TELEGEI

Home

Таңғы елестер

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Таңғы елестер

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Таңғы елестер» шығармасы.

1. МҰРАГЕР

Егіз әңгіме

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.

Абай

Төремұрат үлкен залдың оң жақ қабырғасындағы оймақтай түймені басты - аумақты бөлмеге төбедегі неон шамдарынан ақ нұр шашыла төгіліп кетті; сол сәтте ортаңғы биік көк сырлы есік үнсіз ашылды да тобығына түсіре малына жұқа ақ жібек көйлек киген Кербез пайда болды: алаңсыз, жайбарақат өз ойымен жолдастасып, енді шығар ауызға қарай бағыттап бара жатқан ұстаз кенет селт ете қалды - аяқасты жолкілемге тіреле түсіп келе жатқан көз нұрын көтеріп алды да, қапталдаса берген келіншекке бағыттады -жанарына мөлдірей жәудіреп тұрған қос ботакөз ілінді. Тостағандай танакөздер шаншыла тікірейген қайқы кірпіктердің арасынан жасаурай мөлдіреп нұры төгіліп тұр екен: қырықтың үстіне шыққан ұзақ жылдың жесірі барлық нұры мен мұңын қос жанарына жинағандай болып сезілді - қадір таң күтіп, кірпігі айқаспай шыққаны беп-белгілі, ұйқының нәм-нышаны жоқ - алаулап от шашып жанып тұр. Таңғы ұштаса кеткен қарыс-сүйем қасындағы сұлулықтан жанарын ала алмай аяқасты абдыраңқырап қалғанын Төремұрат ес жинай барып соң сезді: кірпікті қой көздер төмен жылжыды - енді, енді толыса бастаған ақ бұғақ үкі тамақтана лүпіл қағып, бүлкілдеп тұр екен; өткір жанар сұғанақтана бір сәт нұрын қадап алды да тайқып кетті - сымбатты денеге жалаң киіле салған судыраған шыт жаңа ақ жібек көйлекті шерте көтеріп тұрған қос анарға барып қадалды; дара құрсақтан өңге бала көтермеген қәсекі әйелдің құлын мүшесі жинақы екен -аналық құштарлық нәрі өре бас көтеріп, дертіп тұрған қос емшек тығыншықтала толысып алған, тырнақ басындай ұшы қой құмалақтана домаланып, қап-қара болып көзге ұрады -бырт-бырт сүт сорғалап кетуге шақ қалып, тамыр қуалай жыбыр қағып иіп бара жатқандай. Төремұрат сәл кідірістеп, екпін жаздырды: үлкеннің ыңғайын қалт жібермей жіті ұққан келіншек маржан тістері жарқ етіп, сәлем берді де иілген жоқ; тек ұзын кірпіктері отты жанарларын бір сәт көлегейледі, ат жақты сиректеу секпілі бар жұқа өңді бетіне қызғыш нұр ойнап шыға келді; есік көзіндегі жез ләгенге қолындағы қаз мойын мыс құманынан сол қолының алақанына бірнеше тамшы су тамызды да бойын тіктеп, ұстазға тіке көз салды. Төремұрат келіншек қолындағы құманды қолма-қол алды: ұстаздың салалы саусақтары мыс құманның қаз мойынын қамти ұстағанда әйелдің сүйріктей саусақтары сәл іркіле кідірістеп қалды - топ-толық, жұп-жұмсақ саусақтар ып-ыссы от болып жанып тұр екен. Ыстық леп тісқаққан жасамыс еркектің тамырын бойлай қуалап, тіп-тіке миына шапты; көз алды бір сәт бұлдыр тартып, есенгірей барып, жүрегі атқып-атқып соғып кеткен ұстаз жедел сыртқа ұмтылды. Кербез есік көзінде кірпік қақпастан Төремұраттың туу сыртынан жүрегі уылжи елжіреп, көзі боталап қимылсыз сілейіп тұрып қалды: шаралы аясына толып тұрған тұп-тұнық мөп-мөлдір көз жастарының арасынан жылт-жылт сызат түсіп, әлжуаз бір сәуле кем-кемнен көлем алып, осыдан әқ жыл бұрынғы нақ осы залдағы сол бір оқиғаны көз алдына алып келді - сонда да осы ер тұлғалы азамат жеке сирек ақ ене бастаған ұйқы-тұйқы бұйра шашты басы төмен салбырап, мең-зең есінен айырылған халде сүйретіле сыртқа шығып бара жатты. Кербез 27 жасында жесір қалды: қарашада өткен ұжымшардың астық тойы қара шаңыраққа орны толмас қасірет алып келді - туа бітті өз қатарларынан оқ бойы оза туған атпал азамат кіндік қаны тамған өз ауылы Ызмұхширдың намысын қорғап, шаршы топта жасындай жарқылдап еді; білектеріне сенген жүректерінің түгі бар жілікті жігіттерді қаңбақ құрлы көрмей буктеп тастап, бас бәйгені еншілеген Ержан аяқастынан қалпақтай ұшып ауырды да, Таңшолпан туа тілге келместен үзіліп кетті - не ішкі құрылысынан бір жері үзілді, әлде сұғанақ көздің жеке оғына кез келді ме - ес жиып, бас сүйеуге де шама берместен жарқ-жұрқ еткен отыз жылдық қысқа өмір жылт етіп өте шықты. Қарақұрым халқы жер соғып қалды: қуаныштың масаң сезімінен әлі ірге ажырата қоймаған жалпақ ел төбеге ұрғандай сілейді де қалды; қуаныш нұрлары балқып тұрған көздерде қас қағым сәтте мөп-мөлдір жас тамшылары тізіліп, бырт-бырт төгіле берді. Ел егіліп кетті: ауыл өз арысын таласа-тармаса жан сала қол ұштарымен төбелеріне көтеріп барып, әжесі мен әкесі жатқан қорымның боз топырағына қимастықпен тапсырды; бұл сәтте Кербез таскерең еді - балапан шаштары бетіне жайылып, үні де тұтылып, қос жанарынан тек жас төге берді; іші-бауыры от болып, күйіп-жанып, аузынан қасірет жалыны шашылып тұрғанды; көпке шейін Ержанның өлгеніне сенбей де жүрді - жар төсегі, қос құс көпшік иелерін ұзақты түн күтіп түратын; Кербез кірпік қақпастан түпсіз тұңғиық қараңғы түнге тесіле қарап, жаны егіліп, жүрегі дір-дір уылжи езіліп үнсіз жас төгіп, ақ төсектің аяқ жағында шаншылып кірпігі айқаспастан отыра беретін. Түнгі шамның көмескі жарығында шолақ мұрыны пысылдап ұйықтап жатқан төрт жасар ұлы Арнұрға көзі түскенде ана жүрегі шаншып та кетеді: айналасы тұмшаланған мылқау түн -тағдырымен үндес, зіл қорғасын салмақ басып тұр; аузы сәл ашылып, қалың сәбилік ұйқының құшағында алаңсыз жатқан жалғыздың Күн шалып тотыққан томпақ бетіне көзі түскенде суып қалған марғау көңілі сона-ау терең түкпірінен көзұшында жылт-жылт еткен бір елес-елес сәулені көргендей болады. Алданыш сәулесі үмітті күніне шақырып тұрғанын алғаш сезбеген екен - басына түскен таукіметпен шайдай айқаса жүріп, жыл өтірді; тек соңғы кезде ретті де ретсіз өзіне қадала именбестен шаншыла қарайтын қарашықтардан секем ала бастады: есіркей ме, жандары аши ма - кей сәтте көңіл жарастығына еліктіріп, тұтана кетуге шақ қалып тұрған сезім ұшқындарына да елес беретін болды; сүйегіне біткен маңғаздықпен тұм-тұсындағы көзқарастарды көктей өтіп, дағдылы ішкі-сыртқы қызметтерін атқара берді; жесірліктің, өзіне тән қасіреті болмаса, отбасы тіршілігі дөңгеленіп тұрған; отын-суы да, мал-жайы да тап-тұйнақтай, Ержанның ат шаптырым жерде енші алып, өз бастарына әзелден түтін түтетіп көршілес отырған шаруажай ағалары бүкіл шаруашылықты жайғап тастайды; артық қимыл да, сөз де жоқ -қабақпен ұғысқан мамыржай тіршілік. Тағдырдың маңдайына жазғанын қайыспай көтеріп жүрген Кербез тіпті ертеңгі күнін бір сәт те ойламаған болып шықты: нан жауып, бала тауып жүрген қос абысыны өзінен ойшыл екен - жымысқы ойларын шеберлікпен іске қосқанын соң сезді, балапандарын бауырына басып, ер азаматтарын қорғап қалған екен-ау! Асқа дайындалып жатқан кез-ді: туыстар ертеңді-кеш жиілете хабар алып, кем-кетікті толтырып, қысқа қолды ұзартып жатқан; бәрі де Кербездің қабағына қарап, лыпып жүр; абысындарының да іштері сайрап, көзбен атары болса да, тілде айтары жоқ - желке жүндерін тікірейтіп алғанын іштей сезеді; көз қиықтарында күндестік ішкі тайталастың оқтары сайлы-ақ: жанап кетсе, лап ете түсетін халде. Кербез сөзге де, көзге де мойын бұрған жоқ: арысының соңғы мерекесін кірбің қақпай, ың-шыңсыз өтіріп, иығын жаншып бара жатқан қаралы киімі мен азалы күнінен тез құтылғысы келді; ар жағындағы күндер қос жетімнің маңдайынан желпи сипап, кең тынысты еркіндік алып келетіндей боп сезілді - жаралы жүрек атқып-атқып қатты соғып та кетеді. Аласапыран ой кешіп журген Кербез қаннен қаперсіз жұмыстан келу бойына қомақты қос уыс ақшаны енесінің етегіне төге салды; қызыл ала елуліктер мен көгілдір жүздіктер төбе болып үйіліп қалды; "Алла қуатым-ай!" деп мейірленген ана алғаш абдырап қалса да, шаңырақтары бөлек, қазаны мен қайғысы басқа жандардың көзінше төбеден түскен байлығын үркек көңілмен қорғаштап, бір жанып, бір күйіне қалды; ене ажарындағы бір сәтте сыртқа тепкен жан толқуын көрген соң Кербез бармағын тістеді - кеш еді. "Қап, әйел қызғанышының құйрығын мезгілсіз бастым-ау, аңқаулық құрысын" деп аз ойға шомды да, қабағын бағып отырған қартты еске алып, кенет серпіліп, өзіне тән ептілікпен үй қызметіне араласып кетті. Шай үстінде тіршіліктің көп сырлары жүндей түтілді: үй-жайдан бастап, бай мен балаға қатысты талай шиеленісі шатасып жүрген өмірден туындаған дертті түйіндер ащы ішекше шыр айналдырылып, қыртыс-қыртысына тінте көз салынды, тілге алынды.

— Қазіргі еркектер - сабан, - деп сөз бастады абысыны. - Қауқар жоқ: шетінен жасық -нағыз шараптан жасалған жандар, елу килолық қапшықты екі адым жерге қозғай алмайды, қауқиған тек малақай.

Кербез көз алдына инеліктей ілбиген, жүрісі жіті шомпаңдаған бір еркек көлеңдеп тұра кетті: бір уыс беті де, қалқиған құлағы да бұлдыр-бұлдыр көзіне елестеді. Сәл ойға берілсе құрыш денелі Ержаны санасында тұлғаланып тұра қалатын: мұңая көзімен жер шұқып кеткен Кербез құлақтары таскерең бітелді де, бір сәт елес қуып кетті - палуанның жазық маңдайы, шымыр қарулы денесі мен жарқ-жұрқ еткен жанары көз алдына сағымдана елестей бергенде кесе сыңғыры есітілді: жалма-жан ойдан серпіліп, іркілген шыныаяқтарға жағалата шай құйды. Өзін қолға алып, есін жинағанда манағыдан да сорақы сөздерге құлағы сүрінді.

—...Әлгі төккен суы ішкен быламығына татымайтын берекесіздің біреуі біздің үйде: қолаңсасын жуудан-ақ алақаным ойылды. Тіпті міндет: екі қолымды төбеме қойып, қыр асып кеткім келеді...

Ас сауыла келе екі жақтағы дүйім туысқандардың алдында тағдыры талқыға түскенде Кербез мұрнына ғайыптан теке сасыған қолаңса иіс сап ете қалды да, санасында еркектен безінген сезім бас көтерді. Бүкіл тынысы тоқтап, тұла бойы семіп, еріп, езіліп бара жатқандай болды: жалғыздығын сезінді, жетім көңіл Ержанын іздеді. "Асылдың орнында, жалғыздың тілегінде отыра беремін" деп айтты да, жанарын көтеріп, айналасын қаумалап отырған өзімен тілектес қарақұрым көпке көз жүгіртті: сол сәтте қутыңдап, жымыңдасқан абысындары, қалың ой торлап алған басын иіп, кірпігімен жер сызып отырған осы ұстаз, есі шығып, аң-таң болған ағалары көзіне ілінді - тек сонда ғана жүрегі әлде нені сезді ме, ине сұғып алғандай шым ете түсті: іші от алып алаулап жанып жүре берді - тағдыр таукіметінің қасаң қамытын жеке өзі мойнына іліп алғанын кеш сезді, патия үстінде құрық сілтерін анық нысанаға алмапты: бармақ шайнағанмен кеш еді - аталас әмеңгерлері жүген-құрықтан босап шыққан сәйгүліктердей сылаң қағып тұсынан өте шыққан екен. Үміт шылбыры уысынан сусып кеткен Төремұрат ер тұлғасы қарыс сүйем төменшік тартып, бұйра шашты ер басы салбырап, сүйретіле қозғалып кең залдан нақ қазіргісіндей шығып бара жатты... Кербез қалшиып қимылсыз тұрғанын жаңа сезді де ой орамын бір сәт жинақтады, кең залға көзін жүгіртті: жасауға тұнып тұр - қабырға да, еден де мұрынның қанындай қып-қызыл түкті кілем, қатарласа қойылған жұмсақ орындықтардың қақ ортасында өлшеніп тоқылған кілем жабылған кресло - шынтақтап отыратын қалқанды жұмсақ тұғырлы орындық тұр; қалқи басып, креслоға бетпе-бет барды да, ақ жібек көйлектің мол етегін жинақтай көтеріп жіберді де орындыққа әсте құйрық басты; осы креслода Төремұрат, Ержан қасында қара көзі күлім қағып, ағаға еркелей қуана отырып, дем алатын-ды: ол аға қаламынан туындаған әр жолды, кітаптарын ұсағын түсірмей қадірлеп жүретін; қарсы алдындағы төрт аяқты тұғыр үстінде мелшиіп үнсіз тұрған түрлі-түсті көлемді теледидарға көзі түскенде оның есіне және өткен күндері елестей бастады. Мына жеті бөлмелі қара шаңырақтың әрбір нәрсесінде, бұрыш-бұрышында Ержанның маңдай тері мен қолтаңбасының ізі бар: мылқау дүние, азаматтың ұстап-тұтқан мүліктері сол қайтып оралмас өткен бақытты да қуанышты күндерін елестете береді... Көз алды кіреуке тартып, жанарын жас моншақтары қаптап алды да, жалғыздықтың, жесірліктің қара зілмауыр күндерін санасында бұлдыр-бұлдыр жандыра түсті. Жалғыздықтың азабы ішкі жүйкені кемірген жан азабынан да асып түсті: қазаны басқаның қайғысы да бөлек - үлкен ордаға қайырылып, көз қырын салушы ата балалары сиреп, кем-кемнен сиыр құймышақтанып бара берді - тек Ержанмен аталас ағасы осы Төремұратпен арадағы жіңішке соқпақ ежелгі қалпын сақтап қалды - әрдайым ай аралатып, жыл бойындағы елеулі атап өтерлік күндерде көлік басын бұрып, мейір төккен жылы шыраймен көңіл аулап, кем-кетігін септеп кетіп тұрады. Кербез тумысынан өркөкірек жан-ды: қағу көрмей кілең ер баланың арасында өскен қыз батыл, бір сөзді, алмас мінезді болып бой жеткен-ді, жан пендеге бас иіп, кішілік жасаған жері де жоқты. Арнұрдың оқуы жоғарылаған сайын Кербездің құс ұйқысы да сұйыла түсті: көптің бәйгесінде бәйгеге ұл қосу талтүсте зеңгір көктен жұлдыз іздеген қыяли әрекеттей болып сезілді; жар қасіретімен талмаусырап, қылдай үміт талшығы арқылы перзентке байланысып, тынымсыз соғып тұрған жаралы жүрегін қанын сорғалата құрбандыққа ұсынса да ұл асқар қияда тояттауы керек. Әйтпесе гүл өмірін, барлық көрер жан қызығын арнаған алақандағы қыран торғайға айналып кетері сөзсіз: осы ой санасына құйылғанда Кербездің мөлдір қара көздері от шашты, денесі дуылдап, ыстығы да көтеріле түседі; аласұрып, атшаптырым жасаулы отауын оңды-солды кезіп, шыбын жаны шырқырай түседі. Әбден тұйыққа тіреліп, көрпілтеленген ойы құйрық-жалынан айырылып, әлсіреп, қанат қағар дәрмені де сарқыла түскен сәттерде айналасындағы өзіне етене тобыр-туыстар елес-елес көз алдында көлеңдейді: сол топтың арасынан Төремұрат тұлғасы айсыз аспанның тұңғиық төрінен еміс-еміс көзге түскен дара жұлдыздай жылт-жылт көрініп кеткендей бола береді; тіпті ойлаған сайын көз алдына көбірек елестейтін болып та алды. Қос мұңлықтың - жесір мен жетімнің маңдайынан сипап, бір демеп жіберсе, осы ағаның тілінен де, қолынан да келеді: беделді, ұл-қыздары да ер жетіп, жоғары білім алып, астана жұртының керегіне жарап қалған; өзінің де түкірігі жерге түспей тұрған реті бар. Төремұрат соңғы бір келгенінде... жоқ... біршама ілгеріде Кербез арнайы астанаға өзі барды. Кербезге есікті пысықша шапшаң қимылды қыз ашты: жасаулы үй құлаққа ұрған танадай тып-тыныш; епті қолдың табы көзге ұрады - кесе жатқан қиқым жоқ, тілмен жалағандай, бет-бейнең көрінеді. Сергек қыз қонағының ойын дөп басты.

— Ұстаз жұмыс бөлмесінде - істеп отыр, апам оқудағы қызына кетті, - деп жай-жапсарды бірден-ақ жайып салды. Кербез марғау қимылдап шешінді, төрге озды; қонақты сынай қарап, бақылап тұрған қыз өз шаруасына қарай бұрылды. Кербез жүрегі сәл толас тапты: миындағы саналы ой бас көтерді. "Адамды құртатын – тартыншақтық: тікқұлақ пысықтар аузыңдағыны қағып кетеді, талай сан соқтым. Жетер. Қысыла-қысыла енді қыз болар жайым жоқ: өздерінің бір жапырақ шикіөкпесі ғой мені отқа салып жүрген. Өрем жеткенше шыбын жанымды қамшыладым, көз ұшындағы арман биігіне қолым қысқа -аталас бауыр жанын егесін, әмеңгер: елден кетсем де ерден кетерім жоқ". Тықырсыз сілеусін жүріспен аяқ ұшынан басып, бөлмеге енді: аға да, қаз қатар тізілген кітаптар да көзіне оттай басылды. Мұрнына Ержанның өзіне тән тер иісі соғылды - сөредегі кітаптарда оның көз нұры мен саусақ кірі бар ғой; бес жылдан астам түн асып, сабақ оқыған бөлмесі жүрегін аунатып жіберді, көзі боталап, аясына жас толды.

Төремұрат елең етіп, қабағын көтеріп еді, кірер ауызда қос жанары мөлдіреп, мең-зең халде тұрған Кербезді көрді: шапшаң ұшып тұрды да, қонағына қарай қадам атты.

— Ке... Кербез, амансыздар ма, Арнұр келді ме, қайда ол?!

Үлкен кісі абдырап, сасқалақтап қалды. Елеңдеп есікке көз тікті.

— Арнұр елде: сабақтарын қимады, маған рұқсат еткен, өзім келдім...

Аз уақыт үнсіз қалып, тіл қатпастан бір сәт ойға малтыған Төремұрат емеуірінмен орын нұсқады. Жазу үстелінің қасында тұрып қалды. Қонағының ішкі ойын жүрегі әп-сәтте-ақ сезген-ді. Кербез асықпады: ертелі-кеш ұстаздың қонақтарын күтті, шаруашылықты ұршықтай үйіріп, шырқ айналдырып жіберді - кір-қоң жуып, бөлмелерді қағып-сілкіп қайта салды; гүл суарып, алтын балықтардың суын жаңартып, жем тастады. Астананы аралады. Араға көп уақыт салмастан Төремұрат елге келді: Ызмұхширды мекендеген халықтардың ата-бабадан келе жатқан аса жақсы өзіншелік дәстүрі бар - сырттан қонақ келсе, бауырынан жел өтетін бар азаматы бір дидарласып шығады; ұстаз туыстарының да тайлы-тұяғы қалмастан жиналды, тік аяқтан тұрып қызмет жасады; шалқыған қалтқысыз мейірім мен қоғадай жапырылған іззет азамат мерейін тасытады - қас-қабағына қарап, елең қағып, ыңғайынан ойын ұғып тұрған туыстары арасындағы Төремұрат Кербез көзіне аса мерейлі көрінді: Қарақұмнан ескен құп-құрғақ саф ауадан мейірлене жұтып, жанарын биік ұстап есік алдында тұр екен... Қабырға сағат бесінші қоңырауын соққанда Кербез жұмсақ орындықтан көтерілді, ойдан арылып, бір серпіліп қалған түрі бар: жан-жағына жіті бір назар тастады да, ширақ қимылдап, оң қанаттағы бөлмеге кіріп кетті. ...Кішілік көрсетіп, ақ тілекті малдана өзіне қадалып тұрған қос жанар Төремұраттың көз алдында: тағдырын талқыға салған уақытта да ессіз есалаң күйде туу сыртынан қадала қараған, жанына салмақ түскенде де қорғалай келіп, жіңішкеріп бара жатқан үміттің қыл шылбырын тастай тұрып, білек арта қадалған; ендігі жерде шынайы тілігін тілеп, қадам сайын жолына ыстық жүрегін төсеп тұрған қара көздерді бүкіл денесімен сезіп бара жатты. Сергек жан өмірді жүрегімен бағалайды: лүпіл еткен қуаныш та, зілмауыр қаратас қасірет те тынымсыз сырт-сырт соғып тұрған бір шөкім етті жанап өтеді; соқтықпалы өмірдің көп қыспақтарынан өткен Төремұрат жүрегі де сыр алдырмастан талай салмақты қайыспай көтеріп келе жатыр, тек соңғы түйенің жүгі ауыр соқты - дүние тиегі әйел батылдығында - қайсар жандарды, бағытынан қайтара алмайсың, бұрыларға жер жоқ; заман да аумалы-төкпелі аласапыран болып кетті, емтихан алып жүрген жігіттер құрық ұстап қалды: сынақ тестпен алынады; көзтаныстар жалынан сипатпайды, иек артар сенім бұлдыр тартып барады. Төремұрат сыртқа шыққанда жанға жайлы мамырдың салқын салқын ауасы соғып өтті, көңілге қанат байлады. Тас төселген аяқжолды бойлап, әсте қыдырыстап жүре бастады. Мүлгіп тұрған жеміс ағаштары да, туған жердің таңғы жұпары да Төремұратқа етене таныс: бозбала таңмен жарысып, өлең жаттап, сабақ пысықтаған Атамекені көптен бұғып жатқан ұстаз ойын қозғап жіберді. "Адам аса қатыгез-ау: басына бақыт құсы қонса, араны ашыла түседі. Ата-баба еш уақытта ұрпағына қиянат жасамаған-ды: қазіргі тұтқа ұстағандар ата дәстүрін белінен басты-ау. Мейірімсіз. — Төремұраттың мұрынына жеміс ағаштарының жұпары соқты: жауырнын құрыстырып тұрған тылсым күш кем-кемнен босаң тартып, жайылып жүре берді. Миы саф ауада еркін ой кеше бастады. — Мен Арнұрымды дайындармын. Мұғалім жалдаймын, уақытымды қиямын. Сайын далада тер төгіп, Күнге қақталып, малмен арпалысып, жер емшегін иітіп жүргендер қайтеді? Бауыр еті перзенттерін сеніп тапсырған мектеп мұғалімдері "Берсең - жейміз, ұрсаң - өлеміз" деген кең тұсау, ұзын шылбыр ойға бөгіп, қолқаға жабысып жатыр: уақыт өтсе, мол байлық өзінен-өзі уысына құйылып тұр; еңбек жемістерін сұрап жатқан жан да, мемлекет те жоқ - тегін байлықтан сора бер. Ұрпақ тағдыры кімді толғандырады: ұстаз - биғам, ата-ана - жұмысбасты, жастар - еркіндікте. Әділеттік қайда өзі? Тест жауаптары сынақ үстінде - сол сәтте, сол бөлмеде ата-ана, шәкірт, ұстаздардың көз алдында жарияланса екен! Араға уақыт түссе, адамдар не істемейді: өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етеді. Сөзбен бұқараны алдаудың не керегі бар. Дайындалған баланың шашасын шаң шалмайды, маңдайы жарқырап, дара шауып алға шыға береді. Тасқа маңдайы соғылған нәресте көңіл кірпік көтерместен, жасып кетеді. Жасық ұрпақ елді ұшпаққа шығармайды." Төремұрат "Өз ойым ғой: арман күйінде шөгіп қалған" деді өзін сабырға шақырып. Жатын бөлмеге енгенде Төремұраттың мұрынына ерекше әсерлі шетелдік әтірдің иісі соғылды: тамыр-тамырды қуалап, сезімді қытықтап бара жатқан жанға жағымды да сүйкімді жұмсақ леп таңғы мамыр салқынында сәл тоңазыған денені иітіп жіберді, жүрегі лып-лып соға бастады. Бөлмеге таңғы ақ сәуле бозымықтана үлкен қос терезеден селдір тор пердеден көктей өтіп, құйылып тұр: буалдыр елең-алаң жарықта әсте қозғалған ақ тұлғаға Төремұраттың көзі түсті - Кербез. Ол есік көзінде кідіріп қалған Төремұратқа кем-кемнен әсте жылжып жақындай түсті: мең-зең ессіз тұрған ұстаздың қасынан өтті де, есіктегі ішкі құлыптың тиегін сырт еткізіп, бекітіп тастады. Тырс еткен дыбыс Төремұраттың есін жинатты: санасында бөлек-бөлек қалқып жүрген елесті ойлары айқындала берді, бөлме төріндегі қалың салынған төсекке, шешініп тұрған Кербезге көзі түсті - тарқатылып, бос жіберген қолаң қара шаш жауырынын жауып, аш беліне төгіліп тұр екен...

Ызмұхшир ауылы
1994 ит жылы, наурыз

2. АРУАҚ

Ұстаз бойында болмаса қаһар,
Шәкірті төбесінен жай табар.

Саади

Ызмұхширдың және бір таңы құланиектеніп атып келе жатты. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш - таңғы қалың өліұйқының кезі. Қарақұмды жастана мүлгіген ауыл жанға жайлы мамырдың саф ауасына елтіп, ерке сұлудың періште жайлаған ақ шымылдықта кәннен кәпірсіз жеңіл тыныстап, бір сәт қалғып кеткеніне ұқсайды... Солтүстік Шығыста көз ұшында мұнартып, көкжиектің үстінде қарауыта қалықтап ескі қала Ызмұхширдың сұлбасы көрінеді. Төремұрат өткір жанарын Шығысқа тікті: жұлдыздардан ада болып, төңкерілген көк күбездің қызғыш тартқан етегі кем-кемнен ақ түске шайылып, түн-түнегін серпе бастапты. Қолтығы үңірейе қарауытқан жүзім сабақтарының түбіндегі аяқ жолдан назарын тайдырып алды да, теңге жапырақтары сылдырап тәкаппар бастарын кербездене көкке созып, марғау тыныстап тұрған ақ теректерге қадады... Төремұрат алғаш өз көзіне өзі сенбеді де - зәулім ағаштардың арасынан көгілдір көктен құйылып келе жатқан жанды бейнені қимылдап кеткен ағашқа балады, сирек қарулы кірпіктерін жиі-жиі қақты да үңіле түсті. Ақ тұлға кем-кемнен жылжып, қалықтап, бақ пен үй арасындағы алаңның үстіне келіп те қалған екен - ес жиып, тіктеп қарағанда тани кетті - Шайкел... Үш жыл бұрын мәңгілікке жол алған теркөйлекті отыз жылға жуық бірге тоздырған үзеңгі жолдасы қарсы алдында тұр: көз аңғалағы қарауыта үңірейіп, бас сүйегінің төріне қарай шегініп кетіпті... Ат жақты иегі сүйірленіп, салбырай түскен. Қарсы жүріп, қауышпақ ниетімен Төремұрат ілгері жылжи бастап еді, Шайкел тысырсыз кейін шегінді. Адам мен аруақ арасында белгілі қашықтықтың сақталатыны санасына соң сап ете түсті де, өзін жедел қолға алып, тілдесу рәсімін жасады: "Мезгілінде иіс шығарып, дұға арнасам да тілемсектенгеніңді қоймадың-ә-ә, әлде тістесе де тартысқаныңды аңсайсың ба?! Ер атын да ер шығарады, ерді-ел. Тың ой егестен туады, егесу үшін иықтаса алатын тең керек. Иықтастарымды тарыққанда аңсайтынымды сездің-ау, сабаз." Төремұрат кірпік қақпастан қадала қарап, аруақтан көзін тайдырмады: ақ асыл тастан жонып жасаған балбалдай қыбырсыз тұрған Шайкел алғаш селт етпеді, жанарды ұзақ ұстағандықтан талықсып кетті ме, әлде қимылдады ма - ол қыбырлағандай болды, сол сәтте құлағына кұңгірлеген үн де есітілді: "Жер-көкті тебіренткен бір сарын жамбасымдағы қара топырақты солқылдатып, мәңгіліктің де тынышын алды: қаңқа қалды, жан алас ұрды-заман да, адам да буырқанып жатқан екен, санаңа сіңіп, келіп тұрғаным." Төремұрат Шайкелдің үнін ми қыртыстарының арасынан ұқты: сәл аузы ашылып, көзі дөңгелене түсті; тыныс та алмастан біршама уақыт қарады - аруақ міз бақпастан лебіз тосып тұр. Шайкел аруағы екеніне анық көзі жеткен соң, үрке басып, тосырқай тұйықталып тұрған Төремұрат санасы бауырын жазып, өріс ала түсті: бұлдыр елес арасынан кешегі күндер еміс-еміс сәулелене бастады... Олар беделді тәрбие ошағында кездесті: Төремұрат алмас қылыштай лыпып тұрған шағы, шаршау деген жоқ — күнді түнге ұластырып істей береді; қаршадайынан аң аулап, сілеусін жүріске қалыптасып алған ол аяқ ұшынан басып, мезгіл тоспастан институттың қойны-қонышын сүзіп жүре беретін; оқу залы да, кітапхана да, спорт алаңы да оның сүйікті мекендері — жарқ-жұрқ етіп, күтпеген сәтте жетіп келеді де шаруаларын тап тұйнақтай орындап шыға береді: көзтаныстары да мол-ақ, алдында құдай жорғалап кетеді. Төремұрат волейболдың шебері: ұғынысқан жарнағы Ата болса, көтеріп берілген допты тордың дәл ұлтанына соғады — оны жай пенде қайтарып көрген емес. Бір рет... Ұзақты күн сарылып отырған Төремұрат қағаздарын жиыстырып, Атаға көз салды: елгезек аспирант шапшаң қимылдап, шай дайындады. Тіркесіп сыртқа шықты. Олар келгенде ойын әлі басталмаған-ды. Мұғалім, студенттерден құралған аралас топ екіге жарылды: Төремұрат қарсы жаққа доп тастады: қалықтап келген допты кейінгі алаңда тұрған жігіт бармақ ұштарымен қағып ортаға берді; орта алаңға шыққан допты жылмаң қағып, секіртіп өздеріне қарсы топқа тордан асырған тығыз денелі қызға қызыл допты қуа бақылап, лыпып тұрған Төремұраттың көзі түсті — кенет жыны тырысты да, Атаға ым қағып үлгерді; қас қағым сәтте шиыршықтала ауада қалықтаған доп кесе көлденең тас төбесіне шүйіле сорғалап келе берді — күткені де осы: аға айтты орындалады, мысықша жымиып, тізесін бүгіп, жерге шөге түсті де допты еркелете қағып, көкке көтерді; Төремұрат доппен қосыла биікке арыстанша атылды, емшектіктің түсында ауада қалықтап бара жатқан допты тордан едәуір биікке көтерілген ол оң қолымен құлаштап тұрып, қыздың дәл қос емшегінің нақ ортасына бағыттап соғып жіберді - допты қайтаруға қолын соза бергенде көз ұшындағы дөңгеленген доп шиыршықтала келіп төсіне тарс ете қалды да алаңның сыртына қарай секіріп кетті. Қыз табанда талып түсті: ойыншылар жиналып қалды, Ата Төремұратқа қарады, ол ортада жатқан қызға иек қақты. Олар алаңнан шеттеп шыға берді. Сол қара көз ректордың қабылдау бөлмесінде және тап бола кетті. Бұл ретте де аса қолайсыз болды... "Шайкел шақырып жатыр" дегенді есіткен Төремұрат сол сәтте суырылып шыға алмады: қалың ой, қопыраған қағаз оны босатпады, жұмыс уақтының аяқталғанына да бір шама мезгіл болғанда барып ол бас көтерді; сәл сызат түсе ашық тұрған қабылдау бөлмеге дыбыссыз еніп барды да кілт тоқтап қалды - енді қабағын көтере бергенде төрдегі диван үстінен өзіне мөлдірей қадалған қос жанарға көзі түсті, селк ете кейін шегіне түсті де, қыздың аяқ жағында тұқшыңдап арпалыса әбігерленіп отырған жылтыр басқа көк желкесінен қарады - Шайкел. Төремұрат тіс жармады, көжені Шайкел төкті: алдымен салқын сәлемдесіп жүрді де, көп ұзамай ғылыми кеңесте Төремұратқа кесек атты; барлық бәле студенттердің теориялық -практикалық конференциясынан басталды - Шайкел астындағы лауазым тұғырына сеніп, тіке шабуылға шықты; қорытынды сөзінде қағынды да Төремұратқа соқтықты - студент білімінің солқылдақтығын айтып тұрып, ғалымдар қордасының жұтаңдығына ауыз салды, жарылмаған шиқанның аузын тырнады - жетекшілік жасаған баласына атылған жебені Төремұрат өзіне қабылдады; құрт мінез шарт ете қалды. Алғашқы жекпе-жек тіктесу талтүсте болды: Төремұрат кіріп келгенде қара көз келіншек ұшып тұрды, қабылханада жан жоқ екен, ол иек көтеріп, аман-түгелдің ырымын жасады да, қаптаулы қара есікке көзінің қырын тікті. Келіншек оң қолының сұқ саусағын көтерді. Төремұрат күткені де сол еді - арылуды мақсат еткен: ғылымда да, өмірде де жалтаңдайтын көлеңкелі жері жоқ, маңдайы жарқырап тура тартып келе жатқан; Шайкелдің тасадан атқан кесектері жұлынына қадалып, жанын жеп барады. Төремұрат Шайкелдің жалтыраған төбесіне көз тігіп, аяқ тартты: тамақ қырнап жеңіл жөтеліп, дыбыс берді. Көзі ілмиіп жымысқылана өлмеші сәуле шашып, Шайкел тігіліп қарап қалды: әуелі орнынан тұруға ниеттеніп, денесін көтере түсті де, табан астынан бас көтерген менмендік сезім иықтарынан басып, тұғырға шегелеп тастады; Төремұраттың нұрлы жанарына шыдай алмай, жиі-жиі сирек кірпіктерін қақты. Төремұрат тізе бүкпеді -Шайкел де оның отырмайтынын бірден сезді, ұсыныс та жасаған жоқ; осы кездесуді күткендей тас мүсінге айналып алды, көзін тайдырмауға күштеп жігерін жиды,

— Үш-ақ минөтке уақыт бөлсең, жетіп жатыр. - Төремұрат гүрілдеген еркек дауыспен саңқ ете қалды. - Қатыншылық жасамаған жөн: өзің сыр алдырдың-мына ләззатты күйіңді өзіңе көп көрдің; сенің қордаңды мен білемін - диссертацияңдағы әр сөздің қай кітаптан қайшымен қиып алынғаны маған анық: міне, фотокөшірмелері мен ксероксте көшірілген даналары, - Төремұрат портфелін ашты да, жылт-жылт еткен ақ-қара суреттер мен айналасы қара күйелеш ақ қағаздарды суырып алып, құмарпаздың саусақтары арасында ойнап тұратын ойын картасындай жайып көз алдына көлденең тосты. - Дайындал, ВАК-та кездесеміз, - деді де барлық қағаздарын жиып алды, портфельді сырт еткізіп жапты. Шайкел шөгіп қалды.

Сол Шайкел... Аруақ үн қатты: "Саған сенбедім. Қызды қызғандым - қимайтын едім: сені институттан аластамақшы болдым да, жанталаса бастадым." ТӨРЕМҰРАТ. "Көз етің өсті: еркек едім - сен телпек деп ойладың, қызғанышың қырсыққа айналды - тіл оқ қой, сүйегімнен өтіп кетті; диссертацияңды кім жазды - ұмыттың, жылтыр қабағыңнан шыққан ой болса, айт!?" ШАЙҚЫМКЕЛДІ: "Байлық пен мансап қарашығымды кіреукеледі: құрдай жорғалаған көлеңкелер орға айдаған екен - соң сездім, кеш еді - су тобықтан өтіп кеткен-ді, сен Мәскеуде едің. Тұғыр да, мансап та, қара көз де адыра қалды - бір күнгідей болмай жылжып өтө шықты, тек қана жұмыссыз қалмасам еді деген жалғыз талға - үмітке сүйендім. Сонда да сен сүйедің-ау, нарым!" Төремұрат тосылып қалды: сонда шайқас шамадан тыс тез және ойламаған дәрежеде қаһарлы өтіп еді, мүйіздерден от шашырады; шайқас жалыны Шайқымкелдіні ғылми жұмыстар бойынша проректорлық тұғырдан жұлып алды, ғылми атағы да сыпырылып, тобыққа түсті - шаңға көміліп, жұтта қала берді. Дыбыссыз ашылған сырлы емен есіктен Жібектің кіргенін Төремұрат көз салмаса да сезіп отыр: оқтын-оқтын жұмыс бабында кіріп шыққанда шетелдік иіссудың күшті иісін төгіп кетеді, - жүйе-жүйеге әсте таралып, тамыр қуалап миға шапты. Төремұрат қабақ көтерді: көзі мөлдіреп тұрған қос жанарға түсті - баяғыдан көз қырында жүрген, тісінің суын тартып, талай тамсанған жанарлары мөлт-мөлт нұр төгіп тұр. Иек қақты. Жібек әсте басын шайқады, арбасып қалған көзін тайдырып жіберді де, аяқ ұшынан басып, үлкен айна алдындағы гүлтостақтарға жақындасты.

— Түстікке шықпадыңыз?!. - Жібек беталды тіл ұшынан айта салды. Төремұрат маңғаздана жан-жағына көз салды.

— Уақыт қанша болды?.. менде сағат та жоқ, жазып отыра беріппін.

Жібек гүл иісін сорып тұрған бауырсақтай қысқа әдемі мұрнын көтеріп, кабинет қожасына қарады: қобырап, ұйқы-тұйқы жон-жон болып, жалданып тұрған қалың қара шашқа көзі түсті; сырғытып, ақ қағазға кесте төгіп жатқан палуан саусақтар әлі кідірмеген екен - Төремұраттың тіл ұшынан хабарласып отырғанын сезді. Жібек те жан адамға белімді бастырамын-ау деп жүрген жаннан емес-ті: тек діңкелегенде әкімшілік саты пысын баса беретін, Шайкел де сол осал тамырынан ұстап, дымын құртып тастады; жіпсіз байланып, емен есіктің алдынан кете алмай қалды. Соның арасынша осы Төремұрат сап ете қалды да, тынық өмірі ылай судай былғанды: қорғасыннан құйылған сақадай қара торы бұйрабас жігіт Жібектің көз алдынан ертелі кеш кетпейтін елеске айналды; қарама-қара еріп, айнал шықтап төңірігінен шықпайтын ауруға тап болды -жұғысуға себеп іздеп, оттан көйлек кие берді. Көптен күткен сол сәті де осы еді. Жібек қалқи басып, Төремұратқа таяи түсті. айналмалы тұғырда отырған жігіт жас келіншектің тақалып тұрғанын аса жақыннан көріктей ысылдап ауа сорған өкпе дыбысынан сезіп отыр: алаулаған жас дененің отжалын қызу лебі сол қапталын өртеп барады -шымыр-шымыр етіне сіңіп жатқан ыстық сезімдер тұла бойын қуалап, миына шапты; жүрегі де тыпыршып, қатты-қатты соға түсті - жинақтала үйіріліп тұрған ойлар қағазға құйылмай тоқырап қалды; басын көтеріп, жанарын келіншекке бағыттағанда қаламы да қолынан түсіп кетті... Кеудесін әсте бұрып, тіктеле бергенде Жібек те тұрған орнынан селт етпеді: мөлдіреп қарап, көзінен нұр сеуіп тұрған келіншек Төремұратпен жарыса бой салыстырғандай болды, қызғыш жұқа еріндері сәл ашылып, аппақ қой тістері көзге шалынды; ынтыққан әйел денесі магнике асыққан темірдей көзге түспес сәулелер арқылы жігіт тәніне қарай жылжи берді. Төремұрат сусып төмен қарай сорғалап бара жатқан Жібектің орамалын жауырнымен қоса қамти ұстады... ШАЙҚЫМКЕЛДІ: "Әне, менің құрыған жерім - бақыт тайды, асылым қолымнан ұшты; сен шайнап тастайды-ау деген оймен Жібекті қорғаладым." ТӨРЕМҰРАТ: "Шикісүт емген жанбыз: сол рет ойға орын қалмады, сезім билеп кетті. Әйел ықыласы қатты ғой: тиісті жауап қатылмаса, ата дұшпанша өшіге түседі. Сезімге жауап қайтарғам... О не дегенің - ерді қастерлеген халықпыз ғой." ШАЙҚЫМКЕЛДІ: "Ойымнан биікте екенсің: тау шыңынан төменде тұрып қарамаса асқақтығын аңдамайды адам - өз биіктігімді сезбегенмін, үзеңгіден аяқ тайғанда бір-ақ сан соқтым, кеш еді. Жатқан жыланның құйрығын біле тұра басыппын - обалым жоқ: соқтыға бердім. Оқтаулы қара мылтық талма тұсымнан дөп тиді де, аяғым аспаннан келді." ТӨРЕМҰРАТ: "Тартысымыз - келешек ұрпақтың ертеңі еді, бұра тартып кеттіңіздер: ата-баба бастарына қаншалықты күн туса да ұрпағын аялап сақтаған - біздер Ай-Күннің аманында тәрбие тізгінін қолдан шығарып алдық, қатал тәртіп жоқ жерде бала мен әйел төбеңе шығып алады; ата сыйлап көрмеген көкірегі соқыр өкше басып келе жатқан жеткеншек қайтіп атамұраға ие болады - өзгеге, саудаға қызықса, өз ұлтын менсінбесе не болмақшы; екі дүниенің әуресі, делқұлы болады да; ұлттық тәрбие керек десем, өре тұрдыңыздар." ШАЙҚЫМКЕЛДІ: "Өзгеге табыну өзімізден басталды: алақанымыздағы асылды қадірлемедік, күндестіктің отымен өртеп жібердік; қып-қызыл Кеңестік үгітке табындық -өзге ұлтқа, өзге дінге мойын создық, ата дәстүрінен де, діннен де, адамгершіліктен де ада болдық. Ұлт үшін шырылдаған жандар тарқұсақтардың құрбаны болды: сен де сол тазкепешті киетін едің - тәуелсіздіктің құдіретті толқыны арқаңды қағып, бел алып кеттің." ТӨРЕМҰРАТ: "Бүйректен сирақ шығарған нем бар: "Демоктарияда әйел мен баланың не шаруасы бар, қатал тәртіп болсыншы, тәртіп - имандылық қой" дегенім сол - өре тұрдыңыз: мені көзге шыққан сүйел етіп көрсетпекші болған сен едің, Шайкел. Ойың орындалды: мектепте тәртіп, реттілік бүкілдей жойылды; шәкірттер де, ұстаздар да ауа жайылып жүр, дәптер-қаламсыз оқушы мектепке келетін болды, ұстаздар сабағын тастап, саудагершілікке шығып кетті, мектеп оқушылары көшеде сүт, шылым, арақ сатып отыр. Саудагер ұрпақ - ұлттың келешегін жұтады, Отанды сатып та жібереді. Сіздердің, шамасы, арамниеттеріңіз іске асты-ау деймін... Мен осыларды ойлап күйзеліп едім..." ШАЙҚЫМКЕЛДІ: "Қысқа ойым - қырсыққа айналған: тәрбие ошағындағы былықты сезіп, шыдамастан тілдескем - рухым азап тартып жатыр." Төремұрат ап-анық есітті: шақ-шақ еткен Шайкелдің дауысы, тіпті өзгермеген, жарықшақ та түспеген сол баяғы тұп-тұнық күйі, жіңішке дыбыс мыс қалқанға соғылғандай сыңғырлап, құлағына кіріп, миына сіңіп жатыр. Айтыстарда жеңілгенін сезсе де арсыздыққа салып, төске шабатын Шайкелдің жіңішке қатын даусы Төремұрат жүйкесін сол арпалысқан жылдарда түскен ескі жараның аузын тырнап жіберді: шиебөрідей шуласқан көлеңкесінде жүргендерді айдап салып, будақ-будақ домалақ арыз жаздырып, адал жүректерді тасадан атылған өсек-аяң жебесімен талай жаралап еді - алып жүрек аман қалды. Таңғы елестен жаны тебірене толқып кеткен Төремұрат айналасына жіті-жіті көз жүгірте түсті: алтын таң тұм-тұсқа ақ сәулесін молынан шаша бастапты, манағы қарақошқыл көлеңке де батысқа - жүзім баққа қарай ығысып кеткен. "Тәрбие - баршаның міндеті ғой, шайкелдер өз қарабастарын күйттеді. Халықтар көсемі де ел басына күн туып тұрғанда да бір сәт өз ұл-қыздарының әр күні күнделіктерін барлап, көз қырынан бір сәтте қалыс қалдырмаған. Соның арқасында да ұл-қыздары ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін меңгерді. Соңғы жылдардағы ел басшыларының ұрпақ тәрбиесіне қолы тимеді - КСРО тарқап тынды. Отан байлығын тәрбие саласынан аямаған жөн ғой"... Өз ойымен арпалысқан ұстаз әсте қозғалып есікке беттеді. Ызмұхширдың және бір аппақ таңы құдіретті мол нұрын аямай төгіп атып келе жатты: айналаны қайнаған тіршілік қамы қоршап алған - азан-қазан қарбалас басталып та кетіпті.

Ызмұхшир ауылы
1995 доңыз жылы, сәуір - тамыз

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙