерге қатысты болғандықтан Көші-қон комитетін өткен жолы Ішкі істер министрлігіне қосып жібергені содан.

Біз дайындап отырған заңның талабы бойынша шетелдегі ағайындарға қатысты толып жатқан жұмысты арқалай алатын жеке бір агенттік немесе комитет болуы керек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын алып қарасақ, ол тек қана қоғамдық ұйым. Ол талап еткен мәселемен ешқандай бір шетел үкіметі санаспайды. Құзырлы орын болса сол елдің өзі деңгейлес қатысты органдарымен тікелей байланысқа шығып, кез-келген мәселені шешуде еш кедергіге ұшырамайды. Қысқасы, «көші-қоннан» бөлек, тек қана шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындарға арналған заң болмайынша мәселені кешенді де дұрыс шешу мүмкін емес. Бұл жасалынып жатқан «Ағайын туралы заңда» барлығы қамтылатын болады. Мысалы, шетелден көшіп келген, туысшылай келген және басқа да мақсаттармен келген ағайындарға қандай жағдайлар жасалу керек, шетелде тұрып жатқан ағайындарға қандай көмектер мен қолдаулар қажет дегендер қамтылады. Аты-жөнін төлқұжатқа дұрыс жазғызу мәселесінің өзі былай қарасаңыз ұсақ-түйек мәселе сияқты көрінеді. Алайда сол кішігірім мәселеден туындайтын үлкен кедергілердің барын біреу білсе біреу білмейді. Жалпы бір адамның басына қанша мәселе қатысты болады, соның барлығын осы заңға қамтуға тырыстық. Күннің өтіп, қоғамның дамуымен қатар бұрынғы мәселелердің орнын жаңа проблемалар басып отырады. Яғни, ең алғашында тек қана көші-қон заңының арқасында 1 миллион қазақ шеттен көшіп келді. Мүмкіндіктерінше орналасты. Ал қазір көші-қон тығырыққа тірелді. Енді оны басқаша жаңғыртуымыз керек. - Көші-қонға тұсау болған басқа да ұсақ себептердің бар екенін қозғап қалдыңыз… - Бұны мен 1 жарым миллионнан астам қазағы бар Қытайдағы ағайындармен байланыстырғым келіп отыр. Қытайдағы жекелеген азаматтардың құрған форумдық сайттары Қазақстанның оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарының материалдарын төте жазуға ауыстырып жиі жариялап отырады. Оппозицияның оралмандарды қосып алуы да тегіннен тегін емес. Олар кейбір қиналып жүрген ағайындарды «біз билікке келетін болсақ, сендер бұлай қаңғымас едіңдер» деп сендіреді. Сөйтіп олар еріксіз оппозицияға ереді. Олардың пікірі шетелден елге жете алмай жатқан қазақтың жүрегіне төте жол тартады. Сөйтеді де Қазақ үкіметіне деген дұрыс емес көзқарас қалыптасады. Қазір «көші-қон тоқтап қалды» деп қаттырақ, тоқтаусыз айғайлап жүрген бір топ азамат бар. Кезінде «көші-қон» солардың үлкен «бизнесі» болды. Көші-қон арқылы олар қалтасын қампитты. Олар «көші-қон шақыртуын» жіберемін деп арғы бетте жатқан елді бір тонаса, қоныс аударып келгендерді «квота алып беремін» деп екі тонады. Осы мәселе бойынша ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде, оралмандардың «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде бізге шағымданушылар өте көп болды. Менде алаяқтарға алданған ағайындардың арыз-шағымы тау болып үйіліп жатыр. Бір

қызығы сол ағайындарды зарлатып кеткен алаяқтар қазір «көші-қонның» жанашыры болып, қатты «шырылдап» жүр. Бұндай күніне миллиондап жазылатын арыз-шағымдар жоғары жақты да қажытқан болуы әбден мүмкін. - Дүкен аға, соңғы сұрақ: аңсаған Отаныңызға оралғаныңызға биыл тұп-тура 20 жыл болыпты. Еліңізге не бердім деп ойлайсыз? - Бұл енді өте қиын сұрақ. Себебі қылымсып «түк бітірмедім» десең, былайғы жұрттың «сонда 20 жыл бойы тек ас ішіп, аяқ босатып жүрген бе?» деп ойлап қалуы ғажап емес. Ал азды-көпті істеген-тындырғаныңды «мен бүйттім» деп өзіңнің айтып отырғаның тағы ыңғайсыз. Дегенмен, сұрақ қойылған екен, оқырманды, журналисті сыйлап, жауап берген жөн болар. Ақын ретінде бүгінге дейін «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Алкүрең арман» қатарлы жеке жыр жинақтарым жарық көрді. Ал қытайтанушы, аудармашы, ұстаз ретінде, «Жыр-Жебе» (монография), «Сарап» (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы), «Сөз – желкен» (монография), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография), «Жер шарының қызыл белдеуі» (аударма роман), «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография), «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (оқулық), «Қытай филологиясына кіріспе» (оқулық), «Лу Шүн. Повесть және әңгімелер» (аударма), «Лу Шүн әлемі» (монография), «Лу Шүнтану дәрістері» (оқулық), «Әлем әдебиеті» (2010, №2. Әдеби журнал, қытай әдебиетіне бағышталған арнайы нөмір. Алғысөз авторы, аударып, құрастырушы), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми мақалалар жинағы) қатарлы ғылыми-зерттеу, оқулық және аударма еңбектеріміз жарық көрді. 1999 жылы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2008 жылы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Аталған диссертацияның «салыстырмалы әдебиеттану» деген мамандық бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде қорғалған докторлық диссертация екенін еске сала кету артық емес. Әрине, Кеңестік идеологияның да кесірі бар, өзге де себептер бар, біздің әдебиетшіғалымдарымыз тәуелсіздік алғанға дейін ұлы Мұхаңды (Әуезов) «орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан, Гогольдің, Толстойдың, Чеховтың шәкірті» деуден аса алмады. Ал біз қазақтың ұлы қаламгерін миллиардтың ұлы жазушысымен салыстыра қарастыруға мүмкіндік алған болсақ, ол да әрине, азаттық арқасы. Мақтанға сайса да, тағы бір айта кетер жағдай, Отан құшағына оралған жиырма жылдан астам уақыттан бері табан аудармай еліміз үшін аса қажетті мамандық болып есептелетін қытайтанушы және қытай тілі мамандарын даярлаумен айналысып келеміз. Жолдасым Айнұр екеуміздің алдымыздан дәріс

алған жүздеген қытай тілінің мамандары бүгінде еліміздің ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, ҚР Сыртқы істер министрлігінде, Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент әкімшілігінде, Үкімет аппаратында, «ҚазМұнайгаз» ҰК-да, «Қазақстан темір жолы» ҰК-да, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында жемісті еңбек етуде. Осындай-осындай азды-көпті төккен тердің жемісін оймен шолғанда, 20 жыл бойы қарап жүрмегеніңе тәубе дейсің. - Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН «Түркістан» газеті. – 8 тамыз 2013ж. № 31-32 (993-994).

БАЛА КҮНІМДЕ БАР ҚИЯЛЫМ, БАР АРМАНЫМ АҚЫН БОЛУ ЕДІ...

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ұлттық салт-дәстүр академиясының академигі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі.

Біздің анықтама:

Жылы: Қоян
Жұлдызы: Торпақ
Сүйікті тағамы: Ет
Сусыны: Қымыз

Спортшысы: Ермахан Ыбырайымов
Әншісі: Рамазан Стамғазиев
Актері: Асанәлі Әшімов
Киносы: «Көксерек»

Жазушысы: Бердібек Соқпақбаев
Ақыны: Жұмекен Нәжімеденов
Өмірлік ұстанымы:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар –
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.

- Абай.

Атам Нақысбек екі елде де болыс болған

– Аға, сұхбатымызды алдымен сіздің балалық балғын шағыңыздан бастасақ. Қандай отбасында өмірге келдіңіңіз? Әкеңіз қандай адам болған еді? – Менің әкем Мәсімхан қарапайым шаруа адамы болғанымен, Қытайдағы молдалар сотталып, «Құран» өртеліп жатқан «Мәдени төңкеріс» жылдарында да бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар адам болатын. Діни білімі өте терең еді. Жас күнінде ескіше көп оқыған екен. Өйткені әкемнің әкесі Нақысбек Жалпетекұлы атам Жетісу өңіріне белгілі болыс болған адам. Қазақ тарихында Нақысбек шешен деген атпен де белгілі. Нақысбек атамыз 1916 жылға дейін Қазақстанның Шәлкөде өңірінде болыс болып тұрғанда, үлкен ұлдарын Қырғызстанның Қарақол қаласынан оқытыпты. 1916 жылғы Қарқара көтерілісі жанышталып, көсемдері тұтқындалғаннан кейін Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болады да, Қытайдағы қазіргі Текес ауданының Шиліөзек деген жеріне тұрақтайды. 1917 жылы сондағы сайлауда Ақалақшы (болыс) болып сайланады. Сайлана салысымен өзі тұрған Шиліөзек өңірінен жаңаша мектеп ашып, жанжақтан ұстаздар жинап, мектеп мүдірі (меңгеруші) етіп күллі қазаққа аты мәшһүр ақын, ғұлама Жүсіпбек қожа Шайхисламұлын тағайындайды. Бұл мектеп 1949 жылға дейін жұмыс істеп тұрыпты. Аталған мектептен тәлім алған шәкірттер кейін сол өңірдегі қазақ руханият көшінің белді-білді қара нарлары болды. Нақысбек атамыздың үш әйелінен тараған барлық баласы осы мектептен білім алған. Сол Шиліөзекте 1920 жылы туған менің әкем аталған мектептен кәдімгідей жеті сыныптық білім алып шығыпты. Ол мектепте діни біліммен бірге, дүниауи білімдер де (әдебиет, тарих, математика, жағрафия, т.б.) оқытылады екен. – Ал, анаңыз жайында не айтасыз? – Анам – Дәмеш Тұрлыбайқызы 1926 жылы Қазақстанда өмірге келіпті. Голощекин ұйымдастырған 1932 жылғы ашаршылықта ата-анасымен бірге Қытай асқан. Нағашы атамыз Тұрлыбай деген кісі, М.Әуезовтің «Қилы заманындағы» батыр, жас болыс Серікбай Қанайұлының туған інісі. Қысқасы, бұл ауылға да сөз қонған, құт дарыған ел екен. Анам Дәмеш Тұрлыбайқызы да жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен. Қыз кезінде ара-тұра айтысқа да қатысқан. Ертегі, қисса-дастандарды өте көп білетін. «Біржан мен Сара қыздың айтысы», «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» деген секілді айтыстарды жатқа айтатын. Менің маңдайыма осындай отбасының кенже ұлы болу жазылыпты. Кенже баланы еркелетіп-шолжаңдатып өсіру бар қазаққа ортақ дәстүр емес пе?! Мен де еркелеп өстім, қатты-қайырым жұмыс аға-әпкелерімнен артылмайды. Менің міндетім – кітап оқу, үйге келген кісіден әңгіме тыңдау. Одан қалса анама ертегі, қисса-дастан айтқызып соны тыңдау, жаттау болды. – Сонда сізге ақындық өнер анаңыздан дарыған болды ғой? – Жалпы менің әдебиетті алғашқы ұстазым – анам. Себебі, біздің буынның балалық шағы қытайдағы атышулы «Мәдени төңкеріспен» (1966-1976 жылдар)

тұспа-тұс келді. Ол кезде ала қағаздың бетінде «Маоның мақалалары» мен «Маоға мадақтан» өзге түк жоқ болатын. Негізінде адам баласының ұлттық рухани мәйекпен азықтанатын уақыты 5 жастан 15 жасқа дейінгі кезеңі ғой. Міне біздің буын осы мәйектен мақұрым қалды. Ал менің бақытым, қазақ ертегілерін, қазақ қиссаларын, әр түрлі тұрмыстық өлең-жырларды, кереметтей айтыс үлгілерін, Абайдың, Әсеттің, Көдектің, Таңжарықтың, Шарғынның өлеңдерін түгелге дерлік анамның аузынан естіп өстім. Бала күнімде сыныптастарымның кейбір қылықтарына арнап шығарған өлеңсымақтарымның да алғашқы тыңдарманы, сыншысы анам болатын. Нақысбек атамның шешен болғанын әлгінде айттым ғой. Ал қазақта шешендік пен ақындытың тегі, түптамыры бір екені белгілі. Сондықтан маған ақындық әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келген болса, уыздығымды рухани нәрмен қандырып, сөз өнеріне алғаш баулыған да, иманды болғыр, асыл анам болатын. – Белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің: «Қиялдаудан өткен арғымақ жоқ!» деген сөзі бар. Мектеп қабырғасында жүргенде «мен келешекте үлкен ақын боламын» деп қиялдадыңыз ба? – Әрине. «Армансыз адам дәрменсіз» дейді дана халқымыз. Шынында да армансыз адам қанатсыз құс сияқты. Адамда арман болмаса, оның әлдеқандай жеңіске, жетістікке жетуі, атақ-даңқтарға, бақытқа қол жеткізуі де мүмкін емес. Ал жас баланың қиялы тіпті де ұшқыр, көкірегі арманға меймілдеп толып тұратыны белгілі. Алайда оған үлкендер тарапынан лайықты қолдау, көмек керек. Сонда ғана баланың қиялына қанат бітеді. Мәселен, мен бала күнімде біздің ауылдан шыққан ақын-жазушылардың атын айтып «сол кісілер секілді ақын болам» десем, анам марқұм «менің құлыным олардан да мықты ақын болады» деп желпіндіріп қоятын. Сондай кезде менің сәби жүрегімді «мен олардан мықты ақын болмасам анам разы болмайтын, қуанбайтын секілді, сондықтан қалайда олардан да мықты ақын болуым керек» деген сенім мен күш кернейтін. Егер сол кезде маған анам немесе әлдекім «былжырама! Ақын болмай-ақ мұрныңның боғын сүртіп ал!» десе, мүмкін, менің қиялым қырқылып, арманым суалып қалуы мүмкін еді. Бала күнімде бар қиялым, бар арманым ақын болу еді. – Өз басым үлкен-үлкен ақын-жазушыларды пір тұтып, олардың ісқимылына еліктеп өстім. Мұндай еліктеу сізде де болған ба еді? – Газет-журналға аты шыққан, шығармасы басылған, өздері Үрмжіде, Құлжада тұратын ақын-жазушылар бізге «Құдай емес, құдайдан былай емес» болып елестейтін. Олар былайғы ел сияқты асханаға, әжетханаға бармайтын, жер басып жүрмейтін секілді елестейтін. Ал ара-тұра біздің ауылда тұратын ақындардың есімдерін, өлеңдерін баспа бетінен көріп қалсақ, сол кісілерді көру үшін арнайы іздеп барып, басына, көзіне, аяғына-қолына, жүрісіне қарап тұратынбыз. Содан үйге келгенде, мектепке барғанда әлгі «идеалмыз» секілді

жүріп-тұруға тырысатынбыз. Осындайда, ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегенінде қандай құдіретті ой жатқанына көзіңіз жетеді. – Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? – Құдай қосқан қосағым –Айнұр Әбиденқызы екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Тұңғышым – Құндыз, студент. Қытайда медицина университетінің соңғы курсында оқиды. Қалғандары әлі мектепте. Сабақтары жақсы, армандары үлкен, Иншалла! Ал жұбайым Айнұр – қытай қазақтарынан шыққан алғашқы ағартушыпедагок Әбиден Құдышұлы деген кісінің қызы. Ол кісі қаладағы мардымсыз жалақыға телмірген қиын өмірге қарамастан жеті перзент сүйіп, солардың бәрін оқытыпты. Айнұрдың мамандығы қытай әдебиеті. Университет бітіргеннен кейін, жолдамамен Үрімші қаласындағы Әскери педагогика институтына барып, ұстаздық қызмет атқарды. Сондай-ақ ол өз кезінде қытай қазақтарынан шыққан белгілі эстрада әншісі болатын. Қазақстанға келгелі бері сахнаны қойып, бірыңғай ұстаздық жұмыспен айналысып келеді. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология магистрі. Он шақты ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. – Сіз ол кісіні ән салып тұрған жерінен көріп, тәнті болып қалғансыз-ау шамасы? – Дәл таптыңыз. Мұндай істер кейбір ұлы адамдардың өмірінде де қайталанған. Ең алғаш оны теледидарда ән салып тұрған кезінде көрдім. Құлжадан институт бітіріп, Үрімжіге сол жылы келген екен. Көп өтпей, сол қаладағы бір тойға мен асаба болдым, Айнұрды ән салып беруге шақырыпты. Сол жерде таныстық. Кейін әнімен де, сәнімен де мені мүлде баурап алды. Ғашықтықтың құдіреті ғой, сазгер болмасам да «Елігім-еркем» деген әнім сол кездегі іңкәр сезімнен туған болатын...

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанын естігенде ақылымнан адасқандай күй кешкенмін

– Еліміз егемендік алғаннан кейін бір топ азаматтар алғашқылардың бірі болып елге оралды. Біреулер шекарадан өткен бетте жата қалып туған жердің топырағын сүйіпті. Ал сізде қандай сезім болды? – Дүниеде ұлтыңның азаттық, еліңнің тәуелсіздік алғанынан артық қуаныш болады дегенге өз басым сенбеймін. Тәуелсіздіктен кейін туған жас ұрпақ, сөз жоқ, бақытты ұрпақ. Бірақ олар дәл осы қуаныштың дәмін сезіне бермеуі мүмкін. Себебі олар бодандықтың не екенін білмейді. Әрине, оқып білу бір басқа да, бастан кешіру бір басқа. Қазақ халқы хандығы жойылып, бодан күй кеше бастаған күннен тәуелсіздік алғанға дейін әр бір таңын азаттықты аңсаумен атырды. Туған халқыңның осындай ғасырлап күткен арманы жүзеге асқанда қалай қуанбассың?!

– Қазақ елінің тәуелсіздік алғаны жайында алғаш естіген кезіңіз есіңізде ме? – 1980 жылдардың соңы. КСРО-дағы «қайта құру» науқаны басқаша бағыт ала бастаған шақ. Ол заманда «Азаттық» радиосының хабарларынан өзге тұщымды ақпарат көзі жоқ. Сонымен бұрынғыдай емес, «Азаттық» радиосын бір күн құры жібермейтін «ауруға» тап болдық. Міне, әйгілі 1991 жыл. КСРО қожырап, іргесі сөгіле бастады. «Азаттыққа» күндіз-түні құлақ төсеп, күндізтүні Алладан Алаш жұртының азаттығын сұраймыз… Күз басында қырғыз, өзбек ағайындар азаттығын алды. Шыдам таусыла бастады. Сумаңдаған сан түрлі өсек-аяң одан сайын сабырымызды тауысып, жүйкемізді жұқартып бітті. Жыл аяқталып келеді. Енді қашан?! Біздің қазақтарға не болды?! Тыпыршып жер текпілейміз. Бір күні әдеттегідей «Азаттық» радиосын тыңдап отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай, ортан белінен үзілді де: «Ақ сарбас, Алаш жұрты! Сүйінші, қазақ баласы! Қазақстан тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Марқұм Хасен Оралтай ағамыздың дауысы. Ол кісі «кешіріңіздер!» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен де ес-ақылымнан адасып қалдым. Күлемін. Жылаймын. Қайтадан күлемін. Қайтадан жылаймын… Төрге тоңқалаң асып, құлай кетіп домалаймын, қарғып тұрып секіремін. Айғайлаймын... – Егер сол кезде біреу-міреудің көзі шалып қалған болса «жынданды» деп ойлайтын ба еді, қайтер еді? – Сөз жоқ жаман ойда болатын еді. Бірақ есімді тез жиып, достарыма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті үй телефонының өзі тек бастықтардың үйінде ғана болады. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар хабарласып, кешке қарай жоқ жерден «туған күн жасап», қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйіне жиналдық. Ақсарбас атап сойып, жақсылап тойладық. Кеш барысында сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ шекара бұзып, қашып өтеміз» деген уәжге тоқтадық. Уәде осы болды да ертеңінде түске таман тарастық. – Адам қуанғанда не айтып, не қойғанын білмей қалады деуші еді, «Айтылды. Қалды» болған жоқ па? – «Жаман – уәдеге берік» дегендей, «Айтылды. Қалды» болған жоқ. Сол ынта-жігермен қашпай-ақ, шекара бұзбай-ақ, Қазақстанның арнайы шақыруымен, жергілікті Қытай үкіметінің заңды рұқсатымен, Қытайдан алғашқылардың бірі болып, 1993 жылдың басында Қазақстанға оралдым. Достарым да бірінің артынан бірі елге оралды. - Міне биыл сол аңсаған Отаныңызға оралғаныңызға тұп-тура 20 жыл болыпты. Еліңізге не бердім деп ойлайсыз?

- Бұл енді өте қиын сұрақ. Себебі қылымсып «түк бітірмедім» десең, былайғы жұрттың «сонда 20 жыл бойы тек ас ішіп, аяқ босатып жүрген бе?» деп ойлап қалуы ғажап емес. Ал азды-көпті істеген-тындырғаныңды «мен бүйттім» деп өзіңнің айтып отырғаның тағы ыңғайсыз. Дегенмен, сұрақ қойылған екен, оқырманды, журналисті сыйлап, жауап берген жөн болар. Ақын ретінде бүгінге дейін “Жүрекке саяхат”, “Семсер суы”, “Көкпар”, “Алтынның буы”, “Алкүрең арман” қатарлы жеке жыр жинақтарым жарық көрді. Ал қытайтанушы, аудармашы, ұстаз ретінде, “Жыр-Жебе” (монография), “Сарап” (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы), “Сөз – желкен” (монография), “Мұхтар Әуезов және Лу Шүн” (монография), “Жер шарының қызыл белдеуі” (аударма роман), “Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық” (монография), “Қытай тілі фонетикасының негіздері” (оқулық), “Қытай филологиясына кіріспе” (оқулық), “Лу Шүн. Повесть және әңгімелер” (аударма), “Лу Шүн әлемі” (монография), “Лу Шүнтану дәрістері” (оқулық), “Әлем әдебиеті” (2010, №2. Әдеби журнал, қытай әдебиетіне бағышталған арнайы нөмір. Алғысөз авторы, аударып, құрастырушы), “Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы” (ғылыми мақалалар жинағы) қатарлы ғылымизерттеу, оқулық және аударма еңбектеріміз жарық көрді. 1999 жылы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2008 жылы “Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Аталған диссертацияның «салыстырмалы әдебиеттану» деген мамандық бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде қорғалған докторлық диссертация екенін еске сала кету артық емес. Әрине, Кеңестік идеологияның да кесірі бар, өзге де себептер бар, біздің әдебиетшіғалымдарымыз тәуелсіздік алғанға дейін ұлы Мұхаңды (Әуезов) «орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан, Гогольдің, Толстойдың, Чеховтың шәкірті» деуден аса алмады. Ал біз қазақтың ұлы қаламгерін миллиарттың ұлы жазушысымен салыстыра қарастыруға мүмкіндік алған болсақ, ол да әрине, азаттық арқасы. Мақтанға сайса да, тағы бір айта кетер жағдай, Отан құшағына оралған жиырма жылдан астам уақыттан бері табан аудармай еліміз үшін аса қажетті мамандық болып есептелетін қытайтанушы және қытай тілі мамандарын даярлаумен айналысып келеміз. Айнұр екеуміздің алдымыздан дәріс алған жүздеген қытай тілінің мамандары бүгінде еліміздің ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, ҚР Сыртқы істер министрлігінде, Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент әкімшілігінде, Үкімет аппаратында, «ҚазМұнайгаз» ҰК-да, «Қазақстан темір жолы» ҰК-да, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында жемісті еңбек етуде.

Сондай-ақ жиырма жылдан бері тек қана шәкірттерге қытай тілі мен әдебиетін оқытумен, оны зерттеумен шектеліп қалмай, қытайдың мәдениеті мен менталитетін қазақстандық жалпы оқырманға паш ету мақсатында көркем аудармамен де айналысып келеміз. Атап айтқанда әр жылдарда республикалық баспасөз беттерінде біздің тәржімамызбен Коңфуцзы, Ли Бай, Лу Шүн, Ба Зинь, Лао Шэ, Ай Чиң, Юй Гуанджұң, Уаң Мың, Джаң Чыңджы, Гу Чың, Чэнь Дұңдұң, Джау Личуа, Диң Даң қатарлы көптеген қытай қаламгерлерінің шығармалары жарық көрді. – Бір сөзіңізде «Әрі-беріден соң шеттен келіп жатқан әрбір қазақтың соқа басының өзі баға жетпес байлық. Елге қосылған үлес, құт-береке! Өйткені көсегеміз көбейсек қана көгермек» - депсіз. – Менің бұл сөзім бір кездері қазақ баспасөзі алаулатын-жалаулатып көтерген «шеттегі ағайын елге не алам деп емес, не берем деп келсін» деген рәуіштегі ұранға қарсы айтылған уәж болатын. Шынында да шеттен келген ағайынның ішінде «Қазақстанның байлығын тонасам, ел ырысын үріп ішіп, шайқап төксем» деп келген адам жоқ» деп толық сеніммен айта аламын. Олар сұраса, мемлекеттің тиісті заң-ережелерінің ауқымында, қарапайым тіршілікке қажетті игіліктерді ғана (азаматтық, баспана, үй салатын жер телімі, егістік жер, жайылымдық жер, квота, зейнетақы т.б.) талап етті. Жоқ, әлде оны да сұрамау керек пе еді?! – Соңғы кездері қандай жұмыстарды тиянақтадыңыз? Оқырманға айтар қандай тілегіңіз бар? – 2012 жыл мен үшін жемісті, сәтті жыл болды. Үш-төрт жылдың алдында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қытай жазушысы Лу Шүн шығармаларының таңдамалы бір томдығын қытай тілінен қазақшаға тәржімалаған болатынмын. Осы еңбегім үшін Қазақстан жазушылар одағы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын берді. Қытай тілі мен әдебиетін оқыту, аудару саласындағы еңбегіме орай Шанхай ынтмақтастық ұйымының «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығына ие болдым. Жыл соңында ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бұйрығымен «жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстарымыз» үшін «Ы. Алтынсарин» медалімен марапатталдық. Ұстаз үшін бұдан үлкен құрмет жоқ деп ойлаймын. Ал шығармашылығыма келсем, соңғы жылдары жазылған жаңа өлеңдерім мен қытай ақындарынан аударған өлеңдерімді жинақтап, бір кітап етіп баспаға дайындап отырмын. Университет тарапынан екі томнан тұратын «Қытай әдебиетінің тарихын» жазу маған жүктелген болатын, қазір бірінші томы дайын. Сонымен бірге жұбайым Айнұр Әбиденқызы екеуміз он шақты жылдан бері 70 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын «Үлкен қытайша-қазақша сөздік» құрастырып жүр едік, оны да жақында аяқтап, баспаға тапсырдық. Бұдан сырт, биыл Алла қаласа, 40 баспа табақтан тұратын «Қытайтануға кіріспе» атты ғылыми-танымдық еңбегім де оқырман қолына тиіп қалар. Дәл қазір бір

мекеменің тапсырысы бойынша қытай халқының ұлы ойшылы Кұң Фузының пәлсапалық толғамдарын түпнұсқадан аударып жатырмын. Оқырманға айтар тілек – ел аман, жұрт тыныш болсын! Ұлымыз миятты, қызымыз ұятты болсын! Ұрпағымызда елдік сана болсын, әр үйден өріп шығар 6-7 ден бала болсын! -Студенттік жылдардан есте қалған бір қызықты оқиғаны айтып беріңізші... - Бейжіңдегі Орталық ұлттар институтында оқып жүрген кезіміз. Марқұм әнші, сазгер Қастер Сейітханұлы аталған оқу орнының көркемөнер факультетінде оқиды. Ақын, сазгер Балапан Рабатов Қытайдың Орталық радиосының Қазақ бөлімінде диктор болып жұмыс істейді. Курстас болмағанымызбен, үшеуміз жақсы араластық. Қолымыз қалт еткен уақыттың бәрінде бірге жүреміз. Бейжіңдегі қазақ отбасылар, өзге оқу орнындағы қазақ студенттері үлкенді-кішілі қуанышына бізді міндетті түрде шақырады. Қыстай «соғым басы» деген науқан тағы бар. Бейжіңде, сол кездің өзінде қаланың мына тұсынан ана тұсына қоғамдық көлікпен жеткенше 2-3 сағат уақыт кетеді. Түнгі сағат 11-12-лерде автобустар тоқтап қалады. Сондықтан қазақтардың қонағы негізінен таңға отырып, таңғы автобус жүргенде үйіне бір-ақ қайтады. Сол дәстүрмен, үшеуміз бір ағамыздың үйінен таң ата шықтық. Аялдамаға келіп қалтамызды ақтарасақ, үшеумізде бар болғаны отыз тиындай ғана ақша бар екен. Бұл бір адамның үш аялдама жол жүруіне ғана жететін ақша. Ол кезде Қытай қалаларындағы қоғамдық көліктерде бір аялдама жол жүрудің ақысы он тиын болатын. Енді не істейміз? Егер жаяу жүрем десең, ең кемінде 5-6 сағат уақыт кетеді. Сонымен нар тәуекел дедік де, біздің институтқа баратын бір автобусқа мініп алдық. Ол кездері Бейжіңдегі автобус кондукторларының арнайы үстелі болады. Кондуктор сол жерде отырып алып, аялдамаларды, билет алу туралы микрофонмен хабарлайды. Жолаушылар жол ақысын өздері барып төлейді. Таң жаңа атып келе жатқандікі ме, әйтеу автобус салонында адам аз екен. Кондуктор қыз қайта-қайта бізге қарап «жол ақысын төлеңдер» деп айқайлап қояды. «Иә, қазір» дейміз де, құнжың-құнжың етіп отыра береміз. Әлгі қыз біздің қылығымызға қарап жымиып қояды. Бір тәуірі ептеп нысаналы жерге жақындап келеміз. Университетке жетуге 2-3 аялдама қалғанда, Қастер екеуміз әлгі отыз тиынды Балапанның қолына ұстатып: – Сен барып төлеп кел, – дедік. – Неге мен барам? – деп тулады Балапан. – Сенің өңің суық, мінезің салмақты. Не айтсаң да саған сенеді, – деп жатырмыз. Не керек, Балапан көнді. «Қайдан міндің?» десе, «Шуеюанлу деген аялдамадан міндік дейсің», – деп сөз үйреттік. Балапан кондуктор қызға кетті. «Не болар екен?» деп біз қарап отырмыз. Қызға барды, сөйлесті. Кондуктор қыз басын шайқап бірдеңе деп жатыр. Бір кезде қытай қызды өтірігіне иландырады

деген Балапанымыз бізге бұрылып: «ей, жігіттер, мына қыз Шуеюанлуға тоқтаған жоқпыз, – дейді, енді қайсы аялдаманы айтайын?», – деп айғайлап тұр. Балапан қазақша айғайлағанымен, тура осы жерде аудармашының қажеті болмай қалды-ау деймін, автобус салонында отырғандар қыран-топан күлкіге көміліп жатыр. Кондуктор қыздың да ішек-сілесі қатып қалыпты. Бір заманда күлкіден есін жиған кондуктор қыз: – Қайда барасыңдар?- деді. – Ұлттар институтына. – Студентсіңдер ме? – Иә, – деп шу ете қалдық біз. – Жарайды, ақшаларыңды салып қойыңдар. Бұдан кейін автобусқа ақшасыз мінбеңдер, – деп тегін жеткізіп салды. Сұхбаттасқан: Бектұрған ЛАҚАДЫЛ «Жұлдыздар отбасы» журналы. 2013 ж. № 8.

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫТАЙ ЕЖЕЛДЕН КӨРШІ ЕЛДЕР...

- Небәрі 17 миллион халқы бар Қазақстанда әлеуметтік нысандарда, халыққа қызмет көрсету орындарда, емханаларда кезек күту мәселесі қинайды. Қайда барсаңыз да кезек күтіп сарылған адам. Ал, бір миллиард халқы бар Қытай бұл мәселені қалай жүйелеген? - Мен Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылдың басында, алғашқылардың бірі болып Отанға оралған қазақпын. Сонда мені Қазақстанда қатты қайран қалдырған екі түрлі жағдай болды. Оның бірі - қайда барсаң алдыңнан шығатын ұзын-сонар кезек. Екіншісі – кезекте тұрған адамдардың соншалық сабырлылығы. Алғашында, уақытымның мән-мағнасыз күйіп бара жатқанына жынданып кете жаздап жүрдім. Бірақ «Мәсімханұлы жынданады екен» деп мемлекет жүйені өзгертпейді екен, тіпті ешкім кезегін де бермейді екен... Сонымен бара-бара ет өліп, төзім артып, арбаға үйренген аттай, өзімізақ «кто крайный?» деп барып, кезегіміз келгенше томпиып отыра беретін болдық. Соңғы жылдары Қытайдан келген бір бауырым: «Қазақстандағы осы ұзын-сонар кезек адамды сабырлылыққа үйрете ме, деп қалдым...», - деп сылқсылқ күледі. Не жетіскен күлкі дейсің, бітпейтін кезектен қажыған, шаршаған, шарасыз адамның күлкісі. Атам қазақ айтпай ма, «адам болдырса күледі, ит болдырса үреді», -деп. Тура сол күлкі осы. Біздегі қайда барсаң алдыңнан шығатын, мәңгі бітпейтін, ұзақ-сонар кезектің түп қайнары – қағазбастылық. Паспорт алу, тегіңді ауыстыру, дәрігерге қаралу, жүргізуші куәлігін алу, несие алу, жұмысқа тұру, зейнетке шығу, баспана алу-сату, ғылыми дәреже қорғау, ғылыми жобаға өтінім беру, оқуға түсу, оқудан шығу, іссапарға бару, іссапардан келу, туу туралы куәлік алу... құдай-ау, қайсы бірін айтып тауысайын?! Тірі пенденің тірлігіне қатысты бітпейтін мың сан шаруа бар емес пе?! Бізде соның әр біреуі үшін том-том қағаз жинайсың. Ол қағаздарды әр есіктен, әр терезеден телміріп жүріп жинайсың. Осыдан кейін Қазақстанда кезек көп болмай қайда көп болады?! Кейбір қыршаңқылардың Қазақстанның атын «Қағазстанға өзгерту керек» деп жүргенінің астарында ащы шындық жатыр. Ал Қытайда болса, бұндай қағазбастылық атымен жоқ. Тіпті қағаз жоқ деуге де болады. Азды-көпті кейбір қағаздар соңғы кездері компьютерге еніп кетті. Негізінен ол елде көп шаруа адамның өзіне, сөзіне деген сеніммен-ақ бітіп жатады. Сөзім нанымды болу үшін, бір-екі мысал айтайын. 1987 жылы Пекиннен университет бітіріп, жолдамамен Үрімші қаласындағы Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясына келдім. Жолдамамды аталған мекеменің кадр бөліміне апарып едім, «болды, жұмысқа қабылдандың. Жалақың бүгіннен бастап есептеледі»,-деді. Бар болғаны сол. Содан біраз күн өткен соң, «кадр

бөлімі шақырып жатыр»,- деді, бардым. Онда отырған бір қыз «құжатыңыз бен суретіңізді беріңіз, сізді Үрімжі қаласына тіркетіп (прописка), жаңа құжат жасатамыз», - деді. Жеке куәлігім мен суретімді бердім. Ертеңінде «Үрімжі қаласының тұрғыны» деген су жаңа құжатты қолыма ұстатты. Қалың қағаз жинауды айтасыз, бір аттам жер жүрмей-ақ жұмыс бітіп жатыр. 1990 жылдың күзінде Академия басшылығы «сенің баспанаң шешілді» деді. Ол кезде қытайда да қаланың үйлерін «үй басқармасы» деген мекеме үлестіретін. Бардым. Аты-жөнімді сұрады да, қолыма пәтердің мекен-жайы жазылған бір жапырақ қағаз бен кілтті ұстатты. Бар болғаны сол. Бұлар енді, баяғыдағы жағдайлар ғой. Қазіргі жағдайынан бір мысал айтайын, өткен жылы ғана ҚХР үкіметінің арнайы бағдарламасымен Қазақстаннан бір делегация Қытайға барып, біраз жерін аралап келдік. Елге қайтатын кезімізде «осы қонақ үйдің бәленінші нөміріне барып, жол ақыларыңыз бойынша есеп айырысыңыздар»,- деді. Біз, Қазақстаннан барғандар, бәріміз құдды осындағы секілді паспорттың копиясын, билеттің копиясын, квитанцияны, фискалды чекті, отырғызу талонын, жүктің қағаздарын... қойшы әйтеу, қалың қағазды арнайы папкаға салып алыппыз. Кейбіреулер тіпті «РНН, СИК-терін» де көтеріп алыпты. Бардық. Айтқан бөлмеде бір қыз бен жігіт отыр. Әлгі қыз: қайдан келгеніңді, билеттің ақысын, өзге қандай да бір шығындарыңды, өз еліңнің валютасы мен АҚШ долларының бағамын сұрады да, аты-жөнімізді жазып, бір тілдей қағазды қасында отырған жігітке берді. Әлгі жігіт тиісті ақшамызды санап беріп, қол қойғызып алды. Бітті шаруа. Бізде бұл қиял-ғажайып ертегі ғой. Іссапарға кетеріңде қаржының қолыңа тиуі қандай қиямет болса, келгеннен кейінгі қаржылық есеп беру деген тұрған бір қылкөпір. Өзге емес, ұшақ билетінің отырғызу талонын жоғалтсаң, бар шығын желкеңе мініп қалады. Сондықтан қағаз бастылық жойылмай, біздің елде кезек құрымайды. - Білуімізше, ол жақта баспана мәселесі де біздегідей аса күйіп тұрған проблема емес. Сонда алақандай ғана жері, қаптаған құмырсқадай елі бар Қытай өз халқын баспанамен қалай қамтып отыр? - Бала күнімізде Қытай елінде, мейлі ауылда, мейлі қалада болсын, көшекөшеде, күллі мекеме біткеннің маңдайшасында Мао-ның «Халық үшін қызмет етейік» деген «ұраны» алтын әріппен жазулы тұратын. Ол кезде баламыз ғой, аттап бассаң алдыңнан шығатын сол жазуға қарап кейде жынымыз келетін, «Халыққа қызмет етпеймін деп жатқан біреу бар ма өзі?» деген оймен күйіппысатынбыз. Қазір ойлап қарасам, ҚХР құрылған күннен бастап Мао «Сендер халықтың қызметкерісіңдер» деген ұғымды әр деңгейдегі шенеуниктер мен күллі мемлекеттік қызметкердің санасына сіңірудей сіңіріп кеткен екен. Жалпы Қытайлар, бір жағынан, ұзына тарихы бойына Коң Фуцзышылдық ілімнің өзегі болған әдеп-ибаны, жол-жосынды күллі тірлігінің қыбланамасы етіп ұстанып келе жатқан халық болғандықтан, тағы бір жағынан Мао қалыптастырған жүйе бойынша, ол елде көбінше басшылар, мемлекеттік қызметкерлер өздерін

«төреміз, қожайынбыз» деп емес, «халықтың қызметкеріміз» деп сезінеді. Сондықтан да Қытайда кез келген басшыға берілетін баға көбінде «ол өзі басқарған саланы немесе өңірді қай деңгейде көтере алды, сол өңір халқына қандай игілік жасады, халықтың пікірі қандай» деген сұрақтармен өлшенеді. Тұтас ел осы ұғыммен өмір сүретіндіктен, кез-келген басшы әуелгі кезекте қол астындағы халықтың ең басты мұқтажын шешуге жанын салып кіріседі. Бұл реттен келгенде, қай елде болмасын, қалалы жердегі ең өзекті, аса көкейкесті мәселе баспана екендігі белгілі ғой. Сонымен, мекеме басшылары күн-түн қатып өрге-төмен шапқылап, мәселенің өзектілігін өзінен жоғарғы басшыларға дәлелдеп, үй салатын жер мәселесін шешеді, қаржы мәселесін шешеді. Сөйтіп өзге түгіл, сол мекемедегі университеті жаңа бітіріп келген жас маманның өзі ұзағанда екі-үш жылда баспаналы болып шыға келеді. Тағы бір жағынан оларға берілетін баспана базар нарқынан 30-50 пайызға дейін арзан болады, сондай-ақ, төлем түрі жағынан да жалақыдан бөліп төлеу, өсімсіз несие секілді жеңілдіктер қарастырылған. Қытайға барып-келіп жүрген кісілір байқаған да болар, қытайда әр бір мекеме өзінше жеке қалашық. Көп жағдайда мекеме ғимараты мен қызметкерлердің тұрғын үйлері сол қалашықтың ішінде болады. Әрине, қалталы адамдар элиталық үйлерде тұрамын десе, біздегідей, тіпті одан да қымбат бағамен бүкілдей өз қаржысына қалаған жерден, қалаған үйін алуына болады. Бұл қаланың жағдайы. Ал ауылдық жерде егістік жері бар қытай диқандарының бәрінің баспанасы да бар. Бұдан сырт қытайда жұрт «маңлю» (қаңғыбастар) атап кеткен, саны да қомақты қауым бар. Негізгі құрамы қытайлардан (ханьзу) шыққан жалдамалы шаруалар мен жұмысшылар. Олар бала-шағасын арқаларына таңып алып, күллі қытайдың түкпір-түкпірін кезіп жүріп жұмыс істейді. Сондықтан олар тұрақты баспананы аса қажет ете қоймайды. Міне миллиарттар елінде баспана мәселесінің аса күрделі проблема болмайтын себебі содан. - Қытай мәдениеті несімен ерекшеленеді? - Бұл өте ауқымды сұрақ. Бұған жан-жақты жауап берсек, сұхбатымыз кітап болып кетуі мүмкін. Сондықтан барынша сығымдап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға тырысайық. Жалпы Шығыстың әрбір классикалық мәдениеті өз алдына ерекше. Қытайдың дәстүрлі мәдениетінің өзіндік сипаты мен бірегейлігі, ең алдымен, белгілі феноменмен, яғни біздің санамызда "Қытай дәстүрі" деген үйреншікті, нақты атауға айналып кеткен ұғыммен ұштасып жатыр. Әрине, кез-келген қоғамда, әсіресе Қытай секілді дәстүрі тереңге тамыр жайған ортада әдеп-ибаның қатаң талаптары, тарихи қалыптасқан өзара қарымқатынас нормалары, әлеуметтік және саяси-әкімшілік құрылымның өзіндік қағидалары маңызды орын алады. Дегенмен, егер әңгіме қытайдың дәстүрлі мәдениеті жөнінде болатын болса, онда бұл әңгімені де бірер ауыз сөзбен түйіндеудің өзі мүмкін болмай қалады.

Жалпы мәдениет деген ұғымның өзі материалдық және материалдық емес (немесе кейде рухани) деп бөлінетіні белгілі. Егер біз қытайдың материалдық емес мәдениетінің ең басты сыйпатын, ең өзекті қасиеті мен ерекшелігін атап айтатын болсақ, ол оның моральдық-этикалық нормалардың үстіне құрылғандығында. Олай болатыны Қытайда ежелден бері этикалық-рәсімдік принциптер мен соған сәйкес тәртіп нормалары бірінші орынға қойылған және олардың өте тез қарқынмен таралғандығы сонша, уақыт өте келе оған дейінгі, қадім замандарға тән әлем, жаратылыс жайлы діни-мифологиялық көзқарас пен идеялардың орнын тез ауыстырып отырды.

Жалпы Қытай елінде этиканың дәстүрден, құқықтан, әдет-ғұрыптан, рәсімнен, салттан, т.б. құралған норманың бірыңғай жүйесінен ажыратылмауы, жігінің бөлінбеуі және оның іс жүзінде тұрмыстық рәсімдермен, "адамдық ісәрекеттердің моральдық теориясымен" сіңісуі, алғашында, тек философиялық ілім ретінде саналған Коң Фудзышылдыктың бірте-бірте діни мәнге де ие болуына көмектесті. Ол уағыздалу мақсатында сананы ғана емес, дінді де тиімді қолданды.

Ресми-мемлекеттік, рациональді-философиялық, эмоциональді-психологиялық, діни ережелердің күшті әлеуметтік және рухани мәнге ие бола бастауының нәтижесінде Коң Фудзышылдық және Коң Фудзышылданған әдеп нормалары мен құндылықтары императордан бастап қарапайым адамға дейін барлығы үшін міндетті болып танылды. Жұртқа белгілі болғанындай, Коң Фудзы ілімінің мазмұны әлеуметтік үйлесімділік пен оған жетудің жолын іздейтін арман-мұраттардан құралады. Оның эталоны ретінде Коң Фудзы ізгілік жасаушылардың, яғни көне заман данышпандарының билігін таныды. Коң Фудзы өз ғасырын сынап, өткен ғасырды жоғары бағалай отырып, осы қарама-қарсылық арқылы адамгершілік пен парыз, міндет пен жауапкершілік сезімін бойына сіңірген нағыз кемел адамның бейнесін жасауға тырысты. Алайда біздің жыл санауымыздың ІІ-ІІІ ғасырларында Қытайға буддизм келді. Ол елде екі мың жылға таяу уақыт бойына кеңінен қанат жайып келе жатқан будда діні Қытай өркениетіне ықпал ете отырып, өзі де көп өзгерістерге ұшырады. Алайда, ол дәстүрлі Қытай мәдениетінің дамуына өзінің ерекше әсерін тигізді, бұны әсіресе қытайдың дүниетанымынан, әдебиеті мен өнерінен және сәулет өнерінінен айқын аңғаруға болады. Демек аталған дін арқылы Қытай халқы мен оның мәдениетіне буддалық және үнді-буддалық философия мен мифология да аз әсер еткен жоқ. Жалпы айтқанда, классикалық Қытай мәдениеті коң фудзышылдық, буддизм және даосизмнің қоспасынан құралды деуімізге болады.

Ежелгі Қытайдағы техника мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты болған даосизм де Қытай мәдениетінде маңызды рөл атқарды. Қытай қоғамы ежелден-ақ отырықшы-аграрлы ел болғаны мәлім, ал тіршіліктің бұл формасы ол елде билік орталықтанған басқару жүйесінің тууына мұрындық болды.

Бұндайда басқарушы билік ең әуелі су қорларын қорғау, жерді суландыру, тыңайту сияқты техникалық мәселелерді шешуге мүдделі еді. Сол себепті онда астрономия, математика, физика, гидротехника жоғары сұранысқа ие болды. Жалпы айтқанда, қытайдағы әлеуметтік құрылымның орталықтандырылған феодалдық бюракратияалық түрі ертеден-ақ ғылымның дамуына қолайлы жағдай туғызды. Бүгінгі таңдағы жер жүзі халықтарының күнделікті өмірінде қолданып жүрген маңызды жаңалықтар мен өнертабыстардың жартысынан көбі ежелгі Қытайдан келген. Егер ертедегі Қытай ғалымдары румпель, компас және көпярусты діңгек сияқты теңізде жүзу құралдары мен жаңа қондырғыларды ойлап таппағанда, әлемдегі ұлы географиялық ашылулар да болмас еді. Колумб Америкаға жүзіп бара алмаған, ал еуропалықтар орталықтанған империялар құра алмаған болар еді. Қытайда зеңбірек пен оқ дәрі ойлап табылмағанда, әлем тұрғындары қанша заманға дейін садақ тартып жүрген болар еді. Қытай қағаздары мен баспа құралдары болмағанда Еуропа ұзақ замандар бойында кітаптарды қолмен жазып жүрер еді, сонымен бірге сауаттылық та қанатын кең жая алмас еді. Жылжымалы шрифтті жасаған Йоганн Гутенберг емес, қанайналым жүйесін ашқан Уильям Харви емес, тіпті қозғалыстың бірінші заңын ашқан да Исаак Ньютон емес, мұның бәрі одан қаншама заман бұрын ең алғаш рет Қытайда ойлап табылған болатын. Жалпы қытай еліндегі ежелден бергі осындай мәдениет пен ғылымның керемет дамуын ол елдегі әдеп-иба негізіне құрылған басқару жүйесі мен дәстүрлі діни нанымның ерекшелігінен қарастыруға болады. Мәселен, біздің ислам дінінің тұғырнамасы бойынша 18 мың ғаламды бір Алла жаратқан. Әрине, оған талас та күмән де жоқ. Орта ғасырлардан кейін жалпы мұсылмандар арасында қалыпты діни сенімнен гөрі, фанат-соқыр сенімдегілердің саны күрт көбейіп, олар ғаламның құпия сырына «неге? қалай?» деген сұрақпен үңіле бермейтін болды. Табиғаттың әр түрлі дүлей күштеріне де қарсы айла-амалдар ойлап-табудың орнына «Алланың қалауы солай», -деп қана жүре берді. Осындай түсініктің нәтижесінде, мұсылман жастарының шығармашыл қиялы, фантазиясы көп жағдайда дамымай қалып жатты. Ал жер бетіндегі халықтың төрттен бірін құрап отырған қытайлардың 80-90 пайызы дінсіз, ешбір діни сенімдері жоқ адамдар. Тек елдің алыс түкпірлеріндегі будхана-монастырьлерден ғана будда, дао ілінімінің ұстанушыларын кездестіре аласыз. - Қытай халқы өзінің ұлттық құндылықтарын сақтауға қаншалықты көңіл бөледі? - Ұлттық құндылық дегеннің де қамтитын аумағы кең ұғым. Қытайдың әсіресе тіл, әдебиет, сәулет және бейнелеу өнері жағындағы құндылықтары

жақсы сақталған. Ал ұлттық салт-дәстүр, сенім-наным, музыка, би өнері жағында қытайлар әлдеқашан «жаһанданып» кеткен деуге болады. Мәселен Қытай еліне барсаңыз, олардың күллі тірлігінен «мынау қытай салт-дәстүрі бойынша істеліп жатыр» дейтіндей бірде-бір құбылысты байқай алмайсыз. Қылаяғы жыл сайын дүрілдетіп ай бойы тойлайтын «чунцзие» деп аталатын дәстүрлі жаңа жылдарының өзін тек қана «тойлау, демалыс» ретінде ғана қабылдайды. Ал ұлт ретінде жаппай діни наным-сенімі жойылғанын жоғарыда айттым. Музыка, би өнері де сол бүгінгі батыстық үлгіде. Негізінде бүгінгі Қытайды өзгелерден көбірек даралап тұрған да олардың мәдени мұралары деуге болады. Әлгінде айтқанымдай қытайдың мәдениеті мен ұлттық құндылықтары да өзіндік ерекшеліктерге өте бай. Ежелгі Етипет, Үнді өнері сияқты Қытайдың ұлттық құндылықтарының да тамыры терең жайылған, ол б.з.д. екінші мыңжылдыққа дейін барады. Сол көне замандарда Қытайға төңірегіндегі әр түрлі тайпалар жорықтар жасап, жерін жаулап алып жатты, ал ХІІІ ғасырда Қытайда монғолдар үстемдік етті. Бірақ бұл жаулап алушылардың ешқайсысы да Қытайдың ұлттық құндылықтарын түбегейлі талқандай алған жоқ, себебі Қытайдың мәдениеті қалыптастырған осыншама салмақты, жарқын, бірегей әрі берік, отырықшы елге тән ұлттық құндылықты басқа ешбір мәдениет қалыптастыра алмады деуге болады. Тіпті буддизмнің өзі Үндістаннан Қытайға келгенімен, қытай халқы будданы бірден дайын күйінде емес, оны өңдеп, өздеріне жақын жаңа образдар тудырды. Мұндай өзгерістер ғибадатханалар мен патша сарайларының құрылысына да еніп кетті. Дегенмен қытай халқы да, үкіметі де ұлттық құндылық ретінде, әсіресе мәдени мұраларын, оның ішінде жер-жердегі патша сарайлары мен ғибадатханаларды өте жақсы сақтап келеді. Тіпті ескіліктің бәрін тып-тыйпыл еткен «мәдени төңкеріс» жылдарында да ежелгі патша сарайлары мен ғибадатханарын сақтап қалды. Ал соңғы жылдары Қытай үкіметі

материалдық емес рухани құндылықтарын сақтауға, қорғауға ерекше ден қоя бастады. ҚХР 2003 жылы ЮНЕСКО

ұйымының

«материалдық емес құндылықтарды қорғау конвенсиясына» қол қойып, сол халықаралық ұйымға мүше болды. Содан бері қарайғы он жыл ішінде Қытайда ұлттық құндылықтарды қорғау жұмысы бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Қытай халқының ежелгі театр өнері болып табылатын «Пекин операсынан» тартып, өздерінің ондаған рухани мұраларын, тіпті моңғолдың «Жәңгір», тибеттің «Гэсар», қырғыздың «Манас» эпостары, ұйғырдың «12 мұқамы» секілді жүздеген мәдени мұралары әлемдік деңгейде қорғалатын ұлттық құндылықтар тізіміне енгізіп алды. Ал қазақ халқының «ақындар айтысы» өнері, халық әндері, қисса-дастандары, домбыра өнері, қобыз өнері, терме өнері, қаражорға биі, киіз үй өнері т.б. 32 мәдени мұрасы мемлекеттік деңгейде қорғалатын рухани құндылықтар тізіміне енгізілді. Соңғы жылдары «ақындар айтысы» өнерін Қытай үкіметі Қазақстанмен бірлесе отырып ЮНЕСКО ұйымының қорғауына ұсынуға қам жасап отыр.

ҚКП ОК 2010 жылдың қазан айындағы бір жалпы сьезін «Мәдениетті дамыту мен қолдау» мәселесіне арнады. Онда да ұлттық құндылықтарды қорғау, дамыту мәселесі көбірек сөз болды әрі арнайы қаулы қабылданды. - Қытай медицинасы туралы не айтар едіңіз? Мәселен, инемен емдеу тәсілі көпшілікті қызықтырады. Ал, дәрігер салғырттығынан адам денсаулығына қатер төнуі, мүгедек болып қалу оқиғалары жиі кездесе ме? - Дәстүрлі қытай медицинасы тарихы ұзақ, мазмұны бай, өте үлкен ғылым. Ол туралы жүйелі мағлұмат алам деген кісі, ең жақсысы осы саланың мамандарынан сұрағаны жөн. Дегенмен қытайтанушы ретінде мынаны айтқым келеді, қытай халық медицинасы да ұзақ даму жолынан өтті. 2,5 – 3 мың жыл бұрын қытай медицинасының жоғары сатыдағы дамуы кетпеген көне мәдени ескерткіштерімен дәлелденеді. Мәселен, б.з.б. бірнеше ғасыр ілгеріде жазылған «Чжоули» кітабында Чжоу династиясы билік еткен кезеңдегі патша сарайындағы медициналық орталықтың ұжымы туралы мәліметтер беріледі. Қытайдың алғашқы көрнекті дәрігері, түрлі өлкелерде тәжірибе өткізген Бянь Цяо (б.з.б. V ғасыр ) деген адам болды. Мәліметтерге сүйенетін болсақ, Бянь Цяо көрнекті терапевт, хирург әрі диетолог болған және осыдан 2,5 мың жыл бұрын-ақ көз бен құлақ, балалардың және әйелдердің науқастарымен қоса басқа да әр алуан ауруларды емдеген. Қытайдың көне медицинасының негіздері баяндалған алғашқы көлемді еңбек 18 томнан тұратын «Хуандинэйцзин» атты кітап еді. Бұл кітапты сол кездегі медициналық білімдердің энциклопедиясы ретінде қытай дәрігерлерінің жүздеген буындары басшылыққа алып келеді, сондай-ақ күні бүгінге дейін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл кітапта бағзы заманның көрнекті дәрігерлері тарапынан анықталған адам физиологиясы мен анатомиясы туралы жаңалықтар берілген. Мәселен, аталған еңбекте ас қорыту барысындағы асқазан мен ішектің рөлі жайында мәліметтер беріліп, бауыр мен көкбауырдың қанның басты жиналатын, өңделетін орындары екені анықталған. Сондай-ақ жүректің қанды айналымға жіберетін қозғалтқыш ретіндегі рөлі де алғаш рет осы еңбекте өте тамаша анықталған. Ал XVІ ғасырда өмір сүрген қытайдың көрнекті фармалогі Ли Шычжэнь де қытайда медицина мен ботаниканың дамуына ерекше ықпал етті. Оның қаламынан туған «Дәрі шөптер баяны» ( қытайша «Бэнцаогаңму») атты монументалдық еңбек бүгінгі медицина үшін де ғылыми құндылығын жоғалтқан жоқ. Бұл еңбекте негізінен өсімдіктерден жасалынатын 1892 дәрідәрмек түрлері көрініс тапқан. Ал денедегі белгілі нүктелерге ине шаншып емдеу әдісі қытай халық медицинасының маңызды салалардың бірі болып табылады. Инемен емдеу – қытайда бірнеше мың жылдар бойына қолданылып келеді. Көне заманда-ақ кейбір дене нүктелерінің жарылуы немесе жаншылуы кейбір науқасқа игі

әсер ететіндігі анықталды. Мәселен, ахиллес сіңірін мыжғылау бас ауруына көмектеседі, ал үстінгі ерінді мыжғылау талмаға көмектеседі. Осы заңдылық негізінде адам денесіндегі нерв нүктелеріне ине шаншып емдеу әдісі пайда болды. Негізінде инемен емдеу тәсілінің мәні - арнайы инелерді ерекше, басқаша айтқанда, белсенді, белгілі мүшенің бетіндегі функционалдық өзгерістерді айқындайтын және иглотерапияны жасаған кезде әсер ету орталықтары болып табылатын нүктелерге енгізуінде, батыруында жатыр. Қытай дәрігерлері адам денесіндегі осындай нүктелердің орналасуы туралы жеке ілім қалыптастырды. Емдеуді жүзеге асыру үшін қолданылатын нүктелердің көбі көне заманда-ақ табылған болатын. Бұның өзі көптеген тәжірибелер мен бақылаулар негізінде адам организмінің тіршілік әрекетінің маңызды заңдылықтарын анықтаған қытай дәрігерлерінің ерекше аңғарымпаздығын дәлелдейді. ҚХР құрылғаннан кейін, елде осызаманғы батыс медицинасы төрге озып, дәстүрлі қытай медицинасы екінші орынға ысырылды. Бұл жағдай, бір жағынан жаңа заманның талабы болса, екінші жағынан, ХХ ғасырдың бас кезінде дәстүрлі медицинаны көбінше «дүмше емшілер» жанбағыс көзіне айналдырып алып еді. Қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің «Дәрі» атты әңгімесі осы тақырыпқа арналып жазылған болатын. Ал ҚХР құрылғаннан тартып өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін Қытайда ақ қалатты абзал жандар антына берік, қызметіне адал болатын. Ал одан кейінгі кезеңде елде нарықтық экономика бел алып, жұрттың бәрінің жаппай байлық, ақша қуып кетуі дәрігерлерді де «ауқаттануға» итермелей бастады. Қазіргі қытай емханаларындағы жағдайға келетін болсақ, әрине, ірі қалаларында білікті дәрігерлер көп, техникалық-жабдықтары да озық. Бірақ дәрігерлік этикалық нормалардың біздегіден оңып тұрғаны шамалы. - Қытайдың қазақ еліне саяси ұстанымы қандай? - Биылғы жылдың 3 қаңтарында Қытай мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 21 жыл толды. Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған әрі дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің бірі. Дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері, екі ел байланысы өзара сенім, теңдік, ықпалдастық, әріптестік негізінде, барлық сала бойынша қарқынды дамуды бір қалыпта ұстап келеді. Саяси тұрғыдан алғанда, Қытай мен Қазақстан ортасында еш қандай шешілмеген, түйткілді мәселе жоқ. Екі жақ тарихи шекара сызығын біржолата шешті. Екі ел өздерінің түпкіліті мүддесіне тірелетін бірсыпыра келелі мәселелерді де өзара түсіністік пен уағдаластық шеңберінде шешіп келеді. Сонымен бірге қарым-қатынас дамуының қажетіне сай, екі ел арасында ілгерінді-кейінді бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, 2002 жылдың желтоқсанында қол қойылған «Қазақстан-Қытай тату көрші, тату

достық ынтымақтастық шартына», 2005 жылы шілдеде «Қазақстан-Қытай елдері арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа», 2011 жылдың маусым айында «Қазақстан-Қытай барлық сала бойынша стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі бірлескен үндеуге» қол қойды. Мұның барлығы екі ел қарым-қатынасының үздіксіз шынайы жетістікке жетіп келе жатқандығын айғақтайтын құжаттар. Қытай мен Қазақстанның ортақ шекара сызығының ұзындығы 1782 шақырымды құрайды, әрі Қытайдың шекаралас Шыңжаң өлкесімен Қазақстанның географиялық, тарихи, ұлттық, діни жақтардағы байланыстарының тамыры тереңде жатыр. Сауда-экономика тұрғысынан алып қарағанда, экономикасы жаңа сипатта қарқынды дамып отырған Қытай мемлекеті мен Қазақстанның ортасында энергетика, минералды ресурстарға жатпайтын құрылыс негіздері сияқты салаларда Қазақстан-Қытай мұнай-газ құбыры, Қорғас халықаралық шекара серіктестік орталығы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі секілді ірі жобалар жөніндегі ынтымақтастық одан әрі қарқын ала түсті. Екі елдің саудасаттық мөлшері алғашқы жылдардағы 368 миллион доллардан 2011 жылы рекордтық көрсеткішпен 25 миллиард АҚШ долларына жетіп 60 есеге артты. Қытай қазіргі кезде Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі болса, Қазақстан мемлекеті Қытай үшін бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің ішінде екінші үлкен сауда серіктесі. Соңғы жылдары екі ел халықтарының барыс-келісі де қарқын ала түсті. Қазақстан мен Қытай елінде бір-біріне қызмет, оқу, саяхат байланысымен баратындардың саны жылдан-жылға артуда. Бүгінгі таңда, бірнеше мыңдаған қазақстандық студенттер Қытайда білім алып жатқан болса, Қазақстанда білім алатын Қытай студенттерінің саны да мыңнан асты. Төрт бірдей Коң Фудзы институты Қазақстан жерінде тамыр жайып, қазақстандық жас жеткіншектер мен оқушылардың Қытай тілін үйрену мен Қытай мәдениетімен танысуына үлкен жол ашып берді. Өткен айда ғана ҚХР-ның Қазақстандағы Елшілігінің демеушілігімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қытай тілінің арнайы дәрісханасы» жабдықталып, пайдалануға берілді. Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы түйткілді проблеманың бірі трансшеаралық өзендердерді пайдалану мәселесі болатын. Жақында ғана ҚХРға ресми сапармен барып қайтқан Елбасы аталған мәселенің оңды шешіміне қорл жеткізіп қайтты. Осы кездесуде ҚХР-ның су жаңа төрағасы Си Цзиньпин: «Қытайдың еш қашан да Қазақстан экономикасына нұқсан келтіруі мүмкін әрекетке бармайтынын» мәлімдеді. Міне енді таяу болашақта ежелгі ерке Ертіс Қазақстан аумағына бұрынғысынша еркін ағады. Жетісуды суландырып отырған Іле өзені туралы да осыны айтуға болады. Бұл Балқаштың Арал кейпін кимеуіне бірден-бір мүмкіндік туғызады. Бұдан өзге Елбасы осы жолғы келіссөздер барысында Тынық мұхитындағы Ляньюнган портында Қазақстан терминалы құрылысын салу үшін жер беру туралы мәселесінде де

уақдаластыққа қол жеткізгенін жариялады. Бұл да біздің еліміз үшін үлкен жеңіс. Себебі, Қазақстан эконмикасы үшін Азия-Тынық мұхиты өңіріне шығу мүмкіндігі өте маңызды. Шанхайда ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруда бай тәжірибесі бар Қытай алдағы уақытта Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жасауға және өткізуге белсене қолдау көрсетуге ынталы болып отыр. Сондықтан екі елдің достық, тату көршілік, сенімді әріптестік қарымқатынасы ақаусыз дамып келеді деуге толық негіз бар. Алайда осы тұста ескермесе болмайтын тағы бір маңызды мәселе бар, оның да басын ашып айта кету азаматтық парыз. Яғни Қытай – өзінің арнасынан асып-төгіліп жатқан ерепайсыз көп жан санымен, іргесінде жатқан бізді былай қойып, мұхиттың арғы бетіндегі алып елдердің өзіне қауіп-үрей туғызып отырған мемлекет. 1976 жылы Мао өлген соң, 1978 жылы билікке келген Дэн Сяопин реформаны «сыртқа есік ашудан» бастады. Осы саясаттың нәтижесінде жылдар бойы тұмшаланып, жабулы тұрған қазан сыртқа лақ етіп ағылды да кетті. Сол кезде Оңтүстік Азиядағы Сингапур, Тайланд, Индонезия, Филиппин сияқты елдер алғашында қытайларды өздеріне арзан еңбек күші ретінде кіргізді, кейін инвестор ретінде шақырды. Соның нәтижесінде Сингапур 20 жылға жетер-жетпес уақытта жалпы тұрғындарының 50 пайызынан астамын қытайлар құрайтын мемлекетке айналды. Қазір Сингапурде қытайлықтардың саны 80 пайызды құрайды, мемлекеттік тілінің біреуі қытай тілі болып бекітілген. Премьер-министрі, жалпы қаржылық күштер тұтастай қытай алпауыттарының қолында. Мен Қазақстанға келгелі бері шырылдап айтып жүргенім де осы Сингапурдің тарихы мен тағдырын біз қайталамасақ екен деген ой. Әрине, мен Қытайда туып-өстім, білім алдым, сол жерде қалған туыс-туғаным мен 1,5 миллионнан астам қандастары тұратын азамат ретінде де Қазақстанның Қытаймен дос-тату болғанын қалаймын. Бірақ, достық деген – өзіңнің тағдырталайыңды, ерік-жігеріңді, елің мен жеріңді біреуге беріп қою деген сөз емес қой. Қарапайым ғана мысал айтайын, үйіңе қонақ шақырсаң да жылыжұмсағыңды қонағыңның алдына қоясың, бірақ, оған ар-намысыңды таптатып, оған өз үйіңді билетіп-төстетпейсің. Қазақ ежелден «Жаман үйді қонағы билейді» деп, ондайға жол бермеген. Сондықтан Қытаймен достықтың жөні осы екен деп, Сингапурдың кебін киіп қалудан сақтанумыз керек. Бұл әсіресе билітегі азаматтардың, құқық қорғау саласы басшылары мен әр деңгейдегі шенеуниктердің қаперінде болуға тиісті мәселе. - Солтүстік Корея елі соғыс асша оның қытай мен қазаққа қаншалықты әсері болады? - «Оның әсері мынандай болады» деп сәуегейлік таныта алмаймын. Бірақ қалай болған да, екі Корея соғысса, Сеуілге АҚШ міндетті түрде көмекке келеді. Ал АҚШ ондай қадамға баратын болса, ҚХР да міндетті түрде Пхеньянныға қол

ұшын созады. Осының аяғынан, егер жағдай қатты ушығатын болса, АҚШ пен ҚХР жекпе-жекке шығуы да мүмкін. Ал ҚХР-на ондай зауал төнсе, қаптаған қытай босқыны төңірегіндегі елдерге ағылатыны айдан анық. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де тура осындай жағдай болған. Ол кезде КСРО-дан именген АҚШ Қытайға соғыс ашуға бата алмай қалған болатын. Ал бұл жолы ше? Бұның бәрі, әрине, болжам күйінде қалсын деп тілейік. - Қазақ мұнайына Қытай неге қызығып отыр? - Жалпы соңғы ширек ғасырдан астам уақыттан бергі қытай экономикасының қарқынды дамуы – екінші бір жағынан елді энергия көзінің тапшылығына әкеліп соқтыруда. Бүгінде ҚХР күніне 5 миллион баррель шамасында мұнай өнімдерін тұтынады. Ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге төніп тұрған бұндай қауіп-қатерден шығатын бірден-бір жол – шетелдерден энергия көзін тоқтаусыз енгізу. Байыптап қарайтын болсақ, қытайдың энергия көзін Араб елдерінен немесе Африканың өзге де елдерінен, тіпті іргесіндегі Оңтүстік Азия елдерінен алу мүмкіндігі жоқ. Себебі Таяу шығыс елдеріндегі мұнай-газ нарығын батыс алпауыттары баяғыда иелеп алған. Ал Оңтүстік Азия елдерінің көбісінде ондай табиғи байлық жоқ, барларының өзі оны ашуға Қытайды шақыра қоймайды. Кеңес Одағы құлағаннан кейін, өз тәуелсіздіктерін жариялаған Орта Азия республикаларының мұнай-газ саласындағы нарығы Қытай елі үшін көктен тілегені жерден табылғандай жағдай болып отыр. Өйткені ойлай беріңіз, егер іргесіндегі елдерден тасып отырған газ бен мұнайдың жолы бір жыл тарс жабылса, күніне 5 миллион баррель мұнай «ішіп отырған» елдің күні не болмақ?! - Жаңа төраға Си Цзиньпиннің ішкі-сыртқы қалай болмақ? - 2008 жылы Си Цзиньпиң ҚХР төрағасының орынбасары және ҚХР Әскери істер комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл қытайдағы қалыптасқан саяси үрдіс, жазылмаған заң бойынша билік басына келетін кандидатураның айқындалғандығын білдіреді. Осы кезден бастап халықаралық саяси-сарапшылар «Си Цзиньпиң билік басына келсе қандай бағыт ұстанады? Қытайдың ішкі-сыртқы саясатында қандай бетбұрыстар болуы мүмкін?» деген мәселені қызу талқылай бастады. Талқыға тамызық болып отырған себеп, Си Цзиньпиңнің бұл лауазымға бір сыдырғы, дәстүрлі жолмен жайлап жүріп келгендігінде. Шынында да оның бүгінге дейінгі саяси өмірінен елдің ішісыртын елең еткізердейелден ерек жетістікті де, сонымен қатар, шалыс басқан қателікті де, аңдамай сөйлеген аусай сөзді де көре алмайсыз. Бұдан оның өз пікірі жоқ, қой аузынан шөп алмас, маубас орындаушы деген ұғым тумауға тиіс. Себебі, «әр бір жеке адам өзінше бір әлем» деген ұғым бар ғой, ал бұны «әр бір жеке қытайлық өте күрделі бір әлем» деп өзгертіп айтуға толық негіз бар. Ендеше ресми Пекиннің билік дәлізіндегі осындай «өте күрделі әлемдердің» шоғырынан, нәзік те қым-қуыт, семсердей қылпылдап, жауһардай мың құбылып тұрған, қиянкескі күрес, мылтықсыз майданнан үстіне қылау

қондырмай бүгінгідей абройға жету «мен-мен» деген саясаткердің бәрінің қолынан келе беретін шаруа емес. Егер ол өз мінезі, өз пікірі жоқ, тек қана орындаушы болатын болса, өткен жылы тамыз айында ҚКП ОК-нің Бэйдайхэ санаториінде өткен ерекше құпия жиналысында Си елдегі өте ықпалы екі бірдей (Чяо Шы, Суң Пиң) ақсақалдан «сын, ескерту» естімеген болар еді. Яғни аға буын мемлекет басшылары Си Цзиньпиң бастаған елдің жаңа буын басшыларын «сенімсіз, тіл алмайды» деп ашық жазғырды. Си-дің консерваторларға «сенімсіз» болуы, олардың «тілін алмауы» нені түсіндіреді? Әрине, бұл бір жағынан оның өз беті, өз пікірі бар екендігін аңғартса, тағы бір жағынан оның алдағы саяси ұстанымы мен бет-бағдарын да білдіреді. Демек, қалай болғанда да ҚХР жаңа басшысының таққа отыра салып, «менің ұстанымым, қалаған бағытым осы» деп тартып кетуіне мүмкіндігі жоқ. Себебі ол елде, қай деңгейдегі басшы болмасын, әр қандай мәселені бір өзі «айттым бітті, кестім үзілді» деп шеше алмайды. Өйткені жүйе сондай. Сондықтан ҚХР-ның жаңа басшысы да «қытайлық ерекшелікке ие социялизм жолымен» аяңдап ілгері тартуы, елдің экономикасын көтеру, елдегі жемқорлықты азайту, елдегі тыныш, орнықты жаңдайды сақтау жолында көбірек тер төгуі мүмкін. - Қытай халқынан үйренер жақсылықтар барма? болса қай жағынан? - Қытай халқынан үйренетін жақсы қаситтер өте көп. Оның бастылары мыналар: 1. Еңбекқор. Миллиарттар елінде жұмыссыздық деген мәселе де негізінен елдегі өзекті проблемалардың қатарына жатпайды. Себебі «мемлекет жұмыс тауып берсін» деп құры жатқан адам көрмейсің. 2. Қарапайым. Қандай бай болса да, қандай биік лауазымды басшы болса да, асып-тасып, біздің қазақ құсап талтаңдап, есі ауып кетпейді. Жаман шапанын киіп алып халықпен бірге өмір сүре береді. 3. Үнемшіл. Қандай қалталы қытай болмасын, «бай екенмін» деп ақшасын оңды-солды шаша бермейді. Тіпті жылына бір келетін дәстүрлі жаңа жылында ең керемет шығындалып жейтіп тамағы тұшпара ғана. Ол, бір жағынан жаңа жылдық дәстүрлі тағамы. Дегенмен, ақшасын шашам деген адамның

қалтасын бір отырғанда-ақ «жұқартып» кететін заманауи мейрамханалар толып жатыр. 4. Кішіпейіл. Жалпы қытайда астамшылық мінез жоқ халық. Басшысы да, байлары да ең кемінде кішіпейіл болып көрінуге тырысады. 5. Досқа адал. Біздегі секілді сені бүгін пайдаланып, ертең жұмысы біткесін лақтырып кету, сатып кету деген болмайды. Керісінше сен бір жақсылық жасасаң, әлгі қытайлық сенің сол жақсылығыңды қашан да еселеп қайтаруға тырысады һәм сенімен өмір бойы сыйласып өтеді. 6. Кең. Әрине, пенде ретінде оза шапқан адамды іштей қызғанатын, іштей өзін қамшылайтын шығар, бірақ біздің қазақ құсап, ор қазып, көр қазып, тасадан тас атып, домалақ арыз жазып, жала жауып, танабайлық істемейді. 7. Қайырымды. Жетім-жесірді, кәрі-құртаңын қаңғытпау, жоқ-жітікке көмектесу жағынан да мен-мен деген мұсылман еліңнен кем соқпайды. Бұған бір дәлел Қытайда

«қарттар үйі», «жетім балалар үйі» деген мекемелер соңғы 10-15 жылдың жүзінде ғана пайда бола бастады. Міне бұлар мен байқаған қытай халқының бойындағы жақсы қасиеттер. Әрине, ел болғасын, көп болғасын, қай елде де телісі мен тентегі қатар жүреді ғой, менің айтқаныммен сәйкес келмейтін бірліжарым шетін жағдайлар кездесуі мүмкін. Оны жалпыұлттық сыйпат ертінде қарастыруға болмайды. - Жаңа магистралдың екі елге аып келер пайдасы мен зияны қалай? - «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі туралы айтып отырсың ғой? Бұл әрине, өте үлкен халықаралық құрылыс. Бұл жобаның экономикалық тұрғыдан екі елге де берері ұшан теңіз болады деп ойлаймын. Қытай үшін алғанда, бұл жобаны жүзеге асыру барысында он мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алатын болса, бәрінен де маңыздысы, Еуропаға тауар тасымалдайдайтын теңіз-мұхит жолы оншақты есе қысқарады әрі қауіпсіз құрылық жолына ауыстырылады. Бұның өзі қытай тауарының экспорт көлемін тіпті де ұлғайтуға зор мүмкіндік туғызады деген сөз. Ал Қазақстан жөнінен алғанда, ең әуелі бұл жобаны жүзеге асыру барысында бізде де мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал магистрал біткеннен кейін, біріншіден, сол өңірдегі халық сапалы жолдан бірге игіліктенетін болады. Екіншіден, осынау халықаралық күре жолдың бойында біздің азаматтарымыздың бизнестері жанданатын болады. Яғни, ол халықаралық күре жол болғандықтан, оның ұзына бойында қонақүйлер, асханалар, сауда дүкендері, жол полициясы нүктелері, емханалар, техникалық жөндеу орталықтары, жанармай бекеттері, шаштараздар, өзге де жайма сауда нүктелері бой көтереді деген сөз. Бұның бәріне еңбек күш тартылады, қанша тауарымыз саудаланы. Астығымыз Еуропа базарына жол тартады. Трансшекаралық мемлекет ретінде кеден салығынан түсетін пайда көлемі ұлғаяды. Тауар демекші, егер біз де ел сияқты халықарада өзіндік сұранысқа ие дүниелер өндіре алатын болсақ, батысқа да, шығысқа да жөнелтетін жол дайын деген сөз. Ал зиянына келетін болсақ, ол да аз болмайын деп тұр. Атап айтқанда, күндіз-түні шығыстан батысқа, батыстан шығысқа шұбырған «камаздар шеруі» арқылы, аткезшілік (контрабандалық) жолмен есепсіз есірткі, діни секталардың, экстремизмнің, терроризмнің түрлі үгіт-насихат құралдары, оқ-дәрі, қару-жарақ, әр түрлі қауіпті аурулар, сан алуан жат қылықтар кіретіні сөзсіз. Бұндай зияндар әрине, Қытайға да өз кесірін тигізеді. Одан өзге, аталған магистралды түптің-түбінде Батыс елдері Қытайды бөлшектеу мақсатына да пайдалануы мүмкін. - Ондағы қандастардың ертеңі қалай болмақ? - Ұлттың ертеңгі тағдыры, қайда, қашан болмасын, оның санымен тікелей байланысты. Қытайдағы ағайындардың жалпы санын ондағы ресми ақпарат көздері 1,5 миллионнан асты деп жариялады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға қоныс аударған 250 мыңдай ағайын бұл санға кірмейді. Демек,

халықтың өсімі жаман емес деген сөз. Егер ол елдегі туытты шектеу саясаты болмағанда, өсу қарқыны бұдан да жақсы болар еді. Дегенмен, осы қарқын сақталса да, енді бір 10 жылдан кейін ондағы ағайындар, Алла қаласа, екі миллионның үстіне еркін шығады деп сеніммен айтуға болады. Әлемдегі өзге де көпұлтты мемлекеттермен салыстырғанда, ҚХР-да ұлттар саясаты біршама жақсы жолға қойылған. Соның арқасында ондағы саны аз ұлттар өздерінің тілі мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуға жап-жақсы мүмкіндік алып отыр. Әсіресе, саны 1 миллионнан асқан, өзінің тіл-жазуы бар, ханьзудан кейінгі ірі ұлттар болып есептелетін Тибет, Ұйғыр, Моңғол, Қазақ, Корей қатарлы халықтарға көбірек мүмкіндіктер берілген. Осындай саясаттың арқасында ол елде жасап жатқан қандастарымыз өздерінің ұлттық болмысын – тілін, дінін, дәстүр-салтын, намысы мен рухын, өнері мен мәдениетін мықтап сақтап отыр әрі оны өз деңгейінде дамытып та келеді деуге болады. Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде, қазақ тілінде кітаптар шығаратын Бежіңдегі «Ұлттар» баспасын, Үрімжідегі «Жастарөрендер», «Халық», «Ғылым-техника», «Денсаулық», «Оқу-ағарту», «Шынжаң көркемөнері» баспаларын, Күйтіңдегі «Іле халық» баспасын; қазақ тіліндегі «Шынжаң», «Іле», «Тарбағатай», «Алтай», «Іле өрендері», «Күйтің», «Құлжа кеші», «Халықаралық хабарлар» деген секілді газеттермен қоса, «Шұғыла», «Мұра», «Іле айдыны», «Тарбағатай», «Алтай аясы», «Боғда», «Алқап», «Чжұңго ұлттары», «Ұлттар»(суретті жорнал), «Іле жастары», «Іле әйелдері», «Іле спорты», «Шынжаң оқу-ағартуы», «Шынжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң жоғары оқу орындары», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Шынжаң қоғамдық ғылымдар мінбесі», «Шынжаң малшаруашылығы», «Тіл және аударма», «Құмыл алқабы», т.с.с. әдебиі бар, ғылымиы бар, бұқаралықәмбебаптығы бар көптеген мерзімдік жорналдарды; Бежіңдегі «Орталық Халық Радиосының» қазақ бөлімін, Үрімжідегі «Шынжаң» қазақ радиосын, екі бірдей тәулік бойы жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтін «Шынжаң» телеарнасын, облыс, аймақтар орталығындағы қазақ тілінде хабар тарататын телевизия мекемелерін атап айтқан болар едік. Осы арада аталған газет-жорналдар мен телерадиолардың бәрі түгелімен мемлекеттік бюджеттің есебінен жұмыс істеп отырғандығын да атап айтуымыз керек. Ал Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-әдебиеті факультеті сол елдегі қазақ жастарынан жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті, түркология, аударма мамандықтары бойынша шәкірттер қабылдайды. Демек бұдан Қытайда ұлт саясатының ойдағыдай жолға қойылғандығын аңғаруға болады. Алайда соңғы жылдары ол елдегі ұлттық территориялы өңірлерде “Қос тіл” (ана тілі мен қытай тілін қатар меңгеру) саясаты мықтап қарқын ала түсті. Бұл әрине, біздегі секілді “өзге ұлттар да мемлекеттік тілді меңгерсін” деген ниеттен туған сасат. Басы ашық, ол жерде еш кім, еш халыққа келіп “өз тіліңді ұмыт” деп қысым жасап жатқан жоқ. Алайда, “құлды бәрекелді өлтіреді”

дегендей, соңғы жылдары ондағы біздің ағайындар, балаларын өздері жаппай қытай мектебіне сүйрелеп, ұлттық мектептердің жабылуына өздері мүдделілік танытқандай болды. Сонымен, биліктің де күткені сол, “ұлттық өңірлердегі мектептерге реформа жүргізу” деген желеумен, бастауыш және орта білім мекемелерінің ұлттық сыйпатын жойып, бәрін аралас мектепке айналдырды да, тек “ана тілі мен әдебиет пәндерін ғана өз ана тілінде оқиды”деп қаулы шығарып қойды. Келешекте ұрпағы “нан тауып жеу үшін” өзге тілді меңгеру керек болғанда, өз тілін құрбандыққа шалып жіберетін біздің қазақтың қашанғы әдеті емес пе?! Осы әдетпен, ондағы ағайындар да қазір “қос тіл” саясатының белсендісі болып тұр. Бір қуанарлығы, қытайдағы ұйғыр, тибет секілді халықтар ұлттың тағдыры мен болашағына қатысты өзекті проблемаларды жиі көтеріп, дін, тіл мәселесінде “ҚХР-ның ұлттық территоритялы автономия заңының” толыққанды атқарылуын үнемі талап етіп отырады. Содан кейін барып, Пекиннің “шуағы” қайтадан молынан төгіле бастайды. Ол “шуақтан” өзгелермен бірге біздің қазақ та игілітеніп жатады. Қысқасы ондағы ағайындар өз-өзіне мықты болса, өздерінің ұлттық болмысын берік сақтай алса, оларды бас алып жұтып қояйын беп тұрған еш кім жоқ. Тіпті шетелдегі қазақ қана емес, атажұрттағы қазақ болсын, қашан да, қайда да, ұлт болып қала алу - қала алмау, өзіміздің ұлттық рухымыз бен намысымызға тікелей байланысты! Сұхбаттасқан: Нұршат Төкен. “Жебе” газеті. 18 сәуір 2013ж. №9.

МЕНІҢ БАЛАЛЫҒЫМ – «БАЛАЛЫҚСЫЗ БАЛАЛЫҚ» БОЛДЫ

- ХХ ғасырдың 90-жылдары атамекен топырағына ат басын тіреп, тағылымды қызмет атқарған қандас ғалымдар тарапынан қазақ әдебиеті тың деректермен байи түсті. Оған өзіңіздің қытай мұрағатында жатқан деректерге үңіліп, көз майыңызды тауыса жазған «Сарап» атты кітабыңыз куә. Десек те, қазақ әдебиеті осындай тың дүниемен толығып жатқанда, «Біздің «Қытайтанушылар» ғылымды неге былғайды? Немесе, «қазақ әдебиеті тарихына еніп кеткен жалған ақын туралы бір ауыз сөз» атты байбаламдар да жан-жақтан дүркірей шықты. Айтайын дегенім, Кегменер Үлгеұлы хақындағы дау-дамайдың шындығы қайсы? - Дұрыс айтасың, тәуелсіздіктен кейін біздің өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Соның нақты айғағы – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қаракөз қандастар елге оралды. Бүгінгі таңдағы санақ нәтижесі көрсетіп отырғандай, тәуелсіздіктен бері милионнан астам қандасымыз атамекен топырағына табан тірепті. Бірақ, бір нәрсе көңілге қыжыл ұялатады. Неге дейсіз ғой? Себебі, шеттен келген ағайындармен бірге қаншама ақыл-ой, парасат, тарих, этнография, мәдениет оралды деген биік пайым тұрғысында қараудан гөрі, олардың жеке басын, санын ғана қызықтап жүрміз. Бұл – асылдың нарқын білмеу, қолда барды бағаламау деген сөз. Жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі ретінде айтар болсақ, тәуелсіздік таңы атты деген қасиетті сөзді естісімен, төсек-орнын буып-түйіп Қытай елінен атамекен қайдасың деп жолға шыққан, ақыры елге жеткен әр түрлі мамандық иелері жеткілікті. Олар өздерінің соқа басын ғана сүйреп келген жоқ. Керісінше, сол елде алған ғылым-білімді, қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатысты сан-алуан тарихи деректерді арқалап алып келді. Сондай-ақ, Иран, Араб, Ресей, Өзбекстан сияқты қазағы молдау елдерден келген зиялы қауым да өз деңгейінде мәдени-рухани құндылықтар ала келді. Ал енді қай елде де, қандай халықта да қыңыр, кертартпа адамдардың болатыны шындық. Болып қана қоймай, жоқ жерден жік шығарып, дау туғызып, жаңа ой, жаңа дерек айтсаң, оны жоққа шығаруға тырысып, қызылтанау болып жүретіндері болады. Бірақ, олардың айтқанымен тарихтың ағысы теріс ақпайды ғой. Дей тұрғанмен, жаңағы «ірігеннің ауызынан шыққан шіріген сөз» қоғамды алапестей жайлап, әр түрлі пікірге мұрындық болып жатады. Мысалы, Менің «Сарап» деген кітабімнің ішінде «Көне Қытай жазбаларындағы түрік ақындары» деген үлкен зерттеу еңбек бар. Мұндағы деректердің «әлгілер»даурығардай жерден шыққан немесе көктен түскен ештеңесі жоқ, кәдімгі қытайдағы ғылыми еңбектерден, мұрағатынан алынған дүниелер. Қытай жазбаларындағы сол ғылыми еңбектерге негізделе отырып, өзімнің төл пайымдық тұжырымдарымды сіңіріп, ғылыми мақала ретінде «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған болатынмын. Тіпті, конференцияларда баяндалды да. Кейін «Екі мың жылдық дала жыры» деген қазақ әдебиетінің антологиясына енді. Сол

мақалада Кегменер Үлгеұлының қаңлы ақыны екендігі туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Қазақстанда бір жылдары Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабінің қолжазба нұсқасы табылып, зиялы қауым арасына бір дүмпу туғызған еді. Кейбіреулердің «бұл қолдан жасалған» деген даурықпасына қарамастан, бүгінгі күні аталмыш кітап ғылыми айналымда жүр. Сол сияқты Қытайда Кегменер Үлгеұлының да өлеңдерін, өмірбаянын жоққа шығарып, ол «қолдан жасалған ақын» деушілер де бар. Бірақ, кейде біз мына нәрсені ескермей жатамыз. Жалпы, ғылыми ұстанымның үлгісінде беделді ғылыми еңбектерге, ғалымдар пікірін негізде отырып ғылыми зерттеулер жасалады. Ал менің Кегменер Үлгеұлы туралы зерттеуім қытай елінің атақты ғалымы Го Можоның ғылыми ұстанымы негізінде оқырман қолына жетті. Қорыта айтқанда, Мен бұл дауға 2008 – жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде өз жауабымды беріп, даурықпа дауға нүкте қойған болатынмын. Әрі қарай әлде кімдер бықсытып, қоңырсытып жүрсе, сыпайылап айтқанда, ол тырнақ астынан кір іздеген далбасалық қана. Қазақта «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мақал бар. Кегменер Үлгеұлы мен оның шығармаларын қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған сүбелі еңбек ретінде қараудан гөрі, «ойбай, ол – өтірік» деп, керібақпалыққа салып, дау қозғап, шатақ шығару арқылы атақ шығарып жүретіндерге не деуге болады?! Жалпы, қыңырлық кісіні қырға шығармайды. - Тәуелсіздіктен кейінгі кейбір тосын деректер мен жаңа пікірлер хақында кейбір зиялы қауым өкілдері өз руының жыртысын жыртып, дайдай болып, қызды-қыздымен қызыл тілге ерік беріп, жаға жыртысып, соттасуға дейін барғаны шындық. Сіздің

де жетістіктеріңізді рушылдықтың шеңберінде қарастырып жүргендер жоқ емес. Жалпы, ру және рушылдықтың пайда, зияны туралы не айтасыз? - Ру – Алаш қоғамындағы, қазақ ұлтындағы күрделі құбылыс. Ол – біздің мәдениетіміздегі өте маңызды да іргелі категория. Рушылдық – ұлтқа зиян, елге қауіпті деп айтуға да болмайды. Рушылдық – ұлтқа пайдалы, бізді көгертіпкөктетеді деп те кесіп айтуға келмейді. Жалпы алғанда, «Халқыңның ардақтаған арқасында, еліңнің ата-дәстүр салтын қуғанға» не жетсін! Тарихқа қарап отырсақ, сонау ата-бабаларымыздан тартып, бүгінгі заманға дейінгі ғасырлар көшінде, қазақтың қанында тулаған, салтында сақталған осы бір құбылыс, еш қашан тұтас ұлтты қандыбалақ қырғындарға ұрындырған емес. Ары кетсе, ауыл арасындағы содыр-сотанақтың бас жарылып, көз шыққан кикілжіңі деңгейінде ғана қалып отырған. Ежелгі алып көршіміз қытайларда руға бөліну болмағанымен, олардың қанындағы жершілдік індеті, тарихта қытайды қанды қырғын соғыстар мен хандық-хандық, бектік-бектіктерге бөлініп алып, ордалы жыландай арбасқан тарихи оқиғаларға душар еткені белгілі. Құдай сақтасын, тарих көшіне көз жіберсек, ұлтымыздың ондай сорақылыққа бармағанын байқаймыз. Демек, көшпелілер мәдениетіндегі жүзге,

руға бөліну құрылымының тектен-текке жасалмағанын түйсіне отырып, ұлы далада ұлы мәдениет қалыптастырған бабалар ұлылығына бас июіміх керек. Ал енді бұдан былайғы жерде қазақ халқының сана сезімі тәуелсіздікпен бірге өсетіндігіне шек келтіруге болмайды. Өйткені, жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Қазір біздің жастарымыз әлемдік деңгейде ойлауға ұмтылады. Жер жүзінің өзге елдерімен, басқа халықтармен бәсекелесуді ойлайды. Мысалы, кезінде Алаш арыстары қол созған Жапондардың ұлттық бірлігіне тамсанады, француздарға қарап бой түзейді дегендей. Бірақ, рушылдық дерттен құлан-таза айығып кетеміз деп айта алмайсың. Өйткені, ол – қазақ халқының тарихи сана сезімі, менталитеті. - Сөзіңізді бөлейін, ұлттың сорпа бетіне шығар мәйегі, қаймағы зиялы қауым деп айтатын болсақ, сол зиялы қауым тарихтан да, бүгіннен де қазаққа рушылдықтың қаншалық зиянды екенін жақсы түсінеді. Сана сезім, мәдениет жағынан да қарапайым халықтан биік тұрады. Олай болатын болса, неге кейде қарапайым халыққа үлгі, жол көрсетудің орнына, кейбір зиялы қауымыңыздың өзі рушылдықтың құй-батпағына құлап жатады? - Жалпы, сондай рушылдық санада жүрген адамды «зиялы» деп айтуға болмайды. Қазақ даласының қай түкпіріне барсаң да, сені ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз демей, басыңнан сипап, алдыңа асын қойып, құшақ жая қарсы алады. Ол жерден рушылдықпен ауырып, ырың-жырың болып жатқан жұртты байқай бермейсің. Жалпы, рушылдықтың отына май құйып, күлін көсейтіндер санасы саяз әкім-қара, щенеуниктер мен танымы таяз зиялысымақтар... Мұндайларға «зиялы» деген сөзді қор қылмау керек. Шын мәніндегеі зиялы рулық деңгейден, тайпалық мүддеден биік тұрады. Мысалы, Абай атамыз тіпті «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді ғой, Демек Абай руыңыз, ұлтыңыз тұрыпты, адамзат аспанына пырлап шыққан ұлы тұлға. Сөздің осы тұсында мына бір жағдай есіме түсіп отыр, мен Пекиндегі Орталық ұлттар университетін тамамдап, Шынжаңға оралғанымда сол жылы ЖОО бітірген жас мамандарды жаппай ауыл мектептеріне жіберу туралы ШҰАР Партия комитеті қаулы шығарып қойыпты. Соған қарамастан Үрімжі қаласындағы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұруыма менімен туыс-қиыстығы жоқ, қазақтың игі-жақсыларының көмегі тиді. Атап айтар болсам, академияның сол кездегі вице-президенті, белгілі жазушы, тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов пен өлкелік парткомның сол тұстағы орынбасар хатшысы Жәнәбіл ақсақалдың арқасында Үрімжіде қалдым. Мұндай мысалдар өте көп. Бүгінге дейін қандай да бір жетістікке жеткен болсам, ол әрине, өзімнің төккен тер, еткен еңбегімнен тыс, жалпы жаны жайсаң, ұлтжанды, шын мәніндегі зиялы азаматтардың шапағатының арқасы деп білемін. Мысалы, қазақтың марқасқа ұлы, академик, әдебиетші-ғалым Рымғали Нұрғалиұлы менің Қазақстанға келгеннен кейінгі

өміріме үлкен жол ашты. Ұстазым ғана емес, қамқор ағам болды. Одан өзге марқұм Ақселеу ағаның да, Фариза апамыздың, Мұхтар Шаханов, Рақымжан Отарбаев ағаларымыздың қамқорлығын көрдік. Әрине, өз руымнан ештеңе көрмедім десем, ол да қиянат болар еді. Өзімнің рулас-жерлес ағайындарымның да шапағатын аз көрген жоқпын. Демек, адамға адамның жақсылығы, көмегі деген ылғи да ұлтына, руына қарап жасалатын нәрсе емес қой... Керісінше кейде өз руыңнан шыққан біреулердің кесапатына кезігіп жатасың. Сондықтан, адамда, әсіресе жастарда «өз руым жақыным, өзге рудың бәрі қызылкөз дұшпаным» деген түсінік болмауы керек. Біздің жастарымыз рушылдық санадан биіктеп, ұлтшылдық, одан асса адамзаттық санаға көтерілу керек. Сайып келгенде, «әр кім сыйласқанның құлы» екенін естен шығармаған абзал. - Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиет сахнасынан өзіндік орнын ала алмағаны рас. Бұл төл әдебиетінің әлсіздігі болмаса керек. Мұның себебі, насихаттың кемшіндігінде жатқан жоқ па? - Ұлттық әдебиеттің бір пұшпағын илесіп жүрген ақын ретінде, әлем әдебиетінің жауһарларына бір сәт көз салсақ, қазақ әдебиетінің деңгейі «менмен» деген ешбір елдің әдебиетінен бір мысқал болса да төмен емес екеніне куәлік бере аламын. Бұл тұрғыдан келгенде, «қазақ әдебиеті – әлемдегі іргелі әдебиеттермен иық тірестіріп тұра алатын ұлы әдебиет» деп кеуде ұруға, мақтануға әбден болады. Бірақ, өкініштісі өз қазанымызда өзіміз «бұрқ-сарқ» еткеннен ары аса алмай отырмыз. Неге? Себебі, ХХ ғасырда біздің әдебиетіміздің, мәдениетіміздің сыртқа шығуын Мәскеу реттеп келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз өзге алпауыт елдермен көбірек экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынасқа мойын бұрдықта, руханият пен әдеби салаға мән бермедік. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша озық елдердің классикалық әдебиетін аударып, оқырмандарымызға таныстыру жағы жандана бастады. Дегенмен де, қазақ әдебиетінің сыртқы насихаты әлі де көңіл көншітерлік жағдайда емес. Біз, Толстой, Гоголь, Пушкин, Чеховтарды қалай білдік? Ал Джек Лондон, Анатол Франс, Эмиль Золя, Гарсия Маркес, Рабиндранат Тагор, Александр Дюма, Алберь Камю, Франс Кафка, Эрнесть Хемингуэйлер ХІХ-ХХ ғасырларда адамзаттың әдебиет әлемінде қалай салтанат құрды? Осының бәрі жазушының талантынан тыс, сол елдердің үгіт-насихатының жемісі емес пе?! Мысалы, біздің Абайды алсақ, жаңа ғана «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін айттым ғой. Әлемде осындай адамзаттық деңгейге көтерілген ақын кемде-кем. Прозада тыңнан түрен салған Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты сөз зергерлеі кімнен кем? Алаш ұранды әдебиет салған сара жолды жалғаған Б.Соқпақбаев, Т.Әлімқұлов, А.Сүлейменов, М.Мағауин, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев бастаған қара сөздің қаймағын қалқып ішкен қатепті қара нарлардың кесер басы әлемнің алып деген жазушысынан артық болмаса, пәс емес. Бірақ, бізде осыларды әлемге танытуға кешенді түрде бағдарлама жасалып

жатқан жоқ. Мұның себебі неде? Өйткені, біз ХХ ғасырдағы адамзаттың мәдениет көшіне қосыла алған жоқпыз. Бір сәт тәтті қиялға құрық жалғап көрелікші! Егер, ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының арманы орындалып, тәуелсіз ел болған болсақ, онда сонау жырауларымыздан тартып, кейінгі ақынжазушыларымыздың барлығы бұл күнде әлемге танылып үлгерер ме еді, қайтер еді!? Самурайлық рухқа шөлдеген жапондар жырауларымызды жатқа соғар ма еді!? Жұрт гректердің «Одейссия» мен «Илиядадасынан» гөрі, «Қырымның қырық батырына» тамсанар ма еді!? Ал қазір әлемдік әдебиет пен мәдениетте «кімде не бар?» деген ұғым жасалып, шешіліп қойды. Ал, біздің ол көшке жетуіміз үшін жанкешті еңбек керек. Қазір біз экономиканың көшін түзедік. Енді экономика ұлттың руханияты мен мәдениетіне жұмыс істеу керек. Егер олай істемесек, баяғының өз қотырын өзі қасып, қанша малы болса да, айранын

ұрттап, қойын құрттап отыратын сасық байынан еш айырмашылығымыз болмайды. - Жақында белгілі себептермен туған жерге барып қайттыңыз. Ол жақтағы тау асып, тас басқан қандас ағайындардың халі қалай екен? - Менің туған жерге бармағаныма көп жылдар болған еді. Осы жолы барғанымда байқағаным, ауылдағы ағайындардың тұрмысы әжептәуір көтеріліп қалыпты. Бұрынғыдай тамнан соққан қоржын үйлердің орнына сәулеті асқан кірпіш үйлер бой көтеріпті. Мұны Қытайдың реформасы мен ішкі саясатынан бөле қарауға болмайды. Соның бір жарқын мысалы, үй салам дегендерге, қажетті қаражаттың елу-алпыс пайызын үкімет көтереді екен. Сонымен бірге, зейнет жасындағы қарттарға әлеуметтік зейнетақы тағайындапты. Сондай-ақ, ауылды жерлердегі шаруаларды жер салығы, су салығы, басқару ақысы, тұяқ, жайылым ақы, т.б. толып жатқан салықтардан босатыпты. Демек, мұның бәрі халықтың, әсіресе, ол жақтағы қазақтардың ес жиып, етек жеңін жиюына жасалған жақсы шарт-жағдай деген сөз. Ол жақтағы бауырластардың қарны тоқ, көйлегі көк болғанымен, бір нәрсе жетіспейтіндей, қабақтары жабырқау, еңселері түсіңкі. Неге бұлай деп ойға қаласың? Сондағы бір байқағаным, есіктің алдында ойнап жүрген бүлдіршіндердің көбі дерлік шүлдірлеп қытайша сөйлеп жүр. Ол жақтағы халықтың еңсесінің пәсеңдігі мен қабағының жабырқаулығының бір себебі – осында жатса керек. «Ұрпағымыздың болашағы не болады?» деген үлкен сұрақты әр ата-ананың жанарынан оқуға болады. Осы сұрақ олардың еңселерін езіп, тұқыртып, бүгежектетіп, ауыр салмақ салып отыр екен. Бұл деген саналы адамға қасірет. «Ит тойған жеріне» деп жүре беруге де болады ғой. Бірақ, біз ит емеспіз. Саналы адам үшін ойланатын дүние. Ұрпақты өз тілі, діні, ділінде тәрбиелей алмаса, ата-анаға одан асқан қандай қасірет болуы мүмкін?! Жанарларындағы осынау ауыр мұңның қалқасынан жылт еткен бір үміт ұшқыны сезіледі. «Қазақстаным, атамекенім» деген үміттері көңілдерінің жұбанышындай көрінеді. Бірақ, бәрі көші-қонның тоқтап қалғанын айтып,

қынжылып-ақ отыр. Кезінде дүниенің төрт бұрышындағы қазақ көшінің тарихи отанына бет түзеуіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болып еді, енді осы тоқтап қалған көшті тағы да өзі бас болып, қайта жандандырса деген өтініштілектерін айтады. Егіншілікпен, малшаруашылықпен шұғылданатын жер берсе, одан өзге ештеңе сұрамас едік дейді. Ол жақтағы ағайындар осы бір уәжін менің мойныма аманаттай жүктеді. Бірақ біздің қолда не бар тәйірі?! Сондықтан, ол жақтағы ағайынның санасындағы салмақты жеңілдету, бүкіл Алаш жұртының ойланатын мәселесі ғой деп ойлаймын. - Бүгінгі таңда интернеттің мүмкіндігі тасада тұрып тас лақтыратындарға таптырмайтын құрал болып

отыр. Өзіңізге бағытталған кейбір «тастарды» қалай қабылдайсыз? - Жалпы, сөз деген киелі, құдіретті нәрсе. «Қызыл тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп қазақ бекер айтпаған. Сөздің киесі, магиясы бар екеніне еш кім дау айтпаса керек. Дүниежүзіндегі барлық халықтарда да «сөздің киесі» деген ұғым жоқ емес. Қазақтағы жыланды «абақай», «құрт-құмырсқа» деп, қасқырды «ит құс», «көкжал» деп атауы осы түсініктен келіп шыққан. Сөз әсер етпейтін адам болмайды. Егер сөз әсер етпесе, ондай адамды тас жүрек дейміз бе? Жоқ әлде, санасыз дейміз бе? Менің газет-журналда шыққан мақала, өлең, әңгімелерімді әлеуметтік желілер, әрине, менің рұқсатыммен өз желілеріне салып қойып жатады. Бірақ, соған кейбіреулер бүркеншік атпен кіріп, қызғаныштан, көреалмастықтан туған, жайшылықта айта алмайтын сөздерін жазып жатады. Бір қызығы олардың кім екенін жобалап біліп отырам. Алғашқы кездерде мұндай мәдениетсіздіктер көңіл-күйге кәдімгідей әсер ететін. Кейін келе әлеуметтік желілерді пайдаланушылар көбейген соң, ондай сандырақтар әділетсүйгіш жандардың қарсылығына ұшырады да, олардың өсегі «қызық» болмай қалды. Иттің үргенін тосыннан естіп қалсаң жүрегің зырқ ете түседі. Егер осы көшеде иттің көп екенін, күнде үретінін білсең, онда ол оншалық әсер ете қоймайды. Бізде әлеуметтік желі мәдениеті енді-енді қалыптасып келе жатыр. Бұл жағында ойласу керек. Белгілі бір тұлға әлеуметтік желіге сұхбат берсе, мақала жарияласа, онысы – ұлтқа пайдалы, қоғамға керекті пікір, ұсыныс болса, қоғам назарын соған аударуға күш салуымыз керек. Керісінше оның айтып отырған өзекті ойларын бір жаққа сырып қойып, жеке басына шабуыл жасап кететін пікірлерді сол әлеуметтік желінің басшылары реттеп отырғаны жөн. Біз әлеуметтік желі арқылы ұлттың, қоғамның жетімсіз тұстарын жетілдіруіміз, артық жағын асқақтатуымыз керек. Пікірді осылай бағыттап, мақсатты түрде жұмылдырып отырса, мақаладағы негізгі ой тасада қалмайды. Негізгі ой, идея төңірегінде пікір қозғалса, көтеріліп отырған тақырып туралы қоғамдық пікір туындайды. Онда осы әлеуметтік желінің де, мақала авторының да мақсаты орындалған болар еді.

- Балалыққа саяхат жасап қайтсақ, сіз қандай бала болдыңыз, сондайақ, балалық қандай қызықты оқиғасымен есіңізде қалды? - Иә, біз де бала болдық. Бала болған да тентектеу бала болдық. Бірақ, басбұзар, тәрбиесіз тентектік емес, ойын баласы ретіндегі белгілі бір қызық оқиғалар төңірегіндегі тентектік. Бірақ, сабақта қашанда ағалап алда жүрдім. Соның нәтижесінде өз ауданымнан тұңғыш рет Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне түстім. Мұның бәрі өткен шақтың еншісіндегі қайталанбас сағынышты шақтар... Жалпы менің балалығым «балалықсыз» балалық болды десем де болады. Бүгінгінің балаларындай заманауи алаңдарда ақтер-қаратер болып доп қуаламадық. Мұндай спорттық-мәдени ойындар Мао-ның заманында «буржуазияның элементтері» деп шектелді. Оның үстіне ол кез бүгінгідей не керектің бәрі бар заман емес, қытайдың «зор секіріп ілгерлей» алмай жатқан мешеу кезеңі еді. Сонымен қатар, «мәдени төңкеріс» деген саяси науқан жүріп жатты. Біздің алдымыздағы аға-апаларымыз жаппай «Хунвэйбин» болды да, саяси күрестің қайнаған ортасында жүрді. Біз де соларға ілесіп далақтап, еліктеп ойын ойнадық. Мәселен, ауылдағы бір «Мырқымбай» Мао туралы немесе «мәдени төңкеріс» туралы кері пікір айтып қойса болды, «Хунвэйбиндер» сол күні-ақ, ауылдың шал-шауқан, бала-шағасын түгел жинап алып, күреске тартылған адамның жеті атасын жездей қақтап, жұрт алдында масқаралайды. Бұндай науқандар біз үшін тегін «концерт». Сөйтіп, қабырғамыз қатпай жатып-ақ біздің ойынымыз да, ойымыз да саясиланып кетті. Қазір ойлап отырсақ, бір жағы, бұл балалық жүрекке түскен сызат болса, енді бір жағы, қызық! Әрине, бала болып еш нәрсе көрмедік, ойнамадық десек, ол шындыққа жанаспас. Ретіне қарай доп та, асық та ойнадық. «Доп» деп отырғаным, сиырдың көктемгі өлі жүнін сулап, қолдан жасап алған домалақ киіз. Оның домалақтығы ғана допқа ұқсағанымен, еш қандай серпімділік қуаты жоқ болатын. Соны бір-бірімізге лақтырып, доп ретінде ойнаған боламыз. Қысқасы Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа» деген киносын көрмеген, соған ұқсағысы келмеген бала кемде-кем шығар. Шынын айтсам, Менің «тентектігімнің» қасында, Қожа әлде қайда «пірәдәр» болып көрінеді. Сыныпқа бақа, тышқан алып келіп, оны сыныптас қыздардың, мұғалиманың сөмкесіне салып қою деген бергі әңгіме. Бала кездегі тентектіктің бәрін еске алып отырсақ, оны газетіңнің көлемі көтермесі анық. - Сіздің достық туралы өлеңдеріңізді оқырмандарыңыз сүйіп оқиды. Кейде осы «Достық өлкесінің» бетке күліп, арттан азу тісін ақситатын пенделері жүрегіңізді жаралап жатпай ма? - Достық деген де саналы адам өміріндегі маңызды құбылыс. Оның шыңы мен шатқалы, күнгейі мен теріскейі туралы өлеңдерімде де айтып жүрмін. Қазақта «құдай қосқан құда болады, пайғамбар қосқан дос болады» деген сөз

бар. Адам баласы ат жалын тартып, азамат бола бастағаннан өзіне тілеулес, сыйлас жандарды жақын тартады. Сонымен көбірек бірге жүргенді, іштегі сырын айтқанды ұнатады. Қолыңнан келген жақсылығыңды көрсеткің келеді. Міне, бұл жастық шақтағы адал, таза жүректен туған достық ниет. Сондай-ақ, жастықта достыққа деген түсініктің өзі қарабайыр келеді. Арқаңнан қаққанның бәрін ойланбай достың тізіміне кіргізіп жібересің. Сонымен бірге, жас кезде, адамдарда үлкен мүдде, арамдық-қулық, бақталастық болмайтындықтан, екінің бірімен тез дос болып, тез ренжісіп жатасың. Кейіндеп, есейе келе адамдарда жеке мүдде күшіне еніп, өзінің шыққан төбесінің биіктеу болғанын армандай бастайды. Осындай пиғылға бой алдырғандар ендігі жерде, бәйгеден шауып озғаннан гөрі, «досының» аяғын шалып озғанды құп көреді. Осыдан барып араздық пайда болады. Міне, осы алғашқы араздық саған сақтықты, секемшілдікті үйретеді. Бұл қайталана келе, достық сенім таразысына жиі тартылатын болады. Жалпы қазақ халқында достық туралы өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, философиялық тұжырымдар өте көп. Оның бәрінде достыққа деген адалдық, тұрақтылық жөнінде нәсихат айтады. Неге? Өйткені ең жақын достың сатқаны адамның жүрегіне соншалық ауыр тиеді. Демек, Қапез ақын Байғабылұлы бабамызша айтсақ, «Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай» дейік. Менің осы жасқа келіп достық туралы бір түйгенім – «досым» деген адамның артықшылығымен қоса, кемшілігін де қоса қабылдау керек. Қанша керемет досың болса да, бәрі бір ол періште емес, пенде. Сондықтан оны пендешілігімен, кемшілігімен қоса қабылдау керек. Сонда ғана достық біршама тұрақты бола ма деп ойлаймын. - «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер...» демекші, поэзиядағы жас толқынның өлең-жырына көзқарақтылық танытып жүресіз бе? Жас поэзияның бүгінгі халі сіздің көзіңізбен қарағанда қай деңгейде? - Әдебиеттанушы ретінде де, ақын ретінде де жастар поэзиясын оқып жүремін. Бұл бүкіл ақынның өлеңін қалт жібермей оқимын деген сөз емес. Қатқабат жұмыстан қолымыз қалт еткенде, жас ақындардың, жас прозиктердің жазған-сызғандарына мойын бұрып, көз тоқтатып жататынымыз бар. Көбінде, беделді басылым ретінде «Қазақ әдебиетін» оқимыз. Сонымен бірге, «Abaі.kz», «massagan.com» сияқты әлеуметтік желілердегі жас ақындар поэзиясын көзіміз шалып қалады. Атап айтар болсам, біздің өкшемізді басып келе жатқан толқынның ішінен Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Талғат Ешен, Танагөз Толқынқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан, Дәулеткерей Кәпұлы, Мұрат Шаймаран қатарлы ақындарды ерекше атап айтқан болар едім. Ал осы аталған толқынның ізін баса өрттен кейінгі өртеңдей дүркіреп шыққан бір топ ақынның екпіні өзгеше, талабы таудай. Атап айтар болсақ, Алмас Темірбай, Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин,

Бауыржан Қарағыз, Бақытгүл Бабаш, Ұларбек Нұрғалым, Мирас асан т.б. толып жатқан мол шоғырлы, рухы асқақ – шетінен бірөңкей жас бөрілердің ізденістеріне сүйініп отырамын. Осылардың артынан құлдыраңдап келе жатқан құлын құлагерлердің де тұяғының дүбірі тым бөлек. Бұл шоғырдан Мирас Асан, Ербол Алшынбай, Еркін Исахан, Ұмтыл Зарықхан, Қайсар Қауымбек, Жәнібек Әлиман, осы топтың белортасында өзің де жүрсің, бұлардың жазғандарынан қара өлеңнің тұнығынан қанып ішкендігі сезіліп тұрады. Жас ақындардың поэзиясын зерттеп, зерделеп көрсем деген ой көптен бері көкейде жүр. Сол еңбегім жазылса, жас ақындар туралы ойымды қотара айта жатармын. Деседе, айта кететін болсақ, жастардың поэзиясында тәуелсіз рух, жаңашыл ой, тың ізденіс бар. Оның себебі, қазіргі қазақ поэзиясына келу, ақын болу, анау айтқандай қалпақпен ұрып алатын оңай шаруа емес. Өйткені, Мұқағали, Жұмекендер із қалдырып кеткен асқар шыңды бағындыру үшін, үлкен ізденіс керек екенін жас буын жақсы сезінеді. Сондықтан да жанкешті ізденістің соңына түседі. Проза жазып жүрген жастарға қарағанда, поэзиядағы жастардың екпіні мықты, деңгейі жоғары. Мен бүгінгі қолына қалам алып, өлең жазып жүрген жастарға өте бір жүрек жарды қуанышпен қараймын, тағы бір жағынан, кейде осы жастардың аяқ алысына қарап, біздің буынның бойын бір түрлі «үрей билейді». Менің қуанышпен қарайтыным - қазақ әдебиетінің, әсіресе қазақ поэзиясының болашағының жарқын екендігіне деген сенім. Ал «үрей билейтін» себебін бейнелеп айтар болсам, шалғымен асарлатып шөп шапқанда, егер сенің артыңда мықты шалғышы болса, сені тырқыратып қуып, титықтатып, тіпті қатардан ысырып шығады. Ондайда сен бар қайратыңды бойыңа жиып, қатардан шықпауға тырысасың. Тура осы секілді, қазіргі жастардың ізденісі біздің буынға, тіпті біздің алдымыздағы буынға ой салуға тиіс. Қысқасы, бүгінгі жастар поэзиясы деген үлкен құбылыс. -Сіз ақынсыз. Осындай кісіні бір күндері саясат сахнасынан көру мүмкін бе ? - Бәрі мүмкін. Ертеңгі күнді бір Алла ғана біледі. - Сіздің ғалым, ақын, аудармашы екеніңізді жұрт жақсы біледі. Тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов ағамыз өз мақаласында сізді «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп жазды. Біз білетін қырларыңыздан өзгесін өз аузыңыздан естісек... - Бала кезімізде ақсақалдар, әнші-күйші, ағаштан түйін түйетін шебер, өрімші, күш атасын танымайтын балуан кісілерді нұсқап «мынау сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екен» деп тамсанып отыратын. Демек, бұл – бойына өнері симаған бесаспап адамға қарата айтылған халқымыздың даналық сөзі болса керек. Көпті көрген, сөз қадірін білетін Жақып аға, мені «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатса, онда жалтарарға жол жоқ (күлді). Жақып ағаның мақаласын оқыған адам, ол кісінің мені «сегіз қырлы, бір сырлы» деуінің себебін де білген

шығар. Өйткені, ол кісі менің ұстазым болды. Сол ұстаздық ұлағатты тұғырдан, биіктен қарай отырып, екі өлшеп, бір пішіп барып берген бағасы болса керек. Әуелі, жұрт мені ақын ретінде жақсы біледі. Ақындық кісіге қанмен келетін тәңірдің сыйы. Бала кезімізден тарпаң сөздің жалына жармастық. Киелі сөз өнерінің тұма бұлағына шөлдеп өстік. Тарпаң сөзді жуасытуға талпындық, тұма бұлақтың тұнығынан қанып ішуге құмарттық. Сондай ізденістің нәтижесі шығар, бүгінге дейін бес жыр жинағым жарық көрді. Бірнеше мәрте мүшайралардың жүлдесін алдым. Өлеңдерім бір неше шетел тілдеріне аударылды. Осының бәрі, Жақып ағаның мені «ақын» деуіне негіз болған шығар. Екінші, ел-жұрт мені ғалым деп жатса, оның да өзіндік себебі бар. Мен Пекиндегі Орталық ұлттар университетін бітіре салып, ШҰАР Ғылым академиясына ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Академия қабырғасында қазақтың марқасқа ұлдары Нығымет Мыңжани мен Жақып Мырзахан сияқты ағалармен бірге жүрдік. Ол кісілер балақ бауымызды сыпырып, бала қырандай баулыды. Ғылымның тұнба қайнарын көргенде, көзіміз шырадай жанды. Сөйтіп, өзімізде ғылыми зерттеулермен айналыса бастадық. Әр түрлі ғылыми жобаларға қатысып, ғылыми мақалалар жаздық. Ғылым деген түбі жоқ теңіз іспетті. Шүңетіндегі маржан тастар бірден-бірге қызықтырып, тереңіне тарта береді. Кейін Қазақстанға, яғни, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келгеннен кейін академик Рымғали Нұрғали ағаның шәкірті болдым. Сол кісінің жетекшілігімен кандидаттық, докторлық қорғадық. Жалпы, ғылыми ізденісті бір сәт толастатқан жоқпын. Бүгінде ғылым докторы, профессор болып отырсам, ғылым жолындағы үздіксіз еңбек пен ағалар қамқорлығының арқасы шығар. Ғылым саласында бір неше монографиялар мен неше жүздеген ғылыми мақалалар жаздым. Қазақстанға келгелі жүздеген қытайтанушы жас мамандар тәрбиеледім. Олардың бәрі қазір әр саласында жемісті еңбек етуде. Ғылыми-зерттеу саласындағы еңбегімізді елеп-ескерген тиісті орындар тарапынан марапаттарға да ие болып жатырмыз. Осы тұрғыдан келгенде, мені әлде кім «ғалым» деп жатса, «қойыңызшы» деп қылымси қалғаным жарамас. Үшінші, аудармашылық. Мен ҚХР астанасында жоғары білім алдым, қытай тілін бір кісідей меңгердік. Ендігі жерде оқыған-тоқығанымды неге ұлтымның игілігіне жаратпасқа деген ой келді. Өзім қарапайым қазақ ауылында өсім. Ауылдастарымның әдеттегі ауру-сырқауға қылар қайласы болмай жатқанын көргенде, жүрегім сыздайтын. Университетке барып, тілді меңгере бастағаннанақ денсаулыққа қатысты, салауатты өмір салтына қатысты, т.б. тұрмыстық кеңестерді ана тіліме аудара бастадым. Кейін келе, әдеби шығармаларға ауыз салдым. Қытайдың қиыр шетінде жатқан қазақ балалары да өскен, өркен жайған ұлттың әдебиетімен сусындасын деген мақсатым болды. Үрімжіге келгенде, баспаның арнайы тапсырмасымен «Жер шарының қызыл белдеуі» деген

романды аудардым. Сонымен бірге, «Әлемдің фантастикалык таңдамалы шығармалар жинағы», «Шынжаңда өткен тарихи қайраткерлер» деген ғылымизерттеу мақалалар жинағын ана тілімде сөйлеттім. Тәуелсіздік таңы атысымен Қазақстанға бір жола қоныс аудардым. Атамекенге келгеннен кейінгі арман да, мақсат та ұлғайды. Сонымен, қытайдың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген поэзиялық және прозалық шығармаларды аударуға кірістім. Өйткені, белгілі бір ұлтпен тең тұру үшін, оның тілін, менталитетін, психологиясын білу керек. Осы мақсатпен «Лу Шүннің әңгімелер жинағын», Ли байдың, Ду фудың өлеңдерін қазақ оқырмандарымен қауыштырдым. Аударма саласындағы еңбегіме орай Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, Шаңхай ынтымақтастық ұймының «Жібек жолы» сыйлығы берілді. Бұл тұрғыдан келгенде, жұрт мені «аудармашы» деп атап жатса, аударма саласындағы аздыкөпті еңбегімізге деген құрметі шығар деп ойлаймын. Төртінші, ұстаздық. Мен Атамакенге келген күннен бастап, табаны күректей 21 жыл бойы ұстаздық етіп келе жатырмын. Менің қолымнан жүздеген қытайтанушы жас шәкірттер түлеп ұшты. Олардың дені қазір еліміздің сыртқы істер минстрлігінде, әр түлді елшіліктерде, қытайдағы қазақстанның елшілігінде жемісті қызмет атқарып келе жатыр. Студенттерге арнап оқулықтар жаздым. Осы жылы Ыбрай Алтынсарин атындағы ұстаздарға берілетін медаль берілді. Бұл менің ұстаздық еңбегіме берілген үлкен баға болса керек. Енді тағы басқа қырларды айтсақ мақтанға сайып кетіп жүрмей ме?(күлді) Ептеп ән жазып, күй шығаратыным бар. Құдайға шүкір, оншақты әнім мен екі күйімді өнерпаздар әр түрлі сахналарда орындап, радио-телевизияда үнемі беріліп жүр. Одан басқа орындаушысын күтіп жатқан ән-күйлерім сандық түбінде жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын «әуесқой композитор» деген атақ қоса айтылып жүрді де, кейін оны өзім көп айтуды қаламадым. Оның сыртында не айтуға болады. Жақып аға мақаласында қоғам қайраткері деп атапты. Оның да қисыны жоқ емес. Атамакенге келгелі бері көші-қон саласы мен оралмандар мәселесі туралы жазып та, айтып та, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеміз. Қысқасы қоғамдық жұмыс саласында да аянбай тер төгіп келе жатқан жайымыз бар. - Сіз қазақ елі тәуелсіздігін ала салысымен атамекенге келдіңіз. Тәуелсіздіктің тәтті бақыт екенін жақсы сезінесіз, сонымен бірге, оның алғашқы жылдарындағы батпандай ауыр қиыншылығын да көрдіңіз. Ал бүгін артта қалған сол күндерге қарап не айтасыз? -Мен қазақ елінің тәуелсіздік алғанына есім кете қуанғанымды осыған дейін қаншама рет БАҚ-та айтып жүрмін. Тәуелсіздік алған күннің ертесінде төсек орнымды буып, Қазақстанға кетудің қамын жасаған қазақпын. Сол кезде қытайдағы туыс-туғандар: «Біз барып келдік, Қазақстанның қазіргі жағдайы

қиын. Нан тауып жей алмай отыр, кейбір ауылдарда картоп жеп күн кешіп жүр, жалақы қанша ай бойы берілмеген. Жалақы берілген күннің өзінде сатып алар нан тапшы. Сен ол жаққа барғанды қой»,-деген ақылдарын айтты. Сосын мен: «мың өліп, мың тірілген» қазақ азат ел болып жатқанда, қалай өз жаныңды күйіттеп, тыныш жатуға болады?!»,-дедім әрі енді ол жақта бір күн де аялдап қала алмайтынымды айттым. Содан кетудің қамын жасадым. Ол кездегі паспорт жасатудың әлегі қазіргіден мың есе қиын. 1992 жыл тұтас құжат жұмысымен кетті де, сол жылдың соңы, 1993 жылдың басына қарай елге келдім. Келсем шынымен де жағдай қиын екен. Керек болса, қаланың негізгі сауда орталығы болған ЦУМ-ның есігінде дәу қара құлпы. О жер-бұ жерде халық ескі-құсқы киімін, артық-ауыс дүниесін сатып отыр. Мені шақырған ҚазҰУ жалақыны айлап бере алмай қалған кезі болды. Жалпы, қиыншылық, аштық жайлап тұр. Оған шыдай алмай қолды бір-ақ сілтеп кетіп қалғандар да аз болған жоқ. Бірақ мен неге болса да шыдауға бел будым. Себебі, «көппен көрген ұлы той», тәуелсіздіктің, азаттықтың буына маспыз. Көк байрағың желбіреп тұр. Аштықтан қайғырғанды қойып, көк байрақты көрген сайын көзіме жас келетін. Көк байрақ ол кезде Алматыдағы барлық мнистрліктер үйінің төбесінде желбіреп тұратын. Автобуспен көшеден өтіп бара жатып, желбіреген көк байрақты көрген сайын көз жасыма ие бола алмай қалушы едім. Бұл әрине, қуаныштың, шаттықтың жасы еді. Сонда жаратқан иемізге мың сан шүкірлік айтатынмын. Сөйтіп көк туыма қарап тұрып: «Егер мен жер бетіндегі Отансыз халықтың немесе әлі де бодандықта өмір сүріп жатқан елдің баласы болсам не істер едім?! Олардың мұрындарына да бармаған азаттықтың исімен, ауасымен, міне, мен тыныстап жүрмін. Құдайға тәуба! Қазақ деген ұлы халықтың баласымын. Елім азат!...» деп ойлай қалсам болды, көзімнен қуаныш жасы сырғи беретін. Бірақ, қалайда сол кездің ауыртпалығы қабырғамызға қатты батты. Осы жайында бірер мысал айтайын. Бір күні кішкене қызымызды көтеріп қонаққа бардық. Қайтарда ол кісілер бізді таксиге мінгізіп жіберді. Ол кезде ҚазҰУ дің жатақханасында тұратынмын. Такси лезде әкеп тастады да, кетіп қалды. Қыстыгүні еді. Баламызды көтеріп бөлмеге кірсек, баламның бір етігі жоқ. Содан жүгіріп келген ізіммен сыртқа шықтым, әрі-бері көп іздедім, табылмады. Сөйтсем, қызым таксиде ұйықтап қалған болатын. Сонда аяғынан сыпырылып түсіп қалыпты. Ал ертесінен бастап қызым «етігімді тауып бер» деп, жатып кеп жыласын. Жүгіріп барып етік алып бере қоятын қазіргідей жағдай жоқ. Нанның өзін әзер тауып жеп отырмыз. Содан балам күнде жылаған соң, нағашы тәте болып келетін бір кісінің үйіне барып жағдайды айтып, балаларының жаманжұтық аяқ киімдерінің ішінен «жарайды-ау» деген біреуін алып келдім де, жыртылған табанын жіппен көктеп, қызыма кигізіп қойдым. Қызым қуанып далаға шығып кеткен. Бір кезде қайта жылап кірді. Сөйтсем, табаны көктеген жерінен қайта айырылып түсіп қалыпты. Сол кезде еңіреп жылап, жасып келіп

тұрған қызыма қарап шарасыздықтан көзіме жас келді. Содан жоба-жолдастан қарыз-құрыз алып, базардан ескі аяқ киім болса да алып беріп, әзер дегенде баламды жұбатқаным есімнен кетпейді. Содан екінші қызым дүниеге келді. Ол белгілі бір себептермен омырау ембейтін болып қалды. Сонымен оны балаларға арналған Өзбекстанның «Бона» деген тамағымен асырадық. Оның өзі 30 теңгедей тұрады. Ал менің айлық жалақымның өзі жүз теңгеден сәл астам. Айлық жалақы түскенде баламызға «Бона» аламыз, асқанына өзіміз нан-тұзымызды ажыратамыз. Бір күні әлгі баламның «Бонасы» бітіп қалыпты. Бала деген қолды аяққа тұрмай қарны ашып шырылдап жылап жатыр. Жаңа туған нәрестеге нан беретін емес. Содан «енді не істейміз?» деп жан-жаққа хабарласып едік. Бір таныстар бабаларға арналған арзандау тамақтың түрін айтып, «соны сүтке қайнатып берсеңдер балаға тамақ болады» деді. Сөйтіп, екінші баламызды аштан өлтіріп ала жаздағанымыз да есімнен кетпейді. Осының бәріне шыдап, құдайға шүкір, осы күнге жеттік. Тек, азаттық, тәуелсіздік деген бағымыз басымызда мәңгілік болсын! - Алдағы шығармашылық жоспарыңыз? - Жоспарсыз адам болмайды. Біздің де өзіндік жоспарымыз жоқ емес. Мына қытай елі жер жаралып, су аққаннан бергі көршіміз ғой. Көрші болған соң қарым-қатынассыз өмір жоқ. Осынау аласапыран тарих көшінің көлеңкелі жақтары, яғни, атыс-шабысстар, қанды қырғындар көптеп зерттелді де, күнгей жағы, яғни, біздің мәдени-рухани қарым-қатынасымыз дұрыстап зерттелген жоқ. Бейбіт заман болған соң, мәдени-рухани ауыс-күйістің де болатыны шындық. Қытайлардың ежелгі түркілерден алған мәдени-рухани дүниесі өте көп. Оны қытай ғалымдары да мойындайды. Сондықтан, ежелгі қытай және түрік халқының мәдени-рухани қарым-қатынасына арналған көлемді зерттеу жазу бірінші жоспарда тұр. Қазір де бір парасы жазылып жатыр. Алла бұйырса, бұл еңбек менің шығармашылық өмірімдегі салмақты дүние болады деп ойлаймын. Екінші бірі, жолдасым Айнұр Әбиденқызы екеуміз жиырма жылдан бері ұстаздық қызметпен айналысып келеміз. Осы жылдарда елімізде қытай тіліне деген сұраныстың барған сайын өсіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Елшіліктерде, министрліктерде көптеген қытай тілінің мамандары жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін соларға көмекші құрал болатындай жібі түзу «Қытайша-қазақша сөздік» жоқ. Олар Ресейде немесе Қытайда шыққан «орысша-қытайша» немесе «қытайша-орысша сөздікті» пайдаланады. Осыдан барып біз қазақ тілді мамандардың өзін орыс тіліне еріксіз тәуелді қылып отырмыз. Осы бостықтың орнын толтыру мақсатында біз «қазақша-қытайша үлкен сөздік» құрастырып жүрміз. Құрастыру жұмыстары негізінен аяқталып қалды. Бірақ, оның сөз іздеу механизмін жасау, иероглифтердің кілттерін орналастыру өте қиын жұмыс. Осы жағы біраз уақытты алып отыр. Осы дүние жарыққа шығып жатса жалпы қазақ руханиятына, қазақ тіл білімі саласына,

Қазақстандағы қытайтану ғылымына, Қазақ-Қытай рухани қарым-қатынасына қосылған қомақты үлес болар еді деп ойлаймын. Содан кейінгі бір жоспарда жүрген дүние «қытай поэзиясының антологиясын» құрастыру. Ол өзі ежелгі дәуірден бүгінге дейін поэзиялық шығармаларды қамтыған үш томдық еңбек болады. Ежелгі дәуір бір том, орта ғасыр бір том, қазіргі заманы бір том болып баспадан шығады. Мұның бәрін істеудегі мақсат не? Кейде менің ішкі түйсігім өзіме маза бермей: «Сен біріншіден қытай тілін білесің, екіншіден ақынсың. Сондықтан қытай поэзиясын қазақ оқырманына поэзия тілімен сен ғана жеткізе аласың»,- деп тіл қатып жатады. Бұл оймен кейде келісем. Алла бұйырса ары қарайғысын көре жатармыз. - Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? - Жолдасым Айнұр Әбиденқызы. Ол қытайдың Іле облысындағы қазағы ең көп орналасқан Күнес деген жердің тумасы. Бірақ Құлжа қаласында өскен. Әкесі Әбиден Құдышұлы деген кісі үлкен ұстаз, физик. Арғы жағын айтатын болсақ, әкесінің туған ағасы алты Алашқа аты мәшһұр Әбеу Құдышұлы деген кісі. Шың Шицай кезінде жасырын «Алаш азаттық ұйымын» құрып, Алаштың азаттығы үшін күрескен, соңында Шың Шицайдың қанды қолынан қаза тапқан үлкен қайратер. Айнұр Іле Педагогика институтын қытай әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Үрімжіде әскери иниститутта қытай тілі мұғалімі болып істеді. Атамекенге келгелі еліміздің жетекші ЖОО-да қытай тілінен сабақ беріп келе жатыр. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті. Айнұр екеуміздің төрт қызымыз бар. Үлкен қызымыз Құндыз Қытайдың медицина университетін бітіріп, биыл сол оқу орнының магистратурасына қабылданды. Қазір қытайда оқып жатыр. Ол болашақ дәрігер. Одан кейінгі қыздарымның барлығы Қазақстанда өмірге келді. Екінші қызым биыл 11 сынып оқып жатыр. Үшіншіміз 9 сыныпта, кішкенеміз 4 сыныпта оқиды. Қыздарымның бәрінің сабағы, тәртібі сол өздері оқып жатқан мектептің мақтанышы. -Сұхбатыңызға рехмет! Әңгімелескен: Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ «Әділет» газеті. 8 қараша 2013ж. № 44(152).

ҰЛТТА ДА ҰЛЫ АРМАНДАР БОЛУЫ ҚАЖЕТ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі білім беру жүйесінің деңгейі, ұрпаққа тәрбие беру ісі, «Мәңгілік Ел»... Осы және басқа да мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлымен тілдескен еді. - Дүкен Мәсімханұлы, Атажұртқа оралғаннан бері ұстазық қызметте жүрсіз. Қазірде Астанадағы белді оқу орындарының бірінде қызмет етесіз. Осыған орай, Қытай елі мен Қазақстандағы білім жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктер туралы айтып берсеңіз? - Мен өзім шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында туып-өстім, бастауыш, орта мектепті сонда оқып, жоғарғы білімді Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінен алдым. Аталған оқу орны Қытайдағы аз ұлттардың түйінді университеті болып есептеледі. Яғни, Қытайдағы аз ұлттардың ғылымбілім, мәдениет, әкімшілік секілді түрлі салаларына кадр дайындауды мақсат етеді. Қытайда бұл оқу орнының өзіндік беделі мен салмағы бар. Әсіресе, Орталық Ұлттар университетінің шетел тілдерін, тіл ғылымын оқыту мен зерттеуде әлемдік деңгейде аты танылған. Кейін университетті бітірген соң, жолдамамен Шынжаң қоғамдық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып орналастым, арасында Үрімжі қаласындағы кейбір жоғары оқу орындарында сабақ та бердім. Жалпы Қытайдағы білім беру, тек Дың Шяупиң (Дэн Сяопин) қытай билігіне келгеннен кейін ғана біршама жүйеге түсе бастаған болатын. Оның алдында уақыттарда, әсіресе 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған кезде таза кеңестік білім беру жүйесін көшіріп алған болатын. Тіпті, оқулықтарына дейін сол күйі, еш өзгеріссіз пайдаланылды. Кейбір жағдайда ҚХР жоғары оқу орындарын жаңаша қалыптастыруда кеңестік мамандар да атсалысты. Ал, әйгілі «Мәдениет төңкерісі» кезінде мектептер мен ЖОО-ның бәрі тоз-тоз болып, Хунибиндердің күрес алаңына айналды. Тек 1978 жылы Дың Шяупиң тұсында білім жүйесі ретке келтіріліп, жаңаша қалыптаса бастады. Біз университетті сол қалыптасудың алғашқы кезеңдерінде оқыдық. Ол тұста әлі де жүйеге түсіп кеткен жоқ болатын. Біріншіден, оқытушы, профессорлар құрамы кемшін болса, екіншіден, оқулықтар мен оқу құралдары жоқтың қасы еді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, сол азаттықтықтың алғашқы жылдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің арнайы

шақыруымен атамекенге келдім. 1993 жылдың басынан бастап, бүгінге дейін 22 жыл ішінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында табан аудармай ұстаздық етіп келемін. ҚазҰУ-де 2002 жылға дейін қызмет еттім, одан соң міне Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-демін. Жалпы елге оралғалы бері Қазақстанның білім беру жүйесінде жұмыс істеп келемін. - Осы уақыт ішінде нені байқап, көңілге түйдіңіз? - Қазақстанның білім жүйесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңестік білім беру бағытын сол қалпында сақтап қалған еді. Кейін 2002 жылдан бері батыстық үлгідегі білім жүйесін көшіріп әкеле бастады. Болон үдерісі, кредиттік технология секілді білім берудегі жаңа үдерістер, тың жүйелер әкелінді. Қазір соның бәрі сынақ ретінде жүруде. Алайда, дәл осы 2002 жылдардан бергі түрлі реформалар, еліміздің білім беру жүйесін өрге сүйрегеннің орнына, жаңа сапалық деңгейге көтергеннің орнына, білім беру жүйесін қожыратып жіберді. Жалпы, батыстық білім беру жүйесінің өзіндік артықшылықтарын ғана сырттай қызықтап, формасын ғана қарау арқылы көшіріп әкелгендіктен, оның ішкі мәнмазмұны бізге сәйкес келмей жатыр. Мәселен сол батыстық білім жүйесінің кей талаптары бойынша әрбір профессордың жеке кабинеті және олардың көмекшілері болуы тиіс. Соған студенттер келіп жазылып, өзіне керекті дәрісін, білімін алып кетуі қажет. Ал, өзге емес, біздің ҚазҰУ, ЕҰУ секілді еліміздің ең түйінді, ең абыройлы деген оқу орындарында тіпті, кафедра меңгерушілерінің өзіне жеке кабинет болмай жатады. Жай қарапайым профессор, ұстаздарды айтпаған күннің өзінде. Бұл бір. Екіншіден, біздегі ұстаздардың еңбек ақысы да батыстағы дамыған елдердегі ұстаздардың жалақысымен салыстырған да, жоқтың қасы. Мәселен, батыстағы дамыған елдердегі мықты профессорлар айына 15-20 мың АҚШ долларына дейін табыс табатын болса, біздегі жалақы 1000 АҚШ долларына да жетпейді. Сонымен біздің ЖОО ұстаздар темтеңдеп, тиіп-қашып бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұндайда қандай сапа болуы мүмкін?! Үшіншіден, бізде сол батыстық білім жүйесіндегідей озық, сапалы оқулықтар да жоқ. Көбі кеңестік кезеңдегі әдебиеттен алыстай қоймағанын жасырмай айтуымыз керек. - Қазақ тілді оқулықтар мә әлде жалпы оқулық па? - Негізі, қазақ тілді оқулық жайы да қиын. Оның өзі жүрдім-бардым, әр жерден аудару, үзіп-жұлу арқылы шығып жатқан дүние. Әрине, оған да шүкір дейміз. Ал, неге осындай сапалы оқулық жоқ деген мәселеге келейік. Мысалы, сапалы оқулық жазу үшін, мына көрші Қытай елінде профессор, маманға бір-екі жыл бойы жалақысын толықтай беріп отырып, шығармашылық демалысқа шығарады. Оған «сен мына пән бойынша сапалы, озық оқулық дайындап шық» деп тапсырма береді. Содан кейін жазған дүниесін саралаудан өткізіп, ары қарай пайдалануға жібереді.

Бізге де Білім министрлігі, университет басшылығы тарапынан оқулық жазу туралы тапсырма жиі беріледі. Бірақ оған қаламақы төлеу, арнайы шығармашылық демалыс беру мәселесі ескерілмейді. Құыдан құры «жазшы, жаз» деп дікеңдейді. Сонымен жаңағы маман не істейді? Әйтеуір «оқулық жазды» деген атақ пен ғылыми дәрежесін көтеру үшін өлшемге толмаса да, әйтеу омбайлап-домбайлап бірдеңе құрастырып шығарады. Шын мәнінде, біздің елдегі барлық оқулықтың қазіргі жағдайы осындай. Ал, жақсы маман, сапалы оқулық болмаса одан жақсы шәкірт шығады деу құстан сүт дәметкенмен бірдей емес пе?! - Ал, білім саласындағы әлі де жетілдіре түсетін өзге тұстар қандай? - Осы сұраққа байланысты мына жайтты айтқым келеді. Мен жоғарыда бала күнімнен Қытайда білім алғанымды айттым ғой. Ал, ол жақта ұлттық тұрғыдағы тәрбиені білім берумен ұштастыру жағы жақсы жолға қойылған. Қытай ұлты жөнінен алып айтқанда, білімнен гөрі тәрбие маңыздырақ. Сондықтан балабақшаның өзінде ұлттық этика секілді сабақтар жүреді. Орта мектепте әдеп-иба, жоғарғы оқу орындарында елдік, ұлттық бағыттағы тәрбие тыңғылықты түрде жүреді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп, Мұқағалидың сөзімен айтсақ, мектепке тарыдай болып кіргеннен бастап, таудай болып шыққанға дейін баланы нағыз қытай етіп, елдің нағыз патриоты қылып шығарады. Бұл әрине сол елдегі идеологияның жүйелі жолға қойылғандығын көрсетеді. Университетте «ғылыми коммунизм, ғылыми социализм» деген секілді саяси бағыттағы тәрбиелер де жүреді, оның сыртында төрт жыл бойы жоғары оқу орындары студенттерге оқытылатын таза қытайы этика, ұлттық мораль, тарихтағы қытай ойшылдарының кісілік кітаптары деген сабақтар болады. Онда негізінен қалай адам болу, қайткенде қытай халқының адал перзенті болу керек деген мәселелер қарастырылады. Ал, біздегі жағдай қалай? Жарайды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бетімен кеткен жағдайлар үшін, ешкімге кінә қоя алмайтын шығармыз. Құлап түскен ескі жүйенің орнына жаңасы орнатудың да оңай болмайтынын ескерген дұрыс әрине. Қазір міне 22 жыл өтті. Балабақшалардағы тәрбиенің сыйқы, әрі кеткенде киіз үйдің модельдерін көрсету, қыз ұзату, келін түсіру көріністері, қыз сыны, жігіт сұлтаны секілді сыртқы формада тамашалау үрдістері ғана бар. Жалпы жас ұрпақты қалай адам қылып шығару керек, адам ретінде, қазақ азаматы ретінде қандай тәрбие беруіміз тиіс деген мәселеге еш кім көңіл бөліп жатқан жоқ. Себебі қазір онымен ата-аналар айналыспайды. Капиталитсік қоғамда байлар ақшасын көбейте беру үшін, кедейлер нан табу, жан бағу үшін, бәрі жанталасып жатады. Қысқасы қазір барлық ата-ана таңның атуы, күннің батуымен жұмыс бабында болады. Бұрын бала тәрбиесімен тұтас ауыл айналысатын. Кішкене күнімізде, темекі тартып тұрған сотқарлау балаларды көрсе ауылдың кез-келген қаймана

ақсақалы айқайды сала боқтап, атпен қуып, қамшымен шықпыртып жіберетін. Қазір есіктен шыға салып темекі тартып тұрған өрімдей студент қыздарға бір адам бұларың не деп айтпақ түгілі, бұрылып қарамайды да. Бірдеңе десең «Бұл менің өз құқым, сенің қандай шаруаң бар?!» деп өзіңе дүрсе қоя береді. Өзіміздегі тәрбиенің сыйқы осындай болған соң, жастардың «тәрбиесімен» қазір теледидар мен интернет ресурстары айналысып жатыр. Ол жерде батыстың біздің ұлтымыздың менталитетіне жат, түрлі ерсі әрекеттері еркін шарлап жүр. Міне осылай, ұрпақ тәрбиесімен сен айналыспасаң, бәрібір басқа біреу сенің орныңа өзі қалаған тәрбиесін береді. - Бұны бір жөнге салу үшін қандай қадамға барған жөн деп ойлайсыз? - Ол үшін балабақшаға кіргеннен бастап, бізде де сондай әр жастағы балалардың қабылдау деңгейіне сәйкестендірілген этика, әдеп-иба пәндері болуы қажет. Сонымен бірге, аталған пәнді бастауыш, орта мектеп, ЖОО шәкірттеріне де кешенді түрде оқыту керек деп ойлаймын. Оны арнайы һәм кешенді түрде мемлекет қолға алып, жүйелі ойластырылған дербес пән ретінде жүргізу керек. - Әңгімені көрші Қытай елі тарапына бұрсақ, Қазақстан осы алпауыт елді зерттеп, алдағы іс-қимылына баға беру жағына қалай көңіл бөліп жатыр? - Менің 22 жылдан бері, тоқтаусыз айтып жүрген бір мәселем – елімізде қытайтану институтын ашу жайы. Қытайдың әр өлкесінде Қоғамдық ғылым академилары бар, ал сол академиялардың бәрінде Орта Азияны зерттеу инситиуттары жұмыс істейді. Ол зерттеу орталықтарының аты Орта Азия болғанымен, негізінен Қазақстанды, қазақ даласын зерттейді. Еліміздің қайсы аумағының астында, үстінде қандай байлығы бар, қанша халық тұрады, оның қаншасы қазақ, басқа ұллтардың саны қандай, кім басқарып отыр, ұлттық санасезідері, береке-бірлігі қалай деген сұрақтардың бәрін зерттеп отыр. Бізде әр облыс болмаса да, бүкіл республикаға бір қытайтану институтын құру керек еді. Қытай туралы мәліметіміз бен көзқарасымыз басқалардың айтуына, солардың ақпаратына ғана сүйеніп отырғаны шындық. Көбі Ресейдің ақпараты. Бұл мәселені мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болған кезімде ол кісінің өзіне арнайы айтқан едім. Н.Назарбаев сол кездегі Президент Әкімшілігінің жетекшісі С.Қалмырзаевқа бұның өте өзекті мәселе екенін, алдағы уақытта мұқият қарастыру қажеттігін айтып, нақты тапсырма да берген болатын. Алайда аталған тақырып кейін қайта қозғалған жоқ. - Биылғы жылы Елбасы Жолдауында қоғамның назарын аударған мәселенің бірі - «Мәңгілік Ел» тақырыбы. Бұл өміршең идея туралы ойыңызбен бөлісе отырсаңыз? - Менің үнемі айтып жүретін «ұлтта да ұлы армандар болуы керек» дейтін тәмсіл сөзім бар. Ал, жер бетінде «Мәңгілік Ел» болу сынды асқақ мұратты ойламайтын адам кемде-кем. Сондықтан бұл ойды бүкіл халық қолдайды деп

ойлаймын. Қазақ елі мәңгілік болса екен дейтін арман бәріміздің де жүрегіміздің түкпірінде жатқаны белгілі. Бұл тарихи тамырластық. Аталған идеяның сонау көктүріктер заманынан нәр алғаны белгілі. Бүгінгідей тәуелсіз ел ретінде тарих сахнасына қайта оралып жатқан біз секілді жас мемлекет қана емес, тіпті, Қытай Халық Республикасының жаңа басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) де билікке келе салып, «Қытай арманы» деген үлкен бағдарламаны ортаға қойды. Оның тірелетін жері де сол - 2050 жыл. Бұл бағдарлама бойынша, сол кезде ҚХР әлемдегі ең дамыған, қуатты, өркениетті, ауқатты елге айналуы керек. Осындай үлкен елдердің өзі алдына осындай үлкен мақсат қойып отырғанда, дамуға белсенді ұмтылып отырған еліміздің де биік белестерге ұмтылуы, асқақ идеяны ту етуі өте құптарлық дүние. Саясатта алдымыздағы жүретін қадамды айқындамай дұрыс қадам басылмайды. Әр басшы өз заманын ғана ойламау керек, мемлекеттің күні ертең не болады, болашағы қалай беталады деген өзекті мәселені бүгін қамтамасыз етуге күш салады. Мемлекетке жалпы тұрғындарын белгілі бір жағдайда ынталандыратын, шабыттандырып отыратын идея керек. «Мәңгілік ел» идеясы алдағы жолды межелеп, ұрпақтарымыздың осы елдің азаматы ретіндегі сенімін орнықтырады. Елбасы жолдауын мен осы тұрғыдан жылы қабылдадым. Сонымен қатар ғылымға үлкен мән беру, оны елдің даму бағытының өзегіне айналдыру мәселесі де халықтың көңілін серпілтіп тастады. Себебі, барлық бәсекенің, өркендеудің түп қазығы білім мен ғылымда жатыр. - Қазір ұстаздықтан басқа қандай шығармашылық жұмыс жасап жүрсіз, алдағы жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз? - Мені Алла-тағала о баста ақын етіп жаратқан. Қандай деңгейдегі ақын бола алдым, оның жауабын бір Алла, сосын келешек ұрпақ біледі. Бірақ, қалай болған да құдайдың маған берген негізгі қасиеті сол. Кейін академияға барған соң ғылыммен айналысуға тура келді. Елге келген соң ұстаздық еттім. Қытай туралы туған халқымның танымына кішкене де болса көмегі тисін деп, қытай ақын-жазушыларын да аудардым. Қазір менің шығармашылығым поэзия, ғылыми зерттеу, аударма болып сабақтасып жатыр. Ал, ұстаздық жолы өз алдына бөлек бағыт. Қазірге дейін 20-дай кітап шығардым. Оның бесеуі өлеңдер жинағы, үш-төртеуі аударма, екі-үшеуі оқулық болса, қалғандары ғылыми зерттеулер. Алдағы жоспар туралы айту ыңғайсыздау болар. Өйткені әлі жасалмаған шаруаны жарнамалағандай боласың. Алайда сұрақ қойылған соң жауап берілуі тиіс. Қазір бізде әлі күнге дейін қытайша-қазақша сөздік жоқ. Студенттеріміз Ресейдің, Қытайдың шығарған қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерін пайдаланып жүр. Мұның өзі, әсіресе қазақ тілді қытайтанушылар үшін қиындық тудыруда. Осы мәселе бойынша жұбайым Айнұр Әбиденқызы екеуміз он жылдан бері сөздік жасаумен айналыстық. 70 мың сөз бен сөз тіркесінен

тұратын «Қазақша-қытайша үлкен сөздік» атты дүниені қолға алған едік. Қазір негізгі бөлігі аяқталды. Енді тек ироглифтерді кілттермен іздеу, транскрипциямен іздеу секілді техникалық жұмыстары ғана қалды. Ал, сонымен қатар, көп жылдан бері екі томдық «Ежелгі түркі мәдениеті» атты зерттеу кітабын жазып жүрген болатынмын. Оның негізі қытай деректері бойынша жасалады. Себебі, әлемнің барлық шығыстанушы, түркітанушыларының дені өз еңбектерінде қытай деректерін пайдаланған. Дегенмен олар өз елінің мүддесіне қатысты тұстарын кәдеге жаратқан. Мен бұл еңбегімде қытай деректеріндегі тұтастай түркі мәдениеті мен өнеріне қатысты жақтарын толық қарастыруды мақсат еткен болатынмын. Кітап үлкен екі том болады деп шамалап отырмын. Бұйыртса, осы міндетті бір орындасам, ары қарайғы жұмыстарды, жан ұяда болса, уақытында көре жатармыз. Ал, өлең де көңіл-күйге байланысты өз ретімен жазыла береді. - Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Бекайдар Алтай «Қазақпарат» агенттігінің ғаламтор желісі 14.02.2014ж. http://www.іnform.kz/kaz/artіcle/2631009

ШЕТЕЛДЕГІ БАУЫРЛАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ДАЙЫНДАП

ЖАТЫРМЫН

«Жебе» газетінің тілшісі қытайтанушы-ғалым, қоғам қайраткері Дүкен Мәсімханұлына жолығып, көпшіліктің көкейінде жүрген біраз сұрақтарға жауап алып қайтқан еді.

ЖЕБЕ:– Дүкен аға, әңгімені ең алдымен көші-қон тақырыбынан өрбітсек. Иә, жаңа заң қабылданды, ол бойынша өзге мемлекеттен келетін қандастарымыз төрт жылдан кейін ғана Қазақстан азаматы атанады. Бұны шетелдегі қазақтар жатырқай қабылдағаны рас. Бұл мәселе ол жақтағы ағайындарға, олардың еліне келуіне қаншалықты кері әсерін тигізбек? Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Елбасымыздың үнемі аузынан тастамай айтып жүретін «Қазақстан – жер бетіндегі күллі қазақтың жалғыз отаны» деген сөзі бар. Ол ақиқат сөз, әрі Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың көкейіне үлкен арман, үміт ұялатып, жылылық бағыштап жүрген сөз болатын. Бірақ, соңғы қабылданған көші-қон туралы заңнан кейін, әсіресе, Қытай, Өзбекстан секілді ассимилияция қарқыны барған сайын үдеп бара жатқан елдердегі қазақтардың көңілі су сепкендей болды. Мен өткен жылдың күзінде белгілі бір шаруамен туған ауылыма барып қайттым. Бармағаныма ұзақ жылдар болып еді. Сонда байқағаным ондағы елжұрттың тұрмыстары бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, әлеуметтік жақтан серпіліп, жап-жақсы өмір сүріп жатыр екен. Екі үйдің бірінде жеңіл көлік, өзге де ауыл шаруашылық техникалары бар екен. Осы жағдайды бір басқосуда ризалықпен айтып, жақсы өмір сүріп жатқандарына қуанышымды білдірдім. Сол кезде бір қария сақалын саумалай отырып, «шырағым, Дүкен, әрине бұрынғымен салыстырғанда қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, бірақ қайғымыз жоқ деп айта алмаймын. Көріп отырсың мына немелерді, олардың бәрі қай тілде сөйлеп жүргенін қарашы»,-деді. Өзім сол ауылда туып-өскен едім. Бала күнімізде біз үлкендердің айтқандарына көнбей, қияңқылық жасасақ «қытай келе жатыр, қытай алып кетеді» деп қорқытатын еді. Біздің буын тірі қытайдың өзін 6-7 сынып оқып жүргенде бір-ақ көрдік. Сөйткен біздің ауыл, бүгін тілі қытайша шығып келе жатқан немерелерін бағып-өсіре бастапты. Себебі, оларды да өмір, тіршілік соған мәжбүрлеген. Қытай тілін білмесең жоғары оқу орнына түсе алмайсың, қызметте өсе алмайсың. қысқасы, қытай тілін білмесең нан тауып жей алмайсың. Соған байланысты жас ата-аналар осы бастан баласының тілін қытайша шығаруға тырысады екен. Сол ақсақалдың тағы бір айтқаны, немерелер көп болса бір жөн,

қазір ары кетсе екі-үш балаға ғана рұқсат бар. Оның өзі қытайша шүлдірлеп жүр. Біз, қысқасы бүгін бар тапқан-таянағанымызбен болашақ қытайларды бағып отырмыз, қытай асырап отырмыз. Ертең мына жүрген кішкентай қара домалақ ұлдар қытайдан қыз алып келсе, ана жүрген қыздар қытайға күйеуге шығып жатса не болдық?! Осындайда бар үмітіміз Қазақстанға барып, ұрпақты сол жақта өсірсек, өз елінде, өз жерінде өссе деп ойлаушы едік, міне, бір-екі жыл болды, Қазақстанда квота тоқтады, көші-қон сұйылып барады деп жатыр, сонда мұндағы ел не болады? Қарап отырып қытай болып кетеміз бе, осыны Қазақстандағы ел азаматтары неге ойламайды?»,- деп қамықты қария. Содан елге қайтып келгенде, дәлірек айтқанда күзде көші-қон туралы заң Парламентте талқыланып жатты. Сенат бір рет кері қайтарды. Сонда мен өзімше «бұл заң жобасын осы күйі қабылдап жіберуі мүмкін емес. Тұтас қазақтың зиялылары бар, Парламентіміз бар, бұрынғыдай басқаның қабағына қарап отырған жоқпыз, патшамыз қазақ, үкіметіміз қазақ, министрлеріміз қазақ, қысқасы бұл - қазақтың елі, қазақтың өкіметі! Олай болса қазақтың билігі қазақ мүддесіне қарсы заңды неге қабылдап жіберуі мүмкін?!» деген үмітпен жүрген едім. Бірақ, ең соңында бар үмітіміз желге ұшты. Іштей қайғырып, пұшайман болудан басқа қолдан ештеңе келмеді. Мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болғанда тағы да осы көші-қон мәселесін айтқан едім. Өйткені, соған дейін 500 отбасыға квота беріледі екен. Әр жылы келетін 500 отбасының әр бірінде 5 адамнан бар деп есептесек, бір жылда әрең 2500 адам әрең келеді деген сөз. Осыны айта келе мен, Елбасына квотаны көбейтуге болмай ма? деген ұсынысымды білдірдім. Президент оны түртіп алып, орынды ұсыныс ретінде қабылдады. Келесі жылдан бастап, шеттен келетін қазақтарға берілетін квота 5 мың отбасыға көбейтілді. Артынан бұл сан 15 мың отбасына дейін жетті. ЖЕБЕ:– Ал, осынша жақсы ықыластың аяқ асты басқа арнаға ауысып, көші-қонның сұйылып кетуіне не себеп болды? Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Алдымен көші-қон қалай басталды деген мәселеге назар аударайық. Біз тәуелсіздік алған кезде республикадағы қазақтың саны әрең 40 пайызға жетер-жетпес болды. Ал, халықаралық заңдар талабы бойынша егер жергілікті ұлттың саны 50 пайыздан аспаса сол ұлттың атында мемлекет құруға болмайды. Бірақ, ол кезде оған көп еш кім мән бере қойған жоқ. Батыс елдері ол кезде Кеңес Одағының ыдырағанына қуанды да, Орта Азия республикаларын жаппай қолдап, Біріккен ұлттар ұйымына мүше етіп қабылдап жіберді. Біздің тәуелсіздікті көршілес республикалардан кейін жариялауымыздың тағы бір себебі сол кездегі өз еліміздегі, өз жерімізжегі азшылық жағдайымыз болатын. Міне, сол тұстан бастап Н.Назарбаев шетелдегі қазақты әкелудің қамына кірісе бастады. Оның үстіне ол кезде Президенттің айналасындағы өкімет бұтақтарында бұрын Қазақ КСР-інің билік басында қызмет еткен ел ағалары

отырды. Атап айтатын болсақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Еркеғали Рахмадиев, Қаратай Тұрысов, Серікболсын Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Сайлау Батыршаұлы, М.Есенәлиев, Е.Асқаров, Д.Сенбаев, С.Нұрмағанбетов т.б азаматтардың бәрі коммунистік кезеңде қызмет еткенімен, олардың бәрінің болмысы, жан-дүниесі қазақ болатын. Міне, осы адамдар бірінші қазақ құрылтайының шақырылуына мұрындық болды. Құрылтай өтті, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құрылып, оған Президент Н.Назарбаевтың өзін төраға етіп сайлады. Осылайша жас мемлекетті қалыптастырумен бір уақытта, ұлттық мүддені ту еткен көші-қон қарқын алып кетті. Кейін ақырындап жаңағы ақсақалдардың кейбірі зейнетке кетті, кейбірі өмірден өтті дегендей. Олардың орнына «жаңа қазақтар» келді. Олардың түрі, сыртқы пошымы қазақ болғанымен, бұларда ұлттық сана-сезім, ұлттық сүйіспеншілік, ұлттық қан деген болмайды. Оларға ұлттан гөрі өз мүддесі, өз қалтасы, экономикалық мүдде, карьера маңызды еді. Оларға шетелдегі қазағың тұрыпты ғой, осы жердегі жергілікті қазақтың, тіпті күллі қазақ атаулының өзіне мұрын шүйіріп қарайтыны жасырын емес. Бұл бір. Екіншіден, біз, күллі дүниежүзі елдері, тіпті, Қазақстанда тұратын жұрттардың бәрі мойнына бұршақ салып, қазақтың дамып-өркендеуін, қазақтың өркениетті, қуатты ел болуын тілеп отыр деп ойласақ, қатты қателесеміз. Сырттағыларды былай қойғанда, өз ішімізде де қызылкөз жауларымыз жоқ емес. Міне, сондайлар қазақтың осылай басы бірікпей, көрінген жерде тоз-тоз болып жүре берсе, біз байлығын еш кедергісіз сора берсек деп ойлайды. Ал, қазақ есін жиып, шын мәнінде топтасып, ұлттық рухы күшейіп кетсе олар май шелпектен айырыламыз деп қамығады. Сондықтан осындай мысықтілеулі адамдар, кертартпа күштер әр түрлі жолдармен біздің билік бұтақтарындағы жоғарыда айтқан «жаңа қазақтарға» әсер ете бастады. «Сендерге шетелдегі қазақтардың не керегі бар?! өздерің жетесіңдер, осы байлықты игеріңдер, олар келіп билікке оппозиция болып жатыр, тіл, ұлт деп айқай-шу көтереді. Ондай артық проблеманы қайтесіңдер» деген сарындағы көзқарасты жатпай-тұрмай олардың санасына, олар арқылы одан да жоғарыға сіңіре бастады. Тағы бір айтатын мәселе, кейде жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары оралмандардың ішіндегі тіркеле алмай, аты-жөнін дұрыс жаздыра алмай жүрген, әлде кімнен жәбір-жапа көріп жүргендердің проблемаларын ғана көрсетіп кетті. Сол арқылы елдің санасында оралмандар тек сұрауды білетін, ештеңе тындырмайтын, проблема ғана тудыратын әлеуметтік топ ретінде жағымсыз суреттелді. Біреулер соның бәрін Елбасының құлағына сыбырлап, оралмандар туралы жағымсыз пікір тудыруға тырысты. Ең, сорақысы Жаңаөзендегі оқиғаға да оралмандардың қатысы бар деп шығарды. Міне, осындай кері көзқарастардың кесірінен шеттегі қазақтардың көші-қоны тоқтады. Қалғандары келсе келсін, келмесе өздері білсін деген ниеттерін ашық көрсетті.

ЖЕБЕ:–Жаңа өзіңіз айтып кеткендей көбіне отанына келген қандастардың жайсыз әлеуметтік проблемалары ғана тілге тиек болады. Ол бір жағынан дұрыс та болар. Алайда, сол ағайындардың елге деген көңілі, азды-көпті жақсы ықпалы туралы да айтылып, былайғы жұрт пен Үкіметке жақсы жақтары жеткізіліп жатса құба-құп емес пе? Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Көші-қон саясаты алғашында ұлттың болашағын, елдің бүтіндігін ойлаудан туған үлкен салихалы саясат болатын. Сол саясат онжиырма жылдан кейін өз жемісін бере бастады да. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі республикадағы қазақ жұртының қырық пайызға жетержетпес уақытында, «шықпа жаным шықпамен» отырған шалажансар күйдегі елге ел қосылып, әлсіреп бара жатқан адамның аузына нәр тамызғандай жағдай болған еді. Міне, содан бергі жиырма жылда елге оралған ағайындар мемлекеттің экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде оралмандар тақырыбын зерттеп жүрген біраз жергілікті ғалымдар бар. Олардың еңбектерінде де, өзге де конференцияларда еліне келген қазақтар туралы жақсы айтылып жүр. Алайда көші-қонның тоқтап қалуына оралман ағайынның ел дамуына қосқан үлесін әлі де болса насихаттай білудің кемдігі өз әсерін тигізді деп айта аламыз. Теледидар мен газетте жылап жатқан, сұрап жатқан оралманды ғана айту, «сорлының басы соп-сопақ» деп соларды ғана көрсету әдетке айналды. Жүрегін қолына алып, ұшып-қонып еліне жеткен және сонысын еш міндетсінбей, әр салада қажымай-талмай еңбек етіп жүрген ағайындардың оң ісін ретімен айтып отыру да артық болмас еді. Осы орайда Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековті ағамызды алайық. Өзі басқа елде жүрсе де Қазақстан Елтаңбасының жобасын жасап еліне тарту етті. Оның Отаным, елім деп соққан жүрегі оң болған соң халықтың жүрегінен шыққан Елтаңба жасап, соны бәрі қабылдады. Ал, ол кісі Қазақстанға оралған соң сәулет, бейнелеу өнері саласында елге қызмет ететін жүздеген мамандар даярлап шығарды. Ол кісің шәкірттері біздің сәулет, бейнелеу өнері бағытында табысты еңбек етіп жүр. Біз жалпы халықтың санасын отарсыздандыру үшін алдымен тарихымызды танып, оны ұлт пен ұрпақтың санасына сіңіре білуімізге тиіспіз. Қазақ ХV ғасырда ғана пайда болды деген түсініктен арылуымыз қажет. Жас ұрпақтың санасына тарихымызды сіңіру үшін жай ертегі емес, шынайы дүние, нақты тарихи жәдігер, дерек, тарихи қазына керек. Ал, оның бәрін анықтап нақты тұжырыммен ұсыну үшін ғылым керек. Міне, осы ғылымның қақ ортасында жүріп, Қазақстанның нағыз түркітану орталығына айналуына бір ғана Қаржаубай Сартқожаұлының да жасаған еңбегі аз емес. Әрине, Қазақстанның өзінде де бұл саланың мамандары болды ғой, дегенмен, сөз Қаржекеңнің қазақстандық түркологияға қосқан үлесі туралы болып отыр. Ал, тарихтың түгенделіп, жоқтың табылып, кем-кетіктің бүтінделуіне Зардыхан Қинаятұлы,

Нәбижан Мұхамедхан, Тұрсынхан Законұлы, Бақыт Еженханұлы секілді тарихшылар үлкен үлес қосып келеді. Өнер саласын айтсақ, опера әншісі Майра Мұхамедқызы арқылы дүниедегі қаншама ел қазақтың атын таныды, талантын мойындады. Шұғыла Сапарғалиқызы да би өнеріне үлкен серпіліс, жаңалық әкелді. Ал, «Қара жорға» биі елдің мәдени-рухани өміріне енген тосын құбылыс болды. Қазір тойтомалақ, мәдени шаралардың бәрінде «Қара жорға» биі биленеді. Әрі-беріден соң Қара жорғаның өзі де оралман. Шетелдегі қандастарды айтқанда Еуропадағы қазақтарды айтпай кете алмаймыз, КСРО дәуірлеп тұрған кезде, көкірегі ояу қазақ баласының санасына Алаш сөзін, Алаш идеясын сіңірген Хасан Оралтай, Әбдуақап Қараларды ұлт рухын түгендеуші, оятушы деп толық сеніммен айта аламыз. Азаттық радиосы арқылы Алаш, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан деп үн қатқан осы азаматтар. Бүгінде азат күнге жетіп отырсақ, сол Азаттық радиосы арқылы азат рухты оятқан сол қазақтардың еңбегі мол. Менің өзім 1992 жылдардың соңында келдім. 1993 жылы теңге қолданысқа енгенде жалақым 100 теңге болды. Оның өзін кешіктіріп, жарты жылдапжылдап бере қоймайды. Сондайда «Барахолка» базарындағы таныс қытайлардан сатуға тауар алып, оны жексенбі күндері базар-базарды кезіп, қыдырып жүріп сатқан күндер болды. Содан тапқан тиын-тебенге бала-шағаға нан алып беріп, ары қарай сабақ беруімізді жалғастырып жүрдік. Күні бүгінге дейін менің алдымнан шыққан шәкірттерімнің ішінде жүздеген қытай тілінің мамандары қазір Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде, түрлі консулдықтарда, еліміздің әр түрлі министрліктерінде, Президент пен Үкімет аппаратында жемісті еңбек етіп жүр. Тәуелсіздіктен кейін жаңаша қалыптасқан қытайтану саласына да бір кісілік үлес қосып келеміз, осы бағытта оншақты кітабым шықты. Үлкен зерттеулер жаздым. Бұл зерттеу еңбектері Ресейдің қытайтанушы ғалымдарының зерттеулерін, ой-пікірлерін, көзқарастарын малданған, көшіріп алған дүниелер емес, керісінше қазақтың қытайға деген нағыз көзқарасы. Айта берсе бұндай мысалдар көп. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары саласында Моңғолия, Өзбекстан, Қытайдан келген жас журналистер қазақ журналистикасына ұлттық рух берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық рух баспасөзде қатты айтылмайтын, ұлттық мәселені ашық, батыл, төте айту кейінірек көрініс тапты. Бұл да зерттеуге тұратын тақырып деп ойлаймын. Спорт саласында Қанат Ислам, Бақыт Сәрсекбаев сынды спортшылар қазақтың көк туын желбіретіп, атын танытты, танытып та жүр. Мен мынаны айтып жүремін, Қазақстанға келген қандастарымыз ғылым, ақша, өзге де байлық әкелмей-ақ қойсын. Олардың жеке басының өзі баға жетпес байлық. Себебі, біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, біздің әр облысымызда

ең кемі 2 миллион қазақ өмір сүрмейінше, мына елдің ертеңіне алаңдамай ұйықтау мүмкін емес. ЖЕБЕ:–Алдағы уақытта осы көші-қон заңы қайта қаралуы мүмкін бе? Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Мүмкіндігі өте күшті. Мен соңғы кездері жеке өзім шеттегі ағайындар туралы заң жасап жатырмын. Ал, бұрынғы көші-қон заңының қателігі қайда деп ойлайсыз? Ол заң мәселеге тек көші-қон тұрғысынан ғана қарады. «Көші-қон» деген ұғым ретінде де, құбылыс ретінде де, тек «көшу» және «қону» (қоныстану) дейтін бір саланы, бір мәселені ғана қамтиды. Көшіп жүретіндер елдің ішінде де бар, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы кезінде отанына кетіп қалып, кейін қайтып келіп жатқан, қазақстандық өзге диаспора өкілдері де бар. Яғни, қазақтың көш-қоны да, Иванның көші-қоны да бір заңға байланып отыр деген сөз. Ал, көшіп келген қазақтың көштен өзге, реттеуге тиісті құжаттық, әлеуметтік шаруалары да аз емес қой. Енді осы мәселелердің көші-қон дейтін құбылыспен қатысы қанша? Мына қазіргі заңда да осы жайды ескермеген. Біз мына қытайдағы секілді арнайы «Шетелдегі бауырластар туралы заң» дайындауымыз қажет. Біріншіден, сол шетелде тұрып жатқан ағайын бізге кім, келсе қандай статусқа ие болады, оқыса, азаматтық аламын десе қандай тиімділіктер жасалады дегенді қарастырады. Ол өзі екі-үш бет қана құжат. Ары қарай азаматтық алған соң елдің азаматтарымен барлық құқықтары тең. Міне, осы заңды мен дайындап жатырмын. Енді оның халықаралық құқық нормалары мен біздің Ата заңымызға, ішкі заңдарымызға сәйкестілігін арнаулы заңгерлермен кеңесе отырып жан-жақты қараймыз. Өйткені, мен заңгер емеспін. Осы заңды жазып болған соң Елбасына кіремін, Парламенттен сағат сұраймын. Бәрібір, осы заңды жасамайынша бұл мәселеге нүкте қойылмайды. ЖЕБЕ:– Әңгіме соңында әдебиет мәселесіне аз-кем аялдасақ. Ақынсыз, аударма саласында да еңбек етіп жүрсіз. Бүгінгі қазақ әдебиетіне назар салып жүрсіз бе? Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Жалпы қазақ әдебиеті туралы ұстазым, академик Рымғали Нұрғалидың «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры ХХ ғасыр» деген сөзі бар еді. Ол рас. Ал, ХХІ ғасыр әдебиетіне баға беру әлі ерте. Өйткені бұл ғасырдың енді ғана он жылы өтіп жатыр. Ал бүгінгі күні әдебиет бір лай су құсап кетті. Жұрт таза әдебиетке шөлдейді, тұнық, саф әдебиетті аңсайды. Бірақ, әдебиет арнасында ағып жатқан лай су. Ішінде әрине, нәрі де бар, бірақ, бәрібір ол да жаңағы лайдың ішінде кетіп жатыр, оны тұндыру, сүзу процесі жүріп жатқан жоқ. Дегенмен, дәл қазір жастар поэзиясы жақсы қарқынмен келе жатыр, мейлі көркемдік, мейлі ұлттық рух жағынан болса да жастардың тебіні ерекше. Ал, прозада бәленбай деген жас жазушының мынадай деген шығармасы бар деп айтудың өзі қиын. Жас күнінде қалам ұстағанның көбі өзін классик санайды ғой. Қазіргі жастардың да біразы сол өзінің жазған-сызғанының төңірегінде байырқалап, соған көңілі толып жүрген секілді. Ал, әдебиетті бір алтын сарайға

теңесек, жастар соның үстіңгі қабатында әрлеу жұмыстарын жасап жатыр. Бірақ біздің жастар оның төменгі қабатын, астыңғы іргетасын менсінбейтін секілді. Қалай болғанда да кез келген жас буын тарихи сабақтастықты ұмытпау керек. ХХ ғасырдың басында бүгінгі көзге қанша қарапайым, қарабайыр дүние секілді жазылса да біздің әдебиетіміздің өрістеуі, кең етек жаюы, негізі солар. Оның бәрін оқып, біліп, құрмет етуіміз керек емес пе?! Жастардағы тағы бір ерекшелік, батыстың әдеби ағымдарына еліктеу басым. Жалпы, Батыстағы көп нәрсе шығыс елдеріндегі катепті өнерді талқандау, дәстүрді бұзу мақсатында жасалады. Біздің керемет дәстүрлі музыкамызды талқандау үшін қиқы-жиқы, айғай-ұйғай, рок секілді әуендер таратады. Жастық кезіндегі жеңілтек мінезді, елітегіштік қасиетті соған бұруды көздейді. Батыс елдерінде шығыс елдеріне бағытталған осындай қитұрқы мәселелермен арнаулы иниституттар айналысады. Дәстүрлі құндылықты бұзу үшін шатпақ би, тексіз әуен, сандырақ поэзияны жасайды. Ондағы мақсат шығыс халықтарының дәстүрін талқандау, соны жас ұрпақ санасынан өшіру. Осыған еліктеп кейбір жастарымыз ұйқассыз, ойсыз өлең, «жұлдызым ағып түсті, сиырлар жайылып жүр» деген секілді сандырақ дүниелер жазуға бой ұрады. Міне, олардың осындай қитұрқысына еліктеген дүниелерге Батыс елдері сыйлықтар беріп, оның кітаптарын шығарады. Батыста шығыстық дәстүрді ата жау ретінде көретін топтар бар. Олар біздің дінді де солай ірітіп, жікке бөлуге ұмтылады... «Өлең – сөздің патшасы, қиыннан қиыстырар ер данасы...» дейді ұлы Абай. Демек, қазақ үшін, «қиыннан қиыстыра алмаған» сөз өлең емес. Сондықтан біз ата дәстүрімізден, өз жолымыздан адаспауымыз тиіс. Жалпы, жапон елі несімен құдіретті? Ол өз дәстүрін сақтаумен, соны аялаумен құдіретті. Күні бүгінге дейін жапондар жерде отырып ас ішеді, жерде ұйықтайды. Соларға үстелорындық, төсек жоқ па? Өйткені ол ата салты. Соны сақтауымен жапон жапон болып отыр. ЖЕБЕ:– Аударма мәселесі туралы да айта отырсаңыз. Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Кейде біреулер орыс ұлтын, қытайды ұлтын «ұлы халық» деп айтып жатады ғой. Бұл сөздің мәнісіне сәл-пәл үңілсең, «расау» бас изегің келеді. Себебі олардың тірлігіне қарап отырсаң, «ұлы қасиеттерді» үнемі байқауға болады. Мәселен, жер бетінде әдебиетте, өнер мен ғылым, саясатта бүгін бір жылт еткен әлемдік жаңалық болса сол ертең аударылып қытай мен орыстың кітап сөрелерінде тұрады. Егер біз де адамзаттың ақыл-ой санасымен ілесіп бірге жүреміз дейтін болсақ, тіпті жұрттан мойнымыз озық тұрсын десек аударманы мықтап қолға алмай ештеңе тындыра алмаймыз. Мәңгілік ел болу, өркениетті елдің қатарына кірудің бәрі дамыған ақыл-ойдан сусындаудың арқасында келеді. Біз тәуелсіздік алғаннан бері адамзаттың үздік ақыл-ойымен тек орыстардың шайнап берген дүниесі арқылы ғана сусындап келе жатырмыз. Тек солар аударады, біз оқимыз. Егер осы бетпен кете беретін болсақ, өзгені айтпағанда мемлекеттік тілдің өзі кері

кете береді. Мен, мысалы студенттеріме ХХ ғасыр басындағы қытай әдебиетінің ерекшелігі деген курстық жұмыс бердім дейін. Алайда біздің Астанадағы кітапханаларда қытайға қатысты қазақ тілді әдебиет жоқтың қасы. Сонымен студенттер еріксіз орыс тіліндегі материалға жүгінеді. Егер жиырма жылдан бері әлемдік ақыл-ойдың бәрін қазақ тіліне аударған болсақ, біздегі қазақ тілін шала білетін қазақты қойып, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде сайрап кеткен болар еді. Бір мысал айтайын, мен, ақын Құл-Керім Елемес екеуміз «Жалын» баспасының ұсынысымен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабын төте жазудан кирилшеге аударып, ол 1996 жылы баспадан шығардық. Екі жылдан кейін бір емші орыс шал мені ҚазҰУ-ге, жұмысыма іздеп келді. Осындай кітап шықты дегенді ақпарат құралдарынан естіп сатып алыпты. Енді соны оқу үшін қазақша үйреніп жүр екен. Біз әлемдегі Нобель сыйлығын алғаны бар, алмағаны бар, барлық мықты ақынжазушыларды, өзге де ғылым саласындағы үздік дүниелерді дер кезінде аударып отырсақ, қазақ тілін менсінбейтіндердің бәрі қазақша сөйлеп шыға келеді. Және біз адамзаттың ақыл-ойымен еркін сусындап, өзімізді рухани толықтырып, байытып, шабыттандырып отырар едік. «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде аудармаға көбірек көңіл бөлінді, бірақ тағы да сол КСРО кезінде аударылған дүниелерді қайта басып көз бояушылыққа жол бердік. Ал мен өзім осы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қытай жазушысы Лу Шүннің таңдадамалы шығармаларын қазақ тіліне аудардым. Соның арқасында қазақ оқырмандары Лу Шүнмен, Лу Шүн арқылы қытай халқының менталитетімен танысуға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздіктен кейін аударма саласы қатты қожырап кетті. ЖЕБЕ:–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.
"Жебе" газеті, 20 ақпан 2014 жыл. №07.

У НАРОДА ТОЖЕ ДОЛЖНА БЫТЬ ВЕЛИКАЯ МЕЧТА

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - В нашем обществе активно обсуждаются такие темы, как развитие образования, воспитание подрастающего поколения, а также превращение Казахстана в «Вечную страну». Эти и другие вопросы затрагиваются в беседе корреспондента «Казинформа» Бекайдара Алтая с ученым-китаеведом, доктором филологических наук, заведующим кафедрой китайского языка Евразийского национального университета им. Л.Н.Гумилева профессором Дукеном Масимханом. - Дукен Масимханулы, Вы занимаетесь преподаванием с тех пор, как вернулись на историческую родину. Сейчас Вы работаете в одном из ведущих вузов Астаны. Скажите, какие особенности можно отметить в системах образования Китая и Казахстана? - Я родился и вырос в соседней с Казахстаном Китайской Народной Республике, там окончил начальную и среднюю школу, а высшее образование получил в Центральном университете наций в Пекине. Этот вуз считается главным университетом для малочисленных народов Китая. Здесь готовят кадры из числа малочисленных народов по разным направлениям - науке и образованию, культуре, администраторов. Университет пользуется авторитетом в Китае. Языковая школа университета известна и в мире. После окончания университета я устроился научным сотрудником в литературный институт Общественной академии наук Синь-Цзяна, а также преподавал в некоторых вузах. Вообще, в Китае образование начало становиться на системную основу после прихода к власти Дэн Сяопина. Ранее, с момента образования Китайской Народной Республики в 1949 году, была полностью скопирована советская система образования, вплоть до учебников. В некоторых случаях советские специалисты участвовали в перестройке высших учебных заведений. А во время знаменитой культурной революции все школы превратились в площадку для хунвэйбинов. Только в 1978 году, при Дэн Сяопине система образования начала формироваться заново. Годы моей учебы пришлись на начальный период этого формирования, когда еще не все было приведено к системе. Во-первых, был слабый профессорско-преподавательский состав, во-вторых - слабыми были учебники. В первые годы независимости, по специальному приглашению Казахского национального университета им.аль-Фараби, я приехал на родину предков. С конца 1992 года я преподаю в ведущих вузах Казахстана. В КазНУ им.альФараби работал до 2002 года, теперь - в ЕНУ им.Л.Гумилева. - Как, на Ваш взгляд, менялось образование в Казахстане за эти годы?

- В первые годы независимости сохранялась советская система, а с 2002 года начала внедряться западная модель образования. В рамках Болонского процесса появились новые методики, например, кредитная технология. Сейчас все это апробируется. Но, в результате всевозможных реформ, мы, по-моему, нарушили устоявшуюся систему образования. Вообще, мы копировали западную систему, видя только ее преимущества, но ее внутреннее содержание нам не подходит. Например, в соответствии с этой системой, у каждого профессора должен быть свой кабинет. Студенты должны записываться на занятия и приходить в назначенное время. А у нас, в ведущих вузах, даже у заведующих кафедрами нет отдельных кабинетов. Кроме того, у нас нет учебников, адаптированных к западной системе образования, наши учебники, в основном, сходны с советскими. - Вы говорите об учебниках на казахском языке или обо всех учебниках? - Вообще, ситуация с учебниками на казахском - сложная. Имеющиеся представляют собой не очень качественные переводы из разных источников. Мы, пока еще, довольствуемся этим. Почему нет качественных учебников? В Китае, например, для написания учебника профессор освобождается от основной работы с сохранением заработной платы на 1-2 года. Готовый учебник проходит экспертизу, затем рекомендуется для использования. У нас тоже дается задание написать учебник. Но не учитываются вопросы оплаты и предоставления творческого отпуска. Что делает наш специалист, получив такое задание? Состряпает что-нибудь, лишь бы считаться автором учебника и повысить свой авторитет ученого. А ведь если у нас не будет хороших учебников, то требовать хороших знаний от студентов - все равно, что ждать молока от птицы. - Какие еще проблемы в сфере образования, требующие решения, Вы хотели бы отметить? - В Китае очень хорошо поставлено воспитание в национальных традициях. Если говорить о китайской нации, то у них даже в детских садах проводятся занятия по национальной этике. В средней школе обучают правильным манерам, в вузах - хорошо поставлено воспитание в духе государственности, в национальном духе. Они выпускают настоящих патриотов Китая. Это - результат хорошей идеологической работы. В университетах преподается, кроме научного коммунизма, этика - все четыре года. На занятиях по этике учат быть порядочным человеком, достойным сыном китайского народа. У нас не так. Да, мы не можем никого винить за то, что было до - и в первые годы независимости. Но что мы видим сегодня? Воспитание ограничивается ознакомлением детей с внешними формами - с моделью юрты, со стандартами одежды для женщин и мужчин... Нам нужно уделять больше внимания вопросам воспитания молодого поколения - чтобы они становились достойными людьми, настоящими казахами.

Но беда в том, что родители сейчас этим не занимаются. В капиталистическом обществе и бедные, и богатые родители - все заняты делами. Вспомним: раньше воспитанием детей занимался весь аул. Когда мы были детьми, аксакалы могли обругать или даже вытянуть плеткой курящего мальчишку. Сейчас никто не обращает внимания даже на юных студенток, курящих прямо возле своих домов. Если им сделать замечание, отвечают: «Не твое дело». Так что воспитанием молодежи занимаются только телевидение и Интернет. Но там есть много такого, что чуждо нашему менталитету. Если мы не будем воспитывать подрастающее поколение, это сделают другие - так, как им хочется... - Что бы Вы предложили для исправления ситуации? - Нужно, чтобы и у нас был предмет - «этика», адаптированный для понимания детьми, начиная с детсадовского возраста. Необходимо разработать учебники по этике для всех уровней образования. Это должен быть самостоятельный предмет на основе специальной программы. - Давайте вернемся к Китаю. Ведется ли в Казахстане работа по изучению этой державы, по прогнозированию ее действий в будущем? - Уже 22 года я говорю о необходимости открытия Института китаеведения. В каждой провинции Китая есть институты по изучению Средней Азии. В основном, они изучают Казахстан. Изучают богатства каждого региона нашей страны, численность населения, его состав - сколько казахов и сколько других национальностей, кто руководит регионом, как настроены жители, и другие вопросы. Мы сейчас пользуемся только той информацией о Китае, которая исходит от других - в основном, от России. Об этом я говорил еще в 2001 году на приеме у Главы государства. Президент сказал, что это важный вопрос, и поручил уделить этому внимание руководителю своей Администрации. Пока еще это поручение не выполнено. - В нынешнем Послании народу Казахстана Глава государства уделил внимание вопросу, привлекшему большое внимание общественности - теме «Вечной страны». Что Вы можете сказать по этому поводу?

- Я всегда говорю, что, как у отдельного человека, так и у народа должна быть мечта. А идею создания «Вечной страны» поддержит весь народ, потому, что идея эта существует еще со времен древних тюрков. Не только мы вернулись на историческую сцену в качестве независимого народа. Например, новый руководитель Китая Си Цзиньпин, придя к власти, сразу провозгласил «Китайскую мечту». Ее срок также определен до 2050 года, к этому времени Китай должен стать самым развитым, мощным и богатым государством. Если такие большие государства ставят перед собой высокие цели, то и мы должны стремиться к новым высотам, поэтому идея Президента поддержана народом. В политике нужно выверять каждый шаг. Руководитель должен

думать о будущем своего государства. Государству в определенных ситуациях нужны вдохновляющие идеи, которые вселяют уверенность в людей. Именно с этой позиции я воспринял Послание Главы государства. Кроме того, народ с удовлетворением воспринял слова Президента о важности науки для будущего развития страны, потому что наука, знание лежат в основе конкурентоспособности. - Занимаетесь ли Вы творческой работой? Расскажите о своих планах. - Я всегда увлекался поэтическим творчеством, а об уровне его могут судить Аллах, а также читатели. Но, больше пришлось заниматься научной работой, преподаванием. Чтобы народ больше знал о Китае, переводил китайских поэтов и писателей. Это и есть моя творческая работа - наука, стихи, переводы. Преподавание - это отдельное направление. Я выпустил около 20 книг - 5 сборников стихов, 4-5 перевода, 7-8 учебника и научные труды. О планах могу сообщить, хотя и не считаю, что это хорошо - рассказывать о еще не выполненной работе. Сейчас у нас нет китайско-казахского словаря. Студенты пользуются словарями, изданными в России и Китае. Это создает трудности для китаеведов. Вместе с супругой Айнур Абиденкызы уже 10 лет мы занимаемся составлением словаря под названием «Большой казахскокитайский словарь», включающего 70 тысяч слов и словосочетаний. В основном, работа сделана, осталась техническая часть, посвященная удобству пользования словарем в Интернете. Еще я пишу исследование под названием «Культура древних тюрков», основанное на китайских источниках. Все востоковеды и тюркологи мира использовали эти источники, но они всегда руководствовались интересами своих стран. А я хочу полностью рассмотреть в китайских источниках все, что касается тюркской культуры. Думаю, что книга будет большим двухтомником. Если мне удастся завершить эту работу, можно будет подумать о дальнейших планах. А стихи пишу всегда, когда есть настроение... - Спасибо за беседу. Международное Информационное Агентство «Казинформ» http://іnform.kz/arb/artіcle/2632070 14.02.2014ж.

АТА САЛТЫҢ - ҰЛТТЫҚ ҚАЛПЫҢ

- «Қазақ радиосының» «Елім менің» бағдарламасына берген сұхбат

Жүргізуші: Бүгінгі «Елім менің» бағдарламасының қонағы ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы. Студиямызға қош келдіңіз, аға. Дүкен Мәсімханұлы: Рахмет. Жүргізуші: Бүгін біз «Елім менің» бағдарламасында салт-дәстүр, әдет-ғұрып тақырыбында әңгіме өрбітіп отырмыз. Жалпы осы қазақтың салт-дәстүрі қаншалықты сақталды деп ойлайсыз? Дүкен Мәсімханұлы: Жалпы қазақтың салт-дәстүрінің бүгінгі күнге дейін жеткені жұрнағы ғана дейге болады. Өйткені, қазақ халқы 70 жыл бойы Ресейдің боданында болғандықтан тоталитарлық жүйе дінімізді, салтсанамызды жойып жібере жаздады. Ұлттың басты ұстыны, ерекшілігі - тіл, дін, салт-дәстүр. Ата-бабамыздан қалған «Ата салтын – ұлттық қалпың» деген аталы сөз бар. Сондықтан әрбір халық ұлттық менталитетін, ұлттық психологиясын, ұлттық дүниетанымын, өзінің ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрінің негізінде қалыптастырып отырады. Жүргізуші: Тыңдармандарымызға айта кетейік, бүгін бағдарламамыздың қонағы этнограф-ғалым, Қазақ салт-дәстүр академиясының академигі Дүкен Мәсімханұлына сұрақ қоямын десеңіздер, немесе аталмыш тақырыпқа ой бөліскілеріңіз келсе, 55-33-66 байланыс нөмеріне хабарласуға болады. Дүкен аға, жоғарыда атап кеттіңіз, салт-дәстүрлеріміздің тек жұрнағы ғана сақталды деп. Жалпы қазір ұмыт болған қандай салт-дәстүр бар? Дүкен Мәсімханұлы: Иә, салт-дәстүріміздің басым көпшілігі Ресей отаршылдығы кезінде жойылып кетті. Ал қазір бізге жетіп отырғаны тойтомалақтар, өлім-жітім жөнелту қатарлы саусақпен санарлық бірнешеуі ғана. Тіпті бір кездері сүндет тойдың өзі ұмыт бола бастағаны белгілі. Сонымен қатар қазақтың менталитетін қалыптастыратын діни дәстүрлер, қазақтың күнделікті тіршілігіне байланысты, мал шаруашылығына қатысты салт-дәстүрлер де ескінің қалдығы ретінде бірте-бірте ұмыт бола бастады. Мысалы, көші-қон кезінде берілетін ерулік, қымыз мұрындық, уыз той сияқты бағзы көшпелілер өмірінен келе жатқан салттар жойылып кетті. Сондай-ақ, қыз баланың тәрбиесіне қатысты «қызға қырық үйден тыйым» деген, ұл баланың тәрбиесіне қатысты тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрлер, мәселен, алтыбақан, тақия тастамақ , тымпи-тымпи... деген секілді салт-дәстүрлер ұмытылып кетті. Жүргізуші: Бізге қазір хабарласқан тыңдарманымыз бар екен. Қайырлы күн.

Тыңдарман: Әруаққа арнап құран бағыштау туралы қазір әр кім әр қалай айтып жүр. Сол туралы пікіріңізді білсем деп едім. Дүкен Мәсімханұлы: Қазақ халқы атам заманнан бері мұсылманбыз. Осы уақытқа дейін жеткен салт-дәстүрімізді қарап отырсақ, ислам дініне қарамақайшы келетін салт-дәстүр жоқ. Соңғы жылдары елімізге ислам дініне жат әртүрлі ағымдардың, секталардың пайда болуына байланысты біздің салтдәстүрімізге басқаша көзқарас қалыптасты. Қазір елімізде ислам дінін басқа ағымын ұстанушылар, әсіре діншілдер өлім-жітімді жөңелтуді, әруаққа құран оқуды теріске шығарғандай сыңай танытып жүр. Бұнын барлығы дұрыс емес. Негізі құранда қайтыс болған адамға арнайы құран бағыштап, жақсылығын айту дәріптелген. Жүргізуші: Салт-дәстүрді жаңғырту үшін жалпы қандай нақты шаралар жасау керек? Дүкен Мәсімханұлы: Салт-дәстүрді жаңғырту үшін, мемлекет деңгейде дайындалған жалпыұлттық, кешенді бағдарлама керек. Сол бағдарламаның негізінде бала бақшаларда, мектептерде, отбасыларында салт-дәстүрді жандандыру керек. Әсіресе, ұмыт болып бара жатқан, елді берекеге, қайырымдылыққа шақыратын салт-дәстүрлерді, «асар», «ерулік», «тасаттық» , «жарапазан» сияқты қоғамдық маңызы бар, ауқымы терең салт-дәстүрлерді қайтадан жаңғырту керек. Бұның болашақ ұрпақтың бойында патриоттық, адамгершілік тәрбиені қалыптастыруда үлкен көмегі болары даусыз. Жүргізуші: Кез келген мемлекеттің тірегі - жастар. Өзіңіз айтып кеткен «алтыбақан», «тақия тастамақ» , «тымпи-тымпи» деген салт-дәстүрлердің жастарға берер тәрбиесі қандай? Дүкен Мәсімханұлы: Қазіргі заманда жастарды ақ жолдан жолдан тайдыратын нәрселер көбейіп кетті. «Алтыбақан» - көпшілік бірге ойнайтын ойын. Жастар алаңқайға шығып, алтыбақан теуіп, өзара ән-би, өнер жарыстырады. Сол кезде қыздар мен жігіттер танысып, сырласып, бос уақыттарын мағналы өткізеді. Бұның барлығы жастардың ұлттық бағытта тәрбиеленуіне септігін тигізеді. Ал «ерулік» болса, маңайына жаңа көшіп келген отбасы мүшелерін тұрғылықты көрші-қоландармен бірге шақырып, тамақ береді. Сол арқылы көршілер арасында таныстық орнап, сыйластық артады. Сондай-ақ, «жарапазан» салты ораза айы кезінде ораза тұтқан күннен бастап айдың ортасына дейін айтылады. Жарапазанның мәтіні негізінен имандылық, инабаттылық, береке-бірлік тақырыбында болады. Сондықтан жарапазан, оны естіген жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиенің орнығуына үлкен септігін тигізеді. Жүргізуші: Бізге қазір хабарласқан тыңдарманымыз бар екен. Қайырлы күн. Тыңдарман: Қайырлы күн. Менің қояйын деген сауалым, діндегі салт-дәстүрге байланысты. Бізде өлген адамның мәйітін 3 күн сақтап, «жаназаны» үшінші күні шығарады. Ал мынау шетелден, Түркиядан келіп жатқан молдалар денені бір күннен кейін шығарады. Осының қайсысы дұрыс?

Дүкен Мәсімханұлы: мен жоғарыда айтып кеттім, қазір елімізде ислам дінінің шариғатына жат, мүлде теріс бағытты ұстанып жүрген «шала молдалар» көп. Сондықтан негізі өзіміздің бұрыннан бері ұстанып келе жетқан ата-салтымыз салтымыз дұрыс. Жүргізуші: Тағы бір тыңдарманымыз бар. Тыңдарман: «ерулік», «тасаттық» деген салт-дәстүрлер қалай жүргізіледі? Дүкен Мәсімханұлы: Бұрынғы кезде көктеуінен жайлауға көшіп бара жатқан немесе қыстауынан көктеуіне көшіп бара жатқан ауылдың көші барар жеріне жол-жөнекей түнеп, ерулеп көшіп отыратын. Сондай ерулеп жатқан ауылдың адамдарын маңайындағы отырықшы ауыл дастарқан жайып қонаққа шақыратын немесе ас-суын алып келіп тамақтандырып қайтатын болған. Міне «ерулік» деген салт осылай пайда болды. . Ерулік кезінде ауылдың жастары өзара таңысып, алтыбақан теуіп, ән салады. Ал енді екінші сұрақ бойынша «тасаттық беру» көп жерлерде құрғақшылық орын алған кезде ауыл тұрғындары Құдай атап құрбандық шалып, Алладан жаңбыр тілейді. Мен өзім бала күнімде, бір неше тасаттық шарасына қатысқам. Сонда бір ғажабы, тасаттықтан кейін, жауын жаумай қалғанын көрген емеспін. Жүргізуші: Тағы бір тыңдарманымыз бар. Тыңдарман: Қазіргі қыз ұзату кезінде, жақсылықтың үстінде жылауға болмайды деп ұзатылатын қызды жылатпайды. Осы дұрыс па? Дүкен Мәсімханұлы: Қыз ұзату кезінде қыздың өз үйінен, өз отбасынан ұзатылғаны дұрыс. Өйткені, қыз баланың сол күннен бастап қыз-ғұмыры аяқталып, жаңа өмірі басталады. Сол үшін ол өзінің өскен ұясымен, атаанасымен, қыз ғұмырымен қоштасады. Сондықтан қыз ұзату кезінде ұзатылатын қазақ қызының ежелгі салты «көрісу» немесе «қоштасу» деген салтын да қалпына келтірген жөн. Жүргізуші: Дүкен, аға бізге берілген эфир уақыты да тәмәмдалып қалды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің бізге берері не? Осы сұрақпен хабарымызды түйінесек. Дүкен Мәсімханұлы: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Бұрынғы кездегі «әмеңгерлік», «бесік құда», «қайшы құда» деген секілді кейбір заманға лайық емес, «тозық» дәстүрлеріміз артта қалып жатыр, бірақ ұлтымыздың психологиясын, дүниетанымын айшықтап тұратын озық дәстүрлеріміз өте мол. Олардың бәрі жастардың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыруда, ұлттық болмысты, ұлттық сіңіруде ерекше рөл атқарады.

ЕҢ ҰЛЫ БАҚЫТЫМЫЗ - АЗАТТЫҒЫМЫЗ - «Шалқар» ұлттық арнасының тілшісі Халық Ризабектің «Тусытар-ай» хабары

Жүргізуші: Бүгінгі «Туыстар-ай» хабарының қонағы ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы. Студиямызға қош келдіңіз, аға. Дүкен Мәсімханұлы: Рахмет. Жүргізуші: Құрметті Дүкен аға, сіздің туған жеріңіз Қытай Халық Республикасы. Ата жұрт Қазақ еліне танымалсыз. Ата-жұртқа арнайы шақыртумен келіп, ел, жер үшін қызмет етіп жүрген, жаңашылдыққа жаны құмар адамдардың бірісіз. Ата-жұртқа келгенге дейінгі Қытай еліндегі өмірбаяныңызбен таныса кетсек деген ойдамыз. Құлақ түре тұрайық, ағайын. Дүкен Мәсімханұлы: Рахмет. Мен Қытай Халық Республикасындағы Шыңжан өлкесіне қарасты Текес ауданының Шилөзек деген жерінде 1963 жылы 20 сәуірде дүниеге келдім. 1982 жылы туған ауданымнан орта мектепті үздік бітіріп, мемлкеттік қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті Филология факультетінің аудармашы-филолог мамандығына түстім. Аталмыш оқу орынын 1987 жылы «оқу үлгілісі» деген атақпен бітіріп, сол жылы жолдамамен Шыңжан өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында орналасқан Шыңжан гуманитарлық ғылымдар академиясының Әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастадым. Ол жерде 1993 жылға дейін қызмет атқардым. Еліміз 1991 жылы егемендік алғаннан кейін ата-бабамның кіндік қаны тамған жеріне оралу – менің асыл арманыма айналды. 1992 жылы мамыр айында ҚР Білім министрлігінің делегациясы Үрімжі қаласына келді. Сол делегациға мен аудармашы ретінде шақырылдым. Қазақстаннан келген делегациямен бірер күннің ішінде жақсы танысып, жақын араласып кеттім. Делеция тарапынан Алматы қаласында Әл.Фараби атындағы ҚазҰУ-де жаңадан ашылған қытай тілі кафедрасына оқытушылық қызметіне шақырылдым. 1993 жылы қасиетті Қазақ топырағына табаным тиді. 1993-2002 жылға дейін әл.Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында оқытушы, кейін доцент, Қиыр Шығыс тілдері кафедрасының меңгерішісі қызметін атқардым. 2002 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығының арнайы шақыртуымен Халықаралық қатынастар факультетінде, соңғы жылдары Филология факультатеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырып келемін. Қазақстанға келгеннен кейін, 1998 жылы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі әдебиет бойынша кандидаттық десертация қорғадым, 2008 жылы қазақ-қытай әдебиетін салыстырмалы зерттеу бойынша қазақтын ұлы жазушысы М.Әуезов пен қытайдың классик жазушысы Лу Шуньнің еңбектерін салыстырып, докторлық десертация қорғадым. Қазіргі таңда Л.Н. Гумилев

атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор болып қызмет атқарамын. Жүргізуші: Құрметті Дүкен аға, қазақ тарихына, Қазақ еліне, ана тілінің әдебиет қоржынына «Жүрекке саяхат», «Семсер», «Көкбар», «Алтынның буы», «Ал күрең арман», «М.Әуезов және Лу Шун», «Жер шарының қызыл белдеуі» қатарлы аударма, жыр жинақтары, зерттеу еңбектеріңіз баспа беттеріне шықты. Жалпы 18-ге тарта кітабыңыз бар екен. Бұл елдің мақтанышы, ердің мақтанышы. Бұл еңбектеріңіздің барлығы республика көлемі мен шетел басылымдарында жарық көрген. Жыр жинақтарыңыздың бірінде «Жай шуақ» атты өлеңіңіз бар. Сол өлеңді тыңдарман қауыммен отырып өз ауызыңыздан тыңдасақ деген ойдамыз. Микрофон алдында Дүкен Мәсімханұлы. Дүкен Мәсімханұлы: «Жай шуақ» Менің ұлы туған елім, ар-намыстың жалауы, Өзің барда мәңгі өшпейді рухымның алауы. Мендегі бар арман-үміт жаратылған өзіңнен, Бойдағы қан, кеудеде жан, – сенің ғана қалауың.

Менің ұлы туған тілім, Тәңірімдей ардағым.
Сенсің менің бойтұмарым, мақтанышым, бар бағым.
Мендегі бұл сана-сезім жаратылған өзіңнен,
Өзің барда мәңгі нұрлы менің атқан таңдарым.

Менің ұлы туған далам, сай-саласы тұнған нұр, Мейіріміңе шөлдеп келдім, сарығымды бір қандыр. Мендегі бұл жан да, тән де жаратылған өзіңнен, Төрім түгіл, көрімді де шуағыңмен нұрландыр. Жалпы былай ғой, 1991 жылы еліміз егемендік алғанда елімізден жарықта жүрсе де, дүние жүзіне тарыдай шашылған бауырларымыз бөркің аспанға лақтырып қуанды. Енді қазақ халқының бағы жанып, еліміздің тасы өрге домалап, өзге алдыңғы қатарлы елдермен терезесі теңеледі деп қуандық. Кезіңде қазақ халқының басына күн туғанда жан-жаққа шашырап кеткен бауырларымыз бір елдің, бір тудың астына бірігеді деп үміттендік. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 20 жылдың ішінде ата-жұртымызға 1 млн.-ға жуық қандастарымыз оралды. Соңғы он жыда жылда елімізде көші-қон саясаты белгілі бір арнаға түсіп қалып еді. Десе де, соңғы бір-екі жылда елімізге оралып жатқан қандастарымыздың саны төмендеп кетті. Оған басты себеп еліміздің билік орындарына жаңа буынның келуі. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы қауымдастығын құрған кездегі аға буынның көбісі еңбек демалысына кетуіне байланысты ауқымды жүрген көштің қарқыны тоқтап қалды. Жаңа қазақтардың көші-қон саясатына салғырттықпен қарауының себебі, қазақ

халқының қазіргі танда көбейгенін, шын мәнінде қазақтың мемлекеті болуын қаламайтын мысық пиғылды дұшпандарымыз іште де, сыртта да аз емес. Қазақ халқы атам заманнан бері бейбіт сүйгіш халық. Дегенмен, бүкіл жер жүзі бір дауыспен, бір әуенмен «Қазақ халқы бақытты болсын!» деп тілеп отыр десек қатты қателесеміз. Осындай пиғылдағы адамдар шеттен келген ағайындар Қазақстанда орнықсыз факторларды тудырады деген жансақ пікірлер қалыптастырды. Нәтижесінде шеттен келетін қазақ көшіне мораторий жарияланды. Мораторий деген нәрсе – саясатта суға тас лақтырып, байқап көру деген сөз. Егер халық дұрыс қабылдап, үндемесе, әрі қарай жылы жауып қоя салады. Ал халық бұған қарсылық білдірсе мәселені мемлекеттік дәрежеде қайтадан реттейді. Қазіргі таңда Қытайдағы, Өзбекстандағы қазақтарда ассимиляцияға ұшырау қаупі төніп тұр. Әсіресе, 1990 жылдан кейін дүниеге келген жас ұрпақ осы екі елде де өз тілінен, дінінен айырылып бара жатыр. Сондай-ақ, көрші Ресей мен өзге елдердегі қазақтардың да ассимиляцияға ұшырау қаупі жоғары. Бұл қазіргі кезде өткір мәселеге айналып отыр. Егер біз еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болсын десек, Қазақстанға жаны ашып, қазақ деп жүрегі соғатын жас ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Тәуелсіздік, азаттықпен қатар өзіміздің ақ дініміз ислам діні қайтадан оралып, жалпы қазақ халқы имандылыққа бет бұрып жатыр. Дегенмен, өзіміздің төл ислам дінімен қатар исламның өзіне жат әр түрлі ағымдағы секталар да елімізге кіріп кетті. Осындай қалыптасқан жағдайда біз Мұхаммед Ғалейһи-уәссаламның соңғы Пайғамбар екеніне, Алланың бір екендігіне, Мұхаммед оның елшісі екеніне ғана құлақ түруіміз, соған сенуіміз керек. Құранның шын екеніне сенуіміз керек. Құранға ғана құлақ түру керек. Осыған байланысты « Құранға құлақ түр» өлеңін оқып берейін.

«Құранға құлақ түр»

Өмірің толған сұрақ кіл,
Өңірің боздап жылап тұр.
Жаныңа маза іздесең,
«Құранға» ғана құлақ түр!

Қалауын тәннің лақтыр,
Жүректі Хаққа тұрақ қыл.
Жүйкенің емін іздесең,
«Құранға» шындап құлақ түр!

Жұрттағы иттей ұлыма,
Айналма тәннің құлына.
Жүректі бір сәт шомылдыр,

«Құранның» шүлен нұрына.

Қаптаса тұман көзіңе,
Кемейсе сенім өзіңе,
Өзгеге емес, құлақ түр –
Аллаһтың кәміл сөзіне!

Қожырап иман құлап тұр,
Күдіктен үміт жырақ-дүр.
Қуамын десең шайтанды,
«Құранға» мықтап құлақ түр!

Тыңдасаң «Құран» сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Азапсыз өмір қаласаң –
Аллаһты ғана сүй» дейді.

Айналам десең қыранға,
Айналам десең ұранға,
«Тасыңды алып қойныңнан»
Тек қана бас и «Құранға!».

Тұзақ жоқ, ор жоқ жолымда, Шайтан жоқ оңым, солымда. Кәлимам кәміл жүректе, “Құр’ан и Кәрим” қолымда. Сөзімнің соңында айтарым, біз бақытты ұрпақпыз. Өз басым қазір Қазақстанда, Қазақстан астанасының төрінде халқымның жас ұрпағына білім беріп отырсам, тіпті бүгінгідей дүйім жұрттың алдында еш тайсалмай ұлтымның өткенкеткені, ертеңі туралы сөйлеп отырсам, соның бәрі азаттықтың арқасы. Қазір елімізден жырақта жүрген қандастарымыз да бақытты. Елімізден алыс жүрсе де, Қазақстан деген Отанымыз бар, азат еліміз бар, іздеушіміз бар деп алаңсыз жүріп жатыр. Олардың бір бүйірін азат Қазақстанға мақтаныш сезімі жылытып жатады, әр күні сеніммен таң атырады, мақтанышпен күн батырады. Енді біздің алдымыздағы үлкен міндет, ұлы борыш – азаттықты сақтау. Еліміз - еңселі, тәуелсіздігіміз - тұғырлы болсын!

ІІІ БӨЛІМ

ҒИБРАТНАМА

ОҚУШЫҒА АЙТАР СӨЗ

Алла-тағала жер басып жүрген әрбір пендесін АДАМ ғып жаратып, шамасына шақ, есті кісіге керек ақыл-парасат, сана-сезім беріп фәни дүниеге жібергесін, ол, егер, атып кеткен кеще болмаса, бұл тіршіліктегі көрген-білгенінен өзіндік ой түймеуі, пікір қорытпауы мүмкін емес. Осы жасқа келгенше біз де өмірдің біраз ыстық-суығын көріп, ащы-тұщысын татыппыз. Екі елде бір неше «патшаның» заманын бастан өткердік дегендей... Осындай күрделі ғұмырдың әр кезеңінде көкейге түйген аздұркөпдүр ой-пікірді бұрындары тек қойын дәптерге «түртіп» келген болсақ, енді солардың бір парасын жұрт келесіне, ұрпақ назарына ұсынып көргіміз келді. «Жаны бар, жөн сөз» дегендеріңізді алыңыздар, – ел игілігіне. Ал «дұрыс емес» десеңіздер, Абай атамша айтқанда, «өз сөзім өзімдікі». - Автор

Ақылдының басты белгісі – өзгеден бұрын өзін біліп, өзін тануға ұмтылуында болса, ақымақтың басты белгісі – өзінің кім екенін білмеуінде әрі ол туралы бас қатырмауында.

Қылмыс атаулының түп төркіні надандықта жатыр.

Баюдың жолына түсуден бұрын үнемшілдікті үйрену керек.

Адам бойындағы аса менмендік оның ең қауіпті, ең мықты жауы.
Өйткені ол оған барлық өзге жауларынан жақын тұр.

Қайғы мен қасірет егіз. Адамға әуелі оның біреуі келеді, сосын ол екіншісін (сыңарын) шақырып алады. Егер сен алғашқы келгеніне мойымасаң, онда сыңары сенің маңайыңа жоламайтын болады.

Шабыт деген – ол идея. Идея – дүниені қозғаушы күш. Егер озық идеялар болмаса адамзаттың бүгінгі өркениетті қоғамы да болмаған болар еді.

Дұспандарым болмаса қателікке белшемнен батуым мүмкін еді. Менің әр қадамымды аңдудан шаршамаған дұспандарыма қандай рахмет айтсам да артық емес.

Демократия деп жүргеніміз – түптеп келгенде адамзат идеясының еркіндігі, ойдың азаттығы. Алайда демократия қашан да, қайда да тек ізгі идеялар мен парасатты ойларға ғана өріс ашуы керек.

Қателіктің көкесі - қателігін сезінбеу.

Менің әр қателігім – менің бір-бір ұстазым.

Ақымақтың қалтасы қалыңдаған сайын иманы жұқара түседі.

«Өлімге асығу» - барып тұрған надандық әрі өте ауыр күнә! Қанша қиын болса да өмір қымбат, тіршілік қызық. Өйткені Жаратушы – Алла тіршілік иесінің бәріне жанмен бірге өмірге құштар сезімді қоса сыйлаған. Сондықтан түбінде баратын жері болса да өлімнен қорықпайтын жан жоқ.

«Асықсаң да», «асықпасаң да» бақиға аттанар жылыңды, айыңды, күніңді, сағат-мөйнөтіңді Алла-тағала баяғыда белгілеп қойған.

Адам өмірі қауіп-қатерге толы. Бір ғажабы бүгінде сол қауіп-
қатердің дені адамның баласының өз қолымен жасалуда.

Қателесуге де қаблет керек. Өз пікірі, ұстанымы жоқ, орындаушылар ғана қателеспейді.

Мақтану немесе өзін-өзі мақтау - өзінің рухани жыртығына жамау
іздеу деген сөз.

Қасірет пен қиындықтың ортақ бір мінезі бар: – екеуі де оған
мойынсұнған адамын ерттеп мініп алады.

Асқан менмендік адамды қандай сүйкімсіз көрсетсе, асқан (жөнсіз) кішілік те кісіні сондай қораш, байқұс қып көрсетеді. Бұл ретте атам қазақтың: «Ұлық болсаң, кішік бол»- деген мақалы еске түседі. Бұнда «кішік» болудың алғышарты бар, яғни әуелі «ұлық» болу керек. Демек «кішік» болудың да өз реті бар деген сөз. Ал жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы бір түп ши сиятысың. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал да таптайды... Қысқасы ондай ши көктемейді, өспейді... Керісінше күн өткен сайын мүжіліп жоғала береді.

Үнемшілдік пен сараңдық мүлде екі басқа құбылыс. Яғни үнемшіл адам өз байлығының сақшысы да, сараң адам байлықтың құлы.

«Алтынды көріп періште жолдан тайыпты» деген бар. Ал ханыңнан қараға дейін, абыз қартыңнан балаға дейін... бәріміз періште де емес, пендеміз. Ал пенде қашан да пенделігін жасамай тұрмайды.

Шала молда ғылым иесімен неге өш? Себебі ғалым оның сауатсыздығын, шала, дүмшелігін сәт сайын әшкерелеп отырады.

Тіршіліктегі нағыз ақиқат – сенің өмірің мен өлімің. Қалған нәрсенің бәрін біреу алай, біреу былай бағалай береді.

Жаратушының бар екені, бір екені хақ! Ал оны тану жолының (дін) әр қилы болуы – ол пенделердің ісі.

Іргетасы ақшамен немесе белгілі бір есеппен қаланған «достық сарайы» түптің-түбінде қасірет ордасына айналмақ.

Ғылым – дүниенің кілді. Әрине, сонымен бірге діннің де.

Саналы адам баласы үшін өмір қас-қағым сәт. Егер осы қас-қағым сәтте түк тындырмай кетсең, онда бұл өмірге келмегенмен бірдейсің.

Досым қас болсын десең, қасым дос болсын десең - оларға қарызға ақша бер. Себебі «қарыз ақша күліп барады, жылап қайтады.»

Байлықты қуа берсең, бір күні қалай оның құлақкесті құлына айналып кеткеніңді сезбей де қаласың.

Ақылды, парасатты адам үшін алынбайтын қамал - өзінің айналасындағы надандық.

Ақшаны табуды білгенмен үнемдеуді білмесең – бай болам деп әуреленбе.

Үлкен байлық пен биік мансапқа жеткен адам неге өзгереді? Өйткені байлық пен мансаптың буы болады. Ол бу пендеге бақи дүниені ұмыттырады.

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», - дейді қазақ мақалы. Бұрын қайдам, қазір абысындары тату болса ғана – ағайындар тату.

Дүниедегі ең сүйкімді адам – сұлу да парасатты әйел. Ал
дүниедегі ең қорқынышты адам - ұятсыз, сайқал әйел.

*** *** *** *** Еркек өз бойын қанша жасап, «жақсы жігіт» болып көрінуге қанша тырысқанмен, әйел көзі бәрі бір оның ішкі әлемін айнадағыдай көріп отырады.

Мынау дүние тек әйелдердің күлкісімен ғана қызық.

Менің ұраным: «Кәрі қыз» деген атауды қолданыстан шығарайық! Жүзге келсе де олар – қыздар, олар – арулар! Уа халқым, менен бір-ақ өтініш, осы ұранымды өмірге енгізіңіздерші!

Әйелдің бәрі мейірімді. Алда-жалда олардың жүрегінде зәредей
қатыгездік болса, оған тек еркектер кінәлі.

Тымырайып немесе мөлиіп отырған әйелден қорқу керек. Себебі ондай
әйелден әйелдердің өздері де қорқады.

Қыз атаулының бәрі әлсіз, нәзік. Олар тек ана болғанда ғана ұлы күшке, шексіз құдіретке ие болады.

Ақылды әйел - өз шаңырағының бақыты. Парасатты әйел – тұтас
ұлттың бақыты.

Әйелсіз үй – жарықсыз дүние.

Жұмақ деген фәниде де бар, ол – сүйіп қосылған, адал жардың құшағы.

Сәбиліктің кемшілігі ақыл.
Жастықтың кемшілігі ғапыл.

Дауыл жас ағашты шынықтырады, кәрі ағашты опырып түседі.

Жастық шақтың қымбат, қызық болатыны - ол кезде кеудең тола арман, басың тола қиял, бойың тола қайрат, жүрек тола жалын, алдың тола жол...

Саналы адам үшін өлім қиын емес, өмір қиын.

Бағзыдағы ата-бабаларымыз батқан күнмен, аяқталған аймен, өткен жылмен қимай қоштасып, «жыласып» айырылысады екен. Ал біз болсақ, атар таңды, туған айды, жаңа жылды «тойлап», думандатып қарсы аламыз. Сонда, тіршіліктің, өмірдің қадір-қымбатын қай ұрпақ жақсы білген? Менше бұрынғылар. Себебі, бұрынғылар өмірінің өтіп бара жатқанына налып, жылаған болса, бүгінгілер соңғы күнінің жақындап келе жатқанын даңғазалап, тойлап әуре. Шынтуайтына келгенде, сол «тойшылдарға» келген жаңа жылында, туған жаңа айында, тіпті шыққан жаңа күнінде «тірі боласың» деп кім кепілдік беріпті?!

Кімнің қандай адам екендігін, көбіне көп, бір шешуші сәттер анықтап береді.

Түйсік пен сезік жан-жануарлардың бәрінде бар. Адамда тіпті де ерекше. Жалпы ғылымда адамның осы қабілиеті онша зерттелмей келеді. Ғалымдар осының сырын ашуға неге құлықсыз?!

Үлкен адамның қателігі де үлкен.

Тек таланттардың ғана жауы көп болады.

Ғалымдар біздің планетамыздың барған сайын жылынып бара жатқанын дәлелдеп отыр. Бұған қазіргі адам баласының тіршілігі әсер етіп отыр ма? әлде, табиғаттың өз өзгерісі ме? деген сұрақтарды біреу маған қойса, мен: «Бұған бүгінгі адам баласының ниеті мен пиғылы тікелей кінәлі»- деп жауап берген болар едім.

Атақ, даңқ, байлық... дегендерге адам баласы соншалық тойымсыз. Сол үшін-ақ адамдар бір-бірін алдайды, арбайды, сатады, өлтіреді... Бірақ өле қалсаң, оның бәрі жер бетінде қалады да, өзге бір тірі пенделер үшін қызмет атқарады. Артыңда қалған сенің сол ақшаң, сол малың... саған бір де бір рет құран оқып, дұға бағыштамайды. Тек жақсылығыңды көрген АДАМдар ғана, тым құрыса, сені «иманды болғыр Бәленшекең...» деп еске алады. Сондықтан бір-бірімізге қолдан келсе, тек жақсылық жасайық ...

Қателік, кемшіліксіз адамды туғыза алмай-ақ Адамзат қартайып
барады.

Адам мінезіне бір жақты баға, сыңар жақ анықтама беру – бізге «социялистік реализм әдебиетінен» жұққан дерт. Яғни сол жетпіс жылдық әдеби насихаттың бүгінгі жемісі. Ал ақиқатында адам мінезі - өмірдің өзіндей қайшылықты, қатпары қалың құбылыс. Сондықтан әдеби шығармада тағдыр типтенсе де, мінез типтенбеу керек. Сонда біз біріншіден, маңайымыздағы адамдарды кемшілігімен қоса сүюді үйренеміз. Екіншіден, біздің арамызда періште жоқ екеніне көз жеткіземіз.

Мән-мағналы өмір ғана ұзақ ғұмыр болып есептелмек. Ал өмірдің мәні еңбекте.

Былай қарасаң, құдай адамды өте осал ғып жаратқан. Тіс, тырнақ, қалың тері, берік сүйек... жоқ, қара күш те шамалы. Үрейлі сұр да жоқ. Есесіне шексіз парасат берген. Бүгінде қанжардай тіс-тырнақтың, алып қара күштің иелері сол парасаттың құлы.

Жеңіс те, табыс та, тіпті сұлу әйел де, көбінде, ержүректердікі. Өйткені ержүректіктің тағы бір аты тәуекелшілдік. Ал «тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің».

Өсек – сені күйдіру үшін таратылады. Егер сен өзің туралы тараған
өсекке шындап «күйіп-піссең», онда өсек «авторының» арманы
орындалғаны.

Қандай жауыз, жыртқыш аң болсын, ол бүгінде адамның жауы бола
алмай қалды. Есесіне бүгінде адамның ең мықты жауы – АДАМның өзі.

Жақсы адам туғанда «жақсы» боп туған емес, жаман адам да туғанда «жаман» боп туған жоқ. Ендеше жақсы адам мен жаман адам қайдан шығады? Тәрбиеден. Яғни отбасы, мектеп, қоғам тәрбиесінен. Бүгін де осы үш тараптың да тәрбиесі қожырап кетті. Отбасы мектепке сенеді, мектеп ата-анаға сенеді. Ал біздің қоғам ол міндетін мүлде ұмытқан. Сөйтіп мына қоғам – басы әр түрлі керекті-керексіз информацияларға, жүрегі кілең қулық-сұмдыққа толған, бірақ ойсыз, санасыз, имансыз, жылусыз, уайымсыз... жас ұрпаққа толып барады. Менің қорқынышым осы!

Есті адам елдің аузына қақпақ іздеп шаршамаса керек.

Адам жүрген жерде жеке мүдде де өмір сүре береді. Мүмкін
К.Маркстің қателігі осыны «ұмытуында» шығар.

Адамзатты Адам қылған – тәрбие.

Егер ұрпаққа біліммен бірге тәрбиені қоса бермейтін болсақ, жеңілірек айтқанда, ол білім сауатсыздықтан неше есе қауіпті болып шығуы мүмкін.

Мектептің, білім саласының қамын ойламаған басшыны – толыққанды
адам деудің өзі артық.

Парасатты патшаның тұсында ғана мектеп Меккедей құрметке ие
болмақ.

Мұғалімге мұрын шүйіретін қоғамға қарап-ақ, ол елді кім басқарып
отырғанын білуге болады.

Ұрпақты құстың балапанына теңесек, Білім мен Тәрбие – оның қос қанаты. Егер екі қанаттың біреуі дұрыс жетілмесе, ертең оның зеңгір көкте еркін самғауы неғайбыл.

Болар елдің отбасындағы ең маңызды шаруа – бала тәрбиесі, ең маңызды мәселе – бала тәрбиесі, ең күрделі мәселе - ол да бала тәрбиесі.

Алдымен тәрбие, сосын білім.

Білімсіз адам бұтақсыз ағаш, тәрбиесіз адам – жапырақсыз ағаш.

Сәбидің күлкісі – тіршіліктегі ең сыйқырлы, ең әсем музыка.

Асқақ арман ғана адамды асқарларға жетелейді.

Ұлтта да ұлы армандар болу керек.

Имандылық – кісілік негізі. Иманы жоқ адамда адал-арам, обал-сауап деген ұғымдар мүлде болмайды.

Өлеңнің өзегі өмір, арманы ақиқат болсын.

Нағыз ақын өлеңді жазбайды, тек өзіне жіберілгенді қағазға түсіреді.

Осы біз «өлең олай болу керек, былай болу керек» деп неге шаршаймыз?! «солай болу керек екенін» барлық ақын біледі. Бірақ «не жазып кетсе жайы сол» емес пе?!

*** *** *** *** Жас ақындардың біразы қансыз-сөлсіз ғана емес, өңсіз (безцветный) өлеңге үйір болып жүр. Ол жаңалық емес. Өңсіз өлең – адамзаттың әдебиет тарихында талай рет ағым ретінде дәурендеген. Бірақ содан біздің

заманымызға не бір де бір ақын, не бірд е бір өлең жетпепті. Өйткені өңсіз өлең – ауаға жазған жазу!

Ақындардың басты парызы – екі дүние (фәни мен бақи) арасын жалғастыру. Бұл, әрине, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Бірақ сол жолда шейт болсаң да бақыттысың.

Ақындық қиялың ортайса табиғатпен - ұлы Жаратылыспен сырлас.

Жұрт ақындарды неге «бір түрлі адамдар» дейді? Себебі – Ақын деген сөз «қанаты бар адам» деген сөз. Ол қанатымен ұшады, аяғымен жүреді. Сол үшін ақындар жай адамдарға «бір түрлі» болып көрінеді.

Иә, Ақын дегеніміз «қанаты бар адам». Бірақ ол тек аспанда ғана ұша беретін болса, оның жырлары адамдарға құстың тіліндей түсініксіз бірдеңе болып шығады. Керісінше, ол тек жерде ғана жүре беретін болса, онда ол әншейін «өлеңші» ғана болып қалады.

Поэзия - өте ұтқыр, ұрымтал жанр. Сондықтан қай кезде де билік ақындарды өздеріне жақын ұстауға тырысқан. Алайда есті ақын ешқашан да ақиқаттан адаспағаны жөн. Өйтпегенде ақынның өзі өлген күні өлеңдерінің жаназасы да бірге шығарылады.

Негізі бояулар аса қымбат зат емес. Тек ол суретші қиялы арқылы өз орнын тапқан соң барып қана, құны аспандап шыға келеді.

Тілұлттың жаны. Тілім жоқ болса ұлтым да жоқ, ұлтым жоқ болса мен де жоқпын. Бар қазақ осылай ойласын!

Өзге елдің тілдерін білген сайын өз тілімнің байлығы мен құдіретіне көзім жетіп келеді.

Жолдың жағдайын жолбарыстан емес, тасбақадан сұрау керек.

Жас адам мен кәрі адам әңгімелессе іштей бірін-бірі алымсынбай отырады. Себебі кәрі адам жас адамды: «әлі бала екен» десе, жас адам кәрі адамды: « әлі шала екен» дейді. Бұл былай қарағанда дұрыс емес сияқты болып көрінгенімен, негізінде «буын» деп аталатын құбылыстың басты қасиеті.

Мен туған халқыма деген махаббатымды қалай бейнелеудің жолын таба
алмай-ақ өмірден өтіп кетем бе деп қорқам.

Дүниеде ұлы халық, ұлы емес халық жоқ. Ұлт болады екен, оның ұлы қасиеттері, ұлы құндылықтары болғандықтан ұлт! Алайда оның ұлы қасиеттерін, ұлы құндылықтарын өзгенің безбеніне салу – ақымақтық. Ұлтаралық кикілжіңнің бәрі осындай ақымақшылықтан туындайды.

Алланың Қазаққа берген байлығы мен бақыты еш бір елден кем емес. Алайда соны біздің билік басындағылар келістіре алмай отыр. Өкінішті!!!

*** *** *** *** Бүгінгі қазақта бәрі бар: Азаттық, байлық, білім, өнер, ғылым... Тек ұлттық рух пен намыс жоқ. Әрі соны тірілтейік деп отырған қазақы өкімет те

жоқ. Осы үш «жоқтың» тым болмағанда біреуі болса, қалған екеуі тез «тірілер» еді.

Билік азғындағанда, жақынын жау көреді. «Елім» деп еңіреген ерлер затында жау қолынан өлу керек. Егер ондай ерлердің көзін өз өкіметі жойып жатса, бұл – биліктің азғындағанын ғана емес, әрі биліктің бейшаралығын да көрсетеді.

Егер патша: «осы елдегі ең ақылды адам менмін» - деп ойласа, ол оның сол елдегі ең ақымақ адам екендігінің дәлелі.

Азаттыққа ұмтылып жатқан елдерге айтарым: – азаттыққа жетсек қана болды, бақытты ел боламыз десеңдер қатты қателесесіңдер. Егер сол азат еліңнің тізгінін туған халқын ойламайтын біреуге беріп қойсаңдар, онда төккен қандарыңнан түк шықпай, бұрынғыша сорлап отыра бересіңдер.

Менің халқымда ел басқаратын ақылды азаматтар өте көп. Егер Ел тізгінін халық сеніп тапсырса, мемлекетті мен де басқара алам. Ес-ақылы дұрыс, ұлтын сүйетін әр бір парасатты азамат осылай ойласын! Сонда ғана жеке басқа табыну да, авторитаризм де болмайды.

Қазақ үшін Заманбек тұрған батыр, Алтынбек тұнған ақыл еді!
Қайтейін біздегі «танабаизмшіл» жүйе екеуін де маңдайымызға
сыйғызбады.

Қазақ жері, ел байлығы – кәдімгі олжаға түскен жаудың мүлкіндей талапайға түсуде. Біздегі билік осының бәрін өз қолымен істеп жатыр. Ал сауатты, зиялы қауым болса қол қусырып қарап отыр. Қарапайым халықта екібастан дәрмен жоқ. О, Жаратқан ием, естіп тұрсың ба? Бұл Елдің ертеңі не

болады?! Ол туралы ойлау мен үшін Сенің О дүниедегі тозағыңды ойлаудан да ауыр болып тұр!

Ұлт қамы ұлы, шаңырақ қамы шақты.

Бойы аласа Адамның жүрегі кіші деп кім айтты?! Жан саны аз Халықтың парасаты кем деп кім айтты?!

Халықты құрметтегенде ғана халықтың құрметіне бөленесің.

Кеңес одағы жетпіс-ақ жылда іріп-шіріп құлап түсті. Құлап түскен «үлкен үйдің» жұртынан бой көтерген көп «отаудың» бірі Қазақстан сол кеңестік империяның қалай, не үшін құлағанынан сабақ ала отырып, өзінің мемлекеттік жүйесін не революциялық, не эволюциялық жолмен жасақтауы керек еді. Өкінішке орай бізде бұның біреуі де болған жоқ. Керісінше, бүгінгі билік іріп-шіру жағынан кеңестік кезеңді шаң қаптырып кетті. Тек бұл ел – мына мемлекет Қазақ халқының «азаттыққа жеттік қой, шыдай тұрайық» деген көнбіс тәубасының арқасында ғана қалт-құлт етіп аман тұр. Алайда шыдамның да шегі бар екенін биліктегілердің есіне енді құдай салмаса, оппозиция «сала алмады».

Төбешіктер тауларды қалқалаймын деп әуреленбейді. Бұл табиғаттың ұлылығы. Ал пенделердің топастығы - төбешіктен де кішкентай кейбіреулер тау-тұлғаларды көлегейлеуге тырысады.

*** *** *** *** Біреулер өзінен неше есе зорды құйрығына басып отырам деп тыраштанады. Оның құйрық астына кім сыяды, кім сыймайды дегенді сезіне білсе, мүмкін, ол да өйтіп ақымақ болмас па еді ...

Былай қарасаң, күллі адам баласы мың бір қатер ішінде өмір сүріп келеді. "Қоғамдық көлікпен жүрсем, жарылып, жанып кетпей ме? Жеке көлік алып сонымен жүрсем, жол апатына ұшырап қалмаймын ба? Поезбен жүрсем, жолда аударылып қалмай ма? Ұшақпен ұшсам, орта жолда құлап кетпей ме? Мешітте намаз оқысам немесе ірі сауда орталықтарын қыдырсам, әлде кімдер оны жарып жібермей ме? Мырқымбаймен дос болсам, ол кейін сатып кетпей ме? Бұзаугүлмен үйленсем, бала көтермей қалмай ма? Егіншілікпен айналыссам, құрғақшылық болса қайтем? Сауда істесем, тауарым өтпей қалмай ма? әнеу мекемеге жұмысқа кірсем, бастығы жайсыз болса қайтем? Қыста далаға шықсам, құлап мертіксем қайтем?"- дейтіндер көп өмірде. Иә, шынымен солай болуы да мүмкін ғой... Енді не ісетемек керек? Не қарап жатып қатып өлу керек, не тәуекел деу керек. Қайсысын таңдайсыз? Әрине, "тәуекел!" деген жөн. Өйткені "тәуекел түбі - жел қайық, өтесің де кетесің"! Демек, енді бір қарасаң, күллі адам баласы тек тәуекелмен ғана өмір сүріп келеді екен.

Адамдарға майдай жағымды, жүндей жұмсақ болғың ақ келеді. Солай бола қалсаң кейбіреулер сені «момын, ез» деп ойлайды. Сөйтеді де саған кім көрінген қожаңдап, әлде қалай «құл, малай» ретінде қарай бастайды.

Жеке мүдде үшін пікірталаста адамдардың бәрі шешен болып кететіні
қалай?!

Адам баласы атақ-абырой, бақыт-байлық, пәле-жала дегендердің бәрінен жалтара алады. Тек бір ғана нәрседен,-өзінің ар-ұятынан бір сәт те жалтара алмайды.

Эгоистік – адам бойындағы сұрқиялықтың қайнар көзі һәм оның басты сигналы.

Шыншыл адамның жүрегінің төрінде молдасын құрып тастап, қамшысын бүктеп ұстап «ар-ұят» деген абыз отырады.

Жалпақшешейдің де жаулары аз болмайды екен. Байғұс, жалпақшешейге
кейде жаның ашиды.

Маңайыңдағы адамдарға өзің туралы үнемі әңгімелеп отырасың. Ол, әрине табиғи құбылыс. Олай болса, маңайындағылардың да саған өзі туралы айтқан әңгімесін мұқият тыңдай біл. Ол көргенділіктің белгісі.

Эгаистер балаларына айтады екен: «Біреудің үйін өртеп, соның отына шайыңды қайнатып ал!»- деп. Қандай қорқынышты еді?! Бір нәрсені білмеу, әрі білмегенді «білмеймін» деп айту ұят емес. Нағыз ұят – өтірік білгірсу!.

Өзгелерді де өзіңдей көру – Нағыз көргенді, тәрбиелі адамдардың ғана бойында болатын қасиет.

Таланттың өлген күні – оның өз-өзіне қанағаттанған күні.

Білгенін жарнамалап, оқығаннан мақтан етіп жүретіндер – нағыз дегдар ғалым емес.

Ылғи тырнақ астынан кір іздеп жүретін адамдар болады. Ондайлардың
негізгі мекені де сол тырнақтың асты шығар бәлкім.......

Құйысқанға қыстырылмау да әдептіліктің белгісі.

Сыртыңды, бет-әлпетіңді қанша жасанғаныңмен, көзің мен сөзің кім екеніңді айғайлап айтып тұрады.

Өзгенің бағасымен емес, қолдан келсе өз пікіріңмен өмір сүр.

Кейде шыбын өлтіру қасқыр өлтіруден де қиын болатын кездер болады.

Құныққаның құлқынын таудай алтын да толтыра алмайды.

Кейде адамдар өлімді мүлде ұмытып кетеді. Шын мәнінде өлімге қарай өзіміз жыл санап, ай санап, күн санап емес, адымдап кетіп бара жатқан жоқпыз ба?!

Әдебиетті көп қабатты ғимаратқа теңейік. Бүгінгі жас буын ең жоғарғы қабатын жасап жатыр. Сапалы да әдемі құрылыс материалдарының, озық технологияның, азат ойдың арқасында сәнді сарайлар (қабаттар) бой түзеп келеді. Дегенмен қазір ішінара жастар осы ғимараттың жертөлесіне (подвал),

төменгі қабаттарына тұмсық шүйіре қарайтынды шығарды. Негізі олар биіктегі, сәнді қабаттарды сол «жаман» жертөле мен «тозған» төменгі қабаттардың көтеріп тұрғанын сезіне бермейтін секілді. Бұл өте өкінішті жағдай!

Достық деген біреуді пайдаланып қалудың орайлы сәті емес көкем. Ол (достық) адамдық, азаматтық үлкен жауапкершілік!

Күле білген де, жылай білген де жақсы. Себебі бұл ақыл-есі, сана-сезімі қалыпты адамның қылығы.

Аңғал, адал адам жұрттың бәрін аңғал, адал деп ойлайды. Ал арамза, қу адамдар елдің бәрін арамза, қу деп ойлайды осы?! Егер олар да солай ойласа, алдам қалтаға түсіп, зарлап қалатындар болмас еді ғой...

Бір жас балалар келіп өзінше қуланады. «Аңқау шалды алдап отырмын» деп ойлайтын болуы керек. Іс жүзінде, байғұс бала бұл «аялдамадан» біздің ең кемінде 20-30 жыл бұрын өтіп кеткенімізді қайдан білсін?! Осындайдан сақ бол, балам!

Өмірде бетіңе тіке қарап сөйлемей, не жерге, не «желге» қарап сөйлейтін адамдар болады. Негізгі осындай адамдардан абай болған жөн. «Көз көңілдің айнасы» дейді атам қазақ. «Айнасын» көрсеткісі келмегені айласын жасырғаны.

Қызғаныш жақсы сезім. Бірақ ол бақастыққа, бақталастыққа айналып кетпеуі керек. Ол (қызғаныш) сені бәсекеден, бәйгеден оздыратын намыс қамшысы деңгейінде қалғаны жөн.

Көре алмаушылық, бақталастық екі туып, бір қалғаныңда да болады. Осыны ойлағанда «менің жетістігіме неге қуанбады» деп өзгелерге өкпелеу ақымақтық емес пе?!

Бұл қазақ озып жүрсек күндейді, тозып жүрсең жүндейді. Сол үшін жүнделіп қалтырағанша, күн болып жарқыра, балам!

Қателік өткізбейтін адам болмайды. Ал жақсы адам сол қателігін сезінсе өзгертеді, одан сабақ алады. Бұндай адамды тек «жақсы адам» ғана емес, «бақытты адам!» деуге де болады.

Баяғы заманда, атамыз қазақ «қыздың жолы жіңішке» деген екен. Қазір осы мақалды сәл өзгертіп «таланттың жолы жіңішке» деп қолдансақ қалай болады?!.

Мұнафиқтың шын кеспірін көргің келсе, оған үлкенді-кішілі мансап, аздыкөпті байлық біткен кезінде сөйлесіп көр.

Неге екенін, аузымен орақ орып, тілі мен жағына сүйеніп қалған адамға қатты сене бермеймін.

Тіршілікте адамның ойлағанының бәрі бола бермейді. Дегенмен осындай ойдағың орындалмай қалған сәттерде, өмірден түңіліп, бордай тозып кетпей, есесіне белді бекем байлап, екілене өрге жүзіп, бәрі бір жеңіс тұғырынан көрінуге құлшыну керек.

Қазақ қоғамы қатты саясиланып барады. Кез-келген таксис, кез-келген малшы, құрылысшы саясатыңды «шемішкеше шағып» тұр. Бұл қалыпты құбылыс емес.

Адамдар қазір өте ақылды болып кетті. Оның дәлелі: еш қандай талантты мойындамайды. Сондай-ақ адамдар қазір өте бейшара болып кетті. Оның дәлелі: еш қандай қиындықпен күресе алмайды.

Алла-тағала барлық адамға көз, ауыз, құлақ, аяқ-қол берді. Сондықтан ол көрмей, сөйлемей, естімей, қозғалмай тұра алмайды. Сондықтан сенің оңдысолды жүрісіңді көргені үшін, сені сөз еткені үшін, сен туралы өсек-аяңды естігені үшін, сен жүрген жерлерде жүргені үшін... ренжіме балам!

Жаңа туған нәресте ештеңе білмейді. Өсе келе бәрін де үлкендерден
үйренеді. Әрине, жақсыны да, жаманды да...

Қандай «періште» адам болса да, пендешілігі қалмайды.

Әйел затына «жақсы жігіт» болып көрінгісі келмейтін еркек кемде-кем. Ол үшін әйел затына жағымпазданудың қажеті шамалы. Керісінше ер-азаматқа тән кесек болмысың мен елден ерек биік белестен көріне білсең болғаны.

Бақытты жұбайлар, олар кімдер? Олар - әйелі өзін күйеуіне арнаған, күйеуі өзін кәсібіне арнаған ерлі-зайыптылар.

«Отырып» қалған қыздың бәрі жаман адам емес. Олардың көбісі білім іздеп, кәсіп қуып, сол жолда өзін қолдайтын жақсы жігіт кезіктіре алмай қалған арулар.

Көп қыздардың қателігі - «жігіттердің жүрегін бояуыммен, киіміммен жаулаймын» деп ойлайтындығында. Негізінде қазақ арулары «қыз қылығымен» деген мақалды естен шығармауы керек.

Әйел адам сұлулық пен нәзіктіктің, ер адам - ірілік пен күш-қуаттың өкілі бола тұра, махаббат мәселесінде әйелдерге қарағанда ерлердің тұрақсыз болатыны қалай?!

Бай, кедей болу жаратылыстан емес, ұмтылыстан.

Жер бетінде жаман ұлт, жаман тайпа жоқ. Бірақ жаман адам бәрінде бар.

Тәкапбар адамның ең жек көретіні өзгелердің тәкапбарлығы.

Бұрынғы адамдардың өмірге деген де, бір-біріне деген де махаббаты ерекше болғанын аңғару қиын емес. Бүгінгі адамдарда бұл қасиет сұйылып келеді. Осылай сұйылып барып, суалып жоқ болатын болса, мына тірлікте қаншалық мән-мағна болады деп ойлайсыз?!

Қазақта «қарындасты қапа қылуға болмайды» дегенге саятын түсінік бар. Ол өте ұлы ұғым, текті түсінік. Өкініштісі, бүгінде туған қарындасын «қапа қылу» былай тұрыпты, айтпағанды айтып боқтап, табалап, еңіретіп, түк болмағандай

жүре беретіндерді көріп жүрміз. Мен бұндайларды АДАМ емес, екі аяқты доңыз дер едім.

Оқығаны бес уақ намаз. Ұстағаны ораза. Алайда бауыр-туысқанына еш қайырымы жоқ, ата-анасын иен үйде қараусыз қалдырған, бірдеңе десе оларды (ата-анасы мен бауыр-туыстарын) жер-жебіріне жетіп боқтайтын «мұсылман қазақты» күнде көріп жүрміз. Қазір біздің қоғамда дінді тек қоғамдық абырой, кісілік ұпай жинаудың ғана құралы етіп алған мұнафиқтар аз емес.

Пасық адамдарда намыссыздықты тірек еткен өлермен төзімділік болады. Яғни олар өз мақсатына жету үшін қалыпты адамдар төзе бермейтін физикалық ауыртпалық пен рухани қорлықтарды қайыспай көтере береді.

Ұйғыр халқында ұят-намысы аз, пасық жандарға қолданатын: «Бетімнің қалыңдығы – жанымның рахаты» деген мақал бар. Тілімізде осы мақалдың орны ойсырап-ақ тұрады. Осыны қазақ мақалдарының қорына қосып алсақ қайтеді?! Сонда біздегі «бетінің қалыңдығы арқылы жанына рахат тауып» жүргендер, шамалы болса да азаяр ма еді... дегенім ғой.

Қазақта «заманың түлкі болса, тазы болып шал», «ұлығың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» т.с.с. мақалдар бар. Осындай «ақылды» мақалдардан тағылым алып өскен жас ұрпақ ертең қандай адам болып шығуы мүмкін?!

Пасық адамдар да ақылға қонымды, әлеуметтік мүдде мен этикалық талаптарға сай келетін «ұрандарды» жұрттан гөрі қаттырақ айғайлап айту арқылы өзінің ішкі есебі мен шынайы бет-пердесін бүркемелеуге тырысады.

Пасық адамның санасында обал-сауапқа орын жоқ. Өз бас пайдасы үшін өзгелердің мүддесін күйрете салу, тіпті ең жақын немесе ең қамқор адамын сата салу да түк емес.

Пасық адам –түптеп келгенде қалыпсыз адам.

Елің үшін, ұлтың үшін шамаң жеткен жерге дейін қызмет қыл. Ол үшін Ақыланба! Сол еңбегің арқылы өміріңе мән-мағына дариды, қадір-қасиетің артады. Бұдан артық саған қандай «ақы» керек?! Бұны менің балаларым ғана емес, күллі Алаш жастары жадында ұстасын.

Кеңдік пен ірілік адамның күш-қуатын одан сайын арттыратын қасиеттер.

Адамның жүрегі жұдырықтай ғана жұмыр ет. Алайда кей адамның жүрегіне сол жұдырықтай нәрсе де сыя бермейді. Ал кей адамның жүрегіне тұтас ғалам сыйып жатады. Таң қаласың...

Жалған абырой жалған аяқпен (протез) бірдей. Былай қарағанда бар сияқты, шындап келгенде жоқ.

Ұлы адамдардың бойынан «анау-мынау ақау», «болар-болмас мін» іздесең табыла береді. Ең бастысы, біздің жастар ең алдымен сол ұлы адамдай болуға ұмтылған жөн.

Алдына тек ұлы мақсат қоя білген, һәм сол мақсатының шыңына шыққан адам ғана ұлы адам!

Ұлы адамдар ұлттың мақтанышы, адамзаттың асыл қазынасы. Сондықтан қай ұлттан ұлылар көп шықса, жер бетінде сол ұлттың үні асқақ, еңсесі биік болады.

*** *** *** *** Қазақта «іші тар» деген сөз бар. Негізі ол «жүрегі тар» дегенді білдіреді. Ендеше адамның жүрегі басқалардың жақсылық-қуанышына қуанумен ғана кеңейеді.

Нағыз адам болғың келсе, ойың, сөзің, ісің бірдей болсын! Егер бұның біреуі басқаша болса, онда «арамза» болғаның. Ал атам қазақ «арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» дейді.

МАЗМҰНЫ

Беташар ................................................................................................................7

І Бөлім
«Қазақ» деген жұртым бар...

Бас-көзіміз – Отанымыз....................................................................................9 Ұлттық атау да ұлтжандылыққа бастайды ......................................................11 «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын».........................................15 «Әкеміздің басы бар...» .....................................................................................20 Тіліміз кімге керек бізден басқа ........................................................................23 Азшылықтың қасіреті ..........................................................................................28 Біз ғасыр көпірінде тұрған ұлтпыз......................................................................34 Мен аңсаған Алматы...........................................................................................43 «Қолымда бір қамшым бар....»............................................................................46 Қазақты қалай көбейтуге болады .......................................................................49 «Елге ел қосылса құт болады...»....................................................................54 Елбасы – елдік кепілі...........................................................................................61 Азаттығым мен қазақтығым................................................................................69 Адамдық негізі – иман........................................................................................80 Аңсап жеттім, Атамекен өзіңе............................................................................88 Қазаққа қадірі артық Хасан ағам ........................................................................96 Елбасы және Қазақ диаспорасы........................................................................108

ІІ Бөлім
Елден елдің несі артық...

Шығыс халықтары туралы шындық .............................................................117 Нар беліне лайық жүк...................................................................................... 123 Қытайдағы қазақтар да Атамекеніне көше алады..........................................131 Ортақ Отанымыздың тағдырын ортақ ойласақ игі.........................................133 Көш көлікті, қоныс жайлы болсын десек........................................................136 Сырттағы 5 миллион қазақ отанына орала ала ма?........................................139 Мен Елбасының қабылдауында болдым .........................................................142 Менде жалғыз Отан бар ....................................................................................144 Қайран азаттық ..............................................................................................157 Қазақ әдебиетінің сыртқы насихатын күшейту керек ..................................166

Отан құшағында өткен 10 жыл.........................................................................172 Біздің елде орыстар диаспора болып есептедледі..........................181 Жас ұрпаққа білім мен тәрбиені қалай беріп жатырмыз................................185 Қытайда айтыспен қоса, қазақтың 32 мәдени мұрасы қорғалады ................186 «Халықтың қамын төре жесе қасиет...»...........................................................190 Отан құшағында өткен 20 жыл .........................................................................200 «Бала күнімде бар қиялым ақын болу еді...»..................................................211 Қазақ пен қытай ежелден көрші елдер..... ..................................................... 220 Менің балалығым «балалықсыз балалық» болды........................................235 Ұлтта да ұлы армандар болуы керек................................................................249 Шетелдегі бауырластар туралы заң дайындап жатырмын.............................255 У народа тоже должна быть великая мечта..................................................263 Ата салтың - ұлттық қалпың......................................................................267 Ең ұлы бақытымыз - азаттығымыз............................................................270

ІІІ Бөлім
Ғибратнама

Ғибратнама ........................................................................................................275

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙