Мазмұнға өту
Home

Оңаша оймен сырласқанда...

Сәруар Қамаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Оңаша оймен сырласқанда...

Авторы: Сәруар Қамаева

Сәруар Қамаева

ОҢАША ОЙМЕН СЫРЛАСҚАНДА...

Өлеңдер Ақынның жырлары нәзiк сыршылдығымен, төгiлмелi сезiм тiлiмен, өзiндiк ақындық күш-қуатымен ерекшеленедi. Себебi дүниенi көркемдiк тұрғыдан терең, әсерлi қабылдап, танымдық ой-пiкiрлерiн, қиялын шебер жеткiзедi. Өлеңдердегi жаңаша формалық iзденiстер мағыналық қырларымен қызықтырады. Ой, сыр, сезiм толқындары оқырман назарын аудартады.

АЛҒЫ СӨЗ

Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдықты жалғастырып келе жатқан әр буын өкілдерінің арасында Сәруар да бар. Жүрекжарды сырлары мен сезімдерін қылқаламмен сөйлеткен ақын жырларында ұлттық салтдәстүр, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, туған тілге деген құрмет айқын көрінеді. Ол ұстаздық пен ақындықтың тізгінін қатар ұстап келе жатыр. Өлеңді өміріне серік еткен жанның оқырманға ұсынып отырған «Оңаша оймен сырласқанда...» атты таңдамалы өлеңдер жинағында әйел затына тән нәзіктік, сыршылдық, сезімталдық шынайы суреттеледі. Терең ой, жан тебірентерлік толғамдары эстетикалық талғам мен көркем теңеулер, бейнелі сөздер арқылы беріледі. Жолы жіңішке жандардың жүрек қағысы мен сезім ағысы кейде таза бұлақтай мөлдіреп тұнып жатады, кейде ағыны қатты сарқырамаға ұқсап атқылап шыға келеді. Буырқанған сезімдер легі:

Түні бойы көз ілмедім, Түсті жаным арпалысқа. Кетті ойнап сезімдерім Қалып қойған қалтарыста, -

деген өлең жолдарынан айрықша танылады. «Оңаша оймен сырласқанда...» жинағында жалғыздықтан жабығу, өмірдің қуанышы мен мұңы, махаббат шаттығы, өмір мен өлім тартысы, табиғат пен адам жанының үндестігі, сағыныштың мың сан әуені бейнелі тіл арқылы қағазға түскен. Бұл кітап - әр жылдарда жазылған өлеңдерден іріктеліп алынған үлгілерімен бірге кейінгі жазылған жаңа туындылардың басын біріктірген туынды. Салыстырмалы да саналы ойлау жүйесінен туындаған тұспалды бейнелер мен нақты сезім көріністері, ой өлшемдері – ақын лирикасына ерекше сән мен мән беріп тұратын көрініс. Сол көріністің бірі:

Нала басып, Жағаласып, Түн қарайды түнеріп, Қалмай тіптен Сезім біткен Айға көшті үдеріп, - деп келеді. Айға кеткен алау сезімді ақын көктен іздейді, жерді шарлайды, дәлірек айтқанда, ақын қиялының шарықтау шегі аспанмен астасып, күнмен қауышады, жұлдыздармен сырласады, өкінішті мұңға айналады. Ақын қаламынан туған тылсым дүние саздары кітап боп келді өмірге, жинақ боп шықты жарыққа. Ендеше, «Оңаша оймен сырласқанда...» жинағы оқырман жүрегінен жол табатыны айқын. Серік Тұрғынбекұлы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Туған жерім, атамекен, қонысым, Бабалардың басып өткен жолысың. Ақ жаулықты әжелерім кеңіткен Қасиетті шаңырақтың өрісін. Бай болыпты Әлімсүре елде өткен, Бақ-дәулеті сыймағандай жер-көкке. Аты аңызға айналған сол бабамның Мекенінде анам бесік тербеткен. Уақыт ізін тарих алға тарта ма? Жылдар жүгін салғандай-ақ арқаға. «Әлімсүре ауылы» деп Жасқайрат Жазып қойған картаға. Дейді оны қырық мың қой айдаған, Желісіне жүздеп бие байлаған. Өзгелерден биік тұрған бейіттің Әр кірпіші саумал сүтке қайнаған. Мыңдаған қой жүнін қосып салғаны, Жылқы жалын арасына жалғады. Ұмытпасын деп ұрпағы кейінгі, Ел шетіне салып қойған қорғаны.

Бой түзеген балғын қыз ем бойжеткен, Ой түзеген кестелі сөз өрнекпен. Бұрымымды бұра тартқан самалың, Нөсерің де ерекше еді селдеткен. Еске түссе алай-түлей бораның, Жатқан далаң ақ көрпеге оранып, Әжем тоқып берген жылы шұлығым Жүретіндей аяғыма оралып. Туған жерім, жаздық жасыл жайлауым, Қыраттарың, сарқыраған сайларың. Өзің жайлы сағыныштың сәлемін Ұшқан құстың қанатына байладым.

НАҒАШЫЛАРЫМ

Нағашыларым, Мойнына салып өсірген, Қателігімді кешірген. Өздерің жайлы жыр жазбай, Тосылам енді несін мен? Нағашыларым, Батыл да едім сендерге, Батыр да едім сендерге. Алаңсыз сайран салушы ем Ауылыңа жылда келгенде. Нағашыларым, Қақпаушы едің бетімнен, Саяңда өсіп-жетілгем. Қамқоршы едің бәрің де, Ет кесіп берер етіңнен. Нағашыларым, Жанашыр жұртым саялы, Алақандарың аялы. Сағына еске аламын Балалық шақты баяғы. Нағашыларым, Бір шеті - Омбы мекенің, Кереку - келіп жетерім. Тиіп тұрған іргемде Жарсор, Қоскөл – екі елің.

САҒЫНДЫМ

Өлең, сені сағындым, Жоламадың көп күндер. Екі өкпем қабынды, Орағандай өткін жел. Уақытыңда тостырған Жолықтыра алмадым. Орыныңды бос тұрған Толықтыра алмадым. Тұңғиыққа батырып, Інжу-маржан сүзгенім, Таңды көзбен атырып, Ой кемесі - жүзгенім. Сыңарымдай болып ең, Есіне алмай жүр деме. Айдыныма қонып ең, Үркітті ме бірдеңе? Қайырылмай кеттің бе, Жанарымды талдырып? Сынық қанат еттің бе, Мені жалғыз қалдырып? Қалар болсаң табыла, Тұрар едім аялап. Жабырқаған жаныма Қылар едім саябақ.

СҮЙДІМ СЕНІ

Сүйдім сені есім кетіп, Несін оны жасырамын? Өзің болдың есіл-дертім, Жолығуға асығамын. Үкідейін түнде ұшып, Айдан сені таба алмадым. Кетем бе деп отқа түсіп, Күнге жақын бара алмадым. Түні бойы көз ілмедім, Түсті жаным арпалысқа. Кетті оянып сезімдерім Қалып қойған қалтарыста. Елес болып, еріп күнде, Көз алдымда тұрып алдың. Жан дүниеме еніп мүлде, Хан сарайын құрып алдың. Табанында қалдым ұқпай, Мазалаған сен кім едің? Жанарымда таңғы шықтай Жалғыз тамшы мөлдіреді.

ЖАНДЫ – СӨНДІ...

Жанды – сөнді, Сезім өлді. Жоғалды... Түйір тамшы Жанарыма Неге үйір боп алды? Тамшы тамып, Суық қарып, Есімді алып барады. Мұздатады, Сыздатады Іште бітеу жараны. Нала басып, Жағаласып, Түн қарайды түнеріп. Қалмай тіптен, Сезім біткен Айға көшті үдеріп. Ілесе алмай, Түгесе алмай Жұлдыздардың санауын. Бір егілдім, Жүрегімнің Жеткізе алмай қалауын.

СЕНІҢ КЕЛЕТІНІҢДІ...

Сенің келетініңді Күткенмін шын жүректен. Сенің келетініңді Күтумен көп жыл өткен. Сол жылдар арасында Жазылды өлең талай. Жолықпай қаласың ба? Сөзіңе сенем қалай? Көктем боп кезігіп ең Жалынды жас шағымда. Бір бақыт сезініп ем, Жоғалттым қас қағымда. Жылжытып сынақпенен Уақыттың көшін алға. Жүз түрлі сұрақ берем, Сене алмай осыларға. Өзіңді бөлек көрем, Тұлғаң да бір төбе еді. Сәбидей өбектеп ең, Жүрегім жыр төгеді.

АЙНАЛАЙЫН ДЕГЕНІҢ...

«Айналайын» - сөз екен Балдан тәтті. Ана, бала жүрегін Жалғап жатты. Арасында ауыр жүк Арқалатар. «Айналайын» - сөз екен Тастан қатты. Айналып та толғанып Ана жүрек, Баласына ғұмырлық Бақыт тілеп. Айналып мың сөзінен Уілдеген. Айналып мың көзінен Күлімдеген. Баласы үшін Тас жарып, Тау қопарса, Ауырлығы мысқалдай Білінбеген. Айналып мың Жүрегі Дірілдеген. Даналығы халқымның Сыйып тұрған, «Айналайын» - сөз екен Биік тұрған.

ҰМЫТҚАН ЖОҚПЫН...

Ұмытқан жоқпын Хаттардың сонау тізбегін. Жастықтың жарқын Белгісін содан іздедім. Қызғалдақ гүлдей Ертелеу шығар көктемде. Кеткенмін білмей Еркелеу шағым өткенде. Пәк сезім бойда, Хатыңа талай құйылған. Болмапты ойда Құрады-ау деген қиыннан. Қиюын таппай, Боларсың, бәлкім, қиналған. Қалайша айтпай Қаламын сырды жиналған? Сезімің мөлдір, Өтсе де жылдар арадан. Есімде сол бір Хаттарың бетін санаған.

ОЙ, АЛЛА-АЙ!

Атқылап жүрек, Ұйтқыды көңіл борандай. Дауылды тілеп, Құйындай қалған соға алмай. Сақтана кезіп Секемшіл, үркек қояндай. Селт етті сезім Кезінде қалған оянбай. Жүргенде безіп, Жіңішке жолдан тая алмай, Сезбедім өзім, Не болды маған, ой, Алла-ай?!

КІМГЕ АЙТАМ ЖАН СЫРЫМДЫ?

Атқан таң, саған айтып кетейін бе? Батқан күн, саған баян етейін бе? Болмаса жария етпей жан сырымды, Құпия сақтап мәңгі өтейін бе? Жыр барда жүрек сырын жайып салар, Тізгінін тарта беру айып болар. Еріксіз еліктірген тылсым дүние, Қызығың қас қағымда ғайып болар. СЫҢАР СЕЗІМ Сыңар сезім, Таба алмаған қатарын. Сездім өзім Жүрегімде жатарын. Ауысқандай Қос тармағы сағаттың. Тауысқандай Төзім менен тағатты. Ойламадым, Ойлана да алмадым: Алдымда – адам, Үй артында жан барын. Ұзатып сені, Құлазып жалғыз қалғаным. Жылатып мені Бозарып атқан таңдарым. Сыңар сезім, Сындарлы екен салмағың.

ҚАРЛЫҒАШ ҚАНАТ ХАТТАРЫҢ

(Пернайымға) Осынау бала шақтарым Жадымда қалған жатталып. Қарлығаш қанат хаттарың Жататын сырды ақтарып. Балауса, балғын суретің Сөмкемде бірге жүретін. Секілді еді мұңайып, Мен күлсем, бірге күлетін. Ағылған хаттар тізбегі, Сабылып кімді іздеді? Сарылып күткен арада Уақыттың бар ма іздері? Өшпеген іздер мүлдем де, Қайтер ем бұрын білгенде? Жоғалтып алып жүргенде, Табылдың қалай бір демде? Қалқытып қиял кептерін, Хаттардың санап беттерін. Құрбы қызға тілеуші ем Қанаты талмай жеткенін. Ұшырып көңіл көгінен, Құстардай қайтқан легімен, Жолдаған сәлем, жан құрбым, Кездесем қашан сенімен?

ҚАЙЫРА АЛМАСПЫЗ КӨКТЕМДІ

Сүйгенмін дейсің бұрын да, Әзілің әлде шының ба? Айтылмаған жан сыры Жазылар бүгін жырымда. Сүйгенмін дейсің сол шақта, Алшақта әр кез болсақ та. Сездіре алмай сезімді, Жасырып мәңгі қалсақ та. Жеткені осы кез келіп, Мүмкін де емес сезбеуің. Жаныма балап жүргенде, Келгенсің дейсің өзгеріп. Аса алмай достық сенімнен, Жолымыз екі бөлінген. Қайырылмай кеткем, қайтесің, Қарсы алып тұрған жеріңнен. Өткізе берме өкпеңді, Қозғама өткен-кеткенді. Қайталап қанша айтсақ та, Қайыра алмаспыз көктемді. ЖҮРЕК СЫРЫ Сыр беріп тұр ма жүрегің, Сырқаттың сырын білемін. Сезімнің сұлу пернесін Табайын қағып бір емін

Жүректің мынау кеселі - Өмірдің жүгі еселі. Өткен бір күндер кешегі Жүректе қалар деседі. Өткізер талай сынақтан, Қуантып, бірде жылатқан. Жүректің болар жұмбағы Тұратын мың бір сұрақтан.

КӨЗІЛДІРІК

Сыналап қарап тұрар көзілдірік, Сүлелеп кеткенімде көзімді іліп. Сылаң ой сыбдырына құлақ түріп, Дегендей керек бір сәт төзімділік. Ол рас, төзімімді тауысқаным, Сезімнің серісімен қауышқаным. Көгінен көңілімнің бұлттар көшіп, Көлеңкем күнгейіммен ауысқаны. Сыңар жақ, сыналаған көзілдірік, Тұрсың-ау бар сырымды өзің біліп. Тосылып тағдырыма төзім қылып, Қалайша қалдырамын сезімді ұмыт? Дамылдап тұрғандайсың тыным алып, Сыңар жақ бірі түсіп, бірі қалып. Құпия сыр бөліскен қос айнаңды Жүрейін жүрегіме іліп алып.

ТІЛ ТАҒДЫРЫН ОЙЛАҒАН...

(Мұхтар Шахановқа) Еліңнің ойлап теңдігін, Жеріңнің ойлап кеңдігін, Тамырын бойлап дініңнің, Тағдырын ойлап тіліңнің, Махамбеттей түн қатып, Көзіңді, аға, ілмедің. Жүректі жырмен тулатып, Жайықты кешіп жүргенің. Ұғындыра алмайсың Қалың елің қазаққа, Тілі тайса тұғырдан, Түсетінін азапқа. Төрде тұрса туымыз, Босағада туған тіл Қалады деп қалайша, Толғанасың Абайша. Тілің кетсе, Кетеді деп елдігің, Тілің кетсе, Кетеді деп теңдігің, Атақоныс мекенге Ие болар енді кім? Осы жайды қалайда Жеткізем деп санаға Қиналасың, жан аға.

Жасытасың жаныңды, Тасытасың қаныңды, Тіл үшін түсіп тозаққа, Ұмытасың сабырды. Сол үшін сарып қыласың Бойыңдағы барыңды, Кең жайсын деп құлашын Туған тілің тамырлы. Қасиетті далада, Ғасырлар өткен арада, Тірек болған туған тіл Батырға да, данаға. Алдыңғы ата-бабадан Қалған мұра балаға, Туған тілді төріне Шығара бер, жан аға!

ЖЕЛТОҚСАН

Ерлігімнің алауында – Желтоқсан, Елдігімнің жалауында – Желтоқсан. Жылдар өтсе тұрар мәңгі жаңғырып, Ғасырлардың санауында – Желтоқсан. Тәуелсіздік жалауы желбіреген – Желтоқсан, Қыз-жігіттің жанары мөлдіреген – Желтоқсан. Қайғы-мұңға кеудесі толғасын да Желтоқсан, Аналардың айналған көз жасына – Желтоқсан. Қазағымның бүгінгі санасында – Желтоқсан, Ұлан-ғайыр, кең-байтақ даласында – Желтоқсан. Теңдік үшін күресі жастарымның – Желтоқсан, Болып өткен Алматы қаласында – Желтоқсан.

Темірқазық түбірлі байлауында – Желтоқсан, Күш-жігердің кешегі қайнауында – Желтоқсан. Жүректерде жарасы жазылмаған – Желтоқсан, Тарихымның тереңі, қойнауында - Желтоқсан. БҰЛ НЕ? Бұл не? Жүрегімді сыздатқан, Жылытқан әрі мұздатқан. Жасқанып бір, Жас тамып тұр Жанарымнан мұң жапқан. Бұл не? Шуақ па жанға нұр сепкен, Бұлақтай әсем жыр төккен. Мейірленіп, Пейілденіп, Қарағандай күн көктен. Бұл не? Көктем бе келген кештетіп, Қалғанда ғұмыр еш кетіп. Талқы тағдырым Жалқы қалдырып, Есейткен кезде есті етіп. Бұл не? Қарманып қиял қуу ма? Өртеніп, қайта суу ма? Жалын шарпып өткендей ме, Жеткендей ме Қас қағым қалған ғұмырға?

ЕСІҢДЕ МЕ?

Есіңде ме Мойныңа асылғаным? Бұлттан шыққан Күндей боп ашылғаным? Сезгендей-ақ секілді ем Сезімдерім Жүрегіңді тулатып басылғанын. Есіңде ме Үзіле қарағаным? Қиял кернеп, Қалықтап барады әнім. Көріп қана кетіп ең Ай арудың Алдына алып, бұрымын тарағанын. Есіңде ме Жыр болып төгілгенім? Ағыл-тегіл алдыңда Егілгенім? Ай айналып, күн кірген, Есіңде ме, Айқасқанда қос құшақ, Сенің, менің?.. Есіңде ме Өлең боп өрілгенім? Өзгелерден Еректеу көрінгенім? Сол өзгелік, еректік, Еркіндіктен Өзің үшін біржола бөлінгенім? Есіңде ме Өзгелеу көрінгенім?..

САҒЫНАРМЫН КҮНДЕРДІ

Сағынармын күндерді сағынышты, Қиял-қанат аспанға алып ұшты. Менде ерік жоқ, еркім мен еркіндігім Сендегі іңкәр сезімге бағынышты. Сағынармын күндерді сағынышты, Жүрек жанды, өртенді, жалын ұшты. Қоштасарда өзіңмен қимастықтан, Жанарымда мұң қалды жалынышты. Күндер өтті күтумен сағынышты, Сағынысты сезімдер, сабылысты. Жасыра алмай қалдым-ау бір өзіңнен Жүректегі ғаламат жарылысты. Сағынармын кездерді сағынышты, Күткен күнді, сарғайған сарылысты. Томағасын сыпырған қырандайын, Ұшырайын «Жыр» атты сары құсты.

БІЛЕ АЛМАДЫМ...

Біле алмадым, солсың әлде басқасың, Дауысыңа түрлі әуен тұр астасып. Көре алмайсың қанша қарап тұрсаң да, Телефонның түймесінен басқасын. Біле алмадым, қарап тұрсың қай жаққа, Әлде маған, әлде бүкіл аймаққа? Ағытылса жыр-тұлпардың тұсауы, Ұстай алмай қаламын-ау, байлап та. Біле алмадым, басқасың ба, солсың ба? Беймаза ой жыр жазғызбай қойсын ба? Көңілімде қалықтасын көк кептер, Айдыныма ақ шағала қонсын да. Біле алмадым, солсың әлде өзгесің, Қиялменен шартарапты кезгесін. Жасырып қой жүрегіңнің түбіне, Бұл сырымды тірі пенде сезбесін.

ҚАЛАЙША ЕЛТІМЕЙІН?..

Көңілдің кейпі бейім, Сөзіңе сеніп тұрсам. Қалайша елтімейін, Солмын деп келіп тұрсаң? Елітіп есімді алсаң, Құшаққа қамалып бір. Жанымда жалын жанса, Бойыма таралып нұр. Бекерге жолың торып, Сол емес, басқа болып, Жабығып қалар ма екем, Жанарым жасқа толып? Кірпіктен тамған шықты Құлатпай қағып алам. Жүректе қалған шоқты Шырақтай жағып алам.

СОЛ БЕЙНЕ...

Сол бейнені іздеп жүрген бір адам, Жанға демеу, дәтке қуат сұраған. Отқа оранған жамылғыға тұншығып, Мөлдір тамшы құс жастыққа құлаған. Сол мүсінді жүрегінде қалдырып, Қарағанда қос жанарын талдырып, Түн күзеткен терезенің түбінен Сығалайды сансыз үміт, сан күдік.

БОЛҒЫМ КЕЛГЕН...

Сүйікті болғым келген, аяулы да, Жүзім сынық, көңілім қаяу мына. Қиядан қия шапқан тұлпардайын, Жүйрік қиял жеткізбес жаяулыға. Бекерге мазалаудың керегі не, Жүректің жете алмасам тереңіне. Мойынға құрық ілген пенде ғұмыр Бұйдаланып кетеді, ереді де. Көл етіп көз жасымды тамшылатқан, Тамшылатқан, намысты қамшылатқан. Арнасынан асқанда сезім селі, Күзгі қара жаңбырдай малшылатқан. Малшыладым, тұншықтым, суық мүлде, Босқа су боп жүрмін бе ашық күнде? Тани алмай қалдым ба тағдырымның Адастырған іздерін басып бірде?

ӘТТЕҢ...

Шабытты шақты, Жүректі қатты Еттім-ау ойран, Ойланбай... әттең. Хатым да бармады, Хабарың болмады, Тілімді байлап Қойғандай... әттең! Мені іздеп жүрсең, Жайыңды білсем, Қайырмай қанат Ұшар ем... әттең! Өкпемді қолға алып, Айналып-толғанып, Айырмай сағат Құшар ем... әттең! Сағынған кезімді, Сабылған сезімді Өлең қып өріп Айтар ем... әттең! Аспанға бір самғап, Алыстан мың барлап, Төбеңді көріп Қайтар ем... әттең!

ЖЕТЕЛЕП ЖҮРЕР БІР ҮМІТ

Жүректе жатқан, Жаныма батқан, Тарқатсам деймін шерімді. Жайымды байқар, Сырымды айтар Жан таппаймын сенімді. Сенімі аздар, Көңілі жаздар Таң болып маған қарай ма? Қас қағым ғұмыр, Таппаған тұғыр, Тұсауын салған талайға. Көлеңке бетін, Көрмейтін етіп, Көңілді қояр мәз қылып. Пұшайман пенде, Кіргенше көрге Жалғанды өтер жазғырып. Таяныш таппай, Аяныш жоқтай, Дүниеден мың түңіліп Жүргенде жарық Жылт ете қалып, Жетелеп жүрер бір үміт.

СЕЗБЕДІҢ МҮЛДЕ

Сезбедің мүлде, Өзіңмен бірге Көшіп те кеткен қиялым. Жолыңа қарап, Сағатты санап, Жанарға мұңды жиямын. Тұл бойым тұнған Сағыныш-мұңнан Арыла алмай жүремін. Телефон-сауыт, Шыр ете қалып, Жарылардай жүрегім. Естілсе үнің, Төгеді нұрын Күлімдеп күнім көктегі. Шаттанып кенет, Шуаққа бөлеп, Көрінер көңіл көктемі. Қалдырып мұңды, Күйге еніп түрлі, Құшаққа қайта алар ем. Айналып аспан, Жан ба деп басқа, Танымай мені қалар ең.

КЕЛМЕДІҢ БЕ?

Келмедің бе Шабытты шақта бөлек. Күндей күліп, Жанымды шатқа бөлеп. Келмедің бе Жабығып қалғанымда. Жалын жүрек, От болып жанғанында. Келмедің бе Шуақты күндерімде. Жұлдыз жанған, Шырақты түндерімде. Келмедің бе Көктемде көрісуге. Іштегі мұң, Сырымды бөлісуге. Келмедің бе Жайнаған жаз ғұмырда. Пенде көңіл Дайын ғой жазғыруға. Көктем-жазда Көрінбей, түзде жүрсең, Қоңыр күзде Неліктен іздедің сен?

АУЫЛҒА ЖЕТЕМ АСЫҒЫП...

Асығып жетем ауылыма туған жылда мен, Сағынып кетем суларын аққан жылғамен. Көрінер болса қыратты жері, ойпаты, Жаныма шуақ төгеді менің нұрлы әлем. Құшағын жайып шығады үйден қарт анам, Тәттісін қойып алдыма, алып қалтадан. Кемсеңдеп кетер, жиірек тартып иегі, Жүзі бір жылып, түскендей жүгі арқадан. Ауылым жатыр сайымен екі бөлініп, Бейіті бөлек сыртында көзге көрініп. Өтіп те кеткен уақыттың бар ма іздері, Анамыз қыз боп, әкеміз құрған серілік. Армысың, ауыл, ағайын-туыс, көз көрген, Елімде кім бар, жаңалық қайсы өзгерген? Қанатты қиял, үкілі үміт өлеңім Өзіңмен бірге осынау бала кездерден.

Балалық шақтың куәсі болған ел, мекен, Сағынышым көп саған да менің дер ме екен? Көк майса жерің, Шағала көлің көрікті, Кіндігімді менің қалайша сенен бөлді екен? Бөлініп кетіп, көрініп кетіп жүремін, Қасиетім бойда дарыған сенен, білемін. Өзіңе қарай тартады тылсым күш мені Кеудемде тынбай соғып тұрғанда жүрегім.

ӨМІР, МЕН СЕНІ ТҮСІНБЕЙМІН

Өмір, Мен сені түсінбеймін. Жалындайсың, Кетемін күйіп-жанып, Отқа оранып. Қаламын жылдам өшіп, Шоқ боламын. Жүректің отын кейде Жоғалтамын. Жүремін арасында Қоламтаның. Өмір, Мен сені түсінбеймін. Арындайсың асаудай, Жүгенсіз кеткенің бе? Арыныңды баса алмай, Қарусыз өткенім бе? Асулардан аса алмай Арпалысып, Қалдым ба өткеліңде? Өмір, Мен сені түсінбеймін. Көңіл, Мен сені түсінбеймін. Бағынбайсың еркіме, Алып-ұшып, Жүремін Жүйрік аттың жалын құшып. Алаңсыз Сауырына жабысамын, Амалсыз Аударылып, қалам түсіп. Көңіл, Мен сені түсінбеймін. Еріксіз Төменге де үйренемін, Белгісіз Мен бір жұмбақ күйге енемін. Санамды Сан тарапқа сүйреледің,

Осы ма, Патша көңіл, билегенің? Мен сені түсінбеймін...

АТА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

(Қамай Теміржанұлының рухына) Ата, Кейінгі кезде, Көрініп өзге, Түсіме жиі кіресің. Жабығып тұрып, Жүзіңді бұрып, Үндемей кетіп жүресің. Кейде жанап кеп, Суық қабақпен Қадала қарап тұрасың. Сырғақтайсың ба, Тіл қатпайсың ба, Жайымды менің сұрасып? Сұрап тұрғандай, Жылап тұрғандай Кейіпте тұрып қаласың. Өкпелі түрде, Іргеңді мүлде Алысқа салып барасың. Әкемді көрдің бе? Шешемді көрдің бе? Айтшы бір хабарын. Жүрегім ауырды, Жоғалттым бауырды, Белгісіз қайдан табарым. Жылап та күліп, Құлап та тұрып, Тірілер өмір сүреді. Тірлікте түрлі Қуаныш, мұңды Өлілер қайдан біледі?

Біліп те сезіп, Елес боп кезіп, Айналып бізді жүреді. Алуы көптің, Беруі жоқтың Сол жақта ма екен тірегі?

СЕН КЕЛГЕНДЕ...

Сен келгенде Жұлдыздай жанып тұрғам. Қараңғыны Жырыммен жарық қылғам. Сен келгенде Күн күлген биіктерден. Биіктерге Өлеңді үйіп келгем. Үйіп келген Басқанмын мұң ойларды. Жиып-терген Ашқанмын жыр-қоймамды. Күн ұясы - Таулардың шатқалынан Қимас жанды Тапқандай ақтарылам. Сен келгенде...

ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

(Рашат Теміржанұлы мен Иренғайып Нұртазаұлының рухына!) Хабарсыз кетті дейді Соғысқа кеткен інісін. От шарпып өтті дейді Тарылтып мүлде тынысын. Хабарсыз кетті дейді Елінің есіл боздағын. Жарқ етіп өшті дейді, Шерімді неге қозғадың? Хабарсыз кетті дейді Қайнысының біреуін. Үмітсіз етті дейді Тілеген ана тілеуін. Хабарсыз кетті дейді, Қалған ел қиналыпты. Ауылдың кәрі-жасы Бір үйге жиналыпты. Хабарсыз кетті дейді, Белгісіз болғаны ма? Айналған азаматты Елінің қорғанына. Хабарсыз кетті дейді, Сенбейді өлгеніне. Көрсем деп көп тілейді, Куә жоқ көмгеніне. "Хабарсыз кетті" деген Қағазды ап қолдарына, Бір хабар келе ме деп Қараған жолдарына.

Өтіпті қанша уақыт, Үміттің сөнгені ме? «Хабарсыз кетті» деген Хабардың келгеніне.

СЕЗЕДІ СОНЫ ЖҮРЕГІМ

Тып-тыныш түнім, Самсаған жұлдыз жан-жағым. Түсіме кіріп Мазамды менің алмағын. Жалғанған жері Үзіліп кетер бір күні, Жүректің, тегі, Көтере алмай салмағын. Есімнен шықпай, Түсіме кірер кім едің? Ештеңе ұқпай, Себебін білмей жүремін. Елесің келіп, Кезеді ойдың сілемін. Сүйесің мені, Сезеді соны жүрегім.

БАЙЛАНЫП ЖІПСІЗ ҚАЛМАСАМ

Жылай да алмай, Көмейге өксік тығылып, Құлай да алмай, Кетеді белім бүгіліп. Иіліп жүрмін Талқысы қатты тағдырға, Өмірде мынау Бір тұрып, бірде жығылып. Күле де алмай, Қарайлап жанға сынаған. Біле де алмай, Жайымды бар ма сұраған? Ұға алмай бүгін Жалғанның жай-жапсарын, Жанымды шыбын От пенен суға тастадым. Ұғар ма едім, Ойланып терең барласам, Тұрар ма едім, Байланып жіпсіз қалмасам?

ЖҮРЕККЕ КӨНГЕНІМ...

Көңілің күпті ме, Үндемедің. Түсіме кіресің Күнде менің. Өзің де білесің Сыр берерін, Жүректің жасасам Кіл дегенін. Жүректің салғаны Жалған емес. Сезімнің салмағы Толған елес. Елеске ермедім - Сенбегенім. Жүрекке көнгенім - Кел дегенім.

КҮНДЕРІМ ТОЛЫ НАЛАҒА

Өзіңді күткен Күндерім толы налаға. Жиналып іштен Айналды бітеу жараға. Сызатты жерін Сыртынан жауып амалсыз, Жүретін едім Сездірмей жұртқа алаңсыз. Тұрғасын нұсқап Беймезгіл көңіл алаңын, Сұлбасын ұстап Өзіммен-өзім қаламын. Мұңайып тұрған Көңілге қайта қарайлап, Беймаза қылған Отырмын, жаным, сені ойлап. Ойланып күнде, Жете алмай қойдым түбіне. Қайраным мүлде Жарамай қалды түгіне.

МОНШАҚТАРЫМ

Моншақтарым, әшекей бұйымдарым, Мойыныма жарасар жиылғаның. Жасыл жазым, көгілдір көктемдерім, Жүрегіме жыр болып құйылғаның. Моншақтарым, мөп-мөлдір түйіндерім, Кеудеме кеп, келісер үйілгенің. Шуақтарын, көңілдің пырақтарын, Сұрақтарын өмірдің түйіндедім. Моншақтарым, қаз-қатар тізілгенің, Сағынышым, сары ала күзім менің. Сұлу бетін жасырса көкте күнім, Аспандамын, мен Айдың жүзіндемін. Моншақтарым, қызығы мол шақтарым, Күннен-күнге өзіңнен алшақтадым. Көктем-қызды орап ап ақ сағымға, Қоңыр күзбен қойғанмын қоршап бәрін.

ӨЗІҢ ЖОҚТА...

Өзің жоқта Бос қалады бұл қала, Өзің жоқта Басталады мұң-нала. Шат көңілді Шырғалаңға түсіріп, Тереземнен Түн қарайды ұрлана. Өлең жазып, Отырамын ойланып. Жұлдызды ұстап, Құшағыма айды алып. Өзің жоқта, Жылжымайды сағат та, Барлық тілі Бір нүктеге байланып. Ойымды оқып Алғандай-ақ сайланып, Сырғанап құр Аяңдайды жайланып. Сырт-сырт дыбыс Сан тарапты шарлайды, Жүрегімнің Дүрсіліне айналып. Өзің жайлы Жыр жазғанда күнімен, Өзің жайлы Жыр жазғанда түнімен, Жарық күндей, Қараңғыны қақ жарып, Қайта айналып Келеріңді біліп ем.

ЖАРЫҚШАҚ

Жалғызбын бүгін, Құлазып қалған айналам. Жалғыздық жібін Беліме мықтап байлағам. Шиырып алғам, Шыңыраудан тартып алардай. Түйінді қатты Шеше алмай мың ойланам. Күрмеуі жоқ па Тарқатып бірден алатын? Ілген бе ноқта Мойнымда мәңгі қалатын? Күн менен түннің Айырмай жүрмін арасын. Соны бір соқпақ, Жұлдызым қайсы жанатын? Шиырлап өткен Өмірдің жолы бұралаң. Қиюы кеткен Сынықтай сыртын құраған. Күндерім көп пе Тағдырға налып жылаған? Түндерім көп пе Шырағын жағып сынаған? Қарай да алмай, Санай да алмай анықтап, Көңілге көнсем, Өлең қып өрсем Қиялым кетер қалықтап.

Саралай білсем де, Баладай күлсем де шалықтап, Мұздатып тұрар, Сыздатып тұрар Жүректі жалғыз жарықшақ.

ШӘКӘРІММЕН СЫРЛАСУ

Шыңыраудан шыққан шынарым, Ағызып жырдың бұлағын. Сергелдең болған санама Ақылдың айтшы тұрағын. Құдыққа құлап шындығың, Жасаған жұртқа құлдығың. Зар төгіп, іште сыр бүгіп, Ғұмырдың кестің кіндігін. Көңілге қаяу салғызып, Қолыңа қалам алғызып. Жаныңа жақын жан таппай, Жапанда жатқан жалғызым. Тәңірдің болып тартуы, Тағдырдың тиген салқыны. Жазылар жырмен жан сыры, Ұғарсың мендей жалқыны. Сырғамның сырғып түскені, Сезімнің суын ішкенім. Жылдар бойы жинаған Шығарып мұңды іштегі. Төзімнің түріп түндігін, Пенденің қылдым тірлігін. Сырласар жан болмаса, Түсінер дейсің кімді кім?

СІЗ ЖАҚҚА...

«Сағыныш» атты сары құс Ұшырдым, аға, сіз жаққа. Көңілге түрлі сабылыс Түсірдім, аға, сіз жоқта. Елітіп ойдың елегі Өтеді, аға, сіз жоқта. Сағыныш толы өлеңім Жете ме, аға, сіз жаққа? Қамығып, көңіл жабығып Қалады, аға, сіз жоқта. Өзіңді іздеп сағынып, Барады, аға, сіз жаққа. Сағыныш бұлты байланып, Көшеді, аға, сіз жаққа. Самал желге айналып, Еседі, аға, сіз жаққа.

ІЗДЕП ЕДІМ

Оралтып дәуреніңді бозбалалық, Қондырдым қиялыма бозбала қып. Өкінішті көп өмір кеткені өтіп, Арада талай уақыт озғаны анық. Жаныңа жете алмап ем жанасалап, Жарасуды жүрегімді қаласа да. Жылдардың жылғасында жолықтырған, Таң болып тұрмын тағдыр-тамашаға. Айып па, аға, сізді іздегенім, Жіңішке жолдан өтпес қыз дегенің. Жарқ еткен жастық дәурен жалғасындай, Жеткізді біздерге де күз дерегін. Ой өлшеп, жыр маржанын тізбеледім, Айдында сыңар аққу жүзген едім. Сарғайған жапырақтар арасынан Көгілдір көктемімді іздеп едім.

САҒЫНЫШ - САРЫ ЖАМЫЛҒЫ

Сұп-суық бөлме, сыз төсек, Қойғандай бейне мұз төсеп. Жылыта алмай келемін Жүректің отын жүз көсеп. Сағыныш - сары жамылғы, Тынысым мүлде тарылды. Өзіңе, жаным, жете алмай, Шарқ ұрып көңіл сабылды. Айқара ашқан құшағың Төзімнің үзген тұсауын. Бір ұшып көкке, бір түсіп, Қарманып қиял құшамын.

СЕЗІМДІ ҚАЙДА ҚОЯСЫҢ?

Бір отырып, бір тұрып, Сабырыңды жоясың. Жүректе жатқан бұлқынып Сезімді қайда қоясың? Кең пейілің көл еткен Көңіліңді даладай. Кіріп келсем кенеттен Қуанасың баладай. Сезім ерік бермейді Сол сағатта санаға. Сездіргің-ақ келмейді, Қиналасың, жан аға. Көңіл қайтіп қалғымақ, Ұйқы ілінбес көзіме. «Өлең» атты арғымақ, Ерік бердім өзіңе.

СӘЛЕМ АЙТ ТУҒАН АУЫЛҒА!

(Бегаршынның сәлемі) Сәлем айт туған ауылға, Ағайын-туыс, бауырға. Көңілі дарқан, қонақжай, Көрші-қолаң, қауымға. Сәлем айт сонау бейітке, Тас мүсін түскен кейіпке. Үнсіз-тілсіз қауышып Жатқандарға биікте. Сәлем айт сонау жотаға, Туған ел, туған босаға. Рухың мені қолдасын, Бақилық болған ата-ана. Сәлем айт аң мен құсына, Ауылымның қонған тұсына. Балалық өткен базарлы Сәлем айт тау мен тасына.

СЕН МЕНІ ҰМЫТА АЛМАЙСЫҢ

Сен мені ұмыта алмайсың, білесің бе? Кездескен күндер әлі жүр есіңде. Жырыммен жүрегіңнің төріндемін, Лақтырып кетсең-дағы күресінге. Сен мені ұмыта алмайсың... Сен мені ұмыта алмайсың, Бір хабар бермесең де, Жақын болып жаныма, Іздеп мың келмесең де. Өлең бейне өзіңді шыр айналар, Ай-апталар жүзімді көрмесең де. Сен мені ұмыта алмайсың... Сен мені ұмыта алмайсың, Телефон шалмасаң да, Ақылмен сезімді сан алдасаң да. Өткен күнде белгі жоқ, дегенменен, Өлең-от өзекті өртер анда-санда. Сен мені ұмыта алмайсың... ҰСТАЗ РУХЫНА (Қазытай Жүсіповке) Түсімде неліктен Гүл ұсындың қолыма? Ескертуге келіп пе ең Қара деп оң мен солыңа?

Түсіндіргелі жүрмісің Тірліктің мынау жалғанын? Кетейін деп білгізіп Алдыңғылардың арманын? Гүлдерің неге сап-сары Шәкіртіңе арнаған? Ұқпаймын жай-жапсарын, Дал боламын, таңғалам. Сары гүл - бейне сары алап, Көрсетер жүрген іздерді. Өткенді оймен аралап, Сағынып жүр ме ең біздерді? Өзіңсіз таңым атпайтын, Сағыныш толы төңірек. Жердесің мүлде таппайтын Жыласам-дағы еңіреп. Жүрекке шуақ төгіліп, Кеттің бе, ұстаз, қия алмай? Көбесі көктің сөгіліп, Көз жасын тұр-ау тыя алмай. Рухың болар қолдаған, Биік бүгін тауым да. Жыр-сәлемім жолдаған Айналар ақ жауынға.

АПАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

Бай да өткен, батыр да өткен, бағлан да өткен, Түбіне бұл дүниенің кім бар жеткен? Жазмыштан ажал жайлы хабар келсе, Бақилық қара жерді мекен еткен. Жалғызым, атың бар да, затың да жоқ, Қайғыдан сыртым мұздай, ішімде от. Жүрекке кеудеңдегі дөп тиіпті Ажалдың апанынан атылған оқ. Келер жаз, көре алмадың көктеміңді, Қайтемін тізе беріп өткенімді? Тәңірдің маған тартқан табағы осы, Тоқсанның төбесіне жеткенімде. Ризамын, Жаратқаным, бергеніңе, Өмірді жақсы-жаман көргеніме. Қан жұтып, жүрек жылап тұрса-дағы, Сенбейді көңіл шіркін өлгеніңе.

Көз жасым шықпай қалды қарашықтан, Бәйтерегім едің ғой дара шыққан. Көлеңкең көрінердей болып тұрар Ауылдың сыртындағы қалашықтан. Қорқыт та құтылмаған қырық жыл қашып, Пендеге бақи дүние болмас қашық. Қайырып қанатымды қос балапан, Қайғының қара тасын қалдым басып. Бүтіндік сұңқар менен тұлпарда жоқ, Қайғысыз қара су - ас, көңілім тоқ. Қайырылмай қос құлыным кеткеннен соң Өртейді өзегімді бір қызыл шоқ.

ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАНҒАН ЖАРЫҒЫМ

Қараңғы түнде, Қараңғы үйде Жұлдыздай жанған жарығым. Асығып күнде, Тасынып мүлде Төзімнің бұзған қалыбын. Еркелеп барып, Қасыңда қалып, Баураған сезім саны мың. Арайлап атқан, Таңымдай тапқан, Өзіңді сонда таныдым. Аяулы арман, Күткен бір алдан, Күндердің өткен бәрі мұң.

КІМСІҢ, СЕН, АЙТШЫ...

Сезімдер сізге жосылған, Сездіре алмай тосылғам. Кездескен маған тосыннан, Кімсің сен, айтшы, тосын жан. Табылмай жауап сұраққа, Түседі санам сынаққа. Жадау ойлар жаныма Маза бермейді бірақ та. Ағылған жырлар жосыннан, Атқылап жүрек басылған. Бейкүнә бейнең бейуақ Кетпей де қойған қасымнан. Жадылап жанды қоймадың, Сезімге терең бойладым. Жарқ ете қалдың жасындай Жүргенде кезіп ой бағын.

КӨКТЕМ ЛЕБІ

Сүйіктім-ау, келген бұл көктем бе еді, Сезіле ме көңілден көктем лебі? Қимас сәтті есіме жиі аламын Шуақ шашқан сонау бір көктемдегі. Аяулым-ау, көктемдер алыстады, Қол бұлғайды арман шақ алыстағы. Сағынышын санама құйған көктем, Қайта айналып, менімен табыспады. Өтіпті ғұмырдың сан өткелдері, Көрінбей-ақ қойдың-ау көптен бері. Ақ шағала сезімдей өпкен мені, Ораларсың құстардай көктемдегі.

ЖЫРЫМНЫҢ ЖАСЫН ЖАРЫҒЫ

Тараған бойға жылыстап Сезімнің сыры беймәлім. Төсімде қалған тыныстап Деміңді жатқа қимадым. Күткен бір сәттер өзіңді Сағыныш болып түзілді. Тауысып тағат-төзімді, Жанардан жас боп үзілді. Қалмады айла-шарығым, Кеудеге жүрек сыймады. Жырымның жасын жарығын Өзіңе, жаным, сыйладым.

ӨЗІҢЕ ҚАРАЙ АСЫҒАМ...

Елітіп кілең, Сезімге бойды еріткен. Зеріктің білем, Үндемей қалдың неліктен? Кездескен тосын, Өзіңе ынтық көңілім. Кеткен бе осы Жүрегім екі бөлініп? Сөзіңді қалай Ұмытам жүрек жылытқан? Төзімді солай Шығарып алдым құлыптан. Нөсерлеп құйған Жауындай бейне тасынам. Үзілген бұйдам, Өзіңе қарай асығам.

ІШТЕГІ СЫРДЫ АҚТАРАМ

Жалықтым дейсің Жалқылық ғұмыр-тағдырдан. Зарықтым дейсің Күндерден түнді таңға ұрған. Сауытпын дейсің Бөгдеге сырды ашпаған. Алыппын дейсің Белін мың буып тастаған. Ақын болсам да Сезімді сөзбен шайқаған, Жақын болсаң да Өлеңсіз қалай айта алам? Азамат санап, Жиылып жұртың мақтаған Өзіңе ғана Іштегі сырды ақтарам. Қиялмен ұшып, Сабырмен бірақ тоқталам. Сезеді ішім, Өзіңсіз тұрақ жоқ маған.

ОҢАША ҚАЛҒАНДА МЕН...

Ұшып барғам Қанатсыз, арманменен. Жылап та алғам Оңаша қалғанда мен. Тамшылар жанарымда Байланып қалатындай. Қиялым табанында Айға алып баратындай. Аспанды шыр айналып, Мың ұшып, қонып жүргем. Көңілім лайланып, Бір мұңлық болып жүргем. Күй кешкен әрі-сәрі Кезімде жолықтың ба? Тағдырдың тоғысары Беймәлім болып тұр ма? Қас қағым сәтте қалай Іліндім назарыңа? Өмірдің, әттеген-ай, Осы ғой азабы да.

ЖЫРЛАТЫП КЕТТІҢ ЖҮРЕКТІ

Әлдилеп аппақ сезімдер Қызғалдақ ғұмыр кезімдей. От жүрек, ынтық көңілмен Сүйген жан бар ма өзіңдей?.. Іздеген көктен көріктім, Жерден-ақ маған жолықтың. Мәңгілік күткен Мәжнүнін Ләйлідей мен де болыппын. Аспаннан алып арманды, Айыптап дүние-жалғанды, Адасып ашық алаптан, Таба алмай сені қалғам-ды. Айтамын көңіл жай-кемін, Әйтпесе, өлең қай теңім? Жыларман болған жүректі Жырлатып кеттің, қайтемін?!

ҚАЗЫБЕК ІНІМЕ

Төрт құбылам – түгелім Төрт қабырғам – тіреуім. Құладың бүгін біреуің, Тоқтады да жүрегің. Келмейтініңді білемін, Іш жылап, сыртқа күлемін. Төбемдегі төрт жұлдыз, Ағып та түстің біреуің. Өзіңсіз атты таңымыз, Өзіңсіз батты күніміз. Шерменде жүрек шер төккен, Дертті де жанның біріміз. Көрікті едің, көркем ең, Соңымнан ерген еркем ең. Ақ жүзіңді жаптың-ау Сұп-суық қара көрпемен. Қос балапан ұяда, Жете алмай қалған қияға. Зар-мұңымды шағайын Ақ қағаз бен сияға.

ЖАУАБЫН КӨП ІЗДЕДІМ

Кең дүние-жалғанның Шыны қайсы? Асқар таудай арманның Шыңы қайсы? Еленбеген уақыттың Бүрі қайсы? Өлең деген жақұттың Нұры қайсы? Тоқтамайтын сағаттың Тілі қайсы? Ноқталайтын тағатты Бірі қайсы? Сезім-селді кемердің Түбі қайсы? Төзім-белді еменнің Діңі қайсы? Жауабын көп іздедім, Таба алмадым. Үмітімді үзбедім, Алаңдадым. ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАН ЖЕТПІС ЖАС... (Академик Рымғали Нұрғалидың рухына) Жетпей қалған жетпісің Соңыңнан қуып жеткен бе? Жасындай жарқ еткізіп, Аспаннан нұрын төккен бе? Келер деп, аға, күтіп ек Құстармен қайтып көктемде.

Көктем де өтті, жаз келді, Көрмедік мүлде жүзіңді. Мекендеп қалдың тар жерді, Жат елде демің үзілді. Мүрде боп келді мүсінің, Жанарға моншақ тізілді. Көз жасы көлдей құйылды, Азалап жұртың жиылды. Ойсырап қалды орының, Ғұмырың сәтте қиылды. Жетпей қалған жетпіс жас Жер астына бұйырды. Тоқтады да жүрегің, Түстің бейне қалыпқа. Кеше ғана тірі едің, Еттің қызмет халыққа. Ірілердің бірі едің, Қалай сыйдың табытқа?

СЕЗIМНIҢ СЫРЛЫ БҰЛАҒЫ

Ән салып тұр маңайым, Жырламай қалай қалайын? Айқара аштым алдыңнан Сағыныш сұлу сарайын. Ән салып тұр дүние, Келгендей құлақкүйiне. Нұрлы көктем, жылы жаз Кiргендей-ақ үйiме. Көрiндi күннiң шуағы, Кеуденi кердi жыр-ағын. Толқыды, бойға тарады Сезiмнiң сырлы бұлағы.

КЕЗДЕСТІМ СІЗБЕН...

Кездестім сізбен Жаңғырып, Қайта көктем боп. Кездестім сізбен, Тағдырға мынау Өкпем жоқ. Кездестім сізбен, Өртендім, Сүйдім беріле. Кездестім сізбен, Көмкердің, Күйдім деміңе... Кездестім сізбен, Тағы да Жаныма жарық түсірдім. Сарғайған күздей Бағыма Сары құстарымды ұшырдым. Кездестім сізбен, Білмедім, Қайда асықтым?! Өткенді іздеп, Сүрлеуін Бастым ғашықтың. Ғашық болардай, Асық болардай Емес те едім мезгілде. Қанат қаға алмай, Тағат таба алмай Жүргенімді сездің бе? Кездеспей кетті деп Өзіңше Қатты налыдың. Кеудемде шоқты үрлеп, Көзіңше Жақтым жалынын. Жалыннан жылу Қалмаса,

Аламын нұрын қалпында. Сезімнің, бүгін Жанбаса, Баладым күлін алтынға.

БАУРАҒАН МЕНI БIР СИҚЫР

Жанымды жүрген жаныштап, Мың ойлар бүгiн тып-типыл. Жақындап, кейде алыстап, Баураған менi бiр сиқыр. Жырымның жiбiн жалғаған, Жүрекке жеткен күй-тылсым. Өлкесiн өлең шарлаған, Сазды әуендi сиқыршым.

СӨЗ МАРЖАНЫН ТЕРЕМIН

Түн ортасы, ояумын, Тыншытпады қаяу-мұң. Көңiлге кiрбiң түсiрсем, Айып етпе, аяулым. Арман едiң, биiк ең, Аялап әндi сүйiп ем. Жан дауасын таба алмай, Жаралы болған киiк ем. Өзiңе өлең үйiп ем, Жыр жиhазын жиып ем. Маржан терiп, ой өрiп, Сөзiңдi терең түйiп ем. Ұстадым қалам жасқана, Сыр ашпадым басқаға. Тiрлiктегi тiрегiм, Өлеңiм, менi тастама!

КӨГЕРШIНIМ, КЕЛДIҢ БЕ?

Көгершiнiм, келдiң бе? Сөзiме айтқан сендiң бе? Тұңғиық сырдың тұнығын Жанарымнан көрдiң бе? Жырымды оқып бiлдiң бе? Жолыға алмай жүрдiң бе? Жақсы сөзбен жарасып, Жақындадың күн-күнге. Қиял құсым, алып ұш, Қақпа қанат жаңылыс. Айналсын ақ таңдарға Жүректегi сағыныш.

КӨКТЕМ-КӨҢIЛ

Көгенделiп асау сезiм, от-демiм, Арада жылдар өтiптi. Өмiрдiң кетiп көктемi, Сұрғылт күз қуып жетiптi. Көктемге қайта оралып, Жастығыммен табыстым. От-жүректен шоқ алып, Махаббатыммен қауыштым. Көктемде бүгiн бүр жарып, Майысар қайың ырғалып. Шуақ күннен нәр алып, Тұрғандай дүние нұрланып.

ОЙЛАДЫМ...

Сағынып келер деп, Сезiмге бөлер деп, Өлеңiн төгер деп ойладым. Асығып жетер деп, Жауындай нөсерлеп, Селдетiп өтер деп ойладым. Жырымның аясы, Жанымның саясы, Сөзiмнiң сарасы болар деп ойладым. Төсiңде дамылдап, От болып жалындап, Сүюдi, күюдi ойладым. Өзiңе жетудi, Көрiп бiр кетудi, Қасыңнан өтудi ойладым. Сындарға соншама, Қанша ауыр болса да, Төзудi, өзiңдi ойладым. Үмiттi үзбедiм, Тыншымай iздедiм, Жыр-маржан тiзбегiн байладым.

ӨҢIМ БЕ, ӘЛДЕ...

Өңiм бе, Әлде түсiм бе? Бiле алмадым, бәтiр-ау. Көңiлiм шалқып, Iшiмде Сезiмдер толқып жатыр-ау. Өртесем Өлең отымен, Жалындап жүрек жанады-ау. Өлшесем Ардың сотымен, Өкiнiш болып қалады-ау. Самалдай желпiп Жылы леп, Көңiлге алаң салады-ау. Бойымды билеп Құдiрет, Жанымды баурап алады-ау. Сезiмге бөлеп Бiртүрлi, Елiтiп, ертiп барады-ау. Көмкерiп Күмiс күлкiмдi, Елес болып қалады-ау.

КӨҢIЛГЕ ҚОНАР КӨГЕРШIН

Жалындап жанып, сөне алмай, Жүрекке ерiк бере алмай, Тiзгiнiн тартып төзiмнiң, Жүрсiң-ау, жаным, келе алмай. Санадан сырғып өте алмай, Құрсауды шешiп кете алмай, Тұсаудағы тұлпардай, Жабығып тұрсың жете алмай. Сезiмнiң селiн төгерсiң, Махаббат нәрiн себерсiң. Қанат байлап ұшарсың, Сүйетiн болсаң егер шын. Сағынтып бiр күн келерсiң, Жанымды нұрға бөлерсiң. Жауқазын жырлар бүр жарып, Көңiлге қонар көгершiн.

СЫР САНДЫҚТЫ ЕРIКСIЗ ҚҰЛЫПТАДЫМ...

Кешiр менi қинаса қылықтарым, Өшiр менi санаңнан, ұмыт бәрiн. Жалғайтұғын жанымды жүрегiңе Өлең барын, өтiнем, ұмытпағын. Мұң тамшылар сезiмдi суытқалы Сыр сандықты ерiксiз құлыптадым. Тұмшаланды көңiлдiң терезесi, Жыр пердесi жасырып сынықтарын.

МЕН СЕНI КҮТIП ЖҮРМIН...

Мен сенi күтiп жүрмiн ақыным деп, Кемеде жаны бiрге жақыным деп. Ой-арман ортаға сап бөлiсетiн, Рухым да, қуат-күшiм, ақылым деп. Мен сенi күтiп жүрмiн жүрегiм деп, Өлең мен өнердегi тiрегiм деп. Тұтастық тағдырымда болмаса да Жырыммен жақын келiп жүремiн деп. Мен сенi күтiп жүрмiн жырым ғой деп, Тұңғиық тұнып жатқан сырым ғой деп. Өмiрдiң ойлы-қырлы өткелiнен Жасырған жанарымда мұңым ғой деп. Мен сенi күтiп жүрмiн жыр-әнiм деп, Бiр күлiп, бiр мұнайып, жылағым кеп. Тоғысу талайыма жазбаса да, Жырыммен мәңгi қатар тұрамын деп.

ҚОРҒАЛЖЫНҒА БАРҒАНДА

Үлебай ақыны екен Орта жүздiң, Дүйсенге сырын айтқан орыс қыздың. Сағынышты ғұмырдың сәулесiндей, Өлеңнен алқа тағып, маржан тiздiм. Ежелден аңыз болған Мәриям елi, Деп салған Дударайға әншi-серi. Төгiлткен қос iшектiң шежiресiн Күйлерiн күмбiрлеткен Кенжебегi. Ұрпағы елiндегi Құлтуманың, Ұғарсыз замандастың жыр туғанын. Қасиеттi Қорғалжын топырағында Белгiлi Құлтумадай ұл туғаны. Кiм ермес жалған дүние жетегiне, Ақиқат қас қағымда өтерi де. Жеткiздiм жүрегiмнiң жыр сәлемiн Киелi махаббаттың мекенiне.

ҮМIТ ӨТКЕЛI

Жаныма жасап алдым жоқтан уайым, Көңiлдi жабырқатпай тоқталайын. Тұтанған тұлпардың от тұяғынан Сезiмдi ендi қайтiп ноқталайын? Қиялдың көк пырағын ұшырайын, Қолыңа тiзгiнiмдi ұсынайын. Үмiттiң өткелiнен өтiп келсең, «Жiңiшке жолдан» несiн қысылайын?

ДӘПТЕР СЫРЫ

Жоғалса дәптер, жазыла берер жыр, мейлi, Өлеңнiң жайын өзiндей ешкiм бiлмейдi. Сыртымнан бiреу жел сөздердi үрлейдi, Жапсам деп жала, жан-жақтан iздеп, күндейдi. Жазыпты дейдi анаған өлең, мынаған... Ойымды оқып, боларсың, бәлкiм, сынаған. Әңгiмеңнiң аужайынан аңғардым, Алыстан артып, жақыннан жиып құраған. Дәптердiң сырын түсiндiм, ендi сұраман, Мөп-мөлдір тамшы қағазға келiп құлаған. Сезiм ғой ол бiр ерiксiз алға сүйреген, Құдiретi жан дүниеңдi билеген.

ЖҮРЕГIҢЕ СЫЗЫП АЛ...

Ақиығы Алтайдың Айналғанда төбемнен, Қиял құштым, байқаймын, Аспанға ұшып өлеңмен. Тұғырына қонатын Кезiн күтiп қыранның, Талмасын деп қанаты, Қарсы алдында тұрармын. Замандастың зиялы Өзiңе айтар назы бар. Ұшқыр ойы, қиялы Өлеңменен жазылар. Шуақ шашып маңына, Жарқырап тұр шамдарым. Жылу берер жаныма Жыр жұлдызын таңдадым. Жылдар бойы жинаған Сағынышты баса алмай, Қалдым үнсiз қинала, Ала жiптен аса алмай. Қайталанбас күндердiң Жадыңда қалар iзi бар. Жырыммен жеткен бiр белгi, Жүрегiңе сызып ал.

ҮМIТТIҢ ЖIБIН ЖАЛҒАДЫМ...

Құрсауы қатты, қамалды бұзып, Бойым бiр суып, бiресе қызып, Қайырылған қанат айдынды сызып, Ағысқа қарсы барамын жүзiп. Тағдырдың салған тұсауын шешiп, Дарияны қайта келемiн кешiп. Күткенiм келдi, көңiлiм сендi, Жалтақтап жұртқа қараймын несiн? Талайым құрған торды да үзiп, Үмiттiң жiбiн жалғадым үзiк. Ұмыттым бүгiн өмiрдiң сызын, Көңiлдiң қатқан ерiтiп мұзын.

ӨЛЕҢ-ХАТ

Өлең-хатпен сәлем жолдап ақынға, Хал сұрадым қысылмай-ақ, батыл да. Арнасынан асқан оймен арбасып, Ақын жүрек тынши алмай жатыр ма? Жыр жиhазын жиып алып жер-көктiң, Сұлу сөзбен сезiмдердi сөйлеттiм. Отқа орадым, жылу бердiм жүрекке, Түн ұйқымды өлеңiммен тербеттiм.

СЫР

Өлең-сөз - өзiңе арнап хаттағаным, Сырымды ендi кiмге ақтарамын? Жан сөзiн жүрегiңнiң түкпiрiне Жөн едi құпиялап сақтағаның. Ойладым биiк қой деп парасатың, Бойыңа биiктiгiң жарасатын. Өлеңмен өрнектеген өр тұлғаңды Қорықтым көрiнер деп аласа тым. Жымысқы күлкi жанды тiлгiледi, Тағдырым бiрде жылап, бiр күледi. Алагеуiм уақыттай алдамшы үмiт Адастырып кеттi ме, кiм бiледi? Қыран құс құз-жартасты мекендеген, Қиялап дегенiне жетер деген. Аталар айтқан сөзi бекер ме екен, Тамшы мұң тағдырым боп өтер ме екен?!

ТҮС

Түсiмде көргем Жабығып жаның жүргенiн. Тыншымай мүлдем, Кiрпiгiмдi iлмедiм. Сағатты санап Сындарлы шақта сырқаулы, Қалмады тағат Сүртсем деп терiн тұлпардың. Елеске ерiп, Қиялмен ұшып жеткенмiн. Самалдай желпiп, Өлеңмен өбiп өткенмiн. Түсiмде көрiп, Қиялап көңiл шалқыдым. Қасыма келiп, Дегендей болдың: "Алтыным". Қайтадан түлеп, Өлеңнiң оты маздаған, Кеудеден жүрек Шығып та кете жаздаған. Жаңбырдай төгем Жырымның жасын жарқылын. Өзiңе деген Бiр сезiм менде бар, күнiм.

ТАҒДЫРДЫ ТIЗГIНДЕУ

Тағдыр атты тайғанақ ғұмыр, Жасайын саған жырымнан тұғыр. Мойныңа қамыт iлейiн мықтап, Аялдап бiр сәт, кейiнге үңiл. Тiзгiндi тартып, қинаған кезде, Түңiлiп мүлдем тiрлiктен безбе. Өлеңмен өрге салайын сенi, Қалмады амал осыдан өзге.

БАР ЕКЕН ҒОЙ БIР БАҚЫТ МАҒАН ДЕГЕН...

Бар екен ғой бiр бақыт маған деген, Жалын шарпып барады, алау денем. Сағыныштың сарғайған жапырағы Өткен күндi тiзбелеп санауменен. Өлең қайда ағылар осындайда? Кезiккендей боламын тосын жайға. Жалғыздықтан жабыққан жалқы жүрек Сүйгенiне сезiммен қосылмай ма?

СЫРЛАСАМЫН ӨЗIҢМЕН

Сырларымды бөлiсейiн дедiм, Сағынған жандай көрiсейiн дедiм. Жатсынбай менi жақындап келсең, Жаныңды ұғып, сенiсейiн дедiм. Ойыңды оқып бiлейiн дедiм, Қасыңда қатар жүрейiн дедiм. Сындарлы шақта сыңарың болып, Жұптасып өмiр сүрейiн дедiм. Санаңа бiр сөз салайын дедiм, Жаныңа жақын барайын дедiм. Қиналған шақта қатарлас тұрып, Көтерiп бiрге алайын дедiм.

МҮМКIН ЕМЕС БIЛМЕУIҢ...

Бәрi де шын - сағынғаным, сүйгенiм, Ұзақ түндер кiрпiгiмдi iлмедiм. Сездiң өзiң мүмкiн емес бiлмеуiң, Мүмкiн емес түсiңе бiр кiрмеуiм. Бiрақ, бiрақ мұның бәрi далбаса, Амалым не сиқыр сезiм арбаса? Алып ұшқан, жалын құшқан жүректе Нәзiк сәуле қалсыншы тым болмаса!

БIР АДАМ БАР...

Менi жақсы көретiн, Сөзiме құлай сенетiн; Шапағат нұрын төгетiн, Махаббат нәрiн себетiн; Шын құрметтеп сыйлайтын, Жамандыққа қимайтын; Өзiмдi бағалайтын, Өлеңiмдi аялайтын; Жат қылыққа батпайтын, Жырларымды жаттайтын; Қиялымда самғайтын, Үмiтiмдi жалғайтын Бiр адам бар... Ақ көйлектi перiштем, Сыр сымбаты келiскен. Сүйетiнiн бiлемiн, Сағынып мен де жүремiн...

ҰНАП ҚАЛДЫҢ

Дегенмен, жаным, маған ұнап қалдың, Жанымды жаншып жатыр сұрақтар мың. Жауқазын жырларымен жүрегiмнiң, Келедi бiр өзiңе сыр ақтарғым. Дегенмен, жаным, маған ұнап қалдың, Алдамшы бұл өмiрге тұрақтар кiм? Көктемi өмiрiмнiң сағым болып, Қалғандай жағасында бұлақтардың. Дегенмен, жаным, маған ұнап қалдың. Келдi ме әлде менi сынап та алғың? От сезiм ойнақтаған жалынды шақ, Сағыныш саясында құрақтардың. Дегенмен, жаным, маған ұнап қалдың, Ойланып, оңашада жылап та алдым. Жылытқан жүректердi жыр-көктемiм Қарайды қырқасынан қыраттардың.

АПЫР-АЙ, ҚАЙТСЕМ ЕКЕН?..

Апыр-ай, қайтсем екен, жыласам ба? Тәңiрден жанға медет сұрасам ба? Жетектеп кете бердi сезiм серi, Төзiмнiң бар тетiгiн бұрасам да. Апыр-ай, қайтсем екен, егiлсем бе? Сел болып ағыл-тегiл төгiлсем бе? Жылуын жер жүзiне төгетұғын, Төбеңнен күн көзi боп көрiнсем бе? Апыр-ай, қайтсем екен, сағынсам ба? Жүректiң дегенiне бағынсам ба? Жырға орап, ән қанатын қалықтатып, Қасыңнан iздегенде табылсам ба?

ҒҰМЫРЫМДА ҚАЛДЫ IЗIҢ...

Аспандағы ай-күнiм, Қуатым, жан-байлығым. Жайнаған жарық жұлдызым, Ғұмырымда қалды iзiң... Жолыңа талмай қарағам, Жолығар күндi санағам. Мен ғана емес, әлемде Ғашық деп ұққам бар адам. Ұйқысыз түндi өткерген Өтiппiн талай өткелден. Сыр сандықты ашатын Кезiгер бiр жан деп келгем. Қайтер едiм көрмесем, Өзiң iздеп келмесең? Өлең - өзен, ән - бұлақ, Сусындаймын шөлдесем.

ТЕРБЕТЕДI ӨЛЕҢIМ...

Әлдилеген әз әуенге мастанып, Қалам менен қағаздан да жасқанып, Түн ұйқымды өлеңiммен тербетiп, Көк жейденi жаттым бүгiн жастанып. Әзiлiңмен көңiлiме гүл ектiң, Көкейiмде күмбiрлейдi жыр-екпiн. Көйлегiңдi жудым сезiм селiмен, Үтiктедiм жылуымен жүректiң.

ҚҰСТАЙ ҰШЫП ӨЗIҢЕ ЖЕТЕР МЕ ЕДIМ...

Келмей-ақ қой, мен саған жалынбаймын, Өзiм от боп жанамын, жалындаймын. Қиял қуып кететiн кезiм емес, Сағынбаймын, шарқ ұрып сабылмаймын. ...Сағынбаймын дегенiм бекер менiң, Құстай ұшып өзiңе жетер ме едiм... Қанатымды қомдадым, қаға алмадым, Қайырылып, босқа күйiп кетер дедiм.

ОҢАША ОЙМЕН СЫРЛАСҚАНДА...

Сен менi, сiрә, Ұға алмай жүрген шығарсың. Мың ойдан Мына Шыға алмай жүрген шығарсың. Жырларым Жүрек жылытқан. Кездердi ойлап Ұмытқан. Сонда ұғарсың... Тегiңе сенiп Теңгергенiмдi, Сезiмге ерiп Сенделгенiмдi Сонда ұғарсың. Сыр бөлiсiп, Достасқан, Кездесiп, Қайта қоштасқан Күндердi Сағынғанда ұғарсың. Оңаша оймен Сырласқанда, Көңiлдi Бiр сәт Мұң басқанда Ұғарсың, iштей тынарсың.

ТЕРЕЗЕМНIҢ АЛДЫНДА...

Қинадым ба, көңiлге алаң салдым ба? Сөзбен баурап, мен мазаңды алдым ба? Жорта жүрiп, жол-жөнекей өткен боп Тұрсың, жаным, тереземнiң алдында. Жалт қараймын, көңiл шерiн қозғаймын, Тебiренiп қалай өлең жазбаймын? Жер таппаймын өз-өзiмдi қоярға, Шыны-ойдан шығып кете жаздаймын. Қарап тұрам, көз алмаймын жолыңнан, Одан басқа не келедi қолымнан? Көңiлдi күй, жүректi ән тербесе, Көлеңкедей ерiп кетем соңыңнан. Бәрiн-бәрiн қабағыңнан түсiнем, Содан болар, мен алдыңда кiшiрем. Қиялымның қондырамын көгiне, Таңдап алып топ жұлдыздың iшiнен.

ЖҮРЕКТЕ ҚАЛДЫ БАСҚА МҰҢ

Өлең басқа, Өмiр басқа, Өзiм мүлде басқамын. Оңашада Жанарымды Шылап жүрмiн жасқа мың. Көктем кетiп, Жазым өтiп, Қоңыр күзге жеткенде; Өлең тербеп, Қиял кернеп, Тағат-төзiм жоқ менде. Жаныма шуақ Төгiлдi бiр уақ Ғұмырда мына қас қағым. Амал не бiрақ, Тағдырым жырақ, Жарысың, жаным, басқаның. Сезiмдi сәттер Келте ғой, әттең, Көңiлдiң ашқан аспанын. Сырым да басқа, Жырым да басқа, Жүректе қалды басқа мұң.

КӨҢIЛIМДI БИIКТЕТТIҢ

Жүрекке бiр сыр түйiп кеттiң, Жанарыма мұңды үйiп кеттiң. Жақсы сөзбен жанымды баурап, Көңiлiмдi биiктеттiң. Сезiммен сырлы сүйiп кеттiң, Өзiңдi солай сүйiктi еттiң. Сан жұлдызын жиып көктiң, Өлеңiмдi үйiп-төктiм.

ӨЛЕҢ - ӨМIР, ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕ...

Өлең – сиқыр, сөздiң дертi жабысқан, Өлең – дария, ақылы асқан данышпан. Өлең – өмiр, дөңгеленген дүние, Өлең – тұлпар желмен ұшып жарысқан. Өлең - қиял, рухы биiк ғарыштан, Өлең – уайым, тұла бойды жанышқан. Өлең – үмiт жүректердi жалғайтын, Ынтық көңiл, от сезiмдер табысқан. Өлең - бақыт, бұлттай жылжып көшпелi, Өлең – уақыт, бiлдiрмейдi өткенiн. Өлең – тағдыр, тоғысады сенiмен, Сездiрмейдi сырт айналып кеткенiн. Өлең, өлең – көгiлдiрiм, көктемiм, Сенен өзге сенерiм де жоқ менiң. Аялайсың, алдыма әкеп тартасың, Жазым өтiп, қоңыр күздiң жеткенiн.

ӨЛЕҢ - ҚАЙЫҚ

Дейсiз-ау, аға, маған халiң қалай, Өткердiм көзiмдi iлмей таңды талай. Қорқамын қалтарысты өлең құздан, Дөңгелеп кетем бе деп төмен қарай. Ақ қағаз алдымдағы айдындайын. Тауысқан ұзақ түндер көздiң майын. Дарияның өлең атты толқынымен Тербелген жағалауда мен бiр қайың. Болғанда сезiм - толқын, көңiл - Жайық, Тартады иiрiмдер кетсең тайып. Құрдымға ой - уайым батырса да, Тереңнен алып шығар өлең - қайық.

АҚЫН ЖҮРЕК

Ақын жүрек жаралған сағыныштан, Қиял қанат аспанға алып ұшқан. Арманның ақ желкенін аялаған, Толқын жырдан тулатып жалын құшқан. Ақын жүрек жаралған сезiм-нұрдан, Толқыған да шалқыған, төзiм қылған. Ақ шағала ұшырған алақаннан, Көк мұнара тұрғызған өлең-жырдан. Ақын жүрек жаралған ағын судан, Хас батырдай қайратты белiн буған. Ақын жүрек ұқсайды Алатауға, Бұлттар көшiп, ақ жауын бетiн жуған. Ақын жүрек жаралған шапағаттан, Жұлдыз жанған, ай туған, таң да атқан. Ғашықтарды тербеткен бесiгiнде, Ақын жүрек жаралған махаббаттан.

Ғұмыр кешкен асумен, белеңменен, Жыр дүбiрi естiлсе елеңдеген. Тiршiлiктiң тынысы тарылса да, Ақын жүрек шалқиды өлеңменен.

ҚАУМАЛАҒАН КӨП ОЙЛАР...

Қажыдым ба қаумалаған ойлардан, Жасыл белес, жеткiзбей-ақ қойды арман. Жағалаудан жырақ кетiп барамын, Кезiм қайда жастық оты бойды алған? Ғұмыр келте, сабындай-ақ қамшының, Жанарымды торлап алды тамшы мұң. Серiк етiп, соңына ердiм өлеңнiң, Жасыра алман, осы менiң бар шыным.

ЖАН АНА

Келер деп аңсап қаладан, Жолыма менiң қараған. Құшақ жайып алдымнан, Жүгiрiп шығар жан анам. Аттандың алыс сапарға, Келмейсiң қайтып қатарға. Ақ сүт берген ақ анам, Өзiңсiз таңым атар ма? Түсiнбес мұны тiрi адам, Анашым аппақ күнәдан. Жұмақта болсын жаның деп, Жаратқаннан сұранам. Сүйкiмдi мiнез, сабырың, Ел-жұртқа өткен қадiрiң. Жайдары жүздi жан анам, Нұрға толсын қабiрiң. Күйiнiп қатты жыладым, Бауырлап жерге құладым. Қалғанға ғұмыр берсiн деп Алладан медет сұрадым. Балалық қылсам, ғафу ет, Қателiкке санама. Оранып кеткен ақырет Ананың орны тола ма? Айтқан сөзiң - өсиет Қалған мына балаңа. Аруағыңа бас ием, Бақұл бол ендi, жан ана!

  • * Өлең - сөздiң патшасы... Абай

«Ақын» дейдi аспандатып ағамыз, Жақсы сөзге сәл жадырап қаламыз. «Тiлге жеңiл, жылы тиер жүрекке», Құдiреттi сөздi қайдан табамыз?

Өлең пiрi жүгiнемiн Абайға, Қара сөзбен үлгi болған талайға. Ай орнатып, Күн қондырар кеудеге, Жыр дүлдүлi - ақын болу оңай ма?

Елiн, жерiн, табиғатын жыр еткен, Жалғыз сөзбен қара түндi күн еткен. Алмас қылыш, жарқылдаған семсердей, Ақын сөзi шығу керек жүректен.

Өмiр жолын өрнектейтiн өлеңмен, Сұлу сөзбен сыр толғайтын тереңнен. Ақын атын алып жүрсем лайық, Аға, сiзге өлең жазып берем мен.

АНАМ МӘРИЯМ ДҮЙСЕНБЕКҚЫЗЫНА

Қырық жыл отау құрысқан, Қас-қабақтан ұғысқан, Жалғыз қалды жан әкем, Жоқ едi бiрге туысқан. Iздеп келер бауыр жоқ, Аттандырдың ауыл боп. Ортаңа алып отыр ең, Қалғандай анам тәуiр боп. Бiр сәтке қарап жатпадым, Дертiне дауа таппадым. Шарасыз қылған пенденi, Жаныма осы батқаны. Келiн боп қадам аттадың, Жетi шырақ жаққаның. Жылатып тұр-ау жүректi Төмпешiк болып жатқаның. Сен де екiнiң бiрi едiң, Тiрек қып аға жүр едiң. Бiрге туған бауырды Қимай кеттiң, бiлемiн. Талайды бастан өткерген, Қайғы-қасiрет көп көрген, Кезегi келген қарт анам Өте алмай қалды өткелден.

Тоқсанға жасы жеткенде, Қалдырып артқа кеткенде, Қайғысын қарттың бөлiсiп, Жыламаған жоқ пенде...

БIР АУЫЗ СӨЗ

Бәрi бекер, дүниеде бәрi бекер, Қуаныш та, қайғы да келер, кетер. Шындығы бұл жалғанның - бiр ауыз сөз Еттен өтiп, сүйекке барып жетер. Бiр ауыз сөз жаныңды жадыратар, Естiген құрбылардан жүрген қатар. Артқыға жалғыз ауыз сөз қалдырсаң, Демей ме жүрген жолың сайрап жатар. Бiр ауыз сөз - қайғы-мұң жанға батар, Күн шықпайды төбеңде, таң жоқ атар. Бiр ауыз сөз - өтiрiк жан қинайтын, Айла болып, арбалып арын сатар. Бiр ауыз сөз - сүйкiмдi, сүйерiң де, Бiр ауыз сөз - қасиет, киелiң де. Алдыңғы бабалардың өсиетi, Бiр ауыз сөз жүрекке түйерiң де.

АНАМДЫ КӨРДIМ ТҮСIМДЕ

Анамды көрдiм түсiмде, Жабыққан, жүдеу пiшiнде. Көлеңке бейне жүр екен Көк бейiттiң iшiнде. Жүзiңдi жауып нала-мұң, Қадала маған қарадың. Қол созым жерде тұрсаң да, Тiл қата алмай барамын. Барайын дедiм таянып, Жылжымай қойды аяғым. Көз алдымда көлеңкең Көк түске кеттi боялып. Қолымды қайта сермеймiн, Жоқтығыңа сенбеймiн. Көк бейiттiң iшiнен Көлеңке бейнең көлбейдi.

ЖАЛҒЫЗ ТҮН – ЖАРТЫ ҒҰМЫР

Жалғыз түн жарты ғұмыр өткендеймін, Өзіңе құстай ұшып жеткендеймін. Төгіліп жүрегіме сезім селі, Көміліп от құшаққа кеткендеймін. Алдыңа айналып мың барғандаймын, Қасыңда байланып бір қалғандаймын. Сол түннің шапағатты шақтарынан Жанымды нұрға малып алғандаймын. Ұмытып күйкі-күйбең тіршілікті, Талықсып жатқанымда тұншығып бір, Қараңғы түн құшағын айқара ашып, Төбемде күлімсіреп күн шығып тұр.

ҚҰРБЫҒА

Өзiң кiрiп келгенiңде қол алып, Ауылыма шақырғандай жол анық. Есiгiмдi қағып бейне ақырын, Балалық шақ келдi бүгiн оралып. Тарап кеттiк, қиялардан асты кiм? Жанарларда қалды мүмкiн жас тұнып. Көңiл шалқып, толқып тұрмын, бiлмедiм, Қайта айналып келiп тұр ма жастығым? Көрiспедiк, жылдар өттi арада, Уақытқа бұл өкпе артуға бола ма? Сағым болып қол бұлғайды балалық, Сол ауылда, қалған дарқан далада. Сағынышым сол жылдардың өзiнде, Қадiрiне жете алмаған кезiнде. Жастық шағым жұлдыз болып жанып тұр, Құрбым, сенiң мөлдiреген көзiңде.

...АЙ ДА ЖАҢА, ЖЫЛ ЖАҢА

Шаттандырып кәрi-жасты, ұл-қызды, Мол қуаныш үлестiрген әр үйге. Ақ пейiлдi, пәк көңiлдi, нұр жүздi, Жаңа жылым ұқсайды жас сәбиге. Күндер зырлап, ай өтедi, жыл келiп, Мың құбылар табиғат та түрленiп. Сәйгүлiктей сипатпайды сауырын, Сол жүйрiкке жетпей қалып жүрмелiк. Күндер жаңа, жыл да жаңа, ай жаңа, Ақ мамықты жамылыпты айнала. Қиял құсы шарықтасын, шалқысын, Ағытылсын, жырдың жiбiн байлама.

ҰЛЫМА ХАТ

Бауыржан, айналайын амансың ба? Бұл өмiр салар сенi талай сынға. Қамығып, сәл ойланып отырарсың, Анаңды сонда есiңе аларсың да. Құлыным, өзiңдi ойлап толғанамын. Толғанып, қағаз-қалам қолға аламын. Ақтарсың ата-әжеңнiң сенiмдерiн, Торғайдай сол бұтаға қорғаладың. Көз iлмей, атыңды сан қайталадым, Мұңымды ендi кiмге айта аламын? Ажырап, күнiм, сенен қалам-ау деп, Өмiрдiң жазы өткенiн байқамадым. Өкiнбен ендi бүгiн өткенiме, Жаз өтiп, қоңыр күзге жеткенiме. Көктейтiн жалғыз шыбық отырғыздым Белгi етiп өмiрiмнiң көктемiне.

МАҢДАЙДАН СҮЙIП КЕТКЕНIҢ...

Халқына қамқор болғандай, Камалды бұзып алғандай, Арман болған қазаққа Аталы ұл аймаңдай. Көркiне көзi тоймаған, Отыз күн тойын тойлаған. Маңдайда бағы жансын деп, Қыздың да қамын ойлаған. Аңсатып алыс қалғандай, Жүрекке жара салғандай. Тағдырына талайдың Тайқы туған сол маңдай. Маңдайдан сүйiп кеткенiң - Көңiлiмдi күптi еткенiң. Арқаның қызы бiр арман Арқалап жүрсiн деп пе едiң?

АРДАГЕР АТАЛАРҒА

От кешкендер, құтты болсын мейрамың! Күндей нұрлы болашақты сыйладың. Естен кетпес Отан үшiн аттанып, Жан аямай, қасық қанды қиғаның. Бүгiн, мiне, Жеңiс күнi, жарандар, Көз жiберiп айналаға қараңдар. Ардагерлер қатары тұр сейiлiп, Туған жерге қайтпаған сан адам бар. Оларға арнап мәңгiлiк от жағылды, Отан-ана басын иiп табынды. Қарт әжелер iздеп барды қиырға, Екi көзге ерiк бердi, Моншақтай жас ағылды. Мәңгi есте отқа оранған қалалар! Мәңгi есте күңiренген далалар! Шығарып сап қан майданға әкесiн, Жаутаңдаған, жәудiр көздi балалар.

Өздерiңмен тартқан майдан шеруiн, Еске алыңдар кеткендердi хабарсыз. Бiлгiң келсе, замандасым, олар кiм - Мемориал тақталардан табарсыз.

ӨМIР ТУРАЛЫ

Салғанда өмiр салмағын, Iлгенде қамыт қармағын, Жұбатып жырмен жүректi, Өзiмдi өзiм алдадым. Бақыттың сыйлап базарын, Тартады қайта азабын. Түсiне алмай келемiн Өмiрдiң осы ғажабын. Шаттыққа кейде кенелем, Құрбыға қатар теңелем. Оңаша қалған сәттерде Мұңаямын неге мен? Ой орманын кеземiн, Жалғаннан мынау беземiн. Өзiңе жiпсiз байлаған Қимастық барын сеземiн.

ҚЫРЫҚ САНЫ ҚАДIРЛI...

Халқымызға қырық саны қадiрлi. Өмiр - белес, ойлы-қырлы, адырлы. Қырық жастың қырқасына шығыпсың, Саналы бiр азамат боп, сабырлы. Қырық келiп қарағанда есiктен, Дос-жарандар қуаныпты есiткен. Салтымыз бар қырық күнiн тойлаған Балғын сәби белiн тартса бесiктен. Құтты болсын қырық жасқа келгенiң, Ата-баба дәстүрiне сенгенiң. Қырық жанның бiрi қыдыр болар деп, Думандатып қонақасы бергенiң. Қырық жастың қырқасынан асқаның - Елу деген елдiң шетiн басқаның. Көрiп бүгiн кереметiн қырықтың, Өлеңменен тойға шашу шашқаным.

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

Өмiр деймiз зулаған бұл уақытты, Сол уақыттан озған жандар бақытты. Бақыттымын деп ойлайды бiреулер Орап қойса алтын менен жақұтты. Бақыт деген - ол адамның баласы, Бақыт деген - ол баланың анасы. Бейбiт күнде ойы жетпей өрiне, Бiреулер жүр сол бақыттан адасып. Бақыт деген – ол адамның санасы, Бақыт деген – туған жерi, даласы. Бақыт деген – алтын бесiк Отаның, Айтшы, құрбым, бар ма осыған таласың? Бақыт құсы қонсын деймiз басыңа, Бақыт әнiн шырқап жүрмiз қосыла. Бақыттысың десем егер досыма, Деп сұрайды ол: «Бақыт деген осы ма?»

Бақыттысың Өмiрiңе сәуле шашып тұрса үмiт, Қуанасың, талай-талай күрсiнiп. Қалар бір күн топыраққа тұншығып Бақыт деген – жарық дүние, тiршiлiк.

АНА ТIЛIМ

Ана тiлiм – бұл менiң бала күнiм, Тыңдаған әлдилеген анам үнiн. Ұстаздың алдына алғаш барған кезiм, Шәкiрт боп, мектебiмнен алған бiлiм. Ана тiлiм – бұл менiң балалығым, Анама тарту еткен дала гүлiн. Туғаннан, тiлiм, сенiң сырыңды ұғып, Халқымның сенен бiлдiм даналығын. Ана тiлiм - бұл менiң күш-қуатым, Жыр жолдарым көкейiмде тұнатын. Iзгi тiлек, асыл мұрат, ой-арман Осы тiлмен айтылатын, туатын. Ана тiлiм – менiң мөлдiр бұлағым, Жүрегiмдi жарып шыққан жыр-ағын. Ана тiлiм – бесiк жыры анамның, Ана тiлiм – атамекен, тұрағым.

ҰЛЫ БОЛҒЫН ХАЛҚЫҢНЫҢ

Дүниеге келдi бiр бөбек, Жазылар бүгiн жыр бөлек. Iңгәлап шыққан дауысы Шаңырақты нұрға тұр бөлеп. Өмiрдiң мынау жалғасы - Кiшкентай сәби болмашы. Анасын iздеп қарманар, Тiрлiкке ие болғасын. Атасының мирасы, Әжесiнiң қимасы. Бар бақыты әлемнiң Тал бойына сыйғасын. Арманысың атаңның, Тiршiлiкке талпындың. Бабалардан бата алып, Ұлы болғын халқыңның.

ДӘСТҮРЛЕРI ҚАЗАҚТЫҢ

Ата-бабам тойламаған туған күн, Кiндiк кесiп, жөргек көйлек жуған күн «Шiлдехана» аталыпты, «Бесiк той» - Бөбегiнiң белiн бекем буған күн. «Тұсаукесер» - қаз тұрғаны баланың, Жалғасындай дәстүрлi салт-сананың, Сүндет тойда ат мiнгiзiп ұлына, Қыранындай баулығаны даланың. Он үш пенен жиырма бестiң арасы, Бал дәуренiң жастық шақпен жарасып, Сырғып өткен сағаттармен санасып, Бара жатыр отыз жастан әрi асып. Өткен күнге ой түйiнiн салғайсың, Асыл сөзден ақыл, ғибрат алғайсың. «Отызыңда, - дейдi, - орда бұзбасаң, Қырық жаста қырға шыға алмайсың".

Жас қосылып, өзгередi санамыз, Егделiкке шеру тартып барамыз. Қимасақ та, қош айтысып амалсыз, Керуенге қол бұлғаймыз, қаламыз. Жылдар жылжып, ай айналмай тұра ма? Зырлап уақыт, кейiн мойын бұра ма? Құрбыларды бастаңғыға шақырып, Туыстарға тарту керек сыбаға.

ЕЛУ ДЕГЕН - БIР БЕЛЕС

Елуден асып, ел ортасына кiргендерге, елудi басып, бел ортасында жүргендерге арнаймын. Автор Тiршiлiкте елу деген - бiр белес, Бәйге шауып, ұтып алар жүлде емес. Келте ғұмыр кемесiнiң жылжуы, Алпыс жасқа аяқ басу iргелес. Еленбейдi елу жастың өткенi, Асқаралы алпыс қуып жеткенi. Ала алмайсың өткен күндер үлесiн, Елуге екi, жиырма беске төрт келiп. Жастық дәурен сағым болып қалады, Арманды шақ, асыл күндер бағалы. Елу келiп есiгiңдi қағады, Ертеңдi ойлар ел ағасы саналы. Елу деген - ердiң жасы емес пе? Бола ма ендi елудi арман демеске? Елу деген - ел адамы болғаның, Елеулi бiр асып биiк белеске.

ҚОНАҒЫМА

Жар басында тұрса да жарты лашық, Көңiлi ортаймаған, жаны жасып. Кеңқолтық, қонақжайлық қасиеттен Қазақтың тұрар дәйiм мерейi асып. Қонаққа қам жасадым асып-сасып, Қиялды қанаттанған қойдым басып. Ежелгi ата-баба дәстүрi едi Күтетiн кез келгенді есiк ашып. "Үйiңде кiсi бар ма бөтен қара?" - Деп сұрар кездескенде екеуара. Ақ ниет, адал дәмнен аттамаған Батыр да, бабалар да небiр дана. Дұшпанын тапсыратын дәм-тұзына, Досқа да ұсынылар ас-су мына. Алдыңа ас, екi қолды бос қоямын, Қонағым, көп отырып, аз күн сына.

ӨТКЕНГЕ ОЙ КӨЗIМЕН...

Ұмыттық уақыт өтiп жан жарасын, Ұғындық тағдыр адам талғамасын. Өткендi шолып кейде ой көзiмен, Өмiрдiң ғажабына таңғаласың. Дегенмен, өмiр қызық, өмiр ғажап, Тартады бiрде шаттық, бiрде азап. Өмiрдiң кереметi, мiне, осында, Қайғы мен қуаныштың арасы аз-ақ. Өмiр осы – бiрде мұң, бiрде бақыт, Аялдамай артқыға өтер уақыт. Өмiр осы – көздi ашып-жұмғаныңша, Ойладым жол үстiнде келе жатып. Өткенге ой-таразы салайын да, Iлеспей ұлы көшке қалайын ба? Тұңғиық, терең сырды толғадым да, Бiр өлең жазып кеттiм ағайынға.

ӘНШI-ӘКIМГЕ

Мiнезiң шатақ екен ғой дейсiң нелiктен? Бiреулердiң мiнезiн барлай келiп пе ең? Айтқызбай бiлiп, алыстағыны көретiн, Жұмеке, өзiң екенсiң нағыз “көрiпкел”. Жалғанда мына көңiлдi талай басты мұң, Жадыратар бiр ауыз сөзi жақсының. Таласпаймын жөн сөзге, сiрә, тап шыным, Ғұмыр бойы «бақсыға» сiздей тапшымын. Сырымды ұғып, сөзiмнiң бiлсең бағасын, Сараларсың жақсы мен жаман арасын. Ақ қанат жырды ауылыңа қарай ұшырдым, Жанымның жайсаң жарқылын содан табасың. Тағдырын ойлап, тiзгiнiн елдiң ұстадың, Жұртыңа мәлiм өнерге сенiң құштарың. Азамат едiң ағайын арқа сүйеген, Тiледiм әр кез түтiнiң түзу ұшқанын.

ЕЛУ ЖАСҚА

Жарты ғасыр Ғұмырдың жартысы ма? Бүтіні ме, Бұл әлде жалпысы ма? Өткен елу Өмірдің белесі ме? Биігі ме, Өтпелі елесі ме? Асқан жасым Көңілдің тасуы ма? Асуы ма, Жабырқап, жасуы ма? Асығуда, Сағаттар асығуда, Жүрегімнің Лүпілін асыруда. Ілесе алмай Қала ма зымыранға? Күресе алмай Құлай ма шыңырауға?!

ҚОШТАСУ

(Ардақты аға, қадірменді ұстазым Балтағұл Әдиетұлының рухына арнадым) Ағатай! Туған жерге Мүрде боп кетіп барасың, Мәңгілік сонда қаласың. Көбейтесің бір санға Өлілердің қаласын. Ағатай! Айналайын демейсің, Қалғаның ба өгейсіп? Бабалар жатқан бейітке Бізден сәлем дегейсің. Ағатай! Енді қарсы алмайсың, Шығарып та салмайсың. Тіршіліктің сапарын О дүниеге жалғайсың. Сөзімді еске алмадың, Назарыңды салмадың, Көтермедің басыңды, Сонда білдім Бұл дүниенің жалғанын. Ағатай! Орның енді толмайды, Жүрекке мұң-шер орнайды. Жоқтау айтып жұртыма, Жыр жазбасам болмайды.

Қош, ағатай, қош енді, Қатеміз болса, кеш енді. Ақыреттік ақ жайма Астыңа бүгін төселді. Қош, ағатай, қош енді!

ЖИДЕБАЙ ЖЕРІНЕ СӘЛЕМ

Армысың, Абай елі – Жидебайым, Тобықты Тоқтамыс пен Ер Мамайың. Қақ жарған қара қылды билер өткен, Атанған Әулие ата Кеңгірбайың. Асуы Күшікбайдың жақын екен, Бүркеніп ер шапанын жатыр екен. Дертіне дәру таппай жүрсе-дағы, Жауына жалғыз шапқан батыр екен. Қасында қатар тұр ғой Қасқабұлақ, Бұлақтың шығар жері тасқа құлап. Ақынның кіндік қаны тамған жерден Кетіпті «Абай жолы» басталып-ақ. Көріп пе ең бұдан бұрын бұл ғажапты, Көтерген түрлі өмір, қилы азапты. Мұхтарың Абайыңды асқақтатып, Танытқан жер жүзіне бар қазақты. Табылған Ғазизаның моласы ма, Малынған қос ананың сорасына. Тамыры қиылған бір талшыбықтың, Айналған қасіреттің қорасына.

Еңілік Кебекпенен танысқан жер, Танысып, ғашықтар қол алысқан жер. Қарамай шарананың шырылына, Бөлініп ел екіге шабысқан жер. Жазықтан Ералыдай өттім зулап, Кешегі Бөпсей сынды көсем туған. Шетінде жалғыз төбе көрінеді Өзеннің жар-кемері ащы судан. Бөрілі жатыр тарих қойнауында, Қырат пен адырлардың ойларында. Мұхтардың сара жолын жалғастырар Жастарың жалыны бар бойларында. Аңызға халық айтқан кенелесің, Кеңітіп ақыл-ойдың керегесін. Зере әже келінімен қатарласып, Бауырына басып жатыр немересін. Ақшоқы Жидебайдан әрі ме екен? Құнанбай әулиенің сәні ме екен? Қалың ел қамын жеген ұлы Абайға Қазақтың даласының бәрі мекен.

Тарихың тағылымыңды еселесін, Көгертсін ұрпағыңның көсегесін. Абай мен Шәкәрімдей ұлылардың Көтеріп тұрсың бүгін кесенесін.

АПА, АЙТШЫ!

(Әжем Мінуара (Мапыш) Нұртазақызына) Апа, айтшы, Ұзақ жасау қиын ба? Бара алмайсың жиынға. Өткен-кеткен алмасып, Жаңғырады миыңда. Апа, айтшы, Ұзақ жасау оңай ма? Жүректі мұң орай ма? Қалып қойған жандайсың Қалтарыста, солай ма? Апа, айтшы, Ұзақ жасау жақсы ма? Замандасың тапшы ма? Отырасың күбірлеп, Ұқсап кейде бақсыға. Апа, айтшы Көргеніңді қиындық, Қасыңа кеп жиылдық. Деуші едің ғой: "Жаратқанға күні-түні сыйындық". Апа, айтшы Тартқаныңды диірмен, Астық та жоқ үйілген. Масақ теріп қырманда, Шүберекті түйілген. Апа, айтшы, Сонау соғыс жылдары, Соқа менен сырманы. Өгіз айдап, жер жыртқан Қыз-келіншек туралы. Апа, айтшы...

АБАЙДЫҢ АУЫЛЫНАН ҚҰДА КЕЛДІ

(Кеңес атамыздың немересі Нүрия ұзатылғанда оқылған өлең) Абайдың ауылынан құда келді Бетке алып Астанадай құба белді. Қазақтың ұлы ақыны туған жерге Қыз бермей қалың қыпшақ тұра ма енді? Абайдың ауылынан құда келді, Ат басын біздің жаққа бұра келді. Ұл туған Шәкәрімдей дүйім жұртқа Қыз бермей Біржан елі тұра ма енді? Абайдың ауылынан құда келді, Мән-жайын ата-баба сұрама енді. Мұхтардай ғалым туған маңғаздарға Қыз бермей Ақан елі тұра ма енді? Абайдың ауылынан құда келді, Сырға сап, салт-дәстүрін қыла берді. Бұрынғы бабалардың жолы осы деп, Суырылып шешендері шыға келді.

Абайдың ауылынан құда келді, Оза алмай төрге күйеу тұра берді. Аттауға ұлы елдің босағасын, Буыпты Нүрия қыз қына белді. Абайдың ауылынан құда келді, Көңілім құда күтпей тына ма енді? Ұшырып аққу құсты алақаннан, Алдында өлең оқып тұрам енді!

АДАСҚАН АНАЛАРҒА

Тоқта, ботам! Атаң келедi артыңда!.. М. Мақатаев Тоқта, ана, балаң қалды артыңда, Сәл сабыр ет, асықпа да алқынба! Сәбиiңдi тастап қайда барасың, Бар ма едi осы ата-баба салтыңда?! Кете бардың көз жасына қарамай, Маңдайынан бiр сипауға жарамай. Тауқыметiн тартсаң егер тағдырдың, Қиналарсың сол бiр жетiм баладай. Бөбегiңнiң болашағын ойлашы, Жаутаңдатып, жатбауыр қып қоймашы. Бейбiт өмiр, ашық аспан астында Балғын бөбек шаттансын да ойнасын. Бала адамның бауыр етi емес пе, Тоқта, тоқта, тағдырыңа егеспе! Ата-анаңның ақтамадың үмiтiн, Ана сөзiн сақтамадың неге есте?!

Асқақтама, алыстама балаңнан, Ар алдында аласаршы бiр мезет. Сәби қолдар кетпес мәңгi жағаңнан Өмiр сенi өкiндiрер бiр кезек. Алдыңда тұр талай шыңдар, асулар, Ойларыңды таразыға салдың ба? Кешпес мұны айлар, жылдар, ғасырлар, Жауаптысың адамзаттың алдында. СҮТ АНА (Шайда Шәріпқызының рухына) Үйің сенің болушы еді ең шеткі, Жеті қыз бен бір ұл өсіп, ержетті. Әлі күнге апам айтып отырар Соларменен бірге емдің деп емшекті. Қос анардан аққан сүті бөлінген, Қос анаға сәби боппын телінген. Бала жылап жатыр десе жүгірдің Түнде алаңсыз ұйықтап жатқан жеріңнен. Бүгінгі күн жиі аламын есіме, Өз балаңнан бөліп берген несібе.

Көз алдыма елестейді шақалақ Шыр-шыр етіп жабысатын төсіңе. Бөтен бала бетін әсте қақпайсың, Қағуға да себеп іздеп жатпайсың. Үлкен үй мен отаудағы абысын Көңілдерін қалдыруға батпайсың. Қайын ағалар жолы қандай ізгі еді, Тіршіліктің тұтқалары түздегі. Ағайынның алынбайтын қамалы, Ауылымда сайрап жатыр іздері. Аталарым, асылдарым ол менің, Елі үшін төккен маңдай терлерін. Ердің жолын әйел әсте кеспеген, Игі дәстүр бала кезден көргенім. Балалықты іздеп жүрмін сағына, Бауырыңа тығылардай тағы да. Ана сүтің тұла бойға таралып, Араласып кеткен мүлде қаныма. Қабіріңе жылда барып қайтамын, Басымды иіп, мың сан алғыс айтамын.

Иілумен, сыйынумен, алайда, Қарызымның өтелмесін байқадым. Ақ жол қылып екі үйдің арасын, Бірге өсіп ек, туғандайын жарасып. Жеті қыздың ортасында желкілдеп, Жүруші едім, апа, саған таласып. Қызғанушы ем үйіңдегі ұл-қыздан, Қойдым белгі көктегі ай мен жұлдыздан. Ақ сүтіңнің өтеуіне өлеңмен Ескерткішім болсын мәңгі тұрғызған.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТАРҒА

Бауырлар аманбысың қиырдағы, Заманның тиген желі, құйындары. Кешегі «Елім-айлап» өткен күндер, Бабалар жүрген жолын шиырлады. Бауырлар аманбысың алыстағы, Сендермен келдім бүгін табысқалы. Атажұрт аманатын арқалаған Қазақтың айдарлы ұл, арыстары. Бауырлар аманбысың шалғайдағы, Өзіңе Өр Алтайдың жалғайды әні. Сақтаған ата салтын асыл жандар, Қазақтың бұзылмаған бал-қаймағы. Бауырлар, аманбысың, шөлдегендер, Рухымен ата-баба өрлегендер. Тағдырдың тауқыметін тартса-дағы, Тілі мен дінін жатқа бермегендер. Бауырлар аманбысың жырақтағы, Еліңді кімдер, қалай жылатпады. Тамырын туған тілдің үзбегендер,

Қазақтың сарқылмайтын бұлақтары. Бауырлар, аманбысың, ақтабандар, Шарасыз шекараны аттағандар. Бөгде елдің бөтен жұрты болып жүріп Қазақтың шежіресін жаттағандар! Бауырлар, аманбысың, ақтабандар?!

ЧЕМПИОН БОЛУ – АРМАНЫМ

Алыптармен алысқан, Шыныққан шымыр, мықтымын. Топты жарып жарыста, Дәулеттей болып шықты кім? Қайырмасы: Бақтиярдай бақ қонып, Намысымды бермеймін. Серіктейін сақ болып, Биіктерге өрлеймін. Кезеңдерде сындарлы, Бағындырған шыңдарды. Бүкіл әлем таныған Қажымұқандай тұлғамды. Бәйге атындай жараған, Жүйрікпін желмен жарысқан. Даңқым елге тараған, Қуатым күшті барыстан. Қайырмасы. Шаң қаптырған талайға Тәуелсіз елдің тарланы. Чемпион болу қалайда - Бар баланың арманы. Қайырмасы. АСТАНА Әні: Айсұлу Тәнидікі Есілдің жағасында жасылданған, Астана - жеткен қала ғасырлардан. Елінде ерлерімнің ізі қалған, Бөгенбай, Ер Абылай, Қасымдардан.

Қайырмасы: Арқаның төсінде, Ғасырлар көшінде Жайнаған жас қала - Астана, Астана! Астана - әсем қала асқақтаған, Бақытты болашаққа бастап қадам. Қараөткел, қасиетті топырағың Жайнатты Елорданың атырабын. Қайырмасы.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМ

Әні: Айсұлу Тәнидікі Тәуелсіз Қазақстан – елім байтақ, Атымды әнге қосып талай айтам. Бейбіт күн шұғыласына бөленгендей, Егемен ел бірлігін тұрмын байқап. Қайырмасы: Бақыт, бағы халқымның, Алтын тағы даңқымның. Туын көкке көтерем Ата-баба салтымның. Көк байрақ желбірейді аспанымда, Елімнің тарихы бар дастанымда. Елтаңба егемендік белгісіндей, Жаңа ғасыр, жаңа күн бастауында. Қайырмасы. ЖАҢА ЖЫЛ Әні: Айсұлу Тәнидікі Жаңа жылым шашу шашып ақ қардан, Ақ көйлегiн кигiзiптi бақтарға. Жауқазын жыр бүр жарады жүректе Жаңа жылым келiп есiк қаққанда.

Бейбiт күннiң нұрын төк ауылыма, Бақыт әкел адамзат қауымына. Уақыт атты сәйгүлiк ұстатпайды, Қамшы қатты тигендей сауырына. Жасыл шырша iлiп алып моншағын, Әсемденiп, көз тартады соншалық. Аппақ нұрға бөленедi табиғат, Жаңалыққа, жаңа жылға тамсанып. Жаңа жылым, жаңа жырым, қандайсың? Ақ көңiлдi, кең пейiлдi жандайсың. Жаңа жырмен қарсы аламын өзiңдi, Қиялымда қанат бiтiп самғайсың. ТӘУЕЛСІЗДІК - ҰРАНЫМ Әні: Айсұлу Тәнидікі Тәуелсіз елім, тәуелсіз көлім-өзенім, Тәуелсіз далам, тауларым биік, сеземін. Тәуелсіз тілім – сайраған бейне бұлбұлым, Тәуелсіз күнім, жайнаған көкте тұр бүгін.

Қайырмасы: Тәуелсіздігім - Ұраным айтар - азаттық. Тәуелсіз бүгін Даласы байтақ қазақтың. Тәуелсіз көгім, көгілдір туым асқақтап, Тәуелсіз бүгін, жырымды жаңа бастатпақ. Тәуелсіздігім – атадан қалған аманат, Тәуелсіздіктің даңғылын келем аралап.

ӨСКЕМЕНІМ – ӨСКЕН ЕЛІМ

Әні: Дмитрий Останьковичтікі Өскемен Ертіс өзен жағасында, Бұқтырма бөгені бар сағасында. Қойнауы толған байлық атырабым, Алтай мен Тарбағатай арасында. Қайырмасы: Өскеменім – өскен елім, Әсем қала – аймағым. Өскеменім - өскен елім, Кенді дала қайнарым. Өскемен шығысымда шуақ шашқан, Өнердің ордасы едің әуел бастан. Кешегі ер Төлеген, Қасымдардың Ерлігі ұрпағына болған дастан. Қайырмасы. Таулы өлке, жеріңді кең аралайын, Көк желек жамылғанда қарағайың. Жырақта жүрсем-дағы, сағынғанда Құстай ұшып келейін, қарамайын. Қайырмасы.

ҚАЗАҚСТАН – МЕКЕНІМ

Әні: Дмитрий Останьковичтікі Қазақстан – бай өлке, кең мекенім, Өзің үшін өлеңді өрлетемін. Күн туды Тәуелсіздік, алдың бүгін, Көңілдің көгіне шық, төрлет, елім! Қайырмасы: Қазағымның елінде, Атамекен жерінде Азатығым асқақтап, Көк туым тұр көгімде. Кешегі бабаларым жүріп өткен, Өзен-көл, көркем еді жерің неткен! Тәуелсіз таң атқанда арайланып, Күн күліп қарайтындай көкжиектен. Қайырмасы. Туған ел, өскен жерім, асыл далам, Қымбат қой әрбір тауың, тасың маған. Кеткендей ұласып сан ғасырларға, Мәңгілік сағынышым басылмаған. Қайырмасы.

САРБАЗДАРЫМ

Сарбаздарым – Отан-ана қорғаны, Сарбаздарым – сайын дала орманы. Өздеріңмен жалғасады әрдайым Ер-жауынгер бабалардың арманы. Қайырмасы: Сарбаздарым, алға! Қатарыңнан қалма! Ал туыңды қолға! Отаныңды қорға, қорға! Сарбаздарым, жиналыңдар бір сапқа, Тыныштығын туған елдің, тұр, сақта. Сендер - елдің жүрегі де тірегі, Адалдықпен қызмет етіп сыр сақта. Қайырмасы. Сарбаздарым, бейбітшілік - ұраның, Сарбаздарым - қос қанатты қыраным. Ата-баба аманаты қалдырған - Қазақстан – байтақ дала тұрағың. Қайырмасы. Сәруар Аплашқызы Қамаева

1959 жылы 2 қаңтарда Солтүстік Қазақстан (бұрынғы Көкшетау) облысы Уәлиханов ауданының Жасқайрат ауылында туған. 1974-1978 жылдары Целиноград қаласындағы (қазіргі Астана) педагогикалық училищеде оқыған, 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1990 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 300-ге жуық әдеби-публицистикалық, 70-тен астам ғылыми мақалалары жарияланған. "Мектеп бітірушілерге арналған мазмұндамалар мен диктанттар жинағының" (2003, 2004 жж.), "Іскери қазақ тілі" (экономика факультеттеріне арналған, ж.) оқу-әдістемелік құралдарының авторы. 2003 жылы «Жыр жұлдызын таңдадым» атты кітабы жарық көрген. «Жыр көктем», «Сыр сандық» атты республикалық ақындар жинағына, Қазақстан мен Қытайдағы ақын-қыздардың шығармашылығына арналған «Қос бұрым» атты халықаралық жинаққа топтама өлеңдері кірген. Республикалық «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» байқауларының бірнеше мәрте (2008, 2009, 2011, 2012) лауреаты.

Осы кітаптың жарыққа шығуына демеушілік жасаған «Досжан» фермерлік-шаруашылығының басшысы інім Сәдібек Аплашұлына ризашылығымды білдіремін. Автор

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙