Мазмұнға өту
Home

Қара тұйғын

Жұмәділ Маман

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қара тұйғын

Авторы: Жұмәділ Маман

Қара тұйғын Жұмəділ Маман

ӨМІРБАЯН Жұмəділ Маман 1941 жылы ҚХР ШҰАР Іле аймағының Күнес ауданында дүниеге келген. Ақын, жазушы, зерттеуші. 1959 жылы Шынжаң педагогикалық институтының тіл-əдебиет факультетін тəмəмдаған. Содан бастап «Іле жастар» журналы мен «Іле өрендері» газеті, «Іле газеті», «Іле айдыны» сияқты газетжурналдарда тілші, редактор, бас редактор бола жүріп, əдеби жасампаздықпен шұғылданған. Ж. Маманның қазірге дейін оқырманына «Қарақат» (өлеңдер), «Ақылбай атайдың əңгімелері» (повесть), «Тау жалыны» (дастанпоэмалар), «Əке бауырындағы бала» (əңгіме-повесть), «Жұмəділ дастандары», «Тұнық дауыс» (өлең-поэма), «Əкпар-Сейіт» (роман), «Əн сыры – жан сыры» (ғылыми мақалалар жинағы), «Ашық есік алдында» (эсселер), «Айхан» (аударма əңгіме-повесть), «Жырақтан жеткен жыр дерек» (ғылыми мақалалар жинағы), «Көпірдегі көкжалдар», «Күмбезге түскен күншуақ» (хикаятəңгімелер) кітаптары мен Қытайда жалғасты шығып жатқан «Қазақтың əйгілі тарихи адамдары» атты үлкен тақырып астында «Əкпар батыр», «Əсет Найманбайұлы» қатарлы кітаптарын ұсынды. Жұмəділ Маман соңғы жиырма жылға таяу ҚХР Іле қазақ автономиялы облыстық Əдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің төрағасы (бұл бірлестік Жазушылар одағы, Кино-телевизоршылар одағы, Композиторлар одағы, Бишілер одағы, Əсем өнершілер одағы сияқты, т.б. 9 творчестволық одақты басқарады), «Іле айдыны» (қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде шығатын əдеби журналдар) журнал мекемесінің бастығы, бас редакторы болып тұрғанда Қытай мен Қазақстан ортасындағы əдебиет-мəдениет достастығының дəнекері болып үлкен роль атқарған. Ж.Маман қазір ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология-журналистика ғылымы бойынша профессор, ҚХР əдебиет-көркемөнеріне еңбегі сіңген үздік маман. Қытай Жазушылар одағының, Қытай аз ұлттар əдебиетін зерттеу қоғамының, УДК 821.512.122. ББК 84 Қаз 7-44 М 18 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əлеуметтік маңызы бар əдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы Жұмаділ Маман. Қара тұйғын: Хикаяттар. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2009 жыл. 296 бет. ISBN 978-601-7023-21-8 Кітапқа Ж. Маманның “Қара тұйғын”, “Күмбезге түскен күншуақ”, “Көкжалдағы көпірлер” атты хикаяттары енген. Кітаптың оқиғасы қызық, тілі көркем, оқырман көңілінен шығады деп сенеміз. 4702250201 УДК 821.512.122 00(05)-09 ББК 84 Қаз 7-44 ISBN 978-601-7023-21-8

© Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы “Атажұрт баспа орталығы, 2009 © Маман Ж., 2009

М М18

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Шынжаң Таңжарықты зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары. «Қара тұйғын» деп аталатын бұл кітап қарымды қаламгердің жуырда соққан сөз сарайы. Автор өткендегі ел тағдырын ер басына түскен ауыр күндермен ұштастыра отырып бейнелейді. Сан алапат соғыстан аман өткен Болат тағдырына сүйінесіз де, сан соқпаққа соғылып трагедиямен аяқталатын Тілеуберді тағдырына ашынасыз. ҚАРА ТҰЙҒЫН

ҚАРА ТҰЙҒЫН Өмірде шүбəсіз бір-ақ бақыт бар. Ол - өзгелер үшін өз өміріңді арнау. Л.Н.Толстой. АТА ӨСИЕТІ 1932 жыл. Көкек айының күңгірт бір екіндісінде, 70-ті желкелеген Тоққұлы қария мал соңында жүрген үлкен ұлы Қонысбекті алдына асығыс шақыртты. – Ассалаумағалейкум, кешегіден тəуірсіз бе, əке?– деп сəлем бере кірді Қонысбек те кешікпей. – Уағалейкумассалам, тəуірмін, шырағым. Жақын келіп отыршы, айтайын деген аз сөзім бар еді саған,– деп үстіне аю терісі төселген қалың да биік ағаш кереуетті сықырлата бермен бұрылды шалғы мұрт, салқын жанарлы, ұзын сақалды, қараторы қарт. Төсектің басына таман келіп, сол жақ шынтағымен сүйене тізерлей отырған Қонысбек əкесіне сəп салып қарады. Əкесінің сырықтай денесі шөгіп, балуан қолының көгерген білеу-білеу тамырлары адырайып, мойын терісі босап, салбырап тұрғандай көрінді. Əкесінің қолын еппен ұстап уқалайын деп еді, қызуы недəуір өрлеп тұр екен. Кеудесінде сырыл, тамырында діріл бар сияқты көрінді. Осы кезде қоңырқай киіз үйдің жарым есігі кең ашылып, етектей ақсақалды адам еңкейе кірді. Оны көре қойған Тоққұлы қария басын тез көтеріп, сəлем берді де, баяу үнмен: – Кел, Есілім, төрге шық,– деп Қонысбекке уқалатып отырған қолын сырғыта тартып алды. Төрдегі көрпе үстіне жайлана отырған Есіл ақсақал төсектегі Тоққұлының бетіне барлай қарап, оның тұсындағы керегеде ілулі тұрған білтелі қара мылтық пен оюлы оқшантайға, онан күмісті кісеге сыдырта көз жүгіртіп, төсектің аяқ жағындағы тобылғы таяқ пен тоқпақ басты долана шоқпарға барып бір-ақ тиянақтады. Соның аппақ сақалын саумалай отырып жұмсақ қана: – Е, əулием, қалайсың? Сорпа-суың, дəрі-дəрмегің жағып жатыр ма? Жаңа мынау Қонысбектің жедел жүріспен келіп, аттан түскенін көріп, мен де аяңдап келіп отырғаным ғой,– деді. – Əй, Есіл аға-ай, мендегі қаңғып жүрген қайдағы əулиелік дейсіз?! «Жақсымын» дейін десем, жатысым мынау, «жаманмын» дейін десем, көңілім ояу. Көзімді жұмсам-ақ арғы-бергі көп істер көбіктей елестейді. Көзімді ашсам көрікті дала мен көк өрім балам көрінеді. Сондықтан сағымдай құбылған қарттықтың сабырсыздығындай, нейлеу бір оймен Қонысбекті өзім шақыртып отыр едім. Оның үстіне өзіңіздің келгеніңіз қандай жақсы болды,– дей бергенде, іргелес отауынан сақылдаған сары самаурын көтеріп келіні Нүрила келді. Қасында түюлі дастарқанды құшақтап құлын жарғақ киген ұл бала тұр. Орнынан лып етіп көтерілген Қонысбек оның қолындағы қомақты дастарқанды Есіл ақсақалдың алдына еппен жайды. Осы сəтте, арқасына жеңіл елтірі ішігін жамылған Тоққұлы басындағы биік жастыққа арқасын сүйей, көтеріле беріп: – Келе ғой, ботақаным,– деп немересі Болатқадырды жанына еркелете шақырды. Тершіген таңқы танауын оң жеңінің ұшымен сүйкете бір сүртіп қалған ботақан да абың-күбің. Атасының ыстық көкірегіне маңдайын басып, арсалаңдап қарық болып қалды. Қою шəйді жаймен ұрттап, сүтке бөріттірген аппақ баданадай майлы тарыны бабымен тауыса отырған Есіл қария енді əңгімеге ойысты: – Жастың сырқаты жайма-шуақ, қарттың тұмауы қарлы боран дейді екен бұрынғылар, Тоқа. Сен жатқалы да осы айдан асып бара ма, қалай? Жасыңнан мергендікпен, темірден түйін түйер шеберлікті де, емкөстікпен, түс жорығыш көріпкелдігіңмен де айналадағы алты арысқа атың белгілі еді ғой. Сонда өз сырқатыңа өзіңнің балың қалай болып тұр? Зəрулі дəрі-дəрмегің, басқа қажетің болса ашып-жарып айтсаңшы бізге, атымыз жеткен жерді айналып, аяғымыз жеткен жерден іздеп көрелік,– деді ол Тоққұлыға бұрылып. Сол-ақ екен, Тоққұлы пернесі дəл басылған шешен домбырадай сылдырай жөнелді: – Кезінде Қорқыт атам былай деген екен: «Шөлді жердің отын жекен білер, сулы жердің отын бөкен білер, шытырман тау қорымын түлкі білер, түн қатып көшкен керуенді үкі білер, ұлды кімнен тапқанын анасы білер, ердің арқасына батқанын ат білер. Ойлы-шұңқыр жолдарды жортқан білер, ғапыл бастың ауырғанын шеке білер». Бұл қандай керемет бағам десеңізші! Сол сияқты мен шынында да жастайымнан шоқпар үйіріп, қара мылтықтан мырыш ұшырған, тау-даланың ымы мен жымына жүйрік саятшы болдым. Бірақ, бұл сапарымда өмір бойы өзімнің ұстанған жолым – бейкүнə-бейуазға шоқпар сілтемеу. Əр кезек алғашқы

көрген аңға ашқарақтықпен оқ шығармау болды. Ал, тамыршылық пен емкөстікті Өтей бойдақ əулиенің салып кеткен жолы бойынша, туған топырақтың мың бір түрлі қасиетті гүлі мен нəрінің сырынан зердеме сіңірген едім. Енді міне «қапалақтаған қар жазға қалмас, жасыл жапырақ күзге қалмас» дегендей күй кешіп жатырмын. Асарымды асап, жасарымды жасап, пайғамбар жасынан да асқанымды білемін. Мен үшін бұдан былай ат терлетіп, сарсаң жолға салынбай-ақ қойыңыздар, рахмет пейіліңізге!... Ол шəй ұрттап сəл тыныстаған соң: – Адам бұтағымен бірге, ұрпағымен мың жасамақ қой. Сол үшін бүгін мен мынау боқ мұрын ботақаным жөнінде көптен көңілімде жүрген біраз əңгімені айтайын деп отырмын,– деп өзіне сүйеніп отырған кішкене Болатқадырдың маңдайынан емірене иіскеп, үйдегілерге жағалата жасаураған жанарын жүгіртті. – Айтыңыз əке, айтыңыз!– деп Қонысбек əкесінің қолындағы əлі сарқыла қоймаған шыныны алды. – Айта беріңіз, Тоқа, сіздей есіркеушінің лебізін балалардың естігені жақсы. Қашанда жаратушы тəңірім тіл күрмеліп, тіс жармас жазатайымнан сақтасын!– деді Есіл ата қолтығына қойған биік жастыққа қисая бере қолындағы шынының бетін басып. Оның бұл қимылы «шəйға қандым, ал құлағым сенде» дегенді түсіндіргендей. –Айтайын онда,– деді Тоққұлы немересі Болатқадырды одан əрі бауырына баса, маңдайынан құшырлана иіскеп, – Кемпірім өліп, неше жылдан кейін, осы Ботақаным туылардан бір сəт бұрын ғажайып бір түс көрдім. Түсімде айнадай жап-жасыл жарқыраған əсем көлі бар бір биік тауда бамдат намазын өтеп тұр екенмін деймін. Маңдай тұсымнан аппақ жартыкеш айға мінген, торсық шекелі, тұлымды бір сəби түйіліп түсіп, көл суынан уыстап алды да, қайта қайқайды. Сонда оның алақанынан шашыраған су моншақтары бүкіл тау үстін жұлдыз жапқандай жарқыратып жіберді. Сонан оянып кетіп, далаға шықсам дəрет алып жатқанымда манаурап келе жатқан таң нұрымен бірге отауымнан «шыр» ете түскен сəби үні естілді құлағыма. Бұрылып қарағанымша болған жоқ, көрші үйдегі ақсақ кемпірдің «Сүйінші, сүйінші! Қойшы, қойшы!» деп еңкеңдеп жүгіріп келе жатқанын көрдім. «Ал, ал, қалағаныңды ал, құдағи!»– деп қуанғанымнан үстімдегі көксұр арлан ішігімді əлгі ақжолтай кемпірге жаба бердім... – Е, е, дəл келген киелі түс екен. Ай – асқақ биіктікті; су – сұлулықты; жұлдыз – арман-мұратты ишаралайтын қасиетті заттар ғой,– деді Есіл ата кеңкілдей күліп. – Айтқаныңыз келсін, ағатай! Өзім де осылай жорып жүр едім. Бұл əңгімені Қонысбекке былтыр Ботақанымның сүндет тойында айтайын десем, «əкем қуанғаннан қоңырсып отыр ма?» дей ме деп тартындым. Енді міне менің жүрегімнің сырқатты сызатын шекетамырым айдан айқын шертіп отырғанда айтпасам қапы қалам ба деп қорқамын. – Əй, Тоқа, ашылып айта беріңіз, екеуміз пысқан баспыз ғой. Мынау шикілердің осы бастан құлағын ширатып, шынықтыра беруіміз керек. Сен де құдай бекер жаратқан жан емессің. Шоқпарыңды үйіріп, арыстанша ақырғаныңда апаныңда талайталай аю, қабылан, бұға жібіп, ауыл арасындағы əйелдердің бебеулетіп тұрған ащы толғағы майдай іріп сала бергенін сан рет көзіміз көрмеп пе еді. Сондықтан да, менің «əулие» дегенім саған тиесілі айтылып жүрген ел сөзі болар,– деді Есіл ақсақал ерекше тебіреніп. – Сонда мына Қонысбек ұлыма ескертейін деп отырғаным мынау, айызым қанып сүйген, көзімді ашып көрген осы кенже немерем Ботақанды мен бауырыма əдеттегідей қазақи салдарша сала салып, кеудеме ескі дəстүр бойынша жай ғана еміреніп баса қойғам жоқ. Жан тебірентерлік ішкі құпия сырыммен болашағына зор үміт байлап, уыздай ықыласыммен шынайы құшырлана құшқанмын. Сөйтіп, Ботақаным туған күні анасының қалжасына ырымдап ақсарбас қошқар айтып сойып, есімін болсаң болаттай бол деген ниетпен Болатқадыр қойып едім. Қазір міне жеті жастағы желкілдеген жігіт болып қалды. Мен бүгін оның қолына елу жылдық жан серігім – қара мылтық қаруым мен оюлы оқшантайымды, «долы» деп аталатын долана шоқпарымды ұстатамын. Бұдан кейін оның бетінен қағушы, етегінен тартушы болмаңдар. «Ер жігітке жетпіс өнер де аз» дейді қасиетті халық. Ашығын айтайын, бұл Ботақанымның қазірше алған бетінен қайтпайтын бірмойын мінезі, атабуыны пысқан аса еркелігі болса да, қазан бұзар тентектігі жоқ. Білім алып, өнер үйренсе, өмір жолын түсініп, елін сүйсе, өз заманында екінің бірі егіздің сыңары болып қалары хақ. Тəңірім осы періштемді суық сөзден, сұқ көзден сақтасын. Əумин! – деп Тоққұлы қолын жайғанда Есіл ата: — Иллаһи əумин, он сегіз мың əлемнің жаратушысы Жаппар Алла, өзің жар болып рахымыңа ала көр! «Бір кісі мың кісіге олжа салады» деуші еді, Ботақаның мыңға олжа салса игі. Жетер ұрпақ,

атар таңның жақсылығына жеткізсін! — деп ақ батасын ақтара берді. Ботақан атасының əмірі бойынша қайыс баулы қара мылтықтың қарашалғы дүмінен үш рет сүйіп, «долы» деп аталатын долана шоқпарды маңдайына бір басып, қолына алды. Атадан қалған Ботақан Ботақанның атасы ақтық өсиетін айтып, үш күннен соң дүние салды. Бүкіл Сарбұлақ елі қотарыла келіп, құтпанды қариясының жаназасын жабыла өтеп, ежелгі тау зиратының ең биігіне апарып жерледі. Кезек-кезек, арт-артынан оқылған Құраннан кейін, қабір басында қалың жұрт үсті-басындағы топырақ-шаңдарын бұрқылдата қағып, аттарына қонды. Мөлтілдеген көз жасын əлсін-əлсін жеңімен сүртіп, атасының тулаған торытөбелін шылбырынан ұстап отырған кішкентай Ботақан ел тарағанда еңіреп барып, торы төбелдің мойнына асылды. Сол-ақ екен, əкесі Қонысбек те еңкілдеп келіп, ұлын бас салды. – Жыламашы, Ботақан, атаң сені батыр азамат болады деп еді ғой əнеукүні, атаңның атына қарашы, сен жыласаң ол да өксіп тұр,– деді Қонысбек егілген ұлының қолтығынан сүйеп, өзін зорға тежеп. Болатқадыр жасаурап қанталаған жанарымен торы төбелге қарады. Ердің алдыңғы қасына атасының елтірі тымағын кигізіп, қара мылтығын қайыс бауынан қамшымен бірге асып, құлаштай, қоңырқай, долана шоқпарын қанжығаға қайқайта бүлдіргесінен ілген, қасқыр ішігін қатты қымтап артына бөктерген кешегі кербез торытөбел əлденені іздегендей жер тарпып, жан-жағына қарап, көзінен ұшқын шаша осқырынып тұр. – Атаңның қамшысын қолыңа ала ғой, бол, үйге қайталық. Торытөбел тұлпарыңды жетегіңе ал өзің,– деп Қонысбек жаңа ғана үйілген дым топыраққа жетімсірей қарап, боздап тұрған атасының Ботақанын алдаусырата əрең аттандырды... Сол күннен бастап Болатқадыр салмақты, есті адамша дала тынысты Қошан ағасының қашанда қатарынан табылды. Жасында мырзашерік болып, ат үстіндегі сайыстың неше түрін, қару-жарақтың қаншама тілін, жортуыл жүрістің сиқыр сырын игерген Қонысбек өзі білгенін қасындағы кенжесіне қаршадайынан-ақ үйрете жүрді. Бабындағы балапан құстай қауырсыны қатая бастаған Ботақан өнерге ұмтылып, ездікке ежірейе қарап есейіп келе жатты... Ботақанның 12 жасында Қонысбек өзі жалданған бір байдың түнгі жылқы күзетінде жүрген. Қара суығы қақаған қарашаның ортасы, ит-құс қағынып тұрған кез болатын. Түн ортасы ауа қалың жылқы қар басқан бітік шалғынға көңілі жусағандай жым-жырт бола қалды. Осы сəтте атының шылбырын тізесіне баса қылыштай қыр астына ықтап, жантая қалған Қонысбек мызғып кетті. Солақ екен, кенет жылқының шеті дүр етіп, мама биелер мен азулы айғырлардың оқырана шапқаны тай-құлынның шіңгірлей кісінеген үнін басып кетті. Тоң жүрмеген қара топыраққа қадай салған қайың құрығына бір қолымен сүйене атына қарғып мінген Қонысбек жылқы жусатқан қолқатқа қарай құлдилай жөнелді. Дəл осы кезде өкпе тұсынан жебедей атылған бір көлеңке жанасалай бере оның қолындағы құрығын қатты қағып ұшырып жіберді. Сонан кейін ол айғай салым жерге барып, найзағайдай қайта ұмтылды. Көзге түртсе көргісіз мұндай түндегі тұйықсыз соққыдан алғашында есеңгіреп қалған Қонысбек тез есін жиып қамшысына сене, қарсы ұшады. Əлгі көлеңке жекпе-жекке жете бере бұлтарып кетті. Қонысбек енді оған айналмай, шұрқыраған жылқыға қарай тартып еді, сынапша сырғыған əлгі сиқыр сағым артынан тағы жете бере, сұп-суық қыларқан мойнына жыланша орала кетті. Ұшқыр аттың екпінімен еңістеп келе жатқан еңгезердей Қонысбек ат үстінен гүрс етіп жерге құлап түсті. Бағанадан айналдырған жасырын «жауы» жалма-жан ұшып келіп кеудесіне міне түсті. Жандəрмен жұлқынған Қонысбек қонышындағы кезжарым ақ сапсысына қолын салды. Сонда үстіндегі белгісіз пенде сықылық атып: – Қошан ағатай-ай! Ашуыңды бір жолға бере гөр, мен, мен... Ойнап жүрген өзіңнің Ботақаныңмын ғой,– дегені. Ентіге орнынан ұшып тұрған балуан жылқышы буындырып бара жатқан қыл арқанды мойнынан да шығармай: – Ой, боқмұрын, пышақтан оқыс болсаң қайтер едің?!– деп оны құшақтай алды. – Оқыс болатын адам осындай тас қараңғы түнде мырзашерікпен ойнай ма?!– деп тағы сықылықтап күлді ол. Қоңыр елтірі тымағының құлағын тарс байланып, белін атасының күміс белбеуімен шарт буынып алыпты. – Ой, қайдан келдің? – Тəтем сізге тамақ апарып берші, суықта жаурап жүрген ғой

деген соң, атамның шоқпарын ала салып, арқандағы ала аяқпен бағана келгем. Баспалап қарасам, қалғып барады екенсіз. Сонан жылқыны айналып жүріп-жүріп, əбден ұйқыға кеткенде сізді бір шошытайын деп қыр желкеңізден қыдиып отырғаныма қашан?! – Пай-пай! Мынауың... Тфу, тілім тасқа!– деп жерге түкірген Қонысбек өз-өзінен сасқалақтағандай болды да, – бол енді, жүр, атыңа мін, үркіткен жылқыларыңды иірмектеп тастайық, – деп көмейіндегі айтайын деген сөзін жұтып, жайбарақаттана қалды. – Қошан аға, осы атамның «ер қанаты – ат» деп ылғи жүйрік баптайтыны неткен жақсы өнер! Жаңа ала аяқтың үстінде сізбен ойнап жүріп, əнеукүнгі біреудің айтқанынан жаттап алған «Құлагер бəйітінің» бірталай жерін ішімнен күбірлеп судырата беріппін. Соған қарағанда сондай қызық мəйіттерді құрастырып жүрген ақындар да атбегі ғой деймін?– деді Болатқадыр Қошан ағасымен қатарласып келе жатып. – Ой, айналайын, ақындар атбегі тұрмақ, адам жанының да білгірі дейді əуелі. Кəне, үйренген «Құлагеріңді» бір көсілтші? Болатқадыр баяу қисса əуенімен бəйіттің басынан сыдырта жөнелді: Тасқында тау суындай көңіл жыры, Қазақтың сусындасын ойы-қыры. Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа, Бастырмай шөпке-шарға тоқтап құры. – Бəрекелді, бəрекелді! Сен ертекші баладан енді қиссагер жігіт болыпсың ғой. – Жалғыз бұл емес, əуелі Қабанбай бабам мен Бөгенбай дастанын елден емене жаттап жүрмін. Сізге айтайын деп жүрген бір тілегім бар еді, Қошан аға, қазір айтсам бола ма? – Айта ғой. – Онда міне, айтсам айттым. Ең алдымен атам бастап үйреткен аттың сыны мен бəйге бабын өзіңіз тағы да тыңнан жалғастырып үйретіп жүрсіз. Ертек пен бəйітке өзің ұмтыл. Былтырдан бастап домбырашы Шежінбек атамнан күй үйреніп, Барақ батыр, Асанқайғы, Қорқыт күйлеріне көп қызығып жүрмін. Енді Əсеттің əндері сияқты асқақ əндерге бой ұрғым келеді. Оған өткен жазда Жақыпбек Маңпаң атаң «ұстазыңды мен тауып беремін, талабыңнан қайтпа қарғам» деп уəде берген болатын. Атам қайтыс болғаннан бері өзіңіз мал баға жүріп, Көкқамыр мен Бұраталаның сай-саласын түгел таныстырдыңыз. Мергендікке баулып, жаздың жəрмеңкелі бойын тамашасымен, қыстың қиын өткелдерінен де сағымды сындырмай сан өткіздіңіз. Бірақ, мен əлі күнге дейін мектеп есігін ашпадым. Оқиын десем, байларға малай болып кеткен Əбдіқадыр мен Иманқадыр ағам əлі ауылға оралмады. Ал, оқуға қашып кетейін десем, елге жалданып жан бағып жүрген сіз қолғанатсыз, жалғыздық тартып қала ма деп алаңдаймын. Айтайын деген талабым осы еді,– деп Болатқадыр бала болса да Қошан ағасының құлағын жаңғыртып, сай-сүйегін сырқырататындай сыр шертті. – Талабыңнан айналдым, өзім де сені ендігі жылы қайтсем де оқуға берейін деп жүр едім. Біздің тұқымымызда қазірге дейін мектеп есігінен ақ қағаз ұстап, қара таныған адам жоқ. Əкем марқұм жанын жалдап жүріп, жан бағу жолында өздігінен үйренген адам. Ал мен болсам əлі сауатсызбын. Енді сені осындай соқыр жолға салсам, атаңның өсиетіне шет болып, обалыңа қаламын ғой. Беремін оқуға, алаңсыз бол айналайын!– деп атын тебінді. Сөйтіп, Болатқадыр 1938 жылдың күзінде, 13 жасында Сарбұлақтағы Керімқұл мектебінің есігін ашты. Білімге шөлдеп келген, естияр, есті оқушы «кенже қозы сүтпен жетілгендей» тез марқайды. Бұл екінші жылдықтан бастап мектептің ойын-сауық үйірмесіне қатынасып, өзіндегі бар өнерін жұрт ортасына жайды. Шежінбектен үйренген күйлерін домбырада төгілтіп, Жақыпбек Маңпаң шақырып келген советтен өткен Қайыпбек деген өнерлі жігіттен тілашар беріп үйренген «Сұржекей», «Қара торғай», «Көкшетау», «Мақпал», «Жаяу Мұса» əндерін асқатата шырқады. Күресте жауырыны жерге тимес «бала палуан» атанды. Болатқадыр үшін қызуы мен қызығы мол төрт жылдық мектеп өмірі көзді ашып-жұмғандай-ақ тез өтті. Енді бесінші класқа түсер тұста, жайлаудағы үйінен «тез үйге қайтсын!» деген жедел хабар жетті. Ол жайлауға қайтқан орақшылардың көлігіне мінгесіп, ұшқасып Желдікезеңдегі үйіне жөнелді. Қошан ағасы төсек тартып жатып қалыпты. Оның бүкіл шаңырағының мəртебесін асырып, кедейлігін жасырып отырған екі бəйге аты мен атадан қалған асыл мұрасы жалғыз білтелі қара мылтықты аяқ астынан жайлауға шерік шығып, өзін сойылға жығып тартып əкетіпті. Мұндай зауалды уақиғаны естіген бала жігіт Болатқадыр санын бір-ақ соғып, екі тізесін соғып отыра кетті. Ол ішінен: «Əй, иттің күшіктері-ай! Қайран алаяқ пен қанжиренім-ай! Қайран атамнан қалған ақ беренім-ай!» деп егіле өксіп отыр. – Ботақан! – деді Қонысбек таңған қолын кеудесіне ала бір

қырынан жатып,– «ашу – араз, ақыл – дос» деген қалқам. Қазіргі қоғам мен қатыгез қара үкімет барған сайын бұзылып барады. Зар еңіреп жатқан жалғыз біз емес, көпшілік халық күңіреніп отыр. Онан да əліптің артын бағып, мен тəуірленгенше мынау үймен сүзіле сүмесін тартып, əрең жанымызды бағып отырған анау елдің малына қарай тұр, қарғашым... – Болады, ағай. Сонда ат пен мылтықты алған адамды танисыз ба?– деді Болатқадыр түйіле төмен қарап. – Əй, əй, ботақаным-ай! Əлі балалығың басым ғой. Үкіметтің қалың шерігінің қайсысын танимын мен. «Жиылсын!» деді, жиылдық. «Салық!» деді, қарсыласып едік, сабады. «Лау!» деді, баруға да, беруге де бейім болмап едік, астымыздағы атымызды аударып əкетті. Осыдан бастап Болатқадыр кешегі атасы берген Ботақан деген аса ардақты еркелік есімін тастап, Қошан ағасының керігін мініп тал-құрығын қолына алды. Қабағында мұң, жүрегінде сыз бардай айналасына сақтықпен ызбарлана қарайтын болып алды. Жер-жерде болып жатқан «ереуіл атқа ер салған» жаңа хабарларды құлағы шалған сайын жаны жəй тауып, «əттең, əттең!» деп алақанына түкіріп жүрді. Бір күні Көкжайлаудағы той үстінде бір топ шалдың: «Алтайда өкіметтің мылтық жинауы мен ат тарту етуіне қарсы бүлік туып, бүлініп жатыпты. Ауыр езгі мен салмақты салттан əбден есеңгіреген халық «алсаң енді жанымызды аларсың, аянатын неміз қалды» деп аттанған сияқты. Бұлардың алғашқы беталысы аса айбарлы дейді, жерлік-жемеңгерлермен сойқаншыл шеріктердің бірталайын бауыздап өлтіріп, көптеп қару-жарақ олжа алыпты əуелі» деп қопаңдасып отырғанын көрген Болатқадыр көкейіндегі бір түйіншектің шеті сетіней бастағанын сезінгендей болды. Енді бір кезекте жайлауда қымыз ішіп бөртіп жүрген Шақанбек, Мақарбек бастаған бір топ адуын жігіттер Болатқадырды баласынбай, жақын тарта өздеріне ілестіріп алып, бірнеше күн көп ауылды қыдырды. Сонда олар көсілген кең жайлаудың, жұлқынған кілең құраттар мен божыған боз балалықтың, сапырылған сары қымыздың желігі болса да аңсағандары мен айтқандары бала Болатқадырға майдай жақты. Дəл солардың аузынан тұңғыш рет айға шапқан арыстандай Əкпар батыр мен Сейіттің есімін, Патих, Қайнам деген жүрек жұтқан адамдардың атын естіді. Тіпті осы батырлардың «өкімет жиған кезіатты бір түнде тиеп айдап, совет жерінен қару сатып алып жүргенін де» еміс-еміс құлағы шалып қалып, өзінің шайтан шашты шеріктерге жем болған қос бəйгесі мен қара мылтығының сол батырлардың қолына тезірек түсуін көкседі. 1944 жылдың тамыз айында, бір бай саудагердің малына жалданып жүрген Қонысбектің үйі шет Сарбұлақтың басындағы Сабажан Қызылтұйығының теріскейінде отырған. Кеше кеште жауған ақ жауын таң ата басылды. Шəйден кейін ұсақ малын өрістетіп, ірі қараларын көздей шыққан Қонысбек сонысы басыла бастаған кең қолқатты өрлеп, сəскеге көтеріле көлденең жатқан Көкжалға шықты. Алыстан мұнартып, омыраулаған аппақ бұлттан күмістей дулыға төбесін дара көрсетіп, Көкқамыр шыңдары тұр. Айналасындағы қалың орманды қатпар-қатпар сай-сала көбіктей көшпелі тұманның астында алабелдеуленіп жатыр. Осындай сиқырлы да сымбатты табиғаттың сұлу көрінісіне елтіп тұрған Қонысбектің назарын оң жағындағы терең шатқалдан «тарс» ете түскен мылтық дауысы бөлді. Ол атын тебіне солай бұрылды. Тереңсайдың аш кезеңіне Қонысбек шыға келгенде, кезеңнің иек артпа астында тұрған ешкібас, елікбауыр, ер-тұрманды құба ат елең ете түсіп, осқырына шалқалады. Бірақ, ақ көбігі шыққан тарпаң атты басындағы темір үзбелі жаңа қайыс ноқтасымен қалың, жалпақ мойнақ шылбыры еркіне жібере қойған жоқ. Құлынында жоғалған жылқысын құнан-дөненінде жазбай танитын Қонысбек мынау қордын-қолаңды беймəлім құлаға таңдана таяй берді. Сол кезде қамшылар жағындағы қалың қарақаттың арасынан: – Қошан аға, бері бұрылыңыз! – деген Болатқадырдың дауысы саңқ ете қалды. Желе жортып жетіп барып еді, қос мүйізді алты салалы еліктің кер қызыл текесін жаңа ғана бауыздап, орнынан көтерілген Болатқадыр өзіне қарап күліп тұр екен. Жанындағы айқаса шыққан үш түп аққайыңға сыры жалтыраған жап-жаңа қос ауыз мылтық сүйеулі тұр. – Ассалаумағалейкум! – Уағалейкумассалам, қанжығаң қанды, қарауылың оңды болсын, мырза,– деді Қонысбек аттан түсе бере Болатқадырдың сəлемін алып. Сонан шапанын жұлып тастап, қылпылдаған сары кездігімен сұлап жатқан дəу текені жұқа шаптан іреп тұрып: – Иə, көп кешігіп кеттім ғой, елден жіберген шəй-тұзың əнеукүні келген. Өзің тіпті атыңа қаруың сай болып, бүгін оралғаның қалай?– деді Қонысбек қала порымындағы су жаңа қара шибарқыт

шалбар-шапаны мен қонышы қайырылған былғары етігі сұңғақ бойына құп жарасқан Болатқадырға сүйсіне қарап. – Астымдағы қойға жетпес қоңыр добалды біреу арбаға жегейін деп қолқалағаннан кейін, мынау қубестіге айырбастап жібердім. Ойда озбыр өкіметіміз тағы да ылауға адам ұстап, мылтық жинап жатыпты. Сондықтан Мамазы деген бір таныс дұнғаным үйіндегі ау мылтығын «тауға апарып тасалай тұршы» деп маған берді,– деді Болатқадыр. – Иə, иə, сонда айырбастап алған атың тақымыңа жақты ма? – Ойда екі-үш күн міндім. Бүгін таң азаннан тұрып, тігіл болса да біршама жақын жол ғой деп тік ирекпен жүріп, асу асып келіп тұрғаным осы. Жануардың аяғы жылдам, жүрісі жəйлі екен. Демі бекем көрінеді. Əйтеуір қамшы салдырмайды. Қалғанын өзіңіз жата-жастана сынап берерсіз. Жайылған терінің үстіне үйілген семіз етті мүшелеп жатқан Қонысбек, əлдене іс есіне түскендей кенет кеудесін көтере, Болатқадырға қайта бұрылып: – Ойдан алып келген одан басқа қандай жаңалығың бар? – деді тігіле. – Онан басқа, онан басқа,– деп түйіткілсіп барып тілге келген Болатқадыр, – өздеріңіз де естіп жатқан шығарсыздар, бұрнағы күні Нылқы ауданында Əкпəр-Сейіт бастаған қалың халық қозғалып, өкіметке қарсы ұрыс жариялапты. Олар Ыластай деген жерде сақшылармен айқасып, халықты жаныштауға келген жауларды қынадай қырып салыпты,– деді ентіге екі танауы делдиіп. – Ойбой, мынауың қиын хабар екен, жігітім. Мұндай кезде елдің қаруын алғаның қалай? Пəлесі тисе қайтесің, қарғам?– деп Қонысбек шошына қолындағы кездігін жайбарланған еттің үстіне тастай салды. Оның есесіне Болатқадыр ойлана барып, сүйеулі тұрған мылтықты қолына алып, нағашысының жанына таяды да: – Аға, қазір денсаулығыңыз недəуір жақсарып қалды. Мен өкіметтің ылауына ұсталып қор болғанша, сол Нылқыдағы көтерілісшілердің қасына кетейін деп келдім. Ойдағы біз сияқтылар да осылай деп сабылып жүр. Бұған қалай қарайсыз? – деді. Алғашында тіксініп қалған Қошан, тез қалпына келіп: –Жоқ, болмайды. Жасың енді ғана 18-ге келді. Оның үстіне атаңның қара шаңырағының аңырайып тұрғаны анау. Құдай бұйырса биыл біреу-міреумен құдаласып, өшкен түтінді қайта түтетіп, босағамды қызартайын деп жүрмін. Кетпейсің, болмайды!– деп Қонысбек от басқандай быжалақтады. Осыдан кейін екеуі еліктің етін терісіне орап бөктере салып, тез аттанды. Етті Қонысбек, мылтықты шекпенге орап Болатқадыр бөктіріп алды. Көбігі қатып, тері құрғаған Құлабесті құйындай ұйтқып, Қонысбектің алды-артын орап келеді. – Ботақан! Мынауың өзіңе серік болғандай жылқы көрінеді. Нағыз қаз мойын, апай төс, алшақ сан, қуан тұяқ, сұйық жал, сұмбыл құйрық, жасыл жанар текті жануар дегенің дəл осы,– деп Қонысбек атадан қалған атбегілік өнерін Құлабестінің алдыартына шығып төгіп келеді. Оның талай жылдан бері айтпай кеткен «Ботақан!»– деген жылы лебізін естігенде Ыластайдағы көтерілісті қиялдап келе жатқан Болатқадырдың ойы қайта орнына түсіп, кедейліктен кетеуі кетіп жүрген Қошан ағасын аяп кетті. Сол орайда Қошан: – Жаңағы сөзіңді үйге барғанда жаман тəтеңе айта көрме жаным. Ол бейшара мұны естісе бүйі шаққандай шошып кетеді ғой. Онан да өзің ұнатқан қызың болса бізден тезірек сүйінші сұрап, қызығыңды көрсет, шырағым!– деп Болатқадырдың құлағына өз ақылын тағы құймалады. Болатқадыр үндеген жоқ. Үйге келген соң да қызды ауылды қыдырып, болашақ жар іздеген жоқ. Қонысбек қузай берген соң көп өтпей əлгі дұнғанның ау мылтығын өзіне апарып тастады. Содан соң ауыл маңынан ары аттамай, атасының долана шоқпарын қайта бүлдіргілі, ер-тұрманын мықты əбзелдеп, Құлабестіні тұнықтан суарып, соны қауақтатып, сылап-сипап мейіздей қатырып, бір түрлі жұмбақ қиял, ауыр оймен жауар бұлттай түнеріп жүре берді... Кеңсайдағы кек оты Қазанның ортасында-ақ қоңыр күзекті қар басып қалды. Қонысбектің үйі сонда да қыстауға ерте көшпей, саудагердің қалың малымен жалғыз үй қалды. Бір күні ақ түтек боранды түнде иттерді абалатып, екі атты адам үйге таяй берді. Мал қайырып жүрген Болатқадыр оларға қарсы жүріп, сəлем берді. – Уағалейкумассалам! Бұл кімнің үйі? – Қонысбектің. – Қайсы Қонысбектің? – Тоққұлының Қонысбегі.

– Сен кімсің? – Қонысбектің інісімін. – Атың кім? – Болатқадыр. – О, онда жолымыз болған екен. Əулие атамның қара шаңырағына бір түнеп өтейік. Қошан өзі бар ма? – Бар. – Болды, болды. – Ал, Фəтей, аттан түс,– деп бағанадан ат үстінен еңкейіп тұрып сөйлескен дембелше адам оң аяғын үзеңгіден шығарды. Қонақтар үйге кіріп келгенде, төсегінде жамбастап жатқан Қошан орнынан баяу қозғалып, шамның алакөлеңке жарығында: – Ассалаумағалейкум, Үсеке!– деп алдымен жаңағы дембелше кісімен қол алысты. Болатқадыр адалбақанның бұтағындағы аспа шамның білтесін сəл көтеріп қойды. Аман-сəлемнен кейін, қонағы жайғасып отырмай-ақ, Қошан ежелгі əдетінше қозғалақтап: – Үсен аға, құдай айдап атыңыздың басы бізге бір бұрылған екен, шəйіңіз бен кеспе көжеңіз міне дайын, сонда да бір малға бата жасатпай сізді тіпті де жібермеймін. Бүгін жатып, ертең жейсіз бе, жоқ, қазір əкелейін бе? Бірақ, қонақта ерік жоқтығын алдын-ала ескертіп қояйын,– деді төтесінен. – Ең абзалы, біз сияқты ат үстінде əбден шаршаған адамға ащы күрең шəй мен майлы көжең сіңімді болар? Бірақ, менен бата аламын деп өзің кесетіп отырсың ғой. Онда мен де ашығын айтайын, біз ертең ерте таң азаннан аттанып кетеміз. Ендеше, сойғыш болсаң, ерінбенге еркін тойған лақ сой. Сонан абзалы жоқ,– деді қою қара мұртты Үсен үй иесі Қошан мен жанындағы жолдасына кезек-кезек қарап, қарқылдай күліп. – Ой, батыр-еке, түн болса мынау, боран болса анау, осы қазандағы дайын көжеге-ақ батаңызды берсеңіз болды емес пе?– деді жанындағы талдырмаш орыс жігіт тап-таза қазақ тілінде. – Əй, Фəтей-ай, қазақша сарнап тұрсаң да, кейбір салт-санаға келгенде шорқақсың-ау. Көженің көп батасына тірі малдың бір батасын айырбастамайды мына Қонысбек. Оның үстіне біздің осы шаңырақтың үлкен иесі Тоққұлы деген атамыз асқан саятшы, құралайды көзге атар мерген, білгір емші, көріпкел əулие болып өткен адам. Ендеше осындай қасиетті дастарқанды адал малының басынан қалайша аттап өтпекшіміз?!– деп сыртқы киімін шешіне бастады Үсен. Оған ілесіп Фəтей де қашқарша қарашекпенін сыпырды. Үсеннің мойнында ағаш қапты қып-қысқа мылтық іспетті бірдеме, Фəтейдің белінде қарыстай қара тапанша тұр. Шəйден соң лып етіп далаға шыққан Болатқадыр мойын жүні тақырланып, əбден түлеген серкедей сары лақты көлденең тартып «əумин» деп алақанын жайды. Жинаулы жүкке шалқалай сүйеніп отырған Үсен түзеле қалып: –Уа, қасиетті шаңырақ, Тəңірі саған ұл берді. Жастайынан бақ қонды Ұзын болып өмірі, Баса берсін ілгері. Қолынан туы түспесін, Талықпасын білегі. Ел қорғайтын ер болсын, Түкті болсын жүрегі. Аспақ болса қарлы тау, Бөгемей асу берсін! Өтпек болса қанды өзен, Қақ жарылып кешу берсін! Ұран сап жауға шапқанда, Тəңірі жолын оңдасын! Жаратқан ием əманда, Жар болып өзі қолдасын! Батырдың қайрат-күшіне, Еш көлденең болмасын! Иллаһи-аллаһуакбар!– деп қос қолымен бетін сипады. Елімен бірге бетін сипаған Болатқадыр батадан басқаша бір мəн ұққандай, төрдегі қарулы қонақтарына кезек-кезек ұрлана қарады. Сонымен семіз лақты Болатқадыр жəркемдеп, қонақтар мен Қонысбек əңгіме-дүкенін құра бастады. – Үсеке, ұзақтан бері өзіңізді ел арасынан көре алмасақ та, етікпенен су кешіп жүрген ерлік хикаяларыңызды еміс-еміс естіп жүрміз. Əуелі, бүгінгі мынау суыт жүрісіңіз бен суық құралыңыздан да бірталай сырды сезінгендей болып отырмын. Кəне, айтыңызшы көрген-білгеніңізді,– деді Қонысбек. – Қошан-ау, бұйымтайың қомақты ғой өзі,– деп күміс шақшасынан тырнақтай насыбай иіскеген Үсен, əңгімесін арыдан тартты. – Мен осы кіндік кескен жерімнен кеткелі саусақ бүгіп санасам алты жыл болыпты. Қоғамың құмай болғанда, жігітің түлкі

болады екен. Əуел баста «ұры» деп ұстады. Сонан соң «тонаушы» деп тас түрмесіне жапты. Онан кейін «жендет» деп жер аударып, Үрімшінің зынданына сүңгітті. Өлмеген жанға əйтеуір, бір себеп болады екен. Былтырғы жылдың күзінде Үрімшідегі қанды қол Шың Шысайдың зынданына Қайнам деген қара сарт екеуміз қашып шығып, Ілеге өлгенде əрең оралдық. Сонан бері ел ішінде бұқпалап жан бағып жүрген жəйім бар. Ал, бүгінгі суыт жүрісімізді, суық қаруымызды білмек болсаң жасырмай-ақ оны да айтар едім. Екі айдың алдында Нылқыдан қолымызға ақ ту алып атқа мінгенбіз. Сабаз сардарымыз Əкпар мен Сейіт деген ағайынды адуын жастар. Олардың асыл арманы шірік Гоминдаң үкіметін аударып, езілген елге азаттық, теңдік əперу. Құдай оңдағанда тамыздың ортасында Ыластайдан басталған қарулы көтерілісіміз жеңістен-жеңіске жетіп, айбынымызды асырды. Гоминдаңның Нылқы аудандық қуыршақ сақшысы көп шерігінен, мол қаруынан айырылды. Міне, бұл өздеріңіз естіп жатқан «Нылқы бүлігінің» басталуы. Ал онан бергісін айтсам, өткен қыркүйек айының соңында Ыластай партизандарына қоршап шабуыл жасаған Іле аймақтық сақшы мекемесінің орынбасар бастығы Жау Жуң Мин партизандардың алдында үш жүз əскерінен айырылып, өзі де жер қапты. Қазір мыңнан астам қарулы қосыны бар сол Ыластай партизандары осы үстіміздегі қазан айының басында екі күндік сұрапыл шабулымен Нылқы ауданының орталығын алып, бүкіл ауданды азат етті. Сонымен, көп бейуазды түрмеден босатып, жау əскерінің неше жүзін тұтқындап, мол қару-жарақты тағы да олжаға түсірді. Гоминдаң билеушілерінен аудан əкімі Ло Ши Шың мен сақшы бастығы Фың Уин Жун қатарлы төрт малғұнды хан көшеде халық алдында атып тастады. Міне менің айтар жаңалығым осы,– деп Үсен жанында жантайып жатқан Фəтейге бұрылды. – Сонда бүгінгі жүрістеріңнің сыры не?– деді Қонысбек шеткерірек отырған Болатқадырға бір қарап қойып. Ол да бар зейінімен бағанадан бергі əңгімені ұйып тыңдап отыр еді. – Суыт жүрісіміздің сыры мынада,– деп сөзін жалғаған Үсен Қонысбектің сол қолынан шап беріп ұстай алды: – Жаңағы əңгімелерге өзің қалай қарайсың? – деп қарсы сұрақ қойды. – Е, «көппен көрген ұлы той» деген ұлағатты сөз бар ғой. Халық қозғалса біз де қарап жатпаспыз. Ел ішінде қазір күбір-сыбыр да көп. Біреулер Нылқы көтерілісшілерін көкке көтере мақтаса, енді біреулер Ілені қойып, Үрімшідегі Гоминдаң əскерлері құрттай құжынап Құлжаға қарай келе жатыр екен деп құрша жорғалап жүр. Мейлі, кім не десе о десін, қазақта «ханға қарсы тұрсаң қазанатыңды сайла» деген қасиетті сөз бар. Ендеше, басталған игі істі басып алмай, етек-жеңді түрініп, қанды шайқасқа əзірленуіміз керек. Зорекерлік шегінен шығып, əділетсіздік жұлынымызға жеткен мынау қаратүнекте кімнің ешкісі егізден лақтап отыр дейсің. Сондықтан Əкпар-Сейітке абырой тілеп, төңкеріске тік қопарыла қатынасудан басқа шара жоқ,– деп Қонысбек сол қолын ұстап отырған Үсеннің оң қолының үстіне өзінің оң қолын қабаттай қойды. – Жарайды,– деп қайта сөзін сабақтады Үсен, – онда осы жолғы суыт жүрісіміздің сыры мынандай, мынау Фəтей деген өзіміздің Кеңсай тас жолының бас басқарушысы болып істейтін орыс жігіті. Осы жігіт Кеңсайда да партизандар қосын ұйымдастыру ниетімен Нылқы ауданына барған екен. Ондағы қолбасшылық штат мұның ұсынысын орынды санап, мені кеңесшілікке қосып қайтарды. Енді жетеғабыл іске кірісіп, Кеңсай партизандары қосынын құруға кетіп барамыз. Кеңсай төңірегіндегілер де бұл істен үш күн бұрын хабарлы болды. От жүрек, отаншыл, сенімді, дəміл жігіттер болса, оларға жол-жөнекей бұйымтайымызды ашықтан-ашық айтып да келе жатқан жайымыз бар. Осы бір іске сіздің жайыңыз қалай? Анау атасының баласы ше?– деді Үсен үй ішіндегілерге жағалай көз салып. Үсеннің сұраулы жанарынан көп сыр ұққан Болатқадыр Қошан ағасына қарады. Қонысбек отырған орнынан қозғалақтап барып, толғана тіл қатты: – Мынау Болатқадыр деген бала қара шаңырақтың иесі еді. Өзі бойы сорайып тұрғанымен, 18-ге енді толды. Ол жаз жайлауда отырғанда-ақ Нылқы партизандарына барамын деп қиғылықты əбден салған. Оған біз көнбегенміз. Содан бері бізге қыңырайып қисық қарап жүр. Əуелі жүйрік ат, долы шоқпары мен өткір пышағы да дайын. Тілім тасқа, өзі ат үсті қимылының майталманы, оғы жерге түспес мерген. Бүгінгі сіздердің əңгімелеріңізді естіп, көктен тілегені жерден табылғандай бала құсша қомданып отырғанын қараңызшы?! Сол қосылсын сіздерге. Бірінші Құдайға, екінші өздеріңізге тапсырдым. Ал, өзім алыстан тілеулеріңді тілеп, айғайшы болдым. Мынау отбасының шаруасына қарайын,– деп ақтарылған ақ тілегін білдірді. Болатқадырдың Қошан ағасының құрметті қонақтардың алдында өзін тым артық мақтап жібергеніне алғашында бір қызарып,

бір ағарса да, артынан «қалайда көптен көңілімде жүрген бұлдыр арманым ертең-ақ іске асатын болды» деп түні бойы көз ілмей алағызып шықты. Үсен мен Фəтей ұзақ əңгімемен отырып, таңға жақын сəл мызғып алған соң, ерте оянып, Болатқадырмен үшеу болып күзектегі жалғыз үйден аттанып кетті. Таң атқанша Қонысбекке қомпылдап: – Атасының аруағы атсын сені, қарғадай баланың қаңырығын түтетіп, қанды соғысқа айдадың, осыған қайтіп дəтің шыдап отыр-еу, қара дəу,– деп жылай жүріп зыр жүгірген Болатқадырдың Нүрила тəтесі Ботақанның қойнына малта тығып, бетінен шөпілдете сүйіп, «Алла ақ жолыңды бере гөр» деп аттандырған бойы артынан кемсеңдеп əлі қарап тұр. Оның аналық мейірімі төгілген тұп-тұнық көз жасы екі бетінің етегіне жетер-жетпестен мөп-мөлдір болып моншақтана қатып қалыпты. Түні бойы дамылсыз соққан ақ боран бір сəтке ішегін тартып тына қалды. Ауа шыңылтыр суық. Батысты бетке алып зар желіп келе жатқан үш салт атты Сарбұлақ бұйраттарын белдеулеп жатқан жалғызаяқ жолдың көбік қарын бұрқылдатып ұзай берді. – Ал, батырым, қонышыңдағы қыл қимас сары кездігіңді бағанадан-ақ байқап келе жатырмын. Сонда соғысқа сайлап жүрген басқа қаруың қайда?– деді Үсеннің артынан еріп келе жатқан Фəтей Болатқадырға қатарласа бере. – Міне! – Қайыс білдіргісін ерінің алдыңғы қасына іле салып, шəйнектей түйіртпек бұж-бұж басын қамшылар жақ үзеңгі бауға баса отырған қара шоқпарын жұлып алды Болатқадыр. Ғасыр бойы қатулы да қатпарлы алақанның сан сығымынан өткен, жарты құлаш сабы жып-жылтыр, бұж-бұж домалақ басты қара шоқпарды қолына алып, ауаны осқылай мəз бола сілтепсілтеп жіберді Фəтей. Желігіп келе жатқан Құлабестінің адуынды жүрісіне сүйінді Болатқадыр, бөктеріндегі шөгіндегі сары тоны мен ақ пимасын да басып-басып көріп, босай бастаған қанжығасын ат үстінен мықтап байлап қойды. Сонан үстіндегі мешпетше елтірі ішігінің сыртынан буынған атасының құмайла жалпақ белбеуін қарнынан төменірек сырғытып, тұғырдағы балапан бүркіттей сыланып-сыланып отырды. Олар далиған Алмалы аңғарының аузына ілініп, онан кеңірдектей Кеңсайды өрледі. Батыс пен шығыстағы заңғар тауларды қалың қар, бозғылт мұнар басып, сай іші қою тұманға тұнып тұр. Тереңарнадағы тау өзені кейде сарылдап, кейде гүрілдеп кеудесін мұзға соғып жатқаны байқалады. Екі қапталдағы қалың жабайы өрік, алма ағаштары мақтадай мамық қармен төбетөбелене жабаланып, асты болар-болмас қаратамақтанып жатыр. – Кеңсайдың жолымен таныспысың?, деді Фəтей Болатқадырға бір кезде сəл бұрылып. – Таныспын. Əуелі бұл тұрмақ , Көкқамыр мен Еренқабырғаның, Бұратала мен Сарытаудың сай-саласын, өзен-өткелін де жатқа білем. – Кəне, онда, осыдан өрлей жер аттарын бізге бір айтып берші? – Ағай, сай-саланың атын өз тұсына барғанда айтайын ба, жоқ Алмалыдан өрге қарай өлеңдете жөнелейін бе?– деді кешегіге қарағанда еті үйреніп қалған Болатқадыр екі батырдың ортасында еркелей тіл қатып. – Өлеңдетіп дейсің бе, онда өлеңдетіп-ақ жіберші, шырағым, жол қысқарсын, – деп Үсен найманша түлкі тымағының оң құлағын артына қайыра көтеріп, бала жігітке барлай қарады. Солақ екен, ол тақалып келіп тақпақтай жөнелді: Алдымыз аталады Алтыкөпір, Жетеміз Таңбалыға опыр-топыр. Қарсы алар одан кейін Қайыңдысай, Кеңсайда кезігеді қалың шопыр. – Ой, мынауың ақын тұрмақ шежіре ғой əуелі,– деп Фəтей Үсекеңе бұрылды. Сонда Үсекең: – Е, мен таңертең-ақ бұл жігіттің атасының қара шоқпарға тегін жабыспағанын білгем! – деп сүйсіне қарқылдап қатты күліп еді, Фəтей мен Болатқадыр да ол кісіге қосыла күлгенде жаңғырған таудың жартастарынан көбік көшкіндер будақ-будағымен жарыса құлады. – Ай-ғай, ғай, байқаңдар, байқаңдар! – деп ат басын үрке қалғаны үшін, – мынау көбік қардың көшкіні онша қауіпті бола қоймас. Бірақ, бұл қасатқа айналған кезде қабырғаңнан көшер болса, жүрген жерінің аламайы мен тоз-толаңын шығарады. Мұндай жағдайда бірер айға жетпей көретін де болармыз,– деп Фəтейге көзін қысып, басын изеді. Фəтей ат үстінен жас партизанның жауырынынан қағып: – Жарайды, жақсы айттың, міне, нағыз сегіз қырлы бір сырлы ер азамат деген осы! – деді.

Фəтей батырдың мақтауына ие болған Болатқадырдың көңілі марқайып қалды. Құлағын қайшылап шұлғи тартып келе жатқан Құлабестіге риза бола қарады. Олар осылай суыт жүріспен тұманды сайды өрлей берді. Үсен мен Фəтей қос қанаттағы əрбір өзек-жыралардың аузына келгенде əлденелерді қамшыларымен нұсқап, қысқа-қысқа жауаптасады. Айдалма тұмсықтарда тұра қалып, ұрымтал жалама беттерге белгі қойғандай «дəл», «солай», «осы тұстан» деген сөздерді кезек-кезек қайталап келеді. Болатқадыр олардың нұсқаған қолымен бірдей жан-жағына жалтақтап қарағаны болмаса, ештеңенің де байыбына бара алмай дал болып ойға шомып келеді. Бұларға жайшылықта Сайрам жақтан сабылысып жататын көп жүргіншіден бірде-біреуі кезікпеді. Үшеуі Артайға таяған сайын арттарынан аттарын ақтанаулатып үштен-төрттен топ-топ болып оларға жиырмадай жігіт қосылды. Келгендердің ішінен біренсараны ғана Үсен мен Фəтейге сəлем беріп, амандасқаны болмаса, басқалар тіс жарып, тіл қатқаны болған жоқ. Көк шатырда, көптеген дөңбек үйлі Артайға аттылар түс құя жетті. Үйлердің ық жағына ер-тоқымды аттар ығы-жығы байланыпты. Мұржалардан түтін будақтап, үш салалы қысқа жолдарда адамдар ерсілі-қарсылы сабылысып жүр. Фəтей өзімен бірге жаңа келгендерге дауыстап, ат үстінде тұрып былай деді: – Анау тұрған асхана, сонда барып ауыз жылытып, қарын тойғызып алайық. Екі сағаттан кейін мынау оң жағымыздағы биік үйдің алдында бас қосып, жиыс ашамыз. Тез қимылдап, түгел келіңіздер! Жиынға жиылудың белгісі қатты соғылған қоңырау дауысы,– деп ол омырау қалтасындағы шынжырлы дөңгелек сағатын ашып қарап, оның тырнақтай қақпағын шырт еткізіп жаба салды. Сəлден соң шелектей қуыс шойын темір сойылмен даңғырлата соғылды. Оның күңірене шыққан дауысынан жаңғырықтан жанама жартастар ұзаққа дейін ызыңдап, қоңырау дауысын қайталады. Биік үйдің есігінің алдындағы ришеткалы шағын тақтай баспалдақта Болатқадыр танитын Шақанбет, Мақарбек, Үсен, Фəтей тағы бір-екі адам тұр. Аттылы-жаяу болып жүзге жуық адам оларға қарсы қарап тізілді. Алдыңғы қатардың бір шетінде Құлабестісін шұлғытып тұрған Болатқадыр жан-жағына ұрлана қарап еді, қатарындағылардың бəрі айыр, сойыл, найза, балталарын қолдарына көтере ұстап, түйіліп тұр екен. Енді біреулер бірен-саран ау мылтықтарын арқасына асып алыпты. Сонда ғана Болатқадыр ер қасына ілесе алған атасының аруақты дуана шоқпары есіне түсіп, ол да бүлдіргісін білегіне өткізе қолына алды. – Жарандар!– деді жуан дауысымен Үсен жұртшылықты өзіне бұра, – мен қазір Кеңсай партизандар тобы құрылғандығын сіздерге ашық жариялаймын. Бұл айбынды топтың ержүрек басшысы – өздеріңіз тұрған осы Кеңсай жол қорғау орнының бастығы Фəтей Иванович Лескин жолдас! Жаяу тұрғандар шатырлата шапалақ соқты. Үріккен аттар шыр айналып, осқырынып барып, зорға тоқтады. Болатқадыр мойнын соза қарап еді, олардың көбі біркелкі киінген шолақ тонды омарташы орыстар мен басқа түсті адамдар екен. Ат үстіндегі қазақтар жай ғана ер үстінен қопақтап қозғалып-қозғалып қойды. Болатқадыр сапқа тұрғандардың кім, қайсы ұлт екендігін түлкі, елтірі, сусар, сеңсеңнен тігілген тымақтары мен алуан түрлі бөріктерінен парықтап тұр. – Жарандар!– деді тағы да Үсен қос қолын көтере, – енді партизандар басшысы Лескин жолдасты сөзге шақырып, қызу қарсы алайық!– деп өзі бастап қол соқты. Бұл жолы жүз пар алақан тең соғылып, терең шатқал ішінде əлдеқайдан көшкін көшкендей шатырлаған үн көтерді. Ақ жағалы, қысқа ақ тонның белін былғары белбеумен қынай буып, екі иығынан айқастыра таспа баулы қылыш, наган асынған, талдырмаш денелі, қаршығадай ақсары жігіт басындағы көкбұйра елтірі тымағын қолына алды. Онан соң екі адым алдыға аттап: – Батыр бауырлар, барлық туыстар, сендерді ең алдымен өздеріңнің партизандық топтарыңның құрылғандығымен құттықтаймын! Біздің бұл жаңа қосынымыз зорекер шірік өкімет зауалға бет алған, ал, Нылқыдағы Ыластай партизандар жеңістен-жеңіске жетіп отырған шешуші кезеңде құрылып отыр. Қылмыстың зауалы алда не болатынын білмеген Гоминдаң өзіне-өзі ор қазып жатыр. «Зомбылықпен көркейген қарғыстан күйрейді» дегендейін шірік өкіметтің күйреп-күңірейтін кезі жетті. Ыластай партизандары қалың жауға қасқая қарсы шығып, барлық езілген ұлттардың азаматтары бір ниет, бір тілекте бола отырып, қазан айының алғашқы жетісінде бүкіл Нылқы ауданынан жемеңгер жезтырнақтың тегеурінен азат етті. Қазір олар шығысы – Ұты, Түті; оңтүстігі – Басілген; батысы – Мазар; батыс солтүстігі – Ашалы, Көрісай асуларында жан-жақтан қоршап келген жорықшыл жауларға жойқын соққы беруде. Бұл күндері

Ыластай партизандарының төңкеріс дүмпуі шығыстағы Күнес, Тоғыстарау, Текес, Мұңғұлкүре аудандары мен Құлжа қаласында да үлкенді-кішілі төңкеріс шоғын маздаған жалын көзін жайната ашуда. – Батыр бауырлар! – деді ол одан əрі өзі сөйлеп тұрған қазақ тілінің қан-сөлін сұйылтпай, – «Батыр түсінде жау көреді, балықшы түсінде ау көреді» дейді дана қазақ атам. Осы тұрған бəріміз де бүгіннен бастап осындай күй кешуге бел байлаған азаматтармыз. Сенімді хабарларға қарағанда, екі-үш күннің алдында шоқ басқандай болған Гоминдаңның 8-соғыс районының бас қолбасшысы Жу Шау Лян запас 7-дивизия 19-полкінің командирі Фың Жун Иеге бұйрық беріп, екі батальон мен бір минамат ротасын бастап Құлжаға көмекке баруды, оның Іледегі Гоминдаң армиясы мен сақшысына біртұтас қолбасшылық етуге, сондай-ақ Ілеге көмекке аттанған қосынның қазан айының ортасынан кешікпей соғыс майданына жетуін тапсырған. Тағы бір хабарға қарағанда, Жу Шау Ляң запас 7-дивизияның штат бастығы Саур Линді Іле аймағын орнықтыратын уақыттық қолбасшы етіп тағайындапты. Ол осы күндері Құлжаға аэропланмен келіп, мазардағы Нылқы партизандарының тіресу жағдайына негізделіп, Іледегі басым əскери күшін мазардан шығысқа қарай «тазалау» жорығын жасауға, Күшəрда тұратын атты əскерлер 4-полкін Мұзарт асуын асып, оңтүстіктен солтүстікке қарай «тазалау жорығын жасауға», запас 7-дивизия 21-полкін Жың ауданының Ашалы асуынан Құлжаға баратын жолды тосуға, қалған армиясын Талқының кезеңіне дейін тас-түйін орналастыруды бұйырыпты. Лескиннің сөйлеген сайын нағыз жүйріктей адымы ашылып, сөзінің дəлел-сипаты барған сайын ауырлап, кейін кездесетін жапалы жауынгерлік міндеттерді де санасы əр алуан сарбаздарға түсіндіре, нақтылап-нақтылап айтты. – Батыр бауырлар! Біз тұрған бұл қасиетті Кеңсай аңғарының бас-аяғы 28 шақырым. Оңтүстігі мен солтүстігі асқар таулы тар шатқалдар. Бұл бүкіл Жоңғар ойпаты мен Іле аралығында төтенше маңызды қатынас жолы. Жазда жанға жайлы салқын, ал қыс күндері 30-40 градустық суықтан жазбайды. Айында əлденеше рет қатты қарлы боран соғып, қатынас үзіліп қалады. Жер жағдайы қатерлі, біздің алда болатын қанды шайқастарымызға таптырмайтын киелі мекен. Жолдастар! Жалпы жағдай міне осылай. Алдымызда жау анталап таптап келе жатқан қасиетті Сайрам көлі мен тəкəппар Талқы кезеңі тұр. Артымызда туысқандарымызды тұншықтырып, Лу Сау Ку, Қорғас, Сүйдін, Күре, Құлжа қаласында озбыр өкімет отыр. Біз осы өңірлерді азат етуге «ер өзі үшін туып, елі үшін өледі» деген ұранмен етігімізбен су кешіп, егеулі найза қолға алып, өз ерімізбен аттанып отырмыз. Бүгіннен бастап, жаңалық ретінде қатаң тəртіп орнатамыз. Қаруды жаудан, қайратты халықтан аламыз. Кеңсайдың кезеңінен бері өзімізге ұрымтал, пайдалы жерлерден мықты тосқауыл орнатып, қанша жыл келсе де осы қарлы заңғарда қан қақсатуға дайын тұрамыз. Онымен қоса ойдағы шамамыз жететін шағын орындарға шабуыл жасап, қосынымызға қару жинап, жаудың негізгі күштеріне көз ілдірмеу тактикасын қолданамыз!– деді Лескин тебіндей келіп. * «Қаруды жаудан, қайратты халықтан аламыз!» деп ұйқысұраған Болатқадыр қар қалытқысының қабырғасын сүзе, жерін жастана жатқан жерінен басын жұлып алды. Құз басындағы екі адамдық қардан соғылған ұяшықтың ай сəулесі төгілген дөңгелек есікшесінде еңіске қарап отырған Аусынақын оны қапсыра құшақтай алып: – Е, батыреке, сонша не көрінді саған? Маған əлі ештеңе көрінбей сілем қатып отырғаны,– деп құлағына қушыкештене сыбырлады. Болатқадыр Аусынақын ағасының құшағынан бұлқынып шыға бере, өз қылығынан өзі ұялып, қысылғанынан күліп жіберді. – Міне, таң да атып келеді. Сені бағанадан біраз мызғытып алдым. Е, бейбіт заман болса осындай таң алдындағы тəтті ұйқыда пыр-пыр қорылдап, сонан соң сəскеде керіліп оянғанға не жетсін, шырағым. Сол күндерге жету үшін қазірше «қар жастанып, мұз төсену керек» сияқты бəріміз үшін. Əсіресе сен сияқты жас пен мен сияқты кəріміз үшін,– деп тебірене сөйлеген Аусынақын Болатқадырдың елтірі тымағының маңдайына жабысқан алақандай мұздақ қарды қолындағы тері қолғабын шешіп шертіп түсірді. Əне, көз ұшындағы Талқының кезеңі мен Көксаланың көгінен алаулап күн шұғыласы көріне бастады. Шашыраған күн нұрына сүйене қараса да өзінің жаурап тұрғанын жасыра алмаған Болатқадыр енді жас балаша еркелеп, Аусынақын ағасының ыстық құшағына қос қолын сүңгітіп жіберіп, оның бетіне ыржия қарады.

Екі бетінің ұшы əдетте қып-қызыл алмадай болып албырап жүретін Аусынақынның қазіргі келбеті тіпті де ерен, əдемі қара мұрты қиылып, қас-кірпігі қылауланып, сəл қанталаған қарашығынан от шашып тұр. Толық та нығыз орта бойы ерекше біткен күш-қайраттың ұясындай мығым көрінеді. Өз ауылдасы болса да оның түр-тұлғасына, əсіресе Кеңсайға келгелі тəнті болып жүрген Болатқадыр: – Аға, қаншаға келдіңіз биыл?– деді Аусынақынның нұр ойнаған жүзіне сүйсіне қарап. – Отыздың тоғызына. – Онда осы сіздің əкеңіз Қорғанбай атам қанша жасында батыр болыпты? – Дəл сенің жасыңда. – Он сегізде? – Иə, нақ солай. – Сіз қанша жасыңызда батыр болдыңыз? – Мен əлі батыр бола алмай жүрмін. – Онда, мойныңызға бердеңке асынып, беліңізге қанжар қыстырғалы талай болды ғой. – Солай. Бұл мылтықты шекарадан жасырын қару өткізіп, біздің Ақтас қысаңына бекініп жүргенде берген еді. «Батыр» болудың кезеңі маған енді келіп тұрған сияқты, жаным,– деп Аусынақын əдемі бердеңкесін қамти ұстаған бойы Қоскөпірден Қайрақтыға, Қайрақтыдан Жамбасшалға, онан Көксораның жөн-жоталарымен, Сақанның сарқырамасы мен Желдісайдың желкесіне дейін өзі отырған биіктен қыран бүркітше қыдырта сөз салды. Неше күннен бергі келе жатқан жау үшін Талқының кезеңінің сағасына салынған сансыз «қақпандар» мен қарсы атылар «қанды жебелерді» қар басып қалыпты. Бірақ, ондай маңызды ұялардың бəрінде де дəл қазір өзімен Болатқадырдай жасырын қарауылдар отыр. Жалама-жартас тігіл беттерінде барлық қарауылдардың табанында үйілген тас пен кертілген дөңбектер бар. Сай ішіндегі жол тоғандары мен тұмсық-мүйістерді қазылған ор, қабатталған ағаш, тас пен қар, мұзды биік қақпалар жатыр. Қар астында осындай қаңды «қақпандардың» шамкөс тиегі мен желді «жебелердің» керілген адырнасы батыр партизандардың балуан саусақтарында тұр. Міне, солай жалмауыз жау жақындаса-ақ болғаны төбесінен жай түсіп, алдынан арыстанша атылмақшы. Сөйтіп, Кеңсайдың кереметін бір көрсетуге сақадай сайланған партизандар жасырын жол тосқалы міне он күн болды. Аусынақын аспанға шалқая қарап еді, бүгінде күн жарықтық аяздатайын деп қылаулап қызарып тұр екен. Етектегі жыландай ирелеңдеген ақ өзек жолда қайқыбас шанамен тамақ тасығандар ат-көлігімен түгел ақматаға оранып қайқайып келеді. Олар қазір Талқы кезеңі жақтан қараған жат көзге ешқашан табылмайтын қалтарыс жолдар мен жасырын ұяшықтарға беттейді. Осындай жым-жыртықты тағы Болатқадыр бұзып жіберді. – Ағай, Қорғанбай атам мендей кезінде қалай батыр болыпты? Бағанадан осыны ойлап ой шыңынан шыға алмай отырмын,– деді ол кейігендей танауын жиырып. Аусынақын оның сұрағы мен сұрқына қарап еріксіз күліп жіберді: – Ой, ол кісі дəл өзіңдей он сегіз жасында, тастай бір қараңғы түнде иен, жыныс орманның ішінде жортуылдап жалғыз келе жатыпты. Айдаған алпыс аты, жетегінде жеті түйесі бар екен. Таң ата бір алаңқыға шыға бере алды-артынан аш қасқырдай үш қарақшы сол атаңның үстіне албастыдай төне түсіпті. Сонда Қорғанбай атаң олардан қорқып, қорғанбай-ақ екі жағынан келгенін қамшысымен екі тартып аттан домалатып, қарсы алдындағысын қарашашақты найзасымен қабырғасынан түйреп тік көтеріп алыпты да, күндік жердегі ел арасына ойбайлатқан бойы əкеліпті. Сонымен, атаңның атақ-даңқы «Қорғанбай да Қорғанбай!» болып бүкіл елге жайылған екен дейді. Болды ма енді?! – Жоқ, жоқ, болған жоқ, ағай. Ендеше біз тосып жатқан Талқы кезеңінен бүгін-ертең жау аса қалса, зəуде ғалам мен де олардың үшеуі тұрмақ, бесеуін жайратсам, дəл сол атамша «батыр» атанамын ба, басымызға ондай күн туар болса мына долана шоқпарым қазір-ақ дайын,– деп Болатқадыр тіпті ерлене өзінің шеше алмай тұрған бір түйіншегін Аусынақынға қайталай тастады. – Əй, бала-ай! Осы күннің ауыр құрышқа оранып, күндік жерден от пен көк мырыш бүркетін жаулары қолындағы долана шоқпарың жететін жерге келтірер ме екен?! деп Аусынақын бердеңкесінің құмдағымен жұмсақ қарды, сəл түйгіштеп тұрды да, сөзін қайта жалғады, – Келеді, келеді! Бүгін-ертең-ақ осы Кеңсай ішінде күшті жаумен жағаласып-жарқыласатын, жан алып, жан беретін болармыз. Ондай кездерде сасқалақ болма жаным, сабырлы бол. Қандай жағдайда да ойыңды орнықтырып, беліңді бекітіп, қаруыңды қадап тұр жауыңа. Шындық пен əділдік, жүректілік пен жүйріктік, ептілік пен ерлік қай-қашанда ер-азаматтың айбынды серігі. Рахатта да, азап арқалағанда да халықтың қамын ойлаудан

жазбасаң сен де сондай аяулы азаматтың, еңіреген ердің егейінің бірі əлі-ақ боласың! Енді қалай, түсіндің бе? – Иə, иə. Əнеугүні біздің үйде қонып отырып Үсен ағай мен Фəтей бастық: Қорғауға ұлттың намысын, Азаматтықпен ант еттік. Еңіреген елдің қамы үшін, Қан іштік жəне қан төктік,– деп күңірене көтерілген жалынды бір əнді бірлесіп айтып еді. Сіздің жаңағы ақылыңыз сол əнді қайталап түсіндіргендей болып отыр маған. Ендеше менің өздеріңізге ергенім ерген. Қолымдағы əулие атамның киелі шоқпары əлгі құрышқа оранып, от пен мырыш бүркіп келе жатқан жалмауыздардың төбесінен əлі-ақ ойнайтын болады,– деп Болатқадыр Аусынақын ағасының мойнынан құшақтады да тез қайта шегініп, беліндегі қайыс белбеуін онан əрі бекіте буынды. Сол күні түн ортасында Кеңсайдағы Артай тас жол бекетінің дөңбектен салған еңселі асханасы партизандарға лық толды. Сықырлаған аяз бен ақшулан буға бөккен бұлыңғыр қабырғаларда бірнеше майшамның əлсіз сəулесі алыстағы жұлдыз құрттай жылтжылт етеді. Ортадағы үлкен қарағай орындықта Лескин салмақты да қоңыр үнмен түйіп-түйіп сөйлеп тұр: – Уа, партизан бауырластар!– деп ол алғашқы сөзіменақ барлығын бауырдай ұйытып, баурап алды өзіне. Онан соң сөзін қайта жалғап, – Талқыдан асар жау болса, Кеңсайдың керемет қорғанысы сақадай-сай тұр. Кешегі хабарға қарағанда Жалынқолдан Ыластайға қайтарма шабуыл жасаған Гоминдаңның запас 7-дивизия 19-полкімен 8 сағат қиян-кескі шайқасқан ƏкпарСейіттің Нылқыдағы батыр партизандары қарсыласқан жауды қанға бөктіріп, іле-шала Құлжа қаласын қоршауға алыпты... – Жасасын əділеттің атойшылары, ура!– деп асхананы басына көтере желпінді жігерленген партизандар. – Жолдастар, енді мынаны тыңдаңыздар, осы жуықта ғана Құлжаға көмекке жіберілген Шынжаң өлкелік сақшы басқармасының орынбасары жендет Лу Бин Ды: «Нылқы партизандары 1500-дей адам екен, 300-ден астам жойымпаз қаруы бар, барлығы əлекедей жаланған атты қосын. Біз Нылқыдан мəшинелерді жаралылар мен өліктерге толтырып, əрең зорға қайттық. Артымыздан олар ұран салып, жер-көкті сілкіндіре Құлжаға қарай қаптап келеді, тезірек көмек, көмек!» деп Үрімшіден зар еңіреп көмек сұрапты. Бұл сияқты жасырын жеделхаттарды біздің советтік саққұлақ хабаршыларымыз аспан аясынан торғайдай тұзақтап, қырғидай қырып отыр. Асхана іші ду күлкіге бөленді, тағы да күркіреген күшті ұран көтерілді. – Жолдастар! Білек сыбанып белдесер, қылыш сілтеп қан кешер уақыт бізге де жетті. Алдын-ала жіберілген шолғыншылары жер жастанған Талқы кезеңінің терістігіндегі Сымпытузыда жатқан жойқын жау Сайрамның көк мұзы мен сақылдаған сары аязына бауырын төсеп, онан əрі кетеуі кетіп жата тұрсын. Біз бүгін таңсəріде Лу Сау Гуді аламыз. Лу Сау Гудегілер де оңай-оспақ жау емес, бұл орында да Гоминдаңның қалың қарулы сақшылары мен дала соғыс армияларының бөлімшелері бар. Сондықтан олардан біздің əдіс-айламыз үстем! Айбынымыз басым болуы керек... * Партизандар Алмалының аузына шыққанша тақым қыспай, біркелкі зар желіспен келді. Бұл кезде таңқараңғылық жауып тұрған қармен онан əрі қоюлана түскендей еді. Олар сай аузына шыққаннан кейін жасырын белгі бойынша батыстағы жарлауыт беткейдегі ықтай иіріле қалып, шайқас жоспарын қосын бастығы Лескиннен қайталай естігеннен кейін тізгіндерін қымтай ұстап, еңіске қарай түйіле жүріп кетті. Анда-санда ат үстінен үзеңгілердің қағысып, сойылдардың болар-болмас соғылысқанынан басқа бөгде дыбыс жоқ. Ат дүбірін жауып тұрған көбік қар күмпілдете жұтып, малта тастарға соғылған тағалардан шала-жансар ұшқындар жылт-жылт шашырап қалып жатыр. Құлабестінің үстінде тұйғынша түйіліп келе жатқан Болаттың (кеше ғана онымен қар қалтқының ішінде азырақ əңгімелесіп қалған Лескин, – сенің есіміңді əзірше Болат деп атай тұрайық. Соңындағы «қадырыңды» қартайғанда қоса салармыз,– деген еді. Партизандар ду етіп қостай қол соққан) қонышында қанжар, қолында долана шоқпар. Атқалақтаған жүрегі өзіне тұрмақ, дүйім елге естілгендей дүрс-дүрс соғады. Бағана Артайдан аттанарда шиырлығы шыр көбелек айналған астындағы Құлабесті кенеттен талтайып тұра қалып, көбіршіте көп сиіп, тезектеп алған. Сонда баяғыда марқұм атасы айтып отыратын «жолы болатын» жорамалды есіне алған Болат, қазір бір жағынан қуанып, өз-өзінен марқайып келеді. Оған жүктелген бүгінгі міндет Лу Сау Гудің ба-

тыс жағындағы жазықтан орағыта айналып, ат құлағында ойнайтын 15 жігітпен бірге жаудың Қорғас, Сүйдін, Құлжаға қашатын жолын шорт кесу... Партизандар ешқандай сыбыр-сыбдырсыз жел қайықтай сырғып келеді. Жолдан шалғай андыз-андыз қыстақтардан əупілдеп иттер үреді. Шырт ұйқыдағы екі-үш қоржадан суыт өткен соң 200-ге тарта партизан қосыны төртке бөлінді. Бірінші топты Лескин өзі бастап Лу Сау Гу сақшы мекемесінің солтүстігінен найзадай қадалуда. Екінші топты Шақанбек бастап Лу Сау Гу райондық өкіметпен сақшы мекемесінің батысынан балта шабуға, үшінші топты Қалмақбай бастап Лу Сау Гудың шығысынан қаһарлана қанды қылыш үйіруге, төртінші топты Мақарбек бастап үріккен жаудың алдынан ақыр заман төндіруге белгіленді. Барлық топтағы партизандарға халыққа қайырымды болу, бұқараның ала жібін аттамау, ұлттық ортаға алабүтін жік салмау, қарулы жауға қаһарлана жойымпаз шабуыл жасау, өзіне абай болып, өзгелерді қорғай жүру бұйрығы мен тəртібі қатаң ескертілді. Мақарбек тобы алыстан орағытып Шыңсыхозының желкесіндегі күре жолға жете бере қиыс арттарында қалған Лу Сау Гу районынан тарс-тарс еткен мылтық дауысы естілді. Соның арасынша күркіреп күңірене бомбы жарылып, қараңғы аспанға жарқыраған жалын көтерілді. Су далада су-сулап оқ ысқырып, құлаққа талып-талып айғай-сүрең шалынды. – Сегіз-сегізден жолдың екі жиегіндегі тал-терекке далдаланыңдар! Қашқан жау қарсы алдыға келмейінше төбе көрсетуші, оқ шығарушы болмаңдар! Айыр, шоқпар, сойылдарыңды əсте əйелдер мен балаларға сілтемеңдер, таң атуға аз қалды, тастүйін əзірленіңдер!– деп Мақарбек жігіттерін қар жамылған қалың теректің арасына сүңгітті де, өзі де бірге ғайып болды. Болаттың ұшқыр қиялы Лу Сау Гудегі шайқас майданының үстінде қарлығаштай қалықтай бастады... Əне, əне Фəтей бастық биік мұнарадағы жау қарауылын қанжармен сілейтті. Мынау қорғанның қос қабатты қалың қабырғасын тесіп жатқан өзінің елден ерек ер жүрек Үсен ағасы. Анау қақпадан атойлап кіріп, қалың қолмен қоян-қолтық айқасып жүрген Қалмақбай тобы. Міне, міне қалашық ішіндегі қашқан жауды қайыра соғып, топты жауға тұйғындай түйіліп Шақанбектер жүр... Таңғы сəуле қарлы даланы арайына ала бастады. Сол сəтте Болат балаша елігіп, сеңше соғылысқан сезім селінде тұрғанда қатарындағы Қанат деген өзі құралпас сары жігіт оны ұйқыдан оятқандай: «Ей, келіп қалды, əне келе жатыр» деп қызыл асықтан үзеңгісімен қағып-қағып қалды. Болат сол жағындағы жол сілеміне жалт бұрылып еді, жалбаңдаған 3-4 атты адам анадайда шауып келеді екен. Мақарбектің тұсынан өте бере төртеуі де бердеңкенің безілдеген оғымен бірге арт-артынан аттан құлады. Сол-ақ екен, екі партизан қалың қарлы ағаш арасынан шауып шықты да, олардың аттарын ұстап, қаруларын алып, мүрделерін жол шетіндегі қалың қопаға тыға-тыға салды. Соның арасынша Лу Сау Гу жақтан жосылған төрт дөңгелекті арбалар мен қайқыбас қалың шаналар көрінді. Олардың кейбіреуі қаруларын арттарына қаратып «та-та-та-талатып, тарсылдатып» оқ нөсерін төгіп келеді. Арбалар мен шананың жайдақ аттарына мінген салпаң құлақтарда да ұзынды-қысқалы қарулар бар сияқты. Олар да андасанда дөй далаға қаратып оқ атып, қылыштың қырымен аттарды қабырғалатып көсіп келеді. Əркім өз тұсындағы жауға өзі ие болды. Болат пен Қанаттың еншісі едіреңдетіп екі арғымақ жеккен қоңыраулы шана болды. Шананың айдаушысы əбден ысылған жанкешті неме болса керек, аттарды зақпының тасындай зымыратып олардың тұсынан өте берді. Қатарласа шапқан Болат таяп барып қол пулеметтен оқ төгіп келе жатқан шананың үстіне секірді, ал қасындағы Қанат қос арғымақтың ауыздығына жармасты. Шанаға қарғып түскен Болат алдымен қасқыр ішікке оранып, қарыстай наган ұстаған түлкі мұрттыны долана шоқпармен тұмсықпен отырғызды. Онан соң көз ілеспес тездікпен артына қайырыла берген пулеметшіні төбеден соғып, енді қалғанына ұмтыла бергенде адам толы ауыр шана жол шетіне шыға аударылып кетті. Болат құлап түскен жұмсақ қарлы жар астынан атып тұрғанда Мақарбек қулана оң бармағын шығарды, ат үстінде күліп тұр екен. Қанат қаба-сақал біреумен сеңсең ішікті арбакешті жұлқылап байлап жатыр. Бағанағы шоқпар жеген түлкі мұртты төре басы-көзін қан жауып сенделіп тұр да, пулеметші шал қасында жан-тəсілім болып, миы маңдайынан ақтарылып жатыр. Күндіз кешке дейін кескілескен соғыс болды. Партизандар іңірден таң атқанша өртенген үйлер мен мектеп райондық өкімет, басқа да құрылыстардың қозын өшіріп, жасырынған жауларды адақтай ақтарды. Сөйтіп, бір жарым күн жанқиярлықпен алғашқы айқасты өз

бастарынан өткерген партизандар ертеңгі сəскеде мектеп ауласына жиналды. Əркім өз олжаларын қолбасшының көзінше ортаға əкеліп үйіп жатыр. Бұл жеңісті естіген жергілікті бұқара жанжақтан жапырылып келе бастады. Алғашқы таңда арыстандай айбатпен қарсы алған Болат екінші кешті еркін шарлаумен өткізген. Сонан міне мектеп ауласына енді ғана оралды. Оның алдында жасау-жабдықты үш арбамен сақшының бес сілімтік шерігі, осы маңға үкімі мен өкшесі əбден батқан айдаһардай арамтамақ «ақбұқа» мен «қарабұқа» деп аталатын екі жер иесі сүлкиіп-сүлкиіп сүмірейіп келеді. Екеуінің кəртеңдеу ши аяқ бəйбішелері мен бір топ ілмиген тоқалдары арбаның жақтауына шегірткеше жабысып алыпты. Ердің алдыңғы қасына айқастыра ілінген бес-алты мылтық. Қос құлағын қайшылаған Құлабесті бауырынан жарап, көсіле көлденеңдепкөлденеңдеп, шұлғып қояды. Болаттың алдынан көбік қарды бұрқылдата желіп шыға келген Лескин мен Шақанбек ат үстінен амандық сұрасты да: – Е, бала батыр, керуенің тоғанақты, олжаң қомақты көрінеді ғой. Мұның бəрін қалай ұстап, қалай жиыстырдың?– деді бірінен кейін бірі самбырлап. – Мына шоқпарға «бұқа» тұрмақ, шошқа да шоңқайып тұрады екен, бастық. Ал, анау су жүрек серіктерді қамыс арасында қамшымен қуып жүріп қарусыздандырдым. Арбамен жасаужабдық мынау аты шулы жер иелері – екі «бұқаныкі». Бар болғаны осы,– деп Болат долана шоқпарын көтере білеп-білеп қойды. Сол мезетте Болаттың Қошан ағасы да қалың топ ішінен суырыла шығып, шауып келді де Ботақанын бас салып, оның суық сорып тотыққан жүзінен аймалай бастады. – Қойыңызшы енді, Қошан аға,– деді сəлден соң Болат бұрыла беріп таңқы танауын бір сүртіп. – Айналайын-ау, аман жүрсің бе? Сені түнімен іздеп зəре-құтым қалмады ғой,– деп қауқылдаған Қошан енді Болатты тастай салып, өзінің шайқас майданына кеше келгендігін айқұлақтана айта бастады Фəтейге. Түскі ас партизандарға сол мектеп ауласында берілді. Қапалақтаған қар басылып, күн көзі жылымықтана қалған. Алаңқыда төбе-төбе болып олжаға түскен қарулар мен қазыналық бұйымдар жатыр. Аппақ қарлы жазықта сап түзеген партизандар Лескин бастаған əр алуан погонайлы бір топ қарулы адам шыға келгенде тып-тыныш бола қалды. – Біз,– деді Лескин ат үстінен шірене көтеріліп, – Лу Сау Гуге бір жарым күндік тұтқиыл шабуыл жасау арқылы Гоминдаңның район бастығы, сақшы бөлімше бастығы қатарлы ондаған адамды атып өлтіріп, бұл өңірді жегі құрттардан түгелдей азат еттік. Қолға түскен жау əскерлері мен қару-жарақ та баршылық. Осындай қомақты жеңісіміздің желдей ескен қуанышты хабары таралысымен-ақ тұстұстан туыстарымыз құйыла келіп, қосынымызға қосылды. Осы орайда мен Құлжа азаттық ұйымының аяулы басшысы Əбдікерім Апбасовты сіздерге таныстырып, əрі ол кісіні сөзге ұсыныс етемін. Кəне қарсы алайық!– деп өзі бастап шатырлата қол соқты. Орта бойлы, ашаң жүзді, қою қара қасты, басына елтірі папаха киген жанарлы жап-жас жігіт қатарындағылардан оза атын тебініп келіп, көпшілікке күлімсірей көз тастады да көсіле сөйлей жөнелді: – Мен ең алдымен Кеңсай партизандарын бүгінгі зор жеңістерімен құттықтаймын! – Ура, ура! – Жолдастар, кеше ержүрек Нылқы партизандары Құлжа қаласының қолқа-жүрегіне кіріп, жаудың зəре-құтын ұшырды. Сол күні Совет одағының командирі Петр Романович Александров бастаған қарулы қосынды өзім барып аман-есен Қорғастан өткізіп, Құлжаға жеткіздім. Бұл қосын бара сала-ақ Құлжа азаттық ұйымымен қосылып əскери қолбасшылық штат құрылды. Бұған Александров жауапты болды. Енді уақыттық өкімет құрылуға да аз қалды. Мен бүгін осы əскери қолбасшылық штат атынан сіздердің бұрынғы Кеңсай партизандар тобы енді ресми Кеңсай партизандар қосыны болып құрылғандығын жариялаймын. – Ура, ура, ура! – Бұл атойшыл қосынның басшылығын барған сайын күшейту аса қажетті болып отыр. Сондықтан бүгіннен бастап Кеңсай партизандар қосынының қолбасшысы Лескин жолдастың қатарына Совет одағының командирі Могут Ног жолдасты қостық. Сөйлеп тұрған Əбдікерім Апбасовтың қатарына қырықтың жуан ортасындағы қырықпан мұртты еңгезердей əскери адам келіп тұрды. Оның өрдем-өрнекті киім-кешегіне айқастыра асынған наганы мен қылышы құп жарасып тұр. Астындағы қаз мойын жирен қасқа арғымағы жан-жағына елеңдей қарап, шұлғып-шұлғып қояды. – Бүгін,– деді Апбасов сөзін жалғап, – қарашаның жеті жаңасы. Яғни Совет одағының Октябрь төңкерісі жеңіске

жеткендігінің жиырма жеті жылдығы. Біз қазір осы орайда Кеңсай партизандар қосындағы 400 ержүректі бастап, Совет одағынан келген қарулы жауынгерлердің көмегінде Кеген шекарасындағы Қорғас қалашығына шабуыл жасаймыз. Ондағы мақсатымыз – Қорғас қалашығын қас пен көздің арасында азат етіп, Қорғас шекарасынан өтетін Совет өкіметінің көмегіне кедергісіз жол ашу. Ал, Қорғас қалашығы азат болғанша Құлжа қаласы да негізінен жаудан тазартылады. Сонда біздің батыс бағыттағы жорық жолымызда – Сүйдін қалашығы мен Күре жамбылында жонын көрсетуге жолы кесілген қалың жау жатыр. Олардың қат-қабат терең орылуы, иірім сулы, электр торлы, жасырын миналы, биік қорғанды қорғанысы болғанымен, біздің парасатты халқымыз қорғанның сыртынан құрыштай қосынмен қоршауға алуда. Совет жауынгерлері алда-жалда қасарыса қарсыласар жау болса жанын жаһаннамға жіберер ауыр зеңбіректерін Тағыланзы төбелері мен Атыкей алқаптарына құрып төндіріп отыр оларға. Осы айтылған орындардың бəрі де əлі-ақ өздеріңіздің қолдарыңызбен азат болары хақ. Осы кезде жұртшылық шебінен тебіне алдыға шыққан түлкі тымақты біреу ақ көбігі шыққан атымен адымдата барып, Əбдікерімнің қолына бір жапырақ қағаз ұстатты. Қағазды ашып қарағанда-ақ, Аппасовтың айдай қабағы ашыла жарқырап, қара папахасын бүктеулі қамшысымен көтеріп қойып, əлгі қағазды дауыстап оқи жөнелді: – Қазанның жетінші жаңасы таңсəріде, Нылқы партизандар қосыны Құлжа қаласының өзегіне өрлей атойлап, ілгерінді-кейінді Алтышұбар көшесі, Сұлтанкөпір, Сайбойы қатарлы жерлерді басып алды. Қыздар орта мектебінің ғимаратын иеленіп, Уəли мекемесі мен Аймақтық сақшы мекемесіне жəне Сауда өнеркəсіп серіктігіне баратын күре жолдарды от күшімен құрсаулады. Үрімшіден «айлакер ақылшы» деп Ілеге көмекке жіберілген əккі шпион Лу Биң Дыны партизандар халық алдында ұзақ уақыттық хан қарызы үшін көшеде атып тастады. Жігері үстем əр ұлт халқының төңкерісті қосынды қолдап-қуаттауы керемет! – Апбасов айбындана оқыған сүйіншілі жеңіс хабарының соңы ұзаққа созылған күннің күркіріндей ұранға ұласты. Сол күні кеш бата Лу Сау Гудегі қалың қол Қорғас қалашығына қарай ат басын бұрып, құраққа түскен шоқтай лап қойды. Күннен-күнге шынығып, шымырлана түскен партизандар аптаға жетпейтін уақытта Қорғас пен Сүйдін қалашығын жаудан жан аямай зорлықпен тартып алды. Шынжаңдағы ежелгі «генерал ордасы» – Күре жамбылы қуатты қоршаудан құты қашып, күрсінген күйге түсті. Қосын құрылысы бұрынғыдан əлдеқайда кеңейіп, əскери тəртібі қатая түскен Кеңсай партизандары бұл күндері Артай мен Лу Сау Гуде соғыс қаруларының қарбалас машығын өткізіп жатқан болатын. Партизандардың көптен бері көтеріп жүрген айыры мен ақ сойылы, балтасы мен бақандары недəуір азайып, оның орнына жаудан олжаға түскен жаңа қарулар мен Совет одағынан алынған автомат, пулемет, минамет жəне алуан түрлі гранат-бомбылар көбейе бастаған. – Біз енді азулы жауға ақсойыл сілтейтін кешегі балаң күйден тезірек арылуымыз керек. Бүгінгі жауынгер осы заман қаруларының тетігін білмесе, көзсіз көбелекке, тұсаулы тұлпарға айналады. Қарудың сырын ерте игерсең ерлігің асады. Көп жаттықсаң көзің ашылады. Бүгінгі сорғалаған көлдей терің ертеңгі өлмес өмірің мен өнегелі жеңісің үшін!– деп Лескин мен Могут Ног бастаған өз кəсібіне аса жетік адуын командирлер күнді-түнді жалғап партизандарды құрыштай сомдауға құлшына кірісті. Болат əнеукүнгі əскери қолбасшылық штаттың ерекше мадақтаған 50 ержүрек партизанының біреуі болып, жеп-жеңіл корабль мылтығымен сыйланған болатын. Ол қарша боратып автомат атуды, құлаштап тұрып гранат лақтыруды, бетпе-бет келіп найзаласуды, ат үстінен мылтық атып, қылыш шабуды қызыға да беріле үйренді. Күндегі əдеті бойынша жаттығу майданынан жай қайтқан Болат жатаққа таяй бере Қошан ағасының Жамбаскерін жазбай таныды. Асыға адымдап, есік алдына жеткені сол еді, еңкейіп Қошан ағасы да үйден шыға келді. Екеуі құшақтаса кетті: – Амансың ба, шырағым? – Тəтем аман ба? – Аман, аман. Бірақ тəтең байқұс, мынау қарғыс атқан заман бүлінген сайын, қару асынып, қан кешіп жүрген сені ойлап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, шүкірдей сарғайып барады. – Ойбай-ау, ондай болса емшіге көрсетпейсіздер ме?– деп Болат шошына Қошанның құшағынан ажырап, ағасының бетіне бажырая қарады. – Ей, ақымақ, ол ауырған жоқ, сені сағынып жүргенін айтқаным ғой. – Ендеше «шүкірдей сарғайдыңыз» не? – Ол қазақтың сөз салты...

Екеуі осылай амандық сұрасып қайта үйге кіргенде, бұл жатақтағы басқа партизандар алакөлеңкеде ауыздарын шылпылдатып бірдемесін шайнаңдап отыр екен, олар: – Кешіктің, кешіктің, Болат, Қошанның құртынан,– деп шуылдасты. Қошан үйге кіре салып тізесін де бүкпей ауылдан əкелген қоржын-қолаңын ақтарып бауырсақ, құрт, пысқан ет пен шəйнектей жентін Болатқа ұстатты да, жаңа тері шалбар мен шибарқыт тысты жеңсіз күртені қояр да қоймай Болатқа кигізіп, өз көзімен алдыартына шығып қарады. Сонан қолына қамшысын алып: – Ал, Ботақан, мен кетейін!– деді асығыс. – Неге? Қонбайсыз ба? – Жоқ, сенің жуықтан бергі ерлігің мен азаматтығыңды мына отырған майдандастарыңнан түгел естідім. Осыны ауылға айтып, Нүрила тəтеңе жеткізейін. – Онда, аман болыңыз аға! – Өзің де есен бол, шырағым. Ауыл арасы жақын, тағы да келіпкетіп тұрамын,– деп Қошан ымыртта абын-күбін аттанып кетті. Партизандар арасында күн сайын жаңа-жаңа хабарлар қарша борап жүр. Соның бірі «Құлжа қала районы түгелдей партизандар қосының қолына өтіпті. Андыздап қалған жау – Айранбақ, Аэродром, Гөйуаңмяуға жасырыныпты. Гоминдаң аэропландары ұшудан да, қонудан да біржолата қалып, қорған ішінде құрсауланған жаулар азық-түлік, қару-жарақтан жұрдай болуға таяпты» деген хабар. Ендігі бір ерекше хабар – «Құлжа жағдайы шұғыл өзгеріп, аэропланның ұшып-қонуына сенім болмағандықтан Гоминдаң запас 7-дивизиясын іске қосып, Құлжаға көмекке баруға бұйырыпты. Олардың алды Ашалыға келген-ді. Нылқы партизандарының тосқауылына ұшырап, қарлы тауда қанға бөгіпті. Осылармен бірге Тақиядан қозғалған Гоминдаңның 21-полкі көне Артайды көздеп, Сайрамға қарай сауылдап келеді екен...». * Гулеп жүрген хабардың көбі шынға айналды. Лу Сау Гуден іңірде аттанған партизандар жаңа Артайға түн ортасы бола жетті. Ондағылар да сақадай-сай тұр екен. Соғыс бұйрығы берілді. Солақ екен партизандар бөлім-бөлім бойынша сапқа тұрып, Кеңсай аңғарының ұшар басындағы Көксалаға қарай көсіле жүріп кетті. Жол-жөнекей тосқауылдарда жасырын тұрғандар: «Жолдарың болсын! Оларды өлтіре соғыңдар» деп тілеулерін білдіріп қалып жатыр. Аспан ашық, ай батып кеткен. Көксаланың етегіне дейін атпен барған партизандар енді жаяулап, бөлімше-бөлімше бойынша сай-саймен биікке қарай қабыса жүріп келеді. Олар серттескендей Талқы кезеңінің екі жағындағы биік шоқыларға тең шықты. Бір-бірімен ысқырып хабарласып, құсша сайрап табысып жүр. Қыраттың қары жұқалтым екен. Бірақ, кенеттен соққан алай-дүлей ақ түтек боран қыраттың ұйқы-тұйқысын шығарды. – Жарайды, табиғаттың мұндай еркелігі соғыста табылмайтын орай, тарта беріңдер!– деді Болаттардың бөлімше бастығы Шақарбек. Партизандар енді кезеңнен еңіске қарай етпеттеп келе жатқанда Алыптың тауынан аса таң сəулесі төгіліп, Талқының кезеңі мен Сымпытузы қайқаңы ап-анық көрінді. Ол жердегі Гоминдаңның қарауылдары да аппақ қардың үстінде жыражылғалармен жылжып келе жатқан партизандарды байқай қойып, алыстан жабыла оқ жаудырды. Партизандар да таудан атылған тасқындай екпінмен лезде келіп жау ұяларын басып қалды. Амал қанша, еңіреген ерлерін кешіріпті. Шағын партизандарды алыстан «аса мол жойқын күш» деп межелеген жау сасқанынан Сымпытузыдағы жатақтар мен Талқыдағы фотайларына өрт қойып, ауыр қаруларын Сайрам көліне аудара салып, Сантайға қарай зытып беріпті. Партизандар арманда қалса да, тегіннентегін талай олжаға батты. Қару-жарақтарды қос-қостан асынып, сандық-сандық оқтарды оқшантайларына толтыра ысқады. Түс қия бере көз ұшындағы Сантайдан өре шыққан қалың жау Алып тауының арасанды тұмсығынан өте бере жиналып, ауыр зеңбіректерден Сымпытузыға оқ бората қайтарма шабуыл бастады. – Біздің ендігі міндетіміз – өзімізді снарядтан аман сақтап жау жағдайын бақылау. Жау жақындағанда анда-мында азырақ минаметтен оқ атып, оларды онан əрі қарбаластыққа салып, уақытты кешіктіре түсу. Сөйтіп, оқ қағары берік, көзден таса жерлерде тұрып, жаудың күш-қуатын, қару-жарағын, адам санын əбден межелегеннен кейін кештете кейін шегінеміз,– деп Лескин əр жерде жасырынып жатқан бөлімшелерге қосын қолбасшылығының бұйрығын жеткізуге жедел хабаршы жіберді. Болат алқын-жұлқын жеткенде, Лескин Шығысшоқыдағы Жалқарағайдың астында бір топ адаммен картаға қарап отыр екен. – Фəтей бастық,– деді ол (өзінің дағдысы бойынша) басқаларға

жапақтай қарап, – менің сізге жекелей айтар сөзім бар еді. – Болады, болады, шоқпарлы батырым. Жүр онда мына шеткері қарағайдың түбіне,– деп Лескин оның арқасынан қағып ала жөнелді. Отырғандар Болаттың мойнындағы корабліне қарап сүйінді де, беліне қыстырылған қоңыр шолақ шоқпарына қарап қарқылдап күліп қалды. – Жə, жігітім, сонда айтарың не? – Бастық, бөлімдерге кешті шегінеміз деп ұқтырдыңыз ба? – Иə. – Неге, біз жаудан жасқанатын қоянжүрек қорқақ болдық па? – Шегіну қорқақтыққа жатпайды, балақай. Кейде қашу жолымен де жететін жеңістер болады. – Онда, мен сияқты 10-20 жігітті толық қаруландырып, қарға көміп кетіңіз, бастық! Біз сіздер кеткеннен кейін жаудың ортасынан ұшып тұрып, оларға «жерден Мəді, көктен Иса» түскендей бір заман ақыр салайық. Жалынайын, ағатай, осы тілегімді орындауға бұйрық беріңізші?! – Жоқ, бұлай бұйыруға болмайды, шырағым. Бұл талабың естір құлаққа қазірше жағымды болғанмен, кейінгі ұзақ соғыстарымыз үшін өзіңдей тайсалмас тастүлек қырандар керек. Соғыс сайын мұндай нартəуекел ерлікпен «маңдайының бағын» сынайтын басшың мен емеспін. Жай ғана құрбандыққа бауыздай салар «жетім лақ» сен емессің. Бар, бара ғой орныңа. Ерлігіңді ертең көрсет, оған шарт-жағдай жаратуға мен жауапты болайын! — деп Лескин қабағын шытына Болаттың иығынан қағып, қарсы бетке қарай жүгіріп кетуге əмір берді. Ол жүгіріп бара жатып іштей «Əйтеуір талабымды айттым ғой бəлем!» деп тістене күбірледі. Жаудың қалың қолы күн бойы əуре-сарсаң болды. Тектен-текке дөйдалаға оқ төгіп, құрыш құсып, іңірде Сымпытузыға əрең жеткенде, партизандар шегініп, Кеңсай аңғарындағы Қоскөпірге жетіп алған болатын. – Ендігі іс – ашулы жауды қақпанға қарсы шаптырып, қапыда қарақұстан соғу!– деп іштей бір бекінген Лескин атына мінді соңғы қарауылда. Қараша айының 15 жаңасынан кейін Кеңсайдың аязы тіпті қағынып кетті. Партизандардың қайсысына қарасаң да «тоқсан қабат торқаңнан тоқты шағымның терісі артық» дегендей тоншалбарға оранып, бастарына көмілмелі тымақ, қолдарына қос бармақты тері қолғап киіп алған. Сақтық сауысқаннан да күшті. Талқының сағасынан тартып, жаңа Артайдың тамағына дейін құпия қорғаныс, жасырын қарауыл, берік бекініс, терең ор. Бірақ, сырттай қарағанға бəрі де жып-жылмағай. Кешегі Мақарбек бастаған мергендер тобы ұйымдастырылған болатын. Болат сол топқа алғашқы үштің бірі болып тіркелді. Анадайда қарап тұрған Лескин: «ей, өнеріңді ертең көрем!» деп көзін қысып қойды Болатты еркелете. Міне, сол ертеңі бүгін еді. Кешкі тамақты іше сала-ақ аттанған партизандар Қоскөпір, Қайрақты, Жамбасшазының маңайындағы сан рет сараптаудан өткен қалтарыс жыра-жылғаларға аттарын бекітіп, өздері көрсетілген орындарға көрінбей сіңіп кетті. Бəрінің ойында «қуырдақтың əкесі түйе сойғанда» болатындай бір керемет арпалыс тұр. Болат пен Əкім қараңғыда қарды бұзып барып, шығыс солтүстіктегі Сарқыраттың биік маңдайшасына орналасты. Олар қолдарымен бітік бүргеннің астын үңгіп, үстіндегі қарды қалыңдады да, жатқан жабасынан қарсы алды түгел көрінетін қарауыл тесік ашып қойды. Қардың астындағы тұяқ тимеген қалың сары өлең бейне аюдың мамық жүнді терісіндей жамбастарына жайлы төсеніш бола қалды. Болат пен Əкім өзара шүңкілдесіп қарсы жаққа қадала қарап отыр: – Таң қашан атар екен? – Əлі-ақ. – Жау қашан келер екен? – Талқы мен Жамбасшазыдан көз алмасаң қазір-ақ көресің. – Əй кім біледі, қасарысып келмей қояр ма екен? – Келеді. Бағанағы бұйрық тегін ғой деймісің, сөзсіз келеді. Біздің бастықтарымыз да осы күнде жау жағдайын екі қарап, бір шоқып жүрмей ме. – Үлкен бастықтар қайда қалды осы? – Бастықтар сай тағанымен жолда. Биікке шыққандар тек мергендер мен жалама беттердегі тас пен дөңбектен атты ататындар, қарағай құлатып қар көшіретіндер. – Бастықтар неге жолда қалады? – Біздің негізгі күшіміз жол үстінде тосқауылдардың түбінде. Сондықтан бастықтар соғыстың өтінде болып, қолма-қол айқасып, қолма-қол басшылық етеді емес пе. – Болат, ей Болат! Ананы көрдің бе? Талқы кезеңінен бері қарай жылт-жылт еткен бірдеме көрінеді. – Қайсы, ештеңе көре алмадым. Иə, иə, байқадым, көрінді.

– Ендеше көрінсе қашан айттың деме, тақ сол жау. Əттең таң қашан атар екен? Күзетте, қарауылда тұрғанда уақытты білмей адам бықы-тықы болады екен. Сондайда кезекші командирлер сағаттарына үңіле салып, уақытты біле қояды. Құдай бұйырса, осы жолы жаудың бір бастығын жайратар болсам, ең алдымен қолы мен қойнын ақтарып, ең алдымен сағатын «сарт» еткізіп суырып алмасам,– деді Əкім елеуреп. – Болмайды, болмайды,– деді Болат Əкімнің иығынан қатты мытып. Бұрын атам марқұм да сондай бір мақалдарды ұдайы айтып отырушы еді. – Əнеукүні Қорғас қалашығын аларда Үсен аға маған: «Ей бала, жетім лақ жемінен, яки емінен өледі» деген бір сөз бар. Олжаға қызығып, орға түсіп жүрме, алдауға сеніп торға түсіп жүрме деген болатын. Сен де ондай жоқтан өзге қызылға бола көзіңді қызартып, пəлеге қалушы болма! Онан да түнде жұлдызға, күндіз көлеңкеңе қарасаң уақыт мезгілін айдан анық біле қоймайсың ба?! Əй, егіншім-ай, мына мендей жылқышыдан «тілашарыңды» төгіп тұрып талай нəрсеңді үйренсең болмай ма,– деді Болат Əкімге қалжың-шынын араластыра. Əкім Болаттың насихатына мойынсан болғандай үндемей қалды. Оның не ойлап отырғанын Болат та қараңғыда қабағынан болжай алмады. Балық бауырланып таң атты. Əншейінде жазда айдаһарша ирелеңдеп жататын Кеңсай тағанындағы қара жолмен күміс өзен ақ көрпенің астында тəтті ұйқыда жатқандай тып-тыныш. Ұзыннанұзаққа созылған терең аңғар бозалаң мұнарын заңғар биікке өрлеп, көк аспанды ақ мамық астармен əдіптеп, дара-дара шаншылған шыңдарға сəлде орап жатқандай. – Ей, ей, жау Жамбасшазының аузынан ақтарыла бастады,– деді Əкім дəл сол тұсты мылтығымен қарауылға алып отырған Болатты түрткілеп. – Көріп отырмын. Бағана бастықтар жаудың алды Жаңартайға таямай қыбыр етпеңдер деген. Сол сəтті тоспай амалымыз жоқ. – Ойбой, анау не пəлекет? Күжіреңдеп-гүрілдеп əуелі бəрінің алдында келеді. – Ей, оған таң қалып отырғанша, онан кейінгі анау тұмсықтағысын көрмейсің бе?– деп Болат Əкімді қайта Талқының түсе берісіне бұрды. Ең алдында өңмеңдеп шілдей шоғырып бөлектен-бөлектен атпен келеді. Олар кілт тоқтай қалып, айғай салым арттағы қалың қосынға хабаршы шаптырғандай болды. Биіктен аңдып отырған Болаттар олардың «шолғыншы» екенін біле қойды. Онан кейінгі қосын дөңкиген бір танкінің далдасына тығылып шұбап келеді. Танкі аңғар ішіне түскен сайын бүкіл тауды солқылдата сілкіндіріп, қалың қарағайдың басындағы үкі қарды үгітіп, қайта жаудыра бастады. Онан кейінгі мол қосын аттылыжаяу аралас келеді. Алдыларындағысы құрышпен қымталған бронегі болса керек, тасбақаша екі жағына кезек теңселіп, қабырғасы жарқ-жұрқ етіп, мамырлап сырғып барады. Албасты жаулар Қайрақтыдан өтіп, жаңа Артайға жете бере желкесінен қылыш турап, төбесіне жасын түскендей шу-шұрқан болды да қалды. Танкілер мен броневиктер алды-артынан ауыздарынан жалын шашқанымен, жарылған доптары дөйдалаға түсіп жатыр. Партизандардың екі қабырғадағы екпінділері өз жұмыстарына енді кірісті білем, бүкіл сайдың тағаны ақ түтек көшкінге көмілді. Арғы беттен зымыраған кесек-кесек қой тастар бергі бетке өтіп, сол жердегі тырмысқан жауды жамсата артына қайырылады. Ал, бергі беттен домаланған жуан-жуан дөңбектер өкірген бойы өзенге жетіп, кездескен жауды шелпекше жаншып, шалғыша сыпырып жатыр. Азан-қазан шуыл, атылған оқ, жарылған бомбы. Терең аңғар мен жалама жартасты биік таулар қанды көбікке көмілген пілдей теңселеді. Əне, əне, алдыңғы танкі Көкбастаудың үстінде көк түтінге оранып, оқ тиген шошқаша шоңқайып қалды. Аздан кейін сол маңайда қатты қопарылыс болып, жау танкісі лапылдап жана бастады. – Болат-ау, кейінгісін қара, кейінгісін! Ол да күл-талқан болды. Дəл көмілген минаны басты білем,– деп екі санын шапалақтап қуана секіріп жүрген қарусыз Əкімді оң қолынан шап беріп ұстай алған Болат: – Отыр енді оттамай, кезек бізге келді. Оқшантайға оқты тезірек тізіп, өлген жауды санап отыр. Мен қарақшыларды қалай атар екем!– деді екі көзі ежірейіп. Жаудың алдыңғы бөлімі артына бұрыла алмай мүрдем кетті. Артқы бөлімі Кеңсайдың екі қанатымен Талқының тамағына тығылып еді аңдып отырған мергендердің қарауылына іліне берді. – Ал, сана! Алдымен өзекті өрлей қашқан аттыларды атамын, бастым, кетті, – деді Болат. – Тиді. Қасқа атты қайқайып түсті. Бір,– деді Əкім. – Бастым, кетті. – Тиді. Қара атты да қалбайып қалды, екі. – Бастым, кетті. – Тиді. Жаяудан бірі жалпайып қалды, үш.

– Бастым, кетті. – Тиді. Қабақтағысы күзеннің күшігінше қарға оранып домалап барады, төрт. – Бастым, кетті. – Түу, мерген-ақ екенсің, Болат, ту көтергеннің ту сыртынан тиіп құзғынша құлады бəлем, осымен бес,– деді Əкім көзі шалаша жайнап... Болат пен Əкім бірі атып, бірі санап жатып күннің екінті мезгілі болғанын да білмей қапты. Олардың оққа ұшырған жауы дəл жиырмаға жеткенде жондағыларға жолға түсу сигналы берілді. Ал, қырат-қыраттағы қырғидай шаншылып қашқан жауды қайыра соғуға түйіліп барады. Жол үстіндегі аттылар қылыштарын көтере құйғытып, Талқыға қарай тартып кетті. Болат пен Əкімді өзен бойында алдыларынан шыққан Шақанбек сəл тоқтатып: – Қалдарың қалай, жігіттер, қарауылдарың қанды болды ма?– деді екі білегін сыбанып. – Жиырма, дəл жиырмасын жықтық!– деп екеуі қатарласып тіл қатып, жымия самайларын қасысты. – Жарайды! Ондай болса екеуің енді жаралыларды жиыстырып, қолға түскендерге қарасыңдар. Былай, əне Қоскөпір мен жаңа Артай жақта,– деп өзі үлкен Қаражал құламен Талқы жаққа тасырлата өрлей шауып кетті. Болат пен Əкім жол бойы жаралыларды көтеріп, сүйеп, сүйреп жүрген партизандарды, бұта-бүргенге жасырынған жау серіктерін ұрып-соғып, қуалап ұстап жүрген омарташы орыстардың əйелдері мен балаларын көріп, оларға қол ұшын берді. Матадан тігілген мақталы сым-түжіркелі, аяғына шүберек шоқай, сирағына бір метрдей кездеме ораған Гоминдаң əскерлері, тіпті, қалтырап оқтан бұрын өздері суықтан қырылғалы тұр. Мойындарына тізіп байлаған Жың Моны нандары мұз болып қатып қалған. Соларын тышқанша қажаған болса да қалжырай бастаған. Түні бойы сай ішінде сатырлаған соғыстың соңы жалғасып, тазалау жүргізілді. Қашқан жауды қуғандар таң ата қайта оралды. Сол-ақ екен Талқы кезеңіндегі жау жапырылған бойы Сантайға індетті деген хабар дүп ете түсті. Ертеңінде Артайда Кеңсайдағы бір сөткелік керемет шайқастың қорытындысын Могут Ног шығарып, Лескин қазақшалап берді. – Жинақтап айтқанда,– деді Лескин, – жаудың бір танкісі мен бір бронуг мəшинесі күйретілді. Үш жүз серігі оққа ұшып, отыздан астам адамы үсіп өлді. Полк дəрежелі төрт офицері мен екі жүз серігі қолға түсіп, бес жүзден астам қару-жарақ пен жүзге тарта ат олжаға алынды. Қолға түскендердің айтуынша осы реткі Кеңсай шайқасына Гоминдаң қолбасшысы Жу Шау Ляң Үрімші-Іле тас жолы үшін Сантай мен Талқының кезеңіне үстемелей арнаулы жіберген жаңа 45-дивизиясымен бұрынғы Сымпытузы мен Сантайдағы 21-полктің он неше мың адамы түгел қатынасыпты. Бірақ, қатыгез жау қанша көп болғанымен парасатты партизандардың алдында жермен-жексен болып, ойсырай жеңілді. Біз бүгін, осы жеңісіміз үстінде ерлікпен құрбан болған, жараланған жиырмадан астам жауынгерге ерекше құрмет білдіріп, сексен батырға сыйлық ұсынамыз... Болат сексен батырдың ортасынан тағы да ойып орын алып, алақанындағы кешегі атқан жиырма жезін қатарындағы Шақанбек ағасына мақтана көрсетті. Оның осы қимылын бағып тұрған Аусынақын екі беті манардай болып, оң қолының бармағымен Болаттың кеудесінен нұқып-нұқып қойды, бір көзін түкпіштене қысып. Қарашаның ортасындағы Кеңсай жеңілісі, Құлжадағы Айранбақ, Аэродром, Гу Уаң Иаудағы қамалып жатқандардың азық пен қарудан жұрдай болып жоғарыға зарлап, əскери қатынас аэропландарының Құлжа аэродромында ұшып қона алмау жағдайына тап болуын, Ысқақбек Мононов, Александр (Ескендір) Палиновтардың бір батальон атты əскермен Совет одағынан Құлжаға келіп, қорғанысы берік Айранбаққа атойлап кіруі күллі Гоминдаң отрядының абыройын айрандай төкті. Басын тоқпақтаған Жяң Кəй Ши бір күнде əлденеше рет Үрімшідегі У Шоң Шін мен Жу Шоу Лянға жеделхат жолдады: «Бандыларды барынша тез тазалап, Құлжаны қайтарып алыңдар! Үрімшіге берік бекініс орнатып, батысқа жорық жасаңдар!» деп артартынан жарық шашты. Сондықтан, Жу Шау Лян Үрімшіні қорғап қалуы үшін 29-құрама армиясының əскери күшін батысқа бір-ақ көшіріп, Еренқабырғаның батыс етегіндегі қарлы даланы қанға бөктеруге бұйырды. Мұндай хабарлардың қандайы болса да Кеңсайдағы керемет жойқын күшке айналған партизандар қосынына үзілмей тез-тез жеткізіліп жатты. Қар қалыңдап, суық қатая бастады. Осындай орайды мықты пайдаланған партизандар қосыны Талқы мен Сымпытузыға күзетті күшейтіп, Кеңсай аңғарындағы тосқауылдарды бұрынғыдан бетер беріктей берді.

– Жолдастар, бұл жердегі ендігі соғыс өткендегі соғыстардың көкесі болмақ. Жараланған аю жан ашуымен қораға қайта шапса, жазуынан жазымы көп болады. Сенімді хабарларға қарағанда, таяудан бергі Гоминдаңның сараланған күшті қосыны Үрімші-ле тас жолының осы өткеліне басын бəй тігіп, өңмеңдеп тағы ұмтылып келеді екен. «Уақыттық өкімет» бізге тапжылмай табандап тұрып, Кеңсайдан бір адым кейін шегінбей Талқы кезеңін қорғауды тапсырды. Қалай, бұл міндетті орындауға сеніміміз бар ма?– деді Лескин жаңа Артайдағы отряд басшыларының бір кешкі кеңесінде. – Денеміз қалқан, жүрегіміз бомбы болып жарылғанша Талқыны қорғауға дайынбыз!– деді қаз-қатар орындарынан ұшып тұрған партизан басшылары. – Жау таяп келеді. Үңгірлердің үсті қалың, биіктегі атқылардың ағашы мен тасы мол болсын. Жол үстіндегі бөгеттер мен мергендердің жасырын ұяшықтары қайта тексеріліп, əттегенай жерлері сезілсе, қолма-қол түзетіңдер! Сағат сайын қарауыл тексеріліп, алдыңғы шепке шолғыншы жүргізілсін!– деді Могут Ног екі бүйірін таяна. Болат бастаған 30 елпек сол күні Сымпытузыдан түсіп, Сайрамның оңтүстігін жартылай шарлап, таң ата тың хабармен қайта оралды. Гоминдаңның 7-дивизиясының командирі Лей У Шаң ілгеріндегі жаңа Артай жеңілісінен кейін қожайыны Жу Шау Ляннің жұдырығына тап болды. Сондықтан, ол өзінше бас қатырып жүйелі жоспар жасап, желтоқсанның басында запас 7-дивизия командирінің орынбасары Ху Шың Яңмен жаңа 45-дивизия 3-полкінің командирі Хоу Вын Сыны Сымпытузыда алдыңғы шеп қолбасшылық штабын құруға жіберді. Өзі олар əбден орналасып болғаннан кейін келіп, Талқыда тұрып соғыс жағдайын бақылады. Жаңа Артайға жасалған қайтарма шабуылдың төртінші күні жаралы Хоу Шың Яң Жамбасшаздан еңіреп шыға салып: – Құрметті генерал, құрыдық!– деді қыдиып дүрбі салып қыр басында тұрған Ли У Шянға шағынғандай. – Неге? – Аңғар түгел айқасқан найза мен əзірейіл оқ, құртайын десең адамы жоқ. Тау сілкініп тасын атар, орманы өртеніп отын шашады. Жолы жарылып зынданға тартады. Бұл жерге шабуыл жасау тектен-тек арамтер болғандық!– деп қан сорғалаған сол аяғын құшақтап өкіріп отыра кетті. Ашудан өлердей булығып қалш еткен Лей У Шаң наганын суырып алып қабына қайта салды да, темір нəлілі былғары етігімен Ху Сың Иаңды теуіп-теуіп жіберді. – Əй, əкеңнің... Сандалып, сандырақтап тұрғанын қарашы! Мен əлдеқашан-ақ сенің осындай өлексе боларыңды сезгенмін. Ертең екінші реткі шабуылды ержүректер отрядымен екі аэроплан арқылы өзім бастап жаңа Артайды бандылардан тартып алғаннан кейін, өз қолыммен əкеңді танытып, осы кезеңде атып тастаймын сені! — деп артына бұрылған Ли У Шаң иығындағы жеңсіз желбегейін көлбірете көп қорғаушыларын шұбыртып жүріп кетті. Ертеңіндегі «ержүректер» шабуылы ұзынды күнге ұласты. Сайсалаға ауыр-жеңіл зеңбіректер мен минаметтер толассыз қорғаныс құсып, қырғындаушы екі аэроплан ерсілі-қарсылы аспаннан бомбы төгіп жатты. Бірақ, Кеңсай аңғарына түсіп, Қайрақты, Қоскөпір, Жаңартай жаққа келген аттылы-жаяу «жаужүректерден» бірде-бірі қайта оралмады. Өзі өзенге түспей өрден қолбасшылық етіп, дүрбімен қарап тұрған Ли У Шаңға Кеңсайдың іші бейне бұрқ-сарқ етіп қайнаған қазандай көрінді. Түстен кейін бір қанаты қабысып, запқы тиген қара құстай қиқалақтап белден əрең асқан қырғындаушы аэропланын көргенде Ли У Шаңның жонынан жыландай сұп-суық тер жосылды. Кешке таяу ең соңғы атты əскерлермен аз-ақ адам қанжоса болып оралғанда көзі бұлдырап, буыны дірілдеп, кезеңдегі жел қаққан қасат қарға күрс етіп отыра кетті. Ымырт жабыла Лескин бастаған бір топ адам Ақтұмсық биігінің үстіндегі жасырын қолбасшылық жабасының астынан əңгімелесе төмен құлдилады: – Əй, бұл кесапаттарың екінші қайтып келместей-ақ болған шығар?! – Кім біледі, есек дəмелі немелер сүлдерін сүйретіп ертең тағы жетіп келер? – Ертең келмейді. Ертең тұрмақ ендігі жылы да келмейді. Келмейтін себебі, осы жолы ойсырай жеңілді. Қыруар адамынан, қаншама қаруынан айырылды. Бір аэропланы күйреп, аман қалған адамы отыз-қырық градустық аязға шыдамай, құлағы шұнтиып, аяқ-қолы құнтиып қайтты. Олардың ордасына енді біз барамыз!– деді Лескин желбегей жамылған тонының жеңін жүре киіп келе жатып. Сол күні түн ортасында əбден талмаусыраған Ли Лу Шаң Сантайдағы қолбасшылық штабын жалма-жан Тақияға көшірді.

Оның неше күннен бері əбден сарпалдаңға түскен сан мың адамдық қосыны Сымпытузы мен Сантайдың арасындағы сары аязда сақылдап қала берді. Сөйтіп, Жу Шау Ляңның «Кеңсайды келістіріп соғып, Үрімші-Іле тас жолын табыспен ашып, Құлжадағы құруға айналған қосындарға тездетіп көмек қолын созу» үшін жасалған жарым айлық соғыс жоспары осылай қанды трагедиямен тынды. Алыптағы арпалыс Осыдан сегіз күн бұрын, Кеңсайдағы керемет шайқастан кейін Алып тауының айналасы мен Бұратала өңіріне барлауға жіберілген Болат пен Омый дəл межелі кезде жайраңдап Жанартайдағы штабқа кіріп келді. Штабта бір топ адам кең үстелге жайылған картаға үңіліп, шытырман сызықтарды қызылды-жасылды қарындаштармен оңдысолды бояп жатыр екен. – Амансыздар ма?– деді Болат кірген жерден Үсенді көріп, онан соң басын көтеріп қараған Лескинге қарап, – Фəтей бастық, тапсырылған міндетті орындап оралғанымыз осы!– деп қаздиып тұра қалды. Болат пен Омый штаб басшыларына көрген-білгендерін көсіле сөйлеп отыр. Екеуінің де жел қағып, суық сорған бет-аузы домбығып, көзінің ағы талаурап қызарып, еріндері кеберсіп жарылып кетіпті. Бірақ, олар қауырсыны əбден қатып, бабына келген қыран секілді аса қунақ-ширақ отыр. Екеуі бір айтқанын бірі толықтап, бірі ұмытқанын бірі есіне салып қояды. – Сонымен,– деп бастады сөзді Болат, – біз өздеріңіздің тапсыруларыңыз бойынша Советтен келген Торғаев командирдің атты эскадронына жол бастап, Сарбұлақтың Құмтік асуынан астық та Төре жайлауында қарауылда жатқан Тергеусіз Ақалақшыға бардық. Ол жерден жағдайды егжей-тегжейлі иеленгеннен кейін, Торғаев эскадроны ыңғайы келсе Гоминдаңға өздерін бір танытып қоймақшы болып, Əділхан мен Бекен деген жігіттерге жол бастатып, Жолдасбай сайын айналып, Сантайдың желкесіндегі Алыптың тауына кетті. Біз оларға қош айтысып, ары қарай жолаушы, жоқшы, бақалшы саудагер болып қыстаудағы ел ішіне сіңдік те кеттік. Сонан Алыптың тауы, Утай, Қосемшек, Тақия, Бұратала, Қарабұқа, Арасан өңірлеріне барып, келіп отырғанымыз осы. – Шəй ішіңдер, шəй іше отырып асықпай айтыңдар,– деп Үсен үлкен темір пеш үстіндегі сырылдап тұрған жез шəугімнен екеуіне екі шөңке шəй құйып берді. Лескин мен тағы бір-екі адам ақ қағазға сыпылдатып жазып отыр. – Елден естуімізше,– деп Омый ойлана əңгіме жалғастырды. Қазір Сантайда жатқан əнеукүнгі бізге арт-артынан шабуылға өткен Гоминдаңның шерік саны он бес мыңға жуық дейді. Олар Алыптың тұмсығымен көл ішіндегі Бұрқан төбеге үлкен-үлкен 3-4 зеңбіректерін орнатып қойып, алдыңғы қарауылдары болған Талқының кезеңі мен Сымпытузының қайқаңынан осы жаққа көз алмай қарап отыр екен. – Өздерің маңайлап бардыңдар ма? – Көз жетер алыстан қарауылдарым, Сайрам көлінің бетіндегі мұз үстінде шұбап жүрген құмырсқадай жау əскерлерін əбден байқадық... – Тамаша, тамаша! Нақ теңеу, айта беріңдер! – Əлгі Торғаев эскадроны Алыптың желкесіне барғаннан кейін, ел ішінен Қажыбек дегенге жол бастатып, түн ішінде жаудың бір жасырын бекінісіне тұтқиыл шабуыл жасамақшы болып таяй бергенде Қажыбек аяқ астынан: «Мұхаммед, Мұхаммед!» деп ұрандай жөнеліпті. Сол-ақ екен, тыныш жатқан жау олардан бұрын шоқпар үйіріпті. Сонымен атты эскадронның жоспары сəтсіздікке ұшырап, бұрынғы жол бастаушысы Бекен деген жігіт пен тағы екі жауынгер бекерден-бекер құрбан болыпты. Қажыбекті қатарындағы солдат сұлата салыпты. Бұл істі біз артынан анықтап көрсек, əлгі Қажыбек деген сұм Гоминдаңның жансызы екен. Сонымен Торғаев Шапқанжотада жатқан Ысқақбек пен Мəуленовтердің қосынына барып қосылыпты. – Енді бір байқағанымыз Утайда жаудың ұсақ бөлімшелері ғана бар екен. Сытай бекеті тек əскери тасымал үшін 10-20 адаммен ғана су қайнатып, азық-түлік əзірлеп отырыпты. Қазірше, Алыптың айналасындағы Бестөбе, Аққора, Бесқора төңірегінде жасырын болмаса, ашық жау жасағы жоқ. Қар қалың, күн суық. Ең қауіпті жағдайдың бірі Гоминдаңның Құлжадағы қосындарға көмек көрсету жаңа жобасы бойынша Жың ауданының солтүстігіндегі Ашалы асуына жəне Тақиядан Құсемшекке əскер жөткеп жатқандығы. Мынау ұйғырша-ханзуша (қытайша) жазылған қағазды малшылардың қолынан алдық. Малшылар мұны жақында ғана Құлжа жақтан құйрығымен қанатынан қара түтін будақтап, өртеніп қайтқан бір аэропланның тауға тастаған қаружарақ, азық-түлік теңдерінің арасынан тауып алыпты. Өзі əскери былғары сөмкенің ішінде екен. Сөмкенің бауы үзіліп кетіпті. Міне

өздерің оқып көріңіздерші,– деп Болат етігін шешіп жіберіп, киіз ұлтарағының астынан төрт бүктелген қалың сабан қағазды алып, Лескиннің қолына шұлғаулы сыңар аяғын көтере абын-күбін ақсаңдап барып ұстатты. Жағалай отырғандар Болаттың балалығы басым осындай аусарсоқ қылығына мəз бола күлісіп алды. Ал, Лескин бүктеулі қағазды жайлап ашып, асықпай айналдыра қарап болғаннан кейін, ұйғырша жазылған бетін қолма-қол қазақшалап дауыстап оқи бастады: – «Құлжадағы қаһарман офицерлер мен жауынгерлер! Мен сіздерге қыруар қару-жарақ пен азық-түлік сəлемдеме тиеп Ли Те Жун генералды арнаулы аэропланмен аттандырдым. Ол жолжөнекей Жыңға барып, Құлжаға көмектесу соғысына қолбасшылық етеді. Жаңа 45-дивизияның командирі Шие Ифың, запас 7-дивизияның командирі Ли У Шаң, жаңа 45-дивизия 3-полкінің командирі Хоу Вын Сы, запас 7-дивизия 19-полк командирінің орынбасары Фаң Иу Рың, 39-құрама тасымал басқармасының бастығы Зың Шы Сүн, əуе армия отрядының бастығы Шүй Ян Мулардан ұйымдасқан жаңа 2-армия алдыңғы шеп қолбасшылық орыны Жыңда құрылып болды. Сіздер кеше ғана бізге жеткен мемлекет атасы Жаң Кай Шидың: – Сталинград рухынан да асып түсетін рухпен соңына дейін берік тұрыңдар! деген жеделхат тілегін орындағайсыздар! Бұл бəрімізге берілген қатаң бұйрық. Адалдықпен атқаруымыз керек! Жу Шау Лян». Лескин енді хаттың мазмұнын қатарындағы Могут Ног бастаған командирлерге орысша аударып беріп еді, Могут Ног басын шайқап «Сталинград, Сталинград?!» деп танауынан жай ғана кекете мырс етіп күліп қойды. – Тағы қандай, қандай мəлімет бар? – Тағы да айтар болсақ Гоминдаңның Үрімшідегі өлкелік өкіметі жер-жерде көтерілген қарулы күреске əскери жəне саяси жақтан қатар іске кірісу тактикасын қолданып, қарулы күшпен жаныштаумен бірге «көңіл аулау» қимылын бастаған сияқты. Сол көңіл аулаушылардың бір бөлімі Ілеге келе алмай, Жың, Бұратала, Арасан аудандарында қазақ моңғолдарға қант, шəй, кездеме үлестіріп жүріп, Іледегі күрескерлер жөнінде өсек-аяң таратыпты. – Не деп? – Қызылдар, қырғыншылар, бандылар, дінсіздер, қу сіңір, жалаңаяқтар, содырұрылар деген сияқты көкіген көп сөз... – Сонымен? – Сонымен бұл өтірік-өсекке қарсы Ерденің партизан отрядының Бұраталаға баруы еп болыпты. Жұртшылық тағы да үмітін өзімізге артып отыр екен. Ерде партизан отряды жуықта ғана Қайнам бастаған қарулы бөліммен бірігіп, Арасан қалашығын (Жаңашəрді) екі күндік шайқаспен азат етіпті. Соғыста Гоминдаң армиясынан жүздей адам жойылып, Арасан ауданының Уаң Биң Шяң деген əкімі қолға түсіпті. Оның орнына партизандардың Букамбаны отырғызғанын өз көзімізбен көрдік. – Иə, иə, сіздерге мəлімдейтін тағы бір іс – Арасанды алу шайқасында Қайнам батыр арқасынан жараланған екен. Керімбек бастаған жиырмадай жігіт оны керегеге етпетінен жатқызып Құлжаға алып кетіпті. – Жəне? – Бар болғаны осы. – Жақсы. Осы күнгі қым-қуыт дүниеде өздеріңнің аткөліктеріңмен қоса аман-есен оралғандықтарыңнан артық олжа бар ма?! Қашан қайтып келгендеріңше зəрем ұшып, запыран құсып жүр едім. Міне, көңілім енді орнықты, жастарың ұзақ болсын,– деді Үсен батыр. – Ой, ағай, ат-көлік аман болу қайда! «Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен» деп өзіңіз үйреткеніңіз сияқты, Тақияның шетіндегі малды ауылға таяй бере Гоминдаңның шолғыншыларына кезігіп, қайран Құлабесті мен Омыйдың қоңыр шұнағынан бір-ақ айырылдық. Олар алдында бізді «банды» деді. Біз «шəй-тұз алып жүрген малшымыз» деп зарладық. Сөйтсек, олар өзімізден гөрі атымызға сұғын қадап тұрған қасқырлар көрінеді, бізді қоржынқолаңымызбен, ер-тоқымымызды арқалатып дөйдалаға тастап кетті. – Ойбай-ау, онан кейін қайттіңдер?– деді Үсен орнынан ұшып тұрып. – Біз де тірі жанбыз ғой,– деді Болат күлімдеп, – «Батыр барымтасыз жүре ме?» Тімтініп жүріп Бұраталаның маңайынан екі ат алып, Арасаннан қайтар жолда оның санын алтыға толтырып айдап келдік. – Халықтан ба? – Жоқ, жаудан. Алғашқы екеуін сақшының қорасынан, кейінгі төртеуін Жаңашəріден қашқан сарыаяқтардың астынан. – Паһ-паһ, өздерің жүрек жұтқан немесіңдер ғой деймін!– деп Үсен қатулана қарғып тұрып оларға таяй берді. – Батыр аға, жүрек жұтсақ та, күрек жұтсақ та өзіңізден

үйренгеніміз ғой, — деп Болат Омыйдың қолтығына түртіп, қулана кейін шегінді. Кеңсай партизандары 1944 жылдың желтоқсаны мен 1945 жылдың қаңтарын қалың қар астында қанды шайқастармен осылай өткізді. Міне ақпанның ортасы болып қалды. Кешегі оқ осып, бомбы қопарған, көшкін жүріп жартас жарылған, өрт кетіп, орман от алған Талқының асуы мен Кеңсай аңғары қайтадап аппақ жұмыртқадай қарға бөленіп, түк көрмегендей ащы аязда шытынап тұр. Тұп-тұнық көк зеңгірде қыран қалқып, қос қанаттағы заңғар шыңдардың иығына ұлпа мамықтай тұман тұнған. Қапталдардағы қар басқан бұта-бүргендер мен қалың қарағай арасында ұшыпқонған тоңсирақ құстар шыр-шыр етіп безек қағады. Сай ішіндегі мұздақ жолда бүгін жүргінші жоқ. Жаңа Артайдың қарлы жазығында қалың партизандар жалау көтеріп, жалпы жиын ашып жатыр. Қаза-қтар тұрған партизандардың самсаған найзалары жалтылдап, өр жақтан баса соққан ызғырық жел мен аттарының жал-құйрығы зу-зу еседі. Ат үстінде Кеңсай партизандары қосының парасатты сардары Фəтей Иванович Лескин сөйлеп тұр. Қоралана тұрған мыңға таяу жалынды жасақ желсіз күнгі көл бетіндей тып-тыныш. – Жолдастар!– деді Лескин үзеңгісіне шірене кеудесін қыранша бір көтеріп, – бүгінгі жорық алдында өз қосынымыздағы барлық батырларға туысқан партизан отрядтарының жеңісін желбіреген тудай биік көтеріп, көрсетіп қою орынды сияқты. Əнеукүні олар да біздің Кеңсайдағы жеңісімізді осылай салтанат еткен болатын. Қаңтардың ортасындағы бір жетіде Тураасу, Көгершін, Көрісай кезеңдеріндегі Нылқы, Құлжа партизандары Ілеге көмекке жіберілген Гоминдаң армиясынан 1300-дей адамды жойды. Екі жүздей адамын қолға түсіріп, жиырмадай ауыр-жеңіл пулемет, жеті жүздей мылтық олжа алды. Ал бұдан да үлкен бір жеңіс, – деді Лескин жан-жағына тағы да көтеріле көз салып, – сұрапыл шайқас үздіксіз тоқсан күн жалғасқан Іле аймағының орталық қаласы – Құлжа ақпанның бірінші жаңасы жезтырнақ жаудан адакүде азат болды! – Ура! Ура! Ура! – Жеңіс үшін алға!!! – Ұзақтан бері,– деп сөзін қайта сабақтаған Лескин енді мынандай ұзақ сандар мен фактілерге аялдады. – Құлжада берік үш қорғанға бекінген жау ең алдымен Гу Иаң Мяудан шегініп Айранбаққа паналады. Іле-шала халықтың қаһарман қосыны Айранбақтың астан-кестенін шығарып еді, құр сүлдерін сүйреткен қалдық қасқырлар аэродромға қашып барып індеді. Сонымен аэродром да пана болмаған Ду Ды Фу генерал қалдық мыңдай əскерімен үш мыңдай бұқараны бастап, қарлы боран, қақаған аязда Көкқамыр тауын бетке алып, Жыңға қарай қоршауды бұза қашты. Бірақ, олар Білікші сайындағы партизандардың қатты соққысынан сол жердің өзінде-ақ жер жастанды. Гоминдаңның жоғары дəрежелі офицерлерінен Ду Ды Фу, Жиаң Шуаңдар өзін-өзі атып өлтіріп, Саур Ляң, Фың Жүниелер арт-артынан оққа ұшты. Жаудың жалпы 1600-ден астам əскері жойылып, 3700-дей адамы (бала-шаға, бұқара да бар) тұтқынға түсті. 2100-дей мылтық, 6 минамет, 98 ауыр-жеңіл пулемет, 54 аэроплан, 16 автомобиль олжаға алынды. – Жолдастар! Осындай жеңіл іс азабы арқасына аяздай батқан жендет Жəн Кəй Ши екі күннің алдында Үрімшідегі бас қолбасшысы Жу Шау Лянға «Жыңның батысындағы əскери бөлімдерді алдымен Жың, Шиқу өңірлеріндегі қауіпсіз жерлерге шегіндіріңдер. Онан соң емін-еркін бекініс жасаңдар! Бұдан былай Шынжаңдағы маңызды орындарды мықтап қорғап, қолдан кеткен жерлерді қайтарып алудың базасы ету керек. Барлық жерді қорғауға зорланғанмен, бүкіл Шынжаң қолдан кетеді, оның ақыры апат. Жыңның батысындағы əскери бөлімдерді қалайда, тез арада шегіндіру қажет!» деп қатаң бұйрық түсірді. Енді біз не істеуіміз керек? Лескин өзі қойған сұрауына өзі жауап берді. Партизандар қосынына жорыққа аттану бұйрығын жариялады: – Біздің қазіргі міндетіміз – Алып тауының айналасындағы жаулардың шегінер жолын найзағайдай тездікпен барып үзіп тастау. Сонан кейін жаулардың маңызды орыны Тақия мен Жыңға шабуыл жасау. Біз қазір екіге бөлінеміз. Іріктелген бір бөлімше осы жерден тапжылмай, Талқы мен Сымпытузыдағы жаудың қарауылшы бөлімдерін партизан бас қолбасшылық штабынан Могутнов жолдас көмекші күш əкелгенше жасқап тұрады. – Екінші қомақты қосынымыз Сайрам көлінің батыс жағынан орағытып өтіп, Алып тауының артына жасырынған соң, Сантайдағы сансыз жаудың қарақұсынан қатыра соғамыз. Ал, батыр партизандар, алға!– деп ұлы қосынды өзі бастап Кеңсайды құлдай жөнелді. Көп аттың шақылдаған тағалары мұзды жолды дүрсілдете ойып, партизандардың: Қорғауға ұлттың намысын,

Азаматтықпен ант еттік. Еңіреген елдің қамы үшін, Қан іштік жəне қан төктік,– деп əндеткен біркелкі екпінді үнмен екі қанаттағы қиын шыңдар мен жалама жартастарды дүрдүр сілкіндіріп, дірілдете тербетіп барады... Ұзыннан-ұзаққа созылған жорықтағы жойқын осы қосын ертесі Дашыгүрден шығып, Орта Ақсу өзенін өрлеп, Ақбайтал, Ағым асуларынан асып, біржарым тəулікте аттарын ақ қырауға бөлеп, Сайрамның батыс солтүстік етегіндегі Шұбыртыдан шұбап шыға келді. Көсілген сұлу Сайрам көкпеңбек айнадай мұз болып, ашық күнге шағылыса шаңқиып жатыр екен. Шығыстан партизандарға қарсы соққан үскірік жел бет қаратар емес. Көз ұшында шығысы шөмейіп, батысы биіктеп, шөккен пілдей болып Алыптың тауы бұлдырайды. Қолбасшылық штабтың бұйрығы бойынша Мақарбек бастаған мерген шолғыншылар түнде озып кеткен. Мақарбектің қазіргі қарулы көмекшісі Болат. Ол бабындағы қырандай əбден шабыттанып алған. Таңға жақын шолғыншылардың ішінен Болат, Омар, Қойтайлақ, Шежінбек, Алашбектер Местөбеден жаяулап кетіп, жау шебіндегі Сантайдың бірталай жерін еңбектеп жүріп шолып қайтты. Сонан шолғыншылар таң ата қосынға келді де, көрген-білгендерін толық баяндады. Партизандар қосыны Сайрамның солтүстігін орағытайланып, үдіре тартып келеді. Олар Бестөбеден өте бере түндегі шолғыншылардың айтқанындай көл ортасындағы Бұрхантөбе мен Алыптың маңдай шекесіне орнатылған ауыр зеңбіректер атқылай бастады. Партизандар бытырай, шеп жая аттарына қамшы басып, лезде Аққора мен Бесқора жақтағы оққағар қалқаға өтіп кетті. Алыптың үстімен Сарнауа, Серікті өңірлеріне де жау жасырын пулемет ұяларын орнатқанын партизан бас штабы Сантайдың шегінер жолын кескен күні кеште анықтады. Ымырт жабыла бере партизандар Бесқора маңында тамақтанып жатыр еді, «Утай жақтан бір мəшине келе жатыр» деген хабар келді. – Болат, бес-алты партизанмен сен барып тос!– деді Мақарбек бас штабтың бұйрығын тапсырып алғаннан кейін. Екі сағаттан кейін Болаттар ат-көліктеріне азық артып, Гоминдаңның екі жүргізушісін сүмірейтіп айдап келді. Бастық, жаңағы Сантайға азық-түлік əкеле жатқан жалғыз мəшине екен. Үстіндегі дүниесін алдық та мəшинесін өртеп тастадық. Мына екі сүмелек мəшиненің доңғалағына дəлдеп атқанымызда-ақ қоянның көжегіндей жол шетіне бұғып-бұғып жата қалды. Сонымен бұлардың бір қасық қанын қиып, өзіңізге əкелдік,– деп Мақарбекке Болат доклад беріп жатқанда, Лескин мен Василий жетіп келіп: – Енді жауды тосып жата беруге болмайды, Мақарбек, Болат, екеуің мергендеріңді бастап барлауға шығыңдар! Алыптың асты-үстінде бірде-бір жасырын жау ұясы қалмасын!– деп олар қырғабақ-қарды бұрқылдата Сытайды бетке алып желе жортып жүріп кетті. Болат сол түні Оспанғазы, Нұрқанат, Əбен, Қожахмет, Көпесбай, Үсен қатарлы 11 партизанды бастап, Ақөзен, Селікті жақты бір айналып шықты. Таң ата қашқан елден қалған 7 сиырды қамдау бөліміне жеткізіп беріп, ондағы Алашбек, Омар, Қанатбек, Шежінбек қатарлы жер жадысына жетік партизандарды ертіп Аққора мен Бесқораны шығыс жағынан Алып тауының жонына шығып кетті. Олар аяз бүріп, қызыл үскірік жүріп тұрған ақ мұнар тау үстіне шыға келіп қалғанда, «хақылық, хақылық, хақылық» деп кекілікше сайраған бір дыбысты Болат ең алдымен ести қойды. – Аттан түсіңдер,– деп жанындағыларды жалп еткізіп қар үстіне жатқыза қойды да, өзі де кекіліктен аумай үш рет шақырды. Қарсы жақтан қайталай бағанағы дыбыс тағы естілді. – Тұрыңдар, Мақарбектер екен,– дегенше болған жоқ, Мақарбек бастаған барлаушылар да бір шұңқырдан өріп шыға келді. – Паһ-паһ, мына аязды-ай. Қару ұстаған қолымды құмырсқаша шағып барады! Тауға біз де жаңа шықтық. Қазіргі адамымыз 25. Енді Алашбек қатарлы 3 адам аттарымызды алып қайтады. Қалғанымыз қару-жарағымызды сайлап, Гоминдаңның тау үстіндегі жасырын бекіністерін іздейміз. Барлығымыз қоянша жымып, қасқырша қарысып, ілбісше іліп түсуге дайындалайық! Кім де кім өзінің жолбарыстың жонында, аюдың арқасында, ажалдың алқымында тұрғандығын ұмытпасын!– деді Мақарбек бұйрық раймен. – Орындаймыз! — деді партизандар бірдей тіл қатып. Болат бір жартастан айнала бере жата қалды. Жылт-жылт еткен жарықпен тең пулемет те сақылдап қоя берді. – Саспаңдар! Екінші оқ шығарғанда өзім жайратайын бұл сұмырайды, — деп Болат шыныдай тасты аяқ жағына қарай

лақтырып жіберіп еді, жау пулеметі жəне «та-та-та-лата» жөнелді. Болат кораблін басып-басып қалды да, оң жағындағы Қойтайлаққа: – Лақтыр гранатаңды!– деді ақырын. Қойтайлақ пулеметтің үні өше қалған əредіктен пайдаланып, арт-артынан екі гранатты құлаштап-құлаштап лақтырып жіберді. Жартас астындағы үңгірден құлақ тұндыра шыққан гүрсілмен бірге қызыл жалын көтерілді. – Əй, ешкішім-ай! Ана қарсыда отырып мына қарсыдағы ешкіні таспен қайыратын жаман Қойтайлағым, жарадың!– деп Үсен оны құшақтай алды. Болат Үсен ағасының қылығына сүйсіне күліп жіберді. Ол кісі жас барлаушыларға ақыл алқа болып жүрген мұнда. Жаңағы атыс аяқталар-аяқталмастан жер бауырлап жеткен Мақарбек Болаттың жанына жата қалып: – Таң атып келеді. 22 адам жеке-жеке бытыраған бойы қимыл жасайық. Күн шыққаннан кейін де əр қыратта қасқырша қарысып жатып, байқалған жау болса ілбісше іліп түсейік. Орайлы уақытта өзім аралап, хабарласып тұрамын,– деді де жер бауырлап жорғалай жөнелді. Əр белеңде қасқырша қасарысып алдын аңдып жатқан партизандардың дəл түсте жоны жылына бастады. Оның есесіне, жел тынып, аязы қайтқан Алып тауының қарсыз қыраттары бейне көктемдегідей болар-болмас буланып, еңбектеген мергендердің кеудесі мен шынтақтарына еріген тоңның желімдей қарабатпағы жабыса бастады. – Алдарыңда ештеме байқала ма? Артымыздан азық келді. Бір кесек ет пен бір жапырақ нан жетер қазірше, оның бəріне таратып болдым. Ойдағылар да ойнап жатпапты. Жаудың тағы бір мəшинесін қолға түсіріпті. Əуелі сол мəшиненің төбесінен бір керемет танкі атар қаруды олжаға алыпты дейді. Жол бойындағы партизандар телефон сымдарын үзіп, Жыңдағы Гоминдаң қолбасшылық штабымен Сантай бекінісінің көмегіне құм құйыпты. Сарнауа-Сандазы жақтан Салабаев, Бодан, Ілияс, Айтуған қосындарға еңкейіп келе жатқан сияқты,– деп Мақарбек жаңалықтарды жарыстыра сөйлеп жатқанда, батыстан түңіліктей бұлт ойнап шыға келді де, соңынан қарлы боран қағып ала жөнелді. – Жарайды, жарайды. Бұл тағы біз үшін ерекше пайдалы. Жараңдар, бір түн шыдайық, жаудың қалған бекіністерін өзіміздің баяғы қыстау қоралардан суық торғай ұстау əдісіміз бойынша шамды жылт еткізіп, торғайды пыр еткізіп, бір-бірден құрта берейік,– деп Оң жамбасқа қарай жылжи жөнелді Мақарбек. Сол күні түні бойы аласұрған қарлы боран қиыршық тасты ұшырып, алай-дүлей болып таңға басылмады. Мақарбектің «суық торғай ұстау» əдісі бойынша жұмылған Болаттар тағы бір жер асты бекінісін күйретті. Ал, Мақарбектер Алыптың дəл маңдайына дейін қоянша жымып барып, алакеуімнің алдында Сайрамға төнген бір жасырын пулемет ұясын ілбісше іліп түсті. Сəске қия бере барлаушы мергендердің ортасына Лескин мен орта отряд бастығы Шақанбек жаяулап келіп, хал-жай ауысты. – Партизандардан шығын жоқ. Мынау Болаттар арыстандай атылғалы тұр тағы да,– деп Мақарбек екі түн, бір күндізгі барлау жағдайын əдемілеп ғана айта салды. – Айналайын ақ алмасым, қарашоқпарым, қатырған екенсің, жігіттерің де жігіт-ақ екен!– деп Лескин Болатты жауырынға қағып тұрғанда, кенеттен төбелерінен екі аэроплан Сымпытузы мен Талқының кезеңіне қарай ұшып өте шықты. – Міне бағанағы Могунтовтар да Кеңсайдан шығып Талқы мен Сымпытузыға кезенген екен,– деп дүрбісін көтерген Лескин енді Шақанбекке ұсынып, – көрдіңіз бе, Сымпытузыдан құлай қашқан Гоминдаң шеріктері Сайрамның үстінде құмырсқаша өріп келеді,– деді. Барлаушылар да тесіле қарай қалды. Айғыз-айғыз мұз үстінде жыландай ирелеңдеген қара нөпір бірдемелер жай көзбен көруге де болатындай жерге келіп қалыпты. Арттарынан күркіреген зеңбірек үні, алдыларынан жарқ-жұрқ жарылыс көрінеді. – Жан-жаққа күзетші қой, қазірше осы орында демала тұрыңыздар, біз қолбасшылық штабқа Мақарбек отрядын «ерекше еңбек сіңірді» деп, оның ішінде Болат, Оспанғазы, Үсен, Нұрқанат, Қойтайлақ, Рахманбек, Жəрдембектер «ерлік көрсетті» деп қарар қабылдаймыз. Тағы да бір айтар іс,– деді Лескин Сантайдың шығысы мен батысына кезек-кезек көз салып тұрып. – Қазірден бастап Утай мен Талқының арасында кескілескен соғыс болады. Ол кезде қалың қосын тас жолы бойында болатындығы сіздерге айдан-анық. Бүгін таңертең Сарнауа, Сандазы жақтағы Қырсан, Бодын бастаған дұнған отряды жеті жерден Гоминдаңның жасырын бекінісін байқаған екен, сіздерде жер жадысына жаттық деп, оның үстіне кешеден бергі жемістеріңізді естіп, өздеріңізден көмек сұрап отыр олар. Оған біз қосылдық. Ендігісін ақылдасып бір жəйлі етіңіздер. Алыптың бұл жағына да абай болыңыздар!– деп қорғаушыларымен қотарыла артына бұрылды.

Барлаушылар ақылдаса келіп, дұнған отрядына көмекке Болат, Несіпбек, Жəрдембек, Əбіш, Көпесбай, Əбдірахым, Майқаралардың баруын белгіледі. Алыптың қалған жерін Мақарбектер тінтетін болды. Болаттар Сандазы-Сарнауадағы дұнған отрядының жанына күн батпай жетті. Жарықта жер жағдайын мұқият барлап, түн қараңғысы қоюлай бастағанда əлгі жасырын апандарға арыстандай атылды. Олар арт-артынан үш ұяны патырлатқаннан кейін, қалған төрт ұядағы жау өздігінен зытып берді. Жазық жерде болмаса найзадай тік жартастардың арасында қимыл жасауға орашолақтау дұнған отрядтағылар партылаған бекіністердің көп олжасына осылай батып қалды. Таң саз бере қалған белдер мен беткейлерді тінте қайтқан Болаттар Алыптың Өтеп бейіті жанындағы бір жартастың қуысынан жаудың жасырын үлкен қоймасын кездестірді. Жартастың түбіне абайсызда жетіп барған Жəрдембек жасырын атылған оқтан жазым болды. Жартастың төбесінде жасырын оқ көзін тінтіп таба алмай тұрған Болат сұлқ жатқан Жəрдембектің сүйегін амалдап алып кетуді алыстан Əбішке ымдады. Қағылез Əбіш еңбектеп келіп, мүрдені арқасына ала бергенде шаңқ ете түскен жалғыз оқ Əбіштің төбе сүйегін төңкеріп кетті. – Əй, əттеген-ай, есіл ерлерім-ай!– деп ашына айқайлаған Болат атылған оқтың көзіне арт-артынан бірнеше гранат лақтырып, жартас үңгірінің ту-талақайын шығарды. Болат бастаған батыр барлаушылар жиырма бес мылтық пен бір пулемет олжа алып, Алыптың үстіне дəл түсте оралды. Олардың алдынан Мақарбек қарсы ала шықты. – Жаудың жеті бекінісін талқандадық. Амал қанша, Жəрдембек пен Əбіш құрбан болды. Несіпбек жараланды, Мұқаш ерекше еңбек сіңірді,– деді Болат жалыннан жасуы басымырақ кейіппен қарлыға. – Құрбандардың ерлігін құдіретті ұранымызға айналдырып, барлау барысындағы тəжірибе-сабақтарды қорытындылап, тағы да алға басайық!– деді Мақарбек жорықтан келген партизандарды артартынан, бір-бірден құшақтап тебірене. Ертеңінде қолбасшылық штабтан «Тау үстінде Болаттың бөлімшесі қалып, қалған мергендер түгел Шөладырға жетсін!» деген бұйрық келді. Осы хабармен бірге Алыптағыларға минаметшісімен қосып бір минамет жіберіпті. Алыптың айналасы қиян-кескі атыс. Кеңсай партизандары Шөладыр жақтан Сантайды бүріп келеді. Могутнов қосыны Талқы мен Сымпытузыны басып алып, енді жалғыз Қарағай, Жолдысай, Құсемшек, Қызылүйді қуалап, Сайрамның ақ қар көк мұз құрсанған жазығымен Сантай жаққа шабуылдап келеді. Ерсіліқарсылы атылған зеңбірек оқтарының жарылысынан Сайрамның жарты мұзы күл-талқан болып, үстіндегі Гоминдаң шеріктері сеңді суға тышқанша сүңгіп жатыр... Алыптың үстінде анда-санда бұрағай-бұрыс қашқан жауға минаметтен оқ жаудырып, қайыра соғып тұрған Болаттарға екінші күні «етекке түсіңдер»– деген бұйрық келді. Таудан жаяулап түскен олар етектегі дайын тұрған аттарына мініп, сап түзеп келе жатыр еді, қарсы алдарындағы қараған арасынан бір топ Гоминдаңның əскері қарға омбылап қояндай қаша жөнелді. Оларды əп-сəтте жойып, қаруларын сыпырып алды да, Бөріхан адырына жетті. Жан-жақтан партизандар құйылып осы жерге келіп жатыр екен. Сол күні-түні партизандар көз ілген жоқ. Талқы мен Сымпытузыдан жан сауғалап, Сантайдан бытырай қашқан жауды Бөріхан адыры мен Сытай маңайында жер жастандырып жатыр. Жолмен келе жатқандар жолда, жолдан қиыстай қашқандар қырда қосылды. Таң ата қолбасшылық штаб «оқ ату тоқтатылып, жол айырықтары мықтап тосылсын, төңірек түгелдей тазартылсын!» деген бұйрық түсірді. Болаттың бөлімшесі түнде Бөріханның мойлағынан тартып Қосқораға дейін барлауда болған. Таңертең қолға түсірген 20 тұтқынын (ішінде 1 взвод командирі бар) шұбата айдап, екі пулемет пен бірталай мылтықты қолбасшылық штабқа тапсырды. Басқа партизандар да осындай мол бөктеріншегімен жан-жақтан құйылып келіп жатыр екен. Ұзынқұлақ хабарларға қарағанда, Гоминдаңның үш жүздей атты əскері боранды түнде Заманбек, Жықай, Ақпай деген жергілікті алаяқтардың жол бастауында қоршаудан құтылып, Бұратала жаққа өтіп кетіпті. Қалған бір полк командирі мен штаб бастығы бар 1500-дей жау əскері тірідей қолға түсіпті... Олжаланған қарулардың ішінде 2 танкі мен бірнеше мəшине жəне үлкенді-кішілі зеңбіректер бар екен. Сантайдағы партизандық қос қолбасшылық штаб шұғыл жиын ашып, көп санды адамды қан сасып қаңырап қалған Гоминдаңның Сантайдағы қолбасшылық штабының орнын реттеп тазартуға жұмылдырды. Болаттың жиырма адамдық барлаушылар бөлімшесіне екі сөтке ішінде Сантайдан Утайға дейін, Утайдан Тақияға дейін толық шарлап шығу міндеті тапсырылды. Олар осы бұйрықты тапсырып ала сала-ақ ақ түтек боранға қарамай атқа қонды.

Барлаушылардың батысында Алатау, артында Алыптың асқары, шығысында Еренқабырға, оңтүстігінде Бұраталаның қара күңгейі созылып жатыр. Утайдағы тұрғын ел босып кетіпті. Тек Бекеттегі берік бекіністің ауласында өлген аттардың өлексесін шикідей жеп, аяққолы үсінген Гоминдаңның жүзден астам қашқын əскері ыңырсып жатыр екен. Тақияның батысындағы Шилеуіт жазықта екіденүштен бөлек-бөлек келе жатқан барлаушылар Болаттың көтеріліп басыла қалған қол ишараты бойынша ат үстінде еңкейіп-еңкейіп тұра қалысты. Екі жігіт аттан түсіп еңбектеп алға таман барды да, орындарынан ұшып тұрды. Ши ішінде түтіндетіп жатқан бір мүсəпір ұйғыр шал екен. Оның айтуынша: «Гоминдаңның бұлапталауына тап болған бұқара торғайдай тозып кетіпті. Жуықта Фатих бастаған қырық партизан келіп, Тақияға шабуыл жасаған екен, оларды жанасалай жүрген жансыздар партизандар санының шағындығын жауға жеткізіп, күшті қарсылыққа ұшыраған партизандар қайта шегініп кетіпті. Дəл осы тұста Тақиядағы жаудың 700-дей адамы берік бекініс жасап жатыпты. Оларға жан-жақтан торғайдай тозған жаулар келіп, күн сайын қосылып жатыр екен». Шалекеңнің бұл мəліметін Тақияның шығыс солтүстік жағында Бұраталадан келе жатып кезіге кеткен 140 адамдық Карташов, Барат, Зекен дегендердің партизан отрядтары да растап, сонымен Болат бөлімшесін қайта Сантайға бұрды. Олар түнімен суыт жүріп, ертеңінде сəске мезгілінде Сытайдың жазығына ілінді. Қалың соқыр тұман түсіп тұрған болатын. Сол тұманды далада қаңғып қашып жүрген Гоминдаңның бір бөлімшесімен айқаса кетті. Барлаушы батыр-мергендер айқасқан жерден-ақ қылыштың жүзін, оқтың отын бір көрсетті бəлемдерге. Сөйтіп, е дегенше екі пулемет тоғыз мылтықты олжаға алып, тірі қалған сарыаяқтарды Сытайдағы гарнизонға əкеп тапсырып берді. Онан олар Сытайдың желкесіне шыға бере Ашалыдан қашқан бір топ жауға тағы кезіге кетті. Алғашында ат үстінде найзаласа қалып, одан жерге түсіп, бір сағаттай атысқаннан кейін, бір эскадром командирі бастаған алпыс адамды қару-жарағымен қолға түсірді де, Сантайдағы қолбасшылық штабқа жетіп барды. Көргендерін мəлімдеп, бірбір шыны тиесілі ыстық сорпасын іше бергенде, штабтан «Сантай мен Бұратала ордасындағы пошташыны Сытайдың еңісігіндегі ен жазықта үркіп жүрген жаулар өлтіріп, хат-хабарды тонап кетіпті. Болаттың барлаушылары тізгін ұшымен тағы да аттансын!» деген бұйрық түсті. Барлаушылар Қожақан, Қойтайлақ бастаған 20 адамды қатарларына үстемелей қосып алып, астыларына тыңнан ат ауыстырды да, түнгі сағат 10 мезгілінде Утайды бетке алып ұшырта жөнелді. Таң белгі бере Болат барлаушыларды Утайдан айналдырып өткізді де, Құмтөбеге Қожақанның 20 адамын қалдырды. Қалған өз барлаушыларын Утайдың оңтүстік жағындағы тас жолдан 300-400 метрдей сыртына орналастырып, қаңғып жүрген жаудың жолына түсті. Қарақшылар Утайға жетіп қонған екен. Таң ата сырнайларын тартып жолға шықты. Бет алысы – Тақия. Қаннен-қаперсіз келе жатқанда барлаушылар олардың алды-артынан бірдей оқ жаудырды. Сасқалақтаған жаудың жарымы жол шетіне жата қалып, жарымы таяу маңдағы аласа көпірдің астына жасырынды. Атыс сəскеге дейін жалғасқанда, жаны алқымына таяған жау найзаға байлап ақ ту шығарып, «бағындыққа» келді. Сонымен, оларды қозыдай көгендеп, қойдай айдаған бір батальон командирі, екі рота командирі мен төрт взвод командирі бар 70 адам, 140 мылтық қолға түсті. Адам өлтіріп, пошта тонағандар да осылар екен. Парасатты барлаушылар қайтып келгенде, Сантайдағы қолбасшылық штаб Гоминдаңның қоқырынан əбден тазартылып болыпты. Казарманың айналасы мен əскери жаттығу алаңдары, жатақтар мен асханалар айнадай тазартылып, көрген жанға біртүрлі көңілділік бағыштап тұрғандай көрінді. * Наурыз айының соңы. Самарқанның көк тасы балқып, жер тебіндеп көктей бастаған кез. Қытымыр қысты жаугершілікпен өткізген малшылар Бұраталадағы қыстауларынан жылжи көшіп, жер жаннаты Іледегі көктеуліктеріне көлін сағынған жыл құсындай шұбап жатыр. Бұл қарсаңда қолбасшылық штаб жайлана орныққан Сантай бекеті қалың халыққа ортақ, аса көңілді еді. Көш жолдың дəл үстіндегі казармадағы партизандар сағынысқан ағайын-туыстарымен қауышып, мəре-сəре болып жатты. Олардың асыға жазған хаттары жан-жаққа көшкен елмен бірге кетіп жатқан. Осындай шуақты бір күні түс қия бере кенеттен əскери сырнай тартылып, жиылу белгісін берді. Мұздай қаруланған партизандар лезде Сантайдың Сайрам көлі жиегіндегі жаттығу алаңына жинала бастады. Болат өз бөлімшесін бастап, мұнда бағанадан бері жаттығу жасап жатқан болатын. Сондықтан олар үсті-бастарының шаң-тозаңын қағып, беті-қолдарын жуып көлдің жиегіне тізіле

қалды. Басқа бөлімшелердің бас-аяғы жиналып болғанша, Болат жан-жағына сүйсіне қарап тұр. Қарсы алдыларында мөлдіреген Сайрамнан су ішердей ұмсынып, қос қанатын қомдаған тəкəппар қырандай Алып тауы тұр. Арттарында өкшелерін соға жай толқып, бұйра толқынды сұлу Сайрам жатыр. Болат шағаланың шаңқылдаған үніне құлақ салып тұр еді, Сайрамда одан басқаша үн де мол екен. Құлақ түріп тыңдай қалды. Көл кейде алыстан күркіреп ұрандағандай долы, ереуіл үнге басады. Кейде өксіп, күбірлеп-сыбырлайды. Болат артына бұрылып, Ақбайтал мен Айғырсайрам жаққа қарап еді, Ақсеңгір шыңның үсті бұрқасындатып тұрғандай көрінді. Қайта бұрылып, Алыптың аспанына көз салды, зеңгір көктің бұл тұсы шəйдай ашық екен. Қос қанатын жайған жалғыз қыран құс оңтүстіктен солтүстікке қарай жебедей зулап барады. – Түзулен, құрмет!– деген айбарлы команда Болаттың тəтті қиялын шымырлаған көл бетіне тас түскендей бұзып жіберді. Ол бөлімшесінің қатарына тігіле жалт қарап, тез алдына бақты. Алаңның ортасындағы сөредей биік жалпақ тастың үстіне штаб басшыларын бастап Лескин шығып барады екен. Тəжірибелі сардар биікке шыға сала қойын сағатына бір қарап, тамағын кенеп алды да: – Барлық бауырластар, батыр партизандар, сəлеметсіздер ме?– деп саңқ ете түсті. – Басшыларға рахмет!– деген жауап қайтарылды күндей күркіреп. – Қазір біз мынандай үш істі істейміз,– деді Лескин қолына қағаз алып, – бірінші, семьясында қиыншылығы бар, жасы егделеген партизандарымыздың есімдігі оқылып, үйіне қайтарылу жол хаты таратылады. Екінші, жаралылар мен мүгедек партизандар емханаға жөнелтіледі. Үшінші, уақыттық өкіметтің 24 нөмірлі қаулысының рухына сай, қосынымыз ішінен тонаушылық, басқыншылық істеген алты адамға өлім жазасы беріледі, — дегенде партизандар іші толқып барып, сəлден кейін құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды. Ең алдымен үйіне қайтарылатындардың тізімі оқылды. Олар өздерінше бір сапқа тұрып, таныстыру жол хаттарын қолдарына ала бастады. Онан кейін, емханаларға жөнелтілетін жаралылар мəшинелерге шығарылып, көрпелері қымталды. Ең соңында, бұқараның үйіне басып кіріп тонаушылық істеген, қолға түскен жау əскерлерінің əйелдеріне басқыншылық жасаған, Бұраталадағы Хан ордасын жаудан азат етуде алтын-күміс, інжу-маржан ұрлаған алты содырды байлап алып шығып, қылмысын бірден-бірден оқыды да, сол майданда атып тастады. – Ей, жігіттер, шаптарыңнан жарылсаңдар да, мұндай бейбастақтыққа жоламай тек жүріңдер,– деді Үсен Болаттардың бөлімшесіне қарап əдейі сүйкене... – Иə, Үсен аға, осы біздің қасиетті аналарымыз тіліміз шыққанда-ақ «Тек жүрсең тоқ жүресің, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп үйреткені рас болса, арымызға ақау түсірмеспіз,– деп Болат екі иығын көтеріп қойды. Соның арасынша Сымпытузы жақтан бір джип мəшине зымырап келіп штабтың алдына тоқтай қалды. Лескин бастаған штабтағылар жүгіре басып қарсы алды да, көп кешікпей көл жағасындағы қосынның ортасына қайта оралды. Орталарында басына ішінен сəлденің бір шетін шығара үлкен қара құндыз бөрік киген, семізше, орта бойлы, қырықпа сақал, қырық жастар шамасындағы ақ шапанды адам маңғаздана басып келеді. Артынан қару асынған қорғаушылар мен былғары қапшық асынған хатшылары зыр жүгіріп жүр. Лескин əлгі адамды демеп, жалпақ тастың үстіне шығара бере: – Шығыс Түркістан уақыттық өкіметінің құрметті төрағасы Əлихан төрені қызу қарсы алайық!– деп ұран шақырды. Айнала тұрған партизандар сонда ғана орталарына келген кісінің Əлихан төре екенін аңғарып, ұранға бірдей үн қосты. Енді Əлихан төре сөйлеп тұр: – Барлық ержүрек Кеңсай партизандары, сіздерге сəлем беріп, құрмет білдіремін! Сіздер орыс ұлтының қаһарман ұлы Лескиннің қолбасшылығында құжынаған жаумен бес рет қиян-кескі соғыс жүргізіп, Лу Сау Гу, Кеңсай, Сантай, Утай, Бұраталаны азат етіп, жаудың неше мың əскерін жайратып, мол қару-жарақ, танкі-мəшинені олжаға алып, ерекше еңбек сіңірдіңіздер! Осыған орай мен бүгін уақыттық өкімет атынан сіздердің партизандық қосындарыңызға шарт-жағдай пісіп-жетілгендіктен Кеңсай атты əскер 3-полк деп ат қойып, полк командирі Лескин, орынбасары Данисов, комиссары жəне ақылшысы Доскенов болғандығын жариялаймын. – Ура! Осыдан кейін уақытты өкіметтің əскери істер меңгермесінің жауаптысы Ахметжан Қасыми сөз кезегін алды: – Жолдастар, жаудың бетінде, елдің шетінде ертерек шартын əзірлеген Кеңсай атты əскер 3-полкі 5 эскадроннан құралады. Өздеріңіз жаудан олжаға түсірген қару-жарақ түгелдей осы полктің өзіне беріледі. Сəлден кейін жауынгерлерге əскери киім

таратылып, полк командирі Лескинге жəне 1-дəрежелі «Азаттық үшін» алтын ордені; партизан басшысы Шақанбекке эскадрон командирлігі мен «Батырлығы үшін» ордені, Мақарбек, Болат бастаған 53 партизанға «Батыр партизан, ержүрек барлаушы» деген даңқты ат беріледі. Міне, мынау сіздердің полк туларыңыз! — деп Лескинге жасыл түсті ту тапсырды Ахметжан Қасыми. Лескин тізерлей отыра қалып, тудың етегінен сүйіп, онан кейін айбынды туды биік бағананың басына желбірете тігіп қойды. Сонан кейін, ту түбіне ерекше екшелген ержүректер сапқа тұрып, батырлық ордендері мен ерлік белгілерін ту алдында серт беріп ала бастады. Ең соңында бүкіл қосындағы жауынгерлер бұйрық бойынша дəрет алып, Əлихан төремен бірге бедерленген Сайрамды бетке алып бесін намазына отырды. Тақияға тап беру Іле аймағының түгелдей қолдан кетуі Үрімші тұрмақ, Нəнжіңдегі Гоминдаң өкіметіне үлкен үрей тудырды. Олар əскери жақтан қанша зорланса да қырылғаны қырылып, шегінгені Тақияны тастап, Жыңда жығылып-сүрініп, ұлар-шу болып, Шиқуға келіп паналады. Дəл осы тұста қарақшы У Жоу Шың: «Шынжаңдағы бекіністерді қазіргі қолда бар қатынас құралдары, азық-түлік, қару-жарақ, əскери күшпен қорғау өте қиын. Жыңның батысындағы тау асулары түгелдей қолдан кетуге айналды. Енді қыл аяғы Жыңды да қорғай алмайтын сияқтымыз. Жың қолдан кетсе, бүкіл Шынжаң аласапыран болғалы тұр. Егер, осындай күн туа қалса, шығыс солтүстік Қытайдағы ахуал қайталана ма деп қорқам. Дипломатиялық жақта ұтымды шара қолданғанда ғана қазіргі жағдайды оңауға болады» деп безектеп Жаң Қай Шиге жеделхат жолдап, одан медет тіледі. Ал, Жаң Қай Ши: «Артыңа қырық қадам шегінсең, енді қырсықтың шалғаны!» деп Шынжаңдағы əскери қолбасшы Жу Шау Лянға қатаң ескерту берді. Сонымен балға мен төстің ортасында жаншылған қара темірдей қағажу көрген Жу Шау Лян өзінің Шықызы, Майтау, Шиқуға дейін шегініп келген қашқын əскерлерін кеудесінен кері итере шегіндіріп, Жың мен Тақияға қайта жапты. * Сəуір айының 8-жұлдызында Құлжада құрылған ұлттық армияның қолбасшылық штабы енді құлашын кең жаюға кірісті. Орайды мықты игеріп Жыңға шабуылдау үшін Іле жаяу əскерлер 2-полкін, минамет батальонын, дұнған дербес атты əскерлер батальонын, све дербес атты əскерлер ротасын Тақияны шабуылмен алуға, Текес атты əскерлер 1-полкін Ашалы асуына барып орналасуға, Іле жаяу əскерлер 4-полкін Сытай мен Утайға барып орналасуға бұйырды. Дəл осы кезде Сантай мен Утай арасында қорғаныс алып жатқан Кеңсай атты əскерлер 3-полкінің командирі Лескин Тақияға алдын-ала тап беруге бір бөлім қосынды орналастырып қойған болатын. Бұл қосынға полктің бас хатшысы, орынбасар штаб бастығы жергілікті адам Гарпик басшылық етіп, Ілияс эскадроны Тақияның шығыс оңтүстік жағынан, Картошов, Зекен бастаған құрама эскадрон батыс жағынан, Мақарбек, Болат бастаған взвод солтүстік жағынан таңғы сағат төртте шабуылға өту белгіленді. Сонымен Гарпик таңдап əкелген 3 жергілікті адам Тақияға жол бастап, кешкі іңірден кейін-ақ шығысқа қарай ала жөнелді. Айтулы уақытта атойға басқан бөлімшелер Тақияның айналасында ойда-жоқта қияқтай қырқылды, өздерін нас басқанын сонда бір-ақ білді олар. – Неге бұлай?!– деп ақырды капитан Гарпик астындағы тор төбелімен ағызып келіп Мақарбекке. – Қақпанға түстік, капитан! – Қақпаның не айтып тұрған? – Жол бастаушы сатқын екен! – А? – Ол бізді аңдып отырған жаудың ортасына енгізіп жіберіп, өзі ғайып болды... – Қап!– деп Гарпик атына қамшы басып жүре беріп еді, шаужайынан шап беріп ала түскен Болат оны атынан жұлып алды. Сол-ақ екен жау пулеметтен оқ жаудырды, Гарпиктің атын жалманынан түсірді. – Капитан, мен кеше кеште жолда келе жатып, жол бастаушылардың сенімділігін сізден сұраған едім. Амал қанша, адасып қалыппыз. Бізден он неше адам құрбан болды. Қалған екі эскадрон қайтті екен ə,– деді Болат Гарпикке етпеттеп жатқан бойы бұрылып. Гарпикте тіл жоқ. Екі көзі шатынап қалш-қалш етеді. Сол мезетте: – Алға!– деп Мақарбек орнынан тұра беріп еді, оны да иығынан жұлқа тартқан Болат: – Жолдас командир, шегінейік!– деп Мақарбек пен Гарповты ертіп артына қарай жамбастай сырғыды. Болат алдын-ала

меңзегендей-ақ, бұларды қуалай жасырын ұяшықтардағы жау пулеметтері бастырмалата оқ боратып қала берді. Тасада қалған аттарға жеткеннен кейін, капитан Гарпик Мақарбекті ертіп, оңтүстік пен батыс шептегі екі эскадронның күйжайын білуге жүріп кетті. Мақарбектің взводын Болат басқарып қалды. Таң ата бере Болат бастаған взвод Тақияның солтүстігінен орағытып өтіп шеткерірек бір бекініске тап берді. Тап бергенде де бүкіл взвод бойынша оқты қарша боратып, күйрете соққы беріп, жаудың омыртқасын үзе кірді. Жуықтағы қолға түскен Гоминдаң əскерлері айтса айтқандай-ақ Потай мен Қорғанды əрі биік, əрі қалың соғып, сыртын орлап су толтырып, оның сыртын сылап тастапты. Болат бастаған взвод 1-бекіністегі жауды жайратқаннан кейін, сол бекіністі паналап тұрып басқа бекіністерге минамет пен пулеметтен оқты жаңбырша жаудырды... Гарпик пен Мақарбек Тақияны айналып өтіп Ілиястың эскадронына келгенде қызыл жайма өліктің үстінен түсті. Өзі де жаралы Ілияс 110 жауынгерінен бір-ақ айырылыпты. Отыздай адамымен қоршаудан зорға құтылып сенделіп отыр екен. Оның да жол бастаушысы жоғалып кетіпті. Гарпик ат үстінде не дерін білмей теңселіп тұрғанда: – Алданыппыз. Қаскөй жол бастаушы бізді қақпанға бастырып, қан қақсатып кетті,– деген қайғылы хабар жетті тағы бір эскадроннан. Ертеңінде бүкіл пульт бойынша бұл реткі сəтсіздіктердің ащы сабағы қорытындыланып, Гарпикті міндетінен алып тастады. – Қырағылық деген не?– деді Лескин Гарпикті бүкіл полктің алдына шығарып. Гарпик үндемеді. – Қырағылық дегеніміз, – өзі қайыра жауап берді Лескин, – мынадай миша былыққан заманда «сапты аяқтың сабына қарауын қойып», – жан-жағыңа екі қарап, бір шоқып ас ішу деген сөз. Түсінікті ме? – Түсінікті, полковник,– деді Гарпик төмен қарап иығы құнжыңдап. – Ендігі түсінгенің қай күніме керек? Қаншама шайқастардан қан кешіп аман өткен боздақтарымды бауша қырып тастап, қырын қарап тұрғаныңды білесің бе сен, ынжық! Нағыз командир деген өзі өлсе де жауынгерлерін қорғап қалуы керек! Жол бастаушыларың кім еді?– деді Лескин тамағын өксік аралас ашулы үн кернеп. – Тақияның айналасындағы таныстар. – Қалай таныс, сенімді болғаны осы ма? Гарпик жауап беріп орнына өз басын өзі төмпештеп, өкіріп жылап жіберді. Көзінің көлдей жасы оның жирен сақалын жуып, жерге сорғалап тұр... Екі күннен кейін ұлттық армияның қолбасшысы Палинов генерал 60 мəшинемен мəнсүр басшылығындағы дұнған полкін бастап Сантай мен Утайдағы Кеңсай атты əскерлер 3-полкіне келіп түсті. Палинов келе сала-ақ асығыс жиыс ашып, жиынға барлаушылар взводынан Болатты да қатынастырды. Болат барғанда полктің қолбасшылық штабы болып тұрған үлкен шатыр адамға лық толы екен. Олардың көбі түгел эскадроннан жоғары офицерлер. Ішінде бірен-саран қарапайым жауынгерлер де көрінеді. Айнала сақырлаған қарауыл. Шатыр төріндегі үстелде өзара сөйлесіп отырған Палинов пен Лескинге бір штаб офицері жақындай беріп, оң қолын шекесіне апарып, əскери сəлем беріп: – Жиынға шақырылғандар түгел келіп болды, құрметті полковник!– деп мəлімет беріп, кейін шегінді. Лескин орнынан тұрып, келгендерді шолып өтті де, Палиновты сөзге ұсыныс етті. Отырған офицерлер қатар-қатар қойған тақтай орындықтарынан лып етіп түрегелді. Палинов оларға құрмет көрсетті де, орындарына отыруға рұқсат етті. – Офицерлер,– деді ол сонан соң қоңыр дауыспен асықпай сөйлеп, – қолбасшылық штаб тез арада Тақия мен Жыңды жау қолынан азат етуді бекітті. Гоминдаң атаманы Жу Шау Ляң да жуықта өзінше əскери орналастыру жасап, Жың, Шиқу аудандарын қорғаныс артқы шебі етіп белгілепті. Ол Гоминдаңның 2-армиясының штабын өзімізбен көшіріп Шиқу қалашығына орналастыруды, Шиқу ауданында тұратын жаңа 45-дивизияның 1-полкін Жыңға барып қорғаныс жасауды, атты əскерлер 1-дивизиясының штабын Шиқуда қалдыруды, бір-ақ оның 1-полкін Шепейзы, Ганшяқу, Бесқұдыққа барып қорғаныс жасауды бұйырыпты. Запас 7-дивизия штабын көне Шиқуға көшіріп, уақыттық 2-дивизияның 2-полкін Майтау, Күрті, Талдық, Шигышорға бөліп орналастырыпты. Шие Ифіңді жаңа екінші корпустың командирлігіне тағайындап, оған Шиқуда тұрып, жоғарыдағы əскери бөлімдерге біртұтас қолбасшылық етуді тапсырыпты. Мұнан тыс Гоминдаңның жаңа 45-дивизиясының штабын Жың ауданының қалашығына көшіру бұйрығын түсіріп, Гошиді жаңа 45-дивизияның командирі етіп тағайындап, оған 45-дивизияның Жың қалашығында,

Бажяқуда тұратын 1-полкі мен 3-покіне, Жыңның оңтүстігіндегі тауларда тұрған запас 7-дивизияның 21-покіне, 191-дивизияның 571-полкіне қолбасшылық етуді міндеттепті. Қазір Гоши Шиқу мен Жың ортасында ала шапқын болып, ең алдымен Жың ауданының əкімі Иəн Шу Шиаңға қашып келген мекеме қызметкерлері мен халық бұқарасын бастап Шиқудан Жыңға қайтуды, бара-сала-ақ əскери бөлімдердің Жың қалашығын қорғауына қолғабыс етуді жүктеп отыр. Сондай-ақ, Жың мен Тақиядағы барлық фотайларды екі метрден артық қалыңдату, қорған сыртынан үш метрдей кеңдікте ор қазып, оған су толтыру, оның сыртынан жиілетіп мина көмуді орналастырыпты. Осыған ұштастыра, Леу Лин Лиан покіне «ұлттық армия тұрған Лу Шиқу көлін тартып алып, ұлттық армияны ол арадан шегіндіріңдер» деген есек дəмелі бұйрығын түсіріп отырған көрінеді. Бұған орай біз, полковник Лескин орналастырған Ақбұттағы Карташок эскадронын, Утайдағы Шақанбек эскадронын, Қамысбұлақ пен Талдыбұлақтағы 700 адамдық све дивизиясын осы жерге таңертең келген дұңған полкімен күшейтіп, Жыңның жолын кесіп, Тақияны бүгін түнде тарпа бас салғалы отырмыз. Бұл жөніндегі бұйрық барлық қосынға кешкі сағат 7-де жеткізіледі!– деп Палинов Лескинге қарады. Лескин: – Тараңдар! Қазірден бастап түнгі шабуылға əзірленіңдер,– деді. Офицерлер есіктен таласа шығып жатқанда, Лескин полковниктің: – Барлаушы Болат, сіз қала тұрыңыз!– деген таныс дауысы саңқ ете түсті. Болат олар отырған үстелге жақын барып сəлем берді. – Жолдас генерал, алдыңғы күнгі Тақияның бір бекінісін атойлап алған батыр барлаушы Болат деген жігіт осы. Бұл онан сырт, Гарпиктің əлгі сатқын жол бастаушыларына да сынай қарап, бастықтарына алдын ала ескерту жасаған қырағы жауынгер. Сондай-ақ Ілияс пен Картошов эскадрондарының жау қоршауынан шегініп шығуына да көп көмек көрсеткен азамат!– деді Лескин Палиновқа Болатты тебірене таныстырып. – Жарайсың, азаматым! Онда бүгін түнгі шабуылда барлаушыларыңды бастап Тақия мен Жыңның ортасына тағы сен бар. Жеңіс туы астында сол жерде кездесетін болайық!– деді Палинов Болаттың қолын алып. Болат қолын шекесіне көтеріп: – Құп, құрметті қолбасшы! Бұйрығыңызды сөзсіз орындаймын. Осыдан бара сала-ақ əзірлік жасап, Жұлдызшыға жүріп кетемін!– деп артына бұрылды. Тақиядағы алдыңғы сəтсіздікті тез арада жеңіске ұластыру үшін қолбасшылық штаб сан ойланып, сан толғанды. Ең ақырында коллектив басшылықтың бірлікке келіп ортаға қойған шабуыл жобасын бір ауыздан мақұлдады. Сағат тілі түнгі нөлге барғанда, Тақияға айпарадай ашық көрінетін Құмтөбеден 60 мəшинені жүз метрлік аралық тастап, бес айналдырды Лескин. Тақияның биік қорғандарының үстінен мұны көрген Гоминдаң қарауылдары мен кезекші офицерлер «Советтің 300 танкісі Тақияға таяп қалды!» деп мəлімдеді қолбасшылық штабтарына. Сонымен у да шу болды да кетті. Істің соңы Лескин мен Палиновтың алдын-ала ойлағанындай-ақ жауды жапырыла Жыңға қашуға мəжбүр етті. Ұрымтал жерлерді тосып жатқан жауынгерлер жауды бір шеттен сыпырды да отырды. Жаяу əскерлер оларды жапырақтай түсірді. Аттас эскадрондар атойлап жүріп, қылыш үйірді. Мəшинемен қашқандарды Лескин полковник ылғи пулеметпен қаруланған 20 мəшинемен қуып жүріп кез келген жерде жайрата берді. Ең соңында жаудың озыңқырап кеткен 5-6 мəшинесін өкшелеп жеткен Мақарбектер, иен далада əлгі мəшинелердің күлталқан болып күйіп жатқанының үстінен түсті. Қолға түскен екі полковник пен бірнеше ұсақ офицерлерді жол шетіндегі жаңа ғана көктей бастаған сарыбалақ пен баялыштың арасына қосақтаған қойдай тізіп қойып, жүгіріп шықты Болат. Өз полковнигінің алдына арсалаңдап шыға келген Болатқа Лескин: – Жарайсың, қыраным! Кешегі генерал берген міндетті даңқпен орындадың! – деп Болатты өз інісіндей аялап, құшырлана құшақтай алды. – Құрметті полковник, осы өңірге алдын-ала келгендігіміз мұндай жақсы болар ма, қашқан жаудың алды өкпе тұсымызға жетіп келгенде-ақ автоматпен жайпадық. Артынан қол бомбымен соғып едік, құзға түскен қаңбақтай өртке оранды да қалды, – деді Болат айқұлақтана. Сол күні Болаттар Тақияға қайта қайырылғанда Палинов қолбасшының қабылдауында болды. Генерал оларға: – Бір күнде мыңнан астам жау əскерін жойып, қыруар қаружарақ, 20-дан астам мəшинені олжаға түсіріп, Тақияны жаудан таптаза тазарттыңыздар. Мен сіздерді осындай зор жеңістеріңізбен құттықтаймын!– деді өзі бастап қол соғып. – Отан үшін қызмет етеміз! Жауды жеңу борышымыз!– деп жауынгерлер ұрандап орындарынан көтерілді.

Тамаша тəлім Ендігі сөзді батырдың өзіне бердім. Ол тебірене сөйлеп, мен тесіле жазып отырмын. – 1945 жылы сəуір айының алғашқы жарымында ғой деймін, Тақияны айналып, шолғыншылық міндетпен Ақтүп деген жерде жүргенмін. Желдей ескен жедел хабаршының біреуі бүктелген көкшіл конвертті қолыма ұстата салды иен далада. Мен оған таңырқай бір қарадым да, конвертті биік жарлауыттың жоғарғы жағында ат үстінде дүрбі салып тұрған взвод командирі Шақанбекке апарып бердім. – Бұл не? – Білмеймін. – Ашып оқы! Конвертті ашып қарасам, шетіне қиғаштана салынған бір жапырақ қағаздың басына: «Қорғастағы командирлер даярлау курсына адам жіберу жөніндегі ұқтыру» деген сөз жазылыпты. Қиғаштаманың басында менің есімім, соңында Лескиннің сүйкектеткен қолы тұр. Ұқтыруды тез-тез бір шолып, қайта Шақаңа бердім. Шақаң хатты асықпай көрді де: – Ей, Қара тұйғын, сүйіншіңді əкел. Офицерлік оқуға баратын болыпсың!– деп ат үстінен арқамнан қақты. Өткен жылдан бері қан майданда өз ағамдай болып кеткен парасатты басшыма, қамқоршы жерлесіме не дерімді білмей: – Рахмет сізге, взвод командирі!– деп қолымды шекеме апарып, құрмет білдірдім қуанышым қойныма сыймай. – Жөнел, жөнел енді! Тері тонды, киіз байпақты бізден де енді сынадай шпорлы, сап-сары бала офицерлер шығатын болды, қарағым!– деп толқып тұрып кеңкілдеп күлді де, əлгі ұқтыруды қолыма қайта ұстатып жатып: – Тезірек Утайдағы гарнизонға жет. Сол жерден мəшинеге отырады екенсіңдер. Оқуды тауысқан соң, сөзсіз өзімізге оралатын бол шырағым!– деп ат үстінде мені қапсыра құшақтап қош айтысты. Мен иен далада зар желіп келе жатып, жаңа Шақанның: «Тері тонды, киіз байпақты бізден де енді сынадай шпорлы сап-сары бала офицерлер шығатын болды!» деген сөзін ішімнен дұғадай қайырып, былтырдан бергі өзімізге басшылық етіп жүрген Советтік қызыл армияның кілең адуын да айбатты офицерлерін көз алдыма елестете бердім. Олар Гитлерді кебіндеген керемет жандар ғой!.. Утайға келсем, Қорғасқа жүретіндер жиналып болған екен. Буынып-түйініп, қару-жарағымызды асынып, 40-тай жауынгер мəшинеге шықтық. Менің серіктерімнің көбі біздің Кеңсай атты əскерлер 3-полкінің жауынгерлері екен. Басқа көршілес бөлімшелер мен құрамалардан да бірен-сараны көрінеді. Сайрам көлі жай толқып, Талқы мен Сымпытузы жақтан майда қоңыр тау самалы еркелей беттен өбеді. Сайрамның шетіндегі қайқайып жатқан қарағайлы қапталға малшы ауылдары əлі келе қоймапты. Сұлу көл бетінде үйрек-қаз ұшып-қонып жүр. Ақ қалпақты еңселі шыңдардың төсіне шарбы бұлттар жайылып, ойдым-ойдым қолқаттарда ұлпа тұман тұнып тұр. Көктемде көп соғыс болған Талқы кезеңінде əлі қорғаныс алып жатқан белгілі гарнизон асығыс дала машығын жүргізіп жатыр екен. Біз олардан да өте шықтық. Кеңсайдың іші тып-тыныш. Тек алуан əуенді құстардың жарыса сайраған, таудан құлаған ерке бұлақтардың сыңғыры бүкіл ой-қиялыңды өзіне баурап, көңіліңді елжіретеді. Жол үстіндегі былтырғы қазылған орлар тындырылып үйілген тастар екі шетке сырылып тасталыпты. Беткейлердегі жасырын жабалар мен күркешелер, қабырғалардағы жолақ-жолақ жолдар мен жалжалдары үйілген дөңбектердің қалдығы, жалама беттердің ұшар басындағы үйілген отау-отау тастар кеше ғана өткен сұрапыл соғыстың белгісіндей қалқиып қарауытып көрінеді. Қираған танкілер мен мəшинелердің қаңқасы өлген пілдей болып əлі өзенде жатыр. Екі қабырғаға кезек қарап, ескі қиялдың есігін айқара ашып келе жатқанымда, өткен желтоқсанда Үсен ағай айтқан бір əңгіме есіме түсе қалды. Онда біз қарға малтығып, мұз қашап, тас үйіп, дөңбек кертіп, Кеңсайдың кез келген жерінен шабуылдап келер күшті жауға қарсы берік бекініс, жасырын тосқауыл жасап жатқанбыз. Сонда Үсен ағай екеуміз бір күні сонау қызыл жартастың иегіндегі үңгірде отырып, бүкіл өзен аңғарының атысқа қолайлы жасырын жерлерін белгілеп жатқанымызда, ол кісі бір тарихи əңгімеге ойысқан болатын: – Болат-ау, тарихтағы сан сарбаздардың қайсысы осы Сайрамның салқынына омырауын тосып жүр. Талқының кезеңінен көсіле асып, Кеңсайдың кербез табиғатына елтімеді дейсің?! Дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хан да, қазақтың аруақты ханы Абылай мен арыстан батыры Қабанбай да, өзіміздің ер əкеміз – Есбосын да, бүгінгі төңкерістің ту ұстаушысы болып отырған Əкпар

мен Сейіт те осы жолмен жүріп, тарихқа өшпес із қалдырған егейлер ғой. Кеше ғана бізді төңкеріс жолына бастап, біреуі 33 жасында, біреуі 28 жасында қыршын жанын қиған, қайран қос боздағым Əкпар мен Сейітті айтсаңшы! Олар жүрген осы киелі жолда енді жанымызды шүберекке түйіп, біз келеміз. Адам аз ғұмыр көрсін, көп ғұмыр көріп кешсін, əйтеуір өз өмірін мəнді өткізіп, еліне азырақ та болса пайдалы іс істесе болды аты аңызға айналады екен. Бала кезімде өз көзіммен көріп, ет құлағыммен естіген бір əңгімені анау өзен бойындағы бес зəулім терек пен қалың ақ қайың ойыма оралта береді. Дəл сол жерді осы өңірдегілер қазір де «Шерік айланған» деп атайды. – Ол қалайша солай аталып қалды екен?– деп Үсен ағайдың аузына сабырсыздана қарадым. – Тоқта, тоқтай тұр, балақай. Мен дəл сол əңгімені айтқалы отырмын саған. Ол былай болған. Осыдан 20 жылдай бұрын ғой деймін, Сайрам бойындағы Сақан қажының ауылына өзі əнші, күйші, балуан, көкпаршы бір кісі пайда бола қалды. Той мен аста оның қасына барып өң-түсін де талай-талай көрдік. Биік қабақ, қыран көз, жазық маңдай, жалпақ жауырынды, денелі, қарасұр адам болатын. Елден ол кісі «мұздай қаруланып екі атты жетектеп, үш атты кезек мініп жүреді екен» деп естігенбіз. Əйтеуір, қашан көрсең де астындағы торысы мен күреңі, ала аяқ шабдар қасқасы бір қабырғалап, ойнақшып тұратын. Ол адам жөнінде ауылдағы үлкендер «Есбосын батыр, генералға дес бермеген, зорекер байлар мен мансаптыларға дес бермеген Есенгелді Есбосын, əуелі осы келісте Советке барып 3 жыл Қазақстан мен Қарақолды шарлап келіпті, Есекеңнің өнерін енді көреміз!» деп дүр-дүр əңгіме етіп жүрді. Сонымен бір күні ойдан шыққан түрік құлақ саудагердің бірі айтқан: «Есбосынды тірі ұстауға, қарсыласса басын алуға Күреден генерал көп шерік аттандырыпты. Олар Көкқамыр тауларына таласа-тармаса өрмелеп келеді екен» деген үрейлі хабар бүкіл жайлауға дүңк ете түсті. Соның арасынша кемпір-шалдар: «Əкем-ау, мынау Есбосының шынында жүрек жолбарыстың нақ өзі екен. Кешегі суық хабарды ести тұра, «мені ұстайтындардың алдынан өзім шығайын» деп жетектеген екі атына құдаларына берген қозы жүнін артып, беліне Советтен əкелген ақ шалғысын қыстырып, Кеңсайдың қан жолымен ойға түсіп кетіпті» деп еріндерін сылпылдатып, сақалдарын тарамдап таң қалып отырысты. Кейін естісек, Есекең салып ұрып осы Бестеректің тұсына келгенде, алдынан салаң етіп екі шерік пен бір жансыз шыға келіпті. Жансызы əрі тілмаш екен. Үшеуі Есбосынның алдынан көлденеңдеп, батырды жан алқымға алып сұрай бастапты. – Кімсің? – Сақан қажының малшысымын. – Қайда барасың? – Жүн алып ойға барамын. Егін орып, шөп шабамын. – Атың кім? – Қабанбай. – Есбосын деген адамды білесің бе? – Білемін. – Ол қайда? – Сақан қажының ауылында жүр. – Не істеп жүр? – Белінде қылыш, қолында мылтық. Айтқаны əн, шерткені домбыра. Өкіметті аударып, генералды бауыздаймын дейді ол. Мына жүргіншіден жансыздың аудармасы арқылы жаңа-жаңа хабар естіген екі шерік Есбосынды енді жолдың шетіне бұрып, онан əрі өңмеңдей сұраққа алды. Сонда Есекең қалың терек пен қайыңның арасына ішкерлей кіріп, аттан түсіпті де абын-күбін біртұлып қымызын қанжығадан шешіп, еті мен нанын, құрты мен ірімшігін қоржынынан төгіпті. Бұл тұрмақ əуелі қойнындағы екі құмыра «водкасын» да суырып алып, көкжапырақтың үстіне қаздитып-қаздитып қоя салыпты. Сонан əй-шəйға қарамай сапты аяғы мен бəкісін сылдырап аққан Кеңсайдың суына жуып-шайып, жанындағы «құрметті қонақтарын» дəмге шақырыпты. Сонда алыс жолдан шаң қауып, ат үстінде қарындары шұрылдап келе жатқан əлгі қулар семіз бағлан еті мен майлы бауырсаққа құмайдай құлаған екен дейді. Бір мезетте жансыз тілмаш балдай қымызды жұтып жатып, еріні кеберсіген екі шеріктің көзі екі құмыра «водканы» тесіп бара жатқанын байқапты да: – Ей, мынауың не? — депті ет турап жатқан Есбосынның жеңінен тартып. – Арақ. Жолдағы омарташы орыс достарым беріп еді. Олар мұны «ар жақтағы орыс жерінен келген жақсы арақ» дейді. Аздап өзім де ішемін, сондай болса да, аузымнан жырып, Лу Сау Гудегі бір бай қытай төреге алып кетіп барамын, — депті жайбарақат қана. Саптыаяқтағы қымызды жаңа ғана иіскелеп ұрттап, дəміне таңданып отырған екі шерік, енді құмыраны қолдарына алып, сыртындағы əшекейлі жазуын танымаса да сипалай бастапты. Сон-

да Есекең құмыраның біреуін қолына алып, қарш еткізіп қақпағын тісімен ашыпты да, өзі арақтан жұтып-жұтып жіберіп, шеріктің біреуіне ұсыныпты. – Жоқ, болмайды. – Біз қазір Есбосын қарақшыны ұстауға барамыз!– деп шеріктер кейін шегініпті. Сонда: – Ой мырзалар, қазір түс мезгілі. Күндіз Есбосынға көрінсеңдер жазым қылады, асықпай тамақтанып, мынау салқын орман ішінде жайлап демалып, жайлауға кештете жетсеңдер, жолдарың сонда болады,– деп Есекең саптыаяққа иісі аңқыған ақ арақты созақтата құйып, аузынан сілекейі шұбырып отырып орыс ақ қараға ұстата қойыпты. Сонымен неше күннен бері ат соқты болып жүрген шеріктер лезде-ақ күшті арақтың буымен отырған орындарында серейіп-серейіп домалап қалыпты. Кешке таяу оларды орындарынан тұрғыза алмаған жансыз шəңкілдеп Есекеңе тиісіпті. Сол-ақ екен, Есекең жансызды құлақ шекеден отырғызып, үшеуін тырыстыра бір қайыңға байлапты да, екі мылтық, бір наганды қолға түсіріп тау жолымен тартып отырыпты... Міне, сөйтіп жүріп Есбосын батырдың тырмаштап тыққан қару-жарағы ширақ ғасырдан кейін Əкпар-Сейіт партизандарына ес қатарын онда кім білген?! Шырағым, осы жолы Кеңсайға келген Гоминдаң əскерлерін келістіріп бір соқсақ, мылтық тұрмақ зеңбірекке де ие боламыз. Тіпті Əкпар мен Сейіттің құнын да қолма-қол қайтарып алып, аруақ алдында антымызды да орындаған болар едік! Мен қартайып қалдым, Болат-жан! Ендігі үміт өзің сияқты жастарда. Анау бір кезде құрыш құсып, от бүріккен «екі айға жеткізбей жер шарын жемтікке айналдырам!» деп жер тепкілеп өрекпіген Гитлерді жер жастандырған мынау Совет қызыл армиясының офицерлерінен жақсы үйрен, жарқыным. Сенің болашағың алдыңда!– деген Үсен ағаның əсерлі əңгімесін қиялдап отырып, қалғып кетіппін. Басымды көтерсем, мəшине шекарасындағы Қорғас қалашығына кіріп келеді екен. Қорғастағы əскери мектеп-қалашықтың батыс шетінде екен. Ұзыннан-ұзаққа созылған ерсілі-қарсылы екі қатар казарманың алды-арты кең алаң көрінеді. Алаңның үстін осы бастан-ақ тұсардан асқан қышыма қурай мен одан сəл аласалау алабота жасыра бастапты. Байқаймын бұрынғы бір көне мектептің орыны сияқты. Казарманың алдында бізді еңгезердей бір майор қарсы алып, атымызды бір-бірден шақырып, жатақ-жатаққа орналастырды. Іле-шала қоңырау соғылып, далаға жүгіре шықтық. Майданда ала-құла киімді адамдар өріп жүр. Солардың ішінде Кеңсай атты əскерлер 3-полкінен келген 27-іміз біркелкі əскери формамен Қарқараның балапанындай болып қатарға тұрдық. Бізді келген орнымызға қарай рет-ретімен төрт шаршылап сапқа тұрғызған майор, өзі үйілген көне кірпіштің үстіне шығып, фамилиямызды қосып атымызды шақырды. Біз бұйрық бойынша бір-бірден екі адым алдыға аттап, майорға құрмет білдіргеннен кейін, рахат қадамға ауыстық. Сол кезде өзі де кеудесін кере, түптүзу тұра қалған майор: – Түзел!– деп барлығымызды қайтадан ширата команда берді де сөз сөйледі. – Жауынгерлер, біздің бұл реткі командирлер курсының мерзімі үш ай. Бұл курста Совет одағының ысылған бір бөлім офицерлері тəрбиеші болады. Сіздер тəрбиеленгеннен кейін əрбір əскери бөлімдер мен құрамаларға тұрақты ұлттық армия құруға, бөлімшелерді командирлік міндет өтеуге, қарулы күресті онан əрі өрістетуге, таяныш күш болуға барасыздар. Біз осы қысқа ғана үш айлық уақыт ішінде мынадай үш басқышты оқу-оқыту программасын орындаймыз: бірінші, жауынгерлік борыш жəне əскери жаттығу; екінші, командир жəне командирлік өнер; үшінші, əскери мəнуер жəне соғыс тактикалары. Əсілі программалардың бір-бір тармағының өзін жайшылықтағы əскери академияларда бірер жылдан оқуға тура келеді. Оның үстіне сіздердің мағлұматтарыңыз да шалаңғыр. Бірақ, солай болған күннің өзінде де қазіргі Гоминдаң шірік өкіметіне қарсы азаттық соғысы мен күрделі қоғамдық жағдай сіздерге ауыр міндет арқалатып, əскери өнерге тез жетілуді күтіп отыр. Сондықтан ертеңнен бастап түгелдей біркелкі əскери киім киіп, тегіс қаруланып, күндіз-түн демей алдыңғы шеп тəртібінде болып оқып-оқыту мен əскери машықты бірлестіре жүргіземіз. Кəне, бұған сіздерде берік сенім бар ма? – Отан үшін отқа түсуге дайынбыз!– деп ұрандадық. – Жарайды, онда осылай болсын!– деп майор курсанттарды 4 взводқа бөлді де, взвод командирлерінің есімін жариялады. – 1-взводтың командирі – Болат Қонысбеков дегенде селк ете қалдым. Тез сергіп, адымдап алдыға шықтым. Сонан, 2-взводтың командирлігіне Ахмет Армановты, 3-взводтың командирлігіне Сағындық Сапаровты, 4-взводтың командирлігіне Əбілез Ошыровты шақырды. Біз алдыға шыққаннан кейін, майор бəрімізге естіртіп:

– Бұдан былай əр күндік сабақ кестесі бойынша жауынгерлерді взвод командирлері басқарады. Взвод командирлерінің қимылын əскери тəрбиешілер қадағалайды. Қайшы келгендер əскери ереже бойынша жазаланады. Еңбек көрсеткендер сыйланып, естелікке алынады. Əскери тəрбиешілер мен мектептің жалпы жұмысын мектеп директоры — полковник Қабыл Қаржаубаев жолдас басқарады. Мен сіздерге осы орайда қадірлі директор Қаржаубаев полковник пен əскери тəрбиешілеріңізді бірбірден таныстыра кетейін,– деп екі жағында тұрған еңгезердейеңгезердей орденді офицерлерге кезек қарап, – мына кісі, дүниежүзілік екінші соғыстағы Совет одағының батыры, құрметті мектеп директоры – полковник Қабыл Қаржаубаев!– деп оң жағындағы денелі қарасұр адамға қарады. Ол кісі сол аяғын сəл шекіп басып алдыға шығып, қолын шекесіне көтере курсанттарға құрмет білдірді. – Құрметті тəрбиешілеріңіз,– деді одан кейін жағалата таныстырып, – майор Едіге Арыстанов, капитан Жолон Фазылов, капитан Мырзакрам Қалиев, ал менің əскери шенім майор, аты-жөнім Серік Қаршығаұлы. Біз шатырлата шапалақ соқтық. Капитан Жолон Фазылов пен Мырзакрам Қалиев те, бəрін жөн-жөнімен таныстырып, ең соңында өзінің аты-жөнін айтқан Серік майор да сырбаз мінездері, сымбатты да кербез келбеттерімен бізге керемет ұнады. Таңертеңгі бес шақырымдық тез жүруден кейін, жуыныпшайынып алып, далада лекция тыңдауға отырдық. Шаңқылдаған ашық та, міңгірлеген əлсіз де емес, Қабыл Қаржаубаев полковниктің қоңыр үні кең шанақты домбыраны тербелткен шешен ішектей бізді өзіне баурай берді. – Қымбатты жауынгерлер!– деп сөзін бастаған полковник, – соғысқа қатынасқандарыңыз болса, қолдарыңызды көтеріңіздерші!– деді кішіпейілділікпен бəрімізді барлай. Жапырлата оң қолымызды көбіміз көтердік. Жалтақтаған санаулы ғана адам қолын көтермеді. – Түсіріңдер. Ал, екі-үш реттен соғысқа қатынасқандарыңыз қолдарыңызды көтеріңіздер! Екі жүздей курсанттың жарымына таяу қолын көтерді. – Түсіріңіздер. Енді бес реттен он ретке дейін,– дегенде, он-он бес адам ғана қол көтердік. Сонда полковник: – Жарайды, 1-взвод командирі Болат Қонысбеков, сіз айтыңызшы, қанша рет соғысқа қатынастыңыз? — деді. – Үлкенді-кішілі тоғыз рет соғысқа қатынастым, құрметті полковник. – Жараландыңыз ба? – Жоқ. – Жаумен жақын жерден жағаласып көрдіңіз бе? – Жоқ, ол жағаласайын деп өңмеңдеп ұмтылғанда, мен оны найзамен жарып тастадым. Полковник те, басқалар да менің қайтарған бұл жауабыма қарық бола қатты бір күлісіп алды. – Өме қапқырды жарып өлтірдім солай, болмаса өзімді мерт қылатын сияқты, – дедім етігімнің тұмсығына қарап міңгірлеп тағы да. Полковник езуін жия қойып: – Қорықтыңыз ба? – деді жайбарақат. – Алғашында сескеніп едім, кейін ерленіп кеттім, құрметті полковник!– дедім енді өзім де балаша мəз болып. – Солай, солай, Қонысбеков. Мен де жауынгер кезімде сенен арман болғанмын,– деп сөзін қайта сабақтады полковник. – Мəскеу түбіндегі алғашқы шайқаста неміс танкілері менің төбемнен жаншып өтті. Əй, өлген деген осы екен ғой!– деп көзімді жұма бердім. Сəлден соң көзімді ашсам, топыраққа көміліп қалыппын. Терең окоптан сілкініп түрегелсем, əлгі көк шұбар доңыз қарсы алдымда шыр көбелек айналып, шиыршық атып екінші окопты таптап жатыр екен. Тұлабойымды дүлей ашу кернеп, арт-артынан екі бума гранатты құлаштап ұрдым. Сол-ақ екен, жаңағы тажалдың бөксесінен қара жалын бұрқ етіп барып, қасындағы бір танкіге соғылды. Сөйтіп, е дегенше екеуі де жанып кетті. Мен егіліп жылап жібердім. Ол қорыққаннан емес, қуанғаннан төгілген жас еді. Артынан сақылдап тұрып күлдім, ол алабөтен үрейдің күлкісі емес, «өзің ер болсаң, жауың жер болады» деген ата тəлімінің асқақ үнді күлкісі еді. Менің əлі қалшиып түрегеліп тұрғанымды енді байқаған полковник: – Қонысбеков, отыр, жарайсың!– деді де сөзін одан əрі жалғады. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тек, шытырлағансытырлаған қағаз бен қарындаштың сыбдыры ғана естіледі. Маңайда қызылды-жасылды көбелектер көлбеңдеп, бұлбұл сайрайды, жауынгерлер емініп естелік жазып жатыр. – Бір ауыз сөзбен тоқетерін айтар болсақ, жауынгердің ұраны «жаным – арымның садағасы» деген тəмсілге саяды. Егер бізде сондай ар-намыс болмаса, қар жастанып, мұз төсеніп, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп, шыбын жанымызды шүберекке

түйіп, азуы алты қарыс жыртқыш жауға қарсы шаппаған болар едік. Əрине, əскер тəртібі темірдей берік тəртіп. Армияның атойшыл болуы да осы шартқа байланысты. Командирі парасатты, пайымшыл болса, жауынгері жанкешті болады. Жауынгер бəрін біледі. Ол өмірді де, өлімді де түсінеді. Өлмес өмір орнату үшін жаналғыш жауға қарсы жарылғыш бомбы, жаңылмас оқ атады. Қырғын қылыш сілтеп, өткір найза үйіреді. Керек болғанда кеудесін əзірейіл оққа қалқан етіп, апаттан сүйікті Отанын, қасиетті халқын қорғайды. Міне, жауынгердің ар-намысы дегеніміз осы! Сіздер кеше ғана қаналудың қасіретін əбден тартқан егінші, малшы, жұмысшы, зиялы қауымнан келіп шыққансыздар. Бүгін Отанның азаттығы үшін өрт лаулаған сұрапыл соғысқа өз еріктеріңізбен қатынасып, оқ ызыңдап, зеңбірек ұлыған майдандардан келіп отырсыздар. Біреулерің — құралайды көзге ататын мерген, біреулерің — ат құлағында ойнайтын шабандоз, біреулерің – жағаласқанның жанын көзіне көрсететін атан палуан, енді біреулерің – ерекше, тіпті алуан түрлі өнер-техниканың иесі шығарсыздар. Бірақ, оның бəріне бүгінгі мынау кіші командирлер даярлайтын əскери мектеп мүлде ұқсамайды. Бұл мектеп сіздерге төтесінен айтқанда, соғыс ғылымынан алғашқы сауат беріп, жауынгерлік борыш пен командирлік өнерді түсіндіріп, қасиетті əскери өнердің уəжіп-парызын үйретеді. Үйренген сайын айқынырақ білесіңдер жігіттер, қазіргі қару тілі ғажайып тіл, соғыс ілімі соншама терең, жайшылықта алты адамды алдымызға жүгіндіре алмайтын біз үшін, 50, 100, 200, 700, мыңдаған адамды нажағайдай шабуылға бастап, шығынсыз шегіндіру, болаттай қорғаныс жасаттырып, əккі жаудан айласын асырып екінің бірінің қолынан келе бермейтін керемет іс. Біз енді, бұрынғыдай белдеуден ақ сойылды ала салып, «Абылайлап» жауға ұмтылатын жадағай сарбаздар емеспіз. Осы замандық жойқын соғыстық қарлы-қаруын игеретін, əрі игерген ержүрек офицерлерміз. Құлшына жақсы үйреніңдер, жақсы жаттығыңдар! Бүгінгі сарп еткен санаң мен аққан терің – ертеңгі амандығың мен жеңісті атақ-абыройың үшін!– деп барып мектеп директоры сөзін тəмамдағанда, курсанттар орындарынан көтеріліп ұзақ шапалақ соқты. Көп өтпей мектеп директоры – полковник Қаржаубаевтың айтқанының бəрін əмəлиятта көре бастадық. Тəрбиешілер сəуір айында сəл кеңірек болған сияқты еді, мамырда майымызды сорғалатып, маусымның басында шылбырдай ширатты. Атты əскер майоры Едіге Арыстанов асқан бапкер екен. Ұдайы 15 күн алуан түрлі ат өнеріне жаттықтырып, қаз-қатар «қарақшыны» қылышпен баудай түсіруге машықтандырғанда, ат құлағында ойнаймыз деп жүрген небір дəуперімдер оның алдында қоянша жымып қала берді. Пай-пай-пай! Астыңдағы атыңмен тіл табысып, онымен өмірлік достасудың өзі де біртүрлі сырлы ғылым екен. Зеңбірек атудың маманы, капитан Мырзакрам Қалиев қандай ғажайып өнерпаз десеңізші! Үлкенді-кішілі зеңбіректерді тау мен тасқа дəлдегенде допты шаңырақтың ортасына түсіреді. Минометті миына орнатып, зеңбіректі зейініне жасырып алғандай. Бөлшектерді көзін таңса да көріп отырғандай дəл құрастырып, өлшем-цифрларды жаза баспай жатқа айтады. Үнемі: «командир ақылмен істеуі, солдат ақылмен соғысуы керек» деп сөз бастайтын капитан Жолон Фазылов бізге өзінде бар өнерін түгелдей сарқып құйғысы келеді. Бірақ, амал қанша, уақыт тығыз, сөз қысқа болды. Сондай болса да, біз əскери бөлімше, взвод, рота, батальон, полк командирлерінің жалпы қызмет өнері мен міндеті жөнінде қыруар білімге ие болдық. Оның үстіне қолымызға қызыл-көк қарындаш ұстап топографиялық жəне соғыстық карталармен схемаларды бастауыштағы балалардай қиқышойқы сызуға да жаттықтық. Жасырын порольдің сан түріне сауаттанып, əскери құпиялықты сақтау, сымсыз телеграфпен хабарласу жолдарынан да үзіп-жұлып сабақтар тыңдадық... Жаяу əскер майоры Серік Қаршығаұлының өнерін Далаң ашығы мен əскери маневрден «қанғанша» көрдік. «Қанғанша» деп отырғаным — өмір бойы түнде түстен, күндіз естен кетпестей сабақ алғандығымыздан болар... Мектеп төрт взводты қосып рота деп атайды. Маусым айының 14 жаңасы. Таңғы сағат төртте бүкіл рота сапқа тұрып болды. Түнімен жауған жаңбыр басылып, таң шапағына шомылған мұнарлы дала шымылдық ішіндегі қас сұлудың сұлбасындай күңгірт көрініп тұр. – Рота, түзел! Ал қаруыңды, аттан! Бас алға!– деді майор Серік Қаршығаұлы есік пен төрдей жирен қасқасымен алдыға жарқ етіп шыға келіп. Сарт етіп атқа қонып, жалт етіп тау жаққа бұрылдық та, «Кеген қайдасың?» деп екі-екіден сап түзеп жүріп кеттік. Бір жарым сағаттан кейін жерге алтын күннің алғашқы шұғыласы төгіле бастады. – Тоқта!– деп бір қабырғада келе жатқан майор қатты айғайлап бұйрық түсірді. Тоқтай қалдық.

– Қоралана жинал!– деді ол. Біз қалың қарағаштың ішіндегі алаңқыға доғаша иіле қалдық. – Болат Қонысбеков, алдыға шық!– деді майор тағы да саңқ етіп. Атымды тебіне алдына жетіп бардым. Майор мəліметті тыңдағаннан кейін, мені өз қатарына алып, жауынгерлерге, – Түзел!– деп команда берді. Олар взвод бойынша аттарының басын есепшоттың тасындай қатарлап қаздиыпқаздиып тұра қалды. Мойындарында қаруы, арқаларында қапшығы, қанжығада жеңді білектей бөктеріншегі, белдерінде оқшантай, гранаты бəрі-бəрі де тастүйін. Ротаның алдында алты ауыр пулемет айбындайды. Соңында əрбіріне төрт аттан жеккен екі тау зеңбірегі тұр. Зеңбірек пен атты əскерлер арасында радистер мен крест белгілі сөмке асынған санитарлар көрінеді. Қарағашты орай Кеген өзені сарылдай ағып жатыр. – Бүгін,– деді майор ат үстіне көтеріле, – қалған екі апталық курс жоспарындағы екінші рет жорық күні. Бұған қазірден бастап Болат Қонысбеков командирлік етеді. Мен əрі қолбасшы, əрі ақылшы болып қосын айналасында бірге жүріп отырамын. Мынау бұл реткі жорық картасы. Рота осы карта бойынша қимыл жасайды. Жорық уақыты – бір сөтке. Яғни 24 сағат. Барлығымыз үшін айтқанда, армиядағы ең басты нəрсе – бұйрықты екі айтқызбай орындауда! Бұл – тəртіп. Қатаң тəртіп болмайынша армияда еш нəрсе де болмақ емес. Жарты сағатта тамақтанып болыңдар. Оған дейін Қонысбеков командир қолындағы картасын көзден кешіріп, жорықтың жаңа жоспарын өз талғамымен қайта жасайды. – Рұқсат па, құрметті қолбасшы майор!– деп жетіп бардым. Қорғаушысымен бірге ас қалбырына шəй қайнатып жатқан майор басын көтеріп: – Рұқсат, – деді. Мен ешқандай əрі-сəрі болмастан өз ойымдағы сұрауларды ағыта бастадым: – Мынау Кеген өзенінің ар жағы Советтік Қазақстан емес пе? Екі ел шекарасының түбінде ресми оқ атып, мəнуер өткізу əбестік болмай ма? – Айтқаның əбден дұрыс, Қонысбеков. Бірақ, біз бұл істі екі жақ алдын ала келісіп қойғанбыз. Сен осылай сұрақ қоя ма, қоймай ма деп өзім де алаңдап отыр едім. Енді саған қобалжуым орынды болмас. Бір сөткеге бүкіл ротаны өзіңе тапсырдым. Бұл жорыққа жауынгерлерді өлім үшін емес, өмір үшін ұрысқа бастаңыз! Командир кеудемсоқ емес, епті де ержүрек, ақылды да айлалы болуы керек!– деді. Сағатқа қарасам, əлгі жарты сағат уақыт та таяп қалыпты. Мен жүректілікпен картаға қарап тұрып, өзім ойлаған жаңа жоспарымды атқаруға кірістім. – Шолғыншы бөлімші, атқа қон!– деп команда бердім орнымнан тұра сала. Бес адамдық сығайланған бөлімше бұйрығымды алды да, тауға қарай құйғыта жөнелді. Мен қайта орныма келіп шəй іше отырып, жанымда жаюлы жатқан картаға көз жүгірттім. Кеген өзенінің аңғары мен Егістүбі, Тұғылық Темірхан мазары мен Ақсу өзенінің шыға беріс аузы, Шыңсықозы мен Қызылқұм, Іле өзенінің Қарғалытүбек өткелі мен Шапшалдың Алтынбұлағын, Қорғас қалашығын бір-біріне ирек сызықпен қосып, жоғарыдағы аты аталған жерлерді қызыл қарындашпен қоршап қойыпты. Картаның бұрышындағы ескертуге «осы 80 шақырымдық жорық жолы бойынша аттылы-жаяу жедел жүріп, шабуыл-қорғаныс, жасырыну, шегіну, жаудан тіл ұстау қатарлы міндеттерді ұқыптылықпен өтеуді ұмытпағайсыз!» — деп жазып қойыпты. Жаңа ғана майор берген қойын сағатыма қарасам, жарым сағат уақыт та болған екен. Ас қалбырымды жуып-шайып, өзім ең алдымен атқа қона бере: – Рота, аттан!– деп бұйрық түсірдім. Тез аттанғандардың алдынан байқап көлденеңдеп өтіп, артта қалған жайбасарларға қабағымнан қар жаудырып бір қайттым ойқастап. Ілезде сап түзеп жүріп кеттік. Тау етегіндегі қабаққа іліне бере, сонау көз ұшындағы қырқа-қырқаның үстінен қарақошқыл түтін бұрқ-бұрқ етіп, екі-үш жерден белең бере қалды. – Зеңбірек, минамет тез дайындал! Жау белгісі түтін, атыңдар!– деп артымда тұрған майорға бұрылып, қолымды шекеме көтере бере: – Құрметті қолбасшы, жасырынған жау сонау тау баурайынан байқалды. Алдымен зеңбірекпен атқылап есін шығарып, артынан атты əскерлер лап қояды. Қазір зеңбірекшілер мен минаметшілердің аралықты дəлдеп қараға алған-алмағанын көзден кешіргейсіз,– дедім. Майор атынан түсе қалып, гүрсілдеп, озандата ысқырып жатқан зеңбірек пен минаметтердің өлшем дүрбісіне бірден көз салып, «Жарайды, жарайды! Кілең жақсы атқыштар екенсіңдер! – деп онан өз дүрбісімен тауға қарап, – бəрі де нысаналы орынның

шаңырағын ортасына түсіріп жатыр!– деді өз төбесін сұқ саусағымен шұқып көрсетіп. Енді қарап тұрудың қажеті қалмағанын түсіне қойдым да, – Алға!– деп қылышымды суырып алып, өзім бастап шабуылға өттім. Қиғаштай шауып, құйғытып келем. Қиялай шауып, қиып келем. Екі қанат та пулемет сықылды, ысқырған снарядтар басымыздан аса барып жарылып жатыр. Қылышын оңды-солды үйіріп қолбасшы Серік Қаршығаұлы да қосынның ортасына орай атын құйғытып келеді. Оның соңында хабаршылар мен санитарлар... Мен ат басын зеңбірек оғы ойрандаған Егізтөбенің түбіне жете іріктім. Басқа қызып алған сəйгүліктер «жау шебіне» өте барып, орағытып айналып жатыр. Егізтөбенің биік аспанына қарақошқыл қою түтін көтеріліп, жердегі жайқалған ақ селеу мен көкпек, изен-жусан ат тұяғымен жүнше түтіліп, бозамық шаң бар алапқа тарап жатыр. – Құрметті майор! Алғашқы шабуыл жеңіспен аяқталды. Кегеннің егіз төбесінде жаудың екі ротасы ойрандалып, жүзге тарта адам мен қыруар қару-жарақ олжаланды. Енді ең сенімді хабарға қарағанда, Тұғұлық Темірхан мазарынан «бір рота жау» бізге қарсы аттанғалы жатқаны мəлім болды. Мен қазір дереу ат басын солай бұрып, келе жатқан жауды жорық үстінде жоюға бүкіл ротаға бұйрық түсірем. Жөн көрсетуіңізді өтініп тұрған рота командирі Болат Қонысбеков!– дедім. – Атқарылсын! – Барлаушылар шығыс солтүстікке! – Рота зар желіспен алға!– деп лап қойдық. Қасиетті Тұғұлық Темірхан мазарына түске таяу жеттік. Мəуелі бақтағы Іленің əйгілі ақ өрігі сабағы иіле уылжып, толыса бастаған қызылды-жасылды алмалар қозалана жұпар иіс шашып тұр екен. Кең аумақты бау-бақшаның дəл ортасында ажары аспанмен тілдескен екі күмбез көз тартады. Күмбездің айналасында қазқатар қазан асылған, тасаттық үйлер мен жатақханаларда бірнеше ер-əйел, кəрі-жас тəуіпшілер жүр. Төрт шаршылана тұра қалған бүкіл ротаның алдына шыққан майор: – Жауынгерлер, қазір қолбасшылық штабтан жедел бұйрық келді. Зеңбіректер мен аттар осы жерден түгел артқы шепке қайтарылады. Қалған 1-2 взвод – 1 рота; 3-4 взвод – 2 рота болып, жаяу жорыққа шығады. 1 ротаның командирі Болат Қонысбеков; 2 ротаның командирі Сағындық Сапаров. 1 рота осыдан Ақсу, Шыңсықозы, Қызылқұмнан айналып, түн ортасы ауа бере Іле өзені бойындағы Қарғалытүбек өткеліне жетеді. Ал 2 рота осы жүргеннен Қызылқұмды басып, сонан Қарғалытүбек өткелінен өтіп, Шапшалдың Алтынбұлағын айналып, түн ортасы ауа Қарғалытүбек өткелінің арғы жағасына қайта оралады. Дəл осы кезде екі рота бір-біріне қарсы «жау» майданында тұрып, ерекше пайым-парасат көрсетіп, қарсыласын тарпап бас салуға тиіс. Мен осы жерде тұрып сымсыз телеграф арқылы сіздермен хабарласып, қолбасшылық етемін. Титтей де ағаттық істеуге жол жоқ. Командирлер мен жауынгерлер бұйрықты екі айтқызбай орындауы керек. Алты пулеметті үштен, екі минаметті бірден бөліп, санитарлар мен радистерді тең санап алыңдар. Уақыт тығыз, алға!– деді майор оң қолын шығысқа сілтеп. Тұғұлық Темірхан мазарынан шыға бере-ақ, 1 рота шығыс солтүстікке, 2 рота шығыс оңтүстікке қарай суыт жүріп кеттік. Бағанағы жоспарым жартылай орындалмай жатып, жаңа бұйрықтың берілуі мені тағы да əлекке салды. Ротаның алдында жүріп келе жатып, əлсін-əлі артыма қарап қоямын. Барар жерді, басар жолды ойлаған сайын көңілім күпті бола берді. Аз жүргеннен кейін Ақсуға дейін қабат-қабат қырық қырқаны қырқып өтетін жалғыз аяқ ат жолға түстік. Жаныма 2-взводтың командирі Ахмет Армановты шақырып алдым. Ол екеуміз қатарласа жүріп, ақылдасып келеміз... Күн қызып, түс ауып барады. Жауынгерлерге қарап-қарап қоямын. Бəрі де тершіп, бас киімдерін желкелеріне ысырып, жеңдерін түріне бастапты. – Жауынгерлерді түскі тамаққа Шыңсықозда тоқтатамыз ба?– дедім Ахметке қарап. – Құрметті рота командирі, олай етуге болмас. Қазірдің өзінде түс қиып барады. Ең жақсысы Ақсуда тамақтандырып, ары қарай суыт тарту керек, – деді атанжілікті Ахмет Арманов көтерген пулеметін оң иығынан сол иығына ауыстырып. – Онда солай болсын! – дедім мен. Түскі тамақты жарты сағаттық уақытпен Ақсудың аяғындағы тал тоғанның бойында іштік. – Рота, сапқа!– деп айғайлай түрегелгенімде екі аяғымның зілдей болып, белімнің де сырқырап тұрғанын аңғардым. Жауынгерлер ас қалбыры мен қапшықтарын арқалай, қорбаңдап келіп сапқа тұрып жатыр. Байқаймын, таңертеңгі ат үстіндегі арын қазір бірде-бірінде жоқ. Сонда да жорық жолын жалғастыра бердім...

– Жолдас рота командирі, сізді шақырып жатыр,– деп артымнан ентіге жеткен байланысшы құлағындағы қабылдағышын маған ұсынды. Мен ол ұсынған қабылдағышты қолыма алып, жүріп бара жатып: – Мен Сұңқар! Мен Сұңқар!– деп қайталадым. – Мен Қарлы шың, жағдай қалай? Қай тұсқа жеттіңдер?– деді майор Серік Қаршығаұлы маңғаздана. – Шыңсықозыға таяп қалдық. Жағдай жаман емес. Солай болса да, біздің қазақ жауынгерлері ер-тоқымы мойнына кеткен қолау тайдай қолтығын жаза алмай еңселеп бара жатыр, құрметті майор,– дедім шымбайыма батып келе жатқан шындықты жасырмай. – Иə, иə, бесіктен белі шыға салып-ақ, салт атпен сабаулатып өскен біздің ауылдың жігіттерінің жаяу жорықта осылай болары бесенеден белгілі. Ал басқа ұлт жауынгерлері ше? – Жайшылықта да салдыртып жаяу жүріп кететін ұйғыр, өзбек, татарларым жаман емес. Олар барған сайын қазақтардан қамшысалым озып барады. – Құлақ сал, Сұңқар, сен осындай əскери жорықта жауынгерлерді аяла, бірақ аяма! Оларды орманды өңірлерде жүгірт! Қара жолдардан жер бауырлатып өткіз! Елді қыстақтардан аршындатып алып жүр! Сазды жерлерден окоп қаздыртып, ылайға аунат! Міне сонда ғана алдағы сұрапыл соғыстар үшін өзімізді сомдай түскен боламыз. Сен əнеукүні сабақтың беташары ретінде сөйлеген Суровтың: «Əскери оқуда бейнет көрсең, ұрыста қиналмайсың!» деген əйгілі өсиетін ретін тауып қиналған жауынгерлердің құлағына тағы бір құйып көрші, еңсесі түсіп бара жатқандар шынайы ез болмаса, сəлге болса да ереулеп-ақ қалар,– деді майор бұйрықпен ақылын араластыра. – Рота, бес жүз метрге жүгір!– дедім айғайлап. Жауынгерлер жүгіре жөнелді. Кейбіреулерінің шиыршықталған шинелдері өкпесін, гранаттары мен қапшықтары сартылдап сауырын соғып барады. Өзім де жетісіп келе жатқан жоқпын. Екі қара саным үзіліп дəрменім құрып келеді. Бірақ, жанымды əскери тəртіптің алмас қайрағымен жанып келемін, сол кезде: – Сұңқар, Сұңқар! Қайдасың, жауап бер?– деп бебеулеген майордың дауысы тағы да саңқ ете түсті. – Мен Сұңқар, мен Сұңқар! Шыңсықоздан жаңа ғана Қызылқұм жаққа қайырылдым,– деп жауап қайырдым. – Сұңқар, қазір кіші бесін болып барады. Сендер алдыларыңдағы Ақтоғайға кіргенде əлдеқашан күн батып, түн болып кетеді. Ондағы түнгі «сырнайшылар» сендерді «түйебасқа» салып түтіп жеп қоймасын. Осыны ойландың ба?– деді майор жұмбақтап. Мен аң-таң болып: – Түсінбедім, құрметті майор, нені меңзеп айтып тұрғаныңызды,– дедім де, – Құдай басқа не салса, мен көндім!– деп едім: – Сұңқар, жауды кеудемен емес, зердемен алатын бол! Майданды боймен емес, оймен иелен. Менің айтып тұрғаным – кешке сазды орман ішінде түтеген сары масаның шабуылына тап боласыңдар. Ол жерде от жағып, түтін салуға тіпті де болмайды. Сонда қайтпекшісің демекшімін. – Пай-пай, бұл үш ұйықтасам түсіме де кірмеген іс екен,– дедім кібіртіктеп. – Білмесең, дəл қазіргі өзің тұрған жол бойынан осының ұтымды шарасын тап, айтайын дегенім осы. Ал жолдарың болсын,– деді майор шотана. – Фəтима!– деп айқайладым. Жеп-жеңіл киініп, бейне жал-құйрығын сүзген құнандай қунақы буынып-түйінген 19 жастардағы татар санитарка, сасқалақтап, бір аяғы ақсаңдап зорға жетті жаныма. – Масаға қарсы қолданатын дəрің бар ма? – Қайдағы масаны айтып тұрсыз, командир? – Кешкі жыныс ормандағы, Іле бойының қалың қамысты сазындағы маса. Фəтима шошынған еліктің лағындай көзі бадырайып тұрып қалып: – Екі жүз грамдай спирттен басқа ештеңе де жоқ командир. Бұл маса деген пəлекетті кім ойлаған?– деп тұрғанда, біздің жанымыздан өтіп бара жатқан дұнған аспаз Муса деген жігіт: – Мына бойжеткеннің тапа-тал түсте айтып тұрған масасы не? – демесі бар ма. – Муса, тоқта!– дедім білегінен ұстай алып, оған жалма-жан. Майор айтқан жұмбақты жеткіздім. Ол: – Ой Құдай-ай, ол оңай. Мен осы Қорғаста туып-өскен жанмын. Біздің ауылдың күріш атысы нақ сол қайнаған сары масаның ұясында болады. Оған ең жақсы əдіс от пен түтіннен қалса, əр жауынгерге үш талдан у сарымсақ таратып беру ғана. Оның біреуін шайнап, екеуін езіп анда-санда бет-ауыз бен қолға жағып қойсаңыз болғаны, иісшіл маса озандатып «ұрандап» келгенімен, семсері майырылғандай тауы шағылып, адамға жолай алмайды,– дегені. Соны естігенде көңілім сəл орнына түсті.

– Бес минуттық демалыс!– деп жарияладым Шыңсықозыдан шыға бере. Қыстақ шетінен дереу сарымсақ сатып алып жауынгерлерге таратып бердік. – Рота, сапқа!– дедім межелі уақытта. Жауынгерлер тапыртұпыр жүгіріп сапқа тұра қалысты. Сонда көзіме анандай жердегі соқпа дауал артынан түрегеліп, асығыс келе жатқан 2-взводтың командирі Ахмет Арманов түсті. – Ахмет Арманов, сапқа қосылма! Алдыға шық!– дедім зілдене. – Рота командирі, алдыңызға келдім,– деді ол қолын шекесіне апара. – Неғып жайбасар болып жүрсің? – Жауынгер Əбден мен Мамыт жараланып қалған екен... – Не дейсің? Ол жаңағы сөзін қайталады: – Семіз Əбден мен Мамыттың шабы жаяу жүрістен езіліп, сылынып қалыпты командир, соған мақтадан миот қойып жатыр едім... Қатардағы жауынгерлер ду күлді. – Тоқтат күлкіні! Ондай жаралы адам болса санитарға неге бармайды? – Құрметті командир, өйтуге болмайды. Өзім-ақ миот қойып, дəкемен байлап бердім,– деп Ахмет артына қарады. Ол қараған жаққа мен де бұрылсам, бүкіл денесі тұлыпша іркілдеген Əбден мен Мамыт атақазша талтақтап əрең келеді екен. Өзім де мырс етіп күліп жібердім. Анадай жерде қашқалақтап санитарка Мəрия тұр. * – Осы ма Қарғалытүбек деген жер?– дедім Сəлімге сəл еңкейіп ақырын. Қызылқұмнан тартып қараңғыда жыныс орман мен қамысты сазды қақ жарып Іле өзенінің қабағына дейін жол бастап келген сыбдырсыз Сəлім бұрын аңшы болған шапшалдық жігіт екен. – Құрметті командир, мынау аспанмен тілдесіп қарауытып тұрған бір шоғыр киіз терек Қарғалытүбектен басқа Іле өңірінің ешбір жерінен кезікпейді. Сіздерді дəл үстінен түсіріп тұрмын. Егер албасты басып жаңылыс бассам, ертең сазайымды тартқызыңыз!– деді Сəлім құлағындағы ызыңдаған масаны қолымен қағып тұрып. – Сендім. Қорғасындай ұйыған алажайқын Іле өзені қараңғыда ешбір үнсіз-тілсіз шымырлап қана ағып жатыр. Анда-мұнда шортанның шоршығаны, сусары мен құндыздың жұлқысқаны, əлденеден шошына ұшқан сұқсұрдың сусылдаған қанатының дыбысы естіледі. Қамыс арасынан оқтын-оқтын доңыз қорсылдап, елік бəуілдейді. Бақа шұрылдап, анда-санда ағаш басынан үкі əупілдейді. Жан-жаққа жасырын күзетші қойып қоралана отырған жауынгерлердің ортасына келдім. Бəрі де сарымсақ шайнап, бетауыздарына сүртініп отыр екен. Сонда да қаптаған қалың масаның түтеген ызыңы құлақ етіңді жейді. Қалыңдығы сондай, төбеңдегі бос ауаны қармап қағар болсаң алақаныңа құжынаған қара шыбынша сатырлап соғылады. Түн ортасы əлдеқашан-ақ ауып кеткен. Жауынгерлерге Суровтың «Əскери оқуда бейнет көрсең, ұрыста қиналмайсың!» деген өсиетін іштей жаттатып, өзім таңғы шабуыл жөнінде қиялдап мүлгіп отыр едім: – Құрметті командир, ар жақтағы жағадан жылтылдаған «шайтан оты» көріне бастады,– деді күзеттегі Алексей деген əскер құлағыма сыбырлап. Жалт қарасам, ғажап! Жылт-жылт еткен жұлдыз құрттай тізілген жарық бірдеме өзен жиегінде ұзыннан-ұзаққа созылып жыбырлап тұр екен. – Бұл не?– дедім өзім түсіне қойсам да, Алексейден əдейі. – Ағаштың фосфорлы шірігі дейін десем, бұл жаңа жоқ болатын. Жарқырауық қоңыз ба дейін десем, басқа жерден неге көрінбейді? Түсінбедім, командир, бұл ғажайып сиқырды,– деді ол. Сонда мен: – Ой, қара басқырлар-ай! Майордың жұмбағын шеше алмаған екенсіз-ау! Бұл Сағындық Сапаровтың самсаған сары масаға қарсы амалсыз жасаған түтін жорығы болды. Олар жан таппағанда темекінің түтіні арқылы масаны үркіткен түрлері ғой,– дедім жауынгерлерге түсіндіре. Көп өтпей таң қараңғылығы үйіріле қалды. Ротаны қабаққа төндіре отырғызып, əлгі «жылтылдақты» əбден көрсеттім. Жынойнақтай бірталай жерге созылған «жылтылдақ» енді біреуі өшсе, бірі жанып, кейбіреуі ұшқындап-ұшқындап кетіпті, бадырайып-бадырайып көрініп тұр. – Рота, түзел!– деп команда бердім де, ротаны үшке бөлдім. Қырықтан-қырықтан сексен адам «жылтылдақтың» бас-аяғынан алысырақ жерден судан өтіп, «жын отының» қыр желкесінен тарпа бас салуға аттанды. Өзім жиырмадай адамды бастап, аузымызға

өзегі ойылған – май қоғаның сабағын тістеп су астымен жүзіп барып, «жын отының» иегінің астынан шыға келуге қалдым. Алыстан орағыта жоғары-төмен жүріп кеткен бөлімшелер межелі жерге жетті-ау дегенде, біз де суға сүңгідік. Салқын суда ылғи сушыл жігіттер мені орталарына ала үйректей жүзіп келеді. Бір уақытта бағанағы Алексей менімен қатарласа беріп, шынтағымен бүйірімнен нұқып қалды. Шүрегей үйректей басымды судан шығара қойсам, құрық бойындай тік қабақшаның астына келіп қалыппыз. Ерте бастан бірлікке келген əдісіміз бойынша басқалар да терең суда бірін-бірі иығымен қаға хабарласып, қабақшаның астынан қаздай тізіліп шыға-шыға келді. Мен бетімнің суын сүртіп, шығысқа қарасам, енді-енді балық бауырланып таң атып келеді екен. Аспай-саспай аспанға қаратып арт-артынан үш рет алаулы жарық оқ аттым. Сол-ақ екен, иен қопаның ішін қопара, «уралаған» жауынгерлерім «жын отының» үстін таудан құлаған тасқындай бір-ақ басып қалды. Кенеттен құйынға тап болған жандай ес шыққан 2-ротаның дəл иегінің астынан найза кезеп біз де секіріп шыға келдік. Сасқалақтаған олардың біреуінің езуінен темекісі ұшып кетіп, ежелгі үгітіліп тұрған қудай шірік қопа лап ете түсті. Алаулы өрттің ақ сəулесінің астында бет-аузы көнектей-көнектей болып көлкілдеп кеткен Сағындық Сапаровтың адамдары арбита-арбита қолдарын көтере берді. – Бүкіл рота өртті өшіруге кірісіңдер!– деп айғайладым. Жауынгерлер су киімдерімен сабалап жүріп, жалаңдай бастаған тілсіз жауды тұншықтыра қойды. Бір сəт қарбаластықтан соң қайқая шығысқа қарасам, сонау Көксеңгірден шартарапқа алтын табақтай күн нұры құйылып келеді екен. Ойылып қалған екі табанымды суға соқтырып, жамбастап жата кеттім көк шымды жағаға... Қиянға ұшқан қырандар Қорғастың шыңдайындағы шыжыған, қапырық ыстығы мен құжынаған қалың сары масасын Талқысайының көлеңкелі өзен бойында сəл де болса ұмытып, рахаттана қалған еді жас жауынгерлер. Олар отырған үсті ашық жүк мəшине енді Жамбасшаздан қайқайғанда жауырындарын өткір жалын қарып, маңдайларынан тер моншақтары шып-шып шықты. Қойшы əйтеуір, қырылдап-сырылдап, ышқына өрге тартқан мəшине Талқының асқарына зорға көтерілді. Асу үстінде үп еткен жел жоқ. Тал түстегі қызулы күн төбемізден қып-қызыл табадай төніп тұр. Мен мəшине кебежесіне сүйене кеудемді кере бір тыныстап, сағына Сайрамға қарадым. Сайрам бейне аспан перизатындай сиқырлана сықылықтап жатыр. – О, құдірет, табиғат ананың құшағында осындай да сұлу сурет болады екен-ау, ə?! Түс көріп тұрғаннан саумыз ба осы біз?!– деп бұрын Талқы кезеңін аспаған бірталай серіктерім қайран қалып, таңдай қағуда. Сол мезетте, кезең үстіндегі жол шетіне аттарын байлай салған үш-төрт адам тапыр-тұпыр бізге қарай таласа жүгірді. – Қошан аға, Қошан аға!– деп ентіге дүрілдеп тұрған мəшиненің үстінен жерге қарай секіргенімді өзім де білмей қалдым. Құшақтаса кеттік. Қошан ағам менің басы-көзімді аймалап, құшырлана сүйіп, сəңгірлеп сөйлеп жатыр. – Сені осы кезеңнен тосқалы қашан?! Ауыл жолда, қазір-ақ алып кетемін бəріңді. Ей, Ботақан, бастығың қайсы?– деді ол бір мезетте. Солдаттарды түгел жерге түсіріп, түсті кілемдей жасыл шалғын үстінде олардың үсті-бастарының шаң-тозаңдарын қақтырып жатқан капитан Сəбит менің даңғырлаған Қошан ағама «бастық мен» дегендей күлімсіреп жалт қарады. Сол-ақ екен, Қошан ағам бейне оның да туған ағасындай жүгіріп барып құшақтай алып: – Бастық! Мен өздеріңді осы жерден сарыла күткелі табан 3 күн болды. Мен анау тұрған жауынгер Болаттың ағасы боламын. Сонау күні Қорғастағы əскери мектепке Болатты көруге Нүрила жеңгең барғанда, сендердің Утай мен Тақиядағы қосынға қайтатын межелі уақыттарыңды ауылға айтып келген болатын. Ал, жүрейік, жүріңдер ауылға! Ақсарбастарың байлаулы, айран-қымыздарың дайын тұр. Ауыл, міне, міне əудем жерде-ақ,– деп ырғайдай мойнын онан əрі созып, шығысты меңзеді иегімен. – Жолдан бұрыс болса ауылға бармай-ақ қоялық, ағай. Əуре болмаңыз, əскери тəртіп солай ғой,– деп Сəбит құшақтасқан бойы Қонысбекке тіл қатты. – Жоқ, жоқ. Осы кезеңнің астында ғана, Сайрамның жиегінде отырмыз. Өздерің ойдан шаршап-шалдығып, шаң қауып келгенде рахаттана аунап-қунасын деп əдейі салқын сазға тартып, төрт күннің алдында жұрт жаңалап қонғанбыз. Бол, бол міне атың,– деп Сəбитті əй-шəйға қаратпай өз атына мінгізіп, өзі қасындағы біреуге мінгесе қойды.

Сəбит мінген ұзын бел, жарау, алаяқ, қаратөбел ат Сымпытузы еңісіне қарай шұлғи басып, жорта жөнелді. Мен мəшиненің үстіндегі серіктеріме естірте серпіле сөйлеп келемін: – Алдыларыңдағы төбесінен түсті жібектей сансыз самғып төгіліп, аспан айнасындай шымырлап жатқан қасиетті алып Қаракөксу – көрмегендерің көптен бері көксеп жүрген Сайрам атты тау көлі. Оның оңтүстігінен солтүстігіне дейін отыз шақырым, шығысы мен батысының аралығы жиырма шақырым. Көлдің ең терең жері 85 метр. Көлдің шығысында сонау жатқан бұдырмақ Сарнауа адыры, онан əрі Жалғызқарағай төскейі делінеді. Ал, шығыс солтүстігіндегі анау тұрған Сантай бекеті, онан əрі Бестөбе, Аршалы, Алыптың тауына дейін созылады. Батысы Ақбайтал тауының алқымы, оңтүстігі Көтектінің жалымен жанасқан Қарағайлы қаптал — Күркілдек болып келеді. Қараңдаршы, көлдің айналасы əсем гүлмен көмкерілген жап-жасыл жазық дала. Көл беті қайысқан аққу-қаз. Көлдің майда толқынында қарағай-қайыңды, арша-шыршалы асқар таудың кербез келбеті аспанмен астарлана жеп-жеңіл желкендей тербетілуде. О, ғажап!.. – Болат-ау, сен бұл жердің бейне шежіре даласындай тауы менен суына ағып тұрсың ғой өзі,– деді бір əзілқой жауынгер менің иығымнан баса, – Сайрамның шаралы айдынына таңдана қарап. – Ақпағанда ше, бұл мені жұмыртқадай шайқап, балапандай бауырынан ұшырған туған жерім, нəрлі суым емес пе?! Мұның үстіне былтырдан бері барлаушылық міндетіммен бұл маңайды ең кемінде алты рет айналып, Гоминдаңның көлге тастаған қаружарағын сүзуге де бастан-аяқ қатынасқам,– дедім «енді не айтар екенсің?» дегендей артыма ежірейе бұрылып, Сайрамға тұңғыш қадам басқан бір топ жігітке мақтана. Мəшинеміз көл бойы шығысқа қарай жағалай берді, бейне жас келіннің алдынан шыққандай аттылы-жаяу, бала-шаға, ерəйел бір топ адам алдымыздан шашу шаша лап қойды. Олардың соңын ала қаздай мамырлаған қалың əйелдің ортасында қызыл жақтаулы кимешек-шылауышты, ұзын бойлы, қараторы Нүрила тəтем жүгіріп келеді. Көл шетіндегі балаусалы енге қатарласа тігілген екі үй мен бір шатырдың алдына келгенде мəшинеден көк майсаға лақтай секірдік. Қартамыс аналар мен ақсақалды аталар кезек-кезегімен маңдайымыздан иіскеп, бетімізден сүйіп: – Уа, елдің шетінде, жаудың бетінде, желдің өтінде жүрген боздақтарым, армысыңдар? Қашанда аман болыңдар, айналайындар?!– деп жатыр тебірене аңқылдап. Өткен қанды қырғын соғыстарда өз балаларынан айырылған кейбір қайғылы аналар қайсы жауынгерді көрсе де «Қанатымнан қайырылдым, жанарымнан айырылдым!» деп шағына жоқтау айтып, оларды қамқор омырауына өз баласындай басып солқылдап өксіп жатыр. Бағанадан мəз-мəйрам болып, үй айнала шапқыласып жүрген қарақожалақ малшы балалары енді тып-тыныш бола қалды. Себебі, жауынгерлер үш үйге бөлініп шəй ішіп шыққаннан кейін ауылдың батыс жағындағы көл бойына текемет, сырмақ төселіп, адамдардың барлығы сол жерге жиналды. Кейбір тентектеу балалар жауынгерлердің қылышы мен мылтығын айналдырып, жалтыраған үш қырлы найзаларды жүрексіне ұстап, еппен сипапсипап қояды. Ал ересектеу балалар солдаттардың омырауындағы ордені мен иығындағы погоны жарқ-жұрқ еткен Сəбит капитаннан көз алмай, оның жып-жылтыр былғары етігінің өкшесіндегі күміс шпорына дейін қызыға қарап, таңданып тұр. Ымыртта дала дастарқанына бас əкелініп бата сұралып, табақ тартылды. Артынан тағы шəй құйылып, қымыз сапырылды. Дəл осы сəтте орнынан екі қолымен жер тірей, асасына сүйене əрең тұрған Əбжат қария суырыла сөйлей жөнелді: – Е, батыр балаларым, «Кемеліңе келдің бе? Кербестіге міндің бе?» деген замандарың міне осы. «Жетеу болып кетеміз, жер түбіне жетеміз!» деп сендер отырсыңдар, ал, біз сияқты ата-аналарың мен қасиетті ел-жұрттарың «Ай соңынан ілессең, жұлдыз қайда қашар дейсің?!» деп тілеулеріңді тілеп, «Шағала дауылды толқыннан, батыр қан майданнан қорықпайды!» деп өздеріңді үлкен медет тұтып «Төзім ердің тірегі!» деген киелі сөзді тудай көтеріп отырған жасымас жайымыз бар. Ер азамат аман болса, əлі-ақ бейбіт күнге, берекелі бірлікке жетеміз. Аспанымыз ашылып, азаттық таңы арайлар! Кəне, барлығымыз азаматтарға ақ жол тілеп аттандырып салайық!– деп күректей алақанын жайды. Қаумалаған жұрт жұмыла, – Иə, əумин! – деп қолдарын көтере батагөй бабаның аузына қарады. Жасы сексеннен асқан қарияның аппақ күмістей етекті сақалы тау самалымен таралып, қою қыраулы қасы əлсінəлі жоғары-төмен серпіліп, жеңіс дұғасын жан-тəнімен үйіріп тұрғандай. Батадан кейін бас киімін түзеп киіп, орнынан ұшып тұрған

Сəбит капитан жалт етіп шығысқа қарады. Жұлдыздана бастаған аспанға көрікті ай бір биіктен қалықтап шыға келді. Жаңа ғана қарауытып тұрған толағайдай Алып тауының төбесі сəлделене ағарып, қаракөк қорғасындай ұйып жатқан Сайрамның кең төсіне үлбіреген ақ шағидай əсем нұр судырай төгіліп келеді екен. Жалқарағайдың жазығынан баса соққан тау самалы Сайрамның ауыр ентігін ары серпігендей. Осындай көңіл толқыны мен көл толқыны тоғысып кеткен абыр-сабыр бір сəтте жұрт ішінен дірілдей шыққан ару дауысы əрең естіліп, өтінішті тілек білдірді: – Сəбит ағай, бір əн айтып беріңізші!... – Жөн-ақ, жөн ғой. Айтсын-айтсын!– деп гу-гу етісті қарап тұрған жұртшылық. Сəбит тоқталған жоқ: – Айтайын, шырағым, айтайын. Мен айтқанда да дəл саған арнап жан сырын ақтарғандай болған жалынды, жауынгер ақын Қасым Аманжоловтың «Жауынгер жырын» айтып берейін. Ал, азаматтар білетіндерің маған ілесе беріңдер!– деді де дауылдата жөнелді: Алқара көк астымда, Белде болат қанжарым. Күзеттемін мен мұнда, Қайда менің жан жарым?! Жалынды жырдың қайталанған қайырмасын жауынгерлер жүк мəшиненің үстінде жалғастырды. Осы бір күркіреген күндей, шатырлаған найзағайдай екпінді жыр, ерлік жыры қырандай еркін самғап Ерентаудың ең биік құздарына жетіп, жан-жаққа ұрандап таралып жатты. Болаттың бағанадан абын-күбін жүрген Қошан ағасы дəл қоштасарда жүгіріп барып, үйден алып шыққан атасының киелі қара шоқпарын Болаттың кеудесіне, маңдайына басып, басынан асыра үш мəрте көкке сермеп жіберіп ішінен: «Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын!»– деп Болатты қапсыра құшақтай алды. Осы кезде бүкіл денесі дел-сал болып, көңілі көлдей толқып, не істерін білмей абдырап тұрған Нүрила да Қошанның қолтығынан басын тыға, Болаттың маңдайынан емірене сүйді-ай келіп. Оның көз жасы төгіліп тұр екен, Болат та егіліп жылап жіберді. Үнсіз айқасқан ана мен баланың өксік ата қоштасқанын мəшиненің гүрілі, аттардың дүбірі, балалардың шұбыры ешкімге де естірткен жоқ. Тек, « қош! қош!» деген қалың дауыстан соң, жауынгерлер отырған мəшине ақ сəулелі қос шырағымен қара түнді қанжардай тіліп, алға қарай зымырай жөнелді. Əу баста мəшинемен қатарласа жүгірген Қошан сəлден кейін шоқпар ұстаған қолын көтерген бойы, айлы жол үстінде тас мүсіндей мелшиіп тұрып қалды... * Талайдан бері құлашын кең жайып жатқан Кеңсай атты əскерлер 3-полкі əуелі десең, қара жолдың шаңын да шығармай, бір жеті ішінде ың-шыңсыз ғана жасырын жылыстап, Сантай мен Сытайдан сырғып, Утайдан ойысып, Тақияның шағын қалашығына ту тікті де, тып-тыныш жатып алды... Жоқ, мүлде олай емес. Бұл ержүрек Алып қосын көрер көзге күндіз солай болғанымен, түні бойы бел шешпей құпия қимыл үстінде. Солдат атаулы əскери жаттығудың алуан түрінің қыл көпірінен айсыз қараңғыда өтіп, ат баптап, қанжар қайрауда. Бұл көрініс бейне дауыл алдындағы мүлгіген бір сəттік жым-жырттық, нөсер алдындағы жанға жайлы ақ жаңбыр сияқты еді... Сол күні түнгі барлаудан жай қайттық. Жай болғанда тіпті түс əлеті болып қалған. Əдетте біз жерге жарық түсе бере казармаға ың-дыңсыз кіріп алуымыз керек еді. Қайнар көзі Ерентаудан басталатын Тақия өзенінің екі жағы биік жарлауыт терең аңғарымен құлдап келе жатқанбыз. Өзім бөлімшенің ең алдындамын. Бір тұмсықтан айнала бергенде астымдағы атым оқыс қорс етіп қос құлағын алдына тігіп, осқырынып, ойқастап тұра қалды. Секем ала қарсы жаққа көз салсам, əудем жерде төрт-бес əскери ат айқастыра байланып, екі қарулы қарауыл қаздиып-қаздиып тұр екен. Олардан арырақ өзен жағасында бір топ адам отыр. Оларға жарлауыт ішімен жақындап келіп, орағытып өте беріп едім, отырған орнынан ұшып тұрған Лескин полковник: – Ей, Қара тұйғын, мойныңды бұра кетші,– деп қолын бұлғады. Атымнан секіріп түстім де, жүгірген бойы полковниктің қасына жете бере: – Құрметті полковник, мəлімет!– дедім оң қолымды тек шекеме апара, өкшемді бір-біріне сарт еткізіп. – Жарайды, Қара тұйғын. Маған қатып-сіреспей-ақ, алдымен анау отырған қолбасшы Доскенов ақсақалға сəлемдес!– деп өзінің арт жағында отырған қалың қасты ұзын бойлы, қыр мұрынды, қырықтың ішіндегі адамды көрсетті.

– Сəлем, құрметті қолбасшы! – дедім екі адым ілгері аттап тағы да. – Рахмет! Сонда бұл кіші лейтенант кім болып... деп қолбасшы көзінің қиығымен Лескинге қарады. Лескин «Ал енді өзің де əзірлене бер» дегендей маған иегін бір көтеріп қойып: – Бұл азамат – біздің полктің алғашқы түлектерінің бірі Болат деген жігіт. Өзі батыр барлаушы, құралайды көзге атар мерген, жау жүрек жауынгер. Сондықтан біз мұны полк бойынша «Қара тұйғын!» деп қастерлейміз. Өзі үш айдың алдында Қорғастағы əскери мектепке жіберілген болатын. Қайтып келгелі мұнымен мен де кездеспеппін. Кəне, қазір қайсы міндетті қалай істеп жатырсың, Қара тұйғын, өзің айтшы?– деп мені бейтаныс бастыққа қысқаша таныстырды да, сөз соңын маған берді. – Мектептен келгеніме екі аптадан, асты құрметті полковник, құрметті қолбасшы! Алғашында бір эскадронның əскери инспекторы болғанмын. Үш-төрт күннен бері белгілі барлаушылар бөлімшесінің бастығы болып міндет өтеп жатырмын,– деп мен де оларға қып-қысқа жауап қайырдым. – Жөн, жөн!– деп басын изеді əскери ердің былғары көпшігінің үстінде шолақ ішкиіммен ғана жалаңаш денесіне май жағып, күнге қыздырынып отырған қолбасшы. Оның тұла бойына көзім түскенде, жаным түршігіп, төбе шашым тік тұрып кеткендей болды. Жалаңаш кісінің кесел басынан басқа, ұлы денесінде саутамтық жоқ. Айғыз-айғыз тыртық. Сыйдиған екі қолдың қары мен қара санының бұлшық еттері жұлым-жұлым. Тұла бойдағы ет пен терінің көп жерінен жарғақ тонның жамауындай айқышұйқыш ілмелеген жіп іздері құмырсқаның көшіндей шұбатылып көрінеді... Полковниктің нұсқауы бойынша барлаушыларымды да түгел шақырдым. Жаңа қолбасшы біз келуден бұрын айтып отырған бір əңгімесін қайта жалғастырды: – Жігіттер, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деген қазақ мəтелі қандай керемет! Міне, мені өздерің көріп отырсыңдар ғой, мен Мəскеу түбіндегі сұрапыл соғыста неміс танкісіне кеудемді тосып, Украина майданында қанша рет лаулаған өртке оранып, Қара теңізге қанымды қосып, Берлиндегі Рейхстагқа белімді сүйретіп еңбектеп шыққан жансебіл жауынгердің бірімін. Енді, қазір өздеріңмен бірге қамқор Гоминдаңның қабат-қабат қазылған терең орының, электрлі торының, нөсердей төгілген оғының алдында отырмын. Біз сияқты жаны сірі солдаттар үшін бір ауыз сөзбен айтқанда «басым кетсе де, еркіндіктен айырылма!» деген сөз асқақ ұранға айналуы керек. Сонда ғана өмір сүру жолын, азаттық таңның алтын арайын шынайы түсінеміз. «Ат құлағынан ақсамайтыны» сияқты толарсақтан қан кешер толып жатқан алдағы жорық жолына белін буынып, тастүйін отырған сендер үшін қылыш пен оқ, семсер мен найза неге тұрмақ?! Бірақ, оққа түйрер, қылышқа кесілмеу үшін біз де жауды жайратарлық жауынгерлік рух, əскери əдіс-амал, күшті тактика мен көреген стратегия болу керек. Мұның бəрінен биігі – “Отан үшін!” деген жалғыз ауыз шын тілек. Ол бізді жеңістен-жеңіске бастайды. Ол бізді өлімнен қорғап, ұзақ өмірге ақ сұңқардай, қара тұйғындай қанат қақтырады!– деп келе жатып, «Қара тұйғын!» деген кезде қолбасшы маған еркелете жымың етіп, жайнаған өткір көзін қысып қойды... Біз Доскенов қолбасшының əңгімесінен кейін аттанып кеттік. Ат үстінде соғыс пен бейбіт өмір туралы терең ойға шомып келе жатыр едім, артымнан дүбірлеген дыбыс естілді. Жалт қарасам, қаз мойын күрең төбелін көсілтіп келе жатқан полковник екен. – Жə, Қара тұйғын, бағанағы сөзіңді естімесем де бəрін көзіңнен көріп тұрғандаймын. Ал, жаңағы мəліметіңді енді айтшы, қандай хабар, нендей жобаң бар? – деді Лескин менімен қатарласа беріп. – Жаңағы бар ғой жаңа хабар көп, құрметті полковник! Жортуылшы жауынгер жобасыз жүре ме мұндайда. Түнгі барлауда кездейсоқ бір іске жолығып қалып, соны адақтап қайтқанша таң атып кетті,– дедім былшықтанған көзімді уқалап, ат үстінде керіле бір есінеп. – Ей, Болат, онда басқалар дереу демалсын. Біз полк штабына барып ақылдасайық бұл мəліметіңді,– деп полковник аттың басын штабқа бұрды. Штабқа кіріп барсақ, Разынков, Шевченко, Рауов, Дəулен қатарлы бір топ офицер отыр екен. Түгел орындарынан ұшып тұрып, полковникке сəлем берді. – Отырыңыздар, отыра қалыңыздар. Сіздердің мынандай асығыс сəтте осы жерде болғандықтарыңыз қандай жақсы болды. Мынау барлаушылар бастығы Болаттан еститін жаңа бір хабар бар, атқаратын аса маңызды міндет шығатын сияқты, бəріміз кеңесіп бірге талқылайық. Ал, Болат, айта бер!– деді полковник қағаз-қаламын қолына алып байырғы əдетінше. Мен орнымнан ұшып тұрып, отырған офицерлерге құрмет білдірдім.

– Болды, болды. Отырып сөйле!– деді полковник. Мен отырдым да, көрген-білгенім мен көкейіме түйгенімді түгел ақтара бастадым: – Менің барлаушылар бөлімшем неше күннен бері Жыңдағы жаудың бір топ əскери атын тыйып кетуге төніп жүрген болатын. Кеше түнгі барлауда сол аттарға тағы кезігіп қалдық. Күзетші көп емес екен, не бəрі он шақты-ақ адам. Оларға таяп барып, жылқыны қайда үйіріп, қайда жусатар екен деп түні бойы баспаладық та отырдық. Осындай мезетте басқа бір кездейсоқ кереметке тап болдық. Түн ортасы ауа өркеш-өркеш құм төбелердің арасындағы жылым-жылғалармен Қызылтұмсыққа жеткен бір жүк мəшинесі ылым-жылым көз алдымыздан жерге кіріп кеткендей ғайып болды. Біз аң-таң болып отырдық та қалдық. Ол, жоғарыдағы Тасқазғанға да, төменгі Қамыстыға да қайырылған жоқ. Алдын ала аңдып отырғанымыз дəл көртышқанша Қызылтұмсықтың көкірегіне кіріп ғайып болды. Дереу бұл сырды анықтау үшін, Қызылтұмсықтың екі жағынан құлдатып, төрт барлаушыны жаяу жібердім. Олар көп кешікпей қайта оралды. Жаңағы ғайып құпиялықтың сыры былай екен. Таудан тас таситын қара жолдың жиегінде, Қызылтұмсықтың дəл иегінің астында шыммен бастырылып, үстіне сарбалақ, бұта-бүрген егілген үлкен жасырын қақпа бар екен. Оның шығыс жақ қабырғасының қалтарыс қабатында аюдың апанындай терең үңгірден жалғыз аяқ жол шығып бастауға баратын көрінеді. Сыртында күзет тұрмақ сайтанның сапалығы да көрінбейді. Есіктесігінде жылт еткен сəуле жоқ. Не болса да əйтеуір ішінде мол сыры бар қомақты əскери қойма екені анық. Бұл құпиялықты əбден тексергеннен кейін, тағы да бақылап көп отырдық. Таңға таяу бағанағы мəшине шым қақпадан суырыла шығып, құм жолдардың қойнына кірді де кетті. «Ім, білдім» деп тісімізді тісімізге басып біз де қайттық. Сонан казармаға жеткеніміз осы... Сəл үнсіздіктен кейін штаб бастығы: – Енді қайту керек?– деп Лескин екеумізге қарады. – Мұны Болат айту керек!– деді Лескин шоршына бұйрық іспетті. Тағы да орнымнан ұшып тұрып, енді отырмай-ақ өз жобамды ортаға былай қоя бастадым: – Бүгін түннен қалмай менің барлаушыларым недəуір толықтырылған күшпен Қызылтұмсыққа аттандырылса деймін. Біз бара сала күндегі əдеті бойынша алтауы ұйықтап, төртеуі əскериаттардың төрт жағында мүлгіп отыратын жау күзетшілерін жайдақ атымыздың баурына паналап барып, түгел қанжармен жер қаптырар едік. Сонан соң əлгі жасырын қақпаның жақтауынан тесік ашып, ішіне қол бомбымен жай түсірсек, сол кезде суатқа шығатын құпия үңгірдің аузында біздің найзалылар мен қылыштылар қырандай түйіліп тұрар болса, қандай еп болар еді. Бөлімше жай оғындай жарқылдап, осылай қимыл жасаса, жасырын жау терең жер астында тұншығып, жаудың көмекші күші жеткенше біздің батырлар да мол барымтасымен аман-есен үйіріне қосылған болар еді... – Бұл жобаға ең алдымен өз сенімің бар ма? – Бар. – Жолдастар, онда Болаттың осы жобасына сіздер қалай қарайсыздар? – Қарсылығымыз жоқ, қосыламыз. Бірақ, жасырын қойманың екі жағындағы есігі мен тесігіне мина тазалаушыларды да ала барған жөн. – Жарайды. Солай болсын! Қашан да «сақтықта қорлық жоқ» дегендей осыны ұмытпа, Болат. Қарауылды күшейтіп, қадамыңды аңдып бас! Қазір бізбен бірге тамақтанып ал да, жатағыңа барып ұйықтай қал. Кеште жорыққа тағы аттанасың, Қара тұйғыным!– деп полковник арқамнан қағып, ауыр міндетті зор сеніммен арқалатты. Сол күні ел жата біз кеше кеште өзіміз барлаған Жыңдағы Гоминдаң армиясының тау қойнауына жасырған қару-жарақ, азықтүлік қамбасына тұтқиыл шабуыл жасап, түгелдей тыйып алдық. Тастай қараңғыда екі жүздей ат айдап, он арбамен қару-жарақ, азық-түлік əкеле жатқанда, баяғы Үсен ағам ат үстінен құлағыма былай деп күбір ете түсті: – Ей, қаратаңқай! Алдағы күнде бүгінгі жеңісіңмен тағы сыйланатын болдың ғой. Құттықтаймын сені! Иə, айтпақшы, ертең кеште сендер Тарбағатайға аттанатын болдыңдар. Мен осында қаламын. Бағана, ой Құдай-ай, кеше түстен кейін екен-ау, полк штабында шұғыл мəжіліс болып, Құлжадағы бас қолбасшылық штабтың мұнан кейінгі үш бағыттағы соғыс майданы жөніндегі бұйрығы оқылды. Оның біріншісі, оңтүстік соғыс майданы екен. Оған Мəуленов, Ысқақбек, Əбдікерім Апбасовтар басшылық етіп Қашқарға қарай бет алатын сияқты. Екіншісі, орта соғыс майданы деп аталып, оған Палинов, Мыңбаевтер қолбасшылық етіп, Жың, Шиқуды алып, Үрімшіге үдіре тартатын көрінеді. Үшіншісі,

солтүстік соғыс майданы. Бұл майдан Доскенов, Лескин, Қайса қатарлы батырлардың қолбасшылығында Тарбағатай мен Алтайды жедел азат етіп, Шиқу мен Манасқа көмек қолын созатын бүкіл жоңғардағы Гоминдаңның байланысын шорт кесіп тастап, орта бағытқа ереуілдеп қайта қосылады екен... – Иə, иə,– деп əлденелерді ұғысуға оқтала бергенімде, артымыздан тақымдап қуғыншы келіп қалды, соған қарай пулеметтен оқ бората ұмтылдым... * Əскери бұйрық – атылған оқ. Келесі күні кеште Үсен батырдың айтқанындай-ақ полк біздің барлаушылар эскадронын алдын ала Ебінұр көлі мен Қызылтұздан айналып, Майлыға дейін шолғыншылыққа аттандырды. Жол бастауға жаңадан қосқан Жанпейіс деген Қаракерей аңшы жігіт нағыз жыланның ордасынан жылып өтетін ысылған ыспардың өзі екен. Ол тас қараңғы түнде қабыланша аңдып басып, қалың қара жыңғыл, сексеуілден, ойдым-ойдым шалшықты саздан, төбе-төбе құмнан, ит тұмсығы өтпейтін, қоғалы көлдер мен аңызақ шөлдерден бізді тоқтаусыз бастап өтіп келеді... Жанпейіс екеуміз ең алдыда аяңдап келеміз. Бүкіл эскадрон түнгі жорық тəртібі бойынша, тықырын тышқанға білдірмей айдаһардай сусылдап ақырын жылжуда. Жанпейістің жолдағы жүріс-тұрысы тіпті қызық. Мен үшін шытырман, бейтаныс жолда ол біресе атын желдірте жөнеледі, біресе шорт тоқтай қалып, шалқая көк жүзіне көз жүгіртеді. Кей-кейде иегін көтере ауадан иіс алса, енді бірде жерге жата қалып, сырлы да сиқырлы дыбыс тыңдағандай болады. Əуелі жол үстіндегі нар сексеуілдердің дыңын құшақтап, əлсін-əлі қамыстың жапырағын шайнап түкіреді де, жаңағы жүріп бара жатқан бағытына басқаша бір бұрылыс жасайды. – Мұныңыз қалай, Жəке?– деймін сонда өзімнен мүшел жас үлкен аңшыға əуестене сыбырлап. – Онда құлақ қойып, толық ұғынып ал, барлаушы, Болат бауырым!– дейді ол, – мен ойласам осы барлаушы да саятшы, саятшы да барлаушы сияқты. Мен қазір жұлдыздың жолынан, жердің түбі – бойынан, сексеуілдің бойынан, қамыстың құлағынан бағытымыздың сорабын сұрап, біліп келемін, шырағым. Айналаңда тіл қатар адам жоқ түнгі жүрісте меңіреу даладағы тылсым табиғаттың біле-білсең бізге ұғындырары көп. Жұлдыздың орыны, ауаның иісі, ағаштың бойы, жапырақтың дəмі, жердің шөбі белгісін таныр болсаң адасқанда бəрін айтып, арығанда таңдайыңа нəрін құйып, мен мұндалап тұрады. Тіпті менің құлағыма мынау ызыңдаған сары масалар да қазір: «Ебінұрдың аяғына, Қызылтұздың төбесіне төніп келіп қалдың жігітім!» деп тұрғандай,– деді бала жасынан жер тамырын жете игеріп өскен саңлақ саятшы. Түн ішінде мен оның асқан өнерін көкірек көзіммен көріп келе жатқандаймын. Бағанағы қарағанда қопалы жыныстар сұйқыл тартып, үйір-үйір қабандар мен қарақұйрық, бұғы-маралдар, жыртылып-айрылған құс, құландар саябырлай бастады. – Бұл тұс əйгілі Қобының құмының батыс балағы,– деді Жəкең бір мезетте. Міне, Жоңғардың шығыс жиегі үлбіреп сөгілгендей, алау шақпақтанып бозғылтым таң атып келеді. Ең алдымен құйқылжыта саһара бұлбұлы сайрап, басқа құстарды ұйқыдан оятты. Түнімен сарпалдаң жүрісті келе жатқан жауынгерлер таңырқай жан-жағына қарасты. Сəлден соң күн найза бойы көтеріліп, құмайт далада ащы аңызақ ыстықтың лебі есті. Сəл жүргеннен кейін Жанпейіс жалт бұрылып, жарқылдаған көл бойына бет түзеді. Бəріміз де қуанып қалдық. Аттар да аяғын жылдам басып, оқырана алға ұмтылды. Сөйтсек, шөл даланың сайтан сағымы бізді алдапты. Күн түске таяды. Қаталап, шөлдеп келеміз. Тағы да алдымыздан үйрек ұшып, толқыған көл көрінді. Артымызда Сарытаудың қауқайған қара сақалындай бұп-бұйра құзар жартас тұр. – Бұл шынында да көл,– деді Жанпейіс. Онан батысқа бұрылып, анау Алып аңғар əйгілі Алакөл ауызы. Сол аңғардың солтүстігін басып Тарбағатайға баратын Қарағанды-Қожық жолы кетеді. Қытай-Совет шекара сызығы да нақ сол жерде. Жеделдете жүрелік! Біз енді Көкбастауға түс қия жетеміз,– деді де аппақ мрамордай тас қайрақ жазықпен тасырлата шаба жөнелді. Оның артында шаң емес, жалпылдаған сағым ойнап қала берді. Төбемізден зақпының тасындай бұлдырық зымырап, аяғымыздың астында дамылсыз айыр тілін жалаңдатып сарыжағал жыландар мен үлкен-үлкен шөл кесірткелері жүр. Жан-жағымызда зарлап көкқасқа шегірткелер шырылдайды. – Құдай-ау, мынау əдейі құйылған мұздай тап-тақыр қылтансыз қандай дала? Əлде өзі ежелгі аэродром ба? Осы тап-тақыр тас

майданның шығыс оңтүстігін басып жатқан анау көлге қашан жетер екенбіз?– деп біз де аттың басын қоя бердік. Көлге де жеттік. Көл шетіндегі қос қамыста торғайлар мен шымшықтар үзілтіп, құбылтып жеке-дара да, қосылысып та сайрап жатыр. Аққу мен қаз, үйрек пен шағала шымырлаған көлде жүзіп жүр. Толқыны оншалықты күшті емес көл жиегіне қыпқызыл ұсақ шағыл иін-иін болып қоралана иіріліп қалыпты. Соған жете бере өзіміз көлге етпеттей құлап, атымыз ауыздықпен бас қойды. – Əй, жігіттер, тоқта, тоқтай қалыңдар! Бұл судан ат та, адам да татуға болмайды. Татсаң болды құйрықты құмға төсеп, төсек тартып жатудан басқа шара жоқ. Ал, достар, Қызылтұз көлінің аяғы дегеніміз осы. Бұл көл барған сайын тартылып барады. Арттарыңызда қалған жаңағы Ақтақтай алаң суалған тұз көлінің бұрынғы тағаны. Тізелеріңдегі үйіріліп жатқан ылағылдай қызыл шағыл – нағыз шағыл емес, қып-қызыл тұз. Өздерің бірбір түйірден алып ауыздарыңа салыңдаршы!– деп бұйыра да, түсіндіре айғай салды ат үстінде тұрған Жанпейіс. Біз маржандай саудыраған қып-қызыл тұз түйірін таңдайымызға басып, сілеміздей қата сілекейімізді жұттық. Түс қия ерніміз жарылып, жүзіміз оттай шалқыған жалынға қарылып, атымыз əлсіреп, жүк артқан түйелеріміз тұралап Көкбастауға əрең жеттік. Көкбастау дегеніміз — үсті ашық үлкен екі ешкі қорасы бар, төрт бөлмелі тоқал там мен жалғыз соқыр құдықты, Жоңғар жолындағы ежелгі алақандай бекет екен. Түйе терісінен тігілген көмекпен көп адам кезек-кезек əлгі құдықтан су тартып, солдаттардың ыдысына, аттардың суатына суықтығы шекеңнен шығатын мұздай кəусарды толтыра бастады... Біз сол жерде алдымыздан шыққан Тарбағатайдағы ЕбінұрМайлы партизандарының байланысшыларымен бірге қалдық. Жанпейіс əбден тынығып, тамақтанып, жан шақырып алғаннан кейін, сығайланған төрт шолғыншы жауынгермен бірге аттарын ауыстырып, кештете Тақияға суыт қайтып кетті. Таңертеңгі шəйді қазақылап айтқанда, сəресіде іштік. Сонан кейін барлаушылардың «қылдан тайсаң, қырсыққа жолығасың!» деген тəмсілі бойынша эскадронды үшке бөлдік. 1-бөлімшені Мақарбекке басқартып, жергілікті шолғыншылардың жол бастауында Майлы партизандарының қолбасшылық штабына аттандырдым. 2-бөлімшені өзім бастадым да, жаныма Ебінұр партизаны Еркінді қосып алып, Қарабауырдың көктеуімен көсіле шығысқа тарттым. Ондағы ойым – ежелгі Жібек жолының сорабы – Ақтам керенесімен Гоминдаңның көп күші орналасқан Шепейзының алқымына дейін барлап қайту. Тағы бір мақсатым, жол-жөнекей өткенде ақиқатқа қайтқан Гоминдаңның рота командирі Сопақынды адасып жүргенде түзу жолға салып, құтқарып жіберген Ыбырай Ботайұлының аулына да барып онымен ақтарыла сыр тоғыстырмақпын. Қайтарда Көкбастаудың солтүстігіндегі Лаба асуына да бір шығып, Майлының бұл тұсындағы жолдарды да ептеп көкейге қондырып қайтпақпын. 3-бөлімше артқы шеп жұмысымен Көкбастаудың өзінде қалды. Мен Көкбастауға тізгін ұшымен бір жарым тəулікте оралдым. Мақарбектер ат-лаумен үшінші күні түсте келді. Қиянға ұшқан қырандай екпіндете сол күні кіші бесінде Тақияда қалған бүкіл полк та жетті. Əншейінде шегірткенің шырылы, ешкінің маңырағы, еліктің дəуілі ғана естіліп жататын қағыр дала лезде хан базарға айналғандай ду-дүбірге тола қалды. Ең алдымен полк штабының үлкен шатыр ордасы ортаға тігілді. Оның айналасына эскадрон-эскадрон, взвод-взвод бойынша шағын шатырлар мен жорық жолындағы жауынгерлердің абылайшалары көшелене қойды. Қарауылдар мен шолғыншылар жанжаққа орналастырылып, ақ көбік аттар айқастыра байланды. Штабтың төбесінде полк туы айбындана желбірейді. Қатарқатар жер ошақтарда сексеуілдің оты маздап құралайдың қазанын қолды-аяққа тұрғызбай бұрқ-сарқ қайнатып жатыр. – Ал, жігіттер, бүгін алдымызға тұңғыш тартылған Майлының майлы дəмін тоя жеп, көсіле бір ұйықтап алыңдар. Ертеңгі асар тау, жүрер жолымыз ұзақ, – деп əр шатырдың алдында бірден қамқоршы аспаздар жүр ет пен майлы сорпа таратып. Ақшамнан кейін қолбасшылық штаб эскадрон командирлерінен жоғары офицерлер мен тағы басқа да қатысты адамдарды шұғыл жиынға шақырды. Бəріміз уағында жығылып, тастақ жерге жайылған брезенттің үстіне отыра-отыра кеттік. Төрдегі жалпақ-жалпақ тақтайдан құрастыра салған ұзын орындықтың үстінде қолбасшы Доскеновты қоралай полковник Лескин, штаб бастығы Разинков қатарлы басшылар отыр. Биік шатырдың төріне ілінген үш-төрт кəресін шам буалдыр жарығын шашып, төрдегілердің төбесінен төніп тұр. – Кəне, жиынымызды бастайық. Алдымен барлаушылар эскадронының командирі Болат жолдас Майлы мен Қарабауырдың жай-жапсарын сөйлеп берсін!– деді Лескин полковник келтесінен.

Мен орнымнан ұшып тұрып құрмет білдірдім де, жорық жолының мəн-жайын ауызша баяндай келіп, Майлы партизандарының жалпы жағдайын таныстыруға Əлібекті ұсыныс еттім. Əлібекті төрдегі басшылар өздерінің қасына шақырды. Бағанадан Көкбастаудағы Мамырбек, Байған ауылдарының екіүш жігітімен сыбырласып отырған орта бойлы, кең иықты əдемі мұрты сұңқардың шалғышындай жүзіне құп жарасқан жайдары, жарқын жігіт Əлібек орнынан тез көтерілді. Онымен қатарласа орнынан ұшып тұрып, қаздия қалған Мақарбек үш күннен бергі жолдастық қарызын өтегендей: – Əлібекті арыдан айтсақ, күллі Керейге мəлім Ақлақ батырдың немересі, беріден айтсақ кешегі Ебінұр партизандарының басшысы Байкенже батырдың досы. Қазіргі Майлы партизандарының алғашқы он ұйымдастырушысының бірі, сондай-ақ бүгінгі Майлыдағы мың адамдық төңкерісшіл қосынның атойшылар бастығы,– деп таныстырды. Əлібек бөгелген жоқ. Əр сөзін құстай қондырып, оқтай төндіріп, суреттей жайып сөйлей бастады. – «Ел құлағы елу» деген емес пе, жолдастар, былтырғы Іле төңкерісінің желдей ескен жеңіс хабарын біз желден бұрын жеткізген қазақтың жаяу телефонынан бастап, бүгінгі ұлттық армияның Кеңсай атты əскерлер 3-полкін қарсы алғанша қаншама сағынышты, зарыққан күндерді өткіздік десеңіздерші! Ақыры жеттік міне сол аңсаулы сағаттарға! Баянды болсын, батырлар, алған беттеріңіз, жортқан жолдарыңыз! Шатырлата шапалақ соғып, Əлібекке алғысымызды білдірдік. Ол онан ары ақтарылды. Басшылар картаға түртіп, хатшылар жазып жатыр. – Сіздер «Атасы ел бастаса, анасы көш бастаған Қызай анамыздың батыр əулетісіздер. Біз де «Керей елінің серкесі» деген Абақ анамыздың ұрпағымыз. Бүгін арманымыз бен арымыз тоғысқандықтан аттың жалы, түйенің қомында тілеуіміз жалғасып, ортақ жауға қарсы от ашып отырмыз. Қысылғанда бізге созылған көмек қолдарыңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ! «Қорқақты қуа берсе батыр болады» дейді қазақ халқы. Біз жау шауып, кісі өлтіріп, батыр атағымызды шығарайық деп ежелден ойламаған ел едік. 19 ғасырдың соңғы жарымында Алтай өңірінен ауып келген Майлы-Жайыр Керейі жарым ғасырдан артық бейбіт өмір сүріпті. 20 ғасырдың 30-40 жылдарында Тарбағатай, Орқашар, Барлық, Майлы, Жайыр тауларын мекендеген қазақтар отырған өңірі, рулық тектері бойынша Мəметек пен Қошқарбай, Дөртуіл, Мəмбет, Керей болып төрт Үкірдайға бөлініп, Шəуешек, Дөрбілжін, Толық, Шағантоғай аудандар деп аталыпты. Майлы-Жайыр Керейі – қасиетті бабаларымыз Мұқы, Бұғыбай, Темір, Топайлардың бастауында Алтайдан ауып келгелі ел ішінде «Ері өліп, ер-тоқымы шағылған» ірі уақиғалар болмапты. Қазір сол бейбіт заман тозып, Іле мен Алтайдың көкнайзасына шаншылған Гоминдаң өкіметі «сары жаудың бəрі жау» деп бізбен де жауласты! Алман-салығын еселеп ауырлатып, қазақтың жан серігі жақсы атын, шаңырақ салар қайсар атанын қидай сыпырды. Қыл аяғы аң аулап, жан бағып жүрген жалғыз атар мылтығын да қоймады. Оның үстіне «жұт жеті ағайынды» дегендей, былтырғы жылдың қуаңшылығы мен қыраулы қысын айтпайсыздар ма, қырып кете жаздады! Əсілі біздегі Майлы майданының төңкеріс отын 1944 жылы Барлық тауының батысындағы Көкжамбас жайлауында Жантекейдің Атантай ауылынан Əбілмəжін деген жігіт тұтандырған екен. Ол Совет одағының шекарасындағы ТастыБұрған қарауылының бастығы Дүйсенбайдан атқа айырбастап мылтық алып, оны Гоминдаң өкіметіне кезепті. 1945 жылы Майлы, Жайыр, Барлықтағы жеті зəңгі Керей бір Үкірдай ел болып, бүкіл Керейдің «тайлағын боздатып, тайын терлетпесем!» деп ойлайтын ел қамқоры Ахмет Сəлімжанұлы үкірдай болды... Əлібек əлі сөйлеп тұр. Шатыр іші жым-жырт. Жақыннан күзетшінің аяқ тықыры, алыстан аттардың кісінеп-оқыранғаны естіледі. – Осы жылдың басында Майлыдағы жасырын ұйымның бұйрығы бойынша мен Бұраталаға барып, Ебінұр партизандарының басшысы Байкенжеге жолығып, көп кеңес, аздап қару-жарақ алып қайттым. Сонан нартəуекелге бел байлап, құпия үгіт жүргізіп, іштей сойыл-шоқпар сайлап, өздеріңіздей төңкерісшілермен байланыс орнаттық. Осындай сəтте Майлыда «езілген ел, тозған топырақ үшін!» деп ұрандаған он партизан бас қостық. Олар – Нұрсапа Сейітжанұлы, Жақыпжан, Шеттікбай батыр, Қайсар Жұмекенұлы, Əлібек Дүрбінұлы (яғни мен), Ыбырай, Жайырдың Нұрсапасы, Қали Қизамеденұлы, Шорағали жəне Ақынбай шешендер еді. Көп өтпей Нұрсапа Сейітжанұлы партизандар қосынының қолбасшысы, Қали мен Қайса оның орынбасары, Шеттікбай батыр ту көтеруші, елге ұран тастар атойшы болып белгіленді. Шорағали мен Ақынбай үшеуміз мергендерді басқаратын əрі қарауылшы;

Жайырдың Нұрсапасы мен Жақыпжан, Ыбырайлар топ-топқа бөлінген жасақтардың бастығы болды. Қанқұйлы жау бізге қатулана қабағын түйіп қаншама түнергенімен биылғы көктем ел үшін жадырап жаз бола келді. Партизан қосынымызға Майлы боздақтар қотарыла қосылды. Бүкіл Бұраталаның батыс жағы азат бола салып, Байкенже мен Оспан Сағитовтың ерлері, оның артынан іле-шала Тоқты Əлимов пен Əбдірейім бастаған жүздей батыр партизан тағы келіп қосылып, жігерімізді желкендей көтеріп, теңіздей тасқындата түсті. Жаугершілікте үркуді білмейтін момын елді атқа мінгізулі ақылы ата салты «Аттан, аттан, жау шапты!» екен. Оны да соғыста сойыл сілтеп жүріп білдік. Тыңдап отырғандар ду күлдік. Штаб бастығы дереу бəрімізді тəртіпке шақырды. Осы сəтте Лескин полковник: – Офицерлер, осы отырғандарымыздың ішінде некен-саяғымыз болмаса Əлібек айтып отырған Майлы төңкерісінің шежіресі тұрмақ, елі мен жерінің сырын да толық білмейміз. Құлақ қойып тыңдап, жадымызға жаттап алайық. Алдымыздан мұндай бейбіт орайдан гөрі, бізді сұрапыл соғыстар көбірек күтіп отыр. Ондай кезде Əлібек бізге шежіре шертпек түгіл, бұрылып қарауға да мұрша таппас. Солай ма, Əлеке?– деді оны шабытқа шақырғандай. Əлібектің шежіресі енді тіпті шешіле түсті: – Алғашқы орналастыруымызда Қайша, Оспан Сағитов, Байкенже батырлар Майлы партизандардың штабында тұр, Іле, Бұратала жақтағы көтерілісшілермен хабарласуға жəне жалпы жұмысқа жауапты болды. Қали екеуіңіз Майлының шығыс шетіндегі Керқаданың биігінен қарауыл ұстап, бүкіл Майлының күнгей теріскейін тегіс шолып, Еренқабырға, Тарбағатай таулары жағынан келетін жаудың жолын тостық. Нұрсапа мен Шеттікбай батыр Барлықтағы екіұдай болып отырған елді Майлыға көшірумен қарбалас болды. «У ішсең руыңмен» дегендейін, барлық елі көп кешікпей Майлының Үшмоңғол жайлауына көшіп те келді. Жан-жақтан анталаған жау төбесі көрінген сайын ел-жұрт та «арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп артық дүниесін тау-таудағы қоймаға жасырып, етек-жеңін түріне бастады. Біз бірінші реткі соғысты Гоминдаңның ұзын бұлақ бойындағы Шаджы деп аталатын əскери бекетінен бастадық. Сол Шаджыны «қарақасқа атты командирден» күшпен тартып алғаннан кейін, Айыр асуындағы көшімізге киліккен жау əскерлерін күйрете соққылап, зорекер алпауыт Дашауениенің бес мың қойын тартып алдық. Үшінші реткі соғысымыз жаудың Байыншоқы түбіндегі жазалау отрядына қаратылды. Байкенже батыр дəл осы шайқаста ерлікпен құрбан болды. Ертеңінде таң қараңғысында атқа қонған көтерілісшілер: «Өлсек жанымыз Байкенже батырдан артық емес!» деп ұрандап қаруы күшті, адамы көп жауды тез арада тып-типыл жойды. Қазір Байкенженің қабірі Бəйгебұлақтағы Бəйгетөбенің үстінде елді ерлікке шақырып, ереуілдеп тұр! ...Келесі күннің не боларын алдын-ала болжау кім-кімге де қиын ғой. Десе де, кейбіреулер, берекесі кеткен осы қу заманда шірік өкіметтің күн санап кері кетіп бара жатқанын əлі де сезбей отыр. Олар: «Бағы қайтқан ел патшасына қарсы болады» деген құлдық сөзді құлағынан көтере ұстап, «қай жеңгенің менікі» деп əліптің артын бағып жатқандай. Ал, қалың малшы-егінші «Заманың қалай болса бөркіңді солай ки», «Таңғы несібе тəңірден!» деп ереуілдеп Майлы партизандарына топ-тобымен қосылып жатыр. «Құдай əмірі – парыз, патша əмірі – уəжіп» дейтін көне көзқарас қазір көп адамнан қалды. Маусым мен шілденің өларасы Тарбағатай өңірінде жаңбырлы болды. Ел ішіндегі есепшілер: «Ендігі шілде мен тамыздың өліарасы да солай болады» деп жорып жүр. Не болса, ол болсын, «Жаңбыр Алланың нұры. Заман-заманнан бері қарлы боранда қаздай шұбаған қазаққа бұл жаңбырдың несі қиын?!» деп Қайса мен дуалы ауыз батагөй қариямыз Боданбай жақында Жайырға кеткен. Сол маңда Гоминдаң өкіметі де жанталаста дейді. Олар «қал сұрау» үйірмесі дегенмен ел басыларына шəй-шалаң, матасата тарту етіп, «жаудан» қорғану үшін деп көтеу мансаптыларға қорғасын оқты бір атар, тозығы жеткен тоғыз атар мылтық таратып беріпті-мыс. Қайса батыр мен Бөдекең оған қарай ма, Жайыр елін жай-жадыра ақылмен-ақ алып, əлі-ақ көшіріп келеді деп Майлыдағы қолбасшылық штаб зор сеніммен солай қарап отыр. Бүрсігүні таң бозынан 500 сарбаз шығыс тас жол бойындағы Гоминдаңның берік əскери бекінісі Ұтыға шабуыл жасайды. Қалған 500 сарбаз Майлыдағы ел-жұрттың амандығын қорғайды. Жуықта бізге келген Ерденің отряды Сетіркей тауындағы биіктен бекініс алып, батыстағы Толы қарауылына төніп отыр. Тоқты Əлимов, Əбдірейім партизандары Ұтыға аттанатын атойшылдармен бірге. Бұл жорыққа, Алла бұйырса, Шеттікбай батыр екеуміз бас болып барамыз. – Жолдастар, «Жазғы аттың майын жаудан аяма!» дегендей, мен осы жерден түн ортасы ауа аттанып кетемін. Майлы

партизандарының қолбасшысы Нұрсапа жолдас мен осылай жүрерде: «Бүкіл полктағы қолбасшылар мен батырларға мың қайтара сəлем айт! Алыс жолдан асықпай ат-тоны аман келсін! Біз оларды Ұты соғысының жеңісімен қарсы аламыз!» деген болатын. Осы тілекке бəріміз аман-есен тең жетейік! Айтпақшы, Керейде: “Тарақты болып тасқа шығайық!” деген бір тəмсіл бар. Онысы əсілі ауаша сөйлесейік дегені сияқты. Бүгін мынандай командирлердің ауаша жиынында мен тағы төмендегідей істерді түсіндіре кетсем, пайдасынан басқа зияны болмас, – деп бір тоқтап тыныстап алды да, сөзін онан əрі жалғады, – Шиқудан келетін күре жол біздің Майлы партизандарының шебіндегі Бұғыты, Ұты, Жиырмасу, Көлденең, Көкжайдақ, Тартас, Тарғын, Жаматы, Қарағайты, Қапшық, Толы бекеттерін басып, Дөрбілжін мен Тарбағатайға өтіп кетеді. Қазір осы жолдағы Ұты қарауылында, Тартас казармасында, Толы қалашығында екі жағына жалтақтап Гоминдаңның көп жасағы жатыр. Біз Ұтыны алғанша, сіздер де Майлыдағы қолбасшылық штабқа жетіп барасыздар. Сонан соң қалған соғыстарды тізе қоса жүргізетін боламыз! – деп Əлібек ақырғы сөзін сеніммен аяқтады. Лескин бұрылып Доскеновке қарады. Полковник шенімен ортада отырған қолбасшы асықпай, ақырын тіл қатты: – Рахмет, Əлібек жолдас! Жеңімпаз қосыныңа аман жет айналайын. Бізді көп нəрседен хабардар етіп тастағандай болдың. Енді жалпыларыңа айтарым: жол-жөнекей де, ел ішіне барған соң да шенін көрсетіп шелтеңдеуге, құралын көрсетіп қоқаңдауға, халыққа айбар көрсетуге рұхсат жоқ. Мұндай істер байқалса, əскери сотқа тартылады! Біз бүгін осындай жан алып, жан беретін қанды қырғын заманда, еңселеген халыққа қайрат, алаулаған төңкеріске ту боламыз! деп кетіп барамыз. Біздің бұл жорығымызды жержердегі Гоминдаңның сарыаяқтары да иіс алған иттей тұмсығын көтере күзетіп отырған шығар, сақ болайық. Жол үстіндегі, ел ішіндегі жансыздар мен жасырын көздерден жорық кезіндегі бүкіл полктің бағыттық құпиялығын қатаң сақтауды, ең жоғары соғыс əзірлігінде болуды барлық бөлімдерге хабарлаңдар! Жапан даладағы қара қоста келіскен осы сөз жеңіс үшін бір бекем байлам болсын! — деді. Сонан соң жиын тез тарады. * Ерте оянып кеттім. Таңғы тұнық ауада азандата шақырған полк имамы Əбдіқадыр əпендінің азаны ұйқымды шəйдай ашып жіберді. Іле-шала əскери сырнай да сұңқылдады. Тез киініп орнымнан тұрдым. Далаға шықсам, бір шеттегі түтіні ширатылған асхананың артында Əбіқадыр имам мен кəрі аспаз Өмір əңгімелесіп тұр екен. Штаб белдеуінде тұрған қарасұр атқа қарғып мінген жас шолғыншы əлдеқайда шаба жөнелді. Қарауыл тақтайларын құшақтаған əскери тəрбиеші терістіктегі жазықтан бері қарай бір топ солдатпен бірге асығыс жүріп келеді. Недəуір алысқа ұзап қайта айналғанымда, шығыстағы Қобының құмынан шығып келе жатқан күнге еріксіз көзім түсті. Күн шымырлап қайнап тұрған бір қазансымақтың ішінен қалқып шығып ұша жөнелген қызыл шардай, артына қаншымақ бояуларын төгіп, биік төске өрлеп келеді. – Бүгін де қапырық ыстық болғалы тұр,– деді сəлемімді алғаннан кейін Əбдіқадыр əпенді күнге қарап. – Қарағанды-Қожеке жолынан арбамыз аман өтсе, Майлы жонында шатақ жоқ дейді ғой Жанпейіс,– деді Өмер аспаз ұйғыршасы мен қазақшасын араластырып. Түс қия бере шатырлар жиналып, жер ошақтар тындырылды. Аттар ерттеліп, арбалар жегілді. Жорық дабылы қағылып, бүкіл полк лезде сақадай сай бола қалды. Көкбастаудың батысындағы осы мидай далада сап түзеген сайлауыт мың сан офицер мен солдаттардың алдына қос күреңін ойнақтата қолбасшы Доскенов пен полковник Лескин шығып, қосынды көзден кешіре бастады. Полктың маңдай алдында ылғи тобылғы торын мінген барлаушылар эскадроны, онан кейін ылғи күреңдерін шұлғытып пулеметшілер эскадроны тұр. Қос қанатта барлығы баран атты, қырандай қылышты, қалың шабуылшы сарбаздар сап түзеген. Оның артында, ауыр зеңбіректер сүйреткен жуан тұғыр аттар мен азық-түлік тиелген қос дөңгелекті арбалардың кейбіреуінен кеспелтек-кеспелтек тіреуіштей минамет трубалары көрінеді. Оған жалғастыра санитарлық үсті жабық арбалар тізілген. Қатарқатар арбаның артында қаздай тізіліп артиллеристермен араласа артқы шеп пен қамдау басқармасының жауынгерлері тұр... – Бүкіл полк, тыныштал!– деп команда берді штаб бастығы. Оның қатарынан ала аяқ жирен төбелдің сұйық жалын ақырын сипап, екі үзеңгісін шірене көтерілген Лескин: – Жауынгерлер! Қазақ халқында: «Жүрек батыр болмай, білек батыр болмайды!», «Жүрмесе жол таусылмайды!» деген киелі егіз екі сөз бар. Біз осыған сай берілген серт, алынар кек үшін жаңа

жорыққа аттанып барамыз. «Бұзау жамырағанның да сəті болады» дегендей қазірше жолымыз ашық болып келеді. Бұдан былай да теріс болмас. Ат өткен жерден ақылы табылса түйе де өтеді. Ең жақсысы осыдан суыт тартып, қас қараймай тұрғанда Қарағандыға ілініп алайық. Барлаушылар эскадронының командирі Болат жолдас қазірден бастап арт жаққа тосқауыл, ортаға хабаршы, алдыға шолғыншы орналастыр! Оларға күндізгі белгі мен түнгі парольді нақтап-нақтап ұқтыр! – деді. – Полк, алға! – деді Разинков. Қосын орнынан эскадрон-эскадрон, бөлімше-бөлімше, взводвзвод бойынша ретімен, ширақ жүріп кетті. Сарбалақ пен күйреуік өскен тарғыл тасты, борбас дала төсінде шілденің аңызақ ыстығы жүзіңді шарпиды. Ат тұяғының астында шөл бақалар шоршып, сонадайдан бірен-саран түлкі бүкшеңдейді. Ін аузында суыр шəңкілдеп, майтышқандар шиқылдап ініне зытады... Мен барлаушыларды бастап қосыннан ұзап кеттім. Міне екі жағынан құс мұрынданып Қарағанды мен Сарытаудың биік-биік салмауы төнген Алакөл аузының қысаңындағы Қызылшоқыда артыма қарап тұрмын. Əне, кешегі құс үнімен қоңыраулаған Қызылтұз көлі батысқа қарай тырнадай тізіліп келе жатқан үлкен қосынның оңтүстік бүйірінде бұлдырап қалып барады. Онан əрі көз салып едім, сонау көкжиекте Тəңіртауының ақшулан бұлт белдеулеген дара шыңы мен мұндалап көрінді. Иек астындағы бас жарып, дəн алып, сарғая бастаған қызыл изен, бөрте жусанды өзектерде кебедей-кебедей дуалақтар жайылып жүр. Онан ары, сағым ойнаған сарыдалада үйір-үйір қарақұйрық пен бөкендер тосын бір сыбысты сезгендей шаң боратып үркіп барады. Қолым мойнымдағы «гермаңкаға» тие бере, алақанымды ара шаққандай тартып алдым. Сол кезде кешегі қолбасшы Доскеновтың: «Кім де кім жол-жөнекей аң-құсқа рұхсатсыз оқ шығарса, оны қарусыздандырып, қатаң жазалау керек!» – деген ескертпесі есіме түсіп, өзімнен-өзім ұялып қалдым. Батыстан баяу жел есе бастады. Көз ұшындағы полкке қайта қарадым. Алыстағы қосын шөл даладағы сан құбылған сағым ішінде бірде жерден, бірде көктен көрінгендей ереуілдеп, бейне аңызертектердегі сиқырлы теңіздің үстінде көк нұр толқынға тоғытылып жүзіп келе жатқан айдаһардай елестеді. Артыма жалт бұрылып, құйындата жөнелдім. Бағана менен оза суыт кеткен барлаушыларым Қарағанды сайының аңқайған аузында тосып тұр екен. Жусаны мен бидайығы, көдесі мен көкбегі жайқалған ту дала түлейіп жатыр. Аңғар аузына хабаршы қалдырып, Мақарбек пен Жанпейістің жол бастауында беткейі күлтеленген ақ оттық пен бұйра жусанды, өзектері сарыағаш пен көк бояулы, қыраттары қалың Қарағанды бұйрат-бұйрат бұдырмақ адырды өрлей жөнелдік. Ымырт жабылды. Аспанға күлімдеп əсем ай көтерілді. Барлаушылардың алдындағы шолғыншы мен артындағы хабаршыларды жиі-жиі, ерсілі-қарсылы қосар атпен шаптырып, бейтаныс бел-белестен ендей өтіп келе жатқан полктен үзбей хабар алып келемін. Түннің бір мезгілінде артымызда ұзап қалған полкке өзім бұрылдым. Жанғаруды іштен байланып, автоматты сырттан асынғанбыз. Ерге еңкейе екі серігіммен зар желіп келе жатыр едім, кенет бір кезеңнен аса бере: – Пароль! – деген қатқыл үн саңқ ете түсті ту сыртымнан. – Найзағай!– дедім тізгінді ірке бере. Сонда əлгі дауыс: – Темірқазық! – деп тебіне қалың қарағанды қақ жарып, жаныма жетіп келді. – Мақанбысыз? – Иə. Болатпысың, сусының бар ма? Кеңезем кеуіп, қаталап тұр едім,– деді Мақарбек. – Өзіңіздің сусыныңыз қайда? – Ой, оны бағана тауысып қойғам,– деп жанторсығын алақанымен қағып-қағып қойды. Мен сусынымды оған ұсына беріп: – Мынау салқын түнде соншалықты шөлдегеніңіз қалай, Мақа?– деп едім, ол: – Əй, Болат, əлі бала екенсің ғой өзің. Мынау тұрған жерің, сімірген ауаң, кеше түсте Көкбастауда жеген етің бəрі-бəрі де «майлы» деген Қорқыт пен Асан атаңның аңсап өткен Жерұйығының дəмі емес пе?! Біздің Іледе бір жігіттің өзі-ақ құнан қойдың етімен қосып, сорпасын да іше салады. Мұнда бір қойдың етін 20 жігіт жесе де сасық кекірік, 3 күн нəр татпай қалады екен. Бала кезімде марқұм Əлдиша деген əжем: “Жуасынан қан сорғалап, ешкісі күніне үш сауылатын, жалғыз жапырақ майы екі күнге еркін азық болатын, қасиетті Майлы-жайыр деген жерім-ай!” деп отырушы еді кемсеңдеп. Міне, біз қазір сол ғазиз ананың қайталай бір көруге зар болып, көксеп өткен күлтөбелерінің бірінде тұрған шығармыз шырағым! – деп суық суды қылқылдатып жатқанда, кенет басымыздағы Барлық тауының басы жарылғандай, аспан айырылып, найзағай ирелеңдеп, күн күркіреп қоя берді.

– Барлық тауы деген міне осылай. Бұл жердегі ел: «Сүйектің сұламасы мен Қарасеректің қасқасына тоқымдай бұлт ілінсе, Қызылқайың мен Айырдың асуынан аса алмайсың, нөсер жүреді!» дейді екен. Мынау сол тұстағы өткінші ғой, алдағы біздің жүрер жолымыз жатық. Қатты жаңбырдың жөн ғана екпіні келуі мүмкін,– дегенше сабалап бұршақ аралас жаңбыр да жетті. Атымыз тұқыра шыр көбелек айналып, өзіміз сулықтарымыз бен жаздық шинелдерімізді жабыла киініп, етектерін қымтай тақымымызға бастық... Ұшыртып полкке жетсем, қараңғы түн ішінде арсы-күрсі болған жауынгерлер кезек-кезегімен зеңбірек, пулемет, оқ-дəрі, азық-түлік тиелген арбаларды жабыла сүйреп, жанталаса алға жылжып келеді екен. Бағана шаңы шығып жатқан тау жолы енді жылтылдаған тайғанаққа айналып қалыпты. Бірақ жаңағы долы нөсер қазір сəл толастай бастады. Көшкен бұлттың ара-арасынан ай ұрлана сығалай қалған бір мезетте: – Құрметті қолбасшы, жағдайларыңыз жақсы ма?– деп Доскеновке жанасалай беріп едім, ол кісі: – Ей, Болатпысың? Жақсы-жақсы! Мынау салқында тоқтамай, үдіре тарта беріңдер. Осы Қарағанды-Қожекеңде ұлар ұшқан Ұлытау болмағанымен, сиырдың бүйрегіндей қалың бұдырмақ бел-белес аттың жанын жеп-ақ келеді,– деді. – Қазір қай жерге келдік, барлаушылар бастығы,– деді Лескин. – Қожекенің кенересінде келеміз. – Таң да таяп қалды білем, ə?– деді ол қол шамының жарығын қойын сағатына түсіріп. – Аз қалды. Таңертеңгі асты штабтың алдын ала орналастыруы бойынша Теректі өзенінің бойында ішіп, күндіз сол өңірде көбірек дем аламыз, полковник. – Арт жақтағы тосқауылға дейін барып қайттың ба? – Түгел аралап қайттым. Ел аман, жұрт тыныш. Сарпалдаң ұзақ жүріспен кезеңге шыға келгенімізде, аппақ болып таң атты. Қойнау-қойнаудан тұман сейіліп, жақұттай жасаң дала көзімізге оттай басылды. «Ер жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деген рас-ау, жауынгер қосын Теректі өзенінің бойына тоғанағын түсіріп, еркін ауамен тыныстап, көрмеген жерді тамсана тамашалай бастады. Əр жерден от маздап, майлы бақыр бұрқылдап, жауынгерлер көк майсаға рахаттана жантая-жантая кетті. Төбе-төбеде қарауыл күзет тұр. Өзен бойы көкпеңбек бұйра тал. Қырат-қыратпен беткейбеткейде киікоты мен көкмаралдың гүлдерінен хош иіс аңқиды. Майлының жал-жалы қарағай-қайыңсыз, қалың ормансыз болғанымен, бүкіл тұла бойы қымыздықты қызылсірік, бетегелі шымдауыт. Қарабас шалғынды гүл-бəйшешек, жауылша шұғынық пен тарлауы таласа өскен тамаша жер екен. Бір-біріне жалғасып жатқан жап-жасыл жон-жоталарда қоза-қоза қой бүлдірген ат тұяғын бояп, мөлдіреген тошаласы мен солқылдаған рауғашы сонысын бұзбай тұнып тұр. Полк келесі күні кіші бесінде Көкжамбас жайлауына қайқайды. Жол бойындағы үйір-үйір жылқы, табынтабын сиыр, қора-қора қой шырынды шыртылдаққа мас болғандай, жалы құлағынан асып, құйрығы мен желіні жер сызып, теңселе қаптап жүр. Жырға толы Қоңыроба сазының көгінде бозторғайлар қалықтап, зəу биіктен бүкіл өңірді əнімен тербейді. Полк Ұзынбұлақ бойына іліне бере дөңес-дөңестен шағаладай киіз үйлер мен қаралтқым қарашалар ауылы көрініп, барған сайын жиілей бастады. Салқын жайлаудың саумал ауасы ұзақ жолдан бұйығып келе жатқан жауынгерлер мен олардың астындағы Іле тұлпарларын кешеден бері-ақ əбден сергітіп тастаған. Сонан болар бүкіл полк жайлау елінің ортасынан ереуілдеп өткен сайын эскадрон-эскадрон бойынша кезек-кезегімен: Аттан атқа, қарап жатпа! Бетіңді бұр жау жаққа. Бəрің бірдей қайрат қыл, Жетем десең мұратқа! Жарқылдаймыз нажағайдай! Күркірейміз күн болып. Жауларымыз кетсін аулақ, Бас көтеру мұң болып. Іле, Алтай, Тарбағатай, Бейбіт күнде көңіл жай. Төңкерісте көп таяқ жеп, Тойтарылды зəлім-сұмырай. Ал, қолыңа қызыл туды, Берме жауға еш оны. Жаулар созса бізге қолын, Жаншып тастаймыз біз оны!

– деп айбынды атты əскерлер маршын аспандата шырқап, шетшегін көкжиек көмкерген тау-даланы солқылдата жүріп келеді. Жол бойындағы малшылар алақайлап қарсы алды, ақ жамбыдай жарма құрт пен алтындай сары ірімшіктен төгілте шашу шашып, сусынға сапырып сары қымызын беріп жатыр. Ұзынбұлақ пен Бəйгебұлақтың дəл ортасындағы жұмыр жонда полк басшылары қарсы алдыларынан асыға құйғытып келе жатқан Мақарбек лейтенантқа кезіге кетті. Ол келе сала ентігіп тұрып: – Құрметті қолбасшы, құрметті полковник! Полктің қоналқалық жері алдымыздағы Майлы партизандарының штабымен бірге Бəйгебұлақтың басына орналастырылыпты. Бірақ, жаңа ғана... Ол сөзінің соңын айта алмай, көзіне жас алып, ықылық атып тоқтай қалды. – Ой, нендей іс? Айт соны! – деді Лескин өңі бұзылып. – Ұты бекетін алу шайқасында Майлы партизандарының атойшы батыры, абыройлы ту көтерушісі Шеттікбай батыр шейіт болыпты. – Əлібек аман ба екен? – деді Доскенов əнеукүнгі Əлібектің «бүрсігүні Ұтыға аттанамыз!» деген сөзін есіне алып. – Əлібек Шетекеңнің сүйегін өзі өңгеріп, ауылға қазір жетіпті. – Ұты бекеті алынып па? – Алыныпты. Ол жерге азырақ қарауыл қойып, қалың жасақ қайтып келіпті. Бүкіл ел киелі батыры үшін күңіреніп жатыр. – Нұрсапаға жолықтың ба? – Жолықтым. Ол кісі полк ел орынға отыра осы жерге жетіп қонсын, арнаулы тіктірген 40-50 үйіміз ас-суымен түгел дайын тұр. Өзім Шетекеңнің сүйегін бүгінше осы орынға орналастырып болған соң, кеште армия басшыларына амандаса барамын. Амал қанша, алыстан келген батыр бауырластарымның алдынан шыға алмадым, айыпқа бұйырмасын!– деді. – Ертерек қамданайық. Полктің имамы қайда? Шақырыңдар!– деді Доскенов. – Разинков, Василий, полк тəртібі мұқият орналастырылсын! Болат, хабаршыларың мен қарауылдарыңды ерте жарықта қайта ретте! Ері өліп, елі еңіреп, есі шығып жатқан қаралы ауылға барғанда ешқандай ағаттық іс туылмайтын болсын! Эскадрон командирлерін қазір осында шақыр! — деп Доскенов жол шетіндегі торғын төбеге бұрылып, атынан түсті... * Күн батардың аз-ақ алдында суыт жүрген Доскенов пен Лескин Бəйгебұлақтың басындағы Ботамойнаққа шыға келді. Кезең астындағы қалың ауылдың бір шетіндегі ақ орданың төбесінде Майлы партизандарының шұрқ-шұрқ оқ тескен бозғылтым туы желбіреп тұр. – Осы ауыл ма? – Иə, анау ту тіккен үй партизандардың қолбасшылық штабы. – Сол үйге барамыз ғой? – Дəл солай, партизан басшылар да қазір сол үйде. – Анау жазықтағы үйлер ше? – Ол полкке арнап тігілген үйлер екен. – Əбдіқадыр имам, Нұрғали ақалақшы, сіздер Қызай елінің ата салты бойынша «ой, бауырымды!» осы жерден бастаңыздар! – деді Доскенов қасымдағы Лескиннен басқа бір топ адамды алдыға шығара. Шол шоғыр еңіске түсе бере «ой, бауырымға!» басып, ауылға қарай лап қойды. Олардың қарасы 15-20-дай адам. Умақ-шумақ үш буын болып келеді. Доскенов алдыңғы, Лескин орта тұстағы топта. – Ой, асқар тауым-ай! – Ой, ардагер ақылшым-ай! – Ой, қамқоршым-ай! – Ой, айдыным-ай, айбыным-ай! – Ой, еңіреп туған ерім-ай! – Ой, ту көтеруші белім-ай! Бауырым-ай!– деп ат үстінде толқып келе жатқан ерлердің еңіреген үні мен күңіренген қайғылы «ой, бауырымы» азалы штабтың алдында тұрған Нұрсапа, Əлібек, Қайса, Сағи топтар мен үйде отырған Боғанбай бастаған ақсақалдардың сай-сүйегін сырқыратты. Бауырымдап келгендер сырттағы ақ таяқсыз, қол қусырып, еңкейіп тұрғандармен құшақтасып көрісіп, үйдегілерге қол беріп амандасқаннан кейін, Əбдіқадыр имам отырғандарға жағалай көз жүгіртіп, – Е, туыстар, «Ерінен айырылған ел жетім, жерінен айырылған ер жетім!» дегендей бүгін асқар тауымыз құлап, бəйтерегіміз сынғандай бəріміз де құлазып отырмыз. Қайран, Шекең батырдың топырағы торқа болып, ел-жұртына қайырын, артта қалған батырларына айбынын берсін! – деп көңіл айтты. Сонда, бағанадан көңілі босап, əлсін-əлі қолындағы ақ жібек орамалымен жасаураған көзін сүртіп отырған, аппақ сақалды,

орта бойлы, шымыр денелі Боданбай шешен ырғатыла орнынан қозғалып, артындағы жүкке сүйене отырды. Оның мына порымы сексендегі селкілдек шал емес, бейне биіктен кеудесін көтере, ұшарға қомданған ақ тұйғынды елестеткендей еді. Бодекең көп бөгелмеді. – Е, өмір деген солай ғой, Керейдің кейінгі заманындағы төрт батыры – Ошанбай, Биқоныс, Елубай, Шеттікбай еді. Енді міне өмірінде абақты мен кісенге тұрмаған Шекең сынды киелі батырды ажал деген алапат арамыздан алып кетті. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендейін, неше күннен бері сіздердің келе жатқандықтарыңызды естіп, қарсы алуға алақайлап əзірлік көріп жатқан ел болатынбыз, бүгін таңертеңнен бері көңіліміз босап, көзімізден жас сорғалап, қаралы болып қалдық, қарғаларым! Бүкіл ауыл «ту көтерген батырым-ай, арысым-ай, дуалы ауыз ағекем-ай!» деп күңіреніп жатқаны мынау,– дей бергенде кең дастарқан жайылып, шəй құйылды. Сəлден соң қайнауы жетіп, түйе сүті қосылған қызыл күрең шəйді асықпай ұрттай отырып, Бодекең жаңағы сөзін қайта жалғады: – Кешегі желкілдекке мініп, жел қайысқан қолды бастап, аман аттанған қайран Шекең, бүгін таңертең оқ тескен маңдайы шытпен таңылып, тілсіз оралды. Сонда Шекеңнен бізге не қалды? Жеңімпаз туы қалды. Жаудан жанын қиып қорғаған жері қалды. Күндіз-түні «аттандап» жүріп жинаған қалың қолымен қол бастаған Нұрсапа қатарлы ері қалды. Əне, белі мен мойнына қара байланып, бос мойын шоқпары мен қаратамақ найзасы тұр керегеде кемсеңдеп. Қазақ халқы ежелден «Мың жылқың болғанша, бір жүйрігің болсын! Мың өлезің болғанша, бір елім деп еңіреп туған ерің болсын!» деп тегін айтпаған екен. Шекең Майлы партизандарын бастап атқа мінген алғашқы күні-ақ, – Уа, халайық, мен елімнің іргесі көтеріліп, түңілігі желпілдейтін жаугершілік заманға жолықпауын армандаушы едім. Ол тілегім бүгін қабыл болмай тұр. Бағынған өкіметіміз зұлымдыққа басып, қораға қасқырша шауып, адал азаматтарға жай түскендей, байлап-матау, қамап, ату асқынып барады. Егер «еркек тоқты құрбандық!» болары шын болса, соның басы мен-ақ болайын. Аттаныңдар жұртым!– деп еді-ау. Осы айтқанын орындады. Шекең осы көктемде ғана сіздер Нұрсапа қолбасшыға жіберген партизандар туын қолына алып, етегінен сүйіп тұрып: «Барлығыңмен бауыр сорпасын бір ішіп келе жатыр едім, енді өмір бойы Жəнібек бабам мен Қабанбай батырдың есімін ұрандап, кеуделеріңе қалқан, бастарыңа дулыға болуға жарап, ту ұстаушы бола алсам армансыз-ақ болар едім!» деп еді. Оны да өзінің аққан қанымен көрсетті... Бодекеңнің сөзінен кейін Нұрсапа мен Əлібек сөз алып, Шетекеңнің ерлік, ізгі қасиеттерін егіле де сағына отырып, ұзақ əңгімеледі. Түн ортасы бола бере Əбдіқадыр имам бағана батасын жасаған ақсарбастың басы тартылды. Кештік қонақасы дастарқаны жиналарда отырғандар енді Бодекеңнен бата сұрады. Сонда Бодекең көп бөгелмей: – Мынау, – Ұты шайқасына аттанар күннің алдында ғана Шетекең берген бата еді,– деп мынандай дуалы бір батаны судырата жөнелді. – Айналайын бар елім, Жүрегімде бар едің. Айналайын Керейім, Тайыңа бата берейін. Жолыңызды Құдай оңдасын, Жəнібек бабам қолдасын. Жеңіске жеткен елдің жолын берсін, Еркіндік, теңдікке қолың жетсін! Аллаһуакпар, – дегенде, – айтқаныңыз келсін! – деп бəріміз дүр етіп жүзімізді сипадық... Таңертеңгі шəйден кейін, ұлттық армия басшылары мен партизан басшылары штаб жанындағы сазға тігілген ақ отауға аяңдап барып, Шетекеңнің дидарын көрдік. Бізді бастап жүрген Нұрсапа егіле еңкейіп, батырдың бетіндегі жайнамазын ақырын ашты. Маңдайын ақ матамен сəлделей ораған апайтөс алып батырдың жүзі сұрлана, ақ пəтес жейдесінің ашық жағасын қан жауып киімшең жатыр екен. Отаудың сыртында екі қарауыл қаруымен тұр. – Бүгін сəскеден кейін сүйекті ақбас атанға артып, қара кілем жауып, ел-жұрттың азалы жоқтау дауысымен Үшмоңғол жайлауындағы Шекеңнің ауылына алып жүреміз,– деді Нұрсапа штаб жанындағы төбеге жаяу өрлей бере. Сол мезетте, – молдалардың пəтуасы бойынша шағид белуарынан төменгі жағы жуылып, ақыретке оралып, жоғарғы жағын жумай қаншейіт бойынша киімшең жерленеді екен. Сонда Шекеңнің қабірі – күллі Керейдің көш жолы, тоғыз жолдың торабы Үшмоңғол жайлауының жазығындағы Шиліқарында болады,– деп Боданбай ақсақал

бірталай хабардың басын түйістіре тоқетерін айтты да бетегелі бетке отыра кетті. Шымды дала. Ауыл айналасында топ-топ адам, шоғыр-шоғыр ер-тоқымды ат. Партизандар қолбасшысы Нұрсапа елтірі тымағын қолына алып, жер жағдайын түсіндіре бастады бізге: – Анау созылып жатқан Ұзынбұлақ, мынау Бəйгебұлақ. Сонау көрінген көрікті салмау – Күреңбұлақ. Онан əрі Кеңсу, Бурылбайтал, Сұрқашы, Батпақты деп кете береді. Бұл жерлер ғасырлар бойы талай-талай ірі уақиғаларға куəгер болып келеді. Мынау Майлы тауынан басталып солтүстікке қарай ағатын Бəйгебұлақ, Ұзынбұлақ пен Күреңбұлақтың дəл ортасынан ойып ағады. Бұрын қасиетіңнен айналайын Қызай анамның ұрпақтары мекендеген кезде Ортабұлақ деп атағаны сондықтан болса керек. Кейін мұнда Керей əулеті келген соң, «Керейдің бес байламы» деген басқосу осында өткізіліп, алты арыстың ат бəйгесі осы жерде болғандықтан Бəйгебұлақ атанып кетіпті. Ал, анау Бəйгетөбе. Сонау Майлының шығыс шетіндегі аспанға шаншылған айдарлы шоқы Керқада өзенінің Кертас деген дарасы. Онан былай Байыншоқы мен Бөлісбұлақ даралары көрінеді,– дей бергенде, таяқ тастам шығыс жақтағы Белегірден: – Аттан! Аттан! Жау шапты! – деп озандата айғайлаған жалғыз атты шауып шыға келді. Бəріміз етек-жеңімізді түріне түрегелдік. Хабаршы да қасымызға құйындатып келіп, атынан қарғып түсті. Омырауын ақ көбік басқан қаракөк ат ілгері-кейін кетіп, сенделіп тұр. – Кеше кеште Шиқу жақтан мəшинемен келген Гоминдаңның қалың шерігі Ұты қорғанын тұйықсыз басып алып, біздің қарауылда қалған 10 партизанның 9-ын кескілеп өлтіріпті. Соның біреуі əрең дегенде қашып құтылып, хабарға келіпті. Қазір өңмеңдеген дойыр жау Қызылжалдан бекініс алып, біздің Көлденеңдегі партизандарға шабуыл жасап жатыр! — деді жап-жас партизан ентіге. – Аттан, Əлібек! Аттан, Қайса!– деді Нұрсапа жанындағы атойшыларына бұрылып. – Аттан, Болат! Барлаушылар эскадронына пулемет эскадронын қосып аттандыр, Разинков!– деді Лескин жалма-жан. Атыма қарай жүгіре жөнеліп едім, артымнан: – Ей, Болат, қайт артыңа!– деді Доскенов бұйыра. Қайтып келдім. Ол маған тесіле қарап тұр: – Міне, талайдан күткен Тарбағатай соғысы да басталды. Осы жолы партизандармен тізе қоса отырып, алғашқы соққыны дəл, өте сəтті жүргізуіміз керек. Жауынгерлеріңді жақсы орналастыр. Айлалы, əдіс-амалыңды толық істет, Қара тұйғын! Өлім іздеп келген жаудың төбесінен жасын түсіріңдер, ал жолың болсын!– деп қолын бір-ақ сілтеді. Біз Көлденеңге апақ-сапақта жеттік. Екеуміз қатар тұрған бір қыратта жанымдағы Əлібек: – Ау, Болат командир, осы жолы жақсы аттың жалын сипап, ата аруағын шақырып, үлкен мақсат, жақсы тілеу жолында басымыз қосылып, бірге қан майданға кіргелі тұрмыз. Ұлт азаттық қозғалысы үшін келістіріп, бір соғайықшы бəлемдерді. Мен жер жатысына жүріп тұрмын, сіз алыстан ататын қарулар мен автоматпулеметтерді бір сөйлетіңізші!– деді қылышын қынынан суырып. – Қосылам, Əлібек, ерлік байламыңа,– дедім қолма-қол. Ол разы бола, елтірі тымағының маңдайын қамшысының сабымен көтеріп, саңлақтана жан-жағына құлақ түрді. Алдымыздағы тасадан үздік-создық мылтық дауысы естіледі. Кейде ұласқан сарын арасынан пулемет-автоматтың сақылдағанына гранаттың күшті қопарылысы қосылып жатыр. – Əлеке, алдымен жаумен өз шекарамызды айқын ажыратып алайық, онан кейінгісі оңай,– дедім мен де зор сеніммен серігімді серпілте. – Шолғыншыны бағана жібергем, қазір-ақ келеді,– деді Əлібек. Соның арасынша екі жақтан бірдей шолғыншылар да қайта оралып, жау жағдайын жер жадысымен түгел баяндады. Біз таң атқанша кірпік айқастырған жоқпыз. Əлібек екеуміз ат үстінде жүріп жауынгерлер мен партизандарды, пулеметтер мен минаметтерді шағын-шағын бөлімшелерге бөліп, Дағымбел, Еденніңқызылы, Қызылсай, Майтас, Жиырмасу биіктерін иелеп болдық. Тіпті, күшті қаруланған бір взводты Ұтының шығыс жағындағы Қойтасқа аттандырып, қалғанымыз Қызылжал айналасының тас жолындағы жауды алды-артынан атқыладық та отырдық. Кей-кейде жаудың дəл жанына өзек-өзекпен таяп барған жаужүрек қазақтар «аттан-аттанмен» олардың зəре-құтын қашырып, қорғанысын тас-талқан қылып, қайтып келіп жатты. Жұлдыз сиреп, ағарып таң атты. Дүрбі салып едім, жау негізінен тас жол бойында шеп жайып, Қызылжалдан Ұтыға дейін үзік-үзік болып жатыр екен. – Залпымен соқ!– деп тау зеңбірекшілері мен минаметшілерге бұйрық бердім. Оған топ-топқа бөлініп, төбе-төбеден төніп жатқан пулеметшілер мен мергендер де қосыла кетті. Бұрқ-бұрқ

түтін, жалт-жұлт жалын, жер тітіреткен гүрсіл. Дүрбіден анық көріп тұрмын, дəл түскен зеңбірек, минамет снарядтары жау мəшинелерін жаңқаға айналдырғанда, сай-сайдан қылышты қырандар құйғытып шыға келіп, жаяу қашқан жау шеріктерін снаряд ойған шұңқырларға домалатып жатыр. «Қораға келген бөз арзан» дегендей, енді түгел шабуылға өттік. Қоянның жымындағы шиырдан түлкінің ізін сабақтап шығаратын аңшы қазақтар жасырынған жауларды сирағынан сүйреп шығарып жүр жықпыл-жықпылда. Ауыр қаруларды түнде иелеген биіктерінен əлі қозғамағанмын. Оның пайдасын сəске болар күркіреп-сарқырап жау аэропландары жеткенде көрдім. Үш-үштен бөлінген кілең мергендер төбе-төбеде аэроплан атуға қалды да, қалған қосындар қалтарыс-қалтарысқа жалт бердік. Қиян-кескі шайқас ертеңінде күн батқанша жайғасты. Ұтыны ойда-жоқта басып алып, Тартастағы жау жасағына көмекке келген 16 мəшине шерік ойсырай жойылып, үштен бірі қолға түсті. Кеште қайтадан азат етілген Ұты бекетіне күшті қарауыл қойып, Көлденеңге қарай көсілте жөнелдік. Көлденең – Жайыр тауының батыс жақ тұмсығындағы Сарышоқыдан батысқа қарай ағатын жіңішке бұлақ екен. Осы бұлақтың жан-жағындағы биік шоқылы, жалама-жартасты қысаңнан пайдаланып, Тартас деген бекетте Гоминдаңның бір батальон əскері қорғаныста жатыпты. Таң ата олардың төбесінен төніп, қабат-қабат үш орап тұра қалдық. Егерде қарсылық көрсете қалса, тозақтың қазанына қайнатпақпыз. Соны сезді білем, жау қақпанға түскен қасқырдай аз-кем қыңсылап тұрды да, бүлк етпей қол көтеріп қару тапсырды. Тартасты Майлы партизандарына тапсырып, біз тағы да батыс солтүстікті бетке ала жүріп кеттік. Жеңіс шабытымен шалқыған екі эскадрон ереуілдеген бойы Жаматы жазығына жеткенде, Сетіркей тауындағы Ерденің қосыны мен Бəйгебұлақта қалған бүкіл полк та сол жерге жетіп жиналып тұр екен. – Біз қазір Тиірменді (қазіргі Толы ауданы сол кезде осылай аталатын) қоршап шабуыл жасаймыз!– деді Лескин командирлер мен партизан басшыларын шеткерірек бір көкжасанға шығарып алып. – Мен ел ішіндегі Білəл бастаған инабатты адамдарды Тиірмендегі Гоминдаң жасақтарына елшілікке жіберуді сөйлесіп қойып едім. Мүмкін, олар барып сөйлессе, жау жалынып қару тапсырып бағынар!– деді Ерде ең алдымен. – Алдымен Тиірменді қоршауға алып, қолбасшылық штабты Тесіпаққанға орналастырайық. Сонан кейін елшілерді жіберіп, жаудың емеурінін байқасақ, егер олар қанқұйлылықпен қарсыласар болса, тарпа бас салып, жатқан жерінде жаншып тастайық!– деді Нұрсапа тершіген жүзін қол орамалымен сүртіп тұрып. – Құрметті қолбасшы, құрметті полковник! Мен Нұрсапаның жобасына қосыламын. Қазір бұл майданның оңтүстігі Шиқудан тартып, батыс солтүстігі Дөрбілжін, Шəуешекке дейін қоздаған өрттей болып тұр. Кеше Көлденеңнен күйіп қайтқан аэропланын көрген жау, бүгін жасақтанған қалың қолын Шəуешек пен Дөрбілжіннен Тиірменге қарай аттандырары сөзсіз. Сондықтан бұйрық берсеңіздер мен барлаушылар эскадронын бастап, жау жолына аттанайын,– дедім. – Соғыс кезінде секөнтпен есептесу жеңістің ұшқыр жебесіндей рөл атқарады. Мен Болаттың сөзін құптаймын. Барлаушылар эскадронына хабаршыларды көбірек септеп, қазір аттандыру керек!– деді Доскенов. – Олай болса, қазірден бастап, батыс солтүстік шепке Болат командирлік етеді. Екі ортаға хабар жеткізуге сегіз жауынгер жүргізілсін, штабпен болған байланыс үзілмесін!– деді Лескин қолма-қол орналастыру жасап. Мен сол майданда қалың нөпір қарулы қосыннан бөлініп, барлаушылар эскадронын бастадым да, Тесіпаққан өзенінің құйғанын қуалай жүріп кеттім. Тиірменнің аяқ жағындағы Өндірбүйрек жазығына бара салаақ шеп жайдым. Онда шағын-шағын жатаған төбешіктен басқа қорғанысқа қолайлы ештеңе де жоқ екен. Тек түлежіген ту дала, мидай жазыққа шөккен түйе көрінбес сары сасыр жыныс ормандай мүлгіп тұр. Мен күн батпай, ерте жарықта көп іс тындырып алу үшін, бес адамдық бір бөлімшені жау жолындағы Саргусын қыстағын алыстан абайлап шолып келуге Жақсылық пен Алмалы адырына аттандырдым. Үш адамдық тағы бір бөлімше «көз байланбай қайтып келеміз» деп Күртіге аттанды. Эскадронның қалған қомақты күшін сасырлы даладағы тас жол бойына тастүйін орналастырып тастап, бітірген ісімізді мəлімдеуге штабқа хабаршы жібердім. Қас қарая жан-жақтағы шолғыншыларым мен хабаршыларымның бəрі қайтып келді. Қазірше Дөрбілжін жолы жым-жырт екен. Қолбасшылық штабқа кеткен хабаршы жігітім

Лескиннің: «Болатқа айта бар, бүгін барынша абай болсын. Күдікті қараң-құраң бірдеңе байқала қалса, оны штабқа ертерек хабарлауды ұмытпасын!» деген бұйрығын ала келді. Қоржындағы азықтан жүре тамақтанып, бір жерде байыздап тұра алмай, атпен айналып жүрмін. Ең алдыңғы қорғаныста жолбарыстай жұтынып, қараңғы түнде қадап атар пулеметшілерім – Көпесбай мен Рахымжан отыр. Онан кейінгі жолдың екі жағында ауылдан бірге аттанған ардақты туыстарым, ақылгөй серіктерім Мақарбек пен Жұмақан, Əкім мен Мұқаш, Қозыбек пен Аусынақындар жер бауырлап жатыр. Қылышын қымти ұстаған атты бөлімшелер жағалаудағы Сасыр теңізінің тереңіне жасырынған. Минометшілер мен жеңіл зеңбірекшілер Өндірбүйректің аумаған бүйректей-бүйректей, кішкене төбелерінің үстінде тұр. Түн салқын, аспан ашық. Ай төбеден ауып барады... Таң қараңғылығы қоюлана түскен бір сəтте жанымда келе жатқан етікшінің кездігіндей аласа бойлы, шапшаң жігіт Қалмақбай тізгінін іркіп тұра қалып: – Командир, көз салыңызшы. Саргусын жақтан бір жарық көрінеді,– деді сыбырлап. Жалт қарасам, біреу емес, үздік-создық екі жарық жалғасты көрінді. – Сəл сабыр етейік, ертелі еңбекке шыққан егіншілердің оты болып жүрмесін, бағана біз барғанда сол маңайдан сап-сары бидай атызын көрген едік,– деді Жұмақан. Құлағым жауынгердің сөзінде болғанымен, əлгі жарықтардан көз алмай тұрғам. Жұлдыздай жарқыраған төрт сəуле бізге қарай ақырын жылжып төніп келе жатқандай сезілді. – От болса, қызғылтым болар еді. Мынау, сөзсіз мəшиненің, болмаса танкінің жарығы екен. Əрі ақшулан, əрі көлемді көрінеді. Хабаршы, штабқа шап! Саргусыннан төрт мəшине бізге қарай төніп келе жатқанын тез хабарла. Мұны барлаушылар эскадроны өзі-ақ қарсы алады деп мен айтты де,– дедім кесіп-пішіп. Хабаршы штабқа, мен алдыңғы шепке қарай бұрылдым. Ілгерлеп барып, бағана-ақ орналастырып қойған қашқан жауды қайыра соғатын қырық қыраныма: – Келе жатқан мəшинелерді оқ шығармай орта тұсқа өткізіп жіберіңдер. Олардың қайтар жолын қатты бөгеңдер!– деп тағы да ескерттім де, тізгін ұшымен эскадронның орта бөлігіне оралдым. Көп кешікпей штабқа кеткен хабаршым да құйындатып жетті. Штаб менің орналастыруыма бүкілдей қосылыпты. Өздері де осы жаққа көз салып отыр екен. Таңғы қараңғылық сейіле бере үстіне самаладай ғып шерік басқан мəшинелер да алдымызға аңыратып жетіп келді. Алдыңғы үшеуі қоршауға кіріп, төртіншісі жете бере, – Ат! – деп бұйрық бердім. Сол-ақ екен, жер-дүние зіл-зала болды да кетті. Мəшинелер күлталқан болып, гранат пен мылтық үні тоғыса жаңғырығып жатыр. Қылышымды қынабынан суырып, атыма қарғып міне беріп едім, жанымда жатқан Мақарбек: – Тоқта жігітім, ақсақтың аялына бақ. Соншалықты желігетін қан түртіп тұр ма сені!– деп аттан қайта жұлып алды. Жолдың шет жағасында, қалың қурай арасында жау əскерлері жанталаса атысып жатыр. Ең соңғы мəшинеде бізге жете бере үстіндегі əскерлерін төге салып, қайта зыта бергенде мен: – Атқан оқ ажалыма кез келсе өлермін!– деп Мақарбекке естірте айттым да, орнымнан тұра ұмтылдым. Жүгіріп бара жатып, автоматпен жаудың бір ауыр пулеметін сүйретіп, еңбектеп бара жатқан төрт шерігін жер жастандырдым да, Жұмақанның взводындағы Алдабергенге жау пулеметін алып келуді тапсырып, ары қарай жүгіре жөнелдім. Жаңағы соңғы мəшинеден түскен жау əскерлері сасырдың ішінде жанталасып жүр екен. Автоматпен жайпай бердім. Сонан жолдан зорға бұрылып, сырғи бастаған жау мəшинесіне жанасалай бере жалғыз отырған жүргізушіні наганмен басып қалдым. Сол кезде мені əрең қуып жеткен қорғаушым қолымнан ұстай алып, атымды көлденең тартты, қарғып міндім «алғалап». Жерге жарық əбден түсіп, айнала түгел көрінді. Қашқан жауды жауынгерлерім қоянша қуып, жасырынғанын жабыла қадап атып жатыр. Анау бір шеттегі қурай ішінде салдырлата қашқан он шақты жауға автоматтан оқ боратып, атыма қамшы бастым. Сұмпайылар лезде түгел сұлап қалды. Енді алдыңғы тосқауылдарыма бұрылып жүре бергенімде, сол жақ қаңсарымнан сарт етіп тиген оқ жақ бетімнен шығып кетті. Ат жалыны ауып барып, қайта түзеліп, қарауытып кеткен көзімді ашсам, екі жағымнан бірдей атқалақтап тұрған қып-қызыл қанның қақ ортасынан қашып бара жатқан біреуді көзім шалып, атпен бастырта барып, қылышпен шауып тастадым. – Жолдас командир, жараланып қалдыңыз, жүріңіз дəрігерге!– деді жолдасым Құмаш. Сонда мен: – Жоқ, жоқ. «Абыройлы жігітке ажалды аң кезігеді» деген осы.

Келген жауды тып-типыл етпей майданнан қайтпаймын!– десем керек оған. – Жолдас командир! Келген жау түгелдей жойылды. Екі мəшине өртеніп, екі мəшине, көптеген қару-жарақ олжаланды. Алпыстан астам жау əскері қолға түсті,– деп ол атымды жетелей жөнелді. Алдымыздан ұшыртып шыққан медбике Зура, мені аттан түсіріп: – Апырай, қансырап кетіпсіз-ау, жарақаттың аузын мынандай иен далада наркозсыз енді қайтіп тіктік?!– деді сасқалақтап. Мен екі ұртымнан шүмектеп тұрған қып-қызыл қанды қаперіме де алмай: – Шежінбекті шақырыңдар, ол «Барақтың күйін» шертіп, сен инемен тіге бер, Зураш!– деп езу тартпақшы болған едім, көз алдым қараңғылана берді... ...Қан кешкен қатты соғыстардың бірінде қазақтың атақты Барақ батыры қарасаннан жараланып, оқ оның қалың етінің тереңінде тұрып қалыпты-мыс. Ол кісінің шошынған төрт-бес сарбазы батырды төрт жаққа кере ұстап, біреуі ұстарамен оқты ойып алуға ұмтылғанда, салалы мұртын саусағымен қайыра сипаған батыр: «Мені баспай-ақ қойыңдар, шырақтарым. Əкел домбырамды, мен күй шертіп отыра берейін. Ал мынау ұстарамен оғын ойып ала берсін!» – деп езу тартып отырғандай. ...Мен батырға үңіле қарап жақындай бердім. Ұстара қалың етті қанын сорғалата тіліп барады. Барақ батыр домбырасымен «ойбай жаным, қайран жаным, шықты-ау жаным, кетті-ау жаным!» деп баяу зар қақтырып, оқ алынып болғанша жаңа бір күйін күңіренте бергендей... Есімді жинап, көзімді ашсам, аспа уколмен барлауымнан қан құйып жатыр екен. Екі көзім мен аузым ғана ашық. Басымды ақ марлымен орап таңып тастапты. – Қозғалма, қозғалма, шырағым. Есіңді жиғаның жақсы болды, батыреке. Алғашында қансырап кетіпсің. Тиірменнен келгеніңе міне бес күн болды. Содан бері жаныңда кезек-кезек отырған жауынгер серіктерің мен Лескин полковник өзіңді маған мың қайтара тапсырып, кеше ғана олар майданға аттанып кетті. Мен осы емханадағы Ахат деген бас дəрігер боламын. Сен қазір Шəуешек қалалық емханада жатырсың. Е, қарағым, Гоминдаңнан Шəуешек те азат болуға айналды!– деп Ахат дəрігер салдыр-гүлдір көп істерді көсілтіп түгел баяндай берді. Мен дəрігерге сөйлейін деп оқталып едім, тілім орамға келмеді. Екі ұртыма дəрілі мақта тығып, тілімді бастыра миоттап тастапты. – Болды, болды. Түсіндім. Сенің маған не айтарыңды біліп тұрмын. Жарақатың тез жазылып кетеді. «Өзгенің сөзіне сенгенше, өзіңнің көзіңе сен» деп қазақ атам бекер айтпаған екен. О, құдірет! Оқтың шеберлігін осы жолы көрдім. Сен де, қолға түсіп осы емханаға келген Гоминдаңның тағы бір жаралы əскері де жақтарыңды жамсатып, тістеріңді төгіп, бет-ауыздарыңды ойрандап оқ өтсе де, қарабастарың сау, тілдерің аман қалыпты. Бұдан артық қуаныш бар ма, енді қиялданбай-ақ қой. Ұйықтап ал. Неше күннен бері есің кіресілі-шығасылы болып, өлі мен тірінің ортасында қиналып жаттың,– деп жалбарақтаған Ахат дəрігер қаны сарқылған инені білегімнен суырып алып, көрпемді қымтап, алдыартына қарамай шыға жөнелді. Ұйықтап кеткен екем, ояна келсем, арғы төсектегі шал дəңгірлеп сөйлеп жатыр екен. – Ой көгенкөздер-ай, біз не көрмедік дейсің. Ер жігіт екі аяқтан айырылғанымен, еркіндіктен айырылмаса, бəрінен сол абзал. Мен өзім 1933 жылы жендет Шың Шысайдың бақталасы Иаң Зың Шыңды аударып, əскери-əкімшілік жақтан дувандық таққа шыққанында көргем. Оның алдында, 1931 жылы жапон басқыншыларының Ляуның өлкесін басып алғанын да еміс-еміс естігенбіз. 1944 жылы Гитлер Советтер одағына тұтқиыл шабуыл жасағанда «Сүбіханалла!»– деп жағамызды ұстағанбыз. Енді əнеукүні сол «Гитлер Берлиннен айырылып, өзін-өзі өлтірді» дегенде құп болыпты, өлсе өме қапсын! Е, кезекті дүние деген осы екен ғой деп шынайы күрес жөнінде танымымыз тағы тереңдеген болатын. Жаңағы Чың Дубан тұсында зұлымдықтың біз көрмеген несі қалды?! «Жұт жеті ағайынды» дегендей, оған ашаршылық, апат, ауру, алман-салық қосылып Шынжаңдағы əр ұлт халқын тұқыр жылатып-ақ жіберді ғой. Қой, шырақтарым, қанішер Шың Шысай кетті. У Жұң Шын келді деп оған алданбай-ақ қойыңдар. Бұл да ат ауыстырып, шарқы шаруаны жүргізе беру ғана. Ей, жарандар мынаны естідіңдер ме? Кеше менің көңілімді сұрап келген біздің Дөрбілжін атты əскерлер 4-полкінің бір офицері мынадай бір жаңа хабарды да маған жеткізіп кетті. Содан бері қуанғанымнан көзімді де іле алмай, он бес күннің алдында туған мекенім – Дөрбілжінді азат ету жолында екі аяғымды бірдей құрбандыққа бергенімді де ұмытып, шалқып жатырмын. – Ол нендей қуаныш? – деп жуан дауысты біреу гүр ете түсті. – Үрімшідегі У Жың Шын мен Жу Чау Лян Жяң Кай Шиге жеделхат жолдап, көмек сұрапты.

– Не деп? – Не болушы еді, олар Жяң Кай Шиге шұғыл жеделхат жолдап, «Дөрбілжіннің қолдан кетуі тұтас солтүстік Шынжаңның жағдайына ықпал жасап отыр. Біз де енді төтеп берерлік амал қалмады. Шынжаңды басқаруға тезірек армия мен үкіметтің үлкен мансаптыларын жіберсеңіз!»– деп өксік атып, зар еңірепті. – Сауап болған екен иттің балаларына! – деді екінші төсектегі біреу. Мен де ішімнен «бəрекелді!» деп əңгімешіл шалға аса ризалығымды білдіргендей, оң қолымның бармағын шошайта жоғары көтердім. Сонан екі күн өткеннен кейін, есіктен еппен кірген Ахат дəрігер жанындағы медбикелерге үйдің тазалығы жөнінде ананы-мынаны тапсырып жатып, бізге: – Түстен кейін сіздерден хал сұрап генералдар келеді екен, – деді күлімсіреп. Оның айтқанындай-ақ түстен кейін біз жатқан жерге арт-артынан тізіліп алты адам кірді. Ақ қалпақты біреуінен басқасы түгел əскери формамен сіресіп тұр. Бастап жүрген баяғы Ахат дəрігер. – Қалдарыңыз қалай, жарақаттарыңыз жазылып қалды ма? – деді еңгезердей, елуді қусырып қалған біреуі маңғаздана. – Жақсы, жақсы!– деп жарыса тіл қатып жатыр менен басқа үшеуі. Мен Лескинге тесіле қарадым. Лескин де маған қадала қарап тұр екен. Көзін менен тез тайдырып əкетті де: – Жаралы жауынгерлерден хал сұрап келген, мына кісі қолбасшы Палинов, – деді жаңағы сөйлеген кісіні көрсетіп. – Мына кісі Тарбағатай аймағының жаңадан сайланған əкімі Басбай Шолақұлы Бафин,– деді қалпақты сақалды адамды нұсқап. – Ал, мына кісілер,– деді өзімізбен қатар тұрғандарды бірден-бірден нұсқап,– полковник Доскенов, полковник Қайса Дүйсенбеков, подполковник Нұрсапа Сейітжанов. Басы қылтанақсыз тап-тақыр, қалың қасты, шот маңдай Қайса полковник беліндегі қысқа семсерін қымти ұстап жалаңбас тұр. Кеше ғана басына ақ шыт тартып, үстіне түйе жүн шекпен жамылып, Бəйгебұлақтың басында кездескен Нұрсапа да шыт жаңа əскери киім киіп шірене қарайды жан-жағына. Лескин енді Доскеновке сөз берді. Доскенов менің төсегіме таянқырап келіп: – Батыр партизандар, жауынгер-офицерлер, «ақиқат жолында азап шеккен де абырой» дегендейін, сіздер өздеріңізге кəміл сеніп, жауды жеңе білдіңіздер. Біз осы бірнеше күннің ішінде Ұтыдағы, Тартастағы, Тиірмендегі, Қарапұшықтағы, Дөрбілжіндегі сұрапыл соғыстарды жеңіспен тəмамдап, Шəуешекті бейбіт жолмен азат еттік. Осы шайқастарда Гоминдаңның жарым мыңдай адамын жойып, қыруар қару-жарақ, 67 автомобиль, тағы басқа заттарын олжаладық. Мыңға таяу əскерін тірідей қолға түсіріп, сондықтан кеше солтүстік бағыттағы ұлттық армияның штабы ұлттық армияның бас қолбасшысы Иван Григоревич Палиновтың бекітімімен Нұрсапа Сейітжанұлына Азаттық алтын ордені мен Батырлық медалін, Қайса Жұмекенұлы мен Қали Хизамеденұлына жəне орталарыңыздағы мынау Болатқа Батыр атағын беріп, Батырлық медалін ұсынуды белгіледі. Қазір Палинов қолбасшы Болатқа орден ұсынады,– деді. Мен екі қолыммен төсектің қырына таянып кеудемді көтере беріп едім, аңқылдаған Баспай əкім: – Болды, балам, тұрмай-ақ қой орныңнан!– деп иығымнан ұстай алды. Палинов жарқыраған орденді кеудеме тағып, қолымды қатты қысты да кейін шегінді. Мен төсекте отырған бойы құрмет көрсетіп, үнсіз əскери сəлем бердім. Көзімнен жас ыршып кетті. «Əттең, тілімді дəрілі марлы басып, қозғалтпай тұрғаны-ай!» дедім ішімнен қынжыла. Артына жалтақтай қарап бірге келген кісілерімен есіктен шыққан Лескин полковник лезде қайта оралып, менің маңдайымнан иіскеді де, құлағыма аузын төсеп: – Біз қазір бір дербес атты бригада болып құрылдық. Бастығы өзім. Бригаданың құрамында біздің Кеңсай атты əскерлер 3-полкі, жаңадан құрылған Дөрбілжін атты əскерлер 4-полкі, Тарбағатай атты əскерлер 6-полкі, дербес моңғол батальоны бар. Бригада екі-үш күнде Алтайға, ал, 6-полк пен моңғол батальоны Шепейзі, Шиқуға шеру тартады. Сен жазыла салып, бізді қуып жет, ұмытпа, Қара тұйғын! – деді де екі иығымды қапсыра бір құшақтап, адымдап үйден шығып кетті... * Тамыз айының соңын ала жарақатым недəуір жазылып қалды. Екі бетімнің сыртқы жағын алақандай-алақандай ақ марлымен жапсырған бойынша, емхананың салқын бақшасында самалдап отырғам. Бір мезетте, екі шықшытын бейне менің бетімше таңып алған тағы біреу мен отырған ұзын орындыққа келіп отыра қалды.

Менімен шамалас уыздай жас жігіт екен. Үстінде емхананың киімі. Оның бетіне қарап мырс етіп күлдім де: – Қалайсың, жігітім?– дедім ойымда ештеңе жоқ. Ол маған күлімсірей бұрылып, қытайша тіл қатты. Сөйтіп біріміздің сөзімізді біріміз ұға алмай, ежіктеп отырғанда: – Ау, Болат, бармысың, жарақатыңнан ада-күде жазылдың ба, жарқыным? – деп жатақ жақтан жарқылдап Қайса Жұмекенұлы шыға келгені. Жалт қарап, туған ағамды көргендей тұра жүгірдім. Ол да ұшып келіп, мені құшақтай алды. Сəлден соң оның құшағынан босап: – Сəлем, құрметті майор! – дедім оң қолымды шекеме апарып. Үстіне сап-сары ала майор шенді əскери киім киген Қайса ішек-сілесі қата күліп, мені қолтықтаған бойы жаңағы көлеңкедегі орындыққа келіп отыра кетті. Бағанағы жағын таңған жаралы жігіт бізге аңқиып қараған беті əлі отыр. – Жə, Хаке, қайдан келдіңіз? – Шиқудағы Тарбағатай атты əскерлер 6-полкінен. – Алдыңғы шептегі жағдайларыңыз қалай? – Біз қазір Шиқуға бардық, алғашқы Шепейзі соғысында бізден шығын өте көп болды... – Ол не дегеніңіз, əуелі полковник Қайса Дүйсенбеков «қайран қазағымның көгенкөздері-ай!» деп еңірепті дейді ғой, рас па? – Рас, тек Шепейзі соғысының өзінде тарбағатайлық қазақ жігіттерден 133 адам қаза болды. Олар бұрын Шепейзідегі сияқты сыртын орлап, сумен толтырып, тоқпен қоршаған жан-жағын миналап, күшті қарулармен қорғанып отырған қала соғысы тұрмақ, кейбір даладағы мылтық дауысын да естімеген ылғи ірімшіктей боздақтар болатын. Қайса полковниктің соған қабырғасы қайысып айтқаны ғой... – Алтайға аттанған бригададан хабар бар ма? – Бар. Доскенов пен Лескин бригадасы жақында Қобықсауырдағы Гоминдаңның атты əскерлер 11-дивизиясының 31-полкі мен өзін қорғау отрядының қатты қарсылығын үш күнде түбегейлі тойтарып, Қобық ауданын жаудан азат етіпті. Олар осы күнде Алтайды азат ету шайқасында. – Қашан қайтасыз? – Ертең. – Неге келіп едіңіз? – Жаңадан əскер алып, өзіңді де ертең бірге алып кетейін деп отырмын əуелі. – Алсаңыз барамын, жарақатым жазылды,– деп Қайсаға қайтадан бір өтінішті сұрау тастадым. – Ал, Хаке, өткенде мен жараландым да, кейін қансырап жатып қалдым. Көп істерден хабарсыз қалдым. Осы Толы мен Шəуешек ортасындағы шайқастарда біздің серіктерімізден шейіт болғаны ма? – Кеңсай атты əскерлер 3-полкі мен біздің партизандардан 80дей адам жараланып, 4 адам шейіт болды. Оның ішінде сен танитын ілелік Оспанғазы деген жігіт пен Зура деген медбикеңіз бар. Көз алдыма өзіммен бірге «аттандап!» алғаш атқа мінген ауылдасым Оспанғазының ақжарқын дидары мен сонау күні қансырап бара жатқанымда қарсы алдымнан жүгіріп шығып құтқаруға кіріскен Зура бойжеткеннің толықсыған тұрқы келді... – Иə, айтпақшы, Хаке, мынау жаралы жігіт қытай ма, дұнған ба? Білмей отырмын. Бағанадан тілдесе алмай қор болдық. Сөйлесіңізші, қытайша білетіндігіңізді сонау күні Тартасқа елшілікке барғаныңызда-ақ білгенмін. Қайса жаралымен бірден жауаптасып, ақтарыла əңгімелесе жөнелді. Кейде екеуі маған кезек-кезек қарап қойып, сөздерін үзбей талайға дейін жалғастырды. Сонан кейін қарқылдай күлген Қайса майор əлгі жаралыны маған таныстырды. – Ей, батыреке, сен кіммен сөйлесіп отырғаныңды шынында да білмей отырмысың? – Жоқ. – Онда «даналықтың бір ұшы балалықпен сабақтас, жүрегі түкті найзалы ер дұшпанымен табақтас» деген аталы сөзді естіп пе едің? – Бұл қалай болғаны? – Ей, Болат, мынау Өндірбүйректе өзің атқан əлгі Гоминдаңның əскери жүргізушісі екен. Ол «Сол соғыста қолға түсіп осы жерде емделіп жатырмын» дейді. Тіпті сені шырамытып та отырған сияқты. – Онда, бұл Өндірбүйректегі төртінші мəшиненің жүргізушісі болды ғой, ол қайырылып қаша бергенінде, жанасалай жүгіріп бара жатып, басынан атып қалғанмын... – Дəл өзі. Мен адам өмірінің алуан-алуан сырына, тағдырдың таңтамашалығына қайран қалып, жаралыға қадала қарадым. Ол орнынан ұшып тұрып, тізерлеп отыра қалды да, түсініксіз бірдеңелерді айтып, менің аяғыма тоңқалаңдап бас ұра бастады. – Мынау саған «Мені ажалдан арашалап атқаныңызға рахмет» деп жатыр,– деді Қайса майор осы жолы күлудің орнына ойлана.

Мен қайтерімді білмей, сасқанымнан тізерлеп отырған жаралы жауымның қолтығынан демей бердім. Шиқу – Манас шебінде Қыркүйек айының басы. Шəуешек қаласынан таңсəріде жиырма мəшинемен шыққан əскери керуен түс қия Шепейзі бекетіне келіп жетті. Жоңғар ойпатының батысындағы əйгілі Қобының құмы осы Шепейзіден басталады. Ол Шиқу қалашығының батыс терістігінен 50 шақырым жерден өтетін Шəуешек-Шиқу тас жолының бойына орналасқан Қордалы Қоржа. Бұл маңай көрер көзге бүгін тым үрейлі көрінді. Қоржаның астан-кестені шыққан. Күн күйіп тұр, ауа күлімсі. Өртенген үйлер мен ойылған жолдар, жол шетіндегі теңкиіп-теңкиіп, ісіп-кеуіп жатқан жылқы-сиырдың, есек-иттердің жемтіктері осында кеше ғана бір сойқанның болғанын аңғартады... Біз бекеттегі əскери казарманың шағын асханасынан тамақтандық. Ас үстінде алдыңғы шепке жаңа əскер, азық-түлік, қару-жарақ алып келе жатқан полковник Шыбылов пен Қайса майордың əңгімесінен осы өңірде өткен аптаның соңында сұрапыл соғыс болып өткенін, оған алғашында Тарбағатай атты əскерлер 6-полкі мен моңғол дербес батальонының мыңнан астам адамы қоршап шабуыл жасап, дегендей күші жетпеген соң Орта линияның бас қолбасшысы Палинов бұл майданға Сүйдін жаяу əскерлер 1-полкі мен көптеген зеңбірек, минамет жөткегенін, оған екі соғыс аэропланының сəйкесуінде ғана Гоминдаңның күшті қосыны орналастырылған осы бекінісі зорға талқандалып, қалдық жау қанын сорғалатқан бойы Шиқуға шегінгендігін естіп отырған мен, – құрметті полковник, сонда біз бүгін Шиқуға барамыз ба?– дедім өткендегі Қайса майордың «Шепейзі шығыны» жөніндегі айтқандары ойыма оралып. – Солай, ол жерде қазір текетірес ұрыс болып жатыр!– деді Шыбылов полковник біздің бойымызды осы бастан соғысқа үйрете берейін деген кісіше. – Жаңа əскерлер бір-біріне жалт-жұлт қарасып, үдірейеүдірейе қарасты. Емханадан келе жатқан Қозыбек, Нұрқанат, Рахымжан, Тоқсынбай – бесеуміз қайыс белбеуімізді қаттырақ буынып, қарғып-қарғып мəшинеге шықтық. Колонна ел орынға отырарда Шиқудың батыс солтүстік майданындағы Тарбағатай атты əскерлер 6-полкінің штабының таяу бір жеріне жетті. Шыбылов қару-жарақ, азық-түлік пен жаңа əскерлерін əлдеқайда бөліп алып кетті. Қалған бесеуміз Қайса майордың жол бастауында штабқа бардық. Соғыс майданындағы жасырын шатырдан шығып келе жатқан орта бойлы бір адам Қайсамен кездесе қалып, бəрімізді бастап шатырға қайта кірді. – Сəлем, құрметті полковник!– деді Қайса Жұмекенұлы басы жалтырап төрде отырған Қайса Дүйсенбековке. – Отырыңыз, майор, аман-есен келдіңіз бе?– деп ол да орнынан тұрып қол алысқаннан кейін, жаңағы бізді бастап кірген дембелші адамға қарады да, – Құрметті комиссар Өркенов, міне полктің орынбасар командирі Қайса жолдас та үлгіріп келіп қалды. Жаңағы ісімізді енді қайта ойлассақ болар, алдымен қонақтарды тамақтандырып алған тəуір ғой деймін, ə?– деді өзі де алдындағы қарындаш-картасын жинастырып жатып. Далада айқыш-ұйқыш от құйрықты оттар ұшып, зеңбіректер гүрсілдеп жатыр. Ауадағы ащы дəрі иісі жүректі лоқсытарлықтай болып мүңкіп тұр. – Сіз өткенде Шəуешек емханасында жатып, Батырлық медалін алған Болат емессіз бе?– деді Қайса Дүйсенбеков аса қағылездікпен шатырдан шыға бере. – Дəл айттыңыз, құрметті полковник! – Ал онда мына қасыңдағы төрт жауынгер ше? – Бұлар да біздің Кеңсай атты əскерлер 3-ші полк пен сіздің Тарбағатай атты əскерлер 6-шы полкіңіздің жаралы жігіттері. Қазір жарақаттары құлан-таза жазылып, өзіңіздің алдыңызға келіп тұрмыз, құрметті полковник. – Жарайды, жақсы! Біз өздерің сияқты ысылған бір топ офицерлер мен жауынгерлерге аса зəру болып тұр едік,– деді полковник шығыс жақтағы еміс-еміс естілген мылтық дауысына құлақ түріп. Таңертеңгі шəйден кейін жан-жақтан бес жауынгер бас қостық. Ортамызда Өркенов Əбдірахман комиссар отыр. Сыртымызда алыстау-алыстау үш қарулы қарауыл тұр... – Жауынгерлер!– деді комиссар бəсең дауыспен. – Біз бүгін таңға жақын төрт күннен бергі сұрапыл шайқастың нəтижесі ретінде Шиқудағы Гоминдаң армиясының 1-қорғаныс шебін талқандап тастадық. Ал енді, біздің полк пен Сүйдін жаяу əскерлер 1-полкі, моңғол дербес атты əскерлер батальоны мен қорғаушылар батальоны бірлесіп, жаудың 2-қорғаныс шебіне шабуылға өтеді. Оған Совет Одағының 3-соғыс аэропланы мен броневиктері,

зеңбірекші əскерилері көмектеседі, оған Палинов қолбасшы біртұтас басшылық етеді. Қазір бүкіл Шиқу соғыс майданына ертең сəскеден қалдырмай жаудың 2-қорғаныс шебін талқандау бұйрығы түсіп отыр. Бас штаб сіздерді ерекше бір қимыл үшін іріктеп алып, осы жерге шақырған еді. Бұл қимыл «жойқын жолбарыс!» деп аталады. Осы отырған бес адамдық екпінділер отряды кеште жаудың 2-қорғаныс шебінің дəл жүрегіне үңгіп кіресіздер. Отряд бастығы ұлттық армия батыры, парасатты барлаушы Болат жолдас. «Жойқын жолбарыстың» міндеті – жау шебіне кіріп, олардың жасырын күштерін, берік бекіністерін, от күші шоғырлы орналастырылған жерлерін шабуылшы қосынымызға жасырын мəлімдеп, меңзеп беру. Сондай-ақ жаудың хабарласу жолдарын үзіп ешқандай ағатсыз, нажағайдай тез қимыл жасау... Бесеуміз күні бойы қарбалас дайындық істедік. Көз байлана иен көктеуліктегі қой қораның ішінде буынып-түйініп жатыр едік, Қайса полковник қасындағы қорғаушыларымен бірге атпен ағызып жетіп келді. Апыр-топыр қатарға тұра қалып сəлем бердік. Сонан соң, мен командирлік борышыммен өзіммен құлдилата төрт жауынгерімді түгел таныстырдым. – «Жойқын жолбарыс» қимыл екпінділер отрядының командирі Болат, қанжаршы – Қармыш, мина маманы – Сергей, көзге атар снайпер, аудармашы – Əйбу, медбике, радист – Раушан, кедергіден өтудің кереметі пулеметші – Мамыт. Аты аталған жауынгерлерім сарт-сұрт бір адымнан алдыға аттап, сіресіп-сіресіп тұра қалды. Олардың басындағы болат каскалары, айқыш-ұйқыш асынған бес қаруына құп жарасып тұр. – Толық қаруланып болдыңыздар ма? – Болдық, полковник!– дедім де, – пулемет, автомат, қол бомбы, қанжар, радио аппарат, жетерлік оқ, бір торсықтан су, екі арқан деп шұбыртып барып тоқтадым. – Түнде жарық шығарып, белгі беруге толық жетерлік ракета алдыңдар ма? Ертең таңертеңгі сұрапыл шабуылда өздерің тұрған орынды көрсететін қызыл жалау ше?– деді Қайса Дүйсенбеков беліміздегі оқ қапшықтарды бірден-бірден сілке тартып, сынап көріп жатып. – Алдық. Алаңсыз болыңыз полковник, дəрі-дəрмегіміз де бар. – Жарайды онда. Сіздер қыл көпірден өтіп, тозақ отын өшіруге кетіп бара жатырсыздар. Кім-кімде жауды жеңу сенімі болады екен, машақатты міндеттің арты рахатқа айналары хақ. Ал жолдарың болсын, жеңіс туы алдында кезігейік, бүкіл полк сіздерге сеніп отыр!– деді полк командирі бір шеттен қол алысып тұрып. Біз: – Берілген міндетті жеңіспен орындаймыз! Азаттық үшін тұла бойдағы барымызды арнаймыз!– деп тастай қараңғы түнге сүңгідік те кеттік... Кетіп барамыз, кетіп барамыз. Кейде тік, кейде еңкейіп жүгіреміз, кейде жер бауырлап жорғалаймыз. Кейде бірден тізіліп, кей-кейде аралығымызды арқан бойы тастап, қатар-қатар жылжимыз. Үстімізде айқаса ұшқан қызылды-жасылды оқ. Біздің зеңбіректер басымыздан асыра тырнадай тізіп снарядтарын алысқа айдап жатыр. Жау зеңбіректерінің де жауап қайтарудан жағы сенбейді. Бір кезде қалашық шетіндегі бір мазарлы төбеге іліндік. Қатарымда келе жатқан Əйбу бейне майсуырша шəңк-шəңк ете қалды. Алдымыздағы Ойқылға қарасақ, болар-болмас шұбар сəуле ішінде мүйіздері сорайып-сорайып бір қора танкі тəукедей иіріліп тұр екен. Дереу кейін шегініп, қалың бейіттің бір шетіне бардық та, танкілер тұрған шұңқырдың межесін Раушан штабқа хабарлап, біз ракетамен меңзей салып, басқа бағытпен ішкерлей еніп кеттік. Па, шіркін-ай! Сəлден кейін артымызға қайырылсақ, əлгі танкілерді біздің зеңбіректер залпымен соғып жатыр екен солқылдатып. Қалың алаботаның ішімен шағын қыстаққа кірдік. Қыстақтың көшесымақ жолдарының шеті бітік өскен қурай екен. Бұл жасырынбақ ойнап жүргендей бірде ашыққа шығып, бірде ғайып болып жортып келе жатқан біз үшін өте ыңғайлы болды. Сондай бір қурайлы көшенің мүйісінен айнала бере сығаласам, бізге қарай жаудың үш шарлаушысы бірінің артынан бірі тізіліп келе жатыр екен. Түтінді аспандағы буалдыр ай сəулесінде олардың сорадайсорадай қара көлеңкелері өздерімен бірге теңселеді. – Екі жаққа бөлініп жата қалыңдар, дымын шығармай қанжармен,– дедім менің иығымды баса үңіліп тұрған серіктеріме. – Алдыңғысын алып қалып, түнгі паролін ұғайық,– деді Сергей. – Болады. Сонда да оның кеңірдегін қысып, аузын жауып тұрып,– деп қурай өскен жырашыққа жата-жата қалдық та, шарлаушылар тұсымыздан өте бергенде, жалғыз-ақ қанжарды қорс-қорс еткізіп қадай қойдық қос өкпелеріне. Əйбудің аман қалған біреуінен асығыс ұғуынша, жаудың бүгінгі паролі «қалқанға жауап жебе» екен. Біз тез қимылдап, олардың сыртқы киімдері мен документтерін алдық та, тағы да тайып тұрдық...

Сонан соң бір мезгіл алдымызға Əйбуді салып, үлкен көшемен хан базарды қақ жарып жүріп отырдық. Дəл сол кезде: – Қалқан? – Жебе! – Жебе? – Қалқан!– деп табанымыз жерге тимей, өкпемізді аузымызға тістеп, жанымызды шүберекке түйіп, қыл көпірден қырып өткенімізді пұшпағымыздан тер сорғалатып, қолымыз автомат пен пулеметтің тамағына қарысып қалғанын айтсайшы! Түн ортасы ауғанша төрт жердегі жаудың от күшін анықтап, өз зеңбіректерімізге қайнатар қазан, қопарыстырар қойма тауып бердік. Сонан биік бір жарлауыттың үстіндегі жартылай құлап қалған үйге жасырынып, жан-жағымызды барласақ, қарауытқан төбешіктің үстінен жаудың бір биік бекінісі байқалды. Оны батысы мен шығысынан жақын барып, егжей-тегжейлі біліп келуге Сергей мен Мамытты жібердім. Ұзақ өткен жоқ, екеуі де аман-есен қайта оралып: – Жолдас командир, екі жақтан да бекініске қарай терең траншеялық жол келді. Қазылған ордың əр жерінде қарауылдар тұр, ары бара алмадық. Сірə, бұл өзі қарауыл мұнарасы ма, жоқ, үсті от күші орналастырылған қорған немесе асты қомақты қол жасырынған жер асты бекінісі ме қалай? Мейлі қайсысы болса да біздің таңғы шабуылымыз үшін залалды!– деді менен бұйрық күткендей. Мен сəл ойланғаннан кейін, оларға мынадай бекім бердім. – Мамыт, сен пулеметіңді алып, алыстан орағыта биік мұнараның артына өт! Ал, Сергей мен Əйбу екі қанаттағы траншеямен жер асты бекінісіне түйлеңдер! Мен сол кездегі ыс-түтектен пайдаланып мұнараның үстіне өрлейін. Раушан, осы жерде отырып штабпен үздіксіз хабарлас, туды маған беріңдер!– дедім сеніммен. Бəрі орналастырғандай болды. Екі жақтан түтіні-түтініне қосылып лақтырылған қол бомбылар, жарылған миналар лезде таң қараңғылығымен араласып, ағып жатқан жұлдыздар мен атылып жатқан оқтарды көрсетпей жіберді. Жүгіріп траншеяға түссем, Сергей сүйретіліп жер асты жолына кіріп бара жатыр екен, қолында бір буда гранат. – Не болды?– дедім оның жон арқасын сипалап. Екі қара санынан төмен қанға шыланып, сүйегі сыртына шығып жатыр. – Минаны басып алдым командир, маған қарамаңыз, тезірек өрге шығыңыз!– деді ол тістеніп. Ішкі баспалдақпен жүгіріп жоғары шықсам, екі тесікте екі пулеметші сақылдатып атып тұр да, төрде отырған төрт офицердің біреуі телефонмен озаңдата сөйлесіп жатыр. Автоматпен ту сыртынан сыпыра бір-ақ тарттым. Сонан тесіктен сыртқа қарасам, алыстан анталап бізге қарай келе жатқан жау көрінді. Танк балық бауырланып сызып келеді. Жалма-жан туды төбеге тігіп, арт жақтағы аласа дауалға сүйеніп тұрған Мамытқа «артыңа бұрыл!» деп айғайладым да, екі жақтан жабылып келе жатқан жаудың жаяу əскерлерін меңзеп, танкі, окоп, зеңбірек топтарын биіктен көрсетіп, үсті-үстіне ракеталарды жарқырата жаудырдым. Сол-ақ екен, біздің артиллерия да гүрсілдетіпкүңірентіп жау төбесіне жасыл түсірді. Жүгіріп жерге түссем, он шақты жаудың өлігінің үстінде өзімнің Сергейім жатыр екен қан-жоса болып. Батыстағы траншеяның үстіне шыға келсем, Əйбуім алдына ұмсынған бойы оққа ұшыпты. Сасқанымнан Раушан жаққа қарасам, ол отырған тозық үйге өңмеңдеген жау таяп қалыпты. Алакеуім жарықта ентіге еңкейіп Раушанға жеттім де, қолынан жетелеген бойынша бекініс мұнарасына қарай қайта ұштым. Дəл осы сəтте, біздің желке тұсымыздан бір қол бомбы гүрс ете түсті. Осы күшті қопарылыстан екеуміз де бақбақтың басындай екі жаққа ұшып кеттік... Басымды қалың топырақтан жұлып алсам, екі білегім, бүкіл қарасаным мен қабырғамның сырты удай ашып, бүйі шаққандай ұйып барады екен. Мамыт біздің соңымыздағы жауды сатырлата атып жатыр. Аяқ-қолымды қозғап көрсем, сау секілді. Раушанға жалт қарасам, анадай жерде бүйірі бүлкілдеп теріс қараған бойы сұлап жатыр. Еңбектеп барып, радция, дəрі сандығымен қоса өзін балаша көтере жөнелдім. Оның айдай аппақ тамағының астындағы бүлкілдеген өндіршегінің үстінен көбіктеніп қан шығып тұр. Қапсыра құшақтаған қабырғасының астындағы алақаным қанға шыланып келеді. Бір кезде: – Командир, мені көтермей-ақ қойыңыз, қош болыңыз! Тез бекініске кіріп кетіңіз!– деп Раушан үзіп-үзіп тіл қатты да талықсып кетті. Оны көтерген бойы мұнараның үстіне алып шығып жатқыздым да, екі пулеметтен кезек-кезек қаптаған жауды жапыра бердім ұрандап. Бір кезде зымырап батыстан шығысқа қарай аэропландар өтті. Уралап біздің атты əскерлер де жетті. Əне, жер-көкті дірілдете, шақыр-шұқыр жортып, бес жұлдызды броновиктер мен танкілер де келеді.

Сонан қуана пулеметші Мамытқа жалт қарасам, ол аласа дауалға асылған бойы, басы салбырап сұлық жатыр екен. «Қайран серіктерім-ай!» деп енді Раушанға бұрылсам, оның өкпесі əлі соғып жатқандай көрінді. Өз денемнен сорғалаған қан етігімнің қонышынан асып еденге тырс-тырс тамып тұр. Жалма-жан Раушанды көтердім де, сыртқа қарай жүгірдім. Айтарға болмаса, көз алдымнан шұбартып, сенделіп келемін. Міне, теңселіп далаға да шықтым. Алыстан құйындатып келген бір топ аттының ең алдындағысы Қайса майор мен Өркенов Əбдірахман комиссар екен. Олар атынан қарғып түсіп, «бармысыңдар, батырларым!» деп Раушан екеумізді бірдей қапсыра құшақтай алды. Мен екі жағымда тілсіз жатқан Сергей мен Əйбуға кезек-кезек қарадым да, иегімді көтеріп, бағанағы дауалды асылып тұрған Мамытты іздедім. Дəл сол сəтте құшағымдағы Раушан қинала көзін ашты. Енді екеуміздің де жанарымыз төбедегі дал-дұлы шықса да, айбындана желбіреп тұрған бес жұлдызды туға түсті. Сонан Раушан сəбише шалықтап, қиыла езу тартты да, кенет денесі бір жиырылып барып, сылқ етіп босап кетті... Шиқудағы жаудың 3-ші қорғаныс шебі таңертеңгі елең-алаңда біржолата талқандалды. Жарты жылдан бері жасақтанып жатқан жау қолбасшысы Шие Ифің қалдық бөлімдерін шұбырта шығысқа қарай қаша жөнелді. Ұлттық армия өзінің негізгі күшін қашқан жауды өкшелей соғуға ұйымдастырып, сөткеге толмайтын сұрапыл соғыста Күйтүнді, Шиқу аэродромын, Майтауды басып алып, ат басын Анзыхайға тіреді. Бір апталық Шиқу шебіндегі кескілескен соғыста Гоминдаңның 900-ден астам адамы оққа ұшып, мыңнан астам адамы мен қыруар қару-жарақ, оқ-дəрісі олжаланды. * Қолбасшылық штабтың бұйрығы бойынша Тарбағатай атты əскерлер 6-шы полкі мен моңғол дербес батальоны Шиқудың бас-аяғындағы 40 шақырым жерде шеп жайып, Жыңнан босып, торғайдай тозып келе жатқан Гоминдаң қосынына тұрымтайдай түйіліп тұрғанбыз. Күніне алуан түрлі жаңа хабар дүп-дүп етіп құлағымызға жетеді... Соның ең сенімдісі «Ұлттық армияның бас штабы Жың алдыңғы шебіне арнайы жіберген қолбасшы Ысқақбек Мононов төрт мың адаммен аз-ақ күнде Иуң Жи Худы таптап өтіп, Гоминдаңның негізгі қосыны қоршап жатқан Бажахуды бас салыпты. Онан кейін Жыңнан ендей өтіп, қарсыласудан қайқая қашқан Гоминдаңның жаңа 45-дивизиясының командирі Го Шиді кірерге тесік таптырмай қоянша қуып келеді екен» дейді... Біз орта соғыс майданының қолбасшысы Палиновтың бұйрығы бойынша алдыңғы үш күнде сұрыпталған барлаушылар отряды Өрекенов комиссардың басшылығында Шиқудың батыс солтүстігіндегі сонау Көкқасқаның құмына дейін шолып қайтқанбыз. Онда бізге еріп жүрген 2 эскадрон атты əскер Көкөлеңнен көп жауды жамсатып, Қаражидеден қалың қашқынды айдап қайтқан болатын. Бұл күні біз Қайса Дүйсенбековтың төтелей басшылығында сол сұрыпталған барлаушылар отряды тағы да Талды өңірін тарақша сүзіп жүргенбіз. Ту далада нулап өскен əрбір сексеуіл, жыңғыл, тораңғының түбін санап, белес-белес белгісіз құм-төбелердің қалта-қалтарысынан қыранша қиялай із шалып келе жатыр едік, кенет Қайса полковник «тоқтаңдар!» деді де, алысқа дүрбі салды. Мен қасымдағы Советтік барлаушыларыммен қатар тұра қалдым. – Қараңдаршы, биік тораңғының үстінде бір адам отыр. Ағаштың түбінде аты байлаулы тұрған сияқты,– деді полковник. Жағалай дүрбі тарттық. Шынында да үстінде желбіреген желбегейі бар біреу ағаш үстінде ары қарап, тазқараша қопақтап отыр. – Ұры-қары болар,– деді Разхан. – Жоқ, жергілікті мал көздеуші ме, əлде жоқ қараушы ма?– деді Солтан мен Смағұл. – Қойыңыздар, не болса да тегін адам емес. Онан да уақытты босқа өткізбейік. Полковник бұйрық берсеңіз, мен-ақ біліп келейін. Егер қарсыласар жау болса, жалғыз оқпен-ақ жайратайын!– дедім мен Қайсаға қарап. – Болады, Болат, сен Тұрабай мен Смағұлды ертіп ал. Ең жақсысы, кім болса да атпай аман алып келіңдер!– деді Қайса полковник қабағын түйіп. Үшеуміз жүріп кеттік. Таяп барып тарғыл-тарғыл құмжалдың тұмсығынан баспалап дүрбі салсақ, байлаулы тұрғаны əскери ертұрманды көк қашар екен. Ағаш үстіндегі адам əлі теріс қараған бойы, бірдеме шұқылап отырғандай... – Мен енді жаяу барамын, сіздер осы тұмсықтан оны қарауылға алып, мылтықтарыңызды оқтап отырыңыздар!– дедім. – Олай болса, мен Болатпен бірге барайын капитан. Сіз баяғы

Мəскеу түбіндегі снайперлік кəсібіңізбен сығалай тұрыңыз,– деді Тұрабай Смағұлға көзін қулана қысып. Тұрабай екеуміз əр түп сарбалақ пен баялышты қалқаланып, аузы арандай шөл кесірткісімен жарыса жорғалап, ағаш басындағы адамға таяй бергенімізде, байлаулы тұрған көк қашар қорс етіп артына шегінді де, сала құлаш қос құлағын алдына едірейте қалды. Ағаш үстіндегі адам да бізге қарай жалт бұрылды. Мен де оған сілеусінше секірдім. Тұрабай да: «Стоит!» деп автоматын кезене орнынан ұшып тұрды. Ағаш басындағы адамның тапаншасымен алақандай хабарласу ақпараты қолынан жерге түсіп кетті. Тұтқынымыз елулер шамасындағы еңкіштеу, қатқан қара адам екен. Ол ағаштан асылып түсіп келе жатып, бізге орысша бірдеме-бірдеме деп қалғандай болды. Екеуміз оның өне бойын түгел тінтіп, екі қолын байлап, көк қашарына мінгізіп, жетектей жөнелген кезімізде ғана Тұрабай маған: – Ей, Болат інішек, мынау кəрің орысшаға ағып тұр ғой өзі, бастығыңа апар мені дейді,– деп қарқ-қарқ күлді. Əдетте қабағы түксиіп, өңі сұрланып қатулы жүретін Қайса полковник алып келген адамымызбен аз сөйлескеннен кейін жайраң қаға бізге қарап, былай демесі бар ма, – Жарайсыңдар батырлар, əскери шендерің бір дəрежеден өсіріліп, бəрің Батырлық орденге ұсынылатын болдыңдар! – Құрметті полковник! Қалайша?– дедім мен оның нені меңзеп тұрғанын толық түсіне алмай. – Е, Қара тұйғын! Рас, сен қазақшадан басқаны білмейді екенсің-ау, мынау өз қолыңмен ұстап алдымызға сүмірейтіп айдап əкелгенің «қауқарсыз текенің қарағайдай мүйізі бар» дегендейін, Гоминдаңның əйгілі генерал полковнигі Го Чи мырза екен. Ол кезінде Мəскеудегі əскери академиядан 8 жыл оқығанмын деп тұр əуелі орысша орағытып... Мен аң-таң бола тақыр жерде талтайып отырған Го Чи генералға қарай бердім мүсіркегендей. Жоқ, жоқ, айбарлана!... * Манас өзенінің ар жағына етек-жеңін жия алмай ентігіп əрең жеткен Шие Ифін, қарсы алдынан қаңсарлата соққан Жу Шау Ляннің төре жұдырығына тап болды. Сонымен ол шоңқиып отыра қалып, Шын Гуң Фуды Манас қалашығының қорғаныс қолбасшылығына тағайындады да, Шұбырынды қосынына Манас өзенінің шығыс жағынан терең окоп қаздырып, берік бекініс жасауға бұйрық түсірді. Екі күннен кейін, түсінен шошынғандай болған Шие Ифін Үрімші қаласынан 150 шақырым шалғайдағы Манас өзенінің үстіндегі өрнекті үлкен əсем көпірді өртеп жіберіп, болашақ тарихқа таңбалы қарабетін төседі... Шие Ифінді қуа соққылай жеткен ұлттық армияның бас штабы Шыхызыға орта линияның қолбасшылық штабын орнатты. Ерентау мен сонау Саурға дейін Жоңғарды кесіп шеп жайды. Манас өзенінің батысын бойлай орналасқан ұлттық армияның 3 бригада, 7 полк, 4 дербес батальонының ерен екпінін естіген Үрімшідегі Жу Шау Ляң 8 сағатта Жан Кай Шиге 3 рет жеделхат жолдап, «қолда жұмсарлық əскер тапшы», сыртқы жақтан келер көмек жоқ. Үрімші Хау басында қалды. Мен ақтық деміме дейін алысып, мемлекет алдындағы борышымды ақтаймын... Сіздің ақылыңыз... ақылыңыз...» — деп безек қақты. Жан Кай Ши көп кешікпей Шынжаңдағы əскери істерге қолбасшылық етуге Го Жи Чяу есімді бір көзсізді жіберді. Ол келе салып, бүкіл Шынжаң тұрмақ, Шыңхайдан тізіп əскер жөткеп, Үрімші қаласы мен Манас бойына жүз мыңға таяу «қуатты» қосынын төгіп тастады. Манас өзенінің екі жағындағы бұл көрініс кезінде ұлттық армия жауынгерлері сүйіп айтатын мынадай шындығы шымырлаған өлеңді еске түсіреді: Керілген адырнасы садақтаймыз, Жауларды бас көтеріп қаратпаймыз. Ортада сырлы көпір өртелсе де, Манастан баса-көктеп ары аттаймыз! Жоңғардың жонында алып қамалдаймыз, Жолында əділдіктің табандаймыз! Жатсақ та мұз төсеніп, қар жастанып, Көктемде көсілетін самалдаймыз! Көрдің бе көрсоқыр жау найзамызды, Бөгерлік от пен суың қайда бізді?! Ертең-ақ азат болып алтын Отан, Таң атар бұлбұл құстар сайрап ізгі! Бұл неткен семсердей сенім, көркем көрініс десеңізші.

  • * Тарбағатай атты əскерлер 6-полкі тағы реттеліп, Шиқудан шығарда мен лейтенанттыққа көтерілдім. Əрі полк штабының комендант (қорғау) взводының командирі болып белгілендім. Сол күні Го Чи генералды ұстағандағы айтқан сөзі есіне түсті білем, Қайса Дүйсенбеков: – Қалай, Қара тұйғын? Орденіңді əлі-ақ аласың, жақсылармен жарысып, ұмтыла еңбек көрсет!– деді маған сенім арта. – Құп, құрметті полковник! – дедім мен сымдай сіресе бойымды түзеп. Осыдан алты күн өткеннен соң, кешкі тамақта отыр едім, бір байланысшы жүгіре жетіп: – Жолдас лейтенант, сізді полк штабы шақырып жатыр, қаружарағымен бір отделение атты жауынгерін ертіп, тез келсін дейді!– деді де асығыс қайтып кетті. Біз жалма-жан Манас өзеніндегі өткел аузына жетсек, екі мəшинемен бірталай адам тұр екен. Олардың көбі орта линия қолбасшылық штабының офицерлері көрінеді. Өзен бойында сəл аялдадық. Қазанның қара қошқыл аспаны күңгірт тартып барады. Тау жақтан баса соғып суық ызғырық тұр. Аттардың құйрық-жалы тегіс бір жағына құлап, зу-зу етеді. Жол шетіндегі қаңбақтар əлдеқайда қаңғып, көшіп барады. Ауа шыңылтыр суық. Жауынгерлерімді аттан түсіріп, қару-жарақтарын тексеріп, қатарға тұрғыздым да, асыға бұйрық күттім. – Болат лейтенант, мынау 16 адамды ар жаққа аман өткізіп, мынау құжатқа бұл кісілерді тосып тұрған жауапты адамның қолын қойдырып əкелесің! — деді қолбасшылық штабтың комиссары Дəуітов. – Құп, құрметті комиссар!– деп əлгі қағазды ерімнің былғары көпшігінің арасына жүгіртіп жібердім. Соның арасынша қолбасшы Ысқақбек бастаған офицерлер қонақтардың қолтығынан көтеріп, бірден-бірден аттандыра бастады. Менің жауынгерлерім де қарғып-қарғып əр қонақтың артына мінгесе кетті. – Дереу аттан түсіңдер!– деп жауынгерлеріме бұйрық бере ақырып қалдым. Олар қарғып-қарғып жерге түсті. Жаныма жетіп келген Дəуітов комиссар: – Не боп қалды, лейтенант?– деді аң-таң болып. – Бұл менің міндетімдегі жұмыс, комиссар, сіздер мұндай істі біз қайта оралғаннан кейін ұғысыңыздар. Ымырт жабылып барады. Тез жүрелік! — дедім де қонақтарды ылғи артымызға мінгестіріп, қаруымызды алдыға серт ұстап, күркіреп жатқан ағынды өзенге қойып кеттік. – Балам, атың кім, қай жердікісің?– деді өзеннен өтіп бара жатқанда артыма мінгескен қырықпа сақалды, орта бойлы, ақсары адам. Мен тез-тез аты-жөнімді, елімді айтып едім, ол кісі: – Рахмет, балам. Біз тұңғыш рет Гоминдаң өкіметімен келіссөзге кетіп бара жатқан Шығыс Түркістан ұлттық өкіметінің уəкілдеріміз. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендейін, сынаптай толқып, сабындай құбылған мынау сұм заманда «саптыаяқтың сабына қарауыл қойғандарың жөн»,– деді даналықпен. Жас жүрегімнің жарлығын дəл түсініп, белімді қымти құшақтап, құлағымның түбінде түшіркене күбірлеп келе жатқан адамның кешегі халық қамқоршысы қайран Əбілқайыр төре екенін қайдан білейін ол кезде мен?! Көп кешікпей бергі жаққа қайта оралдық. Бағанағы адамдар өткел аузында тобын жазбай тұр екен. Жау жақтағы құрулы тұрған пулемет алдында құрысқан біреудің қолы қойылған əлгі қағазды аман-есен əкеліп комиссарға ұсындым. Ол сонда барлығына естірте маған: – Ей, сен жаңа мына қағазды көпшікке неге жасырдың? – деп сұрау тастады. – Құрметті комиссар! Жаңағы міндетіміз су үстінде өтелетін болғандықтан, алда-жалда бір уақиға туыла қалса қасиетті бұл қағаз құрғақ қалсын деп, көпшіліктің арасына жасырғаным сол еді. – Онда құрметті қонақтарды артыңа мінгестіргенің не? – деді ол. – Құрметті комиссар, мен бұл адамдардың өзгесін танымасам да, Ахметжан Қасыми мырзаны (Шығыс Түркістан ұлттық өкіметінің төрағасы) талайдан танимын. Сондықтан ең алғаш ауылдан аттанғандағы «халыққа қалқан, жауға жасын боламын!» деген сертімді орындадым. Қарсымызда көрер көзге құбыжық құйрығын бұлаңдатқанымен, астыртын азу тісін ақситып, айыр тілін жалаңдатып, қу тұмсық қорқау, улы жылан ирелеңдеп жатпай ма?! Мен соны ойладым. Алда-жалда Гоминдаң қарақшылары құрулы тұрған пулемет-зеңбіректерінен оқ жаудырар болса, жауынгерлердің кеудесімен келіссөз өкілдерін қорғауға əзірлік көргенім ғой. Əрине, бұл біздің адал борышымыз,– деп əдейі артымызға мінгестірдік... – Жігіт екенсің! – десті жанымда бағанадан гу-гу етіп тұрғандар бір-біріне сүйсіне қарасып.

Кейін бұл іс, сол тұстағы замандастар ортасында: «Əуелі артына Əбілхайыр төре мен Ахметжан Қасыми төрағаны мінгестірген Егей ерің осы емес пе?» делініп, екінің бірінде əзіл болып жүрді. 1945 жыл. Желтоқсанның соңы. Бұйрық бойынша штабқа жетсем, полк командирі Қайса Дүйсенбеков пен орта соғыс майданының бір үлкен офицері отыр екен. Олар маған салған жерден: – Бүгін жау жаққа барып, бір «тіл» əкелесің. Таңдаған жауынгеріңді алып, тап осы кеште жүріп кет!– деді. – Қанша уақытта?– дедім түрегеліп тұрған бойы. – Қанша тез болса, сонша жақсы. – Болады, асып кетсе екі күнде бұл міндетті жеңіспен орындап қайта ораламын, құрметті полковник!– дедім де штабтан шыға жөнелдім. Біз Манас өзенінің бойындағы өзіміздің 1-полк пен 2-полктің ортасындағы көкжайдақ мұздан өткенімізде түнгі боран қарды долдана үйіріп, бір-бірімізге қарамызды көрсетпей қасқырша ұли бастады... Түн ортасы ауғанда жау бекінісіне таяп барып, ағаш арасына тасаландық. Жел гулеп бет қаратпай тұр. – Бері жақындаңдар, бүгінгі міндетіміз «тіл» ұстау, құпиялыққа ерекше көңіл бөліп, өз орнымызға аман қайталық. Ешқашан да сезімдеріңді міндеттен жоғары қоюшы болмаңдар!– дедім бастарын түйістіріп тұрған тоғыз жауынгерге. Басқа үш жауынгер бір қыраттың астында аттарымызға қарап қалған болатын. – Құрметті командир, онда біз қазір тұтқиыл шабуыл жасаймыз ба?– деді қасымдағы қағылез аудармашым Қабдолла жанғалақтанып. – Жоқ. Осы тұста Го Жи Чаудың Шыңқайдан ат-түйедей қалап алып келген атты əскерлер полкі тұрады. Біз жоғары-төмен жағалап, алдымен солардың суатын табалық. Сонан кейінгісін жағдайға қарай көрерміз. Сауысқаннан сақ болыңдар!– дедім еңкейе орнымнан тұрып. Суатты жоғары-төмен жүгіріп жүріп зорға таптық. Айналасындағы тал-шырғанақты кесіп сиретіп тастапты. Солай болса да, аласа бұта бүргендер мен балапан қамыстар қар жамылып, шилеуіттер үйшік-үйшік болып тұр. – Тезірек жасырыныңдар. Таң сүзіліп келеді. Ат суаратын əскерлер қазір-ақ жетеді мұнда. Бүгінгі қимыл белгіміз мына сіріңке. Мұны мен бірінші рет шаққанда түгел ұмтылуға əзірленіңдер. Екінші рет шаққанымда барыстай бас салыңдар! Онан кейін, егер атысып-шабысуға тура келсе, үшінші рет сіріңке тартамын!– деп бəріне ұғындыра ескерттім. Ақ жамылғылы барлаушыларым қарлы жағада ғайып болды. Қабдолла екеуміз суатқа ұрымтал бір шетке барып, өзгелерге қарамызды əбден көрсеткеннен кейін, үйшіктей қопаға күмп етіп кіріп кеттік. Екінші тауық шақырған мезгілде жау жақтан ат дүбірі, адам дыбысы естілді. Демімізді ішімізге тартып, қаруымызды қатулана кеудемізге баса бердік. Аттар айғыз-айғыз суат жолымен шұбап келеді. Тау желімен қамыс бастары зар-зар қағады. – Жолдас командир, бір взвод командирі бар сияқты іштерінде,– деді Қабдолла келе жатқандардың дəңгірлескен сөзіне құлақ салып. Аттар алдымыздан өтіп болғаннан кейін күзетшілер де көрінді. Ұзын саны 11 адам екен. Түгел тымақтарының құлағын байлап, жағаларын қымтап алыпты. Бəрі ат үстінде ұшатын құстай обаңдап келеді. Олар бір жерге иіріліп тұрып, сөйлесе қалды. Қабдолланың айтуынша, əлгілер астындағы аттарын, басқа барлық аттар су ішіп шыққаннан кейін суарғалы тұр екен. Мен де сіріңкемді қолыма алып, сол мезетті күттім. Жау əскерлерінің қарулары қалай болса солай. Кейбіреуінікі мойнында, кейбіреуінікі тақымында, кейбіреуінікі ерінің қасына іле салған бойы тұр. Бір кезде суаттағы аттар түгел пысқырына осқырынып судан шығып еді, ат үстіндегілер еңкейе ағынға түсті. Мен де едел-жедел бірінші сіріңкеге жалғас екіншісін де тартып жібердім. Жауынгерлерім де жарыса лап қойды. Өзім ең алдымен жетіп, пулемет өңгерген ұзынтұраны құлақ түптен қондыра қойып жібердім. Ол суға жалп етіп ұшып түсті. Оны жалма-жан қанжармен жайратқанымша, қалғандар да теп-тегіс қарусыздандырылып, өз шылбырларымен ат бауырына аяқтары байланып үлгерді. Қалш-қалш еткен олардың артына мінгескен азаматтарым бір қолымен жау əскерлерінің қабырғасына қанжарларын қадап, бір қолымен тізгінді ұстады да, лезде суаттан суырыла жүріп кетті. Сөйтіп, жаудың алқымының астынан аман-есен сытыла шығып, аттарымыздың жанына жеттік. Таң сарғайып жерге жарық түсті. Мен аттардың қасындағы 3 жауынгеріме он тұтқынды байлауымен тапсырып, Құмтөбенің артына аттандырдым. Онан соң 9 барлаушымды бастап, бір күріштіктің карізіне жасырынып жа-

тыр едім, артымыздан аңдағайлап қалың атты шерік шыға келді. Қабдолланы қайқайта қара көрсетуге бір өзекпен жүгіртіп жіберіп, екі жеңіл пулеметті алыс-алыс құра қойдық. Тымағын найзасымен екі-үш рет көтерген Қабдолла жауды жаздырып, жасырына қалды. Сол-ақ екен, жаудың атты əскерлері жапырылып солай шапты. Əй, шіркін-ай десеңші! Олар қарауылға қадалды да қалды. Біз ақшалғыша оларды сыйпадық та бəрін жер қаптырдық... Дəл шекараның түбіндегі қауіпсіз районға келдік. Аттарымызбен тұтқындарға қарап қалған 3 жауынгер сексеуілдің шоғымен құм қыздырып, біздің келуімізді күтіп отыр екен. Алтындай сусыған тап-таза, ып-ыстық құмға қақтап киімімізді кептіріп, тамағымызды ысытып жеп, ел орынға отыра штабқа мол олжамен қайта оралдық. – Қанша адам əкелдің? — деп Қайса полковник орнынан ұшып тұрды. – Ұзын саны 10 адам, 11 ат. Бес автомат, бір пулемет, бес жапонка. Осының ішінде бір взвод командирі мен бір бөлімше командирі тағы бар, құрметті полковник! — дедім нақтап-нақтап. Менің мəліметіме бағанадан қоралана құлақ түріп тұрған офицерлер мен жауынгерлер жабыла келіп, мені төбелеріне көтере төрт рет аспанға атып, бауырларына басты. Сол күні ардагер əкеміз Нүсіпқан Көнбаев полковник пен Сауан саңлағы Қазыхан полковникті Қайса батыр дəмге шақырыпты. – Ой, айналайын, ақжолтайым-ай!– деп кешкі ас үстінде Нүсіпқан полковник менің маңдайымнан иіскеп, арқамнан қақты. Ертеңінде орта соғыс майданы бойынша зор жиналыс ашылды. Жиналысты басқарған бас қолбасшы Ысқақбек Мононов кешегі керемет «тіл» үшін Тарбағатай атты əскерлер 6-полкін алтын жазулы тумен сыйлап, маған Батырлық орденін ұсынып, əскери шенімді аға лейтенанттыққа өсірді. Іле-шала мен бұрынғы Тарбағатай атты əскерлер 6-полкі мен Еренқабырға атты əскерлер 7-полкінен ұйымдастырылған қазақ атты əскерлер 4-бригадасының комендант эскадронының командирлігіне, қосымша жаңа əскерлер батальонының бас тəрбиешілігіне тағайындалдым. – Жалғыз осы күнге емес, тіпті арыдан тартып барлық майдангерлер «батырдың жолы барысша» десе, енді біреулер «найзаның орны ұрыста» деп бірін-бірі толықтыра түседі. Менің де қан майданда көргенім, қазір ойласам ұшан-теңіз екен. Оның қадіріне де, қаупіне де адамның көзі бейбіт кезде ғана жететін сияқты,– деді Болат батыр əңгіме үстінде. – Е, есіңізге енді не түсіп отыр, батыреке?– дестік қаумалап. Бөкең құрықтай мойнын соза жан-жағына қарап алып, бір қызық хикаяны сорғалата жөнелді. 1946 жылғы қаңтардың алғашқы күні болатын. Тау-дала ақшаңқан жұмыртқадай. Тфу деген түкірік жерге түспей, ащы аяз шақылдап тұрған. Біз 4-бригада командирі Қайса Дүйсенбековпен бірге оншақты адам Манас бойындағы Тарбағатай атты əскерлер 6-полкіне алдыңғы шепті тексере бардық. Полк командирі Мұрашов жағдайды баяндап отырып, мынадай бір істі бізге күңк ете түсті. – Гоминдаң қосындары біздің жағдайымызды жасырын бақылап отыру үшін, Бесқоржадағы бір биік ағаштың басына құпия қарауыл қойыпты... – Сіздер қалай байқадыңыздар?– деді бригада командирі. – Біз де биік құмтөбенің үстіне жасырын барлаушы қойғанбыз. – Иə, сөзіңізді жалғастыра беріңіз, қарсыдағы жау қазір қандай қимылда болып жатыр? – Олар қашып кеткен елдің қора-қопсысынан астығын тонап, арбалап, мəшинелеп тасып жатыр. Бригада командирі аз ойланып, тақыр басын тамсана сипады да орнынан тұрып, – жүріңіздер, бара көрейік,– деді. Біз биік құмтөбенің астындағы қалың қамысқа аттарымызды байлап, еңбектеп барып, қырдай жал үстінен дүрбі тарттық. – Бар екен, биік бəйтеректің үстінде жалпиып жалғыз адам отыр,– деді Қайса мен Мұрашов қатарласа. Мен де өз дүрбіммен ап-айқын байқап отырғам. – Аға лейтенант, аралығы қанша?– деп бригада командирі мені шынтағымен қағып қалды етпеттеп жатқан бойынша. Қолыма қатарымда жатқан барлаушы əскердің кең қарауын, дүрбілі мылтығын ала салып, сығалаған бойы: – Бір шақырымнан астамдай көрінеді, атайын ба? – деп артыма бұрылдым. – Сенімің бар ма, сездіріп алмайсың ба? – деді бригада командирі. – Мылтығыңның күтімі қандай еді? – дедім мен бригада командирінің сұрағына жауап берудің орнына жанымдағы қарауылшы жауынгерге.

– Іші айнадай таза, қарауылы қадалып тұр, аға лейтенант! – деді ол өз сенімін серкелендіре. – Онда құрметті командир, дүрбілеріңізбен əлгі ағаштың басына қарай қалыңыздар! – дедім де шүріппені басып қалдым. – Тиді, тиді. Бейне қарақұстай қалбайып, бір-ақ жерге түсті,– деді бəрі де балаша мəз болып. Кейін естісек, жаудың емін-еркін қимылы содан кейін пышақпен кескендей шорт тыйылыпты. Бригада менің осы титтей еңбегімді де ескеріп, кезінде омырауыма Мергендік медалін тағып, астыма Аққоян деген тұлпарды сыйға мінгізген еді... КҮМБЕЗГЕ ТҮСКЕН КҮНШУАҚ ШМУЦ

КҮМБЕЗГЕ ТҮСКЕН КҮНШУАҚ – Кішкене кідіре тұрыңызшы!– деді мені аттандыра далаға шыққан «Қ» аудандық арыз-шағым бөлімінің бастығы Абдолла, кілт артына бұрылып. Мен жөн ғана басымды изедім, ол көп кешікпей қайта оралды. Қолындағы шеті қырқылып, маркасы жалбыраған сары конвертті маған көрсетіп тұрып: – Осы хат біздің қолымызға тигелі талай уақыт болды, иесін бұл маңда ешкім танымайды екен. Ел аралап көп адаммен кезігіп жүрсіз ғой, сіз бір көріңізші, əлгінде кеңседе көрсетейін деп отырып, тарс есімнен шығып кетіпті,– деді де қолыма ұстатты. Конвертке бажайлап қарасам, маржандай тізілген жазулары көзіме таныс сияқты көрінді. Хат соңына көз жіберіп едім, əдеттегі таныс адам емес, өзіммен кіндік қаны қайнасқан немере ағайымның аты-жөні мен мұндалап тұр. Тек мұндағы кемшілік «К» ауданын «Қ» ауданы деп адресін жаңылыс жазғандығы ғана. – Рахмет сізге!– дедім Абдоллаға, одан ары ақтарылып бірдеме деуге сабыр тағатым төзбеді. Хатты сөмкеме сүңгіттім... – Бұл кісіні танисыз ба?– деді Абдолла маған жабыса кетіп. – Танығанда қандай, əбден танимын. Алаңсыз болыңыз, қолмақол тапсырам,– деп үзіп-үзіп сөйлеп мəшиненің есігін тез жаптым. Ұзақтан-ұзаққа созылған тау бөктеріндегі тас жолмен шығысты бетке алып зымырап келеміз. Қолымда жаңағы көне конверт. Кездейсоқ кез бола кеткен қуаныштан ба, қорқыныштан ба əйтеуір еріксіз төгілген көз жасымды жүргізуші жігітке көрсетпей, шыпылдаған терге қосып əлсін-əлі сүрте бердім орамалмен. Хатты ашқанша көңілім алабұртып, қиялым қиянға самғады. Қолым дірілдеп хатты ашып оқи бастадым: «Құрметті Тілеуберді мұғалім, партиямыздың өткендегі обалды, нақақ істерді қайтадан адақтау белгілемесіне сай, сіздің «оңшылдыққа бейім» деген жалалы қалпағыңыз алынып тасталды. Осы ұқтыру қолыңызға тиісімен мектебімізге қайтып келіп, өзіңіздің бұрынғы өткен физика мен орыс тілі сабағыңызды жалғасты өтуіңізді ұқтырамыз. Қалған нақтылы істерді мектепке келгеннен кейін түбегейлі шешім етеміз. Бала-шағаңызды паспорт столдағы тізімнен шығарып өзіңізбен бірге ала келіңіз. «Д» аудандық оқу-ағарту мекемесі, 1981 жылы 26 шілде» деп жазылыпты хатта. Баданадай ірі əріпті, қызыл таңбалы қысқа ғана осы хат мені жиырма неше жылдан бергі жігерімді құм қылып, үрейлі құзға итерген итжығыс күйден селт оятты. Содан кейін желді күні ұясынан аударылып, ақжал толқынды айдынға құлаған ақүрпек балапан шырылдағандай күйге түстім. Мəшиненің терезесінен алысқа көз жібердім. Бұйраланып жатқан жолбарыс жонды таулардың бəрінен биіктеп, сəлделі сарабдал əулиедей Қабанбай шоқысы ереуілдеп тұр. Екі жағымда қалып бара жатқан құла даланың бел-белестері түгел таныс. Гүрілі құлақты тұндырып, ақ көбігін буырқана аспанға лақтырған Қас өзені долдана ағып жатыр. «Туған жердің топырағына табаным тимегелі қаншалаған жылдар өтті екен?» деп ойладым іштей. Бармағымды басып санасам он алты жыл заулап өте шығыпты. Алты жылдық аласапыранда туған елден там-тұмдап хат-хабар алып тұрғанымен, он жылдық ойранды тұста «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей күй кешті бұл ел. Сол тұстағы сұрапыл дауылда қаншама бəйтеректер тамырымен құлап, жасыл шыршалар бапсыз өртенді деші?! Сүркейлі сол жылдарда қалам ұстағандар қағылып, еңселілер еңкейіп, қоғамдық байланыс қорқынышқа айналды, біреуден біреу қарадай үркетін өгейшілік орнап қалған. Ал, ауылдан айшылық алыста жүрген маған хат жазуға кімнің дəті барады. «Байтал тұрмақ бас қайғы» дегендей, ол тұста менде де ел-жұртты ойлайтын күй де қалмап еді. Шындықты батыра айтатын халық ақыны Медеубай қарияның: «Он жылдық ойранды мəдениет зор төңкерісінде кімнің сан мүйіз серкесі сау қалды дейсің, қарағым?!» дегені не деген тауып айтылған сөз. Жүйткіп келе жатқан мəшиненің кібіртіктей қалуы ойымды кілт бұзып жіберді. – Ағай, мына аша жолдың қайсысымен жүреміз?– деді жүргізуші жігіт екі бағытқа кеткен айырық жолға кезек-кезек қарап. Сол жақтағы борпылдақ жолда шаңды аспанға көтеріп, қиқалаңдаған трактор кетіп барады. Үстінде өңкей ақ тақиялы адамдар отыр. Бұл өңір бұрынғы Қарадала деп аталатын қалың сасыр мен жабайы апиын биік өсетін елсіз жазық еді. Енді бұған да қаптап жаңа тұрғындар қоныстана бастапты. Кезінде бұл жерде өсетін жабайы апиынды жергілікті адамдар «илан» дейтін. Оның сүтін сауып

жел-құзды емдеуші еді. Өз көзіме өзім сенбедім. Баяғы жайқалған апиын мен сасырдың өзі тұрмақ қурай да көзге шалықпайды. Мен жүргізушіге бұрылып: – Бұрылма, тура жүре бер осы тас жолмен,– дедім қолымды алдыға сермеп. Шалғай жолда тəтті қиял, алаулаған арман елесі адамға жолсерік болатыны бар емес пе. Ойыма Тілеуберді ағайымның, бала кезімізде бəрімізге басқалқа болған Жамал апайымның жарқын бейнесі орала кетті. Тілеуберді ағай ертеде маған жазған бір жолғы хатында ескерткендей, 1950 жылдары Шынжаң институтының физика факультетін тəмамдап, артынан орыс тілі аспирантурасын бітіріп, енді Совет Одағына оқуға аттанғалы тұрғанда екі елдің бір егерінен оқуға бара алмай қалыпты. Одан кейін «Д» ауданына мұғалім болып барып, орта мектепте істеп жүргенде əлдебіреулерге: «əй, осы біздің жер ошақта болат қайнатып, Англияны басып өтіп, бүкіл дүниенің алдына түсеміз деуіміз – баяғы Жолымбет атамның сынған айыл басын майбақырда қорытқанындай, айран мастық іс болар ма екен?!» деген əзіл-шыны аралас жалғыз ауыз сөзімен-ақ зор секіріп ілгерлеуге1 қарсы, оңшыл болып, өзгерту майданына бір-ақ айдалыпты. Екі жылдан кейін бұрынғы мектебіне қайта келіп сынақ ретінде істетіп жатқанда шекарадағы елдің шетке қашу оқиғасы туылып, орта мектеп есігі жабылып қалыпты. Сонымен саяси күрестің салқыны тиген Тілеуберді бастаған бір топ мұғалім тағы да Еміл коммунасына барып, еңбекпен тəрбиеленуге бұйырылыпты. Ашық ойлы, ары таза азамат Тілеуберді мұндай желкелеуге бірден көне қоймапты. Ақыры «у ішсең руыңмен, адассаң атыңа сен» дегендей, қызмет рəсмияттарын ауыстырмай-ақ, жалғыз жапырақ қағазбен туған елім қайдасың деп бір-ақ тартыпты ауылына... Жамал апайым да көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Ол сонау Шың Шысай дəуірінде Совет Одағынан енген мəдениет пен оқу-ағартудың себелеген жауындай болмашы себебімен төртінші кластық мағұлматқа ие білім алыпты. Қашан да адамның жас шағында көрген-білгені беделін жоғалтпай өз бояуын сақтайтыны бар емес пе. Менің жеті-сегіз жастағы ойын бала шағымда Жамал 16-17-дегі толықсыған қыз болатын. Ақша жүзі албырап, тілерсегін соғатын қос бұрымы тал бойына құп жарасушы еді. Мектеп көргендігінен болар, кестемен 1 Зор секіріп ілгерілеу — Қытайда 1958-59 жылдары көзсіздікпен жүргізілген қияли қимыл өрнектен қолы босай қалса, кітаптан бас алмайтын. Естігендері мен оқығандарын тамылжыта əңгімелегенде барлық балалардың аузы аңқайып, сілекейі шұбыратын. Жазды күні басына үкілеген зерлі тақия, үстіне кестеленген қос етекті ақ жібек көйлек, оның сыртынан қынай белін қымтып тұратын қызыл күрең камзол киетін. Омырауындағы күмістеген түймелері мен шашақты шашбауына таққан қозы-қоңыраулары сыңғырлап, қыз салтанатын асырып тұрушы еді. Ал қыс күндері үкілі құндыз бөрік, көк барқытпен тысталған, сыртынан зерлі белбеу таққан түлкі ішік, тік өкшелі жылтыраған құрым етік киетін. Кезінде ел ішінде əділ, адамшылығымен абыройы артқан марқұм атамыздың тұңғыш немере қызы болғандықтан ба, жоқ өзінің аруға біткен нəзік сезім, ибалы мінезінен бе, ол жағы маған белгісіз, əйтеуір Жамал апайыма бүкіл ауылдың үлкен-кішісі жапырыла құрмет, ізет білдіруші еді, балалар жағы ақ тəте десе, үлкендер жағы ЖамашЖамаштап атын ауыздарынан тастамайтын. Қыз деген ауылға қонақ емес пе. Сол ақ тəтеміз бір кезде алыстағы біреуге ұзатылатын болды. Бүкіл ауылдың салауатты қариялары мен əз аналары түгел жиналды. Оларды Жамаштың əкесі «ат берсең ауылыңмен, адам берсең аймағыңмен» дегенді ұстанып, қариялардың батасын аламын деп шақыртқаны белгілі. Ауылдың төрт көзі түгел толықтанғаннан кейін, апасының қырма төсегінде отырған Жамал апай кенеттен жомарт жұртына шағынғандай: – Ардақты аталарым, ғазиз аналарым, айтар өтінішім бар сіздерге: жасымнан ханға балап өсірген қарлығаштарыңыз едім, бүгін мен өз басыма еркіндік тілеймін. Мені қанша зорласаңыздар да өлмей тұрып Обыр байдың жарымес ұлына еріксіз маталғым келмейді. Егер қалың малға қызықсаңыздар, қыз деген атымды өшіріп, өмір бойы өз малдарыңызды бағатын, отпен кіріп, күлмен шығатын қара табан құлдарыңыз болайын. Мені аяңыздар, мынадай зорлықтан, қорлықтан құтылдырғайсыздар,– деп налыпты ботадай боздап. Сонда текті немере қыздарының күйіп-пісіп шағына айтқан тілегіне сай сүйегі сырқыраған ақ жаулықты əз аналар Жамашты құшақтап зар жылапты. Бұл тосын ахуалдан аң-таң күйде қалған ақсақалдар күбір-сыбыр болып жатқанда, Егінбай деген қарт ақын қолына шолақ домбырасын алып, тесіле қарап отырғандарға термелей жөнеліпті: Тəрбиелі бала жасынан, Талаптыға ой табылар...

– дей келіп «Иллаһи əмин» дегенде үйдегі отырған қариялар алақан жайып: – Бердік батамызды, қарағым, бет алдыңнан жарылқасын,– деп бет сипапты. Міне сол Жамаш кейін ел ішіне аңыз əңгіме болып тарап, азаттық арайында дала қыздарына үлгі тағылым болды. Əлен деген жігітпен көңіл қосып отау көтерді. Текті жезде ағамыз Əлен алғашында Шығыс Түркістандағы «үш аймақ төңкерісінің» офицері, кейін аудандық үкіметте көрнекті басшы, мал шаруашылық маманы болған. «Көрмегелі көп жыл болған осындай ғазиз туыстардың ендігі халі нешік? Олар қандай күйде жүр екен?!» деген ойлар мені жол бойы мазасыздандырып келеді... Жусаны сарғайып, жуасы сола бастаған Бестамақ жер аты кезеңіне күн еңкейе іліндік. Оң жағымыздағы Тəңіртау сілеміндегі қалың қарағайдың иегінің астынан аудан орталығының ақ шаңқан үйлері көрінеді. Бүкіл аңғардағы етегін кең жайған құла даланы оюлаған өрнектей көк орман бүркеп тұр. Шығыстан батысқа созылған арналы өзен ширатылған ақ күмістей жалт-жұлт етіп күнге шағылысады. – Ағай, мотордың суы қайнап кетті, суға қалай барамыз?– деді жүргізуші жігіт мəшинені кілт тоқтатып. – Азырақ суытып ал, онан соң алдымыздағы анау қаратұмсықта Жайылма деген өткел бар. Соған бұрыламыз,– дедім алдыңғы жаққа көз жіберіп. Жайылмаға да жеттік. Жайылма баяғыдағыдан мүлде өзгеріп кетіпті. Ондағы тай шаптырым жерге жайылып ағып жататын жылымық өзен қазір ортасын құм-қайран басып, екі жағасында жылауықтай жылтыраған көлшіктер қалыпты. Жағаға келіп тоқтай қалдық. Жадағай батпақты судан бір табын сиыр азанқазан мөңіреп өтіп келеді. Бір топ қара борбай бала жалаңаштанып алып, өткелдің жоғарғы жағында алысып ойнап жүр. Олардың ішінде ересектеу біреуі ешкінің асығындай ілмейген əлжуаз бір баланы көтеріп апарып, судың тереңдеу жеріне сүңгітіп жіберді. Суға тасталған бала сəлден кейін аузы-мұрнынан көбік шашып, шыңғырып шықты. Қалғандары мəз-мəйрам күлісіп жатыр. Оның ішінде айбақ-сайбақ бір бала тебініп тұр: – Өл, өл, жетім шабақ, жетім шабақ!– деп шұрқырап қаша жөнелді. Кейбіреулері қайырылып келіп «жетім шабаққа» жабылды, балшық пен тас жаудырды. Жаным төзбеді. Орнымнан тұрып, бейшара бала үшін арашаға аттай бергенімде топты сиырдың соңынан ерген ұзын мойын, мосқал адам көлденеңдеп келіп, сапылдап сəлемдесе қалды. Астында арық шабдар ат, тақымында солқылдақ сойыл, шолақ қонышты резеңке етігінің тұмсығынан жуан башпайы іннің аузындағы кесірткедей жылтыңдап көрініп тұр. Пысынап терлеген бетін күсті алақанымен сүрте бергендіктен бүкіл бетаузы қожалақтанып кетіпті. Бейнесі адам танығысыз. Тек сарғыш көзі күлімдеп екі саусағын шығарып темекі сұрағандай ишарат жасайды, мен оған темекі бердім. Ол темекіні құшырлана бір-екі сорып алды да, тақымындағы сойылды лақтырып жіберіп, желқомдап ерттеген жауыр шабдардың қабырғасын қайыстыра жерге түсті. Мен əлгі жаққа бұрылдым, екі көзін сығымдап, өксік ата жылаған, дене бітімі құрттамыштай «жетім шабақ» бізге таяп қалыпты. – Ей, бала, бері келе ғой,– дедім жалаңаш балаға жаным ашып. Ол маған үдірейе қарады. Аппақ тісінен басқа бүкіл денесі балшық, бейне тас мүсін тəрізді. Көзі боталап, беті айғыздалып тұр. – Келе ғой, мен ана тентектерді келістіріп, суға салып қазір соғамын,– дедім де жүргізуші жігітке мəшинеден алма алдырдым. Бала тартыншақтай қасыма келді. Келді де мен берген алманы апыл-ғұпыл жей бастады. Мен одан: – Кімнің баласысың, жасың қаншада?– деп сұрадым бетіне бажайлап қарап. Жалаңаш бала маған қарап та қоймады. Қолындағы алманы торғай түткен аш қырғидай тістелеп, айналасына жаутаңдай қарапқарап қояды. Бала жеген алмаға аузының суы құрып, өмешегі үзілердей болған сиыршы сөзге араласты. – Бұл бір панасыз бала. Анау суда жүзіп жүрген сүмелектер мұның киім-кешегін тартып алып, суға ағызып тəлкек қылады. Тіпті олар бұл баланы «жетім шабақ» атандырып жіберді. Шын атын мен де білмеймін. Нағашы атасы осында салданған ауру. Анда-санда сол үйге келіп-кетіп жүреді. Туған шешесі есалаң екен. Ол ар жақтағы апайының қолында тұрады дейді. Елдің айтуынша мұның əкесі «сасық зиялы, екі жүрек, қара жіп» болып күрессын-өзгерту барысында өліпті,– деп баланың жайы мен атышулы «Мəдениет зор төңкерісінің» бірталай қыры мен сырын сыдырта жөнелді сиыршы. Жалаңаш бала сиыршы шалдың сампылдаған сөзіне құлақ асқан жоқ, алманы құныға жеп əлі қалтиып тұр.

– Əй балам, сен сонда кімнің баласысың?– деп мен баланың маңдайынан сипап еркелете тағы да сұрадым. Ол басын көтеріп, менің бетіме тесіле бір қарап алды да: – Ақ тəтемнің,– деді күмілжіп. – Ақ тəтең қайда? – Ауданда. – Ақ тəтеңнің аты кім? – Ақ тəте. – Атаңның атын білесің бе? – Атам өліп қалыпты. Жаңағы сиыршы айтқан деректерден талай жіп ұшын ұстағандай болып едім. Енді біржолата үмітім үзілгендей дал болып, қолымдағы темекімді лақтырып жіберіп, гүрс етіп жерге отыра кеттім. Жерге түсіп бықсып жатқан темекіні қағып алып, бұрқылдата бір сорған сиыршы маған таяп келіп: – Кəдіреке-ау, ашуланбаңыз. Оның əкесі елден естуімше осы жоғарғы жақтағы кім еді, əлгі... əлгі... бұрын Қарасу деген жерден үлкен диірмен, завод салдырған, рау ағаштан бояу жасап, сиыр, жылқы терісінен қызыл-сары көн шығарған, бау-бақша егіп, мектеп, сарай салдырған киелі кісінің немересі дейді,– деп тоқтатты сөзін. – Əкесі қайда екен сонда?– деп мен енді сиыршыдан анықтап сұрадым. – Əкесі «күрес-сын-өзгерту» кезінде өліпті дегенді елден естігенмін,– деді сиыршы сөзін қайта жаңалап. Сиыршының «əкесі өлген» дегенін естіген бала жұлып алғандай: – Жоқ, менің əкем өлген жоқ, Үлкешəйге кеткен! (шағарға) – деп шаңқ ете қалды бажырайып. – Онда əкеңнің аты кім айналайын,– деп тымырсық қараңғыдан үміт ұшқыны жалт еткендей жалаңаш баланы бауырыма тарта бердім мен, ойым əлемжəлем болып. – Əкемнің аты Тілеубейді,– деді ол көзі жасаурап. – О, айналайын құлыным-ай!– деп есім аударылып барып, қайта жиылдым басым шыңылдап. Жүргізушіні жұмсап, үлкен сөмкемді алдырдым да, жортқаныма жетіп, жоғалтқанымды тапқандай жалаңаш баланы суға қарай ала жөнелдім. Өксіп отырып, баланы жуындырып, ауылдағы балаларға арнап алған базарлық киімдеріммен киіндірдім. Сонан соң мəшинеге отырғызып жүріп кеттім. Оның қуанышында шек жоқ. Албыраған сəби жүзі құбылып, екі көзі ойнақшып келеді. Мен оны алдыма аялай отырғызып, мыналарды сұрадым: – Атың кім, əкем? – Атым Нұйжан. – Ақ тəтеңнің үйін білесің бе? – Білем, ауданда. Біз аудан орталығына жете бергенде менің астан-кестен болған қиялыммен қабысқандай алай-дүлей жел тұрды гулеп. Нұржанның жол бастауымен ақ тəтесінің үйіне біз келгенде ымырт үйіріліп қалды. Ала көлеңкеде үш-төрт адам жел жұлмалап ала қашқан бір арба шөпті асығыс-үсігіс қораның төбесіне шығарып жатыр екен. – Анау жиде тұйған, басында ойамайы бай адам менің ақ тəтем, басқалайы балайы, шөп жинап жатқан Жақай деген айбакеш,– деп Нұржан бəр-бəрін де таныстырып үлгерді бізге. Амандасуды кейінге қалдырып, жүргізуші екеуміз екі баланың қолындағы айырды ала салып шөпті түйреп-түйреп лақтырдық төбеге, орамал салған əйел маған көз қиығымен бір қарап: – Ой, тілеуіңді бергірлер, жас келсе іске деген осы ғой, мен тамақ қамына кірісейін,– деп үйге кіріп кетті. Едəуір көтерілген көне маяның үстіне бір арба шөп əп-сəтте төбелене шығып, шошайып орын алды. Төбеге жиылған шөпті дөңбекпен бастырып, арбакешті аттандырғаннан кейін, үсті-басымызды қағып үйге кірдік. Бағанадан бері мəшиненің ішінде ойнап отырған Нұржанды қолынан жетелеп алғанмын. – Амансыз ба, ақ тəте!– деп ұсынған қос қолымды Жамал апайым бірден ала қойған жоқ. Тосырқаған пішін байқатып, буалдыр тартқан күңгірт жанарын алақанның шетімен сүртіп алды да, одан Нұржанға аударды көзін. Онан кейін маған қадала қарап алды да, құшағын жая, зарлап келіп бас салды. Толықсып жатқан тұманды ойдан бірден қотарылып шыққан зарлы əуен, запыранды жылау өне бойымды шымырлатып, ет жүрегімді езіп барады. Ол мойыныма асылып тұрып, талай жылдардан бері ішіне шемендей байланған дертін зарлы жылаумен төгіп жатыр, төгіп жатыр: Мінгендей атым су жорға, Еңсемді алам тік зорға. Топты жас бала қалды ғой, Маңдайдағы қу сорға.

Сағынып бəрін шөлдедім, Шөлдесем де өлмедім. Мен жыламай кім жылар, Топырақ болды көргенім. Бозінгендей боздаған Жамал апайым егіліп жылаған сайын еті қашқан екі иығы бүлкілдеп, құшағымнан төмен сырғи берді. Мен оны жан дəрмен жабыса сүйеп, төр үйдегі жұмсақ орындыққа апарып отырғыздым. Бүлдіршіндей қара домалақ қыз бала жез құманын қолына ала салып, қолымызға су құйды. Жамал апайым додаланған самай шашын түзеп, жұқа ақ жаулығын басына қайтадан түзеп тартты. Жасқа шыланған жанарын бет орамалымен сүрткіштеп, өзін біршама түзеп отырды. Мен де сағыныштың ыстық жасы үйірілген көзімді апайымның ескірген өңіне қадап отырмын. Жамал апайымның ақ құба жүзінің əжімі көбейіп, шашы бурылданып кетіпті. Денесі еңкіш тартып, екі ұрты солғын көрінді көзіме. – Ал, ақ тəте, аман-есен жүрсіз бе?– дедім мен өксік аралас дауысым жарықшақтана. – Е, шырағым, көкем-ай, сұм заманның ыстығына күйіп, суығына тоңдың ғой сен де. Əйтеуір сұрапыл дауылдан сүрінбей өтіп, аман-есен келдің бе қарғам. Жаңа Нұржанымды жетелеп есіктен кіріп келгеніңде жазықсыз жаланың құрбаны болған Тілеубердім қайтып келгендей, есім аударылып барып зорға түзелдім. Келші бері, сағындырған маңдайыңнан иіскейін,– деп ыстық құшағын жайды маған. Мен де апайымның мейірлі құшағына құлай бердім. Біз ортаңғы үйдегі сəкіге шығып жайғасып отырғанда далада қалған жүргізуші жігіт пен балалар да үйге кірді. – Кел, Нұржан, екеуміз алдымен таныстық қой,– деп Нұржанды оң тіземе отырғыздым. Дастарқан жайылып, шəй құйылды. Қаймақты, қызыл күрең шəйді сораптап ұрттай отырып, Жамал апай ұзақ əңгіме сонарына ойысты. – Е-е, қарағым-ай! Қазір «ұры тонар пұлым жоқ, сайтан алар дінім жоқ» дегендей қалт-құлт еткен күйде отырмын міне. Дүниеде адамға ыстық ұясы өртеніп, шаңырағы шағылғаннан қиын қиямет жоқ екен. Мынау қақаған қыста Күлтөбеден жем іздеген торғайдай шұрқырап отырған қалың көгенкөз балалар ошағы шағылып, түндігі жабылған төрт жанұяның үсік шалған өркендері, маған қара тартып жиылған жетімектер. Əлен ағаң «бірге соққы беріп, үшке қарсы тұруда» (кері төңкерісшілерге соққы беру, капитализмге, буржуазияға, сасық зиялыларға қарсы тұру) көп қинау көріп, ақыры ақталғаннан кейін ауырып өлді. Мынау сол жағыңда отырған ұл мен қыз соның екі көзі. Ал анау қара домалақ қыз – сол ағаңның інісінің қызы. Ол інісі – Əлен ағаң жантүршігелік қинау көріп, ел алдында аспаққа асылып тұрғанда арашашы боламын деп қызыл қорғаушылармен айқасып, сол майданда сойылдан мерт болды. Мына отырған ұл бала – өзіңнің апайың – менің өзіме тете сіңілім Айжамалдың жалғызы. Мұның əкесі де аудандық соттың бастығы болып қызмет істеп жүргенде жүгенсіздер жағына бір түнде қолды болып, түрмеде демін үзді. Енді өзіңнің жолдан тауып əкелген Нұржаның мен анау шеттегі шикі өкпе тырнақтай қыз – əкесін бірі екі жаста, бірі іштей жатып жұтқан шұбар жыландар. Олардың шаңырағы шағылып, түтіні өшкеннен кейін бұларға бас қалқа боларлық аналары да үріккен торғайдай тозып кетті. Оһ, дүние-ай! Созақтатып не қылайын, Тілеуберді ағаңның Асыл деген аяулы жары бар еді, қазір есалаңдау болып қалды. Ол жеңгең осы күнде емханада жатыр,– деп бір тоқтатты сөзін Жамал апай. Бұл сəтте ол анау бір қатыгез жылдар сорлатқан жазықсыз жандар тағдырын жүйрік қиялымен бір шолып өткендей болды. Шəй ішіліп, дастарқан жиылғаннан кейін Жамал апай жем шашып асырап отырған «торғайлардың» беттерінен құшырлана сүйіп, арқаларынан аялай қақтым. Көңілі жабырқап, жаны жасып жүрген балалар жүздері жайраңдап, қуанысып қалысты. «Тұлпар дүлділдігімен, адам білгірлігімен» дегендей, ұзақ өмірдің балы мен уын бірге жұтқан сұңғыла Жамал апай сол күні түні бойы кірпік ілмей өткен-кеткенді жырдай қылып маған шағынды-ай келіп. Оның əңгімесінің соңында сүбһан алламды ұшыра айтқан «өлінің өсиеті өзімен бірге кетер» деген бір ауыз тəмсілі мені Тілеуберді жөніндегі жұмбақ сырлардың шытырман жолына жетелей берді. Сорабы ұзақ шаңды жолда ентігіп, салқын Сайрамның жадағай жағасына зорға жеткен жүк мəшине Талқы кезеңнің тағанына тұмсығын тірей тоқтады. Мəшине үстіндегі тозығы жеткен күлгін брезент астынан асыға шыққан айбақ-сайбақ жолаушылар айна көлге қатала қотарыла жүгірді. Көбіксіз көл сынапша сырғып, шымырлап жатыр екен. Елікше секіріп, ернеуге ең алдымен жеткен Тілеуберді басындағы жылтыр күн қағарлы қара шапкасын көк шалғынға лақтырып жіберді, үстіндегі сұр трико-

дан тігілген тік жағалы гимнастеркасын шешті де тұнық толқынға бас қойды. Мөлдіреген айнадай суда өз бейнесі ап-анық дірілдеп тұр, əншейінде жылтырап тұратын қою сарғыш шашы білтеленіп, торсықтай толық ақ сары жүзі айғызданып, құлағының ішіне дейін шаң-тозаң басып кетіпті. Үш күннің алдында жолға шығу əзірлігімен тазалап қырылған сақал-мұрты да көгеріп, баялана қалыпты. Ол кең жағалы, жеңсіз іш көйлегін де сыпырып тастап, белуарынан жоғары əбден жуынды. Онан соң шапкасы мен гимнастеркасын қағып-сілкіп, аяғындағы қара былғары бəтеңкесін көк шалғынға жарқырата сүртті. Сонан ол əп-сəтте Үрімші, Шəуешек қалаларындағы сал-сері күйіне келіп, басқалардан бұрын Талқының кезеңіне жаяу тартты. Санасы сан бөлініп, қиялы қиырларды шарлаған Тілеуберді екі мықынын таянып, Талқының кезеңінен Іленің көк зеңгір аспанына алыстан көз жүгіртті. «Апыр-ай,– деді ол күбірлеп, – бір кезде Таңжарық ақын осы кезеңнен қол-аяғы шынжырмен шырмалып, Үрімшідегі Шың Шысайдың қан сасыған тас түрмесіне айдалып еді-ау. Ал мен бүгінгі бейбіт өмірде бекерден-бекер жалалы ат қойылып, қорқынышты айдар таңылып, көк есекке теріс мінгендей күй кешіп, туған ауылға тартып барамын. Атам қазақ ежелден «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді. Сонда менің кінəм не? Жағама жабысқан жалғыз ауыз сөз сол секірудің зобалаңына бола мұндай күй кешіп келе жатқаныма кім сенеді? Құлжадағы ұстаздарым мен сабақтастарыма не деймін?! Олар, ұзақ жыл оқып-тоқығаның қайда, баратын Мəскеуің қайда, қадір-құрметті ұстазың қайда?– деп бастырмалата сұраса не бетімді айтамын?!» Тұс-тұстан миын қаумалаған ауыр сұрақтардың атандай салмағынан ары таза азаматтың жүйкесі жұқарып, белі бүгіліп кетті. Көз алдында жасыл шалғын, қара көк самырсын жапқан Кеңсай алқабы шыр айналғандай шым-шытырық болып барады. Бұл 1962 жылдың маусым айы болатын. Заңғар тау үстінен салқын самал есіп тұрса да Тілеуберді өз-өзінен қыстығып, денесін тер басып, қарадай ашуға булығып, ащы темекісін арт-артынан сорғыштай берді... Тілеуберді балдырған бала кезінде өзі оқыған Құлжа қаласында көп бөгелмеді. Келген күннің ертеңінде тозығы жеткен жүк мəшиненің қақ маңдайынан орын алды да, ойлы шұңқыр топырақ жолмен жүріп кетті. Астындағы орындығы, өз көрпе жастығы мен қара қапты сырнайы. Жол бойы қызық-қызық қиялдың небір тұңғиығына сүңгіп келеді. Ұшы-қиыры жоқ тұрлаусыз ойлардың жіп ұшын таба алмай сансырап келеді... * Арайлап атқан Азаттық таңының алғашқы жылдары. Түнімен себезгілеп жауған ақ жаңбыр таңертең басылып, Егізшоқы жайлауының биік шыңдарында үлбіреген майда тұмандар жөнкіле көшіп барады. Салмау-салмау қапталдағы бойшаң самырсындар бұйраланып, ақ қайыңдар баяу желмен сыбырласып тұрғандай. Төскейлерде төгілген маржандай қойлар, ауыл-ауылдың қасындағы топты жылқы, бие баулар, бұрала басып бие сауып жүрген қызкеліншектер Тілеубердінің көзіне оттай басылды. Таңертеңгі шəйін жайлап ішкен Тілеуберді ауылдағы көңіл жыртпас ағайындарымен бірге қапталдан қарақат теруге шықты. Қыздар қолына əдемі қайың шелектерін алыпты. Тілеуберді қарақат терген қыз-келіншектерге араласып мəуелеп тұрған таңқурай мен қарақатқа сүңгіді де кетті. Бітік орман ішіндегі уылжыған қарақат пен таңқурай көздің жауын алады. Сайраған бұлбұлдың əсем үні, алуан құстардың сызылған əуендері сыңғырлаған назды күлкілерімен үндесіп жарасым тапқандай. Сылқылдаған тау бұлағы тарам-тарам болып төмен қарай жарысып жатыр. Қарақат тергендердің мəре-сəре күлкісін, сыңғырлаған əзілдерін етектен айғайлаған ер адамның дауысы бұзып жіберді. – Тілеуберді, ау, Тілеуберді! Сүйінші, сүйінші!– деп айналасын жаңғыртып самбырлап тұр біреу. Тілеуберді иығына қол артқан жас жеңгесі Күмістің қолын түсіре беріп, төменге қарай домалады. Сай тағанына жеткенде бір-ақ көрді, шақырып тұрған адам – немере ағасы Жарқын екен. Жетелеп келген торы төбел бестісін Тілеубердіге көлденең тартқан ол: – Шақырту қағаз келді. Үрімшіге оқуға баратын болыпсың. Таңертең жүрмесең үлгере алмайсың. Сондықтан, молда ағам сені асығыс шақыртты да, өзі Ақкүңгейдегі қамдау копирациясына кетті, жүрелік!– деп жітірмелетті Жарқын. Ертесі таңертең Тілеубердіні апасы Айша тəтті ұйқысынан əрең оятты. Көзін уқалап ашқанда алты қанат ақ үйдің төріндегі дастарқан үстінде ауылдың үлкен қариялары мен əз аналары түгел отыр екен. Алдымен Тілеубердіге əзілдей тіл қатқан кəрі жездесі, мұғалім Қасен болды. Ол Тілеубердіге күлімдей қарап: – Ей мырза, сендей елдің баласы он екі жасында отаудың шаңырағын көтеріп, отын үрлеп жатыр. Ал сен он жеті жасыңда Құлжадағы білім жұртын бітіріп, өлкеге аттанғалы отырсаң да

Айша жеңгемнің омырауынан енді көзіңді тырнап ашқаның мынау. Тұр орныңнан, «ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегенді білмейсің бе,– деп дастарқан басындағыларды ду күлдірді. Бұл сəтте əжесі сөзге араласып: – Айналайын, ұйықтасын, өз үйі – өлең төсегі емес пе. Ботасы боздап, атасы бармаған алысқа барады деп отырсыңдар. Осы Тілеуім келгенше е, е, ей біз қайдамыз, құдай біледі,– деп сексеннен асқан əжесі Жамба қолындағы мақпал орамалымен көзін сүртті кемсеңдеп. Тілеуберді де тез киініп, ауыл ақсақалдарымен ертеңгі шəйді бірге ішті. Сол күні түс ауа ауыл болып ат ағаштың ар жағындағы көк жасанға жиналды. Буылған көрпе-жастық, тырсиған кілем қоржын атқа салынды. Топ ортасынан суырыла шығып, тобылғы асасын таянған Жамба əжей: – Иə, құдай оңдасын, Қызыр ата қолдасын, жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын! Қасірет-қайғы қағыс қалып, бақытың баянды болсын, балам!– деп немересінің бетінен құшырлана сүйді. Содан кейін ақ дорбадағы ірімшік, құрт, қанттарын беріп, ауылдағы əжеңді сағынғанда, туған жеріңді көксегенде бетіңді сүртіп, иіскеп жүр,– деп өзінің көзін сүртіп жүрген жасыл мақпал қол орамалын Тілеубердінің қолына ырымдап ұстатты. Əкесі Асқар да ұлын қимастықпен құшақтап, кешегі қамдау копирациясына сатқан ат пен өгіздің ақшасын Тілеубердінің ішкі төс қалтасына өзі салып берді. Салтанатпен ауылдан аттанған бір шоғыр қызыл жартасты, қос өркешті Егізшоқының еңкейісінде оларды тосып тұрған боз балалар мен қыз-келіншектерге жетті. Олар да оқуға жол алған Тілеубердіні асыға тосып тұр екен. Ұзатылған қыздай шаралап қымыз ұсынып, ақжол тілеген кестелі орамалдарын беріп аттандырды оны. Тілеуберді қимастықпен арт жағына жалтақтап қарап келеді. Өзі саумал самалын жұтып, қойнауында асыр салып ер жеткен есіл дала барған сайын алыстап, көз ұшында қала берді, қала берді... Енді бір мезетте Үрімші қаласындағы Шынжаң институтының қызыл ғимараты елестеді. Физика лабораториясында тəжірибе көріп отырған оқушылар өздеріне қызық та, хикмет те болып табылатын тақырыптарды талқылап жатыр... Енді бір əредікте Тілеубердінің есіне орыс тілін үйренудің сəттері елестеді... Өстіп қалғып-шұлғып отырғанда мəшинедегілер дабыр-дұбыр ете қалды. Еңкейіп отырған Тілеуберді селт етіп басын кенет жұлып алғанда көзінен аққан жасы сырнайының қабын шылқылдатып жібергенін сезе қойып, қашанда ішкі қалтасында тұмардай сақталып жүретін, əжесі берген əлгі мақпал орамалға қол салды. Күн еңкейіп қалған, адамы шалаң, аядай бекетте үш-төрт жүк мəшинеден басқа қатынас көлігі көрінбейді. Тілеуберді сағатына қарап еді, сағат түстен кейінгі төрт жарым екен. Жалма-жан төрт бұрыштап буған жүгімен сырнайын, күрең былғары шамаданын, қомақты қол сөмкесін қан жолдың жиегіне тасып, бетаузын қайта сүртіп, қағып-сілкінді. Сол сəтте сонау төменнен қаздай тізілген қалың арба көрінді көзіне. Ылғи төрт ат жеккен, резеңке доңғалақты ауыр арбаларға қап-қара тас көмірді толтыра тиеп, ұзын бишікті шартылдата сермеген қара қожалақ жігіттер отыр үстінде. Тілеуберді: «Əттең осылардың бірі біздің ауылдың жігіті бола қалсашы» дегенше болған жоқ, үшінші арбада отырған Айтмұхамметті сəңірейген мұрнынан тани қойды. Жүгіріп барып: – Ассалаумағалайкум, Айтмұхаммет аға,– дегенде, ол да «дырр-р» деп төрт атты табанда тоқтатты да қос қолын ала жүгірді: – Уағалайкүмсәләм, ой, Тілеубердімісің, амансың ба, жаным. Қашан келдің? Ой тәубә, мынаны қарай көр. Қарғадай кезіңде Егізшоқыдан өз қолымнан аттандырып едім, енді соқталдай жігіт болып кетіпсің. Отыр арбаға, молдаға да өзім апарып сүйінші сұрайын,– деп көпшікке көк шөбін жайып, ағынан ақтарылды ол. Арба жүріп келеді. Айтмұхаммет самбырлап әлі сөйлеп келеді. – Тамақ ішпеген шығарсың қалқам? – Жоқ аға, мәшинеден түскенім осы. – Жақсы кезіктің, қазір-ақ тамаққа барамыз. – Қалай, аға, ел-жұрт аман ба, өз бала-шағаңыз аман-есен бе?– деп Тілеуберді ауыл-аймақтың амандығын түгел сұрай бастады. – Аманшылық, әке, бәрі өзің көргендей. Кім бар, кім жоғын өзің бара көрерсің,– деп сөз аяғын жұтып алды Айтмұхаммет. Олар біршама жүргеннен кейін ығы-жығы бір құрылыстардың алдына келді. Айтмұхаммет бұл құрылыстарды нұсқап: – Мынау шойын қорыту заводы. Бұл баяғы Қажен имамның мешітінің орнына салынған. Осында біздің ары-бері өткенде тамақтанатын асханамыз бар. Олар бүгін де бізді ақ күзендей күзетіп отырған шығар. Құдай бұйырса құлаштап лағман создырып, сылқия бір тоямыз. Бұл да болса зор секірудің бізге берген сыйы ғой,– деп Айтмұхаммет кеңкілдей күлді. «Шіркін, көңіл көлдей тасып тұратын ауылдың ақ жарқын адамдары-ай! Төбеңді көргеннен-ақ ағынан жарылып, ақтарылып кетеді-ау! Қазіргі кейбіреулердей ішкі сырыңды тырналап, иісшіл

иттей тіміскелеп отырмайды ғой» деп Тілеуберді Айтмұхамметтің ашық мінезіне сүйініп қалды. Арбакештер күйе басқан күс қолдарын кір сабынмен жуғаннан кейін, үстіне жарылған қамыс жабылып, қатарлап тізе салған үш тақтайлы үстелге жайғасты. Тілеуберді сөмкесін ақтарып: – Ал ағайлар, мен ала келген дәмнен де ауыз тиіңіздер,– деп Құлжаның ақ өрігі мен Жыңның шырынды қауынынан арбакештердің алдарына қойды. – Ой айналайын, Тілеуім-ай! Өзің қажыдан қайтқан байманаптардай бізді қарық қыла салдың ғой,– деп Айтмұхаммет алдымен қауындарды қақ айырды сары кездігімен. Арбалар тағы да қозғалды. Кең жазыққа шыға бере Айтмұхаммет әнге басты: Біздің ауыл жоғары қайрылғанда, Жалын шығар ауыздан қайғырғанда. Ер жігіттің ес-түсі қалмайды екен, Туған елден тірідей айрылғанда. Тортөбелге төрт шеңгел жем кетеді, Ауыр қайғы адамды меңдетеді. Гүлжәй менен Сыздыхан екі жеңгем, Мені біраз тосқанда нең кетеді. Бір күн түсер жарығы күн мен айдың, Басұрмаймын жауыма, жалынбаймын. Үрімшіде Гоминдаң түрмесінде, Осы əнді айтып оянған Тəкең қайның... – деп аһ ұрып тоқтады да, – аяғын ұмытып қалғанымды қарашы,– деді насыбай шақшасын қолына алып. – Аяқ жағы тағы бар ма еді?– деді Тілеуберді Айтмұхамметті бір қолымен өзіне тарта сөйлеп. – Бар, бар. Е, е, есіме енді түсті деп, қайта жалғады əнді: Келгенде Үрімшіге қуанып ем, Көңілге Шың Дубанды бу алып ем. Үлкен жер ақиқатты тексерер деп, Тоқтатып жылауымды уанып ем. Үлкен жер ақиқаты мұндай болды, Бір басқа пəле деген құмдай болды. Кешегі кердеңдеген қайран Тəкең, Бұл күнде жорғалаған құрдай болды,– деп тоқтады да, – қалай екен, Тəкеңнің құрметіне бола есте қалғанын ғана айтқаным ғой,– деді Айтмұхаммет. – Шіркін-ай! Неткен көреген ақын десеңші, тар есік, тас босағада жаны қысылып жатса да өмірді қолмен қойғандай суреттегенін қараңызшы, естіген жанды еріксіз егілтеді екен,– деп Тілеуберді ішкі қасіретінің қауызы аршылып бара жатқандай ауыр ойға шомды... Арба жолдың сол жағындағы етегін ермен, қапталын жусанмен адыраспан қымтаған сұр жотаға жалтақ-жалтақ қарап келе жатып, қалың қарасора кендірдің тұсынан өте бере: – Келдік!– деп арбаны тоқтатты Айтмұхаммет. – Қайда келдік? – Қабыр тұмсыққа. Екеуі қатарласа жүріп, қалың кендірді ендей өтіп, шилеуіт жотаға шықты. Төбешікте ескілі-жаңалы төмпешік бейіттер мүлгіп жатыр. – Мынау Жамбы əжеңнің бейіті,– деді Айтмұхаммет үлкен зираттың қасына тоқтай қалып, – анау Айша апаңдікі, арт жағыңдағы марқұм Қасен мұғалім. Оң жағыңдағы жас қабір Күміс жеңгеңдікі,– деп шұбырта таныстырып болды да, тізе бүгіп отыра қалды. Олар ұзақ-ұзақ құран оқып, бата жасап орындарынан қимастықпен қозғалды. Жүре сөйлесіп келеді: – Апаң қайтыс болғанда келіп пе едің, Тілеш? – Келгем. – Иə, оған да талай жыл болып қалды. Айша марқұм ауылдың құты еді ғой. Сендердің шаңырақтарың сол кісі кеткеннен кейін сəкісі кете бастады,– деп Айтмұхаммет бірталай жайдың басын шалды. – Ауыл сол баяғы Ақбелдеудің жазығында шығар?– деп таяп қалған ауылға алыстан көз жіберді Тілеуберді. – Жоға, ол жерде емес, бұрынғы орындағы көшелі, бау-бақшалы, сəулеттене бастаған қалашықты, «зор секіріп ілгерілеуде» жаңа құрылған шығыс желі (Қытайдағы алғашқы социалистік құрылыс) егіс алаңына босатып беріп, жар жағалай көшіп кеткелі қашан?! Қазір ауылдың бəрі Қаройда, Белтоғанда, Жалғызағаштың жазығында шашылып отыр. Сендердің үйлерің осы Иінжардың астында ғана. Қауым ел енді-енді ес жиып, жаңа-жаңа құрылыс салуға талпынып жатыр.

– Қалашықтағы құрылыстарыңыз бен бау-бақшаларыңызды қайттіңіздер? – Қайтуші едік, бұзып алдық, қырқып алдық, қалғанын шекараға көмекке келген қытай туыстарға тиын-тебенге саттық, тіпті бекерге бере салғандар да болды. – Паһ, қайран еңбек-ай!– деп Тілеуберді өзі Азаттық қарсаңында (1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғанда) оқу тауысқан мектебін қимай қынжылды. Тілеуберділер арбаларын сықырлатып ауылға түнде жетті. Арсылдаған иттің дауысы жар астынан қазылған қопын үйдің есігін еріксіз ашқызды. – Бұл кім?– деді далаға шыққан мосқал адам. – Мен, Айтмұхамметпін. Молда ағаның Тілеубердісін əкеле жатырмын,– деп аттың делбесін тартты ол. – Тілеуберді дейді?!– деп тағы бір дауыс арғы жақтан қосарлана шықты. Апыл-ғұпыл арбадан түскен Айтмұхаммет қоржын-қолаңды көтеріп, есік алдына да жетіп барды. Тілеуберді де артынан қалмай еріп келеді. – Аман-есен келдің бе, айналайын, құлыным?!– деп əкесі Асқар Тілеубердіні бас салып құшақтады. Тілеуберді əкесін қапсыра қысып, анасы Айшаның атын жаңғыртып солқылдай берді. – Болды, болды, ақсақал, «қайғының пірі – қайрат, уайым пірі – мұрат» деген емес пе, Тілеубердіңіз алыстан шаршап əзер келді ғой, қараңғыда көп жылатпаңыз. Асылжан, су əкел,– деп Асқардың көршісі Мұрат дəрігер артына бұрылды. Тілеуберді қолын жуып, аспанға қарап еді, ай көтеріліп, жұлдыздар жымыңдап тұр екен. Ішінде Мұрат дəрігер бар бəрі Асқар ақсақалдың үйіне кірді. Ол кісіні Айтмұхаммет қатарлы ауыл адамдары ертеден бастап-ақ «молда аға» деп сыйлайтын-ды. Дастарқан жаюлы, үлкен кеселерге құйылған кеспе көженің буы бұрқырап тұр екен. Асыл деген қаршадай қыз екі атасына кешкі асын əзірлеп, енді ішкелі отырған сияқты. Дастарқан басына келген Тілеуберді мен Айтмұхамметке де ас құйылды. Əсекең əдетінше Айтмұхамметке қарап мырс ете түсті. – Неге күлдіңіз, Асеке?– деді Мұрат дəрігер жанында отырған Асқарға қарап. – Мына Айтмұхаммет алып та, шалып та жығатын, қолынан да, тілінен де іс келетін нағыз азамат. Осының бір қылығы есіме түсіп күліп отырғаным ғой,– деп сөзін сабақтай жөнелді. – Қаңтар айы болатын. Қас бойында қалың қарды күреп, тас қазып жатқанбыз. Арқамызға аяздай батқан ауыр еңбек қалжыратып, қара талқан жұмырымызға жүк болмайтын. Күндізгі жанталасымыз аз болғандай, түні бойы жер қопынның ішінде біреулерді іреп-сойып, біреулерді күреске алып кергілеп, күңіреніп-күрсініп жатқанбыз. Сол ұстараның жүзіндей қылпылдаған «зор секірудің» жазалы күндерінің бірінде осы Айтмұхаммет жиын басқарып отырған кадрларға адырайып: – Ей, мырзалар, мынадай ауыр еңбекті не түгеп бермейтін көпірме сөздерің істесін, не болмаса өздерің істеңдер. Ал біз бейбаққа ең болмаса түнгі ұйқымызды қиыңдар, сын тезіне алу күресін қазірінше жадыраған жазға қалдырыңдар!– деп тайсалмай төтесінен тартты. Айтмұхамметтің сөзін қалжырап, қалғып отырғандар қостай жөнелді сонда. «Тура сөзде туған жоқ» дегендей көп тілегін көлденең тартқан Айтмұхамметтің сөзі тұйыққа тіреліп, дығдырлап отырған кадрларға да ұнай кетті. Сол күннен бастап бейуаз жандарға қаратылған сүркейлі күрес жиыны аз күн болса да толастап қалды,– деп əңгімесін доғарды. Отырғандар болмашы күлісіп алды. Тілеуберді əңгімеге көп араласпай, ауыл аймақтың амандығын анда-мұнда сұрап, əлдебір тұңғиық ойдың жетегінде түнеріп отыр. Оның қабырғасына аяздай батқаны мына екі жасамыс адамның жол ортада жұбайынан айырылып, қаршадай қыз Асылдың қолына қарап қалғаны еді. Мұрат – қырықты алқымдап қалған, сақал-мұртын қырып, өзін ретті ұстайтын адам екен. Кезінде аудандық емхананың дəрігері болыпты. Сонау жылдары қырсыққан қиыншылық кезінде өндіріс отрядтарына еңбекке жіберіліпті. Содан бастап Асқардың бір ауыз үйінде көрші отырған екен. Өткен жылы əйелі қайтыс болып, сопайып жалғыз қалыпты. Анау бір жылы ауыл болып жаңадан құрылған «шығыс желі» егіс алаңына ежелгі қонысын беріп сыпырыла көшкенде де осы екі отбасы қазіргі отырған Ақжардың астынан қатар жер қопын қазып кіріп, іргесін бөлмепті. – Мұрат екеуміздің жан бағып отырғанымыз осы Асылдың арқасы,– деді Асқар қария Асылға Тілеуберді əкелген базарлықтан алып беріп жатып. Тілеуберді шамаданын ашып, əкесіне шибарқыттан шалбаршапан, Мұратқа жағалы ақ жейде, Асылға күрең барқыттан тігілген аспалы сарафан көйлек, екі кітап ұсынды. Асыл бұл тұста алтыншы класта оқитын. Тілеуберді Асылға: – Аталарыңа жақсы қарапсың, Асылжан. Саған рахмет айтамын, оқуыңды жақсы оқы, бола ма?– деп мейірлене қарады.

Тілеуберді жатар алдында жер қопынның ішіне сəп сала қарады. Үсті доға пішінді діңгексіз үңгір үйдің ішіне қаңылтыр шамның болымсыз жарығы алакеуімдеп түсіп тұр, үйдің оң жағында көне көздің ескірмес белгісіндей апасының қайыңнан жасалған қырма төсегі тұр. Тұсына кереге көзді алаша одеял тартылыпты. Бет-бедері сарғайған екі сандықтың үстінде үш-төрт булы тең, көнерген көрпе-жастықтан басқа бұл үйде баяғыдағы көздің жауын алатын кілем-кілше, текемет-сырмақтан ештеме көрінбейді. Ыдыс-аяқ жақта Николай заманының сары самаурыны ескіден жалғыз қалғандай мелшейіп тұр. Үй-іші əбден тозып кеткен екен-ау!– деп ұйқысы келмей оңды-солды аунақшыды Тілеуберді. Тілеуберді əкесімен көп сырласты. Апасының көзі жұмылғалы əкесі де еңсесі түсіп, есеңгірей бастаған екен. Оның екі ұрты солып, кезінде оттай жайнап тұратын шанақты көзі шүңірейіп кетіпті. Шаш-сақалы бурылданып, белі əнтек бүкірейе бастапты. Тілеубердінің жүйкесі одан ары тоза бастады. Сонда да əке көңілін жасытқысы келмей: – Басқа түскен тағдыр тауқыметін көтермеске не шара, əке, біреу ерте, біреу кеш емес пе. Қосағыңнан айырылып, сыңар қаздай қарайып қалғаныңа менің де жаным төзбей жүр. Сонда да иығыңызды онша түсірмеңіз, əке, ел-жұртың, балаларың бар ғой!– деді əкесімен таңертеңгі əңгіме үстінде. – Оның рас қой, Тілеу, апаңның орыны бөлек емес пе, осы шаңырақтың берекесі апаң еді. Көріп тұрсың ғой, апаң ұстамаған мына үйдің сиқын, — деп босап кетті Асқар... Олар осылай кеңеспен кеше кешкі ұйқының жарымын да алған болатын, таңертеңгі шəйда да Асқар Тілеубердіге қарап: – Балам, менің мініп жүрген жалғыз атым биыл жайлауға жіберілген жоқ, аралда жүр. Соны бүгін алдырып, ел-жұртыңды арала. Өлгендерге құран оқып, тірілермен аман-сəлем қыл,– деді жасамыс көзін сүрте отырып. Дастарқан үстінде бірге отырған Мұрат дəрігер, Асқар Тілеубердіге еліңді арала дегеннен кейін: – Жарайды, мен ертіп елді аралатам,– деді Тілеубердіге қарап. Тілеуберді бір істің басын ашқысы келіп: – Əке, осы үй салу ойларыңыз жоқ па?– деді аласа жер қопынның төбесіне көз жүгіртіп. – Үй саламыз деп елдің бəрі қамданып жатыр. Мүкең екеуміз де əнеу күні Ақшидің тұмсығын шолып, болашақ ірге тебетін жерді көріп келдік,– деп ойына алған жоспарын айтты Асқар. – Соқпа там болады ма, жоқ кірпіш пе? – Ең жақсысы қарыздансақ та қызыл кірпіштен жасағанымыз жақсы ғой, бұрынғы алты ауызды үйдің ағаш-тасын сақтап отырмын, Мүкең екеуміздің үйімізге жетіп асады. – Менің жиған-терген азырақ ақшам бар еді. Онда іске орақтан кейін кірісейік,– деп Тілеуберді əкесінің ойлаған жоспарын одан əрі жылжыта түсті. Арада аз күн өткеннен кейін Тілеуберді мен Мұрат мектептің Құрман деген директорына сəлем бере барды. Қарт ұстазы өз алдынан азаттық арайында түлеп ұшып, сонау өлке орталығынан білім алған үлгілі шəкіртінің арнайы келгендігіне дардай қуанып қалды. Ұзақтан-ұзаққа созылған аман-сəлемнен кейін Құрекең: – Иə, Тілеуберді, демалысың қанша күн еді, ел-жұртыңды асықпай араларсың,– деп əңгіменің суыртпағын ары қарай тартты. – Мен біржолата келдім, мұғалім,– деді Тілеуберді сəл қысылып. – Қалайша?– деп шəй ішіп отырған Құрман шынысын жерге қойып, Тілеубердіге бұрылды. – Мен істеп жүрген жердің елі биыл қотарыла көшіп, шекараның ар жағына ауып кетті, сол себепті аудандағы жалғыз орта мектеп жабылып, бір топ мұғалім саудырап бос қалдық. Ұйым бізді шекарадан қашықтау өңірдегі коммуналарға еңбекпен шынығуға жіберді. Бұл жерге бару менің идеямнан өтпеді. Сонымен шекарадан үш жүз шақырым шалғайдағы өз аулыма біржолата кетейін деп, мына бір жапырақ жолдамамен ғана ауылға келіп отырғаным,– деп төс қалтасындағы күлгін конвертті ұстазына ұстатты. Құрман директор жақтау шүберекпен оралған ескі көзəйнегін құлағына іліп, əлгі жолдамаға үңіле қарады. «Мектебіміздің оқытушысы – Тілеуберді оңшыл-ұлтшылдыққа қарсы күресте қателігі болғандықтан бір жарым жыл коммунаға түсіп, еңбекпен шынығып, идея өзгертті. Онан кейін қызмет орнына қайтып келгенде мектеп жабылып қалғандықтан, туған ауылына талап етті. Егер қызмет орны табылса, ұсыныспен істетуге болады, қалған рəсмияттарын сол кезде өтейміз. «Д» аудандық бірінші орта мектеп» деп жазылыпты. Жолдаманы оқып болып Құрман директор: – Е, е, шырағым, осылай деші, бұл қимылдың шарламаған жері, шарпымаған адамы қалмады ғой. Сонда сен мектепте не сабақ өтуші едің?– деді көзəйнегін алып жатып. – Физика, орыс тілі, музыкадан сабақ беретінмін,– деді Тілеуберді. – Ойбай, орыс тіліңді айта көрме, физика мен музыка əлі

де ес қатады. Жаздық демалыс аяқталып қалды ғой. Жаңа оқу басталғанша мен аудандық оқу-ағарту бөлімімен тілдесіп көрейін, тым болмаса ұсыныспен істеуге қалайсың?– деп тоқтады. – Болады, ағатай,– деп Тілеуберді жайраңдап езу тартты. – Онда мына таныстыруыңды коммуналық комитеттегі Күндəулет бастыққа көрсет, ол кісі де өзіңнің бұрынғы мұғалімің. Аз да болса кейінгі істеріңе септігі тиер. – Мақұл,– деді Тілеуберді бір істің басы қайырылғандай болғанына іштей риза қалыппен. Құрман мен Тілеубердінің əңгімесінен Мұрат алғашында сескеніп қалып еді, қайтар жолда: – Тілеуберді-ау, осы сенің артыңда да сүйретілген ала жібің бар ма, қалай? – деді таңданған əлпетпен. Тілеуберді шындықты жасырған жоқ. – Жалғыз менің басыма үйірілген қара бұлт емес қой бұл! Ұрлық қылып, өтірік айтпадым. Арыма таңба түсіретін істен аулақпын, несіне жасырып-жасып жүрейін,– деп əңгімесін тағы да жалғады: – Ала жібіңіз маған сонау «ашылу-сайрау» кезінде жабысқан, Мүке. Ол кезде алды-артымызды аңғармайтын бала кезіміз еді ғой. Шындықты шық еткізіп айтамыз деп айықпас тұманға қалатынымызды қайдан білейік. Сол кездегі біздің жерошаққа қорытылатын шойынымызды күлкі етемін деп жалғыз ауыз сөзге бола жазаға тап болып шыға келгем. Енді мына шекарадағы қаш-қаштың кеселінен мектеп жабылып, далада қалғанымызды қараңызшы?!– деп құла жорғаға қамшыны қатты басып жіберді ызалана. – Е, е, былай де,– деп дауысын созақтатып алған Мұрат, – «Əр түрлі аурудың дəрісі бар, оны табудың да, білудің де мəнісі бар» дегендей бұл зиялыларға келген бір зобалаң болды ғой. Ол жағынан мен де сау сиырдың боғы емеспін. Аяқ астынан аудандағы жылы орнымнан айдалып осы ауылға келіп ірге тептім. «Ағайыннан жат жақсы таныс болса» дегендей, елжұрттан жаттық көргенім жоқ. Асекең бейне өзінің туған інісіндей қанатын жайып бауырына тартты. Бұдан кейінгі істі де көре жатармыз. Бірақ, Тілешау, сен бұрынғы қызмет істеген жергілікті ұйымыңның ыңғылын бағып, түбегейлі ауысып келсең де болғандай екен. Болды, келіп қалғаннан кейін керегі жоқ,– деп өзінің аңғарлы адам екендігін көрсетті. – Сөйтсем де болушы еді, Мүке. Соқа басы сопайып, жалғыз қалған əкемнің жайы жаныма қатты батты. Мені оқытамын деп талай ауыр машақат тартты ғой. Ендігі жерде сол еңбегін ақтап, қартайғанда өз қолыммен күтейін деген бір ой мазалай берді мені,– деп Тілеуберді өз ойының бір құпиясын ашты Мұратқа. – Жарайды, Тілеш, «Атадан ұл тумақ керек, ата жолын қумақ керек» деп неге айтады біздің қазақ, қартайған шағында Əсекеңді баладай күтем дегеніңе менің ішім жылып қалды. Қазірге дейін меніңше Əсекең жалғыздық тартқан жоқ. Ел іші алтын бесік емес пе. Туыс-қиыстары, ұзатқан қыздары ат ізін суытпай келіп, қабағына қарап-ақ жатыр. Оның үстіне дəм-тұз айдап мен келіп көрші бола қалдым. «Көрші ақысы – тəңір ақысы» дегендей, біз де Əсекеңді ағалап, төбемізге көтеріп жүрміз. Біздің үйдегі марқұм жеңгең де көңілі ашық, қолы жомарт адам еді. Ол жеңгең тірлігінде Əсекеңнің өз келініндей болып кеткен. Енді мына қарғадай қызым Асыл Əсекең екеумізді ассыз қалдырып, шəйсіз шаңырқатып көрген жоқ. Көзің көрді ғой,– деп Мұрат өз отбасының адамгершілігін астарлап қана таныстырды. – Оныңызға көп рахмет, Мүке. «Кісі жақсылығы кісіден қайтпаса, құдайдан қайтады» дейді екен ғой көнелер. Аман болсақ көрсеткен жақсылығыңызға жауап қайтарармыз. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» емес пе,– деп мың алғысын жаудырды Тілеуберді. – Мен саған бір істі ескертіп қояйын,– деп Мұрат əңгімені тағы бір қырына аунатты. – Бағана Құрман директорға, қазір маған айтқан мектептегі жайларыңды Əсекеңе айтпай-ақ қой, шырағым. Ол кісі сонау өлке орталығынан оқып, жоғары білім алған өзіңді үлкен мақтаныш көреді. Аз да болса көңілге қаяу салатын мына жайларды естісе тағы да бір уайымның шүңетіне шөгеді ғой,– деп кеңес берді. Мұраттың бұл ақылын Тілеуберді құба-құп көрді. * Тілеуберді мен Мұрат өткен сенбіде Күндəулетке барып сəлемдесіп, амандық-саулық сұрасты. Үшеуі қатарласа жүріп мекеменің артқы ауласындағы Күндəулеттің еңселі үйіне кірді. Есік-терезесіне жібек перде тартылған үш бөлмелі мұнтаздай үй күмбіреп тұр. Олар төрге жайғасып отырғанда, бетінде баданадай меңі бар, бидай өңді, ұзын бойлы саркідір тартқан əйел аузындағы бұрқылдаған темекісін қолына алып үйге кірді. Мұрат пен Тілеуберді əйелге ибамен амандасты. Күндəулет əйеліне бұрылып: – Шəйің дайын болғанша қымыз əкел. Күн пысынап тұр ғой,– деді арт жақтағы терезенің көзін айқара ашып жатып.

Түскі шəй ұзақ ішілді. Əңгіменің бір кезегінде Тілеуберді Күндəулетті іздеп келген жайын айтты... Тілеубердінің кешірмесін үнсіз отырып тыңдады Күндəулет. Онан соң Тілеуберді жасыл конвертті оның қолына ұстатты. Жолдамаға үңілген сайын Күндəулеттің өңі сұрланып, түкті қабағын түйе берді. Тілеуберді мен Мұрат не дер екен дегендей қадалып отыр оған. Бір кезде қағаздан басын самарқау көтерген Күндəулет: – Оңшылдық нысай деген оңай салмақ емес қой. Оның үстіне мынау «29-май оқиғасы» (1962 жылы Қытайдағы Құлжа, Тарбағатай аймақтарынан Қазақстанға қашқан ірі оқиға) дегенің ойып түсетін у сойқы іс емес пе,– деп ауыр бір тыныс алды да, – қазірше бұл таныстыруың бізде тұра тұрсын,– дей салды елеусіздеу ғана. Күндəулеттен Тілеубердінің меселдесі түсіп қайтқанымен, Мұрат олжалы болып қайтты. Күндəулет оған: – Ісіңді ойластық, жуырда коммуналық емханаға ауысып кел, сізге берілген үй де дайын тұр,– деп аттандырды. Тілеуберді ауыр ой үстіне келе жатыр еді, бұл жым-жыртықты Мұрат бұзды. – Əлгі Күндəулеттің айтып отырған «29-май оқиғасы» дегенің қоғамдағы жалпы жағдайды айтқаны ғой. Əйтпесе біздің ауданда оның көлеңкесі де жоқ. «Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» деген осы да,– деп Тілеубердінің көңілін біраз сергіткендей болды. – Ол жағын мен де білемін ғой, Мүке, бірақ, бізге көлденең тартатын сый табақ осы сияқты пəле-қазалы істер емес пе. Оны уақытында көрермін. Ал, енді басқаны қойып, жалғыз шалды жарға қамап отырғанша үй салу қамына кірісейін деп түйді ендігі ойын Тілеуберді. Олар кіші бесінде үйлеріне оралды. Есік алдында бір жеңіл мəшине тұр екен. Асыл екі шелек суды маймаңдап көтеріп келе жатыр. – Бұл кім екен?– деді Тілеуберді мамағашқа байланған аттар мен үй қасында тұрған мəшинеге көз жүгіртіп. – Аттарды білмедім, ал мына мəшине Əлен жездеңнің мəшинесі, өткенде бір келіп кеткен,– деді Мұрат. Тілеуберді мен Мұрат ат тұмсығын үйге тірегенде Əлен мен Жамал үйден жүгіріп шығып Тілеубердіні бас салып амандасты. Қасында сұңғақ бойлы сұлу келіншек тұр. Оның артынан абырсабыр бір топ адам көрінеді. Тілеуберді енді білді, атпен келген Айжамал апайы мен Асан жездесі екен. Көптен көріспей, əбден сағынысып қалған қимас туыстар ұзақ амандасты. – Е, е, аман-есен келдің бе, Тілеш? – Денсаулығың жақсы ма, шырағым?! – Аман келгеніңе қуанып қалдық қой!– деп Тілеубердіні ортаға ала əлі шұрқырасып тұр. Тілеуберді де апайлары мен жезделерінің ел-жұрты мен бала-шағаларын түгендеп отырып, түгел сұрап жатыр. Шынында екі ауданнан уағдаласып алғандай апайлары мен жезделерінің бір күнде келе қалғанына Тілеуберді жарылардай қуанды. Оған алдымен «Н» аудандық соттың бастығы болып, шіреп тұрған Асан жездесі əзілдей тіл қатты: – Ей, Тілеш мырза, келгеніңе жиырма шақты күн болыпты, ін түбіндегі түлкідей бұғып жатып алғаныңа болайын, «алыстан алты жастағы бала келсе, алпыстағы шал келіп сəлем береді» дейді екен қасиетті қазағымыз. Сондықтан үлкен басымызды кішірейтіп, алдыңа келдік,– деп Тілеубердінің иығынан қағып-қағып қойды. Сонда Тілеуберді мырс етіп: – Аюдың атаны інінде жатқанда, қорқақ қонжық қайда барады дейсің. Мынау біздің «үңгір де болса үйіміз», кəне кіріңіздер, көсіліп отырыңыздар төрге,– деп, жер кепенің аласа есігін шалқайта ашты. Сөзге шешен, ойы аңғарлы оқыған бауырының ақжарқын мінезімен алымды сөзіне сүйінген Жамал: – Ал, ондай болса, аңсаған сый табақтарың! «Орынды сөз – оқ» деген тəмсілді білесіңдер ме? Тілештің жаңағы сөзі түсіне білсеңдер екеуіңді де қабаттап бір-ақ түйреген шығар, ə?– деп шанақты көзін Əленге аударды. Əлен өзінің биязы мінезімен жымия күліп: – Тілештің бұл сөзі жалғыз Асан екеумізді ғана емес, төртеумізді де түгел түйреді-ау деймін,– деп Тілеубердінің арқасынан қаққанда айналадағылар “Рас-ау, солай болды” деп дуылдасып барып əрең тоқтады. Ортақ тілегі тоғысқан жайдары жандар қуанып отырған Асқар қарияны ортаға ала өткен-кеткенді түгел қозғап, бір сəт берекелі дастарқанға батты. Қонақтар алғаш келгенде-ақ Асқар қария бір малға бата сұрап, оны сойғызып жатқан болатын. Сонда да Тілеуберді қысылып қалғандай шəй үстінде орнынан қозғалақтап, сыртқа бет алғанда Жамал апайы тез тоқтатты.

– Қайда барасың, Тілеш? – Мал ғой сойылып жатыр екен. Енді апайларға тəтті-пəтті, жезде-ағаларға сусындық керек болатын шығар?... – Жоқ. Оның бəрі дайын. Қымызды Асан ағаң жайлаудан ала келіпті. Жемек-ішпек біздің қоржында бар. Əуелі айта берсең əнші-күйшіні де ала келдім, – деп сықылықтай күліп қасындағы сұлу келіншекке қарап қойды Жамал апайы. Сонымен байыздаған Тілеуберді орнығып отырды да: – Баяғы төңкеріс жылдарында Қытай коммунистерінің соғыс орталығы Ян-Ан деген жерде осындай бір жер кепеде отыздан адам жатады екен. Бүгін төре-қарамыз болып айналасы мұнда тоғыз адам екенбіз. Екі бөлмелі кең кепемізге шек-шүбəсіз елу адам сияды, Төреке,– деп төрде отырған Əленге қарады. – Ондай болса төргі үйді осы жалғыз төреге беріп, қалған қарашаларымыз қарсы үйге шығайық,– деп Асан тағы қалжыңға басты. – Əй, олай демеңдер төрдегі төре сырылып, төменге түскелі қашан? «Төрттен айырылмау» (Қытайда жүргізілген көп саяси науқанның бірі) түзімі бойынша қарашыларымның қасында-ақ болайын,– деп отырғандарды ду күлдірді Əлен де ақтарыла. Сол күнгі түнгі сауық туыс-қиыстардың есінен кетпес мəнді бір кеш болып еді. Аудандық ойын-сауықтан келген əнші Қорлан, термеші Сара деген өнерлі келіншектер көңілді бас қосудың көрігін қыздырып беріп еді-ау! Тілеубердінің құрметіне алыс-жақыннан келген туыстардың жан сүйінерлік жарасымды əзіл-қалжыңдарына Асқар қария да бір жасап қалды. Көптен бері тұманданып жүрген көңіл-күйі қайта ашылып, жаны жадырап сала берген қарттың. Бүгінгі бұл көңілді кешті ауыл жігіті атынан Мұрат дəрігер басқарды. Ол қолына шешен домбыраны ала салып, қағып-қағып жіберді де, Əшімнің «Кеңес» (Қытай қазағында асқан күйшілігі үшін басына ескерткіш орнатылған адам) күйін қоңырлатып, толқындатып, гулете жөнелді. Сағынысып табысқан туыстар күй құдіретіне балқып, туған жердің думанды құшағында қайта тербетілгендей болды. Көтерме сəкіде қымыз ішіп отырған Асқар қария Мұратқа бұрылып: – Мұрат-ау, «серуенге шықсаң да серік ала шық» деп қазақ атаң бекер айтпаған екен ғой. Мынау «Кеңес» күйің сонау бір заманғы көктөбеге көтерілген ақылгөй аталардың ел қамы жолындағы келелі кеңестерін, болашақ ұрпағы үшін қалдырған даналық шешімдерін домбыраның қос ішегі арқылы толғап тұр ғой, паһ шіркін, қайран Əшім-ай,– деп бір қозғалып қалды орнынан. Мұрат Кеңеспен қоса тағы бірталай күй тартып тоқтады да: – Ендігі кезекті Тілеуберді ініме берейін, қанша дегенмен үлкен орыннан білім алып сонау Шəуешекті шарлап келді ғой. Менің естуімше Шəуешектің елі аса сауықшыл болады дейді. Сырнайыңды қолыңа ал, Тілеш!– деп қолқа салды Тілеубердіге. Талайдан бері қара былғары қабынан шықпаған сырнайды Тілеуберді тізесіне қондырып, сайратты-ай келіп. Татардың «Бала міскін», «Ай орағым», «Көк кептер» жырларын машығына келе тартып қоңырлата əн қосты. – Ой бəрекелді, міне, өнер деген!– деп Əлен бастаған үлкендер жағы қолдап, əйелдер жағы күлімсірей қарады Тілеубердіге. Осы тұста далада абалап ит үріп, дүрсілдеген ат тұяғы естілді. Іле-шала келген адам сəлем беріп үйге кірді. Ол қатардан орын алып жайғасқаннан кейін ала көлеңкеде отырған Əсекең жөн сұрап: – Қайсы баласың, қарағым?– деді келген жігітке тігіле қарап. – Мұқыштың Мүтəнімін ғой. Өтіп бара жатып, домбыра мен сырнайды естіп біраз тұрдым. Ақыры шыдамым таусылып кірдім, ата,– деді шадыр көзді сары жігіт шапкасын баса киіп. – Жарайды, балам, шəй іш онда,– деді Əсекең. Сары жігіт отырғандарға ұрлана қарады. Бір көзі төбесіне тартып, қиғаштап тұр. Ол жағалай қарап Асылға көз тоқтатты. Отырғандар оған назар аударған да жоқ, Тілеуберді сырнайын қойып: – Енді Сара қарындасты тыңдайықшы,– деді басқаларды құптауға шақыра. Сара да шыжымнан шықпаған қаршығадай тықыршып отыр екен. Ол домбыраны қолына алып, құлақ күйін асықпай теңшеді. Онан тамағын сəл кенеп, жанарлы көзімен отырғандарды бір шолып шықты да, шырқай жөнелді. Сараның айтқаны «Ел дегенің немене, ер дегенің немене?» деген толғау екен. Суы тұщы болмаса, Мал-жанның бəрі сусындап, Мейірі оның қанбаса, Көл дегенің немене?! Тілеуберді селк етіп оянғандай қуана қол соқты, отырғандар да гуілдесіп:

– Əй бəрекелді, міне жезтаңдай, бұлбұл көмей жыршы деген!– деп алғыстарын жаудырды. – Тағы бір əн айтыңызшы,– деді бұрыш жақта отырған Асыл мөлдіреген қарақат көзін Сараға қадап. – Мақұл, Асыл сіңлімнің талабын қайтармайын,– деп Сара ендігі жерде қазақтың қасиетті қара өлеңіне ойысты: Жабыны жауға салма жалды екен деп, Жаманмен жолдас болма малды екен деп. Баласын қазанаттың бақпай қойма, Қан түсіп аяғына қалды екен деп. Бұл шақта Жамал: – Айтшы, Саражан, адамның сарайын ашып, бойын балқытатын бұл неткен керемет өлең,– деп қырма тостағандағы сары қымызды қос қолдап Сараға ұсынды. Жамалдың тілегін қайтарғысы келмеген Сара қымыздан аз сіміріп алды да: Дүние өтеріңде сынаптайсың, Таулардан жылжып аққан бұлақтайсың. Басына талай ердің аттай теуіп, Сұм жалған қайда барып тұрақтайсың... Əн осы тұсқа келгенде Тілеуберді қиял теңізінің бетіне бір көтерілгендей «уһ» деп қалды аузынан жалын шашып. Əн тағы жалғасты: Балыққа су ішінде дем болмайды, Етінде сұлу қыздың мең болмайды. Жарыңыз жаныңдағы жаман болса, Дұшпанмен қылыштасқан кем болмайды. Ағайын жат та болса, көзге тəуір, Өкпем жоқ кеудемдегі, бəрі бауыр. Жауымның дəлдеп салған найзасынан, Досымның саусағымен шерткені ауыр, – деп тоқтағанда отырғандар тұс-тұстан дүр ете түсіп, ризашылықтарын білдірді. Түннің бір шағы, ай жамбасқа түсіп ұсақ жұлдыздар сиреп, Шолпан бастаған дана жұлдыздар жымыңдап тұр. Алыстан сұңқылдаған байғыз дауысы, өзен жақтан бақалардың шұрылдағаны естіледі. Аңқылдай соққан таудың салқын самалы үйден шыққандарды лезде сергітіп жіберді. Асекең қонақтармен далаға бірге шығып, аулақтап барып қайта оралды. Есік алдында тұрғандар ол кісіні айнала əңгімеге ойысты. – Жаңа үйді салуды қашан бастайсыздар? – Алла бұйырса, кешіктірмейік деп тұрмыз. – Мұрат дəрігер коммуна орталығына көшетін болды, естідіңіз бе? – Жоқ, естімедім. Бұл бір жаңалық болды ғой. Жақсылық осылай жақындай берсе екен. Бірақ Асыл балам алыстап кететін болды-ау,– деп Əсекең терең ойға шомды. – Атасы-ау, алыстап қайда барады дейсіз. Отряд пен коммуна орталығының арасы айғай салым жер екен ғой,– деп Əлен Əсекеңнің көңілін аулады. – Сендер солай дегендеріңмен маған батады ғой. – Жоқ, ештеме болмайды. Ей, Тілеуберді, үй салуды тездетіп қолға ал, біз де қарап тұрмаспыз,– деп Əлен қасындағыларға мойын бұрғанда Асан, Жамал, Айжамалдар да «дұрыс, дұрыс» деп қостай жөнелді. Осы кезде Алтынбек деген жүргізушіні бағанадан айналсоқтап жүрген Мүтəн атына ақырын қонып ұзап бара жатты. Мүтəн ішкі есебін өзінше былай соғып барады. «Мыналардың бүгінгі қырсығын қарашы, əйтпегенде Асылдан бір жауап алар едім. Бара салып əке-шешеме айтайын, Асылға бүрсігүнен қалмай үкі тағу керек. Өйтпегенде Мұрат дəрігер ендігі жерде бізге құйрығын ұстатпайды. Өткенде əкем барып сөйлескенде, “Балам əлі жас, оның үстіне марқұм шешесінің топырағы кеппей жатып біреуге құда бола алмаймын. Жалғыз қызымды қайтсем де ілгерілетіп оқытамын” дегені бізден көпе-көрнеу қашқалақтағаны ғой. Мұраттай сопиған жалғыз бас адамға біздей топты еңбек күш үлкен сүйеніш емес пе, оның үстіне буржуазиялық идеясы басым сасық дəрігердің біз сияқты еңбекші кедейлерге қарамауға қайтіп арты шыдасын?! Көрермін əлі»,– деп астындағы көкшолағын бауырлата тартып-тартып жіберді... Далаға шығып сергіп, Əсекеңмен біраз əңгіме дүкен құрған қонақтар қайта кіріп төр алдына жайғасты. Бағлан еті былқып піскен екен. Дастарқан жайылып бата сұралды. Əсекең ұзақ бата жасады. Олар тамаққа бас қойғанда Тілеуберді: – Жаңағы сары жігіт жоқ қой?– деді айналасына қарап. – Кетіп қалды,– деді жүргізуші жігіт. – Кетсе кете берсін,– деді Мұрат оны жақтырмаған пішін байқатып.

– Ой, ол «айпауда жайпау» тамақ жесе болар еді. Бірақ, менің де қыртысым сүймейді сол сүмелекті,– деді Асқар қария қолындағы құлақты Асылға беріп жатып. – Неге?– деді Тілеуберді əкесіне. – Өткен жылы шөп шабыс мезгілі болатын. Шабындық жерді аралап келе жатсам, анадайда біреу шалқасынан түсіп жатыр екен. Таяп барсам, осы Мұқыштың шадыр көз Мүтəні удай мас. Мен онан: – Ей, балам, таң атпай мұның не? Мұндай жұмыстан не марқадам шығады десем, ол ыржалақтап: “Күн салқын, Сусын мол, Айпау да жайпау, Жеті күнде бес бау,”– деп артындағы бес-алты шөмеле шөпті көрсетіп қисаңдағаны. Тфу-тфу!– деп түңіліп, өз жолыма жүріп кеттім. Кейін басқалардан естісем, олар оны барып тұрған көк жалқаудың өзі, коммуналық түзімнің бекіткен еңбек номерін алдап-арбап алады, болмаса кедейлігіне сүйеніп зорлап алады. Нағыз кезіп жүретін кезбе, сондықтан да ел оны «азбан» деп ат бойын ала қашады,– деп əңгімесін ағытқанда отырғандар ду күлді. Тамақ желініп болғаннан кейін қонақтар жай əңгімеге ауысты. Ыдысаяқтан енді ғана қолы босаған Асыл Тілеубердіге күлімсірей қарап: – Тілеуберді аға, бағана сырнайыңызды мен толық ести алмадым. Тағы да тартып беріңізші?– деп өтінді ақша жүзі албырап. – Тартып бер, тарт,– деп Əлен мен Жамал да Асылдың талабына талдай иілді. Тілеуберді сырнайын қолына қайта алды да гулетіп-гулетіп жіберіп, əнші Сараны татарша жырға шақырып, өзі сырнайын құшырлана құлаштай бастады. Сараның сыбызғыдай сызылған əсем үні сырнайдың қоңыр толқынына тоғыса кетті. Тілеуберді сырнайдың сырлы тілдерін термелей басып, сол қолымен акорд беріп сайратты-ай келіп. Сахараның салқын түнін сырнайға қосылған қос дауыс жеңіл тербеп, əн əуені қалықтап ен далаға жайылып жатты.

Қол яулығым юарға, Зеңгір көллəр тапмадым. Башқаларда шын көңілім юоқ, Сині сүйем, аппағым. Бағыр кəйім хатлар язам, Сандуғаш қағынғанда. Отқа яқма, суға салма, Оқырсың сағынғанда,– деп Тілеуберді мен Сара қалықтатып барып тоқтатты жыр соңын қарлығаштай. Талайдан бері көңілі астан-кестен Тілеуберді дəл бүгінгідей сырнайын серпе тартып, көсіле жырға баспап еді. Бүгін құмарынан бір шыққандай жадырап, жайраңдап отыр. – Ендігі кезек менің Асылжаныма келген шығар?– деді Асқар атасы Асылға аялай қарап. – Айта ғой, балам, менің балам да əнші,– деп қостады Мұрат дəрігер. Асыл мең-зең бір қиялдан селк етіп сергігендей бойын түзеп, өзін тік ұстады да «Ағаларым» деген əнді шырқай жөнелді. Сара домбырамен демеп, үлкендер жағы қосыла кетті. Бұл қоңыр үнді əдемі əн бейне бір толқынды симфонияға көтерілгендей Ақтас адырларының үстінде қалықтады. Құшағы оттай ыстық сахарадай, Көңілі шалқып ұшқан шағаладай. Алдымнан көкем-ай деп шыға келер, Сіздерді сағындым ғой, ағаларым. Қайыспас қара нарым, Кең-байтақ далаларым. Көңілді еркелетер, Аман жүр, ағаларым. Таңертеңгі шəйді бəрі Мұрат дəрігердің үйінен ішкен соң, түске таяу алыстан келген Əлендер қайтып кетті де, Асан мен Айжамал тағы бірер күн аялдап қалды. Үшінші күні Асандар аттануға əзірленіп жатқанда, желқұм ер салып, шаптап тартқан шартық қарын торшолақ атты тебініп үлкен отрядтың тозыңқы бастығы жетті. Ол қысқа-қысқа аман-сəлемнен кейін Мұратқа: – Мүке, арба келе жатыр. Бүгіннен қалдырмай көшіріп кел депті бастық,– деп жағасы жайлауына кеткен қара шапанының екі өңірін сипалап жүріп, насыбай шақшасын зорға тапты да, ерніне толтыра салды. Емхана жанындағы кері ауыз үйге Мұраттың үй-мұқамалы шап-шақ орналасты. Айтмұхаммет арбакеш көшіріп апарған. Түс ауа Тілеуберді бастаған көшірісіп келгендерді Мұрат дəрігер шəйға отырғызды. Шəй ішіліп болғанда Тілеуберді:

– Мүкеңді құтты мекеніне көшіріп əкелгендігіміздің естелігі болсын, суретке түсейік,– деді Айтмұхамметке күлімдей қарап. – Болады түсейік,– деп алдымен жауап берген Асыл болды. – Жоқ, болмайды, мен түспеймін,– деп Айтмұхаммет азар да безер болып көнбеді. – Неге, Айтмұхаммет аға, естелік болады,– деп тағы зорлады Тілеуберді. Оның көңілінде ештемеде жоқ, Айтмұхамметке деген ыстық ықыласы, риясыз көңілі айқын еді. – Əй, Тілеуберді, баласың ғой. Мен бір қызық əңгіме айтып берейін сендерге, онан кейін өздерің де түсінерсіңдер,– деп күле жауап берді Айтмұхаммет. – Айтыңыз-айтыңыз қане?– деп бəрі жабыла қарады оның аузына. – Былтыр күзде қатты жауған ақ жаңбыр жарым ай толастамады ғой. Сол кезде арбама ауыр жүк тиеп ауданға кетіп бара жатсам, жолда бір арбаның дөңгелегі батпаққа батып, аттары тарта алмай арбакеші діңкелеп тұр екен. Айда, жолды босат!– деп жете бере айғай салдым. Əлгі арбакешке қарасам мұрыны сəңірейген, талпақ денелі шалдауыт адам екен. Менен көмек сұрады. Жандақ атымның біреуін шығарып арбасына қостым да, бишігімді шартылдатып шу дегенімде-ақ жұлқына сүйреген аттар арбаны солқ еткізіп жұлып əкетті. “Ал, бажаке, тарта бер” деп өз арбама бет алғанда əлгі адам артымнан қуып келіп: – Ау жігітім, қайсы ауылдан қыз алып едің, мені бажа дедің бе?– деді шын көңілімен. – Əй жазғаным-ай, екеуміз де құрттың ауылынан қыз алып, мұрыннан айырылған жайымызды байқамай тұрсың ба?!– дегенімде ол бетіме бажырая қарап: – Түсіндім, таптың, қарағым!– деп сақылдап келіп кеп күліп еді. Өздерің де көріп отырсыңдар ғой, жегі құрттың жемсауынан жұрнағы қалған мына мұрынмен суретке түссем сендердің сиықтарыңды бұзып жібермеймін бе?!– деп қарқылдай күлді. – Ағатай, оны айта көрмеңіз, жүріңіз,– деп ең алдымен Асыл Айтмұхамметтің қолынан тартып далаға шығарды. * Қыркүйек айының орта шенінде, Тілеуберді жаңа салған үйіне əкесі Асқарды көшіріп кіргізді. Əсекең жаңа үйдің тілеуін жасап, ақ сарбасын айтып қой сойып, көңіл жетер туыс-туғандарын шақырып бата сұрады. Осы тілеуге келген Құрман директор: – Тілеуберді, қарағым, сені коммуналық орта мектеп оқытушылыққа ұсыныс етті,– деп бір жапырақ ұқтыруды қолына ұстатты. Тілеу шəйдің үстіндегі мұндай қуанышты хабар Тілеубердіні де, оның туыс-туғандарын да түгел желпіндіріп тастады... «Алға» коммунасын аймақтан келетін күре жол батыстан шығысқа қарай ортасынан қақ жарып өтеді. Оның үстіне ауданға баратын үлкен жол да осы жерден оңтүстікке бұрылады. Бұл жерде жуық жылдардан бері шойын, цемент, кендір заводтары арт-артынан бой көтеріп, қарақошқыл түтінін будақтатып, азан-қазан гудок үнімен ұйқыдағы даланы оята бастаған. «Алғаның» түстік күнгей жағы құрғақ, шағылды болғанымен күреңсе мен жусаны желкілдеп, алма-өрігі мəуелеген құнарлы қыстау. Ал солтүстік жағы қайың-талы қалың, қарақат пен таңқурайы самсап тұратын орқаш-орқаш қарағайлы ұлы тау. Осы таудың сиырдың бүйрегіндей бұж-бұж қатпарлы баурайында, көктем кезінде шашылған меруерттей ақбоз үйлер бір мезгіл отырады да, маусымның аяғында жылыстап, қарағайлы биік жалдан ары асып, шыбынсыз Ақ өзен қойнауына, Адуынгер жайлауына көшіп кетеді. Мөлдір бұлақ болып Ұлытаудан басталатын арналы асау өзен қалашықты орай ағып, Ілеге барып құяды. «Алғаның» алды-артындағы екі тау екі дүние іспетті. Бір күннің ішінде біреуінің басында ақша бұлттар қалықтап, аспан əлемі мөлдіреп тұрса; енді бірінің төбесін қар-мұз құрсаулап, айдарынан құс асырмай қабағын қарс түйіп, түнеріп тұрады. Осы коммунаның орта мектебі өзеннің бір мүйісіне, қалашықтан шеткерірек ірге тепкен. Тілеуберді əкесіне қолқанат болуға туыстарының бір қыз баласын əкеліп беріп, шақырған бірінші орта мектепке айтулы күні кешікпей келді. Келе сала өз кəсібі физика мен музыка сабағын жедел өз міндетіне алды. Жасынан ғылым құмар Тілеуберді мектепке келісімен-ақ басқаларды білімдігімен баурай жөнелді. Мектептің лабораториясын өзі меңгеріп, ойын-сауық үйірмесін өз қолымен құрды. Ол оқушыларға физика сабағын тыңғылықты өтіп, оны əмали тəжірибемен ұштастырды. Бір рет лабораторияда химиялық қопарылыстан оқушыларды қорғап өзі жарақат алды. Осы еңбегі үшін өлке бойынша қаһармандар қатарында сыйлануға жолданды.

  • * Əттең, қармақ қапқан шортандай тулаған сұм дүние-ай деші! Тілеуберді мектепке келгелі де екі жыл аунап өте шықты. 1964 жылдың шілдесі болатын. Аудан бойынша орақ басталып, жұрт түгел соған жұмылған күн жексенбі еді. Кластың отызға жуық оқушысын Тілеуберді өзі бастап ораққа алып шықты. Міне, білегін сыбанып тастап, қаз мойынды ақ орақ пен бітік өскен бидайды құшақ-құшақ қармап, дестелеп бара жатқан Тілеуберді талып кеткен белін бір көтеріп, маңдай терін алақанымен сыпырып артына қарап еді, əудем жерде келе жатқан екі салт атты адамға көзі түсті. Олардың ерінің алдыңғы қасына іле салған сары сөмкелері тынымсыз бұлғақтап келеді. Өздерінше реттік киінген екі жігіт жақындап келіп тізгіндерін тартты да, Тілеубердіні бір шетке шақырды. Оқушылардың ішінде жүрген өндіріс отрядының бастығы келгендермен жалбырақтай амандасты. Тілеуберді оларға сəлем беріп, қолын ұсынып еді əлгілер алмады. Тілеуберді едəуір қысылып қалды. «Апыр-ай, ə, бұл немелер неткен астамсып кеткен пенделер, несіне шытыраяды?!» деп жауаптаса кетейін деп бір оқталды да, қой «əліптің артын бағайын» деп өзін зорға тежеді. Келген екеуі аттан түсіп орылған бая шетіне отырды. – Атыңыз кім?– деді қолына естелік дəптері мен қаламын алған тапал сары жігіт шекірейе қарап. – Тілеуберді. – Біз «Алғаға» ауданнан түскен социалистік тəрбие жүргізу қызмет группасының кадрларымыз. Бұл қимыл – орталық төтелей ұстап отырған төтенше маңызды саяси əрекет. Бұл қызмет осы жердегі барлық органдарды, үлкенді-кішілі отрядтарды, егіншілік алаңдар мен мал шаруашылық фермаларын жаппай шарпиды. Социалистік тəрбие барысында «төртті анықтау» жүргізіледі. Яғни, саясатты, экономиканы, идеяны, ұйымды анықтау деп аталады,– деп сыздана сөйледі еңгезердей божбан қара. Тілеуберді олардың сөзін үнсіз тыңдады. Алдындағы от орнындай жердегі орылған бидай баясын жұлып, темекісін сорғыштап, қара топыраққа қағып отыра берді. – Сонда сіз бұл мектепке қашан келдіңіз?– деп тағы да сөзін жалғады қара жігіт. – 1962 жылы күзде. – Қайдан, қалай келіп қалдың?– деп тақауырылдады ол. Тілеуберді кешірмесін өте қысқа, нақтап-нақтап түсіндірді. – Онда қызмет таныстырыңыз, төлқұжат жөткеу рəсмяттарыңыз қайда? – Мен түбегейлі жөткеліп келген адам емеспін, тек əкемнің жалғыздығына бола, жай бір парша қағазбен келгенмін. – Ім, ім,– деп божбан қара гүжілдеген дауысын мұрынынан шығарып, Тілеубердіге түйіле қарады. – Егер орынды қызмет бола қалса өз туған жерімде қалу ойымда бар,– деп арғы мақсатының астарын да жылт еткізді Тілеуберді оларға. – Орынды қызмет! Е, е,– деп мырс етті божбан қара тағы да. Бұл сəтте оның өңі қарауытып, сұрланып бара жатқандай болды. – Тілеуберді!– деп сыздана сөйледі іле шала, – сіз жайдақ сөз, жасанды жауап беріп отырсыз. Осыдан мың шақырым шалғайдағы іргелі ел ары қарай үдіре ауғанда, сенің бері қарай, яғни тыптыныш жатқан мына елдің ішіне келгенің ғажаптанарлық іс қой. Ойыңның астарын ашық айт!– деп шап ете қалды естелік алып отырған тапал сары. – Мен шындығымды айттым!– деді Тілеуберді де тіктесе кетіп, – жалғызілік тартқан қарт əкеме бола келдім. Оның бер жағында, өз елім, өз жеріме келдім,– деді кесете сөйлеп. – Жоқ, жоқ! Сен сияқты үлкен оқымысты адам кəрі қойдың жасындай ғұмыр қалған бір шал үшін мұнда келмейді. Адалдықпен ойлан!– деп божбан қара қарысқандай тістене сөйледі. – Апыр-ау, мен оқығандығымнан, ата-ана қадірін білгендігімнен əкеме бола келдім деп отырмын ғой. Бұл кім де болса түсінетін сөз. Ата-бабамның басы осы топырақта жатқан жоқ па?!. Егер осыны ойламасам...– деп көмейіне тірелген сөзді жұтып алды Тілеуберді. – Айтыңыз. Айта беріңіз! Сіз қарсыласа бастадыңыз ғой əуелі. Егер олай ойламасаңыз қайтер едіңіз?– деді олар бір-біріне ұрлана қарап қойып. Тілеуберді келгендердің сөз төркіні қалайдан қалай бет алып бара жатқанын тез аңғарды. Қайткенмен бір тықыр таяп қалғанын сезе қойды іштей. «Əй пендешілік-ай, ақиқатты бұрмалап, бірінбірі орға итермесе күн көре алмай ма осылар?!» деп бойын ыза кернеп, шеке тамырлары білеулене қалды. – Мен айтарымды айттым, басқа айтарым жоқ,– деп сөзін шорт кесті Тілеуберді. Ораған темекісін тұтатып отырып, – енді мұндай қыл тұзақтарыңа түсе алмаймын! – Асықпа, жігітім, позиция мəселесі бірінші мəселе. Егер

социалистік тəрбие кадрларына, кезектегі өзекті əрекетке дəл осындай қарсы позицияда болсаңыз бар ғой, қыл тұзақ емес, темір тұзаққа да ілінесіз əлі,– деп тапал сары етегін қағып орнынан тұрды. – Анықтап көріңіздер, мен əділетке ғана сенемін!– деп Тілеуберді ұзап кеткен оқушыларға қарай жүріп бара жатып, – бұл неткен қорлық өмір еді!– деп уһілеп жіберді. * Атыз басынан қайтқан əлгі екеуі жол-жөнекей Тілеубердіге құратын қыл-тұзақтың көзін түйіндеп келеді... – Əй, мынауың оңай жау емес, мың дегенмен өлкеден оқыған, орысша білетін зиялы емес пе. Өзі сөзге де жүріп тұр екен. Егер көңілінде көмеші болмаса «оңшылдыққа бейім» деген салмақты сөз архивіне жазылар ма еді. Қалайда, бұл талай жымнан өзін жасырып өткен алаяқ. Өйтпегенде, келе сала басшылардың басын айналдырып, мектепке орналаса ма, қазір анау Советтер Одағындағы түзетімпаз кертартпалар ашықтан-ашық құтырып жатқанда солардың міндетін алып, ортамызға сіңіп келіп отырмағанына кім кепіл?! – Рас айтасыз,– деп тапал сары божбан қараның сөзін қостай жөнелді. Ол құйымшағы шыққан күрең атты тебініп-тебініп қойып, – бұны бар ғой, Табысбек, алғашқы қимылдың беташары ретінде жұлып шығару керек майданға. Төртте анықсыз екендігі айдан ашық көрініп тұрған жоқ па, қалғанын тағы да ішкерілей тексере береміз,– деді соңғы арам ойларын түйіндеп. Арада айға жуық уақыт өткенде, «төртте анықсыз» деген алғашқы айдар тағылған Тілеуберді мектептен айдалып, бұрынғы Белтоған отрядына еңбекпен шынығып, идея өзгертуге жіберілді. Тілеуберді мектептен аттанарда қарт əкесіне дəрі-дəрмек алу үшін Мұратқа барып жолықты. Жан қысылғанда жақынын табады дегендей, өзі туралы төніп келе жатқан қауіп оңай емес екенін аңғарлы азамат ерте сезінді. – Жазған құлда шаршау жоқ,– деді ол Мұратқа шағынып, – «қайда барсам да Қорқыттың көрі» болды. Туған жер, өскен елім деп алыстан аңсап келіп едім. Мұнда да сый табағым алдымнан шықты,– деді аққұба өңі қуқылданып, үні дірілдеп. – Естідім,– деді Мұрат Тілеубердіге алдынан дəрі алып беріп жатып, – мұның өзі – шекарадағы дүрбелең оқиғасы тұсындағы соқыр мысықтың өлі тышқанға кезіккендей күлкілі іс болып отыр. Қайтесің қарағым, шыда. Ауыр жүкті нар көтереді, ауыр қайғыны ер көтереді емес пе. Денсаулығыңды қорғап істей бер. Екі қолға бір еңбек, жассың ғой əлі. Қара бұлт та сейіліп, аспан да ашылар!– деп жан-жағына үрке қарап, аузын Тілеубердінің құлағына тақап, – естідің бе, кеше кеште коммунаның қарт секретары Жаң да «қиянатшы» деген зорлықты мойындатуға ары шыдамай, өзінеөзі қол салып өліп қалыпты!– деді сыбырлап. Тілеубердінің тағы «жаман атты» болып өз жанына қайта оралғанына Асқар қария қатты қамығып, түнеріп отырып қалды. Артынан екі шекесін уқалап, басын көтеріп: – Жасыма, балам, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Қамыққан өзіңе зиян. Сендей оқыған азаматтың алдында көретін күдірі көп болады тегінде. Бірақ «Аққа құдай жақ» деген сөз бар. Біреудің ала жібін аттаған жерің жоқ. Күн жаманы кетеді, жел жаманы өтеді,– деп қайрат берді баласына. Тілеуберді сол күннен бастап тап жауларымен бірге маталып, ауыр еңбекке жегілді. Адуын азамат қандай еңбек болса да ығып қалған жоқ. Бірақ, қай-қайдағы ойда жоқ пəле аяқ астынан оның жағасына жабыса қалады. Ол енді күнделікті күрес объектісіне айналып, найзаның ұшына ілінді. Бір күні еңбектен кеш қайтқан Тілеуберді есік алдына жете бере иығындағы кетпенін лақтырып жіберді. Аяғына киген брезент шоқайға жабысқан батпақ зіл болып тұр. Оның жанына еңбектен бұрын қылжақ-қажау, қаңқу сөздер қатты батып барады. Көкірегі сезімді, саналы азамат арлы басына соншама пəленің үйіріле бергеніне өзі де өртеніп барады. «Қайран кешегі салтанатты күндерім-ай!» деп сары сабанның үстіндегі ала сырмаққа жамбастай кетіп бір сəт қиялға шомды. Үрімшінің көрікті көшелері, думанды мектеп ауласы, сыңғырлай күлген кластас қыздары, көңілді кештері, тату-тəтті достары көз алдынан бір-бір елестеп өтіп жатты. Ол кездегі өзінің көркі қандай, жігітің қайсы десе, мынау дегендей, көгілдір костюм-шалбарын қырлап киіп, қызыл жолақты галстугін тағып, сырнайын мойнына асып, Үрімші мен Шəуешектің бақшаларында өткен сайранды сағым күндері-ай! Тілеубердінің көкірегін жалын кернеп көзіне ыстық жас үйірілді. Оның құлағына «бұзық элемент!» деген сөз түрпідей тиетін. Элемент – химиялық атау болғанымен, қазір саяси түс алып, үкіметке қарсы деген адамдарды осылай атайтын ауру үдеп барады. Тілеуберді өзімен бірге істейтін Серікбай деген «бұзық эле-

ментке» жаны ашитын. Ол жасы жетпіске таяп қалған, үшкір иек, қалқан құлақ, селдір сақалды, арық адам еді. Өзі кем сөзді болғанымен, ойы ұшқыр, сөзі кесек адам екен. Ол бір күні Тілеубердіден: – Ей Тілеуберді, оңшылдыққа бейім боларлық сенің ойыңда тегі нендей мəселе бар еді? Түзетімпаз болғандағы шыныңды маған айтшы бір,– деп көңіліндегі бар сырын ақтарып сұраған. Сонда Тілеуберді: – Əй, қария-ай, сұрауыңыз тым ауыр болса да мен шынымды айтайын, оңшылдыққа бейімділігім зор секіру басталған жылдарда артық көпірмешілікке көңілсіз болғандығымнан бірер ауыз қағытпа сөз айтқаным рас. Қазір де сол көзқарастамын. Бірақ, сіз мұны басқаларға айта көрмеңіз. Ал «түзетімпаз» дегені менің ойым тұрмақ, түсіме де кірмеген іс. Оның түп төркіні – социализм идеясына қарсы дегенді білдіретіндігін кім білмейді?!– деп тоқтады. – Е, е, ей, қарағым-ай, сен де маған тамырлас пікірде болған екенсің-ау. Қайта құдай қағып «бұзық элемент» деген тас қалпақтан аман қалыпсың. Мен бар ғой, қарағым, сол зор секіру кезінде екі-ақ ауыз сөзден сүріндім! — деп ар жағын айтқысы келмей бөгеліп қалды. – Сонда не айтып едіңіз, қария? Маған сеніңіз,– деп Тілеуберді жапақтап отырған шалдың жан сырын өзіне тартты. Ол айналасына бажайлап бір қарап алып, – анау бір жол қысты күні тау арасында түлкі құрсақ болып жүріп, ауыр еңбекке жегілдік. Еңбекке қарап номер жазып, номерге қарап азық таратады. «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деген рас екен. Əлгі номер жазатын адаммен бір күні ерегесіп қалдым. Менің желкеленіп, жəбір көріп жүргенімді білетін ол мені ə дегенде-ақ жуан жұдырығымен періп қалды. Күнəсіз таяқ жегеніме қартамыс жаным төзбеді. Ашынған тілді болады деген емес пе, тілімді тартпадым. – Неге ұрасың мені, не күнəм бар еді, мына компартия дəуірінде адам ұруға жол қойылмайды десем, əлгі əкіреңдеп тағы желкеледі мені. Мен сонда оған бетпе-бет: «Гоминдаң адам ұратын, қапта тары тұратын. Компартия адам ұрмайды, қапта тары тұрмайды, өлсе де мойын бұрмайды!» деп бір-ақ тарттым. Менің айтпақшы болғаным əлгі белсенді сотанақ компартия мүшесі болатын. Соған кектендім. Ал, бір жағынан елді жайлаған ашаршылық бар адамның жанына батып жүргені айтпаса да белгілі жайт еді. Ол кезде бəрінің іші тұман болса да сыртына шығара алмайды. Ал, мен ішімдегіні бір-ақ ақтардым. Ой-санам кеңіп қалғандай болды. Əлгі сұмпайы бұл сөзімді жоғарыға сол күні жеткізіпті. Бұл – бір. Тағы бір жолы қақаған қыста тауда жатып руда қаздық. Бір жарым ай дегенде кір-қоңымызды жуып келуге екі күн мəулет алып, ит жеккеннен қайтқандай жалба-жұлба болып ауылға жаяу келдік. Сағынған ұсақ балалар аталап алдымыздан ұшты. Сонда маған қарай жүгіріп келе жатқан бір кішкене немеремнің аяғын тоң қағып қалып, сонадай жерге ұшып түсті. Жанымдағылар: – Ой жүгірсеңші, алсаңшы баланы,– деді безектеп. Мен сонда: – Шуламаңдар, ей, бөрінің артынша, қазір бақырған баладан, бақырдай тас артық болып тұрмай ма?!– деп аяңдап келіп баланы көтеріп алдым. Осы сөзім де дөкейлердің құлағына сол күні түнде жетіпті. Сазайымды тарттырып, тас қалпақты басыма үйіріп жүрген осы екі-ақ ауыз сөз!– деп тоқтатты сөзін Серікбай қария. – Ой обал-ай! Əбден сорлатқан екен сізді,– деп жанашырлық білдірді Тілеуберді. Сонда Серікбай тағы да, – сорлап жүрген жалғыз мен дейсің бе, қарағым, анау да сорлы!– деп газет қағазына темекі орап, оларға күлімсіреп қарап отырған Ұябайды көрсетті. Тілеуберді де Ұябайға жалт қарап: – Ағай-ау, жылағанды сұрама өлгені бар шығар, күлгенді сұра көргені бар шығар дегендей, сіздің мына күлуіңізде де бір сыр бар ғой деймін?– деді оны сөзге тартып. – Əй, інішек-ай, айта берсек əңгіме көп. Бірақ «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» дегенді ертерек ескермеген екенбіз ғой. Жаңағы Серікбай ақсақалдың айтқаны рас. Зор секіру басталысымен ашаршылық қоса келді. Өзім де белсенді коммунистің бірі едім. Бір күні қолбасшылық штаб тоған қазушылардан, жол жасаушылардан, мыстағы руда тас қазушылардан саралап бірталай адамдарды шақыртып, шұғыл жиын ашты. Қапалақтап қар жауып, қызыл үскірік жүріп тұрған. Жаяулап жүріп əрең жеттік қолбасшылық штабқа. Штаб бастығы құтырған сиырдай қотиын біреу екен. Үстелді төпештеп, айқұлақтанып тұрып бізге міндет бөлді. Артынан ақтарыла қалып, қонағасы əзірлетіп, жас сорпамен қуырдақтың астына алды. Суық күнде шегіміз шұрылдап, тырнағымыздың көбесін жалап жүрген біздерге мынау бір табылмас орай еді. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» емес пе, алдымыздағы асты қомағайлана сыпырып асап отырғанда əлгі штаб бастығы тілмəшті қасына алып, «Жолдастар! – деп бастады сөзін. Тыныштала қалдық. – Біз жапалы істеп жатырмыз. Барлығымыз коммунистерміз. Ауыр қиыншылық кезі болғандықтан қой мен сиырдың еті табылмай қонақасыларыңызға семіз торай етін

жедіңіздер. Бұдан кейінгі жұмысты жақсы істеулеріңізді талап етем»,– дегені антұрғанның. Сол-ақ екен, зырқ етіп жүрегім аузыма тығылды. Біреулер кекіріп, біреулеріміз өкіріп далаға жүгірдік, құстық-ау келіп. Мен ішімдегімді қотарып тастап, асханаға кірсем, əлгі бастығым мұртынан күліп, масайрап отыр екен. Қытайша шала-шарпы білетін доғал тіліммен шап ете түстім түп етектен. – Ей, бəтшағар, сені де коммунист деуге бола ма?! Компартияның ұлттық, діни саясатын не үшін құрмет етпейсің. Бізді сайқымазақ етуге қандай құқың бар? Егер де шамам жетсе сен сияқты көр соқыр коммунистерді түгелдей бауыздап тастап, компартияның адал құшағынан аластайтын едім!– деп құлақ шекесінен періп жібердім. Бар болғаны осы, қол-аяғым байланды да, абақтыға айдалдым. «Қуырдақтың əкесін түйе сойғанда көресің» дегендей көргілікті ендігі тергеу үстінде көрдім. Маған тағылған айыптың түсі өзгеріп, құбылып шыға келді. «Коммунистердің көзін жоямын» деген, «Қытай ұлтын ашықтан ашық тілдеген» деген пəле шекеме шегеленді. Қасарысып көрдім, шара болмады. Ең соңында компартиядан қуылып, ұлтшыл элемент!– деген ажырғыны мойныма іле салды. Тілеуберді үнсіз отырып тыңдап алды да: – Осы күнде пəле деген шаштан да көбейді ғой. Бəріне шыдап, көнбей амал жоқ. Түбінде шындық бір сараланып шығар, оған менің көзім жетеді,– деп тоқтады темекісін құшырлана бір сорып. * Тілеубердінің тағдыры қым-қуыт саяси ауқымның сапырылысында қақпақылдай қағылып, суға кеткен томардай соғылып, жастық, азаматтық өмірінің аяулы күндері рухани жүк арқалап өтіп жатты. «Бағың асқан шағыңда тобыр қоссаң бəйге алар, бағың қайтқан шағыңда сəйгүлігің құр қалар» дегендей бəріне де төзді ол. Тілеуберді таңғы тəтті ұйқысынан баяғы шадыр көз Мүтəннің жарықшақтанған даусынан оянды. Мүтəн бұл күндері «төртті анықтаудың» табаны жалтырап алған төл белсендісі болатын. Ол зілдене: – Ей, Тілеуберді, сен қазір жайлауға жүресің! Мінетін ат жоқ, мына жауыр қара өгізді жайлауға апарып тастап, сол жердегі малшаруашылық фермасынан шөп таситын алты-жеті өгіз əкелесің!– деді бір шумақ кендір арқанды ат үстінен лақтырып беріп... Тілеуберді Көксай жайлауына азып барып, тозып қайтты. Айдаған алты өгіздің екеуі семіздіктен шайлап, аузынан ақ көбік бұрқылдап зорға келеді. Ал ана төртеуі оқырадан өлермендене қашып əбден мазасын алды. Ол түс қия жалғыз долана кезеңінен еңкейді. Осы кезең жайлаумен ойдың ортасындағы ең биік қырдай жал болатын. Арттағы саялы салқын қыраттарда ақбоз үйлер алыстап барады. Алдыңғы жағындағы «Ой» деп аталатын ойпаң кең аңғар текеметтің түріндей түрленген шақпақ-шақпақ атыздармен бұлдырайды. Тілеуберді өгіздермен арпалысып жүріп, тілі аузына сыймай əбден қаталап кетті. Ол өгіздерді жолдан бұрыстау тұмсыққа қайырмақтап, жуан долананың түбіне байламақ болды. Сол сəтте бір қызыл өгіз аяғын серпіп қалып, құйрығын тік көтерді де Сулысайға қарай періп ұрып жөнелді. «Қап, жау алғыр-ай!» деп Тілеуберді сырт киімін сыпыра салып, өгіздің соңынан жан ұшыра жүгірді. Ақыры ол Сулысайдың құзар табанындағы қамысты бастаудан қызыл өгізді зорға тапты. Өзі де бұлақ суынан қанып ішіп беті-қолын жуды. Уылжыған қышқыл қарақаттан уыстап жеп өзегін жалғады. «Əй, ит өмір-ай!– деп ойлады ол, – енді көрсетпегенің осы ма еді?! Қашанға дейін желкелер екенсің!» деп күйіп-пісіп келеді. Көптен кейін ол өгізді жетелеп кезеңге қайта шыққанда, байлаулы өгіздердің қасында Асыл отыр екен. Қайың қасты ер-тоқымға кестелі ши барқыт ат көрпесі құп жарасқан торы ат шұлғып тұр. Жапырылған балауса жапырақ үстіне бір торсық қымыз бен қоржынын қойып қойыпты. Құлағына тау қызғалдағынан бір талын қыстырып, бір уыс қалампыр гүлін иіскеп отыр Асыл. Ол енді ғана Тілеубердіні көре салып, орнынан ұшып тұрды. – Амансыз ба, Тілеш аға,– деді аққұба жүзіне қызыл қан тепшіп. Тілеубердіде тіл жоқ. – Танымай тұрсыз ба, Тілеш аға,– деп Тілеубердіге таяи берді. Тілеуберді кірлеп кеткен жидесінің ашық қалған жағасын жиыстырып, жырым-жырым болып кеткен балағы мен резеңке етігінің қонышына аз-кем қарап тұрып қалды. Сонаң соң өгізді байлап, артына бұрылып, булыға: – Аман-сау жүрсің бе, Асылжан, ағаңның ахуалы жақсы ма?– деп бұлақтан теріп алған бір уыс қарақатын оған ұсынды. Асыл қарақатты қолына алып, бір-екі талын аузына салды. Онан кейін қоржынының қасына келіп: – Отырыңыз, əбден түтігіп кетіпсіз ғой,– деп бота өркеш қызыл

торсықты шайқап-шайқап жіберіп, темір тостағанға толтыра қымыз құйып Тілеубердіге ұсынды. Қарыны əбден ашқан, əрі шөлден тілі кепкен Тілеуберді жайлаудың салқын сары қымызын сүйсіне жұтты. Ішкен сайын сарайы ашылып, шекесінен суық тер бұрқ ете түсті. Үшінші тостағанды жерге қойып, көкірегін босата ұзақ кекірген Тілеуберді зорға тілге келді. – Асыл-ау, қайдан келе жатырсың?– деді оның албыраған жүзіне жасқана қарап. – Сізге сусын берейін деп көктен түсе қалдым,– деп сықылықтай күлді Асыл. – Жарайды, жарайды шырағым! Мен сөзімді көлегейлеп келе қалған пері ме, періште ме деп сасқалақтап қалдым əуелі,– деп Тілеуберді де өзін еркін ұстап жайдарлана күлді. – Шошымаңыз,– деп Асыл аялы көзін төңкере қарап, өзінің жайын айтты. Коммуналық емханаға медбике болып орналасқанмын. Жайлаудағы малшыларға дəрі-дəрмек таратып шығып едім. Содан бүгін таңертең қайтайын деп əзірленіп жатқанымда, өгіз айдап өтіп бара жатқан сізді көріп қалдым, сонан кешігіріңкіреп аттандым. Осы араға келгенде қарасам өгіздеріңіз байлаулы тұр, қасында шапаныңыз жатыр. Сонымен аттан түсіп сізді күтіп отырғаным осы,– деді сызыла сөйлеп. – Мына қарасан! Оқыралап құзға түсіп кетіп, соны əрең тауып оралғаным,– деп тартқан жапасының шетін шығарды Тілеуберді. Асыл енді кестелі орамалын жайып, оған құрт-ірімшік пен бал бауырсағын төгіп: – Алыңыз қымыз ішіп, құрт жеңіз,– деп əппақ сүйрік саусағымен жердегі тостағанды алып Тілеубердінің қолына ұстатты. – Мүкеңнің ахуалы жақсы ма?– деді Тілеуберді басқа сөздің қисынын таппай қайтадан. – Жақсы, Асқар атам жақсы ма? Денсаулығы қалай,– деп өзіне қарсы сұрақ қойды Асыл. Тілеуберді Асылдың жез киіктей қунақы дене бітіміне қарап отырып, «Бойжетіп қалыпты, қыз дегенің шайтан-ау!» деп бір ойлады. Асылдың толысқан тұлғасы, мөлдіреген қарақат көзі, шеке тұсы бұйралаңған сұмбыл шашы өзі кинолардан көп көрген, кітаптардан қызыға үңілген арулардан бірді-бір кем емес. Қайта олардан да көш ілгері тұрғандай көрінді. Ол қынай белін жарқырауық қара белдікпен буып, ұзын ақ көйлекті əдемі киіпті. Мойнына екі қатар меруерт алқа асып, құлағына жапырақша күміс сырға тағыпты. Осынау қыз келбеті жабырқап, жасып жүрген Тілеубердінің көңілін көктем самалындай бір сергітіп жіберді. Екеуінің барар бағыты бір еді. Астына кендір қап салып Тілеуберді қара өгізге мініп, Асыл бұра тартқан өгіздерді тықсыра айдап, екеуі еңіске қарай еңкейе берді. – Ағай, бұрынғы қызмет орныңыздан хат-хабар бар ма?– деп сұрады Асыл Тілеубердіден жол-жөнекей. – Жоқ, шырағым. Мен хабарласпадым. – Ізденіп көрсеңіз болмай ма? – Əй, қарағым-ай, қазір қайда барсаң да Қорқыттың көрі болып тұрмай ма. Ол жерде де осындай социалистік тəрбие жүргізіліп, төртті анықтап жатқан шығар,– деп одан ары озбады Тілеуберді. – Енді осылай жүре бересіз бе? – Амал қанша, əліптің артын бағып жүргеннен басқа не шара бар дейсің... Асыл бұдан былай көп жерге дейін өгіздерді қайырмақтап, үнсіз аяңдай берді. – Ал, Асылжан, қош бол!– деді Сары дөңнің астына келгенде Тілеуберді қара өгіздің бұйдасын тартып. – Сіз қайда барасыз? Ауылыңыз алдыңғы жақта емес пе?– деп аңтарыла қалды Асыл. – Мен Қаройдағы пішендікке барамын, уағында бармасам жон терімді сыпырады ғой!– деп Тілеуберді езу тартты. Асылдың өңі қуарып, Тілеубердіге жаны ашып кетті. «Расында, басына бір пəле ілінген екен-ау!» деп ішінен қатты өкінді. Сол кезде Тілеуберді Асылдың қолының сыртынан сүйіп, қимастықпен қоштасты. Мұратқа дұғай-дұғай сəлем айтты. – Ал, аман болыңыз, аға,– деп жүріп кетті Асыл атына қамшы басып. Ол өксіп барады. Бұл шақта айнала түн құшағына еніп мүлгіп бара жатқан...

Қараңғы түнде тау қалқып, Ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт, дел-сал ғып, Түн басады салбырап,– деп Тілеуберді ыңылдап өгізін айдап, жүрегін қарыған қасірет шоғына көміле берді. Бұл өңірде қазанның аяғында-ақ қар жауып, қарақурайлардың жапырағы түсіп, ағаштар сояулана бастайды. Үлкен жайлаудан

қотарыла түскен қалың мал күзектегі жусанды жұлмалап, баяларды тақырлап болған соң, енді жиып қойған жал-жал мая шөптерге ауыз салады. Сиыр біткен тұмсығын көтеріп, үйір-үйір жылқылар ширығып жүрген ызғарлы күздің соңғы бір күнінде Тілеубердіге Қаройдағы аумақты, он екі мая шөпті морлау міндеті тапсырылды. Жоқ деуге амалсыз Тілеуберді білегін сыбанып тастап, тереңдігі бір жарым метрлік кең орды арпалысып қаза бастады. Анталаған аш мал оған күндіз-түні тыным бермейді. Сиырлар келіп шөпті мүйіздеп, өкіріп-бақырып жүр. Бір жағынан қар аралас күздің толассыз жаңбыры ес-ақылды шығарып барады. Лайсаң жер қойыртпақ болып иленіп алды. Міндет ауыр, оның үстіне қыр желкесіне мініп алғандар зіркілдеп тұрғаны анау. «Өзіңді хар қылғанша, күшіңді хар қыл» деген сөзді естігені бар еді. Сол себепті міндетті уағында бітірейін деп арып таласты-ай кеп ақ боранда. Анау жылы лабораторияда күйіп қалған сол қолының алақаны ойылып, бір қабат терісі сыпырылып қалды. Ойылған алақанын бет орамалымен таңып алып еді, саусақтарының арасынан тамшылап аққан қан күректің сабын бояп жіберді. – Əй, сорлы басым-ай!– деп жаны күйіп кетті оның. Бір дем тыныстамақшы болып екі мая шөптің ортасындағы ықтасынға отыра кетті. Сəлден кейін тартып жүрген жазықсыз жазасына ақылы жетпей жантая кетті. Шаршағаны сонша, денесі қорғасындай ауырлап, бүкіл өне бойын жер тартып барады. Жұмсақ шөпке басын сүйеп біраз жатып еді, көзі ілініп кетті. Түс көрді... Көркем Шəуешек қаласының Халық бақшасында жүр екен, қасында бұйра шашты, ақ сары жүзді сабақтасы Мəрзия жарқылдап сөйлеп келеді. Сəлден соң Мəрзия əлденелерді айтып жылайды. Тілеуберді оны құшағына қысып уатып жатыр... Енді бір сəтте қотарыла көшкен аттылы-жаяу ел, олар көз ұшынан шоқ-шоқ болып көрінген қалың қара ағашты бақты өткеліне қарай шуап барады. Тілеуберді жалма-жан Мəрзияның қолынан ұстай алады. Адырайған біреу келіп қызды қасқырдай ала жөнеледі. Мəрзия жылап барады. Тілеуберді оның артынан қолын созған бойы ышқына айғайлап тұр... – Тілеуберді, ей, Тілеуберді! – деген ащы дауыс оны төбесінен жай түскендей шошытып оятты. Екі көзін уқалап ұшып тұрғанда, қос жанарынан жас сорғалап, қоңырқай бетін жуып кеткен екен. – Мен мұндамын,– деді ол үсті-басына жабысқан құрғақ шөпті қағып жатып. – Ей, бұзық! Сен коллективті қиратуға құштарсың ғой ə, маядағы шөпті мал таптап жатса, басыңды қуысқа тығып алып, бырдай болып ұйықтап жатқаның қалай?!– деп шадыркөз Мүтəн тебініп жетіп келді қасына. Тілеуберді шеткі мая жаққа қарап еді, азынаған желді боранда желіккендей бес-алты сиыр шөпті мүйіздеп жатыр екен. “Қап, қарасандар-ай! Тышқаққа қас қылғандай қайдан жетіп қалды?” деп жүгіріп барып, сиырларды айдап жіберді де: – Көріп тұрсың ғой, Мүтəн, боран шығып қатты жаурап кеттім, содан алақанымды таңып,– дей беріп еді, Мүтəн сөз аяғын тоспады: – Сенің осы жалқаулығың «бес жақтан жақсы» үлгілі қыстақ құруымызға көпе-көрнеу кесірін тигізіп отыр. Жарым айлық міндеттің жиырма күнде үштен екісін де орындамадың. Миыңды кеулеген буржуазиялық құрт сені кері кетіріп барады. Өткенде өгіз əкелуге жайлауға жібергенде жолда бір перизатты тауып алып, қандай масайрадың, ə?– деп аттан түсе қалды өңін суыққа салып. «Мына иттің қызғанышы қозып, іші удай ашып жүр екен ғой, шоқ-шоқ, десе де пəлелі к... бармағыңды тықсаң, тырнағың ішінде қалады, деуші еді ғой. Мынау маған қарадай соқтығып, бір пəлені қоздатқалы тұр екен» деп ойлаған ол күрегіне қарай жүріп еді: – Ей, тоқта!– деп бұйыра тіл қатты Мүтəн көзін шадырайтып. Сонан ол Тілеубердіге таяп келіп ықтасын маяға арқасын сүйеп отыра кетті. Лезде маймөңкелей қалған ол Тілеубердіге темекі ұсынып, – Байқап тарт, шөпке іліндіріп алма,– деп ақылмансыды да, – Сонда жол жөнекей Асылды қалай тауып ала қойдың, айтшы маған кəне?– деп шадыр көзін сығырайта қарады. Тілеуберді болған жайды бұлжытпай түгел айтты. – Жайлауда сен кімдікіне қонып едің? – Рүстемнің үйіне. – Ал Асыл қайда қоныпты? – Оны сұрағам жоқ. – Ой жарылып кет, кеште кезігіп, ертесі бірге қайтуды уағдаласып қойғанмын десеңші одан да,– деп темекісін обырлана сорып-сорып жіберді Мүтəн. – Жоқ, жоқ. Өзім жауыр өгізбен итпектеп жайлауға кеш жеттім де, таңертең ерте қайттым. Өзің берген бұйрық солай емес пе?– деді Тілеуберді Мүтəннің өз табағын өзіне тартып. – Асыл қазір оқудан шығып алып па?– деп қазбалай сұрады Мүтəн. – Қазір əкесінің қасында, емханаға медбике болып орналасыпты.

– Сенің сол Асылға көңілің қалай, жасырмай айтшы?– деп өмешегі үзіле сұрады Мүтəн. – Ой, Мүтəн-ау, мұны өзің де білесің ғой. Мен келгенде олар біздің қариямен көрші екен. Екі шалды сол Асыл асырап отырыпты. Оны қарындасымдай аяладым. Мен «Алғадағы» коммуналық бірінші орта мектепке барғаннан кейін жақсы оқушым болды. Енді міне ауылға қайтып келгелі де жылға таяп қалды, оларға барыпкелуге рұхсат жоқтығын өзің де білесің ғой. Ал, əнеукүні ол да жайлаудан қайтқан екен. Артымнан қуып жетті. Сыпайы ғана аман-сəлем жасастық,– деді. – Ей, мен саған сол қызды алу ойың бар ма, жоқ па? Тоқ етерін айт деп отырмын,– деп тас кенеше қадалды Мүтəн тағы да. – Жоқ. – Онда маған көмектесіп Асыл екеуміздің арамызға жол жүрсең қалай? Мен де саған оң көзіммен қарап... – деп сөзінің аяғын естіртпей жұтып алды. – Қой. Қой! Ондай іс менің қолымнан келмейді. Əрі ұят. – Сен шынайы келтіремін десең, қолыңнан келеді. Егер осы жолды жалғап Асылды бері қаратып берсең бар ғой, мен мына «төртті анықтау» кадрларына айтып, сені өзіміздің бастауыш мектепке орналастырып қоямын,– деп өз кеудесін өзі түйіп-түйіп қалды. – Мүтəн-ау, қатардағы жастардан салауатың еш кем емес. Оның үстіне жанұялық тегің де төңкерісшіл кедей, өзің белсендінің біреуісің. Қызбен төте сөйлесіп, бір түйінге келсеңдер болды емес пе,– деп Тілеуберді оған көпшік қоя сөйледі. – Сөйлесуін сөйлестім ғой,– деп сырын айтты Мүтəн, – Асылдан “болмайдыдан” басқа жауап ала алмадым. Əкем де барып еді, əкесі қыңырайып қалыпты. Онда былай болсын, маған бір жапырақ хат жазып берші. – Кімнің атынан жазамын? – Əрине, өз атыңнан жазасың да, ол менің шала сауат екенімді біледі. Өгіздің сідігіндей ирелеңдеген менің жазуымды оқымайақ лақтырып жіберер. Онан да өзің төгілдіріп жазып, өз атыңнан тиісті ақылыңды айтып, бізді жақындастырсаң болды емес пе,– деп жатып келіп жабысты Мүтəн. Тілеуберді қинала ойланып көп отырды. Сонан Мүтəннан қалам-қағаз сұрады. Мүтəн қалтасындағы мұдық қарындашы мен еңбек номерін жазатын күнделік дəптерін қойнынан асыға алып берді. Бір-біріне қабыспайтын екі адамның тағдыры жөнінде былай деп хат жазды Тілеуберді: «Ардақты Асыл қарындас! Аманесен жүрсіңдер ме? Амандықтан кейін айтар сөз – өзің бала кезден таныс мына Мүтəн деген жігіт саған ғашық екен. Бұл біздің отрядтағы ең үздік белсенді жас, жақсы басшы. Терең толғанып өзімен ашық-жарқын сырласуыңды сұраймын. Асылжан, осы бір өмірлік істі шөгелдікпен ойлануыңды ағалықпен үміт етемін. Құрметпен: ағаң Тілеуберді». Мүтəн хатты Тілеубердіге дауыстатып бір оқытып алды да, одан кейін өзі күбірлеп тағы бір оқып шықты. Сонан соң «басшы, үздік белсенді жас» деген сөздерге мырсиып қалған ол: – Сізді ертеңнен бастап ауыл арасындағы жұмыстармен қамыс оруға орналастырам. Ал Асылжан маған қарайтын болса, бағанағы айтқаным айтқан, мектепке орналастырам. Алаңсыз болыңыз,– деп атына көңілдене мінді. Бес күннен кейін Мұраттың көзіне көрінбей, бұқпалап жүріп, Асылды əрең дегенде дəріханадан тапты Мүтəн. – Асылжан, амансың ба, Мұрат ағайдың денсаулығы жақсы ма? Мен бүгін аудандағы жас белсенділер жиынынан қайтып келе жатып, өзіңді көре кетейін деп бұрылдым. Иə айтқандайын, мынау Тілеуберді ағаң берген хатты да ала келіп едім,– деп төс қалтасындағы тұмарша қағазды ұсынды оған. Асыл хатты енді аша бергенде қасында екі дəрігер бар Мұрат есіктен кіріп келді. Мүтəн Мұратқа міңгірлеп сəлем берді де, сып етіп сыртқа шыға жөнелді. Бірақ ол дəріхананы баспалап күн батқанша айналсоқтап сол өңірден кетпеді. Мұрат та осы уақытта Асылдың айналасында болды. Мысы əбден құрыған Мүтəн кешке қарай «əттеген-айды!» арқалап ауылына қайтты. * Қаңтар айының соңы. Аудан орталығынан дəрі-дəрмек, керекжарағын қайқыбас шанаға тиеп қойып, есеп-қисабын жауып шыққан Асыл шанада Тұрсын момынның ұйықтап жатқанын көрді. Ол Алға емханасына былтыр келіп сіңген он жеті-он сегіздегі, бір аяғы кемтар бала болатын. Атына заты сай момын десе момын бір бейшара еді. Өзі елгезек, еңбекқор болғандықтан, Мұрат дəрігер оны алғашында күзетшілікке алып, кейіндеп келе «барып кел, алып кел» сияқты ұсақ-түйек жұмыстарға жүгіртті... Асыл Тұрсынды оятайын деп оны түртіп көріп еді, қозғалмады. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр екен. Еріні кеберсіп, қабағы

қатпарланып, көне тоз сең-сең ішікке орана қорылдап жатыр. Құдай біледі, жазған баланы албастыдай арбайтын қаланың бір тентегі араққа жығып кеткен сияқты. Асыл оның қолынан божыны жұлып алды. Сонда да сезген жоқ. Асыл бишікті шарт еткізіп еді, ширығып тұрған, емшек тағалы қара төбел ат сықырлаған қара ауыр жүк басылған шананы сырылдатып ала жөнелді. Асыл көп ұзамай қалашық сыртындағы алушысы саябырлау екі дүкен, бір асханаға тез-тез кіріп шықты. Анада-мұнда бүк түсіп жатқан Тұрсынға көз салып қояды. Күн батуға таяп қалды. Асыл қара төбелге қамшы басты. Күні бойы тықыршып тұрған семіз ат желдей гулеп, қос аяқтап көсіліп келеді. Асыл артына бұрылып «Тұрсын, əй, Тұрсын» деп еді, ол басын əнтек көтеріп, қайта қорылға басты. “Ұйықтап алсыншы байғұс” деп оны енді оятпады. Қалың қарда қайқыбас шана бесіктей тербеліп, ағызып келеді. Ол Қосөткелдің көк мұзынан өтіп, қалың нар қамыстың қалқасына бұрылды. Асыл шананы көзден тасалау жерге апарып, доғарды да атты шананың жақтауына қаңтара байлады. Жолдан алыс, түйе бойламас бітік нар қамыс. Сонаң соң қомақты сомкесін қолына алып, омбылап алға тартты. Асыл көп ұзамай, бітік сары қамыстың ортасында ішігін қарға қағып, судай жаңа сусар малақайын бусаңған басына шекелете киіп, бір қырынан ыңылдап əн айтып тұрған Тілеубердіні көрді. Құлақ салып еді, ол: Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен, күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бəрі жеткен, Дариға, арманым көп не қылайын.

Аһау арман, Хұсни-Қорлан. Екі-ай бағлан, Екеуі туған екен бір анадан,– деп əн құдіретіне бөленіп, қиял қанатына ерік беріп тұрған жігіт тыныштығын бұзып алмау үшін Асыл аяғын ептеп басып, жақындай берді. Əн осы араға жеткенде əлдеқайдан шықылықтап жеткен қара ала сауысқан əудем жердегі қызыл талдың қыраулы басына қона қалды. Үкілі қамыстар ызылдап, сусылдап жігіт өксігіне үндескендей болды. Асыл қалың қарды малтып келе жатып екпетінен түсті. Тілеуберді шошына артына жалт қарағанда Асыл үсті-басының қарын қағып тұр екен. – Асыл, Асыл, ой айналайыным-ай!– деп тұра жүгірген Тілеуберді, жеткен бойы Асылды құшақтай алып, маңдайынан құшырлана иіскей берді. Асыл өз құлағының түбінен ып-ыстық леппен шыққан, – Айналайын-ай, менің басымнан айнала ұшқан қызғышымсың ба, қорғаштап, қолдап жүрген Қызырымсың ба, əлде түсіме кіріп, өңімде жебей беретін періштембісің?!– деген дірілді дауысты анық естіп тұр. Асыл да тартынған жоқ. Өзін итермелеген отты сезім құштарлығының қуатты күші бір иірімге тартып сүңгітіп бара жатқанын сезе қойды. Бір қолымен Тілеубердінің иығына асыла, бір қолымен қапсыра құшақтап оның ыстық қолтығына кіре берді. Ақ түбіт салысын мойнына қарай сырып, құндыз жағалы ішігінің түймесін ағытты. – Қайдан келе қалдың, қалқам-ау, мені бұл жерден қалай таптың?– деп тебірене тіл қатқан Тілеуберді Асылдың жұмсақ қолынан жетелеп кеп, өзі орып баулап қойған қамыстың үстіне отырғызды. Қамыстың қасында күрт-күрт күйсеп қызыл өгіз жатыр. – Таңертең осы тұстан өтіп бара жатып сіздің қамыс орып жүргеніңізді сыртыңыздан байқағанмын. – Күре жолмен неге жүрмедің, көлігің қайда?– деп Тілеуберді сабырсыздана жан-жағына мойын соза қарады. – Осы күнде мұз қатқан кез емес пе, мынау төте жол. Шанамыз қамыстың арасында тұр. Ат айдаушы бала ұйықтап жатыр. Əйтеуір дəл таптым ғой сізді,– деп Асыл сықылықтап күлді. – Мен де міндеттеген жүз бау қамысты зорға орып болып, енді қайтайын деп тұр едім. Айтпақшы, Мұрат ағайдың күй-жайы қалай?– деп Тілеуберді ендігі əңгімені амандыққа ойыстырды. – Ағаңыздың күйі жақсы. Жаңа жылда сіз жеңгелі, мен шешелі болғам. Апамыздың адамгершілігі күшті, ақылы мол адам екен. Əкем де тыңайып кетті, үйдің берекесі кіріп, бəріміз жетісіп қалдық. Мынау сол қуанышты тойдың дəмі, əдейі ала келіп едім,– деп Асыл «Іле божымасын» (Іле аймағынан шығатын, бүкіл Қытайға аты мəлім жақсы арақ) ұстатты Тілеубердіге. Текше қамыстың үстіне жаулық жайып, əппақ нан мен бір кесек қой етін турады. – Жаным-ау, қуаныштарың құтты болсын!– деп «Іле

божымасының» қақпағын тісімен сырт еткізіп жұлып алып, тостағанға толтыра құйды. – Алдымен өзім ауыз тиейін. Ас иесімен тəтті емес пе,– деп тостағанға ернін тигізген Асыл бал-бұл жанған жанарын Тілеубердіге қадап, – бұдан кейін біреуге хат жазып беріп, жеңгетайлыққа жүрмесеңіз екен. Екіншіден, əкемнің рұхсатын алдым, ол кісі «теңіңді тапсаң тегін беремін» деп ішкі тілеуін білдірді. Үшіншіден, алтын басыңыздың қадірін түсіре бермеңіз. Шүкіршілік, ерді кебенек ішінде танитын ел-жұртыңыз бар. Болашаққа үміткерлікпен қарауыңызды өтінем,– деді əр сөзіне терең мағына беріп. Шіркін, ділмар қазақтың «соңына сөз ергеннің де бір бақыты болады» дегеніндей Асылдың мына екі ауыз сөзі Тілеубердінің төбесін көкке жеткізгендей болды. Тілеубердіні əлдебір сезім күші меңгеріп, қолы қалтырап, өңі құбылып сала берді. Асылдың жүрек құпиясын ақтарып, ағыла төккен сыр сандығынан іші от болып алаулап, өзегін жалын өртеп бара жатқандай күй кешті. Сонымен қолындағы ащы арақты шалқая көтеріп тастап жібергенде, шекесінен суық тер бұрқ ете түсті. Туралған еттен қомағайлана асап-асап жіберіп, тағы жұтты арақтан. Оның жайбарақат жүргенде де жан-дүниесі шоқ түскендей күйікті еді. Арақ деген жексұрын сорлының осындай күйікке ес қататынын енді көрді. Тілеубердінің бетегедей жапырылып жүрген көңілі жадырап, бойын əлде бір шексіз қуат, үміт пен қуаныштың ыстық лебі билеп батылдана бастады. – Мен талайдан бері ешқандай адамның мұндай риясыз шын көңілімен, адал жүрегімен ақтарылғанын көрмеп едім, қарлығашым! Бүгін жан сырыңды жақыннан түсіндім, Асылжан. Жеңгетайлығым жерге кірсін. Мен де күн көріс үшін жазып бердім ғой. Хат соңындағы «өмірлік істі шөгелдікпен ойлану керек» деген сөзді бекер қосқаным жоқ. Оны тереңнен түсінгеніңе көп рахмет!– деп Асылды бауырына қайта қысып албыраған ақша жүзінен шопылдата сүйді. Жұмсақ бетінен соншалық нəзік уылжыған тіл жетпес тəтті леп білінді. Асылда үн жоқ. Бойы балқып, жігіт құшағында киіктің лағындай еркінен тыс бүрісіп, бір уыс болып барады... Бұрынғы қунақы денесі өз-өзінен балбырап сала берді. Жанарын Тілеубердіге буалдыр тұман араластыра қадап, ыстық жүзін бұла жігіттің суық сорған қоңырқай бетіне баса берді. Жүрегі лүпілдеп, ой түкпіріндегі інжу шоғырындай Асыл сөздері тіл ұшында тұрса да бір лебіз айта алмай булығып барады. Тіл кесіліп жүрек қана үн қатқандай... – Рахмет, жаным, рахмет! Мені сүйген киелі жүрегіңнен айналайын. Мен бір жаны жаралы жанмын ғой. Жаралы құсқа тас ататындар қаншама, сондай сұмырайлар өмірдегі жақсы үмітіңді тұттай ғып тонап алады екен. Осындай менің жабырқау кезімде қол ұшын берер мейірлі жанды іздеп жүргеніме қаншама жыл өтті? Ей, алла тағала, маған деген жақсылығыңа тəуба, тəуба! Жаным жасарып, жарам сақайды. Жаным, Асыл, талаған иттерден өзің құтылдырып, жүдеген жанымды жұмақтың төріне бір шығардың ғой! Қалай ғана келіп қалдың? Қалай дедің, не дедің?– деп азырақ үнсіз қалған Тілеуберді қайта тіл қатты. – Өзіңдей өмір бойы мен де саған сенемін. Иллаһим, қос аққудай жұбымызды жазбай өту бізге нəсіп болғай!– деп Асылдың оттай ыстық үлбіреген ернінен сүйіп, тілінен сора берді. Одан айқасқан құшақтары шеңбектесіп, айналадағы ақ мұнар дала ашылып-жабылған қап-қара кірпік қалқасына жасырынды... Жамал апайдың түні бойы шерткен хикметті кешірмелерін естіп, ендігі арманым жаны жаралы жеңгем Асылды бір көру болды. Таңертеңгі шəйден кейін, Жамал апай мені емханаға ертіп барды. Біз барғанда Асыл орта жастағы бір медбикенің көмегімен жаңа жуылған шашын тарап, төсегінде отыр екен. Оның бетін жауып төменге төгілген аппақ шашы, жүзін көрсетпей тұр. Менің көз алдыма Қытайдағы əйгілі «Шашы ағарған қыз» киносындағы қиямет трагедия елестеді. – Жамал апайың келді!– деді медбике Асылдың маңдай шашын кейін қайыра күлімдеп. Асыл еңкейіп отырған денесін əнтек көтеріп, бізге тесіле қарады. Жиегі қызарған қарақаттай наркез жанары жарқ-жұрқ етіп, ұшқын шашып тұр. Меңсіз аққұбаша жүзі ашаң тартқанымен, қас сұлу өз сымбатынан таймаған. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген осы екен-ау!» деп ойладым мен іштей. Асыл аңтарыла өңі бозарып, қаны қашқан ерні дірілдеп, – Жамал апай, мынау Тілеуберді ме?!– деп мені нұсқады. Онан артына бұрылып, төсегінің басына рамкалап іліп қойған Тілеуберді екеуінің тойда түскен естелік суретіне қарап, үнсіз басын шайқады. Суретке біз де үңілдік, көгілдір костюм-шалбар киіп, ақ жидеге қара галстук таққан Тілеуберді, желбірлі ақ көйлекке төгілген қызғалдақтай Асылды айырылып қаламын ба дегендей оң қолымен қынай белінен қыса құшақтап тұр. Асылдың арқасынан құлаған білектей қос бұрымы тірсегіне төгіледі.

«Па, қайырымсыз тағдыр-ай! Бірнеше жылда-ақ мынадай бір туар дегдар жанды ащы тозағыңа сан аунатып, өзгертіп-ақ жіберген екенсің-ау!» деп егіліп, – Асыл, сəлеметсің бе?– деп қол бердім. – Бұл жігіт сенің көрмеген Көмек деген қайның болады, саған амандасқалы келіп тұр,– деп жайлап таныстырды мені Жамал апай. – Көмек, иə, иə, бұл есімде. Тілеуберді маған талай айтқан. Сен Тілеуберді ағаңды көрдің бе? Ол əлі өлген жоқ. Əлгі малғұндар киімімен көме салған. Кейін мен іздесем көмген жері де, өзі де жоқ екен. Кетіп қалыпты...– деп көзін айналасына түгел төңкеріп, əлде бірдемені іздегендей болды. Мен көмейіме келген ащы жалынмен көзіме үйірілген жасты зорға тыйып: – Рас айтасың, Асыл, Тілеуберді əлі тірі. Сенбесең мына шақыртуды қарашы,– деп қалтамдағы «Д» ауданның шақырту қағазын қолына ұстаттым. Асыл шақырту қағазды аударып-төңкеріп, үңіле оқыды, сонан соң қызыл таңбасын сипалап тұрып: – Онда мен Тілеубердінің қасына кетейін,– деп орнынан ұшып тұрды. – Асыл енді кетсе де болады, қазір жақсы болып қалды. Өткенде мүлде сөйлемейтін, тіпті ойлауы да төмен еді. Қазір анық сөйлеп, ұмытылған көп істерді есіне ала алатын болды. Рухани күйі біртіндеп жақсарып кетеді, — деп тəжірибелі медбике Асылды алақанымен жеңіл қағып-қағып қойды. Осыны естіген Асыл жалма-жан буынып-түйінді. Жаңағы рамкалы суретті қолына алып, қиыла езу тартып, əйнектің бетіндегі шаң-тозаңды алақанымен сүртті. – Асыл, сенің мына суретте қолыңа ұстап тұрғаның үкі ме?– дедім мен суреттегі бір шоқ үлпілдеген нəрсеге қарап. – Жоқ, үкі емес, қамыстың уілдірігі. Тілеуберді екеуміздің адал махаббатымызға куə болған қасиетті қамыстың басы,– деді ол айналасына мақтана қарап. Біз сол күні Асылды емханадан шығарып алып кеттік. Жамал апайдың үйіне келе салып, “Д“ ауданына жалпы жағдайды баяндап, жеделхат жолдап хат салдық. Асыл күннен-күнге тəуірленіп, əңгімеге араласа бастады. * Тілеуберді мен Асыл алғаш той жасағанда Асқар атасының алты бөлмелі жаңа үйінің екеуін иеленіп, отауының отын үрлепті. Əлеуметшіл Асекең басы артық бір ауыз үйін Шяу Уаң «кішкене Уаң» деген Қытай жігіттің отырып-тұруына тегін беріпті. Тілеуберді бұл шақта үйінен алыс еңбекпен өзгертуде жүрген болатын. Асқар қарт пен Асыл Шяу Уаңды бөтенсінбей өз қанаттарының астына ала жүріпті. Бір күні Асқар қария Тілеуберді мен келіні Асылға, – Балаларым, сендерге бір əңгімені қадап айтып қояйын,– деп Шяу Уаңды нұсқап, – бізде мүсəпір деген мүсіркегіш сөз бар. Мұның мəнісі арабша жолаушы дегендік. Өз үйінен қырық қадам аттап шыққан адамның бəрі жолаушы немесе мүсəпір. Ендеше жолаушыға қамқоршы болу, ақ еділдік таныту біздің ата салтымыз. «Қонақты атқар, қырсықтан құтқар» дейтін қазақпыз. «Біреу жамбасын тартса, оған ұшаңды сайла» деген қасиетті нақыл да содан қалса керек. Сендер мына отырған Шяу Уаңды талайдан жақын тартып жүр едіңдер, бұл жігіт қазір үйдің бар жұмысын тындырып, менің өз баламдай болып жанасып кетті. Қашанда осы ынтымықтарыңды бұзбаңдар, балалар. Жақсылыққа жақсылық деген сөзді мына Шяу Уаңдар əбден біледі,– деп Шяу Уаңға қарады Асқар қария. Ол күлімдеп: – Біздің Қытайда «су ішкенде құдық қазушыны ұмытпа» деген тəм-сіл бар. Мен атамның сөзін түсіндім, атам тəжірибелі малшы, данагөй қария. Ал мынау Тілеуберді інішек үлкен зиялы, Асыл келінім жақсы дəрігер, мен қуаныштымын,– деді қазақ тілінде судырап. Үй ішіндегілер ду күлді. Ол тағы сөзін жалғап: – Біз тағдырлас жандармыз, ежелден жақын халықпыз. Ата, үй жұмыстарынан, көкөніс өндіруден алаңсыз болыңыз. Оның сыртында Тілеуберді інішек, сіз де үмітсіз болмаңыз. Біздің Қытайда «түн түріледі, таң атады» деген аталы сөз бар,– деп Тілеубердіге жадырай қарады. – Шяу Уаң, сенің мына сөзің, əліптің артын бақ дегенің ғой, рахмет!– деді Тілеуберді күле сөйлеп. Күндер өтіп, айлар жылжып жатты. Бір күні түн ортасы бола есік қатты қағылды. Асыл Тілеуберді келген шығар деп май шамды жағып, – Бұл кім?– деп дауыстады. Келгендер үндемей есікті жалғасты қаға берді. Осы сəтте шеткі үйден, – Кімсіңдер, ей?– деп Шяу Уаң далаға шықты. – Біз, біз,– деп даладағы үш-төрт қара көлеңке Шяу Уаңға таяп келді. Шяу Уаң оларға үңіле қарап еді, Мүтəн бастаған отрядтың бір топ адырақбайлары екен.

– Тілеубердінің тойын құттықтап, жаңа отауын көргелі келіп едік,– деп міңгірледі Мүтəн екі бүйірін таянып. – Той өткелі қашан, Тілеуберді болса сыртта, өздерің орналастырған еңбекте жүр, үйінде жоқ,– деді Шяу Уаң. – Ол жоқ болса, үйінде Асыл бар шығар, сен есікті аштыр!– деп Мүтəн Шяу Уаңның иығынан шап етіп ұстай алды. – Жоқ, болмайды,– деп Шяу Уаң оның қолын қағып жіберді. – Онда өз үйіңе кірейік,– деп ашық тұрған есікке сиырша кимелей ұмтылды. Мүтəн Шяу Уаңның жатағына кіре сала-ақ, – Əкел арағыңды! Інің үйде жоқ болса, келінің ұйықтап жатса, онда сен күтесің бізді,– деп жанындағы аусарсоқтарына қарап еді, олар да дүр етіп қостай кетті. Шяу Уаң біраз ойланып тұрды да, босаға жақтан бір литрлік көкшіл құмыраны үстел үстіне қойып, темір тегешке сарылдатып құя бастады. Алғашқысын ашқарақтана жұтып жіберген Мүтəн, – Ей, Шяу Уаң, Асылды шақыр, біз бірге отырайық,– деді бұйыра сөйлеп. – Жоқ, шақырмаймын. – Неге? – Болмайды деген соң болмайды! – Онда сен барып Асылға есігін ашқыз, мен бір ауыз сөзімді қолма-қол айтамын да шығамын,– деп қадалды Мүтəн. – Өйтуге тіпті де болмайды. – Ой əкеңнің аузы... Қайыршы қаңғыбас. «Жаман ит үруімен жағады» дегендей, қазақтың қатынын сен қоритын ба едің?!– деп Мүтəн қолындағы арағын Шяу Уаңның бетіне шашып жіберді. Шяу Уаң көзін уқалап, отырған орнынан қарғып тұрды. Ол Мүтəннің құлақ шекесін көздеп ұмтыла бергенде арт жағынан бір қатты жұдырық көк желкесінен сарт ете түсті. Шяу Уаң сенделіп барып, Мүтəннің қолқа кеңірдегінен шеңгелдеп, бір қолымен құлақ түбінен көсіп-көсіп жіберді. Мүтəн шалқалап барып, қатты еденге былш етіп құлады. – Ұрыңдар!– деп қырылдады ол жанындағыларға айқайлап. Шяу Уаң өзіне жабысқан тағы біреуін кеудесінен теуіп қалып шалқасынан түсірді. Енді үшіншісіне ұмтыла берген Шяу Уаңның оң білегіне қатты сойыл соғылып, қолы салбырап қалды. Сонан Шяу Уаң бір қолымен босағада тұрған темір күректі жұлып алғанда жаңағы содырлар жан-жаққа қаша жөнелді. Құлағы талайдан ауырлап жүрген Асқар ақсақал түндегі болған оқиғаны таңертеңгі шəй үстінде Асылдан естіді. Оған дейін Асыл Шяу Уаңды емханаға апарып, жарықшақтанып сынған білегін таңдырып келген болатын. Асқар қария ойлана отырып, Асыл мен Шяу Уаңға: – Сендер осы Мүтəн бəтшағардан абайлап жүріңдер. Əнеукүні Мұрат құда да осыны ескертіп еді. «Аш пəледен қаш пəле» деген емес пе,– деді шəйін ұрттап отырып. Асыл атасының сөзінен ұялып төмен қарады. Хас сұлудың кіршіксіз көңілі, риясыз жан сарайы мөлдіреп, осы жолғы сұмдықтың сырын ұққандай денесі түршігіп барып тоқтады. Ол «Қазынасы кең Алла, осы иттерден қашан құтқарар екен?!» деп іштей тынды. Атасы Асқар да Асылдың ибалы мінезіне, үлкенді құрмет тұтатын адамгершілігіне іштей риза болып «құдайым осы балаларыма бақ бере көр!» деп күндіз-түні тілейтін. Өте-мөте Асыл əр күні таңертең атасының алдына иіле сəлем беріп кіргенде, Асқар қария бір жасап қалып «көп жаса, қарағым!» деп ақ батасын беретін. Аллаға деген ризашылығы артып, намаз соңынан балаларының бақытын жаратқан тəңірден жалғастыра сұрайтын. «Сорлының көзі сорлы» демекші шадыркөз Мүтəн сол жолы Шяу Уаңның қатты жұдырығынан пістік мұрынын оң жағына қисайта жапырып алды. Сонан оның ежелден құдай жарытпаған бет-əлпеті онан арман сиықсызданып, тағдырдың тағы бір тəлкегіне тап болғандай күйіп-пысып жүрді. Оны иттің етінен жек көретін былайғы жұрт кемеңгер қазақтың «пысық боламын деп, пұшық болған» деген мəтелін айтысып сыртынан күліп жүретін болды. Бірақ, Мүтəннің арсыздықтан, беті қалыңдықтан арманы жоқ еді. Тіпті осыдан кейін бойына біткен арсыздығы барған сайын асқындай түсті. Қай жерде жиын-топ, басқосу болса, ол сол жерге сиырдай сүзіп кіріп, қыз-келіншектерге кимелей қылжақтап, өзін нəн көрсеткісі келетін. Аузынан жалаң саясат пен социалистік тəрбиені тастамайтын. Сонысымен-ақ сүйкімі кетіп те болған. Сондықтан қыз-келіншектер оның төбесін көрген жерден ат-тонын ала қашатын. Сол себепті ол сұр бойдақ болып жүре берді. Көп өтпей замандастары оның болмашы мəнсабын мақтаған болып «Азбандұйжаң» (отряд бастығы) деген сайқымазақ жанама атты маңдайына шегелеп жіберді. Тілеуберді мен Асыл бақытты жанұяға бас сұғып, он бір ай өткенде бүкіл Қытайда қара жер қақ айырылғандай «мəдениет зор төңкерісі» деген үрейлі ұран əлемді шарпып, дүңк ете түсті. Осы дүбірлі дүмпу тау арасында айранын ұрттап, қойын құрттап,

алаңсыз жүрген аңқау ел тұрмақ, екі жылдан бері əркімнің келіп шығу тегін тектеп, табын саралап, тап-таза қосын құрамыз деп жүрген социалистік тəрбие кадрларын да есеңгіретіп жіберді. Бейне қатты боран алдында бозамық шаң көтерілгені сияқты, қалыпты тұрмыс күңгірттенді. Тілеуберді сияқты «аты шулыларды» бұқарадан бөліп, аулақ тұрғызды да, қалған жұртшылықты оразасын аштырмай бір жерге таң бозынан жиып алып, Маузыдұңның шығармаларын «күнде оқуға» кірісіп кетті. Қайдағы бір «Сəнжиясүнді айыптау» (үш ұялас сұмпайы) басталғанда, ауыл адамдары «бұл не екен?» деп аң-таң қалды. – Аһау, бұл Дың То, У Хан, Ляу Му Са дегендері кім өзі? Бұлар бұзық болса өз жерінде-ақ жаныштап, лас болса, өз жерінде сыпыра салса болды емес пе. Бізге қатысы не осылардың?!– деп егінші, малшылар күбір-сыбырға көшті. «Сыбыр-сыбыр ташканны бұзар» дегендей, осындай күбірсыбырдың аяғы үлкен-үлкен қағаздарға арбиған əрсіз шаян табан жазулармен жазылып, əркім өзін-өзі боршалаумен өзгелерді əшкерлеу деген құйынды қара желге ұласты. Əрбір отбасынан бастап мекеме, кеңселерге дейін Маузыдұңға адалдық биі биленіп, адалдық əндері айтылып, қарттар қалжырап, жастар жалындай берді... Тілеуберді отрядтағы елу сегізінші жылдан бері ауыр еңбекпен ұзақ бұғаудың астында өзгертіліп келе жатқан екі-үш шалшауқанман бірге істейтін-ді. Оған да «оңға бейім» (оңшылдық идеясы басым) деген жалалы қылмысының үстіне шекарадағы шетке қашу дүрбелеңіне қатынасқан «қос жүрек» деген қылмыс тағы жамалды. Бір күні еңбек басында Асылмен кезігіп қалды. Ол егістік басынан үйіне қайтпағалы аптадан асқан болатын. – Əкемнің жағдайы жақсы ма? Өзің амансың ба? Үйдің жағдайын Шяу Уаңнан естіп жүрмін,– деді Тілеуберді көңілсіздеу. – Жақсымыз ғой біз, ал өзің қалайсың, Тілеш, екі-үш рет Шяу Уаңнан тамақ жіберіп едім, алдың ба? Өзім келе алмай жатырмын,– деп асығыс сөйледі Асыл бір түрлі қорқынышты бейнемен. – Естуге қарағанда, қара дауылдың əкесі енді келе жатқан сияқты,– деді жан-жағын барлай сөйлеп, – онанда осы бастан топыраққа аунап, қызыл жүректі шыңдай бергеніміз абзал көрінеді. Жуырда «қызыл қорғаушылар» (У сойқы мəдениет зор төңкерісінде жастардан ұйымдасқан атойшыл авангардтар) деген бірдеме ұйымдасып, айғай-сүренмен іс басқарады екен,– деп жат көзге көрінбей ақырын жылыстап өз жөніне жүріп кетті Тілеуберді. Құба дала қуаң тартқан күз болатын. Əлсін-əлі сіркіреген ақ жаңбырдың арты бозала қалпынан торғайбас қарға ұласты. Қолына сүйемдей-сүйемдей ағаш істік, қарыс-қарыс көр шеге ұстаған коммуна мүшелері қаздай тізіліп, тік тұрған жүгерінің собығын сойып аршып алып бара жатты. Астындағы торы жорғаны басқа да, көзге де сабалап, масаңдау жеткен Мүтəн бүкіл отрядтағыларды айғайсүренмен қойдай иіріп алды. Сонан: «Маузыдұңның жарқырап тұрған темір қазық, біз айналасындағы топ жұлдызбыз. Өзіңді өзек етіп, маңында шыр көбелек айналамыз» деген мағынадағы əн басталды да, адамдар ұршықша иіріліп, шүйкедей ширатылып адалдық биіне басты. Артынан жабыла «күнде оқуға» кірісіп кетті. «Азбандұйжан» жарықшақ дауысын көтере: “Мау Жуши (Маузыдұң төраға) бізге былай деп тəлім береді, – деп сөзін бастады. – Ертең үлкен отрядта (үлкен бір отрядта еңбек шаруашылығымен шұғылданатын бірнеше кіші отрядтар болады) зор жиын болады. Қызыл қорғаушылар қосыны құрылады. Бірде-бір адамның жиыннан қалып қалуына болмайды. Тап жауларымен еңбекпен өзгертудегілерді бөлек айдап апару керек!”– деп бұйрық түсірді де, атына міне салып, жын қуған бақсыдай құйынперен шаба жөнелді. «Есірікке есе тисе, ойнап жүріп кісі өлтірер» дегенді қандай қазақ айтты екен?! Күз жаңбыры сұп-суық зəрін бүркіп себелеп тұр. Жиын алаңына көп адам жиналды. Төрдегі керме туға «Саясиды басшылыққа алып, төңкерісті мықты ұстап, қызыл қорғаушылар қосынын жеңіспен құрайық!» деген көрнекті ұран жазылыпты. Аттылы-жяу адамдар тобы жан-жақтан төгіліп келіп жатыр. Сахнада отырғандардың қақ ортасында таңқы танау, орсақ тіс, ұзын мойын, арықтау бейтаныс адам айналасына ожарлана қарап, айқұлақтанып отыр. Оның қасында бір топ белсенділер мен Мүтəн сияқты əумесер жандайшаптары ұшып-қонып жүр. Жиын алаңының бір бұрышында алты отрядтан басы құралған «социалистік тəрбиеде шетке тұрғызылған» жиырма екі адам қаққан қазықтай қаздиып тұр. Тілеуберді солардың дəл ортасында. Бұл, жұрттың көзіне «қай-қайдағы жақсылардың басына бір зобалаң күн туып келе жатқандай» көрінді... «Азбандұйжан» орнынан қарғып тұрып «Балық судан айрылмас, жеміс сабағынан. Біз Маузыдұңнан айрылмаймыз!» деген əнді бастап кеп жібергенде, барқыраған, гүрілдеген, шыңғырған алуан-алуан əуендер жолға таласқан арбадай сақырлап, даланы ба-

сына көтерді. Əн аяғы шашырап барып тоқтағанда, бағанағы орсақ тіс адам орнынан ұшып түрегеліп: – Жолдастар, қазір Мау Жуши бізге «Мемлекеттің зор ісіне көңіл бөліңіздер!» деп үндеу шығарып отыр. Біз осы үндеудің рухына сай бүгін Белтоған отрядында «Аттан!» атты қызыл қорғаушылар қосынының құрылғандығын салтанатпен жариялаймыз,– дегенде «Азбандұйжан» бастаған бес-алты адам алақанынан от шыққанша қол соқты. Орсақ тіс сөзін одан ары жалғап, – бұл «Аттан!» қызыл қорғаушылар қосынының бастығы – Мүтəн жолдас болып белгіленді,– деді айқұлақтана. Мүтəн езуі құлағына жетіп, орсақ тіске иіліп тұрып тағзым етті де, орнына қайта отырды. Сол кезде Тілеубердінің айналасынан «ана немененің долы төбетке еркелеген бұралқы күшіктей, құйрығын бұлаңдатуын қарашы» деген сыбыр естілді. Сахнада орсақ тіс қара аузы көпіршіктене əлі сөйлеп тұр. От сөндіргендей түтігіп сұрланып алыпты. Аспан астындағы бар құдірет өз қолында тұрғандай. Қызыл идеяға Маузыдұңның өзінен арман өң беріп, екіленеекілене сөйлейді. – Біз бүгіннен бастап капитализмнің құйрығын шорт кесу үшін, қызыл қорғаушыларымыздың төңкерістік жігеріне, белсенді қимылына сүйенеміз. Қызметшілер кеңсесін құлыптап, мектептер оқуын тоқтатады. Егінші-малшылар төңкеріс арқылы өндірісті ілгерілетіп, мемлекеттің зор ісіне көңіл бөледі. Алғашқы қадамда «Аттанға» елу қызыл қорғаушы қабылданды. Оларға қазір қызылдан жең белгісі таратып берілсін!– деп бір тоқтады. Белін шарта байланған, басына сары əскери шапка киіп алған бір белсенді əлгілердің аты-жөнін сыдырта оқып, Мүтəн дайындатқан қызыл жең белгісін білектеріне қадап, елу қызыл қорғаушыны сарбаздай сапқа тұрғызды. – Енді менің айтарым,– деп сыздана тіл қатты орсақ тіс. – Өзінің идеясымен іс-əрекетінде мəселесі бар адамдар бұдан былай біздің тегеуірінді темір қолымыздан қашып құтыла алмайды. Тап жауларының сағын сындырып, төңкерісшілердің айбынын асыру үшін қазір анау тұрған өңкей бұзықтардың басына қағаз қалпақ кидіріп, мойнына тақтай іліп, беттеріне баттастырып күйе жағу керек. Жұртшылық ішінде жасырынған сілімтіктер болса, дереу оларды да ортаға сүйреп шығару керек!– деп жуан жұдырығымен үстелді ұрып қалды. Сол-ақ мұң екен елу аттаншы атой салып қабаған итше қарсы атылды. Оның көрінісі «айтақ» десең алып түсетін төбеттердің дəл өзі. Шетке тұрғызылғандардың басына əп-сəтте қоқырайған ұзын қалпақ қона қалды. Шелекке езіп əкелген қазанның қара түп күйесі беттеріне жағылды. Анталаған аттаншылар онымен тынған жоқ. Отырған елді тінте аралап көздеріне іліккендерді сүйрей берді. Оның бірі жалдас құл атына жалбайып мініп келген ауылдың Жақай деген имамына ұшты. Сексенге келіп селкілдеп тұрған жасамыс қария екі аттаншының дедектете жетектеуінде кетіп бара жатып қаңбақтай ұшты. Басындағы сəлдесі анандай жерге домалап, кебісі далада қалды. Енді бірнеше аттаншылар қауыншы Ошырақын шалды тері сүйрегендей додалағанда, оның көк есекке мінгестіріп əкелген немересі шошына шыр етіп есі ауып қалды. Жергілікті қарт қытай диірменші Лау Уаң (Уаң ақсақал) алғашында қарсыласып, салғаласып көріп еді, сойылға жығылды. Əуелі қатар тұрған «қара беттерге» социалистік тəрбие кадрларының да бірнешеуін сүйреп əкеліп қосып жіберді. Желкелеп, жұлмалап бір шетке тұрғызғандардың саны лезде елуден асып кетті. «Жоғалсын тап жаулары! Жоғалсын бұзық ниетті буржуаздар!» деген ұран аспандап, аядай ауыл іші əлем-тапырық жын ойнақ болды да кетті. Өзен аңғарынан көтерілген дымқыл сызы бар соқыр тұман бүкіл өңірді тұмшалап, күн көзін торлап алды. Аттанның алғашқы соққысынан елдің үрейі ұшып «ақыр заман болды ма, қалай?!» деп есеңгіреп кетті. Тіпті жаралғаннан жайбарақат жүрген момын халық желді күнгі жапырақтай дірілдеді де қалды... Өзі тұрмақ, əкесінің де бет-аузының айбақ-сайбақ күйеленгенін Тілеуберді үйіне барғанда бір-ақ білді. Асыл қолына бұзаушық сабынын ала жүгіріп келіп атасына ақ шəугімімен су құйып, сүлгі ұсынды. Тілеуберді Асылға қарап ежелгі сабырлы қалпын өзгертпей, – Айттым ғой, Асыл, басымызға заман ақыр орнағалы тұр деп. Құдай түбін оңғарсын!– деді. Сол күні түнде олар ұйқы көрмеді. Сан түрлі қиял қанатты құстай шарықтап, миын кеулеп, жан жарасын ашып, зар-запыран құстырды. Олар ертесі естіді, дəретсіз жер баспайтын, бес уақыт намазын қаза жібермейтін Жақай молда жиын алаңынан аттанбай жатып, сол орнында жан үзіпті. Ал «қара есекке теріс мініп» кеткен Ошырақын қауыншы үйіне жете бере қылпыған өткір ұстарамен өзін кеңірдегінен бір-ақ тартыпты... Адам нанбас сұмдықтың бірінен кейін бірін естігенде: – Астағыпыралла!– деп жағасын ұстады Асқар қария. «Əр заманның тұсында бір сұрқылтай» деген осы болса, басталып келе

жатқан мына былық қоғамның тұсында адамның құны хайуаннан да бетер төмен түскелі тұрғаны хақ. Айғай-сүренді сұрқылтай өмір шиеленісіп барып, адамзат тарихында кем кездесетін тайталасқан тағдырға тап болды. Көп кешікпей құқық тартып алу басталды да, «құқық тартып алу – төңкерістік əрекет, оған қарсы тұру – кері төңкерістік əрекет» деп белгіленді. Содан бастап жер-жерде, орын-орында төңкерістік комитеттері құрылып, сайыс шептері шекараланып, өмір бойы қаймағы бұзылмаған қайран елдің іші адам айтқысыз аласапыран күйге түсті. жылдың маусымында «Алға» коммунасының алқымынан да зеңбірек отымен қару күресі бұрқ етіп, «қанды шайқас тобы» мен «қызыл армия үшінші полкі», «жолбарысты соғу штабы» мен «найзағай» қосындары бір-бірімен аңдыса атысып, шеңбектесті де қалды. Жоғарғы бір-біріне көзқарасы ұқсамайтын бұқаралық топтар енді қарулы «жауларға» айналып кетті. Олардың алғысынан көрі қарғысы көп, өсек-аяңы жан төзгісіз радио кернайлары өңеш үзілгенше айғайлап, бір-бірін өлгенше янаттап, жолдар мен көшелерді, мектептер мен мекемелерді ысқырған ұшқыр оқтар жүнше түтті. «Ортақ мүдде» үшін басы құралған, ер жетіп есі толмаған ала өкпе жастармен құдайсыз содыр-сотанақтардың асығы алшысынан түсіп, «үй күшіктіктен» бір-ақ күнде сілкініп төңкерісші болып шыға келді. Олар жан-жақты тіміскілеп, сартабан болып сабылды-ай келіп. «Зобалаңда қаладан, дүрбелеңде ауылдан без!» дегендей осы кезде еріксіз еңбекте жүрген Тілеуберді қым-қуыт болған дүниенің миша былыққан кейпін түсіне алмай дал болды. Бір демалыс күні Қараөткелдегі жол жасау орнынан жалынып-жалбарынып рұхсат алып үйіне келе жатқанда, қарама-қарсы екі топтың үш жердегі тосқауылына ұшырап, өлімші болып таяқ жеп, үйіне əзер жетті. Келгені құрсын, ауланың ішінен құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық оқиғаның үстінен түсті. Жеңдерін сыбанған бір топ қызыл қорғаушылар үйлеріндегі жылт етіп көзге түсерлік үй-мүліктерін аулаға үйіп «төрт көнені түгел осылай қирату керек!» деп даурығып жатыр екен. Тілеуберді ауладағы мүліктерді бажайлап қарап еді, ең астында апасының қызыл қайыңнан жасаған қырма төсегі, апасының көзіндей сақтаулы зерлі түс киізі, кестелі кимешек-шылауышы, он сегіз қатар меруерт салпыншақты күміс түйреуіші, əшекейлі күміс ер-тұрмандар, онан былай шашылып жатқан өмір бойы өзі жинаған əдеби-ғылыми кітаптар, əкесінің қасқыр ішігі мен Асылдың тойдағы киім-кешегі топырақ үстіне төбелеп үйіліпті. Ал өзінің қара қапты сырнайы мен жалтыр күн қағарлы шапкасы, сусар малақайы қызыл қорғаушылардың топырлаған аяғының астында иленіп жатыр. Тілеуберді мынадай зорлықты көріп, қаны басына бір-ақ шапшыды. – Ей, антұрғандар, бейуаз елді бекерден-бекерге жау тигендей қақсатпаңдар! Ненің төңкеріс, ненің ғылым, ненің мəдениет екенін сен топастар қайдан білесіңдер?! Шынында білімді болсаңдар Мау Жуши айтқандай «қалам күресімен шұғылданыңдар». Кезінде орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Еңбексіз өмір – тоғышарлық өмір, көркем өнерсіз өмір – тағылық өмір» деген екен, бұл не деген данышпандық сөз. Мына дүние-мүліктерде не кінə бар, бұл төңкерістің қай жеріне у тастап, өрт қойды?! Осылардың бəрі еңбекпен келген маңдай тердің, терең ойдың жемісі емес пе, бұларды «төрт көне» деуге бола ма. Оларды өртеп, атааналарымыз жалаңаш жүре ме?! – деді екі көзі қанталап. Қызыл қорғаушылар да жарыла алмай əрең тұр екен, Тілеубердіге қанжардай қадалды. – Сендей сасық буржуазия зиялысының үнін осылай өшіреміз, қайтесің?! Біз адамнан да, жыннан да, аруақтан да, күллі көнеден де, кері төңкерісшілерден де қорықпаймыз!– деп Мүтəн айбындап алға шығып, беліндегі былғары қапты наганын сипап-сипап қойды, мынаны көрдің бе дегендей. Ол екі мықынын таянып тұрып: – Құйыңдар майды, қойыңдар отты!– деп бұйырды жанындағы қолшоқпарларына. Лезде лаулаған қызыл жалын бықси көтеріліп, қымбатты мүліктерді жалаңдаған тілімен жалмай бастады. Лаулаған жалын ішінде күреңітіп күйіп жатқан кітаптарға іші удай ашыған Тілеуберді қызыл жалын ішіне қолын сұғып жіберіп шала күйік бір-екі кітапты суырып алды. Бірі – Лу Шүннің хаттары (Қытайдың төңкерістік əдебиетінің туын көтеруші классик жазушы), екіншісі – қоңыр мұқабалы «Абай Құнанбайұлы» таңдамалары екен. Тілеуберді мұндай қорлыққа күйіп-өртеніп тұр. Денесі дір-дір етіп ашудан жарылардай əрең тұр. «Иттің балаларын сілейте бір соғайын ба» деп бір ойлады да өзін тежеп алды. Сəлден кейін қызыл қорғаушылар апырып-жапырып болды да, «теңізде параход рульшіге таянып жүзер» (бұл біздің рульшіміз Маузыдұң дегенді меңзейді) деген əнді, енді біреулері «біз келеміз

даңғыл жолда» деген сол тұстағы төңкерістік қызыл əндерді шырқап ұзай берді. Асыл ішкі үйге бұғып алып, солқылдап жылап тұр. Тілеуберді əкесін іздеп еді, қораның үстіне шығып алыпты. Ол есік алдындағы көтерме сəкіге гүрс етіп отыра кетті ауыр күрсініп. Оның осыншалық былыққан мына берекесіз дүниеден үміті біржола үзілгендей көңілі құлазып кетті. Асқар ақсақал қызыл қорғаушылардың артынан қолын теріс жайып қарғап отыр. – Ой, лағынеттер! Ұялы мекенімді ордалы жыландай ылаңдадыңдар ма, бəтшағарлар! Иллаһим шаңырақтарың шағылып, көсегелерің көгермей, ордаларың ойран болсын! Мұратмақсаттарыңа жетпей желкелерің қиылсын, көр соқырлар! Уа, құдай тағала, мені осы өлкенің топырағында жаратқаның рас болса, бейуаз халықты күйдірген мына сұмпайылардың көзіне көк шыбын үймелете көр, екі дүниеде қолым олардың жағаларынан кетпес!– деп жасамыс кəрі көзінен сорғалаған ыстық жасын алақанымен сүртті. Ымырт үйіріле Тілеуберді əкесіне қайрат беріп, үйге əрең кіргізді. – Несіне шаршайсың, əке, заман өзгеріп, заң бұзылып тұр ғой. Бұған да бір тектеу болар, мұндай бейбастақтық бүкіл дүниеде болған емес. Бəрі де шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділерден болып тұр. Керек десең, бұлар əкесінің сақалын, шешесінің шашын қырқып жатпай ма?! Əке, дүние табылады, жан тірі болсын деңіз,– деді ол тереңнен толғанып. Асыл да еш нəрсеге миы жетпей аң-таң күйде. Шашылған үй ішін көріп басы зеңіп кетті. «Торғай екеш торғай да ұясын бұзса шырылдайды» деп ол өксік ата солқылдап тоқтай алмай жылап жіберді. – Жыламашы, Асыл, дүние-мүлік табылады ғой, бəрінен бұрын өзіміз аман болайық деп соны тіле,– деп Тілеуберді оның көз жасын екі алақанымен аялай кезек-кезек сүртті. Жайнаған жанұясының аяқ астынан ойран-топыр болғанына Тілеубердінің де жаны төзбей қалтырап тұр. Шашылған үй-ішіне үнсіз мұңая қарады. Кеше ғана мұнтаздай жайнап тұрған сəулетті үй-іші қаңырап бос қалыпты. Көңілі құлазып, оның да жылағысы келді. Шағын кітап сөресіне қарап еді, Мау Жушидің төрт том кітабы мен алақандай-алақандай қызыл мұқабалы қасиетті сөздерінің үзінділері ғана қалыпты. Киім ілгіште Асылдың көне тоз сары шапанының омырауында Мау Жушидің бас суреті түсірілген танадай значок жылтырап жалғыз тұр. Тамақтан кейін ойы сансырап, қиялданып отырған əкесіне Тілеуберді: – Əке, сізге таяп тұрған ештеме жоқ, ертең үлкен отрядтағы төңкерістік кеңсеге барып, күйдірілген дүние-мүліктеріңізге анықтама қағаз алыңыз. Оған Мүтəннің да қолын қойдыру керек. Бұл істің түбінде бір сұрағы болады, бəрін өртеп жоғалтатын Жапон жиянкерлігі қайта тірілген жоқ. Істің нақақ екендігі көңілге анық, қорықпаңыз,– деп əкесіне ақыл салды. Көптен кейін əкесін орнына жатқызып келген Тілеуберді үн-түнсіз шалқасынан түсіп оныншы номерлі керосин шамның жарығында Лу Шүннің күйік шеке «хаттарын» қолына алды. Шет-шетін жалын жалмаған сорлы кітаптің ортасын ала ашып еді, 1925 жылы жазылған «Шүй Гуаңфиңге» деген хаты көзіне оттай басылды. Сыдыртып оқи жөнелді. Бейне, бұлақ іздеп бұлдыраған шөлде жүрген жандай жандəрмен аяғынан бір-ақ шықты. Бір кезде аңсағаны артында қалғандай жалт бұрылып, мынадай сөйлемдерге көз жүгіртті: «...Əулие-машайық менің не теңім, оралып жатқан темекілер есеңгіреткіш дəрі ғана ғой, оның үстіне темекі түтіні ішінен жəннатты да əлі көргенім жоқ. Егер менде жастарды жетектей алатын шын қабілет болса еді, мейлі дұрыс не қате жетектейін — онда тіпті де бұғып қалмаған болар едім. Бірақ, амал не, менің өзімде де қыбыланама жоқ. Күні бүгінге дейін беталды кеймелеудемін. Егер, кимелеп, шыңырауға түсіп кетсем, өз сорым өзімде, жетегімде біреу жүрсе, онда не болғаным? Менің мінбеге шығып, құрғақ көпіруден қорқатыным, міне, осыдан. Монахты сықақ еткен бір əңгіме есімде қалыпты. Онда бір сахаралық əйел монахқа өзінің азапты жарым өмірі туралы зар төгіп, онан медет күтеді. Монах тыңдап болған соң: «Шыдай тұр, құдай саған бұл өмірде азап тарттырса, өлген соң, бақытқа бөлемей қоймайды» деп жауап береді. Ертеден бергі əулие-əнбиелердің парасаттылары мен оқу иелерінің айтқандары, шынында, мұнан қанша асып тұр. Олардың «Болашақ» дегені монахтың «Өлгеннен соң» дегені емей немене. Маған таныс сөздердің бəрі де осындай. Өзім сенбеймін, бірақ, мұнан жақсы мен де түсіндіре алмаймын. Жаң Лишың мырзаның сөз жоқ, күңгірт болып шығады. Еміс-еміс хабарға қарағанда, ол өзі кітап дүкенінде істеп жүріп тағдырға зар қағады екен. Мен ойлаймын, азап деген адам өмірімен қабысып жатады, адам шырт ұйқыға кеткен кезде онан аулақ болатын кезі де болады. Ояу кезде азаптан біттей сейілудің Жүңгоның (Қытайдың) өзіне тəн кəнігі əдісі – «тəкаппарлық жəне дүниеге ойыншық ретінде қарау». Менің

өзімде де осы ауру бар деп сеземін, бұл жақсы емес. Ащы шəйға қант қоссаңыз, қант қоспағанға қарағанда біршама тəуір болғанымен, оның ащылық дəрежесі бұрынғы қалпында қала береді. Бірақ, бұл қанттың табылуы оңайға соқпайды. Қайда екенін өзім білмеймін, бұл жөнінде сұрау қағазын-ақ тапсырғаннан басқа шара жоқ. ...Сайып келгенде, менің құсалыққа ұстаған əдісім, өзіме төніп келген қасірет аталуының əлекей-шəлекейін шығарамын. Оспадарлықты жеңіс санаймын. Жоқ жерден салтанат жырын шырқап, көңілімді көтеремін. Мүмкін, бұл қате шығар, бірақ, айналып келгенде, «амал жоқ» дегенге тиянақтайды. Шынында амал жоқ деген, міне, осы!» Тілеуберді осы бір əдебиет-көркем өнер атойшысының тұнық тұжырымын екі рет қайталап оқығаннан кейін көп нəрсені көріп, бəрін де сезіп, тұманданған сарайы ашылғандай өзіненөзі сақылдап тұрып күлді. Жанында сан құбылған сарсаң оймен мөлиіп отырған Асыл шошып кетіп, оны құшақтай алды. Сонан кейін екеуі сол құшақтасқан бойы жоғарыдағы ұлағатты үшінші рет қайталай оқып, күлімсіреген күйінше ұйықтап кетті... Əу баста Маузыдұңның нұсқаған «Мəдениет зор төңкерісін қалам арқылы жүргізіп, буржуазияның қолбасшылық штабын үлкен жазулы газеттер арқылы зеңбірекке ұстау» деген нұсқауын алды-алдына еліріп алған бұқаралық ұйымдар ең соңында құрыш зеңбірекпен бірін-бірі атқылауға ойыстырып жіберді. Осындай қызыл қырғын соғыстан кейінгі бүкіл Қытайдағы жартылай тұралау жағдайы енді «бірге соққы беру, үшке қарсы тұру» (Кері төңкерісшілерге соққы беріп, буржуазиялық идеяға, капиталистік жолға, жекешілдікке қарсы тұру) деген сынды террорлық ауқымға ойысты. Осы кезде Алға коммунасының төңкерістік комитетінің тұрақты мүшесі, «Қызыл зеңбірекшілер» қосынының орынбасар қолбасшысы, «Аттанның» бірінші атаманы сынды үлкен мəртебеге қол жеткізіп үлгерген Мүтəннің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, десі жүріп тұр еді. Ол қорғанысы күшті бір құпия қорадан ер-тұрманды он бес атты айдап, тоғыз сарбазбен қотарыла шықты. Мансапқа буланған оның денесі жуандап, қисық мұрны жалпақ бетіне жабыса етейіп кеткен, кебежедей қарны ердің қасынан асып, іркілдеп тұратын. Бұрын оны «Азбаңдұйжаң» дейтіндер енді оның азулы айбарынан ығып, Қытайша «Му қолбасшы!» дейтін болған. Сатырлатып ат айдап келе жатқан ұзын мойын тазша жігіт, – Құрметті Му қолбасшы, бүгін қайда барамыз?– деді оған жасқаншақтай қарап. – Алдымен Қараөткелге, онан кейін Қараүңгірге барып, қызыл зеңбірекшілер қорғанына қажетті қарағай əкелеміз,– деп шалқая есінеді аузынан арақ иісі мүңкіп. – Ойбай-ау, азынаған қаңтарың болса мынау, жүз шақырымға жуық жолда боран шыға қалса, демде қырылмаймыз ба?– деді əлгі тазша міңгірлеп. – Сол қырылудың алдын алу үшін аттанып барамыз. Əнеу күнгі сайысты ұмытып қалдыңдар ма, «қызыл армия үшінші полкінің» снарядтары біздің қорғанымыздың күл-талқанын шығарды, соны дереу жөндеуіміз керек. Алдымызда нендей сұрапыл соғыс тұрғанын кім біледі?! – Онда Қараөткелге неге барамыз? – Ей, есуас, мына ер-тұрманды аттар жер түбіндегі Қараүңгірден қарағайды өздері қиып əкеле ме. Қараөткелден бір бөлім «қара жіптерді» (Жұртшылықтан ажыратып, шетке тұрғызылған бұзық жəне күмəнді делінген адамдардың масқаралау жанама аты) апарып қарағайға саламын. Қорғандағы атойшылардың санын азайтпау үшін ағажөнең осы əдісті ойлап тапты. — Е, е, солай деңіз, — деп тазша жігіт автоматын алдына сырып қойды да, аттарды тықсыра қуалай берді. «Му қолбасшы» Қараөткелге келгенде, су құрылысында тұмсығынан шаншылып ауыр еңбекте жүргендер жатқалы жатыр екен. Ол аттан түсе қалып асханаға бас сұғып тамақ пен арақты қосып алдырды. Онан кейін су құрылысының жауапты адамын шақыртты да он бес адамның тізімін ұстатып, – Осыларды дереу киіндіріп əкел!– деп бұйырды. Тілеуберді бастаған шақырылған адамдар лезде дайын болды. «Му қолбасшы» отырған орнынан қозғалмай арағын жұта отырып, шірене сөйледі, – сендер қазірдің өзінде бір міндетке аттанасыңдар, қойындарыңа нандарыңды тығып, қалыңырақ киініп алыңдар! Баратын жеріміз алыс, ат-көлік дайын,– деп майланған ұртын алақанымен сүрте салып, ыстық темір пештің жанынан ырғала қозғалды. * Түн. Сықырлаған сары аяз. Жалғызаяқ жолмен жиырма төрт салт атты тауға қарай құйғытып барады. Ақ көрпесін қымтай оранған етекті ен дала бүлк етпей мелшейіп жатыр. Олар найзадай шаншылған асуға таяғанда арақтың қызуымен

лепіріп келе жатқан Мүтəннің көзіне жол бойындағы жалғыз долана шалына кетті. «Ім-ім» деп өзегіне өрт ілінгендей күйге түсті ол. Олай болатыны бұрнағы жылы Тілеуберді мен Асылдың осы долананың түбінде кездескенін əлі ұмытпаған. Сол есіне оралып, тісін басып-басып қалды шықырлатып. Онан соң жасырын қастандықтың қақпанын құрғандай, ойына бір сұмдықты бүгіп, оң жағына қарап еді, табанына көз жетпес Сулысай аңғары тұңғиықтанып жатыр екен! Тілеуберді астындағы атын тебініптебініп қалды жалғыз долананың тұсына жете бере. Оның көз алдына шашына бір тал тау қызғалдағын жалындата қыстырған, қынай бел Асыл келе кетті. “Қандай тамаша сурет, рахатты шақ еді, шіркін!“ деп бір ойлады. Бірақ бүгін сондағы Асыл аузына тосқан балдай қымыз, алдына қойған майлы ет қайда?! Сондағы жайнаған жəннат табиғат жым-жырт болып, айналаны ақ қар, көк мұз құрсаулап тұр. Сақылдаған сары аяз бүкіл денесін бүрістіріп бара жатса да, Тілеуберді Асылды сағына, асыға еске алды. Үйіне бармағалы да үш айдан асқан. Неткен қорлық, неткен өкініш! Ана бір жолы үй-мүліктерін өртегенде қызыл қорғаушылармен керісіп қалған ғой. Оның үстіне əкесіне закон үйретіп, күйген мүліктерге Мүтəннің қолын қойғызып, сипат алған. «Осыдан бір пəле қоздап қалуы ғажап емес!» деп түйген сонда ойын Мүтəн. Асқардың үй-мүліктерін өртеп жіберіп, артынан «ұрының арты қуыс» дегендей сескеніп қалған еді ол. Олай болатыны үй-мүліктерді өртеп жібергеннен кейін, өзінің өр жағындағы орсақ тіс қараға баяндағанда ол санын бір-ақ соғып, «Алып келсең де болған екен» деп кейістік білдіріп еді. Сонда орсақ тіс қараның ішкі есебін Мүтəн сезген де жоқ. Ондағы орсақ тістің ойлағаны – қымбатты дүниемүліктерді жырымдап қала алмағанына қапы қалып отырған. Орсақ тістің үкімі бойынша Асқар қарияның арызына амалсыз қол қойғаннан кейін, Мүтəн Тілеубердіге онан ары өшіге түсті. Сол себепті «қызыл қорғаушылармен қарсыласты», «төрт көнені жоюға (дəстүрлі мұралық нəрселерді) қарсы шықты», «төңкеріске ұстаған көзқарасы нашар» деген айыптарды үстемелеп, қатаң бақылаумен ауыр еңбекке айдаған болатын. Жүргіншілер қырдай жардың үстіне шыққанда: – Тоқтаңдар!– деді «Му қолбасшы» өзі көлденеңдей тұра қалып. – Біз бүгін түнде осыдан былай Көксайды құлдап, аршалыны айналып, басқа ауданға қарасты Қараүңгірден қарағай алып қайтамыз. Тірі жанға сезіліп қалмау үшін, жедел қимылдап, күн шыға осы жалғыз доланаға оралуымыз керек. Ма Мазы мен Тұрдахын осында қалады. Қалғандарың жүріңдер!– деп терең сайға қарай құлдилай жөнелді. Тағалы аттар таудың тарғыл тастарын ұшқындата қаршылдатып, сай ішіне сүңги берді. Аршалының аузындағы орман қарауылы ұлыған бораннан ықтап қалыпты. Қатты жүріспен барып, аянға ауысқан қарағайшылар ол жерден ілбіп өтіп кетті. Онан кең аңғарды өрлегенде қарсы алдарынан баса соққан ызғарлы тау желі жүргіншілерді тұқыртып тастады. Ақ мылтық бораннан ат құлағы көрінбей, қасат қарды малтып келеді. Осылай суыт жүріспен Қараүңгірге олар түн ортасы ауа жетті. Қараүңгір десе Қараүңгір екен. Терең сайдың шыға беріс аузы қысаңданып қушиып тұр. Сайдың төр жағындағы екі жақ қапталда самсыған қалың қарағай қарауытады. «Му қолбасшы» міндетке бұйырды: – Он бес «қара жіп» ара мен балтаны алып ағаш кесуге кірісіңдер! Сегіз қорғаушы жығылған ағаштарды бұтақтап, мұрынын тесіп, мұрындықтаңдар!– деді ол айналаға естірте. Əп-сəтте айналаны шақұр-шұқыр, сыр-сыр, гүр-гүр, гүрсгүрс еткен дауыс жаңғыртып жіберді. Иектеліп, мұрны тесіліп таяқшамен мұрындықталған қарағайларға арқан байланды. Жалма-жан олар қаздай тізіліп қайтадан жолға шықты... Жалғыз доланаға келгенде Тілеуберділер ат үстінде келе жатып ауыздарына дəн салып, жүрек жалғады. Ал олардың алдыартында келе жатқан қызыл қорғаушылар көк бөтелкені бір-біріне лақтырып беріп, озандата əнге басты. Мүтəн артына бұрылып: – Ей, Тілеуберді, арақ іш,– деп бөтелкесін ұсынды. – Ішпеймін,– деді Тілеуберді тұнжыраған қабағын əнтек көтеріп. – Неге? – Аш қарынға арақ ішкен қай теңім. – Онда мынаны жеп ал,– деп ашық қоржынының басынан бір сүйем сары ала қазыны лақтырып берді Тілеубердіге. Тілеуберді оған көз қырын да салған жоқ. Лақтырылған қазы жол шетіндегі қарға сүңгіп кетті. – Ей, «сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмес» дегендей бұл не қылығың, əкел ана қазыны!– деп Мүтəн Тілеубердіге шадыр көзін шақшита тізгінін тартты. – Мен сенен қазы сұрағаным жоқ, керек болса өзің алып ал,– деп Тілеуберді де тік кетті. – Ой, əкеңді, мына бұзық есірген екен,– деп «Му қолбасшы» наганына қол салды. Тілеуберді оған жалт қарап, – Ат онда, жендет!– деп кеудесін керіп, түймесін ағытып тұра қалды.

«Му қолбасшы» ата алмады. Наганын қайтадан қабына салып, көк бөтелкені аузына екі төңкеріп алды да, – жемесең жемтігіңді же, сасық зиялы ит!– деп жүріп кетті. – Тфу, тфу, қара ниет бəтшағар!– деп Тілеуберді оның артынан жерге түкірді. Екеуі керкілдесіп тұрғанда, алдағылар ұзап кеткен екен. Қиядағы қиын жолдарда қарағай тартқан адам айналма мүйістерден шауып келіп зулатып өте шықпаса, ауыр қарағай ауытқып кетіп атты құлататын қаупі болады. Мұндайда байқамаса, атпен бірге адам да мерт болады. Осыны білетін Мүтəн кезеңге шыққаннан кейін құйындата жөнелді. Оның артынан Тілеуберді де атына қамшы басты. Ол заулап келе жатып үшінші айланбадан бұрыла бергенде қарсы алдында Мүтəн жендеттің көлденең тұрғанын көзі шалып қалды. Көсіліп келе жатқан ұшқыр ат екі-үш рет лоқып барып іркіліп қалып еді, жол табанынан шығып кеткен ауыр қарағайдың екпіні Тілеубердіні атымен қоса Сулысайдың тік жарынан құстай ұшырып ала жөнелді!!! «Алла!» деген бір ауыз сөзге əрең үлгерді Тілеуберді. Арасы айғай салым құзардан ұшып барып, қыс бойы бірінің үстіне бірі тынып жатқан қалың қарға күмп ете түсті... «Му қолбасшы» екпіндетіп жеткенде алдағы кеткендер жол үстінде екі бұғы, бір жабайы қабанның қызыл жайма етін боршалап жатқан Ма Мазы мен Тұрдақынның айналасында тұр екен. – Тілеуберді қайда? – Жаламадан ұшып кетті,– деді Мүтəн көзі шекесіне шығып. Ең алдымен жүгірген Айтмұхаммет болды. Ол да Мүтəнға қарсы шығамын деп жүріп қара жіптердің қатарына ілігіп қалған болатын. Айтмұхаммет жаңа Мүтəннің артта əдейі қалып, Тілеубердіге қастандық істегенін сезе қойып, жүгіріп келе жатып, – сен ант ұрған əдейі адам өлтірдің,– деп балтасын ала қайтадан Мүтəнға жүгірді. Мүтəн айтарға болмас сасқалақтап қалды. – Айналмада айылым босап кетіп аз кідіріп қалып едім, ол маған жете бере қарағайы аунап, жазатайым ұшып кетті,– деді Айтмұхамметке жалынғандай жарты тізерлеп отыра қалып. Айтмұхамметтер шығыс жақтағы жалама беттен жабыла сырғанап түсіп, жартас астындағы омбы қарға жеткенде Тілеуберді жұмыртқаны енді ғана тесіп шыққан ақ үрпік балапандай басын қардан қылтитып, жұлқынып жатыр екен. – Тірімісің, бауырым?– деп Айтмұхаммет бас салып, қолтығынан тартып суырып алды. Тілеуберді Айтмұхамметтің мойнынан орай құшақтай алып: – Рахмет, ағай!– деді де талықсып кетті. Оның аузынан боларболмас қан шығып тұр. Қарағайшылар шабылып келіп, төрт аяғы көктен келген атты да өлгенде əрең тірі шығарып алды. Арқанды қиып, атпен Тілеубердіні кезек-кезек сүйеп көтеріп жүріп кезеңге шығарғанда, Тілеуберді əрең есін жиды. – «Арбасқан жылан алдыңнан алты рет шығады» деген осы, шырағым, Тілеуберді. Періштең рас қаққан екен қатерден. «Найза бойы қар жауса ажалды өледі» деген сөз бар. Асқар ағаның да, Асылдың да тілеуі дұрыс екен. Бір жолғы қастықтан жаның аман қалды əйтеуір,– деді Айтмұхаммет. – Айтмұхаммет аға, маған Мүтəн жексұрын көпе-көрнеу қастандық жасады. Кезеңнің ар жағында жан құралын қолына алып, атып тастауға да ұрынды. Онан кейін...– деп Айтмұхамметтің құлағына сыбырлады. Қарағай əкелген «қара жіптер» атойшылардың алдыңғы шебіне жеткеннен кейін, «Му қолбасшы» Тілеубердіні жалғыз алып қалып, қалғанын Қараөткелге жаяу қайтарып жіберді. Айтмұхаммет артына қарай-қарай алаңдап кетті. Аула ішінде төбе-төбе болып үйілген жеміс ағаштары мен қыршынынан қиылған тал-теректер, жол үстінде боқ-сідікке бұлғанып қалы кілемдер мен оюлы сырмақ-текеметтер шашылып жатыр. Бұлардың бəрі қан жылаған халықтың мүлкі екенін Тілеуберді іштей сезіп: – Əй, найын саптар-ай!– деп келеді. Тілеубердіні қару асынған екі адам айдап апарып қорғаныс шебінің ішіндегі тастай қараңғы бір үйге қамап қойды. Бұл қорғаныс шебі дегені – айғайласып, атысқан екі топ есік-терезесінің дал-дұлын шығарған бұрынғы толықсыз орта мектептің оқу ғимараты. Мектептің сыртынан терең ор қазып, қарағайдан қалытқы жасап, əр-əр жеріне кірпіштен атыс ұяларын орнатып, кендір қаптарға құм толтырып қоршап қойыпты. Атыс алаңының сыртындағы күзет орындарында қарулы адамдар қаптап жүр. Мектептің ішкі үйлерінде мылтық, автоматтарын сүйеп қойып сары киімді қыз-жігіттер ыржақтасып отыр. Мектеп залында саудыраған арақ құмыралары мен консерва қалбырлары шашылып жатыр. Шеттегі бір үйде байлап-маталған бір топ тұтқындар зар еңіреп ширығып тұр.

– Тфу, бəтшағарлар! Бұлар осылай төңкеріс жасап не бітірмек? Бейкүнə елді зарлатып, өзара қырқысқаннан не шығады? Осылардың сонда түпкі көздеген мұраты не?! Апырай, ə, кешегі бір шыны суды шайқалтпай ұстап тұрған халықтық қайран үкімет қайда?!– деп ауыр ойға шомды Тілеуберді. Алдында келе жатқан «Му қолбасшы» қаптың сыртына қаны шып-шып шығып тұрған жас етті өз жанындағы қорғаушыларына көтертіп, түп жақтағы бір апанына кіріп кетті. Көзге түртсе көргісіз зілмəуір түн айналаны басып тұр. Түннің жарымы болған... Тілеубердіні айдаған екі жасауыл оны бір ала көлеңкелеу үйге кіргізіп, тік тұрғызып қойды. Төр жақтағы үстелде қатарынан бірнеше адам сұсты қабағын түйіп, түнеріп отыр. Оның артын ала қарулы жасақтар қазқатар тұр. Үйдің бұрышындағы темір пешке толтыра көмір салып, бүйірін қызартып қойыпты... Пеш алдында үш-төрт қысқыш, оның қатарында бір құшақ солқылдақ шыбық жатыр. Тілеуберді үстелдегілерге көз жүгіртіп еді, ешқайсысын танымады. Кейбіреулерінің бет-аузы жараланып, қолы таңылған. Кейбіреуі қос балдаққа сүйенген сүркейлі жандар. Өңдеріне қарағанда ұйғыр, қазақ, қытайы аралас көрінеді. «Ойпыр-ай, енді қандай қияметті бастар екен бұлар?» деп Тілеуберді іш жиды. – Ей, сен кімсің?– деді қазақ тілін бұза сөйлеген, арық сарышұбар біреуі үстелді жұдырығымен түйіп қалып. – Мен Тілеуберді боламын,– деді ол кеудесін тік ұстап. –Қайдан келдің? – Белтоған қыстағының Қараөткелдегі су құрылысынан келдім. – Мұнда не қылмыспен келдің деп тұрмын мен? – Қылмысым жоқ, қарағай алып келдік. – Қылмысым жоқ деймісің?– деп сарышұбар жан-жағына алақтай қарап еді, естелік алып отырған бірі орнынан ұшып тұрып, – жоғалсын оңшыл, ұлтшыл элемент! Екі жүрек, түзетімпаз Тілеубердінің ит басын мылжалайық! Сасық буржуазия зиялысының сазайын тарттырайық!– деп озандата ұрандады. – Ортамызға жасырынған шпион, екі жүрек, түзетімпазды қатты жазаға тартайық!– деп іле-шала тағы бір-екеуі ұранға басты. Айнала отырғандардың бəрі қызыл өңештеніп, əлгіндей ұрандардың соңын көтеріп айғайлап тұр. Тілеубердінің артында тұрған екі жасауыл оны тірсектен теуіп қалып, тізерлетті де желкесінен баса қалды. Қолына алақандай қызыл мұқабалы «Мау Жуши сөздерінен үзіндіні» ұстаған сарышұбар енді қайта айқұлақтанып, – Мау Жуши бізге былай деп тəлім береді: «Құралды жау жойылғаннан кейін де құралсыз жау өмір сүреді, олар бізбен сөзсіз жанталаса күреседі, біз бұларға елеусіз қарауымызға болмайды. Егер біз мəселені қазір осылай қоймасақ жəне мəселені осылай танымасақ, онда орасан зор қателік өткіземіз»,– деп тоқтағанда, тағы бірі қағып алып, Мау Жушидің: «кім біздің жауымыз, кім біздің досымыз? Бұл мəселе – төңкерістегі ең басты мəселе» деген үзіндісін озандата оқып, ендігі сұрақты Тілеубердіге сол қоя бастады. Бағанадан желкесінен тұқыртып басқан екі жасауыл енді Тілеубердінің шашынан шеңбектеп басын кекжите шалқалатты. Олардың тізелері Тілеубердінің желкесінде. – Ей, ит басты, сиыр аяқ, сасық зиялы неме, сен ең əуелі табы жат, бай шаруаның баласысың ба? Осыған жауап бер! – Орта шаруаның баласымын. Тілеубердінің басы-көзіне алдын-ала əзірленген солқылдақ шыбық сатыр-сұтыр жауып кетті. Сұрақ тағы жалғасты: – Сен оңшылсың ба шыныңды айт? – Оңға бейім болғаным рас. Бірақ бұл əлдеқашан тиянақтанған іс. – Сен алпыс екінші жылы шекара елі шетке қашқанда не үшін бері жылыстадың?! – Туған жерімді, ата-анамды қимадым. Тілеубердіге енді жұдырық пен сойыл шоқпар тең тиді. Бірі бастан, бірі жон арқадан сойып жатыр. – Арғы атаңның табы жөнінде не демекшісің, қарсыласпай анығын айт, тоң мойын элемент? – Білмеймін. Сойысқа арналған қозы да, қой да бөлекбөлек бауыздалып, өз аяғынан іреледі ғой,– деп өршелене түсті Тілеуберді. Осы кезде артта отырған бір қызыл қорғаушы, – мұның позициясы өте нашар екен, алдымен тілін түзеп ниетін дұрыстап қою керек сияқты,– деп қалды. – Онда аспаққа асып жіберіңдер!– деді сарышұбар дауысын көтере. Сол-ақ екен кендір арқанмен екі бармағынан байлап жіберіп арқалық ағашқа аса салды алкеуделер. Мұндай зұлымдықты тұңғыш көрген Тілеубердінің жүрегі аттай тулап, қаны басына шапшыды. Байланған бармақтарының тамырлары бырт-бырт үзіліп, қолтығы жыртылғандай бүкіл денесі ашып кетті. – Айтамысың ей, бұзық, не үшін келдің бұл жерге?

– Туған елім деп... Сарышұбар отқа қыздырылған қысқышты ымдап көрсетті басқаларға. Балағы тізесіне дейін түрілген Тілеубердінің ақ балтырына қып-қызыл қысқыш быж-быж басылды. Тілеуберді бұлқынып кетті, көз алды қарауытып, құлындағы дауысы құдайға жетті. Əй қу жан-ай! Тікен кірсе мазасы кететін адамға осындай да иттік кездеседі екен-ау! – Сен мұнда келіп, кері төңкерістік топ құрдың ба? Сұмпайы сұрақтар барған сайын қарша борап, Тілеубердінің азаматтық арына қауіптің қара бұлтын төндіріп келе жатты. – Құрғаным жоқ,– деп Тілеуберді қарлыққан дауысын қатты кенеді. – Төрт көнені жоюға қарсы шығыпсың ғой? – Қызыл қорғаушыларды əйеліме сұқтанды деп өлтіруге ұрынғаның рас па? – Олар мені өлтіруге ұрынды, коммунистік партия бар болса əділдікке əлі-ақ жетерміз. Мұндай қатыгез сұрақтың «Му қолбасшы» деген иттің ымымен жүргізіліп отырғанын Тілеуберді бағана сезген. Жабыла соққыласа да Тілеубердіден жарытымды жауап ала алмаған қызыл қорғаушылар бір сəт аптығын басып алды да, тағы да бүйідей талады. Сəлден кейін біреуінің қатты сойылы оң бүйірден сақ ете түскенде, Тілеубердінің есі ауып кетті. Маңдайынан сорғалаған жан тері жерге тырс-тырс тамшылап, өкпесі əрең қозғалып тұр. Жан-жағындағы жендеттер шашынан тартып, басын сілкілеп көріп еді көзі алайып, үстіне тартып барады екен. Денесіне шашылған бір шелек суық су еденге қызыл жоса қан болып қайта төгілді. Тілеуберді шала сескенгендей бір-екі рет дір-дір етті де, сұлқ қалды. – Шешіңдер!– деп ымдады сарышұбар. Қызыл қорғаушылар арқанды шешкенде Тілеуберді сылқ етіп жерге құлады. Ары-бері сілкілеп көріп еді көзін ашпады. Дəл осы сəтте сарышұбар қолына жалбыраған қағаз ұстаған біреуге ишарат жасады. Ол қағаздың соңына таңбаның майына шыланған Тілеубердінің бармағын бадырайтып басты да, қағазды қалтасына сүңгітіп жіберді. Онан кейін екі қолы артына байланған Тілеубердіні ессіз күйде үсті жабық мəшинемен аудандық сақшы мекемесіне ала жөнелді. Екі-үш күннен кейін сақшыдағы қарауылшылар ыңырсып жатқан Тілеубердінің іш киімдерін қан сауыт болып қатып қалған терісінен сойып зорға шешті. Бұл алапат «мəдениет зор төңкерісіндегі» адамды тірідей сою дейтін қанқұйлы əдістің бір түрі еді. Астынан суық ызғар ескен тас түрмеде Тілеуберді ыңырсып бір ай жатты. Денесі салданып қалғандай екі қолы көтерпейді. Аштық пен ызғарлы суық түрме оның жанын жадатып, қу сүлдерін ғана қалдырды. Арада екі ай өткенде күзетші келіп, – сыртқа шық! – деп сүйемелдеп алып жүрді. Іздеп келгендер Жамал апайы мен Шяу Уаң екен. Тілеубердінің домбыққан бет-аузын, кейпі қашқан ұсқынсыз бейнесін көріп, Жамал апайы шошына айғай салып жіберді. Шяу Уаң көзі бақырайып, “ай-юо, зымылы? (ойбай-ау, не болған?)” деп тілсіз қатып қалды. Жамал апайы сəлден кейін есін жиғандай тілге келді. – Қарағым, Тілеуберді, сені де аямаған екен ғой. Сотанақтың қолына түскеннен кейін көретін күнің сол. Абыржыма, «сабыр түбі сары алтын» деген, ер-азаматтың басына не келіп, не кетпей жатыр. Азамат бір терінің ішінде мың арып мың семіргенін; Ер басына күн туып, етігімен су кешкенін енді ғана көріп жатырмыз. Əлен ағаң да осы түрмеде, құдай түбін оңғарсын, қылмысың болмаған соң көп өкіне берме,– деп жігерлендірді Тілеубердіні. – Тілеуберді бауыр, қорықпа. Сенде не қылмыс бар?– деп Шяу Уаң төс қалтасынан бір парша хатты алып оған ұстатты. Тілеуберді хатты жанында тұрған күзетшінің көзінше оқи бастады. «Ардақты Тілеу, қал-жайың жақсы ма? Бізден алаңсыз бол. Атам да əйбат. Нұржаның да міне екі жасқа таяп қалды. Құлдыраңдап жүгіріп жүр. Анда-санда сені іздейді. Нұржан туғанда сен «соғыстан қорғану» үңгірін қазып жатқансың, ол бір жасқа шыққанда «қызыл қорғаушылардың ылауында» тентіреп жүрдің. Енді міне екі жасқа келгенде түрмеде тұсалып отырсың. Бұның өзі «жазған құлда шаршау жоқ» дегендей-ақ іс болды. Өзіңе мықты бол. Бізді зарлатып, қастандық жасағандардың күні өшсін. Алдағы атар таңымыз ашық болса, шөккен тұман əлі-ақ айығып кетер. Денсаулығыңды аяла» деп жазыпты Асыл маржандай тізіп. Əкелген дəм-тағамдарын беріп, тиісті ақылын айтып Жамал мен Шяу Уаң қайтып кетті. Тілеуберді оларға не айтады, іштегі қасіреттерін ақтарыла айтайын десе, күзетшіден именді.

– Аман-сау болыңыздар, келгендеріңізге рахмет!– деп оларды түрменің түбінен ұзатып салды. Шяу Уаң кетерінде Тілеубердіге сыбырлап, – Сіздің жағдайыңызды аудандық соттағы бір танысыма түгел айттым. Ол кісі қазір төңкерістік коммитетте істеп жүр, ісіңізді тездетіп ұғысатын болды. Ал, мен де енді келе аламын ба, жоқ па біле алмай тұрмын,– деп қамығып еді, мұны естіген күзетші ауыр күрсініп, — Бұл жігіттің осылай жатуы қарсыласқан екі көз қарастағылардың осы күнгі үкіметсіздік орайдан пайдаланғандығы ғой. Қазір заң орындары да не қыларын білмей аңтарылып отыр. Бізге салса заңды қылмыс делосы тұрғызылмаған адамдарды бір күнде ұстап тұрғымыз жоқ, — деп былыққан қоғамдық жағдайдың бір пернесін басып қалды. Жатын камерасына қайтып келгеннен кейін Тілеуберді Асылдың хатын қайталай оқыды. Ондағы екі іс арқасына аяздай батты. Бірі – тұңғыш ұлы Нұржанның əке мейірін көрмегендігі; енді бірі – қайын атасы Мұраттың қалай мертіккендігі. Оның үстіне Асыл екіқабат еді, осы жағдайлар жанын жегідей жеп қатты қинады. Əкелік мейірмен Нұржанның тамағынан иіскеп, еркелете алмағанына іштей өкініп, қиялына теңіздей сапырылған мына бір ақынның: Күліп-ойнап тұрғанда жан бойыңда, Арақ іш, кітап оқы, оны қойма. Кім білсін жасарыңды қаншалықты, Өлімді не қыласың алып ойға! – деген өлең жолдары орала кетті. Өлеңді əнге қосып, ыңылдап айтты да, тамақ салынған көк дорбаға қол созды. * «Алға» коммунасында наурыз айы күңіреніп туды. «Бірге соққы берумен үшке қарсы тұру», «күреске алу, сын тезін құру, қолма-қол өзгерту» қимылы күннен-күнге асқынып, адамдар аруақ кейпіне кірді. Бұрыннан қалыптасқан заңдық жүйе өзгеріп «ерікті ауызға бөрікті бас сиған» заман орнап, үкімнің алды өлімге дейін жұрт алдында жұлынғандардың қолымен шығарылып, арты ауыр қалпақпен ұрып-соғылып жатты. Ел ішінен өсек-аяң қаралаулар нақтылы материал деп жиналып бейкүнə жандар, адам тағдыры доптай домалап, əркімнің қолында ойыншыққа айналды. Əй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, осындай миша былыққан жағдай ушығып тұрған бір күні «Алғаның» Ақши алқабындағы зəулім қара ағаштың түбінде дабыралы бір жиын ашылды. Жиынның «салтанат қақпасы» (сахнаға ұқсас орын) бұталмаған самырсын, шырша бүрімен көмкеріліп, дəл ортасына адамның бас сүйегінің суреті сызылып, оның үстіне «х» белгісі таңбаланған. Осындай қорқынышты түс алған қақпаның екі жағындағы керме туларға айқыш-ұйқыш қара-қызыл жазулармен «кері төңкерісшілерді тып-типыл жоғалтайық!», «түзетімпаздыққа қарсы тұрайық!», «кешегі тартқан таптық азапты есте берік сақтап, қанды көз жасты ұмытпайық!», «шекара районды гүлдендірейік!», «шекара районды жанымызбен қорғайық!», «орталық мəдениет төңкерісі басшылық группасын басымызды бəй тіге қорғайық!» деген ұрандар жазылыпты. Қызылды-жасылды ту көтерген қара нөпір адам селі аттылыжаяу ұрандата жан-жақтан құйылып жатыр. Əрбір лектің алдында қағаз қалпақ кигендер мен жаурындарындағы ақ шүберекке аты-жөні «қылмысы» жазылған «қанды балақтар, қара жіптер» арт-артынан айдалып келе жатыр. Бұлардың кейбіреуінің қолдары байланып, белдері бір-біріне арқанмен маталған. Ішінде сақалмұрты күзелген шалдар мен шаштары кесіліп, кимешек шылауыштары сыпырылған қарт аналар да қалтаңдап келе жатыр. Сахнаның төрінде төңкерістік комитеттің төрағалары мен бір топ жергілікті жəне əскери адамдар отыр. Олардың екі жағында бүкіл майданның амандығын қорғап қызыл қорғаушылар сіресіп қалыпты. Алаңға кірген адамдар отряд-отряд бойынша сапқа тұрғызылды. Онан соң əрбір отряд өздері айдап келген «қанды балақ, қара жіптерін» құлағынан басып, итермелеп ортаға алып шықты. Қара жіп қатарында тұрған Асқар ақсақал əлдебіреуді іздегендей жан-жағына жалтақтай қарап еді, коммуна органындағылар өзіне ежелден таныс Құрман директор мен Күндəулетті бірге қосақтап, Мұратты зəмбілге салып, бір бүйірден шыға келді. – Астапыралла, заманақыр ғой мынау,– деп Асқар қария сақалын сипамақ болып еді, өзінің де қолы артында байлаулы тұрғанын енді сезді. Төңкерістік комитеттің басшылары кезек-кезек сөз алып, «кері төңкерістік топтарды əшкерлеу» жөнінде іздене сөйледі одан кейін реактивтік ұшақ формасында отырғызылған (адамдарды қинаудың бір түрі) қара жіптерге қан құстырардай қатаң сұрақ қойылып, қатігез жаза қолданды. Тепкіге түскен екі аяғы кем Мұрат жер бауырлап жатып, – өлтіріңдер қане,– деп ашулана тіл қатты. Оның жанындағы қосақтаулы тұрған Құрман директордың оң көзіне шəңкілдеген біреу сұқ саусағын тығып алып, қарашығын ағызып жіберді. – Мыналарың не сұмдық, көзі ағып кетті ғой. Ей ант ұрған

алдыңдағы сенің əулиедей ұстазың емес пе?!– деп жаңағы жендетке Күндəулет ақыра қарап еді, ауыр соққыдан өзінің қасқа тістері түгел төгіліп қан жауып шыға берді. Сол күні түстен кейін ашық үкім жарияланды. Сабырхан, Лиу Хай деген екі адамды нақ майданда атуға, Оспан, Шетен бастаған бес адамды екі жыл кешіктіріп атуға, он адамды мерзімсіз қамау жазасына кесіп, жүзге жуық адамның тағдыры халық қолына тапсырылды (жұртшылықтың жазалау еркіне берілді). Одан кейін салақұлаш айыптау сөздері оқылып, озандата ұрандар шақырылып, ең соңында «азапты еске түсіру» тағамына таласа отырды. Азапты еске түсіру тамағы кəдімгі ас бергендей таратылатын əдет қалыптасқан болатын. Қатар-қатар асылған тай қазанға пысырылған жем-шөп, кебек-себек болатын. Сол майдандағы кейбіреуінің ыдысынан өлі тышқан, иістенген құстың бас-сирағы, жылқы-сиырдың тезегі шыққанда лоқсып құсып дөңгелеп жатыр. Өмір бойы мұндай сұмдықты көрмек тұрмақ, естімеген тоқсан үш жастағы қария Қапар қақпаншы таңырқап, апыр-ау, атамыз қазақ «күніне жүз ауыз сөз сөйлеген адам өледі» деп заржақтықты жақтырмаған еді, ал мыналар айлап-апталап зарлап жатса да біреуі өлмейді ғой. Қазір мен құдайдың тозағын бақи дүниеде емес, фəни дүниеде көріп отырғандаймын. Жағым сынса да, сағым сынбасын, жоғалт мына ит ішкіріңді!– деп қолындағы қойыртпақ ботқасын бір қызыл қорғаушының бетіне шашып жіберді... Жиынның соңында кернайдан саңқылдаған біреу: – Халық қолына тапсырылған қара жіптер қазірден бастап майданнан қуып шығарылып, атпен айдалсын!– деп бұйрық жариялады. Бұйрық деген бұйрық қой, тұс-тұстан топалаң қимыл басталып шу-шұрқаңға ұласып кетті. Белтоған қыстағы қайдасың дегендей жан ұшырта безіп келе жатқан Асқар қария жан-жағына жалтаңдай берді. Алдында ғана ауыр соққыны өзіне дарытпаған Айтмұхаммет кетіп барады екен. Оған жанаса «ата-тегі белгісіз, кезбе қара жіп» Шяу Уаң келеді итбектеп. Олардың соңындағы қызыл қорғаушылар адуын аттарының кеудесімен соғып жаяуларды жан алқымға алып келеді. Ауылға жүгіріп қайту жазасы Асқар ақсақалға оңайға түспеді. Кеудесі сырылдап, өкпесі аузына тығылды. Тілі аузына сыймай кеткен ол тоқтай қалып, жол тағанындағы тоқтау суға бас қойды. Еріні суға тиер-тиместен лоқсып, жентек-жентек қан құсты. Қарияның бұл күйін көре қойған Шяу Уаң оны құшақтай алып, арқасына көтерді де «Алға» емханасына қарай ала жөнелді. – Тоқта, тоқта!– деді айдаушылар ат басын іркіп. Шяу Уаң олардың сөзін елеген жоқ. Тек «Асқар қарияны құтқарсам болды» деген оймен артынан атылған мылтық дауысына да қарамады. Мылтықтың ащы дауысынан үрейлене ұйлығып қалған адамдарға тізгін ұшымен жеткен «Му қолбасшы» топтан өтіп барып тоқтады. Біреулер оған қолын шошаңдатып, жүгіріп бара жатқан Шяу Уаңды көрсетті. Мүтəн атына қамшы басып Шяу Уаңды қуып жетті де, құлақ түптен үзеңгісімен бір қағып, қайырылып тұра қалды. Аузы-мұрнынан қан саулап кеткен Шяу Уаң қара жолдың үстіне екпетінен түсті. Бұл шақта Асқар ақсақал да əлдеқашан жан үзіп, Шяу Уаңның қарулы қолы оны көтерген бойда екі тақымы жабысып қалған екен. – Өтірік өлді ғой деймін, қолтығына қол салып байқаңдаршы?!– деді Мүтəн əлдебіреулерге бұйыра. – Ой лағынат! Бір жолда екі адамды бірдей өлтірдің. Шяу Уаң да жан үзіпті,– деп Айтмұхаммет Шяу Уаңның қан сорғалап тұрған құлағы мен мұрынына етегінен жұлып алып ескі мақта тықты. – Өлсе өлемқапсын. Төңкерісшілдермен қарсыласқан қара жіптердің көретіні осы. Бұл өлекселерді Тастұмсыққа апарып тоғыз жолдың торабына көме салыңдар!– деп бұйырды «Му қолбасшы». Айтмұхаммет бастаған бірнеше «қандыбалақ» тəубесін үйіріп, жағаларын ұстап, о заман да бұ заман мұндай сұмдықты көрмеген бейуаз жандар жаны түршігіп, қарадай қалтырап келеді. Олардың бар қолынан келгені Мүтəн сияқтыларға қарғыс жаудыру ғана болды. – Қалай жерлейміз?!– деді Тастұмсыққа екі мəйітті əкелгендер бір-біріне қарап. – Бастық тапсырғаннан кейін ақыретсіз жерлейміз де?– деді торғай жүрек Тоқан деген жігіт. Олардың ежелден ел ішінде беделі бар, ақылгөй, аса құрметті қария Асқармен осы ауылды паналап, қазақтармен тонның ішкі бауындай болып достасып кеткен ашық жарқын Қытай азаматы Шяу Уаңды осылайша ұмар-жұмар көме салуға дəті бармай көпке дейін қиналды. – Бұл не деген жолсыздық, адамның соқыр жармақтық құны қалмағаны ма, əй, түбінде бір сұрағы болар,– деп кейіді Сарқыт деген салмақты қария. Қанды балақтардың көп керісіп отыруға енді уақыты да қалмаған, соңғы ақылды Айтмұхаммет айтты. – Осы Сақаңның сөзінің де жаны бар, жазықсыз өлген адамның түбінде бір сұрағы болары қақ. Екі марқұмды осы құшақтасқан бойы киім-кешегімен, қандақтарымен көмейік. Ертең бұл көрініс, болаттай факт əділетсіздіктің айғағы болар,– деді. Олар Айтмұхамметтің айтқанын істеп, Асқар қарияға күбірлеп құран оқыды да, беттерін сипады.

«О, əділетсіз заман, тектеусіз кеткен дүние-ай» деп ел-жұрттың күңіренгені сонша, қара бұлт қалыңдай берді. Ел еңсесін басқан «Му қолбасшы» онан арман есіре түсті. Ол Асқар қарияның алты бөлмелі үйін тартып алып, «төңкерісшілердің» штабын көшіріп əкелді. Панасыз Асылды қиырдағы бір бұғы қораға қуып апарып тастады. Бұғы қора Ақтас қыстауындағы бағымда тұрған алпыс бұғының мекені болатын. Оған екі бөлмелі жер үйде отыратын құлағы саңырау, өзі өмір бойы үйленбеген Тұрдан деген ергежейлі шал қарайтын. Асыл сол Тұрдан шалға қазан-аяқшы болып жіберілді. Мамыр айының басында Тілеуберді түрмеден босап шықты. Оны «Алғаға» əкелген заң қызметкерлері төңкерістік комитеттің саяси бөліміндегі екі адамға: – Тілеубердінің ертеректе танымында мəселе болғанымен, кейінгі кезде идеясы орнықты, позициясы жақсы болған. Ауылына келгеннен кейін, еңбек күнін жылына екі жүз елу күннен кем түсірмей кедей, төмен орта егінші малшылардың тəрбиесі мен бақылауын дұрыс қабылдаған. Мəдениет зор төңкерісінен бері кертартпа идеясы, қате сөзі, қылмысты əрекеті байқалмаған, сол себепті үйіне қайтарылды,– деп ұғындырды. Осы жөнінде жазылған ұқтыру қағазды олардың қолына берді. Содан кейін саяси бөлімдегілер қолма-қол Тілеуберді енді өз еркімен жүріптұруына əбден болады деген мазмұнда тілдей қағазды қолына ұстатты. Тілеуберді өзінің бұл бостандығы үшін бірінші құдайға, екінші Шяу Уаңға шексіз риза еді... Төңкерістік комитеттің осындай шешімін алған Тілеуберді төсенішін арқалап Белтоғанға қарай бет түзеді. Бұлынғыр аспан жүзінде тоғайып қалған ай баяу жүзіп барады. Ол қамысты саздағы ат жолына ілінгенде əлде бірдеме есіне оралғандай тұра қалып темекі тартты. Бір кезде Асыл екеуінің алғашқы махаббатына куə болған нар қамыстар қазір шанжаушанжау үкілі басы қозғалып баяу желмен қозғалып тұр. Қамыс ішіндегі жайқалған көк құрақты көлшіктерде қаздар қаңқылдап, үйректер пырылдап жүзіп жүр. Ол бұрылып бозарған тауға қарап еді, қар əлі ери қоймаған екен. Биік теріскейлердің теңбіл-теңбіл қасат қарлары жайған ақ шүберектей кіреукеленіп жатыр. Кенеттен Нұржанның үні құлағына естілгендей болды, онан көз алдына толықсып Асыл келді. Асылдың құбылта айтқан əндері құлағының түбінен шыңылдап шыққандай күй кешті. Осы бір сызылған əн толқыны түн тыныштығын оятып, орқаш-орқаш таулардан асып бара жатқандай. Осы бір елес оның Асылы мен Нұржанына деген сағынышын онан арман асыра түсті. Тілеуберді жол шетіндегі шымдауыт жермен жүріп келе жатып анадай жердегі шарбақ үйшіктен жылтылдаған отты көрді. «От – қыстың гүлі» дейді халық. Шыңылтыр түнде бойын бусанған тер басып келе жатса да, əлгі отқа барып бір жылынғысы келді. Оған сол оттың маңайында аяулы жары Асыл отырғандай, қасіретпен қайтарған əкесі жашиық намазын оқып жатқандай бір сезім орала кетті. Қазақ «қызыл отың қысырамасын, отың өшпесін!» деген сөзді қандай тауып айтқан деп ойлады Тілеуберді. Оның ойы одан ары тереңдеп «Сол оттың жарық сəулесінде алып Отан жатпайды ма, «Отан от басынан басталады» деп қандай тауып айтқан! Сол ардақты Отанға дана басшы, атойшыл батыр, ғұлама ағартушы жалынды ақын, əрине, керек қой. Егер олай болмаса елде елдік, жерде сəн бола ма? Біз осы тұста не үшін барымызды жойып, сағымызды сындырып, сарпалдаңға түсіп отырмыз. Бұл тегі не үшін?!» деп тəтті қиялға кетті. Тілеуберді ауыр ой үстінде келе жатқанда алдыңғы жақтағы қыстақ шетінен «Қазақ халқы компартияны жырлайды» деген асқақ қызыл əн естілді құлағына. Ол бағдарлап қарап еді, Айтмұхамметтің үйінен шыққан радионың үні екен. Ол жылдам басып солай бұрылды. – Ассалаумағалейкум!– деп үйге кірді. Терезенің алдында радиомен ойнап отырған он-он бір шамасындағы Сəбит пен онан үлкендеу Айнұр кісі киік көргендей Тілеубердіге үрке қарап мелшиіп-мелшиіп тұрып қалды. Онан кейін: – Ағатайым-ай! – деп Тілеубердіні бас салып құшақтай алды Айнұр. Тілеуберді де Айнұр мен Сəбитті маңдайларынан кезеккезек сүйіп: – Ағаң қайда, тəтең көрінбейді ғой? – деді жымиып. – Ағам ауырып қалған, тəтем сол кісінің қасында,– деді Айнұр жітірмелете. – Не науқас, қашан ауырды? Айнұр жауап берудің орнына Тілеубердіге тесіле қарап: – Ағай, сіз түрмеден қашып келесіз бе?– деп оның бас-аяғына көзін жүгірте қарады. – Əй, балақай, мен қашып келгенім жоқ. Ақталып келе жатқан бетім осы. Үйге кетіп бара жатып алдымен сендерге бұрылдым,– деп жай-күйін түсіндірді. – Естімедіңіз бе?– деді Айнұр дауысы қалтырап, Тілеубердіні қайта құшақтап, – өткендегі кері төңкерісшілерді жаныштау жиынын-

да Асқар атам мен Шяу Уаң ағамды “Му қолбасшы“ ұрып өлтіріпті. Ал Асыл тəтемді бұғы қораға...– деді сөз аяғын ашық айта алмай. Тілеубердінің төбесінен жай оты жарқ ете түскендей болды. Көз алды қарауытып отыра кетті жүрелеп. – Ағай, түрегеліңізші, тұрыңыз, – деп екі бала Тілеубердіге шырқырай жабысты. Сонан екеуі қатарласа, – сіз Нұржан мен Асыл тəтемді тезірек барып осында əкеліңізші! – деп еңіреді. – Рас па, Айнұр? – деді Тілеуберді екі бетін жас жуып. – Рас, аға. Тілеуберді көтерген жүгін босағаға тастай салып, қараңғы далаға сүңгіп кетті. Тас бейіттің қасынан өте бере өзін біраз тежеп қайратына мінді. Қиялы сан-саққа жүгіріп, рахымсыз өмір дегенге лағынет жаудырып келеді. Ол бұғы қораға жеткенде есіктің алдында байланған үш-төрт ат шылбырын сүзе тартып ширығып тұр екен. Тілеуберді дауал түбінде аз тыныстап, өзін тежеп, ентігін басып алды. Аттардың қасына келіп еді, иттер абалап қоя берді. Үйден ешкім шықпады. Ол ептеп келіп, жер кепенің төбесіндегі тесіктен сығалап қарап еді, «Му қолбасшы» бастаған екі-үш адам құмыраларды тізіп, кертілген бұғының жас мүйізі, қызыл жайма ет ортасында гуілдесіп отыр екен. Төмен қарап отырған біреуі: – Мына былтырғы жас мүйізден қалған бір пар мүйізді де төртке бөлейік. Бүгінгі сойылған екі бұғының ұлпа мүйізімен шыбығын қосқанда сегіз бөлек болады. Мұны Яң қолбасшы, А. қолбасшы, Е. меңгеруші, Жаң меңгеруші, Уаң коммисарларға ұсынсақ, қалғанын... дей беріп еді, оның сөзінің соңын Мүтəннің жезде ағасы, Белтоған отрядының бастығы жылпос Тоқмұрат қағып əкетіп, – Мүкежан, қалғанын өзің сақтап қой, шырағым. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген. Бұдан соң да жоғары-төменнен жұмысың шығады, қайда барсаң да бет жүздік керек. Алақаныңа қарайтын адам да көп, — деп ақыл көрсетті. Олардың жанында төбесі май-май ескі шапкалы, қызыл мойын, баяғы тазша арақ құйылған шынысын аналардың аузына кезек-кезек тосып құша жорғалап жүр. Табақтағы майлы қуырдақ суып қалса керек, бір кезде Мүтəн, – Тұр ей, мынаны анау ауыз үйдегі салдақыға апарып бер, ысытып əкелсін!– деп қызыл мойынға қарай табақты итеріп жіберді. Онан Тоқмұратқа, – жасырған қаруларыңыздан шатақ шықпасын!– деді көзі ілгіштеніп. – Қой-қой, қарағым, оның сондай қауіпсіз жасырылғандығын Уаң қолбасшы əнеукүні өзі тексерген. Бүгінгісін өзім апарып жөндедім,– деді Тоқмұрат қылжалақтап. Тілеуберді артына жалт бұрылып, жүгіріп барып Тұрдан шалдың ала биесінен басқа аттарды шешіп-шешіп қаңтарды да, алысқа айдап жіберді. Қолына темір айырдың сынған басын сығымдап ұстап, ептеп келіп есіктен сығалады. Тұрдан шал төр алдында сүйек мұжып отыр екен. Оның ар жағында аша қазықты көтерме төсектегі қомша көрпеде басы қылтиып Нұржан жатыр. Тазша ысытылған қуырдақты алып төр үйге қайта кіріп кетті. Шашы дударланып, бет-аузы сағалданған Асыл недəуір өсіп қалған ішін оң қолымен басып қойып, ошақ басынан самарқау қимылдап, əрең тұрды. Асыл есікке қарай жүргенде, Тілеуберді есіктің артына тығыла қалды. Асыл далаға барып қайтып келе жатқанда, есік алдындағы ала көлеңкеде Тілеуберді оны шап етіп ұстай алды. Асыл “Кімсің?” деп айғайламақшы болып еді аузын еппен баса қойып, “Мен Тілеубердімін” деді де бір шетке бұрып əкетті оны. Жер кепенің өргі жағы жел үрлеген биік қалдық қар екен. Олар сол қалтарыста құшақтасып тұрып, солқылдап жылап көрісті. Жылап тұрып тіл қатысты. Асыл: – Атам сені...– дей беріп еді, оның сөзін Тілеуберді үзіп: – Үндеме, бəрін естідім, бəрін білдім. Мен де ақталып келдім. Ертең өздеріңді алып кетемін. Үйді қайтарып аламыз,– деп Асылды аймалап, кеберсіген ернінен күйіп-жанып тұрған бетінен құшырлана сүйді. Сол сəтте Асыл, – сен қазір үйге кіресің бе? Ең жақсысы кірмей-ақ қой. Олар оқыс қылады. Ылғи қарулы қотиындар!– деді күсті алақанымен Тілеубердінің маңдайын, мойнын сипап тұрып. – Кірейін, Асыл, олар менің келгенімді көрсін,– деді ойында ештеме жоқ Тілеуберді қолындағы темір айырды жерге тастап. Тілеуберді алдымен ауыз үйдегі Тұрдан қарияға сəлем беріп амандасты. Ол Тілеубердінің қолын алып, сақалы шошаңдап, иегі кемсеңдеп тұрып: – Келгенің қандай жақсы болды, шырағым, балалар да сағынып жүр еді,– деп ұйықтап жатқан Нұржанға қарады. Онсыз да кеңсірігі жыбырлап, сағынышы тұтап келген Тілеуберді, тəтті ұйқыда жатқан Нұржанды бас салып бетінен сүйіп, маңдайынан иіскелей берді. Дəл осы сəтте ауыз үйге шыға келген қызыл мойын тазша Тілеубердіге суырша шақшиып қарап тұра қалды да, шегініп қайта кіріп кетті. Сəлден соң Тоқмұрат үйден шығып: – Ой, Тілеуберді, келдің бе, жарайды, жүр, үйге кір,– деп ырсия күліп, жеңінен жетектеді. Шошығанынан Асыл мен Тұрдан қария да артынан қосыла кірді. Үйдегілер бағанағы қызыл жайма етті кертілген бұғы мүйізін қапқа салып, зым-зия қыла қойыпты.

– Иə, қайдан пайда бола қалдың жерден шыққандай, жоқ, көктен түстің бе?!– деді сызданған Мүтəн. – Қазір келдім, көктен де, жерден де шыққаным жоқ. Хан мен халықтың қара жолымен жүріп келдім. – Қайдан? – Түрмеден. – Жолдағы ұйымдық орынға жолықтың ба? – «Алғадағы» төңкерістік комитетке барып, қағаз алдым. – Əкел. – Мінекей,– деп таңбалы қағазды Мүтəнға ұстатты Тілеуберді. Бағанадан адырайып отырған Мүтəн енді маймөңкелеп жуаси қалды. – Ə, болды, болды. Біз жүрелік, жұмыс болса ертең тағы сөйлесерміз... Иə, айтқандайын қазір мына тазша далаға шыққанда аттарымыздың босап кеткендігін айтты ғой деймін ə, егер солай болса Тілеуберді өзің бізді жеткізіп сал, азырақ жүк-мүгіміз де бар,– деп тазша қапты, өзі кертілген бұғы мүйізі салынған қоржынды көтерді. Қалғандары тағы бірдемелерді алып жатқанда, бүкеңдеген Тұрдан шал барып тазша көтерген ауыр қапқа көмектесті. – Жоқ, Тілеуберді бармайды. Тұрдан атамның өзі барсын,– деп Асыл безек қақты. – Неге, біз сенің күйеуіңді жеп қоямыз ба, ол алжыған шал түнде қайтып жол жүреді? – Тамақ ішпеді ғой. – Ендеше тездетіп тамақ ішіп алсын,– деп Мүтəн далаға беттеді. Тілеуберді тамаққа отырғанда Асыл оған сыбырлап: – Байқа Тілеуберді, мыналардың ниеті жаман тағы бір жағынан бұғы сойып, қып-қызыл қылмысты болып отырғанының үстінен түстің,– деп ескертті. – Рас көрдім, бəрін көрдім. Кімге беретінін де естідім. Бұлардың əуелі қазірден бастап жанталасып жасырып жатқан оқ-дəрі, қаружарағы да бар екен. – Байқа, сондықтан айтып отырмын ғой,– деп Асыл сорпа құйып Тілеубердіге ұсынды. Мүтəндарды Тілеуберді алып кеткеннен кейін Тұрдан шал қор етіп ұйқыға кетті. Асыл қайта-қайта далаға шығып сағынышты жарының жолын тосты. Аз-кем уақыттан кейін Тілеуберді жетіп келді. Көптен бері үй бетін көрмей күйі кеткен оған мынау жер кепе бейіштей болып сезілді. Асыл жүгіріп жүріп шəй құйды. Тілеуберді Нұржанды құшағына алып аймалап еркелетті. Оның былдырлаған тіліне қызығып, оны-мұны сұрап жайраңдады-ай келіп. Тілеубердіні жолдан қайтарып, Тоқмұратты ары жүргізген Мүтəн қызыл мойынды жырып алып қалды. – Тоқа, сен жүре бер, біз əлгі Тілеуберді Асылмен қалайдан-қалай əңгіме шерткенін байқайық. Осының өзі бір қызық емес пе? Тіпті ол бағанағы қару-жарақ жөніндегі құпиялықты да естіп алмағанына кім кепіл?!– деп қызыл мойын тазша мен Мүтəн кері қайтты. Олар Тілеубердіні аңдып үй артында ұзақ отырды. Бір шақта Тілеуберді ала биені арқандауға шығып, алысқа жетелеп кеткенін олар қора ішінен анық көріп отырды, – дыбысын шығармай құртайық, қолыңдағы арқанды ілмелеп ал. Мойнына іле салып тартып қалсақ болды, өзін-өзі өлтірді деген сол,– деп Мүтəн сұрқиялық жоспарын қызыл мойын тазшаға сыбырлап жатқанда, Тілеуберді де атын арқандап қайтып келді. Ол енді ала биенің ноқтасын қораның алдындағы арқалықтың басына іле бергенде, мойнына тұзақ сап ете түсті. «Аһ» дегенше болған жоқ, кендір арқан буындырып бір-ақ жан тəсілім қылды. Жендеттер екеулеп көтеріп, қораның ішіне кіргізді де арқанды бел ағашқа іле салып зым-зия зытып берді. Тілеуберді кешіккен сайын Асылдың көңілі алабұртып, жүрегі қалтырай бастады. Ойына əлденелер оралып беймаза бола берді. Ақыры тағаты таусылып, қолына қолшырақ ұстап далаға шықты. Үйді айнала көз жіберді, көрінбеді. Дыбыстап еді, үн шықпады. Ақыры Тұрдан қарияны жұлқылап жүріп оятып екеулеп іздеді. Тұрдан қария бір мезетте арқалақтағы асулы тұрған ноқтаны көріп, – балам бері кел, апыр-ау қайда кетті?– деп шамды көтеріп қораға кірді. Кірді де сұмдықтың үстінен түсті. Тілеуберді салақтап асулы тұр. – Ойбай, Асыл, мұнда екен, асылып қалыпты!– деп арқанды бəкісімен қиып жіберді. Тілеубердінің созылған денесі жерге сылқ етіп, жиырылып барып тынышталды. – Аттан! Ел-жұртым, аттан! Адам өлді,– деп Тұрдан қария далаға шығып айғай салды. Оның жарықшақтанған жуан дауысы қара түнді қақ жарып, жан-жаққа тарап кетіп жатты. Асыл Тілеубердінің сұлық жатқанын көріп есі ауып, шалқасынан түсті. Тұрдан шал оның басын сүйей бергенде Асылдың құрсағындағы жеті айлық шарана шыр етіп жерге түсті. Нəрестенің шырылдаған дауысын сұлық жатқан əке де, есінен танған шеше де білген жоқ. Ес таппаған Тұрдан қария «енді қайттім?» деп басы шыңылдап барып зорға түзелді. Дереу ішкі шапанын шешіп жіберіп жылбысқаны орап алды. Жапан түздегі жалғыз жер кепеде отырған Тұрдан қария түн жамылып, елге хабарлауға амалсыз қалды. Əйтеуір Ақтөс төбет таң атқанша арсылдап үріп шықты...

СОҢҒЫ СӨЗ «Д» ауданының шақыртуына Тілеуберді жете алмады. Оның орнына балапанын ерткен ана қаздай ақ шашты Асылды, «жетім шабақ» атанған Нұржанды ертіп, шынашақтай Гауһарды алып Жамал апай барды. Орта мектептің қақпасында қалың оқушы, оқытушы, аудан əкімдері тұр екен. Үлкендер келіп Жамал апайға көңіл айтып, ақтарыла амандасты. Өрендер құшақ-құшақ гүл ұсынды. Жас оқытушылар Асылды аялап, Нұржан мен Гауһарды кезек көтеріп, қонақүйге бастады. Осыдан екі күн өткеннен кейін мектепте қаралы жиын ашылып, Тілеубердінің тірі кезіндегі үйрену, қызмет, тұрмыстық ахуалы жөнінде саптастары сағынышты сезіммен егіліп тұрып сөз сөйледі. Тілеубердіден сабақ алған шəкірттері аяулы ұстаздарын еске алып, көздерінен жас парлатты... Аудандық үкімет шешім қабылдап, Асыл мен екі баланы сол ауданның паспорт столына кіргізіп үкімет қамдауына алды да, онан кейін барлық рəсмияттарын «К» ауданына жөткеп берді. Жамал апай Асылдың бір бөлім ажырғыдан сергігенін көріп, ауылға қуанып та, көзінен жас парлатып, қайғырып та қайтты. «Д» аудандық үкіметтің ұйғарымы бойынша кезінде Тілеубердіден оқып, ғылым иеленіп, қазіргі күндері əр алуан мамандыққа қол жеткізген бес қызметші Жамал апайлармен бірге «К» ауданына келіп, айналасы екі аптада Тілеубердіге алты қанат ақ ордадай күмбезді зират тұрғызды. Сол қатардан «төрттік төбенің» (Қытайдағы Маузыдұң басшылығындағы компартияның əділетті саясатына қарсы қастандыққа басқан мəдениет зор төңкерісінің Лин Бияу бастаған төрт үлкен қылмыстысы) зиянкестігімен күнəсіз көз жұмған Асқар қария мен Шяу Уаңға да биік ескерткіш тұрғызылды. Тілеубердінің зираты біткен күні Асыл айтқанға көнбей, жанына екі баласын алып, күмбездің ішіне түнеп қалды... Таңертеңінде ол аппақ шашы қарайып, жүдеу жүзі нұрланып ауылға тіпті баяғысындай-ақ ажарланып оралды. Бұл оқиға аз-ақ күнде ел ішінде аңызға айналып кетті. Біреулер оны «Сол күні Асылды аруақтар қолдапты» десе, енді біреулер «Жоқ, жоқ, Тілеуберді əлі тірі екен! Ақсұңқар болып келіп Асылдың жанына түнепті!..» деп гулесті-ай келіп... Осы мезетте тас түрменің түбінде шіріп жатқан Мүтəн нені ойланып отыр екен, ə?! КӨПІРДЕГІ КӨКЖАЛДАР шмуц

КӨПІРДЕГІ КӨКЖАЛДАР (хикаят) «Жүз табыт əзірленсін, біреуі менікі болсын!» Жоу Роңжый (Қытайдың бұрынғы премьер-министрі) Бұл хикая айтылған уақыт та алыстап барады. Алыс дегенге тым арырақтағы аңыз-ертегі екен деп қалмаңыз, бері... Қазір ойлап көрсем, арада ондаған жылдар жылыстапты. Онан бері де көп істер көрінбей, көп сөздер айтылмай, көп түйіншектер шегенденген бойынша шешілмей кетіп жатпай ма?!... Соларды ойлағанда «қойшы, құрысын!» дей салайын десең, оған қалайдан-қалай арым айғыздалып, дəтім шыдамады. «Көрмейін десем көзім, айтпайын десем аузым, тыңдамайын десем құлағым, жүгінбейін десем жүрегім бар» дегендей, көкірегім ояу адам болғандықтан талай-талай тарпаңдарға жолығып, талай-талай тартыстар мен таңғалыстарға куəгер болыппын! Бүгінгі мынау көпір көмейінде ескі кенептей етегінен сетінеп жатқан оқиғалар сол құпиялар мен құбылыстардың бір шеті... – Ей ағайын, үш тəуліктен бері қабағыңды ашып бетіме түзу бір қарамай, əбден зəре-құтымды ұшырдың ғой!– деп таңертеңгі шəйға отырған Асқар шынтағын илектеніп жатқан үлкен сары ала сырмаққа аса барып, жамбастай берді. Есік жақтағы жаңа орнатылған жуан келідей дулығалы шойын пештің қос өкпесі тесілердей қызарып, үстіндегі үлкен қара шəугімді алдымен қалтырата безгектей қалшылдатып, артынан бұрқ-сарқ мөңкіте бастады. Пеш жақтағы жарықшақ ағаш есіктен ақмұнар аяз кеулеп тұр. Оны қазан-аяқ қамымен томпаңдап жүрген 13-14 жасар тұлымды қыз елеген де жоқ. – Алмаш, анау азынаған пəлеге даладағы көмірден босаған кендір қапты кере салшы, балам,– деді ескі ыңыршақты оң қолтығына басып, арқа жонын пешке бере қырын отырған шүңгіл көз, қырқылжың бурыл сақалды Сабыралы отағасы сол қолын иығынан асыра артына сілтеп. Асқар енді Сабыралының жанына жаңа ғана келген кісіше өзі төрін тұтас алып отырған аядай жалғыз ауыз жер үйге айнала көз салды. Алдыңғы күні өзі бекіткен сынық əйнекті жартыкеш терезеден күңгірт көлеңкелі үй ішіне алтын бұрғыдай бұратылып сарғыш сəуле құйылып тұр. Шыр айналған жұмыр сағымның өзегі қым-қуыт қылаулаған шымыр-шымыр шіркей іспетті шаң-тозаң... Сол тозаңды нұр төрдің қиыс шетінде тұрған арбадай ағаш төсекке соғылып барып, бұрыш-бұрышқа кіріп зым-зия ғайып болып жатыр. Төсектің төр жақ басында өңі түскен 4-5 көрпе-жастық жинаулы тұр. Жарылып-жарылып тұрған сабансыз қара сылақты қабырғаның ортасына қағаздай жұп-жұқа алаша андыз-андыз ағаш қазықпен керіліпті. Сол қазықтардың бірінде қалақшадай қара домбыра, екіншісінде күйелеш-күйелеш болып əбден кірлеп мыжырайған кешегі кербез ақ қалпақ ілулі тұр. Есік жақтағы бір бұрышта қабырға тамға сүйелген үш сирақты үстелсымақта кір-қожалақ шыныаяқ. Алды шикі кірпіштен қаланып, арты тоң топырақпен толтырылған көтерме сұпының үстіне қалың қамыс төселіп, жаймалап сабан салынған. Сабанның бетін үлкен ескі қара ала текемет бір-ақ жауып, көлденең тасталған ұзын құрақ көрпе көрсетпей тұр. Пеш түбіндегі үйілген кесек-кесек тас көмір үстінде сабы ұңғылығынан опырылып, дүзі жапырылған қара балта жатыр. Онан əрі сүйеулі көксойыл көсеу тұр... Асқардың арқасында кең əскери сары тысты ішік. Сабыралының иығында қашанғы қара сеңсең тон. Оның ескі тысы жуықта ғана сөгілгені айғыз-айғыз тігісінен мен мұндалап көрініп тұр. Бірін-бірі көздерімен бағып, көңілдері алай-дүлей болып отырған екі қарттың алдыларындағы қоңыр ала жасанды жарғақ дастарқанда екі-үш дөңгелек қара бауыр нан мен бір тəрелке кедірбұдыр кірпіш прəндік. Нанның арасынан жұлдыздаған жұпыны қағазды бір уыс кəмпит көрінеді. Кішкене кетік ақ шыныға толартолмас құмшекер салынып, бетіне сабы майысқан сарғыш темір қалақ шаншылыпты. Тынбай тулап тұрған үлкен қара шəугім кішкене Алманың əрең ұсатып салған күрек шəйінің лезде қан сорпасын шығарды. Қалың қара шеке нанды сағағы ойылған сары мойын бəкісімен қырып, Асқардың алдына əдемілеп тураған Сабыралы: – Кəне, алыңыз, А. меңгеруші! Бізден қал сұраймын деп келіп өзіңіздің күйіңіз əбден кеткенін де көзім көріп отыр, түге. Бұл молада биыл құрт-май құрыған. Тым құрыса таңдайыңызға жұмсақтау сүтті шəй де құя алмай, Алмаш екеуміз əбден қысылып отыр-

мыз,– деп бəкісінің майлы мүйіз сабымен сол жақ шықшытындағы қалың да қайратты сақалын қышырлата үйкеп-үйкеп жіберіп, оң қолымен шəй ұсынды құрметті қонағына. Шəйді жылдам қолына алған Асқар меңгеруші шыныны дастарқанға қайта қоя салды да, Сабыралының күсті қолынан шап беріп үнсіз ұстай алды. Екеуінің де жанарларынан жасын ойнағандай бір күшті жарқыл пайда болып, артынан жас парлады. Дастарқанның бір шетінде екі беті алмадай албырап, бауырсақ танауы шып-шып тершіп, қарақаттай қарашығы жаудырап отырған тұлымды Алма бастары түйісе иықтасып, бір-біріне қадалған бойы еріндері дір-дір еткен екі атасына кезек-кезек қымсына, ұмсына қарай берді... Сілтідей тынған жым-жырттықты аласа балшық үйдің дөдегесінен ортасына қарай топырақ саулатып, асыр сала жүгірген тышқандар бұзып жіберді. Үшеуі де тосын төбеге қарады. Дастарқаннан жоғары бұрылған танауларға енді күлімсі тышқан иісі тіпті қатты ұрылды. Кішкентай Алма қысылғандай дірілдеген жіп-жіңішке саусақтарымен дастарқанға түскен топырақты шертіп, туралмаған нанның бетін еппен үрлеп, алақанымен аялай сүртті. Айқасқан алақан ажырап, қарттар қара шəйден қауып-қауып бірбір ұрттады. Сонан: – Қайда ақиқат деген! Айқассаң басың кетсе, астыңнан атың кетсе, алдыңнан малың кетсе, аузыңнан асың кетсе, ие болатын үкімет қайда?!– деп Сабыралы өксікті кеудесін зорға көтеріп, өзінен арман өртеніп отырған Асқарға тесіле қарай қалды. Қайратты қара қошқыл қылаулы мұрты өрт шалғандай тал-тал болып, жебедей ұштары қоғаға қонған қоңыр инеліктің қанатындай дір-дір етеді... – Солай, солай болып тұр, Сəке. Бағана өзіңіз айтқандай, мынау күні күнгейді ғана емес, теріскейді де тершіткен текті заманда бəріміз де қайғысыз қара су ішсек те семіреміз деп жүр едік. Бірақ, оған некен-саяқ тойымсыз пенделердің бұзық пиғылдары мен жармақжан ниеттері місе тұтпайтын көрінеді. Сондықтан олар аз-ақ жылдың ішінде арысы мемлекетпен берісі жазықсыз жалпақ жұртқа ауыр зардап салып, сан қилы жолдармен қоғамның майлы өзегіне қарақұрттай үңгіп кірді. Сіз бүгін түктен түк жоқ қарадай қайнап отырған жоқсыз Сəке, тасыңыз, тасыңыз, қайнаңыз, төгіліңіз! Төгілмесе тасыған саба ортаймас. Кес-кестеп келер жолын өртемесең, орманға жүрген өрт басылмас. Суға қосып ініне у құймасаң жылан-шаян, дерт-дербес де жойылмас! Айт, айта бер, Сəке, мен сонау алыста демалыста жатсам да сіздің басыңызға киліккен ауыр қиянат қылықты, ауыл адамдары тап болған жолсыздықты естіп, төбе шашым тік тұрып, тағатым таусылды. Сонымен ит арқасы қияннан қасыңызға жетіп, асқынған жасырын жараларымызды тең қасынысып отырғанымыз осы емес пе,– деп Асқар алыстан сермеп, ызадан булыққан Сабыралының түнерген санасынан иненің жасуындай саңылау ашып, сəуле шашқандай болды. Шəйден кейін «шыр-шыр» еткен ұялы телефонына үңілген Асқар аяңдап көпір басына кетті. Бағанағы сүйеулі тұрған көксойыл көсеуге сүйене шыққан Сабыралы сылтып оң аяғын сүйрете басып, онымен əудем жерге дейін бірге барды да, жатаған дауалды бір айналып қайта оралды. – Ата, меңгеруші атам кетті ме?– деді есік алдында атасының қолына буын бұрқырата жылы су құйып тұрған Алма. – Жоқ, аздан соң қайта келеді, қарғашым. – Ол кісі бізге туыс бола ма? – Иə, туыстың ішіндегі тұғыры. – Досыңыз ба? – Солай. Қанымыз қайнасып, жүрегіміз тоғысқан доспыз. – Ата, меңгеруші атамның оң құлағының ұшы мен бетіндегі тыртығы неден?.. * Кенет Сабыралының қолындағы орамалы ыстық су тескен жердегі шұп-шұбар қар бетіне түсіп кетсе де сезбей, көз ұшында бұлдыраған Асқардың артынан жалт қарады. Сонан немересіне «жүре ғой» дегендей иығынан қақты да үйге тез кіріп Алманың кекілінен сипай отырып əңгімесін бастады... Алма таңғажайып ертегі естігендей, қалғығанша қарап отырды... – Ол кезде сен тұрмақ, сенің əжең Алтын мен айналайын Қаз ағаң да жоқ болатын. Мына жаман атаң онда жиырма төртте, анау меңгеруші атаң он тоғызда болар. Біз 1950 жылы қыстың қырау бөккен қаңтар айында шығыстағы Аратүрік пен Чыңхайдың Хантамбал тауының ортасындағы қу медиен шөлдің жел өтінде кезіктік. Бəріміз де Гоминдаңның қалдық қарақшыларын қуып жүргенбіз. Көп ұзамай халық азаттық армия мен ұлттық армияның ұйымдық құрылымы қайта теңселгенде, меңгеруші атаң менің қоластыма бөлінді. Аты Би Лің, ұлты кəріс, жері Ян Биаң екен. Мен басқарған

бөлімшеге əлсін-əлі қатынас үзіліп, керуені мен жүргіншісі тоналып жатқан ұзақ тас жолды басқару міндеті берілді. Таныса-білісе келе білімді, елгезек, қат-сауатты, ақкөңіл Би Ліңге аңсарым ауып, оған «Асқар» деп өзімше ат қойып, сенімді қорғаушылыққа алдым. Əскери бөлімшем шағын-шағын отрядтарға бөлініп, бес жүз шақырым жерді шарлайды. Бес жерде бекет, екі жерде радциямен қаруланған қолбасшылық штабы жұмыс істейді. Асқар екеуміз алты сөткеде бір рет барлық бекеттер мен шарлаушы бөлімдерді көзден кешіріп, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болғандай желіп жүреміз. Жетегімізде қосар атымыз, белімізде қылыш, тапанша, мойнымызда автомат, тақымымызда найзалы бесатар мен қойнымызда гранатымыз жетерлік... – Ата, онда мəшинелеріңіз жоқ па еді, сонша ұзақ жолда шаршамайсыздар ма? – Əй, қарғашым-ай, онда бүгінгідей өріп жүрген өңкей мото, сау адам тұрмақ мастарға қор болған мəшине қайда?! Тіпті шайтаншақ ілеуде бір кезігіп, ат – азаматтың серігі болатын. Арыпшаршағанымызды бақытты болашақ үшін бодау деп сезінетінбіз. – Ə, ə, айта беріңіз, ата. – Жаңағы əңгімеміз қайда келіп еді, қарағым? – «Тақымымызда найзалы бесатар, қойын-қоржынымызда гранат» деген жерге. – Е, жаным-ай! Оның рас, былғары қоржында қатқан сухар нан мен бұж-бұж шойын гранаттар араласып жүретін. Нанды өзіміз жеп, бомбыларды жауға асататынбыз... Алма атасының ақсақ аяғын аялап сипап, сүйсіне езу тартып күлді де, іле-шала неге екенін қайдам, күрсініп жіберді. Атасы Алманы арқасынан ақырын қағып, хикаясын онан əрі жалғай берді. ... Бет қаратпас суық, ызғарлы жел азынап тұрған. Аттың жал құйрығы ескен жел мен зу-зу етеді. Ұсақ құм мен қиыршық тастар қарша борайды. Ішігіміздің өңірін қымтанып-қымтанып, қорғаныш көзілдірігімізді киіп алдық. Жазықтан – жазық. Белеңнен – белең. Кілең сұрланған сүреңсіз шөл дала. Желе жортып тас жол бойымен тартып келеміз. Бір белеңге шыға келсек, қатты желде қарға-құзғындар қырындай ұшып, қорбаңдаған құмайлар төбеден төңкеріле түсіп жатыр екен. Аттың басын іркіп, автоматты қолға алдық. Екеуміз жолдың екі жағына өттік. Қатты желде қалың шаңның ішін ине іздегендей тінтіп келеміз. Міне, ысқырған жел өтінен шырылдаған сəби дауысы естілді. Аттан түсе қалып, жер бауырлап тағы тыңдадық. Ені сəбидің шырылына дүрсілдеген ат тұяғының дүбірі араласып кетті. Орнымнан ұшып тұрып жанжағыма көз салсам, алдымнан Асқарым атының қабырғасына жасырынып көлденеңдеп өтіп барады екен. Мен де екі аттың арасымен ілгері жаяу жылжыдым. Көп ұзамай Асқар аттан түсе қалды. Мен де жеттім. Сілесі қатқан бесіктегі баланы бауырына басып, əппақ қудай шашы додадода қарт əжей отыр. Айналада қарауытып қадау-қадау өліктер жатыр. Мен əжейдің басына беліндегі тоқыма шəлісін орадым. Асқар бесікке анадай жерде жатқан шейіт жігіттің үстіндегі ақ тонын əкеліп жапты. Анамен қысқа жауаптастық. – Не болды? – Қырып кетті. – Кім? – Қарақшы. – Қашан? – Ет пісірім уақыт болған жоқ. – Қалай кетті? – Оңтүстікке. – Белгісі қандай? – Өңкей есек құлақты қашыр мінген, ит тымақты біреулер... – Нені əкетті? – Азық-түлік артқан төрт түйе мен он ат, отыздай сиыр, жүз елудей ұсақ мал. – Адамнан ше? – Екі шал, бір бала, үш бойжеткен қыз бен мына жетімектің шешесін... – Жарайды, қазір... Апыл-ғұпыл əжейдің оқ тескен сан етін таңып, қосар аттың біріне қондырдық. Бесіктегі немересін алдына өңгерттік де шығыс жақтағы бес шақырымдай жердегі бекетке тезірек жетуді тапсырып, өзіміз оңтүстік құмға кірдік де кеттік... * Сонымен шетсіз-шетсіз қу медиен қуаң даланы бүкіл түн бойы өрлі-қырлы торуылдадық да жүрдік. Таң рауанда атымыздың аяғы ауырлап, өзіміздің құр сүлдеріміз ғана сүйретіліп, сусыған құмшоқыға шыға келсек, іздеген жауымыз иегіміздің астында бырдай болып жатпасы бар ма?! Артымдағы Асқарға ақырын ымдап, жаныма шақырдым. Аттарымызды қалқаға қалдырып, екеуміз төбе

үстінде етпетімізден алдымызға қадалып жатып, жауды біржолата қалай жояуды кеңестік. – Қарақшылардың айқастырулы тұрған қашары мен атына қарағанда ұзын саны отыздан төмен екен. Қойған күзеті жусап жатқан қой мен сиырдың алдында жəне айқастырулы аттардың артында мылтығын құшақтаған бойы шөке түсіп жатыр,– дедім дойбы тасын жүргендей ойым онға бөлініп отырып Асқарға. – Командир, көз салыңызшы, тұтқынға алған адамдарды шөгерген түйелердің арасына айқастырып байлап қойыпты, бос жылқылар мен сиырлар андыздап өріп жүр. Əттең солардың жанына бір жетсем-ау! Иіріліп жатқан абжыландар сонда əкесін көрінде бір-ақ көрер еді!– деп Асқарым арыстандай ширықты. – Мен де солай ойлап тұрмын. Ендеше жайдақ атты жаныңа алып, өзіңді далдалап, қаруыңды сайлап, барынша сақтанып түйелердің арасына жет! Мен жатқан жаудың қыр желкесінен қыбыр етсе қызыл жебе төгейін,– деп екеуміз жоспарымызды жотасынан қайта-қайта таптап, əбден бекітіп, соңында соған келістік. Бəрі де ойдағыдай орындалды. Жануар жалдас қаракелдің қалқасымен түйелерге жеткен Асқар байлаудағыларды босатып, енді түйістірген аттарға қарай жер бауырлап жылжып бара жатқанда ұйлығып ұйықтап жатқандардың арасынан «шаңқ» етіп тапанша атылды. Сол-ақ екен Асқар да гранат сілтеді. Мен де автоматтан оқ боратып еңіске қарай ұштым. Көбі-ақ лезде қырылып қалды. Амал қанша, шеткерірек жатқан үшеуі сытылып шыға берді. Жараланғандарын қарусыздандырып, қалған істі бір шал мен үш қызға тапсырдық. Тағы да бір шал, он үш жасар ұлы мен келіні үшеуі кеше түнде қарақшылармен қарсыласқандықтан қылышпен шабылып, қанжарға қадалып, иен далада ит-құсқа жем болып қалыпты. – Тəуірірек ат бар ма?– дедім байлаудан босаған бейтаныс шалекеңе бұрылып. – Шырағым-ай, мынау Ақтаңгер менің атым, қусаң жетеді. Ал анау сымпыс құйрық Жирен де оңай жылқы көрінбейді. Ол жаңа ғана жер қапқан қабасақал қарақшы атаманының аты,– деді ақсары адам делбіректеп. – Онда біз қашқан жауды қайырып келуге аттандық. Қаруларыңызға мықты, жан-жақтарыңызға абай болыңыздар. Алла бұйырса тез ораламыз!– деп Асқар екеуміз бағанағылардың əлі басыла қоймаған шаңды ізімен құйғыта жөнелдік... Қойшы, қу құйрық түлкілерді қояр да қоймай жүріп, ақыры қуып жеттік. Аңдыса жүріп атыстық. Ат үстінен бір-бірімізге арыстандай атылып, алмас қылышпен қағыстық та шабыстық. Сөйтесөйте түс əлеті болғанда екі қарақшының бірі өліп, бірі жараланып қолға түсті. Енді біреуі – жалғыз көз, жарғақ құлақ, жырық ерін, имек тұмсық, ұзын бойлы арық қара екен. Қимылы мен қылығына қарағанда қыл көпірден қырналып жүріп қырық өткен нағыз жырынды жырықтың өзі ғой деймін. Қылышты қиялап шауып, мылтықпен сілтегенін түсіреді. Ол ең соңғы оғымен біздің бір атымызды жаңа ғана жайратып, өзі құзғын қуыс – шайтангеріштің ішіне жаяулап кіріп, жасырынып қалды. Қолында қылыш қана. Ол кезде біздің де тайсалмай тасқа түсетін кезіміз ғой. Қашқынның артынан арыстанның апанына еш секемсіз кірдік те кеттік. Асқар оңнан, мен солдан сүңгідім. Шайтангеріштің арасы өзек-өзек, жымсыма жым, құлама құз, алдашы айналма, соқыр соқпақ, жалама жар, қабат-қабат қабырғалы ежелгі пері ойнағындай құпиялы да қорқынышты өңір екен. Екі аттап, бір тұрып, сыбдыр еткен кесіртке мен ыс еткен оқжыланның оқыс қимылын да қияннан шалып, шырылдаған шегіртке мен зарлаған майқоңызға да сабырсыз сəп салып, бейне сиырдың жалбыршақ қарынындай бедер-бедер қияда безіп келе жатсам, дəл аяғымның астынан жарқ етіп көтерілген көзілдірікті жыландай семсердің ұшы селт еткізді. Еңкейіп үңілсем, тістенген əлгі жырық өзінің астындағы бір жапсарда теріс айналып əлденеге құлақ түріп тұрған Асқарды қылышпен қыл мойнынан періп кетуге қайқая қарманып барады екен. Атуға оқ жоқ, шабуға арамыз қашық, жан-дəрменмен қылышты қолымды алға сермеп, түлкіге түскен қырандай Асқардың тымақты басын бүкіл денеммен жаба, құздан құдидым. Сол-ақ екен, көкжелкемнің астымен бүкіл жон-жотамды осқылай жойқын соққы шақ ете түсті. Көзімнің оты жалғыз-ақ жарқ етіп, жер дүние шыр айналды да түпсіз шыңырауға сүңги бердім... – Алла-ай, əлгі сұмырай атып жіберді ме, ата? – Жоқ, оны жарым айдан кейін əрең білдім... Шипаханада көзімді ашсам, басымда бүкіл басы-көзін ақ марлымен айқыш-ұйқыш ораған Асқарым отыр екен. Не болғанын сонан ұқтым. Мен Асқардың үстіне жаудың жалма-жан сермеген қылышынан бұрын жетсем керек. Сермелген семсердің ұшы Асқардың құлағының үсті мен жақ етін тіліпті де, менің жауырын қақпағымды бөліп, бүкіл жонымды сара тіліп барып, жамбасымды жарып шығып кетіпті. Асқар едел-жедел есін жинаса, əлгі жендет өз екпінімен өрден құлап, төменгі бір тепсеңде

дөңгелеп жатыр екен. Оған ашулы Асқар автоматтың кəрілі оғын төгіп-төгіп жіберіпті... Оны қас пен көздің арасындағы қиын кезде қылыштан мен қорғадым, ол елсіз-сусыз иенде ессіз жатқан мені алты күн бойы арқалап жүріп ажалдан арашалап қалыпты. Қансырап кеткен маған өзі жаралы жатса да, жалынып жүріп, жастық жалынға толы ыстық қанын, достық қанын тарту етіпті. Міне «ақсақ пен шұнақтың» жастық тарихы, достық тарихы осылай болған балам. – Ата, онан кейін ше? – Онан кейін мен ауылға қайттым, Асқар əскерге қалды. – Кейін ше? – Əй, шырағым-ай, Қытайда алғаш рет Халық коммунасы құрылған кезде қайта табысып, «Қызылту» коммунасының Аршалыдағы «Алға» мал шаруашылық фермасында мен бастық, ол секретарь, кейін сол коммунада тағы жоғарғы міндетіміз бойынша бірге істедік. Сонан Асқар аудан əкімі, аймақ бастығы болып тұрғанда да арамыздан қыл өтпестей тату-тəтті болдық. Кейін ол облыстың меңгерушісі болып жүрді де, жуық жылдарда қызмет қажеті бойынша өлкеге алмасып кетті. Дүрілдеп келіп, шақыр-шұқыр тоқтай қалған қатты дыбысқа елең етіп, есіктен асығыс шыққан Алма көп кешікпей қайта қарғып үйге кірді. – Не болды, балам?– деді қара сеңсеңіне оранып қалақшадай домбырасын сыбырлата сырласып отырған Сабыралы. – Меңгеруші атам келді, үлкен мəшинеден екі-үш сақшы түсіп жатыр,– деді Алма аяғындағы қарды қағып-қағып қойып. – Е... е, келсін...– дегенше болған жоқ, сырттағылар да сау ете түсті үйге. Асқармен ере кіргендер кілең бір өңкей атанжілікті азаматтар көрінеді. Тымақтары қылауланып, өңдері күреңденіп тұр. Бəрі төрдегі түнерген шалға жалтақ-жалтақ қарайды. – Пай, пай, түтеп келеді. Боран болатын сияқты,– деді жылы бəтеңкесін аяғынан суырып жатқан Асқар Сабыралыға сəп сала қарап. – Болсын, бола берсін! Жұт жеті ағайынды емес пе, жанымызды жалдап жүріп жеткен жеріміз осы болса, көргеніміз көпірдегі тойымсыз көкжалдар болса, онан да осындай жұтта біржолата жұтап жоқ болғанымыз жөн!– деп Сабыралы қатар тұрған бөрте киімді бөгде жігіттерге жалт қарады да, қолындағы домбырасын төсектің үстіне лақтырып жіберді. – Əй Сəке, сабыр-сабыр. Отырыңдар жігіттер!– деп Асқар тізерлеген бойы сырғып Сабыралының жанына жетті. Қатар тұрған үшеуі де тымақтарын қолына алып, сұпының ернеуіне қарлығаштай қаздиып-қаздиып тізіліп отыра қалысты. – Кəне, жиналайық, Алмаш, мына жігіттер бізді көшіргелі келді, Сəке,– деп Асқар өзінің бүктеулі тұрған орын көрпесін сары ала құршасымен шанди бастады. – Көшпеймін мен!– деп зірк ете түсті Сабыралы. – Сəке, сабыр-сабыр! Көпір басынан үш бөлмелі үйді өзім тазалатып, от жақтырып, теледидар орнатып келдім. Жұмыс біржақтылы болғанша сол жерде тұра тұрып, онан кейін ауылға көшеміз. – Жоқ, Асқар! Саған өкпем жоқ. Мен осы молада жатып, айдалада құсаланып қорлықпен өлген алтынымның қырық нəзірін беріп, сонан қарамды батырам. Аруағымның артын азап пен мазаққа тап қылмай, шағылған шаңырағымды дəл осы жерден тік көтерем!– деп қарысты қатулы Сабыралы. – Қойыңыз, ағатай, көпірдегі үйге көшкеннен кейін Алмашты осы жерде оқыта тұрып, жаңағы айтқан нəзір-құзырмен даушарды екеулеп бірге бітіреміз. Оған дейін көпір басынан мен ешқайда жылжымаймын!– деп кесеткен Асқар отырған жігіттерге «Қозғалыңдар!» дегендей иегін бір көтеріп, өзі орнынан тұрды... * Жап-жарық электрлі кең бөлме. Екі адам естелік жазып, көрпежастық жиналған темір төсекте Сабыралы мен Асқар əңгімеде отыр. Аласа шəй үстелдің үстінде қобыраған көп қағаз жатыр. – Əй, қарақтарым-ай! Құрдан-құр айт, айт дегеннен не шығады. Бір айдан бері мен айтпаған сөз бар ма. Мен күймеген күн бар ма, мен ашпаған ауыл, аудан, аймақта есік қалды ма?! Əйтеуір мынау Асқар келгеннен кейін ғана түстерің жылып, едірейген айқұлақтарың жылмиып қалғаны болмаса,– деді Сабыралы кең терезеден сырт жаққа көз салып. – Жоқ, жоқ, ақсақал, бəрі де шешіледі. Ал мына кісіні А. ақылшы деңіз. Бұл кісі қазір өлкелік өкіметтің бапандай беделді ақылшысы!– деді əрі аудармашы, əрі анықтаушы болып отырған отыз-қырықтағы қысық көз жігіт.

– Ей, əкем! Бұл кісіні мен қалай айтсам да жарасады. Біз арымызбен табысып, қанымызбен қауысқан жандармыз. Олай болмаса, осыншама мəртебелі мынау Асқарың айдалада аңырап қалған мендей бір жетім шалыңа келіп несі бар?! Кəне, нені білмекшісіңдер, айтайын,– деп терезеден көзін аударды Сабыралы дауысын сəл көтеріп. – Жайлаудан қайта көшіп келе жатып, көпір басында көп тосқауылға кездескеніңізден бастаңызшы. – Мақұл, ендеше бастадым. Ерінбей жаза беріңдер. Біздің қазақ: «Əдемі өтіріктен ащы шындық артық!» дейді ежелден. Сондықтан ащылау жерін аямай жазып алыңдар. Осы күнде заң орындары мен өкімет басындағы «төрелердің» бірталайы біріне-бірі шашпаушы, біріне-бірі ақтаушы болып, біз сияқты əшкерелеп даттаушылардың көз жасына көміліп жүрсе де, пысқырып та қоймайды əуелі. Сөйтсе де, шырылдаған шындық жолында қорықпаңдар қожайындарыңнан... Сонда ғана «судан биік жар бар, жардан биік тал бар, талдан биік тау бар, таудан биік күн бар» екенін көретін де, білетін де болар сол сұмырай сыбайлас жемқорлар... * Мен Көкжамбас жайлауын жайлағалы үш-төрт жылдың жүзі болды. Баяғыда халық коммунасы тұсындағы ферма бастығы болып жүргенде бір рет жайлау шолып барып, түлежіп тұрған жəннаттай жер екендігін көріп қайтқам. Кейінгі жуық жылдарда жар деген жалғыз ұлым Қазтай жаздай Көкжамбастың орман қорғаушысы болып, қыста ауылға қайтып жүрді. Бұл – жазы жəннат болғанымен, қысы қияметтей қатты болатын елсіз-жолсыз өңір ғой. Соңғы жылдарда Көкжамбастың сонысы басылып, орманы оталып, тауы ашылып, тасы тасылып, топырағы тозып барады. Əуелі, хикметі мол, көркемдігі көз тұндырған осы бір киелі ту даланың қызығының үстіне қырсығы да үдеп барады. Сондықтан болар, бұрнағы жылғы «жиырмасыншы шілдеде өрт қою, адам өлтіру» уақиғасының құрбаны менің жалғыз ұлым – Қазтай болды. Қазтайдың топырағы да қазір Көкжамбастағы Көркінің жалында жатыр. Үкімет пен ұйым оны «ержүрек орман қорғаушысы!» деп арулап қойып, басына зəулім ескерткіш орнатты. Сонан бастап оның анасы – Алтын ішкі қайғы-күйікпен қатты азаптанып, «жалғыздың жанында болайық, топырағын көріп, дұғамызды қайырып тұрайық!» деп жанымды қоймай жалбарынып жүріп жайлауға баратынды шығарды. Болмаса, ондай ит арқасы қиянда несі бар мендей ақсақ-шолақтың? Аздаған зейнетақымды алып, текеметтей бау-бақшама қарап, жылы үйде жата бермеймін бе?! Қой, қой, қайда кетіп барамын, бұларды қажет болса кейін айтайын, қазірше осы жолғы уақиғаны сұрап отырсыңдар ғой ə, ол былай болатын... Бал бұлағы тартылып, балғын құрағы сола бастаған Көкжамбасқа қыркүйектің 15-іне дейін қар екі-үш рет түсіп, ауа райы недəуір суытып қалды. Оның үстіне талайдан бері Қазтайдың қасіреті өртеп жүрген бəйбішемнің де күйі кете бастады. Сондықтан бір-ақ күнде етек-жеңімізді жиып, жайлауға тұз алып келген Имам деген жүргізуші жігітке жалынып-жалбарынып, қыркүйектің 20-сыншы күні жұлдыз сөнбей жолға шықтық. Себезгілеп ақ жаңбыр жауып тұр. Жол тайғақ. Мен жүргізушінің қасында отырмын. Кемпір бензин иісінен қорқып, Алмаш апасы мен атасына шайлық сүтке алған ақ ешкі мен ақ лағына қарай тартып, екеуі мəшиненің үстіндегі кебежеге орналасқан. Жүк дейтін бізде не бар дейсіңдер, Қазтайдан қалған бес қанатты ақ отаудың үзік-туырлығы мен жосалы кереге-уығы. Өзімізге ғана лайықты көрпе-жастық, шыны-шəйнек. Ойдағылар үшін жерік ас – қырық келі қымыз бен бір-екі қозы қарын сары май, аздаған құрт-ірімшік пен айран, сүзбе дегендейін... Онан тыс, айыр, күрек, алабақан, өзін жонып алған астау, шелек, қай заманнан қалған күмісті тегене, саптыаяқ, мыс шылапшын, жез самаурын. Екі құлаш атағаш, жеті қарысқа жетпейтін науа, итаяқ-сыйтаяқ сияқты кəкір-шүкір бірдемелер. Балшықты тау жолында мəшине теңселіп-шайқалып келеді... – Жол тайғақ, байқап айда балам, аманшылық болса əлі-ақ жетеміз ауылға, — дедім жүргізуші Имамға. Ол сонда жұлып алғандай: – Əй, көке-ай! Осындай жолдармен жүріп-ақ он бес жылдық өмірім өтіпті. Осы күнде «жолдан емес, жол торыған қолдан» қорқатын болдық,– деді мұңайып. – Қайсы қолдан? – дедім қызықтай. – Қазір-ақ көресіз, екі басын алакеспек деп, бұрылатын жолдарды орлап, мұздай қарулы қатаң тосқауыл қойылған қарғыманың қасындағы көпірден,– деді ол тұнжырап. – Олар баяғыда-ақ алабақанын жинап тарап кеткен шығар, аусылдың алды алынып тоқтағалы қашан? – Жоқ көке, алдыңғы күні мен өткенде олар араша талап

тұрған. Жайлауға апаратын тұзым үшін коперативтен жалынып жүріп 300 юань алған едім. Соның сорлатып 200 юанын е дегенше тосқауылдағылар соғып қалды. О, тəуба! Ал, олар басқаларға тым елпек. Мысалы, ел-жұрттың бəріне айпарадай əйгілі ағаш алыпсатарлары мен ауыл арасындағы жымсыма ұрыларға, жалдап саудагерлерге ұштасып мал жөткеушілерге, аң-құс аярлары мен шөп дəрі-дəрмек талаушыларына алдын-ала шарттасып қойғандай қашанда есік ашық... – Иə, иə,– деп маусым айының ортасында осы «Кемпірқосақ» көпірінен жайлауға көшіп өткендегі мынадай көріністі еріксіз есіме алдым. Сəуір айының соңынан бастап бір-біріне іргелес үш ауданның бəрінен бірдей əуелі сиырдан, онан кейін қойдан аусыл індеті байқалды. Ойда-жоқта білінген осы бір жұқпалы індетті жоғарытөменгі өкімет, күллі малшылар жұртшылығы жұмылып, түрлі ғылым техникалық шаралар мен маусымның басында-ақ пышақпен қиғандай тыйған. Біз қатысты орындардан көктеуліктен жайлауға көшу жөніндегі рұқсат қағаздарын алып, жаңағы Имам айтқан қарғыманың қасындағы «Кемпірқосаққа» келсек, ол жерде жұқпалы індеттен сақтану қолбасшылық штабы əлдеқашан құрылып, мал біткенді дəрімен бүркіп шомылдырып, қатынас көліктері мен адамды дəрілі судан кештіріп өткізіп, ию-қию болып жатыпты. Енді қайтсін, мал шаруашылық мекемелермен мал дəрігерлік, қоршаған ортаны қорғау салалары күнді түнге жалғап, болып сабылысып жүр екен. Өйткені терең құздағы арқыраған тасқынды тау өзенінің үстінде айтса айтқандай, кемпірқосақша иіліп тұрған алып көпірдің аузы – үш ауданға қарасты бүкіл шұрайлы жайлаудың қолқасындай тап-тар, айналып өтер басқа жол жоқ, өте ұрымтал қолқатқа орналасқан. Көпірдің екі жағындағы аламыш-аламыш малшылар мен кеншілер қыстағының аласа үйлері батыстағы тарам-тарам тау жолдарымен келген жолаушылардың табанының астынан көрінетін. Көпірдің оң қанаты қалың самырсынды ақ жартасқа артылып, сол қанаты айғызайғыз көшесымаққа көлбеп жататын. Дəл осы көшелердің көбелерінде аздап дүкен-сүкен, асхана-масхана, бақалшы-сақалшы, əйтеуір тырбанып тіршілік ететіндер жатаған дең-сең, қонақүйлеріне күлімдеп есік ашады. Бұлардың түнгі көріністері бейне көп көзді жұлдыз құрт сияқты есік-терезелерінен болар-болмас қызғылт-сарғыш сəуле шашып, күркіреген екпінді өзен суының толқынымен ғана өкпесін соғып жатқандай көрінетін. Жаз бойы жайлаудан оралмағандықтан жаңағы жүргізуші айтқан сыбысты қайдан білейін?! Əуелі, күбір-сыбыр дегендей, ел ішінен естігендерім де есімнен шығып кетіпті... * Біз түс қия «Кемпірқосаққа» келдік. Қаннен-қаперсіз мəшинеміз көпірдің ортасына жеткенде шорт тоқтатылды. Суық қару асынған екі сақшы алдымызға келіп болар-болмас тіл қатты да, артқа шегінуді бұйырды. Олардың желкесіндегі көк жартасқа жапсырыла салынған биік қарауыл сөресінде біреуі батысқа қарай қолын сілтеп, енді біреуі біреулерге айғайлап тұр. Көпір астындағы долы өзеннің өзегінде жойқын бұлқыныс жатыр. Ол қос қанаттағы жартастарды қуа толқынымен сатыр-сұтыр сабалап, терең арданың ішін бозмұнарға тұншықтырып тұр. Жылы кабинадан тершіп түскен менің жүзіме суық та сызды бір леп ұрғанда кенет тітіркене қалдым. Қарауыл сөресінің қатарына орналасқан ақ сырлы зəулім биік үгіт тақтасына айшықты қызыл сырмен «əкімшілікті заң бойынша басқарып, пəк, іскер, шыншыл, жұмыс өнімділігі жоғары өкімет құрайық!» деген сөзді жазып қойыпты. Мəшинені тоқтатқан екеуінің бірі артына қайтып, біреуі «Шегін, шегін! Шегін, шегін!» деген ишарасын қолымен сілтеген бойынша, бізді көпірдің сол жақ шетіндегі жайдақ жағаға сырып апарып тоқтатты. Жанымыздағы асханадан орта бойлы, жалпақ бет, семізше біреу шығып, мəшинеге жақындады. Оның маңдайынан тер сорғалап, құлағынан тартып тарғылдаған тамағына дейін қыпқызыл болып бөртіп тұр. Əлсін-əлі қолындағы ағаш істігімен алтын тісін шұқып, алая бізге қарайды. Көрген жерден шырамыта қалдым, əнеукүні аудан əкімдерімен бірге Көкжамбасқа барған жігіттердің бірі. Əуелі өзі сақшының ба, жол қорғаушылардың ба білдей бастығының біреуі. – Бұл не? – деді ол сұқ қолымен мəшинені нұсқап. – Көш. – Қайдан? – Көкжамбастан. – Кімдікі? – Мына кісінікі,– деді жүргізуші қасында тұрған мені нұсқап. Енді ол маған түйілді. – Мəшинеде не бар? – Кебежесінде кемпірім мен немерем отыр. Қалғаны кигіз үйдің бау-шуы. – Тағы басқа? – Бір лақты ешкім бар, шəйлық сүт үшін ала келе жатырмын. – Онан басқа? – Басқа не болады қарағым, киім-кешек, көрпе-жастық,– дедім жай ғана.

Ол енді оқыс одағай мінез көрсетіп, артына қолын бір сілтеді де: – Сенің көшуге рұхсат қағазың кəне, ал сенің ел көшіріп, табыс табу куəлігің қайда?!– деп жүргізуші екеумізді бір таяқпен жайрата соқты. Менде қағаз қайдан болсын, Имам алдыңғы күнгі айыпқа алған екі жүз юаньдық ақшолақ сипат қағазын көрсетіп еді, книжкасын қосып қағазын да қолынан жұлып алды. – Тексеріңдер!– деді жалғыз-ақ. Өрмекшідей өрмелеп мəшинеге шыққан бір топ жастар алдымен Аллалатып Алтын мен Алмашты допша домалатты. Артынан лақты ақ ешкіні қоса маңыратты. Сонан қалған жүкті қуша түтіп алды-алдына лақтырды. Лезде тағы бір топ құмайша үймеледі. Формалы, формасыз киім киген, ылғи сұрланған сұр жігіттер, теңдегі текемет-сырмаққа дейін аударып-төңкеріп анықтап жатыр. Алдымен Имам сорлады. Оған: «ел көшіруге алған бекім қағазың жоқ, айыбың алты жүз юань нақ ақша, мəшинең үш ай тоқтатылады!» деп біреуі кіжініп айдаған бойы алды-артына қаратпай алып кетті. Ендігі кезек маған келді. «Қолында көшу қону таныстыру жоқ!» деп қоғам қауіпсіздік сақшылары, «ережесіз мəшинеге отырған!» деп жол сақшылары, қолымдағы марқұм Қазтайымның заңды жер құжатына көз қырларын да салмай, «жайылымнан заңсыз ұрлықша пайдаланған!» деп жайылым басқарушылар, оқтау-тақтай, бақан-сақан, науасауамен қып-қызыл кереге-уық, шаңырақты ұйып қойып, «орманды ойрандаушы!» деп орман басқарушылар, қарындағы май мен қымызға қызығып ас-судың тазалығын тексерушілер мен базар басқарушылар буынсыз жерден қайдағы-жайдағыны қазбалап салықшылар мен басқа да басқарушылар, ең соңында лақты ешкіні итпелеп ала жөнелген «аусыл індетінің алдын алушылар», тіпті тау ішіндегі мəшинелерден түсіп қалған бір уыс қылшаны насыбайшы Насихат деген шалға ала салып едім, сонымен дəріге шылаған бір бас қожашөпті де қолдарында шошаңдатып «қоршаған ортаны ылаңдаушы!» деп бір-бірімен таласа «ақша, ақша! Айып, айып!, салық, салық! Тез, тездің» астына алып құмырсқадай үймелеп, айқұлақтана араша талап, шашылып жатқан мүліктерді алдыалдына қат-шотсыз алып кете бастады. Сонадайда сорайып тұрған біреуі «ей, анау қымыз бен сары майды, кебежедегі кептірілген ет пен айран сүзбені ар жақтағы ұраға көміп, ыдыс-аяғын өртеп жіберіңдер!» деді де, өзі де кердеңдеп солай тартты. Мені бір тобы шу-шу етіп əлі қоршап тұр. Əне, шаңыраққа жармасқан əлжуаз Алтын байғұсты біреуі қағып қалып шалқасынан түсірді. Қолдан шыққан қып-қызыл шаңырақ құздан құлаған бойы өркештенген өзенге «күмп» етті де көзден ғайып болды. Енді біреуі ақ лақтың мойнына асылған Алмашымды етпетінен түсіріп, еңіретіп кетті. Сол-ақ екен, «мал ашуы – жан ашуы» емес, алдымда ғана ыңыранып жатқан ана ашуы, бозторғайдай шырылдап тұрған əлсіз бала ашуы болар, бір жалын лап ете түсіп, соңы өртке ұласқандай болды. Кенет қолқа-жүрегімді беймəлім мақұлық темір тегеурінімен жұлып алғандай жанарымды қан жауып, аяғымның астында жатқан қатқан қайың бақанмен айналамдағылардың алтыжетісін «ə» дегенше жайратып жіберіппін. Қалғандары қаумалап жүріп мені тарпа бас салды. Соның соңы қараңғы қапасқа кірумен тынды. Оның төбесіндегі көпшіктей саңылаудан көк аспан жылтырап əрең көрінеді. Жан-жағымды сипалап қарасам, баяғыдағы «зор секіріп ілгерлеу» (1957-58 жылдары Қытайда көзсіздікпен жүргізілген науқан) тұсындағы өзіміз жасаған дүңгіршектей қуыс қорыту пеші екен. Тегіннен-тегін қорлаудан қыстығып, есімнен танып кетіппін... Сабыралы салмақты жөткірініп қойып, аудандық тəртіп тексеру комитеті мен саяси заң саласынан келген екі жігітке əлі сөйлеп отыр. – Қапасқа қамалғаннан кейін есімнен тансам да, санамды сан қилы арпалыстар жұлқысып жатқаны əлі есімде. Бəрі де көрген түстей ап-анық. Жазықсыз жəбірлену мен көрнеу қиянаттан күңіреніп жатырмын. Ызадан булығып, тілім икемге келмейді. Сонда да: «кім орманды ойрандаушы?!», «кім заңсыз пайдаланған?!», «кім қоршаған ортаны ылаңдаушы?!», «кім заңды аяқасты еткен?!», «кім албаты салықпен өзінің қойны-қоншы тұрмақ, ашынасының ауын толтырып жүрген?!», «кім астасып қиянат қылып, ауыз жаласып пара алып, ұқығын бұлдап мансап сатып, сыбайлас жемқорлықпен тек өздері күрескен сияқты көрініп шіреніп жүргендер?!» – деп жер тепкілеп айғайлағым келеді. Амал қанша, үнім шықпайды. Қинала-қинала бүкіл денемнен тер шүмектеп, бара-бара есім екілене тегеурінді қырандай көкке көтеріліппін. Дəл Көкжамбастың үстінде қалықтап келемін... Жасыл пүліс жамылған тоғыз жал мен он аңғар – саусақтай салаланып, қарлы шыңнан көз алған бес өзенше ақ маржандай ағып жа-

тыр. Ұзыннан-ұзақ созылған жал-жалдың бұп-бұйра жонымен ерсілі-қарсылы екі қапталы самсыған самырсынмен арша-шырша. Ойдым-ойдым оюлы текеметтей түрленген тепсені бар өзеншенің өзге жері аққайыңмен айқасып, шетені мен мойылы, шырғалағы мен талы, доланасы мен долантопшысы, қарақаты мен таңқурайы таласа өскен бітік ну. Гүлге көміліп, шалғынға бөленген құтты өрістерде ылықсып жатқан төрт түлік. Сай табанындағы шыбынсыз қолқаттарда андыз-андыз ат жолдары айқастырған күміс қозаның көзіндей бие баулы ақшаңқан ауыл. Тоғыз жалдың тоқтаған ұшар басы ақсеңгір – Амантай шыңы. Оның бір иықшасында айналасын орман оюлап, гүл көмкерген шара толы зəмзамдай шымырлап, күнге шағылысып жатқан əйгілі Айнакөл. Əне, құздар да ұлар шақырып, құр ойнайды. Көл шетіндегі тымсақтай созылған тіс-тіс обалы жалшыкештерде теңбіл-теңбіл қабыландармен айқасқан сілеусіндер күн көзіне рақаттана қақталып қалғып жатыр. Оның қарсысындағы төбесінен сүңгі сорғалаған жалама жартастарда үйір-үйір тауешкілер мен құж-құж болып арқар-құлжалар жүр. «Па, па, неткен сұлу, неткен қасиетті Атамекен!» деп ағып келемін, қос қанатты дамылсыз қағып келемін. Маралдарын қайырған нəн бұғылар бұлақта, маң-маң басқан алаңсыз аюлар аралда, шұп-шұбар лағын артынан ертіп қаздаң қаққан қаз мойын, ақтаңды, қызыл күрең еліктер, ақбөрікті аю балдырғандар мен үкілі рауғаштардың жапырағын жамылып, балғын балаусасын баяғы бала бейғамдықпен орып тұр. Масатыдай құлпырған барлық маңда ду-ду, сыңғыр-сыңғыр сырнайлатқан оркестрлі құс үні. Бұтақтан-бұтаққа секірген тиын мен сусар. Бұлақтарда бұлғын шомылып, шабақ шапшиды. Осындайда тұнық ауаны толтыра сіміріп, төбесінен төнсең-ау шіркін! Біздің Көкжамбастың нағыз жұмақ екенін сонда білер едің, ə деп, шалқыған ойымды шарықтатып келе жатқанымда кенеттен «шатыр-шұтыр» етіп, бұлтсыз аспаннан жасын жауғандай болды. Дəрменім құрып, қос қанатым салданып құлай берді. Құлап келе жатып, кеше ғана қарақшылардың қолынан қан жоса болып жүріп тартып алған Қазтайымның алты бұғы бұзауы ауылдың жанындағы үйшікте үйтіліп жатқанын көрдім. Онан беріректегі сай ішінде толтыра самырсын тиелген ауыр бір алып мəшиненің төрт тағаны көктен келіп өртеніп жатыр. Енді біреуі қиқалақтап безіп барады. Екеуінің ортасындағы өткел бойында шашылған киім-кешек пен шалқалап екі-үш мүрде жатыр. Бұлардың бəрі жаңа ғана болып өткен қанды шайқастың сойдақтаған ізі іспетті... Жылан тілін жалаңдатқан жалмауыз өрт Көкжамбастың күлтелі етегіне ілініпті. Айдаһардай ысқырған қызыл-жасыл жалын асаудай тік шапшып самырсын басынан асып, аппақ қайыңның арасына сүңгиді. Жарқылдаған ұшқын бейне бір дүлей құйындай үйіріле ұшып барып, таяқ тастам жерден тағы да тап береді. Қабырғасынан қан сорғалаған ақ қоянымен қасқая шапқан Қазтай, суға салған ат көрпесін арлы-берлі сүйрете қарасүмек болып жалғыз жүр. Сонау жазықтың бір шетінде тор құнанын көсілтіп, ауылға қарай шыбын-шіркей шырқырап Алмашын алып барады. Соның арасынша «көке, көке!» деген Қазтайымның ащы айқайы естілді. Жалт қарасам, жалын жамылып от айдаһарға айналған бір зəулім самырсын құлаған бойы Қазтайымды ат-матымен бауырына басып қалған екен деймін. «Бала деген бауыр ет» емес пе, оның табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін. «А... а... а...» деп құлындағы дауысым құдайға жетіп орнымнан ұшым тұрсам, «көкелеген» үн көпшіктей төбедегі тесіктен естіліп тұр екен. – Кімсің?– деп аспанға қарап аңырып тұрып қалдым. – Көке! Ол жағын сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Алтын тəтем Көміркеннің шипаханасында жатыр. Алмаш осы маңдағы нағашысымен бірге апасының жанында. Мен сізге азырақ сусын, тамақ əкелдім. Тауыса жеп, сусынды жұтып, сəлге болса да сабырлы болыңыз,– деді де ғайып болды. «Бұл кім, қаршығадай қайта оралған Қазтайымның аруағы ма? Əй, көкейін көктүйін тескен арамтамақтар-ай! Тым құрыса «өлі разы болмай, тірі байымайды!» деген қағидаға да қарамадыңдарау!» деп солқылдап өксіп отыра кеттім. * Осыдан ай шамалы бұрын, көршілес аудандағы бір ауылдың қысы-жазы жоқ іздеушісі болып жорытып жүретін Жомарт деген жігіті «Қазтайдың орнына құран оқимын» деп біздің үйге келе қалды. Өзі сарсүйек құда болатын. Ертерек бата сұрап, малын сойдық. Көсілген көк жайлаудың сары қымызын сапырып, арғыбергіден əңгіме-дүкенін құрдық. Көпті көрген, көзі ашық, сарынды жігіт екен. Ақшам намаздан соң қолтығымызға жастық қойып, жайланып тұрып, шүйіркелесіп жатқанымызда, Алмаш кереге басында ілулі тұрған радиоқабылдағышты ашып қалды. Бежиннен сөйлеп тұр екен. Құлағымыз елең ете түсті, айтылған сөз жанымызға майдай жағып, ойымызға ортақтасып бара жатқандықтан екеуміз де

орнымыздан қозғалып, тік отырып тыңдадық. У-шуы жоқ тау басындағы тұнық ауада осы радио жарықтығың да саңқылдап, нақнақ, сыбыр-сырылсыз сөйлейді ғой шіркін. Бірінен-бірі жұлып ала жөнелген қыз бен жігіт тұлпардай құйғып, сұңқардай жұтынып тұр. «...Қоғамдағы сыбайлас жемқорлар туыстықты, достықты, ақшаны, құқықты таяныш етіп, шым-шытырық байланыс торын қалыптастырып, бірін-бірі қорғаштап, ауыз жаласып, құқық-ақша саудасын, құқық-нəпсі саудасын жасады, пара беріп, пара алып, топ құрып, қиянатшылыққа салынып, іріп-шіріп, қоғамға ауыр зиян салуда... Сыбайлас жемқорлар көзі қарауытқан сайын таң сүзеді дегендей онан əрі қылмыстық құйға батып, алкеуде атамандары өзінің қара басына дейін құмырға салуда...» деп жігіт тыныстаса, қыз: «...Үкімет пен соттың жəне прокуратураның, сондай-ақ осы орындарда істейтін қызметкерлердің заң атқаруына болған тексеру мен бақылауды барынша күшейтуді, бар заңға бойсынбайтын, заңды қатаң атқармайтын, заңға қайшылық істегендерді қузастырмайтын, бұйрықты заңның орнына қолданатын, құқығына сүйеніп заңды тұншықтыратын, заң атқарғансып, заңға қайшылық жасайтын құбылыстарды батыл түзетіп, əкімшілік істерді заң бойынша істеуді, заңды əділ атқаруды ілгерлету керек...» дейді. Енді жігіт: «...Кейбір басшылар жыл бойы кеңседе отырып, «əмір жарлық» шашады. Кейбіреулер оп-оңай байлыққа бөгіп, ақша шашады. Ал егінші, малшылар құдайдың құтты күні жапа тартса да, жанына рахат таба алмай жүр. Міне бұл адамдар арасындағы қазіргі парық... Кейбіреулер əлгіндей басшылардың қайтсем сілтесе шоқпары, ұсынса қолы боламын деп, түн ұйқысын төрт бөліп, оған құлан таза адалдығын əйгілеп, аяғына бас ұра зыр қағып жүр. Паһ, мансаптың райы бойынша жан-жағына шалғындай жапырылатын осындай бектердің атаманы болу неткен абырой, ə?!...» деп тоқтағанда, қыз: «...Оңай олжа үшін көз қызартқан кейбір орындар мен тараулар өз мүдделері үшін заңды естерінен шығарып, тіпті талантараж сипатты қимылдармен шұғылданып отыр. Кейбіреулері өз сөзін, құқығын заң орнына қойып, үкіметтің кедей орындарды ертерек байыту, экономиканы қорғау, қалың халықтың түбірлі мүддесінің адал уəкілі болудай борышын да ұмытып қалды... Барлық тараулардың анадай немесе мынадай желеулермен жұртшылыққа құқай көрсетіп, олардың мүддесіне зиян жеткізуге əсте болмайды!... Əрдəр желі бақылау орындары негізгі заң, мемлекет қауіпсіздік заңы, қылмысты істер заңы, орман-тоғай заңы, неке заңы, жайылым заңы, тасымал ережесі, жел басқару заңы, тоқтам заңы, азаматтық істер заңы, амандық басқару ережесі, егінші, малшылардың салығын бақылап басқару ережесі сөзсіз адалдықпен атқарылуы керек!» десе, жігіт онан əрі қыздырып: «...Жуықта ең жоғары халық прокуратурасы мен қоғам қауіпсіздігі мекемесі теледидарлық телефон жиынын ашып, мынаны ашық жариялады — Толықсыз мəліметтерге қарағанда, қазір төрт мыңнан астам жемқор қиянатшылар мен пара алған қылмыстылар мемлекеттің іші-сыртында жасырынып қашып жүр. Олар өкіметтің бес миллиард юаннан астам ақшасын қымқырып, құлқынына құйған. Сондықтан бүкіл ел бойынша жұмылып, қиянатшылдық істеген, пара алған қылмыс күмəнділерін тездетіп тергеп-тексеру, ұстау қызметін ұқтырамыз!» деп дана-дана тұжырым, кесек-кесек фактілер мен арт-артынан түйілген тамырымызды баса, жұмсаған жүйкемізді аша жүйткігенде үй-іші толып отырған бəріміз өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай жайраңдап дүрлігіп қалдық. – Əттең, осы саясат бізге жансарлап жетіп кететіні несі, ақсақал? Қала-қалашық, ауыл-қыстақта барған сайын қожайын көп, құдай жоқ болып бара жатыр ма қалай? – деді Жомарт күрсіне. – Е, көргеніміз көп, айтарға ауыз, естірге құлақ жоқ болып жүр ғой,– дедім мен де оның ойын түсіне қойып. – Осы сапарымда кенеттен кесірлі «Кемпірқосақ» көпірінде көп бөгеліп, көрмегенді көріп, талай-талай талмауыр істерге куəгер болдым. Бекер отырғанша жаңағы естіген саясатымызға сай соны сөйлей отырайыншы,– деп Жомарт жағасын ұстап, жаңа-жаңа бір əңгімелерді үзбелеп, алақаптың аузын ашты. – Айт, айт, қарағым. «Тұманың сəні көз, қонақтың сəні сөз ғой» дедім оған құлағымды тоса. – Бүгінгі «Кемпірқосағыңыз» алғашында ауысуға тосқауыл қақпа болғанымен, бара-бара «үш албаты мен алты алапаттың» (Үкімет орындары мен жеке топтардың жəне жемқорлық мансаптылардың қоғамды ылаңдап отырған «албаты ақы алу, албаты салық салу, албаты айып салу» сынды қисық қылықтарымен мансабын бұлдау, алдамкөстік істеу, қиянат, парақорлық, қазынадағы ақшаны басқаға

істету, қызмет міндетінен пайдаланып иемденіп алу сияқты халық мүддесіне зиянды істер меңзеліп отыр) арам олжаға бататын жемір құлқынына, қанды қақпанына айналып кеткен сияқты. Жаз бойы үш бірдей ауданның адамы мен малы жосылып жататын халық пен ханның қара жолында өлшесе өзімен кетсін, қазір, əй дейтін «əжа, қой дейтін қожа жоқ», он-он бір мекеменің тосқауылы тұр өре түрегеліп. Бəрі бүйректен сирақ шығарып, біреуі адамды, біреуі малды, біреуі мəшинені, біреуі көшті бөгеп, көңілдегісін орындап жатса, енді біреулер жас келіншектерге жармасып жоспарлы туыт құжатын, қыздарды қызартып қызыл қағазын сұрап, айыбын артып, салығын санап, қырып-жойып жүр, — деп сабақтай берді сөзінің соңын Жомарт жоқшы... – мені «жолхатың жоқ екен» деген сылтаумен бөгеді де артынан айыбым үшін үш юань сұрады. Ондай оңай олжа оларда болғанымен менде қайдан болсын, көк ауруым ұстады да қасарысып қалдым. Атымды тартып алып, өзімді төрт күн бойы көпір басында сандалтып қойды. Бетін ары қылсын, жол қатынас тараулары мен қоғам қауіпсіздігі тараулары көпір көмейінде барған сайын барша жолаушыны темір тегеуріндей бүріп барады екен. Бұрыла қашуға жол жоқ. Арғы-бергі жол шеттерін алабақандап шынжырлап тастапты. Көпір бейне қылтамаққа кіріптар болған қызыл өңеш іспетті. Ағылып келгендер асылып, топырлап келгендер тосылып, түйілген бойы тұрып қалып жатыр. Сандалып жүрежүре тосқауылда тұрған жігіттердің ішінен тамыр-таныстарды да тауып, күндізгі тамақ, түнгі жатақ жағынан онша қысылмадым. Сондағы айтайын дегенім, сол төрт күн ішінде көргендерім мен естігендерім ғой. Қазір көпір басында жұмыс істеушілерге саласала бойынша аптасына бір рет көл-көсір қонақасы беріліп, ай сайын тапқан табыстарынан мол сыйлық таратылады екен. Оның үстіне бөгелген жолаушылардың тамағы мен жамбасақы есебінен көпір басындағы оншақты асхана мен екі-үш қонақ үй міндетті түрде тосқауыл атамандарының тостағандарын майлап, қалтасын қампитуды арылмас шөре қылып алыпты. «Жүгірткен ит қой санатпастай» осы қоса қарасына мен де қосылып кеттім. Мұнда күндіз бөлек-бөлек қимылдайтын тосқауылшылар мен ұры-қары, құмаршылар қас қарая бір-біріне жарғанаттай жабыса қалады екен. Сондай кездесулердің бірінде: – Ағайын,– деді аудандық сақшы мекемесінің бастығы теңселіп тұрып, жол қатынас тəртібін басқару отрядының бастығына, – осы күнде бұл қоғамда «орайдан пайдаланып қалу – олжа, орайды босқа өткізіп жіберу – өкініш» деген бір сөз барған сайын тəмсілге айналып кетті. Бұл көз жұмуға болмайтын қоғамдық шындық. Сенің мұнда істетіп отырған жауынгерлерің түгелдей қоғамнан уақыты қабылданған жастар. Сондықтан олардың еңбекақысы мен сыйлығын, өздері мен жанұясының қиыншылығын қалай шешіп, қалай разы етуді тез де терең ойланбасаң болмайды, ағайын, қалай дедім, жолдастар? – деп арақ ішіп, сыра сіміріп отырған отыздан астам жауынгерлерге күлімдей көз салды. Олар: «Мекеме бастығына рахмет! Мекеме бастығына борыштымыз!» деп шушұрқан болып айқайласты. – Басеке!– деп енді жол қатынас басқару отрядының тапал командирі көтерілді орнынан, – айтқаныңызды артығымен орындауымызға кəміл сеніңіз, басеке! Мынау «Кемпірқосақ» – жарымжайлау десе де болғандай, орта жайлауға орналасқан көпір ғой, сіз ыстықта қарбалас жұмыспен қатты шаршап жүрсіз. Кеше келетініңізді біліп, тауға бірнеше жауынгер аттандырып, сорпалық киігіңізді аулатып, ұларыңызды ұстатып, кекілік-қырғауылыңызды қуыртып отырмыз. Алаңсыз бірнеше күн жатып демалып, бізге жөн көрсетіңіз! Сойысыңыз бен қымызыңыз көпір басына өзі-ақ қалың халқыңыз бен жүргінші жұртыңыздан құйылып тұрады. Əлбетте, онан басқа қызық-қызық істеріңіз де баршылық!– деп айналасында араққа əбден тоғытылып сілелері қатып сілейіп-сілейіп отырған саудагерлер мен түрік құлақ делдалдарға, беті-жүзі айран жағып алғандай, шаштары дода-дода, бастықтың қолтығынан қолын шығармай исінген иісті бикештерге қарап қысық көзін қулана қысып-қысып қойды. Ой, тəубə-ай, солардың ішінде əлгі сіздердің жайлаудан отыз сиырды бір түнде ұрлап, біздің ауылдың базарынан ұсталып кеткен, аты Сабан ба, Топан ба, немене еді, жылтың-жылтың қағып сол да жүр əуелі. – Иə, Топан. Ол түрмеден шығып алып па? – Шыққанда қалай, жөнін сұрасам: «Ей ағайын, тоқпағың мықты болса кигіз қазық жерге кіреді, – дегенді естімеп пе едің. Осы заманда қалтаңда ақшаң, жоғарыда арқа тірек көкең болса, мына тұрған «түрме» түгіл, сонау түрікпеннің түбі де ештемеге тұрмай қалды» деп өзіңді жаңылдырып, жайнаң-жайнаң етеді сол Топаныңыз. – Əй, атыңа нəлет-ай! Менің мынау отбасымды ойрандап, тұнығымды шайқап кеткен сол емес пе?! Біздің үйден ұрлаған оншақты сиыр тұрмақ, Қазтайым қайтыс болғаннан кейін екі шаңырақтың мал-жанына көмекші болып жүрген келіннің аза-

мат інісін де апиын кештердің алдамына түсіріп, айдатып жіберді. Онан соң жесір қалған келінімді аздырып, келмеске кетірді. Амалым қанша, амалым қанша! Əзəзіл шайтан қазір ет пен терінің арасына емес, жүректі жұлып жеп жатыр ғой, оған не шара?! – дедім. Жомарт онан əрі ашыла ақтарылды. – Жауынгерлер əлгі қонақасыдан жəй тарады. Олармен бірге келіп алты-жеті кісілік кең жатақтарына қисая кеттім. Көзім ұйқыға кеткенше қызып алған қызталақтардың бірінен кейін бірі көйтіп жатқан көп əңгімесін естідім. – Ей, жаңағы бастықтың біздің ауылдағы бір суыққол сұмпайы шауып кел тауып келі жақында оған жедел бұйрығы бойынша бір ат, бір бие апарып берген екен. Екеуі əмпей-жəмпей қасынысып жатқанда үшінші біреу үстілеріне жетіпті. – Ау, жел қуған ебелектей сен жеті қараңғы түнде неғып жүрсің?!– деп кіжініпті бастық соңғы келгенге күдіктене көз салып. – Тақсыр, əлгі атыңыз бен биегіңізден айрылып қалдым,– депті анау. Сонымен бастық орнынан ұшып тұрып қораға жүгіріпті. Артынан екі елпегі де ере шығыпты. Сөйтсе, қораға байланған жылқылар жоғалған ат пен биесінің өзі екен. Үшінші адам бастықтан бұрын барып бас салыпты. Сонда бастық ыржия күліп тұрып: «Кешіріңдер, айып менде, екеуіңді ертерек таныстырып қойсам болғандай екен. Бұдан былай біріңе-бірің жоламай тек жүріңдер, тегінде екеуіңде де менің еншім бар екендігін естеріңнен əсте шығарушы болмаңдар!» деп аймандай болған екеуін араққа əбден тойдырып аттандырып жіберіпті. Осыған қарағанда қазіргі кейбір əкім, сот, прокурор, сақшы бастықтарың да баяғы ақалақшыболыстардай топ-тобымен ұры ұстай ма қалай?! – Ой оны айтасың ғой, біздің бөлім бастығы жылында сақшыға жиналатын иесіз малды басқарып тұрғанда туыс-туғанын, жолдасжораларын жарылқаудан сырт, ауданның игі жақсыларын соғымсойыстан тарықтырмай, қазір солқылдаған милиция полковнигі болып шыға келді əуелі. – Əй, хай, мына масқарашылыққа қараңдар, əнеукүнгі жұмада мүлгіп тұрып адамдық, адалдық жөнінде уағыз айтқан «Бұқа молда» бар ғой, біздің жол басқару отряд бастығының досы екен. Ол күндіз ел алдап, иенде аң аулап, түнде ұрлық қылып жүріпақ бірнеше жылда қойын мыңға, бұғысын жүзге, ірі қарасын нешежүзге жеткізіп алыпты дейді. Ол қақпастың қалай «Бұқа молда» атанғанын білесіңдер ме? – Е, білмегенде. Ол босқын алғаш осы кең сахараға келгенде зар илеген жалаңаяқ бір қайыршы болатын. Кейін аяқ астынан тамыр ұстайтын, ішірткі беріп, қасиетті тұмар тарататын киелі əулие атанып кетті. Сонымен естігеніне елеңдеп, алдамшыны албастыша басына шығарып басынтатын біздің қазекең қандай, оның алдынан үзілмей, тапқанын соған тасып, бара-бара табалдырығына бас қойып жатып алатынды шығарыпты. Сондай күндердің бірінде оның тоғыз жолдың торабына итите салған көп бөлмелі сиқырлы үйінің қараңғы түбіне жалғыз шақырылған жас келіншек көп кешікпей қарғап-сілене далаға қарғып шығыпты. – Не болды?– депті кезекте тұрғандар шошына. – Не болушы еді, мынауың əулие емес, нағыз азбан бұқадай азғын екен. Салауатты сақалдан садаға кеткір депті ол додадодасы шығып. Бұл сөзді естігендер ду-ду күліп жағасын ұстап, аттана қашыпты. Сонымен ертеңінде көкжайлаудағы қазекең ішіне «Азбан молда, Бұқа молда» деген лақап ат гу-гу таралыпты да кетіпті... – Уа, жарандар, мынаның сөзінің жаны бар. Өткенде жайлауға үдіре көшкен елден жол шетіндегі қалың шалғынның ішіне жасырын қазылған орға түскен елудей ұсақ малды тасжол шарлап жүріп тауып алдық. Соны дер кезінде сақшыға баулап, сотқа жолдасақ, олар мұны «Бұқа молданың» қойына қостырып қойған əуелі. – Ə, ол қастандықтың əкесін енді көресің. Қазір жол бойындағы қара шалғын өсіп, бұта-бүрген, сарықурай мен уқорғасын атан өгізді адастыратын күз болып қалды емес пе. Ел жайлаудан қайтар тұсқа туралап жол жиегіне жасырын торын құрып, опалы орын қазып, топырағын жаймалап жүрген «Бұқа молданы» бастық екеуміз кеше кеште тағы көрдік. Ол бізді қояр да қоймай жүріп ресторанға түсіріп, келістіріп қонақ қылып жіберді. Сондағы байқауымша біз күзетіп отырған осы тосқауылдың бір шетінде «майшұрқаттатып» сол ақ кепешті молдекең сияқты алаяқтар да жүргендей... – Жомарт-ау, осы естігендеріңнің еміс-еміс ұшқыны біздің құлағымызға да жетіп жүрген əңгімелер екен. Қазір «адалдық пен алдамкөстік, билік пен ақша текетіресте тұрғаны» шын болды. Жаңағы «Бұқа молдаң» ұзақ жылдар бас сауғалап қашып жүріп, мынау заманның тыныштығында төбесін көрсеткен баяғы Гоминдаңнің жендет генералы Ма Гу Фаңның қарақшы полковнигі дейді. Ол қазір мал тұрмақ, адамды да ұрлауға кіріскен сияқты. Жуық жылдардан бері зым-зия жоғалған егінші, малшылардың үш-төрт қызы араға бес-алты жылдан уақыт салып, балалы-

шағалы болғанда, тілін тістеп сол зəндемі «Бұқа молданың» айналасынан табылып жатыпты,– деп енді əңгімеге мен де араластым. – Ойпырай ə, істейді, істейді бұл дінсіз сойқан. Сондықтан да оны толық түсінетін жұрт «күндіз аузында Алласы көп, түнде ұйқысы мен тəубасы жоқ» деп тауып айтқан. Əлгі ұрланған бейбақтардың туыстары үндемей ме сонда?– деді Жомарт жұлқына. – Не дейді олар, қыздың бағы сынып, беті күйген. Арада араздық шықса, əлгі қарақшылар адам өлтіруден қайтпайды дейді. Оның үстіне «балық үндес, бақа тілдес» дегендей қазіргі ұрықарылар түгел желілес жегі құрттар ғой. Иə, айта бер бағанағы əңгімелеріңді? – Сөйтіп көпіріңіздің қоғамы да, қонақ үйі де түтеп тұр екен. Сонымен көзім енді ғана ілініп кеткен екен, қарсымыздағы əйелдер жатағы жақтан шу-шұрқан көтерілді. Басқалар қорылдап жатыр. Мен киімшең қисая салғанмын. Ақырын аяңдап далаға шықтым. Шырағы күңгірттеу жылтыраған алакөлеңке залдың бір бұрышында бір қыз бен бір жігіт салғыласып тұр. Етті-жеңді еңгезердей қыз жаздық жалаң ішкөйлекшең. Жез түймелі күлгін түсті киім киген ашаң əскер жігіт удай мас. Ол «қыз деген сүюге, қымыз деген ішуге жаралған, келші бері, жаным, жан-на-тым!» деп өзелене асылады. – Ой, жер жұтқыр, бағанадан бері сыйлағанды біл енді, кет, жоғал!– деп қыз есігі ашулы тұрған жатағына жанталаса шегінеді. – Ей, тəлімсіме, сен тəлімсісең, басқа қыз жоқ па, қазір қыз дегенің мауыққан мысық пен қыңсылаған иттің басын құшақтап өріп жүр. Алатының ақша ма, міне ақша. Көретінің мынау ма, міне дайын! Алатын айлығым 500 юань, таласа табатыным 3000 юань, жетеді, асып төгіледі əуелі!– деп əлгі жігіт омырауындағы ақшасын уыстап, тағы да нелерін іздегендей етпетінен түсіп, тырмысып зорға түрегеледі. Əйтеуір, ию-қию істер... Ертеңінде шақыртуы бойынша жол басқару сақшысының бастығына бардым. Ол топ қарағайдың түбіндегі ауаша қонақ үйде екен. Екі бөлмелі жатақтың ауызғы бөлмесінде біз сөйлестік. Түпкі бөлмесінде аузы-басын далаптап, шашын қоңырсыта қыздырылған қышқашқа орап, жалаң кеудешесімен ғана қысқа дамбалды қысыр қатын арлы-берлі ойқастап жүр. – Біздің жауынгер Əбіш сені нағашым дейді, егер шынында солай болса, тəртіп бойынша тапсыратын 300 юаніңді 150 юаньға кемітейін. Қолма-қол маған тапсыр да жолыңа жөнел!– деді жейдешең бүкіл денесінен арақ иісі аңқып тұрған безеубет, қызылкөз, қасқабас, боғақты бозбан сары көсіліп отырған оң аяғының бұлшық еттерін қайта-қайта жұдырықтап қойып. – Əй, айналайын, қысыр қатынның сідігі жететін жерге алып жүретін нендей таныстыру ол, қазір тыныштық қой, зіл-зала соғыс болып жатқан жоқ, яки, бұл қақтығысып отырған екі елдің шекарасының түбі емес. Өз ауылымыздың ортасы ғой? Жаңағы өзіңіз айтқан Əбіш жиендер де, осындағы басқалар да шетінен таниды ғой мені. Түктен-түк жоқ «Кемпірқосақта» қаңтарылып үш күн жаттым. Тəртіпке қайшы қылмысым да, айыпқа төлейтін ақшам да жоқ!– деп қасарысып жатқанымда даладан шекесінен қанын сорғалатып, жастау бір бозбаланы желкесінен итеріп кіргізді. Енді мен дөйдалада қалдым. Бастық əлгі байқұспен арбасып кетті. – Не болды? – Сақшылар ұрды. – Неге? – Айып ақша тапсырмадың деп. – Ненің айыбы? – Біреудің мотосымен қайтыс болған əжеміздің төркініне хабарға жүріп едім, өзіңдікі емес екен дейді. – Баратын ауылың қай жерде? – Көпірден өткен соң көп жер емес, Қайыңдының қабағында ғана. – Ол қанша жер? – Үш жарым шақырым. – Қарауылшылар қанша сұрады? – Бес жүз юань! – Төле! – Төлейтін сынық жармақ ақшам жоқ. – Онда мотоцикліңді тапсырдың ба? – Жаңа тартып алды. – Ендеше, қайтпайсың, жатып жазаңды тартасың! Болмаса амалдап ақша тауып аман-есен жолыңа түсесің!– дегенінде тұлабойым түршігіп кетті. Қалтамды қағып, аламын деген жүз елу юанын əлгі тойымсыздың алдына лақтырып тастап, оның қиқасиқа қолы қойылған алақандай ақ қағазын ала салдым да, «аларман арыстан, берермен тышқан» болып, «пəледен машайық қашыпты» дегендей асып-сасып атыма қарай жүгірдім,– деді Жомарт. – Иə, «ақша періштені де жолдан тайдырады» деген осы екен ғой!– дедім мен уһілеп.

Қай уақытта қалғып кеткенімді білмеймін. «Көке!» деген дауыстан көзімді ашып алсам, тағы да кешегі бейтаныс бейне төбеде сыбырлап тұр екен: – Көке, қиналдыңыз-ау! «Сабыр түбі сары алтын» деуші едіңіз ғой бізге, өзіңізге де солай болсын. Мына тамақты тауыса жеп, сусынға қанып алыңыз. Алтын тəтем мен Алмаш та аман. Ақ ешкіңіз кеше асханаға сойылып, ақ лағыңыз екі бастықтың егесімен бəске желінді. «Төгілген-көмілген» қымызыңыз бен етіңізді өтірік «өртедік-төктік» деп өздері қылғытып жатыр. Мен сіздің атыңыздан «азаматтық арыз-шағымыңызды» жазып, заң орындарына жолдап жібердім. Əуелі сіздің еш жазықсыз көрген қиянатыңыз бен тартқан азабыңызды арнаулы телефонда жоғарыға алдын-ала хабарлап қойдым. Иə, кигіз үйіңізді жасыл жайлауды аңсап жүрген бір лауазымды бастық бал-шуымен түгел жөткеп үлгірген екен, оны да ізімен қуып барып індетіп қойдым... – Айналайын-ай, сен кімсің? – Көке, мен сіздің көлеңкеңізбін ғой. – Қарағым-ай, қайғылы қартыңды бұдан əрі қинамай атыңды айта салсаңшы. Менімен бұлай жауласып жатқан кім сонда?! – Көке, менің атымды кейін ұғыңыз, сіз «иттің иесі болса, бөрінің құдайы бар» деген тəмсілді есіңізден екі рет өткізсеңіз, бұл реткі жұмбақтың жауабы табылады. Ал ашығын айтар болсам, сізбен арбасып отырғандар — өткенде ауылыңызға барып жатажастана сайран салған, атқалы отырған аңын сіз үркітіп, алтыннан қымбат аюдың майтабаны тұрмақ, қолындағы жабайы доңыздың бүйрек майы мен бұғының шыбығынан қапыда айырылған қасқа мен жайсаңның біреуі шығар... Жə, көке, мен кеттім. Сіз «Иə, тəңірім, санасыз ұлдан, саңылаусыз қыздан сақтай гөр!» деп біраз шыдай тұрыңыз, істің арты əлі-ақ бұлттан шыққан айдай ағарар! – Ой, өй,– дегенімше ол ғайып болды. Мені тағы да шыр айналып шымырлаған қиял иірімі шыңырауына тарта берді... * Ойда шілденің шіліңгір ыстығы басталып кеткен. Мен Қазтайымның қарауыл текшедегі қасиетті жұртына жылдағыдан бес күн бұрын жеттім. Ол, Қарауыл десе Қарауылдай-ақ жер ғой шіркін. Екі бүйіріндегі ну орманның ішінен аң-құсы жыртылыпайрылады. Тау бұлақтары таласа сылдырай ағып, сай табанындағы сарқыраған сəнді өзендерге құяды. Арты жонданып барып, қарлы шыңға жалғасатын керілген Керталғар. Жонның үсті көз-көз арасан. Арасан айналасы ойдым-ойдым самырсын-шырша, талмойыл. Олардың арасын қызыл шетен мен аппақ қайың оқалап, қарақат пен таңқурай кестелеп жатады. Бұта-бүргеннің етегі шашылған шоқтай бүлдірген. Ертеректе бұл өңірге ұшқан құс пен жүгірген аңнан басқа, адам ізі түспеген, тұнып тұрған тұмса жер болатын. Кейінгі кезде адам көбейіп, жер тарылып, жайылым шегінгендіктен, малшылар арасы шалғай, жолы күдір болса да неғұрлым соны жайлауларға қарай үдіре ұмтылды. Сонда да Көкжамбасқа жеткендері қазірше некен-саяқ. Тек, таяу жылдарда атам заманнан бұлт бүркеніп, қармен қымтанып жататын қасиетті тəңіртауларына тас жолдар тартылғаннан кейін ғана, ең алдымен орманды қорғау мақсатымен Қазтай сияқтылар қаз қанатын талдырып жетті. Онан кейін үздіксоздық жылқылы көштер, сонан созыла мөңіреген сиырлылар мен маңыраған қой-ешкілілер келе бастады. Қарауыл текшеден ертелі-кеш шартарапқа көз салар болсаңыз, өзіңізді көк күмбездің шаңырағында тұрғандай шат сезімге бөленер едіңіз. Себебі, саусақтай сала-сала сайлар мен торғын түсті тауыстай сəн құбылған жота-жондар, күміс кіреукелі қарлы шыңдар алтын шұғылаға тоғытылып, сағымды жалыннан кеш зорға сейілгенде ғана, өзіңіз де бейне бейіш шуағына сол ұлы табиғатпен бірге шомылғандай, пəк сəбише күй кешер едіңіз. Төрт түлікті толқынына тоғытқан қызыл сірік, қымыздық, көкбас жуа, ақ изең, алмажапырақ, жұпаршөп, аюбалдырған, тарлауы мен қарашалғыны қандай қасиетті еді құт мекеннің. Міне, малшылардың майрағай да тайрағай ұжмақ маусымы есептелінетін шілденің гүл-гүл жанған ортасы да келіп жетті. Қарауыл текшенің бұл кезі – күндіз жауынсыз жайма-шуақ, түні қырау-шықсыз, салқын самалды болады. Текшедегі арасан басында талайдан бері Қазтайдың бес қанатты ақ отауы жападан-жалғыз отырған. Қазір алыстан аңсап жеткен 6-7 арасаншы шал-кемпір, ауру-сырқаулар айналаға қос-қолаңын көтерді. Бұрынырақта бұл арасан «Аңшықазған», «Аюашқан», «Сынапты», «Ақжылан», «Тотиайын», «Күкіртті» деп аталатын жерошақтай бес шұқанақ көз болатын. Кейін иқуатты Қазтайдың қарулы қолымен шанағы кеңейтіліп, табаны тереңдетіліп, ернеуіне аппақ малта тастармен жап-жасыл шым өріліп, үй орнындай бес

көлшікке айналды. Сонан бастап бұл қасиетті көлшіктер əйгілі «Қарауыл текшедегі Қазтай арасаны» деп аталды. Бір-бірінен аралығы теңжіп бойы-арқан бойы қашықтықтағы осы көлшіктер бейне алтын жиекті күміс кеселерге толтырылған зəм-зəм кəусардай мөлт-мөлт етіп шымырлай толқып, көздің жауын алатын. Түбінде ине жатса көрінердей тұп-тұнық арасан тамағындағы сиқырлы бұрымдай бұратылып бұрқылдап жататын қайнардағы ұп-ұсақ, бұп-бурыл, алтын қауызды құла құмдар денеге жұқпақ түгіл жұпар шашқандай бір киелі рахат бағыштайтын. Кіндіктен келетін ыпыстық аса ауыр су ішіндегі қорғасындай балқыған тұла бойыңа терең үңілер болсаң, күкірт көпіршіп, сансыз сынап түйіршігі бейне шымырлаған ұсақ жұлдыздай аяқ-қолыңнан сырғып жататын. Арасан беті əсте қаймақшып, кірленбейді. Кіріптарлар түскен сайын толқыған торғын судың асқаны буы бұрқыраған бойы науадай əсем арықшамен қабырғадағы қалың нуға сіңіп кетеді. Арасан көлшіктерінің үсті жаңадан əлем-жəлем ақтақ байлана бастаған топ-топ зəулім биік самырсын мен алтын алқалы аққайың, күміс теңгелі боз тал мен жапырағы жалтылдаған долантопшы. Жапсарласқан жабық бұтақты бұл табиғи көкшатырлар əлсін арасаншыларды ашық күннің ащысы мен жаңбырлы күннің тамшысынан тасалап, зағип пенделеріне жанұядай жайлылық бағыштайды. Ұлы сəске. Орта тұстағы «Ақжылан» көзінен енді ғана көтерілген қара мұртты, етті-жеңді Қайырбек ақынға сəлемдесе келіп, Сабыралы бастаған 3-4 бүкір, салтақ шал ішкиімдерімен ыстық суға сүңгіді. Жоғарыдағы «Аюашқанда» тері сорғалап, өздерінше шүңкілдесіп екі-үш əйел отыр. – Қайыржан, бүгін қанша уақыт түстің?– деді селдір сақал, секпіл бет, сексенге таяған Серікбай ақсақал. – Таңғы азан шəйімді ішіп келгенмін. Əй, екі-үш сағаттан асқан шығар. Соңғы жұлдызбен сырласып, таңғы ауамен мұңдасып, ұлы табиғатқа тамсанып жатып, əуелі ұйықтап кетіппін. – Сонда қалай сырласып, қалай мұңдастың, қарағым? – Иə, шынайы ақын өзінің ажалын да өлеңмен өрнектейді екен. Бейне, өз кезінде «адамның бұлбұлы атанған» Əсет марқұмның «Ақырғы əні» сияқты. Мен ондай ерек жүйрік ақын болмасам да, бағанадан мынадай пəк, киелі суға тоғытылып жатып, тарылып бара жатқан ұлы табиғаттың тынысы жөнінде бір толғаудың басын құрағандай болдым. – Қалай, шырқашы, Қайырбек?– деп шалекеңдер дүр ете түсті. Қайырбек «жоқ» деген жоқ, ширығып отыр екен, қолма-қол анадай жерде ат жетелеп келе жатқан азаматқа шатырдағы былғары қапты қара домбырасын алдырды. Киімін түймелеп түгел киіп, қаптал шапанын арқасына көмілте жамылып, мойнына түкті орамалын орап, астына қара шибарқыт аткөрпесін төрт қабаттап салды да, малдасын құрып, асқақтата өзінің сүйіп айтатын «ахахай, ахау» əуеніне басты. Шатырлар мен қостардағы бірен-саран ұйқыдағы балалар көзін уқалай жүгіріп, əйелдер абыр-сабыр жаулықтарын көтеріп, құлағын тосты. Самал тербеген орман басы уілдеп, бірден бəрі сазға қосылды... Баласы бақ дарыған жақсы атаның, Тумысың бəрі таза, мақсат-арың. Тас бассам Тайбурылды ақсатамын, Ал сəлем! Сабыралы ақсақалым! Асанның ұрпағымыз біз дегенің, Жерұйық жер бетінен іздегенің. «Жұмақ!» деп Көкжамбасты көптен естіп, Əдейі ат арытып сізге келдім. Бабамның бағалысы-ай ел қорғаған, Қызғыштай мен ақынмын көл қорғаған. Батам бар, алғысы мол Қазтай ерге, Кеудесін өртке тосып, жер қорғаған! – Ой бəрекелді, əуеніңе алғыс!– деді тыңдап отырғандар ұрандап. Оған иықтан үңілген қарлы заңғарлар да қатты тебіренгендей қайталап үн қосты. Келіпті мұнда ауылдың кекселері, Балқыдым арасанда текшедегі. Жер-ана, біз-баламыз мəңгілікке, Тумасы – табиғаттың тек сенері. Адамзат – тағы соның сескенері. Ахахай, ахау! Ахахай, ахау! Түбін жұлма баулардың, Түбін қазба таулардың.

Аласарса асқарым, Қалай қыран заулар мың?! Құмға қалай аунармын?! Отырған шартық шалдар, шадыр кемпір, Кетіпті-ау жастық шағың өтіп небір. Ал қазір алтын арай өпкен кезде, Не жетті ұрпағыңа болып жемір?! Кессе де алмас семсер азғын жолын, Албасты адастырды жаздың желін. Өршіген «үш албаты» – парақорлық, Кигізді сауға сатып таздың кебін. Жайлауым жəннат еді, пүліс еді, Тарылды ұлардың да су ішері. Былғанып омырауы ойрандалса, Түңіліп төмендегі у ішеді. Кешегі «Киелі көз» желдідегі, Жоқ бүгін, оны емкөс ел біледі. Суалды сұлу бастау көп өңірде, Аң-құсы азып-тозып телміреді. Шұралап «бурылыңды» байлап алған, Пайдасы байлап алған байда қалған. Ақсарбас айтып сойған арасанға, Малшылар санын соғып сайда қалған. Аха-хай, ахау! Аха-хай, ахау! Өртенеді өзегім, Суалмасын өзенім. Орман-гүлсіз далада, Қайтіп, қалай төземін?! Шошымасын көжегім! – Ой бəрекелді, тауып сөйледің тасқын жырым, алтын тілім, аруақты пірім! Ауылдан «Бəргейтіні» орман алды, Қашалап айналасын қорғап алды. Ғасырлар қастерлеген қалың малшы, Айрылып арасаннан зорға қалды. Қамады бұғалықтап «Көксуыңды», Жуады жылы суға боқсығыңды. Завод-кен əр өзектен ағызады, Арыстан – Ақөзенге қоқсығыңды. Емес қой жайы жақсы «Шаттының»* да, Шелектеп құйынар су сатылуда. Тауында ұрылар жүр орман өрті, Аң атып, бес қаруы тақымында. Аха-хай, ахау! Аха-хай, ахау! Ақмаралды атпашы, Ақсұңқарды сатпашы! Еңбеккерді мақташы, Текке қарап жатпашы. Сатар қызды бақпашы, Тұлпарыңды бапташы! У шарапты татпашы! – Тарт, тарта бер Қайырбек. Тіліңнен айналдық, діліңнен айналдық! Қашан да ата-анаға балдай, Бұзылды бірталайы сана қалмай. Қыз кетті қыдырымпаз қысыр сауып, Ұл шапты өз əкесін, жау ала алмай. Заңнан біз зарықпалық тауда қалып, Шапқылап шағынды елім дауға барып. Жас-кəрі заманға бақ, көзіңді аш, «Мансап та» жатыр дейді саудаланып. Қорғайық қарашықтай əділдікті, Тас қойып таразыға нағыз мықты.

Қорғайық реформа, ынтымақты, Салайық бассыздарға ауыздықты. «Жомарт» жүр жұртты талай отқа салған, Барды жоқ, жоқты ар деп шотқа салған. Барады шашбаушы үдеп, ілік-шатыс, Енші көп елге салық ноқта салған. Обал ғой, жүзі жылап, бірі күлсе, Білмей ме бірі осыны, бірі білсе?! Біледі, алтын заң да екшеп жатыр, Оңай ма аранға арам кір ілінсе?! Аха-хай, ахау! Аха-хай, ахау! Заман жырын толғайық, Санамызды сомдайық. Жойып ұрлық-қарлықты, Ақшақұмар болмайық. Заң-тəртіпті қорғайық! Өлеңге еліткен елді кенет өзелене үрген Аламойнақтың дауысы елең еткізді. Шымылдықтай тік қарағайлы қабақ астынан шыға келген жалғыз атты өрігі ақ жамбыдай құрт жайып жатқан алтынға аз бұрылды да, қарттар жатқан арасанға қарай тартты. Жүрісі суыт. Сабыралы төбесіне жапқан ыстық сулы орамалын сəл көтеріп қойып, жіті барлап отыр. – Ассалаумағалейкум!– деді кеудесі ашық, астындағы алабел аты ілгерінді-кейінді кетіп, желбезегінен жер есіп тұрған, тау орманын қорғауға жаңа келген Сағи. – Уағалейкумассалам! Жол болсын!– деді Сабыралы Сағиға сығалай қарап. – Мені сіздерге ауыл əкімі Ахмет жіберді,– деді ол тері сорғалаған қып-қызыл мойнымен бұж-бұж əукесін алақанымен сүртіп ат үстінде. Жайқындай беті тараулап, ісінген екі көзі қызарып тұр. Ұйқы-тұйқы түрі жоқ дегенде, қымызға болса да қызып алған сияқты. – Неге? * Іле алқабындағы əйгілі арасан аттары. – Негесі сол, өзі ойдан кеше келген. Бүгін Көкжамбасқа жоғарыдан бір топ құрметті қонақтар келеді екен. Олар ертең таңертең Қарауылтекшедегі осы арасанға шығып, үш тəуліктей орнығып жатып демалатын сияқты. Сондықтан сізді тігулі үйіңізді өз орнынан жөткемей, жаңа көрпе-жастығыңыз бен таза ыдыс-аяғыңызды тастап, малыңызды айдаған бойы қазір төмендегі тасжолдың бойына тізгін ұшымен түссін, ал қалған арасаншылар да қостарын жығып, малшылардың алысырақ ауылдарына тарап кетсін дейді. Иə, иə, айтпақшы, тағы бір тапсырғаны — арасан көзінен алыстау бір-екі шатыр немесе екі-үш ағаш қалтқыны ішінен жерошақтап, үстіндегі жамылғысымен дəретхана үшін тастап кетсін! — деді қонақтарды бастап «Кемпірқосақ» қолбасшылық штабынан келген аудандық сақшы бастығы. Сонымен бірге қоршаған ортаны қорғап, аурудың алдын алу мекемесінің бастығы «айналаны қоқыр-қоқсықтан əбден тазартып, сүйек-саяқты көміп кетсін!» деп бұйырды. Кеште өздері де тексеріп келетін сияқты. Ал кеттім онда. – Ей, оларың мұнда анығы қанша күн жатады екен? – Онысын білмеймін. Жаңа айттым ғой, үш тəулік деп, – Сағи жүре жауап беріп, сатыр-сұтыр қалың орман арасына кірді де кетті. Арасанда қаннен-қаперсіз отырған бейуаз жарымжан жандар абың-күбің болды да қалды. – Ой шайтаналғырлар, əлмисақтан бері халықтан қашқан əулие-машайықты естімеп едік. Енді көз көрді міне,– деп жотасы төңкерілген тегенедей бүкір шал алдымен қозғалды. – Жаңағы айтқаның табан үстінде табылды ғой, Қайырбек ақын. Пəледен машайық қашыпты дегендейін, «кет!» десе, кетейік онда,– деп селкілдеп Серікбай да қинала орнынан көтерілді. – Қап, арасан жарықтық енді ащы терімді шығарып, сүйексүйегімді босатып еді. Киесін кетіретін болды-ау мына зəндемілер! – Əуелі біздің қос-қолаңымыз олар үшін дəретхана болмақ, көзсіз қорқаулар!... Арасанда жатқан ақсақал-қарасақал, мертік-шартықтардың осылайша қарғанып-сілене сүмірейіп-сүмірейіп судан сүйретіле шыққанына бағанадан ашына қарап тұрған Қайырбек ақын: – Ау, жарандар, енді байғызша сұңқылдың, өсекші күңкілдің керегі кем-ау деймін. Ертерек жиналып, етекке түсейік. Шамамыз келіп, тіліміз жетсе «есек семірсе, иесін тебеді» деген тəмсілдің керіне кездесіп жатқанымызды бəріміз паш етіп, əділдіктің алдына салайық! – деді қаптал шапанының белін үш құлаш қара кездеме белбеуімен қатты буынып жатып.

Сабыралы лəм-мим деместен мүйіз сапты асасына сүйеніп, үйіне қарай аяңдады. Оның ойында сарқылдап қайнаған сан түрлі сұрақтар кетіп барады. «Осы жаратушы жалғыз тəңірім, жерді берсең желкелемей, аялап-аймалаушыға бергейсің!– деген тəлімді сөзді кім айтып еді?... Иə, сақтай гөр, түгі қырылып, суы суалудың ендігі кезегі көсілген Көкжамбас пен Қарауылтекшеге де келді ме, қалай? Қазір құқ иелеген бір бөлім адамдарда тұрмыс қағидасы, қызмет əдісі, мансап пен мəселенің мəні қалай өзгеріп барады осы? Олардың ой-көңілінде «халық» деген қасиетті ұғым бар ма, жоқ па?!» деп өзіне-өзі күбірлеген бойы басын көтеріп, терістіктегі қарлы шыңға көз салды. Сол қарлы шыңның ту сыртындағы енді бір биік даралардың басына бұлт ілініп қалған екен. Көп ұзамай нажағай ойнайтындығын сезе қойды сəулелі мосқал жүрек. Арасаншылар Қарауылтекшеден тасжол бойындағы кигіз ауылға екінті еңкейе жетті. Өзен бойын жағалай шыққан «жалқарағай» астында қызылды-жасылды шатырлар мен қалың ақтылы-қаралы əр алуан жеңіл мəшинелер тізбегі қатар-қатар қаздай тізіліп қалыпты. Онан айғай салым беріректегі қалың ағаш арасындағы алаңқыда күндіз төселген гүлді кілемдер мен көрпе-жастықтар сол бойы шашылып жатыр. Оның айналасында қиралаңдаған мастар мен босаған шөлмекке таласып шу-шұрқан балалар жүр. Отау-отау сарыағаш пен қалың қарақат астында мынау бейуақтан бейхабар бірнешеуі күндізгі сідігіне сүрінген бойы əлі сұлап-сұлап жатыр. Алқып-шалқыған күндізгі көңіл ашу майданынан шатырға беталғандардың соңы қазір де үзілмепті. Үкілі домбыра ұстап, кестелі камзол кигендермен жағаласа, кеудешесі кіндігінен тесілген, етек-көйлегі қара санынан кесілген кілең қоңыр шолақ бедеу-бейбақтар аузындағы шайырын шартылдата, көктүтінін бұрқылдата кез-келгенімен құшақтаса түйісіп, өліпөшіп сүйісіп кетіп барады. Мұны көрген арасаншы қарттар еріксіз теріс айналып, жерге түкірді. Астындағы шаңырақ мүйіз атан өгізін кендір арқанмен көттіктеп, үстіне көрпе-жастықты айқастыра бос сала салған Серікбай ақсақал сескенгендіктен: «Астапыралла, астапыралла, ақсақалы жоқ ауылдың жастары болар диуана!– деген міне осы» деп қолындағы қырғыз өрімді қамшысымен қызыл өгізді сауырлай тартып-тартып жіберді. Сонау жақта біреулер əлдекімге егескендей ат жалын құшып, ауыл иттерін арсылдата ары-бері еліре шауып жүр... * Кеш. Бала-шағасымен бірге ауылдасы Еркінбектің үйінен ассуын ішкен Сабыралы Алтын мен Алманы үйге жатқызды да, өзіне орын көрпені далаға салғызды. – Жақсы ата, тоңып қалмаңыз. Мынау сеңсек ішікті де сыртыңыздан бастыра жамылып жатыңыз. Өзен бойының кейде ызғырық суық желі бар,– деді көрпе-жастық көтеріп келген Еркінбектің елпек келген баласы Рахима. – Рахмет балам! Жаздың күні ғой, жата берем, тоңбаймын, мынау кімнің шатыры, балам? – деді жанындағы ақшатырдың қабырғасын қағып. – Біздің шатыр. Өздеріңіздей қонақ келгенде жақсы еді. Бүгін ауыл əкімдері осында жатады деп бағана орын əзірлетіп кетті. – Сонда бұл шатырға қайсы əкімдер жатады екен? – Бағанағы балалардан ұғуымша ауылдың Жаң секретары мен ауыл əкімі Ахмет аға жəне кеңес меңгерушісі Тұрдақындар дейді ғой. – Е, шырағым, рахмет! Онда үйге кіріп, ертерек ұйықтай ғой. Сəкең асықпай қаңтарулы тұрған аттардың ер-тоқымын алып, өзінің қайыңқасты ерін басына жастады. Көмілмелі көрпенің астына жеңіл киіммен қисая салған Сəкең көпке дейін аспан аясынан көз алмай, ұйқысыз жатты. Үйдегілердің танауы пысылдап, тамағы қырылдап, тəтті ұйқыға шомғалы қашан. Ай сырғып Ақшоқыға, үркер үркіп Жамбасқа түскен кезде өзен жақтағы қалың талды, аласа қабақ астынан бір топ ер-əйел сықылықтап, шықылықтап шыға келді. Əзілдесіп, айқасып келеді. Міне, шатырға да таяп қалды. Сабыралы иығындағы шешулі қалың кəзекейін өз басына өзі томшалай салды. – Ал шатырға кірелік,– деді гүжілдеген Ахмет. – Рахмет басеке, таң атуға таяп қалды. Жайлы жатып, жақсы түс көріңіздер, біз кетелік,– деді бір жас əйел. – Жоқ, шатырға кіріңіздер, Жаң секретардың сіздерге арнаған «Іле май арағынан» бір-бір жұтып қайтыңдар. Мына Ахмет екеуміз де «күріш арқасында су ішкен күрмектей» болып, өздеріңдей арулардың арқасында тағы бір жырғап қалайық... і...і...і – деп өзелене күлді Тұрдыақын. – Болды, болды. Таңертең де талай жұмыс бар. Ертең осы

тұрған алтаумыз да Қарауылтекшеге қалмай барамыз. Гүлсара, сен таңертең əлгі Ғазиза бойжеткенді қайдан тапсаң да осы жерге алдырмасаң болмайды, – деп Жаң секретарь ілезде жұмыс жағдайына көшті де, Тұрдыақынның жаңағы масаңдау талабын тастай тыйып тастады. Əйелдер кетті. Сəлден соң шатыр ішіндегі үш бастықтың жантайып жатып күбірлескен тың əңгімесі басталды. Ақылдастықтың арқауы Жаң секретардың қолында. Үшеуі де бір ауылда туып, ұялас күшіктей бірге өскендіктен ойларындағысын ең бүкпесіз ақтарып жатыр. – «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, бұл реткі құрметті қонақтарды разы-қоштықпен аттандыру оңайға түспейтіндігін бүгінгі шаралардан-ақ сезген шығарсыңдар. Жатын орыны, ішпекжемегі, сауық-сайран, күліп-ойнауы мен сейіл-саяхатын қойшы, ол қалайда бірдеме болар. Бəрінен қиыны, қазіргі нарық тұсындағы жаңаша ауқымның алтын дəнекері – тарту-таралғысы сияқты. Бұл жөнінде бағаны бір əредікте аудан əкімінен азырақ сыр тартып көріп едім, ол кісі салған жерден «бір жылға шыдайтын қоянның терісі құрлы жоқсыңдар ма, осы жолғы қонақтар аймақ, облыс, өлке болып, 6-7 саланың қазынасы мен кадрлар құқығын ұстаған ылғи құзырлы жандар. Олардың көңілін табу, ауылыңның тезірек еңсесін көтеру мен өздеріңнің болашақтағы өрістерің үшін пайдалы. Қазір «ексең – орасың, берсең – аласың» деген көне тəмсіл бұл тұстағы жаңа реформа үстінде де дуалы дұғадай болып отыр. Сондықтан көрінгеннен секем алып, жан-жақтарыңа жалтақтамай, орайы келгенде опырып қалуды үйреніңдер. Ежелгі əдет бойынша, үлкеніне көкқасқа, кішісіне ақсарбас тартып, қымыз бен қызыққа қандырып, батасына мəре-сəре болып аттандыру, қазіргі қоғамдық өзгеріске ілесе алмай қалды. Аудандық партком, өкімет, банк, қоғам қауіпсіздігі, салық, орман, білім жəне ғылым, жол-қатынас тараулары өз салаларынан келгендерге атаған сый-сияпаты болса, бөлек-бөлек өздері көрсете жатар. Ал сендер үшін – бұл реткі қонақтарға бүкіл «Жалаңаш ауылы» мен Көкжамбас жайлауын көкейлеріне орнатып жіберу қажет. Бұл мақсатқа идеяны көнеліктен азат етіп, көзқарасты түбегейлі өзгертіп, информациямен мықтап қаруланғанда ғана жетуге болады,– деді. – Жаң секретарь, айтқаныңызды əбден түсініп отырмыз. Бұл мəселені сонау күні «Кемпірқосақ» көпіріндегі қолбасшылық штабта аудан əкімдері жиын ашып, бізге алдын-ала міндеттеген ғой. Сонан соң аудандық банк, салық мекемелерінің басшылары да ескерткен болатын. Сонымен мен өзіңіздің орналастыруыңыз бойынша ауылдық өкіметке бара салып, қазынаға қатысты қызметшілерді аттанысқа келтіргем. Олар бірнеше күннің ішінде есеп-шотты ерсілі-қарсылы қағып, ауылдың əр саласымен қыстақ, мектеп, үлкен-кіші өндіріс, мал шаруашылық отрядтары мен жеке кəсіпкерлерді жеті рет желге сапырып, жасырын ұңғыл-шұңғыл, қалта-салталарын да електен өткізгендей санақтап шығыпты. Оның бəрін бас бухгалтер жаңа ғана əкеліп маған тапсырды. – Жарайсың Ақа, бар ма екен бірдеме? – Бар, бар. Өткенде өзіңіз алған жаңа Сантана мен «Жалаңашқа» əлі көшіп келмеген «жолаушы» кадрларға алған екі «Уаз» мəшине, төрт мотоциклдің ақшасын шығарып тастағанда, тағы сегіз жүз мың юаннан жоғары қаржы қалтамызда жатыр екен. Үй, мынау қайтеді, əй Тұрдақын, қорылдамай сөзге құлағыңды салсаңшы?! – Оятпа, оятпа ақа. Ол ақылдасудың басын тыңдап басықасында болды ғой. Осы да жеткілікті. Енді сегіз жүз мың юандық қаржыңыз қалайдан-қалай, қайнар көзін айтыңызшы? – Мақұл, оны бухгалтер былай жинақтапты. – Оқыңыз. – Қолшырағыңызды беріңізші? – Мə. – Рахмет. Алуан түрлі салықтан өз кірісімізде тұрғаны жүз мың. Қыстақтардағы бұрыннан бар бау-бақша, жеміс-жидек орманын жаңадан орман өсіруге қайтарылған егістік жер есебіне енгізіп, мемлекеттен ебіне келтіріп алынған астық көмек қаржысы тоқсан мың. Майға берілген жер... дей бергенде: – Болды, болды. Ендігісінің ақша санын айтпай-ақ, қайнарын баяндаңызшы. Мə, мынадан бір жұтып ал, ұйқыңды ашады,– деді Жаң. – Рахмет! Əй, Жəкем-ай, көңілдегіні айтқызбай-ақ табатыныңай осы! По-по, мынауыңызға қанша жыл болған? Тіпті, май татиды ғой өзі. – Бұл тұп-тура өзіңмен жасты божма2. Болыңыз, тездетіңіз!– Кеттік міне, тыңдай беріңіз, ұры-қарыдан алынған айып... Ұрықарыдан қайтарылған иесіз малдан түскен пайда... Ауыл арасындағы өсімдік, мал, үй құстарын індеттен сақтау бойынша кəрентиндеу мен куəландыру ақысы, тізімдеу дəптер ақысы, қатерлі мектептерді ремонттауға, емханаларды жаңалап жасауға, көшпенді малшылар арасындағы жоспарлы туытты қамсыздандыруға берілген қаржы... – Иə, тағы да? 2 Әйгілі күшті арақ

– Егінші-малшылардан алынған су мен топырақтың зая болуынан сақтану ақысы, өзен арналарындағы құрылыстарды жөндеу, тасқыннан қорғану ақысы, судан пайдалану куəлік ақысы, құрылысқа істетілетін жерді бекіту, куəлік дəптер ақысы, шаруалардың қолындағы үш доңғалақты шағын тракторлардан алынатын тасжол тасымал басқару ақысы, егіншілердің өздері өндіріп, өздері сататын өнімдерінен алынатын базар басқару ақысы, ауыл-қыстақтардағы міндетті оқу-білім ақысы, нашақорлық, адам-мал барымтасы мен алдамшы, бақсы-балгерден түскен арам ақшалар... – Бұлардың бірталайы бұрын заңға қайшы алман-салық болып тоқтатылған еді ғой. – Солай. Бірақ, алғашында қамтып қалып, жасырып-жауып қойғанымыздан əлі талай ақша бар екен... – Ой, Ақа, қалғып барасың ғой өзі, тездет! – Мақұл, мақұл! Міне, міне. Бір бөлім жұмысшы қызметшілерге қайтарылатын зейнеткерлік қамсыздандыру қаражаты, кешеуілдетілген еңбекақыны толықтыру қаражаты, некеге тізімделудің сан түрінен түскен санақсыз кірім... – Бұл не дегенің? – Бұл дегеніміз, некеге тізімделу қаражаты, неке үстіне некелену айыбы, тізімделмей-ақ некелену, жас қыздарды алдап-арбап бұзушылардың айыбы, қалың малдан қайтарылған малдан алатын айып, қашқан қыз бен бəлиғатқа толмай некеленгендердің төлемақысы, семьялық қатыгездікке салынған айып, ажырасқан ерлі-зайыптылардың ортақ мал-мүлкін тұрақтандырудан түскен пайда, некеден ажырасқан əйелдердің жерден игіліктену құқығын қорғау ақысы... сияқты бəкір-шүкір көп дүниелер бар. – Жə, Ақа! Онда бізде əлі сегіз жүз мың юань бар деңіз. Олай болса осыны үнемдеп пайдалансақ аз-кем бірдемелерге жететін сияқты. Сонда екеуміз қонақтарға не беріп, не қоятынымызды қазір ақылдасып алайықшы,– деді Жаң. – Əй, Жаң секретарь! Бағана мен мынаны ойлап шошып қалдым. – Нені? – Осы тұста бүкіл мемлекет бойынша сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырына балта шауып, қиянатшылдық пен парақорлыққа қарсы тұру науқаны қызу-дабыралы өрістетіліп отырғанда, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған...» екеуміз тұтылып қалмаймыз ба деймін. – Жоқ, одан алаңсыз болыңыз. Аудандағы қиянатшылдық пен парақорлыққа қарсы тұру комиссиясының əкімдері де өз ортамызда бізбен бірге жүрмей ме?! Оның үстіне бұл қонақтарды «Кемпірқосақ» көпіріндегі «қоғамның орнықтылығын қорғау, жұқпалы індеттің алдын алу, қолбасшылық штабының» құзырлы мықтылары аудандық партком мен өкімет атынан шақырып, əрең зорға əкетті. Сондықтан «қолға қонған бақытты» басқа тебу жарамайды. Не болса да, көндік. Алаңсыз бол, үлкен басшылардың көңілінен шығайық. Аз да болса кедей ауылымызбен еңсе көтеруге, қазіргі қоғамдық дамуға ілесе алмай отырған халқымызға пайдасы тиер. Əуелі өзіміздің де ертеңімізді ойлайық Ақа, ежелден қазақ атам айтқандай «пайданы алдымен басыңа жаса, басыңнан асса досыңа жаса» деген ғұрлы өзіміз үшін бір рет те алшысынан түсіріп асық үйіріп көргеніміз жоқ қой əлі. Қазір «біреуі таққа отырса, қырық кісі ілесе атқа мініп жатқан» заман болып тұрмай ма?! Ендігі кезекте ауданда, аймақта басшылық құрылымы реттеле қалса, екеуміз де ескерусіз қалмаспыз Ақа. Орны мен дəрежесі жылда көтеріліп жатқандардың осы бізден артық нендей алтын айдары, арыстан айбаты бар еді?! Қазірше осы жолғы сый-сияпат жөнінде тартымды бір жоба жасап көрейікші, қалай? – Жарайды. – Онда былай болсын. Болашақта алдына бара қалсақ жайылған алақанымызды құр қайтармайтын ең жоғары дəрежелі қазына бастықтарына қырық-елу мыңдап... «бет орамал» берейік,– деп бастады Жаң секретарь жасырын жоба жоспарын. – Бет орамал дейсіз бе? – Иə, ішіне ақша түйілген, қазақтың кəдімгі кестелі ақ жібек орамалы. Мұны біздің қытайлар «қызыл түйіншек» дейді. Онан кейінгі екі мықтының астына жорға мен жүйрік міндірейік. Ақыры бергеннен кейін ат-атағы бар, естіген ел таңдай қағып, тамсанатындай болсын! – Дұрыс, Нақысбектің бес бестіге бермеген Жирен жорғасы мен Ақылбектің аймақты тыйған Ақбақайын өзім ретіне келтіремін, Жəке, алаңдамаңыз. – Онан кейін бір-екі сілеусін, ілбіс ішік қажет сияқты. Жанына ерткен жолсерік бикештері үшін алтын алқа, жақұт жүзік тағы бар... – Оның біреуіне əлгі атастырылған жерінен ажырай алмай, қала кезіп, шүрегейдей суға, жынды көбелектей дуға сүңгіп жүрген Ғазизаның ине-жіптен шыққан бойы ілулі тұрған бір ілбіс ішігі бар. Біздің алдымызға əкесі 6-7 рет, өзі 10 рет, қыруар қалың мал

өткізген қайын жұрты қаншама рет келді, соны туралаймыз. Енді біреуіне заңсыз аң аулап түрмеге түскен Тұрсынбекті босатамыз десек, оның жар дегенде жалғыз ұлы Бақыт қаракүйеден қаншама жыл қорғап, үлпілдетіп отырған үш сілеусіннің терісін лақтыра салады. Ол қазір осы жайлауда отыр,– деп Ахмет бағанағы божмадан тағы екі-үш рет сора жұтып, тіпті еліріп екілене бастады. – Жөн, жөн. Ендігі бір бізге жүктелген қиын іс, тағы бір мықты қонағымыздың өткенде бүкіл өлкені селкілдеткен ауру қарт əкесі бар екен. Сол кісінің астына аюдың терісі, асқазанына аюдың өті, белі мен көзіне аюдың майтабаны ем болады депті шипагерлер. Одан басқа, құмайын, жабайы қабанын, ұларын, қара құр мен қасқалдағын, қожа шөбін, бұғы мүйізін, бұғы қолаңсасы мен былшығын, шыбығын қоғам қауіпсіздік орындары мен орман сақшылары өздері əзірлейтін болыпты. Сонда біз аюды қайдан табамыз, Ақа. – І, і... оны!...– деп міңгірледі Ахмет. – Жарайды. Осы өңірден аюдың тұқымы құрып кеткені де бізге белгілі ғой. Біреулерден кеше естісем, бұдан екі-үш жыл бұрын Сабыралы ақсақалдың қаза болған Қазтайы асыраған аюдың бір жас қонжығы болыпты. Соны кейінгі кезде де Сəкең бас-көз болып қарап жүр екен дейді. Бірақ, оның қайсы шатқалда, қайсы үңгірде, қайсы жыныста екендігін ешкім де білмейді екен. Осыны ебін тауып ұғыссаң, Сəкең қариядан. Тіпті, көрсетіп яки тауып берер болса, Сəкеңе сүйіншісіне ат мінгізіп, шапан кигізейік. Осы бір істі сіз қорықпай, партком мен үкімет атынан Сəкең ақсақалға айтыңыз. – Мақұл Жаң секретарь. Бұл міндетті де маған тапсырыңыз. Біз қолқа салсақ, өрістегі жəндікті ол кісі де аямас... Ер үстіндегі ұйқылы-ояу басын ентіге жұлып алды Сабыралы бейне бүйе шаққандай. Онан оң жамбасына батқан бəкілі қынын енді ғана сезінгендей сырғытып алдына таман жылжытып қойды. Ай əлдеқашан батып, түн қараңғылығы тастай болып үйіріле қалыпты. Тез киініп, алыстап барып аттарын алып келді. Ежелден тартып Сəкеңнің қыбыр-қимылын, жөтел-жөткірінуін қалт жібермей əдеттенген бағамшыл бəйбішесі – Алтын кигіз үйден ақырын шапанын жамылып, етік-галошын жалаң аяғына іле салып, Сəкеңнің жанына шықты. – Саған не болды, жарықтығым-ау, құзғын ұшпастан мұның не? – Бүгін құзғыннан бұрын ұшатын бір маңызды жұмыс шықты. Сен үйге қайта кір де Алмашты киіндіріп, кешегі саумал мен қаймақты, бауырсақ пен піскен етті жан баласына сездірмей алып кел! – Мақұл... Сəкең екі атты ерттеп, Торбестіні тұсай салды да, өреде ілулі тұрған өкпе-сақпаны қанжығасына қатты байлады. Сол кезде далаға шыққан Алмаш екі көзін алақанымен уқалап, атасының етегіне оралды. Алтынға бұрылған Сəкең: – Алмаш екеуміз міне қазір аттанамыз. Сен мұны сұрама да, білмей-ақ қой. Бізді сұрап-іздегендер болса, «Алмаш аудандағы бөле ағасының үйіне кетті, ақсақал кеше таудан табылмай қалған саяқ-сандырақ тайынша-торпақтарын іздеп кетті» дей сал. Мен Алла бұйырса кешке ораламын,– деп аң-таң бəйбішесінің құлағына нақтап-нақтап сыбырлады да, еш сыбдырсыз аттанып жүріп кетті. Алманың ұйқысы лезде шəйдай ашылды. Олар Қайыңдының аузынан өте бере себезгілеп жауын жауа бастады. Сəкең ат үстінен астындағы сулық шапанын киіп, Алмаштың да сулығының етегін қымтап, белін буып берді де, Қарасұрмен суыт жорта жөнелді. Сулықтың көмілмелі кең-мол күнəпарасы Сабыралының сақалмұртына дейін жауып тұр. Анда-мында артына бір қайырылып қарап қояды. Алмаш та ақтанау Кержорғасымен ағызып келеді. Солқылдаған ылай жолда сойдақтатқан екеуінде қазірше лəм-мим сөз жоқ. Алма атасының қабағынан аттанарда-ақ бір арпалыстың аязды ызғарын сезген-ді. Ал атасы болса, Алманың балауса пəк жүрегін жаралағысы келмей, түнімен тыңдаған қиянатты да қылмысты сыбыр-сиқырларға құлағынан жол бергеніне құсадан жарылардай булығып, қарғанып келеді, қан жылап келеді. Оның тірлік есігін ашқалы ең қатты опыну да, өкіну де осы болар бəлкім. Бусанып желе жортқан Қарасұр ат өз иесінің көңілін тақымынан танығандай қамшы салдырмайды. Ашулы Сабыралының шалғылы мұрты мен тал-тал бурыл сақалына желдете жауған қатты жаңбырға араласып көз жасы сорғалап барады. – Ой, ар-ұяттан аттаған ант ұрғандар! Сонда сендер «аларманарыстан, берермен-тышқан» дегенді тұмарланып, шынымен-ақ тоғышарға айналғандарың ба?! Мұндай алаяқтық пен лауазымын саудаға салғанды бұрын-соңды кім көрген, ə? Не, не құзғындаған қылмыстың соңы барып-барып неге кесірткі құйрықтанып жоқ болады деп жүрсек, осылай екен ғой, ə?! Мен сендердің

шын сиықтарыңды бүгін нақап көргендеймін. Ой, құлқын үшін құныққан, араны ашылған əбжыландар! Ұялмай-қызармай «бəрі де басшылықтың жөн сілтеуімен жүріліп жатыр» дейтінін қайтерсің əуелі. Бұлардың «жемқорлық-індет, жою-міндет!» деп жан-жақты жайыла жалмап бара жатқан шіріктесу мен қиянатшылдықпарақорлыққа қарсы ара-тұра озандата аттандап, артынан жымжылас тыңши қалатынын қайтерсің?! Иə, иə, енді түсіндім, қашанқашаннан-ақ, қай науқан тұсында да «жайындар» жон арқасын күжірейтіп көзден ғайып болады да, «шабақтар» шарбақ ауға опоңай ілінеді екен... «Болса тышқан мысықпенен тым үйір, қоймадан дəн таба алмассың бір түйір!» дегендей, өңкей жең ұшынан жалғасып, желемік шықса көз бояп, көлгірси қалатын маймөңке немелер жұртты кедейлікке итеріп, экономиканы тығырыққа тіреп бара жатқандарың осыдан екен ғой. Əй, қауыншының баласы – қара Жаңды-ау, əй, ақтаяқ Арғынбайдың ұлы – Ахмет, əй, жетімектен жетілген Тұрдыкөжек! Сендерге не жоқ еді?! Енді өздерің үшін əке орнындағы мен бейбақ: «Азғынның қолында өссе балдырған жас, Арылмас кеселінен, сірə да оңбас. Қодық пен күшік егер асырасың, Есек пен ит боп өсер, адам болмас!»– деп сендерді жабыла қарғап-сілеген жалпақ ел алдында озандатып отырмақпын ба?! Ылғи елірген епті қожайындар мен саққұлақ, сабауқұйрық жалдап саудагелерге, тұғыры биік «жағанданған жас төрелерге» сендер қайтіп ілеспексіңдер бейшараларым, «қаз боламын деп жүріп шаты айрылған қарға» болып, өмір бойы өкінішке қалып жүрмеңдер, сауатсыз саңлақтарым! Сендер жөнінде қашан да «халық үшін!» деген қасиетті жалғыз ауыз сөз қорғану қалпағы ғана болмауы тиіс. Сендер, дəл осы сөздің күннен де күшті аялы алақанының сəулелі сағымы – адамнан алтынды артық бағалайтындарды, халықтан бұрын қара басын күйттейтіндерді, адалдық пен аруақтан бұрын ақшаға, мəртебеге ұмтылғандарды əлмисақтан бері күйдіріп, күлін көкке ұшырып кележатқандығын түсінесіңдер ме?! Себебі «ақшаның тəңірі мен адалдық тəңірі» тіршілік тыныс алғалы отасқан емес. О, жалғыз жаратқан! Ауылдағы шикілі-пісілі атқа мінерлердің үйренер үлгісі анау өрдегі оппалар болса, бұлардың артындағы алкеуделер мен аусар соқтардың ертеңгі күні не болмақ?!... Ей, бейбақтар, сендер əсте мынау нарық заманын — ақылды ақша билеген, арлыны ақымақ алдаған, көлденең көкатты еңбекқор халықты сүліктей сорып, еркін көкпарлатқан қым-қуыт дүние екен деп теріс болжап, өз паналарыңды, өз аталарың мен аналарыңды өзекке теуіп, өзеленгендерді олжаға тойдырып, кіндіктестеріңді жезөкшелікке дəніктіріп, ақшаға арандатудан сақтанғайсыңдар сасық-шіріктер! Қашаннан «ақша періштені аздырып, күштінің арты диірмен тартса да» – алтын таразы – ақиқат заңнан құтылған емес қулық пен сұмдық! Баяғыда Сүлеймен деген шешенге біреу «халықтың ең зор бақыты не болады, Сүке?» дегенде: «Қорқау мəнсаптылардың өлгенінен артық, əділ заңның абыройының асқанынан артық не болушы еді?!» депті жарықтық пышақпен кескендей. Сол айтқандай «қасқырдың ойы – арамдық, қойдың тойы – амандық» деген тəмсілдің тарақты тісінің бір шеті бүгінгі күндерде біздің басымызға да ілініп жүргенін неге түгел түсінбейміз осы?!... Осылай өзегін өрт лаулап, көкірегінде толқын тулап келе жатқан Сəкең сары сəскеде Көркі жонының көксала қабырғасына қайқайғанын бір-ақ білді. Жауын сəл бұршақтатып барып, саябырлай қалды. Атасы артындағы Алмаға қарап еді, өңі бозарып келеді екен. Қабырға жолда қайырылып тұра қалып, Алмашына азырақ бауырсақ жегізіп, сусын жұтқызды. Өзі аузына дəн салмады. Жалғыз-ақ: – Алмаш-ау, бүгінгі күн жадысы не осы?– деді атының айылын төстете тартып жатып. – Жұма. – Ой, аузыңнан айналайын жұлдызым, онда ойымыз орнығып, тілеуіміз бір жерден шыққан екен. Бүгін жұма намазын Қазтай ағаңның қасында оқитын болдық. * Тал түс. Жаңбырдан кейінгі ашық аспанға мамыражай табиғатпен орманға оранып, гүлге көмілген көрікті Көркі жайлауы құп жарасқан. Бір шеті Айнакөл асқарына сүйенген жапжасыл Көркіжонының ең биігінде көккүмбезге найзадай шаншылып қызыл мрамордан өрілген ескерткіш тұр. Үш қырлы алып ескерткіштің еңселі иығында алтын əріппен көрнекті де көркем:

«Қарғалдағын қадірлеп, Орманын оттан қорғаған. Туған жер – арым, жаным деп Аруанадай боздаған. Қаһарман Қазтай – қарауыл, Көз тартар көркі өз балаң! Айың мен күнің – жанары, Жүрегін таудай сомдаған. Қаһарман Қазтай – өз балаң...» деп жазылған шежірелі жыр өткен-кеткенге алыстан-ақ ерлік пен батырлық, адалдық пен сұлулық бағыштағандай тым асқақ тұр. Сабыралы ат үстінен қолын құлаштай созып, биіктегі «қаһарман Қазтай!» деген жазуды асықпай арлы-берлі ұзақ сипап, алдымен алақанын Алманың жүрегіне аттап, артынан өз алақанын өзі емірене үш рет сүйді. Сол-ақ екен, көз жасы көлдей жөнелді. Ол бұл бейнесін Алмаға тағы сездірмей, ескерткіш тұрған алаңқыдан ұзақ барып, қос қайыңның көлеңкесіне аттарын байлады. Онан қамшысын ерге қыстырып, асатаяғын қолына алып: – Алмаш, енді сен қоржын-қолаңды алып дастарқан əзірлей бер. Мен төменгі бұлақ басына барып, жұма намазға қамданайын. Оған дейін «Əдемің де» аңқалақтап жетер,– деп жеңілтектеніп сыңсыған бал қарағай арасына еніп кетті. Міне, Сəкең шымырлаған тау бұлағының мөп-мөлдір көзіне үңіліп, жуынып-шайынып отыр. Төбесінен алтын шұғыла құйылған арайлы қайнар толқынында Қазтайының ғажайып келбеті күлімдейді... Ол бейне осыдан төрт жыл бұрын Қарауылтекшедегі күкірт арасанының көзінде бүкіл денесі балшықпен баттасып тырбыңдаған қос жұдырықтай «Əдеміні» жуындырып жатқандағы жарқын бейнесінен аумайды. – Көке, бүгін керемет табыспен оралдым,– дейді Қазтай қарқ болып, – қалың орманның ішіндегі жасырын жыммен қаннен-қаперсіз «Əдеміге» басып əндетіп келе жатыр едім, астымдағы жануар қоңыр төбел қорс етіп, елеңдеп тұра қалғаны. Абайлап қарасам, алдымда ғана алаяқ кезбе қарақшылардың бұғыға қазған бұқтырма терең оры байқалды. Аттан түсе салып, орға үңілсем, ішінде атан өгіздей ақмарал мен шалажансар қыңсылап осы қонжық жатыр. Ары-бері ұрынып əбден қалжыраған асау ақмаралы арқан салып атпен зорға тартып жүріп, əрең аман-сау үйіріне қостым. Ал, мынаған «Əдемі» деген атты сізден бұрын өзім қойып, Алмашқа сіңлі қып берейін деп əдейі əкелдім,– дейді жарқылдап марқұм. Қазтайдың кейін айтқаны айтқандай-ақ болды. Қасиетті тəңіртаулық қоңыр аюдың қолтумасы «Əдемі» осы жанұяның бір мүшесіндей əлпештелініп, еркелеп өсті. Күндіз Қазтайдан қалмайды, алды-артына жабысып орманға кетеді. Бара-бара əуелгі қымыз қыдырған елмен бірге болып, дастарқан басындағы «қаражорғалы» сауық-сайранда балпаңдап биге басатынды шығарды. Түнде Алманың жанынан екі елі айрылмайды. Кейіндеп келіп «Əдемі» қыста Қазтаймен бірге ойға кетіп, жазда жайлауға шығып жүрді. Оның ұлы табиғатқа қоя берілгеніне де міне осы жазда тұп-тура бір жыл толады. Сəкең, Алтын, Алмаш үшеуі өткенде жайлауға шыға салып Қазтайдың қабірінің басына құран оқи келіп, бір түнеп кеткенде «Əдемі» өздерімен бірге болып, ата-анасымен сағынып қосылған баладай жетісіп-ақ қалған-ды. Өзі тіпті зерек, Қазтайдың аруағына адал шырақшыдай айналып үйіріліп жүреді. Кім көрінгенге жуымайды, баспалап басып, алыстан аңдып қарайды. Сəкең сəлден кейін «Не, тумақ-аян, өлмек-қақ» деп орнынан асасына сүйене тұрып, алаңқыға аяңдап келіп азан шақырды. Онан намазға отырды. Айналасына ақырын көз жүгіртіп қояды. Қаңтарулы аттардың қасында қоржынға сүйеніп бір қиялмен Алмаш жатыр. «Əдемі» əлі көрінбейді. Ол жуық арада болса ат дүбірімен, алысырақта болса азан үнімен бағана-ақ балпаңдап жетер еді. Əке-ау, оған не болды? Сəкең сасқалақтаңқырап соңғы сүресін жедел оқыды да, Алмаштың қасына адымдап келіп: – Əкем-ау, əлгі Əдеміңе не болды, əлі келмеді ғой? Алмаш сен енді Қазтай ағаңша қоңырлатып «Əдеміге» бір шырқашы, ол сонда да келмесе бір кəдік,– деді жан-жағына асығыс жіті қарап. Алма тоқталған жоқ, түзеліп отырып «Əдеміге» басты. Əнді қарлы шыңдар қайталап, бүкіл тұнық табиғат тербеле толқып тыңдағандай. Сəкең көкшалғынның үстіне көсіліп отыра кетті. Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді, Күдерін құштарынан бір үзбейді. Келесің гүл боп еркем, көз алдыма, Өзіңді мен іздемей кім іздейді! Арына махаббаттың шырай керек, Шын сүйген азабына шыдайды көп. Əн айттым, арнап саған ұнай ма деп, Əдемі-ау, мені сүйсең мұңай ма тек.

Арманымның нұры, Ақындықтың сыры. Жүрегімнің жыры, Əдемі-ау. Көңілімнің сазы, Өмірімнің жазы. Қайда жүрсің, Əдемі-ау?!– деп Алма үзіліп барып терең тыныстағанда, атасының көзі қызара боталап, алқымы бүлкілдеп, орнынан ұшып тұрып жан-жағына құлағын сала, алыстан дыбыс ала, демін ішіне тартып ұзақ тұрды да, Алмашқа жалт қарап «жалғастыр!» деді жалғыз-ақ. Алмаш та атасының қасқабағын бағып əрең отыр екен, өрден ұшқан сұңқардай ұмтыла берді: Өзің ғой өміріме сəн берген де, Дүниеде саған ару тең келген бе? Сəулем-ау, сен келесің, көз алдыма, Аққайың самал желмен тербелгенде. Жас жаным сені аңсамай төзе алар ма? Өзгелер сені мендей сезе алар ма? Ақтолқын жағалауға асыққанда, Айым-ау, сен келесің көз алдыма!– дегені сол, саңлақтанып отырған Сабыралы қарт, – Əне, əне келді «Əдемі» деп қорбаңдай жүгіріп, қалың талдың астында ұмар-жұмар болды да қалды. Алма «Əдемі» мен атасының айқасқан құшағын əрең ажыратты. Сағыныш сарығы зорға басылған қарт сылқ етіп отыра кетті. Енді Алма мен «Əдемі» құшақтаса қалды. Алманың бүкіл бет-аузынан тартып, тамағына дейін өліп-өшіп жалап-жұқтап, сілемейлеп жатқан «Əдемінің» аузынан жұпарлаған гүл мен алма иісі аңқиды. – Ата, мынау ойдағы өзен бойынан келіпті,– деді Алмаш ақсия күліп. – Қайдан білдің қарғашым? – Аузынан алма иісі аңқып тұр. – Дəл, айтқаның қақ айналайын. Əуелі осы шайтан бізге білдірмей той жасап алған сияқты,– деді Сабыралы қолжаулығымен тізесіне сүйене еркелеп жатқан «Əдемінің» тершіген қарақаттай жанарының айналасын еппен сүртіп отырып. – Оны қайдан білдіңіз? – Өткендегіден мықыны көп толып, қарыны көтеріліп кетіпті. Болды, болды, қосыламыз, құтты болсын! Бет алдынан жарылқасын! Жасы келді, жарайды, жарайды!– деп «Əдемінің» тершіген танауын сүртіп, балпанақтай бұж-бұж табанын қытықтап, желпілдеген кекілін сипай берді Сабыралы аталық қуанышы қойнына сыймай қауқылдап. «Əдемі» рахаттана жамбастап жатып, үлкен табақтай жаужапыраққа Алма салып берген қызыл ірімшік пен бал бауырсақты қаннен-қаперсіз асап жатыр. Өзі тіпті керіскедей болып бойтартып кетіпті. Кереқарыс алтын түстес жалына жалғасқан арқа жүні жалт-жұлт етіп төгіліп тұр. – Алмаш, енді тездетейік. Былай болсын, сен бүгін «Əдеміңді» алып Аққысаңдағы жер қорып қыстауда отырған Молдажан атаңның үйіне жет. Мен сені өзен бойындағы үлкен жолға түсіріп қойып, үйдегі Алтын апаңнан «Əдемінің» тойы үшін сүйінші сұрайын. Жə, өзіңе тағы бір айтатын іс – жол бойы адам жоқ жерде «Əдеміні» артыңа мінгестіріп алып тез жүр! Біреу-міреу көріне қалса, оны дереу орманға тасалауды ұмытпа. Əсте, осы күнгі аспаннан айды құлатып, күнді күйдіріп жүрген кезбелерге аюыңды кезіктіруші болма. Молдажан атаңа да осыны қайта-қайта қатты ескерт. Жер тошаласында алма-өрік, өкпе-сөкпемен жасырын жақсы бағып аялай тұрсын. Мен де аманшылық болса 6-7 күнде артыңнан жетемін. Сен сол кезге дейін «Əдеміден» екі елі айрылма! Кеттік ендеше. Кел «Əдемі» дегенше, «Əдемі» Қарасұр атқа қарғып мініп, атасының артына жабыса қалды. Əуелі тік түрегеліп «ей, мені көрдің бе?» дегендей Алмаға айқұлақтана қарағанын қайтерсің? Быртиған екі қолы Сабыралының екі иығында бұлаңдап билегендей толықсып-бұлықсып қояды. Қоңыртай танауы делдиіп, жұп-жұмыр қос құлағы тікірейіп, отты жанары жалт-жұлт еткен сайын кербезденген кекіл шашы желп-желп етеді бəлекеттің... Оларға иен таудан бұрағай-бұрыс жан баласы кезікпеді. Сəкең «Əдемінің» аман-есен Аққысаңға жөнелтілгенін дəтке қуат санап, орта жолдан өте көңілді артына қайрылды. Шатқал ішіндегі Шашу өзені ойға қарай тастан-тасқа соғып жөңкілеп жатыр. Өзеннің екі жағы сақ иілген алма. Сəкеңнің таңертеңгі астан-кестен алабұртқан көңілі енді енжар, қамырық-қасіреттен арылғандай бір өзгеше сергіп, серпіліп, дүр-дүр сілкініп келеді. Атқа отыру

да, тізгінді іркіп, үзеңгіні шіреп, қамшыны сүйкей қамшыланып, ысқыра əндетуі де бəз-баяғы арыстан апайтөс азаматтық шағы сияқты. Ол бірде: Тау да өлең, тас та өлең, ағаш та өлең, Су да өлең, ақыл да өлең, оғаш та өлең. Жер де өлең, мал да өлең, жан да өлең, Сарқылмас тəтті өмір – талас та өлең!– деп алмашырша жұрымдаған Шашу өзенін жағалай əндетіп келе жатып өз-өзіне – «Апыр-ау, осы өздерін пайғамбардың əулеті санайтын қожалардың, – тау серісі қазақ атаң қашанда жұмақ пен құдайға бір табан жақын, – дегенінде де бір шындық жатыр-ау, ə?! Сұлулық пен даналық көзінен жаралмыштан-ақ қанғаннан болар, атам заманнан бері өзінің тау өлең, тас өлең, су өлең, балық өлең, орман өлең деп өмір бойы өлеңдетіп, тұнық су, биік су, ұялы орман, алуан гүл, жұпарлы ауа, сансыз сандуғаштың ортасында жасағанын қарашы!» деп желпіне көтеріліп, қалың ат көрпені жұмсақ ерге енді оң жамбастай отырды. Сəкең Қарасұр атты қаздаңдап, Шашу өзенінің басы қараңқыдан қайырылып, Айнакөлдің астынан кіші бесінде Кебенектің кезеңіне шыға келді. Сол-ақ екен, тарс-тұрс, күрс-күрс, сақылдаған автомат, шəңкілдеген тапанша дауысына тап болып, бейне сонау азаттық соғысына араласқандай аласапыран күй кешті. «Бұл не пəле?» деп аң-таң бола сəл аялдаған ол ат басын Айнакөл жаққа бұрды. Алыстан сынаптай мөлтілдеп, сұлудай сылқылдап көрінетін тау көлінің қарсы қабағына арсы-күрсі болып əрең жетті. О, жаратқан, бұл не ғажайып?! Керілген керілер мен жон-жоталардағы балаусаға бауырын басқан үйір-үйір жылқылар бейне бөрі ұлыған ақ мылтық дауылға тап болғандай шұрқырап жосып жүр. Құйындай үйіріліп, жалы құлағынан асқан мама биелер мен құлын-тайлардың əбден қансорпасы шыққан... Енді желе жортып көл жиегіне жете бере Сəкең сасқанынан атынан апыл-ғұпыл ауып түсті. Өгіз жетелеген өңкей ауыл балаларының қасында қанға боялған төбе-төбе бұғымарал, арқар-елік, аққу-қаз, балық, бау-қожашөп, ұлар, құр, қабан, қасқалдақ жатыр. Жаралы құс пен ақжоңқа балыққа толы көл беті мен мұнартқан аспан аясында шошынған қызғыш қиқулап, сыңарынан айрылған аққу-қаз зар илеп, үйрек үрейлене ұшып, бейшара бейбақтар айдынына қона алмай жүр. – Ей, антұрғандар, бұларың не?! – Əне, əне өзі келе жатыр,– деді балалар жауап орнына. Сабыралы балалардың қол сілтеген жағына жалт қарады. Жоғары жағынан Құлақасқамен құдиып ауыл əкімі Ахмет те таяп қалыпты. – Ассалаумағалейкум, Сəке! – Ой, тыйдауыссыз кеткен жағымпаз, жалмауыздар! Бейқам тұрмысты белден басып, құнарлы сұлулықтың құтын қашырып, бейуаз аң мен құстың киесіне қалып, жаңа ғана айыққан жазымызға осыншалық қарғыстың ылаңды қара бұлтын қаптатқандарың не сұмдық?! – Айналайын Сəке, ашуыңызды басыңыз, ататай! Өзіңізді таңертеңнен бері іздеп таба алмаған едік, жақсы келдіңіз. Жүріңіз анау төбеге, шөліңізді басып, деміңізді алыңыз! Бəрі бар,– деп дегбіректеген Ахмет Сабыралының шылбырына оралып, өрге тартты. Оның таудан құлап, тастан ұшқандай қабағының үстіндегі қызылжайдақ жарасынан қан шып-шып шығып, арам астан көлкілдеген кебежедей кенеусіз қарыны ердің қасынан асып тұр. – Ол жерде кім бар? – Дөкейлердің бəрі бар. – Жаң Дау қайда? – Жаң секретарь Қарауылтекшедегі арасанның басындағы құрметті қонақтардың қасында. Тұрды меңгеруші өзен бойындағы орман арасында мəшинелерге жол ашушылармен бірге. – Ей, Ахмет, сендерді қарғадайыңнан ұжым осылай тəрбиелеп пе еді? Мен сендерді сарыезу балапан күндеріңнен халықтың қамына дəру, Отанның опығына ортақ, босаған буынға демеу, күйзелген тұрмысқа медеу болар, əке-шешесі қараңғы өмірде қасірет шеккен, өздері күн көзінен арай мен шуақ құшқан, қасқырға қаймықпай түсер жан түлектерім деуші едім. Енді сендер арларың мен арандарыңды ақша мен мансап тескен саңылаусыз сараңмеске айналып барасыңдар ма? Туада тұнықтан жұтып, жапа шекпеген; жақ керіп, адырна тартпаған арамтамақтар! Анау иен таудың үстінде жатқан Қазтайдың қабіріне бір көз салсаңдар нетті?! Бастықты көрсе бағынып, халықты көрсе қағынып, озбырдың алдында құрдай жорғалап, табанын жалап өмір кешкенше, заң мен тəртіп асқақ көтеріп, айқасып өлгеннің жамбасында жатқан топырақта адал емес пе?! Ей, сендер «ит қарғысы бөріге дарымайды!» деп елірмеңдер. Мен сендер сияқты өзін ұрған тастан дəметіп жүрген бұралқы ит емеспін!» Сендер «ұстамен істессең ісің жақсы бітеді» деп кім болса ол болсын, түйеге мінгеннің төбесіне үкі тақпаңдар. Мұны саған айтып келе жатқан себебім – менің қазір «тақиям жа-

ман болса да, арқауым адал əкеңмін!...». Сендер қашанда саясатты жолына қарай ұғып, адамды уақыттық атақ-абыройына қарай емес, адалдық-адамшылық арнасына қарай тани білуге əдеттеніңдер! Ет құлағыңмен естісеңдер, айтарым осы. – Сəке, бағанадан айтқандарыңыз бен ақырғаныңыз жөн ғой. Бүгінгі мынау кішкене еркелігіміз – құрметті қонақтарға көрсетілген аз да болса саяхат-саясатшылық сыйымыз ғой. «Арыстан алғанына емес, шалғанына семіреді» дегендей, құдайдың қолындағыға көп кеии бермеңізші, кемігені толып, кетігі жамалып тұратын табиғат емес пе бұл? – Ей, ашық ауыз, аруақ атқан бұралқы пенде, көкігеніңе болайын. Сол тəңір шүлен табиғатын бізге ұсынды. Ендеше соны бүлдірген арам ниетті адамның қиянатына сен алмас семсерше неге сілтенбейсің?! Қазір адам мен хайуан – біреуі «мал», біреуі «жан» базарында жүр. Қазекең айтатын қасиетті «мал-жаның аман баң» біле-білсеңдер осы, аман емес қазір, қайтесің ал?! Аман емес!!! Ахмет пен Сабыралы осылай тартыса, тақымдаса төбеге шықты. Айғай-сүрең салған бір топ адам қаруларын кезеп, қарсы жалдағы жалама жартасқа жабыла қарап тұр екен. Ортада үңірейген терең шатқал жатыр. – Ау, басеке, аттың ба, ол немене?– деді Ахмет аттан түсіп жатып біреуге жағымси жанасып. – Мен атты, ол жатты, баласы кетті!– деді дүрбілі мылтық ұстаған тығыршықтай дембелше қара қытай ентігіп. Ол екі жеңін сыбанып, мойнына атдорбасын асынып, белін буынып алыпты, дорбаның аузынан арақ бөтелкесінің аламыш мойыны сорайып шығып тұр. – Енді қайтеміз? – Аламыз. – Қайтіп аламыз? – Ауылдан арқан əкел!– деді əлгі мылтықты бастық Ахметке əмір түсіргендей. Бұл сөзге іштей лап ете түскен Сабыралы қарт ақырын атынан түсіп, – əкелші қаруыңды?!– деді қатқылдау үнмен мерген басекеңе. – Сен ата ала ма? Мə, көрсе болады. – Мен атсам, көзден атам... – Сен атпа, көр!– дегенше болған жоқ, күшті қару жалғызақ «гүрс» ете түсті. Көз ұшында жан себілдеп жартасқа сүйеніп тұрған жаралы ақтамақ ана киік жарқ етіп құзарға құлады да, жабықшада жасырынып жатқан екі лағы құлдыраңдап бір жалшыкештен аса берді. Сəкең айызы қанғандай мылтықты тастай салды. – Сен хайуан! – деп жабыса кетті жаңағы антұрған. – Тфу, екі аяқты аш қасқыр!– деп Қарасұрға қарғып мінді қарт əлгі мықтыны сілкіп тастап. – Сəке, Сəке, тұра тұрыңызшы, азырақ жұмыс бар еді,– деп Ахмет артынан тағы ере шығыпты. – Не, «ханның қорлық көргені, қарашаның өлгені!» дегің бар ма маған?! – Жоқ, Сəке! Əлгі, анау жылғы аюыңыздың күшігі қайда екен? Соны ұғысайын деп едім...– деп міңгірледі Ахмет. Сəкең қамшысын білеп, Ахметке қадала қарады. – Сен сілімтік менен осы даланың бейуаз жалғыз жəндігінің жай-күйін ұғыспай-ақ, онан да тауларын тасқын тескен, жайылымын тұяқ тескен, орманын өрт жалмаған, төрт түлігін ту-талақай ұры талаған қам көңілді халқыңның жағдайын сұрасаңшы! Олардың қазір ерлері тапқанын арақ ішіп, əйелдері ауру-сырқау бала құшып, баю дабылына ілесе алмай, қалт-құлт етіп жүргенін неге көрмейсіңдер, неге білмейсіңдер?! Өңмеңдеген сен неме, оң құлағыңмен естіп ал, мен ол аюдың қонжығы тұрмақ, маңдайымдағы жалғыз жарық жұлдызым – Қазтайымды да тəңіріне тапсырып, ұлы табиғаттың құтты құшағына əлдеқашанақ қайтарғам. Бұл шындықты сен басқарған бүкіл «Жалаңаш» ауылы тұрмақ, келіп-кетті кезбелер де, өріп жүрген ұры-қарылар да біледі, ұқтың ба?!... Ахмет өңменінен оқ тигендей орнында қалды. Сəкең салып ұрып Қарауылтекшенің батысындағы Қайыңды сайға беттеді. Күнінде қаптал-қапталды ақмаржандай əсем кестелеп жататын қора-қора қой мен ешкі түлігі бүгін көзден ғайып. Қырат-қыраттағы жалғызжарым қос-қолаңдар да үрейлене бұғып қалғандай... Теріскей теріскейді тегіс көлеңке жауып, күн еңкейіп келеді. Өзен аңғарының аузы өрдегіден де сорақы зіл-зала. Шошына шықылықтаған ала қанат сауысқандар мен ұясынан айрылып, қанатынан қайрылған қаршыға-сұңқарлар сұңқылдап сонау биікте жүр... Сабыралы сасқалақтап шауып келеді. Айналасы қорқынышты түстей көктұман – тосын құбылыс. Гүрілдеп-сарылдап, шыңғыра ышқынған шыншыр табанды тракторлар зəулім самырсын, шырайлы шырша мен əйдік аққайыңдарды түп-тамырымен жұлып, жусатып жүр. Қарсы беттегі қараң-құраң бір топ адам тасты жа-

рып таласа шыққан сұлу суреттей ну орманды гүрс-гүрс қиратып жатыр. Мөп-мөлдір өзен қаработқа лайға бөгіп, жұпарлы таза ауа шаң-тозаңға тұншығып тұр. Жан-жақтағы зіркіл мен даңғаза айғай-шу тыныс тіршіліктің миын шағып, үрейін ұшырып барады. Үстіне тау-тау нар қайыңдар мен самырсындар басылған оншақты мəшине «тəйт!» десең алақашуға əзір тұр. Жаралмыштан айнадай аспан, тұнық ауа, текеметтің түріндей құлпырған жым-жырт дала дəл қазір көзден ғайып. Таңертең ғана жұмақтың төріндей толықсып, асыл арудай сыланып тұрған Қайыңды аңғары қазір бейне бұрымы жұлынып, абыройы ашыла үстіндегі лыпасы жыртылып, қасқа тісі қағылған қайыршы кемпірдей етпетінен түсіп, солқылдап тұрып, ышқына өксіп жатыр. Оның аянышты мына кейпіне өңкей от орақтай алмас аралы, айбалталы, алып техникалы, шойын дулығалы, болат арқанды, қызыл көзді, қызып алған мүйізді мақұлықтар қарар емес. Біреуі жұлып, біреуі қырып, біреуі қопарып, біреуі кесіп, біреуі тасып, біреуі басып жұлқынып жүр. Сабыралы солардың арасынан Тұрдыақынды қайта-қайта тосқауылдап жүріп əрең тоқтатты. Ол ереулеген қызу екен. – Бұл неткен зіл-зала? – Зіл-зала емес ақсақал, аудандық орман мекемесінің жоғарыдан келгендерге тартар сыйы екен. – Анау не? Сəкең шағылмен бүгін ғана бөгелген иірім үстіндегі тау-тау ағаш тамырларын қасындағы Тұрдыға қамшысының сабымен нұсқады. Үйілген тамырларды талай адам таңдап, өлермендене өлшеп-пішіп, жуып-шайып кесіп-тасып жатыр. -– Тамыр мүсін таңдаушылар. – Ей, тамыр мүсін деймісің, ол оттап тұрғаның не? – Иə, тамыр мүсін. Табиғи тамырдан шыққан арыстан, айдағар, адам, маймыл, құрт-қоңыз, құс, жын-жыбылыс, тағы басқа бейнелі таңғажайып нəрселер... Ол ойыншығыңа мынау қыршынынан қиылып жатқан қос қайыңның тарам-тарам тамыры-ақ жетпей ме?! – Жоқ, қойыңыз ақсақал. Мұның сырын сіз бен біз білмейді екенбіз. Шынын айтсам, таңертеңнен бері жол ашу, орман тазалау деген желеумен жығылған нешежүздеген үлкен-кіші ағаштың тамырынан құрметті қонақтар үшін жарамды сыйға қазірше үшеу-ақ табылды,– деп Тұрды үш саусағын санап-санап шошайтты. – Өй, не дейсің, ол соншалық зəру болатын айдаһардың алтын мүйізі ме екен? – Бар болғаны бір тасбақа, бір есек, бір қайыршы шалдың бейнесі шықты. – Е, онда есегі – сен, қайыршы шалы – мен, тасбақасы – ұзаққа бармай орманы оталып, өзені суалатын мынау киелі атамекен шығар. Ей, нақұрыс! Əлгі есек пен қайыршы шалдарды қайтеді сонда? – Əй, жарықтық-ай! Мұны əлі білмейді екенсіз ғой. Ондай киелі тамыр мүсіндер табыла қалса, қытай халқы майлап-сылап ордаларына қояды. Қажетті кезде лауазым мен шен-шекпен алмақ болса өрдегілеріне əспеттеп соны сыйға ұсынады. Əуелі аса мақтанышпен көркем байлық көрінісі ретінде үйлеріне қондырып қояды. Тіпті, жақсыларын атамұра ретінде ұрпағына қалдырып немесе мыңдап, жүз мыңдап Америка долларына сатады дейді мұның мəнісін білетіндер. – Е, біздің əлгі Əлиасқар шалдың «тамыр екеш – тамыр тұрмақ, сиқырлы тас қалмады, мүйізді бас қалмады, жемейтін ас қалмады» деп зарлап жүргені осы екен ғой! Онда бағып-қаққанның, өліпталып қорғағанның еңбегі еш, тұзы сор болғаны ма?! Сірə, ұжданға дақ түсіп, жүрекке шайтан ұяласа, сен сияқты сүмелектер «қотыр қолдан, таз тақиядан жұғады» деген киелі қағиданы ұмытып, «жұғын бар жерде шығын бар, шыбын бар жерде шығын бар» деп қолдағы байлықты құртып, қорадағы қойды ұры үптегеннен кейін ғана күзетті күшейтпексіңдер ме? – Сəке, оны Жаң секретарға, онан өрдегілерге айтыңыз. Мен... – Ей, сен өле жатқанда да өкімет бастаған үш органды3 бақылап-басқаратын ауылдық халық кеңесінің төрағасы емессің бе, бұзақыларды неге шектемейсің, ең кемінде қазіргі қоршаған ортаны қорғау кезіндегі басты бағдар, айқын саясат – «атадан мал сұрама, тал сұра, өркениетті өмір орнат!» деген даналыққа қарай жылжып бара жатқанын неге ұқпайсың?!– деп Сəкең Тұрдыкөжекті қара терге шомылдырды да, амалсыз атын ауылға қарай бұрды. – Ау, садағаң кетейін, Сəке, бізді қаншалық қиянаттасаң да, сабасаң да сауап. Біз де «ерменді жерде ешкі өлмейді, жалбызды жерде жан қалар» деп өткен бабалармен бір кездерде күйретілген табиғат үшін тас қалпақ киген өздеріңіздің өлең шөптей ұрпақтарыңыз емеспіз бе. Сондықтан қазіргі шірік стиль ерекше құқ жөнінен алғанда, тек «хан артынан жұдырық!» дегеннен басқаға лажымыз қалмай барады. Сіз бізді «жаман қарға жыл құсы бола алмайды» десеңіз де дегендей-ақ болып тұрмыз... кешіріңіз 3 Өкімет, сот, прокуратураны

Сəке!– деп талай жерге қатарласа жүгірген Тұрдының үні аздан соң ызыңдап барып үзіліп қалды. Енді оның орнына Сабыралының күңгірлеген мүкіс құлағына – «əке, өрт қойғанды өлсең де ұста... орманды қорға... Алмашыңды оқыт... əлгі «Əдеміні» жақсы асыра!...» деген сияқты Қазтайдың қанжоса болып жатып, ең соңғы бақұлдасқандағы сырылды үні естілгендей болды... Жол-жөнекей ойда-жоқта өрісінен безініп, ойға қарай жосылған азан-қазан сиырлар табынына тағы тап болды... Сəкең Сағадағы қоналқы үйіне əбден кеш оралды. Есік алдында сары самаурын сақылдап бұрқ-сарқ етіп тұр екен. Оны-мұныға күйбеңдеген Алтын əлі далада жүр. – Аман-есен оралдыңыз ба, ата, сіз кешіккен сайын Алтын апамның да əбден тынышы кетті,– деп текті келін Рахима шылбырына жабыса кетті. – Рахмет шырағым. Аманшылық, жер-ғұмырды айналып əрең жеттім,– деп есіктен кірген Сəкен қамшысын босағаға қыстырып, төрдегі төрт қабатталған көрпенің үстіне гүрс етіп отыра кетті. Үй ортасындағы темір пеште жас сорпаның иісі бұрқырап, шағын қара қазан қайнап тұр. – Ойбай-ау, таң бозынан аттанып кетіпсің, ең құрыса əлгі Алмаштың оразасын үйден аштырып алмағаны-ай деп саған да, бəйбішеңе де əбден кейідім. Таптың ба əлгі тайынша-торпағыңды?– деп ертерек қайтыс болған Еркінбектің етті-жеңді кемпірі Бұрыш сөйлей жүріп дастарқан жайды. Сақырлата шыны жуып жатқан Рахима ұшып келіп «жақсы атасының» қолына су құйды. Өрешенің өр жағындағы үлкен ағаш төсектің үстінде үйелмелі-сүйелмелі алты-жеті жастағы бір ұл мен бір қыз бала дырдай болып киімшең ұйықтап жатыр. – Таңертеңнен бері Ахмет пен Жаң секретарь ат сабылтып өзіңізді іздеудің үстінде, жаңарақта тағы бір жігіт келіп кетті. Ол «ертең ерте арасан басына жетсін!» дейді сізді, – деді тамақ үстінде Алтын. – Маған бас тарта ма екен сонда олар? – Кім біледі, тартса тартатын шығар, бүгін «төрт-бес қой, екі өгіз, бір қысыр емген тай сойып, май шұрқақтатып жатыр» деп жүр ғой осындағы балалар, – деді Сабыралының бүгінгі сандалысты сапарынан бейхабар Бұрыш жеңгесі қалжың-шыны аралас. – Əй, Бұрышым-ай! Көңілі көлдей өзің сияқты бейғам көнекөздер қазір қайда? Олар мені бата емес, татаға; етке емес, дертке; асқа емес, тасқа шақырмасына кім кепіл?!– деп Сəкең түнгі естігенін жасырып, күндіз көрген үрейлі құбылыстарды қысқақысқа елестетіп өтті үйдегілерге. Əңгіме арасында əлденелер есіне түскендей Алтын жүдеген отағасының жүзіне бажырая қарап, – Рас, есімнен шығып барады екен ғой, таңертең Аламойнақ өздеріңмен еріп кетті ме?– дегені. – Жоқ! – деп Сабыралы санын бір соғып, – ой, əттеген-ай, ол кеше түнде Қарауылтекшеге қайтып кеткен болды ғой. Енді ол иен үйде біреу-міреуді жарып тастамаса жарағаны. Жə, жаталық. Таңертең ерте тағы атқа қонатын болдым,– деп созыла орнынан тұрды. Сəкең ертеңінде тағы жұлдыз барда атқа қонып, «Қарауылтекше қайдасың?» деп суыт жүріп кетті. Оған Қайыңдының қасқа тұмсығында астында тері-терсегі, қаны сорғалаған бір қап еті бар Əлеу деген жылпос жігіт қанжардай қатыңқы боз бедеумен айқаса кетті. – Ассалаумағалейкум, Сəке! – Уағалейкумассалам, жол болсын, балам?! – Əлей болсын, ата. Кешеден бері осы арасан басында болып едім. Жақсы болды ғой өзі, түнде арақ ішіп отырып Жаң секретарь сізді таңертең ерте шақыра сал деп маған тапсырған еді. – Естідім. Астыңдағы не, ол төрелер бар ма өзі? – Бар, бар. Түнімен сайран салған, күн енді ғана шықты ғой, түгел ұйықтап жатыр. Мынау кешеден бері сойған малдан сатып алған тері-терсегім еді. Ал мынау қаптағы Жаң секретарь мен Ахмет əкімнің «үйлеріңе апарып тұздап іле салшы, жас малдың қазықартасын ойдағы балалар сағынып жүр ғой, қайтарда аламыз» деп жіберген жал-жаясы,– деді де сипай қамшыланып өте берді ол. Сəкең арасан басына сəскеде жетті. Атын өзінің атағашына байлайын деп бұрылып еді, Қарасұр ат қарсақ басқандай осқырып, одағайлап жоламай қойды. Атағаштың ашасында он екі салалы мүйізі бар бұғы басымен шаңырақтай саң мүйізді таутекенің қанды басы қосақтаулы тұр. Үйінің алдындағы өренің астында өшірілмей қалған кебежелі генератор əлі гүрілдеп-сарылдап бүкіл текшені қалтыратып-дірілдетіп жатыр. Кигіз үй мен үш-төрт шатырдың

арасына тартылған айқыш-ұйқыш, əлем-жəлем электр сымдарында өлеусіреген қызғылт, көгілдір, сарғыш шырақтар суық шалған алмұрттай таудың таңғы самалында баяу ырғалады. Атын алыстау ағаш арасына байлаған Сəкең асатаяғына сүйеніп, шеткі шатырдың іргесіндегі жерошақ басында күл тартып, от жағып жатқан Мəметтің қасына барды. Оның айналасында үлкенді-кішілі екі-үш бақыр-қазан жасыл шалғынға төңкеріліп-төңкеріліп жатыр. Арбиған төрт сирақты тесік-тесік ұзын темір науаша үстіндегі уысуыс болат істіктерді көтере алмағандай бір жамбастап қисайып қалыпты. Ескі үстел астындағы беті шала жабылған сырлы тегенеде шыбын-шіркей қонып, шикілі-пісілі жапырақ-жапырақ жаубүйректер жатыр. Сонау бір жуан теректің түбінде кешеден бері жинаған қап-қап қалың құмырасын сатылап жиып, қанғыбас қытай тау шолақпен кемпірі кетіп барады. Олардың жетегінде көк есек, қолдарында қып-қызыл тау сарымсағы мен қатқан бу нан... Айналадағы аққайың мен əсем тал бұтақтарында көйлеккөншек, жейде-дамбал, байпақ-сайпақ сияқты ұзынды-қысқалы кір-қожалақ дүниелер бұрын байланған арасан ақтықтарымен араласып кетіпті. Кеше ғана гүлге бөленген жасыл шалғын үсті алабажақ қоқсық. Буы бұрқыраған арасан көздерімен кілем төселген алаңқыда теңкиіп-теңкиіп ашық-шашық біреулер жатыр. Судың беті сумаңдаған бос шишалар мен тегіс темекінің тұқылы. Басы кеудесіне құлаған кейбіреулер екі-екіден бір-біріне шабынған бойы жүрелеп-жүгініп отыр. Ешкімді сезер емес. Кенеттен қабағы қатты түйіліп, өңі қарауыта қалған Сəкең теріс айнала беріп, өзінің үй жағына көз салды. Үстінде үш елі дамбалынан басқа іліп алар лыпасы жоқ еңгезердей ер адам қалғып-шұлғып, есік көзіндегі сүт пісіріп, ет асатын жер-ошаққа сарп тұр екен. Төбе құйқасы шымыр ете түсті. Қарғадайынан «нанды баспа, абырой ашпа, шыбықты үзбе, суға дəрет сындырма, ақты төкпе, көк шөпті жұлма, бейуаз аңды атпа, арыңды сатпа, тамақ алдында қолыңды шайқа, сын сағатта досыңды байқа!» деген тамаша тағылым астында ержеткен қарт «əттең, анау жойдақсыздың тірсегін қимай əлгі Аламойнақ қайда жүр?!» деп үйіне қарай ұмтылды. Жаңағы жалаңаш та сидаңдап келіп, есіктен еніп кетті. Едел-жедел жеткен Сəкең кигіз есігін көтеріп үй ішіне үңіліп еді, оның бетін əрі қылсын, өңкей жалаңаш ер-əйел айқасып жатыр екен. Абырой болғанда, түгел сұлқ ұйқыда, удай мас. Сұрқы жаман ыбылыстардың бейнесі оған ордалы жыланның ортасындай аса суық сезілді. Соның ішінен шырамыта жалғыз көзі шалғаны — ақша мен арақ десе шығыстан батысқа жортып, жанын да, тəнін де, арын да, малын да қатерге салып жүретін «Жалаңаш ауылдық» дудың басы, сымбатты ару бикеш — Ғазиза. Ол іргедегі іркілдеген біреудің мойнынан тас құшақтаған бойы талықсып жатыр. Сəкең селк етіп есіктен кері бұрылып, артына айналды. Алтынның құрт-ірімшік жаятын биік өресінің үстінде өзі сығырая қарап азу тісі айқасқан қара-көк қабанның жалы тікірейген үрейлі басы тұр. Жабайы доңыздың быртиған-быртиған төрт сирағы жанында жатыр. Ақшыпталы өренің астындағы керілген сымтемірде өзінің Саққұлақ А. аламойнағының терісі жаюлы. Еті ме, ішегі ме, салбыраған əлдебірдемелерге тізілген саңырауқұлақ пен бау-бау қожашөптер араласып, оған ара қонып, шыбын үймелеп жүр. Сəкеңнің басына қаны бір-ақ шапшып, жүрегі тамағына кептелгендей, демін ішіне тартып, жүйкесі үзілгендей үйге сүйеніп жүрелеп отыра кетті. Анадай жерде бағанағы Мəмет аспаз да бірдеме деп ұшып келеді екен. Ештемені естіген жоқ. Жалғыз-ақ: – О, жаратқан-ау, шыбыннан сескенер секемшіл тазалығым қайда? «Арлы болсаң – нəрлі боласың, арсыз болсаң – зарлы боласың!» деген киелі тəмсілім қайда?! Тəнін жемдеп, нəпсісін емдеп жүрген мынау ер-əйел салдақыларыңды салатын тозағың қайда?!– деп орнынан ұшып тұрып, өренің астындағы бес литрлік бензинді жұлып алды да қабанның сығырайған екі көзі мен едірейген екі құлағына қасқабата шашып-шашып жіберіп, қолындағы оттығын тартып қалды. Бүкіл өрені бойлай қызыл жалын лап ете түсіп, шатыр-шұтыр жана бастады. Ашулы қарт артына қараған да жоқ. Қарасұрын қамшылап төмен құлдилай берді. Сабыралының жоғарыдағыдай сан белесті шарлап өткен қиял құсы енді еңкейіп келіп тұғырына қонғандай болды. Екі-үш күннен бері саяси заң орындарынан жағдай елеп отырғандарға жазық маңдайын көтере қарап: – Е, қарақтарым, осылай да осылай... Ойлана қарап, оң жазыңдар, шырақтарым,– деді де, əңгімесін онан əрі тереңге тартты. – «Үш күннен кейін адам қараңғы көрге де үйренеді» деген сөз рас көрінеді. Аузы құлыптаулы, төбесі тесік дүңгіршектей қуыста жатқаныма бесінші күн болатын. Əр алуан қиял толқынында «алдымдағы күбірден қорқам, артымдағы дүбірден

қорқам!» деп ыңырсып отыр едім, шарқ етіп, есік ашылды. Байқап отырмын, еңкейе екі адам ішке кірді. Олар жарқыраған қол шырақтарының өткір жарығын көзіме қанжардай қадап, келе сала-ақ доңыз айбатпен сұрақтарын бастады. Мен олардың бет-жүзін көргем жоқ. Біреуі сөйлеп, біреуі қолшырағын менің екі көзіме қадап тұр. – Ей, шал! Түрменің түбінде шіриін демесең, жазықсыз міндет өтеп жүрген қоғам амандығын қорғаушыларды ұрыпжаралағаныңды мойындап, қолыңды қой мынаған! Сонан кейін бостандық алып, жолыңа жөнел! — деді əкіреңдеген əумесер. – Ау, ау, жарандар, кім болсаңдар да мен беттеріңе айтайын, «тыңшының жұмысы түнде қызады» демеңдер. Қашанда, қара жерді басуға да аяқтың тазалығы қажет. Судың да сұрауы бар. Жатқан жыланның құйрығын кесе бастасаң өз обалың өзіңе,– дедім мен де тікесінен. – Онда айтарың не? – Менің айтарым, сендер айтып отырған мынадай «бостандық» – мен үшін көр дүние. Егер шынайы қылмысқа қызығатын болсаңдар, кешірім сұрау мен мойындау қатты кешегі жол-жөнекей адам өмірін ойыншыққа айналдырып мүлкімді тонап, азаматтық құқымды аяққа басып, шаңырағымды шаққан көпірдегі көкжалдар жазсын! Болмаса, сонау ашаршылық апатты жылдары өзім қазған осы «құрыш қорыту» ошағында сүйегім шіруге разымын. – Мынаны оң құлағыңмен естіп ал, онда сандырақтаған сайқал шал! Халық сақшылары қашанда қоғам амандығы мен халық құқын қорғайды. Сен айтқандай қарақшы емессің. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің əлі-ақ. – Айтқаным айтқан. Өтірік алдында өртеніп өлуге дайынмын. Ақиқат алдында атан мойнымды иіп үйренген жанмын. Сендер де оң құлақтарыңмен естіп алыңдар, қазір, мынау «Кемпірқосақ» көпірінің басы нағыз шайтанның шайпау ошағы болып барады. «Көшкен елдің бұқасын еру елдің тайыншасы қорқытады» дегендейін сынықтан сылтау іздеп, тиын-тебен үшін көз қызартқан бұл сүмелектер «халық сақшысы!» деген қасиетті аттан садаға кетсін! Олар ақшаға дəніккен атышулы айыпшыл кейбіреудің етегіне тəу етіп, соның артынан жүгіретін аусарлардың көбі беліне қару асынып, қанжар байлаған қарақшы болып жүргенін осы маңда кім білмейді?! Олардың даладан мал, жолдан ақша, таудан аң, үйден қыз, орманнан ағаш тұрмақ, оның тамырына дейін талан-таражылап, азғындық жолға түскенін қайсы халық, қандай өкімет, қандай заң етегімен жауып, арашаламақ?! Өлмеген құлға əлі-ақ əділет алыс емес, көрерміз!... – Ей, шадыр шал, ойлан онда, көрсең көресің!– деп екеуі бірінің артынан бірі егеуқұйрықтай еңкейіп сып-сып етіп шыға жөнелді. * ...Таңға жақын тажал төндірген алдашыдай алақ-жұлақ қағып екі-үшеуі тағы оралды. Үстілеріне түгел ақ халат киіп, ауыздарына тұмшалана тұмылдырық тартып алыпты. Келе сала-ақ: «Тез, тез! Əйелің хал үстінде жатыр, операция жасаймыз, қолыңды қой!» – деп жепектетіп, жапырақтай бүктеулі қағазға бармағымды зорлықпен бастырды да, өзімді де бірге ала жөнелді. Аяулы Алтыным жөнінде кенеттен мұндай суық хабарды естігенде суқаным ұшып кетті. Түн ішінде Көміркеннің тозығы жеткен шипаханасына жете бере əлгі үшеуі көз-жаздырып ғайып болды. Сол сəтте қолымнан сап ете түскен əлдебіреу мені сүйрелеген бойы жан-жағы алаңашық, шамы өлеусіреген көмір қоймасының бір бұрышындағы 3-4 адамның үстінен түсірді де, ол да қарасын батырды. Əлгі топталып тұрған 3-4 адам мені көріп шу ете түсті. Абайлап қарасам Алмаштарым екен, орталарындағы тақтайша тоқал төсек үстінде көсілген күйі сұлқ Алтыным жатыр. Төбемнен жарқ етіп жай түскендей шалқалай беріппін... Кейін естідім, сол түні жалма-жан Алтынның мүрдесіне қосып мені де қашанда төбемнен пəруанадай айналып жүрген құтқарушы жұлдызым аудан аттатып, «К» қаласына ала жөнеліпті. Сонымен өзінше күн көзінен күні бұрын жасырынып, жан-жағын жарқанаттай əлдеқашаннан-ақ қымтанып болған «Кемпірқосақ» сарбаздары бізді «ауылға аттанды» деп жер соғып қалыпты. Мен «К» қаласындағы шипаханада есімді жидым. Алтынның қарақұсы ойылып, миына қан құйылғандықтан саясизаң орындарымен «үш албатыны» оңау кеңсесі жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру басшылық алқасының адамдары арнаулы мамандармен техникалық аспаптардың сараптауынан өткізіп, сақадай-сай тұр екен. Қаһарман баламның аруағы үшін аттанысқа келген облыстық орман мекемесінің басшылары менің талабым бойынша Алтынның сүйегін Көркі жонындағы Қазтайымның қасына апарып жерледі. Сөйтіп Алма екеуміз аяқ-астынан көпір басына «жетім бала, жесір шал» атанып, қан жылап қайта оралып отырғанымыз осы. – Иə, иə, айтқандай сіздерге ескерте кететін тағы бір іс – əнеукүні Алтынның жеті нəзірінде «Жалаңаш» ауылдық парткомның орын-

басар Уаң секретары бізден хал сұрай келіпті. Құдай-ау, мұндай алаяқтық болар ма, оның қолында «Менің əйелім Алтынның ұзақ уақыттан бері қан қысымы жоғары жəне жүрек ауруы бар болатын. Көш жолындағы көпір үстінде сол ауруы ұстап, Көміркен шипаханасында көз жұмды, оған ешқандай дау-дамайым жоқ. Жұбайы – Сабыралы Сарқытбайұлы...» деген əлгі таңға жақын зорлықпен бармағымды бастырған бір жапырақ сыпат қағаз жүр. Оның айтуынша осындай (жасанды) тексеру анықтамасын Алтын ес-түссіз жатқанда аудандық шипахана да адам жіберіп тексеріп, (бұл да өтірік) естелік қалдырған сияқты. Міне менің бастан кешіріп, бар білгенім осы. Аңсағаным – алтын заңның ақ сəулесі. Ендігі бір мəселе – əлгі менің «көлеңкемді» тезірек табуға көмектесе көрсеңіздер, өздеріңіздің қызметтеріңізге де, менің жаралы жүрегіме де дəрудей зəру болып отырғаны нақ сол жан. Əнеукүні «К» қаласына бізді апарып, бүкіл саяси заң орындарын алдын ала хабарландырып жүрген де сол сияқты. Олай дейтінім – ол сол кезде жападан жалғыз ауруханада маған қарап жылап отырған Алмаға телефон шалып: «Алмаш, Алтын тəтемнен арманда айрылып қалдық, оның кегін заң алдында əлі-ақ қайтарып алатын боламыз. Ал көкем көп кешікпей қалпына келетін сияқты. Қазір сенің айналаңдағы туыстарың аз емес, көп егіліп жылай берме, шырағым!» депті жанашырлық жақындықпен. Мұны Алмаштан естігеннен кейін басым тағы қатты. Неше күн бойы қиялым қиянға шауып, санам сан-саққа жүгіртіп, əбден дал болды. Мен өздеріңе ойыма келгеннің бəрін айтайыншы, сағынышым сарқылып, мауқым басылар ма екен? Менің маңдайыма біткен жаралмыштан жалғыз шырағым – Қазтайым еді. Ол мезгілсіз өшті. Оның артынан аяулы Алтыным да бұл өмірден өкінішпен көшті. Енді өзіммен бірге қарашығымдай Алма, қалтылдаған кəрі көлеңкем ғана қалды. Баяғыда мынандай бір күлкілі іс болып еді. Ол сіздің де есіңізде бар шығар, Асеке, — деп қатарында отырған Асқар ақылшыға жапақтай қараған Сабыралы сəл тыныстағаннан кейін əңгімесін тағы жалғады: – Мен ол жылдары Аюлысай жайлауында отыратынмын. Аудандағы Асекең сүт кенжесі Шяу Бауды (мен оның ботадай момақандығына қарап атын Ботабай деп еркелете атайтынмын) жаздай Алтынның қолына апарып тастады. Алты жасар Ботабай атқа қызыққандықтан маған əбден бауыр басып кетті. Күндіз алдымнан, түнде жанымнан бір елі ажырамайтын болды. Сондай күндердің бірінде алакөлеңке ай жарығында ат арқандап қайтып келсем, жаңа ғана ойнап отырған орнында Ботабайым көрінбейді. Шошына «Ботам қайда?» десем, Алтын аң-таң бола: – Ой айналайын-ау, өзіңмен жаңа бірге еріп кетті ғой,– дегені. Арқырап ағып жатқан асау өзеннің бойына барып қайтқам. Үрейім ұшып кетті. «Бота, ау, Ботам!» деп қатты айқайлай артыма бұрыла берсем, өз етегіме оранып Ботам тұр. – Қайда бардың?– дедім көзім шарасынан шығып. – Ат айқандап,– дейді ол төмен қарап. – Ойбай-ау өз көлеңкемнен басқаны көрсем көзім шықсын!– деп оны қапсыра құшақтап кеудеме көтеріп шопылдата сүйіп жатсам, ол: – Шол көлеңкеңіз мен,– дейді еркелей езу тартып. Оның осындай нəрестелік тəтті сөзіне бүкіл үй-ішімізбен қарық болдық та қалдық. Содан бастап мен оған ел ортасында: – Ботам, сен кімсің?– деймін ғой қызықтап. Ол ешкімнен де жатырқап, жасымай: – Мен көкемнің көлеңкесімін,– дейтінді шығарды əуелі. Бастан өткен осындай мұңсыз шадыман шақтарды ойлай-ойлай, əуелі əлгі періштедей «көлеңкені» сол қарғам ба деймін... Ол оқуын тауысып əскерге кеткелі қашан? Онан бері көп жыл өтті. Ол тұрмақ, ұзақ жылдан кейін əкесі екеуміз əрең қауышып отырғанымыз мынау. Ол тіпті, мені көрген күнде де қайдан танысын?!– деп Сəкеңнің көңілі босап, көзіне еріксіз жас алды... Сабыралы мен Асқар алдыңғы күні ауданда шұғыл ашылған ашық сотқа барып қайтқан. Ертең Алтынның қырық күндік мəзірі көпір басында өтпек. Сондықтан бүгін олар Көркі жонындағы Алтын мен Қазтайдың қабір басына барып қайтпақ болып, «Кемпірқосақтан» ерте аттанды. Еңсесі биік, доңғалағы əлеуетті, моторы күшті «Тайота» маркалы жеңіл мəшине қызыл асықтан жоғары қырбақ қарды бұрқылдатып келеді. Бүкіл Көкжамбас өңірі, Арыстан алқабы аппақ тонына оранып, орман үсті ақ үкіленіп қалыпты. Қыста жүргіншісі жоқ, жым-жырт тас жол үстінде ара-тұра үш тағандап аң-құс іздері көзге шалынады. Алдыңғы қатарда аузы маскалы жүргізуші мен Қайырбек ақын отыр. Артқа орындықтың ортасында Алма, оның оңы мен солына Сабыралы мен Асқар атасы жайғасқан. Мəшине ішіндегі үнсіздікті Сəкеңнің қолқалауымен Қайырбек ақынның домбырасыз-ақ шырқаған мынандай өлеңі үнсіздікті бұзды:

Отырғам жоқ мен мұнда елді күндеп, Естіп тұрмын, ау Сəке, ентігің көп. Алаңсыз бол ағайын, шіріктердің – Сый табағы осылай келтірілмек. Қиянатша, парақор, құрдым-құмай, Өз көріне құлауда жемтігін жеп. Заң таразы, əділет туы алдында, Алтын-Қазтай қайтадан тең тірілмек!– деп толқыннан-толқын тудырып, биіктен-биікке көтерілген жебедей өткір жыр мүлгіп отырғандарды күшті құдіретімен сілкіп оятып, тағы бір тың əңгіме арнасына салып жіберді. – «Теңіз дəмі тамшыдан» деген тəмсіл рас екен. Мен алдыңғы күнгі ашық сотта алды атылып, соңы бес жылдық қамау жазасына үкім етілген жеті адамның тамыры ақшақұмарлықпен «үш албатыдан» өрбіген қиянатшылдық, парақорлық, алдамкөстік, тонаушылық, қарақшылық, көзбояушылық, өрт қою, адам өлтіру, барымта ұстау, мал ұрлау, есірткі сату сияқты қылмыстарын көріп, ұзақтан бері оңалмай келе жатқан «үш албаты» мен сыбайлас жемқорлықтың сырын шынайы енді түсінгендей болдым,– деп тебірене сөзін ары қарай жалғады Асқар ақылшы. – Оншақты жылдан бері «үш албаты» мен сыбайлас жемқорлықтың оңалуынан торыққан жұртшылық оны айықпас дерт деп қарады. Тіпті «осы дерттің» тежелуінен күдерін үзген халық жыл сайын бұл «дертті» тексеріп жатқанын көреміз, алайда, тексерілген сайын, бір бас алынса тоғыз бас, тоғыз бас алынса тоқсан бас шығатын аңыздардағы жалмауыз кемпір – айдаһарлардай өршіп барады. Енді тексерудің нендей қажеті бар? Тіпті, үкіметтің осы «дертті» тексеруі тек формашылдық қой деймін» дегенге дейін барды. Бұл «дерттің» жоспар шаруашылығынан базар шаруашылығына ойысу барысындағы түрлі факторлардың жалпы ықпалының нəтижесі екендігін көрсетеді. Ұзақ болашақтан қарағанда, бұл үшін кемелді заң жəне заң-ережелер жүйесін қатаң орнатып, мəселені адамнан іздестіріп, ұйымды тексеріп біржақты етуді жеке адамды тексеріп біржақты етуге өзгерту керек сияқты. Міне сондықтан да жуықтан бері бұл «дертті» қоздатып отырған «атамандарды» нысанаға қадап-қадап алуды мемлекет бойынша басты міндет ету шарасы басталып та кетті. Осы жолғы өлім жазасына кесілген екі қылмысты «Кемпірқосақ» көпіріндегі халыққа албаты ақы алу, албаты салық салу, албаты айып салудың арсыз атамандары... – Ойпыр-ай, десеңізші! Біздің қазақта «Алтын алма, алғыс ал» деген бір қасиетті сөз бар еді. Ал жаңағы сұмдар бейқам тұрмысты белден басып, бейуаз елді қанқақсатып, ойына келгенін істеп, неше миллиондап ақша қылғытқанын қарамаймысың. Кезінде жақ керіп, адырна тартпаған арам ниет қызыл шақалардың! – деп Сəкең де орнынан бір көтеріліп қойды. Сонда томағасы тартылған қырандай артындағы екі қарт пен Алмаға қайырыла қараған Қайырбек: – Е, ақша деген екіжүзді қанжар ғой, оның бір жүзі май ағызады, бір жүзі қан ағызады. Тарту-таралғы, пара деген алдамшы əуре. Ол кейде сұлудай бұраңдап бетін береді, кейде аузын ашып айдаһардай жұта салады. Сондықтан халық ішіндегі қарт шешендер бұрыннан тартып «пара – араныңды ашады, қиянат – құтыңды қашырады», «алдам ақша – шиеңді шығарады, ұрлық ақша – миыңды шығарады!» деп тақпақтап келген. Қазақ атам тағы «Бір күндік кеңшілік етілген жаудың мың жылдық кеселі болады. Бір күндік тыйымның мың жылдық жақсылығы болады» деп кесетіп айтқан болатын. Көшпенді момын бұқара қазіргі жылпостардың жеке тұрмақ, қазынаның қалтасын қағып, оның үстіне табан ақы, дəнекерлік, ауыз ақы, өтініш ақы, арызарман ақы дегендердің орамалға түйіліп, конвертке салынып, құжаттың арасына қыстырылуын дəмететіндігін енді-енді түсініп келеді. Болмаса біз тұрмақ, мына отырған Сəкең сияқты ардагер ақсақалдар да «Іргесінде қабір қазылып, у төгіліп, жылан жыбырлап жатқандығын» қашан сезіп, қашан етек-жеңін жиған еді?!– деп төгілді. – Дұрыс, дұрыс, айтасың, ақыным. Біз алтын заңның асқарына енді-енді өрлеп келе жатқан елміз. Заң дегеніміз – көзге анық көрінетін мораль, моральдың өзі жасырын күйдегі заң. Сондықтан кезінде бір данышпан: «Заң – үлкен шыбындар бұзып өтіп, ал ұсақтары шырмалып қалатын өрмекшінің торы емес!» деген екен. Ендігі біздің қоғамдық міндетіміз баяғыша «Қазанның қайнағанына, баланың ойнағанына қарап» ырымдап отырудан арылып, алмағайып істерді алыстан арыдан байқауға, диктатура қаруын өз уағында дəл істетуге əдеттенуіміз керек!– деді Асқар ақылшы тереңнен толғап... * Тоқтаусыз зымыраған мəшине көлікті Көркі жонының Ақжамбыдай алып тұмсығына келіп бір-ақ тоқтады. Жолаушылар жол шетіне жаяу шығып, қарсыдағы Қабанбай шыңындай қасқайып тұрған Қазтайдың ескерткішіне таяй берді...

Қабір басына Құран оқып, орнынан созыла түрегелген Сəкеңді еңгезердей жүргізуші жігіт пен талдырмаш Алма жеп-жеңіл демеп, үшеуі қатар тұра қалды. Оларға қадала қараған Асқардың көзіне бұрынғы, қашан да тұйықтау жүріп, көп істі тындыратын, екі иініне екі кісі мінгендей, аяқ-қолы балғадай, кеуделі, бүркіт қабақ, шекетамыры білеу-білеу, терең көз, қансарлы да қапсағай Сəкең, қазір сақал-мұрты күтімсіз, жалпақ жүзі аязға қарылып əжім-əжім, ерні кезеріп тілім-тілім болып, иығы салбырап, бойы аласарғандай болып көрінді. Аяп кетті оны. Алдына адымдап барып: – Ал, Сəке, қайғыңды қайратқа айналдыр. Алтының мен қаһарман Қазтайың адал армен туған жердің топырағын қорғап алдыңда жатыр. Сені кеше ғана қанқақсатқандардың өзі қанқұшты. Сен бүгін жал-құйрықсыз жабы жан емессің. Міне сүйікті ұлың мен қызың алтын балдақтай екі қолтығыңнан сүйеп тұр. Мынау тұрған...– деп жүргізушінің аузындағы ақмаскасын алдырды да, – бұл – əлгі баяғыдағы «Ботабай» атты өзіңіздің таба алмай жүрген көлеңкеңіз. Əскерден келгеннен кейін «көкесінің» Көне ауданына қызметке жіберген. Өткеннен бері сізді айналып-үйірлеп жүрген мықты осы. Балаңызды енді танып алыңыз, тапсырып алыңыз! – деді тебіреніп. Сабыралы еңкілдеп Ботабай жаққа бұрыла берді. Ол: – Қияннан келіп қылкөпірдің үстінде желеп-жебеген шырағымай, өлгенімді тірілтіп, өшкенімді тамызған қарағым-ай! Аман-есен жүрсің бе?!– деп екі иығы селкілдеп үн салып жылап жіберді. Оған қосылып Алмаш пен Ботабай да, Асқар мен Қайырбек ақын да үнсіз егілді. Сонан сəлден кейін Сəкең басын көтеріп айқара құшақтаған Алмаш пен Ботабайдың жүзіне сүйіне қарап тұрды да: – «Ұшатын құсқа дүние кең!» деген осы екен-ау, жарқыным, жасың ұзақ, бақытты бол!– деп оны қайтадан қапсыра құшақтап, балбыраған беті мен тершіген маңдайынан кезек-кезек құшырлана сүйе бастады... МАЗМҰНЫ

Жұмəділ Маман (авторлық таныстыру)...........................................3 Қара тұйғын .......................................................................................5 Күмбезге түскен күншуақ ..............................................................145 Көпірдегі көкжалдар .......................................................................229

ЖҰМАДІЛ МАМАН ҚАРА ТҰЙҒЫН (хикаяттар) Редактор: Ақберен Елгезек Көркемдеуші редактор: Бейсен Серікбай Корректорлары: Жанар Муқашева Баян Хасанова Беттеген: Айнагүл Ауанова Теруге 10.11.2009 жіберілді. Басуға 08.12.2009 қол қойылды. Қалыбы офсеттік басылыс. Қаріп түрі “Тип-таймс”. Баспа табағы 18,5. Таралымы 2000 дана.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙