TELEGEI

Home

Қарагөз. I нұсқа

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қарагөз. I нұсқа

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

МҰХТАР ӘУЕЗОВ

ҚАРАКӨЗ

(пьеса)
1-нұсқа

3 ПЕРДЕЛІ, 6 СУPETTІ ДРАМА

Ескі ақын-салдар, жастар өмірінен
(Қазақстан білім ордасы жариялаған пьесалар бәйгесіне)
Суретті салт пьесасы

ПРОЛОГ

Ескі пішінді шал. Үлкен ақ сақалды. Үстіне кигені кестелі тон. Барлық киімі үкілі, сәнді, Бір қолында қобыз, бір қолында сыбызғы.

Қазақтың ұлы, қызы!!!

Алдыңа Қарауылдың ардагері, кермаралы шығады. Сарыарқадай сары жайын даланың кешегі бір кезде еркін ескен желіндей, айдынның көліндей шалқып өскен сері жігіт, ерке қыз шығады. Хан мен қара, би мен бек, ана мен баланың қиялын тербеткен жыршысы шығады. Заманның бұлаң жігіт ерке тотысы келеді... Танырмысың?!! (Аз тым-тырыстан соң) танымассың. (Өлеңдетіп).

Ол аса бір соққан желдей,
Алыстағы сары белдей,
Арқаның ақ төсінде, ақ айналы көлдей,
Толықсып аққан селдей,

Шырқап кеткен келмей, алыстағы асқардай,
Алқынсаң да келмейтін, арындап өткен заман ғой.

(Суық, түспен жымиып бәсеңдеп.) Сол күн сенің есіңде қалды ма екен? Ӏз қалдырмай жоғалды ма екен?.. Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен?!. Қайғылы сары өзен сыбызғы үнін ойлай ма екен?!! Бүгінгі қаралы жартас жарық түнде кездескен асықтардың әніне қосқан жаңғырығынан жаңылды ма екен?.. Арқаның қоңыр желі садақ оғына жыртылған жүрегін жалғады ма екен?.. Үзілген күй жаңғырықты ма екен?.. Сері жігіт, ерке қыз бұрынғыдай айтыса ма екен? Ащы дауыс шырқай ма екен? Қарауылдың аңқып ұшқан алғыр құсы Сырымдай бұ күнгі жігіт қияннан тоят тілей ме екен?.. Мұның бәрі ескілік.... Бүгінгі дала жай болып сарылған... Бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы... Жел шалқып еспей күрсінеді... Домбыра күй тартпайды... Жылайды... Қыз ән шырқатпайды, сыбырлайды... Сондықтан... сондықтан!!! Көрінде тоқсан толқып, жүз күңіренген Сырым мен Қаракөз, заманының салтанатты серілігін сендерге әкелді... Тербеуге көнсең — тербетпекші... Сергимін десең — сергітпекші... Сыпайы жігіт, үлгілі қыз! (Суық түспен жымиып.) Мені кім деп сұрасаң? ... Мен кәрі қазақпын! ...Мен сері Сырым, ерке Қаракөздің замандасымын... Мынау үкілі домбыра, мынау адыра қалған сыбызғыны сендерге жеткізуге қалған елшімін. Менің шын атымды сұрасаң??? (Жымиып күліп, басын иіп.) ескі әңгіме, кәрі күймін... Алдыңа әлі де әлденеше рет келермін. (Басын иіп шығып кетеді.)

УАҚИҒАҒА АРАЛАСАТЫНДАР:

1. Қаракөз — бойжеткен қыз. 2. Ақбала — жеңгесі. 3. Сырым — немере ағасы. Ақын-сал. 25 жастарда. 4. Жарылғап — Қаракөздің әкесі. 5. Жабай — Сырымның әкесі. Жарылғаптың інісі. 6. Мөржан — (семіз бәйбіше) Жарылғап, Жабайдың шешесі. 65 жаста. 7. Нарша — Қаракөздің күйеуі. 8. Асан — ақын-сал. Наршаның күйеу жолдасы. 9. Матай — о да Наршаның жолдасы. 10. Дулат 11. Қоскелді      Сырымның жолдастары 12. Дәулеткелді 13. Тұрсын — Наршаның әкесі. 14. Қойсары — би. Бас құда. 15. Текті — құдағи. Наршаның шешесі. 16. Кәмшат—қызметкер қыз, Қаракөздің қасында жүреді. Он шақты қыз-келіншек. Табақшылар. Тойға жиылған қатындар, еркектер.

Уақиға мұнан 50—60 жыл бұрын болған.

1-ПЕРДЕ Ӏ-СУРЕТ

І көрініс Жарылғап ауылының сырты, дөң асты... Кешкі мезгіл: жартас, өзен, қайыңды тоғай, алыста тау, ауыл, шашырап жайылған мал көрінеді. Перде ашылғанда сахнада тыныштық. Аздан соң ауылдан қоңырлатып айтып келе жатқан ән естіледі.

Ән (Баянауыл.)
Ұшады кешке жақын көк көбелек,
Дертіңді сөндірейін су себелеп.
Түскенде сен есіме, ой қарағым,

Жортайын аш бөрідей тау жебелеп.

Ойын бөлмесіне үш жігіт шығады, алдында домбыра тартып, ән салып келе жатқан Асан сал. Асан (салдарша сәнді киінген, үсті-басы қызылды-жасылды, қолында үкілі домбыра).

Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,
«Қош, ағатай!» дегенің естен кетпес.

Артына айналып қарайды. Нарша мен Матай үндемей салбырап келе жатады. (Асан көтеріліп) Уһ... Кең дүниеге шығып сергіп қалдым ғой (Жолдастарына қарап). Ой, шіркін!

Теңселе басқан тең жігіт,
Бейілі мырза кең жігіт.
Бірің — жаға болғанда,
Бірің — берен жең жігіт.

Күйеумін деп сызылған,
Жеңгелерге жем жігіт.
Неге мұнша налыдың
Қайыспас деген ер жігіт!

(Жолдастарына қарап тұрады.)

Нарша. Асан сен бұл күнде еркесің. Сен тұнығы бұзылмайтын айдын судың ақ құсы емеспісің. Қөңілге жақса отырдың, жақпаса ұштың, кеттің. Сүт үстінде қаймақсың, қыз-келіншектің алдындасың. Бір қайғыны айтып жүдетіп жүрмесең.

Асан. Жарқыным, бас алып, құлақ тігісіңді ұнатпадым. Сөз сарында бір кейіс бар ғой, мәнісін айтшы.

Нарша. Біздей жанның қайғысын не бөлу керек? Сезбеймісің? Арғы атам Досаннан бері қарай дәулет қоры үзілген емес. Қол-аяғым сау, басым аман. Өзім жас. Ағайынның аялаған баласымын. Тоқпақ жалды торының үйіріндей қалың, Досанның ардақтысымын. Өзімдей салтанатты қайынға келіп жатырмын. Қыз... Қызық... Айт пен той. Бірақ сонда да менің арманым бар... саған соны айтпақшымын... Менің дертім — Қаракөз!!!

Асан. Қаракөз??!!... Қаракөздің төркіні олқы ма? Сән-салтанаты олқы ма? Не болмаса ақ жүзінде мін бар ма, Қаракөзді хор жігіті олқысынбаса, кім олқысынады? Жас жігіттің алтын тақ пен тәжі Қаракөздей-ақ болады да, не мін таптың?

Нарша. Қаракөзде мін жоқ. Қаракөздің ақылы мен көркі мен түгілі менен зор хан-қара, би-төренің қайсына болса да олқы келмейді. Оны білемін. Қаракөздің мені сыртымен күтуінде, жар есебінде қадірлеуінде мін жоқ.

Асан. Енді не жетпейді? Тойымсыз көңілің енді не тілейді? Қарауылдың асылы, күміс бәйтерегі, бұлбұлы Қаракөз екен. Сен оның алған жары екенсің, өзіңді жар деп қадірлейді екен, енді не тілейсің? Мен ұқпадым.

Нарша. Рас айтасың. Қаракөздей асыл жоқ. Бірақ Қаракөз қара түнде жанған от болды. Мен сенделіп ұшып қанаты шарпылған көбелек болдым. Қаракөз мені тақымына толтырмады... Жүрегінде жалын бар. Сұлу Қаракөзің мені жатқа балады. Жаным деген жақыны бар... Менің қайғым сол. Асылдың екі бірдей сүйгені бола ма екен? Мен нені місе қыламын? Алған жардың көңілінде бірдің өзі болмасаң, маған тіршіліктің несі сән.

Асан (аңырып ойланып). Не дейді?... Кім ол? Осы елдің сенімен бақ талас жарыстыратын жақсысы кім? Соны айтшы маған.

Нарша. Кім екенін білмеймін.

Матай. Кім екені белгісіз. Бірақ соны білу керек. Біздің біле алмай ынтығымыз құриды... Сеп таппасаң, табар кісі жоқ.

Нарша. Аты-түсі белгісіз болса да бақ талай асқан дұспаным бар. Қаракөзге менің құмарым күн сайын асқан сияқты. Бірақ Қаракөздің түсі суық. Маған жат.

Асан (ойланып). Қаракөздің елінде атағы шыққан жас пері Сырым бар. Ол жаланған батыр! Жалындаған ақын, салтанатты сал Сырым... Еліне тентек деген аты шықса да ол сұлудың албастысы.

Матай. Сырымың не, оны не деп айтасың?

Асан (жарыса). Рас... Сырым болуға қисын жоқ. Ол қыздың ағасы... (Ойланып) бұл елде Қаракөздің теңі жоқ. Сұңқарың қарға шықпаса, арғымақ жабы болмаса, Қаракөздей бәйтеректің басын шалар ұл жоқ... Мен мәнісін білмедім.

Матай. Өзге жігітті айтпасаң, Сырым деудің орны жоқ.

Нарша. Сырым демеймін... Бірақ мен деген дос! Сендерден тілейтінім: менің жарамның атын айтып..., түсін танып беріңдер. Бәріңнен де сұрайтыным сол... Қаракөзде ашық күшті. Көшкен елдің жұртына қонған мен жолсызда арман күшті. Мен Қаракөздей тектіге кез болсам етті, кез болған соң оңынан келсем етті. Мына қайғыны зіл қара тастай алып жүргенше, шыққыр жаным шықса етті (Басын төмен салбыратып, өңі бұзылады.) Абиырым өшкенше, аруағым сынғанша, жанбай жатып сөнгенше, бұл күйге жеткенше, қарабет болып кез келген Қаракөз сынды аяулы қайғысынан өлсе етті.

Асан (қасына келіп). Ару жігіт аз ба? Қайғыңа біз ортақ, жасағыңда біз болсақ, жасырынған жау жатағы табылар. Сүйегіңді жасытпа. Қыз қайғысын елеме. Асқақ қызды басынтпа, сыр ұшын берік ұста. Аруағың әлі-ақ басады. (Жігіттер жүріп кетеді.)

ІІ көрініс Аздан соң сахнаға сәнді киінген қыз бен келіншек шығады. Екеуі де қара шапан жамылған.

Ақбала. Ұшығыңа жеткізбеген бір баласың ғой, әйтеуір. Наршаны менсінбейді дегенді жұртқа не деп айтарды білмеймін. Осы елдегі бас көтерген жақ жігіттің талай тоғыз-тоғыздан жолын алып, сенен бір ауыз жылы жауап әпер дегенде, жалғыз сөзге зар болып едік. Аяғына бір күн отыртқан жоқ едің. Қашаннан іс еді? Сені жолдан тайғызған кім, соны айтшы?

Қаракөз. Кім екенін айтпаймын. Бірақ осы жерде түсін көресің. Бұл істің басталғанына көп болған жоқ. Қара түнді жамылып, құдай атын айтып екі-үш-ақ ай болды. Содан бері аз-ақ көрістік (Тым-тырыс.) Бізді қосқан желік пен құмарлық емес. Бізді қайғы қосты. Апам өлгеннен бері көңілімде болған жетімдік, күйік қосты. Саған айтатын үлкен сырым осы.

Ақбала. Атын айтшы, ол кім? Таңдап тапқаның қандай жан? Айтшы, төрем! Бұл күнге шейінгі мықтылығың да жетпей ме?

Қаракөз. Айтуға болмайды, (қиналып) аузым бармайды. Атын атамасқа уәде қылғанмын. Сырттағы жанға сыр білдірмеуге уәдеміз берік еді (Ойланып.) Білдіруге боларлық та нәрсе емес еді. Зор күнә ғой ол. Бір құдай өзі кешер...

Ақбала. Маған көрсетемін деп алып келгенде, атын атауға болмай ма екен? Аты аталмайтын кім ол? Буыны қатқан кәрі, бұғанасы қатпаған жас емес шығар.

Теңің шығар, неге соны жасырдың? Көрсеткелі тұрып атын неге атамайсың?

Қаракөз. Ол менің өмірде беті ашылмай кететін сырым... Айтқанымды ұқ, соған тоқта. Саған көруге болады, тілмен айтуға жол жоқ... Осы, көңілге тоқы. Бар күйігін көріп қана білу керек... Жайым осылай болған соң, сенен алатын уәдем бар.

Ақбала. Айт, не уәде аласың. Қандай уәде бер дейсің. Жасыңнан сырың басқа болып өсіп, қатыбас болған баласың ғой. Мені шегелемей айтады деп отырғаным жоқ өзім де.

Қаракөз. Сенен алмақ сөзім: бүгін көретін кісің мен екеуміздің арамыздағы іс, жел сөз болып аузыңнан шығып кетпейтініне маған сенім бер. Не сұмдықты көрсең де ішіңде сақта... Ұзақ сапарға аттанарда жеңгелік қарызыңды өте дейтін бір-ақ жерім бар. Ол осы жер. Қойныңдағы күйеуің менің ағам болса, сыр шашпайтын жақыным сол десең, соған да айтпа, осыған уәде қыл...

Ақбала (Тоқтап тұрып). Сол айтқаныңның бәрін де атадым. Уәде... Сендің бе?

Қаракөз. Сендім. Жалғыз-ақ не көрсең де шыда... Осы жерде де, кейінгі уақытта да сыр берме... Атын сұрама — көзің көреді. Қазір келеді. Сабыр қыл. Күте тұр. (Тым-тырыс. Қыз ақырын ән салады. Сыбдыр естіледі. Бес-алты салдар келе жатады. Ортасында Сырым.)

Ақбала. Төрем-ау, мырза жігіт келе жатыр ғой? Бұлар бірдеңе сезген бе, не ғып жүр? Әлгі келетіндерді аңдып жүрмесін.

Қаракөз (Жүзі сұрланып). Шыдай тұр... Бұлар жаулық қылмайды. Сырым бізге жау емес.

Ақбала. Не дейді?.. О да біле ме? Бұл тентек еді, бірдеме деп ұрсып жүрмесін.

ІІІ көрініс Салдар бұларға тура жүреді. Сырым аяғын асығып басып Қаракөзге тура келе жатады. Салдар тегіс сәнді киінген, үкілі домбыра.

Қаракөз (Сұрланған жүзбен қолын Сырымға қарай созып). Сырым..., жүрегім.

Сал Сырым (Құшағын жайып Қаракөзге таман келе жатып). Қара түндей күнәнің ортасында жанған шамдай жарығым, маңдайдағы жұлдызым... Торға түскен ақ тотым... Келші күнім... (Екеуі асығып келіп құшақтасып сүйіседі, салдар күлісіп қарап, қосылып домбыра тартып тұрады.)

Ақбала (шошып жағасын ұстап). Астапыралла, мынау не деген сұмдық. Бір туысқан әкелердің балалары: көздері тіріде..., құдай-ай, кәріңнен сақта. Төрем! Сені қара басқан екен ғой (жағасын ұстап жүдеп кейін шегінеді.)

Сырым (Қаракөздің құшағынан босанып, Ақбалаға). Тоқтат сөзіңді... Кекселенбей. Сен сынаймысың бізді, ол Қаракөз, мен Сырым... Қаракөздің Сырымнан артық жері болушы ма еді. Бізді құдайыңның өзі қосқан. Сәулемнің менен өзге теңі кім, мен жылап жүріп тілеп алғамын.

Қаракөз. Жеңеше, мен саған бәрін айтқанда атын неге айтпады дейсің, айтуға аузым бармағандық — көзі көрсін дегенмін. Сүйгенім Сырым болмаса, мен жалғыз дер ме едім... Сенен көмек сұрар ма едім.

Ақбала (Төмен қарап жуасып). Мейлің шырағым... Тек құдай бетіңнен жарылқасын. Құдай атын айттым, уәде бердім. Менен шашау сөз шықпайды, өзің біле бер.

Сырым (Қаракөзге). Ақбала да біздік болды, сәулешім. Енді қобалжыма, салдарым, жұрт бізді айырам десе де, біз қосақталып өлейік, айтыңдар Қаракөздің әнін. (Салдар қоңырлатып ән салады, Ақбала жерде тұрады. Сырым мен Қаракөз құшақтасып бір тастың үстінде отырады.)

Ән (салдыр-күлдір домбыраны қосып, бәрі қосылып ән салады).
Күзетші біз отырған жауды барлап,
Сыртында дұспандар жүр, жындай сарнап.
Екі асық, ынтық болған мұратқа жет,

Жау жатсын іші күйіп онда зарлап.
Қошамет сөз айтамыз сендерге арнап,
Қостайды салдар сізді асық жарлап.
Мақұлдар теріс десе, жолын алсын,

Береміз қалы кілем, қара нарлап.
(Сырым күрсінеді.)
Асықты құдай өзі жаратыпты,
Асық қып бір-біріне қаратыпты.

Адам да Xaуa анаға болған асық,
Солардан асықтарды таратыпты.
Қуаныш ұзақ болсын сүйіскен жас!
Жаманға асыл, жасық бәрі бір бәс.

Асылды асыл ғана таңдайтұғын,
Асыл жас бірігіңдер бір бас — бір тас.

Бұл уақытта Сырым, Қаракөз қоштасып, сөйлесіп отырады. Салдар бұлғақтап, кербезденіп жүріп айтады. Салдар Ақбаланың айналасына ақырындап жиналады, ақырындап ән салып отырады.

Сырым. (Қаракөзге). Күннен күн өтіп келеді. Көрмесем деген күнге тақап келеміз. Бүгінгі ақ күн, бүгінгі ақ кеш, онан соң қоштасу... Көз тіріде айырылу. Сен жат елдің жесірі, жат ауылдың келіні боласың. Ерке тотым Қаракөз!

Сен бүгіннен соң маған бөтен боласың. Әлдекімнің жары боласың. Көрмесем деген күнді мен шынымен көремін бе? Мен сонда не боламын? Кімді іздеп өмір сүремін... Жұртта қалған жетім қозыдай, осы сайды күзетіп қалғаным ба?

Қаракөз (Мойнынан құшақтап отырып). Қайтейін, күнім?!. Мен құтты орныма қондыра көр деп кімді асықтырдым? Менде не ерік бар, мен жатқа кеткенде қызық іздеп кетемін бе? Не қызық іздеп барамын?

Сырым. Ендеше неге кетесің? (Қаракөз үндемей қалады.)

Дулат (Салдың бірі қолында домбырасы Ақбалаға жақындап келіп). Жаным-ау, әлі осы мен ай қарап отырмын ба? (Өлеңдетіп.)

Күндіз-түні ел шарлап,
«Қыз-қыз-ай» деп жас парлап,
«Ақтамақ» деп жыл сарнап, —

жүргендегі іздегенім осы тұрған Ақбала... Бәйтеректей жапанда жалғыз біткен тақ бала емес пe еді (Құшақтайды.)

Ақбала. Адасып жүріп айға бата қылғандай, аяқсыз жүріп кез келгеніңді мен қайтейін (Құшағынан босанады.) Біз десең бұрын көрмеп пе едің... Мазағына жоқпын жаным (Күледі. Бәрі де сейіл қып, құшақтасып сахнадан кетіп қалады.)

Сырым. Мені тойымсыз қылып жүрген құмарлық болса, Қарауылдың өзге қызы мен қызығы жетпеп пе еді? Сені қара түнде қауіп үстінде ажалдан айырғанда, ақ боранда даладан тапқанда, енді айырылмастай болып табыстық деген жоқ та едік?

Қаракөз. Оның несін айтасың, мен соның бәрін өтірік деп тұрмын ба? Мен сол уәдені, сол түнді ұмыттым ба? Маған да сен болмасаң, өзге кісінің басы қайғы болар ма еді? Сен болғандықтан менің қайғым жанымды жеп жүрген жоқ па?

Сырым. Сырым сені жалықтырған шығар әлде? Сырым сал... Оның қонарын сай біледі, көшерін жел біледі. Оны сүйетін туысқан жоқ. Ағайыны жатша қуып жау санайды. Ол жал-құйрығы келте біткен тұлдыр. Ол жаман атты тентек. Ол шешесінің теріс батасын алған. Теріс батаға кездескен жолсыз... Сондықтан оны тастаса да түк етпейтін шығар... Әлде осыны ойлаймысың? Маған барыңды айтып кет. Өмір бойы осы қинау жеткен жоқ па? Неге келдің? Мені неге келтірдің? Баяғы қорғаншақтық болса мені неге шақырдың...

Қаракөз. Сағындым, көргім келді, сондықтан шақырттым. Әйтпесе менен бір ой шығады дедің бе?..

ІV көрініс
Салдар кіреді.
Дәулеткелді      (Бәрі қосылып)
Қоскелді

Дулат
Ақбала! Мен қайтейін қабағыңды? (Толқыма)
Әлі де ұмытқам жоқ баяғыңды.
Келген сайын ұрысып дарытпайсың,

Қашан түзу басасың аяғыңды?
Ақбала! Мен кенейін тамағымды,
Сендей қайтып ұмытам қарағымды.
Елжіреттің, еріттің, қызықтырдың,

Қанеки, көтере бер тамағыңды.
Үш сал жан-жағынан құшақтап келіп, сүйіп, ойнап сырласып өтіп кетеді.

Сырым. Сені көзім көріп тұрғанда, мен зорлыққа көне алмаймын. Сен мен үшін, мен сен үшін жаралғанмын. Еркем, мен жатқа бере алмаймын. Сен менен кетсең, құшағым бірге кетеді. Менің серіліктен айырылғаным тірідей өлгенім, шала жанып сөнгенім, сенсіз маған дүние тұл, өрттен қалған денем құл... Өртеймін десең өзің біл. Болмаса, сенсіз қалған Қарауылдың жайлауы көр емес пе?.. Сен кеткен соң жарық айлы түн, жұлдызды жарық кеш неге керек... Қалған дүние, қалған өмірді көргенімше — екі көзім көр болсын... (Салдар кіреді.)

V көрініс

Дулат (Қаракөз бен Сырымға).

Жас өмір, сылдыр-күлдір әлі-ақ өтер,
Қызығың бірі қалмай, бәрі кетер.
Бүгінгі алмадайын Қаракөзім,
Сол күнде күйің не боп, күнің нетер,

Қарағым көп күрсінбей сөзің бітір,
Күткен көп үйге қайтар уақыт жетер.
Салдар мен Ақбала күліседі, ақырын ән айтып, сахнадан шығады.
VІ көрініс

Сырттан салдардың әні естіліп тұрады.

Қаракөз (Күрсініп, қайғы пішінімен отырған Сырымға). Күнім, сенің бұл сөзіңді мен ойламай жүр ме едім? Мен кеткенде не болам десең, сенен қалғанда менің де күнім қараң екенін білмей жүр дейсің бе?.. Бірақ екеуміздің басымызға осы күнә да жетпей ме?.. Әке-шеше қарғысын қайтеміз, аруақты қайтіп сындырамыз... Сен ойламаған сөзді мен ойлап, жүдетейін деп отырғаным жоқ.

Сырым. Бұл мені елмен бірге тентек дегенің ғой... Сен де маған теріс қарағаның ғой... Мені ағайын сөккенде аруаққа қылған шет жұмысым қайсы еді?.. Мен Қарауылдың жылаған қызын теңіне қостым. Елге тентектігім сол, сері жігіт ерке қыздың көңілін жабы қылмай сергітемін деп сауықшыл, ойыншыл болдым. Мен жаспын, менің бұзықтығым со ма? Ер жігіттің жолы болсын деп көмек қылдым... Терістігім со ма?..

Қаракөз. Айтқаныңның бәрі рас. Ел кінәласа да мен кінәлап па едім, мен жолың болсын дегенім қайда... Мен сол үшін сені сүйгенім қайда? Бірақ мынау жат іс қой, бұл ұлы аруақты жүдететін іс қой.

Сырым (түрегеліп). Олай болса сені жылатқан әке-шешемен менің бітімім жоқ. Қарғамаса атып жықсын. Қара басым қара жерге кіргенше менің ешкіммен елдігім жоқ. Енді қош бол... Сенің күйігіңді көзіммен көрер шамам жоқ. Құдай қосса көрермін, әйтпесе түз құсы болып кеткенім осы. Мені Қарауылдың елі-белі көрмей-ақ қойсын, ұры болам ба, қары болам ба, қаңғығанның алды осы түннен басталсын.

Қаракөз. Жоқ..., жаным..., оны істесең мен риза емен... Сен мені ертең ұзатқан жеріме келесің. Мені барар еліме апарасың... Әйтпесе бір емес, екі өлгенім... Мені осы жерге өлтіріп кет! (Сырым жүруге айналғанда қолынан ұстайды.)

Сырым. Жоқ.... жоқ... Мен енді сенің бетіңе шіркеу келтіретін іс істемеймін..., менің болмағаным артық... Мен елдің қызығын бұзып кетермін. Жаралы жас аюдай дұспан атаулының бетін тырнармын... Мені босат.

Қаракөз. Сен алғыр құс ақ тұйғын, өзгелер қара қарға... Сенің күндегі алатын жеміңді аяймын ба? Сыртыңнан жырлаған жау алдында шыдай алмай, именіп кететінін көріп кетемін, мені сен апарып салмасаң көзімнің жасын кім тыяды? Қайғылы басымды кім сүйейді?.. (Тым-тырыс.)

Сырым (ойланып тұрып). Олай болса жарайды... біз келерміз. (Құшақтасып сүйісіп, айырылуға айналып.) Қарағым-ай бір атадан неге тудың? Тумағыр басым, неге тудым Жабайдан. .Сондайлық қарғыспен тудырғанша, бұл туысты бір қылмасаң не етуші еді? (Қайғырып тұрады. Біраздан соң Ақбала салдармен бірге сахнаға келіп шығып, Қаракөзді ертіп шығып кетеді.)

VІІ көрініс
Ақбала, салдар.
Салдар Сырымның қасына келеді.

Дулат. Жарықтығым, қабағыңды қарыс жауып не қын тұрсың. Не деп жүдетіп кетті..., қол ұстасып бел асуға шыдамады-ау Қаракөз...

Сырым. Қаракөз шыдамады... Біздің енді не боларымызды құдай білсін... Бірақ Қаракөзді Тұрсындікіне апарып салатын болдық. Ертең той. Айтылатын жар-жар бар... Қаракөздің кетер күні Қарауылдың елі мен белін күңірентіп кетсін. Біз ертең қыздар тобында болып, жар айтармыз. Жарылғап пен Жабайға қоштасқан сөзді қоса айтамыз...

Дулат (бекініп). Дұрыс осы. Қаракөзімізді әкететін жауларға тым болмаса бір оқ атып қалайық. Ең болмаса барып-барып жығылмас па екен... Әкетсе де соққы жеп кетсін. Несіне біз сері болып жүрміз. Неге қарап қаламыз?..

Сырым. Рас айтасың...

Қоскелді. Бәрекелді жақсы болды, тілді безеп бір байқалық... Өзіміз Қаракөз кетеді дегелі жабы болып барамыз.

Дәулеткелді (әндетіп, домбыраны соқтырып).

Мен айтайын жар-жарым,
Ақ отауды тіккен жер,
Майдан болсын, жар-жар!
Ақ жүзімді көруге айнам болсын, жар-жар!

Қандай жақсы болса да қайын атам, жар-жар,
Қайран менің әкемдей қайдан болсын, жар-жар!

Сырым (тоқтап). Жоқ, біздің жар-жар бұл болмайды (көтеріліп, сергіп.) Біздің өлең:

Қаракөзің жанына,
Жара салған жарына,
Күңіренткен зарына...
Дулат.

Қайғылы болған халына,
Айырбас болған малына,
Қоскелді.
Артта қалған ағайын,

Туғаны мен барына,

Сырым (басын изеп).

Назаланып малына,
Бетін ашып тарыла.

Айтқан сөзін жыр қылармыз, осыған тіл беріңдер! (Өзгелер күліседі. Аз тым-тырыстан соң.) Күнә болса күнә... Мен Қаракөзден қалмаймын..., күдерімді әлі үзбеймін. Бұның күнә болатынын білсе, әлгі бір немесі мені еркек, оны ұрғашы қылып неге жаратты? Мені алғыр тұйғын, оны айдынның ақ құсы қылып неге жаратты? Мені жігіттің ардагері қылып, оны Арқаның аруы қылып неге жаратты?

Дулат
Қоскелді      (Қосылып).
Дәулеткелді

Бәрекелді, сал Сырым,
Көрсетсеңші сән түрін.
Тарқатсаңшы ой кірін,
Айтушы едің сен бұрын,

Шырқатсаңшы ән бірін.

Сырым. Баста, олай болса Қаракөзге (бәрі қосылып, ән салып кетіп бара жатады.)

Ән (Қаракөз).
Серінің қыз құтылмас талабынан,
Қалқатай, бір сүйгізсең тамағыңнан.
Жеңгетай, тоғыз торқа толып жатыр,

Сілкіп ал шалбарының балағынан.
(Сахнадан шығады, кетіп бара жатып):
Қаракөз айым,
Қалдың кейін.

Кеткенде сен алысқа,
Зар еңірейін.
VІІІ көрініс
Асан сал кіреді.

Асан (Ойланып, әндетіп).
Қара шапан жамылып,
Қыз кетеді бір жаққа.
Ән шырқатып қағынып,

Сал кетеді бір жаққа.
Салқын кеште сейіл қып,
Кім келеді бұл тасқа.
Жолығуға ыңғайлы,

Болғандай-ақ жолдасқа,
Сонда да мұнда сыр басқа.
Ойланып тұрып, ақырын ысқырып жүріп кетеді.
Шымылдық

2-СУPET

І көрініс Той күні. Сахнада үш-төрт бөлек қатындар, қыздар, келіншектер тобы өтеді. Тойға жиылған әйелдер, сәнді киінген күлкіші желекті бір топ қатын оқшау тігілген отаудың сыртын көріп:

1-қатын. Қыздың отауы осы ғой... Күйеулер осында ма екен?

2-қатын. Қой бұл емес шығар... Ана жақта бір ақ үйлер тұр ғой...

1-қатын. Жоқ, осы. Анау дөдегелерінен танып тұрмын. Біздің ауылдағы ұзын тұра қайнағаның бәйбішесі істеген осыны. Ӏші қандай екен, кірсек қайтеді? (Қатындар келіп кіреді.)

3-қатын. Алған малын түгел жасаймын деп отыр деп еді, семіз бәйбіше, пәлен-бәтіре ешнәрсесі көрінбейді ғой өзінің.

1-қатын. Бұл жолы бермейміз, жасау-жабдығымыз дайын емес дескен екен... Қыздың бозалаңдап жүргенін сезіп, тоқтатпай беретін болыпты ғой. Сондықтан шала-шарпы ісі бар шығар.

2-қатын. Қаракөзді бұзып жүрген кім екен-ай? Сұлу-сұлу дегенге босқа асқақтап жүр ме? Әлде күйеуі жаман ба екен?

1-қатын. Кіммен бұзылғанын білген жан жоқ дейді, әйтеуір мына күйеуіне риза емес болса керек. Бірақ күйеуі кем емес, кім біледі...

3-қатын. Қойыңдар, күйеуді көрейік (шығады.). Мынау үйді жар-жарға дайындап қойған ғой тегі.

2-қатын. Жар-жарды кім айтады екен?

1-қатын. Жүр ғой осында салдар... солар айтады да. Сырым да жүр екен... бұл жолы қайтер екен... Өзгенің қызын ұзатқанда күйеуіне риза емес деп, қайдағы сұмдықты айтушы еді. Айтқыш болса, өз қарындасының наразылығын айтсыншы, көрейік.

2-қатын. Сырым айтпас деймісің, оны да айтады. Бұл күнге шейін ой-қырына қарап көрген жоқ, іркілер деймісің, (тамсанып), осы біртүрлі-ау өзі, бетің бар, жүзің бар демейді.

3-қатын. Өзінің жүзіне қарауға шыдай алмаймын! Осы бір алмасы бар сияқты.

2-қатын (Күліп). Құрып қалғыр, қызығып жүр екенсің ғой (Күліседі.)

1-қатын. Қызықса неменесі бар? Жас болмап па жұрт? Бір қатынға Сырымның басы татитын шығар... (Табақшылар өтіп жатады, үлкен-үлкен табақ ет көтеріп.)

ІІ көрініс

Алғашқы табақшы. Ой, қатындар, құр кісі жоқ үйді айналдырғанша, ана ізденін отырған жігіттерге, күйеулердің үйіне барсаңдаршы... Бар жігіт атаулы, ізденген қатын-қызбен салы бар, бозбаласы бар.

2-табақшы (жүріп келе жатып). Ӏзденер де түр жоқ қой өздеріңде... Өңшең бір лақса, бұларды кім керек қылсын.

2-қатын. Одан да етіңді тасы жөндеп, саған жігіт тауып бер, басымды өткізе алмадық деген кісі бар ма? Осы ауылдың мал-қойшысы бейбастақ келеді үстіп.

3-табақшы. Қой, бұларға бөгелме, алып жүріңдер табақты, ана құдалардың үйіне астарыңды тез бер деп жатыр.

2-табақшы (Кетіп бара жатып). Бәлем, сен қатындармен ісім түссін, жігіт пысқырып қарамаған соң, ызалы болып ширығып отыр екенсіңдер, сендер ашулансаңдар дүние ойран болады ғой.

2-қатын. Жігіт қарамады деп, саған жалынамыз ғой, сұқсырдай неме?.. (Күліседі.)

3-табақшы. Бүлінбей-ақ қойыңдар... сендерге де өліп-талып тұрған кісі жоқ әзірше... Ашамайдай қылып не қылсын сені арса-арса қылып. (Күліседі. Табақшылар кетеді артынан қатындар жүреді.)

ІІІ көрініс Аздан соң Ақбала, екі келіншекпен бірге қолдарына жасау алып отауға келіп кіреді.

Ақбала. Ол жібекті мына шымылдыққа іл, оңайға қой, жаршы қыздардың жамылатын жібегі ғой.

1-келіншек (үйді жасап жүріп). Жігіттерден жар-жар айтатын Асан болады, ол бір самар көрінеді, қыздар ештеңе айта алар ма екен?

2-келіншек. Е, айтпай!! Олар да естімей жүр деймісің, бүгін туып па?.. Жар-жарды еркемнің өзіне айтқызса Асаннан асып түспесе кем түспес еді. Ұзатылатын қыз болған соң иба қылады ғой, әйтпесе Сырымнан екі елі айырылмаған, ылғи өлеңмен ән үйреніп алып, ойын-тойда тамам қыз-келіншектің алдына түсуші еді.

Ақбала. Олар үшін айтатын кісі табылар, мырза жігіт бұрынғы әдетінен жаңылмаса, жігіттерге қосылар деймісің.

1-келіншек. Кім біледі? Әжемнен қаймықпаса, ұрсады деп.

Ақбала. Бәрекелді қаймығатын кісіні тапқан екенсің, әжем қарғағаннан басқа оған не қылады. Айтар қарғысын айта берер, теріс батасын беріп болған. Оған тыйылса мырза жігіт ай қарап жүр деймісің, ол өз бетінен қайтпайтын тентек емес пе?

2-келіншек. Япырмай, әжемді әкелері осы күнге шейін сыйлап қорқып тұрады, Сырым неге соларша қадірлемейді.

Ақбала. Жас күнінде шешесі өлгеннен бері, әкені әке демей, шешені шеше демей, жат бауыр болып кетті дейді ғой.

1-келіншек. Болса болар-ау өзі, мына шешесінен өгейлік те көріпті ғой бала кезінде.

ІV көрініс Қолында таяғы бар, жуан семіз бәйбіше Мөржан шығады. Жанында Кәмшат сүйемелеп келе жатыр.

Мөржан (Отаудың есігіне қарап тұрып). Болдыңдар ма түге, Ақбала мұндамысың?

Ақбала. Болдық әже! Енді құда-құдағилар осында келеді ғой?

Мөржан. Тысқа кілем әкеліп жайыңдар. Жұрттың бәрі үйге сия ма? Қаракөз аттанғанша құда-құдағиды төбеңмен тік тұрып күт. Қаракөз қайда өзі. Ол үйінде неге отырмайды? (Тым-тырыстан соң Ақбалаға оңашарақ.) Мен бүгін бір суық сөз естідім, осындағы қатын-қалаштың бәрі сөйлеп жүр дейді, ол тағы не сұмдық. Сен білуші ма едің? Ауылға, аруаққа нұқсан келтіретінін білем деймісің сен. Сезгеніңді айтпай жасырып жүрсің ғой дәуде болса.

Ақбала. Жалғыз мен емес осындағы жұрттың бәрі біліпті. Төремнің риза еместігі Наршаға да мәлім болыпты. Білгенмен жұрт қайтушы еді, мен қайтейін?

Мөржан. Нарша да біліпті дейді? Шынымен-ақ менің асыраған балам жаман атты болғаны ма? Үлде мен бүлдеге орап, алтындай сақтап келгенімді бір-ақ күнде шайғаны ма? Бұның не білген ойы бар, шақыр мұнда Қаракөзді (Кәмшат кетеді. Табақшылар ет алып өтеді.)

3-табақшы (асығып келе жатып). Болыңдар қазір ойын болады, тойға жиылған жұрт енді ойын болсын деп асығып отыр. Қаракөзден аяйтын не жан бар, сал шыбыныңды.

2-табақшы. Қаракөз келетін болса жарар еді, кететін болған соң қиналдың не, қиналмадың не? (Кетіп қалады.)

Мөржан (ойланып тұрып, ашулы). Жетім қозы тас бауыр деп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, туған шешесін жоқтатпайын деп келсем де, барлық қадір-қасиетімді басқа тепкені ме? (Тым-тырыстан соң Ақбалаға.) Мұны бұзып жүрген кім? Наршадан асып тапқаны кім, менсінбегенде?

Ақбала. Әже, Наршаны жақтыртпадым дегені болмаса, басқа кісі бар деп ешкім ешбір сөз айтпайды, бар болса да, ол кісіні білген тірі жан жоқ, мен де түк білмеймін.

Мөржан. Иә, сенгенім-ақ (кекетіп), соның сенен жасырын сыры бар шығар, баламның ойын бұзатын әзірейілді иіскемей-ақ білемін. Жеңгемін деп қас істемейтін сен сияқтылар істейтінін сезбейтін шығармын, тек қонақ аттансын сенің ініңе су құярмын, білдің бе?Көп келіншек нөкерімен сәукеле киген Қаракөз келе жатады, Қаракөз мұңлы. Алыстан шуылдап ойнап жатқан дауыстар, ән естіледі. Сахнадан Сырымның жолдастары үш-төрт салдар, бес-алты қыз-келіншек құшақтасып ән салып өтеді.

V көрініс

Мөржан. Қарағым! Неге жүдеусің? Мынау отауыңа ұзағынан сүйіндір деп оң аяғыңмен аттап кір... Атаң күйеу, енең келін боп тілеу тілеп кірген, ақ күмбезі осы болар, әлде кімнің қызынша орынсызға именіп; жасқанбай бойыңды дәл ұста... (Қаракөз кірмей, үндемей тұрады.) Кір жарығым, жасық боламысың шіркін, әлде немене!..

Қаракөз. Әже-ай! Шығармыз да, кірерміз..., оның несін ырым қылдың... Қай қыз сапарымды оңда деп тілеу тілемеді дейсің. Соған қарап бағы ашылатын болса кім тілемес дейсің? Жылы ұядан шығып жат ұяға кетіп барамыз, одан да батаңды берсеңші.

Мөржан. Менің бата бермей жүрген балам ба едің сен. Апа сүтім, ақ батамды ақтамасаң саған серт, тілеуіңді тілемесең маған серт дегенім қайда? Қайдан білейін туысқаның Сырымша ата-ананың теріс батасын арқалап, аруақты күңірентіп жүрмесең (тым-тырыстан соң.) Басқан ізіңнен сынайтын жаттың ортасына барасың, сақ бол. Басқа пәле қызыл тілден деген сөз бар. Ата сақал аузына біткен сенің әкең Жарылғапты қағып отырсам да, сені бір күн алдыңнан шығып, көлденең келгем жоқ едім. Өркөкірек қылып өсірген өзім едім, өлшеуіңнен аума, жаным.

Қаракөз. Әже, мені бір шаруаға шақырттың ба, әлде бір айтпағың бар ма еді?

Мөржан. Қарағым, айтпағым бар екені рас (аздан соң), сенде ішке жиған бір наразылық бар сияқты, қызығын қызықтағысы келмеген бір жараулық бар дейді.

Сенің қызығыңа қараған шешең мен үстіңе жаным шықсын деген анаңмын. Саған жаман ат тағылғанша, менің қартайған басыма ол қайғыны салғанша, құдайдың алғаны артық деп жүрген адаммын...

Қаракөз. Мен сонша жаман атты болыппын ба? Не істеппін?

Мөржан. Сенің қабағыңа қарап, Нарша да жүдеп отыр дейді..., оның да қабағы сынық сияқты маған. Одан артық сұмдық бола ма, бұл менің көрер күнім бе еді? Осыны бір емес, көп жұрт айтты. Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.

Қаракөз. Неге сұрамайсың, сұрағаның лайық емес пе? Бітеу жара қылып ішіңе сақтасаң дерт болмай ма? Мені бұл болмаса, күл болсын дегенің бе... Әйтпесе қызының күйін шеше сұрап білсе мін бола ма екен?

Мөржан. Жоқ... жаным... маған сұратпа, маған ол күйігіңді білдірме... Айтпағым сол, осы білгенім де жетер, менің кәрілігімді ұмытпа. Шешеңнің ауыр салмақ көтерер сиқы жоғын байқа..., мына тойыңды қуанышпен өткіз..., жабы болып жолдасыңды жасытпа. Ондағы баратын ауылыңның, мұндағы ата-анаңның жүрегін мұздатпа...

Қаракөз. Кім болса да қолынан келгенін істер...

Мөржан. Балам, жоқ сұмдықты бастама..., жұрттан естіп жатқан сөзім де жетер. Салғыласпа енді меніменен... (Жақындап келе жатқан ән естіледі.) Болды енді үйге кір...

Қыздар үйге кіреді. Ақбала мен Қаракөз сырласып сөйлеседі, өзге қыздар бір жақта күлісіп, сөйлесіп тұрады. Бұл уақытта сахнаға күйеулер тобы шығады. Ӏшінде Асан сияқты салдары бар..., бір бөлек болып құда-құдағилар шығады. Құдалардың ішінде Тұрсын, Қойсары би бар. Текті бәйбіше қасында, Жарылғап ауылының қатындары, құда-құдағилар, бұлар салулы кілемге отырады. Тойға жиылған ел, күйеулер тобының жанында болады, Асан сал әндетіп шығады. Маңайындағы жұрт қамалып, күлісіп, қуанысып келе жатады.

VІ көрініс

Мөржан (Наршаның алдынан). Қарағым, ұзағынан сүйіндірсін. Қыз алғанша қайын жуан, қыз алған соң күйеу жуан деген. (Бұл уақытта Нарша, Асан барлық жолдастарымен Мөржан бәйбішенің алдынан сызылып тәжім етеді.) Енді Қаракөзім де бір, сен де бірсің. Екеуің қара өзегімді қақ жарып шыққан баламсың.

Келші бермен (Нарша қасына келеді, Мөржан маңдайынан сүйеді.) Өмір жастарың ұзақ болсын, қарағым.

Текті. Құдағидың мейірімі түскен баласы еді Қаракөз. Нарша екеуі тек ақ батаңды ақтайтын болсын, біздің де содан басқа тілейтін тілегіміз жоқ.

Жарылғап. Кемпір шешенің содан артық не тілегі болады, тек балалар бақытты болсын, ұзағынан сүйіндірсін, бәріміздің де тілегіміз сол.

Тұрсын. Не нәрсе де ұзағынан берсін, біздің анау-мынау сөзіміз жолда қалатын сөз ғой, тек әке едің, үлкен едің деп айтқан болмаса, өздерінің түз еңбегі жарасса, әке-шеше былай қалады ғой.

Қойсары. Ақ батаны беріп, адал тілеуді тілеу — ата-ананың міндеті, көл болған көп тілеуін орындау — адал туған ұл мен қыздың міндеті.

Мөржан. Балаларым, жақсы болсаң, кеудеңде санаң болса, үлкеннің тілеуі де, батасы да осы болар. Жаман болам десеңдер бізді өмір бойы бөктеріп жүрмессіңдер, өз күндеріңді өздерің көрерсің, әйтпесе, іріген-шірігеннің бірі болып жүрерсің. (Бұл сөзді тыстағылар мен үйдің ішіндегі жұрттың бәрі тыңдап тұрады.)

Жарылғап. Кәне, ойындарыңды бастаңдар.

Дауыстар. Иә, енді ойын басталсын, ойын басталсын, кәрінің ақылы айтылмай қалмас, кейін де айтылар. Жаршылар! Шығыңдар енді, қыз-келіншек күтіп тұр (Күліседі, салдар мен ел жігіттері бөлініп шығады.)

Асан.
Жар-жар болса, жаршы біз,
Айтысам деген ақын қыз
Бой көрсетсін тығылмай,

Айтысатын ақынбыз (аз тым-тырыс.)
Тәтті ауыздан дәм кетпей,
Қиналып маңдай терлетпей
Айтысам десең, бастаймыз

Тыңдаушыны шөлдетпей.

Қыздар сыбырласып, ақырын күлісіп, жібек шәлі жамылып, төрт-бесеу топтанып, босағаға таман келеді, бұл уақытта Сырым көп жолдасымен сахнаға шығады — бәрі де сәнді салдар.

Көп жұрт. Салдар-салдар келеді (Жол беріседі.)

Асан (Сырымға). Қай топқа қосыласың?

Жарылғап. Қай топқа қосылғаны несі — бұл еркек емес пе, еркекке қосылады да.

Мөржан. Оны істесе Сырым бола ма (Кекетіп күліседі.)

Сырым (Құдалар жаққа қарап).

Күлген кісі күлер
Күлмегенің түнер
Тіл орамды ілер
Мұндайда ақын бір түлер.

Түлегенде не дер —
Оны Сырым білер.
Жалғыз-ақ топтан тілек бар.
Тентек атты Сырым ғой,

Не сөз айтса албыртқа,
Қайнамасын жігер!
(Көп жұрт күліседі).

Дауыс. Әй байғұсым, жүрек шерін тарқатар көсем серкем осы дағы. (Сырым жолдастарын ертіп үйдің ішіне кіріп кетеді. Үлкендер ұнатпаған пішінмен қарасады.)

Мөржан (Жарылғапқа). Осы сияқты ібіліс жынның жүрісін көрмесем деп едім, бүгінгі күн тағы кез келтірді ме?

Жарылғап. Оның дағы жүргені аруақтың арқасы шығар, қайтушы едік, соншалық жатша қуып, жат бауыр қылып қайтесің.

Мөржан. Мен қойдым, бірақ бұл жүрген жерден береке шықпайды: айттым да қойдым.

Бұл уақытта әр жердегі топ сыбырласып, күлісіп тұрады, Сырым үйге кіргенде Қаракөздің қасына келіп.

Сырым (Қаракөзге). Қалқам, мен бүгін текке келіп, текке кетем деп келгенім жоқ, мен баласы жауға тұтқын боп, өзіне оқ тиген жанмын, сені қамаған топты жараламай кетпеймін.

Қаракөз. Мен сөзімді айтқанмын. Менің ешнәрседен именерім жоқ, өзің біл.

Еркектер тобы, бастығы Асан әндетіп, қосылып жар-жар айтады.
Жар-жар (Бастаушы Асан):
Жар-жар біз келдік, еркем, сізге, жар-жар,
Айтысқан сөз жарассын сіз бен бізге, жар-жар!

Қуаныш тойыңды кұттықтаймыз, жар-жар,
Тілеу тілеп алдыңнан үй мен түзде, жар-жар!
Жиылған жұрт ағайын тілеуің де, жар-жар,
Еш күмән жоқ оң сапар тілеуіңде, жар-жар!

Екі асылдың сынығы қосылыпсың, жар-жар,
Міні бар деп айтпаймыз, біреуіңді, жар-жар!
Еркелетіп өсірген бетін қақпай, жар-жар,
Жар атын да айтпаған зорын таппай, жар-жар!

Көп тілеулес ағайын ортасында,
Бетін аштық сол сөздің келген ашпай, жар-жар!

Әр жердегі әйелдер ақырын жыласады. Еркек тобында ақырын күлкі, жыбырласқан әңгіме.

Әйелдер тобы (Бастығы Сырым болып Асан тоқтай салысымен бастайды):

Жар жақсы деп жаршылар көп айтады, жар-жар,
Өмір көркі жарменен деп айтады, жар-жар!
Жігіт айтса күлкімен айтар сөзін, жар-жар,
Қыз жыласа уайым жеп айтады, жар-жар!

Сал жігітке шырқаған әні қызық, жар-жар.
Ағайынға той қылған сәні қызық, жар-жар!
Қыз не десе де о десін аттанарда, жар-жар,
Тізіп алған атаға малы қызық, жар-жар.

Мен жыласам жылаймын қайғымды айтып, жар-жар,
Ӏштегі өртті тығамын айтпай қайтып, жар-жар
Ұрыссаң-дағы ата-анам естісең де, жар-жар
Мен бекіндім кетуге барымды айтып, жар-жар!

Аз тым-тырыс. Тыстағы құда-құдағилар қозғалып қобалжығандай болады.

Мөржан. Кері кеткеннің аузынан кеселді сөз шығады деп, Сырым айтып тұрған сөз ғой мынаның бәрі.

Қойсары. Ұрыспаңыз, бұдан бір алуан сөз шығар, тіпті айтылғаны теріс емес. Жар-жарда әйел бала риза болдым деген сөз сөйлеуші ме еді. Бұнысы тіпті жолды сөз.

Тұрсын. Рас айтасың, (Асанға) кәне сендер неге тұрсыңдар, айтыңдар!

Асан (Салдарды бастaп):

Жыласын деп айтпаймыз саған жарды, жар-жар,
Білдірмекші ағайын көңіл барды, жар-жар!
Есік аштың бүгін күн жаңа өмірге, жар-жар,
Еркелікпен балалық кейін қалды, жар-жар!

Лайық шығар айтқаның ойда барды, жар-жар,
Не күйдірді, не жақты көңіліңде алдың, жар-жар!
Нені сүйіп, не нәрсе қайғы салды, жар-жар!
Сүйтсе-дағы бүгінгі күн тілеу күні, жар-жар!

Қызық қыл деп тілейтін күндіз-түні
Қуанышы туысқанның ортасында
Шығуына орны жоқ зардың үні, жар-жар.
Әйелдер тобы:

Қуанышты күн болса — тілеу болар
Тілететін тілекті тіреу болар.
Қуаныштың орнында қайғы болса,
Көңіл баяу, көз мұңлы, жылау болар.

Қуанар ем мен-дағы бойым еріп,
Осы қызық бола алса өмір серік.
Қазір тарап кететін ойын-жиын,
Адым жерге кім барар жаным еріп, жар-жар.

Бүгінгі күн түрленген қинаулымын
Айналамда көз де көп сынаулымын,
Ӏштегі дерт сонда да шықсын сыртқа
Ырзалық жоқ мен зарлы жылаулымын, жар-жар!

Үлкендер бір-біріне қарайды, Нарша жүдеп тұрады.

Мөржан. Мынау менің баламның сөзі емес, а құдай, оң сапарыңды бер, жолымды қыл деп тілек тілеудің орнына. Менің балам мұны айтпайды, бүйтіп азбайды. Мынау сөз Сырым сияқты жынның сөзі, оның адал ниет, ақ батамен жұмысы бар ма? Шығаршы өзін қарағымның жанынан — ойын деп тұр ма, баланың тілек тілейтін сапарын, нені көкіп тұр өзі.

Нарша (Өз тобына). Шығар сөз шығып қалған соң, бүркегенмен бола ма, қайғылы жалғыз Қаракөз емес, Сырым да қостайды екен. Екеуі қосылып айтқан соң тыңдамауға бола ма..., бола ма Асан! Айтқыза бер, арманымыздан шығып тыңдап қалайық (Бұл сөздерді үйдегі Сырымдар естіп тұрады.)

Сырым (Қаракөзге). Атқан оғым тиетін жерлеріне тиіп жатыр. Менің ендігі жұбанышым осы дағы (Жолдастары мен әйелдерге қарап, ақырын өлеңдетіп):

Жаралауға жарасам, —
Мұратыңа жеткенің!
Сайрап жүрген ол бұлбұл
Ерігі жоқ болды құл.

Ойланып артқа қарасам —
Енді болдың сен де тұл.
Ерке тоты кеткенің
Аза салып қайғы қыл!

Жырла да жыла соны біл...

Асан (Айқайлап шырқатып алып).

Күлдер-ай мен қыз белін қынайтұғын, жар-жар
Ұзатарда егіліп жылайтұғын
Риза емен деп бай таңдап, қыз алмайды
Бәрі-дағы көз жасын бұлайтұғын.

Сөйтсе-дағы жылаудың орны барды
Жар үстінде шығармас іште зарын.
Ару асыл болғанда ойламас па,
Уақыт тығыз болғанда орын тар-ды, жар-жар.

Сырым тобы:
Бүркегенге етекпен өрт тұра ма,
Тыққанменен білінбей дерт тұра ма?
Бәлсінбеймін айтпағым шыны зарым,

Қайғы жеңсе бойдағы ерік тұра ма?
Ата-ананың малымен ұстап жастан
Ноқта тағып бөтенге таңба басқан.
Кім алса да кім бөтен мүлкімін мен, —

Жұбанарлық орын жоқ ерте бастан.
Басалқы сөз — өсиет кеңшілікте,
Ежелден менің басым кемшілікте.
Жиылыс бәрімізге бірдей болса,

Мен де ортақ қолға тиген теңшілікке.

Мөржан. Жә! Тоқтат, енді. Бүйтіп айтқан жар-жарың құрысын. Осы арсызға қосылып айтып тұрған ұрғашы кім? Соны айтыңдаршы жалғыз-ақ маған?!.

Текті. Қой енді мынадан арғыны тыңдар жайым жоқ. Шыдайын десем де, шыдатар емес қой, мен жалғыз баламның қызығын бүйтіп қызықтаймын деп келгенім жоқ. Қаракөз айтса да, Сырым айтса да осы сыйымыз жетер (Тұрады.)

Қойсары. Текті, балаларға сөйле деп ерік беріп, артынан әзіл сияқты сөзін жіпке тізгеннің орны болмайды, оны ашу қылып, зіл қылғаның лайық емес. Мұндай-мұндайды айтпаса жас бола ма, ұзатыларда осы ретті сөзді айтқаны жөн...

Тұрсын. Ендігі ойынын балалар мен жастар өзі ойнай берсін, біз енді үй жағымызға барайық... (Үлкендер тұрады, Асан бірге шығады.)

Мөржан. Сырым жүрген жерден береке күткен жан емес едім. Әке-шешеге күйініштен басқа берері жоқ, не деген азып туған жан болды... Тілеген баласы осы ма еді? Бүйткенше өзі берген құдайдың өзі алса еді, бүгінгі тойға келмесін деп едім, Жарылғап пен Жабай, әйтеуір қылдыңдар маған... (Еркектер күліседі.)

Жарылғап. Апам жар-жарды естімеген-ау деймін осы. Бұрын Сырым айтты дегенің болмаса, кім айтпаушы еді осылай деп (Жүруге ыңғайланады.)

Мөржан (Еркектермен кетіп бара жатып). Жарайды өсиет айтатын әке сенбісің? Заманына да болайын, әке болмыс сен болсаң саған да болайын. Ой-сана жоқ дей ме екен өзге елде (Отаудың сыртында тұрған елге.) Қарақтарым, тоқтатыңдар да тараңдар енді. Сырымнан қай басты сөз естимін деп тұрсыңдар, мұны істемесе ол аты шулы болып елден шыға ма... (Сырымға айғайлап.) Қуарған ұл, кет енді ауылымнан..., қарамды көрме, жолама дегенім қайда... мен саған. Сенің күйігіңнен өлер болдым-ау, жер жұтқыр..., көрінбе көзіме, арам туған неме (Шығып бара жатады.)

Сырым (Үйден сақылдап күліп). Шеше! Мен өтірік сөз айтқаным жоқ. Айтылған сөздің бәрі рас.

Қаракөз (Қасына келіп). Қойсаңшы енді. Әжеммен салыспашы осы, қарғысы жаман, аямайды.

Сырым (Айғайлап). Әже! Өтірік десең кәне тыңда... Енді сыңсып қоштасатын өлең айтылады (ән шырқатады).

Батагөй әжем де бар көзі тірі,
Тұғырдан тайғаны жоқ ақыл ірі.
Шешем өліп жетім боп қалғанымда
Зорлаушы сатушының өзі бірі

Сүймеген келін бопты шешем менің
Қалыпты соған деген көңіл кірі.
Қаракөз жылайды, өзге үлкендер кеткенде жалғыз Жабай қалады.
VІІ көрініс

Сырым жолдастарымен сыртқа шығады. Мұның алдында Нарша өз жолдастарымен сөйлесіп тұрады. Сырым сыртқа шыққанда Нарша қасына келеді, бұл уақытта Асан Қаракөздің қасына келіп, ақырын сөйлеседі.

Нарша (Сырымға). Сырым, сен жалындаған асыл сөздің иесісің. Сенің сөзіңді ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт, бірақ шырай топтың көзінше пұшпағынан ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қайғылы жалғыз Қаракөз емес, сен де арман көрінесің. Қаракөздің күйігін жыр қылу үшін басы сен болған соң қарындасыңда не арман болсын, жалғыз-ақ керегі жоқ... бұ да кезі келген заман шығар.

Сырым (Салқын). Қарағым! Мені жерлеп қайтесің, мен жол мен жөннен адасқан әуре жанмын... Менің елім жылаған қыз бен жырлаған жігіт..., одан басқа елдің бәріне мен де жатпын, маған ел де жат: тіл алсаң мені қажама... Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.

Жабай. Ей Сырым! Бер кел... (Сырым таңырқап келеді.)

Сырым. Не айтасың?

Жабай (Ашулы). Не айтатыным сол: әке-шеше болып айтқан сөзім даритын болса, сен мына бейбастақтықты істемес едің ғой, сені не дейді, бізді не дейді, қымсынудан кеткен екенсің; жатқа істеген ісің белгілі еді. Бүгін күйінген кісі болып келіп, Қаракөзге де мынаны істедің бе? (Ашуланып) басқан із көрінбейді екен деме... Әйтеуір ізденген бір бәлеңе ұрынғалы келе жатырсың..., алдыңнан шықпаймын... Жететін өрісіңе жібердім... бірақ аяғыңды байқап бас... (Жүріп бара жатады.)

Сырым (Салқын түспен). Сол ма?

Жабай (Кетіп бара жатып). Сол... айттым... болды. Ұғарлық болсаң... Ұғарсың...

Сырым (Әндеткен сөзбен):

Қаракөз асыл аяулы,
Қайғы басқан қаяулы
Жарасын ашсам жақпайды
Ұрсады маған бай ауылы.

Шер жесе де шығар ма,
Болмаса жаза таяулы.
Маған да күн қарап
Аттысы атпен шапқанда

Жаяуы қуды жаяулы.
Жолдастарымен сахнадан шығады.
Шымылдық

2-ПЕРДЕ 3-СУPET

І көрініс Тұрсын ауылы, келінді тосып отырған ел, келін келген жоқ, бірақ күйеу, құдалар ауылға келген. Сахнада қыздың отауының жартысы тігілген, отау сәнді, жасаулы, сырты кестелі, сахнаның жартысы ашық дала. Алыста тау, көл суреті бар, түтіні будақтап шығып жатқан ауылдар көрінеді. Тыста келінді күтіп тұрған жиын. Тұрсын ауылының үлкендері арасында Қаракөздің жақындары мен Нарша, Асан сал бар.

Асан. Келін келе жатыр, жақындап қалды... Атасы мен енесі, қайнаға мен абысын қатарыңды түзей бер.

Текті. Қатарымды түзеймін деп Қаракөздің алдында мен сызылушы ма едім?.. Асау бастың жуасып, ақ ноқтаның киілгені осы; енді Қаракөз бізге сызылсын. Алдынан біз сызылғандай Қаракөз бізді қадірлеп пе еді? Жар-жар айтамын деп, өлеңші ағасына ойындағы бар арманын айтқызған жоқ па еді?

Қойсары. Ол үшін кекті болсаң келінің қолыңа келе жатыр ғой, жазығын мойнына алып жаяулап (Тұрсын мен Жарылғапқа қарап күліп.) Бұл бір әмірі жүріп алған соң үлкендік деген бір пәле-ау, өзінен кішіні иментіп алып, қатал болып зілденеді де тұрады... (Күліседі.)

Текті. Қалай күлгеніңмен Сырым айтқан сөзді неғып ұмытайын. Құдағимен екеуміздің көңілімізге ол әлдеқашан түйін болып байланған. Құдай-ау ұзағынан сүйіндір! Игілігін көрсет деп жүрген баламнан мен менсінбеймін, риза емеспін деген сөзді естіп алып, енді мен немен жұбатайын өзімді?! Тіпті сол емексіткендеріңе риза емеспін әуелі.

Нарша. Олай болса Асан сенің наразылығыңды қазір-ақ алдынан өлеңмен білдірейін деп тұр, оны қалай көресің?

Текті. Ол қай өлең? Беташар ма, немене?

Асан. Тіпті беташарды да қазір айтам. Қаракөздей ақылы асқан жақсы келіннің бетін ашып, келген жерде бір көрмей, қашанғы шыдап тұрады жұрт.

Қойсары. Айтам десең айт. Бала-шағаның шымылдықпен мына келе жатқан сәніне, беташардың өзі де осы жерде жарастықты болады. Қаракөздің жанына еріп Сырым да салдарымен келе жатқан шығар. Еркек басымен әйел тобынан шықпағаны үшін о да бір қысылсын (Күліседі.) Шымылдықтың ішінде бар болса, оның да бетін ашу керек.

Нарша. Сырымның ежелгі елі: ұзатылып сыңсыған қызбен күйеушілеген бозбала, оның туған-туысқаны, елі-жұрты қызығы да сол. Ол өзге жұрттың жақсы-жаман дегенін ескерген емес, мен білген Сырым болса, осы шымылдық ішінде солар да бар...

ІІ көрініс Үлкен шымылдықты екі жағынан екі қатын ұстап әкеле жатады. Шымылдықтың артында сәукелелі келін, қасында қыз-келіншектің үлкен тобы. Қаракөздің жанында Сырым құшақтап келеді. Өзге қыз-келіншектермен салдар құшақтасқан.

Нарша (Асанға). Сырым ойын-сауықтың перісі болып кетсе де, осы мына шымылдықтың ішінде келе жатқаны тым сыпайы емес шығар. Әнеугі тойдағы тілі үшін, бүгін бір кезегін алар орның келді. Енді бір қаруын алып қал...

Сырым (Шымылдықтың ішінде Қаракөзге):

Өз елім дер елім жоқ,
Туысқан-туған менде жоқ.
Осы сені қуантқан жерде қуанып,
Сені уатқан жерде уанып,

Жүрсем маған со да жетпей ме... Сен көргенді мен көрмейтін не қасиетім бар... Жұрт не десе о десін, мен де осы шымылдықтың ішінде сенімен бірге кеттім... (Қыз-келіншек күледі.) Тек осы шымылдық осы күйінде алдымда желбіреп отырсын, ақыретке апарса да соның жетегімен ере берем.

Дулат (Қасындағы келіншегін сүйіп алып). Мына қалқалармен қайда барсақ та арман емес..., шұбата бер шымылдықты... (Үлкендер жиынының алдына келіп, шымылдық тоқтайды.)

Асан (Шырқатып, әндетіп):

Қызыл жібек шымылдық пен пердеңіз!
Асыл келіп олжалы, жек көрмеңіз.
Қасыңда жігіт болса, бас жақсысы,
Бөтенсіп әлдекім деп жат көрмеңіз.

(Жұрт күліседі.)
Бет пердең толқытады майда желдей,
Қуанттың ел-жұртыңды келер-келмей.
Болғанда жасау басы — басты жігіт,

Ел жоқ-ау Қаракөзді берген елдей!

Қаракөз (Сырымға). Қанша кіштімтайлы болсақ та, мынадайда бой жасырғаны ер жігіттің өлгені де... Сөзін жесір жібермей жауап бер.

Сырым (Домбырамен ән шырқайды):

Қызыл гүл дауыл ұрып жерге соқты,
Ақ тоты бүгін саған тұтқын бопты.
Айдынның ақ құсындай қарағыма!
Кез қыпты құзғындайын бассыз топты.

Асаусып алып ұшып аспай сөйле!
Қаракөз бір басы да саған көпті.
Қаракөз Қарауылда ерке болған.
Мың қойдан иығы асқан серке болған.

Таңдаулы мекенім деп сені алған жоқ,
Байлаған бата шығар ерте болған.
Қаракөз Қарауылдың ақ маралы,
Болғанда бетке сұлу, ой саналы.

Жеңбесе бойын тежеп өз көңілін,
Ешкімнің әкелген жоқ айла-амалы.
Кісі түгіл жасаусыз келсе-дағы,
Сендерде сырт беретін күш шамалы!

Қойсары. Сырым сөйлесе шеттігіне іліндіріп сөйлейді. Жуан ауылдың баласы өрге айдамаса көңілі көнши ме, Асан! Сырым екеуің әлі де талай шекісерсің. Енді мына қуанышын күтіп тұрған ата-ананың алдында Қаракөздің бетін ашып, ауыл көркі келінді көптен күткен игілік қой, қызығының түсін көріп көңілдері көншісін...

Тұрсын. Кәне енді көптен тіл-жағыңды безеп алатындай болдың ғой, жақсы сөзбен қарағымның бетін аш...

Жарылғап. Елдің баяғыдан жол қылып айтып жүрген сөзін айт. Осы шығарма өлеңдерің мірдің оғындай болып құлағымызға жат тиіп жүр. Тіпті біз елемесек те құдағиларыңызды жүдететін көрінеді (Күліседі.)

Асан (Беташарды бастайды):

Келіннен енді сөйлейін,
Көп дабырлап шуламай,
Құлағыңды саласың.
Қатесі болса сөзімнің,

Осы отырған әлеумет,
Сынға салып қарасын.
Құлағыңды салып тыңдап тұр,
Келінжан, менің тілімді.

Әдет жолын үйренбек,
Жас кісіге білімді,
Ақылсызға айтқан сөз,
Далаға кеткен шығын-ды.

Бәрі саған керек іс,
Тыңдасаң, келін, жырымды.
Жырға қосып айтамын,
Бар өсиет сырымды.

Бұрынғы күнің — балалық,
Ержеткен күнің — бүгін-ді.
Өзім айтқан сөз емес,
Осылайша деген бұрынғы.

Келін боп келмек он жаққа,
Ата-ананың мұрасы.
Бұрынғы үйің бекер-ді,
Мекенің осы — тұрасың,

Өз үйіңе тұрмақ жоқ,
Ұл боп тумай әуелде.
Қыз болған соң туысы,
Келін боп келген қиын іс.

Жаңа өспірім балаға,
Қызмет қыл иіліп.
Ата менен анаға,
Өзіңнен үлкен адамның,

Бетіне тікке қарама.
Үлкен кісі келгенде,
Қатарласып отырмай,
Кейін отыр панада:

Лажы болса шығып тұр,
Қайтқаныңша далаға.
Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр;

Сөзім баp айтар және де.
Тұратын болса ата-анаң,
Отырып қалма орныңда.
Тұрып барып есік аш;

Еріп шықпа соңынан.
Дәрет суды көтеріп,
Қарап та тұр жолына.
Орамалын алып бер,

Ұмытып кетпе оны да.
Бұрынғыдай ойламай,
Сабыр етіп шыдам қыл,
Аштық пенен тоғыңа.

Ұзын сөздің қысқасы;
«Жақсы болып іс қылып»,
Жұртыңа жақ еліңмен.
Бар айтқаным бұл емес;

Құлағың салып тыңдап тұр,
Айтылар кейін қалғаны.
Отырған адам көзінше,
Әр жеріңді қасыма.

Жаулығыңды шуатпай,
Дұрыстап ора басыңа.
Астынан шығып тұрмасын,
Ие боп жүр шашыңа.

Қолын ұстап бетін сүй,
Отырса бала қасыңа.
Қайныңды сыйлап, қадірле!
Қарама үлкен-жасына.

Жасы құрбы екен деп,
Жаманға болма ашына.
Ойынның жөні осы деп,
Біреуге тұрма асыла.

Мырза келін десін деп,
Әркімге берме шашыла.
Біреу жаман айтты деп,
Болымсыз іске жасыма!

Пәленше бүйдеп айтты деп,
Жарыңа сөзді тасыма.
Естісең де жаман сөз,
Жүргенің жақсы жасыра.

Көңілге келіп жүрмесін,
Айтты деп сөздің қисынын.
Бүгінде жаман көргенмен,
Көңілге теріс келгенмен.

Бәрі де саған пайдалы,
Ағаңның айтқан жырының.
Сендерге енді келейін,
Қарт-қария, аталар,

Жапсардағы отырған,
Жастары үлкен аналар,
Ақылы артық, даналар.
Біздерге енді қуаныш,

Жасы кіші, балалар.
Бұрынғының бір жолы,
Келінді көрген адамнан;
Көрімдікке мал алар,

Қайын атаға бір сәлем!

Бұл уақытта шымылдық көтеріледі. Қаракөз қасындағы Тұрсын ауылының үш-төрт келіншегімен иіліп сәлем етеді. Өзге әйелдермен жігіттер кейін тұрады. Шымылдық түрілгенде Сырымның жолдастары салдар қыз-келіншектермен құшақтасып тұрады. Сәлем еткен соң, шымылдық орнына түседі.

Тұрсын. Тәңірі жарылғасын, абыройлы бақытты бол, балам!

Асан (Келін сәлем еткенде Тұрсынға). Көрімдігін айтыңыз! Балаларыңның ішінде көрімдігі көп, ақылы артық келінің, жалғыз қара болмасын; түйе болса боталы, бие болса тайлысы.

Тұрсын. Қалағаның болсын. (Жұрты қошамет қылысып күліседі.)

Асан. Қайын енеңізге бір сәлем (Тоқтайды, шымылдық көтеріледі, келіндер әуелгідей сәлем етеді.)

Текті. Өмір жасың ұзақ болсын, қарағым, құдай ұзағынан сүйіндірсін.

Асан. Келінің, балаң бір теңді қосылыпты сайына, осындай жақсы келінді көрімдігін атамай, көресіңдер ме жайына. Түйе берсең ақтан бер, өсеріне бақтан бер.

Текті. Бас-басымызға шұбыртып ала берейін деп пе едің? Алдың ғой байдан.

Асан. Тым болмаса ен салдыр, түйенің кенже ботасы, биенің кіші тайына, малға шамаң келмесе (Жұрт күліседі) берсең де риза боламыз қаптағы құрт пен майыңа. Қайын ағаға бір сәлем (Бұрынғы ретпен шымылдық көтеріліп сәлем етеді.)

Қойсары. Ауданыңа атағы, ағайынға қадірлі, ауылының көркі бол, қарағым! Қосағыңмен қартаятын күнге жеткізсін, үбірлі-шүбірлі бол.

Көп дауысы. Бәрекелді айтқаның келсін... Айтқаны келсін.

Тұрсын. Қысылғанымыз ба — неден? Біздікі тіпті бата сияқты болмап еді, бата жаңа келісті ғой.

Асан (Бұрынғысынша әндетіп Қойсарыға).

Келін, келін, келіңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Түсін айтып беріңіз.

Қойсары. Ентелеткеніңмен саған ақша беремін деп өлең айтқызғаным жоқ. Тілеуіммен Қаракөзді риза қылсам болады. Атын айтпай-ақ айта бер қалған сөзіңді.

Асан (күліп):

Қойды берсең қоңырдан;
Өсеріне оңынан,
Абысынға бір сәлем.
(Бұрынғыдай сәлем етеді.)

Ешкі берсең сарыдан,
Мол қолда бол жарыған.
Түсін атап, енін айт,
Асып кет те бәрінен.

Беремін деген қай қатын,
Шығарып беріп жанынан
Бергенім осы менің дер,
Алыстан келген кей қатын;

Берер едім аямай,
Жақын емес елім дер.
Бермеймін деген кей қатын;
Дүниенің билігін,

Үйдегі білер ерім дер.
Сылтау қылып кейбірі,
Өкпелімін бұл тойдан,
Беретін жоқ жерім дер.

Желдірітпелеп кейбірі,
Сабыр қылып тұратын.
Берейін саған кейін деп.
Кейін барып сұрасаң;

Ойнамай жүр менімен,
Мен емес сенің теңің дер.
(Жұрт күліседі) Жалпы жұртқа бір сәлем (Келін сәлем етеді.)

Тұрсын. Асан! Енді балаларды шаршаттың ғой деймін, өлеңің бітті ғой... Енді рұқсат қылайық. Үйге кірсін (Бұл уақытта Мөржан бәйбіше де нөкерімен келеді.)

ІІІ көрініс

Асан (Жұлып алғандай). Өлең біткеннен құдай сақтасын. Біздің өлең бітпейді, әншейін өздерің үйге кірсін демесеңдер. Мен ала қаптың аузын жаңа ғана ағыттым (Бұл уақытта үлкендер шетке таман шығып жол береді. Келіндер үйге таман жүреді.)

Асан (Шырқатып әндетіп):

Сал бар ма бұл Арқада Асан салдай,
Алдына келе жатыр ақын салмай.
Асанның Қаракөзге сөзі көпті,
Шығарсақ қырмызыдай талдай-талдай.

(Келіндер отауға таман келгенінде):
Жаңа өмір мына туды атқан таңдай,
Балалық дәурен өтті, кетті шалғай.
Қызыл жібек шымылдық мұнда әкелді,

Ақ үйің алтын сарай енді болғай.
Ағайын тілеуіңде бірі қалмай,
Көп тілеуі қалған жоқ сірә болмай.
Атта да оң аяқпен босағаңды,

Тілеп кір «бере гөр» деп өмір балдай.

Қойсары. Бәрекелді... Жақсы айтасың, айтқаның келсін, қарағым. Келін! Осының тілегін сен де тілек қыл... Артыңды онда көгертіп, алдыңды мұнда жасартсын; келіннің аяғынан, қойшының таяғынан деген; келген ауылың түгіл, еліңнің құт берекесі бол (Келіндер үйге кіреді, салдар бірге кіріп кетеді.)

Мөржан. Қарағым ақылымен толғанса кімнен кем болар дейсің. Қойнымдағы алтынымдай сақтаған асылым емес пе? Құдай бұйырып, аруақ қолдаса әлі ауылыңның баласы болар.

Тұрсын. Кәне енді біз де үй жағымызға барайық, балалар тынықсын; өз ойындарын ойнап жатсын, қысылып, иментіп қайтеміз.

Жарылғап. Жарайды, дұрыс айтасыз (Барлық үлкендер сахнадан шығады. Бұл кезде үйдегі жастар күліп ойнап отырады.)

ІV көрініс
Сахнада Нарша, Асан, Матай қалады.

Нарша (Төмен қарап, салбырап отырған қалпынан көтеріліп, маңайға қарап). Жұрт тарқаған ба? (Асанға) Асан! Менің жайымды сұраймысың жоқ па? Мен саған тағы жабысқалы отырмын. Мені жазар күнің бола ма осы? (Күрсініп). Менен де жынды жан болар ма екен?

Асан. Неғыл дейсің?!. Тағы не болды. Тыныштық таба алмай қойдың-ау сен де.

Нарша. Бүгін таңда тыныштық табатын түрім жоқ. Мені қызғаныш деген кесел өртеп барады. Бұл қалыптан құтылмасам жынданармын деймін. Күткен қызықтың бәрі қайда кеткенін білмеймін. Қызықтаймын деген ойын-сауықта басыма тас тигендей боламын. Еңсемді көтере алмай құлап бара жатқан сияқтымын. Мен не пәлеге душар болдым? Жүрегімнің түбінде ауыр тас басып жатқандай күдік, қайғы бар.

Асан. Жаным-ау, не керек енді өзіңе? Қаракөзге енді кімнің ортағы бар. Өтер күн өтті, қызық шағың жетті. Қарауыл Қаракөзін ұзатты, енді қайғының не орны бар? Не айтпақсың?

Нарша. Маған Қаракөз бір қайғы болса, Сырым тағы бір қайғы болды. Мені найзалағанын қоя ма, жоқ па осы? Қаракөз менің қасыма келгенде, барынша күтіп қадірлейді, мені жұбатқысы келе ме, қиналын жүргенімді сезе ме, бір жағынан қинап жүрсе, бір жағынан сол мінезімен еркімді алып билеп барады. Сырым менің жайымды ескеру былай тұрсын, тіпті күннен күнге жау болып барады ғой. Қаракөздің сырын сол біледі. Маған соның білгенін біліп бер. Жасырса менімен жау болғаны, досым ба, жауым ба соны айырып бер.

Асан. Қазір осыны не деп айтамыз оған? Қонақ емес пе? Келмей жатып дүрсе қоя бергеннің лайығы бола ма?

Нарша. Мен осы шыдап-ақ жүргем жоқ па? Үндеме дедің, ауылында үндемедім. Тіпті не онда, не мұнда мені тірі адам деп ойлау керек емес пе? Сөзіме нансаң бүгінгі күйігім ішімді жарып барады. Сырымға ой-қыры бар ма? Кеше келдім, бүгін келдім дей ме екен ол. Осыны сенен тілеймін... Қазып сөйлесіп бер. Ойында не барын өзіме айтсаңшы. Өзің көріп жүрсің, мені ылғи шабақтап келе жатқан жоқ па? Енді осыдан әрі шыдай алатын емеспін.

Асан (Ойланыңқырап отырып). Жарайды. Мен сөз тартып көрейін. (Нарша түрегеліп жүріп кетеді. Асан Сырымдар отырған үйге есіктен келіп). Сырым құда! Бері шығып кетші. Жалғыз ауыз сөзім болып тұр.

Сырым (Бұған шейін үйдегі жолдастарымен ақырын әңгімелесіп отырады. Асан келгенде жай қозғалып):

Асан сал, сал ішінде бір алуаны,
Тозған заң, азған заман палуаны.
Сал болмай, көбінесе жеңге болып,
Жүрген түрі мінеки қалып әні.

Жеткіз деп қандай сөздің тасымалын,
Қандай жан жіберді екен бозбаланы?

Асан. Уай Сырым, қой жаным... Сен менің соқтықпайтын кісімсің. Сенің сөзің асау қандай басқа шапшитын болған соң, сенен жырақ жүремін. Мен саған жол бердім ғой. Көп таласпаймын... Бірақ сөйтсе де сөз барымтасы жаман болады.

Үйдегі салдар. Олай болса айтып жібер..., айтып жібер. Ер шекіспей бекіспейді.

Асан. Жоқ, мен Сырыммен шайқаспай-ақ тыныш жүрем. (Сырым шығады. Үйдегі салдар бұрынғыдай ән салып, қыздармен сүйісіп, күліп-ойнап отырады.)

V көрініс

Асан. Сырым, саған белгісіз жай жоқ қой деймін, осы. Сен дағдыңнан жаңылмайсың, турашылсың.

Сырым (Тәкаппарлықпен қарап). Иә, Сырымға сый істеп жатырсың, ұқтық!?

Асан. Сен Қаракөзді жылаған қыз деп шашбауын көтердің, наразылық мұңын айттың. Жүзі жүдеу, көңілі жадау күйінде айттың, бұл сөзің екі жүзді қылыштай болды. Екі басы бірдей ыстық темір болды. Бір жағы Қаракөздің қайғысын шығарса, тағы бір жағы Наршаны күйдіріп жатыр. Әнеугі сөз анау, бүгінгі сөз мынау. Сірә, Қаракөздің қайғысы Сырымнан жасырын емес. Қаракөз өзі айтпайды. Сырымның мен де. туысқанымын ғой, сезген, білгенін маған айтса қайтеді. Көптеп көмектеп Қаракөздің көңілін жазсақ не етер еді дейді. Бұған не айтасың.

Сырым. Мен айтсам Қаракөздің жұртқа білінген наразы көңілін айттым; ол Наршаға да белгілі болса менен несін сұрайды. Жігіт сияқты жігітке сол білгені де жетпей ме. Менің де білгенім сол шығар, одан әрі бірде-біреудің атын сұраймын десе, менен оны біле алмайсыңдар. Мен Қаракөздің басын бұлғап бұлдық сатып алмаймын; мен бүгін туып отырғаным жоқ, өйтіп саған кішіреймеймін.

Асан. Сырым-ай, маңайыңды бастырмайсың, ешбір жанға құрбы болмағандай жат тұрасың-ау; өзгені тілемесең де қарындасыңның бағын тілемеймісің? Наршаның басы бір әйелге тең емес пе? Екеуінің тұз еңбегін жарастырып жіберсең, аз еңбек қылармысың.

Сырым. Сырым жат адам болып туған. Жанның бәріне жат болып келе жатыр. Сенің еліңе келгенде қайта тудым деп келген жоқ. Қаракөздің ақылы ешқайсымыздан олқы емес. Өз қызығын өзі ойлап, өлмесін өзі білер. Жат елдің адамы болған күнде жолға салып жөнін түзеймін деп, мен балуан шығатын орным жоқ. Бұл сөздерді өздерің ақылдас, мені ішке алғанды енді тоқтат (Түрегеледі. Қаракөз, Ақбала, Кәмшат далаға шығады. Бастарына шапан бүркенген.)

VІ көрініс Қаракөз Сырымның қасына келеді. Бұл уақытта Ақбала, Кәмшат Асанмен күлісіп сөйлесіп отырады.

Қаракөз (Сырымға). Мені тұншықтырып барады мына ауыл... Бір өзің болмасаң тынысым біткен сияқты. Шатасып барамын. Есімнен айырыламын ғой деймін. Қайтермін, жаным (Жыламсырап) айтармысың бірдеме.

Сырым (Сазарып). Мен не айтайын? Мені сөзден тыйған жоқпысың? Әлдеқашан қалған кісі емеспін бе мен...

Қаракөз. Қазір жер тар. Сөйлескім келеді... (Көзін басып жылап.) Мені тастама!.. Шыдауға дәрменім жоқ. Ақбаламен сөйлесіп, жақында оңаша кездесетін орын байлаңдар (Жүруге ыңғайланады.)

Сырым. Рас па? Тағы да айнитын болсаң, өзіңді де, бізді де әурелеме.

Қаракөз (Әлсіреп бұрылып бара жатып). Айттым ғой... (Сырым артынан қарап тұрып қалады. Асан, Ақбала, Қаракөз, Кәмшатпен кетіп бара жатып, артта тұрған Сырымға қарап таңданып әндетеді.)

Асан.
Сұлу қыз бен келіншек — елдің сәні,
Сұлу кеткен елдің де болмас мәні.
Сұлу қыз тоғайлы өзен бұлбұлындай,

Бұлбұл кетсе тоғайдың жоғалды әні.
(Артына бұрылып қарайды.)

Сырым. (Өз-өзіне). Рас... рас...

Жүректің жатқа кетсе — қалағаны,
Үміттің қайта үзілсе — жамағаны.
Бетінен жат болып кеткен оралмаса,
Жас төгіп егілмеске шара қаны!

(Күрсінеді.)

Асан. (Теріс қарап). Ай кәпір, түрің жаман екен, (басын шайқап) білмеймін...

Шымылдық

4-СУРЕТ

Жарық айлы түн. Тұрсын ауылының сырты, тоғай, өзен; алысырақта күзетшінің әні естіледі. Ән:

Көл жағалай бітеді көкше құрақ,
Ән салмағың қайда еді, қалқа шырақ.
Үйіңде Әкімбайдың жиылыс боп,
Біржан салған ән еді жайма-шуақ

Аяғын шырқап қайырып тоқтайды, айтақтап ысқырып қояды. Тым-тырыстан соң сахнаға жақындап, мұңайып айтылып келе жатқан ән естіледі, бұл қойшы әнінен бөлек.

І көрініс
Сырым шығады. Сырымның әні.

Ән:

Мен қандай, осы күнге шалшы қандай?
Жүруші ем жас күнімде қаршығадай;
Егерде осы аурудан жаным қалса,
Болар ем ескі апанды аршығандай.

(Жүдеп келіп үндемей отырады, әндетіп ысқырады.)
ІІ көрініс
Аздан соң Дулат шығады.

Сырым (Дулатқа қарап). Өзгелер қайда жүр, аттар дайын ба екен?

Дулат. Дәулеткелді мен Қоскелді аттарды дайындатып, кешегі ақ қайыңның түбінде тосып отырамыз деп кетті (Тым-тырыс.) Бірақ бұл күнге дейін бір жұмысты бұл қалай деп сұрап көрген жоқ едім; осы жолы осы жұмыстың лайығын сұрайын деп тұрмын, өзге болған жүрістің жолы бір басқа, мынау өмірді жұрт не дейді осы?

Сырым. Осыны шын айтып тұрмысың? (Қадалып қарайды.)

Дулат. Шын айтам... Сен істеген істен бой тартып қалмаймын; істеймін, бірақ жөнін ұғындыршы!

Сырым. Қоскелді мен Дәулеткелді сұрамай-ақ істеп жүр ғой, соларда ең болмаса сұрау білетін ақыл бар ғой. Сен олардан тартымды, сақ кісі болғаның ба? Неменесіне бүліндің (Тым-тырыс), сұрасаң айтайын... Сен жұрт айтқан лайығын іздесең, менің бір ісімнің лайығы жоқ. Қарындасыма құмар болудың не лайығы болушы еді. Естуге құлақ, көруге көз ұялатын іс деп үрікпейтін кісі болар ма?

Дулат. Өсектеймін, жаман атқа ұшыратамын деген жұрт аузына келгенін айта береді ғой; мен оны айтпаймын; өзімізше не деп жориық — соны сұраймын.

Сырым. Менің ісімді бұл жүрген елде ақтайтын ешбір жан жоқ. Бірақ сонда да мен адам емеспін, мен Қаракөзге жаулық, жаттық қылып жүргенім жоқ. Жолында жаным шықсын деп сүйгеннен басқа жазығым жоқ.

Дулат. Білемін..., ол жайды білемін ғой, біз осы жасқа келгенше талайдың талаймен жақындасқанын көрдік; өз басымыздан да көпті атқардық. Бірақ сен екеуіңдей жалындап үзіліп тұрған жандарды көргенім жоқ. Болар деп ойлаған да жоқпыз.

Сырым. Біздің осы көңілімізде не арамдық бар? Не жаттық бар? Қаракөздің басын мен сияқты болып әкесі сүйді ме екен, Мөржан мендей болып сүйе ме екен? Жасында жетім болып еді, жүрегі қаяулы, көзі жасты еді. Осының риза, наразылығын білейік, ренжітпейік демес пе еді олар; жан ашығаным, жақсы көргенім осы дейтін шығар. Олай болса Қаракөзге тыңдатшы? Солардың әкелігін сүйе ме екен, менің жан ашыған достығымды сүйе ме екен? Бұл күндегі әке-шешесінен менің көңілім әлде қайда ақ, әлде қайда таза.

Мен бұл күнде Қаракөздің дүниеде таппаған досымын... Арамдық қай жерде, арамдық қай жерде...? Қаракөзбен жақын болғанда, басқа жақынға жат болдың, арам болдың десе, міне құдай, міне аруақ; осы арқылы бір туысқанымды жек көріп, әлі ешбіріне жат болмағаны ма... (Күрсініп) бірақ керегі не? Бұған сенетін де кісі жоқ; шынымен осылай болар-ау деп ойлайтын да жан жоқ. Мен ел-жұртқа жатпын. (Тым-тырыс) маған енді екі-ақ жол қалды (Бұл уақытта Ақбала мен Қаракөз шығады.)

Сырым (Алдына құшағын жайып). Жаным-ай, мұнша неге жүдедің, өңің қалай еді?! Не болған? (Құшақтап, құмарлықпен сүйіп жатып) ауырып тұрмысың әлде?

Қаракөз (Сырымның мойнына білегін арта салып). Ауру емеспін, бірақ менің бұл күнгі саулығымда нендей қасиет бар? (Жылап Сырымды құшақтап.) Сәулем, мен қорқақ болуға айналдым, жүрегім бір жаманшылықты сезгендей болады.

Сырым. Не сездің айтшы? Білдірші маған?..

Қаракөз. Білмеймін... Не осы қайғыны көтере алмай өлемін, не жұртқа сыр білініп, соның ұятынан өлемін... Ӏшкен кісідей маспын... Сенің кететініңді ойлаған сайын, қайраттан айырылып езіліп барамын..., қуатым! Біз ор жағалап жүрміз ғой..., құлаймыз ғой бір осыған (тым-тырыс), мен не боламын..., қайтып адам боламын? (Тым-тырыс.) Әттең бірге туған туыс.

Сырым. Қалқам, сенің қайғың айтпаса да белгілі. Тіліңмен сөйлемесең де жүзіңнен, көзіңнен ұғамын; жүзіңді көрмесем өз көңілімнің қайғысынан ұғамын. Бірақ енді бұл қалыпта қалудың өзі өлімнен артық азап болады. Оны ерте бастан білу керек (Қаракөз құшақтап жылайды.) Осыны ойлайық; жыламай ойланып, жол тап! Мен әуелі сен ойлансын деп отырмын (Екеуі де үндeмей сүйісіп сахнадан шығып кетеді. Бұл уақытта Ақбала мен Дулат әндетіп сахнаға шығады.)

ІІІ көрініс

Ақбала. Құдай-ау, өмір бойы маңына ешбір жанды дарытпай, ешкімге көзін салмай, жұрттың бәрін менсінбей келгенде, мұны мырза жігітке кез қылып, көз тұнжырататын; күнәға душар қыларсың ба? Жұрт естісе не дейді. Әке-шешесі білсе не дейтін болады?

Дулат. Ақбала! Қаракөз бен Сырым ақыл-ойға ешкімнен кем емес, кінәластырсаң осы халінде де ешкімнен жеңілмейді. Біз ол жағын қояйық; бірақ жаңа сезіктеніп жүрген кісі бар дедің, сол кім? Соны айтшы!

Ақбала. Бірдемені білген кісі сияқтанып жүрген бірен-саран кісі бар. Бәрінен де маған сезікті көрінетін Асан мен Матай. Әсіресе, Асан; соның көңілінде, көзқарасында, анда-санда қуланып сөйлеген тұспалында бір нәрсені сезіп, ішіне тығып жүрген кісі сияқты.

Дулат. Талай шытырманның ішінен бойымызды көрсетпей аман шығушы едік. Бұ күнде білінсе кім біледі? Салдың жүрісінің ой-қыры жоқ, елеусіз жақсы жүруші еді. Талай-талай сорақы боларлық істер сезілмей жүре беруші еді.

Ақбала. Әншейін кісі сезбегенімен Асандар алаяқ жырынды ғой. Өз басынан талайды атқарған, жер танып алған қу ғой.

Дулат (Күліп). Ақбала-ай, қарағым-ай! Ақылшы болуға тіпті жақсысың-ау. Осы өзіңнің қызығыңды көрмедім-ау!..

Ақбала (Күліп). Бізді қыз болмады, жас болмады деймісің? Өзің сияқты жөн-жобаны үйреткен жандар болған шығар (күліп), оны ғой қой жайларыңды айтсаңшы!

Дулат. Менің білуімше, Асан да басқалан қырағылығынан, жырындылығынан ешнәрсені біліп жүрген жоқ. Осы тұста біздің бозбаламыз мен бойжеткеніміз олақ болып кетті.

Ақбала. Айтсын, құмарлығы күшті болған соң, бұлардікі әншейін емес, шын ашықтық қой, баяғының ашықтары осылар ғой. Қалқам-ау, жамандайын деп айтқаным емес, төрем, мырза жігіт жоқта жады болған кісі сияқты болып, ешбір сөзді ұқпайды, есінен шатасқандай болып кетеді ғой.

Дулат. Рас айтасың, сезіктенген жұрт сондайдан сезініп жүр; әйтпесе жүріс-тұрысы олақ болып жүрген жоқ. Дулаттар талай қияндағы асылдардың мойнын бұрап, астына келтірген болатын, аңдуы, айғағы көп болып, жасанып жүрген елдің қыз-келіншегімен де титтей жүрісті сездірмей айлар-жылдар ойын-сауық құрып едік, мынаның бәрі сол құмарлық күшті болып, балалардың бойын билеп, иығы түсіп құлап кеткендіктен.

Ақбала. Осы сен мырза жігіт пен төреме айтсаң қайтеді?

Дулат. Оған қалған күнде айтармыз, қазір тұра тұр. Сырым басқа сөзді сөйлескелі келді Қаракөзбен...

Ақбала. О, не сөз? (Қаракөз бен Сырым құшақтасып шығады.)

ІV көрініс

Сырым. Мен сенімен ақылдасып сөйлескенім жоқ. Бірақ қазір осы уақытта бізді Дәулеткелді, Қоскелді ат ұстап күтіп тұр. Мен сені әкетемін деп келіп тұрмын.

Қаракөз. Не дейді?.. Қайда??.

Сырым. Қаракесекке, менің нағашыма. Бұл ел саған ел болмайды. Сен мені сүйгелі мен тыныштықтан айрылғамын. Мен сені ұзатарда көрмеймін, енді мен қаңғып кетемін, бұрынғы күн маған жоқ деп едім; мені елге тастамадың, мен сонда енді екі-ақ жол қалды деп едім; бірі көз көрмес, бірі құлақ естімес жерге сені әкету, сенің жолыңда өлу, енді біреуі, ол болмаса керуен талап, ел шауып жынды болып кету; бүгін сен кете алмайтыныңа көзім жетті. Бұдан әрі тосуға әл жоқ. Саған да, маған да ендігі өмір азап-қайғы; бүгін сол екеуінің бірінен басқа таңдау қалған жоқ, қайсысын істе дейсің өзің айт!

Қаракөз (Ойланып). Не деймін? Не айтамын, сонан басқа істер істің қалмағаны да рас, не бүгінгі күн жат болу, бір-бірімізден айырылу керек, өлемін, үзілемін десем де бүгін саған ере алмаймын деген жауабымды беру керек, не болмаса беттің арын белбеуге түйіп еруге керек, етегіңнен ұстау керек; мезгілдің жеткені рас (Күрсініп ойланады.)

Сырым (Құшақтап тұрып). Ойлан осыны, ойла да қазір бекін, екеумізге берген құдайдың дерті ешкімнің басына келмеген дерт (Бұл уақытта Матай ақырын бұғып келіп, бір тоғайдың түбінен бас бақылап тұрады.) Сыр ашылған күні бізге лағнет айтқаннан басқа есіркейтін, аяйтын, жайды ұғатын жан жоқ... Бүйтіп бітеу жара қылып сақтап жүруге шама жоқ. Айында-жылында бір жолыққанды медеу қылып жүре алмаймыз, бізде жалын күшті. Біз жасырын жүрсек, тоқтау қылып, бойды жеңе алмайтын болдық... Не мені босат! Бетіңмен кет те..., болмаса ер маған! (Тым-тырыс.).

V көрініс

Матай (Сыбырлап өзіне). Ә! Ә! Сұмдық мұнда ма еді? Бәсе... Салдық-серілік жөні бір басқа... Асанның айтқаны келді ме?.. Сендердің шырайыңнан өзім де әлдеқашан сезіктенуші едім... Бәріміз де жас болған шығармыз... Бірақ мынаны көргенім жоқ... Енді мұны жалғыз мен білмеймін..., көрерлік кісінің бәрі де көрсін... (Қыз бен жігіттерге қарап.) Оған шекті сөздеріңді пісіре беріңдер! (Жүріп кетеді.)

Қаракөз. Мені сен жеңдің, сен биледің, дүниеге тоқтауы жоқ, тойымсыз қылдың, екеуміз де жолдан тайдық, адастық, енді адасқанды бетінен жарылқасын, өз берген қайғысын, құдай өзі жеңілтер алда...

Алда бізге де жарық күн бар шығар..., екеуміз де жетімдіктің үстінде зар жылап, қалған күнде бір-біріңді уат деп, әуелі бауыр қылып, үйір қылып, артынан жан дескен дос қылып қосып еді ғой. Бізді арам ниет қосқан жоқ еді... Басында адал бауырлық пен туысқандық ақ жүрек қосып еді ғой. Мен саған еремін..., ермеске жолым тар..., тыным бітті... Құдай бетімізден жарылқасын.

Сырым (Құшақтап қатты қысып, сүйіп тұрып). Олай болса, бүгін кетеміз. Біз дүниенің барлығынан тығылып, келін болып жасырынып жүретін қараңғылық күйінен құтыламыз... Біз қызықты, жанды жар өмірін сүретін боламыз; енді сөзді тез байла! Қазір кетейік! Аттар тосып тұр.

Қаракөз. Сырым, құдай қосса бұл байлау нық байлау, енді көңілге күдік кірмес; бірақ шыдау керек... Бұл бүгін істелмейді.

Сырым. Енді қашан? Неге бүгін істелмейді?

Қаракөз. Бізді аяйтын әке-шеше, туған-туысқан болмаса да, аруаққа ерегесеміз бе? Аруақты өзіміз ойлайық, мына ауылда, біздің ауылдың барлық үлкені жатқанда, кеткеніміз лайық болмас; солар кеткен соң болсын! Болар іс.

Сырым. Ауылдың үлкені демесем, бізді қуса, жаулық қылса, солардан үлкен жау, солардан әрі кетісетін жат жоқ. Бірақ елдің елдігін ойламағандай, аруақты кішірейтіп, Қарауылдың елін еңіретіп, белін сындырғандай боламыз, сондықтан бұл сөзіңді теріс дей алмаймын... Солар кеткен соң-ақ, бетті түзерміз. Келші енді, кел сәулем, құшақпен бірге тілекті біріктірейік! (Құшақтасып ұзақ сүйіседі.)

Бұл уақытта сахнаға әндетіп Ақбала мен Дулат шығады.
VІ көрініс

Дулат. Уа, шіркін, шерменделер!! Дүниеден осы құшақтарың айрылмай өтіңдер!

Қаракөз (Сырымды құшақтап тұрып). Айтқаның келсін, осы құшақ айрылмай әр күнде өлсең де арман жоқ... Тек тәңірі сол тілекке жеткізсін. Көңілімдегі бар тілекті сен айттың, тілеуің дұрыс достығың-ау... Дулат.

Дулат. Қарағым, Дулат сенің жолыңнан не аяйын деп жүр дейсің. Тек бетімізден жарылғасын дейік. Ұзақ сапарды қайырлы қылса, бізде арман болар ма еді?

Қаракөз. Құдайдан сол тілек орындалса, азды-көпті өмір сүрдім деп өкінбес едім.

Сырым (Күліп тұрып). Сен бізді жолдан тайғызып, жаңадан туғызып жібердің ғой, сенің құшағыңды тапқаннан бері мен де, Дулат та — бәріміз маңдайына тас тиген кәрідей болдық. Біз серіліктен де, еркелік, қызық, желіктен де айрылдық қой.

Дулат. Рас айтады; осы күнде сақал-шаш ағарып, қан тамыры суалған кәрі-құртаң бірдеңе болдық та қалдық (Күліседі.) Рас айтам-ау, тіпті енді неде болса, бірнәрсеге келіңдер! Бірдеме істеңдер, тіпті мына жүрістен өлетін болдық. Құр күрсініп, құр жылап, құр иығымыз түсіп қаралы қатын болып кеттік тіпті.

Қаракөз. Мен кім болдым? Менің бойым әлі оңалған жоқ, осында келгелі мен жынданамын ғой деп едім, келгелі жеті күн өтті. Сонан бері әлі бір түн де ұйықтағаным жоқ. Маған батып жүрген дерт қандай екенін түгел білген жоқсыңдар ғой.

Ақбала. Неге білмейік, біліп-ақ жүрміз; анықтап қараған кісі байқайтын іс емес, сөнуге айналған шамдай еріп, жанып бітіп барасың, өңің қандай болғанын байқамайсың өзің.

Дулат. Оны айтпай-ақ қоялық, кәпір қайғы деген қудың атын атамаңдаршы осы! Қаракөз күрсінгенде өз өзегім өртенгеннен бір кем болмайды. Мына шырайыңды көріп бір жасап қалып тұрмын. Шіркін өлең құрғыр да ауызға түспейтін болыпты осында келгелі.

Сырым. Кәне, енді жаңа ниетке бір тілеу тілеп басып жібер, біз емін-еркін екеуіңнің батаңды алып тұрып сөйлесейік (Құшақтап тұрады.)

Дулат (Әндетіп):

Жолды оңғар, тілекті бер, о, жасаған!
Қашсақ та қусақ тағы сендік саған.
Болғанда дұшпандар көп, біз әлсізбіз,
Сондықтан жүрек қорқақ, үміт шабан.

Сақтай көр, қара күннен аты жаман!
Дегендей тілек бітті, қызық тамам!
Екі жас тілеуіне жолды оңғарып,
Мақсатқа енді жеткіз есен-аман.

Қаракөз (Жылап, Сырымды құшақтап). А, құдай, осы тілек шын тілегім, жолымды оңғармайтын болсаң, осы тілеудің үстінде ал!!

Бұл уақытта сахнаға Асан, Нарша, Матай, Жарылғап, Жабай, Мөржан, тағы екі-үш жігіт шығады.

VІІ көрініс

Нарша (Сахнаға шығарда сөйлеп келе жатады).

Арғымақ жабы шыққаны:
Тұлпар тұғыл болғаны,
Аталы ұлдың азғаны мінеки!

(Сахнаға шығып.) Мынау осалдық, серілік емес, бұл жасырынның ашылып, абыройдың шашылғаны... Міне, әкелері! Адал туған балаларың... (Еңіреп жылайды.)

Сырым (Қайраттанып). Рас... шынды айттың..., жалғыз-ақ бүгін емес көптен солай.

Жабай (Ақырып). Құдайдың қарғысы тиген жүзіқаралар, неғып тұрсың. Құдай мынаны көргенше көзім неге шықпайды (Сырымға.) Арам туған ит... Не істедің, неге ұшыраттың? (Жарылғапты көрсетіп) мынау кім? (Мөржанды көрсетіп) мынау кім? Байла ойбай, тез мына иттерді... Сал қол-аяғына кісенді. Сырым, өрісіңе жет деп ем, бұған жеттің бе?

Сені өлтірмесем қатыным талақ, өзім кәпір болайын. Байла екеуін де! (Қасындағылары ұмтылады.)

Мөржан (Қаракөзді ұстап). Жүзіқара жерге кір... Жүзің неге күймей тұр — арсыз, ал құдай!.. Мені бұл күнге шейін алмағанда, сақтағаның осы екен ғой... Өлтір, екеуін де... (Жұрт Сырымға жүгіріп келгенде, Сырым қанжарын суырып алып, жуытпайды, жасқайды.)

Сырым. Тарт..., мен өлсем өз бетіммен өлемін...

Жабай. Ұста... Ұста арсызды... кәпір болып діннен шыққан қаражүздіні ұста! (Көп жұрт жабылғысы келеді. Сырым әрқайсын қағып-ұшырып ұстай сахнадан шығуға айналып.)

Сырым. Қалқам, қош!!!

Жарылғап. Мылтық әкел...: Ат итті... Өлтір осы жерде (Сахнадан шығып кетеді. Бірталай жұрт шулап артынан қуады.)

Сырым (Сахнадан шығып бара жатып). Өлтірерсің...

VІІІ көрініс

Мөржан (Қаракөзді екі кісіге ұстатып). Сал кісенді, табанын тіліп, күн қылыңдар, бұл арам туған итті... Бетің тіліңгір..., қайтып шыдап тұр мына бетің...

Қаракөз (Есі шыққан, өңі қашып жүдеген, әлсіз). Мен..., мен жазықтымын... өлтірт мені... мені тірі қойма... мен бәрібір өлем... (Айғайлап, жылап жығылып.) Ал... құдай!... Ал мені, ақ өліміңмен... (Екі жігіт қолына кісен салып жатады.)

Бірінші жігіт. Мұндай да масқара болады екен... кәпір мыналардың қылығы қандай жаман еді... өлсең, өліп-ақ кет енді.

Мөржан (Жылап). Кеселді өл енді... Құдай қайда!? Қайда аруақ? Неге атпайсың мына жүзі қараларды. Не еттім, не дейін енді ел-жұртқа? (Өзгелер қайтып келеді.)

ІX көрініс

Жабай. Жерге кірсең қоймаспын, Сырым, жаратқан мұндай итті бергенше қу бас қылып, сорлы қылып неге қоймадың? (Наршаға.) Мін тегіс аттарыңа, алғыз жылдам ат пен мылтықты. Жерге кірсе қоймаймын, қуамын. Қолымнан бауыздап өлтіремін.

Асан. Япыр-ай, мынау не деген сұмдық?

Жабай. Мына қызды кісендеп босағаға таңыңдар. Екеуін бірге өлтіреміз... Қайда ат... Қайда мылтық? (Жүгіріп кетеді.)

Нарша. Өзіне не болған? Не ғып жатыр?

Жарылғап. Не болғанын қайтушы едің? Енді бұл өлсін, кәпірдің қарасы өшсін... Қара жерге қара басым кіргенше кетпейтін қара таңба болды ма?.. (Жылап.) Мендей де сорлы әке болар ма екен?..

Мөржан (Талықсып отырған жерінен). Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаным ба? Менің көзім тіріде менен туған арамдар мұны істеді ме? Құдай әлдекімнің қарғысына ұшыраттың... Әкет Жарылғап мені таң атпай... Қара түнді жамылып күңіреніп кетейін...

(Сахнадан бәрі кетуге айналады. Қаракөзді сүйемелдеп, сүйретіңкіреп екі жігітпен Нарша әкетіп бара жатады.)

Қаракөз (Өңінен айырылған, көзі үлкейіп, жүзі есінен айырылғандай бұзылып, шашы дудырап шатасып). Мен өлдім... өзім де өлдім... шуламаса да өлдім... Ә-ә-ә!!?? Не боп қалды осы?.. Дулат неге ән салмай қойды?.. Сырым неге қанжар ұстады... Мені өлтірді... Өлім... өлім...

Нарша. Мынау не дейді? Жынданған кісіше (Шошынып) не болған жаным, өзіне (Сахнадан шығады.)

Шымылдық

3-ПЕРДЕ 5-СУРЕТ

І көрініс Тұрсын ауылы, соңғы уақиғадан соң бір жыл уақыт өткен. Наршаның отауы... Оң жақта шымылдығы құрылған биік төсек. Үстінде Нарша науқас, биік төсектің бас жағында жер төсек бар. Қаракөздің төсегі. Үйде Нарша, Қойсары, Асан. Шымылдық ашылғанда Асан домбыра тартып отырады.

Қойсары. Шіркін-ай!!! «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа», — дейді... Елу жыл емес, дәл биыл мен былтырдың арасында осы ауылда қандайлық қилы-қилы дүние болды?

Асан. Дүние-ай десеңізші! Аумалы-төкпелі дүние деген осы да — былтырғы жылдар Қаракөздер қандай еді; аспандағы жұлдыздай, әлемге аты шыққан ару еді... Ақыл қандай, көрік қандай еді... Аяғы өздерімен тоқталмай, Наршаны қоса науқас қылып қойғаны мынау. Сырым ол анау... Көшерін жел біліп, қонарын сай біліп, жолдан тайып бұзылып кеткені...

Қойсары. Дүние сол... Бұл өмір шіркінге сенім бар ма? Сырым сонан бері өз елінің бетін көрмей-ақ кетті ме осы?

Асан. Өз елі дейтін ел қалды ма Сырымда... Күні осы күнге шейін Сырым пәлен жерде жүр десе, Жабай мен Жарылғап қол жиып, аттанып барып бір шарлап қайтады дейді... Әлі күнге көзімізге көрінсе өлтіреміз дейді.

Қойсары. Қарауылдың бай-бай жерлерінде шауып жүр ғой. Сол неғып қолға түсіре алмай қойды соны.

Асан. Осы кезде ұстауға жақындап жүрсе керек. Үш айдан бері қарай Қарауыл орысқа шағып ұры, қашқын, бұзық деп жақын дуандардан орыс шығарып қуғызып жүр дейді.

Қойсары. Солай ма екен, ой мұны кім айтты?

Асан. Кешегі Сырымды шақыра барған кісі айтып келді, осы күнде барар жер, басар тау қалмады... Мен де өлер кезіме жеткендей болып ем... Басында мені қаңғытқан Қаракөздің дерті еді... Есінен адасса да әлі де болса көріп өлсем арманым жоқ деп жүруші едім. Енді көрейін деп келмекші болыпты.

Қойсары. Өзі соңынан орыс түсіп жүрсе, бұл жаққа қайтып сеніп келе алады? Ерлік-ау сорлының, әйтпесе бір кезде оның алдымен жасқанатын ең үлкен жауы біз емес пе едік.

Асан. Ер екені ер ғой. Наршаның менен алатын кегі бар еді, жазығым үлкен еді, соның өзі істесін; мен өлсем баяғы асыл Қаракөзімнің маңайында өлейін депті.

Қойсары. Осының жаралысы тіпті бөлек еді. Құр ғана ұры-қары қып, жаманатты қылып, қаңғытып жіберетін адам емес еді. Өр боп біткен кеудесі мен жалындаған жүрегінде бір ерекше туыс бар еді. Көптен бір алуан от бар сияқты еді.

Нарша (Оянып). Уһ-уһ! Сырымнан хабар бар ма? Неге кешігіп жүр? Келуге сенбей жүр ме әлде?

Қойсары. Келетін болыпты ғой, қарағым... Жеткенше сол болып жүрген шығар.

Нарша. Кім біледі... Келгісі келмей, бұл жақтағы сарғайған дерт, сарылған қайғыны көргісі келсе керек еді. (Тым-тырыс.) Бұ да бір далбасалық та... Ол ем-дем істеп бақсы, құшынаш болып жүрген жан емес, соңғы Қаракөзді баққан молда, жазса, Сырымның өзі ғана жазады деген соң, алғызып отырмыз да. Уһ..., неге душар қылдың, не болдық?

Қойсары. Молданың сөзі қисынсыз сөз емес қой, құдай бері қарасын десе, құдіретіне не қиын, барлығы Сырымнан басталған дерт, әлде болса Сырымнан жазылар да.

Нарша. Қаракөз жазылмаса, маған жазылу жоқ... Қаракөз есінен шатасқан күннен бері мен де есімнен айырылдым, мен де қайғылы қара болдым.

Қойсары. Қайтесің қарағым, уақыт солай болған соң, не амал бар, не шара. Сені де күйзелткен жар жолдасың шығар... Ағайын Қаракөзді төркініне жібер, өміріңді жаңғырт, бойыңды көтер деді. Ол қолдан келмейтін болды.

Нарша. Оған өкінбеймін... Қаракөз мені жатқа балап, бір Сырым деп зарлап жүргенде де мен Қаракөзден айырылар шамам жоқ еді. Үйткені маған өзге әйелден Қаракөз табылады... Өзгені алсам қуанышты, бақытты боламын деп сене алмадым... Қаракөздей асылды беріп, оның тұсында мені сондай сорлы қылған соң, ендігінің қандай болып кездесеріне кімнің көзі жетеді?

Қаракөз кіреді, өлгенше жүдеу. Зорға жүреді, әлсіз, шашы тал-тал болып бетін жапқан... Ақырын ән салып жүреді, жүзінде мағына жоқ... Көзі белгісіз қыдырып қарайды... Қаракөз жынданған, қолында жапырағы бар ағаштың бұтағы.

ІІ көрініс

Қаракөз (Айнала қарап тұрып өз-өзінен). Тоғайға бардым... Тағы барам ба?!! ... Тоғайды қуалап кете барып... азынаған көрге барам ба?? (Күліп) Тоғайда ән салады екен, жібек шапаны бар... Біресе жел боп кетеді. Торғай болып кетеді... шөп боп кете ме, әлде немене боп кетеді... ұйқым кеп кетеді... тоғай... жапырақ... тоғай... түн... (Шошып) Ойбай!!! Пышақ, кісен... әже!!

Нарша (Күрсініп). Қаракөз қиналмасаңшы бишара... Әлің біткен жоқ па енді? Не шамаң қалды... Жүруге де жарамайсың!.. Жатсаңшы...!

Қаракөз (Селт етіп сергігендей). Жат деймісің, тіліңді алайын ба?..

Нарша. Ал тілімді... байғұс, сенің менен басқа да жанашырың бар ма? Керек десең менің әке-шешем, мені де жынданды деп, екеумізден енді құтылғанға асық болып отыр. Жазығым сені қимағаным, сені қаңғытып жібергенді обалсынғаным... Жазылармысың бейшара!?

Қойсары. Олай деме, қарағым... Әке-шешеңе ой түсті ғой... олар да тоқтады ғой... Керек қылған кісіңді солар шақыртып отырған жоқ па?..

Нарша. Аты аталмасын... Бірақ келсе бірдеңе бола ма деп отырмыз ғой.

Қойсары. Ұғып отырмын, аталмайды. Әке-шешең сені қарғап-сілеп, сенен кетіп не мұратқа жетпекші. Сені тастағанда медеуі, қуаты кім, қарағым... Сен жалғыз болған соң олардың сенен кетер өрісі қайсы? Олардың да дымын құртып қойған жоқпысың.

Нарша (Қаракөзге). Қаракөз... шаршадың, шамаң бітті, жат енді.

Қаракөз (Ақырын иіліп жүріп). Қазір... қазір... (бетіне жапырақты ұстап) тоғайдың ішінде көрге жатқалы келем. (Төсегіне отырып) ақыретке оранайын ба..., ән салайын ба (Өз бетімен ыңырсып ән салып отырады; аздан соң қайта шығып кетеді.)

Нарша. Құданың құдіреті, ауырғаннан бері аузынан тоғай, көр деген сөз бір түспейді (Қойсары күрсінеді.) Бетіңді суыққа салып, жүрегің мұздай суық болып, жат болып тұрғанда, ибамен сіз деп сөйлеп, иіліп күткеніңнің өзі-ақ мен ұйытып еді. Ерекше болып туып... ерекше болып сөнгенің бе? Шыныңмен жарық күндей болып басталған өмірің қара түндей болып құлазып жүдеп біткені ме?

Қойсары. Бәрі рас, жалғаны жоқ сөз. Сенің басың қайтып сау тұрсын, қарағым... Осы жайды ойлап тұрсақ, өмірімізде естімеген, білмеген бір іс екен. Өзіміздің ойымыз тоқсан толқып, қинап кетеді, бәрі арманды дүние. Қарағым, түбінде жең бойыңды, тоқтау қыл (Тым-тырыс.)

Нарша. Ә-ә-әй болмайды... шама жоқ, мен де ұзамайтын жанмын. Жазылса Қаракөз мені де жазар, ол жазылмаса тілер тілек, етер үміт жоқ, тыныс бітіп келеді... (Күрсінеді.)

ІІІ көрініс

Қаракөз (Қайта кіріп, әлсіреп, өз бетімен). Жығылып барам... Ұйықтайын ба, өлем бе... құлап кетем, тау басынан ұшып келем, жерде тоғай... тоғай... көп тоғай (Сыбырлап, көзін төрге қадап, ақырын жүріп, қолмен ишарат қып.) Шақырады... иә-иә... барамыз, келе жатырмын... тоғай (Асанның үстіне келеді) А-а-а?!!... Қайда кетті?..

Асан (Шегіне). О не, қарағым... Қаракөз. Шатасқан ғой...

Қаракөз. Солай ма?!! Солай шығар... Шақырған жоқ қой. (Қойсарыға қарап.) Ұят-ай (бетін басып Асанға) Асан!!!

Асан. Жаңа кісі таныдың... Кей уақытта танымай қоясың, танып жүрсеңші, қарағым.

Нарша. Кісіні таниды... бірақ елемейді... танығанын білдірмейді... әйтпесе оңашада кім келді, кімді көрдің десең, бәрін айтады. Бір алуан қылып берген дерт қой құдайдың.

Қаракөз (Асанға). Асан!.. Маған (Наршаны көрсетіп) ана кісіге ән салып беріңізші... ән... ән!!.. (Әлсіреп, төсегіне барып, жығылыңқырап, әлсіреп барып сүйеніп жантаяды.)

Нарша. Асанды көрген сайын ән сал дейді... Ескі күннен бұлдыр болып есінде қалған нәрсе осы (Асан домбырасын күйлейді.)

Қойсары (Асанға). Салып бер бір әнді... аз да болса, көңілдері сергісін... Шіркін бұл басы ертегідей-ақ, қызық күн болып басталып еді-ау...

Нарша. Уһ-уһ... Көрер көзге мен жұбанар ештеңе болмаса да, соның бір күні келсе де, мың күн қайғыны ұмытар едім-ау... (Аз тым-тырыс.) Асан, айтшы бір ескі әніңді.

Асан. Қай әнді айтамын... айт дегенмен көбі тыңдалмай қала беретін... сонда да көңіл аулайық.

Нарша. Сен болмасаң маңайымыз тұлдыр болған жоқ па? Біздің басымызда жалғыз сен-ақ қалдың ғой... Біз кім болдық бұл күнде?

Асан (Ән шырқатады, Қаракөз селк етіп, қалғығандай болып отырып қалады).

Жігіттің падишасы, Әмір-Темір,
Бозбала әнге салсаң қайғың кемір.
Құданың бергеніне сансыз шүкір,
Көңілім бұрынғыдан биыл тәуір.

Нарша. Былтырғыдан тәуір болған көңіл адыра қалсын да, не деп айтқан өлеңің.

Асан. Олай болса (ән):

Шүкіршілік бергеніңе зұлжалалым,
Ойында ешнәрсе жоқ бозбаланың
Қайтейін жас дәуреннің жәрмеңкесін,
Шетіне шығып қалдық ду базардың.

(Қаракөз ақырын ыңырсып отырады. Текті кіреді.)

Текті. Сен не деп ән салып отырсың, бұл үйге ендігі жетпегені ән бе еді.

Қойсары. Бәйбіше, әдейі айтқызып отыр.

Нарша (Асанға). Дәурен өткен соң, ән де ажарынан айрылады екен-ау, тіпті бұрынғы ән сияқты болып селт еткізбейді.

Текті. Ән еститін бізде не көңіл қалды? Уһ-уһ. (Тым-тырыс.)

Нарша. Жаратқан не айығар ма? Бұл тұман сергитін күн болар ма? Мен де адам санатына қосыламын ба? Жоқ па? (Күрсініп аунап.) Неге келмей жүр... Келмей ме әлде?..

Текті. Қарағым тыныштық ал... Жаңа бір-екі атты келе жатыр еді... Асан, білші кім екен?

Қойсары. Асан, білші кім екен? (Асан шығады.)

ІV көрініс
Асаннан басқалар.

Текті. Қаракөзге істемеген ем жоқ. Бақсы-балгер, қожа-молдалардан келгені, бақпағаны жоқ. Біз де тоздық. Бейшара бұ да тозбай ма? Шошитыным, нағашы шешесі осындай науқастан өліпті ғой. Бір жағы қай десеңдер де, шошығаннан болса да, бір жағы сол ана жағынан келген дерт бар ғой.

Нарша (Күрсініп, қайғырып). Апа!! Қойсаңшы... Мен ауырлаймын. Әдейі айтамысың бишара? Онсыз да тынысым тарылып, үміттен айырылып болғаным жоқ па?? Әл-қуаттан да ажырадық. Намыс пен қайғы, өкініш пен арман бір жесе... қалған қуатын өзім тауысайын деймісің?

Асан, Сырым, Дулат кіреді. Бұлар сал киімін тастаған; белдерінде қанжары бар, Сырым жүдеу, өңі сұрланған. Үйдегілер кісіге орын береді, амандасады.

V көрініс

Сырым (Қаракөзді көріп басын төмен салбыратып, жылап). Жалғызым, сені бұл күйде көргенше шыққыр көзім, шықса етті... Нені күтіп жүргенмін мен (Қаракөз ыңырсып ән салғандай болады, әлсіз.) Мен арсыз жетеріме жеттім ғой... Ел-жұрттан безетін күннен соң, жеті күн осы ауылдың маңайынан кете алмай, төбесін көріп қана, қаңғып жүргенде неге өлмедім.

Қаракөз (Шошып, жылап отырған Сырымды көріп). Жылайды екен!! (Сырым қарайды) иә... иә... (қадалып қарап) мен сені көргемін... тоғайда өлең айтқан... тоғайда осы кісі көп... қызыл шапан қайда?? Тоғайда... торғай...

Дулат (Қойсарыға). Оңалайын дегені бар ма?

Қойсары. Осы қалпы ғой басынан... Осы күнде төмендеп бара жатқан сияқты.

Нарша. Сырым... Заманың бір құрбымсың... Құдай кешсе, мен кештім..., кешпейтін не шарам бар. Бұ күнде қайғылы дертті, жалғыз Қаракөз емес, мен де осының ауруынан екіталайдың үстіндемін. Естіп тe жатқан шығарсың, сен екеуің өзге жаннан бөлек жаралып едің... ел ұқпады... біз де ұқпадық... екеуіңдегі желік емес... дерт еді. Өмірің қызық емес. қайғы еді... Қаракөздің сау күнінде өзі айтқан сөздерінен сезуші едім.

Сырым. Рас айтасың, ол күнгі жүрісте мұқыл дүние білмеген, әке-шеше білмеген сыр, қайғы екеуміздің ғана ішімізде болушы еді. Жас күнімізде екеуміздің де бір аурудан шешеміз өлді. Өлген анамызды іздеп, екеуміз оңаша жер болса, ән қосып жылаушы едік. Сол күймен ересек болдық, ер жеттік. Бір күні Қаракөз қысты күні ауыл қыдырамын деп қатты суық боранға кез болып, адасты, іздеген кісі таппады... Бір күн, бір түн боран айықпады... Қаракөзден ел күдерін үзді. Әке-шешесі іздеуден қалды. Сонда сол күндер, күні-түні тыным алмай мен іздедім... Үсіндім... Таптым..., аман алып қалдым... өлім аузынан алып келдім. Сол жолы мен Қаракөзді, Қаракөз мені тапты... Ол жыл былтырғы өткен жылдың қысы еді... Бірақ өзімнің ешкімге мойын ұсынбаған көңіліммен, бізді құдайдың өзі табыстырды... біз ақыреттен табысып келдік дедім. Мен асылық істедім... Ақырында ұшырадым... Ұшыраттым (Күрсініп тоқтайды.)

Нарша. Сол Қаракөзді бір жағы сенің қайғың шатастырса, бір жағы біздің шошытқанымыз, біздің қорлауымыз... кісен мен ұрысымыз болды. Бұ күндегі Қаракөз мынау... (күрсініп) естіпсің. Сарғайған жүздей, сарылған қайғылы мен де тұлыпқа мөңіреген сиырдай сол дерттің ұшығын ұстаған ауру болдым... қор болдым... сен келсе, Қаракөз әлде айығар, әлде жазылар деп едім... Екеуің бір-біріңе қайғы үстінде сүйеу болып едің. Өзіңді танытып көр! Ескіні есіне түсіріп көр!

Қойсары. Иә, ескіні қозғап есіне салса бірдеме болар ма еді?! Қарағым Сырым..., сен құдайдан да, адамнан да жасырған жоқсың ғой; өзіміздің сезбестігіміз болмаса, сен бойыңды бұрын да тасалаған жоқ едің, енді бауырыңа тартып ой салып көр... (Сырым басын төмен салып, жылап отырады.)

Асан (Сырымға). Сырым, шақырып көрсең қайтеді.

Текті. Иә, шақырып қасыңа алып көрсең, атыңды айтсаң..., есі кіріп бірдеме дер ме еді әлде?

Дулат. Есіл алмадай перизат... Жүзіне қарауға жан шыдамайтын болған-ай!! Сырым, Қаракөздің моласын көріп өлсем, армансыз болам деп едің, енді тірі көзін көріп отырсың ғой... Бірдеме десеңші.

Сырым (Күрсініп). Не дермін!!.. Қаракөз есінен шатасып, мен тентіреп құшнаш болам деп, бой сергек кісі болып, тірі қалып өмір етемін деп ойлап па едім... Жаратқан не, неге ұшыраттың мені... Не қылдың? (Тоқтап отырып Қаракөзге қарап.) Қалқам, Қаракөз мені танимысың? Мен қасыңа барайын ба? Мен Сырым!!! Ұмытқан жоқпысың?? (Жұрттың бәрі үңіліп қарайды. Қасына келіп қолын ұстап). Ән салсам мені есіңе аламысың? Мені танып сөйлесемісің?

Қаракөз (Мағынасыздау). Иә-иә ән салшы... Мен сені білем.

Сырым. Сәулем... Көлеңкем. Қайғылы дертті қарлығашым (Жылап) Сен кеткен соң, менен өлең мен ән де кетіп еді... Өлең айтсам жылау үшін айтушы едім... (Жылап ән салады. Әні жоқтаған дауыс сияқты.)

Ән:

Дариға, дәурен өтті, күнім бітті,
Оқ тиіп ұшырадым — қарғыс жетті.
Бұл күнде сор қамаған қаралы боп,
Көңілді қайғы басып зар еңіретті.

Лашын ем құйқылжыған, дерт күйзелтті
Айырылдым ашық жардан күн сәулетті;
Семген гүл, өлген бұлбұл қайғысынан,
Қайырылып қос қанатым, ажар кетті.

Қаракөз аңырып, өңі қатты қашып, есі кеткендей болып қарап отырады.
Мен келдім зарға тойып, күнім, саған,
Бір ауыз сөзің бар ма айтар маған?
Жылайын, жырлайын да тілейін мен,

Көзімде жас қалмасын жыламаған.
Бұлбұлдай сайрауменен өлейін мен,
Қайғы өсіп айықпаса қара тұман.
Бір кезде сері болсам еркебұлан

Бұл күнде қайғы оралды қара жылан.
(Қаракөз шошынады, үні әлсіреп, Сырымға төніп қадалады.)

Қаракөз. Иә... иә... осылай.... осылай болатын.

Сырым (Қаракөздің қолын сүйіп):

Боялсын омырауым етек толып;
Қайғыдан мен де өртендім міне солып.
Тілеймін маған-дағы сол күн келсін,
Тоғайда, сондай қара түні болып.

Қаракөз (Қатты шошып айғайлап). А-а-а?.. тоғай... түн... Сырым... Әне әжем... шақырады... шақырады... (Шалқасынан сіресіп жығылады, Сырым шошып отырып қалады.)

Қойсары. Өңі бұзылып кетті ғой... Қаракөз бейшараның әлі құрыды ғой деймін. Енді қинамасақ та болатын ба еді. Немене?

Нарша (Төсегінен басын көтеріп). Құдай-ау үзіліп барады ғой. (Жылап) бір ауыз жылы сөз... Бір ауыз ғана кештім деген сөзді естімей қалғаным ба? Мен кім болдым? Не боп қалдым? Шынымен-ақ бөтен жанның тойын тойлап қалғаным ба? Жұртта қалған күшіктей құлазып жалғыздықтан өткенім бе? Менен қашып бетін шоққа салған жанның қайғысын маған арқалауға ғана жазғаның ба? (Талықсып жығылады. Қаракөз үзіліп бара жатады; Қойсары иман айтып отырады.)

Текті (Ақырын жылап отырып). Сорлы, сорың қалың сор маңдай екенсің ғой... Маңайыңда жыламаған жан қалдырмағаның не? Құдай әлде осының қарғысына ұшырадым ба?

Қойсары. Үзілді... Қаракөз қайтпас жолға сапар етті. Байғұсқа құдайдың бұл уақытта жібергені де тілегін бергені шығар. Енді бұл сорлыға не үміт, пе өмір қалып еді.

Сырым. (Үндемей түнеріп отырған қалпынан қозғалып келіп Қаракөздің басын құшақтап). Сәулем... Есіңнен айырылған күнде де тілеуің менде екен ғой.., өлуге мені күтіп отыр екенсің ғой..., шыбын жаныңды қорлықпен осы жерге сүйреп келгенде, басымда Сырым отыратын күнге жеткіз деп тілеген екенсің ғой...

Мен енді ақтайын тілеуіңді... өмірімде мен де бір сен деген тілеумен өтейін... Дулат! Сен менің қару-сайманымды ал да елге қайт... Әуелгі Қарауылға қайт!.. Бар жолдасты тарат!.. Мені қуған барлық жау өлтіремін, өртеймін десе де бас тартпаймын. Ӏздегені мені Қаракөздің қабырының басынан табады. Енді Қаракөзде ешкімнің ортағы жоқ... Қаракөз менікі (Еңіреп жылап үстіне жығылады.)

Шымылдық

6-СУPET

Кеш батқан. Бейуақ. Алыста батқан күннің қызыл шапағы көрінеді. Анда-санда алыстан күн жарқылдайды, құлазыған ессіз дала, елсіз жерде жалғыз мола — төрт құлақты бейіт. Бейіт сахнаның жартысын алып тұрады. Үш қабырғасы көрінеді. Артқы қабырғада кішкене есік. Бейіттің ішінде жалғыз қабыр. Қаракөздің қабыры. Сахна ашылғанда біраз жым-жырт артынан аздан соң ақырын қоңыраулатып дауыс айтып біреу келе жатады. Дауыс әуелі алысырақтан шығады. Мұңды, қайғылы, жоқтау әні.

Дауыс:
Жасымда шешемді алдың қуат берген,
Өмірде бір жетімдік — барым көрген.
Қуанышым, жан серігім, Қаракөзім,

Сүйенішім — оны алдың қасыма ерген.
Жаратқан, бірге алмадың сүйген жармен.
Жыладым, тентіредім, кеттім елден.
Қараңғы көрдей болды көрген күнім.

Тілерлік тілегім жоқ ендігіден.
Армандап күнім өтті қайғы, зармен.
Қалған жоқ, жанда қуат, бойда дәрмен.
Бейуақытта түн жамылып тілейтінім, —

Өлейін орын берші қара жерден.
І көрініс
Ән бітуге айналғанда бейіттің есігі ашылады, келген Сырым.

Сырым (Жүдеп, сарғайған, жалаң бас, есіктен қарап бірталай тұрып). Қырық күн!!.. Қаралы қайғы мен жылаумен қырық күн өтті. Алдақашан өлетін шығармын... Ит өмірден кетермін деп едім; әлі күнге мен арсыз тірімін... Кімді күтем? Нені медеу қылам? Не тілеймін?! (Бейіттің ішіне кіреді.)

Баяғы қабыр әлі де меңіреу... Баяғыдай нық басып бітеуленіп жатырсың, бір топырағың шашылған жоқ; бір жеріңе жік түсіп жалғызыңның бір тырнағын көрсеткен жоқсың, өткеніне жеті күн толғанда түсімде көріп едім, шыда, күт тапсыратын сөзім бар деп еді, ендігі бір белгі беретін күні бүгін шығар. Қырқы толған күні бір рет ескермес пе екен? (Тым-тырыс.) Бейуақытта бүгінгі күн бір белгіңді күтемін, жалғызым. Мен саған жазалы едім. Ақ жүзіңе кір салып, алма бетіңді суалтып едім; әлемге жаман атты масқара қылдым; сені жолдан тайғызған мен болдым. Мен жүзіқара... Ағаң екенімді ұмыттым, суға кетіп бара жатқанда сүйенетін туысқаның бола тұрып, су түбіне өзім кетірдім (Тым-тырыс.) Өтті дәурен, тарқады той... бітті тыныс... қуаныштың, тойдың арты қайғы болды. Той үстіндегі ән арты қаралы дауысқа айналды; тіршілік тозақ болды... Сен көтере алмадың, көштің. Мен дүние толған лағнет, қарғыс, жаманаттың ортасында жалғыз қалдым. Жазалы мен едім..., жазамды тарттым. Мен қимайтын не қалды?! Баяғы қызықтырған, желіктірген дәуреннің барлығын талақ еткен жоқпын ба? Астымда жалғыз ат та жоқ, үстімде лыпа қылар киім де жоқ, өлі ме, тірі ме деп бір уақыт келіп халымды біліп, сұрайтын жан иесі де жоқ. Мені дүниеде тірі жанның санынан шығарған. Сенің тірі шағыңда бес күндік дәурен болса да көрікті болсын деп мен барымды салғаным қайда? Сонда арттағы күнге қайтатын жолды тастап па едім? Сенің басың дертке ұшырап, дүние толған дұшпанның торына шырмалған күнде мен бірге дертті болмап па едім? Ауру болса да көремін, қолымнан күтемін, қасыңда өлемін дегенде, көп дұшпан тағы да дұшпандық етті. Мені сенің қасыңа жолатпай, көруге кеңшілік етпеді. Оның үстіне әке болып, туысқан болып соңыма түсті, қуғынға ұшыратты. Сонда сені жаралаған қылықтары үшін мен де жау болғаным қайда, алысып, араздық жаулыққа шыдасқаным қайда? Оның бәрін дұрыс іс демеймін, сен солардың кесірінен дертке ұшыраған соң, мен сенің жолыңда өлуді мақсат қылмап па едім? Пайда үшін, батырлық атағы үшін, мақтан үшін емес, сені мен өзімнің жазықсыздығым үшін, бір сенің дертің үшін, ол жүрістің бәрінде де есіңнен тансаң да бір жерде сені көзің тірі деген қуат, сену бар еді. Сен үзілген жерде денемнің тірілігі болмаса, менің де күнім қараң болып, өмірім суалған жоқ па еді? (Қабырды құшақтап жығылып) жалғызым, енді мен қайтейін?? Қайтейін.. бірдеме десеңші. Жаралы болдым; әлім бітті. Тұншықтым ғой. Бір күнде түсімде өлме дедің, неге айттың? Мен сындым ғой... Міне, екі үзіліп, бүктетіліп жатқан жатысым. Бүгін таңда бірнәрсе айтпасаң, осы қалыпта қабырыңды құшақтап жатып аштан қатып өлемін... бар тілегім өлім... өшемін (Еңіреп жылап қабырды құшақтап жабысып жатып қалады. Тым-тырыс. Аздан соң күн күркіреп, найзағай шартылдайды, бейіттің есігі тарс етіп шалқасынан ашылып қалады. Ақ кебінге оранған Қаракөздің аруағы есіктің сыртына келіп, көрініп тұрады.)

ІІ көрініс

Аруақ. Ей, Сырым, (Сырым шошығандай басын көтеріп, аруаққа қарап қатып отырып қалады, аруақ баяғы сау, сұлу Қаракөз пішінде). Бүгін саған келгенде жалғыз-ақ сөз тапсырамын. Сен еркексің. Ер бол да екеуміздің басымызды ақта! Сенің қолыңда соған жарайтын қуат бар. Сен жалындаған жанды сөздің иесісің, көңіліңді тоқтатып күйге түссең, сенің аузыңнан өрттей сөз шыққалы тұр. Бұл күнде сен қуатыңды буып, өзіңді-өзің тұншықтырып жүрсің. Енді сен бойыңды жи, беліңді бекем буын!! Күрмелген тіліңді шеш, кеудеңе құдай құйған өнерді өзен қылып ағыз! Елді жылат, егілт. Мені де, өзіңді де ақта... Еркек болсаң, мені ойласаң, тапсыратыным осы, сынған ер жамалады, сынып біткен көңіл қайғысын сөзбен шаяды. Сен көреген боласың. Сен жақсы кәрі. Жақсы болып жазыласың. Ескі ақынша оян да толған!! Сенің даусың биік, қалың тоғайдың басын теңселткен қатты желдей аңқып еседі. Сенің бетіңе тура қарайтын жау болмайды, дауыл менен жауында жай ұшырған жапырақтай болып ұшады, жоғалады. Өлі бойға жан бересің... шеш тіліңді... екеуміз тартқан күйікті жыр қылып күңірентіп өт (Кетіп бара жатып.) Оян.. Серпіл..., сөйле... сөйле...!! (деп жоғалып кетеді. Аруақ жоғалып бара жатқанда күн күркіреп, найзағай жарқылдайды.)

ІІІ көрініс

Сырым (Ұйқыдан оянғандай біраз ыңыранып отырып) Рас па?! Күнім!! Рас па, жалғызым... (Көтеріліңкіреп) айтқан сөзің ем болар ма?? Күздің суық қара түнінде ішімде күн туғандай болғаны қалай?? Жаз исі шығып, қара тастай қатып семген көңілдің жібігені қалай? Бойым балқып иігендей, жүрегімнің қайғысы қаралы жүзімнен ағарғандай... Діріл қағып елбіреген домбыраның ішегіне ілінген күйдей болып ішімде қайғылы, мұңлы күй оянғаны қалай?.. Қара түнде қара жыландай қайғы оралып, қараңғы көрді тілегенімде, алды артымда шам жанып, басыма кеп сөз қатты. (Өлеңмен сөйлей бастайды):

Көк сөгіліп от төкті.
Жай отымен нұсқар ма?
Баратұғын пір бетті, сен жарық ең,
Мен - көлеңкең, құдірет қуып сорлы етті.

(Серпіліп түрегеліп.)
Құйыл сөзім... құйыл енді қысылмай,
Таудан аққан тас бұлақтың суындай.
Өрт қып ойнап, көбіктен де аспанда,

Ӏшін тартып аласұрған құйындай.
Жалынындай түндегі оттың жаланшы,
Жансыз жаным, ақсын қаным тыйылмай.
(Қабырға қарап.)

Қара түнде қабырыңның басында
Ант етемін бұлт басқан айыма.
Оқ нөсері құйып тұрсын жолыма.
Уәдем осы куә болшы, суық көр!

Енді өлмеймін тіпті қарап жайыма
Кепілім бол, кереметті қуанышым!!
Қару ұстап аттанамын жауыңа.
Менің қамшым оқ жыланнан өрілген,

Қолда найзам жай отымен үштелген.
Кесілгенше кесілгір тіл сөйлесін,
Құдіретім, қылығыма куә бол!!

Есеңгіреп, құлаңқырап, шалқайып барып, бейіттің қабырғасына сүйеніп аз тұрып қалады. Аз тым-тырыстан соң шығып кетеді.

Шымылдық

ЖАЛҒАУ СӨЗ

(Эпилог) Алдыңғы шал шығады. Бұрынғы пішіні, қолында бұрынғы қобыз сыбызғы. Тым-тырыстан соң. Сонан соң сері Сырым сынығынан жамалып, тірлік етті. Ардақты жұрт!! Ақын жайын өлеңмен айтқанымды ұғарсың, айтайын:

Моладағы соңғы түн аруақтан соң,
Төгіліп ағыл-тегіл өлең кетті.
Сырымға ұшан-теңіз сөз дарыды,
Ашығы бата беріп қол сермеді.

Аздан соң дәурендеді ақын тілі...
Ӏркілмей жақ сарнады күні-түні.
Қайғы мен шерден туған ақын болып,
Шерменен аспанға өрлеп жалын шықты;

Біресе бүктетілген селдей болып,
Екпіні тау теңселтіп, тасты жықты.
Құба жон ордай жол осылып қап
Шары өрде шабынғанды інге тықты.

Қолына сыбызғы мен қобыз ұстап,
Сайқалдап cap даланы шарпып өтті.
Кескекпен шапшып тұрған ашулы жау,
Бетінен шошығандай жасып ықты.

Әуелде ызаланған жауын қуды,
Зарын төгіп көзінің жасыменен,
Қаралы қайғы басқан бетін жуды.
Бір кезде ашуменен тас боратты.

МАЗМҰНЫ

Қаракөз (1-нұсқа)                                                      2

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙