TELEGEI

Home

Традиции говорят

Санжар Керімбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Традиции говорят

«Салт-дәстүр сөйлейді» («Традиции говорят») — познавательная книга, раскрывающая смысл казахских традиций и обычаев. Авторы рассматривают их происхождение, мировоззренческое и воспитательное значение, помогая глубже понять духовное и культурное наследие казахского народа.

Мұқаба
Отбасы хрестоматиясы
Авторлар
Санжар Керімбай

Болат Бопайұлы
Мұхит Төлеген
Әділбек Нәби
Асылтай Тасболат

Алматы–2024

ӘОЖ 391/395

КБЖ 637.5

С 18

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі
Дін істері комитетінің 2014 жылғы 16 қазандағы
№04-04-14/4071 хатына сәйкес
«Дінтану» сараптамасынан өткен.

Тұтас кітапты немесе кітаптың қандай да бір бөлімін кез келген форматта
авторлардың рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды.
Барлық құқықтары сақталған.
“Отбасы хрестоматиясы” қоғамдық қорының жобасы

Жобаның авторы: Санжар Керімбай
Жобаға кеңесшілік еткен: этнограф Болат Бопайұлы
Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар:
Мұхит Төлеген – Дінтанушы, PhD докторы.

Әділбек Нәби – PhD докторант.
Асылтай Тасболат – PhD докторант.
САЛТ-Дәстүр сөйлейді
С 18 Отбасы хрестоматиясы. /Авторлар: Б.Бопайұлы, С.Керімбай,

М.Төлеген, Ә.Нәби, А.Тасболат. 30-басылым – Алматы: «Отбасы хрестоматиясы»
ҚҚ, – 2023. –280 бет. – Отбасы хрестоматиясы сериясы

ІSBN 978-601-80442-3-6

Бұл кітап этнопедагогика негізінде құрастырылған. Мұнда қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының шығуына себеп болған аңыздар мен қисса-дастандар жинақталды. Сонымен қатар отбасы хрестоматиясы этнопедагогика ғылымына қызығатын мек-теп оқушыларына, студенттерге және ізденуші ғалымдарға арнап жазылған.

ӘОЖ 391/395

КБЖ 637.5

ІSBN 978-601-80442-3-6 © Otbasy books, 2023
© Абзал Құспан, 2023

Мен, Болат Бопайұлы Жотақажы, 1960 жылы Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданы Қуертіс қаласында дүниеге келдім. Мектеп жасына жеткен соң қазақ бастауыш сыныбына барып, ана тілімде білім алдым. 1969 жылы ата-анам Дүре деп аталатын аудан орталығына көшіп келді. Бұл ауыл қазақ салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай, әдемі сақталған кереметтей құтты мекен екен. Менің бағыма орай, Дүреде жеті тілді жетік меңгерген, Орта жүздің Керей руының ішіндегі Ителі тайпасынан шыққан Имам ағзам Төкенұлы есімді қазыналы қария тұрады екен. Сол кезде жасы 75-тен асқан бұл ақсақал ұйғыр, қытай, түрік, араб, парсы, шағатай, тілдерінде емін-еркін хат жазып, оқи алатын. Бүкіл қазақ, түрік, араб халықтарының тарихын, аңыз-дастандарын жетік меңгерген нағыз ғұлама ғалым екен. Этнограф деп осы адамды айт! Құран Кәрімді араб тілінде әдемі мақамға келтіріп оқыған соң, қазақ тіліне мөлдіретіп аударып беретін. Күллі адам баласының жаралу тарихын, он сегіз мың ғаламның сырын сорғалатып, әңгіменің тиегін ағытқанда алдында отырған әлеумет ауыздары ашылып отырып қалушы еді. Елдің бәрі: «Адам баласында мұндай да білімді адам болады екен-ау!» – деп таңғалатын. Қазақ халқының бүкіл салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының түп-тамырын, қайдан шыққанын дәйекті, мәнді-мағыналы аңыздармен таратып айтқанда айызыңды қандырады. Бүкіл ауыл-аймақ, дүйім жұрт осы ақсақалдың аузына қарайды. Мен оның немересі Иманғазы Оқапұлымен бір класта оқып, сабақтас болдым. Бір күні Иманғазыға еріп, атасына сәлем бере бардым. Білімді адамның бітімі де бөлек болады екен-ау! Жетпіс бестен асқан қарияның бетінде бір тал әжім сызықтары көрінбейді. Ақсақалдың сақалы ғана емес, мұрты мен қастары да қардай аппақ. Бірақ сонда да ақ түсті сақал-мұрты Имам ағзам атаны еш қартайтып көрсетпейді. Қайта оны киелендіріп, әулие адамдай сән бітіріп, бойына шарапат дарытып тұрғандай. Бір қарағанда, періште ме деп ойлап қаласың. Бүркіт қабағының астындағы үлкен қоңыр қой көзі өткір әрі мөп-мөлдір. Күн шұғыласындай жылы мейір, ыстық нұр төгіп тұр. Мен:

– Ассалаума әлейкум! – деп атаға сәлем бердім. Сәлемімді мейірлене алған Имам ағзам ақсақал қолымды күректей жап-жалпақ алақанымен қысып тұрып:

– Білместің су қараңғы көзі соқыр,

Ойпыл-тойпыл жүрегі соғып отыр.
Ақылдың қалтасының түбі тесік,
Біле алмай, әр нәрсеге аң-таң отыр, – деп бір шумақ өлең оқыды.

Мен ол кезде 9 жаста едім. Мұндай терең мағыналы өлеңді қабылдай алмадым. Сосын біз шай дастарқанына отырдық. Ақсақал маған мейірлі күн көзімен шуақ төге қарап отырды да:

– Жап-жарық түн еді бейне күндіз,

Самсаған қара аспанда сан мың жұлдыз,
Әлемнің алтын нұрлы кең сарайын
Аралап жүзіп жүрді ай сұлу қыз, – деді.

Мен екінші өлеңге қызығып қалдым. Өйткені сол заманда айлы түндерде ауыл балалары жиналып «Ақсүйек», «Жасырынбақ», «Тепкішек» ойындарын ойнайтынбыз. Аспанда ай толғанда нұрына шомылып, «Шешеке» деген ойын ойнап, толған ай туралы ән салып, ауылды әнмен тербеуші едік.

Мен:

– Ата, мына ай туралы өлеңді жазып алайыншы, – дедім. Ол кісі:

– Балам, оған қарағанда бірінші өлең жақсы. Алдымен соны жазып ал. Екінші өлең оған жетпейді, – деп әдемі қобыз сарынды үнімен күмбірлей тіл қатты.

Расын айтайын, маған ай туралы өлеңі ұнап еді. Бірақ ол ойымды қарияға айтпадым. Сөмкеден қалам, қағазымды алдым да, төр алдында жаюлы жатқан оюлы сырмақтың үстіне етпетімнен жата кеттім. Екі өлеңді де жазып алдым. Қария:

– Қане, балам, жазғаныңды оқышы, – деді.

Мен өлеңді өз әлімше мәнерлеп оқып бердім.

– Бәрекелді, балам! «Болар бала б...нан» деген. Өзің бір болайын деп тұрған бала екенсің. Талабыңа нұр жаусын! Алған бетіңнен қайтпа, – деді де, ұрттап отырған шайына дем салып, сарқытын маған қос қолымен ұсынды. Мен еш тартынбастан ұсынған шайды сіміріп салдым. Осыдан кейін ақсақалдың үйіне күн құрғатпай баруды әдетке айналдырдым. Қазақ халқының тарихын, өлең-жырларын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтел, салт-дәстүрлерін, аспан есебі туралы көптен-көп шығармалар жазып алып жүрдім. Жазған сайын сол дана қарттың сарқытын ішуді ұмытқан жоқпын.

Басында қария үйреткен баға жетпес рухани қазыналардың қадір-қымбатын бірден түсіне қоймадым. Бірақ сонда да өзім құралпы балалар арасында айтып, мақтанып жүрдім. Үлкендер көңіл бөліп, тақпақ айтқызса, марқайып қалатынмын. Үзбей жаза берген соң қолжазба қорым да молыға берді. Білім де кемелдене түсті. Қайран балалық, санасы саяз, білімі төмен, аңғары аз, сары ауыз кез ғой ол! Талай заттың байыбына бармай, құр көшіре беріппін. Қазір қарап отырсам, ақсақал маған рухани білімнің талай нәрін қалдырып кетіпті. Енді ойласам, менің жазушы, зерттеуші, этнограф болуыма түрткі болған Имам ағзам ақсақал екен. Көкірегіме білім ұрығын шашып, көңіліме жарық нұр түсірген ұлы ұстазым Имам ағзам атаның шарапаты екен-ау! Иә, дана қартпен менің балалық өмірімнің арасы шалғай болды. Менің ол кісіден білім алуым тоғыз жылға ғана жалғасты. Дана қарт 1980 жылы дүниеден озды. Мен бейне бір нәр алатын білім бұлағым бітеліп қалғандай қапалы күй кештім. Бірақ Дүре ауылында ол кісіден басқа Нұрғали, Қабылхақ, Әндістан, Байғали, Қоңырбай, Кәмелден есімді қариялар да бар еді. Дәл Имам ағзам қарттай болмаса да, олар да бірталай қиссалар мен аңыздарды жатқа соғатын. Олардан да мол рухани мұраларды үйреніп, мол деректі хатқа түсіріп, жаза бердім. Сөйтіп жүргенде Совет Одағы ыдырап, атамекенге жол ашылды. 1993 жылы Қазақстанға біржола көшіп келіп, Алматы қаласына орналастым. Отанға оралған соң қазақ жастарының бір кәдесіне жарап қалар деген ізгі ниетпен Қытайдағы қазыналы қарттардан жазып алған білімдерімді сұрыптап, «Қазақ кәдесі», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақы түйе жару», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақ мінезі», «Қазақ аспан есебі» деген кітаптарды жарыққа шығардым. Қазақ халқының ғұрыпты ғұмырын білмей, әулие бабалар салған мағыналы өмірге жалғану қиын. Шынымды айтайын, кей кездері ешкімге ештеңе керек еместей көрінген кездер де болды. Себебі, ол кезде Қазақстан өте қиын кезеңдерді бастан кешіп жатты. «Мен осы өмір бақи керексіз затты жинап теріп, өмірімді босқа өткізген жоқпын ба?» деп торыққан сәттерім де болды. Бірақ, «алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген сөз рас екен. Әулие аталардан қалған киелі аңыздар мен мағыналы салт-дәстүрді сақтап қалуға тырысқан жастар легіне ақыры Құдай кезіктірді. Сол жігіттердің жігері маған да қайрат бітіріп, осы кітапты жазуға шын ықыласыммен атсалыстым. Қолдан келген көмегімді аямадым. Абзал Құспан інім қолға алған осы игі іске барынша пайдалы болуға бейіл болдым. Алдыңғы бабалардан жазып алған барлық мұраларымды еш қызғанбастан осы жігіттермен бөлісуге тырыстым. Аманатқа қиянат жасаған жоқпын деп ойлаймын. Өмірден өтіп кеткен қазыналы қарттарымның әруақтары маған риза шығар деп үміттенем. Ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан бабалар аманаты сіздерге де мол шарапаты мен шапағатын тигізеріне өзімнің еш күмәнім жоқ!

Болат Бопайұлы Жотақажы,
Қазақстан Жазушылар Одағының,
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қытай Шыңжаң фольклор зерттеу қоғамының мүшесі, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығын құрастыру қоғамының мүшесі,

Жоғары дәрежелі оқытушы.

Қазақ мәдениетінің мәніндегі діни сананың мазмұны исламнан бастау алады. Діни сана ислам құндылықтарын ақпараттық сұрыптау рөлін атқарады. Діни сана – ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдени қабаттарына үңіліп қарасаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Ең басты мәдениет қабаты тіл десек, осы тіл арқылы исламның құндылықтық, ақпараттық, дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, эстетикалық, этикалық және т.б. ұғымдары, түсініктері, тұжырымдары, анықтамалары орныққан. Одан кейінгі мәдениеттің көрсеткіші халықтың дүниетанымдық қоры, тарихы мен өнері, ахлағы мен әдет-ғұрыптары, сәулеті мен құқығы, жазуы мен әдебиеті, сазы, жыры мен тұрмысы болып жалғасып кете береді. Осы қабаттардың мәні мен мазмұны діни санамен үйлесім тапқанда ғана ұлттық мәдениеттің болмысы мен табиғаты ашылады. Бір сөзбен айтқанда, діни сана өзін қоршап тұрған мәдени қабаттардағы құндылықтық өлшемдерді сақтап тұратын қазына сияқты. Сол қазына кейде ұмытылып, кейде әлсіреп жатады. Діни сана тарихи сүрлеумен жаңғыра отырып, ұлттық мәдениет пен рухани тұтастыққа нәр беретін сипат табады. Діни танымның сабақтастығы деген – осы. Діни таным көп, біздің діни танымымыздың тәжірибесі мен тарихында Ханафи, Матуриди мен Яссауи мектебінің орны ерекше. Фиқх, калам мен тәрбие, яғни құқықтық, доктриналық және моральдық құндылықтарымыздың қалыптасу мектептері мен діни тәжірибесі. Негізі кез келген ұлттың ерекшеліктері діни танымы арқылы ажыратылады. Мысалы, кез келген қазақтан: «Қашаннан бері мұсылмансың?» – деп сұраса: «Әлімсақтан бері», – деп жауап береді. Иә, солай, қазақ – әлімсақтан бері мұсылман халық. Әлімсақ деп адамзат жаралмай тұрғандағы Тәңірі мен рухтар арасындағы антты айтамыз. Соған қарап-ақ, қазақ мұсылмандық түсінігінің жалпыадамзаттық құндылықтарды ішіне қамти алатындай мазмұнды екендігін көруге болады. Қазақ болмысының мазмұнында ислам жатыр дегенде осы ақиқаттар ойға оралады. Бұл ерекшелік оның тұрмысымен біртұтас. Енді осы ерекшеліктерді қолға ұстап, сезініп, танып-білуге бола ма? Әрине, ол үшін қазақтың мақал-мәтелі, жыр-дастаны, аңыз-әпсаналары, салт-жораларына үңілсеңіз жетіп жатыр. Осы қазыналарға қарап-ақ, сол халықтың діни сана ерекшеліктерін тани аласың. Діни тәжірибе категориясының ішіне діни білім беру де кіреді. Діни білім компоненттері ұстаз, кітап, медресе қазақтың діни тәжірибесінде үзілген емес. Мысалы, Рабғузидің «Қисса сүл әнбиясы» медреселерде 12 пәннің құрамында оқытылған. Ал медреседе тәлім алып, ұстаздың алдын көрген ақын-жыраулар қисса сюжеттерін тұрмыс-салтпен байланыстыра отырып жырлаған. Бұл өз кезегінде ұлттық дәстүрлер мен ырым-тыйымдарға сакральді мазмұн дарытты. Исламның сенім негізіндегі иман шарттарына сенген адам – мұсылман. Пайғамбарларды үлгі ете отырып жырлаған жыр, айтылған термелердің мазмұны осы негіздерді тұтас қамтып, тұрмыстық мән иеленуіне жол ашты. Сенім негіздеріне табан тірей отырып баяндалған қиссалар арқылы қазақ мәдениеті эстетикалық, шығармашылық, дүниетанымдық қырынан байи түсті. Сюжеттердегі шығармашылық серпін, эстетикалық ізденіс дін негіздеріне қайшы келмейді. Оған «Көңіл айту» салтының шығуына негіз болған кітаптағы мына бір қисса арқылы көз жеткізуге болады: «Қабыл Әбілді таспен ұрып мерт қылады. Ұлынан айырылған Адам ата басын көтермей, жер бауырлап жатып қалады. Хауа ана екеуі қайғыдан қан жұтады. Тәңірі періштелерге:

– Адам мен Хауаны жұбатыңдар. Көңілдерін демеп, жандарына медет болыңдар. Сабырға шақырып, менің мейірім-шапағатымның мол екенін жеткізіңдер, – дейді. Жебірейіл бастаған барлық періштелер Адам ата мен Хауа анаға келіп, көңіл айтады. Тәңірінің шексіз мейірім нұрын жүректеріне құяды. «Тәңірі ақырын берсін. Жақсылық пен игіліктен күдер үзбеңдер», – деп уатады. Бұл жайында қара өлең нұсқаларында:

Адам – ата, Хауа ана – түп анамыз.
Жалғанды бүйтіп жүріп жұбатамыз.
Содан бізге қалыпты мирас болып,

Өлгенге көңіл айтып жұбатамыз, – деген шумақтар қалыпты. Көп кешікпей, Тәңірі тағала екеуіне Шиш атты ұлды нәсіп етеді. Әбілге қатты ұқсайтын сәбиді көріп, екеуі көңіліндегі қайғы-шер мен мұңды жойған екен». Қазақ дінді ардың көзі, рухты, қалыпты, адамдықты сақтаудың өлшемі ретінде қабылдаған. Негізі ислам дінінің мәні де, соңғы пайғамбарымыздың міндеті де – осы. Бұл құбылыстарды талдап түсіндірудегі мақсат – біреу. Кеше советтік қызыл режімнен діни санамыз өлімші болса да аман қалды. Кейбір мәдени қабаттарымыздағы құндылықтар да діни мән ретінде қарастырылып, қысымға ұшырады. Мәселен, жоғарыдағы «Көңіл айту» салты сакральді мәнінен айрылып, профанды сипатқа түсті. Тәуелсіздікпен бірге діни сана жаңғырып, оның қоршаған мәдени қабаттарына да көктем келді десе болады... Бірақ қазіргі таңда қазақ мұсылмандығын ширкпен, діни санасын шаманизммен байланыстырып, діни танымы мен тәжірибесін жоққа шығару белең алып барады. Діни санамыздың айнасы болған жырлар, қиссалар, дастандар, термелер мен әдеби мұралар ревизияға ұшырады. Қоғамда неосалафилік діни таным үстемдікке ұмтылуда. Осы кезде қазақ мәдениетінің мазмұны, мәні болып табылатын діни сана тұншығып отыр. Себебі діни сана өзіне тән діни таным мен мәдениетті ғана қабылдайды. Басқа таным оған жат, бөтен. Бүгін қазақтың діни санасы «екі діни таным» арасында қалды. Оның қоғамдағы көрінісі қазіргі жұрт кісі бақилық болған жерде дәстүрді я ұстанарын, я ұстанбасын білмейтін жағдайға жетті. Сондықтан қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен ойып орын алуына өзін қазақпын деген әрбір жас аянбай еңбек жасауы керек болып тұр. Себебі діни сана өзгерсе, мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертетін де, сақтап қалатын да – қазақтың бүгінгі жастары. Бұл кітапты білім беру жүйесіне, педагогикалық үдеріске пайдалану білім алушылардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруға игі ықпал етері сөзсіз. Мына кітап – дәстүрлі құндылықтардың дамуына, өмір сүруіне жол ашатын бастау. Бастау деген себебім мәтінді ұсыну методологиясы да қазақ діліне сай таңдалып алынған. Сондықтан қолыңыздағы кітапта қазақтың діни санасының табиғаты тұтас мәтін ретінде жинақталған. Бұл мәтінді кешегі советтік жүйе кезінде таппай қалдық. Себебі ондай мәтіндерді оқытуға тыйым салынса, бүгін неосалафилік тенденция бұларды қажет етпей ревизиялағысы келеді. Қайталауға тура келеді, бұл кітап – жаңа бастама. Мұнда қазақтың діни санасынан орын алған тыйымдар мен ырымдар, ислами мәнде ұлт жадында сақталған дүниелер теріп жинақталған. Бұл қазынаны кешегі және бүгінгі ұрпақтар арасындағы сабақтастық арқылы қайта жаңғыртып, ел тұтастығы мен тұрақтылығына пайдалануға болады. Қазақтың мұсылмандық табиғатын ашып тұратын, сипаттайтын, танытатын, байытатын осындай мәтіндерді іздеп, ел игіліне ұсынып отырған жастарға, шәкірттеріме алғысымды білдіремін.

Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы,
Философия және теология
ғылымдарының докторы, профессор
Aстана.

Зиялы жұрттың мойнында рухани бір міндет болады. Ол міндет – өзінен кейінгі ұрпаққа рухани құндылық қалдыру. Құнды дүниелерді қалдырғанда олардың теориясы мен формуласын ойлап табудан да маңызды жұмыс бар. Ол – өткен замандағы сан түрлі тарихи оқиғалардың себебінен, соғыстардың кесірінен жоғалып, ұмыт қалған жәдігерлерді оқырманмен қайта қауыштыру. Қазақ халқы тарихи тамырын іздегенде көнеден келе жатқан түрлі аңыз-ертегісіз, шежіре мен тарихи қолжазбасыз өзінің өткенін тереңнен саралай алмайды. Мемлекет басқарған тұлғалар, ел қорғаған батырлар мен әділ шешім жасаған би-шешендердің есімдері өткен тарихта қандай құрметпен аталса, әдебиет пен тарихтың, архитектура мен өнердің, астрономия мен медицинаның, дін мен философияның дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдардың есімдері де сондай құрметпен аталуы тиіс. Бүгінгі ғылым өткен ғасырларда өмір сүрген, оқу-білімнің сан алуан саласында тамаша туындылар қалдырған ғалымдардың еңбегін жаңа форматта оқырманға ұсынумен, көне еңбектерге жаңаша өмір сыйлаумен айналысады. Бұл кітап жайлы пікір жазғанда мен осыны ерекше атап өткім келеді. Өткенді саралау арқылы құпияға толы рухани құндылықтарды іздеу мақсатында әлемде сан түрлі кітаптар жазылды. Бұл – бүгінгі қоғамның ұмытылған дүниені қайта тірілтуге деген талпынысының бір көрінісі. Джоан Роулинг есімді британдық жазушы сиқыр мен ғажайыптың күшімен әділетсіздікке қарсы күрескен Гарри Поттер туралы кітап жазып, миллиондаған оқырманның жүрегіне жол тапты. Харуки Мураками есімді жапон жазушысы адам өміріндегі кейбір құпияларға негізделген тың әңгімелерімен сан мыңдаған оқырманның сүйікті жазушысына айналды. Мұсылман ғалымдары да қазір осы бағытта қарқынды еңбек етіп жатыр. Олар бұрынғы өткен ғұлама, ақын, әулие бабаларынан мирасқа қалған мағыналы жырлар мен құнды шығармаларды архивтерден қопарып, қарапайым халыққа қайтарумен айналысып жатыр. Ғалымдардың басты мақсаты үнемі жаңа нәрсе ойлап табу емес. Бұрыннан бар, халық арасына кең тараған, алайда бұл күндері ұмытылып бара жатқан, көнерген дүниелерді қайта тірілтіп, оларды жаңа ұрпақпен қайта қауыштыру да ғалымдардың міндетіне кіреді. Мысалы, Иран ғалымдары қазір пайғамбарлар қиссасын, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) мен төрт халифаның өмірбаяндарын, Лұқпан Хакім мен әділ патша Ануширванның басынан кешкен хикаяларын және әулиелердің антологиясын шаң басып жатқан жерінен жарыққа шығарып, қайтадан жинақтап, жан-жақты зерттеп, оларды қарапайым жұрт оқи алатын кітап етіп, жыл сайын мыңдаған тиражбен басып шығаруда. Бұлардан бөлек тәрбиелік мәні зор қисса-аңыздардың негізінде мультфильмдер түсіріп, барынша насихаттап жатыр. Қолыңыздағы кітап та – осындай игі талпыныстың нәтижесінде шетелде емес, өз Отанымызда дүниеге келген рухани қазына. Қалың оқырманға арналған бұл кітапта, бір жағынан, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, екінші жағынан, дінімізбен ұштасып жатқан ырым-тыйымдар мен аңыз, хикаялар жинақталған. Ұмытылып бара жатқан қиссалар мен салт-дәстүрді насихаттайтын бұл кітап «Сәбилік шақ», «Қалыптасу кезеңіндегі жөн-жоралғылар», «Табиғатпен тіл табысу», «Өмірден кейінгі өмір», «Қазақ дүниетанымындағы сакральді ұғымдар» және «Сұрақ-жауаптар» атты бірнеше бөлімнен тұрады. Осының ішінде маған ерекше ұнағаны «Табиғатпен тіл табысу» бөлімі болды. Экофилософиялық мәндегі аңыздар жан-жануарлар мен өсімдіктерге киелі сипат дарытып, адамның табиғатпен үйлесім табуына жол ашады. Экологиялық проблемалары жылдан жылға күрделеніп бара жатқан Қазақстан үшін мұндай тың әдісті қолдану – расында да үлкен жаңалық. Әр бөлімде дін мен киелі ұғымдарға қатысты аңыз-хикаялар жинақталып, олардың қайнар көзі Құран Кәрім мен пайғамбарлар өмірінен бастау алатындығы мазмұнды қиссалармен баяндалған. Әрбір аңыз бен хикаяны халық аузынан, көнекөз қариялардан ерінбей жазып алып, құрастырған авторлардың бұл еңбегі, сөз жоқ, құнды. Исламның негізгі қағидасы – адамды кемелдікке жетелеу. Бұ дүниеде тоқтаусыз рухани дамып отырғанда ғана адам кемелдіктің жоғарғы сатысына көтеріле алады. Әр адамның қабілет, қарымы әр түрлі десек, Исламда соны игерудің ортақ шарттары көрсетілген. Қарапайым мысал: қандай да бір істі бастар кезде есті адам өзінің шама-шарқын екшеп барып іске кіріседі емес пе? Исламдық дүниетаным қайнарынан сусындаған жандар да рухани әлемнің биігін бағындырмас бұрын, ең алдымен, өзінің кім екенін пайымдап алуға міндетті. Пайғамбар хадисі бойынша адам өзін тану арқылы Жаратушы иесін таниды. Құран Кәрімнің хикметтері бүгінге діни аңыздар жанрында жетті. Оларды оқи отырып, әркім өзінше тағылым алады. Алайда осы рухани қайнар бұлақтың бастауына сіз ғасырлар бойы қалыптасқан төл дүниетанымыңыз арқылы ғана қол жеткізе аласыз. Осы арқылы әр адам өзінің кім екендігін, әр халық өзінің мәдени өзегінің қандай екенін әлемге паш етеді. Өзін өзі таныған халық өзін де өзгеге мойындата алады. Өзіне деген сенім де осы дүниетаным негізінде күшейеді. Өзін мойындатқан тұлға мен өзін танытқан халықтың мерейі қашан да үстем. Осы түйсіктің негізінде қазақ даласында да белгілі бір дәстүрлер мен ережелер желісі қалыптасып, тамыр жайғаны анық. Ал парасат пен пайым байыпты болғанда ғана салт-дәстүр, әдет-ғұрып өміршең бола алады. Оны қазіргі тұрмыста қолданыста жүрген салт-дәстүрлерден анық көріп отырмыз. Алайда кейбір дәстүрлерден алшақтап бара жатқанымыз да рас. Бұл ретте барды құнттап, жоғалғанды түгендеудің жөні бөлек. Сондықтан да таным төркінін бүгінгінің көркіне айналдыруға бағытталған бұл жинақтың қадамы үлкен. Өйткені бұл қадам түйсіктің желісін іздеп, танымның тамырын тануға септігін тигізеді. Қазір көнекөз қариялар азайып, ертегі мен аңыз айтатын қазыналы ата-әжелердің саны сиреді. Осы тұрғыдан алғанда бұл жинақ дер кезінде жасалған игі шаруа деп айтуға әбден лайықты. Соңғы кезде еліміздің ғылыми зерттеу институттары тарих пен әдебиетті зерттеу үшін ауызша деректерге сүйеніп, түрлі жобалар шеңберінде үлкен жұмыстар атқаруда. Батыс та, Шығыс та дін мен дәстүрді ұштастыруға талпынған сәтте жарық көрген бұл жинақты академиялық зерттеу жұмыстарының бағытында атқарылған іс ретінде қарастыруға әбден болады. Әрбір қазақ отбасы дүние есігін ашқаннан бұл пәниден көшкенге дейін өміріне мағына беру үшін сан түрлі салттар мен ырым-тыйымдарды орындайды. Алайда кейбір жөн-жоралғылардың қайдан келіп шыққандығын көбіміз біле бермейміз. Алдағы уақытта осы кітапты оқи отырып, көптеген ырым-тыйымдар мен жөн-жоралғылардың шығу тарихы мен себептерін біліп қана қоймай, келешек ұрпаққа аманаттауға бәріміз бірге атсалысамыз деп ойлаймын.

Ғалия Қамбарбекова,
шығыстанушы,
филология ғылымдарының кандидаты.

СССР дәуірі дүрілдеп тұрған заманда, бейғам бала күнімізде, қораның артындағы үйілген күлдің үстіне бар бала жиналып ойнап жүреміз. Үлкендер жағы:

– Әй, балалар, күлде ойнамаңдар, – деп ұрысады.

– Неге, не болады ойнаса? – деп сұраймыз.

– Не қыласыңдар неге екенін? Болмайды деген соң, болмайды! – деп тыйып тастайды.

Біз күлдің не зияны барын білгіміз кеп, одан сайын жүгіріп шаңдатамыз. Мен үшін тағы бір түсініксіз тыйымның бірі табалдырыққа байланысты еді. Табалдырықта тұрсаң, үлкендер:

– Ей, табалдырықты баспа, – деп жаны қалмайтын.

– Басса, не болады екен? – деп тұра береміз.

– Жаман болады, – дейді.

Бітті, өзге жауап жоқ. Мидың бір қыртысында «не болады екен» деген сұрақ жауапсыз қалады. Әсіресе досыңның үйіне барғанда табалдырығын басып тұрасың. Шешесі:

– Әй, баспа табалдырықты, керме босағаны! – деп ұрыса жөнеледі. Босағаны кергенде тұрған не бар? Бала болғасын екі қолыңды екі жаққа созып, керілгің келіп тұрады. Ал олар түсінбейді, «болмайды да болмайды» деп тыйып тастайды.

Одан бөлек «айға қарап дәрет сындырма», «үй ішінде ысқырма», «кешке жылама», «үйге қарай жүгірме», «дастарқанды баспа», «жайнамазды жоғарыға қой», «әкеңнің киіміне отырма», «бас киімді баспа», «жырық кеседен су ішпе», «малды сабама», «түйенің жүнін таптама» деген сияқты бітпейтін ырым-тыйымдар шұбырып кете береді. «Неге?» деген сұрақтың бәріне ортақ жаттанды жауап біреу – «Қайтесің неге екенін? Айтқанды істе!» Бес-жеті жасар кезімізде ауыл молдасы ер балалардың бәрін жаппай сүндетке отырғызады. Қазір қарасам, бұл жабайы жолмен жасалатын қауіпті операцияның нағыз өзі екен. Әлі есімде, 1979 жылы үйге бір молда келді. «Сені сүндеттеуге келді», – деді маған. Кім айтқаны есімде жоқ. Сүндеттелген балаларды талай көргем. Қыздардың көйлегін жалаңбұт киіп алып, етектері жер сызып жүретін. Қан қатқан шөметейлері қап-қара болып қорқынышты көрінетін. Оларды «қыз болдың, қыз болдың», – деп бәрі мазақ қылады. Жарасы жазылғанша олар да көшеге шыға алмай, емін-еркін ойнай алмай қор болатын. Осыларды ойлап, үрейім ұшты. Далаға сытылып шықтым да, көршінің қорасына барып тығылдым. Баламысың деген... Артынша өзімнен төрт жас үлкен ағам досы екеуі іздеп тауып алды. Ұстап алып, молданың алдына сүйреп әкеліп жығып берді. Молданы боқтап-боралап жатырмын. Молда да қатал кісі екен. Әй-шәйға қараған жоқ.

– Ұстаңдар! – деді. Ағаларым тырп еткізбеді. Молда өткір бәкісімен бар шаруаны тындырып-ақ тастады. Сол кезде, ең болмаса, бәкісін сүртетін спирт те жоқ. Қаны сорғалаған жараға күл себетін. Ойбайлап жарты күн жатасың. «Балам, жылама. Сен мұсылман болдың. Бұл – Ыбырайым пайғамбардан қалған мағыналы сүндет», – деп сол кезде уағыз айтатын адам болсашы?!

Қазір қарап отырсаң, «Құдай жоқ» деп оқытатын мемлекетте бұл ғұрыптың сақталуының өзі ақылға сыймайды. Ата-анаң сенің сүндетке отырғаның үшін той жасайды. Ауылың түгел жиналып, құтты болсын айтады. Көрімдікке ақша береді. Бір қызығы, ақша алып жатқанда «не үшін беріп жатыр?» деген сұрақ мазаламайды. Жинап алып, жата бересің. Бірақ, не үшін той жасағаны түсініксіз болып қала береді. «Не үшін тойлап жатыр?», «Мына операция неге жасалды?», «Қансыратып артынан ақша бергені несі?» деген сұрақтардың жауабы сол күйі табылмайды. Қонақ келгенде қолға су құю деген дәстүр бар. Расы керек, су құюдан бәріміз қашатынбыз. Бірі самауырға су толтырып, бірі ошаққа отын тасыған бола қалады. Ағаларымыз: «Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол», бар, қолға су құй», – деп жүгіртіп жібереді. «Үлкенді тыңдау керек!» Бір қолға құман, бір қолға шылапшын, мойынға сүлгі асып, қолға су құясың. Оның да өзінің тәртібі бар. Әкеміз анадай жерде: «Су етектен, бата төрден» деген, «оң жақтан бастап құй», «бір қолыңмен шүмегін ұстап тұр», «сарылдатпа, үзіп-үзіп үш рет құй», «төртіншісін қонақ сұраса ғана құй», – деп бақылап тұратын. Суды не үшін үзіп құятынын да есейе келе білдік. Әдетте, қайтқан кісінің денесін жуындырып, мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы су таусылғанша үзбей құяды екен. Су құйып тұрып: «Қолын неге далада жуа салмайды?», «Адамды әурелемей өздері-ақ жуып кірсе болады ғой», – деп кір судан жиіркеніп, іштей жақтырмай тұрасың. Қариялар: «Молда бол!», «Үлкен жігіт бол!», «Көп жаса!», «Қатарыңның алды бол!» – деп алғыс айтып, батасын беріп жатады. Егер сол кезде осының бәрі жазылған кітап болғанда, бұл дәстүрге басқаша қарар ма едім. Қолға су құюға таласа-тармаса асығар ма едік, кім білсін?! Өзіммен тете қарындасым бар. Жасаған балмұздағын тартып жеп, талай боздаттым-ау кезінде. Сондай кезекті бір «айқаста» теуіп, жылатып қойдым. Ол кезде тоғыз жастамын. Апам көріп қалып, көсеумен әбден сабаған. «Ей, бақытсыз, қыз баланы тебе ме екен? Білесің бе қарындасына аяғы тигеннің не болатынын?!» – деп аяған жоқ. «Тепсе, не бопты?» – деп сұрауға шама қайда? Бәрі басылған соң, апам:

– Балам, қыз балаға аяқ көтермейді. Ертеде Қорқыт бабаң ажалдан қырық жыл қашқан. Бала кезінде қарындасына байқаусызда аяғы тиіп кетіп, ақыры ажалы содан болған, – деп аңыз айтты. Сол аңыз санамда жатталып қалды.

Ауылда кезекпен сиыр, қой бағамыз. Кейде өрістен қайтарда отарға ілесе алмаған көтерем қойды теуіп қуалаушы едік. Келе жатқан қариялар:

– Әй, бала, малды теппе, – деп зекіп тастайды. Сұрақ дайын:

– Неге?

– Сол. Болмайды, – дейді.

Көңіл қанағаттанбағасын, қойды тағы да тепкің кеп тұрады. Сиырды Арыс өзенінің жағасында қаулап өсетін жыңғылдың бұтағымен сабап қуамыз. Бір жолы бізбен бірге малын айдап келе жатқан Жабағиев Еркін деген қария:

– Әй, бала, малды жыңғылмен сабама! – деп тыйып тастады. Сұрақ біреу:

– Неге?

– Сол. Жаман болады.

– Қамшымен де сабайды ғой?

– Болмайды деген соң, болмайды, – деді.

Біз одан бетер өшігіп, не зияны барын білгіміз келетін.
Ет асылғанда балаларға қойдың басын ұстатпайды. Қолыңды созсаң, үлкендер:

– Әкең бар ма? – дейді.

– Бар.

– Онда саған болмайды. Тағы да:

– Неге?

– Сол. Болмайды деген соң, болмайды. Не қыласың неге болмайтынын? Сонымен әңгіме тәмам.

Ержеткен сайын түрлі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көре бастадық. 1984 жылы ең үлкен ағамыз үйленіп, жеңгелі болдық. Сол күннің сән-салтанаты естен кетер ме, сірә!? Жеңгеміз көліктен түскен мезет басына орамал жабылды. Ұйықтамай, қызық күткен күллі бала лап қойдық. Шашу шашылды. Тапталған кәмпиттерді теріп жеп, аяққа оратылып жүрміз. Шашудың арқасында бір тойдық-ау! Бірақ, «кәмпитті неге шашады?» деген сұрақ ойға келмейді. Қызық жалғаса береді. Келіншек отыратын бөлмеге қызыл гүлдермен көмкерілген аппақ шымылдық тартылады. Шымылдықтың екі шетіне үкінің үлбіреген қауырсындары қадалады. Беташар өтпейінше, келіннің бетін ешкімге көрсетпейді. Беташардың өзі қандай қуанышты күн еді! Арада жыл өтпей жеңгең босанады. Қалжаға міндетті түрде бордақы қой сойылады. Әдет-ғұрыптың көкесін сонда көрдік. Қып-қызыл шақалақты қырық күн бойы тұзды суға шомылдырады. Қызығына батып қарап тұрамыз. Сосын шілдехана. Бесікке салу. Кілең әйелдер жиналып «тыштырма» жасайды. Шекесіне күйе жағу, мойнына бойтұмар тағу – өз алдына бөлек әңгіме. Сәби бір жастан асқан соң тұсаукесер жасайды. Бірақ осы әдет-ғұрыптардың қайдан бастау алғанын ешкім айтып жатпайтын. «Бұл қайдан шыққан?», «Неге олай жасалады?», «Келінді неге бүркеп қойдыңдар?», «Бөпені неге қырық күн шомылдыру керек, жиырма күн шомылдырса, жетпей ме?» Бұл сұрақтарға жауап берілмейтін. Ал жоралғы атадан балаға жалғаса береді. Советтік мектепте бәрі керісінше. Ерекше мән беріп, бүкіл ел тойлап жүрген салт-дәстүрге мұғалімдер мысқылмен қарауды үйретеді. Ұстаздар кейбір ырым-тыйымдарды ашық сынайды. Өлген соң өмірдің жоқтығы туралы мың-миллион дәлелі тағы бар. «Өліктер бізді еститін болса, артынан Құран оқытып, дұға жасатып отырған туыстарына жауап бермей ме?» – деп бұлтартпас айғақ келтіреді. Советтік үгіт-насихат машиналары бұл «надандықпен» қанша күрессе де, өлімге байланысты киелі ұғымдар мен көне салттар жасырын жалғасып жатты. Жаназа шығару, өлікке Құран оқыту, марқұмның бейсенбілігін, жетісін, қырқын, жылын беру, бейіттің басын қарайту – бәрі көз алдыңда, күнделікті тұрмыста өтіп жатты. 1991 жылы CCCР тарады. 1992 жылы біз студент атандық. Ол жерде де талай қызықты бастан кештік. Бір ғана деталь айта кетейін. Өзім оқыған шығыстану факультетінің студенттері таңдаған тіліне сай шет елге барып, тілдік тәжірибеден өтетін. Араб тілін оқитын курстастар араб елдеріне барып, бір жыл оқып қайтты. Келген соң көрген қызықтарын айтып:

– Ой, біз оларды мықты мұсылман деп жүрсек... – деп қойып қалды.

– Ал?

– Олар дастарқанды басып жүре береді. Нанды қадірлеу деген атымен жоқ. Олармен салыстырғанда біз көш ілгері екенбіз...

Бірінші рет ойланып қалдым. Себебі осы күнге дейін дастарқанды қастерлеу, нанды қадірлеу деген арабтан келді деп ойлаушы едім. Ол кезде көшпенді қазақ дәуірінің мәдениеті туралы кітапты емге таппайсың. «Сонда біз ұстанып келген мағыналы мәдениет қайдан келген? Қалай басталған? Ежелгі көшпенді жұрттың ата салтын Құран рухымен суарып, оларға кие дарытқан кімдер еді?» деген сұрақтарға жауап тағы жоқ. Оқуды бітіріп, үйлендім. Кішкентай кезде көрген салт-дәстүрлер енді менің тұрмысымда өтіп жатты. Тағы шашу шашылды. Аяқ астында тапталып кете жаздап, кәмпит теріп, өріп жүрген бала-шаға. Отқа май құйып табалдырық аттау. Ғажайып шымылдық. Үлбіреген үкі қауырсыны. Беташарға жиналған халық. Қолға су құйып, шауып жүрген кішкентай балалар – бәрі-бәрі айна қатесіз қайталанып жатты. Бірақ осыдан соң елде мен түсінбейтін құбылыстар басталды. СССР кезінде өміршең болған барлық сакральді ұғымдар мен жөн-жоралғылар егемен ел болғанда тезірек өле бастады. Уақыт өткен сайын Қазақстанның мәдени өмірінің реңі қаша берді. Бұрынғы ерекше ықыласпен жасалған ғұрыптар құлықсыз салтқа айналды. Ұлттың рухани дүниетанымына жойқын соққылар жасала бастады. Қазақтың бүкіл киелі ұғымдары мен салт-санасын, аңыз-әпсаналарын түгел терістеп, мансұқтаумен айналысатын діни жамағаттар пайда болды. Діннің ерекше түрін ұстанатын бұл жамағат мыңдаған жылдан бері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне мағына дарытқан, өміріне мән берген киелі ұғымдарды талқандауды мақсат етті. Олар қазақ ұлтының барлық салт-дәстүрін терістеп, барлық аңыз-әңгімелерін шылқыған өтірікке теңеді. Керек десеңіз, Исламға тікелей қатысы бар ғұрыптарды да есепке алмады. «Әруақты еске алып, марқұмға Құран оқытуға болмайды. Олар өлді, бітті. Бізді естімейді»,– дегенде, жағамды ұстадым. Өйткені, дәл осы көзқарасты сексенінші жылдары атеизм сүйегінен өтіп, кемігіне дейін сіңген советтік мұғалімдер мектеп оқушыларының санасына Құдайдың құтты күні сіңіріп отыратын. СССР жетпіс жыл бойы жоя алмаған ұлттың эпикалық санасын діни фанатизм бас-аяғы он бес жылдың ішінде сансыратып тастады. Осының бәрі қазақ ұлты рухани һәм мәдени тамырынан ажыраған соң басталды. Мыңдаған жылдан бері осы кие ұғымын қалыптастырып, көшпенді халықтың бүкіл тұрмыс-тіршілігіне мән-мағына беру үшін сан түрлі рухани аңыздарды ауыздан ауызға жеткізіп отыратын ақсақал абыздар отызыншы жылдары опат болды. Көненің көзін көрді деген қарттардың өзі тоқсаныншы жылдардан соң күрт кеміді. Одан бертінгі қазақ жұрты салт-дәстүрді там-тұмдап тұрмыста ұстанғаны болмаса, олардың қайнар бұлағына үңіле алмады. Кәмпескеге ілінбей қалған көне кітаптар сандықтарда сарғайып қалды. Ашқан күнде де оларды оқитын маман жоқ. Осылайша жаңа ұрпақты өткен тарихы мен төл мәдениетіне жалғайтын алтын көпір жойылды. Иләһи әлеммен байланысып жатқан салт-сананың мән-мағынасын тереңінен ұғына алмаған соң, олардан жеритіндер де көбейе түсті. Руханияттан өсіп-өнетін бүкіл мәдени салаға жан беріп, түрлендіріп тұратын иләһи мазмұнды аңыздар мен ұғымдар санадан біртіндеп өше берді... Сан түрлі тіршілікпен алысып жүріп, біз де қырыққа таядық. Алты баланың әкесі атандық. Былтыр тоғыз жасар ұлым кіші қызыма әлімжеттік жасап жылатқанда, анасы:

– Мына балаңа бір нәрсе деші, Құдай үшін. Ана қызға күн бермейді. Теуіп жылатады. Қыз баланы тебуге, ұруға болмайды деп ескертші, – деді маған.

– Балам, қыз баланы тебуге болмайды! – дегенімше,

–Тепсе не болады? Өзі ғой бастаған, – деді ұлым.

«Атаңа не істесең, алдыңа сол келердің» кебі болды. Есіме осыдан отыз бір жыл бұрын апам айтқан Қорқыттың хикаясы сап ете қалды. Енді салиқалы әке болып, сол хикаяны ұлыма айтып беруден басқа амал қалмады. Аңыз оған да қатты әсер етті. Жалпы, бала-шағаны барынша адамшылыққа бай етіп тәрбиелейміз деп жанталасып жатамыз. Өзіміз естіген ырым-тыйымдарды жан-жақтан айтып ескертеміз. «Құмырсқаны өлтірме», «көкті жұлма», «малды теппе», «тауықты қуалама», «құстың ұясын бұзба», «тамақты оң қолмен же», «дастарқанды баспа», «нанның қиқымын түсірмей же», «ақты төкпеңдер» деп автоматты түрде тоқтаусыз айтылады. Ал олар болса: «Неге, көке?», «Өйтсе не болады?», «Сол қолмен жей берсе не қылады?», «Көке, айтыңызшы», – деп отырып алады. СССР дәуіріндегі қазақтар сияқты:

– Сол, болмайды деген соң, болмайды! Не қыласың неге болмайтынын? Айтқанды істесеңші, – деп шолақ қайырғым келмеді.

Тынбай іздене беріп, талай тыйымның иләһи сырларын ақыры таптық. Әсіресе, Қытайдан көшіп келген ғалым Болат Бопайұлы мен Дәбей, Тоқтасын, Ханиолла есімді көкірегі қазына көнекөз қариялар бізге көп көмек қылды. Соның өзінде көп әңгіменің ұмытылмай есте қалғандарын ғана айтып бере алды. Оралман қарияларды аралап жүріп, оларға тән мынадай ортақ жүйені аңғардым. Олар бір-бірін танымайды. Әрқайсысы Қытайдың әр өлкесінде өмір сүрген. Бірақ, сөз саптауы мен қазыналы қария болып қалыптасу жолдары бірдей. Әдетте әңгімесі былай басталады: «Ол кезде тоғыз-он жасар баламыз. Асқа барғанда кілең молдалар мен қариялар шақырып алдарына алады. Түбі осылардан бірдеңе шығады деп, бізді баласынбай төрге отырғызады. «Құлағына құйыла берсін» деп кілең қисса-жырдан әңгіме өрбітеді. Құмартып тыңдағанымызбен, тереңіне мән бермейміз. Соңынан: «Сарқыт», – деп қариялар үлкен молда кісілердің табағынан ет асатады. Мүмкін, солардың сарқытының шарапаты ма, кім білсін, әйтеуір жаман болған жоқпыз. Дінді арнайы оқымасақ та, Исламға бір кісідей жүйрік болдық. Өмірде көп пайда берді», – деп кете береді. Совет езгісін көрмеген қарияларға қарап отырып «біз жоғалтып алған әдемі жол, бәлкім, осы шығар» деп, еріксіз ойға берілесің. СССР кезінде жоғалып кеткен қисапсыз рухани қазынамыздың қаншасы табылып, қаншасы біздің назардан тыс қалғанын білу мүмкін емес. Әлі де сандық түбінде ашылмаған, ашылса да оқылмаған көне кітаптарда есеп жоқ. Біз соңына түсіп, қолға түсіре алмай, ақыры арманда кеткен кітаптар қаншама?! Сондықтан бұл еңбек әлі кіріспе ғана болуы әбден мүмкін. Бұл кітапты құрастырудағы мақсат – тұрмыс-тіршілігіміздің бөлінбес бөлшегіне айналған барлық тыйым атаулы мен салт-дәстүрдің шығу тегіне барынша терең үңілу. Олардың бір кездері өміршең болу себебін мейлінше ашып түсіндіру. Совет Одағы кезінде мақсатты түрде жойып, қасақана құртылған аңыз-әпсаналарды түбінен қопарып қайта тірілту. Ең бастысы, бала кезден бері мазалаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты «Неге?» деп басталатын сансыз сұрақтарға тұшымды жауап табу еді. Құрметті оқырман, сізді де осындай сұрақтар әлі де мазалайтын болса, кітапты мұқият оқып шығыңыз. Түгел болмаса да, басым бөлігіне жауап алып шығасыз деген ойдамыз. Болашақта алып-қосар құнды пікірлеріңіз болса, сіздермен бірлесе жұмыс істеуге қашанда дайынбыз.

Санжар Керімбай

Британдық ғалым Карен Армстронг «The battle for God (Тәңір үшін талас)» атты еңбегінде миф туралы былай жазады: «Мифті рационалды жолмен танып білу – қате. Аңыздарда жасырылған ақиқат сырларды сурет өнері, поэзия, мүсін өнері, музыка сияқты жүрекпен ғана сезіне аласың. Мифтер салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға араласып, сіңісіп олармен біте қайнасқанда ғана барлық ырымдар мен тыйымдарға эстетикалық жағынан жан бітіреді. Мазмұны киелі аңыздармен байытылған салттар мен ғұрыптар ғана оның сакральді мәнін ашып, тіршіліктің терең сырларына бойлауға мүмкіндік береді. Мифтер мен салт-дәстүрлерді бір-бірінен ажыратып алу өте қиын. Осы саланы әбден зерттеген ғалымдардың өзі «бірінші әдет-ғұрыптар пайда болды ма әлде аңыздар соған орай шықты ма?» деген мәселеде бір тоқтамға келе алмайды. Мифтер міндетті түрде мистицизммен астасып жатады. Яғни тылсым әлеммен тығыз байланыста болады. Егер салт-дәстүрлер мен иләһи ғұрыптар болмаса, жай ғана діни уағыздар мен аңыздар жұтаң тартып, адамға мәні ашылмас еді. Салыстырып айтар болсақ, дәстүрге айналып, тұрмысқа сіңіспеген аңыз-әңгімелер қағазға таңбаланған ноталар сияқты құрғақ абстракцияға айналады. Ноталарды музыкалық аспапқа салып ойнағанда ғана жаныңды рахатқа бөлейтін кереметтей күйлер төгіледі. Дәл сол сияқты салт-дәстүрлер ұрпақ арасында жалғасын тауып, ықыласпен орындалған кезде ғана мифтер мен аңыздар адам жанына жұбаныш беріп, рухына шабыт бітіреді». Қазақ халқының салттары мен дәстүрлеріне назар аударып қарайықшы. Бір ғана баланың дүниеге келуінде көптеген салттар, жөн-жоралғылар, әдет-ғұрыптар, ырым-тыйымдар бар. Тіпті ғұрыптар бала дүниеге келмей тұрып басталады. Құрсақ шашу, жарыс қазан жасалады. Аяғы ауыр кезде келіншектің арам ас жемеуін, лас жерді баспауын, дау-жанжалға араласпауын қадағалайды. Бөпе зерделі де зерек болсын деп анасының жерігін барынша қандыруға тырысады. Қанішер болмасын деп малдың қанын көрсетпейді. Тоғыз ай бойы таза ас беріп күтіп, жылы сөздер айтып отырады. Сыртқы дүлей күштердің (халық сенімінде жын-шайтан) әсерінен қорғау үшін тұмар, көз моншақ, түйреуіш тағады. Адыраспанмен (кей жерлерде аршамен), тұзбен, отпен аластайды. Тіл-көз бен зиянды дуаның әсері болса, қызыл шүберекке сіңіп жоғалсын деп материалды игіліктеріне қызыл мата байлайды. Бірақ осы ырым-тыйымдардың өміршең болып, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып жетуі аңыз-әпсаналармен, мифтік таныммен байланып отырған. Қазақ аңыздары да қызыққан кісіні адамзат тарихында бүкіл адам ұрпағын бүгінге дейін құпия болмысымен өзіне ынтық еткен ұлы абсолютті ақиқатқа апарып жалғайды.

Құрсақ шашу салты

Әмина анамыздың бойына бала біткенде Мұхамбет пайғамбардың нұры анасының жатырына ауысады. Нұрдың шапағынан Әмина анамыздың дидары нұрланып сала береді. Сыр-сымбаты бұрынғыдан да ажарланып, көркі кемелінен асыпты. Ел арасында «нұр дидарлы», «ең әдемі әйел – аяғы ауыр әйел», «жүкті әйелдің жүзінен нұр еседі» деген сөздер осыған орай айтылыпты деседі. Әмина анамыздың нұр жамалына ынтық болған періштелер оның дидарына қарау үшін аспан әлемінен ағылып келеді екен. Тәңірі періштелерге:

– Дүниеге менің сүйікті досым келеді. Жәннаттың дүр гауһарлары мен інжу-маржандарын Әминаға шашыңдар. Шашулар оның жүрегіндегі мейіріммен махаббаттың шексіз қайнар көзін ашады. Әминаның қуанышына ортақ болған жандарға менің рақмет нұрым жауады. Аяғы ауыр келіншектің ниеттес жақындары неғұрлым көп болса, ұрпағының да адал достары соғұрлым көп болады, – дейді.

Бұны естіген періштелер, үрлер мен ғилмандар жарыса барып, пайғамбардың анасына шашу шашады1. Пейіштің жеміс-жидектерімен Әмина анамыздың жерігін басып, кәусар бұлағының суымен шөлін қандырады. Қазақ арасында құрсақ шашу деген дәстүр осыған орай шықса керек. Әйелдің бойына бала біткенін естіген жұрт оның шаңырағына келіп, шашу шашып, ақ тілек айтатын болған. Көрші келіншектер мен ақжүрек құрбылары және тату абысындары оның жерігін басу үшін әр түрлі тәтті, дәмді ас-ауқаттар пісіріп үйіне барады. Енелері «келінді ата-баба аруағы қолдап жүрсін» деп үйінің оң жақ керегесіне ақ орамал байлайды. Құрсақ шашу дәстүрі «Алпамыс батыр» жырында да баяндалған. Байбөрі мен Аналық барлық әулиені қыдырып, етегін шеңгел сыдырып жүріп Құдайдан бала тілейді. Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің басына түнеген түні тілегі қабыл болып, бәйбішенің құрсағына бала бітеді. Осы жаңалықты естіген ел-жұрты жиналып, құрсақ шашу шашады. Ақселеу Сейдімбекұлының шалқыма үлгісімен баяндаған «Алпамыс батыр» жырында: «...Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты», – деп суреттейді.

«Алпамыс батыр» жырының Сұлтанқұл Аққожаев жырлаған нұсқасында:

– Әр жерден халқы келді де,

«Құтты болсын!» – деді де,
Құрсақ шашу жеді де,
Қайтадан халқы тараған2, – деген жыр жолдары бар.

Қазақстанның басым бөлігінде бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Махаббатпен, адал достықпен мағыналы өмір сүремін деген адамға бұл салт – таптырмайтын тәрбие құралы.

Сүйінші сұрау

Ыбырайым пайғамбар көпке дейін бала сүймейді. Бірде Бибіажар анамыз ұл босаныпты. Пайғамбардың қуанышы қойнына сыймай, жұрттан сүйінші сұрапты. Тәңірі де оның қуанышын бөлісіп:

– Мендей мәрт Құдайға жомарттық ғана жарасады. Сүйіншіңе атағаным болсын. Ақырдың соңында шығатын досым Мұхамбеттің нұры осы ұлыңның белінен тарайды, – депті.

Осыдан бастап ел ішінде біреудің шаңырағында қуаныш болса, ол жұртпен бөлісіп, сүйінші сұрайды. Ел-жұрт та оның қуанышымен бөлісіп, байғазы береді екен. Бұл үрдіс барлық пайғамбардың тұсында жалғасып отырған. Исламда да осыған орай мынадай аңыз бар.

Сахабалардың бірі Әбу-Лақапты түсінде көріп, оның жағдайын сұрапты.

– Жағдайымның несін сұрайсың? Ұлық пайғамбардың жақын ағасы болсам да, Тәңірінің рақметінен мақұрым қалдым. Мені қара басты. Тәңірісінің досымен дұшпандасып, оған зарар бердім. Ақырында Құдайдың қаһарына ұшырап, жаһаннамға түстім, – дейді. – Бірақ, соның өзінде Тәңірі маған екі түрлі жеңілдік жасады. Ол менде ғана бар. Біріншісі: дүйсенбінің түнінде мені азаптау толық тоқтайды. Екіншісі: сол күні шаһадат бармағымды сорсам, одан салқын су шығады. Шөлімді қандырып рахаттанамын.

– Не себептен олай? – деп сұрайды сахаба.

– Мұхамбет пайғамбар дүйсенбі күні түнде туды. Менің күңім бұл хабарды айтып, менен сүйінші сұрады. Сол жолы шын қуанып, күңімді құлдықтан азат еттім. Соның құрметіне Тәңірі мені бір күн азаптан босатады. Сосын күңіме:

– Үйдегі шұбатты алып, Әминаға апар. Күш-қуаты сарқылып, әлсіреп жатқан болар. Шұбат ішіп, әл жинасын. Омырауына құнар бітсін, – деп едім. Соның шарапатынан болар дүйсенбіде бармағымды сорсам, шұбат шығады. Жаным жай табады, – депті3.

Сахаба ертесіне көрген түсін пайғамбарға айтып береді. Сонда пайғамбар:

– Бұдан бұлай кез келген қуанышты сүйіншілеңдер, сүйінші сұраған кісіні құр қол қайтармаңдар. Шамаларың жетсе, сыйлық беріңдер, – депті.

Нәрестеге көрімдік беру

Мәуліт жырында пайғамбар дүниеге келгенде жеті қат көк пен жеті қат жер, он сегіз мың ғалам оны көруге келеді. Бір-бірінен: «Пайғамбар дүниеге келді!» – деп, сүйінші сұрайды. Бүкіл періштелер зияраттап оның үйіне келеді. Олар дүр гауһарлар мен әр түрлі сыйлықтар тарту етеді. Жаңа туған балаға:

– Рахымның нұры келді!

– Үмбеті көп болсын!

– Үмбеті Тәңірінің досынан болсын!

– Дені сау болсын! – деп дұға-тілектер айтады.

Мәуліт жырында жиі айтылатын бұл сюжет қазақ арасына тарап, пайғамбардың сүндетіне айналды. Жаңа туған нәрестеге көрімдік беру, құтты болсын айтып сүйінші сұрау, тілек айту рәсімдері қазақ дәстүрінің бір бөлшегін құрапты4.

Бала емізудегі тыйым

Әйел бала емізгенде жалаң бас отырмайды. Қазақ ырымында шайтан әйелдің шаштағы кірін бөпе еметін сүтке араластырып жібереді екен. Осыдан баланың жаны кірленіп, бойына жамандық ұялайды. Есейгенде мәңгүрт, безбен, тілазар болады деп сенеді. Сондықтан көзі ашық кісілер келіннің шашын жауып отыруына аса қатты мән берген екен.

Құндақтау дәстүрі

Діни аңыздарда Мұхамбет пайғамбар дүниеге келер сәтте аспанда бір жарық нұр пайда болып, ол айнала төңірекке шуағын мейірлене төгіп тұрыпты деп баяндалады. Сол күні жер мен аспан тербеле қозғалған. Саба көлі тартылып, Қос өзені арнасынан асып, жағалауды шайып кетіпті деседі. Парсы елінің патшасы отыратын сарай сілкініп, көптеген мұнарасының күл-талқаны шығыпты. Сәуегейлер түс көріп, түсінде жаман іс көріп, арабтың жылқысы парсының түйесін жеңіпті. Таң ата сәуегейлер патшаға:

– Арабия жақтан алапат қауіп тууы мүмкін, – деп ескертіпті. Түнде жұлдыздардың оты бір сәтте өшіп, барлық тас пұттар құлаған екен. Жын-перілер адамды азғырудан жаңылып, оларды періштелер тым-тырақай қуыпты. Ібіліс сол түні шарасыз халге түсіпті. Әмина ананың көңіл көзі күншығыс, күнбатыстың бәрін көріпті. Перзентіне қараса, ол сәждеге бас қойып:

– Үмбетімнің күнәсін кеше көр, – деп дұға етіп жатады. Әмина түсінбей қалыпты.

Сол кезде көктен Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл атты үш періште түседі. Бірінің қолында күміс құман, бірінде зүміреттен (асыл тас) жасалған леген бар екен. Үшінші періштенің қолында пейіштің жібек матасы. Періштелер пайғамбарды легенге отырғызады. Ысрапыл құманмен су құйып шомылдырады. Жебірейіл асыл жібектен жасалған матаға пайғамбарды құндақтап орапты. Әмина анамызға:

– Әмина, қорықпа. Құдайдың сүйікті досы, ақырдың елшісі Мұхамбет дүниеге келді. Пайғамбардың тәні жалаңаш болмауы үшін Құдай бізді оның мүбәрәк денесін құндақтауға жіберді, – дейді.

Періштелер Әмина анамызға жас нәрестені қалай дұрыс құндақтау керегін үйретіпті. Осыдан бастап дүниеге келген балаларды құндақтау тәртібі дәстүрге еніпті5.

Қалжа беру

Шиш пайғамбар дүниеге келгенде Адам ата мен Хауа ана қатты қуанады. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Себебі, ақырдың абзал пайғамбары Мұхамбеттің нұры Шиш пайғамбардың беліне көшкен еді. Жебірейіл періште Адамға келіп:

– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.

Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деп те айтылды.

Балаға ит көйлек кигізу

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар. Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

– Тәңірі сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.

Хақ тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты. Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды. Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

Бесікке бөлеу дәстүрі

Бесік Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында дүниеге келген деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен. Қара қытайлар Сарыарқаның кеңдігіне қызығып, жиі шабуыл жасап отырады. Бірақ Мизам бабқа шамасы жетпей, үнемі жеңіліс табады екен. Мизам баб ағаш егуді, бау-бақша жасауды кәсіп етеді. Жұрт «ағаштың пірі – Мизам баб» деп атайды. Аңызда Жетісу мен Алтай өңіріндегі ну орман Мизам бабтың еккен ағашынан шыққан деседі. Ол жүз елу жыл жасап қайтыс болыпты. Бабтың дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бұл кезде Мизамның баласы Айдаһар алыста жүр екен. Әкесі түсінде аян беріп: «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді», – дейді. Айдаһар би ертесіне жетіп келеді. Орман түгелімен жанып кетіпті. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары ғана оттан аман қалған екен. Айдаһар әкесіне Құран бағыштап, қисық ағаштарды өзімен бірге ала кетеді. Бір күні Айдаһардың сәбиі уанбай, жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жұбанбайды. Би қатты сасады. Қызының жылағанына шыдай алмай, далаға шығып кетеді де, Құдайдан медет тілейді. Бір уақта қызының дыбысы шықпай қалады. «Бір нәрсе болды ма екен» деп үйге жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Сәбиін соған салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген екен. Бесіктің пайда болуы аңызда осылай баяндалады. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналыпты. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасапты. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін шыға бастаған екен. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.

Бос бесікті тербетпе

Бос тұрған бесікке Ібіліс баласын салып қояды екен. Бос бесікті тербеткен шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Сондықтан «бос бесікті тербетпе» деп тыйым етеді. Ібілістің баласы бос бесікте жасырынып жатады екен. Сәбиді бөлер кезде отпен аластамаса, жасырынып жатқан шайтан баланың ішінен нұқи береді. Содан сәбидің іші ауырады. Мазасы қашады. Сондықтан бөпені бесікке бөлерде аршамен, адыраспанмен болмаса жеті шырпымен аластаған жөн деген дәстүр шығыпты.

Бесік жыры

Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Тәңірдің атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен.6 Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі. Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді. Осыған орай, біз ғасырлар сүзгісінен өткен, иләһи мазмұндағы, мағынасы терең, мәні жағынан әлемдік классикалық бесік жырларымен теңесе алатын бесік жырларын ұсынамыз.

Менің балам осы ма?
Басында бақыт құсы ма?
Ғайып ерен қырық шілтен
Бөбегімнің досы ма?

Әлди, әлди, әлди-ай.
Лә иләһә иллалла,
Иллаллада пайда бар.
Мұхамбеттің үмбеті

Осындай бала қайда бар?
Әлди, әлди, әлди-ай.
Балам менің Жүсіптей
Болар ма екен келбетті?

Ажарың айдай толсын деп,
Иллалалап тербеттім.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Ер Дәуіттей қайратты

Ұста болар ма екенсің?
Дос-жаранға айбатты
Нұсқа болар ма екенсің?
Әлди, әлди, әлди-ай.

Тақ Сүлеймен нәбидей
Патша болар ма екенсің?
Халқың үшін қамданып,
Атқа қонар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.
Қазығұртқа кеп тоқтаған
Нұхтай болар ма екенсің?
Отбасыма орнаған

Құттай болар ма екенсің?
Әлди, әлди, әлди-ай.
Ымыранның ұлы Мұсадай
Досы болғын Құдайдың.

Қызыр ерсін қасыңа,
Тәңірден соны сұраймын.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Ғайсадай нұр бітімің

Салих болар ма екенсің?
Хақтың жолын таныған
Ариф болар ма екенсің?
Әлди, әлди, әлди-ай.

Әзіреті Мұхамбет
Сәруары болған ғаламның.
Рахматының тамшысы
Нұрынан сен жаралдың.

Әлди, әлди, әлди-ай.
Төрт шадияр – достарың,
Жадыңа тоқы, құлыным.
Нұрланып иман – бостаның.

Жүзіңнен тамсын шырының.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Ғайып ерен қырық шілтен,
Тоқсан тоғыз мың машайық.

Сексен сегіз серулер,
Әлдилетіп қосайық.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Әлди, бөпем, құт бөпем,

Бұл сөзімді ұқ, бөпем.
Лә иләһә иллала
Көкейіңе тұт, бөпем.
Әлди, әлди, әлди-ай.

* * *
Құлыншағым, құлыным,
Ұзақ болсын ғұмырың.
Құлағыңа құй бәрін

Әжеңнің айтқан жырының.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Айналайын, бөбегім,
Аймалаймын, өбемін.

Азамат боп өссін деп,
Ақ бесікке бөледім.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Періштең сені тербетер,

Ботам менің ер жетер,
Еркек тоқты – құрмалдық,
Игілік, қайыр елге етер.
Әлди, әлди, әлди-ай.

Әлдилетіп, тербетіп,
Бір Құданы жыр етіп.
Әжең тыным таппайды,
Өссін деп сен ер жетіп.

Әлди, әлди, әлди-ай.

Бесік жырының құдіреті жайлы ел ішінде мынадай ғибратты аңыз сақталған. Ертеде бір зұлым патша болыпты. Ол қанша жерден шаттанып өмір сүргісі келсе де, ылғи көңілін езіп тұратын түсініксіз дерттен айыға алмапты. Бәлкім, ән-күй тыңдасам дертімнен айығармын деген дәмемен аймақтағы атақты әнші-күйшінің бәрін сарайға жинайды. Көмейіне бұлбұл ұя салған неше түрлі жез таңдай әншілер жарыса ән шырқайды. Бірақ бірде-бір әуен патшаның шер қатқан қатал жүрегін жібіте алмайды. Көңіліндегі мерезінен айыға алмаған әмір бәрін зынданға тастайды. Сол кезде бір әншінің анасы келіп, патшадан ұлын босатуын сұрайды. Патшаның қабағына мұз қатып, ашуланып отыр екен. Ол:

– Ұлың менің жүрегімді жібіткенде, мен оны зынданға тастамас едім. Бойыма шаттық сыйлап, көңілімді жібіте алмады. Жүрегіме қатқан шер қашан тарқайды, сол кезде босатамын, – депті. Сонда анасы ыңылдап, бесік жырын айтып бастайды. Әлди әуенін тыңдап отырып, әміршінің жүрегі жұмсара береді. Ақырында анадан алғаш туған кездегі періште халі есіне түсіп, еңіреп жылайды. Көңіліне қатқан шер мен дерттен айыққан соң барлық әншіні босатып:

– Мен бесікте жатқанда әлди жырын тыңдамаған едім. Содан құлағымның құрышы қанбай қалған. Үнемі көңілімді зіл басып, айналамды жек көріп тұрушы едім. Жанымдағы жараны жазып, сіз мені жібіттіңіз, – деп анаға алғыс айтып, тарту-таралғы сыйлаған екен.

«Бесік жыры қара тасты да ерітер» деген сөз осыдан қалыпты деседі7. Бесік жырын айту дәстүрі қазір көмескі тартқан. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «...Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда...8», – деп жазады. Әлди әуенімен тербету – қазақта ғана емес, өркениетті елдердің бәрінде кең тараған үрдіс. Тіпті оның маңыздылығын байқаған ғалымдар ұзақ жылдарға созылған зерттеулер жасап жатыр. Бесік жырының мазмұнында әр халықтың өз менталитеті, әлемнің жаралуы, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер туралы түсінік пен ізгі қасиеттері туралы сакральді ақпараттар сақталған. Бесік жыры бөбектің құлағына сіңген сайын оның бойындағы ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады.

Қырық күн тұзды суға шомылдыру салты

Періштелер Аюп пайғамбарды мақтап, оны үнемі үлгі етеді екен. Олардың әңгімесін естіп қалған Ібіліс Тәңірдің дәргейіне барып:

– Періштелер Аюп құлыңды сабырлы, мықты тақуа адам деп мақтап жатыр. Ол – төрт құбыласы түгел, жегені алдында, жемегені артында, бала-шағасы дін аман, айналасына сыйлы, дәулеті шалқып тұрған уайымсыз адам. Егер оған шын қиындық туатын болса, басымен қайғы боп, сені еске алуға мұршасы болмас еді. Сенбесең, оны сынаққа алуға маған рұқсат бер, – дейді.

Тәңірі рұқсат етеді. Ібіліс оның бар малын бір қыста жұтқа ұшыратады. Аюп бір күнде кедейленіп, таяқ ұстап қалады. Артынша бала-шағасына қаза жетеді. Ағайынмен арада араз әңгімелер өршиді. Бірақ Аюп сонда да сыр бермей, құлшылық тағатын үзбейді. Айла-шарғысы таусылған Ібіліс оның денсаулығына ауыз салады. Артынша оның денесі жидіп, шіри бастайды. Бүкіл тәнін құрттар қаптайды. Аюп өлі мен тірінің арасындағы өлімші халге түседі. Сонда да тілі мен жүрегі Тәңірге зікір айтып тұра береді. Ібіліс оның иманын ұрлай алмай, ақыры жеңіледі. Хақ тағала құлының төзімі мен сабырына риза болып, жерден шипалы бұлақ шығарады. Аюп Құдайдың әмірімен сол суға қырық күн шомылып, әбден ширап, тәні сауығып, аман қалады. Осыдан бастап өлі мен тірінің арасында жатқан адамды қырық күн шомылдыратын дәстүр қазақ арасында пайда болыпты. Ата-анасы жаңа туған нәрестесін ширату үшін қырық күн тұзды суға шомылдырады. Ондағы мақсат – бала болашақта Аюптай сабырлы, төзімді боп өссін, өмір жолында кездесетін барлық қиындықтарға мойымайтын мықты тұлға болсын деп ырымдағаны.

Баланы қырқынан шығару дәстүрі

Қазақ салтында нәрестені қырқынан шығару кезінде оның тырнағы мен шашын алады. Бұл ғұрыпты көбіне әділдігімен аты шыққан, көркем мінез-құлықты кісіге жасатады. Мұсылмандар Ібілістің адам тәнінде дәрет сындыратын жері – тырнақ асты деп сенеді. Адамның тырнағы алынбай, асты кірге толса, Ібіліс сондай лас жерді аңдып жүреді екен. Қазақта ұсақ-түйек өсек сөздерді жинап-теріп жүретін адамдарды «тырнақ астынан кір іздейді» деп сипаттау осыдан қалыпты. Адам өліп, мәйіті көрге қойылған соң, қабір азабы оның тырнағының астынан басталады. Сондықтан мұсылман жұрты тырнақты өсірмей уақтылы алып отыруға үлкен мән берген. Тырнақты таза ұстау имандылықтың белгісі ретінде саналады. Бөпенің шашын алатын себебі: Ібіліс бей-берекет шашылып жатқан шаш қылынан тон тоқып киеді екен. Мұсылмандық бір аңызда Әзіреті Әли Ібілісті ұстап алады. Ібіліс үстіне жылы тон киіп алыпты. Әзіреті Әли:

– Ей, малғұн, үстіңдегі тонды қайдан алдың? – дейді. Ібіліс:

– Адамдар шаштарын алдырған соң, далаға тастай салады. Мен соларды жинап-теріп, өзіме тон тоқып киемін. Ондай адамдарға менің үстемдік етуім оңай болады. Олар хақтың жолында әлсіз келеді, – депті.

Осыған орай қазақ арасында нәрестенің бірінші алынған шашын сақтап қойып, өскесін өзіне тұмар етіп тағатын ғұрып шыққан. Сенім бойынша Ібіліс ол балаға әсер ете алмай, діңкесі құриды екен. Қазақ арасында шашты далаға бей-берекет тастамау керек деген түсінік кең тараған. Әйел адамдардың да тарақтан түскен шаштарын жинап, жерге көміп не болмаса өртейтіні осыдан шықса керек. «Шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген тәмсіл сөз осыған орай айтылыпты.

Шілдехана салты

Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтады. Құдай тағала оны жұбату үшін Сүлейменді береді. Дәуіт қайтадан ес жиып, өзіне өзі келген соң, жалғыз ұлының тілеуін тілейді. Сүлеймен дүниеге келгеннен қырық күн өткенде Жебірейіл періште келіп:

– Дәуіт, Тәңірі өзінің Раббы деген сипатымен Сүлейменнің рухын қырық күн бойы құддыс (киелі) әлемде әбден ширатып тәрбиеледі. Енді қырық күн өтті. Құдай қаласа, осы ұлың сенің ізіңді басатын ұлық пайғамбар болады. Ұлыңның қуанышына қауымыңды шақырып, той жаса, – дейді. Пайғамбар:

– Ләббәй, – деп құлдық ұрады. Ел-жұртын жинап, той жасап, сарайын шаттық, думанға бөлейді. Осыдан кейін ата-аналар жаңа туған баланың құрметіне қырық күннен кейін той жасап, «Біздің де баламыз Сүлеймендей болсын», «Бөбегіміздің рухы кемелденіп ширасын» деп ырымдайтын болыпты. Шілдехана салты содан қалған екен.

Азан шақырып ат қою

Құран Кәрімде Тәңірі тағала Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды деп жазады. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көріпті. Сол кезде Ібіліс лып етіп Адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шығыпты. Сосын періштелерге:

– Бұл мақұлық ұлық Тәңірге орынбасар болуға лайық емес, – дейді.

– Неге? – деп сұрайды періштелер.

– Себебі, бұның тәні ас-ауқатқа, ұйқыға, қызық-рақатқа тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ-даңқ, мансап-билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние-мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – дейді Ібіліс. Періштелер:

– Ол не? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Алла өзі біледі, – дейді. Періштелер:

– Адамның құлағы, көзі, мұрны бар екен. Осы сезім мүшелері арқылы Құдайдың хикметтерін танып білсе керек, – дейді.

Ібіліс алақанымен Адамның құлағын сипайды да:

– Мұның құлағын хаққа керең қылдым. Енді құлағымен дүниенің ғана сөзін еститін болады. Өсек-аяң, бос сөзге құлағы түрік жүреді. Жын-пері, періштенің сөздерін ести алмайды, – дейді. Сосын алақанымен екі көзін бір сипап өтеді де:

– Енді екі көзі ақиқатқа соқыр болды. Көзімен дүние тіршілігін ғана барлай алады. Тәңірдің сырға толы хикметтерін бас көзімен көруге дәрменсіз еттім. Ақиқатты бас көзімен іздейтін болса, міндетті түрде адасады. Күнәға белшеден батады, – дейді. Сосын алақанымен аузын бір сипап:

– Аузы Құдайға жақпайтын сөздер айтуға бейім болады. Мағынасыз бос сөзге құмар болады. «Біссімілдә» демесе, жеген асы арам болар. Мен мұның бес сезім мүшесін Жаратқанның хикметтерін танудан аулақ еттім, – деп мақтанады. Сосын сол жақ кеудесін жұдырығымен соғып:

– Мына жүректегі көңіл көзін біржола бітеп тастауға айлам жетпеді. Адам баласы түптің түбінде ақиқатты осы жүрек көзімен тауып кетуі мүмкін. Көңіліне надандық пердесін жауып, ақылдан бойын қашық етсем, мал дүниеге малданып, біраз алдануы мүмкін. Тіпті жүрегінде көзі бар екенін ұмытып та қалады. Бірақ Құдайдың оған оң назары түсіп, мейірім-шапағат етер болса, надандықтан бет бұрып, хақтың жолына түсері сөзсіз, – депті.

Содан бастап Адам ұрпағының құлағы Тәңірдің хикметіне керең, көзі соқыр, аузы бейпіл сөзге үйір болыпты. Бір құлақтан кірген сөз екінші құлақтан шығып кетеді екен. Мұны қазақта «ақпа құлақ» деп атайды.

Ібілістің қастық әрекетінен соң Тәңірі тағала Жебірейілге бұйырып:

– Адамның оң құлағына азан шақыр. Азан арқылы жансарайына мағыналы тіршілік дарысын. Мәнді сөздер сол құлағынан шығып кетпеу үшін оны тәкбір айтып біте. Менің ұлық есімдеріммен сайтан салған әсерді жой, – дейді.

Осыдан бастап дүниеге келген балаға ат қойып, азан шақыру мұсылман әлеміне сүндет болып қалыпты. Қазақ арасында да осы дәстүр кеңінен таралған. Төменде азан шақырған кезде айтылатын тілек жыр берілген:

Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар,
Тәңірі тағалам бәрін сақтар.
Тәңірім дәулет берді,
Ғаламға әулет келді.

Дүниеге адам келді,
Қарыштар қадам келді.
Азан айтып атын қоям,
Тәңір берген затын қоям.

Ұл екен, ұл екен,
Бір Тәңірге құл екен.
Ел қамын жер ер болсын,
Талабы теңіз сел болсын.

Жақсы есім таңдау

Адам ата мен Хауа анаға Жаббар Хақ бір бала беріпті. Екеуі кей кездері балаға таласып қалады екен. Бірі: – Менің балам, – десе, бірі: – Менікі, – депті. Екеуінің арасында алғаш талас, жанжал болыпты. Мұны көріп тұрған Тәңірі баланы көгершінге айналдырып жібереді де:

– Бала екеуіңе де ортақ. Біріңнің қуатыңмен, біріңнің шуағыңмен дүниеге келді. Бұдан былай таласпаңдар, тату болыңдар. Алғашқы балаларың көгершінге айналып, көкте ұшады. Осы татулықтарыңның белгісі болады, – депті.

Көгершін қазақ түсінігінде Адам атаның алғашқы баласы екен. Ер мен әйелдің кейде «бұл менің балам, жоқ, менің балам» деп таласып қалатыны осы оқиғаның жұрыны деседі. Хауа анамыз екінші рет құрсақ көтеріп, бір ұл, бір қыз туады. Адам ата «Ұлыма қандай ат қою керек екенін Тәңірден сұрайын» деп тауға кетеді. Сол кезде Ібіліс періште кейпінде Хауа анаға келіп:

– Мені Алла жіберді. Ұлына «Қабылхарис деп ат қойсын» деп айтты», – дейді. Харис Ібілістің бір есімі еді. Хауа ана баласының құлағына «Қабылхарис» деп азан шақырып ат қояды.

Адам ата таудан келгенде Ібілістің ат қоюға араласқанын біліп, қатты алаңдапты. Расында, Қабылдың кейіннен Ібілістің арбауына тез көніп, бауыры Әбілді өлтіруіне осы есімі әсер еткен деседі. Осы оқиғадан соң әйел адамның балаға азан шақырып ат қоюына тыйым салынады. Ат қойған кезде де жақсы, рухани мәнді атты таңдап қою жоралғы болып жетіпті. Осыған орай бертіндегі қазақ сахарасында өткен мынадай оқиғаны айта кетудің сәті түсіп тұр. Абыз бидің батасын алмақ боп үш жігіт ел сыйлаған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап, оларға өзінше баға берген би үшінші жігітке қарап:

– Шын асылдың көзінде жасыл от болады деуші еді. Қарағым-ай, ныпсыңды айтшы, – депті. Сонда әлгі жігіт:

– Әкемнің аты – Аманбала, өзімнің есімім – Кәріпжан, – дей бергенде, Абыз би бармағын тістеп, тіксініп қалыпты.

– Қап-ай! «Ат аспаннан, нұр пейіштен» деуші еді. Ой, пәле-ай, бекер болған екен. Әкең бұл атты бекер қойған ғой саған, – деп басын шайқаған Абыз би отырып былай деп бата берген екен:

Ырысын жауға бермес,
Намысын дауға жібермес,
Елдің ері, кісі танысам, сен боларсың,
Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың!

Кәріпжан қартайған кезінде: «Жаманға бұйырған көп жақсы аттың бірін әкем маған неғып қимады екен?» – деп налиды екен. Өйткені, қара қылды қақ жарған әділ би өз кіндігінен перзент көрмепті. Сондықтан сәбиге көркем есім қою ата-ананың міндеті саналыпты9.

Жас баланың аузына түкірту

Қызыр ата бірде Әзірет Сұлтанға қонаққа келеді. Яссауи бабамыз шәкірттерін отынға жұмсайды. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болады. Бықсып жанбайды. Сүлеймен есімді шәкірттің ғана ағашы құрғақ екен. Асты соның отынымен пісіреді. Қызыр:

– Ұлым, сенің шөпшегің неге құрғақ? – дейді. Бала:

– Мен отынды шапаныммен орап, су тигізбей әкелдім, – дейді. Баланың зеректігіне риза болған Қызыр:

– Балам, сенің атың «Хакім» болсын. Тәңірі саған хикмет берсін, – деп бата беріп, оның аузына түкіреді. Қызырдан шарапат жұғып, Сүлеймен хикметке жүйрік болады. Құранның мағыналы сырларын өлеңге қосып жырлайды. Ел-жұрт оның хикметтерін жаттап, Құранға сауаты ашылады. Содан бері сыйлы қонақтарға сәбидің аузына түкірту дәстүрі пайда болады. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген сөз осыдан қалса керек10.

Тұсау кесу

Тәңірі тағала Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жаратып, жер бетіне жібереді. Олар өте ажарлы, сұлу болған екен. Бір-бірін ұнатып қалады. Жаббар Хақ екеуіне:

– Некелерің қиылмай, бір-біріңе қосылмаңдар, – деп ескертеді.

Бір күні екеуі шыдай алмай, бір-біріне қосылып қояды. Дүниедегі ең алғашқы зинақорлық осыдан басталыпты. Діни аңыздарда қиямет-қайымда зинақор адамдар Әбілет пен Тәбілеттің қауымында тіріледі екен деседі. Некесіз қатынастан дүниеге Ібіліс келеді.

Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне жіберер кезде Тәңірі оларға да ескертіп:

– Некелерің қиылмай қосылмаңдар, – дейді. Адам ата мен Хауа ана: «Мақұл!» – деп уәде береді. Бірақ, ол заманда Ібіліс малғұн атанып, оларды азғырып, тура жолдан тайдыруға серт берген кезі екен. Тәңірі Жебірейілге:

– Адам мен Хауаның аяғын тұсаула. Жерге табаны тиген соң, тұсауларын кес. Ібілістің азғыруына еріп, тура жолдан таймасын, – дейді. Жебірейіл олардың аяқтарын көк шөппен байлаған екен.

Жерге түскен соң тұсауларын кеседі. Некелерін қияды.

Кейін бұл оқиға дәстүрге айналады. Содан бастап жаңа туған баланың табаны жерге тиер кезде тұсауын кесіп, күрмеуін шешеді екен. «Баламыз алғаш қара жерге қадам басты, тура жолдан таймасын» деп ырымдайды. Тұсауы кесілмеген сәбидің иманы әлсіз болады деген де түсінік бар. Тұсау кесер кезде Адам ата мен Хауаның арасы жеті қадам болған екен. Жебірейіл Адамды жеті қадам жүргізіп барып, Хауаға қосады. Осыған орай сәбидің тұсауын кесуші адам оны жеті қадам жүргізіп барып кесу салты сақталыпты. Баланың тұсауын көк шөппен, малдың тоқ ішегімен, ала жіппен кеседі. Ала жіппен кесерде өзгенің «ала жібін аттамасын», яғни «біреудің дүниесіне көзін тікпесін, қолын сұқпасын» деп ырымдайды. Тоқ ішікті байлағанда «бай болсын, дәулетті болсын» деп тілек тілейді. Бұл жерде тұсауды өткір пышақпен, жүзін көкке қаратып кесу дәстүрге енген.

Балаға теріс көйлек кигізу

Ел ішінде мынадай ырым бар. Көпке дейін бала көтере алмай жүрген әйел кішкентай бүлдіршінге ұлдың немесе қыздың көйлегін теріс кигізіп жүргізеді екен. Ұлдың киімін ұлға теріс кигізсе, ұл туады, қыздың киімін қызға теріс кигізсе, қыз туады деп ырымдайды. Діни аңыздарда бұл ғұрыпты Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Тәңірі тағала Былқысқа көпке дейін бала нәсіп етпепті. Сол кезде Былқыс Сүлейменнің ақылымен бес жүз жетім баланың көйлектерін теріс кигізіп жүргізеді. Артынша бала бақытының нышаны байқалады. Қазақ арасында бұл ырым әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

* * * 1 Süleyman Çelebі. Vesіletü’n-Necat. Mevlіd. – Ankara: Türk Tarіh Kurumu Basımevі, 1954. -108-109 ss.

2Алпамыс батыр. Бабалар сөзі. – Астана: Фолиант, 2000. – 68 б. 3 Kara Davut. Delâіl-і Hayrat Şerhі. – İstanbul: Rahmet Yayınları, 1975. -165 ss. 4 Süleyman Çelebі. Vesіletü’n-Necat. Mevlіd. – Ankara: Türk Tarіh Kurumu Basımevі, 1954. -110 ss. 5 Süleyman Çelebі. Vesіletü’n-Necat. Mevlіd. – Ankara: Türk Tarіh Kurumu Basımevі, 1954. -110 ss. 6 Yaşar Kalafat. Türk dünyası karşılaştırılmalı kazak halk іnançları. – Ankara: ASAM Yayınları, 2000. 7 Yaşar Kalafat. Türk dünyası karşılaştırılmalı kazak halk іnançları. – Ankara: ASAM Yayınları, 2000.

8 Б.Момышұлы. Ұшқан ұя. – Алматы: Санат, 2005.
9 Құлахмет Ғ. Ұрпағың үзілмесін. – Алматы: Жалын, 1991.
10 Әлдиден эпосқа дейін. Отбасы хрестоматиясы. – Алматы: Орхон, 2013 ж.

АҚШ-тағы Вашингтон университетінің профессоры, ирандық ғалым Саид Хусейн Насер «Білім мен кие» деген кітабында салт-дәстүр, әдет-ғұрып, құт-береке ұғымдарын былайша тарқатады: «Әу баста «кие», «сакраль» деген ұғымдар білімнің ажырамас бөлігі еді. Адамдар кие мен қасиетті ертегіге балап, немқұрайлы қарай бастады. Соның себебінен ол екеуі бір-бірінен мүлдем жырақтап кетті. Әсіресе, қазіргі модернизация дәуірінде білімде бұрынғыдай кие қалмады. Жұрт кие мен құтқа қатысты сенімдерін жоғалтқан сайын әлемге, табиғатқа тамсанып, ләззат алатын халінен айрылды. Батыста білім ақырындап киесізденіп барады. Бұл үрдіске қарап отырып, шығыс халықтарының өмір сүру салтын, мұсылман ғұламаларының киелі дәстүрді қайтадан жаңғыртушы рөлін сараптаудың маңызы өте зор деген ойға тірелесіз. Басында білім ғана киеден айрылып, мәнін жоғалтқан болса, бұл күндері діннің өзінен де кие кетіп бара жатыр. Әу баста кие мен құт өзінің қайнарын діннен алатын. Ілім мен діннің адам өміріне мән сыйлаушы потенциалынан айрылуы салт-дәстүрдің ұмытылуына әсер етті. Батыста кие деген ұғым ұмытыла бастағанда дәстүр сөзі қайтадан жиі айтыла бастады. Салт-сананың жаңадан тірілу процесін Тәңірдің адам ұрпағына жасаған мейірім шапағаты деп санауға болады. Ғалымдар салт пен сананы дәстүрлі көзқарас тұрғысынан қайтадан түсінуге тырысуда. Бұл процесс – кие мен өмір мәнін жоғалтып, соның кесірінен әр түрлі психологиялық қиыншылықтарға душар болып, тіршілігінен мағына іздеп жанталасқан адам ұрпағына Ұлы Құдіреттің тіл қатуы сияқты қызық құбылыс. Өте көне заманнан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан салт-дәстүрдің 21-ғасырда жаңа сипатта ортаға шығуы адамзат баласының Хақиқатқа тағы да бір рет жалғануына жол ашты десе де болады. БІЗ ІЗДЕГЕН ЕНДІГІ АҚИҚАТ САЛТ-ДӘСТҮР СИПАТЫНДА КӨРКЕМ ТҮРДЕ НАСИХАТТАЛУЫ КЕРЕК. Көне дәуір адамы кие ұғымын меңгеру үшін салт-дәстүрмен өрілген мәдени өнімдерді толық тұтынып, онымен бірге біте қайнасып кететін. Олардың өмірін сопылық хикая арқылы түсіндіруге болады.

Бір күні судағы қаптаған шабақтар балықтардың көсеміне келіп:

– Біз «су» деген сөзді көп естиміз. Алайда оны көрген жоқпыз. Денемізбен сезбедік. Суды бізге түсіндіріп берсеңіз? – дейді. Сонда көсем балық:

– Шырақтарым, бұл сұраққа жауап табу үшін сендер сусыз жерде өмір сүрулерің керек. Бірақ сусыз өмір сүре алмайсыңдар. Ол болмаса, бір сәт те тұра алмай, тұншығып өлесіңдер. Судың қадір-қасиетін су жоқ кезде ғана білесіңдер, – депті.

Даналар бұл хикаяны былай тәпсірлеп: «Адамзат та балықтар сияқты салт-дәстүр мен кие-құт жойылған жерде рухани өлуге бейім болады. Кие жойылғанда өмірден мән қоса жоғалады. Сондықтан өмірдің мәнін жоғалтқан адам оны тапқысы келеді. Мәнді тапқан адамның өмірі өзгереді. Ондай пенде кемел адамға айналады. Таба алмаса, мәнсіз өмірден жалығып, бейшара күйге түседі», – дейді. Ертедегі адамдар біз қазір «салт-дәстүр» деп атаған мән мен киеге толы мағыналы әлемде өмір сүрді. Олар «салт не?», «дәстүр не?» деп басын қатырмайтын. Олар үшін әдет-ғұрыптан мән іздеу әлдеқайда маңызды еді. Себебі, салт-дәстүрдің шығу тегі пайғамбарларға келетін уахи мен хикмет болатын. Барлық кие мен дәстүр, ырым-тыйымдар уахи мен хикметтен туындаған. Мыңдаған өркениеттер мен мәдениеттердің қайнар көзі де – осылар. Кие мен құт жойылса, мәдениет пен өркениет құлдырау кезеңіне қадам басады». Ирандық ғалым бұл ой-пікірлерін АҚШ-та 1982 жылы жазған екен. Десе де, айтылған ойлары қазіргі Қазақстандағы мәдени ахуалға жақындайды. Бізде де салт-сананың құлдырау кезеңі болды. Қазақтың киелі ұғымдары ұмытыла бастаған. Алайда соңғы жылдары қоғамдық көңіл күйдің өзгергені байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді бақылап отырған зиялы жұрт соңғы жылдары Кие мен Құт сезімдерін қайтадан іздей бастады. Мәдени мұралар мен түркі халқының түпкі тарихын жаңғыртуға қабілетті мамандарға деген сұраныс артты. Мағынасыз діни дау-дамайлардан сауатты халық шаршады. Шетелде оқып, мықты маман боп келген жастардың өзі мәңгілік мақсат-мұраттарын айқындай алмай қиналып жүреді. Өміріне мән беруші кие мен құттан көз жазып қалған кейінгі толқын өмірден тез жалығатын болды. Оған дәлел ретінде Қазақстанның суицид проблемасында алдыңғы орынға шығуын айтсақ та жеткілікті. Ғалымның салмақты ойларын негізге ала отырып, біз сәбидің қалыптасу кезеңіндегі жөн-жоралғылар мен ырым-тыйымдарды ұсынып отырмыз. Мұнда адам өміріне мағына беріп, пендені тіршілікке ғашық ететін бойына кие мен құт сезімдерін дарытуға септесетін ең иләһи мазмұнды ғұрыптар іріктеліп алынған.

Сүндеттеу салты

Ыбырайым есімі «Рахымның атасы» дегенді білдіреді. Ал «Рахым кім?» дегенге келсек, ол – Мұхамбет пайғамбар. Әзіреті Ыбырайым – Мұхамбет пайғамбардың жиырма бесінші атасы.

Бір күні Жаббар Хақ Жебірейіл періштеге:

– Досым Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таң сәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш, – дейді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмайды.

– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр екен, – дейді. Қайта жібереді. Бұл жолы да таба алмай оралады.

– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды таба алмадым. Бәрі ұйқыда, – дейді.

– Олай болса, соның үстіне шаш, – дейді. Ұйықтамай пұт жонып отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді. Періштелер:

– Иә, Тәңірім, бірақ ол саған емес, пұттарға табынады. Кейінгі адам ұрпағы өздерін көпқұдайлықтың шырмауынан қалай шығарып алады? – дейді. Тәңірі:

– Мен шебер Құдаймын. Бір іс бастасам, ақырын әуелден көріп, біліп тұрамын. Азардың ұлын сүндеттейсіңдер. Бұл оның бір Құдайға табынушы екендігінің айғағы болсын. Одан тараған барша үмбет осы сүндетті ұстансын. Сонда олар көп құдайға шоқынып, надандыққа ұрынудан аман болады, – дейді.

Періштелер Азардың беліне Мұхамбет пайғамбардың нұрын шашады. Көп ұзамай өмірге Ыбырайым пайғамбар келеді. Ыбырайым жеті жасқа келгенде Жебірейіл періште келіп, оны сүндеттеген екен. Осыдан бастап ер бала бес немесе жеті жасқа толғанда оны сүндеттеу дәстүрге айналады. Оны мұсылмандықтың бір белгісі санаған.

Ел арасында сүндеттеуге байланысты айтылатын тағы бір қызықты әңгіме бар. Ертеде Ерден деген кісінің Тілеуберді деген ұлы болыпты. Баласы бес жасқа келгенде әкесі ұлын сүндеттеуге асықпапты. «Жеті жасқа келгенде сүндеттермін» деп ойлайды. Алайда ұлы жеті жасқа толғанда әр түрлі себептермен сүндеттеудің сәті түспейді. Әкесі «сүндеттемесе де, еш нәрсе етпес» деп өз-өзін жұбатып қояды. Бала он бестен аса бере мезгілсіз қаза жетіп, опат болады. Әке-шешесі жылап-сықтап ұлдарын жер қойнына тапсырады. Бір күні Ерден түс көреді. Түсінде баласының ұнжырғасы түсіп жүр екен. Әкесі:

– Балам, неге жылап жүрсің? О дүниедегі жағдайың қиын ба? – деп сұрайды. Баласы:

– Жоқ, әке. Мейірімді Құдай мені қинаған жоқ. Бірақ дәрежем басқалардан кем болып жүр. Қатарластарымның арасында кейде өзімді қор сезінемін, – деген екен.

Сәбидің сүндеттеліп туылуы

Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы дүниеден қайтқан соң, Тәңірі оған шекесі торсықтай ұл береді. Оның отыз ұлға татитын ерекше қасиеті бар екен. Туғанда сүндеттеліп туылыпты. Діни наным-сенімдерде ең алғаш іштен сүндеттеліп туған бала Сүлеймен пайғамбар екен деседі. Осыдан бастап сүндеттеліп туған баланы таза ұстаса, Сүлеймен пайғамбардың қасиеттері қонады деген түсінік пайда болыпты11.

Қолға су құю

Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Құдай оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.

– Әй, Дәуіт! Тәңірі саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол: ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды.

Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар:

– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!

– Құдайдың сүйікті құлы бол!

– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!

– Әділ патша бол!

– Екі дүниенің сырын біл!

– Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!

– Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.

Бір күні Дәуіт Тәңірісіне:

– Уа, Жаббар Ием, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:

– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі.

Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал», – деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен. Қонақтың қолына құманмен су құюға байланысты ел аузында мынадай бір хикая сақталған. 1945 жылы соғыстан қайтқан бір жауынгер еліне келіп, ас беріп, Құран оқытады. Жауынгердің өзі қонақтардың қолына су құйып, бәйек болып, құрақ ұшады. «Беріңіз, аға, мен құяйын», – деген жас балаларға кезек бермепті. Қонақтар үйлеріне қайтқан соң жауынгер ауырып, төсек тартып жатып қалады. Көңілін сұрай келген ағайындарына ол:

– Майданда жүргенде Құдайдан күндіз-түні: «Уа, Тәңірім тек туған жеріме аман жеткізе гөр. Жат жерде өлуден сақта. Атамекеніме табаным тигесін, жанымды алсаң ризамын», – деп тілеуші едім. Дұғам қабыл болып, Отанға аман-есен оралдым. Ел ішінде ұзақ жасағым да келді. Көптің батасын алсам, бір шарапаты тиер ме деп құманмен де өзім су құйдым. Бірақ батаны аямай жаудырған жұрт: «Ғұмырың ұзақ болсын! Жүз жаса!» – деп бір тілек айтпады ғой. Егер осылай дегенде, Тәңірі тағала көптің тілегін қабыл етіп, өмірімді ұзартар ма еді, кім білсін... Амал нешік, енді қайтып басымды көтермеспін. Себебі, соғыста елге жеткен соң жанымды алсаң ризамын деген сертім бар еді. Сол сертім жібермеді білем, – депті. Содан көп ұзамай өзі де дүниеден өтіпті.

Сәлемдесу үлгісі

Пайғамбар миғраждан үмбетіне тоғыз қасиетті зат әкеліпті. Олар: жастық, жайнамаз, бөрік, шапан, орамал, намаз, дастарқан, Құран, сәлемдесу үлгісі екен.

Пайғамбар миғражға көтерілгенде алдынан періштелер шығып:

– Ассалаумалейкум, әлемнің рақымы! – деп сәлем береді.

– Уалейкүмсалам! – деп жауап береді. Мұндағы «Ассалаумалейкум» сөзі «Алланың нұры жаусын, бар жақсылықты нәсіп етсін» деген мағынаны береді. «Уалейкүмсалам!» – деп сәлемін қабыл алғанда, «Саған да Алланың сәлемі мен игілігі болсын» деген тілек айтылады.

Тәңірі тағала миғражда пайғамбарға:

– Үмбетіңе сәлемді парыз етемін. Бір-біріне сәлем берсін. Кім көп сәлем берсе, менің нұрым мен рақметіме бөленеді, – дейді. Пайғамбар миғраждан келген соң, үмбетіне Құдайдың сөзін жеткізіпті.

Екінші бір аңыздарда Ібіліс жаңадан жолыққан екі адамның арасына от салуға дайын тұрады екен. Олар: «Ассалаумалейкум!» – деп сәлемдессе, Ібілістің жоспары күйрейді екен.

Әлімсақта Тәңірі Адам атаға:

– Періштелерге «Ассалаумалейкум!» деп сәлем бер, – дейді. Адам ата оларға сәлем береді. Періштелер:

– Уалейкүмсалам, Алланың халифасы, – деп сәлемін қабыл алады. Сол кезде Тәңірден әуез келіп:

– Әй, Адам, бұдан былай сәлем беру ұрпағыңа үлгі болсын, – дейді.

Адам ата мен періштелердің алғашқы сәлемдесуі адамзатқа өнеге, дәстүр болып орныққан екен12. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деген естелік кітабында сәлем беру дәстүрі жайлы былай деп жазады: «...Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жанбастай жайғасып, баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да, құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассалаумалейкум, аталар!» – деп әр сөзімді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен, мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: «Уалейкүмсалам!» – десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып:

– «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», – дейтін13.

Асты «біссімілдә» деп баста

«Асты біссімілдәсіз жеме» деген тыйым бар. Діни кітаптарда біссімілдәсіз ас Ібілістің қорегі делінеді. Бұл жайында мынадай аңыз бар. Ертеде Әбіл қой бағып, Қабыл егін егіп, тынбай еңбек етіпті. Қарындары ашып, тамақтанар кезде қастарына Ібіліс келіп «маған да үлес тиіп қалар ма екен?» деп дәмеленеді екен. Әбіл асына «біссімілдә» деп қол созғанда, шайтанның үміті кесіліп:

– Қап, бүгін жолым болмады. Тамағына ортақтасам деп күні бойы жанында жүріп едім. «Біссімілдә» деп асты адалға айналдырды. Маған бұл жерде орын жоқ, – деп ызаланып кетіп қалады екен.

Қабылдың жанына келгенде, ол асты қалай болса солай жей береді екен. Қабылдың осы қылығын шайтан жақсы көріпті. Біссімілдәсіз асқа Ібіліс те келіп ауыз салыпты. Қабылдың Әбілді өлтіруіне осы жағдай әсер еткен екен. «Біссімілдәсіз жеген ас – Ібілістің тамағы» деген сөз осыдан қалған деседі. Шиш пайғамбарға Адам ата: «Құттың басы – біссімілдәда. Құт жұқсын десең, Құдайға шүкіршілік етіп, бетіңді сипа», – деп өсиет айтады. Содан бастап Шиш өсиетті қаза етпей, дәстүрге айналдырыпты.

Ібіліс қарғыс қамытын киген кезде Құдайдан дат сұрапты.

– Датыңды айт, – дейді Құдай.

– Ұзақ жыл құлшылық еттім. Сендей ұлық Тәңірге құлдарының еңбек ақысын қайтармау лайық емес. Соның өтеуін бер, – дейді.

– Не сұрайсың? – дейді Құдай.

– Мені дәргейіңнен қуып, Адамға баспана бердің. Енді менің баспанам қайда болады?

– Монша мен дәретхана– сенің мекенің.

– Дәргейіңде жүргенде құлшылық қылатын жерім бар еді. Енді оны қайдан табамын?

– Базар атаулы сенің құлшылық орның болар.

– Адамға оқу үшін Құран бердің. Маған не бересің?

– Сыпсың сөз, өсек-аяң сенің қасиетті кітабың болар.

– Адамға қорек үшін дәм-тағам бердің. Менің тамағым қайда?

– Біреу «біссімілдәсіз» ас ішсе, дастарқанда бата қайырмаса, сол ас саған бұйырсын, – депті.

Ібіліс алған олжасына масайрап, Тәңірдің дәргейінен қуылып кете барады. Содан бері өзімнің қорегімді жеймін деп, әр үйдің дастарқанын аңдиды екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлаған аңыз нұсқасында Ібіліс:

– Жаралған әурелікке менің басым,

Не керек мұнша дәурен сүрген жасым?
Ac, қорек адамдарға тағам бердің,
Кәнеки, ішіп-жейтін менің асым?! – деп сұрайды. Сонда Тәңірі:

– Еңбегін еш пенденің жемейміз біз,

Өз пиғылың болып тұрған өзіңе кез.
Тағамың сенің, малғұн, осы болсын:
Ac ішсе егер біреу біссімілдәсіз, – деп жауап берген екен.
Тағы бір аңыз бойынша Ібіліс барлық шайтандарды жинап:

– Бүгін тойға барамыз, тамаққа тоямыз. Бала-шағаны түгел жинаңдар. Бір пақыр той жасап жатыр. Өзі дінге әлсіз, тыйым-талапқа салақ. Қарын бір тойса, соның дастарқанынан тояды, – дейді. Барлық шайтандар қуанып, тойға асығады.

Тойда тойбастар басталып, әулеттің сөз ұстайтын беделді ақсақалы алға шығады да:

– Біссімілдә, – деп сөз бастапты. Бұл сөзді естігенде Ібіліс:

– Қап, бұл ас бізге бұйырмады, – деп шарасыз халде отыра кетіпті.

Бұл жайында жыр-дастандарда:
Айтылған имамдардан кітаптар көп,
Бәрінің басында бар біссімілдәсі.
Дүниеде жүргенінде әрбір адам

Айтпастан біссімілдәні ішсе тағам.
Қосылып шайтан лағин бірге ішеді,
Ада ғып болғанынша бәрін тамам14, – деп айтылады.

«Қисса сүл-әнбия» аңызында Нұх пайғамбардың «біссімілдә» сөзімен Құж деген дәудің қарнын тойдырғаны баяндалады. Құж кесір мінезді, ешкімнің ақылын алмайтын, оң істі терісінен істейтін қыңыр болыпты. Ұзын бойы таудан асып, бұлттар алқа сияқты мойнына киіліп тұратын. Ол жалғыз өзі таудың үңгірінде жататын. Құждың бір ғана қайғысы – қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі-кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүреді. Бірде Нұх Құжды шақырып, ағаштарды тасып беруін өтінеді. Сонда Құж:

– Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Осыған дейін майлы ас жеп, қарным жұбанған емес. Тойып тамақ ішу – маған арман, – дейді.

– Айтқаның болсын, – дейді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң, Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қояды.

– Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, – деп Құж ашуланады.

– «Біссімілдә» деп же, сонда тоясың, – дейді пайғамбар. Құж «біссімілдә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанға мәз болып, жөніне кеткен екен.

Әжетханаға жалаңбас кірме

Бірде төрт шадиярдың бірі – Әубәкір дәретханаға кірсе, бұрышта қолында құрығы бар Ібіліс отыр екен. Әубәкір:

– Ей, малғұн, мұнда неғып отырсың? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Білмеуші ме едің? Тәңірімен араздасқанда маған баспана етіп дәретхананы берген. Мен өзімнің үйімде отырмын, – деп жауап береді.

– Қолыңдағы құрық не үшін?

– Кім дәретханаға жалаңбас кірсе, соның ақылын ұрлаймын. Ондайлардың ойы таяз, танымы қисық болады. Ақылы азайғандардың мал табуға кемдігі болмайды. Есесіне Құдаймен ісі болмайды. Олардың өлгенше иманын толықтыруға осының бәрі кедергі болар, – депті.

Осыдан оқиғадан соң, Әубәкір дәретханаға жалаңбас кірмеу жөнінде ел арасында үгіт-насихат жүргізіпті деседі.

Әжетханаға кірерде дыбыста

Тағы бір аңызда Әзіреті Әли дәретханада жүрген Ібілісті ұстап алыпты.

– Мұнда не істеп жүрсің, ей, малғұн? – деп қылғындырады. Ібіліс:

– Алла дәретхана мен моншаны менің үйім етіп берген. Осында қоныстанамын, – дейді. Әзіреті Әли:

– Бұдан былай мен келе жатқанда дәретханада отырмайтын бол. Әйтпесе, шауып түсемін, – дейді зұлпықарын көрсетіп.

– Мақұл. Тек бір шартым бар, – дейді малғұн.

– Айт, – дейді.

– Сен келе жатқанда дыбыс бер. Мен соны естіген бойда жоқ болайын, – дейді. Әзіреті Әли шайтанды босатады. Содан бастап Әзіреті Әли дәретханаға кірер алдында жөткірініп дыбыс береді екен.

Осы оқиғадан соң үйге, моншаға, дәретханаға кірерде дыбыс беретін әдеп пайда болыпты. Жөткірінгенде шайтандар «Әзіреті Әли келе жатыр» деп қашады деген сенім бар.

Әжетханада сөйлеме

Пайғамбар заманында бір жігіттің әжетханада отырғанда сырттағы кісімен сөйлесе беретін жаман әдеті бар екен. Мұны байқаған әкесі:

– Ұлым, дәретте отырғанда сөйлейтініңді байқадым. Мұның – теріс дағды, – дейді.

– Онда тұрған не бар, әке? – дейді.

– Әрбір сөзді жазып алатын екі иығыңда екі періште отыр. Оның атын кітапта «Кироман-Катибин» дейді. Періштелер – өте пәк жаратылыс. Адам әжетханаға кіргенде, олар лас жерге кірмей тыста тұрады. Сен әжетханада сөйлесең, періштелер сөздерді жазу үшін амалсыз шайтанның үйіне кіруге мәжбүр болады. Бұл – Құдайға ұнамайтын қылық, – деді әкесі.

Бала жаман әдетінен тыйылыпты. «Әжетханада сөйлеуге болмайды» деген тыйым осылай қалыптасқан екен.

Әжетханада түкірме

Шайқы Бұрқы бірде Ібілісті көріп қалады.

– Әй, малғұн! – дейді оған дауыстап, – осы сен адамды азғыруыңды қашан тоқтатасың?

– Мен оны өлгенше азғыра беремін, әлсіздердің иманын алмай қоймаймын. Мен үшін ең қолайлы сәт – өлім сәті, – депті. Шайқы Бұрқы:

– Не үшін олай дедің?

– Пенденің ақтық демі тақағанда, оны шөл қысады. Бірақ, қасындағы ет-бауыр жақындары науқастың бұл халінен бейхабар болады. Сол кезде иманды ұрлауға мен келемін. Бір тамшы суға зәру болып, қаталап жатқан бейшараға кесе толы суды көрсетемін. «Алла жоқ, пайғамбар жалған» деп айтсаң, мына суды беремін», – деп алдаймын. Егер оның сенімі әлсіз болса, менің дегеніме көнеді. Иманын бір кесе суға айырбастайды.

– Малғұн, бір кесе таза суды саған кім береді? – деп сұрайды.

– Менде таза су жоқ. Кеседегі су – оның өмір бойы әжетханаға түкірген өз түкірігі. Әжетхана менің үйім болғандықтан, мен оның бәрін жинап сақтаймын. Иманын сатқан сәтте түкірігін бетіне шашып жіберемін, – депті шайтан.

Шайқы Бұрқының тұла бойы түршігіп кетеді. Содан бастап «әжетхана ішінде түкіруге болмайды» деген тыйым қалыпты.

Аспанға қарап түкірме

Ібіліс періштелерге ұстаздық етіп жүргенде тәкаппарлыққа ұрынады. Бойындағы білімін қайда жұмсарын білмейді екен. Бір күні түкіре беретін әдет тауып алады. Көкте отырып, жерге түкіреді екен. Түкірігі тиген жерден насыбай өсіп шығыпты. Тәкаппарлығы көңіл көзін бітеп тастайды. Қазақта «көзін шел басыпты» деген тіркестің төркіні «көңіл көзін шел басыпты» деген сөзден туыпты. Бір күні мас болғаны сонша, аспанға қарап түкіреді. Періштелер «көктегі жәннат былғанбасын» деп, түкірігін қағып алыпты. Бұл Ібіліске қызық көрінгені сонша, қанша періште болса, сонша рет түкірген екен дейді. Сол кезде Тәңірі тағаладан «аспанға түкірме» деген тыйым түседі. Ібіліс сол кезде барып тоқтапты. Ал түкірігі әлі күнге дейін аспанда тұр делінеді. Қиямет-қайым келгенде түкірігі басына от болып жауады екен. Содан бастап «түкірігі жерге түспей тұр» деген тіркес шайтан сипатты тәкаппар, мансапқой адамдарға қатысты айтылыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлаған бір аңызда Ібіліс шарап ішкен екен. Аузына ащы дәм келеді. Одан жиіркеніп кетіп, түкіріп жібереді. Бірақ түкірігім жәннатты былғайтын болды деп жан ұшырып:

– Иә, Тәңірім, түкірігімді жерге түсірме, – деп жалбарынады. Құдай тілегін қабыл етіп, түкірігін жерге түсірмейді. Аспанда қалқып тұрып қалыпты. Қиямет-қайымда сол түкірігі Ібілістің басына от болып жауады деседі.

Ойда жоқ болам деген бір күн харап,
Mac болған ғапілдіктен ішіп шарап.
Түкірігім жерге түсіп қалмасын деп,
Түкірген созып мойнын көкке қарап.

Аз күнде қылып өткен көп арманын,
Қойған соң Құдай беріп бұ жалғанын.
Түспеген түкірігі сонда жерге,

Құдайым қабыл етіп ойға алғанын, – деп Мәшһүр Жүсіп жырлайды15. Халық түсінігінде аспанға түкіру Тәңірді ренжітумен бірдей.

Адамға түкірме

Аңыз-қиссаларда Ібілістің жаман әдеттерінің бірі түкіру деп айтылады. Әлімсақта аспанға түкіремін деп Тәңірді ренжітеді. Онан кейін, Ұлық Алла Адамды жаратқан кезде, Ібіліс періштелерді ертіп, Адамды тамашалауға келеді. Ібіліс Адамның қарнын ұрады. Сол кезде даңғыр ете қалған дыбыс шығады. Ібіліс:

– Ішің даңғырлақ екен. Сірә, мақтаншақ боларсың. Бүкіл өмірің осы қарныңды тойдырумен өтер, – деп қарынға түкіріп жібереді. Ібілістің түкірігі Адамның кіндік тұсына түскен екен. Тәңірі Жебірейілге: «Ібілістің түкірігін алып таста», – деп бұйырады. Жебірейіл түкірік түскен жерді ойып алып тастайды. Ойылған жерден Адамның кіндігі пайда болыпты.

Жаббар Хақ кіндіктен ойылып алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Ит осылайша әлімсақтан адамның серігіне айналады. Ит Адамның кіндік балшығынан жаралған соң, терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Ібілістің бойында қызғаныш оянып, адамға кектенеді. Адамға тиісейін десе, Тәңірден қорқады. Бір күні Адамға қарап тұрып:

– Тәңірі сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһарынан ит тоңып өледі.

Хақ тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты. Әлімсақтан бастап «адамның бетіне түкіруге болмайды» деген ырым қалады.

Кісіге қарап есінеме

Ертеде Мұхамбет пайғамбар сахабаларымен сұхбаттасып отырыпты. Жүрек көзімен қараса, жандарында Ібіліс те жүр екен. Пайғамбар одан:

– Әй, малғұн, мұнда не істеп жүрсің? – деп сұрайды.

– Мен үшін қолайлы мекеннің бірі – есінеген ауыз. Ауызды ашып есінесе, байқатпай түкіріп жіберем. Сосын ол адамның аузы бейпіл сөзге бейім келеді, – депті. Пайғамбар оның сөзін естіп, селк ете қалады. Сол сәтте Тәңірі одан қорғанудың сырын ашады.

– Адамның оң қолында менің шарапатым болады. Есінеген адам алақанымен аузын жапсын. Сол кезде Ібіліс ол ауызға ылаңын сала алмайды, – дейді.

Содан бастап Пайғамбарымыз сахабаларына есінеген кезде оң қолының сыртымен аузын басу қажет екенін ескертіпті.

Құлақ неге шыңылдайды?

Мұхамбет пайғамбар миғраж сапарында алып бәйтеректі көреді. Ағаштың жапырағына сан жетпейді. Әр жапырақта өмір сүріп жатқан адамдардың аттары жазылыпты. Пайғамбар Жебірейілден:

– Бұл не? – деп сұрайды. Жебірейіл:

– Бұл – адамның тағдыры. Кімнің дәм-тұзы таусылса, жапырақтың біреуі үзіліп жерге түседі. Жапырақ қиылғанда адамның өмірі қоса үзіледі. Жапырақ жерге түскенше, марқұм болған адаммен аттас пенделердің құлақтары шыңылдайды. Яғни періштелер «Сенімен аттас бір адам дүниеден өтті. Бұл күн сенің де басыңа келеді», – деп, тірілердің есіне өлімді салып тұрады. Егер ол марқұм пейішке кетсе, тірінің оң құлағы шыңылдайды. Ал егер тозаққа кетсе, аттасының сол құлағы шыңылдайды, – дейді.

Пайғамбар миғраждан қайтқан соң, үмбеттерін жинап алып:

– Оң құлақтарың шыңылдаса, «Субхан Алла» деп айтыңдар, сол құлақтарың шыңылдаса, «Астапыралда» деп тәубе етіңдер, – деп өсиет айтыпты.

Уһлеме

Ертеде бір жігіттің қарт шешесі болыпты. Шешесі ауырып, төсек тартып жатып қалады. Жігіт отын шауып, оны қалаға сатады екен. Шешесі күнде баласының қамын ойлап, төсекте отырады. Баласы кешке үйге келгенде:

– Балам, шаршамадың ба? – деп сұрайды екен. Баласы шаршаса да, білдірмей:

– Шаршағаным жоқ, апа, – деп жауап береді. Бұл сөз ауру шешесіне кішкене де болса қуат берді екен. Бір күні баласы жұмыстан шаршап келеді. Жанына батқан ауырлығы шаршатты ма, баласы ошақтың жанына жылынып отырып, аһлап-уһлейді. Шешесі ұлының қатты қажығанын сезеді. Баласының жағдайы жанына батқан шешесі ұлын түнімен уайымдап, жүрегі қысыла бастапты. Баласы еш шара жасай алмай отырып қалады. Таң ата шешесі сары уайымнан жантәсілім болыпты. Баласы анасының жүрегіне қайғының дертін салғанына өкініп, өкіріп жылапты.

Содан бері ата-анаңның жанында отырғанда аһлап-уһлеуге болмайды, олардың жанына батады деген тыйым пайда болыпты. Екінші бір аңызда Мұхамбет пайғамбар дүниеге келген кезде Ібіліс «аһ-уһ» деп күрсініп, қайғырған екен деп айтылады.

Түшкірген адамға «жәрекімалда» деп айту

Хақ тағала Адам атаның тәнін топырақтан мүсіндеді. Оның үстіне қырық жыл қайғы жаңбырын жауғызды. Бір жыл қуаныш нөсерін жіберді. Сол үшін адамзаттың қайғы-қасіреті оның қуанышынан көп болады екен. Құдай тағала өзінің құдіретімен Адамның басын қайыр-ихсанның топырағынан жасады. Ал мүбәрәк жүздерін жәннаттың топырағынан кейіптеді. Тістерін гауһардың топырағынан бәдіздеді. Оң қолын Қағбаның топырағынан, ал сол қолын қуаныштың құмынан бедерледі. Аяғын Үндістанның, ал әуретті жерін Бабыл шаһарының топырағынан жасады. Бойындағы ыстық қанын таулардың топырағынан алды. Көз нышанын кәусар бұлағының балшығынан жаратты. Құдай шеберлігімен жансыз мүсінді көркіне көз тоймас жан иесіне айналдырған соң, әр түрлі жақсы қасиеттерді оның бойына орналастырды. Алдымен, ақылды әкеп басына қойды. Мүләйімдік, ұят мінезін жүзіне жасырды. Оң қолға қайыр-сахауат, тәттілік сезімін тіліне орнатты. Күш-қуатын арқасы мен беліне жайғастырды. Көңіліне иман-әдетті орналастырды. Тіліне кәләм-шаһадатты әкеліп қойды.

Содан кейін Тәңірі рухқа:

– Адамның денесіне кір! – деп әмір берді. Рух қараса, бір сәуле жоқ қараңғы жай екен. Сондықтан қорқып, біраз уақыт кірмей тұрды. Құдай үш рет: «Кір!» – деп бұйырды. Мұхамбет пайғамбардың нұрын әкеліп қойды. Бүкіл періштелерге әдемі әуезбен зікір айтуды бұйырды. Рух сол кезде Мұхамбеттің нұрына ғашық болып, әдемі әуезге елтіп, есінен танды. Бір сәтке қорқынышын ұмытып, тамағынан бастап кірді. Денесіне жан кіргеннен кейін Адам ата түшкіріп қалды. Рух:

– Әлхамділдә! Құдайға сансыз мадақ болсын! – деген екен. Сондықтан адам түшкіріп қалса, өзі «Әлхамділдә» деп айту сүндет болды. Мұхамбет пайғамбар: «Біреу түшкірсе, қасындағы адам оған: «Жәрекімалда», яғни «Саған Алланың рақымы болсын!» деп айтуы керек», – деген екен. Қазақта біреу түшкірсе, «Жәрекімалда» дейтіні осыдан шыққан екен.

Күлді жерді баспа

Жастау кезінде Хауа ананы Ібіліс жиі азғырыпты. Хауа ана жерге түскенде оған бірінші рет хайыз келеді. Ол қанды көріп, не істерін білмей қатты сасады. Сол кезде оған Ібіліс келіп:

– Қанды күлге таста, – деп кеңес береді. Тәжірибесіз Хауа ана оның айтқанын жасайды. Біраз уақыт өткен соң, күл-қоқыстан албасты-жындар мен дию-перілер өсіп шығады. Олар: «Шешеміз осы», – деп Хауа анаға жабысады. Хауа ана қатты шошып, Адам атаға тығылады. Екеуі оларды қуып жібереді. Жындар мен албастылар «анамыз бізді кері тепті» деп, Адам ата мен Хауа анаға өшігеді. Содан бастап Адам ұрпағы түнде жалғыз жүрсе, далаға жалаңбас шықса, дәретхана мен күл-қоқысты «біссімілдәсіз» басса, жындар оларға ауру болып жабысады екен.

«Күл-қоқысты, кір суды «біссімілдәсіз» баспа, лас жерге жалаңбас барма» деген тыйымдар осыған байланысты шығыпты16.

Нан қиқымын шашпа

Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға:

– Уа, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Тәңірі оған:

– Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – дейді.

«Нан қиқымын теріп же, бай боласың» деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі17. Осы тыйымға орай ел ішінде мынадай да қызық аңыз сақталған. Ертеде ағайынды жалшы жігіттер байдың қойын бағып жүреді екен. Бай олардың еңбек ақысына бір жапырақ нан мен бір кесе сүт береді екен. Бір күні ағасы нан жеп отырып, оның қиқымын жерге түсіріп алады. «Ысырап болды ғой» деп, нанды іздей бастайды. Кеш батып, қас қарайып қалған кез екен. Ол нанның қиқымы түскен жерге таяғын қадап кетеді де, «ертең жарық кезде келіп, тауып алармын» деп ойлайды. Ертесіне келсе, таяғы қап-қатты, ауыр темірге айналып кетіпті. Оны жерден әрең дегенде суырып алады. Қараса, темір дегені алтын екен. Жігіт бір күнде байып шыға келеді. Ертесіне інісі қалай байығанын сұрайды. Ағасы болған жайтты айтып береді. Інісі де ертесіне нанды жерге шашып, қиқым түскен жердің бәріне ағаш қадап кетеді. Таңертең келіп қараса, ағаштары алтынға емес, сом темірге айналыпты. Ниетінде кінәраты бар інісі ақжүрек ағасы сияқты бай бола алмапты. Нанның қиқымын қадірлеу туралы ғибратты аңыздар миғраж оқиғасында да айтылады. Мұхамбет пайғамбар миғражға барғанда бір адамды көреді. Ол түйенің үстіне мініп алыпты. Қолында ұзын, инедей жұқа таяғы бар екен. Сонымен тау-тасты шұқып, бір нәрсе іздеп жүреді. Әлсін-әлсін бір құс келіп, оның басынан шұқып өтеді екен. Пайғамбар Жебірейілден:

– Бұл кім? Не қылған пенде? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:

– Бұл адам пәни дүниеде нанның қиқымын бей-берекет шашып жеген. Ысырап, обал дегенді білмеген. Ысырапшылығы үшін Хақ тағала ол адамға махшар алаңында жер бетінде өзі түсірген нанның қиқымын түйенің үстінде тұрып тергізеді, – дейді.

– Ал құс не үшін оның басын қайта-қайта шұқып кетеді?

– Ол нанның қиқымын таптап жүре беретін еді. Жинауға ерінетін. Нанның обалы қара құсқа айналып, төбесінен осылай шұқып кетеді, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз миғраждан келгесін сахабаларына нанның қиқымын шашпау, теріп алып қастерлеу туралы өсиет айтқан екен. Осы өсиет бізге жетіп, қазақтар «пайғамбар сүндеті» деп нанды қатты құрметтейтін болыпты. Бертінге дейін қазақ арасында «нанның қиқымын шашпаңдар, обал болады. Құт-берекені періштелер мен хордың қыздары нанның қиқымына жасырады. Қиқымды теріп жесең, бай боласың» деген де түсінік болған.

Нан қиқымының шарапаты

Діни аңыздарда перғауынның саусақтары тозақ отына күймейді деп айтылады. Мұса пайғамбарға қиянат жасап, оның қауымын азапқа душар қылған перғауын Құдайдың қаһарына ұшырайды. Әскерімен бірге қызыл теңізге қарық болыпты. Алайда оның бір ғана Құдай сүйер ісі болыпты. Ол тамақтан соң дастарқандағы қалған-құтқан нан қиқымын саусақтарымен сыпырып жеп қояды екен. Осы қылығы үшін Құдай оның саусақтарын отқа жандырмай, сау-сәлемет сақтаған дейді.

Күрішті қастерле

Ухуд шайқасында Мұхамбет пайғамбардың астыңғы күрек тісі сынады. Ұрыс біткен соң, бір сахабасы сынған тісті тауып алады. Пайғамбардың тісін аяқасты қылуға дәті жібермей, оны үйінің бір бұрышына көмеді. Тіс көмілген жерден аппақ күріш өсіп шығады. Сахаба пайғамбарды шақырады. Пайғамбар келіп, «Ясин» сүресін оқып, дұға жасайды. Ол сахабаға:

– Алла менің тісімнен күріш өсіріп шығарды. Оған Ясиннің қуатын бердім. Оны аяқасты етпеңдер, – деп өсиет айтады.

Содан бері халық күрішті қастерлепті. Пайғамбардың дұғасынан соң, күріш тойымды әрі берекелі асқа айналыпты деседі. Сыр бойында күріштен жасалған тағамдардың қалдығын итке бермейтін тыйым қалыптасқан.

Тұзды шашпа

Ыбырайым пайғамбар келген қонақтың алдына нан мен тұз қояды екен. Бірде дастарқанда тұрған тұзы төгіліп кетеді. Пайғамбар дереу төгілген тұзды тере бастайды. Қонағы:

– Ештеме етпейді. Несіне сонша әуре болдыңыз? – дейді.

– Жаббар Хақ жеті берекенің бірін тұзға жасырған. «Берекемді шашып алмайын» деп теріп жатырмын, – дейді. Қонақ пайғамбарға риза болып, тұзды бірге терісіпті.

Осыдан бастап ел арасында «тұзды төкпе, шашпа» деген тыйым шығыпты. Тұз төгілсе, несібе азаяды, ырыс кемиді деп сенеді. Кей жерлерде тұз төгілсе, оның үстіне қант себеді. Онысы тұзым қатты болмасын, тәтті болсын деген ниеттен туған екен. Әлі күнге дейін қазақ арасында үйде тұз таусылып қалса, көршілер бір-бірінен сұрамауға тырысады, алған күнде де үйдің бұрышына бір түйірін шашып кетеді.

Өзгенің асына сұқтанба

Мұхамбет пайғамбар дастарқан басында сахабаларына:

– Ас-ауқат – Құдайдың пендеге берген ырзық-несібесі. Оны аяқасты ету – күпірлік. Ас жеген кезде шетінен бастаңдар. Астың берекесі табақтың шетінен ортасына қарай өрілген. Басқаның асына сұғынбаңдар. Ол біреудің несібесіне сұқтанғанмен бірдей, – деген екен.

Өзгенің асына сұқтанба деген тыйым осыдан шығыпты. Ас жеген кезде әркім өз алдынан жеуі керек.

Тырнақты тістеме

Ертеде бір кедей болыпты. Ол қанша еңбек етіп, тер төксе де, еңбегі зая кете беріпті. Анда-санда бір тойса, шала байып қалады екен. Бір күні Мәдина шаһарында Мұхамбет деген Тәңірдің елшісі барын естиді. Оған барып жолығуға бел байлайды.

Ұзақ жол жүріп, пайғамбарға келеді.

– Уа, Тәңірдің елшісі, мен байлыққа жарымай-ақ қойдым. Қанша тер төксем де, еңбегім зая кетеді. Соның себебі неде? – деп сұрайды.

Жігіттің бір жаман әдеті бар екен. Ол өскен тырнағын тісімен алып тастайды екен. Пайғамбардың алдында тұрғанда да сол әдетін қайталапты. Пайғамбар жігіттің мазасыз халін көріпті де, оның басынан сипап:

– Тырнақ тістегенді қой. Бұл – жаман әдет. Әділ Құдай сенің адал еңбегіңді жемейді. Адал кәсіптің құты мен берекесі отбасыңа дарығысы келеді. Бірақ мына жағымсыз әдетің оны үркітіп жібереді екен, – депті.

Жігіт кедейшілік себебінің сырын білген кезде таңғалады. Жаман әдетінен дереу тыйылады. Көп ұзамай ісі де алға басып, дәулетті адам болған екен.

Қолды жуған соң сілкіме

Бірде Ғайса пайғамбар жолаушылап келе жатып Ібілісті көреді. Ібіліс ізіне жүздеген ұрпағын ертіп алып, сап болып кетіп бара жатыр екен. Ғайса:

– Әй, Ібіліс, мынаның барлығы балаларың ба? – деп сұрайды.

– Иә, балаларым.

– Не деген көп! Қалай өсіп, көбейгенсіңдер? – деп таңғалады. Сонда Ібіліс:

– Кей адамдар қолын жуған кезде сілкілейді. Сілкігенде шашыраған әр тамшыдан менің балаларым пайда болады. Адам қолын жуғанда «сүлгімен сүртпей сілкісе екен» деп тілеп тұрамын, – депті.

Ібілістің жауабын естігенде Ғайсаның жүрегі дір ете қалыпты. Содан бастап ол: «Жуған қолды сілкімеңдер», – деп үгіт-насихат етіпті.

Бүйіріңді таянба

Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы болған екен. Бірде құлшылық уақыты таяғанда ол ұлдарын ертіп мешітке келеді. Халық жиналып үлгермепті. «Отыз ұлым да бір жамағат қой» деп, жұртты күтпестен, ұлдарымен ғибадатты бастап кетеді. Намазда екі жаққа сәлем беріп жатып, «Расында да өзімнің әулетім бір қауым ел екен» деп астамшылық ойлайды. Намаз бітіп, бата жасаларда отыз ұлы сәждеден тұрмай қалады. Дәуіт секем алып, тіксініп қалады. Астамшылық ойлап, халықты күтпегені үшін Тәңірі оның отыз ұлына сол мезетте қаза жеткерген екен. Сол кезде пайғамбар малдасын құрып отырған бойы қолын екі бүйіріне таянып қайғырыпты. Содан бері ел арасында біреудің жақыны қайтыс болса, бүйірін таянып отырып аза тұту дәстүрге еніпті. «Бейуақытта екі бүйірін таянуға болмайды, жамандық шақырады» деген түсінік бар.

Cаусағыңды шошайтпа

Білім сайысында періштелер Адам атадан жеңілген соң, Тәңірі тағала:

– Енді менің орынбасарыма сәжде жасап, оған құрмет көрсетіңдер! – деп әмір етті. Ілім-білім сайысында Адамнан жеңіліп, пұшайман болған періштелер жапа-тармағай сәждеге бас қойды. Адамнан мін іздеп, Тәңірдің шеберлігіне шек келтірген Ібіліс ғана іркіліп қалды. Адамның артықтығын мойындауға тәкаппарлығы жібермеді. Менмендігін жеңе алмаған күйі шалқайып тұра берді. Тәңір тағала:

– Әй, Ібіліс, сен неге менің әмірімді орындамайсың? – деді. Ібіліс:

– Ол топырақтан, мен оттан жаралдым. Мен одан артықпын, – деді. Жаббар Хақ қаһарланып:

– Шық менің дәргейімнен. Өзін өзгеден артық қою – менің ең жек көретін мінезім, – деді де, Ібілісті қууды Жебірейілге тапсырды. Сол кезде Жебірейіл Ібіліске сұқ саусағын қадап тұрып:

– Мына малғұнның мойнына қарғыс қамытын кигізіңдер! – деп періштелерге бұйырды. Жебірейілдің сұқ саусағы Ібілістің жүзіне тігінен қадалғанда оның бұрынғы періште сипатының бәрі ағып түсті. Тас төбесінен екі мүйіз, артынан салаңдаған құйрық шықты. Аяғы тұяққа айналды. Екі құлағы тік шығып, денесін қара жүн басты. Бұрынғы жарқын жүзі сол заматта солды да, бет-әлпеті қорқынышты құбыжыққа айналды. Періштелер оны тырп еткізбей ұстады да, мойнына қарғыс қамытын қинап кигізді. Сол сәтте Ібіліс қорыққаннан кіші дәретін бұтына жіберді. Осыдан бастап «сұқ саусақты адамға қарата шошайтуға болмайды» деген тыйым қалды. Куә болып қарап тұрған періштелер шүкіршілік етіп, екінші рет сәждеге бас қойды. Намазда екі рәкат сәжде жасау періштелердің сүндеті екен.

Адамды мазақтама

Нұх пайғамбар кеме жасап жатқанда, бір қылжақбас күнде оны мазақ етеді екен. Оның құйтырқы сөздеріне Нұх шыдай алмай, кейде жылап жібереді екен. Ол:

– Мына жындының ісін қараңдар, су жоқ жерге кеме жасап жатыр. Кемеге барлық жануарды жинамақшы. Кемеде қасқыр мен қой, түлкі мен тауық қайтіп бірге тұрады? – деп әжуалайды екен.

Бір күні апат басталып, барлық жануар Хақтың әмірімен кемеге мінеді. Кеменің есігі жабылар соңғы сәтте Жебірейіл періште бір мақұлықты сүйреп әкеліп:

– Әй, Нұх, мынау – сені әжуалап, талай рет жылатқан қылжақбас. Момынды мазақтаған – Құдаймен ойнағанмен бірдей. Сені нала қылғаны үшін Тәңірі оны маймылға айналдырды. Оны ала кет. Топан судан қалай аман қалатыныңа куәгер болсын, – дейді.

Қылжақбас адам маймылға айналып, хайуандардың қарасын көбейтеді. Содан бері өзі де елдің мазағына ұшырап келеді екен. «Кісіні мазақ етпе» деген тыйым осыдан қалыпты.

Жарымжан жанға күлме

Кем-кетік, мүгедек, жарымжан адамға күлуге, мазақтауға болмайды. Бұл әдепсіздікке, астамшылыққа жатады. Ел мұны:

– Күлген кісі күлге көміледі,

Көлге кетеді,
Екі етегін түре кетеді,
Өмір бойы күрсініп өтеді, – деп, жамандыққа жатқызады.

Екі түрлі аяқкиім киме

Қазақ көкек құсына тиіспейді. Аңыз бойынша көкек адам екен. Бір жігіт қайын жұртына күйеу болып келіпті. Аяқ астынан оның аты жоғалады. Қалыңдықтың сіңлісі жездесінің атын іздеп шығады. Байқаусызда бір аяғына өзінің, екінші аяғына жездесінің етігін киіп кетеді. Аяғына екі түрлі кебіс кигендіктен, қыз көкек құсына айналып кетіпті. Көкектің бір аяғы қызыл, бір аяғы көк болатыны содан екен. Ат іздеп шығып жоғалған қыздан пайда болған көкек те «аты жоқ құс» аталады. Киелі құс санатына жатады. Көкек қонған ағаштың бұтағын сындырып алып, майы мол болады деген ұғыммен іркітке қосады екен. Осыған орай ел арасында «екі түрлі етікті кимеу керек» деген тыйым пайда болыпты.

Жыңғылмен мал айдама

Бір күні пайғамбар түйесін жыңғылмен айдап бара жатқан бір байды көреді. Пайғамбар:

– Жыңғылмен мал айдама, малың азаяды, – дейді. Бай:

– Сені де пайғамбар дейді. Жыңғылмен мал ұрса не болыпты? Көп тобылғының бірі емес пе? – дейді.

– Тобылғыға Тәңірісі кие берген, жыңғылға шайтан сиген. Құдай берген дәулетіңді араммен былғадың, – депті. Бай оның сөзіне мән бермейді. Арада апта өткенде малына топалаң тиіп, бір күнде тақыр кедейге айналады. Содан бастап «жыңғылмен мал айдауға болмайды» деген тыйым шығыпты. Ел арасында да:

Жыңғылмен малды айдама,
Кендірмен малды байлама,
Жыңғылмен малды айдасаң,
Мал бітер деп ойлама, – деген сөз пайғамбардан қалған екен.

Қыз баланы құрметте

Баяғыда бір жігіттің жалғыз аты болыпты. Бір жаққа шыққанда, қарындасы оның атын қарауылдайды екен. Бірде қарындасы аттан көз жазып қалыпты. Ағасы:

– Ат қайда? – деп сұрайды. Қарындасы:

– Көз жазып қалдым, – дейді. Ағасы ашуланып:

– Жоғал, онда, – деп қарындасына қолы тиеді.

Қыз ағасына өкпелеп, басы ауған жаққа кетіп қалады. Жолда келе жатып:

– Бүйткен ағам бар болсын. Онан да тас бауыр құсқа айналып кеткенім жақсы емес пе? – дейді. Содан тілегі қабыл болып, заматта құсқа айналып кеткен екен.

Ертеңіне ағасы қарындасын іздеп шықса, бір жалғыз ағаштың түбінен қарындасының киімдерін көреді. Ағаштың бұтағында бір құс қонып отыр екен. Жақын барса, әлгі құс:

– Көк, көк, – деп дыбыстайды екен.

Қарындасы бұрын ағасын «көке» деп атайды екен. Құстың «көк, көк» деп дыбыстағаны «көке» дегені екен. Ағасы қарындасын танып, оны ренжіткеніне қатты өкініпті. Аңыздың айтуынша, ағасы қатты қайғырғаны сонша, самай шашы ағарып кетіпті. Ал беймәлім құс содан бастап ел арасында «көкек» атаныпты. Көкектің өз атын өзі шақырады дейтіні «көкесінің» атын атағанына байланысты деседі. Осыдан бастан ел ішінде «қыз баланы ренжітпеу керек, қарындасына қол көтеруге болмайды» деген ырым-тыйым пайда болыпты.

Қарындасты қадірлеу жөнінде тағы бір аңыз былай сөйлейді.

Қорқыт ата қырық жыл өлімнен қашады. Ажалға айла таптырмай ұзақ жасапты. Өлімге себеп болар барлық апаттың алдын алып, аралда қобызын зарлатып отырады екен. Оған шәкірттері тостақпен ас әкеліп тұрыпты. Бір күні қарақұрт тостаққа жабысып аралға өтіп кетеді. Қорқыт ауқаттанып отырғанда өрмекші башпайын шағып алады. Қорқыт қарақұрттың уынан ісініп, дірілдеп, жаналқымға келеді. Соңғы демі үзілер шақта шәкірттеріне:

– Мені кебіндеп жерлегенде сол аяғымның башпайларын көмбей, сыртқа шығарып тастаңдар, – деп өсиет айтады. Шәкірттері:

– Баба, неге олай дейсіз? – дейді.

– Себебі бозбала шағымда сол аяғымның башпайы қарындасыма тиіп кетіп еді. Қарындасына қолы, не аяғы тигендердің көрдегі азабы қатты болады. Осы қателіктің өкініші өзекті өртеп кетті. Көмілмеген аяғым кейінгі ұрпаққа өнеге болсын. Қыз баланы ұрып-соқпаңдар. Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар, – депті жарықтық.

Қорқыттың оқиғасы қыз баланы құрметтеп, оған қол көтеруге тыйым салған дәстүрге себеп болған екен.

* * * 11 Yaşar Kalafat. Türk dünyası karşılaştırılmalı kazak halk іnançları. – Ankara: ASAM Yayınları, 2000. 12 Asım Köksal. Peygamberler Tarіhі. І Cіlt. – Ankara: Türkіye Dіyanet Vakfı Yayınları, 1995. 33 б

13 Б.Момышұлы. Ұшқан ұя. – Алматы, Санат: 2005. 14 Бабалар сөзі: Жүз томдық. Шежірелік дастандар. – Астана: Фолиант, 2004. 32-том

15 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. Павлодар, ЭКО: 2004.
16 Әлдиден эпосқа дейін. Отбасы хрестоматиясы. – Алматы: Орхон, 2013.
17 Сонда

Бүгінде ғылым мен экономика қоршаған ортаны қорғауға қауқарсыз. Адамзат бұл міндетті атқару үшін рухани құндылықтарға жүгінуге мәжбүр. Жақсылық пен жамандықты айыруда және шиеленіскен қоғамдық проблеманы шешуде діни аңыздар адамға қайрат-жігер береді. Егер біз табиғатпен тіл табысып, өркениетті қоғамға айналғымыз келсе, діни аңыздарды санаға сіңіруге мәжбүрміз. Канадалық эколог Дэвид Сузуки: «Табиғатты саламат сақтау үшін адам ұрпағының жан дүниесі сакральді дүниетаныммен баюы керек. Экологиялық этикет сонда ғана қалыптасады», – деген. Экологиялық этикетті қалыптастыруда дін ғылымы экология және философия ғылымдарымен тайталаса алады. Керек десеңіз, діни аңыздар мен мифтер табиғаттың иләһи жаратылысына терең сүңгу арқылы алдыңғы екеуін артқа қалдырады. Барлық әлемдік діни конфессиялар шындап күресетін болса, табиғатты таза сақтауға қосатын үлестері орасан болмақ. Мифтер мен аңыздардың астарында жатқан киелі құндылықтар қоғамдық өзгеріс пен мәдени даму процесіне түбегейлі ықпал ете алады. Мәселен, ежелгі гректер, үндістер, буддистер «табиғаттың да адаммен тең дәрежеде өмір сүруге қақысы бар» деп түсінген. Барлық дін экологиялық даналықты үйретуге қабілетті. Бір ғана мысал: құстың ұясын бұзбау туралы діни аңыздар барлық халықта бар. Табиғатты қорғау үшін дін ғылымы табиғи тепе-теңдікті бұзған адамды жазалау түрлерін де ойлап тапқан. Құдайдың хикметпен жаратқан жан-жануарына қиянат қылғандарды обал-сауаппен қорқытады. Америкалық экофилософ Б.Кэлликотт: «Жер шарын сау-саламат сақтағымыз келсе, барлық қасиетті діни мәтіндерден экологиялық этиканы бөліп алып, дербес пән ретінде қалыптастыру керек», – депті. Ол үшін Інжіл, Құран, Тәурат сияқты негізгі діни кітаптарды пайдалану аздық етеді. Экологиялық этикетті кемел дәрежеге көтеру үшін барлық халықтың діни наным-сенімдерінде кездесетін аңыз-әпсаналарды жинап, міндетті түрде экофилософиялық тұрғыда түсіндіру қажет. Аңыз арқылы бойға сіңген діни түсініктер адам санасына терең сіңгені соншама – атеизм идеясы оларды түп-тамырымен жоя алмайды. Молекулярлы биология бойынша Нобель сыйлығын иеленген француз ғалымы Жак Мононың айтуынша, табиғат сырларын діни аңыздармен түсіндіруге деген ұмтылыстың түбінде өте қуатты генетикалық компоненттер жатыр. Былайша айтқанда, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан дін жайлы жағымсыз ақпараттарды лақтырып тастап, діни аңыздардың ішіне жасырылған киелі құндылықтарды игеру арқылы өмірі өлмейтін экологиялық концепция жасау керек. Діни аңыздардың ғылыми зерттеулерден артықшылығы мынада: аңыз-әпсаналар адамды табиғатпен тілдесуге үйретеді. Ал ғылым тек табиғаттың өзі туралы ғана толғайды. Қарапайым ғана бір мысал: адамның қомағай нәпсісі қоршаған ортаны жайпап барады. Зер салып қарасаңыз, діни аңыздармен тыйым салынған әулиелі жерлер ғана осы апаттан аман қалған. Табиғатқа мұндай қорғанышты әлі ешқандай ғылым жасаған емес. Ғалымдардың осы пікіріне орай, мынадай фактілерді есіңізге сала кетейік. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Құмкент ауылындағы Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің басында «Алпамыс» жырында айтылатын жылы бұлақ әлі бар. Жылы бұлақтан жиналған кішігірім көлде балықтар өте көп. Оларды ешкім ауламайды. Дұрысы – «әулиенің балығы» деген сеніммен балыққа тиісуге қорқады. Маңғыстаудағы Бекет ата басында да тура осындай жағдай. Әулиенің денесі жатқан Оғланды тауында арқарлар мен киіктер емін-еркін жайылып жүр. Зияратшылар жабайы табиғатта олармен суретке түсе береді. Таудағы бұл аңдарды аман сақтап тұрған – Бекет атаның киіктермен дос болғаны туралы аңыздар. Қарапайым халықтың тілімен айтсақ, «әулиенің шарапаты». Отаудан аман қалған орман-тоғай да тек қана әулиелі жердің шарапатынан ғана жайқалып тұр. Ресми органдар жойылып бара жатқан ақбөкендерді Қызыл кітапқа енгізіп, қатал заңдар шығарғанмен, оларды сақтап қалуға қауқарсыз. Ақбөкеннің киесі жайлы ұмытылған аңыздар келесі ұрпақтың санасына берік орнықпай, оларды қырып-жою операциясы жалғаса береді. Бәлкім, жас ұрпақты, ең болмағанда, Құрманғазы атамыздың «Ақсақ киік» күйімен өсіру керек шығар?! Осы күйді жүрекпен тыңдасаңыз, аңшының оғынан зардап шегіп, ақсаңдап ажалдан қашып келе жатқан ақбөкенге мейірім-шапағатыңыз оянады. Дерек бойынша оқиға былай болған. Құрманғазы нағашы ағасы Төремұратпен аңға шығады. Алдарынан бірнеше киік шауып өтеді. Жігіттер киіктерді шетінен ата бастайды. Бір жігіт Құрманғазыға:

– Әй, Құрманғазы, мылтық ұстай алатын ер ме едің? Бассайшы шүріппеңді, – дейді. Құрманғазы мылтығын кезей бастағанда:

– Мергендігіңді көрейік, киіктің аяғынан атшы, – дейді біреуі. Құрманғазы киіктің артқы аяғынан тигізеді. Киік үш аяқтап ақсаңдап қаша жөнеледі. Қасында кішкене құралайы бар екен. Киік бір сүрініп, бір тұрған сайын құралайы енесін айналшықтап жүреді. Киік лағына басын шұлғып, қаш деп белгі береді.

Бұл көрініс Құрманғазының жүрегін елжіретіп жібереді. Киікті атқанына өкінеді. Қасындағы жігіттер ақсақ киікті қуамыз дегенде Құрманғазы тоқтатып, қолына домбырасын алады да, бұрын-соңды естімеген бір күйді төгілте жөнеледі.

Жігіттердің бәрі мұңға батып тұрып қалады. Күй біткесін Төремұрат:

– Жиенжан, бұл күй жүректі езіп жіберді ғой. Аты қалай? – деп сұрайды. Құрманғазы:

– Нағашыеке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей. Киіктегі жан мен біздегі жан екеуі бір емес пе? Ақсаңдап бара жатса да, лағының қамын ойлап жатыр. Соны көрмейсіздер ме? Атпайын-ақ деп едім, сіздің жігіттеріңіз болмады. Намысқа тиіп, қайрады. Өкініші өзекті өртеп барады. Анасы өлсе, баласы тірі жетім болмай ма? Бұл күйдің атын «Ақсақ киік» деп атадым, – депті. Одан бері неше жыл заман өтті. Бірақ Құрманғазының жүрегінен шыққан сол күй ақбөкендердің басындағы халді әлі де суреттеп тұрғандай.

Тағы бір экофилософ Билл Деволл 1984 жылдың өзінде осы мәселені көтерген. Ол: «Егер шіркеу экологияны қорғаумен айналыспайтын болса, жұрт былғанып бүлінген табиғаттың аясында отырып, шіркеудің рухани уағызын тыңдауға мәжбүр болады», – деген. Қазақстандағы барлық діни ұйымдар шариғат шеңберінде айтылатын дау-дамайды доғарып, экологияны құтқаруға атсалысатын уақыты болды. Линн Уайт есімді енді бір америкалық ғалым: «Экологияны қорғаумен айналысатын жаңа дін ойлап табу керек не болмаса ұмытылған көне аңыздарды қайта тірілту керек», – деген ұсыныс тастады. Оның ойынша, экологиялық апаттар діни аңыздардың санадан өшуінен басталған. Ғалымның осы пікіріне орай мынаны айтқымыз келеді. Көшпелі қазақ жұртында ондай діни аңыздар өте көп болған. Бізге ештеңені жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. Бар болғаны ескі аңыздарды жинап-теріп, кеңінен насихаттау ғана қалып тұр. Осы арада «Қисса сүл-әнбия» аңыздарынан мынадай бір фрагмент бере кетуді жөн көрдік. Жұмақтан қуылып, Адам ата Үндістандағы Сарандиб тауына, ал Хауа ана Жиддә тауына түседі. Екеуі екі жақта бірін бірі сағынып, Тәңірден кешірім сұрап жылайды. Періштелер оларды жұбата алмай қиналады. Сол кезде Хақ тағала:

– Жылай берсін, жұбатпаңдар. Олардың көз жасы – менің рақметім, – дейді.

Адам атаның көз жасы тамған жерден жалбыз, адыраспан, итмұрын, дермене, шайқурай, таңқурай, мия, киікоты сияқты мыңдаған дәрілік шөптер өсіп шығады. Хауа ананың көз жасынан қалампыр, оспа, қына, сүмбіл сияқты мыңдаған әтірлік шөптер мен хош иісті гүлдер өсіпті. Екеуінің теңізге тамған жастарынан інжу, маржан, дүрлер пайда болады. Ағылшын ғалымы Арнольд Тойнбидің тілімен айтар болсақ: «Хақ дін бүкіл қоршаған орта мен табиғаттың киесін құрметтеуді үйретеді». Өркениетті елдер бұл мәселені 30 жыл бұрын қолға алып, талай шаруаны атқарып тастады. 1985 жылы тайландтық эколог Нэнси Нэшем «Буддистердің табиғатты тануы» деп аталатын үлкен жобаны қолға алды. Ол тақуа буддистер арқылы жалпы жұрттың экологиялық сауатын нығайтуды көздеді. Жобаға жауапты мамандар 2500 жыл бойына жазылған барлық киелі кітаптарда кездесетін табиғатқа қатысты аңыз-әпсаналарды сұрыптап алды. Оның ішінде қоршаған ортаны аялап ұстауды үйреткен Будданың өзінен бастап «талды шаппа», «жан-жануарды өлтірме», «көк шөпті жұлма» деп үгіт-насихат айтқан барлық ғұламалардың рухани мұралары жинақталды. Осы жинақтың 50 мың көшірмесі Тайландтағы діни орталықтардан бастап барлық зайырлы оқу-орындарына тегін таратылды. Экологиялық этикетті дамытуда исламның рөлі ерекше. Мұхамбет пайғамбар: «Егер құрманың жас көшетін еккелі жатқанда қиямет-қайым бола қалса, ағаш егуді тоқтатпа. Бұл – Құдай сүйетін қайырлы іс. Еккен ағашың қияметте саған болыспай тұрмайды», – деген. Тіпті пайғамбар Мекке мен Мәдина қаласының экологиясына қатысты мынадай қатал заңдар шығарған: «Мәдина қаласының даласынан атқа жем болатын шөпті ғана орыңдар», «Мекке қаласының аң-құстарын өлтірмеңдер», «Көк шөпті жұлмаңдар». Бұл заңдар пайғамбар дүниеден өткен соң да қатаң сақталып қалды. Мұхамбет пайғамбар сахабаларына мысықты қамап, аштан қатырған әйелді Тәңірдің тозаққа тастағаны туралы айтса, екінші бір сұхбатында құдық басында шөлдеп жатқан итке кебісімен су әперген жеңіл жүрісті әйелдің жұмаққа кіргені жайлы уағыздар айтқан. Бұхар хандығының кезінде медреседегі дінбасылар бай-шонжарлардың сауық үшін аңға шығып, жан-жануар аулауына үнемі қарсы пәтуалар шығарып отырған. Әпербақан әмірлер мен әділетті дінбасылар арасында осының кесірінен ерегіс жиі туындаған. Қазақ арасына кең тараған пайғамбардың бір өнегелі ісі бар. Етегіне ұйықтап қалған мысықты оятпаймын деп, етегін пышақпен кесіп тастап кетіпті. Енді бір аңызда қақпанға түскен киіктің орнына өзін құрбан етпек болады. ХІІІ ғасырда араб ойшылы Из-зәд ибн Әбу әс-сәлам Мұхамбет пайғамбардың хадистерін сұрыптап, жан-жануарларды қорғау туралы арнайы трактат қалдырған. Бұл трактатта Әбу әс-сәлам адамзатқа пайдалы жан-жануарлар жайында ғана емес, тіпті қартайып қызмет етуге шамасы келмей қалған ауру жануарларға да жанашырлықпен қарау жайында жазған. Экологиялық этикетті қалыптастыруда көшпелі түркі тайпалары да айтарлықтай үлес қосқан. Вашингтон университетінің профессоры Саид Хусейн Насердің пікірінше, түркілер тау-тас пен көлдерге, өзендерге, айналадағы қоршаған барлық табиғат көрінісіне құрмет көрсеткен. Оларды таза ұстап, сақтықпен қорып, ластануына, құруына мүлдем жол бермейді. Тіпті осының негізінде ономастикалық және топонимикалық аңыз-әпсаналар пайда болған. Мұның өзі түркілер арасында жер-су құтына қатысты аңыздары мен ырым-тыйымдардың ерекше дамығанын көрсетеді. Біз халық арасына кеңінен тараған экофилософиялық аңыздарды жинастырып жаздық. Осы аңыздардың өзі ұрпақ санасына тірі табиғаттың киесі мен құты туралы қасиетті сезімдерді егуге толық қабілетті. Біздің назарға ілікпей, ел арасында әлі де айтылып жүрген мифтер көп болуы әбден мүмкін.

Құмырсқаға тиіспе

Қазақ халқы құмырсқаға құрметпен қарайтын болғандықтан, оны жөнсіз өлтіруге болмайды деп санайды. Себебі құмырсқа діни аңыздарда Нұх пайғамбардың кемесіне азық тасуға жәрдемдескен екен.

Нұх пайғамбар кеме жасап болған соң, Тәңірден:

– Уа, Тәңірім, мынадай алып кемеге мұншалықты көп азықты қалай жинаймын? – деп сұрайды. Ұлық Алла:

– Құлым, қам жеме. Мен – шебер Құдаймын! Кемең ертең азыққа толады, – дейді. Ертесіне қисапсыз құмырсқалар аузына бір-бір дәннен тістеп, кемеге астық тасиды. Нұх оларға риза болғандықтан, құмырсқа кемеге бірінші болып кіреді18.

Жүсіп пайғамбар сегіз жыл зынданда жатқанда аштан өлу қаупі туады. Сонда Құдайдың әмірімен құмырсқалар азық тасып, Жүсіпті асырайды. Жүсіп пайғамбар оларға риза болып:

– Илеуің бұзылмасын, ешкім саған жәбір көрсетпесін, – деп бата беріпті. Содан бастап қазақ арасында «құмырсқаның илеуін бұзуға болмайды» деген ырым қалыпты деседі.

Тағы бір аңызда құмырсқа Сүлеймен пайғамбарға ақыл-кеңес беріпті. Бірде Сүлеймен құмырсқаға қонақ болады. Үйіне қайтқалы жатқанда Мәзере құмырсқа:

– Сүлеймен, бір қолқам бар, – дейді.

– Құлағым сенде, – дейді.

– Біз кішкентай болғандықтан, адамның аяғының астында қалып, өліп қалып жатамыз. Бұдан былай әскерің қызыл жалау ұстап жүрсін. Қызыл түсті көргенде тапталмас үшін біз жол беріп қашайық, – депті.

– Дегенің болсын, – деп құмырсқамен қоштасады. Содан бері Сүлейменнің әскері қызыл жалау ұстап жүретін болыпты. Құмырсқалар да әліге дейін қызыл жалау көрсе, індеріне қашады екен. Сондықтан да бағбандар бау-бақшаға құмырсқа қаптап кетсе, қызыл шүберек байлап қояды. Оны көрген құрт-құмырсқа дереу індеріне тығылып, бақшаға жоламайды екен. Кейбір кісілер үйлерін құмырсқа басып кеткенде дәрі шашып қырмайды. Бөлмеге қызыл матадан жасалған майда жалауларды қадап шығады. Туларды көрген жәндіктер аз уақытта көзден ғайып болады екен.

Дәуітке тиіспе

Дәуіттің тұсында Ғайдуна деген қаланы ордалы жылан басады. Олардың көптігі сондай күрек басындай жерге он жылан сыяды екен. Қарсы келген адамға атылып, бет қаратпапты. Күресуге дәрмені қалмаған патша ақсақалдарды жинап, кеңеседі. Қариялардың бірі:

– Дәуіт пайғамбардан көмек сұрайық. Тәңірге тілегімізді жеткізіп, мына пәледен құтқарсын, – дейді. Оның сөзін бәрі қоштайды. Сөйтіп Дәуітке хабаршы жібереді.

Дәуіт Мақпар тауында ұста екен. Хабаршы ел тілегін айтып, көмек сұрайды. Дәуіт кеудесінен бір түйме үзіп алады. Оны төске қойып, балғамен үш рет ұрады. Түймесі жәндікке айналады. Оны хабаршыға беріп:

– Қалаға кіргенде босат. Жыланды қуып шығады, – дейді.

Халқы Дәуітті күтіп отырады. Хабаршыны көріп:

– Дәуіт қайда? – деп сұрайды. Жігіт жәндікті көрсетіп:

– Міне, – дейді. Жәндік секіріп түсіп, жыландармен айқасқа түседі. Қылыш қолымен жыланның көзін ойып, қаладан қуып шығады.

Ерлігіне риза болған ел оны «Дәуіт», «Дәуіттің жәндігі» деп атап кетеді. Оған қасиетті, киелі деп құрмет көрсетеді. Үйге дәуіт келсе, «пәле-жала есіктен кетеді, құт төбеден келеді» дейді. «Дәуіт бар жерде жылан жүрмейді», «Дәуітті жер – тәуір жер», «Дәуітке көзінен айрылар жылан кездеседі», «Дәуітті тәу еткен құр қалмас» деген тәмсіл сөздер осыдан қалыпты.

Шегірткеге бейсауат тиіспе

Аңыз бойынша топан судың кезінде шегіртке мен құмырсқа кемеге алғаш болып кірген екен. Сондықтан Нұх пайғамбардың осы екі жәндікке назары ерекше түсіпті. Нұх Қазығұртқа тоқтағасын, шегіркеге ризашылық батасын беріпті деген де сөз бар. Бірде Мұхамбет пайғамбар жорықта жүргенде күн райы қатты бұзылады. Жер мен көкті қара түнек басып, айналаны бағдарлау мүмкін болмай қалады. Намаз уақыты болғанда құбыланы таба алмай қиналады. Сол кезде бір топ шегіртке ұшып келіп, бір жерге шоғырланады. Олар жаппай құбылаға қарай ыршып, ишара қылады. Пайғамбар олардың құбыланы көрсетіп жатқанын бірден түсінеді. Намаз қатесіз сәтімен өтеліп, мұсылмандар риза болысады. Тағы бірде сахабалар жиналып, мешіт салғанда оның михрабын қарату үшін құбыланы айқындау қажет болады. Сол кезде де шегірткелер қосыны ұшып жетіп, құбыланы көрсетеді. Содан бастап шегіртке мұсылмандар үшін қасиетті жәндік саналып, оларды бейсауат өлтіруге тыйым салынған екен деседі19.

Сонымен бірге қара шегірткеге байланысты ел аузында қызықты аңыз бар. Перғауын өзін: «Мен – Құдаймын!» – деп жариялайды. Ел-жұртты өзіне сәжде жасауға бұйырады. Әміріне көнбеген момындарды азапқа салып қинайды. Өзін адамдық қасиеттерден ада, Тәңір ретінде көрсеткісі келеді. Елге көрсетіп тамақ жемейді, жұрттың көзінше түзге отырмайды. Бір күні жорықта қарны ашып, нан жеп отырғанда, қасына нөкерлері жетіп келеді. Перғауын дереу нанды жұдырығына жұмып қалып:

–Уа, Тәңірім, мен елге өзімді «Құдаймын!» деп жариялап қойдым. Абыройымды төгіп, масқара етпе. Нанды жоқ қыл! – деп жалбарынды. Құдай тілегін қабыл алады. Перғауын алақанын ашып қалғанда, қара шегіртке ыршып түседі. Жерге түскен бетте толассыз шырылдап, жұрттың мазасын алады. Қара шегіртке перғауынның тілегімен жаралғандықтан, Хақ тағала оған ырзық-несібе жазбапты. Сондықтан ол нәр татпай, үйдің іргесінде шырылдап қана жата береді екен. Тіпті оның асқазаны жоқ екен деген де әңгіме бар.

Тасбақаны өлтірме

Ғайса пайғамбардың анасы Бибімәриям Құдайға құлшылық етіп, үңгірде жатады. Нәр татпайды. Су ішпейді. Жалғыз қылтанақ шөпті тістеп, соның нәрін сорып жата береді. Мәриямның тақуалығына риза болып, Тәңірі шөптің бойына құнарлы азық пен бал татыған су бітіреді. Мың дерттің шипасын береді. Мәриям суық үңгірде жатса да ауырмайды. Кейіннен ол шөп «Мәриям шөбі» деп аталыпты. Бірақ ол ілуде біреудің ғана көзіне шалынады екен. Оның қасиетін білген тасбақа аузына көлденең тістеп, ұзақ күндік сапарларды шаршамай-талмай жүріп өтеді. Әрі қарны да ашпайды, шөл далада да сусап өлмейді. Тасбақаның ұзақ жасайтын сыры да осы шөптің қасиетінде екен. Пайғамбар анасына жәрдемдескені үшін қазақтар оны нақақтан-нақақ өлтіруге тыйым салған. Тасбақаға тиіссе, Мәриям анамыздың наласы ұрады деп сенген.

Бал арасының ұясын бұзба

Аюп пайғамбар өте сабырлы болыпты. Ұлық Құдай періштелерге:

– Аюп – менің ең сабырлы құлым! – деп мақтанады. Бұл мақтауды естісе, Ібілістің жыны келеді екен. Ол Аюптың сабырын түгеспек болады. Оны жоқтықпен, байлықпен, мансаппен азғырады. Шайтанның бұл айласы Аюпқа әсер етпепті. Тіпті әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салады. Аюп сонда да сыр бермепті. Ібіліс күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюп тағат жасап, отыра береді. Ібіліс оған:

– Аюп, балаң өлді! – дейді.

– Құдай өзі берді, өзі алды. Ешкім мәңгі тірі жүрмейді. Өзекті жанға бір өлім, – дейді.

– Малыңды жұт алды.

– «Мал – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деген. Тәңірісі бергенін алса да, енді берерін алмасын.

– Енді не ішіп-жейсің?

– Аштан өлгеннің моласы жоқ. Малға таласып өлгеннің моласы көп.

– Ел-жұрт сен туралы өсек айтып жатыр.

– Жақсыға сөз ереді.

– Патша сені өлтіремін деді. Қаш.

– Ажал – ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу.

– Бүйте берсең, жалғыз қаласың.

– Қабірде барлық адам жалғыз жатады, – дейді.

Төзімі таусылған Ібіліс оның бетінен шапалақпен тартып жібереді. Сайтанның қолы тиген жерге жара шығыпты. Оған шыбын үймелеп, құрттар қаптайды. Жара жайылып, пайғамбардың бүкіл денесін ірің басады. Ел-жұрты, бала-шағасы «Аюп алапес болды» деп шошиды. Ібіліс оларға:

– Алапес – жұқпалы ауру. Оны жыраққа шығарып тастаңдар, – деп ақыл айтады. Шаһар жұрты бірауыздан келісіп, оны елден қуады. Жан жары Рахима ғана оған адал болып, қасында қалады. Ауруы онан сайын меңдеп, құрттар Аюптың етін жеп тауысуға айналады. Бірақ оның жүрегі мен тілі бір сәт тоқтамастан Тәңірге мақтау айтып, Жаратушыны ұлықтап жата беріпті. Денесінен түскен құрт болса, оны жерден алып:

– Құдай саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлылығын көріп, сайтандар түңіледі. Олар Ібіліске келіп:

– Біз Аюпты жеңе алмадық. Сыры неде? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Оның тілі мен жүрегі Тәңірді еске алып, рухы нұрланып тұр. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне сал. Алланың есімінен қуат алу тоқтағанда, сабыры сынады, – деп ақыл береді.

Сайтандар солай істейді. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне салады. Сол кезде ғана Аюп Тәңірге арыз қылады:

– Уа, Жасаған Ием! Саған зікір айтып, есімдеріңнен қуат алатын едім. Мына екі құрт түбіме жетеді. Уа, Тәңірім, пәрмен өзіңнен болсын, – дейді. Сонда Алла:

– Әй, Аюп, сынақ сағаты бітті. Өкшеңмен жерді теп, – дейді.

Аюп жерді тепкенде, жер жарылып, су шығыпты. Су сарқырап, арыққа айналыпты. Тәңірі:

– Суға шомыл, – деп әмір береді. Аюп қырық күн суға шомылғанда, жарасы жазылып, тәні ширайды. Құрттар тегіс қырылып, екі құрт ғана тірі қалады. Аюп:

– Уа, Жаратқан, мына екеуі өлмеді ғой, – дейді. Алла:

– Тіл мен жүрекке түскен құрттар ғой. Оларға менің көркем есімдерімнің шарапаты жұқты. Олардың мәртебесі – бір бөлек. Зікірдің шарапатынан оларды саған жәрдемші етемін. Бірі бал арасына айналады. Екіншісі сүлік болып суда қалсын. Бал арасының уы да, балы да шипа. Сүлік аурудың арам қанын сорады, – дейді.

Сол мезетте құрттардың бірі сүлікке, бірі бал арасына айналады. Бал арасы пейіштің бұлағынан шыққандықтан, қасиетті жәндіктердің біріне айналған екен. Құран Кәрімнің бір (Нахл) сүресі бал арасының атымен аталады.

Сондықтан бал арасының ұясын бұзуға, оған себепсіз тиісуге болмайды екен.

Жауынқұртқа тиіспе

Сүлеймен Саба елінің патшасы Былқысқа үйленгісі келіп, елші жіберді. Ол елшілерге жақұт тастар беріп:

– Сүлейменнің пайғамбар екені рас болса, мына тастарды қол тигізбей тессін. Перінің де, диюдың да саусағын тигізбей жіптен өткізсін. Сосын алдыма әкелсін. Сонда ғана Жаратушыға иман келтіріп, адал жары болуға келісім беремін, – депті.

Сүлеймен қалай істерін білмей ойланып тұрады. Сол кезде Ұлық Құдай оған екі құртты көмекке жіберіпті. Бір құрт жақұтты кеулеп теседі. Екіншісі оған жіп өткізіп, пайғамбарды тығырықтан шығарған екен. Сүлеймен оларға риза болып:

– Не тілейсіңдер? –дейді. Олар:

– Тәңірдің орынбасары Адам ұрпағына игілікті қызмет еткіміз келеді. Бізге жер бетінен жай бер, – дейді.

– Қалауларың болсын! – деп Сүлеймен дұға жасайды.

Сол сәтте бір құрт жібек құртына айналады. Ол тек тұт ағашын қорек етіп, жібек жібін өндіреді. Адам ұрпағы содан бастап жібектен киім киіп, сән-салтанаты арта түседі. Жібек киімге биттер түспейді екен. Жібек көйлек тазалықтың кепілі болыпты. Екінші құрт жауынқұртына айналады. Ол қатты топырақ жеп, жерді қопсытып, құнар береді. Адамдардың бау-бақшасы осының арқасында тез гүлденетін болыпты. Жауынқұрт адамның игілігіне қызмет еткендіктен, оған тиісуге болмайды деген тыйым шыққан екен.

Өрмекшінің торын бұзба

Қазақ ұғымында өрмекші уытсыз, өрмек тоқитын, ұсақ жыбырлақ жәндіктер қатарына жатады. Қазақтар өрмекшіде қасиет бар деп ұғады. Егер үйде отырғанда төбесіне өрмекші түссе, басыма бақ қонады деп қуанады, жолым ашылады деп сенеді. Мұхамбет пайғамбарға қатысты бір діни аңызда өрмекшінің қасиеті туралы былай делінген: Пайғамбарымызды ислам дінін уағыздадың деп қаскүнемдер өлтірмекші болып қуғанда ол тауға барып, бір үңгірге тығылады. Алла елшісіне жақтасқан өрмекші сол заматта өрмек тоқып үлгереді. Із кесушілер де үңгірдің аузына жетіп келеді. Қараса, өрмекшінің торы бұзылмапты. Залымдар іште ешкім жоқ деп ұйғарып кетіп қалады. Құйтақандай жәндіктің себебінен асыл пайғамбар аман қалады. Содан бастап өрмекшінің торын бұзуға тыйым салыныпты. Өрмекшінің адамзатқа тигізген тағы бір пайдасы Шиш пайғамбармен байланысты. Шиш пайғамбар жүн иіріп, одан киім тоқып кигісі келеді. Бірақ жіпті иіргенмен, киім тоқуға өнері жетпейді. Төзімі таусылған соң, мезі болып, қолындағы жіпті шимайлап лақтырып жібереді. Ол:

– Уа, Тәңірім, маған киім тоқуды үйрет, – деп жалбарынады. Жаббар Хақ жіпті өрмекшіге айналдырады. Ол ағашқа өрмелеп шығып, өрмек тоқиды. Шиш оның әрекетіне қарап, киім тоқуды үйреніп алады. Сондықтан да оның өрмегін жөнсіз бұзуға болмайды. Өрмегін бұзуға тура келсе, «біссімілдә» деп барып, бұзу керек екен. Қасиетті Құранның бір (Ғанкабут) сүресі өрмекшінің атымен аталады.

Кептерге тиіспе

Алғаш дүниеге келген балаға Адам ата мен Хауа ана есім қоюға таласып қалады. Олардың ұрыс-керістеріне ренжіген Тәңірі ұлдарын кептерге айналдырып:

– Ұлдарыңды кептерге айналдырдым. Екеуіңе де бұйырмайды. Көкте емін-еркін қалықтайды. Менің ең жек көретінім – ерлі-зайыптылардың ұрысы, – дейді.

Осы оқиғадан тағылым алған Адам ата мен Хауа ана қайта татуласады. Ал кептер олардың татулығының, бейбітшілігінің белгісі болып қалады. Мұхамбет пайғамбар дінсіздерден қашып үңгірге тығылғанда көк кептер оның аузына ұя салып, жұмыртқалайды. Өрмекші өрмек тоқиды. Дінсіздер оны көріп:

– Мұхамбет пайғамбар үңгірге тығылса, кептер ұя салып, жұмыртқа басып үлгірмейді. Өрмекшінің де өрмегі бұзылған болар еді. Мұхамбет бұл жерде емес, – деп кері қайтады. Сол оқиғадан кейін кептер мен өрмекші мұсылмандар арасында құрметті саналыпты.

Топан су аңызында кептер Нұхтың кемесіне қуанышты хабар жеткізген құс ретінде аталады. Қырық күн су бетінде жүрген Нұх құрғақ жер іздейді. Бірақ судың қаншалықты тартылып, құрғақ жердің бар-жоғын білу мүмкін емес еді. Нұх: «Құрғақ жер іздеп кел», – деп қарғаны жұмсайды. Ол өлексені көріп, пайғамбардың сөзін ұмытып кетеді. Нұх артынан сауысқанды жібереді. Ол да қарғаның қасында жемтік жеп қалып қойды. Үшінші жолы кептерді ұшырады. Ол зәйтүн ағашына қонады. Ағашқа бұрынғы жойылған қауым мен өлген мақұлықтың қаны жұққан екен. Оның аяғы қанға тиіп қызарып кетіпті. Содан бастап кептердің аяғы қызыл болыпты.

Кептер зәйтүн ағашының бір жапырағын тістеп, кемеге оралады. Нұх кептерден:

– Қарға мен сауысқаннан хабар бар ма? Аман ба екен? – деп сұрайды. Кептер:

– Иә, көрдім. Қарға өлген малдың басын, сауысқан көтеншегін шұқып отыр, – дейді. Нұх ыза болып:

– Жегендерің жемтік, ішкендерің іртік болсын! – депті. Осыдан бастап қарға өлген мал көрсе басын, сауысқан құйрығын шоқитын болыпты. Нұх кептерге:

– Адалдығың білінді. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал! – дейді. Содан бастап кептер адамның шатырына ұя салатын болыпты.

Ел арасында кептер туралы фольклорлық сарындағы өлең жолдары бар:
Көк, көк, көгершін,
Көгершін келер жем үшін.
Құрық-құрық деп шақырса,

Не айтады біз үшін?
Ау, балалар, балалар,
Мұны да білген даналар,
Бейбітшілік құсы екен,

Көгершін деген киелі.
Адам атаның ұрпағы, –
Дейді аңызда иелі.
Ау, балалар, балалар,

Көгершінге жем берсін,
Жем жесін де семірсін,
Сүйтіп қолға үйренсін.
Бұл есті құс тілалғыш,

Үйренген соң білерсің20.

Торғайға тиіспе

Ертеде құстың тілін түсінетін Ділмаран деген кісі болыпты. Бірде ол торғайдың жанұшыра шықылықтаған дауысын естиді. Жетіп барса, екі жүгірмек торғайдың жұмыртқасын жарып жатыр екен. Төбесінде ұшып жүрген торғай:

– Торғай деген атым бар,

Бір жапырақ етім бар.
Жұмыртқамды шаққандар
Әкең жауға кетсін де,

Шешең өліп, жетім қал! – деп қарғайды екен. Ділмаран балаларды жетектеп, әке-шешелеріне апарады да, торғайдың қарғысы жайлы айтып береді.

– Құстың да қарғысы бар. Торғайдың наласы жетсе, үйлеріңе қаза жетеді. Ұлдарың балалық қылыпты. Жеті шелпек пісіріп, садақа таратыңдар. Нала да, қарғыс та сонымен кетсін, – дейді. Балалардың әке-шешесі Ділмаранның айтқанын істеп, жеті шелпек таратады. Ешкімді қырсық шалып, бәле қақпапты. Осылайша бір қауіптен аман қалған екен. Ал Ділмаран ел арасында: «Құсқа тиіспеңдер», – деп насихат жүргізіпті.

Екінші бір аңызда торғай өлтірмеу туралы тыйым былай баяндалады. Ертеде Мекке шаһарында жауторғай мен шымшықты жұрттың бәрі жек көріпті. Оларға тіпті бала-шағаға дейін тас атқылап, күн көрсетпепті. Бір жылдары Арабияда қуаңшылық болады. Жұрт егістікті торғайдан қорғап, көрген жерде оларды қуалап өлтіреді. Бірде аяғы жаралы бір шымшық балалардан қашып келіп, Фатима анамыздың қойнына тығылыпты. Құсқа жаны ашыған Фатима оны үйіне әкеліп, жарасын жазады. Шымшық үйінің шатырына ұя салады. Фатима қайда барса да, жанынан қалмапты. Халық оны «Бибі Фатиманың шымшығы» деп атап кетеді. Оған тиіспепті. Осыдан кейін халықтың торғайға аянышы оянып, оларды өлтіруді обал санайтын болыпты.

Қарлығашқа тиіспе

Діни аңыздарда қарлығаш үш пайғамбардың батасын алған делінеді. Өзін Құдай санаған Намұрт патша Ыбырайым пайғамбарды отқа өртеуге әмір береді. Нөкерлер орманнан отыз арба отын жинайды. Есекті арбаға жегіп айдағанда, ол жығылып жатып алады. Сосын арбаға атты жегеді. Ол да қозғалмайды. Болмағасын түйені әкеледі. Ол шөгіп тұрмай қояды. Өгізді жекпек болғанда, ол нөкерлерді сүзіп, маңына жолатпайды. Кезек қашырға келгенде, ол арбаны қуана-қуана тарта жөнеледі. Ыбырайым қашырға нала болады. Жау жағына өткені үшін Хақ тағала қашырды ұрпақсыз қалдырыпты.

От тұтанып, жалын көкке жеткенде Жебірейіл келіп:

– Ей, Ыбырайым, не көмек сұрайсың? Қызметіңе әзірмін, – дейді. Сонда пайғамбар:

– Хасби-рабби жәл алла! – дейді. Мағынасы: «Тәрбие етуші бір Алла маған жетерлік!» деген сөз екен. Осы сөзді айтқан кезде Тәңірі отқа:

– Ей, от, досымды саламат сақта! Еш жері күймесін! Жатқан жерін гүлзар бақ қыл! – деп бұйырады. Сонда оттың іші Ыбырайым үшін салқын саябаққа айналып сала беріпті. Осы оқиға кезінде қарлығаш Құдай досына болысып, қанатымен су себеді. Қарлығаштың ниетін көріп, пайғамбар риза болған екен.

Келесі бір аңызда қарлығаш адамзатты жыланнан құтқарды делінеді. Кеме Қазығұртқа тоқтаған соң, жылан Нұхқа келіп:

– Кеменің тышқан тескен тесігін құйрығыммен бітедім. Сол кезде «дүниедегі қаны ең тәтті мақұлықты қорегің етемін» деп уәде бергенсің. Уәдеңді орында, – дейді. Пайғамбар келіседі.

– Бірақ ненің тәтті екенін қалай білемін? – дейді.

– Масаны жұмсайық. Сол тауып келсін. Қан соратын сол ғой, – дейді жылан.

Пайғамбар масаны жұмсайды. Маса бар мақұлықтың қанын сорып көреді. Ең тәтті қан адамның қаны екен. Іздегенін тауып, кері қайтады. Жолда қарлығаш:

– Ей, маса, қайда асықтың? – дейді.

– Ең тәтті қанды таптым. Соны жыланға айтпаққа асықпын.

– Иә, кімнің қаны тәтті екен?

– Адам баласының.

– Маған да дәмін татқыз, байқап көрейін, – деп өтінеді.

– Мақұл, – деп маса тілін шығарғанда, қарлығаш тілін жұлып алады. Тілінен айрылған маса ызыңдап, Нұх пен жыланға келеді.

– Тәтті қан таптың ба? – дейді пайғамбар. Маса ызыңдап тұра береді. Ешкім тілін түсініп болмайды. Сол кезде қарлығаш келіп:

– Маса маған кездескенде құрбақаның қаны тәтті деген. Бұл соны жеткізе алмай тұр, – дейді. Жылан бір қулықтың болғанын іштей сезеді. Қарлығашқа:

– Маса неге сөйлемейді? Оған не болды? – деп сұрайды.

– Бақа қанының тәттілігі сондай, маса қомағайлықпен өзінің тілін жұтып қойған, – дейді қарлығаш. Пайғамбар уақытты созбай:

– Жылан, сенің қорегің құрбақа болсын, – деп дұға жасайды. Сол кезде жылан ызаланып, қарлығашқа тап береді. Ол жалт береді. Құйрығы жыланның аузында кетеді. Содан бастап қарлығаштың құйрығы айыр болып қалыпты.

Нұхтың дұғасы қабыл болып, жылан бақаны азық етіпті. Нұх қарлығашқа риза болып:

– Ұрпағымды жыланның азуынан сақтадың. Бұдан былай көктемнің жаршысы бол! Мамыражай мезгіл сенімен бірге келсін! – деп бата берген екен.

Ел аузында сақталған тағы бір аңызда қарлығаш Сүлеймен пайғамбарға жәрдем етіпті. Сүлеймен пайғамбар жүзігінен айрылып, бір күнде диуанаға айналыпты. Бір күні жолда келе жатқанда, оны бір топ маса талайды. Кезінде Сүлеймен халықтың қанын ішкен бір мыстан кемпірді өлтіртіп, өртеп, күлін суға шашқан екен. Оның күлінен маса пайда болыпты. Масадан қашып Сүлеймен бір ағашты паналайды. Сол сәтте қарлығаш көмекке келіп, оған араша түсіп, масаларды қуады. Сүлейменге су тасып, шөлін қандырады. Қанатымен желпіп, самал жел тұрғызыпты. Қарлығаштың пайғамбарға жасаған жақсылығы үшін ел оны қадір тұтыпты. Құранның «Піл» сүресінде баяндалатын абабил деген құсты қарлығаш екен деген де деректер бар. 570 жылы Йеменнің патшасы Абраха Меккені қоршайды. Сол кезде көктен қарлығаштар келіп жауға тас жаудырыпты. Тастан шошынған пілдер өз әскерін таптап, Абраха шығынға ұшырайды. Бұл кезде Әзіреті Мұхамбет ана құрсағында жатыр екен. Пайғамбардың шарапатынан Мекке аман қалады. Халық қарлығашты қадірлеп, қасиетті құстардың қатарына қосқан екен. Оның ұясын бұзбайды, өзіне тиіспейді. Қарлығаш босағаға ұя салса, құт-береке келеді деп сенеді.

Көкекке тиіспе

Көкек Сүлейменнің көп қызметіне жарапты. Пайғамбар оны қайда барса да, қасынан бір елі тастамайды екен. Жорыққа шыққанда, көкек әскердің алдында ұшып жүреді. Жапан түз, шөл далада келе жатқанда, көкек суы бар жерге қонады екен. Оның арқасында Сүлейменнің әскері шөл азабын тартпапты. Саба патшалығына барып, Былқыс ханшаның сұлу дидарын көрген де сол екен. Оған Сүлейменнің хатын жеткізіп, арада дәнекер болады. Құстың риясыз қызметіне риза болған Сүлеймен:

– Сен менің көктегі қолғанатым болдың. Шөлде де құдықтың көзін табатын қырағы қасиетің бар. Көкейдегі ойды айтқызбай түсінетін сұңғыласың. Елшілік міндетті де адал атқардың. Кейінгі ұрпақ сенің пайғамбардың сенімді қолғанаты болғаныңды білсін. Саған ризамын. Бұдан былай жақсылықтың жаршысы, ізгіліктің есігі бол! Сенің есімің бүгіннен бастап «баб» болсын! Самғар көгің тарылмасын, басыңнан бақ арылмасын, - деп басынан сипапты.

Содан көкектің төбесіне патшаның тәжіне ұқсайтын айдар өсіп шығыпты. Осыдан бастап ел-жұрт оны «баб» – «есік», кейін келе бабесік, бәбесік, бәбісек деп атап кетіпті. Көкек көктем мезгілінің келгенін алғаш жеткізетін болғандықтан, оған тиісуге, ұясын бұзуға тыйым салынған. Діни наным бойынша көкек жәннатқа кіретін он құстың бірі саналады. Тағы бір аңызда Сүлеймен пайғамбар шатырын құрып, құстармен мәжіліс бастайды. Олар кезектесіп, Тәңірі тағаланың өздеріне қандай қасиет дарытқандарын жарыса айтып отырады. Кезек бәбісек құсына да келді. Бәбісек:

– Уа, ұлы падишаһ! – дейді. – Мен сізге бір қасиетім жайлы айтып берейін.

Сүлеймен пайғамбар:

– Құлағым сенде, сөйле! – дегенде, бәбісек:

– Көк жүзіне самғап ұшқан кезде жеті қабат жер астындағы суды көремін. Жерасты өзендерінің қай қабатта, қай тараптан бастау алғанын біле аламын. Соған орай құдық қазуға қолайлы құтты мекенді қапысыз дәл табамын. Әміршім, жорықтарда мені жаныңызға ертсеңіз, еш өкінбейсіз. Әскерлеріңіз ешқашан судан тарықпайды, – деп басын иеді. Сүлеймен пайғамбар ырза болып:

– Ей, көркем құсым! Сусыз жапан далада, ми қайнайтын шөлдерде бізге серік бол. Пайдаңды тигізсең, дұға-тілектен кем болмайсың, – депті. Мұны естіген қара қарға Сүлейменнің берекетті дұғасын одан қызғанып, жала жауып:

– Бұл бейшара жалған сөйлеп тұр. Егер осындай қасиеті болса, құрылған торға түсіп, тар қапаста қор болып отырмас еді ғой. Жердің астындағы суды көргенде оның үстіндегі торды көрмейтін нендей әулие?! – деп оны кекетеді. Қарғаның сөзі Сүлейменнің көңіліне күмән салып, жүрегін лезде суытып жібереді. Пайғамбар ашуланып:

– Ей, бәбісек! Сен неге маған жалған айттың? Өтірік айтқаның үшін қандай жаза тартатыныңды білесің бе? – дейді қаһарланып. Бәбісек:

– Сабыр, сабыр, патшам! Шын мықтыны түсіне қарап емес, ісіне қарап айырады. Құдайдан әмір болған күні аспандағы жұлдыз да жерге түседі. Тағдыр туралап жеткен кезде ешкімнің қасиетінен титтей де пайда болмайды. Құрулы тұзақты көрмесем, ол да – Алланың қалауы. Алладан әмір болғанда білім шет қалады, екі көзді шел басады. Ай мен күн тұтылады, тау мен тас жерге жұтылады. Тәңірдің осы қаһарынан әділ тұрып шын сөйлейтін иманды ерлер ғана құтылады. Біз сол өтірік айтып тұтылатын емес, шын сөйлеп құтылатын бақытты тайпадан боламыз, – дейді. Сөзден жеңілген Сүлеймен айтарға уәж таппай, жер шұқып отырып қалыпты.

Бірқазанға тиіспе

Мұхамбет пайғамбар Мәдинаға көшіп барған соң, бірінші мешітті салады. Барлық сахабалары жабылып асарлатады. Бірақ құрылысқа су жеткізудің машақаты көбейеді. Пайғамбар:

– Қайырлы іске Құдай да қарайласады. Алладан үміт үзбеңдер, – дейді. Көп ұзамай бірқазан ұшып келеді. Аузы толған су екен. Келген бойда сол суды балшыққа құяды. Лезде тоқтап тұрған жұмысқа жан бітеді. Бірқазан бір сәт дамыл таппай, көлден су тасиды. Артынша қаптаған бірқазандар жұмысқа қызу араласып кетеді. Оның еңбегіне сүйсінген пайғамбар:

– Тұрқың шағын болғанмен, ұртың қазандай кең құс екенсің. Бізге көмектессең, сені де Тәңір жарылқасын. Үмбеттерім қай жерге қоныстанса, сол жерде өрбіп-өніп, көбейгін, – деп дұға қылады. Сондықтан бірқазан адамдар қайда мекендесе, соған жақын көлдерге ұшып келеді екен. Бірқазан Әзіреті пайғамбарға жәрдемі тигендіктен, оны өлтіруге болмайды деген тыйым қалыпты.

Аққуды атпа

Тәңірі тағала аққуды ерекше әсем етіп жаратады. Пейіштегі Салсабил өзенінде сырбаздана жүзгенде оның сұлулығына барша періште таңдай қағып, қарап тұрады екен. Алла жерді жаратқан соң, табиғатқа сұлулық дарыту үшін аққуды жерге жібереді. Аққудың әсемдігін көрген асқар таулар балқып, оған еліктеуге тырысады екен. Қарағай-қайыңдар оны көргенде мың бұрала билеп, әсем ағаштардың біріне айналыпты. Аққу қай көлде жүзсе, соның жанындағы табиғат та әдемі күйге ене беріпті. Алайда аққудың әсемдігіне ғашық болған періштелер енді аққулы мекендерге үйір болады. Аққуды көрсе, Ұлық Алланың жаратылысына таңғалып, тапжылмай тұрады екен. Сол сәтте қараниет біреу аққуға кесірін тигізсе, барша періште оны қарғайды деседі. Ертеде Ақтаңгер деген аңшы өмір сүріпті. Ол жастайынан аң аулап күн көреді екен. Бір күні орманда келе жатып, бір көлге тап болады. Көл бетінде жалғыз ұшып жүрген аққуды көреді. Аққуды атпақшы болған Ақтаңгер мылтығын кезей бергенде, аққуды тамашалауға келген періштелер: «Атпа!» – деп айқайлайды. Аңшы кім айқайлағанын түсінбейді. Жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Қағыс естіген болармын деп, тағы оқтала бергенде: «Атпа!» – деген дауыс шығады. Аңшы бұл жолы да сәл кідіріп тұрады да, мылтықтың шүріппесін басып қалады. Сол кезде періштелер оның мылтығын қағып жібереді. Оқ қисық ұшып, аққудың аяғына тиген екен. Аққу сұңқылдай ұшып, көзден ғайып болады. Содан бастап аңшының өмірі бақытсыздыққа тап болып, өмірден өкініп өткен екен. Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақтаңгер періштелердің наласына ұшырапты. Қазақ арасында «аққуды атпа» деген тыйым осыдан қалыпты.

Құс ұясына тиіспе

Бірде Ұлықпан хакім екі ұлын ертіп, көрші ауылға бара жатады. Жолда балалары ағаш басында тұрған құрқылтайдың ұясын көреді. Балалары әкесіне жалынып:

– Әке, ұяда балапан бар. Оны үйге ала кетейікші. Бағып-қағып асыраймыз. Жем-суын береміз, – дейді, екеуі екі жағынан жамырап. Ұлықпан ұлдарының көңілін қимайды. Ұяны қоржынына салып алады.

Үйіне келсе, қоржындағы екі балапан тұншығып қалыпты. Анасы шала-жансар күйде жатыр екен. Хакім аһ ұрып өкініпті. Кейін зұлым патша жала жауып, Ұлықпанды екі ұлымен зынданға тастайды. Зынданда хакімнің ұлдары өліп, өзі шала-жансар күйде әзер шыққан екен. Хакім ел арасында жүргенде осы оқиғаны ғибрат етіп айтып жүреді. Осыдан бастап «құстың ұясына тиіспе, обал болады» деген тыйымдар шығыпты. Ел аузында Төле бидің қарлығаштың ұясы үшін өзін қатерге тіккені жайлы аңыз бар. Ертеде жоңғарлар тұтқиылдан лап қойғанда, қам-қарекетсіз отырған жұрт жапа-тармағай қаша жөнеледі. Бір үй көште қалыпты. Қонтайшы үйге кіріп:

– Сен неге көште қалдың? Әлде бізден қорықпайсың ба? – дейді. Би молдасын құрып отырған күйі:

– Шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Қарлығаштың балапандары қанаттанып, ұшып кеткенше көше алмаймын. Сенен де қорқам. Бірақ Құдайдан қаттырақ қорқам. Себебі, қарлығаш – қасиетті құс, адамның досы. Топан су басқанда Нұх кемесін суға батудан аман алып қалды. Масаның тілін жұлып, жыланды жер қаптырды. Ыбырайымды отқа жаққанда, қанатымен су тасыған осы қарлығаш еді. Ғайсаны ағашқа таңғанда да, қарлығаш пайғамбарға болысып ұшып жүрді. Жау келді деп үйімді жықсам, қарлығаштың ұясын бұзамын. Құдайдың достарымен дос болған қасиетті құстың алдында күнәһар болар жайым жоқ. Жан керек болса кеудемде, бас керек болса еңсемде. Керсен алдыңда, кездік қолыңда, білгеніңді істе. О дүниеде қарсылап алар Тәңірімнің көзі оң болсын, – дейді.

Қонтайшы сөзден тосылады. Биге бата алмай, кері қайтады. Нөкерлеріне:

– Мынау әулие адам екен, тимеңдер, – деп жүре береді. Содан бастап Төле би «Қарлығаш әулие» атаныпты. Оның бұл ісі кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі болған екен.

Бұлбұлға тиіспе

Намрұт патша Ыбырайым пайғамбарды отқа өртемекші болады. Сол кезде бұлбұл «пайғамбар үшін жан құрбан»деп лаулаған жалынға өзін тастап жіберіпті. Тәңірітағала Жебірейілге:

– Бұлбұлды отқа түсірмей қағып ал, – дейді.

Періште құстықағып алды.

– Ей, бұбұл. Неге өзіңді отқа аттың? – деп сұрайды.

– Бірде орман өртеніп балапандарыма қауіп төнгенде мені құтқарып қалған. Өмірін қатерге тіккен. Енді оның басына бәле жауғанда мен де бейқамдық таныта алмаспын. Өлсе бірге өлемін деп шештім, – дейді. Жебірейіл:

– Қам жеме. Ыбырайым оттан аман шығады. Тәңірі оған залал тигізбейді, – деді.

Айтқандай Тәңірі тағала Ыбырайымды оттан сау-саламат алып шығады. Намұрт патша қырық арбаға тиеп отын төксе де оттың лапылы Ыбырайымның шашына да зақым тигізе алмапты. Ыбырайым оттан аман шыққанда бұлбұл құс ең алғаш ұшып барып оң қолына қонған екен. Қуаныштан көзінен жас ытқып, неше түрлі әуенге салып сайрай жөнеліпті. Намұрт патша Ыбырайымды өлтірмек боп ат шаптырым жердің бәрін күл қылып өртеп жіберген екен. Бұлбұлдың үнін естігенде жер ана именіп, от тиген топырағын демде жазып жіберіпті. Ол жерден сол сәтте қылтиып шөп шығыпты. Шөп гүлге айналып, айнала лезде бұрынғы қалпына келген екен. Екінші бір аңызда бұлбұл көктегі періште болған екен деседі. Адам ата пейіште жүргенде оған ғашық болып үнемі сыртынан тамсанып жүреді екен. Адам ата мен Хауа ана жерге қуылғанда Тәңірден дат сұрап жерге бірге түсіпті. Бұлбұлдың түрлі әуенге салып сайрауы періште кезінде үйренген зікірінен екен деседі.

Қасқалдақты өлтірме

Ертеде Алда деген адам да болыпты. Жан баласына пайдасы тимеген қайыршы екен. Дүниеден, байлықтан жұрдай, бала-шағасы жоқ, тұл жетім болғандықтан жұрт оны қасқа Алда деп атайды екен. Ол елден жырақта жанына жан жуымай, жалғыз күн кешеді. Мүсәпір хәлге түседі. Бірде оған бір байдың көзі түсіп, жаны ашиды. Пақырдың ит тірлік өмірін көріп, ет жүрегі езіледі. Ол:

– Ей, міскін, жұрт сенен теріс айналды. Қайыр-сахауат бізге парыз еді. Сен менің үйіме келіп тұр. Сен үшін арнайы қазан көтермесек те, бұйырған дәмнен сыбағаңды аларсың, – дейді. Қасқа Алда оған қуана келісіп:

– Уа, мейірбан мырза. Жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаспын. Тірі болсам, бір қайтарармын. Өзім қайтара алмасам, Тәңірден тілеуіңді тілеп өтермін, – деп басы жерге жеткенше иіледі. Сөйтіп, бай оны үйіне әкеледі. Алда тойып тамақ ішіп, көңілі жайланады. Уайым-қайғысын ұмытады. Мырзаға «Мені бауырыңдай көріп жұмса» деп өтінеді. Анда болып, сүтке қан тамызып, ант ішеді. Опасыздық жасаған адамды ант ұрсын деп серттеседі. Анда деген «бір қанбыз, бір жанбыз» деген сөз екен. Құданда деген сөз де осыдан шыққан екен.

Бірақ Алда берген антына адал болмайды. Бірте-бірте арам пиғылойлайды. Байдың малына көз салады. Бір күні жау шапқанда, байдың қол-аяғын матап, дұшпанға ұстап береді. Сонда жаны ышқынған бай:

– Ей, Алда! Маған қылған жақсылығың осы ма? Адам деген аттан садаға кет. Бұдан кейін жер басып жүрме, – деп айқайлайды.

Сол сәтте оны ант ұрып құсқа айналады. Жұрт өз көзіне өздері сенбей таңғалады. Бәрі «қасқа Алда-ай!», «қасқа Алда-ай!» деп бас шайқасыпты. Сөйтіп бірте-бірте бұл құстың аты «қасқалдақ» аталып кетеді. Қасқалдақ сол ұшқаннан ұшып отырып, бір көлдің ортасындағы қамыстың ішіне кіреді. Осында су ішпей, ұшпай бүк түсіп жатып алады. Өкініштен бауыры қап-қара болып күйіп кетеді. Халықтың «қарабауыр қасқалдақ» деп атайтыны осыдан қалған екен. Қасқалдақтың денесінде адамның қаны болғандықтан дертке шипа екен. Бірақ оған бейсаубат тиісуге болмайды. Зәуде қатты қажет болып жатса ғана кешірім сұрап, аулайтын болыпты. «Қасқалдаққа тиісуге болмайды» деген тыйым көбінесе сулы жерлердің тұрғындарына жақсы таныс.

Ақбөкенді нақақ өлтірме

Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар Хақ тағаланың орынбасарын көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатыр екен. Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де, оған інжірдің жапырағын беріп асырапты. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда, тұяғына қасиет бітіпті. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Тұяғы мың бір ауруға ем болыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда, оған да шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.

Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата:

– Жануарым, мен саған ризамын. Бұйымтайың болса айт. Мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтаждығыңды өтейін, – дейді. Сонда ақбөкен:

– Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төлдерге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң, – депті. Адам ата Тәңірісіне ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты. Содан бастап Құдайдың әмірімен киіктер төлдейтін кезде бетбақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен. Мұны қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарады. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады екен.

Ақбөкен Тәңірдің халифасын көріп, қолынан жем жеп, мақсаты орындалған соң бетбақдалаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:

Сахараға сән болып,
Құт пен кие, мән қонып,
Өсіп-өнсін нәсілің,
Бір Құдайым жар болып,

Аллам өзі қолдасын,
Бар бәледен қорғасын.
Саған зауал келтірген
Ешқашан да оңбасын.

Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге

Ырыс дарыт, ақбөкен, – деп батасын береді. Содан бастап киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген адам Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар. Діни қиссаларда Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскен екен. Сол жапырақтың біреуін бал арасы, біреуін жібек құрты, біреуін киік жеген деп айтылады. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Киік пейіштің жемісін жегендіктен киелі аңға айналыпты. Ел аузында өте көп айтылатын аңыздардың бірінде Мұхамбет пайғамбар киікті құтқарамын деп жанын құрбан етіпті. Бірде киік аңшының құрған торына түсіп қалыпты. Киіктің мүшкіл жайын пайғамбар намаз оқып отырып көреді. Дереу атына мініп, аңшының тұзағына барыпты. Қараса, аңшы олжасын бауыздайын деп жатыр екен. Пайғамбар аңшыға:

– Киікті босатып, менің жанымды ал. Құрбаның болайын, тек өлтіре көрме, – деп алдына бас ұрады. Аңшы пайғамбардың мейірім-шапағатына риза болып, киікті босатып жібереді.

Ел арасында «киікті нақақ өлтірме», «киікке Мұхамбет пайғамбар араша болған», «киік үшін пайғамбар жан берген» деген насихат кең тараған. Киікті өлтірсе, Мұхамбет пайғамбардың наласы ұрады деген де сенім бар.

Көктемде жан-жануарға тиіспе

Көктемде жан-жануарға тиіспеу Нұх пайғамбардан қалған екен. Нұхтың кемесі Қазығұртқа тоқтайды. Пайғамбар апаттан аман қалғанына шүкіршілік етіп, құдайы тамақ береді. Қоймадағы азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, бір тостақ су, бір шөкім тұз қалыпты. Пайғамбар: «Тәуекел!» – дейді де, барлығын қазанға салып, пісіреді. Азғантай жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, пайғамбардың қазанынан дәм татады. Құдайдың құдіретімен Нұхтың асы берекелі болып, жан-жануарға тоқшылық дариды. Күллі мақұлық бір-бір жұптан ғана болғандықтан, бірін бірі жесе, жойылып кету қаупі бар-тын. Шөптер де толық шығып болмаған еді. Көбейіп алған аң-құстар орман-тоғайға түгіл таралып болғанша, Нұх тамағының тоқтығы тарқамапты. Содан бастап көктемде жан-жануардың күйі келіп, көбейетін уақытта балық аулап, аң-құс атуға болмайды деген тыйым пайда болыпты деседі.

Суды бүлдірме

Шиш пайғамбардың бір қызы болыпты. Оның тумысынан шашы жоқ екен. Ол қыз: «Менің не күнәм бар?» – деп жылайды екен. Содан Шиш пайғамбар Тәңірге мінәжат етіп, жалғыз қызының шашын өсіруге жәрдем етуін сұрапты. Алла тағала бұл жұмысты Жебірейіл періштеге тапсырады. Жебірейіл әуелі самал желді шақырып:

– Пайғамбар қызының шашын өсіретін бір тал шаш алып кел, – дейді. Самал жел:

– Тақсыр, бұл жұмысты орындауға мүмкіндігім жоқ. Тапқан шашым самал желмен басқа жерге ұшып кетеді, – деп шарасыздық танытады.

Жебірейіл енді бұл жұмысты отқа тапсырады. От:

– Тақсыр, мен ұстаған шаш сол заматта жанып кетеді. Бұл жұмысты суға тапсырғаныңыз жөн, – деп сылтау айтыпты.

Жебірейіл суға:

– Егер де бұл жұмыс сенің де қолыңнан келмесе, онда жерге тапсырайын, – дегенде, ол дереу:

– Жер, әлбетте, тапсырмаңызды бұлжытпай орындайды. Бірақ ол өлген адамның шашын өсіре алмайды, – дейді. Жебірейіл:

– Онда бұл жұмысты тек саған сеніп тапсырамын, – дейді.

Су дереу тапсырманы орындауға кірісіпті. Ол өзеннен су алуға келген қыз-келіншектерді бақылап отырады. Бір шашы ұзын сұлу келіншекті көргенде, су нұрланып кетеді. Келіншек су алуға еңкейген кезінде бір тал шашын үзіп алыпты. Ол шашты Шиш пайғамбардың қызына жеткізеді. Қыз ол шашты басына жапсырып, орамал тағып алады. Артынша қыздың шашы қаулай шығып, бұрымына шолпы тағыпты.

Жебірейіл суға риза болып:

– Қандай арманың бар? – деп сұрапты.

– Тәңірім мені мөлдір, тұнық етіп жаратқан. Алайда надан адамдар менің қадіріме жетпейді. Ағын суға дәрет сындырып, қоқыс төгетін залымдар да кездеседі. Сондай залымдарды ұратын маған да бір зауал берсін? – дейді су ашынып. Сол кезде Жебірейіл ағын судың өтінішін Ұлық Аллаға жеткізіп:

– Уа, Жаратқан, су маған жәрдем етті. Судың да сұрауы болсын. Оны надандықпен былғағандардың жазасын ақиретте мен берейін, – дейді.

Тәңірі:

– Болсын! – дейді. Содан бастап Жебірейіл суды бақылап отырады екен. Кім суды былғап, ысырап етіп, оған дәрет сындыратын болса, соның несібесін кемітетін болыпты.

Бірде бір келіншек кірдің суын ағын суға төгіп жатыр екен. Жебірейіл адам кейпіне еніп, келіншекке:

– Ағын суға неге қиянат қыласың? Оның да сұрауы бар. Жазаң сол – несібең кемиді. Қуанышты күндерге зар боласың, – дейді. Сол кезде ағын су сыбырлап:

– Тақсыр, пайғамбардың қызына шаш берген осы келіншек еді. Бір жолға кешірім жаса, – дейді.

Ол келіншекке кешірім етеді. Ол келіншек те одан кейін ағын суды былғамайтын болыпты. «Судың да сұрауы бар» деген сөз осы оқиғадан қалыпты деседі.

Көк шөпті жұлма

Бір аңыздарда Нұх пайғамбар Қазығұртқа тоқтағанда оның қауымында қырық адам болған екен деседі. Оның ішінде бес жасар баласы бар бір әйел болыпты. Баласының аты Көк екен.

Нұх қауымына:

– Жердің қарасы көрініп келеді. Балауса шөп енді өсіп жетіледі. Жаңа шыққан өсімдікті жұлмаңдар, – деп ескертіпті.

Ақылсыз бала оның насихатын құлаққа ілмейді. Ол жаңа гүлдеген шөптерді бей-берекет жұлып ойнапты. Тұқым шашуға жақын қалған әдемі гүлдердің наласы ұрса керек, сол күні түнде бала науқас тартып жатып қалады. Таңға жетпей жан тапсырады. Артынша ызғар жел тұрып, күн қатты суып кетеді. Қырық адамның бәрі әртүрлі аурудан ажал құшады. Нұхтың үш баласы ғана апаттан аман қалыпты. Ел ішіндегі «Нұх қауымындағы қырық жан желден өлді, бір бала тек көктей солды» деген сөз осыдан қалыпты. Қазақ арасында «көктемде көк шөпті жұлма, көктей соласың» деген тыйым осыған орай айтылған деседі.

Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді

Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:

– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді?– деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:

– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.

Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.

– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.

– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді.

Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.

Шайқы:

– Уа, Тәңірім, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды.

– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ақиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.

Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деп насихат айтыпты. Ағаш ексе, адамның күнәсі жеңілдейтіні жөнінде тағы бір аңыз бар. Ертеде бір жігіт түс көреді. Түсінде әкесі шөл далада көлеңке іздеп жүріпті. Күннің ыстығынан табаны күйіп, жанұшыра айқайлайды. Жігіт шошып оянады. Ауыл ішінде жүз жасаған қарияға барып түсін жорытады. Ол:

– Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек. Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді, – деп жориды.

Бала ертесіне әкесінің моласына ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесінде жатыр екен. «Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген сөз осы аңыздардан үлгі болып жетіпті. Діни аңыздарда мазарға ағаш отырғызу Кемел деген әулиеден қалған деседі. Ол уағызда:

– Мазар көрсең, ағаш ек.

Бұтаққа бөз байла көп.
Құс қонатын бақ өсіп,
«Һу, һу, һу» деп сайрар ед, – деп насихаттайды екен21.

Бейітте өскен ағашты сындырма

Түркістанда Үйрек ата әулиенің қабірі бар. Ол кісі заманында Түркістанға Ислам аша келген дін ғұламасы екен. Залымдардың қолынан шәйіт болып, қаза тауыпты. Кейін қабірінің басына ағаш өсіп шығады. Ел ол ағашты киелі деп ырымдап, қадір тұтады. Бір күні Жақсыбай деген кісі жәрмеңкеден асыл тұқымды бір үйір жылқы әкеле жатады. Жолай әулиенің қабіріне жетіп ат шалдырады. Даладан отын жинауға ерініп, жайқалып тұрған әулие ағаштан бірнеше бұтақ шауып алады. Сол бұтақтарды отын қылып, қазан асып, шай қайнатып тамақтанады. Ауқаттанып алған соң, ұйқы басады. Қалғып кетіп, қорқынышты түс көреді. Түсінде Үйрек ата оған тас лақтырыпты. Жақсыбай бұғып қалады. Тас одан өтіп, жылқының үйіріне барып тиіпті. Жақсыбай шошып оянады. Қараса, асыл тұқымды жылқыларын қасқыр жарып кетіпті. Ол дереу тәуба қылады. Басының амандығына шүкір етеді. Тәңірден кешірім сұрап, ақсарбас атайды. Жұрт: «Бейітте өскен ағашты кеспе» деген тыйымның сыры осы екен ғой, – десіпті.

Бау-бақша өсір

Ертеде Әділхандеген патша болыпты. Бір күні оған екі адам арыз айтып жүгінеді. Патша дауды тыңдайды. Оқиға былай екен. Біреуі екіншісінен жер сатып алып, егін екпекші болады. Жер жыртып жүріп бір құмыра алтын тауып алады. Жердің бұрынғы иесіне барып:

– Жер о бастан сіздікі еді. Астынан алтын шықты. Мен алтынды емес, жерді сатып алдым. Қазынаны өзіңізге қайтарамын, – депті. Бұрынғы иесі:

– Жоқ, олай болмайды. Жерді сізге басы бүтін сатқанмын. Сондықтан жерден не қазына шықса да саған тиесілі. Өзің ала бер. Дауым жоқ, – депалмайды. Содан келісе алмай ханға келген беті екен.

Хан олардың адалдығына таң қалады. Уәзірлерінен:

– Сендер не дейсіңдер? – дейді.

– Алтыннан бас тартса, сіздің қазынаға құйылсын, – дейді олар. Патша:

– Ей, ұятсыздар! Ертең Тәңіріалдында барғанда не жауап бермекпін?! – дейді.Екеуіне қарап: – Бала-шағаларың бар ма? – дейді. Жер сатқан адам:

– Ержеткен ұлым бар, – дейді. Екіншісі:

– Бойжеткен қызым бар, – дейді. Патша қуанып:

– Ендеше дау шешілді, – дейді де ұл мен қызды ордаға алдырып, некесін қиыпты. Табылған алтынды екі жасқа сыйлайды.

Жігіттің аты Бағбан, қыздың аты Ұмай екен. Ұмай бір күні жарына:

– Ей, әзізім, бір сырым бар. Ұлықсат етсең, айтсам, – дейді.

– Айта ғой, – деді.

– Еңбексіз алтын бізге құт болмас. Несібемізді адалдан тауып жесек деймін. Қазынаны патшаға апарып берейік, – дейді. Бағбанмақұл көріп, ордаға келеді.

– Ей, әзіз патшамыз, – дейді екеуі, – әділ үкіміңізге ризамыз. Бірақ қазынаны бізге емес мұқтаж жандарға берсеңіз. Біз еңбек етіп, адалынан мал тапқымыз келеді.

Патша оларға риза болып:

– Сендер бұған қалай қарайсыңдар? – нөкерлеріне көз тастайды. Бірі:

– Дұрысы алтынды орнына қайтадан көму керек. Сол кезде құда да, құдағи да тыныш болады, – дейді. Патша:

– Алтын-күміс малдың нәжісі сияқты. Оны бір жерге көмсең бықсып, сасиды. Оған қоңыз да, шыбын-шіркей де, құрт-құмырсқа да үйір келеді. Ал айналаға шашып жіберсең тыңайтқышқа айналады. Сондықтан алтынға жеміс көшеттерін сатып алыңдар. Баршаға ортақ жеміс-жидек бау-бақшасын көгертіңдер. Бұл бау бақша кейінгі ұрпақтың игілігіне айналсын. Арам мал, лас дүние көңіл көзін соқыр қылады. Құдайдың қазынасынелдің несібесі етіп шашайық, – депті. Бәрі бұл сөзді хош көріпті. Патша сөзін жалғап: – Бағбан, Ұмай адалынан ас тапқыларың келсе осы істі сендер атқарыңдар, – депті.

Бағбан шартарапқа керуен жөнелтіп асыл тұқымды жеміс жидектің тұқымын алдырады. Ұшы қиыры жоқ бау бақша гүлдене бастайды. Табылған қазына осы іске түгел шығын болады. Тоқсан түрлі жеміс жидек көшеті жайқалып шыға келеді. Жан жарымен күні-түні дамыл көрмей бақшаны баптайды. Арада үш жыл өткенде жас шыбықтар бау-бақшаға айналады. Бағбан патшаны қонаққа шақырады. Патшаның жасы бұл кезде тоқсанға келген екен. Ол бау бақшаны көріп риза болады.

– Мен қаншама жыл билік етіп патша болдым. Дұшпанымды жер жастадым. Жауымды ықтырдым. Елдің аузын аққа жеткізем, тақымын атқа тигіземін деп тер төктім. Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым. Барынша әділ болдым. Бірақ, бір өкінішім бар. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде. Ғұмыр, шіркін, келте. Мен осыншама әлеуетті патша болсам да елдің игілігі үшін мәңгі тұрмаймын. Ал, мына екі жұптың жұмысы мәңгілік сипатқа ие болды. Кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Әкеден балаға мал қалмасын тал қалсын деген осы екен-ау! Бұдан былай кейінгі ұрпаққа ағаш егіп, тал көгерту игілікті істен болсын, – депті.

Содан бастап ел ішінде бағбандық қылатын адамдар ерекше құрметке бөленіпті. Бағбан бау-бақшаның піріне айналыпты.

Бұлақ көрсең көзін аш

Наурыз мейрамы кезінде ауылдағы ақсақал қариялар мен жастар жиылып, бұлақтың көзін аршиды. Бұл салттың төркіні де Нұх пайғамбардан қалған. Ол Қазығұртқа тоқтағаннан кейін топан судың балшығы басып қалған бұлақ көздерін аршиды. Сылдырай аға жөнелген бастаудың мөлдір суын өзі бастап:

– Біссімілдә! Тәңірі тағала, құтты жерге кемені қондырғаның үшін саған мың да бір шүкіршілік! – деп елжірей ішеді. Құдайдың шексіз мейіріміне көңілі балқып, көзіне жас алады. Қасындағы ұлдары мен келіндері аталарының үлгісімен тау баурайындағы барлық қайнарды батпақтан аршып шығады. Пайғамбар одан кейін бастауды жағалай көк шыбықтарды тігеді. Кемеде сақтаған жемістердің дақылдарын егеді. Оның бұл игі ісі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалыпты. Қазір де Наурыз мейрамы басталмай тұрып, таңсәріден тұрған халық, ең алдымен, бұлақ көзін аршып, жасыл желек отырғызады екен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәмсіл сөз де содан қалыпты.

Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол, емші болғанда, көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Расында да шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы дертінен айығып кеткен көрінеді. Жанары ашылып, жарық дүниені көрген пенделер емшіге шексіз алғыстарын жаудырыпты. «Өмір бар жерде өлім бар» демекші, күндердің күнінде дәм-тұзы таусылған емшіге ажал жетіп, көз жұмады. Әулиенің қонағасына бүкіл халық жиналыпты. Ақ жуып арулап, Қазығұрттың баурайына әулиені жерлейді. Арада қырық күн өткенде әулие мазарының дәл жанынан жерді жарып, бұлақ ағып шығады. Бір ғажабы, осы бұлақтың суын ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлантаза айығатын болыпты. Сөйтіп, халық бұл бастауды «Көзатаның бұлағы» деп атап кетеді. Содан бастап ол бұлақты және басқа да бастаулардың көзін ашып, тазалап тұруды әдетке айналдырған екен. Бұл көзбұлақ Қазығұрт тауындағы Ақбастау ауылында әліге дейін ағып жатыр.

Жыланның басына ақ құйып шығару

Ертеде бір кемпірдің жалғыз сиыры болған екен. Ол сиырын сауып, сүтін базарға сатып күнелтіпті. Бір күні кемпірдің сауған сүті азая беріпті. Кемпір мұның себебін еш біле алмайды. Бір күні әдеттегідей сүтін сауып үйіне әкеледі де, сиырды өріске қосу үшін сыртқа шығып кетеді. Жолда бір затын ұмытып кеткені есіне түсіп, қайтып айналып келсе, сүтін жыландар ішіп жатыр екен. Кемпір шошып кетеді. Бірақ олардың сүтті сүйсініп ішкеніне қарап тұрып, мейірімі оянады. Шелектің іші терең болғандықтан, кішкене жыландар сүтті іше алмай қиналып жатыр екен. Ертесіне сүтін кішкене ыдысқа құйып, жыландардың ініне апарып қояды. Кешке ыдысын алуға барса, ішінде екі ділдә алтын жатады. Кемпір теңгелерді үйіне әкеліп сақтай береді. Біраз күн өткеннен кейін, алтын ақшасына үш бұзаулы сиыр сатып алады. Жаман лашығы түзеліп, үйіне жасау-жабдық, жиһаздар ала бастайды. Бір күні кемпірдің алтын тасып жүргенін көршісі көріп, ханға айтып барады. Хан жендеттерімен сау етіп жетіп келеді. Кемпірден:

– Алтынды қайдан алып жүрсің, айт. Әйтпесе, өлтіремін, – деп қорқытады. Кемпір шынын айтады. Хан нөкерлерін ертіп, жыланның ұясын қаза бастайды. Бірақ қанша терең қазса да, алтынды таппапты. Хан ызаланып, қазылған шұңқырға өзі түсіп қазады. Бір кезде күрегі қатты затқа тиеді. Қараса, сандық екен. Алтын екен деп, қуанып кетеді. Сандықты ашқанда, ішінен қаптаған жылан шығады. Олар ханды шағып өлтіреді. Нөкерлері бұл жайтты көріп қорқып кетеді. Ханның бір ақылды уәзірі бар екен. Ол:

– Жылан да жақсылықты біледі. Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Басына ақ құйсаң, алтынды өзі-ақ әкеліп беретін еді. Осынша қазған шұңқыр енді көріңе айналсын, – депті де, ханды көміп тастапты.

Содан бастап ел арасында «үйіңе кірген жыланға ақ құй, алтын береді» деген түсінік қалыпты. Себебі табиғатында жылан алтын бар жерде мекен етеді екен. Бойындағы суық денесін алтынның буына жылытып өмір сүреді деседі. Қазақ ырымында үйге кірген жыланды басына ақ құйып, шығарарда мынадай «жылан арбау» дұғасын айтып тұру керек дейді.

Кер-кер-кер жылан,
Кердеңдемей кел, жылан,
Кереге басты кер жылан,
Артымнан шық ер, жылан.

Бір жылан бар сұм жылан,
Бір жылан бар сұр жылан,
Бір жылан бар ту жылан,
Бір жылан бар қу жылан,

Бір жылан бар у жылан,
Бір жылан бар су жылан.
Құралай таудың басынан
Қуып келген бір жылан.

Пайғамбардың демінен
Дегедек келді шық, жылан.
Ақ тамыздым басыңа,
Ақ шүберек жайдым астыңа,

Амандық тіледім басыңа,
Ирелеңдемей шық, жылан,
Кертпейін де тиіспейін,
Арбап сені кеткізем.

Кереге басты кер жылан,
Кердеңдемей кет, жылан,
Сүйегі жоқ ет жылан,
Арбауыма құрмет ет,

Мақтауың жетті кет, жылан!

Аңыз-әпсаналарда жыланға жүз жыл адамның көзі түспесе, ол айдаһарға айналады деседі. Егер адамның көзі екі жүз жыл түспесе, жыланның маңдайы екі еліге қалыңдап, әртүрлі бейнеге айнала алады екен. Адамды алдап, ауылға келіп, ешкім сезбесе, кешікпей бір тайпа елді жұтып қоюы кәдік деседі.

Тауық асыра

Мұхамбет пайғамбар миғражда үлкен қоразды көріпті. Ол Жаббар Хақты мақтап-мадақтап, зікір айтып тұр екен. Сахар мезгілі жақындағанда жерге түсіп:

– Ей, момындар, тұрыңдар,

Зікір айтқын сахарда.
Хаққа құлдық қылыңдар,
Нұр таратып жаһанға, – деп шақырады екен.

Оның дауысын естіп, жер бетіндегі барлық қораздар жұртты оята бастапты. Қораздың сахарда шақырғаны Тәңірді еске алғаны екен.

Ән хазірет миғраждан келген соң, сахабаларына:

– Тауық асыраңдар. Сауабы мол болады. Тауық бар жерге үш бәле жоламайды: жын-перінің шәрі келмес, сиқыршының дуасы өтпес, бақсының жыны жетпес, – деп насихат айтыпты. Содан бастап мұсылмандар тауық асырауға мән берген екен.

Жүрек көзі ашылған әулие адамдар да тауықтың шақырғанын жай ғана дыбыс деп емес, мақұлықтың құлшылығы деп біледі. Оған дәлел – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Тауық неге шақырар сағат сайын...» деп басталатын өлеңі. Ақын осы өлеңінде хайуанның қылығын басқаша қырынан сипаттайды:

Тауық неге шақырар сағат сайын,
Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын...
Олар деп тұр: «Oйға алып бір Құдайын,
Зор құдіретін әлемге ұқтырайын».

Құлшылық, намазы мен иманы – сол,
Күнде бір, айында бір, сағат сайын.

Кейбір аңыздарда «Қораз шақырса, періштені көреді. Қарға қарқылдаса, шайтанды көреді» деп ырымдайды.

Малды теппе

Бір күні Мұса Тәңірі тағалаға:

– Уа, Жаратқан, маған пайғамбарлық берерде қай ісімді көбірек ұнаттың? –деп сұрапты. Ұлық Алла:

– Мұса, сен Шұғайып пайғамбардың қойын баққаныңда ішінде бір көтерем қой бар еді. Үнемі отардан бөлініп қала беретін. Сен сол қойға сабырмен қарап, оны ұрып-соқпайтынсың. Сенен басқалары ол көтерем қойды боқтап-боралап қамшының астына алатын. Сен қой екеш қойға да рақым қылдың. Егер сол қойды тепкеніңде, сені пайғамбарлықтан да, патшалықтан да, құт-берекеден де мақұрым қалдырар едім, – депті.

Содан бастап Мұса өз қауымын малды теппеуге шақырады. «Малды тепсең, ырыс қашады» деген түсінік сол кезде пайда болыпты деседі. Қазақ арасындағы малды теппеу, басқа ұрмау, боқтап-бораламау ырымдары осы дәстүрдің желісінде шығыпты.

Төрт түлікті қастерле

Нұх пайғамбар Қазығұртқа келіп тоқтаған соң хайуандар мен жәндіктер кемеден шығуға таласа бастайды. Нұх пайғамбар:

– Бәрің де шығасыңдар, асықпаңдар. Адамзат үшін аса маңызды төрт түлікті алдымен шығарамын. Олар адамның кисе – киімі, ішсе – сусыны, жесе – тамағы, жатса –төсеніші болады, – депті.

Тағат таппай тыпыршып тұрған жылқы Нұхтың сөзін естіп, есіктің аузына шауып келіпті. Нұх:

– Тұлпарым, жақсылығыңды адам баласынан аяй көрме, сенімді серігі бол! Жаратқан Ием жаныңа адалдық беріп, тіршілік иесінің қанаты мен жанаты қылсын! – деп, екі құлынның жалынан сипап, кемеден шығарыпты. Пайғамбардың алақаны тигендіктен, аттың жалы жұмсарыпты. Жылқының жығылған кісіге жалын төсейтін қасиеті содан қалыпты.

Жылқыдан соң маңырап қой келіпті.

– Құтпандарым-ай! Алаңнан аулақ боп, басыңа топалаң келмесін, – деп, оларды да өріске жібереді. Содан болар атамыз қазақ қойдың ішінде құтпанды ерекше бағалапты.

Үшінші маң-маң басып түйе жетіпті. Пайғамбар:

– Пай-пай, жампозым-ай! Артыңнан сарып келсе де, асығар емессің-ау! Сірә, ботаңды ұзақ көтерерсің. Келең көбейіп, матауың кең болсын! – деп, шудасынан сипайды да, кемеден шығарады. Содан бастап түйенің шудасына кие бітіпті. Түйе шудасын таптауға болмайды. «Түйе үстінен жығылған адамға шудасын төсейді» деген сөз де осыдан қалыпты.

Нұх төртінші түлікті шығару үшін сиырды іздейді. Ол кеменің бір бұрышында күйсеп жатыр екен. Пайғамбар:

– Ей, тыңжыларым-ау, бұл жатысың қалай? Кәнеки, шық, ау-хау, ау-хау! – деп шақырыпты. Есітпеген сыңай танытып, сиыр күйсеп жата береді. Өзін тыңдамағанына ренжіген Нұх:

– Өй, саған не болған? Қане, тұр, өк! – деп мүйізінен тартып тұрғызады. Сиыр орнынан еріне тұрып, әрең қозғалып, есікке беттейді. Нұх сиырдың желінін ұстап:

– Бір сөзді екі рет айтқыздың! Жем жеп, күйіс қайыруың ұзаққа созылар! – депті. Нұхтың қолы тигендіктен, сиырдың желініне береке бітіпті.

Оның мүйізінен тартып тұрғызғандықтан, мүйізі қатты болыпты. «Сиыр жығылған кісіге мүйізін төсейді» деген сөз осыдан қалыпты. Қазақта «сиырдың мүйізінен қатты ұстауға болмайды» деп ырым етеді. Сиыр шамданып, сүті азаяды деп сенеді. Бұл жайында ел аузында «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген өлең нұсқалары сақталған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Қамбарата жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгібаба жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопаната жануар содан қалған.

Жылқы – адамның досы

Хақ тағала Адам атаны жәннаттан шығарып, жерге түсірген кезде оны төрт көзі бар, қанатты пыраққа мінгізген екен. Адам ата жерге түскенде бойын үрей билейді. Бейтаныс мекен көзіне жат көрінеді. Қорыққаннан пырақтың мойнынан құшақтап алып жібермей қояды. Бірақ пырақтар қайтадан жәннатқа көтерілмек болады. Сол кезде Адам ата аттың қанаттарын қырқып тастайды. Пырақтар не істерін білмейді. Сол кезде Жаратушыдан әуез келіп:

– Адамның жүрсе, қанаты, жау тисе, қорғаны бол. Адал қызмет ет, – деп қалдырады. Ат амалсыз жерде қалады. Бұрынғы қанатындағы күш-қайраты оның аяқтарына ауысады. Бастапқыда ат жерге үйрене алмай, жәннатты аңсап жылай берген екен. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат – ер қанаты» деген сөз осыдан қалған екен22.

* * *
18 Әлдиден эпосқа дейін. Отбасы хрестоматиясы. – Алматы: Орхон, 2013.
19 Roger Caіlloіs. Le Mythe et L’homme, 1938

20

21 Erkam takvіmlerі, 2014
22 Murat Uraz, Türk Mіtolojіsі, Düşünen Adam Yay., İstanbul, 1994.

ТҰЛҒАҒА АЙНАЛУ КЕЗЕҢІ

М.Элиаде: «Миф – адамның дүниетанымын қалыптастыратын бастапқы және бірегей құрал», – дейді. Қадым заманнан бері миф адамға қалай өмір сүру керектігін үйретіп келген. Мағыналы аңыздар адамның рухани өсіп-жетілуіне және психологиялық көңіл күйінің осы өмірде және о дүниеде кездесетін барлық қиындықтарға дайын жүруіне шынықтырады. Мирче Элиаденің айтуынша, адам табиғатында еліктеушілік қасиет әуелден бар. Бұл – Құдайға еліктеу барысында шыңдалған киелі сезім. Ежелгі Исраил жұртынан бері айтылып келе жатқан мынадай ғибратты аңыз бар. Тәңірі бірде Дәуіт пайғамбарға:

– Әй, Дәуіт, сен өз бойыңнан менің мінез-құлқымды тап, – дейді. Сонда Дәуіт:

– Уа, Жасаған, сен – ақылға сыймайтын, мекенсіз, мысалсыз, шет-шегі жоқ ләмәкансың, мен саған қалайша еліктеймін? – дейді. Жаббар Хақ:

– Дәуіт, мен кешірімдімін, сен де еліңе кешірімді бол. Мен жомартпын, сен де жұртыңа жомарт бол! – дейді.

Құдай адам үшін үнемі тылсым, көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін зат еді. Сондықтан әулие, абыздар адам үшін өмірдің идеалына айналды. Кейін мұны пайғамбарлар жалғастырды. Пайғамбардың өмірі, жүрген жолы әр адамның идеалына ұласты. Үмбеті соған еліктеді. Сондықтан пайғамбардың әрбір ісі мен сөзіне аса мән беріп, содан мағына іздеді. Тіпті Исламда пайғамбар жасаған үлгілі істер «пайғамбар сүндеті» деген атаумен тұтас бір өркениеттің платформасына айналды. Неміс этнографы Карл Штрелов австралиялық тайпаларды зерттейді. Солардың ішінде арунта деген тайпада әйелдері бір тізесін бүгіп, ал еркектері малдасын құрып отырады екен.

– Сендер неге бұлай отырасыңдар? – деп сұрайды. Олар:

– Себебі біздің ата-бабамыз солай отыратын, – деп жауап береді. Штерлов осы сұрағын үндістерден сұрағанда:

– Себебі біздің Құдайымыз солай істеген, – депті. Осы сұрақты монотеистік дін өкілдеріне қойғанда, олар:

– Біздің пайғамбарымыз солай істеген, – деп жауап беріпті. Осыған қарап, Мирче Элиаде адамның өмірі еліктеуден тұрады деп түйіндеген.

Британдық антрополог Бронислав Малиновскийдің пікірінше, егер мифті мағына, мән ретінде қарасаң, онда ол адамның мынадай мұқтаждықтарын өтей алады: біріншіден, ғылыми қызығушылығын қанағаттандырады; екіншіден, адамның рухани сұранысын өтейді; үшіншіден, қоғамдық тәртіптің талаптарын орнықтыра алады; төртіншіден, практикалық өмірге де қолайлы. Ғалымдардың пікірінше, ата-бабадан жеткен кез келген әдет-ғұрыптардың бойында тұлғалық идентификация сақталған. Мұны «бабалардың өсиеті» деп атасақ та болады. Себебі, дәстүрді білген, қолданған адам ата-бабалары сияқты мағыналы өмір сүре алады. Саид Хусеин Насердің осыған орай айтқан пікірлерін келтіре кетейік. «Адам ақиқатты сүйіп, өмірден мән-мағына іздеген сайын кие оның жүрегіне сіңе береді. Шындықты өміріне серік еткен адам кие мен құдірет дарыған зиялы кісіге айналады. Біздің заманның адамдары кие мен құтқа селқос қарағандықтан, өз бойынан кемел қасиеттерін таба алмайды. Білім талап қылған адам оның киесін де игеруді мақсат тұтсын. Сонда ғана ол адам өмірі өлмейтін құндылық жасап шығарады. Киеге күле қарап, білімге ғана басымдылық бергендер салт-дәстүрдің шарапатын терең түсінбейді». Салт-дәстүрді терең меңгерген тұлғаның тағы бір артықшылығы болады. Оның бойында кез келген мәдени экспансияға қарсы тұратын рухани иммунитет қалыптасады. Заманына қарай үнемі құбылып тұратын саяси идеологияның қыспағына да төтеп бере алады. Ирандық ғалымның осы пікірі біз үшін өте құнды. Қазақ салт-дәстүрлерінің қайнары болған «Қисса сүл-әнбия» кітабы сан мыңдаған жылдар бойы қазақ руханиятына нәр беріп, сан түрлі ғұрыптар туғызды. Ол кітап әлі де елдің рухани сұранысын өтеуге қабілетті. Бір ғана миғраж оқиғасынан бастау алып, қазақ салтына сіңген сюжеттерде есеп жоқ. «Шапан жабу», «шашу шашу», «дастарқанды қадірлеу», «жастықты баспау», «ерге бөрік кигізіп, әйелге орамал сыйлау» сияқты дәстүрдің бәрі пайғамбардың Алламен қауышуға барған кездегі сапарынан басталған. Ғалым Алма Қыраубаева бұл қиссаларды «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Оның пікірінше, қазақ даласы осы қиссалардың арқасында екі бірдей мәдени экспансияға төтеп берген: бірі Алтын Орда кезеңінде араб, парсы мәдениетінің тасқынына қарсы тұрып, түркілік дәстүр мен менталитетті сақтап қалған, ал екіншісі СССР кезінде. СССР дәуірінде бүкіл мешіттер жабылып, ескіше хат тану толығымен тоқтатылды. Бұқара халық тек салт-дәстүрге ғана сүйеніп, мағыналы тіршілікке жалғана алды. Адам ата, Хауа ана мен пайғамбарлар өмірінен бастау алған иләһи мазмұнды салт-дәстүрлер ғана СССР кезіндегі большевиктер тепкісіне төтеп берді. Бірақ осы арада айта кетер тағы бір мәселе бар. Ел тәуелсіздік алған соң жастардың шетелге барып білім алуына мүмкіндік молайды. Алайда мыңдаған жыл тарихы бар рухани құндылықтарды бойына сіңіріп үлгермеген жас толқын барған жерінде мәдени экспансияға төтеп бере алмады. Төл мәдениетін бойына сіңіріп, тұлға боп қалыптаспаған адамда психологиялық дискомфорт күшті болады. Өзге мәдениеттің алдында өзін қор сезінеді. Ондай адамдар өзге жұрттың зиялы элитасымен терезесі тең отырып ешқашанда сұхбат құра алмайды. Әдетте әр түрлі өркениет өкілдері бас қосқан жерде кімнің мәдени құндылығы күшті болса, соның ықпалы мықты болады. Керісінше, салт-дәстүр арқылы кие мен құтты бойына сіңірген тұлға өзгенің мәдениетін өзіне икемдеп алады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: рухани тамырын Адам атадан тартатын аңыздар мен мифтерді балаңызға үйретсеңіз, ұрпағыңыз жасына жетпей сөз бастайтын шешен, ел бастайтын көсем болады.

Миғраждан келген тоғыз зат

Пайғамбар пырақпен миғражға ұшқанда Аршыдан өтіп, шексіз, үлкен дарияға тап болады. Сол жерге келгенде пырақ:

– Ей, Мұхамбет, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті жоқ, шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен ары қарай алып өте алмаймын, – дейді. Мұхамбет пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде, Жебірейіл періште жайнамаз әкеледі.

– Ей, Мұхамбет, мына жайнамазға отырсаң, ол сені демде дариядан өткізеді. Тәңірісінің дәргейіне жеткізеді, – дейді. Пайғамбар жайнамазға мініп, екі рәкәт намаз оқиды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізіп, Хақтың дәргейіне әкелді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек-ті. Пайғамбар жайнамазды тастамай, үмбетіне ала келіпті.

Тәңірі тағала ақ дастарқан жайып, досын күтіп алады. Пайғамбар дастарқан басына жайғасады. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санайды.

Сол кезде Ұлық Алла періштелеріне:

– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – дейді. Періштелер пайғамбарымыздың оң иығына жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болады. Қазақтар жастықты миғраждан келген киелі зат деп сенеді. «Жастықты астыңа басып отырма», «жастықты теппе» дейтіні содан екен.

Жаббар Хақ пайғамбарға:

– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастарқандағы ас-ауқат жәннаттың ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарқаннан дәм ал, – дейді. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:

– Менің үмбетім де осы дастарқаннан үлес ала ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.

– Олай болса, үмбетіме бұйырмаған астан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алыпты.

– Онда мына дастарқанды берейін. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарқанын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастарқан арқылы табылады.

Пайғамбар дастарқанды өзімен берге миғраждан ала келген екен. Үмбеттеріне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарқанға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер» деп өсиет қалдырыпты.

Миғраждан қайтар сәтінде Тәңірі періштелеріне:

– Мұхамбеттің иығына зүміреттен жасалған шапан жабыңдар. Басына сәлде ораңдар. Сәлде ер үмбетінің қорғаны болсын, – дейді. Періштелер пайғамбарға салтанатымен зерлі шапан жабады, басына сәлде орайды. Сол кезде пайғамбар:

– Сәлде ердің қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрапты. Ұлық Алла:

– Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамалы олардың әрі көркі, әрі қорғаны, әрі иба-әдебі болады, – депті.

Миғраждағы осы оқиғадан соң қазақ арасында құрметті қонағына шапан жабу, басына бөрік кигізу, әйел адамға «орамал тон болмайды, жол болады» деп, ақ орамал сыйлау сияқты салттар орныққан. Пайғамбар миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Олар: жастық, дастарқан, шапан, сәлде, орамал, жайнамаз, сәлемдесу үлгісі, Құран, намаз екен. Мұны «пайғамбардың базарлығы» деп атайды. Ел арасында Құранды құрметтеу, дастарқанды баспау, киім-кешекті, бас киімді, орамалды аяқасты етпеу, жастықты, жайнамазды қадірлеу сияқты ырымдар осыған орай шығыпты. Дастарқан тазалығына байланысты Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабында мынадай қызықты деталь бар: «Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол кісінің жетісіне барып келгенімде, атам:

– Иә, балам, қалай барып қайттың? – деп әңгіме сұрады. Мен кісілердің көп келгенін, дастарқандарының мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза екенін айтып бердім.

– Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір, жүзі жабылады, дегенмен «орнында бар оңалар» дегендей, баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде, марқұм үшін енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – деді...

– Дастарқандары таза болды ма? – деді атам.

– Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастарқан жауыпты, – дедім сөзді тура мағынасында түсініп, әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым.

– Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің, – деді көзінің оты жарқ етіп.

– Кешіріңіз, ата, шынымен түсінбей қалдым.

– Дастарқанда ішімдік болды ма деп отырмын.

– Е-е, болды. Неше түрлісі болды, – дедім сөз мәнісін енді түсініп.

Атам ештеме демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым. Бірақ, меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі қарап сөйлетпекші болып:

– Қазір молшылық кезі ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кеткен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп.

– Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – деп даусы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім. «И-и, сорлы басым-ай, жайыма қарап отырмай арыстанның торына кіріп нем бар еді, «құйысқанға қыстырылып» басыма бәле тілеп алдым ба?» – деп, бетіммен жер басқандай төмен қарап, саусақтарымды сытырлата бердім. Үнсіз өткен бірнеше минуттың салмағы еңсемді басып барады, одан да ұрысқаны-ақ жақсы еді.

– Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес – жұқпалы ауру, егер түсінсең, - деді атам...

... – Сен жаңа «Молшылық заман, қазір елдің бәрі сөйтеді, дәстүр болып кеткен», – дедің. Молшылық екені рас, халықтың өз еңбегі – өз қолымен жасаған берекесі. Ал осы тоқтық бұрын біздің салтымызда болмаған әдетті істетіп жүр. Жақсы емес екенін білмегеннен емес, «Пәленше сөйтіпті, мен неге асып түспеймін», – деп, кейбіреу өлімнің дастарқанын тоғышар жарысқа айналдырып алыпты. Кейде «аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылып» жатады, сонда да қоймайды. Өйткені тоқтай алмайды, қатардан қалуды мін көреді. Той-томалақ, жақсылықта ішімдік дегендердің емен үстелді майыстыратынына баяғыда-ақ тез үйренген. Қазір жас өлсін, кәрі өлсін, марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейбіреудің көзіне түйенің екі өркеші төртеу болып елестей бастайды: «Неге бұлай-ей», – дейді, біреу жылайды, біреу күледі, енді біреу даурығып, көпе-көрнеу өтірік мақтауға кіріседі. Сөйтіп, қаралы үйде артық ауыз сөз туып та кетеді. Барлық жерде кездеседі демеймін, бірақ өз көзіммен көрмесем айтпас едім. Бір композитордың (атам ол кісінің атын атаған болатын) қырқында еске түсірейік деп, оның шығарған әндерін айтып, содан кейін тірі композиторларды еске қоса түсіріп, аяғы концертке айналды. Это неуважение к памяти человека! – деп ақырып қалғанда, онсыз да зорға отырғам, шошып кеттім... ...Ежелден келе жатқан ел дәстүрімен соңын күтіп, перзенттік борышымызды атқарғанда, «Дастарқаны таза болды ма?» деген атамның сөзі көкейімнен кетпеді. Үні осы әлгінде айтқандай құлағымда тұрды. Біз ақша қуып, дүние жиған адамның қамсыз өскен мұрагері емеспіз. Біреуден ілгері, біреуден кейін ащы маңдай терімізді төгіп, нанымызды еңбекпен тауып жүрген жандармыз. Алайда атамның өлмес рухы алдында ешбір аянып қалғамыз жоқ, әке өсиетін, керек болса бұйрығын Бақытжан екеуміз бұлжытпай орындауға тырыстық. Атамның Ержанға қалдырған қара шаңырағының ақ дастарқанын кең жайып, таза ұстадық. Қайғымызға ортақтасып, ізгі ниеттерін білдіруге келген ардақты аталар мен аяулы әжелерге, ақылшы аға, қамқор апаларға, өмірдің ащы-тұщысын әлі тата қоймаған жастарға – бәріне «бөтелке» орнына ең қадірлі асымыз шұбат пен қымыз ұсындық»23, – деген.

Ағарғанды аяқасты етпе

Бірде Шайқы Бұрқы Тәңірісіне:

– Уа, Жасаған, осы сенің де өлетін кезің бола ма? – деп сұрапты.

– Иә, әрине. Мен күнде өлемін, – деп жауап беріпті. Мұндай жауапты күтпеген Бұрқы сасып қалып:

– Қалайша сен өлесің? Сен әуелден бар, мәңгі жасаушы Ұлы Құдірет емессің бе? – дейді. Сонда Тәңірі:

– Егер жер бетінде біреу ақты қадірлемей, аяқасты етіп қорлайтын болса, мен сол сәтте бір өліп-тірілемін, – депті.

Содан бастап Шайқы Бұрқы сүттен жасалатын тағамдарды қадірлеуді кеңінен насихаттайтын болыпты.

Ырысты аяқасты етпе

Нұх пайғамбар бірде ұлдарына:

– Уа, ұлдарым, жолдарың оңғарылып, сапарларың сәтті болсын! Құдай сендерді ырыстан, ынтымақтан айырмасын! – деп бата беріпті. Ұлдары:

– Әке, ынтымақты түсіндік. Ырыс деген не? – деп сұрайды балалары.

– Ырыс – Құдайдың адамға беретін несібесі, ырзық-нәпақасы. Ұлық Алла адамзатқа төрт ырыс нәсіп етті. Біріншісі – ақ ырыс. Ол төрт түлік малдың желінінен шыққан сүт, айран, май, құрт. Екіншісі – көк ырыс. Жерден өсіп-өнген көкөністі айтады. Үшінші ырыс – қызыл ырыс. Ол – төрт түлік мал мен аңның адал еті. Төртіншісі – дәнді ырыс. Оған дәнді-дақылдарды жатқызады. Ынтымақтарың кетпесе, ырыстарың түгел болады, – деп сөзін аяқтаған екен жарықтық.

Содан бастап аталған төрт затты ырысқа жатқызып, оларды қастерлепті. Аяқасты етуге, қорлауға тыйым салыпты.

Таңғы асты тастама

Бірде Жақып пайғамбар таңертең жолға шықпақ болады. Бәйбіше:

– Мына таңғы асты ішіп кет, шайды дайындап қойдым, – дейді. Жақып:

– Жолдан қаламын, – дейді де, бұрылмай кете барады.

Жолда келе жатса, алдынан жылан кездеседі. Жақып оңға қарай жүрсе, ол оң жаққа, солға қарай жүрсе, жылан да солға қарай жүреді екен. Бір кезде Жақып қамшысын алып:

– Мен пайғамбармын ғой, неғып жолымды бөгейсің? – деп жыланды осып жібереді. Жылан ініне қашып тығылады. Жақып әрі қарай жүре бергенде, атының аяғы бір тесікке тығылып, өзі аттан құлап түседі. Қараса, атының алдыңғы аяғы сынып кеткен екен. Жақып атын жетектеп, кейін қарай үйге қайтады. Бәйбішесі алдынан шығып:

– Не болды? – деп сұрайды. Жақып:

– Атымның аяғы қайырылды, – дейді.

– Мен біліп едім. Таңертең ықыласымды ескермедің. Сен үшін ерте тұрып ас дайындап едім. Дәмнің киесі ұрған ғой, – дейді.

Осыдан бастан қазақ арасында «Таңғы асты тастама, кешкі асты бақпа» «Таңғы ас Тәңірден», «Таңғы аста несібе көп» деген түсініктер тараған деседі.

Жырық ыдыспен ас ішпе

Қонақ күту қазақта Ыбырайым пайғамбардан қалған деген түсінік бар. Бірде Ыбырайым қонақ күтіп отырса, Ібіліс келіпті. Ыбырайым селк ете қалып:

– Әй, малғұн! Сені кім шақырды? – дейді. Ібіліс:

– Тәңірі жырық ыдыстан маған дәм бұйыртқан. Кесесі кетік пен табағы жырыққа қонаққа мен келемін, – дейді. Ыбырайым дастарқанға қараса, кетік ыдыс тұр екен. Жырық кесені алып, сыртқа лақтырып тастайды да:

– Онда несібеңді сырттан ізде, – дейді. Содан бастап қазақ халқында кетік, сынған, жырық ыдыстан ас ішпейді екен. «Жырық ыдыстың кетігінен сайтан қосарлана ас ішеді» деген түсінік қалады.

Төгілген шайды ішпе

Дастарқан басында кеседегі шай немесе су қандай да бір себеппен төгіліп кетсе, түбінде қалған қалдығын ішпейді. Ондай кезде шайды жаңалап қайта құяды. Себебі, шайтан адамның несібесін қызғанады екен. Ол дастарқан басында адамдардың әрбір іс-қимылын аңдып отырады. Адам аңдамай қалған сәтте қолындағы ыдысты қағып жібереді. Төгілген шай шайтанның несібесі деп саналады. Сондықтан шай, сусын қолдан төгіліп қалған кезде оны жаңартып, қайтадан құйып ішу керек екен24.

Асты сынап-мінеме

Бірде Ібіліс Хақ тағаланың әділдігін сынамақ болып:

– Уа, Алла, сен – әділетті шеберсің. Дүниеде бар заттың орнын белгіледің. Артық-кем етпедің. Әділдігіңде шек жоқ. Бірақ жерге қазық қағылғанда оның орнындағы топырақ қайда кетеді? – деп сұрайды. Алла тағала:

– Кімде-кім біреудің үйінде мейман болып, берген асын жемей тыжырынып, астамсыса, соның аузына құйылады, – дейді.

– Мейман риза болса ше?

– Онда қонаққа оң қабақ танытпаған үй иесінің аузына құйылады.

– Үйдің иесі де, қонақ та риза болса ше?

– Онда қазықтың орнындағы топырақ сенің аузыңа құйылады, – депті Құдай. Ібіліс аузынан қағынып, жүгіре жөнеліпті.

Содан бастап адам алдына келген асты сынап-мінемейтін болыпты. Бұл оқиға желісі 2008 жылы болған бір оқиғада, расымен, хикаядағыдай өрбіген екен деседі.

Бағжан есімді діндар жігіт айналасындағы жұртқа:

– Қаралы үйден ас ішпеңдер. Асында белуардан келетін қан болады. Өлік шыққан шаңырақтан дәм татпаңдар, – деп ескертіп жүреді екен.

Бір күні ол марқұм болған бір кісінің қабірін қазуға барыпты. Түс мезгілі болса керек, марқұмның туыстары қабір басына ас апарып береді. Шағын дастарқанда қабір қазушылар түстеніп алмақ болады. Бағжан:

– Қаралы үйдің асын жеуге болмайды, – деп насихатын қайта бастайды. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмапты. Қарны ашқан жігіттер асқа бас қояды. Бағжан біразға дейін алдындағы асты сынап-мінеп отырыпты. Бір уақытта астың иісі мұрнын жарып, әбігерге түсіреді. Тамақ жемейін десе, қарны ашып барады. Жейін десе, алдында айтқан сөздері бар. Тізесін бүгіп, дастарқанға жақындайды да:

– Жайрайды, жігіттер. Наннан үлкен емеспіз. Кішкене ауыз тиейін, – деп, бір жапырақ нанды аузына салғаны сол екен, баж ете қалыпты. Сөйтсе, нан арасында ара жүр екен. Ол Бағжанның тілін шағып алады. Не істерін білмей байбалам салады. Жігіттердің бірі:

– Тіліңді ара шақса, ісініп, өліп қаласың. Дереу аузыңа топырақ толтыр, ісігі қайтсын, – дейді. Бағжан жата қалып топырақ жұтады. Сол жолы Құдай сақтап, тілінің ісігі қайтыпты. Бірақ оқиғасы ел арасына күлкі болып тарайды. Кей кісілер Бағжанның топырақ жұтқанын Ібіліс пен Алла арасындағы әңгіменің бір мысалы деп түсіндіреді. Содан бастап Бағжан азалы үйдің асын сынамайтын болыпты.

Мұхамбет пайғамбар заманында да тамақты сынап-мінеуге қатаң тыйым салыныпты. Бірде Әзіреті Әли жорықтан келе жатып, бір кедейдің үйіне түседі. Ол ботқа пісіріп отыр екен. Әлиді көріп, құрақ ұшып дастарқан жаяды. Дастарқанның әр жері жыртық, жұпыны екен. Әли жауынгерлерімен дастарқанға жайғасады. Кедей қысыла-қымтырыла ботқасын ұсынады. Суға піскен ботқа дәмсіз екен. Әли асқа қол созар алдында қылышын қынабынан суырып дастарқанға қояды. Оның зұлпықары қынабынан бір шықса, кәпірдің басын шаппай қайтып қынапқа салынбайды екен. Бәрі үн-түнсіз ботқаны жей бастайды. Асқа бата жасалып, сыртқа шыққан соң, әскерінің бірі:

– Қылышты не үшін шығардыңыз? Біреудің басын шаппай, қынапқа қайта салмаушы едіңіз, – дейді. Әзіреті Әли:

– Кедей бар ынта-ықыласымен ас ұсынды. Жұпыны болса да, дастарқанын жайды. Қабағымызға кезек-кезек қарап, бәйек болды. Егер біреуің күпірлік етіп, асты қорсынғандарыңда, үй иесінің көңіліне қаяу салар едіңдер. Оған жол бермеу үшін қылышымды шығардым. Сендер қылыштан қорқып ас жедіңдер. Мен кедейдің көңілінен қорқып ас жедім, – деген екен.

Сұқтанып қарама

Ертеде Бекжан деген кісінің сүтті биесі болыпты. Ол биесін жұрт көзінен таса, сай ішінде сауады екен. Қымызы бүкіл ауылға жетіпті. Бірде биесін жасырын сауып жатқанда сайға түсіп келе жатқан бір топ кісіні көреді. Бекжан: «Биеге сұқтанса, көз биеге емес, тасқа түссін, тіпә-тіпә!» – деп, бір малта тасты бос шелектің ішіне тастайды. Өзі сүтті сауа береді. Аттылар жақын келгенде орнынан тұрып:

– Ассалаумалейкум, жол болсын! – деп сәлем береді.

– Уағалейкүмсалам, балам. Манадан бері қарап келеміз. Биеңді сауып жатырсың ба, әлде иітіп жатырсың ба? – дейді топ ішіндегі ақсақалы.

– Бием оңайлықпен иімейтін еді. Иітіп, әуреленіп жатырмын, – деп жауап береді.

– Бәсе, біз де солай ойлап едік. «Екі-үш бие сауым уақыт өтті. Желіні бұлақтай не қылған бие?!» – деп мына бір жас бала таңғалып келе жатыр еді. Біз дес бермей, иітіп жатқан шығар деген едік. Біздің болжам рас келіпті, – деп қария әрі қарай жүре береді.

Жолаушылар кеткен соң Бекжан бос шелекті қарайды. Малта тас ортасынан қақ бөлінген екен. Осылайша сұқ көз тасқа тиіп, бие аман қалыпты. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген тәмсіл сөз осыдан қалған екен. Ел ішінде «көз тисе, тасқа тисін, болмаса өз басқа (өзінің басына) тисін», «көз өткеннің көзіне, тіл өткеннің тіліне», «тіл-көзім тасқа» деген ырымдар бар. Кішкене балаға немесе асыл текті малға көз тимесін деп көз моншақ, түйреуіш қадайды. Ел сенімінде түйреуіш тосыннан келген көзді, тілді түйреп өтеді деген сенім бар. Енді бірі үйдің босағасына, көлігіне қызыл шүберек байлайды. Діни-аңыздарда қызыл түс Сүлеймен пайғамбардың жалауы болған деседі. Сүлеймен жын-періге соғыс ашқанда қызыл жалау ұстайды екен. Қызыл тудан жын-перінің қатты үрейі ұшыпты. Қазірге дейін қызыл түсті шүберекке жоламайды екен деседі. Көз бен тілден келетін бәлені ескеріп, әулие даналар «сұқтанып қарама», «тесіліп таңданба» деген ырымдар қалдырыпты.

Тұмар тағу

Қаскүнемдер Мұхамбет пайғамбардың көзін құртуды ойлайды. Олар балшы, сиқыршы, құмалақшы, дуакештің бәріне барып дуа жасатады. Бірақ сыртынан сан рет сиқыр жасатса да, пайғамбарға әсері болмайды. Сол заманда Йемен жерінде мыстандығымен аты мәлім бір жәдігөй кемпір болыпты. Ол біреудің сыртынан дуа жасаса, ол адам заматта өледі екен. Залымдар соған барады. Кемпір:

– Маған Мұхамбеттің шашын әкеліп беріңдер, – дейді. Залымдар:

– Оны қалай аламыз? – деп басы қатады. Кемпір пайғамбардың қызметшісі арқылы Мұхамбеттің тараққа тұрып қалған бірнеше тал шашын қолға түсіреді. Шашқа сиқыр жасап, түйіншекке түйіп, Зәруан атты құдыққа жасырады. Ертесіне пайғамбарды науқас меңдейді. Бұл кезде сиқырды сындыратын сүрелердің әлі түспеген кезі екен. Бұл мазасыз хал бірнеше күнге созылып, қауымдағы барлық мұсылманға кері әсер етеді. Тәңірі оны дуасынан айықтыру үшін Жебірейіл періштені жұмсайды:

– Мені саған Алла жіберді. Жаңа уахи ала келдім. Бұдан былай сиқыр оқып, дуа жасаса, «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқисың. Саған жасалған дуа құдықта жатыр. Соны алдыртып, екі сүрені оқы, – дейді.

Әубәкір Сыдық Зәруан құдығынан пайғамбардың дуа жасалған шашын әкеледі. Шаш он бір жерден түйілген екен. Пайғамбар «Фәлақ» сүресінің бес аятын, «Нас» сүресінің алты аятын оқығанда он бір түйін шешіледі. Пайғамбар ауруынан құлантаза айығады. Осыдан бастап мұсылмандар екі сүрені оқып, сиқыр мен дуадан сақтанатын болыпты. Қазақтар да бұл тәсілді әліге дейін қолданып, дуадан айығып жатады. Кей кездері аталмыш екі сүрені молдаға жаздыртып, бойтұмар етіп тағып жүреді. Тұмар тағуға байланысты мұсылман қауымына кең тараған тағы бір аңызда былай баяндалады: Мұхамбет пайғамбардың заманында Тафашат атты бір көзі соқыр әйел болыпты. Егер ол тасқа назар салса, тас уатылып кетеді екен. Адамға назар салса, ол заматта құлайтын болыпты. Кәпірлер Мұхамбет пайғамбарды мұқату мақсатымен атышулы әйелді оның немерелеріне айдап салады. Тафашат Асан мен Үсенге назар салғанда олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып қалады. Бұл пайғамбардың көңіліне қайғы салады. Сол сәтте Жебірейіл періште бір дұға жеткізіпті. Ол «Аятүл күрсі» дұғасы екен. Пайғамбар «Аятүл күрсіні» оқып үшкіргенде Тафашаттың сиқыры сынады. Осыдан кейін пайғамбар «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп іліпті. Аңыз бойынша тұмарды ең бірінші Асан мен Үсенге таққан екен.

Қолға жүзік тағу

Тәңірі тағала Адам атаны жаратқаннан кейін:

– Уа, Адам! Менің орынбасарым – сенсің. Мына күллі ғаламды Мен хабибім Мұхамбеттің құрметіне жараттым. Ол – сенің ұрпағың. Ақыр таяғанда дүниеге келеді. Жаратылған барлық мақұлықтың ішінде адамзаттың мәртебесі биік. Жер-дүниенің иесі өзің боласың. Менің атымнан билік жүргізесің. Осыны баршасы да біліп жүрсін, – деп, қолына жәннаттың дүр-жауһарларымен безендірілген жүзік салды.

Сүлеймен пайғамбарға да осындай жүзікті бұйыртады. Тарихта атағы жер жарған патшалар біреуге өкілдік берген кезде оның қолына жүзік тағады екен. Ал қазақтағы «келінге жүзік, сақина салу» салты «отбасымның иесісің» деген мәнді білдіреді. Қазақта осыған орай мынадай мағыналы сөз қалған: «Неке жүзігін сәндікке тақпайды, ол ақ некені мәңгілік сақтайды».

Әйелдердің сырға тағу дәстүрі

Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да, құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс:

– Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал, – дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді.

Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады.

– Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады, – дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп:

– Қызғаныштан Ажарды жаралаймын деген антым бар еді. Енді не болады? – деп сұрайды.

– Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Құдайдың дәргейінен қуылған-тын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер, – дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Құдайдың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың қос құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүндет боп қалған екен.

Алқа тағу салты

Сүлеймен Былқыс патшаның атағын естіп, оны көрмекке ынтық болады. Оған: «Бір Жаратушының атымен бастаймын. Маған келіп, қонақ болып, сән-салтанатымды көр» деп хат жазады. Хатқа мөр басып, оны бәбісекке береді де:

– Мына хатты жылдам Былқыс патшаға жеткіз! – деп бұйырады.

Бәбісек хатты тістеп ханшайымның ордасына кірсе, ол ұйықтап жатыр екен. Ол түндіктен кіріп, хатты оның бас жағына қояды. Қыз оянбайды. Болмаған соң қыздың көкірегінен шоқып оятады. Былқыс хатты оқып, Сүлейменнің шақыруын қабыл алады. Бәбісектің шоқыған жері Былқыстың көкірегінде тыртық боп қалып қояды. Ол қорқып кетіп:

– Уа, Жаратқан, мен Былқысты оятпақшы болып, оның көкірегін жаралап алдым. Бұл жайды Сүлеймен патша білсе, мені өлтіреді. Мені құтқара гөр, – деп Тәңірге жалбарынады.

Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен дүр гауһармен өрнектелген алқа әкеліп, ханшайымның мойнына тағыпты. Былқыс сол заматта хор қызынан кем түспейтін аппақ аруға айналады. Сарайдағы қыз-келіншектер оның алқасын көріп есінен танады. Олар да ханшайымға еліктеп, асыл тастардан алқа жасатып, мойындарына таға бастайды. Содан бастап әйелдердің алқа тағуы сәнге айналған екен.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет

Қазақта үлкенді құрметте, жол бер, көліктен түсіп сәлем бер деген әдеп-талаптары бар. Заманында Жүсіп пайғамбардың әкесі он ұлын ертіп, Мысырға келе жатады. Жүсіп оларды қарсы алу үшін алдарынан шығады. Ол аттан түсейін деп жатқанда бір уәзірі:

– Тақсыр, келе жатқан әкең болса да, аттан түспей амандас. Мысыр патшалығының айбынды абыройын сақтау керек. Олар саған кіріптар болып келе жатыр, – дейді. Жүсіп:

– Тәңірі тағала әкесіне құрмет көрсетпегендерді сүймейді, – дейді.

– Құдай сенің ниетіңді жүрегіңнен көріп тұр. Кешірімді кең Құдай сендей пайғамбардың кішкене күнәсін кешпегенде, кімнің күнәсін кешеді дейсің? – дейді уәзірі.

Жүсіп осы сөзге иланып қалады. Әкесіне аттан түспей сәлем береді. Бұл Алла сүймейтін әдепсіз қылық еді. Осы әдепсіздігі үшін Жаббар Хақ Жүсіпті жазалайды. Әдетте Құдайдың әмірімен пайғамбардың денесі көмілсе де, топырақта шірімей саламат сақталатын. Жүсіптің мәйітіне ондай бақыт бұйырмайды. Тәні топыраққа сіңіп жоғалады. Қала берді, Ұлық Алла Жүсіптің ұрпағынан пайғамбар шығармайды. Содан бастап «егде адамға көлік үстінде сәлем берме» деген тыйым шыққан екен. Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі аушадияр жанрында да осы көркем әдеп үлгісі көрініс тапқан:

Ау, шадияр – жиырма үш,
Ақыл-қайрат бойға күш.
Жасы үлкенге кез болсаң,
Сәлем беріп аттан түс.

Ата-анаңды құрметте

Бірде Мұса пайғамбар Тәңірі тағалаға:

– Уа, Жасаған, Маған жұмақта көрші болатын кісіні көрсетші, – деп өтінеді. Тәңірісі:

– Базарға барып, ет сататын қасапшыны іздеп тауып ал. Сенің жұмақтағы көршің сол болады, – дейді. Мұса дереу базарға барып, қасапшыны тауып алады. Ол ынты-шынтысымен еңбек етіп, ет сатып тұр екен. Кешке қасапшы үйіне қайтады. Жол бойында Мұса оны қуып жетіп:

– Саған Алланың сәлемі болсын, бауырым. Жүзің жылы, қайырымды жан екенсің. Кімсің, қайда асығып барасың? – деп сұрайды. Жігіт:

– Менің кәрі сырқат шешем бар. Оны бағып-қағу менің мойнымда. Күнде үйге қайтарда малдың жылы-жұмсағын, өкпе-бауырын алып барып, оған ас әзірлеймін. Шешем ауқаттан кейін күнде маған: «Балам, сені Тәңір жарылқасын! Маған қылған қызметің Құдайдан қайтсын! Ертең жұмақта Мұса пайғамбардың көршісі бол» деп үнемі дұға қылатын, – дейді.

Мұса жігітке риза болып: «Уа, Жаратқан, ата-анасын сыйлаған адамның бәрін менің көршімнен қыл», – деп дұға етіпті. Бұл туралы миғраж сапарында да айтылады. Мұхамбет пайғамбар миғражда бір топ адамдарды көреді. Олардың түрлері сондай ұсқынсыз, ауыздарында бір тіс жоқ, құлақтары жырық, мұрындары пұшық, көздері қысық, қол-аяғы шидей жіңішке, бірақ қарны қампиып кеткен. Өз бетінше жүре алмайды. Тырнақтары сояудай, жезтырнақтың кейпіне енген. Шаштары алба-жұлба. Пайғамбар олардың түрін көріп шошып кетеді.

– Бұлар кімдер? – дейді Алланың елшісі. Жебірейіл:

– Бұлар – өмірде ата-анасын ренжітіп, Құдайдың рахымынан құр қалғандар. Кім ата-анасын сыйламай, олардың көңіліне қаяу салса, сол адамның Құдай алдында сүйкімі болмайды. Қияметте түрлері осы қалыпта тіріледі, – дейді. Пайғамбар: «Ата-анасын ренжіткен мұндай сұрықсыз адам менің үмбетімнен болмасын!» – деп дұға қылған екен.

Осы сапарында пайғамбар бір топ періштенің пырақ аттарды жетектеп, қолдарына тон-жамылғы алып, бір жаққа кетіп бара жатқанын көреді. Ол:

– Бұлар қайда бара жатыр? – деп сұрайды. Жебірейіл:

– Тәңірдің сүйікті достары келе жатыр екен. Соларды қарсы алуға бара жатыр, – дейді. Пайғамбар қызығып, оларға ілесіп барады. Періштелер бір топ адамды күтіп алып, оларға оқалы тон кигізіп, астарына пырақ ат мінгізеді. Пайғамбар Жебірейілден:

– Бұлар кімдер? – деп сұрады.

– Дүниеде ата-анасын сыйлаған адам – Тәңірдің сүйікті құлы. Кім ата-анасына құрмет көрсетсе, Құдай оларға да осылай құрмет көрсетеді, – дейді. Пайғамбар:

– Ата-анасына құрмет көрсеткен адамға мен де ізет көрсетемін, – деп, олармен сәлемдесіпті. Олар да пайғамбармен құшақтасып, қауышқан екен.

Ұстазды құрметте

Бір күні Қожа Ахмет Яссауи шәкірттеріне дәріс беріп отыр еді, кенеттен көшеде өтіп бара жатқан бір диуананы көріп, орнынан қарғып тұрады да жүгіре жөнеледі. «Ұстаз!» – деп алдынан шығып, қолын беріп амандасады. Сонда шәкірттері «Біз бұл кісіні әулие деп жүрсек, өзі қайдағы бір диуананы ұстаз деп қолын алып жүр ғой» деген ойға қалады. Яссауи баба мұны іштей сезеді. Қайтып келген соң, шәкірттеріне:

– Бұл кісі маған иттің балиғатқа толғанын айыруды үйретіп, біліміме білім қосып еді. Мен оны бұрын білмеуші едім. Сондықтан оның білімін құрметтеймін, өзін ұстаз санаймын. Егер оған сый көрсетпесем, сол білімнің киесі мені ұрар еді. Бір қауіптен аман қалдым, – деп шүкірлік етіпті.

Мұны көрген шәкірттері бұрыс ойы үшін ұстазынан кешірім сұрайды. Ел арасында жүргенде ұстазының бұл өнегесін насихат ететін болыпты.

Үлкеннің жолын кеспе

Бірде Әзіреті Әли жолда келе жатқан бір шалдың алдынан менсінбей кесіп өтіпті. Оны көрген Мұхамбет пайғамбар Әлиден:

– Әли, қарттың алдын неге кестің? –деп сұрайды. Ол:

– Ол кісі мұсылман болмаған соң, ондай құрметке лайық көрмедім, – дейді. Пайғамбар:

– Әли, есіңде болсын. Үлкен кісіге құрметі жоқ адамды Тәңірісі де сүймейді. Ол мұсылман болмаса да, сақалының ақтығы сенің бәсіңнен артық болуы әбден мүмкін. Барып, одан кешірім сұра, – дейді. Әли қайтып келіп, қариядан кешірім сұрайды. Ол:

– Неге кешірім сұрайсың? – деп қайран қалады.

– Мен тәкаппарлықпен жолыңызды кесіп өттім, сізді менсінбедім, – дейді. Ол кезде қария Қызыр бабаға айналып:

– Әли, мен сені сынап едім. Егер артыңа қайырылмай кете бергеніңде, тәкаппарлық сені тозаққа түсірер еді, – деді. Әлидің өзін жеңе білетін батырлығына риза болған Қызыр баба оған батасын береді. Әли бір апаттан аман қалғанына шүкірлік айтып, пайғамбарға келеді. Расул:

– Әй, Әли, мен саған: «Ол қарттың сенен бәсі артық», – деп айтып едім ғой. Бұдан былай үлкеннің алдын кеспе, – дейді. Пайғамбардың бұл сөзі қауымға тез таралып, келе-келе көркем сүндеттерінің бірі болып бекіпті.

Жолаушының жол ақысы

Бірде Ұлықпан хакім жолда бір аттылы кісіге кез болады. Екеуі әңгімелесіп, бір ауылдың шетіне ілінеді. Күн кешкіріп қалған кез екен. Ауыл іргесінде бір топ бала ойнап жүреді. Бір кезде олардың ішіндегі ересектеу біреуі жастауын байқамай ұрып, өлтіріп қояды. Өлген баланың шешесі қарғанып:

– Ойбай, көк түйнек! Жалғызымның түбіне жеттің-ау! – деп еңіреп, әлгі баланы желкесінен келсаппен түйіп қалады. Соққы қарақұсқа тиіп, бала сол мезетте жан тапсырады. Оны көріп екінші баланың әкесі жетіп келеді. Ақылын ашу-ыза билеп, әйелді сойылмен соғып мерт қылады. Осылайша бие сауым уақыттың ішінде төрт-бес адам қаза тапты. Мына оқиғадан Ұлықпанның жаны түршікті. Бұрылып серігіне қараса, ол селт етпестен көз алмай қарап тұр екен.

– Ау, ағатай! Жазықсыз жандар шыбындай қырылды ғой. Бұл не сұмдық! Барып ажыратпаймыз ба? – деп атын тебіне бергенде, әлгі кісі қолынан ұстап:

– Үндемей, тыныш тұр! Мұның бәрін жасап жатқан – мен, – дейді. Ұлықпан оның Әзірейіл періште екенін сол кезде бір-ақ білді. Былай шыға бере:

– Уа, Әзірейіл, әп-сәтте бірнеше адамды бақиға аттандырдық. Менің қанша жыл ғұмырым қалды, айта аласың ба? – деп сұрайды.

– Үйленіп, некеңді қидырған күннің ертеңіне өмірің үзіледі. Ажалды шымылдықта күтіп алуға қамдана бер, – деп атын қамшылап, кетіп қалады. Ұлықпан әлі үйленбеген бозбала жігіт екен. Сол күннен бастап Ұлықпанның ішкені ірің, жегені желім болады. Уайымнан жағы суалып, жүзі қуарып жүдеп кетеді. Ауыл-ауылды аралап:

– Үйленген күннің ертеңіне өлетін адамға кім тұрмысқа шығады? – деп сұрайды екен. Мұны естіген қызы бар адамдар:

– Мына неменің есі дұрыс емес шығар. Үйленбей жатып көктей солатын жігітке кім қызын береді? – деп сөгеді екен. Бір күні ажалға да айла табатын ақылды бір қыз Ұлықпанға тұрмысқа шығуға келісім береді. Екеуі отау құрып, шаңырақ көтереді. Неке түні келіншегі:

– Ертең періште жаныңды алуға келгенде сен оған: «Екеуміз сапарлас болып едік. Жолаушының жол ақысы деген бар. Сол ақымды қайтар», – де. Сонда ол: «Тілегіңді айт», – дер. Сен: «Құдайдан мың жыл ғұмыр алып бер», – деп қолқа сал, – дейді.

Таң атпай Әзірейіл де келіп жетіп:

– Ұлықпан, дәм-тұзың таусылды. Кеудеңдегі жан-аманатты тапсыр, – дейді. Ұлықпан:

– Әй, Әзірейіл, екеуміз сапарлас болып едік. Менің жолаушылық ақымды бер, – дейді. Әзірейіл:

– Уақытың тым аз. Тез айт, – дейді.

– Маған Тәңірден мың жыл ғұмыр сұрап алып бер. Әйтпесе, жол ақымды ақиретте сұрап, жағаңа жабысамын, – дейді. Әзірейіл мына сөзді естігенде сілейіп тұрып қалады. Сосын Алладан:

– Уа, Жасаған! Ұлықпан менен жолаушылық ақымды бер дейді. Ақысына мың жыл ғұмыр тілейді. Не істейін? – дейді.

– Пендемнің өлетін күнін айтпауың керек еді. Ол қайғырып, уайымға салынды. Оның жол ақысын талап етіп, қолқа салуы орынды. Әділдік заңы бойынша оның ақысын толтырып беруге міндеттіміз. Мен – жомарт Құдаймын. Сұраған мың жыл ғұмырын бердім, – дейді Хақ тағала.

Ақылды әйелінің арқасында Ұлықпан мың жасаған екен. «Қапияда қатын ақыл табады» деген сөз осыдан қалған екен. Содан бері ел арасында «жолаушы ақысы», «дос ақысы» деген сынды салттар пайда болыпты. Ұлықпанның екінші бір аңызында хакім бір жас баламен сапарлас болады. Жас жігіт салған жерден:

– Ақсақал, жолымыз бір сияқты, әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын, – дейді. Ұлықпан:

– Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл, – дейді де, үн-түнсіз жүре береді. Сөз астарын ұқпаған бала қайтадан қолқалап:

– Ақсақал, көпті көргенсіз. Ақыл айтыңыз, – дейді. Ұлықпан хакім бұрылмастан:

– Балам, отырған орныңды сақта, – дейді. Бала бұл сөздің де мәнісін аңғармады.

– Ата, болмаса білгеніңізді айтыңыз. Біз де біле жүрейік, – дейді. Ұлықпан:

– Балам, асылыңды сақта, – дейді. Бала ішінен «Мынау бір қырсық шал екен» деп ойлайды.

Осылайша екеуі бір ауылдың шетіне ілігеді. Ұлықпан:

– Балам, мына ауылдан құман сұрап әкелші, дәрет алайын, – деп баланы жұмсайды. Бала ауылдан құман сұрап барса, олар:

– Құман сұратқан кісінің есімі кім? – дейді. Бала:

– Атын білмеймін, – дейді. Ауыл жұрты:

– Құман сұратқан молданың атын білмейтін қандай кещесің? Сапарда қарияның атын сұрамай, насыбай сұрадың ба? – деп ұрысып жібереді. Бала қайтып келіп, ақсақалдың атын сұрайды. Қария:

– «Ұлықпан хакім деген кісі сұратып жатыр» деп айт, – дейді. Ұлықпанның атын естігенде ауыл ақсақалдары оның алдынан шығып, қарсы алады. Қой сойып, қонақ қылады. Ұлықпанға сәлем беретін кісілер көбейген сайын қасындағы серігі үлкендерге орын беріп, есікке ығыса береді. Ұлықпан мұны әдейі байқамаған болып отыра береді. Серігі босағада отырған сол ауылдың балаларымен табақтас болады. Ет турап отырғанда бір бала оның кездігін сұрап алып, қайтармайды. Ұлықпан хакім мұны да байқамаған сыңай танытады.

Қонақтар тарқаған соң серігі Ұлықпанға:

– Ата, кездігімді бір бала алып, бермей кетті. Алып бересіз бе? – дейді.

Ертесіне аттанарда Ұлықпан қасындағы жас баланы көрсетіп:

– Мына бала – немере інімнен қалған жалғыз тұяқ. Осыдан бір жыл бұрын інім сапарға кеткеннен оралмады. Іздеп, мәйітін таптық. Жон арқасында бір кездік қадалып тұрды. Содан бері «Бұл кездіктің егесі табылар ма екен» деп ел аралап жүрген жайымыз бар. Кеше кездіктің егесі осы ауылдан табылды, – дейді.

Ауыл ақсақалдары кездікті алған баланы шақыртып:

– Кездікті не үшін алдың? – деп сұрағанда, еш нәрседен хабары жоқ қаннен-қаперсіз тұрған бала:

– Бұл кездік менікі, – деп жауап береді. Бұл уәжді пайдаланған Ұлықпан:

– Өз сөзі – өзіне куә. Інімді бұл баланың әкесі немесе ағасы өлтірген, – деп құн сұрайды. Алған бала: «Кездікті ойнап алып едім», – деп азар да безер болады. Ұлықпан құн даулап отырып алады. Ақсақалдар шарасы құрып:

– Айып бізден. Төрелігін өзің айт, – дейді.

– «Ердің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы» деген. Жүз жылқы алғанмен, інім тірілмес. Баласына ер-тұрманымен ат мінгізіп, шапан жабыңдар. Осымен бітісейік! – деп төрелік айтады. Ел-жұрт бітімге риза болып, сұрағанын береді.

Хакім ауылдан ұзағасын жас жігітке:

– Кездескен күні жөн сұраспадың. «Бір көргенің – біліс, екі көргенің –таныс, үш көргенің – туыс» деген. Таныспай жатып әңгіме сұрадың. Мен саған: «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл», – дедім астарлап. Оны ұқпадың. Соның кесірінен бір құманға екі бардың. Екінші мәрте әңгіме сұрағанда: «Орныңды біл», – дедім. Сөз мәнісін білмей, босағадан бір-ақ шықтың. Үшінші ретте: «Асылыңды сақта», – дедім. Бозбалалар басынып, кездігіңнен айырды. Соның кесірінен жалған дау шығарып, өтірік құн сұрадым. Жолаушылық ақың үшін кездігіңді әперемін деп, келеңсіз дауға киліктім. Бұдан былай сөзді ишарадан ұқ. Жақсыға ишара, жаманға не шара? – депті.

Жолаушыны жын-шайтаннан сақтайтын амал

Адам ата, Хауа ана, Ібіліс, тауыс және жылан жұмақтан қуылады. Адам ата Үндістандағы Сарандиб тауына, Хауа ана Арабиядағы Жиддә тауына түсті. Ібілісті Басраға түсіреді. Иракта бүлік оқиғалар көп болатыны содан екен. Жыланды Исфаханға, тауыс құсы Йеменге түседі. Адам ата жерге түскеннен кейін Ібіліс барлық айла-шарғысын қолданып, оны өлтіруге тырысып бағады. Жер жүзіндегі барлық мақұлықтарды, хайуанаттарды оған айдап салып: «Сендерді қырып-жоятын Адам келді. Оны қалайда өлтіріңдер», – деп азғырып бағады. Аңдар жиналып, Адамды өлтірмекші болады. Құстар келіп Адамның басын шұқиды. Адам ата Тәңірден жәрдем сұрайды.

Жебірейіл:

– Мына үш жануардың басынан сипасаң, саған қияметке дейін қызмет етеді, сені қорғайды, – дейді. Олар ит, жылқы, қыран құс екен. Қыран құстардан, ит аңдардан қорғапты. Ал жылқы малы Адамның ең жүйрік көлігі болыпты.

Ібіліс дұшпандық әрекетін жалғастыра береді. Адам атаға тісі батпаған Ібіліс енді Жидда тауында жалғыз қалған Хауа анаға қастық істеуді ойлайды. Хауа ана Тәңірге жалбарынып, көмек сұрайды. Сол кезде көктен періштелер түсіп, Мекке қаласының айналасын дөңгелетіп сызады. Ібіліс сызықтан өте алмайды. Хауа ана Ібілістің қастығынан құтылады. Періштелер сызған сызық кейін келе «Харам сызығы» немесе «Харам шекарасы» деп аталған екен. Яғни, Ібіліске, жын-шайтанға кіруге харам деген мағынаны береді. Қазіргі кезде Мекке шаһарының айналасында Харам сызығы деген атау бар. Мұсылмандар жапан далада жалғыз қалса немесе түнейтін болса, айналасын сызып, Құраннан үзінді аяттар оқып, үшкіріп, сосын барып жатады екен. Уақыт өте келе ырым-тыйымға айналыпты. Кей діни кітаптардың баяндауынша, Адам ата ұрпағына:

– Кім түзде түнейтін болса, айналасын сызып қойсын. Жын-шайтаннан аман болады, – деп өсиет еткен екен25.

Жүргенге жөргем ілінеді

Ыбырайым пайғамбардың Құдай сүйген тағы бір қасиеті болыпты. Ол бір жаққа сапар шегетін болса, үйінің есігін ашып кетеді екен. «Біреу қонаққа келсе, аш кетпесін» деп, дастарқанға азық-түлік сақтап қоюды әдетке айналдырады. Ол жоқта үйіне келген мейман-мүсәпірлер ас-ауқаттан дәм татып, риза болып жүріпті. Пайғамбардың бұл ісі айналасындағы көрші-қолаңға, ұрпағына үлгі болады. Бұл жоралғы қазақ халқының да қонақжайлық дәстүріне айналады. Ел қоныстан көшкенде ағашқа жөргем іліп кетіп отырады. Мұны «жолаушының сыбағасы» деп атайды. Ел көшер алдында арнайы мал сойып, оның ішектерін пісіреді де, жақын маңдағы ағаштарға іліп кетеді. Қарны ашып келе жатқан жолаушы жөргемге кездессе, оны суға қайнатып, нәр алады екен. Қазақ арасындағы «жүргенге жөргем ілінеді» деген сөздің астарында Ыбырайымнан қалған үлгі-өнеге жатыр деседі.

Айды құрметтеу

Ертеде Күн мен Айдың нұры бірдей болған екен. Екеуінде жетпіс бөліктен тұратын шуақ болыпты. Жарығы тең болғандықтан, ол кезде күндіз де, түн де болмапты.

Бір күні Жаббар Хақ Жебірейілге:

– Мен түнді жаратамын. Айдың нұрынан шуақ ал, – дейді.

Жебірейіл қанатымен айдың жүзін үш рет сырып, шұғыласын жинап алды. Алпыс тоғыз шуағын алып, күнге қосады. Күннің нұры артып, бұрынғысынан қатты жарқырапты. Ай тек түнде шығып, шамшырақ болыпты. Нұрының азайғанына қайғырып, өңі түнеріп кетеді. Сол кезде Ұлық Алла:

– Әй, Ай! Сенің адамға көрсетер қызметің күннен бір мысқал да кем болмайды. Түнде шығып, жолаушылардың адаспай жол табуына жәрдем бересің. Күнге нұрыңнан сыбаға бергенің үшін адамдар да сені құрметтейтін болады. Әр туғаныңда саған сәлем беріп, қарсы алады, – дейді.

Ай сабасына түседі. Өзінің бір шуағымен түнде адамдарға жол көрсетеді екен. Жебірейіл періште нұр алуға келген кезде қанатымен айдың бетін жырып алыпты. Ай бетіндегі жырық сызықтар содан қалған деседі26.

Халық та Айды құрмет тұтып, жақсылыққа ырымдайды екен. Жаңа Ай туғанда:

– Ай көрдім, аман көрдім,

Бұрынғыдай заман көрдім,
Ескі айда есірке,
Жаңа айда жарылқа,– деп сәлемдеседі.

Ел аузында да «Айға қаратып дәрет сындырма», «Айға қол шошайтпа», «Айға қарап күлме, жылама» деген тыйымдар пайда болады. Ай сәулесі адамға түспесін деп терезені түнде жауып жатады екен. Ай сәулесі түскен адам айкезбе ауруына ұшырайды деген де наным бар.

Бейуақытта жылама

Діни аңыздарда Ібіліс үш рет еңіреп жылаған деп айтылады. Ең алғаш жұмақтан қуылғанда жылапты. Екінші рет тағдыр тақтасынан өзінің болашағын көргенде бетін жыртып дауыс салыпты. Үшінші рет Мұхамбет пайғамбар туғанда қара жамылып отырып қалыпты. Бетін тырнап, шыңғырған кезі күннің батып бара жатқан сәті екен деседі. Содан бастап «қас қарайғанда жылама, шыңғырма, дауыс салма» деген ырымдар шығыпты. Күн батқанда жылаған адам Ібіліске жақтас боп, оның дауысына үн қосып жылайды деген түсінік бар.

Күн батарда ұйықтама

Тәңірдің ырзық тарататын Рузан деген періштесі бар екен. Ол таң ата жерге түсіп, адамдарға ырзық, несібе таратады екен. Күн шыққанша ұйықтайтын адамды Тәңірдің несібесінен мақұрым қалған деп түсінеді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал осыған орай айтылған. Рузан періште қас қараяр кезде де жерге түсіп, ырзық таратады. Күн батарда ұйықтап жатқан адамды өлі санатына қосып, ырзығын кемітеді екен. «Күн батарда ұйықтама, періште сені өлінің санатына қосады» деген түсінік осыған орай айтылған. Ымыртта әйел баласына жалаңбас далаға шығуға, кірдің суын төгуге тыйым салған. Іңірде жындар мен перілер батыстан шығысқа қарай көшеді екен. Жын-жыбыр кірдің суымен шөлін қандырып, содан қуат алады. Кірдің суын үйдің есік алдына төксе, жындар жиналып қалады дейді. Сыр өңірінде мынадай аңыз айтылады. Ертеде Сейітжан деген кісінің әйелі үйде кір жуып болып, суын төгуге сыртқа шығып кетеді. Сүт пісірімдей уақыт өтсе де, қайта оралмайды. Сейітжан әйелін әрі-бері күтеді. Оны іздеп, тысқа шығады. Біраз іздейді, таба алмайды. Көршілерінің үйіне барып шығады, оларда да жоқ. Сол кезде Сыр бойында Әубәкір деген атақты ишан бар екен, соған барып жағдайын айтады. Ол:

– Әйелің кірдің суын намазшамда бекер төккен екен. Шамасы әйеліңді көшіп бара жатқан перілер ала кеткен. Мен оларға хат жазып берейін, сен соны апарып бер, – дейді.

– Оларды қалай табамын? – дейді.

– Кешке дәретіңді алып, тазаланып, алдарынан шық. Есігіңнің алдына кірдің суын қойсаң, өздері үймелейді. Сол кезде менің берген хатымды біреуіне ұстат, – дейді. Сосын тұмар жазып беріп:

– Мына тұмар сені жын-жыбырдан қорғайды. Саған тиісуге батпайды, – дейді.

Сейітжан ертесіне кеш бата есігінің алдына кірдің суын қойып, жын-перілердің көшін күтеді. Кірдің суының иісін сезген жындар Сейітжанға қарай жақындайды. Сол кезде ол хатты көсемдеріне ұстатады. Ол хатты оқиды да, көшті тоқтатып:

– Мына адамзаттың әйелін кім алды? – деп айқайлайды. Ешкім үндемейді. Екінші рет айқайлайды, онда да ешкім үндемейді. Үшінші рет айқайлағанда бір жын шығып:

– Мен алып едім, – деп қайтарып берген екен. Сейітжан әйелін алады да, қазыққа байлап қояды. Жын-перілер көшін жалғастыра береді. Олардың қарасы көрінбей кеткенше, әйелі айқайлап, шыңғыра берген екен. Таң ата Сейітжан әйелін ертіп, Әубәкір ишанның алдына әкеледі. Ол бір қағазға ішірткі дұғасын жазады да, кесеге салып, үстіне су құяды. Су көк түске боялады. Сосын оны әйелге ішкізіп, тұмар жазып береді. Кетерінде Сейітжанға:

– Әйелің жалаңбас жүрмесін, – деп қатаң ескертіпті.

Тырнақ пен шашты далаға тастама

Тырнақ пен шашты күтіп ұстау Ыдырыс пайғамбардан қалған сүндеттің бірі екен. Ыдырыс 20 жасқа келгенде оған Жебірейіл періште келіп, тазалықты үйретіпті. Діни кітаптарда Ыдырысқа отыз парақтан тұратын кітап түсті делінеді. Бұқара халық соның арқасында кітап оқып, арам мен адалды айыруды үйреніпті. Дәрет алып таза жүру, ғұсыл құйыну, шаш-тырнақты күтіп ұстау парыз болып бекиді. Осыдан бастап «шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген сөз қалыпты. Тырнақ пен шаш алғанда оны жерге көму қажет. Себебі, тырнақ пен шаш жын-перінің сүйікті азығы саналады. Шаш пен тырнағын жынға алдырған адамның басы ауырады екен.

Дәрет алып, таза жүр

Мұхамбет пайғамбар үнемі дәрет алып, таза жүруді насихаттаған. Дәретсіз адамға жын-пері, шайтан үйір болады. Ол туралы пайғамбар өзінің хадисінде: «Адам баласының көзі ілінген заманда, шайтан оның желкесіне үш түйін байлайды. Сол арқылы адам баласы ұйықтап кететін көрінеді. Ұйқыдан оянған кісі Тәңірі тағаланың есімін аузына алып, «біссімілдә» деп орнынан тұрса, бір түйіні шешіледі, дәрет алып, тазарған кезде, екінші түйіні шешіледі. Намаз оқығанда үшінші түйіні де шешіледі. Адам баласы сонда ғана басқаларға мейірімді болады, әрі серпіліп сергек жүреді, жолы да ашылады, ісі де оңға басады. Бұл үшеуінің біреуін де орындамаған адамның жолы бітеледі. Денесі салданып, ауыр тартып тұрады. Басқаларға мейірімі де болмайды. Қайда барса кедергіге ұшырайды», – деген екен. Қазақтың таза жүрмесең, бар жақсылықтың есігі жабылады. Басыңдағы бақ құсың ұшады. Дәретсіз адамнан қара жер де жиренеді. Күн көзі де жатырқайды. Жатқанда да, тұрғанда да, жүргенде де таза жүрген адамның әр басқан ізінен нұр қалады деуі тектен-текке айтылмаған.

«Ахуал қиямет» кітабын жазып, халық арасына таратқан Шәді Жәңгірұлы үнемі елді имандылыққа, адамгершілікке шақырып отыратын кісі екен. Шайыр Шаяндағы Аппақ ишан медресесінде он екі пән ілімінен дәріс алған ғұлама жан болыпты. Ол шәкірттеріне:

– Барлық жақсылық тазалықтан басталады. Дәреті толық, таза жүрген адамға бәле жоламайды. Періштелер жолдасы болып, жүрегінде нұры тасып жүреді. Кемелдік қасиет те ондай адамға тез қонады. Нас адам көрде де тыныш жата алмайды. Сондықтан шамаларың келгенше, дәрет алып жүріңдер, – деп ақыл айтады екен. Арасында «Ахуал қиямет» қолжазбасынан таза жүруге қатысты шумақтарды оқып береді. Ол мыналар:

Мәләк айтар: жалған емес бұл айтқаның,
Айтайын: осы еді ғой күнәң сенің,
Көр азап ақиқатта сідіктен-дүр,
Жүрмеді таза болып ағзаларың.

Дәретті сол қолыңмен ал

Қиямет-қайым орнап, махшар майданы кезінде Ұлық Алла әулие, ғұламаларға:

– Мұхамбеттің тозақта жатқан үмбеттерін құтқарыңдар, – деп әмір етеді. Әулиелер сәлдесін тозаққа тастайды да:

– Әй, Мұхамбеттің қарабет үмбеттері. Мынаған жабысыңдар. Тәңірі сендерді құтқаруға рұқсат етті, – дейді екен. Сол кезде азапта жатқан жандар жапа-тармағай жабыса бастайды. Оң қолымен дәрет алып, лас жүргендер сәлдені былғайды екен. Сонда құтқарушылар:

– Тәйт, әрі! Қолың лас. Сәлдені былғайсың, – деп қағып тастайды екен.

Осыған орай мұсылмандар тақуалыққа, тазалыққа қатты мән берген.Сол қолымен тамақ ішуге, оң қолымен дәрет алуға тыйым салыныпты.

Ғұсыл-дәретпен жүру

Кебін екі түрлі болады: бірі – марқұм болған жанды арулап орайтын бөз мата, екіншісі – адамның ғұсыл-дәреті. Діни кітаптарда ғұсылсыз өлген адамның жаназасы шығарылмайды деп жазылған деседі. Ертеректе Үрімжі жерінде бір бай қайтыс болады. Ел-жұрт жиналып жаназасын шығарайын десе, бай сол түні тоқалымен қоныпты. Молда:

– Марқұмның ғұсылы бар ма еді? – деп сұрайды жамағаттан. Байдың тоқалы:

– «Ғұсылды таңертең аламын» деп ерініп жатып қалып еді. Таңертең тіл тартпай кетті, – дейді жылап-сықтап отырып. Молда:

– Ғұсыл – адамның рухани кебіні. Онсыз мен жаназа шығара алмаймын, – дейді. Жұрт:

– Енді не істейміз? – дейді.

– Пәлен деген жерде түген деген молда бар. Соған барып көріңдер. Кітаптарын ақтарып отырып, бір пәтуа табар, – деп молда кетіп қалады.

Байдың ұлы түгенше молдаға барса, ол да пәтуасын таба алмайды. Келесі бір молдаға жібереді. Байдың ұлы оған да барады. Ол молда да шара таппайды. Іздеп жүріп бір молдаға барғанда, ол:

– Қашқар қаласында Әзмолда деген дін ғұламасы бар. Бір білсе, сол білер. Болмаса, шара не?! – деп шығарып салады. Байдың ұлы Әзмолдаға барады. Мән-жайды түсінген молда кітаптарын ақтарып отырып, мынадай пәтуа айтады:

– Әкеңнің ғұсыл-дәретін түгендеудің бір ғана жолы бар. Оның жаназасына өзіңнен мал шығармайсың. Ел-жұрттан жылу жинап ас бересің, – дейді. Баласы:

– Елден жылу жинап не керек? Мал өзімде де жетеді. Қанша керек болса, сонша соя аламын, – дейді.

– Жоқ. Өзіңдікі жарамайды. Елді аралап, ағайыннан жылу жинайсың. Көп мал көңілге кір салады. Тәкаппарлыққа ұрындырады. Осынша байлығың бола тұра, қайыршыдай елден жылу жинағанда, кәпір нәпсің езіліп, көңілің кірден ашылады. Тәңірдің қалағаны – осы тазалық. Көңілдің тазалағы арқылы әкеңнің ахуалын жақсарта аласың, – депті.

Байдың ұлы еліне келген соң, арланбай халықтан жылу жинапты. Әкесінің жаназасын абыроймен атқарған екен деседі. Қариялар осы оқиғадан соң балаларына: «Ғұсылды таңға қалдырма, қашан өлерің бір Құдайға мәлім», – деп өнеге айтып отырады екен. Исламда ғұсылсыз қадам басқан адамды «жер қарғайды», «жерді арамдайды» деген түсінік бар. Бұл жайында Қашаған жыраудың да «Дін тірегі – ибалық» деген насихатында:

...Таң намаздан бейхабар
Күн шыққанша жатқаның.
Білдің бе шайтан үстіңе
Жылы көрпе жапқанын?!

Үстің – көрпе, астың – құс,
Ойласаң, ұйқы – жаман іс,
Ғаламат болар көрген түс.
Дәреже көріп жүрсіңдер

Шайтанның сыйлап, баққанын.
Періштелерді қуарсың,
Дүниені харам қыларсың,
Ғұсылсыз қадам басқаның, – деп айтылған.

Ғұсыл-дәреті мұсылман үшін өте маңызды болғандықтан, молдалар: «шариғат бойынша насыбай ататын адамның ғұсыл-дәреті кәміл боп саналмайды. Себебі тістің насыбай қатқан түбіне су толығымнен бармайды» деп үкім беріпті.

Қораға дәрет сындырма

Қазақта төрт түліктің құты, киесі болады деген ырым бар. Мәселен, қойдың құты әрі пірі Шопаната, сиырдікі Зеңгібаба, жылқынікі Қамбарата, түйенің пірі Ойсыл қара деп санайды. Олар малдың өсіп-өнуі үшін дұға етіп, қорғап жүреді деп сенеді. Ал мал жайылымы мен қора-қопсыны төрт түліктің құтты орны дейді. Осыған қатысты ел аузында мынадай аңыз бар. Ертеде бір бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Мал басын көбейту үшін түнде ұйқы көрмейді екен. Ниеті мен еңбегіне қарай малы өне түседі. Бірақ малдың қадірін иесі білгенмен, оның есерсоқ ұлы білмепті. Бірде баласы түзге шыққанда алысқа баруға ерініп, қораның жанына дәрет сындырады. Содан бастап байдың малы кеміп, азая бастайды. Тірлігінде береке болмай, малы жұтқа ұшырайды. Байдың отбасы шілдің тезегіндей шашырап, есерсоқ ұлы да аштан өліпті. Осы оқиғаны көзбен көрген ақсақалдар ұрпағына «қораның ішіне дәрет сындырма» деп тыйым қалдырыпты. Қораға дәрет сындырсаң, береке көшіп, құт шамданады. Нәжіске жын-пері үйіріліп, киені қуады екен. Діни кітаптарда «дәретке шыққанда үйден жеті қадам аттап барып шығу керек» делінеді. Себебі, құт та жұт секілді жеті ағайынды болады. Сондықтан үйде береке болсын десең, жеті қадам аттап барып, алысқа дәрет сындыру қажет.

Табалдырықты баспа

Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбаға құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті. Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен. Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш:

– Қалаған жеріңнен қоныс ал! – дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты.

Артынша Шиштің үйіне Бақыт келіп бас сұғады. Ол төрден орын беруді сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі. Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарқанынан орын алыпты. «Дастарқанда береке бар» деген түсінік осыдан қалыпты. Көп ұзамай Ынтымақ келіп, пайғамбардың қонысынан жай сұрайды. Ол босағаға орналасады. Қазақта «босағаң мықты болсын» деген сөз «ынтымағың мықты болсын» деген тілек екен. Ал «босағада тұрма» дейтіні «ынтымақты бұзасың» деген ырымы деседі. Шиш ізгі амал, қасиеттерді орналастырып жатқанда үйдің бір саңылауынан жын-перілер жасырынып келіп, үйдің бұрыштарына тығылады. Кім бұрышқа отырса, соның арқасына мініп, кеудесін басады екен. Қазақта «қара басты», «еңсені езді» деген тіркестер осыған орай айтылған деседі. Ырым білетін есті кісілер жастарға «бұрышқа отырма» деп тәрбиелейді екен. Үйдің ішін адыраспан не аршамен аластағанда жын-перілер жоғалады деген түсінік бар.

Шиш пайғамбардың оқиғасына сәйкес қазақ арасында ғибратты ертегі бар. Ертеде Нығмет пен Үсен деген ағайынды жетімдер Шаһимардан деген байдың малын бағыпты. Екеуі кисе киімге, ішсе тамаққа жарымайды. Жиырма жыл жалшылықта жүреді. Бай олардың жайын ойламапты. Бір күні екеуі бөлек шығып, байдан ақысын сұрамақ болады. Сараң бай арық ат пен бұзаулы сиыр берді. Берген ақыға разы болмаса да, қанағат тұтудан басқа жолдары жоқ еді. Ат пен сиырды жетелеп, басы ауған жаққа жүре береді. Қас қарая бір өзеннің жағасына келіп демалады. Кешке сиырды сауып, сүтін пісіріп отырғанда аттың дүбірін естиді.

– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – дейді дауыстап.

– Кімсің? – дейді екеуі.

– Атым – Қызыр. Қырғауылдай қорғалап, бөденедей жорғалап келемін, – дейді.

– Қызыр болсаң, қонатын жерге қон. Бізде қазір саған орын жоқ, – дейді. Қызыр кетіп қалады.

Сәлден соң тағы ат дүбірі естіледі.

– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – деп дауыстайды.

– Кімсің? Қайдан келесің?

– Атым – Бақ. Қырдан, ойдан келемін, – дейді.

– Бақ болсаң, орныңды тап. Саған орын жоқ, – дейді. Бақ та кетіп қалды. Үшінші дүбірлеген атты даусы естіледі.

– Әй, кім бар? Сөйлес! Құдайы қонақпын! – дейді жолаушы. Бұлар:

– Кімсің? Қайдан келесің? – деп сұрайды.

– Атым – Дәулет, – дейді.

– Ендеше дәулетті жерге бар. Іздегенің біз емес, – дейді екеуі. Дәулет те кетіп қалады.

Сүт пісті деген кезде ат дүбірі тағы естіледі.

– Әй, кім бар? Құдайы қонақпын! – дейді аттылы.

– Кімсің? Қайдан келесің?

– Атым – Ынтымақ, – дейді. Сол кезде екеуі жүгіріп шығып, аттың шылбырына оратыла кетіп:

– Ынтымақ болсаң, қонақ бол. Біздің іздегеніміз – сенсің, – дейді екеуі.

Соятын атты көлденең тартып, «Әумин!» деп бата сұрайды. Ынтымақ:

– Жан баққан жалғыз атты маған сойсаңдар, қалай күнелтесіңдер? – дейді.

– Үйде ынтымақ болса, жоқшылық кірмес. Қайғы-мұң баспас. Мал тағы да бітер, бақ қайта қонар. Батаңды бер, – дейді жігіттер. Ынтымақ екеуіне риза болып, екі алақанын жайып жіберіп:

– Құдай оңдасын, Қызыр қолдасын! Бақ қосылып, Дәулет дарысын. Аллаһу акбар! – деп бата береді. Нығмет пен Үсен атты сойып, етін қазанға салады.

Ет пісті деген кезде сырттан көп аттың дүбірін естиді. Қараса, Қызыр, Бақ, Дәулет – үшеуі қайта келіп тұр екен. Екі жігіт жүгіріп шығып, қарсы алады. Оларды әлгінде қондырмағаны үшін кешірім сұрайды. Қызыр:

– Балаларым, оған қысылмаңдар, Ынтымақ болмаса, Қызыр қонбайды, Бақ қарамайды, Дәулет дарымайды. Біз Ынтымақтың бастауымен келдік. Көсегелерің көгеріп, өркендерің өссін! – дейді.

Ертесіне төрт қонақ батасын беріп, аттанады. Содан бастап Нығмет пен Үсеннің үйіне береке дариды. Бай болып, бақуатты жанға айналғанда да, екі жігіт ынтымағын жоғалтпапты. Ұрпақтарына «Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ» деп өсиет қалдырған екен.

Түнде суға барма

Жынның басшысы Самандун Сүлейменге мың жүйрік тұлпар ұстап беріпті. Сүлеймен оның қызметіне риза болып:

– Не сұрайсың? – дейді. Самандун:

– Өзен-көлді ежелден мекен етуші едік. Оны бізден тартып алып, оны адам ұрпағына бердің. Бізге мекенімізді қайтар! – деп сұрайды. Сүлеймен:

– Дегенің болсын. Бірақ түнде пайдаланасың. Күндіз адам баласының игілігінде, – дейді. Содан жын-жыбыр түнде өзен-көлді аралап, сайран құрады екен. Бір күні бір жігіт үйінде ішерге суы болмай, түнде өзенге барады. Барса, жындар су бермейді. Жігіт Сүлейменнің сарайына барып, болған жайды айтып береді. Сүлеймен жігітке бір дұға жазып береді де, Самандунға сәлем айтады:

– Суға барғанда мынаны оқы, Самандуннің есіне сал, – дейді. Жігіт суға барып дұғаны оқиды. Дұғасы мынадай екен: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет». Оны естігенде Самандун барлық жынға:

– Бұл жердің шын егесі – Сүлеймен патша. Су беріңдер, – дейді. Содан бастап адамдар түнде су алғысы келсе: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет», – деп сұрайды екен.

Қазақ арасында «түнде суға барма, суға түспе» деген ырым осыдан қалыпты.

Түнде жалғыз суға түспе

Қазақ халқы өзендерде, қамысты сай-салаларда, иірімді тұмаларда сұлу арулар – су перілері өмір сүреді деп сенеді. Оларды Күлдіргіш деп атайды. Күлдіргіштер су түбінде жасырынады. Тұңғиықта, сарғыш қоңыр өзен балдырында Күлдіргіш жасырынатынын көп адам біле бермейді. Перілер жалаңаш келіп, шомылып жүрген адамдарды қызықтырып арбайды. Олар жақындай бергенде ұзын қолдарымен су түбіне, балдырлы түнекке тартып әкетеді. Сондықтан түнде жалғыз суға түсуге болмайды. Ел арасында жалғыз шомылып, түсініксіз жағдайда суға ағып өлетін кісілердің ажалын осы Күлдіргіштермен байланыстырады.

Түсіңді бейпіл ауызға жорытпа

Түс – Тәңірі жаратқан кереметтің ең кішісі екен. Ол үш түрлі болады. Алғашқысы – шайтани түс. Бас-аяғы жоқ, адамды мазалап, түсініксіз күйге түсіретін шым-шытырық түсініксіз түс. Ел оны шайтанның әсері деп сенеді. Екіншісі – періштелер көрсететін түс. Ол таң алдында көрінеді. Өте қысқа және ап-анық болады. Есіңнен шықпайды. Бұл түсті келешектегі жақсылық-жамандық ишараттан белгі-хабар деп ырымдайды. Үшіншісі – қияли түс. Бұл – шайтан мен періштенің әсерінсіз, адамның өзі көретін түс. Мұны адам қатты шаршағанда немесе қатты ойланып, мазасызданғанда көреді екен. Түс сөзінің төркіні реңсіз дегенді білдіреді. Адам түсті жору арқылы оған рең, түс береді. Дұрыс жорылмаса, түс өңінде құбылып кетеді. Ертеде бір малшы қазақтың жас келіншегі түс көрген екен. Оның аяғы ауыр екен. Түсінде екі көкжал арлан қасқыр екі омырауын жұлып жеп жатады. Түсінен шошып оянса, таң рауандап атып қалған екен. Орнынан тұрған жас келіншек байыз таппай, түсімді жорыта қояйыншы деп, жақын маңдағы бір белдің астында отыратын түс жоритын бір қарияның үйіне келеді. Қария мал өрістетіп, үйінен шығып кеткен екен. Қарияның үйде қалған кемпірі жас келіншектен «не бұйымтайың бар?» деп сұрайды.

Келіншек көрген түсін жорытқалы келгенін айтады. Кемпір:

– Қандай түс? – дейді. Келіншек түсін айтып береді. Кемпір:

– Әттеген-ай, балам, жақсы түс көрмепсің. Сені екі қасқыр талап жейді екен, – деп жамандыққа жориды. Жас келіншектің үрейі ұшып кетеді. Үйіне қарай тұра жүгіреді.

Сәлден соң, түс жорушы қария үйіне оралады. Кемпір алдынан шығып жас келіншектің түсін жорып бергенін айтады. Қария кемпірін қамшымен тартып жіберіп:

– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Аузыңнан бір жақсы тілек шықпады ма?! Түс жорушысын тапқанша қыл көпірдің үстінде, ұстараның жүзінде тұрады. Жамандыққа жорысаң, жолдан тайып кетеді. Түс көргенді майып етеді. «Түстің жақсылығы жорушыдан» деген. Келіншектің түсі киелі түс екен. Көкжалдай егіз ұл туатын еді. Омырауын жұлып жатқан көкжалдар сол емес пе?! – деп атына мініп, келіншектің ізінен қуып кетеді. Жолда әлгі жас келіншектің өліп жатқанын көреді. Екі омырауын екі қасқыр жеп жатыр екен. Қарт өкініштен күрсінгенде қолындағы қамшысы сынып кетіпті.

Осыдан бастап «түсті бейпіл ауыз адамға жорытпа» деген ырым шығыпты.

Жайнамаздың шетін қайырып қояды

Бірде Ғайса пайғамбар намаз оқып тұрған Ібілісті көріпті. Астына жайнамаз төсеп алыпты. Ғайса:

– Әй, малғұн, сен намаз оқитын болғансың ба? – деп сұрайды.

– Білмеуші ме едің? Мен қырық мың жыл періштелерге ұстаздық еттім. Жүз мың жыл Тәңірге құлшылық қылдым. Бұл сонан қалған әдет қой, – дейді. Ғайса:

– Намазды әдет қылғаннан Құдай сақтасын. Жайнамазды қайдан алдың? – дейді.

– Ашық тұрған жайнамазда мен намаз оқимын, – деп жауап қатыпты.

Содан бастап жайнамазды жауып жүру, шетін қайырып қою туралы тыйымдар қалыптасыпты.

Сейсенбі күнгі сақтық

«Сейсенбі күні тырнақ, шаш алуға, алыс сапарға шығуға, ағаш кесуге болмайды» деген тыйым бар. Себебі, Ұлық Алла сейсенбі күні қайғы-қасіретті, ауру-сырқауды жаратқан деседі. «Қисса сүл-әнбия» аңыздарында сейсенбі күні Қабыл Әбілді қызғаныштан ұрып өлтіріпті. Ең алғашқы адам қан сол күні төгіліпті. Намрұт патша Ыбырайым пайғамбарды сол күні отқа жағады. Пайғамбарға қастық ойлайды. Жүніс пайғамбарды кемеден суға лақтырады. Оны Құдайдың әмірімен үлкен балық жұтып, соның қарнында қырық күн жатады. Жақия пайғамбар осы күні зұлымдықпен өлтірілген екен. Зәкәрия пайғамбарды дұшпандар арамен кескілеп өлтіреді. Ол жаны шыққанша ара зікірін айтып, иманын сатпапты. Ара зікір осыдан қалыпты. Сүлеймен пайғамбар сейсенбіде жүзігін ұрлатып, сайтанға дес беріпті. Қала берді, тағынан айрылып, қайыршыға айналыпты. Залымдар осы күні Салық пайғамбардың түйесіне қастық жасайды. Топан су сейсенбі күні басталыпты. Пайғамбарлардың басындағы ауыр жағдайлар сейсенбі күні болғандықтан мұсылмандар сейсенбі күні барынша сақтанады екен. Қазақ арасында да «сейсенбіде сейіл құрма» деген мақал бар.

Өсек айтпа

Бірде Мұхамбет пайғамбар сахабаларына:

– Өсек айту – ғайбат, зинадан да ауыр күнә, – дейді. Сахабалар таңғалып:

– Уа, Тәңірдің елшісі! Өсек зинадан қалайша ауыр болады? – деп сұрайды.

– Зина жасаған адам өз ісін күнә деп біледі. Шын тәуба қылып, өкінсе, Тәңірі кешеді. Өсекші өз ісін күнә деп ойламайды. Екі адамды шағыстырып, бүлікке жол ашады. Бәлесінен қаншама жан азап тартып, қиянат көреді. Өсектің зинадан ауыр болатын себебі – осы, – депті. Мұсылмандар арасында өсек айтуға тыйым осылай шыққан екен. Қазақ арасында да осыған байланысты «Ердің ғайбатын айтпа, қайратын айт» деген сөз тараған екен.

Темекі тартпа, насыбай атпа

Жаббар Хақ Адамды топырақтан жаратқанда періштелер Адамға құрмет көрсетіп, сәжде етеді. Тек Ібіліс иілмей тұрып алады. Ұлық Алла:

– Ей, Ібіліс! Неге адамға тағзым етпедің? – дейді. Ібіліс:

– Мен оттан, ол топырақтан жаралды. Одан артықпын, – деп жауап береді.

Сол кезде Тәңірі қаһарланып, Ібіліске лағнет қамытын кигізеді. Алланың қаһары жауғанда Ібіліс қорыққаннан зәрін жіберіп қойыпты. Пейішті ластапты. Құдай тағала періштелерге:

– Мына малғұнның зәрін жерге шашыңдар. Кімде-кім хақтан тайып, Ібілістің жолын ұстанса, оның жейтін тамағы осы зәрден болсын, – дейді.

Періштелер оның зәрін жерге шашады. Ібілістің зәрі тиген жерлерден темекі, насыбай, көкнәр өсіп шығыпты.

Ібілістің балалары

Тәңірі Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көрді. Сол кезде Ібіліс лып етіп Адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене мүшесін, ағзасын, қан тамырларын аралап шығады да, үш баласын Адамның үш жеріне орналастырады.

Бірінші баласын Адамның өңешіне жайғастырып:

– Сен көмейде отыр. Адам сөйлегенде сөзінің арасына анайы сөздер салып тұр. Сенің әсеріңнен жағынан жаңылып, басы бәлеге шатылатын болсын, – деп тапсырады. Екінші баласын жүрекке орналастырып:

– Адамның жүрегіне күмән саласың. Соңғы демі үзілгенше күдіктен арылмайтын болсын, – дейді. Үшінші баласын қуықтың басына қойыпты:

– Сен кіші дәрет алғанда бір тамшы зәрін тұтып қал. Адамдар құлшылыққа кірісіп, намазын өтеп жатқанда бір тамшы зәрді ағызып, оның дәретін бұзасың, – дейді. Содан бастап Ібілістің үш баласы адамның үш жерінде отырып, кесірін тигізетін болыпты. Егер пенде аңдап сөйлемесе, басы дауға шатылып, тірісінде Тәңірге иман келтірсе де, күмәннан айықпайтыны және намазының жиі бұзылатыны содан екен.

Сондықтан мұсылмандар дәрет алғанда тамағын терең шайып, «ғар-ғара» тартып, өңештегі шайтанды қуады. Тәңірдің есімдерін зікір етіп, жүректегі шайтанды тоқпақтайды. Дәрет алғанда таһараты кәміл болмай, намазға тұрмайды. Екінші бір аңызда Ібіліс періште сипатында келіп, Адам мен Хауаға бір қоржын беріп кетеді. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана әлі еш нәрсенің байыбын білмейді екен. Қоржында ашып қалса, лып етіп балық шығады.

– Е, мынау балық екен ғой. Суға жіберейік, – дейді де, суға жібереді. Қоржынға тағы қолын салып қалғанда саусақтары күйіп қалады. Онда шоқ жатыр екен.

– Мынау шоқты не үшін салған? Отқа тастамай ма? – деп, оны күлге лақтырып жібереді.

Қоржында тағы бір зат қомпиып жатады. Қараса, ет екен.

– Еее, бізге азық жіберген екен ғой, – деп оны жеп қояды.

Қоржындағы үш зат Ібілістің балалары екен. Кейін Ібіліс балаларын шақырып алып:

– Үшеуің жайлы жерге орналастыңдар, – дейді шаттанып. Балыққа ұқсайтын ұлына:

– Сен суға келген адамды азғыр, – дейді. Шоққа ұқсайтын екінші баласына:

– Кім күлді басса, соны тура жолдан тайдыр, – дейді. Етке ұқсайтын кенжесіне қарап:

– Ең жақсы жерге жайғасқан сенсің. Адамның ішінде отырып, оны азғырасың, – депті.

Бақыттың тұрағы

Бір күні Қызыр ата жолаушылап келе жатып Бақытты кездестіріп:

– Әй, Бақыт, мен ел ішін аралаймын, пенденің тілегін Құдайға жеткіземін. Бірақ, қай үйге кірсем де, жұрттың бәрі «бақыт кірсін», «бақытты болайық», «бақыт қайдасың» деп іздеп жатады. Жаббар Хақ сені Адамға серік болсын, өміріне көрік болсын деп жаратты. Шиш пайғамбар алғаш үй салғанда төріне жайғасып едің. Ел-жұрт «Ат аунаған жерде түк қалады, қонақ отырған жерде құт қалады» деп, саған қол жеткізу үшін қонақ шақырып, мейман күтуге таласатын еді. Бірақ өмірде бақытты жандар да көп, бақытсыз бейбақтар да жетерлік. Сен әркімнің қолына түсе бермейтін бір ғайып құсы сияқтысың. Тұрағыңды айтшы, жарқыным. Кімдерге қонасың, кімдерге бұйырмай кетіп қаласың? – дейді. Бақыт:

– Сұрағың орынды, Қызыр баба, – деп әдеппен тағзым етеді. – Мен, ең алдымен, ісінің берекесі жоқ, сөзінің келекесі көп адамға дарымаймын. Ата-анасын сыйламайтын, оларға қызмет қылып, жандарын қинамайтын надандармен де жұлдызым қарсы. Есірік ұл мен кесапат қыздан, ата-енесін күтпеген келіннен алпыс қадам аулақ жүремін. Әсіресе, Тәңірге зікір айтпайтын, иманын дұшпаннан қорымайтын, көрші ақысын жеуден қорықпайтын жандармен Құдай жолымды түйістірмесін деп күніне сан мәрте дұға қыламын, – депті. Қызыр ата тағы да:

– Ал қайда тұрақтайсың? Кімнің шаңырағына шаттық бітіресің, кімнің басына бақ болып бітесің? – деп сұрайды. Бақыт іркілместен:

– Менің ең жақсы көретінім – ата-анасына құрақ ұшып қызмет ететін, бірлік пен ынтымақты ырыс деп ұғатын жандар. Өзгені күндеуден, кісіні мінеуден аулақ момындарды іздеп жүрем. Алланың есімін жаттаған, адалдан басқа татпаған ақжүрек жандармен жылдам жұғысамын. Сахар тұрып, сәресі ішіп, ораза ұстайтын тақуамен тез тіл табысамын. Бейбітшілік пен берекені ту еткен кісілермен тіл қатыспай-ақ ұғысамын, – деген екен. Қызыр ата шаттанып:

– Ендеше сен қонған жанға мен де даримын, – дейді. «Бақ қонып, Қызыр дарыған» деген сөз осыдан қалған екен деседі.

Бата беру

Ыбырайым пайғамбар өте қонақжай адам болыпты. Үйіне келген адамға ас бермей шығармайды екен. Асығыс жолаушының өзіне нан ауыз тигізбей жібермепті. Бір күні уахи ала келген Жебірейіл періштенің өзін дастарқанға сүйрейді. Жебірейіл:

– Асыңа рақмет, уа, Тәңірдің халилі. Мен Алланың уахиын жеткізу үшін ғана келдім, – дейді асығып. Ыбырайым:

– Уахиды артынан айта жатарсың. Әуелі адал дастарқаннан дәм тат. Маған серік бол, – дейді. Періште амалсыз көнеді. Дастарқанға ас келсе де, періште табаққа қол созбай отыра береді. Пайғамбар:

– Неге дәм алмайсың? – дейді. Жебірейіл:

– Мен періштемін. Бұл дүниенің тамағын ішпеймін. Себебі, бұл дүниенің өз тәртібі бар. Бес күн жалғанда ішкен-жегеннің, көрген қызықтың есеп-қисабы бар. Ертең мақшар алаңында бұл пәнидегі ішкен-жегеннің сұрауы болады. Мен соны ойлап, уайымдап отырмын, – дейді.

Ыбырайым езу тартып:

– Сен онда дастарқанға бата беріп, менің отбасыма дұға ет. Астың өтеуі сол болсын, – дейді. Жебірейіл келіседі. Дастарқан басында екеуі сырға толы рухани сұхбат құрады. Періште Ыбырайымның ықылас-пейіліне риза болып, астан соң, дастарқанға бата жасап, дұға етеді. Жебірейіл кетіп бара жатқанда Ыбырайым оны тоқтатып:

– Маған қандай уахи алып келіп едің? Айтпадың ғой, – дейді. Жебірейіл:

– Біздің сұхбатымыз Алланың уахиы еді, – депті.

Осыдан бастап астан соң, дастарқанға бата жасап, дұға тілеу деген дәстүр пайда болыпты. Қазақ арасында осы дәстүрдің берік орныққаны соншама, тіпті ел арасында мынадай аңыздар көп тараған. Кейбір әулие қарттар айналасында отырған адамдардың түгел ас ішіп болуын күтетін болған. Тіпті керек десеңіз киіз үйдің есігінің алдында жем шұқып отырған торғайлардың да жем жеп болуын тосқан екен. Рухани сұхбатты уахиға теңегендіктен де әулие адамдар дастарқан басында дүние сөзін сөйлеп, мағынасыз сұхбат құрудан сақтанған.

Бақ қарасын, Қызыр дарысын

Ертеде Бақ пен Қызыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кәсір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қызырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатқан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасы ұзын адам екен. Қалың қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен. Айналасындағы у-шуды түсінбей:

– Мына шуылдақтар кімдер? – деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қызыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:

– Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтың көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда мен сендерге назар салар едім, – дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.

Бақ қарап, Қызыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Тәңір бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті. Ал ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалыпты деседі.27.

Алланың аманаты

Ұлық Құдай он сегіз мың ғаламға:

– Бүгін сендерге бір аманат ұсынамын. Кімде-кім аманатты қабыл етіп, оған қиянат қылмаса, шексіз бақытқа қауышады. Бірақ аманатты алғаннан кейін оның шарттарын орындамаса, азап тартады, – дейді. Күллі жаратылыс:

– Не аманат? – деп сұрайды.

– Ол – махаббат. Оны иеленген жаратылыс иесі өлгенше сүйіспеншілікпен өмір сүруі керек. Айналасына шуақ шашып, елжіреп тұратын халінен бір сәт те ажырамауы тиіс. Аманатты жоғалтқандар тас жүрек зұлымға айналады, – дейді.

Осы сәтте бүкіл ғалам үнсіз қалады. Тау-тас, аспан мен жер тәуекелге бара алмай, шегіншектеп тұрып қалады. Адам ата ол кезде ілімсіз еді. Аманаттың ауырлығын жете түсінбесе де, Тәңірісінің дидарына ғашық болғандықтан, аманатты арқалап алуға келісті.

Ұлық Алла:

– Мені мұқият тыңда. Егер шын көңілден мойынсұнып, аманатты таза сақтасаң, мәңгілік сый көресің. Ал егер қиянат қылсаң, көретінің – тек азап пен жәбір, – дейді. Адам ата:

– Уа, Тәңірім, аманат майданында менімен бірге боласың ба? – деп сұрайды.

– Әлбетте, дүниеде мен сенімен бірге боламын. Егер сен Мені көркем есімдерімді атап шақыратын болсаң, – дейді.

Тәңірісі уәде берген соң, Адамның жүрегіне сенім кіреді.

– Аманатты маған берсең, мен оны жүрегімде сақтаймын. Оны таза ұстауға тырысамын. Ұрпақтарыма да аманат етемін, – дейді. Құдай тағала:

– Аманатты таза сақтаудың шарттары бар. Мен арам деп тапқан барлық нәрседен аулақ жүресің. Жеген асың адал болсын, сөйлеген сөзің мәнді болсын. Жүрегің кірленбес үшін әурет жеріңді жауып жүруге міндеттісің. Аманатты аман сақтауға да, жоғалтып алуға да септесетін ең басты құралың – қызыл тіл. Тілің ғайбат сөйлемес үшін мен оны үш түрлі қорғанға қамадым. Олар: екі жақ, екі ерін, отыз тіс. Осы үш кедергіден өтіп, өсекке жол беретін болсаң, аманатты ұрлатып аласың. Махаббат кеткен соң, жүрегің қатайып, қиянатты шімірікпей жасайтын зұлымға айналасың, – депті.

* * * 23 Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: «Алматыкітап» баспасы, 2008.

24

25 Asım Köksal. Peygamberler Tarіhі. І Cіlt. – Ankara: Türkіye Dіyanet Vakfı Yayınları, 1995. 26 Yazıcıoğlu Muhammed. İzahlı Açıklamalı Muhammedіye. – İstanbul: Çіle Yayınları, 1978.

27 Қазақ аңыз-ертегілері. Бейжін, 2002.

«Жамандық қашан басталды?» деген сұрақ ықылымнан бері адам баласын ойландырып келеді. Бұл сұрақты француз ғалымы Рене Генон былай деп тарқатады: «Құдай тағала Адамды жаратқан кезде оған ақыл мен ерік берген. Адам атаға он сегіз мың ғаламның есімдері мен сырларын үйретеді. Кәміл ілім береді. Көкірегін хикметке толтырады. Адам сонша ілімді игеріп тұрып қате қадам басуы мүмкін емес еді. Алайда Адам соған қарамай Тәңірі тыйым салған жемісті жеп қояды. Яғни, бұл жерде ақылына емес, еркіне сынатады. Осыдан ақыл мен еріктің тең дәрежеде екенін аңғарамыз. Бидайды жеген сәттен бастап оның бойындағы ерік таңдауы екіге жарылды. Бірі – жақсылық, екіншісі – жамандық. Адам осыдан бастап қалау еркін пайдаланып жамандықты не жақсылықты таңдай алатын болды. Ал әлімсақтан Адамның дұшпанына айналған Ібілістің бойында тек жаман қасиеттер бар еді. Шайтанның бойындағы жамандық атаулы оған ата-бабасынан берілген. Тәңірдің Адамға берген нығметтерін күндеген Ібіліс бар айла-өнерін салып, оларды тура жолдан тайдырды. Тәңірдің рақметінен мақұрым етуге тырысты. Алайда оның ойлаған мақсаты мүлдем орындалған жоқ. Керісінше, адамдар үшін жаңа бір тәртіп, тың жол пайда болды. Кез келген пендеге қалау еркі берілді. «Ерік – адамның шын көркі» деген тәмсіл де осыдан шыққан. Сондықтан да қалау еркі жоқ жан-жануардан Адамның құны артық тұратын болды. Себебі, Адам рухани ерлік істерді қалау еркінің серпінімен жасай алатын қасиетке ие болды. Шаһуат (хайуани инстинкт) күшін жылына бір-ақ рет пайдаланатын айуанның дәрежесі адамнан бәрібір төмен еді. Себебі, олардың еркі Тәңірдің қолында. Жан-жануардың шаһуат құмарлығы Тәңірдің қалауымен реттеліп отырады. Сондықтан Адам ұрпағы қалау еркін тиімді не тиімсіз пайдалану арқылы өзінің бәсін не арттырады, не жоғалтады. Ібілістің бойындағы жамандық атаулы қадым заманда, Адам ата мен Хауа ана жаралмай тұрып пайда болған. Ең алғаш Әбілет пен Тәбілеттің некесіз қосылғанынан пайда болған жамандық қанымен бірге Ібілістің бойынан табылды. Яғни бұл дүниеде жасалған әрбір нәрсе із-түзсіз жоғалып кетпейді. Ол бәрібір кейінгі ұрпақтың өміріне әсер етеді, оның тағдырына үкімін жүргізеді. Қадым кезде жасалған қылдай қиянат сұраусыз қалмайды, ақырында оны жүзеге асырғандар соның зардабын тартады. Ілкі заманнан бері жүріп жатқан біздің іс-әрекетіміздің барлығы Қадым заманда өтіп кеткен оқиғалардың көшірмесі іспетті. Салт-дәстүрдің өміршеңдік сипаты да осында. Яғни адамды кемелдікке жеткізетін, ар-ұжданын сақтауға жәрдем беретін, өмірін көркейтетін салт-дәстүрлердің мәңгілік қасиеті ешқашан жойылмайды. Сол сияқты бізді жамандықтан сақтандырып отыратын ырым-тыйымдардың да қадым дәуірдегі кесапаттарға адамзатты ұшыратпауды көздейтін сакральді сипаты бар. Сонымен қатар салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдардың мәнінде тек таухид, улухият ұғымдары жатады. Ешбір дәстүр бұдан өзге мақсатты көздемейді. Әдет-ғұрыпты бекем ұстаған халықтың жүрегіне бір Құдай ұғымы мықтап орнығады. Олар – сондықтан да әлі жалғасын тауып келеді. Иләһи бастауы бар кез келген дәстүрдің о бастағы шығу тегі бір болған, кейін келе адамдардың сұраныс-тілегі артқан сайын түпкі мәнінен ажырамай, сыртқы сипатында сан түрлі салаға бөлініп кеткен. Киелі мазмұны жоғалмаған дәстүрлер халықтың бойында рухани иммунитет қалыптастырады». Рене Генон осыған байланысты мынадай мәлімет келтіреді: «Париждегі Француз Орта Шығыс институтының ғалымы Поль Пеллиот Орта Азия мұсылман өлкелеріне миссионерлік саясатпен барады. Бірақ бірнеше жылдан кейін ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай қайтады. Себебі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бекем ұстаған халықтар оның уағыз-насихаттарын құлағына да ілмеген»28 дейді. Салт-дәстүрі берік елдің діни қорғанышы мықты болатындығына бұл да бір – айқын дәлел. Армстронгтың пікірінше, адамның өмірін уақыт пен кеңістікке тәуелді етпейтін аңыздық таным логостан бұрын тұрады. Миф тіршіліктің бастауына, мәдениеттің қайнар бұлағына назар салады және адам санасының ең терең қатпарларына сүңгиді. Өмірден мән таппаса, адам ұрпағы тіршіліктен түңілуге бейім тұрады. Қалың жұртқа кең тараған аңыз-әпсаналар бұқара халықтың назарын Мәңгілік Мәнге аудару арқылы олардың қарапайым тұрмыстарын да мағынаға толтырады. Британдық ғалымның осы пікірімен келісуге тура келеді. Себебі, көшпенді қазақтар: «ақты төкпе, Құдайды қинайсың», «етегіңмен бетіңді сүртпе», «қолыңды сілкіме», «жырық ыдыстан су ішпе» деген сияқты ырымдар арқылы күнделікті тіршілігіне рухани әр береді. Тіпті Хақ тағала ең бірінші Әбілет пен Тәбілетке үй бергенде ол үйдің шаңырағы, уығы, керегесі бопты деп көшпенді халықтың киіз үйін сипаттаған. Ырым-тыйымдардың мақсаты біреу-ақ. Ол адамның кемел адам екенін дәлелдеу үшін өмірінің соңына дейін нендей жаман қасиеттерден жеріп, қандай асыл қасиеттерді игеруге тиісті екенін нұсқап тұрады. Аңыз-қиссалар межесін белгілеп берген шеңберден шығып кеткенде адамның айуаннан төмен болу процесі басталады. Осы арада мұсылман жұртына кең тараған бір хадис еріксіз еске түседі. Ұлық Алла періштені жаратып, оған ақылдың нұрын ғана дарытты. Сосын төрт аяқты айуанды жаратып, бойына шаһуат күшін бітірді. Үшінші, адамды жаратты да, оның жан-дүниесіне ақыл нұры мен шаһуатты қатар сіңірді. Егер адам ұрпағы ақылына жеңдірсе, дәрежесі періштеден жоғары болады. Ал егер тұла бойын шаһуат құмарлығы жайлап алса, дәрежесі айуаннан төмен болады. Ғибратты аңыз-әпсаналар – осы ақылдың қай тарапқа бағыт алуын меңзеп тұратын маяктар. Сондықтан да әлем халқында Құдай салған тыйым талаптарды аттап кеткен адамдардың әр түрлі хайуандарға айналып кеткені жайында аңыздар өте көп. Оны Исламда бәділ деп атайды. Яғни ар-ұяттан жұрдай болған адам айуанға айналып кете барады. Мұндай аңыз-ертегілер барлық халықта бар. Орыс ертегілерінде тыйым талапты аттап кетіп, ешкіге не болмаса бақаға айналып кеткен образдар өте көп. Аңыздарда айтылатын ырым-тыйым талаптар – адамның қай кезде айуанға айналатынын анықтап тұратын шекаралар. Бұдан мынадай қорытынды шығады: адам әу баста барлық адами қасиеттерімен бірге жаралған, өмір сүру барысында кие мен құттан алыстау арқылы айуани сипатқа айналады. Саид Насердің пікірінше, барлық ырым-тыйым, салт-дәстүр бір негізден бастау алады. Оны ғылымда Қадым дәстүр деп атаған. Дәл осы қадым дәстүрі күллі адам ұрпағын бір-біріне бауыр етіп, жанашыр болуына септеседі. Осындай салтты бойына сіңірген тұлғалар бөтен жұрттан айырмашылық емес, үнемі ұқсастық іздеп тұрады. Шиеленіскен қоғамды тығырықтан алып шығатын да – осындай рухани тұлғалар.

Сақалыңды сипама

Тәңірі тағала ең алғаш жер бетіне иелік ету үшін Әбілет пен Тәбілет деген екі, мақұлықты жібереді. Оларға қақ тастан үй салып беріп:

– Сендерді жер бетіне жібердім. Қақ тастан үй тұрғыздым. Әдептен аспай, менің берген нығметтеріме шүкіршілік етіп, сән-салтанатпен тату-тәтті тіршілік кешіңдер. Ұрпақтарыңды көбейтіңдер. Бірақ, некесіз, дәретсіз қосылмаңдар, ұрпақтарың азады, – дейді.

Олар мінсіз, сұлу болғандықтан бір-бірін көріп ынтықты. Алланың әмірін ұмытып, некесіз қосылады. Одан Ібіліс туады. Олардың бірінші ұрпағы некесіз болғандықтан, Тәбілеттің толғағы ауыр болыпты. Ол Ібілісті қара тастың үстінде босанады. Сол кезде Ібіліс иегімен қара тасқа құлап түседі. Содан иегі екіге жарылып, ойылып қалады. Қазақтағы «иегің тасқа тигір» деген қарғысы осыдан қалған екен. Ібіліс кейін ержеткенде иегіндегі жырықты жасыру үшін қауғадай етіп сақал қойыпты. Бірақ, сақалын жел ұшырып, иегіндегі жырық көрініп қалады екен. Ібіліс адам кейпінде ел ішіне кіргенде сақалы ашылып кетпес үшін үнемі екі қолымен сипай береді екен. Осыған байланысты қазақта «сақалды сипай берме, шайтан қағып кетеді» деген ырым қалыпты.

Бетіңді баспа

Әбілет пен Тәбілет зина жасағаннан кейін күнәнің оты жүректерін өртепті. Тәңірдің дидарына қараудан мақұрым қалғанын ұғыпты. Ұяттың отынан бетін басып отырып қалады. Екі бетінің нұры солып, жүздері қап-қара болып кетеді. Әдетте, осындай ауыр күнә жасаған адамдар екі бетін басып отырып қалады екен. Сондықтан «себепсіз екі бетіңді баспа» дейді. Ал, Әбілет пен Тәбілеттің жүздері қарайып кеткендіктен зина жасаған адамдарды жүзіқара деп атайтын болыпты.

Жезөкше атауы

Ібілістің о баста өкшесі болған екен. Ібіліс қарғыс қамытын киген соң, ерлі-зайыптылардың арасына от салып, араздастырып, ажыратып жіберуді кәсіп қылыпты. Иманы әлсіздерді зинақорлыққа азғырады екен. Осындай лас іспен айналысып, адамдардың қарғысын ала берген соң, екі өкшесі ойылып түсіп қалыпты. Өкшесінің орны уақыт өте келе мүйізденіп, қатаяды. Жұрт оны «жездіөкше», «жезөкше» деп атапты. Ел арасында жеңіл жолға түскен әйелді жезөкше деп атау осыдан қалған деседі. Қазақта «ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деген мақал Ібіліске қарата айтылған екен.

Ашына атауы

Әбілет пен Тәбілеттің алғаш туған баласы Ібіліс екен. Онан кейін Ашына деген қызды туыпты. Артынша Дию мен Жын деген егіз баласы дүниеге келіпті. Жынның нәсілі қыз екен. Олардың соңынан Түлен мен Құлан деген екі егіз ұл, Албасты мен Үббе деген екі қыз туады. Ібіліс өзінің туған қарындасы Ашынаға көңілі ауады. Бірақ әке-шешесі оны Жынға айттырып, Ашынаны Диюға бермек болады. Ібіліс әке-шешесіне білдірмей Ашынамен көңіл құрады екен. Осыдан бастап некесіз қатынас қылып, күнә жасайтындарды «ашына», «ашыналар» деп атайтын болыпты. Бір күні Әбілет пен Тәбілет оны біліп қойып, Ібілісті қуып жібереді. Ол ата-анасына ерегісіп, Тәңірдің дәргейіне алаңсыз қызмет етуге кетіп қалады. Әбілет пен Тәбілеттің ұрпағы жер бетінде арсыз, опасыз, ұятсыз, сайқал іс-әрекеттердің алғашқы ұрығын шашқан екен. Содан бастап осыған дейін Адам ұрпағын арсыз істерге шатылуы Әбілет пен Тәбілеттің ұрпағынан қалған екен деседі. Жер бетін ойрандағаны үшін періштелер оларды тозаққа сүйрей жөнеледі. Сол кезде олардың ұрпағы тым-тырақай қашады. Қапылыста Жын мен Дию күлге тығылады. «Күлдің үстінде ойнама», «күлді баспа», «күлді есіктің алдына төкпе» деген тыйымдар осыдан қалыпты. Албасты мен Үббе суға сүңгіп жоғалады. «Түнде суға барма», «түнде жалғыз шомылма» деген тыйымдар осыған орай айтылған. Құлан мен Түлен бұталардың арасына сіңіп, ғайып болады. «Бұтаның түбіне ұйықтама», «біссімілдәсіз жатпа» деп айтатыны осыдан екен. Ашына лас қоқыстарды паналапты. Ашына болған адамдар осыдан бастап жасырынып іс қылатын болыпты.

Аяқты айқастырма

Тәңірі тағала Әбілет пен Тәбілетке жер бетінен үй салып беріп: «Осы жерде тіршілік етіңдер», – дейді. Олар періште болғандықтан нәсілі еркек те, әйел де емес екен. Екеуі аяқтарын айқастырса, әйелге, аяқтарын талтайтып отырса, еркекке айналыпты. Ер адамға аяғын айқастыру жараспайды екен. Ал қыз балаға аяғын талтайтып отыруға осылайша тыйым салыныпты.

Жақты таянба

Әбілет пен Тәбілет жағын таянса, жер беті алай-дүлей болып, астан-кестеңі шығып жамандық атаулы жанына жиналады екен. Осыдан бастап ел ішінде «жақты таянуға болмайды» деген ырым пайда болыпты.

Шапанды желбегей жамылма

Әбілет пен Тәбілетке Тәңірі тағала көктен шапан түсіріп:

– Жалаңаш жүрген жақсы емес. Тәндеріңді көрсетпей, үстеріңе шапан киіп жүріңдер, – дейді. Олар шапанды желбегей жамылғанда жеңдеріне жамандық ұя салыпты. Осының кесірінен олар бәле-жалаға жиі шатылыпты. Содан бастап қазақ арасында шапанды, үстіңгі киімді желбегей жамылмау туралы тыйым пайда болыпты.

Сонымен бірге, шапанды әруақтар, қолы жоқ кемтар, мүгедек адамдар желбегей жамылады деген де түсінік бар. Бұлай істеу өлім шақырады, жамандық шақырады деп жориды.

Үйге сол аяқпен кірме

Әбілет пен Тәбілеттің оң аяғында құт, сол аяғында жұт болады екен. Олар үйге кіргенде үнемі сол аяқпен, сыртқа шыққанда оң аяқпен қадам басады екен. Соның кесірінен үйін жұт жайлап, құты далаға қашыпты. Береке дарымапты.

Ұлық Алла Адам атаны жаратқанда:

– Сенің оң аяғыңа құтты, сол аяғыңа жұтты жасырдым. Оң қолыңа береке дарыттым. Басқан қадамың оң болса, құтың да қасыңда болар, – дейді. Содан бастап Адам ата жолға шыққанда, үйге кіргенде, бір іске бекінгенде оң аяқпен «біссімілдә» деп бастайтын болыпты. Киімді оң жақпен киіп, сол жағынан шешеді екен. Сәлемдескенде де береке болсын деп оң қолын ұсынады. Осы үлгі өнеге кейінгі барша ұрпағына таралыпты.

Енді бір қадым аңыздарында Ұлық Құдай о баста тозақты жаратпақ ниетте емес еді деп баяндалады. Әбілет пен Тәбілет үйге сол аяқпен кіргенде тозақ пайда болған екен. Жаратушы екеуінің оспадарсыз іс-әрекеті мен бұзық ниетіне қарай тозақты жаратыпты.

Аяқты аспанға көтерме

Әбілет пен Тәбілеттің аяқтарын көкке көтеріп жататын жаман әдеті болыпты. Осы әдеттерінен тыйыла алмапты. Кейін күнәлі боп, Тәңірі алдына барғанда оларды ерекше жазалайды. Екеуінің аяғын аспаннан келтіріп, салбыратып іліп қояды.

– Уа, Жасаған, неге бізді бұлайша жазаладың? – дегенде ұлық Алла:

– Сендер үнемі аяқты көкке қаратып жататын едіңдер. Бұл мен үшін жағымсыз қылық деп талай рет ескерттім де. Құлақ аспадыңдар. Енді осы әдепсіз қылықтарың үшін қиямет қайымға дейін тұрасыңдар, – дейді.

Осыдан бастап ел арасында аяқты көкке көтеріп жатуға болмайды деген тыйым таралыпты. Көкке аяқ созсаң, Тәңірі шамданады деп сенеді. «Аяғы аспаннан келді», «көктен келді» деген тіркестер Әбілет пен Тәбілеттен қалыпты.

Саусақты сықырлатпа

Ібілістің әке-шешесі Әбілет пен Тәбілет құлшылық кезінде таңдайын қағып, оғаш дыбыс шығарады екен. Ал тәспі тартқанда саусақтарын сықырлатады екен. Тәңірі оларды осы жаман әдетінен қанша тыйса да, олар жалғастыра беріпті. Осының кесірінен Әбілет пен Тәбілет Тәңірдің теріс назарына ілігіпті. Осыған орай, қазақтар балаларын «таңдайыңды тартпа, саусағыңды сықырлатпа, ол – шайтанға тартқан тәспің. Бағың байланады, бақытың қайтады» деп тыйып отыратын болыпты.

Ысқырма

Әбілет пен Тәбілет балаларын үйге шақырғанда ысқырады екен. Ысқырықты естігенде жын-пері, диюлар әке-шешесіне қарай асығатын болыпты. Діни-аңыздардың баяндауынша, періштелер әке-шешесін тозаққа алып кеткелі, жындар күл-қоқыста жасырынып жатады екен. Егер біреу байқаусызда ысқырса, «әке-шешеміз келіп қалған ба?» деп қуана сол адамға жүгіреді дейді. Егер оның адам баласы екенін көріп, сонша жерден жетіп келген алданғанын білсе, ашуланып адамды ұрады екен. Ондай адам ақыл есінен айырылып, жынданады деседі. Сондықтан «ысқырма, шайтанды шақырасың» деген тыйым пайда болыпты. Әсіресе, үйдің ішінде, қорада ысқыруға болмайды дейді. Үйді жын-жыпыр жайлап алуы мүмкін деген сенім бар.

28

ҮЙ БОЛУ

Қазақ халқының салттары мен дәстүрлеріне назар аударып қараңыз. Жас жігіттің үйленіп, ата-анасына келін әкеліп, отбасын қуанышқа бөлеуі неше түрлі салт-дәстүрлермен, ырым-тыйымдармен қабаттаса өріледі. Ертедегі қазақтар шаңырақ көтеру процесінің әрбір детальін міндетті түрде Мәңгілік Мәннен таратуға тырысқан. Оларға арқау етіп Адам ата мен Хауа ананың қызықты да ғибратты хикаяларын алыпты. Қазақ ұлтының кейбір салттарының өміршең болу себебін осымен ғана түсіндіре аламыз. Яғни, жаңа өмірге қадам басар сәттегі әрбір іс-қимыл тылсым әлеммен тығыз байланысып жатыр. Егер осы жөн-жоралғылар иләһи аңыздармен байытылып, Құран рухымен суарылмағанда мән-мағынадан жұрдай болып, атам заманда ұмытылып кетер еді. Қазақ салтындағы неке қию, қалың мал атау, жүзік тағу, неке суын ішу, жар-жар айту, шашу шашу, шымылдық тұту, үкі тағу тағысын тағы толып жатқан қасиетті ғұрыптар Адам ата мен Хауа ананың өмірін үлгі ете отырып жасалады. Одан бөлек тұрмыс-тіршілігіндегі барлық әдет-ғұрыпты пайғамбарлар өмірінен өрбітіп шығарады. Саид Хусейн Насер «Білім және кие» деген кітабында осыған орай мынадай ойды өрбітіледі. «Бұл мифтердің діни тұрғыдан мәні өте үлкен. Себебі пайғамбарлар адам бойындағы жаман мінездерді түзетумен айналысқан. Адамның әлеммен, табиғатпен байланысын, қарым-қатынасын реттеуге аса мән берген. Осының себебінен иләһи әлемнен тамыр тартып жатқан салт-дәстүрлер дүниеге келеді. Олар арқылы адамның бойына өмірдің мәні мен мағынасын жан жүрекпен сезіп тұратын нәзік құдайлық сезім дариды. Әрбір діннің өзінің салт-дәстүрлері, киелі құндылықтары болады. Себебі пайғамбарлар – бір халыққа емес, адамзат баласына ортақ тұлғалар. Олардың өнегелі істері келе-келе өркениетті қоғамның даму айнасына айналады. Яғни, қоғамда пайғамбарлар өмірінен үлгі боп қалған дәстүрлер неғұрлым көп болса, ол соғұрлым өлмейтін өркениетке жалғана түседі. Сондықтан салт-дәстүрлердің қолданыс аясы шексіз. Кез келген халық оны өз мәдениетіне бейімдеп, дүниетанымын байыта алады». Рене Генон мен Шиллер сынды батыс мәдениеттанушылары да осы ойды нықтай түседі. Рене Генон «Дәстүр және білім» кітабында салт-дәстүрлердің адамдарды ұйыстырушы, біріктіруші сипатқа ие екенін айрықша атап өтеді. Неміс ғалымы Шеллинг мәңгілік мәні бар салт-дәстүрді «киелі шұғыла» деп атаған. Сіз төменде өзіңізге бұрыннан таныс салт-дәстүрлермен қайта танысқан кезде неміс ғалымының пікірімен еріксіз келісесіз. Себебі, қазақ халқының төмендегі әдет-ғұрпы әліге дейін біздің ұлтқа киелі шұғыласын шашып тұр. Олардың әрбір детальі міндетті түрде өлмейтін өркениетке іргетас болған қадым дәстүрінен басталады. Әсіресе, қазақ халқының тұрмыс-салт тіршілігіндегі орындалатын әдет-ғұрыптар мен ырым-тыйымдардың басым бөлігі көне түркілік дәуірден бері үзіліссіз жалғасып келе жатыр. Тәңіршілдік кезеңінен қалған салттардың өміршеңдігі соншалық – тіпті олар Ислам діні келгеннен кейін де жойылып кетпеді. Керісінше, жаңа өркениетпен синтезделіп, мазмұндық жағынан байи түсті. Мысалы, келін түскенде жасалатын беташар дәстүрі Исламға дейін де болған. Сондықтан бұл ғұрып бірде-бір араб елінде жоқ. Кей кездері исламшыл топтардың беташар дәстүріне қатысты жиі дау туғызатыны сондықтан. Исламның ықпалына түскен соң, көне түркі мәдениетінің ішкі мазмұны Құран мен сүндетпен кемелденді. Бірақ, сыртқы сипатында көне түркілік формасын сақтап қалған. Тап осылай, сыңсу, жоқтау, көңіл айту, сәлем салу, үйді аршамен, адыраспанмен аластау, жеті атадан қыз алыспау, ат тергеу, үкінің қауырсынын тағу, жеті шелпек тарату, өлген кісінің жетісін, қырқын, асын беру сынды ғұрыптардың барлығы Ислам діні келгенге дейін де бар еді. Исламға дейін де осы дәстүрлер көшпенді түркі тайпаларын тылсым дүниемен байланыстырып, олардың рухани сұранысын өтеді. Араб экспансиясы кезінде түркінің төл жазуы ұмытылғанымен, тұрмыс-тіршілігіндегі салт-дәстүрдің көпшілігі сол күйінде сақталып қалды. Түркі нәсілінен шыққан дін ғұламалары, халық арасында дін таратқан дәруіштер мен сопылар көне дәстүрдің барлығының формасын сол күйінше қалдырып, мәні мен мазмұнын Құран рухына қайшы келмейтіндей етіп үндестірді. Қазіргі қолданыстағы қазақ салт-дәстүрлері екі мәдениеттің тоғысынан синтезделіп туындағандықтан, ерекше көркем, айрықша мазмұнды. Тап мұндай мәнді мәдениетті атажұртта қалған түркі тайпалары да, Құран түскен араб елдері де тұтынып отырған жоқ. Болмаса, дастарқанды құрметтеу деген ұғым тува, хакас жұртында әлі де бар, бірақ оны киелі аңызбен байланыстыра алмайды. Ал араб елдерінде дастарқанды құрметтеу деген ұғым атымен жоқ. Ілкідегі түркі ғұламалары көнеден жеткен дастарқанды құрметтеу ұғымын миғраж оқиғасымен байланыстырып, оны ерекше киелі тыйымдардың қатарына қосты. Сол сияқты танымал мәдениеттанушы ғалым Зира Наурызбаеваның жеті шелпек таратуға қатысты пікірі бар: «Мәселен, «жеті шелпек тарату» салтының түп-төркіні көне түркі кезеңінен тамыр тартып жатыр. Бірақ бұл ғұрып мұсылмандық танымға сай рухани мәнге ие болған»29. Осылайша тәңірлік кезеңнен қалған барлық салттарды сақтап қалу үшін оларды Мұхамбет пайғамбардың және әділетті төрт халифтің өмірімен байланыстыра сипаттайтын тың үрдіс шықты. Осы үрдістің нәтижесінде қазіргі қазақ мәдениеті дүниеге келді десе де болады. Исламның әсері Араб түбегінен асып, Орта Азия жеріне жеткенде көне түркілік мәдениетпен бетпе-бет келді. Өзіне тән түркілік мәдениетті ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан жергілікті халық шариғат заңдарын өзгеріссіз, сол қалпында қабылдай салмайтыны анық еді. Орта ғасырдың өзінде-ақ түркі нәсілінен шыққан дін ғұламаларының алдында екі мәдениетті көркем түрде үйлестіру деген міндет тұрды. Олар бұл міндетті абыроймен атқарып шықты деп айта аламыз. Ханафи мәзһабының ғұламалары қоғамдық шиеленістерді реттеу барысында Құран, сүннет, ижма, қияс сынды құқық құрамының қасына, истихсан мен ғұрыпқа да орын берді. Яғни қоғамды жақсылыққа үндеп, ел-жұртты игі істерге ұйытатын пайдалы ғұрыптар мен ырым-тыйымдар жоққа шығарылмайтын болды. Бұл өз кезегінде тек араб қоғамының тәжірибесіне сүйеніп үкім шығаратын қатқыл ұстанымды жұмсартты. Жергілікті әдет-ғұрып пен салт-дәстүр сақталғандықтан, ұлт пен ұлыстың мәдени идентификациясы да құлпырып, жаңаша сипатта сомдалып шықты. Осы мәдени идентификацияны сақтап қалуға деген талпыныс Құрандағы «Мен сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдім»30 деген аяттың мағынасына дәл келді. Құран аятына қайшы келмейтін болғандықтан да, дін ғұламалары истихсан мен ғұрып әдісі негізінде Исламға қайшы келмейтін көне түркілік салт-дәстүрлерді Құран қағидаларымен үйлестірді. Сондықтан да біздің заманға аман-есен жеткен барлық салт-дәстүр бір заманда дін ғұламаларының назарынан өтіп, шешімін біржола тапқан. Енді оларды таза тәңіршілдіктен тарату да, не болмаса таза исламдық құндылық деп дәлелдеу де ақылға сыйымсыз. Бұл – кәдімгі өркениеттің өзіне тән даму жолы. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бір жақсылық бір жақсылықты іздеп тауып, игілігін күллі адам баласына ұсынып, ұлы Мәнге қарай тоқтаусыз кетіп барады.

Беташар

Ұлық Алла атамыз Сафи Адамды балшықтан мүсіндейді. Оған Өзінен рух деген нығметін үрлеп, жан бітірген соң, жәннаттан жай береді. Бір күні Адамға серік болсын деп, оған әйел затынан жұп жаратуды ойға алады. Тәңірі Хауа ананың тәнін жасау үшін Адам ата ұйқыда жатқанда, оның сол жақ бұғана қабырғасын таңдайды. Себебі, Тәңірі тағала Адамның бұғана сүйегін жердің қиыршық тасы жоқ, ұлпа құмынан жаратыпты. Адам атаның ең нәзік, ең жұмсақ етінен жаралғандықтан, әйел адамның денесі мамықтай жұмсақ, талшыбықтай нәзік болыпты. Адамның сол жақ қабырға асты босап қалғандықтан, көкіректің ортасында тұрған ет жүрек босап қалған тарапқа қарай ойысады. Ет жүрек содан бастап, адамның сол жақ кеудесінің астында соғатын болыпты. Ерлі-зайыптылар ұйықтағанда әйел баласының ерінің сол жағына жататыны содан екен. Тіпті олар қандай да бір себеппен бөлек жату керек болса да, әйелді қол созым қашықтықта ғана бөлек жатқызатын тәртіп қалыпты. Адам ата ұйқыдан оянған соң аппақ жаулық жамылып отырған әдемі келіншекті көріп таңқалып:

– Уа, Жаратқан, мына ақ жаулық жамылған кім? – деп сұрайды. Сонда Ұлық Алла:

– Бұл –Хауа ана. Сенің жан жарың, өмірлік серігің болады. Бар, жаулығын ашып, жүзін көр. Жарыңмен таныс, – деп бұйырады.

– Уа, Тәңірім, сен оны не үшін ақ жаулықпен жасырдың?-дейді.

– Ібіліс деген қас дұшпаның бар. Сол малғұнның теріс назары түсетін болса жас келіншегің кеселге ұшырауы мүмкін. Сол себепті жұбыңның ай дидарын ақ жаулықпен жасырдым. Осы амалым сенің де кейінгі ұрпағыңа салт болып жалғассын, – дейді.

Адам ата адал жарына тақап барып, ақ желекті ашып, оның дидарына көз салады. Сол кезде екі беті иба мен ұяттан нарттай боп қызарып тұрған Хауа ана оң қолын оң тізесіне қойып, еріне бірінші рет иіліп сәлем етіпті. Содан бастап, жаңа түскен келінге ақ жаулық жабылатын болыпты. Жыршылар жас келіннің бетін арнайы ашып, қария кісілер бата бергенше той иелері келіншектің жүзін ешкімге көрсетпей сақтанатын салт шығыпты. Тойға жиналған топ ішінде іші тар, сайтан пиғылды, дуакеш, қара ниет адамдар болса, солардың теріс назары келіншекке кесел қылмасын деп, сақтық ретінде келіншектің жаулығына үкі де тағатын болыпты. Беташар дәстүрі қазақ арасына өте кең тараған және берік орныққан, әліге дейін жалғасып келе жатқан ең киелі, ең салтанатты дәстүрдің бірі саналады. Беташар кезінде жаңа түскен келіншек ауыл ақсақалдары мен жаңа жұртының барлық игі жақсыларына иіліп сәлем етеді. Қазақ жыраулары беташар кезінде Құран мен діни қиссалардың ең мазмұнды тұстарынан өлеңге қосып, өсиет етіп айтатын болған. Біз төменде беташардың халық жадынан ұмытылып бара жатқан ең классикалық бір үлгісін беріп отырмыз. Ғайыптан сақталып қалған беташардың мына ерекше рухани өрнегін Маңғыстау жыр мектебінің өкілдері мирасқа қалдырған.

«Әғузу» деп бастайын,
«Біссімілдә» сөздің атасы.
Тәңірді тынбай жад етсең,
Тірліктің болмас қатасы.

«Кәәнә ләһу қалбун» ед.
Құранның асыл сапасы.
«Лә иләһә иллалла
Мухаммад расул Алла»

Тілің болса зікірде,
Жүрегің болса пікірде.
Салауат айтып «шүкір» де.
Малғұнның тимес жапасы.

Тәңірі қосты Хауаны
Нәсіп етіп Адамға.
Қалың малдың орнына
Он салауат болып ед,

Сол кезде оның бағасы.
Кешіре гөр, кең Алла.
Тілімнен шыққан жел сөздің
Жүректен болса оқасы.

Аламан құрлап келгесін,
Ақбозың неге желмесін,
Шаң жуытпас шашасы?
Бұйырып атсаң бүк түспес,

Шиырып атсаң шік түспес,
Алшы тұрар ақшиып,
Әрбір сөзім аңдасаң –
Азбан қойдың сақасы.

Сөз сөйледім ортаңда,
Жақсыдан тиіп шарапат,
Бабамның болып батасы
Бәлен-байтақ дегенмен,

Жігіттік арам желімен,
Құр жүгірдік сағымға-ай.
Енді бүгін қарасам,
Нәпсім – патша тағындай,

Иманым – пілте шамындай.
Өшіре ме деп қорқамын,
Күнәм – нөсер жауындай.
Ескерткенім, жігіттер,

Қызылыңның барында
Иман келтір, тәуба қыл,
Зулап өтер өмірің
Қамшының қысқа сабындай.

Сәулесінде ақылдың
Жөнге келсе күніміз,
Дөңгеленсе тіліміз,
Несіне сөзден сасайық,

Жәрдем берсе Жаббар Хақ,
Медет берсе машайық,
Еріксіз ышық тіленіп.
Ал, құлым, десе Аллажан,

Қауышуға Хақпенен
Көңілдің көзін ашайық.
Ретін тауып, жігіттер,
Лағин жолдан қашайық,

Рахмани жолды тосайық.
Асылдан жасық күнде озып,
Делқұлы делбе мың қозып,
Көре тұра иә, пірім,

Сонда да жүрміз масайып.
Көп әңгіме көйітпей,
Келіп тұрған келіннің
Таныстырып халқымен,

Енді бетін ашайық!

Ал, келінжан, шырағым,
Жұмыртқадан ақ болдың,
Сауысқаннан сақ болдың,
Құдай қосып, мінеки,

Шамдалыңа тап болдың.
Сипаттасам асылды:
Мойынына қарасаң –
Құдды алманың сабағы.

Жаңа түткен мақтадай
Үлбірейді тамағы.
Беті – күндіз, шашы – түн,
Күлімдесе қабағы

Адыра қалсын ай мен күн,
Жүзінен шапақ тарады.
Лағындай киіктің,
Мөлдірейді жанары.

Тәрбие көрген ізетті,
Жүрегіне бойласаң,
Жалғыз Жары – талабы.
Әдебіне қарасаң,

Адал сүт емген саналы.
Таңдап тапқан һүр қызын
Біздің жігіт жарады.
Жатыры – асыл, ары – пәк,

Алтын айдар ұл мен қыз
Осы келін мен білсем,
Әулие бала табады.

Келінжан, енді сөйлейін,
Құлағыңды бұрарсың.
Көңілің ашық перизат,
Қалт жібермей қапыда

Айтқанымды ұғарсың.
Келгесін мұнда бейіл боп,
Еріңе еріп келін боп,
Отымен кіріп бұл үйдің,

Күліменен шығарсың.
Шуағың шашып еліңе,
Күннен бетер күлімдеп,
Айдан әсем туарсың.

Таныстырам халқыңмен,
Жүрегіңде сәлемің,
Ишарат қылып денеңмен,
Иіліп, жаным, тұрарсың.

Малы да оның – иманы,
Жаны да оның – иманы.
Көкірегіне құпия
Құдайдан басқа сыймады.

Дүйім жұртқа дін шашып,
Хақтың жолын сыйлады.
Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан.
Ышқына ғарық Құдайдың
Сан пайғамбар, сахаба,

Әулие, салих көп өткен,
Салауат айтып ішіңнен
Соларға, жаным, сәлем ет,
Сәлеміңді әдемі ет.

Енді мынау әңгіме:
Бақилық болсаң мәңгіге.
Сауабың жетер соңыңнан
Шарапатты ғылымнан,

Не қайырлы ісіңнен
Дүниеде қылынған,
Дұға қылар тілекші
Салих қыз бен ұлыңнан.

Жыршыңыздың айтпағы –
Қиялдан шыққан сөз емес
Пайғамбардың айтқаны,
Хадисіне құрылған.

Сол айтқандай, ақ келін,
Байыңның ата-бабасы –
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,

Айтпай тегі танылған,
Шынжырлы ауыл бұрыннан,
«Өлі ырза болса, тірі бай».
Дұға қылып күбірлеп,

Соларға, келін, сәлем ет,
Сәлеміңді әдемі ет.

Жүмілә жұрт біледі,
Қайын атаң әне жүр,
Отбасының тірегі.

– Мерекем қалай өтед? – деп,

Қобалжып тұр жүрегі,
Шүкірін айтып Тәңірге
Кіріп те қалды реңі.
Құрдай болып жорғала,

Ол кісінің алдында
Біткенше өмір сүрегі.
Бөденедей бүлкілде,
Көп жұмсаса кердиіп,

Күңк-күңк етіп сілкінбе.
Көрген адам күледі,
Сыйламаған атаны,
Аяқ асты еткен батаны,

Ол – ар-иманнан тұл еді,
Топырақ болса әкенің
Табанының астында,
Ол – Құдайдың сүйген құлы еді.

«Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас» –
Аталы сөз бұл еді,
Осыны айтқан кезімде

Ұғынып келін тұр еді.
Түсінбеске шара жоқ
Өзі – текті ұяның түлегі.
Нақыл айттым мұнша мен,

Атаңа енді бір сәлем.

Келді деп келін жүгіріп,
Етегіне сүрініп,
Бір тұрып, бір жығылып,
Қуанышы қойнында,

Көзіне жас тығылып,
Бұл жақтағы шешеңіз –
Күйеуіңнің анасы,
Енең болар, келінжан,

Бес биенің сабасы.
Қадыр тұтып сыйлассаң,
Шешеңдей көріп сырлассаң,
Тоныңның құндыз жағасы.

Осы әулеттің бұл адам –
Күн жағында саясы,
Жел жағында панасы.
Қарсы келме енеге,

Қарсы келсең енеге,
Достың болар күлкісі,
Дұшпанның болар табасы.
Асыл адам қашанда

Иіліп жастық шешеге,
Жайылып төсек болады.
Келіннің түзік санасы,
Ана деген асыл зат,

Қабыл болған тобасы.
Енеңе, келін, сәлем ет,
Сәлеміңді әдемі ет.

Күйеуіңнің ағасы –
Анау жүрген қайынаға.
Алатаудай ағекең,
Төбешік деп ойлама,

Төбесінде ойнама.
Сызылып тұрсаң алдында,
Шайы-суын дайындап,
Қайынаға сыйлар қайда да.

Келінім деп даңқыңды
Асырады айға да.
Қайынағаңа сәлем ет,
Сәлеміңді әдемі ет.

Күйеуіңнің жеңгесі –
Анау жүрген абысын.
Тату болсаң ас та көп,
Жақсы болсаң жанысың,

Жаман болсаң тағы сын.
Абысындар, абысын
Бауырлардың тумалас,
Берекесі сендерде.

Тонның ішкі бауындай
Жалғассаң, келін, бәрімен
Әулетіңнің бағысың,
Абысындарға, келін, сәлем ет.

Жүргенге жөргем ілінер,
Шашылған дәмді асауға,
Кең дүнияны кезгесін,
Бұл дүнияға келгесін,

Жақсы менен жаман бар,
Жазылғасын маңдайға.
Пенде қалай төзбесін.
Алқаңа келіп алшаңдап,

Сөйлемей қалсақ бізге сын.
Шыңдалмай қалса сөзге сын.
Айтпай қалай өтеміз
Күйеуіңнің жездесін.

Қамқорлығы әкедей
Инансаң егер сөзге шын,
Әдебің көрсет оған да,
Сірә, сыйлағасын өзгесін,

Жездеге, келін, бір сәлем.

Биік таудың мұнары,
Шыңындағы шынары –
Көрмекке келін ентелеп,
Қайын апаң тұр әні.

Шұқанаққа су қонақ,
Қысыр сөзге қу қонақ,
Ата-анаға қыз қонақ,
Жездеңіздің сыңары,

Қиясына қадірлі,
Ұясына түлеген
Бөтекесі бұрады,
Қайын апаңа бір сәлем.

Жеңгесі келіп қуанып,
Сүйіншіден ту алып,
Көңілін көптің тауып жүр,
Айбыны артық ағаның

Айыбын сырттан жауып жүр,
Бізге де кезек келді деп,
Күшік көңіл қыңсылап,
«Келіншек» деп қауып жүр,

Ниеті соған ауып жүр,
Тай-құлындай тебіскен,
Таласып емшек еміскен,
Қолғанаты еріңнің,

Таянышы беліңнің,
Әнеки, қайның шауып жүр,
Қайныларға бір сәлем.

Сұңқардайын сыланған,
Жараған аттай тартылып,
Төңкеріп көзін қаранған.
Тазалығын сұрасаң,

Татпаған шүбә, харамнан,
Асылдығын сұрасаң,
Һүр қызынан жаралған.
Пәктігін мұның сұрасаң,

Жан баспаған аралдан,
Үлдемен басын ораған,
Жұпары қардай бораған,
Атлас, жібек, түрмеден

Үстіне басқа кимеген,
Етіне бөтен тимеген,
Етегін жел түрмеген,
Ойына жаман кірмеген,

Шайтандықты білмеген,
Қарындасын еріңнің
Осындайға баладық.
Қайынсіңліңе бір сәлем.

Бағы тайса жігіттің
Тақыр жерде сүрінбек.
Ағайынның артығы –
Іс түскенде білінбек.

Сынақ келсе сынбайтын,
Мейірімі артық бәрінен.
Еркелетер «күнім» деп,
Аяқтанып жиені,

Күйеуіңнің бір жұрты
Нағашы тұр күлімдеп.
Нағашы деген керемет,
Оған да, келін, сәлем ет.

Қаумалап жұртым тұрғасын,
Қанарлап артқан ақ сөзді,
Алдыңа төгіп салайын,
Алтынға малып тілімді

Кеңітем көңіл сарайын,
Жаныңа шырақ жағайын,
Жұпар тұнған көңілдің.
Зая кетпес нәфәспен

Қауызын үрлеп жарайын.
Май сұрамас милы адам,
Ынсапты болса ағайын.
Жиен деген әлемет,

Бұған да, келін, сәлем ет.

Бұ дүниені байқасаң,
О дүниенің елесі.
Діл – дененің төресі,
Дін – жаныңның кемесі.

Бәрінің Алла егесі.
Салғырт тыңдап сөзімді,
Сандалғаны демеші,
Жекжат тұтып тірлікте,

Шақыратын бірлікке,
Естен шығып барады
Күйеуіңнің бөлесі,
Бұған да, келін, бір сәлем.

Қыз алысып, қыз беріп,
Малын сойып семізден.
Мың жылдық болсын сыйластық деп,
Ырым жасап негізден,

Құйрық-бауыр жегізген,
«Біз - құдамыз» дегізген.
Төгілмейтін толысы,
Құдалардың құдасы –

Құнан қойдың сорпасы.
Құда менен құдағай,
Бұларға да бір сәлем.

Батырлықтың белгісі –
Мұздай темір жасанған.
Осалдықтың белгісі –
Жөн сөйлесең қасарған.

Есерліктің белгісі –
Шаш ал десең, бас алған.
Атадан қалған абзал сөз
«Қатын алма, қайын ал»,

Артық туса алғаның,
Көпті күтсе жасарған.
«Үй іздесең көрші тап»,
Тәңір ақысы деген бар,

Көрші ақысы қашаннан
Оларға да бір сәлем.

Бір ауыз нақыл айтайын:
Түртпектеп ойнап бөтенмен,
Жаман әдет бастама,
Қырындаса бозбала,

Көзіңмен оны қоштама.
Таза сақта ойыңды,
Адал сақта бойыңды,
Тұнығыңды ластама.

«Жаман адам мал сақтайд,
Адал адам ар сақтайд».
Арыңды шетке тастама.
Ойнақтап бота от басар,

Қоламтадан шоқ басар,
Ойынның артын от қылма,
Жалын шарпып жиғанды,
Иманыңды жоқ қылма.

Көрінгенмен жырпылдап,
Өсек айтып сымпыңдап,
Бірді бірге соқтырма.
Сөйлейін сөзді ірілеп,

Жазылған киіз кітапта:
«Әйелдің ері – пірі» деп.
Қарсы келме піріңе,
Қарсы келсең піріңе,

Қадірің болмас, келінжан,
Өлгесін не тіріде.
Төсегіңді суытпай,
Ақыңды бер, ақыңды ал,

Адақтап тұр түніне.
Ақыңды, жаным, адақта,
Құдайыңды мадақта.
Зәрреден қылған Аллаң бар,

Сиынарсың басқа кіміңе.
Жуынбай бала емізбе,
Аяқ бассаң ғұсылсыз,
Жер қарғаған адамның

Айналарсың біріне.
Ырза қыл ене-атаны,
Ойласаң бұл да жатады
Құлшылықтың түріне.

Иіліп тұрған келіншек,
Жиылып тұрған ағайын,
Өлеңімді айттым құйқылжып,
Бұлбұлдың қосып үніне.

Қақсағасын мұнша мен,
Маған да, келін, бір сәлем.

Үйлену тойы

Адам ата мен Хауа ананың некесі қиылған соң, жұмақта үлкен той болыпты. Жаббар Хақ:

– Менің орынбасарым Адам үйленеді. Олардың сән-салтанатын арттырып, жәннатты әшекейлеп безендіріңдер. Құлымның көңілін шаттық пен қуанышқа бөлеңдер. Оған тарту-таралғы сыйлаңдар, – деп періштелер мен хор-ғылмандарға әмір етіпті.

Періштелер жұмақты дүр жауһарлармен безендіреді. Той-думан Туба ағашының түбінде басталыпты. Бұл тойға Жебірейіл періште басшылық етіпті. Кей діни аңыздар бойынша, Адам ата мен Хауа анаға мақтау-мадақ айтылған екен. Екінші бір кітапта Аллаға зікір айтқаны, Мұхамбет пайғамбарға салауат жолдағаны баяндалады. Осы тойда періштелер Адам мен Хауа анаға құрмет көрсетеді. Сан түрлі тарту-таралғы сыйлайды. Некелерін Ысрапыл мен Мәкаил періштелер қияды. «Неке көкте қиылады» деген тіркес осыдан қалыпты. Кейін Адам ата мен Хауа ана жерге түскен кезде некесін екінші рет Жебірейіл періште кеседі. Мұны жерде қиылған неке деп атайды. Жердегі неке сүндет, көктегі неке парыз болыпты. Қазақ арасындағы «Құдаларды Құдай қосады, достарды анда қосады, жастарды періште қосады» деген нақыл сөз осыдан қалыпты. Адам ата мен Хауа ананың салтанатты тойы адамзатқа үлгі болады. Екі жасқа тарту-таралғы сыйлау, тойды сәндеп, безендіру, оларды қуанту, жүрегін шаттыққа бөлеу сүндет-міндет болып бекіген екен деседі31. Бұл жайында Қашаған жырау:

Той – адамның қазынасы,
Жұптанып неке қиылған.
Ақ бұйрығы деген бар,
Құлақ қойсаңдар келіске.

Адам ата жұптанып,
Хауа ананы алғанда
Исраил, Мәкаил –
Некесін қиған періштең, – деп жырлаған.

Неке қию

Адам ата мен Хауа ана жұмақта жүріп, күнәға ұрыныпты. Олар Ұлық Тәңір тыйым салған жемісті жеп қойып, пейіштен қуылады. Адам ата Үндістандағы Сарандиб деген тауға, ал Хауа ана Жиддә тауына түседі. Екеуі ұзақ уақыт екі құрлықта кездесе алмай жүреді. Бір күні Ұлық Алла оларға мейірім шапағат етіп, екеуін Жиддә тауының етегінде, бір бұлақтың қасында жолықтырады. Екеуінің жұптық өмірі адал болып, ұрпағы текті болуы үшін Тәңірісі олардың некесін қиюға Жебірейіл періштені жібереді.

Жебірейіл періште келіп:

– Уа, Адам! Мен сендердің некелеріңді қию үшін келдім. Бүгін сендер Тәңірдің бұйрығымен бір-біріңе адал жар боласыңдар. Өмірде барлық бейнетті де, зейнетті де бірге көресіңдер. Ұрпақ өсіріп, жер бетіне тарайсыңдар, – депті.

Некеге куәгер болу үшін Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер келеді. Неке қиылар алдында Адам ата мен Хауа ана кәлима айтады. Бір-біріне ықтиярмен қосылғанын растайды. Жебірейіл періште неке дұғасын оқиды. Кесеге құйып, жәннаттың бал татыған суын әкеліп:

– Махаббаттарың балдай тәтті болсын! – деп ішкізеді.

Олардың неке қию рәсіміне куә болған Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер:

– Екі жастың ықтиярмен қосылғанына біз куәміз, – дейді. Жебірейіл періште:

– Екі періште Тәңірі алдында сендердің некелеріңнің растығына ант берді. Екеуінің есімін есте сақтаңдар. Қияметте сұралады. Зорлықпен неке қиғандар жауапқа тартылады, – деп неке қию рәсімін аяқтаған екен.

Осыдан бастап мұсылман қауымында екі жұп үйленгенде құтпа оқып, кәлима айтып, куә тартып, тәтті су ішу рәсімдері дәстүрге айналған екен. Қазақ арасында бұл дәстүр күні бүгінге дейін берік сақталған. Молдалар неке қиғанда куәлікке туыстары не болмаса жақын жолдастары тартылады. Олардан жастардың ықтиярын сұрағанда:

– Куә, куә, куәдірміз,

Куәлікке жүрәдірміз.
Бүгін халық алдында,
Ертең Тәңірі алдында
Ақ некенің қиылғанына жауаптымыз, – деп жауап береді.

«Некелері тәтті болсын» деп, Адам ата мен Хауа ана ішкен жәннаттың суындай бал татитын, құрамына көп қант қосылған, ішіне күміс теңгелер салынған неке суын ішкізеді. Сосын куәларға, айнала отырған жұртқа судан ауыз тигізеді. Суды ең соңғы болып ішкен адам кесе түбіндегі теңгелерді иеленеді.

Қалың мал

Адам атаны жаратқан соң Тәңірі оны пейішке кіргізді. Адам жәннатта жалғыз жүрмесін деп, Алла тағала оған жұп жаратуды ойлапты. Хауа ананы Адам атаның сол жақ бұғана сүйегінен жаратады. Ояу болса, бұғанасы ауырып, жанына батар. Қиналғаннан Хауаны жек көріп кетер. Ал, қалың ұйқыда жатқанда жаратсам, Хауаның қайдан жаралғанын білмей, жат көріп, суып кетуі мүмкін деп, әдейі ұйқылы-ояу халінде жаратты. Адам оянған соң, аппақ нұрдан жаралған жаулық астындағы сұлу әйелді көріп, оған көңілі ауады. Сосын Аллаға:

– Уа, Жаратқан, бұл кім? – деп сұрайды.

– Бұл – сенің жұбың. Мен оны сенің тәніңнен жараттым, – деп жауап береді.

– Мына әйелге көңілім ауып тұр. Оны жақсы көріп қалдым. Оған үйленсем бола ма? – деп сұрайды.

– Болады. Бірақ қалың малын төле, – депті.

– Уа, Жаратқан, мен оған қалың малын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік – өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің, – дейді. Сонда Тәңірі тағала:

– Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарым, өзіңнің ұрпағың Мұхамбет пайғамбарға он рет салауат айт, – деді де, салауат айтудың үлгісін Адам атаға өзі үйретіпті. Адам ата он рет салауат айтып, қалың малын өтейді. Осыдан бастап ер адам үйленгенде келіншегіне ақы төлейтін дәстүр пайда болыпты. Ер адам сапалы топырақтан жаралғандықтан, қартайса да өңін бермейді екен. Әйел адам еттен жаралғандықтан, боянып күтінбесе, ажары ерте таятын болыпты.

Құда түсу, сырға салу, киіт беру

Әзіреті Әли баласы Үсенге Наушаруан патшаның қызы Шахрабануды айттырыпты деседі. Қасына сахабаларды ертіп, Наушаруанның үйіне құдалыққа барыпты. Оның туған-туысқандарына, уәзірлеріне, отбасына түрлі асыл матадан тігілген киім-кешектер тарту етіп, жиылған жұртты риза қылады. Әділ Наушаруан патша Мұхамбет пайғамбардың немересіне қызын сән-салтанатпен ұзатады. Тойға қатысқан жұрт оның жомарттығын аңыз етіскен екен. Келінін әкелген соң, Әли де ат шаптырып, той жасайды.

Сонда Әли жұртты жиып, қылды тойды,
Киіт жауып сыйлады тамам биді.
Бұл жерде тамам асхаб көп жиналды
Сол жерде Әзіреті Оспан неке қиды.

Әзіреті Әли той жасап, елді жиды,
Құдасына киіт жауып, етті сыйды.
Келін алып, құдалық сый көрсеткен
Өнегесі мирас боп қалды игі, – дейді жыр-аңыздарда32.

Осы тойда Әли құдаларымен құйрық-бауыр жесіп, бетке ұн жағыпты деседі. Жаңа құдаларына малға бата жасатады, кәделі жілігін түгел қалдырмай асатады, көрші-қолаңдарын түгел шақырады. Былбырап піскен қойдың құйрығын әдемілеп турайды да, оның үстіне қойдың бауырын турап араластырады, оған айран құйып, құдаларының алдына әкеліп қояды. «Құйрық-бауыр жедік, Құдай дестік, құда болдық. Енді құйрық-бауырдай жақын болайық» деп, құдалықты осы кәдемен бекіткен екен деседі аңызда. Уақыт өте келе бұл дәстүр «құйрық-бауыр жесу» деп аталыпты. Бұл жайында «Алпамыс батыр» жырында да баяндалады. Алпамыс дүниеге келгеннен кейін Байбөрінің досы Сарыбай да қызды болады. Екі бай бұрын:

– Егер біреуімізден ұл, біреуімізден қыз туса, екеуміз құда болар едік, – деп армандап жүрген екен. Армандары орындалған соң, екеуі төс қағыстырып, құда болады. Екеуі:

– Шүкір, арманымыз орындалды. Енді құйрық-бауырдай жақын, әрі берекелі, дәулетті болайық, – деп, құйрық-бауыр жеседі, «ырысымыз арылмасын» деп, бір-бірінің бетіне ұн жағады. Бұл салт та қазақ арасында әліге дейін жасап келе жатыр.

Күйеу киімі

Қазақта күйеу жігіт қалыңдығын ұзатып алып кетер кезде оған ерекше киім киіп баратын болған. Бұл «күйеу киімі» деп аталады. Бұл дәстүр, әсіресе, «Абай жолында» егжей-тегжейлі сипатталады. Абайдың әжесі Зере немересіне ақылын айтып отырып, оған күйеу киімін кигізеді. «Әкесі – күйеу, шешесі – қалыңдық болмаған ба деп бізді мінейді33», – деп, кигізіп отырып, ақылын айтады. Қалыңдығын алуға келген күйеу жігіт бірден көзге түсу үшін арнайы тігілген «күйеу киімін» киген. Басына жиегі бағалы аң терілерімен көмкеріліп, үкі қадалған бөрік киіп, үстіне қызыл шапан, кестелі жарғақ шалбар, аяғына биік өкше етік киген. Кейде шапанды сырт киім қамзолмен алмастырып отырған. Қазақта жалпы бұл дәстүрді Мұхамбет пайғамбардан тарқатады. Мұхамбет пайғамбар Хадиша анамызға үйленетін кезде киіп баратын киімі болмапты. Себебі, ол кезде Мұхамбеттің пайғамбарлық даңқы шықпаған еді. Отбасында қаржылық тапшылық сезіліп тұратын. Оның жанында Әубәкір Сыддық қана болыпты. Ол пайғамбардың Хадиша анамызбен некелесіп, әйелдікке алмақ болғанын біледі. Бірақ Мұхамбеттің жетім өскенін және ешқашан артық байлық жинамайтынын жақсы білетін Әубәкір тойға дайындық жайын сұрайды.

– Иә, досым. Хадишамен некелестім. Мен бақыттымын. Енді оны отбасыма абыроймен алып келуім керек, – деді.

Пайғамбардың емеурінін ернінен танитын Әубәкір мәселенің мән-жайын бірден түсінді. Пайғамбар ескі шапанымен тойға баруға қысылып отыр еді. Әубәкір базарға барды да, шапан тігетін шеберлерге ең қымбат шапан тіктірді. Бүкіл киімін жаңалатты. Бәрі дайын болғанда зерлі тастармен әшекейленген үш шапан алып келді. Оның әрқайсысы бес жүз алтын ділдә тұратын. Хадишаға арнайы қымбат тарту әзірлетті. Пайғамбардың қарсылығына қарамай, Әубәкір оның барлық сән-салтанатын артығымен толтырды. Қыз ұзату тойында дүйім жұрт пайғамбардың мәрттігі мен мырзалығына таңғалды. Дұшпандары оны мұқата алмай мысы құрыды. Қайын жұртының мерейі үстем болды. Әубәкір өзі күйеу жолдас боп оның қасында жүрді. Пайғамбардың бұл сән-салтанаты кейінгі үмбетке үлгі болып қалған екен. Күйеу жолдас боп еріп бару Әубәкір Сыдықтан қалған сүндет деседі34.

Шашу шашу дәстүрі

Мұхамбет пайғамбар миғраж сапарында Ұлық Тәңірдің дидарымен қауышады. Пайғамбар келердің алдында Ұлық Алла періштелерге:

– Бүгін менің сүйікті досым қонаққа келеді. Оған барлық нығметтерімді тарту етемін. Сегіз жәннатымды аралатамын. Қандай өтініш-тілек айтса да, көңілін қалдырмаймын, – деп ескертеді. Періштелер Құдайдың сүйікті пайғамбарының дидарын көруге бұрыннан ынтық еді. Мұндай бақытты сәтті жібермес үшін олар ұзақ уақыт дайындалады. Пайғамбар келе жатыр деген күні олар бар асылдарын киініп-тағынып, күтіп отырады.

Пайғамбар пырақпен Тәңірдің дәргейіне кіріп келгенде алдынан барлық періштелер шығып, жәннаттан әкелінген ең әдемі дүр гауһарларды шашу етіп шашады35. Осыдан бастап қазақ халқында шаңыраққа құтты кісі келгенде шашу шашатын дәстүр пайда болыпты. Қазіргі заманда шашуды көбіне келін түскен кезде шашады. Бұл келінді ұзағынан күткенін, бар жақсысын соған арнағанын білдіреді.

Сыңсу айту дәстүрі

Мұхамбет пайғамбардың бір қызы Бибі Фатима екен. Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» деген кітабында:

Білектей арқасында өрген бұрым,
Таңғалған ақ жамалын көрген мұның,
Еріне адал жар боп, қызмет қыпты,
Кеш жатып, оянумен елден бұрын.

Тана көз, пісте мұрын, жазық маңдай,
Бұралған жіңішке бел нәзік қандай!
Еліне сыйлы болған, еріне ыстық,
Адал жар қажып-талмай, азып-талмай.

Еменнің тал өседі қалқасында,
Ақтайлақ мойнын созар нар қасында.
Немесе жұпар атып бір аппақ гүл
Тұрады Жидда таудың жартасында, – деп сипаттаған екен36.

Пайғамбарымыз Әлидің ер мінезі мен адамгершілігіне риза болып, қызын Әлиге ұзатады. Аңыз бойынша, Бибі Фатима мүбәрәк әкесін, туып-өскен шаңырағын қимай, өлеңге қосып, сыңсу айтыпты деседі. Қазақ арасына тараған қара өлең нұсқаларында бұл оқиға былай суреттеледі:

Жұп етіп бірді бірге Хақ жасаған,
Сөйлеуге қызыл тіл мен жақ жасаған.
Жан беріп, қабырғадан тән жасаған,
Адамға Хауа ананы шақ жасаған.

Бір қызын пайғамбардың Ғали алып,
Той қылып, ел шақырмақ содан қалған.
Той қылып, ел шақырмақ қызық еткен,
Атымтай жомарттан да қызық өткен.

Бір қызы пайғамбардың – Фатима-зада,
Ол-дағы Ер Ғалиге жылай кеткен.
Арасын жер мен көктің мұнар шалған,
Бір қызын пайғамбардың Ғали алған.

Қоштасып, әкесімен жылап-сықтап,
Сыңсу айту біздерге содан қалған.

Қазақ дәстүрі бойынша қыз баланың сыңсу айтуын Фатима анамыздан басталады деп түсіндіреді. Жалпы қазақ әйелдерінің Фатима анамызды пір тұтуы, үлгі етуі кеңінен таралған. Мәселен, үйді аластағанда, нәрестені маймен сылағанда, шебер әйелдер киіз басқанда, текемет, кілем тоқыр алдында «Менің қолым емес, Бибі Фатима анамыздың қолы» деп бастау дәстүрге айналған. Жолға шыққанда да қыз-келіншектер Фатима анамыздан медет тілейді екен. Пайғамбар да қызын ұзатқанда сән-салтанатымен, жасау-жабдығымен, ел-жұртты шақырып той етіпті. Қазақта «пайғамбар да қыз ұзатқан», «ел жиып той етпек пайғамбардан қалған» деген тіркестер бар.

Шымылдық тұту салты

Қабыл мен Әбілден соң Хауа ана үшінші ұлын босанады. Атын Шиш қойыпты. Артынша Жебірейіл періште пейіштен шымылдық әкеп, бөлмесіне құрыпты. Хауа ана:

– Бұл не үшін? – дейді. Жебірейіл: Ібілістің теріс назары балаға түспесін. Ол бөбекке сұқтанып қарауға тырысады. Кесапаты тиетін болса, нәрестең шетінеп кетуі мүмкін. Мұхамбет пайғамбардың нұры осы балаға ауысады. Сондықтан сырт көзден барынша сақтан, – дейді. Содан бастап мұсылмандар келін түсіргенде, сәби туылғанда, шымылдық тартып, бөтен кісілердің назарынан сақтанатын болыпты.

Сәлем салу дәстүрі

Мұхамбет пайғамбар заманында, дін жолындағы бір соғыста, Ханафия есімді қыз тұтқынға түседі. Өзі батыр әрі асқан сұлу екен. Соғыста ешкімге беріспепті. Тек Әзіреті Әлидің зұлпықарының алдында тізе бүккен екен. Ол қамауда жатып:

– Мені пайғамбардың алдына апарыңдар. Датым бар айтатын. Пайғамбарды көргенде ғана мұсылмандықты қабылдаймын, – деп шарт қояды. Сахабалары қызды пайғамбарға әкеледі. Қыз:

– Менің үш шартым бар. Соны орындасаңыз мұсылман боламын. Әрі сізден қызметімді аямаймын, – дейді.

– Шартыңды айт? – дейді пайғамбар.

– Бірінші шартым, мені соғыста қолға түсірген батырыңыз Әлиге некелеп қосасыз. Екінші шартым, менен туған балаға Өзіңіздің есіміңіз бен менің атымды қосақтап қоямын. Соған рұқсат етесіз. Үшіншісі, Сізді көргенде иіліп сәлем етемін. Бұл Құдайдың сүйікті пайғамбарына деген құрметім мен ізетім болсын, – дейді.

Пайғамбар қыздың барлық тілегін қабыл көреді. Оны Әзіреті Әлиге құтпа оқып, некелеп қосады. Арада бір жыл өткесін, одан туған балаға Мұхамбет-Ханафия деп ат қойып, азан шақырады. Пайғамбарымыз Ханафия қыздың иіліп сәлем салуын мақұл көреді. Тіпті оның құрметіне риза болып «бақытты бол», «ғұмырлы бол», «көп жаса» деп бата беретін болыпты. Осыдан бастап, жаңа түскен келіннің жаңа ортада үлкендерге сәлем салатын дәстүрі пайда болған деседі. Сәлем салу – қазақ арасына ең берік орныққан дәстүрдің бірі. Сәлем берген келінге тілек білдіру, сәлемін қабыл алу пайғамбардан қалған сүндет деседі.

Әйелдің сән-салтанаты

Адам ата мен Хауа ана тыйым салынған жемісті жеп, жұмақтан қуылады. Алланың әмірімен періштелер Адам атаның басындағы тәжінен бастап інжу-маржан әшекейлеріне дейін түгел алып қояды. Хауа ананың сәнді бұйымдарына тиіспейді. Оның дүр-жауһар сақинасы, інжу-маржан тәжі, лағыл моншақтары, сәнді бояулары бәрі сол қалпында қалады. Адам ата:

– Уа, Жасаған, неге менің сән-салтанатымды тартып алдың да, Хауаға тиіспедің? – деп сұрайды. Тәңірі тағала:

– Әй, Адам, сен күн болсаң, Хауа – сенің шұғылаң. Ер-азамат – әйелдің қорғаны. Негізгі жауапкершілік сенің мойныңда. Хауаны саған нығмет етіп жараттым. Сенің кесіріңнен оны жазаласам, менің Әділдігім қайда қалады? – дейді.

Әйелдің әдемілікке, әшекейге құмар болатыны, алтын жүзік, күміс сырға тағынса, ажарлана түсетіні содан екен37.

Ерінің әулиелігі әйелінің тазалығынан

Зеңгі баба буаз сиырдың бұзауының түр-түсін тумай жатып дәл айтатын көріпкел, әулие болыпты. Жары Әнуар ана да тегін адам болмапты. Ол Зеңгі бабаның ас-ауқатын дайындап, адал қызмет етіпті. Тамақ әзірлегенде ғұсыл дәретпен пісіреді екен. Бірде ас дайындап жатып, басындағы жаулығын түземек болады. Сол сәтте орамалынан тамаққа лас заттың бір қиқымы ұшып түсіп кеткендей болады. Әнуар «қап» деп, қазанды қанша шайқаса да, еш нәрсе таба алмайды. Тіпті «осы арада болар» деп шамалап, тамақтан бір-екі ожау төгіп тастайды. Бірақ көңіліндегі секем кетпей қояды. Түс мезгілі болғанда сиыр бағып жүрген Зеңгі бабамызға ас апарып береді. Баба ауқаттанып алады. Күмәнін тексермек болған Әнуар анамыз сүт пісірімдей уақыттан соң, Зеңгі бабаға:

– Анау буаз сиырдың бұзауы қандай болады? – деп сұрайды. Баба:

– Түсі қызыл, маңдайы қасқа бұзау, – деп жауап береді. Әнуар анамыз жымиып:

– Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, – дейді. Зеңгі оған бір қарап ойланып қалады.

Уақыты жеткенде буаз сиыр Әнуар анамыз сипаттағандай бұзау туады. Зеңгі болжамының қате шыққанына таңқалып:

– Неден жаңылдым? – деп ойланады. Сол кезде Әнуар анамыз:

– Өткен күні ас дайындап жатып, тамаққа бір нәрсе түсіріп алдым. Қанша іздесем де, таба алмадым. Мүмкін көзіме елестеген шығар деген де ойлар болды. Сол құрғыр аспен бірге асқазаныңызға барып, жанға әсер қылған. Жүрек көзіңізге болмашы перде боп тұтылған екен. Жатырдағы бұзаудың құйрығы маңдайын жауып жатқан. Соны жете көре алмадыңыз. Мені кешіріңіз, – дейді. Зеңгі баба Әнуардың маңдайынан иіскеп:

– Менің әулиелік қасиетім сенің қылаусыз таза қызметіңмен байланысты екен. Сенің ас-ауқатың адал болса, менің де рухым ширай түседі, – депті.

Қызды төрге шығару

Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі. Нұх дастарқан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарқанда отырғанда:

– Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Нұх:

– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарқаннан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті.

Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызыңды төрге отырғыз», «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан екен.

Жиенді сыйлау

Қазақ халқында «пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген сөз бар. Бұл Мұхамбет пайғамбардың күйеу баласы Әлиге деген ерекше құрметіне байланысты айтылса керек. Одан бөлек пайғамбар жиендеріне де ерекше мейірімді болған екен. Бірде пайғамбарымыз жиендері Асан мен Үсен үйіне келгенде төрден орын беріп, құрмет көрсеткен. Ол Асанның ернінен, Үсеннің мойнынан сипаған екен. Пайғамбардың әр қимылынан ғибрат көріп отыратын Әзіреті Әли:

– Уа, Тәңірдің елшісі, неге бұлай істедіңіз? – депті.

– Ажал Асанжанның ернінен, Үсенімнің мойнынан келеді. Ақырғы сәт соққанда оларға ауырлық болмасын, жанына батпасын деп сипадым, – деп жауап беріпті.

Жиендеріне құрмет көрсетіп, Асанға оржағал құла жүйрік, Үсенге кер құла ат мінгізген екен. Осыдан бастап жиенді құрметтеу барлық пайғамбар үмбетіне үлгі болып таралған деседі. Бұл дәстүр қазақ арасына да тереңдеп сіңгені байқалады. Нағашы жұрты жиені келгенде құрмет көрсетіп, жиенсыбаға береді. Мал ішіне кіргізіп, «қалаған малыңды таңда» деп, бәсіре атайды. Жиеннің таңдаған малына ен салады. Оны мінбейді, асқа соймайды, ерекше бағып-қағады. Жиені тағы бірде келгенде мал ішіне кіргізіп:

– Ал, жи ендіні, – деп айтады екен. Яғни, «ені бар малды жина» деген сөз. Кейін «жи», «ен» деген екі сөзден «жиен» атауы шығыпты.

Қазір де қазақ арасында «жиенді ұрма, қолың қалтырайды», «жиеннің назасы қатты» деген мәтелдер сақталған. Жиендер нағашы жұртынан қандай да бір бұйымды сұраусыз алып кетсе де, нағашылары оны ұрлық деп санамаған. Қазақта мұны жиендік жасау деп атайды.

Жиеннің қырық серкеші

Ысқақ пайғамбар бірде ұлы Жақыпқа:

– Ұлым, сенің үйленетін уақытың болды. Шаңырақ көтеріп, отау құрғаның жөн болар, – дейді. Жақып:

– Айтқаныңыз жөн-ау, әке. Бірақ қай жердің қызын айттырсам, жолым болады? – деп сұрайды. Ысқақ:

– Нағашы жұртыңа бар. Сол жақтан қыз таңда. Көңіліңе ұнаған қалыңдық болса, қалыңмалына қанша сұраса да бер, – дейді.

Жақып әке ақылын көкейге түйіп, нағашы жұртына барады. Нағашысы жиенін сыйлап, құрмет көрсетіп, қонағасын береді. Ертесіне Жақыптан:

– Иә, жиен, қайдан жүрсің? Не бұйымтайың бар? – деп сұрайды. Жақып келген себебін айтады. Нағашысы:

– Менің Лия мен Рахила деген екі бойжеткен қызым бар. Қой бағып менің қызметімде болсаң, ұнатқан қызыма қосайын, – дейді.

Жақып қой бағып, нағашысының сенімінен шығады. Нағашысы оған риза болып, ақ батасын береді. Рахила деген кіші қызын Жақыпқа қосып, екеуін аттандырарда:

– Сенің адал еңбегің мен ақ пейіліңе риза болдым. Өзің баққан қой-ешкі көбейіп, төлдеді. Қозы-лағының саны қырыққа жетті. Оларды «қырық серкеш» деп атап, сенің еншіңе атаймын. Қалаған кезде келіп, сұраусыз алуыңа болады. Бұл жиеннің сыбағасы болсын. Жұртқа үлгі болсын! – депті.

Осыдан бастап «нағашыда жиеннің қырық серкеші бар», «қырық серкеш беру» сынды жоралғылар пайда болған екен. Жиеннің кейде сұраусыз нағашысының малын алып кетсе де құқығы бар деп саналады. Мұны жиендік жасау деп атайды. Ел-жұрт та жиені «Жақып пайғамбардың нағашыда қалған сыбағасын алған екен» деп түсіністікпен қарайды.

Үйді түтінмен аластау

Ыбырайым пайғамбар Ысмағұлмен бірге Қағбаны қайтадан тұрғызады. Оған жабу жауып, қажылық дәстүрін қайта жаңғыртады. Ішіне түтін түтетіп, аластайды. Діни кітаптардың айтуынша, түтін түтету ғұрпы Ыбырайым пайғамбардан бастау алады екен. Кейін бұл дәстүр Ыбырайымның милләтіндегі барша адамдардың тұрмысына, әдет-ғұрпына сіңіпті. Үйді жын-шайтаннан, пері-лаңнан аластау үшін аршаны, адыраспанды түтетеді. Ал, әсем хош иіс шығару үшін әтірлі шөптерді пайдаланған38.

Аршамен аластау

Адам ата мен Хауа ана пейіште тыйым салынған жемісті жеп Тәңір алдында күнәлі болады. Хақ тағала қаһарланып, оларды пейіштен қуады. Періштелерге:

– Жәннаттың киімдерін шешіп алып, екеуін жерге тастаңдар! – деп бұйырады. Бұл сөзді естіп, екеуі қашады. Періштелер әдеп сақтап, оларды ұстап алуға батпайды. Сол кезде жиде ағашы бұтағымен Адам атаны бас салады. Қарсыласқанына қарамай, бұтақтарымен бар киімін сыпырады. Жиде ағашының өрескел әрекетін көріп періштелер тосылып қалады. Ағаш:

– Алланың әмірі бәрінен де жоғары, – дейді. Жалаңаш қалған Адам ата мен Хауа анаға інжір ағашы бір жапырағын беріп, ұятты жерін қалқалайды. Арша ағашы пана беріп, саясына отыруға рұқсат етеді.

Сол сәтте Тәңірден әуез келеді:

– Ей, жиде, Менің әмірімді орындағаның жақсы. Бірақ, менің орынбасарыма қаталдық көрсеттің. Мұншалықты дөрекі болмасаң етті. Осы дөрекілігің үшін сені де жазалаймын. Бұдан былай пейіште емес, жерде мекен етесің. Адам баласы сені арнайы екпейді. Судан жырақта өсіп-өнесің. Денеңді тікен қаптап, ағашың қатты болады, – дейді. Содан бері жиде судан жырақ жерде өсетін болыпты. Адамдар оны арнайы екпейді екен. Жиде гүлі бұрын пейіште өскендіктен, гүлі ерекше жұпарлы болады екен.

Ал, інжір ағашына:

– Әй, інжір! Менің орынбасарымды құрметтеп, жапырақ бердің. Оларға мейірім көрсетіп, мәрттік таныттың. Сол үшін Мен де саған құт-береке һәм кие дарытамын. Адам ұрпағының ризығы боласың. Кімде-кім ауырса, сенің жемісіңді жеп, шипа тапсын. Нәрлі сөліңді ішіп рақаттансын. Сенен басқа жеміс-жидектердің біреуінің іші, ал біреуінің сырты ғана жеуге жарамды болады. Сенің ішің де, сыртқы қабығың да адамға азық болсын, – дейді. Содан бері інжір ағашы адам сүйсініп жейтін құнарлы жеміске айналады.

Арша ағашына:

– Сен менің халифама көмектестің. Жаныңнан пана бердің. Сол үшін саған жұпар иіс бітіремін. Жапырағыңа кие дарытамын, – депті. Аршаны тұтатқанда керемет иіс шығатыны Құдай берген осы қасиетінен екен. Жапырағына кие дарығандықтан, онымен үйдің іші мен бос бесікті аластап, жын-перінің әсерін жояды екен.

Адыраспан тұтату

Діни аңыздарда адыраспанға кие бітірген Әзіреті Мұхамбет пайғамбар делінеді. Ертеде төрт шадиярдың бірі Әзіреті Оспан әскер бастап жорыққа шығыпты. Жолда бір жерге түнейді. Түнде жаулары тыңшы жіберіп, байлаулы тұрған аттарын босатып, жан-жаққа шашыратып қуыпты. Түнімен азан-қазан болып, сахабалар аттарын іздейді. Ертесіне Оспанның атының шылбыры бір түп адыраспанға оратылып қалғанын көреді. Оның кісінеген дауысын естіп, өзге аттардың бәрі сол араға жиналған екен. Оспан да серіктерін ертіп, жылқының дауысы шыққан жерге келеді. Қараса, барлық жылқы бір жерге үйіріліп тұр екен. Оспан адыраспанды дорбасына салып алады. Сол жорықта жолы болып, жеңіспен оралады. Елге келген соң, Мұхамбет пайғамбарға болған жайды баяндайды. Пайғамбар:

– Бұл шөптің аты қалай? – деп сұрады. Оспан:

– Мұны адыраспан деп атадым, – деді. Пайғамбар:

– Ұлық Құдай бұл шөпті себеп қылып, бір апаттан сақтапты. Бұдан кейін де адыраспан менің үмбетіме игілікті қызмет етсін, – деп, аят оқып, шөпке дем салған екен.

Содан бері адыраспанға емдік қасиет дарыпты. Осыған орай ел ішінде:
Ассалаумағалейкум, адыраспан,
Атыңды қойған екен Әзіреті Оспан.
Пайғамбар дұғасынан нәр алған соң,

Өзіңе келіп тұрмын жол алыстан, – деген сөз қалыпты. Содан бері жұрт адыраспанды киелі, пайғамбардың қолы тиген қасиетті өсімдік деп санапты. Оның қураған сабақтарын тұтатып, үйдің ішін аластайды екен.

Үкі қауырсынын кие тұту

Ертеде топан су тартылып, Нұх пайғамбар кеме шалдыратын жер іздейді. Сол кезде әлемдегі асқар таулар:

– Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласыпты. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы ғана сынықтық көрсетіп:

– Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла орынбасарын биік тауға тоқтатар, – дейді. Алла Қазығұрттың кішіпейілділігіне риза болып:

– Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, – деп әмір береді. Нұх:

– Қазығұрт тауы қайда? – дейді. Тәңірі үкі деген құс жаратып:

– Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті.

Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды.
Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:

– Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! – деп бата береді. Содан үкіге айрықша кие дариды. Адамдардың оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын дәстүр содан қалыпты39. Үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді екен. Өлтірген адам Нұхтың берген батасының киесі ұрады деген түсінік бар. Үкіні ұстап алып, бір-екі тал қауырсынын ғана алады.

Кәрі жіліктің киесі

Қазақта кәрі жілік кәделі сый саналады. Кәрі жілік ел басын сақтайды деген сенім бар. Оны үйдің оң босағасына, қорасының айналасына байлап іліп қояды. Кәрі жіліктің киесі туралы ел ішінде мынадай аңыз бар. Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдайды. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмайды. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.

Тыңшы қайта келіп:

– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы:

– Ендеше бүгін шабамыз, – деп атқа қонады.

Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:

– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:

– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді.

Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті. Кәрі жіліктің кереметі туралы ел ішінде тағы да мынадай аңыз сақталған. Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі:

– Балам, мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың, – дейді.

– Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы селсоқ қарайды. Бірақ әке көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады.

Межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап, елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде арт жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі:

– Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің ғайып ерен қырық шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – деген екен.40 Осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық жаудан қағады» сөз қалыпты.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қайтыс болған кезде бейітінің ішіне қырық кәрі жілік қойған екен. Діни сенім бойынша, кәрі жілік қабірді қорғап жатады деседі. Бұл жайында Дихан Әбілевтың естелігінде: «Мәшекеңнің бейіті 2 бөлмелі үй түрінде салынған. Төргі үйінде шкаф тұр, ондағы екі қатарда араб-парсы тілінде жазылған 60 кітап жиюлы екен. Шкафтың үстінен тірі күнінде қолданған ер-тоқымын қойыпты. Үйдің оңтүстік жақ қабырғасында қойдың 40 кәрі жілігін ілген екен (діни сеніммен қарағанда 40 жілік күзетші болу керек). Осы төргі үйдің астын биіктігі 2 метр, ұзындығы да сондай өлшемде терең етіп қаздырған екен. Мәшһүр Жүсіптің денесі осы айтылған жерде жатыр. Сақал-шашы сол қалпында, денесі сары екен. Тірі күнінде толық адам болған болу керек. Кеуде сүйегі өте көтеріңкі, іші аздап қабысыпты. Сол жақ аяғы кішкене семіңкірейін депті, өйткені сол аяғының өкшесін (етін) бірдеңе жеген сияқты41», – деп жазады. Әулиенің діни кітаптары, ыдыс-аяқтары, ер-тоқымы мен ат әбзелдерін және басқа да өзі тұтынған заттарын сағанасына қойдыруы, олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын деген ниеті екен.

Жеті шелпектің пайдасы

Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, ішінде алтын тас жатыр. «Құдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді.

– Ей, бейшара, не тапсаң да, өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын», – деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кім де кім құтқаратын болса, соны жұтамын», – деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын, – дейді. Жолаушы шыр-пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет отыз жолаушыны оның көзі шалады.

Қуанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып:

– Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, – деп кетіп қалады.

Жылан жақындай түседі. Бейбақ:

– Өлген жерім осы болды ғой, – дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді.

Жолаушы: «Құтқар!» – деп жалынады.

– Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? – деп олар да кетіп қалады.

Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады.

– Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап:

– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың? Жолыңнан қалма, – дейді. Аласа адам:

– Ей, жылан, жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен, кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді, – дейді. Жылан бұлқан-талқан ашуланып:

– Сандықтан қалай шықсам, солай сыйып та кетемін, – дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Аласа адам сандықты тарс жауып:

– Жыланнан құтылдың. Енді жолыңнан қалма, – дейді. Жолаушы қуанып:

– Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің? – дейді.

– Бұл жылан – орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы тілден. Орынсыз сөз иесін қабады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі – ұстамаған оразаң, бес кісі – қаза қылған бес уақыт намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшіктерге садақа бердің. Мен – өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, – депті.

Жолаушының жеті шелпегі өзін бір апаттан құтқарған екен.

Енді бір аңызда жеті шелпектің қауіп-қатерден сақтайтын шарапаты былай баяндалады. Ертеде бір аңшы болыпты. Ол қыран құсты баулып, саятшылық құрады екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы майланып оралып жүреді. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын ақиық қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауды ойлайды. Сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянады. Бір бәлені жүрегі сезеді. Әйеліне:

– Мен аңға шыққан мезетте жеті шелпек таратып жібер, – деп тапсырады. Әйелі:

– Жарайды. Айтқаның болсын, – деп, ері аттанған кезде жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жібереді. Жұрт: «Қабыл болсын!» – деп, күлше наннан дәм татысады.

Аңшы бұдан бұрын да бүркіттің балапанын алып кетеді екен. Қыран аңшының тағы келерін сезеді. Олжа іздеп кетер кезде ол балапанын тауға аманаттайды:

– Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып, көздерін ояйын, – дейді. Тау бүркіттің өтінішін қабыл алады. Біршама уақыттан соң, қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Тауға:

– Саған хабар жеткіз деп едім ғой. Балапанымды неге беріп жібердің? – деп ренжиді. Тау:

– Мен саған хабар бергім келген. Бірақ, аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті күш жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады, – деп ақталыпты. Жеті күлшенің шарапаты алып тауды басып, аңшыны бір апаттан сақтапты.

«Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған деседі. Шелпектің жетеу болуы жайлы аңыз Оңтүстік Қазақстан өңірінде жақсы сақталған. Қазығұртта өмір кешкен Ысқақ қожа есімді әулие кісі болыпты. Ол ел-жұртын адамгершілікке, арлылыққа, ізгілікке шақырып, зұлымдықтан тыйып отырады екен. Ысқақ қожа дүниеден өткенде, баласы Ысмайыл қожа әкесін жерлеп, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек пісіріп, халыққа таратыпты деседі. Бір күні одан біреу:

– Тақсыр, неліктен жеті күлше таратасыз? Бір күлше берсе болмай ма? – деп сұрапты.

– Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал, бір күлше өз қара басыңа ғана жетеді, – депті.

Садақаға таратылатын күлшенің жетеу болуында да осындай мән бар екен.
Ғайса пайғамбар заманында да жеті шелпекке байланысты аңыз шыққан екен.

Бірде Ғайса уағыз-насихат айтып жүріп, бір ауылға жеткен екен. Ол ауылда диірмені бар бір кісі болыпты. Ол елдің бидайын тартып, ұн беретін. Бірақ оның бір қиянаты бар еді. Ол ұннан ұрлап алып қалатын. Ығыр болған халық Ғайсаға келіп:

– Иә, пайғамбар. Мына диірменші бізді тонап жатыр. Қанша ескертсек те, қиянатын қояр емес. Елде басқа диірмен жоқ. Бұл диірмен көпір сияқты жалпы жұрттың игілігі үшін салынған зат еді. Соны жеке басына пайдаланып, арамдықпен байып отыр. Сен дұға ет. Қиянатын қойсын. Қоймаса, Құдайдың қаһарына ұшырасын, – деп өтінеді.

Ғайса:

– Уа, Жасаған, мына халықтың тілегін құп ала гөр, – дейді. Диірменші сол күні жолға жеті шелпек нан ала шыққан еді. Жолда оған жеті диуана ұшырасып:

– Ей, қайырымды жан, жәрдем ет. Ашпыз. Үш күннен бері нәр сызған жоқпыз, – депті.

Диірменші көңілі босап, жеті шелпегін шығарып:

– Алыңыздар, – дейді. Диуаналар оған риза болып:

– Тәңірі Тағала пәле-жаладан сақтасын, – деп бата береді.

Диірменші шаруасын біткен соң, үйіне қайтады. Оның көңілді оралғанын көрген Ғайса:

– Бүгін қандай қайырлы іс жасадың? – деп сұрайды. Ол:

– Жолда жеті диуана кездескен. Тамақ сұрады. Әйелім пісірген жеті шелпек бар еді. Бәрін сол пақыр жандарға бере салдым, – дейді. Ғайса:

– Қоржыныңды ашшы, – дейді.

Қараса, қоржында жеті жерінен бөлініп қалған жуан қара жылан жатыр екен. Ғайса өлген жыланды диірменшіге көрсетіп:

– Сенің жұртқа істеген қиянатың үшін Тәңір саған зауал жіберді. Қара шұбар жылан сені шағып өлтірмек еді. Бірақ сен дәруіштерге садақа беріп, бір пәледен аман қалдың. Жеті шелпек жыланды жеті жерден кесіп өтіпті. Енді жамандықтан тыйыл. Қиянат жасама, – дейді. Содан бастап диірменші арам әрекетін доғарып, жеті шелпек пісіріп, садақа таратуды әдетке айналдырыпты.

Жеті шелпек таратып, сауабын әруаққа бағыштау туралы «Қиямет ахуалы» («Ахуал қиямет») деген көне кітапта да баяндалады. Кітапта:

Басқа күні, бір жұманың таңында-ай,
Әруақтар Хақ ізнімен42 келер мұнда-ай,
Дүниеде мекен еткен үйлерінің
Ішкергі есігіне барып тұрғай.

Айтады өз лебізін қылып нала,
«Садақа үзім нанды бергін маған.
Бұл күнде баршасына мұқтажым бар,

Дұғадан мені елеусіз тастамаңдар43», – деген үзінділер бар. Насафидің «Мауази» деген кітабында «Бейсенбі мен жұма күндері жеті күлше таратқанның сауабы мол» деп жазған. Қызылорда өңірінде «жеті шелпекте жеті әулиенің шарапаты мен қасиеті бар» деген түсінік кең тараған.

Садақаның пайдасы

Ертеде бір жігіт бай болуды армандапты. Ол бір данышпанға барып:

– Менің бай, дәулетті болғым келеді. Не кеңес бересіз? – дейді.

– Байлықты не істейсің. Онан да ақиретте керек байлық берейін, – дейді. Жігіт қоймайды. Данышпан:

– Қазір ғана бір бай дүние салып еді. Жұрт соған қабір қазып жатыр. Сол көрге бір сағат түсіп шықсаң, байдың бар байлығын саған алып берейін, – дейді. Жігіт қуанып кетіп, шартына келіседі. Данышпан:

– Қорықпайсың ба? – деп сұрайды. Жігіт:

– Ат басындай алтын берсең болды. Бір сағат емес, бір күн жатып шығамын, – дейді.

Даныштан жігітті қазылып жатқан көрге әкеледі. Оны лақатқа кіргізіп, аузын мықтап бекітеді. Сәлден кейін жігіттің шыңғырған даусы шығады. Жұрт қабірді ашқанда жігіт «ойбайлап» атып шығады. Оны данышпан әзер тоқтатып:

– Ей, не болды? – дейді. Жігіттің өңі қашып, түрі бозарып кеткен екен.

– Алтыны да құрысын, байлығы да құрысын! Көрде көрген азабымды, тартқан машақатымды ауызбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді.

– Не көрдің? – дейді данышпан.

– Көрге түскенім сол еді, жаным көзіме көрінді. Қаптаған құрт-құмырсқа, жәндік атаулы жабылып, тәнімді шаға бастады. Кенет көктен бір Қарыш атты жылан атылып келіп, кеудемді қонды. Айыр тілін шығарып, шақпақ болды. Бұрын жолда келе жатып, жол шетінде отырған қайыршыға бір үзім нанды беріп едім. Сол нан Құдайдың құдіретімен пайда бола кетіп, жыланға қалқан болды. Қарыш нанға бата алмай, кетіп қалды, – дейді кемсеңдеп. Данышпан:

– Енді не істейін. Ат басындай алтын берейін бе, баюдың жолын көрсетейін бе? – деп сұрайды. Жігіт әлі есін жимаған күйі:

– Маған тек қайырымдылық жасауды үйретіңіз, денім сау болса, малды өзім-ақ табам, – депті.

Жеті қазына

Адам ата жерге түскенде Ібіліс жыртқыш аң-құстарды жинап алып:

– Жерге Адам келді. Ол сендерді жояды. Оны өлтіріңдер, – деп оларды Адамға айдап салыпты. Барлық жыртқыш аңдар жиналып, Адамды өлтірмекші болады. Құстар келіп, Адамның басынан шұқыпты. Адам ата Тәңірден жәрдем сұрайды.

Сол кезде Жебірейіл:

– Мына үш жануардың басынан сипасаң, саған қияметке дейін қызмет етеді, сені қорғайды, – дейді. Олар ит, жылқы, қыран құс екен. Ит әлімсақта Адам атаның кіндігінен пайда болғанымен, әлі жерге түспеген екен. Жебірейіл итті әкелгенде, ол жыртқыш аңдармен арпалысып, Адамға жақындатпапты. Жебірейіл періште екінші қыран құсты ұшырады. Ол Адам атаның төбесінен шүйліккен құстарды қуалайды. Бұл кезде жылқы Адам атаны пейіштен алып түскен қанатты пырақ екен. Жебірейіл жылқының сауырынан қағады. Сол кезде ол Адам атаны мінгізіп алып, шапқан екен деседі. Алдынан келгенін тістеп, артынан қуғанын теуіп, Адам атаға үшінші қорғаны болыпты.

Осыдан бастап ит, қыран, жылқы үшеуі жеті қазынадан орын алыпты.

Бас тартсаң, тісін қағып әкел

Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос өмір сүріпті. Бірде Сараман досына ренжіп қалады. Бірақ онысын тамырына айтпайды. Бір күні Қараман атқосшысын ертіп, оған қонаққа келеді. Сараман досын құшақ жая қарсы алады. Іштегі назын бетіне шығармайды. Досы да құшағын тосады. Сараман досына арнап үлкен қошқарын сойып, батасын алады. Ет пісірім уақыт болды дегенде алдына бас тартады. Қараса, қойдың тістері қағылмаған екен. Досы оны байқамайды. Етін жеп, қымыз ішіп, арқа-жарқа болып, үйіне қайтады. Жолай атқосшысы:

– Мырза, досыңыз бас тартқанда қойдың тісін қақпай әкелді. Сізге бір реніші бар екен, – дейді. Бай шошып кетіп:

– Қалайша? Реніші болса, бас тартып сыйламас еді, – деп жауап береді. Атқосшы:

– Марқұм әкем айтушы еді. Қазақ біреуге ренжісе, бетінен алмаған. Өзгенің көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын деп сақтық еткен. Назын тұспалмен, ыммен білдіреді. Мұсылмандықта біреудің көңілін қалдырған, мың Қағбаны бұзғанмен бірдей екен. Сондықтан, дәуде болса, досыңыз сізге ренішін білдірді. Қонақ есті болса, бұл сырды өзі-ақ түсінер деген, – дейді.

Бай аттың басын кері бұрып, досынан кешірім сұрап, ат-шапан айыбын төлепті. Осыдан бастап қой басын пісіргенде оның тісін қағып әкелу адал достық пен таза көңілдің белгісі боп саналыпты. Бастың тісін қақпай әкелу өкпе, назды білдіретіні туралы Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында мынадай үзінді келтіреді. «Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын атаның (Бауыржан Момышұлы) қабағы салыңқы. Бір кезде:

– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады.  Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық: құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.

– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі:

– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек...»44

Бас тарту кәдесі

Басты бас табаққа салып, сыйлы қонаққа немесе үлкен қарияға ұсынады. Ол басқа бата жасайды. «Біссімілдә» деп басты езуінен бастап кеседі. Онан соң оң құлағын кеседі де, сол үйдің баласына береді. Кейде үй егесі қойдың оң құлағын кесіп алып келеді. Ондайда қойдың сол құлағын кесіп, дастарқан басында отырған кішіге ұсынады. Себебі, қойдың құлағында береке бар деп ырымдайды. Береке жас баланың басына қонсын деп жасы кішіге ұсынады. Басты жапырақтап кесіп, айнала отырғандарға береді. Бұл – «басымыз аман болсын», «несібеміз, ырысымыз бір болсын» деген ырым. Қойдың көзін тек бір адамға ұсынады. Екі адамға ұсынса, бір-біріне ала көз болады, өшігеді дейді. Қой Ыбырайым мен Ысмағұлдың құрбан шалу оқиғасына куәгер болған. Екі пайғамбардың жанқиярлық махаббатын көріп, көзіне жас алыпты. Көктен қошқар түскенде Ысмағұл қуанғаннан қошқардың басын сипап, көзінен өпкен екен. Содан бастап қойдың көзі сыйлы кәдеге айналады. Қой көзін құрметті қонақтардың біріне ұсынуы содан екен. Аңыздарда қой Меккенің топырағынан жаралды делінеді. Меккенің шөбін жеп, зәмзәм суын ішкен екен. Сондықтан оның тілі, таңдайы, езуі қасиетті саналады. Құрбандық оқиғасында Ыбырайым пайғамбардың алақанын иіскеген деп те айтылады. Қойдың мұрнын үй иесіне қалдырады. Қойдың тілі мен таңдайын ұсынғанда тілек айтып ырымдайды. Оны да сыйлы қонақтарға тартады. Біріне: «Шешен бол!» – деп тілін ұсынса, біріне: «Күміс көмей әнші бол!» – таңдайын береді. Қойдың езуін жегенде «езуімізден май кетпесін» деп ырымдайды. Қойдың басын әкесі тірі адам ұстамайды. Ел арасында «әкем өліп қалады», «әкемнің басын қадірлемей кетермін» деген ырымдар бар. Мұның себебін діни аңыздарда былай деп тарқатады. Ыбырайымға көктен қошқар түседі. Ысмағұл аман қалған соң құрбандыққа тек қана мал шалу міндет болып бекиді. Ыбырайым қойды құбылаға қаратып бауыздайды. Періште Ысмағұлға қосылып, тәкбір айтып тұрыпты. Бұрын малды құрбандыққа шалғанда өртеп жібереді екен. Ыбырайым қойды бауыздап болған соң өртемек болады. Сол кезде Жебірейіл періште:

– Әй, Ыбырайым, құрбандықты үйіңе апар. Бір бөлігін өзің ал да, қалған екеуін жұртқа тарат. Ұлық Алла малға мұқтаж емес. Құрбандықты мұқтаж жандарға таратып берген – Тәңір алдында қайырлы іс, – дейді. Ыбырайым мен Ысмағұл құрбандықты үйіне әкеледі. Ажар анамыз ұлының амандығын көргенде көзіне жас алып, еңкілдеп жылап жібереді. Тәңірге мадақ айтып, қазан көтереді. Бұған дейін жұрт малдың басын жемей, ит-құсқа тастай салады екен. Ыбырайым Ажарға:

– Көк қошқар ұлыңды аман сақтады. Жолыңа құрбан болды. Қойдың басын қадірлемей ит-құсқа тастай салған шүкірсіздік болар. Бұдан былай ең құрметті қонағыңа қойдың басын тартуды салтыңа енгіз, – дейді. Осыдан бастап сойылған қойдың басынан бөлек бақайларын да үйітіп, ішек-қарындарын да нәжістен тазалап, әдемілеп өріп, етпен бірге асатын болыпты.

Ас дастарқан басына келгенде Ыбырайым қойдың басын алғаш мүжіген екен. Жанында Ысмағұл отырады. Ол басқа қол созғанда:

– Бұл – сенің құрбандығың. Басыңның амандығы. Әкең отырған жерде қойдың басын мүжігенің әдепсіздік болар, – деп тыйып тастапты. Осыдан бастап малдың басын әке отырған жерде баласы ұстамайтын болыпты. Аңыз бойынша, Ыбырайым дүние салған соң ғана Ысмағұл бас ұстайтын дәрежеге жетіпті.

«Бас ұстау атаңнан қалған, жамбас сыйлау қазақтан қалған» деген мәтелде бас ұстау Ыбырайымнан, жамбас сыйлау түркілік дәстүрден дегенді меңзесе керек.

Құт қойдың құлағында

Ерте заманда Сырлыбек дейтін кісінің ауылына кешқұрым қонақ келіп түседі. Ол ит-құстың тілін біледі екен. Дастарқан басында отырғанда сырттан ұлыған қасқырдың даусын естиді. Оған ит үріп жауап беріпті. Қасқыр:

– Әй, ит екеш, інім. Әлімсақтан екеуміз туыс едік. Құдай менің жеті несібемді желден, бір несібемді үйден жаратқанын білесің. Бүгін көзім осы ауылға түсіп тұр. Маған бір қой бер, – дейді. Ит:

– Қасеке, менің тоқтығым осы қойлардың амандығы емес пе? Қойды алдырсам, қожайынның алдында ұятты болмаймын ба? – деп көнбейді. Қасқыр:

– Ендеше, қонағыңның атын бер, – дейді қасқыр.

– Қазір босағадан сығалаймын. Қонақ маған сүйек берсе, атты бере алмаймын. Егер сараң болса, ала бер, – дейді. Қонақ мұның бәрін естіп отырады.

Бір уақытта, қонаққа ет тартылды-ау дегенде, ит жайлап келіп, босағаны сығалайды. Ол итті көріп, қолындағы жамбас сүйегін сыртқа лақтырып жібереді. Үй иелері түсінбейді. Кәде етіп, сыйлап берген асымызды далаға тепкені несі деп іштей ренжиді. Тамақ желініп болған соң, бәрі ұйқыға кетеді. Таңертең қонақ абыр-сабыр айқайдан оянып кетеді. Түнде қасқыр шауып, қорадағы қойларды айдап кетіпті. Үй иесі қонаққа:

– «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады, жаман болса, қораға қасқыр шабады» деген. Пиғылың лас адам екенсің, – деп ренжиді. Қонақ сыртқа шықса, батысқа қарай кеткен екі ізді, шығысқа жүрген төрт ізді байқайды. Қожайынға:

– Қам жеме, қойың аман. Шығыста жайылып жүр. Ал, итің қасқырмен жан алысып, жан берісіп жатыр. Батысқа кеткен із соны меңзейді. Итіңнің артынан барма. Ол ием келді деп саған алаңдап, қасқырға алдыруы мүмкін. Қасқырдың артынан барсаң, ол қорыққаннан артына қарайды. Итің бас салып талайды, – дейді. Сырлыбек қонақты ертіп, қасқырдың ізімен барады. Айтқандай, иті мен қасқыр бір-бірін ала алмай, көзбен арбасып тұр екен. Қасқыр арт жағынан келе жатқан адамды иісінен танып, жалт қарағанда ит тамағынан шап береді. Қасқыр мерт болады.

Сырлыбек қонағын ертіп шығысқа барса, сайдың ішінде қойлары жайылып жүреді. Буаз қойы егіз қоздап, қозыларын емізіп тұр екен. Сырлыбек қуанып:

– Аңдамай, ашумен айтқан сөзімді кешіріңіз. Жақсы қонақ келсе қой егіз табады екен. Сіз тегін адам емес екенсіз. Көңілімді қалдырмай, тағы бір күн қонақ болыңыз, – деп үйіне түсіреді.

Қонақ тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне үй иесі одан:

– Не бұйымтайыңыз бар? – деп сұрайды.

– Итке қатты қызығушы едім. Көңілім бөрібасарыңызға ауып тұр. Қарғысын берсеңіз, жетектеп кетер едім, – дейді. Сырлыбек:

– Итіңіз не, марқа қой берейін, жылқы жетектетейін, – дейді.

– Жоқ, ниетіңізге рақмет. Итіңізді бұйымтай еттім, – деп, итін жетектейді. Ит кетіп бара жатып, киіз үйдің іргесінде жатқан шиге дәрет сындырады. Қонақ:

– Қожайын, мен ойландым. Иттен гөрі мына жаман шиді алсам, қалай қарайсыз. Кемпірім: «Ши әкеп бер», – деп қақсай беруші еді. Соның тілегін орындайын. Итіңізді қоя берейін, – дейді. Сырлыбек түсінбей, келіседі.

Қонақ шиді ала бергенде әлгі қойдан туған егіз қозының бірі шидегі иттің дәретін жалайды. Қонақ қайтадан Сырлыбекке бұрылып:

– Қожайын, шиді басқа жерден табармын. Көңілім жаңа туған қозыңызға түсті. Жас қозының етіне аңсарым ауып жүр еді. «Іздегенге сұраған» деген. Маған қозыны сойып беріңіз, – деп қозыға бата жасайды. Сырлыбек қонағының көңілін қимай, әлгі қозыны бауыздайды. Қонақ:

– Қозының басына ешкімнің қолын тигізбей алдыма тартсаңыз. Құмарым қанып, бір тояйын, – деп өтініш қылады.

Ас піскен кезде Сырлыбек қозының басын тартады. Қозының бір құлағы жоқ екен. Қонақ:

– Қожайын, қозының басына ешкім қолы тимесін деп өтініш етіп едім, құлағы қайда? – деп сұрайды.

– Жолаушы, айып етпеңіз. Жаңа ғана қозының басын қазаннан түсіріп, суытып қойғанбыз. Біздің көзді ала бере, үйдегі жүгірмектің бірі қозының құлағын кесіп алып, жеп қойыпты. Ат-шапан айыбымды өтейін, қаласаңыз, марқа қой сояйын. Тек бізге ренжімеңізші, – деп жалынады. Қонақ мырс етіп күліп:

– Шаңырағыңа тепкілесе де, кетпейтін бақ орнапты, – дейді де, естіп-білген оқиғасын бастан-аяқ айтып береді.

– Сенің ырысың итіңде екенін білгенмін. Алып кетейін дегенімде, итің айла жасап, дәрет сындырып, ырысыңды қалдырып кетті. Дәрет тиген шиді алмақ болғанымда, қозы келіп жалап, құт қозыға қонды. Қозының басын жеп, берекеңді аламын ба дегенімде, оны кенже ұлың жеп, маған бұйырмады. Құдай сүйген қылығың бар екен. Қонақжайлығыңды жоғалтпа, – деп батасын беріп, аттанып кетіпті.

Осыдан бастап ел аузында «ырыстың бірі қойдың құлағында» деген түсінік қалыптасыпты. Қонаққа бас тартқанда оның оң құлағын кесіп алып, үйдің бір мүшесіне береді екен. «Құт-берекеміз өзімізде қалсын» деп ырымдапты.

Қуыс үйден құр шықпа

Ыбырайым пайғамбар жалғыз отырып тамақ ішпейтін қонақжай кісі болыпты. Үйіне адам келмесе, далаға шығып, қонақ іздейді екен. Бір күні қызы:

– Әке, қашанғы біреуді күтіп отырасыз? Тамақ суып қалды. Іше беріңіз, – дейді. Ыбырайым:

– Қызым, ақиретте көрген қызық, ішкен-жегеннің бәрінің сұрауы бар. Көппен отырып, қонақпен бөліскен тағамның сұрауы болмайды. «Берген аста береке бар, бермеген аста біте бар» деген. Дос болсын, дұшпан болсын, асты бөлісіп же, – деп өсиет қалдырыпты.

Ыбырайым пайғамбардың тағы бір жақсы әдеті болыпты. Үйге келген қонақты құр қол шығармайды екен. Оған міндетті түрде тарту-таралғы беріп жөнелтіпті. Мәнісін сұрағанға:

– Сен менің жай ғана қонағым болған жоқсың. Менің жүгімді жеңілдеттің, міндетімді бөлістің. Асымды жеп, берекемді молайттың. Бұл – сол үшін берілген ақы, – дейді екен.

Ыбырайымнан бастап «қуыс үйден құр шықпа», «қонақтың сыбағасы» сынды дәстүрлер тұрмысқа енген деседі.

Шапан жабу дәстүрі

Мұхамбет пайғамбардың кезінде Ойсыл қара есімді түйенің пірі өмір сүріпті. Ол өмір бақи Мұхамбет пайғамбардың жүзін көріп, онымен сұхбаттасуды армандайды екен. Бірақ қарт анасына қарайтын ешкім болмағасын, алысқа ұзап кете алмапты. Ойсыл қараның бұл жайын пайғамбар біледі екен.

Мұхамбет пайғамбар дүниеден өтерінде сахабаларына:

– Ойсыл қараға сәлем айтыңдар! Анасын сыйлаған адам – Аллаға жаққан адам. Анасына қылған қызметін үзбесін. Мен оның адал ниетін, ақ пейілін білемін. Мына шапан менің тартуым болсын. Тәбәрік тұтып, киіп жүрсін, – деп, Әлиден шапанын беріп жібереді.

Ойсыл қара пайғамбардың сәлемін естіп, көзіне жас алып тебіренеді. Құрметті жиын-тойға пайғамбардың шапанын киіп барады екен. Кейін Ойсыл қара да дүниеден өтерінде өзінің жақсы көретін адамына шапанын сыйлаған екен деседі. Уақыт өте келе бұл дәстүрге айналып, қазақ сахарасында орнығыпты. Күні бүгінге дейін қазақ халқында құрметті қонағына шапан жабатын дәстүр сақталған. Сопылар арасында бір-бірінің үстіне «хырка» жабу дәстүрі бар. Хырка деп сопылардың үстіне киетін шапанды айтады. Сопылардың дәстүріне сай рухани дәрежесі өскен тақуаға хырка жабатын жоралғы болған. Яғни, жан дүниесі тазарып, мінезі көркем болған адамға ғана берілетін үлкен сый ретінде танылған. Тағы бір аңыз бойынша, Пайғамбардың миғраждан әкелген тоғыз затының бірі шапан екен. Пайғамбар миғражда Тәңірісінің дәргейіне келіп, қонақ болады. Алла тағала құрметті қонағына сый көрсетіп, иығына шапан жауыпты. Басына сәлде ораған екен. Осыдан бастап сыйлы қонаққа шапан жауып, басына сәлде, бөрік немесе тақия кигізу сүндетке айналған екен.

Майлықпен аяқ киімді сүртпеу ырымы

Бір күні Шайқы Бұрқы әулие періштелермен сөйлесіп отырып:

– Пенделер күнә-қылмысқа белшесінен батты. Олардың барлығын да Құдай кешірсін деп тілеймін. Алайда Алла кешпейтін күнә бар ма? – деп сұрайды.

– Ата-анасын ренжіткенге кешірім жоқ. Бірақ күнәнің ауыры – дастарқан сүрткен майлықпен аяқ киімді сүрту. Ондай адамның ырыс-берекесін Тәңірі өзі жояды, – депті періштелер. Бұрқы шошып кетеді. Сол күннен бастап ел ішінде «майлықпен аяқ киімді сүртуге болмайды» деп насихат жүргізген екен.

Ел аузында айтылатын тағы бір аңызда майлықты сүлгі орнына пайдаланған адамның қырық жылдық құлшылығы жойылады екен.

Астың бетін ашық тастама

Ертеде бір кейуана болыпты. Ол аяғы ауыр әйелдердің босануына жәрдемдеседі екен. Әйелдер «қолы жеңіл» деп, оның алдына жиі келіпті. Бір күні түн ортасында есігін біреу қағады. Кейуана есікті ашса, ешкім жоқ. Кемпір «қағыс естіген шығармын» деп, төсегіне қайтып келіп жатады. Бірақ оқиға дәл осылай екі рет қайталанады. Үшінші ретте есік алдында тұрған ақбоз атты кісіні көреді. Түр-тұрпаты бөлек, өзгеше екен. Жақын маңайдың кісілеріне ұқсамайды.

– Бір жас келініміз босана алмай жатыр, соған жәрдем берсеңіз, – дейді ол. Кемпір келісіп, жолға шығады.

– Апа, көзіңізді тарс жұмыңыз, біз белгі бергенше ашпаңыз. Әйтпесе, майып боласыз, – дейді. Кемпір көзін тарс жұмып отырады. Жолда гүрсілдеген, салдырлаған, оқыс дыбыстар шығып, зәресін ұшырады. Бір жерге жеткенде:

– Апа, көзіңізді ашыңыз, – деген дауыс естіледі. Қараса, бір үйге келіпті. Төрде жас келіншек босана алмай қиналып жатыр екен. Кемпір оны аман-есен босандырып алады. Нәрестенің кіндігін кесіп:

– Баланы, шомылдыратын су әкеліңдер, – дейді. Өзін ертіп әкелген кісі: «Қазір», – дейді де, біраз уақытқа жоғалып кетеді. Сәлден кейін су емес бір шара сүт әкеледі. Кемпір түсінбей таңғалады. Баланы шомылдырып жатып қараса, шара көршісінің сүт құятын ыдысына ұқсайды екен. Кемпір секем алып қалады. Басқаларға білдірмей, сақинасын сүтке салып жібереді. Бәрі біткен соң, олар бөпені шомылдырған сүт пен тостақты қайтадан алып кетеді.

Үй иелері оған мол сый-сияпат беріп, үйіне әкеліп тастайды. Кемпір таң атқанша көз ілмейді. Ертесіне түндегі шараны тексеру үшін көрші үйге барады. Таныс ыдыс көзіне оттай басылады. Ішінде сүт тұр екен. Ол сүтті сүзіп, сақинасын тауып алады. Сол кезде барып, түндегі бейтаныс кісілердің жын-пері екенін түсінеді. Көршісіне болған жайды баяндап, сүтке жын баласының шомылғанын айтады да, сүтті адам аяғы баспайтын жерге төктіреді. Көрші үйдің келіні бұрыннан салақ еді. Ырым-тыйым талаптарға жеңіл қарайтын. Майлықтары, жаулықтары айлап-апталап жуылмайтын. Кешкі астан соң ыдыс-аяғын жууға ерініп жата салатын. Үйдегі ас-ауқаттың бетін бүркеп жатуға да ерінетін. Сол күні түнде сүттің бетін жаппастан жатып қалыпты. Оның ашық-шашық ыдыстарын жын-жыбырлар жалап кетеді екен. Соның кесірінен үйінің берекесі қашып, байы еселеп мал тапса да, бақуатты өмір сүрмейтін. Осыған байланысты ел ішінде түнге қарай сүт пен суды, ас-ауқатты ашық тастамау, ыдыс-аяқты жуып жату туралы ырым-талаптар көбейген екен45.

Мүжілген сүйекті үйде қалдырма

Самандун деген жын Сүлеймен пайғамбарға:

– Уа, пайғамбар, адамдардың барлығының Құдай бұйыртқан нығметі бар. Мен және менің ұрпақтарыма, қауымыма азық-тағамды Тәңірден сұрап, алып бер, – дейді. Сүлеймен:

– Адамдардың асынан кейін қалған астың ұнтағы, қоқымы, сүйек-саяқ сенің және ұрпақтарыңның азығы болсын, – депті.

Содан бастап жын-перілер астан кейін қалған ұнтақ пен сүйек-саяқты азық етеді екен. Әсіресе, желінген сүйекті түнде үйде қалдыруға болмайды. Өйткені, оны жеуге бір қауым жын-перілер келіп, үйді жайлап алады. Осыған орай халық арасында «Сүйек-саяқты үйде сақтамай, итке таста» деген тыйым шығыпты46.

Шайтан қабықты кесіп таста

Бірде Мұса кәлимолда басына қауынның қабығын киіп алған Ібілісті көреді. Мұса:

– Әй, малғұн, қабықты басыңа неге киіп алғансың? – дейді.

– Бұл қабық – менің үйім. Адамды нығметінен айыру үшін қауын мен қарбыз жаңа өркен жайып жатқанда қабығының пәлекпен жалғасқан тұсына бір баламды тастап кетемін. Егер адамдар оны жейтін болса, көңілдерін кір басады. Жеген асының берекесі болмайды, – депті.

Содан бастап Мұса: «Қауын мен қарбыз жегенде оның пәлекпен жалғасқан қабығын жемеңдер. Ол – шайтанның ұясы», – деп тыйым етіпті. Жұрт қауын-қарбыз жегенде сабағын екіге не төртке бөліп тастайды екен. Кесілген сабақты «шайтан қабық» деп атапты47.

Көршіңмен тату бол

Ертеден келе жатқан «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз бар. Бұл сөздің шығу төркіні діни аңыздарда былай баяндалады. Мұхамбет пайғамбар миғражда бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ол қайда барса да, «Хақымды бер», – деп, қасынан бір елі ажырамайды.

– Ей, бұл адамда не ақың бар? Не істеді саған? – деп сұрайды.

– Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, – дейді.

– Қандай ақы?

– Бұл менің көршім еді. Тәңірі оған байлық берді. Ауласынан үнемі ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей, пақыр болдым. Күнде оның есігіне сығалап телміріп тұратынмын. Ол маған көзінің қиығын да салмайтын. Бала-шағам аш жатты. Бір татым нанға зар болдым. Тәңірі дәулетті бір басына үйіп бергенде ішіне кедей-кепшіктің де несібесін берген еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашты. Қияметте екеуміз қатар келіп, Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, – дейді.

Пайғамбар бұрынғы байға қараса, мүсәпір күйге түскен екен. Көршісіне қарауға беті шыдамай, қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқиды.

Пайғамбар:

– «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, – дейді де, жүре береді48.

Расулдың бұл сөзі дүйім үмбетке таралып, кейінгіге үлгі-өнеге болыпты. «Көршінің ақысы» деген ұғым осы кезден бастап дәстүрге енген екен.

Діни наным бойынша Құдай тағала алдына келген момыннан:

– Көршіңмен тату болдың ба? – деп сұрайды екен. Көршісіне қиянат жасаған адам тозақтың отына түседі, ал көршісімен тату-тәтті өмір кешкендердің жаны жұмақта болады. Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар.

Ертеде Ұлықпан хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі құрқылтайдың ұясындай шағын, жұпыны екен. Бір күні Ұлықпан үйін сатып, өзге қалаға көшпек болады. Кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Ұлықпан хакім:

– Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Құдай өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімнің бәсін қымбатқа бағаладым. Екінші үйім – сән-салтанатты боз үй. Бірақ, көршім – нашарлау кісі. Онымен қоңсы болған кісінің қуанышы аз болады. Ол үйді арзанға сатқан себебім – сол, – депті. «Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла», «Үй алма, көрші ал» деген мәтелдер Ұлықпан хакімнен қалған екен.

Көрші жайлы қазақ арасында да «ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген сынды мақалдар бар.

Тұзды тегін берме

Ертеде парсы жерінде Наушаруан деген әділ патша болыпты. Патша бір күні аңға шығады. Аңда жүріп, киік атып алады. Киік етін асып жемекші болып, қасындағы уәзіріне:

– Жақын маңдағы бір ауылдан тұз алып кел, – деп жұмсайды. Уәзірі:

– Құп, тақсыр, – деп атына міне бергенде, патша:

– Сен тұзды тегін алма. Кім болса да, ақысын төле, – дейді. Уәзір таңғалып:

– Уа, патшам! Шымшым тұз бір тиынға да татымайды. Оны тегін-ақ алсам болады ғой. Әрі сіздей әділ әміршіге бір шымшым тұзды жұрт қуана-қуана береді, – дейді. Сол кезде Наушаруан:

– Ей, уәзірім, мынаны жақсылап тыңда, жадыңнан шығарма. Егер мен елдің жалғыз жұмыртқасын ақысыз алсам, сендер қиянатпен тауығын сойып жейсіңдер. Бір алманы тегін жесем, сендер алма ағашын түп-тамырымен тартып аласыңдар. Есіңде болсын, басшының істегенін қосшы өзіне үлгі қылады. Ұсақ-түйек заттың да ақысын төлеңдер. Қиянат қылдай істен басталады, – дейді.

Уәзірі шымшым тұзды ақысын төлеп алып келген екен. Наушаруанның «әділ» атағы халыққа таралып, байдан теңдік көрмегендер соған баратын болған. «Тұз да болса, тегін алма» деген тыйым Наушаруан кезінен басталыпты. Қазақтағы «көршіден ақысыз тұз алсаң, араларың бұзылады» деген ырымның шығу төркіні осында деседі.

Үлкеннің төсегіне отырма

Түркістан шаһарында Байбол деген кісі өмір сүреді. Ол кісінің Қыстаубай деген ұлы үйленіп, келін түсіреді. Келіні әдепті, ата-енесінің көңілін баққан ибалы кісі екен. Таңсәріде тұрып екеуінің дәрет суын дайындап, бәйек болып, қызметінде құрақ ұшады екен. Бір күні түнде енесінің төсегін салып жатып, байқамай басып кетеді. Ертеңіне тұла бойы ауырып, дертке ұшырайды. Ештеңеге мазасы болмай, төсек тартып жатып қалады. Оның бұл жағдайын байқаған енесі:

– Ай, шырағым-ай, байқамай, менің төсегімді басып кеткен екенсің ғой. Ата-ененің төсегінде қадір-қасиет, кие бар деген. Абайлап жүрсең етті. Мен сені кешірдім, – дейді де, келініне дем салады. Келіні сәлден кейін жеңілдеп, сауығып тұрып кетеді. Ол да кейін өзінің келіндеріне қазақтың ырым-тыйым, салт-дәстүрлерін насихаттап отырады екен.

Ер адамның киімін баспа

XVІІІ ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде Есенгелді атты кісі тұрмыс кешеді. Ол жеті атасынан бері бай, мал-жаны мыңғырған адам болса керек. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт екен. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады. Оған: «Балаңыз атадан қалған дәулетті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті», – деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді:

– Олай болса, маған қандай ақыл бересіңдер? – деп сұрайды.

– Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады мысық тілеу ұлдары. Зұлымдардың тіліне ерген бай Бекейді мерт қылады.

Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің алдына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы құнға кеп тірілгенде өжет әйел:

– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ, – депті. Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айрылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, байдың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген екен. Бұл оқиғаға қатысты орыс жазушысы В.Даль «Бекей мен Мәулен» атты хикаят жазған. Осы жағдай киімнің де құты болатындығын, оны басқанда киесі кетіп, шаңырақтан бақтың ұшатындығын көрсетеді.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтыбақаннан соң» атты әңгімесінде ер адамның киімін әйел адамның астына басып отырмайтындығы туралы сюжет келтірген. Шығарма авторы бұл жерде әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деген ойды әсерлі де нанымды жеткізген.

Қойшының таяғында құт бар

Мұса пайғамбар он жыл бойы Шұғайып пайғамбардың қойын бағады. Оның еңбегіне, адалдығына сүйсінген Шұғайып қызы Сапураны Мұсаға қосып, екеуінің еншісін береді. Мұса кәлимолда әйелін алып, бір отар қойын алдына салып, еліне қайтады. Жүріп отырып, бір төбенің басына да жетеді. Күн кешкіріп, ымырт үйірілген екен. Мұса кенеттен төбенің басында жанып тұрған нұрлы шырақты көреді. Әйеліне:

– Сен, осында отыра тұр. Мен төбенің басына барып, жарықты кімнің жаққанын біліп келейін, – деп шатырдан шығып кетеді. Көп кешікпей, шырақ жанып тұрған жерге де жетеді. Сол кезде оның құлағына бір көркем әуез келеді:

– Әй, Мұса, сен қасиетті жерді басып тұрсың. Аяқкиіміңді шеш те, жарық нұрға жақында, – дейді. Мұсаның бойын үрей билейді. Ол айтылған сөзді бұлжытпай орындап, сәулеге жақындайды. Сол кезде оның жүрегіне Тәңірден уахи келеді.

– Мұса, сен енді – пайғамбарсың. Менің әмірімді қауымыңа жеткізіп, оларды перғауынның құлдығынан құтқарасың.

– Уа, Жаббар Ием, мен жалғызбын. Олар көп. Перғауынның әскері бар. Қасында қаптаған сиқыршы. Менің әлім келер ме екен?

– Мұса, мен – құдіреті күшті Құдаймын. Өзім саған жол көрсетіп, жөн сілтеймін. Тәуекел етсең, екі түрлі керемет нәсіп етемін. Біріншісі, қолыңды қолтығына сал, – дейді. Мұса салады. Сол заматта алақаны сәуле шашып жарықтанып шыға келеді.

– Енді қолыңдағы таяқты жерге таста, – дейді. Мұса тастайды. Асатаяқ қалың жыланға айналып, ирелеңдеп жатып қалады.

Тәңірі:

– Барлық кереметпен құт-береке осы таяққа дариды. Қорықсаң, қорғаның, кәсіп етсең, берекең осы болады, – дейді.

Мұса қауымын құтқарып келген соң, қой бағып күнелтіпті. Осыдан бастап «қойшының таяғында құт бар» деген түсінік пайда болған. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген мақал да осыған байланысты айтылса керек-ті.

Мал сатқанда ноқтасына бекем бол

Қазақта «малдың киесі ноқтасында» деген ырым бар. Себебі, ірі қараның пірлері ноқтада отырады деп түсінеді. Сондықтан малды сатқанда ноқтасын қоса бермейді. Тіпті итті сатқанда да «басындағы қарғысын берме» деп айтады. Үйдің киесі иттің қарғысына да қонақтауы мүмкін. Бұл жайында ел аузында сақталған көптеген тыйым аңыздар мен ырымдар да бар. Ертеде Сыр бойында Елтай деген адам болыпты. Оған әкесінен мұраға бес үйір жылқы қалады. Елтай базарға бір-екі жылқысын апарып, азық-түлікке айырбастамақ болады. Жылқысы қымбат бағаланғанына қуанып, ноқтасын қосып береді. Содан бастап Елтайдың дәулеті кеми түседі. Жылқылары азайып, ұры мен қасқырдың жеміне айналады. Онан қалса, сіреспе ауруына ұшырап, жоқ болады. Елтай тақыр кедейге айналады.

Басындағы бақытсыз күйі туралы ауылдағы бір қарт мұң шағады. Сонда қарт:

– Әй, балам-ай! Малдың киесі ноқтада болады. Мал сатқанда бас жібімен бермейтін еді. Адам үшін бас киім қаншалықты қасиетті болса, мал үшін де ноқта жібі соншалықты қастерлі. Бақ та, ырыс та көшпелі алтын тәрізді. Бағалай білмеген адамның қолынан тез шығып, кетіп қалады, – деген екен.

Сараңның пірі – Қарынбай

Мұсаның заманында Қарынбай деген бай болыпты. Малы қисапсыз болса да, өзі сараң екен. Таңертең атына мінсе, төрт түлігін ақшамда әрең аралап бітеді екен. Кей аңыздарда Қарынбай Мұсаның немере інісі болған деп те айтылады. Тәңірі одан: «Пайғамбарлықты қалайсың ба әлде байлықты қалайсың ба?» – деп сұрағанда, байлық сұрап алыпты. Бірақ, малын азсынып, Құдайдан «бұдан да көп мал бер» деп тілейді екен. Тілеуі қабыл болып, малы көбейеді. Ол малын айлап санайды. Байыған сайын сараңдана береді.

Бір күні байға Мұса пайғамбар келеді. Ол:

– Құдай ризалығы үшін малыңнан зекет бер, – дейді. Қарынбай:

– Бермеймін. Өздерің еңбек етіп, байып алыңдар, – деп пайғамбарды тілдейді. Мұса байдан көңілі қалады.

Сол кезде Алладан:

– Қара жер, Қарынбайды тарт! – деген бұйрық келеді.

Жер Қарынбайды тізесіне дейін тартады. Мұса Қарынбайға жаны ашып:

– Малыңнан зекет бер. Садақа мың пәлені жояды. Аман қалсаң, малды қайта жинайсың, – дейді.

– Бермеймін. Құдай жоқ, – дейді қасарысып.

Тәңірі қара жерге бұйырып:

– Қара жер, тарт! – дейді. Жер сараңды беліне дейін тартады. Бұл жолы да Қарынбай қанша қиналса да, малынан зекет бермей, қармана береді. Алладан соңғы пәрмен жеткен кезде Қарынбайдың денесі толығымен жұтылады. Жер кеудесін қатты қысқан кезде сараңның мұрнынан қан атқылайды. Қара жер Қарынбайдың сасық қанынан жиіркеніп, оны қабылдағысы келмейді. Сол кезде Тәңірі оның қанынан қара қоңызды жаратады. Қара қоңыз пайда бола сала, тезек аунатып кете барады.

Қоңыз қара күзге дейін сасық қидан мыңға жуық домалақ үй жасайды. Соның тоғыз жүз тоқсан тоғызын қай жерге жасырғанын ұмытып қалып, біреуіне ғана тұқымын тастайды екен. Қазақта сараңдығымен аты шыққан адамдарды «дүниеқоңыз» деп атау осыдан қалыпты. Ақыр заман тақағанда көңіл көзі бітелген адамдар жаппай дүниеқоңыздық дертіне шалдығады. Сол кезде бұл қоңыздар жер бетінен жоғалып кетеді екен. Содан бастап «сараңның пірі – Қарынбай, сараң болма» деген ғибратты өнегелер ел арасына тарапты.

Ерулік беру

Жаңа көшіп келген отбасын құрметтеп қонаққа шақыруды «ерулік беру» деп атаған. Үй-жайын көрсетіп, «біздің елге қоныс теуіпсің. Бізді жатырқамай араласып-құраласып, татулықпен өмір сүр» деген ниетпенен дастарқан жайып, ас береді. Отбасының барлық мүшесін түгел шақыратын болған. Көне хикаялар бұл дәстүрді Әнес сахабадан таратады. Әнес сахаба қой бағуды кәсіп еткен екен. Пайғамбар Мәдине қаласына келгенде Әнес сахаба 13 жаста болыпты. Пайғамбар Мәдинеге қоныс аударып келгенде Әнес сахаба алдынан шығып қойға бата сұрайды. Пайғамбар батасын берген соң, үйіне қонаққа шақырады. Сол күні Пайғамбар бала-шағасын ертіп, Әнестің үйінен дәм татады. Әнестің осы кәдесі күллі Мәдине шаһарының мұсылмандарына үлгі болыпты. Ертесіне басқа да қала тұрғындары Пайғамбарды кезегімен шақырып, қонақ еткен екен. Әнестің кәдесі уақыт өте келе қазақ жұртына да сіңіпті. Бұны қазақтар «ерулік беру» деп атайды.

Уыз көжеге шақыру

Мұхамбет пайғамбардың Әнес ибн Мәлік атты сахабасы болыпты. Сіңірі шыққан кедей болса да, тақуа-тауазы болып, құрметке бөленіпті. Бірақ күн өткен сайын тұрмысы ауырлап, қатты қиналады. Үйінде ішерге ас, киерге киім қалмай, кедейліктің зарын тартады. Шыдамай бір күні пайғамбарға келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Сізге жанымыз пида болсын! Жанымды мазалаған бір сауалым бар еді. Қанша еңбектеніп, әрекет қылсам да, тірлігім алға басар емес. Күннен күнге азып-тозып, бір түйір нанға зар болдым. Неліктен бұлай? – деп сұрайды.

– Өзің шаңырақ көтеріп, бас құрап па едің? – дейді пайғамбар.

– Жоқ, әлі үйленген жоқпын, – дейді сахаба. Сонда пайғамбар:

– Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Бас құралмай, мал құралмайды. Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі дейді.

Әнес көп ұзамай үйленеді. Ақша жинап, бір ешкі сатып алады. Ешкісінің омырауы толған бұлақ болды, құрсағы толған лақ болды. Семізін сойса, терісі бұтына қап болды, мүйізі пышағына сап болды. Лақтаған ешкісінің уызынан көже жасап, Мұхамбет пайғамбар мен сахабаларды қонақ қылады. Пайғамбар оған риза болып:

– Хақ тағала шаңырағыңа құт бітірсін! Құдай кең пейіл, ұзақ ғұмыр берсін! – деп бата беріпті. Содан кейін Әнестің жаны да, малы да көбейіп, береке дарыған әулетке айналады49.

Көшпенді қазақ арасында осыған ұқсас «көтенасар» салты да кездеседі. Көтенасар– алғашқы төл туғанда арнайы көтен асып, қонақ шақыру ғұрпы. Көктемдегі жоспарлы мал төлдеу науқанының басталғанын білдіретін алғашқы төл туған кезде көтенасар жасалып, ауыл адамдары кәделі дастарқанға шақырылады. Мұндайда уақытынан ерте, қыс мезгілінде туған төлдер есепке алынбайды. Көтенасар негізінен қай түліктің бірінші төлдегеніне қарамастан, атқарыла береді. Дегенмен аймақтық ерекшеліктер мен жекелеген адамның ықтиярына байланысты белгілі бір түлікке байланысты да атқарылуы мүмкін.

Алғаш туған қозыны төлдердің құты ретінде санап, көгенбасы деп атайды. Көтенасар дастарқанына арналған етпен бірге арнайы сақтаған соғым малының көтенішегін қоса асады. Соғымның көтенішегі осы мақсатта арнайы сақталатын болған. Сонымен қатар көтенасар ғұрпына арнап қойдың көтенішегін сақтағандығы да кездеседі. Ондай көтенасарды дайындау үшін соғымның тікішегін ұзындау етіп кесіп алып, құйрықтың майын салып аударады. Өрісте немесе қорада туған төліне сүйінші сұрай келген малшыға көтенасар дастарқанында асылған көтенішекті сыбаға ретінде тартады. Жиналғандардың барлығы да онан ауыз тиеді. Дастарқан басында сыйлы ақсақалдар төлдің амандығын тілеп, бата жасайды. Көтенасарда уыз немесе уызқағанақ пісіріп, көтенішекке қосып ұсынылады. Оны жасау үшін соғымда сақталған жұмыршақ, бүйен немесе қарынға уыз сүтті құйып, аздап тұз салып, қайнап жатқан еттің ортасына салып алады. Мал төлдей бастаған шақта көтенасар салты жасалса, мал туып аяқталуға жақын қалған кезде желінсадақа беріледі. Онда көбінесе ет азайғандықтан, уызкөже жаратылады.

Көрісу әдебі

Ыбырайым пайғамбар көктем келгенде ел жұртты түгел шақырып, үлкен дастарқан жаяды екен. Олар үйіне келген кезде барлығымен төс қағыстырып, көрісіп құшақтасыпты. Пайғамбармен көрісіп, құшақтасқан жанның көңілі жұмсарып, өкпе-реніштен арылыпты. Бәрінің бауырмалдық қасиеттері ояныпты. Ыбырайым пайғамбардың есімі «Пайғамбарлар қиссасында» ең алғаш құшақтасып көріскен адам ретінде сипатталады. Пайғамбар өзінің бұл әдебін:

– Көрісу көңілдің кірін шаяды. Ашу-ыза мен күмәнді жояды. Жүректегі ыстық мейір-махаббаттың табы көріскенде барлық адамға беріледі. Сондықтан ешкімге өкпе, ыза, реніш сақтамай, барлығымен көрісіп, қауышып жүріңдер, – деп өсиет айтқан екен. Алыстан сағынысып келген кісілердің бір-бірімен құшақтасып қауышатын жоралғысы осының белгісі ретінде орнайды. Содан бастап бұл рәсім жолға қойылып, көрісу дәстүрі кеңінен тарапты. Қыс бойы бір-бірімен жолықпай, көріспей отырған елдер көктем шыға, жаппай араласып, қуаныштарын жүрекпен білдіруге тырысатын болыпты. Әсіресе, наурыз айының 14-нен бастап ағайынның бәрі бір-бірімен құшақтасып көрісіп, мауқын басатын дәстүр қалыптасыпты. Қазір де Батыс Қазақстан өңіріндегі қазақтар көрісу салтын ұстанып келеді50.

Наурыз көже

Қазығұртқа Нұх күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының жиырма бірінен жиырма екісіне қараған түні екен деседі. Пайғамбар апаттан аман қалғанына шүкіршілік етіп, құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Пайғамбар: «Тәуекел!» –дейді де, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Тәңірдің есімін айтып ұлықтайды. Құдай періштелерге:

– Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына кәусардан тамызыңдар, берекемді шашыңдар, – дейді. Періштелер жиналып, қазанды былғайды. Азғантай жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, пайғамбардың қазанынан дәм татады.

Содан бері Нұхтың бұл тағамы «тілеу көже» немесе «наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру Нұх пайғамбардан мирас боп қалған екен деседі.

Қызыр күту

Наурыз кезінде Қызыр мен Ілияс кездесіп, үйлерді аралайды екен. Жұрттың арман-тілегін Хаққа жеткізеді, үйлерге береке дарытады деседі. Сол күні ұйықтамай, дастарқан жайып, тілек тілеп отырған адамның тілегі бірден қабыл болады. Жұрт топтасып күтіп отырса, олардың достықтарын берік етіп байлайды екен. Жаббар Хақ та бұл күні Ібілісті тұсаулап, тағдыр тақтасын ашып қояды. Қаламға бұйырып:

– Кімнің адал тілегі болса, орында. Пешенесіне арман-мақсатының орындалуын жаз, – деп әмір етеді екен.

Қазақтар 22 наурыз түнін ақ дастарқан жайып күтеді. Кімнің дастарқаны толы болса, ырысы да сондай толы болады деп сенеді. Тағы бір аңыздарда Қызыр мен Ілияс ақтан істелген тағамдарды жақсы көреді екен. Сондықтан дастарқанға айран, сүт, құрт, май молынан қойылады. Түркі танымында наурызды «Қызыр Еллез» байрамы, яғни «Қызыр – Ілияс» мейрамы деп тойлайды екен51.

Құрбан айт мерекесі

Ұлық Алла адамның рухани күш-қуатын көрсету үшін Ыбырайымды сынаққа алыпты. Ондағы мақсат адамның ерлігін көрсетіп, періштелерге мақтану екен. Бір күні Алла оған аян беріп: «Жалғыз ұлыңды құрбандыққа шал», – деп бұйырады.

– Құдайдың қалауы солай болса, ризамын, – деп, іштей бекіген Ыбырайым пайғамбар ұлын киіндіріп, тауға қарай жол тартыпты.

– Әке, біз қайда барамыз? – дейді ұлы.

– Досыма қонаққа барамыз, – дейді әкесі.

– Олай болса, пышақ пен жіптің не қажеті бар?

– Қайтарда қой сойып әкелеміз.

Осы кезде шайтан келіп, Ысмағұлды азғырады.

– Әкең өтірік айтады. Сені Тәңірдің жолына құрбандыққа шалмақшы», – дейді. Ысмағұл:

– Жаратқан үшін шыбын жаным садаға, – деп, Ібілісті таспен ұрып, қуады. Ібіліс енді Ажарды айналдырады. Анасы да: «Тәңірі үшін мың ұлым болса да, құрбан етер едім», – деп жауап беріпті. Ібіліс отбасына алауыздық еге алмай, шарасыз қалады. Құрбан шалатын жерге жеткенде Ыбырайым ұлына қарап жылай беріпті. Ұлы:

– Әке, не үшін жылап отырсыз? – деп сұрайды.

– Ұлым, мен сені қазір құрбандыққа шаламын. Тәңірдің қалауы солай болды, – деп жылап жібереді.

– Олай болса, «еркек тоқты – құрбандық» деген. Алланың бұйрығына мен де ризамын. Тек өтінерім: анам мені жоқтап жыламасын. Сабыр етсін. Бауыздар кезде менің көзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың үкімін орындай алмай ұятқа қаларсыз, – дейді. Оның сөзін естіген барлық періштелер егіліп қоса жылайды. Сол кезде Тәңірі тағала періштелерге:

– Қараңдар, менің қандай адал құлдарым бар. Сендер әлімсақта: Адамды жаратпа. Олар қан төгіп, қиянаттан басқаны білмейді деп арыз айтып едіңдер. Енді қараңдар мына ерлікке! – деп мақтанады. Періштелер бастары салбырап, жерге қарайды.

Ыбырайым пышағын алып, Ысмағұлдың тамағынан орып жібереді. Бірақ пышақ өтпейді. Ол екінші рет қайта тартады. Өтпейді. Үшінші рет бар күшімен бауыздайды. Алмас пышақ жұмсақ теріні кесе алмайды. Пайғамбар ызаланып, пышақпен тасты ұрғанда, өткір кездік қара тасты қақ айырады. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен көк қошқар алып:

– Аллаһу акбар, аллаһу акбар, лә иллаһа иллала алла. Аллаһу акбар, аллаһу акбар уәлиллаһил-хамд, – деп тәкбір айтып түсіпті. Бұл «Алла Ұлық, Алла Ұлық, Алладан басқа тәңір жоқ. Алла Ұлық, Оған мақтау-мадақ болсын» деген мағынаны білдіреді. Періште:

– Ей, Ыбырайым, сынақтан сүрінбей өттің. Құдай сенің адалдығыңа риза болды. Ұлың аман қалды. Оның орнына мына көк қошқарды құрбандыққа шал, – дейді. Содан бастап Құрбан айтта құрбандық шалу мұсылмандарға уәжіп болыпты52.

Ұлының аман қалғанына шүкірлік етіп, Ыбырайым той жасайды. Той үш күнге созылыпты. Ысмағұлдың аман келгенін көріп, ел-жұрт та қуанады. Ол кезде Ыбырайымның қауымында үш жүз түтін үй бар екен. Олардың бәрі Тәңірге шүкірлік етіп, бір-бір қойдан сояды. Үйлеріне дастарқан жайып, әкелі-балалы екеуін қонаққа шақырады. Тіпті кезекке тұрып таласып қалады. Ыбырайым оларға риза болып:

– Бәріңе қонаққа барып үлгеремін. Дастарқандарыңды жимай отыра тұрыңдар, – дейді.

Ысмағұл мен Ысқақты қасына алып, барлық үйді аралап шығады. Дастарқанынан дәм татып, батасын беріпті. Құшақ айқастырып, көрісіпті. Ел-жұрттың пейіліне риза болған Құдай бәрінің күнәсін кешкен екен. Ыбырайымның тойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үлкен мерекеге айналады. Мұсылмандар жыл сайын құрбан айтта мал сойып, үш күн айттайды. «Айтта көрісіп, араз адамдар бір-бірін кешірсе, Құдай олардың да күнәсін кешеді» деген сенім бар.

Ораза ұстау

Адам ата мен Хауа ана пейіште тыйым салынған бидай дәнегін жейді. Бұған дейін қалдық шықпайтын жұмақтың ең асыл тағамдарын таңдап жейтін еді. Тұңғыш рет жерде өсетін тамақты жегендіктен, адамның асқазаны бірінші рет ас қорытып, нәжіс шығаратын болды. Онда пейіштің былғанатыны анық еді. Сол кезде Тәңірі қаһарына мініп, Адам ата мен Хауа ананы жәннаттық мәртебесінен айырады. Алланың әмірімен олар пейіштен қуылып, жерге түседі. Жеп қойған бидайдың қалдығы адамның асқазанында отыз күн қорытылмай жатып қалады. Одан түгел тазару үшін Құдай оларға отыз күн ораза ұстауға әмір беріпті. Содан бастап Рамазан айында отыз күн ауыз бекітіп, ораза ұстау мұсылманға парыз болып бекіпті.

Жарамазан айту салты

Адам ата мен Хауа ана алғаш рет отыз күн ораза ұстапты. Хақ тағала періштелеріне:

– Адам ата мен Хауа ананың шаңырағына барып зікір-салауат айтасыңдар. Менің орынбасарым сәресіге тұрғанда құлағына әсем әуен келсін. Онда менің Ұлықтығым мен мейірім-шапағатым білініп тұрсын. Рухтарына қуат берсін, – дейді.

Періштелер сахар кезінде Адам мен Хауаның шаңырағына барып, зікір-салауат айтыпты. Әсем әуеннің әсерінен Адам мен Хауаның бойына күш бітіп, кешке дейін ауыз бекітіп жүреді.

Қас қарайып, ауыз ашар кезде Тәңірі періштелерді жұмсап:

– Адам мен Хауаның қуантыңдар. Ауыздарын ашсын. Менің разылығымды алу үшін кешке дейін ас жемей, ауыз бекітті. Мен ризамын, – дейді.

Періштелер Алланың сәлемін Адам ата мен Хауа анаға жеткізіпті. Діни қиссалардың баяндауынша, періштелер отыз күн бойына зікір-таспиқ айтқан екен. Бұл үрдіс жарамазан деп аталыпты. Жұрт мұсылманшылыққа өткен кезде Мұхамбет пайғамбар оразаны үмбеттеріне парыз етеді. Құдайдың ризашылығы үшін отыз күн ораза ұстап, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жемнен тыйылу әрбір мұсылманның міндетіне айналады. Бірақ алғашқы уақытта сахарда ұйқысынан тұра алмай қиналады екен. Сол кезде пайғамбар Асан мен Үсенге:

– Сахабаларды әндетіп оятыңдар, – дейді де, Адам ата мен Хауа анаға шырқаған періштелердің жарамазанын үйретеді.

Асан мен Үсен төрт шадиярдың үйінен бастап барлық сахабаларды оятып шығады. Оразаның нығметтерін, пайдасын көркем тілмен кестелеп жеткізеді. Пайғамбарға үздіксіз салауат жолдап, оның тағылымды өсиеттерін өлеңмен өрнектейді. Мұхамбет пайғамбардың өмірін өнеге етеді. Оразаның сауабы, мұсылмандар арасында көп дәріптелетін жомарттық, мәрттік, адалдық сияқты қасиеттерді мадақтайды. Исламда «жарамазанды» «шахри рамазан» сөзінен шыққан деп те айтады. Яғни «рамазан айы» деген мағынаны білдіреді. Келе-келе мұсылмандар ешкім оятпаса да, өздері ерте тұрып, сәресін ішуге дағдыланады. Бірақ жарамазан айту жоралғысы ұмытылмайды. Бұл салт күні бүгінге дейін қазақ арасында сақталып қалған. Оның көптеген үлгілері ел арасына кеңінен таралған. Солардың бірі төмендегідей:

Меккеде бір ағаш бар басы күйген,
Жайқалып жапырағы жерге тиген.
Өзге ағаш қураса да, қурамайды,
Құдайдың сол ағашқа нұры тиген.

Айтамын жарамазан жар басына,
Кірендер қауын артар арбасына.
Отыз күн ораза тұт, оқы намаз,
Пейіштің қолың жетер алмасына.

–Ассалаумалейкум, айттым сәлем,

Тәңірдің бір есімі – Құран Кәлем.
Мұхамбет үмбеті айтқан жарамазан,
Алланың елшісіне жүз мың сәлем!
Айтуға жарамазан жаңа келдік,

Көргелі, көріскелі сәлем бердік.
Келеді деп те, кетті деп сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Айтамыз жарамазан есігіңе,

Ұл берсін Ер Әлідей бесігіңе.
Қыз берсін Бибіажар, Бәтимадай,
Не берсе де, бала берсін несібеңе.
Айында оразаның шайтан қашар,

Есігін сегіз пейіш Мәулім ашар.
Салауат айт, таспиқ тарт, зікір салсаң,
Періштелер үйіңе шашу шашар.
Ораза – он екі айдың падишасы,

Бұл айда қабыл болар көздің жасы.
Жаратқан бір Алланың үмбетіміз,
Иләһи баршамызды жарылқашы!
Мина аллаһи, иә, әсір, уа рәмазан,

Мекке мен Мединеде тұрады азан.
Қашан кім оразалы болса мәгар,
Бұйырар періштеге пәруардігер.
Шынжырлап сайтан ұстап аяқ-қолын,

Түбіне һәуияның қазір жабар.
Жарамазан айтамын отбасыңа,
Ырыс пен құт дарытсын Хақ басыңа.
Алмақ болсаң ұжмақтан орын сайлап,

Ата-анаңның көңілін тап, бақ, асыра.
Жарамазан айтамын шаңыраққа,
Қоржынымды бос қойып қаңыратпа.
Сақилыққа жетерлік қасиет жоқ,

Жомарт ердің қауышар жаны бақта.
Жарамазан айтамын үйіңізге,
Кие дарып, көркейсін күйіңіз де.
Көршіңізбен болыңыз тату-тәтті

Насихатты жүрекке түйіңіз де.
Жарамазан айтамын жағалата,
Жақсы сыйың бар болса, маған ата.
Жарамазан айтқанда періштелер

Жолдаған Хаққа мадақ Адам ата.

Азан шақыру дәстүрі

Ескі кітаптарда «тағдыр тақтасының кілті – азан» деп айтылады. Адам тілек айтар алдында азан шақырса, «тағдыр тақтасы» кітабының кілті ашылады, тілеген бар тілек сонда жазылады. Адам тілек тілеп болып, бетін сипағанда «тағдыр кітабы» қайта жабылады. Егер бетін сипамаса, жын-перілер келіп адамның пешенесіне жаман жолға өзгертіп жібереді деп сенеді. Бұл дәстүрді «азан айту» немесе «азан шақыру» деп атайды. Әлі күнге дейін Қытай қазақтарының арасында кеңінен таныс. Ал тәуелсіз Қазақстан аумағында Қазан революциясына дейін болған. Қазір азан тек намаз оқитын кезде және балаға есім қоятын кезде айтылады. Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, «азан шақыру» – қазақ арасынан жоғалған дәстүрлердің бірі. Ал, Қытай қазақтарында біреу үй салса, үйленсе немесе баласы оқуға сапарға аттанса, артынан ата-анасы, туған туыстары дауыстап азан айтып, артынша қолын жайып тілек тілейді.

Мәуліт тойлау

Мәуліт – пайғамбардың туған күнін тойлау. Бұл дәстүр де қазақ арасында Қазан революциясына дейін кең тойланған. Атеистік идеология тұсында діни шараларға тыйым салынды. Соның кесірінен мәуліт тойлау, азан айту сынды дәстүрлер ел арасынан, жұрт санасынан жоғалған. Бұл рухани мерекені оралман қазақтар әліге дейін тойлап келеді. Мәуліт айында жұрт бір үйге дастарқан жайып жиналады. Үйдің ақсақалы немесе мәуліт жырын білетін адам дауыстап жырды оқиды. Мұны салауат деп те атайды. Себебі, жырда бастан-аяқ пайғамбарды ұлықтап, салауат айтылады.

Алладан медет тілеген,
Иманын тілеп жүдеген,
Ұжмақтан орын сұраған,
Сақтанып жүрген күнәдан,

Жырлайық, кәне, мәулітті.
Дозақтан қорыққан мұсылман,
Хақ жолына ұсынған,
Иманын ойлап қысылған,

Құдайды ойлар әрбір жан,
Жырлайық, кәне, мәулітті.
Пайғамбар туған заманы,
Қуанған жер, көк ғаламы,

Періштелердің тәмамы,
Пері мен жындар, адамы,
Жырлайық, кәне, мәулітті.
Жұмақтан орнын ойлаған,

Салауат айтса, тоймаған,
Жылында мәуліт қоймаған,
Жүрекке тәуба орнаған,
Жырлайық, кәне, мәулітті.

Ойласаңдар, жараңдар,
Дүниеден бір күн көшпек-ті,
Үш мың жылдық сираттан,
Таймай зырлап өтпек-ті,

Жырлайық, кәне, мәулітті.
Әр жағында жайнаған,
Пейішке барып жетпек-ті,
Құс кәусары суынан,

Сусындап, қанып ішпек-ті,
Жырлайық, кәне, мәулітті.
Жаралған хақтың нұрынан,
Расул туған күн жетті,

Айтыңыздар салауат,
Мұсылманға аманат,
Осы күндер құрметті,
Жырлайық, кәне, мәулітті, –

деп ақсақал мәуліт жырын бастайды. Содан соң отырғандардың бәрі қосылып:
Ассалату уәссәләму ғалейкә иә расулулла,
Ассалату уәссәләму ғалейкә иә хабибулла,
Ассалату уәссәләму ғалейкә иә нәбиулла,

Ассалату уәссәләму ғалейкә иә ғазизулла, –
деп пайғамбарға салауат айтады.
Мәуліт жырын айту төрт бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлімде Мұхамбет пайғамбардың нұрының жаралуы, ол нұрдан әлемнің пайда болуы, әлімсақ оқиғасы, Адам ата мен Хауа ананың бойындағы Мұхамбеттің нұры, сол нұрдың барлық пайғамбарларды көшіп отырып, ақырдың расулы Мұхамбет пайғамбарға жетуі жырланады. Мәселен:

... Періштеге сонда Алла хабар қылды,
Жарлығын бір Алланың бәрі білді:
«Бір досым бар туатын дүнияда,
Соған арнап жараттым осы нұрды».

Адам ата пайғамбар Хауа алдында
Неше заман неше жыл сонда тұрды,
Шиш деген бір пайғамбар бала туды,
Соған әкеп орнатты осы нұрды.

Ыбырыс, Нұх, Һұд, Ыбырайым, Ысмағұлға,
Нұр көшіп тұрған сайын келіп тұрды.
Құдай арнап жаратқан қонағына
Бұл жеті пайғамбарды орын қылды.

Осы нұр бірден бірге көшіп қонған,
Нұр келіп қонған жанның көңілі толған.
Адам менен Мұхамбеттің екі арасы
Бір қиссада 49 ата екен болған.

Нұр қуалап келеді осы тәртіп,
Жаңалап бірден бірге қонады артып.
Ғабділда – пайғамбардың өз әкесі,
Нұр келіп айқындалып қонды балқып.

Дүниедегі патша қыздар ғашық болды,
«Ғабділдаға барсақ», – деп көңіл тартып.
Ғаламға ай мен күндей мағлұм болды,
Қуаланды болған нұр ескі сарқыт.

Туатын пайғамбардың күні жетті.
Салауат тағы да бір айтыңыздар,
Шапағат жер менен көк үміт етті, – деп басталады.

Екінші бөлімде пайғамбардың дүниеге келуі, өсіп-жетілуі, мінез-құлқы, сахабалары жайлы баяндалады:

Расул туған күн жетті,
Осындайын ғаламат
Сүйіншілеп, айғайлап,
Жұмыла ғалам жамағат.

Періштелер Меккеге
Келіп тұрды тәмамат.
Хақ расулға салауат,
Айтып тұрды қамалап.

Ғали сұлтан мархаба
Дүние жүзі паналап.
Неше миллион белгі бар
Қарағанда шамалап.

Жаратылған адамнан
Ең бірінші кәлам ат.
Дінін күткен адамдар
Екі дүниеде саламат.

Көздің нұры пайғамбар –
Бір Алланың өз досы,
Мұнан артық қай жан бар?
Шапағат үміт қылғаның,

Мәулітке көңіл байлаңдар, – деп екінші бөлімі басталады.
Үшінші бөлімде пайғамбардың миғраж сапары суреттеледі.

Төртінші бөлімде дүниеден өтуі, ақтық сапарға аттанар сәті, сахабаларының мүбәрәкпен қоштасуы айтылады. Әр бөлім біткенде түрлі нақышта немесе мақамда пайғамбарға салауат айтылып отырады. Салауат айтар кезінде дастарқан басында отырған жұрт түрегеліп, бір-бірінің қолынан ұстап пайғамбарға мадақ айтады. Екінші бір жерлерде қолын қусырып тұрып салауат жолдайды. Салауат біткесін, қайтадан орындарына отырып, жырды жалғастырады. Соңынан бата жасалып, тілектер айтылады. Пайғамбардың өмірін жырлау дәстүрі мәуліт айы біткенше, бір айы бойы өткізіледі. Бұл дәстүр Талдықорған қаласына жақын жерде Арасан деген ауылда Қытайдан көшіп келген қазақтар арасында қазіргі күні де тойланып жатыр.

Тасаттық беру

Нұх пайғамбар үш баласын дүниенің үш тарабына жібереді. Үлкен баласы Самнан барша ақ нәсілділер тарайды. Ортаншысы Хамнан қара нәсілділер өрбіді. Кіші ұлы Жаппастан түркі нәсілі тарады. Оның иелігіне күншығысты берді. Нұх пайғамбар оны аттандырып тұрып:

– Ұлым, мына тұмарды мойныңа тағып ал. Мұнда қасиетті дұға жазылған. Алда-жалда бір қиындыққа тап болсаң, осы дұғаны оқырсың, – деп шақпақ тасқа жіп өткізіп, ұлының мойнына тағады.

Жаппас шығысқа қарай сапар шегіп, ұзақ жол жүреді. Көп жүріп, қалың қарағайлы бір тауға жетеді. Сол арада кенет аспан күркіреп, жер-дүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Әлден уақытта бір алаулы ұшқын тауға түседі. Қарағайлар лаулап жана бастайды. Жаппас әкесі жазып берген тас бойтұмардағы дұғаны оқиды. Сол сәтте көктен нөсерлетіп жаңбыр құяды. Өрт өшіп, күн ашылады. Жаппас сол сапарда Түркістан өңіріне жетеді. Сонда тыныстап отырып, шақпақ тасты Қаратаудың баурайына қояды. Осында отау құрып, ұрпақ өсіреді. Дүниеден өтерінде балаларына:

– Егер қуаңшылық болып, көктен тамшы тамбаса, тауға барып, дұға оқыңдар. Семіз малдан құрбандық шалыңдар. Сонда жаңбыр жауып, егіндеріңнің шығымы жақсы болады, – дейді. Содан бастап бұл тас «жады тасы» деп аталады. Құрғақшылық болған кезде адамдар сол тасқа барып, ондағы жазылған дұғаны оқиды екен. Кейін бұл дәстүр тасаттық беру салтына ұласып кетеді. Адамдар бұлақтың, өзеннің бастауына барып, құрбандық шалып, Тәңірден жаңбыр тілейді. Осы сәтте айтылатын тілек қазақ арасында «күн жайлату» деген атпен белгілі болған.

Кеусен беру салты

Кеусен – қазақ егіншілерінің күзде егін жиғанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет жақын туыстарын, көрші-қолаң, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басып соғысуға, картоп, сәбіз, пияз қазысып жинасуға көмекке шақыруы. Әуелі жұмыс бастамай тұрып, атыз басында, қырман қасында көмекке келген адамдарға арнап, бір ақсарбас қойын атап сояды да, даладағы жер ошаққа тай қазанын асып, дала дастарқанын молынан жаяды. Асқа жиналғандар жұмыла жұмысқа кірісіп кетеді. Олар егін жиналып болмай, қырман соғылып бітпей кетіп қалмайды. Егінін түгел орысып, қырманын жиып соғысып, дәнін ақтап қаптасып, қамбасына кіргізісіп бір-ақ қайтады. Егін иесі жұмыс істесе келген адамдарды құр қол қайтармайды. Оларға алған өнімінен «құшыр» қолүзік дән бөліп береді. Оны қазақ ғұрпында «кеусен» немесе «кепсен» деп атайды. Ал күзде өнімді мол алған кейбір диқандар қырман соғып, астық қызылдағанда, үйіп қойған дәнінен «астық құшыры» деп, ағаш күрекпен шетінен кесіп бөледі де, оны бөлектеп жеке алып қояды. Әбден қырманы соғылып, астығы толық қапталып болған соң, әу баста бөлектеп алып қалған «астық құшыры» аталған дәнді тұрмысы нашар, жоқ-жітік, кәрі-құртаң, жетім-жесір, кедей, мүсәпір, мүгедек адамдарға үлестіріп, қырман басынан қаптап бөліп береді. Қазақ оны да «кеусен» немесе «астық құшыры» деп атайды. Кеусен алған адамдар қуанып, кеусен үлестірген диқанға ризалығын білдірісіп, рақметін айтады. Кейде алғысты тілек ақтарып, мынадай ақ батасын да арнап жатады:

Астырсын да соқтырсын,
Алпыс атпен бастырсын.
Ұраға тығып ұралап,
Көк қашқанда аштырсын.

Қырманыңда тас болмай,
Зиянды жәндік қас болмай,
Үйің толы ас болғай,
Қамбаң толы дән болғай,

Өміріңде мән болғай,
Алтын дәнің асадап,
Молынан бір басып қап,
Алпыс атпен тарта алмай,

Ауыл боп жеп тауыса алмай,
Жоқшылық көріп қаусамай,
Жылға да қосылсын дәніңіз.
Ырыздығың тасып өзендей,

Жақсылығың мол болғай,
Дәнің шалқып көл болғай.
Төбе-төбе үйіліп,
Дәнің өсіп тау болғай.

Атызыңда тас болмай,
Ала бөтен қас болмай,
Алладан жиған асыл дән
Адал бір сіңіп ас болғай!

Аллаһуакбар!!!
Мұндай батаны қазақ «кеусен батасы» деп атайды екен.

Осы орайда Сыр бойында ертеде өмір сүрген Әлішынар есімді диханның хикаясын баяндай кетелік. Ол әрдайым егін егеді екен. Жаз болса, егінін күтіп-баптап, күзде орып, жинап алады. Өзінің ішіп-жемі мен тұқымдығынан артылған астықты ел-жұртына таратып, халықтың алғысын алыпты. Адамдарға істің көзін үйретіп, кәсіпке баулыпты. Ең бірінші рет шығырды ойлап тауып, өзеннен су тартудың да жөнін білген сол екен деседі. Диханның бір жомарт қасиеті егін бастырып жатқанда қырманға кімде-кім келіп, қолғабыс берсе, қабына бидай, күріш салып береді екен. Өзі бұл сыбағаны «кеусен» деп атапты. «Егінші еселеп, кеусенші кеселеп» деген сөз содан қалыпты. Оны бергеннен диханның ырысы кеміп қалмапты. Дәулеті де, әулеті де көбейе беріпті. Атақ-құрметі ел арасына кең жайылыпты. Одан егіншілік кәсіптің қыр-сырын үйреніп, шәкірт болғысы келетіндер саны артыпты. Әлішынар үнемі бала-шаға, шәкірттеріне:

– Шырақтарым, Құдайға шүкіршілік етіңдер. «Біссімілдә» деп дән сепсеңдер, Хақ тағала еңбектеріңді ескерусіз қалдырмайды. «Егінші мәрт, жер жомарт» деген. Ниеттерің тарылмаса, бақ-береке арылмайды, – деп ақыл айтыпты. Халық Әлішынарды келе-келе Дихан баба деп атап кетіпті. Оның дүниеден өткеніне қанша жыл өтсе де, аты ұмытылмапты. Дихан баба туралы халық аузында мынадай жыр сақталыпты:

Шығырдың шын атасы – Әлішынар,
Шынарға сиынбаған шығыр сынар.
Әліге Шынар менен құп сиынсам,
Қашан да Тәңірі оңғарып, ісің тынар.

Егіншілер егін егерде, ең алдымен, Дихан бабаның рухынан медет тілеп, Алладан жәрдем сұраса, егіні бітік шығады екен. Қырманға кім келсе де, бос қайтармай, кеусен беріп жібереді екен.

29

30

31 Yazıcıoğlu Muhammed. İzahlı Açıklamalı Muhammedіye. – İstanbul: Çіle Yayınları, 1978.

32

33

34

35

36

37

38

39

40

41

42

43

44

45

46

47

48

49 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Таңдамалы шығармалар жинағы. ІV том. – Алматы: Ел-шежіре, 2008.

50

51

52

Мифтер мен аңыздарға сенгенде ғана мәңгілік өмірдің маңызы ашылып, өмірден кейінгі өмірдің ақиқаты айқындала түседі. Монотеистік діндерге дейін де өлімнен кейінгі мәңгілік өмірге дайындалатын психология адам миына сыймайтын сан түрлі мәдени құндылықтарды дүниеге әкелді. Әлемнің әр түкпірінен табылып жатқан археологиялық қазбалардағы кісі жерлеу ғұрыптары осының айғағы. Румын ғалымы Мирче Элиаденің сөзімен айтар болсақ, «мифке сенбейтін адамның өмірі өлген күні тоқтайды. Оның істеген ісіне, келешегіне нүкте қойылады. Мифке, тылсым сырларға кәміл сеніп, мәңгілік мекенге жету үшін ғибратты өмір сүрген тұлғалар күні бүгінге дейін құрметті болып қала береді». Қазіргі заманда да зиялы мәдениетті адамның өлшемі ретінде оның марқұм адамдарға қатысты құрмет пікірі есепке алынады. Осының бәрі өмірден кейінгі өмір жайлы түсінікке барып тіреледі. Бұл ойды Карен Армстронг «Thе case for God» деген еңбегінде былай деп тарқатады. Барлық адамның бойында Ұлы Құдіретті аңсайтын сезім болады. Оны көзбен көріп, қолмен ұстамаса да жан-жүрегімен сезіп біледі. Өмірін барынша сонымен тығыз байланысты етіп сүргісі келеді. Оны тереңірек тану үшін көненің адамы діндерді дамытып, әртүрлі ғұрыптарды ойлап тапты. Солай бола тұрса да өздерін сол Құдіретті күштен алыстап қалғандай да сезініп жабырқап жүрді. Барлық елдің аңыздарын оқысаңыз әлімсақта жәннаттан қуылып кеткен Адам ата мен Хауа ана жайлы мифтер міндетті түрде кездеседі. Осының өзі адамның есте жоқ ескі заманда қайғы мен қасірет, мұң мен мұқтаждық болмаған бақытты мекенде өмір сүргенін меңзейтін сияқты. Осы мифтер арқылы ерте ме, кеш пе адам ұрпағы ақыры бір күні қайғы мен мұңнан, жалғыздық пен қорлықтан, кәрілік пен аурудан құтылып, бақытты мекенге қайта айналып баратынына сенетін. Мәңгілік мекенді аңсайтын осы сезім келе-келе «сакральді география» культін туғызды. Бұндай түсінік барлық діндерде бар. Киелі немесе қасиетті мекендер құдайлық символдардың ежелден бері кең тараған түрі. Олар мұндай жерлерді аспан мен жердің түйіскен киелі нүктесі деп сенеді. Сондықтан да ол жерде Құдайдың шарапаты ерекше сезіліп тұрады деп санаған. Саид Хусейн Насер де аталмыш кітабында осы тақырыпқа тоқталған. Өлім жоралғыларын зерттегенде, назар аударуға тұрарлық жайт – адамдардың «киелі мекенге» жетуге талпынуы. «Құтты мекен» ұғымы салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрып, діни рәсімдер және жоралғылардың орындалатын жері болғандықтан, екеуі егіз ұғым болып келеді. Жер жүзіндегі халықтар дүниетанымын зерделегенде, «киелі география», «құтты мекен» мәндерінің аясына ғибадатхана, мазарлар, бау-бақша, тау-тас, орман сияқты обьектілердің сыйып кететіндігін аңғарамыз. Мәселен, Қытайда қорған-қамалдар, Жапонияда бақшалар, Парсыда салтанатты сарайлар осы түсініктің бір бедері. Әсіресе мұсылмандарда «зиярат феномені» жүзеге асырылатын бейіттер, кесенелер, мазарлар «құт» қасиетін терең сіңірген, киеге бай аймақтар ретінде танымал. Ежелден-ақ адамдар ондай мекендерге жақынырақ қоныстануға тырысты. Олардың жан-дүниесіндегі пейіштегідей мейлінше құтты мекенге жақын жайғасу деген арман бүгінге дейін өлген жоқ. Жерұйықты іздеу мотивтері қазақ халқында да өте көп. Асан қайғының желмаясымен жер жаһанды кезуі «сакральді география» теориясына сұранып-ақ тұр. Басқаны былай қойғанда Яссауи бабаның, Бекет атаның, Арыстан бабтың, Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің тағысын тағы толып жатқан киелі тұлғалар жерленген жерден шарапат тілеп, зиярат ететін ел-жұртта есеп жоқ. Қазақ хандығы дәуіріндегі батырлардың тәнін әулиенің зиратына әкеп жерлеу дәстүрі де осыдан келіп шығады. Яғни, «Жердің жерден қайыры бар» деген түсінік. «Әулиенің басына жерленсек, Құдайға бір табан жақын боламыз» деген сенімнің көрінісі. Бұл ұғымның қазақ арасына кең тарағанын танып білу өте оңай. Барлық батырлар жыры мен дастандарда бір балаға зар болған бейбақтар етектерін шеңгел сыдырып, «сакральді география» аймақтарын шаршамай кезіп жүреді.

Сандықтың ішіне ақ мата сақтау

Бибіажар анамыз сандығына ақ бөз маталарды жинап, сақтап жүреді екен. Мұны байқаған келіні:

– Апа, ақ маталарды неге жинап жүрсіз? – дейді. Ажар анамыз:

– Сандықта жатқан ақ мата үнемі Құдайдан «Уа, Жасаған, мына шаңыраққа береке бер, үй иелерінің өмір жасын ұзақ қыл. Мені қара жердің астында көміліп қалудан сақта», – деп, дұға етіп тұрады. Соның себебінен үй иелеріне мезгілсіз қаза келмейді. Ақ шытты сақтайтын сырым сол, – депті.

Содан бастап, келіні де ақ шыт жинап сақтайтын болыпты. Бибіажар анамыздың қауымы бұл істі үрдіске айналдырып әкетіпті. Бұл дәстүр қазір де қазақ арасында сақталған.

Мәйітті жөнелту

Шиш пайғамбар Адам атаны жерлегенде, құбылаға қаратып, қолын айқастырып қойыпты. Мәйіттің қолын айқастырып салу содан қалыпты53. Адам атаны үш қабат кебінмен, Хауа анамызды ақтық сапарға шығарарда бес қабат кебінмен арулапты. Оқиға былай болыпты деседі. Адам ата мен Хауа ана бидайды жеп күнәлі болған соң, Тәңірі ол екеуін жұмақтан қууға әмір етеді. Сол кезде Құдайдың халифасына періштелер бата алмай тұрып қалады. Жиде ағашы ғана Алланың әмірін екі етпеймін деп, бұтағымен бас салып, киімдерін түгел шешіп алыпты. Сол кезде жалаңаш қалған екеуіне жаны ашыған інжір ағашы бұтағынан сегіз жапырақ жұлып беріпті. Себебі оның белінде Мұхамбет пайғамбардың нұры бар еді. Адам ата үш жапырақтан киім тігіп, әуретті жерін жасырыпты. Хауа ана бес жапырақпен ұятты жерін түгел жабады. Содан бастап, әйелдерге ұятты жерін жауып жүру уәжіп болыпты. Осыған орай, күні бүгінге дейін, марқұм болған ер адамды үш қабат етіп кебіндесе, әйел адамның ұятты жерін жабу үшін, бес қабат кебінмен жөнелту парыз болыпты54. Шиш Адам атаның мәйітін үйден аяқ жағымен шығарады. Үйдің босаға алдында кішкене кідіртіп, мәйітпен қоштасқан екен. Марқұмды үйінен аяқ жағымен алып шығу Шиш пайғамбардан қалған сүндет деседі. Бұл ырым өлім қайталанбасын, марқұмның арты қайырлы болсын дегенді білдіреді. Мәйітті жерлеген соң Шиш пайғамбар, кешке төрт бас намаз оқыпты. Бұл «Ысқат» намазы деп аталады. Мұны да Шиштің сүндеті деп айтады. Қазір кей жерлерде, өлікті жер қойнына тапсырған соң, құптан намазында Ысқатты оқиды.

Қайтқан кісіден тәбәрік алу дәстүрі

Адам ата қайтыс болған кезде оның 71 ұлы, 71 қызы болған екен деседі. Ұрпағы 71 түрлі ұлтқа айналыпты. Адам ата мың жыл жасап дүниеден өтеді. Ақтық сапарға аттанғанда балалары әкелерінің киімін, ұстанған заттарын бір-біреуден ниеттеніп алады. Таяғы мен қойларын иеленгендер қойшылықты кәсіп етіпті. Енді бірі соқасы мен өгізін иеленіп, егіншілікті дамытыпты. Қышы мен құмырасын алғандар қолөнерші болады. Бізі мен инесін ұстағандар етікшілікті жалғастырады. Бүркітін ұшырып, тазысын жүгірткендер аңшылықпен елді асырапты. Арасы мен балтасын ұстағандар ұстаға айналады. Қалам мен қағазға қызыққандар ғылым жасапты. Бөзі мен матасын алғандар сауда ісін дөңгелетіпті. Осылайша, сиырды алған сиыршыға, түйе жетектеген түйешіге, жылқы мінген жылқышыға айналыпты. Мирас бөлісетін игі іске Ібіліс те тұмсығын тыққан екен. Ол кейбір балаларын арбап-алдап, шағыстырып, бірін-біріне айдап салады. Оның тілін алып, дау шығарғандар даукеске, сөз қуғандар өсекшіге, көре алмағандар күншілге, жымқырғандар ұры-қарыға айналыпты. Қазақта «өспейтін елдің баласы, өнбейтін дауды даулайды» деген мақал осыған орай айтылған деседі. Ғұмыр есімді ұлы әкесінің шапанын қанағат тұтыпты. Сол үшін Адам атаның шарапаты жұғып, Ғұмыр ұзақ жасапты. Қазақта «ғұмырлы бол» деген тілеу «Ғұмырдай бол, ұзақ жаса» деген тілектен шыққан деседі. Ғұмыр қайтыс болғанда Адам атаның киіміне оның балалары ие болады. Шапан бәріне бірдей жетпейтін болғандықтан бір шапанды тәбәрік деп жыртып алатын болыпты. Содан бастап бақиға аттанған адамның киімдерінен жыртыс алу, тәбәрік алу дәстүрі тұрмысқа енген екен.

Көңіл айту салты

Қабыл Әбілді таспен ұрып мерт қылады. Ұлынан айырылған Адам ата басын көтермей, жер бауырлап жатып қалады. Хауа ана екеуі қайғыдан қан жұтады.

Жаббар Хақ періштелерге:

– Адам мен Хауаны жұбатыңдар. Көңілдерін демеп, жандарына медет болыңдар. Сабырға шақырып, менің мейірім-шапағатымның мол екенін жеткізіңдер, – дейді.

Жебірейіл бастаған барлық періштелер Адам ата мен Хауа анаға келіп, көңіл айтады. Алланың шексіз мейірім нұрын жүректеріне құяды. «Алла ақырын берсін. Жақсылық пен игіліктен күдер үзбеңдер», – деп уатады.

Бұл жайында қара өлең нұсқаларында:
Адам – ата, Хауа – ана – түп анамыз.
Жалғанды бүйтіп жүріп жұбатамыз.
Содан бізге қалыпты мирас болып,

Өлгенге көңіл айтып жұбатамыз, – деген шумақтар қалыпты.

Көп кешікпей, Тәңірі Тағала екеуіне Шиш атты ұлды нәсіп етеді. Әбілге қатты ұқсайтын сәбиді көріп, екеуі көңіліндегі қайғы-шер мен мұңды жойған екен. Екінші бір аңызда Мұхамбет пайғамбар дүниеден өткенде Фатима анамыз әкесін қимай жылаған екен. Бір апта бас көтермей жатады. Сол кезде көктен Жебірейіл бастаған періштелер келіп, пайғамбардың қызын жұбатыпты. Бұл хикая жайында қазақ арасында:

Біссімілдә сөздің басы ма?
Қайғысыз пенде жасыр ма?
Бабасы өтіп дүниеден,
Жылаған екен Патима.

Періштелер басу айтып
Жылаудан сонда уанған,
Қабырғасы қайысып.
Періштелерге жұбанған, – деген жыр жолдары сақталған.

Содан бастап қазалы үйге көңіл айту салты дәстүр ретінде қалыптасыпты. «Тас түскен жеріне ауыр», «Құдайға да жақсы адам керек» деген сөздер осы жұбатудан шыққан екен дейді. Көңіл айту қазақта қазан революциясына дейін мағыналық жағынан өте терең мазмұнға ие болған. Совет өкіметі кезінде бұл дәстүр сакральді сипатынан айрылып, профанды қалыпқа түскен. Қазіргі қазақтар қаза шыққан үйде марқұмның туыстарына мағыналы формада көңіл айта алмай, кәдімгідей қиналып қалады. Бұл дәстүр сабақтастығының үзілгендігінің айқын бір көрінісі. Бұрынғы кезде көңіл айтушылар Адам ата мен барлық пайғамбарлардың басынан өткен қайғы-шерді баяндап, азалы адамға сабыр сыйлаған. Мәселен, Сыр бойында Пішанның Төребайы қайтыс болғанда, Базар жырау оның отбасына былай деп көңіл айтқан:

Нар көтерер жүк болды
Бұлтқа кіріп тұрғандай,
Төбеден ауып күн мен ай.
Ысқақ мырза аттанды

Он сегізде жасында-ай...
Аюптың көзі көр болды,
Күйініп ашу дертіне.
Жүсіптің көңілі шат болды,

Сұлулық шырай көркіне.
Ақыры құл боп сатылды,
Ол Мысырдың кентіне.
Басы жұмыр пендесін

Жібермес тағдыр еркіне.
Лұқпан да айла тапқан жоқ –
Ажалды құлдың дертіне.
Хан мақтанар жұрты бар,

Пір мақтанар мүрті бар.
Дүние қашқан алтайы
Көрсе көздің құрты бар.
Ғалымдардың қолында –

Арабы, парсы, түркі бар.
Ер есейсе ел сүйер –
Ел тілеуін ер тілер.
Атамыз қазақ ғұрпы бар.

Туысыңның кемі жоқ,
Берік қақпалы шаһардай
Дарбазалы құлпы бар.
Бір адамның сұлыбынан

Өзіндей-ақ ұл туар.
Елді аузына қаратқан,
Алдынан топты таратқан,
Қарадос пенен Сансызбай,

Атаңыз да өткен Күнтуар.
Хақ нұрынан жаралған,
Сақтап өзін арамнан.
Ағайын, туған, халқына,

Жол көрсеткен адалдан.
Ақтың досы Мұстапа
Олар да көшкен дүниеден.

Маңғыстауда Аралбай жыраудың баласы Берекет дүниеден өткенде, Қашаған жырау оған жырмен былайша көңіл айтыпты:

Бұрын өткен біздерден
Алланың досы – ақ Нәби
Төрт құбыласы сай болып
Өтпегенге ұқсайды –

Сол секілді асылдар
Кем болып па Сіздерден?
Асылы сенсің Адайдың,
Бұрынғыдан із көрген.

Тыңдар деп айттым сөзімді,
Інім ғой деп көз көрген.
Берекеттің басында,
Мазарының қасында

Болып тұрсың ба, шайырым,
Нар маядай тізделген.
Сабыр ет енді, Аралбай,
Көп ойлай берме балаңды-ай.

Таңда мақшар күнінде,
Құлының сонда «бабалап»,
Алдыңнан шығар аяңдай.
Хазіреті ер Дәуіт –

Бір намаздың үстінде
Отыз ұлдан айрылып,
Көзінің жасы төгіліп
Асасына таянды-ай.

Соңынан беріп жалғыз ұл,
Тақ-Сүлеймен пайғамбар
Патша болып дүрлеген
Он сегіз мың ғаламға-ай.

Алланың саған, Аралбай,
Мейірімі түспей ме?
Қарақтан қалған шырағың
Азамат болып өспей ме?

Қайғының қара бұлыты
Басыңнан сенің көшпей ме?
Кеудеңде жанған қасірет
Басылып оттай, өшпей ме?

Күндердің күні болғанда,
Қаумалаған қалың ел:
«Берекеттен қалынған
Ұрпақ еді» – деспей ме?!.

Қалыштың ұлы Нұрберген дүниеден өткенде, Нұрым жырау Шыршығұлұлы көңіл айта барып, пайғамбарлардың да қазаға сабыр еткендігін өнеге етіп, тереңнен толғаған:

Алладан болған әмір бар
Атамыз Сафи-Адамға –
«Өнерің ғылым болсын» деп,
Қайымнан бергі қадамға.

Атасы бірге туды деп,
Арашалап ала алмас
Өзіңнің іні, ағаң да,
Жасында кеткен сәбилер –

Қайымның мәхшар күнінде
Сол дейді нағыз панаң да.
Жазмыш пен озмыш тағдырың –
Жасаған-Ие, Алладан.

Бұл пәни кімнен қалмаған?
Ысыраттың майдан жолына
Пендесі болмас бармаған.
Алланың досты Мұхамбет,

Хазіреті Нухы да
Мұсылмандарды қамдаған.
Алладан әмір болған күн
Олар да жанын қармаған.

Қырық жыл қашып қиналып,
Хақтың ісін барлаған,
Қорқыт атам қобалжып,
Құдайға жылап зарлаған.

Нәмруд-Шадат отына
Ыбырайым-халил жанбаған.
Құдай үшін үй салып,
Ниетінен танбаған,

Жалған сөзге нанбаған.
Дүйсенбі күні алуға
Алласы қалап арнаған.
Бәйтілләні салдырып,

Мәдина-Мекке тұрғанда,
Арапаға хаж етіп,
Халық кеңесін құрғанда –
Сояйын десе қара жоқ,

Алла ісіне шара жоқ,
Жалғыз ұлы Смағұл –
Соны шалған құрбанға.
Себеп болар ма екен деп

Қиямет күні бір жанға.
Ағузы, Әлхам бір әріп,
Лаухы менен Махфузда
Жазылған екен шығарып.

Жалған емес, бұл анық,
Ғалымдар айтса тыңдалық,
Қараңғы жерде қабір бар –
Иманды құлға тым жарық,

Патша-құдай, мырзасың
Жаратқан жанның жұмласын.
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы Сүлеймен

Алып қашты мың қатын,
Құрмет етіп бір басын.
Бұған да Алла бермеген
Дүниенің перзент-қымбатын.

Расулалла дегендер
Бұ сөзімді тыңдасын.
Халқың қатты қайғырған,
Мұңайып құрбы-құрдасың.

Құл болғасын ғұмырсыз
Бізден бұрын бір патша
Өткен екен бір ұлсыз.
Арапат таудың басында,

Меккенің жақын қасында.
Құрбанға шалды қырық түйе
«Жарылқай көр, – деп, – бір Ие».
Атын айтсақ білерсіз –

Аты болар – Пір-Ие.
Пендесі жоқ-ты пікірсіз,
Таспих, тәубе, зікірсіз.
Ағузы, Әлһам, әйет бар –

Бір Құдайға шүкірсіз– депті.

Әулиенің басына кісі жерлеу

Түркі даласында Қожа Ахмет Яссауиден басталған «әулиеден шарапат тілеу культі» көшпелі қазақтардың кісі жерлеу ғұрпына да өзгеріс әкелді. Тарих толқынында елге еңбегі сіңген, танымал тұлғаларды Әзірет Сұлтанның басына әкеліп жерлеу дәстүрі пайда болды. Қазіргі таңда соңғы табылған ресми деректерге сәйкес мұнда 170-ке жуық тұлғалар жерленген. Оның ішінде 25 хан-сұлтандар, 26 би-абыздар, 49 батыр, 60-тан аса игі жақсылар бар. Аңыздарды айтпағанда, хатқа түсіп, қатталып қалған деректер де баршылық. Солардың бірнешеуін ғана келтіреміз. Қаз дауысты Қазыбек би 1763 жылдары қыс мезгілінде дүниеден өтеді. Оның денесін былғарымен орап, қыс бойы сөренің үстінде сақтайды. Көктем туғанда Бекболат бастаған елу жігіт бидің денесін Әзірет Сұлтанға әкеліп жерлейді. Басына құлпытас орнатады55. Бөгенбай батыр 95 жастан асқан шағында дүниеден өтіп, денесін Түркістанға жерлеген екен. «Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. Абылай ханның жарлығы бойынша 1778 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Яссауи мешітіне жерлепті56». Қазіргі Торғай өңірінен Ақпанбет батыр әкесі Шақшақұлы Жәнібекті Түркістанға әкеліп жерлеген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Сайрамда, ұрыс даласында қайтыс болған Шекті Тілеу батырдың денесін баласы Жолдыаяқ батыр Әзірет Сұлтанның қасына жерлейді. Артынша ұлының да денесі әкесінің қасына қойылады. Бұл жайында ел аузында:

Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп,
Сайрамды жермен жексен ойран етті.
Жан алып, жан беріскен осы ұрыста
Батыр Тілеу ат үстінде қапы кетті.

Сарбаздары кеңесіп, ақылдасып,
Батыр-бидің сүйегін
Яссауи дүрбесіне табыс етті57, – деген өлең нұсқалары сақталған.

Өкінішке орай, СССР кезінде бұл тарихи тұлғалардың моласы аяусыз қорланған. Басына қойылған белгі тастар жойылған. Соның кесірінен жерленген тұлғалардың толық дерегін білу мүмкін емес. Тіпті, қазақтың ең атақты ханы Абылайдың Яссауи дүрбесіне жерленген мүрдесінің өзін анықтау үлкен дау-дамайға айналды. СССР кезінде үзіліп жалғасын таппай қалған ең киелі дәстүрлердің бірі әулиенің жанына кісі жерлеу ғұрпы болды. Осы дәстүрді үлгі етіп, әулиенің басына жерленуге тырысқан бір-ақ танымал тұлға бар. Ол – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол кісінің зираты Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан бап әулиенің қорымында жатыр.

Әруақтарға құран оқу

Әруаққа құран бағыштаудың сауабы туралы Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясында» мынадай аңыздар бар. Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласады.

– Мен биікпін, менен жарат, – дейді тау.

– Мен әзизбін, менен жарат,– дейді алтын.

– Мен тасқынмын, менен жарат, – дейді су.

– Мен дүлеймін, менен жарат,– дейді жел.

– Мен күштімін, менен жарат, – дейді от.

– Мен асқақпын, менен жарат, – дейді аспан.

– Мен жұмсақпын, менен жарат, – дейді ағаш.

– Мен қаттымын, менен жарат, – дейді тас.

Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:

– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Құдай орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлайды. Сонда Тәңірі тұрып:

– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – дейді. Сосын жерге қарап:

– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – дейді.

Осы кезде қара жер Тәңірден дат сұрайды.

– Уа, Жаббар Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – дейді.

– Қара жер қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамдардың ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға құран оқытып, дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруаққа құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – дейді. Қара жер сонда барып тынышталыпты.

Екінші бір аңызында, Ғайса пайғамбар сапарлап келе жатып, жол жиегіндегі моланы көреді.

– Уа, Жасаған, бұл мола кімдікі? – деп сұрайды. Тәңірі:

– Бір пақырдың моласы? – деп жауап береді.

– Мұның ақиреттік жағдайы қалай?

– Тірісінде құлшылық пен сауаптан мақұрым болған. Тек өлейін деп жатқанда кәлимаға тілі зорға келді.

– Апыр-ай, онда жағдайы қиын шығар. Мен тірілтіп, түрін көрсем бола ма? – деп рұқсат сұрайды. Тәңірі:

– Рұқсат, – дейді. Ғайса дұға қылып еді, өлік моладан тіріліп тұра келді. Қараса, сымдай тартылған сымбатты, көркем жігіт екен. Екі бетінен нұры тамып тұр. Ғайса түсінбей:

– Уа, Тәңірім, сен мына адамды құлшылық пен сауаптан мақұрым болған сорлы деп едің. Мынаның бет әлпетінен пейіштің лебі есіп тұр ғой, – дейді. Сонда Алла:

– Бұл пақырдың моласы жол үстінде жатыр. Өмірде ғапыл болғанымен, жанынан өткен-кеткен адам дұға оқып, бет сипайды. Жиі оқылған дұғалардың шарапаты оның жатқан жерін жайлы етті. Жанын менің нұрыммен шомылдырды, – деп жауап береді. Осыдан соң Ғайса кез келген қорымның жанынан өткенде дұға жасамай өтпейтін болыпты.

Өлген адамды жер қойнына тапсырып, Мүлік сүресін оқиды. Кейбір діни кітаптарда Тәңір тағаланың әмірімен денеден шығып кеткен жан Алланың дәргейіне барып тұрады екен. Жан:

– Артымда қалған ел-жұрт рухыма құран бағыштап, мені еске алса екен. Жақсылықтарым туралы айтса екен. Құдайдан мен үшін рахым тілесе екен, – деп үміттенеді деседі.

Жерге қойылғаннан кейін жан екінші күні тіршілікте серігі болған балшық тәнге келіп онымен қоштасады. Сол кезде тәндегі сасық иіс жарты құлаш биіктікке көтеріледі. Жан тәнге жақындай алмай жарты құлаш қашықтықта тұрып қоштасады. Үшінші күні келгенде тәндегі сасық иіс бір құлашқа дейін көтеріледі. Жан онымен бір құлаш қашықтықта тұрып қоштасады. Сол кезде марқұмның ел-жұрты оның қабір басына барып құран бағыштап, елге үш күндік кәдесін береді. Осылай жан жеті күні бойына келіп тәнімен қоштасады. Мұны жанның тәнмен қоштасуы кезеңі деп атайды екен. Жетінші күні дегенде тәндегі сасық иіс бес құлаш жерге дейін шығып тұрады деп айтылады. Жан тәнмен жеті құлаш жерде тұрып қоштасады. Бұл кезде де туған-туыстары ел-жұртты жинап, ас береді, құран бағыштайды. Мұны жетісін беру деп атаған. Содан кейін, жан әр бейсенбі-жұма күндері қабірінің басына барып тұрады екен. Бұл кездері марқұмның бейсенбілігі беріліп, құран бағышталады. Мұны бейсенбілік деп атапты. Кей жерлерде жұмалық деп аталады. Марқұмға қырық күн толғанда, жан Алланың рұқсатымен қабірінің басына келіп, тәнімен қоштасады. Ел-жұрты бұл мезгілде де әруақты еске алып, құран бағыштайды. Мұны қырқын беру деп атаған. Жылы толғанда тән марқұммен соңғы рет қоштасады екен. Қабірінің басына он күн бұрын келіп қонақтайды. Туыстары бұл кезде еске алып, құран оқиды. Құран марқұмға дарысын, сауабы әруақты еске алған, құран бағыштаған ел-жұртына тиеді. Бұдан бөлек ораза, құрбан айт күндері ата-бабаларына құран оқып, қабір басына барса сауабы мол деп сенгендіктен, қазақтар әліге дейін аталмыш күндері марқұм болған туыстарына арнап, құран оқытып, дұға жолдап отырады. Ел арасында айтылатын тағы бір қиссада пайғамбар ақтық сапарға кетерінде үмбетімен қоштасады. Мұсылмандар пайғамбарды қимай жылайды.

– Уа, Тәңірдің елшісі біз сенсіз қалай өмір кешеміз? Біздің өмірге жан бітірген сенің рухың еді ғой – деп егіле жылапты. Пайғамбар:

– Онда үш күннен кейін рухым қабір басына келеді. Сол кезде жүздесейік, – дейді. Ел-жұрт одан сайын егіле жылапты.

– Онда жеті күн дегенде қабір басына келемін, сол кезде жүздесейік, – дейді. Үмбеті оған да қанағат етпепті.

– Онда 40 күн дегенде келемін, – дейді. Жұрты оған да көндіге алмай қинала беріпті.

– Онда бір жыл толғанда айналып соғайын, – дейді. Ел-жұрты:

– Уа, ардақты пайғамбар, біз сенімен үнемі бірге болғымыз келеді, – дейді. Сонда пайғамбар:

– Кім мені есіне алып, маған салауат айтуды әдет қылса мен соның жанынан табыламын. Рухымен тілдесемін, – дейді. Үмбеті амалсыз көніпті.

Пайғамбар ақтық сапарға кеткеннен кейін, ел-жұрт үшінде, жетісінде, қырқында, жылында қабіріне зиярат етіп, пайғамбарға салауат жолдауды әдетке айналдырған екен. Тіпті қазірге дейін салауатты қисапсыз көп айту арқылы пайғамбар рухымен тілдесуге болады деп сенетін діни жамағаттар бар. Халық арасында таралған бір қиссада әруақтар әлемі былайша баяндалады: жүрек көзі ашылған бір әулие жапан түзде келе жатып, түнде жалғыз қалады. «Жалғыз қалсаң, зиратқа түне» деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты. Түннің бір уағы болғанда ол қабір әлемінде еріндері кезеріп, беттері жарылып, шұбырып кетіп бара жатқан тобырды көреді. Бұл олардың көшбасшысымен тілдесіп:

– Кімсіңдер? Бұл не тобыр? Жаяулап-жалпылап қайда бара жатырсыңдар? – деп сұрайды. Әруақ:

– Біз – осы қорымдағы әруақтармыз. Тәңірі бізге мейірім-шапағат етіп, әр сәрсенбі кешке қарай Құранның сауабын алу үшін үйімізге қайтарады. Егер ұрпақтарымызда Құран оқытатын жер болса, сол жерден нұр алып, қуат алып, жұма күні түстен кейін қайтамыз, – дейді де жүріп кетеді.

Әулие кісі оқиғаның нәтижесін көру үшін жұма күні қорымға тағы да түнепті. Бұл жолы көштің алдында желмая мінген бақытты кісілер келе жатыр екен. Оларға сәйгүлік мінген қуанышты жандар ілесіпті. Осылайша көш сән-салтанатымен жалғасып кете беріпті. Көштің соңғы жағында тай мінген, тайқар мінген пақырлар келе жатыр. Ең соңында бір кемпір мен шал арып-ашып, көшке зорға ілесіп келеді. Әулие кісі осы екі бейбақпен тілдесіп:

– Сендер неге жаяу келе жатырсыңдар? Сендерге не себепті көлік нәсіп болмады? – деп сұрайды. Олар:

– Біз екі күн Құран дәметіп, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Ешбір үйде бізге арнайы Құран оқылмады. Ал мына сән-салтанаты асып, көліктің жақсысын мінгендер – Құранға қарық болғандар. Түйе мінген, ат мінген бақытты жандардың бала-шағасы арнайы ас беріп, көрші-қолаңдарын жинап, марқұм бауырларына Құран оқытты. Ал біздің артымызда жалғыз ұл қалып еді. Одан хабар жоқ. Өлі болса, қасымызда жүрер еді. Соған қарағанда, ол тірі. Бірақ бізге арнап Құран бағыштаған емес. Соның себебінен біз осындай пұшайман халге түстік. Қабірстанда Құраннан басқа зат бізге азық болып жарытпайды екен, – деп мұңын шағыпты. Ертесіне әулие кісі қос бейбақтың жалғыз ұлын бір байдың қойын бағып жүрген жерінен тауып алып:

– Әй, балам! Мына баққан малыңа бай не ақы төлейді? – деп сұрайды.

– Жылына он саулық, – дейді қойшы.

– Тілімді алсаң, бір саулықты сойып, әке-шешеңе Құран оқыт. Олар Құранға мұқтаж, – дейді.

– Мен өзім жарлы жетіммін. Тапқан малым қара басыма зорға жетеді. Жасым келсе де, әлі қатын ала алмадым. Құран оқытуға шамам жоқ, – дейді ол. Әулие кісі:

– «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Ата-анаңның әруағын риза етсең, тұрмыс-тіршілігіңді Тәңір өзі түзейді. «Тірі дүниеге тоймайды, өлік Құранға тоймайды» деген. Бірінші солардың мұқтаждығын өте, – дейді. Жетім бала әулиенің тілін алып, бір саулығын сойып, бейсенбіде көрші-қолаңды жинап, Құран оқытады. Әулие жұма күні қорымға тағы түнейді. Баланың ата-анасы қос-қос тұлпар мініп, көштің алдында мейманасы тасып, шат-шадыман халде келе жатыр екен. Көп ұзамай, жетім баланың мал-басы көбейіп, жақсы жерден қалыңдық айттырып, ешкімге күні түспейтін бақытты ғұмыр кешіпті.

Марқұмның атын атап, құран оқыту

Ескендір дүниеден өтерінде уәзірлеріне:

– Жер бетінде өлген адамның саны жоқ. Қияметте ат тұяғындай жерден жетпіс мың адам тіріледі. Мені адам аяғы баспаған, тірі жан көмілмеген жерге апарып жерлеңдер. Мен көптің бірі емеспін. Жарты әлемді билеген сүйегі асыл, қаны қасиетті патшамын. Менің қияметте танымайтын бөтендермен қатар тұруым жараспас. Махшар алаңына жиналуға Алладан әмір болғанда бір өзім бір мекеннен жалғыз тұрып, Құдайдың алдына бір өзім дараланып барғым келеді, – дейді.

Дүниеден өткен соң, уәзірлері, туыстары қырық күн ақылдасып, бұрын-соңды адам ұрпағы жерленбеген жер іздепті. Кеңесе келе олар Ескендір патшаны биік таудың ұшар басына апарып жерлейді. Нөкерлері патшамызды кісі баласы көмілмеген тың жерге жерледік деп қайтыпты. Күндердің күні анасы ұлын сағынып, моласына барыпты. Оның рухымен тілдеспек болып:

– Ескендір! – деп дауыстайды. Ешкім үн қатпайды. Екінші мәрте:

– Ескендір, ұлым! – деп тағы бір дыбыстайды. Анасы ұлын он рет атап шақырса да жауап болмапты. Ақырында анасы Ескендір Зұлқарнайын деп шақырады. Сол кезде әруақ тіл қатады.

– Балам-ау, мен бағанадан бері неше рет шақырып жатырмын. Неге дыбыс бермедің? Әлде ол жақтағы жағдайың ауыр ма? – депті. Сонда ұлы:

– Жоқ, анашым. Бәрі жақсы. Сіз атымды ғана атап шақырғанда мұнда талас басталды. Себебі, алақандай жерде есімдері Ескендір қойылған үш жүзге жуық әруақ қатар жатырмыз. Атымыз аталғанда:

– Мені шақырып жатыр. Жоқ, мені шақырып жатыр, – деп таласып қалдық. Ақырында, Зұлқарнайынды қосып айтқанда ғана талас тоқтады. Күмәнсіз мені ғана шақырғаны анық болған соң, басқалары жол берді, – депті.

Осыдан бастап, өлген кісіге Құран оқып, дұға жасағанда, әкесінің және атасының есімдерін де қосып атау дәстүрге айналған екен.

Мазар салу дәстүрі

Адам ата дүниеден өткеннен кейін Жебірейіл періште Шиш пайғамбарға келіп, оған өлікті аттандыру салтының барлық жөн-жоралғысын үйретеді. Барлық періштелер жұмылып келіп, Адам атаны арулап жуады. Жаназа намазы оқылып, Адам атаның ұрпақтары мен періштелер сапқа тұрады. Одан кейін дүниеден өткен пайғамбарды ақ кебінге орап, қабір қазып жерлейді. Жебірейіл періште барлық рәсім атқарылғаннан кейін Шиш пайғамбарға:

– Шиш, сенің әкеңнің алдындағы тағы бір перзенттік парызың қалды. Қырық күн өткеннен кейін Адам атаның басын қарайтып, мазар тұрғызасың. Бұл – әруаққа деген құрмет. Барша ұрпақтарыңа осы дәстүр үлгі болып қалсын. Марқұмның қырық күні өткеннен кейін бейіт салып, оның рухына деген құрметтерін осылай көрсетсін, – дейді. Осыдан соң Шиш пайғамбар қырық күн өткеннен кейін қам кірпіштен мазар тұрғызыпты. Дүниеден өткен кісіні жерлегеннен кейін басын қарайтып, белгі қою салты осыдан қалыпты деседі58.

Өлі риза болмай, тірі байымайды

Бір күні Ғайса моланың жанынан өтіп бара жатып, қабірдегі әруақтарды көреді. Олар жиналып, жақсы сұхбат құрып отыр екен. Ішінде бір әруақ басы салбырап, көңілсіз отырады. Ғайса:

– Сенің неге көңіл-күйің жоқ? Басқалар бүгін шат-шадыман отыр ғой, – дейді.

– Олардың ұрпақтары ата-аналарын есіне алып, дұға жасатты. Садақа таратты. Мені ешкім есіне де алмады, – дейді. Ғайса:

– Артыңда тұяқ қалып па еді? – дейді.

– Бір балам бар. Бірақ оның жағдайы жоқ, – дейді. Ғайса ол баланы іздеп табады. Ол бір асханада ыдыс жуады екен. Ғайса оған:

– О дүниеде әкеңнің ахуалы нашар. Әкеңе дұға жасап, артынан садақа бер, – дейді. Ұлы:

– Шамам жетпейді. Күн көрісім қиын, – дейді.

– Бір амал жаса. Тәңірі ниетке береді. Итке жуынды берсең де, садақа ата! – деп Ғайса кеңес береді. Ұлы садақа бермекке ниет етеді. Ол сол күні кешке асханада қалған қиқым-қалдық пен жуындыны жинайды. Аулада жатқан қотыр итке тамақ береді. Ит тойған соң, аспанға қарап ұлиды.

Біраз уақыт өткен соң Ғайса моладағы әруақтарды тағы көреді. Бәрі шат-шадыман екен. Ғайса бұрынғы әруаққа:

– Бауырым, жағдайың түзелді ме? – дейді.

– Иә, менің де соңымнан қайырлы дұғалар жетті. Ұлым бір итке садақа беріпті. Иттің разылығынан Тәңірі де маған риза болды. Мейірімді Құдай менің де ақымды толтырып берді. Ұлыма дән ризамын! – дейді.

Осыдан соң ұлының да ісі алға басып, жағдайы түзеліпті. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз осыдан қалған екен дейді.

Әулиеге түнеу

Бұл қазақ дүниетанымында ең көп кездесетін культтің бірі. Арыстан бабқа түнеу әдебінен басталған осы аңыз көшпелі қазақ жұртының ән-жырына, фольклорына, тұрмыс-тіршілігіне өте қатты әсер еткен. Әулиенің шарапатынан мақсат-мұратына жету сюжеті барлық жыр-дастанда молынан кездеседі.

Алпамыс батыр жырында:
Әулиені қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып.
Еш жерге тоқтап тұрған жоқ,

Күндіз-түні кідіріп.
Күндіз-түні тынбады,
Екі көзі жұмылып.
Тоқсан күндей жол жүрді,

Етегіне сүрініп.
Әулие қоймай қарады,
Құдайдан тілеп баланы.
Сайрамдағы Сансыз бап,

Оған да жетіп барады.
Қайда әулие көрінсе,
Бір-бір малын шалады.
Күллі малы тамам боп,

Көк ала бас көк қошқар,
Жалғыз-ақ сол қалады.
Әулие қоймай түнеді,
Құдайдан бала тіледі.

«Бір перзент Құдай бергін» деп,
Байбөрі мен Аналық
Күндіз-түні жүреді.

Қыдыр Ілияс атасы,
Диуана Бүркіт бабасы
Дегенін қоймай шарлады,
Сөзімнің жоқ қатасы

Әулиенің басына
Шырағын жағып түнеді.
Одан әрі өтеді,
Шақпақ ата әулие

Оған да барып жетеді.
Әйелдердің пірі еді,
Бибі, Патима екі қыз
Басына барып түнеді.

Мұнан шығып аралап,
Қарабура әулие
Оған да тура жетеді.

Қожалардан бата алып,
Жапан кезген атанып,
Жоғары қарап өрледі.
Самарқанда сансыз бап –

Отырарда Арыстан бап,
Сайрамда бар сансыз бап.
Бәріне бір-бір түнеді.
Әзіреті Қаратау

Әулиенің кені еді.
Өзен, сайын тастамай,
Бәріне бір-бір түнеді.
Әзіреті Ысқақ бап

Бабатада дер еді.
Ілгергі өткен қариядан
Айтылып қалған кеп еді.
Тарыққанда сарғайып,

Ойына бір сөз келеді.
Ол уақытта Бабата
Томпайып жатқан жер еді.
Атбесік салып басына,

Қабырын бұлар түзеді.
Қалған малын сарып қып,
Бұған да үш күн түнеді.

Түнейді үш күн Байбөрі
Хәзіреті Сұлтанға.
Түркістанда Түмен бап,
Сайрамда бар сансыз бап,

Отырарда отыз бап.
Бабтардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан бап.
Қобыланды батыр жырында да осы культ былайша көрініс табады:

Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Құдайысын береді.
Тоқсанға келген Тоқтарбай,

Жетпіске келген Аналық
Сөйтіп қызық көреді.

Әулиенің барды қасына.
Шырағын жағып басына,
Барып бір күн түнейді.

Тоқтарбай тұрып жылайды,
Жад қылып бір Құдайды.
Құдайдан бала сұрайды,
Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанын және айтып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Әулие қоймай қыдырып...

Тоқтарбай мен Аналық
Екі нашар, қос ғаріп,
Екеуі де арыпты,
Арып, жүдеп талыпты.

Тоғыз жүз тоқсан әулие,
Баршасына барыпты.
Әулие қоймай саралап,
Маңғыстауды жағалап...

Маңғыстау мен Қараойы,
Әулиенің бар ойы.
Үш жүз сексен әулие,
Қойдай болып күңіренген,

Ұлсыздарға ұл берген,
Қызсыздарға қыз берген,
Жансыздарға жан берген.
Әулиеге барайын,

Мойныма бұршақ салайын.
Көрер ме екен көз жасын,
Барып бала сұрайын.
Темірден кебіс киеді,

Темірден таяқ алады,
Оймақтай аузы бүріліп,
Етек-жеңін түрініп,
Шыбын жаннан түңіліп,

Тұрмады кемпір кідіріп.
Әулиеге жөнелді,

Дәретін алып, жуынып,
Белін бекем буынып,
Басына түнеп өтеді.
Жақсылықты сен алмай,

Еш нәрсені көре алмай
Бұдан да өтіп жөнелді.
Обаны көре отырып,
Тауды кезіп келеді.

Қызғышты судың бойында,
Екі беті әулие,
Бәріне қоймай түнеді.

Алпамыс батыр жырында бір балаға зар болған бейбақтардың әулиенің шарапатынан Тәңірден қалайша бала сұрап алғаны былайша баяндалады.

Әне-міне дегенше,
Сарғайып келіп таң атты.
Сол уақыттар болғанда
Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,
Сырлы аса қолында,
Өзі Ақтың жолында
Бір диуана келді де,

Асаменен түртіп оятты.
Көкірегін оятып,
Бетіне бетін қаратып,
Есектен түспей тіл қатты:

– Ей, бейшара, мүгедек,

Жаныңызға не керек?
Дейсің ғой «маған ұл керек».
Әулиені қыдырдың,
Жердің жүзін сыдырдың,

Маңдайыңа төбелеп.
Әрқайсысының әр түрлі
Мәртебесі бір бөлек.
Сен үшін бәрі қиналды,

Бір жерге тегіс жиналды.
Бір ұл бер деп осыған,
Бір жаратқан Құданың
Дәргәһіне жылады.

Мен де тұрдым ішінде.
Әулиенің күші де
Жаратушы жалғыз Хақ
Дәргейіне ұнады.

Ұнағанын сонан біл,
Бір қыз қосып сыйлады.
Сексен сегіз сәруар,
Тоқсан тоғыз мың машайық,

Бәрінің көңлін қимады.
«Менің атым – Шашты Әзіз
Қыламын десең ықылас.
Жарылқады Жаратқан,

Ей, бейшара, көзіңді аш.
Ұлыңның аты – Алпамыс,
Қызыңның аты – Қарлығаш.
Атса мылтық өтпейді,

Шапса қылыш кеспейді.
Қалмақтармен болар қас,
Түрегел де қолың жай,
Болады ұзын өмір жас!» –

деп келеді. Ал, қарасөзбен өрнектелген аңыз-әпсаналар өте көп. Біз ең көп тараған нұсқаларынан ғана үзінді келтірдік.

Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле

Бірде Мұхамбет пайғамбар серіктерімен келе жатқанда, жолда азықтары таусылып, қарындары ашады. Жебірейіл періште оларға пейіштен інжу, меруерт, дүрлермен өрнектелген алтын табаққа салынған құрма жемісін әкеледі. Пайғамбар «Бісcіміллә» деп, табаққа қол салып, құрмадан дәм татады. Серіктері де жапырлай қозғалып, құрма жеуге кіріседі. Табақтағы құрма азайғанда, ортадағы бір құрма ерекше көрінеді. Бір кереметі, ол құрма қолға түспей дөңгелей береді. Сахабалар бұған таң қалады. Бұл құрманы ешқайсысы жей алмайды. Сол кезде пайғамбарымыз құрманы қолына алып қарайды да, «бұл не ғажап?» деп ойланып қалады. Сол кезде Жебірейіл періште де жетіпті.

– Уа, Алланың елшісі! Бұл құрмада үлкен бір құпия бар. Ол сізге де, серіктеріңізге де бұйырмайды. Сізге Тәңірім сәлем жолдады. Төрт жүз жыл заман өткен соң сіздің бір үмбетіңіз дүниеге келеді. Оның есімі Ахмет болады. Ол үмбетіңіз сіздің рухани жолыңызды жалғастырады. Бұл құрма сол баланың несібесі, – дейді. Серіктері мына әңгімені естігенде, таң қалады. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:

– Уа, Жебірейіл, ол заманға дейін бұл құрма қалай жетеді? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:

– Бұл құрманы Ахмет атты балаға жеткіз деп бір серігіңізге тапсырыңыз, – дейді. Сонда Пайғамбар:

– Уа, бауырлар! Мына аманат құрманы менің 400 жылдан кейін дүниеге келетін ардақты үмбетіме кім табыстайды? Кім тәуекелге бел байлайды? – дейді.

Ешкім үндемейді.

– Бұл құрманы жеткізген адам екі дүниеде бақытты болады. Ол бақыт кімге бұйырғалы тұр екен? – деп сұрайды.

Серіктері «төрт жүз жылға дейін өміріміз жетпей қалады-ау» деп күмәнданып тұрғанда, пайғамбар сөзін қайта жалғайды:

– Егер кімде кім бұл аманатты менің үмбетіме жеткізер болса ол адам пейіште Тәңірдің жамалын көреді, – дейді. Сол кезде ортаға Арыстан бап шығып:

– Уа, Тәңірдің елшісі. Аманат-құрманы жеткізуді маған тапсырыңыз. Құдай қолдаса, аманатыңызды жеткізермін, – дейді.

– Бәрекелді!

– Бәрекелді!

– Жарайсың Арыстан сахаба!

– Дегеніңе жет!

– Алла жар болсын!

– Тәңір жарылқасын! – деп шуласады. Барлық сахаба қуанысып қалады. Мұхамбет пайғамбар:

– Уа, менің құрметті серігім. Тәуекелге бел байлағаныңа ризамын. Алла жолыңды оңғарсын, мақсатыңа жет! – деп батасын береді. Арыстан бап:

– Уа, Тәңірдің елшісі, менің сізге айтар датым бар! – дейді.

– Датың болса айт!

– Бұл құрманы жеткізу үшін маған ұзақ ғұмыр керек. Тәңірден менің өмір жасымды ұзартуын сұрап, дұға етіңіз, – дейді. Пайғамбар:

– Уа, Жасаған, Арыстанның ғұмыр-жасын ұзақ қыл! Оны рақымың мен игілігіңе бөлей көр! – деп дұға жасайды. Сол кезде Жебірейіл періште:

– Уа, Тәңірдің елшісі! Сүйінші! Сүйінші! Тәңірі сенің бұл тілегіңді қабыл етті. Арыстанға Алла ұзақ ғұмыр берді, – дейді.

Мұхамбет пайғамбар құрманы алып:

– Аузыңды аш, Арыстаным! Мына құрманы тіліңнің астында сақтағайсың. Таңсәріден тұрып, менің Ахмет атты үмбетімді іздеп сапар шегесің. Арып-ашып, жердің жүзін шарлайсың. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Ақыры бір мекенге келіп жетерсің. Түркілер мекендеген Сайрам шаһарына кез боларсың. Осы шаһарда үлкен бір медресе болар. Аманаттың иесі – осы медресенің шәкірті. Оның медресеге кірген ізі болса да, шыққан ізі болмайды. Аманатты өзі келіп, сенен сұрап алады. Оған Құдай сондай артықша қасиет береді, – дейді. Арыстан бап:

– Уа, Расул! Бұл аманатты аман-есен барып тапсырып, міндетіңізден құтылармын – дейді.

Арыстан бап ұзақ жыл сапар шегіп, Сайрам шаһарына ақыры жетіп жығылады. Ұзақ жолдан қажыған ол дем алмақ болып, ілім ордасының маңында ағып жатқан Сайрам суының жағасында сәл аялдайды. Сол кезде медреседен жас бала шығып, бұған қарай аяңдайды. Әлгі бала Арыстан бапқа жете бере сәлемдеседі.

– Ассалаумағалейкум, Арыстан бап! Жоғың болса, кешікпей тезірек тап! – дейді. Арыстан бап та іздеген адамының осы екенін білу үшін:

– Балам, есімің кім? – деп сұрайды.

– Атымды қайтесіз, аманатымды беріңіз, ата?

– Балам, атың Ахмет екен. Ішің толған хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш! – дегенде, төрт жүз жыл бойы сақтаған құрма ұшып барып, шәкірттің аузына кіріпті. Бала Ахмет құрманы жұтып жібереді. Сонда Арыстан бап:

– Аманатыңды осынша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай? Маған сүйегі ғана қалыпты, – дейді.

– Ата, онда жұрт, алдымен сізге түнесін, бізде жатып тілесін, – дейді.

Құл Қожа Ахмет Яссауиге «аманат құрманы» жеткізген Арыстан бап халық аузында оның ұстазы ретінде айтылады. Ел арасында «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз осыдан қалыпты. Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің басына күмбезді кесене салмақ болады. Бірақ кешке дейін қалаған дуалы түнде құлап қалады екен. Бір түні Әмір Темірдің өзі қарауыл болып аңдыпты. Түннің қақ ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қиратады. Әмір Темір мұның сырын түсіне алмай қиналады. Бірде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп:

– Көк өгіз – Арыстан баптың әруағы. Сен, алдымен, соның басына кесене тұрғыз. Ниет еткен ел болса, алдымен ұстазыма құрмет көрсетсін. Сосын барып маған Құран оқысын. Тәңірі шапағат етсе содан бір жақсылық табар. Рухани ұстазыма лайықты құрмет көрсетпесе, шарапатым кем болар. Ұлық Алла ұстазын сыйлағанды жақсы көреді, – дейді.

Әмір Темір ертесіне Отырарға барып, Арыстан бапқа зәулім кесене салады. Сосын барып Қожа Ахметтің басына алып көк күмбез тұрғызыпты. Осыдан бастап, ел алдымен, Арыстан бапқа түнеп, Қожа Ахмет Яссауиде Құдайдан тілек тілейді екен. Шәді Жәңгірұлы жырлаған «Тарихат» дастанында Абылай ханның Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барған кезде жасалатын зиярат тәртібін былайша суреттеген.

Әзіретке жер қалғанда жақын шама,
Сол уақытта Абылайдың көзі түсті,
Салынған күмбез биік мұнараға.
Абылайхан жүйрік атын отқа қойып,

Жүрділар әдеп сақтап жаяуланып,
Көзінен жасын төгіп барар ерді,
Әулие хақтығына көңілі тойып.
Ақыры Әзіретке бұлар келді,

Мазардың тағзым етіп ішіне енді.
Қабірға жүзін беріп қариялар,
Дұға қып тікесінен тұрар еді,
Орнына зияратын құп келтіріп.

СССР кезінде Арыстан бапқа түнеп, Қожа Ахметтен тілейтін бұл дәстүр үзілуге шақ қалған. Бірақ Құдайдың құдіретімен соңғы жиырма жылда жалғасын қайта тапты. Бұл күндері Арыстан баптың басына сапалы қонақ үйлер мен зәулім мешіт салынған. Алладан медет тілеп, екі әулиенің басына зиярат етушілер жыл бойы үзілмейді.

Әулиенің киесі

Қазақ сахарасында өте көп тараған киелі ұғымдар әулие адамдарға қатысты боп келеді. «Әулиенің бұлағы», «әулиенің тасы», «әулиенің киіктері», «әулиенің ағашы», «әулиенің жыланы» деп кете береді. Ел ішінде олардың басынан өткен кереметтер туралы аңыз-әңгіме өте көп. Сондай кереметтің бірі – «әулие денесінің шірімеуі». Халық арасында «Құранды көп оқыған адамның ішіне Құран түсіп кетеді де, соның қасиетінен денесі бұзылмайды» деген діни сенім берік орныққан. Алайда, бұл сенімді тек мифтік таныммен ғана танып, не болмаса мистицизммен ғана байланыстыру аздық етеді. Себебі, әулиенің денесінің шірімей сол қалпы сақталғаны туралы нақты деректер там-тұмдап болса да кездеседі. Ел аузында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да денесінің шірімей сақталғаны туралы әңгіме өте көп. Оған себеп әулиенің денесін көзбен көріп, қолмен ұстаған кісілердің жазып қалдырған деректері болса керек. Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылов былай дейді: «Бала кезден есімде (1947–1948 жылдар болуы керек), бейіт ауыз үйден және төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Адамдар қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Алдын ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып беремін. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, «былқылдап, жұмсақ жатыр», – деді, сосын тек бақайының тырнақтары түсіп қалғанын айтты». Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндік Көпеев марқұм да өз естелігінде: «1946 жылы Сәбит Мұқанов келіп, қабірдің ішіне түскен еді. 1950 жылы өзім де түсіп, денесін сипаған едім, сонда жадағай жерде жатса да, біртүрлі хош иіс шығып тұрды. Ешбір құрт-құмырсқа, көрді жайлап алатын сасық күзен, тышқанның ізі білінбеді», – деп жазған болатын59. Дихан Әбілов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дүниеден қайтқанда 23 жасар жігіт екен. Ол өз естелігінде: «... Мәшһүр Жүсіп төргі үйдің астын биіктігі 2 метр, ұзындығы да сондай өлшемде терең етіп қаздырған екен. Денесі осы айтылған жерде жатыр. Сақал-шашы сол қалпында, денесі сары екен. Тірі күнінде толық адам болған болу керек. Кейде сүйегі өте көтеріңкі, іші аздап қабысыпты. Сол жақ аяғы кішкене семіңкірейін депті, өйткені сол аяғының өкшесін (етін) бірдеңе жеген сияқты», – дейді60. Қожа Ахмет Яссауи әулиенің тәнінің сол күйі шірімей сақталғаны жайлы да дерек бар. ҚазССР-дің еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы «Қазпроектреставрацияның» басшысы Баян Тұяқбаева Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жүргізген реставрация жұмыстары жайында естелік келтіреді. «... Тоқсаныншы жылдары кесенеге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Бабамыздың құлпытасы лақат жағына қисайып кетіп еді. Біз қызығушылығымыз оянып, сағананы (12 ғасырда жасалған сағана) ашып қарап, мүрдесіне қол тигіздік. Денесі әлі шірімеген екен, жаны бар. Бұдан әрі айта алмаймын. Бірақ сол кездегі көңіл күй ерекше болды... Есімнен кетпейді...» дейді. Маңғыстаудағы Бекет атаның денесі Оғландыдағы жер асты мешітінде жерленген. Денесі шірімепті. Шырақшы ұрпақтары айына бір рет келіп, оның сақалын, тырнағын тұрақты алып күтімде ұстаған екен. Жылына бір рет Құрбан айттың алдында арапа күні «киімін жаңартып тұрған». 1955 жылы мешіттегі шырақшы балықшы Молжігітке түсінде Бекет ата аян беріп: «болашақта келушілердің легі көбейетінін айтып өзі жатқан бөлменің есігін таспен қалап тастауын тапсырады61». Адай руының Жаңай тармағынан тарайтын, ХХ ғасырдың басында Маңғыстау түбегінде ғұмыр кешкен әулие Шабар ишан Есенұлының да денесі шірімеген деп айтылады. 2010 жылы Атыраудағы ескі түрменің жанына жерленген оның денесін ұрпақтары қазып алып, туған жері Қарағия ойы Құйылыс мекеніне арулап жерлейді. Себебі, репрессия кезінде әулиенің денесі қалай болса солай, сор жерге жерлене салыпты. Ұрпақтары бабасының сүйегін қазып алып жатқанда ғажап оқиғаға кездеседі. Бұл жайында Жангелді Тажаддинұлы: «Сүйегі сор жерде жатса да, әулиенің денесі өте жақсы сақталғанына таңғалмасқа шара жоқ. Құдды ұйықтап жатқан адам сынды», – депті. Шәді төренің де денесінің шірімегені туралы естеліктер бар. Қызылорда өңірінде тұратын Бектай Сүлейменов ақсақалдың естелігінде: «1958 жылы елде әжептеуір саяси жылымық орнай бастаған кезде Жүсіпбек атамның баласы әкесін елге – Қызылорда облысының Шиелі өңіріне көшуге көндірді. Көшер алдында атам соңғы рет ұстазы Шәдінің басына барып құран бағыштамақ болған. Қасына жергілікті біраз қарияларды ертіп барса, қабірдің бір шеті үңірейіп құлап қалғанын көреді. Сол жерде қариялар ақылдаса келіп, қабірді ашып, тереңдетіп, мүрдені сол жерге қайта көмуге шешім қабылдайды. Қабірді ашқанда таңғажайып көрініске сол жердегі адамдардың бәрі куә болады, арада 25 жыл өткеніне қарамай, ашаршылық, тар заманда тізеден ғана тереңдікке көмілген Шәді төренің денесі сол қалпында ірімей-шірімей жатқанын көреді, сақал-мұрты, тырнақтары өсіп кеткен екен. Халық арасында «құранды көп оқыған адамның ішіне құран түсіп кетеді де, соның қасиетінен денесі бұзылмайды» деген сөз бар. Сол рас болғаны да. Бұл оқиғаны сол қышлақтың адамдары осы күнге дейін айтып жүр» делінеді. Шәді төре 1933 жылғы ашаршылықта Қаратөбе деген жерде дүние салыпты. Сыр бойында тақуалығымен аты шыққан Ораз ахун әулие жайлы да дәл осындай деректер сақталып қалыпты. «Ораз ахун қайтқаннан кейін, он жылдан соң өзінің ұрпағы Жөнербайұлы Смайылға, шәкіртері Қалжан, Алдашбай ахунға аян беріп, «менің жатқан бейітімді су басып кеткелі тұр. Басқа жерге аударып қойыңдар» дейді. Ел-жұрт ақылдасады. Сарығасқа-Қалдан батыр, әрі би, әрі шешен Төребай Пішанұлы, Әлібай, Дәулетназар, Қожабай, Садық, Тоқсанбай, Шәймағанбет ахундар, Кенжәлі би, Бостан би және басқа кісілер бас қосып Ораз ахунның денесін басқа жерге көшірмек болады. Ахунның Сарықұмдағы бейіті ашылып, оған, ең алдымен, Ораз ахунның інісі Жөнербайдың баласы Смайыл түседі. Ол ірі денелі жиырманың үстіндегі белді жігіт екен. Ахунның сарғайған кебінін ашқан кезде жиналған жұрт қайран қалады. Ораз ахунның денесі сол қалпында ұйықтаған адамдай болып жатыр екен. Марқұмды шығарып, оның шашы мен тырнағын алады. Жаңа кебінге орап, қазіргі «Ақжар» және «Тұрмағанбет» ауылының орталығындағы ашық алаңға арулап жерлепті». Тәні Түркияда жерленген, Яссауи мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Жүніс Әміре жайлы да қызық дерек сақталған. 1948 жылы Анкара-Ескишехир темір жолын салып жатқан кезде, құрылыс жұмыстары Жүніс Әміренің қабірі үстінен өтетін болады. Жұмысшылар әулиенің мүрдесін теміржолдан алысырақ жерге қайта жерлеуді ойластырады. Жүніс Әміренің қабірін ашқандар таң-тамаша қалады. Арада 700 жыл өтсе де, әулиенің денесі өзгеріссіз сақталған. Бір қолы бетінде, бір қолы жүрегінің үстінде, құдды бір ұйықтап жатқан адам сияқты жатыр екен. Дәрет алып, тазаланып қабірге түскен кісілер әулиенің денесін басқа мазарға көшіреді. Ерекше тақуалық ұстанып, барынша адал тұрып, шын сөйлеп рухани өмір кешкен қасиетті кісілердің тәнінің шірімей сақталғаны туралы ақпараттар Исламда ғана кездеспейді. Бұндай фактілер әлемнің барлық түкпірінде кездеседі.

53

54

55

56

57

58

59

60

61

Ғалымдардың пікірінше, көне дәуір адамы тарихты басқаша қабылдаған. Оларды өткен заманның дерегі емес оқиғаның мағынасы көбірек қызықтырған. Олар, өте ерте кезде болып кеткен көне оқиғалар тізбегіне мән бермейді. Адам өмірінде мәңгі бақи қайталанып тұратын, уақыт пен кеңістікке еш бағынбайтын ақиқаттың сырларын ғана меңгеруге ұмтылған. Уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан да, қазақ дүниетанымындағы батырлар пайғамбар заманында сахаба атанып, олармен бірге жорықта жүре береді. Мәселен, қасапшының пірі – Садуақас батыр VІІ ғасырда өмір сүрген Мұхамбет пайғамбарға сахаба болып жүре береді. Екінші бір аңызда бүкіл қазақ шежіресі түп атасын Әнес сахабадан таратады. Егер қазақтың осы дүниетанымын мифтік тұрғыдан емес логоспен тексеретін болсаңыз, шым-шытырық қарама-қайшылыққа тап боласыз. Сондықтан да ежелгі тарихи аңыздар әр заманда қайталанып тұратын ұқсас оқиғаның ғибратты мазмұнын ғана қармап қалуға тырысады. Мысалы, ежелгі еврей жұрты Қызыл теңізді жарып өтті ме жоқ па оны білу мүмкін емес. Бұл оқиға тек миф түрінде ғана баяндалады. Есесіне осыдан келесі шындық туындайды. Еврей халқы жыл сайын осы оқиғаны еске алып, ұлттық мейрам етіп тойлайды. Егер осы Қызыл теңіз оқиғасын миф арқылы жеткізіп, оны мистикалық тұрғыда баяндамаса, ол діни реңінен айрылар еді. Яғни, логостың бұл жерде ешқандай ролі жоқ. «Мұса пайғамбар Қызыл теңізді шынымен де аса таяқпен екіге жарды ма?», «тарихта болғаны рас па?» деген сияқты сұрақтар ежелгі мифтің иләһи мағынасын көрсетпей бүркеп тастайды. Бұндай сұрақтар логос пен миф шатысқан кезде көбейеді. Қазақша түсінікке салғанда былай болып шығады. Аңызды көңілдің пернесімен емес ақылдың сәулесі арқылы түсінуге талпыну – қате қадам. Тура сол сияқты қазақ аңыздарын да тарихи фактімен тани алмайсыз. «Арыстан бап шынымен 400 жыл өмір сүрді ме?» «Ол құрманы аузында 400 жыл қалай сақтады?», «Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағаны рас па?», «Адам ата Қазақстанға келген бе?» деген сияқты сұрақтар адамға ешқандай да пайда бермейді. Осындай сұрақтар көбейген сайын аңыздың рухани мазмұны әлсіреп, көңілге сәуле шашатын шындықтың жалыны әлсірей береді. Ағылшын ғалымы Карен Армстронг логос пен мифке қатысты ойларын былайша тарқатады. «Адам өмірі үшін логос та өте маңызды. Логостың рационалды прагматикалық танымы болмағанда, адамзат нақты ғылымға қол жеткізіп, қазіргідей әлемді игілігіне жарата алмас еді. Қазіргі Батыс жұрты мифтік танымын әлсіретіп алған сияқты. Есесіне логос бізге жақсы таныс. Батыс қоғамы осы танымның негізінде құрылды. Логостың мифтен айырмасы мынада. Логос нақты фактілерді салыстырады. Егер фактілер сәйкес келмесе, мәселе күрделенеді. Дүниелік істерді реттегенде – логос таптырмайтын құрал. Практикалық тұрғыдан өте пайдалы. Яғни, логос алға ғана ұмтылады. Жаңа нәрселер ойлап тапқысы келеді. Теорияларды дамытады. Қоршаған ортаны игергенді жақсы көреді. Миф, керісінше, келешекке емес, өткенге назар аудартады. Мифтің мақсаты – өмірдегі ең құнды, ең киелі, ең қасиетті идеяларды ұмыттырмай, ұдайы еске салып отыру. Миф адамдарды әманда әр нәрсенің түпкі негізі мен бастауына үңілдіреді. Бірақ мифтің анық-қанығын эмпирикалық әдіспен тексеріп біле алмайсыз. Мифтің міндеті біздің тұрмыс тіршілікте тұтынатын тыйымдар мен ырымдарды иләһи мағынамен байытып, адамды өмірден жалықтырмау». Осы арада айта кетер бір нәрсе бар. Мифке сүйеніп, прагматикалық жобаларды жүзеге асыруға әсте болмайды. Оның соңы апатқа әкеп соқтырады. Карен Армстронг кітабында осы пікірін нықтай түсу үшін мынадай фактіні келтіреді. 1005 жылы папа Урбан ІІ бірінші Крест жорығын мифке емес логосқа сүйеніп ойлап табады. Ол кезде Еуропада бір-бірімен қырқысып жатқан рыцарьлар папа үшін бас ауру болатын. Өзін өзі құртуға айналған христиан әлемін ішкі соғыстан құтқару үшін, әрі иелігіндегі жерді кеңейту үшін папа әскери күш-қуатын Таяу Шығысқа қарай бұрудың амалын жасайды. Есеппен ашылған бұл майдан басында папа үшін жемісті болды. Рыцарьлар Таяу Шығыстағы бірнеше қамалды сәтімен басып алды. Олар әскер санын толтырып, азық-түлігін реттеп, аймақты барлап алып, содан кейін соғысқа кіретін. Бірақ көп ұзамай бұл жорық христиандардың басына бәле боп жабысты. Себебі, дінбасылар соғысқа жұртты жаппай тарту үшін жаңадан өтірік мифтер ойлап тауып, оларды отқа айдап салды. «Құдай үшін соғысқандарды періште желеп-жебеп тұрады» деген өтірік аңызға бәрі сенді. Сау ақылға жүгініп, әрбір қимылын аңдап басатын қасиетінен жұрдай болған христиандар әскери жағынан, қала берді, моральдық тұрғыдан да кері кетіп, соғыста масқара боп жеңілді. Тап осылай миф пен логосты шатастырудың кесірінен апатқа ұшыраған оқиғалар қазақ тарихында да көп кездеседі. 19 ғасырда Ресей әскері Орта Азияны жаулап келе жатып, 1864 жылы Түркістан шаһарына келіп тіреледі. Қаруы басым орыс әскері қаланы оп-оңай қоршап алады. Сол кезде қоқандық діндарлар бастаған қожа-молдалар Яссауи кесенесіне барып тығылады. Олар: «біз әулиенің басында жатырмыз. Әулиенің кереметі бізге кәпірдің оғын дарытпайды. Берілуге негіз жоқ» деп қарсыласады. Әскерді бастап келген Веревкин ғажайып ғимаратты атқылауға қимай тұрған кезде, қашып келген тұтқыннан әулиенің оқ дарытпас қасиеті жайында әңгіме тарап, ол әңгіме қоқандықтарға жігер беріп тұрғанын естиді. Бұдан соң Веревкин кесенеге зеңбіректен 12 рет оқ атуға бұйырады. Снаряд тиген асхана бөлмесінің күмбезі мен қабырғасы қирайды. Қоқан діндарлары Ташкентке қарай қашып кетеді. Біздің заманда да мифтік таным мен логосты шатыстырып, тұйыққа тірелетін жағдайлар жиі кездеседі. Миф пен логосқа қатысты ойымыз анық бола түсу үшін тағы да мынадай қарапайым фактіні келтіре кетелік. 5-7 жасар баланы сүндеттеу дәстүрін логоспен түсіндіру мүмкін емес. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасын ұмытып қалғандықтан, қазіргі адамдар оны барынша логосқа сүйеніп, ғылыммен түсіндіргісі келеді. Яғни, «Бұл баланың денсаулығына пайдалы. Микробтың жиналуына жол бермейді. Бұл гигиеналық мақсатты көздегеннен шыққан» деген сыңайда кете береді. Бірақ, бұған осылайша таза ақылмен жауап берілсе, онда «сүндеттеу адам үшін соншалықты пайдалы болса, Құдай барша адам баласын неге бірден сүндеттеп туғыза салмайды?» деген тағы бір логикалық сұрақ шыға келеді, не болмаса, «сүндеттеу дәстүрін қолданбайтын бөтен халықтар одан айтарлықтай зардап шекпей-ақ мұсылмандармен бірге өсіп-өніп келе жатыр емес пе?» деген сұрақ туады.

Сондықтан, сүндеттеу салтын тек миф арқылы ғана терең түсіндіре аласыз.

Қырықтың бірі – Қызыр

Қызырдың шын есімі – Балия екен. Ол «әбілхаят суын» ішкен соң, Тәңірі тағала оған өлмейтін қасиет дарытып, содан Қызыр атанып кетіпті. Қызыр – «жасыл» деген мағынаны береді. Қызырдың басқан ізі жасыл желекке айналып шыға келеді екен. Қызырдың өлместің суын ішкені туралы ел аузында мынадай қызықты аңыз бар. Ертеде Ескендір Зұлқарнайын патша өлместің суын іздеуге жолға шығады. Ол Қызырды атқосшы, Ұлықпанды аспазшы етіп ертіп алады.

Қызыр жолға жиналып жатқанда әкесі:

– Ұлым, қайда жиналдың? – дейді.

– Ескендір патша өлместің суын іздеуге шықты. Мені жанына ертіп алды, – дейді. Қызырдың әкесі Зәкәрия деген көпті көрген, терең білімді кісі екен. Ол:

– Балам, «Қырықтан өткен жас жоқ, ұйқыдан өткен нас жоқ, қымыздан өткен ас жоқ» деген. Сапарың алыс екен. Жолда аштық пен шөлден қысыларсыңдар. Биенің сүті әрі тамақ, әрі сусын болар. Өлместің суы Қап тауындағы үңгірде жатыр. Тауға жақындағанда құлынды үңгірдің аузына байлап кет. Адаса қалсаң, енесі құлынын тауып алады, – дейді де, баласына батасын береді.

Қызыр жолға құлынды бие мініп шығады. Бұлар ұзақ жүріп, шөл далаға тап болады. Шөл қысып, қарындары қатты ашады. Сол кезде Қызыр биенің сүтіп сауып, Ескендір мен Ұлықпанға береді. Бәрі саумал ішіп, ес жиып, әлденеді. Ескендір Қызырға қатты риза болады. Биенің сүті Қап тауына жеткенге дейін бұларға азық болыпты. Тауға жеткен соң, Қызыр әкесі айтқандай, биенің құлынын үңгірдің аузына байлайды. Үңгірдің ішінен үш тарапқа қарай жол шығады. Үшеуі әр тарапқа бөлініп, әбілхаяттың суын іздейді. Қызыр үңгірдің ішімен келе жатып, бір бұлақты көреді. Шөлдеп келіп, бұлаққа бас қояды. Мейірін қандырып, қасындағы достарын іздейді. Оларды шақырып, әлгі бұлақ аққан жерге әкеледі. Қараса жаңа ғана ағып жатқан мөлдір бұлақ лезде тартылып қалыпты. Ескендір әбілхаят суының өзіне нәсіп болмағанын бірден біледі де шарасыз халде сұлқ етіп отыра кетеді: Алланың ісіне шара жоғын білген соң:

– Құдайдың жазуы солай шығар. Саған бұйырыпты, Қызыр. Енді қияметке дейін тірі жүру бақыты саған ғана нәсіп болады, – дейді.

Үңгірден шығатын кезде жолды таппай үшеуі адасады. Сол кезде Қызыр атының басын жібергенде, бие өзінің құлынын тауып шыққан екен. Үшеуі кері қарай елге қайтады. Жолда келе жатып құмырсқаның патшасына кезігеді. Ол Ескендірді қонақ етіп күтеді. Зұлқарнайын оған әбілхаят суын іздеп шыққанын, бірақ судың бұйырмағанын айтады. Құмырсқаның патшасы оны аяп:

– Ұзақ жол кезіп, біраз жерді шарлапсың. Еңбегің еш кетпесін. Менде Сүлеймен пайғамбардан қалған бір уыс ұн бар. Соны пісіріп же. Ұзақ ғұмыр кешпесең де, мың жасайтын хакім боласың, – дейді.

Ескендір ұнды орамалға түйіп алып, аспазшы Ұлықпанға беріп:

– Нанның еш жерін күйдірмей пісір. Мен сәл мызғып алайын, – деп ұйқыға кетеді.

Ұлықпан нанды пісіріп жатып, астын күйдіріп алады. Патшаға күйген нанды жегізуге ұялып, күйген нанды өзі жеп қояды. Оның орнына басқа ұннан қайтадан нан пісіреді. Ескендір ұйқыдан тұрып, қасиетті нанды сұрайды. Ұлықпан әкеліп береді. Патша нанды жеп отырып:

– Мынау мен әкелген ұн емес қой, – дейді. Ұлықпан:

– Иә, ол емес. Ол нанды күйдіріп алдым. Күйген нанды сізге беруге ұялып, оны өзім жеп қойдым. Мынаны басқа ұннан пісірдім, – дейді. Ескендір бұл жолы да аһ ұрып өкінеді:

– Менің бұл сапарым Қызырдың әулие, Ұлықпанның хакім болуына себеп болған екен. Біріңнің атың, біріңнің затың ұзақ жасайды. Құдай маған патшалықты берді. Соған шүкіршілік етуім керек екен. Қуған жетпес, бұйырған кетпес деген. Кең Құдай сендерді молынан жарылқапты. Сапарда адал серік болдыңдар. Қиындықтан қашпадыңдар, мен сендерге ризамын, – деп, Тәңірдің қалауына мойын ұсыныпты.

Осыдан бастап, Ұлықпан хакім атаныпты. Мың жасап, елге қайырлы іс қылыпты. Мың бір ауруға шипа тауыпты. Қызыр әбілхаяттың суын ішіп, мәңгі жасайтын адамға айналыпты. Оның назары түскен момындар міндетті түрде бақытты да берекелі тұрмыс кешеді екен деседі. Қызыр пайғамбар туралы ел арасында «қырықтың бірі – Қызыр, мыңның бірі – Уәли», «қыздың жақсы болғаны, Қызыр шалды десеңші, қыздың жаман болғаны, қырсық шалды десеңші», «Қызыр назар салмаса, есек базарына делдал болмассың», «періште ұяласын, Қызыр қияласын» деген мақал-мәтелдер бар. Бата-тілектерде де Қызыр ата туралы «бөденедей жорғалап, қырғауылдай қорғалап, Қызыр келсін қасыңа» деген тіркестер өте көп кездеседі. Қыз Жібек жырында Сансызбай ағасы Төлегенді іздеп жолға шыққалы жатқанда шешесі:

Сәтті болсын сапарың,
Жақсымен болсын қатарың.
Қызыр, Ілияс пайғамбар,
Жолдасың болсын, Сақаным, – деп бата береді.

Ғайып ерен қырық шілтен

Он жасар Ғазалиді шешесі «қалаға барып сауда жасап кел», – деп, керуенге қосыпты. Оларды жолда 40 қарақшы торуылдап күтіп отырады. Кешке қарай қарақшылар керуенге лап қояды. Елдің бәрі алтын-күмісін қойнына тығып, жанталасып жатқанда Ғазали керісінше барлық ақшасын шығарып, ұрылардың басшысына өзі әкеп тапсырады. Ол таңқалып:

– Сен неге алтыныңды жасырмадың? – дейді. Ғазали:

– Малым – жанымның садағасы. Алтын адамның жанынан қымбат емес, – дейді.

– Бірақ, алтынның да сұрауы бар ғой? –дейді қарақшы.

– Иә, бар. Бірақ алтын адамды таппайды. Адам алтынды табады. Басым аман болса, денім сау болса адал кәсіппен алтыннан да қымбат зат табам.

– Алтыннан артық зат болмайды, балақай!

– Алтыннан қымбат Алла бар! Жаббар Хақ: «Кім менің нұрымды тапса, екі дүниенің байлығын қоса табады. Кім менен ажыраса, екі дүние нығметін қоса жоғалтады», – деген. Сондықтан Тәңірді табу үшін маған өмір қымбат, – дейді бала.

Ақжүрек баланың жауабы қарақшының жүрегін солқ еткізеді.

– Іздесек сол Құдайды біз де таба аламыз ба? – дейді қарақшы.

– Иә, Тәңірі тағала Құран Кәрімде: «Ісіне өкініп, шын тәубе еткендер Мені күмәнсіз табады. Сосын Мен оларды рақмет нұрына шомылдырамын» деп уәде еткен. Алланың сөзі екі болмайды.

Құранның осы аятын естіген кезде қарақшының қатып қалған жүрегі езіліп сала береді.

– Онда бізге дұға жаса, мына кәсіпті доғарып, екі дүниенің нығметін біз де қатар табалық, – дейді шын ниетпен. Ғазали қолын жайып бата береді.

Сол кезде қырық қарақшы қырық шілтенге айналып кетіпті деседі. Қырық шілтен қазақтың киелі дүниетанымына қатты әсер еткен мистикалық тұлғалар. Қазақтың барлық аңыз-әпсанасы мен бата-тілектерінде олар міндетті түрде еске алынады. Біз солардың ең көп тараған үлгілерін сұрыптап алдық. Қазақта Қоңырат руының әулие аталарының бірі саналатын Құрбан атаның жаназасын Ғайып ерен қырық шілтен шығарған деген де аңыз бар.

Қырық шілтеннің есімі бата үлгілерінде де кездеседі. Мысалы:

– Уа, Құдайым оңдасын,

Кедергі жолда болмасын!
Екі жастың тілегін
Періштелер қолдасын.
Ғайып ерен қырық шілтен

Қашанда болсын жолдасың! – деп келеді. Енді бір аңыздарда шілтендер адамға құс бейнесінде де көрінеді деседі. Сондықтан, үйдің шатырына, бау-бақшаға қонып тұрған құстарды, немесе адамның қасына жақын келген құстарды қууға болмайды деген ырым-тыйым бар. Бата-тілек тілеу сарынында да Ғайып еренге «қанатыңды жай» деп медет сұрайды. Мәселен:

– Жарылқа, Құдай, қабыл ет,

Нұрмұхаммед жәрдем ет.
Ғайып ерен қырық шілтен
Қанатыңды жайып қолдау ет! – дейді.

Қазақтың діни қиссаларында кездесетін Мансұр Халлаждың қырық Шілтеннен ілім үйренгені туралы аңыздар көптеп кездеседі.

Алпамыс батыр жырында Аналық бәйбіше баласымен қоштасарда:

– Айналайын, балам-ай,

Болсын Алла панаң-ай.
Ғайып ерен қырық шілтен,
Көзіңді сал балама-ай.
Жер жүзінде әулие,

Күн көзінде әулие,
Қызыр Ілияс атасы,
Диуана Бүркіт бабасы,
Бәріне мен тапсырдым, – деп бата береді. Алпамыс батыр да сапарға шығарда:

– Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,

Бәріңе жылап қылам зар.
Мәдинеде Мұхаммет,
Әубәкір, Омар, Оспан,
Әлі шері арыстан,

Тақсырлар, көрсет панаңды,?!
Ғайып ерен қырық шілтен,
Қауыс-қияс жанабы
Бұларды тегіс санады.

Әрқайсысын бір айтып,
Көзінің жасы тарады.

– Түркістанда құл Қожахмет,

Самарқанда палуан Ахмет,
Бабатүкті Шашты Әзіз,

Қолыңа ал берген балаңды! – деп медет тілейді. Ақтанберді жыраудың атақты толғауы да былай аяқталады:

Бала берсе тезінен, –
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен! – дейді.

Ежелден келе жатқан көне эпостардың бірі – «Мұңлық-Зарлықта» мыстан кемпір жаңа туған Қаншайымның бауырынан екі бөбегін алып, оның орнына екі күшікті салады. Егіз сәбиді әкеліп суға лақтырады. Сол кезде:

– Ғайып ерен қырық шілтен

Түсірмей судан алады.
Шөгірлінің тауына,
Адам бармас жеріне
Шілтендер алып барады.

Тастан кеулеп үй қылып,
Пана қылып береді.
Екеуіне бір киік
Ана қылып береді.

Ол киікке баланы
Бала қылып береді.
Құдіреті күшті Құдайым,
Таудан алма жегізіп,

Киікті ана дегізіп,
Киік жүрді үш мезгіл

Баласындай емізіп, – деп жырланады. Қырық шілтен Мұңлық пен Зарлықтың есімін қояды. Екеуін үнемі желеп-жебеп отырады. Қиналған кезде:

– Зар жылаймын енді мен,

Дәрменім кетті халімнен.
Ара шөлде өлер болдым,
Медет бергіл, иә, қырық шілтен, – деп медет тілейді. Сол кезде:
Жылап бала торықты,

Әбден шаршап зорықты.
Жылап тұрған кезінде,
Шырқ айналып аспаннан
Ғайып шілтен келіп жолықты.

«Жүргін бері, балам» деп, – қауіп-қатерден сақтап отырады. Осы жырды қарап отырып, кәміл пірі қырық шілтен қолдаған кезде, баланың бойына ерекше күш-жігер бітетіні байқалады.

Пірлері медет берген соң,
Бала судай тасады.
Қайтадан қайрат шашады,
Қарадәуді Зарлықтың

Аруағы үстін басады.
Һәрне болса Зарлық хан
Пешенеден көреді,
Пірі медет береді.

Ғайып ерен қырық шілтен
Зарлықтың кәміл пірі еді.
Пірлері медет берген соң,
Енді бала асады,

Көтеріп алып Зарлық хан
Дәуді астына басады, – дейді.

Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданындағы Ақбастау ауылының етегінде Ғайып ерен қырық шілтен деген құтты мекен бар. Ол жерде Адам ата мен Хауа ананың символы ретінде үлкендігі үйдей екі жалпақ тас қатар тұр. Осы екі тастың айналасында қазақтың дүниетанымында кездесетін барлық мистикалық тұлғалар әртүрлі тас бейнесінде сақталған. Бір сөзбен, әулиелі тастардың ансамблі деп айтса да жарасады. Қазір де Ғайып ерен қырық шілтеннің құтты мекені саналатын осы жерге зияратшылар жыл бойы толассыз келіп жатады.

Қасапшының пірі – Сәдуақас

Мұхамбет пайғамбардың Сәдуақас деген сахабасы болыпты. Өзі батыр, әрі қасапшы екен. Бір соғыста Сәдуақас жаудың батырымен жекпе-жекке шығады. Ол кездегі шайқаста батырлар бір-бірінен кезек сұрап ұрысады екен. Жау батыры:

– Ей, Сәдуақас, кезекті маған бер. Бірінші мен бастайын, – дейді. Сәдуақас:

– Дінсіздің мұсылманда екі ақысы бар деген. Бердім, – дейді.

Жау шоқпармен Сәдуақасты құлаштай ұрады. Қатты соққыдан Сәдуақас бар денесімен жерге өңгеріліп құлап түседі. Мұны көрген жау жағы қыран-топан күлкіге батады. Сәдуақас орнынан теңселе тұрып, атына мінеді де:

– Ендігі кезек менікі, – дейді. Жаудың батыры күлкісін тыймаған күйі:

– Бердім, – дейді.

Ол заманда Мұхамбеттің әскерінде қарау-жарақ, сауыт-сайман тапшы екен. Сәдуақас ұрысқа мал соятын пышағымен шыққан деседі. Ол ат үстінде ағызып келе жатып кездігін сермеп кеп қалады. Ат үстінде миығынан күліп отырған кәпірдің денесі екіге бөлініп түседі. Бұл сұмдықты көрген жаудың рухы сынып, сол шайқаста жеңіліс табады.

Сәдуақастың ерлігіне сүйсінген пайғамбар:

– Бәрекелді, жарайсың қасабым-ай! Іремей, сойып түсірдің-ау! – деп арқасынан қағады. Осы оқиғадан кейін Сәдуақас қасапшылардың піріне айналыпты.

Қасапшылар мал бауыздар алдында «Сәдуақас ата, өзің қолдай гөр!» деп сыйынады екен.

Түйенің пірі – Ойсыл қара

Ойсыл қара Йеменде Қаран деген жерде дүниеге келіпті. Өмірінде Мұхамбет пайғамбардың атын естіп бір көруге зар болады. Бірақ қарт шешесіне қарайлап, пайғамбарға бара алмапты. Бір күні шешесінен рұқсат сұрап, жолға шығады. Шешесі:

– Сен кетіп қалсаң менің жайым не болады? Пайғамбардың үйіне бар да, ешқайда бұрылмай кері қайт, – дейді. Ойсыл қара мақұл деп, Меккеге жол тартады.

Пайғамбардың құтты шаңырағына келсе, оның өзі жоқ, Айша анамыз ғана отыр екен. Пайғамбар көрші үйде сахабаларымен сұхбат құрып отырады. Ойсыл қара сәл кідіріп пайғамбарды күтеді. Айша анамыз:

– Әз пайғамбар Әлидің үйінде қонақта. Сонда барыңыз, – дейді. Ойсыл қара:

– Үйде қарт анам бар еді. Оған «тек пайғамбардың үйіне барамын. Өзге жерге қарайламаймын» деп уәде беріп едім. Уәденің үдесінен шыға алмаймын, – деп кейін қайтқан екен.

Пайғамбар үйіне келгенде, Ойсыл қараның келіп кеткенін естиді. Бұрыннан Ойсылдың атына қанық екен. Көре алмағанына өкініпті. Ойсыл Қара да өзегі өртеніп, өкініштен қан жұтып, Йеменге қайтқан екен. Сол жолы «пайғамбарға сыйым» деп жүз мың түйе айдапты. Түйелері бүкіл Меккені басыпты. Сахабалардың жесе еті, ішсе сусыны, мінсе көлігі, кисе киіміне айналып, ырыс-берекесін молайтқан екен. Пайғамбар Ойсылға риза болып «Түйенің атасы» деп атапты. Осыдан бастап ол ел арасында «түйенің атасы», «түйенің пірі» деген атауға ие болыпты. Пайғамбар дүниеден өтерінде үстіндегі жалғыз шапанын Әубәкір мен Әлиге аманаттап:

– Менің шапанымды түйенің атасына апарыңдар. Иығына жабыңдар. Көрісуді Құдай жазбапты. Қарт шешесін бағып, маған келе алмады. Анасын баққан адам менің ең жақсы көретін үмбетім. Рухымыз көкте, пейіште жолығар, – дейді. Әубәкір мен Әли пайғамбардың аманатын Ойсыл қараға жеткізген екен.

Жылқының пірі – Қамбар ата

Қамбар ата Мұхамбет пайғамбардың атқосшысы болған екен. Пайғамбардың тұлпарын баптапты. Соғыс кезінде жанынан табылып, көмекшісі болыпты. Үнемі таңертең пайғамбарға бір кесе қымыз әкеліп, батасын алады екен. Батаның шарапаты тиіп, бойына кие дарыпты. Ол кезде Мекке мен Мәдинадағы сахабалар жылқы ұстауға ебі жоқ екен. Жылқы ауырып қалса, аяғына жем түссе, барлығы Қамбардан көмек сұрапты. Қамбар ата жылқыны бір көріп, басынан сипағанда, сал біткен жануарлар шауып кете беріпті. Бір соғыста пайғамбардың атына оқ тиіп, жараланады. Екі тізесі бүгіліп, құлап бара жатқанда жанына Қамбар жетіп келіп:

– Тәйт әрі. Пайғамбарды жерге құлатпа, – деп сауырынан алақанымен салып жібереді.

Тұлпар сонда аяғын тез тіктеп, алға ұмтылады. «Пайғамбардың тұлпарын жараладық» деп масайрап тұрған жаудың сағы сынады. Бәрі қашып, жеңіліс табады.

Ұрыс біткен соң, пайғамбар Қамбарды шақырып алып:

– Дін мұсылманды бір апаттан аман сақтадың. Мен саған бата берейін, жылқының пірі бол! – деп қолын жаяды. Пайғамбар дұғасы кәміл қабыл болып, Қамбар жылқының піріне айналыпты.

Тәңірдің елшісі дүниеден өтерде Қамбарды шақырып алып, өзінің тұлпарын тарту еткен деседі. Қамбардың тегі түркі екен. Сақалы қызыл болыпты. Ел оны «Қызыл сақал Қамбар ата» деп атапты. Араб түбегінде Ислам берік орныққан соң, ол сайын сахараға қайтқан деседі. Ел арасында Қамбар атадан төмендегідей медет тілеу, бата беру үлгілері сақталған:

– Жылқышы ата Қамбар,

Жарылқасаң, өзіңнен басқа кім бар?
Шірендіріп жатқыз,
Көсілдіріп жүргіз!
Жаз жайлауын жаусыз ет,

Қыс қыстауын қарсыз ет.
Дүниеде мұңсыз ет,
Толғатқанын ұл ет,
Тамызғанын май ет!

Бәледен сақта,
Жәледен сақта.
Қауіптен сақта,
Қатерден сақта!

Түн қатып тұсына шыққаннан сақта,
Ашыққан-ды, бөріден сақта.
Аузы қар-ды, ұрыдан сақта,
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,

Дос болып, қас болғаннан сақта!
Әзіретті қадір ет,
Шыққан тауын биік ет.
Кімді жарылқасаң,

Соның қасында ет!

Жылқышы ата Қамбар,
Мінгенің жирен шабдар.
Мыңды айдатып,
Жүзді байлатса,

Сенен басқа нем бар?
Желің ұзын болсын,
Ішкенің қымыз болсын.
Сойғаның құлын болсын,

Жегенің қазы болсын!

Шаруаның төрт пірі –
Қамбар ата,
Шын бергенің білейін,
Арқанды әкеп мата!

Кісінеуге айғыр бер,
Желісіне бие бер,
Сауған сайын ие бер!
Жезден болсын желісі,

Осы сөздің келісі.
Алтыннан болсын тоқпағың,
Ашыла берсін соқпағың.
Дұрыстап айтайын, тоқта,

Жібектен болсын ноқта!

Сиырдың пірі – Зеңгі баба

Зеңгі баба Яссауи бабамыздың немере інісі болған екен. Туғанда қап-қара болыпты. Азан шақырып қойған аты – Айқожа. Түріне қарап, жұрт оны Зеңгі ата деп атапты. Зеңгіні кішкентай кезінде Яссауи бабамыз қолына алып, көтереді. Бір кезде бетіне көзі түсіп кетіп күлген екен. Кішкентай Зеңгі:

– Неге күлдіңіз? – дейді.

– Түрің қап-қара, тістерің әппақ екен, – дейді Яссауи бабамыз.

– Ақ тісімнің көрімдігіне не бересіз? – деп сұрайды Зеңгі.

– Жүз сиыр атадым, – деп, батасын береді.

Зеңгі ержеткен соң, сиыр бағады. Бір аңыздарда Яссауи бабамыздың медресесіне садақа етілген ірі-қараларды бағып, өсіріпті делінеді. Зеңгі сиыр баққанда Алланың есімдерін зікір етеді екен. Сиырлар оның зікірін тыңдап, жайылады деген де аңыздар бар. Қазақ арасында айтылатын әйгілі әулиелер – Бабатүкті Шашты Әзіз, Садыр Ата, Бадыр Ата, Ұзын Хасан Атаның ұстазы болыпты. Яссауи бабамыздың шәкірті Сүлеймен Бақырғани Үргеніш жеріне медресе ашып, ілім жаяды. Сол жердегі қарахандардың патшасы – Боғра ханның қызы Әнуар анамызды жар етіп алыпты. Алайда, Бақырғани қара өңді кісі болса керек. Бірде Әнуар анамыз «Құдайым маған ажарлы адамды жолықтырмады. Күйеуім бидай өңді болғанда ғой» деп ойлайды. Әйелінің ойын сезіп қойған Сүлеймен:

– Мен ұзамай дүниеден өтермін. Сені Зеңгі деген шәкіртім әмеңгерлікке алады. Ол менен де өткен қара адам, – депті. Әнуар өзінің асылық жасағанына өкініпті.

Бақырғани қайтыс болған соң, Әнуарды Зеңгі баба әмеңгерлікке алады. Расымен түрі қап-қара кісі екен. Әнуар анамыз Құдайға шүкірлік етіп, оған риясыз қызмет етіпті. Ел аузында Зеңгінің пір болуы Яссауи бабамыздың берген батасының шарапатынан деген аңыз бар. Яссауидің жүз сиыр атағаны, «сиырдың пірі бол» деген жұмбақ сыры деп айтылады.

Қойдың пірі – Шопан ата

Шопан ата Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірті болыпты. Бабамыздың жанында жүріп, ілім меңгеріпті. Медресенің тәртібі бойынша рухани білімді игерген шәкірттер қалың елдің арасына барып, ілім таратуға міндетті болатын. Қай шәкірттің қай тарапқа тәуекел етіп аттанарын Яссауи баба ерекше ережемен шешіпті. Ол қолындағы аса таяғын аспанға атып жіберетін. Рухани ілімнің тәуекел мақамына мықты болған шәкірттер аса таяқты тауып алған соң, сол өңірдің халқымен тіл табысып, ислам дінін жаятын. Осындай кезекті сынақ кезінде, аса таяғын аспанға лақтырып жіберіп:

– Асаны кім тапса, соған батамды беремін», – дейді. Кемеліне келмеген шәкірттері аса таяқты Түркістанның маңайынан іздей бастайды. Тек Шопан ата орнынан қозғалмай үнсіз отыра беріпті. Яссауи бабамыз:

– Әй, балам, сен неге іздемейсің? – дейді. Шопан ата:

– Баба, аса таяғыңыз бұл маңда емес. Мен білсем, Хазар теңізінің бойына ұшты. Батаңызды берсеңіз, мен тәуекел етуге дайынмын, – дейді. Яссауи:

– Қолыңды жай. Жорытқанда жолың болсын, Қызыр, Ілияс шылауыңда болсын, – дейді.

Шопан ата жолға шығып, батысқа бет түзейді. Ұзақ жол жүріп отырып, аса таяқты Маңғыстау түбегінен тауып алады. Сол жерге тұрақтап, бір байға жалданып, қой бағады. Аз уақытта оның мал басы көбейіп, қойлары егізден, ешкісі сегізден туады. Қойшылардың бәрі оған үйір болып, әңгімесін тыңдайды. Шопанның атағы мен айтқан әңгімелері ел арасына тез таралады. Бұл жайтты бай да естиді. Ол алыстан келген қойшыны алдырып, әңгімесін тыңдайды. Рухани сұхбаттан ләззат алған бай оған қызын беріп, медресе ашуына жағдай жасайды. Шопан ата шәкірттер жинап, Маңғыстау даласынан жер асты мешіттерін ашып, бала оқытады. Маңғыстау жұрты оны Шопан ата атап кетеді. Алғашында қой бағып, қойлары көбейіп, ел арасына танылғандықтан, жұрт оны қойдың пірі атап кетіпті.

Ешкінің пірі – Сексек ата

Ертеде бір сараң әрі қу бай болған екен. Ол қойларын бір жетімге бақтырады. Оған күніне бір жапырақ нан мен қара судан басқа ештеме бермепті. Жетім есейіп, оңаша отау құрып, өз жолын тапқысы келеді. Байдан жиырма жылдық ақысын сұрайды. Бай бермейді. Екеуі дауласып, қазыға барады. Қазы байдан пара алған екен. Байдың сөзін сөйлеп:

– Әділдік Құдайдың бір есімі. Төрелікті Құдайдан сұрайық. Бүгін түнде байдың қырық саулығы төлдейді екен. Егер қозы туса бай алсын, басқа мал туса сен ал, – дейді жетімге. Жетім амалсыз көнеді. Түнімен Құдайға құлшылық етіп шығады.

Таңертең жұрт жиналып байдың қорасына барады. Айтқандай, байдың қырық саулығы төлдепті. Бірақ, қой қозы тумапты. Жүндері жалбыраған, қозыға ұқсамайтын бөтен төл туады. Бай төлдерді көргенде шошып кетеді. Жетімге:

– Жинап ал малыңды. Құдай тілеуіңді берді, – дейді.

Жетім қорадан қырық лақты айдап шығады. Жұрт ғажайып оқиғаға таң қалады. Олар мұндай мақұлықты бірінші рет көріпті. Атын да білмепті. Лақтар тастан тасқа секіріп, секек-секек етіп жүреді екен. Жұрт лақты да, жетімді де сексек деп атапты. Кейін жетім бала Сексек ата атанады. Ешкінің пірі болады. Ешкі ең соңынан жаралғандықтан, төрт түліктің ішінде ең кенжесі аталыпты.

Желдің пірі – Мірқайдар

Бағзы заманда желді жын-перілер басқарыпты. Олар желді қалай болса солай бағыттап, адамға қиянат жасайды екен. Біреуге жұт жіберіп, малын қуып әкетеді. Біреудің егінін жайпап, арығын құммен көміп кетеді. Жұрт не істерін білмей, Құдайдан пана сұрайды. Сол кезде Хақ тағала Сүлейменге пайғамбарлық жіберіп, он сегіз мың ғаламның билігін береді. Сүлеймен жындармен соғысып, бәрін зынданға тастайды. Желдің билігін олардан тартып алады. Сол заманда Сүлейменнің Мірқайдар деген сенімді серігі болған екен. Бір аңыздарда уәзірі болған деседі. Сүлеймен желге мініп ұшқанда, Мірқайдарды жанынан тастамапты. Оң жағынан орын беріп, үнемі сұхбаттасып жүргенді ұнатады екен.

Сүлеймен патша дүниеден өтерінде Мірқайдарды шақырып алып:

– Бұдан былай желді сен басқарасың. Адамның игілігі үшін қызмет ет! – деп өсиет айтады. Содан бастап, Мірқайдар желдің иесіне, піріне айналыпты.

Төрт шадияр

Қазақта «досың кім?» – деген дәстүрлі сұраққа төрт шадияр деп жауап береді. Олар – Әубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әли. Бұларды исламда Мұхамбет пайғамбардан кейінгі төрт абзал халиф деп атайды. Қазақ танымындағы адамның төрт досы – осылар. Ақиретте пайғамбар үмбетіне болысады деп сенеді. Қиямет қайымда барлық адам таразы мизамға тартылады. Періштелер адамның сауабы мен күнәсін өлшейді екен. Сол кезде әділетті Омар Мұхамбеттің үмбетіне болысып, күнә мен сауаптың дұрыс есептелуін қадағалайды. Барынша үмбетке бүйрегін бұрады. Егер мұсылман адамның күнәсі басып кетіп, қиын жағдайға тап болып жатса, жәрдемге Әубәкір жетеді екен. Ол өмірде жомарт әрі бай болған кісі.

– Мұхамбеттің үмбетіне сауап жетпесе, менің сауабымды алыңдар, – деп өзінің сауабынан бөлісіп, қиындықтан құтқаруға жанын салады.

Мұсылманның сауабы сонда да жетпей жатса, Тәңірі тағала Құран жібереді. Құранды оқыса, жетпіс мың күнәсі жойылып, амал дәптеріне жетпіс мың сауап жазылады екен. Алайда, мұсылманның көбі арабша хат танымай қиналады. Сол кезде үшінші шадияр Оспан келіп:

– Мұхамбеттің үмбетінің орнына Құранды мен оқып берейін, – деп, Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып береді екен.

Мұсылманның күнәсі оған да толық жойылмай, қалдығы қалады екен. Періштелер оны тозаққа сүйрей жөнелгенде, алдарынан Әзіреті Әли шығады екен. Ол зұлпықарын суырып:

– Мұхамбеттің үмбетін тозаққа жібермеймін. Оған тағы бір мәрте мүмкіндік беріңдер. «Ұлық Алла сүйікті пайғамбарына салауат айтқан адамның күнәсін жеңілдетемін» деген. Ең болмаса, пайғамбарға салауат айтсын, – деп араша түседі.

Сірә, оған да болмай, тозаққа түскендерді шаяны бар шұңқырдан тартып шығарады екен. Сол кезде мүбәрәк пайғамбар жетіп келіп, үмбеттеріне болысады деседі. Мұхамбет пайғамбардың жалғыз ұлы Ыбырайым дүниеден өткенде, пайғамбар қырық күн қайғыдан бас көтермей жатып қалады. Себебі, залымдар пайғамбарды «қубас» деп кемсітетін. Жаббар Хақ сүйікті пайғамбарына көңіл айтып:

– Ей, Мұхамбет, ұлым өлді деп қайғырма. Барша үмбетіңді ұлыңдай көр. Сенде ұрпақ болмайды, сенде үмбет болады. Олар қиямет қайымға дейін өмір сүреді, – дейді. Осыдан соң ғана пайғамбар еңсесін көтеріп, үмбеттерімен қауышу үшін сыртқа шығады. Меккенің барлық жұрты жиылып кеп пайғамбарға көңіл айтады.

Бұл кезде Әубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әли төртеуі Ыбырайымды арулап жер қойнына тапсырып, жөн-жоралғысын атқарып қойған екен. Бұл жайында «Ыбырайым қиссасында» былай жырлаған:

– Сүйегін Омар ұстап, Оспан жуды,

Әубәкір құманымен суын құйды.
Алланың арыстаны Әзіреті Әли,
Бас жағында иман айтып қарап тұрды.
Пайғамбар олардың риясыз қызметіне риза болып:

– Ұлымды ақтық сапарға шығарып салып, ақиреттік досына айналдыңдар. Бұдан былай барлық үмбетімнің ақиреттік досы болыңдар. Қияметте оларға шапағат етіңдер, – деп бата берген екен.

Содан бастап Әубәкір Сыдық, Әділетті Омар, Қари Оспан, Әзіреті Әли төрт шадияр мәртебесін иеленіпті. Қазақтың бата беру дәстүрінде «төрт шадияр жар болсын», «шадияр досым десін», «түндігіңнің төрт бұрышына төрт шадияр түнесін» деген тіркестер көп кездеседі.

Әйелдің пірі – Бибібатима

Бибібатима Мұхамбет пайғамбардың сүйікті қызы, Әзіреті Әлидің адал жары болған. Қазақ дүниетанымында үйдің құты, отбасының желеп-жебеушісі деп аталады. Аңыз бойынша, Батима анамыз бірде әкесін сахабаларымен бірге қонаққа шақырады. Ол кезде Батима Ер Әлидің адал қосағы екен. Дастарқанын жайнатып, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Бала демей, шаға демей, кішкене сәбилерді де риза қылып, көңілін табады. Ер Әлидің осы тойда мерейі үстем болыпты деседі. Барлық сахаба Батиманың қызметіне сүйсінеді. Пайғамбардың да қызына ерекше назары түседі. Мұны Батима анамыз іштей байқап қойыпты. Той тарқауға жақындап, пайғамбар қолын жайып, дастарқанға бата бермек болады. Сол кезде Батима:

– Әкешім, бір шартым бар. Мені дұғаңызға қоссаңыз, – дейді.

– Қандай тілегің бар? – дейді пайғамбар.

– Үмбетіңіздің ошағының қасынан, бесігінің басынан табылайын. Әрқашан қызметінде болайын, – дейді. Пайғамбар солай деп бата беріпті. Тәңірі оның дұғасын қабыл етеді.

Содан бастап, Батима анамыз отбасының піріне, әйел затының қорғанына айналады. Қыз-келіншектер қиналса, қандай да бір іс бастаса Батима анамыздан медет тілейді екен. Әжелер кілем тоқығанда, үйді аластағанда «менің қолым емес, Бибібатима анамыздың қолы» деп бастайтын болыпты. Ұлық Алла өзінің сүйікті пайғамбарының перзентінің құрметіне «айтқан тілегін қабыл етеді, істі оң етеді» деп сенеді. Қиямет қайымда да Бибібатима анамыз әйел затына шапағат етіп, пайғамбардың үмбетіне араша түседі екен. Қазақ арасында Бибібатима анамызды үлгі, өнеге ететін аңыздар өте көп. Күні бүгінге дейін оның атын атып, рухына тағзым етіп іс бастайтын дәстүр үзілмеген.

Түркінің пірі – Яссауи

Қазақ халқында бағзы заманнан Қожа Ахмет Яссауиге деген айрықша құрмет қалыптасқан. Ол жайында аңыз-әпсаналар, толғаулар мен дастандар кеңінен таралған. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің бастауы Қожа Ахмет Яссауидің даналық ілімінде жатыр. Екі өркениет қақтығысының бейбіт жолмен жүзеге асуы тарихта өте сирек кездесетін құбылыс. Яссауи заманында Ислам өркениеті жаңадан келіп жатқан кезең еді. Яссауи өзіне дейін өмір сүрген бүкіл түркі жұртының қасиетті ұғымдары мен мистикалық тұлғаларын көркем түрде ислам мәдениетімен үндестіріп әкеткен ғажайып рухани тұлға. Одан бөлек «Диуани хикмет» арқылы көне түркі тілін Құран рухымен суарды. Соның себебінен ислам өркениетіне жалғанған түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің өзегі мәңгілік мазмұндарға ие болып шыға келді. Сондықтан да, оны заманында «Әулиелердің сұлтаны», «Түркілердің пірі» деп атады. Күллі түркі әлеміне «Мәдинада – Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тіркес кең тараған. XVІІІ ғ. қазақтар осы тіркесті «Мәдинада – Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп байыта түсті. Осы тіркеске қарап-ақ, діннің мәдени платформада дұрыс даму динамикасын байқау өте оңай. Қазақтың барлық жыр-дастандарында, баталарында, фольклорлық дүниелерінде және кейінгі ақын-жыраулардың еңбектерінде Яссауи баба жайлы жыр-толғаулар өте көп. Мұның өзі Яссауидің қазақ арасында аса құрметке ие тұлға екенін көрсетеді. Біздің жоғарыда айтқан ойымызды, төменде келтірілген жыр жолдары дәлелдейді:

...Бақытына қарай халықтың
Ұлығы мұндай пір шыққан
Атамыз Адай ұраннан.
Әзірет-ишан Әбдінің

Мірсалық деген пірі екен.
Қожа Ахмет Яссауи
Пірден пірге төре екен.
Силсаласы жалғасқан

Отыз үш ата жер екен.
Шежіресін көз көрді –
Кімдер жалған дер екен?!
Қардерлерді демеген,

Зарыққанды жебеген,
«Құр емес, – дейді, – зайырдан62».

Дәріс айтқан ұстазы
Үргеніште Бақыржан.
Ұстанған үлгі жолы бар
Құл Қожа Ахмет тақсырдан.

Алласы қалап әуелде
Уәлилерге бас қылған.
Миғражда нұрын көргесін,
Хақ Расулі паш қылған.

Арыстан баптай досына
Аманат-құрма тапсырған.
Солардың үлгі жолымен
Бекетім шықты дін түзеп,

Көкірек көзін аштырған63.

Пәруар пірдің басшысы
Қожа Ахмет Яссауи
Түркістанда бұ да өткен
Туына жұртын түнеткен,

Кереметін асырып,
Жеті өлікті тірілтіп,
Мұсылманға қайыр-дұға еткен64.

Қожа Ахмет Яссауи
Силсаласы силсалам.
Атын білген бар ғалам.
Хилафлық65 қылып ол затқа,

Сөз айтпайды бір кәләм.
Іздеп тауып Арслан бап,
«Бері кел» – деді, – «Ей, балам»,
Шақырып алып баланың,

Нышанасын көріпті,
Аманатын Расулдың
Аузынан алып беріпті.
Атасының артынан

Жан баба деп еріпті.
Қожа Ахметтің сол уақытта,
Жетіге жасы жетіпті.
Арманым жоқ деп бабасы

Дүниеден сапар етіпті.
Көмектесіп періште
Лахадқа мадфун66 етіпті.
Пайғамбарлар, уәлилер,

Біреуі қалмай өтіпті.
Айла таппай ажалға,
Өнерлілер кетіпті67.

Бақса Қағба көрінген,
Басса жерлер түрілген
Құл Қожахмет Яссауи
Ладун68 ғылымы берілген

Шапағат бер Сәлалла!!
Қайғылы көзден шығар жас,
Не көрмейді ғазиз бас.
Жәрдем бергей жар болып,

Бабатүкті шашты Әзіз
Қырда – Қызыр, ойда – Ілияс!!!
Шапағат бер Сәлалла!!69
* * *

Тірегі мұсылманның ажам, араб,
Мұхамбет пайғамбардан шыққан тарап.
Қожа Ахмет Яссауи Түркістанда
Кіші Мекке атанған алтын дарақ.

Алланың арыстаны Ер Әлидің,
Мұхамбет Ханафиясынан өскен тарап70.

Қожа Ахмет, Арыстан бап,
Түркістанда тұрағы.
Әлемге кеткен атағы,
Дін исламның шырағы71.

СССР кезінде түркінің пірімен арадағы рухани байланысты большевиктер барынша жоюға тырысты. Бірақ Құдайдың құдіретімен бұл нәзік жіп үзілмей аман қалды. Бұған Төреғали Тәшеннің «Түркістанмен табысу немесе Әзірет Сұлтан рухымен тілдесу» деген өлеңі дәлел:

Тыңда мені,
Төрт қақпалы Түркістан!
Қос қақпалы Қожа Ахмет!
Алты ғасыр арбауына шыдаған,

Төрт бұрышын көк перісі сұраған,
Қабырғасын Қызыр баба сылаған
Қасиетті Көк Күмбез,
Тұрсың ба,

Уа, дін-аман!
Алыстан Хақ дем берген,
Арыстан бап тең көрген,
Аса пірлер жол берген,

Мүсәпірге қол берген,
Халайықты меңгерген,
Машайықты жөн көрген,
Шәрбат ішкен әздермен,

Шарап ішкен Шілтенмен
Әзіреті Сұлтан ҚОЖА АХМЕТ,
Құзырыңа келген — мен...
Әзелден-ақ дара отау

Алпыс мың бар бұлағы,
Ақ тасы бар қыналы,
Пәк тәніңнің тұрағы,
Әз жаныңның шырағы —

Әуеніңе Қаратау
Төңкеріліп тұрады.
Уа, дүр текті
Асыл жан,

Тәуап еттім жасымнан,
Санама ектім сыр түюлі тасыңнан.
Дәруіштей дәргейіңе бас ұрған,
Хақ дидарын көрердеймін жасырған,

Алдым босап арқаннан,
Көшім босап көгеннен,
Құлыптаулы қырық қақпам ашылған.
Маңдай алды қас бетіңе жел өпкен

Түзік қатар салған мырза теректен
Уілдеген үн естимін ерек мен.
Жанын жыққан
Биігіне қалаған,

Шырқау асып шығып кеткен
Санадан
Үкі құс боп жеткен сен бе дана жан?!.
Бауырына Бұхараны балаған,

Серігіне Самарқанды санаған
Сендей кентті таба алам ба даладан —
Асық еткен жеріме гүл ЖаҺанды,
Нәсіп еткен төріме Алла Тағалам!

Уа, тыңда,
Бай өлке ұлыс — байтағым!
Жатсынып жоқ қайтарым,
Сақсынып бар айтарым:

Қаншама жыл ғаріп болып саф ділге,
Арып-талып жеткен кезде ақ күнге,
Қарсы қойып қауымыңды хақ дінге,
Ұрпағымды ұйытпасын жат кірме.

Далам үшін жолын кесіп Тауымның,
Күлше салман керсеніне кәуірдің.
Тілің менен жырың және діліңе
Қоса тұт деп түзу дінін Тәңірдің,

Төрт тараптан түгел қостым түркі ұлын
Тоғысында ғасырлар мен дәуірдің.
Беу, тыңдағын,
Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!
Салғаным — зікір,
Айтқаным — шүкір,
Ойлағаным — пікір,

Қорыққаным — күпір болсын,
Қолда өзің Хазірет!
Ақтың құлын тәлім ет!
Хақтың нұрын жаныма ек!

Бұрдым жүзімді,
Өптім ізіңді,
Әзиз жолыңды тұттым,
Ғибадат орныңды құштым,

Миуалы бағыңа шықтым,
Мүбәрак қолыңды қыстым,
Қабыл ет!..
* * *

62

63

64

65

66

67

68

69

70

71

Әр халықтың дәстүрінде сәбидің тегін, тамырын, рухани діңгегін қалыптастыру үшін, ең алдымен, оған аты-жөнін, руын, ұлтын, сенімін үйретеді. Мұны ғылымда дүниетану әліппесі деп атайды. Ата-ана балаға үнемі осы сұрақтарды қойып отырса, оның санасында бұл ақпараттар жақсы сақталады. Әлеуметтанушы ғалымдардың пікірінше, киелі құндылықтарды игермеген бала өскен кезде әртүрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетеді. Елін сүймейтін нигилиске айналады. Салт-дәстүрін менсінбейді. Демек, бұл сұрақ-жауаптар бала үшін рухани иммунитет тәрізді. Осы арқылы сәбидің бойында ұлы тұлғаларға, қасиетті заттарға, ата-тегіне, тарихына деген құрметі оянады. Ертеректе «қырық сұрақ», «жетпіс сұрақ», «мың сұрақ», т.б. нұсқалар қолжазба түрінде немесе ауызша кеңінен таралған. Теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Бұл сұрақ-жауаптар ұлттың болмысын анықтайтын көрсеткіш» дейді72. Психолог ғалымдардың зерттеуінше, бозбаланың арманын айқындап, мәңгілік мұраттарға құмартатын кезі 13 пен 15 жас аралығы. Табиғат заңы бойынша бозбала осы жаста өміріне мән-мағына бітіретін ұлы армандардың жетегінде кетуі тиіс. Әдетте бұл классикалық сұрақ әлем даналарының кітабында мынадай формада қайталанып отырады. «Мен кіммін?», «Бұл өмірге қайдан келдім?», «Өмірдегі менің азаматтық парызым қандай?», «Өлген соң менің жаным қайда барады?». Осындай мағынасы терең, мазмұны бай мақсаттарға ұмтылмаған адамның өмірі мағынасыз бола бастайды. Оның психологиясында эмоционалды тұрақсыздық пен сауықшыл мінез үстем болады. Орта жасқа келгенде және қартайған шағында ішкі әлемінде рухани тоқырау дерті басталады. Логотерапия ғылымының негізін қалаушы австриялық ғалым Виктор Франкл бұл дертті «экзистенциалды вакуум» деп анықтаған. Адамның 15 жаста жіберіп алған осы салғырттығы жігіттік дәуренде білінбейді. Бірақ 35 пен 40 жастың арасында экзистенциалды вакуум болып қайта оралады. Психолог ғалым Гейл Шихи: «Біз не нәрсемен шұғылданып, қандай жұмыс жасамайық, жасымыз қырыққа келгенде өзіміз бұрын-соңды елемеген, қолдан тұншықтырып келген кеудедегі бір күш сыртқа қарай ышқынып ұмтылады», – дейді. Осы жаста адам өмірге деген құштарлықты жоғалтып алмас үшін, бала кезінде елемей өткізіп алған осы сұрақ-жауаптарды қайта қарап, ойлануға мәжбүр болады. Ғалымдар «Егер осы жаста адамдар тағы да өзін өзі алдап, әртүрлі жұмыстарға жегіліп, ойын-сауықтарға үйір болса, немесе, арақ ішіп жұбанатын болса, оны өмірінің соңына қарай «үлкен өкініш» күтіп тұр» деп ескертеді. Егер адам осы қауіпті кезеңде дәстүрлі сұрақ-жауаптарға мән беріп, рухани ізденсе, 70-80 жасқа дейін еркін жететін тың шығармашылық шабыт табады. Ондай адамдар сәтімен қартайып, өмірдің барлық қиындықтарына төтеп береді. Қазыналы қартқа айналады. Мамандар адамның идентификациясын анықтау үшін мынадай тәсіл қолданған. Олар бірнеше адам арасында сауалнама жүргізіп, оларға «Мен кіммін?» деген сұрақты 20 рет қайталап қояды. Емтиханға қатысқан кісілер қайталана беретін жалғыз сұраққа тұшымды жауап бере алмай қиналған. Қатысушылардың көбі сұраққа аты-жөнін, ұлтын, мамандығын жазып бастаған. Бірақ алты-жеті сұрақтан соң олардың жауаптары таусылған.

Мысалы: 1. Мен кіммін? Мен Алдамжар Құттықадамұлымын. 2. Мен кіммін? Мен қазақпын. 3. Мен кіммін? Мен Қазақ Ұлттық университетінің студентімін. 4. Мен кіммін? Мен пәлен аймақтанмын. 5. Мен кіммін? Мен құрылыс фирмасының директорымын. 6. Мен кіммін? Мен Парасат орденінің иегерімін. 7. Мен кіммін? Мен жазушымын. Бірақ бұл берілген жауаптардың бір де біреуі «Мен кіммін?» деген ең маңызды сұраққа жауап болып табылмайды. Себебі, оның бәрі шартты анықтама. Кәсіп пен мамандық уақытша болғандықтан, адамның кім екенін анықтап бермейді. Бірақ осы анықтаманың классикалық, өркениеттік формасын қазақ даласындағы дәстүрлі тәрбие жүйесінен таба аламыз. «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабы «Кімнің құлысың?» «Кімнің үмбетісің?» деген қалыппен қайталанып келіп отыратын «сұрақ-жауаптар» барысында терең ашылады. Балаға жастайынан өзінің адамдық қалпы мен рухани бағдарының мәнін ашып беретін болғандықтан, бұл үрдіс оның сәулелі ғұмырына шамшырақ бола алады. Қазақ даласында сан ғасырдан бері қолданылған негізгі сұрақ-жауап үлгілері төменде беріліп отыр.

Дәстүрлі сұрақ-жауап үлгілері

– Дінің не?

– Ислам.

– Кітабың не?

– Құран.

– Құбылаң қайда?

– Мекке-Шәріп.

– Кімнің құлысың?

– Тәңірдің құлымын.

– Кімнің ұрпағысың?

– Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымын.

– Кімнің қауымынансың?

– Әзіреті Ыбырайым пайғамбардың қауымынанмын (ұл бала).

– Бибіажар анамыздың қауымынанмын (қыз бала).

– Кімнің үмбетісің?

– Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың үмбетімін.

– Кімнің досысың?

– Төрт шадиярдың досымын.

– Кімнің мазхабындасың?

– Имам Ағзам Әбу Ханифаның мазхабынанмын.

– Кімнің сеніміндесің?

– Әбу Мансұр Матуридидің сеніміндемін.

– Кімнің силсаласындасың?

– Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің силсаласындамын.

– Басыңда не бар?

– Тәж-дәулет.

– Құлағыңда не бар?

– Азан-қаумет.

– Көзіңде не бар?

– Нұр-Мұхамбет.

– Қасыңда не бар?

– Кәләмі Құдірет.

– Маңдайыңда не бар?

– Сәжде-ғибадат.

– Мұрныңда не бар?

– Ырзық-жәннат.

– Аузыңда не бар?

– Кәләм-шаһадат.

– Тілегіңде не бар?

– Дидар-талап.

– Жүрегіңде не бар?

– Зікір-салауат.

– Рухыңда не бар?

– Ақыл-парасат.

– Нәпсіңде не бар?

– Сабыр-қанағат.

– Ойыңда не бар?

– Алла тәбәрәк.

– Бойыңда не бар?

– Мейір-махаббат.

– Кеудеңде не бар?

– Жан-аманат.

– Мойныңда не бар?

– Парыз-сүндет, уәжіп

– Пешенеңде не бар?

– Тағдыр-қиямет.

– Жүзіңде не бар?

– Иба-әдеп.

– Қалыбыңда не бар?

– Иман-әдет.

– Иығыңда не бар?

– Қос періште – ой-берекет.

– Беліңде не бар?

– Кемер-қуат.

– Тізеңде не бар?

– Ізет-құрмет.

– Қолыңда не бар?

– Қайыр-сахауат.

– Аяғыңда не бар?

– Жол-шариғат.

– Алдыңда не бар?

– Ақ құбылам – пір-тарихат.

– Мақсатыңда не бар?

– Дүр-хақиқат!

Шораяқтың Омары

Құдіретті Зүлжәлал73,
Екі жаһан панамыз,
Бір өзіңе арналған
Тілдегі мадақ санамыз.

Жад көңілмен жад етіп,
Бар деп сені нанамыз,
Лә иләһа илалла,
Мұсылмандық санамыз.

Миллатындамыз74 Халилдың75,
Бибі Ажар анамыз.
Арғы атам Аспан Әнәстен,
Ертеде өткен бабамыз.

Кірмеген сайтан әскері
Мұхамбет атты пайғамбар –
Қорғаны бүтін қаламыз.
Төрт бас аян шадияр

Жайлауға жайды саламыз,
Жеті жаста жол айтқан
Нұғман басшы данамыз.
Қожа Ахмет Яссауи –

Білімпаздардың сұлтаны
Біздер де қоңсы боламыз76.

Әубәкір Сыдық хақында

Көрген бойда-ақ иланған Әубәкір Сыдық қой,
Ұстын болып қиналған Әубәкір Сыдық қой.
Мұңдасқанда зарлаған, құлдыққа бел байлаған,
Іші-бауырын қарнаған Әубәкір Сыдық қой.

Бір сөзінен қайтпаған, сырын әркез сақтаған,
Ғапыл болып жатпаған Әубәкір Сыдық қой.
Сүйгендерді тап қылған, қызын қолдан тапсырған,
Қол қусырып тақ тұрған Әубәкір Сыдық қой.

Жеткен айтқан сөзіне, түскен Рухтың тезіне,
Сенген Расул өзіне Әубәкір Сыдық қой.
Мұхамметке қайын ата, қылған емес еш қата,
Ерте тұрған, кеш жата Әубәкір Сыдық қой.

Құл Қожа Ахмет толғасын – үңгірдегі жолдасын,
Ғаріптікке олла, асыл Әубәкір Сыдық қой77.

Омар хақында

Екінші досы Расулдың әділетті Омар-дүр,
Мүмін жары асылдың әділетті Омар-дүр.
Біләлге азан айттырған, шариғатты хат қылған,
Дін шырағын жақтырған әділетті Омар-дүр.

Қағба есігін аштырған, барша пұтты лақтырған,
Расул көңілін хош қылған әділетті Омар-дүр.
Шариғатқа күш-қорған, тарихатты ұстанған,
Ақиқатты түс таныған әділетті Омар-дүр.

Әділеттің жолында құрбан қылған ұлын да,
Қалған шындық шыңында әділетті Омар-дүр.
Шырақ болып парлаған, дін жолынан танбаған,
Жөнсіздікке бармаған әділетті Омар-дүр.

Міскін Ахмет, жол алғын, әлсіздікті доғарғын,
Сонда рухы болар – нұр әділетті Омардың78.

Оспан хақында

Үшінші дос – жар болған иман қабы Оспан ғой,
Әр демінде бар болған иман қабы Оспан ғой.
Пайғамбардың күйеуі, дініміздің сүйеуі,
Барлық ісі киелі иман қабы Оспан ғой.

Тек Хақ сөзін жадқа алған, аят-хадис ақтарған,
Әрбір сөзі жатталған, иман қабы Оспан ғой.
Тұр тауындай – тобасы, екі нұрдың қожасы,
Айтқанының бәрі асыл, иман қабы Оспан ғой.

Мінгізбей жау атына қол салысты сапыға,
Шәйіт қылды қапыда – иман қабы Оспан ғой.
Құл Қожа Ахмет, достарды – сипаттадың Оспанды,
Күмән одан бос қалды, иман қабы Оспан ғой79.

Әзіреті Әли хақында

Төртінші дос – жар болған Алла шері Әли-дүр,
Миғражда бар болған Алла шері Әли-дүр.
Хақ әмірін жүргізді, кәпірлерді кіргізді,
Ай дидарлы, нұр жүзді Алла шері Әли-дүр.

Көрген адам пір тұтар, тек зікірді тіл тұтар,
Қолында бар – зұлпықар Алла шері Әли-дүр.
Мінсе дүлдүл – нұрлана, жерге түсер зілзала,
Кәпірлерге мұң-нала Алла шері Әли-дүр.

Дұшпан ықты не күшті, кәпірге ашты соғысты,
Оңға бұрған терісті Алла шері Әли-дүр.
Нығмет сенде, Бір мен Бар,
Төгем саған тілден зар,

Құл Қожа Ахмет білген жар – Алла шері Әли-дүр80.

Қытай қазақтары арасында таралған нұсқада сұрақ-жауап үлгісі былай өріледі:

«Жаратушың кім?» – десе,
«Жоқтан барға келтірген,
Рәббім Алла», – дегейсің.
«Дінің сенің кім?» – десе,

«Пәни мен бақи танытқан,
Ісләм діні», – дегейсің.
«Кітабың сенің не?» – десе,
«Алла сөзін дарытқан,

Құран Кәрім», – дегейсің.
«Мұсылмансың ба, сен?» – десе,
«Әлхамділда!» – дегейсің.
«Құзырлысың ба, сен?» – десе,

«Іншә-Алла!» – дегейсің.
«Қауметі кімнің, сен?» – десе,
«Дін-мұсылман», – дегейсің.
«Әулеті кімнің, сен?» – десе,

«Әз Әруақтың», – дегейсің.
«Сарбазы кімнің, сен?» – десе,
«Сақылардың», – дегейсің.
«Сардары кімнің, сен?» – десе,

«Сопылардың», – дегейсің.
«Жұраты кімнің, сен?» – десе,
«Жомарттардың», – дегейсің.
«Сәруары кімнің, сен?» – десе,

«Сахабалардың», – дегейсің.
«Қашаннан мүмін, сен?» – десе,
«Әлімсақтан», – дегейсің.
«Тегің сенің кім?» – десе,

«Адам ата, пайғамбар,
Сопы Алла», – дегейсің.
«Қалдырған сені кім?» – десе,
«Әзіреті Нұх пайғамбар,

Нәби Алла», – дегейсің.
«Зүриятынан кімнің, сен?» – десе,
«Әзіреті Ысмағұл,
«Құрбан Алла», – дегейсің.

«Міллатынан кімнің сен?» – десе,
«Ыбырайым пайғамбар,
Халил Алла», – дегейсің.
«Үмбеті кімнің, сен?» – десе,

«Мұхамбет расул пайғамбар,
Сали Алла», – дегейсің.
«Кімнің досы, сен?» – десе,
«Төрт шадияр», – дегейсің.

«Баһадүрің кім?» – десе,
«Әзіреті Әли Арыстан,
Кәрім Алла», – дегейсің.
«Аузыңда не бар?» – десе,

«Кәлиматүн, тайбатүн, –
Шаһадат бар», – дегейсің.
«Мұрныңда не бар?» – десе,
«Суменен пәк болатын,

Пәлекет бар», – дегейсің.
«Көзіңде не бар?» – десе,
«Нұр Мұхамбет», – дегейсің.
«Басыңда не бар?» – десе,

«Тәж-дәулет бар», – дегейсің.
«Құлағыңда не бар?» – десе,
«Азан-қаумет», – дегейсің.
«Иығыңда не бар?» – десе,

«Кәрабан-Кәтибан», – дегейсің.
«Қолыңда не бар?» – десе,
«Қайыр-сақуат», – дегейсің.
«Беліңде не бар?» – десе,

«Кәмару-Мұхамбет», – дегейсің.
«Тізеңде не бар?» – десе,
«Ізет-құрмет», – дегейсің.
«Аяғыңда не бар?» – десе,

«Дәретті кебіс», – дегейсің81.

– Адамның басшысы не?

– Ақыл.

– Жетекшісі не?

– Талап.

– Жолаушысы не?

– Ой.

– Жолдасы не?

– Кәсіп.

– Қорғаны не?

– Сабыр.

– Қорғаушысы не?

– Мінез.

– Сыншысы не?

– Халық.

Кімнен не қалған?

– Сабырлық кімнен қалған?

– Аюп пайғамбардан.

– Шүкірлік кімнен қалған?

– Дәуіт пайғамбардан.

– Даналық кімнен қалған?

– Ұлықпан хакімнен.

– Ғалымдық кімнен қалған?

– Қызыр пайғамбардан.

– Сопылық кімнен қалған?

– Ыдырыс пайғамбардан.

– Шәкірттік кімнен қалған?

– Мұса пайғамбардан.

– Кедейлік кімнен қалған?

– Жақия пайғамбардан.

– Кәсіп кімнен қалған?

– Адам атадан.

– Ұсталық кімнен қалған?

– Дәуіт пайғамбардан.

– Шипагерлік кімнен қалған?

– Ұлықпан хакімнен.

– Аспаздық кімнен қалған?

– Адам атадан.

– Жомарттық кімнен қалған?

– Атымтайдан

– Амандық кімнен қалған?

– Ғайып ерен қырық шілтеннен.

– Батырлық кімнен қалған?

– Әзіреті Әлиден.

– Әділдік кімнен қалған?

– Мұхамбет пайғамбардан.

– Жауыздық кімнен қалған?

– Перғауыннан.

– Сараңдық кімнен қалған?

– Қарынбайдан.

– Патшалық кімнен қалған?

– Сүлейменнен.

– Түс жору кімнен қалған?

– Жүсіп пайғамбардан.

– Тәубешілдік кімнен қалған?

– Жүніс пайғамбардан.

– Батагөйлік кімнен қалған?

– Нұх пайғамбардан.

– Тақуалық кімнен қалған?

– Мұхамбет пайғамбардан.

– Береке кімнен қалған?

– Ыбырайым пайғамбардан.

– Мереке кімнен қалған?

– Нұх пайғамбардан.

– Саятшылық кімнен қалған?

– Адам атадан.

– Тоқымашылық кімнен қалған?

– Шиш пайғамбардан.

– Сұлулық кімнен қалған?

– Жүсіп пайғамбардан.

– Разылық кімнен қалған?

– Смағұл пайғамбардан.

– Тәкаппарлық кімнен қалған?

– Ібілістен.

– Кісі өлтіру кімнен қалған?

– Қабылдан.

Пірді біл, санаңа іл!

– Жылқының пірі кім?

– Қамбар ата.

– Түйенің пірі кім?

– Ойсыл қара.

– Сиырдың пірі кім?

– Зеңгі баба.

– Қойдың пірі кім?

– Шопан ата.

– Ешкінің пірі кім?

– Секшек ата.

– Батырдың пірі кім?

– Ғайып ерен, қырық шілтен.

– Теміршінің пірі кім?

– Ер Дәуіт.

– Ағаш ұстасының пірі кім?

– Нұх пайғамбар.

– Білімпаздың пірі кім?

– Ыдырыс пайғамбар.

– Кемешінің пірі кім?

– Ілияс пайғамбар.

- Жолаушының пірі кім?

– Қызыр баба.

– Ғашықтардың пірі кім?

– Ләйлі – Мәжнүн.

– Ырыстың пірі кім?

– Қызыр баба.

– Етікшінің пірі кім?

– Сәді ата.

– Орақшының пірі кім?

– Дихан ата.

– Желдің пірі кім?

– Мірқайдар ата

– Жаңбырдың пірі кім?

– Борық ата.

– Жарлының пірі кім?

– Қалтаң ата.

– Ұрының пірі кім?

– Жалтаң ата.

– Кәрінің пірі кім?

– Кекшіл ата.

– Ісмердің пірі кім?

– Тепшім ата.

– Ошақтың пірі кім?

– Ұмай ана.

– Қасапшының пірі кім?

– Сәдуақас ата.

– Кеселдің пірі кім?

– Ыңқыл ата.

– Күншілдің пірі кім?

– Күңкіл ата.

– Тәкаппардың пірі кім?

– Ібіліс малғұн.

– Наубайшының пірі кім?

– Ескендір Зұлқарнайын.

– Балықшылардың пірі кім?

– Жүніс пайғамбар.

– Шаштараздың пірі кім?

– Арыстан бап.

– Бау-бақшаның пірі кім?

– Бағбан ата.

– Орман-тоғайдың пірі кім?

– Мизам ата.

– Түйешінің пірі кім?

– Салық пайғамбар.

– Дәруіштердің пірі кім?

– Ғайса пайғамбар.

– Сараңның пірі кім?

– Қарынбай.

– Жомарттың пірі кім?

– Атымтай

– Тоқымашының пірі кім?

– Шиш пайғамбар.

– Тәуіптің пірі кім?

– Ұлықпан хакім.

– Саятшының пірі кім?

– Адам ата.

– Шешеннің пірі кім?

– Майқы би.

– Әділдіктің пірі кім?

– Мұхамбет пайғамбар.

– Патшаның пірі кім?

– Тақ Сүлеймен.

– Түркінің пірі кім?

– Әзірет Сұлтан.

– Ер-азаматтың пірі кім?

– Әзіреті Әли.

– Тарыққанның пірі кім?

– Сұлтан Үпі (Хубби сұлтан).

– Қыз-келіншектің пірі кім?

– Бибі Бәтима.

* * * 72 Кенжетай Д. Қожа Ахмет Яссауи дүниетанымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. 73 «Шексіз құдіретті, айбынды» деген мағынаны білдіретін Алланың бір сипаты.

74 «Қауым», «ел».
75 Ыбырайым пайғамбар.

76 Шораяқтың Омары. Сөйле, тілім, жосылып. Өлеңдер мен айтыстар. Құрастырған Ә. Айсауытов. – Алматы: Рауан, 1995. 77 Әулиелер әуезі (Шығыс данышпан, әулие-ақындарының жырларының тәржімасы). Көркемдеп аударған С.Нұржан. – Алматы: Эффект, 2009. 78 Әулиелер әуезі (Шығыс данышпан, әулие-ақындарының жырларының тәржімасы). Көркемдеп аударған С.Нұржан. – Алматы: Эффект, 2009. 79 Әулиелер әуезі (Шығыс данышпан, әулие-ақындарының жырларының тәржімасы). Көркемдеп аударған С.Нұржан. – Алматы: Эффект, 2009. 80 Әулиелер әуезі (Шығыс данышпан, әулие-ақындарының жырларының тәржімасы). Көркемдеп аударған С.Нұржан. – Алматы: Эффект, 2009. 81 Ж.Ахмади. Жүрек қартайса, ажал аңду салады. – Алматы: Қайнар, 2000. 162 б. Қазақстанда өзге діни таным мен бөтен мәдениетке жұтыла бастаған жастарға қарап, оларды сынаушылар «қағынан жеріген» деген тіркесті жиі қолданады. Әділдігін айту керек, олар қағынан жериін деп жерімейді. Оларды орынсыз айыптау дұрыс емес. Көп жағдайда төл мәдениетінен жеру үрдісі қарапайым логикадан туындайды. Яғни, Исламның әлемге таралып, әр түрлі елдерде құлпыру кезеңдерін бастан кешкені жайлы мәліметке қол жеткізе алмаған дінге сенушілер мынадай қисынға тоқтайды. «Дін Сауд Арабиясында дүниеге келді. Пайғамбар сол түбекте өмір сүрді. Құран Меккеде түсті. Адаспаудың айқын жолы – Құранды түпнұсқада оқып, дінді сол жақтан үйрену. Қанша дегенмен діннің қайнар бұлағы сол жақта жатыр» деп ойлайды. Бірақ діни танымға бейім адамдар мұндай тым қарапайым логиканы сілкіп тастап, әлем ғалымдары зерттеп, зерделеген терең мәдени қабаттарға үңілетін болса, олардың ойы міндетті түрде өзгерер еді. Түркияның теолог ғалымы Шабан Али Дүзгүн Ислам өркениетінің қалыптасу тарихындағы Орта Азияның ролін былайша атап өтеді: «Құран Меккеде түсті, Мысырда оқылды, Ыстанбұлда басылды және Мәуреннаһрда түсіндірілді деген сөз қалған. Әдетте барлық діннің мән-мағынаға бай мәдениеті оның пайда болған жерінен гөрі таралған аймақтарында қалыптасқан. Мысалы, Ғайса пайғамбар Таяу Шығыста дүниеге келгенімен, христиан өркениеті Еуропаға тамыр жайды. Будда Үндістанда туғанымен, мәдени жемісін Үнді-Қытай түбегінде берді. Сол сияқты Ислам діні де өз мәдениетін туған жерінде емес, дін жайылған өзге аймақтарда паш етті. Шам, Кордова, Бағдат, Ыстанбұл, Самарқанд және Түркістан сияқты қалалар Исламның мәдени астанасына айналды. Осының себебінен Құранның рухани маңызы мен мәйегі Орта Азияда ашыла түсті. Құран Кәрім Арабия түбегінен алыстап, өзге аймақтарға таралған сайын оның мағынасын түсіндіру тәсілдері де түрленіп отырды. Яғни, жергілікті өркениет пен мәдениет Құран рухымен шырайлана түсті. Бұл Исламның тарихта әр түрлі қырынан танылуы дегенді білдіреді». Түрік ғалымының бұл пікірінен мынадай қорытынды жасауға болады: Исламның қазақ тарихы мен мәдениетінде өзіне ғана тән ерекше салт-дәстүрлермен көрініс табуы – заңды құбылыс. Яғни, қазақ даласындағы Ислам түсінігі мен мәдениетінің Сауд Арабиясындағы Исламмен іштей айна-қатесіз үндескенімен, сырт бейнесінде өзіне ғана тән салт-дәстүрімен ерекшеленіп тұруы Құранның құдіретті кітап екенін дәлелдей түседі. Себебі, Құран Кәрім өзге ұлт пен ұлыстың төл мәдениетін жойып жіберуді мақсат тұтпайды. Керісінше, барлық халықтың ғасырлар қойнауынан қорытып шығарған салт-санасына рухани жан бітіреді. Құран үкімдерін үстірт ұғып, теріс мақсатта қолданған сайын Исламның беделі төмендей береді, қоғамдық қарым-қатынас нашарлайды, толеранттылық әлсірейді, мәдениет солғын тартады. Ислам әртүрлі мәдениеттермен араласқанда ғана әлемге ортақ моральдық қағидаларды хош көріп, олармен біте қайнасып кете алады. Осыған орай бір ғана мысал: жын-періні аршамен аластау ырымы көне түркілік түсініктен қалған. Ислам оны сіңіріп, салтқа сакральді мағына бітірді. Аңыз бойынша пейіште Адам Ата мен Хауа ана тыйым салынған жемісті жеп, періштелерден қашқан кезде арша ағашы ғана оларға пана берген. Халифасына болысқан аршаға Тәңірі риза болып, бұтағы мен жапырағына айрықша қасиет дарытады. Осы тектес мифтердің себебінен көне дәстүрлер жаңаша сипатқа ие болып, қазақ мәдениетін байытты. Түрік ғалымы өз ойын әрі қарай былайша сабақтайды: «Осылайша алыс аймақтарда бой көрсеткен сан түрлі дүниетанымдардың Құранды ұғыну барысында тапқан құнды көзқарастарын, сол кеңістікке сай формада ұсынғанын көреміз. Құранның дүниенің ең алыс түкпіріндегі адамға да түсінікті болып, мыңдаған жылдарды артқа тастаса да, үндеуінің жаңа замандарға бір мысқал да кемімей жетуінің алғышарты да осы – әр түрлі мәдениет пен кеңістік тәжірибесін сәтті пайдалану. Яғни, жергілікті дүниетаным мен ырым-тыйымды тәрк етпей керісінше мазмұнын өзгерту арқылы ислам мәдениетін толықтырады». Мысалы: Көктегі бір Тәңірі мен ләмәкәндағы бір Алла ұғымының үйлесе кетуі түркі тайпаларының Исламды қабылдауын тездетті. Нәтижесінде мұсылман болған түркілер өркениеттің жаңа сатысына көтерілді. Алтай тауының айналасында, Ислам өркениетінен жырақта қалып қойған туысқан түркі халықтары Қытай мен Ресейдің мәдени экспансияларына төтеп бере алмады. Қазір олардың саны өте аз. Аты-жөндері толық өзгеріске ұшыраған. Орта Азиядағы туыстарынан алшақтап қалған хакас, тува, якут сияқты бауырлас жұрттың көне түркілік салттары қазақ халқының дәстүрі сияқты сакрализация үрдісіне ілінбей қалды. Яғни, оларда кие дарыту процесі болған жоқ. Құраннан бастау алатын мәңгілік рухани идеяларға жалғанбаған кез келген салт пен дәстүр тез өлуге бейім болады. Румын ғалымы Мирче Элиаде мағынасы аңызбен қабаттаса өрілген ритуалдар жайлы былай деп жазады: «Аңыз – мәңгілік қайталанып тұратын ақиқат. Осы ақиқат негізінде туған ритуал немесе діни салттар мен ырым-тыйымдар Тәңірлік уақыт ішінде алғаш рет орын алған рухани сәтті қайта жаратып отырады». Тәңірлік уақыт дегеніміз – күллі киелі кітаптарда ғана кездесетін, біздің есепке бағынбайтын, тарихтан тысқары, тылсым әлемнің есебінде ғана айналатын мифтік уақыт. Оған: Адам атаның жаралуы, Әлімсақ оқиғасы, Нұх пайғамбардың кемесі, Ыбырайым пайғамбардың құрбандық шалуы, Мұхамбет пайғамбардың миғраж сапары кезінде айтылатын уақыт өлшемдері кіреді. Тіпті Арыстан баптың Қожа Ахмет Яссауиге аманат құрма тапсыру аңызы да осы Тәңірлік уақыт ішінде болатын оқиғаға жатады. Тылсым уақытты сезіне алатын ақжүрек жандар салт пен дәстүрді қолдану арқылы Тәңірлік жаратудың қайталанған сәтіне «куә» бола алады. Аңыздағы оқиғаның алғашқы нұсқасы ритуал арқылы қайталанып, бізді түп бастауымызға үңілдіреді, рухани негізге бойлатып отырады. Осыған орай ел ішінде «Аңыз түбі шын» деген ғибратты сөз қалған. Қиссада баяндалған оқиғадан тамыр тартпаған дәстүр мен ырым-тыйымдар адам өміріне терең сіңісіп кетпейді. Әр дәстүрдің түп бастауына, шығу негізіне аңыздық оқиғаны қоятыны сондықтан. Мысалы, Құрбан айт мерекесінде малды құрбандыққа шалу арқылы біз жыл сайын Ыбырайым пайғамбардың күйін кешеміз. Қиссалардан бастау алған пайғамбарларды үлгі ету мен әлемді мәденилендіру әдісі Рабғузидің «Қисса сүл-әнбия» еңбегінде тереңірек із қалдырды. Мифтік сананың ізі айқын көрінетін бұл еңбекте Құран қиссаларын мазмұндық жағынан байытып, кең құлашты баяндау үрдісі көзге ұрады. Рабғузидің бұл еңбегін қазақ тіліне алғаш тұтас күйде аударған ғалым – Төрәлі Қыдыр. «Қисса сүл-әнбия» Алтын Орда дәуіріндегі түрік мұсылмандық түсінігінің маңызды дүниетанымдық қоймасы саналады. Кейінгі дәуірлерде дәл осы еңбектің негізінде мәдениетімізде тұтас діни-рухани жанрлар өркен жайды. Айта кетерлік жайт, өзін адамзат тарихының бір бөлшегі ретінде сезінетін өркениетті ұлттарда қиссашылдық үрдіс үзілген емес. Ислам мәдениетінде «Ісраилият» деп аталатын қиссашылдық дәстүр медреселерде «Қисса сүл-әнбиямен» көрініс тапса, халық шығармашылығында жыраулық мектептер арқылы өркен жайды. Себебі, дәл осы үрдіспен ұлт өзінің тарихи миссиясын есінен шығармай, мәңгілік мәдени құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Құрандағы қиссалармен тығыз доктриналық байланыста өрбитін діни дастандарымыз бен аңыз-әпсаналарымызда әлемнің онтологиялық мәнін Мұхамбет пайғамбардың нұрымен, Адам атаның даналық хикметімен, Нұх пайғамбардың кемесімен түсіндіретін шығармашылық сарын байқалып тұрады. Бұл – әлемді мәденилендіретін шығармашылық ізденістің діни дүниетанымнан бастау алатындығын көрсетеді. Көктер мен жердің жаралуы және аң-құстың пайда болуы жайлы ойлар рухани негізбен өріле баяндалғанда ерекше діни дүниетаным қалыптасары сөзсіз. Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясында» көсіле баяндалатын жаратылыс жайлы ойлар мифтік санамен байланыста болғанымен, діннің догмаларын терістемейді. Мысалы, Исламның Алланы бір деп тану, пайғамбарды хақ деп нану, кітаптарға сену, ақиретке және өлген соң қайта тірілуге сену, тағдырға мойынсұну сынды иман шарттарына қайшы келмейді. Керісінше, Құранның ұғымдарын барынша байытып, детальдармен, сюжеттермен толықтыра түседі. Біздің заманда аңыздан гөрі нақты ғылыми дәлелдерге жүгінгенді жөн көретін сауатты елдің де қатары көбейген. Олар Құран кереметтерін мейлінше ғылыми зерттеулер арқылы танығысы келеді. Алайда бізден бұрын ондай әдісті қолданғандар болған. ХХ ғасырда Мухаммед Иқбал және Мухаммед Абдух есімді мұсылман ойшылдары Құрандағы аңыздарды ғылыммен түсіндіруге талпынып көрді. Ахмад Халифуллаһ «Құранды аңыздан арылту» деген тезисімен бұл мәселеге тіптен батыл кірісті. Бұл үрдіс – Батыс әлемінде Рудольф Бультман негіздеген «демифологизация», яғни мифтен арылту әрекетінің Ислам әлеміндегі көрінісі болатын. Неміс теологы Рудольф Бультманның «Інжілді мифтен арылту» тезисінің ықпалында ой толғаған бұл ғалымдар «модерн кезеңдегі адамның санасында мифке орын жоқ, сондықтан Құрандағы қиссаларды барынша рационалды пайым тұрғысынан түсіндіріп, тарихи оқиға ретінде емес, позитивистік ғылым аясында жорамалдауға болады» деп сенді. Олар Құрандағы мұғжизаны нақты ғылым көмегімен түсіндіруге тырысты. Алайда бұған дейін діни тәжірибеде орын алмаған бұл қадам қиссаның ғибратын ұғынуға керісінше кедергі келтірді. Яғни, аңыздың өн бойына жасырылған нәзік иләһи сырлар назардан тыс қалды. Осының кесірінен адам жаны діни мәтіндерден толық қанағат ала алмай, жүрегі нұрлы хикметке шөлдеп тұратын рухани кеселге шалдықты. Алайда, «Мифологияның заманы өтті» дейтін ғалымдарға Алексей Лосев сияқты философтардың ұтымды уәждері жетерлік. «Мифтік болмыс – шынайы болмыс. Миф жанды һәм қарапайым шындық. Жалпы біз өмір сүріп отырған осы әлем аңыздың негізінде жаратылған. Сондықтан да әлем мен тіршіліктің пайда болуын рационалды ғылым ешқашан түсіндіріп бере алмайды». Осы ойды Мирче Элиаде былайша дамытады: «Мифологиялық сана ешқашан жойылмайды, себебі мифтер жаңа қоғамдық шарттар мен мәдени талаптарға бейімделгіш». Даниялық ғалым Георг Нибур қисса жайында мынадай батыл пікір айтады: «Мифсіз өмір жоқ. Себебі, адамның болмысы басқа мақұлықтан айрықша жаратылған. Адам ұрпағы – өмірінен мән мен мағына іздейтін жалғыз тіршілік иесі. Ал мән мен мағынаны рационалды ғылым тұрғысынан түсіндіре алмайсыз. Ұлы Мәннің бастауының өзі біз «Өмір» деп атайтын тіршіліктің арғы жағына жасырынып тұр. Ұлы Мәнді іздеу барысында ғылыми дүниетаным қолайлы құрал бола алмайды. Себебі, Ұлы Мән мен Мағына – трансцендентті болмыс. Бұл тылсым болмысты құндылықтарды символикалық тілмен жеткізуші мифтер арқылы ғана ұғынуға болады». Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзімен айтсақ:

Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де, мейлің бір Мән де,
Сол Қуатпен бол таныс.

Әлемді сол Мән жаратқан.

Енді қисса айту дәстүрі үзілгенде оның арты неге апарып соғуы мүмкін дегенді де назарға алып қаралық. Осы мәселеге орай Британдық ғалым Карен Армстронг былай жазады: «Біз, әдетте, көне заманның адамдары тура біз сияқты болған деп ойлауға бейімбіз. Алайда олардың рухани өмірі әлдеқайда өзгеше болды. Әсіресе, олар ойлаудың, сөйлеудің, білім игерудің екі түрін ойлап шығарды. Ғалымдар оларды қазір мифтік таным және логостық таным деп екіге бөлді. Екеуі де маңызды еді. Екеуі де ақиқатқа жетудің құралы ретінде қарастырылды. Бірақ әрқайсысы өзіне ғана тән таным алаңында қызмет етті. Миф негізінен тәңірлік уақытпен біздің мәңгілік болмысымыз жайында ғана толғайды. Тіршіліктің қайнар бұлағына үңілдіреді. Мәдениеттің түп-тамырын жасақтайды. Адамның ең терең жанқатпарларына бойлайды. Миф күнделікті дүнияуи тұрмыс-тіршілікке араласпайды. Адамзат ұрпағы өмірден баянды мән таппаса, соңы міндетті түрде өліммен аяқталатын тіршіліктен торығуға бейім тұрады. Сондықтан миф осы дүние тіршілігіне де мағына сіңіру арқылы адамдардың назарын мәңгілік болмысқа аударуға тырысады. Тура мағынасында қабылдауға болмайтын аңыздық оқиғалар психологияның ең көне түріне жатады. Мұғжиза, кереметтер арқылы адам миына сыймайтын ерлік істер атқарып, жалмауыздармен алысып жүретін батырлар түпкі санадағы қараңғы көңілге сәуле шашады. Бұл құбылысты рационалды ғылыммен тани алмайсыз. Есесіне осы қиссалар біздің мінез-құлқымызға өте қатты әсер етеді. Біздің заманда аңыздар мен қиссалардың жетіспеуінен ішкі дүниеміздегі бос қабаттарды толтыру үшін психоаналитика деген жаңа ғылым ойлап шығарды. Діни аңыздарға деген рационалды ұстаным фундаментализм мен атеизмді туғызды. Бұл екеуі де – түп-тамырында бір-біріне байланып жатқан идеялар. Көбіне фундаментализм деп аталатын қорғану позициясына көшкен тақуалық ХХ ғасырда барлық ірі діндерде көрініс тапты. Яғни, діндарлар мифтен бас тартып, логосқа ден қойып, ғылыми дәлелдерге негізделген діннің «беріктігін» қалыптастырғысы келді. Фундаментализмнің кие мен қастерлі ұғымдарды тәрк еткен жаңа тенденциясы бұрынғы мейірімді Құдайды халық жадынан ығыстырып, оның орнына қаһарлы һәм адам сияқты санасып отыратын Құдай түсінігін орнықтырды». Британдық ғалым айтып отырған осы құбылысты соңғы жиырма жылда Қазақстанда тамыр жайған барлық діни ортадан байқауға болады. Інжіл мен Құрандағы мұғжизаларды ХХІ ғасырдың ғылымының негізінде түсіндіруге талпынған кітаптар мен деректі фильмдер қаптап кетті. Бірақ осы өзгерістер қоғамға рухани серпіліс сыйлаған жоқ. Керісінше діни толеранттылық қоғамға берік орныға алмады. Аңыздық құндылықтарды жалғанға балап, тек дәлелге сүйенген діни жамағаттар Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартатын, қоғамдық міндеттерді тәрк ететін, Конституциялық мемлекет құрылымын мойындамайтын ерекше толқын туғызды. Осы толқын өкілдері мәдениеттің барлық саласына кері әсер етті. Діни аңыз-әпсаналардың негізінде қалыптасқан жырлардан бас тарту, аңыздарға арқау болған мистикалық тұлғалардан қалған рухани мұраларды тұтынбау және көне фольклорлық құндылықтардан жеріну белең алып кетті. Бұл сананың сетінеу тізбегі мынадай жолмен іске асады: мифтік танымнан ажырап, барлық нәрсеге дәлел іздейтін дінге сенуші адам енді аңыздың негізінде қалыптанған салт-дәстүрден міндетті түрде жериді. Салт-дәстүрін тәрк еткендер ұлттық негізден бас тартады. Ұлттық негізден бас тартқан дінге сенушілер жамағаты діни фундаментализмді туғызбай қоймайды. Біз осы кітапты жазу барысында бір жылдай уақытты сарп еттік. Мифологияға қатысты талай деректі ақтардық. Осы саланы зерттеген ғалымдардың еңбектерімен таныстық. Осыншама ізденіс барысында мынадай ойға нық бекідік. Қазақ халқының аңыздары мен салт-дәстүрі және ырым-тыйымдары әлемдік мифологияның барлық талаптарына жауап бере алады. Яғни, салт пен аңыздың мағыналық жағынан қабаттаса дамуы, адам өміріне мағына бітіруі, жақсы мен жаманды айыруы, торыққан пендеге шабыт сыйлауы, әлемді мәденилендіруі, бүкіл аңыздар мен дәстүрлердің логикалық жағынан матаса байланысуы және біз үшін ең бастысы Ұлы Мәнді іздеуге деген ықыласымызды оятуы жағынан алғанда қазақ халқының салты мен қиссасын әлемдік мифологияның алтын үлгісі десе де болады. Осы жерде мынадай пікірді баса айтып өткіміз келеді. Бұл кітапты оқу барысында «қазақтың салт-санасы мен ырым-тыйымдары Құранда бар ма немесе Құранда жазылған ба?» деген әсіредіншілдікке салынбаңыз. Дұрысы, «қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдары Құран рухына, пайғамбар үлгісіне қайшы келмей ме?» деген терең тарихи таныммен оқыған абзал. Егер екінші пікірді ұстана отырып оқитын болсаңыз, сіз қайшылықтарға емес, сүндет пен салттың, дәстүр мен діннің үндестіктері мен үйлесімдеріне тап боласыз. Бұл кітаптың маңыздылығы да сонда – Құран аңыздарының негізінде сомдалып шыққан киелі салт-дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа аманаттап жеткізу болатын. Бұл аманатты аман-есен жеткізу – барлық ата-ананың қоғам алдындағы міндеті. Осы міндетті атқару жолында барлығыңызға Алла жар болсын! Кітапты құрастыру барысында ісіміздің алға басуына тілектес болып, оның жарыққа шығуына атсалысқан Байқадам Арман Абдрахманұлына, Моминов Муроджон Махамаджанұлына, Алтыбаев Ақылғазы Қайырғазыұлына, Тастанбек Нұржан Оңалбекұлына, Әлімгерей Жанұзақ Өмірзақұлына, Уатбай Мұса Мұратұлына, Нәлібаев Фархад Молдахметұлына, Ермекбай Әділбек Алпысбайұлына, Тастанов Амангелді Мейрамбекұлына, Қыдырбеков Арғынбек Қабылбекұлына, Мықтыбаева Гүлнар Сейітқызына, Айпенова Азиза Срайылқызына, Қожабекова Назгүл Базарғалиқызына алғысымыз шексіз. Бұлардан бөлек шалғайда жатса да, әлеуметтік желі арқылы көмегін аямаған маңғыстаулық Сұлтан Қадір ақсақалға, атыраулық Басир Ғарифоллаұлына, батыс қазақстандық Нұртас Сафуллинге айтар алғысымыз ерекше. Осы кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, жәрдемін аямаған Абзал Құспан мырзаға шын жүректен рақметімізді айтамыз.

Авторлардан.
Түсіндірме сөздер

ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДЕР

Абсолютті – «Ең жоғарғы», «кемел» деген мағынаға ие, философия мен дін ғылымдарынан бастау алған термин сөз. Ажам – Араб халқы өздерінен бөлек басқа жұрттарды осылай деп атаған. «Араб тілін білмейтіндер» деген мағынаны білдіреді. Негізінен бастапқыда Ирандағы парсы халқына қатысты айтылған. Азан-қаумет – Азан «естірту, білдіру» деген мәнде қолданылады. Намаз уақытында мұсылмандарды құлшылыққа шақыру үшін күніне бес уақыт азан шақырылады. Оның мәтінінде Алланың ұлықтығы, Мұхамбет пайғамбардың оның елшісі екендігі айтылады. Азан айтатын адамды «муәзин» деп атайды. Қаумет – намаздың басталғандығын білдіретін азанға ұқсас сөздер. Азанға қарағанда жылдамырақ оқылады. Жаңа туған жас сәбиге ат қойған кезде, алдымен, оның оң құлағына азан, сол құлағына тәкбір айтады. Содан баланың құлағында азан-қаумет сіңіп қалады. Ақиқи – 1. «Шынайы», «ақиқат» мағынасында; 2. Нәресте дүниеге келген кезде Құдайға шүкіршілік белгісі ретінде сойылатын малды «ақиқа құрбаны» деп атаған.

Алаң – Қойда болатын ауру түрі.
Асхаб – Мұхамбет пайғамбардың серіктері.
Ахлақ – Көркем мінез-құлық.
Аятүл күрсі – Дұғаның атауы.

Әбілхаят (ар.) – Тірлік суы деген сөз. Ескі наным бойынша ішкен адам өлмейтін киелі су. Әз – «Асыл», «текті», «данышпан», «құрметті» мәніндегі «әзиз», «әзіреті» сөздерінің қысқарған түрі. Сонымен қатар қартайып, көзі көруден қалған қарияларды да ертеректе «әз» деп атаған.

Әзел – «Бастапқыда», «ежелде» деген мағынада.

Әлімсақтан – «Әл Мисақтан»: Әуелден ақырға дейінгі барлық адам рухтары Аллаға «Әрине, Сен біздің Раббымызсың» деп ант беретін орын.

Әпсана – Аңыз әңгімелер, мифтер.
Бәбісек – Көкек құсы.
Бәділ – Адамның азғындап, хайуанға айналу процесін айтады.
Ғанкабут сүресі – Құран сүресі. Қазақша мағынасы «Өрмекші» деген сөз

Ғапылдық – Алланы еске алудан кесілу. Алла Тағаланы ойдан шығарып алу, ұмыту.

Ғибадат – Аллаға құлшылық ету.
Ғилман – Діни түсінік бойынша жәннаттағы қызметшілер.
Дәргей – Алланың құзыры.

Дәруіш – Парсыша «мұқтаж», «пақыр» дегенді білдіреді. Яғни сопылықта астарлы түрде «Құдайдың нұрына, дидарына мұқтаж жандар» сипатында қолданылады.

Дұға – Аллаға жалбарыну, тілек тілеу.

Жад – «Ес», «ақыл». «Жадына тоқу», «жад ету», «жад қылу» - Алланы еске алу деген сөз.

Жайнамаз – Мұсылмандар намаз оқыған кезде қолданатын төсеніш.
Жаһаннам – Тозақ, тамұқ.
Жәдігөй – Сиқыршыны айтады.
Жұраты – «Жұрағаты», «ұрпағы» мәнінде.

Жын-перінің шәрі келмес – «Жын-перінің жамандығы келмес» деген мағынада.
Зайыр – «Захир», яғни «сырты», «тысы» деген сөз.

Зиярат – «Бару», «көру». Діни мәнде қабірлерге, кесенелерге барып, әруақтардың рухына Құран бағыштау салты. Зұлпықар – Мұхамбет пайғамбардың сахабасы, төрт шадиярдың бірі – Әзіреті Әлидің қылыш. Аңыз бойынша қылыш пайғамбарға көктен түсіпті, оның екі ұшы бар екен. Пайғамбар Әлиге қылышты сыйға тартады.

Зүрият – «Ұрпақ», «нәсіл», «тұқым».
Зікір – Алланы еске алу.
Иләһи – Құдайлық, Тәңірлік.
Ислам аша келу – «Ислам дінін тарату» деген сөз.

«Кәәнә ләһу қалбун» – Құрандағы «Қаф» сүресінің 37-аяты. Мағынасы «Құрандағы рухани қазына жүрек көзі ашылғандарға ғана нәсіп болады» дегенді білдіреді. Кәлам – 1. Араб тілінде «сөз» деген мәнде. Алланың кәламы, яғни сөзі – Құран Кәрім. 2. Исламдағы сенім негізін үйрететін ғылым. Кәлам-шаһадат – Мұхамбет пайғамбардың Алла Тағаланың Хақ елшісі екендігіне куәлік беру.

Кәмару-Мұхамбет – «Мұхамбеттің белбеуі» деген мағынада.

Кәрабан-Катибан – Әрбір адамның екі иығында отырып, оның жақсылығы мен жамандығын жазып отыратын қос періштенің есімдері. Құранда «Кироман-Катибин» деген атпен кездеседі. Керсеніне кәуірдің – «Керсен» - үлкен дөңгелек ыдыс. Кәуір – «діннен бас тартқан адам» мағынасында.

Қардер – «Көмекке мұқтаж жан», «міскін».

Қисса – Араб тілінде «еріп жүру», «баяндау», «әңгімелеу» деген мағыналарға ие. Құранда жиырма бес пайғамбар туралы оқиғаларды «қиссалар» деп атайды.

Қисса сүл-әнбия – «Пайғамбарлар қиссасы».

Қиямет – Барша адам баласы о дүниеде тіріліп, Аллаға есеп беру үшін мақшар майданына жиналатын кез. «Қиям» - «тік тұру» деген сөзден шыққан».

Құбыла – Мұсылмандар намаз оқығанда жүздерін бағыттайтын тарап.
Малғұн – «Қарғысқа ұшыраған» деген мағынадағы шайтанның сипаты.
Махшар – Барлық адам баласы ақиретте қайта тірілетін жер.

Машайық – «Шайқылар», яғни әулие-ғұламалар, Ислам дінін тарату жолында жан аянбай еңбек еткен кісіле.р Мәуліт жыры – Мұхамбет пайғамбардың туған күні тойланғанда айтылатын, пайғамбардың өмір жолын өнеге ететін жырлар. Миғраж – Мұхамбет пайғамбардың Алла тағаланың шақыруымен киелі әлемге жасаған сапары.

Михраб – Намаз оқығанда имамның тұратын орны.
Мұғжиза – Пайғамбарларға тән болған қасиеттер.
Мүбәрәк – Құрметті, берекелі.
Мүмін – «Момын». Алланың бірлігіне шын көңілімен иман келтірген адам.

Мілләт – «Ұлт», «қауым».
Міскін – «Кедей», «жарлы», «бейшара».
Намаз – Құлшылық, бес парыздың бірі.
Нахл сүресі – Құран сүресі. Қазақша мағынасы «Бал арасы» деген сөз.

Нәби – Алланың елшісі, пайғамбар.
Нышанасы – «Белгісі», «сипаты».
Лағин – Қарғысқа ұшыраған шайтан мағынасында.
Ләмәкан – Мекенсіз деген мағынаны білдіреді.

Лә иләһә иллалла Мухаммад расул Алла – Көркем сөз, яғни «Кәлима таиба». Мағынасы: «Алладан басқа Тәңір жоқ Мұхаммед – Оның елшісі».

Рационалды – «Ақылмен ойлап білетін құбылыстар».
Тайбатүн – «Көркем сөз», яғни «кәлима-и таиба».

Тақуа – Құдайдан қорқатын, оның әмір-бұйрықтарын шын жүрегімен орындайтын адам. Таразы мизам – Қияметте адам баласының сауабы мен күнәсін есептеу үшін құрылатын таразы. Тарихат – «Жол», «сүрлеу». Сопылықта Аллаға бастап апаратын жол, бағыт. Яссауи жолы, ілімі, қағидасы «Яссауия тарихаты» деп аталады.

Тәбәрәк – «Берекелі», «қасиетті».
Тәкбір – «Аллаһу акбар», яғни «Алла ұлы» сөзін айту.
Тәмсіл – Өнегелі, ғибратты сөз.

Тәуап – «Құрметтеу». Қажылыққа барған кісілер Қағбаны жеті рет айналып тәуап етеді. Трансцендент – Философиялық термин ретінде тәжірибе арқылы танып-білуге келмейтін, «сезімдік танымнан тыс» деген мағынаны білдіретін ұғым. Пайғамбар сүндеті – Мұхамбет пайғамбардың жасап кеткен істері, үлгі-өнегесі мен ғибратты амалдары. Пәруар – Парсыша «қолдаушы», «қорғаушы», «қамқор», «азық беруші», «асыраушы» деген мағынада.

Перғауын – Мұса пайғамбар дәуірінде өмір сүрген Мысыр билеушісі.
Пешене – Тағдыр, жазмыш.
Салауат – Мұхамбет пайғамбарға Алланың игілігі мен сәлемін тілеу.
Салсабил – Құранда аты аталатын жұмақтағы бұлақтардың біреуі.

Сакраль – «Кие», «қасиет» мәнінде.
Сарып – Сиырда болатын ауру түрі.
Сахаба – Мұхамбет пайғамбардың серіктері.
Сахауат – «Жақсылық», «жәрдем», «қайырым».

Сәжде – Араб тілінде «мойынсұну», «бағыну», «маңдайын жерге тигізу» деген мағыналарды береді.

Сәруар – Парсыша «жолбасшы», «көсем» мәнінде.

Сиқыршының дуасы өтпес – Дуа – бұл жерде сиқырмен жасалатын қастық, арам ниетпен жүзеге асырылатын зұлымдық. Арнайы құпия сөздер формуласынан тұрады. Силсала – «Тізбек», «шынжыр». Сопылықта адамның рухани ілім ұстазына жалғастығын білдіру үшін қолданылатын ұғым.

Таухид – Құдайдың бірлігі.
Уахи – Алла Тағаланың пайғамбарларға жіберетін хабары.

Уәжіп – Орындалуы парыз секілді талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер. Мысалы, құрбандық шалу, айт намаздары, т.б.

Улухият – Тәңірді тану ілімінің қағидалары.
Ұстын – «Діңгек», «тіреуіш» ұғымында.

Үмбет – Мұхамбет пайғамбардың сүндетін, қағидаларын бұлжытпай ұстанатын жандар, яғни мұсылмандар. Фиқһ – Арабша «терең түсіну» деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінде құлшылық шарттарының сауатты орындалу жүйесі.

Хабиб – Арабшадан аударғанда «сүйікті» деген мағынаны береді.
Хайыз – Етеккір.

Халифа – «Орынбасар» мағынасында. Алла Тағала Адам атаны «орынбасарлық» үшін жаратқан. Халиф – «Әмірші», «билеуші». Мұхамбет пайғамбардан кейін оның орнына отырған әділетті төрт сахаба халифтер деп аталады. Олар: Әз. Әбубәкір Сыддық, Әз. Омар, Әз. Оспан, Әз. Әли.

Хақ – 1. Алланың бір есімі. 2. Шын, ақиқат мағынасында.
Харап – «Құру», «қирап біту», «жойылу».
Хикмет – Даналық.
Һәрне – Әрбір нәрсе.

Шадияр – «Шахарияр», яғни «төрт дос». Әзіреті Әубәкір Сыддық, Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Әли. Шаһадат – «Куәлік беру», яғни «Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхамбет оның елшісі» деп, өзінің мұсылман екендігіне куәлік беру.

Ібіліс – шайтанның атасы, Адам атаға сәжде етпегені үшін қарғысқа ұшыраған.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙