Мазмұнға өту
Home

Бекет ата ас шежіресі

Әбілқайыр Спан, Сақып Керелбаев, Маңдайлы Қосымбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бекет ата ас шежіресі

Әбілқайыр Спан, Сақып Керелбаев, Маңдайлы Қосымбай — «Бекет ата ас шежіресі». ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АС БЕРУ ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ

/uploads/2dba67ab-b8d7-5da0-aed3-e9c8f70ea310/cover.png

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АС БЕРУ ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ

Бұл жарық дүниеден өткен жақындары мен жайсаңдарын еске алып аруағына бағыштап ас беру - халқымыздың ежелден келе жатқан мұсылман дінін қабылдағанға дейінгі нанымдарынан ауысқан дәстүрлерінің бірі. "Өлі жебемей тірі байымайды" деген ұғыммен тамырлас бұл үрдістің мазмұны — бақиға көшкен ата-баба рухына ізінің қайырлылығын ұрпағының разылығын білдіруге сырттай желеп-жебеп жүрулерін тілек етуге саяды. Сондықтан да болар өлінің рухына арнап берілетін басқа садақаларға қарағанда аста салтанаттылық нышаны басым қаралылық сипаты жоққа тән. Аруаққа бағышталып оқылатын дұғадан басқа ырым-жоралғылардың бәрі тоймен мазмұндас рухты ұлықтай отырып тіршілікті қызықтау сипатында болып келеді.

Әдетте ас қайтыс болған кісінің жыл садақасы өткізілгеннен кейін араға бірер жыл уақыт салып та әлденеше жылдардан соң да өткізіле береді. Ас беруге ниет еткен кісі оның уақытын елдің жердің жағдайына көшпелі тіршіліктің ыңғайына қарай жаздың басталуынан қоңыр күзге дейінгі аралыққа белгілеген. Асқа дайындық кемінде бір жыл бұрын елге сауын айтып ас хабарын таратудан басталады. Мәселен кезекті жиын той ас-садақада болашақ ас иесі келесі жылдың пәлен уақытында қай жерде қай құдықтың басында ас өткізілетіндігін жамағатқа жария етеді. Мұнымен шектелмей ас иесі өзімен сыйлас құда-жекжат аталас ағайындарға арнайы сауын айтатын болған. Мұндай арнайы хабар тиген ауыл иесі бай-манабы алдағы асқа өзінше әзірлік жасай бастайды: тігетін үйлерін белгілеп оның ішкі жасау-жабдығын жаңартады сойыстық малын іріктеп бөлекке күтімге алғызады күреске түсетін палуанын бәйгеге қосатын жүйрігін баптайды. Ауылдың әйелдер жағы құрт-ірімшік, балқаймақ қайнатып қарынға салып май сүрлеп дастархан жабдығының қамына кіріседі Сөйтіп ас болатын жерге айтылған мерзімнен бірер күн бұрын қонаққа тігетін үйлерін қызмет көрсететін күтушілерін өнерпаздарын күреске шығаратын палуандары мен бәйгеге қосатын жүйріктерін алып сойысқа малын айдап дастарханға қоятын дәмін артып кәдімгідей ырғалып-жырғалып көшіп барады. Қызметші үйлері қазан-ошақ қонақтарға арналған үйлерден едәуір аулағырақ орналастырылып табақ тарту қымыз шұбат құйылған сабаларды жеткізу аттылы жігіттерге жүктелген. Ас иелері өте ауқатты болған жағдайда үй басына сойыстық малды қалаға шығып арнайы алдырылған бауырсақтық ұн кәмпит қант өрік мейіз сияқты тағамдарды өзі де бөліп беріп отырған. Қалай дегенмен де ас иесі біреу болғанымен оның шығынын көпшілік ортақтасып көтерген.

Асқа келген қонақтарды ата-тегіне жасына байлығы мен билігіне ел арасындағы беделіне қарай орналастырып лайықты қызмет көрсету жалпы жамағаттың жағдайын жасау ас иелерінен қазіргі тілмен айтқанда асқан дипломатиялық ептілікті талап еткен. Ас барысында әлденеден көңіл қалушылық жеңіл базынадан басталып ағайын арасындағы зілді араздыққа айналған екі кісінің сәл нәрсеге ілінісіп қалуы екі ауыл тіпті екі рулы ел арасындағы сарт та сүрт төбелеске үлкен жанжалға ұласқан жағдайлар да ұшырасып отырған.

Ас — ең алдымен шаруадан мойны босаған елдің шұрқырасып, табысып өткенге салауат, тіріге саламат тілесетін аруаққа дұға бағыштап ас иесіне "алла ниетіңді қабыл етсін" айтысатын жері; неше бір шешен ақылман ақсақалдардың жер мен жұрт тарихынан таратып айтқан ерлік әңгімелерін ұлттық үрдістерді тіршілік амалдарын төменгі жастар құлаққа құйып көкірекке қаттайтын үлкеннің тереңдігі кішінің берендігі танылатын ұлағат орны. Пәлен ауылда сөзге жүйрік шешен өлеңге жүйрік ақын күміс көмей әнші, дәулескер күйші өсіп келеді дегенді сырттай құлағы шалған ел ағалары мұндайда сол жастарды орталарына шақырып өнерін сынаудың жақсы ізбасарға сүйінші баталарын берудің мүмкіндігін қалт жібермеген деседі. Түскен үйлерінің жасау-жабдығының шеберлігіне дастархан берекесі мен ыдыс-аяғының тазалығына қарап қай ауылда жақсы үлгі-өнеге көрген бойжеткендердің өсіп келе жатқандығын болжап ұлдарына қалыңдықты қайдан іздейтіндіктеріне дейін ішке түйіп қоятын болған деседі.

Астың ең бұқаралық жиналған жұрттың тайлы-таяғы қалмай көретін қызықтары әрине ат жарысы палуан күресі теңге ілу, жамбы ату, көкпар тарту, аударыспақ сияқты ұлттық ойындар болған. Ат жарысының өзі — ошақ бәйге, аламан бәйге, жорға жарысы, құнан бәйге, тай жарысы сияқты бірнеше түрге бөлініп бұларға қоса атан жарысы, жаяу жарыс та ұйымдастырылып отырған. Ер палуандармен қоса әйел палуандардың күресін де ұйымдастырып тамашалаған. Қызыққа қымыздың буына қызынып алған көпшіліктің мешкейлер жарысын талап ететін кезі де болған. Бұл ерсі саналмаған палуан баптағандай байлар мешкейлерді де ұстап жарысқа қосып отырған көрінеді.

Астан астың айырмашылығы не артықшылығы тігілген үй қатысқан адам жарыс жеңімпаздарына аталған жүлде мен санында ғана болған.

Ертеректе астың аламан бәйге палуан күресі сияқты ең мәртебелі ойындарына белгіленген жүлделерге шапқыншылықта қолға түскен жетім бала қыз-келіншектерді қосып беретін болған. Кілем жапқан нар бастаған жүлде табындаған түйе үйірлеген жылқыға жеткен ұсақ мал бер жағында. Қанша мал мен зат болса да бәйге жеңімпаздарына аталған жүлденің бәрі ас иесінің өз ордасы өз қорасынан шыққан.

Дәстүр бойынша ас иелері таңдаған молданың аруаққа бағыштап аят оқып жиналған бүкіл қауымның бір мезгілде қол жайып бет сипап дұға жасауымен ас иесінің үш жүзден бастап ата-бабалары атымен шапан жауып сияпат көрсетуімен ас аяқталған. "Шүлен тарату" деп аталатын шапан жабу салты да көшпелі рулық қауымның өте бір осал кінәмшіл тұсы болғандықтан ас аяғының дау-дамайға ұласуы да әбден ықтимал. Сыйлы қонақтың өкпесінің орындылығы дәлелденген мұндай жағдайда ас иелері кешірім сұрап шапанға қоса ат та мінгізетін болған.

Дүрбелеңмен басталып дүркін-дүркін дүмпуге толы болған жиырмасыншы ғасырдың басына дейін ұлан-байтақ қазақ елінің әр тұсында-ақ үш жүзге сауын айтқан астар өткізіліп келді. Маңғыстауда соңғы дәстүрлі астар 1928-1929 жылдары берілген еді деседі Бірақ ел тарихы дәстүр-салты рухани мұрасы "керекті" және "ескінің қалдығы" деп екіге жіктелген кеңестік мұраттар дәуірлей бастаған отызыншы жылдарға қарай ата-баба рухына бағыштап ас беру үрдісі де аластала бастады. Аласталған соң оның ұлттық рәсімдері де ұмытылып жадымыздан шығып әдебімізден жаңыла бастадық. Жаңылғанымыз емес пе коммунистік идеологияның құрсауынан босап тәуелсіздігімізді алып туымызды көтерген алғашқы жылдарда да кейінірек те "Өлі жебемей тірі байымайды" деп ұрандатып жүріп талай аруақты аталарымыздың рухына ата-баба салтымен ас беру орнына пәленбай жүз жылдық мерейтойларын өткізіп "той ғой" деп арақ-шарапты қымызша сапырғанымыз?!...Дүрілдеп өткен "мерейтойлардың" даңқы тараған тойдың шаңымен бірге басылып соңында із қалмағандары қаншама?

Бұлардан артықшылығы десек те айырмашылығы десек те көз көрген ақиқатқа қиянат жасамаспыз Маңғыстауда Пір Бекет Мырзағұлұлының рухына арналып берілген ас аңсаған ата дәстүрімізбен атына лайық тұрғыда өтіп әлденеше мыңдаған адамдардың санасындағы рухани серпіліске көкірегіндегі жаңару мен тазаруға қозғау салды. Бұл кітап — "ғасыр асы" деп бағалауға тұрарлық Бекет Ата асына дайындықтың қалай басталып жүргізілгені өтуі мен тағылымы туралы.

Ерте кезде асты әрине екінің бірі емес бай жағдайы жан-жақты сайма-сай адамдар берген. Кіші жүз ішінде Адайдың атын шығарған астың бірі — Байбақты Сырым биге берілген ас. Мұнда Сырым ауылымен құдандалы Жаңай Қожаназар ауылы сақилығымен яғни асқа апарған сойыс малымен тіккен үйінің санымен сәнімен аты шығыпты. Бұл жәйт Әбіш Кекілбайұлының "Құс қанаты" повесінде басты кейіпкер — қақыра жаулық қара кемпір аузымен былайша баяндалады: "Сөйтіп жүріп өздері сонау Байбақтының Шоланымен құда. Шоланнан Дат туғанда, Даттан Сырым тумай ма? Сырым оларды жиен тұтыпты дейді. Арқадағы асына үй апардық қырық ірі қара соғым қырық саба сауын апардық деп күпілдейді осы ауылдың екі шалының басы қосыла қалса" Шоланмен құда болған Жаңай Қожаназар дейді шежіре. Әбекеңнің арғы шешелері Сырымның немере апалары екен...

Сол Қожаназарға берілген ас Жем бойында өткен. Бір жыл бұрын үш жүзге Бесқаладағы елге іргедегі түрікмен еліне сауын айтылған. Сөйтіп ол қазақпен қоса қарақалпақ түрікмен ағайындар да бас қосқан үлкен ас болды делінеді.

Қожаназар байдың тұстасы бастасы Ақбота Қозыбай осы елдің кезінде беделді ақсақалдарының бірі болған. Әрі мыңдап айдаған жылқысын суарғанда Жемнің суы төрт елі ортаяды көшкенде еру болған жұртында бір-бір бота ұмыт қалады деп дәріптелген бай. Үстірттегі Уәлі құдығының басындағы биік төрткүлді ел осы күнге дейін "Қозыбай төрткүлі" дейді. Сол Қозыбай асы да Жем бойында өткен. Асқа ұзын саны 300 үй тігіліпті. Киіз үйден шыққан жұрт бір сәт салқындап сыртқа отырсын деп жағаға жақын тоғайлы алқапқа өңшең ақ киіз төселіпті. Сонда көз жетер жерді тұтас жапқан ақ киіздің жұртты таң қалдырғаны сондай жер аты кейіннен "Ақкиізтоғай" аталып кетеді. Ол әлі сол атында.

Шамамен 1906 жылы берілген атақты би Есен Ермембет Тұрұлының асы да айтулы астардың бірі болып ел жадында қалған. Ермембет тоқсанға келіп толып өткен кісі деп аттың бірінші бәйгесіне үйір жылқы алтын жамбы бастаған тоғыз бәйгі тігіліпті. Жаяу жарыста бірінші келген жігіттің астына күмістелген ер тоқымды арғымақ мінгізген. Бәсекеде озып шыққан мешкейге кілем жапқан нар жетелеткен.

Белгілі бір ру әулет өзара пәтуамен бірлесіп сол атаның белгілі азаматына ас беру үрдісі де болған. Ел тарихында тіпті әйел басшылығымен берілген астар да болған. Мысалы күйеуі өліп әмеңгер қайнысының қарақұлақ болуын күтіп отырған Ақжарқын дейтін әйел отызыншы жылдардың аласапыраны алдында қайын атасына арнап ас берген. Оған 90 үй тігілді әр үш үйге бір қарадан 30 қара, 300 қой, 90 қарын май, 90 батпан астық, 90 саба қымыз бен шұбат берілді деген деректер жеткен. "Көрпе Ақжарқынның асы" деп аталып кеткен бұл ас — Маңғыстаудағы соңғы астардың бірі.

Әулие Бекет Атаның аруағына бағышталып заманында ас берілген-берілмегені жөнінде дерек жоқтың қасы. 1991-1992 жылдары Маңғыстауда Мырзашөлде берілген астар туралы жұртшылық кезінде хабардар етіліп ақпарат құралдарында кеңінен жазылды.

ПІР МЕН ПРЕЗИДЕНТ

немесе Елбасының Маңғыстаудағы іссапарына орай газет тілшісінің толғанысы.

"Сапарыңыздың мақсаты қандай?" деген тілші сұрағына Нұрсұлтан Әбішұлы: — Облыс экономикасының хал-күйімен елдің жағдайымен тереңірек танысу көптен көңілімде жүрген ой еді осы жолы бұйырса Маңғыстаудың тарихи мәдени ескерткіштерін аралап көрмекпін.— деп жауап берді.

Айтса айтқандайын Нұрағаң бұл сапар уақытының көбін ашық аспан астындағы алып мұражай іспетті аймақтың тарихи табиғи рухани мәдени жәдігерлерімен танысуға арнады.

Шіркін Маңғыстау тұнып тұрған тарих қой! Және жаныңызда — ұзын жолдың бойынан ұшырасқан көзі бітеліп қалған кез-келген шымыраудан шым-шымдап шежіре шығарып ала беретін жердің астындағы, үстіндегі көне ғимараттардың ескі сүрлеу ежелгі қамалдар қалдықтарының тағдыры мен тарихын дәлелді дерек сырлы сөзбен сомдап перзенттік сүйіспеншілікпен шырайын кіргізе баяндайтын ғұлама шешен Әбекең сынды сапарлас серігіңіз болса! Маңғыстау шежіресін майын тамыза айтатын айтқанда Қазақстанның ғана емес дүниежүзілік өркениеттің даму тарихымен байланыстыра қисынын келтіре иландыра айтатын Әбіш Кекілбаев ағадан басқа шебер әңгімеші әзірге жоқ. Өкінішке орай жоқ...

Іргелі елдің бірі — Президенті, екіншісі — Парламент төрағасы әлемнің төрт бұрышындағы мемлекеттерді аралағанда сан сатылы өркениеттің айбыны адамның мысын басып салтанаты көз қарықтыратын небір жәдігерлерінің үлгісін тамашалаған оларға көне қорымдар мен тас мүсіндер таңсық болып па деушілер табылар. Бірақ. Кеңестер Одағы ыдырағалы бері бұрын емін-еркін қопарыстырып таңдағандарын тасып әкетіп келген Маңғыстау ескерткіштеріне енді Ресей археологтарының аяғы жетпей өз ғалымдарымыздың әлде қаржысы, әлде құнты жетпей жатқан шақта республиканың қос басшысының тізе қосып келуінің таңсықтықтан әлдеқайда терең таңғалу мен табынудан тамыр тартатын мәні болса керек-ті. Үш ғасырдан бері айрықша оның соңғы жетпіс жылында өзгелердің тарихын оқып өзгелердің жәдігерлерін қызықтап дүниежүзілік өркениетке қосқанымыз жоқтай өзімізді қорашсынып келген біздерге дәл қазір таңғалатын табынатын тәлімді өз тарихымыздан іздеу қажеттігіне меңзейтін іс-шара болар бұл. Бұл келісте ұлттан өз атасының тарихын жоғары қоятын желбуаздарымызға да киіз туырлықты қазақтың тағдырының ортақ тарихының тұтастығына күмән келтіріп сызат түсіруге сына іздейтін әлдекімдерге сес те бар.

Қазақстанның төрінде де түкпірінде де алмағайып замандарда халқымыздың тайғанақ тағдырына тиянақ болған иініне уақыт салмағы түсіп сырт сипаты қораштау да құпиялау көрінгенімен ішкі мәні рухани мәңгілікке айналған жәдігерлер құдайға шүкір сақталған. Ұлттық қалыптасуымыздағы әлемдік өркениет дамуындағы рөлі зерттеліп жүйеленбеген демесеңіз көне жәдігерлер жұрнағының көптігі жөнінен Маңғыстауға тең келер аймақ жоқ. Маңғыстау ескерткіштерінің ерекшелігі — көз арбайтын сұлулығында емес тарихи тұрғыдан тылсым тереңдігі мен өміршеңдігінде рухани тұрғыдан дүнияуи өлшемдерден биіктігі мен тұнықтығында жаратылысы жөнінен табиғатпен етене жақын үндестігінде. Үш жүз алпыс екі әулиелі киелі топырақ атанған өлкенің бар жәдігерлерін бірер күнде көзбен шолып шығу мүмкін емес.

Орта азиялық мұсылман қауымында: "Мединеде — Мұхаммед Түркістанда — Қожа Ахмет Маңғыстауда — Пір Бекет" — деп басталатын сыйынуда айтылатын Бекет Ата Мырзағұлұлы осы топырақта жұмыр басты пенде болып жаратылып Пір дәрежесіне жеткен тарихи тұлға. Ол заманда да жаратылысы бөлек жан дүниесі жұмбақ көңілінің көріпкелі бар кісілерді шеттету қадіріне жетпеу болғанын ескерсек екі аяқты пенденің өз ортасынан биікке самғауы қалың жұртшылық сыйынатын кие иесіне айналуы үшін қаншалықты қадір-қасиет ақыл мен айбар зерделілік пен парасат керек десеңізші! Соның бәрі Бекет Атаның бойынан табылған ғой! Көктегі құдайдың құдіретіне шәк келтірмесе де ашынғанда "қу құдайлап" тіл тигізіп алатын адуындықтың Бекет аты аталғанда жалы жығылып жуасып сала беретіндігі тағы бар. Қуанса да қорықса да әуелі Аллаға одан соң Бекетке сыйынған бұл ел. Ендеше Маңғыстау жәдігерлерімен танысу сапарын Бекет Атадан бастаса бұл Президенттің діншілдікке бой алдыруы не жұрттың ығына жығылуы емес елдің сенімін құрметтеуі деп ұққан жөн.

Пірдің соңы Бекет Ата болса Нұрағаң — Қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті Халықтың торыққанда сыйынары Пір болса тарыққанда үміт артары — Президент. Соңғы Пірге мінәжат еткенде тұңғыш Президент қандай хал кешті не тіледі деп жан дүниесін тінткілемей-ақ қоялық. Халқының амандығын тыныштығы мен бірлігін өркенінің өсуін тілегеніне сірә шек жоқ.

Маңғыстаудың тарихи жәдігерлерін тамашалап рухани дүниесіне бойлай әлі де қалың қазақтың құлағына жетпей жатқан күйшілік жыршылық әншілік өнерімен сусындаған Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сапары арттағы елдің көңілін марқайтып кетті. Тәубе жәдігерлігіміздің іздеушісі бар екен ғой дегізді. Сапар қорытындысы бір ғана Маңғыстау емес байтақ даламыздың барлық тұстарындағы тарихи мұраларымызға жаңаша көзқарас туындауына оларды ұрпақ үшін сақтап қамқорлыққа алудың мемлекеттік саясатын уақыт талап етіп отырған деңгейге көтеруге септігін тигізсе қандай ғанибет болар еді.

Маңдайлы Қосымбай
"Егемен Қазақстан" газеті
1994 жыл

Кітаптың Пір Бекеттің Оғландыдағы жерасты мешітін жөндеу Атаның 250 жылдық мерейтойына арналған мерекелік асты ұйымдастыру мен әзірлеу барысын қамтитын бірінші бөлімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстауға кезекті сапарынан жазылған мақаладан бастап отырғанымыздың мәнісі бар. Ісі аңызға, аты ұранға айналған аруақты бабаның бақилық мекенінде бүгінгі ұрпақтың санасын сынап өресі мен өнерін керексінетін пәнилік қам-қарекеттерді іске асырудың қажеттігі біліне бастағанына көп болған. Әулие орнын жөндеп жаңартпайтын ескілікті қазақы түсінік бір жағынан киелі жерді ең болмағанда қазіргі қалпыңда сақтап қалуға талпынған көкірегі ояу азаматтардың қадамын тұсаған қаражат жоқтығы екінші жақтан етектен тартып Атаның жерасты мешітін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу кешеуілдей берген. Әулие Атаның мәңгілік мекеніне әдейілеп келіп рухына тәу еткен Қазақстан Президентінің сол сапары көпшілік көңілін күпті еткен көкейкесті мәселенің шешімін табудағы жалпы байтақ даламыздағы мәдени-тарихи сәулет ескерткіштерін сақтауға деген азаматтық көзқарас пен мемлекеттік саясаттың негізін қалаудағы бетбұрыстың бастамасы болғандығын кейінгі өмір дәлелдеді. Көп ұзамай Елбасы тапсырмасымен Премьер-министрдің орынбасары еліміздің үлкен жүректі азаматтарының бірі Иманғали Тасмағамбетов Ата басына арнайы келіп жағдаймен көзбе-көз танысып жергілікті мамандармен пікірлесіп мәселені әбден пісіріп негіздеуінің нәтижесінде 1996 жылы Бекет Ата ғимаратын қалпына келтіруге 41 миллион теңге бөлу жөніндегі Республика үкіметінің қаулысы дүниеге келді.

МЕШІТ ОСЫЛАЙ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Маңғыстаудың архитектура құрылыс өнері — өзінше бір әлем, өзгеше бір әлем. Сыңғыраған күмбез тамдар іргеміздегі Хорезм мәдениетінің ерекше өріммен өрілген бір тіні болса зират басындағы ең қарапайым ескерткіш-бестас-зипкураттар сонау Америка құрылығындағы маиялардың алып зияратханаларының шағын көшірмесі іспетті.

Маиялардың ол мұралары Чечен-Иса сияқты өлі қала түрінде джунглидің ну жынысында тұншығып атын әлдеқашан тарихқа тапсырды. Ал біздегі бестастар әлі өмір сүруде.

Міне осы сан қырлы, сан сырлы Маңғыстау ескерткіштерінің ноқта басы дерлігі — жер асты мешіт ғимараттары. Соның ең кешенді өкілі — Бекет Атаның Оғландыдағы мешіті.

Құрылысшыларда "антураж" деген ұғым бар. Қысқаша түсіндіре кетсек, ол құрылыстың қасындағы өзге құрылыстармен қоршаған маңаймен үйлесім табуы деген мағынаға келеді. Ата мешітінің маңайы тау жақпар құздар ақар-шақар шыңдар шың етегінде әбден ысталып сүрленген, білем-білем өркеш майдай, қоңырқай-сұрғылт кейбір жоталар. Ал мешіт тұрған етекке жақын бөлек шоқы төбенің үстіңгі беті ақ бор тасты тау жынысы да астыңғы беті — көкшіл-қоңырқай сазды жыныс. Жаратылыстың өзі әу баста осы шоқыны төңірегінен көзге оқшаулау етіп әйгілемей антуражын дәл тауып қондыра қойғандай. Мешіт салынғанда алдымен сол үйлесімді бұзбауға қатаң бағыт ұстанғандай. Құрылыс тастың сазды жынысқа ұласа берген жерінен қашалған.

О баста әрине шоқы етегі — түйетайлы. Келе-келе жел мүжіп, су шайып, саз көшкенде үсті сүйірлене берген.

Әлбетте адам қолымен жасалған қаншама теңдесі жоқ шебер туынды болса да ғұмырының баяндылығы үшін адам қолының аясына тәуелді болатыны белгілі. Ал адам қолының аясы қашан да заманына тәуелді екені тағы мәлім. Мысалы күншілдік, қырбайлық бір сөзбен айтқанда, жауыздық болмаса әлемдегі жеті кереметтің бірі — Александрия маягы әлі тұрған болар ма еді?!...Семирамида бағы да солай. Қамқорлық көрмесе Тәж-Махалдың орнында әлдеқашан үйінді жатпасына кім кепілдік береді?! Бекет Ата мешіті де кешегі кеңестік кер кезеңде қамқор көзден тыс қалды. Ұр да, жық саясаттың сойылын соғушылар оның барлығын жұрт жадынан шығаруға тырысты тіпті құлату керек деп шошаңдаған қолдар да болды...

Уақыттың дегені болғаны — жазмыштың жазылымы, ал адам қиястығының қырқадан асқаны — қиямет күнінің жақындағаны. Қайран қасиетті орын уақытынан бұрын, жазмышынан бұрын адам мәңгүрттігінен көбірек зардап шегіп, күйі кетті емес пе?

Дегенмен Алланың асқанға да — бір тосқаны соңына сақтаған жақсылығы бар екен. Есімізді алып сананы тұмандаған елес кетті. Көз жазып қала жаздаған қасиетімізді қайта таптық, тәубамызға келдік. Кеуекте жатқан кемеңгер шалды көріп санымызды бір соқтық. Күн тәртібіне мешітті қалпына келтіру қажеттілігі бас әріппен бастапқы жолға жазылды. Бұл орайда елдің де, ел басшыларының да тілек мүддесі бір арнада тоғысты.

— Мен 1995 жылы облыстық мәдениет басқармасына басшы болып келісімен көп көңілінде жүрген осы жұмысқа ден қоя кірістім — дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұқанов. — Ағымнан жарылып айтсам қатты қобалжыдым. Бірақ Ата аруағына сеніп тәуекелге міндім.

Тәуекел иесі жалғыз Нұрнияз емес-ті. Сол уақыттағы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Талғат Мамашев "Қазреставрация" ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Сәдуақас Матаев та тәуекел қайығының ескегін суға салды. Жергілікті жерден оларға Тұрлан Есқуатов қосылды. Келісе кеңесе келгендегі қорытынды мынау: алдымен Шопан ата мешітін консервациялауды яғни опырылып құлауын тоқтатуды қолға алу. Бұл — бір жағынан кезінде Атаның Шопан ата аруағын қастерлеп өткенін соны ескерген елдің Бекет Ата басына бет алғанда алдымен Шопан атаға зиярат етіп өтетін үрдісін ұстану. Оның үстіне Шопан ата мешіті бұл уақытта өте күйкі халде еді. Жартас қабақтан қашалған мешіттің кей үйлерінің бергі беткі қабырғасы әр жерінен тесіліп енді болмаса опырылып құлау алдында. Ата мен қызы Айым мүрдесі жатқан бөлмелердің де жайы мүшкіл-тін. Міне осы жағдайды көре тұра ат мандайын бірден Бекет Ата басына туралауға жігіттердің ары жібермеді. "Әулие аттаған оңбайды" — деген халқымыздың нақыл сөзі тағы бар. Сол жерде Сәдуақас Ағатаев Шопан ата ескерткішін қалпына келтіру жобасын жасады. Сол жоба бойынша Тұрлан Есқуатов бастаған 4 шеберлер іске кірісті. Құдай қолдап әулие жебеп ол сәтімен аяқталды. Бұл жерде жарықтық Шопан атаның мәңгілік мекенін сақтап қалудың бүкіл елге ортақ жұмысқа айналғанын баса айтып өткен абзал. Оған қол ұшын бермеген жаңаөзендік бір де бір ұжым жоқ дерлік.

Шопан ата тәжірибесі мамандарға дем бергендей болды. Ендігі бағыт — Бекет Ата.

— Талғат екеуміз жолға шықтық. Жолшыбай көлікпен Оғландыға жеттік — деп еске алады Тұрлан. — Ойланудай-ақ ойландық толғанудай-ақ толғандық. Бұрын-соңды мұндай кешенді жер асты ғимаратын қалпына келтіру Қазақстан көлемінде кездеспеген. Бір сөзбен айтқанда, біздің сала мамандар бұл істе сарыауыз балапан тұсауы кесілмеген сәби. Сондықтан да шығар екеуміз жасаған алғашқы жоба бүгінгінің көзімен қарағанда тіпті оғаш күлкілілеу шықты. Біз мешіт тұрған таудың шытынап жарылуын тоқтату үшін сыртынан қалыңдығы қырық сантиметр биіктігі бір метр темір бетон белбеумен құрсап тастау идеясын ұсындық. Кешегі кеңестік кезеңде "жобаны неғұрлым арзанға түсірің" деген тоқпақтың тәмбейін әбден тартып зәрезап болып қалған байғұстар әр теңгені есепке алып отырмыз. Әуелі — 10 миллион теңге содан кейін 29 миллион теңге... Жоқ бұл да түкке жетпейді. Амалсыздан тағы "ілгерілеп" ақыры 41 миллион теңгеге барып бір-ақ тоқтадық.

Сөйтіп 1995 жылдың қазан айында министрлікке арнайы хат жолданды. Олар ұсынысты түсіністікпен қабылдап, алдымен жер қыртысын зерттеу институтына хабарласу керектігін айтты. Тез арада ол институтпен келісімшарт жасалып, 300 мың теңге қаражат аударылды. Ізінше Алматыдағы сейсмикалық институтпен байланыс орнады. 1996 жылдың қысында аталған институт Анатолий Пустогашев есімді аты-жөні орысша болғанымен ұлты қазақ, жаны жайсаң азамат бастаған үш маманын жіберді. Олар келіп тексергенде мешіт тұрған таудың бес жерінде арасы 5-7 сантиметр ашылып кеткен жарықтық барын анықтады. Лазер сәулесімен тексеріп көргенде олар шоқты төбешікке ғана емес бүкіл тауға тән тектоникалық жарықшақ болып шықты...

Жарықтық Оғланды жөргегінен осылай жарылып кемтар болып жаратыла қойды деймісіз?! Әй, қайдам адам қолынан келген кесапаттың табы болып жүрмегей... 1968 жылы осы өңірге "су қарап жүрміз" деген желеумен әлдебір экспедиция келе қалған. Көп ұзамай бұрғылау мұнарасы әкелінді де Оғландыдан бір кештік жердегі Ақотты Нар жазығына орнатылды. Тереңдігі 800 метрлік ұңғы қазылды. Әуелі біреуі, екіншісі, үшіншісі. Артынша қыр жолымен қаптаған әскери, әскери емес адамдар қыруар техника ұшақтар келді. Бейсеубет адам жіберілмеді. Бәрі — құпия. Артынша жер дүниені дүр сілкінткен бір жарылыс одан кейін — екіншісі. Бұл екеуінің ізінде аумағы ат шаптырым, тереңдігі әлденеше метр ойылып кеткен қазан шұңқыр қалды. "Бақсақ бақа екен" — демекші бұл атом бомбасын жер астында сынап көрудің Маңғыстаудағы алғашқы қадамы екен.

Үшінші жарылыста шықты шұрқан. Жарылыстан кейін жер ойылып кеткен жоқ. Үстіне опырылған топырақ құлап терең қабатта тұншығып қалуы тиіс атом уы — радиация кері шапшып жер бетіне қайта шықты. Сол-ақ екен әскерилер бар асай-мүсейлерін ішіп жатқан тамағына дейін тастай қашып, бытырай безіп кетті. Соның тірі куәлері Ақтауда әлі бар. Құрылысшы инженер Родислав Николаевич Фетисов өндірістік аймақта бір құрылыстың қабырғасына сызат түскенінен қауіп алып кәнігі маман ретінде зерттей келе оның тек жер сілкінісі жағдайында ғана болатынын дәлелдеп шығады. Тексеріп көрсе Маңғыстау ондай зілзаладан аман. Бұлардың түртіншектеп кеткенін көрген тиісті орындар ескерту жасайды. Артынан білгеніңдей бұл — әлгі бомба жарылысының зардабы. Ендеше екпіні Ақтауға жеткен мұндағы құрылыс қабырғасын шытынатқан бомба дүмпуі іргесіндегі Оғланды тауларына сызат салмай қалмайтыны даусыз ғой. Атомшы мамандар радиацияның жарықтан жер бетіне шығып кеткендігіне байланысты Үстірт полигонын жапқан екен. Егер жарық болмаса талай тажал бомбалар қара жердің сауырында қорс-қорс жарылып бұл маңай екінші Семей полигонына айналып кете бермекші...

Аруағыңнан айналайын Бекет Ата-ай, халқыңа төнген ауыртпалықты бұл жолы да алдымен өзің көтеріп жонарқаңды алдымен тосыпсың-ау! Сонда қара жерді қақ жарып жіберген бомба қуаты емес сенің аруағың болмағай елің үшін еңіреген ер Бекет Ата!

Біздің бұл болжамымызды қуаттағандай лазер сәулесі әлгі тектоникалық жарықтың Үстірттің өр басына қарай тым кеулеңкіреп кеткенін көрсетті. Құдай сақтағанда оның реставрация жұмысына қаупі болмай шықты.

Екі институт жасаған сарап қорытындысымен сол жылдың көктемінде Мәдениетті қорғау жөніндегі институтқа тапсырыс түсірілді. Осы жерде қаржылай көмек көрсеткен "Өзенмұнайгаз" кәсіпорнының сол кездегі басшысы Жақсылық Жанғазиевтің азаматтығын қалай айтса да сыяды. Жәкең — өзінің Жақсылық атына сай өз қызметінің қай-қайсысында да қай қырында да осындай елдік ортақ істерден қалыс қалмаған қайта ноқта басында жүрген жан.

Сонымен үш институт бірлесіп мешіттің әр сантиметрін шұқшия зерттеп жасаған есебі әрқайсысын бестегі бала белі талып көтерердей қалың-қалың 3 том болып шыға келді. Есеп осындай болған соң әрине ол бойынша атқарылар жұмыс жұмсалар қаржы да қомақты. "Бітер істің басына жақсы келер қасына" деп халқымыз айтпақшы алдында Бекет Ата басына тәуап етіп кеткен Елбасының тапсырмасымен премьер-министрдің орынбасары ұлтымыздың үлкен жүректі азаматтарының бірі — Иманғали Тасмағамбетов Оғландыға арнайы келіп Атаның жер асты мешітінің жағдайымен жан-жақты танысып жергілікті мамандармен пікірлесіп мәселені әбден пісіріп негіздеуінің нәтижесінде 1996 жылы Бекет Ата ғимаратын қалпына келтіруге 41 миллион теңге бөлу жөніндегі республика үкіметінің қаулысы шықты.

Бірақ, ол тәуелсіз жас мемлекетіміздің экономикасы әлі тіктеле қоймаған қалтасы жұқа қазынасы жетімсіздеу кезі еді ғой. Соның салқыны болар бөлінген қаржы уақытылы түсе қоймады. Оның түсуін тездету қамымен етегі елпі жеңі желпі болып жүрген Нұрнияз Мұқанов тек осы мәселемен Алматыға жеті рет барыпты. Ақыры 1997 жылдың қыркүйегінде қаржы Ақтау банкісіне келіп түсті. Жұмыс басталды. Ендігі іс тағдырын құрыш білек, қайрат сәулелі көкей, көзі шешуге келгенде тағы бір қиындық көлденең деді. Мешіт тұрған төрткүл үсті бор, асты саз дедік қой. Геологтар тіліңде "мергел саз" дейді. Ғылыми тұжырым тасты жыныс бордан бұрын "саз үгілгіш" дейді. Ондай жағдайда соңыра саз үгіле-үгіле бор төрткүлдің де түбіне жетіп бүкіл еңбекті зая кетіруі әбден мүмкін. Осыдан қауіптенген мамандар тағы да зерттеуге отырды. Төрткүлдің ең соңғы дұрыс нақты фотосуретін 1970 жылдары ғалым Малбағар Мендіқұлов түсіріп еңбегінде жариялаған еді. Сол негізге алынып қазіргі төрткүл фотосуретімен салыстырып қарағанда сазды беткей соңғы 30 жылда 3-ақ сантиметр жұқарған екен. Сонда қалай дейсіз ғой? Саз жауын суын өзіне сіңіріп алмайды шайып жібереді. Бірақ артынан беті сәл қабыршақтанып кебеді. Әлгі үш сантиметр сол қабыршақты желдің үгуінен келген болып шықты. Мұндайды болдырмас үшін бас қатырған мамандар ақыры ортақ бір қорытындыға келді. Кебір қабыршағынан мұқият қырылып тазаланды. Мұнан соң үстінен арнайы пластикадан жасалған тор телім-телім кесіліп бұранда арқылы отырғызылды. Үстінен төменге ылғал жібермейтін жұқа сылақ жүргізілді.

Саз мәселесі осылай шешілді-ау. Бор одан күрделірек болып шықты. Оны қалпына келтіру мүмкін емес. Тегі қазақтың бос белбеу, ынжық, уайымшыл адамды "боркемік" деуі қисынды-ақ екен. Мешіттің бор қабырғасы әбден жұқарған кей жерлері тіпті тесілген. Қабырғаның ең жақсы сақталған жерінің қалыңдығы 15-ақ сантиметр.

Құрылысшылар оның ішінде реставрацияшылар тілінде цемент "өлі" материал "демалмайды" яғни, ауа жібермейді. Сонысына қарамастан ылғал тартқыш. Маңына жуысып кеткен жұмсақ материалды "жейтін" жебірлігі тағы бар. Енді не істеу керек? Алматыдағы ғылыми институт көмегіне жүгінуге тура келді. Олардың да шақшадай бастары шарадай болды. Өйтпегенде ше дәл Бекет Ата мешіті сияқты ғимаратты қалпына келтіру тәжірибесі жақын маңайда жоқ көрінеді. Тек осыған ұқсас бір жұмыс Римде жасалыпты. Соларға сұраныс жіберілді. Құдай қарасқанда олар бәлденген жоқ өздері қолданған ерітіндінің рецептін жіберді. Сөйтіп Рим келді Бекет Атаға.

Алайда бұл үлкен істің басы ғана еді. Рим ертіндісі ол күйінде бітім-болмысы мүлде бөлек Маңғыстауды "жатырқап" шыға келді. Сол жерде институттың лаборатория меңгерушісі Людмила Дубровскаяның бар білім-тәжірибесін жұмсап баққаны. 1812 жылы жарықтық Бекет Ата "іргелес орыс еліне ар жағынан жау тиіп, бастарына іс түсіп жатыр екен. Қол ұшын бермей қалғанымыз елдігімізге сын" деп елден көмек жинап жіберген ғой. Орыс қызы соның өтеуін қайтарды. Рим ерітіндісіне жергілікті жердің компоненттерін қосып өзі білетін тәсілмен "уыттап" жасаған жаңа ерітінді бор қабырғаға жымдаса кетті. Материалдың артықшылығы сол — "демалады" яғни, ауа кіреді бірақ сырттан ылғал жібермейді, іштегі ауаны шығарады, терлемейді. Сонымен сылағанда мешіттің қабырғалары қайта бұрынғы қалпын тауып жарқырап шыға келді.

Бүгінде осы ерітінді Қазақстан құрылысшыларының әлемдік деңгейдегі тамаша табысы ретінде бағаланып отыр. 2000 жылы шілдеде Өзбекстанда ЮНЕСКО өткізген бас қосуда оның патентіне ағылшындар жата кеп жабыссын. Он жыл бұрынға ашықауыздықтан арылған қазақстандықтар ақшасын төлеп патентті заңды жолмен сатып алуды ұсынды. Сөйтсе патент тіпті баға жеткісіз. Көне Альбион еліне қалтасын біраз қағуға тура келді. Артынша ертіндіні қырғыз ағайындар бұйымшылады. Сөйтіп Бекет Ата басында өмірге келген бір жаңалық жаңғырығы төрткіл әлемді шарлап кетті. Әзірге ол өзімізде пайдаланылып күмбез мазарлардың үгітілген жерлерін қалпына келтіруге қолданылуда.

Бор таудағы жарықтың да "емі" табылды, оның әр жері бұрғыланып тесігіне 2-25 атмосфера қысыммен ерітінді айдалды. Мамандар тілімен айтқанда, инъекциялау делінетін бұл "уколдан" соң шоқының тұла бойындағы тұтастық қалпына келді.

Тау үстінен мешітке дейінгі құлама жолдың кедір-бұдыр тұстарында тастан қиып немесе төсеп тепкішектер жасалды, тегіс жерлеріне қиыршық тастар төселді. Кезінде Атаның табаны тиді делінетін жалғыз аяқ жол сол қалпында қалдырылды. Жол бойындағы бұлақтың көзі ашылып тазаланып хәуіз жасалды. О баста мешіт алдында 200 адам намазға тұратын алаң болып уақыт оза шайылып кеткен екен, оның мүмкін болған жерлері қалпына келтіріліп ылдиға құлар ернеуі қалың қабырғамен бекітілді. Мешітке кіре берістегі қабырға сыртынан 25 метрдей қалыңдатылып қаланды.

— 1999 жылдың желтоқсанында Ата басына қасында "Өзенмұнайгаздың" президенті Мұрат Құрбанбаев бар облыс әкімі Ләззат Қиынов келді — деп еске алады Тұрлан Есқуатов — көріп ризалығын білдірді. Сол арада әкімге өзімнің көкірегімде шер болып қатқан бір қаупімді айттым. Төрткіл үстінде жарбай түйенің өркешіндей таты бір саз шоқы бар. Салмағын көзбен болжап шығарып қойғанбыз — 7 тоннадай. Ол алынбайынша мешіт төбесінен зілмауыр ауыртпалық басады да тұрады. Жұмыс тек оны алумен бітпейді, аршылған жерге тағы тер төгу керек. Әкім бұл ұсынысты қолдады. Мың болғыр "Қазтрансойл" басшылары 15 миллион теңге бөліп бұл шаруа да оңынан оралды.

Осы жерде Ата мешітін қалпына келтірудің нар жүгін көтерген Тұрлан Есқуатовты таныстыра кеткен абзал. Ол 1954 жылы Түрікменстанның Ташауыз облысы Ленин ауданында туған 1957 жылы Мырзашөлге қоныс аударған. Орта мектепті бітірген соң — армия. Жолы болғанда оның әскердегі жылдары өркениетті ел Германияда өтті. Көкірегі сәулелі, жас көзі көрген әсемдік әлемінен көп нәрсені көңілге түйе қайтты. Әскерден оралғасын Жызақ политехникалық институтының құрылыс факультетін бітірді. 1983 жылы атамекені —Маңғыстауға оралды. 1990 жылы облыстық реставрация ұжымының басшылығына келді. Қалың Арбат, Жамбауыл, Қырықкез, Қамысбай, Масат Ата, Ақшора-Белторан күмбездерін қалпына келтірді. Жоғарыдағы Шопан атадағы жұмыстарға басшылық жасады. Сөйтіп бұл Бекет Атаға келгенде қалпына келтіру жұмысының шын мәнінде өнерінің қыры мен сырына біраз қанығып әбден маманданып алған еді.

Ата басындағы жұмыстарды негізінен жергілікті жігіттер атқарды. Белгілі шебер Мақсұт Нұрқабаев, Жолдас Ғұбайдоллаев, Сайлау Қамбаев, Ізбасар Жолдасбаев сияқты жігіттердің құрылыстың басынан аяғына дейін тер төккендігін атап өткен лазым.

Елсіз далада айлап, апталап жатып жұмыс жасау оңай емес. Көмек болып жатыр, келіп жатыр дегенмен жетпестік болады. Жазатайым бас ауырып балтыр сыздай қалғанда дәрігер көмегіне де ділгірсің-ау ең азы. Құдай сақтап Ата жар болғанда бүкіл жұмыс бойы бір де бір ауырып, сырқау болған жоқ. Ең басты қиындық — жолдың қашықтығы. Оғланды мен Маңғыстаудың қара ойы арасындағы жол тіні үшеу — Жосалы, Шақпақты, Қызыладыр. Бұлар тек етегінде мешіт тұрған шың өрнегіне әкеледі. Мұнымен қажетті құрылыс материалдарын жеткізе алмайсың. Жалғыз аяқ соқпақпен әрі апару мүмкін емес. Демек, құрылысқа қажетті жүк жолы — шың етегін жиектеп оймен келу. Ертеректе осы бағытта жалғыз аяқ машина жолы бар еді, бірақ оны шөп басып жер бедері өзгерген. Ұмытылған жол торабын бақандай үш ай іздеуге тура келді, соның ізімен жаңадан жол салынды. Бұл өңір — ит-құстың ұясы. Құдай бетін аулақ қылсын жазатайым машина бұзылып жолда жалғыз қалған кісіге — қатер. Алла жолын оңғарғанда мыңдаған тонна жүктерді жеткізу кезінде бір автомашина да тоқтамақ түгілі, бұзылған да жоқ. "Жол азабын тартқан біледі" демекші осы жол тауқыметін тартудай-ақ тартқан жүргізуші қауымға да Ата аруағы қала берді ел риза.

Ата мешітінің қалпына келтірілуі Қазақстан құрылыс өнерінің ғылымының үлкен жеңісі болды. Тек Алматының өзінен оған 25 ғалым қатысты. Оларға да бүгін бүтін ұлтжанды ел "Нұр жаусын еңбектерің Алладан қайтсын" деген ақ тілеуін жолдайды.

Осылайша бір үлкен іс бітті. Әрине мәңгілік еш нәрсе жоқ. Мәңгілік — тек Жаратушының ғана еншісі. Ол жаратқанның бәрінің өлшеулі ғұмыры бар. Адам баласының қолымен жаралғанның, жасалғанның бәріне де түптің түбінде ақырын табу тән. Бірақ Жаратқанның кеңшілігі құдіреттілігі сол — адам баласына өнер, ғылым, талап сыйлаған. Өзі артықша жаратқан пенделерінің жақсы жасампаз істері жалғассын, бір ұрпақтың тұсында келген игіліктер, кейінгі ұрпақтарының да ұстануына, рухани қажетіне жарасын дегендегісі шығар. Алланың осы сыйын оның сүйікті құлы — Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының мәңгілік мекенін қалпына келтіріп ғұмырын ұзартуға жұмсаған осы ізгі іске үлес қосқан бүгінгі ұрпақтың барша асыл қасиеттері арттағыға жұғысты болғай!

АТА АСЫНА ӘЗІРЛІК БАСТАУЫ

1998 жылдың күзінде облыс әкімінің атына Мәдениет министрі Т.Мамашевтан хат келді. Онда 1999-2000 жылдары республикалық деңгейде атап өтілетін мерейтойлар тізбесіне енгізуге облыстан қандай шаралардың лайықтығы жөніндегі ұсыныстарын негіздеп, жылдамдатып жіберу сұралыпты. Сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Е. Күмісқали әкімшілік аппаратының бас маманы І. Шыртанов өлке тарихындағы елеулі оқиғаларды екшей келіп, Бекет Атаның 250 жылдық мерейтойын ұсынуға тоқтам жасап, министрлікке тиісті хат жолдады. Кеңсе шаңырағының астында дүниеге келген бұл ұсыныс көп ұзамай жария түрде жалғасын тапты. Облыстық "Маңғыстау" газетінің 1999 жылғы 23-қаңтардағы санында ұзақ жылдар облыста басшы қызметтер атқарып алдында ғана зейнеткерлікке шыққан Т. Мендібаевтың "Бекет Атаның 250 жылдығы" деген тақырыппен астына "оны атап өту ұрпақтың парызы" деген тақырыпшамен берілген көлемді мақаласы жарық көрді. "Ой салу" айдарымен берілген мақала бірден жұртшылық назарын аударып қоғамдық пікірге қозғау салды. Бекет Атаның 250 жылдығын атап өту жөніндегі пікірлер жергілікті ақпарат құралдары беттерінде телерадиохабарларда түрлі деңгейдегі жұртшылық жиындарында жиі айтыла бастады. Ұзамай Астанадан сүйінішті хабар да жетті: Пір Бекеттің 250 жылдығы 2000 жылы республика деңгейінде атап өтілетін шоқтықты бес мерейтойдың тізбесіне енгізіліпті. Мерейтойды өткізу жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Мәдениет ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен Маңғыстау облысының әкіміне жүктеліпті. Солай делінгенімен бар салмақтың жергілікті жерге түсетіндігі анық еді.

Маңғыстау облысының әкіміне
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҮКІМЕТІНІҢ КАУЛЫСЫ
ПОСТАНОВЛЕНИЕ ПРАВИТЕЛЬСТВА РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

1999 жыл 31 наурыз. № 344

1999 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлардың тізбесі туралы.

Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. 1999 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлардың тізбесі (бұдан әрі — тізбе) мақұлдансын.

2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен тізбеде көрсетілген іс-шараларды қаржыландыруды жүзеге асырсын.

Н.Балғымбаев

3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Н.Балғымбаев

Мына қызықты қараңыз: бес жыл бұрын Қазақстан Президенті Бекет Ата басына арнайы зиярат еткен сапарында Әбіш Кекілбаев ағасымен Елбасыға жолбасшы болып туған жердің тарихи-сәулет жәдігерлерімен, қайталанбас сұлу табиғатымен таныстыратын Бекет Ата жерасты мешітін қалпына келтіруге мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, қаражат бөлу керектігі жөніндегі бәтуаның басында болатын Ләззат Кетебайұлы Қиынов 1999 жылдың қаңтарында Президент пәрменімен екінші рет Маңғыстау облысының әкімі қызметіне тағайындалған еді. Тағдырдың сыйы деуге де, сыны деуге де тұрарлық бұл іске әкім бастаған ел азаматтары алғашқы сәттен-ақ үлкен ауызбірлікпен, іскерлікпен, жауапкершілікпен кірісті. Облыс әкімінің шешімімен Бекет Атаның 250 жылдығын дайындау және ұйымдастыру алқасының 21 адамнан тұратын құрамы бекітіліп, оның төрағалығына әкімнің бірінші орынбасары С. Керелбаев төраға орынбасарлығына, әкімнің тағы бір бірінші орынбасары Ж.Аманқұлов хатшылығына, облыс әкімі аппаратының маманы І. Шыртанов тағайындалды. Облыстағы барлық аудан қалалардың әкімдері қызмет бағыттары бойынша бірқатар басқармалар мен кәсіпорындардың ақпарат құралдарының басшылары алқа мүшелігіне енгізілді. Ата тойын атына, халқымыздың салтына, заманымыздың өрісіне сай атап өтудің мүмкіндіктері жан-жақты ойластырылып ақпарат құралдары беттерінде жазылған, ел ақсақалдарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесіп, кеңесуде айтылған ұсыныс-пікірлер сарапталып, қисынға қонымдылары таңдап алынған жұмыс бағдарламасы жасалды. Мерекелік шараларды ұйымдастыру мен іске асыру бірнеше бағыттарда өрбіді.

АКИМ МАНГИСТАУСКОЙ ОБЛАСТИ

РЕШЕНИЕ

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

ШЕШІМ

1999 жылғы 24.06
№ 165
Ақтау қаласы

Бекет Атаның 250 жылдығын ұйымдастыру және оны өткізу туралы.

"1999 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде Республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 наурыздағы № 344 қаулысын іске асыру мақсатында шешім етемін:

1. БекетАтаның 250 жылдық мерекесі 2000 жылғы наурыз айында өткізілсін.

2. Бекет-Атаның 250 жылдық мерейтойын әзірлеу және оны өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті төмендегідей құрамда құрылсын (N1 Қосымша).

4. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Б. Керелбаевқа жүктелсін.

Л.Қиынов

3. Бекет Атаның 250 жылдық мерейтойын әзірлеу және оны өткізу жөніндегі негізгі шаралардың жоспары бекітілсін (N 2 Қосымша).

№2 Қосымша Облыс әкімінің 1999 жылғы "24" Об. №165 шешімімен.

БЕКІТІЛДІ

БЕКЕТ-АТА МЕРЕЙТОЙЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКІЗУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗГІ ШАРАЛАРДЫҢ ЖОСПАРЫ.

1.Бекет Атаның 250 жылдығына арнап бұқаралық ақпарат құралдарында айдарлар ашу желілі хабарлар ұйымдастыру 1999/2000 жылдар — Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы, облтелерадиокомпаниясы, облыстық аудандық қалалық газет редакциялары.

2.Маңғыстау аумағында мұсылман дінінің таралуы және қасиетті Бекет-Атаның мұралары — 2000 жылғы мамыр — Ұйымдастыру комитеті облыс әкімі аппаратының қоғамдық-саяси жұмыс және агроөнеркәсіп кешені бөлімі, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы.

3. "Бекет-Ата және Маңғыстаудың тарихи ескерткіштері" атты деректі фильмді түсіруді және әзірлеуді ұйымдастыру — 2000 жылғы наурыз айы — Облыстық телерадиокомпаниясы облыстық мәдениет басқармасы.

4. Ақындар мүшайрасы мен күйшілер тартысын өткізу-2000 жылғы мамыр айы — Облыстық мәдениет басқармасы.

5. Бекет Атаның 250 жылдығына арнап кітап қабырғалық күнтізбе және буклет шығару — Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы облыстық мәдениет басқармасы.

6. Бекет Атаның 250 жылдық мерейтойына арналған суретшілер картиналарының көрмесін ұйымдастыру — 2000 жылғы — ақпан айы — Облыстық мәдениет басқармасы.

7. Бекет Атаның мерейтойына арналған "Ұлт және имандылық" деген тақырыпта әдеби-драмалық шығармалардың аймақтық байқауын жариялау және оны өткізу — 2000 жылғы сәуір айы — Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы, облыстық мәдениет басқармасы.

8.Бекет-Атаның жерасты мешітін қолдау және қорғау акциясын өткізу — 2000 жылғы шілде айы — Облыстық телерадиокомпаниясы, облыстық мәдениет басқармасы.

БЕКЕТ АТАНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ АЛҚАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ TІЗІMI.

1. Керелбаев Сақып Бүркітбайұлы — облыс әкімінің бірінші орынбасары, ұйымдастыру алқасының төрағасы.

2. Аманқұлов Жұмакелді Рахышұлы — облыс әкімінің бірінші орынбасары, ұйымдастыру алқасы төрағасының орынбасары.

3. Шыртанов Ізбасар — облыс әкімі аппаратының қоғамдық-саяси жұмыс және агроөнеркәсіп кешенінің маманы, ұйымдастыру алқасының хатшысы.

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

4. Бортник Михаил Михайлович — облыс әкімінің орынбасары

5. Мұқанов Нұрнияз — облыстық мәдениет басқармасының бастығы.

6. Бабаханов Жалғас Бисалыұлы — Жаңаөзен қаласының әкімі
7. Сейілханов Қыдырбақыт — Маңғыстау ауданының әкімі
8. Қалжанұлы Түменбай — Түпқараған ауданының әкімі
9. Нұрұлы Саламат — Қарақия ауданының әкімі

10. Әзірханов Басшы Айжанақұлы — Бейнеу ауданының әкімі

11. Сейбағытов Даржоқ — облыстық ауылшаруашылық басқармасының.

бастығы

12. Оңғалбаев Ғали — облыстық ауылшаруашылық басқармасының.

бастығы

13. Өтеғалиев Бақытжан — Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары.

14. Бриль Михаил Урчевич — "Местное время" газетінің бас редакторы.

15. Болашақ Жоламан — "Маңғыстау" газетінің бас редакторы

16. Қосниязов Дүйсен — Жаңаөзен қаласының мұсылман мешітінің бас имамы.

17. Қырымқұлов Сағын Ерқасұлы — "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының бас директоры.

18. Омаров Ахметхан — Ақтау қаласы мұсылман мешітінің бас имамы.

19. Оспанов Серік Жөмекұлы — Ақтау қаласының әкімі

20. Рзаханов Асқар Киікбайұлы — облыстық аппарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы.

Бірінші және басты бағыт — Атаның 250 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде мәселе көтеріліп ол ресми шешімін тапқанға дейін-ақ, қолға алынған Бекет Атаның жер асты мешітін қалпына келтіруді, төңірегін көріктендіріп, жүріс-тұрысқа жайлы ету жұмыстарын толық тиянақтап, Оғланды басында жаңа түнеухана мен мешіт кешенін тұрғызуды қоса қамтыды. Әрине мұндай үлкен шаруаны атқару үшін республикалық бюджеттен бөлінген баяғы 41 миллион теңге жетімсіз еді. Және мерейтойды атап өту үкімет қаулысымен республикалық мерекелік шаралар тізбесіне енгізілгенімен оған қажетті қаражат көзін табу жергілікті жерге яғни, өзімізге жүктелген болатын. Қаражат жинақтау мәселесі бойынша облыстық әкімшілікте одан әрі қалалық аудандық деңгейлерде жергілікті кәсіпорындар мен ұжымдар басшыларымен, кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдар жөне жұртшылық өкілдерімен кездесулер, нақты бәтуаласулар жасалып, еңбек ұжымдары ел арасында түсінік насихат жұмыстары жүргізілді. Облыс орталығындағы Абай атындағы мәдениет кешенінде Бекет Ата қорына қаражат жинақтауға арналған екі күндік акция өткізілді. Ақпарат құралдары арқылы да кең көлемдегі насихат жариялы жұмыстар жүргізілді. Бекет Атаның 250 жылдығына байланысты облыстық әкімшілікте өткен өлке жұртшылығы өкілдері бас қосқан кездесуде облыс тұрғындарына арнаған үндеуі облыстық аудандық қалалық басылымдарда әлденеше рет жарияланып, оған үн қосқандардың лебізі туралы ақпараттар тұрақты беріліп отырды. Айтылуының да кемі жоқ, айналайын, халықтың ірілі-ұсақты еңбек ұжымдарының "иә" десіп, үлес қосуларының да кемі жоқ бұл іс нәтижесінде Ата мерейтойын абыроймен өткізуге толық жететін қаражат жинақталды. Қаражат жөнінен қолы қысқалар құрылыс материалдарымен, күш-көлікпен, ақы-пұлсыз қызметімен ауыл адамдары малдай үлес қосты.

Бекет-Атаның 250 жылдығына байланысты облыстық әкімшілікте өлке жұртшылығы өкілдері бас қосқан кеңестің облыс тұрғындарына арнаған.

ҮНДЕУІ

Құрметті маңғыстаулықтар!

Халқымыз сан ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы жүзеге асқанын егемендік алғаннан кейін сезіне бастады. Тәуелсіздікпен өткен күндеріміз басталғалы тарихта кеткен есеміз еселеніп, қайтып алдымыздан азаттықтың ақ таңы атып, әуелі сөзбен айтқан тәуелсіздігімізді енді іспен дәлелдейтін кезіміз келді. Өзіміз де өзгердік жанымыз да жаңарды санамыз да сараланды.

Өркениетті ел болу халқымызға көп жауапкершілік жүктейді. Көпшілікке мәлім Үкіметіміз 2000 жылы көрнекті саяси қайраткер, көріпкел-әулие, ұстаз-ғалым, қол бастаған батыр, философ-абыз Пір-Бекеттің туғанына 250 жыл толуына байланысты республикалық деңгейдегі шараны өткізуді маңғыстаулықтарға тапсырды. Бұл бағытта бірқатар істер де тындырылды. Оғыландыдағы Ата мешітіне күрделі жөндеу жүргізілді. Алдымызда жаңадан мешіт пен түнеухана салу бұрынғы Ата мешітінің аумағының жарын нығайту, тау басынан етекке түсетін баспалдақтарды жөндеу тәрізді кешенді құрылыс ауқымын бітіруіміз қажет. Ал Атанын 250 жылдығын өткізу — өз алдына үлкен шаруа. Бекет-Атаны қадірлейтін елін-жерін сүйетін әрбір азамат бұл шарадан шет қалмайды — деп есептейміз.

Олай болса бұл істе белсенділік таныту, ақыл-ойға жеңдіріп жан-жақты өлшеп-пішіп, жүрек қалауымен көмек көрсету, әр азаматтың кәсіпорын мекеме басшыларының, жеке кәсіпкерлердің парасаттылығының өлшемі болары сөзсіз.

Сондықтан Бекет-Атаның 250 жылдығын өткізу үшін баршаңызды қаржылай демеушілік көрсетуге шақырамыз!

Қаржыны мына есеп шотқа аударуға болады:

КГП СНРПМ "Мангистауреставрацня"
РНН 430600051127 Р/сч 609156 МФО 192901029
Банк Казначейства г.Актау

Қолма-қол ақшаны мына адреске тапсыруға болады: "Маңғыстауреставрация" (дәрігерлер қалашығы 1-шағын аудан қарттар үйіне қарсы ғимарат).

Бекет-Атаның 250 жылдығына байланысты шараны өткізуге арналған облыстық кеңесте қабылданды.

Ең алғашқы 2 миллион теңгені "Тексако Норе Бузачи" компаниясы аударса, көп ұзамай-ақ "Маңғыстаумұнайгаз", Маңғыстау атом энергетика комбинаты, "Арман" қазақ-американ бірлескен кәсіпорны, ХРС "Қазтрансойлдың" Батыс бөлімшесі, "Қарақұдықмұнай", "Мұнайгазқұрылыс" тағы да басқа кәсіпорындар қолдай ала жөнелді. Әрине Атаның мерекелік шаруаларына қомақты үлес қосқан Рашид Темірболатұлы, Сәрсенов Сағын Ерқасұлы, Қырымқұлов жетекшілік ететін "Маңғыстаумұнайгаз" ашық акционерлік қоғамы және оның барлық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болды.

Салынып жатқан құрылыс кешені мен күрделі жөндеу жұмыстарына материалдар беру және оны Оғландыға дейін тасып жеткізуде "Заман" (Ү.Ахметова), "Бозашытехнологиялық көлік" (С.Мадияров), "Жетібай технологиялық көлік" (Е.Баймағамбетов), "Бұрғышы" (Р.Өткелбаев), " Маңғыстаумұнайжолдары" (С.Сихов), "Маңғыстау технологиялық көлік" (Қ.Сатмағанбетов), "Шегендеу" (М.Бәлдеков), "Арай" (С.Исатаев), "Нефтестрой" (А.Сағындықов), "Маңыстаумұнара" (В.Прокофьев), "Мұнайтелеком" (АСарсенов) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымдарының еңбектері тіпті ерекше. Бұл кәсіпорындардың қызметтерін үйлестіруде облыс әкімінің орынбасары М.М.Бортник пен "Маңғыстаумұнайгаз" ашық акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары С.С.Халиуллин аса іскерлік көрсетіп, көп тер төкті. Ал "Қазақтрансойл" компаниясының президенті Т.А.Құлыбаевтың жеке ұсыныс жасап қаражат бөлуінің оның Батыс бөлімшесінің Ф.А. Мамонов басқаратын ұжымының күш-қайратының нәтижесінде Шопан ата қауымында мешіт пен қонақүй құрылысы басталып, қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Облыста Ата қорына бір-екі күндік еңбекақысын қоспаған қызметкер, жұмыскер кем де кем зейнетақысынан үлес бөлген зейнеткерлер құдайдың бергенін Ата аруағы қолдағанының қадірін біліп, қарымына қарай қалтасы көтергенше қаражат аударған кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар өзге аймақтардан қаражат жолдаған қандастарымыз бәрі-бәрінің аттарын атап шығу мүмкін емес және оларға деген алғыс та шексіз. Атаның аруағы жебеп, Алланың нұры жаусын баршаңызға!

Бұл орайдағы өлінің аруағын асқақтатып, тірінің мерейін көтеріп атқарылған істердің көрнектісі Ата мешітінің қайтадан қалпына келтіріліп, ұрпағының рухани мұрасына айналуы болса, оның бүкіл мән-жайын жоғарыда баяндадық. Ендігі әңгіме желісін Оғланды басында қазіргі заман үлгісіндегі мешіт пен түнеухана, тұрмыстық қызмет орындарын салудың қалай жүзеге асқандығы тақырыбына бұрмақпыз.

АТАНЫҢ ЖЕТІ КҮМБЕЗДІ ЖАҢА МЕШІТІ

1999 жылдың 25-желтоқсанында Бекет Ата жер асты мешітін қалпына келтірудің қалай жүріп жатқандығымен танысу мақсатында Оғландыға облыс әкімі Л.Қиынов қасында Жаңаөзен қаласының әкімі Ж.Бабаханов, "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының президенті М.Құрбанбаев, басқа да бірқатар жауапты басшылар бар келе қалды. Ғимараттың ішкі жұмыстарының барлығы сырттағы шаруалардың дені жасалып болған кез еді өкім біткен істі көріп, жігіттерге ризашылығын білдірді, қандай жетпестіктер барлығын, не көмек керектігін сұрастырды. Құрылысты жүргізіп жатқан Т. Есқуатов та, Ата мешітінің шырақшысы Тұрғанбай Сәулеұлы да ескі түнеухананың жылдан-жылға көбейіп келе жатқан зиярат етушілерді орналастыруға тарлық ете бастағанын алдымен ауызға алды. Алыс жолдан шаршап-шалдығып жеткен кісілердің мұсылманшылық шартына сай дәрет алып, намазын оқып әдейі арнап келгендегі рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай тудыратындай мүмкіндіктер аз. Бұл әңгіме жоғарыдағы түнеухана үйінде жалғасты.

Басшы азаматтар тәу етуге келген кісілердің желтоқсанның сол бір қара суық қысып, өкпек жел өңменінен өткен аязды түнінде әудем жерге дәрет алуға шыға алмай кіріптар болып отырғандықтарын өз көздерімен көрді. Аязды қыстың ұзақ түнінің ортасына дейін созылған өзара кеңестің қорытындысы Оғландыда жаңа түнеухана дұрысы ішкі мәніне сыртқы сәні сай рухани орда салу керек деген мәміле болды. Осы арада Тұрлан да талайдан көкейінде жүрген арманының тор көзді дәптер бетіне түсірілген жобасын — болашақ мешіт пен түнеухана нобайын жиналғандар назарына ұсына қойды. Болашақ ғимараттың нобайы әкімдерге ұнады. Айналадағы ортамен үйлесімділігіне тазалығы жоғары, тұрмыстық жағдайы қолайлы болуына байланысты бірқатар ұсыныстар айтты Тұрланға жобаны нақтылап әбден кемеліне келтіруге тапсырма берді. Көптеген іске жанашыр адамдардың ойымен байытылып, мазмұндық жағынан да сәулеттік көркемдігі мен тұрмыстық қолайлылығы жөнінен де сәтті шешімін тапқан құрылыс жобасы қыс аяғына қарай бекітілді.

Осы екі аралықта асты ұйымдастырушылар ақылдаса келе Үкіметке Бекет Атаның 2000 жылдың наурыз айына белгіленген мерейтойын қыркүйекте өткізуге мұрсат сұрап хат жолдады. Өтініш қабылданды. Ендігі жерде облыс жұртшылығы сұрап алынған алты ай мұрсаттың әрбір күнін әр сағатын санап Пір Ата аруағы құрметіне қолға алынған істерді тиянақтылықпен аяқтауға мерекелік асқа соңында ұстанатын игілік санада ұялаған ізгілік қалатындай әзірлік жасауға жұмылды.

Бас мердігер — "Өзенқұрылысинвестің" құрылысшылары ғимарат іргетасын құюды алғаш сәуір айында бастады. Содан қызып берген құрылыс жұмыстары жаз айларында ең қауырт шарықтау шегіне жетті. Құрылыс басында күн сайын 120-150 адам таңның ала шапағынан ымырт үйіріліп, көз байланғанша еңбек етті. Күн белсенділігі әдеттегіден айрықша артып құрылыс біткен тамыз айының аяғына дейін өкпені деміктіріп, миды қайнатқан шілденің аптабында тері шүмектеп жүріп жұмыс істеген жігіттердің; төзімі мен қайратында шеберлігінде шек, Ата шаруасына деген ықыластарында қылау болмады. Құрылыс материалдарымен жабдықтауда да еш кідіріс болған жоқ уақытпен санаспастан еңбек еткен жүргізушілер Оғландыға құрылыс материалдарын тасу үшін Ақтау мен Жаңаөзеннен бес жүзден астам рейс жасапты! Осындай ұйымшылдық пен ерен еңбектің арқасында жаңа мешіт пен түнеухана кешені айналасы төрт айда дайын болды. Қабырғасы Өзеннің аппақ ұлутасынан қаланып, төбесін жеті көгілдір күмбез көмкерген ғимараттың ішкі сыртқы көркемделуі мен безендірілуіне осы күнгінің озық үлгідегі сәнді құрылыс материалдары пайдаланылды. Ерлер мен әйелдердің дәрет алып, намаз оқитын түнемелік орындары бөлектелген, оңашада Аллаға құлшылық етіп, Ата аруағына сыйынудың да мүмкіндігі қарастырылған бәрі де лайығына қарай мұсылмандық үрдіспен көркемделіп, сенімді жарық және жылу көздеріне қосылған. Мешіт айналасындағы едәуір жер аумағы қалақ тастармен қапталып, кіре беріске және төмендегі Атаның мәңгілік мекеніне бастайтын аяқ жолдың басына шығыс үлгісіндегі қос қақпа орнатылды. Ескі түнеухана үйі де қайта жөнделіп жаңғыртылды.

Жаңа кешен тұтастай дерлік Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорын мекемелердің күшімен салынды. Оның бас демеушісі М. Құрбанбаев басқаратын "Өзенмұнайгаз" ашық акционерлік қоғамы болса, бас мердігері М.Қыдырбаев жетекшілік ететін "Өнерқұрылысинвест" қазыналық кәсіпорны еді. Қосалқы мердігерлікке Алматы қаласындағы "Байқоңыр" (Е.Лим) құрылыс фирмасы тартылып, олар да сенімнен шықты. Аталған кәсіпорындар ұжымдарына қоса "Жолсервис" (К.Алдабергенов), "Ержан және К" (С.Ысқақов), АТА (О.Әуелбаев) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, "Өзенэнергонефты" (К.Биманов), "МАК" акционерлік қоғамы (Н.Борсанов) тәрізді мердігерлердің үлкен ықыласпен үлкен істер тындырғанын атап көрсеткен жөн.

Құрылыстың салыну кезеңінде де одан кейінгі асқа дайындық пен оны өткізуде де Жаңаөзен қаласының әкімі Ж.Бабаханов пен оның бірінші орынбасары Б. Өтеғалиевтың, М. Құрбанбаевтың ұйымдастырушылық қызметтері жоғары деңгейде болды. Нәтижесінде барша жаңаөзендіктер Ата асының әзірлігі мен өткізуіне бір кісідей жұмылып, бірлік пен берекеліктің үлгісін танытты. Осылайша Үстірттің дөңі мен Маңғыстаудың қараойының киелі қиылыс нүктесінен бой көтерген Пір Бекеттің Жаңа мешіті Ата уағыздаған мұсылманшылықты рухани тазалық пен қайраттылықты, жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін мыңдаған мінәжат етушілер, жан саясын табардай шуақты ғибадат орнына айналатындығына күмән жоқ.

Екінші және ең ауқымды бағыт — Ата асының өтетін мерзімін белгілеп, халыққа хабарлаудан бастап бүкіл ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарын қамтыды. Бұл кітаптың жазылуындағы мұрат та, бүгінде аңызға айналған астың ақиқатын ұлттық үрдісі мен ұйымдастыру үлгісін қалың жұртшылық біліп, кезі келгенде керегіне жаратсын деген ойдан туғандықтан бәрін рет-ретімен баяндалық.

Астың өтетін мерзімі мен жерін белгілеуге қатысты әртүрлі пікірлер болды. Іргелес мемлекеттер мен оңтүстік өңір тұрғындарынан Ата асы тамыз айында, күзгі жиын-терім науқаны басталғанға дейін өткізілгені ыңғайлы деген ұсыныс түсті. Халықтың және көзі қарақты ақсақалдардың азаматтардың ойларын білу мақсатында облыс әкімі Л.Қиынов арнайы жиын өткізіп, онда айтылған ұсыныстар сараптала келіп, мерекелік шараны өткізу мерзімі 8-9 қыркүйекке белгіленді. Бұл мерзімге таңдау жасалғанда асқа әзірліктің толық тиянақталатындығы жергілікті жер мен шаруа жайы ауа райы жағдайлары ескерілді.

Облыс тұрғындарының назарына!

ҚЫМБАТТЫ ЖЕРЛЕСТЕР!

Баршаңызға белгілі Бекет Атаның 250 жылдың тойына аз уақыт қалды. Соған орай Оғланды басындағы құрылыс жұмыстары қарқынмен. кідіріссіз жүруде. Жаз айлары болған соң алыстан келіп зиярат етушілер көп. Оның тойға дейін аяқталуға тиісті ауқымды жұмыстарды тез атқаруға кедергісі болып тұр.

Сондықтан 8-9 қыркүйекте Ата тойы: өткенше облыс тұрғындарынан шама келсе, Оғландыға баруды шектеу сұралады.

ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРУ АЛҚАСЫ
ХАБАРЛАНДЫРУ
ОБЛЫС КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ НАЗАРЫНА

Осы жылғы 8-9 қыркүйекте Сенек жерінде Бекет-Атаның 250 жылдығына арналған мерекелік-шаралар өтеді. Мерекеге қонақтар көп келеді деп күтілуде. Осыған байланысты аталған жерге сувенирлер, тамақ, түрлі сусын (арақ-шарап, сырадан басқа) сатуға атсалысуларыңызды сұраймыз.

ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРУ АЛҚАСЫ.

ТОЙҒА ҚАТЫСУШЫЛАР НАЗАРЫНА!

Бекет Атаның қыркүйек айының 8-9-ы күндері өтетін 250 жылдық тойына байланысты Сенектік Сұмса жерінде киіз үйлер қалашығы бой көтереді. Тойға Қазақстан: Республикасының түпкір-түпкірінен және көршілес Республикалардан қонақтар күтілуде.

Өртке қарсы қызмет басқармасы той шаралары. кезінде өрт қауіпсіздігін қатаң қадағалауды ескертеді.

— Өрт: қауіпсіздігін сақтаудың алғашқы құралдарымен қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз және талап етеміз.

—Ошаққа от жағу кезінде өрт қауіпсіздіктерін естен шығармауларыңыз сұралады.

— Сұйық жанар-жағар майын және газ баллондарын пайдалануға рұқсат берілмейді.

Өртке қарсы қызмет басқармасының инспекторлары «Өрт қауіпсіздіктері жөнінде» нұсқаулық өткізеді.

МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН АҒАЙЫНДАР

БЕКЕТ АТА ҚОЛДАП, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДАН АМАН САҚТАСЫН

Жер таңдау кезінде автокөлікпен де жаяулай да жүздеген шақырым жол жүріп ұзақ таңдауға тура келді. Ақырында Жаңаөзен — Сенек автожолынан онша қашық емес су көзіне де, электр жүйесіне де жақын жатқан Сұмса жеріне тоқтам жасалды. Ас ерте күзде өткізілетіндіктен шөптің қуаң тартып, жердің шаңы болуы мүмкіндігі ескеріліп, осы құмақтық таңдалды және ол Бекет Атаның мәңгілік мекені орналасқан Қарақия ауданының аумағында еді.

Асқа шақыруда ұлттық үрдіс ұсталынды. Кітаптың алғысөзінде баяндалғандай бұрындары алдын-ала жиында ас хабары таратылғаннан кейін ас иесі ауыл-ауылға қайтадан ат шаптырып, хабаршы жібермеген. Ұйымдастыру алқасы "Асқа шақыру қағазын пәлен алыпты, біз алмадық" деген секілді өкпе-наздың туындамасы үшін асқа шақыру хабарын, қазіргі заманның байланыс ақпарат құралдарын пайдалана отырып жалпыға бірдей жария етуді ұйғарды. Республикалық "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" облыстық және қалалық аудандық газеттерде Бекет Атаның мерекелік асына шақырған хабарландырулар әлденеше рет жарияланып тіпті, "Интернет" арқылы да таратылды. Кейін ас кезінде анықталғанындай Еуропа мен Азияның алыс елдерінен келген қонақтар Ата асына шақыру хабарын нақ осы "Интернет" арқылы білген болып шықты.

Асқа келген меймандарды орналастыру үшін 450-дей киіз үй тігу жоспарланды. Тігілетін үйлердің көптігін ескеріп, мерекелік шаралар өтетін орындардың арасы жақын болуын, адамдардың бір-бірімен еркін кездесіп, ас қызықтарын барынша көбірек тамашалауын қамтамасыз ету мақсатымен бұрын Маңғыстау өңірінде қолданылмаған киіз үйлерді көше етіп, орналастыру әдісі пайдаланылды. Сөйтіп, Ата асы өтетін үлкен ауылдың жалпы пішімі жарты ай кескініне келтіріліп, жеті шағын ауданға бөлінді. Әр киіз үйді тігетін қазан-ошағы мен қызметтік шатырларын орналастыратын өрісі, әжетхана мен қоқыс төгетін шұқырларының орнына дейін жобаға сызылып, соған сай жарық желілері тартылды.

Асты ұйымдастырушылардың өте мұқият көңіл бөлген мәселелерінің бірі — киіз үйлер тігіліп, мерекелік шаралар өтетін сахналар орналастырылатын ат бәйгесі, қыз қуу өткізілетін орындарды алдын-ала дайындау болды. Ай шеңберлі ауылдың маңдай тұсына алып сахна орнатылып, көрермендерге орындықтар қойылған екі гектар жердің бұтасын Сенек ауылының азаматтары шотпен шауып тазартты. Бәйгі алаңына бірнеше күн бойы дүркін-дүркін су таситын машинамен су шашылып, үстінен ауыр салмақты техникалар жүргізіліп топырағы нығыздалды.

Жаңаөзен — Сенек тас жолынан шығып, Сұмсаға баратын далалық жол да өте алаңдатарлықтай еді. Өйткені, екі ара қатқыл бұйырғындық болғанымен, мыңдаған автокөліктер жүріп бергенінде жол табаны лезде борпылдақ құмға айналып, көтерілген шаңнан қарға адым жер көрінбесі әбден ықтимал-ды. Сондықтан жол екеу: біреуі — баратын, екіншісі — қайтатын бағытта жасалды, кейбір тұстарына қайыр төселіп тегістелді. "Өзенмұнайгаздың" 10 тіркемелі автокөліктері екі апта бойы 40 шақырымға су тасып, жолдың өн бойына себелеп, табанын таптады. Автокөліктер қозғалысының қауіпсіздігі осылайша қамтамасыз етілді. Жеңіл автокөлігі, ауыр жүк және арнайы автомашиналары бәрін қосқанда алты мыңға жуық көлік жүріп тұрған жол бойында бір де бір жол оқиғасы тіркелмеуіне мұның зор септігі тиді.

Айдалада ас беріп жатқан ауылға мыңдаған тонна су жеткізу де оңай шаруа емес-ті. Ұтымды ұйымдастырудың бұл қызметке тартылған азаматтардың Ата асына қалтқысыз қызмет етуге деген ықыласының нәтижесінде бұл да еш кедергісіз шешімін тапты. Сенекпен арада дамылсыз қатынаған су тасушылар малды да, жанды да судан тарықтырған жоқ.

Әзірлік кезіндегі сияқты астың мерекелік шаралары өтетін күндері де осы заманғы байланыс құралдарын кеңінен пайдалану ескерілді. Облыстық ұйымдастыру комиссиясының штабы орналасқан үйде Жаңаөзен-Ақтау қалаларымен телефон байланысы орнатылды. Бас штабтан бастап барлық аудан қалалардың тәртіп сақтау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету басқа да ондаған маңызды жұмыс орындары мен жауапты қызметкерлер ұялы телефондармен "қаруландырылды". Мұның өзі асты басқару, ұйымдастыру қонақтарды орналастырып, өзара хабар алмасу жағдайға байланысты шұғыл шешімдер қабылдау ісіндегі жеделдік пен жинақылықты арттырып, мерекелік астың бүкіл барысын қадағалап отыруға мүмкіндік берді.

Әрине, біржарым жылдан астам уақытқа созылған асқа әзірліктің барлық бүге-шүгесін тізбектеп, баяндау міндет те, мүмкін де емес. Атқарылған жұмыстардың ендігі бір барысымен ас үстінде таныстырғанды жөн көрдік.

Реті келгенде, аудан аймағында өтетін үлкен шараны қайткенде Атаның атына халқымыздың салтына сай өткіземіз деп тынымсыз қызмет еткен Қарақия ауданының әкімі С.Нұров, "Сенек" акционерлік қоғамының директоры Қ. Наурызмағанбетов, Сенек ауылының әкімі С.Әбішев бастаған азаматтарға терең ризашылығымызды білдірген жөн. Киіз үйлерді орналастыру, көркемдеп безендіру, орталық сахнаны жеткізіп, құрастыру автомашина жолдарын бәйге алаңын тегістеп мыңдаған көрерменге арналған орындар жасауда уақытпен санаспастан үйлесімді іс тындырған Жаңаөзен қаласының бас сәулетшісі Қ.Жабаевқа, "Ремсервис" (В.Чекашов), АТА (О.Әуелбеков), "Имсталыкон" (Б.Исин), № 3 ШҚҚБ (К. Айтмұқанов), "Маңғыстаудорсервис" (К.3амбиди), "Автобус" (Ж. Машқұлов) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұжымдарына қандай алғыс айтса да тұрарлық.

Ақтау — Сұмсаға автобустар жүреді

Бекет Атаның 250 жылдық мерекесіне баратын жолаушылар үшін автовокзалдан (28 ш/аудан) 8 қыркүйек күні, Ақтау — Сұмса маршруты бойынша автобустар таңертеңгі сағат 07.00-ден 10.00-ға дейін жүреді.

Кешкі сағат 18.00-де Сұмсадан — Ақтауға автобустардың кейін жүретіндігі хабарланады. Билет құны 300 теңге.

ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІ

СҰМСА

Кең Маңғыстаудың құйқалы өңірлерінің бірі — Сұмса. Ұлы Жібек жолының бір тармағының бойында айналасын ақ қыраттар көмкеріп жатқан қоңыр жазықтық қашаннан елге қоныс, малға өріс болған. "Маған келетін кісі ең әуелі жолдан Шопан атаға соғып, тәуап етсін" — деген Пір Бекет өсиетіндегі қасиетті Шопан атаның мәңгілік мекені Сұмсаға іргелес. Бұл өңірдің құмы мен қыратын түртіп қалсаң аңыздың тиегі ағытылып жүре береді. Оғыздар заманынан жеткен аңыздың айтуынша таңертеңгілік көлеңкесі сонау күншілік жердей Қарағантүбекке жететін, Ерсары батыр алып денесіне Сұмсаның мақпал құмдауытын төсеніш етіп, қазанының қос құлағын Шопан ата маңындағы Ұлы кіндік, Кіші кіндік деген екі тауға асып салып сорпа бетіне шыққан көбігін елу шақырымдай әріде жатқан Қорғанбай ойпатының табанына қалқып тастап отырады екен... Сұмсаның ілгері алдындағы биіктігі кісі бойынан асатын діңгек тас сол Ерсары батырдың қайрағының сынып түскен ұшы-мыс. Ерсары қайрағының тұрған жері кезінде оғыз тайпаларының ас-жиын өткізетін жері екен. Бартольд сынды ғұлама ғалымның дерегіңде Ерсары — XII ғасырдағы түрікменнің салор руының ақсақалы көсемі, дін таратушы. Қазіргі түрікмен халқының құрамындағы Ерсары руын шежіре, оның жалғыз қызы Манап сұлудан дүреген ұрпақ деп түсіндіреді.

Кейінірек оғыздар кері ығысып Маңғыстауды қазақтардың қайтадан қоныстана бастауымен жер атауларына да өзгерістер ене бастаған. Көз кідірер ойпаң мен дөңді қырат пен жонды атаусыз қалдырмайтын бабаларымыздың айдар тағуымен Сұмсаның батыс құбыла бетіндегі дөң — "Шалабай" атанған белгілі геолог ғалым марқұм Саламат Шалабаевтың аталарының күзгі, көктемгі қонысы. Дөңнің шығысқа қарай құлай берісіндегі "Шалабай бұлағы" атты бұлақтың жосығы әлі күнге сақталған. Оның құбыла бетінде — Көшбай бұлағы. Шопан ата мешітінің алдындағы суағар сай бойындағы тұщы сулы құдықты кезінде Бабық Мыңбай батыр қаздырған деседі. Сол Бабық Мыңбай батырдың елге мұсылман ілімін таратушы, сұпылық жолын ұстанған інісі Таймасқа арнап салдырған мешітінің орны да — Сұмсада.

Бекет Атаның туғанына 250 жыл толуына байланысты Сенекте өткізілетін мерекелік шаралар.

БАҒДАРЛАМАСЫ

5-7 қыркүйек.Киіз үйлер қалашығын барлық жабдығымен көрсетілген жерге орналастыру.

8 қыркүйек.Қонақтарды қабылдау 10-00

Бекет-Атаға арналған көрмелерді тамашалау (фотокөрмелер, көркем суреттер көрмесі) 11.00-19.00.

Түскі ас беру 12-00

Қарақия, Түпқараған аудандары мен Ақтау қаласы сахналарындағы түрлі мәдени-спорттық шаралар 13-00.

Мерекенің салтанатты ашылуы 15-00

Қазақша күрес (іріктеу жарысы) 16-00

Маңғыстау Бейнеу аудандары мен Жаңаөзен қаласы сахналарындағы түрлі мәдени-спорттық шаралар 16-00.

Кешкі қонақасы 18-00
Ошақ бәйге. (20-25 шақырымға) 19-00
Мерекелік концерт 20-00

9 экранды теледидардан Бекет-Ата фильмдерін және той көріністерін тамашалау. 21-00.

Кешкілік қонақасының жалғасы 22-00
Демалыс 24-00
9 қыркүйек Таңертеңгі ас 7-00
Аламан бәйгі (40-45 шақырымға) 8-00

Жорға бәйгі(10 шақырымға) 10-00
Қыз қуу, теңге алу 10-40
Қазақша күрестен финалдық жарыстар 11-30
Түскі қонақасы, бата оқу 12-30

Мерекенің жабылуы 15-00
Облыстық Ұйымдастыру алқасы

Жері бір жағынан адырлы, екінші жағынан ақар-шақар ақ шыңдар көмкерген арқасында құм жоталары сұлаған, табан асты құмайт бұл маңайдың қонысты жылдардағы көктемі мен қоңыр күзін көрсең ғой шіркін! Алуан түрлі өсімдігімен қызылды-жасылды реңкке боялып, құлпырып жататын көркі өз алдына көктемде әр бұтаның түбінен өрген қозының күзде құйрығы диірмендей тоқтыға айналатын құнарлылығы мен тоқшылығын айтсаңшы! Төрт түлік малдың бағымын да қадірін де білетін бабаларымыздың мұнда мал жұтатқаны сирек. Осы маңнан төлін аяқтандырып алған көшпелі ел иек астындағы Үстірттің шыбынсыз жазына, терең кәусарына жеткесін аса бір қуаңшылық қыспаса ойға қар түсе ғана құлаған. Мал жерге бітеді десек, қазан төңкерісінен соңғы жылдары осы маңда отырған Шегем Шотықбайдың жылқысының өзі үш жарым мыңға жетіпті. Ең жарлы деген шаруаның да қыдырма қонаққа пышақ қаңдар шамасы болған. Көп бай түйесін саууға ерініп, ботаға емізген құлын бие құрық көрмеген. Жарықтық Бекет Ата Оғландыға барып, ел шетінен мешіт салып: "Менің ақиреттік мекеніме жат аяғы тимесін" — дегенде жерінің осы қасиеті мен киесін ұғынып, ұрпағына еншілеп қойған екен де!..

БЕКІТЕМІН

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары, ұйымдастыру комиссиясының төрағасы С. Керелбаев.

4.07.2000 ж.

Бекет Атаның 250 жылдығына байланысты «Сұмса» жеріндегі ипподромда өтетін ат жарысының(бәйгенің)

Ереже шарттары

Аламан бәйге – 40-45 км. 8-9 айналым
Жорға жарыс – 10 шақырым 2 айналым
Ошақ бәйгесі – 20-25 км. 4-5 айналым
Қыз қуу

Жарысқа жақсы жаратылған кез келген тұқымның төзімді аттарын алуға болады.

Бәйгеге қосылатын аттар 7-8 қыркүйек күндері 16-дан 20-ға дейін тіркеуден өтеді.

Жарыс 9 қыркүйек күні 8.00 сағатта басталады.

Ошақ бәйгесі – 8 қыркүйек күні 19.00 сағатта басталады.

Аттың нөмері
Аттың түсі, аталуы
Аттың иесі, Аты-жөні
Келген жері, мекемесі

Шабатын бала, Аты-жөні
Жүлделі орны
Сыйлығы

Малдәрігерлік пунктінің рұқсат еткендігі жайлы анықтамасы болмаса, аттары бәйгеге жіберілмейді.

Егер аттар сөреден қатар өтсе, атының басы сәл алға келген шабандоз жеңген болып есептелінеді.

Жарысып келе жатқан кезде қашықтықты азайтуға (іштен кетуге), екінші адамның атын қамшымен ұруға болмайды. Шауып келе жатқанда қуу шылбырынан тартып, сүйреуге тыйым салынады.

Осы және басқа ережелерді бұзған шабандоз жарыстан шығарылады. Осылардың барлығын төрешілер бақылайды.

Жорға жарысқа әбден дағдыланған 18-ден жоғары адамдар қатыстырылады.

Егер алдыңғы топтағы аттар соңғы топтағы аттарды қуып жетіп басып озса, ондай жағдайда бір айналымы кем қалып қойған аттар жарыс жолынан шығарылады. Оны төрешілер күшейткіш аппаратура арқылы хабарлап отырады.

«Қыз қуу» жарысының ереже шарттары

1. Жарысқа қатысатындарға қойылатын талаптар:

-ұлттық киімдерімен;

- қыз бен жігіт атқа шаба алатын,бұрын жарыстарға қатынасқан;

- жас шамасы 18-25 аралығында;

- ат, ер-тұрманы мен қамшылары болуы керек.

2. Жарыстың қашықтығы — км,

бірінші көрініс:

- қыз мәренің алдыңғы жағында тұрады.

қыз бен жігіттің; арақашықтығы — метр.

Жігіт қызды қуып жетіп, бетінен сүюі керек.

Екінші көрініс : Егер жігіт қызға жете алмай қалса, көрсетілген қашықтық белгіден жігіт кейін қарай қашады, қыз жігітті қуып жетіп қамшымен ұру керек .

Ескерту:жарысқа әр аудан, қала бір-бір жұптан қыз, жігітті аттарымен дайындау керек.

Ата-бабаға осылайша құтты қоныс болған Сұмсаға қасиетті Бекет Атаның мерекелік асын өткізетін орын ретінде таңдаудың түсуі де кездейсоқтық емес. Жерінің жазықтығы топырағының құмайттығы үстінен жоғары кернеулі электр желісінің өтіп жатқаны іргесінде тұщы да табиғи татымды Түйесу су көзі арқасын жанай өтіл жатқан Жаңаөзен — Сенек асфальт жолының қатынасқа қолайлылығы — бәрі-бәрін шотқа қаға келгенде, Сұмсаның ұпайын арттыра берген.

Маңғыстаудың ойы мен қырынан ағылған көштің алды қыркүйектің үшінде керегесін керіп, шаңырағын көтерген соңы қыркүйектің алтысына жүгін жинап, жеті ауыл жартылай дөңгелене қалған Сұмсаның кең жазығының мал мен жанға толып, шұрқыраса қауышып жатқан мыңдаған адамдардың ізгілікті рәуішіне елти еміреніп жатқандағы бекзат болмысын, сән-салтанатын бүгін айтсаң ертегі сияқты. Енді сол ертегідей көрінген ұлы жиынның шежіресін көзайым дәстүр — қызықтарын рет-ретімен баяндалық.

АСТЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ

Қыркүйектің сегізі. Түс ауа асқа жиналған халық ауылдың маңдай тұсындағы Бас сахнаға қарай ағыла бастады. Ертерек барып орын алып отырған аяқ үстінде тұрған жұртта қисап жоқ. Аумағы ат шаптырым дерлік алып сахнаның безендірілуін мерекелік қам-қарекет құшағындағы ауылдардың әудем жерден қарағандағы тіршілік сәнін тамашалап, алқа-қотан әңгіме құрып, астың басталуын күтуде. Үш жарымдар шамасында аспан гүрілдеген үндермен жаңғырығып, Оғланды бетінен ұшып келе жатқан тікұшақтар тобы көрінді. Астана мен Алматыдан арнайы келген сый қонақтардың Ата басына зиярат етіп, қайтып келе жатқан беттері екен. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы алаштың біртуар азаматы Әбіш Кекілбай, белгілі қоғам қайраткері Өмірбек Бәйтелді ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің небір аймаңдай тұлғалары, өзге де қадірлі меймандар күтіп тұрған елмен амандасып, сахна төріне өтті. Пір Бекет Мырзағұлұлының 250 жылдығына арналған салтанатты асты Маңғыстау облысының әкімі Ләззат Кетебайұлы Қиынов кіріспе сөз сөйлеп ашты.

Маңғыстау облысының әкімі Ләззат Қиыновтың мереке салтанатын ашқанда сөйлеген сөзі:

"Құрметті халайық!

Алыс-жақын шартараптан келген туысқандар, бауырлар! Қадірменді сый меймандар!

Елімізге, жерімізге дүбірлеп келіп жатқан мынау ұлан тойымыз, ұлағатты үрдісіміз оңынан болғай! Еңсесі көтеріліп келе жатқан тәуелсіз еліміздің осынау намысын жаныр, елдігін таныр бірлігін баянды етіп, ұлыларын аяулы етер даналарын даралап, асылдарын бағалап арқалы болып арқаланар шағында Аруақтарға Әулие-Әмбиелерге сүйенуі олардан бойға күш-қуат дарытуы — Аталар жолы.

Сіз бен Біздің бүтін ел дүйім жұрт болып бүгінгі бас қосуымыздың мәнісі де осында. Ұлысқа ұран ұлтына мақтаныш болған қайталанбас қасиет иесі—Пір Бекет Атаның 250 жылдығын атап өту мәртебесі баршамыздың пешенемізге жазылған перзенттік те, азаматтық та парыз әрі зор бақыт болып отыр.

Осы орайда оңтайы келіп тұрған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан мынадай терең мағыналы сөз бар; "Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан тарих көшінің жүрісін ғана андап қоймаймыз, оның рухын тынысын сеземіз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да, оны орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас бір дәуіріне татыған халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған, ел тарихының шамшырақтары болған..." — дей келіп осындай шапағат нұрын шашып өткен шамшырақтардың қатарына Ұлыс Ұраны Бекет Атаны да жатқызған болатын.

Ұлы Ата тойына дайындық барысында бүгінгі ұрпақ тағы біршама оңды істер тындырғанын ризашылық сезіммен атап айтқымыз келеді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Республика бюджетінен өзі бөлдірген 41 миллион теңге өткен жылы Оғландыдағы құлау қаупі төнген Ата мешітін қалпына келтірудің бірінші кезегіне жұмсалса, биылғы жылы "Қазтрансойлдың" Т.А.Құлыбаев, Ф.А. Мамонов тәрізді басшылары бұл жұмысты аяқтауға қомақты дәрежеде қаржы бөлді. Осы жерде әсем де сәулетті түнеухана мешітімен тұтас бір кешенді құрылыс болып бой көтерсе, мұнда Н.Ө.Балғымбаев жетекшілік ететін "Қазақойлдықтар"еңбегі елден ерек. Ал құрылысты қарқынды да сапалы түрде салып бітірген Ж.Б.Бабаханов пен М. І. Құрбанбаев бастаған жаңаөзендіктерге Атаның өзі де риза болған болар!

Ата мерекесін ойдағыдай өткізу мақсатында қаржылай да, техникалық жағынан да зор үлес қосқан Р.Т.Сәрсенов, С.Е.Қырымқұлов сияқты басшылары бар "Маңғыстаумұнайгаз " ашық акционерлік компаниясы мен оның жауапкершілігі шектелген барлық серіктестіктерінің еңбегі де ұлан-ғайыр.

Бекет Атаның 250 жылдығын дайындау мен өткізуге "Тексако" "Партекс" "Арман" "МАЭК" "Мұнайгазқұрылыс" "Қаражанбасмұнай" т. б. көптеген шетелдік және отандық компаниялар, үлкенді-кішілі облыс кәсіпорындары мен мекемелері тұтас Маңғыстау жұртшылығы үлкен түсіністікпен, зор ынтамен өлшеусіз үлес қосты.

Әр уақытта ғибрат аларлық осы бір таңғажайып еңбектеріңіз Пір Атаға деген таза перзенттік көңілдеріңіз үшін баршаңызға мың мәртебе рахмет айтамыз. Бекет Ата қолдай берсін, қорғай берсін!

Бұл салтанатқа бұрын-соңды Маңғыстау аймағы көрмеген көпшілік жиналғанын көріп отырсыздар. Мұнда алыс-жақын шетелдерден, тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінен, облысымыздың барлық елді мекендерінен Ұлы Атамыздың аруағы құрметіне келген барлық қонақтарымызды қошеметтеп қарсы аламыз, қош келдіңіздер!

Тойымыз тойға ұлассын ағайын!

Атамызға ас беру рәсімі мен болатын әр алуан шараларға барынша ат салысып қызықтаңыздар, тойлаңыздар!

Сөз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлына беріледі".

Алқаласқан әлеумет!

Үлкен-кіші ағайын!

Қадірлі меймандар!

Арғы-бергіде талай жадырап та, талай жабырқап та көрген мынау ұлы даланың төсіне бүгін ерекше таң атып, ерекше күн шығып тұрғандай. Бұл — осы өлкеде туып дүниеден өткендердің де, қазір тірлік кешіп жатқандардың да талай ұрпағының аңсап өткен таңы, көксей күткен күні. Көп жыл көңілде сайрап тұрғанымен көңілге бұқтырылған асыл ақиқаттың ашық мойындалған күні. Қанша жыл аяқ-қолы түгілі сана-сезімінің өзі түгел бұғауланып келген кіріптар қауымның ең зәруі — рух бостандығы орнағандығына шындап көз жеткен күн.

Бүгін — өз тағдырының өз тарихының өз келешегінің қай қалтарысына да батыл бойлап терең қаныға алар ақ пен қараны пәк пен харамды обал мен сауапты өзі танып өзі таразылап өзі сараптай алар азат сананың шын асыл мен шын ұлының атын ұлықтап ісін дәріптеп сөзін әспеттеп жолын жалғастыра алар әлеуметтік әділет пен биік адамгершіліктің салтанат құрған күні. Бұл күндері қара орын Маңғыстаудың ұлы Үстірттің киелі кіндігі — Оғланды топырағына аяқ ізін салған қай адамның да рухы тебіреніп санасы серпіліп сезімі нұрланып сала берері кәміл. Аяқ асты жайдақтан да аяқ жетпес шырқаудан да емес іздеген таба алатын көксеген көре алатын ұмтылған жете алатын ұрымтал тұстан бақилық орын иемденген ұлағатты бабамыздың басына апаратын тағзым соқпағының өзі-ақ мынау ғаламда ақиқат іздеген рухтың әділет іздеген ұжданның жүріп өтер жолының қаншалықты күрделі қаншалықты шырғалаң қаншалықты қиын тіпті қаншалықты қатерлі екендігін аңдатқандай. Соның бәрінен өтіп іздегеніне жетіп жаны жәннаттан рухы бақидан самғау биік орын иемденген Ақиқат Анығы —Абыз бабаның фәни тірліктегі қай-қайсымыздан да табанымыз тиіп маңдайымыз күйіп жүрген мынау қара жердің бетіндегі бастан кешірген тағдыр-талайын да көз алдыңа әкелетіндей.

Иә ол қиын заманда қилы кезеңде қат-қабат қыстағал оқиғалар тұсында өмір сүрді. Тек бір өзіне емес басына іс түсіп тұрған күллі жұртына керекті кемел де кенен ақиқатты іздеді. Адастырмас жолды, алжастырмас ақылды, бұрылмас бағытты, бұлжымас мақсатты іздеді.

Бұдан екі жүз елу жыл бұрын жағалай жаудың жағалай даудың қыспағында қалып ынтымағы ыдырап ордасы жығылып, ортасы бұзылып қым-қуыт дүрбелеңге түскен қазақ жұртының басындағы тұман қонылмаса, сұйылмаған кез еді. Шапқыншылықтан қашып жүргенде басқыншылыққа тап болып, басынудан қашып жүргенде басы ноқтаға ілігіп ақылы айран ойы ойран болып тұрған қауымның алдынан жалт беріп бұлтарып құрдым құзға алып келіп, бір-ақ тіреп жым-жылас жоғалып кеткен арман мен үміт соқпағын қайта іздеп тауып беру үшін күштің берендігі емес сананың тереңдігі, ар-ұждан кемелдігі, ақыл-ой тереңдігі керек болды. Тап сондай жығылған еңсені түзеп, жоғалған сенімді тірілтіп, үзілген үмітті жалғастыра алған рух сардарларының бірі әрі бірегейі — бүгін жан-жақтан басымызды құрап осы жиынға тоғыстырып тұрған асыл да абзал атынан әр қайсымызда айналып отырған аруақты бабамыз Мырзағұлұлы Бекет болды.

Сардалада сандалған қауымның бағзы замандардағы бабаларымыз талай жайлаған таныс, су таныс өріске аналарымыз талай үй тіккен қара жұрт қара орынға қайта әкеліп қоныстандырған жорықтарда еңіреген ер екенін талай танытқан тарлан, ноян енді. Сол өңірді баянды мекен, қайырлы қоныс ету үшін басындағы дулығасын сәлдеге, қолдағы көк найзасын асаға айырбастап, қалған ғұмырын жоралы жұртына өткенді көксейтін жортуылды жорықтарға емес, келешекті көксейтін рухани ізденістерге жөн сілтеуге арнады. Аттан түсіп, кітап ашып ұстаз алдын көріп, білімнің жолын қуып ислам мен өз тұсындағы шығыстың парасат-пайымы мен имандылық пәлсапасынан сусындады. Өз өлкесіне мұсылман жолын ежелгі Тұран руханиятының салауатты дәстүрлерімен жалпы адамзаттық шабыттың биік қағидаларымен көшпелі қауым бастан өткен тауқыметтердің өміршең тағылымдарымен ұштастырған, өздеріне дейінгі әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұнидің үрдісін өшірмей шығыстағы Алтайдан батыстағы Балқашқа, теріскейдегі Қазылық пен Ұлытаудан күнгейдегі Анадолы мен Румга дейінгі ұлы жазиралардың мұсылмандануына негіз болған Арыстан баб, Жүсіп Хамадани, Қожа-Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сұлтан Құтби, Қажы Бекташ өнегесін жалғастыратын шынайы сақып кемел болып оралып, өз қандастарын өз заманының өрелі руханиятына айналадағы халықтарға қайырымен бұйырып жатқан бейбіт кәсіптер мен жасампаз талаптарға баулуды мұрат тұтты. Елінің жығылған еңсесін тіктейтін халқын қамалған тығырықтан алып шығатын бірден-бір жол—құлықты түзейтін дінді, қылықты түзейтін еңбекті, мақсат пен қарекетті түзейтін білікті қуу деп ұқты. Өзі құптаған соны жол таңсық талапты ыждағаттауда өзі бас болып өнеге көрсетті. Ол бастап берген мешіт, медресе салып жұртты намазға жығып, естиярдың көңілін, жастардың көзін ашатын ағартушылық бұйырған қоныстың барлық ырзық-берекесін түгел пайдаландыратын, егіншілік пен кәсіпкерлік төріңнің сәнін, іргеңнің тыныштығын түзейтін бейбіт сауда-саттық, көрші-көлеммен жарастықты қарым-қатынас дәстүрлері қауырт қанат жайды. Оның алдын көрген шәкірттер ұзын аққан сулардан өтіп, көлденең сұлаған таулардан асып, қазақ даласының күллі батыс қырына шектес Хиуа, Хорезм түрікпен өңірлеріне өріс кеңейтіп, рухани кемелдік пен қайырлы жасампаздықтың жемісін шашты. Жаратқанның құдіретіне жаһаннамның болмысына жан-жатының пиғыл-ниетіне, өз елінің мұң-мүддесіне жіті қаныққан ғұламалығымен талай жаудың бетін қайтарып, талай даудың өртін тойтарды. Жан иелерінің ар иелеріне айналуына күш салды. Кімді болса да алысқа, жақынға, досқа, жауға бөлмей ісінің қаншалықты ізгіліктілігіне, ниетінің қаншалықты түзіктігіне қарап бата алады. Әділеттің жолын ашты. Қиянаттың жолын қырықты. Өшпенділіктің емес, жарастықтың іштарлықтың емес, қайырымдылықтың масылдықтың емес, жасампаздықтың отын жақты. Жақсылыққа көзі түзуге, әділетке көңілі түзуге шарапатын аямады.

Асыл аруағын қайырымды қасиетін аққа жақ, сүрінгенге сүйеу, адасқанға жөн болуға жұмсады. Күллі әлеуметтің көңілінен түнекті серпіп, көзінде нұр оятқан абыз ағартушылығы үшін адалдың сенімін түлетіп, арамның жүрегін жыққан абзал тәлімгерлігі үшін өз көзінің тірісінде-ақ ұрпағына үлгі ұлысына ұран болды.

Оның өшпес өнегесі елінің өлмес махаббатына ие етті.

Туған қауымы жүрегі жарылып, қуанғанда қабырғасы сөгіліп, күйзелгенде де оның мүбәрак атын алдымен ауызға алды.

Ақ патшаның ала туы көктегі күнді көлегейлеп, отаршылдық опыра тізе батырғанда — еңіреген ер ұрпағы соның аруағына сыйынып, атқа мініп арыстандай алысып бақты.

Кешегі әмбенің арасына әреке жүгіртіп, тірлігінен береке қашырып, ұйытқылы ұлтты айрандай ірітіп, бірінің басын бірінің қанжығасына өңгертіп баққан тапшылдық топалаңына тап болғанда, кер заманның кесапатты жолымен жүргісі келмегендер, соның атын ұрандап жолбарыстай жұлысып бақты.

Одан да берідегі күллі жаһанды күл-тозаңға айналдыра жаздаған орасан қырғынға, тоғытқа айдалған тоқтышақтай қыл мойыннан көгенделіп кете барған қыршын боздақтар, арттағы қызыл қарын жас баланы соның атын атап аруағына аманаттап еді. Міне біз — сол аманат ұрпақпыз. Жаратқанның жақсылығымен аруақтардың желеп-жебеуімен алдағы өткен ата-бабаның арттағы желкілдеп өскен жеткіншектің тілегіне әлі жер басып жүрміз. Өніп-өрбіп жатырмыз.

Сөйтіп, қырық жыл қырғын келсе де, қырылмай шартарапқа шашылған тарыдай шашыратса да — жойылмай да, жоғалмай заманнан заман ауып, бетерден бетерге тап келсек те, мойымай бұл күндерді де көріп ес түзеп, етек жауып егемендік алып, ел болып жатырмыз. Алдан тіреу, арттан сүйеу іздеп ұлтына ұлағат болар асылдарымыз бен абзалдарымызды түгендегенде тар жерлерде талай тарыққанға медет болған Пір Бекеттің атын алдымен атап, аруағын ұлықтап жатырмыз. Жаратқанға бұл үшін қанша шүкірлік айтсақ та, артықтық етпес. "Орлы бар оңалар" деген осы.

Алайда, жоқ болғанның бар болмағы, жоғалғанның табылмағы, жығылғанның түзелмегі, жыртылғанның жамалмағы оңай шаруа емес екен. Тәй басқан тәуелсіздігіміздің, қаз басқан халықтығымыздың енді-енді естиярланып келе жатқан елдігіміздің адымының ашылып, қарымының қарқынды болар шағы — әлі алда. Ол үшін де жігер түгендер, рух пейіл түзер үлгі жөн көрсетер өнеге керек.

Заманнан заман ауып, қаңтарылып қалған көшіне аңтарылып қалған еліне, жөн сілтеп берген сақып, кемел ғұламаның аруақты абыздың қасиетті бабаның айтқаны мен істегені, көрсеткені мен нұсқағаны, бүгінгі біздерге адастырмас бағыт-бағдар, жаңылдырмас жол-жора бола алады. Бүгін де құлықты түзеп, қылықты білікті түзеп, тірлікті көркейтуге болады. Бүгін де аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз. Бүгін де өз мерейіміз өсу үшін өзгенің мүддесін түсінбегеніміз шарт. Бүгін де жан-жағымызбен жарастық керек. Бүгін де барға қанағат, жоққа сабыр ете алсақ — күні ертең барша мұратқа жете аламыз.

Адамзат адамзат болғалы қазіргідей бір үрдістен, екінші үрдіске бір қалыптан, екінші қалыпқа көшкен ауыспалы кезеңде көргенді қауымдардың қай-қайсысы да ұлтын ұйытып, жорасын жолға түсіре алардай аруақты тұлғалардың атына жүгініп, аруағына табынып бастарын түгендеп, бір-бірімен айқұшақ қауышып, кесір тезірек кетсін деп, кемел тезірек жетсін деп, өткенге өреуіл қалғанға салауат айтысатын. Жадырасып, табысып, жарасып аттанысатын; бір үйдің кеселін, бір үйге ілестіретін кесір аяқ келіндей бір заманның кесапатын бір заманға жетелеп жүрмейтін. Ашу-аразды ұмытысып ауызбірлікке ұмтылысатын. Жолдары сосын оңғарылып жұлдыздары сосын жанатын.

Кешегі рухани әумесерлік пен алаңғасарлыққа әбден шырматылып қалған әлеуметтік санамыздың бұған әлі мойны жар бермей жатыр.

Бірақ, тәуелсіз қазақ елі қалғандардың ондай енжарлығына қарамай рухани арылумен, ұлттық жаңару жолындағы жаңа үрдістерге ден қоя бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, саяси озбырлық атаулыны мансұқтау өз тарихымызды жетік біліп, төл тағылымдарымызды әспеттеу ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық бірлігімізді нығайту елдік руханиятымызға ел болып, қолқабыс жасау жылдары да осындай мақсат көздейді.

Жанымыздың тазармағын, арымыздың ағармағын ортамыздың кесір мен қырсықтан арылмағын, жолымыздың оңарылмағын, ісіміздің өнбегін ойласақ бүкіл қауым боп пәлекеттің жолын күзеп, берекеттің жөнін сілтеп, иман түгендесіп, құлық түзетісер құрылтайлар керек-ақ. Алдағы ежелгі Түркістан тойын сондай рухани белеске айналдыра алсақ — абзал. Биыл күзде егемендік алғанымызға, келесі күзде тәуелсіздік алғанымызға он жыл толады. Осындай жоралы жылда ұлан-байтақ еліміздің жер-жерінде рух тазартып, ар арылтар пейіл кеңейтіп, мерей өсірер тілек қосысар шараларға жұмыла алсақ — құба-құп. Жаңа ғасыр жаңа мыңжылдықты береке көбейтер бірлікпен, ырыс көбейтер ынтымақпен бастағанымыз лазым.

Бұл ретте дәл бүгінгі, дәл анау көне шыңдардың көркін асырып тұрған киелі орынға орнаған көркем ғимарат, дәл мынау ұланғайыр алқапты лықа толтырып шартараптан жиылған мына сіздердің емен-жарқын бас қосуларыңыз — өлінің мерейін, тірінің пейілін тасытар сананы серпілтіп, көңілді тазартар уақытылы қолға алынып, уақытылы жүзеге асқан қайырлы шаруа екендігіне сөз жоқ.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Пір Бекеттің киелі мекенжайына ат басын әдейі тіктеп келіп тәу еткенін білесіздер. Барған бойында үкіметке киелі мешітке тиісті жөндеу жүргізуге әулие бабаның мерейтойын атап өтуді тапсырған-ды. Оның орындалуын өзі қадағалап, бұл мәселе жөнінде облыс әкімі Ләззат Қиыновтың берген есебін естіп қуанған-ды. Біріккен Ұлттар Ұйымының "Мыңжылдықтар кездесуіне" аттанып бара жатып, Қазақстан парламентаризмін қалыптастырушылардың бірі көрнекті мемлекет қайраткері Өмірбек Бәйгелді екеумізге бүгін осы жиынға қатысуды жиналған ағайынға шын жүректен шыққан сәлемін және ұлы бабамыздың аруағы баршамызға жар болып, бастаған істеріміздің оңғарыла беруіне тілектестігін жеткізуді тапсырған-ды. Қабыл алыңыздар!

Бүгін бітіп тұрған істі көріп, оған жан-тәндерімен атсалысқан азаматтар мен ұжым-мекемелердің бәріне алыс-жақыннан жиналған ағайынға түгелдей мың қайтара алғыс айтып, мың қайтара тағзым етсек көптік етпес.

"Жақсыны — көрмек" деген. "Дұрысты – айтпақ" деген. Бұл бір күллі Қазақстан жұртшылығының көңілінен шығатындай іс болыпты. Енді сол өнегелі іс тындырған жоралы қауым елдің әлеуметтік жарастығын, ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін, қоғамның рухани салауаттылығы мен саламаттылығын арттыру жолындағы күресті де ойдағыдай жолға қойып айта қаларлықтай табыстарға жетеді деп сенеміз.

Кеше Ақтауда жаңа Бекет Ата мешітінің алғашқы кірпіштері қаланды. Басқа да ауылдар мен кенттерде талай құтхана орындар салынды. Ұлттық «Қазақойл» компаниясынан бастап барлық фирмалар мен ұйымдар күллі жұртшылық мұндай игі іске зор ықыласпен қатысуда. Енді әр шаңырақтан аузына пәтуалы отағасы, әр қауымнан аузы дуалы пірадар табылып арттағы жеткіншектерге ата-баба өсиетін түсіндіріп отырса жас ұрпақтың ұлттық рухани құнарын байыптап, ел тағдырына мұқият боларына еш күмән жоқ.

Ас қабыл болғай! Жамағатын жақсылыққа бастаған жарықтық Абыз атамыз аруақты Піріміз Ер Бекет еңсесін көтерген елінің, есін жиған жұртының осынау риясыз ықыласы мен ақ адал ниетіне риза болып, екі дүниеде нұры шалқығай!

Жаңалыққа құлшынған, жақсылыққа ұмтылған туған халқымыздың қай тілегі де қабыл болып, алла жолын оңғарып әулие-әмбиелеріміз жар болғай!

Баршаңыздың да дендеріңіз сау, қызметтеріңіз жемісті болып, шаңырақтарыңыздан шаттық кетпегей. Көрер жақсылықтарыңыз көл, шығар тауларыңыз биік бола бергей!

Әумин!

АТАНЫҢ КӨК АСАСЫ АСҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Пір Атадан кейінгіге мұраға қалған екі аса таяқтың барлығы оның бірі өз кіндігінен тараған әулеттің Түрікменстанда тұратын Бердіхан атты азаматында, екіншісі — Шектібай атты шәкіртіне қалдырылған көк аса таяғының Ақтөбе облысындағы Тұрсынғали Нәкешов деген азаматта сақтаулы екендігі ауызекі айтылып та, ақпарат құралдары беттерінде жазылып та жүргені мәлім. Әсіресе шәкірттеріне қалдырған жұмбақ таңбалар бейнеленген киелі көк асаға қызығушылық көп, бір көруге арнайы іздеп барушылар көп. Бекет Атаның 250 жылдығына арналған мерекелік астың өтетін хабары анықталысымен жұртшылық арасында Пірдің киелі көк асасы осы жиынға әкелінсе деген тілектер айтыла бастады. Асты ұйымдастырушылар алқасы жұрттың бұл орынды көңіл қалауын қайткенде жүзеге асыруға болатындығын ойластыра келіп, киелі асаның қазіргі сақтаушысы Тұрсынғалиға хабарласып, Атадан қалған көзді асқа алып келу мәселесін кеңесті. Ақиқатын айтсақ, бұл Ата асына бірден-бір атаулы шақыру болатын және уәделі күнге Тұрсекең алты ұрпақ бойы көз қарашығындай сақтап келе жатқан киелі асаны қос қабат құндаққа салып, әспеттеп алып келді.

"Құлақ естігенді, көз көреді" — демекші киелі аса таяқ асқа жиналған мыңдаған адамдардың көзайымына айналды, талайлар алақанын, маңдайын тигізіп тәу етісті, сәтін салып асаны қолға ұстап, суретке түсу бақыты бұйырғандар да баршылық. Дін де, Пір де мансұқ етілген небір қиын-қыстау кезеңдерде, басын бәйгеге тігіп алты ұрпақ бойы Ата асасын көз қарашығындай сақтап келген Шектібай әулеті алдын-ала әңгімелесулерде киелі мұраны мұражайға тапсыру жөніндегі пікір ұсыныстарға бейіл қойғандай да еді, бірақ ас үстінде жәмиғатқа осында жолға жиналарда бабалар рухының Атаның көк асасын әзірге қолдан шығармауға аян бергенін жеткізіп, қайтадан ауылдарына алып кетті. Алла сәтін салған күні аруақ аян берсе алдағы уақытта ол мұраның бір ғана әулеттің емес, мұқым мемлекеттің қорғауындағы рухани жәдігерлердің қатарынан орын алатындығына сенгіміз келеді.

АЯТТЫ АТА ҰРПАҒЫ ОҚЫДЫ

Жиын басталғалы бері "Құран Кәрімнің" қасиетті дұғалары Алланың сүйген құлы Пір Бекет Атаның рухына бағышталып, әр дастархан басында күніне нешеме рет оқылып жатқан. Әр үйде мұсылманшылыққа ұйыған әрбір адамның көңіл сарайында сан мәрте қайталанып жатқан дұғаның орны бөлек те, асқа жиналған күллі қауым бір жерде тізе түйістіріп, бір-бірінің жылуы мен ішкі қайратын сезіне отырып тілек тоғыстырған жердегі дұғаның орны бөлек, сауабы сансыз әсері өлшеусіз.

Пір Бекет асының осынау құрметті парызын өтеу Атаның ұрпағы — Аяпберген ақсақалға тиді. Сөз реті келгенде айта кетелік, Бекет Ата жарықтықтың әулеті өніп-өскен Ата асына Түрікменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау өңірлері мен облысымыздан өз кіндігінен тараған жүздеген ұрпақтары жиналды. Араларында мал бағып, егін өсірген шаруалар, оқыған мамандар, білім, дін жолына түскен ғалымдар мен зиялылар да баршылық. Аруақ қонып, Ата жолын ұстанған Аяпберген ақсақал әуезді үн таза мақамымен жиналған жұртшылықты Алланың сөзіне ұйытып, баба рухына дұға бағыштаған кезде аппақ нұрға малынған айнала маң тыныштық құшағына еніп, даланың тізгінсіз желіне дейін тына қалған-ды. Аят аяқталып, алақан жайған жұрт Жаратқан Иесіне мың шүкіршілігін, тәубесін айтып отбасының, Отанының амандығын тілеп, бет сипар сәтте кенеттен ауада бір екпінді иірім пайда болып, тойға тігілген байрақтар сартылдай жарқылдап, бағаналы бері тас төбеге байлап қойғандай тапжылмай тұрған, құшақ-құшақ ақшулан бұлттар Оғланды жаққа қарай жөңкіле жөнелді. Жердегі қарақұрым халықтың рухы Пір Атаның көктегі рухымен табысып, қауышып жатқандай көрінді...

Астың ресми ашылу салтанатын Ләззат Кетебайұлы қорытындылады:

Қымбатты көпшілік қауым! Күдік неше бір ереністердің сол елдің ниеті мен тілегі, білегі мен жүрегі жымдаса біріккенде ғана ұядай болып ұйысып, жұдырықтай болып жұмылып ортақ шаруа үшін жан аямай кіріскенде ғана жасампаздықпен арна тартары бесенеден белгілі. Осынау Бекет Атамыздың ас-тойын әзірлеуге де, осы отырған халайық елдің облыстың басшылары, мекеме, кәсіпорын, қоғамдық ұйымдар тұтқасындағы азаматтар үлкен сүбелі үлестерін қосқанын, кіріспе сөзімде айтып өткенмін. Бұл үшін тағы да баршаңызға мың да бір рахмет.

О Әруақ демей көр
Иә, Бекет желеп-жебей көр
Оғландының басында —
Ордасын тіккен Кемеңгер —

деп ақын жырлағандай айтқаны келер, он сегіз мың ғаламның сыр-сипатын айнытпай сезер, кешегі де бүгінгі де оң тірлігімізді көрер, қолтығымыздан сүйеп-демер Ұлы Бекет-Ата қолдап жібер!

Еліміз аман, іргеміз бүтін, деніміз сау, мерейіміз үстем болсын қадірменді әлеумет!

Осылайша, Ата асының көпшілік шаралары басталды. Оның салтанат қызықтарын ауыл-ауылдарды аралай жүріп баяндалық.

ҚАРАҚИЯНЫҢ ҚОС АУЫЛЫ

Қарақия — арқасын теңізге беріп, өзі аттас атақты ойпат маңынан өргізген малының өрісі, Үстірт асып сонау Түрікменстан шекарасына дейін, ұзап жатқан Маңғыстау, "қара алтынының" алғашқы қайнар көзі атқылаған Жетібайдан бастап, әлденеше мұнай газ, кен орындары бар яғни, өлке экономикасының қос саласы қатар дамыған аудан. Сондықтан да болар һәм Бекет Атаның мәңгілік тұрағы мен 250 жылдығына арналған мерекелік асының осы аудан аумағында өтіп жатқандығының құрметі мен жауапкершілігі тағы бар ұзын саны жүзден асатын киіз үйлерді қос ауыл етіп тігіпті. Қара қазақ баласының қара қой мен "қара алтыннан" көріп отырған қайыры ауылдарының сыртқы нобайынан да елпілдей жүріп, қонақ күткен адамдарының кең көңілі мен әр үйде жайылған ақ дастарханының берекелілігінен де айқын көрініп тұр.

"Тас — түскен жеріне ауыр" дегендейін әсіресе, іргедегі Сенек ауылының азаматтарында мігір болмады. Кейін осы ауылдың жастары астан соңғы қалған пластикалық ыдыстарды, өзгедей қоқыстарды жеті күн бой теріп тазалап, Сұмсаны табиғи қалпына қайта келтіргенін де айта кетелік. Ас мерекесі үстінде аудан өнерпаздары өз сахналарында үш жарым сағаттық концерт қойып, жұртшылықтың ән-жыр аңсаған мейірін қандырды. Былайғы уақытта да әр үйде жыршы-термешілер, әншілер мен күйшілер қонақтарға өнер қызметін көрсетті. Алыс-жақыннан келген ас қонақтары, қарақиялықтардың мейман достықтарына қалтқысыз қызметтеріне риза болып: "Алланың нұры жаусын Ата аруағы жар болсын" — деген алғыс тілектерін айтып аттанды.

ЖЕТПІС ҮЙЛІ ЖАҢАӨЗЕН

Қала болғандарымен, қазақы бітім-болмысын сақтай білген жаңаөзендіктер тіккен ауылдың ажары айрықша. Қазақтың дәстүрлі ақбоз үйлерімен қоса, мұнайшылар қазіргі заманның металл конструкцияларын пайдалана отырып, он екі-он алты қанатты хан сарайындай үлкен ақ шатырлар да орнатыпты. Сүйегі басқа демесең, бұл үйлердің де ішкі жиһаз-жабдықтарының бәрі ұлттық үрдісте жасалған: өрелі текемет, түкті кілем, құлпырған басқұрлар мен бау-шашақтар, ақ шатырларға қазақы реңк беріп, сәнін кіргізіп тұр. О баста, жоспарланған елу үй орнына жетпіс үй тіккен жаңаөзендіктер көрші ауылдардың қонағын жеңілдетіп, өз ауылдарына түсірді Алматы мен Астанадан келген сый қонақтардың көпшілігі осында күтілді. Солардың бірі алаштың ардақты азаматы Асанәлі Әшімов Ата асы туралы ризашылық сезімін былайша білдірді:

— Көптен үйден шыққан жоқ едім... Бекет Ата асының хабарын естіген соң келуге ниет еттім. Азаматтармен Атаның Оғландыдағы ақыреттік киелі орнына барып, тәуап еттім. Зіл басып жүрген бойым жеңілденіп, рухым көтеріліп бір жақсы күй кешіп отырмын. Жаңа мешіт кешенін де келістіріп салған екен, жаңаөзеңдіктер көп еңбек сіңіріпті. Атаның аруағын ардақтаған бұл ас елдің де, мерейін өсіріп жатырған жоқ па! Ата рухына бағышталған мерекеге ағылып келіп жатқан халықтың ортасында тұрып, қайраттанбау мүмкін емес. Бойға қайрат, ойға көз берген осындай ұлы жиынды ұйымдастырып өткізіп жатқан маңғыстаулықтарға әуелі, Алла, одан соң Атаның аруағы риза, келіп жатқан қонақтар риза шығар деп ойлаймын. Халыққа рахмет.

Жоғарыда жазғанбыз тағы да қайталап айтсақ артықшылығы жоқ бір келген қонақтар да байқап жатқанындай жаңаөзендіктер Ата асын ұйымшыл дайындықпен өткізуге өлшеусіз еңбек сіңірді. "Өзенмұнайгаз" бастаған қала кәсіпорындарының өз табыстары есебінен Бекет Ата қорына аударған миллиондары — өз алдына, мекемелер мен еңбек ұжымдары қызметкерлерінің 1-3 күндік жалақыларынан кәсіпкерлер мен зейнеткерлердің салымынан құралып, ас қорына құйылған қаражаттың өзі 10 миллион теңгеден асып түсті. Аумағы ат шаптырым бас сахнаның бүкіл бөлшектерін қала шеберханаларында жасап, ауыр "крандармен" Сұмсаға жеткізіп, бір жеті бойы құрастырып, ұлттық ою-өрнектермен сәндеп, халықаралық деңгейдегі көлемді шараларды ұялмастай әсем қалыпқа келтірген де — жаңаөзендіктер. Асқа келушілерге көлік қызметін көрсету жолын жөндеу, электр қуатымен, жарықпен, сумен қамтамасыз ету сияқты қат-қабат шаруаларды атқаруда мұнайшылар, көршілес қарақиялықтармен жүк ауырын бөлісіп, өз міндеттеріне алды. Қажыр-қайраты осындай мұнайшылар, дастархан басыңда қонақ күтуде де, өнерден шашу шашуда да ешкімге дес берген жоқ. Жаңаөзеннің жезтаңдай әнші, балбармақ күйшілері М. Шоманова, Ә. Өскінбаев, М. Аяпов, С. Харесов, Н. Нәренбай, "Думан", "Жастар", "Әуен" топтары басқа да көптеген өнерпаздары қойған концерттік бағдарламаны, өзге ауылдардың қонақтары да әдейілеп келіп, тамашалап жатты.

ҚАЛАСЫНА ҰҚСАҒАН ӘДЕМІ АУЫЛ

Ақтаулықтардың қондырған ауылы, облыс орталығының мәртебесіне сәйкес дәл ортаға орналасыпты. Қаланың өз басында киіз үй пайдаланбайтындығына қарамастан, намыс ортақ, абырой ортақ дейтін ата үрдісімен жұмыла қызметтенген ақтаулық азаматтар шағала бауыр елу киіз үй тігіп, қонақ күтуде. Қонақ күткен қызметкерлер, мекемелер мен ұжымдар басшылары арасында қашаннан аралас-құралас еңбектес, өзге ұлт өкілдері де аз емес, қай-қайсысы да риясыз көңілмен меймандарды қарсы алып, орналастырып жағдайын жасап жүгірісіп жүр. Татулықтың тағы бір тың үлгісімен бірнеше дәліздес көршілер мен сыйлас достар, күш-қаражат біріктіріп, асқа үй әкеліп тігіп, қонақтарға ортақ дастархан жайып, тату-тәтті қабақпен құрмет көрсетіп жүргенінің куәсі болдық. Ақтаудағы үй құрылысымен айналысатын "Заман" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ата асының әзірлігіне ер-азаматтармен қатар жүріп қызмет еткен Ұлболсын Ахметованың ұйытқы болуымен жақсы өнегеге із салған қазақтың үш Анасының балаларының ауызбірлігін паш еткен, бұл жандардың үлгісі алдағы уақытта үрдіске айналып жатса қандай ғанибет!

Астағы ағыл-тегіл береке ең әуелгі, кезекте Маңғыстаудың мұнайының арқасы әрине. Сол мұнайдың ашылуының бастауында тұрған ірі тұлғалардың бірі — Сапи Өтебаев ақсақалды Ата асына аса мол үлес қосқан "Маңғыстау-мұнайгаздың" ақбоз үйінде бүгінде осы еңбек ұжымына байыпты басшылық жасап отырған ізбасар інісі Сағын Қырымқұловпен әңгіме үстінде ұшырастырдық. Сапекең ғұмырының жемісті еңбек қызығы мен қуанышына толы жылдарын Маңғыстауда өткізсе де жұмысбастылық салдарынан Бекет Ата басына кезінде арнайы бара алмағанына арманда екен. "Сәлемнің де сәті бар" дегендейін енді тоқсанның үшеуіне қадам басқан, жасында асқар Алатау бөктерінен рух биіктігінің рәмізіне айналған Оғландыдағы Бекет Ата зиратына әдейі келіп, тәуап еткеніне көңілі соншалықты шат. Сөз саптасы да, қимыл-қозғалысы да ширақ көнекөз мұнайшы айналасындағыларды дәмді әңгімеге үйіріп отырды.

Ас қызығын арттыруға облыс орталығынан жүзден астам өнерпаздар мен елудің үстінде спортшылар қатысып, ұлттықтан классикалыққа дейінгі небір шебер өнер үлгілерін көрсетісті.

ҚАЗАҚЫ ҮЛГІНІҢ ҚАЙМАҒЫНДАЙ АУЫЛ

Көненің үрдісін көз қарашығындай сақтап, жаңамен жарасым тапқан Маңғыстау ауданы ауылының бітім-болмысы қашан да бөлек. Қазақы киіз үйді жасап-жабдықтаудағы бұл ауылдың шеберліктері мен талғампаздықтары сонау тоқсаныншы жылдардың басында Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында айрықша танылып бағаланған. Үштаған ауылының тұрғыны Атабай Тәкеновтың сол ұлы жиынға апарып тіккен үйінің әдемілігін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап мың сан адам тамсана тамашалап, қалағаныңызды алып Алматыда қалдырып кетсеңізші деген ұсыныстар да айтылған. Қазақ дәстүрінде қарашаңырағын қалауға қалдырмайтындығын алға тартқан Атекең ауылға келісімен әсемдігі бұрынғыдан да асып түсетін бір керемет үйді жасап жабдықтап, Елбасыға апарып сыйлаған. Бүгінде ол үй көрген жанның көзін қуантып, Ұлттық мұражайда тұр.

Маңғыстаудың небір ел қорғаған батырлары, айтулы ақындары ел билеген көсемдері мен шешендері, жыршы, күйшілері заманында мекен еткен бұл аудан аумағында аруақты бабаларға арнап, ас-той өткізу өзгелерден бұрынырақ қолға алынған. Олардың ең алғашқысы және үлкені — 1991 жылы жыр дүлдүлі — Қашағанға арнап, Қырықкезде өткізілген мереке еді. Одан беріде де облыс аудан ауыл көлеміндегі талай дүбірлі жиындар өткеріп тастаған маңғыстаулықтардың үй қамдау, дастархан жасап қонақ қабылдаулары қашан да қалтқысыз. Дәстүрге берік ауданның, жетпіс үйлі ауылы бүгінгі Ата асы үстінде де меймандарға қазақы салт-дәстүріміздің қаймағын ұсынуда екен. Қай үйіне барсаңыз да — аталар тарихынан шежіре таратып, әңгіме сабақтаған төбедей ақсақалдар қонақтар көңілін ән-жырмен баураған ауыл өнерпаздары, дастарханның бабын келістірген берекелі бәйбіше, ізетті келіндер лыпып қызмет жасаған жігіт-желең.

Көктемде өткен "Әнге — қанат, әлемге — тыныштық" атты облыстық фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алған ауданның отыз адамынан құралған ұлт-аспаптар оркестрі, "Тамаша" ойын-сауық отауы мен "Алтыбақан" жекелеген өнер иелерінің қатысуымен өткен үлкен концерт бағдарламасын жұртшылық түн жарымы ауғанша тамашалады.

АТАДАН МҰРАҒА МЕШІТ ҚАЛҒАН — БЕЙНЕУ

Облыстың ең шалғай ауданынан — әрісі — 700 шақырымдағы Боранқұлдан бергісі — 500 шақырым Бейнеу төңірегінен бар жүк-мүкамаларын, сойыстық малдарын 170 жүк автомашинасына тиеп, о басынан бұл басына дейін атты адамның сүт пісірім уақыты кететін, ұзын көш болып бейнеуліктер жетіпті. Жол мойнының қашықтығы көш қомында мал мен жанның молдығына жүгінің ауырлығына қарамастан, керуен жолы оңғарылып, ешбір көлденең кедергіге ұшырамастан Сұмсаға уәделі мерзімде жетіп, өзгелермен бір мезгілде орналаса бастаған. Сөйтіп, аудан әкімінің он алты қанат ақ ордасын ортаға ала орналасқан Бейнеу ауылы да қонақ күту қамына кіріскен.

Облыс орталығынан шалғай делінгенімен ,ежелден Ұлы Жібек жолының бір тармағының бойында жатқан, бүгінде бейнелі тілмен айтсақ, тоғыз жолдың торабында қалған, Бейнеуде көнеден жеткен қастерлі орындар мен ескерткіштер көп. Солардың ішіндегі ең бастысы — ескі Бейнеудегі Бекет Атаның киелі мешіті. Атадан қалған мұраны айрықша күтімге алып, рухани игіліктеріне ұстанып отырған бейнеуліктер мерекелік асқа да, ізденіспен мұқият әзірленіпті. Бұл ауылдағы сый қонақтардың арасында Ә.Кекілбайұлы, Ө.Бәйгелді сынды мемлекет қайраткерлері, Ә.Нұрпейісов, А.Жағанова сынды белгілі қаламгерлер де бар. Қоржындарына астан тәберік деп сырты түрлі-түсті әдемі суреттермен безендірілген, шағын қораптардағы "Бейнеу тағамдары" салынды. Ақжігіт, Сарға, Сыңғырлау, Боранқұл, Тұрыш ауылдарының қыз-келіншектері қайнатқан балқаймақ, ірімшік, құрт, бірінзе сияқты ұлттық тағамдардың әдемі қағаздарға оралған, бұл күйінде астаналық супермаркеттердің сөресінде де жарты сағат жатпасы анық еді.

Атырау, Ақтөбе облыстарымен, Қарақалпақстанмен ауылы аралас, қойы қоралас отырған бейнеуліктердің қонақтарының дені де осы өңірлерден болды. Бәрін де ескі таныстарындай емен-жарқын қарсы алып, құрмет көрсетісіп жатысты. Реті келгенде көршілерде ас-той өте қалса маңғыстаулықтардың атынан баратын үйлерді бейнеуліктердің тігетінін де айта кеткен жөн.

"ҚАРАШАҢЫРАҚ АУДАН" АУЫЛЫ

Облыстың қарашаңырақ ауданы — Түпқарағанның ауылы киіз үйлер қалашығын тұйықтай орналасыпты. Қала болу, көше салу, ұжымдасу үрдісі жағынан өзгелерден ғасыр жарым көш ілгері қалыптасқандықтан ба, бұл ауылдың етек-жеңі жинақы, қай шаруасы да шашау шықпастан жымдасып жатыр. Қарағантүбектің құйқалы өрісінде төрт түлік мал өргізген, соңғы жылдары жерінен шыққан мұнайдың да қайырын көре бастаған бұл ауылдың да шырайы шығыңқы, қанша қонақ келсе де арттағы ауданға қайтадан ат шаптырмастан керегі кебежесінен табылып жатыр.

Қай қонағын да, жарқын қабақпен қабылдап, жайлы орналастырған бұл ауылдың ілтипатына Ата асын ақпарат құралдары бетінде жазып көрсету мақсатымен келген журналистер қауымы аса ризашылықтарын білдірісті. Түпқарағандықтардың баспасөз орталығына арнап, қос үй тігіп тәуліктің қай мезгілінде де журналистердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасағандығының арқасында Қазақстан Республикасы президенті телекешенінің жетекшісі белгілі режиссер С.Әзімов, "Хабар" агенттігі ұлттық арнасының басшысы Қ. Олжай бастаған республикалық және жергілікті, сондай-ақ, көршілес облыстар мен мемлекеттерден арнайы келген газет және теле-радио журналистері, операторлар Бекет Ата асынан дайындалған тағлымды да, қызғылықты хабарларды шартарапқа таратып, миллиондаған адамдардың назарына ұсынды.

Түпқарағандықтардың тағы бір игі шарасы — әуелде, ас бағдарламасында жоқ ақындар мүшәйрасының өтуіне мұрындық болып жеңімпаздарға берілген жүлделерді тағайындағандықтарын да айырықша атап көрсеткіміз келеді. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, талғамы биік тыңдарманды дала өркениетінің кәусәрдай таза халықтың өзіндей қуатты қыр ғашықтарының сезіміндей сұлу да, нәзік сазға тәнті еткен Форт-Шевченко қалалық халық-аспаптары оркестрі, "Қызғалдақ" бишілер ансамблі, Р.Қарғабаев, Т. Жаманқұлова, Жолдыбаевтар отбасының өнерпаздары басқа да ондаған жыршы-термешілер мен әнші-күйшілер көрерменнің көңіл құсын шартарапқа шарықтатып қанаттандырды.

Рухани салаға ұлттық өнер мен мәдениетке деген өзгеше ықыластарының жоралғысы болар, Ата әулетінің Аяпберген Көкенұлы бастаған бірқыдыру белгілі ұрпақтары Атаның киелі көк асасының иесі Тұрсынғали Нөкешов сынды орны бөлек, жолы үлкен меймандарды күту де, түпқарағандықтарға бұйырып ізгі көңіл, мінсіз қызметтерінің өтеуіне олардың ақ бата алғыстарын алыпты.

МҮШӘЙРА

Астың мазмұнды, қызықты шараларының ұйытқысы қашан да ақындар үлесіне тиген ғой. Қазақтың ертедегі талай арқалы ақындарының аты астарда танылып таралған. Дегенмен, асты ұйымдастырушылар алқасы ақылдаса келе, Бекет Ата асында ақындар айтысын өткізбеуді ұйғарды. Өйткені, айтыс — ақынның да, тыңдағанның да делебесін қоздырып, қайткенде жеңуді мұрат тұтқан ақын қызды-қыздыға келгенде, уытты тілмен қармақтап та, шабақтап та жығатын өнер. Мұндайда ақынның азаматы ғана сезімін ақылға жеңдіріп, сыйластықты бұзбастың жайын ойлайды. Кезінде жыр жүйрігі — Қашағанның атақты Мөңкемен айтыстан бас тартуы қорыққандық, қорғалағандық емес, бастас ақынымен арадағы сыйластықты бұзып алмаудың қамы еді. Және де, Пір Бекет сынды ғұлама дін өкілінің асында ат жарыстырып, күш сынасқан жарасқанымен сөз жарыстырып, салғыласып отырғанның жөні келмес еді. Оның орнына ақындар мүшәйрасын өткізу ұйғарылды. Оны ұйымдастырудың міндетін облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы ақындарға жүлде тағайындаудың жүгін Түпқараған ауданы көтерді.

Құдайға шүкір, Маңғыстауда Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашағандардан қалған ақындық өнер үрдісінің арнасы кеңімесе тарылған жоқ. Қазақ әдебиетінің классиктері санатындағы Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова сынды ата жасындағы ұрпақ өкілдерінің ізін басқан Темірхан Есенғали одан беріде отызға келмей-ақ, ақындық өнерінің ордасын түзеп ұлттық әдебиетіміздің өткен ғасырдағы таңдаулыларының қатарынан ойып орын алған Светқали мен Сабыр... Әдебиетке кешеңдеу келгенімен үш жыр жинағын шығарып, сәулетшілігіне қоса ақындығымен танылған Сайын Назарбекұлы Ата әулетінен шыққан ғалым, әрі ақын Рахмет Аяпбергенұлы, Көмек Ыбырай, Медет Дүйсен, Рза Оңғарбай, Темір Мыңжас... бәрін тізіп санамалап шығу да мүмкін емес және Бекет Ата тақырыбына қалам тербеп, жыр жазған ақындар шығармаларына Рахат Қосбармақтың ас алдында жарыққа шыққан "Бекет Ата" кітабында жан-жақты тоқталып, талдау жасалғандығына байланысты бұл араға енді кідірмейік.

Мүшәйраға облысымыздың аудан қалаларынан, көршілес облыстар мен іргелес елдерден жиырманың үстінде ақын қатысып, өнерлерін ортаға салды. Өлеңдердің көркемдік деңгейі, сөз саптасы мен шеберлігі, мақамы әрқилы болғанымен мазмұны, тақырыбы ортақ — Бекет Ата рухын ұлықтау. Мұндайда әрине таза да, іңкәр көңілдерден жаралған, дүниеден мынау тәуір, анау кемшілдеу екен деу де қиын. Темір Мыңжас, Рза Оңғарбай басқарған қазылар алқасы, бұл орайда сөз өнерін машық еткен танымал тұлғаларға емес, жас буын өкілдеріне, елден шет жерлерде жүрген қандастарымыздың сөз өнеріне басымдық беру керек деп шешті. Нәтижесінде, мүшәйраның бас жүлдесін Қарақалпақстаннан келген Аяпберген Райымбергенұлы жеңіп алды. Оның өлеңдеріндегі "жердің үстіне керек нұр, жердің астына да керек Бекет Атамыздың нұры екі дүниеде шалқып, жанымызды сәулелендіріп тұр" деген мағынадағы тіркестер өте әсерлілігімен, тың теңеулерімен тыңдарманға айырықша ұнады. Одан кейінгі жүлделі орындарға жаңаөзендік мұнайшы Қаржаубай Рейімбайұлы, ақтаулық Талғат Қайболлаұлы, түпқарағандық Жолболды Бозатұлы, бейнеулік Ыдырысұлы ие болды.

КӨРМЕЛЕР

Асқа жиналған жұртшылықтың көзін тартып, көңілін баураған жақсы істердің бірі — көрмелер. Облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлері дайындаған көрмеде, Атадан жеткен көне мұралардың өзі болмағанымен, суретке түсірілген бейнелері, түсіндірме мәтіндерімен қоса орналастырылыпты. Мұражай қызметкері тарихшы О. Көшбаевтың келтірген деректері бойынша, Бекет Атамыздың қара шаңырағының киелі, маңдайшасы атадан балаға мұра болып ауысып, бүгінде Оңтүстік Қазақстанның Жетісай қаласында тұратын Көбен ақсақалда сақтаулы. Мандайша суреті мен сипаты Ата әулетіне қатысты басқа да деректер көрмеден едәуір орын алды. Атаның ұрпақтарына және шәкірті Шектібайға мирас етілген асаларының суреттік бейнелері жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде Оғландыдағы жерасты мешітінен табылған тас шабатын бес шапошот мешіттеріне қатысты суреттік және жазба деректер — бәрі-бәрі айтылып жүрген ақиқаттарға дәйек, бейхабар жандарға мол ақпарат береді.

Белгілі филолог ғалым Жанбибі Дүйсенбаеваның дайындаған қабырғалық көрмесіне жазушы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығындағы Бекет Ата тұлғасы кірістірілетін тұстар арқау болыпты. Ұстаз-ғалым "Аңыздың ақыры" романындағы "Күй" повесіндегі Бекет Атаға қатысты оқиғалар суреттелетін жерлерді арнайы барып суретке түсіріпті. Осы тақырып бойынша Жанбибі ғылыми баяндама да дайындаған екен, рух сардарының тұлғасын танимын деген кісіге — ол да дайын игілік.

Көрменің ең үлкені де қиял кеңістігін шарықтатқан кені де — жерлес суретшіміз Айтбай Құлбайұлының қыл қаламынан туындаған суреттер көрмесі. Бұл тақырыпқа сексеннен астам полотно жазса да, Айтбай соның ешбірінде Бекет Атаның адами бітім-болмысын жасаймын деп нақтылыққа ұрынбаған. Бірақ, Пірдің туған жері, өскен өңірі мәңгілік мекені Оғланды маңайының жүйрік қиял, терең ой, шебер саусақтар, сан түстер үйлесімімен бояуға тартылған бейнесінен Бекет Атамыздың табиғат жадында сақталып қалған рухын киелі елесін түйсінесің. Пір Атаның бақилық орны — ақша жүзді, құба жонды, құз жалды, маңғаз шоқының Айтбай қаламынан туындаған суреттік көшірмесі Қазақстан Президентінің Астанадағы резиденциясында ілулі тұр.

Асқа жиналғандар тәбәрік етіп алып қайтсын деген мақсатпен көптеп шығарылған кәдесыйлар: Оғланды бейнеленген түкті кілемдер мен Маңғыстаудың киелі көркем орындары кескінделген күнтізбелер, омырауға тағатын белгілер, Бекет Ата жөніндегі кітаптар басқа да бұйымдарды Айтбайдың салған суреттерін жиналған жұртшылық сатып, алысып жатты.

ДАЛА. КОНЦЕРТ

Мынау дала, дала болғалы төсін дүбірлеткен мың сан жасақтарды рухтандырып, дабылдатқан, кернейлеткен ұран саздарын, жортуыл жырларын, көшпелі бейбіт қыр халқының сұлу да, мөлдір саздарын талай бойына шымырлата сіңіріп, тыңдаған шығар-ау...

Бірақ дала төсіндегі бүгінгі саздың ауқымы да, әуені мен айтылуы да ерекше. Өткеннің сарынын сақтап, бүгінгінің үнімен әндеткен, жыр ақтарып, күй төккен бес жүзден астам өнерпаз сахнаға шығып, Ата мерекесіне шашу шашқан гала концертті бұл дала әлі көрмеген де, тыңдамаған да еді. Кімдер бар дейсіз, кімдер жоқ дейсіз бұл өнерпаздардың ішінде? " Маңғыстауым" деп аруана бауыры сыздап, Алматыдан келген Темірхан ақын алып-ұшып, Атыраудан жеткен Шынарбек ақын, қызылтөбелік Нұрлан ақын, түрікмен, өзбек, қарақалпақ жерлерінен апта бұрын келіп, жыр-толғаудың тиегін ағытқан ақын-жыраулар болды. Алматыдан — Мұрат Құсайынов, Шәміл Әбілтаев, Сүлеймен Ибрагимов, Елдос Емілов, Ғанипа Аманқос Садықовтар, Ұлықпан Жолдасов, Астанадан — Асқар Көшеров, Айгүл Қосанова, Ақмоладан — Бисара сынды халқымыздың өнер жұлдыздары ағылды. Атырау, Орал, Ақтөбеден іргелес мұсылман мемлекеттерінен, арнайы келген өнерлі бауырларымыздың әрқайсысының атын сұрастырып, анықтауға да мүмкіндік болмады. Маңғыстаудың Күріш Тасболатов, Сержан Шәкірат, Ізбасар Шыртанов, Роза Айдарбаева, Рухия Батыршиева, Ә.Жұмағалиев, А.Көмеков, С.Құдысова, А.Құдабаева, Н.Оспанова сынды өрен жүйріктері мен олардың ізін баса желкілдей өсіп келе жатқан ондаған, жүздеген жас таланттардың, үлкенді-кішілі сахналардан ұсынған тума өнеріміздің үлгілерін, ет жүректі, сезім пернелі адамдар түгілі, ай астында бауыры бозанданған сайын дала алыстан құлақ түрген ақша шыңдарға дейін еміне тыңдап еліге еріп жатқандай еді. Абыл атындағы ұлт аспаптар оркестрі, "Ақжарма" ансамблі, аудан-қалалардан келген жастардың вокалдық топтары мен ансамбльдері мың-сан бояумен құбылған нұрлы сахна аясында аққудай қалықтап, көгершіндей шарықтаған биші қыздар, гала-концерттің үнін түрлендіріп, ажарын ашып тартымдылығына тәнті етті.

Төрт жарым сағаттай уақытқа созылған даладағы гала-концерт әуені, кейін аудан-ауылдардың кіші сахналарында әрқайсысы бір өнер отауына айналғандай киіз үйлерде жалғасын тауып жатты. Әр жерге орналастырылған кең экранды түрлі-түсті теледидарлардан арнайы тапсырыс бойынша алматылық режиссер Әсия Сүлеева түсірген Бекет Ата жөніндегі екі деректі телефилым көрсетілді.

Концерттік көрсетілімдер кезінде осы заманғы дыбыс күшейткіш аппаратуралар ,сахнаны безендіретін түрлі-түсті айналмалы құралдар және прожектор жарықтары өте бір талғампаздықпен орынды пайдаланылды. Ата асының концерттік сауықтық шараларының жоғары көркемдік деңгейде мән-мағыналы өтуін ұйымдастырушы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Н. Мұқанов пен оның аудан-қалалардағы әріптестері, облыстық филармония директоры Р. Мәдіреев, Абай атындағы мәдени-демалыс кешені директорының орынбасары Жарылғапова сынды өнер мен мәдениет қайраткерлері зор еңбек сіңірді. Ас мерекесі өткен ауылға спутниктік байланыс пен компыютерлер орнатып, әр жерде болып жатқан ойын-той шараларын көрсететін кең экрандар қойған, ай астындағы ауыл ақ самаладай жарыққа малынып, қуат көзі бір үзілмеген игілікті тұтынуына тамашалауына облыстық телекоммуникация директоры Нұрғазар Бишаев, МАЭК акционерлік қоғамының президенті Майлыбай Аймағамбетов, "Маңғыстауэнергомұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қалабай Төлегенов, АУЭС кәсіпорнының директоры Александр Булгаков, облыстық телерадиокомпанияның төрағасы Петр Долматов, "Өзенэнергонефты" кәсіпорнының директоры Келдіғұл Бижанов басқаратын еңбек ұжымдары қосқан үлес — қандай алғысқа да лайық.

АЛАМАН БӘЙГЕ

Құрекемнің, Құрманғазының әйгілі "Адай" күйіндегі елдік пен ерлікті, жасампаздықтың сарынына кілең бір кекілін шоқтап құйрық-жалын шарт түйген, құтырынып бәйге алаңына шыға келген сәйгүліктер тұяғының дүбірі, мың сан көрерменнің кеудесін соққылап, атойлай жөнелген жүректердің дүрсілі қосылып кеп кеткенде Бекет Атамыздан бастап, Маңғыстаудың маң даласындағы құлыптастар мен күмбездер астында тығылып жатқан бабалардың бір аунап түспегені жоқ шығар сірә!

Шабыс тілеген тұлпарларды тықыршытып күттіріп қою да — қиянат; жарыс төрешілері жалауды жалп еткізіп, белгі беруімен аламанға түскен тоқсан алты жүйрік заулай жөнелісті. Талайдан мұншалықты қылаң тұяқтың қытығын сезінбей дүбір аңсаған дала да, ат бауырына жабысып жарыса дөңгеленіп барады. Қашықтық — 45 шақырым тоғыз айналымнан тұрады.

Қазір тобымен аттанған жүйріктер, үш-төрт айналымнан соң іркес-тіркес тізбектеліп, ол тізбекті түрікмен елінен ат қосқан ағайындардың сәйгүліктері бастауы — көз көріп жүрген жәйт. Нағыз дода соңғы айналымдарда басталады сондықтан, бәйге аттарын айдап салып, астың өзге қызығын тамашалайтын бағзы бабаларымызша енді, әр айналымнан қай аттың алда келе жатқанын шотқа салып, алаңдамастан еліміздің сейістік ат жарату өнеріне атақты атбегілері мен жүйріктері жайынан аз-кем әңгіме қозғайық.

Ас пен тойдың хабары жеткеннен бастап, сейістер алдымен жүйрігін баптауға кіріскен ғой. Қазақтың бәйгеге ат қосуға маңыз беретіні соншалық, өзіндегі жүйрікке көңілі толмаса ел аралап, жүйрік ат іздеу көңіліне ұнағанды иесінің сұрағанын беріп, сатып не айырбастап алу, сыйлас кісісінен қалап алып жаратып бәйгеге қосу ар саналмаған. Ас артында қалатын аңыз бен ақиқат та, осы ат бәйгесі төңірегінде өрбіп қанша аттың қосылғаны кімнің атының келгені, кімнің атының қалғаны сейістің қалай баптағаны "әттеген-ай бір тері алынбай қалғанына" дейін әңгімеге өзек болған. Аттың даңқы астың даңқынан асып кеткендігінің бір мысалы — Сағынайдың асында Батыраштың балтасына ілігіп, пендешілік күншілдіктің құрбанына айналған Құлагер, Ақан серінің Құлагер тұлпары. Батыраш балтасынан өмірі қиылғанымен Құлагер тұлпардың аттық жүйріктік даңқы сағынайлар мен батыраштардан озып, заманынан озып дәуірінен асып, қара үзіп кетті. Қазақ санасында жел жетпес жүйріктіктің, ер қанатының мәңгілік нышаны ретінде қалып бірге жасасып келеді. Құлагер атымен өмірге ән төресі әдемі дастан келді. Жалпы төрт түлік малдың ішінде соншалықты көп ән-жыр, күй арналғаны жылқы баласы екендігіне таңдануға болмайды.

Бұрындары "Тайында озбаған, бестісінде бәйге алмайды" дейтін атамыз қазақ жылқының жүйріктігін сынауды тай күнінен-ақ бастаған. Қозы өрісіндей қашықтықтағы жарыста жүйріктігін байқатқан тай жасы өсе келе құнан бәйге, дөнен бәйгелерге бапталып жіберілген. Сөйтіп, аламан бәйгеге салынар жүйріктер сұрыпталған. Аламан бәйге — атының өзі айтып тұрғандай ұзақ шабыс. Тұлпардың тұлпарының тұяғы тозбай, жүйріктің жүйрігінің өкпесі күймей алатын асуы. Шабыс қашықтығы әдетте, күншілік түстік, талтүстік деген өлшемдермен белгіленген. Мұның мәнісі — мәреден жарық түсе жіберілген аттар, көмбеге кеш түсе түс мезетінде, ия тал түсте келді яғни, соншалық шапты деген сөз. Оған әрине, "Ат шаппайды бақ шабады" деп кез келген тұғырды қоса бермейді. Тірсегінің қуат серпініне лыпыған жеңілдігі, тынысының кеңдігі сай тұлпар арғымақ, текті сәйгүліктер ғана жіберілсе керек-ті. Ұзаққа шапқанда ғана тұяғы қызып, тынысы ашылып қанат бітетін Адай тұқымды жылқының бағын ашатын да, міне, осындай ұзақ қашықтық. Бұл өзгеше тұқымның сұрыпталып, сақталып қалу тарихының өзі жеке кітапқа жүк болардай.

...Қазіргі Өтес сайы темір жол бекетінің батысындағы шағын түбекті ел "Толыбай түбегі" дейді Толыбай — атақты Құлыбек батырдың әкесі. Заманының жылқылы байы болған. Және жылқысы — шетінен сәйгүлік. Малының сол қадірін білетін шал өзгеге айғыр бермейді екен. Тұқым алғалы барған талайлардың сағы сынып қайтыпты. Ақыры көршілес Ақбота ауылының атқұмар сейіс бір адамы қалай да тұқымдық бір айғыр алуды мақсат тұтып, Толыбайдың қызына құда түсіп, баласына айттырады. Екі жақ құда болысып, айы-күні жеткенде жас келін шекесі торсықтай ұл табады. Немересін ертіп келінін төркіндетуге жіберерде атасы: "Қалай да әкеңнің торы төбел айғырын алуға тырыс"-деп мұқият тапсырып жібереді. Қазақта төркіндей келген қыздың жөні бөлек, балаңа еншіге қимаған нәрсеңді қызың қалап тұрса бетін қайтара алмайсың, оның үстіне "жиен назары" деген тағы бар. Мұны түсінбейтін Толыбай емес қиналса да, қимаса да қылқұйрығын қызына жетектетеді' бірақ, торы төбел айғырдан ешкімге тұқым бермеуді әбден аманаттайды. Сол торы төбел бұл ауылға құт болады да шығады, аяқ жетер жердің бәйгесінің бәрі — соныкі. Жүйрік шығар, құлыны көп болмайды әрі атасынан аумайтын торы төбел болып туады.

Жылдардан жылдар өтеді "қарағай басын шортан шалған" заман туады. Төңкеріс одан соң — тәркілеу. Бұл кезде торы төбел жүйрік иесі Аймұрат деген кісі екен. Ауылдары қазіргі Жаманайрақты төңірегінде Тәркілеуге асқан бай болмаса да, көбең күйі бар Аймұрат та ілігеді. Белсенділер ауылдағы бар малды айдап әкеткенде Аймұрат торы төбел құнанын қамыс арасына тығып, аман алып қалады. Ақыры сол атын қолынан шығармай ұстап қалады ғой. Күнкөрістік малдан айрылған соң, шаруа баққан елдің жайы белгілі жан жаққа бытырап көше бастайды. Айрақтыны мекендеген алпыс үйдің арты болып, Аймұрат та өкше көтереді. Сол кеткеннен ол Жем бойына қоныстанады колхозға мүше болады. Иесі колхоз мүшесі болған соң торы төбел де ортақтың малына айналып, колхоздың жұмысына жегіледі. Отызыншы жылдардың аласапыраны есін алған елдің ас беру не теңі, бәйге шапқан не сәні?.. бәрі де қалған. Бәйгеге түсетін дүбір жоқ торы төбелдің де даңқы семе береді. Одан әрі — соғыс...

1947 жылдың жазында қазіргі Ақшымырау ауылының Ақбота, Зақаң, Сейтахмет тағы басқа естияр азаматтарының Жылойға жолдары түседі. Жолшыбай бір ауылға ат басын бұрса, құдық басында сүйегі арса-арса арық жылқы тұр. Үстінде — қойшының ер тоқымы. Сол жерде Зақаң: "Дүния-ай, мынау Аймұрат ағамның торы төбелінің өзі болмағанымен көзі ғой" — деп жылап жіберді дейді. Жолаушылардың бәрі көзі қарақты ат танитын кісілер. Тұра қалып айналдыра қараса, расында да мынау баяғы торы төбелдің тұқымы өзі айғыр. Сол жерде ортақ бәтуаға келген ағалар мал иесіне астарындағы семіз айғырды беріп, торы төбелді айырбастап алады. Өзен бойының өлең шөбіне жайып қондандырып Ақшымырауға әкеліп үйірге салады.

Ақшымырау, Қызан ауылдарында атбегілік басқа жерлермен салыстырғанда, өрелі жоралғысы әлі күнге дейін сақталған. 60-ыншы жылдардың бас шенінде Нәдір, Зәкос, Жетпіс, Бекқожа, Мұқырбай сияқты сейістері жаратып жүрген жүйріктердің тегін, түп-тұқымынан бері таратып, "анау Аймұраттың торы төбелінің" "мынау — баяғы Солдат торының" "ал мынау — Қосжанның бурылының тұқымы" деп отырар-ды. "Солдат торының" мәнісі — 1920 жылы атаман Толстов армиясы босқанда, Шетпенің басында бір офицердің аты тұралап қалады. Сол жерде офицер атқа сұқтана қарап тұрған қазақтың біріне: "Мынау — асыл тұқымды мал алты жыл бірге соғысқан серігім еді. Жеткен жеткізген жері осы болды. Өлтіріп ала көрме"— деп атымен жылап қоштасып беріп кеткен дейді көнекөздер. Атты алған кісі де атбегінің сойы екен. Солдат-торының күтімін келістіріп, төрт аяғынан тік тұрғызып, бәйгеге де қосады, үйірге салып тұқым да алады. Сейістердің айтуына қарағанда, "Солдат торы" кабардин жылқысының тұқымы болса керек. Адай жылқысымен буданынан тұрқы биік, омыраулы желісті ұзаққа шабатын кең тынысты тұқым алыныпты. Ал, Қосжан — Адайдың атақты сейісі жары Қосжан. "Аламан бәйгеден құнанды да келтірген қу Қосжан" дейді екен өнеріне сүйсінгендер. Арқадағы үш жүздің басы құралған бір асқа жолай кездейсоқ ұшырасқан шығырға жегулі кәрі мәстекті жеткенше жаратып алып барып, бәйгеге қосқан бас бәйгені алып тұрып, бұл Қошекеңнің соңғы бәйгесі екен "Әттең жануарым-ай сенің құнан дәуренің мен менің жиырма бесім оралып келмейді ғой" деп кемсең дейтін Қосжаныңыз бұл. Сол бәйгеде: "Ай ана, Әлімнің жүйрігінің алақандай жерінде ащы тері кетіпті-ау, әйтпесе бірінші бәйге соныкі еді" - деп бармақ тістеген Қосжан...

Бағзы бабаларымыздың.осылай екі шұқып, бір қарап сұрыптаған бас кетер жерде де, ақын Есенғали Раушанов жырлағандай тұқымын үйірімен де, жалғыз-жарымдап та, ала қашып сақтаған көкмойнақтардың тұқымдары Маңғыстау топырағында шүкір баршылық. Атбегілік өнерді кейінгіге аманаттап үлгерген Алданов Өрісбай, Мұқырбай Тілепиев, Бекқожа Дәулеталы, Серікбай Мұрат, Есболай Сағындықұлы, Тасқара — күні кеше арамыздан кеткен сейістер. Тасқара Сағындықұлы баяғы елуінші жылдары Алматыдағы аламан бәйгеде екінші орын алатын шабдар аттың иесі. Әттең, шабдар ат тағасыз екен, сонысы бөгет болып, ипподромда бауырын көселіп, шаба алмай екінші келіпті. Алматының мамандары сол жолы шабдарды қайтармай алып қалған.

Осы арада өлкеміздегі көнекөз қарттардың бірі — С.Нұрмағанбетов ақсақалдың деректеріне жүгіне кеткеннің де артықтығы болмас. Маңғыстау ауданынан сол кездегі ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған жалғыз-ақ адам Нұрсейіт Бейнеуовтың Адай тұқымды сәйгүліктердің тұқымын сақтау мен асылдандырудағы еңбектерін баяндай келіп, оның сейістік өнеріне де жоғары баға береді: "Нұрекең өзі өсірген адай жылқысының ішінен небір сәйгүлік мықтылары мен сұлуларын, Москва қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне апарып, көрменің бағалы сыйлықтары мен грамоталарын алып қайтқанын сол уақыттары жас та болсақ көре қалдық. Москваға апарған әдемі сәйгүліктер армия қолбасшыларының атымен аталды: "Чапаев — көк қасқа арғымақ" "Буденный — жирен қасқа арғымақ" "Ворошилов — шағыр көз қара қызыл айғырдың" жүрістері әлі күнге көз алдыма елестейді... Күні кешеге дейін спорт алаңында шабыстың салтанатын көрсеткен Орпа қоңыр айғыр, Сындыбек торы солардың ақтығы десек қателеспейміз. 1960 жылы Гурьев қаласында өткізілген республикалық фестивальдің жүлдегері Сындыбек торы "Қазақстан" киножурналына түсірілді. Сонда гурьевтік ағайындардың шеңгелдеп күміс ақша шашып, "қасиет дарыған Адайдың аруағынан айналдым" деп көздеріне жас алғандарын көрген едім" — деп жазады Секең Маңғыстау аудандық "Жаңа өмір" газетінің 1991 жылғы 18-маусымындағы нөмірінде...

Бағаналы бері отырғандары түрегелісіп, тұрғандары ұшып кетердей қиқуласып, мынау қалың жанкүйер неге дүрлігісіп барады? Е, бәсе аттар аламан бәйгенің жетінші айналымына тұяқ іліктірген екен ғой. "Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады" аттар да іріктеліп бірқатары топтан шығыпты, бес-алты айналым бойы алдыңғы лекте тіпті оза шауып келе жатқан түрікменстандық ағайындар қосқан ақалтекелер кейіндеп, төл тұқымды жүйріктеріміздің мойны оза бастапты. Сол озғаннан қарқын алған адай сәйгүліктері соңғы екі айналымда өзара жарыстың қым-қуыт қызығын қыздырып, еліргендерінің екпініне, үстіндегі шабандоздарының епсекті қимылдары жымдасып, ат пен адамның күш-жігері біртұтас күйге айналған сәтінде алды көмбеге жетті. Қасиетті Ата асының аламан бәйгесі соңғы жылдары талай топта ақалтеке жүйріктерінің құйрығын тістеп қалып жүрген адай сәйгүліктерінің тұсауын шешіп, бағын ашты! Қайран көкмойнақтардың тұқымы шөжіп бара ма деген күпті көңілдердің күдігі тарқады. Құдайға шүкір, атбегілік ата-дәстүрдің мұрагерлері де аз емес екен. Мынау аламан бәйге жүлдегерлерінің дерегі соның айқын дәлелі.

Бірінші орын — атбегі Абдуллаев Терекбайдың торы төбелі тоғыз жаста Сенек ауылы. Жүлдесі — "Toyota Camri" автомобилі.

Екінші орын — атбегі Жарылғасов Ермұханның торы қасқасы 10 жаста Құланды ауылы. Жүлдесі — "Jeep" Оңтүстік Корея автомашинасы.

Үшінші орын — атбегі Нәдіров Құрманбайдың көк қасқасы тоғыз жаста Сайөтес кенті. Жүлдесі — 4 бөлмелі үй Ақтаудан.

Төртінші орын — атбегі Ратов Сейсеннің алмас торысы жеті жаста Жаңаөзен қаласы. Жүлдесі — "Волга-3110" автомашинасы.

Бесінші орын — атбегі Үбиев Түзелбайдың қызыл аты жеті жаста Түпқараған ауданы. Жүлдесі — 3 бөлмелі үй Жаңаөзеннен.

Алтыншы орын — атбегі Қалыңбаев Абдулланың сүлік қарасы жеті жаста Ақшымырау ауылы. Жүлдесі — "Жигули — 2106" автомашинасы.

Жетінші орын — атбегі Сартаев Рахымбердінің ай төбелі тоғыз жаста Шетпе кенті. Жүлдесі — бейнеекілік.

БЕКЕТ АТАНЫҢ 250 жылдық мерейтойынан көріністер

Бекет Атаның Оғландыдағы жер асты ғимараты реставрацияға дейін.

Н. Ә. Назарбаев пен Ә. Кекілбаев Шопан-Ата құдығы басында. 1994 жыл маусым.

Н. Ә. Назарбаевтың Бекет Атаға тәуап етуге бара жатқан кезі.

Бекет Ата мешіті реставрациядан кейін. 2000 жыл жаз.

Бекет Атаның бақилық орнына апаратын соқпақ реставрация құрылыс-жөндеу жұмыстарынан соң.

Тәуап етушілер Бекет Атаның Оғландыдағы жерасты ғимаратына келе жатыр.

Оғландыдағы Бекет Ата мешіті мен түнеухана кешенінің алғашқы қазығын қағу сәті. 2000 жыл наурыз.

Құрылыс жұмыстарының барысы талқыланған кезекті мәжілістен соң. 2000 жыл шілде.

Кешеннің бас қақпасы.

Жеті күмбезді жаңа мешіт үйі. 2000 жыл қыркүйек.

Киіз үйлер қалашығы.

Асқа жиналған халық

Маңғыстау облысының әкімі Л. Қиыновтың ас салтанатын ашу сәті.

Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлы сөйлеп тұр.

Астың ашылу салтанатына жиналған халық.

Палуандар шықты кілемге.

Оғландыдағы мешіт кешенінің жалпы көрінісі.

Ас қарсаңында Ақтауда Бекет Ата мешітінің алғашқы қадасы қағылды.

Киіз үй алдында демалып отырған қонақтар

Атаның көк асасының мұрагері Тұрсынғали Нәкешов асқа жеткізген киелі жәдігер облыс әкімі Л. Қиыновтың қолында.

Сұмсадағы ас өткен жерге орнатылған ескерткіш-стелла

Бір топ ауыл азаматтары Сұмсадағы ас өткен жерге орнатылған ескерткіш-стелла алдында.

ОШАҚ БӘЙГЕ

Атына қарағанда салттық салмағы көбірек сияқты, бұл бәйге астың алғашқы сегізінші қыркүйек күні түс қайта өтті. Қашықтығы 23 шақырымдық бәйгеге 93 ат қосылды. Аламанның алдындағы үлкен репетиция сынды болған бұ жарыстың бас бәйгесін белгілі сейісші таушықтық Ержігіт Табылғановтың жирен қасқасы жырып әкетті. Жүлдесі — "Жигули" автокөлігі. Түрікменстаннан келіп ат қосқан ағайын Мұңалбай Боқаевтың жүйрігі көмбеге екінші келіп, "Иж" мотоциклін жетекке алып қайтты. Ақшымыраулық белгілі атбегі Қалыңбаев Абдулланың аты мәреге үшінші жетіп, теледидарды өңгерді. Бекет Ата асында Әбекенңің қос жүйрігі торысы — ошақ бәйгеде сүлік қарасы аламан бәйгеде озып, жүлде алып иесінің де, ауылының да мерейін өсірді.

ЖОРҒА ЖАРЫС

Ат өнерінің әдемі түрі — жорға жарыс. Жылқының қазанаты мен тұлпары, арғымағы мен сәйгүлігінен кейінгі қазақтың ең бір жақсы көріп, әнге, күйге арқау еткені — жорғасы. Су төгілмейтін жорға, тайпалған жорға деп жүрісін әспеттеп, сұлулығына тамсанған. Ата асындағы жорға жарысы да аса көркем көріністердің бірі болды. Құйрық-жалы төгілген жиырма үш жорға сән жарысына түсіп бейнеулік Шариғатов Шеркешбайдың құла жорғасы бірінші орын алды. Жүлдесі — "Иж" мотоциклі. Теңге кентінен Құдайбергенов Ғалымжанның ақбоз жорғасы, екінші қызылтөбелік Камаев Дәрменнің қара жорғасы мәреден үшінші өтіп, тиісінше бейнеекілік пен теледидар секілді жүлделерді қанжығаларына байлады.

Астағы ат спорты ойындары халқымыздың дәстүрлі қыз қуу, ат үстінен теңге алу ойындарымен қорытындыланып оған қатысушыларға да тәберік-сыяпаттар сыйланды. Бәйгені ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қапуов Әлімғали, жарыстың бас төрешісі Асылов Айдарбек басқа да ел азаматтарының басшылығымен ұйымдастырылған ат спорты ойындары бәйге Ата асының ажарын арттырып, өте жоғары дәрежеде өтіп, атқұмар халықтың жеңсігін басып, төл жүйріктеріміздің болашақ жеңістеріне жол ашты.

КҮРЕС

Күрес — ұлттық спортымыздың ең көп тараған түрі. Жауырыны жерге тимеген палуандар, бір ру ұлыстың ғана емес бүкіл ұлтанды елдің мерейін, мәртебесін үстеген. "Өгіз палуан", "түйе палуан" дегендер — әншейін дақпырт емес, бұла күш иесін дәріптеген елдің еріне берген бағасы. Кезінде орасан қайратымен исі Алшынды көршілес Хорезмді таң қалдырған, Мыңкісі Байсалұлының атын да қасиетін де Пір Бекет шапағатымен байланыстырады. Байсал — Бекет Атаның Оғландыдағы мешітін салу барысында қайратымен шеберлігімен Пірді тәнті ететін Байсал. Жасы егдергенге дейін перзент көрмей зарығып жүрген Байсалға ризашылығын білдіріп батасын берген Ата: "Мың кісіге татитын жалғыз ұлың болар атын Мыңкісі қоярсың" — депті. Атаның батасын Алла қабыл етіп Байсал қартайған шағында перзентті болыпты. Мыңкісіге Әулие Ата шапағаты дарып, өз тұсының теңдессіз палуаны, қолы епсекті сынықшы көріпкелі атаныпты. Бақилық мекені — Бозашыда. Жұрт әулие тұтып, басына түнейді. Ертеде дүбірлі ас - тойға аттанған Маңғыстау елінің палуандары да басына түнеп, ақсарбас шалып аруағына сыйынып, аттанады екен. Мыңкісі аулынан шыққан Бисембай, одан Қартқожақ палуан 1950 жылдарға дейін топ ортасында бел ұстап келген. Қартқожақтың баласы Ақбазар да ауыл аудан көлемінде танымал палуан болды.

Қазақтың үш жүзіне танылған маңғыстаулық палуандарының бірі — Әли Балта. Арқа жағында үш жүздің баласына сауын айтылған, ас өтетін болып бір жыл бұрын хабары жетеді. Балта палуанның егдеріп, топқа түсуді қойып жүрген кезі екен. Бір топ жас палуанды бастап жолға шығады. Өңкей ат белі атан жілігіндей жігіттер, ат үстінен аударыспақ ойнап өзара күш сынастырып байқасып, Ақтөбе жеріне де жетіп қалысыпты. Табын елінің бір ауылының тұсынан өтіп бара жатқан жолаушылардың көзі төбе басында күресіп жатқан жігіттерге түседі.

—Е, мынау палуаны бар ауыл екен, аялдап байқалық — деп ат басын бұрады. Ауыл иелері де: "Өңшең бір тұлғасы келіскен жігіт екенсіңдер, еру болыңыздар. Қаласаңыздар бел ұстасып байқалық" — деп ілтипат көрсетеді. Содан уақыт ұттырмай күресіп кеп кетеді. Үлкен елден іріктеліп шыққан сүлейлер емес пе, ауыл палуандарын кескен теректей сұлата берсе керек. "Жығылса — жер көтереді" дегенмен ауыл иелері қызараңдап намыстана бастайды. "Жолаушы адайлардан бәріміз бірдей жығылып, жер қапқанымыз елдігімізде ұят-ты, шақырыңдар, пәленше келінді"— деп ауылға хабар салады. Сәлден соң, шалбарланып алған бір әйел ауылдан шығып төбе басына беттейді. Әйеліңіз — керемет алып қойқаң-қойқаң, басқан жері ойылып кетердей бұлшық еттері түйе жүн шекпенді керіп, бура сандары бүлт-бүлт етеді. Мойын еті тұтас саусақтарының әрқайсысы батырдың тақымындағы сойылдай жатқан бір апайтөс.

— Апыр-ай, Табыңда бір түйе "палуан атанған келіншек бар деуші еді мынау сол болды. Алыс жолға бара жатырсыңдар, балалар айдалада әйелден жығылып, жаман ырым бастарсыңдар. Мен лаждап көрейін — деген Балта палуан ортаға шыға берсе керек.

— Мен адам танысам мынау — Адайдың Балта палуаны. Ана жаман-жәутіктер бір қарпуымнан қалмас еді, бұған тәуекелім барар емес. Әрі әкемдей адамның белінен қалай ұстаймын — деп әйел іркіліп қалғандай. Ауылдастары не де болса намысты қолдан бермеуін сұрап тұрып алады. Ақыры амалы таусылып: "Үйдегі атамның батасын алып беріңдер. Ол ұлықсат етсе — тәуекел"— дейді. Келіншектің атасы да кезінде атақты палуан болған екен, келіні — баласына қалыңсыз алып берген бір палуан досының қызы екен.

— Күш-атасын танымайды деген бар, оқасы жоқ. Жығылса Балтекеңнің батасын алсын — депті шал.

Сонымен, ақсақал шал палуан мен жас әйел палуан ұстасып кеп кетеді. Сүт пісірімдей алысады. Екі жағы да берісер емес. Ғұмыры жауырыны жер иіскеп көрмеген шалыңның да сасқан жері осы болса керек. Келіншек те жан тері шығып әбден діңкелепті. Бір кезде Балтекең: "Ия, Алла пірім Бекет" — деп бар қайратын жиып келіншекті тік көтеріп алып, сылқ еткізіп жерге тастай салыпты. Ия құдайлап тұрған серіктерінің өңіне сонда ғана қан жүгіріпті. Келіншек орнынан тұрып, ата палуанның алдында басын иіпті Балтекең "әттең құдайымның ұл қылып жаратпағаны-ай сені" деп жанарына жас үйіріліп тұрып маңдайынан иіскеп, батасын беріпті. Палуан келіншек осы уақытқа дейін перзентке зар, арманда екен. Балта атасының батасы дарып, артынан арыстай ұл тауыпты. Сол бала да өсе келе палуан болыпты. "Ия, Балта баба желеп-жебей көр" — деп ұрандап түседі екен, күреске деген аңыз-әңгіме қалған.

Бұл ұлттық күрес өнерін пір тұтқан халқымыздың, оның мәртебесін пендешілік піштуандардан жоғары қойғандығының жалғыз мысалы емес. Ел намысы сыналар кезде, оны қорғауға әйелдер де, бел буып шыға бергендігіне халқымыздың ертегі, жыр-дастандарында да, деректі шежірелерінде де, мысалдар жеткілікті. Бұл үрдіс түрікмен халқында да бар, оларда әйел күресінсіз той өтпейді деседі.

Бертіндегі Бәйімбет-Күшік, Мәмбет палуанның да аты аңызға айналған. Оны Тобанияз Орынборда өткен Бүкіл қазақстандық құрылтайға ертіп барып күрестіреді. Мәмбет палуан белдескеннің бәрін жығып, бас бәйгені жеңіп алады.Палуанның ел мәртебесін көтерген, қайратына риза болған Тобекең: "Өзге адайым — бір төбе, Мәмбет палуаным — бір төбе" — деп қыстық соғымын алдына салып үлкен сыяпат жасапты. 1920-1930 жылдары аралығында Мәмбет палуан Маңғыстау елінің бас палуаны атанып, намысын қорғаған. Кейініректе бұл үрдісті Марқабай Шүйішов жалғастырады, ескілікті палуандардың соңғы тұяғы осы кісі болды деуге келеді.

Күрес десе делебесі қозатын, бір қазақтың басынан мынандай да хикаят өткен. Тоқтамыс Айдарбек Сәрсенов қалмақ даласындағы соғыста немістердің тұтқынына түсіп, Германияға айдалады. Кешегі атан жілік азамат айдауылдың мылтығының астында жүріп, құлдық жұмыс атқарады. Бір күні іштері пысқан немістер күресе бастайды. Араларындағы фельдфебель белдескендердің бәрін баудай түсіріп, мұртын сипап тұрса күресті сырттай бақылап, делебесі қозып кеткен Айдекең қасына жетіп келіп, күрескісі келетінін білдіреді ғой. Анау да ер екен келісе кетеді. Сол жерде екеуі ұстасып келіп қалады. Қарсыласының ыңғайынан байқап қалған Айдарбек сәлден соң қазақша күрес тәсіліне салады да, немісті алып ұрады ғой. Алып ұрған құрлы өзі де қатты сасады қанша айтқанмен бұл — тұтқын шамына тисе құны — бір оқтық. Немісі керісінше қолындағы тамағын беріп, әлгі тәсіліңді үйрет деп жата жабысады. Амал жоқ үйретеді, содан кете-кеткенінше ара-тұра неміспен белдесіп жүріпті.

Ас беру үрдістен қалған тойдың сәндік салмағы ән мен, тепеңдеген биге ауысқан кездерден бастап, ұлттық мағынасындағы палуандық өнер де алқалы топтың ортасынан ығысып, ресми спорт ұжымдарының иелігіндегі залдардың татамилеріне табан тіреді. Бағзы замандарда "атыспақ керек пе, алыспақ керек пе" деп қасқиған батыр бабаларымыз серік еткен, қос өнердің бірі сырттан келген самбо, бокс, француз күресі, еркін күрес, ондаған түрлі шығыс жекпе-жектері деп аталатын спорттық ойындардың тасасында да қалғандай еді. Құдайға шүкір, еліміздің тәуелсіздік алуымен қазақша күреске жанашыр ғана емес кейінгі ұрпаққа үйретіп ұйымдастыра білетін азаматтардың барлығының арқасында күресіміз қайтадан шаршы топтың алдына шығып, үлкен тойлар мен астардың бағдарламасына енгізіле бастады. Міне, он жылдан бері облыста өлкенің аяулы азаматтарының бірі Сайын Шапағатовты еске түсіруге арналған турнир өткізіліп келеді. 1999 жылдан бері заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының жүлдесі үшін қазақша күрестен халықаралық жарыс өткізу дәстүрге енді. Аудан, қала, облыс деңгейіндегі той-мерекелердің ешқайсысы қазақша күрессіз өтпейтін болды. Ал, бүгінгі Ата асындағы палуандар белдесуінің мәртебесі қай-қай жағынан да асып түскелі отыр. Қазақстанның батысындағы барлық облыстардан Алматыдан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан елдерінен Ата асына өнер көрсетіп, күш сынасуға келген палуандар саны жүзден асып, екі күн бойы небір апайтөс атан жілік жігіттер боз кілемге шығып, арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысып шарпысудан шашыраған қайрат ұшқындарымен көрерменнің қанын қыздырып, қазақша белдесудің қызығына қарық қылды. Белдесулер нәтижесінде үш салмақ дәрежесі бойынша сегіз спортшы ақтық айқасқа шықты. Көбі — жергілікті палуандар. Былтыр Әбіш Кекілбайұлы атындағы жарыстың бас жүлдесі — "Жигули" автомашинасын қарақалпақстандық әріптестеріне, алдында ғана Жаңаөзен мұнайшыларының тойында бас жүлде — "Волга" автомобилін республиканың атақты түйе палуаны ақтөбелік Жарбол Байтезинге қолдан мінгізіп жіберген маңғыстаулықтарды Атаның аруағы қолдап, намыс көтерді ме әлсін-әлсін "әуп" десіп палуандарын қайраттандырып отырған халықтың үні, жеті қат көктегі періштелерінің құлағына жетіп, "әумин" деді ме қалай болғанда да, ақтық белдесуде небір өз елінің түйе палуан, өгіз палуандарын даусыз жеңген жерлестеріміз үш салмақ дәрежесі бойынша да бірінші жүлдені байлады.

Түйе палуан — Елдос Ықсанғалиев Ақтау жүлдесі — мотоцикл.

Екінші орын — Серік Жүсіпбеков Нөкіс жүлдесі — бейнеекілік.

Үшінші орын — Серік Аманшиев Жаңаөзен жүлдесі — бейнемагнитофон.

73 килограмға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша:

Бірінші орын — Қанат Жұмабаев Түпқараған жүлдесі — бейнеекілік.

Екінші орын — Ербол Жаманқараев Ақтау жүлдесі — теледидар.

82 килограмға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша:

Бірінші орын — Мұхсин Дүйсенғалиев Ақтау жүлдесі—бейнеекілік.

Екінші орын — Аралбай Рахметов Қарақалпақстан жүлдесі — теледидар.

Үшінші орын — Назар Қылышев

Түрікменстан жүлдесі —бейнемагнитофон. Ата асындағы палуандар жарысына жан-жақтан палуандардың көптеп қатысып, жоғары ұйымшылдықпен өтуіне балалар мен жасөспірімдердің қазақша күрес, дзю-до мектебінің директоры қазақша күрестің қайтадан өрістеуіне айрықша үлес қосып жүрген жаттықтырушы – ұстаз —Темірхан Бисенұлы тағы да басқа азаматтар көп еңбек сіңірді.

ҚОНАҚТАР, ҚҰТТЫҚТАУЛАР, ЛЕБІЗДЕР

Ата асына қызмет еткені бар, республикамыздың өзге аймақтарынан Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Иран, Германия, Франция, Швеция сияқты алысты-жақынды елдерден келген қонақтары бар 35 мыңның шамасында адам қатысты. Қыркүйектің бес-алтыларынан-ақ ағылып келе бастаған меймандарды қалашыққа кіре берісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Даржоқ Сейбағытов басқарған қонақтарды қабылдау штабы қарсы алып, аудан-ауылдарға бөліп жолға салып отырды. Аудандық қалалық штабтар өз кезегінде келген кісілерді жеке үйлерге апарып орналастырып, олардың ауқаттанып, тынығуын, мереке қызықтарын тамашалауын ұйымдастырып, үйлестіріп отырды. Нәтижесінде, қабылдаусыз, күтусіз қалып реніш білдірген ешкім болған жоқ. Енді бірқатар қонақтардың лебізіне асқа келе алмағандардың ақ тілегін жеткізген құттықтауларға кезек берелік.

ӨМІРБЕК БӘЙГЕЛДІ Сенат төрағасының орынбасары: — мынау ұлы жиынның ортасында болғаныма өте қуаныштымын. Ата салтымызды ұмыттырды, ұмыттық дегенімізбен шындығында құндылықтарымызды күл.

АДМИНИСТРАЦИЯ КЕМЕРОВСКОЙ ОБЛАСТИ

650099. г. Кемерово Советский пр-т 62 т.5б-34-09 факс 23-31-56.

От —№

На № —

Уважаемые сородичи!

Приношу огромную благодарность и поздравления всем соплеменникам собравшимся в честь 250-летия Великого Бекет Ата — основателя нашего Рода. Пусть памяты о нем не стирается у потомков у наших детей и внуков.

Выражаю большую благодарность организаторам этого праздника.

Сожалею что не могу быть среди Вас.

Мы не должны забывать своих предков которые оставили нам большое духовное наследие и объединяют наш большой Род разбросанный историей по большой земле.

Мы должны помнить всегда свои корни и напутствие своих родителей что человек должен прожить жизнь достойно и с честью.

Оргкомитету по празднованию 250-летия Бекет Аты

Искренне желаю Счастья Здоровья Благополучия Долгих лет жизни Вам и Вашим близким.

Процветания Вашего края.

С глубоким уважением Ваш
Аман-Гельды Тулеев
ЖЕДЕЛ ХАТ
ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚ БАУЫРЛАР

Қойнауы — құт-қазына тарихы — шежіре қасиетті Маңғыстау өлкесі бүгін ел болып ардақтысын еске алуда.

Қазақ халқы қай заманда да елін қорғаған ерге өзегіңді билер өнерге тар жолда — таяныш сыйынғанда — сүйініш болар аруақтарға кенде болмаған.

Сондай қадір—қасиетімен халқымызға нұр сәулесін шашып келе жатқан Пір Бекетке 250 жыл толып отыр.

Көзі тірісінде-ақ ел ішінде батыр, сәулетші, ағартушы, қасиетті әулие ретінде аты аңызға айналған Бекет Ата қазіргі кезде ұлт болып ұйып жатқан шағымызда бізге рухани дем бермек.

Маңғыстау мен Атырау — адамы аралас малы қоралас ел. Жылыой жерінде Бекет әулиенің ата — анасы бауыры жерленіп қолымен салған мешіті барлығын біз мәртебе тұтамыз Баба мұрасы — ортақ игілігіміз.

Республика Премьер-министрінің орынбасары болып жүрген кезде Бекет ата есімінің қайта жаңғырып түлеуіне мұрындық болғанымды өзіме бақыт санаймын.

Жасап жатқан тойларыңыз — бабаға деген халық көңілінің ыстық ықыласы ұрпақтар қошеметі. Пір Бекет әлі де талай ғасыр ұрпаққа — ұран ұлысқа — ұлағат болары хақ.

Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын Бекет атаның асыл қасиеттері сіздердің болашаққа деген әрбір қадамдарыңызға дем бергей. Барша маңғыстаулықтарға бақ-береке амандық жақсылық тілеймін.

Ізгі ниетпен Атырау облысының әкімі И. Тасмағанбетов.

астындағы қоламтадай сөндірмей сақтай білген екенбіз. Замананың желі оңынан туып еді қайтадан маздап сала берді. Бүгінгі Пір Бекеттің аруағына бағышталып беріліп жатқан астағы рухани жаңғыру мен серпіліс таза көңіл-күй — соның айғағы. Ас аясында тағлым боларлықтай талай жақсы істер тындырылыпты. Бұл мереке — ұлы рухтың ел бірлігінің мерекесі болды.

РЕДЖЕПБАЙ БАҚЫРЖАН ҚАЖЫНЫҢ ҰРПАҒЫ Өзбекстан:

— "Алла — Бір Құран — Шын Мұхаммед пайғамбар — оның елшісі" дейтін мұсылман дінінде исламды таратуға айрықша еңбек сіңірген жаратушымыздың шапағатымен бойына өзге пенделерден артықша ізгі қасиеттер дарып онысын дініміз бен еліміздің игілігіне жарата білген тақуалардың тіріде өзін құрметтеу өлгесін аруағын сыйлау — парыз. Әншейінде де әуелі Алла содан соң Бекет әулием дейтін Пір бабаның ұрпақтары бүгін мыңдаған халықты жиып аруақ сыйлаудың тамаша үлгісін көрсетіп жатыр. Мұндай мереке тек аруақтардың риза болып желеп-жебеп жатуы үшін ғана емес тірілердің жұлдызынан жаңылмауы мынау неше түрлі құйтырқысы көңіл арбаушылары көп заманда аталар жолынан адаспауы үшін керек деп ойлаймын. Біздің бабаларымыз арасындағы ұстаз бен шәкірттің сыйластығы мұсылманшылық жолына адалдықтары бүгінгі ұрлақтарға үлгі болуы тиіс.

ҚАЙНАР ОЛЖАЙ "Хабар" агенттігі ұлттық телеарнасының директоры:

— Кең байтақ республикамыздағы бағзы бабалардың рухына бағышталып беріліп жатқан ас-тойлардың қайсысына барсақ та әуелі алдымыздан сол бабамыздың долбарман салынған суреті шығады. Мұсылман діні адам бейнесін салуға аса кірпияздықпен қарайтындығын маңғыстаулықтардың ескеріп Бекет Атамыздың долбар суретін жасатып ілмегендері өте орынды. Онсыз да біз Шопан ата Оғланды Сұмса жерінің қай-қайсысында да Ата рухын іштей сезініп ұғындық. Қонақ күткен үйлердің төрінде асқа қатысқан адамдардың риясыз көңілдерінде Ата рухының табы тұрғанын түйсіндік. Екінші рет ерекше сүйсінгеніміз —дастархан ас берген ауыл маңайына ішімдік атаулының жолатылмауы. Есесіне ас дастарханында халқымыздың ұлттық тағамдарының мол екенін байқадық. Маңғыстаулық апа-жеңге құрбыларымыз ала жаздап Ата асының қамын жасап құрт ірімшік балқаймақ қайнатып жент жасап тары талқан түйіп қазы-қарта сүрлеп шыққандай көрінді. Бекет Атаның 250 жылдығына арналған мерекелік астың қызықтары мен осы секілді тағлымды тұстарын арнайы хабарларымызда миллиондаған телекөрермендеріміздің назарына ұсынып тараттық.

ЖЕДЕЛХАТ

Құрметті Ләззат Кенебайұлы

Ағартушы абыз тәлімгер ұстаз пір Бекеттің туғанына 250 жыл толуын бүкіл ел болып атап отырмыз.

Қазақта «Ердің соңы — Есет пірдің соңы —Бекет»— деген сөз бар. Бекет баба тірісінде — елінің ел жақтағы Панасы ық жақтағы Саясы бола білген азамат.Жаудан елді арашалаған батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы Озбырлықтан Обал мен Сауапты арашалаған Пірадар. Елі мен жерін шексіз сүйген Асыл Азамат Абзал Адамды Ел де шексіз сүйеді.

Әлсізге Медет Күштіге айбат Зарыққанға Жебеу Тарыққанға Демеу Асқанға Тосқан Сасқанға Сая Ұрпаққа Ұстаз Ұлысқа Ұран Ел иесі Жер киесі— Пір атаға тағзым ете отырып жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақ жасарып жаңарып жатқан қауымымыз бағзы бабалар көксеп өткен армандарға жете берсін дей отыра Ұлы той иелеріне Ұлы Бекет бабамыздың аруағына теміржолшылар ұжымы атынан бас иіп тағзым ете отырып ыстық құттықтау сәлемімді жолдаймын.

Ізгі тілекпен
«Қазақстан темір жолы» РМК
Бас директоры А. МЫРЗАХМЕТОВ
ЖЕДЕЛХАТ

Құрметті Ләззат КЕТЕБАЙҰЛЫ!

Күллі мұсылман баласы сиынған қасиетті Бекет атаның 250 жылдық торқалы тойы құтты болсын. Егеменді еліміз тәуелсіз Қазақстанымыздың жастары мен келер ұрпағына Әулие Бекет атамыздың ғылыми-философиялық саяси көріпкелдік қасиеттері дарып Отанымыздың қауіпсіздігі мен экономикалық мүдделерін нығайту жолында Нұрлы еліміздің игілігі мен жарқын болашағы үшін ата жолын одан әрі жалғастырып барша қазақ мұсылман жұртының бақытты да баянды өмір сүруіне Қазақстан Республикасы Кеден комитеті ұжымының және өз атымнан тілектестігімді білдіремін.

Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің Төрағасы генерал-майор М.О.НҮКЕНОВ.

ӨРІС ТАСТЕМІРОВА Бейнеуден асқа тігілген үй иесі:

— Мына отырған жеті қанат боз үйімді талай мерекелерге апарып тігіп жүрмін. Қашаған ақынның 150 жылдығында Асау Барақтың асында тігіліп қонақ күтілген құтты шаңырағым. Ата асының хабары естілісімен қамдандық. Үйіміздің сырты ақ киіздерінен бастап ішкібау, басқұр, шашақтарын, кілем-төсеніштерін түгел жаңартып кереге уық шаңырақтарына дейін қайта сырлап ұялмастай етіп әкелдік. Шүкір он екі баламның бесігі тұрған төрімнен Ата асының талай қонағын күтіп жатырмыз. Мына дастарханның үстінде тек біздің үйдің ауылдың ғана емес талай алыс жерден қонақтар асқа арнап әкелген дәм тағамдар да бар. Суды жеткізіп тұр электр жарығы Ақтаудағыдай жарқырап жанып тұр бәрі жақсы бәрі жеткілікті. Менің де өзге жұрттың да қайран қалып отырғанымыз — әдетте адам аяғы жеткен жерге ере жүретін шыбын-шіркей атаулының қарасының жоқтығы. Мал сойылып, ішек-қарын аршылып, ет асылып жатқан асүйлер маңайында да ызың еткен бір бөгде дыбыс жоқ Маңайдың бәрі — тап-таза.

ШВЕЦИЯДАН КЕЛГЕН ҚОНАҚ:

— Бекет Атаның 250 жылдығына арналып үлкен мерекелік шаралар өткізілетіндігін "Интернеттен" оқып білген соң өте келгім келді. Біз европалықтар қазақ халқы туралы көп білмейміз. Мұнда келгелі бері қазақтардың мәдениетімен өнерімен тұрмыс-салтымен танысып таң-тамаша қалып жатырмыз. Киіз үйлер өте әдемі адамдардың бәрі шетінен ақкөңіл және араларында домбыра тартып ән салатындар көп. Ат бәйгесі күрес қыз қуу айлы түнде ашық аспан астындағы концерт бәрі-бәрі қазақтардың өткен ғасырлардағы өмір салтын көз алдыңа елестеткендей. Кең даланың төсінде бүгінгідей күнде мереке болмағанымен еркін таза өмір адамдардың сыйластығы өз тұрмыс-салтына бейімделген өркениет салтанат құрғанын сезінесің. Соңдай әдемі тіршіліктің шырқын бұзып революция жасаудың не керегі бар еді түсінбеймін...

ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ

ҚҰРМЕТТІ ЛӘЗЗАТ ҚИИНОВ МЫРЗАҒА!

ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР

Халқымыздың замана керуенінің ұлан-ғайыр көшінде рухани тірегіміз-мұсылмандылық _ имандылыққа байланысты ғасырлар бойы жинаған інжу-маржандары мен асыл қазына — мұраларының едәуір бөлігі еліміз егемендік алғанға дейінгі ширегі кем бір ғасыр уақыт бойы жер бетінен мәңгі жоғалып кеткендігі ал барларының өзі тұмшаланып ұсталғандығы баршамызға аян. Адамзат өркениетінің сан ғасырлар бойы өмір тәжірибесінде зерделеніп анықталғандай адам баласы қалыпты өмір сүруі үшін рухани тірек-имандылық аса қажет.

Ұлт негізі — дін, дін негізі — имандылық — біздің береке — бірлігіміз бен болашақ тірлігіміздің арқауы Жариялылықтың сәуір лебі санамызға сілкініс туғызып догмалық атеизмнің сіресе қатқан сеңін біржола бұзды.

Соның айқын айғағы — бүгін барша мұсылман қауымы Маңғыстаудың қараойында бас қосып «Бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып » бірге тойлағалы отырған «Алты алаштың Әбіші» майын тамыза дәріптеп жазғандай: Елінің жел жақтағы Панасы ық жақтағы Саясы бола білген Азамат жаудан елді арашалаған батыр дауда әділетті арашалаған Қази озбарлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірадар — Пір Ата Бекет атаның мерейтойы.

Қадірменді халайық ардақты ағайын!

Біз Бекет Атаның дүниеге келіп кіндік қаны тамған тал бесікке тербеліп балалық — жастық балғын дәуірі өткен қасиетті де киелі топырақ — Кең Жылыой өңірінің барша тұрғындарының атынан бүгінгі мерейтой иелері — Маңғыстау облыстық әкімшілігі мен мәслихатына сондай-ақ облыс халқы мен алыс-жақын өңірлерден ат арылтып келген барлық тойшы қауымға олардың ақ ниетпен жолдаған жүрекжарды ыстық сәлемін ала келдім. Мәрхамат қабыл алыңыздар!

Пір атаның мерейтойы құтты болсын той тойға ұлассын!

Жылыой аудан әкімі: Р. АРТЫҒАЛИЕВ

Аудандық мәслихат хатшысы: Қ. ТӨРЕМҰРАТОВ

Бекет Ата мерекесінен мен қазақ халқының өмірі мен мәдениеті тұрмыс-салты туралы көл мағлұмат алдым бейнетаспаға түсірдім. Өзім үшін өткені бай болашағы зор халықтың әлемін аштым.

ЕРМҰҚАН КӨШМОВ ас қонағы Жамбыл облысынан:

—Пір Атаның мерекелік асына қасиетті Тараз өңірінен де бір қауым ел келдік. Қонақ болайын деп емес қолымыздан келген қызметімізді жасайық батаның ағайынның ішінде болайық дегенбіз. Бірақ маңғыстаулық ағайындар құрақ ұшып қарсы алып жағдайдың. қызметтің бәрін өздері жасап жатыр. Атамекенде отырған қалың ағайынның бұл ауызбірлігіне Ата аруағы алдында атқарып жатқан ізгілікті қызметтеріне қонақтарға қызметіне –шексіз ризамыз. Ас батасын Алла қабыл етіп Бекет Атамыздың екі дүниеде нұры шалқығай артындағы ел-халқы аман болсын!

Бекет Ұранды елдің Тараз өңірінде тұрып жатқан ұрпақтары да Ата тұлғасын таныту оның өсиетіне адал болу жолында қолымыздан келгенін жасаудамыз. Осында жүрер алдында Бекет Атамыздың тікелей ұрпағы Ережеп ақсақал баба аруағына бағыштап ас беруді ұйымдастырды. Атын естігендері болмаса Атаның өмірінен мұсылман ілімін тарату жолындағы қызметінен кие-қасиетінен бейхабар қалың жұртшылық көп мағлұмат алып риза болысып дұға жасасты.

АЛИШЕР ХАДЖИМАТОВ дарбаздар тобының жетекшісі Қырғызстан:

— Өзге көршілеріне қарағанда қазақ ағайындардың той-жиыны көбірек қой. Бұл да барлықтың құдайға шүкіршілдіктің белгісі. Аяқ жетер жердегі той-томалақтың хабарын естісек барып өнерімізді сатып несібемізді теруге тырысамыз.

Жер мойыны қашық дегенімізбен Маңғыстауда бұрыннан тұрып жатқан кейін сауда-саттықтың жолымен келген қырғыз өзбек ағайындар баршылық. Бекет Ата асының хабарын сол ағайындардан естіп келдік. Дарбазшыларымыздың яғни шығыстың цирк өнерін асқа жиналған мыңдаған адам тамашалап олар да мәз-мәйрам біз де табыссыз емеспіз. Ойлаймын Бекет Атамыз да Хиуада білім қуып шәкірт болып жүрген шағында өзбек дарбазшыларының өнерін көріп сүйсінген шығар деп. Қазір де жарықтықтың құлағына біздің кернейлеріміз Бен даңғыра дабылдарымыздың қошеметтеген халықтың үні жетіп оқыс жазымнан қорғап желеп-жебеп жатқан шығар.

ОҢАЙБЕК ӘДІЛОВ облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары:

— Ата асына отыз бес мыңдай халық жиналды бұл кішігірім қала тұрғындарының санына тең. Асқа қатысушыларға қызмет көрсеткен жеңіл жүк машиналары мен автобустардың өзі алты мың болды деген дерек бар. Баяғы аталарымыздың атын ауыл сыртына қалдыратын дәстүрі мен автокөліктердің бәрі қалашықтан он-он бес минуттық жердегі жағалай тартылған кедергі-кермелердің арғы жағына қалдырылып әр тұстан арнайы күзет бекеттері қойылды. Қандай лауазымды кісінің болмасын автокөлігі ауыл арасына кіріп шаңдатып жүруіне тиым салынды бәрі тәртіпке бағындырылды. Әдетте тәртіпті күзетті қанша мықтадық дегенмен қас пен көздің арасында есік алдына қойып кеткен автомашинаның бөлшектері не ішіндегі дүниелер қолды болып кететін жағдайлар ұшырасып жатады ғой. Бір ғажабы Ата аруағына арналған мерекелік аста иелерін күтіп тәуліктер бойы көз көрім жерде тұрған неше түрлі автокөліктердің ешқайсысынан бір бұранда жоғалмапты. Тәртіп бұзушылық түгілі жай келіспеушілік дауыс көтеріп керкілдесу болмаған бәрі жаймашуақ жылы рәуіште өтті.

БЕЙБІТ НҰРСЕЙІТ Маңғыстау облыстық теледидарының операторы:

— Фотосуретшілік телеоператорлық қызметіме орай маған Маңғыстаудың ойы мен қырына жол түсудей-ақ түсті. іштей есептеп көрсем жарықтық Бекет Ата басында бәрінен де жиірек болуға тура келіпті. Әрине оның бәрі жәй саяхат емес Ата рухын имандылықты насихаттау мақсатындағы іссапарлар болатын. Осы тақырыптағы қызметімнің шырқау

Бекет Ата мешіті. Бейнеу
Шақпақ ата
Қошқар тас
Шерқала

Түйе, түйе, түйелер…

Теңіз таулары.

Саура
Ақмыш тауы
Каспийдегі аққулар

Күн батардағы Каспий.

Мерей той қарсаңындағы Ақтау қаласы.

Түнгі Ақтау.

Жаздағы жағалау.

Ақтаудың түнгі оттары

шегі — Бекет Атаның 250 жылдығына арналған мерекелік астың телешежіресін жасауға қатысуым. Атаның Оғландыдағы жерасты мешітін жөндеу қолға алынғаннан бастап осы бағытта тындырылған барлық істерді көзіммен көріп бейнетаспаға түсірдім. Әріптестерім белгілі журналистер Рахат Қосбармақ Қожахмет Демеубергенмен бірге астан бірнеше циклды хабарлар дайындап облыстық қалың телеарна арқылы елге таратып оны жұртшылық қалауына орай бейнетаспаға жазып бердік. Әсер — өте мол дегенмен ас берген қалашықтың түнгі көрінісін түсіргендегі әсер сезімім бәрінен асып түсті. Әдетте дұрыс ұшу алаңы жоқ жағдайда тікұшақтың аспанға түнде көтерілуіне рұқсат етілмейді екен. Тәуекелге бел буған асты ұйымдастыру алқасының мүшелері айнала қойылған бірнеше автомашинаның жарығын ортадағы ұшу алаңына түсірткізіп төңірек самаладай жарық болды. Ұшқыштар тікұшақты аса ептілікпен жерден көтеріп ауыл үстімен айнала ұшып шықтық. Бұл бір керемет көрініс еді: шамдары жалтыраған дөңгеленген киіз үйлер қызылды-жасылды сарылы-күлгінді түстермен құбыла құлпырған шамдар тізбектері төңкерілген аппақ аймен сәуле таластырған қуатты прожекторлар осы нұрға бөлеген ауыл аясындағы мыңдаған адамдар... тура ертегідей көрініс еді. Осы көріністер қаз-қалпында бейнетаспаға түсіріліп көркем дерек етіп көрермен назарына ұсынылды.

Қатерлі қызғылықты осы түнгі түсірілім кезінде тікұшақ ішіндегі жүрек жұтқандардың әрқайсысының қолы мен көзі істе болғанымен көңілдерінде: "Ия Бекет жар бола көр!" — деген тілек тұрды. Тілегіміз қабыл болып жерге аман-есен қоңдық.

АС СОҢЫНДАҒЫ СӨЗ

Қыркүйектің тоғызы күні түс ауа ас бағдарламасындағы барлық шаралар өткізіліп бата жасалып қонақтар тарап киіз үйлер жинала бастады. Бір апта бойы бой түзеп ой тоғысқан туыстар табысып тілектестер танысқан ұлттық үрдістің қазақы көңіл мен молшылықтың мекені мыңдардың маңдай тіреген ғибадат орны болған ордалы ауыл ертегіден шыққан елестей көзден ғайып болды. Сұмса түз қалпына қайта келді.

Бекет Атаның 250 жылдығына арналған ас — мұсылманшылық дінімізбен ұлттық ділімізбен қайта табысып Піріміздің рухын тіріміздің мерейін асқақтатып еліміздің бірлігін паш еткен ұлы жиын болды. Асқа дайындықтан бастап оны өткізу барысында барлық аудан қалалардың ұйымдастыру алқаларының қызметкерлері шын мәніндегі ұйымдастырушылық пен іскерліктің үлгісін көрсетті. Бұл ретте ақтаулық Серік Жәмекұлы Оспанов Жамбыл Әнесұлы Бүркітбаев Ұлдай Сыдықова Борис Валентинович Филиппов; жаңаөзендік — Жалғас Бисалыұлы Бабаханов Бақытжан Есболұлы Өтеғалиев Раушан Өтелгенқызы Жапарова; бейнеулік — Басшы Айжанақұлы Әзірханов Қойшығұл Бекқалиұлы Әбілшеев Мұхамедди Насухаев; қарақиялық — Саламат Нұрұлы Марк Тайырұлы Сәрсенғали; маңғыстаулық — Қыдырбақыт Сейітханов Қармыс Боқанов Жармағанбет Қайырмағанбетұлы Айтуаров; түпқарағандық — Түменбай Қалажанұлы Айкүміс Досанова тәрізді әкімшілік басшыларына айтылар алғыс шексіз.

Бекет Атаның 250 жылдығына байланысты атқарылған сан алуан шаруаның бастауында да басқаруында да облыс әкімі Ләззат Кетебайұлы Қиыновтың еңбегі ерекше болғаны шындық. Облыс әкімінің атқарылатын шаруалардың бүге-шігесіне дейін тегіс бақылап назарда ұстап қажетті кеңесін беріп барлық мәселеде қолдау жасауының арқасында ғана ас айта жүрерліктей артында із қалған тағлымды түрде өтті.

Сұмсадағы ас Маңғыстаудың аудан қалаларындағы асқа аяғы жетпей қалған тұрғындардың өздері бірлесіп Ата рухына бағыштап өткізген ас-садақаларына ұласты. іле-шала Атаның кіндік қаны тамған Ақмешітте Алматыда да айта қаларлықтай көп халық жиналған астар өткізілді. Алматыда жаңадан салынған бір мешіт Бекет Ата атымен аталды. Түрікменстан Қарақалпақстан Өзбекстанда еліміздің оңтүстік облыстарында да Бекет ұранды елдің ұрпақтары ас өткізіп Ата тұлғасын танытуға қызмет етті. Қай-қайсысына да азаматтардың ұйымшылдығы Ата рухына деген ізгі ілтипаттары ата-баба дәстүріне адалдық тән болған бұл астардың әрқайсысына тоқталып баяндауға біздің мүмкіндігіміз болмады.

Бізге қойылған талап жүктелген жауапкершілік Пір Бекет Мырзағұлұлының 250 жылдығына арналған республикалық мерекелік ас шежіресін көз көрген ақиқатқа деректі құжаттарға сүйене отырып жазып шығу еді. Бұл мақсатты қолымыздан келгенше орындадық.

Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға ұранға айналған тарихи тұлға жайлы бұған дейін де талай кітаптар жыр-толғаулар зерттеулер жазылған. Ол туралы журналист ақын Рахат Қосбармақтың ас алдында жарық көрген "Бекет Ата" атты зерттеу кітабында толық библиографиялық мәліметтер келтірілгендіктен бұл тақырыптағы бұрын жарияланған дүниелерге тоқталмадық. Айта кеткіміз келгені — Р. Қосбармақтың кітабы Бекет Ата тұлғасын тану жолындағы ойлы құнды ізденістердің бірі екендігі. Сонымен бірге дәл ас қарсаңында жарық көріп тың көзқарас терең ой соны деректер айтуымен жұртшылықты елең еткізген екі газет материалын кітапқа енгізгенді жөн таптық. Өйткені Атамыздың тұлғасын әлемдік өркениет дамуымен бірлікте қарайтын мұндай салмақты материалдар газет тігіндісінің арасында қалмай көпшілікке жетіп кең тарала берсін деген ой біздікі.

Әрдайым баршаңызды Бекет Атаның аруағы қолдап жүргей!

ЖАЛПЫНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАЙ БІЛГЕН

(Ағартушы абыз тәлімгер ұстаз пір Бекеттің туғанына 250 жыл толуына орай сұхбат)

— Әбіш aғa тек туған топырағыңыз ғана емес азамат ретінде де суреткер ретінде де рухани ізденістеріңіздің де түп бастау көзі болып табылатын Маңғыстау өлкесінде жуырда пір Бекеттің туғанына 250 жыл толуына бағышталған жиын өтпек. Осыған орай не айтар едіңіз?

— Шығыс дәстүрінде — ахл-и хақ (ақиқат адамы) деп аталатын рух алыбы болып табылатын ұлы бабамыз жайында ақ адал лебізімді осыдан алты жыл бұрын "Арыс" баспасынан жарық көрген "Бекет ата" жинағына жазған алғы сөзімде айтып ем ғой.

— Иә ол мақалаңызды "Ел иесі жер Киесі" деп атағансыз. Онда: "...Адамзат дүние жаратылып су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де астам тұрмын деп ойлай алмаған... Ондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықты Тәңір деп Тоба деп Жаратқан деп Құдай деп таныған... Алайда сол түп бастау — Жарасым мен Зандылықтың жер үсті Сақшылары жоқ тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді. Ондай абзал ақыл иелері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те!.. Жаппай бірдейілік әспеттелген кезеңде даралық атаулы мансұқ етілді. Айырықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем айырықша ықылас айырықша қабілет айырықша ыждаһат айырықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды. Сондай жаппай иманнан безген кәпір заманда да Атырау мен Арал Орал мен Көпет Даг арасын алып жатқан ұлан-байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары Қасиетті Бекет Атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған кезінде де құлазыған кезінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған... Жақсы заманда да жаман заманда да оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені Ол тірісінде — елінің жел жақтағы панасы ық жақтағы саясы бола білген азамат. Жаудан елді арашалаған батыр дауда әділетті арашалаған қазы озбырлықтан обалмен сауапты арашалаған пірәдар... Елі мен жерін шексіз сүйген асыл азамат абзал адамды елі де шексіз сүйеді... Адалдықтан асқан құдіреттіліктің әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?!.. Ендеше сондай... Әлсізге мeдет күштіге айбат зарыққанға жебеу тарыққанға демеу асқанға тосқан сасқанға сая ұрпаққа ұстаз ұлысқа ұран елі иесі жер киесі — Пір атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз. Өйткені атасыздық — отансыздық отансыздық — опасыздық опасыздық — имансыздық. Ал имансыздың еліңнен жеріңнен безінтіп қоймай өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай! Ал Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам өзі де Жақсы болуға тырысады. Ал Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ. Ал жақсылық жасаудың жаман атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ. Ләйім әрқайсымызды бәрімізді жалпақ жұрт-жамағатымызды жаман аттан жаман Аттан сақтағай! Жақсы тілекті жөн тыңдап жөн түсінер жақсы құлақтар мен жайсаң жүректер көбейе бергей!" — деп жазғансыз.

— Ендеше сол сөзім — сөз. Ғазиз бабаға бағышталған бұл мінәжатымды қай күні де қайталап айтута пейілмін. Өйткені біз — тумай жатып талай зобалаң көріп талай нәрседен тарығып та торығып та өскен бірақ біржола үмітсіздікке берілмей іштей рухани медет іздеп өткен ұрпақтың өкіліміз. Өз басымыз тек жаратушының құдіретімен қоса арғы-бергіде өткендердің жарқын өнегесіне де риясыз ден қойдық. Бұл — бізге ана сүтімен бірге дарыған қасиет еді. Ана демекші... Сол бір тауқыметті жылдары біздің анадан басқа ық жақта қарамыз жел жақта панамыз болмаған еді. Сүйтіп біз құдірет тұтатын анамыздың өзі жамандықта да жақсылықта да әуелі құдайға сосын сол Бекет Ата аруағына жалбарынып жататын еді. Сонда төбемізге қордаланып келе жатқан қиындық бұлты ыдырап кететіндей көрінуші еді. Бүгінде адамзат ақылмандарының талайының тағдыры мен тағлымынан жете хабардар болсам да сәби күнімнен ақыл-сезіміме айырықша сәуле шашып келген осы бір мүбәрак есімнің қадірі мен үшін елден ерекше. Енді оның — жыл өткен сайын бұл құбылыстың тек бір өлкенің ғана емес күллі ұлттық руханият кеңістігінде айырықша орын иемдене бастағанына куә болып отырмыз. Өткізгелі отырған үлкен жиын да соның бір айғағы сияқты.

— Жарықтықтың нақты өмір баяны жайында не білесіз?

— Қазіргі қолда бар деректер белгілі ғалым Қабиболла Сыдықов құрастырып шығарған жоғарыда аталған кітапта да 1993 жылы Өзбекстанның Гагарин қаласынан Ислам Мырзабекұлы деген азамат шығарған жинақта да толық келтірілген. 1820-1821 жылы Үстіртте болған ғалым Э.Эверсман Бекеттің елдің көші-қонына қарап төрт жерден таудан қашап төрт. мешіт салдырған оны "араб парсы татар жазуларымен" безендірген оқымысты адам екенін айтады. 1853 жылы саяхат жасаған топограф Алексеев: "...оны көрген ел "сақтаушы құдірет күші бар" деп сенген нағыз әулиенің өзі деп түсінген сол себепті де бұл ғажайып адамға байланысты талай аңыздар айтылып кереметтер тағыла берген. Ол бұдан қырық жыл бұрын — 1813 жылы дүние салған" — деп жазады. Бұдан он төрт жыл кейін 1867 жылы Үстіртті аралаған шығыстанушы А.О.Дюгамель де Бекет салдырған Жемдегі Ақмешітті көргенін оның Оғландыдағы мешітінде жерленгенін мәлімдейді. Осы ғасырдың елуінші жылдары аталмыш орындар кейінгі жөндеу-өңдеуге ұшырамай өз қалпында тұрғанда көрген сәулет тарихшысы М.Меңдіқұлов та Бекетті 1813 жылдар шамасында қайтыс болған деп мөлшерлейді. Қазіргі зерттеушілердің көпшілігі осы деректерге және ел арасындағы "ол пайғамбар жасына жетіп дүние салды" — деген әңгімеге сүйеніп Бекет 1750 жылы туып 1813 жылы қайтыс болған деп есептейді. Ал Гагарин қаласынан шыққан жинақта Жолдасқали Сүйесінов деген азамат ертеректе Шульц деген автордың "Киргизы" деген кітабын оқығандығын онда 1820 жылы Ақмешітте болғанда Бекет содан жүз жыл бұрын яғни 1720 жылы өлді деп естігенін жазғанын айтады. Бірақ аталмыш кітаптың қашан қайда басылғаны көрсетілмегендіктен бұл деректі дәйектеудің жолы табылмай отыр. Сондықтан мен де өз көзіммен көрген оқыған Э.Эверсман А.О.Дюгамель топограф Алексеев М. Меңдіқұлов деректеріне көбірек ден қоюға мәжбүрмін.

— Оғландыдағы мешітте Ата жатқан құжыраға орнатылған тақтайшада 1650-1713 деген дата көрсетілген ғой.

— Иә бұл тақтайша кейінгі кезеңде қойылған. Оның қандай дерекке сүйенгендігі айтылмаған. Шамасы тарихшылардың өткен оқиғалардың мерзімін одан бері өмір сүрген әр ұрпаққа 25-30 жыл беріп мөлшерлейтін дағдысының орнына 35-40 жылдан беріп есептегендіктен орын алса керек. Егер Бекет 1650 жылы дүниеге келген болса Еділ Жайық Жем Маңғыстауды торғауыт қалмақтар иемденіп Орманбет тұсында жайлаған алшын-ноғайлардың бір бөлігі Қап тауына бір бөлігі Орал тауына бір бөлігі Сыр бойындағы қазақ хандығына барып қосылып бытырап кеткен заманына тап келер еді. Ондай аласапыран заман әулие баба жайындағы аңыздардан өз көрінісін табар еді. Ал біз білетін Бекет жайлы аңыздардағы оқиғалар ноғайлының ыдырап қазақ хандығының орнығу тұсынан гөрі одан берідегі жоңғар шапқыншылығына ұшыраған тайпалардың Сыр Қаратауды тастап байырғы этникалық қоныстарына қайтып оралуға мәжбүр болған кезеңіне келіңкірейді. Әулиенің замандастары ретінде сөз болатын тама Есет табын Барақ адай Өмір батырлар кей деректердегі Әбілқайыр Бопайлар XVII ғасырдың емес XVIII ғасырдың тарихи тұлғалары екендігі белгілі. Мәселен Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық қозғалысының белгілі басшыларының бірі — Атақозы батыр досы Бекетке келіп медет сұрап жүретіні әңгіме болады. Ал сол Атақозы Айтқұлов Астрахань губерниялық кеңсесі құжаттарының айтуынша 1774 жылы беріш Саржала батыр Қара Итемгеновтермен бірге Пугачев жағына шығып Астрахань маңын шапқыншылап қыста мұз үстімен Маңғыстаудағы Айрақтыға қашып құтылып кетіп отырады. Ендеше Бекет те солармен тұстас болып олардың қозғалысын қоштаған болып шығады. Оның үстіне өлке зерттеушісі Ә.Спанов дұрыс көрсеткендей 1856 жылғы Хиуа шапқыншылығына тойтарыс берген қазақ жасағының ту көтеруші пірі Бекеттің өзі емес бел немересі Асар сұпы болғаны мәлім. Ендеше Бекет XVIII ғасырда туып XIX ғасырда дүние салды деген тұжырым қисынға келіңкірейді.

— Жарайды пір Бекеттің өмір кешкен заманын білдік. Ал шыққан тегі мен өскен ортасы жайында не айта аласыз? — Бұл — басы ашық мәселе. Бекет Мырзағұлұлы басқа тараптан келмеген осындағы көшпелі қауымның өз ортасынан шыққан рухани қайраткер. Ол өмір сүрген замандағы дәйім қозғалыс үстіндегі көшпелі тіршілікте жауынгерлік үрдіс басым болды. Өйткені мал шаруашылығы үздіксіз өріс кеңейте беруді талап етті. Кеңістікті бейбіт игерудің заманы өтіп ұдайы қаруға сүйенуге тура келді. Сондықтан да ол тұстағы көшпеліні "малшы" деп емес көбінесе "жауынгер" деп түсінген жөн. Бекет те жекжат-туыстары мен досжар замандастарына қарағанда өз ортасына ықпалы зор ноян әулеттен өрбісе керек. Оған ел аузындағы Бекетке асқан аруақ қайдан қонғандығы туралы талас дәлел бола алса керек. Оған аруақ нағашысынан қонды деп санайтындардың бір тобы оны адайлар арасына дін таратуға жіберілген Назар қожаның қызынан екінші тобы атақты тама Есет батырдың қызынан туған деп топшылайды. Біздіңше Бекеттің өз бабалары да оңдай ерек қасиеттен құралақан емес сияқты. Арғы замандағы талай жорықтардың бел ортасында жүріп көзге түскен Жаулы батыр жанарынан айырылып жорықтан қалып үш баласымен ай далада жалғыз үй күн кешкенде кенжесі Жары әкесін түзге отырғызуға алып шықса ерлік қысып бара жатқан екі ағасы Ескелді мен Қосқұлақ: "Көкем батыр ғой. Сескенер ме екен сескенбес пе екен?" — деп ғаріп әкесінің кебісіне тиер-тигізбес қылып бұрқылдатып оқ атады екен. Жаны ашып жылаған Жарыға риза болған әкесі: "Өс өрбі!" — деп бата берсе сотқарлық жасаған екі ұлына жұдырығын түйіпті-міс. Содан Жары әулеті қаулап өсіпті. Бірақ Жаулы одан үлкен "екі тентегіне" де кіжінгенімен ырыс-несібеден құр қалдырмапты. Ескелді тұқымының асқан дәулетімен Қосқұлақ тұқымының адам таңғаларлық аруақтылығымен аттары шығыпты. Бекет — сол Қосқұлақтың шөбересі. Мен бұл арқылы Бекеттің әкесі Мырзағұлдың Есеттің немесе Назар қожаның қызын алуын жоққа шығарып отырған жоқпын. Олай болуы әбден мүмкін. Алайда бір ескеретін нәрсе: Назар қожа адай арасына Маңғыстауға келместен бұрын араласқан сияқты. Оған қызын берген Әлмембет Сыр бойына жерленген деседі. Назар қожаның зираты да Маңғыстауда немесе Жем бойында деген дерек жоқ. Ал Бекеттің әкесі мен шешесі Мырзағұл мен Жәмила (кей деректерде Меңсұлу) Жем бойындағы Ақмешітте жерленген. Бекет дүниеге келген кезде аталмыш аймақта Есет ұлысы адайлармен бірге жайлағаны тарихтан белгілі. Қайткен күнде де Есеттің де Назар қожаның да "атасына қарап ұлына бар анасына қарап қызын ал" деген қағиданы қатты ұстанатын қауым мен заманның өкілдері екендігі даусыз. Шамасы Мырзағұлға да жылтыраған көзіне қарап емес шыққан тегіне қарап қыз берсе керек. Ал "Бекеттің нағашысы кім?" — дейтін талас "ай ортақ күн ортақ жақсы ортақ" екендігін біле тұрсақ та жақсыны бір табан жақындата түскіміз келетін өзімшіл әдетіміз деп туындап жүрсе керек.

— Ендеше батырдан туған батыр Бекет неге дін жолын қуып жүр?

— Гәп міне осы арада. Ол өмір сүрген кез қазақтардың басынан дәурен кетіп іргелі елдіктен айрылып жер-суы көлденең көздің сұғына ұшырап шыр айнала дау-шардың шырмауына шырмалап тұрған кез еді. Ақтабан шұбырындыға ұшыраған қазақтардың бір тобы Алтын орда Ноғай хандығы заманында жайлаған Еділ Жайық Жем Сағыз бойына ығысқаны белгілі. Олар бұл араны өздері жоқта иемденіп қалған қалмақтардан арылтқанмен казактардан арылта алмады. Сол үшін де ақ патшаға қарсы болып Пугачев көтерілісіне Сырым Датовпен бірге белсене ат салысқан Атақозы батыр Шотан батыр және басқа атақты батырлар басқарған адай ауылдары еді. Ол кездегі капитан А.В.Суворовтың жазалаушыларынан қашқан Сырым бастаған көтеріліс көсемдері Хиуаға қарай ығысуға мәжбүр болды. Адай ауылдары да әуелі Жем одан Үстіртке жылжып ақыры Маңғыстауға орныға бастады. Бұны Атыраудың шығыс жағына аяқ іліктіруге асығып отырған патша да көшпелі қауымның оң жақ іргесінен ойып орын ала бастағанынан сескенген Хиуа ханы да онша жақтыра қоймады. Патша бұрынғы бір ұлтты сан тарапқа бөлшектейтін сапырмайын місе тұтпай енді бір тайпа елдің өзін бет-бетіне бөліп жіберуді қолға алды. Жаугершілікпен ерекше көзге түскен адай тайпасын қазіргі Атырау Батыс Қазақстан Ақтөбе аймағындағы бұрынғы Нұралы Айшуақ балалары билейтін үш ұлысқа Маңғыстаудағыларын жоғарғы төменгі деп бөлінетін екі сардарлыққа (дистанцияға) және Красноводскі уезіне таратып беріп алты бөлікке бытыратып жіберді. Жоңғар шапқыншылығынан хан ықпалы орыс қарауына көшкеннен сұлтан ықпалы Сырым көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан батырлар ықпалы бір тайпа ел алтыға бөлініп кеткеннен билер ықпалы әлсіреген үстіне әлсірей түскен-ді. Бірақ халықтың бойындағы бірлікке деген елдікке деген құштарлық өршімесе өшкен жоқ-ты. Онсыз жаңа қонысты иемдену оған жол бермейміз деп жан-жақтан жағаға жармасқан жаттарға тойтарыс беру мүмкін емес еді. Бұл үшін бір тудың астына жинай алар жаңа ықпал оны паш ететін жаңа ұран керек болды. Жаугершілікпен күн кешкен көшпелі қоғамдағы саяси ынтымақты да әскери ұйымшылдықты да қожыратып сол арқылы билікке таласты қоздатып этникалық бірлікті де әлсіретудің жолын тапқан отаршылдықтың ол кезде әлі қол салып үлгірмегені — рухани бірлік еді. Көшпелі қауымдарда ондай ықпалға саяси көсемдермен қоса рухани пірлердің де ие болғаны ежелден аян.

Табиғатқа саясаттан да көбірек әрі тікелей тәуелді көшпенді үрдіс рух ықпалын қашан да бірінші орынға қойды. Табиғи өзгерістердің өзіндік жүйесі мен заңдылығы барын ежелден аңғарды. Оны өз-өзінен емес санадан тысқары әлдебір құдіреттің еркімен болып жататын құбылыстар деп түсіңді. Қауым сол өзгерістерден аман қалу үшін табиғатқа ықпал ете алатын құдіреттің тілін таба білу керек деп санады. Бұл кез келгеннің емес айырықша қасиетке ие боп жаралған аруақты адамдардың — абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса сардарға бағынса пірге табынды. Хан ауысса да піp ауыспады. Сондықтан кейде билікші әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл әсіресе шығысқа тән еді. Мәселен Тәуке оның балалары Жәңгір Болаттардың Лхастағы "киелі үйге" жіберіліп бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де бірге сайланып үш ұлыстың пірлері жұрт алдында аруақ салыстырысып керейіт Сұпы Әжінің жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпы қазақтық пір сайланған емес. Бірақ одан содан қайтып пірлік институт мүлдем құрып кеткен екен деп санауға болмайды. Әр ұлыс әр тайпаның өз пірлері өз қалпында қала берген. Ақтабан шұбырындының шашыратпасынан кейін көптеген тайпалар ежелгі ұрандарын өзгертіп өз тұсындағы елге ұйытқы бола алған абзал арыстарын ұранға шығара бастаған секілді. Көп ретте ұранға жау жасқаған батырлар шыққан сыңайлы. Аталмыш кезеңде адай тайпасына сонау Ақтабан шұбырынды заманындағы шайқастарда да Еділ Жайық Жем Маңғыстаудағы қоныстарды қайтарып алудағы шайқастарда да көзге түскен батырлардың немесе алты бөлініп кеткен елдің алты тізгінін ұстаған билерінің біреуінің емес Бекеттің ұранға шығуы да әлеуметтік иерархиядағы әлгіндей сапалық өзгерістерге байланысты болса керек. Ел аузындағы деректерге қарағанда Хиуа шапқыншылығының біреуінің тұсында тайпаластары жауға "Иә Бекет!" — деп шауып жеңіспен оралыпты. Содан бастап Бекеттің аты өз-өзінен ұранға айналып шыға келіпті деседі.

— Бекеттің бұлай төтен көзге түсуінің сыры неде деп білесіз?

— Ол да өз тұсындағы еркек кіндіктің кез келгені сияқты ат жалынан тартып мінер жасқа жеткен соң-ақ жаугершіліктің соңына түссе керек. Ерлігімен көзге ілікпесе жорықтастары оның атын айтып ұрандап жауға шаппас еді. Ерлігімен қоса жаудың қапысын тапқыш сардарлық қасиетімен де танылған сияқты. Бірақ ол кезде батырлығымен де сардарлығымен де көзге түскен сүлейлер аз емес еді. Оның бәр-бәрі ұранға шыға берген жоқ. Шамасы Бекет ақыл-ойының ой-сезімінің айырықша ұшқырлығымен көріпкел көрегендігімен жұртты әу баста сол жорықта жүріп баурап алғанға ұқсайды. Аңыздарда қазақ қолы не бір тығырыққа тіреліп амал таппай аңтарылып құдіретке жалбарынғанда Бекетті алдарына ұстайды екен. Сондықтан да көп ұзамай жұрт оны тек қана батыр емес әлде бір санадан тысқары ықпалға ие әулие деп мойындай бастаған сыңайлы. Ежелгі ата қонысты қайтарып алғанша жаугершілік қуған Бекет кейін ол жолға онша құлшынбай рухани ізденістер жолын біржолата тандап алған тәрізді. Бұл арада Бекет жайындағы аңыздардың басқа әулиелік ғұмырнамаларға ұқсайтын да ұқсамайтын да жерлері бар екендігін айта кеткендігіміз жөн. Ұқсайтыны — оны да мұндай ақ жолға әлде бір құдіретті күштердің ықпалы түсіреді. Ұқсамайтыны — ол бұндай құдіретті ықпалға кездейсоқ түспейді өз көңіліне күмән қашырған жағдайға қинала жауап іздеп жүріп түседі. Бір аңызда ол он төрт жасында жорықтан көп мал олжалап келе жатқанда соңынан із қуалаған қуғыншылар қуып жетеді. Сонда айдап келе жатқан жылқыларының аяқ астынан түр-түстері өзгеріп шыға келеді. Ол осының арқасында қолға түсіп тұрған жерінен құтылып кетеді. Бекеттің өзі сиқыр жасамайды. Құдіреттің өзі көмекке келеді. Сөйтіп тәубесіне келген бала ноян тағы бір өткелден өте бергенде әуелі су астынан қылт етіп көтерілген бір саусақты артынан бес саусақты бірсыпыра уақыттан соң қырық саусақты көзі шалады. Оны бір тәңірге сеніп бес намазды ұмытпай қырық парызды түгел атқарып жүруді ескерткен аян деп ұғып жаугершілікті тастап Шопан Ата әулиенің басына барып түнейді. Сонда әулие оған түсінде: "Хиуадағы Пақыржан сұпының алдын көр" — деп аян берген екен дейді. Екінші бір аңызда ол бұндай оқиғаға қырық тіпті елу жасында тап болыпты дейді. Онда да ол мал олжалап келе жатып мал иелеріне Үстірттің шыңына шығатын қиын-қыстау тар асуда қарсы жолығып қалады. Қайда кетерін білмей қатты сасқанда айдап келе жатқан көп жылқысы аяқ астынан қарсы жолыққан жауларының мініп келе жатқан көліктерінің көлеңкесіне айналып кетіпті. Шамасы құтқарушы құдірет Бекеттің тар жерде ішінен сан қайталап айтқан: "Уа Алла осы жолы құтылсам бәрін тастап бір өзіңнің; жолыңа түсемін" — деген уәдесіне құлақ асса керек. Бекет сертінде тұрып Шопан Атаның берген аянымен Хиуадағы Пақыржан сұпының алдына барады.

Біз бұдан жер ауып су ауып қоныс аударып жаңа мекенге табан тірей алмай жайсыз жағдайда жүрген өз жұртына жаны ашығандықтан өз көңілі құламайтын кәсіппен шұғылдануға амалсыз мәжбүр болған аса биік ар-ұждан иесінің жан-дүниесіндегі рухани драманы аңғарамыз. Құдірет те оған осындай қиналғаны үшін қол ұшын беретін тәрізді.

Соған қарағанда өз қауымы да оны төтен ерлігімен асқан аруақтылығымен қоса биік адамгершілігі үшін де аса қадірлеп өздерінің бірден бір рухани пірі тұтса керек.

— Қазақта "Ердің соңы — Есет пірдің соңы — Бекет" деген сөз бар. Ол қалай шығып жүр деп ойлайсыз?

— Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманындағы үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында аруақ салыстыруына келсек ол да түптеп келгенде сайлау емес өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылады. Мұны кие аруақ туралы ғылым — агиологияда "таңғажайып сайыс" деп атайды. Бұл — тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс. Иудейлер арасындағы Дәуіт патша табынған Сұлтан Сахақ пен Пір Микаилдың біреуі дуалды ат қылып мініп біреуі жолбарысты — ат жыланды жүген қылып мініп жекпе-жекке шығатыны біреуі судағы балықты суда жатқан жерінен пісіріп аулап жеп екіншісі оның сүйектерін қайтадан балыққа айналдырып жіберетіндігі жайындағы христиандар арасындағы грек әулиесі Карамболистің де дуалды ат қып мініп жолбарыс мінген Мұхамбет пайғамбарды сайысқа шақырыпты-мыс дейтін Будда үмбеттері арасындағы Махадео мен Ламаның аруақ салыстырып биік таудың басына бұрын шығу үшін жарысатындығы туралы аңыздардың кеңінен таралуы — соның айғағы болса керек. Мұндай "таңғажайып сайыс" әсіресе евразиялық көшпенді жұрттардың өмірінде кең орын алған. Таяу Шығыста бұл үрдісті ұстанатындар ахли хақ (ақиқат адамдары) атанған. Ислам діні бұл дәстүрді жойып жіберген жоқ. Қайта Таяу Шығыс пен Орталық Азияны мұсылмандандыруда молынан пайдаланды. Суфизм де әуелі сол Теріскей Иранда жергілікті діни дәстүрлерді исламға икемдеуден пайда болды. Көнелікті деректер Қожа Ахмет Иассауидың да осы бағытты ұстанғанын айғақтайды. Оның тариқатты жеріне жете меңгерген шәкірті Хакім ата (Сүлеймен Бақырғани) Хорезмнің киелі орындарын осылайша "таңғажайып сайыс" арқылы мұсылмандандырса оның ұлы Сұлтан Хубби да Маңғыстау өлкесін солай мұсылмандандырады. Сүйтіп Меккедегі бұрынғы діни орындардың бәрі исламның киелі орнына осылай айналғаны сияқты Көне Үргеніште де "үш жүз алпыс әулие" киелі кешені Маңғыстауда да "үш жүз алпыс әулие" киелі кешені осылай орнайды. Аңыздардың айтуынша Маңғыстаудағы Таушықтың қасындағы Дәніспан тауы осы аттас әулиенің Сұлтан Хубби ашқан киелі орындарға тәу ету үшін Түркістандағы Құқай тауынан үзіп алып түйе қып мініп келген бір бөлігі көрінеді.

Бекет Ата да Қожа Ахмет Иассауи мектебінің талай "таңғажайып сынынан" сүрінбей өткен аса талантты шәкірті болғанға ұқсайды. Орта Азия халықтарына кең таралған бір аңызда Қожа Ахмет Иассауи қолындағы асаны терезеден лақтырып жіберіп шәкірттеріне: "Кім бұрын тауып әкелсе соған батамды берем" — дейді. Соңда басқа шәкірттер жапатармағай сыртқа жүгіріп шығып кеткенде Шопан Ата деген мүриді жалғыз қалып қойып ұстазына: Сіз лақтырған асаны табу үшін Ұзақ жолға шығуыма тура келеді" — деп бата сұрайды. Бата алған Шопан Ата әлгі асаны Маңғыстауға барып табады. Кіші Азияға тараған бір аңызда Қожа Ахмет Иассауи қолындағы тұт бұтағын лақтырып немересі Қажы Бекташқа: "Осының түскен жеріне барып текке (түнемелік үй) сал" — деп бұйырады. Сонда Қажы Бекташ көгершін болып пыр етіп ұша жөнеледі. Содан келіп табан тіреген бір жері — түрікпен қазақ шекарасындағы Атырау теңізінің жағасындағы Бекташ мүйісі болған тәрізді. Әкесінің бұйрығын естігенде Сұлтан Хубби да аталмыш бағытқа қарай дәл солай ұшып кететіні белгілі. Taп сондай жағдайға Бекет Ата да тап болыпты Ол да ұстазы Бақыржаназының (Пақыржан қазының) әлгіндей лақтырып жіберген асасын Үстірттегі Оғыланды басынан іздеп келіп тауыпты. Осыған қарағанда Батыс пен Шығыстың ара-жігіне айналып жатқан бұл өлке мұсылман дүниесі үшін қай кезде де стратегиялық маңызы зор өңір саналса керек. Ескілікті дастанда Селжұқ ханы Санжардың Хорезм билеушісін: "Маңғыстаудағы мұсылмандарға қол көтердің" — деп айыптайтыны да сол түбекке барып мешіт салып жатқан Қараман атаға Қорқыт Атаның соңынан қуып келіп сөйлесетіні де Қожа Ахмет Иассауи мектебінің үлкен пірәдарларының қай-қайсысының да ең сенімді мүридтерін сонда жұмсайтындықтары да тегіннен тегін болмаса керек. Ондағы өз ықпалдарын әлсіретіп алмауға ерекше мән бергендігінің көрінісі болса керек. Бекет Атаның киелі мансапқа ие болған кезеңі де ислам шебіне сондай бір жаңа қауіп төнді деп есептелген түс секілді. Ол да өзі іздеп келген асаға таласқан Оғыланды әулиені аруақ салыстырып жеңіп әлгі жерге тауапхана салуға мүмкіндік алыпты. Кейін өзі де Ақмешітте бала оқытқанда өз жолын қуатын сенімді мүридін әлгі тәсілмен анықтапты. Ол лақтырған киелі асаны Кете руынан келіп оқып жатқан Шектібай деген шәкірті тауыпты. Шектібай Хазірет те Елек Ойыл Қиыл Қобда бойында бала оқытып шәкірттерінің алды Уфа қаласының уәйіс-муфтиі дәрежесіне дейін жетіпті. Кеңес кезінде көп қуғын көрген бұл әулет Пір Бекеттің киелі асасын кіріп отырған үйлерінің қабырғасына қалап сыртынан жым-жылас сылап тастап жасырып сақтапты. Кейін тығулы жерінен жарыққа шыққан киелі асаны Қобда ауданының Қобланды батыр жерленіпті-мыс делінетін Жиренқопа деген ауылда тұратын Шектібай хазірет әулетінің үйіне іздеп барып өз көзімізбен көрдік. Күрделі құймадан құйылған ұзындығы кісінің көкірек тұсына дейін келетін көк аса екен. Қасымызға алып бас жағымызға қойып бір түн қонып шықтық. Кейін Иманғали Тасмағамбетов те әдейі іздеп барып көріп Алматыға алдыртып мамандарға көрсетіп мемлекеттік музейлерге қояйық деп ұсыныс жасағанда киелі мұраның иелері қолдарынан шығарғылары келмейтінін айтып ауылдарына қайта алып кетті.

Қазақтардың Маңғыстауға қайта оралуына байланысты Бекет Ата талай рет "таңғажайып сайысқа" түсуге мәжбүр болыпты. Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы антқа ұсталатын атақты сайыста Бекет тәңірге жалбарыныпты: "Уа құдайым біз айыпты десең — бізді ат қара айыпты десең — қара атты ат!" — дегенде қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты да Қошанның астындағы ерінің алдыңғы қасына шаншылған біз анадай жерге ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби Қошан бір аунап барып түрегеліпті. Бұған көнбей дау салған қарсы жақ: "Басына келіп ант ұстасып тұрған Қараман әулие қазақтарға жақтасып кетті. Көне Үргеніштегі Шиқабір (Шейх Күбар) әулиеге барып қайта анттасамыз!" — деп қиқулапты. Бекет: "Айтқандарың болсын ертең таң намазда сонда кездесейік" — деп қара киімді Қошанды алдына алып қара сәйгүлікпен ұша жөнелгенде дауласқандар: "Бүйтіп құдіретін көрер көзге асырып тұрған жұртпен тайталасып болмас!" — деп мәмлеге келіпті. Жауласып жүрген екі ел солай татуласыпты. Бекет Ата көз түрткі көрсеткісі келгендермен талай жерде "таңғажайып сайысқа" түсіп өз жұртын зорлық-зомбылық шапқыншылықтан сақтап қалыпты. Ел үшін жер үшін болған талай дауда алапат қасиетімен ақиқат кесік шығаруға мәжбүр етіпті. Сондықтан да оны отандастары өз мекендерін қайтарып алып қайта орнығуларына жұрттың бәрінен асырып еңбек сіңірген адам ретінде ерекше қадір тұтып кетсе керек. Астына таусылмас қазына тыққан құт мекендерінің қайтадан қолдарына түскеніне риза ұрпақтың да шарапатты бабаларын бүгінгі заманда да көзі тірісіндегідей төбелеріне көтеріп ұлықтауы әбден орынды. Оның құдіретін ел қорыққандықтан емес әбден сенгендіктен сыйлайды. Тама Есеттер дүниеден өткен соң елдік жолындағы ортақ шайқастар тиылып билік жолындағы жадағай жанжалдар мен оңай жерден олжа іздеген көрсебасар көлденең жорықтар көбейді. Тіпті өзгені қойып бірі бай бірі кедей бірі ақсүйек бірі қарасүйек бірі ана жақ бірі мына жақ болып жік-жікке бөлініп өзді-өзіне қол көтерісетін қарабет қаныпезерлік етек жая бастады. Ондайда көзге түсетін ерлік-бірлікке емес бүлдіргіге қызмет ететіні белгілі. Сондықтан да Есет заманынан кейін ел арасында ерлік азайып есерлік көбейді. Бекеттің де найзаны тастап қолына аса ұстауына тура келді. Табиғат берген айырықша қасиетінде ондай-ондай елдіктің емес есерліктің сойылын соғуға жұмсау — әулиелік емес әбжілдік болар еді. Әлгіндей ала-бүлік заманда мұндай қиын таңдау жасай алу кез келгеннің қолынан келмес еді. Бекеттің қолынан келді. Ел шебіне тиген жау мен ел намысына тиетін дау болмаса ауыл арасы ағайын аласы ажың-күжіңінен іргесін аулақ салды. Жаңа қонысқа ие болған қандастарын көрші-көлемге тынышсыз аламандықтан тиылып жан-жағымен жарастықты жайбарақат тірлікке көшіру үшін жаугершілікті өзі бас боп талақ етіп рухани кемелдіктің жолын қуды. Сол жолда биік адамгершілік қасиеттерімен басқалардан үстем түсіп әмбе табынатын әулиеге діни пірәдар оқымысты ұстаз абыз пірге айналды. Ол өмір сүрген кезеңнен кейін қазақ даласында мұндай пірлік институт та атымен құлдырап тіптен жоғалып кете жаздады. Сондықтан да ел әліге дейін: "Ердің соңы — Есет пірдің соңы — Бекет" — деп олардан соң ортақ намыс пен ортақ мүдденің емес өз мүдделері өзектерін тескен содырлардың сойылын соғатын сотанақтықтың көбейгеніне күйзеледі.

— Кейде мұндай қасиеттерді пірлік демей бақсы-құшынаштың сиқыршылығы дейтіндер де бар ғой!

— Күні кешеге дейін сондай көзқарас үстемдік алып келді. Бірақ бұндай пікірдің тарауына тек құдайға сенбейтін имансыздық қана емес құдайға сенгенситін әбжілдік пен әзәзілдік те қара дүрсін дүмшелік те аз себепші болған жоқ. Бойындағы айырықша қасиетті тек күнкөріс айырып мал табуға жұмсайтындар әрине бақсы-құшынаштықтан әрі аса алмайды. Ал оны көптің басын айналдырып көзін байлауға өзгелерден өктем түсуге жұмсайтындар көзбояушы сиқыршылыққа ұрынары аян. Тек өзін кемелденген үстіне кемелдендіріп адалдық пен әділеттің ала жібін аттамай жалпыны жақсылыққа бастай алғандар ғана пір атына лайық. Ондай зор ықпалға жаратқанның ерекше ықыласы түскендер ғана ие бола алады дейтін түсінік пірлікті биліктен кем әспеттемеген. Қожа Ахмет Иассауидың Хазірет Сұлтан оның шәкірттері мен үзеңгілестері Хакім Ата Сұлтан Хубби Сұлтан Уәйіс-баба Шахи Зинда (Куссам ибн Аббас) Шах Насыр Хұсрау атануы да аңыздағы әулие-пірлердің Сұлтан Сахақ Шах Мадар Сахиб Шах Мина Сахиб аталуы да ең түпкі билік — аталық билік болғандықтан әулие атауларының Шопан Ата Қараман Ата Дүлділ Ата Оқшы Ата болып келуі де — соның белгісі.

Бекет Атаға деген ел арасындағы ерекше махаббат — қиын заманда қиналған халқына ізгілік жолын нұсқай алған зор ықпалын әділ бағалағандық деп түсінген жөн. Ол көбіне-көп тау-тасты мекендеп алдырмас асу өткізбес өткелге тап болғанда құдіретін танытып жүрді. Жаны ашыған адамдарына да жорықтағы қандастарына да қиналғандарында кездейсоқ тұман түсіртіп шаң боратып өткел бермес өзендердің суын сарқылтып көмекке келіп жүреді. Бұл оның киесінің күштілігін және ылғи аққа жақ болар ізгілік сипатын танытады. Әлемдік агиографияда жандыдан гөрі жансызға тіл алдыру әсіресе тау-тас пен өзен-суға әмір ету жоғары бағаланады. Ал ол салдырған төрт мешіттің орналасу тәртібі ұлы бабаның геосаяси көрегендігінен хабар бергендей. Ол өліспей беріспейтіндей төрт стратегиялық нүктеге жұрт жаппай бас иетін төрт тауапхана салдырған. Төртеуін де ескі тарихнамалық деректерге қарағанда қазіргі қазақ этносын құрайтын баяғы сақ сармат, массагет, ғұн, кешегі қаңлы, қыпшақ, оғыз замандарынан қалған ежелгі тайпалардың байырғы қоныстарының шешуші шептері болған тарихи жерлерге жайғастырған. Соған байланысты арттағы ұрпағына: "Аруағым риза болсын десеңдер құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар!" — деп өсиет қалдырған. Онысы: "Мен бардағы Алла бұйыртқан ата мекеннен айрылып қалмаңдар!" — дегені секілді. Ол мешіттерінің бәрін де ежелгі керуен жолдарының ең түйінді бунақтарына біреуін өзен жағасына біреуін жол айырығына екеуін ел шебіне салдырған. Мұнысы — бұдан былай өзің иемденіп отырған ата қонысты ойдағыдай ұқсатып игере алсаң ғана ие бола алатыныңды меңзегені сияқты. Жаугершілікті қойып малшылықпен қанағаттанбай сауда жасап егін егіп тас қашап баспана тұрғызып отырықшылыққа бейімделіп білім қууға ерлікке емес еңбекке құлшынуға өзі бас болып өнеге көрсеткендігі тәрізді. Замандастары Барақ пен Өмір батырларға: "Біреуіңнің қасиетің өзіңмен бірге өтеді біреуіңнің қасиетің үш ұрпағыңмен кетеді ал менің қасиетім жеті ұрпағыма жетеді" — деуінде де үлкен мән бар сыңайлы. "Жаугершілік жауластықты көбейтпесе азайтпайды. Ал өшпенділік не өзіңнің көзіңді жояды не тұқым-тұқияныңның көзін құртады. Тек ешкімге қиянаты тимейтін еңбек пен білім ғана өзіңнің де ұрпағыңның да мандайын ашып көсегесін көгертеді" — дегені болса керек. Жорықтан жолы болып қайтқан Атақозының "жауға неге бірге шаппадың?" деген бопсасына айтқаны: "Қолыңның көп болғандығынан емес жолыңның ақ болғандығынан сондықтан бүкіл елің соның ішінде мен де тілегіңді тілескеннен жеңіп қайттың" - дегені деп түсінген жөн шығар. Байсал палуанға берген батасының да дөп келуі бойдағы қажыр-қайратын зорлыққа емес ізгілікке жұмсаған адамның арты өкінішсіз болатынын ұқтырғандай. "Маған тек бар амалың таусылып қылар қайраның қалмағанда ғана жалбарын" — дейтінін: "Өз тіршілігіңді өзің оңғаруға тырыс. Өз қайраның таусылмай тұрып өзгеге күніңді түсіруің — күнә" — дегені деп есептегеніміз ләзім. Бұл әліге дейін санамыздан арылып болмаған әлеуметтік масылдықты бағзы бабаларымыздың да күстаналағанын көрсеткендей. Оның: "Қашқан да "Бекет" дейді қуған да "Бекет" дейді. Мен соның қайсысы бұрын жалбарынса сонысына көмектесемін" — дейтін әңгімесінің де мәні тіптен терең сияқты. Бұл бір жағынан: "Жақыныма тартпаймын кім расында да жаның ашитындай қиын жағдайға ұшыраса соған қолұшын беремін" — дегенді аңғартса екінші жағынан: "Жақсылық жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бірақ жақсылық жасай алмау емес жақсылыққа сенбеу — күнә. Кім жақсылыққа көбірек сенсе сол бұрынырақ көмек дәметеді" — дегенді байқатқандай. Жақсылықты бағалайтындар ғана жақсылыққа ұмтылатынын шын адамгершіліктің содан өрбитінін ұқтыра алғандай. Адамгершіліктен аттамау — оның ең басты қағидасы болғанына көзімізді жеткізе түседі.

Ол жайындағы аңыздар — қай халықтың да әдеби үрдісінде бар "әулиелік ғұмырнаманың" (мәселен славяндарға тән "Святое Житие" жанрының) бір үлгісі болып табылады. Олардың көпшілігі әулиенің айтқандарын емес бастан кешкендерін баяндайды. Осының өзінен-ақ оның адамдық болмысының абзалдығын әлеуметтік көзқарасының тұрлаулылығын тануға болады. Ол тек өсиеттерімен ғана емес істерімен де өз дәуірлестерін рухани салауаттылықтың асқаралы шыңдарына бастай білген нағыз ағартушы екендігін дәлелдеп өткен. Бұл — кеше тоталитарлық зорлық-зомбылық қыспағына бүгін бейпілдік пен байбастықтың шалығына шалдыға бастаған әрпіл-тәрпіл әлеуметтік санамызды азаматтық салиқалылыққа адамгершілік жоралылыққа баули алатын биік өнеге екендігі даусыз.

— Сонда пір Бекеттің біздің рухани дүниемізге қайта оралуы бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне де зор ықпал тигізеді деп ойлайсыз ғой

— Пір Бекет менің білуімше бізден ешқашан ешқайда кетіп көрген емес. Тіпті күні кешегі қызыл идеология үстемдігі тұсында да сол кездегі көзі тірі ұрпақтың көпшілігі күні-түні құлақтарына құйып баққан құрғақ уағызға емес атадан балаға жалғасып көкіректеріне қонып қалған ұлы бабаның аруағына ұйып айтып кеткен аталық ғақлияларына иланды. Ел ішіндегі бір сөз тапқыр жігіт айтқандай "бұл өлкедегі бір обком бес райком екі горкомның кеңірдек жыртқандары айдаладағы кеуек үңгірде жатқан кемеңгер шалдың үнсіз үгітін тойтара алмады". Біз тек осы үшін де қилы замандарда қиналған халқына рухани тірек ұлттық болмысымыздың ұйытқысын бұздырмаған ар-ұждан сақшысы Алланың атын ұмытқызбаған ақиқат жаршысы түп-түйсігімізге дейін түгел тебірентіп жан дүниемізге пәрменді ықпал ете алған тегеурінді тәлімгер. болғандығы үшін де оған мың мәрте қарыздармыз. Егер кең-байтақ қазақ даласының қай тарабында да қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастап отыратын нысана тұлғалар мен киелі орындар болмаса көмейдегі тіл мен көкіректегі ділдің өзін өз қолымызбен бұралқыландырып жібере жаздаған жетесіздіктің құрбандары болып кете жаздаппыз. Ендеше қазіргідей саяси дербестігіміз бен рухани кемелділігімізге қызмет еткен барлық бастаулардың көзі қайта ашылып жатқан жаппай жаңару процесінен Бекет Ата сынды рух сардарларын тысқары қалдыру — екі дүниеде ешкім ақтай алмас ағаттық болар еді.

Әрбір әділетті қоғам қай заманда өмір сүрсін мейлі адамға тән қам-қарекеттің қайсысымен шұғылдансын мейлі ізгілікке әділетке жарастыққа жасампаздыққа елдік пен бірлікке қалтқысыз қызмет еткендердің қай-қайсысының да атын шығарып абыройын асыруға айырықша мұқияттылық танытқан ғой. Ғылым мен білімге өнер мен техникаға дәулет пен байлыққа қанша жерден кенеліп жатса да батыс қауымдары арғыдағы Ыбырайын, Мұса, Ғайсаларды былай қойғанда бергідегі бірде-бір пірәдарының атын тарихтан өшіріп тастаған жоқ қой. Ал шығыс қауымдары арғыдағы Зараштұра, Будда, Мұхамбеттерден бастап барлық әулие-әмбиелердің киелі орындарына қол көтеріп көрмегендігі баршаға аян. Тек кешегі кеңестік кеңістікте ғана ғылым білім мәдениетті дінге қарсы қоятын кәпірлік орын алды. Адамзаттық руханияттың құрамдас бөліктері болып табылатын ұлы құбылыстарды бір-бірімен атыстырып-шабыстыратын мұндай сорақылықтың адамға да қоғамға да құт емес жұт әкелетініне бүгін көзіміз әбден жеткеніндей. Дәл бүгін дәл сол кесапатты кеңістікте де имансыздық күйрей жеңіп имандылыққа қызмет еткен ғазиз тұлғалар тарихи тұғырларына қайтадан орныға бастады. Басқасын былай қойғанда қазіргі орыс руханиятында бағзыдағы Аввакумнан бастап кешегі А.Меньге дейінгі барлық пірәдарлардың төрдегі орындарын қайта иемденгендерін кім жоққа шығара алады?! Орталық Азия елдері руханиятының Қорқыт Қожа Ахмет Иассауи Сүлеймен Бақырғани сынды ұлы тұлғаларына байланысты тарихи әділет те қайтадан қалпына келтіріле бастады. Ендеше сол ұлы мектептің талантты түлегі және ең соңғы ірі өкілдерінің бірі — Бекет Мырзағұлұлының тарихи орны мен рухани мұрасына осы тұрғыдан келіп сараптауға міндеттіміз.

Өткендегі жайсаңдарымызды сөз еткенде олардың заманы мен өз заманымызды салыстыра-салғастыра отырып олардың бірін-бірі жоққа шығаратын емес бірін-бірі толықтыратын бір-бірімен іштей жалғасып іштей үндесетін арналарын аса жіті анықтай білуіміз шарт.

Өйткені баланың ғұмыры әкенің ғұмырынан бастау алатынын қандай рас болса біздің бүгінгі ізденістеріміздің де бабаларымыздың бағзыдағы ізденістерінен өрбіп жатқандығы сондай даусыз.

Ендеше ардақты бабаларымызға көрсететін ең асқақ құрметіміз — олардың әділдік пен ізгілік жасампаздық пен жарастық жолындағы рухани ізденістерін одан әрі тереңдетіп одан әрі жемісті өрістете білу болса керек.

Пір Бекет те арттағы ұрпақтың сондай өрелі мұрагері құрметіне лайық.

— Әңгімеңіз үшін рахмет! Жасарып жаңарып жатқан қауымымыз бағзы бабалар көксеп өткен армандарға жете бергей!

— Әумин! Айтқаныңыз келгей!

Әңгімелескен — Маңдайлы ҚОСЫМБАЙ.

ПІР БЕКЕТ ЖӘНЕ ЛЕВ ТОЛСТОЙ

екі ұлы тұлғаны жақындастыратын имандылық идеясы хақында

Екеуі екі кезеңде өмір сүрген тілі діні салт-дәстүрлері бөлек екі елдің тұлғаларын жақындастыратын мәселені — Пір Бекеттің қасиетті аса таяғы мен Лев Толстойдың адам бақытының құпия сыры жазылыпты дейтін жасыл таяқшасы туралы айтылатын пікірлерді салыстырып көретін болсақ үлкен ұқсастықты аңғарамыз.

Мәселен Бекет Ата Пақыржан қажыдан 40 шәкіртпен бірге оқуын бітіріп қайтпақ болғанда мынадай оқиға болғаны аңыз болып айтылады. Қарт ұстаз Пақыржан қажының қасиетті аса таяғы бар екен. Өзі қартайған соң оған ие болуға шәкірттерінің қайсысы лайықты дегенді ойлап мынадай тоқтамға келіпті. "Мына асаны мешіттің төбесіндегі тесіктен аспанға лақтырам соны кім бұрын тауып алса аса таяқ соныкі болады" — дейді ол. Ұстаз таяқты лақтырып жібергенде басқа шәкірттер таласа-тармаса есікке ұмтылғанда Бекет орнынан қозғалмай отыра беріпті. Мұның жөнін сұраған ұстазына Бекет: "Сіздің рұқсатыңызды күтіп отырмын. Асыққанмен жақын жерден таяқ таптыра қоймас. Алла жолымды оңаруы үшін өзіңізден бата сұраймын" — дейді. Осы аса таяқты Пір Бекеттің Оғландыдағы жартасқа шаншылып тұрған жерінен тапқаны айтылады.

Осы аса таяқ көк түсті оған көкжасыл сырмен жазылған белгілер бар еді дегенді естігенде менің ойыма Лев Толстой өзінің ағаларымен бала кезінде құмарта ойнаған жасыл таяқша оралып еді. "Ол кезде мен 5 жаста Митенька 6 ал Сережа 7 жаста болатынбыз — дейді Лев Толстой. — Мына Жасыл таяқшада құпия сыр бар құпияны ашатын болсақ оның көмегімен адамдардың бәрі бақытты болады ешқандай ауру-сырқау жағымсыз жайлар болмайды ешкім-ешкімді ренжітпейді адамдар бірін-бірі жақсы көреді олар бір-бірімен дос болады дейтін пікір жадымызда сақталып қалыпты". Міне осылай деп Толстойдың өзі айтқандай адамдар құмырсқадай ұйымшыл болып бірлесе адал еңбек ету арқылы асыл мұраттарға жете алады.

Лев Толстойдың сөзінен ісі айнымайтын ол — өмірде ешкімді ренжітпеген қайырымды болған жан. Ол Мұхаммед пайғамбардың пікірін қолдап оның өмірі туралы кітап та жазбақ болған.

Өз кезегінде Бекет Ата да түрікмен Бектұрды батырмен жекпе-жекке шыққаннан кейін екеуі тәубаға келіп тең жағдайда достасқан. Бұдан былай екі халық бір-бірімен соғыспасын деп пәтуаласқан. Екеуі де өз жерінде мешіт-медресе ашып Мұхаммед пайғамбардың ісін мұсылман дінін дәріптеген.

Бекет Атаның аса таяғы деп аталатын қасиетті аса жалғыз болмаса керек. Бекет Атаның өз ұрпақтарында бір қасиетті аса таяқ бар болса Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы тұратын Тұрсынғали Нәкешев деген азаматтың үйінде Пір Бекеттің бір керемет құпия сыры бар аса таяғы да сақтаулы тұрғаны да анық. Оны атаның өзі лақтырғанда Шектібай қазірет тауып алған көрінеді. Бұл аса таяқта арабша жазулар және 26 кішкене белгілер бар екен.

Қасиетті таяқтағы белгілер санының 26 болу құпиясы "Құран-кәрімнің" қай сүресіне негізделген деген сұраққа жауапты академик Ақжан Машановтың "Әл Фараби және Абай" деген кітабынан тапқандаймыз. Кітаптың алғы сөзінде 28 қаріптік араб әліпбиін АБЖАД тәпсірі деп аталатын сегіздік топқа жіктеу арқылы сандық мәнге ие болады делінген. Осының негізінде араб әріптерінің сандық мәндерін есептеу арқылы ғылымда үлкен-үлкен жаңалықтар ашылған деп көрсетілген. "Құран-кәрімде" "Ал-Хадид" сүресі ("Темір" сүресі деп те атайды) бар. АБЖАД есебі бойынша Темір деген сөздің сандық мәні — 26. Темірдің электрондарының саны — 26. Менделеев кестесінде темірге 26-ыншы орын берілген. Қорыта айтқанда 26 саны "Құран-кәрімнің" 57-інші сүресіне негізделген. Сонымен екі ұлы тұлғаның арасындағы рухани сабақтастықтың бір дәлелі қасиетті таяқтардағы жазулардың құпиясы. Бала күніндегі жасыл таяқшаға жазылған адам бақытының құпия сыры қайрымдылық пен адалдыққа сүю мен әділеттілікке негізделгеніне Лев Толстой өмір бойы сенген. Сексеннен асқан шағында оның күнделігіне "Мұны біздер ойын деп атадық ал шындығында осы таяқшаға жазылған адамдарды бақытқа жеткізетін өнегелі сөздерден басқа бұл дүниеде көргендердің бәрі ойын екен" деп жазғаны ұлы жазушының өмірлік сеніміне дәлел.

Толстойдың мүрдесі өзінің өсиеті бойынша қасиетті жасыл таяқшаны бала күнінде жасырып ойнаған жеріне жерленген. Ал Бекет Ата болса қасиетті аса таяғының қадалған жері Оғландыға жер асты мешітін салған. Өсиеті бойынша өлгенде сол мешіттің ішіне жерленген. Бұл күндері Бекет Атаның басына өміріне бақыт ауруына шипа іздеген алуан түрлі ұлттың өкілдері түнеп сырқаттарынан жазылып жандарына қуат алып жатады. Сондай-ақ жер шарының түкпір-түкпірінен ұлы жазушы Лев Толстой рухына тәуап етуге ағылып келіп жатқан халық "Ясная Полянада" да толастамайды.

Осы екі тұлғаның өмірлік мақсаты мен қызметіндегі рухани сабақтастық екеуінің де мұсылман дінінен ақиқатты көре білуінде деп ойлаймын. Ол үшін Л.Толстойдың: "Мен үшін мұсылмандық өзінің бүкіл болмыс-бітімімен шіркеу православиясінен анағұрлым жоғары тұрғанына күдік болмауы тиіс" — деген бірауыз сөзінің байыбына барып мән-мағынасын зерделей білсек те жеткілікті сияқты.

Бәдір НҰҒМАНҰЛЫ қарт журналист ("Егемен Қазақстан" 8 қыркүйек 2000 ж.)

АЛҒЫС АЙТАМЫЗ

Осы жылдың 8-9 қыркүйек күндері Сұмса жерінде Пір Бекет Атаның 250 жылдығы ерекше елдік сипатта асқан ұйымшылдықпен абыройлы өтті. Мереке кезінде Абыз ата Аруақты Піріміз Ер Бекетке деген ұрпақтарының ыстық ықыласы ақ ниеттері шексіз болды. Елдің мерейі өсіп абыройы асқақтады. Бұл күндер береке-бірлігімізді игі іске деген риясыз ынтамызды байқатты.

Ел өміріндегі ерекше тарихи оқиға болған Ата тойына атсалысқан азаматтарға кәсіпорындар мен ұжымдарға алыс-жақыннан келген ағайындарға ақ ниеттерін арнаған барша жандарға алғыс айтамыз.

Баршаңызды да Бекет Атаның аруағы қолдап желеп-жебеп жүрсін!

Ләззат ҚИЫНОВ

облыс әкімі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙