Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 49 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Оңғарбай Рза
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
РЗА ОҢҒАРБАЙ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Рза Оңғарбайдың шығармалары енгізілді.
Рза Оңғарбай Ахметұлы 09.09. 1949 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Таушық поселкесінде туған. 1966 жылы Таушықтағы Шахта орта мектебін, 1974 жылы Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 19742002 жылдар аралығында Гурьевте, Таушық ауылында, Ақтау қаласында әртүрлі басқармаларда, Кеңес және әкімшілік қызметтерінде болды. 2003 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетінде қызмет етеді және жеке шығармашылығымен айналысады. «Таушықтың сансыз таулары-ай», «Дәніспан», «Әзілдесейік әлеумет» атты кітаптары жарық көрді. Ол соңғы уақыттарда поэзия аудармасы, афоризм және әзіл әңгімелер жазумен айналысып жүр. Омар Һәйямның рубаяттарын аударып «Қандай нұрлы дидарың» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Сондай-ақ оның шығармалары бірнеше ұжымдық жинақтарға да енді.
Ү Ш Т А Ғ А Н (өлеңдер)
НЕСІБЕ
Жыр өлкеңе шаншылған бір шыбық ем, Тағдырыңа мен талай күрсініп ем. Жыр сүйетін, жұртым-ау, жібек мінез Жүрегіңнің айналдым дүрсілінен. Жыр болмаса кітап та түптелмейді, Шалқып көңіл, шаңырақ тіктелмейді. Жыр жаттаған, халқым-ау, сіздер барда Қара өлеңі қазақтың тіпті өлмейді. Ақын деген ат алдым несіне мен, Жүрегімнен жатпаса есіп өлең. Бар байлығым – жырларым, жамағатым, Алып қалың бұйырған несібеден.
БЕКЕТ АТА
Қорыққанды абдырап, Үрейіңіз жетектер. Қуанғандар жадырап, «Жарылқаушым Бекет», дер. Қашқандар да ынтығып, Сенен күтер бір медет. Қуғандар да ұмтылып, «Қолда, дейді, - пір Бекет!». Бейнет деген құрғырың... Орға жығар жолдар – мың. «Ауызға алса кім бұрын, депсің, - соны қолдармын». Жөн білмейтін бір қасқа, Әзіл айтқан жосықсыз... Жардан ұшқан құрдасқа, Жауырынды тосыпсыз. Қараға да, ханға да, Имандылық басты арман. Ұлылығың, жан баба, Кішіліктен басталған. Тілегімді хауызға, Жыр қып құйсам несі мін. Алладан соң ауызға, Түседі, ата, есімің. Құр қалдырма батадан, Нұрлы еткейсің күнімді. Жалбарынсам, атажан,
Жаңылдырма тілімді. Рух боп намыс жыртасың... Ата, ардақтап өтермін! Қорғаныңның бір тасын Өлең қылып көтердім...
ДӘНІСПАН ТАУ
Дәніспан тау – данышпан тау, Тал бесіктен танысқан тау. Сол бір сәби бәйкүнә шақ, Армандай боп алыс қалды-ау. Дәніспан тау, тарлан ба едің? Арлыларға арман ба едің? Баурайыңда ізім жатыр, Бақыт іздеп барған менің. Дәніспан тау, арқармысың, Сабырымды сарқармысың. Шағынайын өзіңе кеп, Шерім сонда тарқармысың. Дәніспан тау, бөрімісің, Қаратаудың төрімісің. Салқар ойдың сабасындай, Қандай асқақ көрінісің. Дәніспан тау, үйелменім, Қасиетті кием менің! Тегін емес, тегін емес Таушығыма* сүйенгенің. Желе берсін уақыт тарлан, Біз күтелік бақытты алдан. Кемеңгердің керуені, Тасқа айналып қатып қалған. Ұққандарға сырың басым,
Сәтекемнің* жырындасың, Жанарымның нұрындасың. Бақ іздеген керуенің, Басқа жаққа бұрылмасын, Дәніспан тау! Дәніспан тау! Таушық – Дәніспан тау жанындағы ауыл. Сәтекем –Сәттіғұл Жанғабылұлы, халық ақыны.
АЙДЫН ЕДІҢ...
Маңғыстауым, май қолтық бесік едің, Бауырыңды жатыр-ау тесіп елім. Тіршіліктің мәйегі мұнай болды, Мұнай болды үлкені несібенің. Кәрі Каспий айдынын шолпылдатып, Шақырады ашуын толқындатып. Толқының не, тәйірі, мұнай керек, Көк теңізден сормақпыз солқылдатып. Қабырғаны қирата қаусырғандай Мына заман ауру ма, аусыл қандай? Көк теңізге салдық па көк бұрғыны, Қара жердің мұнайы таусылғандай. Жанайқайға жұрт көңіл бөлер ме екен? (Дән алмаймын ғылымда, өнер де кем) Қайраңыңа, қарт Каспий, қол салайын... Зорлығыма табиғат көнер ме екен?! Пайда себеп бұл жұрттың бірлігіне, Тұнығыңа көк сүңгі кірді міне.
Зәре иманым ұшады көк теңіздің, Келмесін деп бір кесел тірлігіне. Көрсек көңіл көншіп бір мәз болғандай Айдын едің аққу мен қаз қонғандай. Саған тағы зауалдың бұлты үйрілді, Қасіретті Аралдың аз болғандай.
ЗАЛАТАЙ – ҚОЖЫМ, БОЗІНГЕН
Балалық шағымыз-ды көз ілмейтін, Кешқұрым бір мұңды саз безілдейтін. Гармоншы кейуана Залатай да, Тыңдаушы қара шалы Қожым дейтін. Сол кемпір сол әуеннен жалықпайтын. Шешеміз деуші ед бізге «барып қайтың» Тыныш түн, мал маңырап, ит үрмеген, Шерлі әуен ауыл үстін қалықтайтын. Сыйлы еді ауыл елдің аумағына, Жоқ еді ел ішінде жаулары да. Сол әуен қалқып барып тірелетін, Таушықтың мүлгіп тұрған тауларына. Кемпірдің құдыретті пошымы әлі, Кей-кейде гармонына қосылады. Сұр мысық дізесінде Қожым шалдың, Суыған қара шәйнек мосыдағы. Дастархан ашық қалып, жиналмайтын, Екеуі оған ешбір қиналмайтын. Бұйырған жылы-жұмсақ, тәттілермен,
Бір бала қалмаушы еді сыйланбайтын. Бұл көңіл алмас, сірә, тозбай тыным... Сол бір саз жан-жүйеңді қозғайтұғын. Гармонын сәл кідіртсе, желідегі, Боз інген ботасы өлген боздайтұғын. Табиғат таппай қуат сілкінетін, Таулардың сілеміне жыр сіңетін. «Құдай-ай бір перзентке зар қып қойған» деп әжем көзін сүртіп, күрсінетін. Залатай сырнайдан саз құлататын, Сол күйді Қожым шал да ұнататын. Қос мұңлық, желідегі боз інген боп, Байғұстар бірін-бірі жұбататын.
ЖЕЛ
Көтерілдім басына құба жалдың, Келген еді өзімді сынап алғым. Ерке самал есуге ерінгендей, Бір желп етпей, сен неге тына қалдың? Жанарымнан жалтылдап дала тайып, Тауларды бір таңдантып, қаратайын, Соқшы қане ескек жел, сен еркелей, Көкбестінің кекілін таратайын. Ойламаймын торығып, тынар-ау деп, Дала! Жаным өзіңе құмар-ау бек! Қыр басына шыққанда, қызыл жел, сен, ойлап едім алдымнан шығар-ау деп. Соқшы қәне, шаттана шапқылап шын, Селк етті, әне, сеңгірлі саққұлақ шың. Қаратауын Таушықтың қалқи өтіп, қытығына тиейік ақбұлақтың. Ей, ерке жел, ұмтылшы, қалыс қалма. Мен қалсам да сен қосыл жарыстарға,
Жол кешпеген жырымды жолдас қылдым, Ала кетші армандай алыстарға.
ӨЗІМДІ КӨРІП ҚАЛДЫМ...
Сеніменен келеді қол ұстасқым, Балалық-ай, ойынға жалықпас тым. Сағым жылдар, самайды аққа бояп, Мені аяусыз аулаққа алып қаштың. Қуанышта шек болмай тасып аққан, Жасырынсақ, таппай жұрт басы қатқан. Бір шетінде Таушықтың тақыр жатыр, Балағымды түріп ап асық атқан. Жылдар, жылдар, еркіме қарсы ағылған, сенде менің өмірім бар сабылған, Ізім жатыр Айғыржал баурайында, Көсік қазған көлбеген нар шағылдан. Балалық-ай, көп ойын ерікті алдың, Ат қып мініп бұтағын өрік талдың, Жалаңаяқ жүгірген топ баланың, Арасынан өзімді көріп қалдым.
ҚАРАТАУМЕН СЫРЛАСУ
«Қаратауым, тасқанның басып белін, Келмейді ме кейде бір майдан бергің. Менің маңғаз өлкеме ғашық па едің, Өркеш-өркеш өлең боп қайдан келдің? Көкшетаудан кеттің бе ұзатылып, Ақыл қосып тау мен тас – ара ағайын. Олай болса тұратын құзға атылып, Қайда сенің қаздиған қарағайың? Алатаудан ашумен күйіндірген, Мүмкін мәңгі бөлінді бір сапарың? Олай болса, сұлудай сүйіндірген, Қайда қалды желекті шыршаларың? Одан әрмен қанша жол шиырладың? Көріп тағдыр салғанын маңдайыңа. Азғана бір қара ағаш бұйырғаны – Алып кепсің жасырып шалғайыңа.
Сырың бар ма, Қаратау, жасырынды? Қайда тастап кеттің сен жасылыңды. Бәкене бір жанбысың бәсік үнді, Кім тонады, япырай, асылыңды?». ...Құзары-бұлт, төсі-тұт, бүйірі-құт – Әлі талай біздерді сынайды өрі. Сауалыма әжімі жиырылып, Қаратауым күңгірлеп былай деді: «Ойламағын, байлығын жоғалтты деп, Ей, перзентім, сен неге асықтырдың? Көз салмасын көлденең көк атты деп Бауырымы мен оны басып тұрмын».
ӘКІМДІК ПЕН АҚЫНДЫҚ
Замана жағдайыма қараспады, Ақ тілек арманымды аластады. Құйрығын қос кеменің ұстау қате, Әкімдік ақындықпен жараспады. Ел – халық адалдықты сыйлайды екен, Таупықсыз машығымды қимай не етем?! Әкімдік ақындықтан ала бөтен, Екеуі бір кеудеге симайды екен. Ақындық жаратылған періштеден, Әкімдік мансап, жұмыс сен істеген. Қалыпты талайлардан, Абайлардан, Шаруа сияқты бір келіспеген. Әкімдік қорқақ болсаң ылғи апат, Жетесіз, жемқорларға сый-сияпат. Бұл халық қанша адалмын десең дағы, Құмар-ақ жасатуға бір қиянат.
Толқысам, тебіренсем, тек демедің. Шаттансам, шабыттансам шектемедің. Кешірдің қатем болса бетіме айтып, Бірақ та «керегің жоқ, кет» демедің. Кезім жоқ ортаңызда мен жүдеген, Елім-ай, өздеріңмен елжірегем. Сендердің сезімдерің құйылыпты. Кеудеме болып менің мөлдір өлең. Келеді енді менің сырға бөккім, Жүректің жұбанышы жырға кеттім. Әкімдік, сен де мені кешіргейсің, Мен сені жыр жолына құрбан еттім.
МЕН БІЛЕТІН МАҢҒЫСТАУ
Бұл өлкеге келмеді, өтпеді кім, Өткенімді зерттейтін көп пе еді ілім? Маңғыстауды «Маң» «Қыстау» деп жорыған Ғалымдаға шындығы өкпелімін. Ей, ғалымдар, белгілі жайың маған, Сырын саған ашқан жоқ сайын далам. Келіспеймін білгішпен және де мен, «Мың қыстау» деп өлкемді пайымдаған. Білгіштер ме? - сөзден сөз құрады олар, Қалай жазса солай сөз тұра қалар. «Маңғыстау» да емес ол «Мыңғыстау» да Мың ғажаптың мекені бұл аралар. Қағаз жазып күні-түн құнжыңдапсың, Келеді ме шештім деп шынжыр таққың? Білгің келсе айтайын бұл – өлкесі, Жауабы әлі белгісіз мың жұмбақтың.
Кескілескен көп болған мұнда қырғын, Беті күйген қан ұйып шым тақырдың. Айға білеп азуын арпалысқан, Мекені бұл жау жүрек мың батырдың. Қайран өмір, бейбіт таң, туатын күн, Көзі болар қайнарлы қуатыңның. Қашағанша қапысыз жырлап кеткен, Мекені бұл марқасқа мың ақынның. Ақын жүрек алмайды ылғи тыным, Бар болса егер тыңдашы шын түйсігің. Жарысқанды жаңылтқан, жолға тастап Мекені бұл дәулескер мың күйшінің. Жөні бөлек қысылып, қымсынудың Махаббатқа мас болып, тұншығудың, Мекені бұл алма бет, ай мандайлы Ақбөбектей ажары мың сұлудың.
Бергені ме белгісіз бір бұйрықтың?- Білген бабам қадірін қыл құйрықтың. Бәсекелі бәйгеде топ жаратын Мекені бұл желжетпес мың жүйріктің.. Мекені бұл мың таудың дамылдаған, Байлығының мұрты әлі шағылмаған. Жаңғырық жүр шындардың арасында Болашағын өлкемнің дабылдаған. «Аңғал өлке есігін қаусырмаған» Деп айтады мұжылған тау сыр маған. Мың дарынның өлкесі бұл Маңғыстау Айтайтыны әлі де таусылмаған. Әр төбенің басында толы дерек Ертелі кеш ерінбей шолу керек. Мен сенбеймін «қайқысын жетеу», - десең Жетпіс жеті кемінде болу керек.
Керегі жоқ ұжмақтай ұяның да, Ірілікпен осынша сиямын ба?! Мен білетін Маңғыстау артық, кемсіз Тап осындай перзенттік қиялымда.
КҮНЕЛТІСТІҢ РЕТІ
(Киікбайға) «Жаман қой қартаяды шымыр шақта-ақ, Әй, шал-ау, неғып жатсың ыңыршақтап. Көршіміз теледидар қоятұғын, Әкепті Ақтау барып тұғыршантақ. Қарашы, әне, жұртты – ерінбейді, Сен құсап төсегінде керілмейді. Айналы әйнегі бар ортасында, Қақпағы кілттенетін керім дейді», Осылай келіншегі қоймағасын, Өтер ме тамағыңнан қойған асың. Ақша жоқ Ақтау барып әкелетін, Амалсыз отыра қап ойланасың. Мәселе көтерілсе тұрағыңнан, Әуені ауыспайды бір ағымнан. Тұғырға теледидар көтерілмей, Тыныштық кетті дей бер құлағыңнан. Қанына әбден өзі қарайып ап, Құрдасым кіріп кетті сарайына. Бір жұмыс бастап кетті ыждағатпен, Жолатпай ешбір бала маңайына.
Бір апта сонан кейін көрінбеді, Япырай, ерегес пе не білгені?.. Біз келсек теледидар тұғырда тұр, Таң қалдық біткен іске төріндегі. Күйдірген ағаш беті қоюланған, Төрт сирақ қошқар мүйіз оюланған. Әйнекті, кедергілі, әсем қақпақ, Бәрі де мінсіз, сұлу орындалған. Келіншек басылыпты шошымай көп, Арқадан мен де қақтым, «досым-ай» деп. Құрдасым шантағына қарап қойды, «Реті күнелтістің осылай» деп. Кеңес∗ қой бізді айырған көп еңбектен, Адамның қабілетін төмендеткен. Нарық-ай, сенен қатал ұстаз бар ма, Жалқауды жанұшыра дедеңдеткен. ∗ Кеңес өкіметі
ҚАШАҒАН ЕСКЕРТКІШІ Қашаған – жыр қара бұлт төгеді өлең, Тайсалып ең, тарланым, неменеден?! Құзар шыңға қонақтар қыран мүсін, Аумай қапты бұлдырық, бөденеден. Жырмен шайқап толтырып айдынымды, Арқалаумен өтіп ең қайғы-мұңды. Көтеріп ең бір өзің бүкіл елді, Біз асыра алмадық айбыныңды. Қарашы әне тұрғысына Тарасыңды,* Аямаған ұрпағы бар асылды. Тебіренген теңіздің жағасында Ескертіші ер мүсін жарасымды. Жыр көгінде жарқырар сәулетің күн, Отын жағып қызартам қай бетімнің?! Әруағың кешер ме, ей, Қашеке?! Берекесіз бір ісін әулетіңнің.
Өзің едің лайық жыр тағына, Қиналады сөз таппай тіл тағы да. Мен өтермін өмірден ұялумен, Не деп кетем ертеңгі ұрпағыма?
АБЫЛ, ШОТАН ЕР ДОСАН – ҮШ АСҚАРЫМ*
әні Рахат Еңсегеновтікі Үш ақсұңқар, киелі үш қыраным. Шырқап салар мәртебе үш жыр-әнім. Үш тұлпарым, үш тарлан, үш пырағым, Мәңгі сөнбес үш жұлдыз, үш шырағым. Қайырмасы: Тауға біткен шынардай, Бір-біріңе сыңардай. Ардақтылар. Елдігімді шырқадым, Ерлігіңді ұрпағың, Жалғастырар. Азат елміз, арылған ғайбаттардан, Тауым биік, далам кең айбаттанған. Абыл, Шотан, ер Досан – үш асқарым, Рухынан ұрпағы қайраттанған. Қайырмасы. Терезе тең, десек те кереге кең, Үш шежіре, үш қайнар – дерек екен. Асыруға, япыр-ай, айбыныңды, Өздеріндей алыптар керек екен. Қайырмасы.
ТАУШЫҚҚА БАРҒАНДА
Сар шілденің
күн шығып шандағынан, Аптап ұрды жалындай
жан қарыған. Жан қоярға жер таппай - тұрған шақта, Самал соқты Қапының* аңғарынан.
Балалықтың
бал дәурен күнін елеп, Жетіншінің кідірдім түбіне кеп. Кірпіш зауыт
бір шеттен қол бұлғады, «Бір сүңгіп шық өзіңнің Күбіңе*» - деп
Өкпелідей
қабағын түйіп алған, Сұршоңқалдың* көріңді биігі алдан. Сейлекеңнің бурылы қаңтарулы, Қожекеңнің орны жоқ... Үйі қалған...
Туған ауыл,
алаңсыз,
даусың да ашық, Қыдырсаңыз
қызығы таусылмас ұқ. Қазанғап пен Жұмахмет,
қос құрдасым, мені көріп мәз болды, қауқылдасып.
Қалжырамас
көңілің қанаттанса, Болғанын да білмеппін сағат қанша. Сары шалдың сұрағы таусылғасын, Туған үйде жыр жаздым таң атқанша. Шалғай жүріп тәйірі, тимесе ебің, Деп ойлама өзіңді сүймес елің. Таушығыма барғанда жан-жүрегім, жаңарғандай бір ғажап күй кешемін. КҮП 1943 жылы 7 қараша күні Таушықтың терістік шетіндегі Кірпіш зауыты жеріне бір бомба түсті. (Дерек) Соғыс та сұрқай түрге енді, Жара көп жердің бетінде. Бар еді сондай бір белгі, Біздің ауылдың шетінде. Арылмас мәңгі күнадан, Соғыста бар ма ереже?! Ауылым менің дін аман, Сыныпты аз-мұз терезе. Бос қалып ауыл қорымы, Қашыпты тауға адам көп, Бомбаның сол бір орыны,
Қазылып қапты апан боп. Жанында бар-ды бір бұлақ, Саясы ед жанның ол тұрған. Күні-түн ағып, сылдырап, Шұқырды сумен толтырған. Шілденің шаңқай түсінде, Кімің бар жанды күтпеген. Сол шұңқыр елдің ішінде Бір атақ алды «Күп» деген. Ойнамай қалай тынамыз, Балалар неге қарасын... Күп қылып алдық мына біз, Соғыстың сол бір жарасын. Сол шұңқыр сыйы, шамасы, Ұсынған жаратқанымыз. Таушықтың бүкіл баласы - Сол күптің моряктарымыз. Айнадай жарық ажары, Әлемде көлдер көп дейді. Балалығымның базары, Сол күпке бәрі жетпейді. Соғыстың ізі – қайғы мұң... Сол күп ед бізді түлеткен. ...Алғашқы түскен, айдыным, Өшпессің, сірә, жүректен...
АТ ҮСТІНЕН ОЙНАЛҒАН ЖАСЫРЫНБАҚ (Баллада) Шуақты еді шырайлы күн ғаламат, Астарында тоқ жарау кіл қазан ат Туған жерді бетке алып, сар желіспен, Келе жатты бес бірдей пірлі азамат. Арман шіркін десек те алып ұшты, Бұл пендеңіз тағдырға бағынышты. Жыр қып айтып келеді кезек-кезек, Жүректегі жып-жылы сағынышты. Ұсынғандай кенеттен сыйын бақыт, Жүйріктерге жарысу қиын ба түк Көрінгенде қара жұрт азаматтар, Шапты дейсің шуласа құйындатып. Шырқап берді біреуі ақтарып ән, Сәт болды бұл бір ғажап бақ дарыған. Аунап жатыр жігіттер туған жерге, Домаланып түсе қап аттарынан.
Құрығандай қатер мен қаупің қашып, Мәз болады күлісіп, қауқылдасып. Бірін-бірі қызықтап қапелімде, Болар емес жігіттер мауқын басып. Мұндай сәтте кім жүдеп, кім арыған, Айтар ма еді аңқытып, шығарып ән! Атқа қонды қайтадан азаматтар, Шыққандай боп әйтеуір құмарынан. «Бір қызықтан қоярмыз мақұрым қап, Тыңдасаңдар... мырзалар, ақылымды ап, Бала болып соңғы рет, - деді бірі, Ат үстінен ойналық жасырынбақ». «Шаршадың ба, Дәлубай, демаласың. Көзіңді жұм, «стукта» сен қаласың»,- Деді-дағы төрт жігіт шауып кетті, Туған жердің бетке алып кең даласын.
Көзін ашса Дәлубай аңтарылған, Әудем жерде төрт ат тұр қаңтарылған. Кезек-кезек қарайды төртеуіне, Көрінбейді ешкім де жан-жағынан. -«Бетке айтқаным, жігіттер, өсек емес, Бұл Дәлубай сендерге есек емес. Тығылуға болмайды аттан түсіп, «Тіпәк», «тіпәк» бұл ойын есеп емес». Басын тежеп төбелдің тайтаңдаған, - деп Дәлубай достарға айқайлаған. Ат жалына тығылған төрт жігіттің, Болып шықты ешбірі байқалмаған. Оралғандай баяғы тамаша жаз... Дәлубай тұр қысылып... о да Сабаз! Кең даланы керемет күлкі басып, Болып жатыр ағалар балаша мәз.
Бал-бұл жанып жүздері өртенеді, Осы бір сәт не деген көркем еді! Сағынышты ағалар сәбиге ұсап, Туған жерге осылай еркеледі.
ТОЛҚЫНДАР
Толқындар, толықсисың, тербелесің, Әлде сен шемен оймен шерленесің. Тәуекел түбі болса жел қайықтың, Толқынға қарсы айдаған ер кемесін. Толқындар, неге мұңды ырғаласың? Дейсің бе сәуле суда сырғанасын. Ұмытып кетті ме екен жағалауда, Жүгірген жалаң аяқ бір баласын. Толқындар, неге сонша шаттанасың? Марапат айтып босқа мақтанасың. Алапат айдыныңнан не қайыр бар, Тірі жан тіл үйіріп татпағасын. Толқындар, неге сонша өрекписің? Түсінсем мұндай сәтте ерек күйсің. Кім ұққан бұл заманда, кімнің жәйін, Ашуың кімге сенің керек дейсің.
Толқындар, тулап таумен теңестің бе, Аспанда ала бұлтпен егестің бе, Араға шыр-пыр болып, бітуажа, Айтатын тағы да мен емеспін бе. Толқындар, неге сонша құтырындың? Тірліктің тапқан дейсің ұтырын кім. Қанағат қашқан шақта қазынаң да, Жұқ болмас жаламына жұтырыңның. Толқындар, керуен тарт, кілкі деймін, Заманың болып кетті түлкі деймін. Жігерім жүнжіп кетсе, жабырқасам, Өзімді толқындарша сілкілеймін. Толқындар, сабыр сақтап сыңсымайды, Жүректі іңкәр сезім шымшылайды. Теңізбен бар-ау менде бір туыстық, Жанымның толқындары тыншымайды.
АҚТАУ МЕН ҚАРАТАУ *
Орын тепкен ұлының жүрегінен, Туған далам тұмарлы тілегім ең... Бұл Маңғыстау тұрады орман, көлсіз, Қаратау мен Ақтаудың сілемінен.
Бірі баран, ал бірі бапты қылаң, Ғасыр асып қос тұлпар шапқылаған. Пайда болған деседі Қаратауды, Лавалардан ақжалын атқылаған.
Ал Ақтау ма? Ақтаудың жөні бөлек, Сұлулыққа өн бойы толы дер ек. Қаратаудай қайсар ұл қамықпасын, Деп Алламыз жаратқан болу керек.
Қымбат болып бәрінен ғайыпты сәт, Ақтау менен Қаратау жайып құшақ, Бір-біріне, беу, дүние-ай, ұмтылады, Ақбөбек пен арманды Қайып құсап.
Ақтау жағар ару түн шырақтарын, Қаратау да тігеді құлақтарын. Таусылғанда шыдамы, солай қарай, Жүгіртеді бұйығы бұлақтарын. Азаппенен өтердей өмірі нақ, Қаратаудың көшінің қомы құлап, жатырғанда, Ақтау қыз сақ-сақ күлер, Атырауға армансыз шомылып ап. Сонан кейін, шіркін-ай, керіледі, Сұлулығы не деген керім еді?! Осы сәтті күткендей жел кеуделі, Жігіт-бұлттар жан-жақтан желігеді. Ару қыз-ай, соншама әккі ме едің? Ер жігітке келеді бақ тілегім. Қаратудың намысын қайрап-қайрап, Созбай қойды бірақ та ақ білегін.
Мәртебесін Ақтаудың биіктеткен, Тәкаппарлау сұлулық сүйікті еткен. Ғашық жүрек мәңгілік маздай-маздай, Қап-қара боп Қаратау күйіп кеткен. Табиғат та тағдырға бағынышты, Ыстық жүрек, қаншама алып ұштың. Сарғылт жондар таулардың арасында, Белгісіндей сарғайған сағыныштың. Екі тілек мәңгілік қабыспады, Екі жүрек мәңгілік табыспады. Қол созым жер болса да аралары, Бір-біріне арман боп алыстады. Жанғанменен жүректер шамдай жарық, Тірлігінде жолдары болмай налып. Екі ғашық мәңгілік қосылмаған, Қатып қалған сияқты тауға айналып.
Таулар болар айбары бұл ғаламның, Ажары боп айшықты тұр даламның. Қаратау мен Ақтаудың телқоңыры, Жырға құмар жүрегі бір балаңмын.
ТАУЛЫ ӨЛКЕГЕ БАБАЛАР ТАБАН ТІРЕП...
Көрдің бе сен, ағайын, өнер елің? Маңғыстауым, тарихың көне керім. Тауларының өзі де бір керуен, Айтпағанда қыземшек төбелерін.
Ақтауыбар, Бөлектау Қаратау бар, Отпан деген оқшиған дара тау бар. Бауырынан былдырлап бұлақ өріп, Баурайында арқардың баласы аунар.
Сияқты бір апайтөс, асқақ мерген, Жауларымды бұл таулар жасқап келген.
Дәніспан* тұр Таушықтың желкесінде, Барлық тауды өлкеме бастап келген.
Көбейсе де бұл күнде қалалары, Тау деген бұл даланың қара нары. Етегінде туған соң, ержеткенше, Тауға қарап өседі балалары.
Бұл өлкенің боран мен желі бөтен, Азаматтың болмаса белі бекемТаулы өлкеге бабалар табан тіреп, «Таудай болсың ұлдарым»,-деді ме екен?!
«АҚҚУЛАР ІҢКӘР БОЛҒАН ҚҰТ МЕКЕНІМ...»
Бірінші жыр Жинаған бір бойына бар асылды, Ақтауым, ару кейпің жарасымды. Қаншама қиындықтар қинаса да, Өзгерте алмаспын көзқарасымды. Қаланың қызықтырмас қалпы кімді? Сұлуға сұқтану да салт ырымды. Көз тастап көк аспанға керілесің, Айдынға аймалатып балтырыңды. Жалыны жастық шақтың тасып ұшты-ау, Қаланың қойыны – құт, басы – қыстау. Қытымыр қыстан хабар келген бойда, Күз шіркін кетіп қалды асығыстау. Ісі жоқ бақытында байлығында, Аққулар қалып қойды айдынында. Қанатың маржан таққан мұзға қатып, Қалмасаң болар еді қайғы-мұнда.
Әлде сен үйрендің бе көнбістікке, Сүюден сұлулықты кем түстік пе?! Аққу құс айналайын, айтшы маған, Сен неге ұшпай қалдың оңтүстікке? Көргіңіз келеді ме тамашаны? Қырда Ақтау – айдында аққу қарашы, әні, Текті мен тәкаппарлық түсінісіп, Салтанат сұлулықпен жарасады. Көңілді мен қалайша күпті етемін, Қашаннан елге мәлім мықты екенің. Қаймықпай қиындықтан құлпыра бер, Аққулар іңкәр болған, құт мекенім. Екінші жыр Аруым. Ақтау қалам, сүйемін бек, Мақтанам мен өзіңе иемін-деп, Қадірің арта түсті-ау, құт мекенім, Өзіңе аққу құстай киелім кеп. Мен қашан сұңқылынды сағынбадым. Сен келіп айдыныма дамылдадың. Тербелші, тербетілші,
ұшып кетіп, Үзбеші жүрегімнің тамырларын. Жүрегім іңкәрліктен жүр арылмай, Тарқамас ғашықтықтың құмарындай. Қалқышы қамкөңіл құс, айдынымда, Қорғайын егізімнің сыңарындай. Көңілдің көксегені болмай қалып, Замана құбылса да, жанбай жарық. Әйтеуір мен білетін бір ақиқат, Аққулар тегін жерге қонбайды анық. Үшінші жыр Ақтаудың арайына табындың ба? Тағдырдың салғанына бағындың ба? Аққу құс, талмай ұшып тағы жеттің, Әлде сен туған жерді сағындың ба? Қонуға бағыт түзеп ойланасың, Қалықтап айдынымды айналасың. Қорқамын қанаттарың қырда үзіліп, Қалмаса болар ед деп, сайда басың. Меңгерген сырын қулар жер астының, Жүректі жаралайды зар ащы мұң.
Қастерлім қапылыста кетті талай, Қанды ауыз қоржынында қарақшының. Серпілмес сілкілеп бір алмасаң жұрт, Дүмбілез дүмше деген далбасаң қырт. Адалдық қор болғанда кетеді екен, Аққудың қанатына қарға саңғып. Арбаған аждаһадай заманды ұқтым, Керегі болмай қалды маған түктің. Жанымды ең болмаса сен түсінші, Аққу құс – тәңірісі адалдықтың!.. Төртінші жыр Ақтауым, сен аршын төс ару ма едің? Сағынсам жүрегіме дәру ме едің? Сен жайлы айтылатын ән мен жырға, Әйтеуір ақ көңілім зәру менің. Жанымның жадыратар желегісің, Керемет кенттерімнің ерегісің. Мен толқып тебіренсем, еміренсем, Айтатын әңгімемнің дерегісің.
Атағың жарты әлемге жайылғасын, Базарлы бақытыңнан айырмасын. Күй тартсам күмбірі сен домбырамның, Ән салсам әуенімде қайырмасың. Көрген де, көрмеген де сағынады, Алда ғой ажарланар шағың әлі. Ақтауым, сені бетке ап аспанда аққу, Айдында ақ кемелер ағылады. Десем де бақытыңа қол асамын, Айдының алқаракөк тола сағым. Еліңе алтын қақпа болып ертең, Бүгіннен зор деп сенем болашағың.
ТУҒАН ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ
әні Рахат Еңсегеновтікі Маңғыстаудың май сіңген аймағынан, Маржан ілдім мұнайдың қаймағынан. Елім менің ересен ырыс күтер, Атыраудың ақберен айлағынан. Қайырмасы: Бақ кетпес мәңгі басынан, Байлығы шалқар тасыған. Көзімнің ерке нұрысың, Көңілдің көркем жырысың. Қалайша шыдайын, Ырыс боп ылайым. Ағылсын мұнайың, Туған елім. Керуендер жосылар мұнайды артқан, Ұрпақ көрер ұтымды ұпайды ертқан. Құбыр жатар қазақтың қырларында, Батыс, шығыс, Қырым мен Қытай тартқан. Қайырмасы. Табысыңа туған ел қол асамын, Мыңжылдыққа мұнаймен жол ашамын. Бақытымның ертеңгі бастауындай, Мұнайыммен баянды болашағым. Қайырмасы.
Келешекті кемеңгер кеңес білер, Дей алмаймын үніңді кем естілер. Байлығы бар, бағы бар, бұл қазағың, Талайлармен терезе теңестірер. Қайырмасы.
КАСПИІМ
Сіңіріп заман лебін, Тыныстар далам менің. Туыппын толқыныңда, Қарт каспий, анам менің! Ентікпес ерендігің, Мақтауға кереңдігін. Табынтар, тамсандырар, Тәкаппар тереңдігің. Ойымның орманысың, Қиялдың қорғанысың. Табиғат, мың рахмет, Каспийдің болғаны үшін. Елімнің айбарысың, Намыстың қайрағысың. Мың келем айдыныңа, Құшағын жайғаны үшін. Мекені шағаланың, Сәулесі самаланың. Өзгеден болмай медет, Өзіңді жағаладым. Аққудың сыршыл әні, Толқында тұншығады. Шарықтап шағаладай, Көңілім тыншымады. Қиындық кемді күнгі Қиналтар енді кімді? Безбүйрек болғандарға, Сыйлашы кеңдігінді.
Қадірлеп теңдігімді, Сақтармын елдігімді. Табынар тарыққанда Пірімсің сен бүгінгі. Теңізден мәнді ұғынам, Жататын жаңғырып ән. Сақтасын сені құдай, Аралдың тағдырынан.
ТҮЛЕП ҰШҚАН ТАУШЫҚТАН...
Жолдас қылған ізгілік, жансаң нұрдан, Аруларға әдемі ән салдырған. Түлеп ұшқан Таушықтан, ағалар көп, Талантымен талайды тамсандырған. Соғыс деген елімнің дертті күнін, Солар бетін қайтарған өрт тілінің. Солар еді жеңісті алып келген, Солар елдің өргізген төрт түлігін. Ойлап көрсем кешегі өткенімді, Солар екен күлдірген көкте күнді. Болашағың, балақай, зор болсын деп, Салып берген менің де мектебімді. Өрлерінде өнердің самғатып үн, Бермепті олар, әйтеуір жанға тыным. Ғылым қуып, өнер мен білім қуып, Ұлдары боп кетіпті Алматының. Ардақтысы елімнің саналатын, Тілеп жүрем солардың саламатын. Алаңдаймын елім, - деп,
ағаларым, Маған тастап кеткендей аманатын.
САҚТАҒАН ШАЛ
Шаруадан қолдары еш босамаған, Келер күннен бір медет тосады адам. Ойда жоқта әбігер болғаны жұрт, Боз мая жоқ желіде бошалаған. Жүргенді жұрт аңдумен төзіп көптен, Кеше кеште-ақ ыңырсып сезікті еткен. Әдеті еді ботасын қызғанатын, Міне тағы бошалап, безіп кеткен. Көк аспанда көгілжім нұр айналып, Күннің көзі тұрған-ды шырайланып. Сақтаған шал бүкшеңдеп қырға тартты, Алды-дағы желіні бір айналып. Жібермеген жан еді жүзге есесін, Оған таныс бар тірлік түзде өсетін. Шиліқұдық. Сартас пен Шытшадағы, Көзі тірі жалғыз шал із кесетін.
Күпірлікті мұндайда аластайды, Ерегісіп ешкіммен таласпайды. Жоғыңыздың ізіне бір түскесін, Енді қайтып ол сірә адаспайды. Жоқтың ізі жантақты сайлар ма екен? Әлде қатқыл тастақ па, қайраң ба екен? Сәкең үшін бәрі бір, қай кезде де, Жүрегінде жаттаулы қайран мекен. Төл өргізген ел ғой бұл қар-мұзда аман, Енші бопты ізшілдік жалғыз саған. Бүкшең қағып келеді қырағы қарт, Жол жатқандай алдында аңдыздаған. «Табылардай бошаның түзде амалы, Тарпаң түйе түлігін қызғанады»,- деп Сәкең шал дізерлеп отыра қап, Көк тастан да мүк басқан із қағады.
«Алдаған жоқ көздерім, шүкір, мені, Алған да жоқ қол салып кісі іргені»- деді -дағы құлатып Шұқыройға, Жоғымызға төбеден түсіргені. Ел тілегін сол шалың екі етпейтін, Қояндай-ақ жым қуған секектейтін. Жұрт аңыз қып айтатын «Сақтағанның, Бар деп қызыл түлкісі жетектейтін». Маңғыстаудың даласы қаптаған жал, Бұрынғылар білмесе бақпаған мал. Жүз түйені ізінен ажыратқан, Шытшадағы түйекеш Сақтаған шал. Деп ойлама «жүрміз-ау көп біліп біз» Табиғатты ұқпайсың тектіліксіз. Көкіректе тағы бір көз болмаса, Маңдайдағы екі көз жеткіліксіз. АҒАНЫҢ ҮЙІНДЕ (Қ.Сайлаубайға)
Талма түс, күн жексембі, шөл қысқаны, Досы бар ер жігіттің бар дұшпаны. Бір ағай тап болды да, ере кеттік, Бетке ұстап баяғы бір жол нұсқаны. Жеңгеміз қылықты екен ерке керім, Көлдей қып жайып салды көрпелерін. Сонан соң домбыра әкеп, дегені ғой, «Қайнылар босқа отырмай, шерте берің». Жеңгеміз дегеннен соң «шерте берің», Күйші дос, бар еді деп, тер төгерім. Қолға алып домбыраны құтыңдады, Мінгендей қолбайырғы кертөбелін. Құлағым бұл күйшіден сан жауырдың, Қабағы түсіп кетер халі ауырдың. Көзіміз жарқ еткендей болды-ау деймін, Ызыңы естілгенде самауырдың.
Ұятқа кезек тимей қорғалады, Қара тер самайлардан сорғалады. Күйшінің арқа басы кеңігесін, Саусағы саға бойлай жорғалады. Қуы ғой көпшіліктің қоғам атты, Ағамыз шамамызды жобалапты, Жантайып жата кетіп, әрмен қарай, Босаған бөтелкені домалатты. Бұдан да келтіргейді қазаңды оқтан, Күпілдеп шығушы едің жазаң жоқтан, Адайдың күйі жоқтай құдайатқыр, «Тартайын дегені ғой Қазанғаптан». Күткендей осы бір сәт кереметті, Жеңгеміз ерекше бір елең етті. Күйшімнің берекеті кетіп отыр, Қуғандай қолға түспес көбелекті. Білді ме жыға алмасын сірә нарды, Кенеттен басын сілкіп тұра қалды. Жеңгеміз осы сәтте: «Кәне қайным»,- деді де домбырасын сұрап алды.
Жарқытып құлағында қос сырғаны, Желпінтіп жебе күйді жостырғаны. Қайран дос тесік болса кіріп кетіп, Орныңның жақсы еді ғой бос тұрғаны. Құдайдың ұруын-ай қақ төбеден, Жеңгеміз болып шықты Ақтөбеден. Қырсықты қарасаңшы сол әйелдің, Кім білген күйші екенін ақпа перен. Өгіздей отын артқан үйретіліп, Қабырға қалғандай бір күйретіліп. Сол үйден әрең шығып, кеттік біздер, Оқ тиген сұр қасқырдай сүйретіліп.
КҮҢГІР ЕТТІ ҚАРАТАУ
Оранбасын деуші едім орда мұңға, Қалғып тұрған қаратау қорғаның ба? Сусыз өлкем желегің адыраспан, Бұйраланған боз жусан орманың ба? Күйкі тірлік күндер-ай, мағынаң жоқ, Сезімдерім сергімей сабылам көп. Көкбөрінің орнында көпек ит жүр, Қарғы таққан кейбіреу қабылан деп. Атар болды бұл күнде мазаны ап таң, Қол көтердік күдері қазан аттан. Жұрнағы жоқ мейірім, шапағаттың, Мен қорқамын жетесіз азаматтан. Қырқаларым қыбырсыз биік, тарлан, Құмбыл далам қуарып күйіп таңнан. Қаратауға қарасам көз алдыма, Қарт келеді қабағын түйіп қалған.
Қарайтыңдай ол маған жақпайсың деп, Мүсәпірім, мәңгүртті мақтайсың деп. Күңгірт өтті ол кенеттен «Ей бейшара, Үмітімді сен қашан ақтайсың» деп? Атар, сірә бабалар серті бізді, Есесі үшін ез, күйрек еркіміздің. Келер ұрпақ, сен адал тусаң игі... Дауасы жоқ біздердің дертіміздің.
ТАУШЫҚ
Көңілді құдай бәсік қып, Аңырып елім қалғанда. Жиылып жатақ, кәсіп қып, Қол созып едің арманға. Отаның отын сұратты, Шахталар қаздың тереңнен. Үңгіген тау мен қыратты Ісіңнен ерлік көрем мен. Жылуын шашып бар маңға, Жалын боп ылғи жанса да, Жете алмай кетті арманға, Жақсылар сенде қаншама. Өмірден өтті қанша адам, Жандырсам деумен бағыңды. Көре алмай кетті аңсаған, Шырайлы сенің шағыңды. Ағалар біздің белсеніп, Көтерген бәрін иықпен. Таулары құсап еңселі, Көрінген ылғи биіктен. Аталар жайлы әңгіме, Таусылмас айтсам расында. Тыныстап жатыр мәңгіге, Итолы* жалдың басында.
Сенімен Таушық заңғармын, Базарлы мекен, бар құты. Өзің деп өткен жандардың, Мен де бір қалған сарқыты. МЕНІҢ МЕККЕМ (Шахта орта мектебінің 60 жылдығына) Балалық шақ, сені аңсап сағынамын, Тұла бойды тербетіп тәңір ағын. Ақ ордасы, білімнің, пәк ордасы, Қозың болып келеді жамырағым. Арманына қол созбай тынығар кім, Қадіріңді өмірде мың ұғармын. Арман қуып өзіңнен алыс кеткен, Ізі жатыр аулаңда ұлылардың. Бөгет болмай нарықтың кесір демі, Мерейтойың мерейді өсіргені... Атағыңды әлемге жая алмасам, Алтын ұям аяулы, кешір мені.
Қиын, бірақ жайым жоқ тыйылатын, Ақын деген бәрінен биік атым. Еңсең еру болсын – деп тілек еттім, Менің Меккем, Мединам сыйынатын. Туған Таушық басы сен асыл күйдің, Құмыңда ойнап, тауыңда тасыңды үйдім. Мен мәңгілік шәкіртпін сен дегенде, Міне келіп бозарған басымды идім. АҚ МАЯЛЫ ЕДІ БІЗДІҢ ЕЛ (Таушық акционерлік қоғамының түйешілеріне арнаймын.) Сазы да бөлек, Назы да. Байламы қатты басқа уақ. Бабадан қалған бағыңа, Тау бетінен тас құлап.
Тамырынан тартылып, Атқақтаған ақ бұлақ. Қысқа жібің күрмелмей, Жүрсің бе, жаным, шапқылап. Көресің неткен көп еді, Бейнеті қалың бейкүнә ел, Көрмексің тағы бақ сынап. Көлбеп бір жатқан көп төбе, Оятар сені ақ шуақ. Шекелек шың мен кең сайдың, Аяғы әйкел, ақ суат, Ақ маялы еді біздің ел, Сапырған саумал ақ шұбат. Далада туса бошалап, Алты қасқыр қамаса. Айылын ешбір жимаған, Сандық өркеш, салпы ерін. Сатарға қазақ қимаған, Алакөнек ақ мая. Желіні бұтқа симаған. Талдырып қарын жеңгемнің. Сауғанда жанын қинаған, Бағатын еді бабымен. Аузынан уыз кетпеген, Кезеріп ерні кеппеген, Елдегі ең бір сыйлы адам.
Кештіңқұрым болғанда, Қамшысын іліп қарына. Ағамыз атқа қонғанда, Үрпек жүнді жас бота. Самалға кешкі тоңғанда, Күн астынан шаң ұшып. Әріден бермен маңысып, «Маң-маң басып, маң басып, Шудаларын шаң басып», Қарағай өркеш қаздиған. Әскердей қалың самғасып, Келгенде табын өрістен, Жүгіруші еді жеңгелер, Шаруаларын қамдасып.
Күн батарда тымырсық, Айдынданып ақ мая. Желіге жетіп тоқтайтын, Ботасына ыңырсып. Қарасирақ қу бала, Өзінше жұртты таң қылып, Желінің басын шаң қылып, Буыршыңдарды үркітіп, Қуар еді сұр тайдың Алдына салып сүркітіп. Алакөнек ақ мая, Ийтін еді екі рет, Сауғанда жеңгем күрпітіп. Сәбилік жадта сақталған, Көңілде мәңгі қатталған, Осы бір сұлу сүгірет, Сияқты бүгін тәтті арман. Бір күні біздің ауылға, Әдемі жеңіл көлікпен, Өздері біраз желіккен. Біреулер келді шіренген, Жалпылдай қалды ағам да, Домалай түсіп күреңнен.
Сипайды мұртын мықтылар, Қағып сап саумал шұбатын. Ағамның айтқан уәжін, Түрі жоқ мүлде ұғатын. «Былшылды қой сен, ей надан, Тыңдап ал бізді одан да, АҚШ-ты басып озамыз, Ет керек біздің Отанға!» Сол, сол екен сорлатып, Жау тиді біздің қотанға. Кім сұрады, қайда алды, Ағаның басы айналды. Құн жетпес құтты қаралар, Алакөнек ақ мая. Саба желін сары мая, Сандық өркеш нар мая, Қасапқа бәрі айдалды. Жылап жүріп ағамыз, Желіні жүз рет айналды. Опыңды, қайтсін ойқанды, Қарғып мініп күреңге, Салмақ та болды сойқанды.
Бұлқынып біраз бусанып, Ағамыз босқа терледі. Ауданнан келген ақ байпақ, Мықтылар ырық бермеді. Баладай қылып баптаған, Көлденең көзден сақтаған. Малымыздың тегі деп, Бөрене жілік, бөрте сан, Дулығалы көк үлек, Қара бура алшоңқай, Қаратаумен бара бар, Қосақталып айдалды, Қатепті туған қара нар. Құтқармайтын сол жылдар, Жоспар дейтін тор болды. Асыл туған ақ малға, Салмақтары сор болды. Жүрмеді өзін әлектеп, Бір бәлені сезініп. «Атасына нәлет» деп, Ағам да кетті безініп.
Тегінде теке атпаған, Текені екі атпаған, Еңбек үшін тумаған, Қабылдап алды табынды, Мал көрмеген қу надан. Желінің басы жел болды, Шырылдап, боздап шулаған. Табынды түзеп алға айдар, Айырдан туған қалмай нар, Көйіншік, күрдек, жарбиған, Жол бермей қойды жарбайлар. Асылдар сірә жойылды, Буыршын бура қойылды. Көрттен де үлек шығар деп, Мал көрмеген көргенсіз, Арамтер болып сойылды.
Көңіл бір сырды қозғайды, Иесінен малы озбайды. Қосынттан туған қоспақтар, Шырылдап келіп боздайды, Қасиет иә құты жоқ, Шеккіге салсаң бұты жоқ. Шұбатты былай қойғанда, Шәйға да тартар сүті жоқ. Бағайын десең қызықтап, Көз тоқтайтын тұрқы жоқ. Сыңар емшек сыздықтап, Сауайын десең үрпі жоқ. Сүреңсіз сол бір жылдарда, Сөзден де қамал тұрғыздық. Айқайға мойын бұрғыздық, Атадан қалған асылды, Қасапқа салып, қырғыздық.
Заулайды күндер тоқтамай, Кетті ме бастан бақ талай, «Жетесіз туған жүгірмек, Күн кешіпсің күшікше, Үмітімді ақтамай, Тірі жүрмін дейсің бе. Атаңнан қалған ақтық мал, Ардақ та тұтып сақтамай. Көре алмадым бір жампоз, Алдындағы келеден, Нар деп қойған найсабың, Аттан да жаман тебеген. Бура орнына бәтшағар, Буыршын салған неменең. Қасиеті ұрып қараның, Қабыл да болмай тілегің. Томар бас тексіз таты көрт Көлеге салған үлегің» Дегендей болды ұмсынып, Бастарын шұлғып бал-бал тас, Әруақ дүр-дүр сілкініп, Артында қалған елінің,
Білмекші болып халдарын. Қайтып бір келсе шалдарым. Рулық мая, көк үлек, Қара бура, қызыл нар. Жоғалттыңдар қайда - деп Сұраса қайттім малдарын?! Адамнан зият ақ жампоз, Алдыңды орап кеспеген. Қара қанжар, қыл сағақ, Қарнай сұқсаң былғалап, Ыңқ етіп те сеспеген. Жамалдатқыр айғыр мал, Жақ жаппай неге боздайды, Жайрағырдың дауысы, Жан жүйемді қозғайды, Қара басыңа көрінгір, Тұқымың неге тозбайды.
Мал келгенде өрістен, Желіге барсаң кешқұрым. Алдыңнан иттей абалап, Бетіңе жынын шашады, Мал реуіш жексұрын. Атам бір қолын сілтеді, Күндерім саған деп шығын. Түңіліп кетті қара шал, Көзіндей болған ескінің, Қарауға тура батпадым. Сондағы оның кескінін... Азаттық деген айбыңды үн, Саған да жетті жаңғырып, Арда бір өскен аңқау ел, Сәбидің кейпін қалдырып, Айдатып асыл алдырып, Мырза сораң, бұйрығын, Бөрте жусан шалдырып, Мал қайырсаң деп едім, Аттың белін талдырып. Атадан қалған жас ұлан. Аталы сөзді тыңдай ма?
Ақ шұбатты шуаш деп, Қырсық шалып қыңбай ма? Сергелдең болса сенімің, Сағың бір сонда сынбай ма?! Тексізден көрген теперіш, Батады қатты шымбайға. Ата бір қоныс Маңғыстау, Ақтылы қара асыл мал, Төскейіңде тұнбай ма, Көргенде көзің сүйсініп, Мал қайырар күн қайда?! Атаның болар ақтығы, Табиғат шіркін бай қандай! Ақботаменен ойнап жүр, Аппақ бір бала ай маңдай. Осы бір әсем көрініс, Жанарың жасып тайғандай. Көңілдің көркем бағына, Үкілеп тағы тал ектім, Аялап соны күні-түн, Өзіммен өзім әлекпін. Әруақ қонған ел едік, Атадан ұлан туар деп. Атаның жолын қуар деп, Аймандай ұлдан дәметтім.
ДҮНИЕ ЖАЛҒАН
Кейде жаның қажыған, құр сілікпе, Күн кешесің күлкісіз, күрсініп тек, Сарғайтады сан сұрақ санаңызды, Оңай емес екен ғой тіршілік те. Кейде өмірде құлайсың оңбай, көкем, Кейде ажалмен бұл адам ойнайды екен. Бақыт келіп қол берсе бір-ақ сәтке, Оны пенде мәңгі деп ойлайды екен. Сосын кетсе далаға лақтырып, Жүгіресің соңынан құлап-тұрып. Түсінесің ақыры, түсінесің, Жалғандығын өмірдің жылап тұрып.
ӨМІР ТУРАЛЫ
Мынау өмір күрделі бір құрылыс, Мынау өмір – тыным таппай жүгіріс. Құрылыста көп екен ғой бұрылыс, Жүгірісте жоқ екен ғой кідіріс. Мынау өмір – майдан екен найзалы, Мынау өмір – күрес екен айлалы. Жығылдым да, түйрелдім де, өлмедім, Толу үшін, болу үшін пайдалы. Мынау өмір – арман екен миятсыз, Мынау өмір – жалған екен ұятсыз. Ұры жолдай апармайтын ешқайда, Шындығы жоқ, шұбырынды сияқты із. Өмір – бұлақ, мен жолаушы шөлдеген, Көңіл шіркін жарысушы ед желменен. Өмір сұлу қыз екен ғой шынында, «Күт» деп алып, өзі бірақ келмеген.
Алдан жарық сәуле болып үмітін, Тәтті арманды әлдилейсің күні-түн. Күтемін деп, түтемін деп жүргенде, Шаршаңқырап қалады екен жігітің. Мынау өмір болғанда үлкен құрылыс, Шаттық кеміп, шабан тартты жүгіріс. Азайғандай айласы көп бұрылыс, Көбейгендей пайдасы жоқ кідіріс. Деген едім, тылсымыңа жетейін, Ей дүние, қайран өмір... Не етейін?! Соңғы сәтте сәби қылшы бейкүнә, Қалай келсем, солай сенен өтейін. ШАҢЫРАҚ ИЕСІ Үш күн болды бұл азапты толғаққа, Шырқырайды жап-жас келін оң жақта. Келін үшін, сәби үшін туажақ, Ақ шұнақ шал айтып жатыр «Бозқасқа».
Жаманатқа бастырмай бір еңсені, Бір үмітке тұрды білем ел сеніп. Сәби үні шыр еткенде кенеттен, Қуаныштан кетті ақ орда теңселіп. Жалғыз ұлдан қапылыста айрылып, Қалғанды қарт қанатынан қайрылып. Ойлантқанда бір әулеттің тағдыры, Шал құса боп қан жұтатын қайғырып. Мықты-ақ еді, тағдырынан жеңілді, Соңғы үміті жүкті қалған келін-ді. Ақ түйенің қарны бүгін жарылып Шал қайғы емес, қуаныштан егілді. Ауызына түспей сөздің жүйесі, Жауына да дейтіндей қарт «үй осы...» Дәнеңеден хабары жоқ шараңа, Шырылдайды шаңырақтың иесі.
Жүз шөмішпен төксе дағы жүз қазаң, Өмір шіркін ортаймайтын бір қазан. Кеше осы үйге қап-қапа боп батқан күн, Бүгін тағы ән боп шырқап тұрды азан. Жер баяғы, су баяғы, сол аспан, Ықылымнан өмір – өлім арбасқан. Ажал залым атқанменен дәл көздеп, Өмір өлмей, аққан селдей жалғасқан. ...Кейде шаттық, кейде қайғы еселеп, Әлі талай жанар шамдар, өшер от. Үнін естіп жөргектегі сәбидің, Елім еске түсіп кетті... Не себеп?!
АДАЛДЫҚТЫҢ ТІГЕМ ДЕП АҚБОЗ ҮЙІН
Адалдықтың білмедім қайда барын, Асырады аярлар айлаларын. Қалқанымның көбесін қақыратып, Қадасады қан шашақ найзаларын. Сартап болған санада сіре сенім, Біресе өмір, елестеп, біресе өлім, Адалдықтың тігем деп ақбоз үйін, Арамдықпен аяусыз күресемін. Данышпанның дәйегі дауға айналып, Ақиқатым арамнан аумай қалып... «Шың дегенің шын ба?» деп шіренеді, Төбешіктер бұл күнде тауға айналып. Дұбараға көрсетіп дүйім қолдау, Сыбайласқа салдырды сыйын молдау. «Қарынымның ашқаны ештеңе емес, «Қадірімнің қашқаны...» қиын болды-ау.
«Қырсыққанда итің де қырын кетер» Жыламаған жақсылар бұрын бекер. Мен қалармын, бір төмпек, қыр басында, Замананың жалыңда жырым кетер.
КҮДІК ПЕН ҮМІТ
Қара кемпір «жағдайым қиын» дейді, Қара бала таң атпай «тиын» дейді. Қылығына күлімкөз қарындастың, Көңіл көншіп, көздерім сүйінбейді. Кімнен ақыл сұрармын, табысармын? Кім соғады сойылын намыс, ардың? Көншітпеді көңілді қасиеті, Садақа іздеп сандалған сары шалдың. Жетпейді деп бәйбіше зарланады, Азаматы үндеуге арланады. Өш алардай ұршықтан қолындағы, Жеңешем де жұлқынып қарғанады. Қара жолдың қым-қиғаш шиыры көп, Қара қазан шылдыр су, түйірі жоқ. Қара жалдың басында азынаған, Қара айғырдың алдында үйірі жоқ.
Қара нарда қу шандыр, жал қалмаған, Қара жұрт та қаңырап мал қалмаған. Ата-баба қонысын артқа тастап, Шұбырынған қалаға аңғал ма адам? Азайған соң алдында айдағаны, Әркімнің де қуғаны пайда қамы. Бәрінен де дүние-ай жаман екен, Көңілінді күдіктің жайлағаны. Тарих өзі жөн тауып дұрысына, Бастар елді ертеңгі ырысына. Көк байрақпен жоғары көтеріл деп, Үмітімді байладым бұрышына. Қияладым қиынның көк тайғағын, Наркескенін намыстың көп қайрадым. Мен құласам құлайын, сенің үшін, Сен құлама, киелі көк байрағым!
АЙЛЫ ТҮН, АЙМЕН СЫРЛАСТЫМ...
Күн батып қараңғылық, Торлады төңіректі. Көңілді алаң қылып, Бір күндік өмір өтті. Ала бұлт қаптай шығар, Ұласып керуенге. Ай сұлу таппай сыңар, Шықты өзі серуенге. Сырымды, ей, сұлу ай, Сен қашан ұғынасың? Ұялшақ үркек қыздай, Бұлттарға тығыласың. Жарқ етіп шыға келіп, Жайнаттың үкі түнді. Ширығып шыдам, ерік, Жалғадым үмітімді. Алыста тұншығып ән, Жастық шақ жарасады. Қулықтың қырсығынан, Айғырлар таласады. Бөрі ұлып, салды әрекет, Дауысы тосын қандай. Ішімде бір бәлекет, Соларға қосылғандай. Сар желіп, жетіп мұрсат, Салғандай құлан ойын. Тітіреп кетті бір сәт, Сірескен тұла бойым.
Жылжиды үміт айым, Мұң айтам мұраттасқа. Жүректі жылытайын, Ай ару бір от таста. Пәс көңіл мауқын басар, Ай сұлу келбетінен. Қайтейін табылмаса, Жылылық жер бетінен.
ҚАМШЫ ТУРАЛЫ
Қараулыққа қалай ғана жан шыдар, Қысылғанда маңдайдан тер тамшылар. Таусылғанда басқа істейтін амалым, Қарманамын қайдасың деп қамшылар?! Қару қылған батырлар мен аңшылар, Музейде тұр сегіз өрме қамшылар. Көрінбейсің сен қазақтың үйінен, Сені қуған қатын, иә заң шығар? Бұл жырымыз кейбіреуге таң шығар, Шын жыласа соқыр көзден қан шығар. Сенің орның музей емес әзірге, Ер қаруы, қасиетті қамшлар! Қатын басшы, бала қосшы, керім де, Дегенмен дос уайымға берілме. Ата-бабаң ұстап-тұтқан бір мүлік, Тұрғаны жөн Сіздің үйдің төрінде.
БАЛАЛАР БАҚШАЛАРЫ
Қаржы жоқ , - деп көп болды қақсағалы, Табылмады бұл істің басқа амалы. Бүлдіршіннің сияқты ең екінші үйі, Жабылдың ба, балалар бақшалары? Теңесем де халқымды қара нарға, Қарамай тұр әйтеуір заман арға. Отауынан айрылып ойнап-күлер Қиын болды кішкентай балаларға. Бала бақша күмбірлеп, күй ақтарып, Өтуші еді түрлі ойын, би, апталық. Келуші еді балалар кештің құрым, Тойған қозы бейне бір сияқтанып. Күнкөріс қып жатқанда елім зордан, Қаржы тауып айлалы небір қордан. Әупілдектер келеді шақыртумен, Қияндағы Мәскеу мен Петербордан.
Соны көріп үзілер жан шідері, Қаржы деген халқымның тамшы тері. Шеттен іздеп не керек, өз еліңнің, Күнелте алмай жүргенде әншілері?! Ақылымды, япырай, айран қылып, Өтіп кеткен жат қолға қайран мүлік. Сатып алған серілер бақшаларды, Жын ойнаққа жіберген айналдырып. Билік айтып демеймін таласамын, Таласуға дәрменсіз аласамын. Қаңғып қалды көшеде күшік құсап Бала деген ертеңгі болашағың. Әрең тауып жүрсем де шайлығымды, Сұрағам жоқ ешкімнен жайлы күнді. Басқаларды білмеймін, біздің қазақ Жимаушы ма ед бала үшін байлығыңды.
Бала болды бастысы мұңымыздың, Қасірет қой деп түсін мұны біздің. Балаларды бақытты ете алмасақ, Қара тиын болғаны құнымыздың. Жөніміз жоқ баланы басынарға, Аздау ақыл айналды-ау шашыларға. Болашағым ертеңгі бой түзейтін, Бала бақша, есігің ашылар ма?!
МИНИСТРЛЕР СЫНАҒЫ
Барлық министрлер мен солар шендес билік иелерінің 15 проценті ғана қазақша басылымдарды оқиды. «Қ.Ә» №25 26.06.98 ж. Жүз министр, он бес газет ортада, (Деректі сөз, баламаңдар жортаға) - Қой-қой, достым, мүмкін емес министр ана тілді ақпараттан қорқа ма? - Қорықпайды, олар неден қорықсын, Аңғалдықтан ашық ауыз болыпсың. Менсінбейді, түсінбейді немесе, Ал, көңілің біржолата торықсын! Сонда қалай? Қалай болған, япырай, Жүрегімді шошыттың-ау, батыр-ай! Бұл сөзіңнен быт-шыт болып құлады Көңілімнің қорғандары қақырай. Күтуші едім мен олардан тың істер, Ойлаушы едім жандар ғой деп мініскер. Ана тілді ақпаратты оқымай,
Елдің жайын қалай білмек министр? Туған елін балаған жан боданға, Қандай пайда салар екен қоғамға? Ана тілден сын тапсырды Елбасы, Министрлер ұлық па екен одан да? Көңіліме тыншу бермес бір сұрақ, Тілін сүйген текті азамат тұрсын ақ. Дөкейлерден туған тілге сырт орай, Ана тілден алар ма еді бір сынақ! Аздап үрей туғызатын жалпыға, Сынақ деген сөзі құрғыр салқын, ә? Дегенменен болса осындай бір сынақ, Зор пайдасын тигізер ед халқыма.
ЖАЛЫНДЫ ЖЫР, ӘСЕМ ӘН...
Еркелеген сұлу қыз бұраң қағып: - Сағынғанда серіні бір аңсалық, Мықты болсаң, жігітім, қане маған, Берші,-деді, әдемі бір ән салып». Биік өнер жігіттің болды арманы, Тебіреніп сол жерде толғанғаны. Ақтармақ боп жан сырын жүрегінің, Домбыраны жігермен қолға алғаны. Ғашықтарға қашанда өмір нұрлы, Күмбірлетті көрікті көңіл жырды. Жүректегі айта алмай жүрген сөзін, Әсем әнмен әуезді төгілдірді. Өнерпаздың ән болар анық бағы, Қиялы да қиянға шарықтады. Махаббат деп аталар асыл сезім, Әнге айналып сол жерде қалықтады. Асыл сезім қандай пәк мөлдір еді! Естіген жан сол әнді елжіреді. Абыроймен орындап қыз тілегін, Үкім күтіп ол енді телміреді.
Қол жеткендей жұлдызға аспандағы, Қыз құлады құшаққа, жасқанбады. Жалынды жыр, әсем ән, нәзік сезім, Махаббаттың екен ғой баспалдағы.
ЖАҢА ҚАЗАҚ
...Кешегі күн жыр дескен, дастан дескен, Болып кетті бұл күнде астан-кестен... Сенбесіңе болмайды, ортасында, Өзің жүрсің барлығын бастан кешкен. Ағылады алапат сөздер легі, Оңай ма еді өмірдің өзгермегі?! Өңің түгіл түсіңе кірмес нәрсе, Болып алды күн сайын көз көрмегі. Қосыламын қу жүрек қәне кімге? Не боп жатыр әумесер әлемінде? Қайыр, сауап қазақтан қашып кетіп, Сатып берер түрі бар сәлемін де. Әркім мінер болды ғой өз кемесін, «Ортақбайым» сен қашан өзгересің? Жүрсің бе әлі даурығып, өкпелеумен, Өткен күннің оралтып көзге елесін.
«Салпақбайым» сен неге сенделесің, Кім боп кетті кешегі кеңкелесің? Жел жағыңнан өткен кім шаң боратып, Желден жүйрік жүйткітіп «Мерседесін». «Шатақбайым» сен неге шыңғырасың? Шыңғырғанда айтшы не тындырасың?! Заман түсіп топырыш торыңыздан, Ерттеп жатыр жын мінез сұңғыласын. Тасқа ұрсаң да басыңды күнде мейлі, Сортаң бақта сәмбі тал гүлдемейді. ...Тіршіліктің тетігін тауып алған, Жаңа қазақ жылмиып, үндемейді. Ешкімді де келмейді табалағым, Жаңа қазақ, қандайсың жаңа адамым? Тиер ме екен бір пайдаң ел-халқыңа, Желі оңынан ескенше замананың?..
ТЕЛЕДИДАР
Теледидар, жаңа заман мұрасы, Сені мүлде жақсы көрем, расы. Әрбір үйдің қақ төріне шығып ап, Шалқытып бір сауық-сайран құрасың. Күмпілдейсің кейде құлақ тұңдырып, Мәз қыласың аңқау жұртты күлдіріп. Мұның бәрі ештеңе емес, кей-кейде, Алатының жаман-дағы бүлдіріп. Мақтасам да сені тапқан ғасырды, Көрген жоқпын сендей тентек тасырды. Әне, қара, лыпасы жоқ бейбаққа, Арыстандай бір әумесер асылды. Ұялғаннан именшектеп, бұғасың, Шамалыда бітпес іс қой, ұғасың. Бала-келін қозғалмасын сезген соң, Амалсыздан балконға атып шығасың.
Іс басқарған жігіттерде түйін кем, Соны көріп кездерім көп күйінген. Теледидар, тәртіпке кел, өтінем, Қуа көрме мен байғұсты үйімнен.
ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫ
Болмашы зат болып мұңға мұрындық, Шыбын жанды шыңғыртады құлын қып. Адамзаттың артқанменен ақылы, Азаймай тұр зұлымдық. Жұмыр жерде адамдардың қонысы, Замананың оларменен жоқ ісі. Ақсақалдар айтушы еді «Бір бұрқап, өтеді деп табиғаттың тоғысы». Тәкаппарлау тағдыр деген тасырдың Аяғына келмес менің бас ұрғым. Бұрқ-сарқ етіп өтіп кетіп барады, Тоғыстары ғасырдың. Шіркін жылдар зымырандай зуладың, Аспан жердің арасында шулы ағын. Ей ғасырым, өрекпімей өт енді, Сен де біраз тебірендің, туладың. Артта қалсын дау-жанжалдар түтенген, Келер ғасыр, сенен сауға күтем мсен. ...Бесігінді даярлай бер, Адамзат, Туып келед сәби ғасыр сүт емген.
*** Өтті-ау деп басына күн, Кей кезде шошынамын. Айтарға әлеуметке, Сөз таппай тосыламын. Шаққанда ми дала мұң, Бар еді иман-әнім. Ормандай оратылған, Ой таппай қиналамын. Ән келмей ырғатылып, Жан бейне тұр ма тынып. Сезім де селт етпейді, Қалғандай шырматылып. Көңілдің сәні жоқтай, Жүректің жаны жоқтай. Көрінер кейде маған, Өмірдің мәні жоқтай. Ешкім де білмес ебін, Тылсыммен тілдесемін. Өмірден баз кешкендей, Белгісіз күй кешемін. Бір пәле сезіндің бе? Таусылды төзім мүлде. Жыр сұлу, таптырмайсың, Сен менен безіндің бе? Сенемін, ел де сенсін, Жыр – өмір теңбе теңсің. Таптырмай жүрген бірақ, Тек қана сен бе екенсің?!
АҚЫН ДЕГЕН ХАЛЫҚ БАР...
Сәл нәрсеге сәбидей иланатын, Халқын ойлап қамығып, қиналатын. Ақын деген халық бар кейде өмірде, Ақымақтан азаңдау сыйланатын. Құбылыс жоқ өзегін өртемейтін, Көрсеңіз ғой сіз оның серке кейпін. Ақын деген халық бар бала мінез, Баладай-ақ еліне еркелейтін. Бар тапқаным халқыма – көпке дейтін, Жырдан жаңбыр жаудырып, төкпелейтін. Ақын дейтін халық бар бейнетқорлау, Еленбесе еңбегі өкпелейтін. Сұмдығы жоқ секемшіл сақтанатын, Шабыттанса шалқитын, шаттанатын. Ақын деген халық бар алдап қойсаң, Аңқылдайтын, мәз болып мақтанатын.
Іздемейтін жақсы орын, жайлы күнді, Арқалайтын әлемдік қайғы-мұңды. Ақын деген халық бар тәркі дүниеШашу үшін жинайтын байлығыңды. Жасамаған жат мінез қолдан олар, Тәкаппармен тірессе долдана алар. Ақын деген халық бар, шын кейісе, Анау-мынау тентегің жолда қалар. Кездері бар тасыса шарқ ұратын Жаны жүдеп жасыса сарқылатын. Ақын деген халық бар сұлу көрсе, Магниттей металға тартылатын. Пақыр менен мүскіннің панасындай, Көсілетін кең байтақ даласындай. Ақын деген халық бар сүйген жарға – Тұмса туған өзінің баласындай.
Ақын туса халқым-ау, сүйіне гөр, Берекелі болсын деп биік өнер. Ақын деген халық бар өлмейтұғын, Өлсе мүмкін от жырға күйіп өлер.
СУЫҚ ТОРҒАЙ
Суық торғай, жалғанда орын қалмай, Тереземе телмірді жанын қорғай. Жаз қызығын тауса алмай жүргеніңде, Қыс та келіп қалды ма жолың болмай? Жаз шықты ма – сайранға кірісесің, Жәндікпісің сен өзің дұрыс есің? Менің өзім бір медет таппай жүрсем, Менен мәулет күтіп сен бүрісесің. Жұрттан рахым күту де бір далбаса, Күнің қараң шуақ пен нұр болмаса. Не берейін мен саған, суық торғай, Жүректегі жып-жылы жыр болмаса. Саған ұқсас тағдыры оның-дағы, Байламаса болғаны жолын бағы. ...Суық торғай сияқты көзің сатпа, Түйір дәнге біреудің қолындағы.
Жүрегімнің ұшқан, жыр –торғайларым! (Қиналдың-ау заманнан оңбай бағың) Терезеге телміртпей бұл тірлікте, Жыр торғайдың намысын қорғайды арым.
«ҚАУІПТІ» АҒАЙ
Ойлайтын ұлы өмірдің парасатын, Жағдайға, жөн жобаға қарасатын. Бір ағай болушы еді сөйлескенде, Тымсайлы әңгімеміз жарасатын. Біреулер көрген істі қаңбақтай тым, Пайымдап ол басқаша салмақтайтын. Өзінен үлкендерге, ұлықтарға, Жоқ еді және әдеті жалбақтайтын. Көмегі көп болатын кішілерге, Талайдың домалатты ісін өрге. Ол бейне кітап сын-ды ашық тұрған, Оқысаң шамаң бардай түсінерге. Думанға көп бармайтын, ерінетін, Оңаша қиялдарға берілетін. Ол өзін аласа қып ұстағанмен, Болмысы биіктерден көрінетін. Бір таныс келді дағы шауып маған, Сұрқы әлі сергелдеңнен сауықпаған. «Сен өзің білесің бе, дегені ғой, Абайла, сол ағаңыз қауіпті адам».
Жаныңды жадыратып жаз болмағы, Қиын-ау, көңіл көлге қаз қонбағы. Сол жерде мені өкінтті дәл осындай, «Қауіпті» ағалардың аз болғаны.
СЫНАҚ
(Наурызбегіме) Жеті жасар балалар гимназияға қабылдану үшін сынақ тапсырып жатты. Көп екен ғой әлі де көрмегенім, Кең дәлізде қысылып, терлегенім. Бар сұраққа мүдірмей жауап беріп, Жақсы болды-ау, жарығым, ерлегенің. Өміріңді келсе де сауық еткім, Тап сол жерде қаралай қауіп еттім. Құдай қолдап, алғашқы сынағыңнан, Шаң жұқтырмай шашаңа шауып өттің. Тақым қыстық шыр-пыр боп шабысыңа, Іс екен бұл сын болар намысыңа. Жаман әкең жалбаңдап, бір қуанды, Ең алғашқы толайым табысыңа. Алыс жатар жігіттің басты арманы, Жарамайды жасық боп жасқанғаны. Бүгін, міне, тап болдың бір сынаққа, Мың сынақтың бұл енді басталғаны.
Қолыңды алдым, құлыным, күлімдедің, Өн бойымды биледі діріл менің. Бүгінгідей келе бер бәйгелерден, Қиналсаң да қысылып, сүрінбегін. Қиял шіркін қияға самғағайсың, Арман, арман, уәде ет, алдамай шын... Тұлпар шабыс, қарағым, тағдырыңнан, Қатарыңнан ешқашан қалмағайсың. ӨМІР-АЙ... Өмір-ай, жөні бөлек желуіңнің, Ойласам өзі қиын сенуімнің. Қош боп тұр, қайран жастық, бүгін, міне Қақпасын қағып тұрмын елуімнің. Аз емес сол жылдарда сүрінгенім, Әйтеуір, мен өмірден түңілмедім. Абайлап, ат шалдырып, қыр басында, Кідіргім келер еді бүгін менің.
Жақсыны жат та болса жақын дер ем, Кезім жоқ ешкімнің де хақын жеген. Өмірден риза боп өтер едім, Арыма дақ түспесе ақын деген. Жүріппін жайлауында шарлап көппен, Демессің мұның өзі заржақ неткен. Келемін көңілсіздеу мен оралып, Жастықтың базарынан тарқап кеткен. Сұлулар енді бізге қарар ма екен? Бұл көңіл желпінуге жарар ма екен? Жастықтың ауылынан аттанғасын, Белгілі енді біздің барар мекен. Жалған-ай, кім құтылған құрығыңнан?! Табиғат, жаңылмассың ғұрыбыңнан. Ей, Жастық! Енді сұлу балдызымсың, Сипармын әлі сенің бұрымыңнан. БАЗАРДА Заманды бүйі бүлік, Жұртымыз ұққан екен. Сұлу қыз суырылып, Саудаға шыққан екен.
Тауарын көп мақтады, Сараптап, саудыратып. Сонан соң тоқтап қалды, Жанарын жаудыратып. Алдымда қиын сұрақ, Шын ба бұл, мүмкін елес? Алуың қиын, бірақ, Алмауың мүмкін емес. Дедім мен «құлпырып тұр, Тауарың асыл қандай?» Ит жүрек бұлқынып бір, Тыншыды басылғандай. Тұрдым аз керіліп мен, Келді бір жағып көргім. Салқамдық серілікпен, Қалтамды қағып бердім. Ұмытып мен бейбағың, Араның алыстығын. Басталды-ау деп ойладым, Тәтті бір таныстығым. Қылығы жан өксітіп, Көңілім көгермеді. Қарындас қабақ шытып, «Ал, ағай, жөнел» деді. «Қарындас, сөкпегін тек, Жолықтым жақсы адамға. Байлығым көп,-дедім бек, Құндырақ ақшадан да».
Деді де «мың жасаңыз», Жәудіреп қарай қалды. -Жырым бар тыңдасаңыз, Тамсантқан талайларды. Сақтай көр, о, Жасаған! «Келеді күлкім», - деді. Адамдай май асаған, Жүрегім кілкілдеді. Несібе бұйырмаса, Көрген күн сор екен ғой. Нан табу қиындаса, Өнерің қор екен ғой. Бұл күнде мұраңыздың, Құны жоқ қара бақыр. Замана мына біздің, Қай жаққа бара жатыр?!
КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ
Көп қабат үйім ер кеуде, Тапқанбыз тұрақ қаладан. Інінің аузы біреу де, Илеуі көп-ақ тараған. Жетеді мұнда халқың да, Тұрғындар біздің бірталай. Қабағы бірақ салқын да, Өздері кілең сырторай. Сырласып бөліп бір күнді, Әңгіме құрсақ несі мін. Итінен қорқып шіркіннің, Аша да алмайсың есігін. Көңілін ешкім бөлмейді, Жапанда қалған жандайсың. Саған да ешкім келмейді, Ешкімге сен де бармайсың. Белгілі іс – несін жасырдық... Тұрғандай мұнда жат халық. Әрбір үй орта ғасырлық, Сияқты бір-бір патшалық. Жори бер, мейлің, ерсіге, Болып жүр маған сол қайғы. Шақыру келмей көршіге, Кіруге мүлде болмайды.
Айқайлап, шулап, қарлығып, Аулада кілең боқмұрын. Дос болып алған барлығы, Біздерден мынау көп бұрын. Жат қылық жүрек тілкемдер, Батады қатты сол маған. Үлкендер, шіркін, үлкендер, Бала да құрлы болмаған.
ҚЫЗЫЛ ТАМЫР АСПАНДА АЙ ҚАЛҚИДЫ
Қатын кетті ілесіп қалашыға, Шүршіт пенен кәпірдің қаласына. Шырылдап жүр бейшара шыжық болып, Жем тасыған торғайдай баласына. Қалжыраған қарттардың құса халі, Ақыл ойлы алғаусыз тұсалады. Арыстандай азамат түңілгесін, Ішіп кетті құтырып күшәланы. Толар емес жемқордың жалмауызы, Қарақшының қақпандай қанды ауызы. Шалынады кімдердің құлағына, Шырқыраған халқымның жан дауысы. Әлі де алып болмаған құны бардай, Енді келер ғасырдың сыны қандай. ...Қызылтамыр аспанда ай қалқиды, Көкке қарап көк бөрі ұлығандай. Қанжылаған жүрекке жыр сіңеді, Анам байғұс амалсыз күрсінеді. Азу тісі ақсиған көкбөрінің, Тұрпатынан тұла бой түршігеді.
Адам азды, шайтандар арбады ма? Әлде солай құдайы қарғады ма? Күпірлікке жердегі беті күйіп, Ай тығылды бұлттардың аржағына.
СЫНШЫЛДАР
Ақпатшаның шыққандай-ақ жарлығы, Сыншыл болып кетті жұрттың барлығы. Қара басын қамдай алмас қасқалар, «Халық үшін» - деп айғайлады қарлығып. Не жазсаң да көтеретін қағаз бар, Сол қағазға өзінше ойын мағаздар. Саясаттың текеметін тіліп жүр, Әліп-Биді қоса алмайтын сабаздар. Ақ ниетпен алға басса ырысың, Сыншылдардың тарылтасың тынысын. Шырақ алып түссе сенің соңыңа, Қайран басты қорғау болар жұмысың. Той жасасаң «қайдан, дейді, қорегі», Кітап жазсаң «жалған – дейді дерегі». Елің үшін жасай қалсаң бір істі, «Жоқ еді ғой, дейді соның керегі».
Биіктесең «мынау елден биік» дер, Аласарсаң «мынау көзге күйік» дер. «Сын түзелмей мін түзелмес» десе де, Тап осындай сыншылдарды сүйіп көр. Көрсе-дағы сыншылдардың сыңайын, Адал адам бола алмайды мүләйім. Халық атын жамылатын сұмпайы, «Сыншылдардан» сақтағай да Құдайым! ҚОС ҚАРЫН Адамда көже қарын, көңіл қарын дейтін қос қарын болады. Мәтжанның билігінен Жақсы әдетті жер менен жырып көктен, Еге алмадым ерінбей жүріп көптен. Жаман әдет қыздардың қойынына, Қалай ғана оп-оңай кіріп кеткен? Өресізбен әсем ой өре алмайсың, Кеңкелеске кеңес те бере алмайсын. Жігіттердің шалбарын тартып киген, Сұлулардың балтырын көре алмайсың.
Қылша мойнын қылғынтып құрығына, Кімдер қолын салмай жүр ғұрыбыма. Шашын кесіп тастаған шайтан қыздың, Таға алмайсың шашбауды бұрымына. Қонғанменен ақ қырау самайыма, Тап қылады бұл өмір талайына. Арақ исі аңқыған арулардың, Бара алмайсың жақындап маңайына. Қайран сұлу кіршіксіз көрініп ең, Жастығымның соңы деп желігіп ем. Темекімен ысталып, сұп-сұр болған, Сүймей кеттім сұлудың ерінінен. Жетеді ме бәріне шамаң әкем, Деп ойлайсың бәрін де адам етем. ...Көже қарның ашықса ештеңе емес, Көңіл қарның ұлыса жаман екен.
АУЛАДА
Самал қырдың сағынып саумал әні, Ала жаздай аптаптың аумағаны. Шаһарлардың кешқұрым, шілде айында, Басталады тірлігі ауладағы. Тас қорадан шыққандай қозы ағыла, Аула айналар тірліктің базарына. Кештің құрым көз салсаң айналаңа, Көп нәрселер ілігер назарыңа. Кісі қарап тұрғандай келбетіне, Келіншектер шығады тербетіле. Қосқаттаған құлжадай дәу еркектер, Балкондардан түседі жер бетіне. Қай-қайдағы ой тербеп көңілдерін, Сылп еткізіп қойып бір еріндерін. Екі кемпір бір шетте оңашалау, Жамандауға кірісер келіндерін.
Бірі ілгері ұмтылып, бірі кері, Бала біткен доп қуып, жүгіреді. «Доп ойнаған тозар» - деп мақал айтып, Ақсақал қарт қаралай түңіледі. Көкіректе қыр жайлы қоздап әнім, Көппен бірге мен де жәй қозғаламын. Кең ауламыз тар болып, қарындасқа, Қиялы ұшар қиянға бозбаланың. Үйде отырсам қамалып, зерігем де, Қосыламын қала – өмір керуенге. ...Тұлпар мінер теңселіп текті азамат, Ит жетелеп шығады серуенге.
ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ ҚҰБА ТАЛДЫ ЖҰЛМАЛАДЫ
Еске сап бір ойы бар қу баланы, Қызыл жел құба талды жұлмалады. Түсінбей қапелімде ешнәрсені, Тал байғұс тыпыршиды, ырғалады. Ол желдің көруші еді күшін де кем, Жәйлары көп екен ғой түсінбеген. Майысып мың бұралып, қарсыласты, Табиғат қандай сұлу мүсіндеген. ...Қолаң шаш, үсті-басы шөңгеленіп... Құба тал алмақшы еді жөнге келіп, Қызыл жел шырқ үйіріп есіргенде, Етегі кетті дейсің дөңгеленіп. Көз жасын бұлт та сонда бүркіп еді, Жел талдың кірпігінен сілкіді оны. Енді сәл кешіккенде барлығының, Басқаша болуы да мүмкін еді.
Құба тал тағдырдан бір сый алғандай, Айнала сақ қарайды қиялданбай. Қызыл жел қапылыста қашып кетті, Әлгі бір әбестікке ұялғандай. *** Қыз біткеннің қылмаңдап, Күлетіні перілік. Жігіттердің жылмаңдап, Білетіні серілік. Ер азамат күлімсіп, Арақ болды керегі. Қатындардың қылымсып, Қыз болғысы келеді. Бәйбішелер зарлайды, «Жетпейді» деп ылайым. Кемпірлер де қартайды, Қорғауменен құдайын. Ақыл ойы тұмандап, Ұмытқандай ұятты. Шал біткенің шұнаңдап, Шайтан болған сияқты. Шырқын бұзды ғұрпымның, Бала біткен «тиындап». Ойында жоқ жұртымның Құдайына сиынбақ. Ғұмырында қиындық, Көрмегендей барлығы. Дүниені құйын қып, Айқайлайды қарлығып.
Салиқалы салтымның, Өзі жоқ, бар дабыры. Қайда кеткен халқымның, Сары алтындай сабыры?!
ЗӘРЕМ ҰШАДЫ
Мұқым дүние тіршілік, Кейде кершалып, қырсығып, Келіспей, сөйлесіп, беттесіп, Өшігіп алғандай кектесіп, Егесіп, қатып, қарысып, Бірімен бірі жарысып, Миыңды ашытып, Қылардай қымыран... Жеті қат көкке, Ұшырып жатыр зымыран. Қара жерді солқытып, Қалың елді қорқытып. Замананың апшысын қуырып, Жердің тозаңын суырып, Мәңгі мұздарды идіріп. Ауа қабатын күйдіріп, Миыңды ашытып, Қылардай қымыран... Жеті қат көкке, Ұшырып жатыр зымыран.
Ауада кілкіген у тұнба, Қанаты кірлеген қудың да. Қырандар ұшпайды саңқылдап, Қаздарым келмей жүр қаңқылдап. Құдірет күші құртылып, Озон қабаты жыртылып. Оқ тескен, от тескен, шұрқ тесік, Айтарға үрейлі ұят-ты, Бейне қотыр түйенің, Жабуы сияқты. Осы бір сұрқия тесіктерден, Күзетсіз қалған есіктерден. Сырларын ешкім ұқпаған, Ібіліс, шайтанға ұқсаған, Біз білмес құбыжық, пәлекет. Жеріме жетіп кеп өрт салып, Жаныма дауасыз дерт салып, Жасап жүрмей ме әрекет?! Деген бір ойлардан құсалы, Зәрем ұшады, зәрем ұшады.
САҒАН ҒАНА МЕН ЕНДІ МҰҢ ШАҒАМЫН С...ға Азайғандай бұл күнде дау-далабам, Қалың достың бірі жоқ қаумалаған. Сияқтымын, қорғансыз құр сүлдері, Ақыл-есі біржола ауған адам. Жеріген жан табады шөкімдей мін, Дос-жарансыз, думансыз жетімдеймін. Бақытымды аз күндік базар қылған, Кеміді деп күнтилер өкінбеймін. Болушы еді шын достың намысы ұлы, Бүгінгілер іздейді таныс ірі. Әрі кеткен, маңымнан бәрі кеткен, Жарым қапты жалғыз-ақ жаны сірі. Шүкір дейін, қайтейін, өлейін бе, Көңілімді өзіңмен демейім де. Құсы кеткен оралмай құсбегідей, Өкініш бар кептелген көмейімде.
Соқтырады саялап кім самалын? Біткендей ме достарсыз мұрша, халім? Сенен басқа, сүйген жар, ұғар жан жоқ, Саған ғана жұтқызам мұң шарабын. Өзіңді алдап қайтемін, бос арланып, Көңіл кейде құлазыр, босар, налып. Қосарланып аққудай бірге ұшайық, Ақ жұлдыздай кеткенше қашан жанып...
ЗАҒИПТАРДЫҢ ТОЙЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Боранбайға Бұл өмір неткен тасқын, нөпір еді?! Біреулер бәтуасыз көпіреді. Не қайран қос жанардан жарқыраған, Көр соқыр болғаннан соң көкірегі. Тірліктің ақ пен қара - о да сәні, Көп көрдім биіктер мен аласаны. Жетесіз жанып тұрып қос жанары, Аяғын басқан сайын адасады. Қыран құс қия шыңнан көз алмайды, Қашанда қайратсызды езер қайғы. Сәулесі жүрегінің сөніп қалған, Мәңгүрттер махаббатты сезе аламйды. Тепсініп сұм тағдырға долданамын, Қайран дос, қаламымды қолға аламын. Сіздерге аппақ нұрды сыйлар едім, Қарашы құдіретім болмағанын.
Кім тапқан бұл тірліктің бар айласын? Көңілдің кір шалмасын шарайнасын. Жарығы бұл тірліктің солғын тартты, Тілегім – жүректерің қараймасын. Өмірді ойлай-ойлай көз ілмедім, Тірлікте керек екен төзім дедім. Махаббат жолдас болып өздеріңмен, Серідей сергек болсын сезімдерің. Ұлыс күн, жасап жатыр халқы рәсім, Арман-ай, асқақтайсың, шарқ ұрасың. Бір кеште ұйықтап кетіп, таңда тұрсаң, Нұрлы әлем алдарыңнан жарқырасын!..
ЖҮРЕГІМДЕ БІР ДАУЫЛ ЖҮРІП ЖАТЫР
Ескен шақта есер жел шапшаңдатып, Атылғандай толқындар аспанға тік. Шағалалар шарқ ұрып, шаңқылдайды, Дегендей-ақ жасыма, жасқанба түк. Толқындардың тебісіп, не түлені, Өршелене көк теңіз өкіреді. Буырқанып ызалы ышқынғанда, Қарс айрылып кетердей көкірегі. Табиғатқа қай пенде сын артады, Теңіз төрі үрейлі мұнартады. Бәтуасыз тірліктен безіп кейде, Дулы жаным дауылға құмартады. Арылайын бірауық мұң пішімнен, Соқшы, дауыл, тынысты, тың күшіңмен. ...Жүрегімде бір дауыл жүріп жатыр, Бірақ соны кім көріп, кім түсінген?!.
ЖАҢА ЖЫЛ СЕНІ ҚАРСЫ АЛДЫМ
Оттылау жырды желдіріп, Келсе де жұртқа жар салғым. Жалғыздан-жалғыз телміріп, Жаңа жыл, сені қарсы алдым. Сабырды секем тауысты, Дейсің бе, достым, «о несі?!» Жұмысым түнге ауысты, Амал жоқ сосын көнесің. Қайтемін босқа опынып, Түн болды ғажап тамаша. Өзіммен өзім отырып, Ойларға баттым оңаша. Тереңге шіркін, бойлар ма ем, Қанатын қомдап қиялдың. Ортеке сынды ойлармен, Ортаға қалай сиярмын?! Тауысқам талай төзімді, Түк білмес тексіз қыртпенен.? Сиқырлы сұлу сезімді, Бөлісем қалай жұртпенен? Үн қосып қыстың бораны, Армансыз жыр боп есейін. Пенделіктерден жоғары, Құдайы тірлік кешейін.
Ғажайып сезім бойды алып, Қиялды қымтап, пісірдім. Оңаша, жалғыз ойланып, Қадірін көптің түсіндім. Жалғызға болар жыр тірек, Жұбанып солай дедім мен. Жаңа жыл, саған бір тілек, Айыра көрме елімнен!.. ЭЛЬДОРАДО Эльдорадо қиялдағы жұмақ жер. Оны іздеген адам көмусіз қалады. Марк Твен Эльдорадо – жұмақ, жер, сені іздеймін, Күдерімді әйтеуір, мен үзбеймін. Мұсылманның арманы жұмақ болса, Сен боларсың арманға негіз деймін. Айтады уәж бұл күнде халық түрлі, Ит тірлігім әбден-ақ жалықтырды. Арманымды сұм тағдыр әдірам қып, Мұратымды мансұқтап лақтырды.
Эльдорадо! Жоқ басқа алаңым да, Жарқырайсың жалын боп жанарымда. Сапар шексем сені іздеп сағынышпен, Айдалада көмусіз қаламын ба?! Әлі ұмытпай жүрмін бе жастығымды, Сап-сап көңіл, жасама қастығыңды. Қанағаттың қазанын қарамдасам, Кешіріңдер, миятсыз мастығымды. Қызықтырма қытықтап қиялдағы үн, Жетер енді осымен ұялғаным. Арты болса, абатсыз, абыройсыз, Қалса қалсын әдірам бұл арманым. Жерім жазық тау мен тас, құз демеймін, Өмір көктем, қыс пен жаз, күз демеймін. Ең болмаса артымда молам қалсын, Эльдорадо! Құрып кет, іздемеймін.
*** Қара жерді басып жүрмін жәй, тегін, Көк аспанның босқа жұтып ауасын. Қайран көңіл, қапаландың қайтемін, Таппай тірлік дауасын. Аңқаулықпен арамзаға тұшындым, Сенгендерім құлқын құмар қу болды. Кереметін кейін барып түсіндім, Бал дегенім у болды. Көңіл көрмем ашық жатыр, жиналмай, Аңқау басты аласартып, ием кеп. Кеңірдекті қиып кетер қиналмай, Сұмпайылар сүйем деп. Әділдікті іздеуге адам хақылы, Ерлігіңді елің бар ғой еске алар, Алданумен ақыл кірер ақыры Бірақ-бірақ кеш болар. Суымайды бұл адамның көңілі, Өмір қанша болғанымен күрделі, Көңілімнің көк денені, желігі, Жетелеумен жүр мені.
Болғанымен арман адал, ойың нақ, Қалжырайды, қан жылайды сом жүрек. Өміріңнің нүктесі де қойылмақ, Сүрінгенде соңғы рет.
ИЕК ҚАҒУ
Егдерсең де ескірмей жігіт қылық, Жүретіндей қалада үміт күліп. Көп нәрсені, шіркін-ай, үйреткенмен, Жіберіпсің керегін ұмыттырып. Біреу жылап, біреулер күлімдескен, Баяғыша жоқты іздеп ғұмыр кешкен. Бірге ойнаған бір кезде жолдасың да, Иек қағып өтеді кідірместен. Қуанармын мен бірге мақтаныңа, Бірақ ортақ болмаспын тапқаныңа. Сәл кідіріп, азамат амандассаң, Тастамаймын қаптырып қақпаныма. Асау көңіл, тасисың кемеріңде, Белгілі ғой ақыры көнеріңде. Иек шіркін қағылар – деп естуші ек, Бақилық боп бұл адам өлерінде...
АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘН
(Рахаттың рухына) Кеудеңде қаншама саз тербетілді, Қалықтап туған жер мен желге сіңді. Соңғы рет кездескенде қоңыр күзде Шаршаңқы көріп едім келбетіңді. «Бетке алды мекендерін қаз дегенің, Менің де уақытым аз деп едің. Кеудеме бір ғажайып ән келіп жүр, Бауырым сөзін мықтап жаз» - деп едің. Борыштай мойнымдағы күндер менің, Тағдыр-ай, таланттарға ділгер ме едің?! Сол әннің сағынышты сиқыр сазын, Жазып та, жадылап та үлгермедім. Сарғайтып санамды кіл ылаң үрей, Үдере ұйлығады күмән үдей. Сол әннің тағдырына ажал емес, Марғаулау менің өзім кінәлідей.
Суыды жер қойнына шөккен денең, Бұл өмір енді саған өткен белең. Сол сазды жерден таппай, желден таппай, Іздедім құс қайтқанда көктен де мен. Ойланам сол бір ғапыл қаза жайлы, Жыр ғана жүрегімді тазалайды. Бір әуен жеті қаттан талып жетіп, Түндерде көңілімді мазалайды. Тоқтады жомарт жүрек, қан тулаған, Ит тірлік қалмап едің қай тұлғадан?! Өзіңмен бірге жерлеп кетті жұртың, Сол әнді көмейіңде айтылмаған.
ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ
- Өлең деген қалған іс талайлардан, Данышпаны даланың Абайлардан. Одан кейін не тауып айта аларсың, Тәуекелге жүрегің қалай барған? - Бес асылға Абайдың жеттік пе екен? Бес пәледен қашықтап кеттік пе екен? Туған елдің тағдырын жырламасам Туған жерді біз не үшін еттік мекен? Біз құтылдық құлдықтың құрығынан, Азаттықтың шырқадық тұғырынан. Ата-бабам, Абайым жазып кеткен, Нәрем алсам деп едім тұнығынан. - Бұл бәйгеге қосылсаң қалыс қалма, Жанарыңды қадағын алыстарға. Олжасша жаз көндіріп табиғатты, Отты жырың өрлесін ғарыштарға.
- Олай, досым, құрдасың қағынбайды, Әрбір бұлбұл өзінің бағында әйгі... Алламыздың жаратқан табиғаты – Адамдарға ешқашан бағынбайды. - Дәмең бар ма сенің де құнан қойдан, Пайда табар ма екенсің мұнан, қайдам?.. Лүпілдеген жүректің ғашық жырын, Жаза алмассың асырып Тұманбайдан. - Серт бермедім, құшамын бар қызды деп, Жастық өтті, көңілден қар-мұз күреп. Тұмекеңнің жүрегі – өзінікі, Мен де бар мәңгі арзу – жалғыз жүрек.... ҚОҢЫР ӨЛЕҢ (Жұмекенше) Томсырайып жүргенің – соның айып, Оңашалау, дейсің бе, жолығайық. Жадыраған жап-жасыл жаз кеткесін, Қоңыр күзде туыппын қоңырайып.
Маңдай түзер ер жігіт жолға, сынға, Қоңыр үйден аттандым алғашында. Көңіл сол сәт түр еді қоңырайып, Қоңырқай қыз қол бұлғап қалғасын ба?.. Қоңыр атқа ер салдым ереулі етіп, Қоңыр белден асқанмын желеулетіп. Қабаржыған көңілім сол бір сәтте, Қоңыр әнмен кетіп ед дереу бекіп. Басқа түсті, дей алман, сүймес едім, Қоңыр түспен әйтеуір үйлесемін. Қоңырайған тұрмысытуған елде, Қоңырқайлау өзім де күй кешемін. Сарынындай қоңыр жел, аяттардың, Қоңыр кітап ішінен ой ақтардым. Қоңырайып жарығы өшкен шамдай, Мен де бір күн ғұмырды аяқтармын.
Өмір құрғыр емес қой бек тұрақты, Санам менің қозғайды көп сұрақты. ...Өтерсіңдер дұға етіп қоңыр дөнде, Қоңыр мола көрінсе төрт құлақты.
ЖАҢА ЕРТЕГІ
Жолы болмас жігіт пе ем, Басқа түссе төзем-де. Қармақ салдым үмітпен, Өлең деген өзенге. Қалт-құлт етіп халқым жүр, Бір пайдасын тапсам-шы. Алтын балық – алтын жыр, Қармағымды қапсаңшы! Құлаш сермеп қармадым, Болар бір күн жолым да... Орындалды арманым, Алтын балық қолымда. - Қуырайын табаға, Бұқтырып бір буына. - Өлтірмеші, жан аға, Жібере гөр суыма. -Арманың не сағынар? Іске асады ылайым. Ақындардың табынар, Пайғамбары қылайын. - Алау жырдың айт емін, Өз отыма жанайын. Пайғамбар боп қайтемін, Бар ғой Қасым, Абайым. Ел деп ылғи жүдедім, Жігіт емен жалқы үнді. Алтын балық, тілегім: Бақытты қыл халқымды!..
КҮЛКІ
Бұл өмір толы үмітке, толы аңызға, Жол жоқтай ақыр мекен – молаңызға. Күндерін күйкіліктің біле тұра, Күлеміз әлдеқандай боламыз да. Еместей сенде жұрттан аласа адам, Үйің бар, күйің де бар, бала-шағаң... Басыңды ауыртпасаң басқа жайға, Тірлігің тұратындай тамашадан. Дейміз де несіне құр түңілеміз, Жырқылдап жүз күлеміз күніге біз. Бақытты табамыз деп, шындығында, Ажалдың ауылын іздеп жүгіреміз. Бетпақ күн у толтырған зереңіне, Заманның тап болдық па кереңіне? Әнеки сыпа сайқал сылқ-сылқ күліп, Күнәнің батырмақшы тереңіне.
Қулар жүр көзге түспей, бұғып, тойып, Өмірдің өткелегін ұғып қойып. Жауым да ыржияды маған қарап, Қанжарын қойынына тығып қойып. Аумайды сұлу сайқал заман қыздан, Құлайтын құрдымына табансыз жан. Жылағым кеп тұрса да мен де кейде, Күлемін көппен бірге амалсыздан. Бақұл ма, көктем, жаз, күз, қысың дейтін, Байқасаң бәрі жалған – ісің, кейпің. ...Сәбидің күлкісіне сүйсінемін, Жалғанның жалғандығын түсінбейтін. ТҮН Ұмытып ит тірлігін күн санаған, Тыныстар тәубе түнде мың сан адам. Даланың далиғанмен етек-жеңі, Түн басты төңіректі тұмшалаған.
Ылдидан ымырт деген сұмың қашты, Қара түн жарық күннің қыбын басты. Көрісіп қайтайық деп Ай апаға, Жұлдыздар жылт-жылт етіп жымыңдасты. Бөрі ұлып адырлардан жырақтағы, Тірілді таулы өңірдің бұлақтары. Самалдың салған әнін тыңдай қалды, Салбырап тау біткеннің құлақтары. Жарқылдап жасын ойнап, жалт құлаған, Күркіреп аспан түбін қаққылаған. Алланың ақ бұйрығы деп ойладым, Ібіліс, малғұндарды атқылаған. Күндерін күйкіліктің күпір делік, Дегенмен, көрінгенге түкірмелік. Жерде өзің, аспанда Алла, басқа жан жоқ, Түннің де барлығына шүкір делік.
ДҮНИЕ-АЙ...
Көзімнің алды мұнар-мұң, Көбеңсіп қалған. жанымды менің ұғар кім? Қызығың кеміп, қисынсыз, Қиғылық салған, дүние-ай, Сонда да саған құмармын. Ажалға қарсы тұрармын, Мәңгілік өмір, Мойнымды саған бұрармын. Кетеуі кеткен тірлікте, Қимайтын нем бар деп сонда, Жанымды қинап сұрар кім?! Айрылып жұртым парықтан, Талқажау қылар, талқанын таусып тарыққан. Ілгері тілеу ізгі жұрт, Жалтаң да жұлтаң қарайды, Үмітін үзбей нарықтан. Болса да кезім жабыққан, Аумаспын атпал, азамат, еру қалыптан. Қатепті қара нар сынды, Қаптаған қара ормандай, Кімің бар ұлы халықтан?!
Сыпырып мұңын мұнардың, Жалынды жырмен, жарқырай бір күн шығармын. Қызығың кеміп, қисынсыз, Қиғылық салған дүние-ай, Бәрібір саған құмармын!
ДИАЛОГ
- Аға, неге өлеңді жай бастадың? Қиын енді жыр-төрге жайғаспағың. - Игіліктің болмайды ерте-кеші, Не де болса жыр менің таймас бағым. - Көп пе әлі де, ағажан, көрмегенің? Жырыңыздан сезбедім өрлеген үн. - Көрмегенім көп, рас, қарлығашым, Ала алмадым Құдайдың бермегенін. - Жарқыратып жыр жазбай айнадайын, Сіз табасыз мұң болса қайда дәйім. - Түсінгенмін өмірдің жалғандығын, Содан бері мұң жолдас, айналайын. - Жыр өлкесін талайлар шиырлады, Шаңы шұбап барады қиырда, әні. - Жүгіргендер алмайды жыр жүлдесін, Алады оны, батшам-ау, бұйырғаны.
- Сері жігіт, сабылып, іздеген қыз – Махаббатқа жанбысыз, сіз деген мұз? - Махаббатсыз дүние қараң, қалқам, Бірақ, менің ғашығым «жыр» - деген қыз. - Бұйырмасқа, ағажан, қол артасың, Кім жыр жазса болмақ па солар Қасым? - деді-дағы сұлу қыз сырт айналды, Күдірейтіп өкпелі жон арқасын.
БАЛАЛАРДЫҢ ОЙЫН АЛАҢЫНДА
Шіркін, неге шиыр болдым төзімге? Шіркін, неге үйір болдым сезімге? Балалардың алаңына келемін, Үлкендерді түсінбеген кезімде. Бұл жерде жоқ бақастықтың талауы, Айналаңыз адалдықтың алауы. Осы жерден тауып жаным рахат, Желбіреді жүрегімнің жалауы. Тауып жатыр сәби деген ел бірлік, Көре алмадым, көрінбейді көлгірлік. Мына өмірден таппай жүрген талайлар, Осында екен таңғы шықтай мөлдірлік. Талай қызық көрер еді байқаған, Жүрек құсың пәктік жайлы айтады ән. Балаларға қарап тұрып балбырап, Мына өмірге туғым келді қайтадан.
ҚАЙШЫЛЫҚ
Шыққаннан соң деген ұран «жекелен», Тарап кетті ұжымшар мен мекемең. Елден бұрын екі асаған ептілер, Қарайтұғын болып алды шекеден. Біреу қалды бейшаралық күйге еніп, Соны көріп, қу жүректің күйгені. Қырық жылдай қой баққанда сормаңдай, Қотыр тоқты болды дейді тигені. Құрылысшыңыз қала салған, үй қалап, Күн көрмеген қулықпенен айлалап. Іс біткенде, қу кеткенде қарасам, Ұстап қаппын дейді жалғыз майқалақ. Қарап тұрсаң бұл да өмірдің дерегі, Қайран халық бәріне де көнеді. Кейде көңіл құлазып бір қайтадан, «Ұжымдас» деп айқайлағың келеді.
ТЕРЕЗЕМНІҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕРЕГІМ
Айтшы, терек, сен қашан тыңаясың? Тұнжырайсың, мүлгисің, мұңаясың. Өз қайыры өзіне жетпеген жұрт, Мұңлығым-ау, мүсіркеп кім аясын? Терегім-ау, теңселіп, тербелесің, Жүдеу қалпың елге де, ерге де сын. Саған жаным ашиды, айналайын, Бірге мекен еткесін жер кемесін. Түсінбейтін жағдайды кеңкелес пе ем, Жоқ еді ғой жайымыз өкпелескен. Ала қыстай тоқымдай қар түспеді, Тірі өлмесең болар ед көктеместен. Дос көңілі насыбай бір атымдық, Саяңда жұрт самалдап тұратын-ды. Қара суға бұл халық жарымаса, Көк аспаннан күте бер рахымды.
НЕ ҚАЙРАН БАР Әні Марат Ордабаевтікі Азап-мехнат оңыңда, солыңда бар, Бақыт кімнің айтшы сен, қолыңда бар? Жүдеме сен, бауырым, жүнжіме сен, Адал болса ақ тілеу орындалар. Сүйе алмасаң өмірің нала, көкем, Сүйгендердің сезімі ала бөтен. Махаббаттың негізгі адалдықта, Онсыз көңіл қарайып қалады екен. Көнбей тентек тағдырдың салғанына, Ұмтылады адамдар арманына. Сенгің келмес, дүние-ай, сенгің келмес, Бұл өмірдің баянсыз жалғанына. Ұры уақыт ұстатпай тайқып берер, Бұл өмірде қауіп жоқ айтып келер. Аттанғанда ең соңғы сапарыңа, Таба алмассың жолыңды қайтып келер.
Аз тірлікті амалсыз малданасың, Жалғаншыдан аяусыз алданасың. Не қайран бар? – достарың айтып жүрер, Бір әсем ән артында қалмағасын.
ШЫРША ТАҒДЫР
Өмір өзі алға сүйреп уақытты, Шырша келді тағынып ап жақұтты. Ескі жылды шығарып сап жөнімен, Жаңа жылға тілейді жұрт бақытты. Адам қашан қызығыңа тоя алған? Әр кеудеде бір-бір тілек оянған. Ақ тілеудің сияқтанып тұмары, Шыршамыз тұр мың сан түске боянған. Баурап алып барша жұрттың санасын, Әсем шырша, көздің жауын аласың. Бар өмірің түн жарымы ауғанша, Сосын ұмыт, күл-қоқыста қаласың. Қуанышта қайғыны ойлау тосын жай, Дегенменен бар тірлігің осындай. Қатысам ба келер жылғы шыршаға? Жауап берші, ей жүрегім, шошынбай.
Баянсыздан талай сынып жүр сағым, Мәңгі сөнсе, жарық қылар кім шамын?! Жарым түнде таусылатын жарығы, Тағдырынан сақтасын да шыршаның. *** Жан-жүрек не жалықты, Түсінбей мынау халықты? Тұнжырап тылсым тіршілік, Көңілім жүдеп жабықты. Жеткізбей қойды мұраттар, Көңілім қайда тұрақтар?! Кернейді менің миымды, Миллион сұрқай сұрақтар. Өмірім ойдың өрмегі Әуре қып қойды, көр мені! Күндіз-түн мені мазалап, Әйтеуір тыншу бермеді. Сәулесі нәрсіз нұрдың да, Қуаты әлсіз жырдың да, Опасыз ойды қуалай, Құлармын мен де құрдымға.
ЖОЛАУШЫ СИЯҚТЫМЫН ҚЫР БАСЫНДА
(Аманғалидің әруағына) Өмірдің көбі кетіп, азы қалды, Бәйкүнә балалықтың сазы бал-ды. Жастықтың өзі кетіп – назы қалды, Өмірдің көбі кетіп, азы қалды, Кез емес кететұғын күштеп, көнбей, Уақыт өз дегенін істеткендей. Қапысыз, қамсыз өткен қайран жастық, Бұл күнде бармағыңды тістеткендей. Мәселе жоқтай-ақ бір тұрағымда, Қосылып жүре бергем жыр-ағымға. Өмірдің көлеңкесін көре алмаппыз, Мәңгілік жүретіндей шуағында. Иіліп кеттік талай шарта сынбай, Алып күш атан өгіз тартатындай. Елуің бір қарасам келіп қапты, Арқама елу батпан артатындай.
Демедік жаным тыныш ұйқым қанық, Кекеш шал ұранымен қиқуладық. Бағасын адалдықтың басқаша ұғып, Ардақтым азап шексе ұмтылмадық. Дей алман қора салып, қойға бардық, Күнара топырлаған тойға бардық. Көз шелді, көңіл желді, көкірек бос, Жоқтай-ақ еш шаруаң ойланарлық. Бересің көп сұрақты, санам, қозғай, Жақсы екен білгенің де шамаңды озбай. Бүгінде алақтаймын жан-жағыма, Атынан құлап қалған шабандоздай. Керек ед Мейірман мен елге Тоқсын, Қадірін біле бермес пенде достың. Жырлаудан, жырлатудан жалықпайтын, Адал дос, Аманғали сен де жоқсың.
Бар еді бір кеңесің «Төз, жігерлең, деп едің – үміт үзбе сен күдерден». ...Жолаушы сияқтымын қыр басында, Абайлап, алды-артына көз жіберген.
ГАЗЕТ САТЫП СҰЛУ ҚЫЗ ТҰР КӨШЕДЕ
Нарық сайқал сылаңдап жүр десе де, Өмір жайлы жазылды жыр нешеме. Жанарында кіреуке, сәл мұңы бар Газет сатып сұлу қыз тұр көшеде: - «Мұнда қызық мақала, наныңыздар, Оқыңыздар, мінеки, алыңыздар», - деп газетін әркімге ұсынады, Бұл көрініс құйғаны жаныма ызғар. Салғаннан соң салмағын сұм ғасырың, Әркім тапқан тірліктің бір тәсілін. «Ізгілік пе, жоқ әлде, күн көріс пе?, - дедім қызға, шырағым, бұл кәсібің?» Деді сұлу: «Газеттің көп дерегі... Қалжыңыңның, ағажан, жоқ керегі»... Қатқыл шықты дауысы, заманға емес, Маған сол қыз бекер-ақ өкпеледі.
ЖЫР ЖАЗЫП БОЛҒАН СОҢ
Жыр жасын боп жарқылдағанда, Жүрек сені, жаралағанмын... Сол бір уыз сәт сарқылмағанда, Талмаусырағаныма да қарамағанмын. Ұйқы жау боп, көз талмай жырлап, Түн баласы шыдам күй өткеріп, Бозала таңда бозторғай шырлап, Шығыс шырайлар құланиектеніп. Жыр жазбақ болған ақ нөпір молдан, Не дерің бар сабазға доғал, Айналаң толы аткөпір болған, Кінәсіз қайран қағазға да обал. Жүрсек те жырды біз той-думан көріп, Алдырмас анық талап тіктелмей... Жақсы жыр жазсаң қыз қойнынан өріп, Боласың бейне қанат біткендей. Ақын да аңшы қуған мұрасын, Бірақ та оның қосыны саздан... Жырыңа таңда сенбей тұрасың, Өзім бе екен деп осыны жазған.
ТЕРЕКТЕР
Ғажайып сұлулығың ерек керім, Тәкаппар тербелесің теректерім. Белгісіз замандардан келесіңдер, Тарихтың тұмар қылып деректерін. Ұстатпай ұры уақыт безектеген, Бір тылсым құпияны сезед денем. Қаламын қара орманды халық па деп, Даналар «бұл дүние кезек» деген. Тарихта талай мәрте от өрілген, Дүние хабардармын өтеріңнен. Теректер адамдар боп елестейді, Қайтадан жер қойнынан көтерілген. Тірліктің талапайлы бәрі көкпар, Жеткен жоқ жер астынан зәру ақпар. Орманға өрт тигенде шошынамын, Өртеніп кетеді-ау деп әруақтар.
ОЙ ТОЛҒАҚ
Жау күтіп жақыннан да, алыстан да, Қорқады қоянжүрек қамыстан да. Бетерден бетер шыққан бұл заманда, Өзіңнен зорлар шықса намыстанба. Жасыңнан биіктерді армандағын, Тағдырдың қиса жақсы тарлан бағын. Сұлтаны бола алмасаң туған елдің, Ұлтаны болғаныңа арланбағын. Көңілің көтерілсе ұшқан жақсы, Аймалап сұлуларды құшқан жақсы. Досыңнан үндемей кеп іштен шалған, Айғайлап ашық тиген дұшпан жақсы. Жастығың өтіп кеткен сағымдай-ды, Ер жүрек елуде бір дамылдайды. Әлемнің ең сұлуы сүйген жарың, Артық жан іздесеңде табылмайды.
Үміттің жетегіне көп ерерсің... Адал боп, алғыс алсаң кенелерсің. Еліңнен алған жақсы, бірақтағы, Сол елің сұрай қалса не берерсің. Күніге он ойланып, толғанамын, Еріксіз қаламымды қолға аламын. Жете алмай шыңыраудай ой түбіне, Осы еді «Ой толғақ» - деп салған әнім.
ӨМІР ЖОЛЫ
Өмір көштің жолында жүріп келемін, Махаббаттың еліне қырық келемін. Сырлы саздың ғажайып кәусар үніне, Құлағымды қуана түріп келемін. Ғашықтық та ғажайып қылық, - дер едім, Жүрдім талай балбырап біліп дерегін. Өмір мәңгі жастық боп өтер, - деп ойлап, Жан-жүрегім жадырап күліп келемін. Жолдар жылжып, жоғары, шыңға асқанда, Ай ақситты азуын түнгі аспанда. Көңілімді көмескі күдік жайлады, Құздарменен мелшиген мұңдасқанда. Уақыттан қалайша тайқып беремін, Тау басынан ылдидап, қайтып келемін. Асқақтаған көңілім аласарғандай, Көңілсіздеу бір әнді айтып келемін.
Пешенеме жазғанды қарсы ап келемін, «Елім аман болғай» - деп жар сап келемін. Ит тірліктің азабын арқалаумен, Денем дел-сал, болдырып, шаршап келемін. Кідіртпейді ұлы көш, құлап келемін, Өмір де бір сарқылар бұлақ дер едім. Көктен төмен сорғалап жұлдыз ақты бір, Күздің қара бұлтындай жылап келемін. *** Бұл өмірдің құдыретін қойыңыз! Жастық шақта жайсаң ердің сойымыз. Жастық жалын жатсадағы артылып, Кемдеу соғып жататұғын ойымыз. Шалқығанда жігіт болып шалымды, Қиындықтар қиналмай-ақ алынды. Өмір өтіп, ой толғанда, енді біз, Таппай қалдық баяғы от пен жалынды.
АҚША ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ Ақшаны жақсы көремін. Ақшамнан айрылсам тәуелсіздігімнен айырылатын сияқтымын. А.С.Пушкин. Бүкіл әлем – әрекет, Жатқандайын жоқ қарап, Ақша деген пәлекет, Алған бәрін ноқталап. Басы артығын сатқан жан, Қан базарға қатынап... ...Ақшаны ойлап тапқан жан, Ең данышпан ақымақ. Әркім үйде кешқұрым, Ақша жырын толғайды. Одан өткен жексұрын, Болған емес, болмайды. Ақшаң оттай жанады, Жанға салып жарасын. Алшақтатып барады, Ағайынның арасын. Қанша пақыр десек те Жарлы да аштан өлмейді. Ақша салған төсекте Бай да көзін ілмейді. Жарлы қалмақ қарманып, Елден қалу ұнай ма? Ал байыңның арманы, Жақындамақ Құдайға.
Бір тыпыршу қайда да, Жанталаса жұмыс қып. Жарлыда да, байда да, Жоқ әйтеуір тыныштық. Жоқ болсаң да пақырым, Көп болсаң да сорлымын. Ақша деген ақырдың, Қарашы сен зорлығын. Аласарттың еңсені, Ақша арсызсың, түсінгем. Керек қылам тек сені, Тәуелсіздігім үшін мен. *** Бала кезде кем болды ма түсінік, Ұнатпаушы ем, ұнамаушы ед кішілік. Үлкендермен келіп ерте теңескім, Жігіт болғым келді көңіл ісініп. Шіркін өмір желмаядай желген бе?! Бүгін енді жас елуге келгенде. Үлкендіктен қашып өзің, боласың, Жастығыңды кідірте алмай шерменде.
ЖАЛҒЫЗ АҚҚУ
Жалғыз аққу айнала қалықтайды, Жалғыздығы жанына салып қайғы. Іздей ме екен сыңарын бейшара құс, Сұңқылдаудан әйтеуір жалықпайды. Сұлулыққа тамсанып, таңдай қағам, Жалғыз аққу бақытсыз жандай маған. Тірлігіңнің сәні де, әні де жоқ, Жалғыздығы аққудың қандай жаман?! Тәкаппарлық тарқатпас құмарыңды, Жаза бассаң қорғайды кім арыңды? Көктегі аққу сыңсиды жалғызсырап, Жердегі аққу сен де ізде сыңарыңды. *** Тәтті көрсе тынымсыз ызыңдаған, Ұқсайды екен шынында шыбынға адам. Көрген жоқпын мен әлі бір жігітті, Сұлу көрсе көңілі бұзылмаған.
Жебір көзді жігіттер жендеттерше, Қызға қарар, Қайтер ед тергеп көрсе?.. Сұлуың да көрінер сұлу болып, Аш беліне армансыз қол жеткенше. Сонан кейін өзің де ерінесің, Басқа арман мен басқа ойға берілесің. Көңілің мен сезімің бәрі жалған, Өзіңе өзің күшіктей көрінесің. Өтеді өмір, шіркін-ай, байқалмай-ақ, Жан сырымды келемін айта алмай-ақ. Қайран сұлу баяғы, бұл күндерде, Көрінеді көзіме сайқалдай-ақ. *** Бөліп қойып «жақсы» мен «жамандарға», Баға берем кей кезде адамдарға. -Адам деген табиғат туындысы – Оны өзгертер, шырағым, шамаң бар ма?
Білгішсініп кетті деп табалама, «Жаман іні» бар екен «жаман аға». Бұл адамды заманның желі айдайды, Кім тосқауыл қоя алар заманаға. Ой өрекпіп өмірді қылады арна, Өресіздер оныңды ұға алар ма? Шыңырауға ой деген құлап кетіп, Жетпей қойды дәрменім шыға аларға.
ЖУСАНБАЙ – ДЖОН ДЖЕНТЛЬМЕН
(хиқая) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнаймын. Кешегі қырғын ұмыт қап, (Қойсаңшы мына өмірді) Бір-бірін достар құттықтап, Той жасап жатыр көңілді. Жеңісті сәтте күй керім, Бойлаған кім бар мәніне. Берлиннің әсем үйлері Өртеніп жатыр әлі де. Қып-қызыл қандай сазарып, Жап-жаңа ғана күн шыққан. Түтіннің исі тазарып, Кеткен жоқ әлі тұмсықтан. Жеңісің қолға түскенмен, Санаға сыры жеткен жоқ. Солдаттың анау тістенген, Жарақат қаны кепкен жоқ. Көшеде өлік, түршігіп. Жиналып кеше болған-ды. Ал бүгін мынау тіршілік, Басқа бір істі қолға алды. Бұл да бір жұртың қызығып, Іс еді көптен аңсаған. Үміті шіркін үзіліп, Жете алмай кетті қанша адам.
Шаттық пен қайғы, қауібің, Қатарлас келсе тосын жай. Қайтесің бірақ бауырым, Өмірдің заңы осындай. Одақтастардың басшысы, Соларда билік дерегі. Қуырып жердің апшысын, Құтыртып бұйрық береді. Достарың келсе құрметте, Көрсетіп қал қайратты. Шыңғыртып әне бір шетте, Шошқаны солдат жайратты. Кім тұрсын бұғып сақтана, Жеңгендер кімнен қаймықты. Шашып-ақ жатыр шаттана, Иесіз қалған байлықты. - «Бауырым қанша шамаң бар?» Қулықпен солдат күледі. Ашқұрсақ жүрген адамдар, Қадірін астың біледі. Ауырлау іске жас шыдар, Атқармақ солар күллі істі. Қарсы алып жатыр басшылар, Қонаққа келген «Виллисті».
Көлікте жатқан үйелей, Әскери адам жоталы. АҚШ-тық екен түйедей, Киімі кілең оқалы. Солай ма қайдам жарлығы, Қасыңда біраз нөкері. Түсіріп жатыр барлығы, Бұраң бел қызды көтеріп. Жаңылған емес тегі олар, Салқамдық сері жолынан. Сүйеді мосқал генерал, Арудың аппақ қолынан. Мүмкін бұл ерсі көрінер, Ұмытқан жұртың қауіпті. Оқалы кілең серілер, Қыздырып жатыр сауықты. Қалған жоқ ешкім тым-тырыс, Көңілді ән биге ұласты. Жалғасып жақсы отырыс, Кеңінен жайды құлашты. Әйтеуір әсем күлкі көп, Жадырап жұрттың қабағы. Құйылып жатыр бүлкілдеп, Айрықша орыс арағы.
Күтінген жан жоқ, сақ болып, Қызығы басым жырдың да, Шампандар желді ақ көбік, Құйылып жатыр құрдымға. АҚШ-тық мырза сөз алып: -« Оқыдым кітап ғажап мен, Келсеңдер егер тез алып, Сөйлессем деп ем қазақпен. Ойламаң деп бір бұл мазақ, Айтуға аздап ұят-ты. Қаласа егер әр қазақ, Бір қойды жейтін сияқты. Қазақты көрсем көзбе-көз, Сәттілік болар күн бүгін. Сөйлесіп өзім сөзбе-сөз, Білейін деп ем шындығын.» Генерал мырза желіккен, Жадырап күлді қабағы. Адамдар мынау еріккен, Әрнәрсе ойлап табады. - «Жігіттер маған сеніңдер, Таппасақ бізді мазақтар. Кәнеки іздеп келіңдер, Бар шығар бізде қазақтар.
Күтелік деді сабыр қып, Табармыз сірә қойды анық. Орыстар жағы абыржып, Қалғандай болды ойланып. Ақталып тез-ақ үміттер, Сәттілік өзі қол алды. Іздеуге кеткен жігіттер, Мұрсатта қайтып оралды. Келбетін қыздар сүйердей, Қарашы мына ғажапты. Төбеге бойы тиердей, Кеп тұрған мына қазақтың. Алыптай асқақ өр кеуде, Омыраулары даладай. Орысша құрап сөйлеуге, Ептеген әлі шалағай. «-Далабай ұлы Жусанбай Шақыртуменен келіп тұр» Қысылмай, терлеп бусанбай Батылақ баян беріп тұр. Жусанбай жарау қалпында, Қадайды төрге жанарын. Бастықтар бұған там-тұмдап, Айтқандай болды хабарын.
- Ұнаған болар ер кейпің, Сынап бір көрмек сені олар. Дұрыстап жауап бергейсің, -«Құп болады жолдас генерал». - «Ғажапты бізге көрсет Сіз, Жас мырза жайсаң ер мүсін. Бір қойды сойып берсек біз, Тауысып өзің жермісің?» Көркіне сөз жоқ мін тағар, Келісті көркем реңді. Сұрағын беріп ынтызар, Генерал мырза шіренді. Соғыста жүріп жат елде, Болмаған әлі ысылып, Жусанбай біздің қапелде, Сөз таппай қалды қысылып. - Бала боп жүрдім ауылда, Қой сойып ешкім берген жоқ. Сонан соң түстім дауылға, Тірімін, шүкір, өлгем жоқ.
- Атаң мен әкең жеген бе?» Дегені мырза ойланып. - Ірі еді олар менен де, Жеуші еді бір-бір қойды анық. - Қызыққа құмар, тегі олар, Жеп көрші, солдат, кеңес қой. -Көрейін, жолдас генерал, Соғыстан қиын емес қой. Бір ой бар іште жымысқы, Жусанбай солай толғанды. Қиын ды қызық бір істі Тәуекел етіп қолға алды. Жеңістің буы желігіп, Бір тойсам деген ой келді. Мүлтіксіз бұйрық беріліп, Мұрсатта бір бас қой келді. Аумаған көзі мойылдан, Аспаз қыз аппақ сазандай. Мұнтаздай таза сойылған, Қой еті түсті қазанға. Отырса-дағы сызылып, Жусанбай бүгін дөкей бек. Ағылшын ханым қызығып, Қояды «о кэй, о кэй» - деп.
Көз керек залды көруге, Сияқты жанның саясы. - Ас дайын деді беруге, Жүгіріп келіп даяшы. Жылансырт көйлек сусаңдай, Жөнелді сұлу жарқылдап. Таусы алмай қалса Жусанбай, Күлмекші бәрі қарқылдап. Осал кім, перен әлді кім? Еріккен ісі жалпының. Осы бір істе дәл бүгін, Намысы тұрды халқының. Берілер сәті бағаның, Думанның қызық әдеті. Ашқұрсақ жүрген ағаның, Ашылды дейсің тәбеті. Алмақшы болды жөнге кеп, Ұялып енді не етеді. Тарелка шіркін дөңгелеп, Келеді кейін кетеді. Өзгені мүлде көзге ілмей, Даяшы табақ тосады. Сағатқа жетпес мезгілде Отыз бес ыдыс босады.
Генерал біткен сүйініп, Етті әкел тағы бер дейді. Даяшы байғұс иіліп, «Таусылып қалды «сэр» дейді. Қап-қара негр оқалы, Күлгенде қандай тісі аппақ. Бұраң бел сылқым тоқалы, Сүйді кеп мұны құшақтап. Таң қалып кезек түрткіштеп, Қағады бәрі таңдайын. Жусекең әуре сүрткіштеп, Жап-жазық болған маңдайын. Қой жедің. Солай жарлығы, Мүмкін бе енді жақпауың? Асырып жатыр барлығы, Әйтеуір мұның мақтауын. Жусекең жоқ-ты дым білген, Болғандай бірақ бұл іс оң. «Ю, а: э рели джентльмен, Хау клева оф ю Джон». ٭ Генерал қызғын желқабыз, Жаудырды келіп мадағын. - Солдатсың дейді сен нағыз! Жарайсың Джон – қазағым!
Жексең де парлап қос атты, Тағдырың салар қилы күн. Сонан соң мұны босатты, Ұстатып біраз сыйлығын. Ұмытып бүгін ұятты, Бір тою еді жұмысы. Әлі де бостау сияқты, Қарынның кейбір құрышы. Арсыз ғой тәбет құтырып, Жұтына жалмап барады. Маңдайдан терін сыпырып, Жан-жаққа бір сәт қарады. Кетті ме таңдай тесіліп, Сілекей тәбет сөліндей. Даяшы құрғыр кешігіп, Қалды екен неге көрінбей. Шыдаған еді жастықтан, Ешкімге болмай жалбақшы. Төрт жылғы көрген аштықтан, Бүгін бір өшін алмақшы. Қызық боп өң мен түсіндей, Зал іші кетті жаңғырып. Жусекең біздің түсінбей, Отырып қалды мәңгіріп.
Генерал біткен япырай, Жандардай құмар тарқаған. Бахадүр бұл бір батырдай, Қағады бәрі арқадан. Бас иіп кілең бастыққа, Есікке қарай беттеді. Көңілден бірақ аптыққан, Бір сұрақ мүлде кетпеді. Оралып тілге сөздері, Кеудеден өктем тіл қатты ой. Уәде берген өздері, Уәде деген қымбат қой. - Қой қайда маған беретін? Кім тайса сөзден сол қатын. - Жедің ғой жаңа сен етін, Не дейсің ақымақ солдатым! - Жегем жоқ мүлде етті мен, Алдамақ па екен мені олар. Туғанмын мен де тектіден, Болмасам-дағы генерал. Көңілді қайдан өсірсін, Шөп-шалам менен быламық. Құдайдың өзі кешірсін, Қой жеген жоқпын бұл анық.
Сөз берген анау тамырың, Жасамақ па екен жорта сын. Көргем жоқ еттің қамырын, Ішкем жоқ және сорпасын. Айтпаймын дауды текке мен, Ойламаң жоқ деп білігі. Қой болса қайда кетті екен, Он екі мүше жілігі? Солдатқа көңіл бұрмаса, Келсін де оған кебенек. Сөзінде берген тұрмаса, Генерал болып не керек?! Шыдамай бір сәт сабыр қып, Жусекең айтты тік қандай! Генералдарың абыржып, Солдаттан болды ыққандай. Тілмашты бәрі шақырды, Көрініс болды-ау ғажап тым. - Аударшы сөзін ақырғы, Ашулы мына қазақтың. Жауапсыз әлі сұрағы, Шықпақшы енді шу қандай? Алара қарап тұр әлі, Ашулы біздің Жусанбай.
Ұрғандай біреу маңдайға, Шамасы болмай дем алар. Қаныққан кезде мән-жайға, Сылқ ете түсті генерал. - Болсам мен егер күшті адам, Тағар ем саған жақұтты. Осындай солдат ұстаған, Сталин неткен бақытты. Іс болды бұл бір дұрыс тым, Жөн болар енді сенгенім. Түсіндім деді орыстың, Немісті қалай жеңгенін. Осындай ұлды ұшырған, Қазағың неткен текті еді! Кей кезде бізге қысылған, Осындай солдат жетпеді. АҚШ-тық үлкен генерал, Осылай терең толғанды. Даламның ұлын енді олар, Мойындап-ақ болған-ды. Тілмаш бір жасап кішілік, Шындығын айтты жалғансыз. Жусекең сонда түсініп, Қарқылдай күлді армансыз. Әуреге жұртты түсірген, (Жусекең қалған тамсанбай)
Неміс қыз етті пісірген, Қазақша қамыр-нан салмай. Жусекең ішіп көрмеген, Бұл елдің мүлде тамағын. Маңдайын сүртіп терлеген, «Оқа емес – депті, қарағым». - Шыдадық төрт жыл дауылға, Бақыт қой бейбіт атса таң. Келсеңдер біздің ауылға, Айыбым үлкен ат шапан. Мырзалар өңшең беденді, Тап болған қалай бағыма. Кетейін депті мен енді, Бүлдірмей тұрып тағы да. Өзінше жорып ойларын, Жұртыңды босқа тілдепті. Бір қойды таусып қойғанын, Жусекең өзі білмепті. Бәсі де бөлек бағаның, Көргем жоқ соған жетікті. Қайраты біздің ағаның, Атадан да асып кетіпті. «Шнапс» толы қойыны, Қарайды барлап табысын. Болғанмен жұрттың ойыны, Қорғады ол әке намысын.
Күшіңді көрген тік тұрар, Мәртебе алып мекенің. Мойындап кетті мықтылар, Қазақтың қандай екенін. Мұндайды қашан көрді кім? Кітаптан оқу тек елес. Бүгінгі сенің ерлігің, Соғыстан тіпті кем емес. Бейбіт күн жұртым тойған ба? Жалғасып жатыр тіршілік. Қойыңды былай қойғанда, Тауса алмай жүрміз бір жілік. Күн туды бүгін ғажап тым, Ел болсақ дейміз бірігіп. Ұлына біздің қазақтың, Ірілік керек ірілік! Тәуекел етсең ғаламат, Туған ел берер бір екпін. Қандай іс болсын азамат, Жалыны керек жүректің. Қиын ғой тірлік соншама, Қомақты болсын табысың. Ас ішіп тұрып болса да, Қорғай біл елдің намысын.
Тұрды-ау ол сол күн теңесіп, (Жусекең емес сорлы адам) Генералдарменен егесіп, Ата ісін қорғап қалды аман. Таңдантқан елдің талайын, Туған ол қара кемпірден. Есіңде жүрсін ағайын, Жусанбай –Джон –джентльмен!∗
ҚАРТ КАРЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ
Қырғыннан болған ел алаң, Шулатқан мына ғасырды. Зұлматты соғыс зобалаң, Күркіреп барып басылды. Сарғая күтіп сарсылған, Соқтырды тарих сағатты. Арылып гүрсіл-тарсылдан, Тып-тыныш болып таң атты. Еңбекпен еркін күлетін, Басталды өмір жаңаша. Көшемен еркін жүретін, Бейбіт күн қандай тамаша! Ажалын аспан бүрікпей, Жадырап күннің қабағы. Бұлбұл құс енді үрікпей, Құйқылжып әнге салады. ∗ Ағылшынша: Тамаша, сен нағыз жігітсің. Жарайсың Джон - Жусанбай Көгінен күннің нұр аунап, Құлаққа әсем келеді үн. Көшеге шықты Фрау да, Жамылып қара желегін. Қайғырды талай, қан ішті, Пәс көңіл қажып тоқтасын. Хабарсыз кеткен Гансты, Қашанғы енді жоқтасын?!
Қорқып қап дір-дір етесің, Бір дыбыс шықса оқыстан. Айналып әрең өтесің, Құланды менен қоқыстан. Көшелер әлі жарықсыз, Жантайып жатыр бағандар. Осы бір іске парықсыз, Үйреніп кеткен адамдар. Санада мәңгүрт бір елес, Кіжінді Карл қаралай. Құлаған мынау үй емес, Жүрекке түскен жардай. Қарайды келіп қарт неміс, Келер ме бұл іс ыңғайға. Қаланы қайта теп-тегіс, Тұрғызатұғын күн қайда?! Ойлаған болар осыны, Шаншиды жүрек, мұздайды. Өзінен-өзі тосылып, Басады жүзін жүз қайғы. Рейхстаг үйі өр кеуде, Шошынды көріп сыңайын. Қарт неміс мұны көргенде, Боқтады деп бір Швайн* Жұмсаған осы қалаға,
Жастығын, жалын қайратын. Еңбегі кетіп далаға, Жоғалтқан бүгін айбатын. Бәрі де таныс қаланың, Тарихтың қанша ізі бар. Көргенде әрбір алаңын, Көңілі нілдей бұзылар. Ерекше сұрқай күйге еніп, Сан тарау сарсаң санасы. Мына үйде өзі үйленіп, Мына үйде туған баласы. Айбатты сұлу астана, Тұрушы ең маңғаз асқақтап. Быт-шыты шығып, масқара, Кеткен бе күл мен тас қаптап. Жүдеп бір жүрек, сынды өңі, Тұла бой кетті қалтырап. «Гитлер неткен жынды еді, Гитлер неткен ақымақ». Түршігіп бойы қалтырап, Тылсымға терең бойлайды. Сорлатты бізді сандырақ, Осылай қартың ойлайды.
Құнарлы байтақ егістік, Беремін депті әр үйге. Керек қой депті кеңістік, Керек қой асыл Арийге. Басқа ұлттар оған күшік кіл, Басқа ұлттар оған тастанды. Қайтадан кесіп, пішіп бір, Бөлемін депті аспанды. Тар ма екен бәрі тойғанға, Аспанға бет жоқ қарауға. Жұрттыкін былай қойғанда, Өз жерім түсті-ау талауға. Қан сасып неміс даласы, Қайда да қайғы, зар, жоқтау. «Ақымақ иттің баласы, Халқымды менің сорлатты-ау!». Жау іздеп жындай жасанған, Жындылар талай шапқан ғой. Қан құмар иттер қашанда, Өздері қанға батқан ғой. Құдайдың болсын көмегі, Құдыретіңменен жасқағын. Адамдар қалай бөледі? Алланың мынау аспанын.
Алдымда қандай заман бар? Тірліктен мынау жалықтым. Ниеті жаман адамдар, Сорына туар халықтың. Тебіренеді қарт неміс, Көңілде қаяу, нала бар. Өртеніп қырда жатты егіс, Ойран боп қалған қалалар. Баспадым мауқым бір сүйіп, Сен үшін жиған малды әкең. Жалғызым менің Людвиг, Сүйегің қайда қалды екен? Қадірлі-ақ еді өз басы, Соғыстың заңы қатал заң. Шұбырып аққан көз жасы, Тамшылап жатыр сақалдан. «Болмайды бұлай, болмайды іс, Келе ме, тағдыр, құлатқың?» Бүкшиіп қалды шал байғұс, Белгісі құсап сұрақтың.
СОҒЫСТАН СОҢҒЫ КҮН
Күлкімен көңіл тоғысты, Би болып жатыр алаңда. Кеп-кеше біткен соғысты, Ұмытып кеткен адамдар. Қызыққа солдат кенелді, Жүрекке жылы жетіп үн. Желпініп билей жөнелді, Тепкілеп керзі етігін. «-Ән демей, Вася, күй демей, Гармонды тартшы дұрыстап. Төрт жылдан бері билемей, Тұла бой қапты құрыстап. Әкемнің емес мұрасы, Жыртылсаң етік сазайың. Бүгіліп қаппын, расы, Белімді бүгін жазайын. «Тамаша ең неткен өмірім!» Тартылды шалқып күй солай. Көтеріп жұрттың көңілін, Құйындай ұшты Николай. Көшеде жастық жалын бар, Ұмытқан жұртың құдайды. Ал үйде неміс ханымдар, Жарларын жоқтап жылайды.
Күлкі мен қайғы тосын жай, Қостарын бөлек құрмай ма? Өмірдің өзі осындай, Қайшылықтардан тұрмай ма? Қызық па көңіл тоятын?- Ол үшін шаттық, нұр керек. Адамды адам жоятын, Соғыстың жөні бір бөлек. Қаралы болса бір сұлу, Бір сұлу тапты жұбаныш. Соғыстың соңы күрсіну... Соғыстың соңы қуаныш... Жанымның жайлауында бұлттар көшіп... Жалғаншы тосады ылғи құр мазағын, Қай іске, қай тірлікке ырза жаның? Өмірдің қуаныштан мұңы басым, Мұңайсам мен егіліп жыр жазамын. Сол сәтті өзім шыны ұнатамын, Қарсы алам құмай түннің құба таңын. Жанымды жабырқаған қырық жамау, Жылытып, жырымменен жұбатамын.
Осылай менің тағдыр бақ-талайым, Демеймін әлеуметке ақталайын. Жыр күтсе менен елім, Хақ тағала, Шабыт бер шамырғанған шақта лайым. Ой қажап мидың терең қатпарынан, Жыр туса кезім ол бір бақ дарыған. Жанымның жайлауында бұлттар көшіп, Сонан соң ақ жаңбыр боп ақтарылам. Бұл күнде басым бурыл, самайым қар, Жырымның жұлдыздарын жағайын бар. Сәулесі жүрегіңді сәл жылытса - Онда мен бақыттымын ағайындар! Ана мен аруана Аруана бауырында ажал құшқан жеңгемРоза Ғұбайдоллақызының әруағына Өрістен аруана боздай келді, Дауысы сай-сүйекті қозғай келді. Желіге жетер-жетпес тоқтай қалды, Бір аттап ілгеріге озбайды енді.
Жанары жануардың сауыс-сауыс, «Не болды? Қарағым-ай, кәуіс-кәуіс», деп жеңгем түйесінің бауырына енді, Сөз айтпай әйелдікпен артық-ауыс. Ауа да тұнық еді күй сіңгендей, Жануар ыңырсыды исінгендей. Қос ана бауыр басқан, бауырласқан – Көрініс әдемі еді сүйсінгендей. Тамыры жануардың бүлкілдеді, Ақпейіл алакөнек іркілмеді. Машық қол мамасына майдай жағып, Аппақ сүт ақ шелекке күрпілдеді. Ынтымақ ырысыңды құрайды анық, Ағам тұр ботаны ұстап, шырайланып. Ышқынып кенет жеңгем құлап түсті, Дүние кеткендей-ақ шыр айналып. Басыңа заманақыр төнгенде ақыр, Болады пәруана пендең пақыр. Қасында ақтарылған ақ шелегі, Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр.
Желіде жемір бота жамырады, «Мамалап» алты перзент аңырады. Соққанда тағдыр дауыл тұтқиылдан, Теңселір кетті ағамның шаңырағы. Бұл қайғы жүк болғандай қара нарға, Шалдығып, шаршағанмен шара бар ма. Зауал күн ұмытылар артта қалып, Уақыт жазбайтұғын жара бар ма?.. Түйе тұр аң-таң болған пішімдегі, Кім ұққан сезімдерін ішіндегі. Адамдар көнді ажалға, мойынсұнды, Тек қана аруана түсінбеді. Дерт болған тума-туыс, қауымына, Төзер-ау жұрт қайғының ауырына. Тек қана аруана сарнай боздап, Жолатпай қойды ешкімді бауырына.
Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем, Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен. Шіркін-ай, ақыл есті адам түгіл, Жақсыны жануар да жоқтайды екен. Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан, Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан. Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің, Аруана баурында ажал құшқан. Түс. Шайтандар... Осы келбет, осы қайрат күшімде, Мен өзімді жиі көрем түсімде. Жүрегімді қолыма ұстап ылғи да, Қалқып жүрем ақ бұлттардың ішінде. Жап-жарық қып қолдарыма күн іліп, Жерге сосын қарап қоям үңіліп. Жердің беті қап-қараңғы түнектей, Тірлігімнен кетем сонда түңіліп.
Қайда деймін алып таулар – айбыным? Көрінбейді шалқар көлдер, айдыным. Дым байқалмай қанталаған көзіме, Сосын мені басады ауыр қайғы-мұң. «Жерге түс»,-деп бұйырады пайғамбар, Пайғамбарға жалбарынып айтам зар. Сосын қалқып жақындасам мен жерге, Жердің бетін жайлап апты шайтандар. Қайта оралдым туған жерге, еліме, Қалай тұрам тартпай адам тегіме?! Қоршап алды шайтан біткен шуылдап, «Жолдас қылып аламыз», деп сені де. Өкпе сықпай, шайтан қамау төңірек, Жанталасып жер іздеймін кеңірек. Сосын шошып оянамын, Құдай-ау, Ағыл-тегіл жылап жатып еңіреп.
Тірлік кешіп дәл осындай ақшамда, Кәлимамды қайырамын сасқанда. ...Шайтан біткен жібермеді жармасып. Қайта қалқып кетпекші едім аспанға. Диас, Мирас, Манас және Тәрбия кемпір Қарағым менің қайда екен? Қыздарменен тойда екен. Тойда болса тойласын, Қыздармен сұлу ойнасын. Әжемнің әні Сәби шақты еске алсаң күлесің де, Әжем айтқан әдемі ән жүр есімде. Үрпек басты үш сәби елбеңдейді, Опырайған кемпірдің тізесінде. Кемпірлері қазақтың паң ба тегі, Бұйрықтары бұлжымай маңға өтеді. Сол дәу кемпір үш ұлға бесіктегі, «Ойнаңыз, деп қыздармен» әндетеді.
Қоздатқанда көп күндер сағынышты, Сағыныштың бұл пенде қағын ішті. Әкімдерге «Әй бала» дейтін кемпір, Немереге бұл күнде бағынышты. Тауық құсап қамдаған шөжелерін, «Мен емес, деп қояды өзі өлерің» Ұйықтай қалса бөбектер, күржеңдейді, «Пісірейін шапшаң, деп, көжелерін». Қайнылары кемпірге «бүкір» дейді, Бүкір кемпір оларға түкірмейді. Үш бесікті тербетіп кезек-кезек, «Иә, Құдайым, бергенге шүкір» дейді. Сары кемпір саспайды санасы тоқ, Байпаңдайды бәрінің панасы боп. «Мен өлмеймін әзірге», деп қояды, Өлуге де бірақ та шамасы жоқ. Тал бесіктер ырғала Бұлғақтайды,
Жүйрік көңіл тәубеге тұрақтайды. Үш бесікті ұстатқан мырза Құдай, Бір кемпірді әрине құлатпайды. Ару мен айна Дидарына аспаннан ай құлаған, Сұлулыққа сүйсінбес қай ғұламаң. Ару отыр айнадан көз алмастан, Аққу құстан бейне бір айнымаған. Мекеніндей пейіштің төңірегі, Айьын – айна, аққу қыз керіледі, Аппақ тәні кіршіксіз аппақ қар да, Ал шаштары қап-қара көмір еді. Кең маңдайы даланың жазығындай, Кірпіктері қақпанның қазығындай. Сыңғырлаған дауысы бір естісең, Ер жігіттің өмірлік азығындай. Кім мойындар осылай дара тумай, Салтанат боп, сән болып жарасуды-ай, Сырын жұмбақ, беймағлұм ішке бүккен Екі көзі тұп-тұнық қара судай.
Кісі ме екен білмедім, кие ме екен, Батыл етіп бір пенде сүйе ме екен. Ақ маржандай қалас тістерінің, Еріндері қып-қызыл шие ме екен. Ақ білегі оқтаудай мәрмәр ма екен, Ер жігітке өзіңдей жар бар ма екен. Сені көрсе оянып Омар Һайям, Ғашық болып ғазал жыр арнар ма екен. Аққу мойын алманың сабағындай, Жаңа туған ай сын-ды қабағыңды-ай. Домбырамның аш белің сағалығы, Одан төмен кәдімгі шанағындай. Сылқыс сұлу сыпайы керіледі, Мүмкін тәтті қиялға беріледі. Кенет басын әнтектеу көтеріп ап, Жын соққандай жылады, еңіреді.
Қыздың жүзін бір қайғы жайлап алған, Сусып түсті еденге айна қолдан. Ұстай алды сұлу қыз бұғалығын, Болар-болмас бір сызық пайда болған. Сұлу айтты: -Бақытсыз күн бүгінгі, Көрсе қайтем ел-халық бұл мінімді. Жұбатарға бір амал іздедім мен, Ішке бүгіп ақиқат шындығымды. - Қарағым-ай сол мінің қайда? –дедім, Келер ме екен қолымнан пайда менің. Тал бойыңда бір мін жоқ, кінәлі тек, Олақ шебер жасаған айна дедім. Қыз болмайды құлықсыз мақтаныңа, Сұлу көрсең сірә да тақпа кінә. Қыз қарғады айнасын «шағылғыр» -деп, Мен қуандым бір амал тапқаныма. Ауыл мен қала
Қалалықпыз, қарапайым пендеміз, Бірде бар да, бірде таңқы кендеміз. Бір оттыққа сөз айтқанда көрші әйел, Еске түсті ауылдағы жеңгеміз. Көршімізбен бір мереке тойладым, Ас жеткесін «бата қыл»- деп қоймадым. Қысылғанда қу шұнақ шал дым таппай, Ауылдағы абыз қартты ойладым. Бұл қаланың күндізі не, кеші не, Машина – өзен ағылады есіле. Сол нөпірге қарап тұрып кенеттен, Отар-отар қойлар түсті есіме. Келмесе де құбыжыққа бағынғың, Түнгі қала сәулесіндей лағылдың. Сол бір кеште жайлаудағы малшы үйдің, Жалпылдаған жалғыз отын сағындым. Ай мен күн және қазақ
Күн шықты «жылындырып, терлетем»-деп, Менімен көгеріп тұр жер мекен»-деп. Ай айтты: «күн дегенің күйдіргі ғой, Бәріңді аппақ нұрмен тербетем»-деп. Кім білген сынғандығын қайда сағы, Күн шықса көк жүзінен ай қашады. Көрмеске бірін-бірі анттасқандай, Кезекпен көк төріне жайғасады. Бойына құдыретті жиған асыл, Тар ма деп табиғат та қиналасың. Қазаққа қалай ғана өкпелерсің, Ай мен күн бір аспанға симағасын. Қарыз бен парыз Өткен күнде жақсы, жаман бар ізім, Көп болатын өтейтұғын парызым. Бірақ-бірақ аз табысым алданышщЖоқ болатын бір тиын да қарызым.
Мына заман қабырғаны қаусырып, Айла, ақылдың бітті бәрі таусылып. Парызыңыз бұғып қалды бұл күнде, Қарыз дейтін қатыгез бір жау шығып. Айналаңыз салқын қабақ, салқын таң, Қанағат пен пейіл кеткен халқыңнан. Парыздарым аш бөрідей ұлиды, Қарыздарым қысқан сайын алқымнан. Қырандар мекені Бітпегесін сөз ұзапртқан даулары, Көбейгесін көз алартқан жаулары, Сапқа тұрған сарбаздарға ұқсайды, Маңғыстаудың мыңдаған мәрт таулары. Сырғытқанда саяқ құрлы даламыз, Ойлады ма болар-ау деп панамыхз. Жеті жұртқа жай болмаған өлкеге, Аттың басын бұрған екен бабамыз.
Қарсы алғанда кербез таулар кермиық, Етегінде орын тапкен ел ұйып. Біздің шалдар болжаған ғой бұл жердің, Ұрпағына болатынын жерұйық. Жүрегімде жалаулатып ұрандар, Тау дегенде таусылмайтын бір ән бар. Бұталарды паналайтын торғайлар, Ал тауларды мекендейді қырандар. Аламанда демейтұғын алқындым, Ұлдарын айт сынығындай алтынның. Тауларындай бұйра бұлтқа қол созған, Армандары биік менің халқымның. Жалғыз Маған өмір сыйлаған анам жалғыз, Мендік дәулет жинаған панам жалғыз. Он туысым әрқайсы бір-бір ғұмыр, Солар үшін от болып жанам жалғыз.
Аспандағы ай менен күнім жалғыз, Дінім жалғыз, ділім мен тілім жалғыз. Ағы менен көзімнің қарасында, Аялаған қызым мен ұлым жалғыз. Түп атамыз –Ер түрік, тегім жалғыз, Болашаққа бастайтын сенім жалғыз. Менің үшін барар жер басар тау жоқ, Қазақстан – қазағым, елім жалғыз. Ой кешемін ормандай жүдеп жалғыз, Ой түбінде жатады тілек жалғыз. Жалғыздарда мұратқа жеткізем деп, Жай таппайды жыр құмар жүрек жалғыз. Ел қорғасам –Ер Бекет –ұран жалғыз, Иманымның кәмілі –Құран жалғыз. Он туыстан қайыр жоқ, зауал күні, Әзірейіл алдында тұрам жалғыз.
Құрық салар құбылған қиялға кім, Жалғыз өзім жаһанға сыя алмадым. Ит тірліктен баз кешіп кеткім келген. Жалғыздарды Құдай-ай қия алмадым. Алпысқа наз Өмір ме, өмір – жалпы сын, Көріп келеміз талқысын. Табалдырығыңа кеп тұрмын, Ассалаумағалейкүм, Алпысым! Қол берем саған құрметпен, Жүйрік ең шіркін жыл неткен. Қош боп тұр қайран жастығым, Қош боп тұр енді гүл-көктем. Шықтық бір тағы қыратқа, Жеткізесің бе мұратқа? Әдемі дейді алпысты, Асыққан жоқ ем бірақта. Жайым жоқ енді шолжыңдар, Алдымда кім бар қол бұлғар. Артымда қалып барады «Махаббат, қызық мол жылдар».
Қайдасың, қайда, албырт шақ?- Суйи ма көңіл салғырттап. Мөлдей едің ғой қара шаш, Кім сені кеткен шалғырттап? Өрекпіп қалар тек кеуде, Албасты жатыр өкпемде. Қайратым қайда, қабылан?- Темір үзетін тепкенде. Көнесің өмір тезіне, Құлақ сап жардың сөзіне Тарыдай ұлым таудай боп, Ақыл айтады өзіме. Өзім ғой деуші ем панасы, (Аңғармаймыз-ау шамасы.) Торғайдай қызым толысқан, Төрт жиенімнің анасы. Тағдыр мен жазмыш сан-сала, Бақтары биік жанса да, Асқар тау – алпыс өзіңе Жете алмай кеткен қаншама?! Кәсіп етпедім жиғанды, Сол үшін басым сыйланды. Алпыстың адал аулынан, Іздейін енді иманды.
Алпыс жыл аттай жүгірдік, Қайтемін жасап күпірлік. Алғысымды айтып алпысқа Аллаға дедім «шүкірлік». Салмағай тағдыр бүлігін, Сыйласқан жанның құлымын. Құдайым өмір берсе әлі, Шайқармын жырдың тұнығын. Күй Ит тірлікті жайғағасын қиқымды, Масатыдай мақпал түнде сүйкімді, Қараша үйден қалықтады қыран күй, Шайдай ашып менің марғау ұйқымды. От ұшқындап қалқатайдың көзінде, Бір бал шарап араласты сезімге. Нұр құйылып жатқандайын кеудеме, Көкірегім қаңсып жүрген кезінде. Кәусар күйге қыздың жүзі нұрланып, «Кербез керік» кетті әнеки қырға алып. Шолпылары сыңғыр-сыңғыр отаудан, «Күнтай» сұлу келе жатыр ырғалып.
Түні қандай қоңыр салқын кеш күздің, Күймен күрмеп жібек арқан ескіздің. Сол арқанның түйіндерін таратып, Былқылдады «Бел шешпесі бес қыздың» Кеудем менің күмбірледі жыр сіңіп, Ұжмақ түнге айналғандай тіршілік. Кенет қақсап, күңіренді домбыра, «Өмір өтті» дегендей боп күрсініп. Күмбір-күмбір күй төгіліп шанақтан, Қан жылады біздің жүрек қан аққан. Күздің түні күй үніне жұтылып, Бозторғай боп шырылдады таң атқан. Домбыраға шаба алмайсыз сіз балта, Кепкен өңеш жұтатындай жүз малта. Дастарханын жайды да жәй күрсініп, Домбыраны іліп қойды қыз қалқа. Таушығым
Таушығым менің от берген өзің жас қанға, Оты бар ұлан биіктіктерден қашқан ба? Түлегің түгел, тілегің қабыл болсын тек, Боласың өзек жазылмай жатқан дастанға. Емді тау өрлеп, Ақжолдан әрмен асқанда, Безбүйрек бұлттар безіне қаңғып қашқанда, Бала көңілмен ойлаған едім балауса, Бір сүйем жетпей тұрған шығармын деп аспанға. Әлі де сол бір бейкүнә сәби пішінде, Таушығым сені жиі көремін түсімде. Тауларың сенің мызғымай тұрсын деп келем, Аласалығымды сезініп жүру үшін де. Ауылға барғанда Еңбектен басқа ешқайда қарамайтын, Алыпсоқ алпыста да толағай тың, Ауылдың ақсақалдары, Ассалаумағалейкүм!
Даладай кеңпейілді жүректерің, Армандай аппақ-ау бір тілектерің. Құшаққа алғандарыңда Мүмкін бе дір етпеуім. Ортаға ап сұрайсыңдар қала жайын, Ұмытпай келінді де жазатайым. Мен сонда отыра алмаймын, Көсілмей даладайын. Дейсіңдер бұл заманда жастық ерен, Қой сойып бұл балама басты берем. Қарайды қарындастар да Көзінің астыменен. Ағайын тауыстырмай қашық қонып, Жүресің көңіл өсіп, тасып-толып. Ауылдан аттанасың бір Өмірге ғашық болып. Кетпепті өздеріңнен жау қолында ар, Даналар кең далама тау болыңдар. Қаракөз қарындастарым, Сендер де сау болыңдар! Қар түспеген қыс
Алма бетті шымшыламай түнгі ызғар, Сұрғылт аспан, сығырайған жұлдыздар. Қар сыбасып, қарсыласып ойнамай, Бұйығады көңілсіздеу ұл-қыздар. Сұрқай кеште бағаналар зорайып, Тыр жалаңаш тал-теректер сорайып, Табиғаттың өзі әуеннен жаңылса, Адамзатқа, табиғатқа сол айып. Қысқы кеште асыққан жұрт тыпырлап, Жұлдыз да жоқ тұратұғын жыпырлап, Тырп-тырп бассаң қара жерді, қар да жоқ, Аяқ бассаң жататұғын сықырлап. Селдірейді әлсіз жарық түрленген, Қала тыныш қоңырқайлау түрге енген. Қары да жоқ қараң қыстың, Көңілді, Көтермейді кермек ауа сүрленген.
Қар түспесе көктемеде жерге сын, Қоңырқай кеш, қоңырқай күй шертесің... Жер қап-қара жүрегіндеә қаскөйдің, Жамыла алмай аппақ қардан көрпесін. Адам қалай, заман қалай, халайық? Қыста ма екен,қарда ма екен бар айып?! Қар түспеген қара жердей адамның Көңілдері бара жатыр қарайып. Ей, азамат, болса егер де санаңда ар, Өзіңді-өзің қолға алатын шамаң бар. Көк пен жердің құзыреті Аллада, Біз көңілді кірлетпейік, адамдар! Емді тауда ақсиып Ақжол жатыр... Шатырлы атам шатқалға қонған батыр, Тауға таңба батыр қол салған-ды ақыр. Емді тауды ересен тіліп салған, Аппақ болып ақсиған Ақжол жатыр.
Ақжол жатыр таңбасын анықтаған, Емді тау ол – баяғы алып бабам. Ақша бұлттар сияқты ақ шатырлар, Аппақ таудың үстінде қалықтаған. Безбес мәңгі көңілім белең алып, Сағынышты сарғайған келем алып. Жол көргем жоқ, Ақжолым сенен биік, Тау көрмеп ем, Емді тау, сенен алып. Туған жердің сағынып түз, белеңін, Емді тау мен Ақжолға жүз келемін. Өздеріңдей бір тау мен бір жол менің, Өлкесінен өлеңнің іздегенім. Маңғыстауым Күтуші едің тағдырдан сыйды асыға, Маңғыстауым май сіңген құйқасына. Кереметің, келіскен кербездігің Сұранады өлеңнің ұйкасына.
Келеді ме қу тағдыр, табалағың?, Етегімді жынды жел сабаладың. Байлығымды бәсіре қылармысың, Өкпек желі өткінші замананың. Жол жеткізбес жалғасып шақырымдай, Мұнаралар даланың батырындай. Мың сан тұрба Қаламқас* дөңіндегі Өрмекшінің тоқыған шатырындай. Мұнаралар Жетібай* жазығында, Көгеніңе қағылған қазығың ба? Аңыз болып, жыр болып айтылады, Ең алғашқы фонтанның сазы мұнда. Мұнайшыға мәртебе өз еңбегі, Мұнай мен тер ырыстай көзеңдегі. Түнді түріп, таңды ерте атырады, Алтын жалды алаулар Өзендегі.* Қаражанбас* қара жұрт мекен едің, Қиялымды қиянға жетеледің. Қиын кезде жарасам бір қадеңе, Жер түбіне жаяу-ақ кетер едім.
Жоғыңды іздеп туған жер, кетер едім, Қияндарға көз тікпес бекер елім. Қабаттағы қысымын мұнайыңның, Өлеңімді өрт қылып көтеремін. Құлан аулап, қырыңнан киік қуған, Маңғыстауым бейнелі биік тұлғаң. Беріп жатсың барыңды еліңе сен, Аруанадай ақпейіл иіп тұрған. ∗ Жетібайдың дөңінде Жетібайдың дөңінде тұрақ тепкен, Алаулаған көп еді шырақ неткен. Алқаракөк аспаның сияқтанар, Мың жұлдызбен сол дөңге құлап кеткен. Қиындықтан қаймықпас жеккілі ме ең? Мұнайшыдай көрмедім тектіні мен. Сенің қолың әйтеуір тиген жерден, Ырыс ытқыр алапат екпінімен.
Жер астында мол байлық сығымдалып, Жатырғанын қанша жыл ұғыңбадық. Ей, мұнайшы маңғаз ұл –жетібайлық, Саған айтар алғысын бүгін халық. Жетібайға тірелер жолдарым да, Ие болған ұлы көп мол дарынға. Береке бар, ырыс бар мұнайшының, Күс-күс болған күрзідей қолдарында. Ердің ісі еңбекпен үдейтіндей, Жайың бар ма жабығып жүдейтіндей. Кірбің салса көңілге бір көлеңке, Деп ойлама өмірді кілең күнгей. Бабам айтқан бір тілек «септесің»-деп, Мол да болса ысырап етпесін»-деп. Тістегеннің аузында қайран байлық, Ұстағанның қолында кетпесін тек. Қаламқас Ақын көңіл әуелден алаң ба еді?- Ынтықтырған ынтазар далам мені. Қайран апа маңдайың ақ күміс те,
∗ Маңғыстаудағы ірі мұнай кәсіпшіліктері Ал қастарың керілген қалам ба еді? Не дауа бар көңілдің алаңына, Тағдырыңа куә ма дала мына? Қаламқас деп атыңды атасам-ақ Ілінесің жыр болып қаламыма. Жаратқанның мейірі құлады маСен айналдың береке бұлағына. Мұнаралар сияқты сенің сүлдең Айдан алқа тағынған құлағына. Құлап түсіп қос бұрым жауырынға, Тап болдың ба тағдырдың дауылына? Жатып қапсың иен сор, қиян шетте, Өкпелеген жандай-ақ бауырыңа. Маза бермес ормандай ойым маған, Жыр жалғасар нүктесі қойылмаған. Несібесі бұл жердің артық болса, Сұлулықты Құдай да мойындаған. Өзенде
Ақын дос келіп қалған Атыраудан, Бастады таңданысын «бәтір-аудан» - Өзенін Өзеніңнің көрмей тұрмын, Шаңытып құйын жортқан жатыр-ау маң. Ойлама деп сен мені табалады, Қыр жақтан соқпай тұр ғой самал әні. Шоқ тоғай көрінбейді жар басынан, Көрмедім шарлай ұшқан шағаланы. - Мініп ап қос ескекті қайығыңа, Жігітсің күнде жүзген Жайығыңа. Мен саған көрсетейін өзенімді, Айтшы дос не бересің айыбыңа? Емес қой бізге таңсық дала мына, Мен сенің жауап берем талабыңа – Дедім де алып келдім ақын досты, Маңдағы мұнайшылар алаңына.
Көрді екен ақын достың көзі кімді?- Тауыспай мен де тұрмын төзімімді. - Ал қане, дәл осылай тұра қал да, Сергітші, дедім сері сезіміңді. - Апыр-ай, қалар емес бір үн менен, Сезеді жеті қаттан діріл денем. - Ақын дос айналайын, дәл таптың-ау Өзенім сол ғой дедім гүрілдеген. - Бұл сөзде бар ғой үлкен гәп бір тегі, Жүректе жыр туындап шақ тұр, деді. Болжаған жеті қаттан жер атауын, Адайдың шалы неткен тапқыр деді. Тереңге ерлер ғана бата алады, Қайран жер қара сусыз қаталады. Арманы бір дария болғасын ба, Әйтеуір, өлкем «Өзен» аталады. Ертегі Аппақ әже тер төгіп, Айтып отыр ертегі. Ертегісін тыңдасамБірталай сыр шертеді.
Ертегінің желісі: Бір ғажайып ел іші. Сол бір елдің мол бопты, Қазба байлық кеніші. Ертегінің желісі: Бір ғажайып ел іші. Ауызға кеп түседі, Пісіп тұрған жемісі. Ертегінің желісі: Бір ғажайып ел іші. Қамбасына симаулы, Орып алған егісі. Ертегінің желісі: Бір ғажайып ел іші. Жарлы жоқ та, арлы көп, Ынтымақта тегісі. Ертегнің желісі: Бір ғажайып ел іші. Жұмыстан бос адам жоқ, Босамайды қол ұшы. Демейді ешкім «қиналдым»- Мақсат қылмас жиғанды. Адал жүріп, ақ сөйлер, Адамдары иманды. Қанағат бар халқында, Дейді: «Еңбектен тартынба» «Ішкендері алдында, Ішпегені артында»
Ешкімі жоқ тоналған, Ұры-қары жоғалған. Аттамайды адамы, Сауап пенен обалдан. Білмейді ешкім былықты, Келіндері қылықты. Адамшылық ақ іске, Азаматы құлықты. Ұмытпаған ырымды, Бойжеткені бұрымды. Жігіттері жөн білген, Салт-дәстүрін бұрынғы. Сәлем айтқан алыстан, Жақын келсең танысқан. Кемпірлері кеңпейіл, Қариясы данышпан. Әкімдері жайдарлы, Жеткіншегі айдарлы. Батырлары баһадүр, Ақындары айбарлы. Балдырғаны кекілді, Сағат санап жетілді. «Қой үстіне бозторғай, Ұя салған» секілді. Аппақ әже тер төгіп, Айтып отыр ертегі. Ертегісін тыңдасам, Бірталай сыр шертеді.
Ей, ғайын, өкпелі Сөге көрме тек мені. Осы ертекке өзім де, Сенгім келіп кеткені... Сүйген құлы Құдайдың Сыр айтайын, тыңдашы сен, туысқан, Жалықтым мен ығыр қылған жұмыстан. Құлақкесті құл қып мені сол жұмыс, Өмірімді ұрлап жатқан зымыстан. Шыдап келем арқалаумен қиынын, Сол болған соң нан мен тұзым, киімім. Менің барлық сығып алып сөлімді, Ұстатады болмашы пұл, тиынын. Бұ тірліктің ойланатын тұсы көп, Қоғамыңның қу кедеймен ісі жоқ. Білдірмейміз соның бәрін, Құдай-ау, Көрінгіміз келеді бір «кісі» боп. Ей, туысқан, неге сонша мұңайдың? Серпілмесең берер саған кім айбын. Ары таза, бары таза, бәрібір, Біздер шығар сүйген құлы Құдайдың...
Мына біз... Сағым қуып сандалған, Сәл нәрсеге таң қалған, Сәби сенім –аңғал жан, Баламыз-ау мына біз. Самұрықтай самғаған, Ізгілікті таңдаған, Халқын сүйіп, қамдаған, Данамыз-ау мына біз. Иығына бөз жетпес, Шиырына сөз жетпес, Қиырына көз жетпес, Даламыз-ау мына біз. Жауымызға оқ болып, Балқитұғын шоқ болып, Шалқитұғын от болып, Жанамыз-ау мына біз. Салтымызға бұл болып, Халқымызға құл болып, Жана-жана күл болып, Қаламыз-ау мына біз. Үндемедің, дым демедің... «Сүйемін»,-деп едім –үндемедің, «Күйемін»,-деп едім –дым демедің. «Байлыққа иемін»,- деп едім, Гүлдегенің...
«Батырмын»,-деп едім – үндемедің, «Ақынмын»,-деп едім – дым демедің. «Мықтыларға жақынмын»,-деп едім, Гүлденгенің... «Өмірдің өттім тезінен»,-деп едім, Үндемедің. «Бақытты сен деп сезінем»,- деп едім, Дым демедің. «Сен үшін бәрінен безінем»,-деп едім, Гүлдегенің... Таң қылып: тілегің болайын» дедіңҮндей алмадым. «Мәңгілік жібегің болайын» дедің, Дым дей алмадым. Төрт белес Өмір деген өң мен түс, елес екен, Көктем деген көгілдір белес екен. Ес жидырмай елбеңдеп өте шықтыШіркін-ай, о несі екен?! Жаз – құт болып құйылған арқа, бастан, Ықыласты ырысын сарқа ма аспан... Қоштасуға жарамай ол да кетті – Қала бердім құмарым тарқамастан.
Тауыса алмай жүргенде біз желіктіЖылдар жылжып жылауық күз келіпті. Не сыйламақ бұл шіркін енді бізге?- Қане, достар, соны бір ізделікші... Күзім сенде қызық көп шаттандырсаң, Өмір жайлы ойлаймын жатсам-тұрсам. Ей, қоңыр күз, саған да өкпелеменАқ қысыма аман-сау аттандырсаң. Көктем, жазым ойласам бір амалың, Күзімде де шырқадым құмар әнін. Қыс бір белес, көруге жазғайсың деп, Ей, тағдырым, өзіңнен сұранамын. Өлеңім Өлеңім менің, өлеңім, Өзгеден жеріп, өзіңе, Өзіңе көңіл бөлемін. Өлеңім менің - ғашығым, Ғашығым, сені аялап, Өмірдің ұқтым асылын. Өлеңім – барым, байлығым, Байлығым құрып, тоналып, Баспағай бұлты қайғының.
Өлеңім менің - арманым, Арманды қуып апыр-ау, Айтшы, мен қайда бармадым?! Өлеңім менің – үмітім, Үміттің жібін үзбеуге Қам қылам, қалқам, күні-түн. Өлеңім - жалғыз сырласым, Сырласа жүріп сездім менДәуреннің баста тұрмасын. Өлеңім менің, өлеңім, Сен безбе менен, сен безсең – Сол кұні мен де өлемін!.. Арбакеш бала Жоқшылықтан қамыт киіп алғасын, Жадау иін жарлыңызға бар ма сын? Қан базарда қара тер боп бір бала, Сүйрелеп жүр арбасын. Жүк іздейді жанталаса жүгіріп Бұршақ-бұршақ маңдайдан тер үгіліп. Сүйреп бара жатыр әне арбасын, Аш күзендей бүгіліп...
Тағдыр оған тартпақ қандай тағы сын, Кім болжаған сол пақырдың табысын... Құламауға, жыламауға ол бекінген, Қайрап алып намысын. Қиялында сол баланың бар қанат, Тірлік үшін күресу де нар талап. Тағдыры артқан тау бейнетті сол бала, Тауыспақшы арқалап!.. Түн. Ауыл. Қызқашар Айқайын артқа тастап азаптың көп, Қырдағы малшы ауылға ғажап түн кеп, Шалқаңнан жатып алсаң жұлдыз санап – Өзіңді сезінесің қазақпын деп... Ауылда жанталас жоқ күн санаған, Маңайды зәулім үй жоқ тұмшалаған. Жаратқан әуелде өзін табиғатпен Жап-жақын табысар ма мұншама адам!
Тыныш түн, жұрт тыныстап, көз ілді мал, Бір ғажап еріткендей сезімді бал. Сен енді шылымыңды тұтатып ап, Асықпай айналаңа көзіңді сал. Кең дала еркін жатып керілгесін, Қиялға көңіл қалай берілмесін?.. Сен өзің аспанда да емес, жерде де емес, Кәдімгі кең пейіштің төріндесің. Адырлар қарауытар қалыңдай боп, Сәулелер сырғанайды залымдай боп. Жалбыр бұлт тау басына ілініп қап Желпінді арыстанның жалындай боп. Шегініп қара таулар биік тарлан, Төңірек тұскиізбен тұйвқталған. Аспан тұр ақ сәулені жұтып алып, Саумалдай сабадағы ұйып қалған.
Ақ түнде борбас таудың көрігі асар, Жұмбақ түн жаны барды сері жасар. Дегендей міндетімді ұмытқам жоқ, Әупілдер ұйқылы-ояу Бөрібасар. Қорымда байғыз жылап сұңқылдайды, Желіде жампоз інген ыңқылдайды. Боз тұман сауырына су толтырып, Түнімен боз көдені дымқылдайды. Ит-құстан үркіп үйір дүбірлейді, Жылқышы итке айтақтап «жүгір» - дейді. Төсекте ақшұнақ шал аунап түсіп, «Иә, Құдай, сақтай көр!»- деп күбірлейді. Өзді-өзін тастан-тасқа лақтырып, Ыршиды қыз қөылықты бұлақ күліп. Аулақта шопан жігіт ән қайырса, Тыңдайды жас келіншек құлақ түріп.
Анасы ғашық қызға дұшпан құсап, Елегзір еске түсіп қысқан құшақ. Қу кемпір босағада жатып алған, Аңдыған Ертөстікті Мыстан құсап. «Сұлуың жатқан шығар қайда жүр»-деп, Қайрайды жігіт досын «айла қыл»-деп. Сүйкенсе жігіт үйге түйе болып, Қарғанып кемпіл қуар «жайрағыр»-деп. Көрінбей түйе дейтін «досы» көзге, Түсінбес кемпір іске тосын, өзге. Көрпесін қобылай сап, апыл-ғұпыл, Сып беріп, қыз қашады осы кезде... Аппақ бұлт шың ұшында тұр байланып, Жатқандай жәннат түнде қыр да ойланып. Осы бір жұмбақ түнде – ұжмақ түнде, Өзім де бара жаттым жырға айналып. Жұлдызым менің жоғары
Қапысыз қамсыз кешіп күн, Апыр-ай неғып кешіктім?.. Қайран жыр сенің сазыңды Елуде әрең есіттім. Жүректі жайлап кірген мұң, Жалынсыз жадау түрге ендім. Қайран жыр, саған қалайша Қол созбай жырақ жүргенмін?.. Армандай едің түу алыс, Жетсем-ау, сол-ды қуаныш. Жағаңа келдім жақындап – Жүрекке сол да жұбаныш. Сен - дода болсаң желденген, Мен –жүйрік болайын тағалы, Сен - дала болсаң тербелген, Болайын көлің қоғалы. Сен аспан болсаң зерленген – Жұлдызым менің жоғары!.. Көкмойнақтың қазығы (Елдосқа) Көк теңіз неге өкірді жағы тынбай, Жауынан ер бұға ма сағы сынбай?! Күркірі көк теңіздің – Сүйекемнің* Әруақ шақырған бір дабысындай.
Желпіген жел өтінде шашағын жәй, Нар қамыс жау қолының жасағындай. Қапыда қиқулаған қалың жауға – Болмады боз тұманнан таса қылмай. Қылышпен туралғанда күдері үзік, Белдеуден бедеу кетті шідер үзіп. Қайран ер қала берді бармақ тістеп, Бұл жолғы сәттіліктен күдер үзіп... Қатыгез жау шапқанда тосын елді, Қайран жұрт қапылыста босына өлді. Қалған жұрт қашып-пысып паналаған, Нар қамыс бір көмегің осы болды!.. Жау қозғар атақоныс – өз төріңнен, Күшіген көшкен жұрттан көн-тері ілген. Бір бала аман қапты сол қырғында – Қазанның астында қап төңкерілген!..
Амал бар ажал менен оққа қандай?! – Күйген-ді талай біздің шоққа маңдай. Қос аққу сыңсып ұшты тас төбемнен – Айсалқам, Жансалқамды жоқтағандай.
Егілсеі шежіреңді ішің біліп, Қолқаңды өксік кептеп ісіндіріп. Толқындар жарыса айтып жатыр маған – Талайлы тарихымды түсіндіріп.
Айналған көрген адам танымасқа, Бұл күнде бұл қоныстың мәні басқа. Шашылған бабалардың несібесі, Нәпақа болған сын-ды кәрі-жасқа.
Жібиді аққа тиіп ақыр таңдай, Күн туды дәулетіңді сапырғандай. Шапшыған мұнарадан шалдуар от, Шығынған көкмойнақты шақырғандай.
Қызыл от - Салқамдардың орамалы, Осылай шығар дедім жорамалы. Елдосжан қазық қақшы қара жұртқа – Көкмойнақ қазығына оралады...
- Сүйінғара – халық батыры, ** Айсалқам, Жансалқам –Сүйінғара батырдың жау қолында кеткен қыздары.
Қырдағы қараша үй
Сыймайды жанарыма шара –заман, Қинайды қисыны кем жарамазан. Қазақтың қадірлісі, халің нешік,- Қараша үй, қара шәйнек, қара қазан?..
Жүрмейді мына заман дегеніңмен, Сол үшін кімді сыбап, сөгемін мен?! Өрісін жайлауыңның жын жайлайды – Өрмесе қозы-лағың көгеніңнен.
Тартады қырдағы ауыл тегі мені, Сапырып саумал ішкім келіп еді... Кептірді кенезесін көңілімнің Жайрағыр жетім бота желдегі.
Салғандай сауал тастап, бір ой маған, «Еліңіз тыныш па?» - деп сұрайды ағам. Қалжырап үй артында қара айғыр тұр, Үйірін бір-ақ түнде ұры айдаған. Інім де ұтылғандай базарынан, Салмады, сұрасам да сазарып ән. Құлықсыз құла шәйін құйып берген, Мұң көрдім жеңешемнің ажарынан. Тырс етті транзистор, толас ақ түн... Хабарын айтып жатыр болашақтың. Қараша үй қырда қалды, тілеп келем: «Оты өшіп қалмағай», деп сол ошақтың. Сен шырқа, шырқау үшін туған талант (Әбілге) Тіршілік тынши қалып сай-салада, Ән кетті арындап бір айдалаға. Әніңді ғашығыңдай аялайсың, Ән үшін туып па едің , қайран аға!
Жұлқынып жыр тұлпарын қамшыладың, Білмеймін, қалай ғана жан шыдады... Кеңсірік тұз құйғандай, қолқа ісініп, Көзімнен ып-ыстық жас тамшылады. Шығынып шыған дауыс шыңға асқанда – Жұлдыздар жарқылдады түнгі аспанда. Азабын қу тірліктің кетті ұмытып, Әніңмен жаным менің мұңдасқанда. Сүйсе жұрт қазақы әнді сүйсін мендей – Тұла бой шымырлады күй сіңгендей. Ғажайып сол әсерден тәнімдегі Тамырым алпыс екі исінгендей. Қалдым-ау сең соққандай құр сілейіп, Көрмеп ем мен өзіңдей жыр сүлейін. Сен шырқа, шырқау үшін туған тағдыр – Мен байғұс шыр тарқатып күрсінейін.
Талақ қып кетсең әнді, жағыңды ашпай, Жұртыңның жайы бар ма сағынбастай?.. Бақытын талай әннің ашқан едің – Әндерің енді өзіңнің бағыңды ашқай!.. Салғанда салқам әннің ырғамасын – Өзің де шоқтай жайнап нұрланасың. Елінің ескермеуі мүмкін емес Қырық жыл ән тербеткен бір баласын. Өмірдің бес күн тірлік - бес қонағы, Дей алман «еңбегіңді еш болады». Бақыт та басы айналған соқыр құс қой – Басына кейбіреудің кеш қонады. Ән салсаң риза боп кетер халқың, Сездің бе заманыңның мекер қалпын?.. Жер – керең, Асқақ әнді аспанға асыр, Құдайдың құлағына жетер, бәлкім... Адасу
Алақ-жұлақ айналаға қарасып, «Оңға бұр» деп, «солға бұр» деп таласып, Келе жатып ұлы жолдан ауытқып, Ала қырда кеттік бір күн адасып. Аңғалдыққа азаматтар өкінді, Күн кешкірген, жаз еді бұл екінді. Келіп жетті қап-қара түн, жын-пері, Бізді қоршап, қамап алған секілді. Жөніне қап қайтпақ ойлар саят қып, Көңіл енді табар емес тояттық. Жүз грамды артық ішіп, шаршап қап, Ұйықтап жатқан шопан досты ояттық. Табиғатқа тамыршыдай қырағы, Шопан достың былай болды сұрағы: «Ей доғалдар, қайда тұрмыз? Бұл жердің Қараңдаршы қандай екен құрағы?» Ей мынауың қызыл изен, бүрген бе? Мына ақымақ осынша ұзақ жүрген бе? Басқа жерде тұқымы жоқ бұл шөптің
Маңдай тіреп келіп тұрмыз Түргенге.* «Жер бедерін келіп тұр бір қарағым, Фарыңды жақ, көрсет жолдың торабын. Ақ топырақ, ащылық қой, дұп-дұрыс, Мәшинеңді кейінге бұр, дорағым» «Бүгін бізге аң бұйырмас ауларға, Қиыстама, ұрынарсың тауларға. Анау биік көк жұлдызды көрдің бе?- Енді содан маңдайыңды аударма.» Алдық тағы белді буып бекемдеп, «Иә, сәт,»-деп жүріп кеттік, жетем, деп. Мен ойладым, туған жерін шын сүйген, Ешқашан да адаспайды екен-деп. Айнам қалған Баллада Қиын тағдыр, кімді сен оңдырасың? Қимайтындай жоқ еді мол мұрасы. Есжан кетті қуылып қалың елден, Жан серігі жалғыз-ақ домбырасы.
Артта қалды ел мен жұрт, туыс тәмам, Ақбикеш қыз – ғашығы суыспаған. Бар жазығы ғашық боп бай қызына, Өлкесінде өнердің ту ұстаған. Қырсық үйір қазақтай қайманаға, Қалмау керек әйтеуір бай налаға. Аузында – Алла, ойында – Ақбикеші, Күйші кетті қаңғырып айдалаға. Дәм бұйырмай елінен, мәзір тұрмақ, Түсті басқа жалғыздық қазір шындап. Демалады жолаушы белін жазып, Қу шілік пен қурайдың сазын тыңдап. Аумағасын аңызақ есіп көптен, Қара жұрттан қалың ел көшіп кеткен. Келе жатыр жолаушы азып-тозып, Сақал шашын жел тарап, өсіп кеткен.
Тыңдамаса құлақ сап ел данасын, Жоғалтады текті ұлын, бел баласын. Кезе берді сорлы Есжан, шарлай берді Таусылмайтын қазақтың кең даласын. Жүрегінде мұң менен толып қайғы, Күйші жігіт күрсініп, солықтайды. Махаббаттың мәңгілік әні үзілген – Ақбикешпен қайтып ол жолықпайды. Бедірейген дала да дым білмейді, Жүрмедің бе, бәрібір жүрдің мейлі. Сағынышты сезімнің сырлы сазы Кең далада күй болып күмбірлейді. Кеңістік пен ауқыт өлшемдері, Шыр айналар қыс пен жаз, жол шеңбері. Кезбе күйші тап болды тойлы ауылға, Бұлғақтаған төрінде өңшең сері.
Біреулердің жүрегін ыза тіліп, Бұл-дағы ел-ді шығатын қыз аһ ұрып. Құда түскен бір байдың баласына Жатыр екен Ақбикеш ұзатылып. Жолға түзеп жүкті нар, саяқтарды, Той да міне, ақыры аяқталды. Ақбикеш қыз отырып күймесіне, Қоштасатын қимас сәт таяп қалды. Жігіттердің намысын жаныған боп: «Өздеріңді жат елде сағынам бек Ескерткішке бір-ақ күй тартыңдаршы»,- Деді Ақбикеш, Есжанды таныған жоқ. Хас өнердің перісі жиі арбайтын, Сәт осы еді арманды ер қиялдайтын. Жүрегінің түгі бар жігіт қайда, Ақбикешті балқытып күй арнайтын?! Тамсандырар талайды шағында әлі, Мұңлық сұлу ынтығып, жалындады. Аңтарылып әлеумет күткенменен,
Өрен жүйрік өнерпаз табылмады. Болмаса да Есжанда көңіл нұрлы, Дулы топқа мойынын жеңіл бұрды. Жұлып алып арудың домбырасын, Бір әуенді ғажайып төгілдірді. Бір әуенді ғажайып төгілдірді, Уақытты қайта артқа шегіндірді. Жанарына ып-ыстық жас үйіріп, Ақбикешті балқытты, егілдірді. Халайықты күрсінтті, еміндірді, Мұңға оранды сол бір сәт көңіл нұрлы. Аңсауы көп жүректі аһ ұрғызып, Қабырғасын сұлудың сөгілдірді. Күйші Есжанның қары ұйып, белі талды, Желіккен жұрт желқабаз болып алды. Ақбикеш қыз толқыған, тебіренген Домбырасын абайлап қроына алды.
Саябырсып көңілі алып ұшқан, Жүрек сазып сиқырлы сағыныштан. Домбырасын шерткенде төңірекке, Қалықтады жұмбақ бір жалынышты ән. Мәңгі сақтар жетер ме күшің, тегі, Жан жарасы, махаббат ішіндегі. Қайдан шыққан бұл әуен, кімге арналған – Күйші Есжаннан басқа ешкім түсінбеді. Ақбикеш қыз күй тартса жайнар жалған, Қаумалады қалың ел қайран қалған. «Қош болыңдар, ел-жұртым, қайран жастық, Бұл күйімнің атауы «Айнам қалған». «Құрметтеп жатыр ғой құлай бәрі, Қызық екен жастардың сыңайлары. Бет қарайтын болмашы әйнек үшін, О несі екен Бикештің мұңайғаны.» Деп әкесі оз ойын жобалады,
Ақбикештің көз жасы домалады. Айна деген махаббат тұмары еді, Тартылған күй ғашықтың обал әні, Той-думанмен бүгінгі жолдан қалған, Кетті Есжан да көңілі ойрандалған. Жүрегінде мәңгілік махаббаты, Құлағында жаңғырып «Айнам қалған». ...Дала жатты кеудеге жиған зарын, Ұқпаджы жұрт – айна боп күй қалғанын. Білмеді ешкім – қалған сол айнаменен, Талай ғашық көрерін дидарларын. Үйсіз ақын келе жатыр көшеде Елің аман, жұртың тыныш десе де, Жүрегімде жарақат бар нешеме. Өзі жерде, ал қиялы аспанда, Үйсіз ақын келе жатыр көшеде.
«Найзағайлы шабыиым бар, шүкірмін, Соңын бағың,-деп қояды үтірдің». Байлық пенен билік жайлы сөз айтсаң, Дей салады «түкірдім. Дәруішке ұқсап нағыз ол деген, Ит тірлікке тіпті көңіл бөлмеген. Шабыт қысса шамырқанып жыр оқыр, Күре жолға тұра қалып көлденең. «Жауың бар ма? Берем дейді сазайын, Тіліп түсер тентек өлең жазайын. Қалтасында көк тиын жоқ сабазың – Той жасаймын,-деп қояды,-ғажайып.» Қоғам оны қойғаннан соң қаңғыртып, Іс күтпейсің одан кейде мәнді түк. Арам достың ақ сарайын көргенде, Кеткісі бар төбесіне саңғытып. Бір мақтасаң жетіп жатыр, іс тынды, Сұрамайды ол, тегіңді де ныспыңды. Жалаңаяқ жүрсе де өзі сол ақын
Жебегісі кеп тұрады міскінді. Жүре алмайды ол бықсып, іште ит өліп, Шабыт қозып шалқымай-ақ күй толып, Сайқымазақ сәйгүлікті серідей Сұлу көрсе қалады бір сүйкеніп. Тұрғандай-ақ барлық жағы сайма-сай, Күн кешеді шаруасын жайғамай. Үйсіз ақын келе жатыр көшеде, Жүрегінде – у, жанарында - найзағай. Жыр деп ұққан бұл өмірдің ырысын, Осы, міне, ақын деген қырысың. Хан сарайға жасамайды ол айырбас, Жыр киесі қонған жетім бұрышын. Теректің өлімі Ақ терек өліп кеткен сұсты қалпы, Көзімнен қос тамшы жас түсті балқып. Қашанғы қадірлісін қимағандай, Сіркіреп қазбауыр бұлт ұшты қалқып.
Бір сәнге бөлеуші едің шаршы алаңды, Қалайша қау бұтағың арсаланды? Өмірдің өткіншісін көріп тағы, Қу жүрек қан жылады, пәршаланды. Десе де тағдыр келіп «күнің жетті». Өтпекші оны да алдап бүгінгі епті. Қасқайып сұм ажалды қарсы алғанда Ақ терек иілмепті, бүгілмепті. Таусылып көрер қызық, қылықты арман, Сәтінде ажал келіп құрық салған Ақ терек қайсар қалпы, асқақ қалпы, Аспанға қолын соза тұрып қалған. Болған соң жүрегімнің сызы қалың, Бағынбай бастайды ылғы бұзық әнін. Жәдігөй ит тірліктен жерінгенде, Мен қайсар өлімге де қызығамын. ***
Көктем өзі ерітті де ақ қарды, Алып келді щұғылалы шақтарды. Жеңіл болсын жер ананың толғағы, Дегендей-ақ аспан түбін ақтарды. Тұла бойы тазарғандай су сіңіп, Жер анамыз жатыр дел-сал, исініп. Жасаруға, жаңғыруға осы бір Аспан өзі қарап тұрды сүйсініп. Жаның үшін жаңбыр еді бір емің, Қайран далам, жайна, жаса, дүрегін. Бір ғажайып ақ жаңбырды осындай, Аңсайды ылғи менің іңкәр жүрегім. Адалдық Бұл өмірде адалдықты сыйладым, Сол долда мен жанымды да қинадым. Тірлігімде жүзім жарқын, ал өлсем, Жолдас болғай деп тіледім иманым.
Сол тілекпен, тәубе деумен келемін, Сол тілектен табар жаным бір емін. Менің әзиз ұжданымның ұясы – Ақ бола гөр, пәк бола гөр, жүрегім. Сауабы жоқ күнәһарлық бір күйік, Адалдықпен жаным менің тұр биік. Соның үшін жүзім менің жайдары, Кең Алламыз кеткендей-ақ нұр құйып. Міне, осылай алдан ақ жол ашылды, Байлық қуып жиған емес асылды. Екі дүние есігінен еңкеймей, Тіп-тік ұстап өтсем деймін басымды. Күнә артпаса ешкім тілдеп, жазғырып, Көңіл шалқыр, кейде мені мәз қылып. Қорқам кейде мынау азған заманда Әзәзілдер кетпегей деп азғырып.
Асау көңіл таппағандай тұрағын, Жан-жүйемді аралайды бір ағын. Сонда мені адастырмай адалдық, Қарсы алдымнан жағады ылғи шырағын. Аттп өту ақ сайтанның торынан, Келеді ме пенделердің қолынан?! Ей, жүрегім! Өтінемін өзіңнен, Адастырма адалдықтың жолынан. Жөнеліп кеттің асығыс (Ізбасар Шыртановтың рухына) Шын сүйген жанға көңілмен, Бақилық десең сенер кім. Маңғыстау сенің көгіңнен Бір жұлдызы ақты өнердің. Достарың жүдеп, күрсініп, Сенделді жандай сең соққан. Тұла бой кетті түршігіп, Қатыгез бе едің, желтоқсан? Сап болып көңіл тасығыш, Замандас тартты зарыңды. Жөнеліп кеттің асығыс, Сағындың ба екен жарыңды?
Алшекең* айтқан әлқисса, Аяғы сен боп түзіліп, Жеріне жетпей, тым қысқа Қалғандай болды үзіліп. Құлазып менің көңілім, Жанарда тұнып жас қалды. Өлмейтін, аға, өмірің Ойласам енді басталды. Өнерде биік өркеші Тұлға едің бөлек тау сын-ды. Елімнің менің еркесі, Сағынамыз-ау даусыңды. *Маңғыстаудың әйгілі шежірешісі Қаратау
Қатпар-қатпар Қаратау, Қабағы ма едің қартымның? Буыршын мынау заманға Бурасы болып артылдың. Баурыңда бір тал жоқ, Атқақтаған ақ бұлақ Суалып сен де сарқылдың. Айбарым едің ақырғы, Анасы болған салтымның, Панасы болған халқымның, Зілзаланың өртіне, Замананың дертіне Сен де аяусыз шарпылдың. Ел жиылып етекке, Ерулі дәурен құрғасын, Ұқсап бір шандоз шау нарға Кең аймақ болып тұрғасын; Маңғыстау деген еліме Қадірлі-ақ еді бір басың. Өзегіме өрт түссе, Өзің едім сырласым. Замананың сездің бе – Ар-иманнан ада боп Біздерге мойын бұрмасын. Ай да безіп жоғалған Қол жетпейтін көктегі Шыңға тағып сырғасын. Етегінде енші алған, Бес ешкісін кіш-кіштеп Қуалап жүр құрдасым. Ей, киелі Қаратау! Біз фәниден өткен күн Ит сарымас қыларға Бұйырса жақсы бір тасың. II Қаратау қайсар кемедей, Теңізде жүзген телегей Шыңдарың сенің шаншылған
Көкке атылған жебедей. Тағдырдың қара дауылын Тұрмақсың қанша елемей?! Бауырыңа сенің жегі құрт Жалмауыздай тізілді. Жарқылдап оттар күні-түн Күшейтіп жатыр гүжілді. Куә болған кәрі аспан, Жалбыр бұлтпен жарасқан Шыңдарың тозып, мүжілді. Мәңгілік деген мәңкиген Бекіре белің үзілді.
Ей, Қаратау, қартым-ай! Қабағың неге түйілді? Шынжыр табан әбжылан Қаптатты саған үйірді. Кемірумен күні-түн Тесетін болды бүйірді. Шырқыратып жаныңды, Сорғалатып қаныңды Шыңыңа салды шиырды. Қабырғалы қара тас Аралап кетті қиырды. Байлығың сенің Хаққа емес, Пысықтарға бұйырды. Құдырет емес адамдар Көрсетіп жатыр «сыйыңды» - Іс аяғы қиын-ды. Қорғайтұғын өзіңді Бақа-шаян перзентің Қуалап кетті тиынды. Ей, Қаратау, қартым-ай, Арқарың қайда арқарың? Сезді ме екен олар да Дәуреннің бастан тарқарын. Белі сынған Қаратау Сабырын бір күн сарқарын. Белгілі болды қайтейін Кінаны маған артарың. Қайырсыз туған халықтан Телмеңдейді тынымсыз
Қара бала сары қарын. Тап болып дүлей, сор мұңға, Мәңгілік деген орныңда Қалмаса игі шаңдағың. Ей, Қаратау, қартым-ай! Ей, Қаратау, қартым-ай! III Қарату – қайсар ғажабым, Аз тартпадың, көп тарттың Сен де өмірдің азабын. Қараулардың қорлығын, Бастан кешкен зорлығын Мен де өзіңдей сорлымын. Мен де сендей көп кештім Тағдырымның мазағын. Жебір көрген жаныммен, Қара сия қаныммен Жаралы жыр жазамын.
Ей, Қарату – базарлым! Әруақтым – ажарлым, Еңсең неден езілді? Жас жуды ма көзіңді? Тауыстың ба төзімді? Ересендей қалпыңның Еңкейгені сезілді. Көлбеңдеген көлгір бұлт Ол да сенен безінді. Ере алмаған жетекке Еңіреген етекте Естимісің сөзімді? Бауырыңнан аққан бұлақтай Өрен жырға сарқылмас, Төрелесе келгенде Өзіңнен пенде артылмас. Он екі перзент – бірі жоқ, Өзіңнен өзге тірі жоқ, Оңалатын түрі жоқ Өмір өгей, жат екен, Мәңгілік деген қате екен. Ей, Қаратау – қартым-ау, Бір шыңың ба – Сәтекем?!* Қан-қан болған қасқа айғыр,
Бұрынғыдан басқа айғыр Жер тарпыған жұлқынып, Батысқа қарап кісінеп Қасіретті болжаған. Көрсеткен зайыр – ісің ет, Түмеке* сенің түсің ед. Айналайын абызым, Атадан артық туылдың, Сол бір аян түс үшін Қанша жыл елден қуылдың?! Имандылық шыңына. Шашақталған ту ілдің. Тарих деген мұң екен, Тағдыр деген сұм екен. Ей, Қаратау, қартым-ау, Бір шыңың ба Түмекем? Күн жетеді бұлаңдап, Жыл кетеді тұмандап. Тыңдап тұрсам құлақ сап, Шың басынан шерлі бір Үн жетеді шығандап. Сол бір үнің асқақ үн, Батыр – аңқау, ер – көдек Сіздер бөлек, мен бөлек. Мен сіздерден басқамын, Біздің мұң да басқа мұң. Ей, Қаратау, қартым-ай, Омыртқаңды омалтқан, Рухыңды жоғалтқан Мен де шерлі қасқамын.
Сәтекем – Сәттіғұл Жанғабылұлы, халық ақыны. Түмекем – Түмен Балтабасов, халық ақыны.
Адай баба
Ұстап қалдың сен кімнің өсиетін, Ұстазың кім ұлықтап бас иетін? Адай-Ата, байқасам барлап сені Ұқсамайды басқаға қасиетің.
Замананың таңдасаң зарында – мән,
Қаратаудан жеткендей сарын маған. Күйің бөлек құйқылжып көбік шашқан, Әнің ерек асаудай арындаған.
Елім десең теректей тербетіліп... Кісіліктің сендегі келбеті нық. Досың келсе көтеріп тас-төбеңе, Жауың келсе жібердің жерге тығып.
Көңілің көркем көктемнің сылайындай, Түгендей намысты ұпайыңдай. Туыс түгіл, тап болған танымайтын Қонағыңды сыйлайсың құдайыңдай.
Тұлпар сайлап кермеден таңдап тұрып, Сәйгүлікті сұңқардай самғаттырып, Алысқанды аударып ат үстінен, Жарысқанды кетесің шаң қаптырып. Ғашық болсаң – үзілген ән қалдырып, Билік айтсаң – тізілген маржан қылып. Қазағыңның барсаң да қай шетіне Жүргенің сол жұртыңды таңғалдырып. Өсек дейтін өлмейтін жырынды лаң, Білмегенге тегің мен нұрың күмән. Аласартам деп сені көркеуделер, Биіктетіп барады бұрынғыдан. Ұрпағымыз бір ата, бір ененің, Өткенді іздеп ө зіңе тірелемін. Жақсы-жаман, бар болмыс бітімімен, Бақытым сол – өзіңнен дүрегенім.
Пендесінің тілегін екі етпеген, Иман – рухым, Пір Баба – Бекет деген. Тектік атам – АДАЙ шал, жерұйық деп, Маңғыстауға ұрпағын жетектеген. Қателік жоқ, иншалла, ойлауымда, Болады анық бір ұлық той қауымға. Тірілем деп, сол күні, көрінем деп, Қаратаудың жатырсың қойнауында. Ән қайыоып, күй шертіп, ат шаптырған, Маңғыстауың мекенің – мал бақтырған. Келген жоқсың ешқайдан, кеткен жоқсың, Отпан тауың – ошағың от жақтырған. Ыңғайында кетпес деп иықтының, Алла нұрдан жаратқан сүйікті ұлын. Қай мілләттің қасына тұрсаңдағы Байқалады, жан баба, биіктігің! Ассалаумағалейкүм – Алланың нұры жаусын
-Сәлеметсіз бе, қалайсыз? – дедім бірде қарсы келген ақсақалға абайсыз. Қартым маған қарап тұрды шекелеп, Содан кейін орнай қалды Бір тыныштық қолайсыз. Мұндай сәтте сабыр сақтап Шыдағаның мақұл-ды. Шыдам байғұс ширатылып Қамшылады ақылды. Торға түскен торғайдай боп тұрғанда, Ашулы қарт ақырды. «Ей, жетесіз, қырт неме, Солай адам сұрайды ма саулықты?! «Сәлемет» деп мен саған Қатынмын ба жаулықты? «Қалайсыз?» деп аурумын ба мен дертті?» Шатнаған шақшадай шал Осылайша даурықты.
Тура сөзден жалтармақ жоқ, Шыдап бақтыс тағат қып. Бұғып трмын, ұғып тұрмын Кеткенін бір ағаттық. «Имандылық маған айқын, Шәлдуарсың шалағай тым, Үлкен көрсе жолын кеспей Дегейсің «Ассалаумағалейкүм!» Жүргін сөздің иесі боп, Сәлем сөздің киесі көп. Алла нұры әр пендеге Айтылады тиесі боп». Нұрдан қашсаң көргенің көр болмай ма? Нұр жауғанда босағаң төр болмай ма? Иманыңнан айрылма ей, азамат, Имансыздар қашанда қор болмай ма?! «Естіртпегін ескіні, пәлеңді»- деп Саясатқа салдық-ау сәлемді де. Азат елде «Ассалаумағалейкүміңді» Айту үшін кедергі ал енді не?!
Ағаларым – жанымды бағалайтын, Дұшпандарым – сыртымнан табалайтын, Қызғаншақтар – сандарын сабалайтын, Жағымпаздар – нәндерді жағалайтын, Бишаралар – бір іске жарамайтын, Өсекшілер - ел-елді аралайтын, Тәкаппарлар - бұрылып қарамайтын, Абыздарым – сөзімді саралайтын, Ақсақалдар – тау мүсін, Толағай тың, Дегім келер, бәріңе құшақ жайып: Ассалаумағалейкүм! Тасаттық Қау бұта, қара жусан мәңгірді өліп, Күн көзі қуырып тұр тандыр болып. Еріні қара жердің кеберсіді Керегі жаңғыз ғана жаңбыр болып. Болмады тұрмыс түзу, жан қолайлы, Өріс жоқ аяқ жетер маңда орайлы. Сағымды сар даладан самал еспей, Тарылтып тынысыңды шаң борайды.
-Апыр-ай қырдағы елге қиын болды, Табиғат берер болсаң сыйың мол-ды. Сәскеде боз төбенің баурайында, Тасаттық туралы бір жиын болды. Халқына қадірімен болған тұтқа, Ақсақал сөз бастады тұрған жұртқа: -Ей, жұртым, жаңбыр сұрап көк тәңірден Шалайық бір адалды құрбандыққа. Қазанда қошқар еті бүлкілдеді, Тілегін тілеген ел іркілмеді. Тасаттық тарауға енді таянғанда Аспан да қарауытып күркілдеді. Алған соң ақ тілекке жиып көпті, Молда шал әйет сазын биіктетті. Құдайым берді-ау деймін бір тілекті, Ақ жаңбыр көл-көсір қып құйып кетті.
Молда айтты: «Иманды құл бек тояды, Алланың рахымы көп қой әлі». Кешегі коммунист шал көкке қарап: «Құдай-ай, бар екенсің»-деп қояды. Албастының апасы -Таң қалам, дейді кемпір құдыретке, Түсірген жетпіс жаста сүгіретке. Кәртішкесіз бермеді пенсиямды... «Түсірем, ал апатай, қыбыр етпе!» -Себеп жоқ бұл өмірден түңілетін, Шамаң бар әлі де апа, жүгіретін. Бермен қу, бес жүз теңге, бәрекелді, Мінеки, дайын болды сүгіретің.
-Пау шіркін, жап-жас болып шатасуды-ай, Көрдің бе кәртішкенің сапасын жәй. Мынауың басқа біреу, айналайын Бет-аузы сиырымның жапасындай. -Апажан, неге сонша бұлданасыз? Шынымен бұл сүгірет сіз боласыз. -Мынауың албастының апасы ғой... - Жетпісе қалай енді қыз боласыз?.. -Шырағым керегі жоқ келемештің, Адамы біз емеспіз ерегестің. Берерсің иесіне өзің тауып, Қайтып ал, бұл кәртішке мен емеспін... Түгендеп бермесем де жебіріңді, Апажан түсінемін көңіліңді. Тірліктің тауқыметі тауыстырмай, Сезбепсің өтіп кеткен өміріңді. Дау айтып сүгіреттің сапасына, Ұқсатып сиырының жапасына. Келмейді сол апайдың ұқсағысы Әйтеуір албастының апасына.
Жұлдыздар
Адамзатқа аспанның жүзі мәлім, Ақбоз-Көкбоз белгілі бұзық әнің. Таң алдында толықсып туатұғын, Шолпан жұлдыз, мен саған қызығамын.
Жетіқарақшы* сен кімсің, ұрымысың? Сен де керек боп қалдың жырым үшін. Миллиард құс ұшты ма, бір-ақ сәтте, Құс жолының кім білген құбылысын.
Шықты әнеки, Балықтар өсек терген, Шаяндар тұр найзасын кезеп төрден. Темірқазық байланып қазығына, Ерінеді енжар боп Есекмерген.
Үркер* ұшты із тастап шиырлаған, Құмар ма еді ғарыш пен қиырға адам. Ақын отыр аспанға қарап жерде, Жұлдыз болу бақыты бұйырмаған.
Дәніспан тау
Дәніспан тау – данышпан тау, Тал бесіктен танысқан тау. Сол бір сәби бейкүнә шақ, Армандай боп алыс қалды-ау! Дәніспан тау, тарлан ба едің? Арлыларға арман ба едің? Баурайыңда ізім жатыр, Бақыт іздеп барған менің. Дәніспан тау, арқармысың, Сабырымды сарқармысың. Шағынайын өзіңе кеп, Шерім сонда тарқармысың. Дәніспан тау бөрімісің, Қаратаудың төрімісің. Салқар ойдың сабасындай, Қандай асқақ көрінісің. Дәніспан тау, үйелменім, Қасиетті кием менің! Тегін емес, тегін емес, Таушығыма∗ сүйенгенің. Желе берсін уақыт тарлан, Біз күтелік бақытты алдан. Кемеңгердің керуені, Тасқа айналып қатып қалған.
Ұққандарға сырың басым, Сәтекемнің∗∗ жырындасың. Жанарымның нұрындасың, Бақ іздеген керуенің, Басқа жаққа бұрылмасын. Дәніспан тау!, Дәніспан тау! Мен білмеймін Мен білмеймін ертеңім не боларын, Мүмкін жерден мен өшіп жоғалармын. Мүмкін арам жауыммен арпалысып, Мүмкін үйде алаңсыз демалармын. ∗ Таушық -Маңғыстаудағы ауыл ∗∗ Сәтекем – Сәттіғұл Жанғабылов, халық ақыны. Мүмкін қайғы жүректі жаншып болар, Мүмкін ертең жарты құрт талшық болар. Мүмкін ертең асқар тау жермен жексен, Айдын көлдер жәй ғана шалшық болар.
Мүмкін ертең шар болат жасық болар, Мүмкін көңіл шаттықтан тасып толар. Мүмкін ертең жерге ұжмақ орнай қалып Хор қызына жігіттер ғашық болар. Ақыл-ойы толыспай кемеріне, Дана болмақ даңғойлар, сенері не? Мүмкін мені аластар ағайындар, Мүмкін халқым қол соғар өнеріме. Мүмкін ертең өлмеске жан салармыз Мүмкін байып, дәулетке тамсанармыз. Мен білмеймін, біз мүмкін ертең жылап, Мүмкін күліп, шаттанып ән салармыз. Тап боламыз біз қандай замандарға, Мен білмеймін, білуге шамам бар ма?! Алдансам да сан соғып қаншама рет Сенуменен келемін адамдарға.
Қара аспанды төбемнен төндір мейлің, Көңілімді күдікке жеңдірмеймін. Барлығына бақыттың сенбейтіндер, Не үшін өмір сүреді? Мен білмеймін... Ақ боз үй Ақ боз үй туырлықты, дөдегелі, Бесігім өзің едің өнегелі. Кеткесін сенен жырақ жаным жүдеп, Армандар көкейімде көп өледі. Ақ боз үй ақ басқұрлы, қалы баулы, Рухын жоғалтқанның жаны даулы. Бірге өскен кей тексіздер кекірейіп, Шығарды бұл күндерде танымауды. Ақ боз үй табалдырық, маңдайшалы, Өрнегің қошқар мүйіз, таңдайшалы. Тығылған тас түрмеге мына бізден Қазақтың шығар екен қандай шалы?..
Ақ боз үй сықырлауық босағалы, Бар әзір сол үйлердің жосағы әлі. Жоғалтып алам ба деп сені мүлде, Көзімнен қан менен жас қоса ағады. Ақ боз үй айқармалы үзік жапқан, Іздесең табылады біздің жақтан. Дейтіндей бір абыз қарт «сақ бол ұлым, Бәле бар рухыңның ізін баққан.» Ақ боз үй керегелі шаңырақты, Сағыныш саған қарай жамыратты. Қуларың қумаңдаған құлқынқұмар Сені де құлазытып, қаңыратты. Ақ боз үй, жел жұлқиды түндігіңді, Мен қамап қоя алмадым шындығымды. Беймағлұм бір бұраң жол ылди тартты, Бұлыңғыр, баяны жоқ күн бүгінгі.
Ақ боз үй –ақ сарайым құтымды елер, Қыр жақтан сен түтеткен түтін келер. Жанымдай менің жүдеу жырым-жырым, Құтханам, іргелігің бүтінделер. Ақ боз үй өзіңде отты жаққам әр күн, Өшпесе сол бір оттан бақ табармын. Өзіңде келген едім дүниеге, Өзіңнен мәңгілікке аттанармын. Қос шағала Әні – Марат Сәулбайдікі Көңілім сенсіз менің босқа нала, Сырым бар сақтап жүрген досқа ғана. Сағынып жеттім тағы жағалауға, Қайдасың, қайдасыңдар қос шағала? Қайырмасы: Қос шағала, қос шағала, Табылшы тағдырлас құс мекеніңнен. Қос шағала, қос шағала Сағынып жетемін мен, Тос жағада.
Төрінде көк теңіздің сағым ұшқан, Ақ құстар арманымды алып ұшқан. Дәл мендей сендердің де, қос шағала, Сыздайды-ау жүректерің сағыныштан. Қайырмасы: Болмайды ақ арманға бет алмай біз, Өмірді неге нұрлы ете алмаймыз?! Тағдырдың желі қалай соқса-дағы Мен елден, сендер көлден –кете алмаймыз. Қайырмасы:
ТӨРТТАҒАНДАР
Құлшынып жар таңдаймыз, жыр таңдаймыз, Өмірдің қызығына бір қанбаймыз. Ойласаң бәрі бекер, шындығында Ажалдың кезегінде тұрғандаймыз. *** Махаббатпен ұрпақ сүйіп үлгерген, Біз пендеміз, бұл өмірге бір келген. Мәңгіліктің қақпасына жеткізбей, Атып жығар ажал дейтін сұр мерген. *** Бауырым ойсыз, қамсыз талтаңдайсың, Байқасам көш соңында қалғандайсың. Өмірде үлгермеген көп ісіңе, Құдайдан қарызға жыл алғандайсың. *** Қасқырларды қойға шапқан ойрандап, Қырып салдық, тұрмыз соған қайран қап. Бірақ елді алатайдай бүлдірген, Адам – қасқыр ауылда жүр тайраңдап. ***
Қайтып жүр әржерлерден құр меселім, Тірліктің таба алмадым бір есебін. Тағдырым Құдай жазған – ол өзім ғой, Өзіммен өзім қалай күресемін. *** Тап болдым залымдарға, надандарға, Сонда да сеніп келем адамдарға. Аласы ішінде екен адамдардың, Ішіне кіріп-шығар шамам бар ма? *** Біреулер қиналады сөз бере алмай, Келеді кісілігін көз көре алмай. Заманға тап болсам да мыстан келбет, Келемін ақыл тауып өзгере алмай. *** Көп көрдім залымдардың аярлығын, Көңілім мұң, наласын жаяр бүгін. Меңгерген ол қулардың іліміне, Жоқ екен менің ешбір даярлығым. *** Қушыкеш қулығына мақтанады, Жүргендей бұл өмірде бақ, талабы. Арсызға қарап тұрып, екі қолым, Жағасын жырта жаздап шақ қалады. *** Кісілік парасаттан мақұрым жан – Жынды көп бұл күндерде мақұлыңнан. Қаралай түйіледі жұдырығым, Ашуым бұрын жетіп ақылымнан. *** Ғашық жан сәмбі талдай бүрленеді, Ақиық ақындардай түрге енеді. Ал бірақ, ғашығымен кездескенде, Айтарға бір сөз таппай күрмеледі. *** Ғашықтың сорлылығы білінбейді, Сырласып сүйгеніне «гүлім» дейді. Жүз тікен тұрсадағы жүрегінде, Бақытты адамдай-ақ күлімдейді. *** Жасы ма?.. Жетпістен де асқан адам, Жағымпаз, жәдігөй, қырт, қасқа надан. Елі азат болсадағы жиырма жылдай,
Ол әлі қамытын да тастамаған. *** Көңілі кейбіреудің озбыр әлі, Қаралай жыныңызды қоздырады. Селкілдеп сексенінде пайда көздеп, Есігін әкімдердің тоздырады. *** Айтпаймын «жағдайыңды ойлама»-деп, Жағымпаз шал-шауқандар қайда да көп. Тұқымы құрып кеткен шоң шалдардың Әкімге ақыратын «Әй, бала!» - деп. *** Жұрт қол соғып, сол екен жамырауы, Әнші тұрды ойылған омырауы. Әнін айтып болған соң, сәл иілген, Түсіп кете жаздады қоңырауы. *** Әуелі «Құлхуалла, Алхам» кірді, Иманын біздің шалдар қалқан қылды. Сақалы бар, мұрты жоқ қырттар келіп, Қайран дінін халқымның талқан қылды. *** Жығылып, құлай кетіп опыр-топыр, Жағалай жас пен кәрі намаз оқыр. Оныңнан сауап бар ма, ей, жамағат, Жүрегің кір болса егер адам шошыр. *** Жалғап жатыр замана жолға-жолды, ...Естіп ең ғой, мінеки, ол да болды. «Құдай жоқ»,-деп қақсаған атеист пен, Ар-ұятсыз алқаш та молда болды. *** Қылсын дейік көңілін Құдай бәсікҰрлық деген харам іс, ылай кәсіп. Бұрын жортқан ұрылар дара-дара, Бұл күндері алыпты сыбайласып. *** Біреудің істеп кетсе ісі мығым, Теріс,- деп айта алмайсың түсінігін. Бірақ та қайыр жасап, сауап алған Көрмедім зәредей де кісілігін. *** Қызға жігіт қырындап, сүйкенеді,
Сүйкенгені ол енді сүйгені еді. Оны сезген қыз да енді бір ысынып, бір суынып ғажайып күйге енеді. *** Егдердік, айналдық біз қартаюға, Бойдағы бұла қайрат ортаюда. Енді біз шаттанғанмен шалқымаймыз, Шама жоқ бұрынғыдай шалқаюға. *** Қарашы бұл көңілдің сап болғанын, Кім сүймес басына кеп бақ қонғанын. Ей, сұлу, сен менсінбей баратсың ба? Әттең-ай, жиырма бесте тап болмадың. *** Бір іске белді бекем буған едік, Ысқырып бір әкімді қуған едік. Жаңасы жылпылдаған бір керемет, Бұрынғы әкімнен де қу ма дедік. *** Қыздар жүр, бір тыным жоқ желісінде, Келеді көрінгенмен келісімге. Жетімдер үйі толы тастандылар, Көкек жүр ұшып-қонып ел ішінде. *** Жиналып бұрын балдар жиын құрап, Қоюшы ед үлкендерге қиын сұрақ. Баласы қазіргінің саудагердей, Қинайды теңге менен тиын сұрап. *** Сауап пен иман жиған жан едім де... Не болмай жатыр бүгін әлеміңде. Қорқамын бүгінгінің адамынан, Сатып берер түрі бар сәлемін де. *** Тексерсең әкім –аппақ, өкім –дұрыс, Таппайсың заңға қайшы, шетін бір іс. Мықтылар бес-алты үйін жалдап қойған, Жарлылар жағалап жүр жетім бұрыш. *** Алламыз алалауды жөн көрмеген, Ешкімді ешкімнен де кем көрмеген. Басталып кетпесе игі матриархат, Төрге озды бір саясат гендер деген.
*** Бір үйде әйел Құдай орнаған бар, Бір үйде заңнан қорқып сорлаған бар. Болғанмен қанша пысық, қанша жүйрік, Оңбайды азаматты қорлағандар. *** Интернетке қанша адам ділгір еді?.. Ұл-қызыңды ойнатып, күлдіреді. Ол бірақ ана да емес, әке де емес Түбінде бәрін де сол бүлдіреді. *** Ұл-қызың айтқаныңды ұға ма дер, Қырыққа дейін бала – бұға берер. Жастық шақ болмайды екен ондайларда, Қырықтан соң «шал» болып шыға келер. *** Өмір деген жылдар емес сен сүрген, Өмір деген қызық емес сен күлген. Өмір деген ісің, барлық тірлігің, Халқыңа шын қадіріңді білдірген. *** Досым, сен атақ пен даңқ пайдалы деп пе ең?.. Ей, қойшы, ол атағың қайдағы... не еткен... Жараспаған дәм-тұзы ғашықтардай Олар мені әрқашан айналып өткен. *** Мен айтамын, оқырман күлу сізден, Теледидар, соншама жылусыз ба ең. Дәм-тұзы жоқ хабарын көкей жасық, Өткізеді сайраған сұлу қызбен. *** Адамның ойы қашан тұрақтады, Берілді міне, бізге сұрақ тағы. Адам ба? Адам деген кітап ол бір, Оқуы оңай емес бірақтағы. *** Құдайым ақымақпен алыстырма, Жындымен ешқашан сөз жарыстырма. Басыңа бәле тілеп алғаныңша, Үнсіз қал, жағыңды сен қарыстыр да. *** Бүгінде қыз есеппен үйленеді, Жарлыға жоламайды, жиренеді.
Шамасы жетсе жүрдек көлігі бар, Жасауы жайнап тұрған үйге енеді. *** Жағымпаз жалбаңдайды, қақсамайды, Жағалап жүрсе болды ақ сарайды. Мықтының бәтеңкесін байлап беріп, Өзіне соны да зор бақ санайды. *** Бір үйде төрт партия қорқасың, ә? Таласар тірі өгіздің сорпасына. Төртеуі төрт бұрышқа тартқылайды, Шаңырақ түспесе игі ортасына. *** Әртіссің күліп, қайта жылай берген, Жақсы бір жағымды роль сұрай келген. Тап болып тағдыр деген сценарий, Ойнайсың роліңді Құдай берген. *** Тіршілік тап болған бір шаруам де, Әйтеуір шыққан жоқпыз серуенге. Белгісіз қайда апарып тастайтыны, Келеміз өмір атты керуенде. *** Десек те кеткен шығар күні батып, Жастық шақ еске түсер кей уақыт. Сағымдай бұлдыраған бір сағыныш, Жүректі шымшылайды бей уақыт. *** Өтпейді сауығы жоқ сау күн тіптен, Дегенмен концерт десе қаупім көп те. Келіп ем демалуға, шаршап шықтым, Тап болып әулекі мен әупілдекке. *** Орыстың тілі бізде кіл ыңғайда, Жұлыным бұл қорлықтан жұлынбай ма?! Сақаумыз жиырма жылда тіл шықпаған, Қазақстан, қазағым, тілің қайда?! *** Ренжіп жүргендей-ақ бекер елі, Әкімдер құр уәде төпер еді. Уәде ас болса егер біздің халық, Әлдеқашан семіріп кетер еді. ***
Ит өмір бір күн маған қырын қарар, Талқаны тірлігімнің жырымдалар. Сол күні дүние – мал іздемеңдер, Соңымда қалса азғана жырым қалар. *** Сен мені ит еді,-деп боқтама да, Сен мені мықты еді,-деп мақтама да. Өмірде қандай болсам, дәл сондай қып Бағаңды берсең болар, Хақтағала. *** Жеткенде тағдырымның сұм ажалы, Біреулер жері кеңіп қуанады. Біреулер қимастықпен күрсініп жәй, Біреулер жылай-жылай жұбанады. *** Қара өлең, «жырың неге төмен?»- дейсің, «Дегенмен мен өзіңе сенем» - дейсің. Қайғырсам жұбататын өзің ғана, Ауырсам және тағы сен емдейсің. *** Тірлік дауыл, қанатын жайған нағыз, Тыныштық тапқан жоқпыз қайдан да біз. Тыныштық қайдан болсын, біздер шыны Мәңгілік бітпейтұғын майдандамыз. *** Кездесті өмір жолда маған әркім, Дедім шын мен оларға: «Ассалаумағалейкүм». Білмедім, кіл надан ба, жағалай сұм ба, Кейбірі жарамады «Уағалейкүміссаламға». *** Түсті жігіт ғашықтық азабына, Бір сұлудың қор болып мазағына. Құтқармақшы ек жабылып, ол қыңбады, Ақыл айтсаң қонбайды қазағыңа. *** Кердеңдеп ақша шықты, ісініпті, Мен: «Қайда қоям дедім кісілікті?» Ақша айтты: «Ұрдым деді мен оныңды,» Бәрі де түсінікті. *** Әділдік қайда кеттің бір көрінбей? Бағаңыз лайықты жүр берілмей. Мықтылар бұл күндері жөн сөзіңді
Көрмейді бұралқы иттің үргеніндей. *** Өмірдің өткелінен астым нелер, Ән қайда сезімдерге тасқын берер. Бүгінгі әупілдектер айқайынан, Құлақты бітап алып қашқың келер. *** Бүгінгі ән көкейіне татымаған, Айтты бір ашулылау ақын адам: -Шіркін-ай, ерік берсе көп әншіні, Қамшылап қуар едім сахнадан. *** Біреудің батып жатып айда арманы: -Қозғаңдар, итеріңдер қайта арбаны. -Қозғалды... -Қалай қарай?,-деп сұрағам, Бірақ та ешкім жауап қайтармады. *** Көп жайға түсінбепті аңғал басым, Білгіштер бұл сөзіме таңқалмасын. Ептілер ауыстырып алған екен, Қоғам мен өздерінің жаңқалтасын. *** Ей, досым, арылтады сорыңды кім? Байқасам біз болыппыз қорың бүгін. Бастықты айтпай-ақ қой, хатшы қыз да, Бұлдайды астындағы орындығын. *** Жаманда – жамандықтың табы жатар, Ілессең шылауына Тәңір атар. Бір бақыт жақсылармен жолдас болған, Жаныңды күншуақтай жадыратар. *** Сұлу қыз сұлумын,-деп бұлданадаы, Астамсып, менмендігін құлданады. Қадірін білмей сыйдың Құдай берген Ақыры тулақ болып тұл қалады. *** Дүниені дүбірлеткен бір сен бе?.. Қос қолыңмен алтын күреп жүрсең де, Ана жаққа аттандырған ағайын Кебініңе қыстырмайды бір теңге. ***
Құмар емен қулықпенен, айлаға, Адал жүріп ақ сөйледім қайда да. Адалдықтың кір шалмаған ақ туын, Айырбастап көргенім жоқ пайдаға. *** Кегежектеп, керенау боп тартынба, Жақсылықпен жолдас болып жарқылда. Сен өлгенмен ақырзаман орнамас, Үлгі алатын ұрпағың бар артыңда. *** Ел-халқыңа жексұрын боп көрінбе, Естілмесін қарғыс, таба төріңде. Адамзатқа қастық қылма өмірде, Тыныш жатқың келсе егер де көріңде. *** Көз аартпа бақытына басқаның, Ашық болсын азаматтық аспаның. Жауласуға, дауласуға уақыт жоқ, Мынау өмір бар болғаны қас қағым. *** Шөлдегенде су бермейтін ұрттарға, Айтқаныңа сенетұғын жұрт бар ма?! Ақ сөзіңді қаперге алмай кейде жұрт, Шұлғи қалар қушыкеш пен қырттарға. *** Тұла бойын буып керім кісілік, Бір азамат сөз сөйледі ісініп. Байлық пенен барлық екен айтпағы, Мен қайтейін, қор болдың-ау түсінік. *** Торғай құрлы ақылы жоқ миында, Жалған сөйлеп кетірді әбден сыйын да. Ұялатын беті жоқ қой шіркіннің, Ондай жанға өтірік айту қиын ба. *** Қарғадайдан көрген едім жортағын, Мансап қуып төрін алды ортаның. Сол орнынан түсіп қалса бір күні, Өліп қала ма деп қорқамын. *** Арақ еді бар кәсібі бастағы, Албастыдай айналдырған қасқаны. Үш күн арақ қойып еді, сол шіркін
Кісімсініп ақыл айта бастады. *** Күн санап саусақ бүктік жабыла кеп, Айлықтың түсетұғын шағы ма деп. Ал шалдар жылайды екен күн батқанда, «Бір күнім өтіп кетті-ау тағы да»,- деп. *** Алып ұшқан замандарға жыр керек, Сағынысқан адамдарға сыр керек. Алла сөзін айтқан ақын өлмейді, Ақындардың өмірлері бір бөлек.
АФОРИЗМДЕР, ОЙ ТАМШЫЛАР, ТҰЗДЫҚТЫ ТҰЖЫРЫМДАР
Жол полициясы жолыңды кеседі, қаржы полициясы қолыңды кеседі. *** Жанның ауруына тәтті сөз, тәннің ауруына ащы дәрі пайдалы. *** Қасқырды аяғы асырайды, ГАИ-ды таяғы асырайды. *** Ұрыдан әкім шықты, бәдіктен ақын шықты. *** Ақымақ басты қанша сілкілесең де ақылды сөз шықпайды. *** Ақшаның соңына түскеннен адамшылық күтпей-ақ қой. *** Ойыңа онсан дүние оралғанмен оның бәрін айта алмайсың. *** Біреуге шындық, біреуге сұмдық. *** Құпияны көп сақтасаң, ішіңді жарып шығады. *** Жауыңның дұшпандығынан қорғанып үлгересің, досыңның дұшпандығын байқамай қаласың.
*** Төбелеске қатысқан соң, «тісім түгел емес» - деудің жөні жоқ. *** Бастығың жұмыстан қуса, ол сені жек көргеннен емес, өз басын арашалап жатыр деп түсін. *** Алласымен емес, шалмасымен діндарлар қауіпті. *** Бір партия қатарындағы жанкештілер мен жолбикелер жол айрығына дейін ғана жолдас. *** Бүгінде отбасын құрудан гөрі, партия құру оңай болды. *** Көмескі ойды көркемдеп жеткізу қиын. *** Халықтың көңілін шерткен – шешен, соңынан ерткен – көсем. *** Ақ сөйлесең Құдайға жаққанмен халыққа жақпайсың. *** Сөзің қыңыр болса, жұртың ығыр болады. *** Бәрін емес, тек керегін айтқан –шешен.
*** Жетектегі жетесізге жебеушісі құлаған күн – ақырзаман. *** Бәрін беретін де, бәрін алатын да – үкімет. *** Берекесіз басшыны уәде құтқарады. *** Әкімдердің қызметі ауыр болғанмен, күнелтісі тәуір. *** Төрешілдік тек шенеуніктерге жарасады. *** Құпияласаң құлақ көбейеді. *** Іс көптікі болғанмен, марапат біреудің еншісі. *** Батырлық басқадай амал қалмағанда жасалады. *** Билік дуалы ауыздан шықса ұлықталады, көптің бірі айтса ұмыт қалады. *** Сұлулығын бұлдаған әйел байсыз қалады. ***
Әйел құмарың мен сыңарың, қартайғанша шамасы, содан соң балашағаңның анасы. *** Құдайдың бар ықыласымен сұлу жаратқаны әйел заты, ал әйелдер болса таңнан тұра Құдайдың «қателігін» түзетумен әлек. *** Бүгінде әділдік әлділер жағына көшті. *** Сын жазсаң басшыларға жақпайсың, сынамасаң халыққа жақпайсың. *** Прессамен тіреспе, ол престеп те жібере алады. *** Газетті біреулер үмітпен, біреулер күдікпен парақтайды. *** Газет ұран болғанмен құран бола алмайды. *** Газет бетін министрлер де абайлап ашады. *** Газетті оқымасаң дегбірің қашады, оқығасын қарның ашады. *** Кейбір газеттер шындықты ең соңғы бетіне «Хабар айтамыз», «Көңіл айтамыз» айдарларымен береді. *** Нағыз досты қалпағың қисайған күні танисың. *** Сұрамсақ қарызын қайыра алмайды, Ақымақ дос-дұшпанын айыра алмайды. *** Тыныштықта достарыңнан ірі жоқ, Басыңа іс түскенде бірі жоқ. *** Құмның да кесегі бар, Достықтың да есебі бар. *** Адамның бетінің кірін жуа аласың, Жүректегі шайтанын қайтіп қуа аласың?! *** Жолдастық – парыз, достық –қарыз. *** Әйел азғындаса мауығады, еркек азғындаса діні мен дәстүріне жауығады. *** Жақсы әзілден дем аласың,
Жаман әзілден кек аласың. *** Адам ұрса шыдарсың, Құдай ұрса жыларсың. *** Бір он ұрлаған қайраңдап, миллион ұрлаған тайраңдап жүр. *** Арлылықтың жарлылыққа қатысы жоқ. *** Қамақта отырғандардан, еркіндікте жүргендер қауіптірек. *** Бүгінгі сыйланып жүргендер, қазақ болғанына қиналып жүргендер. *** Көршіңмен қаншалықты тату болсаң, қатыныңа соншалықты қату бол. *** Табысыңды берсең де, намысыңды берме. *** Келімсек әуелі қойынға кіреді, сосын мойынға мінеді. *** Ұл-қызың болса күләйлан, не сұрайсың Құдайдан. *** Ұл-қызыңмен ормандайсың, Соқа басың сормаңдайсың. *** Ұлың жақсы болса зор болғаның, жаман болса қор болғаның. *** Ұлтын сүймегенді ұл деме. *** Тәні сұлу бетін көрсетеді, Жаны сұлу ниетін көрсетеді. *** Ұятсыздың беті - көн, өзінікі өзіне жөн. *** Күншіл күйініп өледі. *** Жақсы өлең жан-жүйеңді байытады, Жаман өлең жүрегіңді айнытады. *** Ұялмағанның бәрі әнші емес. *** Хас шебердің тиыны өзінікі, бұйымы –халықтікі. *** Құдаң жақсы болса - құдайыңдай сыйла, баласын алдың, бала бердің,
Жаман болса - өкпеңді тый да, үндемей қала бергін. *** Атасын ұлғыламаған, баласын құл қылады. *** Қызыңды жүз кесел, мың пәледен аман сақтап ұзатсаң, бақыттың күймесіне мінгізгенің, сақтамасаң табанын тілгізгенің. *** Келінің жақсы болса – Құдай тілегіңді бергені. *** Жалқаумен жолдас болсаң наныңды жейді, Жаманмен жолдас болсаң жаныңды жейді. *** Жақсы іні «ағалап» жүреді, жаман іні табалап жүреді. *** Көршілер тату болса – көше тыныш. *** Қасиеті жоқтың –өсиеті жоқ. *** Айтарың жоқ болса, аузыңа бекем бол. *** Шенділер мен шекпенділер ел үстінен күн көруге бейім болады, өкініші кейін болады. *** Ақкөкірек жанның арамдығы болмайды, Ақкөңіл жанның сараңдығы болмайды. *** Кеудесін кергеннен кейін жүр. *** Салақбайдың сасық ырысы сабындап жусаң да кетпейді, жарымағанға жаңбырша жаудырсаң да жетпейді. *** Мансап соқыр құс сияқты, лайық емес жандардың басына да қона салады. *** Халық әкімдерді құлымыз деп ойлайды, ал әкімдер әке болғысы келеді. *** Әкімдікті аз көргендер хакім болғысы келіп жүр. *** Есек басқарған тоғайды жын жайлайды. *** Сылдыраған бұлағыңнан не пайда, суы лай болса, Жақыныңнан не пайда, қасиеті жаттан да былай болса. ***
Бүгінде заң не дейді, дегеннен гөрі, сот не дейді?- деген сұрақ орынды. *** Кейде түзу адамдар түзету лагеріне жіберіліп, «қисайып» келетін болды. *** Қойын алдырып, қорасын бекіту біреулерге тиімді сияқты. *** Бізде қора қасқыр кіретін саңылауымен салынады. *** Тендер деген сөзді біреулер «жеңдер» деп түсініп жүр. *** Ұрлықты мың теңгеден бастағандар бүгінде миллионды азсынып жүр. *** Қазына ұстап, билік құрып отырғандардың ұрлағаны қауіпті емес, олардың адалдығына бес жасар баланың да сенбейтіні қорқынышты. *** Ұрының ұсталғаны ештеме емес, ұстаушыны да ұрыға айналдырып алатыны жаман болып тұр. *** Саясатпен саясаттың иісі мұрнына бармайтындардың айналысқаны қауіпті. *** Сатқындар халықтың қарғысына ұшырағанша жақсылардың санатында жүреді. *** Бүгінгі саясаттың қадірі кеткені соншалық, әліпті таяқ деп білмейтіндер де саясат соғатын болды. *** Теледидардың көңіліңді байытатыны жақсы-ау, жүрегіңді айнытатыны жаман. *** Теледидардың хабарға шақырып сөйлететіні жақсы-ау, тек аузыңа ұратыны жаман. *** Бүгінгі әншілердің долларсыз дауысы шықпайтын болды. *** Теледидардың көргенсіздігі – көргенсіздікті көрсететіндігінде. *** Теледидардың кейбір бағдарламаларының денсаулыққа пайдалылығы сонша, оны қарап отырып қалай ұйықтап қалғаныңды өзің де білмей қаласың. ***
Қазақ теледидары орыс «ТВ»-ның ізімен жүрмесе адасып кететін сияқты. *** Теледидардың жылусыз хабарын жүргізуші сұлу қыз арқылы өткізетін де әдісі бар. *** Теледидардағы дөңгелек үстелдің кейбір хабарынан гөрі күншуақта ұршық иіріп отырған екі кемпірдің әңгімесінен көп пайдалы және шындық нәрсе естисің.
Шенеунік орынтағын әулиенің ағашынан да артық қадірлейді. *** Саясаттың сардар шапанын бір ақылды бас пішеді де, мың ақымақ жабылып тігеді. *** Үпіріп жіберуге болатын қиқымнан таудай проблема жасау тек бюрократтардың қолынан келеді. *** Біздегі ең өтімсіз тауар мемлекеттік тіл болып тұр, жиырма жыл өтсе де ол сол күйі жатыр. *** Өтірікшіге ең алдымен әулие, ақкөкірек адамар алданып қалады және олар одан ешқашан сабақ алмайды. *** Заң біреулерге –заң, біреулерге –нан. *** Заңның осалдығы да, кереметтігі де оны әркімнің әрқалай түсініп, әрқалай қолданатындығында. *** Заңның ешқандай туған -туысы жоқ, ал соттар мен прокурорлардыкі бар. *** Заңдарға кенет тіл бітсе, заңгерлердің көбі жүзіқара болып қалар еді. *** Заңға өкпелеудің керегі жоқ, заңгерлер мен өзіңе өкпелеуіңе болады. *** Ондаған, бәлкім жүздеген ғалым, оқымысты заңгерлер біздің қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап өткен шалдардың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенінен артық ештеңе айта алған жоқ. *** Адамның адам қалпын сақтап тұрған ар мен ұят қана, бірақ ол да таңқы құдықтың суындай тартылып бара жатыр. ***
Әбестік сөзді ауыз айтқанмен, қызаратын –бет. *** Бастың ақымақтығының азабын тартатын – аяқ. *** Бүгінде кітап пен газет-журналдардың ең адал оқушылары қойшылар мен қарауылшықтар болды, тек олардың жаза алмайтыны жаман. *** Кеңестік дәуірдің дүкеншілері тауарды тығып сататын, қазіргі дүкеншілер өткізе алмай әлек. *** Көппартиялық жүйенің қоғамды басқаруға қолайлылығы рас, ал отбасының ойранын шығаратыны да рас. *** Сөзді түгендеген адам бәлеге қалады. *** Әжуаны ақылды адам айтса жұрт ренжиді, әумесер айтса күледі. *** Қонақтың дұрысы келсе, өзімен бірге ырысы келеді. *** Шешілмейтін мәселе болмайды, тек шешімге көңілің толмайды. *** Қазақтың құрдасы жаудың сөзін сөйлеп, достың ісін істейді. *** Махаббат көзбен тұтанып, сөзбен жалынға айналады. *** Барлық сатқындықтан махаббат сатқындығының жарасы ауыр болады. *** Махаббат болаттан берік, гүлден нәзік. *** Махаббаттың тілін шын ғашықтар ғана түсіне алады. *** Қолы қысқаның жолы ұзын. *** Атасыз болсаң да, батасыз болма. *** Мақтаншақтың дүңкілі көп, бұлданшақтың күңкілі көп. *** Түзде кісімсінген жігітті үйінде көр. *** Салық дегеніміз құнарлы топыраққа түскен дән сияқты, халық дағдарған сайын ол өсе түседі. ***
Азғана ұяты барлар бойымен көпшілік, ойымен азшылық жағында тұрады. *** Ақымақтардың жиналысында ақылды сөз айтуға болмайды. *** Әкімдер сенің мәселеңді шешеді, сен тек қалпағыңды ғана шеше аласың. *** Заңды алдымен оны қорғайтында бұзады. *** Барлық партиялар түптің түбінде өз өтіріктеріне уланып өледі. *** Жалпақ дауда жаны күйгендер жындыны қолдауға бейім тұрады. *** Таудан түскендер мен еңістен келгендердің пікірі бір арнада тоғыспайды. *** Араласпайтын ағайындар мен ескі достарыңды бастық болған күні тауып аласың. *** Ағайын асқақтасаң аяғыңнан шалады, төмендесең төбеңді ояды. *** Саясаткерге сауды –жынды, жасықты – құнды қылу қиын емес. *** Абызды - пақыр, жауызды – батыр қылатын саясат пен уақыт. *** Көктегі Құдай бізге көретін көз, еститін құлақ барген, жердегі құдайлар біздің көрсоқыр, таскерең болғанымызды қалайды. *** Ерін Пірім дейтін әйел де жоқ емес, бірақ көп емес. *** Қарғадай ғана бойы бар, сұмырайдай сойы бар, әкім болмақ ойы бар. *** Ақыл ортаймайды, көңіл қартаймайды. *** Молда көбейгенмен, имансыздық азаймай тұр. *** Тәуелсіздіктің шыбығы бірнеше ұрпақтың қанына суарылғанда көктеп, бірнеше ұрпақтың маңдай терімен бәйтерекке айналады. *** Теледидармен тәрбиеленген ұл – еріншек, қыз – көңілшек болып шықты. ***
Компьютерге байланған ұл әкесін «оқытты», қыз шешесін шошытты. *** Біздің тергеушілердің бәрін бірдей қабілетсіз деуге болмайды, олардың қылмыскерді құтқарып, жазықсыз жанды отырғызғандағы талантына шынымен-ақ таңқалуға болады. *** Үлкен қаржы жобаларға бөлінетін болғалы, жұрт тобашыл емес жобашыл болып барады. *** Өзіңді өзің жамандама, ол шаруаны достарың атқарады. *** Бізде демократияның «дамығаны» соншалық, әкімдерге қарсы «ыңқ» ету мүмкін емес. *** Қазіргі бюрократтарды көргенде, кеңестік бюрократтармен жылап көріскің келеді. *** Әкім дегеніміз демократиядан жоғары тұрған тұлға. *** Бұға-бұға маңдайың тасқа тірелгенде амал жоқ бас көтересің. *** Биліктің былғаныш баспалдағымен алаяқтар жақсы жүгіреді. *** Дүниеде қағаздан берік қамал жоқ. Әлемнің барлық мемлекеттері қағаз қамалдың арқасында бейбіт, қатар өмір сүріп жатыр. *** Сағынсаң апаңа бар, анаңдай күтер, желіксең жездеңе бар, жүндей түтер. *** Өтірік шындықтың некесіз ұлы. *** Өсек дегеніміз сөзбен жағылатын от, ол тәніңді емес, жаныңды күйдіреді. *** Тарихты тарихи тұлғалар жасайды, ал тарихшылар оны тас-талқан қылады. *** Біздің тарихшылар ата-бабадан қалған асыл мұра – шежіре, жырдастан, қырдағы самсап тұрған тарихи ескерткіштерді қаперіне де алмайды, қазақ даласымен екі-үш ғасыр бұрын жүріп өткен орыстың мас офицерінің ойдан шығарған шатпағын Құран сөзінен кем көрмейді. *** Таза тарихи шындықты білетіндер жер астында жатыр.
*** Тарихты қолдарымен жасаған тарландардың біреуі тіріліп келер болса, талай тарихшылар кірерге тесік таппай қалар еді. *** Өткенді білгеннен ұтылмайсың, болашақтан қашып құтылмайсың. *** Біздің бәрімізді болашаққа деген сенім мен үміт жетелеп келе жатыр. *** Адамзаттың ақылы мәшинелерге ауып барады. *** Табиғаттың ең асыл туындысы да, жауы да – адам. *** Біздің биліктегілер «Егінді сақшы құртады» деген мақалдың мәнін дұрыс түсінбейді. *** Жемқорлықтың жолы кесілгенше, қоғамның қолы кесілмесе игі. *** Пайдалы қызметке білігі жуандар емес, жілігі жуандар келетін болды. *** Біздің соттардың ертең өздерінің де періштелердің куәлік етуімен Құдай сотының алдында тұратынын ескермейтіні жаман. *** Саясатқа кит болып келгендердің ит болып кететіндері де бар. *** Парақорлық індет болғанда, пара беру міндет болды. *** Мәселе шешудің мәнісі «бара бер» мен «пара бер» болды. *** Тәуелсіздіктен қымбат жоқ адам үшін, құл болса да бәрі бір надан үшін. *** Тәуелсіздік тәй басты, қазағым төрге жайғасты. *** Саясатқа сұлу қызға ғашық болғаннан бетер құмар жандар бар және жәллаптар да солардың арасынан шығады. *** Ақша жат жандарды жақындастырғанмен ағайындардың арасын алшақтатып барады. *** Тек қана шындықты айтатын адамның өмірі шырылдаумен өтеді. *** Дүние өтірікшілер мен ашықауыздардан тұрады. ***
Жоғарыдағылар қопарып әкетеді, төмендегілер түйірлеп тасиды. *** Адамға сенбейтіндер шайтанға сенеді. *** Арыз деген өмірде жолы болмаған кемталанттар мен кембағалдардың шығармашылығы. *** Табиғаттың тәртібі де, заңдылығы да мінсіз. *** Дүниедегі жаман адамдар қырылып қалса да өмірдің сәні болмас еді. *** Табиғаттан шебер суретші де, сәулетші де жоқ. *** Адам деген ғажайып кітап, тек оны оқу қиын. *** Қазақ үшін құрдастан артық адам жоқ, мақтасаң да, боқтасаң да қыңқ етпейді. *** Тілің қышыса да, қолың қышыса да құрдасың жақсы. *** Тоқсан жыл өмір сүріп, тобықтай іс тындырмаған адамды өмір сүрді дегеннен гөрі тірлікке ортақ болды деген дұрысырақ. *** Адал жанға заң кедергі емес, ал арамзалар заңды бәрібір сақтамайды.
МАЗМҰНЫ:
Несібе Бекет ата Дәніспан тау Айдын едің... Залатай – қожым, бозінген Жел Қаратаумен сырласу Өзімді көріп қалдым... Әкімдік пен ақындық Мен білетін маңғыстау Күнелтістің реті Қашаған ескерткіші Абыл, шотан ер досан – үш асқарым* Таушыққа барғанда Күп Ат үстінен ойналған жасырынбақ Толқындар Ақтау мен қаратау Таулы өлкеге бабалар табан тіреп... «аққулар іңкәр болған құт мекенім...» Туған елдің ырысы Каспиім Түлеп ұшқан таушықтан... Сақтаған шал Ағаның үйінде Күңгір етті қаратау Таушық Менің меккем Ақ маялы еді біздің ел Өмір туралы Дүние жалған Шаңырақ иесі Адалдықтың тігем деп ақбоз үйін Күдік пен үміт Айлы түн, аймен сырластым... Қамшы туралы Балалар бақшалары Министрлер сынағы Жалынды жыр, әсем ән... Жаңа қазақ
Теледидар Ғасырлар тоғысы Ақын деген халық бар... Суық торғай «қауіпті» ағай Өмір-ай... Сынақ Базарда Көп қабатты үйдің тұрғындары Қызыл тамыр аспанда ай қалқиды Сыншылдар Қос қарын Аулада Қызыл жел құба талды жұлмалады Зәрем ұшады Саған ғана мен енді мұң шағамын Зағиптардың тойында оқылған өлең Жүрегімде бір дауыл жүріп жатыр Жаңа жыл сені қарсы алдым Эльдорадо Иек қағу Айтылмай қалған ән Қоңыр өлең Өлең туралы өлең Қоңыр өлең Жаңа ертегі Күлкі Түн Дүние-ай... Диалог Балалардың ойын алаңында Тереземнің алдындағы терегім Қайшылық Не қайран бар Шырша тағдыр Жолаушы сияқтымын қыр басында Жыр жазып болған соң Газет сатып сұлу қыз тұр көшеде Теректер Ой толғақ Өмір жолы Ақша туралы әңгіме Жалғыз аққу
Жусанбай – джон джентльмен Қарт карлдың қайғысы Соғыстан соңғы күн Жанымның жайлауында бұлттар көшіп... Ана мен аруана Түс. Шайтандар... Диас, мирас, манас және тәрбия кемпір Ару мен айна Ауыл мен қала Ай мен күн және қазақ Қарыз бен парыз Жалғыз Қырандар мекені Алпысқа наз Күй Ауылға барғанда Таушығым Қар түспеген қыс Маңғыстауым Жетібайдың дөңінде Өзенде Қаламқас Ертегі Мына біз... Сүйген құлы құдайдың Үндемедің, дым демедің... Төрт белес Арбакеш бала Өлеңім Түн. Ауыл. Қызқашар Жұлдызым менің жоғары Көкмойнақтың қазығы Қырдағы қараша үй Адасу Сен шырқа, шырқау үшін туған талант Айнам қалған Үйсіз ақын келе жатыр көшеде Теректің өлімі Адалдық Қаратау Жөнеліп кеттің асығыс Адай баба Ассалаумағалейкүм – алланың нұры жаусын
Тасаттық Албастының апасы Жұлдыздар Дәніспан тау Ақ боз үй Мен білмеймін Төрттағандар Қос шағала Афоризмдер, ой тамшылар, тұздықты Тұжырымдар
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру