Анаштың әңгімесі
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
(әңгіме) 1926 жылдың сентябрь айында Губфо (финансовое отделение губернии) жанынан Шымкент қаласында алты айлық есеп қызметкерлерінің курсы ашылып, соған кіріп, оған онша қанағаттанбай биржа труданың есебіне еніп қойдым. Бір күні барлық қызметсіз адамдарды шақырып алып, орысша жаздырып, сөйлетіп сынап көріп, мені Шымкент уездік обкомының қарамағына жіберді. Сол уақытта уездік парткомның счетчигі Қойшыбай Өтеуліұлы дейтін мен көңілім жақын кісі еді. Соның үйінде жатып белгілі қызмет беріле қоймаған соң, соның кеңсесіне барып «мәжіліс хат», тағы сол сықылды қағаздарын көшірісіп жәрдем етіп жүретұғынмын. Қойшыбайдың өзі Тама (Жағалбайлы) руынан еді. Бір күндері соның үйіне жеті-сегіз қос пен бірнеше мал айдап, базар базарлап таманың жақсымын дегендері келіп жатты. Киімім орысша, судыраған жаңа. Қойшыбай менімен санаса сөйлескен соң, мен тамалардың көзіне әлдеқандай көрінсем керек. Ол уақытта Тама елінде Вик (всесоюзный исполнительный комитет) емес, Ревком (революционный комитет) үстемдік етіп басқарады екен. Меймандардың ішінде Ревком ағасы Қанапия Таймасұлы дейтін қара торы, сұңғақтау жігіт пен аласа шикіл сары Ахметжан дейтін ақша бөлім бастығы бар екенін біліп алғанмын.
— Мына жігіт — (мені көрсетіп) осы жердегі іс білер сенімді жігіттің бірі. Сіздердің шаруаларыңызға қолқабыс етіп, бірге істесуге менің қолым тимейді. Барлық істеріңізді осы жігітке істетіп, менімен де осы арқылы сөйлесіңіздер, — деп Қойшыбай мені тамаларға тапсырды.
Тамалардың маған істететін жұмыстары өңкей чепухалар: әрбір кеңсеге алып бару, арыз жазып беріп, істерінің жағдайын анықтауға жәрдем беру, тағы сол сияқтылар. Тамалар мені әулие тұтып, соңымнан шулап жүр. Ақша деген қалталарынан тең-тең болып шығады. Азаннан кешке дейін извозчиктен түспеймін. Кешке таман барлық ресторандарға кіріп, мейлінше тоқ болып шығамыз. Сөйтіп, қолымнан келген жәрдемімді аямай беріп жүрдім. Бір күні мені Вик шақырып алып, Адоға жіберді. Барсам, Ташинскнй Ревкомға начальник милиции етіп тағайындап, куәлігімді даярлап қойыпты. Күтпеген жерден былай болған соң, мақұл деместен ол күні кетіп қалдым. Кешке Қойшыбайдікіне келіп, қонып отырғанда, сөзден сөз шығып отырып, таманың біреуі мені начальник екен деп қалды.
— Қалайынша? — деді Қойшыбай. Одан кейін мен тұрып:
— Адо мені Тамаға солай етіп дайындап қойған екен, оған менің барғым жоқ, — дедім.
— О... Барсаң болады ғой, — деді.
— Құрысын. Тама елі — жапанда өз бетімен жатқан алыс ел. Осы уақытқа дейін өкіметтің не екенін білмейді бағынған емес, елі бұзық келеді, бармағын, — деді Қойшыбайдың қатыны.
Менде бармау ойы одан бетер күшейді. Ертеңіне Қойшыбай мен оңаша шығарып алып:
– Менің саған беретін кеңесім барып келгін, құрығыр есеп курсінен не қылмақсың? Мына отырғанның барлығы біздің – адамдар. Менің қадірімді көріп отырсың ғой. Барсаң, сен де елге қадірсіз болмайсың. Бұдан бұрынғы милиция начальнигін де өзіміз жіберіп едік, бірақ та кейіннен ол басқа жаққа ауып кеткен соң, оны орнынан алып, жағдайлы адам табылмай жүр, — деп елдің жағдайын айтып, бармасыма қоймай ақыр баратын етті.
Рефком ағасы мен ақша бөлім бастығы екеуі Әулиеатадан мені тосып алмақ болып кетті. Үш-төрт күннен соң Әулиеатаға жетіп барсам, олар кетіп қалған екен. Maған семізше қара домалақ жігіт келіп: Мен Тама ревкомының төрағасының орынбасары едім, атым Ибаділдә. Ревком ағасы асығыс болып кетіп қалып еді. Мен сізді ертіп қайтуға қалып едім, – деді. Бұл — тама ішіндегі атақты бай, Ақмола қаласында екі жарамды магазині болған, Үбіжан дейтіннің баласы екен. Жүруге қамданып, базарға келген тамалардан екі-үш ат мобилизовать етіп, қаланың сыртына шығып қондық. Алған аттарымыз таманың бір мықты жері – Сарбас дегеннің адамдарының аттары екен. «Жалпы таманың ішінде бізді көріп пе? Жолаушы жүргенімізде, атымызды басып алғаны несі?» — деп жатыр деп естіп едік. Азанда тұрсам, бір аттың кісенін шығарып алып кетіпті. Қонған үйдің егесіне кейіп, қалалық милициядан жәрдем сұрап келіп едім, қасыма тасыраңдаған орта бойлы дембелше көк көз, сары Екенбайұлы Мұқатай дегенді қосып берді. Көше белуардан лай. Декабрь айының он бес-он алты шамасы. Атқа мініп базарға келсек, жастау келген толық сары жігіт бір жақсы көк айғыр мініп, қақ базардың ортасында шалқайып тұр. Мұқатай келе сала кейіп кетті. Шамамда атақты бір байдың баласы болуы керек. Екі ат түсіріп алып, бір шалға келіп түйеңді бергін десек, көнбейді. Оны Мұқатайекең түйесімен қоса бір милицияға айдатып жіберді. Енді екеуіміз базарды аралап тамашалап жүр едік, көзі жыпылықтаған өзбек шалыс, даусы жіңішке, ұзын бойлы, орысша киінген бір бала бізбен амандасып:
— Ағалар, мен Орынбордағы рабфак оқушысы едім. Ауру болып, осында келіп, елге қайтып бара жатыр едім. Әкем осында базарлап келген екен, менің атым — Қалып, әкемнің аты — Баймахан, оның түйесі мен өзін қамауға айдатып жіберіпсіздер. Елге жетуге сіздерден жәрдем сұрап, ала кеткін деп айтайын деп едім.
— Шырақ, онда дұрыс, біз амалдап жүгімізді алып кетерміз, барып түйең мен әкеңді алып қайта қойғын.
Кейіннен білсем Баймахан деген Жағалбайлының ішіндегі байдың бірі екен. Қоржындарымызды аттарымызға бөлшектеп салып алып, алда елге қайтып бара жатқан керуендерді қуып жеттік. Жүк астына түйе аламыз деп мен, Ибаділдә, ежелден кедей болып, өмір бойы ұрлық істеп, өзінің пысықтығы арқылы ел жақсыларына қадірлі болып өткен Кәжеке дейтіннің баласы — ұзын бойлы, сұңғақ қара торы жігіт Жұмабек дейтін (милиция етіп алмақ болып ертіп алғанбыз) — үшеуіміз он бес шақырымдай жүріп, жүгі тірелген (астық сатып алып бара жатқан) керуенге жеттік. Қасымдағы екеу жүгін аударып тастап, бір түйесін алмақ болып еді, мен алдырмай озып кетіп, алдымыздағы жиырма бес шақырымдай жерде кетіп бара жатқан үлкен көшті бір ауылдың ортасында қуып жеттік. Көштің қариясынан түйе сұрап едік, онша ыңғай бермеді. Бұл көшті бұрын болысы болған Ошақты Дәуренбек дейтін бастайды деп еститінмін. Бір түйесін алмақшы болып едік, атқа мінген Үйсінше киінген сақал-мұртты қара жігіт жақындап келіп: — Жергілікті халық болмаса, көштен түйе ала алмайсыздар, – деді. Бұл Дәуренбектің тап өзі екен.
– Бір жақтағы Таманың өкіметі қалайынша жергілікті халықтан алады? Жүктерін жаймалап, бір түйесін босатып берсе, еш нәрсесі құрамайды ғой. Елге барғанда алады да, біз жеп кетпейміз, — деп едім ол:
Білгеніңнен қалма. Мен мейманымдікін алдыра алмаймын... — деп ірі кетті.
— Атаңа нәлет! Сенің баяғы болыстығың есіңе түсіп жүр ғой. Тамалардың малына делдал болып, арам ақшаға семіріп, бұл бейшаралардың ақшасын жеп. Айта берсең бұл ел біздікі, бұл көшке қожа біз боламыз... — деп ашуланып, атымды шықшыттан қамшымен түртіп кеп жібердім.
Шатақ шықты. Ел жиналып қалып, бізді аттан түсіріп, кәриелері:
— Дәуренбек, сенікі жөнсіз, бұлар жүктерін атына артып бара жатқаны еп емес. Ақыр өзіңнен бір түйе сұраса, бермей қалғаның ұят емес пе? — деп мені жүйелеп жатыр. Мен Дәуренбекті акті жасап қалаға айдатып жібермек болып жатырмын. Түскен үйіміз тамақ істеп қойыпты. Тамақ жеп болған соң, сол ауылдың кәриелері жиналып:
— Шырақ, бір білместік өткен шығар, — деп Дәуренбекті сұрап алды. Біз жүріп кеттік.
Сол күні кешке Тәңірберген даласының шетіндегі Сымтас дейтін жерге жақын Ойық Жылқыбай дейтін байдың үйіне қондық. Жүк астындағы түйеміз шығып, ат аяғына ілесе алмай, әбден қорлықты көрсетіп келе жатқан. Бізден бір күн бұрын біздің алдымыздан Таманың атақты байы Өксікбай дейтіннің Мысықбай деген баласының керуені кетіп бара жатқанын білдік. Керуен жалғыз оның керуені емес, көп керуен ішінде сонікі де болған соң, керуен солай болып аталған. Тәңірберген даласын шолып келе жатып, көз ұшында керуен көрдік. Қуып жетуге ұмтылып, жүрісті жылдамдаттық. Көшке жақындағанда, көштен үш атты адам бөлініп қиғаш кетті. Бұлардың Мысықбай екендерін білдік. Көшке жақындап келіп:
— Анау кеткендер кімдер? — деп едік.
— Қайдам. Осы жердегі Ойықтар шығар, — деп жасырды.
Бұл көштің жүгі басқа көштерге қарағанда жеңіл екен. Бір түйесін босатып алуға толық мүмкіндік бар. Көш ішінде семіз қызыл нарды жайлы қомдап, үстіне көрпені қалыңдап салған әйел — Мысықбайдың екінші әйелі, бір жастау қызыл шырайлы әйел екен. Бұл әйелдің өзі бала тумаған екен. Соған Әулиеатадағы доқтырға көрсетіп алып бара жатқанға ұқсайды.
Көшбасшысы шоқша сақал, шүңірек көз бір кәриесін шақырып алып:
— Кәрие, біз сіздің елге бара жатқан өкімет едік, мына түйеміз атқа ілеспей келеді, жүктеріңіз жеңілге ұқсайды ғой, бір жарамды түйеге ауыстырып беріңіз, — деп едім. Оған көнбеді.
— Ал, Жұмабек, енді өзің бір есебін тауып сөйлес, — деп біз озып кеткен едік, артымыздан шаң-шұң шықты да қалды. Қайтып келсек, Жұмабек екен, біреуін ұрып, бір түйесін тартып алып қойыпты.
— Қойғын. Ұрғаның айып. Жапан далада жанжалдасқан да бола ма екен, — деп қойғызып, жағдайын сұрастырсам, бұл көш біз баратын жерден қиғаш, үш күншілік жерге барады екен.
— Егер де біз сіздерге түйе берсек, сіздердің қалдырған түйелеріңізді егесі бізден барып ала алмайды. Арасы мүлдем қашық, — десті.
— Бағаналы бері солай демейсіңдер ме, онда дұрыс, бір лаж қылармыз.
Әлгі әйелдің өзі майысып қалған кісі екен. Пәлен, кезен деп майысып:
— Ойбай-ау, шырақтар-ау, арып-ашып келе жатқанымызда көшімізге тиіп... Мен бір қаріппін. Бір баланың зардабынан бармаған әулиелерім қалмады, — деп қыртып тұр.
— Ии, жеңгей, түйеңізді алмадық қой, бір балаға бола онша қамықпаңыз. Тілегеніңіз бір бала болса, елге бара жатырмыз ғой, бір мәнісі болар, — деп жүріп кеттік.
Таласқа — Үшаралға қарай түйені арттағы егесіне тапсыратын етіп, екі күннен кейін намаздыгер шамасында құм аузындағы бір топ ауылға кездестік. Ауыл сыртын төрт түлік мал басып, сан жетпес шыбындай болып жатқан бір байдың ауылы екен. Байдың бір қыз, бір баласы, келіні бес-алты жігітпен құдықтан шығыр тартып, жылқыларын суғарып жатыр екен. Біз келіп:
— Біз жолаушы едік. Атымызды суарып алалық, — деп едік, жылқыларын астаудан қуып шығарып, рұқсат берді. Атымызды суарып тұрғанда:
— Меймандар-ау, біздің еңбегімізді ұялмастан-ақ пайдаланып кетесіздер ме? — деп қыз бен келіншек бізге тиісе бастады.
— Ал, онда Жұмабек, сен мына кісіге су тартып бергін, — дедім.
Құдықтың ауызы биік, екі шетінен арқан байлаған қамтеріден істеген үлкен бөшкені екі ат шығырмен тартып шығарады екен. Құдықтың екі жағында екі жігіт судың жақындағанын аңдып тұрып, аузына жақындағанда қолымен көтеріп алып, астауға құяды екен. Жұмабек арқанды тақымға басып алып, атын шу-шулеп қисақтатып жүре алмағанына қыз бен келіншек:
— Бір шығырлық әліңіз жоқ екен ғой, — деп кекете күліп тұр.
Мен Жұмабекке көзімді «Өлсең де тарт» дегеннің белгісін беріп қысып қойып едім, атын ұрып шығырды ала келіп жөнелді. Құдықтың екі жағындағы екі жігіт те ұстаймыз деп құлап жығылып қалды. Су төгіліп қалды. Жұмабек әлі сүйреп барады. Мұнда күлмесең қайда күлесің? Елдің барлығы қыран күлкі болды.
– Ал, құдаша, енді қайратына сендіңіз ба? — деп қолымызға түстік.
Екі ай қызмет істеп жүріп, елмен танысып болдым. Қазақтың ескі әдетін тастап, төңкеріс заңын тура мүдіртпестен алып кетуге, ел ескілікті би-болыс байлардың ықпалында, ешқандай мүмкіндік жоқ. Кеңсе дейтін, ол жерде қай бір кеңсе бар дейсің. Барлық қағаздар қоржында жүреді. Қылмыстыларды тапсаң, қылмыс ізін оңайлық етіп таптыра қоймайды. Оларды қамайтын қай бір түзу үй бар дейсің. Тергеп жауап аламын да, жазаларын киіз үйге қамап, қарауыл қойып жүрдім. Сонда бір күн онда, бір күн мұнда, қылмыстың ізі жойылып кеткенін бір-ақ сезіп қаласың. Өз бетіммен ешқандай іс істей алмайтын болған соң, бір ауылда абыройы бар, сөз білетін адамдар арқылы онша-мұнша істерді атқаруға айналдым. Мысалы, бір Әбдіхалық дейтін кедей бір байға екі жылға он бес тұяқ, үш төрт түйенің жүніне жалданады екен. Жылы біткен соң, бай ақысын бермей қуып жіберіпті. Сол кедей маған келіп арыз айтып еді. Іске әбден қанып алған соң, кедейді қасыма ертіп алып, сол ауылдың тәуірінің үйіне барып түсіп:
— Қане, қария, мына ақы талап етіп отырған кедей — сіздің өз кедейіңіз, ақысын бермей отырғаныңыз да — өз байыңыз. Мен болсам, әйтеуір ағайындарыңыздың ащы болмай, ынтымақпен бітіскенін жақсы көремін. Екеуін тындырып қояр деп алып келіп отырмын, — дедім.
— Сіздікі мақұл, шырақ. Бәрінен де жөнімен тынғандары дұрыс. Біз баяғыда іске араласып, атқа мінгеніміз болмаса, қай бір көсем дейсің. Бүгінгідей өкімет жөнін білмейміз, өзіңіз не дейсіз? — деп мені арбайды.
— Не деуші едім. Басындағы уәделескен ақысын алып беріңіз.
Осыған ұқсап ауыл адамдары арқылы бірнеше жалшылардың ақысын толығынан алып беріп жүрдім. Мен араласқан соң, бір жағы өкіметті сыйлап, қазақшылыққа салмай, кедейді жем қылмастан бітіріп жүрді. Бұлай істемейінше, істі үлгере алмадым.
Тама елі төрт руға бөлінеді. Алшын, Жағалбайлы.
Басынан елдің өзі екі жік болатын. Жік болғанда — ру жігі. Екі жағы да өкіметтің өз жағынан болып, бір-бірін жаншығанын дұрыс көретін. Февраль айының басында Шымкент уездік атқару комитетінен екі адам сайлаушы келді. Біреуі — уездік жастар комитетінің хатшысы Көшербай Нарбайұлы. Екіншісі — уездік билеу бөлімі қызметкері Қуанышәлі Дүйсебайұлы. Бұлармен бірге Болком союз қосшы болып Шаян болысының азаматы Тамайұлы дейтін келді. Тамайұлы Дүйсебайұлымен жақсы таныс екен. Әрбір ауылға ауылдық кеңестерді сайлап, болыстық съезге делегат сайлауға уәкілдер жіберіп, болыстық съезді февральдың 18 дайындап, ревком ағасы Қанапия Таймасұлыныкінде үшеуіміз күніне үш рет ет жеп, бір рет құрт езіп ішіп жата берейік. Киіз үйдің ортасына сексеуілді өртеп қойдырамыз. Еріккеннен үшеуіміз алысып ойнаймыз деп, сексеуілдің шоғын шашып жіберіп, көрпелерді бірнеше рет өртеп ала жаздадық. Елдің арасындағы ру тартыстары, сайлау ескі адамдардың ықпалыменен жүріп, әркім өз адамдарын сайлап жатқаны туралы оқта-санда ақша бөлім бастығы Ахметхан айтып келіп тұрады. Онымен сайлаушылардың шаруасы аз. Өз білгенінше істеп кетпек. Таймасұлы мені сайлаушылармен сөйлестіріп, арада жеңгетай қылмақ болып еді. Мен оған көнбей, жеңгетайлықты Тамайұлына итере салдым. Өксікбайдың Мысықбай дейтін баласы «Сайлаушылар сайлауын ел арасына келіп істесін» деп хат жазып қойыпты. Оған біз бармадық. 18 февральға да ешкім келмеді. Бұл қалай деп аң-таң қалсақ, Кентарал дейтін жерде елдің барлығы жиналып, Өмірбек деген байдың баласын болыс сайлаймыз деп жатыр деген хабар келді. Барып, елдің ішінен барлық делегаттарды бөліп алып келгін деп мені жібермекші болды. Себебі әрі-бері ақылдасып «Біз бармағанымен, олар өздері сайлайтын түрлері бар. Оларға жиылысты өткізуге рұқсат бергеніміз келіспес», – деп жаңағы қорытындыға келіп едік. Екі милицияны қасыма ертіп алып, азанда шығып, намаздыгерден жоғары Кентаралға жетіп келсем, сан жетпес қарақұрым адам. Аттарын тұсап байлап айқастырып қойып, қамыстың ішінде де, сыртында да сөз қызып жатыр. Өмірбектің бір үйіне бізді апарып түсірді. Ол үй бір тайды жайратып сойып тастаған екен.
— Нәшәндік, жақсы келдіңіз, — деп жалпаңдап елдің жақсылары келіп қолымды алып жатыр, бұл жиналысты атақты бай Омар қария басқарады екен.
— Жиналғандарыңыз айып емес, бірақ та шақырған жерімізге келмей шыли қазақтыққа салынып барасыздар. Ана жақтағы меймандарымыз бірнеше күн күтіп қайтамыз деп асығып жатыр, мен сіздерге келген шақырушымын. Ал, енді сайланған делегаттар жиналсын, жүрелік, — дедім.
Біраз отырдым. Былқ еткен пенде жоқ. Сыбыр-сыбыр, екеулеп топтанып сөйлесу көбейіп кетті. Ілесіп жүруге даярлық еткен жан көрінбейді. Сол жерде бір милициям кездесіп қалды, үш милицияны ертіп алып далаға шықтым. Атқа міндім де:
— Делегаттарың, аттарыңа тезден мініңдер! — деп айқайладым.
— Қариялар! Сіздердің боларыңыз болған, төрлеріңізден көрлеріңіз жақын. Топқа әрқайсыңыздың балаларыңыз, інілеріңіз араласып жүр. Енді топқа араласып, баяғыны көксегенге ұялмайсыңдар ма?! — деп кейіп жатырмын.
Қариялар ренжіп қалды. Қолдарындағы қағаздарын көріп, делегаттарды бір жаққа шығарып, теріп алып жатырмын.
— Ал, енді делегаттар, жүріңдер. Қалғандарың кім болыс болғанын ертең естисіңдер, — деп көнген делегаттарды алдыма салып жетіп келдім. Делегаттар үшін үй даярланып, екі-үш ауылдан дайындық істеп қойған екен. Бөліп-бөліп жайластырып, екі-үш милициядан қарауыл қойып, басқа адамдардың келмеуін қадағаладық.
«Әлібайдың Жақыбы, қасында он шақты адамы бар, милицияға бой бермей, делегаттардың үстіне барады» деген хабар сап ете қалды. Бір атқа міне салып, шауып барсам, ауылға жақындап қалған екен. Жақып дейтін кісі сақал-мұртты, семіз қара домалақ, үлкен ақбоз атқа мінген шіреніп қалған кісі екен.
— Қане, қария, жолыңыз болсын!
Әли болсын. Мына ауылға қонғалы барамыз, — деді Жақып.
Ол ауылға делегаттарды жайғастырып қойып едік. Олардың үстіне еш бөтен адам жіберілмесін деп едік. Басқа ауылға барып қоныңыз, — дедім.
– Бұл өзіміздің ауыл ғой, шырақ.
– Бүгінше бұл ауыл біздікі. Онда делегаттар жатыp. Оңда бізбен бірге қоныңыз, жүріңіз, — десем.
– Қайтсең де осы ауылға қонамын, — деп Жақып ірі кеткен соң, атының басын қамшымен тартып жіберіп, наганымды суырып алып қайта қудым. Басқа ауылға барып қоныпты.
Азанда тұрып қарасақ, ешкі сақалды сұм қақбастардың бастауымен Кентаралдағы адамдардың барлығы келіп, делегаттармен араласып кетіпті. Делегаттарды зордан ажыратып алып, жиналыс құрсақ, делегаттардан екі есе көп жай адамдар қаптап келіп қалды. Ақыры милициямен тоқтатуға болмаған соң, делегеттарды бір қамыс қорғанға қамадық. Сайлаушылар баяндама істеп, қолға салуға келгенде тепе-тең болды да тұрды. Бұдан делегаттың екі жағы тепе-тең сайлағандығы мәлім болды. Ақыры зорлап басып жатып, бұрынғы ревком ағасы Қанапия Таймасұлын болысполком ағасы етіп сайлап жібердік. Ахметжан екеуімізді уездік кеңестер съезіне делегат етіп сайлады. Тамайұлы жеңгетай болып жүріп, Таймасұлынан сайлаушыларға 800 сом ақша, 3 түлкі алып беріпті. Уездік съезд 10-мартта болмақ. Февральдың 24-күні жолға шығып, Ахметжан екеуіміз 4-март күні Әулиеатаға келіп жеттік.
* * * Алшын-Жағалбайлы жағынан Ажыұлы дейтін елдің сайлауға наразылық арызын алып кетті деп еститінбіз. «Сайлау бұзылатын болыпты, Ахметжанды көрсе, қамайтын болыпты» деген хабарды Әулиеатадан естіп қалдық. Ахметжан маған:
— Енді сіз барып істің жағдайын байқаңыз, егер де тыныштық болса, маған телеграмма берсеңіз барармын, — деді.
Шымкентке келсем, Қойшыбай Укомның (уездік комитет) қызметінен, Нарбай Дүйсебайұлы да қызметтен алынып қалған екен.
— Бекер істепсіңдер, Алшын-Жағалбайлыдан бір адамды да болысполком составына өткізбегенсіңдер. Егер де олардан орынбасар, хатшы, бірнеше адамды мүше еткендеріңде, ешқандай жік болмаған болар еді. Сендер жіктің бір жағын қолдағансыңдар. Мен әліп жағынан боламын. Осы сайлаудың осылай өткенін губерналық обком ағасы Жанайдар Садуақасұлы (руы Жағалбайлы) менен көріп отыр. Тек Қойшыбай екі сайлаушымен маған айтты.
— Менің ешқандай ісім болған жоқ, мыналар өздері істеген, — дедім.
Уездік съезд өтіп кеткен екен. Менің енді тама еліне қайтып барғым келмеп еді. Үшеуі:
— Сен қайтып барғын. Бұл жердегілер сайлауды бұзып, қайтадан ревком құрмақ. Онысы заңсыз... Ең ақыры сайлауды бұзғанда, өкіметті қолдарыңнан шығармаңдар. Бұл жерде біз болсақ, ақыры Мәскеуге дейін айтысамыз. Егер де бұл жақтан болысполком жіберсе де, оған бағынбай, өз беттеріңмен істей беріңдер, деп бармасыма қоймады.
Жолдас емес пе едік, осындай қысылғанда жолдастығыңды білдіргін. Біздің жікке жолбасшылық етіп тұрғын. «Бағынбадың» деп конный отряд жібере алмайды, себебі қыстың үдеп тұрған кезі. Бес-алты ай қазақшылыққа салып сүйретсеңдер, ендігі күзге дейін еш нәрсе істей алмайды. Қойшыбайдікі — руын жақтап, жігін қолдау. Нарбайұлы мен Дүйсебайұлынікі — бір жағы принцип, екінші жағынан ақша алып жеп қойғандығы. Установканы көтере алмай елге қайтып барамын. Әулиеатаға келсем, Ахметжан мені күтпестен кетіп қалған екен. Әулиатадан шығып, Таласқа қонып, екі күннен кейін құмның ортасындағы отырған елге барып қондық. Аттанарымызда үй егесі былай деді:
— Осы күні елдің барлығы қар суын қуалап Сарысуға қарата қайта көшіп бара жатқан уақыт. Шу өзені де суға толып келе жатқан шығар, — деді де, ол оң жақ батысты көрсетті, ал, ана жолмен жүрсеңіздер, Шиліден барып құлайсыздар. Ол жерге әлі су жеткен жоқ шығар.
Шабыр құмының басына шықсақ, Шудың үсті бұрқыраған түтін болып көз ұшында көрінді. Бұл әлгі жерден шыққанымыздың ертесі еді. Атты шалдырып алып, ел жата Шуға жетіп келсек, түтіні бұрқырап, айналасының барлығын күндізгідей жарық етіп өзен бойының қамысы өртеніп жатыр екен. Біздің алдымызда қыр бар. Біз ойға түсе бергенімізде, қырдың басындағы екі атты адамды арғы ойдағы өрттің жарығы айқын көрсетті. Ел бар екен деп, тұра шауып қыр басына шықсақ, ешкім жоқ. Айқайлаймын, жауап жоқ. Біз қырда қалып кеттік. Екі жақтан да бізді жақсы көріп, кім екенімді толық ажырататын жарықтың ортасында тұрмыз. «Әлгі екеу сау адам емес қой» деген ой келді, бірақ та жолдасыма еш нәрсе айтқаным жоқ. Себебі, ол Аманқұл дейтін бұрын мұндай жол көрмеген менің жақын туысым еді. «Жарағы болмаса, тиюге батпас» деген ой басымнан кетпейді. Қайда жүрерімізді білмей, әлі тұрмыз. Оң жағымыздан өртке қарай жалғыз аяқ жол шықты. Сол жолмен келе жатқанда алдымыздан жазық дала шықты, жазық ойдың екі жағы да өрт. Ойдың бұрын су жүріп кеткен арна белгісі бар жалғыз аяқ жол бізді түтін қаптаған қап-қараңғы түнекке апарып кіргізді. Жарым жолға келгенімізде, алдымыздан патыр-пұтыр етіп атқа қамшы басып, екі адам қаша жөнелді. «Тоқта!» — деп қуып бердік. Қырға шыға қашқындар ғайып болды. Ізінен адастық.
— Әй!... Біз жол таба алмай адасып жүрген адамбыз. Бізге жол сілтеп жібергін, әйтпесе, дәмең болса, бізді алғын, — деп айқайлап едім, жым-жырт, жауап болмады.
«Бұлар қашып жүрген таманың ұрылары болу керек, мені таныған болар, сол себепті жарағы бар деп жоламай жүр ғой», — деп жорыдым да қойдым. Бізде жарақ түгіл пәле де жоқ еді. Менің наганымды Ахметжан алып кеткен еді. Жол іздеп әрі-бері шауып жүріп қопаға бірнеше рет тығылып, баяғы жалғыз аяқ жолды қайта тауып алдық. Ол бізді Шудың суына алып келіп тіреді. Шу көкпеңбек болып жатыр екен. Ағып-ақпай жатқанын ажыратып болмайды. Атты салып жіберіп едік, екі күннен бері су ішпеген аттарымыз тұра қалып суды қомағайлана жұта берді. Алға бастырып қарасақ, суға кетіп бара жатырмыз. Қайта шығып, суға ұзындығы екі саржындай қамыс салып едім түбіне жетпеді. Бұдан бізді алып келген жол қыстыгүні мұз қатқанда өтетін жол екені мәлім болды. Қайда барарымызды білмей, сол жерде таңның атуын күтуге тура келді. Атымыз ыстықтай су ішсе де, ауыздығын алып отқа қойдық. Қасымдағы жолдасым жолға бостық қылып ұйықтап қалды. Біраздан соң оны оятып: Енді ұйықтамай отырғын. Адам дыбысы білінсе, мені оятқын, — деп жатып қалдым. Таң атты. Телегей-теңіз түтін ішінде біз отырмыз. Жан-жаққа қарап жер болжауға болмайды. Жер болжау үшін кейін жүруге тура келіп, аттарымызды ерттегелі қарасақ, сеп-семіз аттардың жалынан басқа түгі қалмапты. Іштері қабысып, терілері сүйектеріне жабысып, көздері үңірейіп, арқалары гүп болып ісіп кетіпті. Арқасына су бүркіп, ерттеп мініп алып кейін шықсақ, түтін тұман Шудың ар жағын көрсетпейді. Қиқулаған қаз-тырналардан аяқ алып жүргісіз. Өрттен бос жер солардікі. Құстардан басқа жан жоқ. 15 шақырымдай өрге жүрген соң, бір жерден екі саржындай құрық кесіп алып, судың бір жерін келіп өлшесем, түбі көрінбеді, судың арғы беті шамалы-ақ.
— Киім, қоржын, ер-тоқымдарымызды ар жаққа лақтырып тастап, өзіміз атпен жүріп өтелік, — деп едім, жолдасым:
— Судың екі жағы да жар, жылқының аяқ тоқтатар жері болмаса, өте алмайды, — деп көнбеді.
— Онда анау тұрған қамыс қорадан қамыс тасып, жал жасап өтелік, — деп едім оған да көнбеді. Шай қайнатып ішіп алып, тағы да өрге жүрдік. Жолда бірнеше қоралар кездесті. Біраз жүріп екі жаяуға кездестік. Түрлері суық, ақшоқайлы, үстерінде ескі күпілері бар еңгезердей екі жігіт, біз жақындағанда, таяқтарына сүйеніп тұра қалды. Жөн сұрасам, біреуі «Тік көз» деген атақты ұры екен.
— Біздің ауыл осы кезде сарықамыс тұмасында отыр. Судың аяғын болжағалы шыққанымызға екі күн болып еді, — деп бізден судың хабарын сұрады. Мен жөнімді айтып бердім.
— Сіздер қателесіпсіздер төмен қарата жүре бергенде, Кентаралдан барып өтіп кететін едіңіздер, — деді де:
— Шырақ, Үйсін ағаның баласы екенсің, ат тағылған кетпейді, боқ жағылған кетеді дегендей, маған ат тағылған еді. Бұрынғы істеген ісімнің барлығына тоба қылдым. Енді елге барып, ел қатарына қосылып отырсам деп едім... — деп мән-жайын айтып мүсәпірси бастады.
— Жарайды. Елге барып, ел қатарында отыра бергін, — дегеннен басқа жауап бермей, жүріп кеттік. Күн қайта баяғы ат жайып, шай ішкен жерге келіп түсіп:
— Ал, Аманқұл, енді шай қайната бергін, Кентаралға кешке зордан жетерміз, — деп су жағасын қыдырып келе жатсам, алдымыздан бір көпір көрінді. Келіп қарасам, қамыс су кеулеп, тамырларын біріктіріп, шөп-шаламның бары байланып, жер көпір болып қалған екен. Аяғымды дәлдеп басып өтіп жолдасымның тұсына келіп:
– Әй, Аманқұл! Шайды қой. Ана жерде көпір бар екен. Өкін, дедім. Жолдасым сенер-сенбесін білмей, аң-таң болып қалды. Өтіп алып қыр басына шықсақ, көз ұшында көш көрінді.
Ел көріп, қуанышымыз қойнымызға сыймай, көшке ертерек жетелік десек, атымыздың алға басқан аяғы кейін кетіп жүрісіміз өнбеді. Аттан түсе қалып, қоржынды ат дорба орнына пайдаланып, екі атқа екі қоржынбас бауырсақты ілдік. Аш аттар қатып қалған бауырсақты бидайдан бетер жейді екен. Аттар әлденіп қалды. Күн бата көшке келіп жеттік, бұл Қанапия Таймасұлының ауылы екен. Болысполкомның көші елдің ең артында қалған екен. Қақтың суын алдыңғы көштердің малдары ішіп, тастап кеткен екен. Лаж жоқ, сол суға ауқат істеп ішіп, көшіп бара жатырмыз. Ахметжан келген соң-ақ, бұлардың арасына сөз кіріп, біресе ревкомға істі бермек боп, біресе бермейтін болып жатыр екен. Менің онымен ісім болмады. Басында-ақ ісімді өткізіп қайтсам деген оймен келіп едім, бірақ та қайтуға елге жеткізерлік жылқы табу қиын еді. Көшіп бара жатқанда, мен ауырып қалдым. Тамағым гүп болып ісіп кетті. Дәмі жаман жалғыз түйе сүтінен басқа еш нәрсе ішпеймін. Төрт-бес күннен кейін артымыздан ревком ағасы Демесұлы қуып жетті. Болысполкомдермен сөйлессе, олар істі бермекке бекініпті. Далаға шықсам, Демесұлы бес-алты адаммен қырдың басында отыр екен. Мені шақырысты.
— Мыналар ревкомға бағынып, істі бермек емес, сен айтқын, әлі де болса қазақшылықты қойсын, ісін өткізсін, — деді Демесұлы.
— Міне, менің ауру екенімді көзің көріп отыр ғой. Мен айтқанмен, бұлар менің тілімді алады дейсің бе? Мен елге қайтамын ғой деп едім. Оған жарамды атым болмай отыр. Ат жөнінен мен бұларға жалынышты болып қалып отырмын. Мүмкіндігі болса, сен мені бұл қызметтен босатқын, — деп Демесұлын сендірдім. Бірақ та мен айтсам, болысполкомдер ісін өткізер еді... Қойшыбайдың установкасын есіме алып, бір жұмыртқам ішімде болып, сөйлескенім ғой.
— Ісін бермесе, күллі тамамен мен ұрысамын ба? Саған өкпем жоқ. ГИК-ке (государственный исполнительный комитет) шабарман жіберіп жата беремін. Енді біз аттанамыз, — деп Демесұлы жүріп кетті.
Пленумның атынан «Ревкомның керегі жоқ, исполком керек...» деген бес-алты табақ қаулы жазып беріп, Қанапия Таймасұлын біз де Шымкентке жібердік. Таймасұлы кетерінің алдында 7000 сомдай ақшаны ақша бөлім бастығы Ахметжанға өткізіп кетті. Тама елінде екі өкімет болды. Ревком жіктің бір жағын, біз бір жағын қолданып жүре бердік. Біздің ешқандай істеп жүрген ісіміз жоқ. Елдің жақсыларымен сыйласып, жорғаларын мініп, қымызын ішіп, қызойнағын аралап жүрміз. Шынын айтқанда, елде толық ескілік үстемділік етіп, ревкомды танығысы келмеді. Бір жарым айдан соң Таймасұлы мен Қойшыбай Әулиеатада қамалыпты деген хабарды естідік. Бұдан екі жыл бұрын Шегебай дейтін атақты бір бай өледі екен. Оған «заман көтермейді» деп ас бере алмай жүреді екен. Тапа биылғы кеңшілікті пайдалана қойып, ел қариялары жиналып, Шегебайға ат шаптырып үлкен ас бермекке қаулы етеді. Сарыарқаның кең даласына бірнеше қатар етіп қазақтың сансыз ақ үйлерін тігіп тастаған, ұшы-қиыры жоқ сонша адам жиналған айдын мәжілістің бірі болған себепті жиналысты басқару ісіне де мені қосты. Ат шауып болып, ауылға барып бәйгені бөліп бергелі бара жатқанымызда, 3 милиция келіп Ахметжан Мықанұлын ұстау туралы ревкомның бұйрығын оқып естірді. Жақсы, Ахметжан еш жаққа қашпас, әзір мына аттың бәйгесін бөліп бергелі бара жатқан едік. Егер де Ахметжанды қазір ұстасаңдар, жиналыс бұзылып кетіп жүре ме? Мәжілісті тарқатқаннан кейін Ахметжанды қолдарыңа тапсыралық, — деп едім, ішіндегі біреуі начальник екен, мақұлдасып қойды. Біз тобымызбен ас берген ауылға қарата жүріп барамыз. Бұл жақтың жігінің ішінде қырық үй қыңырайып іріп жүруші еді. Олардың бастығы аз ғана орысша оқыған Сапалай Исатайұлы дейтін болушы еді. Сапалай жаңағы милицияларды «Ахметжанды қазір ұстағын» деп қайраған білем. Бір уақытта:
— Ойбай-ай! Жәкелер-ай! Енді қайтем? — деп Ахметжан аттан ұшып түскені. Артыма қарасам, үш милиция мылтықтарын серпе ұстап бізге қарай шауып келе жатқан екен. Олар бізге жетпей-ақ артындағы ел атты қойып кеп жіберді. Милицияларды қуып жетіп, ортаға алып қалды. Мылтықтың даусы екі рет шықты, топқа қарата атымның басын жіберіп алып жетіп келсем, ел екеуін потырлатып, қамшыдан бас көтергізбей жатыр екен.
Тараңдар! Тараңдар! — деп айқайлап, топты қақ жарып кіріп барсам, начальнигім атының жалын құшақтап қатып қалған екен. Мен барған соң, елдің барлығы кейін шыға берді.
— Ойбай-ай, ағажан-ай! Бұл не деген сұмдық еді? — деп начальник менің шылауыма орала түсті. Екі рет мылтық атылғаны — бір милиция мылтығын аспанға атып қашып құтылып кеткен екен.
— Еш нәрсе етпейді. Сыпайыгершілік, — деп жұбатып қойдым.
Екеуінің нагандарын тартып алып қойған екен. Оны маған алып келіп берісті. Сөйтіп, тұрғанымда Сапалай келіп қалды.
— Сапалай, бұл сенің қай адамгершілігің? Осы бәленің барлығын істетіп отырған сенсің. Әйтпесе, бұлармен келісіп қоймап па едік, — деп Сапалайды боқтап едім, бір мыржиған аппақ қудай шал:
— Апырмай, мына қызыңды... Қаңғырған Дулаттың тілі өтіп кетті-ау, — деп ажырайып шыға келді.
— Біз мейманымызды сөктіріп тұра алмаймыз, — десіп Таймасұлы ауылының адамдары шалдың үстіне қамшыны жаудырып жібергені...
— Қарабура! Қарабура! — деп айғайлап, ұран салып шал бір жаққа шауып шықты. Бұл — Сапалайдың әкесі Исатай би екен. Елдің жарымының көбі шалдың артынан ілесіп кетті.
«Ойпырмау, үлкен соғыс болатын болды-ау» деген ой менің ойыма келіп, үлкен қорқыныш туып:
— Оу, Бейсембай, мынау қалай?! — деп Қанапияның ағасына қарадым.
– Ойбай, иттер түсінбестік қылыпты, — деді де «Жақсылық, жақсылық!» деп ұрандап топқа қарата шаба жөнелді. Елдің барлығы Бейсембайдың артынан ілесіп, Исатай жағында аттың төбеліндей-ақ ел қалды.
Ахметжан сол таманың ішіне сіңіп кеткен Шот дейтін рудағы Қожа екен. Шоттың бір тәуір адамы Смағұл дейтін: Ойбай! Менің Қожама тиетін кім?! Қырамын-жоямын, шыққын, бермен, — деп атой салып жүр. Барлығын сабыр еткізіп тоқтаттым. Сол жердегі бес старшынның мөрін бастырып, акті жасадық. Келген милициялардың мылтығы Мұқаш, Бәйсейіт Әділұлдарында екен. Бұлардың ол уақытта түрмеден қашып шығып жүретін кездері екен. Асты тарқаттық. Біздің жасаған актіміз қарсы жағымызға үлкен бәледей көрініп, араға адам түсіп, келісім сөз айтылып, жара-жара болғансып, мылтықтарын қайтарып беріп, милицияларды Ахметжансыз қайтардық... Бұл жиналыстан он бес күннен кейін сол уақыттағы Сырдария облыскомының ағасы Жанайдардың әкесі Садуақас: «Екі жақ та жігін қойсын, жарассын, ревкомға болысполкомдар ісін өткізсін», — деп хат жазыпты. Бізді Бестау деген жерге шақырған екен. Соған барып болысполкомның печатын ревкомға өткізіп, қалған істі «Көк домбақта» алғын деп шақырып қайттық. Бес-алты күннен кейін ревком «Көк домбаққа» келді. Істің барлығын өткізіп, ақшадан 2800 сомнан басқасына документ өткіздік. 2800 сом ақшаны Ахметжан үйіне адам жіберіп алдырып бермек болды. Бір күн күтеміз, екі күн күтеміз. Ақшаға кеткен адамнан хабар жоқ. Ақырында Ахметжан жеп қойғанын мойнына алды. Оны ревкомдар қамады. Жаңылмасам, 1929 жылдың август айының 4 күні «Қу тауының» маңындағы «Көк домбақ» дейтін жерден қасыма Бейсембай Жақсылықұлын ертіп, Шудан пішен шапқалы бара жатқан бір жалшы үшеуіміз азанда шықтық та, сол күні кешке таманың ішінде атағы бар Сарт Әжінің балаларының ауылына келіп қондық. Бұлардың кәсібі мал шаруасымен қатар бөкен атып, мергеншілік істеп, қай уақытта болса да жалпы елдің алдында бір күншілік жер озып көшіп жүреді екен. Біздің алдымызда ғана сол ауылдан Әулиеата қаласынан екі мың сомдық түрлі асыл заттарды тама еліне алып келіп сатқалы жүрген саудагерлер аттанып кеткен екен. Саудагерлерді ол жерден төрт күншілік жердегі «Арыс» өлкесіндегі Көкеспе дейтін жерде 1922 жылы Түркістан уезінен адам өлтіріп, жүз қаралы түйе алып қашып кеткен «Қыран Қоңыраттар» кездесіп, алып келе жатқан малдарының жарым-жартысын алып, алғандардың тізімін саудагерлердің қолдарына беріп қоя беріпті. Қоңыраттар Түркістаннан қашып, қатар жатқан Алсай-Тарақты елдерінің ар жағындағы Көкірек еліне барып, сіңісіп кетеді екен. Ол елде бір-екі жыл отырғаннан кейін, отыз үй қоңырат он бестен екіге бөлініп, өзді-өзі жауласады. Он бесі Алсай-Тарақты елдеріне жағымды болып, олармен шығысып, ақырында қалған он бес үйдің барлық малын алып, бастарына көлік шайла, сауындық мал мен көндерін қалдырып, тағы бес күншілік шөлге алып келіп тастайды. Кейіннен бұлар қайта барып, елдің бір шетінен өздеріне жетерлік малды шауып алып, Түркістанға қарата жол тартып бара жатқанда жаңағы саудагерлерге кездесіп, «түбі бір бітімі болар» деп малдарының жарымын алады. Сол өлкенің өзінде Қысқаш дейтін қазақ жігіті бастайтын жиырма шақты орыстары бар бір банды бар екенін бұрыннан еститінмін. Сіздер азанда осы арадан шықсаңыздар, төрт қонып, бесінші күні түсте Арыс өлкесіндегі Қызылауыз деген құдыққа барып түстенесіздер. Қоңыраттар Көкеспеден бұдан үш күн бұрын шыққан болса, олардікі көш қой, олар да Қызылауызға сіздермен бірге түстенеді. Себебі, ол маңайда одан басқа құдық жоқ. Екеулеріңіз де сол жерде лажсыздан жолығасыздар. Сіздер асықпай-ақ қойыңыздар, осы жерде бір аялдап, Қоңыраттарды өткізіп жіберіп, сосын жүріңіздер, — деп қонған кісі өз болжалын айтты. Оған көнбестен біз жүріп кеттік. Қоңырат болса, елге қайтып бара жатқандар екен. Олаp бізге тие қоймас деп, мен олардан қорықпаймын. Менің қорқатыным — Қысқаш. Ол өкімет адамын көрсе, тірі жібермейді дейтін. Менің астымда жақсы жарау атым бар. Бейсембайдың аты да дұрыс. Үшіншіміздің Аты шыбықтай семіз құнан. Жол азықтан кептіріп алған бір ешкінің еті, екі қоржын бас бауырсақ, бір мес сүзбеміз бар. Мен өзіме үш метр матаны шатыр істеп алғанмын, оның барлығы Бейсембайда байлаулы. Бесінші күні түсте шығыстан батысқа қарай созылған Арыс өлкесіндегі Қызылауыз құдығына келіп түстендік. Сонда біз бұл өлкенің оңтүстік жағында боламыз. Аттарымыз теріскен шалып жатыр. Шатыр астында ұйықтап жатып мынандай түс көріппін. Қаперімде Қоңыраттар қаптап келіп қалыпты. Мен наганымды қолыма алып атсам, оғым тиген жерін үңірейтіп ойып кетеді. Бірақ тиген адамдар жығылмастан осылай басып келеді... Ұйқымнан шошып оянып, қасымдағы ұйықтап жатқан Бейсембайды ояттым. Анау аттарды суарғалы кеткен екен. Мен Бейсембайға «Қоңырат келіп қалды» деп қалжыңдап отырғанымда, біздің бет алдымыздан өлкенің солтүстік жағынан екі атты адам көрінді.
— Әні, Қоңырат, — дедім.
Біз күннің астында едік, олар бізді көрмейтін еді. Ат суарып тұрған жолдасым оларды көре салып, бізге қарата тұра шапқанда, шаң бұрқ ете қалды. Аналар шаңды көріп, бізді де көріп, бір төбешік басына шығып атой салып, басындағы тұмағын алып арттағыларын шақыра бастады. Біз асығып аттарымызды ерттеп, буынып-түйініп жатырмыз. Шығыс жағыма қарасам, бір шоқының басында бір топ атты адамдар тұр. Менің атымның егесі басында атын берерде «алдыңғы тартпасын қатты тартпаңыз, ақсап қалады, айыл тартпасын қатты тартсаңыз болады» деп еді. Мен асығыста онысы ескермей, мықтап тартып жіберсем керек. Біз алды-артымызға қарамай жөнеліп қалдық. Бес-алты шақырым жорытқаннан кейін қасымдағының құнаны болдырып қалды. Бейсембай болса, алды-артына қарамай айдап барады. Ақыры түсіп қалған қоржынына да қарамады. Оны айқайлап тоқтатып, қоржынын астына салып, ананы мінгестіріп, құнанды жетектеп алдым. Үш-төрт шақырымнан кейін менің атым ақсады. Жолдасымды өз атына міндіріп:
– Ал, енді сендер кете беріңдер. Мен жаудың кім екенін болжап тілдесейін, — деп бір төбенің басына шығып, тартпаны босатып тұрдым. Қуғыншылар әлі өлкенің ойынан шыққан жоқ. Өкше ізімізден екі бүйірден екі атты шыға келді. Қазақ екенін көріп, жолдастарымның артынан жүре бергенімде, мылтықтың даусы шықты да, болат оқ төбемнен сыңғыр-сыңғыр өте шықты. Артыма жалт қарасам, сол жақтағы екеудің үстінде түтін тұр екен. Жолдастарыма жетіп:
— Мыналар Қоңыраттарға ұқсайды, мен тілдесейін, — деп тосып қалдым. Астымдағы жығылғыр тықыршып, аспанға қарғып, бір орнында тұрмай ұрынып тұр.
Біраздан соң алдыңғы екеу жетті. Біреуі қолында сойылы бар ақсақалды кісі екен. Екіншісі — қолында мылтығы бар жастау жігіт. Шиыршық атып аттың тізгінімен алысып жүргенімде, қолымдағы наганымды көріп қойса керек. Екеуі қайта қашты. Артындағы екеуге жолығып сөйлесіп тұрды. Арттарынан әр төбенің басынан біріндеп-екіндеп адам жетіп жатыр. Барлығы он екі болып, маған қарай жол тартты. Бір мылтықтан басқаларының жарақтары сойыл екен. Жақындап келе бергенінде наганымды серт ұстап:
— Тоқтаңдар, кім боласыңдар?! Неге осынша қуасыңдар? — дедім.
— Біз Қоңыратпыз! Сендер неге сонша қашасыңдар, өзің кім боласың? — деді.
— Арғы тегімді сұрасаң — қазақ, оның ішіндегі Дулат боламын, осы тама ішіне болыстық начальник милиция болып келіп едім. Енді Шымкентке елге қайтып бара жатыр едім.
— О, айналайын, Дулат ағаның баласы екенсің, — десіп, аттарынан түсе-түсе қалып, ер-тоқымдарын алып жетектеп, аттарына тыныс беріп, шоғырланып отыра қалды да:
— Аттан түскін, жөн сұрасып әңгімелеселік, — десті.
Менің жолдастарым да қайтып келіп қалған екен.
Атымды біреуіне беріп, наганымды қолдан тастамай оқшау тұрмын. Ақырында, шын Қоңырат екенін сендіру үшін баяғыда Қаратау болысы Түркістан уезінен берілген ескіше жазылған куәліктерін көрсетті. Мән-жайларын айтты. Яғни «біздің сендерді арттарыңыздан қалмай қуғанымыздың себебі — біз Көкірек елінен қашып келе жатқан елміз. Олар біздің артымыздан қуғыншы қол жібермей тұра алмайды. Сендерді солардың қолының жіберген болжаушы, шолушылары «разведка» екен, егер де бұларды ұстап алсақ, арттағы қолды хабарсыз қалдырып, құтылып кетеміз деп едік. Шырақ, түсі жақсыдан түңілме деген, біз саған сеніп отырмыз. Біздің ар жағымызды сұрасаң, қыран Қоңыраттың ішінде Көкшеқұм дейтін жерді мекен етіп, өкіметке онша бағынбай, елдің бір жағын ұрлықпен, бір жағын зорлықпен бағындырып, өз алдымызға жүретін қырық шақты үй едік. Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін де сол кәсібімізді істеп, елмен жауласып, жеті адам өлтіріп, ел шетінен жүз қаралы түйе тартып алып, Түркістан уезінен қаштық. Артымыздан өкіметтен отыздай отряд шығып, он бес он алты үйімізді алып қалды, қалғанымыз қашып құтылып кетіп едік, — деді. Ақмола губерниясының елінен Сырдарияға барып теңдік алатынын оттап, менің жәрдем етуімді сұранды. «Құп болады», — деп мен тұрмын.
— Айналайын, Дулат ағаның баласы, кездеспейтін жерде кездестің. Ауылға жүріп, бір мал жеп кеткін, танысып қоялық. Бізді «жетім бала Шоқайбай» дейді, — деп жатып келіп жабысты.
— Үлкен рақмет мейман достықтарыңызға. Өзіміз талай жерге келіп қалдық. Ең ақыры кейін қарай бір қадам басқанымыз, бізге өте зиян, әлі алдымызда бірнеше күндік жол бар, рұқсат болса, біз жүрсек, — деп қоштасып жолға түстік.
Бір шақырым ұзаған соң, Қоңыраттар жапырлап бізге қарай қайта шапты. «Қап, мына Қызай...лардың ойлары бұзылды ғой. Қашып құтылуға болмайды. Не де болса тұралық» дестік. Атса, бір-екеуін-ақ өлтірермін, онан кейін қалғаны бізді өлтіреді деп наганды қозғамадым.
— О, айналайын Дулат атаның баласы! Жапанда кездестік, дәм ауыз тигізіп кет, — дейді. Сөгілмеген қоржынның ауызын сөгіп жіберіп, он не он екі шеңгел бауырсақ беріп құтылдық.
«Енді бұлар күндіз алуға ұялды ғой, түнде тимек болды ғой, шамасы. Еш жерге тоқтамастан түнделетіп жүрелік» дестік. Сонда шамамен намаздыгерден сәл ертеден келесі сәскеде бір құдыққа бір-ақ тоқтадық. Суы сап-сары, іші құрт-құмырсқаға толған. Іліп алсаң, қоп-қою тары көжедей. Шелекті салып жіберіп тартып алғанда, бір нәрсе сопаң етіп шыға келді. Қарасақ, шіріп кеткен өлген қасқыр екен. Ішпеске лаж жоқ, басқа жақтан су табуға болмайды, қасқырды былай шығарып тастап, суды аттарға берсек, ішпейді. Иісінің жамандығы сонша — адамды жақындатпайды. Ақырында аттардың мұрнын басып, суды алдына алып барсаң, бір шелектегіні екі-үш-ақ рет сорп-сорп етіп жұтады. Өзіміз де орамалға сүзіп тынықтырып, әлгі суға ас істеп іштік. Жолда екі қонып, үшінші қонаға Шу бойына жеттік. Ымырт жабылып, қас қарайған, біреуді-біреу танымайтын уақыт. Алдымызда әр жерден жарқыраған от шығады. Бір уақытта ну көк қамыстың ішіне кірдік те кеттік. Қай жердің су, қай жердің құрғақ екенін адам ажыратып болғысыз. Қасымдағы жолдастарым жалғыз аяқ жолмен бастап келеді. Бір сағаттай жүріп, әр жерге масадан қорғанып түтін салып қойған бір топ жігіттің арасына кірдік те кеттік. Бір топ адамның ішіне кіpген соң, тап үйіме келгендей-ақ жаным кіріп, көңілім шаттанып, бір түрлі болдым да қалдым. Бұлар кеш батпай жатып сатқа қақпан қойып, қарақұйрықтың бір ешкісін ұстап алып, соны сойып, ас істеп жатыр екен. Сол асты жесіп, біраз әңгіме шертісіп, өлең айтып, тыныш ұйқыға кірістік. Бұлар сол кездегі Шудың тозақ отынан ыстық күніне пісіп, шымалдай маса, соналарына таланып, Сарыарқаның салқын ауа, айдын көл, көк майса шалғынына лажсыздан, кедейліктен күн көру үшін қу тамақтың қамын ойлап, тұрмыстың айдауымен келіп пішен шауып жатқан жалшылар еді.
Сарыарқа, ауаң салқын, көлің айдын,
Шалғын шөп, сап-сары бел, сазың майдан,
Қыз ойнақ, ішкен қымыз, тоқты етін жеп,
Күн туса рақат етер сол бір жайдан, —
деп зарлы дауыспен өлең айтып мұңайып, тап сезіміңді күшейтеді. Ертеңіне түс қайтқанша тынығып, бесінде жігіттермен — Шортанбаймен қоштасып, күн батқанда құмның аузындағы құдыққа келіп ат шалдырып, жүріп кеттік. Түс бола бергенде, құмның шетіне жақындап, астымыздағы құм мен дәл төбеміздегі күннің жалынына пісіп, бір құдыққа келіп ат шалдырып, суына сүзбе езіп іштік. Менің шамамда он бес-жиырма шақырымдай жерде ел болу керек. Соған жете жығылсақ деймін. Елді көңіліме тоқ санап, ащы суға езген сүзбені бір ұрттадым да қойдым. Бейсембай азырақ дем алалық деп еді, мен болмастан жолға түстік. Бейсембайдың өзі қу тілді жігіт еді. Жолда келе жатқанда:
— Шырақ, ел мен елдің айырмасы болмай қоймайды ғой. Сондай болса да, осы Дулат атамның балалары бір өзгеше-ау. Жолыққанынан жол сұрап, ел жөнін білгің келсе, төмен қарап күңкілдеп жөнін айтпайды-ақ қой. Небір әжептәуір әйелдері жаздың күні тілім — тілім болып жалаң аяқ жүреді... — деп әр нәрсені бір айтып келеді. Өз еліңді мақтап келесің ғой деп тырс демей келем.
Құмнан шыққанда алдымыздан қара құрымдай болып түйе көрінді. Шамамда төрт жүз-бес жүздей бар. Ортасында түйе мінген біреу жүр. Біз жақындай бергенде, арғы шеттегі лағып бара жатқан бір түйеге қарай әлгі адам жөнеліп қалды.
— Тоқта, — деп айқайласақ, жалт қарайды да жүре береді.
— Қарағым-ау, айтпап па едім, мынау отарда жатқан түйе, анау адам біздің осынша шөлден сандалып келе жатқанымызды біледі. Қайырылып келіп, ауыл жөнін сілтеп жіберсе, несі кетер еді, оған ақы сұрай ма? — деп Бейсембай мені жеп барады. Жол азабын тартып, «қоржыным тырысып» келе жатқан адаммын. Ызаланып, кейіп ашулы дауыспен:
— Әй! Тоқта, бері кел! Тоқтамасаң, атамын, — дедім. Тоқтады. Қасына барғаннан кейін боқтап сөгіп жатырмын.
Екі-үш қыр асқанда, ойдан екі ақ үй көрінді. Келіп: «Кім бар?» — деп едік. Бір жалаң аяқ жас реңді әйел шықты. Мән-жайымызды айтып «түсеміз» деп едік, әйел ыңғай бермеді. Ішімнен «ауызын қу шөппен сүрткен бір пасық байдың үйі екен ғой» дедім-дағы, аттан түсіп, үстіміздегі олбыр-солбыр киімімізбен үйге кіріп бардық. Төрдің алдында бір жаялық киіз төселіп жатыр екен. Үй егесі киіз салмаған соң, басымдағы қалпағымды алып, шапанымды керегенің басына іліп, жүк үстіндегі текеметті алып төсеп жаттым. Шашым бірнеше айдан бері алынбаған еді. Орыстың попының шашындай болып, қалпақты алғанда бұрқ ете қалды.
— Жеңгей, сусын болса, — деп едім, әйел суды икемдей берді.
Суды қойыңыз. Шалабыңыздан алып келіңіз, —дедім.
Ойбай-ау, малшыларға алып қойған аз ғана шалап еді, — деді де, бір торсықтан екеуімізге екі тостаған берді. Бір жетідей ащы судан бас аспаған сорлы басым, мына сусынның дәмі балдай татып, тағы бір-бір кеседен берсе екен деп өліп отырмын. Ақырында тостағанды қолыма ұстап:
— Жеңеше, тағы бір құйып жіберіңізші, — деп телміріп жалынсам:
— Күнге қақталып жүрген малшыларға жетпейді ғой, —деп көнбейді.
— Айналайын жеңеше, тағы бір беріңіз, малшыларға жетпесе, біздікі де шыдатпай барады, — деп бір жағын қалжыңға айналдырып отырып, бір-бір кеседен тағы іштік-ау.
Атымызды сабанға қойып, жатып қалдық. Бір уақытта оянсам, үйдің ішінен күле сөйлеп жампаңдасқан дауыс шығады. Тыңдасам, сол үйдің бір реңді келген семізше сары кемпірі екен. Бейсембайды тұрғызып, келінінің меймандостығын айтып, оның алдында бізді сыйламаған қылығына кешірім сұрап жатқан екен. Мен тұрмастан оң жағыма аунап түсіп ұйықтап қалдым. Біраздан соң Бейсембай:
— Әй, Анаш, тұрғын, — деп оятады. Бір қозы сойып, ас пісірген екен. Соны жеп, жақсы сусындап, намаздыгерден ерте аттанып жүріп кеттік. Кешке Талас-Үшаралдағы Ноғай Ешеннің балаларының ауылына жетіп, екі күн тынығып жаттық. Бұл жерде де аспан жерге түсіп, күн қайнап тұр екен. Бұл жерден жотаға ас қамдағалы бара жатқан бір түйелі қатын ілесіп, қоржынымызға үш-төрт дарбыз салып алып, күн бата жолға түстік. Тәңірберген даласындағы бір ауылға түн жарымына жақын кездесіп, бір үйден:
— Кім бар? — дегенімізге жалаңаш етіне желбегей шекпен жамылған бір қатын сидаңдап шыға келді.
— Ойбай-ау, жеңгей, дамбалың қане, — деп едім, бүк түсіп отыра кетті.
— Отырғаныңмен көрініп қалды, бар, дамбалыңды киіп, бізге сусын алып бергін, — дедім.
Ауа ашық, аспанды күлімсірей жылтылдаған жұлдыздар басып тұр. Қасымдағы жолдастарымның шегі қатып күлкісін тыя алмай тұрғанда, әлгі әйел шығып, түйенің саумалынан берді. Түйенің сүтінің дәмі керемет болады. Оның үстіне ащы сор татыған құдықтың суын құйған екен. Дәмі өте жаман болған соң, ауыз тиіп, қайтып бердік. Жиырма-жиырма бес шақырымдай жүргеннен кейін алдымыздан быжырқай-тыжырқай болып бір нәрсе қараңдап көрінді. Барсақ, көп түйені шөгеріп, жүктерін түсіріп тастаған үлкен көш екен. Көштің сол жағында таласқан жиырма шақты иттің даусы шығады. Барып қарасақ, жинаулы екі-үш қап ұнның қабын жарып, шашып, жер дүниені қар жауғандай аппақ қылып қырылысып жатыр екен. Көштің адамдары төсекті қатарынан салып, көгендеген қойдай тізіліп жатыр. Жау шапса да оянар емес. Мен жақтағы шетте төсекті қалың салып, құс жастықты жастанып, шәйі көрпеге оранып, талдап өрген ұзын шашы ақ жастықтың бетін алып, жаңа туған айдай болып дөңгеленіп бір аппақ сүттей қыз жатыр екен. Атпен басына жақындап келіп:
–Әй, қыз, әй, қыз, ұныңды иттер жарып қойды!–деп айқайласам да оянбайды. Жатқандардың ішінен тырс еткен жан жоқ. Сол кезде ай найза бойы көтерілген мезгіл. Ақырында болмаған соң ат үстінен еңкейіп, қамшыммен қыздың шашбаулы шашын іліп алып ақырын-ақырын тартып қойып едім, оянып бетіме жалт қарады да, жымың етіп күлімсіреп, бүркеніп көрпенің астына кіріп кетті.
— Әй, қыз, ұныңды иттер жарып, шашып жатыр, деп үзеңгімді теуіп, аттың үстінде шіреніп тұрмын. Жолдастарым анандай жерде менің ісіме күліп тұр.
Елдің бәрі оянып, иттерді қасқыр шапқан қойдай үркітіп қуып тастады да, бізге сусын берді. Бұл оңтүстіктен көшіп келе жатқан атақты Ойықтың үш мың түйе біткен Аяпберген дейтін байдың ауылы екен.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру