Өз көзіммен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов Өз көзіммен Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы
АНА
Бесікте – Ана, бесікте – бөбек: Бірі тербеледі, бірі тербетеді. Бал-бөбек былдыр, өсіп те келед, Анаға жалғыз, сол жетеді. Ана, Ана, қайран ана! Тербейді Ана әлемдегі күлкіні, Нұр себеді аналардың кірпігі өліге де ояуға, Ана дайын біреу үшін жылауға, біреу үшін аяуға. Тербейді Ана қуанышты, бақытты, тербейді Ана – тебіренеді жаны шын. Тербейді Ана уақытты; Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін. Тербейді Ана бөбегін, Сол арқылы тербетеді өз елін, Құмын, тауын, өзенін. Тербейді Ана көлеңкені, шуақты – Планетаның алақаны сияқты... 1963, 1982
ӨТКЕН КҮНДЕР КӨП ШЫТЫНЫП ҚАБАҒЫН…
Өткен күндер көп шытынып қабағын, Маңдайыма түсті содан көп әжім... Күнмен бірге көзімді ашам көру үшін аспанның да қабағын Түн түнегін көрмеу үшін кірпігімді жабамын. Шадыман күн керек бізге мәңгілік! Көк бұтақта ақ көгершін бола ғап Отыр біздің үміттер мен қанағат. Әрбір сәби жанарында күлкісі тұр заманның, Замана тұр сол сәбидің жанарына паналап. Бейбітшілік керек бізге мәңгілік! Ой күлінен тазарып ед көп кеуде,– біз дайынбыз әр ұшқынды ертең жанар от деуге. Ерікті ғой жас тіршілік бұдан әрі өсуге, ерікті ғой жасыл бұта бұдан әрі көктеуге: Бейбітшілік керек бізге мәңгілік! 1963, 1982
ДЫМҚЫЛ ЖАПЫРАҚ МАЙЫСТЫРЫП ТАЛДЫ ИІП…
Дымқыл жапырақ майыстырып талды иіп, Жасыл бұта бір-бірінен сәл биік, Бөбектері секілді осы көктемнің, Көктем, көктем... тал басына қалды ұйып. Көктем әкеп гүл букетін салды үйіп, Қақсып қалған тамырларға қан құйып. Байғұс ара шырын іздеп шарқ ұрды, Тіршіліктің таңдайы үшін бал жиып. Ду-ду етіп гүлден-гүлге көшеді, Тәттілерге ауыз неткен өш еді – Өздері жеп бітірер ед жиғанын, бал екенін білмей жүр ғой деседі. Оу, аралар, неткен ғана өжетсің!! Өз нәпсіңді жүрсің бе әлде тежеп шын? Өмір бойы араға ұқсап бал жинап, Өзің оны сезбегенге не жетсін! 1963, 1982
Әдемі үннің әр тамшысын аулап ап, әлдеқайдан тартады әнші саумалап. Бір жақ ұшы сайда жатыр бұл әннің, бір жақ ұшы сонау асқар тауда қап; Үзілмейді, ән шұбалып тұр қалғып, әр көңілде аунап түскен сырды аңдып. Әр көңілдің өз алаңы өзінде, әнге балқып босаңсыған кезінде. Әр кеуденің өзіне аян өз жаны, жарысты ойлар бір-бірінен озғалы. Алқалы ана бір күрсінді… Мынау ән Қайдағыны қайдан ғана қозғады?! Ән желеңін жел иығы бос ілді, сөйтіп бұл ән желге мініп жосылды. Ән біреуді жеңілдетіп жіберді, ән біреуге салмақ болып қосылды.
Ер тыңдаса – екілене тасыған, ез тыңдаса – ежегейдей жасыған. Атыраудан көтеріліп асыл ән, Бір қайрылды Алатаудың басынан... Бұл жүрекке жолай алмас тосаң-мұң ән жанымен тосамын мен дос алдын. Сөзбен айтып жеткізе алман, мен Сізге өзін салып берсем қайтед осы әннің? 1963, 1982
КӨКЖИЕККЕ ҚАРАЙМЫН
Көңіл шалқып кеткен шақта көкжиекке қараймын: батып жатыр, шығып жатыр талай күн. Бір қуаныш болып тұрса – жарайды он бесінде әр айдың. Жалақы алар күні сын-ды жарлының бір үмітпен өтіп жатыр бар күнім. Ал, кей күнім түңілдіріп кетеді, қара жерге үңілдіріп кетеді. Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді бірақ бәрі тірлік нұрын себеді: қайнай-қайнай сірі болдым әйтеуір, ойлай-ойлай тірі болдым әйтеуір. Болды күнім ашу менен ыза алған, қара бұлттың қабағынан қызарған. Бір күн мені қартайтты деп айта алам, Бір күн мені сәби қылды қайтадан. Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан, Бір күн оны қағып кетті қолымнан. Бір күн маған құшақтатты қыр гүлін... бәрін қоссаң – шықты менің тірлігім! Жаңа күннен не түсінер екем деп, көкірегімді бір ыстық ой мекендеп, көтерілем күнмен бірге тепеңдеп, көкжиекке күнмен бірге жетем деп.... Бірақ... бірақ келер күндер көп еді – бәрін де өзім қарсылағым келеді. Кеткен күнмен қоштасамын қия алмай, Келер күнді көру үшін ұялмай. 1963, 1982
ӨЗІМ
Болмаса да көк өзенім гүрлеген, көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен. Ой түбінен ойнап туған жырменен тыныш таппай – тірі болып жүр денем. Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен, жаси алман жақтырмаған көздерден. Тағдырымды өлшей алмас безбенмен өз басының безбені жоқ кез келген. Жан емеспін қолда барға бұлданған, жеңер мені күндіз күлкі, түнде – арман. Еске алуға жарамайды өткенім, өткен күннен келер күнім көп менің. Сол секілді ойларым да теп-тегін, келмейді оны үнемдегім, ептегім. Сондықтан да жиі жанам, сенем мен, жығыламын кейбір асау теңеуден. Осынау бір олпы-солпы өлеңмен өзімді-өзім түсіндіріп келем мен...
МОСКВА САПАРЫ
- Қарулар палатасында Қ. Мұхамеджановқа
...Кіріп келдім сонау өткен күнге мен, Ат делбесін, сабын ағаш найзаның Ұстады екен қай данышпан, қай залым?! Салқындықты сезініп-ақ тұр денем. Сары алтындар – салқын рух, жылы ұшқын жүзінде тұр дір-бір етіп қылыштың. Қаталдықтан патша болған баяғы, анау әлгі... Қаһарлы Иван таяғы. Мынау бөрік... неткен ауыр, жасаған! жеңіл шығар Мономахтың басы одан. Патша сыйлық жасаса егер патшаға Береді екен алтын қылыш, ат-шана... бір бұрышта: ауыр арба, пар-пар ат сол заманның күнәсін тұр арқалап. Көзі өмірде тоймаған-ау шамасы, мынау киім түрлеріне қарашы: бір шапаннан нұрлы шығыс бояуы маған қарап күлімсіреп қояды. Мына аяқта Фирдоусидің көз жасы, төгіп алма, достым, байқап қозғашы! Ал, мынасын түсінбедім тегі мен Сыйлық дейді Уйтменнің елінен. Одан-бұдан келіп кірген «олжаны» Күзете ме Лермонтовтың қанжары?– бір бұрышта көрген түстей тұр алыс, жүзінде – кек, желкесінде – қуаныш... О, керемет! Шымырлатты құйқаны қамшыларға жұғып қалған құл қаны. Балшыққа емес, қанға шіріп тозғандай сол кездегі патшалардың ұлтаны. Бірақ, бірақ... табақшаны көр мына гүл салыпты құдай салу орнына. Сол бір өшіп бітер күннен – обадан, келешекке қол созыпты сол адам. Көріпті ол бүгінгінің гүл-жүзін көріпті ол ертеңгінің жұлдызын, гүл салған қол қуаттырақ дер ем мен мың-сан мылтық жасап шыққан шеберден! Салқын сәуле құйылады төбеден, Қарулардың ызғары өтті денеден. Жүр, Қалеке, шығайықшы,
салқын бұл, Салқын екен сәулесі де алтынның...
- Адам – толқын
Қандай ғажап, көптігінен теңіз болып толқығаны адамның, Тосын, әсем – ырғағындай жаңа әннің. Келеді, әне, жаңа толқын, жаңа ырғақ Әрбір қанатына дамылдап.
Секунд сайын туған ойдай санадан, Секунд сайын көрінеді жаңа Адам. Көз алмаймын, көз алмаймын манадан: Көп екен-ау біздің жерде жаңа Адам!
Орыс, Негір, Қазақ, Қырғыз деп атап, Тарих-ана атықтырып үлгерген адамдарды, адамыңды бір көрген қайта көру қиын екен бұл жерден.
Секөнт сайын жуылады бұл алаң көлеңкемен көп аяқтан құлаған. Ескі ұғымын, ескі шаңын сананың, жуып жатыр әрбір секунд – жаңа адым!
Қарт Москва лүп-лүп етіп жүрегі, әр сәбидің адымымен жүреді. ...Әрбір халық сөйлесе де әр тілде, барлық халық бір-ақ тілде күледі! 3. Қыздар моласы Мраморлар, мраморлар!..
Жұрт көзінен аққан жасты бұршақтап, мраморлар қайсарлықпен тұр сақтап. Мраморлар, мраморлар безерген – безергеннен сезім іздеп кезем мен. Айнала үнсіз, үнсіз болып мен тұрмын, Түк белгі жоқ мына біреу сорлыда. Жота-жота топырақты көр мына: ұқсайды екен бір апаттың орнына... Мраморлар, мраморлар – кіл үнсіз, Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз .. ...Міне, мынау Гоголь ақын әйгілі, Блок жатыр – баяғыша қайғылы. Есениннің кең даласы жап-жасыл Анау жерден көтерді бір шал басын: «Неғыламыз тағдыр басқа салғасын Сезем күйдің енді жерде қалмасын!»– Затаевич отыр құрып малдасын. Кенеттен бір жуан дауыс гүр етті,
Мрамордан жұлып алды ол жүректі – «Владимир Маяковский» жазуы Әр әріптің ақсияды азуы. Мраморлар жаңғырығып жатты бір, естігендей бұл есімді тап бүгін, Владимир Маяковский деді алап,– тастар кетті төмен қарай домалап... Кешір, досым, болған жоқ-ты дәл олай, қиялыма сенемін мен баладай. Естілсе егер Маяковский деген үн дәл осылай естілер деп сенемін! Мраморлар – ескерткіштер тұр үнсіз, сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз... Қызық атау: «Қыз моласы» несі бұл, қайда қоймақ ақындардың есімін! Сұмдық! Деуге жетпей тұрды батылым, Әлде ақынды... ескерткіштен қызғандым?! Әлде халық барлық жақсы ақынын жүрегіне жерлеген бе қыздардың?!– Тоңбасын деп бұла-жырлар...
Мраморлар, мраморлар! 1963, 1982
ҚҰМ ЖЫРЛАРЫ
- «Уағалайкүмәссалам»
Сол ауылда Әшім деген бір шал бар, Қол тигенде барып-кетіп тұрсаңдар: қалбаң қағып қарсы алдыңнан шығады, Бірақ, әттең естімейді құлағы. Келген қонақ кәрі ме әлде жас па оған Бәрібір, тек: «уағалайкүмәссалам». «Ассалау-ма-ағалайкүм» демей-ақ, «Шаруа қалай, ата?»– десең, Мәссаған Тұрад күліп: «уағалайкүмәссалам!» «Уағалайкүмәссалам» деп тұрғаны Кейде өзінің келіні боп шығады. Пейілді адам, пейілді адам ол аса, Әсіресе, қуанғаны тамаша! Күнге қырық қуанғаны не керек, Биыл өзі жүдеп қапты керемет. Егер ажал келсе қартқа «көрініп», «Уағалайкүмәссалам!» деп өлер ед.
- Құм
Ызылдайды қу қияқты қабығы,
ысылдайды құмның жаяу ағыны, құлағымда тұрды желдің тағы үні, желпілдейді біздің үйдің жабығы. Айналаны жүрді кезіп ызың-үн, Айдаланың жел жырлай ма қызығын? Көміліпті қосаяқтың ізі мың, тот басыпты кәрі әжемнің жүзігін. Тағдыр сын-ды бұл өлкеде сараң күн, ел де сирек қонағындай сараңның. Ақселеулер, ақселеулер Маған бұл ақсақалы секілденді бабамның. Жыласа аспан... көз жасының аты – ышық Қырлар тозған қасарысып, жатысып. Шырмауықтар құмның бетін жатты ысып кәрі әжемнің шаштарындай шатысып.
- Шағыл
Жалқау құмдар жатып апты іркілдеп, жалқаулықпен әлденені ұтардай. тамшы суды талмап әрең жұтардай Кер төбенің көмекейі бүлкілдеп. Дүниенің көк картасын жолақ қып Жатты талай жалқаулық пен олақтық. Талай ізді осы құмда жоғалттық, талай жылды осы құмға тонаттық. О, жалқау құм!... Жыр жазар ем не түрлі: Махамбет пен Абай аға секілді. Болмай жатыр. Көрсетуге ұялам Өлең жазып алып жүрген «екімді»... Өз мінімді өзіме айтып мен тұрмын, қурайлардың ызыңы құлағымды толтырды. Жел «үп» етсе кемсең-кемсең етеді Қып-қызыл құм – иегіндей бір жылауық кемпірдің. 1963, 1982
СОҚ САҒАТ
Бірінші өлең Тау сүйеп иегін көкжиекке үмітін тұр артып. Тағы бір ғажайып түн өтті – тек қана үлгердім құмартып. Тағы бір таң атты арайлы, тағы бір жаңалық сезінем. Көк аспан әйнектен қарайды кызыл күн көзімен. Кешегі жырым ба – бұл жырым, кешегі ойым ба – масқара-ау! Мына таң өзгеше сайратып бұлбұлын ұялтып тастады-ау! Алатау оянды жаңғыра, Нұр-шуақ жапыраққа жымиды. Бұйырды, бұйырды таң мына төсекті тезірек жиюды...
Екінші өлең Аймалап ақша бұлт нән шыңды, көлеңке сайларды ұя ғып, Сұп-сұйық ақ нұрға малшынды айнала; көздер тұр ұялып. Шалғайда – қан майдан, еңбекті бақыт деп жүр атап. Ащы тер құйылса маңдайдан тұп-тұщы рақат! Рақат мына жер үстінде Әйтеуір еңбектен кенде емен Еңбек бар! Құдірет-күш кімде, шынымен менде ме?! О, онда сене бер! Біл тағы еңбекке жететін бар әлім. Сондықтан сөгілсе Дүние ұлтаны Өзімді шеге ғып қағамын!
Үшінші өлең Секундтар қуалап бір-бірін, толқын боп соғады мезгілдің жарына. Тыңдасам дәл сондай бұлақтың сылдырын қуанам құлақтың барына. Мезгілдің қысы не, күзі не, шілденің лебі ессе өлеңнен. Алдағы күндердің жүзінен жеңісім көруге келем мен! Маңдайым мақсатқа бұрылды. Жүрекке қадалды бір күдік тыз етіп, осыдан бір сағат бұрынғы отырмын қатемді түзетіп. Әр сәтте бар білем ой анық, Әр секунд әлінше қатады үн... Таң ата бала боп оянып, күн бата шал болып жатамын. Төртінші өлең Қағылар қабақтар, кірпіктер... Уақыт көзінде нұр болып ойнасын. Алатау, бұлтыңды жыртып бер Сүйіктім шәлі ғып байласын! Көңілдер шаттыққа бір қансын, Қуаныш, көз жас боп домала: Ел болып елу жыл тұрған соң
Әрнені еске алмай бола ма, Біразын ұмытпай бола ма! Ей, жастык, қызық тап, таныс тап, өзіңді өзгеге мақұлдат. Біреуден барасың алыстап, Біреуге жақындап. Сағаттар, соға бер! Біз де есе жіберген жоқпыз ғой, жоқ әлі. Бұл күннен кім бізді іздесе, келер күн төрінен табады. Соқ, сағат! Ұш, қиял! Ой, ізден! Арқамда ауыр жүк – сын бәрі. Келемін Дыбыстық поезбен, Рельс – телеграф сымдары. Аспаннан, ауадан, дірілден, Уақыт жүйкесін түсіндім. Сонау көп жұлдыздың бірін мен жарыма сырға ғып ұсындым!.. Минуттар, өте ғой, жарайды Мен үшін жасадың бір шығын... Секундтар саусағы санайды жүректер дүрсілін.
Бесінші өлең Әдемі-ау, Алатау, тұрысың, Ғажап-ау кеңдігің, далам-ай, Тек менің өнбейді жүрісім, неге олай! Тезірек соқ, жүрек, дүрсілің Сөз болып ойнасын тілімде, Ертең мен бүрсүгін тезірек айналсын бүгінге. Беріліп махаббат, мақтануға Кеш қалдым. Өзіме сол керек! Көкжиек жасаурап жатты алда, Сұлудың көзіндей дөңгелеп. Мені алыс мегзейсің бүгін сен, О дала, ой салдың бай талай. Алатау сүйейді, сүрінсем Байқамай. Тұтанып келем мен – білемін: түнерген қабақтар қатпайды үн. Сен қанша тез соқсаң, жүрегім, Мен сонша аттаймын! 1963, 1982 АПРЕЛЬ ТАҢЫ (Цикл)
Апрельдің таңы арайлы – күншығыс жақ тұрды күліп. Біздің қала қарағайлы, таңғы ауада жүр қыдырып. Шыдам болып шық мөлдіреп жапыраққа қонады кеп. Бірақ таңды күткен жүрек Минут сайын соғады үдеп. Таң арайлы, таң – ғажайып; Әлденеге көңіл құлап, Бойда шыдам қалды азайып, өсе берді сенім бірақ. «Осындай ма ед жылы, күні, Осындай ма ед бұл алаптың; Осындай ма ед ұлылығы, Сұлулығы мына жақтың?!– Деді ол,– неғып байқамағам, Әлде өзге ме ед күн бұрынғы?» Сөзін ән ғып айтады адам, Таң, бір сайрат бұбұлыңды!
Жаңа туған күнге ұсады, ал, космоста – тұңғыш Адам. Тұңғыш адам – жаңа адам-ды, Жаңа адамдар бағаланды. Берді ол тұңғыш биікте үнін туған жерге – қалған жаңа. Сол бір үннің биіктігін өлшей алар арман ғана. Таң арайлы... тау шыңдары, Тау шыңдары құбылды, әне, Таң жырлары таусылмады, Таң атты бір бүгін-дағы. Жаңа ой туды – ең асқан күн,– Жаңа Күнге ұсады да. Біздің жеңіс, тек аспанның сыя алады құшағына. Таң бояуы жанға жұғад, Таң сүйіп тұр бұ маңайды. Жыр секілді, таңдар бірақ бір-біріне ұсамайды. Басы ғой таң арманның да, Таң мен арман дос болады... Ендігі әрбір таңдардың да Болар бір-бір космонавы!.. 1963, 1982
ШАЛ – ҚОБЛАН
Көктем. Аула. Боразда. Топырақтың түріліпті еріні – Күрек салған бораздаға ол аз ба. Шал қолында темір күрек кәдімгі, кәдімгі шал бұл өзі. Жалғыз міні – ұнатады әзілді, Сайқымазақтау мінезі. Сол әзілмен ұқтырады өзін ол, бет-жүзі ескі, жаны бірақ су жаңа. Сәл қысыңқы көзімен Қарағаны керемет-ау қулана. Еңбеккер жан атаушы еді оны елі, Еңбек, рас, суытпайды денені. Кәрілік те – әлсіздік-ау деп еді, бұл – жастық пен қайсарлықтың өлеңі!
Шал маңдайы – терлер жыртқан боразда, ақ селеулі төбеге ұқсас басы да. Дән де емес-ау, маңдай терін себеді Мынау бораздасына. Айтсам егер мен шынын: Секілденді бәрі соның меншігі. Дәл соныкі Аспан, Жер, Жердікі, әттең, өзі де. Ертең өзі «О дүниеге» өткенде бораздасы қалады. Осыны ойлап кеткенде бір шытады қабағын. Бұдан басқа қарсылығы жоқ тағдырға Қарсылықсыз бағынады қол мына. Осы қолда әлі сөйлеп келеді Күрегі оның Күрек емес – домбыра. * Соғыс жұтқан мұның да Жалғыз ұлын сонау жылы көктемде. Кәрі жүрек қояды сәл шымырлап білегіне бейнет батып кеткенде. Кемпірі де жоқ оның,– Өзі айтады: «тозақта». Мынау кәрі дененің Жартысы да со жақта:
«пәрәлеш» пе? Бола ма ондай қазақта Қайсарлық бойға жамалды Қайғылы талай түн қорлап. Өлмейтұғын адамды Өлтіре алар кім зорлап! Шал осылай жүр тірі, Сол күндерге кекті о да. Шалдың кесір кірпігін Тер жуады тек қана. Демал десең бір көнбей Жер өңдейді Қобылан. Әлденендей кегін алып жүргендей Күрегі мен қолынан. Жер қазып Ол – жалғызбас. Кіміне азық әзірлер? «Жинап жүрмін көрге азық»,– деп кейде өзі әзілдер. Қу бұтақтай тамыры, Жапырақтай алу-далу кеудесі... О, тағдырдың әмірі, мықтымысың сен де осы? Шал мықты ма әлде бұл Ертеңге озған Бүгіннен, Кәрі демін – дәрменін Топырағына сіңірген?!
Шал маңдайы – боразда, Жер маңдайы– боразда бірін-бірі жасандырса... Ол – аз ба! Көзіме де сыймады, Көңіліме де сыймады бұл – ғажап жан; таппайды ол еш тыным, Мейлің ая, күл мейлің. Тартады оны еңбек деген махаббат, ал махаббат қартаюды білмейді. 1963, 1982
МӨЛДІР АСПАН
( Цикл) Шанада Айнала аппақ, аппақ дала қар аппақ, Ойнайды жел аппақ қарды парақтап. Бір шанада екеу отыр құнысқан, шана артында үйіріледі күміс-шаң. Тұяқтардан кесек-кесек ұшқан қар домаланып безіп барад - ұстаңдар! Құрысқан қол көтерілген жағаны Әлсін-әлсін ебедейсіздеу қағады. Таяп қалды, таяп қалды екінді. Боз аспанның батыс жағы кетілді. Бірте-бірте қүн барады қызарып - жіберген-ау мынау өмір ыза ғып?!
Сұрғылт мұнар сайға қонып қалыңдап, Көлеңке жүр жыраны өлшеп адымдап. Көкжиектің сұп-сұр болған ернінен Қып-қызыл күн сүйді-ау бір сәт жалындап! * Аударып тастадым календарь бір бетін, көйлегім тастадым көне бір. Өлімді жек көрсе кімде-кім, атқарған болады адамдық міндетін. Көңілден, дүние, көңілден, мына біз шаттығың маздаған... Не рақат көрсем де өмірден, бәрі де әлі де аз маған! Сол күндер әлемге көп мінез тастады, әлсіздік жаутаңдап күштіге, Мұңая төніпті Европа аспаны әкемнің өлігі үстіне. Көмейде кетті өліп есіл үн, бәріне бір түйір қорғасын кесті құн. Мен кейін сол әке есімін шешемнен естідім. Сондықтан әкенің есімі мен үшін бір тұнық - қозғама... құлақта - үн ғана, қағазда - сөз ғана.
ҮЗІНДІ
Майдан. Балшық. Сұп-сұр жер табанынан солқылдатып сорады - тоңған солдат... Шешіп алып шинелін винтовканың затворын орады. Қара түтін жұтып жатты көкжиек, бұлттарды айдап үлгермеді жел-дағы. Солдат отыр олжа көріп тоңғанын бір фашист атсам дейді болғаны. Бөбегіндей бейне бір винтовкасын құрғатып. Мылтық дүмі иығына бір батып -
қаруыңды сезінудің өзі де бір бақыт. Атты солдат жауын мықтап көздеп ап неткен күшті жалғыз оқтың жарқылы: зулады оқ, жауға қарай зулады сол солдаттың өз маңдайы арқылы. Аз-ақ уақыт бөлінген-ау өлуге, өмірге көп; айналмайды бал уға. Сондықтан да асықпайды от сөнуге, шикі тезек асықанмен жануға. Күлімсіреп бата алады күн ғана, ертең қайта шығады ғой себебі. Қайта тумас тіршіліктер сол үшін де қайғышылдау келеді. Күздің күні қанша жарқырағанмен, таңы - суыса келер қысқа жоримыз ғой біз бәрін. Сол секілді, күлкілердің ар жағынан кей сәтте сезіледі, ажал, сенің ызғарың. Сондықтан да біздің тұрмыс түзелді, дәрінің де, қарудың да бар түрі. Ғұмырды тек ұзартамыз біз енді ерте тұрып, кеш жатулар арқылы... Көп адамның тұрағы бар, табаны жоқ секілді. Табансыздың тайқымасқа амалы жоқ секілді. көп ісімнің азабы бар, сауабы жоқ секілді. Көп ойлардың сауалы бар, жауабы жоқ секілді. Бұдан өзге түк ұға алмай, түк алмай, Отырмын мен суып қалған қиялдай. Отырмын мен сонша жүдеп, сонша арып Айлы түнгі Алатаудай томсарып. Табансызға таяқ болғым келгенмен, азаптыны аяп көргім келгенмен, сауалдарға жауап бергім келгенмен көкірегімнен көре алмадым көлді өнген, жанған шырақ көре алмадым кеудемнен. Өйткені мен - қателігім сезінем қарап едім дұшпандардың көзімен.
ТЕҢІЗ ТУРАЛЫ
Теңіз, теңіз!.. жел тұрмай-ақ тулады ой, теңіз болса табар ма еді жан шыдам. Теніз бірден - теңіз болып туған ғой,
мен теңізді құям деймін тамшыдан?!... Теңіздердің құдіретіне елігіп, толқып, толқып аламын. Көп толқынды жел көтерсе демігіп, мен - теңізді көтергендей боламын. Толқындарды сындырады жел бүктеп, теңіз жатыр басын сүйеп даңқына. Кім теңізге туған болса еліктеп, сол жарайды, тым құрыса, тамшыға. Тебірене, тебірене бұл теңіз толқындардың шашы ағарып кеткен бе? Адам жанына үңілуді білсеңіз таңданбайсыз теңіздер мен көктемге. Мен жырыма: "Теңіз, теңіз",- дегіздім, теңіз жәйлі шертіп жүрміз шын аңыз. Табынбаймыз атағына теңіздің, оның даңқын шығарған да мына біз. Толқындардың тізбектерін жел үзді, теңізде де тұтастық жоқдәл шыным. Табыну - жоқ, тану үшін теңізді Білсем деймін қасиетін тамшының!...
МЕНІҢ ҮЙІМ
Төрт қабырға, қос терезе, сырлы еден... қос көлеңке түсіреді бір денем: күннің нұры, шамның нұры бар тағы - бірі жанса, бірі солғын тартады. Төрт қабырға... қос терезе, сырлы еден. Екі төсек бір бұрышта, ал анау керек екен шкафты да бағалау. Тау-тау болып кітап жатыр үйілген, бұдан өзге түк көрмедің бе үйімнен?... Жо-жоқ! Жалған! Өсек айтпа ей, досым, Сен қоя тұр, менің тілім сөйлесін. Өзің айтшы, осы үйдің әр бұрышынан көрмедің бе қанағаттың бейнесін?! Айтып ең ғой кейде мақтау, кейде сын сәбиімнің көріп тұрып жейдесін. Неғып қана көрмедің, дос, осы үйден Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін!... Саусағымнан дағы өшпесе сияның күн нұрындай қуат табар қиялым. Қанағатты жіберем де қарынға, күннің нұрын жүрегіме құямын. Күннің нұры, себебі, тым жас, әлді,
ал, шам нұры жасанды ғой, жасанды. Шамның жарығы-нан туған өнерді жасандылық жайлар екен қашанғы.
ЗАТТАР, СЫРЛАР, ЖЫРЛАР
(Цикл) 1. Шегелер
Еңбек! Әр күн сайын қағылады мың шегең, мың шегеде – бір балғаның салмағы. Мен де өзімше бір балуан, бір шебер, әкел, бермен дос тонналық балғаны! Әр секунтке ұстаттық қой бір балға, Қағылады, кағылад шеге көп. Балға даусы естіледі жырдан да, Жүрміз бірақ неменені шегелеп? Шеге, шеге! Жұрт не десе – о десін, Сөз – жүйесін, өз иесін табады із. Өткен күннің суырып ап шегесін келер күннің тақасына қағамыз. Маңдайшада, қабырғада – шегелер, тағаларда, табандарда – шегелер. Шегелерге шеге ғана теңелер, не құдірет бар шегелерге теңелер?! Дүниедегі серт пен сенім бар жүгін Шегелерге артар едім – не керек, Дуалының тілі болсам бір ерек: дүниедегі мықтылықтың барлығын айтар едім, атар едім шеге деп!
- Сымдар
Аспан тұрды айналаны тұйықтап, жалт қарадым – тоқтадым, жалап-жалап жаһанамның оттарын Үндемейді жел де тілі күйіп қап.
Айналада – ауада бір діріл бар, Тыңда, тыңда... бағаналар, тұрыңдар. Әппақ, әппақ құлақшалар түрілген үн аулайды ауадағы дірілден.
Үн аулайды, жата алмайды о да жәй, Үн оянса – барлық құлақ қомағай. Асайды олар бар дыбысты күн-түні, құлақтың да бар өзінше құлқыны.
Бұл дүниенің ол шетінде жатып ап Не дейді анау ағылшындық ақымақ?...
Торғай ұшса селк етеді жапырақ, Сымдар жатыр соның бәрін бақылап.
Сымдар жатыр, сымдар жатыр гитарлардың ішегіндей шіренген, Ыстық демді бір ел тартты бір елден. Тебінгідей құлағымды түрем мен, сымдар жатыр, сымдар жатыр шіренген.
- Күндер
...Лақылдатып төкті бұлақ көбігін шалқақ жатқан жағасына уақыттың. Уақыт, уақыт! Басқа сыймас көп ұғым, уақыт сыйды құшағына Уақыттың.
Еркелеймін басқаға емес, Мезгілге, Еркелеуді ұнатам мен кәірге. Уақытпен салыстырсаң жас мүлде Күн де, Жер де, Құдайлар да – бәрі де, Күн шуағын толтырып ап көздерге Күллі әлемнің қойны-қоншын кезгенде, оттан қорқып сол көздерден таралған қашар еді көлеңкенің бәрі алдан. Көлеңкені жеңдіріп күншуаққа, Қандай ғажап жетіп жатсаң мұратқа. * Ей, күншуақ, құйыла бер жерге осы, Ей, күншуақ – дүниенің зердесі. Шуақ болып жарқырашы, алғы күн, Не берсең де – көлеңкелеп бермеші. Ей, күншуақ! Бердік саған Ана атын, болашаққа бізден бұрын баратын. Самғай берші, ақ самұрық, ақ шуақ, Батыс, шығыс – сенің екі қанатың. Сараңдықты алады екен кім қалап! аспан жомарт, туады күн іңгәлап. Ей, адамдар, тозбасыншы өмірің, Көкжиекті тоздырғанша күн қажап!...
- Монологтар
Пәк сезімдер – қанмен бірге тамырларға таралған, бұл жүректе болмас тамшы арам қан. Мен – пәктіктен, пәктік менен жаралған, қос тамырмыз, бір топырақтан нәр алған. Сондықтан да, сондықтан да, жер, сенен. фондандай боп атып шыққан тентек ем...
О, туған жер, қасиетті топырақ, жапырақтарың кеудемде тұр қалтырап.
Күзгі күннің қабағы боп шытынам, жазғы күннің жанары боп жарқырап.
Күрек ұстап үйренсе де қол мына, жат болмады мылтық пенен домбыра. Кейбір күндер тастап жатса мол мұра, кейбір күндер күл тастапты орнына.
Жаңа үмітпен нұрланды қыр, атып таң, күнді күтпен төсегімде жатып паң. Ұяламын ұйқым үшін уақыттан, Қырсық жасап алмайын деп Бақыттан.
- Толқындар
Жартас тұрды жағалауда тістеніп, Қорланады ол – еркелесе толқындар. Ерке-толқын шапшыды да түсті өліп... жартас тұрды баяғыша тістеніп. Сол жартасқа кейде қатты сүрінді менің ерке толқындарым бүгінгі. Жаңғырықтар жүзге бөліп бір үнді, сексен саққа жүгіртеді жырымды. Күндер туды көкейі ырыс, сырты Бақ, күн көзінде бір жылу тұр жылтырақ. Кеуде толы ой келеді шымырлап, Көше толы күй келеді бұрқырап, О, дариға, үмітімді үзбе, күн, үмітім сол – басылмаған іздерім. Соған шейін көрмесін деп мені ешкім, Өз ойыммен өзім ғана боп өстім. Кей көңілді өзім күліп жылаттым. ...Күндер шіркін қағып алып денемді Толқынына мінгізеді үміттің...
- Ойлар
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн? Күй орнына матор үнін тыңдаймын. Бірақ сылқып көсіледі түнгі айдын. Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн! Ракеталар шықты кенет көкке ырғып, содан шығар кетті өзгеріп көп тірлік. Қара бағдар білезіктей Ай төсін, Сипап көрген саусақтарды қайтесің! Түн түнеріп жата алмады жәй шыдап, Прожекторлар қиған кезде қайшылап. Білдім, білдім алғы күнде кім барын Қозғап көріп электрдің сымдарын. Сол сымдардай тартылып тұр тамырлар, көтеріп тұр бір электр сым бәрін. Жүз кнопка – жүз бармақтың астында,
сымдар ұқсас күре тамыр-тасқынға... Сенем: қолдар кнопканы тастар деп, Сенем: қолдың ар жағында Бас бар деп. Бір жағымда қауіп-қатер жүр бұғып, Бір жағымда қос сәбиім тұр күліп; Соның бәрін бір құлақпен тыңдаймын, Айтыңдардыш, бұл қай заман бұл қай күн!
- Ойындар
О, балалық, сен не деген бақытты ең – Қармайсың бармақтардың астына, Бір жымисаң жібітесің тасты да, О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Жер-әлемге жайып тастап шуақты, бір алтын шар көтерілді күн атты. Әйнектерде сәулесі тұр дірілдеп, дірілдейді менің атым, «бүгін» деп. Ұқсаң еді аптығымды сен менің – бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...
Балалар да оянды, әне, төсекте жатыр «күшік», «қояндар» да, «есек» те. Көктемеде төлдеп бәрі «өсед» деп, тұрды бір саусағымен есептеп. Содан кейін басталды ойын, кетті олар әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп. Ракеталар, самолеттер, көп анда, бірі қонып, бірі ұшады табанда, Шабуылды бастады әне, бір «батыр» конфеттерден қаланған бір қамалға. Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып. Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып. Содан кейін жалықтырып бұл да оны, Қулық ойлар құрбысына күлгелі. Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді, «Аққу көлі» балетіне билейді. Шаңның өзі күн алдында алтын шаң, ....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!
Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ, Самал есті ақ әжедей аңқылдап. Самал-әже асығады әрдәйім, Нәрестенің сүю үшін маңдайын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең! Күндемеймін, күндемеймін, қарағым, Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп, Соның бәрі бір үміт пен бір тілек: Балалардың ойыншығымен қолдағы үлкендер де ойнамаса болғаны!
- Өзгерістер
Кеше атқан таң бүгін де атып келеді, кешегі аспан бүгін де үстен төнеді. Ауыр ма еді кешегі артқан жүгім де? Бүгіннің де өз жүгі бар – түңілме. Кешегіден бүгін артық... болса олай күн кешеміз біз қалай ертеңгіні аңсамай Қандай ғажап өзгергенім!.. Кеше түн балшық көше етік киіп кешетін бүгін көрсең... қалай-қалай төселген! ...Осындайды көрген сайын өсем мен. Мына бір жер кеше ғана сай еді, Бүгін, міне, көршінің жас әйелі келе жатыр баспалдақпен жоғары – сайға атылған кесек те өрге домаланады. Кеше ғана... кеше бұл үй жоқ еді, Бүгін ол да мың көзімен көреді бір шындықты – бар екенін өзінің. Бүгінгі күн – жоқ болудың өзі мін! Шымырлайды мұхит-аспан тереңі, әрбір мұржа өз түтінін өреді... Алатаудың көне бұлтын жыртып ап, ала бұлақ келе жатыр бұрқырап. Таңғы шықтан еткен ызғар табанға бір сергектік беріп тұрды маған да. Осы кезде төсекте едім мен кеше, кешегіден ерте тұрдым ендеше.... 1963, 1982
ЕГІЗ ШУМАҚТАР
Аяқ екеу, Ақыл жалғыз, қатем мың – барлығын да өмірге өзім әкелдім. Жігіт болдым. Анам байғұс соған мәз, шақ болғанға киімдері әкемнің. Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің бар мәнімді мазасыздық жеңгенін. Қайдан білсін бар екенін талай жыл шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың...
- Екі бүйірім – егіз қынап секілді, төрт жүзі бар екі қанжар мендегі қырланады қырсыққан бір шағымда сегіз бөліп кетемін деп кеудені. Сол бір қырдан ұшқын алам жарқылдап: Бір қанжарды жауыңа арна деседі. Тайсам егер елге берген антымнан Бірі менің өз басымды кеседі. Мен үш-ақ күн өмір сүрдім туғалы: дүниеге келген күнім – бір күнім, Ең үлкен қол – заман қолы – алды жерден көтеріп, планетаның ең кішкене тұрғынын. Екінші күн – ең жаныма жақыны – мас қылған күн махаббаттың шарабы. Үшінші күн – сол бір махаббаттың да суыйтынын ұққан күнім болады. Сағат байғұс тұра алмайды бір үнсіз, тық-тық етіп минөттерін санайды. Әркім өзі болса қанша тынымсыз, өзгенің де тыншымауын қалайды. Ал, мен кейде үн шығармай қаламын, жалығады жанбасым да төсектен. Сонда ғана... сағатымды аяймын санатуға уақытымды бос өткен. Қос қанатын қиып алып байғыздың қырандарға берсек егер ұялмай, қыран болып сілтер қыран бәрі бір байғыздың да қанатын. Топшы керек қанатты да қағатын, жаман аты – сол баяғы бір жаман. Қыран қанатын беріп еді байғызға – қонды ол барып бәрібір сол мұржаға. * Үміт, күдік – екі төбет екеуі, менің кеудем екеуінің мекені. Бірін қусам қайратыммен қорқытып, Бірі менен өз еркімен кетеді. Бірі баян таппайды екен бірінсіз, бір орынға тағы екеуі сыймайды. Екі төбет ортасында бір кесек ет – жүрегім, Күні-түні жұлқылайды, қинайды. Мен егерде бақыт болсам, ең әуелі қадірлер ем өзімді. Бір күн ұшып, бір күн қонып жүрмес ем, Содан кейін... сыйлар едім сезімді. Іздер едім дүниедегі ең «сорлыны», жұрттын, бәрін таң қылып.
Таңдап-таңдап бір-ақ рет қонар ем, және сонда қалар едім мәңгілік. Мен көлденең тұрар едім тас болсам, ауыздарға өсек-ғайбат түтеген. Мен бір тамшы жас болсам, сұлулардың кірпігіне бітер ем. Сия болсам сөйлемдердің соңына Тамар едім нүкте боп... Ал, егерде бас болсам Ақымаққа қояр едім бітпей-ақ. Алтын деген шыдамды ғой шындықтың дәл біреу іздеп тапқанынша – жатады. Дүниені кезіп бірақ жүреді Алтын деген атағы. Алтын деген атағы да іреңді. Кім иелік жасай алар даңққа! Сол секілді дананың да аты кезіп жүр елді, өзі бірақ жатады ылғи табытта. Теңіз болса сұлулық кемесіз-ақ жүзер едік біз онда: қорқақтық та құбылар ед бояу боп, поэзияға айналар ед азаң да. Теңіз болса сұлулық болса-дағы қаншама мол, қанша көп, сұлулыққа құмартқан көз-оймақпен әлдеқашан құйып алып таусар ек. Ешбір көзді, қарын, қанағатты да тойдыра алмас менің кисель – сөздерім, Қанатымның қауырсыны қатты ма – ұшқанымның өзін кейде сезбедім. Қазіргі адам қанағаты – көзінде, тою деген қасірет емес, қой әрі. Тоймаса да жіті болсын көз бізде, ал, қарындар – кисельге де тояды. Қызғануды ұқпаушы едім бұрын мен, көрші қызды қызғанбаса болмады. Екі іштектей қатар түскен бұрыммен менің сезім-саусақтарым ойнады. Мен қызғансам көршіні, мені қызғанды әйелім – қос күйікті көтеріп жүр бой әрең. Егер менің қызғанышым – ит болса, Екі есікті күзеттіріп қояр ем. * Көкірегімде бір сыбыр бар, дүбір бар, Сайысады сабырлы ақыл ашумен; Сезім мен сыр, қәне, сыртқа шығыңдар,– Сендерге ие бола алмаспын асыл мен.
Ақыл, ашу айтысы – Біреуін де қолдамаймын тегі мен: Екеуінің жеңсе-дағы қайсысы Бәрібір – мен жеңілем. Наполеон етігінің сыңары «Ұмыт қалған» орыстың орманында. Келмеген соң өзі іздеп Гитлерге табыс еттік оны да. Сол күн жәйлі естеліктің өзі де Сары тарих, сарғайған құр сүгірет. Енді біздің бұл өлкеде ешкімнің «Ұмыт қалған» түгі жоқ. Жақсы ағалар бата берген ақ жанмен жарқ етпей бір қалам ба? Жақсылықты көру үшін жердегі, Жақсы болу керек екен маған да. Жақсылықты тауса алмайды өлім де, Жан емеспін мен өлі. Жамандықты көзім көрген сайын мен жақсылықтан үш айналғым келеді. Сұлулықтың құлпырады бояуы, Қандай бояу? – сезеді оны жүрегім. Қызыл, көк деп түстей алман өзім де, Тек әйтеуір сұлу екенін білемін. Сұлулықтан қанша рахат табасың, күйші соны қанша шебер жырлайды. Соның бәрі... әппақ жұмыр білекті бір-ақ рет ұстағанға тұрмайды. 1963, 1982
ӨЗ КӨЗІММЕН
Жер, Көк аспан, Күн жанып тұр сұрапыл – тіршіліктің үш негізі бұл берік. Зырылдайды кинолента-уақыт – Көре алсам-ау соның бәрін үлгеріп… Мен анамды таныған ем ең алғаш Осы көзбен – енді неге жаңылам! Содан кейін... туған жердің үстінде аспанымды танығам. Келе-келе кетті «ұсақтап» бұл көзім – Көрер болдым көрші қыздың бұрымын. Елеусіздеу алып өтті күн де өзін, Екі бөліп көк аспанның күмбезін. Соны көріп үйренген көз, міне енді Көріп отыр кабинетті, кілемді.
Бұл жанарда қанша ай мен жыл өлді?– Жоқ, өлген жоқ, бәрі маған тиелді. Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген! Менің санам – естеліктер жинағы. Бәрін де мен ұмытар ем, Осы көзде тұрмаса ана байғұс аспанымның дидары... 1963, 1982
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру