TELEGEI

Home

Ташкентпен қоштасу

Қасымхан Бегманов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ташкентпен қоштасу

Кiндiгiмдi кескен жұрт, Кiр-қоңымды жуған жұрт. Қазтуған жырау

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт.

Қазтуған жырау

Ташкенге қарап жылағым келді ардақтым,

Әлденелерді өзіңнен қайта сұрағым келді

ардақтым.

Көңіл шіркінің толқыды-ай сол түн,

толқындарындай Шыршықтың,

Қара көзімнен ыстық жасымды

неліктен тағдыр ыршыттың.

Тербеткен мынау әлдиі менен

сағыныш атты жырдың мен,

Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан

Ташкенге қарап тұрдым мен.

Шулы шаһардың самаладай боп

шамдары жанды жарқырап,

Көшелерінде даладай дарқан

қазақтың көне салты қап.

Алшаңдай басып алашордашыл

осында жүрді-ау асылдар,

Асылдарымды біздерден бөліп

түбіне тартты ғасырлар.

Оларды үнсіз іздеймін тынбай

тарихтай түпсіз тереңнен,

Шошайып тұрған ана бір қырат белеңнен.

Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетін,

Жас арулардың жанарларынан

бір нәзік сәуле көрем мен.

Партиялардың ұранына ермей жарқылдақ.

Бала кезімнен баураған мені

аспандай асқақ өлеңмен.

Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп,

Қасымнан қалған

қасқа жолменен келем мен.

Орындалмаған ақ армандары

Абылай менен Кененің,

Сағынышымды басып бір кетсем деп едім.

Сарыағаш жақтан

қалаға мынау қабырғасынан қарадым,

Бойымды билеп,

өзегімді өртеп нала-мұң.

Ұлы Даладан бөлініп қалған жерменен,

Тәңірі бізге бермеген.

Жүрекке түскен жазылмайтұғын жара бұл,

Бұлдыраған шаһарға

жасаураған көзімен,

қасымдағы қарады ұл.

Оң жағыңда көсіліп

Келеске кетер тұс қалып,

Сыздық төредей сұстанып,

Кеудеңді шалқақ ұстанып.

Шырайлы мынау шаһарға

еркін кірер күн озған,

Талқыға салмас тағдырдан бірақ кім озған.

Басы сайран, түбі ойран

дүние опа бермейді-ау,

Ташкент енді қазаққа мәңгі

қайтып келмейді-ау.

Осыларды ойласам көзден жасым сорғалар,

Ғайып болған бұл күнде

қоршай қонған ордалар.

Ордаларда тайпалған көрінбейді жорғалар.

Шалдар түсіп есіме өзегімді өртеген,

Қолдан шығып баратқан

таңғажайып өлкеден.

Шалғай түсті Астанам,

Бір көтеріп тастаған.

Еңсемді езген күн болды,

Жарық күнім түн болды.

Қала жаққа қарасам көзіме жас толасың,

Қалай қиып кетермін

Төле бидің моласын.

Елеусіздеу жүрген бір ақыны едім даланың,

Шерге толып өзегім

кері аттанып барамын.

Тілім бармай қош деуге,

қия алмай көп қарадым,

Ташкентті ұмытпа,

ойлы туған қарағым.

Қош Ташкент, қайтейін

кіргізбеді кеденің,

Атам салған көшеңде

жүргізбеді кеденің.

Біле алмадым біздерге

ертеңгі ұрпақ не дерін.

Қош Ташкент, аяулым,

көшімді артқа бұрармын,

Тілегіңді сыртыңнан

тілеушің боп тұрармын.

Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын,

Архивтерді ақтарып оңашада жылармын.

Алағай да бұлағай

күндер өткен басыңнан,

Айбыныңды асырған,

Бар қайғыңды жасырған.

Түк болмаған тәрізді қарап тұрсам

желменен жапыраққа шашылған.

Аласапыран алқакөл,

сұлама қиын кез де есте,

Ташкент біздің Алаштың тілін ұмытқан,

сөйлейді бүгін өзбекше.

Қайран Жиделібайсын –

атамекенім баяғы,

Байбөрі бабам жайлаған өлке саялы.

Сол түні мені аруақтар түгіл,

жұлдызды аспан аяды.

Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедім,

Алпамыстайын түп атам менің,

атасы бопты өзгенің.

Жайымды ұғар деймісің ұпайы түгел өзбегім.

Дәл қазір айтар халім жоқ,

құлаққа кірмес сөздерің,

Зар-мұңдарымды ақтарып,

сөйлейді қара көздерім.

Халықшыл, елшіл

асылдарымнан із қалған,

Соларды қимай

осында қоштасқан мұңлы күз қалған,

Сұрағым келді әлдене қайғысыз,

қамсыз қыздардан.

Әкімдер келіп,

тарихтан өтті де кетті Датқалар,

Халықты сатқан түбінде тозақта өзі қақталар,

Қазақ деп өткен ерлерім көкейде,

есте сақталар.

Бесікте жатқан бөбектер ертең ер жетіп,

Ақталмаған әлі күн аталарыңды ақтап ал.

Қабырғалары сөгіліп,

кеше түнде түсімде,

Шекараның ар жағында

жал құйрығы төгіліп,

Елге қарап жер тартып

кісінейді Байшұбар,

Құлазитын қосылып

мұндай сәтте тек қана,

аспандағы ай шығар,

Күн тұтылса жаңа туған құлын да

қос құлағын қайшылар...

Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан – молалар,

Аруағым ғой түбінде жер бетінен жоғалар.

Шыназ түгіл Бостандық, Қыбырай мен Сіргелі,

Екі елге жалтақтап не істерін білмеді.

...Қазақты кім сатпаған, қиын сәтте сатты ол да,

Қош Ташкент, қайтейін қалдың мәңгі жат қолда.

Қорқамын мен заманның сұп-сұр болған сұрынан,

Аман қалған алтын ең тақымы кеппес ұрыдан.

Жұмысым жоқ дей алман байлығың мен дауыңда,

Қайсыбірін айтайын артымдағы қауымға.

Амал нешік, арман көп, рух қайта оралсын,

Керуендер көп өткен мынау сайын далаға,

Сөйлемейтін қазақша мейірімсіз қалаға,

Тәнін сатқан қыздармен, тәрбиесіз, тіл білмейтін балаға.

Қайран ұлы қазақтың тілі қайта оралсын,

Ділі қайта оралсын,

Сыры қайта оралсын,

Жыры қайта оралсын,

Бір жылдары мені де артық туған Исекем,

Көп тобырдан бөлініп, қарашада еске алып,

Оңаша бір отырып сағынатын боларсың.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙