TELEGEI

Home

Көшіргіштер

Ғаббас Қабышұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көшіргіштер

Естелік 1970-жылдың тамыз айы. «Қазақ әдебиетi» гәзетiнiң редакциясында әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүргенмiн. Бiр күнi Бас редакторымыз Әнуар Әлiмжанов бөлмеме келiп (Әнекеңде бiздiң қай-қайсысымызды болсын шақыртып алудың орнына көбінесе өзi кiрiп-шығып, әңгiмелесiп жүретiн әдет бар-ды), маған күле қарап отырды да:

Естелік

1970-жылдың тамыз айы.

«Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жүргенмін. Бір күні Бас редакторымыз Әнуар Әлімжанов бөлмеме келіп (Әнекеңде біздің қай-қайсысымызды болсын шақыртып алудың орнына көбінесе өзі кіріп-шығып, әңгімелесіп жүретін әдет бар-ды), маған күле қарап отырды да:

- Ғаббас, сен сын бөліміне ауыс, сатира жазатын кісі сынға бейім болады ғой, сынды қолыңа ал, - деді.

- Мен сын жазып көрген жоқпын, қисыны келмес, - дедім, ұсынысына келіскім жоғын аңғартып. Бас редактор ризашылығымызды сұрамай-ақ, бұйрықпен ауыстыра салуға құқылы екенін білсем де, Әнекеңнің демократияшыл жұмсақ мінезін пайдаланып, орнымда қала беруді ойлап үлгіргенмін.

- Гәзетіміздің беделі әдеби сынымыздың әділ, қуатты болуында, бізде, өзің де байқап жүрген шығарсың, сын жүрмей жатыр, ұсақтап кетті, ол сыншы авторлармен жұмыс істей алмауымыздан, жаңа автор таба алмауымыздан. Мәселе ұйымдастыруда, ол сенің қолыңнан келеді, сөйт, сын бөліміне ауыс, жарай ма? - деді Әнекең, «құда түсуін» жалғастырып. Бас тартқанмен «жаным қалмайтыны» белгілі болды:

- Жарайды, ал ертең дұрыстап атқара алмасам, онда өзіңіз жауапты боласыз, - деп әзілге бұрдым. Әнекең әдетінше сылқ-сылқ күліп:

- Боламын, боламын, - деп алды да, сынымыздың жағдайын түзеу жайындағы ой-пікірлерін біраз таратып айтты.

…Гәзетіміз шыққан жұма күні сағат 11 шамасында лездеме («летучка» деген) өткізіледі де, жаңа санның сапасы және алдағы санның нысанасы әңгімеленеді. Сондай бас қосудың бірі аяқталып, тарай бастағанымызда Әнекең:

- Ғаббас, сен кідіре тұршы, - деп жымыңдады. Әлдебір тың, қызық жәйтті айтардағы әдетінше ақырын ғана сылқ-сылқ күліп. Кідірдім.

- Мынаны оқып, пікіріңді айтшы, - деді, әжептәуір қалың қолжазбаны ұсынды.

- Күлкілі нәрсе ме? - деп жорта сұрадым.

- Оқып көрсеңші…

Көлемді әңгімені де, мақаланы да үйге алып қайтып, түн мезетінде оқитынмын. Өз дүниелерімді де түн тыныштығында жазып дағдыланғанмын. Әнекеңнің «оқып көрсеңшісін» де үйге әкеліп оқыдым.

Мақала аты: «Ұрлық түбі – қорлық». Қиналмай атай салған. «П.Табылғанов» деп қол қойған бейтаныс жазыпты. Әлдекімнің бүркеншік аты-жөні екенін түсіндім, себебі әдебиетіміздің әлемінде ондай біреу барын естіген де емеспін. Бейтанысым филология ғылымдарының бір кандидатын «әдебиет ұрысы» деп іреп-сойып салыпты. Кандидаттық жұмысын: Мұхтар Әуезовтің, Сәрсен Аманжоловтың, Есмағамбет Ысмайыловтың еңбектерінен ұрлап жазғанын хабарлапты да, қайсысының қай кітабынан, оның нешінші бетінен, қай абзацын көшіріп алғанына дейін көрсетіпті. Кандидаттың авторефератын қоса жолдаған екен, оның көшірінді тұстарын қызыл қарындашпен айғыздап қойыпты. Дес бергенде үйдегі кітапханамда ол атаған ағаларымыздың кітаптары бар еді, дереу алып, салыстырып шықсам, «П.Табылғанов» жолдас шындықты айнадай жарқыратып беріпті!

Дүйсенбіде Әнекеңе бардым.

- Иә, оқыдың ба, қалай екен? – деді.

- Ой, Әнеке, қызық! Заказбен жаздырта алмайтын мақала, фактісі жүз процент рас, салыстырып шықтым, бірер сөздерді алып-қосыпты, келесі нөмірге беріп кеп жіберелік!

- Мен де оқыдым ғой, - деді Әнекең, күліп.

- Әнеке-ау, неге күлесіз, қызық та шыжық мақала ғой, осы күйінде жариялайық!

- Солай ма?

- Дайын мақала, алып-қосары жоқ. Автор аты-жөнін жасырса да, шындықты мөлдіретіп жазыпты.

- Иә, авторы бүркеншік фамилия қойыпты, қорыққан шығар. Өзі де сол маңайдың бір «мықтысы» болса керек, қалам сілтесі осал емес, кандидат па екен, доктор ма екен… Ғаббас, мұны бір аптадай кідірте тұрайық, асықпайық.

- Неге?

- Көрейік. Арғы нөмірге жоспарлармыз.

- Е, мейліңіз. Бастықтың айтқаны болады да, - деп орнымнан тұрдым. Өткір де шыншыл, дайын мақаланы бөгеуіне ептеп ренжіп қалдым. Әнекең жымыңдап:

- Әкәу, «асықпаған арбамен қоян алар» деген бар емес пе, сәл шыдайық, - деді. «Әкәу» Әнекеңнің сөзсыралғысы еді.

- Жарайды, шыдалық.

Жетінші күні, кезекті лездемеден соң Әнекең мені тағы кідіртті де, тағы бір қалың қолжазбаны ұсынып:

- Енді мынаны оқып көрші! – деп тағы күлді…

Сенбі күні түннің бір жеріне дейін оқып, салыстырып, еріксіз қайран қалдым. «С.Жарболов» деген автор (оның да бүркеншік атпен жазғанын сездім) анау «П.Табылғановтың» филология ғылымдарының кандидаты атағын арам еңбекпен иеленгенін жазыпты. Мақаласын «Арам малдың етінен без!» деп атапты және кіріспесінде:

«Құрметті редакция! Сіздерге «П.Табылғынов» дегеннен мақала түскен болар, Сіздер оған сенбеңіздер, ол - жалақор, ҚКП Орталық Комитетіне белгілі алаяқ, оның шын аты-жөні…» деп «П.Табылғыновтың» кім екенін ашып жазыпты. Әшкерелеуін тура «П. Табылғынов» тәсілімен жүргізіпті. Бір ғана өзгерісі – ғылыми еңбектері ұрланғандардың анау тізімін Бейсенбай Кенжебаев ағамызбен толықтырыпты. Үйімде Бейсекеңнің де кітаптары бар еді, ал салыстырайын бағана!.. «С.Жарболов» та тек шындықты хабарлапты. Мәссаға-а-ан!..

Бас редакторымыздың бөлмесіне кіре бере:

- Әнеке, «қуырдақтың көкесін» әкелдім! – дедім.

- Әкәу, саған «шыдай тұрайық» дегенде осындай бір пәле болатынын сезіп айттым ғой, иә, қалай екен?

- Екеуі де шындықты қатырып жазыпты, Әнеке, бір қызық болсын, екеуінің де бір сөзін өзгертпей, «Кім кімнен жымқырыпты?» деп ортақ тақырып қояйық та, алдыңғысына соңғысын тіркеп, жариялап кеп жіберейік, жатсын шатысып! - дедім.

- Асықпайық, ойланайық.

- Үшінші біреуден келетінін тағы сезіп отырсыз ба?

- Жо-ға, бірақ… - дегенінше бөлмеге:

- Кім-ау, Әнуар-ау, кешегі… - деп Ілияс Есенберлин кіре берді.

…Ертеңінде Әнекең бөлмеме келіп, әлгі екі қолжазбаны алдыма қойып:

- Құрысын, пәлелерінен аулақ, редакцияның архивіне өткізе салшы, - деді.

- Әнеке-ау, жариялайық та?! Фактілері түп-түгел рас қой?! Ғалымсымақтарға бір сабақ болсын, шошытсын! – дедім, сұрау салып іздесең де таба алмас мақалалардың қолымнан шығып кетуіне қалайда тосқауыл қойғым келіп.

- Ғаббас, сенің қызығуың орынды, оны түсінемін, бірақ, біз бұл мақалаларды жарияласақ, академияда ма, институтта ма, мына екеуі, құдай біледі, сонда істейді, олар бір-біріне кетіп жақан еселерін бізден алуға тыраштанады. Сен оларды білмейсің ғой, орыстар айтатындай, «подводное течениесі» сұмдық олардың. Мен қорқып отырған жоқпын, ғылыми атақ алуды ешқашан ойлаған емеспін, оларға менің ісім түспейді, бірақ, олар гәзетке, сендерге жұмыс істетпейді, бәріміздің, Жазушылар одағының да есін шығарады.

- Маған да бәрібір, ғалымдықты мен де көксемеймін.

- Әкәу, Ғаббас, сен сәл ойланшы, олар сендерді, ең әуелі сын бөліміндегі сені жабыла талайды...

- Атасының басы! – деп қалғаным, Әнекеңнің сөзін бөліп. Әнекең ренжіген жоқ:

- Құмырсқаның илеуін көрмей-ақ қой. Бұларға қызықпайық, – деп Әнекең күле түрегеліп, шығып кетті. Мақалаларға көз салсам, «шекелеріне»: «Архивке» деп жазып, қолын қойыпты. Не істерсің?..

Әнекеңді есіме алған сайын сол бір жәйт те жадымда жаңғыра қалады. Шындық үшін күресте отқа түсуден де тайынып көрмеген Әнекең, ол мақалаларды жариялаудан пендешілікпен сескенбепті, тек бізді –редакцияның жас жорналшыларын – шындықтың төңірегінде болатын шайтан шырғалаңнан, өлермен ғалымсымақтардың тым дойыр, тым тежеусіз шабуылынан қорғауды ойлапты. Кейінде өзім куә болған сан жәйтті кейде ой безбеніме салып отырып, Ұстазымыздың сол жолғы «осалдығын» түсініп жүрдім.

«Қазақ әдебиеті» гәзетінің 90 жылдығы атала бастаған күннен беріде гәзет редакциясында 8 жыл (1966-1974) қызметтес болған үлкен-кші қаламдастарыммен бірге өткізген қымбат сәттерімнің бәрі де көз алдыма қайталана келіп жүргендей. Ерекше қарапайым, кішіпейіл, білімдар тарихи тұлға болған Әнуар ағамыз орыны мен үшін, әрине, бөлек...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙