Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 10 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Мыңжас Темір
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
ТЕМІР МЫҢЖАС
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Темір Мыңжастың «Өмір-өлең» атты өлеңдер кітабы енгізілді. Темір Мыңжасұлы МЫҢЖАС
1952 жылғы 25 қыркүйекте дүниеге келді. Орта мектептен кейін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы кәсіптіктехникалық училищені, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Көршілес түрікмен еліндегі Красноводск ауданының «Жұмысшы», Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол», Бейнеу аудандық «Рауан» газеттерінде бөлім меңгерушісі, Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінде жауапты хатшы болды. Сондай-ақ Жаңаөзен қалалық Кеңесі атқару
комитеті төрағасының, қала әкімінің орынбасары, қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Өнер» ҚКМ-інің директоры, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы тіл бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2003 жылдың ақпанынан бері Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті Бас редакторының орынбасары қызметін атқаруда. Шығармалары «Қарылғаш», «Қос ішек – Струны души», «Бекет ата», «Дала данасы», «Жыр моншақ», «Кәусар бұлақ» сынды оннан астам ұжымдық жинақтарға енді. Өзінің «Бойтұмар», «Атамекен», «Жүрек сөзі», «Сені іздедім», «Ақ қайың жылап тұр» атты кітаптары, 2012 жылы поэзиялық және прозалық туындыларынан тұратын қос томдық жинағы жарыққа шықты. Темір Мыңжасұлы сондай-ақ 30-ға жуық ән мәтінінің авторы. Ол 2005 жылы республикалық патриоттық әндер байқауының (ән мәтіні үшін) дипломанты, 2009 жылы Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері, 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық конкурсының жеңімпазы атанды. Темір Мыңжасұлы Қазақстан Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі.
АЗАМАТТЫҚ ӘУЕН ӘРІ Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, танымал ақын Темір Мыңжас ес жиып, етек жапқан соң-ақ: «туған халқымның қажетіне жарасам, кетігіне кірпіш болып қалансам» дегент асыл мұратпен өмір сүрді. Шығармаларының жиынтығы ретінде 2012 жылы өлеңдер мен балладалардан және әңгімелер мен мақалалардан тұратын екі томдық шығармалар жинағын шығарды. Бүгін маған мереке күн, туған күн, Мен бірімін тұлпар жырды қуғанның. Көз ашқалы тағдыр көрдім тайталас, Өміркүрес белді бекем буғанмын. Демім жетсе белестерден әрі асам, Өлең сөзден сарай соғам қаласаң. Бақыттыға балап өтем өзімді, Туған халқым бір кәдеңе жарасам.- деп еңселі ақын Темір Мыңжасұлының өзі жырлағандай, оның өмірлік кредосытуған елінің бір кәдесіне жарау. Ақын туған елінің кәдесіне жарағанда қандай? Әбден жарап-ақ келеді. Ол өлеңнің де елге, халқына мінсіз қызмет етуі қажеттігін шүбәсіз түсінеді. Әсіресе тәуелсіздік алғанына аса көп болмаған жас мемлекеттің болашағын, бағдарламаларын насихаттау үшін де, қалың жұртқа түсінікті тілмен ұғындыру үшін де өлең, жауынгер жанрпублицистика ауадай қажет. Бір жақсылық білемін, болады әлі, Қанаттанам сыпырып томағаны. Басқа түскен бүгінгі бұлыңғыр күн, Бұлдырықтай бұлдырап жоғалады. Ғаділет пен шапағат жол алады, Барша тірлік сонан соң оңалады. Жадаулықтың қамытын сілкіп тастап, Көгереді біз жүрген қоғам әлі. Ақын еліміздің ертеңіне сенеді. Бұл өлең 1998 жылы шыққан «Атамекен» кітабынан алынды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізді нарық қыспағы табадағы балықтай қуырып жатқанда халықты
байсалдылыққа, имандылыққа, сенімге шақырған ақынның көрегендігіне таңданбасқа болмайды. Темір Мыңжасұлы 1952 жылы қыркүйек айында Түрікменстанның Красноводск ауданында дүниеге келді. Орта мектептен кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Сосын қазақ тілінде шығатын Красноводск аудандық «Жұмысшы» газетінде біраз жыл еңбек етті. Сонау аласапыран жылдары қызылдардың қыспағынан құтылудың бір жолы деп түсініп, өзге елдерге үдере көшкен қалың жұрттың ішінде Темірдің ата -анасы да болды. Қазір Отанына әлі орала алмай жүрген бар арманы, мұңы, мүддесі әке -шешелері туған топырақты құшу, туыстарына қауышу болып табылатын сол қандас бауырларымыздың шынайы бейнесін алғашқылардың сапында елге оралған Темір айна қатесіз былай суреттейді. Өзі төрт шумақтан тұратын шағын өлеңді түгел оқыған ләзім: «Шіркін өмір болмағанда бір күнгі, Дәм жазбады -ау көруге ата жұртымды».- Осылайша әкем кейде мұңайып, «Туған жерім-Форт Шевченко»- дейтінді. Балалықай көңілімнен құлаған, Аңтарылып қарайтынбыз біз оған. Сезбедік те сағынышты сарғайтқан, Ұқпадық та жан жүрегін жылаған. Зейнетіңнен бейнетіңді көп көрген, Жарты жасын жат өлкеде өткерген. Менің әкем көп боздақтың бірі еді, Туған жерге жете алмай шетте өлген. Маңдайына жазсын, мейлі қиын сын, Баба рухы бойға күш боп жиылсын. Менің енді сұрайтыным тәңірден, Атамекен топырағы бұйырсын.
Жалпы жақсы өлеңге түсінік берудің қажеті шамалы. Жақсы өлеңді оқу ғана керек. Темір қысқалықты ұнататын ақын. Кейбіреулердей шұбалыңқылыққа салынып, өлеңінің басында не айтқанын ұмытып қалып, соңын шатастырып отырмайды. Оның өлеңдері сақаға құйған қорғасындай. Алған тақырыбын, айтпақ ойын дәл, оқырманға ұғынықты беруге жұмыстанады. Орыстың ұлы жазушыларының бірі Антон Чехов: «Қысқалық таланттың сіңлісі» деген ғой. Ал бүгінгі таңда аз сөзге көп мағына сыйғызу нағыз таланттың өзі. Кітаптан бас алмай жастанып жатып оқитын бұрынғы оқырманды қазір қолыңа шам алып іздесең де табу оңай емес. «Абыл зергер, Қашаған ұста, Абылекеме кім жетсін» деген ғой атақты ақпа -төкпе ақын Қашағанның өзі. Бұл біздің бабаларымыздың шын талантты
шынай мойындауы ғой. Бізде бір нәрсе жетпей жатады. Ол кейбір ақынсымақтардың өзгенің табысын көре алмай іштарлыққа салынуы, қара нар Қашағанның кеңпейілдігінен үлгі алмауы, елдікке, бірлікке, татулыққа ұмтылмай, ағайынның арасын ала тайдай бүлдіруге, аға мен інінің жұдырықтасқанын көріп ләззат сезімге батуға құштар болуы. Бұл жаман қасиет. Ақынды ұшпаққа шығармайтын, тілеуін кесетін қылық. Ал біздің Темір бауырмал, екі жүзділікті жаны сүймейді. Кейбіреулердей ешкімге тасадан тас атпайды. Неде болса өзгенің қолымен от көсемей желдің өтінде өзі жүреді. Маңғыстау маржандарын тірнектеп жинап, ақын – жырауларының, күйшілерінің, әншілерінің рухын тірілтіп кеткен ізденімпаз ғұлама ғалым, марқұм Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз Темірдің алғашқы жырларынан – ақ өршіл ақындығын тани біліп, өлеңдерінің бойында өріліп жүретін азаматтық әуеннің молдығын дәл тапқан – ды. Иә, Азаматтық әуен...
Білем бүгін тапшы емессің ақшаға, Жиһаз жидың, алдың жаңа баспана, Ескі заттан арылам деп бұрынғы, Байқа көне бесігіңді тастама. Бұл Темірдің жаңа заманға сай үй – жиһаздарын жаңартам – деп жанталасқан жаңа қазақтарға айтқаны. ... Ей шау тартқан екі басты самұрық, Неге сонша шаңқылдайсың жанығып. Өткен күнің енді қайта оралмас, Бүл дүниеде басқаның да барын ұқ! Бұл Темірдің империялық үстемдікті қайта құруды аңсаған Солженицын дегенге берген жауабы. «Жазығың сол ел болуға үндедің, Көшелі сөз көкірегіңе түйгенің. Қыран даусың құлағыма жеткендей, Асыл бейнең түсіме еніп жүр менің.
Көшіп жылдар, ессе дағы сан ызғар, Өр тұлғаңыз жүректе от боп жалындар. Сан ұстасып жат қолына бермеген, Маңғыстауың саған мәңгі қарыздар». Бұл Темірдің халқы «Қарадан шыққан хан» - деп қадірлеген Тобанияз бабасына бағыштаған дұғасынан. Иә, Азаматтық әуен... Темір осы азаматтық әуенді кейбіреулердей жаңа қоғамыздың құрылысына, оның басшыларына топырақ шашу, жөнсіз зарлау, құрғақ айқаулау деп түсінбейді. Жан айқайының қажеттігін ұғады. Ал жан айқайы сезімдердің терең иірімдерінде жатады. Оның дауысы құр жаңғырық болып естілмейді. Жан жүрегіңді езіп, үнсіз егілтеді. Ол айқайды ұғына білу керек.
Жан айқайы отының басының өз – өзінен берекесін алатын үрей туғызу үшін емес, жан сезіміңнің қайсар отын үрлеп жандыратын дүлей туғызу үшін қажет. Әрқашанда ішкі терең иірімдерінде жетіліп, жалынды жанартау болып атылатын лава сезімдерден туған жырлар ғана өміршең болмақ. «Ақын өз заманының қолтығына қойылған градусник» - деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай қай қаламгер де алдымен өз заманының жыршысы. Ақын екенсің енді – енді қаз тұрып келе жатқан тәуелсіз Еліңе қызмет ет. Отына күй, суығына тоң. Отаныңның ық жағында емес, жел жағында жүр. Арамдыққа емес адалдыққа үнде, қазақты шағыстыруға емес, табыстыруға жұмыстан. «Өсер елдің баласы бірін – бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін – бірі қатын дер». Қазағымның осы мақалын әлемнің әйгілі жазушысы Әбіш ағамыз одан әрі жеріне жеткізе жетілдіріп былай дейді: «Қуана білмегенге құт дарымайды, бағалай білмегенге бақ тұрмайды Табына білмейтін қауымнан пайғамбар шықпайды, бағына білмейтін халыққа патша құтаймайды. Ел содан барып азады, жер содан барып тозады...» Демек бір – бірімізге құт қондыратын да, қондырмайтын да, бастағы бақты тұрақтандыратын да, тұрақтандырмайтын да, ішімізден пайғамбар шығаратын да, шығармайтын да, патшаны құтайтатын да, құтайтпайтын да өзіміз екен. Оның ішінде «от ауызды, орақ тілді» аталған ақындардың үлес салмағы қомақты болмақ. Біздің ойымызша Темір қарымды қаламының қуатын Маңғыстаудың аз халқының алдағы мезгілде шілдің боғындай шашырап кетпеуіне, ынтымақ пен бірлікте болуына арнап, жанын салып шыр – пыр болып келе жатқан ақын.
Айтуар Өтегенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ӨМІР - ӨЛЕҢ
І бөлім Тәуелсіздік – бақытым да, барым да, Жыр жазамын, жырлаймын ол жайында. Жаратқаннан тілейтінім, тәу етіп – Қазағымда еркіндіктен айырма! ҰРПАҚ ҮНІ немесе Бекет ата рухына сыйыну
Тас қорымдарға айналып, Жатсың ба, баба, жайланып. Мінәжат етем о, аруақ. Кешеңдеу қайта ойға алып. Төбемнен заман торланып, Ұрпақ ем жүрген сорланып. Балапаныңбыз, әулием, Ұша алмай жүрген қомданып. Үстемдік көріп жасқанып, Жанардан мұңлы жас тамып, Бар тапқанымыз даурығып Бас шұлғулардан аспадық. Күн кешіп ырду-дырдумен, “Бұл күндер бақыт, нұр” деумен Уақытты алтын өлтірдік Мастықпен және мүлгумен. Көсем деп білдік олқыны, Шешен деп білдік таңқыны. Иіріп қойша жалпыны, Көтердік көкке жалқыны. Билікті беріп қыртыңа, Көндірдік көпті ырқына. Жоғарыға қарап бас шұлғып, Шығарды ол қолын жұртына. Асылымызды айдадық, Жасығымызды сайладық. Ақыл сөз айтар көмейден Суырып тілді байладық. Жоғалып дінім, иманым, Дөкірлік болды жиғаным. Ұмытып қазір барамыз Атаны бала сыйлауын. Жойылып ұлттық сипатым, Қазаққа келмес тұрпатым, Шүлдірлеп бәрі тұрғанда Артады жүрек сырқатың. Еліңді сөйтіп тоздырдық, Тұлпардан тұғыр оздырдық. Жер бетін жайлап барады Мейірімсіздік пен озбырлық.
Өшпеген енді қалды нем, Тобырды қалай сендірем. Шапағатыңды бер Ата, Оу, Бекет, қолда әулием, Пір Бекет, қолда әулием! Қыркүйек, 1991 жыл.
МАХАМБЕТТІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ АЙТҚАНЫ Айналайын атыңнан, қасиетті атамекенім, Жауыздарыңнан түңілдім, ал сенен қалай кетемін?! Әділет іздеп жалғаннан, хан-сұлтандармен шайқасып Ұл боп туған парызымды алдыңда сенің өтедім. Туған жерім-бесігім, қиям ба сені басқаға, Жер басып жүрсем өзіңде, іздемес едім баспана. Талауға түскен халықтың зарын естігенде мен түгіл Жан бітер деуші ем сендегі қара тасқа да. Кек отына лапылдап, суырдым ақ алмасты, Өр ұлдарың соңыма еріп, төсіңде дүбір жалғасты. Әттең бірақ, Исатайдай қанатымнан айырылып, Қапы қалдым, айтқанмен орны толмас-ты... Қасіретті халқыма бақыттың таңын көкседім, Арманым еді-ау бір көру тәуелсіздікке жеткенін. Аспанында даламның өз байрағым желбіреп Мына түнек заманның дәурені бастан өткенін. Ей, туған далам, мен сенің келешегіңе сенемін, Жасқанбай айтқам сондықтан әділеттің жеңерін. Өтінерім: артымнан ерер, ел қорғаны-ұрпаққа Жетсінші менің алдаспан жырым, сәлемім... 27.11.1976. ӘН ҚАЛДЫ АЙРАҚТЫДА* Әбілқайыр Спанға Ұрпаққа сайлап мұра, Жүргенде... жайратты да, Асаудай бұлқынғанда
Ән қалды-ау, Айрақтыда... Серпіліп бұрынғы рай, Төккенде нұрын Құдай. Сол бір ән қалықтар ма Өр үнмен бұрынғыдай? Ойыңды кек пісірген, Сол әннің жоқшысы ең. Далаңның күтері көп Өзіңнің текті ісіңнен. Заман саз қайраттыға, Алдыңда әруақ-мұра, Шырқай түс, сол бір әнді Жоғалған Айрақтыда... *Айрақты – Маңғыстау жеріндегі отызыншы жылдар зұлматында тұрғындары аштан қырылған, тірі қалғандары босып кеткен қоныс. АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗІ Мағжанның монологі Қинаңдар, Қапы қалмаңдар, Мен әлдеқашан өлгенмін, Жүрекке қатқан шемен боп, Далама бұлттай төнген мұң. Мен сұрқиялықты көргенмін, Жарқ етіп шығып көгіңе, Бірте-бірте сөнгенмін...
Талаңдар мені, Сендер де, Қаламгерсымақ көркеуде. Айтаққа ерген өңшең қырт, Өресі мимырт өрлеуге. Қандыауыз кілең көк төбет, Қанымды ішің төкпелеп, Тегін ұмытып ит болған Тағдырларыңа өкпелеп... Рухым көкте!.. Алдарыңдағы құр сүлде, Тәнім көнгенмен ол көнбес, Мен көрген құқай, бүрсеңге. Ол енді жерге қайырылмас, Түндігін көктің түрсең де. Түк те емес, Қанша матаңдар, Құрыштан соққан арқаның, Тайқиды одан шыдамай Жүзі де өткір балтаның. Биікке ұшты аспандап, Рухым – тұлпар-тарпаңым... Қинаңдар, Қапы қалмаңдар... ЕЙ, МАҢҒЫСТАУ, МАҢҒАЗЫМ Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына Мың тарам жол,
Мың қыстау, Әулиелі Маңғыстау, Ақпарыңды барлап ем, Көкіректі мұң құшты-ау! Зұлмат келіп сайтаның, Құтырынған айтақ үн, Тентіреген текті ұлдар, Қара киген байтағым. Тәнті қылған нешені Оразмағанбет өткен көшелі. Тұнжырағанға түнекте ол Шұғыласын шашқан деседі. Ақылын түпсіз телегей Жүріпті көпке себелей, Білім мұхитын кешіпті Көк сеңді бұзған кемедей. Дерттің де түрін емдеген, “Бұл аймақ – мұнай, кен” деген, Сұм жалған, сені қайтейін Сол ерге опа бермеген? Жігерін бұғау жеңбеген, Жарық жұлдыздай сөнбеген. Оразекемдей болар хас батыр Өлтірсе дағы өлмеген! ...Ей, Маңғыстау, маңғазым, Мұң-зарыңды қозғадың, Талапайға сан түскен Аруанам-ай, боздадың. Ерің елдің есінде, Елің заман көшінде, Абайлашы, жазғаным, Тағы ұрпағың өсуде Ей, Маңғыстау, маңғазым...
МӘРТТІК ТУРАЛЫ ЖЫР Ай, заман-ай, заман-ай, Біреуге соққан самал-ай, Біреуге тас қамал-ай! Шырмауыңа шырмалып, Таппаған айла, амал-ай. Шапқан шақта намысқа, Кешегі атыс-шабыста, Баянсызға бақ қонды,
Құдайсызда тақ болды, Алды-артын ойламай, Шын байламын байламай, Талайлар оған жақ болды. Жақ болғанын айтайын, Асыл затын танымай, Пәтуаға жарымай, Біреуге біреу тор құрды, Ойы пәсті зор қылды. Жұртына салып ылаңды, Құдыққа жықты құланды. Тайдырып жолдан ұланды, Бауырына тартты жыланды, Ұмытып ата ұранды, Аяқ асты ғып Құранды. Қамауға торға ұмтылды Даласын сүйген қыранды. Кешегі Құрмаш, мысалы, Қуғын көрген құсалы, Қамығып қан ішсе де, Тектіліктен жаңылмай, Иір еменге ұсады. Зорлыққа бөккен тәртіпке, Белсенді қортық-шәртікке Еңселі басын имеді, Болса да нақақ күйгені, Қатепті қара нар сынды Азапты ауыр сүйреді. Ақтың бағы ашылмай, Досы болып қасындай, Заман-ай тарлық жасадың Еңіреген ерге осындай. Қайсарыңды “қашқын” деп, Айтағыңды қостың кеп, Қаңырады қу дала, Елден шығып босқын көп. Кездіктің жөні-ұстадан, Мәрттіктің жөні-нұсқадан, Атадан қалған ерлікті Құрмаштай болар ұстаған! Мойынға бұғау салдырмай, Басынған жауға алдырмай, Қам жасауы қабыланша.
Тасынғанды оңдырмай, Мың күн қару жастанып, Бөріше жалғыз бастанып, Жүруінің өзі ерлік, Озбырлыққа қастанып, Уа, заман, сенен торығып, Алды-арты – ор, соны ұғып, Аты өліп, шөлдеп, әл кетіп, Дұшпанға қайта жолығып, Құрмаштай ерім налыған. Баз кешсе де жанынан, Мәрттігінен таймаған, Садақа айтып арынан. Жарақаттан қансырап, Жатса да зорға жан шыдап, Қаңғабайға тіл қатты Жанына келген хал сұрап: “Қармансам, оғым жетеді, Атқаным мүрдем кетеді. Қан жүктеп енді қайтейін, Тірліктің кетті кетеуі, Таусылды дәмім, жалған-ай, Замандас едің, Қаңғабай, Жазығым жоқты пендеге, Болмағай, күнәм Аллаға-ай. Қанымды кәпір шашпасын, Мерейі иттің таспасын, Өзіме-өзіме қол салман, Қаңғабай, тыңда, бастасым. Озалдан жан ең сыйлаған, Бір оғыңды қи маған. Тілегім осы ақырғы, Жанымды менің қинаған. Қалмайды қайда ғазиз бас, Болудан сақтан жаны қас, Бақиға сапар түсіп тұр, Қаңғабай, өзің жолымды аш” Осы боп сөзі ақырғы, Ажал кеп құшқан батырды, Топырақ-торқа қаусырып Мәрттік пенен ақылды Намыс деп жанын қинаған, Озбырдан айыл жимаған,
Осылай өлді бір батыр Маң даласына сыймаған. Ту тұту иман, сенімін – Қасиеті дала ерінің, Қорлықтан артық көрді ол Намысқа баққан өлімін. Заман-ай, саған не дейін, Жақсылар болды өгейің, Толмады қара көмейің, Сиқың обыр болған соң Ұжмаққа қалай теңейін? Толса да кеуде күйікке, Шын асыл басын иіп пе? Қапыда өліп кетсе де, Рухы қалды биікте! Бүгінге – өткен баспалдақ, Оралғандай қашқан бақ, Өтсе де жылдар, есімің, Ер Құрмаш, тұрар аспандап. ...Бүгіннің күйі бөлек-ті, Жасықты кімің елепті? Қамсаусыз біздің қазаққа Осындай ерлер керек-ті. Келсе де басқа азат күн, Жеткізбес шегі азаптың, Ашатын бағын ер қайда Қаймана жұртым қазақтың?!.
ЕЛ БОЛАР МА ЕКЕНБІЗ? (А.Солженицынның “Ресейдің көсегесін қайтсек көгертеміз?” атты мақаласына орай жазылған өлең) “Құшағым кең мына сақи даламдай, Достығым тең алынбайтын қамалға-ай” Деп жүрді ғой адал көңіл аңқаулық, Жан екенбіз жүрген әлі оянбай. “Дала дархан, ал біз деген – бай халық” Деп көкідік мінбелерде шайқалып. Замананың дауылы кеп соққанда Оның бәрі құр сөз екен, байқадық. Бекер демей, енді қалай айтайын?- Түсті, міне, бір жыртысқа байтағым . Табиғаттың апаты аз болғандай, Қайда қоям жат пиғылдар айтағын?!
“Қазақстан – дос ұлттардың мекені” Деген сөздің кетті ме енді кетеуі? Сықырлайды бабам тіккен ақ орда, Желпілдейді жел соққандай етегі. Қиянаты тұндырғандай құлақты, Өпірем-күш өктем сөзді ұнатты. Бір халықтың ата жұртын бөлшектеу Олар үшін көрпе құрау сияқты. Бұған қалай шамырқанбас тереңім? Жан даусымдай жаңғырықсын өлеңім. Жер жоғалса бабалардың көзіндей, Болашаққа не деп жауап беремін? Мыстан сөзді бойымызға дарытпай, Қараулықты қиып түсер жарықтай, Егеменді ел болар ма екенбіз, Іргесі нық, еңсесі тік халықтай?! Тамыз,1991 жыл ЕКІ БАСТЫ САМҰРЫҚ А. Солженицынға
Сайран салған аспаны тұр тарылып, Қолдан кеткен қуатына қамығып, Тұғырында зәр төгеді шаңқылдап Атышулы екі басты самұрық. Жиып бойға ашу-ыза, қаһарды, Билесем деп қайта жарты жаһанды, Сес көрсетіп, айға айбат шегеді Күнін аңсап қан қақсатқан нашарды. Үстемдіктің уы улап санасын, Қызғанады көк бөрінің даласын, Алынбас шың енді оған өр Кавказ Жалғап жатқан екі дүние арасын. ...Ей, шау тартқан екі басты самұрық, Неге сонша шаңқылдайсың жанығып? Өткен күнің енді қайта оралмас, Бұл дүниеде басқаның да барын ұқ! Тамыз. 1991
ТАПСЫРЫП КЕТЕМ БАЛАМА Бұратана ғой деп сахарада жүрген сенделіп, Бауырыңа тартып, жеріме кірдің иемденіп. Төрімде менің шалжиып жатып алдың да, Төбеме шықтың тегімді төмен, кем көріп. Жылан сұсыңа торғайдай бейне арбалдым, Жайыңды күттім, қамын ойламай мал-жанның. Ата-бабамның тілі мен дінін ұмытып, Арағыңды ішіп, мәңгіріп басым, сандалдым. Шежіре-тарих нұсқауыңменен жазылды, Жонымды тосып, көтердім талай “назыңды”. Өткенің менен бүгініңді ылғи дәріптеп, Өзімнен бұрын алдыңа тостым барымды.
Көлеңкеңе ұқсап артыңнан қалмай жүрдім көп, Қара түнектей түлейдің сырын кім білмек? Ұлағатын жойып, инабатын қойып халқымның, Ұл-қызым шықты тіліңде сенің шүлдірлеп. Ағасы, кешір, төзімнің түбін сарқыдым, Көкжиегімді құрсаудан енді аршыдым. Тарихын, тілін, аспанын, күнін қорғаған Ата-бабамның жұртында қалған жаршымын! Сөзбен-ақ бүгін қолыңды салдың жағама, Өзіңді менің орныма қойып бағала. “Біткенше демің жеріңді қорғап өткін ”,-деп, Өзімнен кейін тапсырып кетем балама. Тамыз, 1991 жыл. ҰРПАҚ МҰҢЫ Тобанияз Әлниязұлының рухына
Қайран баба, біз не көрдік, не білдік?! Бұтқа толып, жат қосына жегілдік, Айтар жерде айта алмадық қорғалап, Шегіндік те... өзімізден жеріндік. Уақыт өлді даурығудан, айтақтан... Самғау қайда ?..Тақым тозды жортақтан. Не сұрайсыз, қандай қайыр күтесіз Тегін білмес, жөнін ұқпас ұрпақтан? Жылдар көшті, іздеп жүрміз енді біз Асылдарды мыңға бірін бергісіз, Артыңыздан жоқтаушың боп шыққанмен, Таптырмайсыз, жатқан жерің белгісіз. Жала жабу, күйе жағу, арбаудың, Бәрі қамап, жағаңыздан алған мың, Торына сап шырмауықтай шырмаған Қараулықты, күншілдікті қарғаймын...
Тайғақ кешу жолдан өтіп азапты, Қара нардай алға тарттың қазақты, Адайыңды көгеніне тізген соң, Өкіметің қас жау тұтып, өзі атты. Жазығың сол – ел болуға үндедің, Көшелі сөз көкірегіңе түйгенің, Қыран даусың құлағыма жеткендей Асыл бейнең түсіме еніп жүр менің. Көшіп жылдар, ессе дағы сан ызғар, Өр тұлғаңыз жүректе от боп жалындар, Сан ұстасып, жат қолына бермеген Маңғыстауың саған мәңгі қарыздар. Құпиялар жатыр, міне, ашылып, Жаңа талап ұрпағың бар, жас үміт. Қайран ата, аруағыңмен демей жүр, Рухыңа табынамын, бас иіп! 10.08.1993 жыл
ҚҰРСАУ Көп құнттайтын иттің бағым-күтімін, Әз-әулие көретұғын мысығын, Іздеп тауып, асырады бір кісі Жолбарыстың көз ашпаған күшігін. Өскенше оны темір торда ұстады, Бір қорада шошқа мен үй тышқаны. Орындалды “тұр” деген мен “жат” деген, Қожайынның таяқталған нұсқауы. Жолбарысты босатқанда бір күні, Болды қызық көрген жанға күлкілі. Қожасының артына кеп тығылды, Қашты көріп есек пенен жылқыны. Тартпай қалған аң патшасы-атаға, Жолбарыстың халі жанға батады...ә! Тектілігін жастай құрсау мұқаған Бір ол емес, бір ол емес... о, тоба! 09.01.2000 ж.
ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР Отызыншы жылдар десе, ойсырап, Қаламын мен жанымды жеп сан сұрақ. Елестейді қалбаңдаған құзғындар, Өлік сасып, жатқан дала қансырап. Отызыншы жылдар десе егілем, Қан тамған ғой қазағымның көгінен. Маң далада маңып көшкен аш-арық Безіп кеткен туып-өскен жерінен. Бұл жылдарда таусылмайтын нала бар, Жетім қалып, аштан қатқан бала бар. Бауыры күйіп, аңыраған ана бар, Қайраны жоқ жер шұқыған дана бар. Бұл жылдарда қорлық көрген текті бар. Жау атанып, қыршын кеткен кекті бар. Үш милиондай жазылмайтын жараның Әлі есебін түгендеуде жоқшылар.
Адыра қап өнеге мен өсиет, Адамнан да жоғалған шақ қасиет. Қаралады, ұстап берді бір-бірін, Отызыншы жылдарды айтса – қасірет. Ән де қашып, сән де қашып далаңнан, Мыңғырған мал жылыстаған қораңнан. Дүниеге тоз-тоз болып таралған, Бауырларың бүгін, міне, оралман. Өз жолыңда тіреліп сан тұйыққа, Ауыр сынды арттың халқым, иыққа, Зұлмат тиіп, зарлатқан сол қаралы Отызыншы жылдарды еш ұмытпа! ҚАЗАҚСТАН ЕШҚАШАН ҰМЫТА АЛМАС Құрдымында Зұлматтыңтажалыңның, Бірі болып, Жазықсыз жазалыңның, Жұтылыпты 3 000 000 алтын басы, Қайран менің, Қаймана қазағымның... Қуғын-сүргін... Болар ма “мазағың” – мұң, Ойсыратқан Ортасын базарымның,
Толтыра алмай Орынын келеді әлі, Уақыт дағы Сол жылдар азабының. Тектілерім Оққа ұшты, тепкіленіп, Кектілерім Көкке ұшып, кетті легіп… Тентіреді, Тер қатып тебінгіге, Бірақ өлім Жетпеді өмірліге… Дала жатты, Кеудесін нала қысқан, Қойны толмас Моладан айнымастан, Төрін алып АЛЖИР мен ҚарЛАГтар Бұғауланды, Тапталды Қазақстан… Үзіліп тін Өнеге, өсиеттен, Айырылды ел Мәрт текті қасиеттен, Айдын еді, Айналды лайсаңға, Кім көрінген Үстінен кешіп өткен. Кезі жоқ-ты Өмірдің жасық еткен, Қара үздіріп, Сол зұлмат ғасыр өткен, Қыршын кеткен Қос көкем еске түссе, Еңсе тіктей алмаймын Қасіреттен… Қызыл қырғын– Бүгінге жетер елес, Жеңді әділдік, Зорлыққа қылған егес. Ел жадынан Зұлымдық өшпесі анық
Еске алайық, Еске алмау мүмкін емес! Жаралғандай Қашаннан өр намыстан, Қырандайын Шыңдарға талмай ұшқан, Сол қаралы жылдарын Ұмыта алмас Құшақ ашқан талайға ҚАЗАҚСТАН!.. ХАЛҚЫМА Өткеніңе мүмкін емес толқымау, Жеткеніңе мүмкін емес шалқымау, Заман сені қайда сүйреп барады Дана пейіл, бала көңіл, халқым-ау! Даналығың шежірең бай шертерлік, Мұра да мол тізбектелген көркем ғып, Хақ бұйыртқан орның асқақ, еңсең тік Далаң сақи, берекелі өлкең – құт. Даналығың, ұлан-байтақ қонысың, Намысыңды жалаулатқан соғысың, Ұрпағыңа үрдіс қалған оң ісің Ұғынғаның екі дүние мәнісін.
Балалығың, әрбір жайға елігу, Қолдағыны ұқсатуға еріну, Асылыңды жерге таптау, жеріну Бәз біреудің жасығына желігу. Балалығың, қалмай жүрген шүлдірің, Кім көрінген желпілдеткен түндігің, Өзгелерге құрақ ұшқан құлдығың, Өз жерінде өгей болған мұңлығың... Өткеніңе мүмкін емес толқымау, Жеткеніңе мүмкін емес шалқымау, Заман сені қайда сүйреп барады, Дана пейіл, бала көңіл, халқым-ау?!. ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСҚА Кезің көп-ау басыңнан құт аунаған, Ошағыңда от бықсып, тұтанбаған. Қазақ деген болса егер алып емен, Балта-заман аяусыз бұтарлаған...
Бұтарланған бұтақтан көктедің де, Төтеп бердің тағдырдың өкпегіне. Бүршігіңді қызғыштай қорып бақтың Жетсе екен деп көкпеңбек көктеміне. Көктем, мынау-топырақ емен өскен, Төсінен саған дәру-самал ескен. Тамырыңды жібер де тереңіне Тыныста қуат тауып уақыт-көштен. Қатал заман кәрінен шетке айдалып, Кезіңді ұмыт аулақта өткен налып. Жат топырақта бұтағың бүр жарғанмен Тамыр тартып, емен боп өспейді анық... БОСТАНДЫҚ ЖОЛЫ Бабалар біздің ғасырлап күтті, Бостандық атты бұл күнді. Тажал таптаған дүрия дала Тозаңын қағып, сілкінді. “Измдерменен” көңіл алдаған, Бозаң күндерге қош дедік, Тұқымын тұздай құрта жаздаған Тілімен бірге ұлтымды.
Шаңырағы қайта тіктеліп қалды, Шырқырап кеткен қазақтың, Тәуелсіздік қиын ед неткен Таусылмас шегі азаптың. Ес білген ұлдай, етекті жауып, Тастүйін болар кез келді. Шапағат нұрын тайдырмасын тек Тәңір сыйлаған азат күн! Бостандығым-ай, тәй басқан күйде Сынақты кештің қаптаған, Жат пиғылмен шеттеген болды Ақ қадамыңды даттаған. Шалғайыңнан кеп олар алғанда Түнге айналған-ды күндерім. Жаманатың сенің естілер болса, Жүректен тиген оқ маған. Бұл бостандық бақыт құс сынды, Оңайлықпенен қонбайды. Қадірін оның ұға алмай жүрсек, Бәрінен бұрын сол-қайғы.
Жүрегі түкті бабаларымның Күреске толы жолы бар. Жаратқан ием бұйыртсын бізге Сол жолды адал жалғауды! Шілде,1992 жыл. МӘҢГІ АЛАУ Мүлгіген кеште немесе ару таңдарда, Шілдеде, мейлі әуеден ақ нұр тамғанда. Ескерткішінде ерлердің алау шалқиды Жалын шағындай боздақтың өткен арманда... Көктемі өтіп, көкорай қырлар оңғанда, Бетіне жердің аппақ боп қырау қонғанда. Басында ердің шоқтанып тұрар гүл-алау Мезгілі ауып, гүлдердің бәрі солғанда. Көгілдір туым көгімде тұрса желбіреп, Өседі мерей, толқиды көңіл елжіреп. Тыныштық құшқан мәңгілік алау тұсынан Тебіреніп үнсіз өтеді күнде сан жүрек.
Түседі еске: үзіліп қалған сан арман, Қасірет жасы төгілген талай жанардан, Ананың шашы боздағын күтіп ағарған, Бейкүнә жандар хабарсыз кетіп, жоғалған... Осылайша алау соғыстың мұңын қозғайды, Өшпейтін шамдай күндіз де, түнде маздайды. Тәу етіп халқы ерлерге жаққан мәңгі от Жарқылдап өткен қыршын ғұмырдан аумайды... ТАМЫР Ұлыма Көптен бері тамыр жайлы ойланам, Тармақ-тармақ тамыр сынды айналам. Тау мен тасты, мұхит, өзен, көлдерді Жаратушы әр қазаққа «байлаған». Жердің өзін әуе кеңістігіне, Көзге түспес магнитпен жалғаған. Күн мен айдың, жарқыраған жұлдыздың Тарту күшін ғылым талай барлаған.
Біз де солай, бір Аллаға бағынған, Нәр аламыз қазақ деген тамырдан. Арадағы тіннің бірі сыр берсе, Жан болармыз қалыбынан жаңылған. Адам екеш мына тұрған бәйтерек, Қурағанда орнын басар тал-терек, Олар дағы бір тамырмен жалғасқан, Уақыт өте кәрі жаспен алмасқан. Тамырыңда намысқойлық, тектілік, Оған жалғас бабаларда көп білік. Ал, оларша тіл мен ділде күрмелу – Жетесізге сай келетін жат қылық. Қазақта ғой пәлсапасы өмірдің, Аталы сөз мұңын аулар көңілдің, Лұғаты фәнименен бақидың Шежіресі арғы шыққан тегіңнің. Қазағымның мақалы мен мәтелі, Зейін қойсаң жүрекке анық жетері,
Дүние, байлық, айтқанындай, баянсыз, Бес күн тірлік, рас жалған екені. Қазақ деген ұлы халық тамырың, Бұл жөнінде баурамасын тар ұғым. Тарихың мен ғибрат сөзін көненің Шын ұғынсаң өсер еді танымың. Өзіңе олжа, шетел асып көргенің, Артық емес жан-жақты өсіп-өнгенің. Дегенменен, тұғырыңды нықтамай, Түсіп кетпе ауанына өзгенің. Ұтары анық ата жолын қош көрген. Өз ел-жұртың осал емес еш жерден. Тамырынан ажыраған тең болар, Дүниеге келе салып өшкенмен. Жеті тіл біл, үйрен небір ғылымды, Шама жетсе әлемге төк нұрыңды. Бірақ дағы тексіздікке салынып, Ажырама тамырыңнан бұрынғы.
Ғұлама бол көп аузынан түспеген, Керемет бол, үлкен істі істеген. Тамырыңнан ажырасаң түбінде, Сен боларсың бармағыңды тістеген. Мұны саған айтты деме бекерге, Кейбіреулер құмар қазір шетелге. Өз елінде, туған халқың алдында Кірісе біл парызыңды өтеуге. Қиындық көп алға қадам бастасаң, Әділет деп түсерсің-ау, отқа сан. Бірақ, ұлым, қандай күйде жүрсең де, Тамырыңнан ажырама ешқашан!.. ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЖЫР – Қайран одақ, ойхой, онда басқа еді, Болмайтын-ды еш адамда бас қамы... – Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай, Жұрттың бәрі болатұғын ақшалы...
– Шіркін, кеңес үкіметі жарықтық, Қамқор болды, дүниеге қарық ғып... – Әттең, әттең, наданбыз ғой, білмедік, Көсегені көгерткен-ді, жаңа ұқтық.. Дегендерге бердім талай түсінік, Сөз саптадым, мысалдармен пісіріп. Түсінгендер пікір қосып, қолдаса Ал, біреулер шыға келді ісініп. Алғашында жасай алмай нық қадам, Жатқанда елім, болды оны ұқпаған?.. Тәуелсіздік бүгін алып, ал ертең Рахатын көрмедік деп шықты адам. Өткеннің де білдік жақсы-жаманын, Азаттықты ауыздықтау амалын. Беу, отандас, құптау керек ендеше, Бостан елдің әрбір басқан қадамын.
Сәбидей ек кеше кескен тұсауын, Бүгін міне, бойға толды күш ағын. Махаббат та бостандыққа құрбандық Болған екен, айтайын бір мысалын. ...Ұлы Тұран, дәл жетінші ғасырда, Бір ару қыз тұрыпты елдің басында. Есімі – Алтын, Зарина деп парсылар, Патшайымды балайды екен асылға. Ерлігімен бас идіріп жан-жақты, Алтын патша елін жаудан қорғапты. Көрші жұртпен ынтымағы жарасып, Атақ-даңқы шартарапты шарлапты. Батылдықты, ақыл менен көрікті, Тәңір ием үйіп-төгіп беріпті. Елеңдепті ел, сылаңдаған бойжеткен, Қайсы жұрттан табады деп серікті. Патшайымға кімдер басын имеді, Талайды ол Мәжүніндей сүйреді. Жүрекке әмір жүрмесі анық Алтынның
Мидиялық ханзада еді сүйгені. Батыр ол да, билеп тұрған бір елді, Патшайыммен бас қоссам деп жүрер-ді. Уақыт өте серттескен күн алшақтап, Ал, ханзада жауар бұлттай түнерді. «Көп аңдадық мынау заман түлкіні, Пәк сезімді қандай бөгет іркіді. Жаным, түсін, өмір зулап барады», – Деп ханзада мұңын шақты бір күні. Талқандаған талай жаудың қамалын, Ержүрек қыз, жарқылдатып жанарын. Ханзадаға қадап тұрып айтыпты, Көңіліне көптен түйген жауабын: «Толқыттыңыз менің сезім көлімді, Бір өзіңе жүрегім қақ бөлінді. Қосылармыз, мен бақытты болармын, Ал, қайтемін артымдағы елімді?
Қосылармыз, бір арнаға толармыз, Сен билеуші, мен ханымың болармыз. Еркін елін бағындырса біреуге, Шын бақытты болғаны ма, одан қыз?! Сезесің ғой, шын сүйемін сені мен, Жұлдызымсың, сөнбес көңіл көгінен. Бірақ жаным, бостандығы елімнің, Маған қымбат және артық бәрінен! Думанға мен бөлемедім көшеңді, Той-шарапқа толтырмадым кесеңді. Халқым үшін қара басым құрбандық, Ал, батырым аман-сау бол, қош енді». ...Жеткен бізге бірнеше мыңжылдықтан, Әңгіме бұл,түп негізі шындықтан. Ел аузында қалған Алтын патшайым – Құтқарушы қасіретті құлдықтан.
Бұл бостандық – қазағымның арманы, Күн астында қыранымның самғауы. Қанға бөккен, шашыраған, жоғалған Сан халықтың жете алмаған таңдауы. Тәуелсіздік – бақытым да, барым да, Жыр жазамын, жырлаймын ол жайында. Жаратқаннан тілейтінім, тәу етіп – Қазағымды еркіндіктен айырма! ҚОШ КЕЛДІҢ, НАУРЫЗ Ақ жолыңды кескенмен талай құзғын кеп, Әз-Наурыз, сені ұстай алмады тізгіндеп. Серпіліп тұман, құрсаулар қалды қақырап, Той болып енді қиырдан жеттің бізді іздеп. Саумалдай лебің дүниені түгел аралап, Жер-Ана, міне, көрпесін жатыр жаңалап. Наурызым келді, күтеміз аппақ ниетпен – Бабадан қалып, жоғалмай жеткен аманат!
Зіл бұлтты айдап, көңілімді келдің өсіре, Түледі тірлік, ілесіп уақыт көшіне. Айдай аспаным арай күніммен зерленді, Наурызым келді, жерге – құт, елге – несібе.
Өзіңді күтіп, күллі әлем бүгін тұр қарап, Жарқыра наурыз, сәулелі мың сан нұр тарап. Жаңа жылсенсің, дүниені қайта жаңғыртқан, Жыл басысенсің, басталмаса да күнпарақ.
Шапағатыңмен табиғат қайта көгерер, Сен қуат берсең, қиындықтарды жеңеді ел. Жақсылығың мен тоқшылығыңды қанат қып, Наурызым менің, айналып жылда келе бер.
1994.ж.
- * *** Қош келдің, Наурыз, жаңа жыл – Арай күнімнің бастауы. Қарлығып қалып, әуелеп шыққан Бабамның бейне дастаны!
Сөгіліп төсі көкжиегімді Тұмшалап келген құрсаудың, Күлімдеп жерге қарайды бүгін Қазақтың сақи аспаны. Көктеме болып, көгімнен сонау Жеріме дәру тамып нұр, Көсіліп, міне, құшағын жайды Пейілім сынды алып қыр. Құба белдерден сүйінші сұрап, Торғайлар ұшты пыр-пырлап, Құбыладан ескен мақпалдай самал Дауадай бойға дарып тұр. Келгенде өзің қала мен дала, Дүниенің бәрі шат қандай! Қосылып алып, тыныштық үшін Ұлы той жасап жатқандай! Бабамнан қалған ғұрыптың асыл Тізгіні тиіп қолыма, Жүрегім менің алғы күндерге Медет пен сүйеу тапқандай. Наурызым-мейір-шаттығым менің, Сазыңнан тайма жаңылып, Көктеме сайын күтейік сені Бәйшешек гүлмен сағынып.
Қазақтың мынау байтақ даласы Бозаң жусанын жамылып, Нәріңнен сенің бір түлеп қалсын, Бойдағы дерттен сауығып!.. *** *** Жүйрік жылдың белгілі ғой тұрмасы, Келді Наурыз, келді, міне, жыл басы. Кәрлі қыспен қоштасуға асығар Қазағымның қашаннан ол мұңдасы. Наурыз келді, шұғыла бөккен реңі, Жан иесінің бұл айды хақ сүйері. Жаңа ғана бүршік атқан тірліктің Маңдайынан күннің нұры сүйеді. Наурыз келді, түрлене ме әз-далам? Шіркін, жаңбыр жауар ма екен аздаған. Аруана-қыр алауласа күні ертең, Менің жаным бота болар боздаған.
Құс әніне толып кетті бау, дала, Көктем лебі сезіледі қайда да. Кәрі терек дәурені өткен қарт сынды Самал желге бас изейді жай ғана. Наурыз келді, жыл есебін бастады, Мәре-сәре тойлап жатыр жас-кәрі. Тойлап жатыр, ал төбеден мөлдіреп Қарайды кеп туған елдің аспаны! МӘҢГІ Тобын құрып, туын тігіп сан қауым, Өршіткенде дұшпандардың айтағын. Амандықпен атсын дедім әр таңың, Қайран жұртым, Қазақ елі-байтағым! Анашымның әлдиінен есіткен, Ақ сүтімен қанға сіңген бесіктен Сендік тілдің әр қадамын дәт тұтып, Бірге онымен келемін мұң кешіп мен.
Қысқан кезде замананың құрсауы, Ақыл-ойдың керек кемел шырқауы. Кезің келді елдігіңді ойлайтын, Бөрі байрақ ер түркінің ұрпағы. Кезің келді, бағытыңды оң ұстан, Қайсарлықты қару ғып ал, намыстан, Бүгінгідей жадау күйден арылып, Қазақстан болсын десең Бақстан! Жайыңды ойлап, өзімді-өзім қажадым, Сен мұңайсаң, төмен түсті назарым. Бақытым сол – сенің айдай ажарың, Жаса, мәңгі, туған халқым, қазағым! 10.05.1993ж АТБАСАР ВОКЗАЛЫНДА Ақырып тұрған алай да дүлей ақпанда, Дес берместен көк мұзбенен ақ қарға, Атбасар келіп, солығын басып көп тұрды Біз мінген поезд Астана бара жатқанда.
Өтпесе уақыт, жаныңа жылжып қонар мұң, Терезесінен қараймын сыртқа вагонның. Көк кептерлер жайлаған вокзал шатырын, Ал уілі басылар емес боранның. Кептерлер отыр шатырдан ұзап кете алмай, Осынау вокзал оларға туған отандай. Шағала сынды мен келемін шарқ ұрып, Үш тәулік бойы өз Астанама жете алмай. Сап, сап, көңілім, Астана біздің тұр алда, Ноқаттай сіңіп кетерміз аппақ мұнарға. Боранды жарып ұмытылған біздің көңілді Кептерлер түгілі адамдар мына ұғар ма? Намысты ерге болмайды әсте бас бақпақ, Шағылса-дағы жанардың оты жасқақтап. Қиынды жеңіп, қиырдан ылғи жетермін, Алдымнан сонда, Астанам, шықшы асқақтап!
ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫНА Қай елге де ұлы мұрат-Азаттық, Қазағымның бағы жанды, бостан ол. Тайқы тағдыр ойнаса да мазақ ғып, Еркіндікке омырауын ашқан ел. Тұлпар уақыт тізгін бермей алға ұшып, Ағып өтті одан бері жиырма жыл. Жас пен кәрі әр сәт сайын алмасып, Күні жетсе құбылатын өмір бұл. Ей, жас өрен, жиырмадасың сен дағы, Қасиетті Тәуелсіздік құрдасы. Өз қолыңда болашақтың байрағы, Уақыт бөліп, айтарымды тыңдашы. Қазақпыз біз от пен нұрдан жаралған, Түпкі атамыз сақ дейді, ғұн дейді, Қандай қиын шақта да өсіп-өне алған, Тарихымыз ел болуға үндейді.
Бұтағымыз алып дарақ түркінің, Атажұртта қалған алтын қазығы. Ғұламалар таратады бар тінін, Оған дәлел тасқа жазған жазуы. Сан кешсе де жаугершілік заманын, Ар-намысын құлатпаған биіктен. Ел болудың ойлап небір амалын, Біздің қазақ жұдырықша біріккен. Қарсы тұрған жоңғарға да қалмаққа, Бұғауында ширығумен үстемнің. Алауыздық түсіріп кей қармаққа, Ортақ жауға қарсы тұрар күш кем-ді. Сонда дағы қайыспастан күресті, «Елім-айлап» қайта тұрған қазағым, Біріккенде дұшпандардың үні өшті, Серпе білді қияметтің азабын. Қарсы шығып, ханыңа да патшаға, Қаймықпады ату, асу, айдаудан. Қырылып қап,қаны судай ақса да, Танбады еш азаттықты ойлаудан.
Осы жолда шаһит болды ерлерім, Оның бәрі тарихымыз хаттаулы. Он бес елмен одақ болып «мызғымас», Шикізатты өлке атандық мақтаулы. Жетпіс жылдай бағынумен Мәскеуге, Ұмыт бола жаздады тіл, дәстүр де. Сананы да құрсаулады «измдер», «Теңдігіміз» болып шықты бет перде. Бет пердені сыпыратын күн туды, Қайнаған кек жанартаудай сілкінді. Мың тоғыз жүз сексен алты, желтоқсан Алматымда жас қазағым бұлқынды. Найзағайша жарып өтті бұлтыңды, Білмеді олар ештеңеден үркуді. Үстем күшке қарсы атылды барыстай Зымиян ойлар көздесе де құртуды.
Құрта алмады, ұшқын оттай лаулады, Шарпылды отқа Одақтың кей аумағы. Бакуменен Тблисиде, Ригада, Желтоқсанның батырларын қолдады. Бастауы бұл-бостандықтың, елдіктің, Арманы бұл-бодан болған сан жұрттың. Өтеуі бұл-қан мен тердің төгілген, Жетуі бұл-қазағыма теңдіктің! Бес жылдан соң азаттықтың таңы атты, Ең бастысы қазағымның бағы артты. Қазақстан егеменді ел болып, Түбірімен қоғамды да жаңартты. Десек дағы бұрынғы одақ тарқады, Мүмкін болмай кеңге салу арқаны. Азаматты тыншу тауып жатқызбай Әр қиырға салып қойды ел қамы.
Талай сыннан өтті еліміз сүрінбей, Қадамы нық, еркін жұрттың біріндей. Іс біте ме ерлер білек түрінбей, Нар жолында жүк қала ма бүгілмей?! Деген болды: « өнбес іске бағындық, Баяғы өткен марғау кезді сағындық, Өзгелермен иықтаса жұлынбай, Келе жатқан жолымыздан жаңылдық». Қиын кезден өткен халқым сыналып, Мұндай ойды құп көрмес-ті, бұл анық, Биік тұтып тәуелсіздік байрағын Мақсат білді ел болуды құралып. Дес берместен бос уақытқа, ағымға, Бар мұратын айналдырмай сағымға. Болашаққа жасап жатыр нық қадам, Қазақстан өркені өсіп, дамуда.
Тәуелсіздік бақытым да мерейім, Сен тұршы тек,бар қиынды жеңейін. Сен тұрғанда асқақтаса қазағым, Бар бақытым өзің демей, не дейін?! Ей, жас өрен тәуелсіздік құрдасы, Ертең дағы елеулі іс көп, бұл-басы. Ата-бабаң бар ғұмырын сарп еткен, Отан жайын ойлаудан бір тынбашы! Біліп өсші бостандықтың қадірін, Халқымыздың салтын, тілін, нанымын. Қайда жүрсең, бір сәт естен шықпасын Отан деген оттан ыстық, өр ұғым! 11.12.2011 жыл. АҚЫН РУХЫНА Абайға Тәрк етіп жалғанның сайран бағын, Серік етіп қалың ой, қайғы орманын, Кеткеніңмен, рухың шырқау биік Сен мәңгі тірідейсің, пайғамбарым!
Алдыңда ақ бас таулар еңсерілген, Асқақ шыңым, әлі де өлшеуі кем. Өңкей қиқым әлі де тасаланар, Тіліп түсер сөзіңнің семсерінен. . Кісілік қасиетті ұғындырған, Сөзің өрт, имансыздың жынын қуған. Бас құрап ел болмақшы қайран жұртың Қазаққа керек-ақсың бұрынғыдан. Білемін, саған мақтау керегі не? Ұғынар зер салған жан өлеңіңе. Ауысар бізден кейін талай ұрпақ Тәнті болып ойыңның тереңіне. Уақыттан озық шықтың дара самғай, Ол дағы қалды саған таласа алмай. Халқыңа жөн сілтей бер ақылманым, Мәңгілік биігіңнен аласармай!
*** *** Арды түйіп, пайда ойлап жүргендер, Көзге ілер ме, билігі жоқ ақынды. Ебін тауып, екі асауды білген жан, Болады екен елден ерек «ақылды». Төрде отырып, кеңес құрар қария, Қошеметтеп, пұлдыны жүр жағалап. Құлқын үшін пысқырмайды арына, Өмір мәнін тек байлықпен бағалап. Сөзімді айтып, тоқтатып ем жөнсізді, Түсінбеді ол, өзіме кек сақтады. Ойлап едім, жұрт ұғынар, ел-сүзгі, Кейбіреуге бұл қылығым жақпады. Бөріктілер үміт күтіп, ел сенген, Құлқыны мен қара басын күйттеп жүр. Ақыл, білім, еңбек деген өлшемнен, Қалмай барад ұшқын дағы титтей бір.
Осылайша пайда қуып, жанығып, Дәрмені мен мәзі кетсе ортаның, Қара басып, діл мен тілден жаңылып, Қазақтығым қалмай ма деп қорқамын...
АШХАБАТТАҒЫ МАҚТЫМҚҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІНЕ
Шымқайы гүлді жайғасып алаң төріне, Шабыттың жойқын шомылғандай селіне, Шашырай шыққан күн сәулесіне малынып Шұғылаға бөккен отырсың қарап жеріңе. Шын көңілменен ден қойып сендей ұлыға, Шығысың бүгін сусындап отыр жырыңа, Шағала жырың-топшысы болат серіппелі Шайырлар қанық шамырқанысты сырыңа. Шыңы болдыңыз, өлеңдей асыл өлкенің, Шәрбаттай сөздің көкіректі өртер көркі едің, Шыңыраудан тартқан алмастай өткір өлеңді Шиырығы жазып, әділетсізді өртедің. Шамырқанғанда найза ғып қалам сермедің, Шау тартпас жырмен қара ниетті жерледің, Шапағатыңды тигізіп туған халқыңа Шөлдегендерге шәрбат-жыр еді бергенің.
Шынайы сөздің алқаны бермес шешені, Шайырлардың шалғайға мәшһүр көсемі, Шырақтай жанып артыңда қалған жақұт-жыр Шашасына шаң жұқпай ғұмыр кешеді.
- 09. 1984 жыл.
ЖЫР АЛЫБЫНА ТАҒЗЫМ Ж..Жабаевқа Баурады мені бір ғажап әлем таң нұрлы, Сәуледен безіп, күйкі тірлігім қаңғырды. Табанды тіреп маңғаз Маңғыстау жеріне, Абайдан кейін қарсы алып тұрмын Жамбылды!
Жыр дариям менің, Тілдіге ағыс бермеген!.. Тұлпарға сайсам шаң жұқпай өтер кермеден. Құрсаулап бекем, тұсауласа да тұл өмір Текті жырларын өшпестей қылып зерлеген.
Еңіреген елге өлең бұл, берер тәлімін, Сүйеніш болып қолтықтан демер дәру-үн. Амангелдінің семсері сынды тот баспас Жамбыл-жыр бейне жалаулы-найза, Қаруым! Айтқандай өзі: «Халық, – деп, – менің шын атым», Өсиетнама ол, кәрі де, жас та ұғатын. Қазақтың рухы асқақтап шықса көгіме. Танимын одан баба Жамбылдың мұратын! Дара шың деймін, Жете алмай бұлттар асылған, Ол дүбір салса, жыр пырағы да тосылған. Өлмес өлеңнің ғасырлар болса өлшемі Жамбыл-жыр әлі асады талай ғасырдан!
МҰҚАҒАЛИҒА “Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай, Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай. Расулдай... Бағым да жүр ашылмай, Құсбегінің қолында лашындай...” Деуші едіңіз, Биігіңді биікпен өлшедіңіз, Жақұттай жыр жаздыңыз, Төбеңізден түнеріп Төнсе де күз. Фәниде Расулдай... Болмадыңыз... болдырмады, Бұралаңы көп еді жолдыңдағы. Шуақ іздеп Адамнан шарқ ұрдыңыз, Шуақтың да артында болды ызғары... Жазбадыңыз жырларды ермек үшін, Жаздыңыз топастыққа көнбеу үшін, Санадағы нұр – сәуле сөнбеу үшін, Жүректерді жаралы емдеу үшін... Әрбір жыры Пара-пар шын асылға, Мұқа! Сізді теңгермен Расулға, Дүниеде қазақ барда Сіз де барсыз, Бір ғасырдан жетесіз бір ғасырға!
ХАЛЫҚТАЙ-АҚ ХАЛЫҚСЫҢ ТІЛІҢ БАРДА
Бірінші жыр немесе ана тілін менсінбеген жігітке Көшеде шүлдірлеп келе жатқан екі жігітке бір қария: «Қарақтарым-ай, қазақша, өз тілдеріңде сөйлемейсіңдер ме?!», – деп еді. Бірі мысқылдай күлді де, екіншісі үлкен кісіге дүрсе қоя беріп, біраз сөздер айтып тастады.Сол сәтте осы жолдар ойға оралған-ды. Әй, әумесер серік қылған жырқылды, Қылығыңнан шошындым мен бір түрлі. Орныменен ақыл айтқан атаға Көрсеткенің қалай болды сыртыңды?! Ойға алмайтын ата-баба өткенін, Кімсің өзің, қайда жүріп көктедің. Кемелдігі дала сынды қартыңның, Ақ сақалын сыйламадың, не еткенің?
Жүрген сенен өзге тілді жағалап, Ертеңгі күн қандай ұрпақ тарамақ? Өз халқының қасиетін ұқпаған, Өзгені де жарытпайды бағалап. Тәлімің бұл жанға қатты батады, Итше қаптың алдыңдағы Атаны. Сендейлерге билік тисе, о, тоба, Тілін, дінін, халқын дағы сатады. Тілім, міне есігімнен енгенде, Көбейгенде енді оған сенгендер, Бұған күліп қарайсың-ау, пәтшағар, Сендей болар қастерлісін көмгендер. Білем, саған қазіргі кез ұнамай, Тіл тигіздің киеліме-мұрадай. Өз жерімде өз тілімді қорғаштап Қандасыммен тістестім-ау, құдай-ай!
Кесуге бар көктеген тіл –желекті, Құртуға бар тарихыңды деректі, Жат пиғылға екуміздің осылай, Бітісе алмай жүргеніміз керек-ті. Не таптық біз, басқаларға еліктеп, Төрге оздырып, айтқанына көніп көп, Олар болса ұлы тұтып өздерін Басқа жұртты санамады халық деп Содан бәлкім, жолымда өткен азап бар, Жылдар болды кем түспеген тозақтан. Енді ғана тіктегенде еңсемді Шот салуда сендей шала қазақтар. Маған ауыр, оңай тимес саған да, Жеңісім мен жеңілісім бәрі алда. Ал, тілімді қорлар болсаң айтарым – Екі қолым кетер сенің жағаңда!
Екінші жыр немесе соқтықпа ана тіліме «Лада» дейтін газеттегі «Возвысить степь не унижая горы» атты қазақ тіліне қарсы мақаланы оқығанда жазылған-ды. 19.09.2002. “Өзім қазақ қазақшаны білмеймін, Сондадағы осал емес, дүрдеймін”,- Деп көкіпті бір жорналшы газетте Мұндайларға жауабымды үзбеймін. Мақтаныш па, өз тіліңді білмеуің? Ол аздай-ақ, көпті соған үндеуің. Құдайым-ау, кімге күліп отырсың? Дұрыс еді мұнан да итше үргенің. Жүргендейсің басқа тілді жарылқап, Жатқан жоқ па сенсіз-ақ ол барыңды ап. Осы тілде шүлдірлеп жүр ұл-қызың, Осы тілде сен де жүрсің барылдап. Сендей жандар ауру сынды жұқпалы,
Дей алмаймын мені жұртым ұқпады. Ана тілім жаяды әлі-ақ желегін Топырағында өз тамырын нықтады. Басымыздан білемін бақ сан ауды, Сондықтан да көңіл әлі қаяулы. Азабың мен тозағыңның не түрі Өшіре алмас жүректегі алауды. Көсілесің көбік сөздің желімен, Түскендейсің сонау аспан елінен, Кім болсаң да, соқтықпа Ана тіліме, Өлсең-дағы өлген дұрыс жөнімен!.. Үшінші жыр «Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык». Гегель Сені ұқпады, тіпті де ұғынбады, Зар үніңе құлақты тығындады. Жұдырықтай жүрегім – бозторғайым, Бауыры отқа күйгендей шырылдады.
Көкпардайын додаға тағы түстің, Топырағыңда күй кештің бейне мүскін. Кеудемсоққа жайыңды ұқтыра алмай, Елден безіп кеткім кеп зәһәр іштім. Босағадан сығалап әлі жүрсің, Түсінбеген түсінер деймін бір күн. Өрімталым, желегің солмасын деп, Ақ жаңбырша селдеймін дүркін-дүркін. Мен сеземін, кетерсің тамыр тартып, Жармасқандар шаң қауып, қалар тантып. Шын жоқтаушың лек-лек боп шығар өсіп, Бүкіл түркі қарайтын сенім артып. 13.05.1995. Төртінші жыр немесе бір алқалы жиыннан кейін жазылған өлең Парықсыздар қойды да сынақ қатты, Сөз-сойылмен қақ бастан бір-ақ тартты. Жанұшырып, өз сөзін өткізе алмай, Ана тілім алқадан жылап қайтты!..
Езгісінен ессіздің жаншылғандай, Көк сүңгіге жүрегі шаншылғандай, Ардағым-ай, қамығып жылап тұрды Оразбайлар Абайға қамшы ұрғандай. Тіл жойылсаісіңнің қараң бәрі, Қайран көңіл, қан жылап алаңдаулы, Ендігәрі ағайын абай болғын, Батыраштар көркеуде араңда әлі!.. Тілін, дінін жүр әне, жерлегендер, Деміне қара шайды демдегендер, Желтоқсанда өктемнің сөзін сөйлеп, Бұл ісіне әлі мән бермегендер...
Елміз дейміз, он жылдық белестегі, Тәуелсіздік даңғаза елес пе әлі?.. Ана тілің, беу, қазақ, ойлашы өзің Ақ сүт берген Анаңыз емес пе еді?!. ...Қақпақылға өз тілін салған ұдай, Биліктіден көңілдің қалғанын-ай! Мәртебесін мәреден асыра алмай Жылап қайтқан алқадан ардағым-ай!.. Бесінші жыр немесе бар қазаққа Халықтай-ақ халықсың тілің барда, Ал, біреулер мұны әлі ұғынбауда. Өзге тілге көңілді бұрып тұрып, Арасында салады құр ойбайға. От басында орысша шүлдірлейді, Түлкідейін жымын да білгізбейді, Қомсынады қазақша жазылғанды Қолдан келсе маңынан жүргізбейді. Құмар әркез басқа тіл үйренуге,
Қара басып өзінен жиренуде, Білсеңіз сондайлардың кесірінен Қасиетті тіліміз күнде өлуде. Өзімізді өзіміз жұбатамыз, Мақтанамыз, мақтауды ұнатамыз. Әсірешіл әдеттен арылмасақ Тілімізді құрдымға құлатамыз. Осынау жай айдан да анық бүгін, Бар қазаққа келеді соны ұқтырғым. Жоқты бар деп жүргенде бір күндері Жоғалмаса болғаны халықтығың... Алтыншы жыр немесе қазақша ән Жұма күні. Соңғы автобус, кешкілік, Қара жолда алдан самал естіріп, Жүйткиміз біз, бағытымыз – Жаңаөзен, Шопыр жақтан шуылдақ ән естіліп. Автобуста отырғандар қазақ кіл, Сөйлесеміз, аузымызда – қазақ тіл, Ал, құлақта даңғазалы шетелше ән Біле білсек түсінгенге азап бұл.
Күмбір күй мен әсем әнді жалмаған, Шуылдаққа неге үйір жұрт сарнаған?! Өзіндегі саф алтынды мыс көрген Шопыр жаққа қарап, үнсіз ойланам. «Өшір үнін болмаса егер қазақша ән», – Деген дауыс жұртты артқа қаратқан, Айқай сап тұр ақ қалпақты нар қазақ:- «Құтыламыз қашан мұндай мазақтан?!» Селт етпейді, ол да қазақ-шопырың, Абайсызда қасығандай қотырын, Ыршып тұрып, шөпжелке қыз тіл қатты: «Ұят қайда, ағай, тыныш отырың». Күңкіл-сүңкіл, өз пікірін айтты әркім, Нар қазақта жігіт екен батыл үн, Тұра келіп айтып жатыр шопырға: «Мәңгүртсің-ау, санаңды алған жат ұғым».
Ақ жаулықты ана түсті араға, «Әй, жігіттер ұқсамаңдар балаға, Туған тілін ұғынбаған жүрекпен Санасызға сан айтқанмен бола ма?» Осы бір сөз батса керек жанына, «Кінәлімін, қазақша әннің жоғына, Бұл жай ғана ұйқыашар ғой»,-деп шопыр Өшірді әнді, көпшілікке бағына. Күндер өтті көлеңкеден қорқатын, Күндер жетті қазақтығың артатын, Туған жерде, қара жолдың үстінде, Қазақ әнін шырқа енді, бар хақың!.. Тілімнің бұл шын санатқа енгені, Ашады ұрпақ әлі-ақ алтын көмбені, Жол үстінде жаңғырығады күні ертең Қазағымның көркі қайтпас әндері.
...Оу, шопырым, жолаушымен жарасып, Жүргің келсе, даудан басты ал, ашып. Жолға шықсаң серік етіп өзіңе Ең алдымен Қазақ әнін ала шық!.. Жетінші жыр Жарай алмай халқыңның керегіне, Айналып көне тарих дерегіне, Қайран тілім, аса алмай босағадан, Қалармысың өгей боп өз еліңе. Өшермісің, сен әлде өсермісің, Көркемдікпен көкейді тесермісің, Жолыңдағы бөгетті тас-талқан ғып, Заманалар көшімен көшермісің?!.. Ғасыр жетті қазаққа алтын деген, Өсер бәлкім, сенің де нарқың ерен, Алтыныңның құны да қара бақыр Қалар болсаң қажетсіз қалпыңменен.
Ана тілім-ардағым, жарқын таңым, Бүгінгіден артар ма, нарқың, бағың?! Ұғынар ма қазағым бір кісідей, Тілім болса, тәуелсіз халқым барын. Басыңа қонса дағы ғажап күнің, Бәрінен биік тұрсын Қазақтығың, Ана тілім алшаңдап төрге озған күн, Айтармын мен, келді деп Азаттығым!... ӘДЕБИЕТ немесе бір достың сауалына жауабым «Әдебиет-Алланың сыйы». «Әдеби өмір шежіресі» кітабынан. «Қазына,- деп кітап жинап жүргенің, Ақша емес, қолға қалам ілгенің. Заман өзге, кітап оқу қалды ғой, Бар ма әлде, мұнан өге білгенің...» Деді бір дос, ойын ашап айта алмай, Көңілімді қабағымнан байқардай. Қапелімде мұндай сауал күтпеп ем. Тұра алмадым оған жауап қайтармай:
«Досым, саған бұлжайындане дейін, Кітап десе, қол көрмейді көмейің. Байлақ бітпес мендейлерге ол анық, Мейлі тіпті оны шөпше егейін. Ұлы Ғабит Мүсірепов бақиға, Аттанарда қаламдасдос, жақынға Сөз арнапты жатса дағы қиналып, Ажал шіркін алған шақта тақымға. «Үмітпенен, күреспенен, сеніммен, Өтіп барам мен де мына өмірден. Қуанышым, ренішім көп болды, Уа, халқым, шыға алдам ба көңілден?.. Тәуелсізбіз, жаңа Қазақ еліміз, Қазынаға бай, қасиетке ие жеріміз. Күллі әлемнің ауды бізге назары Күннен-күнге асқақтауда төріміз. Бірақ, бірақ мейли ирани бақжаса, Ғарышқа ұш, атағыңды самғата. Ешқашан да ұлы болмас халқымыз Әдебиеті өнері ұлы болмаса!..
Қарақтарым, ұмытпаңдар осыны, Бірлік жоқ та келмес істің жосығы. Қарға қыранға, мыс алтынға телінсе Мұның бәрі алауыздық кесірі. Шығарарда мені ақтық сапарға, Тілегімді алыңыздар қаперге. Жан сүйсінер бірлігіңіз болмаса Қосылмайсыз ешқашан да қатарға...» Осылай деп кеткен екен ұлы адам, Алып тұлға, сөз інжуін құраған. Әдебиеттің таза, мінсіз болуын Тәңірінен жалбарынып сұраған. Халқымызда жомарт күздей мәуелі, Ақындар бар, Жаратқанның сыйы да. Бірде дана, ұлы Мұхтар Әуезов Қатысыпты үнді елінде жиынға. Жер жаһаннан жиналыпты ғұламаң, Мұндай алқа елдігіңді сынаған. Жүзі нұрлы, кең маңдайлы Мұхаңа Көп қарапты мәртебелібір адам.
Ұқсата алмай көріп-білген танысқа, Қытайлыққа не түрікке, орысқа. «Қай елденсіз,-деп сұрапты жақын кеп, Мекеніңіз біздің жерден алыс па?» Мұхаң да оны ілтипатпен қош алған, Кезі жоқ-ты жауап таппай шаталған. «Мен қазақпын,- депті оған күлімдеп,- Елден келдім Қазақстан атанған». Ал, әлгі адам тұрыпты да кідіріп, «Білмедік біз»,- депті ойлана мүдіріп, «Білмедік»,- деп қайталапты жақын кепАл, жүзінде білсем деген бір үміт. Мұхаң сонда бар дегендей айтарым, Қазақтың бар аты әйгілі жайсаңын, Санағандай тізіп бәрін атапты, Хан мен биін, ақын, батыр, қайсарын.
Аталғанда аты Жамбыл бабаның, Депті әлгі: «Уа, міне, жарадың!» Ақын жырын жатқа оқыпты үндіше Шабыттана, жарқ еткізіп жанарын. «Айналайын, әруақты ерім-қара шал, Артық емес, әулиеге баласам,- Ұлы Мұхтар тебіреніпті теңіздей:- Халық екенбіз біз де ерлікке таласар!» Рухы асқақтың әрқашанда бағы асар, Жамбыл бопты жат жерде де намыс-ар. Қашаннан да халқын, жерін, Отанын Ақындары басқа жұртқа танытар. Осы бір жайт Мұхаңа ой салыпты, «Біз қадірлей білдікпе?» деп алыпты. Мол мұрасын қайта сүзіп ақынның Жамбыл жайлы шығармалар жазыпты...
Жайым бөлек, қуларыңнан, ептіден, Сүйекке біткен тапқан тәлім тектіден. Содан болар ақша, байлық, мансапты Дәреже емес,қолдың кірі деп білем. Құрметтедім әдебиеттей өнерді, Жан-жүрегім ләззатына бөленді. Тұлпар жырдың тізгінінен айрылмай, Асыл досқа айналдырдым өлеңді. Әдебиетің-баға жетпес қазынаң, Рухыңды намысыңды жаныған, Әдебиетің театр, кино өнерің Дүние жүзі сол арқылы таныған. Халқымызға күні туды азаттың, Артқа тастап небір түрін азаптың. Білетінім, Қазақстан тұрғанда Әдебиеті өрлей түсер Қазақтың! Маған келсек, мұны дағы ал ұғып, Жүрген емен атақ қуып, жанығып. Болашақта іздеушілер болса егер Біздің сөзде қалар бәлкім табылып...
Қажет болмас бұған көңіл зерегі, Жазбаларым, дәуірімнің дерегі. Адалдыққа, жақсылыққа үндейтін, Қай кезде де керек ақын өлеңі!
БӘРІМІЗ ДЕ БЕКЕТ АТА ЕЛІНЕН Түркістан бардым, Арыстанбабта көп халық, Ағылып жатыр, Ақ ниеттерін ақтарып: «Жебемесе өлі – тірлікте кетпес бақ дарып!», Тәуба айттым іштей, Ғұрыпқа қалған сақталып. Мешітке кірдім, Ұсынды орын төрінен, «Келген жігіт деп Бекет атаның елінен» Толқыдым қатты, Мерейім кетті асқақтап, Келгенім рас, Пір атам жатқан жерінен. Сонан соң сонау, Ғайып Ерен қырық Шілтен басында, Аңыз тарихтың іздерін көріп тасында, Тізені бүгіп, тәу етіп тұр ем, Шырақшы: «Оғыланды мұнан биік пе? – деді – расында». Толғандым іштей, Биік дегенім жарамас,
Бүтін бір елміз, Қашаннан жатқан аралас. Жауабын күткен ағаға қарап дедім мен: «Оғыланды біздің осы таулармен шамалас». Шымкентте естіп, Әулие Үкаша атағын, Қашық та болса, Басына бардық атаның. Құдығына оның барғандар қауға ататын, Қауғасы жұрттың Бос қайтып сусыз жататын... Құдыққа мен де: «Бекет!» деп қауға тастадым, Ұятты ойлап, Рас-ты және сасқаным, Сиынып Пірге арқанды тарта бастап ем, Су толы қауға! Биіктеп кетті аспаным! Жол бастаушы Талғат: «О баста-ақ сізге сенгенбіз, Ата еліненсіз, алдымен кезек бергенбіз», – Дегенде көптің назары маған ауды анық, Сөз айттым сонда оларға қарап, толғанып: «Әлемдегі жалғыз Қазақстан деген жерденбіз, Бәріміз де Пір Бекет туған елденбіз» 14.08. 2010
lІ бөлім Жаса, жаса туған ел, Аман болшы әрдайым. Дүниеде сен тұрсаң, Армансызбын, мен бармын! МАҢҒЫСТАУ О баста, менің Ер бабам, таңбасын өріп тасына, Жеті жұрт көшкен жапанды қимапты досы, қасына, Білгендей міне, Маңғыстаумың шырақ болды лаулаған. Пір Бекет жаққан бір шырақ, Оғыланды таудың басына! Табаның қара дария, гүрілге толып өр кеудең, құла дүзіңе жарқылдап, ақ мәрмәр шаһар өң берген, Тарта бер алға, Маңғыстау, ғасырдың күйін тербеумен, Болашағыңа бақ болған Бабакөз алтын көмбеңмен!
Облыс болып орнығып, отыздың шықтың өріне, Әулиелі Маңғыстау қасиет қонды төріңе Алатау, Алтай, Арқаның бәрі тәнті өзіңе, Жұлдыз боп жандың бүгінде, Тәуелсіз елдің көгіне! Күндерге жеттің міне, енді, көше алмас жұртың даңқыңнан, Топырағың да киелі-ау, жаралған дерсің алтыннан, Сен дегенде, Маңғыстау, шағала жүрек шарқ ұрған, Төмендетпесін құдайым, осынау асқақ қалпыңнан! 25.10.2003 ж. СҮЙЕМІН ҚАЗАҚСТАНДЫ Қилы заманда көрсе де өктем нұсқауды, Намысын ту ғып, таптаған қаскөй дұшпанды. Бауырға басқан басынан бағы ұшқанды, Сүйем мен Қазақстанды!
Сүйемін тілін тамылжыған да бал тамған, Сүйемін ділін кесапатыңды қайтарған. Сүйемін гүлін шұғылаға бөккен, жайқалған, Сүйемін күнін қарайтын күліп әр таңнан. Апайтөс тауын басында бұлттар аунаған, Даласын сүйем көгінен ақ нұр саулаған. Көкірегімде асылға балар жырым бар Өзіне ғана арнаған! Сүйемін көркем, керілген кербез қырларын, Жұпар жусанын гүлзарлы бауға қимадым, Тірлікте міне, төсінде жүрмін алшаңдап Бақиға кетсем – құндағым! Мерейі өссе, шарықтап көкке ұшқаным, Ақсаумал ессе, сеземін өбіп, құшқанын, Болашақтарға болаттай бекіп жол тартқан Өзіңді мәңгі сүйемін, Қазақстаным!
АТАМЕКЕН “Шіркін өмір болмағандай бір күнгі, Дәм жазбады-ау көруге атажұртымды”. Осылайша әкем кейде мұңданып: “Туған жерімФортШевченко”- дейтін-ді. Балалық-ай көңілменен құлаған, Аңтарылып қарайтынбыз біз оған. Сезбедік қой сағынышты сарғайтқан, Ұқпадық та жан-жүрегін жылаған. Зейнетіңнен бейнетіңді көп көрген, Жарты жасын жат өлкеде өткерген. Менің әкем көп боздақтың бірі еді Туған жерге аяқ жетпей, шетте өлген. ... Маңдайыма жазсын, мейлі, қиын сын, Баба рухы бойға күш боп жиылсын. Менің енді сұрайтыным тәңірден – Атамекен топырағы бұйырсын!
МАҢҒЫСТАУ Әкемнің жыры Кейде тыныш, кейде соғып жағаны, Өмір – өзен тыншу таппай ағады. Сенсіз, міне, қасиетті Маңғыстау, Тағы да бір жазым өтіп барады. Алтын күннің арқандаулы жоғары Ыстық демі ұмытылған жоқ әлі. Атыраудың толқынындай лүпілдеп, Бойымдағы қан тамырым соғады. Алдағыны білмес тағдыр безбені, Зұлмат келіп, еңсемізді езгені. Туған жерім, бейуақта сағынып, Ойлайсың ба алыс кеткен “кезбені”? Бір қиянға түзеп алып бетімді, Кетіп едім қыран құсың секілді. Қырларыңды әлі кезіп жүргендей Шалдуарлау қара бала кекілді.
Бәрі де бар, жайым жақсы, қош күнім, Сенсіз бірақ көңілімді басты мұң. Неге десең, қасиетті Маңғыстау, Қалды сенде мөлдіреген жастығым. Әулиелім, сені ойлаған кезім көп, Туған жерден безбүйрек жан безінбек, Көз алдымнан жазым көшіп барады, Жастық шағым және дағы өзің боп... Менің жырым Маңғыстауым, сен деп соғып от-жүрек, Көкірегімді бір құштарлық тепкілеп, Мен асықтым бір өзіңе жетсем деп, Серік болды үміт, сенім, ақ тілек. Маңғаз өлке, менің алтын кенішім, Сен деп келдім қанат қақсам – өрісім. Алға қарай апаратын ұрпақпын Бабалардың бастап берген өр ісін.
Иә, солай, шежірелім сындарлы, Парыз білем өзің жайлы жырлауды. Саған деген махаббатым кеудемде Бүршік атқан енді, міне, гүл жайды. Күннен-күнге сен жатқанда жаңғырып, Мен қуандым жанарымда таң күліп. Саған әкеп мені жіпсіз байлаған Арамызда махаббат бар мәңгілік. 25.10.1985ж ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ Далам-ай менің, Көсілген көркем далам-ай, Көргендей алғаш, қуанып тұрмын баладай. Елжіреп тұрмын, қасиеті күшті туған жер, Сен маған емес, мен саған бақи анадай. Қуанбай қайтем, дым тамбай талай көгіңнен, Мамырда тіпті отты леп есіп деміңнен. Кенезем кеуіп, қосыла саған шөлдедім, Кішкене ғана бөлшегің болып сенің мен.
Тамшысын таппай жаңбырдың осы өңірден, Балауса шөптер әп-сәтте солды-ау көрінген. Сонда да болса сенімен қоса егілгем, Кезім жоқ менің, маң далам, сенен жерінген. Бүгінде мынау есесін алып сан жылдың, Дүрия далам, бойжеткенге ұқсап сән құрдың. Алғысың көп-ау науырыз бенен сәуірге, Рәтін көрдің көктемде жауған жаңбырдың. Қарашы, міне, жас жусан жарды бүршігін, Қырыңды кезіп, жинадым гүлдің мың түрін. Шаттығың болып бозторғай ұшты пыр-пырлап, Әніне салып, алмай жүр шіркін бір тыным. Жарықтық дала, қайнары асқақ шабыттың, Сен маған бүгін ерекше рай таныттың. Гүл тұнған қырда шалғынды кешіп тұрып мен, Қымыран жырды жүрекке құйып алыппын…
- * *** Шіркін, менің даламның ауасын-ай, Жанға шипа, жүрекке дауасы бай. Көлбеңдеген қиырға көз тастасаң, Дала тектес таусылмас табасың ой.
Қол бұлғайды қыз етек қырқаларым, Әр шоқыдан шежіре-сыр табамын. Бозторғайлы бозаң қыр – туған дала, Сенсің менің айтар жыр, шырқар әнім.
Шуағына даланың шомыламын, Мауыт түнін көрпе ғып жамыламын. Өйткені, мен түзде өскен тағыдайын, Көрмей жүрсем, даланы сағынамын.
Сағынамын, ұзасам жабығамын, Дала – үйімдей, аспаны – шаңырағым. Менің алтын қазығым – о, туған жер, Қастер тұтып, өзіңсің табынырым!
*** *** *** Сайын дала, көктемгі көркің ғажап, Тұскиіздің түрленген кейпінде алап. Бозаң жусан желкілдеп, дөңгеленген Қарияның сілкіме бөркін жасап.
Балғын құрақ сусылдап тербеледі, Бейне теңіз көшкендей өң береді. Жапырақ сайын күміс шық жылтырайды, Қолмен қадап қойғандай теңгелерді.
Білем, әлі-ақ бұл қалпың өзгерерін, Жазираны сарғайған көз көрерін. Төскейіңде ақ сағым жеңіл қалқып, Көшпе құмға сай-салаң кез келерін.
Мейлі, тіпті іздемен жер дарасын, Айнымас саған ғашық көзқарасым, Көктеміңмен, аптабың, ақпаныңмен, Сен мен үшін бөлінбес ен даласың.
- * ***
Алматы, міне, жасыл-желекке бөленген, Көктөбе жаққа қиямен өрлеп келем мен. Төменде қалып у-шуға толы нән қала, Кербез Алатау қарайды күліп төбемнен. Шулайды құстар тарқата алмай базарын, Қылықпен ерке айтады бұлақ наз әнін. Әсем астана, көркем табиғат – тау, өзен, Ұмыттырғандай өмірдің мұң мен азабын. Аймалап самал, қытықтап күннің жанары, Ағыл да тегіл ақ жаңбыр төгіп алады. Еске алып сонда шөліркеп жатқан даланы, Көңілім менің, Маңғыстау, саған ауады. Жанымды тіптен сергіте алмай өпкен леп, Сүреңсіз болып көрініп қала көкпеңбек, Алатауға шығып, жаңбырлы бұлтты жиып ап, Қиял қуамын өзіңе ұшып кетсем деп.
Жете алмас саған әсемдік көзді арбаған, Қала мен дала мен әлі тіпті бармаған. Жүрек-аруана өзіңе тартар боздаумен, Өзге өлкені жерсінбей өтер мен-балаң. КАСПИЙ Каспийге көзді сүйдіріп, Қызықтау ғажап, әрине. Аруанадайын идіріп, Жатырмыз сорып нәрін де. Біреуге Каспий тек теңіз, Ел қонақтаған жағалай. Мен үшін бірақ, білсеңіз, Өңірге осы Анадай. Даласы түйе көніндей, Құйын мен сағым іркілген, Мен үшін ұжмақ өмір бұл Бір күні артық бір күннен. Каспийім – тыныс, дәрменім, Баба қырыммен егізім, Көздесең байлық, ал бәрін Аман тұрсыншы теңізім. Саналы бастар бағамдар, Теңізбен үндес тірлігім. Сақталса ғана Каспийім Артады білсең бірлігің.
Шын бірлік жолы өрімдей, Үзілмес қалай күштесін. Каспийімаппақ көңілдей, Ал, оған қылау түспесін. Тамыз. 2006 ж. ҚАРТ БАБАМДАЙ КӨРЕМІН Беу, Каспийім, баба текті айбарлым, Бастауы сен мендік шабыт-қайнардың. Жағаңа кеп тағы, міне, отырмын Басын құрап жазылмаған ойлардың. Жүрегімді өлең-асау мазалап, Бос өтсе күн өзімді іштей жазалап, Саған келдім күйкі ойлардан арылып, Сарайымды алу үшін тазалап. Нәзіктік бе, жұрт ұқпаған жайды ұғам, Сәл нәрсеге қуанам да, қайғырам. Саған келдім, жігер берер дедім де, Бабалардың көзін көрген бай мұрам. Өмір деген қиын екен, мұңайтты, Түсінер деп сенген досым сын айтты. Саған келдім, шағаладай шарқ ұрып,
Ақ толқының көңілімді тыңайтты. Саған келсем, қаяу-мұңды жеңемін, Өз ісіме, жеңісіме сенемін. Сондықтан да, қарт Каспийім, мен сені Ой қосатын қарт бабамдай көремін. ЖЕРЛЕРІМ «Көп жерлердің ішінде туған жер деген бір жер бар» Жұбан Молдағалиев. Долы желі, аптабына шынығып, Ертегі естіп, айлы түннен сыр ұғып, Әр ісімнен шалалығым білініп Бала шақта көзім көрген жерлерім. Табанымды тікеніне тілдіріп, Балағымды велсебетке ілдіріп, Дүниеде барлығымды білдіріп Мал қайырып, селеу орған жерлерім. Сән түзеген бозбаланы жағалап, Дос-дұшпанды енді өзімше бағалап, Арманымның арғымағын тағалап Елік-қызға көзім сүзген жерлерім.
Бойжеткеннің терезесін күзетіп, Кей түндерде табанымнан сыз өтіп, Жиылып ап, кей тентекті түзетіп Ойын-тойды іздеп шыққан жерлерім. Есейдік деп темекіні қолға алып, Біреу артық сөз айтса егер шамданып, Қиялданып, қыран құсша қомданып Алғаш рет шарап татқан жерлерім. Оңашада махаббатты ойға алып, Еш адамға сыр аша алмай толғанып, Өз-өзімнен өлең құрап, сандалып Елік-қызға хат жолдаған жерлерім. Енді міне, талай-талай қырды асып, Өлгенімше құмар қылып жыр-ғашық, Сол арқылы дүйім жұртқа сырды ашып Қуанышқа шын кенелген жерлерім... 27.08.1994.
БЕСІК ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Толқынды кәрі Каспий жағасында, Маң дала көк теңізбен жарасуда. Сары құм, зеңгір аспан, ақ шағала Көз тартар бір сұлулық бар осында. Жағада Қиянды, Қулы ауылың да, Қоныстас қазақ, түрікмен бауырың да. Қазақша тұрғындары таза сөйлеп, Бас қосқан той, садақа, сауығында. Бәрінен биік қойған ар, ибасын, Осында хан көтерер ауылдасын. Хабар сап, Қияндыда той жасады, Шегем Шәудір баласы Жарылғасын. Шәукеңнің палуандықпен аты шыққан, Болмапты қиындықтан кезі ыққан. Марқұмды еске алады көне көздер: «Ер көңілді кісі деп жайыңды ұққан».
Тоқтамай өмір-өзен жатыр ағып, Жұрт күйлі, балық аулап, малын бағып. Жекжаттық жөніменен тойда болдық Шәукеңнің кенже ұлы келін алып. Бұл тойға сан тараптан келді халық, Жыраулар жыр толғады шабыттанып, Палуандар белдескенде, жұрт қиқулап, Күресте шын мықтыны жатыр танып. Тойда анық талайлардың бас қосары, Үлкендер көшелі сөз бастады әне. Қаратып дүйім жұртты әңгіме айтты. Түрікменнің төрде отырған ақсақалы: -Әкеміз Оразнияз, Сафи атым, Қазаққа ұқсап тұр ғой түр-тұрпатым, Бұл тойға арнап келдім Шағадамнан Шәудірдің көріпті әкем шапағатын.
Сұм тағдыр қай пенденің жайын ұқты?! Әкеме бақытсыздық таңылыпты. Перзенті бірінен соң бірі өліп, Ошағы қайғы бұлтын жамылыпты. Тәңірден ертелі-кеш тілеп медет, Таба алмай қам көңілге ешбір себеп, Зарлапты шашын жайып сорлы анамАйырылған үш сәбиден Огулгерек. «Ісіне бір Алланың адам көнбек, Мен сорлы міне, қубас атандым», деп, Шәудірге әкем ылғи мұң шағыпты: “Бұл қайғым бара жатыр досым, меңдеп”. Дос пейіл осындайда сыналыпты. Шәукең де қоңсысы үшін мұңайыпты. Қазақтың бір ырымын жасамақ боп, Сиынып әруақтарға, сыбаныпты.
Оңаша қиялымен тілдесіпті, Үміттің оты ұшқындап, мұң көшіпті. Бабамның киесі бар мұрасы деп, Жасапты бөбекке арнап бір бесікті. Қыс өтіп, жаз айналып, күз келеді, Ал, әкем ақ үмітін үзбеп еді... Қуантып көрші-көлем ағайынды Жаратқан шаңырағына ұл береді. Білгендей Шәукең жетіп бесігімен, Жұртты аузына қаратып шешімімен. Шарананы бесікке салып тұрып: «Ұрпақ өрсін,- депті, -үйдің есігінен». Сәбиге Қазақбай деп ат қояды, Шәукеңнің ырымы шын ақталады, Бесіктен ол жасаған төрт ұл өрбіп, Оразнияз үйіне бақ қонады. Міне, мен сол шаңырақ кенжесімін, Тілеуін берді Құдай пендесінің.
Түркімендер әзіл-шыны «қазақ» дейді, Екі ұлтқа ортақ ұлмын, ал несі мін?!.. Сафи қарт түйіндеді әңгімесін, Босатып тыңдаушының жан-жүйесін. Тербелді көз алдымда қоңыр бесік Тигізген ден қойғанға зор киесін. Тарқатып осылайша жан наласын, Әулетке айналдырған бір баласын, Киелі бесігіндей елестетем – Қазақтың сағымданған маң даласын. Бұл өмір күз күніндей құбылмалы, Уақыттың жай таптырмас бүгінгі әні. Замандас, ой көзімен бір қарашыБесігің үйіңдегі түзу ме әлі?! Бесігің үйіңдегі түзу ме әлі?!.. ІНІГЕ СЫР Заманға сай жаңартам деп үйімді, Тастап жатсың алашаңды, киізді, Мүлік еді ата-анаңның көзіндей Енді міне, қажеті жоқ “үйінді”.
Білем, бүгін тапшы емессің ақшаға, Жиһаз жидың, алдың жаңа баспана. Ескі заттан арылам деп бұрынғы, Байқа, көне бесігіңді тастама. Шаңырақты ұстап қалған ұл едің, Өзіңе айтар бұл ағалық тілегім. Бесігіңді тастай көрме, жарқыным, Білгенге ол, баға жетпес киелің. Өмір-мектеп, кездеседі түрлі сын, Өркендесін, көркемделсін тұрмысың. Бөпе жатар бесігіңнен ажырап, Үзіп алма, өсер ұрпақ үрдісін. Арымас ұл үлкендермен кеңескен, Шаңырақ бол, бақ-дәулеті теңескен. Ал, бесігің киелің ғой, киелің, Әулет емес, одан Қазақ елі өскен!...
АТАЖҰРТ Кезімнен-ақ етек жауып, ес білген, Өзіңді ойлап, ғажап күйлер кештім мен. Қиялымды баурап алған Маңғыстау, Сәйгүліктер дүбіріндей естілген. Елестейтін және маған ұжмақтай, Әулиелер жайлап алған жұмбақтай, «Маңғыстау» деп қайталаушы ем дұғамдай Атауының өзі маған қымбаттай. Билеп алған көп ертегі, көп аңыз, Атажұртқа жаны құштар баламыз, Дем бергендей бабалардың рухы Арасында керілдесіп қаламыз. Жүретінбіз саған сырттай таласып, Қиялымыз қия шыңнан әрі асып, Батырларша бірін-бірі кешірген Кететінбіз кейін қайта жарасып.
Бала көңіл мөлдіреген тұнықтай, Махаббатын жүретін еш суытпай, Қызғансақ та бірімізден біріміз Жүретінбіз өзіңе шаң жуытпай. Он жетімде сапар шектім сені іздеп, Көкірегімнен өпті Ақтауда теңіз кеп. Көктеп өттім Өзен, Бейнеу арасын Қасиетін болдым анық сезінбек. Айғыз-айғыз тілімденген арқасы, Шықты алдымнан баба дала қаңқасы, Көрінгенге үрке қарап тұрғандай Атажұрттың әр шоқысы, әр тасы. Тыпырлайды торға түскен балықтай, Жон арқасын қамшы тілген арықтай. Неде болса қысқаштайын жуан қол Қояр емес қара қанын сарықпай.
Бозаң дала тақырланған ақ шаңдақ, Үркіп ұшқан бөдене мен қасқалдақ, Качалкалар қанға тоймас масадай Қайта-қайта сорып жатыр қақшаңдап. Шынжыр табан ізін сала таптаған, Көрінеді жусанды қыр жат маған. Күңгірлейді көне бейіт, мазарлар Ата-баба белгісіндей сақтаған. Жерұйығым қайда мені баураған, Талапайлы тулақ дерсің аумаған. Өткенімді бүгін іздеп таба алмай Жауыр аттай дірдектедім жаураған. Біреулердің ой-пікірі, санасы, Таң қалдырды ауызының аласы, “Түрікпен”дейді “қалпақ” дейді қазағын Мақтаса да, дайын тұрар жаласы.
Бойын билеп қызғаныш пен күншілдік, Ойын билеп рушылдық, жершілдік, Шалыс бассаң жатқан гу-гу әңгіме Биіктесең ешкім көрмес – үнсіздік. Асқақтасаң, бейім тіпті құртуға, Жаққың келсе, дарақылан, жырқылда... Тәңір ием ондай “бақыт” бермеген Жат қылықты қалдырамын сыртымда. ...Содан бері талай-талай жыл өтті, Тәуелсіздік нұр боп жетті, түлетті. Бәрін қойып келе жатыр орнына Серпіп тастап құрсау болған түнекті. Жылдар өтті, айлар өтті, күн өтті, Рухсыздық көңілімді жүдетті, Бойындағы қасиетін қазақтың Жиып алып кеткен сынды бір епті. Сені іздеумен тілімдедім табанды, Бетте - әжім, самай шашым ағарды. Таба алмадым қиялдағы жерімді
Баурап алған бір кездері санамды. Бәдеуидей, бір қалыптан айнымай, Келемін мен, сені іздеткен қай құдай?.. Қиялдағы ер көңілді, мәрт халық Сені іздеймін бейне Асанқайғыдай. Төзем деумен, табам деумен келем мен, Өзімді өзім алдарқатып өлеңмен, Қиялымда қалып қойған Атажұрт Сені ақыр табарыма сенем мен!.. ДАЛА Боз дала сені мамырда, Бұралған бейне қыз деймін. Бозала таңның шағында Бозторғай жырын іздеймін. Бабаларымның көзіндей, Боз жусанды жазығым. Батырға біткен төзімдей Батылға жомарт алыбым. Батагөй шалдар о баста, Бозқасқа шалып жолыңа, Бозаң қыр саған таласқан Бермеген жаудың қолына.
Боздақтар шыққан атойлап, Болат өзекті жебедей. Басқыншы қашып, ат ойнап, Бейіт боп қалған төбелер. Бұл күнде енді ырыстан Бақытқа толды әр таңың. Бозжайнақ ұлдар құрыш қол Бөлеуде даңққа ертеңін. Бозмая дала – жерұйық, Басыма сені бақ тұтқам. Болашағыңа сеніп нық Бәйіт етіп өтем шаттықтан. 22.05.1980 ж.
АҚЫН ДОСҚА ХАТ Мы знали, что станем узлы собирать, Как изгои. Мы - переселенцы? Я бросаю его,чтобы не потерять, Город солнца и Моря и Детства...” Андрей Мирошников. “Сны” кітабынан. 1998. Білігі мол ақынның Әр сөзі нұсқа, жүйелі, Желкеуде болса желіккен Көпектей көшке үреді. Меншіктеніп Ақтауды, мұңданып жазған өлеңін алдымнан шықты үнемі. Тарихтың білген ақпарын біреулер бұған күледі, Ұрда-жық мінез әупірім біреулер білек түреді, Ойлағанда осыны көңілге сан ой түнеді. Білмеген болсаң өткенді сәуле салсын санаңа Өлеңнің өткір түрені. Шағаладай шарқ ұрар Мұндайда ақын жүрегі. Біз білсек мына Ақтауға кеңестік кезде келгенсің. Мәскеуден тіке қамтылып, нәпақаңды тергенсің, Біреулердің сөзіне байыбын білмей ергенсің. Мұныңа жауап қатайын жайым жоқ шала бүлінген, Бұл аймақ үшін кезінде Ерлерім білек түрінген. Сойылмен қорғап даласын, жүректілігі білінген. Тарих солай сөйлейді ойлап тапқам жоқ бүгін мен. О,баста менің ер Бабам ордасын тіккен осы жер. Нәубет жылғы ойранда Жер аудық, әруақ кешірер.
Тамыр тарттым емендей топырағым осы өсірер, Бақиға жаным ұшқанда Осында мүрдем көсілер... Құрсаған бұғау быт-шыт боп құлаған кезде үстемдік. Талайлар тартты еліне көрмесе дағы еш кемдік, Ұлыспен кейбір біргеміз көңілде жоқ өшпендік. Күн көрсетпей өзгеге Болған жоқ жолын кескендік. Бірақ сен жұртың көшкенге толғапсың жырын ғаріптің, Диуана тұтып өзіңді өткенді көксеп жанықтың, Ал, мен үшін бүгінде серпілді бұлты тамұқтың. Бодандықтың күні өтті Тәуелсіздігім – жарық күн! Маңғыстау бізге атажұрт – Ата-анам кіндік кескен жер. Зұлматты сонау жылдары көз жасын төгіп, көшкен жер, Қазынасы олжа боп көкейін жұрттың тескен жер. Сағыныш болған бауырға Маңғыстау жақтан ескен жел, Шет жерде жүр келе алмай Үдере бір кез көшкендер. Талайы қалды жат елде Ажалы жетіп жаланған. Оралған жандар ене алмай айналып өткен қалаңнан. Өз жерінің шәрлері кем болмады қамалдан. Өзіңнің үстем ойыңды Сылып таста – санаңнан. Шындықты ұғар ақын деп Сөз саптадым жүйелі, Егемен елміз, серпілді бодандықтың түнегі. Аман болсын атажұрт
Маңғыстауым киелі, Осында жатыр өйткені, жеті атамның сүйегі. Бұл аймақты сондықтан Риясыз жүрек сүйеді. 11.05.1998 ж.
САПАР АЛДЫНДА Түрікмен елінде қазақ тілінде шығатын “Жұмысшы” газетінің қызметкерлеріне Бас қосулармен, бұл өмір, қоштасулардан құралған, Маңғыстау болып қол бұлғап, шақырды мені бір арман. Жаңғақта жүріп жыр аулап, өлеңнен өрім өріп ем, Мұнайдың елі –Маңғыстау шығарар ма екен құмардан?! Көргендей бүгін, қараймын қия алмай жүрген далама, Туған жер, мені жетесіз, сабырсыз ұлға санама. Сәттілік тілеп сапарда, тілеулес болып жата гөр, Өлеңнен басқа ем қонбас қияли болған балаңа. Қия алмай тағы барамын қаламдас, бауыр, достарды, “Жұмысшының” бүгінгі көркі - қаламы жүйрік жастарды. Қоштаспадым олармен кездесіп тұру жазсын деп, Есімдерін қайталап, қайталағандай жақсы әнді. Еске алып мені жүріңдер, тілеулестерім, ағайын, “Қара алтынды” өлкеде өлеңнен отау соғайын. Маңғыстау жері қашаннан шайырлар елі атанған, Мың шырақ жанған өлкеге бір шырақ болып барайын... 17.08.1985.
ШІЛДЕДЕГІ НӨСЕР Кеткен-ді көктің түсі оңып, Қазбауыр бұлттар жауа алмай. Төбеде от-күн тұсалып, Кірпігін қақпай қадалды-ай. Осынау шақта аңдысқан Шаптығып шықты бір құйын, Екпінмен ерек шаң құсқан Желпіді көктің түндігін. Қаптады бұлттар атойлап, Аспанды алды көмкеріп. Көкжиекте жатты от ойнап, Жатқандай тауды төңкеріп. Көк жүзі кетті шатынап, Найзағай – ұшқын от бейне. Дүрлігіп қалды атырап Шуылдап нөсер жеткенде. Түскендей көктен күткені Жадырап қалды бар маңай. Тал, терек бойын тіктеді, Серпілді дүние, жалған-ай. Мұнардан аспан тазарды, Тұр еді көптен ашылмай. ... Болар еді өмір базарлы Нөсерлер соқса осындай.
ТУҒАН ЖЕРДІ АҢСАУ немесе ақын аға Есенғали Бөкенбаевқа хат Аман да есен жүрмісіз, Есенғали ағамыз. Алыста жүрген ініңе Шайырлардың ішінен Өзіңнің артық бағаңыз. Соңғы жылдар, жан аға, Ақтау деген қалаға Көшуді бізге нәсіп қып
Алыстап кетті-ау арамыз. Маңғыстау болды тұрағым, Өлеңнен өрнек құрадым, Алыста сенен жүрсем де, Ауылдан келген адамнан Хал-жайыңды сұрадым. Шабысы бөлек дүлдүлім, Екпіні қатты жүйрігім, Сағыныш жырын жолдадым, Шабыттың ашып түндігін. Толқындай көкке ыршыған, Тыңдаған көңіл тыншыған. Ел ішін кезген кезімде Жырларыңды естіп шаттандым Термеші менен жыршыдан. Сөзіңнің ұқса байыбын, Өзіңсің асау Жайығым. Тыңдаушыны тебірентті, Қайғылыны еңіретті Әйгілі “Тоғыз қайығың”. Жөргекте жырдан от алдым, Жиырмада сенен бата алдым, Отыз жасқа келгенде Ойынтойға сән беріп, Өлең сөзге әр беріп, Ақыны елдің атандым. Еңбек еттім баптанып, Жүрмін содан бақ тауып, Халыққа жазған жырларым, Жүректен шыққан сырларым, Басылды тасқа, қатталып. Қияға тартып жүрегім, Шарлап кетті жыр елін. Алыста дәйім жүрсем де, Шағадамдағы абызым, Күйіне келген қобызым, Ақылшым менің Ес-ағам, Саулығыңды тіледім. Бірақ та жөні, ағажан, Бөлек-ау, туған ауылдың, Ауылда жауған жауынның, Ауылда соққан дауылдың, Күннен-күнге жат болып,
Алыстап қалған бауырдың. Шағадамды жайлаған Қазақ-түрікмен қауымның. Елге ырыс, құт болған, Шұбалған Құба тауымның. Сағым кезген белдерім, Боз жусанды жерлерім Бірге жүріп, бірге өскен Қатар да құрбы теңдерім. Бір көруге асық боп, Дидарыңа шөлдедім. Бала боп жүрдім Ақтаста, Жігіт боп бардым Бекдашқа, Қырандай қанат қомданып, Қайта-қайта толғанып, Кеудемнен өлең ұшырдым Гюшадағы көк таста. Тартатын қайсар дала ұлын, Қошоба, Хасан, Шағылым, Қулымаяк, Жаңғақта Сыралғы достар көп еді Қыздырған еңбек дабылын. Қуанып бұрын айтарым, Мұңайып бүгін айтарым: Суалған айдын тола ма, Аққу-қаз қайта қона ма? Қарабұғаз – байтағым!.. Осыларды ойлап жабығып, Аулаққа жіпсіз таңылып, Ес-аға, сізге хат жаздым, Сағыныш бұлтын жамылып, Ініңнің өзің жайын ұқ... 5.05. 1988 жыл. АҚЫН ІНІМЕ Есенғали шайырдың жауабы Сағынып, бізге жолдаған, Хатыңды алдым, Темірім. Мекендедің, дәм тартып, Маңғыстаудың өңірін. Халық үшін туған жігітсің, Жемісті болғай өмірің. Өлең болды өзіңнің Ажырамас серігің.
“Ауылдан ұзап кеттім”- деп, Бұзылмасын көңілің. Дос табылмас дейсің бе, Жақсыларға жақын боп, Таба білсең көңілін. Ақындар қайда жүрсе де, Қызметін етпек елінің. Арманы болмас адамның, Ақтаса елдің сенімін. Тоғышар мен менменнің Баса білсе желігін. Қамқоршысы халқының Қиындықтан қаймығып, Іздемес істің жеңілін. Елің мен жерді сағынған, Мәнісін ұқтым хатыңның, Қысқаша жауап берейін, Иесі деп ақылдың. Білмейтін де бар болар Іштегі ойын ақынның. Бейбітшілік дәуірде Айыру қиын арасын Қорқақ пенен батырдың, Тентек пенен мақұлдың. Қасымызда жоқтығын, Алыста жүрсек, білеміз Жаны ашитын жақынның. Темір інім, шүкір ет Маңғыстау мен Жаңғаққа Танылғанын атыңның. Отыз жасқа келгенде Ақыны болдың халқыңның. Журналист болып Одаққа Жауапты іске тартылдың. Бұрылысты қарсы алып, Жаршысына айналдың Социалистік салтымның. Іңкәрі болдың бұл күнде Мұндағы дос-жар, артыңның. Өнегелі өмірдің Көшбасшысы болуға Ұшатын құстай талпындың. Жерлестерің біледі
Қымбаттығын нарқыңның. Екеу болса, бірі өзің – Көңілі ашық-жарқынның. Ақын інім ардақты, Өзіңе үміт артады Маңғыстау мен Жаңғақты. Албырттықтан арылып, Болатын кезің салмақты. Қияға ұшқан қырандай Танитын кезің жан-жақты. Ел аузынан түспейсің, Болсаң ақын сандақты. Шамаң келсе, ұмытпа Ата жолы, бұрынғы Қасиетті әруақты, Елдігімді жоғалтпай, Батырған жауға бармақты. Алатаудан асырған Қалдан Церен бастаған Атышулы қалмақты. Ақындық – өнер киелі, Кез келгенге қонбайтын. Ақын деген-әулие Келешекті болжайтын. Қисыныңды түзетіп, Тура жолға жолдайтын. Жауыздықпен жаны қас, Әділдікті қолдайтын. Нағыз ақын – шежіре Ел өмірін толғайтын. Білімді ақын жазбайды Парасатсыз өлеңді Көңілің көншіп толмайтын. Дана ақынның сөздері Бәйтерекке меңзейді Гүлденсе –семіп солмайтын. Адуынды ақындар Серпілте білер әп-сәтте Қайғының бұлтын торлайтын. Саған да, Темір, сенеміз Әйгілі ақын болар деп Ел намысын қорғайтын. 01.08.1988. Ақтау-Шағадам.
АЛДАСПАНДАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН ӨЗЕНІМ Табаныңда – дариясы мұнайдың, Көкірегіңде – асқақ рух, қырау мұң. Көзі қырын түсті ме әлде құдайдың, Сәнің қайда, әнің қайда, шырайлым? Қабырғасын сөккендейін тамұқтың, Көзі болып түнді тілген жарықтың, Күллі әлемге кеткен тарап дауысың Ұранындай қазақ деген халықтың. Өршіл едің, елдің мақтан сөзі едің, Бүгін сенің талғандай ма өзегің? Келер әлі, келер талай кезегің, Алдаспандай жарқылдаған Өзенім!!! Қаңтар,1990 жыл. ҚАРАЖАНБАС “Қаражанбас”,- дейді жұрт-Қаражанбас, Сақта, Тәңір, болудан қара бармас. “Қара алтынның” көмбесін жайып салған, Қазақтың ақ пейілі сенен аумас.
Саған құмар жақын да, жат та бүгін, Қамын ойлап байлықтан ап қалудың. Тілеймін мен мұнайлы Қаражанбас Ұрпақтан соң ұрпаққа сақталуын. Көңіл құштар қашан да құзар шыңға, Қайсар жандар бұл жерде шыдар сынға. Тағзым етем көтерген ел еңсесін Барлаушыға, бұрғышы, мұнайшыға. Өмір –мұхит, жүземіз кемесінде, Хақтағала тап қылма бөгесінге. Қаражанбас мұнайын бұрқағандар Еңбегімен қалады ел есінде. Дейді екен бұл жерді “Қаражанбас”, Кезі жоқ-ау, асылың бағаланбас. Бар байлығын ортаға жайып салар Қазағымның пейілі сенен аумас. 10.11.2002.
ҚҰТ БОЛЫП ҚОНСЫН ЖЕТПІСІҢ (Маңғыстау ауданының 70 жылдығына) Маңғыстауымның биікке атын көтерген, Сен дабыл қақсаң, қырандай самғап жетем мен. Жетпіс асса да жалаулы шақтан аумаған, Өмірде мен де өзіңе ұқсап өтер ме ем?! Бұлдырап жылдар артыңда қалып сағымдай, Кемелге келдің, жолынан Хақтың жаңылмай. Бүгінде міне, шаңырағыңа бақ қонып, Жетпіске толып, желпініп тұрсың абыздай. Уақыт көшімен өттің сен талай кезеңнен, Қасиетіңді де, қасіретіңді де сезем мен. Бұл күнге жеттің артылған жүгің аумастан, Төбеңнен бұлт боп төнсе де, нарық безерген.
Көтеріп келген қиын шақтардың тепкісін, Беу, абызым-ай, қара нар сынды тектісің. Халқыңның жүгін алшаңдап алға тарта бер, Береке, бірлік, құт болып қонсын жетпісің. ЖАҢАӨЗЕНДЕ, ОН ЖЕТІНШІ МАУСЫМДА Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі Тарихыңда төтеп берген сан сынға, Ерлік бар-ды, елдік бар-ды халқымда. Өршіл ұлан, мұны әлемге танытқан, Жаңаөзенде, он жетінші маусымда. Тектілік бар ата-баба салтымда, Алатаудай асқақ содан даңқым да. Қасиетін жоғалтпадың қазақтың, Еңсе басқан қасіретті маусымда. Найзағайдай жарқылдадың, бұлқындың, Төсін тілдің қара түнек бұлтыңның. Дүбіріңнен таңдар атып жап-жарық, Дабылыңнан жетті арайы нұр-күннің.
Сендерсіңдер – жер иесі, нар тұлға, Ерлік мұра ұрпақтарға айтуға, Боздақтарын еске алады жыл сайын, Жаңаөзенде, он жетінші маусымда.
АҚТАУДАҒЫ ТАРАС ЕСКЕРТКІШІН КӨРГЕНДЕ Т.Г. Шевченкоға Сұс танытып жанардан, жауыңа дүлей кекпенен, Қияға қанат қомданып, көзіңе түспей көп белең, Отырғандайсың ақыным, шағала көңілің шарқ ұрып, Көкірегіңнен ұшырып сағыныш толы отты өлең. Қаскөйлікпен бітіспес, толқындай болдың жарды ұрған, Айдалып келдің жеріме, бұл дағы бұғау – тағдырдан. Рухың риза біледі ел, қазақтай ұлы халыққа Өз ақынындай әспеттеп, бейнеңді тасқа қондырған... Мұңдылау шықты өлеңің, кезің көп болды жабығар, Днепр өзен –анаңа жолдадың сәлем сазы бар, Сіз жүрген жерді көрмекке осында талай келер жұрт, Жақсыда жаттық жоқтығын, бейнеңді көрген жан ұғар. Тәуелсіздік таңы атып, шаңырағын тікті түбегім, Украина дербес ел бүгін, іске асты арман-тілегің. «Тарас та мұнда болған» деп, қастерлейміз атыңды Бізбенен әркез үндессе ақындық рух-жүрегің...
ДОСТЫҚ ТЕҢІЗІ (әнге лайықтап) Каспийім-арайлым, Өзіңдей жоқ айдын. Толқынды жағаңа Нұрлана қараймын. Ырыстың негізі, Туыстық сезімі, Тоғысып атандыңДостықтың теңізі. Маңайың тыныштық, Көгіңде күміс бұлт. Жағаңда жайқалып, Бес елмен туыстық. Бақ болып сан елге, Танылдың әлемге. Арқау сен әп-әсем Өлмейтін өлеңге. Баураған жан-жақты, Орның бар салмақты. Аялап өтеміз, Анадай ардақты. ПАРИЖІМ МЕНІҢ Мақтады деме қаласын бастан асыра, Ыстық ұясын балар жұрт астанасына. “Парижім” менің – Жаңаөзен деймін мен ылғи Өзіңді теңеп француздың бас қаласына.
Маусымда сонау төсіңнен жалын ұшқанда, Жігерің көкте жасынмен шағылысқанда. Жетіп ем саған, он жылым бірге өтіп еді Парижге теңеу өзіңді сағыныштан ба?! Кіші болсаң да Парижден, кейпің бар асқақ, Досыңды қоштап тұрғаның, жауыңды жасқап. Дала-мұхиттың қалқыған ақ кемесіндей Жарқын күндерге барасың оң сапар бастап. Күңгірлеп, мейлі, күмбезің көк тіремесін, Мұнараларың көзді арбап, бұлт күремесін. Сонда да маған сен болдың Парижден қымбат, Өзіңе менің әрдайым ақ тілегім шын. Өзенім менің, далама шырай бергенім, Шыңыраудан тарттың толқыған мұнай керуенін, Француздың емес, білсеңдер, менің Парижім Шабыт жырына бөленген мынау кеудемнің.
Парижге теңеп, жүргем жоқ өзім түсінбей, Жұмыскер кейпің елестер көзге мүсіндей. Бір саған деген жүректе аппақ сезім бар, Келемін әлі мен оған қылау түсірмей.
САҒЫНЫШ
Ақын Дүйсенбек Қантбаевқа
Теңіз де өксіді, Менің кеудем де... Жағада сол күні, Сартап сағыныш сезім боп көлкіді. Жылаған жүректі жұбата алмады Каспийдің құшағы, Ақ білек толқыны. Іргеде көк шаһар, Таныс бақ, Жалаулы жастықтың көшесі. Бүгінде Басқаша тыныстап, Дутардың сазына буынып, Шиырылған көк шайлы кесесі. Бұрынғы нұрлы аспан, Кіреуке мұң басқан. Қаланың қауқылы көбейген, Кеткендей бұрыннан есесі... Ләйлі тал сыңсиды, Жапырақ-шаштары Мойныма оралып, Қимастай қиылып, Қарайды ақ қайің қадалып. Өмірдің қат-қабат жолында Қалмасам жоғалып... Красноводск!... Өзіңе соғамын ол анық. ...Сол күні өксіген көңілмен, Таныс та, алыс та жағада, Жоғалған жастықтың елесін
Екшедім санада. Өйткені көп жылдар Жүйткіпті арада. Ал, сен ше, бардың ба? Сол бір жағаға, Жан-аға...
- 10. 2006 жыл.
ӘКЕ БЕЙІТІ БАСЫНДАҒЫТОЛҒАНЫС І
Қиналғанда рухымен жебеген, Сыналғанда қолтығымнан демеген, Әке, сенің бейітіңе кеп тұрмыз Ұл-қыздарың, келіндерің, немерең. Келіп тұрмыз, ұзақұзақ жол кешіп, Болады деп алғы күнде хал нешік. Көптен кейін бейітіңді көргенде Жоқ тапқандай көңіліміз қалды өсіп. Әке, саған келіп тұрмыз алыстан, Сенің кіндік қаның тамған қоныстан. Нәубет жылдар бытыраған қазақтың Ұрпағы біз, Маңғыстауда тоғысқан. Өзіңе айтар нала-мұңым көп менің, Кештің талай шырғалаңның өткелін. Қуғын көрдің, бейнет көрдің, жоқ көрдің Бәрін жеңдің, туған жерге жетпедің.
Өзің болып жеттік атамекенге, Кім-кімің де санай алмас бөтенге. Сонау заман өзің жаққан ошақта Лауласа от, оның кемдік етер ме?! Қайран әке, құзыретіне өктемнің, Бірі өзің ең басын имей өткеннің, Тәбәрік ғып Маңғыстаудай жеріңнің Топырағын бейітіңе ап келдім. Әке, ертең Маңғыстауға қайтамыз, Қош болыңыз,бақилық қой ортаңыз, Жиі-жиі келе алмаспыз басыңа Енді алыстан “тие берсін” айтамыз. Қара жолда айнымай бір нүктеден, Асығамыз, ісіміз көп бітпеген. Әке, өзің рухыңмен жар болып, Қағып тұршы, кесапатты күтпеген. Басыңа кеп, құдай өзі жеткеріп, Саған деген бір парызды өткеріп, Біздің көңіл соған дағы хош болды Өзің жайлы айтылғанда естелік.
...Сонау жылдар оталдың да көктедің, Кештің бастан ызғарын да өкпегін. Тауқыметтің бәрін көріп бірақ та Көре алмадың тәуелсіздік жеткенін. Көре алмадың ұл-қызыңның өскенін, Өзің айтқан атажұртқа көшкенін, Кіндік қаның тамған жерден сен жаққа Сағыныштың самалындай ескенін. Уақыт сырғып, жатыр бәрі алмасып, Тірлік барда, алдымызда бар нәсіп, Әке, өмірің ұрпақтарың арқылы Болашаққа бара жатыр жалғасып...
ІІІ
Әке,сенің Бейітіңнің басына, Келіп, маңдай тіреп құлпытасыңа, Кетерімде тұрдым іштей егіліп, Өзіме-өзім қайрат бердім: – Жасыма! Қасиетті Маңғыстауда туылып, Жөн-жосықсыз жат өлкеге қуылып, Ғұмыр бойы ащы терге жуынып Жүрсең дағы Көрмеп едің ешқашан Атажұрттан суынып. Енді міне, Татар дәмің таусылып, Жүрек тоқтап калған кезде Тән суып, Жат топырақ Жатыр сені қаусырып... Кіндік қаның тамған Сол бір өлкеде, Ұлдарың жүр Биік намыс, өр кеуде. Сен деп келді, Енді елге қайтады Үміт артып ертеңге. ...Өмір заңы Суша уақыт жатса ағып, Ғұмыр өтіп, Екіншісі басталып, Арман бар ма, кетсең мәңгі ұйқыға Өз жұртыңның топырағын жастанып...
ШЕКАРАДА Арғы бетте түрікмен тұр, Бергі бетте қазақ тұр, Ары өту де бері өту – Таусылмайтын азап бір... Ей, тағдырым, не дейін Осылайша мазақ қыл. Арғы бетте – ауылым, Бала дәурен сағымы. Қалып қойған бауырым, Әке-шеше қауымы. Бергі бетте – Отаным, Жері жеті атаның. Өз аспаным, өз далам Шын шаттыққа батамын. Арғы бетте түрікмен тұр, Бергі бетте қазақ тұр. Барайыншы бауырға Көрейінші азап бір. Ей, тағдырым, не дейін Мазақ қылсаң, мазақ қыл. Әкіреңдеген немеден Тек тезірек азат қыл!
ОРАЛҒАН Оралман деме, оралман емес, оралған, Өзіңдей ол да Қазақ қанынан жаралған. Саумал самалдан, қымыран қырдан нәр алған. Тағдыры тайқып, Басы ауған жаққа жол алған. Оралман деме, оралман емес, оралған, Нәубетте сонау дүниеге тегіс таралған. Арпалыспенен, қантөгіспенен күн кешіп, Үш милионы өлген, жіткен, жоғалған. Оралман деме, оралман емес, оралған, Ата-баба... мінәжатымен оянған. Дұшпаныңды да, қыспағыңды да жоя алған. Оралман деме, оралман емес, оралған, Қазақстанда тоғысты бүгін сан арман. Қаласаң дағы, қаламасаң да күні ертең Алады орын араңнан. Оралман деме, оралман емес, оралған, Шаттықтың лебі шалқысын бозаң далаңнан, жеріңе өт де, еліңе жет де сен оған Тәуелсіздікпен жаңарған!
АҚТАУДАҒЫ АҚҚУЛАР Айнымас адал ғұрпын сақтады да, Алғашқы ақ қар түскен шақта мына, Көркіне көрік беріп жағалаудың, Аққулар тағы оралды Ақтауыма. Оралды, жетті айналып құс төресі, Үркітіп, оларға аулақ ұш демеші. Көк теңіз зеңгір көктей көзді арбаса, Аққу бұлт сол сұлулық үстемесі. Жылда кеп бауыр басқан жат бола ма?! Сапарын оң ғып тұрғай Хақтағала. Аққулар ғашық болып қалды білем, Етегін толқын өпкен ақ қалаға. Ілессе қыстың боран, ақ қарына, Іңкәр ғой маң далама, ақ таңыма. Аққулар былтыр кеткен жетті айналып, Інжуі Маңғыстаудың Ақтауыма.
СҮЙІНҒАРА БАТЫРҒА Беу, ерім-ай, жерің мынау қорғаған, Көмбе екен-ау, талайларды арбаған. Қазына екен ғасырларға жететін, Ырыс екен бұрынғыға қонбаған.
...Шоқпарыңды көтере алмай қол талды, Қол талған соң ен даладан әр тайды. Көк найзаны айырбастап ілімге Боксшыдай сәтті күтем оңтайлы.
Қонағыма бере-бере төрімді, Алға аттаған, қадам кейін шегінді. Заман өзге, әлі күнге білмейміз, Қиындықты өзің сынды жеңуді.
Басымыздан талай-талай өтті мұң, Баяғыдай дархан дала жоқ бүгін. Ел алдында өз парызын өтеген, ...Оу, Сүйеке, асқар таудай шоқтығың!
- *
Әулиелі мекен, сәйгүліктердің ізі бар, Көбейді жұрт та бұл күнде саған қызығар. Қайқы қылыштай қара шалдардың орнында Намысқой ұлың ішінен тынып, қызынар...
Өзіңде жатыр қоймасы небір деректің, Дегенмен, көпке қазынаң үшін керексің. Дымын қалдырмай сөліңді сорып алған соң Қауіптенемін, іздемей ме деп сені ешкім...
- * *** Киелім-ай, перзент тұттың мені де, Жалқын күннің нұрын ектің өңіме. Ұлы дала тектілігі сіңсін деп, Тәй басқаннан салдың аптап, желіңе.
Көкірегіме шабыт құйдың, дем бердің, Ауырғанда лебіңмен-ақ емделдім. Арсыздыққа көңіл налып, мұңдансам Саған сеніп, семсердейін сермелдім.
Біткенінше берген ғұмыр өтер күн, Дей алам ба, ауырыңды көтердім. Перзент тұттың, санға қостың, өсірдің Парызымды мен қалайша өтермін?.. Соны ойласам, бір басыма жетер мұң, Ғұмыр-әнге өзіңді арқау етермін. Саған деген өшпес махаббатымды, Ұрпағыма аманаттап кетермін... МЕНІҢ ІНІЛЕРІМ БАР Жаңаөзен жастарына Өмірдің сырын бізден де жете түсінген, Шарболат сынды, дей алмас ешкім күшін кем, Төрешілдікті тамырыменен қопарып, Әміршілдікті таптауға бейіл ісінген Менің інілерім бар! Түсінбегенге күрмеулі түйін шешілмес, Арамдық тіпті бойынан таппас еш үйлес, Әулиесі мен жер киесін бәрінен қояр жоғары Қор тұтар болсаң кешірмес Менің інілерім бар.
Күн кешпеген бұқпалап, себеп-септікпен, Жігері жанса лаулайды, сөнбес өрт тіптен. Бірімен-бірі қайратын сынар бәс тігіп Өледі өлсе мәрттіктен, Менің інілерім бар. Шырқыраған тіл-дінін, ділін сауғалап, Мәңгүрттікпен ұстасатын дауға қап. Қолынан бұрын шығарып алған асылын Ала алмай жүрген саудалап. Менің інілерім бар. Биікжал, бабаларыма ұсаған, Жетесіздікті өрелі сөзбен тұсаған, Ұрпағының азғанын көзбен көрсе егер, Жарылып кетер құсадан Менің інілерім бар. Жұлдыздайын жарқ етер ертең көгіме, Намысты беріп, кір келтірмейтін тегіме, Болашағыма қорған болатын нақ солар, Дақ түсірмейтін төріме – Менің інілерім бар!.. 11.09.1990ж
ЖАСАЙДЫ ҚАЛА Форт-Шевченконың 150 жылдығына Жаңғырып қайта ежелгі баба тұрағым, Нұрланған көңіл ерітті мұңның қырауын. Қара тасы да күңгірлеп тұрған сыр айтып Қасиетін ұқпай келіппіз асыл мұраның. Жарқ-жұрқ еткен әсірелікке малынбай, Қилы күнде де жолынан хақтың жаңылмай, Шаңырағынан сан отау бөліп шығарған Ақкетік* бейне түбектің текті шалындай. Еңсесін езіп жылдардың зілді салмағы, Демеңдер неге, құлашын кеңге жазбады. Кішкене қала үлкен тарихты арқалап, Бүгінге жетті – жұлдыз боп, бағы жанғаны.
Уақыттың тезі талайды тоз ғып, кетті үгіп, Жасайды қала, көңілде оған жоқ күдік. Жасайды қала, ертеңге оны жеткізер – Өр ұлдарының рухындағы тектілік. *Ақкетік – Форт Шевченко қаласының көне атауы ШЫҢДАЛУЫМНЫҢ МЕКТЕБІ (Жаңаөзендегі №3 кәсіптік-техникалық училищенің 30 жылдығында оқылған өлең) Өзіңде қалып шалдуар шағым өтпелі, Асыл арманның бүршігі сенде көктеді. Құрыштай бекіп, қыран боп ұштым көгіңнен Армысың, менің шыңдалуымның мектебі. Талаптың атын мінгіздің бізге еншілеп, Үгіліп езің, өзіңнен шықты ер түлеп. Күрмеуі қиын тірлікте көрсек қағажу Анадай бейне құшаққа тарттың сан сүйеп.
Зымырап жылдар тай басты бүгін ат ізін, Түлектер сендік, сап түзей қалса-шеті ұзын. Қандай күнде де шаңырағың тұрсын шайқалмай Дарысын құт боп орданы бұзар отызың! Тамыры бекіп, жапырағын сенде жайды өрен, Жырласам сені теңіздей толқыр ойда өлең. Түлесін сенде төменшік тартпас текті ұлдар, Қуанта бергін осындай мерейтойменен! МАҢҒЫСТАУ – БІЗДІҢ ӘНІМІЗ Әні: Жалғас Кеңесовтікі Маңғыстау жерім, теңің жоқ сенің Қара алтын кенім – байлығы елдің. Еңбек бір майдан, күміс тер тамған, Қыранды далам бабадан қалған. Қайырмасы: Маңғыстау-біздің әніміз, Маңғыстау-біздің сәніміз. Береке қонған, құт дарып, Арайлап таңымыз.
Көңіл гүл шаттық, бойда өр жастық, Бірлікпен жасап, қиыннан астық. Арманым асқан, байлығым тасқан, Маңғыстауыма ерлік жарасқан. Қайырмасы. АҚКЕТІГІМ – КИЕЛІМ Әні:Жалғас Кеңесовтікі Тарихың бар мені ойларға батырған, Мен – шағала, сен – көк теңіз шақырған. Бабалардың көзін көрген киелім, Ақкетігім, айналайын атыңнан. Қайырмасы: Шаттыққа толы айнала, Қазынасы бай дала. Ақкетігім өзіңді, Ұмыта алман қайда да. Өтті күндер басыңа бұлт қаптаған, Қазынаңды қойнауыңда сақтаған. Шежірелерім, сырыңды аштың бүгінге, Сәулетіңе, дәулетіңе шаттанам.
Қайырмасы: Шаттыққа толы айнала, Қазынасы бай дала. Ақкетігім өзіңді, Ұмыта алман қайда да . Іргең – теңіз, бір жағыңда – маң далам, Ақкетігім, көргенде көз тоймаған. Ғасырлар ас, шаңырағың шайқалмай, Ұрпағың бар ертеңіңді қамдаған. Қайырмасы. МҰНАЙЛЫ МЕКЕН Әні: Жалғас Кеңесовтікі Еліне сыйлап кенін – бар асылын, Көркі боп, Маңғыстаудай даласының, Қанатын кеңге жайып жатыр қала, Аққудай үйлер тауып жарасымын. Қайырмасы: Шырайлы мекен, Мұнайлы өлкем. Нұрлы да, жырлы, Жаңаөзен, Жаңаөзен!.. Кеткен жоқ өткен жылдар өтеуі құр, Халқымыз өлке даңқын көтеріп жүр. Арттырған ел байлығын қай кезде де, Рухы асқақтардың мекені бұл.
Қайырмасы: Шырайлы мекен, Мұнайлы өлкем. Нұрлы да, жырлы, Жаңаөзен, Жаңаөзен!.. Арқауы ерен ерлік дастанының, Қайраты елге әйгі жастарының. Желбіреп көк байрағым тұрған шақта, Жұлдызы жарқырайды аспанының. Қайырмасы. АҚТАУҒА Теңізге қалған байланып, Шағала сынды сазы мұң. Өзіңе келдім айналып, Ақтауым – алтын қазығым! Ақ қалам – қонар тұғырым. Құс болып ұшсам қонақтар. Өзіңде өтіп ғұмырым, Жазылар жаңа парақтар. Кез келді сенде бақ сынар, Салауат айтып өткенге. Мендейлер сенде көп шығар, Өзіңдей шаһар жоқ менде. 01.09.1998 ж. ТУҒАН ЕЛ Дұға сынды қайталап, Сан айтсам да атыңды. Сұлу сөзбен мүсіндеп, Арнасам да хатымды
Мен жеткізе алмаспын, Айналайын, туған ел, Жүрегімнен жаралған Саған махаббатымды. Қазағымның қанының, Тамшысы бар қанымда. Намыс үшін күрестің Тартысы бар жанымда. Осылар деп ойлаймын Өмірімнің тірегі, Осылар деп ойлаймын, Бақытым да, барым да. Сен дегенде елеңдеп, Атты таңым, батты күн. Биік болса екен деп, Сенің әркез шоқтығың. Сен арқылы білінер, Көңіл күйім менің де, Байланысты өзіңе, Мұңым, қайғым, шаттығым. Беті қайтты бүгінде, Сан ғасырлық ызғардың. Гүл жайнаған ертеңгі, Болмысыңа ділгәрмін. Жаса, жаса туған ел, Аман болшы әрдайым. Дүниеде сен тұрсаң, Армансызбын, мен бармын!
III бөлім
Қамдадың да, сен мені қолдадың да, Серік болдың өмірлік жолда мына. Өлді десе сенерсің, сенбе бірақ, Саған деген махаббат солғанына. КӨП КҮТТІМ СӘУЛЕМ Сағыныштан атқандай үміт таңы, Келер-ау деп, көп күттім, күліп тағы, Бірақ та сен келмедің, білмедің бе? Мен өзіңсіз бір тұтқын құлыптағы. Сенсіз менің таңдарым атпайтындай, Атпайтындай, күндерім батпайтындай, Асау көңіл сен жаққа алып ұшты, Жүрегім де сені іздеп соқты-ай тынбай. Күтем күздің ақ арай кештерінде. Таудан самал сен болып ескенінде. Жұлдыздармен сырласып сені күттім, Айлы аспаннан ақша бұлт көшкенінде.
Күттім сені, сәулелі таңдарымнан, Нұрлы алауға малынған бар маңымнан. Сонадайдан қол бұлғап шақыратын Гүл қаланың ақшамғы шамдарынан . Жанымды тербей алмай бұлбұл әні, Еркем-ау, сені күтіп жүрмін әлі. Үмітімді үзбедім келер күннен, Мен үшін тек сен ғана өмір сәні 07.11.1972 *** *** Ағарып таң атқанда, Ақ саумал леппен тыныстап ауылым жатқанда, Таласып таңмен поездар шеру тартқанда Мен сені іздедім. Күн қонақтағанда шатқалға, Қарт Каспий мүлгіп, тұнжыр бір ойға батқанда, Тізілген үйлер біртіндеп шамын жаққанда Мен сені іздедім. Тереземнен күміс ай
Күлім қаққанда, Көк зеңгір аспан жұлдыздан алқа таққанда, Мұңайып жаным, жалғыз қалған шақтарда Мен сені іздедім... 17.07.1976. КҮТТІМ СЕНІ Сағыныштан атқандай үміт таңы, Келер-ау деп, көп күттім, күліп тағы, Бірақ та сен келмедің, білмедің бе? Мен өзіңсіз бір тұтқын құлыптағы. Сенсіз менің таңдарым атпайтындай, Атпайтындай, күндерім батпайтындай, Асау көңіл сен жаққа алып ұшты, Жүрегім де сені іздеп соқты-ай тынбай. Күтем күздің ақ арай кештерінде. Таудан самал сен болып ескенінде. Жұлдыздармен сырласып сені күттім, Айлы аспаннан ақша бұлт көшкенінде.
Күттім сені, сәулелі таңдарымнан, Нұрлы алауға малынған бар маңымнан. Сонадайдан қол бұлғап шақыратын Шағадамның ақшамғы шамдарынан. Жанымды тербей алмай бұлбұл әні, Еркем-ау, сені күтіп жүрмін әлі. Үмітімді үзбедім келер күннен, Мен үшін тек сен ғана өмір сәні 07.11.1972. ЖАНАРЫҢ СЕНІҢ Аяулым, неге қарайсың кейде назданып, Қараймын мен де ұққандай сырлы сазды анық. Жанарыңдағы жарқылдың арғы жағында, Жатыр ма маған айта алмай жүрген сөз жанып?! Жанарыңдағы жарқ еткен жалғыз ұшқынмен, Көктемге шөлдеп, қытымыр қаңтар, қыс күлген. Жанарың бойды жалынша шарпып кеткенде, Қиқулап құстар өтеді менің үстімнен...
Жанарың сенің ерітер мұзды ақпанда, Жаһанды тегіс нұрына малған ақ таң ба? Жанарың сенің жанымды нұрға бөлейді, Балаймын оны жүректе тұнған дастанға. Жанарың сенің жаралған таңғы шықтардан, Тағы да, міне, гүлдерге қонып шықты алдан. Әрдайым менің алдымнан күліп қарсы алып, Үнімнен менің жанарыңа іңкәр ұқшы арман. 11.01.1975.
БІР КҮНДЕРІ ЕСКЕ АЛЫП, САҒЫНАРМЫЗ Бозбаланың күнделігінен Бірінші жыр Сағындым ғой, Жаным-ау өзіңді ойлап, Кездесуші ек, Сезімнен жан алаулап. Жүрмін, міне, біле алмай хабарыңды, Құр сүлдемін Қапыда қалған сорлап. Сағындым ғой, Өзіңді қайдан табам? Кездер есте Алаңсыз сайраңдаған. Қаладай құлазиды Қайран көңіл Жау тиіп ойрандаған. Сағындым ғой, Өзегім толған жалын, Оның емі – Сен, бейне жауған жауын. Аңсаттырдың сағымға айналғандай, Болармысың Басымнан ауған бағым?.. Екінші жыр Жаным менің, сен мені ұмыттың ба? Жан-жүрегін басқаның жылыттың ба? Маған деген сезімің мөлдір еді, Лайланып қалғаны-ау, тұнықтың да.
Жаным менің, сен мені ұмыттың ба? Бөрідейін жортамын ұлып қырда. “Сүйем” деген сөзіңді анттай көрдім, Сен өзің махаббатты шын ұқтың ба?.. Жаным менің, сен мені ұмыттың ба? “Жасанды әдет жоқ деуші ем қылықтымда”. Басқа жанға бас имей жүруші едің, Болғаны ғой ұзыны құрықтың да. Жаным менің, сен мені ұмыттың ба? Елемеуші ең пәрменін ұлықтың да. Әлде біреу араға өшпес от сап, Көрместей-ақ көңілді суыттың ба?..
Үшінші жыр Сені ойлаймын, Жүректі кім емдемек?.. Қарайлаймын, Қыз көрсем сен бе екен деп. Өзің боп сыбырлайтын, Көңілімді жиі алдайтын, Не деген жел де “тентек”?.. Өзіңмен өткен күнім – Сүйікті ертек, Түк үнсіз кеткендігің Жүректі өртеп, Түнімен тыпыршимын, еске аламын, Сәттерді аймаласқан: “Тілек бір” деп. Өзіңсіз ісім күйбең, Өнбегендей, Сүймесіңе Көңілім сенбегендей. Тірліктің шырмауынан шыға алмай, Сағынып жүр ме екенсің Сен де мендей?.. Төртінші жыр Бір келерсің,
Келмеуің мүмкін емес. Көп күн өтті, Гүл бейнең, күлкің елес. Қалайша маған деген бұла сезім Жаныңды оңашада сілкілемес?.. Бір келерсің, Келмеуің мүмкін емес. Өзіңді тұсаулай бер, Мың күн егес. Сағыныш маған деген, біле-білсең, Арнаңа толса қалай дүркіремес? Сен мені ұмытпассың, Қашық барып, Азапқа сал өзіңді Машықтанып. Дүниеден баз кешеді, көрмесе егер Қашан да бірін-бірі ғашық ғаріп. Бір келерсің Тіл қатып жүрегіңмен. Жалын құшып, Орарсың білегіңмен. Әйтеуір бір сен маған ораларсың, Білемін мен...
Бесінші жыр Тұтқынымын Мен сенсіз, тас қамалдың, Таусылды ғой, өмірде басқа амалым, Кеткеніңді басқаға естігенде, Жанарымды, жаным-ау, жасқа малдым, Назаландым, Тірліктен түңілгендей, Іштей тындым, Шығарар үнім кемдей, Төзе алмай жанымның азасына, Үш күннен соң Жығылдым күйім келмей. Сүйретілдім, Қалғанша құр сүлдерім, (сорлы жүрек, нені ұғып дүрсілдедің?) Саған, жаным, Сонда да кінә қоймай, Бақытты боп, жыламай жүрсін дедім...
Алтыншы жыр Жүрегім жұлым-жұлым, Ойым қаңгүр. Өксік – көл, Ал көз жасым бейне жаңбыр. Бұл менің сен жоқтағы көңіл күйім, Өзің біл Күлесің бе? Мейлің жазғыр.! Уақыт та бос ұршықша құр зырлаған, Мұң-зарын бұл ғаріптің кім тыңдаған. Мендегі қуанышты, Бар күлкіні Айнам-ау, Сенен басқа кім ұрлаған?..
Жетінші жыр Түнгі кафе... Желік отын үрлеген, Аяулыммен бірге бардым Түнде мен. Ертеңіне екі айырылдық Біз деген. Құрсын сол түн Сенен шафхат іздеген. Түнгі кафе... От басады білмеген, Жазған басым, Сені неге іздеп ем? Махаббатым тапқаныңда баянын Тоз-тоз болды Сорлы жүрек гүлдеген. Түнгі кафе... Сені енді жек көрем. Қашқақтаймын, Жүрем ылғи шетпенен. Тілеп тұрам Біздің жолды берме деп, Қыз-жігітке солай қарай беттеген.
Сегізінші жыр Сүйіп тұрып, Басқаға ергенің не? Аққу сезім, жаным-ау, ермегің бе? Қос жүректің шуағы – Ақ махаббат Енді міне, жерленді жөргегінде. Өлді енді, Қайтейін амал бар ма? Кінәламан, Қимаймын жамандауға. Өмір деген осылай өтеді екен Қалай қарсы тұрайын Шамам бар ма?.. Тоғызыншы жыр Мінеки көктем өтті, жазым келді. “Көңілге –күй, жүрекке сазым келді ”, Дей алмай мен отырмын Мұңға батып, Елес ғып сенің әсем назыңды енді. Тыншыды, Көңілім де алып-ұшқан, Жапырақша сарғайдым сағыныштан. Айырылған сыңарынан аққудайын Сенсіз менің басымнан Бағым ұшқан...
Оныншы жыр Рас болды Іштегі жорамалым, өзгеріпті бастағы орамалың. Кездесіп ек Еліктей дір-дір еттің, Мен де үнсізбін, Таусылған бар амалым. “Кешір” дедің Боталап мөлдір көзің, Құрсын бәрі, Дал болдым мен де өзім. Ессіз жандай Мәңгіріп тұрып қаппын. Қайда, қайда Баяғы ғашық сезім?! Жүруші едік Екеуміз уәде нықтай, Жанарыңнан жас тамды Таңғы шықтай. “Бақытты болсаң болды” Деген болдым, Көкірек күмбірледі, Үнім шықпай. Шыным осы Тілеймін бақытыңды, Жоғалтқандай болсам да жақұтымды. Өмірімнің ең қимас шағы деймін Өзіңмен бірге өткізген уақытымды. Өмір-өзен Заңына бағынамыз. Шаттанармыз, Күлерміз, жабығармыз.
Пәк махаббат баураған бұла шақты Бір күндері Еске алып, сағынармыз. Он бірінші жыр Жанардың отын мұң басып, Жігерің құмға айналып, Өмірден қалған тым жасып, Бойыңа үлкен қайғы алып. Тұрғаныңда көрдім мен Шегіне жетіп төзімнің, Махаббатыңды сөндірген Жандай боп маған көріндің. Елестеп кетті көзіме Бұрынғы көктем гүл өңің. Тәнті болған өзіңе Кезімді және білемін. Ұзын боп созған қармағың, Сезбедің өмір салмағын. Махаббатты тәрк етіп, Пұшайман етіп алдадың. “Тарттырдың соның зардабын, Қорлады барған жан-жарым”, Дедің сен терең күрсініп,- “Тікенек болды қолдағым ”.
Жібек ең келмей түтімің, Гүл едің келмей күтімің, Қиналып міне, тұрсың сен Елшідей жойған бітімін. Не дейін саған, не дейін, Жаныңа таза сенейін. Адасып ұшқан аққуға Жаным-ау, сені теңейін. Қайтадан көктеп желегің, Асқақтап шықсын өлеңің. Мұңайып жүрген, құрбыжан, Қуанғаныңды көрейін. КӨҢІЛ Жеткізбейді ауылы құдашаның, Жетем деп талай ой мен қыр асамын. Алға қарай сүйреген беймәлім жол Білмеймін маған қандай сыр ашарын... Құдаша, артық туған жамалы айдан, Ықыласымды қайтейін өзіңе ауған. Саған деген көңілдің кіршігі жоқ Мөлдірейді аспандай жаңа жауған. Саған келем, жол жатыр белес-белес,
Бұл шақ та қалар бір күн болып елес. Көңілі адамдардың жақын болса, Қашықтық қандай болсын алыс емес... ДҮНГЕН ҚЫЗЫНА Зульфияға Дүнген қызы, тұңғиық жанар, ай қабақ, Жаныма келдің, болдың-ау мені байқамақ?.. Еліктей үркіп жүруші ең ылғи, жалт беріп Қаштың ба әлде қараған жұрттан анталап? Көркіңе сенің таппайды тоят көз деген, Шебер ғой Тәңір жаратқан артық өзгеден. Өзіңе қарап жетпес деп тілім қорықтым, Бейнеңді сенің салсам ба деп ем сөзбенен. Жаның да аппақ шалмаған шайтан шалығы, Перідей көркем періште өзің – анығы. Сырласқан шақта көзімнің анық жеткені – Сен көрінсең-ақ серпілер дүние тамұғы.
Сан ұсынса да, әзәзіл судан ішпедің, Жұртпенен бірге айдынды көлге түспедің. Оспадар сөздер осқыра шықса біреуден, Бетіңді басып, қызара ерін тістедің. Қаза қылмаған ораза менен намазын Көргенде сені таң қалды мендей сабазың. Жүре беріппіз-ау жалғаншы қызық жетелеп, Ұмытып барын бақидағы ауыр жазаның. Үлбір еріннен маржандай тісің тізіліп, Мөлдіреп тұрдың жанардан моншақ үзіліп. “Аға” дегенде ана тілімде сөз саптап, Жүрегім бейне кеткендей болды үгіліп. Қағыңнан тайма, алдыңнан, жаным, күлер күн, Қош айтып саған дүрмекке мен де сіңермін. Күңгірлеп тұрған көне Тараздың жерінде Періште сынды қарындас бар деп жүрермін.
ҚАРАҒЫМ Сен маған мұнша неге көп қарадың? Сынайыншы дегендей дөп қарадың. Мен бір жан өз отына өзі жанған, Зияным еш пендеге жоқ, қарағым. Сөз болды сылаңдатып баптағаным, Сыңсыттым жүрегімнің мақпал әнін. Болғанмен сыртым қоңыр, ішім дүлей, Кейпінде жүргеніммен тоқ баланың. Қарадың қайта-қайта бізді барлай, Өткердік біз де бастан кезді балдай. Сезім – от, жанарыңмен шоқ лақтырма, Жүрерсің жалынымды сөндіре алмай... 02.06.2000. СЕНІ ОЙЛАСАМ Сені ойласам, аулақта қалып ән-жыр, Жалындаймын, тірлігім – алып тандыр. Жіпсіз мені өзіңе байлап алдың, Тал түсінде өмірдің жолыққан гүл...
Еске аламын, тұңғиық батам ойға, Таңың күліп әлі де атар алда. Үлбіреген қалпыңда, қалқам, сені Тек аялап солдырмай өте алам ба?
Сері күнді басыма салып тағдыр, Құйылғандай кеудеме ғайыптан нұр, Сені үзбеймін, өтемін сүйсінумен, Тал түсінде өмірдің жолыққан гүл...
- * ***
Басыма менің қонғанда келіп сары күз, Ойда жоқ жерден ілестің сен де, сары қыз. Сен ұмсынғанмен бөлек қой біздің жанымыз, Екеуміздің бұл – сорымыз, әлде бағымыз?..
Сары күз соңы ызғары үстем қыс болар, Сары қыз, соңы – қолымнан ұшқан құс болар. Бізден де бұрын болған ғой сондай нұсқалар, Өмір мен көңіл сөйте де сөйте қысқарар...
Бәдәуи дүние балы мен уын тең бөлер, Мәңгі сапарға бізді де бір күн өңгерер. Сары күз бенен сары қыз қалар, қыс қалар, Бұрынғыларға бізді де тағдыр теңгерер... ҰМЫТ МЕНІ Ұмыт мені, өтінем, звондама, Тоғыспаймыз екеуміз бір арнаға. Ұшқындаған сезімнен от шығады, Қалсын бұл да аян боп бір Аллаға... Кінәлама, есіңе ап жылама да, Бір орында бұл уақыт тұра ала ма? Ойлашы өзің, менде – күз, сенде – көктем, Екеуі салтанатын құра ала ма?.. Ұмыт бәрін, қайтесің мұң арқалап, Мұңлы болсаң, құстайсың сыңар қанат. Көрген түстей көңілде елес қалсын, Аласұрған жүрегің тынар әлі-ақ...
ӨЛЕҢ ҚАЛДЫ Қалқам-ай, жан екенсің аққу-көрік, Кетердей көрген адам соңыңа еріп. Қарай бердім көзіме тоят таппай, Алақұйын сал сезім бермей ерік. Жібек шаш, мамық тамақ, құмырсқа бел, Сыланған арғымақша жүрісті көр! Мойыл көз, қаз омырау, қарағым-ай, Сыңарың қылығыңды ырыс білер. Өзгеше жан екенсің сыны ерек, Тәңірдің саған берген сыйы бөлек. Бояма жасандылық мүрдем кетсін, Өзіңе пәк сезімнің нұры керек. Бойыңда сұлулық бар өлшенбеген, Көргендер жүрер сені көрсем деумен. Бұл менің жалт еткен бір сезімім ғой Бейнеңді өлең сөзбен өрсем деген.
Сымбатың тамсандырған талай жанды, Жігіттің жүрегіне салар қайғы. Ойқастап ақмаралша өте шықтың, Ізіңде бір жапырақ өлең қалды...
СҮЙГЕНІМЕ Әні Жалғас Кеңесовтікі. Бір көргеннен мені өзіңе қараттың, Жүрегіме қимас сезім ояттың. Түнде түстен, күндіз естен кетпейсің, Күннен –күнге ыстық тартып баратсың. Қайырмасы: Өтпеуін – ай сағаттың, Жетпеуін – ай тағаттың. Асығамын өзіңе, Ару қызы қазақтың! Шуағыңды жан-жүйеме тараттың, Аңсаттырдың, минуттарды санаттың. Өзіңді ойлап, сағыныштан сарғайдым, Саған ылғи жетелейді абат түн. Қайырмасы: Өтпеуін – ай сағаттың, Жетпеуін – ай тағаттың, Асығамын өзіңе Ару қызы қазақтың. Нұрлы кеш пе, мейлі, жаңа таң атсын, Әлемдегі бар сұлудан ғажапсың. Жігіттерде болмас еді еш арман, Қаракөзі сендей болса қазақтың. ҚЫРҒА Әні: Жалғас Кеңесовтікі Ақ жаңбыр болып төгіліп жерге көктен нұр, Төбемде міне, аспаны күліп көктем тұр. Қиқулап бүгін үстімнен өтті аққуқаз, Менімен, қалқам, жусанды қырға кетсең жүр. Қайырмасы: Шығайық қырға, оранып нұрға, Жусанды далаға. Шығайық қырға, бөленіп жырға,
Таусылмас сыр да. Екеуміз, жаным, серпіліп қырға шығайық, Көктемде қырға барғанды көрер кім айып. Боранды күндер қарға адым жерге шыға алмай, Телміріп тысқа отырып едің мұңайып. Қайырмасы. Жүректі бүгін билеп те алды өктем жыр, Серпіліп тысқа шыға алмап едің көптен бір. Жүр, қалқам, бірге жусанды қырға шығайық, Бозбала қырда көк көйлек киіп көктем жүр.
СЕНІ ІЗДЕДІМ Әні: Жалғас Кеңесовтікі Сені іздедім, жан ерке, таба алмадым, Көңіл аулап қасыңа бара алмадым. Күндіз-түні елес боп көз алдымда, Үміт үзіп мен сенен қала алмадым. Қайырмасы: Сені іздедім, сені іздедім өр Каспий жағасынан, Сені іздедім, сені іздедім ақ қайыңдар арасынан. Сені іздедім, сені іздедім. Өзің жаққан отыңды сөндіре алмай, Жүрегімді еркіме көндіре алмай, Сені іздедім, жан ерке, сені іздедім, Күн кешемін мен сенсіз енді қалай? Қайырмасы. Сен жанымның байлауы, жалауысың, Гүл сезімнің мендегі алауысың. Жүрегімнің төрінен орын алған, Көңілімнің сен ғана қалауысың. Қайырмасы.
ӘНШІ ҚЫЗДЫҢ МОНОЛОГІ Әні: Жалғас Кеңесовтікі Жас жанымның жасытып жігерін сен, Ән айтпауды жалынып тіледің сен. Онсыз мендік тірліктің сәні бар ма? Ән өмірім, сен егер біле білсең. Қайырмасы: Әншілік – арман Жастық шақ – сайран. Аяулы асылым ең, Күтемін мен сені алдан. 2 рет. Келді мені әнімнен бөлектегің, Ән салмауға жүрегің көнед,- дедің. Әнсіз өткен сағатым жылдай болып, Шаң басты ғой көңілдің желектерін. Қайырмасы. Ойланар, ренжімей келер дедім, Кірпік ілмей түндерде елеңдедім, Өтті күндер, жаным-ау, оралмадың, Көңілімнің ортайтып тереңдерін. Қайырмасы.
БЕЙКҮНӘ ШАҚТЫ ЕСКЕ АЛЫП... Мейрамханада, бір тойда, Қарсы кеп қалдың бетпе-бет. Өзіңді көру жоқ-ты ойда, Арада көп жыл өткен ед... «Сәлеметсіз бе?» дедің де, Күмілжіп қалдың бір түрлі. Болушы ед бір нұр көзіңде, Таба алмай көңлім іркілді. Кіреуке жапқан жүзіңді, Алаулы кейпің жоқ бүгін. Кезіктірдің бе күзіңді? Жанымды шайқап өтті мұң... Өзіңе көздер сүзілген, Кез қайда көңіл толатын. Жүрегін ала жүгірген, Есіңде ме әлі, бала ақын? Сағындым сол бір кезімді, Ақ білегіңді жастанған... Өпкенмін нұрлы көзіңді, Жүректе содан шоқ қалған. Ұмытқан жоқсың, білемін. Тас тағдырыңа бас білдің. Жұлымдап сүйген жүректі, Есігін аштың басқа үйдің.
Өзіңе кінә қоя алман, Маңдайға солай жазылды. Жетелеп алға ақ арман, Өткіздім мен де жазымды. Күмілжіп қалма, көргенде, Кездесе қалсақ қайтадан. Дауылды еске ал, өр кеуде, Ақ айдыныңды шайқаған. Сәлемді беріп ізетпен, Танытсаң болды қош қалып. Тұрайын аппақ тілекпен, Бейкүнә шақты еске алып... САҒЫНАРМЫЗ Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі Қос жүректе гүл махаббат бүр жарып, Сыр сезімнің пернелерін бір қағып, Есіңде ме ынтық көңіл асығып, Біз екеуміз кездесуші ек ұрланып. Жарасымды, бәрі сол сәт орынды, Көкірегіме қойып ыстық қолыңды, Сен кетуге асыққанмен қаншама, Бірде сенің бөгей бердім жолыңды.
Тұсай алмай бойдағы асау сезімді, Енді қайтып көрмейтіндей өзіңді, Бөгеп тұр ем, шамы жанып көршіңнің, Есігінен көрші әйел көрінді. Ел ішінде жоқтай басқа жаңалық, “Әңгімеміз” кетті содан таралып. Кездесуді қоя алмадық біз бірақ, Ізімізге түссе де жұрт “шам алып”. ...Өтті он сегіз найзағайдың жарқылы, Сағыныш қой айтпағымның төркіні. Қымбат екен білмеппіз-ау, кезінде, Бозбала мен бойжеткеннің әр күні. Уақыт-өзен, тыншу таппай ағатын, Кездер келер жүрек баяу соғатын, Шіркін-айлап сағынармыз сол шақта, Жастық шақтың күнін емес, сағатын.
ГҮЛДАНА Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі Өзіңменен теңеседі Гүл ғана, Аққу көркің Өзге жаннан тұр дара. Асылым-бағым, Ғашығым-жаным сен ғана. Гүлдана, Гүлдана, Гүлдана. Қабағыңа қонбасыншы Мұң-нала, Кездескенде тұршы күліп, Нұрлана. Асылым-бағым, Ғашығым-жаным сен ғана. Гүлдана, Гүлдана, Гүлдана. Гүлдана деп, Әндетемін ырғала, Әуеніме тербеледі Қыр –дала. Асылым-бағым, Ғашығым-жаным сен ғана. Гүлдана, Гүлдана, Гүлдана. МЕН СЕНІ ГҮЛГЕ БАЛАДЫМ Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі Аққудай көркем, еліктей ерке қарағым, Маған не мұнша жанардың сұғын қададың, Мойыл көздерің тұрса да бір сыр ұқтырып, Мерген боп қалдым, тастаған жерге жарағын.
Көргендей бейне даланың аппақ маралын, Мен дағы саған қайта да қайта қарадым. Қашаған шабыт еркімді аулақ қашты алып, Сарбаздай болдым алдырған жауға қамалын. Мен сені бір тал қызғалдақ гүлге баладым, Уақыттан ерте үзілмесін тек сабағың. Тіл де қатпадым, сол оймен ұзап кеттім мен, Аққудай көркем, еліктей ерке, қарағым...
САҒЫНҒАН ШЫҒАР... Жағада тұрмыз екеуміз ғана... Теңіздей мына тербеліп жатты қос сезім. Ғашықтар жырын шертеді жаға, Шертеді теңіз, толқынмен толғап көк төрін. Аспанда біздің сырымызға ортақ, Ай аунап бара жатқан-ды, Қараада тұрды мүлгіп бір сол шақ, Махаббатқа орап жастарды. Жұлдыздар тұрды жымыңдап көктен, Шашылған мың сан моншақтай. Жағалау сол бір қымбат ед неткен, Есімнен кетпес сол шақтай. Көп болды, сәулем, жағаға сол бір Бармадық қайта жаяулап. Бұл күнде біздің жанарда мол жыр Біргеміз мәңгі, көңіл шат. 03.08.1974. Қараада – Каспий теңізіндегі арал
БІР ӨЗІҢЕ АРНАЛҒАН Деңгейінен биік тұрар пенденің, Басын шатып-бұтпайтындай әр ненің, Қашық қылар менмен сөзін өзгенің Жазылмаған бір өлеңім бар менің. Сөз саптауы басқа жырдан өзгеше, Тамыр дәрідей жүректерді емдесе, Үлбіреген лала гүлге меңзесе Сенерсіңіз – мына өлең сол десе. Әрбір сөзі оның мүлде басқаша, Кінә қойың, сыр пернесін қақпаса, Құлдыраңдап бұлақтайын ақпаса, Сұлулықты бір өлшеммен шақтаса. Оның үтір, нүктесі де ерекше, Құшақтарға гүл толтырар керексе, Аңтарылып қалар көркем дүние Көшесімен бұлттай қалқып ол өтсе.
Иә, солай бір өлеңім бар дедім, Сонда менің сезімім де, әл-демім, Тәңір ием, қаламыма қуат бер Оны жазбай, таусылмасын дәрменім. Бастау алып мендегі аппақ арманнан, Мөлдіреген махаббатқа айналған, Жаным менің, жүрек жарды бұл өлең Білесің бе, бір өзіңе арналған. БІЗ ЕКЕУМІЗ Жұмабикеге Бөлемедім үлде менен бүлдеге, Уақыт өте ширай түсті гүл денең, Екі шалдың еркесі едік екеуміз Тәңір ием көзін салды бізге де. Ақ отаудың өзім жақтым шырағын, Ал сен оның гүлге орадың шырайын, Моншақтайын кестеледік жылдарды Біз дегенде сәтін салды құдайым.
Шатырадай мөлдірейді аспаным, Өзің барда мен қиыннан қашпадым, Маған төнген кесапаттың барлығын Періштем –ау, өзің серпіп тастадың.
Өткінші өмір батырға да, сақиға, Мың күнгі ұжмақ бір күніме тати ма! Екі дүниеде ризамын мен егер Осылайша ғұмыр кешсем бақида...
- * Қос тұлымың көзді арбап, Жүрген кезден білемін Қызғалдақтай бүр жарған Уылжиды гүл ернің.
Мойыл көзбен аймалап,
Жүрегіңмен сүйгендей Ақ толқындай асықты Мойыныма білегің...
Діріл қақтың қолымда Қолға түскен еліктей, Қос анарың тепкілеп Көкірегің – көріктей.
Шырмауында сезімнің Бірге адасып, табылдық Сабасына түскен соң Құйын көңіл желіккен...
СЕН АУЫРҒАНДА Бүкіл дүние тұрғандай-ақ тұнжырап, Біздің бөлме қазір бейне күзгі бақ. Сен сырқатсың, мен отырмын қасыңда, Жүрегімнен ағып жатыр жыр жылап... Ал далада көктем тұр шұғылалы, Күн көзіне торғайлар жылынады. Өткен күнді еске алып біз де бір күн, Гүл терерміз көк белге шығып әлі. Айығарсың, арада күн өтсін тек, Отырамын жаныңда күзетшің боп. Ештеңені, жаным, сен ойыңа алма Айығуға тиіссің, тілекшің көп. 02.11.1984. ЖҮРЕГІМНЕН ЖЫР ТӨГІЛСІН Жаным менің, жүректі мұңға орап, Жарық күнді қараңғы түнге балап, Жабырқамай, еңсеңді түзу ұста, Жаңылған жан түзелсін бізге қарап.
Жүрген жоқпыз байлық пен мансап қуып, Жалғандықты жамылып, жаңсақ күліп. Жолымызда жолыққан қиындықтар Жапырылар әрдайым, болсақ биік. Жабырқама, жаныңа күлкі егілсін, Жанарыңнан жарқырап күн көрінсін. Жазғы таңдай көңіліңді ашып жүрші, Жүрегімнен жаңбыр боп жыр төгілсін. ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА “Үйлену оңай, үй болу қиын” деген бар, Саналы жастар бұл сөзді ұғып, бағамдар. Қос өзен сынды қос тағдыр бүгін қосылса, Жарасым тауып, жасалсын ізгі қадамдар. Өмір жолында серік боп ылғи сәттілік, Шамшырақ сынды жетелей берсін тәтті үміт. Беу, қарақтарым, алтын тойды да тойлаңдар, Отауларыңнан қуаныш кетпей, бақ тұнып.
Көңілде көктеп махаббат гүлі – нұр гүлі, Естілсін үйден күміс күлкінің сыңғыры, Өрісі кеңіп бабадан қалған әулеттің, Тербеліп бесік, естілсін сәби былдыры. Адами ғұмыр болары айқын бір нүкте, Жақсылық келер ынтымақ барда, бірлікте. Бас қосқан жастар, сендерге үлкен тілегім Біріңе-бірің сүйеніш болың тірлікте! САҒАН ДЕГЕН МАХАББАТ әні:Амангелді Сұлтанғалиевтікі. Аяулым-ау, екеуміз қосылғалы, Бақытыма айналдың басымдағы. Елігім ең, айналдың көрігіме Серігімсің, сен менің қасымдағы. Арман қудым, жолымды тосып қалдың, Жігерімді бір сәт те жасытпадың. Қазығыма айналып артымдағы, Пысқырмадың сөзіне пасықтардың.
Сері көңіл қойды да еркелетіп, Жүрдім талай кеш келіп, ерте кетіп. Қабақ шытпай алдымнан күліп шықтың, Күндерге де мән бермей келте-кетік. Бірдей тарттың тағдырдың салғанын да, Қуанышын, қайғысын, салмағын да. Есімде жоқ бір мезет менен бөлек Ерекше күй өзіңе талғадың ба? Қамдадың да, сен мені қолдадың да, Серік болдың өмірлік жолда мына. Өлді десе сенерсің, сенбе бірақ, Саған деген махаббат солғанына.
ЖАСАЙ БЕР, ЖАЙНА мерекелік арнау Мереке келді, Шаттықтың ғана тарт күйін, Ән айтқың келсе, Қуаныш әнін айт, күнім. Жасарып дүние ұмытып кетті Қарттығын, Көктеммен келген Сегізінші март бүгін! Нұрлы таң атты, Шуағын төгіп келді күн. Бақытың қолда, Қолыңда сенің теңдігің. Өзіңсің бәрі: дәрігер, ұстаз, қайраткер Тәуелсіз елдің сүйіктісі де Сен бүгін!.. Жеткізбес шегі Айтылар саған тілектің. Сен жүрген жерге Келеді менің гүл еккім. Үйдің де сәні, түздің де сәні – Өзіңсің, Сен тіпті мынау үлкен әлемге Тірексің! Тірілткен қайта Суалып қалған бұлақты, Қуарып қалған Ақ қайың менен құрақты. Сырлы да жырлы, Сазды да назды, шуақты, Жасай бер, жайна, Аяулым, көктем сияқты.
ІV бөлім Бұл өмірдің өз есебі, заңы бар, Тірлігіңде бітпес күрес, егесің, Тағдыр сиын қайыспастан қабыл ал, Қиындықты жігеріңмен жеңесің
ЖОЛДАС БОЛДЫМ... Жолдас болдым, талай-талай жақсымен, Айырмадым жасын, ұлтын, тегін мен. Жаны таза, жүректері ақ кілең, Көкірегіне түскен сәуле көрінген. Жолаушы боп кезікті олар жолдағы, Аз болмады отауыма қонғаны. Ақ жанымнан шуақ бөліп сыйладым. Нәр алсын деп қажығаны, тоңғаны. Олар барда жырым-гүлім солмады, Шабыт құсым көкке өрледі, самғады. Қара ниет ғайбат зәрін төккенде, Жақсы жандар сауыттайын қорғады. Жаңбыр жауса, жаңартады гүл өңін, Жақсылардың ықыласымен түледім, Адамдарға жақсылық боп жетуге, Мен де әрдайым асық болып жүремін...
ҚЫРАНДАР КЕРЕК (Ауғанстаннан сарбаздар орала бастағанда жазылған өлең) Әні: Айткүл Әбдіразақованікі. Бейбіт елде бұла өскен менің, Артымнан ерген інілерім-ай. Жат жерде жаумен тірескендерім, Рухы асқақ, ірілерім-ай! Өз ошағы мен елінен асып, Жаралы жыртқыш – қашқан жау, Жасырын келіп, тасадан атып Кей боздақ жерді жастанды-ау. Адалдықты ардай кірлетпегенің, Көкіректі тостың оқтарға, Араңызда жоқ бірбеткейлерін, Туған жер әлі жоқтауда. Еске алу қиын, білем бәрін де, Балаң шақ сонда қалды ма? Ауғанның мұңлы күрең көгіне Қараумен көзді талдыра.
Амандықты ту етіп тұтып, Жеттіңдер елге қайтадан. Отандастарың алдыңнан күтіп, Бозторғайлы қыр айтады ән. Мөлдір аспанды күн нұрға малып, Бұлт – орамалын тау бұлғайды. Шаттықты жүрек тұндырып алып, Көк дөнен – көңіл тулайды. Жақсылық қой бұл, лебі есуде, Сейіліп зілдей тұмандар, Көлеңкелердің бұлты көшуде, Елге де керек қырандар. ҚАЙРАН ЖҮРЕК, ШАБЫТ БЕР Қайран жүрек, шабыт бер құйындаған, Нөсер өлең төгейін тыйылмаған. Шөл даладай кезеріп жүрмін қазір Көктемеде бір тамшы бұйырмаған. Шабыт болсын ұсынған сыйың маған, Соны берші, сол үлкен бұйым маған. Тойдан кейін бос қалған дастарханның Ыдысындай ойларым жиылмаған.
Ұстай алмай шабыттың дүр пырағын, Мазаң ойдың күтемін бір тұнарын. Қайран жүрек, шабыт бер, тұтанайын, Отауымда жағайын жыр шырағын! КҮН НҰРЫНДАЙ ҚУАМЫН КӨЛЕҢКЕНІ Өзімшілдік ойың мен санаңды алып, Сөздерің де кетіпті жалаңданып. Түкке алғысыз өзгелер, сен болмасаң, Құритындай дүние қараң қалып. Көрмегендей тырбанған жан баласын Ел алдында еңбегін малданасың, Келгендей-ақ Құдайдың қолын алып, Өз-өзіңнен шалқақтап мәз боласың. Сыртың жылтыр болғанмен, ішің түтін, Танытам деп әуресің іскер пішін. Бұлданасың, өзіңше тұлданасың Өмір сүріп жүргендей біреу үшін.
Мұқалта алмай мендегі асқақ үнді, Зәріңді төк, құра бер қақпаныңды. Күн нұрындай қуамын көлеңкені, Тіреп тұрсаң, тастай ғой аспаныңды. *** “Ішінде адам аласы”, Деген сөз бар, болған емес таласым, Бірақ, бірақ күліп тұрған адамға Нанасың-ау, нанасың... Анық білмей дос пен қастың арасын, Байыптамай бес саусақтың саласын, Жүргеніңде танытады біреулер Жүрегінің қарасын... Күн кешпеген сәл нәрсені малданып, Біздің көңіл барлық жанға жап-жарық. Содан бәлкім, тани алмай адамды Қалатыным алданып... Ондайлар жүр сілтеп маған кесегін, Бетке келмей, сырттан айтып өсегін. Сонда да мен бар адамға япыр-ау, Ғашық боп күн кешемін...
Алдай берсін, қауіпті емес ол дағы, Әйтеуір бір, рас жолым болмағы. Мені алдасын, бәріне мен көнейін Тек құдайын ұмытпаса болғаны... 25.08.1984.
- * *** Арайы таңның түнекке нұрын шашқандай, Ақ жауын төгіп, қапырықты, шаңды басқандай Көргеннен мені әзәзіл шайтан, сұмпайы Айылын жиып, болады аулақ қашқандай. Тірлігі күйкі, ойы пәс, құзғын ниеттер, Жамандық қана тілейтін қара ниеттер, Тайқиды менен, көзге түсуге жарамай Қайда қашса да, нұр бейнем қоймай иектер. Жымысқы қулық, сұмдықпен жаным жараспас, Назарым түссе, төбе асқанмен ол, тау аспас, Қызғаныштан қысас болған зымиянға Білерім менің, құдайдың өзі қараспас. Қашады менен бықсытып өсек күйттеген, Жан-жүрегінде арамдық барлар титтеген. Күнгейден ауған көлеңке сынды жоғалар Қосақталып күйелі ағаш та итпенен... 25.07.2008.
- * *** “Бәрі де өтер-кетер, ұмытылар”, Деп жүргенде фәниде кім ұтылар? Ал қазір өн бойыңда тұтасқан бір Кикілжің, күйбең тірлік уыты бар.
Уақыт өте өткеннен елес қалар, Пендешілік алдағын кім ескерер. Адалдығың, кісіге жақсылығың Еске түссе көңілде нұр ұшқындар.
Өкіндірер ақылсыз, жаңсақ қадам, Сеніміңе жылан боп кірген адам, Қардай ақ пейіліңді таптағандар, Түсінбеген ісіңді өңкей надан.
Бір күнгідей болмайды өтер бәрі, Дәм таусылса, кетер жас, кетер кәрі, Жиған дүние, ішкен ас жолдас болмас Тірліктегі сыйластық – өмір мәні.
ДОС ДЕСЕ... Дос десе, жүрдім елжіреп, Жанымның жағып алауын, Өзімнен аса сендім көп, Тапсам бір деумен қалауын.
Қорғадым, таяқ жесем де, Сол үшін түстім жұлысқа. Досымды сатып өсем деу, Күнә деп білдім, бұрыс па? Мұнымды айтпас бекер деп, Бұрыннан мені білгендер. Сүрмедім өмір лекерлеп, Сыртымнан өсек үргенмен. Суыды бүгін сезімім, Сырымды ұғар дос таппай. Жоғалтты ма әлде сенімін, Адамның бәрі жалдаптай. Маздаймын дағы сөнемін, Қажытты ойдың ауыры, Қайдасың, іздеп келемін, Мәрт достықтың ауылы. Шалқыған отым жанар ма? Жас ақты-ау жүрек көзінен. Жападан жалғыз аралда Қалғандай кейде сезінем...
БІР ҚУАНЫШ ЖЕТПЕЙ ТҰР, ЖАНЫМ, МАҒАН... Тұлпар уақыт тізгінге бағынбаған, Жылдар өтіп барады жалындаған. Жабырқаған жүректі жалаулатар Бір қуаныш жетпей тұр, жаным, маған. Бір қуаныш... Өзі жоқ, елесі бар,
Ғұмырыма сол сынды беретін нәр ? Мен дегенде тас-тағдыр бүлк етпейді Әуелден-ақ бітіспес егесі бар. Бір қуаныш, Сәулесі үмітімнің, Күте-күте бордайын үгітілдім, Ойы жеткен қияға, өзі жетпес Әуселесін көрдің ғой жігітіңнің. Күндер қайда, Алмастай жарқылдаған ? Кемедейін желкені қалтылдаған. Қор болуы адамның оңай екен, Бір-ақ сәттік екен ғой нарқың, бағаң... Бір қуаныш жетпей тұр сілкінуге, Мұзбалақша шыңдағы бір түлеуге, Найзағайдай жарқылдап зеңгір көкте Ақ жаңбырша нөсерлеп, сіркіреуге. Бір қуаныш Алыстан сырғақтаған, Келерін де, келмесін жұмбақтаған, Білетінім, әйтеуір сол бір сезім Қымбаттаған мен үшін, Қымбат маған... 11. 02. 2007 жыл.
ЖҮРЕТІН-ДІ АҚ ЖАУЛЫҒЫ ЖЕЛБІРЕП... 1.Көрінбейді анашым Сүйіншілеп “ұлым міне, келді” деп, Ар туындай ақ жаулығы желбіреп, Жүргенде анам сағынышты баса алмай, Үй төрінде отырушы ем елжіреп. Анашым-ай, көлеңкемді бақ тұтқан, Пейіліңді жақының да, жат та ұққан. Жатушы еді дастарханың жиылмай, “Шүкір, Алла”, – айтар сөзің шаттықтан. ...Міне, енді жатыр ауылы қаралы, Қайтпас жолға аттандырған ананы. Туған үйден мен де ұзап барамын, Шығара алмай ішімдегі наланы. “Қашан мұнда ораламын енді”- деп, Қарайладым, сорлы жүрек елжіреп. Үй жанында көрінбейді анашым, Жүретұғын ақ жаулығы желбіреп...
2.Құбатау, қош бол! Осынау Құбатаудың бөктерінде, Жазыпты жастық шақты өткеруге. Осында жар құшыппын, бала сүйіп, Беріліп талай мәрте от сезімге. Осында табиғатпен үндесіппін, Қыз-ғұмыр көктемінде гүл кешіппін. Өлеңнің өлкесінде ат шалдырып, Арманмен ата жұртқа бір көшіппін. Мен кеттім арман қуып сағымданған, Бұл жерде ана қалған, бауыр қалған. Қарамай ештеңеге жетуші едім, Анамды көп көрмесем сағынғаннан. Сенгендей ешбір жаққа бармасына, Серт етіп өскен жері – Қағбасына. “Шалымның қасында мен қалам”- дейтін, Тілегі қабыл болды, қалды осында.
Қондырып бақиға алтын қазығымды, Сапарға пенде болдым жазылулы. Қия алмай ата-анам жатқан жерді, Шарқ ұрдым шағаладай жаны мұңды. Мұң қашар, күн де туар оңалатын, Көңілдің жан құштарын таба алар кім?! Құбатау, қош аман бол көрмей кетсем, Анам жоқ сағынғанда оралатын... БОЙТҰМАР немесе ананы еске алу Әні: Амангелді Сұлтанғалиевтікі Арманшыл жүрек дүрсілдеп, Жеткенде жасқа ой қуар. “Құлыным аман жүрші”,- деп, Анажан, тақтың бойтұмар. Мойныма асып алқадай, Ілестім уақыт көшіне. Сілкілеп өмір жаңқадай Сүйреді алға несібе. Түсесің қазір жиі еске, Ұғынғандаймын кеш біліп. Жөнелер шақта келмеске Кетіпсің тұмар тапсырып.
Өзіңсіз өтті сан жылдар, Шығарсам естен кеш мені. Бойтұмар маған қалдырмай Жүре тұрғаның жақсы еді… Қаңтар, 1982 жыл.
ҚАДІРЛЕҢДЕР, АНАНЫ Қадірлеңдер, Аялаңдар Ананы, Суланбасын ғазиз жанның жанары. Сүйінетін, Күйінетін бала үшін Барометр ананың да қабағы. Теңе мейлі Данаға да дараға, Жетпейді ешкім ақ пейілді Анаға! Тек ана ғой... Тек ана ғой, білгенге Бауыр етін кесіп берер балаға. Ержеткен соң, Билеп түрлі санаңды ой, Әр қиянға саларсың да қадамды-ай, Кім болсаң да Бірақ түптің түбінде Шын қамқорың табылмайды Анаңдай. Өмір-өзен, Ілесерсің ағынға, Бал күндерің айналар-ау сағымға. Бар кезінде Қадірін де білмессің, Анаң мәңгі жүретіндей жаныңда. Ол бар кезде
Перзентінің таңы нұр, Күн бейнелі шуағынан жаны гүл. Қадірлеңдер, Аялаңдар Ананы, Ондай жанды таба алмассың Соны біл..! 17.03. 2007 жыл.
ӘН САЛ, ТАҒЫ Әнші –сазгер Айткүл Әбдіразақоваға Сен ән салсаң, Аспаным ашылғандай, Ақ жаңбырым дүркіреп басылғандай, Бозаң дала сұлудай сылаң қағып, Жусан исі әтір боп шашылғандай. Сен ән салсаң, Каспийім толқынданып, Ақ шағала төсінде жарқыл қағып, Шұғыламен астасқан көк теңіздің Көкжиегі көз тартар алтынданып. Сен ән салсаң, Рухым көтеріліп, Жігер алам тау-тасты кетер үгіп, Ал, жүрегім айналып жанартауға Алауынан жатардай от өріліп. Ән сал, тағы, Аңсайын, сағынайын, Әуеніңе жіпсіз-ақ таңылайын, Осылайша қанаттан, қалықтап ұш Серігіңе айналып лағыл әнің... 10.06.2008.
ЗАМАНДАСҚА Ей, замандас, сен мені білесің бе? Болмысыма өзің біл күлесің бе, Жан-жүрегім адам боп жаралғалы Жамандық атаулымен күресуде. Өтірікпен, өсекпен, жаламенен, Ар-намысқа жағылған қараменен Күресуде баураған наламенен, Рухсыздық жайлаған санаменен. Сүйеніп халық деген ұлы есімге, Құлшынамын түнекті күн етуге, Жұдырықтай жүрегім бар адамға Махаббатты кеудеме түнетуде. Замандасым, сен соны білесің бе? Көкірегімде саған да гүл өсуде. Мен кетсем де артымда жырым қалсын Жамандықпен жарайтын күресуге. 06.09.2002 У поэта нет карьеры, у поэта-судьба” Александр Блок.
Бұл өмірден алып кетер еншім жоқ, Бәрі, бәрі, ертең бәрі қалады, Менің өткен жолдарымнан кеміс іздеп, Болмасын тек көңіліңнің алаңы. Жатыр, әне, менің жүрген іздерім, Ғашық болдым, өлең жаздым, егілдім, Ала таңнан үмітімді үзбедім, Ақ қағазға қара өлең боп төгілдім. Керегі жоқ атақ, байлық, мансаптың, Күнгейі аз ит-тірліктен шаршадым, Есірік-күн есімді алып, сан соқтым, Сезбеппін-ау не екенін аңсарым. Көкірегімнен көк кептері өлеңнің Ұшып кетсе, қондыра алмай алаңмын. Құлағаным осы, міне, көр енді, Жел соққандай жапырағымнан тоналдым.
Бұл өмірден алып кетер еншім жоқ, Алқымдама, тас-тағдырдың қолдары, Пенделіктің ауылын тастап, келші іздеп, Өзімді емес, сөзімді тап болғаны...
- * Бекежандық жасадың аға, маған,
Қой терісін жамылған қорқау сынды, Көр кеудеңмен мың сайтан балалаған, Қызғанышпен ұлыдың, не іс тынды?
Қылығыңмен сыртымнан салдың “пышақ”, Төмен тарттың, мен болсам асқақтадым. Жаным сүймес жымысқы қулықты ұсақ Көрдім талай ондайдың тас қапқанын.
Деме сөзбен ініміз “түрткіледі” Мені ұғынсаң, мұнан соң абайлайсың. Кімнің кім екенін де жұрт біледі, Тиме ақынға, абырой таба алмайсың.
ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ Мұқағали ағадай, Дос таппадым жігіттен. Көбі жыра-жықпылда Көрінбеді биіктен. Кездері аз біріккен, Сөздері көп үріккен, Ғұмыр бойы келемін Көкірекке түйіп мен. Жолдастық пен достықты Таптым әйел затынан, Арулармен дос болдым Сан жігітке татыған. Көкірегі-асыл ән, Шабыт алдым отынан. Оның бірі қорғады, Кей жігітің сатқанда. Қызғаныштан ит болып, Маған кесек атқанда. Ақындық пен серілік Бас идірмес шақтарда. Бірі анаша аялап Иліктірді тоқтамға. Тентек желі тағдырдың Қапияда соққанда. Солар еді білсеңіз, Қабырғамды жапқан да. Сыр бөлістім арумен Арайланған ақ таңда. Қамсау болып сол жетті Арқыраған ақпанда.
Жігіт “досқа” сыр айттым Жайды жарты жаһанға. Енді бірі қарайды Оқ таба алмай атарға. Көріскенде өтірік Қуанған боп қалады. Қосқысы жоқ шынында Мені тіпті қатарға... Осындайдан түңіліп, Түйілдім сан намыстан. Түлкі жігіт көп көрдім Кезікпеді арыстан. Адал көңіл, өр мінез Бабалардың мәрттігі Білуімше осы кез Аруларға ауысқан. Жолдас болдым, дос болдым, Серік болдым қыздарға, Шуағы бар олардың Ұрындырмас ызғарға. Өмірімнің бар күнін Сарп етсем де жетпейді-ау Арулардың тигізген Шапағатын жырлауға!
САҒЫНЫШ немерем Кәусарға “Бапа, сені сағындым” -дейсің күнде звондап, Құрғыр жүрек мұндайда, қалады екен бір аунап. Саған қарай сол сәтте ұшып кеткім келеді, Шіркін, қанат болса егер тырнадайын тыраулап. Сағынғаның жарығым, әр сөзіңнен білінді, Үйдің іші дуылдап, қызықтайды тіліңді. Былдырлаған сөзіңді естігенде алыстан Көкжиегі көңілдің ақша бұлтқа ілінді. Ұзағалы ауылдан үш аптадай күн өтті, Соның өзі жылдай боп, көңілімді жүдетті. Ақ самалдай есіліп, сен сөйлесең Ақтаудан Серпігендей боламын қалың ойды – түнекті.
Пенде жолы белгілі, тағдырына бағынбақ, Жастан асып барамыз жүретұғын жалындап, Апта, күнді айтамыз, біле білсең, жарығым, Бапаң сені сағынған үйден шыққан шағында-ақ. Сағынбасақ күнім-ау, бұл өмірдің мәні не?! Сала алмайсың сен онда қуаныштың әніне. Көкжиегі таулармен көмкерілген баба-қыр Қу тақырдай көрініп, бөленбейді сәніне. Ақ толқынды көк теңіз лайсаң судай көрінер. Сағынбасаң көңілің әрбір шақтан жерінер. Сағынышың баураса жағалаудың шағылы Аяғыңның астына ақ маржандай төгілер.
...Жайқалады сен десе жапырағы жанымның, Сайрап кетер бұлбұлы мұңға оранған бағымның. Оңтүстіктен арқырап отарбалар аққанда Мен де ауылға жетермін, жаным, сені сағындым... Қыркүйек. 2006.ж. ТОН Әкені еске алу Әке, сенің сеңсең, сары тоныңды, Жамыламын, маған шап-шақ қонымды, Отырамын құзға қонған қырандай Танығандай оңым менен солымды. Тану қайда, сөндім талай жана сап, Жетпей қалып пайым менен парасат. Оқуы мен тоқуы көп ұлыңның Кей деңгейі әке, сенен аласа-ақ. Сыршылдықтан мұңға оранды таңдарым, Жыршылдықтан ауа қапты қармағым, Шыншылдықтан есе кетіп қуларға Талай рет жарды соқты маңдайым.
Аямастан артты өмір салмағын, Шүкіршілік, бармақ тістеп қалмадым, Біткенінше мына бес күн жалғаның Рухыңмен сүйеп, деме ардағым. Айта берсем өмір жайлы көп өлең, Өзің болсаң талай сырды төгер ем, Әке, сенің исің сіңген тоныңа Оранады немерең мен шөберең. Шаңырағымда өзім жаққан отымның, Шуағымен нұрлы таңдар атырдым, Төсенгенім анам басқан текемет, Тон жамылып, өзіңе ұқсап отырмын. АҚША ҚАР ЖАУЫП ТҰР... Сұлулық тәңірінің елшісіндей, Сәбидің көңіліндей, Тазалық пен пәктіктің еншісіндей, Еш күнәсіз боздақтың өміріндей – Ақша қар жауып тұр.
Адал ардай, жүретін қапалатпай, Сүйген жар жүрегіндей, Алғашқы махаббаттай, Пейіліндей ананың, тілегіндей – Ақша қар жауып тұр... ҚАРЛЫҒАШЫМ-ҚАРЫНДАСЫМ Шын сүйген мөлдір аспанын, Жер-суын, тауын, тастарын, Қуанып тұрам көргенде Даламның қарлығаштарын. Желтоқсандағы ызғарда Шарқ ұрған рухы құздарға, Мен сонда тәнті болғанмын Қаракөз қазақ қыздарға. Жақын туған-ау жаныма, Салқам даламның бағына, Ризамын, тәңір, ризамын Осы екеуінің барына. Жел қанат қарлығашым-ай, Елге абат қарындасым-ай. Даламның құты – өздерің, Қағыңдар қанат, жасымай!
ЖҰЛДЫЗҒА Қызымның ұзатылу тойында оқылған өлең Қолымдағы қырмызы қызғалдағым, Алдамасын мәңгілік ізгі арманың. Ағаңменен екеуің –қос жүрегім, Тигізбедім өмірдің ызғарларын. Аспаныңды сұқсыр бұлт кезбесін кеп, Қиындығын тірліктің сезбесін деп, Ақ жанымның алауын жақтым талай Бақ-талабы нұр шашсын, өрлесін деп. Неткен қысқа қыз-ғұмыр көктемедей?! Пәле-жала ешқашан беттемегей. Айдынында өмірдің ізіңді сал Алға тартқан желкенді ақ кемедей. Осы болды өзіңді ұшырғаным, Әр нәрсенің байыбын түсін, жаным. Өмір жолы тақтайдай түзу емес, Шар болаттай қарсы алғын ұсынғанын.
Дақ түсірме атына ауылыңның, Сыйлысы бол қосылған қауымыңның. Қолтығыңнан демесін ата-бабаң,- Ақ тілеуі ағайын, бауырыңның. 08.06.2001. ӨМІР Хош иісті, алуан түрлі шоқ гүлдер, Мезгілі өтсе, су құйсаң да солады. Күткеніңде өтпей қойған көп күндер. Уақыт жетсе, бір-ақ күндік болады. Қуанышқа шын кенелген бал күнің Сол күйінде қайта оралмас артына. Он сегіз жас бұлғаңындай түлкінің Бір кеткен соң көнбейді еш шартыңа. Ойға түйіп, көптен күткен сапарың, Сәті келмей оралмайды оңына. Қатал тағдыр сені тіпті апарып, Лақтырады қайғы-мұңның торына.
Уақыт бітсе, қимасыңнан, асылдан Айырыласың, бар ма басқа амалың. Қуаныш та кейде келіп тосыннан, Өрге тартар алға басқан қадамың.
Бұл өмірдің өз есебі, заңы бар, Тірлігіңде бітпес күрес, егесің. Тағдыр сыйын қайыспастан қабыл ал, Қиындықты жігеріңмен жеңесің. * *** Қол жайып отыр нәпақаға тапшы адам, Көрші үйде жан бар ауруы батып қақсаған. Ал біреу жүр пейіш көріп өмірін, Көше алмай нөпірлеген ақшадан.
Зағип ана аңсайды көзін-шырағын, Баспанасыз жүр, білмейді қайда тұрарын. Біреу мәз боп аяқты кердең басады Ұстағандай бар дүниенің құлағын.
Құрдасым жүр күн өткенін қош көріп, Бір жас жігіт қапияда кетті өліп. Жайлы орында отыр біреу сұстанып, Көрінгеннің бәріменен өш болып... Мас келеді білмей қайда сиярын, Қартым отыр, жоқтап ескі ұранын. Мұңаяды жасы жеткен ару қыз, Таппағасын бас қосатын сыңарын... Мұңданамын ойлар езіп еңсені, Жаралайды сумаң сөздің семсері. Айта берсем, иір-қиыр қайшылық, Беу, өмір-ай, түсінбедім мен сені... ТОЙ ЖЫРЫ Әні: Амангелді Сұлтанғалиевтікі Думан келді, той келді төрімізге, Ақ тілеу мен шат күлкі-бәрі бізде, Көптен күткен осынау қуанышқа Қосылыңыз, кәне енді келіңіз де.
Қайырмасы: Құтты болсын, Ағайын келіндерің, Көтерейік биікке көңіл көгін, Екі жасқа айтатын тілегіміз – Махаббатпен өтсінші өмірлерің. Қуанышта атасы, анасы да Апасы да, інісі, ағасы да, Шаңыраққа жиылды туыс-бауыр, Бөле, жиен, осында нағашы да. Қайырмасы. Бүгінгі той, ортақ той екі жасқа, Шаттануда әнеки, құда жақ та, Мұндай күнде негіз жоқ өкпелеуге Әнді баста, ағайын биді баста. Қайырмасы. Ақ тілектің айтылар жөні барда, Қапы қалма ағайын, сөзді қамда, Жарып шығар жүректі жақсы лебіз Осындайда керек қой, осындайда. Қайырмасы. Бүгінгідей Асқақтап әніміз де,
Жарасымды сән кірсін, сәнімізге. Үйіңізге аққудай келін түсіп, Кенеліңіз шаттыққа бәріңіз де. Қайырмасы. ҚЫРКҮЙЕК Ақ жаңбыр сіркіреп, Көк аспан күркіреп Жатса да, Кетпейді қыр түлеп. Мамыра жаз қашты, Далада – қыркүйек. Сал самал аңқылдап, Қарғалар қарқылдап, Таң атса-ақ, қоңыр кеш, Жетеді алқымдап. Су суып ақ таңнан, Жасыл бақ шоқтанған, Жидектің шырыны сорғалап, Қайысқан дастархан. Сары ала қырат-бел, Кейде жаз, Кейде күз сияқты. Құбылма, Ауа жоқ тұрақты. Түн-ызғар, Талтүс шуақты. Құс қайтып дүркіреп, Таң атар нұр күреп, Мен туған ай осы – Сары алтын қыркүйек!
БҰЛАҚ ЖЫРЫ (монолог) Бұлқынып шығып, тас емшек жердің үрпінен, Аптығып алға, сәбише былдыр күлкімен. Қырқадан асып, жолымды шайып сілтіден, Келемін ағып, мен өткен жерлер дүр кілем. Далаға дархан оралып бағзы сән-көрік, Жанына дәру алсын деп шипа нәрді еміп. Келемін ағып, тозған қырларым қарайды, Кезеріп ерні, төскейін ыс пен сор көміп. Келемін ағып, көп болып жолда бөгесін, Қайратқа мініп, олардың сөгем көбесін. Қолтықтан сүйер бір нөсер керек мұндайда, Күш-қуат беріп, ағыл да тегіл төгетін.
Бірақ та бізде нөсерлер неткен аз тіптен, Пұшайман көңіл көктеме келсе наз күткен. Орайды алдан жықпыл мен ойдым шұқанақ, Ішіне зәр мен сөліңді сорар саз біткен. Құрдымнан атқып, арнама сыймай долданып, Көлденең келген бөгетті небір қақ жарып. Келемін ағып, “жынданып”, кейде мұңданып, Сылдыр қағамын, жол берсе Құдай оңғарып. Жарық дүниеге келген емеспін бекерге, Сан кедергіге тосылып өмір өтер ме?.. Тыншытпай мені келеді сүйреп нұрлы үміт, Шулы теңізге жете алмаймын ба, жетем бе?! ӨЛЕҢГЕ Бастан өтіп небір күн, Мұңайдым да, қуандым, Сенен тауып алданыш, Жас балаша жұбандым.
Төсегімде тыншытпай Жігіттік пен серілік, Махаббатқа сыр айттым, Сен арқылы егіліп. Ерте тұрып, кеш жаттым Қызметтің бабымен, Шаршасам да, сені аңсап, Қалам алдым тағы мен. Көңілімді мазалап, Ұйқымды сан қашырдың, Магниттей тартатын Құдіретіңе бас ұрдым. Талай дос та, таныс та Бөлек салды іргесін, Көлеңкемдей сен бірақ, Меніменен біргесің. Көкірекке сен қонсаң. Шабыт қалай көз ілсін?! Бұл жалғанда айнымас, Сырлас досым өзіңсің! Өмір-өзен ағысы Тартса бір күн тереңге, Менен қалған белгідей Өлеңдерім сен өлме!..
ҮЛКЕН БАҚЫТ-БЕЙБІТ КҮН Таң әлеті, тәтті кезі ұйқының, Ояу едім, маза бермей жыр-құйын Төргі үйімнен ауық-ауық естілді Сәби үні, сықылығы күлкінің... Ақырындап, адымымды есептеп, Үңілдім кеп бөбек жатқан төсекке, Күледі де, былдыр-былдыр сөйлейді, Бал жүзінен, мейір қанбас, неше өпсе. Рахатта, ұйқысырап алаңсыз, Дүниенің жай-күйінен хабарсыз Жатыр бөпе, кірпік қақпа, тыныштық, Ұйқысынан күрт шошытып аларсыз. Бір бақытқа кенелгендей кезігіп, Қуаныштың сақшысындай сезініп, Ойға қалдым неге кейбір адамдар Тыныштықтан жүреді деп безініп?
Бір кішкентай бөлшегі боп тірліктің, Жатыр сәби, мен мынадай сырды ұқтым: Бақыт болса адам үшін жер басқан, Ең үлкені сол бақыттың – бейбіт күн! ӨМІР ДЕГЕНІҢ... Қаңтар да өтер Ақ мамығын аунатып,
Ақпанда өтер Аязбен “шымшып”, жауратып, Наурыз да келер Әуеден ақ нұр саулатып, Сәуір де келер Даланы бір сәт жайнатып. Келер де кетер Бірімен бірі алмасып, Осылайша өмір Жатады екен ғой жалғасып, Білтелі шамдай Ғұмырдың өзі шектеулі Барасың қайда Жүргенмен қазір алға асып... Өмір дегенің Жанның көктеуі, солмағы, Орны бар болса, Оңалып қайта толмағы, Өмір дегенің Сапардағы көш керуен Кенеттен бірақ Тоқтап қалмаса болғаны. Өмір дегенің Қоңыр кешің мен ақ таңың, Бақыт пен сорың, Бейнет пен зейнет тапқаның, Жылап келіп, Сәулеге есік ашқаның, Жылап барып, Есікті қайта жапқаның...
ҒАСЫР АУЫСҚАН КҮНГІ ТІЛЕК Жатқанда дүние күбініп, тосқан ғасырын, Тілемеймін мен тәңірден аспандағысын, Қайқы қылыштай сілтеймін қыран жырымды Қара қазақтың жауынан жасқанбауы үшін... Ынтымағы асып, қалам мен даламның мынау, Басымызға ылаң түспесін, көңілге қылау. Атырау-Алтай арасын жайлаған елден Аулақ қонсыншы, әрдайым қайғы-мұң, жылау. Халқыма ғасыр сыйласын бақытын, бағын, Тәттісін татып, өмірдің жақұтын тағың. Бабамыз қандай күнде де тойға барған ғой. Жас ұрпақ, сезбей өтсінші уақыт ызғарын.
Көп көрме тәңір осынау бостан күнімді, Қуаныш әкел, қайтарма қашқан мұңымды. Тілектерімді осы айтқан қабыл қыла гөр, Тілемеймін мен өзіңнен аспандағыны!.. 1999 жылдың соңғы күні. ШАҒАЛА Күннің көзі тұтылып, Сұрланды көктің қабағы. Қарт Каспий жатыр құтырып, Сабалап марғау жағаны. Атады суын тепсеңге, Шуылы баурап даланы. Құты қашып, бүкшеңдеп, Қаңбақтар зытып барады. Жатқанда теңіз долданып, Тереңнен жынын шақырып. Шағала ұшты қомданып, Жасындай көкке атылып. Сусылдап құрыш қанаты, Әуеге тартты қасқайып. Сатырлағанмен жай оты, Қайтатын емес жасқанып.
Ұрандаған батырдай Шаңқылдайды кекті үні. Дауылың жатыр басылмай, Бас идіре алмай тектіні. ...Өмір де осы-ау, ойласаң, Жігерсіздікті ықтырған. Жүректен сөнбе, қайсарлық, Қиындықтарға тік тұрған!
АДАМДАР, АРАЛАСЫҢДАР!
Шайтан дер: “Араны ашыңдар, Ұрыс сап, Жағаласыңдар,” Сенсеңдер, Оң аларсыңдар, Өлсеңдер, Жоғаларсыңдар. Ал сендер Араласыңдар! Өмірге адам келуде, Төбеңнен ажал төнуде. Тірлікте асығып қал Адамға қолды беруге. Бай екен, Жоқ екен деме, Нар екен, Қор екен деме, Тірлікте сен жүзген кеме Батпасын, иықпен деме. Қартайсаң, Жоғалар күшің, Ортайсаң, Оңалармысың? Дүниеден озады Әркім... Кеткен соң Таба алармысың? Адамдар, араласыңдар! Адамдар, араласыңдар! ЖУРНАЛИСТЕР Жақсылықтың айнымас жаршысындай, Патша төрге шығарған олқысынбай. Журналистің керексе сөзі мірдей, Бабамыздың бұзау тіс қамшысындай. Ар-намысын бәрінен қойып биік, Дәріптейтін
асылды көңілі сүйіп, Зұлымдықты көргенде шыдас таппай, Арашада жататын өзі күйіп... Өзгерістер, сан қилы төңкерістер, Іргелі істер немесе ізденістер... Бар лүпілін дүбірлі дүниенің, Жүрегінен өткізер журналистер. Қала айналып, жүрсе де дала айналып, Таңмен бірге атады арайланып, Өйткені ол, ел-жұрттың тынысына, Ғашықтықпен әрдайым қарайды анық. Әрбір сәттің байыбын жіті аңдар, Үмітті де үзілген қайта жалғар, Ешқашан да журналист бола алмайды. Санасы пәс, жұтаң ой, қарау жандар. Лапылдаған жанының жалын оты, Ең қиыны оларға – ардың соты. Жақсысы мен жаманын саралайтын, Журналистер – елінің патриоты! Темірқазық сынды ел көгіндегі, Қардай аппақ, қылаусыз көңілдері. Отан десе От болып жанатұғын
Журналистер – мұқалмас жауынгері. Кетсе де олар келместің кемесінде... Шығады алдан жылдардың белесінде. Журналистер – тарихты жазушылар. Аты қалар Мәңгілік ел есінде! ҚОЛ БҰДҒАП ШЫҚ... Қиналдым-ау, жан таппай сыр ашатын, Қимастығым ғұмырға ұласатын. Қуанғанда қос жүрек бірге соғып, Қайғырғанда қосыла жыласатын. Кейбіреуге сырымды айтып, налып, Жүруші едім, танытты тәйтік қалып. Түсінетін жан жоқтай, жұрттың бәрі Қарабай боп, кеткендей Жантықталып. Өшпейтіндей дақ салып, опындырып, Кей жігітің көрсетті қатын қылық, Жарасатын жан таппай, жан-жүрегім, Көштен қалған күшіктей жатыр ұлып.
Шабыттансам жырымның басы-уайым Тұнжыр көгім күтеді ғашық айын, Көкжиекше алдымнан қол бұлғап шық, Бұлтты түрген күнге ұқсап асығайын...
- * *** Көңілімнің қалғаны-ай құлазып-ақ, От жақпаған үй дерсің – тұр азынап. Осындайда бір адам табылсайшы Қаузайтындай жаныңды біразырақ...
Кетті-ау, бәрі сауғалап қара басын, Тірлік үшін жүгіріп, жағаласып. Жоқшылықта талайлар қашты менен, Танымайтын жанға ұқсап, араны ашып...
Ойласаң, қалады екен жаның жасып, Баршамен жүрген қандай араласып? Кел дағы, көңілімді қаузап жібер, Кетсінші менен құрғыр нала қашып...
БІР БАЛА Ол ақылды әрі көркем бала еді, Биіктерге жету еді талабы, Мұны байқап қырсық түсті соңына, Артты содан өмірінің әлегі... Ұмтылса да бейне қайтпас сарбаздай, Қырсық қаптап шыға берді ормандай, Бірі итеріп, бірі шалды аяқтан, Құлады ол, жолы қалды жалғанбай... Адалдықтың, әділдіктің жақыны, Адамның да жарқылдаған батылы Еді ол бала, сүйінішін таппады, Ажал болып қырсық жетті ақыры... Қалмағандар қыр соңынан қырсығып, Демеңіздер: “Енді, міне, тыншыдық.” Тынымыңды алатындай күні ертең Қараша үйден қара бала жүр шығып...
ӨЗІҢМЕН БІРГЕ... Өзіңдей кім бар Алдымнан асқақтап шығар?! Көзің бе еді ұлдар Барғанда қашқақтап бұғар? Сен кеткелі орының ойсырап, қартым, Елесің қапты көгалда ат баптап тұрар... Жан жоқтай қамқор Құм басқан шарбағың жатыр, Аруана аунар Күл шашқан шаңдағың тақыр, Төрт көзі түгел отырып, көлеңке баққан, Мұншама неге болды екен ұлдарың пақыр?! Ісіңді күйттер Жоқ екен, қора жұтаған, Үрерге ит жоқ, Көз тұнар алабұтадан. Қиюы қашқан тірлікті көргендер бүгін Еске алар ылғи өзіңді, елге құт адам...
Қаусаған дүние, Көргенім сөгілген ірге, Дей алмады ешкім: “Оңалар, көңілді бірле,” Береке-бірлік, ер-намыс, бақ-дәулеттің де Кеткенін білдім, қартым-ау, өзіңмен бірге... ӨКІНІШ Мизамбай ағамның рухына Ауырғаның жатса дағы естіліп, Мына інің танытпады естілік, Күйкі тірлік қамыт болып мойынға, Жүре берді ерте күнді кеш қылып... Сен бар-ау деп көңіліне ілмеген, Жоғалған соң опық жеген, іздеген, Дүниеде мендей ессіз бар ма екен, Бұл жалғанның жалғандығын білмеген?.. Айтарыңды жеткізе алмай толғап кең, “Келмеді-ау” деп, сәлеміңді жолдап та ең, Аға, кешір, алшаң басып жүрген соң, Сені осынша тез кетер деп ойлап па ем?
...Жаралған соң тірлік-күрес басталар, Мұңданармыз, кей күніміз қош болар. Інілерім салмай кетті ат ізін, Іздер бір күн, бірақ бәлкім кеш болар... АПА, СЕН ҚАРТАЙМАЙСЫҢ әні: Жалғас Кеңесовтікі Бала деген адамның өмір гүлі, Қартайтама сәбидің көңілді үні. Қабағыңды шытуды білмейсің-ау, Апа, сендей көрмедім өмірліні. Қайырмасы: Апа, сен қартаймайсың, қартаймайсың. Қартайдым деп ойлама әр тайғасын. Отамызда отырсың дана болып, Әрқашан дастарханың ортаймасын. Дауысыңда балаға жоқ қой ызғар, Тентектерің сонда да сені тыңдар. Жастығың да солар ғой, шаттығың да, Ойлашы, апа, бақытты сенен кім бар?!
Қайырмасы: Апа, сен қартаймайсың, қартаймайсың, Қартайдым деп ойлама әр тайғасын. Ортамызда отырсың дана болып, Әрқашан дастарханың ортаймасын.
АҚЫН ЕСЕНҒАЛИ БӨКЕНБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУ
Ес білген шақтан өлеңге көңлім бұратын, Табатын сынды тек содан ғана мұратын. Мұнымды сезген әкем бір тойда көрсетті: «Анау тұрған деп, Шағадамдағы дүр ақын». Буыны қатпай жетімдік көрген, жетілген, Он сегізінде жоюға жауды бекінген. Ақынмен содан ағалы-іні боп кеттік Бір жүрген күндер кетпейді әлі есімнен. Майдангер екен, Отаны үшін от кешкен, Барлаушы бопты, ажалмен талай беттескен, Қаза тапқанын көзімен көріп Мәншүктің Қанқұйлы жаумен бітіспейтіндей кектескен. «Өткеріп бастан небір сұмдығын соғыстың, Жеттім мен елге солдаты болып Жеңістің. Өрісін аңсар аруана сынды арқырап, Маңғыстау барып, Сәтекеңменен көрістім».
Деуші еді ол ылғи, шабыттан көзі шоқтанып, Сол сапарында Сәттіғұлдан бата қайтты алып. Шағадамда аға шалықтап жүрді қырандай, Қазақ, түрікменнің ықыласынан бақ тауып. Теңізші-ерлерге «Тоғыз қайығын» арнады, Қайғыланғанды рухтандырды, қамдады. Өз ғұмырында халқымен біте қайнасып, Жақсылықтың жаршысы болып, қорғады. ...Тұрмайды баста, бұл жалған сірә, өтпелі, Сусиды жылдар арадан ақын кеткелі. Жыр-толғаулары өзі боп елді кезіп жүр, Бұлдағы оның көп жүрегіне жеткені. ҮМІТ Мәнсіз күндер кеудеме түнетсе мұң, Ертеңге үміт келеді сүйеп бүгін. Қысқа жібім күрмеуге келмесе де, Бір жақсылық күтетін сияқтымын.
Бір жақсылық, білемін, болады әлі, Қанаттанам, сыпырып томағаны, Басқа түскен бүгінгі бұлыңғыр күн Бұлдырықтай бұлдырап жоғалады. Ғаділет пен шапағат жол алады, Барша тірлік сонан соң оңалады. Жадаулықтың қамытын сілкіп тастап, Көгереді біз жүрген қоғам әлі. Демеймін мен нені аңсап, нені күтем, Үмітімді сүйеніш, серік етем. Жоқтықтың да артында тоқтығы бар, Бір жақсылық болады сеніп өтем...
О, ЖАРАТҚАН “Сүлеймен патшаның алтын жүзігінің бетіне“Бәрі де өтеді” деген сөздер жазылған екен. Қайғырса да, қуанса да соны оқып, сабасына түсіп, тәубесіне келетін көрінеді. Тірлікте бәрі де өткінші. Ештеңе мәңгілік емес.....”. Газеттен. Мұрша келмей, Кенеттен абайлауға, Сәл-ақ қалдым, Ғұмырды тәмамдауға. Ажал шіркін, Қасымнан ағып өтіп,
Уақыт қиды, Әлі де “амалдауға...”. О, жаратқан, Дәрменім, шамам барда, Асықтырма, Сапарды тәмамдауға. Бәрі де өтті, өтеді, Өте берер, Мұрсат берші Өмірді бағамдауға. Сұрайтыным, Жүгіндір адамды арға, Құласам да Салмашы наданды алға. Фәниде әлі жүруді жаздың екен Таба қылма, Тірлікте жамандарға. Осындайда Жаныңды жаралауға, Қаралауға, Сыртыңнан табалауға, Әзір тұрар кей пендең О, жасаған, Қор көрсетпе соларға, Санамды алма! Өте шыққан Балдәурен балалығым, Бір бұрылып, Артыңа қара бүгін, Сал дәуренім, жастығым Сен де көрші, Тас төбемнен төніп тұр Нала-күнім. Сұңқардаймын, Оқ тиген иінінен. Тұлпардаймын, Айырылған үйірінен. Бұл да өтер... Жаратқан,
Құлатпа тек Мені аппақ Арымның биігінен! * “Енді емделсем, туған жердің топырағымен емделем...”
Мұқағали. Басқызбасын аяғым сырқыраған, Қырға кетем, жусаны бұрқыраған. Қара сирақ кезімді сағындым ғой Тай-құлындай тебісіп, шұрқыраған.
Сәлем берем, ауылдың шалдарына, Бата берсін қолда өскен балдарына. Ақ жаулықты ананың алақанын Бір ұлындай тигізем маңдайыма.
Ауырғанын елемей аяғымның, Сай-саласын кеземін баба қырдың. Гүл сыйлаған қыздарға кезімді іздеп Алқабына барамын бабагүлдің.
Арай таңды қарсы алып нұрын шашқан, Шаруагерге көрісем мерейі асқан. Мауыт түнін жамылып ауылымның Жұлдыздарға сыр айтам жымыңдасқан.
Ауыл барсам алдымнан бәрі дайын, Жоғалады мендегі бар уайым. Киелі топырағына табан тисе-ақ Бойымдағы бар дерттен арыламын... 01.06.2007. АҚ КЕМЕДЕГІ АРУ ҚЫЗ Әні: Жалғас Кеңесовтікі Ақ кемеде ару көрдім ай жүзді, Жарқ еткенде, жанарында таң күлді. Қарағанда ғашық еткен сол бір қыз, Талай жанның жүрек отын жандырды. Қайырмасы: Кемедегі ару қыз, От болсаңыз, жалынбыз. Шырқасаңыз, әнің – біз, Басыңдағы бағыңбыз. Көкірекке көктем еніп, жаз күлді, Жиып берем әлемдегі бар гүлді. Ақ кемеде арман болған аруым, Саған ғана арнап өтем ән-жырды. Қайырмасы.
Айдай көркің мейірімді қандырды, Бақыт көрем кездестірген тағдырды. Біз – жолаушы, сен – шамшырақ шақырған, Ақ кеменің ару қызы ай жүзді. Қайырмасы. ПІР БЕКЕТТІҢ БАЛАСЫ Ақын Рахмет Аяпбергенұлының рухына. «Мы теперь уходим по немногу...» Сергей Есенин. Әй, Рахмет-ай, Ақыным-ай, аңқылдақ, Жиын-тойда өлең оқып, саңқылдап, Жүруші едің, бір күнгідей болмады Ажал-тажал алып кетті-ау алқымға ап... Жыр пырағын мінгенің шын тағалап, Жас ақын көп соңыңа ерген ағалап, Төлегенді «тірілткеннің» бірі өзің Әр шайырды жүретінсің бағалап.
Ақ көңілдім, жалпаң қаққан сенгішім, Сенің бізге аз емес-ті оңды ісің, Біреулердің кеңіді ме өрісі, Таба алар ма енді сендей көнбісін... Бізге ашып айта алмадың мұңыңды, Кей ретте шаппай туың жығылды. Түсінгісі келмегендер түсінбес, Жыр сүйер жұрт сені ақын деп ұғынды. Сұм ажалға келмес пенде шамасы, Содан бітпес қайғысы мен наласы, Енді сені жырларыңнан іздейміз Әй, Рахмет-ай, Пір Бекеттің баласы... 15.05.2008.
ЕСІМІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ
Маңғыстауға, түрікмен, өзбек елдеріне мәшһүр сынықшы, халық емшісі Қанатбай Боқайұлының рухына Каспий менен Құбатаудың арасы, Жалт-жұлт еткен Шағадамның қаласы, Сол шаһардан шығатын-ды қара жол Бағытында –Қайыпата даласы. Алдыңызда екі үй тұрар жатаған, Қанатекең ауылы жұрт атаған. Күндіз-түні арылмайды адамнан, Арылмайды алғыс пенен батадан. Әсіресе, сәрсенбінің сәтінде, Сол далада жел мен күннің өтінде. Кезек күтіп отырады сан адам, Қанатбайға бір көрініп кетуге. Ішінде бар орыс, өзбек, қазағың, Түркімен, армян тартқан ауру азабын, Мертіккендер келіп-кетіп жатады, Басқа түсіп тірліктегі дозағың.
Қарсы алады жанары өткір, қарт кісі, Ауру жайын дөп басатын мәрт кісі. Аластайды бойыңдағы дертіңді, Оның қолы, тізесі мен “тепкісі”. Ал, сынықта оның болмас теңдесі, Сынасқанға анық алдын бермесі, Елу жылда шипа тапты сан мың жан Өтті алдынан Тәңірдің сан пендесі. «...Сынықшылық қонды маған ұрыста, Соғыс кезі дес бермейтін тұрысқа. Күндіз-түні мұз жастанып окопта, Көз ілгенмін жер кепеде, бұрышта. Сынықшы еді, әкем енді түсіме, Сынай қарап, жауынгерлік ісіме, Бүйірімнен түртіп мені оятты: «Көмек көрсет,-деді,- анау кісіге». Ұшып тұрып, атып шықтым кепеден,
Қарамастан жау оғына төпеген. Жараланған жауынгерге таяндым, Адасқанға жол салғандай төтеден. Орнына сап сынған ортан жілігін, Таңдым мықтап, жеткенінше білігім. Әруақтандым сылап, салып сынықты, Шабыт алдым ісін жасап ірінің. Міне, осылай сынық салу басталып, Бұл ісімді Хақ қолдады, көп танып. Соғыс кезі, аян беріп өз әкем Жүрген жәй бар содан әлі бақ тауып». Осылайша ашты сырын ол маған, Әруақты адам ата-баба қолдаған. Жарты ғасыр қамыққанды қамдаған, Шын батыр ол тарыққанды қорғаған. Жаз ба, күз бе мейлі тіпті, қыста да, Жүгінді жұрт, шын сынықшы ұстаға. Қанатекең парасаты, пайымы Лайықты тәлім алар нұсқаға.
Науқас келсе, ішкен асын қоятын, Көңілдегі кірбіңіңді жоятын. Шақырылса жағдай туып күтпеген, Ләм деместен лезде атқа қонатын. Бірде келді ол құдалыққа Ақтауға, Қазағыңа құдалықтай бап бар ма? ! Енді шәйін ұрттай берген мезетте, Хабаршы кеп, салды “Көке, аттанға!” Шақырушы Жетібайдан келіпті, Есік алды тіреп қойып көлікті: “Қанатеке, болмасаңыз өзіңіз Кім тірілтер ессіз тірі өлікті”. Дегенді естіп кете барды аттанып, Отырмады себеп айтып, баптанып. Кейін білдік, сол бір жанның өмірін Қанатекең сұм ажалдан қапты алып.
Оны іздеп Ашхабаттан, Марыдан, Ресейден, Дағыстаннан, әріден. Көрдік талай келгендерді жаны үшін Денсаулықты қымбат тұтып бәрінен. Жан еді ол ешбір қабақ шытпаған, Имандылық, ізгілікті құптаған, Айтылған сөз, атылған оқ санайтын Адал жүріп, жасап өтті нық қадам. Бой көрсеткен емес еді жырадан, Еңбегіне ақы мен пұл сұраған, Сондықтан да хан көтерді ел оны, Дейтін-ді ылғи “Қанатекең ұлы адам!” Дәрігерге емес, Қанатбайға баратын, Көрдік біз де талайлардың санатын. Шипа таппай берген дәрі-дәрмектен, Сол кісіден жанға дәру табатын.
Жол апаттан бірде өзі мертігіп, Тұлпар аттай тұяғынан кертіліп. Жатқанда да ем іздеген көп үшін Тұрып кетті, серіппедей серпіліп. “...Сынықшылар сынығымды сала алмай, Мен бір бейне алынбайтын қамалдай,- Деді ол: -Түнде сынған сегіз көзімді Өз қолыммен өзім салдым, о, Алла-ай!” Өмір-өзен ағып өтер расында, Уақыт болар ардақтыңа, асылға. Халқы сүйген Қанатекең жол тартты Бақилыққа сексен тоғыз жасында. Көп адамға жеткен жүрек жылуы, Қанатбайдың Ақшакедей руы, Аға-інісі Бөлекбай мен Рахмет, Ол Боқайдың ортаншысы, бір ұлы. Қанатекең жалғыз ұлы Алтыбай, Немересі Дүйсеке мен Мергенбай. Үшеуі де сапар шекті бақиға
Ұл мен қыз боп әулет тіні жалғанды-ай. Қанатбайдың асқақ әр кез шоқтығы, Орынбайдай артында бар ақтығы. Келіндері бар Бибіжан жеңгей бас болған, Жоғалмайды ар-намыстың пәктігі. Қанатекең, жайнаған жан гүл бағы, Ақбала, Ағлен, Ағылестей қыздары Өркен жайып, өріс болса әкеге Жиен біткен жаны қалмай сыйлады. Ақсақалы Бисен аға ауылдың, Арамызда аға-іні бар, бар үлгім. Өрімталдай өсіп келед ұрпағы Артта қалсын қиын кезең, ауыр күн. Маңғыстаудың Сартасының түлегі, Қанатекең ел деп соққан жүрегі. Рухы әр кез желеп-жебеп жүреді Ұрпағының қабыл болып тілегі!
Ғұмыр бойы қызмет еткен халқына, Ұлағаты мұра болған артына. Қанатекең, ұмытылмайды ол анық, Ел аузында асқақтайды даңқы да!..
- * Өтсе де жылдар арада, Бейнеңіз қалды санада. Уақыттың өзі бас иді-ау, Өзіңдей дара данаға!..
Атағы жеткен алысқа, Сыныққа сіздей жоқ ұста. Қазақ пен түрікпен, өзбегің, Шипаңды көрді орыс та.
Шын емшілікті ұғынды, Сіз десе халық шұбырды, Қиналғандарға дем беріп, Жарқырай төктің нұрыңды.
Халықтан алғыс, бата алдың, Таң болып Сіздей атар кім!? Біртуар халық емшісі, Сынықтың пірі атандың.
Сырғумен талай өтті күн, Фәниде жанға жоқ тыным. Байқалып жиі қалады Өзіңнің Әке жоқтығың.
Ұрпақты өттің мәпелеп, Бас идік ұлы Әке деп. Қанатбай деген атыңыз Келеді алға жетелеп... Дес бермей уақыт-ағынға, Айналдың бүгін аңызға. Қаншама жылдар өтсе де Бейнеңіз елдің жадында!.. 24.09. 2009 жыл. БҮГІНГЕ ЖЕТТІ ДАУЫСЫҢ Ақын-жырау Сүгір Бегендікұлына Өлеңіңмен өрнегін тауып ғұмырың, Тарлан ең талай парлатқан тойдың дүбірін. Маңғыстауыңа өлкені ешбір тең көрмей Оралған елге Сүгірім! Не тауқыметті көрсең де, нәсіп маңдайдан, Сиқырлы саздың ағыздың балын таңдайдан. Қағынан тайған киіктей сан жыл күй кешіп, Сағыныш айттың шалғайдан.
Алқалы топта еліңнің қорғап намысын, Таныттың жырда сәйгүліктердің шабысын. Тыңдаушысын еріксіз ертіп соңынан Бүгінге жетті дауысың! Шайырлар жырын жалғадың алтын көпірдей, Шабыттанғанда тасқынды едің нөпірдей. Ертеңге Сізді жеткізер ұрпақ бар қазір Сенім артатын өкінбей! Өзіңдей болып ән-жырың елге қосылды, Бұлт жаппайды екен жасынды. Жарқыра Сүке, көшкенмен жылдар көме алмас, Тот баспас Сіздей асылды! АРМЫСЫҢ, ҚАЙРАН АУЫЛЫМ! Кездесу кешінде оқылған өлең Кластастарым, ұстаздар, достар, армысың! Бозбала қайда, елік қыз қайда тал мүсін? Көп жылдар өтті қуантып, кейде мұң артып Саумысың бәрің, ортада бүгін бармысың?
Киелі өлкем, әулиелі мекен Ақтасым, Қастер тұтамын бала ізім сенде жатқасын. Сені ойлауменен, қарайлауменен, ардағым, Жан-жақтан келіп тіредік бүгін ат басын. Оралдық саған, ұяға қайтқан құстардай, Алтын қазығым, сендегі тарту күш қандай! Өзіңе келсем, көңілім – көктем, жаным – жаз, Қыран – жүрегім көгіңді тіліп ұшқандай. Есімде бәрі, сенде жетілдім, сенде өстім, Сен жебеп жатсаң, төбемнен менің төнбес мұң. Тағы да, міне, жылдарды салып араға Өзіңмен және кластастармен кездестім. Ортаңа келдім ерекше көңіл-күйменен, Жаңалықтарың құт болсын біздер білмеген. Артының және қайырын тілеп кетейін Ұстаздарымның қатарын көрдім сиреген.
Беу, ұстаздар-ай, ертеңге бізде қадам нық, Алға апаруда үйреткен сіздер адалдық. Шәкірт өсірдің, алғыс арқалап өттіңдер, Тілейітін тілек – баянды бақ пен амандық. Қайран ауылым, ұстаз қауымым, армысың, Пәле-жаладан, мұң мен наладан саумысың? Жеткізе алмаспын, жеткізе алмаспын мен, сірә, Құйттай жүректің кеудеге сыймас алғысын! ЖАНАРЫҢДА МҰҢ БАР ДЕЙСІҢ... Ақпандатып, долы желі сарнаған, Сұлық жатыр мейірімге зар далам. Халық мынау, бар қамсауын қамдаған, “Нарық ” мынау – қанға тоймас қандалаң, “Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған...
Қыран ұшпай қос қанатын қомдаған, Құзғын шықты көп шуылдақ қолдаған, Алға озып дуылдаған дау-дамаң, Шын өнердің бағын көрдім жанбаған, “Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған...
Рухсызға болған емес оң бағам, Баба пейіл бүгінгіге қонбаған. Соны ойласам өз-өзімнен қорланам, Бұл өмірде табылмайды-ау жан дауам, “Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған..
- * *** Көңіл көгі де бұлтты аспан сынды бұлыңғыр, Жайсаң жазымның сезгендей болдым құнын бір. Қысырақтың үріккен үйірі - менің ойларым, Торысам дағы, ұстатпай қойды құлын-жыр...
Ұлпа қар бетін әулекі желден шаң басқан, Кезекті дүние, әп-сәтте бәрі алмасқан, Жә, мені қойшы, шуақты күнің оралар, Қабақты түйіп ойлана берме, мұңлы аспан... Келер-ау кезің әуеде ақ нұр тұнатын, Жер-ана сонда өзіңнен табар қуатын. Терезесінің алдында бүйтіп отырмас Босына өлген күндерін жоқтап бір ақын... Ақпан, 1996ж. ТҮС ЖАЙЫНДА Ой қуғанның бұл өзі жазасы білем, Өңім түгіл түсім де мазасыз кілең. Шулы қаладан шыға алмай қамалып қалып, Түсімде ылғи абдырап, адасып жүрем. Сұп-суық қала танытып қамалдай қалып, Жыр оқыр шақта жырымды таба алмай налып, Төсегім терлеп, алқынып оянып кетем, Жығылып туым, намыстан жүрегім жанып.
Түсім екенін сезген соң қуанып кетем, Өзімді-өзім алдаймын, жұбанып бекер, Егер де мәңкүр-нәңкүр кеп жауаптар болса, Күндерім көп-ау сандалма, қызарып өтер. Әулекі тағдыр қаншама мазақ қылғасын, Туғалы бері құр емес азаптан басым, Қиындығынан қашқан да, қаймыққан да емен, Түсімдегідей өмірде адастырмасын...
- * *** Шекеден шағып шағыр күн, Көз алдым сағым көлкіген. Аяқты орап шағыл құм, Жүре алмай алға, ентігем... Түскендей аспан айналып, Жүзімді жалап отты леп, Ұмтылам алға, қарманып, Моторша жүрек тепкілеп. Ауызға келіп қос өкпе, Кезерген ерін жарылып, Сүрінем жатқан кесекке, Бір ұрттам суға зарығып. Тоқтықтың тарттым өтеуін, Жоқтыққа тағдыр кез қылды, Өмірдің қымбат екенін Бір ұрттам сумен сездірді. Үмітімді алға сүйретіп, Налыдым, көзде жас құрғап, Тірліктің ақтық минутын Алдамшы уақыт жатты ұрлап. Жығылып құмның өрінде, Жарықты соңғы батырдым. ...Ояна келсем, төрінде Өз отауымның жатырмын.
ИТТІК ТУРАЛЫ Ақын Ғалым Әріпке
Апта соңы, қызметтен қол босаған, Біз-төрт жігіт, жоқтан барды жасаған. Машиналы саудагермен танысып, Шыға келдік қала сырты – дачадан. Дастарханды жайып тастап газеттен, Біз төрт сері бір-біріне сөзі өктем Кезек-кезек өлең оқып, сөз сөйлеп, «Ащы суды» құлатамыз өзектен... Айтылмаған қалмады сыр, қалмады ой, Қиялымыз шартарапты шарлады-ай. Ал дачаның қақпасының алдында Бір ит жатты азу тісі балғадай. Ит туралы айтып жақсы аңызды, Ақын досым аңқылдаған жаны ізгі, Итке барды, ескерткенді тыңдамай, Деді дағы “ақынды ит те таниды”...
Шығып иттің бір оң, бірде солынан, Жайлап сипап арқасынан, жонынан, Бізге қарап насаттанып тұрғанда Ит арс етіп, қауып алды қолынан. Кім ойлаған дәл осындай мазақты? Қолы ісіп, тыйылмастан қан ақты. ...Еркелеткен жаман итті біздің дос Жарақаттан көрді біраз азапты. Қалайды жұрт өзінше өмір сүргенді, Бақ біледі ит жетектеп жүргенді. Мен оларға ұқтыра алмай келемін: “Анау иттен аулақ сал,- депіргеңді”. ...Мазағы бар, дозағы бар, өмір-сын, Жамандықты көзбен көрсең, жерисің. Бала орнына ит бағуда біреулер, Ит иттігін істемесе не қылсын?! 06.1987.
ШАҒАЛА Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі Шалқыған теңіз де аман, жаға да аман, Қалқыған көз тұнады шағаладан. Мылтықтыға сен мені ұқсаттың ба, Оу, шағалам, шаттықты жағалаған… Әлде мені өзіңе дос тұттың ба, Ілестің сен шаңқ етіп көкке ұштың да, Ғашығынан айырылып, құса болып, Көк теңізден безінген ақ құссың ба?! Шөкім бұлттай қалқисың жел іздеген, Мұңлықсың-ау, жүрекке ем іздеген. Айырылсаң да досыңнан егіз жүрген, Өмірің бір, шағалам, теңізбенен! Қанша ұзап кетсем де жағалаудан, Құтылмадым ілескен шағаладан. Жалғыз құстың бейнесі ұқсап тұрды Қарындасқа артымнан ағалаған...
ӨЛЕҢ ЖӘНЕ МЕН «Біз өлеміз, ал өлең қалады» А.Блок. Пендешілік ойларымнан арылып, Өлең қазық, ал мен оған таңылып, Отырайын мұзбалақтар ұшатын Ардың аппақ шыңдарынан табылып. «Ашудұшпан, ақыл-досты» ұстанып, Жаз жайраңдап, көктем күліп, қыс бағып, Отырайын өсек, өтірік, мақтаннан Ұмытылып, саф алтындай тыс қалып. Төсін ұрып, күбінгендер күбінсін. Битін салып, жүгіргендер жүгірсін. Менің белім, ақыл-есім, ой-санам Ізгілікті арқалаумен бүгілсін. Жалғандықтан, көрген қулық, сұмдықтан, Өлең өліп, бұл күндерде шалдықты ән. Құлағыма әлсін-әлсін жеткендей Әуезді әуен, бабы кетіп қарлыққан.
Сөз алтыны жатқан сынды тапталып, Даурықпадан біреулер жүр “бақ” тауып. Жүрегімді жалындатқан отты жыр Көсемесем бара жатыр шоқтанып... Шілде. 2006.ж. ЖҮРЕККЕ СӨЗ Көктей өтіп өмірдің сындарынан, Жеміс іздеп мәуелі жыр-бағынан Жүрген едім, сен мені шошындырдың, Неге адастың, жүрегім, ырғағыңнан?.. Аулақ қашып өсектен итше үрген, Сенгіштігім үшін тек соққы көргем. Келте-кетік күндерім көп болса да, Бұл өмірді жан едім құлай сүйген. Шаршадың ба кездерден жанұшырған? Өресі пәс жаманнан сағың сынған, Көкірегімнен кетердей ұшып шығып, Беу, тентегім, жаңылдың қағысыңнан.
Шортандайын кеудемде салдың ойран, Бөтен жұрттай бітімін мәңгі жойған. Сен суынсаң, тән семіп, ойым жұтап, Тұлпардайын болармын тұсап қойған. Мазалама, мен әлі жүре тұрам Толқындайын жағаға жүз атылған. Парызымды жердегі өтеген соң, Қоштасамын қыздайын ұзатылған...
М АЗМҰНЫ
І бөлім Ұрпақ үні немесе Бекет ата рухына сиыну Махамбеттің туған жерге айтқаны Ән қалды Айрақтыда Ақынның ақырғы сөзі Ей, Маңғыстау маңғазым Мәрттік туралы жыр Ел болар ма екенбіз Екі басты самұрық Тапсырып кетем балама Ұрпақ мұңы Құрсау Зұлмат жылдар Қазақстан ешқашан ұмыта алмас Халқыма Шетелден келген қандасқа Бостандық жолы Мәңгі алау Тамыр Тәуелсіздік туралы жыр Қош келдің, Наурыз Жаса, мәңгі Атбасар вокзалында Тәуелсіздік құрдастарына Ақын рухына Ашхабадтағы ақын ескерткішіне Жыр алыбына тағзым Мұқағалиға Халықтай-ақ халықсың тілің барда Әдебиет немесе бір достың сауалына жауабым Бәрімізде Бекет ата елінен ІІ бөлім Маңғыстау Сүйемін Қазақстанды Атамекен Маңғыстау Даламен сырласу Каспий Қарт бабамдай көремін Жерлерім Бесік туралы баллада
Ініге сыр Сені іздедім, Атажұрт Дала Ақын досқа хат Сапар алдында Шілдедегі нөсер Туған жерді аңсау Ақын ініме Алдаспандай жарқылдаған Өзенім Қаражанбас Құт болып қонсын жетпісің Жаңаөзенде, он жетінші маусымда Ақтаудағы Тарас есерткішін көргенде Достық теңізі Парижім менің Сағыныш Әке бейіті басындағы толғаныс Шекарада Оралған Ақтаудағы аққулар Сүйінғара батырға Менің інілерім бар Жасайда қала Шыңдалуымның мектебі Маңғыстау – біздің әніміз Ақтетігім киелім Мұнайлы мекен Ақтауға Туған ел ІІІ бөлім Көп күттім сәулем Жанарың сенің Бір күндері еске алып, сағынармыз Көңіл Дүнген қызына Қарағым Сені ойласам Ұмыт мені Өлең қалды Сүйгеніме Шығайық қырға Сені іздедім Әнші қыздың монологі
Бейкүнә шақты еске алып Сағынармыз Гүлдана Мен сені гүлге баладым Сағынған шығар Бір өзіңе арналған Біз екеуміз Сен ауырғанда Жүрегімнен жыр төгілсін Жас жұбайларға Саған деген махаббатым Жасай бер, жайна ІV бөлім Жолдас болдым Қырандар керек Қайран жүрек, шабыт бер Күн нұрындай қуамын көлеңкені Дос десе Бір қуаныш жетпей тұр, жаным маған Жүретін-ді ақ жаулығы желбіреп Бойтұмар Қадірлеңдер ананы Ән сал, тағы Замандасқа Достық туралы Сағыныш Тон Ақша қар жауып тұр Қарлығашым-қарындасым Жұлдызға Өмір Той жыры Қыркүйек Бұлақ жыры Өлеңге Бақыт Өмір дегенің Ғасыр адасқан күнгі тілек Шағала Адамдар, араласыңдар! Журналистер Қол бұлғап шық Бір бала
Өзіңмен бірге Өкініш Апа, сен қартаймайсың Есенғели Бөкенбаевты еске алу Үміт О, Жаратқан Ақ кемедегі ару қыз Пір Бекеттің баласы Есімі елдің есінде Бүгінге жетті дауысың Армысың қайран ауылым Жанарыңда мұң бар дейсің Түс жайында Иттік туралы Шағала Өлең және мен Жүрекке сөз
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру