TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы. III кітап

Сырбай Мәуленов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы. III кітап

Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...

1958-1968

БАҚЫТ КІТАБЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

І

Қауіп қатер үстінде боп бұл жалған,
О, балалар, артта қиын жол қалған.
Инженердің дипломы қазіргі
Солдаттардың қанымен қорғалған.

Оқта өстік, отта өстік шынығып,
Ол күндердің бола алмайды бірі ұмыт.
Айтар еді талай қызық әңгіме
Со бір солдат түрегелсе тіріліп.

Оқасы жоқ ол кездерде жас болсаң,
Соғыс деген суық сөзден жасқансаң.
Ауыр күнә еске алмасаң солдатты
Бүгінгі күн кеуде қағып мақтансаң.

Қалдың ба әлде бұл сөзіме тосырқап,
Мақтаншақтан болғайсың сен досым сақ.
Сенің үшін кеше солдат су кешті,
Сақта оны көкірегіңде жас ұрпақ.

Білсін олар кезсе мектеп залдарын,
Білсін олар тапса бүгін арманын.
Сол арманды, сол залдалды қорғаған,
Қарапайым қасиетті жан барын.

Олар мүмкін біздерменен бір жүзіп,
Қояр ма еді әзілімен күлдіріп.
Біреулері ұшар мүмкін айға да,
Алдағысын айта алады кім біліп.

Біздер үшін олар кеше көз ілсе,
Сен өмірін жалға оның өзінше.
Өлген жанның хикаясын жырлайын,
Ерсі болмас мақтамасаң көзінше.

ІІ

Шабуылдың қағылды да дабылы,
Аттанды өңкей намыс пенен ар ұлы.
Орта долда қайран солдат құлады,
Осы жерден қазыла ма қабірі?

Қайран солдат қайрат жинап, күш қылып
Үш жығылды, орнынан үш тұрып.
Ессіз-түссіз... әкетті оны нән неміс
Қолтығына ырғап алып қыстырып.

Оқ мүжіген омыртқаның ортасын,
Жарықшақтар жалап өткен арқасын.
Бүкіл фашист бәрі бірдей жабылып
Тірі өліктің тінтеді кеп қалтасын.

Жастық шіркін жәрмеңкесі тарқаған,
Жатты алда қансыз-сөлсіз жарты адам.
Тіміскіп жау түрткілеп те, тінткілеп,
Бір кітапты тауып алды қалтадан.

Сұрағандай бір-бірінен сүйінші,
Кетті жаудың қуанғаннан тынышы.
Сол кітапта жатқандығын білмеді,
Солдат емес, бүкіл оның үй іші.

Күңгірлейді жат тілдерден көп-апан...
Заңмен мұны жазаламақ бір қатаң.
Білмеді олар сол кітапта жатқанын,
Солдат емес, социалистік ұлы Отан.

Біреу айтты: - Ұйқыдан бұл тірілсін,
Тілдесейік көп сырлары ұғылсын.
Бұл кітапты баяндасын бишара,
Содан кейін өкпесін оқ суырсын...

Бұл тұжырым қалды-дағы күшінде,
Жатты солдат көр-апанның ішінде.
Жан анасы, бал баласы, жас жары
Қолын бұлғап шақырды оны түсінде.

Бар еді оның кішкене үйі ал жаңа,
Желмен бірге тербелетін тал ғана.
Бар еді оның бір кішкентай баласы,
Көңілінде қалыпты оның сол ғана.

Отты жылдар түссін мейлі араға,
Онда құрмет ана менен балаға.
Қызыл кітап кітабы бұл бақыттың,
Әр сөзі оның сүле берген санаға.

Есі-дерті алыс қалған ел болып,
Ақты жасы қара көзден көл болып.
Қара бұлтты қақ айырып қырандай,
Қиялы оның қанат қақты жел болып.

Сандырақтап естен танған кісідей,
Қалды ол кенет ешнәрсеге түсінбей.
Конституция оған сол кез көрінді,
Байтақ Отан, бүкіл үйдің ішіндей.

ІІІ

Ертеңіне қолына сол кітапты ап,
Кешегілер қоршады оны сұраққа ап.
Айтты ол: - менің өмірім мен бақытым
Жатыр осы кітабымнан бұтақтап.

Бұл кітапта жер мен аспан бәрі бар,
Бұл кітапта елдің еркін жаны бар.
Бұл кітапта: «Қорға деген Отанды»
Оқып қара, қасиетті заңы бар.

Осы кітап ар-намысым, ұжданым.
Осы кітап, өз Уставым, өз заңым,
Басқа заңға бағынбаймын! Өз халқым
Білемін тек маған арнап жазғанын.

Фашист:

- Есіңді жи, тұтқында ғой бұл бір заң,

Алыс болар аспандағы жұлдыздан.
Солдат:

- Өз заңымды өлгенімше білемін,

Маңдайымнан бақ жұлдызын туғызған.
Фашист:

- Заңымыз бар бағынасың сол заңға.

Тұтқын солдат:

- Бағынбаспын тірлікте, бұл жалғанда,

Фашист:

- Үкім біреу. Атыласың... Кетесің...

Үй-ішіңмен бақылдаспай арманда.
Тұтқын солдат:

- Саған тұтқын, саған пенде болғанша,

Менің үшін қауіпті емес ол онша. ***

...Түн ішінде өлтірді оны дарға асып,
Жатты өмірі жұлдыз болып жалғасып.
Қараңғы түн сол кітапты өртеді,
Күн болып ол күлімдеді ертеңі.

Көк теңіздің менен несін сұрайсың,
Теңіз сені аспанға атса шыдайсың.
Тереңімен теңдестіріп ойыңды,
Толқыны мен қайратыңды сынайсың.

Сирек болар дем алатын бір кезі
Асау теңіз ала күлік мінезі.
Алас ұрып ақ көбік боп жатады,
Дүниені билегендей бір өзі.

Теңіз саған тегін бермес үлесін,
Теңіз болып күңіренесің , күлесің.
Теңіз болып долданасың, тулайсың,
Сонда ғана теңіз жайын білесің.

ШОПАН ТОЙЫНДА

Шопаным! Доссың сен бізбен,
Өзіңе аян ой-сырым.
Өлеңді жайып өргізген
Өзіңдей менде қойшымын.

Ұйытқан сені жырау боп,
Қиссадай ұзақ түз желі.
Шашыңа түскен қырау боп,
Боранды қыстың іздері.

Жүресің дауыл өтінде,
Алаңсыз қыс пен жазың жоқ,
Бедері жердің бетінде
Жазылып қалған әжім боп.

Табиғат тағы дегенмен
Тағыны жеңдің төзіммін.
Тербейсің жерді өлеңмен,
Көктемде жайып қозы үнін.

Сеземін сенен жел лебін,
Сеземін сенен күн демін.
Шабытқа бөлеп еңбегің
Шарқ ұрып өтті түндерім.

Шопаным! Доссың сен бізбен,
Өзіңе аян ой-сырым.
Өлеңді жайып өргізген
Өзіңдей менде қойшымын.

ТҮБІР

Көрінеді
Орманнан
Түбірлер.
Айрылған

Аяқ-қолдардан
Түбірлер.
Мүгедек солдат секілді
Түбірлер.

Оқ жұлғандай етімді,
Жүрегім тулап дүбірлер,
Кезеріп ерінім күбірлер.
«Соғыс не?!

Менен біліңдер», -
Деп тұрғандай түбірлер.

НАЗИЯДА КҮН АШЫҚ

Назияда мөлдір көк,
Назияда күн ашық.
Жайысып құшақ елжіреп,
Жатырмыз саулық сұрасып.

Жармасып толқын жалына,
Жүзеді бұлттар желкендей.
Жолымды тосқан сағына
Назия назды еркемдей.

Жағаңа салмай қаз ұя,
Көзіңнен жас боп мұң ыршып,
Жатушы ең, қайран Назия,
Жаралы жандай ыңырсып.

Жаттың сен айлар күн көрмей,
Жарық қып оттың жарқылын.
Жаттың сен айлар түн көрмей,
Күндіздей от боп әр түнің.

Тапқандай пана асқарды,
Тіредім саған арқамды.
Толқыныңа жас тамды,
Толқыныңа қан тамды.

Жаздым жыр көздің жасымен,
Жаздым жыр жүрек қанымен.
Сүйеген сонда досым ең,
Жақын кеп жұрттың бәрінен.

Бірінші рет Торғайда
Тамса қаным туғанда,
Екінші рет майданда
Қаным бір ақты жылғаңда.

Қаным ұйып тұнған жер,
Іздеп келдім шалғайдан.
Сен де маған туған жер,
Айырмаң жоқ Торғайдан

СУРИЯ

Жиегінде толқып талы,
Шуылдайды ұлып іші.
Сурия өзен Волховтағы
Назияның сіңлісі.

Көк төсінен ақық жұлдыз
Түскен бір кез домаланып.
Жағасында жатыр бір қыз
Сол жұлдызды қадап алып.

Солтүстіктің бір гүлі еді
Ерте батқан күні ұяға.
Атын оның кім біледі,
Назия ма, Сурия ма!

Тастай шөккен қайта тұрмай,
Жанын қиып ел кегі үшін, -
Сол қыз жайлы айтатындай
Сурия өзен ертегісін.

СИНЯВИНО ШОҚЫСЫ

Дүрілдеген күні-түн
Ормандардың от іші.
Болдың сонда үмітім,
Синявино шоқысы.

Ысқырып оқ жалаңдап,
Түсіп жатты төбеңе.
Тұрдың жалғыз алаулап
Ұқсап жанған кемеге.

Тартып өңің қара-сұр,
Тұрдың сонда теңселмей.
Өрт ішінде жанашыр
Жақын таптым мен сендей.

Орманынан айрылып,
Отақ оранған бұл дала.
Қара тұтып қайрылып,
Қарай бердім тұлғаңа.

Сенің биік тұрғаның
Медеу болды көңілге.
Қарт емендей сынбадың,
Мықты екенсің, тегінде.

Талай өткел қалды артта,
Бір өзіңнен от алдым.
Көріндің сен солдатқа
Бейнесі боп Отанның.

Дүрілдеген күні-түні
Ормандардың от іші.
Болдың сонда үмітім,
Синявино шоқысы.

ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ

Таң атты ала сәулелі,
Бұлттардың бояп ақ жүзін.
Өлтірмек болды жау мені -
Бір атаның жалғызын.

Өлтірмек болды ұлымды
Дүниеге әлі келмеген.
Өлтірмек болды жырымды
Линотипистер термеген.

Аңсайтын адал жүрекпен
Күнде атап менің атымды,
Өлтірмек болды бір оқпен
Ағайын-туған, жақынды.

Өлтірмек болды арманды,
Өзенді жасыл жиекті.
Өлтірмек болды соларды
Сүйетін мына жүректі.

Өлтірмек болып арманды,
Жау атты көздеп сығалап.
Ормандар мені қорғады,
Көлденең оққа тұра қап.

Тілегі жаудың болған жоқ
Тосқан бір талай тораптан.
Болашақ күндер қорған боп,
Сақтады мені сол оқтан.

Қаққан да шығар шүйілген
Оқтарды менің төбемнен -
Тумаған сол кез ұлым мен
Қазіргі сәби немерем.

Босады ауыр қамытынан
Тачанкада шапқан аттар.
Ұңғысына дәрі тұнған
Төрге ілінді автоматтар.

Соғыс енді шарламайды
Жолсызбенен түнде жортып.
Зеңбіректер сарнамайды;
Кірмейді аңдар інге қорқып.

Ұйытқымайды жел борасын,
Жанбайды отқа гүл сабағы.
Жасырғандай жер жарасын
Волховтың көк шыршалары.

Соғыс ізін табасың тек
Тас жамылған төбелерден.
Соғыс ізін табасың тек
Жарақатты денелерден.

Волховта жатыр ми болып,
Баяғы батпақ сіресіп.
Төсіне бірақ үй қонып,
Тербелген қызыл гүл өсіп.

Соғыстан қалған селдіреп.
Әр жерде жалғыз қададай,
Шашағы тудай желбіреп
Өсіпті ну боп қарағай.

Не жетсін бейбіт өмірге
Сақтаған адам тірлігін.
Баяғы майдан шебінде
Балалар ойнап жүр бүгін.

ТҮЗ

Алдымызда жатты аунап,
Соғыстың қан теңізі.
Арқамызда ақ таңдақ
Сор боп қатты тер ізі.

Тамшысындай жауынның
Терді иектен сүртеміз.
Көбігіндей сабынның
Жолақ-жолақ күртеміз.

Қара тер боп аттадық
Қанды майдан тау-құзын.
Біз осылай ақтадық
Туған елдің дәм-тұзын.

Көп жылдан соң Волховпен
Кездестірді бұл тағдыр.
Кетсем керек толқып мен
Тамды көзден бір жаңбыр.

Сүймеген бір еріннің
От лебі ме, кім білсін!..
Күйреген бір өмірдің
Көктемі ме, кім білсін.

Кешір, Волхов сырласым,
Менде жүрек, бауыр бар.
Сағыныштың бір жасын
Сәлемімдей қабыл ал.

Өттік нелер қиыннан,
Қалды ауыр сын алыс.
Жаңбыр болып құйылған
Қайғы емес қуаныш.

ҚАЗДАР

Бұрылтпай оңға, солға да,
Үйіріп жолды оқ демі,
От болып қонды орманға
Соғыстың күрең көктемі.

Жығылып үйлер жаралы,
Жалындап жанып жатты азбар.
Төбеден ұшып барады
Төлеген досы - ақ қаздар.

Жауынгер көкке қарады.
Бұл күйді тосын қапты ұқпай.
Ақ қаздар бірде көрінді
Аспанда қалқып ақ бұлттай.

Аңсады бейбіт өмірді
Тұратын тұнып оқты атпай.
Ақ қаздар бірде керінді
Жарына жазған ақ хаттай.

ұр еді ол мана күрсініп
Өмірдің сәні кеткендей.
Қуанды енді тіршілік
Ақ қаз боп желпіп өткендей.

Жатыр қабір тас бекіне
Даланың бір төбешігі.
Жазылмапты тас бетіне
Ең болмаса ер есімі.

Кім болды екен қайран боздақ
Күткен көптен бір хабарын.
Шашын теріс жайған боздап,
Жалғызы ма бұл ананың.

Күнде жоқтап зар жылаған,
Батқан мұңы елге біздің.
Күте-күте қалжыраған,
Жары ма бұл жеңгеміздің.

Қасымда жоқ адам бөтен,
Тұрдым көп сыр түйіп ішке.
Қандай айла табар екем.
Удай ащы күйінішке.

Білмеген де бір есептен
Жақсы шағар бұл жігітті.
Хабар күткен келешектен
Сөндірермін бір үмітті.

ОКОП

Қарасуық уілдеп,
Жерді жапқан жұқа қар.
Қыс лебінен дірілдеп,
Бұғып қалған бұталар.

Бақсылардай сарнап тал,
Бірде аңдай ұлиды.
Келе жатыр солдаттар
Арман етіп жылы үйді.

Жолдың шеті түйілмей,
Келеді түн өткенше.
Асықты олар үйіндей
Окоптарға жеткенше.

ГОСПИТАЛЬДАР

Жалынмен жанып,
Дауылмен ағып,
Көшті таңдар.
Дала қуысында,

Қала бұрышыңда
Тұрды айнала госпитальдар.
Шулады сыртта
Жел-өзендер.

Сүңгіді бұлтқа
Ашық күн - терезелер.
Түндерде жара ауырлап,
Құтырып қағынды өлім.

Тұрды өмір қарауылдап
Басында жауынгердің.
Жаралы тұрды үміт,
Жатты оған ем істеп ел.

Ажалды жүрді қуып
Ақ қанат періштелер.
Таусылып алатын дем,
Жатқанда жанып достар,

Желпіді қанатымен
Қарлығаш - қарындастар.
Күлкісіз күндер,
Ұйқысыз түндер,

Көшті таңдар.
Үміттің ұясындай
Тұрды сонда
Госпитальдар,

Госпитальдар!

ҚҰЛЫН

Шаршаған жол батып
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып
Зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы
Жерді өртеген қиын күнде,
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,
Сәби бір үн сағынған.
Жалы. тарап, көзіне үнсіз қарап,
Солдат оның сипайды құрсағынан.

Шашыраған көк жалынын бүркіп
темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында -

Шіркін өмір
Құлын боп кісінейді.

ҚАБІРІ БЕЛГІСІЗ ДОСҚА

Өзіңді желден сұрадым,
Айтпады бір сөз ол өксіп.
Өзіңді көлден сұрадым,
Күрсіне берді дөңбекшіп.

Сұрадым барып орманға
Жоқ болды оның айтары.
Жапырағын шашып жолдарға
Ақырын басын шайқады.

Көрді деп ойлап биіктен
Қадалдым аппақ айға кеп.
Кеудені алған күйікпен,
Сұрадым сені қайда деп.

Теңселді орман жел теуіп,
Тірелді бұлтқа ай ұшы.
Ішімде жатты өртеніп,
Солардың барлық қайғысы.

Жел болып сонда жыладым,
Көл болып сонда мүлгідім.
Орман боп сонда шуладым,
Ай болып бұлтқа сүңгідім.

Ұрғандай түсіп сол бір сәт,
Найзағай оты төбемнен.
Көзімнен ұшып сел бұршақ,
Атылып жатты тереңнен.

Тым болмаса күліңді
Кетті екен қайда жел айдап!
Күндерді аңсап бұрынғы
Күңірене түстім сені ойлап.

СОҒЫС ЖОЛЫ

Соғыс жолы дауылмен,
Оқпен,
отпен теңселген.
Шақырым емес,

адыммен
Соғыс жолы өлшенген.
Адым - ерлік өлшемі,
Адым - өмір кепілі.

Адым - бүкіл жол шегі,
Адым - жеңіс көпірі.
Өтсең соны тік басып,
Жақындайсың ауылға.

Қашсаң содан құт қашып,
Құлағаның қабырға.
Соғыс жолы оң-солда
Жатты от боп жалындап.

Жорық шекті сол жолда
Бүкіл Отан адымдап.

СОЛДАТ ПЕН ҚҰС

(Баллада)
Соғыс күндей күркіреп дабыл қағып,
Айналаны орады жалын жауып.
Ұшып түсті бұтақтан кішкене құс,

Қанатынан дірілдеп қаны ағып.
Жалғыз тамшы көктемнің жаңбырыңдай
Түсті үзіліп, орнынан қалды тұрмай.
Момын еді ешкімге жазығы жоқ,

Таза еді жүрегі таңғы нұрдай.
Өрттен кешке ес жиып шыққанында,
Тартатұғын жем тастап жұрт бауырға.
Жығылды ол. Жылжыды бір жауынгер

Бишараны өлімнен құтқаруға.
Аяп кетіп жаралы құсты құйттай,
Ажалменен айқасқа шықты бұқпай.
Солдат құсты қолға ала бергенінде

Оқ қадалып, домалап ұшты мұрттай.
Ұрыс кешке толастап тынғанында,
Екі өліктің достары тұрды алдында.
Құсты қойып солдаттың кеудесіне,

Көмді апарып екеуін бір қабырға.
Оба тұрып орманның бір шетіне,
Дірілдеді қойылған гүл бетіне.
Екі дүркін от шашып оқ атылды

Бірі - солдат, бірі - құс құрметіне. ***

- Сен мені ойладың ба?

Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
«Жүрмеймін, көтермесең», -

Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем,
«Кетпеші, ерте», - дейсің.
Айтасың: «Ұрсып анам,

Жөнімді сұрады», - деп.

- «Болдым-ау қырсық саған», -

Деймін мен жылағым кеп.
Сен мені жұбатасың,
Мен сені жұбатамын.
Кетпеген балалығы

Кейпіңді ұнатамын.

- Сен мені ойладың ба?

Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.

АҚ ТҮН

Ақ түн, ақ түн
Алып бір ақ сауыт.
Ақ боз аттың
Жалындай ақша бұлт.

Ақ түн - ақ гүл
Айнала тұтасқан.
Төгілмей шақ тұр
Ақ мұхит - сүт аспан.

Ақ түн - ақ жалын,
Ақ түстер жаймасы.
Дүниенің пәк жанын
Түсірген

Ақ түн -
Рентген айнасы.
Ақ түн
Таң жарығындай

Бозарып ағарған.
Ақ қайың қабығыңдай
Ақ жолдар
Жан-жаққа таралған.

Ақ түн ағады
Петрдің ақ атындай.
Аспанды жабады
Аққудың қанатындай.

Ақ түн өрлеп шауып,
Жетеді түнектің қуысына.
Ойнайды өрнек салып
Суворов қылышына.

Ақ түн уатылған
Айдың дәу қазаны ма?
Ақ шаң боп шұбатылған
Жұлдыздар тозаңы ма?

Ақ түн
Россия жыршы ұлы боп
Атанған күн еліне -
Күнәсіз - кіршігі жоқ

Пушкиннің жүрегі ме?
Ақ түннің атқарар
Жұмысы көп:
Құйылады

Мартеннің
Ақ жалын құрышы боп.
Ойнайды ол
Ақ нұр болып

Су түбінде,
Қарағай бүртігінде,
Жыр жаттаушы
Қыздардың кірпігінде.

Ақ түн
Ақ сәулесін шашады
Түн күлкісіндей.
Ақ түн аспан төсін

Желпиді
Кір түсірмей.
Ақ түн -
Әлемнің аппақ адал нұры,

Ақ түн
Қуады қуыстардан
Көлеңке,
Қараңғыны.

Ақ түн -
Жеткен талай жыл болдырып,
Аталардың ақ арманы.
Ақ түнді - ақ арманды

Тұр қондырып:
Ленинград алаңдары,
Нева аралдары,
Кронштадт қамалдар,

Смольный жалаулары.

ДӘУІР ДАУАСЫ

Жаңғырып орны жараның,
Жазылып әлі кеткен жоқ.
Жоғалтқан ұлын ананың,
Көз жасы әлі кепкен жоқ.

Жабысқан соғыс суығы,
Денеде жатыр дерт болып.
Шырпыдай жанған шыбығы,
Елестер орман өрт болып.

Тауларды бомба төңкеріп,
Өмірге оқтар дақ салған.
Жиырмада өлең өртеніп,
Жиырмада шашты ақ шалған.

Жаралы ол да қарлығаш,-
Қаралы хабар, қанды хат.
Қалды ғой тұл боп қарындас,
Жаңбырлы көзі жаудырап...

Жорыққа бүгін шықты жұрт,
Жоюға соғыс тұманын.
Тыңдады дүние тік тұрып,
Коммунистер ұранын:

Түспесін ауыр басқа күй,
Болмасын соғыс - қанды апат.
Қалмасын жетім жас сәби,
Қалмасын жесір махаббат!

Көңілде толқып ой нендей,
Өткізсең толқын түндерді.
Өмірдің аты бой бермей
Тартады жұлқып түндерді.

Қыс келсе қайта табылып,
Жоғалтқан жазда күмісі.
Келеді көктем сабылып,
Оның датығыз жұмысы.

Тапқанша жүрек дауасын
Басылмас жанның іңкәрі.
Тартады өмір шанасын,
Уақыттың жүйрік тұлпары.

КҮННІҢ ШЫҒУЫ

Адыры тартып шағырмақ,
Көрінді таңда тау тұңғыш.
Қанаты от боп жалындап
Келеді жерде алтын құс.

Аспанға тура кетуге
Жібермей оны тартты күш.
Дөңгелеп жердің бетінде,
Көп жүрді әлгі алтын құс.

Алқынып ашу қысқандай
Атылды лаулап жаңағы от.
Биікке байлап ұшқандай
Жерден бір жаңа самолет.

КІЛЕМ

Жарық алып сықсима шам отынан,
Бұл кілемді анам жылдар тоқыған.
Білмесе де әліпті өзі таяқ деп,
Өрнек салу өнерін ол оқыған.

Жылдар бойы шаршап сірә талмаған,
Кілем бетін саусағымен шарлаған.
Үйленгенде төсесін деп төріне
Анам маған бұл кілемді арнаған.

Бар бояуды жинағандай жер-көкте,
Қошқар мүйіз толып талай өрнекке.
Тұр анамның көзі болып сол кілем,
Шауырғандай мені сондай еңбекке.

Бір алаңда ала-құла талдар бар,
Бір аулада ала-құла жаңдар бар.
Бір талдарда тұрса бұтақ гүл жарып,
Бір талдардың басы тұрар сұрланып.

Бір жандардан шықсаң күліп жылынып,
Бір жандардан қылтырайсың суынып.
Бәрін соның көңіліңе тоқисың,
Солардан сен өмір заңын оқисың.

КӨШЕ СЫПЫРУШЫ

Жұмысқа жастай жұтынып,
Ерте тұрып азаннан.
Жүреді бір қарт сыпырып,
Көшені тұнған тозаңнан.

Күн құйса суық бұршағын,
Ағашты күтіп ем істеп.
Кей кезде көкшіл шыршаның
Қырқады шашын тегістеп.

Үстіне талдың су шашып,
Жапырақтарды жуады.
Торғайлар шалды жырласып,
Бұтақта мәз боп тұрады.

Жанынан күнде ағады,
Бастарын изеп барша адам.
Мақтанып іштей қалады,
Риза болып шал соған.

Екі шоғыр бұлт аспанға шықты ойнап
Жауады деп тұрады екеуін жүр ойлап.
Бірі жауып құя салды нөсерін,
Екіншісі өте шықты сырт бойлап.

Жауған бұлттан жауқазын боп із қалды,
Бірі жаумай жерден нұрын қызғанды.
Сол бір бұлттай адамдар бар ойласақ,
Өмірінде сыр ашпайтын ызғарлы.

Жаңа ғана көрінген
Жалт бұрылды күн алдап.
Күнге төсі керілген,
Алатау тұр тұмандап.

Жердің аппақ төсегі –
Жаңа жауған жатыр қар.
Көрінбейді кешегі,
Тауға қонған шатырлар.

Көңіл де енді бұйыққан
Бұлт жамылған аспандай.
Тұқырта кеп ыйықтан
Ауыр тұман басқандай.

Шолып арғы өңірді
Тастайсың бір көз қырын.
Жарқыратып көңілді,
Жатқандай бір өз күнін.

Тұманды күндей мұнартып,
Көлеңке болғым келмейді.
Еліме босқа жүк артып,
Тек ерке болғым келмейді.

Сіңірсем деймін жеріме
Маңдайдың терін ағызып.
Жасасам деймін еліме
Жанымның отын тамызық.

КӨКТЕМ ТОЙЫ

Күзетке тау отарын
Тұрды түнде бұлт алып.
Жонын жарып жотаның
Ақты бұлақ бұрқанып.

Бұлттың жібек пердесін
Судырлатты жел түріп.
Еркін керіп кеудесін,
Әндетті өзен желпініп.

Туып тойлы көктемі
Билеп орман – жүр қыздар.
Көрушісі көктегі –
Жыпырлаған жұлдыздар.

БІР АДЫМ ЖЕР

Бір адым жер ырыздық
Тисе тілі соқаның.
Бір адым жер – аспаның,
Бір адым жер – Отаның.

Тұрар шіркін тіршілік,
Кейде суда бір жұтым,
Кейде нанда бір түйір,
Жалт қараған бір көзде,

Жанды үйірген бір сөзде.
Құрбан болды қанша мың
Жалғыз адым жер үшін,
Жалғыз адым сол жерде

Жатты бүкіл жеңісім.
Жалғыз адым осы жер –
Байтақ Отан мен үшін.

ДІРІЛ

Дірілдейді таулардан
Атылып тас бұлақтар.
Дірілдейді жағада
Жайқалып жас құрақтар.

Дірілдейді шырақтай
Алыста аспан жұлдызы.
Дірілдейді сынаптай
Таң алдында су жүзі.

Тұрамын мен дірілін
Дүниенің бақылап.
Алмайды көз шырымын
Құс ұйқылы жапырақ.

Сол дірілден жыр туып,
Сол дірілден гүл шығып
Дүниеге бұлқынып
Тарағандай тіршілік.

БОЗ КӨДЕ

Қасиеті танылмай
Тұрса да әзір өзгеге,
Жабағының жалындай
Жалбырайды боз көде.

Жел үрлесе басылмай
Тулайды, онда жоқ тыныш,
Бейне атамның шашындай
Шашақтары ақ күміс.

Барсаң туған еліңе
Жаз шыққанда жер көктеп
Тұрады арқа белінде
Атаңдай сол елбектеп.

Күн де сөнді, түн де келді түнеріп,
Қараңғы түн жатып алды шіреніп.
Күн болғым кеп атып тұрдым орнымнан,
Түн қойнында болмайын деп тірі өлік.

Жатқан дала оянғандай түн қымтап,
Қайта көкке атылғандай күн шырқап.
Жазғы таңдай жан дүнием нұрланып,
Көк теңіздей келе жатты жыр бұрқап.

Жалғыз едім, селк еттім мен, шошындым,
Бір қарасам бәрі отыр досымның,
Олар отыр менімен бір бұрқанып,
Олар отыр өлеңіме қосып үн.

Сені таптым сол достардың ішінен,
Өз жаныңды өз жанымнан түсінем,
Суретіңді түсірер ем қағазға,
Сезіміңді бірақ қалай түсірем.

КАЛЕНДАРЬ ПАРАҚТАРЫ

Күн кестесі, ай жолы, ауа ақпары –
Календарьдың кішкентай парақтары.
Судырайды аударсаң секілді бір
Көгершіннің кіршіксіз қанаттары.

Туған жердің орман, тау, өзендерін
Шешендердің кестелі сөз өрнегін,
Таныстырып жаяды алдыңа әкеп
Ұлан асыр тарихтың кезеңдерін.

Аралайды асықпай парақтарды
Күн мен айдың ауысып сағаттары.
Беттерінде тұрады жылы ұшырап,
Өлмейтұғын өмірде жан.

ОҚПАҚ

Қыс даланы қырыны ап,
Қырды жапқан қар аппақ.
Отыр бей-жай шырылдап,
Қарағашта қара оқпақ.

Қанаттарын сілкініп,
Қадалады қуысқа.
Тұмсық шоқып, ұмтылып
Іздейді құрт-құмырсқа.

Бейне ағаштың бүрі дәл,
Кіп-кішкентай қарамы.
Қыстан шығар түрі бар
Тай жегендей талабы.

Сай жағалап, өрлеп құз
Байғұс ол да күн көрсін.
Бостан-босқа еңбексіз
Тегін тамақ кім берсін.

Тасқында арық болып құлаған жар,
Еңкейіп соған төніп жылаған тал.
Сыңсиды жасын төгіп жас бұлақтар
Жол таппай соғылысып сынадан тар.

Табиғат бөбектері бір туысқан
Қайғысын бір-бірінің ұғынысқан.
Достасып бір-біріне сүйемел боп
Көктемге құлаш ұрған шулы қыстан.

Шырындай жер ананың нәрі демеп,
Көктемде жасарады кәрі терек.
Күні жоқ адамзаттың табиғатсыз
Ауасы, суы, гүлі – бәрі керек.

Тауы алтын, өзендері – күміс балдай,
Таусылмас табиғатта ырыс бардай.
Әсемдеп бірін-бірі әдемілеп,
Еңбекте екеуі бір туысқандай.

ҚЫРАН ҰЯСЫ

Тұнған бұлт жылғалардың жырасына
Тастардың иығында тұр асыла.
Құздардан қиқулаған тас бұлақтар,
Оралған жолаушыдай жыр асыра.

Мекені биіктегі күннің қасы,
Кавказдың жалтырайды шың қиясы.
Бұлттардың қонақтайын тұғырындай,
Басында қырандардың тұр ұясы.

Алыстан асқақтайды ұлы мүсін,
Аңғартпай құпия бір құбылысын.
Қыранның жүрегіндей жүрек керек
Басына сол биіктің шығу үшін.

Бұлт бұрқырап, от дауылдар төнсе егер,
Қайыспайтын қара емендер теңселер.
Теңселмес те, тербелмес те дауылда
Қасындағы жолдасына ер сенер.

Қатар жатқан таулар өсер аспандап,
Көп бұлақтар көтереді тастарды ап.
Түн жамылып қалар қайың қабақта
Жалғыз болса қабағынан жас парлап.

Шіркін достық, бір өзіңе не жетсін,
Жай ойнасын, көкте бұлттар селдетсін.
Өрт боп жерге түссе-дағы күн құлап,
Жалғыз өзің соған төтеп бермексің.

АРА

Ұясы майдан шебіндей
Қарулы әскер төгілген.
Тұтасқан жігі бөлінбей
Тәртібі қатты темірден.

Болса кім егер сотанақ,
Берекені алар мазалап.
Ұйымшыл қауым ортаға ап,
Алады қатал жазалап.

Ұядан ара ерте өріп,
Гүлдерге қонар құйыла.
Еңбекте ащы тер төгіп,
Балалар оның сыйына.

Іздемей оңай тегінді еш,
Аумайды көздің шырымын.
Нәп-нәзік көзге көрінбес
Жинайды гүлдің шырынын.

Көріп күшін бұлақтың
Жас жігітке пар дерсін.
Көріп түсін бұлақтың
Бурыл шашты шал дерсің.

ҚИЯЛ

Мың құбылып өзгересің күніне,
Түсінуге қиын сенің тіліңе.
Көкке барып бұлт үстінен секіріп.
Сүңгисің сен тұңғиықтың түбіне.

Тұңғиықтан тағы атылып шығасың,
Шың басына шырқап дабыл ұрасың.
Өзен судың сылдырынан су ұрлап,
Орман үнін, таудың тілін ұғасың.

Дүниеге кең жайылып құлашың,
Кейде күміс сағымдарды қуасың.
Тыншымайсың, түн ұйқымды төрт бөліп,
Бір күй болып құлағыма тұнасың.

Сенсіз менде сырсыз, жырсыз бос кеуде,
Қалар ұқсап өмір оты өшкенге.
Сендей жақын серіктікке жарамас,
Бұл дүниеде доспын деген еш пенде.

Сенсіз менде көбелекпін қанатсыз,
Мүгедекпін көмек күткен тағатсыз.
Қурап ұшқан қу еменмін теңселіп,
Жапырағын алып кеткен талап күз.

ТЕҢІЗ ТАМШЫСЫ

Судың атқып аспанға тамшылары,
Найзағайдай қайтадан шаншылады.
Бір тамшыда кешкі күн батуымен
Бір қабысқан жанатын таң шырағы.

Бір тамшыда бар бояу басын қосқан:
Сарғылт жаға,
Көк теңіз,
Жасыл аспан.

Теңіз шебер жатқандай алқа жасап,
Жеті түсті ғажайып асыл тастан.

АДАМ ҚУАТЫ

Бұлақтар таудан құйылса,
Күлкісінде сен барсың.
Ормандар жазда шайқалса
Жапырағында сен барсың.

Толысып егін дән жайса
Топырағында сен барсың.
Аспанда оттар жағылса
Сәулесінде сен барсың.

Әлемде бүкіл сен барсың,
Сенсіз жоқ өмір бұл жерде,
Сен отсың қара түндерге,
Жер дүниені жылытқан

Адамсың жалғыз күн жерде.

СОҚПАҚ

Аралап ойды, дөңесті,
Соқпақтар сансыз таралған.
Кейбірі тартып көмескі
Келеді көне заманнан.

Көрсетіп жолды ағында
Мұхитта жатыр мың соқпақ.
Тек айға соқпақ салынбай
Тұрды адам қанша жыл тоқтап.

Құшағын енді Ай ашты,
Қиын да болмас баруға.
Не жетсін бірақ алғашқы
Соқпақты салған адамға.

ЖЫЛЫЛЫҚ

Кей кезде сәл бір нәрседен
Көңілің қалса суынып.
Кеткендей қайрат әл сенен
Іздейсің тынбай жылылық.

Білмейсің қайда екенін
Таппайсың оның мекенін.
Отырасың сазарып
Оңаша оймен екеуің.

Қараса достық көзімен
Жаныңды біреу ұғынып,
Соның бір жалғыз сөзінен
Табылар әлгі жылылық.

Екпінді шайқап дауылдай
Жағада тұрған құзды асқақ.
Артына аппақ жалындай
Толқындар тартар із тастап.

Тартқанда құздар тізбегі
Жылы ұя іздеп әуре боп.
Артына қалар іздері
Аспанда ала сәуле боп.

Ракета ізі күндіз де
Найзағай боп тұр көкте,
Бола алмай ие бір ізге
Өтпесек болды құр текке.

Дүниенің ісі бітпейді
Үйіліп күнде қат-қабат.
Кешіксең сені күтпейді
Арындап уақыт шапшаң ат.

Өзіңді өзің қамшылап,
Тындырсаң бірін тауысып.
Қайтадан туып сан сұрақ
Жатады баста алысып.

Түсесің ұзақ сонарға
Ойға да батып сен тағы.
Адамның басы болар ма,
Айналып тұрған жер шары.

БИІК

Желпіп жаздың гүлдері,
Күн күледі нұр құйып.
Жетелейді ілгері
Бір биіктен бір биік.

Тұнған сыры тұңғиық
Шықсам шыңға асыға,
Тағы да алдан бір биік
Шақырады басына.

Талай қиын жолды аса,
Ұмтыламын мен өрге.
Сол биіктер болмаса,
Қалғандаймын төменде.

ҚАЛА ШЕТІ

Аспандағы бұлттардай
Өрнектеліп өріліп,
Алматыдан шыққандай
Бір Алматы бөлініп.

Күлімдейді кәрі әже,
Жас қалаға көктемдей.
Күннен жасап терезе,
Таулар үй боп кеткендей.

ҚАНЖАР МЕН ҚАЛАМ

Қанжар
Қалған жүзін тот басып,
Қанжар айтты қаламға.
Қара түнде от шашып

Жүрдім сонау заманда.
Ақ жүзіме қан тамды,
Ақ жүзіме жас тамды.
Салдым ойран талқанды,

Шаптым талай бастарды.
Ойыншық боп мен бүгін
Айбынымнан айырылдым.
Қалды адыра өрлігім,

Шегі жоқ бұл қайғымның.
Қалам
Қалып едің қадалып,
Талайдың көз жасына.

Қайғы бұлты оралып,
Қонды ма өз басыңа.
Мен ақынның қолында,
Жорғаладым тынбастан.

Менің жүрген жолымда
Қалды талай жыр-дастан.
Мен өлімге қарсымын,
Мен өмірге жаршымын.

Мен заманның дауысымын,
Осы менің бар сырым.

КӨПІР

Жоқ оған көктің бөтені,
Бұлттар да жайлы мекені.
Тұр оны бірдей көтеріп,
Жер менен аспан екеуі.

Шыдайды ол зілдей салмаққа,
Палуандай жатыр шалқалап.
Өлеңді, нанды ар жаққа,
Тасиды тынбай арқалап.

Жалғайтын екі жағаны,
Тартылған осы жол тыңнан.
Көтеріп бізді барады,
Көкала жалды толқыннан.

Тұтасқан көпір шартарап,
Тұтасқан көпір айнала.
Көпірлер бізді арқалап,
Апарар бір күн Айға да.

КӨЗДЕРДІҢ ҚАРАШЫҚТАРЫ

Осы бір қара көздерде
Мейірім, жылы күлкі бар.
Атылар кейбір кездерде
Ашу бар,

аспан бұлты бар.
Жүгіріп жатқан ағын бар,
Құбылып жатқан сағым бар,
Сақылдап жатқан дауыл бар,

Лапылдап жатқан жалын бар.
Реніш, қайғы, рақым -
Тоғысқан барып әммесі.
Көз-айна толқып тұратын

Сезімнің бүкіл сәулесі.
Бар онда көктем гүлдері,
Бар онда ауа шықтары.
Адамның жанған күндері -

Көздердің қарашықтары.

КҮЛКІ

Күлкі көрем көгілдір көл бетінен,
Күлкі көрем аспаннан,
жер бетінен.
Күлкі, күлкі жан-жағым, толған күлкі,

Күлкіменен дүние тербетілген.
Күлкілерде тұрғандай уақыт күліп,
Күлкілерде жатқандай бақыттылық.
Бірақ, бірақ күлкі бар көлгірситін,

Адам ұлын дарға асып, атып тұрып.
Іштен үңгіп адамның жанын жейтін,
Күлкілер бар адамды жәбірлейтін.
Адал ойдың ақ,

ашық сәулесіндей
Менің күлкім шын күлкі қадірлейтін.
Сондай күлкі бар өмір көктемінде,
Сондай күлкі тұр күліп көкте, күнде,

Сондай күлкі тұр күліп теректерде,
Сондай күлкі бар ана беттерінде,
Сондай күлкі тұр күліп бөбектерде.

Жантайып жатып жырада
Таулардың жасын сұрама.
Басына оның шықпасаң
Ұқпайсың сырын сірәда.

Тұрса да қазір жуықта,
Жетпейсің оны қуып та.
Қашады сенен алыстап
Сүңгиді барып бұлтқа.

Асатын алда өрің көп,
Ағатын алда терің көп.
Өмірдің жолы ауыр жол
Ойлама оны жеңіл деп.

КӨЛ ДЕМІ

От боп шарпып жел лебі,
Бу боп ұшты көл демі.
Түсті таңда
Бір шық боп,

Тұрды талда
Бүршік боп.
Кетті күзбен жылысып,
Келді қазбен бір ұшып.

Тұр бөлмеде гүл болып,
Сыбырлайды жыр болып.

САБЫР

Ұшты оқтар,
Оққа бірақ ұшпадым.
Жанды оттар,
Бірақ жалын құшпадым.

Қызыққа да
Құмартпадым мен тегін.
Күттім оймен
Өмірімнің ертеңін.

Қызбалыққа
Қызып ермей, алқынбай,
Сабырымды
Сақтап қалдым алтындай.

ЖАҢБЫРДАН СОҢҒЫ КЕШ

Жаңбыр өтті жүгіріп,
Орнында бірақ қалды бұлт.
Теректер шашын жуынып,
Шулайды бұлақ жарды ұрып.

Қоңырайған тау түсі,
Өкпелеген адамдай.
Келсе де бұлттың жауғысы,
Тұр енді қайта жауа алмай.

Айтатын оған сөз мынау:
Жанатын болсаң бір-ақ жан,
Жауатын болсаң бір-ақ жау,
Дүниеде осы бір-ақ заң.

ТАБЫЛҒАН ҚАЛА

Өз көзіне сенбегендей әлі жұрт,
Қақпа алдында тұрып қапты аңырып.
Жер астына түсіп кеткен бір қала
Мың жылдан соң жатыр қайта табылып.

Бір кездерде мадақталған жыр болып,
Жатыр мұнда мұнаралар күл болып.
Жатыр ескі қазандардың сынығы,
Әлде кімдер тастағандай мың бөліп.

Ескі жұртта түрлі бұйым жатыр көп,
Бау-бақшаның қалған орны тақыр боп.
Қалың құмның арасында тот басқан
Алтын патша жатыр қазір бақыр боп.

Жатыр мұнда адалдық пен арамдық,
Жатыр мұнда жақсылық пен жамандық.
Жатыр мұнда махаббат пен қызғаныш
Алдандырған адамдарды елең ғып.

Жатыр мұнда көз жастары адамның,
Жатыр мұнда мұңлы жыры заманның.
Басуға да аянатын түрім бар,
Ой-арманын баяғы өткен бабамның.

Қарағанмен іздеріне қызығып,
Құбылады кейде түсім бұзылып.
Тасты тесіп өткен із бар, сол іздер
Көз жасы ма түскен бір кез үзіліп.

АҚ ТҮС

Сүйемін түскі тауды аппақ,
Сүйемін қысқы қарды аппақ.
Сүйемін өзен жарына
Сүйеніп тұрған талды аппақ.

Сүйемін селдір бұлтты аппақ,
Сүйемін мөлдір сүтті аппақ.
Сүйемін аппақ көңілді
Ақ жаныммен құттықтап.

ҚОРҚЫНЫШ

Теңіз де жиі ойланып,
Атады көкке көбігін.
Астыңда жатқан айналып,
Естисің кейде жер үнін.

Аспан да ойға батқандай
Алады демін күрілдеп.
Өлеңін жазып жатқандай
Тұрады таулар күбірлеп.

Еседі жел де дамылсыз
Жатпайды қарап тыныш.
Толқынсыз,ойсыз,жалынсыз
Тоқтап бір қалсаң қорқыныш.

Суықта тоңсам қалтырап
Жылытып оты денені.
Кеудеде бір күн жарқырап
Көп жылдар бойы келеді.

Бір болып ауыр шағымда
Бәрін де алды ол қабылдап.
Түнде де менің жанымда
Жатады сол күн жалындап.

Алмайды бір де ол тыным
Құяды бойға қуатын.
Баса алмас орнын сол күннің
Жиналып келсе мың атом.

Жарқ етіп күн көзіндей
Ақ сандығын ашты гүл.
Қайда екені сезілмей,
Ән салады жас бұлбұл.

Бұтақтың бір бүршігін
Сол ма дейсің қарайған.
Көлеңкесін жыршының
Көре алмайсың маңайдан.

Жырына оның бір қанбай
Гүлдер бүркеп жасырған.
Тап жанында тұрғандай
Ән шырқайды қасыңнан.

Ішінде нүрлы дүниесі
Тұрады бірден сыр ашпай.
Шын өнердің иесі
Мен мұндалап тұрмастай.

Орта жолға ентігіп,
Келіп те қалды жас құрғыр.
Ысқырып тілден жел тұрып,
Маңдайды жапты шаш бурыл.

Бұрынғыдай құйылмай
Оралар тілге сөз жай кеп.
Бұлдырап алдың құйындай,
Мұрныңа мінер көз әйнек.

Сырынды ұғар жан таңдап,
Сөйлейсің енді абайлап.
Жан-жағыңа жаутаңдап,
Алды-артыңа қарайлап.

Аяқтан шалып білдірмей,
Алса да жылдар алқымға.
Баяғы жастық күніңдей
Көңілің бірақ қалпында.

ЖЕР

Атылған доптың ізі боп —
Аспанда қалған ала бұлт.
Шапшыған тіке қызыл от —
Жыландай жерде жаланып.

Ажалдың ащы күйіндей
Зулаған оқтар долдана.
Сұр окоп бейне үйіңдей
Сақтайды сені сол ғана.

Қорғайды өзі оқ, оттан
Қайран жер сенің бауырың.
Бір кішкентай окоптан
Білесің оның қадірін.

Ішінде соның тұр өмір
Ол ыстық саған басқадан.
Төбесі — аспан көгілдір
Сол жалғыз сенің баспанаң.

Шықты сұғылт окоптан,
Жауды жеңіп бір күні ер.
Қалды-ау аман апаттан,
Аунап түспей шіркін жер.

Толқыннан көңілің торығып,
Теңізден қайтсаң, оралып.
Алдымен жаға жолығып
Амандық сұрар қол алып.

Артында қалып қуған жел,
Толқындар кейін шегінер.
Жағадан бүкіл туған жер
Көзіңе ыстық, көрінер.

ІЗГІЛІК

Өзендер суын ұсынып,
Таратар нұрын күн бөліп.
Жаныңды орман түсініп,
Сыйлайды барсаң гүл беріп.

Айығып қысқы ойынан
Жадырар жазда күз күліп.
О, адам, сенің бойыңнан
Табылмас қайтіп ізгілік.

ДАҢҚ

Соғыста өлді десе де
Даңқы жалғап тірлігін,
Қарт генерал көшеде
Ескерткіш боп тұр бүгін.

Бір армия — бір көше
Корпустардың құрамы.
Генералмен тілдесе
Күнде алдында тұрады.

Заводтардан тұмандай
Жатыр түтін будақтап.
Шабуылға ол шығардай
Ескерткіштен тура аттап.

АДАМ ӨЛМЕЙДІ

Адам аледі —
От басында,
Кейде жолда:
Апатта,

Не тасқында.
Қара қоршау —
Ажалдың ноқтасындай
Тұрады газеттің

Төртінші беті астында.
Адам өлмейді —
Қалады кез нұры
Тауларда,

Ормандарда,
Өзендерде.
Атылады
Дауылды,

Өрт-жалынды кезеңдерде.
Есімі оның
Теріліп баспаханаларда
Тұрады ісі үлгі боп

Басмақалаларда.
Адам өлмейді —
Тіршілік туындайды.
Отқа атылған,

Оққа атылған
Космосқа көтерілген
Жалынды жүректер
Еш уақытта суынбайды.

* * *
Қанша адаммен таныспын,
Қанша адам әлі табыспақ.
Алыстар келер жақындап,

Жақындар кетер алыстап. ***

Қырықтан асып кетіппіз,
Қырық жылғы өмір бір күндей,
Жедел басып жетіп күз,
Өтіпті жаз білдірмей.

Отырғам жоқ өкініп,
Іздеп жаздың іздерін.
Пісіп, толып, жетіліп,
Жайқалмай ма күзде егін.

* * *
Қоңыр төбе!
Қоңырайып тұрсың сен,
Көптен бері шықпады деп басыма.

Қоңыр төбе!
Артта қалған жылсың сен,
Қар түсіріп кеткен қара шашыма.
Жапырақты жарқын жаздар енді жоқ,

Жастық мені кетті аттан құлатып.
Қоңыр төбе!
Өткен күнге белгі боп —
Тек бұлағың кеудемде тұр жыр атып.

ҰЙҚЫДАН СОҢ

Ұйқыдан соң
Жапырақпын
Жаңбыр шайып жаңарған.
Ұйқыдан соң

Құспын
Ұзақ ұшып көліне кеп дем алған.
Ұйқыдан соң
Көк айдынмын

Мөлдіреген шайқалып.
Ұйқыдан соң
Ну орманмын
Желбіреген жайқалып.

Ұйқыдан соң
Дауыл өткен,
Жауын өткен
Менде дала қалпы бар.

Ұйқыдан соң
Жаңа ашылған күн көзіндей,
Жаңа ашылған гүл жүзіндей
Ой аспаным жарқырар!

Қартайды десін басқалар
Қартайды деме сен мені.
Өзіне ешбір білінбес,
Қуарып гүлдің семгені.

Өзіне ешбір білінбес,
Қызарып күннің сөнгені-
Жатқан соң бұғып шашта қар,
Қартайды десін басқалар,

Қартайды деме сен мені.

Елігіп улы тілдерге,
Жүгіре бердім аңқылдап.
Қараймын ыстық күндерге,
Ақылмен енді салқындап.

БИЫЛҒЫ ЖАЗ ЖАҢБЫР БОП ӨТТІ

Биылғы жаз жанбыр боп өтті,
Ұсақ балапан жаңбырлар
Мөлдір жаңбырлар
Теректерге жауды да кетті.

Сенің толқын шашыңа,
Сол жаңбырлар меруерттей тізіліп қалды.
Есіңде ме тау басында,
Көзіңнен бір моншақ үзіліп қалды.

Шықпайды тіпті есімнен
Ол былай еді:
Көк төсінен
Мөлдір моншақтар

Төгіліп құлай берді,
Төгіліп құлай берді.
Сен пана іздеп жалғыз еменнен
Қияда қалдың тұрып.

Түсіп жатты төбеңнен
Тырсылдап жаңбыр ұрып.
Еменнің қабығын жай
Сен оқыс аршып едің.

Түсіп жатқан көк жауынындай
Мөп-мөлдір тамшы көрдің.
Жалғыздығыңды сол емендей
Есіңе алдың.

Жас күнің үшты заулап
Көзіңді көлегейлей
Бір тамшы жас түсті аунап,
Еменнен көрдің өз тағдырыңды,

Төктің моншак, жаңбырыңды.
Жаз көркін ашу үшін
Шалғынға бөлеп,
Жан өртін басу үшін

Жаңбыр да керек.
Биылғы жаз жаңбыр боп өтті.

Сырылдайды күздің тұманды көкірегі,
Бұлттан ырғып тамшылар секіреді,
Қарағаштардан сары жапырақтар ұшады
Бірақ ағаш көктем шыға қайта жетіледі.

Менің шашымда күз қырауы тұр
Оны қандай күш кетіреді?

Указбенен жүргем жоқ
Ақын деген атақ ап.
Ақын бол деп қоймайды
Елге арналған махаббат.

Бүлк етпес беттер безеріп
Не айтсаң соны қоштаған,
Ішінен мылтық кезеніп,
Көрінер сырттай дос саған.

Шын сырын сезген адам жоқ
Жаны оның қара түкпірдей,
Өлтіріп сені адал боп,
Тұрар ол күліп түк білмей.

КӨКШЕТАУ

Таласа таңның түріп бұлыңғырын,
Бірінен-бірі асырып сұлулығын.
Көк таулар, кербез таулар, күмбез таулар
Алдымда шертіп жатыр сырын бүгін.

Ұқсаған Көкшетаудың аспанына
Көк-жасыл жалтылдайды таста қына.
Садақтың саржасындай қарағайлар,
Кетеді шырқап шыңнын. асқарына.

Бояуын аспандағы алып бұлттан,
Қарағай қара тасты жарып шыққан.
Өзінің жасыл желек жас аруын,
Оқжетпес күзетеді бағып сырттан.

Оқжетпес әуелде оқшау жаралғандай,
Өріліп тастардан тек қаланғандай,
Соққандай Оқжетпесті өмір- бойы,
Табиғат ешбір затқа алаңдамай.

Қуйқылжып қыран бүркіт қиырында,
Төменге сорғалайды құйылуға.
Сақалын салбыратып жалғыз сері,
Көкшенің жатады ұйықтап иығында.

Жұмбақ деп аталады сырлы тасы,
Дөң мұрын, қасбатырдай тұр-тұлғасы.
Шыңына Оқжетпестің шабатындай,
Шалқайып басындағы дулығасы.

Жұмбақтас ертегінің елесіндей,
Салдардың сайран салған төбесіндей,
Әйтпесе Бурабайда қайырлаған,
Қашанғы көне заман кемесіндей.

Күндерін құлазыған түзде өткеріп,
Алыстан табысқандай іздеп келіп,
Апалылы-сіңіілі үш арудың
Жалғаса шыңдары тұр тізбектеліп.

Жылатып, я болмаса күлдіретін,
Шеберлік көрсетуге құдіретін.
Табиғат тастан соғып тастап кеткен,
Жартасқа жалғыз сиыр суретін.

Көкшеде көп жумбақ бар ойланатын,
Қияға қақтыратын ой қанатын.
Билеген бикештердей қайыңдар бар,
Ел оның «Биші орман» деп қойған атын.

Ертемен қарсы алып таң арайын,
Аралап қалың біткен қарағайын,
Әр жерден ақ көйлегі бір жарқ етіп,
Жүгірген жалаң аяқ бала қайың.

Оқыстан шыға қалған бір дыбысың
Көкшенің кетеді өрлеп құз қуысын.
Орманның сырлы күйін ойнағандай,
Сыпсыңның жел үрлейді сыбызғысын.

Таулардың орын алып ортасынан,
Бурабай жатыр түсіп шалқасынан.
Көркем көл көз алдыңда дөңгелейді,
Қарасаң жағадағы жартасынан.

Көзінен көбік атып жасын құйып,
Тәкаппар тау біткенге басын иіп,
Жасылкөл тербеледі, теңселеді,
Жағаның жатқан ұйықтап тасын сүйіп.

Оқжетпес шың қиядан жерге түсіп,
Суынан сіміреді шөлдеп ішіп.
Түнде де, күндіз түгіл, суреті
Тұрады текшеленген көлге түсіп.

Сергітіп тұла бойды майда лебі,
Айнадай жарқыраған Айнакөлі.
Мөлдіреп аспан жүзген айдынында,
Қазақтың Айнакөлдей қайда көлі.

Болмайды кәлдері мен тауын біліп,
Тастаған қиялыңды табындырып.
Шортанды көрінбейді қарағайдан,
Қасына жеткеніңше сағындырып.

Қараған айдын көктің жүзіне көп,
Мұнда да сұлулық бар өзіне ерек.
Шайқалған шаңқай түстің аспанындай,
Тұнады тұнығына көз мөлдіреп.

Ақ басты айдаһардың апанындай,
Тау кезген қарақшының жатағындай
Көкшеде үңгірлер бар, кәрі тарих
Сақтаған кейінгіге қата қылмай.

Сырлассаң бара қалып үңгірлермен,
Күмбездей жауап беріп күңгірлеген.
Солардың адамизат жаралғалы
Аттарын әлі қойып үлгірмеген.

Даланың төсіндегі тұнған аспан,
Қол болып келе жатыр құрғамастан.
Көкшетау - шежіресі халқымыздың,
Көп ақын күңіреніп жырға қосқан.

Құйылған көк тастардан ұлы түлға,
Көкшені болмайды ешбір ұмытуға.
Тоңса егер топырағы, кеудемді ашып,
Дайынмын жүрегіммен жылытуға.

Көкшетау көп аңсаған қиялы елдің,
Қалайша көкірегіме сияр менің.
Шөлдесе со бір жердің көк терегі,
Көпсінбей, көз жасымды құяр едім.

Әр жердің үкілеген бар еркесі,
Тұңғиық терең көлі, тау өркеші.
Бәрінен кербез Көкше асып түсер,
Болса егер сұлулықтың жәрмеңкесі.

Жарқ етіп аспанында көк семсері,
Көктемнің басын шайып өтсе селі,
Жан-жаққа жұпар иісін таратады
Көңілі күндей жомарт Көкше сері.

Көркіне көзі тоймай атыраптың,
Тұрады биігінде жарқырап күн.
Желпиді бетіңнен кеп сұлу Көкше
Көк-жасыл қанатымен жапырақтың.

ЖЕҢГЕ

1

Көгермеген бүр жарып,
Орман әлі жалаңаш.
Тыным алмай тұр жауып,
Жанбыр мен қар аралас.

Көзден өзен, көпірді
Қалқалаған сұр тұман.
Оянбаған секілді
Дала түнгі ұйқыдан.

Қанаттары суылдап,
Ұшатұғын зуылдап,
Бұтақта отыр бүрісіп,
Торғай біткен шырылдап.

Қуанатын балаша
Келмей өлең құйылып.
Ойға батып оңаша
Отырмын мен бұйығып.

Өлең бүгін кешікті
Ерегесіп жатқандай.
Болды бір кез есікті,
Біреу әлсіз қаққандай.

Тұрып едім елеңдеп,
Қалды дыбыс үзіліп,
Қайта отырдым өлең кеп,
Құйылардай тізіліп.

Ойды қуып қайтарам
Үйдің іші тым-тырыс.
Естілді әлсіз қайтадан
Тағы әлгі бір дыбыс.

Бөгет болған өлеңге
Сұрадым мен кімсің?— деп.
Тентекпісің?— дегенде
Кетті жүрек дүрсілдеп.

Осы сөзге болдым зар,
Күнде түріп құлақты.
Ести алмай көп жылдар,
Сағынғанмын бұл атты.

Айтатұғын бұл атты,
Дүниеде бір адам.
Туған анам сияқты.
Қарыздармын мен оған.

— О, жеңеше, сенбісің,

Сүйді құшып бассалып.
Бір босатты шерлі ішін,
Көздерінен жас тамып.

2

Өтсе де оған талай күн,
Бүгінгідей жадымда.
Тұрды үйі ағайдың
Дарияның жанында.

Жаман аты шықпаған
Жанындағы елге бір.
Жоқшылықтан бұқпаған,
Жігіт еді ер көңіл.

Қалса-дағы от түксіз,
Қарайлайтын кісіге.
Тындыратын мүлтіксіз,
Мығым еді ісіне.

Ойлаушы еді гүл жайын,
Отырғызып іргеге.
Ойнаушы еді сырнайын,
Безілдетіп түндерде.

Әттең зәру бір гүлге,
Иіскейтұғын қолына ап.
Армансыздай жүр мүлде,
Сырын ашпай ол бірақ.

Қызық қуған ұл ертіп,
Балалы қаз ел бейне.
Осы бір жай жүдетіп,
Тиеді ауыр жеңгейге.

Екеу ара ермекке
Болмады деп бір шыбық.
Қолы жетпей перзентке,
Қорланады күрсініп.

— Ашылмаған маңдайы,

Жан деп оны жүрді ауыл.
Туысының жағдайы,
Әкеме де тиді ауыр.

— Осы біреу кеселден,

Шығар екен кім алып.
Кеңеседі ол шешеммен
Оңашада ұрланып.
Мені көрсе қалады,

Кеңестері тыиылып.
Түнерісіп қабағы,
Отырады түйіліп.
Алаңдатып балалық,

Кетемін мен жүгіріп.
Шөңге аяққа қадалып,
Кейде ақсаңдап кідіріп.
Ат қып мініп жас талды

Құйындатам шапқылап.
Су бетіне тастарды,
Жалатамын атқылап.
Артық байтақ даладан,

Балалыққа не керек.
Кейде үйіме оралам,
Ай туғанда дөнгелеп.
Сондай кештің бірінде,

Келсем үйге құйғытып.
Әкем қақпа түбінде
Ағай менен тұр күтіп.
Алмады әкем тергеуге,

Тұрғанымен жол бағып.

— Ағаң менен жеңгеңе

Қонақ болып қон барып.
Бас изедім тіл алып,
Айтқан сөзім сол-ақ боп,
Ағайға ердім қуанып,

Өзімше үлкен қонақ боп.

3

Сол ұяға бір түнеп,
Қалдым құстай қонақтап,
Алды баулып біртіндеп,
Жеңешемнің жаны аппақ,

Ашық мінез жеңешем
Атты қойып: «Тентек» деп,
Екі етпей не десем,
Күтті мені елпектеп.

Өз еркімше жүргізіп,
Мені қысып ұстамай,
Мойынына мінгізіп,
Асты-үстіме түсті ағай.

Жұмысынан келерде,
Жолын тостым алақтап,
Айқай салдым мен елге,
Төбесіне қонақтап.

Шығатұғын ол мені
Демалыс күн құсқа алып.
Қызықпенен көлдегі
Күн қалатын қысқарып.

Десе де ол: «Тыныстап,
Осы жерде тұр күтіп»
Алып жүрдім дыбыстап,
Үйректерді үркітіп.

Ондай кезде күйініп,
Көрсетпейтін кеюін.
Тұратұғын жымиып,
Күлкі боп бір мейірім.

Шіркін оның күлуі
Болатұғын бір бақыт.
Қолдарының жылуы
Тастайтұғын қуантып.

— Қалмай менің қасымда

Еріп кеттің, неге сен,

— Дейтін басып ашуға,

Қабақ түйіп жеңешем.
Ағайдың тек білері:

— Құс әкелдік біз барып...

Біреуінен біреуі
Жүрді солай кызғанып.
Көшті жылдар шұбырып,
Алды-артына қарамай.

Асыр салған жүгіріп,
Ойынқұмар баладай.

4

Айналаны шу қаптап,
Ақырды ажал жер теуіп.
Түтін бұлттай будақтап,
Аспан жатты өртеніп.

Соғыс-апат анталап,
Аран ашты жұтынып.
Айдың көзі қанталап
Тұрды жүзі тұтылып.

Күңіренді айнала
Қоңыраулар қағылып,
Тартты асығыс майданға
Эшелондар ағылып.

Тұрдық бір күн ағайды
Біз де жолға шығарып.
Жеңгем оған қарайды
Көзі жасқа шыланып.

Айрылуға шыдамай
Мен де тұрмын егіліп.

— Тый жасыңды жыламай,

Жігіт дейді сені жұрт.
Деді де ол бетімнен
Қайта-қайта сүйді кеп:
Ағатайлап секірген

Күндер қайда? Тиді өрт...
Қарап қаппыз бекер біз
Әкетті оны жол ұрлап.
Жеңгейменен екеуміз

Тұрдық ұзақ қол бұлғап.

5

Жас ағызып талайдан
Өтіп жатты апталар.
Майдандағы ағайдан
Болмады еш хат-хабар.

Күн суытып қатайды
Дегендей-ақ жұт егіз.
Хат тасушы атайды
Ертелі-кеш күтеміз.

Біздің үйдің есігін
Ашпайды ол бірақ та.
Таныс жанның есімін
Естіртпейді құлаққа.

Үшбұрышты хатпенен
Басқаларды жылытып,
Біздің үйді қарт неден,
Кетеді екен ұмытып?!

Жанға медет болғандай,
Зармыз жалғыз хатына.
Жаутаңдаймыз торғайдай,
Торға түскен қапыда.

Күнде айналып атынан
Бірақ күдер үзбейміз.
Басқалардың хатынан
Басқан Ізін іздейміз.

Тағдыры оның тым өзге
Білінбейді дерегі.
Өзі еккен бір кезде
Тұр мұңайып терегі.

Сол бір терек сырласым,
Қиыла кеп қараймын.
Сол теректен тұлғасын
Көргендеймін ағайдың.

Оның кеткен күнінен
Алты ай салып артқа дәл.
Майдандардың бірінен
Келді суық хат-хабар.

Булығып көз жасына
Оқи бердік сол хатты.
Харьковтың дәл қасына
Жерлепті ер солдатты.

Жалбарынып жауынан
Сұрамапты жансауға.
Кір келтірмей арына
Кетіпті өліп қоршауда.

Осы бір сөз маңайды
Біздің үйге жинады.
Мақтады жұрт ағайды
Өлімге оны қимады.

— Бар еді ерлік пішіні...—

Жатыр солай ел айтып.
Енді жақын кісіні
Көре алам ба мен қайтып.
Бара алам ба басына,

Біткен күні бұл ұрыс.
Қарап құлпытасына,
Тұрармын ба тым-тырыс.
Жүрек шіркін жаралы

Жазылатын күн жоқтай,
Қанды қағаз қаралы —
Ыршып түскен бір шоқтай.
Басқа үйлерден ертерек,

Сөнді біздің шамымыз.
Басқалардан ертерек,
Батты мұңға жанымыз.

6

Жалыны өр заманның,
Жүзді оттай ой-қырда.
Жүгі екі-үш адамның
Түсті әркімнің мойнына.

Мен де еңбекке берілдім,
Елдің қамын сезіне.
Есейгендей көріндім
Жігіт боп жұрт көзіне.

Жүгіремін күнімен,
Суды тасып өзеннен.
Жібітем көл суымен
Еріндерді кезерген.

Боламын мал қасында,
Күзді күні күзекте,
Кейде қырман басында.
Тұрамын мен күзетте.

Тартты еңбек қырдағы
Көңілге боп сүйініш.
Бірақ оны ұрлады,
Тап болып бір күйініш.

Қалды жеңгей бір күні,
Үйге кеште оралмай.
Күткен одан кім мұны,
Ұйтқыды ой борандай.

Сумаңдаған бір сыбыс,
Шалынатын қулаққа.
Білмеген боп тым-тырыс,
Жүретінмін бірақ та.

Дауыл тұрып кеудеде
Биледі от денемді.
Естуші едім жеңгеңе
Есепші-үйір дегенді.

Алқымға ашу жармасты,
Соқты жүрек тарсылдап.
Көздерімді қан басты,
Тұла бойым қалшылдап.

Торлады бұлт көңілді,
Дөңбекшідім жата алмай.
Өз үйім бір көрінді,
Азынаған жапандай.

Жат боп кетті үй іші,
Өзімді-өзім ұмыттым.
Жеңгейдің бұл жүрісі,
Үзді жібін үміттің.

Ерте тұрып қырманға,
Тартып кеттім жүгіріп:

— Жеңгеңіз жоқ бұл маңда,

Кеткен кеше қыдырып.—
Дейді бұжыр, қайқы ерін,
Қара әйел өсекші.

— Ол кеткен жоқ жай тегін,

Қасында әлгі есепші.
ТүсініктІ, солай де...
Дірілдедім тұра алмай.
Көрінді сұм сол әйел,

Қара шұбар жыландай.
Кек ал,—
деді қызғаныш,
Деді,-

үміт тұра тұр.
Кетті суып мұздап іш,
Таптым ойлап бір ақыл.
Көңілім қап жеңгеме,

Қайғы кернеп жанымды.
Мойын бұрмай өңгеге,
Кеттім тастап ауылды.
Кейін көзден жас шықты,

Түсіп сол шақ есіме.
Жалындаған жастықты,
Жазғырғанмын несіне.

7

Жігерімді жасытып,
Салған ауыр зар-мұңға.
Көздерінен жас ытқып
Тұр жеңгейім алдымда.

Үнсіз «кешір» дегізіп,
Тұр көзінде бір жаңбыр,
Дейді опық жегізіп,
Алдап кетті сұм тағдыр.

Шешілді шер түйілген,
Жүрген мені алаң қып.
Ұсындым төр үйімнен,
Кешір деді адамдық.

ТАРТЫС ТАҢБАСЫ

1

Суын тосып елге тұнық
Ортасында жас тоғайдың.
Жатыр Тобыл тербетіліп,
Ерке өзені Қостанайдың.

Күркірейтін көктем күні
Шапшып шығып жар басына.
Жүрмей жазда өктемдігі
Түсетін өз арнасына.

Қашан барсам мені кілең
Қарсы алатын Тобыл күліп,
Күміс шашқан көбігімен
Аймалайтын шомылдырып.

Көргем одан талай қызық
Мініп толқын өркешіне,
Құлаш ұрғам талмай жүзіп,
Еркін аунап кең төсіне.

Асықпайтын аласұра
Сүйетінмін көк ағысын.
Жиналып ел жағасына
Өткізетін демалысын.

Кейі жардан атылатын
Суға құлаш батыл ұрып,
Кейі құмда отыратын
Көйлегінен шатыр құрып.

Кейбіреулер қармақ салып.
Көзін қадап кірімге.
Тұратұғын аулап балық
Өзеннің бір иінінде.

Кейбіреулер соғатұғын,
Естіп-білген кеңестерін.
Кейбірі еске алатұғын
Өмірінің белестерін.

Отырды кеп жартасына
Сондай бір күн бала жігіт.
Жұлдызы бар арқасында
Таңқалыса қарады жұрт.

Арқасына алақандай
Түскен жұлдыз соқталанып.
Кім басты екен қара таңба
Жауырынын отқа қарып?

Осы ой менен әлгі жасты
Жұрт қоршады ортаға алып.
Сұрау беріп дабырласты:

— Сырыңды айт?— деп

қолқа салып.
Көз алдына бір келтіріп,
Өткен күннің қанды көшін,
Сұраған соң жұрт өтініп,

Кетті ол бастап әңгімесін.

2

Болатын ол жайлы, рақат
Дәл осындай демалыс күн.
Жатыр еді жайбарақат
Ормандары белорустың.

Балалық шақ ерік бермей,
Бліктіріп ойынына.
Сүңги бердік еліктердей,
Көк орманның қойынына.

Көк орманнан күй тыңдасып,
Көрдік нелер кереметті.
Қудық бір кез қиқуласып,
Қызыл-жасыл көбелекті.

Жанына дәл жақындатып,
Күтті ол бізді демін алып,
Құлатты да жапырлатып,
Құлдырады жеңіл ағып.

Қайта тұрып ызаланып,
Ілінсең деп бір қолыма.
Орман ішін бұза-жарып,
Түстік оның қыр соңына.

Байқамаппыз жүгірістен
Қалған екен күн кешкіріп.
Көк аспаннан күйінішпен
Күңіренген үнді естідік.

Қара бұлттай қаңғып келген,
Жауып бір кез көкті аппақ.
Жемтіктерін аңдып жерден,
Қарақұстар кетті қаптап.

Қара орманға қадала кеп,
Түсіп:жатты бомба жауып.
Дауыл тұрып,
жаландап өрт,

Басымызға төнді қауіп.
Аларып көз алақандай
Кетті шығып шарасынан.
Үрпиісіп балапандай

Іздедік біз жанашыр жан.
Қан суынып денемізде,
Жалтақтаймыз жайға алақтап,
Жүріп алды төбемізде

Қарақұстар айналақтап.
Кешке дейін бір тынбады,
Жау аспаннан жалын шашып.
Кешке дейін тың тыңдадық,

Туған жерге бауыр басып.
Оралсақ біз қараңғыда,
Деревнядан қалмапты түк,
Салыпты аш аранына

Жау бомбасы жалмап жұтып.
Естілмейді жалғыз дыбыс,
Көрінбейді жалғыз шырақ.
Жанып жатыр қалың жыныс,

Жаутаңдаймын жалғызсырап.
Осы бір күн өңі үрейлі
Жетімдікті сезінді бас.
Ет бауырым елжірейді,

Домалайды көзімнен жас.
Жау үйімді ойран етті,
Тып-типыл ғып орнын орып.
Әке-шешем қайда кетті

"Қалғаным ба сорлы болып?
Тұрмын түнек құшағында,
Айнала, түн төңірегім.
Кеуде толып құса-мұңға

Көлдей толқып еңіредім.
Дауысымды құлағы естіп,
Келді көрші қарт Роман.
Өз шерімді жылап, өксіп,

Жатырмын мен айтып оған.

— Кетті ата-анаң арманда құр

Соғыс осы — сұм дүние.—
Шалдың сөзі алғандай бір
Жүрегіме сұғып ине.
Тұр екенмін босқа зар қып,

Қайырым күтіп текке түннен.
Естен танып,
бас қаңғырып,
Түстім құлап етпетімнен.

Өрт ішінде тірі өліктей
Қалдық қаусап шал екеуміз.
Енді не бар күтерліктей,
Енді неден дәме етеміз?!

Жоқ, сен Коля, тарықпа құр
Мін жасымай қайратыңа.
Күш жетеді халықта бұл
Дұшпандарды жайратуға.

Жауға оқ боп атылады,
Туған жердің әрбір тасы.
Партизандар отряды
Көк орманның әр бұтасы.

Тиген жауға жасырына,
Қорғасындай тұнып кегі.
Партизанға қосылуға
Кетті село жігіттері.

Шалдың сөзі тастағандай,
Аз да болса бір тыңайтып,
Өмірге сол бастағандай
Орынымнан тұрдым қайтып.

Қақтығысып көк теңізде,
Сеңдей көшкен тасқындағы.
Түнде шұбап жетті бізге
Қаланың бір босқындары.

Босқындарды шал жүгіріп,
Алдарынан тосып алды.

- Әзірінше сәл кідіріп,

Сағалаңдар осы маңды.
Қашқанның да бөлектеніп,
Пайдасы жоқ берер тегі.
Партизандар көмек беріп,

Алыс тылға жөнелтеді.
Көзге қораш болса-дағы
Көрінді шал маған дүрдей.
Босқын жандар қоршап алды,

Тұрды Роман командирдей.
Айтты маған шал асығып,
Жөнін ерлер мекенінің.
Мен де енді қолбасылық

Қызыметке көтерілдім.
Тартып бердім таң алдында
Босқындарды бірге ертіп.
Партизандар қамалына

Жеттік зорға түнделетіп.
Күдіктене қарап қалды
Ұшырасқан маған бірі.
Жертөлеге айдап барды,

Тұрды алдымда командирі.
Әкең, қайда?— үндемедім.
Шешең қайда?—үндемедім.
Жүрісімді ол сұрастырды

Жолға шығып түнде менің.
Жаңылатын жауабынан
Емес едім жан бұйығы.
Ақты жас боп жанарымнан

Ата-анамның зар күйігі.
Алақанмен қақты күліп,
Жас командир жауырыннан.
Алтын отын жақты үміт

Кеттім сергіп ауыр мұңнан.
Босқындарды қабылдады
Жатар орын,
азық беріп,

Мені оңаша жанына алды
Шалға бір хат жазып беріп.

— Он үш жасың дәл анық па?

Мықтымысың, қалай күшің?
Село менен аралықта
Байланысқа жараймысың?
Жараймын,— деп жауап бердім.

Командирдің қарсы алдында.
Бірі болып жарақты ердің
Қалай болар қалсам мұнда?
Бұл тапсырма жас басыңа

Оңай емес ойла, шырақ.
Біздің үшін басқасынан
Бұл жұмысың пайдалырақ.
Құп!— дедім мен солдаттарша

Шеке тұсқа қолды апарып.
Жет селоға таң атқанша
Күндіз жүру жолда қауып.
Рақмет!— деп командир,

Ернін тосты маңдайыма.
Сыйлық болды бұл маған бір
Ойдан кетпес әрдайым да.
Оның бүкіл түр-тұлғасы

Болды әкемді тірілткендей.
Оның ыстық ықыласы
Жүрегімді жібіткендей.
Мен де оған құлап түсіп,

Сүйіп аппын,байқамаппын.
Жаным құнап құрақ ұшып,
Деревняға қайта тарттым.

3

Табан тіреп қарақшымен
Айқаса алмай қапы кетіп,
Селомыздың нақ үстінен,
Біздің әскер жатты өтіп.

Өтіп жатты бәрі асыға
Өте суыт жүрістері.
Қалған болар таяп сірә
Не де болса ұрыс шебі.

Ауыр қайғы алып бойды,
Олар кейін бара жатты.
Бір жауынгер қалып қойды,
Бүйірінен жарақатты.

Жер астынан орын сайлап,
Не де болса тәуекел деп.
Құтқарудың жолын ойлап
Жанталастық шал екеулеп.

Орманды орап оттарына
Жетті фашист келесі күн.
Тұрды село оқпанында,
Зеңбіректің өңешінің.

От атылып,
доп жарылып,
Бомба ысқырып ұшты көктен.
Түспей қалған аударылып,

Бұл көне жер күшті неткен!
Айналада от өріліп,
Аңдыздады ұшқын өрттен.
Түспей қалған төңкеріліп,

Бұл ормандар күшті неткен!
Алдына сап танктерін
Селоға жау келді кіріп.
Бар байлықты алып тегін

Билемекші елді бүріп.
Салып жатыр жау забытын
Қалмады енді бөгелер түк.
Жаралыны алдағы түн

Партизанға жөнел ертіп.

— Кешке бала-шағаларды

Ат қораға алды жинап.
Қайта-қайта жауап алды
Шұқшиып кеп шалды қинап.

— Бас көтерер сен осында

Қашырдың сен,
еттің айла.
Неге жоқ ел селосында,
Жер жұтты ма, кетті қайда?

— Сен кінәлі дәл осыған!

Тек «білмеймін»— шал жауабы.
Көзі шығып шарасынан
Кетті түсіп жау қабағы.

— Білмейтұғын жын ұрып па ең

Берейін мен сыбағаңды,—
Деп офицер жұдырықпен
Салып етті Романды.
Алға бірер ұмтылды да,

Шал құлады шалқасынан

— Атпақшы боп бір тұрды да,

Қаруын ап қалтасынан.
Тағы офицер ойланғандай:
«Көрерміз» деп жүре берді.
Ұйқысынан оянғандай,

Шал бір уақыт түрегелді.
Шал екеуіміз бір апанға
Кеп тығылдық ұрылардай,
Гуілдесіп ала таңға

Шықты жаулар тыным алмай.
Түніменен той жасады,
Басылмады жау арыны.
Шал менімен ойласады

Құтқаруды жаралыны.

— Әлгі офицер бар жағдайды

Тұрған шығар мүмкін біліп.
Жаралы онда сау қалмайды
Табады оны тінтіп жүріп.
Жөнелемін,— дедім оған,

Дайын міне, ел үшін жан.
Бар білерім бір Роман,
Оның сөзі мен үшін заң!
Қараңғы түн келіп жетті,

Кетті ұрланып кәрі адырлар.
Торуылдап төңіректі
Жүрді айнала қарауылдар.
Шоғырланған тал қасынан,

Айналаға барлау салып.
Қарауылдар арасынан,
Жылжыдық біз саңылау тауып.
Кенет бір кез кетті жайпап,

Жарық болып жан-жағымыз.
Тік шаншылып көкке бойлап,
Түсті жерге жанған жұлдыз.

— Салды ма әлде бір тыңшыны

Қалыпты ізді жаулар біліп,
Жөнеліңіз, қуғыншыны
Бөгейін мен алдандырып.
Оянды орман тұрған мүлгіп,

Басталды атыс түн ішіңде.
Жаралы жан жылдам сүнгіп,
Кетті кіріп ну ішіне.
Қара түнді дүрліктіре,

Қарақшылар дабырласып,
Бұталарды үңгіп, түре,
Келе жатыр жалын шашып.
Қараңғыда біреу келіп,

Тастағандай буындырып.
Жатырмын мен үрейленіп,
Бой дірілдеп, буын құрып.
Иттері бар жетелеген,

Қарақшылар ізді кезіп.
Біздер қашқан төтеменен
Келді үстіме гүжілдесіп.
Түсінген жоқ сөздеріне

Жатқан жерде тепті келіп.
Жарқылдап от көздерімде
Жұдырықтар кетті көміп.
Кейде толқын шыққан айдап,

Жаттық жансыз бөренедей.
Бұталарды бұқпантайлап,
Жорғаладық бөденедей.
Байлап аяқ,

қолдарымды
Бірі бастан өтті салып.
Біле алмай не болғанымды
Сол арада кеттім талып...

Баяғы ат қорадамын
Көзімді ашсам ертеңгілік.
Өн-бойымда жара қалың
Кетті өзекті өртендіріп.

Тұра алмастай жығылыппын,
Қалыпты тек құр сүлдерім.
Уытынан жудырықтың
Ауыр дем ап күрсінемін.

Асыға аттап босағадан
Екі солдат келді жетіп.

— Батыр болсаң осы арадан

Көр, кәнеки, енді кетіп.
Кекеп жатыр келісімен
Қарғалардай қарқылдасып.
Уһілеймін мен ішімнен

Демім өрттен жалын шашып.
Шалдан жауап алатұғын
Кірді офицер бір кездері.
Қашқын ердің қара түрін!—

Дейді ойнақшып сұр көздері.
Күтті сені кім орманда,
Бара жаттың қайда қашып?
Қосылып ап сен оларға

Соғыспақ па ең, майдан ашып?
Айт барлығын,
түсін мені
Жаныңдағы кім серігің.

Пистолеттің ішіндегі
Жалғыз оқта тұр өмірің.
Жауап күтіп: «Бір-екі, үш»— деп,
Пистолетін тұр кезеніп.

Үн шығармай тілді тістеп,
Қатып қалдым мен безеріп.
Өзгертіп ол өңін дереу
Көлгірсиді күліп бір сәт.

Алдаған ғой сені біреу
Қиын-қыстау іске жұмсап.
Шыныңды айтсаң құтыласын
Қашуыңа себепші кім?

Болса егер ықыласың
Бірі етейін көмекшімнің.
Қайталап ол сұрақтарын
Бір жауапты тұрды күтіп.

Tіc жарып бір тіл қатпадым,
Қалғандай-ақ үнім бітіп.
Білмейді ғой сый-құрметті
Жүрмеді ғой қолқа сірә,—

Деді де ол бұйрық етті:
Бас!— деп,— жұлдыз арқасына.
Жалынып та көрдік сұрап,
Қасарысты бұл бізбенен.

Коммунистің белгісі нақ
Бес бұрышты жұлдыз деген.
Қондырыңдар дәл айнытпай
Сол жұлдызды жауырынға.

Мәңгі мөр болып қаларлықтай,
Бір түсердей қабырына.
Көз алдымда от өрілді,
Көк жалындар ұшты лаулап.

Басты әкеліп көк темірді
Ышқына кеп түстім аунап.
Көз алдымда ойнап, ұйтқып,
Тұрып алды әлгі жалын.

Естен танып, ой ауытқып,
Біле алмадым арғы жағын.
Қанша жаттым хабарым жоқ
Қор болмаспын сірә мұндай.

Жылтырлайды жанарымда от
Тіршіліктің шырағындай.
Бір өлімнен расында
Басқаны мен күтпеген ем,

Жатыр екен ұясында
Шықпаған жан, бітпеген дем.
Шықты айқай түн кезінде
Күтпеген іс бұл кенеттен.

Естідім үн бір мезгілде
Тарсылдаған пулеметтен.
Жарылып гүрс гранаттар,
Оқ зымырап көкті тілген.

Ысқыра ағып, зырлап доптар
Жерді жапқан көк түтінмен.
Кенет атыс тынып қалды
Қайта түсіп сабасына.

Жоқ болғандай сіңіп бәрі,
Тығылып түн арасына.
Түсініксіз маған бірі
Жатырмын мен нені ұғынып?

Партизанның командирі
Бір мезетте келді кіріп.
Құшақтады қысып қатты:

— Аман ба,— деп,— албырт ұлым.

Көзімнен жас ыршып ақты
Жаңбырындай жан бұлтының.
Қалтыратып бұрқанады
Көңілімде бұл мұз қайғы.

Қанды күннің бір тарауы
Бітті әңгіме жұлдыз жайлы.

ДОС СЫРЫ

1

Кейде, досым, ұйқың қашып,
Ойға аласың өткеніңді.
Иығыңды күз бұлты басып
Аңсайсың жас көктеміңді,—

Деп бір досым ақтарады
Кеудесінің мұнды зарын.
Талай жылдан сақтап әлі
Шешпегендей бұл жұмбағын.

— Теңеп ақын аспанына,

Сұлулықтың әлемі дер.
Деревняның бас жағында
Дөңгеленген бар еді көл.
Шомылатын бір күлім көз

Ойнағандай суда шабақ.
Бойды билеп от діріл тез,
Тұра алмаушы ем тура қарап.
Іштен қайнап күйіп, өліп,

Жүрек кілтін бір аша алмай.
Көл бойында жиі көріп
Жүрдім әттең сырласа алмай.
Ойда жоқта оқ атылып,

Бір күн майдан дабыл қақты
Өліктерден оба тұрып
Жердің жүзін жалын жапты.
Кеттік үнсіз кекке мініп,

Келтірмеді соғыс тілге.
Топтан оқшау шетке шығып,
Тұрды сол қыз жол үстінде.
Күт — дедім мен батылданып,

Күтемін!— деп қалды маған.
Кеудеме бір от ұрланып,
Түсті көзден жаудыраған.
Ойлар тулап жүрегімде

Мазамды алды сол кеш менің:
«Күт дегенше жүрерімде
Неге кеше сөйлеспедім?!»
Тұр ма деп қыз әлі кетпей

Қарай бердім жол шетіне.
Жас қайыңды жарып көктей
Бір найзағай бөлді екіге.

2

Зырлады күн ұшқыр оқпен
Қан майданда қатар ұшып.
Қарлығаш боп түсті көктен
Жүрдік біздер хат алысып.

Жүрегіме хатын тақап,
Тыға түсем мен қойынға.
Жүр ме еркем атымды атап,
Жалғыз өзі көл бойында.

Оқимын мен отыра қап
Ертенгілік, кешкілікте
Хатты жүрек отына орап
Көрсетпеймін еш жігітке.

Адам қандай бақытты еді
Арман болса біреу үшін.
Сақтап жүр ме уақыт мені
Адал жардың тілеуі үшін.

3

Жатты алда шегі жоқтай
Жаралы жер, қанды соқпақ.
Қуаныштың желі соқпай
Бір күні хат қалды тоқтап.

Аш қасқырдай жел өршіді
Жерді тырнап қар боратып.
Көрінді ақ көгершінді
Түсіргендей жаулар атып.

Күттім хатты таң атарда
Келер ме деп таң нұрымен.
Күттім хатты күн батарда
Табысардай тағдырыммен.

Қараймын мен хат жолына
Бақыт құсы ұшты менен.
Деревнямыз жат қолына
Жетті хабар түсті деген.

Алуан сұрақ келді ойыма
Табам оған жауап қандай.
Сол баяғы көл бойында
Болды қызды жау атқандай.

Қан ұялап жанарыма,
Қалшылдаймын кегім қайнап.
Әлде қызды барады ма,
Германия жеріне айдап.

Өртенгендей күллі атырап
Көз алдымнан өтті от боп.
Тым болмаса бір жапырақ
Қыздың хаты кетті жоқ боп.

Адам қандай бақытты еді,
Күтіп жүрсе жары ұяда.
Кеткендеймін батып тегі
Түбі жоқ бір дарияға...

Бітті соғыс жау жеңілді,
Кірді дұшпан көр қойнына.
Көрдім аман-сау елімді,
Келдім тағы көл бойына.

Жаудың ізі — жатыр қабыр
Қарауытып жар басында.
Ұмытылмас ақырда бұл
Кетер жыр боп сан ғасырға.

Деп жолдасым күрсінеді,
Осы әңгіме бар түйіні,
Маңдайда әжім тұр сілемі —
Қосылмаған жар күйігі.

КОСМОС ЖЫРЛАРЫ

1. КОСМОНАВТ

Жалбыраған бұлт жалы —
Ерттеулі бейне аспан ат.
Жұлдызды сүзіп шыққалы
Жүйткиді мініп космонавт.

Тартады алыс жол күнге
Жылдамдықпен ғаламат.
Айналады жер бірге
Алақандай ала дақ.

Басынған жерді бар демей
Шақырып көкті бірлікке,
Үзілген күннен сәуледей,
Ағады нәзік бір нүкте.

Найзағайлы жол салып
Айналды ол көкті мың рет.
Көтерді биік соншалық
Туған жер атты құдірет.

Тудай боп жанды ол төбеден
Елінің барлық отын ап.
Қолтықтан оны демеген
Туған жер — түйір топырақ.

Аспанның шайқап тұнығын
Кетсе де шырқап тым биік.
Туған жер беріп жылуын
Жебеді оны нұр құйып.

Қадады көзін шартарап,
Таңырқап жаңа таң құсын.
Аспанда ұшты ол арқалап,
Жердегі адам алғысын.

Таң-тамаша түс көріп,
Оянды ойлы ала таң.
Топшысы болат құс болып,
Аспанға ұшты бар Отан.

Бақытқа биік қол артқан,
Таппады кәрі, жас тағат.
Жұлдызға тура жол тартқан
Секілді бәрі космонавт.

2. ЖЕРГЕ ТҮСКЕНДЕ

Асыға күтті гүл жинап,
Тау, өзен, дала, жұрт болып,
Келеді ол төмен құлдилап,
Бір уыс ала бұлт болып.

Аспанда талай белді өтіп
Кетіпті-ау шырқап тым алыс.
Тұрғандай жерді тербетіп,
Кернеген көкті қуаныш.

Артында қалды бұлдырап,
Жұлдызды қара кеңістік.
Өзіне тартты бір қуат,
Құшағын жайып жер ыстық.

Болса да аспан керемет,
Жатса да Аймен астаса,
Жетпейді Жерге не керек
Жер-ана жөні басқаша!

Соққандай шабыт сағаты
Көргенде жерді артпақ күш.
Жайылып отты қанаты
Далаға қонды аппақ құс.

Түскенде биік зеңгірден,
Елжіреп жаны космонавт
Сүйгендей болды ол бірден,
Аспан мен жерді қос қабат.

Жадырап жақын болашақ,
Сөйледі жұртқа тіл қатыл.
Ұшуды бақыт санасақ,
Түсу де жерге бір бақыт.

3. АСПАН АҒАЙЫНДАРЪІ

Бір өзеннен су ішті,
Бір қазаннан дәм татты.
Бірге ойнап-күлісті,
Бірге шерін тарқатты.

Болды реніш, қайғы да,
Бәрін бірге бөлісті.
Алақанын жайды да,
Әлдиледі жер үсті.

Бір шынарда — қос бұтақ,
Бір маңдайда — қос шырақ,
Бір қыранда — қос қанат,
Секілді олар көкте де

Бір болды қос космонавт.

4. ҚАРАҒАНДЫДА КЕЗДЕСУ

Космостың тұңғыш адамы,
Туғандай жаңадан бүгін.
Аэродром алаңы
Той-думан Қарағандының.

Шұғыласымен таң шалып,
Лаулады оттай жалаулар.
Көк ұлын жерде қарсы алып,
Толқиды тудай адамдар.

Жан дүннесі жалындап,
Емірене суйді ел ұлын.
Келеді олар адымдап,
Көтеріп барлық жер гүлін.

Тағы да самғап жоғары,
Зулады олар көкке өрлей.
Керінді маған даланы,
Көтеріп бірге кеткендей.

ҚАНЫШ ТУРАЛЫ ЕКІ ӨЛЕҢ

1. ЕСКЕРТКІШ

Батты балқып дала мұнға
Бір кездегі өз сырласы.
Көздердің тұр жанарында
Зілдей ауыр мезгіл жасы.

Көтер еңсе азалы елі
Оған ажал жетпес күші.
Қазыналы қазақ жері —
Қанышыңның ескерткіші.

2. КҮМБЕЗ

Болды ол алға тартар арымыздай,
Болды ол аппақ адал жанымыздай.
Кім оған тебіренбес, күңіренбес,
Болмаса жүрегі тас, қаны мұздай.

Тұратын тұлғасынан мін сезілмей,
Ғасырлар сирек табар ұлды өзіңдей.
Далаға мұнара боп тұрып қалды,
Елімнің елдігінің күмбезіндей.

ҚАРАСАЙДА ҚАРАША ҮЙЛЕР

(Ғафуға)
Қарасайда қараша үйлер,
Қанаттасып тобын жазбай
Қарасайда қараша үйлер

Отыратын қоңыр қаздай.
Қоңыр қаздай болса-дағы,
Қоңыр сол шақ өмірлері.
Болса ірімшік, болса ағы,

Қараша үйлер көңілді еді.
Аласа үйге сыймайтындай,
Қараша үйлер ұл табатын
Жырлар тартып сыйға алтындай,

Ән салатын Нұрқан ақын.
Бір бозарып, бір қызарып,
Түн сәулемен жыртылғанша.
Қараша үйден жұлдыз ауып,

Қараша үйге күн туғанша.
Сіміріп сол сүңқар үнін,
Түлейтінбіз біз екеуміз.
Мәңгілікке Нұрқан жырын,

Біз екеуміз күзетерміз.

ЖАРТАС

(Қасым Қайсеновке)
Атты бізді улы оқтармен,
Басты бізді танктермен,
Көмді бізді бомбалармен,

Түтіндедік жанып көрден.
Жер бетіндей өрттен қалған,
Оқ айырған жарты аспандай.
Жау қанжары өтпей қалған

Тұрдық алып жартастардай.
Ылғи жүріп от ішінде,
Болып алдық сөнбейтіндей.
Өле-өле жол үстінде,

Болып алдық өлментіндей.

АПРЕЛЬ ЖАҢБЫРЫ

Қыс бұлт болып тарады көктен,
Даланы алған қоршап қарымен,
Терезені қағады көктем —
Жаңбырлы саусақтарымен.

Күн қыс бойы тіл қатпаған
Күркірейді сөйлеп көгінен.
Көктем даланы құндақтаған
Жасыл көйлектерімен.

Күркірейді күн — ол бір жаршы,
Даусы зеңбіректен айнымаған.
Бұтақ бастарында мөлдір тамшы
Балапан көзіндей жаудыраған.

Апрельдің есті желі
Көк қанатын серпе жайған.
Көктем үні естіледі —
Бұлақтардан ерте оянған.

Қыс қар төсеп найза бойлар,
Жатты толқын ойлай алмай.
Жатты отты найзағайлар
Жарқыл қағып ойнай алмай,

Соқты боран, қамалады,
Дойбышыдай жүріс бермей.
Малшы қамын даладағы
Мен де ойладым министрдей

Құз қойнында ноян малшы
Табиғаттан тартты күйік.
Азынаған боран даусы
Құлағыма жатты тиіп.

Тұрды шопан қарсы алдымда,
Қалжырап ол шаршады ма?
Апта бойы бір жатпаған,
Жар төсегін аңсады ма?

Соның бәрі ақ боран боп,
Өтіп жатты жүрегімнен.
Көп күндерім өтті алаң боп,
Көктем, сені тіледім мен.

* * *
Ей, апрель жаңбыры,
Ашылсын дала бар гүлі!
Шаш мөлдір моншақтарды,

Тарт кемпірқосақтарды.
Күн күркіреп шашқан от,
Ойнайды дала қанында нұр.
Апрель жаңбыры бүкіл аспан боп,

Менің алақанымда тұр.

ТАҢҒЫ ТЫНЫШТЫҚ

Мөлдіреп тұнып ауа таңғы уақыт,
Дүние демін алып қалды жатып.
Жұлдыздар түнде тұрған қарауылға
Көз ілді ұйқы жеңіп балбыратып.

Киіктің тұяқтары дұрсілдемей,
Қалғыды ұясында құс үндемей.
Алаңсыз табиғатты отырғызып
Тыныштық суретке түсіргендей.

Аялап таңның осы тыныштығын,
Таратып көкжиекке нұр ұшқынын,
Келеді алтын сағат көтеріліп,
Бастауға кең әлемнің жұмыс күнін.

ЕРТЕ ТҰРЫП, КЕШ ЖАТАМЫН

Қазақтардын мақалы бар ертеден,
Ырзығы мол кім оянса ертемен,
Кім кеш жатса үлкен істі тындырар,
Туар содан шабытты бір ерке өлең,

Соны ескеріп ертеменен тұрамын,
Балбұлақпен беті-қолды жуамын,
Жұтам таңғы самалдың жас жұпарын,
Күнмен бірге тау басына шығамын.

Түн ортасын жатам ылғи аудырып,
Өлең бұлтын жаңбыр етіп жаудырып,
Гүл сусынын сол жаңбырмен қандырып,
Жапырақтарды жанарыммен жан көріп,

Түн ортасын жатам ылғи аудырып.
Өз елімнің күнде ескеріп мақалын,
Ерте тұрып, толғанып кеш жатамын.
Айды ұйықтамай тау қойнына ұзатып,

Күннің таңда құттықтаймын сапарын.

ӨМІР ЖОЛЫ

Өмір, өмір, өмір жолы ирелең,
Күнделікті таусылмайды күйбелең.
Ерте шығып сол ирелең жолменен
Кеште шаршап ораламын үйге мен.

Жолдар жатыр жуған шаңын жас шайып,
Жолдар жатыр түсетіндей тас тайып.
Кейбір жолдар шыңырауға құласа,
Кейбір жолдар тік тартады қасқайып.

Кейбір жолдар шықпай қалар тасадан,
Секілді бір құлап қалған мас адам.
Жолдар, жолдар мінездері адамның,
Сол жолдарды адамдар ғой жасаған.

Кейбір жолдар алды-артына қарамай,
Балақ түріп жүгірген жас баладай.
Кейбір жолдың жиегінде бұдыр жоқ,
Кейбір жолды бүркейді жас қарағай.

Кейбір жолдар жігер-күші таусылған.
Қариядай бар арманын қаусырған.
Кейбір жолдар жас жігіттей атылып,
Жарыса кеп төмен түскен тау-шыңнан.

Шіркін жолдар, кәрі жолдар, жас жолдар,
Асфальт жолдар, қара жолдар, тас жолдар.
Адамдарды өр қияға бастандар,
Шіркін жолдар, кәрі жолдар, жас жолдар.

Шіркін жолдар, адамдардың іздері,
Жарқын жазы, күңгірт тартқан күздері,
Жібек жолдар, айдау жолдар байырғы,
Керуендердің өткен талай тізбегі.

Жолдар ұзақ, әркімнің өз жолы бар,
Жол үстінде талай жандар жолығар,
Біреу сені тосар алдан гүлі бар,
Біреу сені тосар алдан оғы бар.

Бірі жолды ұзартса егер іш тартып,
Екіншісі кетер түйіп қысқартып,
Адамдарға сенбейтін кей жандардан
Үй алдына ұя салған құс та артық.

Жолдар, жолдар жердің аяқ-қолы боп,
Жасай берсін, отамасын орып оқ.
Сапар шыққан әр адамның тілеймін,
Өз үйіне оралуын жолы боп.

КЕПТЕРЛЕР ТАҢДЫ ОЯТТЫ

Кептерлер мені уілдеп,
Оятты таңның алдында.
Тұр екен талдар күлімдеп,
Шомылып жасыл жаңбырға.

Оянды шіркін балалық,
Ұйықтап бір қалған кеудемде,
Өзеннен құба тал алып,
Бастады қайта серуенге.

Бастады жіңішке жол қырға,
Жүгірдім жалғыз шапқылап.
Секірдім сары толқынға,
Су шаштым талға атқылап.

Жоғалып көзден шаңы ұшып,
Өтіпті талай жыл заулап...
Балалықпенен табысып,
Жағада жаттым құмға аунап.

Сағындым, сені сағындым,
Сағындым,
қайран балалық
Желпіші шаңын жанымның,

Ақ жауынды ала бұлт.
Терейін моншақ жауыннан,
Киейін көйлек жалыннан
Қалмайын зулап дауылдан,

Кетпеші, қайран балалық,
Кетпеші, менің жанымнан!
Көктемдей балғын реңі,
Балалы — пәк құс кептерлер,

Оятып танда үнемі,
Қасымнан менің кетпеңдер!

Менің жеті балам бар,
Жеті арқа тірер асқарым бар,
Менің жеті далам бар.
Менің жеті аспаным бар.

Мен жыласам жеті жер бір жылайды,
Мен құласам жеті аспан бір құлайды,
Жеті жүрек құласам әлсіз соғып,
Жеті жанар тұман боп бұлдырайды.

Ажал шіркін берсе де бір күн елес,
Маған батып келуі мүмкін емес.
Жеті жүрек өлуі мүмкін емес,
Жеті жанар сөнуі мүмкін емес.

Киіктің құралайын асырадым,
Мен үйрендім бірақ ол жатырқады.
Қалай енді тебіренбей басыламын,
Кетті тастап даланың жат ұрпағы.

Балапан сандуғашты асырадым,
Жақын тарттым жанымды мәз еткенсін.
Қалай енді тебіренбей басыламын,
Кетті тастап көк қанат жаз өткенсін.

Өлең жазар кезімде тебіреніп,
Табады олар тағы да мені келіп.
Жас сандуғаш жыр төгіп, жас құралай
Төсімді иіскеп тұрады еміреніп.

Бүкіл жерден аларым
Аядай жер бір шаршы.
Бүкіл бұлттан аларым
Көздің жасы бір тамшы.

Маңдайдағы терімді
Елге беріп кетермін.
Көзімдегі көлімді
Жерге беріп кетермін.

Рақымды жүздерде
Жылылық бар
Адам көңілін жарқыратар.
Жауыз көздерде

Зулымдық бар
Жан дүниені қалтыратар.

Кейде жалғыз тұмандаймын
Дүниенің бір түкпірі боп.
Өз үйімнен шыға алмаймын
Өлең-жырдың тұтқыны боп.

Толқындардың тыңдап әнін,
Аспанынан ай құшамын.
Кейде бұрқ-сарқ тулап жаным,
Кейде гүлдей майысамын.

Желді өзеннің жиегінде
Суылдаймын тал секілді.
Жанып лаулап бұл өмірде
Тұрсам деймін таң секілді.

Көңілімнің күйі осындай
Бастан кешіп жүрмін бәрін.
Көкірегім ұясындай
Мың дауысты

бұлбұлдардың.

ЖУСАН

Өне бойы иіп тұрған сүт ағын,
Жиып алған бүкіл дүние жұпарын.
Етпетімнен жата қалып таңертең
Мен жусанның ащы иісін жұтамын.

Сол иістен құйылады жер нұры,
Көл толқыны, көктемдегі жел жыры.
Жататындай бір кішкентай жусанда
Далаң менен аспаныңның кеңдігі.

Жел мен жусан, уілдеген бөбексің,
Бұл далаға иіссудай керексің.
Көкірегіңді қарсы айырып ашатын
Беу, даланың жусанына не жетсін!

ВОКЗАЛДАР

Көкірегін тұман ыстап,
Жатты отта жанып өмір.
Вокзалдар шығарып сап,
Тұрды жылап ағыл-тегіл.

Вокзалдар — тірі халық,
Вокзалдар — толы адамдар.
Гүл орнына тұрды жанып,
Қан түсіндей орамалдар.

Жанды жолда вокзалдар
Тұншықтырып түтін ішін,
Қалды жолда вокзалдар
Бізді қайта күту үшін.

Вокзалдар — тірі адамдар,
Вокзалдар,
құламаңдар,
Вокзалдар,

жыламаңдар.

Түн

Қабағын ашпаған,
Бұлттарды аспан тастаған
Биікке өріп сөрелеп.
Мөлдір жұлдыздардай

Жауады жаңбыр себелеп.
Түн.
Ұйқыда жатыр жұрт
Жаңбыр жырлап әлі тұр.

Тек алыстан шақырып,
Сіздің үйдің шамы тұр.
Түн төңіректі қаптасын,
Бұра алмаймын ат басын.

Дауыл салып әуресін,
Маған дамыл бермесін,
Тек мен үшін,
сәулешім,

Сіздің үйдің шамы сөнбесін!

Жердегі өзеннен
Ауа бір бөлек өзен
Үйіме өзі еңген
Ұрланып терезеден.

Шаяды көкірегімді
Көктемнің жаңбыры боп,
Өтеді желпіп өңімді
Нәп-нәзік таң нұры боп.

Кеңітіп тынысымды
Жанымды жаңалаған.
Дыбыссыз тыныш үнді
Құдіреттей ауа маған.

Қасиет бөлек тұр онда
Жай көзге шалынбайды,
Бөлінген электронға
Ауа!

Ауа!
Үйімде адымдайды.

Алматының почта үйінің алдында
Өрік ағаш апрельде гүл атты.
Алматының почта үйінің алдында
Өрік емес, бір қыз тұрған сияқты.

Көрем оны сол өріктің түбінен
Ақшыл жүзі тұрады ылғи нұрланып.
Ол да жетер көктейтұғын күніне,
Өріктей боп алаулайтын гүл жарып,

Сол тұрғаны көктемнің бір құсындай,
Жерден үшып кететіндей гүл шаңы,
Сол өрікті қара дауыл ұшырмай
Ұрмаса екен сұлуды өмір бұршағы.

ТАБA HAH

Жазда оны жаңбырлы бұлт суарған,
Күзде оны күн пісіріп шығарған,
Жатыр алда күреңітіп таба нан
Қазақ үшін қасиетті құраннан.

Жатыр онда дымқыл иісі ауаның,
Жатыр онда қан мен сөлі даланың,
Жатыр желдің жұмсақ алақанымен,
Маңдай тері батыр диқан бабаның.

Солардың бар күш-қуаты өтеліп,
Жерден шықты қызыл мұхит от өріп,
Дастарқанға қойып жатыр қарт ана
Таба нанды күн сияқты көтеріп.

ТЕРЕЗЕ – КӨЗ

Үй дегенің — ұлы өмір
Бар қайғысы, шаттығы.
Үй дегенің — ұлы өмір
Бар жастығы, қарттығы.

Үй дегенің — өр өзен
Бір сұсты, бір жайлы өңі.
Кіп-кішкентай терезең —
Дүнкенің көз әйнегі.

Сол терезең таң көріп,
Әлемге көз жіберер.
Сол аркылы тау келіп,
Ай мүйізі тірелер.

Терезеңе шаң тұнса,
Жуар тамшы түн қатып.
Желпір терін артынша
Жапырақтар құрғатып.

Қарасаң түн кезінде
Терезе ақ тал түстей.
Терезеге — көзіңе
Тұрса жақсы шаң түспей.

* * *
Көктемде түстім тамшы боп,
Гүлдерің сенің өссін деп.
Сайрадым жазда әнші боп,

Көңіліңнен бұлттар көшсін деп.
Сағынып шулы көктемін,
Іздеді құстар жылы күн.
Қыста да сенен кетпедім,

Жанымның беріп жылуын
Санама мені жатқа бір
Қысылсаң маған хабар бер.
Болайын саған ақ жаңбыр,

Болайын саған самал жел.

КӨКТЕМГІ ТІЛЕК

Өмір, мен сенен көп нәрсе сұрамаймын,
Мөп-мөлдір көгіңді берсең болғаны.
Күнінде жүз түлеген құралайдың
Көгілдір жеріңді берсең болғаны.

Өзіңше дүниеге қарауға
Жанарыңды берсең болғаны.
Өзіңше қанат бітіретін адамға
Қаламыңды берсең болғаны.

Кетті қашып қыс түнде
Қарын алып ұрланып.
Алматының үстінде
Нұрлы жаңбыр тұр жауып.

Келді бұлттар,
көктем боп,
Бұлбұл алып,
гүл алып.

Көз жасымен көкпеңбек
Сұр даланы суарып.
Февральдың айында
Жаз деміндей алған бір,

Қонып жатыр қайыңға
Қар орнына ақ жаңбыр.
Қардың суын бұлт ішіп,
Күш жинады қысты аңдып.

Тамшы болып тұр түсіп,
Жазға деген құштарлық.

ӘР ҮЙДЕ БІР-БІР ЛЕНИН

Шығын боп жүрген шетінеп,
Кеудесі толы зар-мұңға.
Қазақтың жері — жетімек,
Лениннің жатыр алдында.

Ұрады шалқып от лебі,
Шаңырқап түсте жел ыстық.
Мал оты — қырдың көкпегі,
Жоқ одан басқа өріс түк.

Қан-сөлсіз қатып безеріп,
Шілдеде жанған шөл тамыз.
Жалақ боп ерні кезеріп,
Жалайды тілін сортаң тұз.

Айтады желдер азынап,
Бабаның тарлан аңызын.
Ленин жатыр жазып ап,
Даланың арман арызын.

Қазақтың кезіп қиырын,
Ленин ойы шарқ ұрды.
Қолымен тіреп бүйірін,
Маңдайын ұстап сәл тұрды.

Ленин ойы төкті ақ сел,
Далаға қанат жайды өмір.
Гүл болып толқып бетпақ шөл,
Жұлдыз боп жанды Байқоңыр.

Әр үйде бір-бір Ленин,
Ленинсіз қазақ төрі жоқ.
Ленинсіз қазақ елі жоқ,
Ленинсіз қазақ жері жоқ.

Әр үйде бір-бір Ленин.

ТЕЛЕГРАФ ЛЕНТАЛАРЫ

Аспанның астасып сұр бұлтыменен,
Бұрқырап қарлы боран тұр түнімен,
Телеграф лентасымен бірге сусып,
Лениннің ұйқы үзілген кірпігінен.

Айқаста қарт капитал қапы кетіп,
Шықты енді Антантаны артына ертіп,
Лениннің жүрегінен лента арқылы
Дүбірлеп бүкіл майдан жатыр өтіп.

Ленталар құйындатқан көк дауылдан,
Жалындап соғып тұрған от тамырдай,
Ленталар — майдандағы «Максимканың»,
Тізілген қатар-қатар оқтарындай.

Ленталар — жас өмірлер ағып жатқан,
Ленталар — деревнялар жалын жапқан.
Ленталар — атты әскердің тізбектері,
Ленталар — комиссарлар дабыл қаққан.

Барлаушы солдаттардай қырларды асып,
Ленталар жетіп жатыр жылдам басып,
Революция данасы кірпік ілмей
Тікелей майдандармен тұр жалғасып.

Ұшқыр ой, алғыр қиял, жетік ақыл,
Оқтардың арасынан өтіп батыл,
Көтеріп солдаттарды шабуылға
Лента боп окоптарға жетіп жатыр.

Жер төсін дөңбекшіткен алып ақыл,
Дүниені дөңгелетер шағында тұр,
Өмірдің үзілмейтін өзегіндей
Ленталар ағып жатыр, ағып жатыр.

ҚАРСЫ АЛУ ЖЫРЫ

Россия — құйылған құрыштардан
Берік қорған елімнің қол артары.
Россия — шыққан ұлы ұрыстардан
Көк сауытты қаһарман Орал тауы.

Россия — Еділдің ұлы өзені,
Россия — өмірдің жыр өзегі.
Россия — салюттерден шашу шашқан
Жеңіс күнгі от жаңбыр, жасыл аспан.

Россия — жазылған жұлдыздармен
Аяулы арман, асқақ жыр, асыл дастан.
Россия — Октябрь өткелдері
«Аврораның» атылған от селдері.

Россия — Ленин — коммунизм,
Россия — келешек көктемдері.
Россия — дәуірдің дауыл күші
Қалтыраған қос дұшпан айбатынан.

Россия — космостың Колумбасы,
Россия — ракета айға атылған.
Россия — ақ қайың,
Әсем көлдер,

Көк бұлттай көк ормандар,
Бишіл толқын, шешен желдер
Россия — жаңа ой, жаңа армандар.
Россия — ашық күн

Тұрған жайнап шер-мұң тұтпай,
Россия -ғашықпын
Пушкин мен Лермонтовтай.
Россия — журегі азат таңның,

Россия — тірегі қазақтардың.
Жерге келіп түскенде бірінші рет,
Не болмаса космосқа ұшарында
Космонавтар тұрады күлімсіреп,

Ақсақалды қазақтың құшағында.
Сонда жатыр жерімнің ұлылығы,
Сонда жатыр елімнің жылылығы.
Россия — кемеңгер ел зиялы,

Россия — Шоқанның өр қиялы,
Россия — әлемді алып жатқан
Абайдың өлеңінің меридианы.
Кел, Россия!

Кіp,
қазақ құшағына!
Шық, тауға,
Жүз дария ұшанына!

Жырың боп жар саламыз,
Інің боп қарсы аламыз:
Жасыл
Алатау гүлімен,

Ашық
Алматы күнімен.
Зеңгір
Талғар шыңымен,

Мөлдір
Қазақ жырымен,
Қазақ әнімен,
Қазақ нанымен,

Қазақ жанымен!

Кішкене жер мен туған,
Торғай деген аты бар.
Көретұғын ел шыңнан,
Туған онда ақындар,

Жүзін тасқын сел жуған
Туған онда батырлар.
Мақтауға оны хақым бар,
Қызғанбаңдар, ақындар!

Жұлдыз сүзген аспаннан
Торғай деген өзен бар.
Далада одан басталған
Тарихи бір кезең бар.

Мактауға оны хақым бар
Қызғанбаңдар, ақындар!
Торғай кәрі,
онымен

Таласатын жол қайда?
Оған құрдас ай жасы.
Лениннің қолымен
Көтерілген Торғайда

Аманкелді найзасы.
Патша құлап жаңадан,
Орнайтынын тәртіп-заң,
Нұсқау алып данадан

Айтқан елге Әлібй
Онда — қызыл партизан,
Онда — музей әрбір үй.
Қаққан алғаш дабылды

Қыр елінің ұраны.
Торғай деген кәдімгі,
Қазақтың Ленинграды.
Мақтауға оны хақым бар,

Қызғанбаңдар, ақындар!

ҚАЙТА ҚАРА МЫНА ТУҒАН ЖЕРІҢЕ

Басқа жерге құмартасың кейде сен,
Сол туралы армандайсың сөйлесең,
Басқа жердің қызығасың қысына
Өз қысыңда жүрсең-дағы жейдешең.

Басқа өзеннің артық санап ағынын,
Басқа таудың мадақтайсың жауынын,
Өз жеріңді күнде көріп жүрген соң
Мүмкін оның білмеуің де қадірін.

Қайта қара мына туған жерге сен,
Тауы жатыр аспанына өрлесең,
Баулары бар көлеңкені іздесең,
Бұлағы бар қанып ішер шөлдесең.

Жалын атып өз жүзіндей шие, өрік,
Өз кеудеңдей жатар көлден күй өріп,
Өзені де толқын алып өзіңнен,
Таулары да тұрар саған сүйеніп!

Торғай сенің кішкене өзенің
Маған мұхит секілді,
Әлде сенде туғандықтан ба екен?
Торғай, сенің кішкене көбелегің

Маған самолет секілді,
Әлде балалықты көп қуғандықтан ба екен?
Торғай,
сенің қисық-қисық көшелерің

Маған түзу секілді,
Әлде көп жүргендік пе екен?
Торғай, сенен бұл дүниеде
Маған артық жер жоқ секілді,

Әлде қадіріңді білгендіктен бе екен?

АЛУА

Қызылжар жерінде,
Көмілген қалың егінге —
Алуа адыры бар,
Алуа қабыры бар.

Қарашашты, салалы бұрымды,
Қарақат көзді қаралы сұлуды
Көнбеген соң кәрі шалдың жат пиғылына,
Байлап өлтірген ат құйрығына.

Жатыр әлі көңілде,
Қалай шығар
Қара күнді
Қанды сойылдар естен...

Алуа өлген жерінде
Ала шұбар
Бала бүрлі
Мойылдар өскен.

Сол мойылдар —
Махаббаттың талдары секілді,
Сол мойылдар —
Алуаның арманы секілді.

СЕВАН КӨЛІ

Севан көлі —
Жырға жақын,
Севан көлі—
Сильва ақын.

Айнала тау арасында —
Құйылып көз шарасына
Жатыр Севан —
Ақын Севан

Ұқсап бұлттың баласына.
Жатыр Севан
Армянның
Мәңгі арылмас көктеміндей.

Жатыр Севан
Саят Нова
Саздарының шектеріндей.
Жатыр Севан

Жасыл толқын
Қанатымен шашын өріп,
Жатыр Севан
Арараттың

Арманды бір жасы болып.

СОҒЫС ЖАЙЫН СҰРА СЕН

Бүгін тарих — жыр әсем
Қара шаштар қар шалған,
Соғыс жайын сұра сен,
Мың өлімді қарсы алған

Солдаттар мен маршалдан!
Соғыс жайын сұра сен,
Махаббаттан ерте өлген,
Жанған бір кез аспаннан,

Ормандардан өртенген,
Жараланған тастардан!
Соғыс жайын сұра сен,
Азынаған желдерден,

Қан боп жүзген көлдерден,
Көп адамды құшақтап,
Жатқан сонау дөңдерден!
Соғыс жайын сұра сен,

Бітпей қалған жырлардан,
Жағылмаған шамдардан,
Шашылмаған нұрлардан,
Атпай қалған таңдардан!

Соғыс жайын сұра сен,
Отамалы оттардан,
Жайпап өткен жер үстін,
Соңғы атылған оқтардан

Шашуы боп жеңістің!

МЕН КИЕВТЕ КЕЛЕМІН

Алматыдан басталған,
Аяқталды алыс жол.
Қағып алды аспаннан
Киев аэропорты — Борисполь!

Ұқсап көтерілген кешкі сарымға
Мұнартады орман тұңғиық.
Днепрдің жарында,
Владимир тауында,

Бізді күтіп тұр Киев.
О, Киев,
Топырағыңды суйіп,
Жортпап па еді қазақтар

Жорықтарда түн іші.
Өтпеп пе еді қазақтар
Днепрден бірінші!
Ол күндер ойда жаңғырыққан

Толқында дірілдеген күн сәулесінің
жарқылындай.
Бір сөніп, бір көрінген ауыр бұлттан
Найзағайдың ақ шапақ жарқылындай.

Ол күндердің бандурасы
Днепр толқынымен шертілген.
Тұңғыш жеңіс қарлығашы
Шырылдап ұшқан көк түтінді өртіңнен.

Днепр жатыр ұйқыда
Ақ қанатымен қыс аялаған.
Каштандар жатыр ұйқыда
Жазда жапырағын қыз саялаған.

Аспан аппақ төгіп нұр,
Ағаштар қардан жайнайды бұр жарып.
Көшелерде көздердей көгілдір
Көкшіл оттар ойнайды нұрланып.

Тұр алдымда қасқиып,
Кәрі Киев, жас Киев!
Жастығына қуанып шалқақ қарасам.
Қарттығына еңкейемін басты иіп!

Мен лаврада қурап қалған
Святослав сүйегіне табынбаймын!
Мен от-жалыны будақтаған
Жаңа Киевпен бір адымдаймын!

Мен даңқыңа дән разы болып,
Тараспен сөйлесем ақын тілде.
Мен Щорстың сарбазы болып,
Солдат болып еремін Ватутинге.

Украина ақынының біреуіндей
Киев туралы өлең ойлап,
Киевтің жүрегіндей
Мен Крещатикті келем бойлап.

Жайылып түн керегесі
Aй туады,
Күн дамыл алып,
Жалтылдайды аспан терезесі

Алыста шамын жағып.
Жерде жарқ етеді
Топтарымен
Прожекторлар құйып нұрын.

Жұлдызды аспан
Миллион оттарымен
Құшақтайды Киев түнін.
Жырланады жыршы желдермен

Киевтің түнгі дастандары.
Көрінеді терезелерден
Әр үйдің жұлдызды аспандары.
Тарастың жыр мұрасына

Таңғы шықтан тұнады көңіл ұйып.
Жұлдыздар шұғыласына
Шомылады көк шынылы мөлдір Киев.
Сәулелер толқынын,

Гүлдер толқынын,
Ғажайып сиқырлы үндер толқынын
Көкірегіме жатыр құйып,
Киев!

УКРАИНА ТҮНІ

Хакімжан!
Ақынжан!
Есте ме Украина түндері,
Бір кезде Гоголь жырлаған?

Есте ме Украина гүлдері,
Гоголь өз бояуымен сырлаған?
Гоголь Украина түнін жазу үшін,
Сөйлескен сәуленің мың үнімен,

Қарлығаш қанатының дірілімен,
Днепр толқынының гүрілімен.
Керемет Украина түні,
Қиял құшағы жете алмайтын,

Ғажайып Днепр түні
Құстар арғы бетіне өте алмайтын.
Ғажайып Днепр ағысы
Ағатын дос әні боп,

Бұл Гогольдің табысы —
Менің оған қосарым жоқ.
Хакімжан!
Ақынжан!

Сен елеңдейсің әлденеге,
Қарайсың терезеден
Жылт еткен сәулелерге.
Түн мені сиқырлады,

Сұрама басқа менен.
Арудай ұйқыдағы
Украина түні
Төнеді тас төбеден!

ДНЕПР

Днепр кең пейілімен
Құшақ жайып тұрады алда,
Әлде ананың мейірінен,
Әлде Тарас Шевченконың

Көз жасынан құралған ба?
«Ой Днепро, Днепро»
О, кәрі жұрт,
ыстық мекен,

Батыр Щорс жата қалып,
Толқыныңнан ішті ме, екен,
Толқыныңңан ішті ме екен?
Боз көзіндей батқан айдың,

Бір кез саған қарады арман,
Бұл кез тулап жатқан айдын
Бір кез шулап жараланған,
Бір кез шулап жараланған!

«Ой, Днепро», күй әнісің
Украинаның алғаш туған,
Франконың қиялысың
Жер мен көкті жалғастырған.

Жер мен
көкті жалғастырған!
«Ой, Днепро», ағысыңмен
Айқайлайсың өлеңдетіп.

Жаралғансың ән үшін сен,
Қайта айналып сені табам,
Қайда барам сенен кетіп,
Қайда барам сенен кетіп.

ЖЫР КҮЗЕТШІСІ

Бұл жерде Тарас қабірін 1883
жылдан 1933 жылға дейін күзеткен
Иван Ядловский жатыр.
(Құлпытастағы жазудан)

Күнін күткен аспандай,
Гүлін күткен даладай.
Қыранын күткен асқардан,
Ұланын күткен анадай.

Күтті ол ақын қабірін
Жарты ғасыр — елу жыл.
Беріп жастық жалынын,
Сөнді осында өмір бір.

Терін төгіп жауындай
Көз жасымен гүл екті.
Жатқан жеке қабірдей
Өзі жалғыз күнелтті.

Сақтап үнсіз сабырын,
Ішке тығып дауылын,
Күзетті ақын аруағын
Күзеткендей арманын.

Күзете алмас таулар да
Шыңын жазғы жасыннан.
Күзете алмас орман да
Гүлін жауын-шашыннан.

Қоштасып жас күндермен
Не күтті екен бұл кісі?
Қасиетіңді кім білген
О, құдіретті жыр күші.

О, өлеңнің құдайы,
Сен біздерге таныттың,
Жырға деген шынайы —
Махаббатын халықтың.

ЦЕЛИНОГРАД

Целиноград — гүлдер,
Жаралған махаббаттан.
Целиноград — үйлер,
Қаланған қат-қабаттан.

Целиноград —
Күмбездер күн терезелі,
Целиноград —
Көк Есіл —

Даланың өр өзені.
Целиноград — ақ бидай, ала тары,
Арқаның ар, атағы.
Целиноград —

жерімнің ақ пейілі,
Елімнің алақаны.
Целиноград —сан ұлтты ел еңбегі,
Бар онда шеберлердің қол өрнегі.

Целиноград — күйлері Тәттімбеттің,
Целиноград — Сәкеннің өлеңдері.

ТАРАС ТАУЫНДА

Днепр жағасы,
Тарас тауы.
Ақын тұр ойлап биікте өлең,
Шуылдап емен ағаштары

Шұлғиды басын иіп темен.
Днепр түсті емендердің
Сақталар ұзақ есте түсі.
Осылар бәлкім елеңдердің —

Биіктеп өсер ескерткіші.
Тау күнге ерлеп барады жолша,
Қиялдың қонар ұясындай.
Тарастың орман қаламы болса,

Ал Днепр сиясындай.
Есімде қалар керемет күн,
Тауды тербеп жатыр ән.
Ақын қабіріне мен де бір емен ектім.

Қазақ өлеңінің атынан.

ҚОБЫЗ

Дала бір жұлдызы жоқ қаралы аспан,
Көгінде ана зарлап, бала адасқан.
Үміт бір шала-жансар ақсақ киік,
Тағдыр бір асау құнан ала қашқан.

Күл болып ошақта оттар сеніп қалған,
Сұп-сұр боп бұлт адырда өліп қалған,
Аруана ауыр жүкті көтере алмай
Арқаның сауыры да шөгіп қалған.

Жер — жетім ыңыранып көз ілмеген,
Жел — жесір бебеу қағып безілдеген.
Көшкен ел сурет боп қатып қалған,
Түтіні тіршіліктің сезілмеген.

Кең дала, айдау жазық, кәрі адырлар,
Мұңлы өзен, сұрғылт аспан, қара құмдар...
Тізілтіп өтіп жатсың жолы ұзын қыр,
Ойнашы Ықыластың қобызын бір.

ТАС ҚАЛАУШЫНЫҢ ЖЫРЫ

Іздегенде алғашқы баспана адам,
Мен сонда сазды илеп, тас қалағам.
Менің ізім басталып тас үңгірден,
Менің ізім көрінген астанадан.

Мен дала едім, артынан қала болдым,
Мен жасадым құдайдың барар орнын.
Мен қолымнан орнаттым тасты қашап
Пирамидаларын Ннльдегі фараонның.

Дүниеге атағы болған мәлім,
Мен орнаттым Римнің қорғандарын.
Минареттер, пантеон, небоскреб
Мен тұрғыздым солардың қолдан бәрін.

Мен жылы сөз өмірде есітпедім,
Қара тасты қақ жарды тесіп терім.
Мен орнатып Тажмакал тас қақпасын,
Ақсақ Темірдің қаладым мешіттерін.

Тірлік үшін тырбанып жас басынан,
Қамшы өрген мамонттың таспасынан,
Мен Спартак күн өртеп, жел қақтаған,
Мен Афина құлымын тас тасыған.

Өнеріммен сүйретіп жылдарды алға,
Жаңа үй салдым жаңадан туғандарға.
Мавзолей орнаттым мұнаралы
Ескеркіш қып ерте өткен құрбандарға.

Күндей менің, есепте, кәрілігім,
Бірақ қайрат-қуатым әлі мығым,
Мен Микельанджело мүсінімін,
Тас үстінде тұрғанда тәңірімін!

Қызығатын жөні бар маған жұрттың,
Өкілімін ежелгі мамандықтың.
Бүлдірмеймін, түзеймін қирағанды
Бейнесімін жердегі адалдықтың.

Мен заманның қожасы, құлың емен,
Жерден өрлеп жетемін күніңе мен.
Съездер сарайының ұстасымын
Маған қол соғып,

Дүние дүрілдеген.

ТУҒАН ЖЕРДІ ОЙЛАСАМ

І

Туған жерге бара алмаймын жасқанып,
Ажал менсіз қанша жанды қашты алып.
Жеңгелерім өлген жарын жоқтаса,
Қорқам көзден кетеді-ау деп жас тамып.

Қолды созбай қысылшаңда бауырға,
Неге сол кез болмағанмын ауылда.
Ажал шіркін, сала алмастай құрығын
Егер өзім тұрсам оның жанында.

ІІ

Туған жерге оралуға асығам,
Жүр қаншама мен көрмеген жас ұлан.
Мен олардың сүйіп қара көздерін,
Мен олардың сипағам жоқ шашынан.

Туғанда олар болмағанмын неге мен,
Айдар тағып, атын қойып берер ем.
Менсіз шілдеханаларда айтылмай
Төрде тұнып қалғандай-ақ көп өлең.

ІІІ

Қайғысынан жалтарғанмен жасқанып,
Туған жерге барам жүрмей бас бағып,
Тек барғанда демімнен от шалқымай
Тек көзімнен кетпесе екен жас тамып.

ҚАЗАҚ ТІЛІ

Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың,
Қасіретімді —қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.

Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды — қазақ тілін қанат қып
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.

Сол тілменен дүниені атадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.

Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.

Сол тілменен аспан көрдім,
жер көрдім,
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүнисден кетемін,

Сол тілменен дүниеге мен келдім.

Жарқылдайды алдымызда:
Аспан — қала,
Жұлдыз — шамдар,
Бұлт ұқсайды қарлы құзға,

Борандайды күміс шаңдар.
Қобалжымай ой, өріне
Сол бұлттарды баспалдақтап.
Біз барамыз Ай еліне

Алшаң басып аспанды аттап.
Ата-баба арманының
Жібермейміз жай есесін.
Жердің көкке жалғап жырын

Аралаймыз Ай көшесін.

АҢСАУ

Да мне, нравилась девушка в белом,
Но теперь я люблю в голубом.
Сергей Есенин.
Өтіп кетті жауынымен жасыл жаз,

Бірге кетті байпаң-байпаң басып қаз,
Бірге кетті толықсыған жастық шақ
Толқын күлкі, ерке қалжың, ғашық наз.
Жалт қаратқан аласа бір үйге жүз,

Кетіп қалды қызыл көйлек киген қыз,
Енді ол қайтып қызыл көйлек кимейді,
Енді ол маға басын қайтып имейді.
Енді ол кеште жүре алмайды сылаңдап,

Мен де кеште жүре алмаймын сыр аулап,
Құлыншақ күн енді бізге келмейді,
Мың қайтара шақырғанмен құраулап.
Басқа қыздар қызыл көйлек киеді,

Басқаларды балқып тәні сүйеді.
Шіркін солар күлкісімен қытықтап
Босатады тас боп қатқан жүйені.

Қостанайда,
Жас тоғайда
Өтіп кетті ерте жаз.
Мөлдір көлдей,

Қоңыр желдей
Жанды тербеп ерке наз.
Өтті-кетті
Көкіректі

Қарсы айырып тілімдеп.
Жанымда Ізі —
Жалын жүзі
Жатыр жайдай дірілдеп.

ОҢТҮСТІК АСПАНЫ АСТЫНДА

«Сырыағаш» курорты
Сарыағаштың атын ақтар
Жоқ самсаған сары ағаштар.
Әлі сәби жапырақтар,

Әлі мұнда жаланаш тал.
Құмтөбелер жапырайған,
Жатыр түзде тау себі жоқ.
Шаңқай түсте шақырайған,

Қалайы күн қан-сөлі жоқ.
Сырқатына сол күн дәрі,
Тер боп сені басады үстен.
Сыңсиды өзен толқындары.

Бір кездері Асан ішкен...
Жұлады ыстық, суығыңды,
Сары құмдар, сары белдер.
Сарыағаштың суы, күні —

Сапта тұрған дәрігерлер.

ЖАЛҒЫЗ ДЕЙ АЛАР МЕНІ КІМ

— Сіз үнемі неге жалғыз жүресіз?

— Жоқ мен жалғыз жүрмеймін.

(курортшылар кеңесінен)
Мен қазір жалғыз емеспін,
Сырды ашып, келсе кеңескің,
Суына барам Келестің.

Жалғыз деп жалған соқпаңдар,
Төңірегім толы көк талдар.
Төбемде күн бар серігім,
Жалғыз дей алар мені кім?

Тыңдаймын жырын құстардың,
Тыңдаймын қоңыр жел үнін...
Табиғат қоршап тұрғанда,
Жалғыз дей алар мені кім?!

ЕСЕК

Қалдырам деп дәмеленіп мықты атты,
Ертеде есек ұзақ жолға жүк тартты...
Одан кейін машиналар қаптады,—
Бірақ есек пенсияға шықпапты,—

Баяғы сол тойымы жоқ аш құлқы,
Баяғы сол өзгермейтін тас ғұрпы.
Баяғыша митыңдап ол келеді,
Мәңгілікке бар секілді паспорты.

Оңтүстіктің отты күні күйдіріп,
Жүргізбейді құйын салып қиғылық,
Қауын артып қайран есек келеді,
Өзге жұртқа жасаймын деп игілік.

Оған пайда түсірсе де кесектеп,
Иесі оны қарайды тек есек деп.
Отырады шаң астында сәудегер,
Тиындарын қайта-қайта есептеп.

Шарлады есек бұл өлкенің қиырын,
Иесі оның шығарған жоқ бүйірін.
Олжама ортақ бола ма деп ол қайта
Есектен де жасырады тиынын.

КЕЛЕС

Тербеді Келес бір ай сырлар айтып,
Мен оны сыйғызармын жырға қайтып.
Су мені толқынымен сылап-сипап,
Арқамды сүйе берді күн қарайтып.

Алсын деп бәрін құйып зердесіне,
Шығарды кішкене тау кеудесіне.
Жарасып жақсылардан достық таптым,
Бұйырды талай үйден жел несібе.

Тал түсте Керімсалдың отты желі,
Лебімен талай желпіп өтті мені.
Хош Келес, алдан шығар өлең болып,
Ақынның өзінде өткен кеп күндері.

ТАУЛАРЫ ЖАТЫР БАЯННЫҢ

Таулары жатыр Баянның
Көгінде сұңқар ақ бұлттар,
Жерінде Сұлтанмахмұттар,
Атамнан қалған аяулым —

Таулары жатыр Баянның.
Таулары жатыр Баянның
Ойында мәңі қалатын.
Ойында жасыл көлдер бар,

Жолында сынға салатын
Жонында асу белдер бар —
Таулары жатыр Баянның.
Таулары жатыр Баянның

Көк сағым болып көлеңдеп.
Алыстап кеткен армандай,
Айқайды күтіп елеңдеп,
Кермеде тұрған тарландай

Атамнан қалған аяулым —
Таулары жатыр Баянның.

ЖЫЛҚЫШЫ ҚЫЗ

Жүрсің түзде жылқыға еріп,
Құрық алып түспен аттан.
Болды көзің ұйқы жеңіп,
Тамағыңды ішпей жатқан.

Қатал боран демі қарып,
Мұз қатырды кірпігіңе.
Тірілей қар сені жауып,
Көміп кетті шың түбіне.

— Оралам деп ойлағам жоқ

Тылсым күштен тірі қайтып...
Сол жайыңды ойнаған боп,
Тұрсың енді күліп айтып.
Ел мақтамас текке сені

Бірі тұтып ер баланың,—
Сен болмасаң жетпес еді,
Бір жұлдызы кең даланың.

БАЛА МАРАЛ

Көркіне көлге түскен тау таңғалып,
Ай тұрды аспанында арқандалып.
Су ішіп Жасыбайдан бала марал,
Жасқанып екі көзі жаутаң қағып.

Секілді ол көптен күткен жан арманы,
Көз нұрым көркіне бір қана алмады.
Мен оны ата алмадым, уа тәңірі-ай,
Елімнің аз ғой сендей маралдары.

Сен мені терең ойға батырасың,
Басына Баян таудың шақырасың.
Кер марал, бір көрін де жоқ боп кетші,
Талайлар бір ата алмай қапы қалсын.

ЖАСЫБАЙ КӨЛІ

Тербеліп жасыл бұлттай жасыл айдын,
Мұнартып келе жатыр Жасыбайдың.
Менмен шың, меңіреу құз, мелшиген тас
Қарайды теңірекке шашып айбын.

Үйренген бойын сылап жасануға,
Ұқсайды қайың аппақ жас аруға.
Көмескі тартқан көне көк жұлдызы
Толқынға шомылады жасаруға.

Қоршаған Жасыбайдың алабын бар,
Айнала апан төсті кәрі адырлар.
Жан-жақтан Жасыбайды бағып тұрған
Қарағай найзалы сол қарауылдар.

ЖАСЫБАЙДАҒЫ ТАС СУРЕТ

Тұрмыз оны таң көріп,
Кімдер екен жасаған?
Жасыл мұнар жан беріп,
Қозғалғандай тас адам.

Үстін жасыл мүк басқан
Басында көк телпегі.
Тұр ешнәрсе ұқпастан
Секілді алыс ертегі.

— Бұл болады қай туған?

Жоқ айтатын таста тіл.
Жырдағы кеп айтылған
Осы шығар қас батыр.

Жыртық-жыртық аспан ала бүртіктей,
Быж-быж қайнап көл толқиды іркіттей.
Ерейменнің имек тұмсық таулары
Желге қарсы ұшатұғын бүркіттей.

Долы дауыл тоқтамайтын жайы бар,
Тербеледі,
теңселеді қайыңдар.
Бұлт келеді,

қайың дауыл кірлеткен,
Көйлегіңді көк нөсерге шайып ал!
Бұл далада бұлтқа орын бар түнесе,
Құйсын жаңбыр күндіз-түні тілесе,

Шіркін қайың қанып ішіп бұлт суын
Бұрынғыңнан жасарарсың мың есе.

Шаңқай түсте қайнағанда күн ысып,
Ала бұлттар шұбырып кеп су ішіп,
Арғымақтай жалбыр жалын сілкініп
Көл бетінен көшеді жай жылысып.

Табиғаттан еркінше мол сый алып,
Жатады айдын кеудесінде күй ағып.
Қарағайлар күнге күйген балтырын
Суға малып, қызарады ұялып.

Айнала тас қоршап алған жағаны,
Секілді ол осы көлдің қамалы.
Қос ескекті қатар сілтеп екі жас
Су бетіне өлең жазып барады.

Толастамай күн жауып тұр,
Сенің жасың ба екен?
Жаншылып жан қиналып тұр,
Оны қалай басып өтем?!

Гүлдер жатыр дауыл жұлған,
Сенің шашың ба екен?
Сол шашыңа жаным құрбан,
Оны қалай басып өтем?!

Таулардан асты қызыл күн
Алтайы түлкі түсіндей.
Көзіңнен бір жас үзілді
Мен жұттым жерге түсірмей.

Сол жасты жерге қимадым,
Сол жасты желге қимадым.
Сол жаспенен бірге сен
Қасіретіңді сыйладың.

Баян таудың ризамын жазы үшін,
Уақыттың тек өкінемін азы үшін.
Жел тілімен жетіп жырым биікке,
Құс тілімен көл бетіне жазылсын!

АЛТАЙ ТАУЛАРЫ

Ақ қайың қызыл шырпылы
Жолымды күтті жеңгелер.
Кеудеме құйды күлкіні
Сылдырап бұлақ — теңгелер.

Алтайдың алтын көзіндей
Бұлдырап құзды жақпарлар,
Мөлдіреп түстің көзіндей
Үлбіреп тұрды ақ таулар.

Жамылды ол бірде сағымды,
Жасырып жүзін таптырмай.
Алыстан бірде шалынды
Айдында жүзген аққудай.

Көк теңіз, көк ну саялы
Төсінде сән мен салтанат.
Алтай бір алып балғы —
Алтынын тұрған арқалап.

БҰҒЫ

Тоқтап қалдық ат сабылтпай,
Кетті бұғы зулап ағып.
Қалды артымда ақша бұлттай
Бір аппақ шаң шудаланып.

Мұнарланып шаң астында,
Қарауытып қалды күндіз.
Жер мен көкті жалғастыра
Барады ағып жалғыз жұлдыз.

Тиіп қолға жаңада ерік
Салғандай ол өзін сынға.
Жалғыз меңдей барады еріп,
Жалғыз нүкте көз ұшында.

Жер дүбірлеп,
Жел гуілдеп,
От ұшады тұяғынан.
Аспанға тік,

Шапшаң атып
Секіреді қия қырдан.
Кім тоқтатып жол бөгейді
Кім алады қарауылға.

Тек дүние дөңгелейді
Тамшы жас боп жанарында.

ДИАЛОГ

— Іздесең қыздың қонысын,

Түспейді жеңіл жол саған.
Өтесің таудан ол үшін,
Ақ бұлттар басып қоршаған.
Ер болсаң содан аттап көр,

Қыры бар қылыш жүзіндей.
Кездеспес одан соқпақ жол
Жыланның жүрген ізіндей.
Ар жағын асып түскен coң,

Тағы да тосар тар кезең.
Төсіндс шұбап көшкен сең,
Алдыңды орар қанды өзен.

— Тауыңнан әрі өтермін,

Табанымды тас қажар.
Табармын қыздың мекенін,
Аранын мейлі ашса ажал.
Өзеннен әрі өтермін,

Кете алмас толқын кері алып.
Табармын қыздың мекенін,
Маңдайдан шұбап тер ағып.

— Жігіт екен дегенмен,

Қиынды жеңіп келді,— деп.
Қарсы алар сонда белеңнен
Шопан қыз көзі мөлдіреп.

ШИПА БҰЛАҚ

(Баллада)
Мылтық даусы шайқады таңды тұнық,
Айнала тау жөнелді жаңғырығып.
Ет қызумен жарасын абайламай

Жаутаң қағып ақ марал қалды тұрып.
Шыдам етіп шығармай ол дыбысын,
Жинап алып жөнелді соңғы күшін.
Жаралы аяқ көнбейді дегеніне

Барады өртеп осы бір қорлық ішін.
Қайда күні еркіндеп есетұғын,
Тау-тас зырлап дөңгелеп көшетұғын,
Күн көзінен шашырап түскен шаңдай

Бір көрініп қарасы өшетұғын.
Қайда күні желменен таласатын,
Қара тер боп жылда бір таң асатын,
Қиқулаған қуғыншы жолда қалып,

Шаң астында шалдығып адасатын.
Барады өшіп маңдайда жанған шырақ,
Домалады күш кетіп таудан құлап.
Бір тұманның күмп етті ішіне кеп,

Кездесті ме кім білсін арман бұлақ.
Қанша жатты білмеді ол су ішінде,
Жатты әйтеуір жаны бар тірі сүлде.
Қимылдайды аяғы... я солай

Болушы еді көзінің «тірісінде».
Шипа суы өн бойын шымырлатып,
Марал қунап бұлақтан тұрды атып.
Енді аяғы келгендей оңтайына

Орнағандай басына бүгін бақыт.
...Сол секілді бар талшық— жалғыз үнем,
Аңшы келді аптығып қан ізімен.
Ақ тиындай ақ марал зырлап берді,

Қайта өзінің табысып тау құзымен.
Көзбен атып Алтайдың қырат шыңын,
Бастан алып елтірі құлақшынын:

— Не хикмет, болды,— деп аңшы байғұс

Ұрттап жатты еңкейіп бұлақ суын.

Алтай жатыр
Тамызып шырағын
Мен үшін.
Алтай жатыр

Ағызып бұлағын
Мен үшін.
Алтай, Алтай қанша жыл күтті арманың,
Қарай-қарай талды көзі

Орнағанда теңізі Бұқтарманың
От болып жанды өзі.
Мөлдір төсін тұрсың деп сүйіп көктің,
Өз қолымнан Алтайды биіктеттім.

Ұмытпайды ол от-суға тапшы күнін,
Ұмытпайды адамның жақсылығын.
* * *
Сәулелер күннің жолындай

Табысар түсте жерменен.
Ал таулар жердің қолындай
Құлашын күнге сермеген.
Ұшырар бұлақ әр құздан

Шашылып қалған күлкідей.
Алдыңнан жолдар андыздар
Алтайы қызыл түлкідей.
Күн көзі өрт боп талаурап,

Бір кезде құлар екінді.
Жол ашар қайың алаулап,
Светофорлар секілді.
Алтайда жанар алаулар

Қашырып түннің ұйқысын.
Көңілді сұлу ән аулар,
Ұшырар көкке күй құсын.
От болып жүзіп түн іші

Қарар бір күндей көзбенен.
Геологтар таңды бірінші
Қарсы алар бұрын өзгеден.

ЕРТІСТЕ

Найзағайлы күрең түсте
Мейлі өзенде тұрсын дүлей.
Абай жүзген ұлы Ертіске
Кете алам ба бір сүңгімей?!

Аспанды бұлт жаба берді
Көп найзағай көзінде ойнап.
Ертіс тулап аға берді
Өз бұлттары өзінде ойнап.

Күн күркіреп ойнай берді
Жайды қызыл арай құшақ.
Мен Ертіске бойлай бердім
Бір кездегі Абайға ұсап.

Шықты шұбар күн нұрланып,
Бұрқ-сарқ қайнап өтті дүлей.
Жатты Ертіс күмбір қағып
Жырлы Абайдың көкірегіндей.

АЛТАЙ ҚАРТЫНЫҢ СӨЗІ

Арамдықтың көзі көр
Қап-қараңғы тұмандай.
Қара жолда кезігер
Қара шұбар жыландай.

Арамның қан қолы бар
Қып-қызыл өрт өңіндей.
Қызыл жолда жолығар
Қып-қызыл құрт жегідей.

Арам ойы — кіл сұмдық;
Арам ойы — күншілдік,
Арамдықтың алысар
Қас дұшпаны бір шындық.

Арамдықтан бас сақтап,
Алдында оның табынбай,
Адалдық тұр асқақтап,
Алтайдың биік тауындай.

БЕСТАУ БАУЫРЫНДА

Аспанға сырлы жебедей
Шаншылып қалған көк таулар.
Толқынға батқан кемедей
Бұлттарға батпай тоқтаңдар!

Сүйгендей таңғы сәулені
Ғашықпын, таулар, сендерге.
Қарағай исі, тау желі
Тулайды менің кеудемде.

Бүршігін шашып ұшқындап,
Тулайды шипа суларың.
Өлеңім мұнда күш шыңдап,
Шулайды ұйқас, ырғағым.

Денеге қонған ем болып,
Сулары нәрлі, жер бұл құт!
Кавказда таңғы жел болып,
Ұшып жүр Демон-Лермонтов!

Айтады оның өлеңін
Өзен мен орман таңғы шақ.
Кавказдың шолып көлемін,
Тұрады ол сонау тауға ұсап.

Келеді ол асқақ жырменен
Жылдарды аттап қиырдан.
Музаны ол көзге ілмеген
Муза оған қайта сыйынған.

БЕСТАУ ЖАҚТА БҰЛТ ОЙНАП

Қорқытпа мені дауылдан.
Бунин.
Қабағы қалың қара бұлт,
Бестауды жауып бүтіндей

Келеді түсі қабарып,
Будақтап ұшқан түтіндей.
Қоқаңдап бекер ол байғұс
Суырар қыннан қылышын.

Бестауды билеп қандай күш
Тарылта алар тынысын?!
Мың отқа кіріп күніне,
Мың оққа қарсы ол атылған.

Жетер деп бұлттар түбіме
Тобы жоқ құрап шақырған.
Кезбе бұлт түсте ауады
Жел сапырып, қаңғырып,

Күзетіп жасыл даланы
Тұрады Бестау мәңгілік.

ЕСЕНТУКИ ТАҢЫ

Табиғаттың бал бөбегі,
Ойнап көктің бұлтын атып,
Боз ат мінген таң келеді
Ала тозаң бұрқыратып.

Шымқай қызыл шұғылаға,
Шомылады таныс таулар.
Бетін беріп құбылаға
Мүлгиді тас арыстандар.

Тұр Бестаудың таныс шыңы,
Ел барады су ішуге.
Ала бүршік — таң ұшқыны
Стаканның тұр ішінде.

«ҚАРАКӨЗ»

Қаракөз шарап ұсынды
Шараптың аты «Қаракөз».
Көрер ем сенің күшіңді
Кездеспей қалдың ана кез.

Қайта атып алтын жаңбырын
Ыршиды шаран ыдыстан,
Жұтардай алғаш таң нұрын
Тамсанды ақын туысқан.

Қиялы қақты қанатты
Ол үшін қазір өзге ұмыт.
«Қаракөз» тәтті шарапты
Жіберді тартып көз жұмып.

«Қаракөз» шарап ұсынған
Қаракөз енді аман бол.
Көз қадап өкпе тұсыңнан
Сұқтана қалды саған ол.

АСПАНДАР

Терезені қаққаны жас тамшылар
Үйге енуге асыққан аспан шығар...
Жолдас аспан! Бұлтыңмен жоғары шық,
Серік іздеп түн ұйқың қашқан шығар.

Біздің үйде мың аспан жатыр шөгіп,
Сен соларға боларсың жақын серік,
Әр аспанның мұнартып өз биігі,
Әр жұлдызы жатады ақынша өліп.

Төбесінде тұратын жарқырап ай,
Аспаны бар Пушкиннің жарқын арай.
Иықтасқан сонымен бір аспан бар,
Салып кеткен арттағы халқына Абай.

Бұлт көздерін қан басып талауратқан,
Некрасов аспаны анау жатқан.
Аспаны бар тәкаппар Лермонтовтың
Найзағайдан тұманда алау жаққан.

Осылардай үйімде мың аспан бар.
Солар менің кеудемнен жырды ашқандар.
Жолдас аспан, сен де кел,жоғары шық,
Аспан, аспан өзіммен сырлас жандар

АҚЫНДАРДЫҢ АҚҚУЫ

Сәкен, Сәкен!Осы есіммен,
Тебіреніп бүгін мен,
Келем Сәкен көшесімен,
Келем Сәкен жырымен.

Алатаудың заңғарына
Ақша бұлттар асылып,
Алматының албарында
Ақ бұлақтар шашылып,

Секіреді ақ аспанға
Атылып ақ тиын боп,
Жабысады ағаштарға
Аппақ бүршік түйін боп.

Сен ойлаған ақ күн туды,
Қайдасың, сен, ақыным?
Өзің еккен бақ құлпырды,
Қайдасың сен, ақыным?

Сарыарқаның сандал тауы
Сағыныштан сарылып,
Сарыарқаның самал таңы
Қызыл аттай сабылып

Келе жатыр көк жиектен,
Қызыл жалау — сұңқар бұлт.
Көмкерілген көк жібекпен
Көтеріп бір сыр сандық.

Сол сандықта бір сыр жатыр
Өзің айтқан термеде.
Сол сандықта бір сым жатыр
Өзің таққан пернеге:

«Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын».

Аулада тұр гүлдеп өрік,
Алматының жазында.
Жүргендей ол гүлдер егіп,
Жаңа бір жыр жазуға.

Амандасып ұлы Абайға,
Қайта басып өр үнге.
Жүзгендей ол Бурабайда —
Ақындардың көлінде.

Қайта жырым оқылса екен,
Дейтін туып ақ күні.
Ортамызда отыр Сәкен —
Ақындардың аққуы.

БЕЙІМБЕТ ТУРАЛЫ

— Мүмкін үкім оқылды,

Уақыт шіркін біткенде,
Жүреді оған қай өкпе,
Деп бір ауыл отырды
Жолаушысын күткендей

Алыстағы Әйетте .
Аяқталмай жыр бітті,
Ауыл талай жыл күтті,
Өтті күндер тоқтаусыз,

Өшті үндер жоқтаусыз.
Ал жолаушы дерексіз,
Өгей жандай керексіз,
Басқан ізі білінбей

Жоқ боп кетті себепсіз,
Ешкім оны білген жоқ,
Жұлдызды түн көрген жоқ,
Күндізді күн көрген жоқ,

Ешкім оны білген жоқ.
Ал жолаушы ақыры
Сол кеткеннен қайтқан жоқ,
Болды елінің «жат ұлы»

Күйін ешкім тартқан жоқ,
Жырын ешкім айтқан жоқ.

Өтті қыстар боранды,
Өтті күздер мұнартып.
Ал жолаушы оралды
Жазы туып қайтадан

Елін қайта қуантып.
Қайта оның таңы атты,
Қайта оған күлді арман.
Сол жолаушы ала атты

Шықты өлмей жылдардан.
Көргенім жоқ өлеңге
Оның жүзін кейін кеп.
«Би аға» дер оны елде

Жолаушым — Майлин Бейімбет.

МИХАИЛ СВЕТЛОВ

Қимаймын оны өлімге
Жүргендей ол Пиреней тауларында,
Италия көгінде,
Франция жерінде,

Жунгли бауларында.
Өзінің өлтірмейтін геройлары
Қарауыл боп тұрғандай жан-жағында.
Күн болып күркірейді өлең жолы,

Найзағай боп тастайды көкте ізін.
Бір мезет Кубадан көрем оны,
Барады жүзіп Карибтің көк теңізін.
Барады ол ат жалында

Азамат соғысында.
Жүреді бірде от жалында
Гренада болысында.
Газетте атын көрсе жұрт қуанып,

Сақтайды өлеңдерін жыртып алып.
Тұрады ол солдаттардың ортасында
Ерніне әдетінше күлкі оралып.
Тұра қап жазады жыр, жазады ән,

Достарын жылытады қызулы ойы.
Жыл емес жорықтардың азабынан
Сәл ғана енкіш тартқан ұзын бойы.
Атына ертеден қанық едім

Жүретінмін жырларын жатқа алып мен.
Түн ішінде үйіне барып едім
Тахауи Ахтановпен.
Балконнан шақырды тіл қатып,

Күткендей жақындарын.
Отыр екен түн қатып,
Аударып грузин ақындарын.
Еске алды баяғы

Каховка жылдарын,
Секілді өмір баяны —
«Яблочка» жырларын.
Кездесті бір жолы —

Он күндік кезінде
Жастық шақ тұрды оның
Жарқылдап көзінде.
Бұрынғы түр-түсі,

Мол бірақ әжімі,
Бұрынғы күлкісі,
Бұрынғы әзілі.
Мейірімді жүзінде

Жылылық тұратын.
Мейірімді жүзінде
Жырлар тұнатын.
Сөйлесетін құстармен

Адал асын алға қойып.
Сөйлесетін дұшпанмен,
Бронепоезды кезекті жолға қойып.

КЕТПЕЙДІ АТЫ КӨҢІЛІМНЕН

(Абдолла Жұмағалиев жайлы)
Табиғаттан тәңірідей
Құпия бір күйді ұғатын.
Үлбіреген жаны гүлдей

Енді ол нәзік лирик ақын.
Жүрмеді ол жүлде сұрап,
Киіп-жарып омыраулай.
Жұртқа жүз жылы ұшырап,

Естілді үні қоңыраудай.
Күлімдеді күнмен бірге
Ақ бұлттардан шашқан арай
Дірілдеді гүлмен бірге,

Жаны толқып жас баладай.
Барлық жанның туғаны боп,
Сүйді ол Жайық Ертісін де.
Әппақ ардың құрбаны боп,

Өлді ол жанып өрт ішінде.
Кетпейді аты көңілімнен,
Кей тіріден жақын тіпті.
Кетті ол жалған өлімімен

Нәзіктік пен батырлықты.

Ромео, Жульетта өлді бүгін,
Жығылды көздерінен жастар шұбап.
Жұлдызы махаббаттың сөнді бүгін
Қабысты қара жерге аспан құлап.

Мың кетіп, сахнаға мыңыншы кеп,
Мың рет айтты әлемге мұңын жүрек.
Мың рет көз жасымен көмсе-дағы
Өлімін көргендей жұрт бірінші рет.

Жиналған халық сонда қыбыр етпей,
Тас болып қалды қатып суреттей.
Сұрады Шекспирді. Ол көрінбеді
Көзге әсте шалынбайтын құдіреттей.

САХНАНЫҢ СЕРКЕСІ

Жетпіс деген жеті белес қыр аттап,
Көңілдерде жақсы өлеңдей тұрақтап,
Ортамызда отыр бүгін Серағаң
Алатаудың секілді бір шыңы аппақ.

Сахнаға шықса ол мөлдір арындай,
Жұрт көздері қадалады жалындай,
Шашылады күлкі жазғы жауындай,
Дүрілдейді алақандар дауылдай.

Балаша ойнап, данаша ойлап міндетін,
Күнде ашады, сахнаның тың бетін.
Келеді ол шашып-төкпей арқалап,
Туған елдің махаббатын, құрметін.

Мінезінде қарапайым кішілік,
Бір өзінде жайма-шуақ кісілік.
Кең кеудесі кардиограмма секілді
Мың жүректі күнде алатын түсір

Туған елдің өнерінің өркеші,
Туған жердің өнерінің өлкесі,
Көп жасай бер,сахараның еркесі,
Көп жасай бер, сахнаның Серкесі!

ТӨБЕМІЗДЕН ТҮСІП ЖАТТЫ АЛМАЛАР

(Мирмухсинға)
Оңтүстікте әр үйде атыз-арна бар,
Солтүстікте көрмегендер таңданар.
Дос үйінің ауласында отырдық.

Төбемізден түсіп жатты алмалар.
Атқан таңнан алған алғаш от ұрлап,
Төбемізден түсті алмалар топырлап.
Сенің бақшаң алуан гүлге бөленген

Шығыс жайлы дастан содан оқылмақ.
Қызыл гүлің — жаңа жайнап шыққан күн
Көк гүлдерің көк түсіндей бұлттардың.
Албыраған екі бетің анардай

Сенен бұрын Анар сырын ұққан кім?
Әр нәрсеге жүгірмесін бекер ой,
Гүл бақшаңда жырла,досым, кетер бой.
Енді білдім, піссе өлең кеудеде

Сол алмадай өзі түседі екен ғой.

КОМПОЗИТОР

(Бақытжанға)
Торлап кеткен бұлттардай ой қабағын, ,
Алған шымыр денесіп жайлап ағын,
Ақ, көгілдір, нарт қызыл сәулелердей

Төңірегі тұтасқан айнала үн.
Сол үндермен биіктеп, төмен түсіп,
Ән шарықтап, жатады өлең ұшып,
Әр толқынның ойнайды кеудесінде,

Белдеседі дауылмен ерегісіп.
Өнер оған сиқырлы ауыр дерттей,
Ән дариясын ағады жарып көктей,
Лапылдайды, шалқиды жалын атып,

Әйтеуір ол қалады жанып кетпей!

Өмірдің түні болмай ма,
Дүниені көзден жасыратын?
Өмірдің күні болмай ма,
Аспаны шайдай ашылатын?

Адамның сыры болмай ма?
Өзгеден жасыратын?
Адамның мұңы болмай ма.
Кектеніп ашынатын?

Адам сырын жырласам айып па,
Жүрегінен хат тасушы боп.
Адам мұңын жырласам айып па,
Арманының жоқтаушысы боп.

ҒАЛИЯБАНУ, ҚАЙДА ЖҮРСІҢ

Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы орамдардасың?
Үлбіреген майда гүлсің,
Нулы ормандардасың.

Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы жердесің?
Сүйген өзен майда ағысын,
Толқын желдесің.

Ғалиябану, қайда жүрсің,
Қайсы биіктесің?
Жастық атты арман жырсың
Сенсің жалғыз сүйікті есім.

Ғалиябану қайда журсің,
Тұрағың қай бақшада?
Мендей сені қайдан білсін,
Сырың жұмбақ басқаға.

Ғалиябану, қайда жүрсің,
Саған мұңым жетсе еді.
Қайда жүрсен, — ойда жүрсің,
Сағындым-ау бек сені.

Біреулер дүние төрімен
Жарасты жаңа достасып,
Біреулер туған жерімен
Тарасты жаңа қоштасып.

Әркімнің қалып артында
Қажып бір қаусап қартаймай,
Дүние жатыр қалпында.
Таусылып, ия ортаймай.

Көңілі үшін мен еркемнің,
Кешкі күнді жөнелтемін.
Таңғы күнді қарсы аламын
Көңілі үшін мен еркемнің.

Онсыз маған бақша гүлсіз,
Онсыз маған аспан күнсіз.
Онсыз мен бір тірі өлікпін,
Қатып қалған тастай тілсіз.

Өмір жоқ қой, өмір жоқ қой мәңгілік,
Өте шығар өзегіңді талдырып,
Қарайлаймын достарымның көзіне,
Алам ба деп көңілдерін қалдырып.

Біреу сәлем бермей кетсе қайрылып,
Қабағыма ұялайды қайғы-бұлт.
Қай уақытта өкпелетіп алдым деп,
Дөңбекшимін түнде ұйқымнан айрылып.

Мен ешкімді өкпе-назға қимаймын,
Мен достардың күлкілерін жинаймын.
Шаттансын деп олар-дағы біздердей
Күлкілерді тау-өзенге сыйлаймын.

Аласа деп тұр едім мен
Ұшар басын Ақбеттің,
Ұстап сенің білегіңнен
Асуынан шаққа өттім.

Тастарымен таласа кеп,
Көрдім сонда тауды анық
Кейбір жанды аласа деп,
Қалмайық бос алданып.

Көктем келеді, келеді
Қызылды-жасылды
Қызғалдақпенен.
Қырдан гүлдер тереді

Қыздар баппенен.
Қара көздер жайнап жанады
Далада қос-қос шырақ боп,
Желменен ойнақ салады

Бұрымдары қара бұлақ боп.
Нәзік бір үнмен ауаны сызып,
Төгіліп жастық көз шарасынан.
Аққулар — қыздар ағады жүзіп,

Жасыл гүлдердің арасынан.

Атылатын оғым бар,
Жауларыма сақтаймын.
Жалындайтын шоғым бар,
Жан жарыма сақтаймын.

Жазылмаған жырым бар.
Жазбай оны тынбаймын.
Мені өмір ұрласа,
Мен өмірді ұрлаймын.

Ашылатын гүлім бар,
Ашпай оны қоймаймын.
Шығатын бір шыңым бар,
Шығармын деп ойлаймын.

Жел жолаушы ерте кетіп,
Жүреді жонда көшіп-қонып.
Жас гүлдерді еркелетіп,
Тербейді тал бесік болып.

Жел, жел өзі бір қызық ат,
Қарамайды тау-тасыңа.
Толқындарды мінгізіп ап
Жөнеледі арқасына.

Мінезің жазық жер секілді
Емессін төкпе бұлттай,
Бір қалыптан аумайсың.
Ақпайтын көл секілді

Шетке шықпай
Өз арнаңда аунайсың.
Толқымайсың сағымдардай,
Дүрлікпейсің дауылдардай,

Даңқ жұлдызын тосып әр күн.
Қызықпайсың басқаға сен
Қарапайым осы қалпың
Көрсетеді жалғыз сені

Басқалардан асқақ, әсем.

АШЫҚ КЕЛ

Өзімді-өзім бос алдап,
Мақтануды мін көрем.
Қол көтеріп, шошаңдап,
Даурықпаймын мінбеден.

Қарсы келсе кімде-кім
Алайын деп соққылап,
Одақ іздеп жүрмеймін,
Шоқпар сайлап, топ құрап.

Сұп-сұр болып сызданып,
Сіреспеймін құр бекер.
Өртенбеймін қызғанып,
Жазсақ өлең-жыр жетер.

Әзәзіл боп азғырып,
Ши жүгіртіп бұқпалап,
Әркімге арыз жаздырып,
Тұра алмаймын сырт қарап.

Екі жүзді жылпос боп,
Жүре алмаймын басып жер.
Құшағыңды аш, шын дос боп,
Жау болсаң да ашық кел.

Қараңғы ымырт мұхитына сүңгіген,
Отқа белеп ұйықтатпаймын түнді мен,
Оятамын толқындарды жел болып,
Жартастарға жасырынып мүлгіген

Оятамын ұйықтап қалған белдерді,
Қамыс басып кеуіп қалған көлдерді.
Оятамын шатқалдарға ұрынып,
Шөгіп қалған, өліп қалған желдерді.

Оятамын тас боп қатқан тауларды,
Оятамын жас боп қатқан арманды,
Оятамын махаббаттан бал татпай,
Қыршынынан қиылған жас жандарды.

Алда өткел, алда асу, алда сын,
Өлім өшсін, өмір қанат самғасын.
Сәуле болып, жаңбыр болып оятам
Ұйықтап біреу ұлы жолдан қалмасын.

ҮМІТ

Айнымайсың сен тіріде,
Қайран үміт күш-қуатым.
Жететұғын жер түбіне
Сенсің менің ұшқыр атым.

Тояттап ап көк асқарда
Бойға сыймай бұла күшің,
Жететұғын жеті аспанға
Сенсің менің қыран құсым.

Әкелесің жақын етіп,
Көк мұхитты алыс тұрған.
Сенсің мені ақын етіп,
Табиғатпен табыстырған.

Кейде жаным сырласады
Үндемейтін жұлдыздармен,
Туламайтын толқындармен,
Тілсіз мылқау түнгі ызғармен.

Кейде жаным сырласады
Тұнып қалған тұңғиықпен,
Көк таулардың мұнарымен
Көтеретін күнді иықпен.

Жүрек тулап тыншымайды,
Өтті ұйқысыз түндерім де.
Олар менен тіл сұрайды,
Жүрмін ойда тіл беруге.

Тауда бір шал
Ақ самайлы, ақ қарлы.
Жерде бір шал
Әжім-әжім қатпарлы.

Көл бір кемпір
Түн ұйқысын төрт бөлген.
Ұзақ таңды
Көзін ілмей өткерген.

Бұлақ жігіт
Бойында қан дуылдап,
Айқай салып
Жел көтерген шуылдап.

Мұнар болсын,
Тұман болсын — Бір оған
Дүниемен сөйлесетін
Секілді ол тірі адам.

Ақсақалды қарттардың
Сақалдары ақ сүңгі —
Түсіреді есіме
Қар жамылған ақ шыңды.

Қара қасты қыздардың
Қара шашы — қара түн,
Түсіреді есіме
Қарлығаштың қанатын.

Алдаспанды батырдың
Ақ сауыты айбынды —
Түсіреді есіме
Ақ көбікті айдынды..

Бұлбұл құстар қалды артта,
Тамылжыған әнімен.
Туған жерден аулаққа
Кетіп барам тағы мен.

Қойып үнсіз бір сұрақ
Самолетке шығарып,
Ақмойнағым қыңсылап,
Жер тырнайды бір ауық.

Туған жерден алыстау,—
Дегендей-ақ бұл айып,
Жас кезімнен таныс тау
Жаудырайды мұңайып.

Бір өткір жел еседі,
Атанды да құлатар.
Кетесің бе деседі
Өзендегі құба тал.

Тұрғындары даланың
Тұрмыз деме шығарып.
Бәріңді де барамын
Ұзақ жолға бір алып.

ШИЕ

Шие теріп орманнан
Қалдым түнге кешігіп.
Таба алмадым жолды алдан
Күндіз жатқан көсіліп.

Орман шырмап жібермей
Тарта берді түбіне,
Көрген кісі күлердей
Түнде адасқан түріме.

Нем бар еді сонырқап,
Деймін іштей күйіне.
Ойда жоқта болдым тап
Орманшының үйіне.

Жетіп әрең батылым
Тарттым жібін есіктің.

— Бұл кім?— деген ақырын

Қыздың үнін есіттім.

—Шие теріп келем,— деп,

Жөнімді айттым қысылып,
Сұрамады ол тереңдеп,
Етіп иба-кішілік.
Үйіне қыз кіргізіп,

Шырпы тартып, шам жақты.
Мені көзбен бір сүзіп,
Оң жақта бір шал жатты.
Жайды сұрап болғасын:

—Жатырмын,— деп,—тұмаурап,—

Кетті ұйқыға орманшым,
Сол жамбасқа бір аунап.
Орманшының қызы жүр .
Шай қоюға қамданып.

Піскен шие жүзі бір
Күреңіткен қанданып.
Қыз алдында қысылдым,
Сөз таба алмай жүйелі.

— Алыңыз,—деп ұсындым

Албыраған шиені.
Қыз тигізіп ерінді Айтты:

— Қандай тәтті,— деп.

Мен ушін ол көрінді
Шиеден де тәттірек.

Көл бір жатқан шалқасынан шар айна,
Күн жоғында қарайды оған кәрі ай да.
Әншімін деп көтереді кеудесін
Көк шымшықтар бұлбұл жоқта тоғайда,

Өмір — дауыл, өмір — толқын, абайла,
Ақылға сал,жан-жағыңа қарайла.
Жәндікке де ойламаймын жамандық,
Сүйеушім деп жолға шықсаң мені ойла!

Бармағалы көп болды ғой орманға,
Гүлдерге сыр айтатын,
Шықпағалы көп болды ғой тауларға,
Күнге барып қайтатын.

Көк түбекке көп жүрдім ғой жете алмай,
Судан сүйірік тартатын.
Жүрегіңе көп жүрдім ғой жете алмай,
Жырдан сыйлық тартатын.

Кейде жанды сілкілейсің
Ызалы бір дауыл болып.
Кейде көзден сіркірейсің
Ызғарлы бір жауын болып.

Күлдіресің, жылатасың
Жаз бен қысты қатар әкеп.
Көтересің, құлатарсың,
Мені жат деп атама тек.

МАХАББАТ

Махаббат — қонақ үйі емес,
Ақша төлесең жатсынбайтын.
Махаббат — жұмбақ күй, елес,
Құпия сыр

Өлеңге де сеніп тапсырмайтын.
Махаббат —
Оңаша қашқан елік,
Жатқан жансыз тастар еріп.

Махаббаттық сенімі —
Аспандағы ай,
Махаббаттың серігі —
Жас қарағай.

Махаббаттың жыры —
Айқайлып айтылмайды.
Махаббаттың сырын
Жел біліп,

Сай тыңдайды.
Махаббат —
Жүрмейді жеке-дара.
Махаббат —

Үшеу емес,
Біреу емес,
Екеу ғана.

Күннен-күн дос ауруы асқынса да,
Жұтынтпай тамағында тас тұрса да,
Алдадым сауығасық сабыр ет деп,
Көзімде шыныңды айт деп жас тұрса да,

Аз күнге ажалды оған ұмыттырып,
Алдадым ауыр күйін біліп тұрып,
Себіме алдауымның алты ай тұрды ол
Алданып алғы күннен үміт қылып.

Бұйра ормандар алыс қалып барады,
Алыс қалып барады,
Бұйра өзендер алысқа ағып барады,
Алысқа ағып барады.

Жеткізбейтін даналығың сияқты,
Көп іздейтін балалығың сияқты.
Олар күңгірт тартқан ақшамда
Екі айрық жол секілді бөлінген,

Бірі тартса алға,
Бірі кері шегінген.
Екеуіне жоқ ешқашан жарысу,
Екеуіне жоқ ешқашан табысу.

Бірі қалған балалығың
Қайта алмайтын қусаң-дағы екпіндеп,
Бірі арманы жаңа күннің
Айта алмайтын ешуақытта жеттім деп.

ЖЕҢЕШЕМ МОНОЛОГЫ

Науша бойым бар еді —
Гүл өрімдей,
Қара көзім бар еді —
Қара көлдің түбегіндей.

Қызыл жүзім бар еді —
Батқан айдай,
Қара қасым бар еді —
Тартқан жайдай.

Қолаң шашым бар еді—
Қара мақпал іңірдің түнегіндей,
Самал соқса желпілдеп ойнаушы еді,
Желкілдеген толқынды ну егіндей.

Ақ маңдайым бар еді —
Қыс қарындай,
Сайраушы еді таңдайым —
Көктемнің құстарындай.

Қыр мұрынға жұқа ерін жарасатын,
Беріп еді табиғат парасатын.
Сылаң қаққан бір кезгі өтті дәуір,
Біз жайлаған бақшаға жетті дауыл.

Қызыл ерін бозарды,
Күңгірт тартты көз алды.
Қара шаш қырауланды,
Ақ көңіл тұманданды.

Бетті әжім басып,
Бел бүгілді,
Мен солай болып едім деп,
Сендіре аламын енді кімді?

Жанымда әлі көктем бар,
Қырық төртте деп ұқпаңдар.
Көктейтін әлі көк тал бар,
Жауатын әлі бұлттар бар,

Қырық төртте деп ұқпаңдар.
Жанымда әлі отым бар,
Жанымда әлі дауыл бар,
Көзімнен соны оқыңдар.

Көзімнен соны таныңдар.
Мұхиттай соны көріңдер,
Шомылып соған алыңдар.
Әжімді көрсең жүзімнен

Қыс екен деп қалмаңдар.
Жаз гүліндей үзілген
Ол бір нәзік армандар.
Әжім боп түскен бетіме

Оралмай елге қалғандар.
Ақ найзағай көрінсе
Қара бұлттай шашымнан —
Қалған із қанды соғыстан,

Қалған із жауын-шашыннан.
Көктемім кеп тойлайтын,
Күз деп мені ұқпаңдар.
Жанымда әлі ойнайтын

Найзағайлы бұлттар бар.

Қырық алтыға мен, досым, келем бүгін,
Белгісіз биіктігім,тереңдігім,
Мені қайсы көлбеген параллельден
Табар екен, білмеймін,келер күнім,

Қырық алтыға мен, досым, келем бүгін.
Өстім байтақ даладай мен адал боп,
Оралмадым соғыстан генерал боп,
Мен аңқылдақ ақынмын жұртқа бірдей,

Батыс, шығыс, солтүстік шекарам жоқ
Өстім байтақ даладай мен адал боп.
Өткіздім мен өмірдің қанды қысын,
Талай бүрді бүркіттей жауды мысым.

Жауаптымын өмірде барлығы үшін,
Мен көтерсем шарапты, көтердім тек
Жер шарының бүтіндік, саулығы үшін.
Туған елге арнадым жыр-дұғамды,

Берді ол қолға қырмызы туды мәңгі.
Скульптор егер, де соқса мені,
Соқса болды жаралы сол қолымды
Соқса болды оқ тескен дулығамды.

Десін сонда көргендер кісі, міне,
Айтсын шалдар біткен деп күш ініме,
Мені ептеп ұқсатса оқасы жоқ
Ақын атам Абайдың тұлғасына,

Аманкелді батырдың пішініне.

Жарқылдап өткен жаздардың
Жалынын кейде білмедім,
Қаңқылдап өткен қаздардың
Қадірін кейде білмедім.

Жыр болып жанды тербеген
Түндерді тептім кеудеден.
Қадірін қалай білмегем,
Соны ойлап бүгін сенделем.

Бұрқана соққан борандай,
Жоғалды олар оралмай.
Отырмын жаздай қағазға
Қаз болып енді қона алмай.

Қара жұлдыздар арасында ағамын,
Қара дариялар жағасында жанамын.
Қара бұлттардан үзіліп түсіп,
Ақ жаңбырына айналамын ауаның.

Менің қара терімнен,
Көктейді егін көк аспандай.
Мен сонда қараймын дала төрінен
Жаңа бір планетаға жол ашқандай.

Әр нәрсенің кезі бар
Туып, я өлетін.
Әр нәрсенің көзі бар
Жанатын, я сөнетін.

Құлақ салған жұрт ұғар,
Шөптерде де күлкі бар.
Қайыңның көз жасы бар,
Қара тастың бұлты бар

Жолдар ойланады
Батбақты қалай оралып өтемін деп,
Ормандар ойланады
Жазды қалай қиып кетемін деп,

Құстар ойланады
Оңтүстікке қалай жетемін деп.
Ойлай-ойлай осылай күн кешеді,
Үнсіз сөйлеп адаммен тілдеседі.

Қоладан құйылған арыстандар,
Жалдары сұрғылт толқын түсті,
Кейде олар тірі арыстаннан қорқынышты.
Тірі арыстанның қалғып ұйықтайтын

Кездері болады,
Ал өлі арыстанның жұмылмай,
Күндіз-түні от шашып көздері жанады.

БОЯУЛАР

Ақ сәулелер сөйлейді үнсіз,
Ақ аспанның тілі болып.
Көк сәулелер сөйлейді үнсіз,
Көк теңіздің жыры болып.

Ақ бояулар,
Көк бояулар —
Тұрмын қарап сәулелердің ағынына.
Сол сәулелер жанады оттай,

Ұқсап таңның жарығына.
Таң атарда:
Көкшіл бояу;
Ақшыл бояу сөйлейді үнсіз бір табысып,

Сөйлейді үнсіз сыр алысып.
Күн бір аққу,
Аспан жүзер айдынында,
Алуан сәуле болмаса егер,

Адам батар қайғы-мұңға.

Сенің бағаң жырда әлі жеткен жоқ,
Соны армандап ақындардан өткен көп.
Шіркін, ана, табиғаттың өзіндей
Жылдар сайын жасарасың көктем боп.

От ішінде талай рет өлдің сен,
Оқ ішіиде талай рет өлдің сен.
Бар әлемде өлмейтұғын бір жан бар,
Ол өзіңсің, қайран ана, мен білсем.

Жылағың кеп тұрса-дағы жыламай,
Құлағың кеп тұрса-дағы құламай,
Жердің, көктің сөнбейтұғын күні боп
Қос жанарың жарқырайды-ау шырадай.

Жаралғансың темірдей сен төзімнен,
Жаралғансың гүлдей нәзік-сезімнен,
Бұл дүниеде егер құдай бар болса,
Сол құдай да туған шығар өзіңнен

Жердің шары дән сияқты
Айдың сүтін ішкен,
Күннің отына піскен,
Жердің шары қақ айрылған жар секілді

Ортасынан найзағай түскен.
Содан екі белдеу болып,
Ойнайтындай жалтылдап алуан түспен.
Жердің шары жаралған

Теңізден,
Таулар тұғырынан,
Алуан спектр күн нұрынан.
Жердің шары

Әрі жас, әрі кәр атанған.
Жердің шарын түсірмейміз
Жердей жалпақ алақаннан.

Адам қараңғы түнге айналар еді,
Егер қара көздері — қара күндері болмаса.
Жер беті сұп-сұр күлге айналар еді,
Егерде төсінде бала гүлдері болмаса.

Қалдым туған қоныстан кетіп,
Салды тағдыр неше түрлі күйге әкемді.
Мені қараңғы эшелон соғысқа әкетіп,
Мені жарық эшелон үйге әкелді.

Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым кеп болғансын.
Келгенімде егіліп шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғансын.

Қиялданып тұр аспан,
Ақ бұлттары — қағазы,
Түспейді ойға бір дастан,
Келмейді жыр-ғазалы,

Соны іздеп тынбастан —
Қиялданып тұр аспан.

Көк жапырақтардың қара көлеңкесіне
Сәулелер сығалайды шат күлген.
Ол күшннің қанжарындай
Қараңғыны қақ тілген.

Жер көл секілді,
Жел толқын секілді,
Тұңғиықты сапырған.
Орман көгілдір аспан секілді,

Ал алмалар қызыл доп секілді
Сол орманнан атылған.

Өлеңменен сүйдік біз балаларды,
Өлеңменен ұзатып ана қалды,
Өлеңменен аттанып шабуылға,
Өлеңменен алдық біз қалаларды.

Өлеңменен өртеніп түтіндедік,
Өлеңсіз біз еш нәрсе бітірмедік.
Өлеңменен от кешіп оқтан өтіп,
Өлеңменен дақ түспей бүтін келдік.

Өлең — өмір мәңгі жас көнермеген,
Өлеңменен өмірге ел өрлеген.
Далаларда өлеңмен от тұтанып,
Қалаларда шам жанған өлеңменен.

Ашуым менің түн секілді
Айы менен жұлдызы жоқ,
Сәулелердің бір ізі жоқ,
Ашуым менің түн секілді.

Күлуім менің күн секілді
Шұғылалары шашыраған,
Атылып жатқан ақ кебіктер.
Жаймашуақ жасыл алаң,

Күлуім менің күн секілді.
Кейде шат боп сүйінемін,
Тыныштықтың тынысындай.
Кейде ыза боп күйінемін,

Қара үңгірдің көз жетпейтін қуысындай.
Жұрттың бәрін жолдассынып,
Не де болса көзге айтамын.
Алқылымдықолбасшы ғып,

Ашуымнан тез қайтамын.

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА

Тау басында шынар-ай,
Көңілім сізге құмар-ай,
Жылы-жылы жел еседі,
Жаз келетін шығар-ай.

(Халық өлеңінен)
Көңілде бір із қалдырып,
Жұлдыздай ағып өтті ол күн.
Жапанда жатты жаңғырып,

Көкала теңіз кек толқын.
Жартасты жалап аш көбік,
Қайнады быж-быж бұрқырап.
Көзіме сонда жас келіп,

Теңіздің қайттым бұлтын ал,
Сағынышым теңіз боп,
Тағы да саған құмарттым.
Толқимын деп жел іздеп,

Тұманданып, мұнарттым.
Тулайды, қайта тулайды,
Төсімнен толқын атылып,
Шулайды, қайта шулайды

Теңіз боп сені шақырып.

ҚАРАША

Қараша келді, жаз келді.
(Халық өлеңінен)
Қанаты жалдай жалбырап,
Аспанның қара аттары.

Көздері көлдей жаудырап,
Қараша қаздар қаптады.
Төбеден өтті тізіліп,
Қараша қаздар қанқылдап.

Қол созды орман қызығып,
Тебіренді өзен ән тыңдап.
Жөңкілді бұлттар жол беріп,
Саумал көл, алда сайран саз.

Көкірегіме қон келіп,
Қараша қаздар — қайраң жаз!

Ұзақ жолда жүргеніңде
Найзағай ойнап,
Туа қалса басыңа күн,
Сен қорықпа,

Мен қасыңдамын
Тұманды түндеріңде
Алға бас, ілгеріле,
Сен қорықпа,

Мен қасыңдамын.
Мен сені желпіген желмін,
Мен сені көтерген жермін,
Мен сені шайқаған көлмін,

Бірге өтеміз өмірдің асуларын
Сен қорықпа,
Мен мәңгі қасыцдамын.

БҮРКІТТІ

Көкшетаудың қасында
Биік емес бұл тіпті,
Бұлты да жоқ басында,
Бірақ аты Бүркітті.

Одан сонша кім күткен
Сыр бар деп бір ғаламат,
Ұя салған бүркіттер
Бүркіттіні қалап ап.

Боранды да қарсы алып.
Желде бойы жеңілдеп,
Балапандар ән салып,
Су ішеді, жемін жеп.

Көрші таудан бұлт ауып,
Кетсе кенет күн жауып,
Сілкінеді бұрқанып
Қапаттарын бір қағып.

Жаңғырығын кетеді
Сол мезетте Бүркітті.
Бүркіттердің мекені
Қасиетті бұл құтты.

ҚҰМДАҒЫ ҚЫЗЫЛ АРШАЛАР

Сары дала төсінде
Сары дария — сары құм,
Күш керек онда өсуге,
Аршаға жайып тамырын.

Жарыққа, нұрға жетуге
Іздеді ол қанша жол тынбай,
Сары дария бетінде
Жүзеді қызыл толқындай.

Берілмей талай күштіге
Ерлігі аңыз жыр болып,
Жанады ол құмның үстінде
Түнде де маздап күн болып.

Көзіндей көне бабамның,
Құрдасындай баламның,
Аршалар, айтшы, сендердей
Жақынды қайдан табармын.

ТҮЙЕАСУ

Тік қарасаң басыңа қан үйелер,
Тек тастар бар талдай қармап сүйенер,
«Түйеасу» деп атын бекер қоймапты
Тек бұл жерден асады екен түйелер.

Асу-асу... Қайғы-шерді қозғаған,
Қырандардың қияғы жоқ тозбаған.
Бұл асуда қанды көштер қамалып,
Ботасы өліп боз інгендер боздаған.

Жазда боран арылмайды басынан,
Сусындайды бұлттардың көз жасынан.
Мен келемін күйге созып қолымды.
«Чайкаменен» аттағалы асудан.

Аруанадай асу түрі тым қызық,
Бұлттарды ол көктен аулап тұр сүзіп.
Ракеталық самолеттер өтеді,
Найзағайдай жолын оның бір сызып.

Көрсетеді төңірекке тау ызбар,
Ол туралы талай-талай аңыз бар.
Сол асуға самолетке мінгенмін,
Түйе мінген қазақ-қырғыз қарыздар.

ҮКІЛІ

Үкілі, тау біткейнен аласасың,
Үйілген алаңқайра ала тасың.
Үкілі, қыз секілді ертедегі,
Үйіріп жолаушыны қаратасың.

Тұрасың сұлулықтың әлеміндей,
Тұрасыц жас өмірдей, кәрі өмірдей.
Құдайға шүкіршілік, жеттің бізге,
Жолдаған ғасырлардың сәлеміндей.

Кейбіреу Үкіліні дөңес десін,
Көзіне басқа таулар елестесін.
Үкілі, Үкілім-ай аты болса,
Білемін басқалардың теңеспесін.

Рақмет, досым, ескеріпсің,
Ескерусіз жатқан жанды.
Өмір гүлін кеш теріпсік,
Кешіп жүріп шатқалдарды.

Көнерген бір суреттей
Келді алдыма көмескі күн.
Қалған жалғыз сыры кетпей,
Көзі болдың сен ескінің.

Көне күннің сен жарқылы,
Жалт етер бір қия кезең.
Көкіругіме сая арқылы
Құйылады қиял - өзен.

Болдың бірге ыстықтар да,
Болдың бірге суықтарда.
Сенімен бір шықтық тауға,
Жүздік бірге бұлттарға.

Шерленсе де көңіл бір сәт,
Жастық шақтай көнермес күн.
Өзің егер берсең мұрсат,
Сен тұрғанда мен өлмеспін.

Кәрі секілдімін аспандай,
Кәрі секілдімін жұлдыздай.
Иығымнан бір зіл басқандай.
Төсектен мені тұрғызбай

Тас ғасырдың шағында
Аяқты алғаш бастым ба?
Өртендім бе жалынға,
Көмілдім бе тасқынға?

Теңізге әлде тұншығып,
Жанымның отын бердім бе?
Ақиқат үшін құлшынып,
Аспанда жанып өлдім бе?

Көз салам зарлы жылдарға,
Қараймын кәрі шыңдарға.
Солардың бәрі тұрғандай
Тұтасып менің тұлғамда.

СУСАМЫР

Айттым, саған арнармын,
Егер менен туса жыр.
Арасында таулардың
Алтын арал — Сусамыр.

Той жамылған мұз, қардан
Бізбен бірге бұлт ұшып,
Құлайды ол құздардан,
Бізбен ойға бір тұсіп.

О, Сусамыр, жолыңда
Кездесті бір атпазы.
Қыран бүркіт қолында,
Артына ерген ақ тазы.

Өз өлеңін жол айтты,
Бір шырқап, бір төмендеп,
Өз өлеңін шал айтты
Үлкен тойдан келем деп.

Асқар тауда бұлт ойнап,
Көрінбейді күндіз күн.
Келеді екен жұрт тойлап
Қырық жылдығын қырғыздың.

Айттым, саған арнармын,
Егер менен туса жыр.
Арасында таулардың.
Алтын арал — Сусамыр.

АВРОРА

Тығылын «Аврораның» алқымына,
Ашу кек тұрды дайын атылуға.
Жаңа дүние сөйледі хабаршысы
Жалыны ұқсап таңның жалқынына.

Ұшырып ескі тақты ұшқынымен,
Оятты жердің жүзін күшті үнімен,
Қақ бөлген қара бұлтты найзағайдай
Шұғыласы шар тарапқа түсті бірден.

Аңсаған жетіп адам мезгіліне,
Қол созды жаңа туған өз күніне.
«Аврора жаңғырығы атой салған
Ұқсады Лениннің өз үніне.

«Аврора» жарығындай нұрын құйып,
Ленин Октябрьдің туын сүйіп.
Көтерген бүкіл елдің қолыменен,
Қарауға болашақты тұрды биік.

Ентелеп, бірін-бірі киіп-жарып,
Тыңдады Ленинді дүйім халық.
Желпінді жаңа заман жаршысының
Әр сөзін құлағына құйып алып.

...Көрсетіп құдіретін біздің күштің,
Аспанның қабат-қабат жүзіп үстін,
Жер тұрсын, Айға барып қонақтады,
Тараған «Аврорадан» қызыл ұшқын.

ЛЕНИН АЛАҚАНЫ

Тулайды теңіздер,
Шулайды ормандар,
Шешек атады жас гүлдер,
Жапырақ жаяды жас құрма —

Ленин алақанының астында.
Ленин алақаны —
Күн тұғыры,
Ай алаңы,

Жер шары аясында айналады.
Ленин алақанында
Таң жүзеді
Жаралған қардай нұрдан.

Ленин алақаны
Тербетеді жыр болып бесіктерді,
Ашады ақ нұр болып есіктерді.
Сипайды жетімдерді маңдайынан.

Түр-түсінен даланың,
Күлкісінен баланың,
Күлкісінен кәрі атаның,
Лениннің сезесің алақанын.

ЛЕНИН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫ

Қарапайым оның жүріс, тұрысы,
Қарапайым ақтарыла күлісі,
Қарапайым алғашында басталып,
Бітеді оның керемет боп ұлы ісі.

Қарапайым үстіндегі киімі,
Кепкасын да қызық кейде киюі.
Қарапайым сөйлеп кетсе бірақ та,
Басқалардан шығар биік иығы.

Қарапайым оның барлық қимылы,
Ол — өмірдің, өмір оның сыйлығы.
Қарапайым айтылса да қалт болмай,
Орындалып жатады оның бұйрығы.

Жұмысшының, матростың, шаруаның,
Тыңдайды ол көкейдегі арманын.
Әңгімемен сезбейді ол көбіне
Кремльге таянып та қалғанын.

Жолықса оған жұрттың бәрі жаңарып,
Шығады одан өміріне нәр алып.
Күннен биік, терең мұхит түбінен —
Қарапайым лениндік даналық.

ЛЕНИН —ӨМІР

Өлеңдер көп
Жалғанға
Ленин өміріне
Өлеңдер жоқ

Арналған
Ленин өліміне.
Қаиша ақын қан төксе де қаламынан,
Қанша ақын жас тексе де жанарынан.

Ленинді елді деп сендіре алмас,
Өйткені Ленинмен өмір жалғас.
Лениннің өмірі —
Леңйннің әр үні —

Жұлдыздың жарқылында,
Күннің күркірінде,
Ракеталар қарқынында,
Жыр тілінде.

Вьетнамда ең соңғы оғын атып,
«Ленин» дейді жауынгер өліп жатып.

— Мен өлгенмен ойлайды ол өмір бар,— деп,

Мен өлгенмен ойлайды ол Ленин бар,—деп.
Өлеңдер көп
Жалғанған
Ленин өміріне.

Өлеңдер жоқ
Арналған
Ленин өліміне.
Ленинді күтіп отыр көп кісі,

Қауырт жұмыс:
Әрбір таңы,
Әр кеші.
Лениннің алынбайды кепкісі,

Лениннің шешілмейді пальтосы.

ЛЕНИНГРАДТАҒЫ МАРС АЛАҢЫНДА

Жатыр алан —
Қызыл гүлден
Қолға Қызыл ту ұстап,
Жатыр алаң —

Қызыл күннен
Қызыл отты уыстап.
Жатыр алаң —
Жалпақ елге әйгілі.

Жатыр алаң — бейне мұхит айдыны
Жатыр алаң —
Дүниеге даңқы асқан.
Жатыр алаң —

Жарқыраған
Гранитті жартастан.
Көк шыршалар
Басын иіп ізетпен,

Көк шыршалар —
Революция құрбандарын күзеткен.
Олар сонау Октябрьдің таңында,
Оққа ұшқан Қысқы Сарай жанында,

Қандары бар Октябрьдің таңында,
Рухтары айналған от-жалынға.
Жатыр сонда, халқым,не бір аяулың,
Бір күрсінбей ете алмайды көкірек,

Жалынменен жазып өмірбаянын
Мәңгіліктің қалған олар оты боп.
Демесеңіз құрбандарда
Тек қимыл жоқ, дауыс жоқ.

Марстың гүл алаңында
Жанып жатыр Марс боп.

ҚАНДАЙ ОРДЕН БЕРЕМІЗ ЛЕНИНГЕ

Ең шешуші шабуыл шақтарында,
От ұясын жауынгер жапқанында,
Жазылғанда есімі ірі әріппен
Иңформациялық бюроның ақпарында,

Батыры деп қаһарман ұлы елімнің
Берілсді ордені Лениннің.
Қойшы қарлы боранда адасқанда,
Қойға адам мен аш бері таласқанда,

Апта бойы бір тұяқ шығын етпей,
Шыққанында шопанның бағы аспанға
Социалистік Ері деп ұлы елімнің
Беріледі ордені Лениннің.

Ескі дүние ордасын ойрандаған,
Адам үшін өз басын ойланбаған,
Орден алмай, көзінің тірісінде
Мерекелі мүшелі тойланбаған.

Октябрьді орнатқан ұлы елімде,
Қандай орден береміз Ленинге?!

ҮШ МИЛЛИОН ПАТРОН

1

Айнымайтын түйеден
Күн күйдірген жатыр жщн.
Келеді керуен тиеген
Үш миллион патрон.

Келеді құм ішімен,
Бір дамыл жоқ көште бұл.
Әр жерде бір күшіген,
Әр жерде бір сексеуіл.

Пана таппай жан ашыр,
Ебелектер желге ұшқан.
Қанын тартқан қара сұр
Жаралғандай жер мыстан.

Майдан шуы асқындап,
Жатыр ағып қаны елдің.
Лениннен тапсырма ап,
Келеді жас Жанкелдин.

Үш миллион патрон!
Ақтөбеге оқ керек.
Үш миллион патрон —
Ақтөбеге көоп көмек.

Аңызақ боп айбары
Тұр бұрқырап отты жыл...
Ақтөбенің майданы
Күтіп отыр оқты бұл.

2

Соқты дауыл далақтап
Құмды үйіріп тасқындай,
Ай далада жалақтап,
Жем іздеген қасқырдай.

Айналаны шаң басып
Аспан мен жер жалғасыа,
Көзді байлап сиқырдай
Ойнақ салды арбасып.

Құм дауылды жамылып,
Мыналар кім ат қойған?
Жылан оқтар ағылып,
Ысыл қағып жатты ойдан

Көшті көзден ғайып боп,
Жер менен көк жеті қат.
Тек қанатын жайып оқ,
Жатты атысып екі жақ.

Тына қалды оқ кенет
Жалын құсып, сел төкпей,
Екі жақ кеп бетпе-бет;
Қалды айқасып екі өрттей.

Жай жарқылдап қылыштан,
Найзалардан ұшты оттар,
Айқай-сүрей ұрыстан
Талай салтаң шықты аттар.

Я жеңіліп, жеңеді,
Алда жалғыз жатыр жол.
Бандаларға керегі —
Үш миллион патрон.

Ер Әліби лақтырды,
Қойынынан бомбаны ап.
Қашты жаулар ақ тулы,
Қалың құмды омбылап.

Айнымайтын түйеден,
Күн күйдірген жатыр жон.
Келеді керуен тиеген
Үш миллион патрон.

СОВНАРКОМ ПРЕДСЕДАТЕЛІ

Орынбор. Жайық жағасы.
Туды елге серпіл дейтін күн!
Мінбеде — төрдің ағасы —
Совнарком Сәкен Сейфуллин.

Қаңсыған шөлді далаға,
Жатқандай жаңбыр құйылып.
Самғайды құстай ауада
Өр даусы жұртты үйіріп.

Сілтейді ол қолын кей-кейде,
Қанатын жайған сұңқардай.
Қалың жұрт айдын көл бейне,
Тұнып бір қалған бұрқанбай.

Ұясы ой мен ақылдың
Соғылған тұтас сом маңдай.
Көзінде отты жатыр күн,
Қара мұрт — қалың ормандай.

Жанашыр жарлы-жетімге,
Туыпты-ау, шіркін, ұл болып,
Елінің ары бетіне
Тұныпты-ау, қызыл нұр болып.

Сындары сұлу қарағай,
Келбеті қандай келіскен.
Осылай ойлап жағалай,
Тұрғандай толқып ел іштен.

— Туды енді ауыл жастары,

Оқуға ұмтыл дейтін күн!
Осылай ұран тастады
Совнарком Сәкен Сейфуллин.
Ұшқындай осы ұраниан

Жұрт кетті жанып-тұтанып.

— Қонды,— деп,— қолға ұлы арман

— Сөйледі Сәбит Мұқанов.

Сөйледі ел жүрген тұншығып.
Өртеген мұңын өзекті.
Қаракөз сұлу қымсынып,
Бір кезде алды кезекті.

Япыр-ау, бұл қыз таныс қой,
Көргендей оның кейпін мың.
Кезгендей сонау алысты ой,
Түнерді ақын Сейфуллин.

Ақмола. Ақтар түрмесі,
Кім білсін көп пе, аз ба өмір.
Есінде күздің бір кеші —
Есілдің кеші наз қоңыр.

Қанаты ұшпай кесілген,
Секілдімұңды қарлығаш
Су алып қайтып Есілден
Жүретін осы қарындас.

Ақынның мерген көз нұры
Ататын қыздын жанарын,
Жабатын ымырт мезгілі,
Жарығын ұрлап даланың.

Еске сап со бір тұр күзді,
Оралтып ескі соқпаққа.
Түсірсем дейді бұл қызды
Оқуға Сәкен Совпартқа...

Орынбор. Жайық жағасы.
Туды елге серпіл дейтін күн!
Мінбеде — төрдің ағасы —
Совнарком Сәкен Сейфуллин.

АРХИТЕКТОР ВАЛЕНТИНА ПЕТРОВНА

Бұлт торлағаи Ленинград аспанын,
Жаңбыр... жаңбыр төгеді көз жастарын.
Сонау соғыс күндерінде күн көрмей,
Секілді ол өткен сенің жас шағың.

Жалтыр аяз,адам беті домбығар,
Ленинград көпіесінде омбы қар.
Қала іші қап-қараңғы күндіз де,
Тек кештерді күндіз етер бомбылар.

Әр бұрышта «сақтан» деген тақта бар,
Қарауылдай қатып қалған қақпалар.
Суворов тұр жалан ұстап қылышын,
Мен барында ашылмас деп жатқа олар.

Қараңғы түк жағылмайды алаулар,
Сен келесің жүрегіңде жараң бар.
Жатыр бұғып жаудан өзін жасырып,
Бір кездегі Пушкин жүрген алаңдар.

Жатыр үйлср жау оғынан бұзылған,
Аяз сорып, етке тепкен қызыл қан.
Сен келесің саған тиген сыбаға,
Тәулігіңе талшық етер үзім нан.

Өміріңе салмақ түсті балғын жас,
Мұз боп қатқан болды Нева тағдырлас.
Атланттай күмбездері көтерген,
Нәзік бойың иілген жоқ талдырмаш.

Жас қиялың сол шақтағы түн кезген,
Қалды ұштасып қанат жайып бұл кезбен.
Қазір енді өзің салған сарайлар
Саған қарап күлімдейді мың көзбен.

ТЫҢДА, ДҮНИЕ, ТЫНЫШТЫҚ ҮНІН

1

Соғыста қорықпағандар —
Соғыста болмағандар,
Жорықта жортпағандар —
Кек оғын жонбағандар:

2

Соғыс жатыр тығылын от уыстап,
Қараңғы түкпірлердің қуысында.
Сырттан кезеп мылтығын отыр ұстап,
Ол сенің ішіңде жүр дұрысында.

Ол — жатқан оқ жауынгер кеудесінде
Ол — жатқан оқ жесірдің зердесінде.
Саудаласып солдаттың жетімімен,
Ол жортып жүр американ етігімен.

Жетемін деп кем кеткен есесіне,
Жүр ол Батыс Берлиннің кешесінде,
Дүниенің сыймай кең шеңберіне
Ол жортып жүр Арабтың шөлдерінде.

3

Болсаң қарыз от кешіп өлгендерге,
Соқ соғысты сілейтіп көрген жерде,
Шеңгелдеген соғыстың от уысы,
Тулап жанып солдаттың отыр іші —

Ол соғыстың ұрланып қапыда ұрған
Алдап соққан алғашқы өкініші,
Тулап жанып солдаттың отыр іші.

4

Мен ағаш қол солдатпын —
Оң қолыммен шүріппе басып оқ аттым,
Мен ағаш аяқ солдатпын —
Аяқ барда жорық жолын шаңдаттым.

Мен көзім жоқ солдатпын —
Көзім барда қас жауларды кездедім.
Мен сөзім жоқ солдатпын —
Тілім барда ұшты оқтай сөздерім.

Мен қолымды кеміп кеттім майданда,
Мен аяқты беріп кеттім майданда,
Мен күнімді беріи кеттім майданда,
Мен тілімді беріп кеттім майданда.

Әй, дүние,
Зағыптарды тыңда с,ен.
Әй, дүние;
Алыптарды тыңда сен.

Әй, дүние,
Олар қолын, аяқтарын бермесе,
Әй, дүние,
Сен түрегеп тұрмас ең.

Олар соғыс әулиесі — көріп кел,
Тыңда сөзін, дүние енді берік бол!
Тыңда, дүние, жаныңда тұр жау деген
Бейғам қалып қаусамасын сау денең.

5

Есер соғыс көпке шашып топырақ,
Оралмасын Освенциумның отын ап,
Әй, адамзат, сөз береміз үкіміңді оқы деп,
Сотта соғысты, Сенсің әділ өкімет

Сенің үнің континенттер дабылы,
Сенің үнін мемлекеттер әмірі,
Халықтардың қаһарына тұншықсын
Қанды лайсан қара соғыс дауылы!

ЛЕНИН — ОКТЯБРЬ

Октябрь.
Петроград.
Қара суық.
Көк Нева көкке атылған аласұрып,

Көрініп көк жиектен глобустай
Дөңгелеп күн келеді жаңа шығып.
Лениннің сөзінен құрал ұстап,
Смольный көз ілмейді қырағы штаб.

Келеді кезей ұстап винтовкасын
Бушлатты матрос Кронштадт.
Қорғасындай қорытылған шымыр үні,
Жұмысшының түюлі жұдырығы.

Адымдап Петроград аспанында
Октябрьдің келеді ұлы күні.
Қызыл тулар Неваның көк жағасы,
Қызыл тулар аспан мен жер арасы,

Октябрь Ленинге қол созады,
Октябрь — Лениннің бел баласы.
Ленин жаңа тарих белесінде,
Ленин жаңа дүние кемесінде.

Ту болып толқындайды шалқып жанып,
Арманды ғасырлардың төбесінде.

СОЛДАТ ҚАСЫҒЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Жанарынан ең соңғы жасы тамып,
Жығылды ол Карнаттан асып барып,
Жолдастары жіберді анасына
Солдаттың қонышындағы қасықты алып.

Қасіреттің қара оты қанында ұйып,
Қарт ананың жайлады жанын күйік.
Ұзақ тұрды мұнартқан тау тәрізді
Қарапайым қасықтың сабын сүйіп.

Ойға батты қиялмен, тау, құзды асып,
Майданды да інарлады қанды із басып.
Жан ұлының қалдырған бар мұрасы
Қолындағы қалайы жалғыз қасық.

Басталды екен майданра жолы қайдан,
Кім екеи бұл қасықты жонып ойған.
Жалғыз ұлы, дариға, атын жазып,
Жалғыз қасық сабына қолын қойған.

Сол жазулар тұрғандай сөз ғып ұлын,
Көк жиегін ашқандай көз нұрының.
Сол қасықтық сабынан сезінгендей
Баласының оты мен өз жылуын.

БАТЫР МЕН АТЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Қас батырға оқ қадалды үш рет:

— Ал, тұлпарым, туған жерге ұшып жет!—

Иесінің үнсіз сөзін ұққандай
Жануары тартты желге кісінеп.
Көздерінде дөңгеленіп от ыршып,
Келе жатыр, келе жатыр ат ұшып.

Зырлайды ол, көз жасы ма батырдың
Жібек жалда жылтылдаған жатыр шық.
Соңғы шабыс... соңғы тыныс сыйындай.
Келеді ағып, келеді ағып құйындай.

Аспан-жердің арасында ағады,
Қарасына көз ілеспес тиындай.
Келеді ол жау оғына ілінбей,
Келеді ол ой-шұқырдан сүрінбей.

Келеді ол аласа боп шөптерден,
Шапқаны да, ұшқаны да білінбей.
Тұяғынан түтін болып шаң ұшып,
Келеді ол қара желмен жарысып.

Батыр қолы қалыпты оның жалына
Мәңгі-бақи айрылмастай жабысып.
Елді айналып жүріп апты екеуі,
Елді айналып тұрып апты екеуі.

Ажыратар қол табылмай екеуін,
Ескерткіш боп тұрып қапты екеуі.

БЕЛІГІСІЗ СОЛДАТ БАСЫНДА

Өлтірді оны бірақ солдат өлмеді,
Өшірді оны, бірақ оты сөнбеді.
Бүкіл халық иығына сап көтерігі,
Кремльдің қасына әкеп жерледі.

Москвада қысты күні бұлыңғыр,
Қабіріне қойды халық тірі гүл.
Зират етіп сөз сойледі маршалдар,
Жай солдаттың болса-дағы бірі бұл.

Бір сәт сосын ел қимылын тоқтатты,
Тірі солдат салют беріп оқты атты.
Дауыл күні тулап тұрған жалындай
Басына оның мәңгі сөнбес от жақты.

Жас қабірді қоршады жұрт он орап,
Қорғасындай түсті жастар домалап.
Рязаньнан келген ана бір уыс,
Топырағын жатты еңкейіп орап ап...

Шашырап бір жаңа шыққан күндей боп,
Араласты жалын шашып гүлмен от.
Жүрегінің оты өшкендс сол солдат
Мәңгі от боп қалатынын білген жоқ.

Аспанында гректің
Жатыр бүгін түнеп түн.
Қайда, Аполлон, жүрсің сен,
Жыр құдайы жүректің.

Қайда сонау қаруы,
Одиссейдей батырдың.
Қайда сонау ар ұлы
Даусы Байрон ақынның.

Жауды жайпап өтердей.
Қайда, Егей, толқыны.
Неге тұрсың көтермей,
Гректердің өр туын.

Ал деп менің құнымды,
Қанды кекке шақырған
Көрмейсің бе ұлыңды
Қара түнде атылған.

Ашыласың алдымнан
Күнде қанды парақтай.
Арылмайсың зар-мұңнан
Афинада таң атпай.

СОҒЫС

Жайып қанат далаға
Жарқырады жаз шығып.
Жапандағы молада
Жайқалады жас шыбық.

«Тұрмаймысың, құлыным,
Қара жерден қар кетті.
Салып қайғы құрығын
Қызыл беттен қан кетті...»

Көздсн жасы домалап,
Тұнжыраған тұр ана.
Желден басқа жоқ жауап,
Тіл қатпайды сұр мола.

Сонау соғыс ылаңы
Кетті тастап қанды ізін.
Жоқтап ана жүр әлі
Жау елтірген жалғызын.

Жан-жануар қырда жүр,
Жадырапты жаз шығып.
Үндемейді сұр қабір,
Уілдейді жас шыбық.

ЖЫҒЫЛДЫ ЖАУДЫҢ ЖАЛАУЫ

Алынды Берлин қамалы,
Жұлдыздар шашты Москва.
Жығылды жаудың жалауы,
Төселді аяқ астына.

Европаның үстінду
Жүзді бұл неше жыл қаңғып.
Керексіз қазір ешкімге,
Орасаң, мейлі, шұлғау қып.

Батырлар аттап барады
Жау туының көпірін.
Сусиды фашист жалауы
Солдаттың сүртіп етігін.

Көтерілді жоғары
Жеңімпаз елдің жалауы,
Жұмысшының балғасы,
Шаруаның орағы,

Солдаттың қару-жарағы.

АЛМАТЫҒА КЕЛЕ ЖАТЫР ЕРЕВАН

Армения, жүрдім сені аралап,
Өз басыма іздегем жоқ дара бақ.
Айастаниың аспанынын, астында
Бір жыладым, жылағанда Арарат...

Аракспен аласұрып бір ақтым,
Жандым бірге ішінде мың шырақтың.
Ұштым бір кез қанатына қонып ап,
Сасунский жалын құшқан пырақтың.

Қара бұлттай жұттым сенің мұңыңды,
Шаттығындай іштім сенің күніңді.
Көрдім сенің жастығыңды бүгінгі,
Бес мың жылдық тарихыңды бұрынғы.

Текше-текше тастарыңа қарадым,
Сол тастардай тұнжырады қабағым.
Әрқайсысы секілді бір жауынгер
Денесінде жатты ізі жараның.

Тастар мұнда көптігі де соншалық,
Күнге тура тартқандай бір жол салып.
Арман жүгін сол сапарда арқалап,
Қатып қалған қансыз-сөлсіз томсарып.

Тас сөйлесе жалғаны жоқ бәрі рас
Тас жырын сен жаттап ал да әрі ас.
Жатыр ғажап ертегідей Ереван
Әрі кәрі дүниедей, әрі жас.

Ай — Ереван, күн — Ереван Ереван,
Армяндарға жоқтай қала тең оған.
Халықтардың кемелерін қабылдап
Жатыр мұхит Ленин тұрған кең алаң.

Бірге шалқын Саят-Нова сазымен,
О, Ереван, сенде бір жыр жазып ем.
Досым енді сапар шегіп келеді
Қазақтардың танысқалы жазымен.

Көрші енді, досым, қырды аралап,
Жар саламын бүкіл елді жағалап:

— Алматыма келе жатыр Ереван! —

Алатауға келе жатыр Арарат!

САРДАРАБАД

Жуылған жаз жауынына
Бізді қарсы алды Арарат.
Тартты бізді бауырына
Сардарабад, Сардарабад!

Мұнда талай аққан қандар,
Қызыл күрең, қан түсіндей,
Мұнда талай жатқан жандар
Аруағына шаң түсірмей.

Мұнда елген арлы жандар,
Өр қайратын кекке жанып,
Жауға атылған армяндар
Айыр ұстап, кетпен алып.

Қамал соғьш тастан үйлер,
Қанжар болған жердегі тал.
Жауға атылған жас сәбилер,
Кәрі кемпір, өлмелі шал.

Бір сілкініп жақын жұртқа
Қалған сонда зарлы Арарат.
Куә болған батырлыққа,
Сардарабад, Сардарабад!

ДОСТАРҒА...

Армения — мәңгі көктем, жасыл май,
Өзендерің тойға шашқан шашудай.
Кәрісің сен алғашқы Адам атадай,
Жассың біздің жиырмасыншы ғасырдай.

Құрдастайсың сонау күннің өзімен
Сөйлейсің сен Исакиян сөзімен.
Қарайсың сен Араратқа армандай
Севан көлдің мөлдіреген көзімен.

Арараттың асылады басына ай,
Қараторы армян қызы қасындай.
Жатады тас жарты аспанды құшақтап,
Жер мен көкте қатып қалған жасындай.

Армения, жақсы келдің, дос бауыр,
Бір ай бойы тосты қала, тосты ауыл.
Жүректердің жалынынан жаралған

Бұл достыққа болмайды еш тосқауыл.

ТБИЛИСИ

Тбилиси, қалдым саған күз барып,
Тұрып алды үйір-үйір құзда бұлт.
Пушкнн асқан асуларды көрсетпей,
Көлегейлеп бүркей түсті ол қызғанып.

Көп кешікпей күншығыстан таң келіп,
Көкірегін ашты маған тау керіп.
Қарай қалдым келбетіне сол таудың,
Өзім таудан келсем-дағы таң көріп.

Теңбіл-теңбіл көктегі құс жолындай,
Ұйықтап жатқан жолбарыстың жонындай,
Таулар-таулар ұбақ-шұбақ созылған
Руставели өлеңінің жолындай.

Қалдым бәлкім тауды қате ұғынып,
Алып шыңдар тұр ма артында тығылып.
Аласадан басталмай ма биіктік,
Кішкентайдан басталмай ма ұлылық.

ГРУЗИН ҚАРТТАРЫ

Білгің келсе грузиннің қарттарын,
Жүзге келіп желдей жүйрік атқа мін.
Кавказ таудың шығып қия-шыңына,
Дариялдың аралап көр шатқалын.

Қыс қарындай жатса-дағы баста бұлт,
Қазыбектей тұрады олар қасқарып.
Қыздарменен дөңгелейді құйындай
Той-думанда мәжілісті басқарып.

Жас кездегі жалынындай арманның,
Көздерінде сөнбей оты жанған күн.
Әрқайсысы Амиранның өзіндей;
Әр қайсысы құдайындай жалғанның.

Олармен сен тәуекелге түсіп көр,
Мықты болсаң күсті қолын қысып көр.
Қос литрлік мүйізімен қодастың
Кахетиннің от шарабын ішіп көр.

Сен оларға тұра алмайсын таңданбай,
Тариэлдің күші оларда қалғандай.
Сен олардан қызғанасың қарттықты,
Жігіттігің жарты жолда қалғандай.

БАЛТЫҚ КЕШІ

Айбарлы ашу жатқан кескінінде,
Күркіреп отын шашқан кешкі күнде,
Көзінен көбік атқан жер тепкілеп
Күңіренген теңіз үнін естідің бе?

Жартастар қалтырайды дәті қалмай,
Быт-шыт боп жаңқаланып атылардай.
Аунайды асау теңіз аласұрып,
Аспанды айдынына батыра алмай.

Иықтан кештің отты бұлты басып,
Дүние деңбекшиді сұрқы қашып.
Күңіренген теңіз үнін естідің бе,
Аспанмен жатқан жалғыз жұлқыласып?

Жағада жер мен көкті жатсаң бағып,
Айнала үрей отын шашқан қауіп.
Көк аспан кететіндей теңізді алып,
Көк теңіз қалатындай аспанды алп.

БОЛСАМ-АУ

(Қырғыз әуенімен)
Ақсақалды атаның
Ақ батасы болсам-ау.
Ақ жаулықты ананың

Ақ ботасы болсам-ау.
Көктем күні тасыған
Шу өзені болсам-ау.
Бұлт кетпеген басынан

Қырғыз тауға қонсам-ау.
Қолдан таңды атырып,
Күнмен бірге ақсам-ау.
Айды бірге батырып,

Аймен бірге жатсам-ау.
Бұрхан дария су кешіп,
Өткелдерден өтсем-ау.
Жолбарысты ну кешіп,

Сүйгеніме жетсем-ау.

Көкшенің көк аспандай таулары бар,
Қолыңнан келсе, қозғап аударып ал.
Құяды көк торғын бұлт жаңбыр жасын,
Атаның сонда аппақ арманы бар.

Басынан жаз өтеді, күз өтеді,
Жатады мәңгі жас боп құз етегі.
Қиқулап қыран құстар төбесінде
Көкшені күндіз-түні күзетеді.

Созылып етегінде жатыр дала,
Көлдермен күңіренген ақын дала,
Толқыған егінменен,
Қарағайдан

Көтерген көк найзасын батыр дала.
Алыстан ансап мейман келіп жетсе,
Ақысыз тартар күнін көңіл етсе.
Табиғат сұлулығын қайталамай

Тұр оқшау жаны жомарт, сері Көкше.

МҰНАРЛЫ ТАУ БАСЫНДА

Ақшамда биігіне Сырымбеттің,
Жүгіріп басқалардан бұрын жеттім.
Мен мұнда тұрғандаймын күнге жақын,
Мен мұнда ұққандаймын сырын көктің.

Кешкі бұлт секілді бір алтын балық,
Қиядан қиялымды тартып алып,
Жүзеді жайлап аспан теңізінде,
Қанаты найзағайдай жарқыл қағып.

Кешкі бұлт кейде дала маралындай,
Маң басып, маңғаз қарап барады жәй.
Кейде бұлт құбылады қанат жайып,
Тотының көктегі бір аралындай.

Кейде бұлт бірін-бірі қуа бермей,
Тұрады қаңтарулы Құлагердей.
Соғады қоңыр самал Сырымбеттен,
Ақанның әнін алған мұрагердей.

Аспандап ұшқан жырмен Ақшоқыдан,
Ақанды бала кезден жатқа оқыған,
Болатын сұлу таулар жаралғандай
Өрімтал Әйгерім мен Ақтоқтыдан.

Өзінен аты жеткен бұрын көпке,
Көтергсн өлең-жырдың туын көкке,
Мен тұрмын Сырымбеттің биігінде
Айқайлап қайта басып Сырымбетке.

СОЗАҚ

Созақ, сенен алыс кетіп барамын,
Сенен алдым таудың әнін, дала әнін.
Аман болсын жігіттері Таманың,
Аманболсын жас қыздары Таманың.

Аман болсықтаудан аққан бұлақтар,
Бұйра қозы, бөртең жүнді лақтар.
Амаң болсып жайлауда еркін жайылған
Жалбыр жалды, күпшек санды құр аттар.

Дастарқанын даладай кең жая алған,
Келдім саған мен көршілес Шаяннан.
Жігіттерің болсын Қозы Көрпештей,
Ал, қыздарың айнымасын Баяннан.

ТАРБАҒАТАЙ ТҮТІНІ

Жалаң аяқ жарысқан
Айналаның тал бәрі,
Айдалада арыстан —
Тарбағатай таулары.

Жаңа ғана шудасын
Жаңбыр жуып өткендей.
Жаңа ғана шың басын
Самал тарап күткендей.

Көк жиекпен ұштасқан,
Көз жеткісіз аумағы,
Алтаймен қол ұстасқан
Тарбағатай таулары.

Таулар жатыр салқындап,
Бұлтқа тосып арқасын.
Бүркіт қана саңқылдап,
Оятады жартасын.

Ақ қайыңдар жас нұрға,
Жас ауаға шомылған,
Жалпақ аспан астында
Көз алмайды жолыңнан.

Шөккен нардай бітімі,
Ар жағынан адырдың.
Көрінеді түтіні
Аз ұйқылы ауылдың.

Сол түтіннен бір қырда
Қалған күнді танисың,
Әкеледі мұрныңа,
Жаңа піскен нан исін.

ЖАҚСЫ ҒОЙ ЖАРКӨЛ ЖАЗ КҮНІ

Жақсы ғой Жаркөл жаз. күні
Жаныңмен жаны ашына.
Қаңқылдаған қаз үні
Көтерген көлді басына.

Шағала бейне ақ бұлттай
Ақ бұлттар бейне шағала.
Жаныңа тыным таптыртпай,
Шулайды қамыс жағада.

Ай асты, таза ауада
Рақат, сырлар түйіп қалсаң,
Содан соң жазғы далада
Шалқаңнан жатып ұйықтасаң.

НҰРҚАН АҒА

1

Кеше мен көңілді едім,
Отырмын бүгін налып.
Көзіме көрінбедің,
Жетті бір үн діріл қағып.

Сол діріл —
Үзілген домбыраның шектері ме?
Сол діріл —
Өлеңнің ең ақырғы от демі ме?

Сол діріл —
Ақынның тағдыры ма,
Ел күйзелген жылап іштен?
Жетім жырдың жаңбыры ма,

Қиядан құлап түскен?
Сен күндіз ең,
Күндізді ғана сүйдің,
Сен жұлдыз ең,

Жарығы едің
Кішкене аласа үйдің.
Ішінде болмаса да мол дүние,
Әркімдер құмар еді сол үйіңе.

Түн бойы Торғай халқы шұбап ағып,
Тыңдайтын кейі сыртта тұра қалып.
Ішек болып домбыраның сағағында,
Жел болып тарайтын жұрт таң алдында.

Келер түн тағы да жұрт шұбап ағып,
Қайтатын өлеңіңнен сыбаға алып.
Дарқан той үзілмейтін мерекесі,
Едің сен сері көңіл ел еркесі.

2

Кей кезде пісіп-күюші едің,
Баладай жоққа нанып,
Бетімнен сүюші едің,
Әуелі боқтап алып.

Мен сенің ол ісіңді кек демедім,
Күніндей күлуші едің көктеменің.
Жалқау ек хатпен хабар білісуге,
Алыстан аласа үйің тартушы еді,

Түске еніп ертегідей түн ішінде,
Құмарлық көріскенше артушы еді.
Торғайда кездескенде сағынысып,
Баладай қуанушы ең алып-ұшып.

Өткен күн сағаттарын санап қанша,
Екеуміз ұйықтамаушы ек таң атқанша.
Шырлайтын торғай таңда жағы сенбей,
Түрілетін судырлап түн етегі.

Тұратын шамы сөнбей
Аласа үй — жыр мекені.
Көңілің кейде күйге соғатұғын,
Саусағың домбыраға қонатұғын,

Сыпырып томағасын бір қаршыға,
Ондайда көкке ұшқандай болатұғын.
Домбыра шектерімен бір дірілдеп,
Іштей күбірлеп,

Булығып тұншыққандай өз деміңе,
От ойнап шығушы еді көздеріңе.
Көрсетсе де үлкен ғып сені елге
Қара мүртың,

Өнерде
Бала ең, шіркін!
Сен тарттың алысқа арна
Жаздың өмір дастандарын.

Сен ақындық жарыстарда
Алдымда құдай бар деп жасқанбадың.
Елден алып ерлікті; ірілікті,
Сен болдың бір халықтың жыры мықты.

Ал, бүгін телефондар дірілдейді,
Дірілдейді ұстауға саусақ бармай.
Жүрегімді найзағай тілімдейді,
Қабырғамды зіл-қайғы қаусатқандай.

Дірілдейді Торғайда қалтырап тал,
Дірілдейді Тосьшда жапырақтар.
Көз жасындай көк аспан мөлдірейді,
Қара шәлі — қара бұлт желбірейді.

Солардың сене алмаймын жоқтауына,
Торғайдың жырың қалды көк талында.
Алдымнан кездесерсің әлі талай
Өлеңнің жарқыл қағып көкпарында.

РЯБИНА

Жазды күні ашылды,
Ой, рябина — қызыл моншақтар.
Жат көздерден жасырды,
Жан-жағынан қоршап тал.

Күзде бұршақ бұлты ұрып,
Атой салды қыста жел.
Бір жығылды, бір тұрып,
Ой, рябина, қыпша бел.

Жұрт ойлады құлар деп,
Ой, рябина тым нәзік қой.
Тіршілікке құмар боп,
Жазға шықты жазып бой.

Жол бойында тұр қыздар
Жасырады қоршап тал.
Ой, рябина — қызыл жұлдыздар,
Ой, рябина — қызыл моншақтар.

Қоңыр кешті сапыршы бір әніңмен,
Салқындатшы ыстық күнді жауынмен.
Ормандарды оятшы ақ жанынмен,
Толқындарды тулатшы асау қаныңмен.

Тебіренсін, тербелсін бар дүние
Тіршілікке болсын асқақ үн ие.
Әніңменен жансыз тасқа жан берші,
Білсін олар күйіне де сүйіне.

Риганың самолеті кешікті,
Қалды бөгеп оны нендей керемет.
Жүрегімде қара дауыл есіп тұр,
Жүрегімде алай-дүлей, не керек...

Әлде тауға қалғаныңда жақындап,
Найзағайлар түсті ме екен шатырлап.
Көңілімде талай-талай күдік бар,
Көңілімде өзің салған жатыр дақ.

Аспан жаққа қарап қайта жүдеймін,
Алыс бұлттар бейнесіндей үрейдің,
Сен келгенше, сен қонғанша аман-сау
Күн көзінің ашықтығын тілеймін.

Риганың самолеті кешікті,
Жүрегімде қара дауыл есіп тұр.

Августың бұл аңызақты ыстығы,
Аяз болып қайта оралар қыс күні.
Ақ боран боп — ақ жалын боп кездесер
Сары жапырақ — сары алаулар ұшқыны.

Әр мезгілдің өзіне тән заңы бар,
Жаңбыры бар, дауылы бар, қары бар.
Февральдың аязында арман ғып,
Аңызақты августы жан сағынар.

Қайдасың, қыздар, көк өрім,
Көк Жуа терген құмдардан.
Сәкеннің айтып өлеңін,
Мектепке шулап бір барған.

Есепті бірге шығарып,
Мұхитты бірге жаны ұққан,
Бес алса бірге қуанып,
Екі алса бірге қамыққан.

Гүлдердей жаңа көктеген,
Балапан бала бұрымдар,
Қырланып әлі жетпеген
Суйкімді тәмпіш мұрындар

Бояуық жаңбыр шаймаған,
Қара бір көздер жас көздер,
Қарауға әлі тоймаған,
Жанары өткір аш көздер.

Ешкімдер батып сүймеген,
Күнәсіз жуқа еріндер,
Дауылды әлі білмеген,
Аспандай ашық көңілдер

Аққуы бала күндердің,
Төсінде жүзген айдынның,
Иісін алған гүлдердің
Нұрларын алған ай-күннің.

Қайдасың, қара көздерім
Қай жерді мекен еттіңдер,
Қайдасың, бала кездерім,
Қайрылмай неге кеттіңдер?

Құс түйесі — тырналар,
ІІІөлдің жырын тыңдаған.
Жайылады қырда олар,
Сусындайды жылғадан.

Талай мерген қақпалап,
Оқталғанмен атуға,
Тұрады олар сақ қарап,
Жібермейді жақынға.

Ала алмайсың айырып,
Тырна да бір көп халық.
Жерде бірге жайылып,
Көкте ұшады топтанып.

Қарамай неге кеттің сен,
Еділдің ерке кештері?
Қарауытып өттің сен,
Жаңбырлы бұлттай көшпелі.

Жеріңді сұрап тұрақтар,
Жағалай шулап жатыр ақ тал.
Атылған асау бұлақтар,
Қайыңдар, күміс жапырақтар.

Қайрылмай қайда кеттің сен,
Махаббат кеші — байтақ ән.
Көкірегіме кек түйсем,
Іздер ме ем сені қайтадан.

Жаңбыр шаршап талыпты,
Жас баладай жарысып,
Ізден жүрсек, қалыпты
Жапыраққа жабысып.

Жас бұтақты қаттырақ
Көріп едік сілкілеп,
Жасыл бұлттай жапырақ
Қоя берді сіркіреп.

ВОЛХОВ ГЭС-І НЕМЕСЕ ГЕНЕРАЛДЫҢ

АҚ ШАШЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Вокзал алаңынан өтіп алды,
ГЭС-ке жау сегіз жүздей метр қалды.
Анталап алдағы бір көпірді алды,
Енді жау ГЭС-ке төрт жүз метр қалды.

Фашистер ГЭС-ке орнатпақ ақшамда ту,
Шешімді керек енді шапшаңдату.
Волховтың ГЭС-ін жауға қалдырғанша,
Дұрыс болар мина қойып аспанға ату.

Жоқ, генерал бұл ойдан берді тайқып,
Жоқ, геиерал бұл ойға келді қайтып.
Жоқ, генерал бұл ойдан безді мүдде,
ГЭС-ті берсе көреді елді қайтіп.

Осы ГЭС от асуы жолда тұрған,
Лениннің өз кезінде орнатылған.
«Бұл ГЭС-ті бұза алмаймын өз қолымнан,
Соғамын соңғы қамал солдатымнан».

Осы оймен тұрды ол жаудың бөгеп алдын,
Атылды өзін ГЭС-ке теңеп әркім.
Сол сәтте маңдайына әжім түсіп,
Сол сәтте шашы ағарды генералдың.

Сол сәтте өзен өксіп жылағандай,
Сол сәтте аспан жерге құлағандай,
Сол сәтте көк ормандар тұра қалды
Қанды өртте жанып жатқан тірі адамдай.

Жасындай ойнаған бұлтқойынында
Сол сәтте жүгірді оның ойы мыңға
Өзге емес, өзгелердің балапандай,
Тағдыры тұрды асылып мойынында.

Ант берді ол тоқтамасқа жеңбей жауды,
Волховтан талай солдат келмей қалды,
Бірақ та солдаттардың жанарындай
Волховтың миллион көзі сөнбей қалды.

ҚАНША ЗАМАН ӨТТІ...

Таң әлі атпаған,
Алаулар жағылмаған.
Дүние құралған:
Тұмандардан,

Сағымдардан.
Доптар жарылмаған,
Оқтар атылмаған.
Дүние құралған:

Молекулалардан,
Атомдардан.
Галактика балқып жатқан,
Қара жұлдыздар құшағында.

Планета малтып жатқан
Мұз мұхиттың құрсауында.
Дүниеге сөздер әлі айтылмаған,
Кітаптар жазылмаған,

Арықтар тартылмаған,
Каналдар қазылмаған.
Жер жатқан ұлтарақтай,
Ал, аспан жазылмаған бір парақтай.

Қанша заман өтті
Адам күн тапқанша.
Маңдай терін құрғатқанша.
Адам қанша күн кешті,

Аспанға жол тапқанша,
Жұлдыздардан жөн сұрап,
Арманын айға орнатқанша
Қанша замандар өтті...

БІРІНШІ КЛАСС

Бірінші класс, ыстықсың маған оттай,
Данышпан да кеткен жоқ саған соқпай,
Ақындар да кеткен жоқ саған соқпай,
Батырлар да кеткен жоқ саған соқпай.

Кеудесінде ақ жаңбыр, ауа жұмсақ,
Жаттың жалпақ бір өзің далаға ұқсап.
Бірінші класс, партаңа қойды барып,
Қызыл гүлдей алаулап балалық шақ.

Көбелектей көл кезген кеп балдырған,
Бірінші класс, өзіңнің өтті алдыңнан.
Бірде жел боп, толқыды бірде көл боп,
Төрт бұрышты дүние— төрт қабырғаң.

Қысты күні ойнаған қалалар сап,
Жазды күні гүл терген даланы аңсап,
Келді ме деп ойыннан адасар шақ,
Жалқауланып қозғалды бала саусақ.

Күрес емес соғатын жамбасқа алып,
Қиын болды бәрінен алғашқы әріп.
Сол бір әріп көлденең тұрып алды,
Жатқан мұзарт асқардай қар жастанып.

Сол тіректей жер-көкті жалғастырсаң,
Қиын болды одан соң алғашқы сан.
Доптай әріп,бір таяқ алғашқы сан
Келмеді оған, не керек; алғаш мұршаң.

Қайырым жоқ күткенмен жолдасыңнан,
Жолда тоқтап өзіңдей ол да ашынған.
Бірінші класс, бірінші қайран ұстаз,
Алып шыққан арқалап сонда асудан.

Содан кейін жер-көктің сөзін біліп,
Тәй-тәй басып кетесің өзің жүріп,
Бірінші класс, өзіңде данышпандық,
Бірінші класс, бір сенде төзімділік.

Бірінші класс ыстықсың маған оттай,
Данышпан да кеткен жоқ саған соқпай,
Ақындар да кеткен жоқ саған соқпай,
Батырлар да кеткен жоқ саған соқпай.

ОМАР АТА

Қостанайға баратын жол қасында,
Арқанын ақ селеулерінің ортасында —
Жатыр Омар Шипин —
Өлеңнің ақсақалы.

Жабулы үстінде
Жамбыл берген ақ шапаны.
Жатыр Омар Шипин
Көз алдына көгілдір жол

Кетіпті өлім сызып.
Одан аулақта,
Жан-жақта
Барады емір жүзіп.

Жалмады жақсы атаны
Ажал сұм аран ашып.
Жатыр Омар Шипин — ақ сақалы
Арқаның ақ селеулеріне араласып.

Тағдырдан азғана бір тағат сұрап,
Қарапты өзі еккен ағашына.
Жазыпты өсиетін арапшалап
Баласына.

«Көмген соң
Шақыр қарияларды, жігіттерді,
Қаласа бер менен қалған мүліктерді».
Алқына шығып соңғы жиі демі

— Ал,— депті баласына,—

Үйді, бар дүниені.

— Қи,— депті киімімнің жақсыларын.

Білмепті бірақ
Өлеңін кімге тапсырарын.
Кім оны ойланады кезде тірі,
Дүниеде қиьш екен сөз жетімі.

Ойланам,
Ойланам да, болам қапа
Көп сөзді әкетті-ау деп
Омар ата!

ПОЧТА ЖӘШІГІ ТУРАЛЫ ЖЫР

О, менің қарағайларым,
Білмейтін ашу-айбарды.
Күзде де көк,
Қыста да көк

Жасыл айдарлы.
Жас жігіттей
Бойы сұңғақ,
Келе жатқан иілмей,

О, менің қарағайларым,
Жатыр ойым тулап,
Өзімнің жырлы, шулы үйімдей.
О, менің қайыңдарым,

Қозғайтын ой ырғағын,
Айнымайтын Арқаның аруьшан,
Қараңғы түн де,
Қарағандай болатын

Аппақ күн қабығынан.
О, менің қайыңдарым,
Сендер жайлы жырларым тұрды дайын,
Ақ қайың

Қызыл қайың
Сырлы қайың.
О, баяғы жас қыздар,
Әдепті ұяң ырайлар,

О, баяғы жас қыздар,
Аққұба, қызыл шырайлар.
О, көкала теңіздер,
Күн болып күркіреген,

Бұлт болып сіркіреген,
Ашуы қайнап басылмай,
Қабағы жайнап ашылмай,
Толқындары бұлт боп бұрқыраған.

Көбіктері жасынның үйір-үйір тасындай,
Көкала теңіз — көк аспан,
Биікке шырқап түңғиық
Тереңдерге жол ашқан.

О, менің теңіздерім,
Сен мені неге іздедің?
Көк теңіз,
Күрең қарағай,

Ақ қайың,
Ардақтар асылым ең.
Келіпсіңдер
Жер, көкпенен,

Қонверттермен
Мен бүгін сендерді таптым
Почта жәшігінен.

Раушанкөп гүлдерден атың жақсы,
Әлі де жазылмаған басқа жырдай.
Жанымнан бір найзағай атылмақшы,
От төккен солтүстіктің аспанындай.

Раушан, көп гүлдерден әдемісің,
Көз нұрын жапырағына құйып алған.
Жаралдың жастық атты әлем үшін,
Қошемет көрдің сәнді жиындардан.

Раушан,нәзіксің сен ақша бұлттай,
Құбылып ойнамайсың басқа жұрттай.
Жанасың кеуделерде жаз оты боп,
Аяулы жанарыңа жас дарытпай.

Раушан! Үлгергем жоқ әлі танып,
Бетіңнен тұрғаңдай таң қаны тамып.
Өзіңнің үлбіреген жүзіңді иіскеп,
Жазармын жаңа бір жыр шабыттанып.

Кей кітаптың ақырғы бетіндей,
Түк айтпай түгесілген,
Адамның жадында қалмай,
Ұмытылып жүресің сен.

Тасығаның да білінбейді,
Кемігенің де білінбейді.
Біреулердің тасасында
Тұлғаң көзге ілінбейді.

Жүресің жеңіл түскен
Даңқыңнан айырылмай,
Шалғанда өмір іштен,
Шалқаңнан түсерсің,

Кетер бәрі қайырылмай.

АНАЛАРДЫҢ ҚОЛЫ

Алақаны сан ирек,
Айнымаған құс жолы.
Кір шайқаған, нан илеп,
Аналардын құс қолы.

Баланы да тербеткен,
Болашақ бір өмірдей.
Көн боп қатқан еңбекпен
Отта піскен темірдей.

Берген саған жылылық,
Сол тұрпаты білінбей.
О, қасиетті ұлылық,
Бар бақыттың күніндей.

Аналардың қолдары
Құдіретті,мықтылық.
Сені көрсем болғаны,
Бас иемін тік тұрып.

Жанады жүзің лаулап өрт шоғындай,
Өрттей боп бұл өмірден өт қорықбай.
Арқаңа құлап түскен торт арал бұрым
Ақынның әзер табар төрт жолындай.

Кей адамның міні бар,
Балтаменен шабатын.
Кей адамның «жыны» бар.
Қалтаменен табатын.

Қарлы боран үйіреді,
Қаңбақтай бар дүниені.
Көк төсінен тым болмаса
Жылт етпейді күн иегі.

Қыңсылайды жел төбеттей,
Жерді тырнап қар лақтырын.
Шалқаяды көк теректер,
Қар үстіне аунап тұрып.

Жер мен көкті алды уысқа,
Аран ашып ауа райы.
Қарай берем қарлы қысқа,
Ойымда тек дала жайы...

ЛИЛИЯ

Алып қашқан атша бір
Жеткенінде жел келіп,
Тұңғиықта ақша гүл
Теңселеді тербеліп.

Айтуынша бұлбұлдың,
Айтуынша құрбымның,
Келіппін мен біле алмай,
Қасиетін бұл гүлдің.

Кәрілікті жолатпай,
Сақтан жастық пішінін.
Тұрады екен жоғалтпай
Бояуын өз түсінің.

Тұрған сонау тереңде,
Лилияның гүліндей.
Қалса, шіркін, сенен де
Жылдар ізі білінбей.

«Мүсәпірсің шықсаң үйден қырық адым»
Деп ескерткен ата-баба ұрпағын.
Қырық мың шақырым қазір ұзап шықсам да,
Өз үйімнің әндерін мен шырқадым.

Москвада жүрмедім мен мейман боп,
Әрбір күнім өтті өлеңмен мейрам боп.
Алшаң бастым қалаларда бейтаныс,
Қымтырылып, қысылмай-ақ бейғам боп.

Әр қаладан жидым өлең күш ақыл,
Құрсау салып байлаған жоқ құса тіл.
Әр қалада болдым туған азамат,
Болғаным жоқ есік қаққан мүсәпір.

Үздің менен күдерді,
Келмес жауап хат қайтын.
Тек әніңді жүрермін
Суыссақ та жатқа айтып.

Күдік салар көңілге
Жоқ ешқандай айыбың.
Махаббаттың көлінде
Қайырлады қайығың.

Томсарады бұ күнде
Жартас бізді жат көріп.
Тұрған талды түбінде
Өтті жасын қақ бөліп.

Жыламайды бекер күз,
Оралмайды күн өткен.
Қалдық енді екеуміз
Екі жарты журекпен.

Балалықты тойладық,
Қартамыс боп.
Ойнадық
Сен — Гүлбаршын,

Мен — Алпамыс боп.
Алдымда қап-қара орман жатты,
Қабыланға толы.
Алдымда

Қап-қара жолдар жатты
Арманға толы.
Мен саған жете алмадым,
Алдымда асау дария жатты

Мен жүзіп өте алмадым.
Көрінбеді жан алдымнан,
Жағылмады шам алдымнан,
Тек қана тамшы тамды,

Ыршып сенің жанарыңнан.
Қызыл қар,қанды батпақ ортасында
Күтіп жатты жалаңдап жау алдымнан.
Жүректе қара түн,

Жайған қанатын,
Жүректе қар жауған,
Жүректе қан жауған.
Қара түн өкпемді тесіп барады

Қадалған қанды қанжардай.
Шаршатты жол,
Талды аяқ, талды қолдар,
Жатты ашу булығып арыстандай.

Сен жанымда жанып тұрдың
Қасқа тіс, орман қасты,
Қарыс маңдай...
Сол баяғы қара түн,

Үстінде қара тоны.
Мінген қап-қара күймесін,
Жұлдыздар көрінбейді.
Үзілген бе аспанның түймесі де

Бел бүгілді, жел жүгірді
Жолда өлді Байшұбарым,
Қайдасың Гүлбаршыным —шамшырағым,
Сен күлесің менің жас қңялыма.

Ал мен болсам жүргендеймін,
Жердің шет қиянында.
Дей алмассың сен маған
«Ертек» мұның,

Осылай өтіп еді-ау тентек күнім.
Сең мені
Жел боп жортып күтем дедің
Сен мені

Көл боп толқып күтем дедін.
Кейіннен расында болды соғыс.
Оралдым қиындықтың өтіп бәрін.
О, Гүлбаршын,

Алпамысыңды
Неге күтпей
Кетіп қалдың.

Экраннан өтеді өмір жарысып
Өтеді жұрт жейтін дәмін тауысып.
Экран бір екі дүние майданы
Арпалысқан, аударысып, ауысып.

Экраннан жүректерін ұғысып,
Махаббаттар жұптасады туысып.
Кей жігіттер ат үстінен ұшады
Кейбір қыздар көз жұмады у ішіп.

Сезім боран жанды жайлап, мұздай іш,
Отеллоны билейді қыс қызғаныш.
Гамлетті я өрле, жығыл деп
Құламайтын шақырады құз намыс.

Экранда үкім оқып ақымға
Барады айдап түн ішінде атуға,
Маяковский айтқандай-ақ тіріліп,
Тұрады олар көшелердің атында.

Қайран жаным түршігер бұл қылмысқа,
Шүкір, экран емес қой тек түп-нұсқа.
Соның бәрі экраннан көрінсін,
Соның бәрі болмасын тек тұрмыста.

Сағыныш сары жел болып,
Күйдірді жанды меңдетіп,
Сағыныш сары шөл болып,
Сарылтты әбден шөлдетіп.

Сағыныш сары қыс болып,
Сар аяз тартты үскірік.
Сағыныш сары құс болып,
Ілесіп соған ұшты үміт.

Сағыныш — арман сары күз,
Сары жапырақ жер құшқан.
Сағыныш — сараң сары дүз
Сарғалдақ гүлдер желге ұшқан.

ТАУ ҮСТІНЕН ҚАРАСАҢ

Таңертең
Таудан қарасаң,
Қаланың үсті
Қара шаң.

Қара көлдей тұнып жатқан,
Қара дөңдей сұлық жатқан.
Сол тымырсық қапырықта
Еркін бойын жаза алар кім?

Шіркін, жел бір сапырып қап,
Ашса жолын таза ауаның:
Ерекше бір сый-құрметтей,
Болар еді жанға тыным.

Тұрар еді күні кетпей
Күн қаласы Алматының.
Тұрар еді терезелер
Сәулелерден перде тұтып.

Жан сарайы жайнар еді,
Жас ауаны кеуде жұтып...

ТОЙ ҮСТІНДЕ

Қыздыр тойды, құй шарапты,
Күмпілдет бір күй шанақты,
Сұңқылда, енді сұңқар жаршы,
Тыңдаушының айызы қансын,

Ей, шырқаңдаршы,
Қайсың барсың?
Көңіл шіркін жайлансын бір
Сорғала күй, дөңгеле би,

Ойнасын нұр, жайнасын гүл,
Кек күмбездей дөңгелеп үй.
Стаканда күн нұры бар,
Күміс толқын сыңғыры бар,

Таң алдында ұшқын атқан
Ала бүршік қыр гүлі бар.
Жатыр солар быж-быж қайнап,
Бокалдарда көбіктеніп.

Той ағасы! Қыздыр жайнап,
Той-думанға желік беріп.
Құттықтайық қыз-жігітті,
Жалғастырар жол алысын,

Соларға артып ізгі үмітті
Көтерелік солар үшін!
Думандатып қыста таңды,
Шырқа шабыт — шырқа құсым!

Көтерейік стаканды
Келер жаңа ұрпақ ұшін.
Құлақты түрсем ән-күйге,
Түседі жаным әр күйге.

Ұқсаймын шалға аққудай,
Ұқсаймын гүлдей сәбиге.
Толқындар шулап көшеді,
Көкірегімді кепір ғып.

Жүректе желдер еседі,
Түседі бұлттан от ырғып.
Болсам да қанша тас берік,
Айырылып ерік-күшімнен.

Мөлтілдеп көзге жас келіп,
Балқимын еріп ішімнен.
Кетемін жұрттыц қасынан
Қиянға ұшып қиялмен.

Өзендей толқын басылам,
Өртеніп-жанып күй-әнмен.

САҒАДАТХАН

Алма ағаштар гүлдейді,
Сен бірге гүлдеп күлесің, Сағадатхан,
Алма ағаш семетінгн білмейді,
Сен сөнетініңді білесің, Сағадатхан.

Содан ба әлде кейде сен,
Тұнған судай мөлдірейсің, Сағадатхан.
Гүлдер жайлы сейлесем
Елжірейсің, Сағадатхан,

Бұршақ жауса көктемде,
Гүл солады деп қамығасың, Сағадатхан,
Өз қысың кеп жеткенде,
Неғыласың, Сағадатхан.

Сен табиғатты аяйсың,
Жібек жаның ұлбіреп, Сағадатхан,
Сені де табиғат аясын,
Қыс түскенде

Тым болмаса
Бір рет, Сағадатхан.

Сенен басқа табар жоқ,
Сенен маған адал жоқ,
Айтқаныцнан бұлтарар
Менде басқа амал жоқ.

Өлтірсең де өзің біл,
Тірілтсең де өзің біл.

Толқындарды аяймын тілі жоқ деп,
Тауларды мен аяймын үні жоқ деп.
Тасты аяймын оянар күні жоқ деп,
Көкті аяймын тебіренер жыры жоқ деп.

Сондықтан да тау больш шіренемін,
Сондықтан да тас болып түнеремін,
Сондықтан да аспан боп жылаймын мен,
Сондықтан да толқын боп жыр өремін,

Жалғыз өзім бәрінің орнында боп,
Табиғаттың жырлаймын мың елеңін.

КҮН КҮРКІРІ

Күн іш тартып күрілдеп,
Көкте ойнатты жасынын,
Құя салды дірілдеп,
Ақ селі мен ашуын. ,

Бұлттар жерге қарады,
Көк жүзінен көшерде,
Қарық қылып даланы,
Тоғытыпты нөсерге.

Тіршілікке себепкер,
Бұлтты ұзатып бас шүлғып,
Теңселеді теректер,
Көздерінен жас шығып.

Көрдім түнде найзағайдың өлгенін,
От боп лаулап бір мезетте сөнгенін,
Шұғыласы шоқ-шоқ болып шашырап,
Құлап түскен секілденді жерге күн.

Құдірет көріп айтсақ-тағы атын мың,
Көрдім көкте өлген кезін атомның.
Мен өлгенін көрген жоқпын аққудың,
Мен өлгенін көрген жоқпын ақынның.

АҢЫЗДАР

Балаларға айтатын
Аңыздар көп.
Соны айтпай келеміз
Қарыздар боп.

Аңыздар көп:
Аспан жайлы
Тастар жайлы,
Жазықсыз аққан жастар жайлы.

Аңыздар көп:
Аспанның қызы жайлы,
Аңыздар көп
Асқардың күзі жайлы.

Жер үсті,
Жер асты –
Толған аңыз,
Сол аңыздың айтылар шақтары бар.

Сол аңыздарда
Ата сақалының ақтары бар.
Мерт болған даланың аттары бар,
Жер ананың әжім-әжім қатпары бар.

ДУАДАҚТЫҢ КӨЗІ

Жүр еді қырда жайылып,
Қос мерген атты оны.
Қос мылтықтан шыққан қос түтін,
Шұбалып жатты оны.

Жатты енді
Қалбаң етіп жотада өзі,
Жаудырайды жалтақтап бота көзі.
Көзінде бір жас тұрды төгілуге,

Көзіне қорықтым оның көрінуге.

Ұшқыр поездар керек
Орман, тау, өзендерді иіретін.
Шеңбер боп иілетін,
Оқ боп ағатұғын.

От болып жанатұғын.
Қарағайдың қоңынан
Зуылдап шығатұғын,
Өзендермен жарыса ағатұғын.

Түндері бұлттарға кіретұғын,
Ұшқындары аспанға сіңетұғын
Ұшқыр ойлар керек,
Космосты билейтұғын.

Өміріңде құламайсың,
Аяғыңды нық бассаң.
Өміріңде жыламайсың,
Батырға қол ұстатсаң.

Ол келеді қараңғыда
Сені іздеп жарық боп.
Теңіз майдан алаңында
Жамаулы бір қайық боп.

Ол кетеді періштедей
Қара түнде ғайып боп.
Сонау теңіз толқынынан,
Сәуле боп ол күлімдер

Сен қаласың қолтығыңнан
Сипағандай жылы жел.

КОСМОДРОМ

Айды тартып лебімен жақындатқан,
Жер денесін отымен лапылдатқан.
Ақ вулкандай бұрқ етіп шыңыраудан,
Ала бұлт боп аспанға атып жатқан –

Космодром!
Жұлдыздармен адамды жолықтырған,
Галактика сырларын мол ұқтырған,
Планетааралық дүниенің

Жүрегіндей жердегі соғып тұрған –
Космодром!
Магния секілді жалындаған,
Ракета қанатында ағындаған,

Жер өкілін шолпанға аттандырып,
Жұлдыздардың елшісін қабылдаған –
Космодром!

«ЖАТЫР МҰНДА СУВОРОВ»

Измаил мен Альпіде
Көтерілген ту болып,
Ұран болған әр тілде,
«Жатыр мұнда Суворов»

Салтанатты қабірсіз,
Саусылдаған қарусыз.
Жатыр аяқ астында,
Атағы асқан жан үнсіз.

Лавраға барғанда
Кетер ішке у толып,
Деп жазылған мәрмәрға
«Жатыр мұнда Суворов»

Сұқтанарлық өзге жұрт
Керексіз деп мазарат
Өлген мұнда көз жұмып.
Қол басы ер азамат.

Сол сөзінен сыр ұғып,
Тұрмын оны түсініп,
Шіркін, қандай ұлылық,
Шіркін, қандай кішілік.

Күн көреді алыстан өз нұрларын,
Кішкене көздерінен қозылардың.
Кішкене көздерінен құлындардың,
Күн көреді алыстан өз нұрларын,

Жылу кіріп бойына отын ап күн,
Жарқ етеді жанары топырақтың,
Ашылады көздері көгілдірдің,
Ашылады көздері жапырақтың.

ВЫБОРГТЫҢ ҚОҢЫР КЕШІ

Бұлттар ағады,
Секілді өмір көші,
Теңізде жүзіп барады
Выборгтың қоңыр кеші.

Төбемде аспан тұр
Құйылған қорғасындай.
Кемерде тастар тұр
Қарауылдағы қолбасыдай.

Ұшады толқындар қанатынан,
Ала көбік, ала тұман,
Қоңыр кеште қоңыр желдер еседі,
Теңіз демінен жаратылған.

Ақ үрпек балапандай ай туады,
Шағала мен жаңа әндер айтылады.
Шағала бір шыңдай биік
Ақ жанды ізет құсы,

Жырын оның құмартып тыңдайды ұйып,
Выборг – Балтық теңіз күзетшісі.

ШОТА РУСТАВЕЛИ АЛАҢЬІНДА

Кәрілікті Курадай аққан білмей,
Ертең қайта туатын батқан күндей,
Руставели, тұрсың сен Тариэлдей,
Руставели, тұрсың сен Автандилдей.

Жұтасың сен жас күннің шұғыласын,
Таңғы нұрға тау болып жуынасың,
Жолбарыстың терісін жамылмайсың,
Руставидің отымен жылынасың.

Тамараға сен енді бас ұрмайсың,
Күннен түскен күркіреп жасындайсың.
Жатасың сен Қазыбек асуы боп,
Өз басыңнан ешкімді асырмайсың.

Руставели! Ақынсың асқақ үнді,
Орнаттың сен биікке аспаныңды.
Руставели, Пушкин мен Данте керек,
Аударуға өзіңнің дастаныңды.

Жұлдыздардың жарығына құмарттым,
Өзендердің ағынына жүк арттым.
Күшті еменнің тамырына таң қалдым
Еліктедім сабырына таулардың.

Дүниенің жақсы көрдім барлығын,
Тек жек көрдім жүректердің тарлығын,
Тек жек көрдім күштілердің зорлығын,
Әлсіздердің арқаладым тағдырын.

Март айында қалжырап,
Қыстың даусы қарлыққан.
Күн көзінен маужырап,
Бұталарға қар бұққан.

Өтті жылы жүзбенен
Январьдан соңғы айлар.
Көктем күнін іздеген
Шырылдайды торғайлар.

Қайран жазға ынтығып,
Уілдейді бұтақтар.
Ақ көрпесі жыртылып,
Еңірейді жұтап қар.

БОЗШАКӨЛ БАСЫНДА

Осы екен ғой ата-бабам өлген жер,
Жоқ оларды қазір көзбен көргендер.
Ескен желдер қанатына мініп ап,
Көшкен құмдар,

көшкен жылдар — керуендер.
Бабалардың жүректерін дерт үңгіп,
Сабыла-сабыла кеп іздеген еркіндік,
Жабыла-жабыла жау жетерде түбіне,

Қамыға-қамыға кеткен ұстап сертін нық,
Көз жасы боп кеудедегі ұлы арман,
Бұл даланы бұлт секілді суарған.
Боз топырақтың ортасында Бозшакөл

Сол жастардың тамшысынан құралған.
Көл жағасы бабам жатқан биік бел,
Белде еркін жайылады киіктер.
Көл бетінде әулие аққу жүзеді,

Оған қашан оқ кезеніп тиіпті ел,
Көбік атып тебіренгенде көл бұрқап,
Бір-біріне жасап құрмет ілтифат,
Аспан мен жер сөйлеседі құстардай

Азаттықтан салады әнін жел шырқап.

БИДАЙ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Күн күледі,
Гүл күледі қырларда.
Әрі күн боп,
Әрі гүл боп

Жатады дән қырманда.
Айтады күн:

— Нұр алдың деп сен менен.

Айтады гүл:

— Түр алдың деп сен менен.

Күн сөзіне
Күліп бидай қарайды.
Гүл сөзіне
Күліп бидай қарайды.

Өз жүзінде
Күн нұры бар,
Гүл түрі бар арайлы.
Сенен нұр ап,

Сенен түр ап,
Өстім туған даламда.
Дейді ол бірақ,
Маңдай терін төккен маған

Борыштымын адамға.
Күн күледі,
Гүл күледі,
Қырларда.

Қызыл жұлдыз — қызыл бидай
Жанады от боп қырманда.

ЛЕНИН ТАУЛАРЫ

Москвада, Октябрьдің таңында,
Тұрмын толқып Лениннің тауында.
Биіктіктің символы ол, теңесер
Оған тау жоқ бүкіл жердің шарында.

Таулар жатыр омырауын таңға ашқан,
Баулар жатыр тау жалына жармасқан.
Бюстерден қарайды ұлы ғалымдар
Ғасырлардай бір-біріне жалғасқан.

Тағдырменен жекпе-жек кеп беттесіп,
Қара түнде қайғы деген өрт кешіп,
Тұрған мұнда Герцен менен Огарев
Қол алысып, болашаққа серттесіп.

Талай қоңырау соға түсіп басылды,
Талай дауыл борай түсіп ашылды.
Ленинді күтті асыға ғасырлар,
Ал Ленин жасап жатты ғасырды.

Жарқ етті нұр, қақты кенет көк дабыл,
Жер қоқысын кетті үйіріп от дауыл.
Огарев пен Герцен күткен бір кезгі
Ленин боп келіп жетті Октябрь.

Жалау етіп таңның қызыл арайын.
Ол орнатты мәңгі жазды — май айын.
Гранитті Ломоносов тұр енді
Жұлдыздармен көтеріп өз сарайын,

Бұрынғы ескі Воробьев тауы бұл,
Жанбай оның келе жатты бағы бір,
Оны Ленин атыменен атады,
Жаңа дүние жасады да шабуыл.

Алады тау көз жанарын үйіріп,
Кете алмайды көркіне жан сүйініп.
Барлық сапар басталады бұл таудан,
Барлық жолдар осы тауға құйылып.

ӘЖЕЛЕР

Ұйықтатып ұясының барша жанын,
Кеш жатып, қарсы алып таң самалын,
Әжелер немересін құшып-сүйіп,
Сезбейді бойы ауырлап шаршағанын.

Тыңсынып тұла бойы ауырса да,
Дел-сал боп түн ұйқыдан жаңылса да,
Үйінің босағасын биіктетіп,
Бәйек боп шырқырайды жанын сала.

Білдірмей өз басының ренішін,
Өзегі өртенеді біреу үшін,
Секілді халықаралық дипломат
Тындырып үй ішінің жүреді ісін.

Күтеді қонақ келсе жайраң қағып,
Тұрасың сабырына қайран қалып...
Өмірде қайыспайтын о, әжелер,
Сол күшті жатырсыңдар қайдан алып?

Кетерін білсек те ертең түнек жұтып,
Кей кезде оттың басын түлен түртіп,
Қатырып бастарыңды айқай-шумен
Сендерді аламыз-ау ренжітіп.

Болса да шүйке кемпір — ұлы өзі,
Қалпынан айнымайды бір мінезі.
Ырысы, от басының берекесі,
Баяғы бабалардың тірі көзі.

АЛҒАШҚЫ ӘСЕР

(Жазушы Василий Субботиннің айтуынша )
Алматы артық екен ертегіңнен,
Мадақтап мақтамапты ел тегіннен,
Секілді алып кеме Алатауы,

Ақша бұлт аумай қалған желкенінен.
Паш етіп барлық жерге баяндамай,
Көп өттік Алматыға аялдамай,
Бар екен қазақтарда не сұлулар

Баяғы Қозы Көрпеш — Баяндардай.
Нұрлы екен сұлулықтың арманындай,
Жырлы екен сонау Біржан салдарындай,
Кең екен даласындай қазақ жаны,

Өр екен өздерінің тауларындай.
Бұлт мауқы басылмас тау басын құшпай,
Жеткенше жел де шыңға асығыстай,
Жайылған саусақтардай жас бұтақтар,

Шулаған жапырақтар жасыл-құстай.
Сынаптай таза ауасы жанға тұнған,
Жыр шертіп бұлақтары таңды атырған,
Әлемде артық жер жоқ, қазақ досым,

Ақ таулы жасыл баулы Алматыңнан.

СОРОТЬ—ПУШКИН ӨЗЕНІ

Өлең-жырдың өзегі —
Міне, бұл Пушкин жері,
Сороть — Пушкин өзені,
Маленец — Пушкин көлі.

Пушкиннің айбынды таулары,
Пушкиннің жас қаласы.
Пушкиннің байырғы баулары,
Пушкин аспанының ауасы.

Оның қиялы толқын атып,
Осы бір өзендей ақты,
Отырды оймен ол түн қатып,
Бұйра шашын бұйра бұлттар жапты.

Русландай анау емен
Оны қорғады қалқан болып.
Таң шағындай алаң-елең,
Ол өмірге құмартты аң-таң болып.

Тар жол, тайғақ тар кешуде,
Жұтты ол таудың сусап желін,
Осында мәңгілік қалды есінде
Кездескен жас сұлумен бір сәт керім.

Онегинмен сырласты оңашада,
Сөйлесті ме, кім білсін, дуэль жайын.
Татьяна секілді бір тасада
Тұрды тыңдап оларды жүдеу қайың.

Баяғы қарт кемпірдің
Қалғанындай
Ақынға жүрегінің мұңын ашып,
Жапырағы айғырдың жалдарындай

Тербеледі үйеңкі сыбырласып.
Тұрып алған сәулесін таң сызбай-ақ,
Жетім жаны желігіп, толқып тағат.
Жасыл орман жолымен жалғыз аяқ

Барады ол Байронды қолтықтап ап.
Пушкин досын өзеннің жиегінде
Қарсы алады көк сирень гүл лақтырып
Көз жастары домалап иегіне

Қарсы алады еңіреп жылап тұрып.
Кейде жаны қара тұман,
От пен судан жаратылған.
Кейде жаны ашық күндей,

Дос пен қасқа ғашық бірдей.
Кейде көне, кейде жаңа,
Кейде дана, кейде бала,
Кейде толқын, кейде тұнық,

Кейде шат ол, кейде нала.
Ақындықтың арманына,
Жететіндей алып-ұшып,
Тұрмын Пушкин ауданында,

Тұрмын Пушкин тауын құшып.
Өлең жырдың өзегі,
Армысың, Пушкин жері,
Сороть — Пушкин өзені,

Маленец — Пушкин көлі
Пушкин қаласы,
Пушкин ауасы,
Пушкин жері,

Пушкин асқары,
Пушкин аспаны.

ҚАРТТЫҚ ПЕН ЖАСТЫҚ

Қызды көрдім билеген «От» биіне,
Тұрды алдымда мұңлы дана дүние,
Тұрды алдымда нұрлы жаңа дүние,
Еліктірді екеуі де күйіне.

Бірде су боп сылдырлап үн қатқандай,
Бірде орманнан жапырақ ұшып жатқандай.
Бірде аспанға алтын көпір тартқандай,
Бірде жұлдыз жалт-жалт етіп аққандай.

Бірде дауыл, бірде лаулап от шалқып,
Бірде дабыл, бірде садақ көк тартып,
Бірде Үнді мұхитындай атылып,
Шапшиды кеп найзағайдан от тартып.

Кейде жеңіл періштедей қимылы,
Кейде қоңыр теріскейдей би мұңы,
Үндістанның жайған қарттық,
жастығын

Бұл таланттың қайталанбас сыйлығы,
Барлық тарих солай бимен оқылды,
Бишіл ерке қасыма кеп отырды.
«Оттың» биі біткенменен,

не керек,
Сөндіре алмай отырмын мен отымды.

СЫЗЫҚТАР

Сызықтардың сыры жұмбақ тұмандай,
Келем оның құпиясын ұға алмай.
Мүмкін сызық түспей қағаз бетіне
Көңілдерде жүзіп жүрген шығар жай.

Жоқ, сызықтан жатыр тарап жол талай,
Ол мұнара, ол бір күмбез, ол сарай.
Ауа арқалап, жарық жинап келдім деп,
Үйіңе еніп сөйлеседі ол солай.

Ол білінбес бір ғажайып сиқырлы үн,
Ол ақыны қиял менен цифрдың.
Ол бөлмеңнің жылылығы, тірлігің,
Күзетшісі сенің тыныш ұйқыңның.

Әрбір сызық жаңа орман, каналдар,
Әрбір сызық жаңа қорған, қамалдар.
Әрбір сызық жаңа күннің картасы,
Сол картадан келешекті қараңдар.

Тұр оларда таңдандырар бар қызық,
Тіптен олар жатқан да жоқ сан тізіп.
Тек қағазда айқыш-ұйқыш сызылып,
Қала болып сөйлеседі әр сызық.

СУВОРОВ ЕСКЕРТКІШІ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Ленинградқа жау жақындап төнгенде,
Жыртылғанда жарқылымен түн оқтың,
Түсірілді жер астына
Өр кеуде

Арыстандар, қара аттары Клодтың.
Түсірілді жер астына біртіндеп:
Жұмбақ тастар, періштелер, патшалар.
Тұрды жаудың зеңбірегі зіркілдеп,

Қалған емес енді одан басқа амал.
Талас болды бір ескерткіш жөнінде:

— Тұрсын, - деді ел,— өзі тұрған жерінде.

— Ер Суворов майдандарда жеңіліп,

Жаудан ығып көрген емес тегінде...
Тағы оған тапсырғандай тағдырды,
Соныменен Суворовты қалдырды.
Зеңбірекпен байлап атып фашистер

Нысанаға көктен бомба жаудырды.
Қолында ойнап жарқылдаған қылышы,
Суворовтың тарылған жоқ тынысы.
Медет беріп көтерді ел рухын

Тұғырында тапжылмастан тұрысы.
Төрт жыл бойы ала алмады жауған оқ
Төрт жол бойы ала алмады жанған от,
Төрт жыл бойы төңкерем деп фашистер,

Төрт жыл бойы күшін аяп қалған жоқ.
Тірісіндей жаңғырықты ар, атақ,
Кетті халық қасиетті баба атап,
Бір ғажабы, төрт жыл оқты кешсе де,

Денесіне түспепті бір жарақат.
Өткен ұлы жеңістердің жол басы,
Жиырмасыншы ғасырдың да жолдасы.
Баяғыша қолына ұстап қылышын,

Баяғыша тұр тұғырда қолбасы.

ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУ

(Баллада)
Ленин жолды сілтеп азат, жарқын,
Бастады ұлы айқасқа қазақ халқын.
Ерттеліп кермедегі қазан аттар,

Аттанды ұлы айқасқа азаматтар.
Бұлт біткен найзағаймен қаруланып,
Жарқылдап аспан тұрды дабыл қағып.
Қанжардай көтеріліп тал-қарағай,

Қалқандай жалт-жұлт етіп жанады ай.
Арындап аты атылып жоғарыға,
Келеді Аманкелді қол алдында.
Екі жақ сең сияқты сапырылып

Торғайдың тоқайласты торабында.
Секілді жер үстінде адам бұлт,
Айқасты арам пиғыл,
адал үміт.

Айқасты жақсылық пен жаманшылық,
Айқасты жарық пенен қараңғылық.
Сойылдар сарт-сұрт етіп соққыласып,
Гүрсілдеп винтовкалар оқты шашып,

Толқындай атқып шыққан арнасынан
Көк түтін майдан жерін кетті басып.
Үстінде оттай ойнап Шайқасқаның,
Сілтейді Аманкелді алдаспанын.

Ағады қан майдакда ерсіл-қарсыл,
Торғайдың тоғытады шаңға аспанын.
Біресе аттың қонып сауырына,
Біресе аттың кіріп бауырына,

Біресе етпеттеп ат жалын құшып,
Қырандай жүр жауына ағып түсіп.
Бір кезде қаңғырған оқ зуыл қағып,
Батырдың оң қолына тиді барып.

Көтерді қызыл тудай батыр сонда
Өңірін жейдесінің жұлып алып.
Қара түн аспанында жүзіп алау,
Ойран болып ордасы бұзылды жау...

Сол еді қырда тұңғыш көтерілген,
Батырдың қаныменен қызыл жалау.

ДАУЫЛ СҰҢҚАРЫ

(Горький туралы)
Қара бұлттарды жарып,
Қара топандай ағып,
Дүниені шайып бір өткен.

Қап-қара найзалардай,
Қап-қара найзағайлардай
Жүзі дір еткен.
Күнмен бір күйініп,

Күңіренген кекті үні.
Кесек-кесек бұлттарды үйіріп,
Еңсерген екпіні.
Бір биік шығандап,

Бір төмен ағындап,
Қиқу сап ұрандап,
Бұрқ етіп жалындап,
Жұлдыздай аққан

Ойнатып от күшін.
Қанатымен қаққан
Толқынның топшысын.
Дауылды шақырып

Бұлт бойлап тік тұрған,
Жауызды жапырып
Жартасқа бұқтырған
Революция жыр-әні,

Азаттық іңкәрі,
Атой сап жүр әлі
Дауылдың сұңқары.

АЛМАТЫДА АҚЫНДАР КӨШЕЛЕРІ

Кетті олар күйзелтіп кеше мені,
Болды енді өлмейтін дос өлеңі.
Көрінеді тік басқан өздеріндей
Алматыда ақындар көшелері,

Ұлы Абайдан басталып ата даңқ,
Соған жалғас Әуезов қатар ағып,
Жансүгіров, Майлиндер сайрап жолдай
Кең көшені Сейфуллин жатады алып.

Жалғасындай солардың тағдырының,
Алатаудың көремін таңғы нұрын.
Шуылдайды, теректер шуылдайды,
Асыл сөзін жатқа айтып әрбірінің.

Тау бауырынан толқындай құлап аққан,
Аманжолов көшесі мына жатқан.
Сонау КИЗ-де Жароков көшесі бар
Алатауға аңқылдап тура тартқан.

Алматының Микро ауданында,
Жетісудің малынып бау-бағына,
Жұмағали Саинның көшесі тұр
Ойлана бір көз тастап жан-жағына.

Тағдырлары қаңбақтай көше қонып,
Бастарынан күн өтті неше жорық.
Олар кеше білген жоқ, о дариға-ай,
Алматыда қаларын көше болып.

Кім оларды жоқ бізбен дейтін бүгін,
Тоқтат, уақыт, ондайдың бейпіл үнін! —
КазГУ бүгін Мұхтармен кездеседі.

— Бүгін кеші КазПИ-де Сейфуллиннің!

Сөйлейді ұлы халқымның кемеңгері,
Сөйлейді ер ақынның өлеңдері.
Алматыда ақындар көшелері,
Алматыда ақындар емендері.

КӨЗ ЖАСЫ

(Оңтүстік Африка республикасы ақыны Занеле Дланилиге)
Ол кеткелі жылдар өтті елінен,
Тұрақ тапты Ұлы Совет жерінен.
Келеді ол жалғыз емес екеу боп,

Қас жауларға қайнап жатқан кегімен.
Өз елінде күресті ол күнді аңсап,
Іздеді ол шыңыраудан шығар сәт,
Қараңғы тұн — қара түрме ішінде

Ұстамақшы болды оны бұғау сап.
Жұмсап жаулар. қолдағы бар қаруын,
Аштырмады аңдып оның адымын.
Топан сумен сөндірмекші болды олар,

Жүрегінің жырға айналған жалынын.
Кетті ол тастап туған жердің тауларын,
Тастаған жоқ бірақ үміт-арманын.
Аялаған туысымен жас жанын

Африканың ала шықты аспанын.
Кейде елін сағынады түс көріп,
Туған жері кетеді оған күш беріп,
От боп жанған. Оңтүстіктен шырылдап,

Омырауына қонады жыр құс келіп.
Ауыр ойдан айықтырып зердені,
Көпір етіп кекке толы кеудені,
Жатады өтіп Африка бұлттары,

Жатады өтіп Африка желдері,
Алматыда бір жиында сөз алып,
Тұрды баяу орынынан қозғалып,
Кетті оның түндей қара көздері,

Күндей болып бұлттан шыққан тез жанып.
Сөйлегенмен ішкі отын ол сақтап,
Түсті ме еске сонау алыс жол соқпақ,
Сағыныштың сәулесіндей мөп-мөлдір

Көздерінен жас төгілді моншақтап.
Өзіне жат көрінгендей өз даусы,
Бұзылды да дірілдеді сөз нәші.
Шіркін қандай аяулы еді өмірде

Ақын қыздың алғаш тамған көз жасы.
Кіндік кесіп, кірін жуған кешегі,
Туған жері айықпас дерт — кеселі,
Көз жасында жатты қайғы өзені,

Көз жасында жатты қайрат нөсері.

РУСТАВИ

Жанар таудай жатқан жонда атылып,
Жалынымен бұлттарды айдап сапырып,
Гудогімен ащы даусы жер жарып,
Рустави алды мені шақырып.

Рустави қарағанда басқаға,
Грузияда жаңа туған жас қала.
Рустави — Грузияның сауыты,
Рустави — көк темірге астана.

Домна пеші тау-шойынды қылғытып,
Шомылдырып от ішінде сүңгітіп,
Ағызады қызыл-жасыл өзен қып,
Гүрілдейді сонда оған тіл бітіп.

Астауменен асау толқын жүгіріп,
Прокаттың саусағына ілігіп,
Ұшып жатыр бөлшек-бөлшек бөлініп,
Баяғы оты бойындағы суынып.

Отпен мұнда қарсы алады таңды жұрт,
Келешек боп оралады жаңғырық,
Рустави Руставели секілді,
От ақыны жанатұғын мәңгілік.

ЭСКАЛАТОР

Эскалатор барады алып төменге,
Эскалатор барады алып тереңге,
Миллион аяқ—миллион орман көшкендей
Барады ағып, барады ағып төбемде.

Эскалатор ұқсап қызыл сұңқарға,
Эскалатор барады алып шырқауға.
Миллион көздер — миллион жұлдыз
жанады,

Арман атты асқаралы бір тауда.
Келем, келем со бір тауға мен өрлеп,
Жан-жағыма көз тастаймын елеңдеп.
Тебірентіп тереңдік пен биіктік,

Бір сәт өзім кеткендеймін тереңдеп.
Тереңдікпен жаңа шықтым табысып,
Биіктікпен тұрмын енді қауышып.
Тебірентіп тереңдік пен биіктік,

Егіз жолдай жетектейді жарысып.

СЕНІМ

(Хасен Өзденбаевқа)
Көңілім саған мөлдіреген көл тұнық,
Саған төрден орын берсем, жол тұрып,
Әкем түгіл арғы атамның қолынан

Ет асапсың ауызыңды толтырып.
Содан кейін өзімменен көрістің,
Болған емес қабақ шытыс, теріс күн.
Талай қыс пен талай жазды атқарып,

Қайғы менен шаттықты да бөле іштің.
Жүресің сен күнде күліп кеудемде,
Әкемді еске ап сыр шертесің көргенде.
Бір кездерде әкем саған сенген соң,

Хақым да жоқ менің саған сенбеуге.

БИДАЙЫҚ

Жайқалады бидайық
Ленинград аэропорты алаңында.
Жайқалады бидайық
Пулковтың қабағында.

Жайқалады бидайық көз алдымда,
Жайқалады бидайық өз жанымда.
Қайдан келді бидайық, қайран қалдым,
Сарыарқаның сап-сары сәулесі ме?

Сонау өткен сұрапыл майдандарды
Сап-сары бидайықтар салды есіме.
Мен кетерде:— Далаңды сыйла, ұлым,—
Деп анам қарай-қарай қалып еді,

Жасын төгіп Торғайдың бидайығын
Жан қалтама ырым ғып салып еді.
Жараландым үш рет, жараландым,
Көп досымнан көз жазып дара қалдым,

Бидайығым қалған-ды осы өлкеде
Бір ұшына түюлі орамалдың.
Одан бері талай бұлт көшкен шығар,
Ол күндер емес тіпті естен шығар,

Мүмкін менің қанымнан
Ленинградқа,
Волховқа
Сап-сары бидайықтар өскен шығар.

АЛТЫН

Алтын, сен түске еніп таң шағында,
Арман боп жүрдің жұрттың аңсарында.
Жалтылдап патшалардың тәждерінде,
От шаштың сұлулардың саусағында.

Дүниеге кіл дүрбелең салып қырғын,
Бір өзің жер тізгінін алып тұрдың.
Тудырып қызғаныш пен күншілдікті,
Ағайын адамдарды жауықтардың.

Аспандай жер бетінен алыс тұрып,
Талайды көрге айдадың жарыстырып.
Сәулеңнің сары шаңын бүркіп қалып,
Бітірдің талай дауды табыстырып.

Жаттың сен бірде сіңіп құм шағылға,
Жаттың сен бірде таудың құрсағында,
Әйтеуір арман болып ұстатпадың,
Сүңгідің бір сағымнан бір сағымға.

Өлшеді адам басын сеніменен,
Ерлердің құны болдың еңіреген,
Зарлаттың жазығы жоқ махаббатты,
Қосылмай қор боп өткен теңіменен.

Адамның көз жасы боп жарқырадың,
Адамның қаны болып сарқырадың.
Сиқыршы цыган әйел сияқты бір
Адамның еркін арбап тартып алдың.

...Алтыннан бақыт іздеп шатылмаған,
Алтынға өмірінде сатылмаған,
Меніңше дүниеде адамдар бар,
Ер көңіл соның бірі ақын адам.

ТАҢҒЫ АВТОБУСТАР

Атпаған кез таң әлі,
Тек көшеде жанады
Светафорлар жанары.
Жарып түнгі ауаны

Айдынға шыққан бригантинадай,
Автобустар ағады.
Тұрады олар ертеменен жұрт үшін,
Барады олар тиеп алып адамдардың

күлкісін,
Автобустар елестетер көзіңе
Ерте ағылған ауылдардың жылқысын.
Ағады олар жаңа үйлерді салуға,

Ағады олар жаңа оттар боп жануға,
Бұлтқа асылып,
Көзінен от шашылып,
Жираф мойынды крандар болып қалуға.

Қайтады олар жұмыскер боп кеш түнде,
Шаршадым деп айтпайды олар ешкімге.

Өзін-өзі шіреніп нық ұстайтын,
Сырын айтып ешкімге жұғыспайтын
Курортта да кей жан бар
Жалғыз сондай

Кем-кетігін дүниенің дұрыстайтын.
Көпіреді айрандай ашып,
ұйып,
Тұрса дейді жұрттан ол асып иық.

Жүрсе дейді жорғалап құр секілді,
Алдиярлап,
басқалар басын иіп.
Аз деп жұрттың көрсеткен сый-құрметі,

Қалыпты әрең жарылмай былтыр өті.
Жүреді ылғи сызданып сұп-сұр болып,
Үсіп кеткен алмадай жылтыр беті.

АСТОРИЯДА

(Есенин туралы)
Шашасынан шық шалған,
Омырауы ақ көбік,
Түскен таңғы бұлттардан,

Бір қызыл ат жатты өліп.
Шаба-шаба шаршаған,
Тұяғын тас тоздырып,
Арманынан аңсаған.

Ерте айрылған көз жұмып.
Жатыр енді күй бітіп,
Жете алмай жас көктемге,
Сілтейтұғын құйғытып,

Жер менен де,
көкпен де.
Құйындатып өтетін,
Жолды көміп ақ шаңға.

Рязаньға жететін,
Ақ жаулықты ақшамда.
Бірде күндей ашылып,
Бірде бұлттай тұнжырап,

Бірде өмірге ашынып,
Бірде күліп,
бір жылап.
Жатыр енді қызыл ат

Еркін ұйықтап,
алып дем.
Өмір шіркін қызық-ақ,
Жалғанатын даңқпен.

Жыр тәңірісі Пушкиннің
Аспанда ма тұрағы.
Жыр тәңірісі Пушкиннің
Асқарда ма тұрағы.

Дүние бүкіл таң қалып,
Күнде дабыл ұрады.
Сол Пушкинді аударып.
Талай ақын құлады.

Ол келеді ешбір де
Асуынан өткізбей,
Ол келеді ешкімге
Пушкин болып жеткізбей.

ТАЛАНТ

(Лермонтовқа)
Шын таланттың ақшасы да болмайды,
Шын таланттың бақшасы да болмайды.
Жағымпаздық сый өлеңі болмайды,

Жалғыз өзі, сүйенері болмайды.
Шын талантқа алдына алса аспан бар,
Бұлт көзінен қарызға алса жастар бар:
Ол — асқар тау, ол —бір мұхит, ол — орман

Жүрегінде жайқалады жас талдар.
Жалғыз өзі құшақтаған соң Күн, Айды,
Ол кімдерден жәрдем, көмек сұрайды.
Ол өлгенде жер жатады бусанып,

Ол өлгенде аспан ғана жылайды.

ТӘТТІМБЕТ

Әлде бұл аққудың саңқылы ма,
Жаныңды еркелеткен.
Әлде бұл найзағай жарқылы ма,
Қаныңды өртеп өткен.

Әлде бұл Арқаның самалы ма,
Шіліңгір шілдені салқындатқан.
Әлде бұл өзеннің табаны ма,
Алыстан жай оғын тартып жатқан.

Жоқ, ол, достарым, мұның бірі де емес,
Ол құйылады өмірдің мұң үні боп.
Тұрады жаныңда сол мың бір елес,
Мың үнді табиғаттың дірілі боп.

Көңіліңнің көптен бергі жазып мұңын,
Боласың сиқырменен көріскендей,
Төбеңде айналады нәзік бір үн
Арман болған ақ қанат періштедей.

Жазушылар көп жасайды,
Ақындар ғой ерте өлетін.
Болса шаттық, болса қайғы,
От сезім боп өртенетін.

Ойланбас ол қаза жайлы,
Өлмес бірақ жай тартыспай.
Шатырлаған нажағайды
Қабылдайды ол жай тартқыштан,

Өлерінде жанып сорлы
Қара аспанды екі бөліп,
Тартып өтер жарық жолды
Аққан жұлдыз секілденіп.

Талпындым мен жарауға бір керекке,
Ыстық күнде келді ұқсағым терекке.
Жедел жәрдем машинасы секілді
Кім шақырса әзір болдым көмекке.

Көкірегім — жердің өзен, тау, қыры,
Күллі әлемнің құйылады бар мұңы.
Мен білмеймін жиі соққан кеудемде,
Содан ба екен жүрегімнің ауруы?

Антеннадай бар дыбысты ауладым,
Жүрегімнен мың дірілді өткізіп.
Мұхиттардың толқынына аунадым,
Жатты менің омырауымда от жүзіп.

Жүректерге тура жолды табам деп,
Теңіз кешіп, тауды өттім айналып.
Әрбір үйге жеттім соңғы хабар боп,
Әрбір жанды ұштым күнге, алға алып.

500-інші ПОЕЗД

Өтіп жатыр,
Өтіп жатыр
Поездардан тимейді орын қолға:

— Әне келеді,

— Міне келеді —

Деп тұрмыз,
500-інші поезды Орынборға.

— Келер, - дейміз,—

Әйтеуір жақын маңда.
Елеңдейміз,
Паровоз ақырғанда.
500-інші поезд кеп жетті ақыры,

Түн өтіп, таңда әтештер шақырғанда.
Поездарға міне алмай жолда жатқан,
Секілді ол біздерді іздеп келген,
Қарт паровоз ыңқылдап зорға тартқан

Түрі бар, вагондарды тізбектелген.
Жөнелетін болды ол түнге қарсы,
Түнде барып басталды отырысы,
Желден ықтап дызылдап жүр жолаушы.

Жолаушының ондайда жоқ тынышы.
500-інші поезда сапырылыс,
Шаңқ-шаңқ етіп шатынап жатыр ұрыс.
Бір вагонда жүз адам сығылысқан,

Біз де барып отырдық бір бұрыштан.
500-інші поезда жоқ асығыс,
Таза ауа да кем де-кем болар тыныс,
Вагон іші қараңғы, әрі суық,

Бір поезда бізбенен жолаушы қыс.
Қызыл вагон бір көштей жатыр легі,
Сезіледі соғыстың салқын лебі.
Жұрт бағдары — Ташкентке тартқан тура,

Босайтұғын тағы жоқ орын жолдан.
Қараңғыда қарамай айқай-шуға

Уф!

500-інші қозғалды-ау Орынбордан.
Жөнелткендей бізбенен түнді ілгері,
Көпке дейін қоңырау күңгірледі,
Кеткеніне, кім білсін, қуанды ма

Жолаушының құжынаған бір дүрмегі.
500-інші жүрісі өгіз аяң,
Орынбордан жоқ әлі көп ұзаған,
Разъезге тоқтады бір сағаттай

Кезек тимей алдағы поездардан.
500-інші поезда жоқ асығыс,
Бір поезда бізбенен жолаушы қыс.
Бір тақтайы вагонның қолды болған,

Жұрт көреді ол істі Орынбордан.
Қарсы алдында отырмыз жел өтінің,
Жұтып бурыл түтінін темекінің.
Доңғалақтар зыңылдап жырлайды әнші,

Қараңғы түн вагонды басты иықтан,
Безілдеген жалғыз бір сырнай даусы
Алып шықты халықты тас тұйықтан,
Сырнайшының шықты үні ыршып аттай,

Қараңғыда жарқ еткен бір шырақтай.-—

СЫРНАЙШЫНЫҢ ЖЫРЫ

Айырбастамас алтынға,
Жастығым жалғыз несібем.
Еркелеп жасыл толқынға
Еділде еркін өсіп ем.

Өлеңдей тыңдап жел үнін,
Ағушы ем зырлап қайықпен.
Қарсы алушы еді Еділім
Анамдай құшақ жайып кең.

Тербеткен майда қоңыр жел
Бар еді гүлдей ару қыз,
Жүруші ек, ой-хой со күндер
Жағалап Еділ жарын біз.

Еліме тиді жау келіп,
Қалқан қып Еділ тосты өзін.
Ақ бетімді қан көміп,
Айқаста кетті қос көзім.

Жоғалттым жалғыз барымды,
Аруым өлді оқ тиіп.
Барады өртеп жанымды
Ішіме түскен от күйік.

Айта берсе оның зары көп тағы,
Сырнай даусы үзіліп бір тоқтады.
Көзі кеткен аяп көрдей соқырды,
Жұрт вагонда күңгірт болып. отырды.

Сол кездерде оттай шарпып жүректі,
Қанжар дауыс қараңғыда дір етті:

— Жоқ, тірімін!— деген асыл жар үні

Сырнайшының болды қос көз-жарығы,
Сол үннен ол сүйген қызын таныды.
Екі жүрек ойда жоқта қауышып,
Екі тілек қалды бірге табысып...

Жөнеледі сырлы сырнай қайта ойнап,
Ұлан асыр вагонымыз той біздің,
Тойға елді шақырады айқайлап,
Паровозы 500-інші поездың.

Жаралып ең жақында пайда болып,
Жүруші едің жұп-жұмсақ майда болып,
Енді бүгін сөйлейсің желдей есіп,
Күнді аралап келгендей айға қонып.

Жүрсең кеше біреудің атын ерлеп,
Бүгін әкім болыпсың әкіреңдеп.
Мен қайтейін, әзірше шалықтай бер,
Уақыт — дәрігер сендейді жатыр емдеп.

Сен менің айта алмаған сөзім шығарсың,
Сен менің көре алмаған көзім шығарсың.
Оқ астында арманда өткен
Сен менің жиырмадағы кезім шығарсың.

Сен менің балғын гүлім шығарсың,
Сен менің таңғы нұрым шығарсың,
Поэзияда Мәуленовтер династиясын
құратын

Сен менің жазылмаған жырым шығарсың.

ТАШКЕНТ

«Тыңдаңдар, тым-тырыс,
Ташкентте сілкініс.
Қып-қызыл күн шығып,
Қып-қызыл туады ай.

Тоқталған тіршілік,
Бал саны мынадай:
Алғы күн — сегіз,
Кеше — тоғыз,

Қаптады теңіз,
Қаладан жоқ із.
Тыңдаңдар, тым-тырыс,
Ташкентте сілкініс.

Ал бүгін он балл!»
Би-би-си осылай,
Соғады долбар.
«Ал бүгін — он балл!»

Құтырып, құлшынып
Жабады кіл жала:
«Тоқталған тіршілік,
Ташкентте зілзала!

Ташкентте зілзала!»
Ауада зілзала
Ауада атыс.
«Ташкентте зілзала

Ташкентте зілзала!»
Дүрліккен Би-би-си
Дүрліккен Батыс.
Ал Ташкент дүрлікпей,

Табанды алыптай,
Тағдырға илікпей
Тұр қайсар халықтай.
Соғады қайыра,

Күндіз-түні сілкініс.
Ал Ташкент жайына
Жатқан жоқ тым-тырыс.
Ташкентте сілкініс,

Ташкентте күн ыссы.
Жатпайтын тым-тырыс
Ташкент бір жұмысшы.
Тіршілік қаулаған,

Троллейбус үстінде,
Трамвай ішінде,
Тіршілік лаулаған,
Тіршілік қаулаған.

Секілді өр тасқын
Тыңдайды құлақ сап,
Жер үсті жер астын.
Жер асты гүрілдейді

Везувий тауларының оты ұрғандай
Жер асты дірілдейді
Япониядағы шоқ құсқан
шоқылардай.

Бір-бірін ала алмай
Екі күш еңсеріп,
Кереғар қамалдай
Тұр бірге теңселіп.

«Ташкентте сілкініс,
Ташкентте зілзала,
Ташкентте тым-тырыс»—
Өтірік,

бұл жала.
Ташкент бір сұр толқын
Тулаған сыр суы,
Ташкент бір кек жойқын

Құрылыстар дүрсілі,
Кинолар экраны,
Крандар у-шуы.
Поездар зырлаған,

Самолеттер зулаған
«Бәрі де Ташкентке
Бәрі де Ташкентке!»
Дүние Ташкентті тыңдаған.

Ташкент өлген жоқ
Шетел хабарындай,
Ташкент қуатты ракеталар
ұшыратын

Тұр космодром алаңындай.
Ташкенттің сөнген жоқ,
Кеудесінен күн,
Жанарынан ай.

Ташкент бұлаған жоқ
Көзін жаспен.
Ташкент құлаған жоқ,
Қайта биіктей түсті

Ташкент!
Ташкент!
Ташкент!

АШЫҚ АСПАН — КАБИНЕТІМ

Қорек етер мәңгі ұрпағым,
Іздеп тынбай жылдарға азық.
Жалғыз өзім жаңғыртамын
Жалпақ қырды жырлар жазып.

Жапырақтар — қарлығашым,
Ақ бұлақтар — ақ ниетім.
Қара ормандар — қарындашым,
Ашық аспан — кабинетім.

Күн түспеген жерге жетіп,
Ойнаймын мен шуақ болып.
Еркін желмен өлеңдетіп
Шулаймын мен құрақ болып.

Жаңғырамын таумен бірге,
Жүгіремін желмен бірге
Алаулаймын таңмен бірге,
Толқындаймын көлмен бірге.

Жаңбыр болып жауып алып,
Ең әуелі өз кеудеме,
Өз дауысымды тауып алып,
Құйыламын өзендерге.

Кейде тасып төгілемін,
Кейде ашынып булығамын.
Кейде бұлттай егілемін,
Кейде дауыл, шулы жаным.

Өзендермен өзен болып,
Тауға айналам тауды ұғынып,
Жел, күн, аспас кезең болып,
Жатам жалғыз жаңғырығып.

ДАУЫСТАР

Өзендердің дауыстары —
Толқындар,
Жазғы аспанның дауыстары —
Нөсерлер,

Асқар таудың дауыстары —
Бұлақтар,
Қара бұлттың дауыстары –
Шешен жел.

Жасыл көктем дауыстары —
Жас талдар,
Қаһарлы қыс дауыстары —
Борандар,

Қара таста жаңғырығар дауыс бар,
Дауыс жоқ деп ойламаңдар, адамдар!
Дауыс деген дүниенің тіл, үні,
Дауыс деген табиғаттың тірлігі.

Дауыстарда ақ сәуледей шаттықпен,
Қара бұлттай қайғының да тұр мұңы.

Күндер өтті қаншама,
Өзің болдың жұбаныш.
Үйің жақын болса да,
Тұрғандайсың тым алыс.

Мен көлденең сөзге азып,
Сенен аулақ кетпеспін.
Қалсам бір сәт көз жазып,
Көргенінше өтпес күн.

Дірілдейді жүрегім,
Бір күн маған мың күндей.
Сағынышпен жүремін
Іштен тынып білдірмей.

Іштен тәуба етемін,
Көрінгенге жай төбең.
Сен болмасаң не етемін,
Сен болмасаң қайтер ем?

Отырмын оймен дал болып,
Жауатын бұлттай тұлданып.
Жағада жалғыз тал болып,
Сыңсыған желмен ырғалып.

Ішімде бір өрт лаулайды,
Білмеймін қалай жанды екен?
Көзімнен бір жас тамбайды,
Тауысылып қалай қалды екен?

Жаз жаңбыры жапыраққа түнейді,
Тербеледі жел лебімен,
Жаз жаңбыры дірілдейді,
Бір толқып дала көлдерімен.

Жаз жаңбырының түсі жоқ секілді,
Бірақ дала жайнайды
оның қызыл нұрларымен,
Жаз жаңбырының күші жоқ секілді,

Бірақ дала толқиды оның ызғын
суларымен.

Күніне мың көрсем де,
Жаным жаз боп жайыла алмаймын.
Күніне мың естісем де,
Дауысыңды айыра алмаймын.

Көргенім жоқ салқындап,
Сен маған біресе күн,
Біресе гүл болып көрінесің.
Алмас сынығымен жалтылдап,

Күн шұғыласымен шағылысып.
Мың бөлінесің.
Сен менің көңілімде —
Жүз қыздайсың,

Тербелген жел үніне
Жүз өзен,
Жүз бұлақ,
Жүз жұлдыздайсың.

Шалынбас көзге бір тамшы
Өрнегі жерден мың гүл боп,
Шалынбас көзге гүл даусы
Тұрғаны сайрап бұлбұл боп.

Кеудеңде бұлбұл,
Гүл шулап,
Көмейден саулар наз ытқып.
Билейтін жанды шыжымдап

Сиқырлы күш сол нәзіктік.

Жайымды менің біл танып,
Сырымды несін жасырам.
Дауыл боп кейде бұрқанып,
Аспан боп кейде ашылам,

Қабақты жауып сұрланам,
Шошисың ол кез түсімнен.
Өзімнен өзім ұрланам,
Өртенем жанып ішімнен.

Биікке кейде шығып aп,
Жүремін жерге қона алмай.
Көргем жоқ, бір сәт тынымдап,
Уілдей берем борандай.

Азады өзен ақпаса,
Арнасын тауып қазбаса,
Тозады ой тулап жатпаса,
Тозады өлең жазбаса.

Жалтыраған жүзіндей қалайының,
Маған сыры белгілі талайының.
Дұшпан тұрсын аштырмас адымыңды
Аңдып жүрген артыңнан ағайының.

Дұшпан менен достарын бір жазалап,
Өлтіріп ап кейбірі жүр азалап,
Үйреншікті өзінің әдетінше
Үйіне кеп оқиды жыр-мінажат.

Соғыста аурулар айығып кетті,
Айыққан жоқ ол тимеді ауруға.
Оқтар ұшты айырып көкті,
Оттар жүзді даланың сауырында.

Жан-жақты орады жау аптығып,
Тұтқынға түскен жоқ жауаптылық.
Жұрт теңіз болса да ішкен жоқ,
Қалды телегей арақ тұнып.

Адам достықты сыйлап күтіп,
Адам ажал алдында күліп тұрды.
Соғыс салақтарды жинақты етіп,
Босаңдарды шынықтырды.

Былдыраған быдық сөздерде —
Салдырлаған тастар бар.
Сығырайған жұмық көздерде —
Тамып кетсе жанды улайтын жастар бар.

Егер менің қиялым болмаса,
Жұлдыздар айрылады нұрынан.
Егер менің қиялым болмаса,
Өзендер айрылады суынан.

Егер менің қиялым болмаса,
Табиғат тұрмас еді сұлуланып.
Егер менің қиялым болмаса
Көрінбей кетер еді адамға күн ұрланып.

Менің қиялым тірілтеді өлгендерді,
Менің қиялым дүниеге тұр көрік беріп.
Сондықтан сөйлеймін мен, қиялыммен Жер үстін,
Аспан астын көріп келіп.

Таңды атырамын,
Күнді батырамын,
Аялы алақаныммен
Ұйықтатамын орманның жапырағын.

Көз нүрыммен жуамын,
Жас көлдерді,
Жұлдыздардан құрамын
Әскерлерді.

Келмейді өкпелеп ашуланғым,
Мейлі мені кейбіреу қарапайым адам десін.
Арманда өткен ғасырлардың
Айға барып,

Алам өшін.

Кім білсің тырналардың қанша ұшқанын,
Біздің Торғай қырына жеткенінше.
Жазылған жоқ дәптеріне данышпанның,
Мүмкін оларға көрінер қас қағымдай,

Біздерге сонша ұзақ, көл көрінсе.
Кім біледі қанша уақыт ететінін.
Менің жырларым жүрегіңе жеткенінше,
Жолда жүргеніңде жылын, сәулем,

Жон үстінен жылтылдап от көрінсе.
Ол менің жүрегімнің жалыны ғой,
Лапылдап отқа айналған жан үні ғой.

Мазаны әбден кетірді,
Қызғаныштан іш күйіп,
Қызғанамын бетіңді
Алады-ау деп қыс сүйіп.

Көк өрімдей гүлдермен
Кетті сәби бала жаз.
Әурелей ме, кім білген
Аппақ шашты шал аяз.

Қыс құшақтап, жабысып,
Қылжақтай ма жөн білмей,
Көктем болып алысып,
Шықсаң болды жеңдірмей.

Кей уақытта жазды күткен жердеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Кей уақытта қазды күткен көлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.

Кей уақытта жауын күткен шөлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Кей уақытта сағым күткен белдеймін,
Бірақ сең келмейсің.

Тоқта шофер, жол үстінде,
Біреулер тұр қол көтеріп,
Біреулер тұр қол көтеріп,
Тоқта, шофер, жол үстінде.

Кім біледі әлде біреу
Жатқан шығар сырқаттанып,
Етер бәлкім сені медеу
Тұрғанында күн бұлттанып.

Әлде мүмкін бұл өмірге
Жатқан шығар келгелі адам,
Тапсырғалы тұрған шығар
Жақын көріп соны саған.

Тоқта, шофер, аз кідіріп,
Жол үстінде аялда сен.
Біреулер тұр қол көтеріп,
Көмегіңді аяма сен.

Ал бүгін күн ашылып жақсы болмақ,
Ауа райы бюросы айтуынша,
Көшпекші бұлттар көкті жатқан торлап,
Жылынбақ жердің жүзі ай суынса.

Білгенде адам солай көк мінезін,
Жүрегің мың құбылып неге алдайды.
Жаныңның ауа райын қалай солар,
Мен үшін бірден ашып бере алмайды.

ТӨБЕЛЕР

Төбелер,
Төбелер,
Шығатын қарттар
Ел қамын ойланғанда,

Төбелер,
Төбелер,
Шығатын жастар
Ауылда той болғанда.

Төбелер,
Төбелер,
Шығатын палуандар,
Бәйгі алып,

Топты жарып,
Тұратын қарауылдар.
Дұшпан көрсе,
Белгі беріп,

Отты жағып.
Төбелер,
Төбелер,
Ерттеулі ат секілді.

Төбелер,
Төбелер,
Өрт тілді
Қарт секілді.

Төбелер,
Төбелер,
Ескі үйлердің орыныңдай,
Тарихтың

Көшпелі тобырыңдай.
Төбелер,
Төбелер,
Атандай шөгіп қалған.

Төбелер,
Төбелер,
Тұрасыңдар әр уақыт
Атамдай шығып алдан.

Күн жарығын сіміріп дала жұтып,
Ашық аспан барады қарауытып.
Әлденеге дүние ауыр тартып,
Көңілсіздік басады жан ауыртып.

Бәрі тыншу айнала төңіректің,
Көк шымылдық келеді желбіреп түн.
Асқар таудан асады қып-қызыл от,
Жанарына жас толып елжіреп күн.

Бұл не деген, білмеймін, көңілсіздік,
Тұр аспанда, өліктей өмірсіз бұлт.
Жел ұшпайды, жапырақтар шуламайды
Басып алған маңайды тек үнсіздік

АҚМАРА

Өзбек қызы Ақмара,
Екі көзің қап-қара.
(Халық өлеңі)
Ақ жүзінде қызыл от,

Андижанда пістің бе?
Жандың ба әлде жүзім боп,
Наманганның үстінде.
Ферғананың гүліндей

Шайы жібек көйлегің.
Көбелектің түріндей,
Қайдан алдың өрнегін?
Буындарың былқылдап,

Ұшып жерге тимейсің.
Саусақтарың сыртылдап,
Иегіңмен билейсің.
Жүзің жанған анардай,

Қоймас жанды еркіне.
Жас жігіттер қана алмай
Тұр өзіңнің көркіңе.
Ұқсап пейіш құсына

Көз астымен қарап ең,
Ақ бетіңнің ұшында
Дірілдеді қара мең.
Тимеген де шығар-ау

Шіркін оған қол бөтен.
Хафиз ақын жырлаған
Шын сұлулық сол ма екен?
«Өзбек қызы Ақмара,

Екі көзің қап-қара»
Жас қалпыңда тұра бер,
Сол меніңді сақта да.

Өлеңменен өртеніп бүкіл денем,
Түнеремін таулардай түтіндеген.
Қанша жұмыс бар әлі бітірмеген,
Мен қарлығаш ұясын бүтіндеген.

Сол ұямды қызғанып әлденеге,
Көрсеткім де келмейді жан дегенге.
Тазартамын жауыннан соңғы ауамен,
Саңлау ашып қоямын сәулелерге.

Бұлтты аспанды оранып ұям менің,
Жатыр жайлап таулардың қиян көгін.
Сол арадан шығамын саяхатқа,
Аралап бір қайтуға қиял елін.

Тау басына шықпадық,
Құшақтамадық бұлтты алып.
Жаздың гүлін термедік,
Таң самалын жұтпадық.

Тек үмітке ереміз,
Салқын сабыр-тағатпен.
Тек шапқылап келеміз
Арман атты ақ атпен.

Қыр басына шығармайсың,
Беу, көктемнің сызат жері!
Әлдекімге жыр арнайсың,
Беу, даланың ұзақ желі!

Тек түндерде түске енесің,
Жазғы жасыл жапырақтар!
Көлден аппақ құс көресің,
Шапқылайды ақ бұлақтар.

Шуылдайды жас құрақтар,
Көл оянып ұйқысынан.
Баяғы өткен жастық шақтай
Өтеді қаз үй тұсынан.

Екі жарты – бір бүтін,
Екі тамшы – бір жұтым,
Отан болып от жағар,
Екі жалқы – бір түтін.

Толқынның күші - теңізде,
Өлеңнің күші – сезімде,
Теңізге барсаң мені ізде,
Толқиды толқын сөзімде.

Аспанның күші – күнінде,
Ақынның күші - тілінде.
Жақұттай сөзі жарқырап
Жатады теңіз түбінде.

Көк төсіне қадалған оқ
Күннің көзін жаба алған жоқ,
Жолбарыстай жаланған от
Жерді жаулап ала алған жоқ.

Оқ отады жұлып талды,
Орнында бір шыбық қалды.
Жүз жауынгер жанын берсе,
Бір жауынгер тұрып қалды.

Өртесе де жалын қайғы,
Бермей түсін таң ырайлы.
От ішінде қызғалдақ боп,
Шіркін өмір тамыр жайды.

Көк төсіне қадалған оқ
Күннің көзін жаба алған жоқ,
Жолбарыстай жаланған от
Жерді жаулап ала алған жоқ.

Осы дала аспаны бақыт дара,
Биігіне шалқаннан жатып қара!
Шексіз-шетсіз жүзеді ақ шарбы бұлт,
Ал күн саған қадалған ақық қана.

Тигіз суын көлдердің еркініңе,
Со жетердей бір сенің өміріңе.
Бұл даланың дастанын тыңдау үшін
Құлақ тоссаң болады жел үніне.

Бұл даладан сұраймын жол жайын мен
Дала, дала толқиды өр қайыңмен.
Дала, құйып келесің ғажайып күй,
Сорғалаған құйттай өз торғайыңмен.

Сенсің маған тар күнде қол ұсынған
Торабыңда тұнған жыр, тоғысып ән.
Дала, дала, өлгенше құтылмаспын
Шаш етектен келетін борышымнан.

Менің үшін әлдеқашан,
Көзін жұмып өлгендер бар.
Көре қалсам тұра қашам,
Өлі аруақты көргендей дәл.

Нәзік жүрек тас оларға,
Тұра алмаймын сөзін тыңдап.
Тек өзімнен басқаларға
Сата берсін өзін пұлдап.

Менің үшін ол байғұстар
Тірі аруақ, құр көлеңке.
Менің үшін ол байғұстар
Көп жыл бұрын өлген ерте.

Кешеді адам теңіздерді
Ұйықтап жатып.
Шиырлайды көне іздерді
Ұйықтап жатып.

Аралайды керемет бай елдерді
Ұйықтап жатып.
Құшады ару әйелдерді
Ұйықтап жатып.

Жарысады құстармен
Көкті ала шаң қылып,
Ұйықтап жатып.
Қонады тұғырға барып мәңгілік

Ұйықтап жатып.
Көзін ашса, бірі жоқ таң қылады,
Көрген түсі өңінде зар қылады.

Түнерген адырлар
Секілді ашулы кит.
Шайқалған шалғындар
Секілді жасыл мұхит.

Жол көрсетер жұлдыз – махаббат
Түнде жерге аспан түсіп,
Сүйеді тауларды жата қап,
Көздерінен жастар ұшып.

Жанады қанатындай самұрықтың
Бар жұлдыз көкте емес, жерде туып,
Ашулы кит,
Жасыл мұхит,

Қап-қара сағымды түн
Дірілдейді,
Қыран жел қанатымен тербетіліп.

Көңілімде қалды елесің,
Көлеңкенің көлеңкесіндей,
Мұнартқан тау кешіндей,
Күннің бұлтқа түскен соңғы сәулесіндей.

Талай жылдар жүрдің бірге
Жол үстінде,
Көйлекшең,
Жалаң аяқ.

Бермедің махаббаттың бал дәрісін,
Өзің салған жарамды аяп.
Аша алмадың кілттеген,
Ашылмаған сырларыңды,

Жоғалттым үмітпенен
Ең жақсы жылдарымды.
Бала болып жүріппін мен ертеде,
Құмартқам неге сонша көлеңкеге.

ҚУАНЫШ

Қыстай жатқан сіресіп,
Аспаннан бір от шығып,
Жаңбырлы жел тұр есіп,
Күн күркіреп, көк шығып.

Қыстан шыққан қысылып
Құшады ой-хой, жазды ауыл.
Аспан жатыр ұшырып
Ала бұлтын қаз бауыр.

Асыр салып ақ бұлақ,
Сыртқа тепкен бұла күш.
Қырда ойнайды шапқылап
Бала болып қуаныш.

Күннің көзін бұлт алса,
Жердің жүзі түнерер,
Жан ашуы бұрқанса,
Жай түсті деп біле бер.

Жаңағы кек жаңғырып.
Көпке дейін ашылмас.
Долы толқын жарды ұрып,
Көпке дейін басылмас.

* * *
Кетпейді гүлдер көңілден,
Гүлдер ғой менің сырласым,
Мұңды бір күні төгілген

Мөлдіреп сонда тұр жасым.
Келгенде алғаш қыз арман
Куә ғып көктің жұлдызын,
Ұялып алғаш қызарған

Бетінде гүлдің тұр жүзім.
* * *
Бел байлап басын тіксе қатерге кім,
Шытырман махаббаттың өтер жолын,

Махаббат — майданы ол Спартактың,
Махаббат — қызғанышы Отеллоның.
Махаббат — жанар тау ол жалын іші,
Махаббат — вулкандардың жарылысы,

Сарғайып Одиссейді көп жыл күткен Махаббат
Пенелопа сағынышы.
Махаббат — қайрат, сабыр тұрақтылық,
Махаббат — бір-ақ өлу, бір-ақ туып,

Махаббат — күн.
Батарда шыққанынша
Қоштасқан аспанымен жылап тұрып.

АҚЫН-ПАРТИЗАН

(Жұмағали Саин туралы)
Түксие ұстап оқ тиген қабырғасын,
Төкті ол көздерінен ауыр жасын.
Қалдырды жорықтарда жастық шағын,

Жоғалтты оқ астында жарым жасын.
Ұйықтады ол тас үстінде, шөп төсінде,
Болды ол талай жылдар от кешуде.
Майданның мәңгі өшпес белгісі боп,

Алынбай қалды бір оқ өкпесінде.
Батырдың жүрегіне көрші қонып,
Өлімге жатты сол оқ елші болып.
Ауасы, туған жердің топырағы,

Сақтады оны көп жыл емші болып.
Со бір оқ өкпені үңгіп жегі құрттай,
Сіресіп жатып алды өлі бұлттай.
Жүрді ақын іштен тынып, жат көздерге

Білдірмей бекем ұстап өңін сырттай.
Жетті кеп қап-қараңғы қаза күн де,
Алатау қалды ұйып азалы үнге.
Ақынның өкпесінде кетті сол оқ,

Көмілді жер астына ажал бірге.
Жиып aп жерден қуат, күннен жарық,
Шықты ақын жүрегінен гүлдер жанып.
Көрде тек үнсіз-тілсіз ажал қалды,

Жүйрік жыр жарқылдайды жүлдені алып.

ДОМБЫРА

(Баллада)
Өлерде ақын домбырасын сұрады,
Әлі келмей, бұралмады құлағы.
Шектер, шектер ақырын жай дірілдеп,

Толқындаған тоқтады үнсіз жыр, әні.
Ақын жайлы жазып құлпытасына,
Домбырасын қойды қабір басына.
Қарауылға қарағайды тұрғызып,

Суарды ел көздерінің жасына.
Жаздың көркін әкеткенде күз ұрлап,
Жел сөйлейді әлденеге ызыңдап.
Ол бейшара бебеу қағып тұрғандай

Домбыраның сырлы шегін үзіп ап.

Бұлт ала, жер шола боп
Еріп жатыр шыны ақ қар.
Жағада тұр қаракөк
Шашын жайып жылап тал.

Өлді ме әлде қайғыдан
Оққа ұшып сорлы жар.
Ғашығынан айрылған
Мұңды жандай со бір тал.

Қасіреттен қалжырап,
Болып талай жылға аңыз.
Шашын жайып тал жылап,
Жар басында тұр жалғыз.

Ақ сабынның көбігі
Тәрізді қар еріді.
Шөл шиендеп, күн қызып,
Жер аяғы кеңіді.

Қыстай жатқан кәрі ана,
Шықты бүгін далаға.
Жасартқандай жылы жел,
Жасартқандай жаңа ауа.

Тұла бойын жылытып,
Көкірегіне жаз қонып,
Қарттық шағын ұмытып,
Тұр баладай мәз болып.

Сырдың бойын күндіз көру ғанибет,
Көз алдында тұрады өмір бәрі кеп.
Қырғауылдар,
Қырғауылдар көк-жасыл

Сыр бойынан береді көп мәлімет.
Қоңыраулы тікенекті шеңгелдер,
Тек тікенек дейді
бекер көргендер,

Қырғауылдар шеңгелдерді мекендеп,
Кеште арқанын шеңгелдерге керген жел.
Сырдың бойы сұлу көлдер саф күміс,
Сырдың бойы белден пая ақ күріш.

Сырдың бойы сырлы көйлек қауындар,
Сырдың бойы жеміс толы бақ жыныс.
Сырдың бойын күндіз көру ғанибет,
Көз алдыңа тұрады өмір бәрі кеп.

Сыр бойының суреті — қырғауыл,
Сыр жайынан береді көп мәлімет.

Орманда түрлі гүлдер бар,
Далада түрлі гүлдер бар.
Шырының сормай солардың
Бермейді ара бірден бал.

Дүниеде мұңды көздер бар,
Дүниеде нұрлы көздер бар.
Соларға ақын сүңгімей
Төкпейді бірден сөзден бал.

Терезеңнің әйнегінен
Көзіңді сал, ұмытпа,
Қарар саған aй көгінен
Сонда мені ұмытпа.

Зарықтырды бізді мұнша,
Тағдыр қамап тас қылып,
Терезеңе жел ызғырса
Есігіңді аш тұрып.

Үйреніңдер көлдерден жомарттықты,
Жатыр жұртқа ақысыз суын беріп.
Үйреніңдер аспаннан жомарттықты,
Жатыр жұртқа ақысыз күнін беріп.

Үйреніңдер бұлттардан жомарттықты,
Шөл даланы суарған қарық қылып.
Үйреніңдер орманнан жомарттықты,
Саясына әл берген алып тұрып.

Үйреніңдер бұлақтан күлкілерді
Сыңғырлаған ән салып қыста қатпай,
Үйреніңдер бұлақтан күлкілерді
Ақ көбік боп арқырап ұшқан аттай.

Үйреніңдер адамнан өр қайратты
Жөнге салған күшімен соның бәрін.
Жан отымен жарық қып табиғатты
Тұрады ұстап доптай бір қолына күн.

Жүректің жүгі көп —
Дүниеде махаббат бар
Жүректі жылытатын.
Дүниеде қатал қыс бар

Жүректі суытатын.
Дүниеде арамдық бар,
Жүректі күйдіретін.
Дүниеде адалдық бар,

Жүректі сүйдіретін
Бірінде жүрек
Жазғы күн жайма-шуақ,
Бірінде жүрек

Соғады талмаусырап.
Қайғы отында,
Шаттық шұғыласында,
Жүрек балқиды қорғасындай

Жауыздық пен жақсылық домнасында
Оған білінбей жабысады
Дүниенің мың кеселі,
Жүрек қайғы бұлттарына,

Көз шықтарына
Қарсы күреседі.
Ол өзі кішкентай болса да
Осындай ірілікке жарап отыр.

Жүректің қызуын өлшейтұғын
Жоқ әлі барометр.

Егер мені тұншықтырса сұр тұман,
О күн, о күн, шық аспанның төріне!
Кірпігіңмен түртіп оят ұйқыдан,
Нұрыңды құй қансыз-сөлсіз өңіме.

Егер мені тұншықтырса тымырсық,
О жел, о жел, желпі мені қанатпен!
Кең далада көсілейін бір ұшып,
Өзің берген өзіндей бір тағы атпен.

- Кім далада ысқырады,

Бала ма?

- Жоқ жел ғой ысқырған,

- Кім далада жылап жатқан,

Бала ма?

- Жоқ, өзен ғой өкіріп ышқынған,

- Кім далада сыбырлаған?

Бала ма?

- Жапырақтар ғой судырлаған.

Асыл құрбым, шырқашы
Жақсы көрген әніңді!
Жиырма бестің қырқасы
Қайта тербер жанымды.

Мек жастықты білмедім,
Жүрмедім шу тойменен.
Өтті-өтті күндерім
Өкінішпен, ойменен.

Көп адастым боранда,
Омбыладым, құладым.
Керек болды-ау со маңда
Сенің салған бір әнің.

Кетер едім серпіліп,
Кетер едім желпініп.
Сүйер едің сен тұрып,
Күлер едім мен тұрып.

Қысында сұм тағдырдың
Омбыладым, құладым,
Жақын келші, жан құрбым,
Жылжып маған бір адым,

Керек боп тұр бір әнің.

Көз алдымда от елесің
Тартқан маған өмір сыйын.
Тек сен жалғыз көтересің
Қалжыраған көңіл күйін.

Көзді арбап мың құбылыс
Жайнап, ойнап тұр алдымда.
Дірілдеген сырлы дыбыс
Тұнып қалды құлағымда.

Гүлдей еркем,
Күндей көркем,
Келбетің тұр алдымда.
Ойнаған боп,

Ойлаған боп,
Қара орманда қалдың ба?
Жылдар мені,
Жырлар мені,

Алға айдады аптығып.
Қарайладым,
Тағы ойладым,
Қайда деп сол тәтті үміт?

Қара орманнан
Шықпайсың сен,
Жолыма гүл лақтырып.
Қуып келем,

Қуып келем
Арман деген ат мініп.

Дауылдан күту жақсылық,
Торыққанның белгісі.
Жауыңнан күту жақсылық
Қорыққанның белгісі.

Тас мейір кейбір адамнан,
Ақжарқын жүзді гүл артық.
Сыйлыққа бола жаралған
Гүл тұрар жанды қуантып.

Бір кезде қара көзің қайдалаған,
Бір кезде майда сезім аймалаған.
Бұл күнде көрген түстей жоғалыпты
Қашасың мені көріп айдаладан.

Жұлдызы бар, айы бар
Өтті өмірде күндер көп.
Көңілдің не жайы бар
Ешкім сұрап білген жоқ.

Жас күндегі жалынды
Албырт, асау күн өтті.
Қайғы кернеп жанымды,
Қалжыратып жүдетті.

Сонда аспан төрінен
Жұлдызымдай көріндің.
Кездестім де сенімен,
Жудым кірін көңілдің.

Әніңменен, күлкіңмен,
Құйдың маған бір ләззат.
Ақты селім іркілген,
Махаббатың тұр маздап.

Қарайсың сен қара көзің мөлдіреп,
Жүрегімді жаям саған елжіреп,
Бата алмайды, айта алмайды бір сөзді
Қамалдарға қарсы аттанған ер жүрек.

Соныменен қыс та өтті жылыстап,
Асау жаным көрген емес тыныстап.
Жаз келді ғой жадыратып көңілді,
Шықсайшы бір жүрегімдей гүл ұстап.

Жас күндегі ойнақшыған
Нұрын көзі сақтапты.
Себебі не?
Ойлап тұрсам

Тамшы жасы ақпапты,
Екі беті қан жүгірген,
Қуармапты әлі де,
Себебі не?

Ауыр күнде
Шыдапты ол бәріне.
Құлпынайдай шешек атқан
Аялапты ол құс жанын,

Себебі не?
Кесек атқан
Елемепті дұшпанын.

Сонау жылдың күзінде
Өмір өртке шарпылды.
Жалаң қылыш жүзінде
Дірілдеген қан тұрды.

Тосты өлім тығылып,
Тоғыз жолдың торабын.
Адамзатқа суырып
Сілтеуге ажал орағын.

Аш кемпірдей сығалап,
Өз жемтігін тапты өлім.
Саусақтары сумаңдап,
Жатты тоқып ақ кебін.

Қорғап адам өмірді,
Шықты айқасқа күн ұстап.
Өлтірді өз өлімді
Табанға сап қылыштап.

Жапырақтан діріл қағып жас үміт,
Күттім сені, күттім сені асығып.
Күтті бұлбұл, күтті гүлдер иіліп
Бір өзіңнің ғұзырыңа бас ұрып.

Көкіректі кернеп кетті кейде мұң,
Өз-өзімнен іштей толқып сөйледім.
Көрінгенде көңілім түсті орнына
Ай астынан ағараңдап көйлегің.

Тұрдық біздер бір бұтаққа асылып,
Жапырақтар қалқалады жасырып.
Сырымызды өзендерге айтуға
Жел жөнелді тағат таппай асығып.

Сал едім, салқы едім сайраңдаған,
Алаңдап ешнәрсені ойланбаған.
Қараңғы бұлттан шыққан жарық айдай
Кездестің, қалқатайым, қайдан маған.

Ақ гүлдей бала екенсің бір шырайлы,
Жүрегім тулап соғып тыншымайды.
«Ағатай, аман ба» деп өтсең болды,
Халімді сенен басқа кім сұрайды.

Көптен бері көрмеген,
Ескі достар кездестік.
Көп сағынып шөлдеген
Көлдей жүзі көзге ыстық.

Асыр салып,
Ұйтқып от,
Төбемізден өтті оқ.
Бүгін бізде ұйқы жоқ,

Әңгіменің шеті жоқ.
Кімдер болды соғыста,
Кімдер жүрді от кешіп.
Кімдер өлді со тұста,

Көкірегін оқ тесіп?
Ұшты атылған оққа кім
Қызыл қанға боялып?
Кейбір қыздың аттарын

Қоямыз біз ойға алып.
Қанша рет терледік,
Кімнің орны бос қалды.
Қайсы жерге жерледік,

Көңіл қимас достарды.
Кештік майдан жолдарын
Өткенді бір жаңартып.
Аңдамаппыз қалғанын

Әңгімемен таң атып.

Алғашқы айтқан сертіңнен
Неге тайқып айныдың?
Үлбіреген көркіңнен
Ізін көрем қайғының.

Өскен гүлді бақшаңда
Кетті ме әлде жел алып.
Ай секілді аспанда
Барасың ба сен ағып?

Аққан бірге ағыспен
Көгілдірдей көлдегі,
Кетесің бе алыс сен
Мұңға кеміп кеудені?

Тірі жүріп жалғанда
Боламын ба шын күлкі,
Қайғың менде қалғанда
Қуанышың кімдікі?

Досым едің құлын-тайдай ойнаған,
Өмір — өзен тереңінде бойлаған.
Досым едің мерекелі тойларды
Думандатып бірге күліп тойлаған.

Саған айтар сөздерім бар арнаған,
Үмітім бар көктей өсіп қаулаған.
Жаңа жылда тассын өлең арнадан,
Тусын бала дәл өзіңнен аумаған.

ЕСІЛ ТОЛҚЫНДАРЫ

Кең даланы қыдырып,
Сен келесің жырменен.
Жағалауды жүгіріп,
Көмкересің гүлменен.

Толқындайсың сен күліп,
Сарыарқаның белінде.
Ай төнеді телміріп,
Өзін сенен көруге.

Ел ырысы бүгінгі,
Тұрсың өзің атанып.
Құйдың нәрлі суыңды
Егіндікке апарып.

Алғыс айтар өзіңе
Орманның жас терегі.
Жайқалған күн көзіне
Жердің жасыл желегі.

Бұрқырап жол танабы,
Қонған гүлге шаң тұнып.
Жайлап оған барады,
Орынынан шал тұрып.

Жастан жаны ғашықтай
Аялап гүл бүршігін.
Алақанмен асықпай
Сүртеді шаң кіршігін.

Кейбіреулер жүр ойлап
Деп «шалдыкі ермек тек»,
Күлімдейді гүл жайнап
Осы нағыз еңбек деп.

Шығып едің ауырын
Бұл өмірдің көтеріп.
Тыным таппай,
бауырым,

Күркілдейсің жөтеліп.
Кеппейді ғой әудемде
Сызды жердің балшығы.
Көп жылдардың кеудеңде

Қалыпты бір сарсығы.
Құр қиялға беріліп
Қылма өзіңді кіріптар.
Тарқар сырқат серіліп,

Алдында үлкен үміт бар.
Дөңбекшіме түнімен
Өзіңді-өзің құса қып,
Туған жердің күнінен

Сәуле жина,
күш алып,

Саясыз таудан пайда жоқ
Сапсиып жалғыз тұрғанмен.
Құрақсыз көлде көрік жоқ
Дауылда жарын ұрғанмен.

Қайғының бұлты қаптаса
Тебіренбей қалай шыдарсың.
Жаныңды жайлап бір дауыл
Толқындай жарға ұрарсың.

Басыңа шығар қан атып,
Кеудеңді жалын орап ап,
Сауылдар жерге моншақтай
Көзіңнің жасы домалап.

Тағы саған оралып,
Жарқырар күндей жас үміт.
Ашуың кетер таралып,
Жаныңның бұлты ашылып.

Роза гүлдей құлпырып,
Раушан дүние тұр тұнып.
Тек қана бұлақ қиқу сап
Құлайды таудан жұлқынып.

Жайқалып жасыл жер жатыр,
Мейірін саған түсіріп.
Көбігін атып көл жатыр
Көзінің алды ісініп.

Тоймайсың қарап көркіне,
Дүние шіркін бір қызық.
Тұрасың гүлмен желпіне,
Сәуледен ғажап сыр тізіп.

Төбеде тұр мөлдіреп,
Аспанның айдын шалқары.
Көк бұлттар тудай желбіреп
Жүйткиді дала арқары.

Бәрі таныс бұл жердің
Ой-шұқыры, белесі.
Алыста қалған күндердің
Айналып соқты елесі.

Бүгінгідей тұр бәрі,
Айқара ашып құшағын,
Жалынды жастық жылдары
Құлаққа тосып құс әнін.

Жастықты қайта тапқан соң
Кеткендей бойда бар сырқат.
Көңілде толқын атқан соң
Айқайлап алам ән шырқап.

Шамы жанып тұрған үй
Біздің достық бөлмесі,
Сол арадан тулап күй
Естілмейді, ол несі.

Екі-үш үй өзі бір ауыл
Темір жолдың оң жағы.
Тасына біткен қына гүл,
Қара бұлттай орманы.

Анау оқшау қарағай
Ойнағанмын асылып.
Сол арада жағалай
Күлкі қалған шашылып.

Қалған соның түбінде
Жайдары жаз — жас шағым.
Қырмызы қызыл іңірлер
Көк қыжым барқыт аспаным.

Жастық-ау, өзің екенсің
Адамға біткен бақ,
талан.
Қайрылмай енді кетерсің

Палуандай бастан аттаған.

Бар ма достық баяғы
Болған бір кез біз жерік.
Көк ормандар саялы
Қурады ма күз келіп.

Көңілсіз бір күй шертіп,
Кезеді ме қырды жел.
Тартпайды ма сый көлкіп,
Толқынымен сырлы көл.

Үзілді ме қиылып,
Шіркін достық түйіні.
Кетті ие әлде үйіріп
Көп жылдардың құйыны.

Сөгілді бұлттың көбесі,
Көрінді көктің кемесі,
Алатау тұрды асқақтап,
Аспанды тіреп төбесі.

Ақты бұлақ жамырап
Жел есті бұл жер «құтым» деп,
Алатау қара шаңырақ
От жағып жатты түтіндеп.

Көп іздедім,
Келем дедің,
Келмедің сен,
кешіктің.

Соңына еріп өлеңдердің
Жаптым кілтін есіктің.
Кеттім енді жыр аулауға
Табиғаттың көлінен.

Тауға,
желге сұрау сал да,
Ізде шыңның өрінен.

Ерте келдім,
Еркеледім,
Көңілімді жықпадың.
Кеште келдім,

Ескермедің,
Қақпа алдынан шықпадың.
Махаббаттың жылуы,
Содан бері суыды.

Гүлдей жүзің құлпырып,
Үлбірейсің жібектей.
Ләззатпенен ынтығып
Сағынамын күн өтпей.

Ренжітпе, қойныңды аш,
Махаббатым айнымас.
Сырым мәлім өзіңе,
Ықыласым ауды бір.

Раушан жаз кезінде
Бүр жарған сен балғын гүл,
Ақылың сай нұрыңа,
Илан айтқан шыныма.

ТАБИҒАТПЕН ТУЫСТЫҚ

Келіп қалдым Баянға дәм-тұз айдап,
Таңертеңнен жүрегім тау-құзда ойнап,
Толқынына шомылып, құмында аунап,
Жасыбайды жатырмын жалғыз жайлап.

Бәлкім жұртқа бұл алыс жер шегіндей,
Ал мен үшін жанымның бөлшегіндей.
Қымыз иісі мұрнымды қытықтайды
Шыңдар — мама биенің емшегіндей.

Жүрген адам баласы қауымында,
Табиғаттың мен де бір тауымын ба?
Күн шалғанда басымды жаным жайнап
Бұлт жапқанда батамын ауыр мұңға.

Жүрген қиял толқынның желігінде,
Табиғаттың мен де бір көлімін бе?
Жел үрлесе жалданып көтерілем,
Жел соқпаса желік жоқ көңілімде.

Жаралдым ба ауаның оттегінен,
Әлде дәрі даланың шөптерінен.,
Әйтеуір бар бәріне туыстығым,
Құшағына қысады шеттерінен.

БАЯНАУЫЛ

Бару үшін Жасыбайдан Баянға,
Таяқ ал да, жолға шығып аяңда.
Батырлардың бұлағынан су ішіп,
Бабалардың бейітіне аялда!

Табиғаттың бір перзенті, тау сәні,
Басып кетпе балапан жас аршаны.
Жатады ол жасыл шашы жалбырап,
Жалпақ тасты қаусыра ұстап саусағы.

Тас бойлаған тамырына сүйсіне,
Ішпей-жемей мас боласың иісіне.
Көкірегіңе көктің нұры құйылып,
Дала саған еміренеді иісіне.

Тағы аяңда, жақын қала аңғары,
Айналдыра қоршаған құз таулары.
Сіріңкенің қорабындай шашырап
Жатады алда Баянауыл ауданы.

Ар жағында тағы да асу адыр бел,
Адырды ассаң көпіршіген Сабынкөл.
Жомарт аспан көлге құйып көз жасын,
Баянтаудан аямаған барын жер.

Баянтаумен келсе толық танысқың.
Музейіне бір сүңгіп шық Қаныштың.
Ұзын ырға ұрпақтардан сезесің,
Шекарасын жақын менен алыстың.

Күндер көшіп қабырғадан жүгі ауыр,
Суреттер ашылады мына бір:
Алты бірдей академик беріпті
Баянтаудың құты болып бір ауыл.

Таудан сырғып түскенінде кеш төмен,
Баянауыл тартылып от кестемен,
Мыңдаған күн бір-біріне қарайды
Бір кездерде Сұлтанмахмұт көксеген.

Жас қаланы жасыл шыңдар көмкеріп,
Жалаулардың қанаттарын жел керіп,
Ай жанады әлде біреу кеткендей
Тау басына алтын табақ төңкеріп.

Әр тасында, әр шөбінде бардай ән,
Жаңғырады сері Баян, сал Баян,
Бір шырқайды бір дауысқа қосылып
Қала Баян, дала Баян, тау Баян.

Текше тастар
Отау тастар,
Қой тастар —
Әрқайсысы бір ауыл.

Қашан көрсең мұнарланған ойлы асқар
Ауылдарға қарауыл.
Тау ішінде құбылған сап өңменен
Табиғаттың өзі салған ғажап бар.

Боз жусанды, бетегелі белменен
Барады ағып баянтаулық қазақтар.
Олар ылғи мақтан етіп көлдерін,
Аунайды ыстық боз топырақты құмына.

Таңертеңгі жұтады еркін жел лебін
Ақбет таудың қарап қойып шыңына.
Шыңыраудан шығады бал бұлағы —
Қанғанынша еркін іш!

Жылқы үйездеп көлдерінде тұрады
Құйрықтары желпуіш.
Сиырлары қосылмайды табынға
Әкетеді сиқыршыдай шың ертіп,

Он күн бойы жоламайды үй маңына
Үңгірлердің қойынында күнелтіп.
Түн болғанда тауды нұрға қарық қып,
Шаншылады күміс орақ басына ай.

Шипалы су, әулие су жарықтық
Тау қойнында мөлтілдейді Жасыбай.
Көлкіп тұрған жауыны бар,
Желпіп тұрған дауылы бар —

Көл бұл бір,
Көктем түсті көгілдір,
Анамыздың жасы тамған,
Атамыздың қаны тамған

Қасиетті жері бұл.
Құшақтайды сені ақ қайың.
Шалғын көмген кәрі жұрт,
Оның бәрін мен айтпайын,

Өзің барып ұқ!

Басына бір шығып алып шоқының,
Таулар жырын таңырқана оқыдым.
Тау мен таудың жалғастырып арасын
Аспан тартты аспалы бұлт көпірін.

Жауырынын жазып ап.
Тау қария жатады тас жастанып,
Соғады жел ішін тартып азынап,
Үлгергенше қас қағып.

Күміс жылан шаншылып,
Күңіреніп күн,
Боратады көк ұшқын,
Ақ жауынға малшықып,

Сілкінеді шөп үстін.
Басылады жол да енді шаңдатпай,
Желдің енді мінезі жоқ ұрда жық.
Жаттығуда жүрген терек солдаттай

Өрмелейді шың басына тырбанып.
Айхай жаңбыр,
шомылдырып ауаны,
Айдай дала ала бұлттан ашылған.

Сарыарқаның еседі есіл самалы
Құж-құж тасты қарғып түсіп асудан.
Пай-пай дүние жауыннан соң тұр тұнып,
Самалменен үсті-басын сүртініп.

Көлге барып,
Құмға аунайсың шалқадан,
Күн сүйеді бетіннен,
Құм сипайды арқадан,

Бірақ осы рақатқа құмар қашан тарқаған.

СҰЛТАНМАХМҰТ ҚАБІРІНДЕ

Көкірегіңді шер көміп,
Өлең болып өртеніп,
Жиырма жеті жасында
Кеттің, сабаз, ерте өліп.

Өртенген ай шоғындай,
Бір суынып, бір қызып,
Жаздағы жай оғындай
Өттің көкті бір сызып.

Көкірегіңде кек-намыс,
Салған жара қара түн,
Көрінді де кетті алыс
Күнге жайған қанатың.

Жастай өліп кетсең де,
Дейді шулап — ол тірі.
Жүгірген жел тепсең де.
Торыайғырдың толқыны.

СОЛДАТ ЖЕСІРІ

Қас тағдырдан қолды жайып қолқалап,
Сұрадың сен жылы рай мен оң қабақ,
Төлегенін күткен зарлы Жібектей
Қара көзің күңгірт тартты жол қарап.

Сендің шексіз түнде көрген түске де,
Күттің, күттің аяулыңды құс келе,
Аңызақта шөп айырлап, мал бақтың
Соңыңа ертіп солдат ұлын кішкене.

Солдатыңның сарғыш тартқан хаттарын,
Сағыныштың сәулесіндей сақтадың,
Қара көзден қан аралас жас тамып
Мың сан оқып әрбір сөзін жаттадың.

Суретін гүлге орап кестелеп,
Жұмыстан соң иіскеледің кеште кеп.
Айлар, жылдар өтіп жатыр асығыс
Солдат жайлы білмедік деп еш дерек.

Ол кеткелі талай-талай көшті бұлт,
Қайта түлеп жаңғырықты ескі жұрт.
Бірақ жардың даусы қайта естіліп,
Қара жолға көп қарайсың кешкілік.

Ұзай-ұзай ұясына күн батып,
Қараңғы боп көрінбейді қырда түк.
Келе ме деп тұтатасың шамыңды
Сонырқаған жұлдыздардай түн қатып.

Абыройына шаң-тозаңды жуытпай,
Отырсың сен жылы орнын суытпай.
Ширек ғасыр өтсе-дағы келесің
Ер аруағын сыйлап, күтіп ұмытпай.

Елмен бірдей егін салып,
мал бағып,
Жазда қысқа орын сайлап қамданып,
Немереңді емірене сүйесің

Атасына тартқан ғой деп алданып.
Өсіресің өз балаңдай қол қатпай,
Төсегіңе қисаймайсын ол жатпай.
Жер қозғалса қозғалмайтын жеңешем,

Өзің маған көрінесің солдаттай.

Жаны аулақ қарттық деген қасіреттен,
Айнала жастық өмір, жасыл көктем.
Жатады қора-қора қойдай болып
Баянның бұлт мекендеп басын көптен.

Толқынның құлақ тосып ащы үніне,
Шатырын құрып тастап тас түбіне,
Елжіреп жағасында Жасыбайдың
Әркім-ақ жолығады жас күніне.

Жатыр көл ата-баба көзіндей боп,
Аяулы нәзік сырлы сезімдей боп,
Жаяды найза тастар күнге құшақ
Сұлтанмахмұт ақынның өзіндей боп.

Ежелден дауыл досы, жауын досы.
Баянның баянайлап маңында осы,
Ертеде секілді бір қалып қойған
Көшпелі қазақтардың қалың қосы.

ЖАЛЫ БИІК ЖАҚСЫ АҒА

(Кенжебай Исинге)
Жел-боранды көп көрдің,
Торыайғырдың көліндей.
Көп керуенді өткердің

Жасыбайдың өріндей,
Шаңқай түсің жылысын,
Тақалса да екінді.
Дауылменен туысып,

Тұрсың емен секілді.
Саусақтарың темірдей,
Ақбеттей ақ көңілің,
Шашың қара көмірдей,

Алпыста дер сені кім.
Ақсақалға ағасың,
Болсаң да өзің сақалсыз.
Баяғы бір данасың,

Сөйлемейсің мақалсыз.
Әркім алар саралап,
Алуан гүл бар бақшада.
Болып тұр сау-саламат,

Жалы биік жақсы аға.

КӨРІНІС

Ай туды таудың аппақ қалпағындай,
Құс жолы көктің тартқан арқанындай.
Жағада жапырласқан бозша тастар
Арқаның жусап жатқан арқарындай.

Алыстан көрінеді көл теңгедей,
Тербейді толқын қызды жел жеңгедей.
Қабақта жас қарағай жаутаңдайды
Оларға қолын бұлғап кел дегендей.

Осы бір көрініске көңіл бөліп,
Тұрасың тастағандай желімделіп.
Анадан жаңа туған жас құлындай
Қаласың әлдеқалай жеңілденіп.

ӨЛЕҢТІ

Өлеңті шымырлап ағады жай,
Құймайды теңіздерге.
Абайдың «Сегізаяғындай»
Тарайды сегіз көлге.

Жайқалады кемерде
Жас талдар жаудыраған.
Қалқиды тереңде
Тұңғиық жапырақтар жалбыраған.

Арнасын бұруға,
Жетпейді жел еркі.
Теңге таққан бұрымға,
Ұқсайды сұлуға

Қара көз Өлеңті.

КҮН БАТАРДА

Күткендей көзі талып үйі асыға,
Күн кірді күлімдеп өз ұясына.
Қонды кеп сәулелерден қызғалдақтар
Науша бой найза тастың қиясына.

Еркіне тиіп ерке қыз армандай,
Құшақтап қойынына құз алғандай.
Қымсынып, біреу көріп қоя ма деп,
Ақ беті болады сәл қызарғандай.

Келеді көлегейлі кеш те түсіп,
Тұр құз тас жалын қызды, төске қысып.
Жүрегің ауырғандай шымыр етіп
Сенің де жастық шағың еске түсіп.

Қызыл гүлдер жанады өрттей,
От жағады түн үзбей.
Реактивтік самолеттер
Аспанды жарқыратады күндіздей.

Қараңғыда жон жаққан нұр
Қызыл теңіз — қызыл бидай.
Айлар бойы толғантқан бір
Жер-ананың қыз-ұлындай.

Жер мен көкті жаңалаған
Гүлдер бітіп қадамына,
Барады адам,
Барады адам,

От көтеріп қараңғыда.

ҚАРЫНДАСЫМ ХАНШАЙЫМ

Көрем ала таң сайын,
Қарындасым Ханшайым.
Қашан барсам алдымда
Қаймақ қатқан бал шайың.

Жетісесің бар жаққа,
Қамқоршысың сен көпке.
Төрт терезең тау жақта,
Төрт терезең көл бетте.

Көздеріңде шаршаған,
Көмек етіп көл саған,
Жігер құйып жел саған,
Дем бергендей тау саған.

Бүкіл лагерь қолыңда
Жүрек мырза, жан жомарт.
Томпаңдаған соңыңда
Жүз балаң бар қолқанат.

Күнде сені көрейін
Тау бауырынан таң сайын.
Үстем болсын мерейің,
Қарындасым Ханшайым.

ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН ӘН

(Кәукенге)
Ақбеттің самал желді күні желпіп,
Тауларды әнге басты ол күңірентіп,
Тыңдады тастар ұйып,

көлдер жусап,
Әншінің сиқыршыдай үніне елтіп.
Бір өзі Торыайғырды шайқағандай,
Әнші тұр тау мен тастан жай таба алмай.

Арнаған туған жерге осы бір ән
Кетеді-ау екінші рет қайталанбай.
Салса да барлық әнші қосыла кеп
Шықпайды енді бұл ән осылай боп.

Ол үшін әнші алдында тұру керек
Басқа жер Ақбет тау боп,
Жасыбай боп.

ТҮСКЕ КІРЕР БАЯНТАУ

Аттарыңды тауып қойған,
Қызыл шілік, Қыз шіліктер,
Көп күн жүрген салып сайран
Қаласыңдар қыз-жігіттер.

Көп ұзамай жауар енді,
Күз жаңбыры қар аралас.
Жапырақтар жабар көлді,
Тұрар жаурап тау жалаңаш.

Түске кірер Баянтауы
Найза тасты ақжал құздар.
Жаз құшағын жаяр тағы —
Қызыл арша,

ақ жалбыздар.
Арқамыздан жел сабалап,
Мен қарындас,
сен ағалап,

Құшақтап ерке толқындарды
Жүгіреміз көл жағалап.
Кездесерміз жігіттерге,
Жүрген жері — сауық-сайран.

Кіреміз Қыз шіліктерге
Ел есімін тауып қойған.
Жайылар жаз исі ұрланып,
Ақбет таудың адырынан.

Алармыз дем құшырланып
Жас аршаның қабығынан.

БАБАСЫ МЕН БАЛАСЫ ТУРАЛЫ

( Баллада)

БАБАСЫ

Дала дауыл ақырған,
Тобыл толқын сапырған,
Күңіреніп көк аспан
Аза тұтып ah ұрған.

Келеді шал бүкшиіп,
Ақ таяғы қолында.
Келеді шал түксиіп,
Жапан түздің жонында.

Көрінбейді жарық күн,
Ойы оның шар тарап.
Келеді шал халықтың
Қасіретін арқалап.

Іздеді ол бақытты,
Ұзақ болды сапары.
Ұрлатты көп уақытты
Ағарғанша сақалы.

Көшіріп құм тауларды,
Жел қаңбақтай аударды.
Қара жонды құшақтап
Қара түнде шал қалды.

Үміт оты алдады
Іздегені табылмай.
Орындалмай арманы
Өтті солай Сарыбай.

БАЛАСЫ

Талай рет жауды қар,
Ақты өзенде толқындар.
Көшті шұбап керуендер,
Көшті шұбап көп жылдар.

Қарсы алды жаңа заманын,
Жарқылдап жұрттың жүздері,
Баяғы шалдың арманын
Аспанмен шарлап іздеді.

Бұл жолы адам жүрмеді
Жер бетінде аяңдап.
Көкте ойнап гуледі,
Көкірегінде ай орнап.

Төмпешік болып шал жатты,
Теңгедей бұлт боп төменде.
Ел тапты асыл болатты
Тұнып бір жатқан тереңде.

Жұмсалды қайрат ер-жігер
Жасарды қазақ даласы.
Заводта қазір инженер
Баяғы шалдың баласы.

Суырып құм-топырақтарды,
Тау басынан жел жетіп,
Шайқайды жапырақтарды
Жеңіл қанатымен тербетіп.

Қара толқын — қара құндыздарды
Тұңғиықтан тулатып,
Ала көбік — ала жұлдыздарды
Жағады жел түнгі уақыт.

Жел шайқамаса тірлік тұнады,
Желді мен күреске балаймын.
Жел шайқаған жапырақтар
маған қарайды

Мен жапырақтарға қараймын

Тербеледі жас қайың
Төсіне қонған құс келіп,
Алдына дән тастаймын.
Кетеді тойып, түстеніп.

Тіршілік күйі селдетіп,
Титімдей құстың тілінен
Аспанды, жерді тербетіп,
Тұрады тынбай түнімен.

Сенің бала көзіңді
Көрдім бүгін бір қыздан.
Сенің тана көзіңді
Көрдім бүгін жұлдыздан.

Сенің мөлдір жасыңды
Көрдім бүгін жаңбырдан.
Сенің ерке дауысыңды
Таптым құздан жаңғырған,

Сенің балғын шағыңды
Айтты бүгін тал құрақ.
Сенің сұлу әніңді
Айтты бүгін бал бұлақ.

Жүзді жалғыз күн бірге
Жанымда жоқ өзге ешкім.
Білмедің бе, білдің бе?
Мен сенімен кездестім.

АҚ ЕДІЛ

Ақ Еділ, түсіме енген ақ шабыттай,
Ақ көбік толқындары ақша бұлттай.
Бозарып боз тұманнан кей кездерде
Жатады жағасында тас мамықтай.

Сыңсыған сырлы қайың бүрін жарып,
Барады Ақ Еділдің түбінде ағып.
Секілді алтын қайық ай жүзеді,
Қашады жұлдыз-балық діріл қағып.

Аспанды ала бұлттар белдеулеген,
Ағылып тізбек-тізбек керуенменен.
Анталап анасындай Ақ Еділге
Аймалап ақ мамасын серуендеген.

Ақ Еділ сабыр сақтап дөңбекшімей
Ағады, дем алады жел де өксімей.
Айдынға күн сәулесі шашырайды
Күмістен торын жайған өрмекшідей.

Ақ Еділ алысқа ағып ақ армандай,
Жыр үшін бұл дүниеге жаралғандай.
Іштегі қара мұнай — қара отымен,
Жалындап қайта түлеп жаңарғандай.

ДЕМ ӨЗЕНІ

Көк емендер —
Жапырақтары алақандай,
Иірім-иірім өзендей бұтақтары.
Көкала дөңдер —

Күйсеп жатқан кәрі атандай.
Сан ізді самайлары
Көне заман кітаптары.
Дем өзені —

Ұзыннан-ұзақ
Хиссасындай ерте күннің.
Кафесі бар
Салынған балық желбезегі

(Атын алған Пушкин жазған ертегінің.)
Тал емес
Бұл жерде өседі алып шынар,
Шал емес,

Жас жігіттер балықшылар.
Көркейген жасыл емен желегімен
Дем өзені секілді сақи бір жас,
Секілді жасартқан оны өлеңімен — Сайфи Құдаш!

Сайфи аға
Өзгеше досым мұнда,
Ертеде болған
Торғайдың Тосынында.

Қонақтап қарлығаштай әр ұяға,
Түсуге ақша жиған «Ғалияға».
Есінен шығармайды ол
Торғайды әсте,

Бұртаңдап ренжиді,
Торғайлық қонбай кетсе.
Сайфи аға,
Саспаңыз, өзім саспай,

Қонамын,
Кете алмаймын сізді тастап.
Қонбаймын дачаңызға шыным бірақ,
Жанымда жатсын бірге су сылдырап.

Жатсын кәрі емендер қойынымда,
Ақ жұлдыздар асылсын мойыныма,
Аспан керек сырласар маған бүгін,
Сайфи аға, тыңдаймын самал жырын!

Дачаңызға, әрине соғам жолай,
Ия солай, Сайфи аға, ия солай!

МҰСТАЙ КӘРІМ

Ешкімге Мұстай ірілік жасаған жоқ,
Екінің бірімен кетеді дос адам боп,
Құмар емес сөз алуға.
Сөйлеп кетсе ол өзі құстай шешен.

Бүкіл Башкирия тұрады көз алдында Мұстай десе.
Мұстайға қарайсың қызығып.
Қарапайым:
Жүрісі,

Тұрысы да,
Шығады сыпайы сызылып
Дыбысы да.
Ашуы

Ауға түскен балыққа ұқсап,
Сыртқа шықпай қалады тіл ұшында.
Қалған емес ешкім де
Қабақ шытқан Мұстайдың көзін көріп,

Ұрысады өз кейіпкерлерімен кеш-түнде
Отырғанда өзімен-өзі болып.
Жырлайды күндерді күңірентіп
Өзінің жазу кабинетінде.

Тыңдайды табиғат Мұстайдың үнін елігіп
Елжіреп ақ ниетіне.
Артылып жатса да
Атақ-абыройы

Болады оның-дағы ауыр ойы,
Адам ғой,
Ол да кейде өзгереді,
Секілді Орал таудың ауа райы.

Тұрса да алдында бар сыбағалар,
Ақын ғой көздері бар жылап алар,
Біледі
Шаттықтың,

Қайғының
Ұстай бәрін.
Міне, сондай адам біздің дос —
Мұстай Кәрім.

Асыранды ақ қаздарға тимеші
Не жұмысың,
Жүзе берсін
Кішкене көлшігінде

Менің үшін,
Қол сұқпашы
Біреудің меншігіне.
Олардың қаңқылында —

Шаттық бардай
Түсіп жатыр
Аспаннан ақ бұлттардай,
Ұшып жатыр

Аспанға ақ бұлттардай.
Ақ қаздарға тимеші асыранды,
Әлдекімге сақтаған,
Сағыныштың

Көздерінде аяулы жасы бар-ды.

Кейде жазық,
Кейде тау,
Кейде өзен,
Мейлі соның бәріне

Жалғыз төзем.
Кеудесінде жатамын
Кең даланың,
Өз деміңмен

Мен өзім
Дем аламын.
Тауға шығып,
Кетірем жол тозаңын,

Өзің болып
Арманға —
Қол созамын.
Өзеннен де өтемін өзіңді ойлап,

Жұлдыз болып тұрады көзің жайнап.
Көкті кезіп,
Мейлі тауды айналсам
Мен жүрер дала болып.

Мен жұтар ауа болып,
Дертіме дауа болып
Қарсы алдымнан шығасың қайда барсам.

Тербеледі ақ гүлдер
Жерде ұйтқыған борандай.
Келеді алыс шат күндер
Кеткен бір кез оралмай.

Шулайды орман құстары,
Жырлайды орман қыздары
Жастық шақтың өзіндей,
Аялайды бізді әні,

Орман алда қаладай
Жапырағы жасыл шам.
Көтереді қарағай
Мойынына асылсаң.

Сан халықты әлемдей,
Көп орманның тұрғыны,
Әрқайсысы әр елдей
Сандуғашы, бұлбұлы.

Әншілерге тосады,
Алаулаған гүлін жер,
Тек бастарын қосады
Кейде дауыл дирижер.

Тегін әнге жолығып
Бір қунайды бар өңір.
Толқынымен қол ұрып
Айқайлайды Ақ Еділ.

ШАЙМҰРАТОВ ГЕНЕРАЛ

Башқұрттар кіреді ұрысқа
Артта қалады көк Орал.
Aт ойнатып алда барады,
Шаймұратов генерал.

(Қадыр Даян)
Башқұрттар бұлттай барады көшіп,
Қылыштары жарқылдап,
Омырауы ауаны есіп,

Ақбоз аттары аңқылдап.
Найзағайдың шартылындай
Салдыр-гүлдір үзеңгі,
Алдарында ар туындай

Шаймұратов жүзеді.
Қара бұлттай қаусырынған
Генералдың буркасы,
Жаралғандай тау суынан

Риясыз күлкісі.
Кекті жүзі айбын атып,
Қылышы ойнап қолында,
Келе жатыр Шаймұратов

Қанды майдан жолында.
Қалмасын деп жау аңғарып,
Аңғарынан астырттың,
Тиді түнде жалаң қағып,

Атты әскері башқұрттың.
Сілтеді олар Салаватша
Сапыларын суырып.
Қашты жаулар жарқанатша

Қара түнге тығылып.
Ерлер жауды жүр қылыштап,
Күні туып кек алар.
Дивизия туын ұстап,

Салады ұран генерал.
Бірде оңнан, бірде солдан
Өткендей-ақ өрт жүзіп.
Немістерді жүр генерал,

Ат бауырынан өткізіп.
Ортекенің ылағындай
Атылады аспанға ат.
Орал таудың қыранындай

Көздерінен жас парлап.
Ыза болып ол келеді
Қара қанды ағызып.
Қураймен бір тербеледі

Түнде орманда ән жүзіп:
«Башқұрттар кіреді ұрысқа,
Артта қалады көк Орал.
Ат ойнатып алға барады

Шаймұратов генерал».

Оқ пен от жерді үңгіді бәрі бірдей,
Төңкеріп тастайтындай әлін білмей.
Қайран жер аунап түспей қалды орнында
Денесі шұрқ-шұрқ тесік жауынгердей.

Хас өлім ашты талай жаңа жорық
Қайран жер қалды өмірге пана болып.
Қан тамған кеудесіне егін шығып,
Қайран жер асырайды ана болып.

Өзіндей ұяңсың сен ар-ұяттың,
Өзіндей қиялсың сен табиғаттың.
Өзендей көкірегімде ағып жаттың,
Жалындай көкірегімде ағып жаттың.

Кешкілік серуен құрып бақта жүріп,
Сыр шерттің ақ жаныңмен ақтарылып.
Нұрымен көздеріңнің қалды сонда
Жазылып жүрегіме автограф.

ҚЫЗ АРМАНЫ

(Баллада)
Қасірет басып қарт көңілден ақты үміт.
Жалғыз қызы өліп жанын жапты ымырт.
Іштей аяп елжіресіп тұрса да,

Қарияға қайрат беріп жатты жұрт.

Қайғы құрты қаптады оны андыздап,
Көңіл суып тән қажыды, қан мұздап.
Жатты қария төсегінде бүк түсіп,
Жалғыз қыздан айрылды да жалғыз қап.

Босағадан төрге дейін еңбектеп,
Көз алдында тұрды қызы көлбектеп.
Тұрды қызы жағасында өзеннің
Шал қиялмен құшты барып елбектеп .

Күркіреген күннің естіп дауысын,
Көктеммен бір жайлаймыз деп тау ішін,
Көшті халық, ал ескі жұрт ерекше
Көрінді ыстық қам көңілді шал үшін.

Құйын қиял салды ұйтқытып әлекті,
Болашағын бір ойланып шал өтті.
Қыз қабірін қоршады да айнала
Төңірегіне таңдап жасыл тал екті.

Өсті талдар тірілгендей жалғызы,
Қарт өңінде қан ойнада ал-қызыл.
Терезеге еңкейіп тұр жас терек.
Қайта өмірге оралғандай шал қызы.

Самолеттер биіксіз тұра алмайды,
Кемелердің толқында жаны кірер,
Ақын көңілі өлеңсіз тына алмайды
Өлеңі де, өзі де – бәрі әбігер.

Бірде шырқап биікке, бірде құлап,
Бірде шыдап күйікке, бірде жылап,
Мың адамның мінезін беремін деп
Жағады ол ойынан түнде шырақ.

Жазған жыры болмаса шебер нәзік,
Өзін-өзі көмер ол терең қазып.
Я болмаса қалар құр көлеңкесі
Болмас әуре ол қайта өлең жазып

Өзендер ағады,
Жердің тамырындай.
Бір кезде жоқ болады,
Даланың сығымындай.

Орманға жүгіреді,
Шертеді барып сырын.
Оралып кідіреді,
Ауына балықшының.

Құяды жасты талай,
Қоректік азық беріп.
Шабады қас тұлпардай
Бауырын жазып, керіп.

Қиялды ұшырады,
Қанбайсың су сырына.
Толқынын ұсынады,
Шөлдесең сусыныңа.

Тілемей тәңіріден,
Басқа бір бөтен үміт.
Ағасың ағынымен,
Көңілің көтеріліп.

Талихахан, атың қалай әдемі,
Көзінде ойнап жатыр аспан әлемі.
Бір өзіңде тоғысқандай бас қосып,
Барлық қыздың қияпаты, әдебі.

Үлбірейсің гүл секілді үзіліп,
Сөйлейсің сен сыпайы жай сызылып.
Көгілдірдің жүзгеніндей жүрісің,
Талай көздер талды-ау саған сүзіліп.

Ақ Шолпанның шашыраған шағында,
Тудың кербез көк Оралдың тауында.
Ақ Еділдің айдынына шомылдың,
Аппақ сүттей жаз айының таңында.

Қалды содан таңның сенде нұры ойнап,
Сол нұрыңнан гүлдер өрді бұл аймақ.
Сол нұрыңды шабытының оты етіп,
Толғанды ақын сен туралы жыр ойлап.

Қолаң шашың тал шыбықтай өрілген ,
Қара қасың айдай жаңа көрінген
Аппақ күлкің ақ сәулелер секілді
Ашық аспан омырауынан төгілген.

Сені көріп жыр жазбауға бар ма күш,
Сен боларсың аңыздағы арман құс.
Сұлулықтың тәңірісі - мадонна,
Аспанында қиялымның самғап ұш.

САЛАВАТ

Салават неше жасында,
Жасыл камшат бөркі басында.
Генерал болған ол- салават,
Жиырма екі жасында .

( Башқұрттың халық өлеңі)
Жартаста тұр тұлғасы Салаваттың.
Дүниедегі бірі осы ғаламаттың
Аяғымен алдыңғы тасты тартып.

От шашады осқырған танауы аттың.
Бұлттар, бұлттар өтеді жанасалап,
Жібек жолын желпиді самал тарап.
Ат-матымен көтеріп Салаватты,

Алып бара жатқандай таң арқалап.
Қас жауына қабағын қарсы түйіп,
Камшат берік басына алшы киіп.
Шіренді Салават үзеңгіге,

Бұлтты тіліп, ысқырып қамшы үйіріп.
Омырауына ақ көбік жолақ тартып,
Шабады аты бауырынан жарап қатып.
Оны үйретіп тастаған үстінде ойнап,

Найза үйіріп, Салават садақ тартып.
Күндіз ойнап соғыстың құйынымен,
Түнде ойлап тебіреніп құйып өлең,
Еркіндіктің көксеп ол, ел тағдырын,

Көтереді кең шаршы иығымен.
Құшағында кетті ол ақ өлімнің,
Жиырма екі жас жаңа атқан таңы өмірдің.
Жас боздаққа жатқандай жоқтау айтып,

Толқындары шулайды Ақ Еділдің.

САЛАВАТ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ

Көк найзаны қару етіп,
Жекпе-жек деп айқайлаған.
Ажалынан ағып өтіп,
Атын қарсы қайта айдаған.

Жау тағы да ұрандаған,
Ат ойнатып айбары асып.
Көк жанары тұмандаған,
Жалғыз өзі майдан ашып.

Найзағайдай жарқыл қағып,
Атылып топ арасынан.
Ер Салават ар туындай,
Шықты жауға аласұрған.

Ұшты оттар найзалардан,
Жермен-жер бап кетті аттар.
Бұлттан түскен найзағайдай,
Көзден ұшты көп ноқаттар.

Шыр көбелек айналды жер,
Жоқ боп кетті ашық аспан.
Жалғыз қалды майданда ер,
Құлады жау қарсыласқан.

Жаңа ғана заулап аққан,
Түсті жауы аунап аққан.
Қас батыры еркіндіктің,
Келді зауал Салаваттан.

Туды ұстап тұрды қырда,
Жайнап атқан таңдай ұлан.
Оралып жұрт шылбырына,
Сүйеді оның маңдайынан.

ҚҰШТАРЛЫҚ

Жұлдыз біткен жүр Айдың күзетінде,
Кірпік қақпай, көз жұмбай қарауылдап.
Жүзеді олар аспанның мұз бетінде,
Ақ шаңғылы жеткенше таң адымдап.

Ақ сәулелер аспаннан жауған жырдай,
Ақ жанымен жазылған Зура қыздың.
Ақша бұлттар тұтасқан, ақ жаңбырдай,
Үйімізге келеді тура біздің.

Тура салып төсектен киінемін,
Тар кеудемнен шығады жиі демім.
Көзі нұрымда ойлаймын қалса екен деп,
Суретті сиқырлы дүниенің.

О, арманым, сен қайсы тұстан шықтың,
Жолын тосам сөзіне ұшқан бұлттың.
Ай- жұлдыздар құяды көкірегіме,
Аппақ отын өмірге құштарлықтың.

Бұлбұлдардың жырлайтын көздері бар,
Ашылғанда гүлдердің көздері бар.
Баққа қонып балбырап бал құшақта,
Тамылжытып сайрайды таңғы шықта.

Жыр шырқайды орманның қызына деп,
Үзіледі үндері сызыла көп.
Бұлбұлдардың жырлайтын көздері бар,
Қалғығанда гүлдердің көздері бар.

Кешкі ымыртта қонақтап ол тұғырға,
Дірілдейді дауыстар толқынында.
Өзі айналып кетеді бір дыбысқа,
Қыз сырларын шертеді жыршы құсқа.

Күндіз-түні жырласа ыршып- қонып,
Кетер еді бұлбұл құс шымшық болып.
Естір еді есер сөз ол әмбеден.
Өлер еді құштарлық оған деген.

Күндіз өзен жардың тасын сілкілеп,
Күндіз өзен долданады күркіреп.
Түнде өзен долданады басылып,
Тұңғиықта жұлдыздармен бір түнеп.

Қара түнек тығылғанда қуысқа,
Таң бозарып білінгенде шығыста,
Жел өзенді ұйқысынан оятып,
Өзі бастап жөнеледі жұмысқа.

Сен ойлайсың өткен күн өледі деп,
Мен ойлаймын қайтадан келеді деп.
Оралады ол диқанның егіні боп,
Оралады ол ақынның өлеңі боп.

Сен ойлайсың өмірді аударма деп,
Мен ойлаймын бұл ойың жалған ба деп.
Мен ойлаймын өмірді түпнұсқа деп,
Әттең оқып шығуға күн қысқа деп.

Кеш-
Есейген шағы күндіздің,
Түн-
Балалық шағы жұлдыздың.

Кәмелетке әлі жетіп толмаған
Көктем кезі -
Гүл қыздың.
Терек -

Жердің көкке созған саусағы.
Жасыл мұнар -
Көтерілген тау шаңы
Қызыл қаны арылмаған бетінен

Табиғаттың жастық көзі –
Таң сәрі.

Өтті жастық пропеллердей зыр қағып,
Өтті жастық поездармен бірге ағып.
Өтті жастық кемелердің үстінде
Толқынменен ізін көміп ұрланып.

Өтті жастық майдандарда от кешіп,
Сұр шинелін шұрқ-шұрқ етіп оқ тесіп.
Өтті жастық жарқылында қылыштың,
Ат үстінде ажалменен беттесіп.

Жетті жастық алаулатып Артекке
Жалаулатып шырқап шығып тау, көкке.
Жастық космос жұлдыздарын әріп қып
Өз өмірін жазып жатыр анкетке.

АЛМАТЫҒА ҚАЙТАРДА

Уфадан қош айтысып кетерімде
Жол болсын,- дейді шулап жасыл нулар.
Қайтадан шақырады етегіне
Алатау бауыры –гүл, басы – мұнар.

Тұрады көз алдымда ақ әйнектер
Жап-жарық жаңбыр шайған аспандай боп
Тұрады көз алдымда тоғайлы өткел
Жанарда мөлдіреген жастардай боп.

Аңсаймын Алматының шулы кешін
Қиялды бұлақтары ала қашқан.
Аңсаймын Алатаудың шыңды өркешін,
Ақ бұлтпен ауыл үйдей араласқан.

Бұл жерге қонды келіп жаңа көктем,
Ол жерде жаз шырқайды жасыл әнін.
Поезға мінбей ұшқыр самолетпен
Жеткенше Алматыға асығамын.

ОРАЛ БАЛЛАДАСЫ

Кеттім Орал орманым
Бір күн кеште аралап.
Көрдім Орал қорғанын
Ақ Еділді жағалап.

Димнің бойы тал өрім
Қыз беліндей талдырмаш.
Салауаттың әндерін
Салады жас сандуғаш.

Ерке қыздың назындай
Сыңғыр –сыңғыр сызылып.
Сағыныштың сазындай
Тамшылайды ән үзіліп.

Жас гүлдерден жұпарын,
Кеуде керіп жұтамын.
Пыр етеді торғайлар
Бұтағынан бұтаның.

Жүрегіме құйқылжып,
Құйылады құс әні.
Келеді ептеп түн жылжып,
Қаракеуім құшағы.

Қара бұлттар тау-сынды
Тас төбеден тұр қарап,
Қанатымен қаусырды
Төңіректі түн орап.

Аяқты аңдап басамын
Жалғыздықты есіме ап.
Келді таяқ жасағым
Бір бұтақты кесіп ап.

Таба алмадым бәкімді
Тінтіп түбін қалтамның.
Көптен серік затымды
Жоғалтқанға аң-таңмын.

Қай ағаштың жанында
Қалды, қалай жоғалттым?
Суарылған жалынға
Сынығы еді болаттың.

Айрылыспай онымен
Талай жолда қонып ем.
Нанды кесіп ет турап
Ағашты да жонып ем.

Бір қалыпта тұратын
Жүзі бірде жұқармай,
Тасқа салса шығатын
Майырылып,

мұқалмай.
Іздей –іздей бас қатты
Кетті ме екен жерге еніп?
Өткіздім бос уақытты

Әрлі-берлі сенделіп.
Таба алмадым бәкіні
Жолдан шығып адастым.
Отырдым кеп ақыры

Түбіне бір ағаштың.
Жақтым жинап шырпыны
Көкке жалын жол тартты.
Иығында мылтығы

Шықты түннен салт атты.
Тапқандай бір жақынын
Атап менің атымды,
Езу тартып ақырын

Беріп жатыр бәкімді.
Орман қауіп қашаннан
Жүрмеген дұрыс түнгілік...
Кеше мені қарсы алған

Башқұрт тұр күліп.
Келе жатып ізіммен
Тауып апты бәкімді.
Көргендеймін жүзінен

Салауаттай батырды.

НҰРЛЫ ЖАҢБЫР, ЖЫЛЫ ЖЕЛ

Бұл жырларымды белгілі татар жазушысы
Ғариф Ғұбайға арнаймын.
Көп көреген түсімде
Қазан –данқы биік бұл.

Қазан қала ішінде:
Жылы желдер есіп тұр,
Нұрлы жаңбыр құйып тұр.
Жүріп жатыр сол жаңбыр

Орынына сәлемнің;
Жырларындай Тоқайдың,
Жырларындай Тақташтың,
Жырларындай Жәлелдің.

АҒЫС

Алтын табақ жердегі
Айхай Еділ,ай Еділ,
Өз ұлыңдай көр мені,
Құшағыңды жай,

Еділ.

Байтақсың бар ғаламдай
Күнкей Еділ,ұлы Еділ,
Асқақтайды жағаңда
Аппақ таңдай Кремль.

Қарауылда қабақта
Қарағайлар, қайындар.
Жан кіргізіп алапқа
Жатқан сенің жайың бар.

Құтты болып қойының
Тудың бір ұл бақ үшін,
Алып қалдың ойының
Толқыны мен ағысын.

Саябыр ет, асықпа,
Жи күшіңді, жол алыс!
Сені сонау қашыққа
Жеткізеді сол ағыс.

Айхай Еділ, ай Еділ,
Ұланғайыр жыр Еділ
Құшағыңды жай, Еділ
Күнкей Еділ, ұлы Еділ.

Мен Еділді көрдім барып май күні,
Көкке атылып жатты жалғыз оның айбыны.
Көк аспанды жатты жалғыз сыйғызып,
Лениннің ақылындай айдыны.

Еділге бар, Еділге бар шөлдесең
Сонда батыр, сонда өткен ер десең,
Қайран Еділ, ұлан байтақ болмасаң,
Сен еліме Ленинді бермес ең.

Қазанның қақ ортасында,
Қабанның көлі бар.
Отыр-дағы жартасына
Аз ғана деміңді ал.

Көл бетінде бұлттар кешеді,
Бұлтпен бірге сапарға шық.
Көл бетінде самал еседі,
Қайықтармен қатарласып.

Бұл жер орталығындай
Қазан орамдарының.
Сызылып үні естіледі
Тальян гармондарының.

Аспаннан көлге түсіп,
Қағады қанат тоты Ай.
Баяғы кездеріндей
Тұрады қарап Тоқай.

ТОҚАЙ БЕЙІТІНІҢ БАСЫНДА

Қан мұздады,
Тән сыздады,
Тартты кенет бой салғырт.
Тарс жабылды:

Қиял қақпа,
Ой сандық.
Кеттің, Тоқай,
Өттің, Тоқай,

Жүректерде жаңғырып.
Еңіреді ел,
Тебіренді жер,
Қара жаңбыр жауды бұлт.

Болды келте,
Батты ерте
Жас өмірің базарлы,
Аңыратып,

Қанжылатып
Кете бардың Қазанды.
Өшті жылдар,
Өсті жырлар-

Ұзарды жас ғұмырың.
Қайта ояндың,
Қайта қондың
Биігіне тұғырдың.

Тоқай малай,
Абай бабай
Өлмейтін жан екеуің,
Бірің ойда

Бірің қырда-
Жүректерде мекенің.

ТАҚТАШ

Өлермін де
Ұмытылармын деп,
Бекер,жүрек,жанасың.
Тамбов ормандары

Сағынар әлі
Өзі өсірген бунтарь баласын.

Һ.Тақташ

Ей,Тақташ,
Келешек келіспесе,
Бұл сөзімді теріс десе,
Өзі айта жатар бітімді.

Ей,Тақташ,
Тамбов ормандары,
Торғай өзендері,
Екеумізге аздық ететін сықылды.

Бір өзің бір белестей,
Ешкіммен іргелеспей,
Қалдың сен ел есінде,
Еділ бойлап,

Еліңде ойлап,
Барасың келешек кемесінде.
Жүреді жүректерде:
Жүзіп даусың,

Өткір көздерің,
Уытты сөздерің
Сен қызықпайсың
Өлең-жырына өзгенің.

Ардақты есімің,
Біледі сені бүкіл ақын халық
Әдірессіз болашақ ұрпақтардың
Қағады есігін

Хатың барып.
Сұрамастан
Көшесін,
Үй нөмерін

Шығады төрге сенің сыйлы өмірің.
Ей,Тақташ,
Кетті шырқап өлеңдерің
Таңданбашы

Жас жұртыңа
Жалғыз Тамбов емес
Көп елдердің
Бар таңбасы

Сенің ақындық паспортыңда.

МҰСА ЖӘЛЕЛ ЕСКЕРТКІШІ

Аяқ-қолы қыл арқанмен байлаған,
Тұр ол бүгін ескерткішке айналған.
Көгершіндер төбесінде ұшады
Тірі қалған қиялындай майданнан.

Ет жүрегің түскендей-ақ бір аунап,
Көргеніңде көз кетеді тұмандап.
Гете туған, Гейне туған сол жерде
Кім ақынды ұстады екен бұғаулап?!

Ажал, ажал, азу тісі сақылдап,
Жөнелгенде дарға асуға ақынды ап,
Тау жарылып, атылмады неге өзен,
Неге жасын түспей қалды шатырлап?!

Ақындарды болады жер айдауға,
Дарға асып, жалғыз оқпен жайғауға.
Аймен туып, күнмен бірге шығатын,
Ал өлеңін күш жетпейді байлауға.

СҮЙІМБИКЕ МҰНАРАСЫ

Бір көз сұлу қос жанарын жас қаптап,
Омырауын аш толқынға ашты аппақ.
Көлеңкесі таңбаланып тасқа қап,
Мұнара боп тұрып қалды асқақтап.

Күн болғанша бақытыңды жоғалтып,
Дұшпаныңды сүйгенінше қол артып,
Өр қырандай құз шыңырау түбіне
Өзіңді-өзің лақтырғаның көп артық.

Көл бетіне қарай-қарай
Өзім көлге айналдым.
Жер бетіне қарай-қарай
Өзім жерге айналдым.

Көл секілді күңіремсем деп,
Жерден дауыл сұрадым.
Жер секілді гүл өңсе деп,
Көктен жауын сұрадым.

Жалбыр-жалбыр орман бойлап,
Келесің сен сыр ұрлап.
Тальян гармонь қолында ойнап
Төгіледі ән сыңғырлап.

Тебірентесін , тербетесің
Ұйықтап жатқан жер төсін.
Жауындатып, желдетесің
Мұңды бір күй шертесің.

Басымайсың жалындатпай,
Пернелерді мың басып.
Ғалиябану жарын таппай
Сенімен жүр мұңдасып.

Жалбыр-жалбыр орман бойлап,
Келесің сен сыр ұрлап.
Тальян гармонь қолында ойнап,
Төгіледі ән сыңғырлап.

САНДУҒАШ

Ұя салған үй алдына
Туған өлке сандуғашы.
Әлі жүрсің қия алмында
Балалықтың бал құрдасы.

Күндер бізден жылдам ұшты,
Қиялдадық біз алысты.
Бірге бөлдік қуанышты,
Білген жоқпыз қызғанышты.

Сен ұштың, мен жүрдім жерде,
Айырылмайды дос арасы.
Болды тұрақ бұл өмірде,
Біздің үйдің босағасы.

Бірге өткен балғын жасым,
Бір кездегі жан құрдасым.
Алғаш маған ән үйреткен,

Сандуғашым, сандуғашым.

ТАТАР ҚЫЗЫ ҒАЛИБАНУ

Торғайда сені көргенім,
Сонау бір бала шағыңда.
Борығын тарттық көлдердің,
Жүзгенде дала сағымға.

Тұрдық бір ашып омырауды,
Тосының төсеп желіне.
Тай болып шаптық қоңыраулы,
Торғайдың көшелерінде.

Айналып темір ошақты,
Құрт көже болса бөле іштік.
Көктегі кемпірқосақты
Көгендеп оймен бөлістік.

Ертемен тұрып жарысып,
Барған сәт көлге күн қызбай.
Жалт етті мерует шаңы ұшып,
Аспаннан аққан жұлдыздай.

...Өсіпсің енді сен-дағы
Шағалам, сен бол, шабыт құс.
Сәби боп қайта кел-дағы,
Еділге мені алып түс.

Апрель аспанынан
Ақтарылады ақшуақтар, сәулем.
Марттың соңғы түскен жас қарынан,
Сусып ағады ақ сыныптар, сәулем.

Ұзарады енді күн сапары,
Босанған қыс кермесінен, сәулем,
Көктем шырылдап тіл қатады.
Кішкентай торғайдың кеудесінен, сәулем.

Көп ұзамай құстар, көлдер табысады,
Ақ суырлы арқанның даласында, сәулем.
Аспан мен жер қауышады.
Ақ жауынның арасында, сәулем.

Ал, біздің жолдар ұзақ
Құс жолынан,
Жаз жолынан,
Жаңбыр жолын, сәулем.

Мүмкін туғызбаған шығар
Біздің жұлдыздарды,
Тағдыр оңынан, сәулем.

Қоңыр, сары жарасар кейде өңіне,
Ал ақ түспен кетесің керемет боп.
Менің бүкіл арманым көйлегіңе,
Қоныпты ғой шырайлы көбелек боп.

Қарайтын бір сыртынан сынай бағып,
Құлпыра бер жасарып, шырайланып.
Көкірегінен гүл сорып, шырын жұтып,
Көбелектей жүрейін шыр айналып.

даладай құдығына,
Тыққан барлық асылын,
Көздеріңнің тұнығында,
Сырлар жатты жасырын.

Сол тұнықта жауын қойдың,
Іше алмадым бір қанып.
Сол тұнықта қалып қойдым,
Шыға алмадым бұрқанып.

Түні бойы сені көріп,
Түні бойы күттім мен.
Түні бойы тебіреніп,
Көзімді ілмей шықтым мен.

Алкүрең бір көйлек киіп,
Өрнегі бар не түрлі.
Тұр екенсің сөйлеп күліп,
Гүлмен желпіп бетіңді.

Жүрек шіркін қабынды ұрып,
Қанасына сыя алмай
Демім бітіп әлім құрып,
Тұрдым сені қия алмай.

Сен түсіндің бе соны? ***

Қай тауларға шықсам да,
Қай жерлерде жүрсем де,
Қай ауаны жұтсам да,
Көңілім менің бір сенде.

Жүрсем мейлі жаныңда,
Жүрсем мейлі жырақта,
Сөзін сенің жадымда,
Үнің сенің құлақта.

Қайғыңменен солсам да,
Сенсің менің құт құсым.
Өзің әлсіз болсаң да,
Менің үшін мықтысың.

Тереземіз қарсы тұр,
Бір-біріне телміріп.
Қалқатайға баршы, жыр,
Қайтшы халін сен біліп.

Қорғап мөлдір жүзімді
Қарауыл жүр көзді ілмей.
Періштедей ізіңді
Барып қайтшы сездірмей.

Хабар айтшы сен келіп,
Жүрегімнің жыр құсы.
Ол да мендей өртеніп
Келеп ме екен сүйгісі.

Қайт тезірек сұра да
Өтеміз бе ұғыспай.
Тереземіз тұра ма
Батыс пенен шығыстай?!

АЙНА

Мен барғанда
Айнаға қарадың,
Сілкіндің тотыдай,
Найзағай отындай.

Жарқ етті жанарың,
Сол жанардың ұшқынымен
Қарап едің,
Бір шоқ кеп түсті білем,

Жана бердім.
Жанымды жараладың
Дертімнің себебі боп.
Айнаға қарадым,

Айнам!
Сен тұрғанда
Маған айнаның керегі жоқ.

Сен менің көрген жоқсың тауларымды,
Табар ең сол таулардан арманыңды.
Биіктеп бірте-бірте құзарларды
Білмес ең күнге жетіп қалғаныңды.

Ұзақтап шықпай қапсың өз жеріңнен,
Мен сені кетем ертіп сөз желімен.
Қарайды менің далам барғаныңда
Маралдың, өзендердің көздерімен.

Ғалиябану, аман тұр,
Ғалиябану, жан құрбым,
Жазсам деп ем саған жыр
Тамшысымен жаңбырдың.

Үміт арттың маған бір,
Кеш тіл қаттың, өкінем.
Жазсам деп ем саған жыр
Найзағайдың отымен.

Қарағайды қалам ғып,
Қағаз жасап қайыңнан,-
Өлең жаз –деп, алаң ғып
Ұйқыдан сен айырған.

Шақырады жыр айдын
Тұрам ала таңдардан.
Саған жырды сұраймын
Қиял балапандардан.

Әр кез аман бол,
жаным,
Ғалиябану, жан құрбым.
Саған сәлем жолдадым

Тамшысымен жаңбырдың. ***

Сағындым сенің дауысыңды
Сырнайдай шыққан сызылып.
Сабырым менің таусылды
Сарғалдақтай үзіліп.

Өзендер, таулар тұр бөгеп,
Естіртпей сенің үніңді.
Есіркер дейсің кім елеп,
Айтамын кімге мұңымды.

CАҒЫНБАҚТАН САРҒАЙМАН

Сандуғашым, қарлығашым,
Қашан бірге ұшамыз.
Ғұмыр гүлін, қайың бүрін,
Қашан бірге құшамыз

(Татардың халық өлеңінен)
Қазан сонау алыс қалған,-
Сағындым сені.
Қанбайды ішсем наз дауыстардан-

Жанымның шөлі.
Сағындырды кешкі күн жалқындары-
Дана ағалар.
Сағындырды үйлері жолдастардың-

Ақ жаныңдай.
Сол үйлерде мен өзім той басқардым,
Желбіреп шашым ат жалындай.
Сағынам бірақ, сарғаймын,

Сары жазда барамын.
Жарысып желмен жарда ойнаймын,
Жасыл жаңбыр боп жауамын.

Ленин Саян тауында тұрғанша,
Баян тауында неге тұрмаған.
Баянда дүкен Саяннан жылырақ қой,
Қазақтың ақ жанымен,

Жұлдыздай ұшқыр ат жалымен.
Жетер еді ауылдан ауылдарға,
Адырдан-адырларға,
Зуылдап той.

Ленин тыңдар еді,
Сөздерін қарияның,
Жағдайын білер еді,
Әр үйдің- әр ұяның

Ішер еді қазақтың сары қымызын,
Ішер еді даланың бал уызын,
Түсер еді Арқанын көлдеріне,
Көрер еді елімнің бар қызығын.

Көрер еді бүркіттерді,
Сол бүркіттей жігіттерді.
Жебер еді жетімдерді,
Күн сияқты көтерер еді үміттерді.

Бірақ Ленин үні,
Саянға да.
Баянға да,
Жетті бірдей.

Барлығына шуағы шашырайтын,
Көктегі отты күндей.

Аттанды Жердің жұлдызы,
Аспанның қызы Шолпанға.
Тартылып жайдан түнде ізі,
Қалдырды көкте қолтаңба.

Зымырап жайдың оғындай,
Шырқады биік аспандай.
Бұлдырап құстың жолындай,
Артында қалды ақ шаңдақ.

Жалындап жанып от жүзі,
Шолпанға жетті ол ағып.
Жер жігіті, көк қызы,
Көрісті күліп қол алып.

Қос жүрек бірге тыныстап,
Қос білек қалды айқасып.
Жұлдыздар уыстап,
Лақтырып жатты ай шашып.

АМАНКЕЛДІ ТУРАЛЫ ЖЫР

(әні бар)
Астындағы шал қасқа ат,
Көкке шапшып атылып.
Келеді батыр қол бастап,

Айқасқа елді шақырып.
Қара бұлтты қылыштап,
От ойнатып аспан тұр.
Қолға Қызыл ту ұстап,

Келе жатыр хас батыр.
Торғай бойын түн бүркеп,
Қанға толды қыр үсті.
Аманкелді жүр сілтеп,

Оңды-солды қылышты.
Ақ сойылдар сыртылдап,
Ақ найзалар жарқылдап.
Ай астында ақ мылтық,

Үн қатады шаңқылдап.
Тебіреніп жатыр қыр,
Төсінен шаң шұбатып.
Аманкелді батыр жүр.

Дұшпандарын сұлатып.
Кеудеде бір от ойнап,
Кек тұтатын намыс-ар.
Жүр майданда атойлап,

Қызыл тулы комиссар.

ҚАРАТАУ

(әні бар)
Алыстан шақырған,
Қаратау аспандай.
Асыр сап атылған,

Төсінен мың бұлақ.
Қаратау аспандай,
Бойында жалын бар.
Шашылаған тастардай,

Етегі қалың мал.
Жұлдыздар жауынын,
Жұтады даласы.
Қазақтың тауының

Қаратау бабасы.
Қаратау - кен-құрыш,
Қаратау - өндіріс,
Халқымның бақ-құты,

Қаратау - мол ырыс.

ҰСТАЗ

Пушкин менен Лермонтовты сыйға алып,
Келді бір күн кең далаға Иванов.
Аңқылдаған ақ көңілді жан екен,
Бүкіл торғай қарсы алды жиналып.

Сол Иванов ұзын бойлы, иықты,
Жылы жүзбен жұрттың бәрін ұйытты.
Қарапайым мінезімен аз күнде,
Болып алды бұл далаға сүйікті.

Торғайымның аңкылдаған қарттары,
Кісілігін, кішілігін мақтады.
Балаларын апарды оның алдына,
Деп,- осыдан орысша оқы, хат таны?

Қараңғыда жарқыратқан жол үстін,
Бұл далаға болды тұңғыш ол ұшқын.
Торғайлықтар тұңғыш рет оқыды
От өлеңін озық ойлы орыстың.

Ондайлардың белгілі сол тұста азы,
Дамыл таппай өтті қарттың қыс-жазы.
Россияның сахараға жіберген,
Кетпейді естен алғашқы сол ұстазы.

ҚОРҚАҚ

Егін жайда еңбек етпей жанжал сап,
Ақыл айтқан өз досына қанжар сап,
Су жүректей қашқан майдан шебінен
Зытты қорқақ түн ортасы ауған шақ.

Үрейленіп қашты ол қалың нулардан,
Үрейленіп қашты ол ағын сулардан,
Қуды оны көлеңкесі өзінің,
Қалтырады көрсе жалын қырлардан.

Жүрді алақтап жамылып түн түнегін,
Тосты оны аяқ басса мың өлім.
Шіркін оған бұйырмады жалғанда
Адалдықпен өлетұғын бір өлім.

ЖЕР ЖҰЛДЫЗЫ

(Социалистік Еңбек Ері комбайншы

Аманкелді Исақов туралы жыр)

І

Аманкелді батырды,
Оқушы достым,танып ал.
Сабырлы, сырбаз ақылды
Сыпайы сұлу жаны бар.

Бүркеттей өткір жанары
Жете алар қиыр шетіңе.
Егіндей қалың қабағы
Жалданып түскен екіге.

Класты қанша тауысты-
Қайтеміз бәрін тізбектеп?
Жүдеулі жылдар ауысты,
Болды оған құла түз мектеп.

Адасты түзде,
Арқалап
Әкетпек болды қасқырлар...
Қасқырдай көзі қанталап,

Аранын ашты аш жылдар.
Олардың бәрін жазбадық
Көңілге салар қаяу мұң...
Қайталап қайта қазбадық

Батырдың өмірбаянын.
Қарасудың жерінде
Қоялық бала өсті, деп.
Өмірге ерте келді де

Жетілді делік кеш түлеп.

ІІ

Апталар айды қуалап,
Сүйреді айлар жылды ұзын.
Лашықтан көкке сығалап
Іздеді бақыт жұлдызын.

Біреулер елде мұғалім,
Біреулер хатшы кеңесте.
Солармен баспай бірге адым,
Бұл артта қалды емес пе!

Баласы жарлы Исақтың,
Оқуға жұрттай халі жоқ.
Білмейді есеп-қисапты,
Жұмысқа бірақ жаны жоқ.

Осылай елде гуілдеп,
Ол жәйлі лақап тарады.
Туады қашан күні кеп
Ашылар ма екен таланы?-

Аманкелді оны ойлап,
Қатырып басын жатпады.
Ертемен тұрып жер айдап,
Жер болды оның баққаны.

Азабын соқа тартқызып.
Ауырлап кейде шаршады.
Батар ай түнде жатқызып,
Оятты құлқын таң сәрі.

Жабыққан жадау көңілмен
Өткізді ол солай әр күнін.
Өзінің туған жерімен
Байлады бекем тағдырын.

Жанбаса көкте жұлдызым,
Өкпелеу жерге ертерек .
Жайнату үшін қыр жүзін
Күсті қол,

ащы тер керек.
Кете де берсін басқа жұрт
Бай дала іздеп бас бағып,
Қаламын атамекенде,

Туған жер төсін жастанып.
Азапты жылды кешкен ол
Осы ойға іштей бекінді.
Кір жуып кіндік кескен жер

Кетпе деп тұрған секілді.

ІІІ

-Келеді бір үн қыр асып,
Оятып даусы қырқаны.
Найзағай дер ең күн ашық,
Не болды екен бұл тағы?

-Көрінді әне қарасы,
Қап-қара шойын немене?
Өгіздей бар –ау шамасы,
Әлде бұл әлге кеме ме?

-Өгізден бірақ тұлғалы ....
Денесі біткен сом қалай ?
Айтпакшы тракторлары
Осы бір алып болмағай....-

Басылар емес ел тегі
Гулейді басы құралып.
-Исақтың әлгі тентегі
Келе жатқан мұны алып.

Ерттеп мініп атындай
Алғанын қара үйретіп!
Қалды әне бізге жақындап,
Бұрылды бірден үйге тік.

Таңырқай қарсы ап ертеңін
Көтерді бейғам дала шу.
Трактор мінген «тентегін»
Қарсы алды солай Қарасу.

ІV

Cодан бері шұбырып
Талай-талай жыл өтті.
Алды батыр шынығып,
Атын елі жыр етті.

Егінді кешіп белшеден
Еңбектеп өтті жас күні.
Миллиондармен өлшенген
Оның жиған астығы.

Шырқап дара шықты елден,
Аманкелді қазіргі.
Алтындалып түптелген
Кітапта аты жазулы.

Бірақ солай екенмін.
Деп бөспейді бұл кісі...
Айтты бірде шет елдің
Жолыққанын тілшісі.

-Қайда жұмыс орныңыз
Қалай батыр болдыңыз?
Адам білмес мұхитқа
Әлде барып қондыңыз?

Жандыңыз ба әлде отқа ?
Қаздыңыз ба жер астын?
Жүрдіңіз бе солдатта
Қан майданда сел тасқын?-

Осылайша шұбыртып
Қойды ол маған сауалын .
Азғана сәл кідіртіп,
Бердім қысқа жауабын:

-Майданда да болғам жоқ ,
Отта қайнап піскем жоқ.
Мұз мұхитқа қонғам жоқ,
Жер астына түскем жоқ.

Төктім маңдай терімді,
Күттім туған жерімді.
Төктім маңдай терімді-
Өсірдім ну егінді.

Түнге ұласа күндізгі от
Кең далада жағылды.
Маңдай терім жұлдыз боп
Омырауыма тағылды !-

Керіп қалың қабағын,
Бөгелді ол азырақ.
Сондағы оның жауабын
Жұртқа ұсындық жазып ап.

МАТЭ ЗАЛКА

Таңғы Мадрид жанып жатыр,
Түскі Мадрид жанып жатыр,
Кешкі Мадрид жанып жатыр,
Түнгі Мадрид жанып жатыр.

Қара түтінді қара аспан
Құж-құж тастай
Құлайды опырылып,
Жерде көкте

Соғыстың азынайды оты ұлып .
Интернационалдық бригада
От кешіп келеді алда .
Испания емес Венгрия

Мадрид емес Будапешт
Жанып жатқандай көрінеді генералға,
Оның сөзі қысқа,
Сол тұста:

Солдаттың адымындай ,
Барабан дабылындай,
Ракета жарығындай ,
Оқтардың адымындай .

Ол әр окопта
Солдаттармен жанады отта.
Жоқ бір кездегі
Мінездері.

Ол қазір
Құйылған құрыштардай,
Оқтармен бір ұшқандай,
Қынаптап суырылған қылыштардай,

Ол тірліктің тартады ұлы арнасын,
Жазады өзінің шығармасын:
Пулемет оқтарымен,
Граната оттарымен,

Кек қанымен,
Пиренейдің торала көзді толқынымен,
Солдат ошағының шоқтарымен....
Өтті жылдар

Баррикада түтінімен,
«Рот-фронт»
Дабылды от үнімен
Жатыр генерал

Испания жерін жайлап,
Желбірейді гүлдер
Қабірінде тудай жайнап
Испания аспаны

Мадияр аспанындай
Күркіреп өтеді күн
Генералдың жалын кешкен баяғы
жас шағындай.

ПАВЛОВ

І

Құмартқан ол бір жан еді
Биікке бала кезінен.
Жұлдызды аспан әлемі,
Тартатын тана көзімен.

Көрінген көктен нүкте боп
Қарайтын бала сұңқарға.
Көнелде басқа түк те жоқ
Құмартты бұл да шырқауға.

Қайырла болып қадамы
Қанаты бір күн жетілді.
Ұшатын болды жоғары
Баяғы қыран секілді.

ІІ

Соғыс қан селді төккендей,
Бұрқ етті,
Күнді бұлт алды.
Күркіреп зеңбіректей

Шақырды аспан сұңқарды.
Атылды ол көкке тура тік,
Жасқандай жаудан қорғалап,
Найзағай оғын зулатып,

Бұлттардан түсті сорғалап.
Шыңыраулап бірде шығандай
Жанында лаулап күш-жалын,
Қиырдан ілді қырындай

Дұшпанның қара құстарын.
Қанша жау жерде өшті үнсіз
Қуалап соқты құйындай.
Төсінде жанды қос жұлдыз

Аспанның,
Жердің-
Сыйындай.

Ай нұрында ауаланып,
Шертеді асау күй-бұлақтар.
Барады ағып барады ағып,
Барады ағып жүйрік аттар.

Танауы жел тұрғызғандай
Іздерінде ақ шаң қалып,
Бара жатқан жұлдыздардай
Ақ жол сызып аспанда ағып.

Барады аттар,
барады аттар
Жаудың түнде орап алдын.
Шалғынды алқап қалады артта

Оралмайды көбі олардың.
Шлемдарда жанады оттар,
Дүбірлейді дала тынбай.
Ағады аттар,

ағады аттар
Батырлардың қанатындай.

Жоқ Баянның басында қар,
Өскен гүлдеп тасында тал ,
Айнада да айна көлдер ,
Айналада жасыл таулар.

Көз алмайсың кескінінен,
Көл сұлудай бір сиқырлы,
Ертек айтып ескі күннен
Келтірмейді түнде ұйқыңды.

Таулар көкке асылып жай,
Жатыр көлдер –жасыл бұлттай,
Өмірдегі даналықтай,
Көңілдегі балалықтай.

Барады тауға жүгіріп,
Альпинист жасыл теректер.
Тастарға қалса ұрынып,
Іздейді оған жел өткел.

Көрсем деп терек-қыз көркін
Тағаты қалмай алқынып,
Бұлғайда қарлы мұз бөркін
Биіктен сонау тау тұрып.

Бірін –бірі көргенше
Екеуінде сабыр жоқ.
Бірі ақ, бірі жап-жасыл,
Өртенеді, ой-хой

жалын боп.

МҰХТАР ТУРАЛЫ КАНТАТА

Хор:

Найзағайдың отындай
Жарқылдап көктен шаншылған.
Дауылды күнгі толқындай
Аспан мен жерді қаусырған.

Көкірегін бұлт емген,
Көзінен тамшы жас парлап
Көк ала тұман бүркенген
Көк ала құздай аспандап.

Сарқырап үні алыстан,
Сағыммен ойнап жарысқан,
Қайран Мұхаң жоқ бүгін
Дария ойлы данышпан.

Еркек дауысы:

Қара тас қайғысынан ерігендей,
Кім шыдар бұл қазаға тебіренбей.
Кең сарай кеудесінде тоқтап жатыр
Елім деп соққан жүрек еміренбей.

Қара тау аза тұтты қарт алдынан,
Бір жүрген неше жылдар қатарынан,
Секілді Мұхтар қазір дем алғандай
Оралып Оңтүстіктің сапарынан.

Бұлттай боп шаңы қалған жолдарының,
Қас тұлпар жығылғандай орға бүгін.
Қайтадан оянып ол кететіндей
Елінің қалдырмасқа жолда жүгін.

Хор :

Күңіренді ана,
Түнерді дала,
Мұхтарынан айрылып.
Түйілді тастар,

Құйылды жастар,
Қара шашын жайды бұлт.
Көтертпей езіп еңсені,
Қадалды қайғы семсері,

Жоқтайды өскен ел сені,
Жоқтайды өскен ел сені.
Қаралы ел,
Жаралы жер,

Қарауытты күйікпен.
Ойшыл ұлан,
Өршіл қыран
Құлап түсті биіктен.

Ол туралы,
Толқымалы
Туар тыңнан жыр жаңа.
Шашыңды жи,

Жасыңды тый
Мұңлы ана!

Ерлер дуэті

Бірінші:

Ел үшін еңбек етіп аянбаған,
Халқының бай тарихын баяндаған.
Өлмейді еш уақытта асыл Мұхтар
Жылдармен бірге жасап қарайды алдан.

Екінші :

Мол жұмсап бойындағы бар қайратын
Танытқан дүниеге Абай атын
Қадірлі Мұха, сені ұлы Абайдай
Жырына өзек етер талай ақын.

Ананың даусы:

Алатау басы тұмандап,
Қайғы бір жылан тұр аңдап,
Арнадан шығып кәрі Ертіс
Түскендей теріс бір аунап.

Халқыма ауыр күн болды,
Көкірегіме мұң толды.
Далаға біткен дарағым,
Дауылда ұшты шайқалып,

Көкірегімде нала-мұң
Тұрамын қалай жай тауып?
Ортада жоқсың сен бүгін,
Жоқтамас қайтіп ел ұлын.

Ерлер дуэті

Бірінші:

Мәңгілікке кетеді екен
Кемеңгер ой көгеріп,
Ажал сөзі бекер екен,
Қалды деген сені өліп.

Күзгі суық ұрған кезде
Жапырақ қурап бір өлер.
Көктем қайта туған кезде
Қайтадан ол тірілер.

Қайтадан ол ауа жұтып,
Қайтадан ол су ішер.
Қайтадан ол сыр ағытып,
Желмен ойнап күлісер.

Ұлы адамдар бір кеткен соң
Қайта келер оралып.
Көктен орын бір тепкен соң
Кете қоймас жоғалып.

Екінші:

Көздерінен ағып жас,
Жаны барға жалынбас,
Пайғамбарға бағынбас,
Тәңіріге табынбас,

Ұқсаған күн отына
Ұшқын шашқан көзі бар,
Ғашық болар атына,
Өлмейтұғын сөзі бар,

Жүзі жазғы нұрлы таң
Алдарында тұр Мұхаң .
Мұхаңның суреті сахнадан өте береді.
Мұхаң суретінен кейін кітаптарының макеті көз алдынан көшеді

Екінші:

Емендей зәулім құлпырып,
Алысқа жайды ол бұтағын.
Кейінгі ұрпақ ынтығып,
Оқиды оның кітабын,

Жанының сырын жасырмай,
Жалтармай айтса жалғансыз.
Ажал бір аспас асудай
Ондай жан мәңгі армансыз.

Ондай жан әрбір күнінде
Ескірмей елмен бір болар,
Жауқазын ұрпақ тілінде
Жаңғырып қайта жыр болар.

Шыңына қыран түнеткен,
Алатаудай тұлғалы
Осы жыр шықты жүректен
Әуезов Мұхтар туралы.

Сахна ашылғанда Шыңғыстың тауы көрінеді. Шың асында ұлы Абай.
Шыңның бауырында бала Мұхтар дес береді.

Ананың даусы:

Қазақтың даласындай алып маңдай
Жүзінен нұр төгілген жанып таңдай
Абай тұр келешекке қолын созып
Кім бар деп мені әлемге танытқандай

Бұл шумақ сахнада жазумен беріледі де көше береді.
Бала Мұхтардың суреті енді гимназист Мұхтардың суретіне ауысады
жаңағы шумақ оның ойына қайта оралып ,көз алдына қайта келеді.

Бірінші (Мұхтардың аузымен ):

Әр сөзін ақылға сап салмақтаған
Елімнің ардагері, ардақты адам,
Далаға өзің салған даңғыл жолдай
Жасармын бір ескерткіш арнап саған.

(Сахнада Мұхтар жазу үстінде. Абай ариясы, Кебек мұңы,
Қаракөз зары музыкалық сарынмен ауысып өтіп жатады)

Хор:

Аш жылдар, ауыр жылдар басты
арқадан,
Дәм кетіп ағыл-тегіл дастарқаннан.
Ол бір күн өтті ,кетті бір ғаламат,

Көзінен қара көздің жастар тамған.
Қара түн,
Қанатын
Жайып,

Жапты өлкені.
Найзағай жалынында,
Келер таң жарығында
Елімнің жатты ертеңі.

(Сахнада күн күркіреп найзағай ойнайды. Октябрь жалаулары ұшкындай
жайылып жарқ-жұрқ етеді)

Хор:

Қараңғы түнді қақ тіліп,
Ұшқыннан жалын лаулаған,
Ленин сөзі шарқ ұрып,
Шар тарапты шарлаған.

Лениннің дана ойынан
Лаулай борап бір ұшқын.
Жайлай берген жер үстін,
Сәулесіндей шығыстың.

Жиһанды тегіс көмкеріп,
Айналып ұшқын жалынға.
Тастаған тақты төңкеріп,
Октябрьдің таңында.

Ойындай ұлы Ильичтің
Жалынындай зор істің,
Еліміздің көгінде
Ойнайды бүгін сол ұшқын!

Хор:

Сілкінді туған жердің таулары да,
Құлпырды жасыл орман баулары да,
Таланттың барлық гүлі шешек жарып,
Аңсаған әркім жетті арманына

Қараңғы мұңлы өлкенің шері тарқап
Көз салды дүниенің аумағына.
Биіктеп күннен –күнге дана Мұхаң,
Ұқсады Алатаудың Талғарына.

Баяғы бала күнгі сертінде боп,
Абайды жайып салды алдарыңа.
(«Абай жолының» әр тілде шыққан кітаптарының
макеттері көрермендердің көз алданын өтіп жатады)

Хор:

Көк нөсердей шайып өтіп ауаны,
Абай жыры дүниеге қарады.
Европаның көтеріліп көгіне,
Абай бүгін алшаң басып барады.

Ұлы Абай Ұлы Мұхтар арқылы,
Жер жүзіне жыр жаттатып тарады.
Күн сияқты көкте ойнап күркіреп,
Қайта туып алды Абай бір түлеп,

Ұлы Мұхтар отырды таң алдында
Маңдайынан тамшыдай тер сіркіреп.
Шіркін өмір қызығына қана алмай,
Тағы да бір арман шының ала алмай ,

Ұйықтап кетті қайран Мұхтар,
Шың Мұхтар
Жалғыз өзі жалпақ жатқан жаһандай.

Әйел хоры:

Әркім іштен тынғанменен
Жасыра алмас көздің жасын,
Тебіренеді тулап өлең
Таба алмай бір сөздің басын.

Қалай ғана айта аламыз
Жанды ауыртқан бұл хабарды.
Қайғы уытын қайтарамыз
Көзге басып орамалды.

Алатаудың құлап түсті,
Асқар биік бір өркеші
Бірін-бірі жылап құшып,
Қалды-ау түсіп ел еңсесі

Қайран халқым ұл тапқанмен
Оның орны тұрар басқа.
Жылама деп жұбатқанмен,
Бола ма енді жыламасқа.

Еркек дуэті:

Бірінші:

Биік емен жапырағы жасыл,
Жарқырап мәңгі жасайды ғасыр,
Күтеді оны күні-түні
Туған жердің топырағы асыл.

Екінші :

Қысың мен бір жазың оған,
Қайраты оның қажымаған.
Қайсар емен көктей берер
Көк дауылда азынаған.

Әйел даусы:

(Сахнада Мұхтар суреті)
Азынады аңырап жел өксіді,
Көбік атып көпіршіп көл өксіді,
Аспан аунап шатынап жарылғандай

Бүкіл дала дөңгелеп дөңбекшіді.
Бірақ оның атағы жыр елінде,
Жатыр әрбір оқушы жүрегінде,
Әрбір үйдің төрінен күлімсіреп,

Әр адаммен бір аттап жүр өмірде.
Ол жылдармен бір жасап жарысады,
Оның өмірі сан жетпес алыс әлі.
Ол жылдарды биіктен күтіп алып,

Әлі талай ұрпақпен қауышады.

Хор:

Жапырақтар, жамылып шуламаңдар,
Сұр толқындар, аңырап туламаңдар,
Жыламаңдар, ағайын, жыламаңдар,
Мәңгі өлмейтін ортаңда тірі адам бар.

Оның өмірін қуарған күз демеңдер,
Оны өлі дүниеден іздемеңдер,
Оны іздеңдер жылдардан жаңа туған,
Оны іздеңдер ескен жел қанатынан,

Оны іздеңдер өзеннің толқынынан,
Оны іздеңдер шыққан күн жалқынынан.
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған,

Ол ерекше бір талант дара туған,
Біз халыққа ырзамыз дана туған,
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған.
Оны іздеңдер жаңа ұрпақ тілдерінен,

Оны іздеңдер келешек күндерінен.
Оны іздеңдер шешендік мінберінен,
Ол әр уақыт тұрады алғы сапта
Оны іздеңдер тек қана ілгеріден,

Оны іздеңдер келешек күндерінен.

СӘКЕН ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Халқының заңғар биік бір өркеші,
Бір өзі байтақ жатқан жыр өлкесі.
Көркіңдей Көкшетаудың қияпаты
Аққу- жан, сері –көңіл, ұл еркесі.

Елінің арқалаған ауыр жүгін,
Сұңқардай жайған таңда дабылды үнін.
Октябрь күндерінде отты кешкен
Жыршысы дауыл менен шабуылдың.

Революция –солдаты, сөз-батыры,
Октябрьдің болды ол өз ақыны.
Болды ол таптың үні, тапқыр миы
Болды ол таптың құлақ, көз, ақылы.

Сенді ол сөнбесіне күн шырағы,
Қалтырап қайыспады жыр шынары.
Ақмола түрмесінде торуылдап
Аңдыды ізін жаудың тыңшылары .

Деді де : «Шын большевик басы бүлік»
Сумаңдап улы жылан басын сұғып.
Арбады абақтының тар көзінен,
Айласын ішке тығып жасырынып.

Қарамай көк дауылға алас ұрған,
Жол тауып жауған оқтың арасынан.
Ол ұшты арманына қанат жайып,
Қазақтың дауылпаз боп даласынан.

Сілтенді кектің өткір қанжары ойнап,
Шытырман артта қалды тар жол тайғақ.
Қайтадан Сәкен даусы көтеріліп,
Қайтадан шықты өлеңнің әр жолы

ойнап.
Көктемгі күннің отты жарқылыңдай,
Елінің көз алдында ол күн ұдай.
Тербеді туған елін өлең-жыры

Бұрқанып Бурабайдың толқынындай.
Алды ол жауынгерлік жылдан азық,
Каналын поэзия тыңнан қазып.
Өмірде өлмейтін боп қалды Сәкен

Өшпейтін келешекке жырлар жазып.
Кетті ол дүниемен тез сырласып,
Оятты бұлбұлдардың көзін ашып.
Ақынның ғашық болған табиғаты

Ақынға болды ақыры өзі ғашық,
Көп ақын ұстап оның етегінен,
Жетілген жедел өсіп жетегімен,
Аңсаған алғаш шығар биігіне

Астынан қанатының көтерілген.
Өлеңнің оттай шалқып жолы атылған,
Ақын ол ел бағына бола туған.
Жылуын жүрегінің жұртқа беріп,

Халықтың қуат алған мол отынан.
Жырымен маңдай тері бірге жосып,
Жиыннан жеке шығып,
жүлде тосып,

Шығармай жалпақ жұртты уысынан
Түндерді түйістірген түнге қосып.
Жалындай Октябрьдің туын сүйіп,
Еліне жүрегіндей жырын құйып,

Атағын, абыройын таза ұстап,
Өмірде Оқжетпестей тұрды биік.
Сөздердің алуан сырлы гүлін өріп,
Толқыды Айнакөлдей күңіреніп.

Көк аспан кеудесінен отын беріп,
Құйылды табиғаттың үні келіп.
Бала боп ойнап дауыл құйынымен,
Нала боп бір қансырап киігімен,

Дана боп көрді туған атырапты
Асқақтап Алатаудың биігінен.
Жырлатып Әупілдектің қамыстарын,
Барлады көк иірім ағыстарын.

Тыңдады қаңқылдаған қаздар менен
Аққудың сұңқылдаған дауыстарын.
Қанаты бұлтты тіліп жарқылдаған,
Жырлады қаршығаны шаңқылдаған,

Даланың ардагері арман етті,
Биікке самғасам деп артық одан.
Жасқанбай еркін өсті жай оғынан,
Ардагер болды жырмен ой аңдыған.

Елімнің өткен жолы жатты сайрап,
Сәкеннің аяулы өмірбаянынан.
Көтерді ең биікке жыр ұғымын,
Кім білсін сезді ме ол күні бұрын.

Келешек жылдарда да алда болып,
Өзінің өлмейтұғын ұлылығын.
Қайыспай ауыр жылдар салмағына,
Аңсаған елі жетті арманына.

Жетпісте ақын Сәкен келе жатыр
Асықпай асқақ қарап жан-жағына.
Ордада ол оқшау тұрған терек еді,
Жасартты қолтығынан жебеп елі.

Келеді ақсақалын құттықтауға
Қазақтың қаумалаған көп өлеңі.
Кең залды кетті халық бүгін шіреп,
Жиынға жұрттан бұрын бірінші кеп.

Жетпіске толған ақын Сәкен отыр
Баяғы жас қалпында күлімсіреп.

ЕР ЕСТАЙ

І

Бұл дүниеде айтшы, адамзат,
Елге деген махаббатты.
Жасайды тек өмір азат
Өмірден де барма тәтті?

Ашып жастық жәрмеңкесін,
Жайнатып бар жайған мүлкін.
Мейманына мейірбанды,
Ізгі емес пе өмір шіркін.

Олар кеше қан майданда,
Оқ астында дабыл қақты.
Адал жүрек аққан қаны,
Бізге бақыт шамын жақты.

Бұл өмірде, бейбіт күнде,
Қақымыз жоқ ескермеуге.
Қалғандарға тірлік берді,
Өмір оты өшкен пенде.

ІІ

Жатыр тасып қарт Днепр
Жағалауын толқын шайып.
Теңселеді, тербеледі,
Толқын менен толқып қайық.

Шулы өзеннің көк айдынын,
Шарпып жалын, шарлайды оқ.
Төсін тіліп, тіке жарын,
Жалғыз қауып, жалмайды доп.

Қаршығадай қанат қаққан,
Қыстың дүлей боранында,
Қара түнде қайықшасын,
Қарсы есіп долы ағынға.

Ала сапыран алаулаған
Кеудеде кек, жүзінде ұшқын.
Өлім, өмір майданында,
Келеді ұлы күншығыстың

Тулап толқын, соғып дауыл
Жауып бомба, жарқылдап от.
Шашып қызыл ұшқындарын,
Жалаңдайды қайыққа оқ.

Түн тұлымын жайып тастап,
Тұрды реңсіз тұйық сырлы.
Жер дауыс қып, өзен өксіп,
Көкірегін қанмен жуды.

Кім біледі соғып толқын,
Қайықшасын аудара ма?
Тұңғиыққа тартып өзен,
Кеудедегі жанды ала ма?

Кім біледі қараңғыда
Қала ма артта қалғып жиһан
Қанды қырғын алаңында
Отыр ойда, алды тұман.

Қақ жүректен кім болжаған,
Қадала ма қанды қанжар?
Қара түнде жоқтайды ма
Қара шәлі жамылған жар.

Ұшан дария ой теңізі,
Шалқып ұрып жарға соқты.
Көк өзеннен күркірете,
Жаудырды ол жауға оқты.

Кейде ауыр доп түсіп алдан,
Толқындарды өрге өршітіп.
Көтереді қайықты тік,
Қалтылдатып, дөңбекшітіп,

Оттан, оқтан көк толқыннан,
Құйылады топан сел кеп.
Жан таласып қара түнде,
Жағаға Естай жетті өрлеп.

Оршытып өз орнынан,
Ойран етіп табиғатты.
Алды-артты түгел қоршап,
Ажал оғы ағап жатты.

Қара түнде қалқалаған,
Төсін жарып көк тұманның.
Ажал оғын арқалаған,
«Жолбарысы »шықты жаудың.

Днепрдің жартастары,
Жанқаланып жатты ұшып.
Жақын қалды жау танкісі,
Жаудырып доп, жалын құсып.

ІІІ

Гүрсілдеді зеңбіректер
Ұшқыр оқтар зуыл қақты.
Ормандарды отқа өртеп,
Құс біткенді шуылдатты.

Жатты Естай жалғыз өзі,
Жолдастары жұмды көзін
Арынды ажал естіртпеді,
Қоштасарда айтқан сөзін.

Қайран достар қалды мәңгі,
Жер қойнында солып гүлдей.
Беттерінен қашып қаны,
Сұрғылт тартқан суық түндей.

Достарының өліміне,
Қайысты ер қабырғасы.
Сіркіреген жауындай боп,
Топыраққа жауды жасы.

Сүртіп жасын, жиып күшін,
Зеңбірекке салып добын.
Оқ нөсерін тасқындата,
«Жолбарыстың» жарды добын.

Белі үзіліп күйрегендей,
Бөксесінен төңкеріліп.
Бастаған бір «баһадүрі»
Бойы балқып кетті еріп.

Аспанды үңгіп, бұлтқа сүңгіп,
Зеңбіректің ұшты добы.
Қалқан етіп қара түнді,
Баспалады жаудың тобы.

Туған елге тура қарап,
Бір кездері берген серттей,
Тудай толқып тұрды Естай
Қотарылып өртке өрттей.

ІV

Зеңбіректер күрс-күрс ойнап,
Көктегі күн күріліндей.
Келе жатты жау жалаңдап,
Жанталасып тыным көрмей.

Шықты Естай жекпе-жекке,
Барлық күшін бойға жинап,
Тіл қатырып пулеметке,
Жаудың оқпен жолын қиып.

Әлдеқайдан бір жарықшақ,
Қадалады кеп кеудесіне.
Шыр айналды шіркін дүние
Түсті қайран ел есіне.

Көк жойқынды тулады өзен,
Көбік атып буырқанып.
Ер кегі үшін атылды оқтар,
Жалын шашып, бұлтты жарып...

V

Сонау Польша қойнауында,
Көзім шалды бір зиратты.
Кім екен бұл, уа дариға,
Ару ма екен нұр сипатты.

Батыр ма екен қан майданда,
Өр кеудесін оқ шарлаған.
Көкірегінде кетті-ау бірге,
Жұлдыз болып жиған арман.

Әлде ардақты ана ма екен,
Махаббатты жаратушы.
Саябырлап албырт қиял,
Азғана дем ала тұршы.

Толқымашы, туламашы,
Тебіренбеші, нәзік жаным.
Тас бетіне батыр атын
Кетіпті оқпен жазып жалын.

Сонау Польша қойнауында,
Саясында қарағайдың,
Жатыр ұйқтап батыр Елтай
Геркулесі Қостанайдың.

МАРШАЛ МЕРЕЦКОВ

Тұтқа болар әрқайсы әр ауылға,
Миллондаған солдат бар қарауында.
Сұрақ жатыр олардың жанарында,
Олар ділгер маршалдың жауабына.

Біреудің жалғызы бар,
Біреудің жан қызы бар,
Олар кіші,
Ал мұнда ұлы атақ бар,

Олар күші-
Олар күші,
Олар болса
Мұнда да рақат бар.

Жауапкер майдан басы,
Барлығына,
Солдаттың,
Генералдың,

Тағдырына.
Туған жердің
Әр атауы,
Әр тасына.

Бәрі аяздай батады арқасына.
Қолбасының арқалары жүгі аз ба?!
Көшеді бұлттай ойлар түйдектеліп,
Отырады блиндажда

Басынан талай ауыр күйді өткеріп.
...Кетеді кейде өткен күн елес беріп,
Жүреді ол Лукачқа кеңес беріп,
Отыздың ішінде еді Мерецков

Онымен есептесті ел ескеріп
Испания батқанда ауыр мұңға,
Бір болды баррикада жалынында.
Соғыстың түтініндей будақталып,

Өтті елес алыстағы жылды ақтарып.
Мүк басып мүлгіп жатқан шалшық
сулы,
Кешті ол Волховтағы балшық нуды.

Отқа жанып танкісі жазғытұры
Өтті кешті өзінің жалғыз ұлы.
Артық көріп басқа оны солдаттардан
Кездері жоқ қиыннан қорғап қалған.

Мен де болдым Мерецков қол астында,
Қол астында бораған оқ астында.
Жалын көкті қызартып өрттей етіп,
Жалын тудай бояды ағашты да.

Қызыл аспан, қызыл жер, қызыл белес,
Дүрілдеді қан майдан қызып егес.
Құтыда бір жұтым су,
Қапшықта бір түйір нан,

Жоқ бірде тыншу,
Шабуылда шабуыл тұтқиылдан
Қар –жаңбырмен жылаған күзгі аспан,
Отырды ол талай түн мызғымастан.

Көктен бомбы боратқан юнкеристер,
Ине шаншым жоқтай-ақ күн көрім жер
Табанымен төңкеріп тоңды шашып,
Ауыр танкі жылжиды орды басып.

Әр солдатпен шығады ол атакаға,
Ауыр артиллерияға,
Бронепоездарға-
Жолды ашып.

Тыңдайды оны әскерлер,
Сөйлейді самолеттермен,
Борышты орман, тас, көлдер
Көп үйлер қалған өрттерден.

Борышты оған солдаттар,
Өткен аман өткелден
Лининград қоршауы,
Бұзылғанда оқтардан,

Көзінен бір жас моншағы,
Келіп бір кетіп жоқ болған.
Алыстан қайта жарқ еткен
Найзағайдың ұшындай,

Со бір жас кенет жалт еткен,
Қуаныштың құсындай.
Аптыққан жау ақыры отты құшып,
Сабырына сап болды соқтығысып.

Әскери уставтарда қаралмаған,
Тапты жолдар траншея- тарамдардан,
Қайратын қамалдарға қарсы тосты,
Автогеннің оттары ала алмаған.

Батты оның жанына әрбір шығын,
Ойлады ол оққа ұшқан тал бүршігін,
Солдаттармен бір кешігіп саз балшықты,
Солдаттармен бірге ішті жаңбыр суын.

Көтеріліп тұғырға – жоғарыға,
Жеңіс күні тұрды ол ел алдында.
Жолдас маршал, сенің де үлесің бар,
Өзің берген әр солдат медалында.

СЫРЛЫ ҚАЙЫҢ

(Баллада)

І

Тұрмын мен Синявино адырында,
Талайдың тамған бір көз қаны мұнда.
Дауылдан соңғы аспандай тұнып қалған,
Жатыр дос тас боп қатып қабірінде.

Қабірді айнала мүк басып жатыр,
Сыңсиды жалғыз қайың басында тұл.
Қай жыл туып,
қай жылы өлгендегі,

Жазылып зілдей құлыптасында тұр.
Еңсемді көтертпейді ауыр мұңы,
Мен үшін аян осы қабір сыры.
Көзіме елес беріп қанды майдан

Алыстан естілгендей дауыл шуы.
Келеді көз алдыма қара түндер,
Жаза алмай өкситұғын қанатын жел.
Жарасын ауырсынған солдаттардай,

Ыңырсып әзер демін алатын жер.
Майданның қиын- асу белестері,
Қайтадан көз алдыма елестеді.
Секілді қара теңіз қалың орман,

Сапырып суылдайды жел ескегі.
Ауысып ә дегенше шұғыл бәрі,
Сан сурет өтті алдан құбылмалы.
Қабірдің басындағы жалғыз қайың,

Өткенді еске алып сыбырлады.
Кеудені бір қайғы үңгіп қулай берді,
Өрепкіп ет жүрегім тулай берді
Сыбызғы тартқандай боп сырлы қайың,

Жамырап жапырақтар шулай берді....

ІІ

Қартамен алдымдағы сырласамын,
Аралап нулы орманды, қырды асамын.
Кім білген тұр ма аңдып, ажал оғы,
Ішінен тап беруге бір тасаның.

Бақылау бекеттері – шоқы басы,
Етекте жаудың қалың от ұясы.
Бұлттай боп көңілімде көшіп жатыр
Соғыстың ертең болар уақиғасы.

Жанымды толқын қиял тебірентіп,
Келеді тар жолдармен мені ертіп,
Бір жерде алға сүйреп ағындаса,
Бір жерде лақтырады кері серпіп.

Сен менен кетесің деп қайда қашып,
Қартадан жатыр аран майдан ашып.
Сол сәтте бір жас жігіт кіріп келді,
Есігін жер төленің жайлап ашып.

Кеудесі шалқақ біткен тау ұсқынды,
Көрінді көздері өткір, жаны ұшқынды
Николай Перевалов,- деп ол өзін
Сыпайы әдеппенен таныстырды.

Әскери атап өтіп келте сөзден,
Жөнелдік сыр шкетерді шерте тезден,
Жатырмыз жолыққанға қауқылдасып,
Екеуміз таныстай-ақ ерте кезден.

Тынысын бір күрсініп терең алып
Өз жайын баян етті Перевалов.
Тауыпты Тынық Донда күздің күні,
Тұрғанда көктен нөсер селебе ағып.

Көңілден кетпейтұғын көлеңкесі,
Маған да таныс еді Дон өлкесі
Жататын әр жерде бір сұр төбелер,
Түйенің секілденіп қом өркеші.

Ростов тап болды ұлы сынға,
Соғыстың қалды қанды уысында,
Аңсайды Азов желін Перевалов
Отырып жертөленің бұрышында.

Күңіренді ол көңілдегі сырын айтып,
Ұмытар сүйген жарын, ұлын қайтып.
Екеуміз ойға батып көп отырдық
Шам тұрды күңгірт көзін сығырайтып.

Сол шамдай көңілі оның ала күңгірт,
Кеулеген жас жүрегін жара үңгіп.
Ойына ортақтасып, мең-зең болып,
Тұрғандай аспан қалғып, дала мүлгіп.

ІІІ

Жапырып өткендей-ақ жұты ақпанның,
Қалған тек құр сүлдері жұтап талдың,
Шамасы келмейтіндей сілкінуге,
Түнерген түн секілді бұтақтардың.

Екі жақ шаршаса да сілкілесіп,
Аңдысып бірін –бірі тұр тіресіп.
Соғыстың құдайлары оқта –текте,
Қояды тіл қатысып, күркіресіп.

Атылар сәтін күткен жолбарысқа
Ұқсап бір түсіп терең толғанысқа.
Қалқалап қара орманның қалың нуын,
Күш жинап жатыр полк қорғаныста.

Қайтуға жаудан бір тіл – дерек алып,
Аттанды бір солдатпен Перевалов
Атылған ракета көкке бойлап,
Төбеден шаншылады төмен ағып.

Күндізгі оқтан миы зеңіп аспан,
Қалтырап ауру жандай өңі қашқан.
Тек ата-анадай кәрі адырлар,
Арқаға тірек болып, көңіл ашқан.

Жамылып шымылдығын қараңғының,
Ақырын ұрлап басып әр адымын,
Екеуі азғана бір демін алды,
Тың тыңдап астында жар қабағының.

Тоғай да уілдемей түн ішінде,
Ешкімнің естілмейді жүрісі де.
Тоқтаған қозғалысы, бар қимылы,
Секілді дүние бір тірі сүлде.

Екеуі ентіктерін зорға басып,
Жылжыды тікенекті қорғанды асып.
Жақында ауыр бомба қазып кеткен,
Жатты кеп терең орға орналасып.

Толқын да жарға ұрмайды тулап соғып,
Дүние тұр тыныштыққа құндақ болып.
Осы бір жайбарақат жаратылыс,
Көңілге ой салады жұмбақ болып.

Шешуге бұл жұмбақтың сырын тұйық,
Тауып ап байланыстың сымын қиып,
Жатты олар.
Байланысшы безек қақты

Аузы бітелгендей құм құйылып.

– Тез жөнел керегіңді қамдап алып,

Жан барда байланысты жалға барып!-
Деп оған ақырды бір кәрі неміс
Өзегін өткендей шоқ-шала қарып.
Еш нәрсе связистің жоқ ойында,

Ысқырып келе жатыр жол бойында
Ішінен Переваловқуанады:
«Бұл ісім келеді-ау, деп бір орайына»
Шап беріп қос барлаушы алды артынан,

Біреуі дәу немісті алды алқымынан.
Ауызына екіншісі кенеп тықты,
Бақырып басқа бүлік салды антұрған.
Ракета көтерілді алда жайнап,

Шоқ-шоқ боп жерге түсті андағайлап.
Дұшпандар дүркін-дүркін оқтар атып,
Жағалай айқайлайды жау қайдалап.
Естілді қуғыншының жүрістері,

- Тұтқынмен от завалдан, кір ішкері!-

Деді де жолды тосты Перевалов,
Қанды кек өртке айналып тұр іштегі.
Оқпенен бұталарды сүзіп барлық,
Жалаңдап жау келеді ізін бағып.

Лақтырды Перевалов гранатты,
Жау тобын, гүрс етті ол, бұзып- жарып.
Түтінмен бірге шұбап жау андады,
От шашып автоматтар жалаңдады.

Тоғайдың бұталары дұшпан болып,
Құбыжық көлеңкелер қараңдады.
Жау оның жатқан жерін қарап алып,
Тұтқынға түсірмекші қамап алып.

Оқ тиді кері жылжи бастағанда
Қайран ер қалды ауыр жараланып.
Жүрсе де талай рет жолы болып,
Неліктен сәтсіз болды соңғы жорық.

Ертеңгі көлді басқан тұмандай боп,
Қара бұлт көкірегіне қалды қонып.
Найзағай шапағындай көкті жарып,
Қанаты ракетаның етті жарық,

Шаншылып көкке төмен сорғалайды
Тінтеді төңіректі отты жағып.
Найзалар соқтығысып қағысқандай
Жер мен көк бір-біріне жабысқандай

Зіркілдеп минометтер ақырады,
Бұлқынған, бұрқ-сарқ қайнап, арыстандай.
Ағылып мина, снаряд ұшты тынбай,
Алапат ажалдың от ұшқынындай,

Ашады пулеметтер ауыздарын
Ысқырған аждаһаның ұсқынындай.
Құйрықты жұлдыздардай оқтар аққан,
Желкілдеп шудалары оттар жапқан.

Айқасып өмір, өлім қос жауынгер
Секілді қан майданда көкпар тартқан.
Жарасын бүйірдегі ер ауырлап,
Жылжыды ақырындап жер бауырлап.

Ұшады көз алдынан көк жұлдыздар,
Ойнайды қарсы алдында көк дауылдап.
Жаралы бүйірден қан келеді ағып,
Барады бой ауырлап, денені алып.

Бұл халін бірдеңені жау да байқап,
Қаптайды мардымсынып, белең алып.
Әйтеуір жетті өлдім деп тас ығына
Сол жерде жауын бақты жасырына

Ызадан ызғар шашып Перевалов
Жатты ұқсап көк аспанның жасынына.
Лақтырды гранатты,
Дауыл тұрып,

Гүрілдеп лап етті көк жалын ұлып.
Аспанға жауды атып, қағып алып,
Астына басты қайта алып ұрып.
Тұрғандай қан соғыста еңіреп түн,

Тұманды түгін басты төңіректі.
Талмаурап талқысыды Перевалов
Жауынгер жолдастары келіп жетті.
Азынап өртті өршітіп жел үрледі,

Барлық күш қотарылды темірдегі,
Қатпады қара түтін қара бұлттай,
Жер беті жасырынып көрінбейді.
Қоршамақ қайткен күнде айла асырып,

Қайтадан бас көтерді жау басынып.
Дзотқа Николайды жайластырып,
Жөнелді жолдастары алға асығып.
Кезінде азғана сәл есі кірген,

Дзоттың алақандай тесігінен,
Жолдайды жауға оқты Перевалов
Мерт болған достарыңның есімімен.
Немістер қара құрттай құжынасып,

Келеді алғы шепті бұзып асып.
Денесі Перевалов ауыр тартып,
Барады бірте- бірте қызуы асып.
Түніреп келеді жау торлап алдан,

Түсінді ол халін енді торда қалған.
Бұлқынып ақтық күшін есікті ашып,
Дзоттан шықты сыртқа қолда наған....
Аспан тұр найзағайын шатырлатып,

Айнала көрінбейді жақында түк.
Қадалды бір қорғасын кеудесіне
Соңғы оғын өлді батыр атып жатып...
Гүрілдеп самолеттер,

Жерде танк,
Күңірентті катюшалар жер қопарып.
Алыста асау теңіз ақырғандай
Күркіреп, тасқын айдап, сел қотарып.

Басталды дүниедегі бір ұлы айқас,
Күркіреп күннен әлде түсті жай тас.
Бомбадан көкке атылып күл- талқан боп,
Қиыршық құмдай ұшты кәрі жартас.

Қызыл өрт дауыл үрлеп қанат жайып,
Толқыды от теңізі таңғажайып.
Оққа ұшқан жауынгердей құлап түсіп,
Қатары қарағайдың қалды азайып.

Иленіп қалды үлкен тас тағадай,
Шулады орман жылап жас баладай,
Көмілді күннің көзі көк түтінге
Шұғыласы күлгін тартып шашқан арай.

Кешкілік ұрыс тынып, басылғанда,
Күн көзі қара бұлттан ашылғанда.
Қорғаған өзі оққа төсін төсеп,
Қойды оны арыстанбел асу жонға.

Он дүркін сілкіндіріп шоқы-құзды,
Салюттің кешкі аспанда оты жүзді
Достыққа жауынгерлер белгі етіп,
Басына бала қайың отырғызды.

Тұтанып соғыс оты қызып жатты,
Батырлар жау қамалын бұзып жатты
Бұғаудан Дон өлкесін босатуға
Жоспарын генералдар сызып жатты.

ІV

Күрсініп бұзды кенет күн райын,
Басты кеп көкіректі мұң-уайым.
Осы бір оқиғаны еске салып,
Теңселіп сыбырлады сырлы қайың.

Көзін жазбай ұзақ күндер шығыстан,
Қобыландыны күткен қанды ұрыстан,
Қыз Құртқа мен Ярославна өзіңсің
Я апа, я сіңлі боп туысқан.

Ақсарыбас атап өзін құрмалдық,
Туған елге махаббатын құрбан ғып,
Қара түндей қара шашы жайылып,
Қалды Құртқа.

Қан жылады тұрған жұрт.
Ел батырын елеңдетпес қай дүбір,
Қыз Құртқаға қатты батты қайғы бұл.
Екеуі де егіз арман секілді,

Кетті Қобылан астында ойнап Тайбурыл
Қобыландыны шармағанда шыңырау,
Тайбурылға салынғанда қыл бұғау,
Тағдырыңдай тарқатылып бұрымың,

Жылғалардай жылап, Құртқа тұрдың-ау.
Оның халін ұққан жоқсың сен біліп,
Көкірегін сен секілді шер буып,
Таза мөлдір жаныменен, арымен,

Ярославна тұрды жолға телміріп.
Балқып-еріп қорғасындай қайран жан,
Ол да күтті махаббаттың майданын.
Үмітінен қол үзбеді ешқашан,

Сағыныштың сағымына айналған.
Келсе-дағы талай суық бұлт хабар,
Аңыз болды періштедей жұртқа бар.
Айнымайтын ақ махаббат, адал жар,

Туыссыңдар Ярославна, Құртқалар.

ТЕҢІЗШІНІҢ ӨЛІМІ

(Баллада)
Шақырады қатерді,
Төбеден төнген баспа бұлт.
Атауға оны әкелді,

Екі көзін тас таңып.
Атауға оны әкелді,
Аузын буып тұмшалап.
Азынап дауыл қатерлі,

Жағаны жатты құм сабап.
Атауға оны әкелді,
Аяқ-қолын бұғаулап.
Жөнелді оны қатерлі

Құз үстіне шығанға ап.
Аяғының астында
Жатты теңіз су атып.
Тербетеді тасқындар

Жылатып та уатып.
Шомылдырып толқынға,
Анасындай емізген,
Секірді де ол шыңнан,

Сүйісті көк теңізбен.
Оқтар енді кеш қалды
Ұшқанымен суылдап.
Бауырына алып бас салды,

Теңіз толқып шымырлап. ***

Түспесін адамның дақ денесіне,
Түспесін қанды соғыс ел есіне.
Өлеңім от алдырмай тұрып қалсын,
Ең соңғы зеңбіректің өңешіне.

Кірмесін ешкім майдан күркесіне,
Тамбасын адам қаны гүл төсіне.
Өлеңім от алдырмай тұрып қалсын,
Ең соңғы динамиттің пілтесіне.

Жер таппай аялайтын, тынығатын,
Қаңғырып болсын соғыс қырылатын.
Бүгіліп окопта емес, алшаң басып,
Оқысын шыңға өлеңін шығып ақын.

Жас қабірде қайта өсті жаңырап тал
Көз жасымен сұрады қара бұлттар.
Нұрын құйды күн оған ертелі-кеш,
Күзетті оны тас, таулар-кәрі алыптар.

Қара түнде көр соқыр тас қараңғы,
Шақырады тал жинап дос-жаранды.
Жас батырдың жүрегі жұлдыз болып,
Тербейді оны жел жыры, аспан әні.

ЖАСЫ ОНЫҢ ОН БІРДЕ ЕДІ

Отқа қақтап өлтірді оны
Жасқануды ол білмеді.
Алты күндей азаптады,
Ал ол болса он бірде еді,

Ал ол болса он бірде еді.
Он бір жаста отыз жастай,
Болып шықты жігерлі еркек.
Полицайды үй-ішімен

Шырпы қойып жіберді өртеп.
Ал ол болса он бірде еді.
Өліміне жел еңіреп,
Ақ қайыңдар аза тұтты.

Аспан көзі мөлдіреді,
Аңсады ол азаттықты
Жасы оның он бірде еді.

АЛТЫ АҒАШ

(Баллада)
Соғыс күрмеп кеңімеді арқа-бас,
Эшелондар ағып жатты жанталас.
Ақболаттың алты ұлы аттанды,

Қалды ауылда өздері еккен алты ағаш.
Қан майданнан оралмады алтауы,
Көре алмады ата мекен Арқаны.
Көз жасымен шайылды да ағарды,

Ақболаттың сақалының әр талы.
Семсерлердің сөнді қашан жарқылы,
Жол үстінде тұрады қарт әр күні.
Торғайларды жырлатады тербетіп,

Алты алаш- Ақболаттың алты ұлы.

АДАЛДЫҚ

Жауынгер жазды жарына:
-Қор болып көзім сөнді деп.
Сен ортақ болма зарыма
Артпайын саған мен міндет.

Жүргенде ұстап ақ таяқ,
Күйзелер жаның қатты аяп
Азапқа сені салғанша,
Қалайын мұнда қайтпай-ақ.

Келіншек жазды жарына:
-Күнім деуші едің сен мені.
Сәуле шашып жолыңа
Болмайтын күннің жердегі.

Жабырқау тартпа жан сауда,
Айтқаның болсын сенің тек.
Бастайын қайда барсаң да
Таяғың болып жол сілтеп.

250-ІНШІ ОҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Снаряд қара жердің ұрып төсін,
Волховтың сапырады тұнық кешін.
Жаралы жас жауынгер жанталасып,
Басады пулеметтің шүріппесін.

Қаптаған «хейнкельдер» төбесінде
Қадалды тағы да оқтар денесіне
250-інші оқ атылмай
Кептелді пулеметтің өңешінде.

Қозғалмай қаусап қалған жатыр жоны,
Шүріппені баса алмайды батыр қолы.
Тек оны күзеткендей пулеметтің
250-інші ақырғы оғы .

Оттың арасынан,
Оқтың арасынан,
Тайганың ағашынан
Бетбақтың даласынан,

Өткенде,-
Көгілдір мынау көктемде,
Ажалың сенің жеткен бе?!
Жатасың ба адырда

Төмпешік болып торғайдай,
Жүзіңді сенің жабуға,
Қалтырайды қол бармай.
Үстіңе төніп үңіліп,

Алдыңда тұрмыз жүгініп,
Тіліңде кеткен бір сөзді
Айтсаң бір нетті тіріліп,
Ойласа бойды и қылып,

Жаралы жүрек қансырар,
От болып жерді күйдіріп,
Саулады көзден тамшылар.
Жатырсың енді сен үнсіз

Қап–қара түндей тілі жоқ,
Құстардың да жыры жоқ
Айнала жым-жырт көңілсіз.
Аптығып келген ажалға

Ара тұрар қай күшің?
Дауа барма жазарға
Азалы жанның қайғысын.

ҚАЗАН УНИВЕРСИТЕТІ

Толқығалы Волга жатыр,
Күн күркіреп, от төгілсе,
Әлі талай жолдар жатыр
Володя Ульяновқа —

Ленинге жеткенінше.
Сібірді орап, Байкал асып,
Жатыр жолдар тайталасып,
Келеді жас бала жігіт

Дауылдар мен толқындарға
Омырауын айқара ашып.
Ойлайды ол дос ағасын,
Өткен күннің жатта бәрі,

Университет сатысы емес
Революция босағасын
Келеді ол аттағалы.
Тұрса-дағы білімі асып,

Тең достардың ол бәрімен.
Тарих күндей нұрын шашып,
Көтермекші биікке оны
Ғасырлардың қолдарымен.

Өмір өзен тарауларын,
Күндіз-түні жатпай оқып
Келер күннің шұғыласымен
Жазады ол жан арманын

Жерді жазу тақтайы етіп.
Әр үйлердің бөлмесіне,
Жағу үшін өмір шамын,
Өткізеді кірпік ілмей,

Құйып алып зердесіне
Қызыл тудай Еділ таңын.
Ол отырған парта бос тұр,
Жетімсіреп мұңын шағып,

Көрінбейді ол бүгін нағып?
Маркспенен қатарлас тұр
Ленин болып Ульянов!

ЛЕНИННІҢ СМОЛЬНЫЙДАҒЫ БӨЛМЕСІ

Жылы ұшырап Смольныйға кіргенде,
Лениннің пәтері тұр бір бөлме.
Бар әлемге бағдар болған жол нұсқап,
Шамы сөнбей шалқып жанып түндерде,

Асуларды, өзендерді елемей,
Бұл бөлмеге ағылған жұрт телегей,
Тұрған бөлме Смольныйдың төрінде
Ел арманын арқалаған кемедей.

Бұл бөлмеде қопарып ой қыртысын,
Ұлы Ленин еңбек еткен жұрт үшін-
Бұл бөлмеде Ормандарды орнатып,
Қайта өзгерткен құлазыған қыр түсін.

Бұл бөлмеде шар тарапқа жол шығып,
Көзін ашқан көрген жандар қоршылық,
Бұл бөлмеде қиялданып жүрген ол,
Костюмінің өңіріне қол сұғып.

Бұл бөлмеден шығады деп күн, ай да,
Ұқсататын жұрт Ленинді құдайға.
Ал Ленин бөлмесінде тұратын
Қос кереует, беті жарық бір анна.

Лениннің осы ғана бар заты,
Беті сынық-жарық айна алда тұр.
Крупскаяға сол айнаны сыйлаған
Смольныйдың күзетшісі солдат бір.

Айғақ болып сонау алыс күндерге,
Смольныйдың төрінде тұр бір бөлме.
Лениннің алам ба деп мазасын,
Өз-өзіңнен қысыласың кіргенде.

ЖИЫРМА СЕГІЗ

Бұлдырайды қырда теңіз —
Сағым құба жонда ағып.
Келе жатыр жиырма сегіз,
Лениннен жолдама алып.

Aш өзегі жанып күйген,
Күнге қолын жайған Алтай.
Көк ала мұз сауыт киген
Арғы жағы Тарбағатай.

Октябрьмен туған егіз
Бақытына қадам басып.
Келе жатыр жиырма сегіз,
Алтай таумен амандасып.

Жаңғырықты күллі алап,
Ленин берген тың күшпенен,
Қырға қызыл туды қадап,
Жерге салды тұңғыш түрен.

Жаңа арнамен ақты ағын,
Төгілді сел күштің бәрі.
Планетаға атты жалын
Коммунарлар ұшқындары.

Бірақ бүлік салды ажал,
Көтерілді қанды қанжар.
Күңіренді Алтай тауы,
Тапты қаза коммунарлар.

Көмді құйын өліктерін
Өлді арманда қырда тегіс.
Қайталады ерліктерін
Қан майданда жиырма сегіз.

ЛЕНИН КОМИССАРЛАРЫ

Қадап қызыл жалауларды,
Октябрьді елге ұқтырып,
Тік көтеріп алаңдарды,
Өлді олар сөйлеп тұрып.

Пулеметтер жалын құсып,
Бұрқыраған атыс күнде,
Жалаулардай жалын құшып,
Өлді олар ат үстінде.

Өзгелерге өмір беріп,
Бақыт күнін шапшаңдатып.
Өзін күтпей көңіл бөліп,
Жүрді олар аштан қатып.

Бастап алға жүгірді олар,
Революция солдаттарын.
Айқастарда жығылды олар,
Өзіне атып соңғы оқтарын.

Комиссарлар, комиссарлар,
Ішінде ұлы жұмыстардың,
Арасында тірілердің,
Ортасында құрылыстардың,

Арасында бүгін елдің,
Комиссарлар, комиссарлар!

АРАЛ ТЕҢІЗІ

Тұратын жер жоқ дүзде ықтап,
Тұнжырай басқан құмын бұлт,
Жүйкені құртқан сыздықтап,
Жылымшы желі жұлын құрт.

Келтірмей мылқау күш тілге,
Талайды жұтқан сор Арал.
Шағала шулап үстінде,
Жыртысқа жыртқан орамал.

Ерекше бүгін базарлы,
Қомдаған қанат кең жайып,
Іліп ап сары сазанды З
улайды құстай жел қайық.

Халық та бүгін теңіздей,
Асығыс ала-сапыран.
Соғады жаңа леп үзбей
Ленин жазған хатынан.

Сол хатты алып қолына,
Болады бәрі пәруана.
Тартады поезд жолына,
Поезы қырдың аруана.

Теңізге жалпы халық боп,
Жасайды енді иелік.
Жатқандай Арал балық боп,
Поезға жедел тиеліп.

ЛЕНИНГРАД ЖОЛЫНДА

Ақты оқтар зуылдап,
Айнала орап жан-жақты,
Кемпірқосақ құрып ап,
Көктің жолын жау бақты.

Жүргізбеді бір аттам,
Қарлы боран, қанды асу.
Керек Ленинградқа
Жалпақ елмен жалғасу.

Қиын жермен қатынау,
Қиын көкпен қатынау.
Бомба төгіп борандай,
Жолды бөгеп жатыр жау.

Ладогада ақ боран,
Бой бермейді аттауға.
Жолды тартып жатты адам,
Көкала мұз, ақ қарда.

Арқан байлап беліне,
Бірін-бірі жетелеп,
Ладоганың көлінен,
Жолды тартты төтелеп.

Жер мен аспан гулесіп,
Жауды қанша оқ бұршақ.
Жүрді ерлер су кешіп,
Оқ астында көпір сап.

Қанша адамды көл бүркеп,
Жетпей өлді мұратқа.
Тұрды Ленин жол сілтеп,
Тура Ленинградқа.

ЛЕНИН СУРЕТІ

(Баллада)
Жүрген бұлдыр қиялдың жетегінде,
Қуып тығып жауды өз мекеніне,
Біздің әскер жеңіспен жетті келіп,

Вайнтерг көлінің етегіне.
Жаны шығып, жаралы жау ашынып,
Шабуылға он шықты аласұрып.
Көл күңіреніп шайқалды көбік шашып,

Екі жақтан зеңбірек таласа ұрып.
Жер шеңберін таба алмай адасқандай,
Аспан көлдей, боп кетті көл аспандай.
Қызыл-жасыл ажалдың көздеріндей,

Зуылдады оқ топан толастамай.
Қара дауыл бомбалар бұрқыратып,
Зіркілдеді зеңбірек күн-түн атып.
Көлдің үсті көк түтін қара толқын

Көлге көктің кеткендей бұлты батып.
Жер бетіне қақ тұрды қан соқтадан,
Бастырмады біздің жақ қоршап қадам.
Жау шебінен бөлініп келе жатты

Жауған оқтың астында он шақты адам.
Зеңбірекке әзірлеп орын салып,
Тұрды ерлер сол топтың жолын бағып.
Көтерді алда келе жатқан бірі

Ленин суретін қолына алып...

КОМАНДАРМ

Айналаға жалын бүркіп,
Алда орман жанып жатқан.
Қара жерді қағып-сілкіп,
Зеңбіректер дауылдатқан.

Тұрып қалды командарм,
Түтіндемей трубкасы.
Шолып майдан алаңдарын,
Күйзелгендей құрып мысы.

— Алдарыңда қанды соқпақ,

Алты бірдей ұлым менің...—
Командарм қалды тоқтап,
Әлденеге жұмылды ерін.
Қайтадан ол кетті бастап,

Дауысында бір діріл бар.

— Отан үшін отқа тастап,

Тұр деп мені ұғыныңдар!
Командарм құрып мысы,
Терезеге қалды қарап.
Түтіндемей трубкасы,

Шарт түйілді қалың қабақ.
Көзде бір жас шырқ айналды,
Қалды кірпік ұшы жауып.
Командарм сырт айналды,

Тырс үндемей тісін жарып.
Ұқсап күннің жарқылына
Ұшты үндер жиі асыға.

— Барасыңдар жау тылына

Фашистердің ұясына.
Айнала өрт құйындаған,
Міндеттің ең ауыры бұл.
Қайта оралу қиын одан

Бірақ Отан әмірі бұл!
Тартты түнде алты адам,
Ұшты оқтар аңқылдаған.
Айқыш-ұйқыш аспанда оттар,

Бір сөніп,
бір жарқылдаған.

СОЛДАТ

Қанды майдан басты бұлты,
Кеудесінен тас құздардың,
Жүздерінен қашты күлкі
Жұлдыз көзді жас қыздардың.

Күнбатысқа көзін тігіп,
Жаудырады күншығыс жақ,
Соғысқа жер өзі кіріп,
Жүрді қолға мылтық ұстап.

Кірмей ұрыс алаңына,
Тұра алмады көк тыныстап.
Оқ жаудырып жоғарыдан
Шашты жауға отты уыстап.

Ешқандай күш ала алмады,
Тізе қосты жер менен көк.
Жалп етті де жалаулары,
Өртенді жау шерменде боп.

Аспан сақтап отты күнін,
Жер тыныштығын қалды қорғап.
Жердің гүлін, көктің нұрын
Еншісіне алды солдат.

ЛЕНИН МЕН БОЛАТШЫ

Ленинде бар бүгін қонақ кісі,
Ол атақты Златоуст болатшысы.
Лениннің өтеді көз алдынан
Оралдың қызыл-күрең жолақ түсі.

Зерттелгендей сәулелі күн ұшқынын
Біледі Ленин бұрыннан құрыш сырын.
От ішінде балқытқан көк шойынды
Сұрайды ол жан-күйін жұмысшының.

—Қайратына, күшіне сыйынарлық,

Шықсын құрыш шымыр боп иі қанып...
Қайтты елге болатшы Лениннің
Кеудесіне әр сөзін құйып алып.
...Жетті соғыс өзеуреп ойда-жақта

Қорғау үшін Ленинді оқтан, оттан.
Күндіз-түні қарт Орал кірпік қақпай
Құйды оның тұлғасын көк болаттан.
Құрыш күшін дұшпанға ер ұқтырды,

Тұғырда Ленин бұйрығын беріп тұрды.
Биіктігі аспанмен қатарласып,
Жердей болып шықты оның беріктігі.

АРДАГЕР АЗАМАТТАР

(Жазушылар одағында ескерткіш тақта ашылғанда)
Қызыл өрт, қырғын соғыстар,
Темір жел, қызыл от желдер,
Азынап ажал оғы ұшқан

Жамылған түтін көк пен жер.
Аспаннан аққан жұлдыздай,
Мезгілсіз кеткен шығын боп,
Жер гүлін өлген жұлғызбай,

Пулеметтерге тығын боп.
Оттарды құшақтап қапсыра
Өздері ұшқан оқ болып,
Танкінің түсіп астына,

Жарылған қанды кек болып.
Салюттей даңқы жер жарған,
Қалың ел қазақ мақтаны,
Аттары болған елге арман,

Ардагер азаматтары.
Телегей-теңіз жас болып,
Күңірентті қаза хаттарың,
Қалдыңдар шөгіп тас болып,

Жауынгер азаматтарым.
Еңіреген есіл боздақтар,
Қиылған ерте қыршындар,
Оранып ақ бұлт — гүлдерге

Ескерткіш болып тұрсыңдар.
Жандыңдар қайта күндіз боп,
Көтерді биік даңқты ел.
От шашты қызыл жұлдыз боп,

Ойылған тасқа әріптер.

ТІРІЛЕР ҰРАНЫ

Кім жеңістің таңын күтсе,
Соғыста болды сол адам.
Кім адал жарын күтсе —
Соғыста болды сол адам.

Қара қағаз — қаралы жылдарда,
Өмірден үзбей үмітін,
Мал басында, қырманда,
Еңбек етсе күні-түн —

Соғыста болды сол адам.
Елдегі ата-анамен
Ауыр күнді бір бөлсе,
Сарғайып қапа-санамен

Сары жапырақтай күн көрсе-
Соғыста болды сол адам.
Соғыста өлген шейіттің,
Қолтықтан жебеп жетімін.

Тәтті ұйқысын бөліп түн,
Ойласа кем-кетігін —
Соғыста болды сол адам.
Оқтардан қорқып бораған,

Оттардан қорқып ораған,
Өз басын артық санаған,
Соғыста жүріп, соғыста —
Болған жоқ, сенбе, сол адам.

Гүрсілдеп бомба жағалай,
Жатқанда жанып қарағай,
Жалтарса тайқып кімде-кім,
Ажалға тура қарамай.

Соғыста жүріп, соғыста,
Болған жоқ, сенбе, сол адам.
Бәрін де жалғыз тындырып,
Сөйлесе түнді түнге ұрып,

Маңғазсып кеуде көтерсе,
Майдангер өзін білдіріп,
Соғыста жүріп, соғыста,
Болған жоқ, сенбе, сол адам.

Соғысқа керек әділдік,
Солай ма, айтшы, жолдасым!
Сол үшін қиды жанын жұрт,
Сол үшін жұтты қорғасын.

Тірілер, өмір сүріңдер,
Әруағы үшін өлгеннің,
Тірілер, тірі жүріңдер,
Лаулатып отын сөнгеннің!!!

Ладоганың жағасында келемін,
Өлі ұйқыдан оянғандай жаңа көл,
Шұрқ-шұрқ болған денесіндей кеменің
Оқтар тескен ойдым-ойдым қара жер.

Ескі мемлекет қорғанындай қабірлер,
Реңі жоқ бозғылт аспан жүзіндей,
Қара ымыртты өткен қара дауылдар
Қанды апаттың, алапаттың ізіндей.

Сол күндерден білем осы көлді мен,
Суық желі қалды сырқат сыз болып.
Кетпейді еш тастай суы еріннен,
Қарып өткен қара темір мұз болып.

Қалың қабір үндемейді, тек олар
Оты суып қатып қалған темірдей.
Көк Ладога құйып жатыр Неваға.
Сарқылмайтын, тартылмайтын өмірдей.

Өлім, өмір бұл арада жауласқан,
Қара жерді қара бұлтты шаң басқан.
Дүрілдеген, дірілдеген қанды аспан,
Сонда бұлар қол ұстасып бірге өліп,

Ладогадан Неваменен жалғасқан.
Өлді олар даңқ іздеп жүгірмей,
Кеш пен түнді табыстырған іңірдей.
Олар Қызыл жұлдыздарға айналды

Тарамданған таңның қызыл тіліндей. ***

Ұрып жатыр, Ұрып жатыр оқпенен,
Басы зеңіп құлауға тұр көк төмен.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Ана сүті ауызынан кетпеген.

Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Жас шыбықтай жаңа ғана көктеген.
Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Күнге күйіп, желге әлі кеппеген.

Мен ол кезде жиырмадағы жас едім,
Тосты майдан тар өткелді, тас өрін.
Түн жамылып, сұр тұманды бүркеніп,
Қайда барсам қалмады арттан хас өлім.

Сәулелері еліктіріп сиқырлы,
Дүние маған көрінетін бір түрлі.
Бердім соған жиырмадағы күлкімді,
Бердім соған жиырмадағы ұйқымды,

Дүние маған көрінетін сүйкімді.
Қайран менің жиырма, жиырма бірлерім,
От ішінде өткен жалын күндерім.
Сұр шинельді солдаттардай адымдап,

Жырға айналып жүрегімде жүр менің.

КҮН ГИМНІ

Әлденендей құпия сыр шертпектеп, Фашист лагері
Желмен ойнап күбірлейді көкпек тек.
Алақандай ақ қағаздың бетіне
Өлең жазып жатырмын мен етпеттеп.

«Көктемнің бір жалғыз күні жылға азық»
Деп диқан қарт атыздарды жүр қазып.
Ақ алмастай кетпенінің жүзімен
Жатыр ол да жер бетіне жыр жазып.

Борандарда ойламай өз бас қамын,
Қиян құзды жайлаған тау асқарын.
Жылқышы ата жазып жатыр далаға,
Тұлпарлардың тұяғымен дастанын.

Өз өлеңін жазып жатыр тау гүлмен,
Көл өлеңін жазып жатыр шалғынмен.
Тал өлеңін жазып жатыр жапырақпен,
Аспан жырын жазып жатыр жаңбырмен.

Илхамына тапсырып бар билігін,
Тарту етіп жүрегінің сыйлығын,
Жер мен көктің бар ақыны қосылып,
Жазып жатыр күннің ұлы гимнін.

СЫР, САҒАН!

Дариға, Сырға келемін,
Жел қуған бұлттай қиырдан.
Көз жасым мен өлеңім,
Жаңбырдай Сырға құйылған.

Осында алғаш табылған,
Жаныма сая жақсы бақ,
Осында алғаш дарыған,
Күлкісі қыздың ақ шуақ.

Толқынның даусын естідім,
Жүректі шайып желпіген,
Көңілде қалды кешкі күн
Аспанды жапқан өртімен.

Топырақты қарш-қарш асаған,
Көңілде қалды кетпендер.
Тимейтін құрық қашаған,
Көгілдір көзді көктемдер.

Қалды есте қайран Нартайым,
Деуші еді сырнай тартайын.
Деуші еді Сырды шайқайын,
Деуші еді бір ән айтайын.

Көктемгі құстың жолындай,
Көңілде қалды көп ізің.
Жап-жасыл орман жоныңдай,
Көкшулан тартқан теңізін.

Күн батқан ақшыл аспанда,
Көзінің қызыл жасы қап,
Сол жасы қонған жас талға
Шаң болып түсіп шашырап.

Қарыздармын, Сыр, саған,
Сонау бір өткен күн үшін.
Шөлімді бастың сусаған,
Талшығым болды күрішің.

Кетпесем деймін, Сыр, сенен,
Жарында тұрған жыңғылдай,
Бағыңда тұрған бұлбұлдай
Кетпесем деймін Сыр, сенен.

Балаға ана емшегі,
Тұра ала ма исінбей,
Сағынамын мен сені
Жаңбыр мен шөптің иісіндей.

Ыстықсың неге мұншама
Өзіңе неге табынам.
Өзіңді көріп тұрсам да,
Өзіңді тағы сағынам.

Жұтуға сенің суыңды,
Жаным бір аңсап сусаған,
Сағынып ыстық күніңді,
Келемін жылда, Сыр, саған.

Тастаған от күн қайнатып,
Шипадай дертке ор құмдар,
Ойнатып, терең бойлатып,
Сипайды сылап толқындар.

Сәулесін күннің сімірген,
Жарысам қызыл іңірмек,
Жарысам қоңыр желдермен
Жалғасу үшін бүгінмен.

Бәйгеге қостың түлетіп,
Өлеңдей ұшқыр беріп ат,
Төсіме тақтым гүл етіп,
Жаңбырыңды теріп aп.

Қалған жоқ қалыс жырымнан,
Шалғынға түскен шықтарың,
Шілдеде Сырдың суынан,
Шөліркеп ішкен бұлттарың.

Суылдап Сырдың дыбысы,
Құпия бір сыр жанға ашқан.
Көкала аспан бір ұшы,
Көкжиекпен жалғасқан.

Жапырақтарды сақтаңдар,
Жауын жұтып көктесін,
Шағаланы атпаңдар,
Кезе берсін көк төсін.

Дала гүлін жұлмаңдар,
Далаға ол сән-көрік,
Көгершінді қумаңдар,
Асыраңдар дән беріп.

Аз ба өмірде тұншығып,
Өртке жанып,
күйгендер.
Құстар ұшсын, гүл шығып,

Тіршілікке тимеңдер.

ҚҰРАҚ

Жел сарнаған маңы у-шу,
Желбірейді бал құрақ
Қара терең, қанды су
Алдырмайды ал бірақ.

Түссең түпсіз шетінен
Түйетайлы тұңғиық.
Су шыныны бетінен,
Сыпырады күн қиып.

Ұқсайды көл лөкке
Қара бұлттай шудалы.
Жатыр мола жиекте —
Махаббаттың құрбаны.

Не деді екен өлерде,
Тыңдады екен зарын кім?
Тұрған құрақ тереңде,
Үкісі ме арудың.

ЕЛТІНЖАЛ

Шығарған Қызылжармен қатар атын,
Тигізген талайларға шапағатын,
Қойнында Қостанайдың бір орман бар,
Ертеден Елтінжал деп аталатын.

Ол өзі бастан кешті тірлік нендей,
Сөйлейді бұтақтары тіл біткендей.
Жазықта мұнарланған көк иірім
Көліне кең дүниені сүңгіткендей.

Айналып соғатұғын ұясындай,
Кетпейді ертелі-кеш күн асылмай.
Тұрады ол ойға батып қыр үстінде
Күндердің өткен-кеткен куәсындай.

Өртеніп самұрықтың қанатындай,
Жатады жанып түзде сары алтындай.
Төгілген зер шашағы Елтінжалды
Көтеріп келе жатыр дала тудай.

Су тосып қарлығаштай ауызына,
Шілденің сая болып тамызында,
Жасыл ну жер бауырлап жатқан бұлттай
Ұқсайды ертегінің аңызына.

Кезінде көні кеуіп, күйі кеткен,
Тұрсын деп ерекше бұл биік өктем.
Адырға жаны жомарт жаратылыс
Көз жасын орман етіп құйып өткен.

Таба алмай жазық жерден тіреу берік,
Жаутаңдап жабыққанда жүдеу елік,
Елтінжал енесіндей паналатып,
Төсеген көгалынан кілем керіп.

Күн шыға көмкеріліп нұрмен өлке,
Көлеңдеп желбірейді гүлдер ерке,
Жүзеді нәзік муза секілденіп
Көк орман көкірегінде бір көлеңке.

Сыпсыңдар біркелкі боп сұрыпталған,
Сыр тартып тұрады ылғи бұлттардан.
Жайылған жасыл көзді жапырақтар
Толқындай іркес-тіркес тұнып қалған.

Шайқалып, лайланып көл тұнығы,
Елінің кеткенінде еркіндігі,
Күреске күңіреніп жұртты жинап,
Жалаудай көтерілген елтін нуы.

Қадірін Елтінжалдың жете ұғынып,
Бір содан тапқан кеште мекенін бұлт.
Көк орман күмбездей боп көзге түскен
Ішінен көк сағымның көтеріліп.

Өткізіп қаралы күн қанды көшін,
Шерткен жел шерлі күйдей әңгімесін.
Шым-шымдап, шымырлап күй бойға дарып,
Босатқан қарияның жан-жүйесін.

Сол желдің жібектей боп тиіп лебі,
Аймалап айналады сүйіп сені.
Мінгізіп ұшқыр қиял жебесіне,
Арманға шақырады биіктегі.

Құйғытып өткен жылда зымыраған,
Әлі де кешегідей бүгін оған,
Елтінжал ешбір сырын білдірген жоқ,
Аямай арқалатты жүгін заман.

Таңырқар болмаса да тау бұлағы,
Көлдері сусыныңды қандырады.
Көкала көбік атқан толқындардай
Тигенде желдің лебі жаңғырады.

Елтінжал әрі сұлу, әрі нәзік,
Табады тұрпатынан жаның азық.
Еркіндеп ек даланың құшағында
Жатады жаңа күннің әнін жазып.

Тастаған тамашасын өмір тізіп,
Алдыңнан ашылады не бір қызық.
Денеңе керемет күш құйылады
Көліне қуаныштың көңіл жүзіп.

Жан-жаққа жапырақтары шашқан арай,
Жұлдызды орман да бір астанадай.
Құлпырған бикештері ақ қайыңдар,
Жайнаған жігіттері — жас қарағай.

Таралып бауырынан жылға-жөлек,
Даланы жасартады нұрға бөлеп.
Аялап жерді жасыл алақанмен
Өсірген бағбан қарттай қырға желек.

Ну орман шырпылардан шырақ ұстап,
Қарсы алып, қарауылдап шығарып сап,
Тербеліп, жайқалады, теңселеді,
Сағыммен бір жақындап, бір алыстап.

Мақтауды ол жаратпайды көзіне көп,
Таспайды жұрттың шулы сөзін елеп.
Қырдағы тұрған собір Елтінжалды
Ойладым Ғабеңнің дәл өзі ме деп.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙