Рахмет, Мұқа!
Алмас Нүсіп
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тәуелсіз қазақ әдебиетіне қосылған дарынды прозаик – Алмас Нүсіп. Тілі жатық қаламгердің шығармаларындағы сюжет желілері тартымды. Шығармашылық жолындағы негізгі ерекшелік – әдебиеттің бет-бейнесін қалыптастыру үшін шығарманың көлемінен бұрын мән-мазмұнына ерекше назар аударуында.
Мұқағалидың «Қош, махаббаты». Алдымда жатыр. Алдымда жатқаны – оқылып біткені. Бұрын да талай оқығам. Сондай ауруым бар. Тіпті, жатқа білем десе де болғандай қаншама шығарма қайта ақтарылды екен! Кенеттен есіме түсе кетеді де, үйге жеткенше асықтырады. Қызыммен ренжісіп қалдым. Кәдімгі жүріп жүрген қызым. Бұл – бүгінгі сөз. Әдеби тілге, қазақы түсінікке салсақ – қалыңдық. Иә, болашақ жар. Қыбын тауып, қағып түсер, оңай жолығысып, қиналмай айырылысар жолбикелерден жөні бөлек, жолы үлкен. Сегіз қызым бір төбе, Сары қызым бір төбе! Шындығында, үлкен сегіздік қаңбақ сияқты. Үп еткен желге дөңгелей жөнелгелі тұр. Ал, жалғыз қыз – жер қозғалса мызғымас дәу қара тас. Қайсысының бәсі жоғары тұрғандығы жайлы әңгіме осымен тәмам. Рас, қызым сұлу еді. Сегіз қызды бұйым құрлы көрмей жүрген соң-ақ түсінікті ғой. Сары қыз дедім ғой. Сондай «светной» қыз еді. Ақылына көркі сай, сұңғақ бойлының нақ өзі. Өз бойыма шақ емес, әйтсе де бойдан мен көрген қорлықты ұрпағым көрмесін деп, ол киер биік өкшелерді құрбанға шалып, арланбай ертіп (әлде еріп пе?) жүруге бел байлағам. Сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз де... сеніңіз, көлденең ұшырасқан жұрт қол ұстасып кетіп бара жатқан бізге қызыға да, қызғана да қарайтын. Қызыға қарайтыны – қызықтап қарайтыны. Сұңғақ қыз бен тапал жігітке басқалай қалай қарауға болады өзі? Қызғанып қарайтыны: «...мына жаман неменің (мені айтады!) бір тұтам болып ап, мынадай қызды қағып түскенін қарай гөр...» – деген таңданыстың төңірегі. Әне, жұрт, жұрт болғанда, әсіресе ауылдағы кемпір-сампырдың аузынан түспейтін көлденең көз «қызыға да, қызғана да қарайтын әулет» біз едік. Көз өтіп кетті-ау. Сірә, қалалықтар ауылдағы апаларым айтатын «тіпә, тіпә, тіл-көзім тасқа» дегенді білмейтін болса керек. Қош, көз өтсе де, сөз өтсе де – кетті әйтеуір. Қайран күндер өте шықты. Себебін білгіңіз келеді ғой? Айтайын. Бастан қан шықты ғой, соңына дейін төбелесеміз енді. Жаным шығып кетсе де, құрметті оқырман, сізге түсіндіріп бермей, қайтпаймын. «Өлуім бар, қайтуым жоқ», – деуші едік, бала кезде намысқа тырысып. Сол ашуыма бір мінбесем, бойым өсіп кетсін! Сіздің не ойлап отырғаныңызды жобалап отырмын. Жоқ, бойдың қатысы жоқ. Қызым ақылды еді деп айттым ғой. Ол бәтшағар да сорайған бойға тіреліп қалған ештеңе жоқ екенін біледі. Оның үстіне, мен де өз саясатыма бәлемін. Шамам жеткенше дөңес жерлерде жүруге тырысам. Сондықтан да, көк тіреп жүргендердің өзі көріне алмас жерде көзге түскішпін. Көзге көп түскен соң-ақ, сенен жақсы адам жоқ. Атақты болудан асқан бақыт бар ма?! Атақты болсаң... Кемшілігіңді – қасиетке балай қоятын қазекемнің осы бір қасиеті-ай. Садағасы кетейін! Бойына сеніп жылдан құр қалған түйенің трагедиясынан артығымен хабарым бар, – сене қоярдай бой әу баста болмаған, – ойға күш салып бағам. Ол әрекетім нәтижесіз де емес. «Ой, шіркін, Пәленшенің баласы-ай», – дегізіп, ауылдағы шал-шауқанды бір шулаттым. «Жанып тұр-ау, жанып тұр», – дегізіп көк сақалдарды мойындаттым. «Жігіт болсаң жомарт бол деген, менің Түгенше қайныма тиген қыздың арманы жоқ-ау», – дегізіп, жеңгелерімнің аузын алдым. «Ауылы мойындағанды – әлем мойындайды» деп еді ғой Қадыр. Дуалы ауыз ағамның айтқаны рас болса, біздің ауылдың аузынан шыққан дықпырт жақын арада әлемдік деңгейге көтеріліп те қалуға тиіс. Иә, иә, үміт бар. Мұндайда қазақ «Ел мақтаған жігітті – қыз жақтаған» дей ме? «Бой бергенше ой бер» деп жатар алдында бір ыңыранып барып ұйықтайтындығым өзіме аян, өзім кемшілік санамаған бойды ол қайтсін, бұл тақырыпта жақ ашуды қойғанбыз. Тек, кейде ғана «ни че, төсек теңестіреді», – деп қоятын басымнан сипап. Шымбайыма батып кетсе де, қоразданып шыға келем. Әзірге, бұл шақарлығымнан көрген зияным жоқ. Бір қызды ықтыруға кеңінен жетіп тұр. Сонымен, сөздің түйіні – айырылысқан аққулар оқиғасының бас себепкері бой емес. Сондықтан, жаңағы ойыңызды қалтаңызға сала тұрасыз-ау. Ал, мен төбелес... құдай-ау, түсіндірмені жалғастырайын. Ол үшін біраз жерге шегініс жасауға тура келеді. Танысканым туралы айтпай-ақ қояйын. Мықты саясаткер екенімді айттым ғой, бұл тараптағы сәтті қадамдарымның қайсы бірін түгендеп отырармын! Осыдан екі жыл бұрын сәті түскен. Содан бері ол менің қызым. Жиырма күн болып қалды, бақытын басқа тепті. Құдай сақтасын, менің басым емес, өз бақытының басы. Оған дейін де талай қызбен араға жораға жүріп үлгерген, еңбегі сіңген «дежурный» өлеңдерімді жолдап жүріп, құрығыма іліндіргем. Аса қиын болды деп айта алмаймын. Соған қарағанда, жомарт құдай бойдан қысса да, ой ғана емес түр-әлпеттен де соншалық қаға қоймағанға ұқсайды. Қысқасы кездестік. Алғашқы кездесуге тән сыр-сипатты да тәптіштеп жату артық. Өзіңіз білетіндей аздаған жатырқасу бар, әңгімеміз үзіліп-жалғанып, құшақтаған қайда, қолынан ұстауға батпай, біраз әбігерге түстім. Мұндай сәтте бойдың сәйкеспеуі де бірден бой үйретіп кетуге айтарлықтай зардабын тигізетінін ескерте кетуді парыз санаймын. Оның бойынан байқаған алғашқы қасиет – тым ұяңдығы. Тесіле келіп қараймын. Қарамауымды өтінеді. Бір есептен оның бұл ұялшақтығы маған көптеген жаңа мүмкіндіктер ашты. Қатар отырған адамың үндемес болғанының бір жақсы, бір жаман жері бар. Мәселе оның неге үндемей отыруында. Егер, сізді бойына тоғытқысы келмей, қашқақтап сөйлемей қойса, онда есегіңізді басқа жақтан суарғаныңыз жөн. Ал, сізге мөлдіреп бір қарап, еркімді сізге бердім, не істесеңіз де ердім соңыңыздан дегенді ұқтырса... Онда, құдайыңыз берді дей беріңіз. Міне, менің де алғашқы кездесуімнің беті бері қарап тұр. Батылданбас жөнің жоқ...
Сөйтіп, біз бақытты болдық!
Көрменің затындай қылып, қасымнан тастамай ертіп жүрем. Көрменің заты дейтінім, барған жерде ел-жұртқа арнайы таныстырып, бір сынатып алам. Артынан, оңашалана беріп, пікірін сұраймын. Итің жаман деген адамның ит терісін басына қаптайтын қазаққа «қатының жаман», – дей қояр қай әңгүдік?! Оның үстіне «қызым қалай екен?» – деп өзім сұрап тұрсам. Оған қосымша, бұл жағдай кез келген адамның басында бар жағдай. Елден таңдап сүйгенің жайлы жағымды пікір айтқан адамнан айналып қана кетпеймісің?! Мен білгенді ел біледі. Әйтеуір, қалыңдығымның бұл тараптағы бағасы «бестен» түсіп көрген емес. Ұяң қызымның қылығы шыққаны кейіндеу. Бала кезімде «жаман адамның өзінің бойында бір жақсы қасиет болады» дегенге беріле сеніп өссем керек, оның бойындағы кішкене қасиеттің өзін үлкейтіп көруге тырысатын болыппын. Қарға баласын аппағым деп сүймеуші ме еді, менің байқағыштығым осы тарапта көп еңбек сіңірді. Мен сырт қарап отырғанда маған көз айырмай қарап отырғанын аңғарам да, асықпай зерттеуіне мүмкіндікті молынан берем. Кинотеатрға барамыз. Фильм жайына қалады. Басқа жер табылмай қалғандай, осы жерде отырып сүйісеміз келіп. Өз бақыты өзінде жүрген адамға басқаның басындағы романтиканың керегі болмайтынын сол кездерде ұғып едім. Мынадай жолдарды жазып отырған адамның сөзуарлау келетінін өзіңіз де біліп отырсыз. Онымен оңашалана бергеннен-ақ аузым-аузыма жұқпай, сарнап бағам. Махаббат текті романдардан оқып алған сөздерді аяусыз қолданам. Сөйлей берем, сөйлей берем. Романтикаға белшесінен батқан аңғал ақылымның идеалы болған кейіпкер жігіттің қалыбына көшем де, оның сөздерін айна қатесіз, кейде артығымен жетілдіріп көсілемін-ай. Ол әдеттегідей үнсіз тыңдап бағады. Таңданып отырғанын сезем. Сабазың, онысын да көп білдірмеуге тырысады. Өз аңғарымпаздығым жайлы аңғарттым ғой деймін. Таңданғанмен тамсана қоймайтынын ішім сезеді. Сөзің өзің ойлағандай әсер етпегенін білген соң қоя-ақ қою керек қой. Бірақ, анау-мынау емес, болашақ классиктің әйелі болуға тиіс қыздың бұл бейғамдығы жыныма тиеді. Өлермендене түсем. Құрығанда, «мыжи бермеші», – деген жазғырынды жауап естіп барып, тыншығым келеді. Өкінішке орай, ол тарап әзірге үнсіз. Ғашық адам үнсіздікті неге жоруға тиіс? Әрине, жақсыға. Әйтеуір, мылжыңым далаға кетіп жатқан жоқ шығар дегенге өзімді сендіріп бағам. Менің пайымымша, ол – ақылды қыз. Ал, ақылды көрсету үшін қысыр сөздің қажеті жоқ. Мақұл, үндемегені жақсы.
Өстіп, бақытты болып жүріп жаттық.
Соңғы кезде жетістіктерім аз көріне бастаған. «Ол мені сүйеді». Бұл байлам мен бағындырмақ биіктің шыңы. Тек, тағы да нақталай түсу керек. Қиыла қарайтыны, үнсіз ғана еркелейтіні, мені кәдімгідей арқа тұтатыны бұл кезде қатардағы қарапайым пайымдар. Үлкен бір дәлел керек. Менсіз өмір сүре алмайтынына көз жеткізсе... Ойлана келе тоқтам жасадым. Білмейтіні бит астында жатқан ұлы стратегтің басын бекер арқалап жүрмегеніме тағы бір мәрте көз жеткізіп, бүйректен сирақ тауып берер ақылым бірдеңе ойлап тапты-ау.
Түк қиындығы жоқ екен.
– Екеуміз кездесіп жүргелі жылға жуықтады, – дедім арыдан орағытып. Жалпы, айтарымның негізгі бөліміне көшпес бұрын, жұқалап бастайтын кіріспе құрауға шеберлігіме өзім де тәнтімін. – Солай ғой?
– Ммм... – дейді менің не бықсытып келе жатқаныммен шаруасы жоқ.
– Иә, бір жыл оңай уақыт емееес, – деп қойдым ыңыранып. Бұдан ары сізге «осылай дедім» деп айтудың өзі артық қаншама сөздер ағытылды. Бір жылың не, бір секундта шешіліп жататын тағдырлар төңірегінде біраз пәлсапа соқтым. Баяғы қосыла алмай кеткен ғашықтардың бір-бірін соңғы рет бір көруге зар боп, құса шегіп, арманда кеткені жайлы жеткілікті мысалдар келтірілді. – Оған қарағанда, – өткенді қойып өзімізге ойысқан тұсым бұл, – біз бір жыл бойы ешқандай кедергісіз, ешкімнен теперіш, тепкі көрмей, – мұндай сөздерді ол түсінбейді. Сонда да бұл қадамға өзі түсінбейтін сөзді еш қиналыссыз айтып отырған жігіттің шешендігі мен білімділігі, қала берді, біліктілігіне балап, менің өзінен артықшылығымды мойындай түссін деп саналы түрде баруды әдетке айналдырғам. – осы күнге жеттік. Құштық, сүйдік. Нағыз махаббат – махаббат күйінде қалғаны жөн сияқты. ...Қалай ойлайсың?
– Ммм...
Тағы да сол емеурін ғана. Ашулана бастадым. Бірақ, дәл қазір ашуға жол жоқ. Өзімді зорлап, сабырға келуге бекіндім.
– Осы күнге дейін өмірдің өзі ғана емес, ғылыми тұрғыда дәлелденгендей, – ғылымды қосудың өзіндік саяси астары бар, – бір-бірін қанша жерден шын сүйсе де, екі адам бірге өмір сүрсе, яғни, бірге жатып, бірге өріп, өне бойы бірге бола берсе... – жалығып кетеді екен. Демек, бір кездегі жалынмен құшқан ғашықтық күйкі тірліктің астында тұншығып қалатын көрінеді... Көрінеді емес, менің бұған көзім жетіп болған. Қаншама аға-жеңгелерім бар, көріп те жүрміз. – Осы тұста бір-екі нақты мысал келтірілді. Кешіріңіз, оның бәрін сізге айта алмаймын. Болашақта жазылуға тиіс шығармаларымның біріне шикізат ретінде керек болады. Мен өзім сондай сараң адаммын. – Көзіңе елестетші, екеуміздің бір-бірімізден жерініп, өз-өзімізді алдап, тиесілі міндетімізді атқару үшін ғана бірге күн кешіп жатсақ... Не болар еді? Өкінішті емес пе?! Сондықтан... – деп бетіне тағы бір қарап қойдым. Сөзді түйіндер алдындағы сүйіктімнің түр-әлпеті мен соңғы сөзді естігеннен соңғы келбетінің айырмашылықтарын байқағым келді. Қандай қайғы, қуаныш үстінде отырған адамның өзін өзім де байқамай тәжірибе жандығына айналдырып жіберетінім бар. Енді... түсінесіз ғой, жазушы болу оңай деймісің, қарағым!
Сары қыз ұйқылы-ояу отырғандай. Селт етер емес. Менің соншама уақыт ызыңдағанымнан ештеңе ұға қоймағаны, тіпті, құлақ салып та отырмағаны байқалады.
– Сондықтан... – Ашулана бастасам да, қазіргі тапқан образыма сай даусымды шамам келгенше төмендетіп, қоңыр дауыспен (негізі, менің даусым – қоңыр дауыс. Ашуланғанда ғана жіңішкеріп кетеді. Шәңкілдей сөйлеп тұрғанымды көре қалсаңыз, абай болыңыз дегенім ғой) аз-маз дірілдетуге тырысып, сыбырға жақын үнге салып, жалғастырдым. – Сондықтан, екеуміз осымен бәрін қойсақ... Менің есімде осы сары қыз күйіңде қалсаң, сендік естелік мен тоңғанда жылу, жылағанда жұбаныш болып жүрсе болғаны. Өмірімде махаббат таптым. Енді сол махаббатты күйбең тірлікке айырбастағым келмей отыр... Түсінесің бе?! – Соңғы сөзді айтқанда өзім де беріліп кетіппін.
Жалт қарады. Тамағын кенеп, сөйлемек болса да, ештеңе айта алмады. Мен де үндемеуге бекіндім. Басымды ұстап, шашымды салалап, ойлана қалдым. Тура сол сәттегі қиналған түрімді суреттей алмайтын секілдімін, өзіңіз көрсеңіз ғой. Меніңше, керемет сенімді шықты. Ұзақ отырдық. Әлден уақта барып, құшақтай алды. Мен де құшақтадым. Арқасынан аялай сипап, құлағының астына тұмсығымды тыға түсіп отырдым да, сыбырлап:
– Кешір, күнім. Екеуміз үшін де сол дұрыс. Күндердің күнінде мені жек көріп кеткеніңді қаламаймын... Қоштасайық...
– Жоооқ, – деді жұлып алғандай. Мойнымнан «өлсем де жібермеймін» дегендей қыса құшақтап алыпты.
Қысқасы, сол күні мені жібермеді. Айтсам, мақтанғандай болам-ау, керек десеңіз, менсіз өмір сүре алмайтынын айтты.
– Сен мені тастап кетсең... Маған бәрі бір. Ешкіммен жүрмеймін де, сөйлеспеймін де. Күйеуге де шықпаймын...
Бұдан ары өз тіліне салып құсадан өлетінін түсіндірді.
Мынадай сөзден кейін – өзіңіз де түсінесіз, – қоштасу қиындааау. Оның үстіне менің мақсатым да кетісу емес, бекісу. Бекісу болғанда қандай.
Сөйтіп, бекісе түсіп жүріп жаттық.
Осы бекісуден кейін менің өзімшілдігім шектен шықты. Сүйетініне, кете алмайтынына көзім жетіп болған, сонда да жаңа бір құрбандық сұраймын. Болымсыз нәрсеге ашуланып шыға келем. Кейде белгілі себептермен қоңырауыма жауап бере алмай қалады. Енді, адам болған соң, ондай болады. Бірақ, оған тоқтай қояр мен бе, «дәретханаға кірсең де қолыңа ұстап кір, әйтеуір маған жауап беретін бол», – деп шақылдаймын дейсің. Мен ұрлықшы адаммын. Плагиат дей көрмеңіз. Менің ұрлығым да сөздікі болғанмен, хатқа түскен, ертең бетіме басатын дәлелі бар сөздерге жоламаймын. Ал, ауыз екі тілде көп айтылып жүретін сөздердің ішінен нағыз қасқа маңдай, кере қарыс азулысын таңдап алам да, өз сөзімдей қолданып бағам. Бұл қасиетім, құдайға шүкір деп айтайын, қатарластарымның арасында «айтқыш» деген атаққа іліндіріп жүр соңғы кезде. «Дәретханада отырсаң да тұтқаны көтеретін бол» деген сөз менің университеттегі профессор ұстазымның айтқаны. Көрдіңіз бе, мұндайдың астарын айналдырып, қалпағын теріс қаратып жіберу үшін де менікі сияқты әккі, көреген бас керек. Қызық болды, бір күні көңілді сөйлесіп отырғамыз. Телефонмен. Кенет, оның даусы үзік-үзік, естілмей кетті. Бұл да мен үшін таптырмас мүмкіндік.
– Не бәле, сеть ұстайтын жерге тұрып сөйлессеңші! – деймін зіркілдеп.
– Оой, ұстап тұр.
– Енді не, даусың естілмейді, ыңқ-ыңқ етіп...
– Телефоным қуып жүр.
– Қалай қуады, жақында ғана алып едің ғой. Дұрыстап қарап алуың керек еді, енді келіп...
– Жоооқ, дұрыстап қарап алғам. Кеше суға түсіп кетті.
– Немене? Суға неғып түсіріп жүрсің?
– Душқа түсіп жатқам. Сол кезде құлап кетті.
– Қалай сонда?
– Шын айтам, өзің айттың ғой, туалетте болсаң да жауап бер деп...
– Іі?
– Сосын, душқа түсіп жатқанда сен звондап қалып, көрмей қалам ба деп... Сөйтіп суға түсірім алдым...
Күліп тұр. Демек, қалжыңы. Жарықтығым-ай, қалай қиыстырады десеңші. Сөзден жеңілу оңай емес, ұзақ уақыт тамағыма кетпек тығылғандай, тұншығып қалдым. Анау мәз.
– Менің сөзімді келемеж қылайын деген екенсің ғой. Жетіскен екем. Еркекті тәлкек қылған әйелдің оңғанын көргенім жоқ. Көрейін, сенің қарық болғаныңды. Жолың ашық шырағым. Еркелігіңе көнетін басқа біреу тауып ал! – дедім де тұтқаны тастай салдым.
Күткенімдей азар да безер, қайта қоңырау шалды. Мұндайда жауап бере қоярдай емес, ақылым орнында. Қызыл батырманы бір басып тастап, қарап отырмын. Тағы қоңырау. Тағы сол. Тағы... Тағы... Ақыры хат келді. Оқыдым. Қалжыңдағанын айтады. Болмай ма депті. Сосын, маған ұнамаса бұдан былай мұндайдың қайталанбайтынына сенуімді өтініпті. Өзімнің де бұйда үзе қояр ойым жоқ, әйтсе де, ақыр бастаған соң біраз уақыт шыдаған жөн. Жауап жаздым.
«Болды, мазамды алма!»
Ой, ақымағым-ай, содан кейін де қоңырау шалды-ау. Хат жазды. Өтінеді. Кешірім сұрайды. Бірақ, мен жақ үнсіз. Ақыры қалта телефонымды сөндіріп тастадым. Жарты сағат өтпей қайта қостым. Шынымды айтсам шыдамадым ғой деймін. Қаншама мәрте қоңырау соққан. Менің қазақшаға тілі келмейтін телефонымның смс-і «Абонент +7701... звонил вам 47 раз...» дейді құрметпен. Және, бірнеше хат. Бастапқыда кешірім сұрап бастапты. Ақыры, шыдамы біткен болу керек, қоштасыпты. Менің ызама дәл бүгін, қазір көшеге шығып, клубқа барып, алғаш көңіл білдірген жігітпен кездесіп, жүріп алатынын айтыпты. Мені ыза қылу үшін, ашумен жазғанын тұспалдап-ақ тұрмын. Бірақ, жүрегім өрекпіп, басым солқылдап кетті. Аяғымнан әл кетіп барады... Демек, бітті! Байғұс қыздың төзімінің түбіне дәл бүгін жетіп тыныппын. Ішім ашиды-ақ. Қазір қайта қоңырау шалсам жауап беретінін, ұрыссам да үнсіз көтеретінін білем, бірақ, болмайды. Еркек басыммен қыздың алдында жалынышты болып тұрар не жөнім бар? Ешкімнің алдында салбырап көрмеген өр басымды (өзім солай есептеймін) қорлайтын жайым жоқ. Мейлі, барсын. Бір нәрсе жетіспейді. Үйге сыймадым. Кірем, – телефоным жаққа қарап қоям. Үнсіз. Шығам, – арт жағыма құлақ түрем. Дыбыс жоқ. Біткен екен. Эмоцияға беріліп, ақымақтыққа ұрынар мен бе екем, ақыры шешім қабылдадым. Хат жазып жібердім. Оның қимастық сезімін оятатындай, жақсы адам кейпінде қалуды негізгі бағытым етіп, өзімнің құдай сүйер қылығым жоқ екенін айтып салдым. Тіпті, сөз соңына қарай: «...Мына түріммен сені бақытсыз етіп, жылата беретін сияқтымын. Қиналсам да, өліп кетсем де, сені енді мазаламаймын. Сен де сөйт. Біраз уақыт шыдасақ, ұмытып кетеміз. Маған сенің бақытты болғаныңнан артық ештеңе керек емес. Ол үшін осыдан артық шешім жоқ. Қош...» –деп кеп жібердім. Хе-хе, бүйтпесем Мен болармын ба, күткенімдей-ақ, қайта қоңыраулатты. Тағы жауап бермеймін. Хат жазды. Мазмұны жоғарыдағыдан да асып түсер адамгершіл жауап жолдадым. Миыңызды ашытып қайтейін, сөйтіп, бұл жолғы (алғашқы) қоштасуымыз сәтсіз аяқталды. Татуластық. Бұдан былай мұндай қателік жасамауға серт байласып, жырғадық та қалдық.
– Уһ, берекем кіріп қалды ғой, – деп қояды ерке үнмен.
– Берекең бар болсын сенің! Қыз деген ұстамды болмай ма екен. Еркектің ашуы шоқ болғанда, әйелдің ақылы су емес пе. Ал, сен су емес жел болғың келеді. Бұдан былай мен ашулана бастағанда сөйлемей қой немесе сабама түсіретіндей бірдеңе ойлап табуға тырыс, – деймін ұялмай. – Баяғыда айтпап па едім, екеуміздің болашағымыздың 99,9 пайызы саған байланысты деп... – дедім. Сеніңіз, осылай деп едім деп айтудың өзі ыңғайсыздау екенін қазір ғана байқап отырмын.
Тоқсан тоғыз да тоғыз әңгімесі де менің әккі, зымиян саясатымның жемісі. Идеологияның күшті жүргендігі сондай, әу баста қарсы болғандай болғанмен, қуана-қуана келіскен. Сірә, бүкіл билік өз қолына өтеді деп ойлап қалса керек. Осы жолы билік емес, азап қана өзіне тиесілі екенін ұққан:
– Мәә, соны кішкене азайтуға болмай ма?.. – дейді күмілжіп.
– Болмайды. «Қолың көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген. Қиналып жүрсең, айттым ғой...
– Жоооқ, болды. Мен-ақ тоқсан тоғыз болайын...
– Іі... – деп қоям қайта жібіп.
Сөйтіп, екі күннің бірінде өкпелессек те, қайта жарасып, әйтеуір жүріп жаттық. Міне, жақында екі жылға жуықтайды біздің отау құрудың кіріспесінде малтығып жүргенімізге. Біздің орнымызда басқа біреулер болса, осы күнде үйленіп тынар еді. Дайындықтары болмаса да. Қалай екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Сонда да, аңғал оқырмандарым үшін айтайын. Қазір заманның дамыған кезі ғой. Бұрынғылар үйленген күннен есептегенде тоғыз ай, он күнін өтеп барып, бала сүйіп жататын дейді білетіндер. Қазір, құдайға шүкір, бала да тез жетіледі. Апыр-топыр той өтеді. Араға төрт-бес ай салып, шілдехана! Тойың – тойға тез ұласады. Керемет емес пе?! Бірақ, біз сол кереметке асықпадық. Ол жағынан арымыз таза. Менің осы ұстамдылығым үшін сүйеді-ау сол қыз мені. Қай бір оңғаннан ұстамды болып жүр дейсіз, алда ағам бар, әлі бойдақ. Оның үстіне біздің шал-кемпір өте қатал адамдар. Мұндайыңды естісе, төбеңде әңгір таяқ ойнатары сөзсіз. «Бізді бағатын кенжеміз осы», – деп қоятын кейде. Яғни, басқаларында шаруам жоқ, дәл менің пәтер сағаламайтыным белгілі болған бұ күні. Әкем соңғы малын сатып, қаладан даңғарадай үй салып, көшіп келген. Демек, менің үйім сол. Мұндай мүмкіндіктен айрылып, қаңғып кетуден асқан абыройсыздық бола ма? Болары болып, бояуы сіңген соң, амал жоқ, елдің пыш-пышынан қашып, үйлендіргенмен, ағамның алдына шығып кетсем, кенжелік статусымнан айрылуым мүмкін. Бұл дегеніңіз – «өлдің, Мамай – қор болдыңның» кері. Екі жыл. Қазір баяғыдай емес, кино көретін болдық. Сірә, сүйісудің жоспарын артығымен орындап тастаған болуымыз керек. Бұрын мен көп сүюші едім, қазір бұл міндет оған ауысқан. Иә, екі жыл оңай уақыт емес. Қанша рет ренжістік екен... Санынан жаңылдым өзім де. Қазір рахат. Ол маған әбден үйреніп алған. Яғни, менің мінезіме көндіккен. Үндемей құтылуды қолай көреді. Өкпелесеміз. Қоштасамыз. Бірақ, алғашқыдағыдай аяқтан әл кетіп, қаным басыма шаппайды. Көңіл-күйің аздап түскенмен, соншалық таусыла қоймайсың. Ол да осыған үйреніп алды. Араға бір күн салып, сағынғанын айтып хат жазады. Тағы жарты сағат күтеді де, қоңырау шалады. Болды! Қасқыр – тоқ, қой – аман. Оған мен мойындата алмаған бір шындық бар. Тануым – капысыз. Ол байлықты жақсы көретін. Әке-шешесі бақуатты кісілер. Біз де жерге қарап тұрғанымыз жоқ. Дегенмен, біздің аяққа тұрып, есімізді жиғанымыз кейіндеу. Кеңес үкіметінде бай болыпты менің әкем. Өкініштісі сол, коммунизмге өлердей сеніп қалған байғұс, қасиетті Қағба... құдай кешірсін, Мәскеу күтпеген жерден қағынан жеріп, өз қотырыңды өзің қасы деп, лақтырып тастаған Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүруге икемсіз болып шықты. Дегенмен, ер екен. Ұл-қызы бой түзеп қалғанын көріп, ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып жүріп, қатарға қосылды. Топтың төрінде отыратын баяғы байлығы қазіргі өлшемге салсақ, бүгінгінің байының қолына су құюға да жарамайды. Ал, біздің қазіргі азғантай дәулет бұрынғымыздың қасында жетім қыздың жасауындай ғана. Мен мұны шешемнің өткен күнге аузының суы құрып отыратынына қарап, бағамдағам. Қайын жұрт... – о, болмайды екен, әлі ертелеу сияқты, – қалыңдығым жақ анау айтқандай алигарх емес, дегенмен, елдің есі кеткен кезеңдерде де туырлығы желкілдеп тұрған, қазір де орта дәулетінің шып-шырғасы шықпай отырған әулет. Қызымның артықшылығы – бала кезінде мен көрген жоқшылықты көрмегені. Ерке өскен. Бір үйдің жалғыз қызы, еркелетпес жөні жоқ. Содан да болар, мен аялап ұстайтын аяулы заттарға немқұрайлы қарайды. «Соғып тастасаң – менен жақсылық күтпе! Жаяу қалдым деп біл», – деп, әкем алып берген арзан көлігімнің есігін тарс еткізіп жабады. Менің төбе құйқам шымырлап кетеді. Бірдеңесі сынып кетердей, жаным шығып кете жаздайды. Жаңа киім алсам, бағасын сұрайды. Өзімше өсіріп айтсам да, қоңылтақсып қалады. Соның кесірінен соңғы кездері тапқан-таянғаным қымбат киім алуға кететін болып жүр. О, оның киімінің бағасы... Өсіріңкіреп айтқан шығар деген күннің өзінде, нағыз бағасын шамалауға болады. Айтқым келмейді. Қасымыздан жүйткіп өте шығатын «джип» тұқымдастардың соңынан қызыға қарап қалады. Адам болған соң, оның ішінде тіршілігі қайнап, адамдары соқтығысып, сығылысып жүретін Алматының тұрғыны болған соң, жөн сұрасып жатады біреулер. Егер, киімі жұпынылау біреу-міреу сұрау салса, шекесі тырысып, дұрыс жауап бермейді. Мен қасақана, асықпай тұрып, білгенімді айтам. Қызым ол кезде анадай жерге барып, тағатсыздана, кіржие қарап, күтіп тұрады. Осының бәрін байқай тұра, қашанғы жүре берейін, бетіне басып, бұл түсініктен арылуы керек екенін ескерткім келді. Әй, мен де тегін емеспін-ау, ойланып отырып, бір күні соғып қалдым.
– Менің банкте жатқан үш жарым миллионым бар.
Жай әңгімеден әңгіме шығып кеткен сияқтыға келтіріп, елеусіз айта салдым. Оһ, сол кездегі оның көзіне қарасаңыздар ғой. Аңтарылып сәл отырды да:
– Оны жайша сақтап жүрсің бе?
– Енді, екеуміздің қамымыз ғой. Тойды қымбат бір жерде жасағым келеді. Әйтпесе, көріп жүрміз ғой, басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпей, қарызданып жасаған той – той емес, азап. Өйтіп той жасамай-ақ қойдым.
Өзіміз де құшағымыз айқасып отырғамыз. – Жалпы, біз жай отыра алмаймыз. – Мені қатты құшақтап алды. Оллаһи, егер арамыз алшақ отырсақ, осы сөзден кейін мойныма асыла кетер еді.
– Құшақтамай-ақ қой, бұл – өтірік. Сен не дер екен, не істер екен деп оттай салғаным ғой... Бірақ, сені қуанту үшін екеуміздің тойымызға дейін, сол үш жарым миллионды жинап қоям, так что, көңілің түспесін...
Шегіне беріп, бетіме анықтап қарап, аз отырды да:
– Менімен ойнағаныңды қойшы, а?!
Даусы зілді шықты.
Бірақ, оның бұл зілін құлақ түбінен өткізіп жіберіп, шешендігіме тағы бастым. Бұл жолы шындап ширықтым ғой деймін. Бірақ, ол да сабаз-ау, мойындау қайда, бет бақтырмады. Сценарий бойынша ақыл айтуға көштім. Не айтсам да, бас шұлғып отырған қыздың көзіне қарап отырып, егер өзімнің матери жағдайым қазіргімнен сәл төмендеу болса, о баста-ақ мені маңайынан жүргізбес еді деген қорытынды шығардым.
Сонда да, жүріп жаттық.
Бір жеңгемнің айтқаны бар еді. Егер біреумен бір жыл жүрсең, онымен айрылысу туралы ойламай-ақ қойсаң да болады. Қандай жағдай болса да, бауыр басып қалған адамыңнан қол үзу мүмкін емес көрінеді. Рас па деймін. Мен мұндалап тұрған, менің өмірлік ұстанымыма қайшы келетін, тіпті өзім иттің етінен жек көретін кемшілігін көре тұра, бас тарта алмадым.
Өткенде қызық болды. Қызық болғанда... тағы араздастық.
Сол күні тойладық. Сыралатып дегендей... Бала кезден бірге өскен досымның туған күнін атап өткенбіз. Қыз-қырқынды қоса ертуге қалтаның көңіл-күйі келіспей, кіл жігіттер ортаға мал тастап, буға түсіп қайтуға бекіндік. Мұндай жерде о баста қасқалдақтың қанынан қадірлі ақшаның уақыт өте, іш қыза келе суға айналатыны болады. Бізде де дәл солай болды. Сау кезінде соқыр тиыны жоқтар күтпеген жерден ақ түйенің қарнын жарып, қуырдаққа қарық болдық та қалдық. Кеш бата жиналып, таң ата шығып, күн көтеріле бір-бірімізді қимай, сағаттап сүйісіп, әрең қоштастық.
Қызық содан кейін болды.
Есімді шала-шарпы білем. Сары қызға қоңырау соғып тұрмын. Түнде менің досым бір әңгімесін айтып, бәрімізді шалқамыздан түсірген. Қысқаша мазмұны былай: Қалтасына артық ақша бітсе, көкке аузы тиген көтеремдей құтыратын пәтшағар, соңғы тиыны қалғанша жүре берген, машинамен келе жатып, бензині бітіп, жолда қалады ғой. Бізге хабарласады. Ешкімнен қайыр болмапты. Сосын, амал жоқ, қызына айтқан көрінеді. Жақын арада жанар май бекеті жоқ, жолдан бензин ала келуін тапсырыпты. Тапсырманы бұлжытпай орындаған әлгі қыз, таксилетіп келіп тұр дейді.
– Еркек адам істей алмағанды істеген қызға қалай риза болмайсың!
– Ойлашы, қолында бес литр бензин, анау-мынау емес, қыз келе жатыр. Ал, сен баратын ба едің?.. Сен ше?.. Сен сөйтіп жүрер ме едің? – Кезек-кезек саусақ безеп, отырғандарды түгендеп шықтық. – Астымызда бір-бір мәшинеміз бола тұра, бармадық қой. Ал, мына қыз... Сөз жоқ! – десіп, екі сағаттан аса тамсанысқанбыз.
Қызу адам көңілшек келеді, түннің бір уағында тып-тыныш ұйықтап жатқан құрбымызға жан-жақтан шуылдап, телефон арқылы алғыс жарияладық. Енді міне, ұйқы көрмеген қызыл көзім жұмылып кетуге шақ тұрса да, теңселе тұрып, өз қызыммен сөйлесіп тұрмын. Не айтатыным түсінікті.
– Әкелер ме едің?
– Қумашы.
– Жоқ, айтшы, мен далада қалсам, сондай ерлік істей алар ма едің?
– Ой қойшы, сен ондай жағдайға түспейсің. Білем ғой сені.
– Ал, түстім делік, қайтер едің?
– Бәрібір, маған айтпайсың сен. Достарың көп қой...
– Айтсам ше?
– ...Түсінікті, – дедім, ұзақ үнсіздіктен кейін. – Біліп едім. Е, шіркін-ай, Мерей досым қандай бақытты еді. Ал, мен шыннында, түкке тұрғысыз болғаным ғой. – Рас айтам осылай айттым. Бұл сапар ешқандай саясатсыз, шын көңілмен таусылдым. – Боссың, айналайын. Жай ғана сұрай салып едім... Білгім келгенін білдім, жолың ашық, шырағым. Қош бол, ардағым! – дедім ақыры. «Шырағым», «қарағым» дегенмен ағайындас сөздер осындай кезде тіліме көптеп ілігетін әдеті.
Есімді жиып, өзіме келген соң түндегі оқиғаларды сау бастың елегінен өткізіп, ойланып отырмын. Сап ете түсті. Қорытынды жаңалықтар! Менің басым бос еді-ау. Сары қызбен не жайлы сөйлескенім көңілімде сайрап тұр. Мырс етіп қойып отырмын. Тіпті, Мерейдің қызына қоңырау шалып, алғыс жаудырғанымыздың өзі қызық көріне бастаған. Ақымақ екенбіз-ау... Не ойлады екен?.. Жуынып-шайынып, таранып дегендей, ретке келіп, кеш батып кетпей, таңғы асымды ішіп алмақ ниетпен дастархан басына беттедім. Осы кезде телефоныма жан бітті. Әрине, сол. Түк білмегендей, дым болмағандай тұтқаны көтердім.
– Түнде не болғаны есімде жоқ, – деп қоям.
– Ой, күшті болды. Маған звондадың да, екі сағат әңгіме айттың.
– Не айттым? – Мастығы тарқаған адамның алғашқы қоятын сұрақтарының бірі бұл. Абайлап жауап беру керек екен. Шынымен есінде түк қалмай ма деуші едім, мен сияқтылар ішсе де ақылын, есін қоса ішпейді екен. Сынап тұрғанымды қайдан білсін, соғып жатыр.
– Мені жақсы көрем дедің.
– Тағы?
– Тағы... Сүйем дедің.
– Болды ма?
– Иә... А, сосын, үйленгің келіп, әрең шыдап жүргеніңді айттың.
– Ох, дігідік! Басқа ештеңе айтпадым ба? Сонда екі сағат бойы осыны ғана қайталап тұра бердім бе?
– Жоға, айттың ғой тағы. Есімде жоқ, негізгілерін айтып жатырмын.
Жарықтығымның айтпаған сөзді аузыма салып, дей салғанына күлкім келіп тұрса да, бір есептен осынысы дұрыс болды деп, түндегі бензин әңгімесін есіне салмай-ақ қоюды жөн көргем. Адам алжасам десе оңай ғой, бәрін өзі бүлдірді.
– А, айтпақшы, бензин дедің бе, бірдеңе деп, миымды әбден ашыттың. Неге олай сұрадың?
– Не сұрадым? – деп қоям түк ұқпай.
Тәптіштеп айтып берді. Қызығы да сол, екеуміздің араз болғанымыз жайлы ләм-мим жақ ашпайды. Қанша көнтерлі болсам да, көзімді бақырайтып қойып, сілтеп отырған қызға қарап, көтеріле бастадым.
– Сонымен, не болды, не дедің? Әкелетін болдың ба? – дедім шындап.
– Ииии... – деді кейісті үнмен.
– Әкелмеймін деген шығарсың?
– Иә, әкелмеймін дедім.
– Неге?
– Жынды мааа... Жүрейін енді, ұялмай...
– А, ұят па?
– Ұят. – Өзіне сенімді адамның даусы.
– Түсінікті... – дедім де, таң ертеңгі соңғы сөзімді айна-қатесіз қайталап шықтым.
– Жоооқ, олай емес... – деді асығыс, қоштасу жайлы сөзімнің соңын айтқызбай. – Енді, түсінсеңші, қалай барам? Ұят қой.
– Сонда, жігітің жолда қалғанда көмектесу ұят па? Әлде... Меніңше, көмектеспеу ұят сияқты.
– Қойшы енді а?
– Жарайды, қойдым. Демек, саған сенуіме, арқа сүйеуіме болмайды екен ғой... Тура бүгін айтып қойғаның дұрыс болды. Әйтпесе... Кейіндеу өкініп қалар ма едім... Ал, қоштасайық...
– Жоқ, сене бер. Барам... То-есть, саған керекті көмек әйтеуір жетеді. Өзім бармасам да, біреулерді жіберем.
– Кімдерді?
– Көп қой.
– О, маған сен айтқан көптеріңнің көмегі керек емес. Басыма іс түссе, басқаларға аударып беріп, қызығына қарап отырмақ екенсің ғой. Рахмет, алтыным, рахмет! Ниетіңе рахмет. Далада қалмаспын, біреу-міреуге керек шығармын, өліп бара жатсам, аузыма су тамызатын біреу қалай да табылады. Әуре болмаңыз. Давай, аман бол...
– Дыңк-тыңк-тыңк-тыыыың...
Менен бұрын тұтқаны тастап үлгерді. Бұл тарихта болмаған уақиға. Аң-таң кейіпте біраз тұрдым да, қолды бір сілтедім. Ақылым орнына келгенде ары ойлап, бері ойлап, менен күдерін үзген екен деген тоқтам жасадым. Содан бері аразбыз. Айға жуықтапты. Бұл да бұрын-соңды кездеспеген жайт. Көп дегенде, төрт-бес күнге созылушы еді. Осы жолғымыз шын кетіскендік сияқты. Соншама уақыт арамыз суысып жүрдік, сағына бастағандаймын. Бірақ, қайта қауышуға соншалық құлшына қоймаймын. Соған қарағанда, мен де жалықсам керек, тегі. Бүгін жұмыста отыр едім, кенеттен есіме түсті. Қыз емес, – ол қай кезде де ойымда, – Мұқағали. Бір-ақ жол өлең. «Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын!» Бұған қарап, Сары қыздың аты Бану екен деп қалмаңыз. Оның аты... Айтпай-ақ қояйын, қалай дегенде де түбі белгісіз ғой, «жаман сырын айтам деп – шынын айтады» дегеннің кебін киюден сақтануды ұмытсам, саясаткерлігім қайда! Содан бастап үйге асықтым да отырдым. Үйге жету үшін кешкі сағат алтыны күтуге тура келеді. Шыдай алмадым. Өзімде жоқ әдетпен уақытынан бұрын үйге қарай құстай ұштым (негізі, мен өте тәртіпті қызметкермін). Ендігі отырысым мынау. Әлгі өлеңді қайта-қайта оқимын. «Қош, махаббат!» – дедім күрсіне күбірлеп. Қайталап айттым. Қаттырақ күрсініп тағы айттым. Бірақ, қоштаса алмадым. Аузым ғана айтады, ар жағымның көнгісі жоқ. Кіріп-шығып, тар үйде табанымнан таусылдым. Иә, әлгі... не... мен оны әлгі... – Бұрын айтып көрмеген сөзді айтудың қиыны-ай, – әңгіменің ашығы – сүйеді екем. Солай болып шықты.
Хат жаздым. Екі-ақ ауыз. «Сары қыз, Мұқағалидың «Қош, махаббатын» оқышы. Екеуміздің махаббатымыздың жаназасы болсын!»
Бір минут өтпей жауап келді.
«Жарайды. Бірақ, ол кітап менде жоқ. Қайдан алуға болады?»
«Іздеген адам табады».
«Мақұл. Таппай жатсам сенен ала тұрсам бола ма?»
«Болады».
«Кешке хабарласам».
Міне, «Мұқағалиды» алдыма жайып қойып, әлі отырмын. Ол міндетті түрде хабарласады. Кітапты таппайтынын білем. Сосын, мен апарып беруге тиіспін. Бұл дегеніңіз – кездесу деген сөз. Кітап – сылтау ғана. Кездескен соң-ақ, айрылысу мүмкін емес. Көріп тұрып, көзім қиып тастап кете алмайтынымды іштей мойындайтын сияқтымын. Татуласқым келеді екен. Ол да әрең шыдап жүр екен-ау... Қазір...
– Алло?
– Қалайсың?
– Таптың ба?
– Таппадыыым...
– Енді?
– ... Келші...
– Үйдесің бе?
– Иәәә...
– ...Қазір барам.
...Кешіріңіз, әңгімемізді үзе тұруға тура келеді. Көріп тұрсыз өзіңіз де. «Келші» деді ғой. Әй, осы маған дәл бүгін «Қош, Махаббаттың» керегі жоқ-ау. Апармай-ақ қояйын. Кейіндеу өзі тауып оқи жатар. Рахмет, Мұқа! «Менің құрдастарым – ХХІ ғасырда туады» деп едің, біліп айтыпсың. Сенің арқаңда... Түсінікті ғой. Мен кеттім. Соңы не болады деп күтпей-ақ қойыңыз, қадірменді оқырман. Не болатынын айттым. Бақыт тілесеңіз болғаны. P.S.: Айтпақшы, біздің ренжісуімізге себеп болған жанармай оқиғасы орын алған досымның туған күні – 9-ақпан болатын.
11.03.2013
Алматы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру