Өлеңдер жинағы. I
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасы ақын дарынын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көрсетеді. Тақырып өрісі кең, көп қырлы шығармашылығы – өнімді еңбектің нәтижесі. Кез келген туындысы елдің тұрмыс-тіршілігі, халық тағдыры тақырыптарына арналады. Қуатты суреткерлік дарыны шығармаларының бояуын...
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1909- 1920)
ӘНШІ АПАМА
Майра апай сіз бе едіңіз өресі асқан,
Құмар ем әніңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде,
Тіл қаттым жастығыма қарамастан!
Мен де бір талаптанған ініңізбін,
Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.
Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге
Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.
Сайрап еді Керекудің жыл құсы кеп,
Мәз болып қалған жоқ па құрбысы көп.
Сіз бізге жат емессіз, санаймын мен,
Сарадай апамыздың сіңлісі деп.
Өнердің қанат қағып өріне сіз,
Шықтыңыз құрметпенен төріне сіз.
Еліме қайтып барам десеңіз де,
Ұзатқан қызым ыздай көрінесіз.
Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз,
Көңілді бізге деген суытпаңыз.
Көгімде әніңізді қалықтатып,
Ақсуды тағы келіп құттықтаңыз.
1909жыл.
КҮЗГІ ГҮЛГЕ
Сарғайдың тоғайда, гүл, күзгітұрым,
Жайылып жапырағың тұрған бұрын.
Ара бал, көбелек сөл жұтқан сенен,
Ол қайда маса, сона, шіркей - шыбын.
Саянда сан құбылып салқындаған,
Сүліктей сұлуың жоқ қырлы мұрын.
Тоғайдың маңайынан басталдырып,
Шайқаған самалың жоқ таппай тыным.
Қиғаш қас, қырғи мойын, құбылма шаш,
Қарасы қандыратын көздің қыбын.
Қалмапты ажар, шырай, сүреңіңіз,
Сүзек пе, сүзілме ме сенің мұның.
Зорлығы табиғаттың бұл әуресі,
Төрт бөліп, түрлендірген жылдың күнін.
Қар қатып, пәк денеңе мұз тұрса да,
Жазды күт, жабырқама, күзгі гүлім.
1912 жыл.
ӘНШІГЕ
Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар,
Созылатын ән мұржасын созсаң зытар.
Ән сүйгіш жылы көңіл, сөзге таңсық,
Жылнымдар жылы сөзді неге ұмытар?
Тамырды солқылдатып, ойды қозғап,
Жүректі тебірентіп, ішті жылытар.
Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.
Елітер, екілентер, елбіретер,
Толғантар, толғақ салар, толықсытар;
Аспанға ащы даусын шырқап, қалқып,
Қоңырлап, көмей қайта ыңырсытар.
Зарлының екі көзін мөлдіретіп,
Болса да елжіретер бейлі шын тар;
Салған ән магниті тұрған көпті
Баладай тербеу жеңген бір тыншытар.
1915- 1916жылдар.
БҰЛБҰЛҒА
Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып,
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық.
Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп,
Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып;
Қанды қозғап, тамырды солқылдатып,
Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп.
Малда дыбыс, көлде шу, жерде ызыл жоқ,
Маңайды манаурадым мүлде ұмытып;
Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ,
Басқаны қойдың, әншім, тақа құртып.
Шырқатып, шыңғырасың шымырлатып,
Төмендеп түсіресің сыбырлатып;
«Мұңдым - ау! Мынау сенің мұңың ғой», - деп,
Маған да әкелесің қыңырлатып,
Жіберіп жер астына ызылдатып,
Қайтадан көтересің сыбырлатып;
Жүрегім, қаным, мыйым, көмейім де,
Қосылып, қос құлақты шыңылдатып.
Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде?
Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде.
Қаныма қосып кеттің бір ауру,
Осындай сайрамасаң күнде - күнде.
1915- 1916 жылдар
АРМАН
Мезгіл бар ма құтылар,
Шынжырлаулы тағдырдан?
Бірақ ой жоқ ұмтылар,
Табылар тағдыр дағдыдан.
Рақымы жоқ шынжырға
Байқамастан шалдырған,
Аяқ, қолы құрсауда,
Зарлауда жүр «балдырған».
Желк - желк еткен жас шалғын
Суық желмен майысып,
Селк - селк еткен болды күн
Көтермей белді қайысып.
Ажарлы, нұрлы ақ балғын
Заманмен тозды сайысып,
Көңіл құрғыр соп - солғын,
Жылдам суып, жай ысып.
1915- 1916 жылдар.
ӨЗІМЕ
Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,
Тапсырдым бар ойымды саған арнап.
Көңілім арам ойлап алаңдама,
Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап.
Мың қайғы біp борышты өтемейді,
Тағы да қылма уайым соны барлап.
Байды зорсып, кедейді нашарсынып
Бұзылдың көзі құрғыр, елді талдап.
Еңбекке жалқауландың екі қолым,
Тілейсің жылы суға дәйім малмақ.
Сырласып сыбырменен сылқыл жасап,
Құлағым, қуқыл болдың Құдай қарғап.
Малдыға изең қағып, көңілін бағып,
Басым да елді алдадың құр «алдалап».
Тоқтам қыл, билікті бер, мүшелерім!
Осыны «ождан» сүймей жатыр зарлап...
1915- 1916 жылдар.
СӘЛЕМДЕМЕ
Сәлемдеме жастарға,
Зарым замандастарға.
Көкірекке ақыл, көзге
ғибрат,
Жалыңды талап, жаңа
үміт,
Адал жүрек, ақ ниет
Жамандықтан қашқанға.
Жай таппаған көбелек,
Жапырағы жоқ қу терек,
Итке маржан не керек?
Су ағар ма аспанға?
Халық үшін жан қиған,
Қамқорлықтан ой жиған,
Сәлемдеме бұл сыйдан
Жарты жаңқа тастар ма?
Ақылы билеп, ой салып,
Қайғы сызға қайсарып,
Асыл сөзге бой салып,
Көңіл көзін ашқанға.
Сөз орнына боз беріп,
Боз бергенін көз көріп,
Хабары болса өзгелік
Дұшпаннан да, достан да.
Қарыны тоқ, қайырымы аз,
Отбасында өзі мәз;
Шөлдеп жүрген қысы - жаз
Мыңың басын қосқанға.
Көңілмен бірге қол жетер
Жұрт қажеті мол жетер,
Білімдікті олжа етер
Сусап тұрған бостанға.
Сусаған су тапса мәз,
Сондай құрбым - өнерпаз,
Осы қайғы, осы наз
Жарамас па астарға?..
1915- 1916 жылдар.
КӨҢІЛДІҢ ЖҮГІРІСІ
Зыр айналып тоқтамай,
Үмітке мініп жүр көңіл.
Қайдағы ойланып жоқтамай,
Қайтсін, таппақ қызыл гүл.
Я мақтамай, боқтамай,
Бәрін дос деп бекер жүр.
Жағын керіп оқтамай,
Алаңдықпен шекті өмір.
Кейде жалын, кейде шоқ,
Кейде ынтық, кейде жоқ.
Кейде жаяу, кейде атты,
Кейде баяу, кейде отты.
Кейде қайғы, кейде шат,
Кейде тұнық, кейде ылай.
Кейде қорқақ, кейде өжет,
Кейде тірі, кейде өлі.
Көңіл бүйтті тағдырсыз,
Тексере алмай бас қатты.
Өмір отты маздырсыз,
Көксей алмай жас ақты.
Қолды қағып тағдыр тұр,
Көңілге пәлен демейді.
Сорды бағып дағды құл
Маңайдан әлі кетпейді.
Көңіл, сенен тілегім –
Талапты ерттеп, қолды мін;
Үмітім мен жүрегім
Тартпасын сордың қорлығын!
1915- 1916 жылдар.
ЖАНДЫ СӨЗ
Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер,
Қайғы, зарын, қуанышын жақсы тінтер.
Жүрегімнің айнасын шаң басқанда
Орамалым осы өлең бетін сүртер.
Өлең, мақал, жаңылтпаш, ертегі, жыр –
Мұның бәрі жанды сөз, ішінде сыр.
Елдің сәні сақталар жанды сөзбен,
Қай жұрт болсын талассыз осыған құл!
1915- 1916 жылдар.
МҰҢДЫ ҚҰС
Бұлбұлдың сыны толады мамыр, шілде күнінде,
Қуанып сайрап қонады бірінен соң біріне.
Көлде құстар қаңқылдап, шалғынды шайқап жел
соғып,
Шағала шалқып, шаңқылдап, көлден көлге құс
тоғып.
Сонда бұлбұл сайраса, қан қызар, қайғың
сарқылар.
Сайратып әркім ойласа, шымырлатар -
шырқырар.
Өте шықты осы жай жердегі сәнді сыпырып,
Қарқылдап қарға апыр - ай, сауысқан салды
шықылық.
Сынық қанат, мұңды құс жалаңаш ағаш басында,
Ажалға таяу осы түс, қарға, құзғын қасында.
Қанаты сынық болғанмен көкіректе ескі әні бар;
Қу ағашқа қонғанмен әннің де не сәні бар?
Қарашадан хабар қып айт садағы кім тыңдар?
Алмай ма соғып, сонар қып саятшылар,
жылпыңдар?..
1915- 1916 жылдар
АЛДЫМДА
Сен не дейсің, не дейсің?
Тілің тәтті, жай мысың?
Ая! Ая! Әрине!
Мені жаман демейсің.
Таңдайың тәтті, тілің май,
Тауып айттың апырым - ай,
Op қазалық, оқ жасап,
Олар қамсыз, жатсын жай.
Ақиреттік дос болсақ,
Құда болсақ, бір қонсақ.
Қағаз берсек, ұрласақ,
Құдайға сал, қорғансақ.
Қайрат қалың, күш мығым,
Жазда қамтып қыстығын,
Мен мұз болсам сен жалын,
Тым - ақ жаман ұсқының.
Ішінде зәр, сыртында ар,
Мені алмақшы ойың бар;
Сен сауысқан, мен азық
Қызылыма тойынар.
Мұны оқытқан кім екен?
Әзезіл ме екен, жын ба екен?
Таңырқаймын, тамсанам,
Дағдыға құл қу ма екен!
Ащы көңіл, тұщы тіл,
Аулақ жығыл, арман өл!
1915- 1916 жылдар.
ЫНТЫҚТАР
Күн батқан соң қарайып,
Қараңғы перде жабылар;
Құрт - құмырсқа, халайық,
Құс ұшпас, аңдар жалығар.
Қарауытып маңайың,
Батып ақшам жамырар.
Күн батқанға қуанып
Қорқақ қоян жайылар.
Шық түсіп жапырақ буланып,
Ұйқыдан әр жан табылар.
Жазғы кеште желсіз түн,
Тыншықты, жатты жануар.
Серт байласып, сөйлескен,
Ынтығын, ынтық сағынар.
Көңілі жақсы, түн тапшы,
Бір жолықса ағылар...
Артында тұр ауылдың,
Мезгеулі мезгіл - уағы бар.
Сүйісу білмес сар мойнақ
Күндеп үріп шабынар.
Жылысып шығып ақ үйден,
Бүркеніп киім жамылар.
Жұлдыз жиі, ай жарық,
Дағдылы көзбен табылар.
Жалбырап жапырақ, сылдырап,
Әр бұтаққа таңылар.
Шалғын төсек, тал перде,
Маңайдан көңіл жаңылар.
Жан сүйісіп, тән ысып,
Ынта айрылмай жалынар.
Сыбырласып, сырласып,
Кірден жүрек арылар.
Үміт кескен жауап жоқ,
Таңда тағы табылар...
Сүйкімді түн, жоқ болды үн,
Сызылып атқан таңы бар.
Тағдыр жолы таң атып,
Хош - хоштасып айрылар.
Жолықпаса асық жар,
Тынымсыз түннің шаңы бар.
Жолыққан соң асық жар,
Желсіз, шаңсыз заңы бар.
1915- 1916 жылдар
ЗАМАНДАСҚА
Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!
Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!
Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,
Тендік тиер, ешкім күйе жаға алмас.
Шөлдеп тапқан судан басын ала алмас,
Шөлдемеген суға басын сала алмас.
Жаста білген, басқа сіңген тәлімің
Өзің өлмей сүйегіңнен қала алмас.
Жаста жақсы мінезді іздеп ала алмас
Онда біздей хайуан тіпті жаралмас!
«Іс Құдайда, ерік біреуде» дегенмен,
Біз қозғалмай, жау жабдығын жаба алмас.
«Құдай жазды, менде не бар» дегенмен,
Мұның бос сөз, һешнені өкпең қаба алмас
1915- 1916 жылдар.
ЖЫБЫРЛАҚ
Көңілім қорқақ,
Тілім шорқақ,
Мінсіз емес бозбала!
Өнерім аз,
Сен өнерпаз,
Тапқан лаж, қозғалма!..
Аттап кетсең,
Таппай сөксең,
Қиянат маған, өте обал.
Жүйрік жасқа, Замандасқа
Қас қылмасқа қолымды ал!
Ақын емес,
Ақылды емес,
Мақұл да. емес адаммын.
Ауа қонса, Қисық болса
Айыбы қанша қаламның?
Сынға салдым,
Шынға салдым,
Жас талапкер өзіңе!
Сынағанда, Шулағанда,
Қисығын айт өзіме!
Көкірегі ашық,
Көпке ғашық,
Анық менің құмарым
Айналмаса,
Ойланбаса,
Иланбаса жырларым...
1915- 1916 жылдар.
МАҢЫМ
Жақсыға айтып базына,
Көңіл тілім сарнайды.
Қайғы сызға сөйлесең,
Еш құлағын салмайды.
Ұйықтап жатыр, «әй» десең,
Әсте ұйқысы қанбайды.
Қопсыз қоңыр шолағым
Жұрт бәйгесін шалмайды.
Жапалаққа жем берсем,
Тірі тышқан алмайды.
Алаламай тең көрсем,
Бір бүкпесі қалмайды.
Жігерліге сөз айтсам,
Жылдамырақ андайды;
Жігерсізге қисайтсам,
Ат пен киім таңдайды.
Қанағатсыз қара жер
Жан біткенді жалмайды.
Қайырымы жоқ қара кер
Құр зорлығын жалдайды.
Көңіл, өмір жеп - жеңіл,
Бір басымды алдайды.
Жалған - жалын, мен - көмір,
От жанудан танбайды.
Көзі соқыр, көңіл мұз,
От жауса да жанбайды.
Маған біткен қиын құз
Лаулап жанып, қаулайды.
1915- 1916 жылдар.
ШЫМ – ШЫТЫРЫҚ
Алған - берген,
Қалған - өлген, шым - шытырық
қу заман.
Жаулаған да,
Даулаған да, сұм құзғындай
шулаған.
Бозбала аусар,
Ақылы жансар, қартаймастан
алжиды.
Замғиды да,
Қан құйды да,
Алжиды да - шалжиды.
Биі әділсіз, Ер кәдірсіз,
Қыз да әзілсіз - біркелкі.
Досың күлсе,
Дұшпан үрсе,
Басып жүрсе - өз еркі.
Ащы көңіл, Тұщы өмір,
Төсек темір, бар ма дос?
Қайғы баптап,
Оңды шақтап,
Сырғанақтап - жүрмін бос.
1915- 1916 жылдар.
ЖАҢЫЛҒАНЫМ
Жалғанды «жазықты» деп жамандадым,
Ол жазықтан өзімді амандадым.
Ойладым да отырдым ел табуға,
Заманнан жақсы досты таба алмадым.
Үш буынды өмірдің бәрі заман,
Жирендірген жұрт сөзі оны маған.
Кінә, салып, ойсызға иек сүйеп,
Орынсызға ұрынған өзім жаман.
«Адам таза, өмір қу, тиме!» деген
Ездің ісі өз көңілін билемеген.
Жамды, жарық дүниені жалғаншы
Әлдекімге соқтығып кимелеген.
Кінә менде, кеп менде, жазық менде,
Байлап, шешу жазықты қазық менде.
Уақытша жан қонақ біздің тәнге.
Адал, арам жегізер азық менде.
1915- 1916 жылдар.
ҚАЛПЫМЫЗ
Ашылар ма көз, Іс болар ма сөз,
Көп көксеген күн туып?
Дауыл, жел айдап,
Жауын, сел қайнап,
Өз еркінше жүр қуып.
Алу үшін тендікті,
Сағынамыз кендікті.
Пайдасыз ыржақ,
Хайласыз қылжақ
Түсті міне жылымға.
Бастағы дәулет,
Жастағы сәулет
Айналды бәрі тиынға.
«Озбай жұлып олжаны ал», -
Деген пәле, құр жала.
Пайдасыз тақыл,
Хайласыз ғафыл
Өлуге орға секірер.
Дабырлы жолды,
Табылды болды,
Одан артық не тілер?..
Ақыл, ой, талап, ар, намыс
Біздің елден жүр шалыс.
Ағайын ақмақ,
Ақмағын баптап,
Қаперінде түк те жоқ.
Сырты тату,
Іші қату,
Харыф жасап, нүкте жоқ.
Алдағыш болсаң ас даяр,
Алдаған кісі қасқаяр. t
Үйінде шіреніп,
Далада именіп,
Жау табылса тым қорқақ.
Тарлықта тастап,
Сырдаң ойқастап,
Жадағайда құр жалтақ.
Қызыл өңеш, қу құлқын,
Бұздыңдар ғой ел шырқын.
Ұрламақ, алмақ,
Зорламақ, салмақ
Салды заман сорыңа.
Айтылған сөзің,
Ашылған көзің
Жолығады торына.
Қимылы қырық, қызық сез,
Қыртқа айтылса қызықсыз.
«Аусар - алаң,
Жансар - жаман,
Қашан жан боп түзелер?»
Арықты көтеріп,
Халықты не етелік?» -
Дей, дей жүріп өзі өлер.
Қамқордың жайы осылай,
Құдіреттің қосуы - ай!..
Мақсат алыс, Адам қарыс,
Уайым қалың, үміт көп.
Қысты күн жазды,
Қардан кек сазды
Уайым қалың, үміт кеп.
Болмайын дейді қай кісі?
Болдырмайды тәңірісі!
Көзі ұйқыда, Көңілі қиқымда,
Ынтасы ұрлық, қулықта.
Көрсе былқыл,
Көрмесе қылқыр,
Заңым түсті сұмдыққа.
Сұм - сұрқия қу заман,
Ел қарғадай шулаған.
Өзі жатып, Көзін сатып,
«Алшы, алшы!» - деп жұмсағыш.
Өзіндей көріп, Айдауында өліп
Жүрсең де жәрдем қылмағыш.
Сенгіштің түбі сергелдең,
Үміт жоқ осы пендеден.
Билері бұзық,
Билігі қызық,
Әділетті қар басты.
Зекіріп, ақырып,
Жаланы шақырып
Қылдыра ма дал басты?!
Қашан туар әділдер?
Әділетті кім қадірлер?..
Көрсе қызар,
Көрмей озар
Елеусіз иісті, ақыл шақ.
Тиыншыл билік,
Берілсе сыйлық
Жадағай қабақ, жақынсақ,
Иіңкі көңіл, қу үміт,
Пәреге басты бір сүңгіт!..
1915- 1916 жылда
TAЛFAMAЛAP
Бірді жесең, майды же!
Аузында тұрсын жылтылдап.
Бірді мінсең, жүйрік мін!
Астында тұрсын жылпылдап.
Бірді құшсаң, сұлу құш!
Жанында жатсын былқылдап.
Бір сөйлесең тауып айт!
Болсын мәз жұртың сылқылдап.
Бір ән салсаң, мұзды ән сал!
Елжіресін жан тыңдап.
Бәйге алмас шауып бар жылқы,
Жүйрігі озар қарқындап.
Бір асасаң, талғап жұт!
Қақалып қалма қырқылдап.
Жабылған соң жас күнің,
Жасқа ұмтылма қылқындап!
Бай болам деп ойлама!
Қойды сүйреп, жылқы ұрлап.
Абұйырлымын деп ойлама!
Әркімге тиіп, бұрқылдап.
Өсек аңдып, сез бағып,
Ел қыдырма қылтыңдап!
Жалаңаш адам бәрі бір,
Киімге күлме сылтыңдап!
Сырыңды айтпа сырдаңға,
Отырса нанба, жылтыңдап!
Жарлыға бол жағымды,
Байға тұрма қылпылдап!
Көршіге салма күш - қайрат,
Қожайынсып, шыңқылдап.
Ағайынмен араз боп,
Әркімге барма қыңқылдап!
Балаңды бер сабаққа,
Қойға айдама тымпыңдап!
Арттан өсек сөйлеме
Көрнеу көзге жылпыңдап!
Өнбес іске өкпе қып,
Келмей қойма, бұлтыңдап!
Қолданып кетпе қулықты,
Құзғындықпен қутыңдап!
Күлген қорлық емес пе?
Жығылып жүріп жыртыңдап.
Жылы жансып, адалсып,
Мал үшін тұрма құйтыңдап!
Талапты болсаң, шыққаның
Қырсықтың басын қырқып ап.
Естіген сөзді фәһімде,
Отырып кетпей құр тыңдап!
Оңбағаның ұқпасаң,
Шылықпенен шылқылдап.
Ел билесең адал бол,
Арамға тойма ыңқылдап!
Миға сақта талғауды,
Заман отыр тың - тыңдап.
Бізге де кезек жақындар
Байланған тордан бұлқынбақ.
Қалың үміт сәулесіз,
Қайғы басты лықылдап.
Мінген қайық бұлт етті,
Буыңды талғау қиқылдап.
Буыңды құртып, әлді алып,
Кәрілік те жетті сықырлап.
Тітіркентті рухты
Ажал тісі шықырлап.
Епшіл - емсек жылпыңдар,
Мазаны алды тықылдап.
Жаңа ойладым, жығуға,
Кім мені жүрген сиқырлап.
1915- 1916 жылдар.
ҚАЛАМҒА
Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап,
Тек қағазға барыңды.
Отырмайды қол қарап,
Сен шақырсаң зарыңды.
Қайырылмасқа қайта айтып,
Кетірме, қалам, арынды.
Білсін құрбың, құрдасың,
Қалам, сенің хәліңді.
Зарланғанға құрбансың,
Дәметпе елден алымды.
«Тәуекел» деп аталған,
Айырылмай ұста талыңды.
Теpіc болмас бата алған,
Есірке кемпір - шалыңды!
Жұрт пайдасын шет көріп,
Ойлай берме қамыңды!
Сырт қайласын ел керіп,
Бастай көрме ғалымды.
Ит етінен арман кер,
Жұрт бұзақар залымды.
Қағазда заула арман сөз,
Жас жүрекке жалынды.
1915- 1916 жылдар
БІЗДІҢ ЖАЗДА
Бозторғай шырлап, жаз құсын жырлап,
Үйрек сытырлап, қаз пырлап,
Түйе боздап, қой қоздап,
Жылқы азынап, жел маздап,
Қарға қаңқылдап, қу саңқылдап,
Жас жарқылдап, шал қарқылдап,
Сай дүңгірлеп, самал гүлді үрлеп,
Мал балалап, құс жұмыртқалап,
Қанатпен су сабалап,
Мерген су жағалап,
Өзен аңқылдап, шөп жалпылдап,
Ағаш бал қылдап, жапырақ салпылдап,
Құрттар қыбырлап, құмырсқа жыбырлап,
Малдар шыбындап, ынтықтар жымыңдап,
Тайлар ойнақтап, балалар жайдақтап,
Боталар маймақтап, тайлақтар тайрақтап,
Елдер қосылып, көштер жосылып,
Сиырлар жосылып, оқырадан шошынып,
Қойлар маңырап, қозылар жамырап,
Бұзау мөңіреп, енесі аңырап,
Көңіл елбіреп, жүрек желбіреп,
Ішің елжіреп, көзің мөлдіреп...
1915- 1916 жылдар.
ІШІМ ЕРІП
Ай жарық, нұры балқып тұрған түні,
Жарасып, жалтылдасып жұлдыз сыны.
Шағылда ыңсыз - дыңсыз қыбырлаған,
Дейтін - ақ секілденіп әлдекімі.
Келіппін бір өзен су кемеліне,
Көз жетпес, ары - бері көлеміне.
Толықсып аққан суы таңырқатты,
Мастанып, бой манаурап келгенімде.
Самал жел баяу есіп тұрған толғап,
Жайқалған түрлі өлеңдер қандай болмақ.
Шыққан шөп, өскен ағаш дегізетін,
Бақшасы ұжым ақтың қалған орнап.
Майысып біткен құрақ жағадағы,
Бітісіп қалың нумен екі жағы.
Жар соққан ептеп келіп толқындары,
Асаудан үйренбеген бейне жабы.
Отырып, міне, мұның бәрін керіп,
Жан күші, әсерлі үміт ішті керіп.
Көзімнен тамшыланып, суық жасым,
Бір терең ойға қалдым ішім еріп.
1915- 1916 жылдар.
ИГІЛІК
І
Самал жел, шалғын, жапырақ, балаусалы,
Ұшқан құс, жайылған мал, таудағы аңы.
Жапырлап қатар қонған халық пормы,
Ыңыранып жатқан мезгіл жайлаудағы.
Жайылған үйездемей қой мен қозы,
Жусаған құлын мен тай байлаудағы.
Таутеке, қоян, киік, қоймен бірге,
Қойшылар «қорықтық» қылған тау - таудағы.
Құс жырлап, су сылдырлап, күн шуақтап,
Қысырақ жусап тұрған салмаудағы.
Серуендеп бүлдіргенге қыз - келіншек,
Ындыны - бір - бірінен қалмау дағы.
Алыстан мұны күтіп жүрген де бар,
Діңкілдеп бұлақ өрлеп жарлаудағы.
Лүпілдеп жылы жүрек, буын босап,
Алақтап екі көзі барлаудағы.
Баладан қасындағы қыз жиіркеніп,
«Құбыжық бар, сен барма!» - деп алдаудағы.
ІІ
Ығысып төмен таман қыз келмегі,
Бір соғып жылы жүрек «із» бермегі.
Құмартып, күйіп - жанып, ысып - суып,
Лебіне махаббаттың қыз да ермегі.
Қарызы сүйісудің бұл емес пе
Жан үзіліп бірін - бірі ізденбегі.
Көңілге кірген жерден қанат бітіп,
Тықыршып тұрмай үміт жөнделмеді.
Лекілдеп тамыр біткен күйіп - жанып,
Қолында елжірестің енді өлмегім.
Маңайдың тауы, тасы, табиғаты
Жым - жырт қосылғанын көргендегі.
Өткен күн, келер өмір, басқалармен,
Ажал да ұмытылды өлгендегі.
Айқасқан ақ білектер жарасып тұр.
Балықтай тасты судан өргендегі.
Қабақты қағып - күліп, езу тартып,
Елжіреп шыны бір күш жеңгендегі.
Екеуін егерлікпен ел айырса,
Ажалдай жан мен тәнді бөлгендегі.
Әділ ме тағдырдың да бұл мінезі,
Екеуін екі айырып көмгендегі.
Таңдаған, тапқан сүйіс тазалықпен
Жаратқан бір игілік пендеңдегі.
ІІІ
Қыр мұрын, қыпша белді, қиған қасы,
Ақ маңдай, қас бітісі қып - қиғашы.
Ақ жүзі, оймақ аузы, күлім көзі,
Білектей қап - қара боп өрген шашы.
Ақ иек, кірсіз тісі, кірпіктері,
Екі елі мөлдір көздің екі арасы.
Екі ұрты, екі жағы алмадай боп,
Бітімі бейне гүлді алма ағашы.
Ақ саусақ, әжімі жоқ, буыны жоқ,
Жылтырап тырнақтары тап - тазасы.
Тік иық, жазық жауырын, аққу мойын,
Толқытып, қос құлақты әм сырғасы.
Қайрақтай төсі жайдақ, шынтағы етті:
Жазылып бейне мамық қабырғасы,
Тар мықын, орта бойлы, түзу аяқ,
Бұралып тал шыбықтай белдің ашы,
Қолданып әдеп, үлгі жанды ерітіп,
Ақыл сөз, ақырын күлкі шын мирасы.
Жабдығын жақсы өмірдің жете біліп
Құрбысын құрметтеуде бар ынтасы.
Жетсе де бұған қолы, жетпесе де,
Әркімнің осыларда бар ынтасы...
АЛЫС – БЕРІС
Екі жарлы құда болса, бір-бірінен дорба алысар,
Екі малды құда болса, бір - бірінен жорға алысар.
Екі сараң құда болса, алыса алмай құр қалысар,
Шығымы жоқ. екі құда, бір қараны зорға алысар.
Екі молда құда болса, шариғатқа көп барысар,
Екі есепші құда болса, алғанына шот қағысар.
Екі балықшы құда болса, қармақ пенен ay алысар,
Екі зәкүншік құда болса, ескі статьяны аударысар.
Екі жомарт құда болса, сыйласумен күнде ауысар,
Екі қатын құда болса, қыл - қыбыр, шуда - жұбыр, жүнді алысар.
Екі ұрлықшы құда болса, қалың малын түнде алысар.
Екі мейірімді құда болса, пәле келсе, ат салысар,
Екі мейірімсіз құда болса, пәле келсе, қуанысар.
Екі құзғын құда болса, алғаннан танысар, артынан жан алысар,
Оңатұғын екі құда, ымбаменен мал алысар,
Оңбайтұғын екі құда, алғашында - ақ дау салысар.
Екі арақ қой құда болса, қаз мойындар шағылар,
Бай мен кедей құда болса, байдың малы бағылар.
Екі диқан құда болса, ылғи ғана астық алынар,
Ақкөңіл мен алакөңіл құда болса, алдыңғының шаңы қағылар.
Бұл алыстың көбісінде - ақ кесек - кесек дау табылар.
Қой! Елім, біреудің өмірін олжалама!
Жыласа, сықтаса, көз жасы мойнында қалар,
Бесіктегі баланы базарға сала берме!
1915- 1916 жылдар.
ҚАЗАҚ ҮЙДІҢ ТҰРМЫСЫ
Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық, ши, туырлық,
Он бес бау, ішкі - сыртқы белдеу, желбау,
Түс киіз, көрпе, шай шымылдық,
Текемет, жастық, шапан, кілем, сырмақ,
Алаша, бешпент, көйлек, шәлі, берік,
Самаурын, үстел, кесе, шәйнек, шәугім,
Кәдеге, сандық, кебеже, ақ түндік,
Патнос, шелек, мосы, адалбақан,
Ұстара, қайрақ, тарақ, бақан, сырық,
Шылапшын, аяқ, қасық, қазан, ошақ,
Жүкаяқ, шкаф, пышақ, айна, орындық.
Тәрелке, ожау, шөміш, саба, торсық,
Ұршық, біз, балға, көсеу, қап, ине, жіп,
Сым, шалбар, жейде, дамбал, кебіс, байпақ,
Дастарқан, тақия, ішік, белбеу, белдік,
Ер - тоқым, жүген, тартпа, айыл, қамшы,
Құйысқан, үзеңгі, ішпек, өмілдірік,
Аяққап, тұз баспағы, сабын, сақар,
Ірімшік, жәшік, қоспа, май, қымыз, құрт,
Айран, ұйтқы, ашытқы, көже, саумал,
Ұн, тары, бидай, сұлы, сұр мен шұжық,
Жүн - жұбыр, қыбыр мен тері-терсек,
Келі, келсап, пышақ,аша, күрек,
Ат, қалта ноқта, бұйда, үскі, кілт,
Сыпыртқы, сүлгі орамал, қырғы көнек,
Жайнамаз, қалам, қағаз, дорба, сауыт,
Домбыра, тұтқыш, гармонь, шаппашот, тұлып
Машина, кергіш, қайшы, ілгек, шамдал,
Кепсер, қақпақ, саптыаяқ, тәспі, құлып,
Асыл тас, ақық, меруерт, маржан, үкі,
Бастырма, ілгек, жүзік, сақина, шоқ,
Кимешек, шүберек, сағат, құран кітап,
Темекі, қант, қағаз шай, насыбай шелек,
Асық, шақша, шалғы, орақ, бұрғы, қашау,
Желі арқан, көген, тоқпақ, жылқы құрық.
Басқа түрлі жабдығын санай алмай,
Сыртқы үзігін көрмекке кеттім шығып.
1915- 1916 жылдар.
ЖАЗ – ҚҰДАША
Жаз маңдайы жарқ етсе,
Көтерілді көңілім.
Жек көрмедім сендерді,
Серуендеді серігім.
Жаз маңдайы жарқ етсе,
Қаз - құстары қаңқ етер,
Кімнің жылытпас көңілін.
Егіншілер сайлады
Мойынтұрық, самиян,
Ат, атан, өгіз - көлігін.
Жер киініп, құс келіп,
Мына жылы шуақта,
Жан - жануар бір алды,
Басындағы бөрігін.
Қыстайғы науқас қара жер,
Шығарды ауру - өлігін.
Бозбалалар ат ұстап,
Аударысып жарысып,
Бастады тағы желігін.
Бойжеткен қыз, келіншек,
Топтанып, сапқа тізіліп,
Бүйрегінен бүлкілдеп,
Әзілдесіп, езіліп,
Суға түсіп жабырлап,
Жарқ еткізіп өңірін.
Диқаншылар қуанып,
Балалар мәз боп қуанып.
Тұқымның шашты төгінін,
Боталы түйе,қозылы қой,
Құлынды бие, буаз мал,
Толтырды кекпен желінін.
Саятшы, мерген іздеп жүр
Таудың ұлар, елігін.
Жаз - құдаша келді де,
Қыстың зәрін тарқатты.
Жаз - құдаша жарқылдап,
Жер бетіне көк көрпе
Салды дағы отырды.
Мен шаттанып қуандым
Түскендей - ақ келінім.
Қуансам да мәз болып,
Қолайсыз уақ кез болып,
Табиғат жасап таршылық
Қолдан тартып ап кетті,
Күткен құдашамыздың,
Төрт - ақ ай ғып өмірін.
1915- 1916 жылдар.
ОҚУ
Қарайыңқы көңілді аппақ қылған бұл оқу.
Түк білмейтін қамауды тақ - тақ қылған бұл оқу.
«Тұтқасы» деп тұрмыстың мектеп құрған бұл оқу...
Жаратқанның бірлігін сақтап тұрған бұл оқу.
Ынтымақтың тірлігін жақтап тұрған бұл оқу.
Адалдық пен анықты мақтап тұрған бұл оқу.
Күннен - күнге молайып, аттап тұрған бұл оқу.
Аспан да жерге көрік боп, ат боп тұрған бұл оқу.
Алысқа да тіл болып, хат боп тұрған бұл оқу.
1915- 1916 жылдар
ҚАРЫНДАСТАРЫМА
Айтылмай мынау сөзім қалған дағы,
Жоқ болса қыздың теңі - арман дағы.
Жігіттің сырт омынан іші аспаса,
Сол қызға бір қосылған «арлан дағы».
Теңі боп айтып өткен әлгі қыздың,
Жігіттің қай сенері барған дағы,
Қызбенен бірдейлік пе, асарлық па,
Тапқаны қыздың бар ма, нанғандағы.
Сыр - сипат, өнер, білім бойында боп,
Ол дағы ғашық отқа жанған дағы.
Сыр - сиық, мінез - қылық үйлеспесе,
Қадірсіз, қымбат басың арзан дағы.
«Жар» десем жалпы жасқа арнап айтам,
Түбінде есетіні ізде қамдан - дағы!
Тәрбие, оқу - білім, әдеп, үлгі
Қылатын бізді жақсы бұл маңдағы.
Біріксе бірдей мінез екі құрбы,
Сол екен жер - жиһанның таңданбағы.
Күң болма, ез - ынжыққа, қарындасым
Абайлап асыл тауып ал аңғар дағы.
Таңда, тап, сүй, құшақта, күліп - ойна!
Жастыққа жақсы жармен жарналас бол!
Қызық сол, жарқындарым, жалғандағы.
1915- 1916 жылдар.
МАЙ
Апрель кетіп, май жетсе,
Табиғатқа жан кірер.
Мұз бұзылып, қар кетіп,
Қара жерге әр кірер.
Жыл құстар шулап, жер кепсе,
Жайраңдасар әркімдер.
Жылға суық билетсе,
Жайма - шуақ әр күндер.
Орман, тоғай желдетсе,
Әнге басар әлгілер.
1915- 1916 жылдар.
* * *
Май айында көп ағаш,
Мақтанады шайқалып.
Көк жапырақ қып - қиғаш,
Бауырында майса жайқалып.
Салқын таңда сандуғаш
Сайрап отыр тайпалып,
Құс, көбелек, қарлығаш
Қанатын қағып, қайқайып.
Тал бауырында талдырмаш,
Әзіл, ажуа қайтарып.
ҒАЗИЗАНЫҢ АУЗЫНАН
(Жадыраған жазғы шілденің ыстық
күнінде суға түсіп ойнауға келе жатқан
бір топ қыз - келіншектердің ортасында
Ғазиза атты бір оқыған арманды қыздың
әдемі әнмен шырқап айтып келе жатқандағы өлеңдері).
І
Ғазиза - менің атым, затым әйел,
Алла алса, арманым жоқ жанымды аяр.
Ел надан, еңбек білер ешкімім жоқ,
Мұң айтып, наз шаға алмай, өсек жаяр.
Тең тауып, құрбы сүйіп күлмеген соң,
Кеміріп жеп арман - қайғы көңілімді аяр.
Мақсаты ата - ананың мал қармауды,
Солардың көңілі үшін өмір азаяр.
Итке де, құсқа дағы қосақтайды,
Айрандық қойы болса тойға сояр.
Не жынды, не тырақы, яки кемтар
Болса да күйеу жағын сөзсіз қояр.
Орнықпас өз басында осы уақытым,
Әжім бет әлсіздікке жол қисаяр.
Шын сүйіп, өзіме жар іздеп таппай,
Осы жерде нем бар менің осынша аяр?!.
ІІ
Шілденің шілдер ыстық мынау күні,
Желбіреп жер бетінің жеміс гүлі.
Су тұнық, топырақ ыстық, сазы салқын,
Жайқалып, жапырақты ағаш тұрған түрі.
Қамысты қалың тоғай, қоғалы көл,
Шулаған неше түрлі құстың үні.
Құттықтап осы уақты суға ойнауға,
Келеміз қуанышпен біз де міні.
Ал қыздар! Бұл күйде бұл тұрмақ емес,
Шілде өтер, қазан соғар күзді күні.
Айрылып ағаш пен шөп жапырақтан,
Сүзектен тұрған жандай болар сұры.
Дәл сондай қыздар біздің осы мезгіл,
Жас өтпей, жарыңды тап деймін шыны.
1915- 1916 жылдар.
ҒҰРЫПТАР
Шапса балта өтер ме
Табиғи таудың тасына.
Дауасыз ғұрып кетер ме,
Басыңа сіңген жасында.
Қу сүйек салсаң сорпаға,
Не жібітер, не жұғар?
Алсаң, айтсаң ортаға,
Көзсіз көкірек нені ұғар?
Аштық көрмей тоқ болмас,
Қайғысыз адам ой таппас.
Көзі көрмей тоқталмас,
Дегенге шабан қой шаппас.
Жарқанат күнді сүймейді,
Не демекші күнді сол?
Жақсының қадірін білмейді,
Адасқанның алды жол,
Айналасы жауырдың
Қара шыбын қаптаған.
Тамшысы шайып жауынның,
Тазалығын таппаған.
Ит мойнына жез тақсаң,
Ыза қылар, ырылдар.
Қамсыздарға сөз айтсаң,
Қылмыңдар да қырыңдар.
Он жаз келіп, көктер ме
Құрт жайлаған қу ағаш.
Көзі ашық, зейіні өктемге,
Иә өтірік, иә рас.
Мал кетпеген маңынан,
Көк иірім құдық суалар.
Маңайының шаңынан,
Жайқалған ағаш қуарар.
Сұм көңілдің батыры - ай,
Тіл шіркіннің қорқағы - ай.
Санасыз, салқам жақын - ай,
Елдесуге шорқағы - ай.
Асыл паһим - ақыл - ай,
Жаудың. салған ортағы - ай,
Екі жол - ай, апыр - ай,
Мен ғұрыптан қорқам - ай.
1915- 1916 жылдар.
ЕСКІ КҮН
Ескі күн ес шыққанда кетер естен,
Қиялды кейде билеп жетелескен.
Мол өріс, алқап қоныс, кең жайылым,
Сол күнгі қулар, сулар кетер ме естен?
Бозбала ән салысып, қыз жарысып,
Ырғалып кең алқапты өрлей көшкен.
Қиғаш қас, қырмызы бет, қыпша белі аш,
Арулар, ақ қостағы күлімдескен.
Балалар тайға мініп, тақия іліп,
Асауды жылқышы ұстап күдері өскен.
Қыз жайраңдап, келіншек үйді жайлап,
Сыңқылдап, әзілдесіп, күлмеңдескен.
Шалғынға желі тартып, бие байлап,
Құлынды қуып ұстап қоңыр төстен.
Ақсақал, қарасақал, үлкендері,
Тоқталып төбесінде сөз сөйлескен.
Самал жел, салқын жайлау жайламаққа
Рулы ел жолға симай қатар көшкен.
Жарасып құрбы қыз бен тұрғы жігіт,
Мінгені жорға, жүйрік тек - телі өскен.
Ерттетіп бала тайын, ашамайын,
Жарысып, бір - біріне жетем дескен.
Қолға алып, найза, сойыл, жүйрік мініп,
Он шақты көш басшысы озған көштен.
Күн қызбай, көш те келіп қалар қонып,
Шаңырқап, бала - шаға шөлдеместен.
Қыз, келіншек, бала - шаға ыдыс алып,
Бүлдірген, шие тере кеткен төстен.
Қойшы да, қосаңшы да жер бауырлап,
Үнілген баққан малын елеместен.
Тізеден көк шалғындар жапырылып,
Түрленген масатыдай елен де өскен.
Той жиын өз алдына, жарасымды,
Көлбектеп, ұрғашы - еркек көлеңдескен.
Айтқан сөз, алысқан қол, сеніскен серт,
Сол заман кетеді тағы өлерде естен.
1915- 1916 жылдар.
АЯНЫШ
Өлең қурап, жер кеуіп,
Су суалып, көл кеміп,
Сай - саладан шөп кетті.
Ағайын арзан, ел салқын,
Қатын қайқаң, ер салқын,
Кеңесті тастап көп кетті.
Телі - тентек көбейіп,
Құлдың арты шөмейіп,
Арамның оғы дөп кетті.
Сулы жерді көгерген,
Келгін алды өлермен,
Қазақ бақты көкпекті.
Бұйда тағып басына,
Мойнына мініп асыла,
Иіп жерге шоқ депті.
Алатұяғын аңына,
Керек қылған қамына
Кімдер арын төкпепті?
Аспандағы айдан нұр алып,
Бермеске қоймай сұранып,
Өнерлі халық көктепті.
Өзіне - өзі ой салмай,
Елшілерге бой салмай,
Қайттың болмас көкбетті.
Көктен түскен шегіртке,
Қыңыр келіп үмітке
Ел егінін жеп кетті.
Жаздай жатып жайланып,
Күзге таман оянып,
Қазақ кімге өкпе етті?!
1915-1916 жылдар.
ҚОСЫЛЫС
Қосылды міне екі жас, амандасты,
Қара көз, қас қағылып, хабарды ашты.
Майысып балдырғандай қыз толысып,
Жігітке берді ләззат таб алмасты.
Көңілі бір, ойы тура, құмары нық,
Заман да айдап қосты замандасты.
Леп беріп, бетін үріп су салқыны,
Шайқалтып манауратты барша ағашты.
Түрлентіп шалғын, жапырақ, бәйшешекті,
Сайратты еріксізден сандуғашты.
Қарақұс көкті айналып, көлдегі үйрек,
Бозторғай жымыңдасты, тағы алдасты.
Ынтықтың бұл қосылған құрметіне,
Шығарды бұлбұл даусын жапанға ащы.
Көбелек көлбектетіп су бойында,
Көгершін таста көкек самалдасты.
Толқытқан жер - жиһанды, екі жасты,
Тілесе жауыз жазмыш не қалмасты.
1915-1916 жылдар.
KІM ДЕСЕМ
Ай жарық, нұры балқып тұрған түні,
Жарасып, жалтылдасып жұлдыз сыны,
Шағында аңсыз, дыңсыз қыбырлаған,
Дейтін - ақ секілденіп әлдекімі.
Келіппін бір өзен су кемеріне,
Кез жетпес ары, бер жақ келеміне,
Толықсып аққан суы таңырқатты,
Мастанып, бой манаурап келгенімде.
Самал жел баяу есіп тұрған толғап,
Жайқалған түрлі өлеңдер қандай болмақ.
Шыққан шөп, өскен ағаш дегізетін,
Басқасы ұжым ақтың қалған орнап.
Майысып біткен құрақ жағадағы,
Бітісіп қалың ну мен екі жағы.
Жар соққан ептеп келіп толқындары,
Асаудан үйренбеген бейне жабы.
Құс сайрап, құрт шақырып, ыңырсыған,
Өзінше тақпақ айтып бақа - жылан.
Мұңды үміт секілденіп сол ұғып тұр,
Бу болып, су үстінен шыққан тұман.
Отырып, міне, мұның бәрін көріп,
Жан күші, әсерлі үміт ішті керіп,
Көзімнен тамшыланып суық жасым,
Бір терең ойға қалдым ішім еріп.
Мінеки, мұңайсам да мұндай кеште,
Жанданып жаратылыс алған кесте.
Жандантып жан сыздауға себеп болған
Мінсіз - ақ бұлар һәм мен бар емес пе.
1915-1916 жылдар.
БІР СОҚЫР БАЛАНЫҢ АРМАНЫ
Мен есітем: күні жарық күндіз бар деп,
Түн тынық, ай әдемі, жұлдыз бар деп.
Көгілдір судың түсі, шөп жасыл деп,
Сұлулық жер жүзінде мың, жүз бар деп.
Көл, теңіз, тоғайда ағаш, көгал бар деп,
Қыста қар, жазда жаңбыр, мұнар бар деп.
Мереке, мектеп, жасқа оқу бар деп,
Қалғанға оқи алмай, обал бар деп.
А, ием! Бір - ақ минут көзімді ашсаң,
Керексіз: күн, ай, жұлдыз, маған аспан!
Бір көріп анам жүзін келістіріп,
Көзімді болысымен қайта жапсаң.
1915-1916 жылдар.
ТІЛЕК
Таң бұлбұлы сайрай бер,
Мұңды үнмен толқытып.
Тартыс күшті айдай бер,
Залым жоқ тұрған қорқытып.
Ұмтыл кедей, жиыл жас,
Солғындама сорлылар.
Ақты рақым тиылмас.
Ұсынсаң ұлттың орны бар.
Жарыл маңдай, теп жүрек
Қуанышты құттықтап,
Халың қандай еп керек,
Бостан деп емес аптықпақ.
Төгіл сия, ашыл көз,
Абайла ауыз, тіл мен жақ.
Абайла деген асыл сөз
Анықтап, ойлап, тос құлақ.
Тарқа қайғы,арыл шер,
Залым, зәндем түбінде.
Дінің, күнің - су мен жер
Жұрт тартысы бүгінде.
Ынтымақ туы жарқыра,
Болмай ғана буалдыр.
Миһірбан суы сарқыра,
Бұқараны бір қандыр!
1915-1916 жылдар.
ТАҢ
Қап - қара түнде жұлдыз жарық,
Қайғылы түн уһілеп қабақ салып.
Көз тіккен көкжиекті сызат алып,
Сызылып келе жатыр таң, да жарып.
Үлкен тау бергі жағың қарауытып,
Сай жатыр ауыр ойда қайғыланып.
Жайылып жәй жұлдызды сирегейтіп,
Аспан да ажарланды таңдақтанып.
Балға ара, қоян інге, ынтық үйге
Қайтысты қабақ ашып жүрек жарып.
Өткелде шөп байлаған қоңыр торы,
Тыпырлап түр «жібер» деп оқыранып.
Ешкі өріп, осқырып, қосшы оянып,
Нұрбай жүр ағытылған қозыны алып.
Жамылып иығына тон күпісін,
Дәретке бай да шықты ыңыранып,
Атқан таң әсіресе солардікі,
Көкте құс, төсекте қыз, суда балық.
Ақ шалма, таяқ, тәсбі, шапан киіп,
Биікте азаншы тұр сұңқыл қағып.
1917 жыл.
НЕ КҮЙДЕ
Ылғал тұман шағында
Құздардан жауын сырылдап,
Қиядан сорғалауында...
Самалшыл, сауқым, сауықшыл,
Саятшы Сартай не күйде?
Теңіз көшкен дауылда,
Асты терең, үсті жел,
Толқын соқты баурында...
Балтыры ақ жем балықшы,
Қайықшы Қалтай не күйде?
Дай дай даукес ауылда,
Жесір, намыс, тартыстың
Үзілмес ұзын дауында...
Жаралы жүрек, жар ымшыл
Мұңды Күнтай не күйде?
Жөңкенің таз тауында...
Қымызшылға.қызық боп,
Күндіз - түні сауында...
Жалсыз арық, желін сау,
Мама көнек не күйде?
1919 жыл.
ЕЛ ШЕТІНДЕ, ЖАУ БЕТІНДЕ
Бұлт қалың, ай қараңғы,
Гуілдеп соғып тұр дауыл...
Төңірек, маңай, ғаламды
Жамылғы жапты бір ауыр...
Қалың тоғай, қара орман,
Су салдыры не дәуір,
Жаңа жұрт, жапан, жар қонған
Жадағай қора, жарлы ауыл...
Қорада қойлар қорқуы,
Мөңіреп сиыр, көк теке
Бақылдайды, у - шулы...
Алдымда от, алакөлеңке.
Төңіректеген төбетім,
Тығылып үйде ықтайды.
Күзетер деген күзетшім
Бүркеніп пыр - пыр ұйықтайды.
1919 жыл.
*∙*∙*
Тәңір - ау, неге болам мәз,
Талпынған өрге күн өтті.
Қуандырған жасыл жаз,
Қуарды. Бітті. Күз жетті.
Қурайдай кәрілік қуартып,
Сорайды сүйек, суалды ұрт.
Қуарды, бурыл сақал, мұрт.
1919 жыл.
БОРАНДА
Қарлатып қатты боран қарпылдап тұр.
Үскірік аяз қызыл шартылдап тұр.
Қой ығып, басын қорғап ыққа тығып,
Көміліп қалын қарға қарқындап тұр.
Сүйеніп таяғына қой қасында,
Дірілдеп Таймас сорлы қалтылдап тұр.
Аяқта жуан жіппен буған шарық,
Сүйреліп киіз шұлғау жалпылдап тұр.
Ашылып қабырға омырау қарға қарсы,
Тақымы шалбарынан жалтылдап тұр.
Денесін қалыбымен суық ұстап,
Ызың жел селкілдетіп, аңқылдап тұр.
Мойнына жабысқан қар ери қатып,
Иекте мұз сүңгілер салпылдап тұр...
Жылы ішік, түлкі тымақ, саптамалы,
Дүйсек бай дөң басында салқындап тұр.
«Ары таман қойды қозғап, жайсаңшы!» - деп,
Таймасқа қожайынсып шаңқылдап тұр.
«Алғаның ас болмағы, ит - шошқа», - деп,
Қарғадай қармен бірге қарқылдап тұр.
1920жыл.
АРЫНЫМ
Алқынамын, басылмайды Арыным,
Тау селіндей екпін қайрат, сарыным.
Жарлы, жалшы - жақыбайды жарылқау
Жаңағы ауру, жүректегі жалыным.
Егер салсам қос өкпеден тепкіні,
Елен, емес тау жақпары, тек тұрды.
Жау жапырар, көк дауылша бұрқырар,
Шүу дегенде кер бедеудің екпіні.
Толас болмас топ жасаққа тиіспей,
Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей;
Бет - аузым шаң, қанжарым қан, қайрылып,
Ұсындырып жау сұлуын, су ішпей.
Аяу болмас айқай - сүрең салыспай,
Қашқан жауды ат баурына алыспай;
Қан сусаған болат сүңгім ашылмас,
Шұрқылтайдан шарылдата шаңышпай.
Тыншу болмас қалың қайрат қайнамай,
Қанжығаға қанды басты байламай;
Қара жүрек, қара қошқыл қанменен,
Үш тосарлық, қанды ауызды майламай!
Улы көкірек жиған сүтін тамызбай,
Қызыл қылыш қырқа турап ағызбай;
Басылмас бұл айқындалған Арыным,
Адал сүтпен жарлыларды жағызбай.
«Мен» емеспін, мен де көптің бірімін,
Мендейлердің міне қостық бірлігін.
«Мен» құралып «біз» боп шықпай күреске,
«Мен» тудырман бұқарама тірі күн.
Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,
Тазалаймыз жерді жонып жуаннан,
Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз еңбегіне қуанған.
1920 жыл.
ОРТАҚШЫЛ ПАРТИЯҒА
Жөнің түзу, жолың ашық, ойың шын,
Алысқанның аузына құйдың құм,
Мейірім, шапқат, әділеттің өзісің,
Есіт даусын біз езілген сорлының.
Біз білімсіз қырда қалған халық ек,
Бас иіп ек, білімдіге нанып ек.
Ақылсыздан арандалып тұзаққа:
Айдаһардың уысында қалып ек.
Орап қысып, қатты ысқырып қамаған,
Аямастан жаралаған, талаған.
Көздегі нұр, көңілден сыр жоғалып,
Жүрек пен көз қамығумен қанаған.
Оны өшірдің жалғыз атқан оғыңмен,
Жауды қудың, жолатпадың түбімен,
Естен, түстен айрылғанда әлсіреп,
«Уһ» дедік біз байғұс та сонымен.
Біз әлі өгей, бізде әлі оқу жоқ,
Қасқыр қатаң, қарға, құзғын шұқу көп,
Үзіп, жұлқып амалдаған жеп жатыр,
Жолдастықтың қақысынан қорқу жоқ.
Басқа менен бізді бірдей санама,
Әлді менен әлсіз жүре ала ма?
Көзің көрсе түсінерсің, аярсың,
Бізбен таныс, біздің қырды арала.
1920 жыл.
ЕЛГЕ ШЫҚҚАНДА...OB HE АЙТАДЫ?
Кім дейсіңдер мынау?
Керек сойыс, алау.
Мен бүгінгі құдайың
Біліп қойғың, пақыр - ау.
Жер, жесірдің дауы
Маған тиіс сұрауы,
Мен үкімет адамы,
Оң көзі, омырауы.
Протоколды жазамын,
Контрольін қазамын.
Ықтиярымен бергенді аламын,
Бірақ параға оразамын.
Қатынның басын ашамыз,
Сот жұмысына да араласамыз.
Ешкім қарсы тұра алмайды,
Көрінгенді көпірше басамыз.
Екі расписка, копия,
Мен тексерсем... ия... ия...
Тартамын сотқа,
Бітпесеңдер құпия.
Заявление - арыз,
Тексеру бізге парыз.
Ісіңді іс қылып берейін,
Береріңді шығарыңыз.
Ревизия қолда,
Балқымбайды жонда,
«Материал» беріңдер,
Сөйлесейін сонда.
Хы - хы - хы, хы - хеу!
Беретін үкің нешеу?
Түйе біреу ат екеу.
Ішік біреу, қасқыр бесеу.
Бар ма ақшаң?
Жылдам... шапшаң!
Сені сайлап кетем
Аттың майын тапсаң,-
1920 жыл.
БЕЙСЕМБЕК «БОЛЫС»
Лаулап бір сындар ат мініп алады,
Сымпыстау келте киім киіп алады.
Өзгеге өзі айдынды көрінбекке,
Мойнына бір сөмкені іліп алады.
Ауызға мүштіктетіп шылым алады,
Шаруаның иығына шығып алады.
Қолына ат - айғырды жиып алады,
Ақсатады, арқа - басын сылып алады.
Cap көннен қисық табан етік киеді,
Қайырып шаштың алдын кейін үйеді.
Серейтіп арызшыны сөз сұрамайды,
Сескенеді, ызбарланады, қабақ түйеді.
Бай келсе ақырған сып тықаң қағады,
Кедейге керенаусып нығарланады.
«Жиырма төрт сағатта» деп жаздырады да,
Қол қойып анда - санда шоқаң қағады.
Нөкермен сауық құрады, байға қонады,
Жел сөзбен белі ауырмай орақ орады.
Қыдырады, қыз - қырындайды, қымыз іздейді,
Айызда кеңселерде екі болады.
Ұрыдан, аусарлардан жолдас алады,
Түстенем, қонамын деп хабар салады.
Қырып жеп, түсте бір қой, кеште бір қой,
Күніне екі малдан құрбан шалады.
Әр жерде әр «мырзамен» тамырласады.
Әр жерде әр «сұлуға» бауыр басады.
Дегенге, мұның қалай?
Азу басады, Тістеседі, қағаздасады, сауырласады.
1920 жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру