Бабалар сөзі. 80-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
ТОПОНИМДІК АҢЫЗДАР
1. АБЫРАЛЫ
Белдеуден ат кетпеген, аттан тоқым түспеген жаугершілік заманда елі мен жерін қаһарлы дұшпаннан қорғай білген Әлі деген қазақ батыры өмір сүріпті. Батырдың атағының халыққа тарағандығы сонша оның атын естігенде жаулары қылышын қынынан суыра алмай, безгек ұстаған адамдай қалт-құлт етеді екен. Күндердің күнінде жоңғарлар қазақ еліне басып кіреді. Жау шапқанда батыр қалай жайланып жата алады, қол жинап Әлі атқа мінеді. Екі жақтың әскерлері бір биік таудың етегінде кезігеді. Үш күн, үш түнге созылған қырғын шайқас болады. Әбден қалжыраған жасақшылар төртінші күн дегенде жекпе-жек сайысқа кіріседі. Жоңғар әскерлерін бастап келген Әбір деген батырға Әлі қарсы шығады. Күн арқан бойы көтерілгенде басталған жекпе-жек, ұясына қонғанша созылады. Жекпе-жектің жалғасын ертеңге қалдырып, қостарына қайтып бара жатқан кезде қалмақтың батыры Әбір, Әліні сұр жебемен атып өлтіреді. Өзегін намыс өртеген батырдың қарындасы Гауһар ерттеулі тұрған атқа міне салып, қалмақ батырын соңынан қуып жетіп, басын қылышпен шауып түсірген. Басшылары қазақ тапқан екі жақтың әскерлері шайқасты кейінге қалдырып қайтады. Екі батырдың сүйегін биік таудың баурайына жерлейді. Сөйтіп, сол таудың аты қос батырдың атымен Әбірәлі, кейінірек «Абыралы» болып аталып кетеді.
2. АҒЫБАЙ КЕСКЕН ҚҰМБЕЛ
Кенесары, Наурызбай, қолбасшы Ағыбай батыр қырғыздармен болған соғыстың бір кезеңінде Алатаудан ағып Ыстықкөлге құятын Құмбел өзенінде кездесіпті. Өзеннің ағысының қаттылығы тастарды домалатып ағызады екен, ешқандай өткел бермепті. Сонда Ағыбай батыр: “Ой, арғындар! Сендер әуп десеңдер Алатауды да құлатасыңдар, аттарыңнан түсіп, қару-жарақтарыңды бір жерге үйіп, өзенді ағысынан тас тастап, бөгендер”, – депті. Содан бастап сол жер “Ағыбай кескен Құмбел” деп аталыпты.
3. «АДАМ ТАС» ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Үлкен жаугершіліктің уағында елін жау шапқанда қырық шақты сарбаз көп жаумен соғысып, жаудың көптеген жауынгерлерін өлтіріп, соққыға жығады. Бейбіт ауылды шапқыншылықтардан аман алып қалу үшін түйеге жүктерін артып көшіріп, өздері жаудың алдын тосқауылдап, соғыс жүргізеді. Соғыста жаудың қолынан шығынға ұшырап, ақыры жаудың қысымына шыдай алмай қашады. Жау жер қайысқан қолмен қуып, бәрібір жететін болған соң, жаңағы қырық батыр Құдайдан былай деп тілек тілейді: «Е, Алла, бізді жау қолына түсіріп қорлағанша, денемізді тасқа айналдырып, өзімізге жәнаттан орын бер». Алла олардың тілегін беріп, денелерін тасқа айналдырып, қалың жаудың қорлығынан құтқарыпты. Міне, ел арасында осындай аңыз бар. Сол сияқты ел арасында кең тараған аңыздың бірі «Нұх пайғамбардың кемесі» туралы. Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына тоқтағанын есіткен Қазығұрттан биік тұратын өзге таулар қызғаныштық жасап, жойып жіберу үшін жер бетіндегі су тартыла бастаған кезде ұрысқа шығады. Өзіне төніп келе жатқан Қазығұрт тауы өзінен төмен орналасқан Бағаналы тауына «Сен анау Ордабасы басшылық ететін ағайындарға хабар бер» деп бұйырған екен. «Мені құртып жіберу үшін келе жатқан жауға қол ұшын беріңдер» деген екен.
Қазығұрт тауы бұларды былай деп шақырған екен:
Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт,
Әлімтау мен Қойлыққа айт,
Ешкі менен Зарлыққа айт,
Бағаналы, Маңсарға айт,
Қайтарыңда жандай досың
Қыңыраққа айт!
Сырдарияның ар жағындағы тауларды көмекке шақыру үшін айқай салып жұмсайды. Қара ниетпен келе жатқан таулар Қазығұрттың бұл шақыруын есітіп, Қазығұрт жалғыз емес екенін біліп, «егер бұл шақырған таулар мен төбелер көмекке келсе, бізді жеңіп кетуі мүмкін» деген екен. Сөйтіп, Қазығұртта Нұх пайғамбардың кемесі жайдан-жай емес екендігін, бұл Алланың әмірі екенін біліп: «Оныменен соғысып, береке таппассың. Алланың қаһарына ұшырап, атағымыз бен абыройымыздан айрылып қалармыз» деп жөніне кеткен екен.
4. АЙҒАЙЖАЛ
Ертеде Текес қырғыздары мен маңғолдар ортасында үнемі жер таласы шығып, қырғи-қабақ болып жүреді екен. Бір рет қырғыз батыры Өмір балбай деген адам қасына қырық жігіт ертіп барымтаға аттаныпты. Сарықобыға қонған түнінде батырдың аты жоғалыпты. Төңірекке іздеу салғанда бір жігіті Мойынтайдағы биік төбеден екі күн дегенде тауып алыпты. Байқаса батыр жолдастарын ертіп Қаратөбеге барып алған екен. Сонда жігіт төбе жалға шығып айғай салғанда оның дауысы елу шақырым шалғайда жатқан Қаратөбедегі жолдастарына естіліпті. Осыдан бұл жал төбе – «Айғайжал» атанып кетіпті делінеді.
5. АЙҒАЙҚҰМ
Қазіргі Айғайқұмның орнында сол кезде сортаң сулы көлшік бар екен. Бір күні Қарабайдың жер қайысқан жылқысын айдап келе жатқанда, шөлдеген көп жылқы шұрқырап кеп суға бас қояды. Бір демде сор су ішкен алдыңғы жылқылар қырылып, тау-төбе жемтік пайда болады. Мұны көріп Қарабайдың өзін жазғырып, қызын бермей кетуінен қорыққан Қодар ақыл таба алмай қол астындағы тоқсан серісіне жалынып жылайды. Осы кезде Қодарға өзінің киелі өнерін көрсетпек болған Қозы көрпеш қолындағы құрығымен көкті осқылайды. Шыр көбелек айналып, ақырып айғайлағанда алай-дүлей боран соғып, зілзала құм құйын тұрады да, әлгі қалың жылқының жемтігінің үстіне лезде заңғар құм төбе орнайды. Сөйтіп, Қарабай жылқының шығынға ұшырағанын сезбей қалады, алайда әлгі құмға жан баласы жуыса болды жылқылардың қым-қуыт шұрқыраған дауысы, Қозы Көрпештің құрығының көкті осқыларындағы гуілдеген үні және Қозының ақырып айғайлағаны сияқты хикметті бір тылсым әуен үзілмей қойыпты. Міне осылайша бұл құм «Айғайқұм» аталып кетіпті.
6. АЙҒЫРҰШҚАН
(І-нұсқа) Қазақ халқы жаугершілік, қанды қырғын заманды басынан өткергені тарихтан белгілі. Қай жылдары екені белгісіз, әйтеуір қалмақтармен бір соғыста бір атақты батыр қолға түсіп, «жауға құл болып барғанша өз жерімде өлейін» деп, таудан астындағы айғырымен құлап өліпті дейді. Енді бір аңызда сол өңірді атақты бір бай мекендепті, үйір-үйір жылқы, мыңдаған түйе, өріске симайтын қойы болыпты. Қазақ болғаннан кейін барымта-қарымтасыз болмайды ғой. Бір жылы Мойынты, Шу өңірін мекендеген бір байдың жігіттері жаңағы байдың бірнеше үйір жылқысын барымталап кетіпті. Байдың «малымның басы» деп жүрген кәрі күрең айғыры болса керек. Сол айғыр қашып кетіп, қуғыншыларға ұстатпай, таудан секіріп иесіне оралыпты дейді. Бай «малымның басы кетті, енді мал құтаймайтын болды» деп уайымдап, төсек тартып жатса керек, айғыры қайтып келгенде, қуанып «тәуба» деп, басқа малын іздемепті. Жоқ-жетімге Құдайы таратыпты.
7. АЙҒЫРҰШҚАН
(ІІ-нұсқа) Ілгері заманда осы таудың етегін әрі бай, әрі би бір кісінің ауылы мекен етіпті. Сол байдың қасиетті бір айғыры болыпты. Айғыр ел шетіне жау, ұры-қары, ит-құс келгенін күні бұрын сезіп қояды екен. Бірде әлгі айғыр етекте жайылып жүрген үйірін таудың басына қарай дүркіретіп қуып, жықпыл-жықпыл жартастың арасына бой тасалатады да, өзі кері шауып кеп, елге белгі береді. Арқырай кісінеп, үй-үйді айнала шапқан жануардың қылығын жаманат хабарға жорыған бай тез арада жігіттерін жинап, қимыл әрекетке әзір тұрады. Расында алыстан шаңғытып жаудың қолы көрінеді. Киелі Қылқұйрықтың дер кезінде тілсіз-ақ ұғындырған хабарына риза болған би айғырын мейірлене басынан сипап, үйіріне қайтарады да, өздері атойлап ұрысқа кіріседі. Бейбіт жатқан елді қапада басып аламыз деген жау күтпеген қарсылыққа ұшырап, сол жолы ойсырай жеңіледі. Тек бір өкініштісі жаудың қаскөйлігіне буырқанып, ашу-ызадан жанары тұманданған айғыр таудағы үйіріне қайтып бара жатып, қатты шапқан екпінін тоқтата алмай, биік құздан құлап өледі... Сөйтсе, үйір қалған қойнаудың кірер жағы тегіс те, әрмен биіктеп барған сайын ұшар құзға айналады екен. Сондықтан да айғыр ұшқан жартас "Айғыр ұшқан" тауы атанып кетіпті.
8. АЙДАҺАРЛЫ - ҚҰДАЙБЕРЛІ
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...
Құдайберлі деген батыр өмір сүріпті. Оның батырлығы сондай, бір ұрғанда тасты үгітіп, тауды құлатады екен. Сол Құдайберлінің жан дегенде жалғыз жолдасы болыпты. Ол – Айдаһар екен. Сол Айдаһар Құдайберлінің жылқысын жаудан қорғаушы болса, сол үшін Құдайберлі Айдаһарға күніне бір жылқы беріп түрады екен. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Күндердің бір күнінде Құдайберлінің жылқыға келген жалғыз баласын Айдаһар шыдай алмай жұтып қояды. Ашуға мінген Құдайберлі батыр келе сала Айдаһармен айқасқа түседі. Күші басым болып, Айдаһарды алып соғып, қылышын сермеп қалғанда, құйрығын шауып түсіріпті дейді. Жанын сауғалай қашқан Айдаһар:
– Әй, Құдайберлі, мен құйрығымды ұмытпаспын, сен жалғыз балаңды ұмытпассың, қош бол! – деп тауды жарып кіріп кетіпті.
Сонан халық Айдаһар кірген үңгірді «Айдаһарлы-Құдайберлі» деп атап кетіпті.
9. АЙКҮМІС
Айкүмісті бірі бай қызы, бірі кедей қызы деп айтады. Айкүміс атының бұлай аталуының өзіндік себептері бар. Айкүміс дүниеге келер алдында мал бағып жүрген әкесі далада от жағып отырады. Сол кезде айдың сәулесімен бір нәрсе жарқ ете түседі. Бұны көрген малшы «алтын тапқан екенмін-ау», – деп қуанышқа бөленеді. Бірақ жаңағы нәрсе сол мезетте ғайып болады. Сонда малшы: «е, әйелім босанып, қыз бала тапқан екен», – деген шешімге келеді. «Ендеше, оның атын Айкүміс қоямын», – дейді. Ондағы ойы «қыз болса да, ел-жұртты таңқалдырған толған айдай сұлу, қараңғы түнде жол көрсеткен айдай жолбасшы, ақылды болсын және менің қызым күмістей сыңғырлаған күлкіден айрылмасын» дегені екен. Бірақ жазмыш жолы қатал. Айкүміс сұлу әке-шешеден ерте айрылады. Жетім қызды бай тоқалдыққа алмақшы болады. Қыз болса: «Бұл қорлықтан тек қана анам құтқарады», – деп далада қалған анасының мәйітіне жол шегеді. Шаршап-шалдығып жеткенде жетім қыздың әл-дәрмені бір-екі ауыз сөз айтуға жетіпті. Сондағы айтқаны:
Алуан да-алуан жүйрік бар,
Тұлпардан туған шұбар бар.
Тыңдасаңыз айтайын
Бір-екі ауыз сөзім бар.
Шешекеме шығарған
Базардан алған жез оймақ
Шешекем еді гүлжайнақ (ақкөңіл).
Қасыңа келіп зарлаған
Өзіңнен туған Бозтайлақ.
Міне осыны ғана айтып, қыздың демі үзіліпті. Бұл жер сол қыздың айтпақ жұмбақ ойымен жұмбақ күйінде «Айкүміс» аталып қала беріпті.
10. АЙМЕКЕН ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Ертеде бір байдың Айман деген жалғыз қызы болыпты. Ол асқан сұлулығымен, ақылдылығымен ел аузына ілініпті. Тең құрбылары оған:
Айманның арбалушы ед жүзін көрген,
Ай ма екен қараңғыда сәуле берген, –
деп өлең шығарыпты. Содан Айман қыз Аймекен аталыпты.
Қыз тағдырын ойыншық еткен бай-мырзалар сұлуға таласып бәсекеге түсіпті. Малқұмар әкесі қызын бір бекке көп малға сатады. Әкесінен де үлкен шалға барғысы келмеген қыз бір түнде жоқ болып шығады. Туысқандарының жер сабылтып іздемеген жері, бармаған елі қалмапты. Бірақ олар бір бәйтеректің бұтағына іліп кеткен қызыл шәлісінен басқа ештеңе таба алмапты. Осыған байланысты ел аузында мына бір өлең сақталыпты:
Аймекен аса ақылды қыздың аты,
Көркімен таңдандырған адамзатты.
Бай мен бек әжуа етпек болса-дағы,
Соңынан ергізбеген жаманатты.
Теңіне өзі сүйген қосылуды
Ешкімге сездірместен армандапты.
Қазақта ондай қыздар аз болған ба
Жоғары бағалаған махабатты.
Бір түнде ұшты-күйді ғайып болып,
Есітіп білгендерді таңырқатты.
Қаншама іздесе де таба алмапты.
Әке, аға жақын-жуық ат сабылтып,
Шәлісін бәйтерекке іліп кеткен
Сұлудың құмда сайрап ізі жатты.
«Аймекен», «Қызыл шәлі» жердің аты,
Осыдан аталған деп аңыз қапты.
11. АҚБАУЫР
Төрт таудың ортасында орналасқан бұл жерге кезінде Сырым батырдың ұрпақтары келіп қоныстанған екен дейді. Ал Қызылтау алқабын Қараменде би елі иелік етеді. Кейін олар ығысып Қазығұрт тауын мекендейді. Ел ағасы Қараменде ақсақал жаз айының бір жайдарлы күнінде өзінің жақын серіктерімен жер шолуға шығып, Қызылтаудың шығыс жақ алқабына биікте тұрып көз жүгіртеді. Алуан түрлі жұпар иісті шөбінің бәрінен бой асырып желкілдеп тұрған ақ селеуінің көрінісіне сүйсініп: «Пай-пай! Мына Қызылтаудың бауырына қараңдаршы! Сыртын май басқан кәдімгі Ақбауырға ұқсайды Ал маймен қысып жеген бауыр кімге де болмасын ұнайды ғой» деген екен. Содан бастап бұл жерді Ақбауыр атап кеткен.
12. АҚБЕТ ТАУ
Ертеде осы өлкеде Бүркітбайдың қызы Ақбет тұрыпты. Үй-іші жұтаң күй кешуі себепті әкесі қызын ұзатып, тұрмысын түзеп алмақ болыпты. Қызы болса кедей қойшы жігітті ұнатады екен. Ал әкесі мұны жақтырмайды. Әкесі көп ойланбай-ақ қалың малын төлеген қаусаған шалға қызын ұзатуға келіседі. Жас ғашықтар мұны біліп, қашуға уағдаласады. Алайда сырлары ашылып, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қыз көз жасын төгіп, қоштасуға сүйіктісінің зиратына баруға сұранады. Жеңгелері болса аяп, рұқсат етеді. Жігітінің басына келген қыз жүрегінің тек соған арналғанын айтып, басқа ешкімге жар болмауға ант етеді. Бұдан соң ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салады да, құздан құлайды.
13. АҚБИКЕШ
Ерте заманда бір әмірші болған екен. Оның Ақбикеш деген қызы болыпты. Жаугершілікте елдің ер-азаматтары жорыққа кеткенде, елге жау шауып, малдарын барымталап кетеді. Алып кеткен малды қайтарып алу үшін Ақбикеш қол бастап шығады. Екі жақтың болжаушы балгерлері бар екен. Ақбикеш қуып жете алмайтындығын білген соң, балгерден ақыл сұрайды. Сонда ол: «Сендер аттарыңды теріс ерттеп, жауға қарсы шабыңдар», – дейді. Сонда жаудың балгері: «Енді олар жете алмайтындығын біліп, кері кетті. Осы жерді паналап, дем алайық», – дейді. Аналар да келісе кетеді. Солай жатқанда Ақбикештер келіп қалады. Сөйтіп жылқыларын аман-есен алып қайтады. Бірақ сол жерде Ақбикеш ауыр жараланып, қазаға ұшырапты. Сол қыздың құрметіне сол жерді «Ақбикеш» деп атаған екен.
14. АҚБОТА-СӘҢКІБАЙ
(І-нұсқа) Осы өңірді жайлап отырған ауылда байдың сұлу қызы Ақбота болған деседі. Оған жарлы, батыр жігіт Сәңкібай ғашық болған. Жайлаудағы елге Ақботаны айттырып қойған жігітіне беретін күннің белгіленгені жөнінде хабар тарайды. Сәңкібай атын дайындап, құса болған көңілін жұбатып бір тәуекелге бет бұрады. Ақботаның отауын торып, кездесудің сәтін қарастырады. Ақботаға жолығып сөз байласқан Сәңкібай егер аттастырған малды, күйлі тектен шыққан жігіттің келер күнінің жақындар сәтін күтеді. Егер іс шыныменен солай шешілетін болса, Сәңкібаймен келісілген байламға бекінеді. Жеңгелері арқылы Ақбота ағаларына, әкесіне айттырған жерге бармайтындығы жөнінде, сүйген жігіті барлығын айтып, қалың малды жігіт жағын тоқтатуды өтінеді. Мәпелеп өсірген жалғыз қызының тілегін Байдалы әке түсінгенмен, даланың ру-жекжаттық дәстүрдегі қатаң заңы мен қатыгез тәртібінен аттай алмайды. Шешім солай келісілген, қол алысқан құдаға екі айтып елге қара бет бола алмайтынын айтқан әкесі бетінен қайтпайды. Сонымен межелі күн де таянады. Құдалар ауылға келіп, қыз алудың жоралғысын жасап, сый-сыяпат басталады. Осы шақтың ойын-сауық араласқан тұсында Сәңкібай Ақботаны алып қашады. Қос атқа мінген екеу жусанды даланы бетке алып қараңғы түннің қойнына сіңеді. Ауылда осы сәтте абыр-сабыр басталады. Құдалар жағы: «Қалыңдығымызды тауып бермесеңдер адайлардың сүйегіне таңба боларлықтай іс істейміз», – деп шіренеді. «Қызы айтқанға көнбеген, бұл не деген бейбастақтық», – деп мұқатады. Байдалы ағайын-туыстарын жинап: «Қызды тауып, Сәңкібайды алдыма алып келіңдер!» – деп ашуға басады. Қыздың содыр ағалары 20-30 жігітті жинап, іздеуге шығады. Ел төңірегіндегі жыра-жықпалдан ештеңе тастамай тінткілейді. Іздеушілерден бой тасалаған Ақбота мен Сәңкібай жасырына келіп, осы биіктің басына өрмелеп шығады. Екі-үш күн ас-сусыз қалжыраған екі жас биіктің ұшар басына шығып, туған жердің шетсіз-шексіз жазығына көз тастайды. Осы дала төсіндегі жүректердің бостандығына қалқан болған, қаймағы бұзылмай тұрған феодалдық құрылыстың заңына көздерінен жасы сорғалап тұрып лағнет айтады. Бұл кезде қуғыншылар да биікті жан-жағынан қаумалап жақындап қалса керек-ті. Құтқармасын білген қатыгездіктің қолына түсіп, азап көріп ажырасқаннан мәңгілік болғанды жөн көрген екі жас құшақтары жазылмаған күйде биіктен төмен құлдилаған екен. Етекте жансыз жатқан денелердің қасына келген қуғыншылар тірі еместігіне көздері жетеді. Елдің шешімі бойынша екі жастың денесі осы биікке арулап қойылған екен деседі.
15. АҚБОТА-СӘҢКІБАЙ
(ІІ-нұсқа) Сәңкібай – белгілі жылқылы бай. Ақбота оның XVІІІ ғасырда өмір сүрген әрі сұлу, әрі батыр қызы. Бұл жөнінде аңыз көп. Бірініші вариантына келетін болсақ, қалмақтар жаугершілігі кезінде Сәңкібай аулында ер адамдар болмай қалады. Елді жау шауып, малдарын барымталайды. Ер адамдар жылдағы дәстүр бойынша Әбілхайыр ханға сәлемдесуге кеткен екен. Барымталанған малды, таланған мүлікті Ақбота қыз жаудың соңынан қуып барып қайтарады. Бірақ, шайқаста өзі ерлікпен қаза табады. Суық хабарды естіген Сәңкібай қатты қиналады. Елде жоқ құрмет көрсетемін деп Ақботаны биік ақ бор таудың төбесіне жерлейді. Сонда тау – Ақбота-Сәңкібай атанған. Екінші нұсқасында: Ақбота Сәңкібайдың тоқалы болған деседі. Сәңкібай Ақботаны қайтыс болғанда сол тауға жерлеген соң, соған байланысты Ақбота-Сәңкібай атанған. Үшінші нұсқасында: сол таудың басында жатқан бота сияқты мүсін бар. Ол мүсін сыртынан қарағанда “Ақ бота” секілді. Табиғаттың өзі салып берген жер жүзінде жоқ бейне тауға таңқалмайтын адам кемде-кем.
16. АҚМОЛА
(І-нұсқа) Ерте заманда жазу-сызудың жетілмеген кезінде Арқа өңірінде бір молла адам дәріс жүргізуге келіпті. Ел оны ауылдан-ауылға алып кетіп, балаларын оқытқызыпты. Өзінің білгірлігімен, сауаттылығымен көпшілікке жаққан жаңағы молланы ел құрметтеп өз атымен атамай Ақмолла деп атап кетеді. Өзі де атына сай аққұба кісі болса керек. Күндердің бір күнінде жаңағы Ақмола балаларды ел аралап оқытқаннан гөрі, бір жерге жинап дәріс бергенді жөн көреді де мешіт салғызады. Сол мешіт орнаған мекенді халық «Ақмола мешіті», кейін «Ақмола» атап кетеді.
17. АҚМОЛА
(ІІ-нұсқа) Баяғы заманда бір молла адам бала оқытумен Арқа өңіріндегі ел-жұртқа танылады. Оның моллалығы тек оқуға ғана байланысты емес, көріпкелділігіне де қатысты екен. Осындай қасиеті бар әулие адамды ел сыйлап, жоқ жоғалтса, басқа да жағдайлары болып қалса, сол кісіге барып жүгінеді екен. Бірде бір нашар адамдардың жылқысы жоғалып, оны жаңағы молланың айтуымен көрші ауылдың бай адамынан барып тауып алады. Бірақ өшіккен бай молланың соңына түседі. Жақсы адамдардың айтуымен елден қашып шыққан молла өзі сырқаттанып жүрген болса керек, жапан түзде қайтыс болады. Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: «Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы маңға жерлеп, басыма бейіт соғарда саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып жасаңдар», – деп өсиет қалдырады Аманатты айтқанындай етіп орындаған халық мазарды тұрғызып болғаннан кейін назар аударып қараса, ақ түсті болып шығыпты. Сонан көпшілік осы өңірді «Ақмола» деп атап кетеді.
18. АҚСАРЫ
Ертеде Мығыш деген болыс болыпты. Бірде болыс аңға шығады. Бір таудың етегіне келгенде, ақсары деген аңды көреді екен. Сол аңды ұстамақшы болып, олай да қуып, былай да қуып, ақыры жете алмапты. Ыза болған болыс осы жердің атын «Ақсары болыс» болсын деген екен.
19. АҚСУ
Баяғыда бір батыр алыс жолдан үйіне келсе, әлдекімдер малын түп-тұяғымен шауып әкеткен екен дейді бұл аңыз. Батыр Балқаш жерінен осы жаққа, яғни Ақсуға дейін келіп, малын іздеп тауып, үйіне қайтып бара жатқан екен. Малын анық қай жерден тапқанын өзі де айта алмайды. Содан батыр Ақсудың тау етегіндегі ақ бұлаққа тоқтап, малы да, өзі де суға қанып, тынығады. Ақ бұлақтың жағасы да, суы да оған қатты ұнап, жайлап қоныс етуді ұйғарады. Бұл бұлақ оған құт болып дариды, қасиеттілігіне қызығып, бұлақты қастерлеп «Ақсу» деп ат қояды. Бұлақ болуы себепті жер «Ақсу» атанып кеткен.
20. АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ ЖЕРІ
Баяғы өткен заманда Ақсу өзенінің жағасын үш басты айдаһар мекен етіпті. Ол маңайындағы ел-жұртқа тыныштық бермей талабы бойынша күніне үш қой, екі қыз, екі жігітті жеп отырыпты. Сол елде бір жалғызбасты кемпір жалғыз қызымен өмір сүріп жатқан екен. Қыздардың бәрі таусылып, кезек жаңағы кемпірдің қызына келіпті. Жұрт жиналып үш қойды, қызды айдаһарға апара жатады. Енді бір жігітті қайдан табамыз деп келе жатқанда жабағыға мінген бір жас бозбала қарсы жолығады. Мән-жайды түсінген жаңағы жігіт қызға:
– Үш қойды сойып, сен айдаһарға бара бер, мен де көп ұзамай артыңнан жетермін, – дейді.
Айдаһар үш қойды жеп болып, енді қызды жұтуға оқтала бергенде жүгіре басып жеткен жігіт қолындағы қылышымен айдаһардың ішіне еніп кетеді. Сөйтіп, жүрегін жарып, айдаһарды да өлтіреді, өзі де өледі. Жиналған жұрт қараса жаңағы өлген жігіттің жабағысы өзеннің жиегінде жайылып жүр екен. Ерлік көрсеткен жігітті еске сақтау үшін, көпшілік сол жерді «Ақсу-Жабағылы» деп атаған екен.
21. АҚТАЙЛАҚ СОРЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Бейбіт тұрғындар қатарында бас қосқандарына біраз жыл болса да, балалары болмай жанарлары жасқа толып, Құдайдан бала тілеумен күндерін өткізген ерлі-байлылар болыпты. Екеуінің күнделікті тамағы киім-кешегін айыру үшін жолдасы ел қатарлы Шалқарға ау салып, балық аулайды екен. Баланың зары қинады ма, кім білген, ойға шомған жігіт көлдің терең жеріне қарай ұзап кеткенін де білмей қалады. Жападан жалғыз кеш арасында көлге шыққан жігітті тұңғиық тартып кетеді. Көмекке келер ешкім жоқ, қапыда қыршын жас қаза болады. Күйеуінің қайтпас сапарға кеткенін білген үйдегі жұбайы тағдырына талақ айтып қара жамылып қалады. Құрсақ көтермей бір зарлы жұбайынан айырылып, екі зарлы болған байғұс елес қуып жынданудың аз-ақ алдында қалады. Тек бір күні сорлының зары сап тыйылады. Қайдан келгені белгісіз таң ата есік алдына шыққан әйел ботасын емізіп тұрған түйені көреді. Өз көзіне өзі сенбеген бейбақ інгеннің аппақ ботасын аймалап құшып жылай береді. Ботасын ерткен түйе сол күннен бастап қаралы үйде қалып қояды. Жесір әйел де Құдайдың сыйына шүкір айтып, күнін інгенді баптаумен, оның ботасымен ойнаумен өткізіп, қайғысын ұмыта бастапты. Көзі мөлдіреп әйелді көрсе, енесін көргендей тайраңдайтын ботаға келіншек Ақтайлақ деп ат қояды. Ауылға балық аулауға келген еріккен бір сарттың құлағына жесір әйелдің үйіне түйе адасып келді деген әңгіме келіп тиеді. Қаңғып келген інгенді менікі деп дау айтпаққа бел буып, арам ойын жүзеге асыру үшін жесірдің үйіне барады. «Сен менің малымды ұрладың. Сүті мен ботасын пайдаландың», – деп әйелге дүрсе қоя береді. «Малымды өзім аламын», – деп дуал ішіндегі інгенді тарта жөнеледі. Өмірінде көрмеген, ием деп танымаған бөтеннің бұл қылығына інген де, бота да қарсылық көрсетіп бағады. Әрі тартынады, бері тартынады, еріккен арам сарттан құтыла алмайды. Түйенің қарсылығын көріп қаралы әйел інгеннің шылбырына жабысады. Сарттың қулығын түсініп, әйел түйе мен ботаны алып қалудың амалын жасап бағады. Ойлаған ойы жүзеге аса қоймаған соң сарт әйелді соққыға жыға бастайды. Білегінің күші мол сойталдай сарттың тиген жұдырығы келіншекке ажал болып тиеді. Қаншама уақыт бойы тайлағы мен өзіне қамқорлық көрсеткен әйелдің жансыз денесін көріп інген бойына қара күш енген кейіпке енеді. Аузынан жыны ағып, сартқа тап береді. Тісімен қыршып, алдыңғы аяғымен тарпып сартты құлатады да, өзі бар салмағымен оның үстіне құлап жаншыған екен. Сол жатқанынан түйе тұрмайды. Адамның опасыздығынан зар тұтып жатқан енесін көрген бота да інгенмен қатарласып жатып қалыпты. Иесінің мәйітін келген адамдарға бермеген екен жануар. Өзі де, ботасы да оларға қарсылық көрсетіп, тірі жан жақындатпапты. Сол жатқаннан інген де, бота да аштықтан өліпті. Ол сор бүгін де Ақтайлақ деп аталады.
22. АҚШАТАУ
(І-нұсқа) Күз мезгілі еді. Кернейден шыққан Есей батыр тобына ілесіп Жидебай да жол жүреді. Ұзақ жол жүріп, шаршаған топ бір жерге келіп ат басын шалдырады. «Ел арасында қандай жау бар дейсің?» деп, Есей мен Жидебай бастаған қырық жігіт қаннан-қаперсіз ұйқыға кіріседі. Ұйқылары қанған жігіттер ертесімен оянса, оздерінің жаяу қалғандарын бірақ біледі. Бұған намыстантан Есей батыр:
– Мынау бетке шіркеу, сүйеке таңба болды-ау, мен із кесіп жауды қуамын, – дейді. Сонда жас Жидебай:
– Мен де сізбен бірге барамын, – деген екен Қарындары ашып, шөлдеген екеуі кешкі мезгілде төбешік үстінде тігулі тұрған ақша отауды қөрген. Отауға кірсе ешкім жоқ, дастархан жаюлы тұр екен. Екеуі сол жерде ауқаттанып, естерін жиып, жауды қуа кеткендерді күтеді. Ақша отаулы жерді «Ақшатау» деп атап кеткен.
23. АҚШАТАУ
(ІІ-нұсқа) Қозыны жетімсініп, Баянды беруден бас тартқан Қарабай қаша жөнеледі. Қырық пары өліп, Аягөзге келгенде, Қарабай Баянды Қодарға бермекші болады. Әбден шарасы таусылған Баян Айбас деген жігітке қанатты қара биеден туған Бақа айғырды мінгізіп, Қозыға сәлемдеме деп, алтын сандыққа домбырасы мен моншағын, басындағы қарқарасын салып берген екен. Қарабайдың бар малын жалмаған ұзақ жол Айбас мінген Бақа айғырды да әбден титықтатса керек. Сол бір ұзақ та, қатерлі жолда келе жатып, Баянның сәлемдемеге берген ақ сандығын ат шалдырған жерінде ұмытып кетіпті. бұл өңірдің алуан кенге бай болуын қариялар осы сандықтың қалуынан дейді екен. Сол сандық аппақ қалпында тауға айналған деседі. Содан алтын сандық пен «Ақшатау» деген жер аты байланыстырылыпты.
24. АҚШОҚЫ
Бір жылдары бір дәулетті елде жұт болыпты. Жазы қуаңшылық болып, жаңбыр жаумай, қыстан көтерем шыққан малдың жай-күйі жайсыздыққа ұласыпты. Көпшілік бас қосып, мал-жанды аман сақтау үшін бұл жерден қоныс аудара көшу керек деген ұйғарымға келеді. Сөйтіп, жер ауа көшкен жұрт жайлы мекен жолыққанша жүре беріпті дейді. Бір уақыттарда көпшіліктің ішінен біреуі:
– Анау тұрған шоқыны көрдіңдер ме, сол жерге барып, қоныстанып көрсек. Малға жайлы болса, мекен етерміз, жайсыз болса тағы да көшерміз, – деген ұсыныс айтады.
Бәтуаға келген көш сол жерге барып орын тебеді. Шалғыны мол, шөбі бітік, ағып жатқан өзені бар жайлы мекен малға жағымды болып тез көтеріледі. Бір жыл қоныстанып шыққаннан кейін төл егізден болып, жаңағы жердің құтты мекен екендігі байқалады. Риза болған халық:
– Шоқым, шоқы-ақ екен. Жарайсың, – деді. Сонан жаңағы биіктің аты «Ақшоқы» аталып кетіпті.
25. АҚШОРА МЕН БАЛТОРАНЫҢ ЕСКЕРТКІШІ
Ақтау қаласынан шыға беріс жолда, екі қапталында екі мола бар. Түркіменнің қызы Ақшора мен Балтораның ескерткіші. Бұл туралы халық арасында мынадай аңыз бар. Ертеде түркіменнің жігіті Балтора түркімен байының қызы Ақшораға ғашық болған. Балтора кедей екен. Ол Ақшораны алып қашқан кезде артынан қуғыншылар қуып келіп, ертедегі салт бойынша екеуін де өлтірген. Кейін бай қызының ата-анасы оларға ескерткіш орнатады.
26. АЛА AT ЖЕРІ
Құлмағанбет қажының жазғы жайлауы Изенді көлі мен бір шеті Амантау, Ақтасты, Соналы өзендері болған. Жылқылары Құланөтпес бойында жатқанда, қалмақ барымташылары келіп, жылқы ұрлайды. Барымташылар жылқы күзетіндегі Есілбай батырды байлап тастамақшы болады. Бірақ Есілбай батыр бір қалмақты мерт қылып, жылқысын аман алып калады. Қалмақтар өлген адамын жоқтап, Күлмағанбет ауылына елші жібереді. Қазақтар жағы дауды өршітпеу үшін жер, су, мал дауын әділ шешетін Қарағаш болысы Шоң Телғозыұлына хабар жібереді. Шоң болыстың шешімін былайша айтады:
– Барымтаға келіп өлген кісі кінәлі. Оның құнына он екі күн Құран бағыштап оқылсын, – дейді. Қалмақ пен қазақ арасындағы дау бітіп, жылқылар жайылымға шыққанда, сол жайылымда қалмақтың ала аты өліп жатыр екен. Сол жер «Ала ат» атанып кетіпті.
27. АЛАҚОЗЫ
Суық күндердің бірі. Ел күзеуден қыстауға көшкенде бір байдың ала қозысы соңында қалып қояды. Көшіп, қоныстанып болған бай малын түгендеткенде, бір ала қозының жоқтығын аңғарады. Жалшылары шабылып іздейді, іздегенмен таппайды. Келесі жылы бай елі қыстан аман-сау шығып, көктеуге көшкенде, сол жоғалтқан қозылары алдарынан күтіп алады.
Содан бай елі: “Бұл киелі жер” деп “Алақозы” атаған.
28. АЛАШАХАН, ЖОШЫХАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Ертеде Сарыарқада Ұлытау тегіресінде Алашахан деген хан болыпты. Оның Жошы деген баласы, Домбауыл деген батыры болыпты. Ханның ордасы Ұлытаудың күншығыс жағындағы оңтүстікке қарай ағатын Кеңгір өзенінде болыпты. Сол хан ордасы тігілген жер бүгінге дейін «Қанды арал» аталады. Мұнысы хан отырған арал дегені. Бір күні хан баласы Жошы қасына нөкерлерін ертіп, аңға шығып құлан қуыпты. Басқалары жете алмай, тұлпар мінген Жошы ұзап барып жалғыз жетіп, құландарға араласқанда, қарусыз Жошыны құланның әңгілері (тентек айғырлары) ортаға алып, талап өлтіреді. Біреулер: «талап өлтіргеннің барлық етін жеп қойыпты, жалғыз-ақ шынтағы қалыпты» десе, енді біреулер: «жоқ, басқа етіне тиген жоқ, тек шынтағын ғана жоқ қылыпты» дейді. Тегінде соңғы сөз дұрыс болар. Өйткені құлан ет жемейтін аң ғой. Жошының нөкерлері артынан келіп өліп жатқан Жошыны тауып алып, елді хабарлайды. «Сақтай алмай өлтірдіңдер!» деп хан қаһар қыла ма деп қорқып, ел ханға айта алмайды. Күн ұзаған сайын қаупі қайғыға ауысқан хан енді қайғысына қаһар қосып, «Жошының хабарын айтыңдар» деп халықты қысады. Бірақ біріншіден айтуға қорқып, екіншіден қалай естіртерін білмей сасып отырғанда хан мынадай жарлық таратады: «Жошы қалай да аман емес, бір пәлеге кезікті. Оны айтпай отырсыңдар. Сұрағанда айтпағандықтан, мұнан былай Жошының жаман хабарын айтушының кім де болса аузына қорғасын құямын», – дейді. Халық бұрынғыдан да сасады. Жошының нөкерлері қорқып, басқа мемлекетке – Қытайға кетеді. Ақырында халықтың ойлы адамдары: «атақты бір домбырашы бар екен. Ол домбыраны кәдімгі адамша сөйлетеді екен», – деп, соны алып келіп, «Жошының өлгенін сен ханға домбырамен естірт», – деп жалынады. Домбырашы мақұл деп хан ордасына келеді. Қайғыменен зеріккен хан домбырашыны ордаға алғызып, неше түрлі зарлы күйлер тартқызып көңілін көтереді.
Мәжіліс әбден қызған кезде домбырашы домбырасына:
Алаша хан, Жошы хан,
Таудан құлан жосыған.
Жошы ханның өлгенін
Біле ме екен осы хан?
Құлан жеді Жошыны,
Нанбаймысың осыған, –
деген сөзді домбыраға сөйлеттіреді. Сонда хан:
– Япырмау, мына домбыра Жошыны құлан өлтірді деп отыр ғой, – дейді. Халық:
– Тақсыр, Жошының жаманатын өз аузыңыздан естідік қой, – дегенде хан домбыраның бетін тесіп, сол тесіктен қорғасын құйғызыпты.
Ашуын кімнен қалай аларын білмеген хан ойланып-ойланып, сол маңдағы құланды құртпақ болып, барлық жанды құлан қууға шығарады. Жошының Қабанқұлақ, Еңкей деген екі тұлпарының бірін мініп, бірін қосарлап Домбауыл да шығады. Аңшылар құланды оңтүстікке қарай үркіте қуып жеткенін қыра береді. Домбауыл бір бөлек құланның соңына түсіп, жеткенін қыра-қыра Ұлытаудан үш жүз шақырымдай жердегі Шу өзеніне жақындағанда тұлпардың біреуі тұрып қалады. Жетегіндегіні мініп тағы қуады. Көп ұзамай өзеннің аңғарына таянғанда ол тұлпар да тұрып қалады. Халық сол екі тұлпардың тұрып қалған жерлеріндегі екі төбенің аттарын сол екі тұлпардың аттарымен бірін «Қабанқұлақ» деп, бірін «Еңкей» деп атап кетіпті. Домбауыл қуған бір топ құланнан сол жерге келгенде бес-ақ құлан қалған екен. Сол бес құлан о да шаршап, екеуі жүруге шамасы болмай Шу өзенінен өтеді де, арғы беттегі бір төбенің бетіне барып жаланып жатады. Қазір сол бес құланның Шу өзенінен өткен жерін халық «Бес құланның өткелі» деп атайды. Құланды жайғастырған соң Алаша хан Жошыға көрнекті там салғызады. Кейін Алаша ханның өзінің де, Домбауылдың да сүйектері сол маңға қойылып, оларға да там салынады. Осы үш тамның үшеуі де біріне бірі қоралас Кеңгір өзенінің бойында.
29. АЛСАЙ ҚАШҚАН
Алтай руының үлкен тобы Алсай көршілес отырған айдалы, түнғатар руларына маза бермей жылқыларын барымтамен ала берген. Осы зорлығына шыдамаған екі ру бірігіп, бір жылы соғым уақытында барымташылар келген уақта жаңағы Алсай руының барымташыларына қатты соққы берген. Алсайлықтар аттарын тастап қашқан екен. Содан бастап «Алсай қашқан» деп аталып кеткен екен.
30. АЛТАЙ
Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың дәулеті шағын болғанымен ақылға парасатты, ойға бай адамдар екен. Солардың жан дегенде жалғыз бір баласы бар екен. Уақыт өз дегенін алмай қоя ма. Жасы жетіп қартайған шал мен кемпір күндердің бір күнінде ауруға шалдығыпты. Бірте-бірте аурулары меңдеп, асқынып екеуі де төсек тартып жатып қалады. Жанталасқан жалғыз баласы көрші ауылда тұратын кәрі тісті, мүкіс құлақты бір емші ақсақалға барып аурудың дәру болар емін сұрайды. Сырқаттардың жай-күйімен сырттай танысқан емші өзінің өмір-тәжірибесіне сүйене отырып, аурудың өзін ашыпты. Сонан ұзақ ойланып барып жаңағы жігітке былай дейді:
– Шырағым, балам. Бұл анау-мынау жазылатын жеңіл-желпі сырқат емес, егер шынымен ата-анаңа жаның ашыса, күннің шығысына қарай сапарға аттан. Күн жүрерсің, түн жүрерсің, ай жүрерсің, сөйтіп биік таулы бір өлкеге жетерсің. Сол жерлерге барғанда бір үңгірді мекендеген, қабақтарын ағаштың бұтасымен көтеріп қойып қарайтын, бурыл сақалы беліне түскен бір қарияға тап боларсың. Ол менің ұстазым. Мың жыл ғұмыр кешіп келе жатқан адам. Аурудың емін сол кісі ғана айта алады, – дейді.
Осы әңгімеден кейін жас жігіт ата-анасына ем іздеп жолға шығады. Қария айтқандай араға көптеген ойлар салып сол жерге жетеді. Қартқа жолығып, емшінің сәлемін айтады. Сонда оң жақ қабағын ағаштың бұтасымен көтеріп, жаңағы жігітке былай дейді:
– Қарағым, қадамың құтты болсын. Келгенің дұрыс болыпты. Ол ауру «безгек» деп аталады. Оны емдейтін шөп осы өлкеде ғана өседі. Дертіне дәру болсын, – деп бір түйнек шөпті жаңағы жігіттің қолына ұстатыпты. Қуанышы қойнына симаған жігіт еліне қайтып оралады. Әлгі шөпті қайнатып ішкізіп әкесі мен шешесін емдепті. Аз ғана уақыттың ішінде сырқат кісілер ауруынан айығыпты. Осыны естіген маңайындағы дертті болған адамдар әлгі жерге барып ем шөпті алып келу үшін жаңағы жігіттен жолды, жөн-жобаны сұрапты. Сондағы жігіттің айтқаны:
– Күннің шығысына қарай алты ай жүріп жетесің, қайтарда алты ай жүріп келесің, – дейді.
Сонан жаңағы таулы өлке «Алтай» деп аталып кетеді.
31. АЛТАЙТАС
Ертеде Тілеуберді деген бай жердің ең шұрайлы, ең әдемі жерін мекендеген екен. Оның малы өте көп, көптігі сондай құмырсқаның илеуіндей болыпты. Тілеуберді қаншама бай болса да жастай шаңырақ көтермейді, өзіне лайықты қалыңдық іздейді. Бірде ол сұлу Алтынайды естіп, мың жылқы қалың беріп, айттырып өзіне жар етеді. Қалыңдық өзінің жасауымен бірге құлы Шұнақты, күңі Күн атты қызды алып келеді. Арада екі жыл өткенде қожаларының рұқсатымен үй болған екеуінен (Шұнақ пен Күннен) Алтай атты ұл туады. Екеуі қайдан той жасасын, өздері біреудің есігінде жүргенде. Сөйтіп, Алтай өсе береді. Қозы бағып, отын тасыды, таяқ жеп, талай тепкі де көрді. Сол кездерде бай үйінде де Сұлушаш атты қыз дүниеге келді. Үлде мен бүлдеге оранған бай қызының ішкені алдында, ішпегені артында болады. Сұлушаш аққудай әсем болып бойжетеді, әрине, оған көз салушы жігіттердің де саны көп. Сұлулығы сондай: екі көзі қарақаттай, шашы қап-қара қолаң шаштың өзі, оның мүсінін көрген адам таңданып, тамсанбай өте алмайды екен. Жасынан бірге өскен Алтай екеуінің балалық шағы бірге болып, есейе келе бір-біріне деген сүйіспеншілігі оянады. Бірақ Тілеуберді бай өзінің туған айдай толықсыған қызын дәулетті адамға ұзатпақшы болыпты. Сұлушаштың: «Мені сүймеген адамыма берме» деген қарсылығына ешкім мән бермейді.
Атастырған жігіт Растай бір күні жүз шақты жігіттерімен ауылға келіпті. Сұлушаш болса киіз үйде жылап, күннен-күнге уайымға батып күн кешеді. Сол үйге бақсының кейпін еніп құтқаруға Алтай келеді. Екеуі ақырында бірге қашып шықпақшы болып келіседі де, уәде байласады. Сөйтіп, Сұлушаш, Алтай және досы Қайсар үшеуі туған ауылын тастап, жолға шығады. Олардың соңынан шыққан қуғыншылар қуып жетеді, бірақ Растай Сұлушашты өз дегеніне көндіре алмайды, тартып әкетуге Алтайдан қорқады, сөйтсе де соңдарынан қалмай қояды. Бір кезде алдарынан үлкен өзен кездесіп, Алтай тобы аттың күшімен аман-есен екінші жағына өтеді. Ал қуғыншылар болса өзеннен өтуге жүректері дауаламай қалып қояды. Олардын армандары ебін тауып Алтайды қолға түсіріп, Сұлушашты еріксіз әйел ету еді. Міне, сүйіскен екі жас пен досы Қайсар үшеуі Қарқаралы тауларына жетіп, «Шайтан көлді» қоныстанады. Таудың бір жартасына Сұлушашты жасырып, досы екеуі аң аулап, тамақ тауып күнелтеді. Бірде арқар соңынан түскен досы Қайсар жартастан құлап қаза болады. Aл қуғыншылар болса, әйтеуір өш алу үшін тоғайды өртепті. Сұлушаш түтіннен тұншыға бастайды да, еріксіз көлге қарай жүгіреді. Сол жүгірген Сұлушаштың алдынан жолбарыс шыға келіпті. Қатты шошынған қыз құтылу үшін көлге секіреді. Оның соңғы сөзі «Алтай, құтқар» болып, тау жаңғырығы сол айқайды Алтайға жеткізеді, «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей жүгіріп жеткен Алтай Сұлушаштың көлге кеткендігін, оның жалт-жүлт еткен су бетіндегі тақиясын көреді. Көл жағасында бүк түсіп отырып, сары уайымға салынған Алтай тасқа айналыпты. Сонымен ел сол тасты «Алтайтас» атап кетіпті.
32.АЛТЫН САНДЫҚ
Жаугершілік заманда атақты бір байдың қызы іші алтынға толған сандықты таудың етегіне әкеліп жасырыпты. Жылдар өтіп, ел арасы тынышталған заманда бір кедей баласы, сол таудың етегінде байдың малын бағып, күн көріпті. Күндердің бір күнінде баланың көзі жылтыраған бір нәрсені шалады. Ол оны күн сәулесіне шағылысқан тас екен деп ойлайды. Ертеңінде қойын сол жерге айдап келеді, түс мезгілінде кешегі құбылысты тағы байқайды. Бала не де болса, өз көзімен көруге әлгі күн сәулесіне шағылысқан тау етегіне келіп, тастарды қопара бастайды. Сөйтіп ол іші алтынға толы сандықты тауып алады. Міне, халық осы тауды «Алтын сандық» деп атап кеткен екен.
33. АМАНТАУ
Кезінде таудың бөктеріндегі жол ауылды өзге ауылдармен байланыстырған. Ауыл тұрғындары бұл жол арқылы басқа ауылдармен, қалалармен қатынасып тұратын. Кейіннен бұл жол арқылы өту қиынға соғады. Таудың бөктерінде айдаһар пайда болса керек. Өтіп бара жатқан адам біреудің ысқырығын естиді екен. Содан бұрылып қараған сәтте айдаһар жұтып алады екен. Айдаһар таудың маңына тірі жанды да жолатпайтын болыпты. Ауыл тұрғындары ол жолға жоламауға айналды. Өзге айналма жолмен өтіп жүретін болады. Сөйтіп бір күні Аманжол атты жолаушы асығып кетіп бара жатып, сол жолдан өтуге бел буады. Атымен шауып келе жатып, біреудің ысқырығын естиді. «Кім екен» деп көз қиығын сала берген кезде қатты леп артқа тарта бастады. Аяғы үзеңгіден шығып кетеді. Сол сәтте айдаһардың бар екені есіне түседі де, бетін тез кері қаратып атына қамшы басады. Сөйтіп жолаушы Аманжол аман қалады. Ауылға келіп ауыл тұрғындарына болған әңгімені айтып береді. Содан бері айдаһары бар таудан аман өткен Амантаудың құрметіне «Амантау» тауы деп аталып кетеді.
34. АҢРАҚАЙ
Қалмақ шапқыншыларынан әбден қалжыраған қалың қазақ елі бас қосып бірігіп соққы бермек болды. Ел ішіндегі бас көтерер батырлары жігіт жинап, жасақ құрады. Қарақұрым әскерлер Бөгенбай, Қабанбай тәрізді батырлардың басшылығымен жау жасақтарына қарай жол тартады. Арада көп күндер өткенде екі жақтың әскерлері де түйісіпті дейді. Қалмақ жағынан шыққан батырға біраз уақытқа дейін төтеп берер адам табылмай, қазақ батырлары ақылдасуға кіріседі. Сол сәтте ортаға ат ойнатып шыққан, бұғанасы толық беки қоймаған бір жас бозбала жаудың батырымен айқаса кетеді. Көзді ашып-жұмғанша-ақ қалмақ батырын аттан түсіріп басын найзаға шанышқан күйінде «Абылайлап!» ұран салып жауға қарсы шабады. Соңынан қалың әскер ілесіп, кескілескен ұрыс басталып кетеді. Әруақтанған қазақ әскерлерінің күші басым түсіп, жау жағы батырларынан да, басшыларынан да айрылып, тоз-тоз болып аңырай қашады. Содан бастап осы шайқас болған жерді халық «Аңрақай» деп атап кеткен екен.
35. АППАЗ КҮМБЕЗІ
Бір байдың жалғыз ұлы болған екен. Бірде кеш кезінде ме, жарық кезінде ме байдың құдай берген жалғыз ұлы осы жерде мертігіп, қаза болған екен. Қаза тапқан баланы жерлеп, басына осы күмбезді орнатыпты. Бұл күмбезді ұлының дулығасына ұқсас етіп, өте биік қылып орнатқызған екен деседі.
36. АРЫСТАНБАП
Қайтыс болар алдын Арыстанбап әулие жиналған ел-жұртқа: «Менің сүйегімді ақ аруанаға артып, басын бос қоя беріңдер, түйе қай жерге шөксе – сол жер бейітім болсын», – депті. Ел-жұрт солай етсе, ақ аруана біраз жерді шарлап-шарлап барыпты да қазіргі сағанасы тұрған жерге шөгіпті деседі. Сонан сол жер Арыстанбап басы деп аталып кетеді. Бірде Ақсақ Темір әмір беріп Қожа Ахмет Ясауиға зор ғимарат салдыра бастапты. Қабырғасы көтеріле бергенде, бір нән өгіз келіп бұзып кетеді. Ұсталар жабылып ғимаратты қайта тұрғызады, еңсесін биіктетіп, күмбезін де көтере бастайды. Бір түні ол тағы құлап қалады. Ел аң-таң болады. Ақсақ Темір ойланып жатып, ұйықтап кетсе, түсінде оған бір ақсақал кісі аян береді. Ол – Қожа Ахмет Ясауи жарықтық екен дейді. «Ғимаратты алдымен менің ұстазым Арыстанбапқа тұрғызыңдар» депті. Ақсақ Темір бар әскерін қатар қойып Түркістаннан 60 шақырым Отырарға кірпіш тасытып, Арыстанбап әулиеге сағана тұрғызыпты.
Арыстан бап әулие жөнінде:
Самарқанда сансыз бап,
Түркістанда түмен бап,
Отырарда отыз баб,
Ең үлкені – Арыстан баб, –
деген нақыл содан қалыпты.
37. АСАН ҚАЙҒЫ АҢЫЗДАРЫ
Асан қайғы желмаясына мініп, «Жерұйықты» іздейді. Жолда көрген жерлеріне ат қойып отырған. Жаңаарқа ауданына қарасты көп елді мекендердің атын қойған. Асан қайғы Ұлытауда қайтыс болғанымен, оның желмаясының шөккен жері Қарауылтөбе, казіргі Жаңаарқа ауданы Жаңаарқа ауданы ертеректе Асан қайғы ауданы аталған. Асанның желмаясы шөккен және жерленген жері Қарауылтөбе. Бірақ төбенің жартысы қазылып кеткен. Қазір орны бар ма, жоқ па, белгісіз. Қарауылтөбе кейіннен ат жарыстыратын ипподромға айналды. Асан қайғы Сарыарқаның Мыңадыр деген жеріне жеткенде, алдына қарап, көп адырларды көріп «Мыңадыр» атапты. Сондай-ақ алдында қарсы тұрған адырға қарап, көзін тігіп: «Мынау бір «Қарсыадыр» екен», оның жазығында тұрған үш тауды көріп: «Ойпыр-ай! Мынау бір құрты мен майы шашылған жайлы жер екен-ау», – деп таңырқап, оған ат қойыпты. Ол үш тауды «Қотыр», «Құртмай», «Шашты» деп атап кеткен. Осы таудың бөктерінде тоғыз ауыл Тама Нұрша болыстың, Әйменнің ұрпақтары қоныстанады. Нұрша Қылыш әулиенің ұрпағы Әймен Нұршаның баласы. Бүгінгі «Жеңіс» елді мекені ертеде «Түгі өскен» деп аталған. Бұл атауды да Асан қайғы қойған деген аңыз бар. «Түгіскен» деп аталатын жер, су аты Сыр бойында, Жиделі-Байсын жерінде де бар екен. Бірақ «Түгіскен» деген жер оба, төбешік деген мағынаны береді. Түгіскен елді мекенінің іргесінде Құлмырза төбешігі бар. Сол төбешікте Арап батырдың денесі жатыр. Тама Арап батыр деп жазып жүрген осы Арап болады.
38. АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ
Асан ата Көкшетау деген жерді көріп айтқан екен:
– Күні жауын, түні ыстық, жер сорлысы мұнда екен. Қатыны семіз, байы арық, ер сорлысы мұнда екен деп қайғылаған. Бұлай дегені орманды жер екен. Күндіз-түнде тыныш-тыным жоқ. Ағаш шабу, тасумен ерлерде демалыс жоқ. Арық, жүдеулі. Қатындар үйде жатады. Тыныш осы екен.
Қорғалжын деген жерді, өзенді, дарияны көріп, «кедейі кербез, кемпірі, келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Кәсібі, балығы, базары қызық .. қайғысы жоқ, халқы тыныш. Тек орталарында көңілдерін көтеріп шығып отыратын қақ төбесі жоқ екен. Теп-тегіс жер екен» деп кеткен. Қорғалжын деген жер үлкен дария екен. Балығы тайдай тулаған. Бақасы қойдай шулаған. Малы семіз, жері от. Халқы тыныш, базары үлкен, қызығы көп жер екен. Есіл, Нұраның өзені тағы басқасы нендей пайдалы. Балықты, өзендер соған келіп қояды екен. Сондай пайдалы жерлер екен. Соны солай деп қайғылаған. Еділді көріп қанды қиян екен деп кеткен. Жайықты көріп, балды қиян екен деп кеткен. Маңғыстаудың ойын көріп, шаңды қиян деп кеткен. Нарын деген құмын көріп, «ай, дүние-ай, суың тұщы, топырағың таза жер екенсің, мехнатың жоқ жер екен. Күндердің күнінде тай туар, тайлақ ... Бірақ кәсібің жоқ алыстан алатын жер екен. Кәсібің жоқ болса да, нәсібің бар жер екен» деп кеткен. Сабан салмай, егін шығады екен. Жаңбыр жаумай, көгің шығады екен деп кеткен.
39. АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ МАҢҒЫСТАУ ЖЕРІНЕ БЕРГЕН СЫНДАРЫ
Асан қайғы қырдың өрнегінен Маңғыстауға қарап тұрып былай деген екен: «Маңғыстау емес, мың қыстау екен» депті. «Төрт елі қырдың жайы-ай, жусанның майы-ай, жылқы күнелтетін жер екен» деген екен Үстіртке қарап. Қаратауға қарап тұрып: «Қолынан белі кетпесе, күндердің күні болғанда бес ұлдының күнелтетін жері екен» депті. Бозащыға қарап: «Он саулықты қоздатса, он жылда мыңға жеткізетін жер екен. Он іңгенді боталатса, он жылда жүзге жеткізетін жер екен» депті. Харазм (бес қалаңыз: Нөкіс, Қоңырат, Төрткүл, Қожелі, Боран) ойына қарап тұрып: «Астық тасып аларда, төстабандары жүрілген, жандарынан түңілген, ерлер жортар жер екен» депті.
40. АТ ЖЕТКЕН
Ел арасында Сеңкібай би жерді көп алып қойды деген дау туады. Әуелден қазақ арасында жесір дауы, жер жауынан қиын дау жоқ. Аңыз бұл дауға Үйсін Төле би де қатысты дейді. Жиналған жақсы жайсаңның алдында Сеңкібай би осы даудың билігін өзім айтам депті. Бұған көнбей шуласқан елді Төле би: «Айтсын, әділ шешім болып қисынын тапса – мақұлдармыз» депті. Сонда би ата: «Атым жетіп жығылған жерге дейін аламын» депті. Бұған билер де көнген екен. Сонымен сол отырған қыстаудан жіберілген бір аты Қызыларайдан әрі асар кезеңге жетіп жығылыпты. Атшабар балаға: «Айда, өлсе құнын өзім төлеймін» деген екен. Сөйтіп ол жер «Атжеткен» аталып кеткен.
41. АТ ТҰЯҒЫ БАСАР ЖЕР
Баяғы заманда дүниеде Асан қайғы деген дана өмір сүріпті. Ол арғымағымен әлемді шарлап, еш жерге ұзақ аялдамапты. Асан Қайғы жұрт табиғатпен үйлесіп, бақытты өмір сүретін жер іздейді. Мұндай ғажайып жерді ол «жерұйық» деп атайды. Бірде Жабай өзені жағасында кенет атын тоқтатқан ол: «Ат тұяғы басар жер екен» – деген сөздерді айтыпты. Осы араға киіз үйін тігіп, сұлу әйелін әкеліп, тіршілік етіпті. Оған әр жерден батырлар ат басын бұрып, жүйрік арғымақтарын ала келетін болыпты. Сол ерте заманнан бері бұл жер Атбасар аталып кеткен дейді.
42. АТАСУ
Сарыарқа өңіріне қарай ауған қазақтар қалмақтардан қашып келе жатып, Балқаштың бергі жағасына шаршап құлайды. Бұрын-соңды елсіз-күнсіз, иесіз жатқан далада шаршап жығылған жерлерін «Шаршаған», кейіннен Сарышаған атап кеткен. Осы өңірде біраз тұрақтап естерін жинаған босқындар Сарыарқаны бетке алып жүре береді, жүре береді. «Құлан өтпес, құс ұшпас» Бетпақтың шөліменен өткен жұрт елсіз-күнсіз шөл далада әбден шөлдейді. Үлкендері жүруден қалып, бір екі жасты су іздетіп, алдарын барлауға жібереді. Көп уақыт өтпестен жігіттер алдарында айдындай жарқырап ағып жатқан, жан-жағы қамыс пен шілікке бөленген жуас өзеннің үстінен шығады. Шөлден қаталап келген жастар жата қалып өзеннің суын мейірлері қанғанша жұтады, киімдерін шешіп, өзенге шомылып, шаршағандарын басады. Өзен жиегіндегі қалың қиыршық құмына аунап, біраз мызғиды. Әлден уақытта естеріне арттарында тосып отырған жұрттары түседі, торсықтарын суға толтырып алып, кейін қарай шабады. Алыстан ауыл шеті көрінгеннен: «Сүйінші Ата! Су!» – деп жарыса айғайлап елге жетеді. Атасудың суына тойған халық, көтеріле көшіп, Атасу бойын мекен етіп кетіпті.
43. АТАШ
Ертеректе Сырдария бойында екі ақ боз үй дарияның солтүстік бетінде тігулі тұрады. Осы тұстың оңтүстік бетіне дарияға бір шал қармақ салып отырса керек. Күн зауал ауған кез. Сол кезде дариядан күңіренген «Аташ» деп екі рет айқай шығады. Бұл дыбысқа шал таңдана қарап тыңдайды. Сөйтіп отырғанда астында аты бар бір жас жігіт келіп, аттан түсіп, атын матап ер тоқымын алып, атты байлап, дария жағасына келіп шалға сәлем береді. Шал:
– Балам, атың кім? – деп сұрайды.
– Атым – Аташ, – деп жауап береді.
– Онда, балам, қайда жүрмексің? – деп сұрайды.
– Дарияның арғы бетіндегі екі үйдің бірінде қалыңдығым тұрады, соған баруым керек. Шал оған:
– Немен барасың? – деп сұрады.
– Осы тұстан күнделікті дариядан жүзіп өтемін. Шал:
– Балам, онда бүгін арғы бетке менің айтқан тілімді алып бармай-ақ қой, – десе жігіт көнбейді. Шал:
– Балам, су шақырады деген бар еді. Жаңа бір әзірде Аташ деген дариядан күңіренген екі рет дауыс шықты. Сондықтан, балам, бармағаның жөн, – деп айтып еді, жігіт көнбеді. Жігіт:
– Ата, күнделікті өтіп жүрген жерім ғой. Сау болсам, барып қайтамын, – деп киімін басына орай дарияға түсіп, құлаш ұра кете береді. Бір кезде жігіт дарияның ортасына барған кезде: «Ата, мен кеттім!» – деп айқай салады. Жігіт сол бойынша хабарсыз суға батып кеткен. Сол Аташ кеткен дария «Аташ» деп аталып кеткен.
44. АТҚЫРЫЛҒАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Белгісіз бір заманда Қорғалжын ауданы, Майшұқыр ауылында Сержан атты бай тұрыпты. Кезінде ауылдағы билік өз қолында болған бай өзі тойса да, көзі тоймайтын дүниеқоңыз, сараң адам болған екен. Бар билік қолында болғандықтан халықты қанап, қыстап, ойына келгенін істеген. Өз қара басын ғана ойлаған. Ауылдағы ең шұрайлы жер де, өзен-көлдер де соның қарамағында болған. Иелігіндегі су, жерді халық пайдалана алмайтын. Себебі бай: «Менің дүниеме қол сұқсаң, ақысын төле», – деп пәле салады екен. Күндердің күнінде ауылдың басына қара бұлт төнеді. Ауылда құрғақшылық пайда болады. Ауыл шаруашылығының егістігі тұтас шықпай, құрғақшылықпен қатар ашаршылық азабы қатар төнеді. Дәл сол тұста қарапайым халық көмекті байдан сұрап, өзен арнасын егістікке бұруын өтініш етіп келеді. Онда бай егістікке жіберілген судың есесіне халықтан өздерінің қорадағы күн көріс малдарын алатынын айтады. Әрине, амалы жоқ халық ауылбасы Сержанның ұсынысына көнеді. Осылай малдарынан айырылып қалған халық егістігін аман алып қалады. Дегенмен қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ түрмей өз құлқынын ғана ойлаған байға да зауал келеді. Отар-отар малдары бірінен соң бірі індетке шалдығып, қырыла бастайды. Арамдықпен жиған малдан түк қалмай бай кедейлер қатарына амалсыз қосылады. Кезінде менің көлім деп әмірлік жүргізген байды мұқатқысы келгендер көлді «Ат қырылған» деп ауыл арасында атап жүреді екен. Кейін де сол атау көлдің аты болып қала берді.
45. АТТЫҢ ТАУЫ
(І-нұсқа) Ертедегі жаугершілік заманда Текесті мекендеген тайпалар мен Жетісуды мекендеген тайпалар ортасында соғыс болып, Текес тайпаларының қолына жетісулық бір бала олжаға түсіпті. Әскерлер оны Текес өзені жағасындағы хан ордасына әкеліп тапсырыпты. Хан балаға қой бақтырып қойыпты. Тұтқын болып жәбір көрген бала бір күні қой бағып жүріп Қарасайдың етегінен (қазіргі Текес-Құлжа тас жолының) жылқының бір қу басын тауып алып: «Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады», – деп еңіреп жылайды. Баланың зарлы жылауын естіген жұрт бұл оқиғаны ханға жеткізеді. Хан баланы шақырып алдырып:
– Сен неге жыладың, қу бастың тұлпардың басы екендігін қайдан білдің? – деп сұрайды.
– Мен соғыста олжаға түскен адаммын. Толыбай деген сыншы кісінің баласы едім, бұл жерде жүргеніме ұзақ жылдар болды. Ел-жұртымды сағындым, қу басты сынап көрсем тұлпардың басы екен, содан соң өз күй-жайымды соған теңеп құшақтап жыладым, – дейді.
– Олай болса, сен маған жылқыны аралап көріп, тұлпар тауып бересің, – дейді.
Бала бұған мақұл болып, ханның жылқысын араласа тұлпар табылмайды. Хан ел аралап тұлпар іздеуді тапсырады. Бала күнес жылқысы арасынан сүйегі ойқы-шойқы бір көк бестіні «осы тұлпар болады» деп ханға алып келеді де:
– Тақсыр хан, мынау тұлпар болады, бұны баптау керек, ол үшін бұның қасына отыз ат қосып бересіз, мен жайлау жайлатып, қыл бабына келтіремін, – дейді.
Хан баланың талабын орындайды, бала көк бесті мен отыз атты алып, аттың тауы жайлауына шығады. белгілі уақыт өтіп, аттары семіре бастағанда-ақ шетінен сойып, етін елге таратып, өзі жілігін шағып, майын тексеріп отырыпты. Аттарының отызыншысын сойғанда жілігінің басы ақкемік болған екен. Сол кезде бала «жіліктің басы ақкемік болғанда аттың семіріп жетілген кезі болады, бұны жаратқанда іш майы арылса да, жілік майы қалады. Егер осындай болғанда қандай шабыс болса да бұл ат төтеп береді. Қазақтың «Ат жүгірмейді, бап жүгіреді» деген сөзі дәл осы», – деген тұжырым жасап, көк бестіні ханның алдына алып барады да:
– Тақсыр хан, ат әбден жетілді, енді жаратамын, – дейді.
Хан мақұл болады. Бала атты ерттеп мініп, құм салынған қоржынды астына салып, Төрткүл мен Ешкілік тауы ортасында жүріп терін алып жаратады. Көк бесті әбден күйіне келгенде бала ханның ордасы алдына барып:
– Тақсыр хан, көк бесті күйіне келді, тұлпар мінген тұрар ма, ханды Құдай ұрар ма, – дейді де тұлпарға қамшы басып, еліне тартып кете береді. Хан ордасында аңырып тұрып қалыпты. Содан бастап баланың тұлпар мен отыз атты семірткен тау жайлауы «Аттың тауы» аталып кеткен екен.
46. АТТЫҢ ТАУЫ
(ІІ-нұсқа) Ерте заманда осы тауды бір шал мекендепті. Шал да, оның баласы да алып балуан екен. Күндердің бірінде баласымен ақылдасып, тауды қопарып жөткеп, Текес өзенін бөгеп жазыққа су шығарып, жайылымды суарып, егін екпек болыпты. Бірақ ертең іске кірісеміз деген түні баласы шалдың айтқан шартын орындамай келіншегінің қойнына жатып қойыпты. Нәтижеде баланың алып күші қайтып, тау қопаруға шамасы келмей қалыпты. Сонда шал ыза болғанынан: «Сенің сазайыңды тарттырмасам» деп баласына тұра ұмтылыпты. Бала әкесінен жасқанып қашыпты. Шал таудан еңкейте жазыққа дейін қуыпты. Бала сонда «Ата, ататай, мен жазықтымын, кешіре гөр күнәмді. Бұдан былай айтқаныңды орындаймын» деп қашқан екен. Жазықтағы ел балаға араша болыпты. Бұрын бұл таудың аты жоқ екен. Әлгі баланың қашқанда айтқан сөзі және бұлардың тау қопару жөніндегі алып күштеріне қарай «Ата тау» деп ат қойыпты. Кейін келе «Аттың тауы» деп өзгерген делінеді.
47. АТТЫҢ ТАУЫ
(ІІІ-нұсқа) Ерсары байдың жылқысы Жұлдыз үстіртін қыстап, Қосетекті көктеп, ала айғыр, сайқал өңірлерін жайлайды екен. Бір жылы жылқысын айдап жайлауға қайтқанда бәйге шұбар деген ат мен бес жүз ат бөлініп Жүрек тауында қалып қояды. Ерсары байдың баласы Сүмбеге жеткенде шұбар атты іздейді. Жылқышылар: «Шұбар ат Қосетекте бар болатын, Жүректе қалған болуы мүмкін» деседі. Жылқышылар іздеп келіп, Жүрек тауынан тауып қайтыпты. Содан «Ат қалған тау» деп аталып, кейіндеп «Аттың тауы» аталып кетіпті.
48. АЯГӨЗ
Ерте замандардың бірінде ел болып әлпештеген ауылына көркі сай, сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін бір қыз өмір сүріпті. Ол қыздың аты – Аяу екен. Бой жетіп, толған айдай толықсыған шағында сол елдің жігіті Жайсаңмен тіл табысып, көңіл қосады. Екеуі бірге өмір сүруге сөз байласады. Күндердің бір күнінде ниеті қара Нойыс деген бір жігіт Аяуды айттырып алмаққа құдалық кәдесімен келіп, ауылына түседі. Бұған Жайсаңның туған-туысқандары араласып, іс насырға шабады. Әбден шиеленіскен кезде бір қапысын тауып, Нойыс Жайсаңды мерт қылады. Осындай қайғылы оқиғаның куәсі болған Аяу нәр сызбайды, ботадай боздаған күйінде жатып алыпты. Үлкеннің сөзіне құлақ аспайды, кішіні тыңдамайды. Құрбы-құрдастарымен де қатыспайды. Сөйтіп қайғының салдарынан Аяу қаза тауыпты. Көзінен аққан жас сарқыраған өзенге айналыпты. Сонан ел жаңағы өзенді Аяудың көзінен аққан жас, Аяудың көзі деп атап, кейін келе «Аягөз» болып кетіпті.
49. ӘЖІБАЙ САЙЫ
Беріктас ауылының Қарасай сайының жоғарғы жағында орналасқан Әжібай сайы. Ертеректе сол жерге қазақ елі қыстауға көшіп келеді екен. Әжібай сайы аталуы сол жерде атақты Кіші жүздің әлім атасынан шыққан Әжібай би өмір сүріпті. Ол халықты басқарушылық қабілетімен де, әділетті білімділігімен де бірден-ақ көпшіліктің көзіне түсіп, ел аузына ілігіп, би атағын ерте алған екен. Ел арасында кездесе беретін не біреудің құны, не нардың пұлы кетіп, шиеленіскен жұрт Әжібайдың билігіне таласыпты. Әжібай өзі қыстауға көшіп барғанмен ел сол сайды «Әжібай сайы» деп атап кеткен екен.
50. ӘКІМ ҚҰЛАҒАН ЖАР
Ертеде Арқаны мекендеген Әкім атты барымташы кісі өмір сүріпті. Әкім жүргенде ізін білдірмес ұры да, сонымен қатар шапқан аттың құлағында ойнайтын епті болған екен. Содан бір жылы өзі көптен қызығып жүрген байдың бір бәйге атын ұрлайды. Бір ауылдың бетке ұстар аты ұрланғаннан кейін жұртта ес қала ма, бәрі бір-бір атқа мініп ұрының ізіне түсіпті. «Жетім» шоқысының етегіне іліге бергенде қашқынның қарасы көрініпті. Жан бермек оңай ма? Соңындағы қиқулаған қуғыншыларды көргеннен соң ұры атының басын талға қарай бұрады. Талдың бергі қабағында талай жылдан бері су қазып тастаған биіктігі қырық құлаштай терең жар болатын. Еті қызған атының екпіндеген шабысымен сол жардан секірткен екен. Биіктен ұшқан ат шыңғыра кісінеп төрт тұяғы жерге тиген кезде мерт болыпты. Артынан жеткен қуғыншылар бұл көрініске іш тартысып таң-тамаша болып қалса керек, аты өліп, өзі тірі қалған ұры қасындағы қалың тоғайға кіріп, құтылып кетіпті. Содан бері бұл биік жарды халық «Әкім құлаған жар» деп атап кеткен екен.
51. ӘУЛИЕ АТА
Ежелде Қарахан атты батыр болған деседі. Ол Айша бибіге ғашық болады. Бірақ Айша бибінің әкесі мен Қарахан батыр бір-біріне жау болатын. Бір күндерде Қарахан Айша бибінің әкесінің ауылын шауып, Айша бибіні алып қашпақшы болады. Қарахан Айша бибіні алып қашып бара жатқанда әкесі жендеттерін жіберіп екеуін өлтіртпек болады. Елінен ұзатылып Қараханмен бірге қашып бара жатқан Айша бала кезінен өскен жері Аса өзеніне бір шомылмақ болып суға түседі. Осы кезде қыздың әкесі жіберген жендеттер Айшаның сәукелесіне жылан салып жібереді. Суға шомылып көңілі шаттанған Айша сәукелесін киген кезде жылан шағып, есінен танып, әлсірей бастайды. Осы сәтте Қарахан есінен танған Айшаны көтеріп алып, молдаға апарып, неке қиғыздырады. Сол Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызып, қасына өзі де бір орын қалдыртады. Содан кейін-ақ Қарахан ақ сәлде, ақ жидемен жүріп, көз жұмар шағына дейін Айша бибі мазарын күзетіп, өмірін сонда өткізген деседі. Қараханның осындай іс-әрекетіне қарай ел оны әулие деседі. Сол жерді ел «Әулиеата» атап кетіпті.
52. ӘУЛИЕ ҚЫЗ
Ерте замандардың бірінде кең көсілген жазық далада шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың жалғыз қызы болыпты. Күндердің бір күнінде сол маңайды мекендеген ел-жұрт жазылмастай қатерлі ауруға шалдығыпты. Бірінен кейін бірі шетінеп, қарақұрым халықтан қонадай-ақ қалыпты. Кейбір отбасылар аурудан құтылудың амалын іздеп мекендерін ауыстырып көше бастайды. Солардың қатарында әлгі шал мен кемпір бар екен. Көшіп бара жатқан кезде қыз былай депті:
– Ауылдан күншілік жер шыққанда мен қайтыс боламын. Сол қайтыс болған жерге мені жерлейсіңдер. Жерлеген күннің ертеңінде менің қабірімнің жанынан үш түрлі бұлақ басталады. Бір тал өсіп шығады. Сырқатты болған ел-жұртым сол бұлақтан сусындаса, ауруынан айығады, – деген екен.
Айтса айтқандай, көш күншілік жерге жеткенде қыз ауырып өледі. Жерлеген күннің ертеңінде үш бұлақтың бастауы ашылып, су аға бастайды. Сол судан ауыз тиген сырқаттардың барлығы құлан таза айығыпты. Ал жаңағы бастауды халық «Әулие қыз» атап кетеді.
53. ӘУЛИЕТАС
Көне замандардың бірінде етегін кең жайған елде шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың жалғыз баласы болыпты. Тағы да нәресте көргісі келген бәйбіше жас болудың жолын іздейді. Сұрай-сұрай бір жерде қасиетті тау бар, сол таудың етегінде қасиетті тас бар, ол тастың өзі үш бөлек, сол жерге барған адам тілек тілесе айтқанын орындайтын әулие бар дегенді естиді. Шал мен кемпір баласы үшеуі сол жерді іздеп тауып, киіз үйлерін тігеді. Осы үйдегі бәйбішесі өзінің бақытын, яғни Ару-атаға кездесу сәтін ойлап жүреді. Кешке қарай бәйбіше тау шыңына шығып, түнге қарай Ару-атаны тосады. Түн ортасында бір шу естіледі, бір нәрсе жарқ етеді, міне дәл осы кезде бәйбіше беті әжім-әжім шың қожасының тас орындыққа отырғанын көреді. Ол өзінің зор дауысымен: «Саған не керек?" – деді. Сонда бәйбіше: "О, қасиетті қария! Менің жастығымды, әрі әдемілігімді қайтарсаң!" – деген екен. «Өз отыңа орал, айтқаның орындалады». Бәйбіше ұшып түрегеліп бір адым да жасап үлгермей, өзінің денесінің жеңілденіп сала бергенін байқайды. Сөйтіп тастан-тасқа секіріп, тау шыңынан төмен түсіп өзінің күйеуі мен ұлына жетеді. Бірақ қаусаған шалын менсінбей жас қатын жаққан ошағынан безіне бастайды. Не істерін білмеген шалы Баба-шашты Ару атаға аттанады. Ол қасиетті қартқа жолығып, өзінің бұрынғы бәйбішесін қайтаруын өтінеді. Сөйтіп үйіне келсе, бұрынғы үйінен безінген жас, ақылсыз әйелдің орнында отырған, бұрынғыдан да қартайып, еңкіш тартқан бәйбішесін көреді. Өзі де кәріленіп кетеді. Әке-шешесінің үш күннің ішінде өте қартайып кеткендігін байқаған ұлы әулиеге өзі барып әке-шешесін бұрынғы қалпына, жасына келтіруін тілек етеді. Сөйтіп, әулие бұл адамдарды бұрынғы қалпына келтіріп, олар одан әрі бақытты өмірлерін бастаған екен дейді. Ал, әлгі әулие отыратын тасты халық "Әулие тас" атап кетеді.
54. ӘУЛИЕТАУ
Атқан оғы жерге түспейтін, көздегені мүлт кетпейтін дала кезген бір аңшы өтіпті. Оның кезбе атану себебі, сыры былайғы жұртқа беймәлім екен. Әйтеуір елден жырақтап, тау-тасты паналап, аң-құстың етін азық етіп күн көрген. Аңшыға Қызыларайдың кез-келген жыра жықпылы, тау-тасы, өрген аңы, ұшқан құсы алақанындағы жазудай әбден таныс болыпты. Күндердің күнінде жолы түсіп, мекені болған тау қуысындағы үңгірдің біріне түнейді. Мылтығын жастанып, бешпентін жамылып, қатты ұйқыға бас қойса керек. Түсіне көптен көріспеген ел-жұрты кіріп, елегізіп ояна беріпті. Аңшы еркін даланың ерке елігін, бейкүнә жануарларын жөн-жосықсыз қырып, тамағын тауып келген аңшылық кәсібін Алланың бұйрығы деп қабылдайды екен. Табиғат аясында еш қамсыз-мұңсыз тірлігіне еті үйреніп, келе-келе жүрегінен мейірім аты өше бастаған соң ол тағы тірлікті әбден мойындап кеткен-ді. Таң қылаң бере жанын жегідей жеген туған елге деген сағынышын оятқан үңгірден кетіп бара жатады. Кенеттен тау биігіндегі қарауытқан әлденеге көзі түсіп, қырағы көзі киіктің сұлбасын қапысыз таниды. Көзі қарауыта жіті аңдып, мылтығын сайлай бастайды. Кәнігі қол мүлт кетсін бе, тау жаңғырып мылтық даусы тиыштықты бұза, алыс-алыс белдерге кетіп жатты. Артынша оққа ұшқан киіктің қып-қызыл қаны жаңа атып келе жатқан күннің бетін жапқандай, тас үстімен сорғалап мөлт-мөлт тамып жатты. Бойынан әл кете бастаған киік ақырғы күшін жинап, ышқына кері жалт бұрылды. Сол кезде киіктің қос өкпесін тесіп өткен қорғасын оқ қайыра кері серпіліп, зуылдаған бетте өз олжасына масаттанып тұрған аңшының жүрегін тесіп өткен екен. Киіктің де, аңшының да көздерінде таудың үшкірлене біткен шыңдарының суреті көл бетіндегі ай нұры секілденіп дірілдей тұнып қалыпты деседі. Аңшыны ұрған киіктің киесі дейді аңыз. Содан бері тау киелі саналып «Әулиетау» аталып кетіпті.
55. ӘШЕКЕЙ ҚЫЗ
Әшекей сұлу ертеде қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын өңіріндегі Құланөтпес өзенінің бойында өмір сүрген байдың жалғыз қызы болған екен. Сөйтіп, жоңғар шапқыншылығы кезінде жоңғарлар Ұлытауға дейін, нақтырақ айтсақ, Қарасиыр Бұланты өзенінің бойына дейін барған кезде Әшекей сұлудың ауылын шабады. Сөйтіп, Әшекей қыздың жұртына, әкесіне айтады: «Қызыңды маған бересің, егер бұл бұйрығымды орындамасаң бүкіл еліңді қырып-жоямын», – деп сұс көрсетіпті. Содан қыздың әкесі және халқы соған көніп, жоңғардың әскерін бастап келген қолбасшыға қызын бермекші болады. Әшекей қыз да бұған келісімін береді: «Мені отыз күн ойын, қырық күн тойын беріп ұзатыңдар», – дейді. Үй тігіп, батыр кірген кезде Әшекей сұлу да беліне қанжар байлап, соңынан кіреді. Оны күзетшілер тексермей, отауға кіргізеді. Жоңғардың батыры шешініп жатқан кезде Әшекей қыз қанжарымен жаудың жүрегіне сұғады. Сол уақытта жоңғардың әскері сезіп, сол арада Әшекей қыздың басын шауып алады. Батыры өлген соң жоңғардың әскері еліне қарай қашады. Әшекей сұлудың еліне деген ерлігі халқының арасында өшпестей із қалдырды. Қазір сол жер «Әшекей жазығы» аталып кетті.
56. БАБАТАЙ
Көнекөз қариялардың айтқан аңызы бойынша бір кездері Бабатай өзенінің орта тұсынан биіктеу жерден жаз мезгілінде бір тай көрінетін болған және жылма-жыл көрінетін тайдың не түсі, не жасы өзгермеген. Осыны байқаған жергілікті халық әлгі тайды жердің иесіне жорып, яғни арғы ата, түп төркіні деген мағынада пайдаланып, біздің киеміз деп пайымдаған. Осыдан келіп Бабатай деген атау шыққан дейді.
57. БАЗАР БЕЙІТІ
Базар – әйгілі Тана мырзаның ұлы атасы. Жылда осы жаққа жайлауға шығады. Бір жылы Базар байдың жылқысы бір шаруаның егініне түсіпті. Егіннің біраз жерін бүлдірсе керек. Ызаланған әлгі шаруа Базар байдың киіз үйіне кіріп, төрде қаннен-қаперсіз шай ішіп отырған байды мылтықпен атады да салады. Базар тіл тартпай өліп кетеді. Дес бергенде, мылтық даусын жылқыдағы азамат балалары естіп, атпен шауып келсе, әкелері ұзыннан түсіп өліп жатыр. Шешелері ес-түссіз талып қалыпты. Сонадай жерде атқан шаруа жаяу кетіп барады екен. Байдың төрт баласы қуып жетіп, әлгінің мойнына арқан тастап, сүйретіп жүріп өлтіреді. Сөйтіп, өздері Тарбағатай тауының қыстауына көшіп кетеді. Содан бастап бай жерленген жер «Базар бейіті» атаныпты.
58. БАЙЕДІЛ-ТОҚАБАЙ
Сарысу өзенінің жағалауында екі жас жауынгер Байеділ мен Тоқабай кездесіпті. Олар екеуінің жоңғардың шабуылына қарсы тұруға бара жатқанын, екеуінің жолы бір екенін біліп, достасады. Олар: «бір-бірін осы дүние мен о дүниеде тастамаймыз» деп анттасады. Бірнеше жылдан кейін екі дос отандарына жеңіспен қайтып келеді. Екеуі Тоқабайдың ауылына жақындайды. Бір себептен іштей қуанып келе жатыр, ал бір себептен қоштасу сәті жақындаған сайын іштей жандары күйіп келеді. Жолда олар демалғанын дұрыс көріп, аттарынан түсіп, жайылуға жібереді. Ал өздері от тұтатып, киіктің етін пісіріп жеп демалады. Табиғаттың сұлулығын айтып, айдың жарығын әңгімелеп жатқанда ұйықтап қалыпты. Таңертең бірінші Тоқабай оянады. Досының ұйқысын қимай, аттарды жетектеп ерттеп, досын оятады. Бірақ досы тұрмайды. Тоқабайдың жүрегі аузына келеді. Байеділді жұлмалап оятып көрсе, досы өліп қалыпты, оны улы кене шағып алған екен. Енді Тоқабай досын қайтыс болған жеріне жерлейін десе жер жаман екен, үсті құм болғанымен, астыңғы жақтары тас. Жалғыз қылышымен ұрғылап, соғып жатқанымен тасты жер берілмепті. Ал, шілденің ыстығында мәйітті бір жерден басқа жерге ауыстыру адамды сыйламағандығы. Жарты күн қазуға тырысады, ыстықка мәйіт бүліне бастайды. Амал болмағандығынан Тоқабай құммен жауып, белгі ретінде жерге қылышын шаншып кетіпті. Өзі ауылына көмек іздеуге кетеді. Қайтып келсе досының мәйіті жоқ екен. Ұзақ іздеулер ешқандай қорытынды бермепті. Өзінің досын ойлай Тоқабай Байеділ жатқан жерінде өзінің дәл сол жерде тұратынын шешіпті. Ал сол төбешік Байеділ деп атанды. Уайым мен қайғы Тоқабайға тыныш өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Көп ұзамай бір жылдан кейін Тоқабай да қайтыс болды. Өлім алдында өзінің туыстарына өсиет қылып айтып, осы жерге, досының қасына қарсы төбешікке жерлеуін сұрапты. Ол төбешікті Тоқабай деп атапты. Сол сәттен бастап ол жер «Байеділ-Тоқабай» деп атаныпты.
59. БАЙҚАЛ МЕН АҢҒАРА
Ертеде барлық Сібірді билеп-төстеп жүретін бір бай адам болыпты. Оның байлығына қоса, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс екен. Байлығына батырлығы сай болып, барлық Сібірді аузына қаратыпты. Сондықтан Байқалдың лақап аты «Сібір» атаныпты. Байқалдың байлық, батырлық-ерлік, жақсылық қасиетіне қоса, қаһарлы, ашулы, ызғарлы сипаттары да болыпты. Байқалдың бір іске көңілі түспей, ашуы келсе, ол бетін түстікке бұрып қараса, барлық Сібірдің келбеті өзгере бастайды екен: күн өздігінен суытады, аспан түнеріп бұлттанып, бұлттар ерсілі-қарсылы көшіп, ызғарлы қар-жаңбыр жауып, жел соғып, теңіз тулап жағаны соғып, орман да бойын жазып тік тұра алмай еңкейіп басын иіп мөлиіпті. Жер бар сырын ішіне тартып, тоңып қатып қалыпты. Жануарлар батырдың бұл қаһарына шыдамай, бойын көрсетпей, бас паналап көрінген ін-шұңқырға тығылыпты да, батырдың ашуының қайтуын күтіпті. Ал батырдың ашуы қайтса, бетін терістікке бұрғаны. Онда манағы құбылыстың бәрі өзгеріп, барлық Сібір жайбарақаттыққа айналып, барлық жаратылыс рақат табады екен. Байқалдың Зарлық деген жалғыз қызы бар екен. Ол қыз дүниеде теңдесі жоқ Аңғара деген батырға ғашық екен. Жастардың бұл сырын білсе, Байқал барлық Сібірді екінші түрге айналдырып жібереді, өйткені бір жорықта Аңғарамен кездесіп қалып, екеуі бірін-бірі көрместей болған екен. Екі ғашық Байқалдың бұл мінезін біліп, енді не істерін білмей дағдарысады, сөйтіп жүргенде бұлардың сырын Байқал сезіп қалып, алдымен қызы Зарлықты өлтірмекші болып ұмтылады. Зарлық қорқып тауға барып тығылады. Сол тау артынан «Мұңлық-Зарлық» атанады. Ал Аңғара қорықпады, бірақ атасына қарсы келмей бетін солтүстікке қаратып, жан-жағына қарап тұрды да, алға жүре берді. Бұл кезде Байқалға да ой түсті ме немене, ойланып артына қарай-қарай тартып отырды. Ал Байқал осы қылған қаталдығына өкініп, жер бауырлап жата кеткен екен. Қайғысының күштілігінен жер ойылып, түпсіз терең көлге айналыпты. Одан шыққан су Аңғараның ізімен жүріп, ағып отырып үлкен өзенге айналыпты.
60. БАЙҚАТЫН
Балқаш көлінің жағасында ерлі-зайыпты екі адам болыпты. Әйелі өте ақылды болса керек. Келін боп түскен жері үш ағайынды деп аталатын арғын елінен екен. Үш ағайынды руының қыдырынан тараған. Отау тіккен күндерінен бастап-ақ ерекше көзге түседі. Өте қонақжай, дастарханды болады. Ақылымен әр нәрсенің жөнін, ретін тауып, ел арасында үлкен беделге ие болады. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, қолы кең ол өткен-кеткеннің бәріне де қамқор болады. Жарлыны жарылқайды. Алыстан арып-ашып келген адамға мал сойып, дастархан жайып күтеді екен. Таныс болсын, бейтаныс болсын кім-кімге де жарқын пейіл танытып, қолынан келген жақсылығын аямайды екен. Одан тарылмайды. Қайта ең бай, қуатты тірліктің иесіне айналып, бай қатын атанып кетеді. Қартайып, кейін өлген шағында балалары оған арнап күмбез тұрғызады. Ол күмбез бүгінгі күнге дейін сақталған. Өткен-кеткеннің бәрі де күмбезге тоқтап, оған зиярат етіп өтеді. Кейін ол жер Байқатын атанып кетеді.
61. БАЙҚОҢЫР
Бір жылы Сырдың бойында үлкен жұт болып, бүкіл малдар қырылып қалған екен. Соның алдында назарларға (ру аты) бір бай Қоңыр атты қызын ұзатып салған. Екі-үш жыл өткеннен кейін қыздың ағасы балаларға барып қайтайын деп барса, олар қыстан аман шыққан екен. Барса қарындасы алдынан шығып, жақсылап қонақ қылған екен. Содан қарындасы:
– Аға, ел жұтап жатса мына малдан мал алып кет, жылқыдан жылқы алып кет, – деп бір қора мал береді. Ағасы малды ауылға әкеліп, әркімге таратады. Жұрт: «Мұны қайдан алып келдің?» – деп сұрайды. Сонда ағасы:
– Қоңырдың барған жері жақсы екен, қыстан аман-есен шыққан екен, – дейді. Оны естіген жұрттың біз де құдаларға барып келейік, ең болмаса ат мініп келейік деп барғандарының ешбіреуі құр қол қайтпайды.
Содан Қоңыр деген қыздың барған жері бай болған соң, осы жер «Байқоңыр» аталып кеткен екен.
62. БАЙТУҒАН
Бірде Әлдеберген, Байтуған, Жақып-Кеңгір ауылы болып, көшіп бара жатқанда ағайын арасында іріткі туады. Содан алакөздік ерегес кеулеп, көш бұзылады. Осы жолы киқарлыққа салынған Байтуған ағайын-туғандарынан бөлініп, бұған дейін атаусыз келген оты мол қақтың бойында қонып қалады. Сөйтіп, әуелі «Байтуған қонған», ал кейіннен «Байтуған» атапты. Бұл жерге су жайылып, кәдуілгі көлге айналуы, үйрек-қазы қонып, балықтың пайда болуы сірә, кейіннен, әлгі жан-жақтан тоған тұрғызып, жасанды көлтабандардың өмірге келуімен байланысты болса керек.
63. БАҚТЫ ТАУЫ
Асан Қайғы «Жерұйық» іздеп, жер дүниені шарлаған. Жақсы-жаманын барлап жүріп біздің Түндік өзеніне жеткен екен. Бір түнеп аттаныпты. Желмаясына мініп тұрып «Пай-пай! Ащылы-тұщылы ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік, Шопан атаға құтты қоныс екен ғой», – депті. Түстік жердегі өлкесі қайың тал, тау-тасы, қарағай-шыршалы, сай-саласы қалың шалғын айнала етегі шымырлап атып жатқан сансыз бұлағы бар тауды көргенде: «Жерім-ақ екен! Алланың жарылқауы-ай! Алақандай тау болса да айналасындаты елге құт-береке, ырыс пен бақ екен ғой!» - депті. Сонан «Бақты» деп атанып кетеді.
64. БАЛАҒАЙЫП ҮҢГІРІ
Баяғы өткен жаугершілік заманда осы ауылға күтпеген жерден қапыда тиіскен жау қамсыз отырған жұртты аяусыз қырып салған көрінеді. Сонда нөпір халықтың ішінде аман қалған жалғыз бала тауға қарай дедектей қашып, жыпқыл тас арасындағы бір үңгірге барып тығылыпты. Ізбе-із қуып келе жатып, көз алдарындағы баладан айырылып қалған жау әбден әбігерге түседі. Тау-тасты шарлап, қанша іздегенімен, бірақ бала таптырмайды. Ойламаған жерден жұмбақ көрініске тап болған қуғыншылар «Бір Құдайдың кереметі шығар, сондықтан Алланың қаһарына ұшырамай тұрғанда тезірек кетейік» деп, аттарының басын кері бұрған екен... Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, жапа шеккен күнәсіз жас өспірімге койнын ашып, пана болған қара тас бертін келе «Балағайып үңгірі» аталып кетіпті.
65. БАЛҚАНТАУ, ҚУ ТАУЛАРЫ
Осы өңірдің атақты байының Балқан атты сері, әнші-күйші батыр ұлы болады. Ол құралайды көзге атқан мерген екен дейді. Балқан осы таудың етегіндегі көлдегі аққуды атып алған екен. Аққудың киесі болар, Балқан сүйген сұлуына қосылған соң, бірде аңға шығады. Осы тау ішінде киелі бір елікті атып, жолда өзі мерт болады. Сол бай баласының атымен «Балқантау» аталыпты-мыс. Айтып өткендей бұл тауларды «Қу таулары» деп те атайды. Ертеде бір мыңғырған малы бар бай осы жерге көшіп келіпті-мыс. Осы тауда баласын жоғалтып бір күн, бір түн, бір апта, ай іздеп таба алмапты. Күндердің күнінде шаршаған бай бір тастың үстіне отырып, «Әй, қусың-ау, қусың» деп, содан «Қу тауы» аталып кетіпті.
66. БАЛҚАШ
(І-нұсқа) Ерте заманда осы көлдің жағасын мекендеген бір байдың жалғыз қызы кедейдің жігітімен көңіл қосады. Бұл жайды тек қыз жеңгесі ғана біледі. Уақыт өте келе байдың ерке өскен жалғыз қызының кедей жігітінен аяғы ауыр болып қалады. Не істерін білмей сасқан қайын сіңлісіне жеңгесі мынадай ақыл береді:
– Әкең сені бұл жігітке бәрібір қоспайды. Ал сенің мына жағдайыңды естісе екеуімізді де оңдырмайды Өлімнен ұят күшті емес пе? Сені өз қолымен өлтіруден де таймайды. Жігітіңнің сені аламын деген сөзін қайтесің. Оған бәрібір туған-туыстарың өліп бара жатса да ризалығын бермейді. Оның алып қашам деген сөзі бар емес пе? Сенің жалғыз ғана жолың сол. Әрине, ел шулар. Бірақ ел дүрлігіп басылған соң-ақ ата-анаң кешірер. Солай істе! – дейді.
Жеңгесінің ақылын тындаған қыз қашуға дайындалады Бірақ бір күні жеңгесі әңгіме арасында қарындасының жағдайын ағасына байқамай білдіріп алады. Бар шындықты қазбалап сұрап алған ағасы сол кедей жігіттің үйіне іздеп барып, қатты ашу үстінде өлтіріп тастайды. Бұны естіген қыз:
– Онсыз маған өмірдің қажеті не? Бұл өмірде мен көрерлік қандай қызық қалды? Сүйген адамымнан айрылып, ата-анамның көзіне күйік болғанша, қайғымен өмір сүргенше өлгенім артық емес пе? Елдің қарғысын, балағат сөзін естігенше аш балыққа жем болайын! Көлге кетіп, суға батып, қарамды өшіріп өлгенім артық. Одан да балыққа жем болайын, – деп өзін мерт етеді. Осы уақиғадан кейін көлді «Балық аш» атап кетеді. Көлдің аты уақыт өте келе «Балқаш» болып біржола аталып қалыпты.
67. БАЛҚАШ
(ІІ-нұсқа) Ертеде Балқаш деген бай болған екен. Оның көркіне ақылы сай Іле деген қызы болыпты. Іленің көріктілігі мен ақылдылығы жан-жаққа аңыз болып тарайды. Ілеге құда түсушілер келе бастайды. Бірақ Іле қыз олардың бірде біреуіне өз сезімін алдырмайды. Сол елде Қаратал деген батыр, кедей жігіт болады. Ол үнемі жарлы-жакыбайлардың сөзін сөйлеп, оларға көмек беріп жүреді. Бірде Балқаш бай үлкен ас береді. Бұл аста ақындар айтысып, жауырындары жерге тимеген палуандар белдеседі. Шабандоздар бәйгеге түседі. Бұл асты бергенде Балқаш байдың ойында қызы Ілеге болашақ күйеу іздеу де жоқ емес-ті. Осы аста Іле мен Қаратал кездеседі. Бір көргеннен бір-біріне тәнті болған екі жас тек іштей ұғысады. Сегіз қырлы, бір сырлы Қаратал бұл аста ерекше көзге түседі. Балқаш бай қызы Іленің Қараталға ерекше ілтипат көрсетуінен қатты шошынады. Қараталды қызына тең көрмейді. Балқаш бай бақыт тек байлықта деп ұғады. Қаратал Ілеге қанша ынтызар болғанымен, арада алынбас қамал барын ұғады. Ол – өзінің кедейлігі еді. Іле Қараталды шын сүйетіндігін айтып, әкесінен рұқсат сұрайды. Балқаш бай рұқсат бермек түгілі жігіттің атын атауға тыйым салады. Ақыры ебін тауып, Іле мен Қаратал ауылдан қашып шығады. Қызының кедей жігітпен қашып кеткенін білген Балқаш бай өзі бас болып арттарынан қуады. Іле мен Қаратал қуғыншылардан құтылмасын біледі де, әкесін тосып алады. Әкесімен бір ауыз сөзге келеді. Іле: «Әке, мен тек Қараталды сүйемін. Өмірде байлықтан жоғары күш бар екенін білмедің. Ол күш – махаббат. Өзіңнен соңғы өтінер жалғыз тілегім: тіршілікте бірге болмаған тәніміз о дүниеде бірге болсын, Қаратал екеуімізді бірге жерле», – дейді де биік құздан етекке құлайды. Қызының парша-парша болған жансыз денесін көрген Балқаш бай есінен танып құлайды. Арада біраз уақыт өтіп, өзі-өзіне келген Балқаш бай жанындағыларға: «Мен өмірде үлкен қателік жібердім. Адам үшін бар байлық та, бақыт та бала екенін енді түсіндім. Тірлігімде жіберген қателігімді о дүниеде жуайын, Іле мен Қаратал екі сағам болсын», – деп екі баласының ортасына жатып, өзіне-өзі қанжар салады. Міне, Балқаш көлі Балқаш байдың көз жасынан пайда болып, үнемі екі сағасынан келіп құятын Іле мен Қаратал демімен толығып отырады екен.
68. БАРСА КЕЛМЕС
Менің естуім бойынша мыңнан жүз елу жыл яки екі жүз жыл бұрын аталған халықтың қойған аты екен. Өйткені оның себебі сол кездегі қазақ халқының негізгі тәртібі мал бағу мен мал асырап көбейту екен. Жаз кезінде қыстаудан шығып мал үшін соны жерді іздеп Каспий теңізінің шығыс жағасы, Арал теңізінің батыс жағасын, Арқаны жайлаған қара қазақ халқы екі теңіздің бойына айырыла көшеді екен. Мал жайлауына жер сонысын іздеуші көшпелі халықтың басшы адамдары теңіз жағасына келіп, биік шыңдардың басына шығып, Арал теңізінің көз жеткісіз көлеміне таңғала қарайды екен. Бұл Арал теңізінің ортасында үш жерде арал бар. Бұл үш аралдың арқа жақ шетіндегі аралдың атын Барсақ деп қойған, себебі шың басына шығып қараушы адамдардың бұлтсыз, ашық, тынық күндері көзіне мұнартып көрініп тұрады екен. Әр уақыт теңіз жағасына келіп теңізді таңырқап қараушылардың көзіне көрініп тұрады. Бірсыпыра көрген халықтар: «теңіз ортасындағы бұл бір үлкен арал ғой, іші малға да өте жайлы шығар өзіне бір барсақ» дейді екен. Жыл сайын келіп көрушілер осы әңгімелерді айтып, өзіне бір барсақ дей береді екен. Ауылға келіп аралды көрмеген адамдарға аңыз қылып, басқа да көрмеген шаруа қазақтарға да айта отырып өзіне бір барсақ дейді. Соңғы жылдарда осындай аңыз, әңгімелермен Барсақ атауы атаныпты. Сол кезгіден қалған біздің арамызда теңіз жағасындағы елдердің айтып жүрген нақыл сияқты бір әңгімелері бар. Сол заманда Боташ дейтін малға да бай, балаға да бай бір адам болыпты. Өзінен өрбіген балаларынан төрт шаңырақ құралған дейді. Байдың өзінің үлкен үйіменен бес үй болыпты, балаларынан өрбіген ұрпақтарымен отыздан астам жан болыпты. Қарауындағы малшы, көршілеріменен бір бөлек ауыл болып, мал жайына шығып көшіп қонып жүреді екен. Сол кездегі Барсақ атауының аңыз-әңгімелері Боташтың құлағына тиеді. Мұны естікен Боташ өз көзіменен көруді құмар етіп, бір жылы жаз кезіндегі көктем уақытында Арал теңізінің батыс жағасын ала көшеді. Жақсы аттарменен бір қанша жолдас адамдарымен Арал теңізінің жағасына келіп биік таулардың басына шығып, теңіздің кең көлеміне салқын ауасына таңғала қарап жолдастарыменен Барсақ атауы қай тұсында екен деп әңгіме қылып кеңеседі. Осындай жағдайменен бірнеше рет теңіз жағасына келіп, Барсақ атауын көзбенен іздей береді екен, бір келген ретінде Барсақ атауының тұсына кездесіп, мұнарып тұрған теңіз қабатындағы аралды көреді. Мұны көрген Боташтың ойына: «Осы аралдың ішіне өзім өтіп көрсем егер де үлкен кең атау болып қысы-жазы менің мына көп малдарыма қолайлы болса көшіп өтуім керек» деген кеуліне әсерлі қиял енді. Сол жылы күзінде қыстауына қайта көшпеді, теңіз бойында бекініп қыстап қалды. Қыс айы басталып теңіз қата бастапты, мұз бекініп ат-көлікпенен жүруге қауіпсіз болды-ау деген шамада Барсақ атауына ашық болған Боташ өте алмай, бір күні бір-екі жолдастарыменен мұз үстінен Барсақ атауына өтуге жолданыпты. Арадан бір қанша сағат өткеннен кейін ат оттатып, дем алып отырып шамалы кезден кейін атау ішін аралап көреді. Қалыңшылық тоғай екен, түрлі шөп мал оттарының әр түрі адам көрмеген жеміс, шөптерінің неше түрлісі қыс кезінде-ақ ілбіреп, құбылып тұрған. Мұны көрген Боташ: «Мынау Аралдың ішіндегі мына жеміс шөптерге малдарымды алып келіп бес жыл отырып бағып, жылына екі реттен балалатып, санын бұрынғыдан төрт есе, бес есе артылдырып төрт түлік малдарымды жабайы аң сияқты қылып қайтадан елге көшіп өтсем», – деп арман қылып келген ізіне қайта аттанады. Сол күні іңірлетіп аулына келеді. Көп кешікпей Боташ алды-артын жинап, сонша малды мұз үстінен айдап, өзінен өрбіген барлық ұрпақтарымен, малын бағатын малшы көршілеріменен ыңырсытып малды айдап, көшті тартып отырып Барсақ атауына өтіпті. Атаудың ішін аралап, бір қалыңшылық тоғай арасына бекініп қыстайды. Малға қора керегі жоқ – өзі ық, малға малшы керегі жоқ, өз бетінше жайылады, қасқыр сияқты жыртқыш аңдар жоқ. Боташтың малының қонысы табылды. Малды ұры алып кетеді деген қорқынышы жоқ. Қойға қасқыр шабады деген қауіп жоқ. Боташтың өзіне де қолайсыз болмады, соғымын сойып майлы ет жеп, сексеуілдің шоғына қызынып отырып, Орынбордың ақ құйрық қара шайын қою салдырып ішіп, ерте жатып, кеш тұрып қысты өткерді. Осы жағдайменен егіздетіп қойын туғызып, түйе боталап, жылқы құлындап өзінің ойлаған мақсетіне жеткен шамада арадан төрт жыл өтіпті. Боташтың малы семіріп, малының саны көбейіп, адамнан шығын болмай бесінші жылдың қысында қайтып көшіп өтуге ниеттенеді. Сол қыс айының мұз қатуын күтіп отырған Боташ төрт жыл отырған қонысын қимай, январь, февраль айларын өткізіп жіберіп, март айына кездесіп қалыпты. Март айы туғаннан кейін күн ұзап жылыта бастады. Көшетін мезгілді өткеріп алған Боташ март айының ішінде асыға көшті. Өсіп өнген есепсіз көп мал мұз бетінде қара қиюланып, көрінген көлденең шыңға қарай келе жатты. Бірнеше жылдан бері теңіз ортасындағы бөлек аралды жайлаған малменен адам көлденең шыңға қарай қайтқанын біліп, Барсақ атауыменен амандасқан тәрізденіп, көлденең шыңға аман жетуіне көңіліне қуанышты әсер енгендей болып, жылқы кісінеп, құлындары айнала шауып, түйе боздап, қой маңырап, сиыр мөңіреп, бес жылдан бері ел көрмеген қыз-бозбала жастары, көш үстінде отырып, ән қосып, өлең айтып, жылқышылар қиқулап теңіздің бетін жаңғырта бастады. Боташ жылқыдан құла айғыр дейтін бір жақсы атын ұстатып мінген екен. «Көш алдынан озып, ертерек шың үстіне көшпенен малды шығарып, бекінетін жер қолайластыруым керек екен», – деп ойлады да, құла айғырменен көштен оза жөнелді. Күн мұнарлы шақшылап, жаз айының дымқылды самалы күн батыс арқадан теңіз ортасына қарай соғып тұрды. Боташ екпінді құла айғырменен көштен озып шоқытып отырып, теңіз жағасына таяу келіп қалды. Ат үстінен артына бұрыла қарағанда көш пенен малдың қарасы көз ұшында қара шоғырланып азар көрініп қалған екен. Боташ аттан түсіп дәрет ұстатып, насыбайын атып, тымағын ондаңқырап киіп, келе жатқан көштің бағытына қайтадан қарады. Күннің мұнарына тұман араласқандай ауа-райы қоюланып, көштің қарасы мұнарланып, әдепкіден гөрі жіңішкелеу көрінді. Ат ағынымен желге қарсы жүрген Боташ өзінің де көзі жасаурап, жасы алпысқа таяу келіп қалған жігіт көштің мұнарланып жіңішке көрінгені үшін кінәні өзіне де қойды. Осыны ойлады да, келе жатқан бағытына жүріп кетті. Теңіз қабатынан өтіп шыңға тіреле қатқан теңіз мұзының таусылған шетіне келді. Құла аттың алдыңғы екі аяғы Арал теңізінің Орынбор жақ жағасының қара жеріне тиді. Енді алды кесіп алғандай биік шың. Шың баурайына төскелеп шығатұғын мүмкіншілік таппай, шыңның жиегін жағалап құлау іздей бастады. Бұрынғы өзінің көшкендегі малын құлатқан кең жайпауыт алқап бар еді, Боташ соның бағытын іздеп сүт пісірім шамасында өзінің мыңнан бес жыл бұрын малын айдап, көшін тіркестіре теңізге құлаған іздерін көріп, сол кездегі дәуірін көз алдына елестетті. Аман жолын тауып қиялап шың басына өрлеп шықты. Көшердегі шыңның басына еру болып, екі күн отырып садақа беріп, үшінші күні көшкен жұртына келіп көлденең шыңның кең жазық маңқиған даласына бойлап қарап, сағынған түрде көріскендей Боташтың бала жастан ойнап, өніп өскен Сарыарқаның қызықты дәуірлері есіне түсіп, мұз үстінде келе жатқан бір қанша қатын-бала, қара орман ойынан да шығып кетіпті. Боташтың бұл жағдайда жүргенде ауа-райы бұзылып, буалдыр қалыңдай бастап жел қатты соғып жіберді. Мал менен адамға өтетін жаздың ызғарлы желі Боташтың киген тымағының екі жақтауы құлағы бетіне соғып, мұз үстінде келе жатқан жамағаттарын Боташтың есіне салды. Шыңның тіке басына барып, Боташ көштің келе жатқан бағытына қарады. Шыңның биіктігі бір шақырым жоғарылықта биіктен қараған Боташтың көзіне келе жатқан көш пенен малдың қарасы аяқ астындағыдай болып көрінді. Боташ шың басында тұрып өзінің тұрған құлауының бағытына қарай көшке атой беріп тұрды. Март айының ішіндегі ұзақ күннің түстен кейінге қарай мұз бетіндегі қарлар еріп, мұздың беті көкшіл тарта бастады. Еріген қардың суын қыс аязыменен шынығып қатқан мұз бойын тартпай, соққан желдің екпініменен майда жыбырлақ иірімделіп жатты. Көкше мұздың үстінен жүріп келе жатқан керуеннің қарлы жерлермен орала жүріп көкше мұздан тайғанақтап, ат көліктер жығылып жүріс өнбеуге қарады. Мұны көрген Боташ жағалай шауып, көштің жүрісін өнбегенін біліп, тынышсыздана бастады. Боташтың сансыз көп малының Барсақ атауынан шыққанда мұз үстінен айдалған тәртібі мынадай еді: алдыңғы сабы жылқы айдалу, ортаңғы сабы көш пенен түйе, қой менен сиыр кейіннен жүру еді. Боташ шың басынан қарап бұл тәртіптің бұзылғанын көріп көңіліне уайым алды. Айдалған жылқының алдыңғы қатары шыңға таяу келіп қалды. Мал менен көштің арты недәуір жерде шалғайсыздау жерде келе жатыр. Қатты соққан желдің екпіні көкше мұзбенен келе жатқан жәндік, сиыр құсаған малдарды тайғанақтатып көтеріп ұрады. Жығылған малдар еріген қар суына былғанып жатқан орнынан тұрмай қалыпта жатыр. Көлік мініп мал айдаушы жігіттердің де аттары тайғанап жығылған малдарға жәрдем беруі де нашарлады. Малшылардың басынан ерік кетіп, Боташтың малдары шың жағасына жақындаған кезде артын желге беріп біріне-бірі ықтап қырықтап, елулеп әр жерден қала бастады. Көш үстіндегі әйел-қыздар, он жастан төменгі жас перзенттер көлік үстінде отыруына мүмкіншілік болмады. Жаяу жүру үшін он жастан төменгі жас ұрпақтарға мұз бетіндегі еріген қар суына бірін-бірі арқалап, үлкендеуі кішісін жетелеп жүруіне тағы болмады. Осы жағдайменен көш жиек жағасына жақындап қалғанда Боташ құла айғырменен құйыла шауып, шың басынан түсіп теңіз жағасына келсе, қара жерден мұздың көбесі сөгіліп төрт құлаштай арасы қара жерден ашылып кеткен екен. Мұны көріп Боташ ауыр қайғыға еніп, тауға қайтадан шапты. Тау басына шығып, келе жатқан көшіне қарап бір тілек тіледі: «Ей, Алла, мұның ақыбетін бер», – деп ойына алыпты. Көшінің алдымен артын көзбенен шолып, өзінің шың басында тұрғанын келе жатқан жамағаттарына көрсетіп шыдамы кеткен Боташ қайтадан жағаға тағы шапты. Желдің соғуы күшейіп, ауа-райы сұрланып ұлы теңіздің тербелген күшіменен мұздың бір қанша жерінен жарық ашылып, мұз көбесі қара жерден алыстап кеткенін көрді. Үстінен мұз ашылған теңіз суының бір қанша уақыттан бері мұз астында қамалып жатқан газды буы көтеріле бастады. Судан жоғары көтерілген қара көк будың қабатынан мұз жиегі көрінбей қалды. Жел күшейіп, мұз ашылған жерлердің толқыны іріленіп, ұлы теңіздің тіреусіз ортасына қарай Боташтың сансыз малы менен өзінен өрбіген перзентімен малшылардың тұрған мұзын ығыза бастады. Дүние мүлік, мал, перзентін, барлық отанын мұз үстінен қарасын көре алмай, Боташ тауға үшінші рет тағы шауып шықты. Күн де еңкейіп батуға таянған кезі. Боташ шың басына шығып, теңіз бетіне тағы қарады. Қарақиюланып бөліне аққан мұздардың үстінде төрт-бес жерде бөлініп теңіз бетінде қалқып бара жатқанын көрді. Күн батып, қас қарая бастады, Боташтың мал-мүлік, туған-туысқан, өзінен өрбіген ұрпақ сән-салтанат дәрежесі көз ұшынан үзілді. Енді Боташ аттан түсіп ауыр қайғыға кірді. Қарайған қара орман, сонша өзінен өрбіген ұрпақтар мұз үстінде теңіз бетінде қандай жағдайға кездесіп жатқанын көзімен көрмесе де, көңілімен шолып, бармағын шайнап, таңды атырды. Таң атып, күн шығуға таянды. Аспан ашық, бұлтсыз, ауа-райы таза, жаздың өкпе қызыл желі кешегі бағытынан әрі соғып тұр. Боташ атын тұсап отқа жіберіп, өзі шың басына келіп теңіздің бетіне көзін сала бастады. Кешегі тұнжыраған көгал мұздың орны белестеніп, бірін-бірі қуып, ақбастанып бұрқыраған толқынды теңіздің бетін көрді. Сонша еңбек етіп мақсұдына жете алмаған Боташ мұнан бес жыл бұрын өзінің барлық отаныменен үш қонып садақа беріп көшкен жұртын сонша ұрпақ, сонша мал-мүлік көз алдында елестеп ойынан шықпай, теңізге қарап жұрты айналып, сәске түс болғанша бет алыс ешқайда жүріп кете алмады. Сол кезде Арал теңізінің батыс жағасын жайлаған қазақтың елінде Қошқыл дейтін бір қарақшы бар еді. Мұның бала жастан үйренген кәсібі біреудің малын ұрлау, ел тору, жол бағып жолаушы тонау, мұның еңбегі осы сияқты екен. Бұл Қошқыл қасына жолдас алмайды, өз күшіне сенген. Кісіге сырын айтпайды, өз ақылы өзіне жетеді. Ұзақ жорыққа жылына екі рет аттанады екен. Бірінші аттану мезгілі күзгі сентябрь, октябрь айларының қар суыменен бір жылда екі рет осы дәуірлерден пайдаланып тұрады екен. Осы биыл Қошқылдың жазғы жорығы еді, түн елдің қыстағыменен жайлауын аралай жүріп күндіз елсіз далаға шығып кетеді екен. Түнде ел ішінде жортып күндіз елсіз майданда биік төбелердің басына шығып, ұзын керуен жолдардың бойына келіп із кесіп, жүргіншілердің бақытын аңдып теңіз жағасына келіп, саяхатшы есебінде кеуілін көтереді екен. Осы бүгін Қошқылдың теңіз жағасына келіп сәуірдің жазғы мұнарлы самалы менен теңіздің сағымды таза ауасынан пайдаланып күн батқанша дем алып жатайын деп келген күні еді. Қошқыл шың жағалап келе жатып үш айға дейін күн көзін көрсетпей бетін жауып жатқан мұздан кеше ғана құтылып жаздың маужырай соққан қызыл желі бетін сипап, теңіздің қуанышты әсерленген бетін көріп, Қошқылдың тұла бойы босап, шаттық көңілменен маужырап, теңіздің тұңғиықты екі құлағын сыртына қайыр байлап, қамшыны бүктеп ұстап, кер аттың тізгінін ер басына ілдіріп, өз ауанымен келе жатқанда оттап жүрген тұсаулы құла айғырды көріп, өзінің істеп жүрген кәсібі ойына сап ете түсті. Қошқыл қамданып аузына орамалын тартып, тымақты көзіне түсіре киіп, соққыны тақымынан шығарып құла айғырдың қасына жетіп барды. Жүгенсіз шылбыры көтеріліп ер басына ілінген алдыңғы екі аяғы тарт тұсалған қарғып оттап жүр екен. Қасына келген Қошқыл аттан түсіп құла аттың тұсауын шешіп, ер қасынан шылбырын алып, өз атына қайтадан мінді. Қолға түскен олжамен кете беруді ойланып тұрды да, жан-жағына қарап бұл аттың қайдан келген ізін шолды. Қарғып жайылған аттың ізі шың жағасынан шықты. Құла айғырды жетелеп Қошқыл тұсаулы аттың ізіне қарсы жүріп, осы аттың иесін көруге талап етті. Сол уақытта Боташ шыңның таусылған кемерінде беті теңізге қарап, кешегі өткен дәуірлері көз алдында елестеп ойынан шықпай, екі көзінің жасы сақалын жуып, оқтын-оқтын бетін сипап, маяжон шапанын желбегей жамылып, ішкі киімдерінің сыртынан жалпақ қайыстан істелінген кіселі қара белбеуін қатты буып, екі бүйірін қолымен сығып, малдасын құрып күңіреніп отыр еді. Сыртынан келген Қошқыл батыр Боташтың ауыр қайғыда отырғанын біліп, баяу дауыспенен хабарласты. Боташтың екі көзі жаспенен қамасып, құлағы бітіп, теңіз бетінде кеткен жас перзенттерінің шуылдаған дауысын тек қана жүрегіне түсіріп отырған Боташ Қошқылдың бұл хабарласқанын білмей қалды. Боташтың сезбегенін біліп, ат үстінен қисайыңқырап соқаның басыменен түртіп, зәрлі дауыспенен:
– Неғып отырған жансың? – деді Қошқыл.
Қошқылдың жекіріне сөйлеген зәрлі дауысы Боташтың құлағына емескі естіліп, қос атпен тұрған Қошқыл батырға мойнын бұрып қарады.
– Елсіз далада неғып отырған жансың? – деді Қошқыл.
– Мен теңізден шығып отырмын, – деп жауап беріп Боташтың көзі құла айғырға түсті.
– Недегі қайғыда отырған адамсың, жолдасың бар ма, ауылың қайда, теңізден шықтым деуің не, жөніңді айт, қайдан келе жатқан адамсың? – деді Қошқыл.
– Менің жөнім сол ғой, теңізден шықтым, маған жөніңді өзің айт. Теңізден шығып жатқан адам көрген жоқсың ба? – деді Боташ.
– Ай, сен өзің есі ауғаннан аман адамбысың? Осы көз жеткісіз шалқыған теңізде адам бола ма, жөніңді айтсайшы. Теңізден шықтым деуің қалай, ат көлігің бар ма, атың кім? – деді Қошқыл. Боташ Қошқылды көріп жөн сұрасып сөйлескен кезде етіңе сінбеген жас уайым есінен шығып кетті. Боташ есін жиып, еңсесін көтеріп Қошқылға:
– Менің атым Боташ, жасым алпысқа келді, – деп сөзін бастады. Бастан-аяқ бастан өткізген дәуірін болған уақиғаның бәрін айта келіп, – мұның ақыбеті болғай, халық аман болғай деп Алладан тілек тілеп отырмын, – деді Боташ.
Боташтың ұзақ тарихын тыңдаған Қошқыл қарақшы ат үстінде үзеңгіге шірене бүктелген дізесін сірестіре жазып, ондалып отырып Боташқа ызғарлана сөйледі:
– Өзің Боташ бай болсаң, отыздан аса қырыққа жақын жан болсаң, жасың алпысқа таяу келгенде, қалың елдегі қара жердің дәулеті аз көрініп, теңіз қабатындағы Барса келмес атауды төрт-бес жыл жайлап бекінген, қыс айында көшпенен ілбіреген жаз айында көшіп, қатын-бала қара орманды теңізге беріп, басың қуарып, жалғыз өзің қалсаң енді несінің ақыбетіне несінің тілегін тілеп отырғаның, – деп Қошқыл қарақшы құла айғырды жетелеп жөніне жүріп кетті. Боташ атынан айрылып тағы жаяу қалды, бұл істің ізгілігіменен халықтың амандығын тілеп, өзіне қайрат беріп белін бекітіп, қамшысын бүктеп артына қайырып ұстап, өзінің жазғы мал жайлау мекеніне қарай Боташ бет алып жүріп кетті. Боташ құла айғырды жоны қашып жортып жүрген Қошқылға беріп, қатын-бала, қара орманды теңізге тапсырып, өзі отырған теңіз жағасындағы шың кемеріменен қоштасып жүріп кеткенде күн төбеден ауған кезі еді.
Жаздың басталған айының орта кезі, бұлтсыз аспан ашық, мөлдірдей ауа-райы таза болмашы құбыладан сәуірдің сағымды самалы есіп тұр. Құбыладан арқаға жүргінші жыл құстардың түрлі әдемі үндері әуені жаңғыртады, қар еріп, жер қарайып, қураған мал оты шөптердің басы бөрітіп төбелердің күнгей бетінен тоң жібіп, қылтиып шыққан түрлі дәрі шөптердің исі жер үстінен кісі бойы көтеріліп, ауыр қайғылы келе жатқан Боташтың жүрегін тербетіп бұрынғы ел жайлауы мен мал өрісі сай-саладан аң қағып, тазы жүгіртіп, ат шапқан дәуірлерін еске түсіріп жаз сағымменен ат шапқан отаулана көрінген биік шоқылардың басына көз жібере қарап Боташ мамырлай басып жүріп келе берді. Кешегі өткен күннің ауыр қайғысын кеуілге бекіткенмен енді пайдасыз екенін біліп, жүрегін тұрғызып белін қатайтып алды. Төбе-төбенің басына шығып, айнала қарап, осы жағдайменен Боташ намаздыгерден ертелеу кезінде бір үлкен керуен жолға кездесті. Жол бойына келіп, жақын кезде жүргіншінің жасаң топыраққа түскен жаңа іздерін көріп, өз тобының сүрлеуін көргендей-ақ бұрынғыдан да гөрі бойына жігер құйыла бастады. Боташ енді жолдан шықпады, жолдың батыс арқаға қарай кеткен бағытына қарай жүре беріп, күн батып ымырт үйірілгенше ешбір жанды кездестіре алмай, көсілген ұзын жолдың бойында Боташ бір өзі қонақ болды. Бойынан қайғының зәрін кетіріп, орнына қайратты жігер сақтаған Боташ маяжон шапанын бүркене қисая кетті. Боташтың жастық дәуіріндегі пердесі ашылып, түсіне кірді. Асыл тастардан орнатылған патшалық сарайындай ақ ордаларда неше түрлі сән-салтанат бау-бақша, қазине мүлік, көз жеткісіз көкорай көк шалғынды жайлаған есепсіз малдарға ие болып жүр екен. Осындай сән-салтанат дәрежеге өзі ие болып жүріп, жалаңаш етіне киген алпыс ілгекті тозығы жақындаған көйлегі бар екен. Соны шешіп тастай алмады. Осындай қызықты түстерді ұзағынан көріп, Боташтың еті мұздап ояна келсе, таң атып қалыпты. Орнынан тұрып шапанын қағып сілкіп, үстіне киіп алып, кіселі қайыс белбеуін қаусырына орап қамшысын екі бүктеп артына ұстап, Боташ кешегі бағытына жүріп кетті. Күн қыза сәске кезінде батыстан шығысқа қарай қаптай жайылған көп малға кездесті. Жол қапталындағы биік төбенің басына шығып қаптаған қалың жылқының кейінін күтіп тұрса, құрығын сүйреткен екі жылқышы төбенің басында отырған Боташқа келіп сәлем беріп:
– Ақсақал, жолыңыз болсын, қайдан келесіз, ат-көлігіңіз қайда? Елсіз далада неғып жүрген адамсыз? – деп Боташтан жөн сұрады. Бұл екі жылқышыға Боташ бастан өткен оқиғаның бәрін айтып берді де:
– Менің жөнім осы, отар ауылдарың қайда? – деді. Жылқышылар Боташтың сөзін таңғала тыңдап, жүректері мұздап, бойлары қалтырап, көздері аларып, тереңнен күрсініп, есінен танып, Боташтың сұрағына жауап беруді де ұмытып кетіпті. Жылқышылар әлден уақтан кейін орындарынан тұрып, аттарына мініп, қаптай жайылған жылқының ішіне қиялай шауып кіріп кетті. Жылқышыдан жөн-жосық біле алмай қалған Боташ тағы қандай күйге кездестім деп құмалақпенен бал ашып отырып қалды. Бұл екі жылқышы жылқының алдын орала шауып, жылқының назарын батыс бетке бұрып аударып, екеуі екі жағынан тықсыра айдап, Боташ отырған төбенің тұсынан өткере салып, жылқының ішінен семіз алаяқ бір торы жорға атты ұстап алып, бал ашып отырған Боташқа тағы келді. Екі жігіттің бірі аттан түсіп, өз атының ер тоқым құралын алаяқ торыға салып даярлады. Өз атын жалаң тоқымменен жайдақ қалдырды. Екінші жігіт ат үстінде тұрып Боташтың манағы сұрағына жауап берді. «Ей, аға, орныңыздан тұрыңыз деп қамшысын екі бүктеп ұстап батыс жаққа қарай қамшысын қайта көтеріп сонау төбенің арғы астында біздің отар ауыл бар. Соған барамыз», – деді. Боташ зіл басқан кеудесін азар көтеріп, орнынан шаққа тұрып тор аттың қасына барды. Аттың шылбырын ұстап тұрған жігіт Боташты тор жорға атқа аттандырып жіберді. Бұл екі жылқышы жігіттің басқын табуы алдыңғы күнгі көрген Боташтың тау қанатынан кем болып жүрген жоқ. Боташты ертіп ауылға алып келді. Үйге кіргізіп ас, су беріп отырып әңгімеге кірісті. Боташтың жай-жапсарына түсінген жылқышылар былай деп әңгіме бастады.
– Біз бұнан бес жыл бұрын сізді теңіз ортасындағы Барса келмес атауға қыс кезінде барлық отанымен, есепсіз көп мал, малшы адамдарыменен бір ауыл болып өтті деп есітіп едік. Бірақ қайтып өтті дегенді есіткеніміз жоқ. Кеше соңғы кездерде шаруалар арасында әңгіме болып жүрді, Барсақ атауға барған Боташ қайтып келмеді деп. Бес жылдан бері сізден күдер үзген адамдар айтып жүр еді, ол аралда пері бар дейді, оған барған адам Барса келмес деп аңыз қыла сөйлейді, – деп жылқышы жігіттердің бірі сөзін тоқтатты. Ауыр күрсініп Боташ:
– Иә, оған барған адам барса келмес, барса келмес, барса келмес, – деп үш рет айтып, көзін тас қылып жұмып қойғанда екі бетінің алмасынан тарыдай домаланған жас сақалының орта жеріне іркіліп тұрды.
Боташ көзінің жасын бармағымен іліп тастап, бетін алақаныменен қос қолдап сыпырып, отырған үй ішіндегі жамағаттарға қарап мұңая сөйледі.
– Иә, шырақтарым, өткен дәуірімде перзент пен малға бай болдым, ойлаған мақсұдыма жеттім, сонда да басыма мүйіз бітпеді. Сонша өзімнен өрбіген перзентімнің байлығы мен есепсіз көп малға қанағат етпедім. Қазақтың аяқ жеткісіз Сарыарқасына симаған мал теңіз ортасындағы алақандай Барса келмес аралға сиды. Осынша қалың дәулет, есепсіз байлық таңның атуынан күннің батуына жетпеді. Осы дәуірдің бәрін бастан өткізіп, қара көңілім қарар тауып отыр. Енді мені өз еліме жеткізіп тастаңыз, – деп Боташ әңгімесін тоқтатты. Жылқы отарындағы ауылдың адамдары Боташты бір күн қондырып қонақ асы сыйлығын беріп, ертеңіне ат көлік мінгізіп, адам ертіп сәске кезінде Боташты еліне аттандырды. Елін сағынған қам кеуілді Боташ жедел жүріспенен күн жарымда еліне жетті. Ағайын-тума, жақын жекжаттары Боташтың бұл халде болғанын есітіп, Боташ түскен ауылға жинала келіп көңіл айтып, Боташтың қайғылы кеуілін жұбатып, бірнеше күн ағайын-тумасы бір ауылдан екінші ауылға қонаққа шақырып, сый дастархан түрлі құрметпенен Боташты бір ай шамасына дейін ел үстінде жүргізді. Ағайын-тума ел халқы құралып кеңесе отырып Боташтың үстіне үй тігіп, алдына мал салып, әйел алып берді. Боташ өз алдына тағы құрала бастады. Жыл тәулігі біткенде Боташ бір ер балалы болды, мал өсе бастады, екінші жылға қарағанда тағы да әйел алды. Екі әйелдің үстіне екі үй тігіп, қайта өрлеген бақыт, қаптап өскен мал Боташтың тозған кеуілін жаңарта бастады. Өскен мал, өңген перзент жиырма жыл ішінде Боташтың бұрынғы құрбысына келді. Боташ алдыңғы туған екі баласын үйлендіріп, екі отау тігіп төрт шаңырақ болып құралды. Бұл балаларынан да немересін көрді. Осы дәуірменен Боташтың жасы сексеннен өтіп қартайып отырды...
69. БАРША ТАС
Өткен дәуірлердің бірінде жаз жайлауы бар, қыс қыстауы бар бай адам өмір сүріпті. Ол өзі сондай аңқау екен. Бай болғаннан кейін дәулетке қызықпай тұра ма, қай тұстан қандай пайда түсірем деп жанталасумен жүреді екен. Күндердің бір күнінде аңқау байдың дүниеқоңыз екендігін сезген бір жігіт үйіне келіп түседі. Үстінде оқалы шапан, астында әсем сәйгүлік кербез көңілді келісті жігітті бай жалпақтап қарсы алады. Ет желінеді, қымыз ішіледі. Көңілі орнына түскеннен кейін үй иесі қонағынан жөн сұрапты. Сонда әлгі жігіт:
– Бәле, байеке, сіз мені қалайша танымай отырсыз, мені бүкіл иісі қазақ таниды. Өрісім толған мал, жерім толған алтын-күміс байлық. Көңілім түссе сізге де қарасамын, – депті.
Оның сөзіне иланған аңқау бай:
– Сен шамалы тұра тұр, мал-жан өзімде де жеткілікті. Сен маған анау алтын тастарыңнан қарайлассаң. Мен де қарап қалмаспын.
Жігіт келісім бере қояды. Сөйтіп байды қасына ертіп, жігіт өзі алдында көріп кеткен бір кең өлкеге келіпті. Өлкеде жерде жатқан жылтыр тастар, жаңағы жарқырауық тастарды көрген бай алтын екен деп ойлап осы жерді маған бер деп жата кеп жабысады. Басында көніңкіремеген жаңағы жігіт артынан келісім беріп, ақысына байдан екі мың жылқы алып, алдына салып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кете барады. Бай болса мақтанышпен ауыл адамдарын ертіп, сол жерге алып келіп көрсетеді. Сөйтсе алтын деп жүргені жай жылтыр тастар болып шығады. Жылтыр тасты жерді көпшілік Баршатас деп атап кетеді.
70. БАРШЫН БЕЙІТІ
Баяғыда бір қарапайым адамның Баршын деген қызы болыпты. Ай десе аузы, күн десе көзі бар дегендей керемет сұлу, әрі ақылды қыз болған екен. Содан бір уақыттарда бойжеткен қызға жан-жақтан құдалық басталады. Бірақ әкесі «Бала әлі жас. Кезі келгенде өзі қалағанына беремін», – деп ыңғай бермейді. Менменсіп келген талай сарбаздардың тауы шағылып қайтады. Өкінішке орай, әлгілердің арасынан сөзге түсінбес дүлейлері де кездеседі. Тек қара күшке сеніп, қайтсе де қызды қолға түсірмек болады. Сөйтіп аңдуға кіріседі. Бір күні түнде дүзге шыққан Баршынды бір еңгезердей ер адам атқа өңгеріп ала жөнеледі. Бір сайға алып барып қол-аяғын шешкенде Баршын байғұс: «Ағатай-ай, мендей қарындасыңыз бар шығар. Аяй көріңіз. Арымды таптамаңыз», – деп жалына шырылдайды. Оған көнген дүлей бар ма? Баршынды жерге алып ұрады. Сонда Баршын әлгі дүлейдің қынындағы қанжарды суырып алып, бір сәт те ойланбастан өз жүрегіне бойлата сұғып алады. Қаршадай қыздан мұны күтпеген дүлей зәре-құты қашып тұра жөнеледі. Не болғанын таңертең бірақ білген әке-шеше, ағайын-туған арын арашалап опат болған ару Баршынды ақ жауып, арулап қойған екен. Содан бері ол жер Баршын бейіті деп аталады.
71. БАРШЫНГҮЛ
Бірәлі байдың жеті баласының ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз Баршынгүл атты қызы бар екен. Бірәлі бай Бөрші-Темештен шыққан болса, осы руға жақын көршілес ру Алтай-Қарпық еді. Алтайлардың кәсібі теңізден құс аулап, саятшылық құру еді. Сол саятшылықтың қыр-сырын меңгерген Айбол мерген деген өмір сүріпті. Ол көреген, ақылды, білімді, білгір адам деседі. Оның өзінің ізін жалғастырушы Жарбол атты ұлы бар еді. Жарбол түр десе түрі бар, келбетті жігіт болатын. Ол өз кезінде сері, домбыраның құлағында ойнайтын күйші, күміс көмей әнші болған. Баршыгүлге осы сал-сері жігітіміз Жарбол ғашық еді. Бір жылы жайлауға жиналған ел мал қамымен орналасады. Кеш түссе «Үшсарттың» жазығында жігіт-желең, қыз-келіншек айлы түнде алтыбақан құрып, ойын-сауық жасайтын. Сол кештердің бірінде Жарбол Баршынгүл аруға сезімін білдіреді:
Баршынгүл, әңгімеге кен емеспін,
Әзілкеш байдың ұлы мен емеспін.
Айтар ем ғашықпын деп өзіңізге,
Кедеймін, әттең, сізге тең емеспін, –
дейді. Баршынгүл де бұл жігітке ғашық екен. Махаббаттарын осылайша білдірген қос аққу бұл түнде сырласады. Содан талай күндер өтеді. Елге білдірмей екі жас дәурен сүріп жүре береді. Жаз кетіп, күз түседі. Қыстың қамы басталып кетіп, Жарбол әкесімен құс аулауға теңіз жаққа аттанбақшы болады. Сол күні Жарбол Баршынгүлге тағы келіп, өзінің кетіп бара жатқанын айтады:
– Осы жұмыс біткеннен кейін екеуміз жазық Қорғалжынның даласына қашып кетеміз, – дейді. Бірақ Баршынгүл:
– Оған тым кеш болады. Әкем мені қырықта, әйелі өлген шалға бермекші. Сондықтан тез кел, – дейді. Жігіт тез келуге уәде беріп, теңіз жаққа бет алады. Сол кезде Баршынгүлдің атастырған болашақ күйеуі Бозтай болыс ерте ұрын келемін деп хабар жібереді. Мұны естіген Баршынгүл қиналады, бірақ ешкімге бұл кейпін көрсетпейді. Тек ана жүрегі ғана сезіп тұрады. Қызының мұндай халге түскенін көргенде ана жүрегі қарс айрылады. Амал қанша әйел билігі ешқайда жарамай, қызын қорғай алмайды. Ол уақытта ел той тойлап, күйеу баланы қарсы алады. Келген күйеудің түрін көрген Баршынның құрбылары, ағайындары шошып кетеді. Сол күні отауда отырған Баршынгүл ару қыздармен демалып келейін дегенді сылтау қылдырып, сыртқа шығып кетеді. Қараңғыда бір топ қыздың ішінен бөлектеніп, айдалаға қашып кетеді. Құрбылары Баршынды таба алмай, елге айтады. Сол күннен бастап Баршынгүл ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Күйеу жақ бұндай қорлықты көрген соң бет қызарып, елдеріне кетеді. Баршынның жоғалғанын теңіз жақта жүрген ғашығы Жарбол да естиді. Ол осы жаман хабарды ести сала, өздері келісіп баратын болған жер Жақсыкөң Жаманкөңнің арасын бойлай жүріп, ақыры Құланөтпес жазығына келеді. Құланөтпес өзенінің жағасынан іздеп жүріп, көз алдында серейіп сұлап жатқан Баршынгүлдің жансыз денесін көреді...
Бүгінде өмірмен ерте қоштасқан Баршынгүлдің қыз моласы әлі тұр.
72. БАСПАН ТАУЫ
Жаугершілік заманда қалмақтар Қабанбаймен қаша соғысып, үлкен үңгірді қамал жасап, оңайлықпен алғызбайды. Қабанбай батыр өзі бастап жүздеген сақшылар үңгірдің аузын тоқтаусыз атқылап күшпен басып кіріп, қалмақты бекінген жерінен айдап шығады. Ойсырай жеңілген жау: «Енді бұл жерді екіншілей баспан, баспан» деп қашып бара жатып айқайлаған екен. Содан бұл тау «Баспан» атанған.
73. БАТЫҚ
Батық деген кісі өз заманында би болған екен. Батық сармантай руынан шыққан Алшағыр батырмен әрі құрдас, әрі жақын жолдас болыпты. Шау тартып жайлаудан көшкен кезде қатты ауырып, Ағой бұлағына қонады. Ертеңіне алып жүруге жарамайды. Өзінін ұзаққа жол жүретінін сезген би, қасында бірге еріп жүрген жолдастарына өсиет айтады. «Алла топырақты осы жерден бұйырып тұрған шығар, енді мені қозғамаңдар, осында қойыңдар. Мен ешбір тоқа баласын өткізбеймін! Бұл жер Қаракесек-тоқа жері болып қалсын!» – деп көз жұмыпты. Жолдасының қаза болғанын естіп, Алшағыр батыр бір үйір жылқысын айдап келіп, көңіл айтыпты. Сонымен, Ағой бұлағы «Батық» деп аталып, кейін шаһарлы ел болыпты. Басында «Батық күмбезі» бар.
74. БАЯН-ҚҰМАР, ҚАШҚАНАҚ, САРЫМБҰЛАҚ
Бөке заманынан бір ғасыр бұрын қазақтың Құмар атты жігітімен моңғолдың атақты байының Баян атты қызы бір-біріне ғашық болыпты. Бірақ азулы бай қызын қазақ жігіт Құмарға беруден бас тартыпты. Ақыры Баян мен Құмар қастарына Құмардың досы Қанақ батыр мен тағы бір жігітті (Құмардың немересі) ертіп Зайсан жерінен қашып шығып Морей жеріндегі жайлау таудағы бір жотаға келіп бекінеді. Сол тұста бұл жерде Сарым деген адам бар екен. Қазір «Сарымбұлақ» сол адамның атында қойылыпты. Ал Баян-Құмар мекендеген осы тауда да солардың атымен «Баян-Құмар» жотасы деп атапты. Бір күні бұлар бұлақтың басына келіп тамақ істеп ішіп отырғанда Зайсан жерінен шыққан қуғыншылар келіп қалады. Осы кезде Құмардың немере інісі қарауылда тұрған екен. Ол қуғыншыларды көріп, «Қаш, Қанақ, қаш, жау келді!» деп айғай салыпты. Қуғыншының күші басым болғандықтан Құмар бастаған төрт адам сол арада қаза тауыпты. Кариялардың айтуынша осы жердегі ескі қабырларды солардыкі дейді. Әлгі бастау кейін Қанақтың атында, яғни «Қаш, Қанақ! Қаш!» деген қапылыстағы айғайлаған сөзбен «Қашқанақ» аталыпты.
75. БАЯНАУЫЛ
(І-нұсқа) Сонау ерте заманда адамзаттың аз кезінде құрлықтың саз кезінде, осы төңіректі екі қауым ел мекен етіпті. Күндердің күнінде олар әрі құнарлы, әрі шұрайлы жерді көріп, «мен алам да мен алам» десіп таласқа түседі. Оқиғаның арты дауға айналып, екі ел жауласа бастайды Халқымыз «Бірлік түбі – тірлік» деп тегін айтпаған ғой. Сол елдің бірінде жан сұлулығы мен тән сұлулығы жарасқан көптің құрметіне бөленген ақ жаулықты Ана өмір сүріпті. Ақылдылығын, даналығын сыйлаған ел жұрты оны Бай Ана деп атапты. Екі ауылдың игі жақсылары бас қосқан кезде Бай Ана келіп ұсыныс жасаған екен дейді:
– Бірлік бітімнен туындайды, дау мәмілеге келмесе дамайға ұласады, жаяу жарыс жасаңдар, балуан күрес қылыңдар, жамбы тігіп атыңдар. Жер жеңгендікі!
Екі жақ осыған бәтуаласып, айтқанын орындаса да тең түсе беріпті. Жаяу жарыс, балуан күрес, жамбы атудан бірін-бірі жеңе алмапты. Көп күндер өтеді. Көпшілік қалжырап, шаршайды. Тағы да кеңес қылады. Ақыры Бай Ананың алдына келіп:
– Уа, Бай Ана! Егіз жатқан екі ел едік. Жер дауының жетер шетін таппадық. Біздің байлам мынау. Осы жерді өзің қоныстан. Бұл сенің – Бай Ананың ауылы болсын, – депті. Сөйтіп Бай Ана осы өлкеге орналасыпты. Содан бері көпшілік бұл жерді Бай Ана ауылы -«Баянауыл» деп атап кетіпті.
76. БАЯНАУЫЛ
(ІІ-нұсқа) Бұрынғы өткен заманда байлығы мен аты әлемге жайылған Қарабай деген бай болыпты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар Баян деген сұлу қызы болған екен. Әсемдігі, көріктілігі алты алашқа толық тараған Баянды айттырып алғысы келетіндердің саны күн санап көбейе түскен екен. Бірақ Баян күйеу болғысы келген жігіттерді менсінбей қайтара беріпті. Абыр-сабырдан мазасы кеткен Қарабай осындай істі өткізудің басқаша жолын қарастырады. Сөйтіп, өзінің Аякөзден Түменге дейінгі аралықты алып жатқан жайлауының орта тұсы деп тамаша жер жаннаты тәрізді өлкеге Баянның ауылын қоныстандырады. Сөйтіп, ендігі келушілер осы ауылға келіп ат басын тірейтін болған. Күнде ойын-сауық, қызық-думан өткізіліп тұрыпты. Баянды көргісі келген боз-балалар жан-жақтан ағылыпты. Сөйтіп, бұл ауыл «Баянауыл» аталыпты.
77. БӘЙБІШЕ БЕЙІТ
Бұл аңыз Тәттімбеттің тоқалы жайында.
Ол кезде Тәттімбет отау иесі болатын жасқа жеткенде, Мұрат руының Ақбөпе деген қызына үйленеді. Бұдан Мұсатай, Қысатай, Исатай деген үш ұл туады. Исатай 25 жасында жай түсіп қайтыс болады. Ақбөпе ерте қайтыс болады да, жылы өткен соң, Тәттімбет Абыралы елінің Бауыр Бошан руынан Байбөрі тұқымынан 17 жастағы Есім қызды айттырып алады. Есім жас та болса, жұртына сыйлы, қадірлі болған. Үш баланы өз балаларындай тәрбиелеп асыраған. Таңсәріден ерте тұрып алып, ұйықтап жатқан балалар оянып кетпесін деп, есік алдындағы шырылдаған боз торғайларды қуалайды. Тәттекеңнің үлкен баласы Мұсатай бұдан үлкен болса да, «шешем» деп сыйлайтын көрінеді. Жалпы балаларының қайсысы болсын туған анасындай жақсы көрген. Есімді күйші «бәйбіше» деп атаған. Осы Есім бәйбішеден туған Сәуле деген қыз болған. Бірақ ол ерте жас кезінде, он екі жасында қайтыс болған. Бүгінде Есім бәйбіше жерленген қорымда Мұсатай, Қысатай, Исатай, Сәулелер жатыр. Олардың бейіті Достар тауының етегінде Қарасор көлінің жанында. Бұл жерге жерленген себебі, Есім бәйбіше қайтыс болар кезде, өтініші бойынша, сүйретпеден түсіп қалған жерге жерленген көрінеді. Ол кезде олар жайлауларында болған деседі. Қайтыс болған Есімді сүйретпеге салып, қыстауға қарай жүреді. Сонда сүйретпеден түсіп қалған жері осы Қарасор көлінің жанында екен. Қазір де бұл жер «Бәйбіше бейіт» деп аталады.
78. БӘЙЕШ ТАУЫ
Бәйшекең Алтайдың үлкен баласы Алсайдан тарайтын Ізбасар бабамыздың ұрпағы «Ақтабан шұбырынды» жылдары ел шетіне жау келе жатыр деген суық хабарды естісімен шағын колмен жау алдына тосқауылға шыққан. Осы сапарында от сауырын суытуға, дем алуға тоқтайды. Бәйеш сол жолы туған бауырларының бірі, балгер інісіне жауырын аштыртыпты. Сөйтіп жауырыншы інісі жаудың кері қайтқанын айтады. Сөйтсе қалмақ батырының да керемет жауырыншысы болған екен. Ол көптен аңдысып ала алмай жүрген Бәйеш батырдың жақын маңға келіп қалғанын айтады. Жаны қысылған қалмақ батыры жауырыншыдан осыған қандай айла-шара жасауға болады деп кеңес сұрайды. Балгер жауырын ашудың құпия сырларын ашып отырғанда болжамның жауырыннан айнадағы бейнең сияқты көрінетінін айтады. Осыны естіген қалмақ батыры әскеріне киімді теріс киуге бұйрық етеді де, жортуын жалғастырады. Бағанағы ат сауырын суытып жатқан Бәйеш баба азанмен ерте жауырыншысына бал аштырғанда жауырыншы інісі «аға, қалмақтар сіздің атқа қонғаныңызды біліп, кері қайтты» деген сүйінші хабар айтады. Міне өстіп күдігі сейіліп, шамалы уақыт тосқауылда бола тұруды ойлап алаңсыз жатқан бабамызды жаудың қалың қолы қоршап алады. Осы кезде жаудан енді құтыла алмасына көзі жеткен бабамыз астындағы арғымағын інісіне мінгізіп, былай деп аманат еткен екен:
– Бауырым, біздің жау қоршауында тұрғанымызды көріп тұрсың. Жау қолы бізден бес есе артық. Сондықтан сен ауылға, елге қайт. Ауылдағы шал-кемпір, бала-шағаға басшы бол. Әрі қарай ел ішіне көшір. Мен жаудың бетін қайтарып, бөгей тұрайын. Тірі қалсам елге аман-есен барамын, жетпей қалсам мынау аманатым болсын, – деп қынабынан кездігін алып, сол қолының бас бармағын алып інісіне кесіп береді. Бірақ інісіне естіртеді:
– Сен елді дүрліктіріп шошытпа, ел шетіне жеткеннен кейін осы бармағымды табыс ет. Егер мен оралмай қалсам бармағымды Бәйеш деп қоярсындар, – дейді. Сөйтіп найзагер батыр бабамыз жаумен шайқаста мерт болады. Содан бабамыздың аманаты орындалып, Ақтүбек ауылының күншығыс беткейіндегі биік тауға бабамыздың бармағын жерлеп еді. Кейіннен денесін әкеліп қойған екен. Басына саз балшықтан күмбез орнатылып, «Бәйеш» тауы деген бабамыздың есімі берілген.
79. БӘЙТІК, ҚАПТЫҚ
ХІІ ғасырдың соңында Шыңғыс ханның тегеурінді шапқыншылығынан Тұғырыл ханның жасақтары тоз-тоз болып негізгі жақтан жойылып, аз қолмен төтеп бере алмаған Тұғырыл хан, не де болса найман елін пайдалану үшін мың миханат жапаларды кешіп, ұры жылға, тау шатқалдарын пайдаланып қаша соғысып, Шыңғыс ханның өкшелей қуған және торуыл жасақтарымен қанды шайқастар жасап, ақыры Алтай тауының шығысындағы бір қатпары қалың көлбеп жатқан ұлы тауға ілінеді. Бұл тұста алпысты алқымдап, бойынан қажыры кетсе де, көзінен нұр, көңілден ел қамы кетпеген Тұғырыл жаза басты. «Қаным бір, жаным ортақ» туысы найман Шәрі батырмен қолбасы Бекіштің шекара күзетінде жүрген жасақтарына қолды болды. Тұғырыл хан екенін білген Шәрі батыр әй-шәйға қарамай оның басын кесіп алып өз ханы Таянға жіберіп береді. Кесіліп алдына келген Тұғырылдың басын көрген Таян хан ой бауырымдап қатты өкінеді: «Қап, мынадай ұлы ханды қайтып қана қолдарың батып өлтірдіңдер» деп басты апарғандарды жазалап, өз еліндегі шебер ұсталарды шақырып басты күміспен қаптап, тағының үстіне қойып үш күн аза тұтады. Ақыры басты денесіне қосып сол қара тауға апарып жерлейді, әрі бұл тауды «Қап» деп атайды. Содан барып «Қаптық» дейтін жер аты пайда болады. Тұғырыл ханның басы алынарда арт жақта шолғыншы болып қалған інісі Сенкүн шығыс әскерлерімен мықтап тіресіп, сол Қаптықтың батысындағы бір тауға шығып шешуші шайқас жасайды. Соңында жанын бәйтіге қатты қырғыншлықпен жаудың бетін қайтарып қалған елін бастап Бесбалыққа кетеді. Бұл тау содан барып «Бәйтік» аталады.
80. БЕГІМ АНА ЖАЙЛЫ АҢЫЗ
ІХ ғасырдың тұсында түріктер көтеріле көшіп, Каспий теңізінің төңірегіне қоныстанып, Селжұқ мемлекетін құрды. Бұл мемлекет тез арада күшейді. Сосын Қарасан патшалығына шабуыл жасап, оны күшпен басып алады. Мәлік шаһтың кезінде селжұқтар әбден өз кемеліне келген еді. Мәлік шаһ өлгеннен соң оның орнына баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Қарасаннан көшіріп, Сыр бойына, Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды жақсы көреді екен. Сөйтіп жүріп Созақтың маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді. Бегім жаратылысынан ақылына көркі сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды табындырған да оның осындай сан қырлы қасиеттері болса керек. Үйленгеннен кейін Санжар бұрынғы әдетімен саяхатқа нөкерлерін ертіп Қаратауға аңға шығады. Дарияға келіп, ыспа қайықпен өтерде қанжарын үйге қалдырғанын есіне түсіріп, құлын шұғыл үйіне жұмсайды.
– Ханым, ханның қанжарын тез алып беріңіз. Кідіруге мұрсат жоқ, – деді ол үй сыртынан. Ханым жабықтан қанжарды ұсынғанда оның мүсіндей аппақ білегін көріп, құл сол жерде талып құлайды. Бегім мұны білмейді. Біраздан соң есін жиған құл атына міне сап дарияға қайта шабады. Келсе, хан қаһарына мініп, шаншылып тұр екен.
«Тақсыр, қасық қанымды қия көріңіз. Менің кешіккен себебім ханымға қатысты еді, қанжарды жабықтан беріп тұрып, оны алайын деп қолымды босата алмай кешігу себебім осы», – деп өтірікті судай ағызады. Құдайдан безген жексұрын жанның бұл сөзіне имандай сенген Санжар хан сапарын тоқтатып, кейін қайтады. Істің ақ-қарасын тексермей, күнәсіз Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Оң қолын кескені арамдықты оң қолымен істеді деген ойы болса керек. Істің мәнісіне түсінбей, әрі жазықсыз зәбір көріп зарлаған ару көрер таңды көзімен атқызды. Бұны сарайдағылар түгел білсе де, ханымға араша түсе алмайды. Келесі күні түнде Қарабура әулие қызының түсіне кіріп, былай дейді:
– Балам, бұлтартпай шыныңды айтшы, ақпысың әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң, қарғар. Тек турасын айт! – депті. Сонда Бегім жылап тұрып әкесіне:
– Атажан, Құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін. Егер Санжарға қиянат жасасам, Тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата, – деп зар еңірейді. Осыдан кейін Қарабура Санжардың да түсіне енеді.
– Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы, сол танауы кесілген күйде мүгедек болып қалсын. Қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған шаһарыңда тірі адам қалдырмай жылан жұтсын! – деп қарғап батасын береді. Осы түсті көрген соң Санжар қатты шошынып, күні бойы ойлайды. Үшінші күні таң атқан соң зынданға адам жібереді.
– Тез барып көріп кел. Ханым не күйде жатыр екен? – деп тапсырады. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Әлгі адам көргенін ханға келіп айтады. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші тола жылан. Жылан сыртқа тірі жанды шығармайды, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жаркент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Бұл жағдайды аңыз деп қабылдасақ та шындыққа келіңкірейді. Жылан ордасы осы күнге дейін Жаркенттің бұзылған іргесінде бытысап жататын.
Ал Бегім сұлу болса, шаһар опат болып, халқы түгел қырылған соң өз әкесі Қарабура Әз әулиенің көмегімен Бегім ана белгісін салдырып, «бұдан былай еркекті көрмеймін», -деп қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім ана атанады. Асыл ана жәрдем сұрап барған жандарға бала беретін, мейір шапағатына бөлейтін, нағыз керемет әулие ретінде есімі жалпақ жұртқа мәлім болған.
81. БЕГІМАНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Ертеде Сыр бойында қатыгез бір хан өмір сүріпті. Ханның залымдығына құрық бойламайтын, қызметімен ханға жаққан уәзірі болыпты. Хан бірде нөкерлерін ертіп, серуен құрып жүргенде бір сұлу қызға кез болыпты. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған хан сол жерде есі кетіп ғашық болады. Қыздың әке-шешесінен рұқсат сұрап, баласын алмақ болады.Сөйтсе, сұлу қыз бір молданың мәпелеп отырған жалғыз баласы екен. Қыздың аты Бегімана екен. Хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Бегіманаға үйленеді. Қартайған ханның жас аруға үйленгеніне уәзірі іштей қызғаныш білдіріп, оны сырт көзге білдірмейді. Ханның өзіне пара-пар бәйбішесі бар екен. Әлгі уәзір осы бәйбішені қолайлап, Бегіманаға айдап салып отырады. Ханның жоқтығын пайдаланып бәйбіше Бегіманаға күн көрсетпейді. Бәйбішенің отымен кіріп, күлімен шығып жүреді. Шағынатын адамы жоқ Бегімана жат жерде жылаумен күнін өткізе береді. Уәзір бір күні ханның келер күнін аңдып алдынан шығады. Ханды оңаша шығарып алып, сұмдық хабар жеткізеді. «Сіздің жоқтығыңызда пайдаланып, жас тоқал жеңіл жүріспен айналысты, атыңызды кірлетті», – дейді. Мұндай хабарды естіген хан жаңағы жерде көзіне қан толып, ауылына қарай шаба жөнеледі. Істің ақ-қарасын тексермей, Бегімананы ортаға шақыртып алады. Келген соң Бегіманаға: «Мен жоқта ұрлық істеген көрінесің, осының рас па?» – дейді. Бегімана шошып кетіп, бұл уәзір мен бәйбішеден келген пәле екенін біледі. «Жоқ», – деп мойындамайды. Бірақ уәзірдің сөзіне сенген хан сол жерде қылышпен Бегімананың бір бұрымы мен бір қолын шауып алады. «Менің саған берген жазам осы, сен боссың!Ұрлық істеген обалың өзіңе. Енді өмір бойы соның тақсіретін тарт!» – дейді хан. Жылап еңіреген Бегімана жолға шығады. Бұл осымен қала берсін. Енді қыздың әкесіне келейік. Сол күні қыздың әкесі түс көреді. Түсінен шошып оянып, жолға жинала бастайды. Жолда қызына кездеседі. Қызы әбден арып-ашып, жүдеген. Азапты көп көргенін кескіні-ақ айтып тұр. Қызынан ханның істеген қорлығын естіп әкесі бармағын тістейді. Қызын жетектеп ханға қарай бет алады. Ханның алдына келіп: «Қызымның қолын шауып, бұрымын кесіпсің. Кінәсін мойнына қой», – дейді. Хан тұрып: «Қызың менің жоқтығымды пайдаланып, жеңіл жүріске түскен, ұрлығы сол. Мен өмір бойы соның азабын тартсын деп, осындай жаза қолдандым», – дейді. Қыздың әкесі ойланып тұрып-тұрып қызының ақ-қарасын жұрт алдында тексермек болады. Халыққа қарап: «Егер менің қызым адал, күнәдан пәк болса, онда осы жерде қызымның бұрымы мен қолы орнына бітер, егер күнәсі болса, осы күйінде қалар», – дейді. Осыны айтуы мұң екен Бегімананың бұрымы мен қолы орнына кері бітеді. Қызының ақтығына көзі жеткен соң ханға қарап: «Менің қызымды осы кезге дейін азапқа салдың. Жанын бекер күйдіріп, істің ақ-қарасын тексермедің. Сен де осының көрген қасіретін тарт. Еліңді жылан сорсын», – дейді. Осы кезде Бегімана құсқа айналып ұшып кетеді. Ол аспаннан бір дорба топ етіп түсіреді. Әлгі дорбаның көлемі үлкейіп келіп аузы ашылып, ішінен ирелеңдеген жыландар шығып, қара құрттай қаптап, ханның елін шаға бастайды. Хан да, бәйбішесі де, уәзірі де өледі. Жыландар жазықсыз халықты да шаға бастайды. Елдің үлкендері жиналып Бегімананың әкесіне келіп: «Хан азапты қызыңа көрсетті. Қара халықтың жазығы не? Өлер хан өлді. Енді айтқаныңнан қайт, дұғаңды қайтып ал», – дейді. Шал осы жерде дұға оқып: «Жыландардың уын қайтардым. Енді олар залалсыз. Бірақ жыландар елдеріңнен кетпейді», – дейді. Сөйтіп хан жазасын тартады. Бегімана осы ұшқанымен елсіз далаға барып қонады. Қонған жерінде үлкен мұнаралы үй пайда болады. Бегімана осы үйде тұра береді. Ханнан азап көрген қыз: «Өмір бойы еркек көрмеспін» деп, ер адамға ренжіген дейді. Қазір бұл мұнара Каукейден он шақырым қашықтықта орналасқан. Алыстан-ақ мұнартып көрінеді. Бұл жерді «Бегімана» деп атайды. Ер адам бұл жерге бармайды екен. Мұнараға жиырма метр қалғаннан-ақ жер жұмсартып жүргізбейді екен. Бегімананың мұнарасы өте биік, әлі күнге сыны кетпеген. Мұнараның ұшар басына қарағанда биіктігі сондай, бас киімі түсіп қалады екен. Халық аузында «Бегімана әрбір жұма күні терезесінен сыртқа көз салып тұрады екен» деген аңыздар бар.
82. БЕҒАЗЫ
Бұл таудың Беғазы аталу себебін қазақ-қалмақ жауласқан уақыттарда Бегайым атты қазақтың қара көз батыр қызының атымен байланыстырады. Халқымыз қыздың ерлігіне, биіктігіне сүйсініп, бірақ осындай қыздарымыздың аздығына нали, «бектеріміз көбейсе, азаймаса» деген арман-тілекпен Бегайымды еркелетіп Бек-аз деп атап кеткен екен. Сонымен ұзыннан-ұзақ созылған таудың бір үңгіріне батыр қыз жасауын жинапты деседі. Шын батыр бір ұйықтаса алаңсыз ұйықтайды демекші, кыз бір жорықтан шаршап келген бойда ұзақ ұйқыға кіріседі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан жаман әдет «алауыздық» сол кездерде де болады. Бұны естіген жау қолы қуана келіп бір түні Бегайымды сол үңгірде өлтіріп, ешбір асыл бұйымдарына тиіспей, үңгірдің аузын берік таспен бекітіп кетеді. Содан халқымыз батыр қыздарын өз үңгірінде емес, жау қолында өлді деп есептеп, құрметіне Арқаның ұзыннан-ұзақ созылған сол тауын «Беғазы» деп атапты.
83. БЕКТАУ АТА, ӘУЛИЕ ШОҚЫ
«Жерұйықты» кезген Асан Қайғы Арқа жерінің бір тау маңына келіп, желмаясын шөгеріп, сол жерге қонып шығады. Таң алаң-құлаң болып атып келе жатқанда шырт ұйқыдан оянған екен. Қөзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектау ата» деп атапты. Әлгі таудан шығып, түс ауа келесі бір тау шетіне келіп түседі. Асан Қайғы тау төбесіне шығып, жан-жағына қараса, айналаның бәрін бір әулие қолмен алып келгендей болып, анық қөрінген екен. Бұл тау Асан Қайғыға әулие сияқты елес қалдырады. Сондықтан бұл тауды «Әулие шоқы» деп атаған екен.
84. БЕКТАУ ATA
Ертеректе осы таудың маңын жайлаған екі рулы ел өзара жауласып шапқыншылыққа ұшырайды. Бірі жеңіліп, босай бастағанда, Бек ата деген қария таудың қара үңгірінде паналап қалып қояды. Ол назаланып, «Ел-жұртымды ата-мекеніне қайтара көр!» деп Аллаға жалынады. Тілегі қабыл болып, ауылы жауын жеңіп, тұрағына қайта оралады. Сонан осы ел «Бұл жерде аруақты Бек атамыз қалған» деп тау Бектау ата атанып кетіпті деген аңыз бар.
85. БЕЛГІБАЙ ТАУЫ
Биік тауды ертеде батыр тұлғалы, палуан адам мекен етіпті-мыс. Белгібайдың өмірі барымташылықпен өткен екен. Ешкімге өзінің есесін жібермепті. Бір сапарында Белгібай сол маңайға аты шулы айғырды қолына түсіріп, таудағы үңгірге әкеп қамайды. Айғырды кім алғанын бірден білген ел, Белгібайға келіп:
– Малдың киесі жаман болады. Ол қасиетті мал, бостандыққа жібер, – дейді. Белгекең ел сөзіне құлақ аспайды.
Үңгірде қамаулы айғыр, үңгір аузын жапқан тасты құлатып, мертігіп өледі. Айғырдың касиеті атқан Белгібай алжып, өздігінен атқа мініп-түсе алмайтын халінде жаяу қой қуып жүрген кезінде Белгібай тауының етегінде көз жұмады. Таудың Белгібай аталуы, міне, осыдан екен. Бұл күнде біреу біліп, біреу білмейтін, біреу көріп, біреу көрмеген Белгібай бейітін сол жерден табасыздар.
86. БЕРДІБАЙ-БЕРДЕН ТАУЫ
Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде екі ағайынды Бердібай және Берден деген жауынгерлер болыпты. Ағайындылар негізі Кіші жүздің жігіттері екен. Сонау Кіші жүздің жерінен бастап, қалмақтармен соғысып, біздің жерге дейін келген екен дейді. Құланөтпес өзенінің бойында соңғы шайқас болыпты, өзеннің бойында өткел бар екен, ал қалған жерлері өте терең болғандықтан адам өтіп кете алмайтын болыпты. Сол өзен бойында бері қарай өткізбей, соңына дейін шайқасып, қалмақтарды жеңіп, өздері де сол жерде қайтыс болған екен. Сол жердегі екі тауды екі батырдың атымен атап кеткен екен. Қазіргі таңда сол екі таудың етектерінде молалары орналасқан.
87. БЕСБАТЫР
Найман мен үйсін руларының бір топ атқа мінерлері Орта жүзге жататын қаракесек руының бір ауылына үстемдік жүргізіп, біраз жылқыларын айдап алып кетеді. Орта жүздің Жанболат деген батыр жігіті шамалы қол бастап барып барымташылардан жылқыны айырып алады. Мұны естіген найманнан шыққан қос батыр бірін-бірі ала алмай жүргенде Донақты Жанболаттың Жайпақ деген мергені мылтықпен атып өлтіреді. Донақтың қолы жеңіліп, бір ұрыста бес батырынан айырылып, қалғандары қашып құтылады. Осы оқиғадан соң Донақ батырдың Қаламқас деген қызы сауын малы мен біраз жұмыскер әкеліп, ағасы мен оның жолдастарына мазар соққызады. Сол бейіттің бүгінде болар-болмас белгісі тұр.
88. БЕСБОЙДАҚ
Теміршінің шығысында «Бесбойдақ» атты қуыс бар. Онда үңгір бар. Сол үңгірде ертеде бір қыз, төрт жігіт мекендеген екен. Елдің айтуы бойынша бұлар керей-төлеңгіт руынан болыпты. Қыздың аты – Жібек. Жаңағы жолдас болған төрт жігіттің біреуі Алдаберген байдың қызы Жібекке ғашық болады, бірақ бай кедей жігітке қызын бермейді. Жігіттерде туған-туыс жоқ, әке-шешесі өліп, жетім қалған төртеуі байда жалшылықпен күн кешкен. Сөйтіп жүріп байдың жылқысынан ат мініп, қызбен келісіп, қоңыр күзде алып кетеді. Қар түспей, осы Теміршіге келіп, үңгірді мекен етеді. Тепсе темір үзетін төрт жігіт, бір қыз қыста аң аулап күн көреді. Келер жылы жаз шығып, жер аяғы кеңіген кезде із-түссіз жоғалып кеткен байдың қызын іздеп қуғыншылар да шығады. Ақыры сұрау салып іздеп табады да, қалың қуғыншы қызды өлтіреді, төрт жігіт амалдап қашып кетеді. Жігіттерді таудың тасын сүзіп, іздеп таба алмай қуғыншылар үйіне қайтады. Жібектен айрылған төртеу Теміршінің шығысындағы қуалай ағатын Шақабай өзені бойында мекендеп, кейін Жібекке күмбездеп бейіт салады. Мұны кейбір үлкендер кезінде ешқандай қабірі жоқ қыздың жалғыз саусағына салынған деп келген-ді. Ал біреулер сол Жібекті жігіттер өлген соң тастап кете барады да, сол түні сүйегін қасқыр жейді. Жігіттер іздеп тапқанда оның жалғыз саусағы қалады. Шақабай өзенінің бойындағы осы бейіт жалғыз мола аталынады. Осы өзенді қуалай салынған төрт бейіт бар. Бұлар Айуан, Лайқан, Нұрақ, Таймас бейіттері. Қызды сүйген жігіттің аты – Таймас. Жібектің сүйегін жалғыз тастамау үшін осы өлкеде мекендеп, кейін барлығы да осы өлкеде қалған деген аңыздың ұзын-ырғасы осындай.
89. БЕСҚЫЗ
Бір байдың болып толған бес ерке қызы көрші ауылға тойға барады. Той қызығымен жүріп, кеш болғанын байқамай да қалады. Ауыл арасы жақын болғандықтан түнемеге қалмай қайтып кетеді. Даланы қою қараңғылық басып, жылдам жүрулеріне мүмкіндік болмайды. Орта жолда жортқан бөрілердің арасында қалады. Содан үйлеріне оралмаған қыздарды іздеуге шыққан топ қыздардың шашылған киімдерінің үстінен шығыпты. Уақыт өте бес рудың тынысы үзілген жерден жалғыз тал өсіп шығып, бұл ер ақтық байлайтын қасиетті орынға айналыпты. Сол жер «Бесқыз» аталады.
90. БЕСОБА
Аңыз бойынша ерте кезде ерлігімен көзге түскен ағайынды бес батыр болған деседі. Елдің басына қауіп-қатер, қиын-қыстау заман туған кезде елін, жерін сыртқы жаудан қорғауда осы ағайынды бес жігіт күресетін болған. Бір жылдары осы елге қалың қол кіріп, баланы бала, әйелді әйел демей, барлық елді қыра бастаған көрінеді. Сол кезде ағайынды бес батыр артынан бес мың қол бастап, бір төбенің басында жауына қарсы соғысады. Жау қолының күштілігі сонша, бес батырдың соңынан ерген бес мың адамнан бес адам да қалмайды. Сол кезде жау қолына түскен ағайынды бес батырды күлін көкке ұшырып өртейді. Ал осы бес батырдың орны ұсақ төмпешіктерге айналған көрінеді. Осыған байланысты бұл жер «Бесоба» деп аталған.
91. БЕТБАҚДАЛА АҢЫЗЫ
Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде жоңғар әскерлері бас қосып жиналып, қазақ жерін толық жаулап алу үшін жорыққа шығады. Көптеген күндер бойына сапар шеккен әскерлер қарсылық көрсететін қалың қосын кездесе қоймапты. Бірте-бірте қажыған жау жасақтары алдымен ас-су таба алмай қиналыпты. Өздерінше мәслихат құрған олар он мың жасақты арнайы аттандырып, қалғандары қос тігіп, кең өлкеге жайғасыпты. Арада айдан астам уақыт өткенде сол қосыннан екі-ақ адам қайтып оралыпты. Қалмақтың батыры: «Қазақ жасақтарына кезігіп, осындай күйге душар болдыңдар ма?» дегенде, жаңағы екеуі былай депті: «Біз ешқандай жасақ кездестіргеніміз жоқ, бірақ бір ен далаға түсіп, оның шеті мен шегін таба алмай ішерге су, жерге тамақ болмай, аштықтан-шөлден екеумізден басқасы майып болды». Осы әңгімені естіген қалмақ батыры бір мергеніне бес жүз жасақты қосып беріп, жаңағы екі адамды алдарына салып, өлгендерді көріп келіңдер деп жібереді. Қосын даланы тапқанымен өлген адамдарды кездестіре алмайды. Сөйтсе қырылған әскердің үстінен құм басып тастаған екен. Қайтып келген жаңағылар қалмақтың батырына: «Өзі құм дала екен, өзі жазық екен, өзі бетбақ екен. Қырылған әскерлерді көре алмадық», – дейді. Содан бері жаңағы өлке «Бетбақдала» атанып кетіпті.
92. БОТАГӨЗ
1713 жылдардың шамасында Еділ қалмақтарының сырттан торуылдап, тосыннан шабуылдап жүрген кезі. Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға аттанып кеткен. Ауылда қару ұстайтын еркеккіндік санаулы екенін барлап білген қалмақтың қолбасшысы Қонды тайшы кенеттен шабуыл жасап, мал атаулыны айдап кетеді. Есет батырдың ауылы бөлек, Ботагөздің ағасы Ақшал суық хабарды кейіндей естіп, шағын қолмен қалмақтардың соңынан қуады. Саны мол қалмақтар қуғыншылардан басым түсіп, Ақшал қаза табады. Қалмақ қолы қорғансыз қалған қыз-келіншектерді айдап кетеді. Осы сәтте жылқышылар мен малшылардан қайратты жігіттердің басын құрап үлгерген 18 жасар Ботагөз ерлерше киініп қалмақтарға тұтқиылдан тиіседі. Жеңістеріне масаттанып, бейғам жатқан жау абдырап қалды. Қонды тайшыны қазақтар қамап, кеудесіне найзаларын тіреп, қозғалтпай тұрған кезде Ботагөз оның басына дәлдеп бұғалық тастап, қыл шылбырмен ат мойнына байлап, тақымына басып шауып ала жөнелді. Басшысынан айрылып, берекесі қашқан жау қолын қазақ жігіттері тас-талқан етіп, малдарын елге қайыра айдап қайтарады. Арада бір жыл өткен соң шайқаста қаза тапқан боздақтарға ас беріледі. Есет батыр мен Әжібай би бәтуаласып, көп ұзамай Барсай мен Ботагөз отау құрады. Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе, олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті ыңғайсыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Ботагөзге басқартыпты. Көш тоқтап үйлер тігілген соң Ботагөзге «Атаң шақырады» деген хабар жібереді. Есіктен кіре иіліп сәлем етіп, тізе бүккен келінге төрде шынтақтай жантайып жатқан атасы: «Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың, қызым, рахмет, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрінеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің», – дейді. Атасының осы мінезінің өзі ибалы келінге қатты әсер етеді. Ботагөз қамыс пен ши өскен ойпаңға тізе бүгеді де, қамшысының сабын жерге тіреп, жұмсақ жерге былқ етіп кіріп кеткен жерден бүлк-бүлк етіп мөлдір су шығыпты. Бұл осы күнге дейін ағып жатқан Ботагөз бұлағы деп аталады.
93. БОТАҚАРА
(І-нұсқа) Ерте заманда Нұра суының бойында осы таудың етегінде мал дегенде жалғыз інгені бар бір кедей адам мекен қылып отырыпты-мыс. Әлгі адам інгенді байлап сауып ішеді екен де, түйе сауынға байланған кезде, бос қалған ботасы ұзап-ұзап өрістеп жайылып кетеді екен. Сонда әлгі адам баласына ана тауға шығып «ботаңды қара, ботаңды қара» деп қайта-қайта қақсай беретін болса керек. Сонан болып тау аты Ботақара аталып кетіпті дейді десе, екінші бір аңызда ерте қалмақ заманында осы өңірді Ботақара атты қазақтың батыр жігіті мекен етіпті. Бір кезде сол батыр қалмақтың Цеценхара атты қызына ғашық болып, оны еліне алып қашыпты. Қызды алып қашқан батыр елінің шетіне іліне бергенде, дәл Нұраның жағасында осы үш биіктің арасында алып қашып келе жаткан калмақ қызы Цеценхараның сүйген жігіті, калмақ батыры Хоянқара қуып жетіпті. Осы арада қызды жайына калдырған екі батыр жекпе-жек шайқас салыпты. Осы айқаста қалмақ батыры Хоянқара мерт болады. Ал Ботақара бір жақ санынан ауыр жараланып, содан бейнет тартып жатып, Нұраның бойында дәл осы таудың етегінде дүниеден өтіпті. Сөйтіп, қатар тұрған үш таудың Ботақара, Шешенқара, Қоянқара деп аталуы осыдан. Ортадағы таудың Шешенқара аталуы қалмақтың Цеценхара деген сөзін қазақтар өзінше Шешенқара атап кетуінен болса керек.
94. БОТАҚАРА
(ІІ-нұсқа) Қазақ пен қалмақ елдері бір-біріне жақын жатқан кез екен. Бірде «Ботақара» деп аталатын тауға қазақтың қалың қолы келіп, сәл ғана ат суытуға тоқтайды. Төңіректі бақылау үшін тау басына қарауылшылар шығады. Осы таудың басында отырған қарауыл бір кезде көз ұшындағы биік тау басынан қараңдаған бір нәрсені көзі шалып қалып, анықтай келгенде Қарақұс деген тоқтамға келеді. Төмендегі қалың қолға жау қарасы көрінбейтіндігін айтып, бейқамдыққа жол береді. Сөйтсе, әлгі караңдаған жау барлаушысы екен, алыстан қараған қазақ барлаушысын бірден біліп, жаудан байқатпай, шапанының етегін екі жаққа желпіп құс болып байқатпай түсіп кетеді. Осы жағдай қазақ қолына сәтсіздік әкеліп, «жау жоқ» деген ойға берілген қалың әскер ертеңіне өздерінің қоршауда қалғанын бір-ақ біліпті. Дәстүр бойынша айқас әуелі жекпе-жектен басталады. Қалмақ жағынан бір батыр, қазақ жағынан Нарбота есімді батыр шығады. Екі батыр бес қаруы майысып, аттары әбден жүруге жарамай қалғанша айқасады. Ақырында жаяу айқас үстінде оңтайлы бір сәтте Нарбота қарсылас батырдың дулығасын жұлып алады. Сөйтсе, қарсыласы қыз екен. Содан екеуі де айқасты доғарып, бір сәт бітімге келеді. Бұны ұнатпаған қалмақтың бір батыры Нарботаны атып түсіреді. Есіл ер қапылыста қаза болады. Ал батырға ғашық болып қалған Қиқан қыз да өз жүрегіне қанжар салып, Нарботаның қасына құлайды. Ақырында, екі жақ бітімге келіп, екі ғашықты бірге жерлеген екен. Қос ғашықты мәңгі ұмытпас үшін Нарботалар тұрған тауды Ботақара атауға, ал Қиқан қыздың құрметіне қалмақтар қарауыл қараған тауды атауға келісіпті. Қазақтар Қиқан есімін өз тілдері заңдылықтарына қарай «Шешенқара» атап кетіпті.
95. БӨЛКЕН САЙЫ
Ертеректе Бөлкен деген адам жолаушылап келіп осы сайдың аузында тыныстайды. Сонда бұларға қарама-қарсы бір жылан келіп тоқтайды. Бұны көрген Бөлкен жолдастарына: «Мен мына жыланды тарымдаймын (тілін байлаймын), егер бұны өлтірмесем, кейінгі ұрпақтарға зиян жеткізеді» деп жыланның жатқан жерінің сыртын айналдыра шеңбер сызып, арбасуға кіріседі. Жолдастары қорқып қашып кетеді. Соңында Бөлкен жыланнан жеңіліп мерт болған екен. Содан бұл сайдың аты Бөлкен тарымшының атымен аталып кеткен.
96. БУРАБАЙ
Арқадағы Көкшенің өңірінде елі мен жұртын әулиедей санаған ақбас бура мекен етіпті дейді. Ол бураның әсемдігі, сипаты көрген адамды таңырқатпай қоймайды екен. Соның сұлулығына қызыққан бір батыр аңдып жүріп жаңағы бураны қос жебемен атады. Ауыр жарақат алған бура биік тауды айнала қашып барып бір тұстарға жеткенде шөге кетеді. Боздаған дауысын естуге, көзден аққан жасын көруге дәті бармаған батыр да, ел де көп уақытқа дейін жаңағы тұсқа жолай алмапты. Бураның үні тоқтап, елдің көңілі басылғаннан кейін батыр бір топ серіктерімен әлгі жерге келсе, сол бура тасқа айналып, көзінен аққан жасы көлге айналыпты. Содан бері көпшілік сол көлді «Бурабай» деп атап кетіпті.
97. БҰҚА ТЫШҚАН ТАУЫ
Ертеде бұл жерді Әйтімбет деген аталы, рулы ел жайлаған екен. Кейін Кеңес одағы орнап, жаппай байларды конфискациялау жүргенге дейін, шашты руынан шықкан атақты Спанның Әміресі деген байдың жаз жайлауы болған еді. Сол Әміре бай небір атқамінер, болыс-шонжарлар мен ояз-уезнойларды осы жайлауда қарсы алып күткен көрінеді. Бірақ қанша бай болса да, Әміренің ұлы болмапты. Үш қызы болған екен. Алайда оларды балаға санағысы келмесе керек. Сөйткен Әміре бай етегінен мөлдір бұлағы бұрқырап ағып жатқан, жан-жағы жағалай таулармен қоршалған бір дөңнің үстінен малайларын жалдап, балшықтан кірпіш құйғызып қора салуға кіріседі. Бұл жаппай елде қонфискация жүріп жатқан кез болғандықтан, оған келіп:
– Сен бәрібір ертең қонфискеленіп, ит жеккенге жер аударылып кетесің, саған бұл қораның керегі не? Ертеңгі күнгі кызығын өзің көрмейсің, – дегендерді тыңдамайды.
– Менің үш қызым бар. Құдай маған ұл жазуды көп көрген-ау деймін. Ол қыздар маған не әпереді. Ертең-ақ бір-бір байларына тиіп, сайда саны, құмда ізі қалмай, бөтен адам боп өз жөндеріне кетеді. Ал, менің атымды атап жүретін артымда ұлым жоқ болғандықтан, кейін осында қалған халық атымды атап жүрсін, өз игілігіне жаратсын деп салдырып жатырмын, – дейді.
Салдырған қорасының асты-үстін түгел тақтайлатады. Соған жұмсалған ағаштарды қораның арт жағындағы биік таудан айналып отпей, төтелей асып, тасытқан екен. Бұл ауыр-ауыр тақтайлық бөренелерді тасуға дәу-дәу бұқаларды жегеді. Күннің ыстығында ауыр жүкті сүйреген семіз бұқалар биік тауға шыға алмай тышқақтап зорығады. Содан бері осы биік тауды «Бұқа тышқан» деп атап кетеді. Оны кейбіреулер «Бұқашыққан» деп те атайды.
98. БҰЛҚАЛАЙ
Бұрынғы өткен заманда бір аңшы болыпты. Ол аңнан қайтқан сайын ылғи бір әулиенің қасынан өтеді екен. Әулиенің қасынан өткен кезде мола басында күбір-күбір сөйлескен дауысты естиді. Бір күні сол әулиенің қасынан өтіп бара жатса, баяғы дауысты тағы естиді. Аңшы жақын жердегі ауылға барады да, бірінші жолыққан адамнан сұрайды:
– Осы әулиенің қасынан өткен сайын күбірлеп сөйлескен дауысты естимін. Олар кімдер?
Сонда жаңағы адам:
– Е, бұл жер «Бұл қалайдың ауылы» деп аталады, – дейді.
– Неге? – деп сұрайды аңшы.
– Қашан осы әулиеге барсаң, күбірлеп сөйлескен дауыстарды естисің. Бірақ кім екен деп молаға кірсең, сөйлесіп отырған жан көрмейсің. Сондықтан «Бұл қалайдың ауылы» аталады, – деп жауaп беріпті әлгі адам.
Келесі жолы аңнан қайтқан аңшы сол баяғы дауысты тағы естиді. Ол біраз тұрады да, не де болса кім екенін байқап көрейінші деп ат басын әулиеге бұрады. Дауыс шыққан тұсты жағалай келсе, бір моланың басында өзімен өзі сөйлесіп отырған бір жігітті көреді. Аңшы қасына жақындап келеді. Жігіт аңшыны көріп, орнынан тұрып сәлем беріпті. Аңшы:
– Сен бұл жерде не істеп отырсың? Кіммен сөйлесіп отырсың? – деп сұрайды. Жігіт:
– Сенің келгеніңді байқамай қалдым. Енді сен мені көрдің ғой. Мен саған бұл жерде отырған себебімді айтайын. Мен бір кемпір мен шалдың жалғыз ұлы едім. Өлгеніме бір жыл болды. Ол дүниеде Құдай мені өзінің есепшісі етіп қойды. Мен әр жұма күні тіріліп, осы мола басында қасымдағы жатқан адамдармен сөйлесемін.
– Құдайға есеп бергенің қалай?
– Мен пенденің есебін беремін.
– Қалайша?
– Мен осы жерде отырып әлемде не болып жатыр бәрін көріп, біліп отырамын.
– Олай болса менің өмірімді айтып берші.
– Өзің үйленбеген, бойдақ жігіт екенсің. Аңшылықпен күн көресің. Сен үйленетін қыз осы ауылда. Кеше ғана өмірге келді. Ол қыздың ажалы аттың ер-тоқымынан. Перзент көрмейсің.
Аңшы жігіттің сөзіне сенбейді. Бірақ біраз әңгімелесіп кеткеннен кейін екеуі сол жерде Құдай қосқан ажырамас дос болып қол алысады. Аңшы кететін кезде жігіт:
– Достым, сенен сұрайтын бір өтінішім бар. Мені көргенің туралы ешкімге тіс жарма. Егер менің тірі екенімді әке-шешем білсе, олар сол мезетте осында мені көруге келеді. Ата-анам мені көрмеуге тиіс.
Көп ұзамай үйленген жігіттің әйелі ер-тоқымның үзеңгісі кіріп кетіп құлаған жерінде қайтыс болады. Әйелінің өлгенін естіген аңшы артында тұяқ қалмағандығын бір-ақ біледі. Көп ұзамай артынан аңшы да қайтыс болады. Сөйтіп, «Бұлқалайдың ауылы» жұмбақ күйінде қала беріпті.
99. ГҮЛШАТ
Ертеде Ташкент қаласында мыңғырған малы бар Бекмет деген көпес бай өмір сүреді. Әйелімен екеуі бақытты өмір сүргенімен, бір перзентке зар болады. Бір күні көпес байдың түсіне бір әулие кіріп, мынандай аян береді: «Күндердің күнінде әйелің жүкті болып дүниеге бір қыз келеді, осы қызыңның атын Гүлшат деп қой», – дейді де, өзі жоқ болып кетеді. Бірақ бай көп күнге дейін түсіне сенбей жүреді. Бірақ түсінде айтқан сөз расқа шығып, әйелі жүкті болады. Сөйтіп дүниеге бір қыз сәби келеді. Байдың қуынышында шек болмай, қырық күн той жасап, қызының атын Гүлшат қояды. Енді үйде үш адам тұрады. Байдың қызы күн санап, ай санап, толысып, әкесінің байлығының арқасында еліктей еркелеп, бойжеткен сұлу қыз болып өседі. Қыздың сұлулығы соншалық, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, сөйлесе көмекейінен күн көрінер, ақылды да шешен, ділмар қыз болады. Қызға сыртынан ғашық болған жігіттер қыздың алдына келгенде сөйлей алмай, келген іздерімен кері қайтқан. Қыздың ақылдылығы соншалық, өзіне дәмелі жігіттер алдына келген кезде, оларды майда сөзбен шығарып салған. Сөйтіп Гүлшат әкесінің байлығының арқасында мәнді де, сәнді өмір кешіп жатты. Бекметтің бай болғаны соншалық, ол қызы Гүлшатқа да қызметшілер береді. Қызметшілер қыз не айтса соны орындайтын болған. Гүлшат қайда барам десе де, өз еркі өзінде болған. Қызметшілерімен қайда той, қайда ойын-сауық сонда барып жүре береді. Қыз сөйтіп, өмірін баршылықтың арқасында қызықты өткізеді. Күндердің күнінде қыз айықпас дертке шалдығады. Әкесі қызын жақсы көргені соншалық, қызының асты-үстіне түсіп бәйек болады, алыс жақтардан әулие-әмбиелерді алдырып емдетеді, бірақ қызына ешқандай ем қонбайды. Сөйтіп әкесі не істерін білмей әлекке түседі. Құдайға жалбарынып: «Қызымның орнына өзімді ал, қызымды алма. Қызыма денсаулық бере көр, сенен тілейтінім сол», – деп, не түнде, не күндіз ұйқы көрмейді. Сөйтіп қызының қандай ауpy екені белгісіз болады. Бір күні қыздың түсіне ақсақалды қария кіріп: «Қызым, бұлай жата берме, түрегел, басыңды көтер, қызметшілеріңмен бірге әкеңнің малын айдап жолға шық», – деп аян береді. Сөйтіп қыз басын көтеріп, қызметшілерімен және малышларымен Ташкенттен қой айдап, жолға шығады. Ол уақытта қой жәрмеңкесі Ақтоғай жерінде болатын. Түйе арба мен қыздың өз алдына ат арбасы болатын. Талай жерлерді қонақтап, Тарғыл тауының баурайына тоқтап, сол жерге қонып, таңертең ерте жолға шығуға дайындалады. Малшылар үш-төрт тастың басын қосып, от жағып, қойдың сүтін пісіреді. Сол уақытта тастар қорытылып қалады. Оны келіп қызметшілері қызға айтады. Қыз: «Тастарды алып келіңдер де, арбаға салыңдар», – деп бұйрық береді. Сонымен қойларын айдап, жәрмеңкеге келіп, қойларын сатып, Ташкентке аман-есен оралады. Қыз тастарды әкесіне әкеліп береді, ал әкесі оны ағылшындарға апарады. Ағылшындар тасты көріп, таста руданың барын біліп, қайдан алғанын, қай жер екенін көрсетуін сұрайды. Содан қыз ағылшынның адамдарын ертіп, Тарғыл тауының баурайына келеді. Олар сол жерді қазып, екі құлағы бар дәу қазандай ыдыстың екі құлағына арқан байлап, түйемен тартып, қазылған тастарды түгел алып шығып, елдеріне барып, оны зауытта айырып, мыс рудасының барын анықтайды. Содан ағылшындар қызға риза болып, рахметтерін айтып, енді бұл жер сенің атыңмен «Гүлшат» аталады дейді. Сөйтіп, қыз аман-есен еліне қайтып, әкесін қуанышты хабарын жеткізеді. «Ағылшындар Тарғыл тауы бар жерді менің атыма берді, енді менің атым тарихта қалады, атымды бүкіл дүние жүзі халықтары естиді», – деп мақтанып калады. Көп ұзамай Гүлшат қыз дүние салады. «Бірақ оның өзі өлсе де, аты өлмейді», – деп әке-шешесі Құдайға тәубашылық қылады.
100. ДӘН АЯҒЫ ҮСІГЕН
Ертеде табын деген елді әлі келген байлар жерінен қуып, олар үдере көшкен екен. Осы көшу кезінде қатты құтырған боран соғып, Табын елінің ақылына көркі сай қыздарының бірі Дәннің аяғы үсіп қайтыс болған екен. Сол Дән қайтыс болған жер бұрын «Белқұдық» деп аталса керек. Кейіннен «Дән аяғы үсіген» деп аталып кетіпті.
101. ДӘНБҰЛАН
Ағайынды Дән мен Бұлан бір ауылдың баскөтерер азаматтары болса керек. Үнемі Дән халқына сыйлы, сабырлы, алдынан ешкім кесіп өтпеген беделді кісі болыпты. Жаздың бір жаймашуақ күнінде ойламаған жерден жау шабуыл жасайды. Осы шайқаста Дән ауыр жараланады. Ауылы қонысын тастай беті ауған жаққа жөңкіле көшеді. Көш ешбір тоқтаусыз үш күн, үш түн жүреді. Жолды көтере алмаған Дән үшінші күні көшті тоқтатып: «Осы жерге аялдаңдар, мен де бұдан әрі бара алмаспын, мені сонау көрініп тұрған қызыл шоқыға қойып, басыма күмбез соғыңдар, өлсем денем жауымның аяғының астында қалмасын», – деп аманатын айтып дүниеден кеткен екен. Ел-халқы ақ жауып арулап қойған соң, биік шоқыға күмбез тұрғыза алмай әбден тығырыққа тіреледі. Сонда інісі Бұланның әйелі: «Бұл күмбезді мен қалай аламын, бірақ бейітті қалап болған соң мен де осы жерде көз жұмамын, өйткені қайнағамның әруағы мені басына шыққаным үшін кешпейді. Мені осы кісінің аяқ жағына жерлеңдер», – деп іске кіріседі. Бейіт қаланып біткен соң келіншек те дүниеден өтеді. Ағайын-туысы оның өтінішін орындап өзі көрсеткен жерге қойып, басына төртқұлақ бейіт соғыпты. Содан бері бұл жазық «Дәнбұлан» аталып кеткен екен.
102. ДОС ӨЗЕНІ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ
Қазақ-қалмақ жауласқан, барымта алып дауласқан заманда Дос деген батыр өмір сүріпті. Елін, жерін жаудан қорғап, талай шайқастарда жеңіске жетіп жүреді. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей күндердің күнінде қалмақтар Дос батыр мен баласы Қожаназарды қолға түсіреді. Тігілген көп шатырдың бірінің ішіне байлап тастап, өздері ақыл-кеңес жасайды. Олардың сыбыр-күбірін естіген Дос батыр:
Атаңа нәлет қалмақтар
Сыбыр, сыбыр етеді.
Сыр құлаққа жетеді,
Сөз сүйектен өтеді.
Сыйласпаған жат, шіркін
Әлде не етіп кетеді?
Баласына мұсылман
Не жамандық қылдым-ай?
Өзім өлсем боғым-ай,
Қожаназар құлыным-ай, –
деп зарлап жылайды. Сол уақытта жаудың бірі тұрып: «Біз бұларды өлтірмелік. Таңдауды өздеріне беріп бірін еліне қайтарайық, екіншісін тұтқын етіп қолымызда ұстайық», – депті. Сонда Қожаназар әкесіне:
Айналайын әтекем,
Жау пиғылы жат екен.
Құмарлығың болайын,
Жау қолында қалайын.
Сақалыңның ағында,
Өлеріңнің шағында
Қалмақтың қаласында қалмай,
Қазақтың қаласында қала гөр, –
дейді. Дос былайша жауап беріпті:
Ит қалмаққа шал емес
Қылшылдаған жас керек,
Ұрпақ құрар бас керек.
Терімізді берсек те
Тегімізді бермейік.
Қазы-қарта асадым,
Жетпіс сегіз жасымда
Мен несіне сасамын.
Шырылдап жауда сен қалсаң,
Сопиып елге мен барсам,
Екінің бірі айтпай ма,
Егіздің бірі айтпай ма
Қажыған шал екен деп.
Бірақ қалмақтар екеуін де жібермей, өлімге душар етеді. Сөйтіп, батыр жерленген жердегі ағып жатқан өзенді ел «Дос өзені» деп атап кетеді.
103. ДӨҢГЕЛЕК КӨЛ
Бір жас жігіт көрші ауылдың қызына ғашық болыпты. Олар қосылғысы келеді, бірақ қыздың әке-шешесі қарсы болыпты. Қыздың сүйген жігіті кедей, ал қыздың ата-анасы қыздарын бай жерге бергісі келеді. Содан қыз бен жігіт қашып кетуді ұйғарады. Соңдарынан шыққан қуғыншылар қуып жетейін дегенде қыз аттың үстінде отырып, қолындағы білезігін лақтырып жібереді. Сол жерде көл пайда болады. Қыз бен жігіт көзден таса болып, ал қуғыншылар көлдің ар жағында қалып қояды. Сол заманнан бері көл «Зеренді» аталып кеткен екен.
104. ЕДІГЕ ТАУЫ
Бұл Едігенің қартайып, сырқаты меңдеген кезі екен. Сырқаты меңдеп көз жұмар шағы жақындағанын сезген ол үлкен ұлын шақырып, қол астындағы елін жинауды бұйырыпты.
Ел тегіс жиналғанда Едіге басын көтеріп:
– Уа, халқым, қалың жұртым! Ажал менің иығымды басты. Ендігі өмірім де санаулы. Әттең, жаумен жағаласып жүріп, қан майданда өлсем, арманым жоқ еді. Жасымаңдар, жұртым! Менің бұл халімді естіген жау да кешікпес. Тұлпарым белдеуде тұрсын, сауыт-сайманымды оң жақ керегеге іліңдер, – депті. Арада аз күн өткенде ауылға «Аттан, аттан жау келді!» - деген дауыс естілді. Дауысты естіген Едіге қолына қара сүңгісі мен алдаспанын ала тұлпарына мініп, тауға қарай тұра шабады. Ол кезде батырлар жаудың бағытын, қолын білу үшін ең биік жерге шығып қарауыл қарайды екен. Шапқан бетте таудың ұшар басына жеткенде Едіге атымен қоса мұрттай ұшады. Ел жиылып сүйегін сол жерге жинапты. Міне, содан бері аты жоқ тау «Едіге тауы» деп аталыпты. Денесін таудың басына алып шығады. Бозғыл тасты тау жықпылынан қашап, қуыс жасап Едігені соған қояды. Үстін таспен бекітті. Соңынан жұрт үстіне төбедей етіп тас үйді. Арқаның ең биік тауы – Ұлытаумен ұшар басын таластырғысы келгендей қостар тұрған Едіге жатқан кіші тауды жұрт енді көбіне «Едіге тауы» деп атайтын болды.
105. ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚТЫҢ ҚҰДАЛЫҒЫ
Қазақтың Алау батырының заманында болса керек, аттары Еділ, Жайық деген екі адам болыпты. Еділ Еділдін арғы бетін, Жайық Жайықтың шығыс бетін қоныстаныпты деседі. Еділдің ұлы бар екен, Жайықтың қызына құда түседі. Еділ келінін алмақ болып, баласын бір жыл бұрын жіберіпті. Қайынына келіп бала аттанарда, қалыңдығы күйеуінен сұрайды: «Енді қашан келесің?» – деп. Күйеуі: «Алдағы жылдың көктемінде қазбен бірге келемін», – депті. Көктем шыға Жайық келіндеріне ақ отаудың киізін тіктіреді, жеңгелері киіз тігіп жатқанда қастарында ұзататын бикеші отыр екен, мырс етіп күліп жіберіпті. Өмірінде бір күлмеген қыз екен. Жеңгелері жабыла сұрапты: «Айналайын, бикеш жан, күлгеніңді көрмеген едік, не нәрсеге күлдің, айт?» – деп. Қыз айтпайды. Ақыры кіші жеңгесіне айтады. «Былтыр күйеу шіркініңізден аттанарда енді қашан келесіз?» деп сұрағанымда, «Алдағы жыл көктем қазбен бірге келемін» деп еді. Қаз-қанатты құс, жердегі адам ұшқан құсқа ілесе ала ма екен? Ал, келсең көрейін, қазір бір топ қаз өтті. Соған күлдім», – депті қыз. Сол мезетте біреу: «Анау төбе басындағы атын ұстап отырған адам бағанадан отыр, не қылған адам?» – депті. Білуге барса күйеу екен. Ауылдағы қыз-қатын алдынан шығыпты. Күйеу: «Мен әзір отырамын, менің өзіме бір отау, атыма бір отау тіктіріңіз, сол біткен соң барамын», – дейді. «Аттың отауының ішіне сирақтап екі астау жасағайсыңдар, біріне сүт, біріне су толтырыңыздар», – депті. Бәрі де бітіпті, күйеуді апарыпты, аттың бір жағына бір астау сүтті, екінші жағына бір астау суды қойып суытады. Күн тумай ойын-тойдан үйіне қайтып бара жатып бір сусылдаған қатын арнайы отау тіктірген неғылған ат, көрейінші деп сабау мен туырлық етегін көтеріп қалғанда ат шошып кетіп ышқынғанда, кеңірдегі үзіліп кетіп өліпті. Аттың сүбелігінде артқа қарай біткен қысқа екі канаты бар екен, суығанда бірін сүтке малып, бірін суға малып тұр екен. Атты тау басына апарып адамша жерлеп, басын нар өркеш топырағына орнатады. Мұнан кейін күйеу отауда теріс қарап жатып алған. Атасы Жайық күйеуіне: «Тұрсын, болып болғанда сырты түк, іші боқ бір айуан ғой, мен оның орнына бір ат беремін, сол атпен ертең шығып бір күнде аулына жетсін бір қонып қайтып, бір күнде мұнда жетсін. Бару-келуінде жолында не көрсе де маған баян етсін», – депті. Күйеуі орындапты, ат та сондай жүйрік жақсы ат екен. Атасы амандасып болған соң күйеуінен жолда көргенін сұрапты. Күйеуі: «Баруда ештеңе көрмедім, қайтуда жапан түзде адамсыз қосақта тұрған көп қойды бір жетім қозы емеді, бірақ тоймайды, мұны онан кейін ми далада тұрған аппақ отауға келіп, айқайлап едім, дыбыс бермеді. Атымнан түсіп есігін ашсам адам жоқ, іші тола сасыған өлімтік. Онан өткенде жөніне қарай кетіп бара жатқан бір топ қыз-келіншек көрдім, жетейін деп қаттырақ жүрсем де жете алмадым, ақыры ұзай-ұзай ғайып болды», – депті. Атасы Жайық: «Жапан түздегі қосақта түрған көп қой – халық, еміп жатқан жетімек қозы әкімдерге мысал, халықты қанша жесе де тоймайды, ми даладағы ақ отау осы күндегі адам – біз, сыртымыз сондай әдемі, ішіміз өлімтіктей арам ой, алдында жөніне карай жүріп бара жатқан бір топ қыз-келіншек осы келудегі мақсатың еді, бұл мақсатың саған жеткізбей кетсе, мақсатыңа жете алмай, бос қайтады екенсің, шырағым», – депті. Күйеу кейін ауылына кеткен күні қалыңдығы «ауырдым» деп жатып қалған екен, бүгін ауруы қатап жатыпты, бір-екі күннен кейін дүниеден қайтыпты. Күйеу қалыңдығын қолынан торы аттың қасына қойысып, жылап-жылап еліне қайтыпты. Осы күні Орал қаласының шығысындағы «Торат-басы, Қыземшек, Шыңғырлау» деген жар аттары содан қалыпты деседі.
106. ЕДІРЕЙ ТАУЫ
Ертеде қалмақ-жоңғарлар қазақ еліне шабуыл жасап, елімізді, жерімізді басып алған. Сол шапқыншылықта Балқаш арқылы солтүстікке қарай қоныс аударады. Біраз уақыттан соң, ел естерін жинап, бас біріктіріп, қалмақтарға қарсы үлкен соғыс ашады. Қалың қол, айбынды да жігерлі, кекті қазақ батырларының шабуылына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырап, қатты қырылады. Қалмақтар шегініп, қазіргі Қу өңіріне барады. Осы жерде тағы да үлкен ұрыс басталады. Ұрысқа қалмақтың Едірей, Бедірей деген екі батыры қатысады. Едірей сол жерде өліп, соғыс болған өңір оның атымен аталып кеткен. Сүйегі сол таудың маңына қойылған деседі.
107. ЕКІБАЙ
Бабық адайда Мыңбай, Сенбай деген екі батыр болады. Бірде Мыңбайдың бір бөлек жылқысын ұрылар айдап кетеді. Мыңбайдың баласы Екібай батыр жеті кісіге бас болып, жылқысын іздеп шығады. Сол кезде Майдан шырдай Қарасудағы Қамыскөлді жайлап отыр екен. Жылқыларын солар алыпты, танып сұраса бермейді. Содан Екібайлар жылқының бір шетін бөліп алып еліне қарай қуады, Шырдай Арда іле қуып, көп ұзатпай Еспай деген батыры Екібайды найзамен шаншып өлтіреді. Қалған алтауы жан сауғалап өзінің еліне қашып кетеді. Ол кезде Қайнар мен Сағыздың арасында Бабық адайлар бір өлген кісіге ас беріп жатыр екен. Кісі өлтірген оңай емес, Екібай өлгесін Майдан шырдай үркіп қазіргі Шұбаршиге келеді. Келіп Шырдайдан он алты кісі өлтіреді. Еспайды тірілей ұстап алып кетеді. Оны жаздай басын шығарып түйенің терісіне тігіп қойып азаптайды. Күзге қарай адайлар Маңғыстауға қарай көшерде теріден шығарып алып, төрт-бес қылышты көрсетіп, соның қайсысымен шабуын сұрапты. Мыңбай батырдың наркескен деген қылышы бар екен, жанын қинамай, сонымен шабуларын өтініпті. Келер жылы адайлар шырдайдың Пышық деген байының жалғыз баласын өлтіріп кетеді. Бір Екібай үшін шырдайдан адай он сегіз адам өлтіреді. Майдан шырдай адайларды заңға тартады. Қазіргі Қамыскөлде Екібайдың шошақ тамы тұр. Тасты биенің сүтімен жылқының қылымен араластырып басқан.
Бұл оқиға шамамен 150-160 жыл бұрын болған.
108. ЕКІБАСТҰЗ
Ел мен елдің арасында сауда-саттықтың кеңінен таралған кезінде, бір саудагер адам өзінің мүліктерін бірнеше түйеге қамдап артып, адырлы даламен сапар шегіп келе жатады. Ұзақ жолдан шаршаған, қалжыраған керуен бір тұстарға келгенде аялдап, ас ішіп, ауқаттанбақ болады. Кепкен еттерін алып, пісірмекке дайындық жасайды. Бірақ от жағатын отын таба алмай, дағдарысқа душар болады. Жинап әкелген шөп-шалам мен шөпшектер тез жанып кетіп, ет пісіруге мүмкіндіктері келмейді. Біраз адамдар даланы шарлап, тезек іздеп кетеді. Сөйтіп жүргенде бір тышқанның інінен шығып жатқан түйір-түйір қара домалақ тастарды көреді. Әлгіні қызық көріп жинап, қап түбіне салып алған тезек теруші керуен жайғасқан жерге қайтып келіпті. Шамалы жиналған тезекпен от жағып, дөңгелене отырған бір топ адам әлгі қара тастарды қолдан-қолға өткізіп тамашалап қарайды. Шамалыдан соң уыстаған күйінде біреуі жанған отқа қарай лақтыра салады. Отқа түскен бір уыс қара тастар қызуы күшейіп, жана бастайды. Соны көрген керуеншілер: “Жанатын тас шығаратын жер екен мынау. Бұл жерге біз белгі қойып кетейік, елге барғаннан соң көпшілікті ертіп әкеліп, өнім алармыз”, – деді де, саудалауға әкетіп бара жатқан үлкен-үлкен тұзды бірінің үстіне бірін қойып қалдырып кетеді. Кейін көпшілік жиналып келерде жаңағы жерді екі қос тұз қалған жер деп іздеп, соңынан “Екібастұз” аталып кеткен екен.
109. ЕРЕЙМЕНТАУ
Сонау ерте заманда «Ақтабан шұбырынды» кезінде қанжығалы деген ел Сырдың бойын мекендеген екен. Бірақ жаугершіліктің әртүрлі ауыртпалығының әсерінен мал мен жанға қолайлы жер іздеп сары даланы бетке ала көшеді. Көш жүре-жүре Арқаның айтулы көкшалғынды таулы аймағына келіп, ат басын тірепті. Бір тасты таудың басына шығып байқаса, тастары ыстық екен. Сонан бұл тауды «Күншалпын» деп атайды. Келесі бір таудың беткейін аралап жүрсе ірі-ірі әр жерде жатқан тастарды көреді. Бұл таудың атын «Сандықтас» деп атайды. Күндердің бір күнінде жоңғарлар ойда-жоқта шабуыл жасапты. Белгілі батыр Бөгенбай бір топ сарбаздарымен жоңғарларға қарсы шығады. Жекпе-жек сайысы болып, жаудың батырын найзамен шаншып түсірген Бөгенбай жеңіске жетеді. Қалмақ батырының мінген аты тұлпар болса керек. Бөгенбай қашқан жауды түре қуып тастап жаңағы атты бір жігітке іздетіпті. Арада бірнеше күн өткенде әлгі жігіт күрең атты Кәрі тау деген жерден тауып, жетекке алып ауылға келеді. Сұрағандарға атты «ерімен табылды» деп жауап беріп отырады. Осыдан жаңағы Кәрітау Ерімен тау, кейін келе «Ерейментау» аталып кеткен екен.
110. ЕРТІС
(І-нұсқа) Алтай қарттың қоймасындағы байлық бүкіл төңіректі таң қалдыратын. Оның алтыны мен күмісін, мысы мен темірін сұсты құз жартастар күндіз-түні кірпік кақпай күзететін. Осындай күндердің бірінде Алтай қарт өз көршісі Тянь-Шаньға:
– Әттең, ұлым болса, өзіме көмекші болып, осы байлықтың барлығын суық көздерден қорғар еді ғой, – деп өкінішін білдіреді. Сол Алтай қарттың арманы орындалып, тау құздарының терең шатқалының саңылауынан тамшылаған судан пайда болған мұздай суық ұл дүниеге келеді. Ол күн сайын емес, сағат сайын өсіп, қайратты алып батыр болады. Ол осы Ертіс өзені. Күші бойына сыймай тұрған Ертіс, тау аңғарларын бұзып-жарып, тесіп тастайды. Сондықтан оған Жертесер – Ертіс деген ат беріпті. Бұған қатты ренжіген жартастар Ертістің әкесіне шағым айтқан екен. Ұлына көңілі толмаған Алтай қарт, баласының күш-қайратын әке байлығын қорғауға жұмсау керек екенін айтып ақыл береді. Сонда ұлы:
– Әке, маған мына таулардың арасы өте тар, қысып барады. Байлығыңыз да маған қажет емес. Одан да мені өз еркіммен жіберіңіз, – дейді. Осы кезде аспанда қалықтай ұшқан бүркіт төмендеп, су бетіне жақындап:
– Жарайсың, батырым! Өзіңнің күш-қайратыңды сынайтын кезің келді. Сені алыста сұлу қыз Обь тосуда!..
Қараңғы түнде Ертіс тау құздардан қашып шығып, тар шатқалдан өтіп, жолында кездескен жартастарды жан-жаққа домалата ағыза отырып, алға екпіндей жылжиды. Таң сәріде ұйқысынан оянған Алтай, ұлын таба алмай, таң-тамаша калады. Қашып кеткенін білгеннен кейін ашуға булығып, борандатып, қашқынның соңынан үлкен-үлкен жартастарды жан-жаққа лақтырады. Бірақ ұлына жете алмайды. Алды артына қарамай, буырқана аққан Ертіс кең далаға тап болады. Сұлу Обьті қайдан іздерін білмей, көз жасы көл болған Ертіске үш шағала кездесіп, Обь сұлудың мұзды теңіз мұхитқа бет алғанын хабарлайды. Қуанған Ертіс кең даланы өзінің суымен нәрлендіріп, көңілі жадырап, жайлы болады. Көптен іздеген Обьті алыстан көріп, оның өзіне қарай иілгенін байқайды. Осы кезде Ертіс алып судың өзіне тең екеніне көзі жетеді. Сөйтіп, екі өзен қосылып, бір арнаға түсіп, мұзды теңіз мұхитқа жол тартады.
111. ЕРТІС
(ІІ-нұсқа) Қазақ пен қалмақтың арасындағы жаугершілік заманда жорыққа аттанған калмақ әскері ұзақ жүріп, бір өзеннің жағасына келіпті. Жол соғып қажыған болу керек, қалмақ қолбасшысы әскерін тоқтатып, «Ертіс» деп қолын көтеріпті, яғни «аялда» дегені еді. Сол кезден бастап бұл өзен «Ертіс» деп аталып кетіпті-міс.
112. ЕСЕНБАЙ АСУЫ
Табиғаты сұлу Едірей өлкесі өзінің тарих, шежіре, аңызға да бай жерлердің бірі. Тау қойнауына барар жолдағы Едірей ауылының шыға берісінде Есенбай асуы бар. Осы жерде Есенбай деген әулие кісі өмір сүрген. Атау да соған байланысты қойылғанға ұқсайды. Осы кісінің өз басына қатысты түрлі қызықты аңыздар жетерлік. Табанын тіліп жіберіп, бізбен тесіп, терісін қайыспен қайырып тігіп отыратын болған. Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде бәрін көшірісіп, өзі жұртта қалып қоятын көрінеді. Ел Есекең айтқан қонысқа келіп, енді жетіп жайласпақшы болғанда, алдынан оларды өзі қарсы алып шыққан. Ауыл адамдары болса Есекеңнің қалай жеткендігіне қайран қалысып, әулиелігін аңыз етіп айтып, ел ішіне таратып жіберген. Сол Есенбайдың әулиелігі турасында ел ішінде сақталып келген тағы мынадай бір қызықты жайт бар. Есенбай әулие ел жайлауға көшкен кезде иесіз жұртқа ешкілерін тастап кетеді екен. Ешкілерді қалдырған кезде, мал ішіндегі үш-төрт текелеріне атап-атап «сен ие бол, сен ие бол» деп тапсырады екен жарықтық. Содан кейін еш алаңсыз ешкілерін қалдырып, жаз жайлауда болып, асықпай қысқа қарай бірақ оралады екен. Ал ешкілері болса «қой да аман, қасқыр да аман» демекші, бір тұяқ шетінемей бастары түгел болған. Оның сыры былай екен: жаңағы «сен ие бол, сен ие бол» деген текелер ит-құс немесе сырттай көзі түсіп қызыққан ұрылар жақындап келгенде, текелер ешкілерді бағып жүрген оның иелері болып көз алдына елес береді екен. Содан әлгілер болса тайсақтап жолай алмаған. Міне, жоғарыдағы Есенбай асуы сол әулие адамның атымен аталып қалған. Осы әулиенің атымен байланыстырыла қойылған бұл жерде Есенбай бұлағы, Есенбай сайы деген атаулар да кездеседі.
113. ЕТІК ШЕШКЕН
Кеңес өкіметі келіп, байларды тәргілеген шақта осы әрекетке Мақтағұл деген бай да ілігіпті. Алдымен мал басын ауылдағы кедейлерге бөліп бергізеді. Соңынан үйіндегі дүние-мүлкін бөліске салады. Ақыры қарайлайтын ештеңесі қалмаған Мақтағұл елінен безіп, бет ауған жаққа жол тартады. Соңына түскен қуғыншылардың алғашқы тобы жеткенде астындағы атын беріп құтылыпты. Келесі біріне жолыққанда үстіндегі оқалы шапанын шешіп береді. Сөйте-сөйте іш киімімен қалған ол бір таудың басына шығып отырса ауылының тағы бір адамы келеді: «Сенің осында отырғаныңды айтамын, сөйтіп ұстаттырамын» деген әлгі адамға аяғындағы етігін шешіп берген екен дейді. Сонан осы тау кейін келе «Етік шешкен» аталып кетіпті.
114. ЕТІК ШЕШКЕН ТАУЫ
Ертеде елді бір орынға жинап, колхоздастыру кезінде бір жігіт бір қойшыны қыстаудан жайлауға көшіріп апарады. Қойшыны жаңа қонысына қондырып, қайтадан кейін қарай жолға шығады. Жүріп келе жатып, жолда машинасы қирап қалады. Тура таудың басында. Бұл тау өзі оңтүстіктен бастап жоталанып солтүстікке қарай созылып жатыр. Содан машинасын далаға тастап, жаяу ауылға тартады. Ертең келерінде машинаны тез тауып алу үшін, белгі ретінде етігін шешіп, машинаның үстіне қойып кетеді. Содан ауылына жетіп, машинаны алып келуге баратын кісілерге машинасын етігін шешкен жерде екенін айтады және сол жердегі таудың маңында дейді. Содан бастап бұл тау «Етік шешкен» аталып кеткен екен.
115. ЕШКІӨЛМЕС ТАУЫ
Осы таудың етегінде ескі қыстақ орны бар. Бұл қыстақты кезінде бір бай мекендепті. Бір жылы қыс қатты болып, малдарына шөп тауып беруге мүмкіндік болмаған жұт болыпты. Осы жұтта бай да малынан айрылатын болған соң қолындағы ұсақ малдарын далаға айдап жібереді. Күн жылына есеңгіреген ел шөп тамырын қазуға кіріскенде, жайылып жүрген ешкілерге кезігеді. Ешкілер шөлдеп, аман-есен лақтарымен бірге жайылып жүреді. Оларды енінен жаңағы байдікі екенін таниды. Ақ сөңке болып қырылған малдың ішінде Сексек ата түлігі ғана осы таудың қасиеттілігінен қалды деген аңыз бар. Содан бері осы күнге дейін бұл тау "Ешкіөлмес" тауы деп аталады.
116. ЖАБАЙ ҰІІІҚАН
«Жабай ұшқан» деген жерді ертеректе Жабай есімді қария жайлаған екен. Өзі ит жүгіртіп, құс салған аңшы, шағын ауылдың күн көрісін айырып отырған қайырымды жан болса керек. Оның ат құлағында ойнар ептілігі, құс, аң тілін түсініп, олардың үнін аудармай салатын шеберлігі төңіректегі елге аңыз болыпты. Әкелі-балалы аңшылардың ерте көктемдегі кәсібі осы биік шыңға барып бүркіт, лашын сияқты қыран құстардың балапандарын алып, тәрбиелеп өсіріп, аңшы құстарды баулып шығарады екен. Жұмыртқасын шайқап жаңа өсірген енесі жас балапанының жылда орнын сипап қалатын болған. Бұл қасірет жыл сайын жалғаса берген. «Тұйғын» деп аталатын бүркіт балапан құс, қан түбіт, тастүлек, мұзбалақ болып қалыптасып өсіп, көк түбіт күнінде алғашқы жұмыртқасын салған болатын. Содан бері жыл сайын ұядан балапанын жоғалтумен келеді. Осы құла құзды мекендеген ұзақ өмірінде қатар ұшар бір балапанын өсіре алмаған өкініш сезім өзегін өртей береді. Тәңіріне өзінің жалғыздығын шағып, мұңайып жылайды: «Бұл адамнан қалай құтылуға болады. Солардың көзінен аулақ боламын деп сусыз, елсіз шөлге, биік тау-құзға ұя салдым. Соның өзінде де олар бәрібір жыл сайын ұрпақсыз жетімдікке душар етеді». Биыл да бұрынғы дағды бойынша Жабай қарт баласын ертіп, сол ұяға келеді. Әр жылғы дәстүрі бойынша түйе көнінен өрілген қайыстан жасалған ұзын арқанмен баласын белінен байлап биік құздағы құстың ұясына түсіреді. Төмен қараса, бас айналдырар терең шатқал. Арқанның ұзындығы шыңның орта тұсына жетер-жетпес. Балапандарды қойнына салған бала «тарт!» деп белгі береді. Ұлын тарта бастаған кезде қайыс құздағы екі үшкір тастың арасына қыстырылып, шықпай қояды. Ширығып оңға, солға бұралған арқан үшкір тасқа қажала береді, кажала береді. Баланың бір кезде арқанға көзі түссе, бір тіні қиылып кеткен екен. Екінші тіні де қажалып барады, үзілуге шақ қалған. Енді бір сәтте шарт етіп үзіліп арқан дыбысы мен баланың «өлдім, әке!» деген жан айқайы қатар естіледі. Жан ұшырған әке не жасарын білмей жан дауысы шығып, «қазір жетем, балам!» деп айқай салады. Осы жасқа келгенде жалғыз ұлдың артында қалып өмір сүрудің мәнсіздігін түсінген ол жүгіріп жетіп арғымақтың басын босатып, көзін байлайды да, тұрған орнында шыр айналдырып, оған ырғып мініп шың-құзға қарай тебініп, атты сауырлап жібереді. Арғымақ бауырын жазып екі секіргенде құздан құлдырай құлайды. Ұшпадан ұшқан жалғыз ұлдың жан айқайы, әкенің алас ұруы, арғымақтың шыңғыруы тауды жаңғыртып жібереді. Осыдан бастап бұл биік "Жабай ұшқан" аталады.
117. ЖАБАЙҰШҚАН ТАУЫНЫҢ АТАЛУ ТАРИХЫ
Бұл Сенек тұспаның бер жағында, батыстан күншығысқа қарап тұрған Ұшпа тауы. Ұшпа Жабай деген қазақ жерінде қалып қойған түрікпен көрінеді. Ертеде осы таудың басына ұя салатын қыран бүркіттің балапандарын аулап, Бесқалаға апарып сатады екен. Жабай өзі түрікпен қанына шыққан, жаужүрек адам екен. Бірде сол Жабай жалғыз баласын арқанға байлап жіберіп, балапан алдырғысы келген. Жан-жағы теп-тегіс Ұшпа таудың ажалына кезігіп тұрған бір тастарына ілігіп қалған арқан қиылып кетіп, бала ұшып өлген. Баласынан басқа қызығы қалмаған бейшара Жабай атының көзін таңып, өзі де ұшып өлген екен.
Содан халық аузында бұл тау «Жабайұшқан» деп аталып кетіпті.
118. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ
(І-нұсқа) Баяғыда Айшуақ деген батыр болған. Ол қандай шайқас болмасын жеңіп отырған. Сол Айшуақ батырды жаулар қалың қол болып жиналып өлтірмек болған. Айшуақ батыр соны біліп қаша жөнеледі екен. Қашып келе жатса, алдынан бір қарт шығыпты. Батыр қарттан жол сұрайды. Қарт оған дұрыс жол көрсетеді. Содан қартқа алғысын айтып, әрі қарай жүре береді. Жүре-жүре алдынан тағы бір қарт шыға келеді. Қарттан жол сұрайды. Қарт оған жол көрсетпей, жаудың қолына ұстап береді. Міне, таудың аталуы осында.
119. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ
(ІІ-нұсқа) Кертінді Қолаң деген қызға ғашық болады. Туған-туысқандары қарсы болғандықтан, екеуі қол ұстасып қашуға серт байласады. Екеуі қашады. Қашып келе жатқанда, бір таудың етегіне келіп тасалайды. Сол уақытта оларға бір қарт адам кездеседі. Сол қарттан жөн сұрайды. Ол қарт дұрыстап жөнін айтпайды. Сондықтан сол тауды «Жаман қарт» деп атаған. Сонымен екеуі тағы біраз жол жүріп, бір таудың етегіне келіп тоқтайды. Сол кезде тағы бір қартқа кездеседі. Ол қарт бұларға дұрыстап жол көрсетеді. Ол тауды «Жақсы қарт» деп атаған.
120. ЖАҚСЫ ҚАРТ ЖӘНЕ ЖАМАН ҚАРТ ТАУЛАРЫ
(ІІІ-нұсқа) Ертеде Әния деген сұлу қыз болған екен. Атастырылған жігітіне көңілі толмай, көңілі сүйген Алмас деген жігітпен көңіл қосады. Әнияның ата-анасы Алмаспен көңілі бар екенін біліп, қызын бермеуге бел байлайды. «Егер көңіл қосқан жігітке барсаң, ата атына дақ салғаның», – дейді. Әния әке-шеше сөзіне келісе алмай, сүйген жігітімен бір түнде қашып кетеді. Соңдарына қуғыншылар түсіп, әке алдына әкелмекші болып аттанады. Бірін-бірі сүйген екі жас «Жақсы қарт» тауына тығылғанда, құғыншылар қолына түспей, аман құтылады. «Жаман қарт» тауында куғыншылар қолына түсіп, армандарына жете алмады. Содан бүгінгі күні екі тау «Жақсы қарт», «Жаман қарт» деп аталды.
121. ЖАЛАҢТӨСТІҢ ҮШ ҚОРЫҒЫ
Шапқыншылық кезінде жоңғарлар қазақ жерінің малға жайлы шұрайлы тұстарын жайлап қоныстанып алыпты. Үлкен қорық деп аталатын жерде жатқан жау әскерлеріне не сауыты жоқ, не найзадан басқа қаруы жоқ ақ көйлекті бір батыр ойда жоқта жалғыз өзі жауға тиеді. Жоңғарлардың атқан оқтары, шапқан қылыштары жаңағы батырға дарымапты. Әулие батырдың аруағынан қорыққан жоңғарлар үлкен қорықты тастай қашыпты. Орта қорыққа келіп паналаған жау әскерлері жаңағы батырдың Жалаңтөс екенін әңгімелей айтыпты. Сөйтіп отырғанда әлгі Жалаңтөс орта қорыққа да қырғидай тиіп қуып шығады. Барлық жоңғарлар жиналып келіп кіші қорықта бас қосыпты. Сол сәтте жаудың батырына бір хабаршы жігіт келіп: «Жалаңтөс батыр осында келе жатыр» деген хабар айтыпты. Соны естіген қалмақ батыры: «Үлкен қорықты бердік, орта қорықты бердік, кіші қорықты да бәрібір алмай қоймас. Аман-сау тұрғанымызда кеткеніміз жөн болар, бұл үш қорықтың үшеуі де Жалаңтөстікі екен ғой», – деп әскерлерін бастап қайтып кетіпті дейді. Содан бері жаңағы қорықтар «Жалаңтөстің үш қорығы» аталып кетіпті.
122. ЖАЛАУЛЫ
Жем өзенінің шығысындағы Сарысайда табын Құламан ерді жазым еткен қалмақ батыры Бірекенді Құрсайынның терістігінде ұзыннан созылған жол үстінде Қаракесек ай балталы Тәйтәй батыр маңдайынан шауып өлтіреді. Содан ол Бірекен жайы аталды. Сонда жеңілген қалмақтардың біреуі оқ тисе де құламай, атының жүйріктігінен қолға түспей құтылып кетеді, ол биік бір төбеге жетіп, құрыққа шүберек байлап, белгі есебінде шаншып, соның түбінде қаңсырап жатып өледі. Оның қашқаны қалмақ екендігіне шек келтірмейді. Содан Жалаулы аталады.
123. ЖАНБАУЛЫ ҚАУЫМЫ
Жанбаулы деген атақты кісі адайдың бейімбет деген руынан шыққан. Заманында ол атағы шыққан, мыңғыртып жылқы айдаған, халқына мырза болған байлардың бірі екен. Ол жылқысына жалшы, қосшы жалдамай, өзі бағады екен. «Өз малыма өз терім сінбесе, қалайша өзімдікі болмақ?» дейді екен. Сондықтан қайырымды байдан ағайын, ауылдастары да көмегін аямаған. Бірде осындай бір өзі мырза, өзі бай Жанбаулы деген кереметтті көрмекке сонау Арқадан Байбақтының атақты Сырым батыры келіпті. Жылқы ішінде жалғыз жүрген Жанбаулыға келіп, сәлемдесіп болғасын Сырым батыр:
– Байеке, осыншама мал мен дәулеттің қызығын көріп жатпайсыз ба? Балаларыңызға, малшыларыңызға сенбейсіз бе, әлде? – деп сұрапты. Сырымның әкесі Дат мінезі нашар, шадырлау кісі болса керек. Сонысын білетін Жанбаулы:
– Менің атымды шығаратын осы жылқы емес пе? Сол үшін мен оған борыштымын, – дей келіп:
Қасқа айғырдың баласы қасқа туады,
Ұқсамаса да бір көзі алғыр туады.
Жорға айғырдың баласы жорға туады,
Ұқсамаса да бір аяғы шадыр туады.
Жаман адамның да баласы жаман туады,
Ұқсамасаң да әкең Дат-ау,
Әйтпесе соны сұрар ма едің? –
деп Сырымды сөзбен тоқтатып тастаған екен. Сол Жанбаулы өлерінде халқына ас беріп, өсиет айтып кетіпті:
Той жасасаң, қазаншыңды бір көтер,
Көкпар тартсаң, жігітіңді бір жібер.
Ас бергенде ағайынды ұмытпа,
Ағайынсыз дүниеден қыр кетер.
Бұл күнде Жанбаулы зиратының айналасын ағайын-туған, ауылдаспен үлкен бір қауымға айналып, ол «Жанбаулы қауымы» деп аталады екен.
124. ЖАУЫРТАУ
Жетпіс жыл баққан малының жеті жапырақ етін тісіне басуға қимайтын Қарабай әкесі өлген Қозыны қомсынып қаша көшеді. Ұзақ көш жолында қырық нары арып өліп, Аякөзге келгенде ноғайлы Шақшақ байдың баласы Қодар Баянға ғашық болады. Кешікпей-ақ тоқсан мырзасын жалшылыққа берген Қодар Қарабаймен әмпей болып алады. Сонда әбден шарасы таусылған Баян Айбас деген жігітті қанатты қара биеден туған Бақа айғырға мінгізіп, алыста қалған ғашығы Қозыға жібереді. Сәлемдеме деп алтын сандыққа домбырасы мен моншағын, басындағы қарқара қадаған топысын салып берген екен. Қарабайдың қырық нарын жалмаған ұзақ жол Айбастың арғымағына да оңай тимепті. Шексіз-шетсіз сары дала Айбастың өзін де, астындағы тоқпақ жал Бақа айғырды да титықтатса керек. Алайда қаншалықты қалжырап, қажыса да Айбас Баянның өтінішін орындау үшін Қозы Көрпештің елін бетке алып жүре берсе керек. Бірақ амал қанша, елсіз-күнсіз сары дала астындағы аттың титығына жетіп, бір жерлерге келгенде болдырып, тоқырап тұрып қалыпты. Айбас алған бетінен сонда да қайтпайды. Бақа айғырды Тоқырауын бойының сонысына тынықтырып алып, тағы да жүріп кетеді ғой. Ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде мінген атының тұяғы сөгіліп, арқасы ошақтай жауыр болып, мүлдем міністен қалған екен. Осынау жауыр аттың қалған жері содан бері «Жауыртау» атаныпты.
125. ЖЕКЕ БАТЫР
Кедей ауылда асқан күшті, әрі арманшыл бір батыр тұрыпты. Жас кезінде уайым-қайғы дегенді елемей, өзінше думандатып өмір сүреді. Ер жеткенде жоқшылық пен халық мұңын көріп, қабағын кірбің шалады. Туған жеріне шығыс пен оңтүстіктен жоңғарлар шапқыншылық жасап, батыстан Еділ қалмақтары шабуылдап тыным бермейді. Сүттей ұйыған ауылдардың шаңын аспанға шығарып, астан-кестен қиратып, жау қолы төрт түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды айдап әкетеді. Ал ел іші бір-бірімен қалыңдық пен жайылымдыққа таласып, күнде қырқысып, ауызбірлікке келе алмайды. Жас батыр бәріне қолын бір сілтеп, ауылдан кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. Өзіне қылыш пен дулыға, үстіне сауыт соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады. Жол үстінде оған басқа жұрттың батырлары жолығады. Олар да бақыт жолына жалғыз шыққандар екен. Жас батыр оларды күш біріктіріп, қол болуға шақырады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау араз болса, ауыздағы кетеді» деп ата-баба нақылын айтады. Бірақ оны өзгелер тыңдамайды. Әркім өз жолымен жеке дара жүре береді. Жаумен бірінші болып жас батыр кездесіп, жалғыз өзі қарсы шабады. Қаптаған қалың қол. Оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол қанша күшті болса да, қисапсыз жауды құртып бітіре алмайды. Дұшпан қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда ғана ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екендігін түсініп, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы батыр әл-дәрмені құрып, туған даласына шалқасынан құлап түсіп, тасқа айналады, мәңгілік ұйқыға беріледі. Жеке батыр тауы, міне, осылай пайда болған деседі.
126. ЖЕТІ ҚҰДЫҚ
Баяғыда осы таулардың ортасында Ортау ауылында жеті ағайынды емші өмір сүрген. Олардың емдемеген емі, жазбаған ауруы қалмаған. Күндердің күнінде ауылға үлкен дерт келіп, ауыл жаппай ауруға ұшырайды. Осыдан бастап жеті ағайындарға келген жандардың қарасы көбейе түсті. Барлық халықты емдей алмайтынын түсінген олар енді бар халықты бір сәтте емдеуге болатындай емдік шөп іздеп тауға кетеді. Бірақ сол түні олар оралмайды. Ауыл адамдары сол тауға қарай іздеу салады. Алайда ол жерден қатарынан тұрған жеті құдықтан басқа ешкімді таппайды. Содан бері кім де кім сол жеті құдықтың жетеуіне де түссе бір жыл бойы ауырмайды екен. Міне, осыдан бастап Жеті құдық ел ауызына аңыз болып ене бастады.
127. ЖЕТІБАС
Сол маңайды мекен еткен Сәрсенбай байдың желдей жүйткіген жеті жүйрігі болыпты. Сәрсенбайдың ат құмар, серісымақ бір немере ағайыны болған екен. Сол бір күні Сәрсенбайға:
– Бір атадан туған, қарындас ағайын едік, қолымды қақпайсың деп ойлаймын, мен ана үйірде жүрген жеті арғымағыңның біріне қолқа сала келдім, – дейді. Сараңдығы ұстаған Сәрсенбай ағасына атын бермейді. Шық бермес Шығайбайдай ағайынына әбден көңілі қалған ол: «Жетеуінің бірін маған қимағанда, соның біреуін де аман қоймаспын», – деп жеті атты бір түнде жоқ қылады. Жан-жаққа ат шаптырып іздеткен Сәрсенбай аттарын ешқайдан таппайды. Бірақ ол өзінің аттарының тұмсық астында жайрап жатқанын білмеді. Жеті арғымақты алған ағайыны сол маңдағы үңгірге барып паналайды. Бірақ үңгірдің елеусіздігі сондайлық, жай қараған көзге қалың қарағай өскен қожыр тас болып көрінеді. Үңгір ішінің кеңдігі кішкене бір бөлмедей, адам ішінде еркін жүре алатындай таспен құрсауланған.
Тірідей аттарды ешқайда ұстай алмағандықтан, бір түнде жетеуін де сойып, ауылдың жарлы-жақыбайларына бөліп беріп, тек бастарын ғана үңгір ішінде қалдырған. Қураған жеті жылқының басы әлі сол жерде көрінеді. Осы жеті қураған басқа байланысты үңгір «Жетібас» аталған. Содан бері ғана халық бұл үңгірді аңғарып, біле бастаған.
128. ЖЕТІМ ТОЛЫБАЙ
Ертеректе қазақты қарақалпақтар жаулап, мал-жанын, мүлкін тонап алып кетіп отырған. Бір ретте қарақалпақтың Нұртай деген батыры өз еліне «Қазақтарға аттанамыз» деп жар салған. Қарақалпақтар дайындала бастаған. Сол елде Толыбай дейтін жетім бала бар екен. Жауға мінер аты болмай, нағашысына барып: «Халық қарақалпаққа аттанғалы жатыр, менің атым болмай, қатардан қалып қоямын деп тұрмын. Қатардан қалып елде жүргенім менің де қатын болғаным ғой», – деп айтқаннан кейін астыма мінуге ат сұрай келдім депті. Нағашысы балаға бәлен сөз айта алмай, атын мінгізген екен. Толыбай халық қатарлы аттаныпты. Елдің бір шетінен қарақалпақтар тиісе бастағанда елдің батыр, билері қашықтау ауылдағы тойға кетсе керек. Бос жатқан елді оңай жаулап, мал-мүлкін, қатын-бала, қыздарын алып кетеді. Сол елде жас жаңа батыр бала бар екен. Сол бала аттанып, қарақалпақтарды быт-шытын шығара жеңіп, мал-жандарды елге қайырған екен. Бір жерде аты оқпанға құлап шыға алмай жатқанда қарақалпақ батыры найза салып кеудеден шаншады. Сонда Толыбай: «Батыр, қате жасадың. Жекпе-жек найзаласу керек еді, енді болмайды. Найзаңды алмай кідіре тұр, бір-екі ауыз өтінішімді айтайын», – депті. Қарақалпақ батыры сөзін тыңдайды. «Нұртай батыр бастаған халық осылай аттанбақшы болды. Мен де қалмайын деп нағашымнан атын сұрап келген сапарым еді. Атым Толыбай, әкем жоқ, жетім адам едім. Үйленгеніме бір жыл болып еді. Шешем екеуі елде қалды. Ендігі өтінерім денемді қарға-құзғынға жем болмасын, замандас екенбіз мені бір белгілі жерге қоярсың. Ең болмаса атым қалсын. Өтінішім осы. Енді найзаңды суыра бер», – депті. Найзаны суырғанда Толыбай жан тапсырыпты. Қарақалпақтар қазақтың жас батырынан соққы жеп, елдеріне оралады. Толыбай келмей қалады. Екі күн өткеннен кейін, үшінші күні шешесі келінін ертіп Нұртайға кіріп, баласын сұрайды. Нұртай: «Қол ыдырап бір қатары кейінде қалып еді, келетін шығар», – деп күмілжи жауап береді. Осы кезде сыртта тыңдап тұрған келіні енесіне: «Ене, шық! Батыр жауда қалды, қатын елге оралды», – деп дауыстайды. Осы кезде әйел баладан бұндай сөз естіп көрмеген Нұртай батырдың жүрегі жарылып өлген екен. Ал енді біздің жас батырдан әңгіме қозғайық. Жауды қайтарып елге аман-есен оралып, Толыбайды ала келіп, осы біздің жерге белгілі төбеге қойған екен. Бұл қорым «Жетім Толыбай» атанып кеткен. Сонан бері қарай көз жұмған жанның бәрі «Жетім Толыбай» қорымында жерленеді.
129. ЖИДЕБАЙ ҚЫСТАУЫ
Жоңғарлармен жауласқан баяғы заманда Жидебай деген батыр болыпты. Абылай Жидекеңді айрықша құрметтейді екен. Үйсін елінің тұлпарларының тұқымынан шыққан ақ шабдар атты алғызып сыйға тартыпты. Жидекеңнің көріпкел қасиетінің сырын ханнан басқа ешкім білмейді екен. Сұрағандардан хан: «Оның қызыл түлкісі бар» дейді екен. Бірде сенбеген біреуге Абылай хан: «Ұйықтап жатқанда өзің барып қара» деген екен. Сол адам аңдып жүріп, ақырын барып қарапты. Сөйтсе, тура кеудесінің үстінде қызыл түлкі жатыр екен. Жалт қараған түлкіден қатты қорыққан ол қаша жөнеліпті. Көп ұзамай екі көзі суалып, су қараңғы болып қалыпты. Ханның кезекті мәслихатында отырғанда жоңғарлар жайында әңгіме қозғалды. Батырлардың бірі: «Жауымыз іргелі екен», – депті. Сонда Жидекең: «Іргелі болса жағдайы белгілі болды, өйткені іргесіз жау емен ағашқа емінеді, іргелі жау күнде семіреді», – дейді. Үлкен бір шайқаста әскерлер жеңіске жетіп, той жасалады. Абылай хан батырларын мақтан тұтып әңгіме айтады. Сонда Жидекең былай депті: «Уа, хан ием. Алған алшақ, маңдайың шалқақ тұр екен. Күшіңе қарай мақтан, найзаң мақұл емес пе, садағың тұқыл емес пе, қамаған жауыңнан сақтан».
Батыр билік айтқан осы жер кейін келе «Жидебай қыстауы» атанып кетеді.
130. ЖОРҒАТАУ
Баяғы өткен заманда Базарбай деген бай болыпты. Байдың Төлеген деген батыр баласы бар екен. Жігіт болып, ер жетіп, өзіне лайықты жар табуға ел ішін аралап кетеді. Күндердің бір күнінде Шекті деген елде Жібек деген сұлу қыз бар деп естиді. Көп күндер жүріп, іздеп барған Төлегенге Жібек үш түрлі шарт қояды. Ол шарттар балуан күрес, ат жарыс, жамбы ату. Осы үш шарттан да мүдірмей өткен Төлегенді Жібек ұнатыпты дейді. Бірақ араларында жер дауы мәселесі шешілмеген екі елдің байлары балаларына рұқсат бермепті. Арада көп күндер өтеді. Әбден амалы таусылған екі жас бір күні түнде Жібектің жорғасына мінгесіп, қашқан екен. Соңынан шыққан қуғыншыға жүйрік жорға жеткізе қоймайды. Бірақ қанша мықты болғанымен аттың аты ат емес пе, бір таудың биігіне шыққанда болдырып өледі. Кейінгі ел-жұрты осы Жібектің жорғасы өлген биік тауды «Жорғатау» деп атап кетеді.
131. ЖҰМБАҚ ТАС
Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде қалмақтың бір сұлу қызын қазақ батыры қолға түсіріп, алып кетіпті. Сонан осы олжаны кімге береміз деген әңгіме туғанда жаңағы қыз: «Мен үш түрлі жұмбақ айтамын, соның шешуін тапқан адамға мені беріңіз» деп өтініш жасайды. Мақұл көрген көпшілік қыздың жұмбағын тыңдайды. «Мен он екі ағайынды, отыз буынды, жеті қырлы жерден келгенмін» деп жұмбағын айтады. Жиналған жұрт көпке дейін осы жұмбақтың жауабын таба алмай, дағдарыпты. Сонан жұмбақ шешуін жаңағы қазақ батырдың өзі былай деп айтқан екен: «Он екі ағайындысы бір жылдағы он екі ай, отыз буындысы бір айдағы отыз күн, жеті қырлысы аптаның жеті күні». Сөйтіп қалмақтың қызы қазақтың батырына беріліпті. Ел жаңағы жерді сонан былай «Жұмбақ тас» деп атап кетіпті.
132. ЖҰРЫН
Қазақтар мен қалмақтар соғысқан, жаугершілік заманда жекпе-жекке шыққан қазақ пен қалмақтың Жұрын есімді батыры осы жерге дейін шайқасып келеді. Осы жерде қатты шаршаған екеуі де демалуды ұйғарады. Ұйқыдан бірінші болып оянған қазақ таң қалып: «Неғып мені өлтірмедің?» – дегенде, қалмақ: «Маған әділ күрес керек», – деген екен. Сол жерде қалмақтың бұл ісіне риза болған қазақ қалмақпен достасып, төс түйістіріп, «Енді шайқасуды доғарайық» деп бәтуаласқан екен. Сол кезден бастап осы жерді Жұрынның есімімен атаған.
133. ЖЫҒЫЛҒАН
Маңғыстау жерінің тарихы мол. Әрі тау, әрі тасы мол. Сондай жерлердің бірі Жығылған деп аталады. Бұл жер ертеде биік-биік тауы бар, шыңырау құз болған. Бір күні Мұхамбет пайғамбар есекке мініп, сол жерге келеді. Өтейін десе өте алмайды, ашуланған пайғамбар: «Адам жүре алмайтын неткен жер? Жығылғырдың тауы жығыл!» – дегенде биік таулар бөлшек-бөлшек болып жығылып, пайғамбарға жол береді. Сол жерден өткен пайғамбардың есегінің ізі әлі бар көрінеді.
134. ЖЫЛАҒАН АТА
Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» – деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» – деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», – деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір», – дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына «Жарайды, мен кетейін», – дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», – дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс.
135. ЖЫЛАНДЫ БҰЛАҚ
Жаугершілік заман болса керек. Төрткүлтөбеге қоныстанған елдің іргесі сөгіліп, жау жайлап алады. Тұлымдысын күң, тұғырлысын құл етеді. Ата жаудан арылудың жалғыз жолы бар. Ол – ханды өлтіру. Бірақ қалай? Осы сауалға жауап іздеп сабылған елден жылан тілін ұғатын, онымен еркінше сөйлесіп, өз айтқанын істете алатын Сәді деген ер шығады. Ол Төрткүлтөбеге жақын маңдағы үлкен үңгірге үш күн түнеп, ордалы жыланға жолығады.
– Ей, адамзат, маған не айтар тілегің бар? – дейді Ата жылан. Сәді ұста:
– Тыныш жатқан елді жау жаншып барады. Халі мүшкілге айналды. Соған көмек бер, – дейді.
– Оған қандай амал бар? – дейді Ата жылан, – бәлкім, өзің айтарсың?
– Халыққа қызмет көрсетіп жүріп, бір дәулетті жаннан алған түйменің көзіндей алтыным бар, – дейді Сәді.
– Ол алтынды не қыламыз?
– Менің жобалауымша, алтынға қызықпайтын хан жоқ. Сол алтынды сенің үңгіріңнен алдым деп ханға барайын. Ол сеніп өзі келер, сол кезде жанын жаһаннамға жіберерсің, – деп өтінді дүкен ұстаған абзал жан.
Сәдінің айтқан уәжі де, ақылы да көңіліне қонған Ата жылан:
– Момын халық үшін келісімімді бердім, – деді.
Таң қараңғысында қағылған есікті хан өзі тұрып ашты. Өйткені, Шолпан есімді көңілі ауған келіншек осы кезде келетін. Бірақ есік аузында нәзікеш қылықты келіншек емес, қол-аяғы күстенген ұста тұр еді. Оның бас бармағының астынан алтынның сәулесін көрген хан оның жымын білдірмей төргі бөлмеге алып келді.
– Қане, қайдан алдың? – деді ол бірден. Сәді ұста болған жайды айтқансып отырып:
– Ордалы жылан сізді оңаша келсін деп жатыр, – деп қалды. Мынау сөзге көзі қарауытқан хан сол сәтте-ақ үңгірге жалғыз аттанды.
Үңгірдің көзіне барғанда Ата жыланның тілінен зәр шашырап:
– Сен өз зауалыңды өзің іздеп таптың! – деді. Өлмеші болып уланған хан таң бозымен:
– Бұл жерден көшеміз! – деп жар салды. Хан туыстары, төлеңгіттері өре түрегелді. Ақ отау керегесіне дейін буылып, түйіліп, атандар шөгеріліп, өркешіне арқан тасталды. Барлық жүк теңге артылды. Көш ілгері жылжыды.
Хан қызылдың қарсы бетіндегі бұлаққа жеткенде.
– Шөлдеп барам. Мені күймеден түсіріңдер! – деді. Уәзірлері кенеттен дерт құшқан ханекеңді көтеріп әкеліп, бұлақ жағасына жантайтты.
– Ары таман бара тұрыңдар, – деді хан. Сол сәт мұздай бұлақ суынан түршіккен денесіне жылан уы тез тарап, соңғы демі шығып кетті.
Қозғалыссыз жатқан ханның денесін аударыстырып, көтеріп әуреленген бас уәзірдің көзіне жылан шаққан жер түсті.
– Ойбай-ай! – деп айқай салды бас уәзір, – ханымыздан айрылдық! Мынау бұлақ – «Жыланды бұлақ» екен. Жақындамаңдар! Қане, бұл жерден тез көшейік!
Дарқан даланың маңғаз халқына өкшесін батырған зәлім ханның ажалы солай жетіпті. Сәді ұстаның білгірлігінің арқасында ордалы жыланға өзі барып түскен ханның жан тапсырған жері «Жыланды бұлақ» аталып кеткен.
136. ЖЫЛТЫР КҮЗЕГІ
Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай сол жерде күз айларында тұрыпты. Сол Жылтыр бай байлығына масаттанып, бір дәруіштен: «Мен қашан өлемін?», – деп сұрапты. Сонда дәруіш: «Тақсыр, сіз аштан өлесіз», – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Сонда дәруіш тұрып: «Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз», – деген екен. Жылтыр бай жетпіс жастан асқан шағында қайтыс болыпты. Міне, сол жердің аты «Жылтыр күзегі» деп осы күнге дейін аталады.
137. ИТКЕ БИ
(І-нұсқа) Ол кездері қазаққа тән жайлау, қыстау, көші-қон рәсімінің шектелмеген шағы. Содан Итекең іргелі ауылды әдеттегідей келесі қонысқа өзі бастап шығады. Бұрындары денсаулығы мұқалып, сырқаттанып жүрген екен. Ел қамы, су қамы, жер қамы деп биекең бойын бойлаған дертке әу бастан оншалықты назар аудара қоймаған, сірә. Содан, көш түзеле, жолай бидің денесі ауырлап бей-берекесі кетеді. Әрине, ел бастаған ер азаматтың хал-күйі баршаның көңіліне кірбің келтіреді. Мұны қалай сезінбесін, Арқаға әйгілі Итке би болған соң ол да сезінеді. Сонда өрен-жаран, туған-туыстарына өсиет етеді:
– Сендер абыржымаңдар, көш бағытынан тағы айырылмасын. Бұл дүниеде мәңгілік кім болған, дәм-тұзым таусылған жер бұйырсын. Және де естеріңде болсын, о дүниеде ара қашықтық ұғымы жоқ. Сол себепті жер қойнауына берілген соң-ақ туған-туыс фәни жалғанда қауышып жатады, – дейді.
– Биеке, о не дегеніңіз, бөтен елде атыңыз шықпай атаусыз қаласыз, – деген біртумаларға:
– Ештеңе етпейді, мен жерленген соң, ол жердің аты Итке аталар, сірә, – деп сендіреді.
Кешікпей биекең көзін мәңгілік жұмған екен. Бірақ қос атқа тең жасалып, мәйіт көшпен бірге біраз сапар шегеді. Сөйтіп, Итке ауылы Жуантөбе жазығына жетіп, Айса көлді маңайлай бере ат басын тіреп, биекеңді соңғы сапарына шығарып салу рәсіміне кіріседі. Ақылдаса келгенде, кішігірім өзеннің жар қабақтың иірілісі үстінен бой көтерген тастақ төбешік баршаға ұнайды. Міне, сол сәттен Алла тағала ардақты бидің қалауын қабыл қылған жер аты тап бүгінге дейін Итке атанады.
138. ИТІКЕ
(ІІ-нұсқа) Орта жүздің қуандық және қаракесек руларының арасында келіспеушіліктер болыпты. Мұны кейбір байлар пайдаланып, екі елді қақтығысқа итермелейді. Ол кезде Қаз дауысты Қазыбек би жас бала кезі. Билік қуандық руының Итіке деген бидің қолында екен. Сонда Итіке қартайып өлер шағында: «Мені екі елдің шекарасына жерлеңдер. Өйткені мені асып екі ел жауласпайды», – деген екен. Сол Итіке жерленген жер қазір Киевка селосының күншығыс жағында жеті шақырым жерде. Жер аты қазір Итіке деп аталады.
139. КӘЛКЕН
Кезінде «Тұздыкөл» деп аталатын көлдің жағасын жайлаған бір байдың Кәлкен атты жалғыз қызы болады. Қыз бой жетіп, көрші рудың бір жігітіне ғашық болады. Екі жас көңіл қосып, үйленбекші болған кезінде қыздың әкесі қарсы болып, қызын үйінде қамап ұстап шығармаған екен. Сондағы себеп – жігіт бір байдың жылқышысы екен. Сүйгеніне қосыла алмаған Кәлкен сұлу көп қайғырып, құсадан қайтыс болады. Ал үш күн өткеннен соң, бай судың жиегіне барса, мөлдіреп жатқан көл қара суға айналыпты. Еш нәрсенің мәнісін түсіне алмаған бай бәйбішесіне айтып, жалшыларына суды батпақтан тазартуды бұйырады. Онысынан түк шықпай байдың өзі де, адамдары да батпақтың арасынан шыға алмай өледі. Жалғыз қызының көз жасынан қорықпаған бай азаппен жаһаннамға аттанған жерді халық «Кәлкен» деп атап кеткен екен.
140. КЕЛІН АУЫЛЫ
Біздің төңіректе осыдан бір ғасырдай бұрын ірі бай өтіпті. Оның олпы-солпылау жалғыз баласы бар екен. Ұлы ержеткен соң әр жерден қыз атастырып көреді, бірақ ешқайсысы да «менің қызымды ал» демейді. Баласын қыз таңдауға өзіндей байлардың да ауылына жіберіп көреді, ешбірі дұрыс қарсы алмайды. Сонда бай:
– Балам, жақсы көрер қызың бар ма? Соны алып берейін, – дейді.
Сонда баласы:
– Пәленше бай ауылында пәлендей деген егіншінің қызы бар, мен соны ұнаттым, – дейді.
– Ол сені ұната ма, балам? Ол әйтеуір тәуір қыз болса, бай неғып қағып түспей жүр? Мен барып байқайын, – дейді.
Ертеңіне ертелеп әлгі ауылға егінші үйіне барып түседі. Пәлендей атақты бай түскен соң, егінші байғұста не жан қалсын, бәйек болады. Бай осы үйдің қызын айттырып келгенін айтады. Шал ештеңе айтпай, сыртқа шығып кетеді. Қызына «сені бай айттыра келіпті» дегенде, әкесіне «асықпа, жауабын өзім беремін» дейді. Ол ішке шай ала кіріп, құйып беріп, үндемей отыра береді. Шыдамы таусылған бай қызды сынамақ болып:
– Қарағым, мен сізді айттыра келіп едім, – дейді.
– Өзіңізге ме, балаңызға ма? – деп қарсы сұрақ қояды қыз. Бай:
– Өзіме десем не дер едің, балама десем ше? – дейді.
Сонда қыз:
– Өзіңіз тым кәрісіз, отырған орныңыздан тік тұра алмайсыз. Балама десеңіз бір жөн, оны тәрбиелесе, жаман адам болмас, – деп жауап қайтарады. Бай қуанғанынан:
– Қарағым, балама алып бермекші едім, – дейді шынын айтып.
Бай диқанға:
– Қызыңды бер, құда болайық, – дейді. Ол:
– Қызым болады десе, – деп қарсы емесін білдіреді.
Сонымен бай мен диқан бірі қызын беріп, енді бірі келін түсіріп, құда-жекжат болады. Бір күні қыс аяғы кішкене жыли бастағанда, «жылқыларды ертеңнен бастап жайылымға айдаңдар, қыс бітті, көктем келді» деп бұйырады. Жылқының түгел айдалуын баласына тапсырады. Сонан ауылда қарбалас басталып, жылқыны үйір-үйірге бөліп, жайлауға айдауға дайындалып жатқанын бай келіні байқап, күйеуінен:
– Не істеп жүрсіңдер? – деп сұрайды.
– Әкемнің жарлығы бойынша ертең жылқыларды жайлауға айдамақшымыз, мен соны сол жаққа түгел жеткізіп қайтамын, – деп жауап қайтарады.
– Тез, атама айт, жылқыларды жайлауға екі күннен кейін айдасын. Алда қарлы қалың боран бар, сол өте айдасын. Әйтпесе, малдан да, адамнан да шығын болуы мүмкін, – деп қаупін айтады. Бұл сөзді бай баласы жедел әкесіне жеткізеді. Оны естіген бай қатты ашуланып:
– Мен сені есейді, ержетті деп жүрсем, әлі келін етегіне оралып жүр екенсің ғой. Жылқыларды дәп қазір, бүгін айдап кетіңдер, – деп зәрлене бұйырады.
Бай айтқан соң «Жаппарқұлда жан бар ма», жылқышылар бір жағынан ренжісе де, бір жағынан қуанады. Қуануларының себебі, жайылымға барса, бие байланып сауылады, балалары да, өздері де қымызға қарық болады. Жайылымға шығу үшін өте тиімді. Байдың ескі-құсқысын киген малшылар жылқыларды иіріп, айдай бастайды. Бай баласы бастаған олар малды ауылдан ұзатып кеткен кезде күн суытып, жел тұрып, қар жауа бастайды. Бірте-бірте жел күшейіп, қар қалың жауып, кәдімгі боранға ұласып, үскірік аяз болады. Қалшылдап біресе ішке, біресе сыртқа шыққан бай амалсыздан келінінен:
– Ауа-райы қашан дұрысталар екен? – деп сұрайды. Сонда келіні:
– Ата, енді болар іс болды. Олар ендігі көк жонға жетсе керек. Жарау биелер мен айғырлар көк жоннан асып, сай-сайға ықтаған болар. Малдың нашарлаулары ықтасынға жетпей, шығынға ұшыраған болар. Адамдар аман болса жарар еді-ау, – дейді. Бай сонда:
– О, Алла, менде не өшің бар еді, баламды, малымды алғанша неге менің өзімді алмайсың, менің енді нем қалды? – деп өкіре жылап құлайды. Келіні атасына басу айтып, былай дейді:
– Ата, боран қонағанға тоқталады, біз ертең бір-бір ат мініп, оларға көк жонда жәрдемге барамыз. Малдың да, адамның да терісін сонда ажыратуға болады. Ертең бір қара тайды жетектей кетейік. Қалған сөз сол жерде айтылады.
Бай түнімен ұйқы көрмей, таңды әзер атырады. Ертесіне бірнеше аттылар қонды қара тайды жетекке алып, жайлауға кеткендердің артынан жортып, сәске кезінде жетеді. Келіні жол-жөнекей:
– Ата, балаңызды көк жоннан табамыз. Тапқан кезіңізде тиіспестен маған хабарлаңыз, – деп өтініш етеді, – балаңыздың тірі қалуы не қалмауы алдымен Жер-Анаға, сонан соң біздің іс-әрекетімізге байланысты.
Бай көк жонға жеткен соң, әр төбені шұқшиып қарап, теңкиіп жатқан жылқыларды көреді. Соның арасынан баласын тауып, айқайлап келінін шақырады.
– Келін, бала мұнда жатыр екен, – деп еңіреп аттан түседі. Келіні:
– Тиме, ата, тиіспеңіз, – деп ол да жақындай береді, – ата, балаңыз тірі қалсын десеңіз, сабыр етіңіз. Сәске түсте Жер-Ана жылынады, мына қар ери бастайды. Жерде дүмпу білінеді, сол кезде балаңыз қимылдаса, тірі қалады, көз ашпаса, айырылдық, – дейді. Бай не істерін білмей жылай бастайды. Келіні:
– Үмітсіз шайтан, біз тірі қалады деп үміттенеміз, – деп қарын тазартып, – жылу Жер-Анадан келеді. Мен үстіңе тонымды жабайын, отағасы, көзіңді аш. Алла, әбиір бер, – деп жалбарынады жерді ұстап тұрып.
Сәске түспей бай баласы аяғын созып, көзін ашады. Келін:
– Тірі екен. Тез тайды сойып, терісін сыпырыңдар, – деп бұйырады. Терісі сыпырылған кезде енді теріні керіп тұрып, сота таяқпен ұрып:
– Мына тонды жерге жайып, теріге орап, басын ғана шығарып жатқызыңдар. Сөйтіп, тағы бір тон жауып тастасаңыздар. Денесіндегі бар суығын сорып алады, сізбен бірге ауылға қайтады. Басқа кісілердің де аман не жаман екенін енді ажыратуға болады, – дейді көрегенділікпен.
Көзін ашқан, қимылдағандарды тон терімен орап, атпен елге жедел жеткізіп, ыстық-ыстық сорпа беріп терлетіңіздер. Сонда денсаулықтары жақсы болып қалады. Адамнан шығынның аздығына қуанған бай малынан көп айрылғанына қайғырады. Енді не істеу керегін келінімен ақылдасып көреді.
– Енді суық жоқ, жылына береді, – деген келіннің сөзін медеу тұтып, бар жылқышысын жинап, малды түгендеп, сонан соң жайлауға айдап керегін көп ұзамай бар көшті бастап, өздерінің де келетінін ескертеді.
Сол оқиғадан кейін бай жайлауға көшер алдында келінімен ақылдасып барып іс істейтін болады. Басқалары бай ауылы демей, келін ауылы деп атап кетеді. Өзгелер сол келін ауылы көшті ме, көшсе біз де қимылдайық деп көшіп жүрді. Бертін келе «Келін ауылы» деген атпен ұжымдастыру кезеңіне де жеткен екен. Бүгін де кейбіреулер «Келін ауылы» деп атайды.
141. КЕЛІН ТӨБЕ
Ілкі заманда қазақ даласына калмақ шапқан деседі. Ер азаматтар жау қолынан өліп, ел еңсесі түседі, сол кезде ел ішінде Ақшабақ есімді келіншек бар екен. Қауым елді ақылмен бастайды. Қашқан ел Қаратаудан асып, Сырға жетеді. Сыр жағасындағы қалың тоғайға кіріп, қалмақ қолын адастырып кетеді. Әлігі келіншек дариядан өтіп, аз күн тынышталған елге: "Кетпен ұстауға жарайтын жұрт топырақ тасып төбе үйсін, төбе басына шыққанда дарияның арғы басы көрінетін болсын!"- дейді. Ел екі етпейді, төбені үйеді. Келіншек күнде өрмелеп төбе басына шығып қарауыл қарайды. Келе жатқан жауды күншілік жерден таниды екен. Жау төбесі көрінсе ауылға хабар қылады да, жұрт тоғайға сіңіп құтыла берген. Осыдан кейін Ақшабақтың есімі, беделі ен далаға жайылып, халықтың оған деген құрметі үдей түседі. Осы мекенде диханшылық дәуірлеп, ел тып-тыныш мамыражай заман кешкен. Бір күндері қырағы келіншекке бүйі түйіп өледі. Жұрт оны ардақтап, арулап осы төбеге көмген екен. Содан бұл төбе "Келін төбе" аталып кетіпті.
142. КЕЛІНШЕКТАУ
(І-нұсқа) Ертеде аты шыққан әйгілі бай болыпты. Әлгі бай аузы уәлі, ақылы мен дәулеті парапар болыпты. Жан дегенде жалғыз қызы бар екен. Қызы бой жетіп, тана көзі талайдың ішіне шоқ түсіріпті. Ақыры теңі табылып, бай жалғыз қызымнан аярым жоқ деп, екі жаққа батасын беріп, жасауын бөліпті. Отаудың үзік, дөдегесі ақ марқаның жүнінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағын алтынмен аптап, уығын күміспен қаптапты. Бар жиһазын түйеге артып, риза бол деп, әкесі керуеннің бас жібін қызына ұстатқан екен. Керуен аяңдап Қаратаудың қыр арқасына көтеріліпті. Қызы дүниеге бір табан жақын білем, сол арада түйелерді жасауды қайыра бір көзбен өткізіпті. Сөйтсе итаяғы жай өрік ағаштан шабылған екен. Мұны көрген қыз: «Әкем сараңдық жасап, итаяғымды күмістен соқтырмапты», – деп күйеу жігітті ауылына әкесінің үйіне қайтарып жіберіпті. Күйеу жігітті күміс итаяққа жұмсаған екен. Бар дәулетін, бар жоғын арттырып жіберген ақылды әкесі осы сөзді естіп қатты ренжіпті. Әкеңді аямайды екенсің деп қынжылыпты. Қызына «тас жүрек екенсің, тас бол» деп теріс батасын беріпті. Сол кезде қарғыстың дөп даритын уағы білем, шөп жатқан түйелер, бұйда тартқан қалыңдық солайымен тұрған-тұрған жерінде тасқа айналып қалыпты деседі.
143. КЕЛІНШЕКТАУ
(ІІ-нұсқа) Сонау ерте заманда Қаратау бөктерінде бір бай өмір сүріпті. Байдың Айсұлу есімді жалғыз қызы болыпты. Қыз өте сұлу, сымбатты екен. Байдың дүниесінің молдығы, қыздың сұлулығы жан-жаққа тез тарап, қыз 15 жасқа келгенде айттырушылар тұс-тұстан ағыла бастапты. Перзентін өте жақсы көретін бай тек қызының қалауы бойынша тұрмысқа шығатынын айтып, келушілерге қатаң ескертіпті. Жігіттерді асықпай таңдаған қыз ақыры біреуіне тоқтап, әкесінің батасын сұрайды. Бай уәдесінде тұрып, қызына қырық күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Той өткен соң бай қырық түйеге жасау артып, қызын жолға шығарады. Айсұлу ауылдан ұзап «Балды су» өзеніне келген кезде көшті тоқтатып, сандықтардағы жасауларын шетінен тексере бастайды. Сөйтсе, барлық бұйымдар таза алтыннан жасалыпты да, тек жалғыз итаяғын ғана ағаштан жасаған екен. Қызы әкесіне тез адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасауын талап етеді. Қызының сәлемін естіп, қатты ашуланған бай: «О, жақсылық түсінбеген қасиетсіз қызым, тас бол!» – деп қарғаған екен. Сол замат Айсұлу да, шұбаған көш те түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Кейін бұл жер «Келіншектау» аталып кетіпті.
144. КЕМЕ ҚАЛҒАН ШЫҢЫ
Баяғы өткен заманда Құдайдың жаратушы екендігін ұмытып, жер бетіндегі адамзат азып-тоза бастайды. Осындай жағдайды көзімен көріп жаны күйзелген Нұх пайғамбар елді қаншалықты түзу жолға салам десе де болдыра алмайды. Күндердің бір күнінде Құдайдан Нұх пайғамбарға хабар келеді: "жердің бетін топан су басады, қырық күн жаңбыр жауады, азғындардың бәрі суға қарық болады, сен кеме жасап, әрбір жан-жануардың, аңдардың түрлерінен жұп-жұбымен сол кемеге салып ал". Нұх пайғамбар көп уақыт еңбек етіп, үлкен, мықты кеме тұрғызады. Жан-жануарлардан кемеге отырғызады. Дәл сол сәттен бастап жаңбыр жауа бастайды. Қырық күн жауған жаңбырдан жер қырық құлаш су көтеріледі, ол су қырық күнге дейін қайтпайды. Мерзімі жеткен кезде су басылып Нұх пайғамбардың кемесі бір биік таудың басына келіп қайырылған екен. Сол тауды халық "Қазығұрт" деп, кеме қайырылған шыңын "Кеме қалған" деп атап кеткен.
145. КЕМПІР ӨЛГЕН
Қаратаудың күнгей бетінде бір кемпір өмір сүріпті. Оның жалғыз лағы болыпты. Ол бір күні лағынан көз жазып қалып, соны іздеуге шығады. Кенет жаңбыр жауып кемпірдің үсті әбден малшынған соң, бір үңгірге кіріп, паналамақ болады. Үңгірдің іші терендеу болса керек, не керек кемпір сол үңгірдің ішінен шыға алмай қайтыс болады. Сол оқиғадан кейін бұл үңгірді сол өңірдегі халық "Кемпір өлген" деп атап кетіпті.
146. КЕМПІРТАС
Әлімсақта жергілікті тұрғындар бұл жерде ерекше жылқы тұқымын өсіріпті. Бұл аттардың бағасы қымбат болып, оларды ең батыл жігіттер көздің қарашығындай күзетеді екен. Алайда соған қарамастан күнде бір жылқы жоғала беріпті. Түнде күзет қойылса да, бәрі ұры келгенше ұйықтап қала беріпті. Ақыры солардың арасынан жас батыр түнде ұйықтап қалмау үшін білегін кеседі. Түн ортасында жер айырылып, содан түрі қорқынышты кемпір шығады да, жылқылардың ішінен ең семізін таңдап, өзімен бірге жер астына әкетеді. Жас жігіт көргенін ақсақалдарға айтып, көбірек қару жинап, халқын сиқыршыдан құтқаруға бел байлайды. Жігіт түнде мыстанның келер уақытын күтеді де, жерден шыққан бетте алыса кетеді. Жігіт мыстанмен түнімен алысып, әбден шаршайды. Кемпір де әлсірейді. Өйткені таң білінісімен күші қайтатын. Таң атқан кезде кемпір жердің астына түсіп үлгермейді де, күн шапағы жердің жігін жауып, мыстанның жарты денесі мен басы тасқа айналып қатып қалыпты. Үлкендердің айтуынша, жер бетінде жаманшылық көбейсе, ол тіріледі екен. Сондықтан тасқа ақ ниетпен келу керек.
147. КЕҢЕСТАУ
Атадан егіз болып туған екі жігіт өздерінің кенже інілерінен қалған жесірге дауласады. Алдында жесірді берер ағасы, соңында інісі болмағанынан кейін екеуі сұлу келіншекті бір-біріне қимай, арадан жік туады. Шешімін таба алмай өзара бір-біріне көз алартқан ағайынды жігіттердің арасындағы таласты байқаған ауылдың ақсақалдары бұл дауды шешпекші болып тау басында жиналады. Жағалай жайғасқан жұрт алдында екі жігіт және арысынан айырылған жас жесір өздерінің тілектерін айтады. Әмеңгерлікке ие болмақшы болған жігіттер ұзақ айтысады. Ақыры істің насырға шауып бара жатқанын байқаған жиналған жұрт дауды шешіп, төрелігін Қонысбай қарияға айткызады. Манадан бері үнсіз отырған дана қарт осы ауылдың ақыл тоқтатқан, абыройлы азаматы болып және осындай дауларда әділдігін айтатын әділ қазылардың бірі болған еді. Екі жақтың арызын тыңдап болғаннан кейін ол:
Алалық болса, ағайын,
Татулық отын жағайын,
Маздап жансын осы от,
Араға бірлік салайын.
Татулық керек өмірде,
Ақ тілек болсын көңілде,
Алшақ болса арамыз,
Жан-жағыңа қараңыз.
Қадалған көп көздер бар,
Соның бәрін санаңыз.
Өз көңіліңмен қарасаң
Бәрі жақсы, бәрі дос.
Айналайын Жоламан,
Айналайын Еламан,
Ақылыма құлақ тос.
Анталаған жауыз бар,
Іштен тынған қасың бар,
Жаны ашыған досың бар,
Арада бірлік болсын деп.
Екі егіз айырылмай,
Мәңгілік болсын серік деп.
Жасымасын көңілі,
Қажымасын өмірі.
Жақыным мен бауырға
Тартсын оның бүйрегі.
Деп қараған көңілге,
Жаны ашыған жарың бар,
Осыны алғаш есіңе ал.
Жесір алсаң үстіңе,
Сыйламас жарың ешқашан.
Таудай көрген ұрпағың,
Жерінер ата мұрадан.
Кезің өтті ағайын,
Тоқал алар жаңадан.
Тұсау салма басыңа,
Марқұм болған ініңнің
Зарлап қалған жарына, – деп екі ағайын Жоламан мен Еламанға ақыл айтып, татуластырып, келіндері Айбибінің басына бостандық алып беріпті. Міне осындай қым-қиғаш, шым-шытырық оқиғаларға толы даулар әділ жолмен осы таудың басында шешіліп отырған. Сондықтан осы тау әлі де болса «Кеңестау" деген атқа ие болып келеді.
148. КЕҢЕС ТАС
Баяғы өткен заманда бір байдың аналық түйесі жоғалыпты. Бошалап барып боталаған түйенің ботасы қолда тұрғандықтан бай мен соның ел-жұрты түйені ұрлады деген шешімге келеді. Жан-жаққа іздеушілер жіберіп, сұрау салады. Ақыры соңында түйені алтайшылық жерде жатқан Арыстан батырдың алғандығы анықталады. Барын бас салып тартып алайын десе, батырдан қаймығады. Сөйтіп, баршасы жиналып, ақыл-кеңес қылады. Елдегі белгілі би Мәмбетті бір топ адаммен батырға жұмсайды. Бірақ адуынды арыстан бидің айтқан төрелігін құлағына да қыстырмапты. Тағы да бірнеше күн бойына жиын жасап, Арыстанмен көңілі жақын дос көрші елдің Қорамса деген батырына міндеттейді. Ат терлетіп алтайшылық жолды алты күнде жүріп барған Қорамсаның сапары да сәтсіз болыпты. Енді ел тығырыққа тіреледі. Беті қайтқан бай өзінің қасына сенімді-сенімді деген ауылдың бес-алты ақсақалдарын ертіп, таудың беткейіндегі үңгірдің жанында жатқан тастың түбіне келіп, кеңес қылады. Сонан жасы жеткен қария, ақылы асқан дария қарт адам былай деп ұсыныс білдіреді: «Түйенің ботасын Арыстан батырдың ауылының жанына алып барып бурасанға қыл-бұрау салып шыңғырту керек. Ботасының даусын естіген түйенің боздары хақ. Боздаған түйенің даусынан батырдың ұйқысы бұзылады, мазасы кетеді. Ол тәсілді бірнеше күн қатарынан қолдансақ, түйемізді еріксіз қайтарып беруге тиісті». Қарияның осы айтқанын жөн санаған көпшілік дәл солай етіпті. Ақырында айтқаны келіп, түйелерін қайтарып алған екен дейді. Ал, жаңағы кеңес құрған үңгірдің аузындағы тасты көпшілік содан бері «Кеңес тас» деп атап кетіпті.
149. КЕРТІНДІ
Ерте заманда Кертінді атты жігіт сүйген қызын алып келе жатады. Қыз бесікте жатқанда, біреуге айттырылса керек, қыздың сүйген жігітімен кеткенін естіген, құда түскен жігіт жағы артынан қуғыншы жібереді. Қуғыншылар жастарды бүгінгі «Кертінді» деп аталатын жердегі жартасқа тығылып жатқандарынан тауып алады да, жігітті сол жерде мерт қылады. Жігіт сол жартастағы тасқа қашап «Кертінді» деп жазып кетіпті. Бүгінде сол жердегі елді мекен «Кертінді» есімімен аталады.
150. КЕРТІНДІ – ҚОЛАҢ
Ертеден қазақтың Сарыарқа аймағының орталығындағы Нұра, Ертіс өзендері арғын елінің біраз ұрпағының мекен-жайына айналған. Міне, сол заманда осы күнгі Нұра ауданының орталығы болып отырған Қаратал ауылынан 20 шақырымдай оңтүстік бағытында, жолда дәл Нұра өзенінің жиегінде Қолаң атты кішкентай төбе бар. Міне, сол төбенің маңында Кіші жүз аталарымыздың бір ұрпағы өте бай, мыңдап жылқысы бар адам келіп жайлайды екен. Сол байдың төрт-бес ұлдарының ортасында бұла болып өскен жалғыз қызы, баласының кенжесі екен. Қыздың аты – Қолаң. Осы Қолаңға Кертінді деген әрі сері, әрі әнші жігіт бір тойда кездесіп, бірін-бірі ұнатады. Жасырын кездесіп, бірінсіз-бірі тұра алмайтын жағдайға ұласып, ғашықтық сезім билейді. Екеуі қосылуға уәде байласады. Қолаңды әкесі өз елінде бір байдың баласына айттырады, бірақ Қолаң болашақ күйеуін жақтырмайды екен. Қолаңның ағаларының әйелдерінде бір жеңгесі Қолаңды өте жақсы көреді екен де, соған Қолаң бар сырын жасырмай айтады екен. Жеңгесі жасырын Кертінді екеуін елге білдіртпей жолықтырып отырса керек. Ал, екінші бір жеңгесі бұларды күндейді екен. Солай уақыт өте береді. Бір күндері шілде айында күйеуі ұрын келеді. Оның келетінін жеңгесі арқылы Кертіндіге хабарлайды. Ауылына күйеуі келген күні, түскілік мезгілде Қолаң мен Кертінді тоғай арасында кездесіп тұрғанда қыздың болашақ күйеуі үстерінен шығады. Оған қарсылас жеңгесі айтса керек. Бұл кезде Қолаң мен Кертінді құшақтасып тұрса керек, соны пайдаланып Кертіндінің ту сыртынан келіп кездікті жүрек тұсынан салып алады. Сол жерде Кертінді тіл тартпай өледі. Міне, осы уақиғадан кейін екі ел арасы шиеленісіп, «жесір дауы» басталады да, соңында Қолаңның өліміне әкеп тірейді.
151. КЕРТІНДІ ЖІГІТ ПЕН ҚОЛАҢШАШ АРУ
«Қолаң жарқабағы» атанған жерді Нұра өңірін аққошқар руынан шыққан он жеті мың жылқы айдаған Сабақбай атты бай қоныстаныпты. Осы байдың бойжетіп отырған айдай сұлу Қолаңшаш атты әрі әнші жалғыз қызы болған екен. Осы өңірдегі менменшіл деген атына сай талай жігіттердің ішінде әлгі қызға сөз салмағаны жоқ екен. Бірақ жүрекке әмір жүре ме? Қолаң қыздың өз жүрегінің қалауы, өз сүйгені бар екен. Ол осы елге кірме болып келетін найман руынан шыққан Сабақбайдың жылқышысы Кертінді атты сері жігіт екен. Бірінің жүрегінен бірі жол тапқан екі ғашықтың арасындағы махаббат оты лаулай түскен. Қолаң сұлуды бесікте жатқанда атастырған Жүніс атты байдың баласы бар екен. Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп, қызды ұзататын болып, күйеу жігіт жолдастарымен келіп түседі. Осыдан хабардар болған Қолаңшаш Кертіндіге жасырын хабар жібереді. «Тағдырым таласта тұр. Мен сендікпін, не көрсек те бірге көрейік, тез жет», – деп хат жазып жібереді. Сол күні түнде Кертіндіге хабар жетіп, Қолаңды алып қашады. Қыздың қашып кеткенін құдалар жағы естіп, ашудан не істерлерін білмей, қыздың әкесіне бас салады. Ұят пен намыстан өртенердей болып отырған Сабақбай: «Тауып алып, қашқындарға не істесеңдер де өз еріктерің», – деп, құдаларға билікті береді. Күйеу жағы жан-жаққа қуғыншылар аттандырады. Аса алысқа ұзай қоймаған қыз бен жігіттің үстінен түседі. Қуғыншылар мен арыстандай арпалысқан Кертінді қызды қашырып, өзі қолға түседі. Қанына қарайған күйеу жігіт пен нөкерлері Кертіндіні сол жерде ат құйрығына байлап өлтіреді. Кейін осы жер «Кертінді» деп аталған. Қолаңшаш қыздың жағдайына келетін болсақ, ғашығынан айырылып зар еңіреген бейшара мұңлық басы ауған жаққа безіп кетеді. Өстіп жүріп бір таудың тасасында әбден шаршап, талықсып ұйықтап кеткен екен. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде Кертінді екеуі кішкентайлы болып, шілдеханасын жасап жатыр екен дейді. Бетіне тамған суық тамшыдан тітіркеніп оянған Қолаңшаш, оянғанына өкініп, содан соң жерге «жақсы түс, жарым ырыс» сенің атың «Жақсы қарт» деп жылай-жылай атына мініп жүріп кетеді. Шөлден қалжыраған Қолаңшаш алдынан жарқыраған айдын көл шығады. Әбден шаршап, шөлдеген қыз сақтықты ұмытып кетіп, су ішкенде маңдайындағы маржан алқасын көлге түсіріп алыпты. Сүйгенінің сыйға тартқан ақтық белгісі Маржан алқамды түсіріп алдым деп өкініп жылай отырып, бұдан былай сенің атың «Маржанкөл» аталсын деп қайғылы дауыспен айғайлаған екен. Осы дауыс одан әрі жаңғырып қыздың тілегін еліне жеткізген дейді. Өстіп жүріп Қолаңшаш бір таудың тұсында астындағы аты зорығып өледі. Бұл жер менің қайғылы жағдайға ұшырауыма себеп болды. Көңілсіз қалдым, осы жерде жалғыз серігім атым өлді, енді сенің атың «Жаман қарт» болсын дейді. Барар жер, басар тау қалмаған соң Қолаңшаш баяғы Кертінді өлген төбенің төменгі жағындағы Нұра өзеніне төніп тұрған жарқабақтан құлап мерт болған екен. Содан бері бұл жарқабақ енді «Қолаң жарқабақ» деп аталып кеткен екен.
152. КЕСКЕН ТЕРЕК МОЛАСЫ
Бетпақтың даласында құла түзде киік жайылымында осы мола ағараңдап көрінеді. Моланың кесегін түйе сүтіне илеген. Байдың жылқысын бағатын жылқышы әке жауын жауып, аяғы мұздақ болып, қанатын жаза алмай қырат үстінде жүрген зәулім құсты ұстап үйіне әкеледі. Құсты байға сауғаға салып аңшы болады. Әкесі баласы кескен терек құсты көріп байға беруден тоқтады. Кескен терек деп ат қойылуы жолдас балалары ойнауға келгенде үйдегі сұлайып жатқан баласына: «Кескен теректей болып жата бермей сыртқа шық, жолдастарың келіп тұр ғой» деп айтудан аталып кеткен. Құсты Еділ-Жайық бойындағы құсбегілерге барып баулытады. Сол құсбегінің қызына үйленеді. Кескен теректің ажалы ашулы отырған құсты аңға кеш арасында қосудан, әрі аңды көрмей ашулы құс егесіне шабумен бітеді. Ал Сейдуалы Жақыпұлы баяндаған аңызда бай ауылының жанындағы саудагер 10-15 құс алып келеді. Елгезер сұрай келген Кескентеректің әжесі құстарды көріп атасына айтады. Атасы: «Түйе алады ма, жылқы алады ма, бір құсын айырбасқа ал», – деп келінді қайта жібереді. Келін айтқан сөзге саудагерлер келіседі. Келін құстардың үстіне мініп, мінгенде басын бұқпаған көкала құсты алады. Кескентерек құсты алып, баулиды. Әкесі бір жаққа кеткенде келініне құс ұяластарының даусын есітті ме екі-үш рет аңға алып шықпасын деп тапсырады. Кештетіп үйіне келген Кескентерек тойға келгендерден Бетпақтың үстімен қырық шақты киіктің суатқа қарай бет алып бара жатқанын хабарлайды. Үйіне жүгіре келген Кескентерек келін ескертпесіне қарамай екі кештің арасында киікті көрмесе де, құс өзі биіктен көрер деген ниетпен құстың томағасын шешіп ұшырады. Құс айналып-айналып ұшып егесін тебеді. Кескентерек уақиғасы осымен аяқталады.
153. КЕТПЕН ТӨБЕ
Ертеде осы өңірді мекендеген Темірбек деген алып-балуан адам болыпты. Оның мінген тұлпары Текес өзені суына қанбайды екен. Сондықтан Темірбек Текес өзені суын Қапшағай қыстаңынан бөгеп, Текес аңғарын көлге айландыру арқылы тұлпарының сусынын қандырмақ болыпты. Ол сайланып Аттың тауына шығып, Кетпенмен бір шауып алып лақтырғанда, Кетпеннің сабы сынып, лақтырған тас-топырағы Қапшағайға жетпей жол ортаға түсіп қалыпты (қазір Аттың тауы мен Қапшағайдың аралығы 80 шақырым келеді). Содан бұл топырағы тау болып орнапты да «Кетпен төбе» аталып кетіпті.
154. КИЕЛІ КӨРКЕМ ТАУ
Есірген қалмақ әскерлері бірде кішкене ғана панасыз ауылды шауып, мазалап тыныштық бермейді. Айдарлысын құл, тұлымдысын күң етуге байлап, матап әкетіп бара жатады. Тұтқындарды көш биік таудың басына әкеліп тоқтатады. Көш ішінде Көркем атты атына заты сай сұлу қыз болыпты. Көркем қалмақтарға қор болғысы келмей, түн ішінде әлгі биік тауға шығып, жартастан құлап өледі. Ертесіне ертемен тұрған күзетшілер Көркемнің мәйітін тауып әкеледі. Содан бастап әлгі тау "Киелі Көркем тау" деп аталып кетеді.
155. КӨГЕРШІН
Бұрынғы өткен замандарда қаржас руынан шыққан Тасбас деген бай өмір сүріпті. Өзінің малы соншалықты көп болған, тіпті көрші отырған айдабол руының ауылын Торайғыр көлінің арғы шетіне қуып тастауды ойластырады. Содан бір себеп тауып, қуып жібереді. Көпшілік ауыл тұрғындары бұған келіспей, қарсылық білдіреді. Тасбастың апасы Көгершін айдабол руының келіні еді. Көгершін бұл жағдайды естіген соң, татуластыруға асығады. Жақын жерде ат болмаған соң, маңайда жайылып жүрген түйені ұстап мінеді. Бірақ ол тез арада жете алмайды. Сол кезде Көгершін құсқа айналып, ұшып барады. Көгершін ұшып өткен жерден соғысушылардың қолдарынан сойыл, шоқпарлары түсіп, татуласа бастайды. Әлгі Көгершін құс үлкен жартасқа отырып, тасқа айналады. Ел бұл соғысудын себепсіз екенін түсініп, татуласа бастаған екен. Елдің қарғысы Тасбасқа тиіп, тас болып қатып қалған екен. Торайғыр көлі мен Жасыбай көлінің арасында бір жалғыз тас тұр, сол тасты қазіргі кезде «Тасбас» тасы дейді.
Торайғыр ауылының жанында тас түйе тұр, ол Көгершіннің мінген түйесі екен.
156. КӨЗ ҚЫСТАҒЫ
Баяғыда бір кісінің баласы болмапты. Бір күні бата алуға Шекшек Боқайды үйіне шақырады. Әйелі күйеуіне: «Қой сояйық» десе, күйеуі қойды қимай ешкі әкеп, Боқайдан бата сұрайды.
– Тақсыр, келініңіз ешкіні қомсынды, қой неге соймадық деп күйеуімен ұрсысып жатыр, – дейді. Боқай: «Бәлі, бұларға Өз, Көз деген екі ұл аз ба екен», – депті. Кейін сол Көз – Көз қажы деген атқа ие болып, халқына қадірлі болған деседі. Руы – әлтөбет. Қазір Жамбыл ауылының аумағында «Көз» деген қыстақ бар.
157. КӨЗАТА БҰЛАҒЫ
Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Бірақ бір ғажабы шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді. Жанары ашылып, жарық дүниенің келбетін көрген пенделер емшіге шексіз алғыстарын жаудырыпты. Өмір бар жерде өлім де бар демекші күндердің күнінде дәм-тұзы таусылған емшіге ажал жетіп, көз жұмады. Жақсылығы жалпақ дүниеге жайылған әулиенің қонағасына шегі мен шеті жоқ дүйім жұрт жиналыпты. Ақ жуып арулап, Қазығұрттың баурайына әулиені жерлейді. Арада қырық күн өткенде әулие мазарының дәл жанынан жерді жарып бұлақ ағып шығады. Бір ғажабы осы бұлақтың суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көзатаның бұлағы» деп атап кетеді.
158. КӨЗДІҚАҚ
Ерте заманда осы төңіректі мекендейтін байдың жалшы әйелдерінің бірінде ата-бабасынан келе жатқан асыл тастары болыпты. Інжу дей ме, меруерт, маржан дей ме, жақұт дей ме, әйтеуір ерекше қадірлеп жан көзіне керсетпей, ұстап келе жатқан асыл бұйым тастар болса керек. Кедей болғанмен, дүниенің қадір-қасиетін білетін жандар аз ғой. Қай заманда кедейде күн болған кім қадірлеген, өзі болса да затты, текті бір әйел еш адамға көрсетпей буып-түйіп, өзімнен ұрпақ қалар соған тапсырамын деп жасырын ұстап жүреді екен. Көп жылдар өтеді. Жалшы әйелдер қартаяды. Бір күндері тезек теріп жүріп, аузы толы қапты еңкейтіп, тізерлеп арқалаймын дегенде көйлегінің етегі аяғына оралып, түйіншегін шашып алады. Өмірі жалшылықпен өткен ата-бабалары, не өзі немесе ұрпақтары қызығын көрмей, текке құрыған асылдың уайым-қайғысымен әйел жерді шұқылап зарлап жылай беріпті. «Тым болмаса осы асыл тастарымды нашардың қамын ойлайтын әділетті адал жандарға кез қыл», – деп тілейді. Әлгі әйелдің зарлы үні жердің тамырын босатып, көз жасы жер қыртысына қорғасындай сіңіп отырыпты. Сөйтіп жер астының суымен ұласыпты. Содан бері әлгі жердің суы қайнап бетіне шығып жататын болыпты. Халық сол бұлақты «Көздіқақ» деп атап кетеді.
159. КӨКЕН АСУЫ
Көкен ірі тұлғалы, кең маңдайлы, жанары отты, ат жақты, қараторы келген, жүзі сұсты кісі болған. Бірде Көкен батырға Қызылқұмдағы ауылдарды жау шапқаны жөнінде тосын хабар жетеді. Бұл кезде батырдың ауылы "Жеті төбеге" іргелес Шөгірлі деген жерде отырады екен. Ел шетіне жау келсе, батыр қалай шыдап жатсын! Маңайындағы елдің ер азаматтарына хабаршылар жіберіп жинап, жауға қарсы аттанады. Жолай жау шауып кеткен қазақ ауылдарының үстінен өткенде бықсуы басылмаған киіз үйлерді, қан жоса адам денелерін көріп дауыс салып жылаған аналар мен қарттардың, аш-жалаңаш шулаған балалардың зарлы үндері сай-сүйектерін сырқыратады. Сол кезде Көкен бастаған қарулы жасақты ақ киімді, ақ сақалды қария аса таяғын көтеріп тоқтады.
- Ей қара ормандай қарақтарым, бұл не заман болды?! Кешегі хан Абылай кезінде қара сарттар бұлай басынбаушы еді ғой. Қараңдаршы енді қарүйлеріңді отын етіп, қарындастарыңды қатын етіп, бауырларыңды байлап алып кетті. Жүректеріңде от, кеуделеріңде намыс болса, ел-жұртыңның кегін алып қайтыңдар!- дейді көзінен жасы сорғалап.
Сонда Көкен батыр қолын көтеріп, зор даусымен жасағына қарап сөйлейді:
- Сарбаздарым, абыз қарт аталық сөзін айтты. Аялаған аруларымыз аңырап, жау шапқан жеріміз қаңырап жатса, несіне еркек атанып жер басып жүреміз. Не өліп, не жауды жеңіп қайтуымыз керек. Қылышпен келген жау қылыштан өлетін болсын!
- Серт! Серт!- десіп, сарбаздары да қостай жөнеледі. Болашақ ұрыс алаңына жан-жағы биік шағыл құмдармен қоршалған, ұлтаны сусымалы құм, аумағы ат шаптырым кең ойпатты тандайды да, Сырғақұлы Айтбай батырға:
- Сенің қолың жауды алыстан тосып алып, бір бүйірден айқайлай тиісіп, қаша ұрыс сала осылай қарай ойыссын. Қоқандықтардан ұзап қашпаңдар, қызбалыққа салынбандар. Сенің қолың осы ойпатты кесіп өте бергенде, жаумен бетпе-бет кездесеміз. Қалған жасақ екі жақтан тиіседі. Ыстық күнде қан сорпа боп терлеген жау аттарымен сусымалы құмда шаба алмасы анық. Ал батыр, жолың болсын! Сарбаздарыңмен тез аттан!- дейді. Айтбай да, өзгелері де Көкеннің мына тапқырлығына іштей сүйсінеді.
Қоқандықтардың қолбасшысы өздерінің қапыда "қақпанға" түскендерін ұғып, жан таласа қимылдайды. Көкен батыр осы кезде зор даусымен айқай салып "Е, әруақ! Алатау батырдың әруағы қолда!"- деп, атқа қамшы басады. Кәкен сарбаздары да тайсалған жоқ. Тоғыз ағайынды Көкен жайында жұрт: "Назардың тоғыз баласы тізе қосып тиіскенде, жау аман қала ма"- дейді екен әзіл-шынын араластырып. Осы ұрыста да үлкен ағасы Танабайдан бастап інілері: Қоныс, Жақсылық, Сағындық, Санбай, Ералы, Жанәлі, Мыңбайлардың екпінді қимылдары көпшілікті тәнті етеді. Ал, бұрыннан аты шыққан Мәмек батырдың ұлы Тайлақ, Сырғақ батырдың ұлы Айтбай, Шағалақұлы Қылышбайлар да тарландығын танытады. Айқас соңында Көкен Қоқандық қолбасшымен жекпе-жек кездесіп, оны да жайратады. Осы жеңістің құрметіне Қызылқұм арасында шекараға жақын бір биік құм "Көкен асуы" деп аталады.
160. КӨКСУ, АРАСАН, ТАМШЫБҰЛАҚ
Ертеде Текесте бір кедей жігіттің жақсы аты болыпты. Өзінде мың жылқысы болса да, кедейдің жалғыз жақсы атына қызғаныш білдіріп бір бай таласыпты. Жігіт атын бермеген соң оның үстінен биге шағым жасайды. Би мен бай астасып, жігітті қудалап, жазалауға кіріседі. Бұл өңірде тұрақтап тұру мүмкін болмасын білген жігіт сүйген жары Гүлсімай деген қызбен екеуі қашып Көксудың басы Арасан мен Аршалы өңіріне барып мекендейді. Гүлсімайды тоқалдыққа алмақ болып құдаласқан қаусаған шал өз жайына қала беріпті. Жігіт пен қыз бір күні аң аулап тау басына шыққанда бұларға бір алып айдаһар кез болып, мылтық, қылышымен қарсыласқанына қоймай жігітті жұтып қойыпты. Мұны көріп шошынып қашқан қыз қорыммен еңіс құлап домалайды. Бұл құбылысты көріп отырған бір аңшы жігіт жалма-жан жетіп барып, қызды құтқарады, есіне келген соң қызды ел ішіне алып жүрмек болғанда қыздың мініп жүрген аты қашады. Атты ұстамақ болып аңшы жігіт артынан кетеді. Сол кезде қыз ауыр қиялға батады. Басына келген ауыр қайғы-қасыретке, сүйкімді де сүйікті жарының артында қалғанына құсаланады. Дүниеде тірі жүруім қажетсіз деген тұжырымға келеді де, өзін құзар шыңнан тастап, дүние салады. Әлден уақыттан соң атты ұстап аңшы жігіт келсе, қыз жоқ, іздеп жүріп қыздың сүйегін тауып алады. Өкініш білдірген аңшы жігіт қыздың сүйегін жерлеп ауылына қайтады. Осы арада қызға арнап, «Гүлсімай» деген әнін шығарыпты:
Ауылым көшті Көксудың аңғарына,
Сұлудың сөз айтайын заңғарына.
Құлан текті домалап құлап түсіп,
Не болдың Аршалының аңғарында.
Ойпырым-ай, Гүлсімай,
Көрген күнің құрысын-ай.
Меңіреу шал мейман боп жүр өз алдына,
Қайранмын қалқатайдың хал-жайына.
Өмірден жарық көрмей өткеніңді,
Құдайдан сұрап көрдім жалбарына.
Әттең, шіркін Гүлсімай,
Көрген күнің құрсын-ай.
Гүлсімай, Гүлсімай,
Көрген күнің құрсын-ай.
Осы оқиғаға байланысты айдаһардың денесімен Көксу арасаны пайда болыпты. Қыздың көз жасымен Тамшыбұлақ, одан Көксу өзені пайда болыпты.
161. КӨМЕКБАЙ ТӨБЕ
Көмекбай батыр бір жорықтан ауырып келіп, ұзақ уақыт сал болып жатқанда бір жерде жақсы емші бар деп естиді. Батырды туыстары емшіге апара жатқанда, жолда сол төбенің үстінде қайтыс болады. «Батыр үйде туып, түзде өледі» деп ағайындары сол төбеге жерлепті. Содан сол төбе «Көмекбай төбе» деп аталған.
162. КӨСЕГЕНІҢ КӨК ЖОНЫ, ХОРЕН
Әйгілі Қамбар батырдың мекені Үсіктас аймағы болған. Ал, қыз Назымның ауылы Құмкент шаһарының маңындағы Қызыл көлдің жағасы екен. Назымның сұлулығы қазақ елі түгілі көршілес елдерге де аңыз болып тарайды. Назым Әзімбай деген байдың жалғыз қызы екен. Ол жайында Хорен атты қалмақтың да батыры естиді. Хорен Назымды көрмей-ақ ғашық болады. Қасына нөкерлерін ертіп, Әзімбайдың аулына келіп: "Қызын маған берсін"- деп кісі жібертеді. Бірақ қызын бермек түгілі келген кісіні ұрып, соғып қуалайды. Қатты ашуланған Хорен «Келісіміңді өзің бермейінше, бұл жерден кетпеймін!» деп, ауылының қасына шатырын тігіп, жатып алады. Әзімбай қашанғы шыдасын, Қамбар батырды шақыртады. Қамбар батыр Хорен қалмақты Үсіктастың (солтүстік) шығыс жағындағы көкпенбек болып жатқан жазық далаға соғысуға шақырады. Осы жерде үлкен соғыс болып, Әзімбайдың ауылы қалмақтардан азат болады. Батырдың соғысқан жері содан бастап "Көсегенің көк жоны" деп аталып кетіпті.
Ал, Хорен қалмақ шатырын тігіп жатқан жер "Хорен қалмақ" деп аталыпты.
163. КҮЙГЕНТАС
Қоңырат кенішінің кең карьері басталатын күні шығыс жақ шетінде екі оба болатын. Тастары әдейі күйдірілгендей кара күрең, қожыр-қожыр болатын. Осы қос обаның күн жақ бетіндегі қорым таста жыланның ордасы бар еді. Кеніш ашылған кездерде жыланнан аяқ алып жүргізбейтін. Жазда киіз үйлердің кереге көгіне оралып, тіпті төсек орынға кіріп кететін. «Ордалы жылан өзі тегін жерде болмайды», – деген қауесет те ертеден ел аузында. Ол үнемі қазыналы жерде болады деседі. Осындай қауесетке бой ұрып, ерте заманда-ақ ордалы жыланның жайын әркімдерден сұрай берген Қарабай сияқты бір дүниеқоңыз байсымақ әркімді мазалай берсе керек. Ел болған соң ішінде талай-талай ақылды да, маңғаз адамдар да, сөзуар, алаяқ, жылпостар да болатыны белгілі ғой. Сондайлардың бірі - Сарыжалақ атанған адам осы байды қара жерге бір отырғызсам-ау деп жүргенде өз-өзінен ыңғайы келе кетеді. Күйгентас туралы байдың өзіне тікелей айтпаса да ел арасына мынадай лақап таратады. Күйгентастың обасының бетіндегі кесек тастардың астында қалмақтардың тығып кеткен көп алтыны бар дейді. Қалмақ хан кезінде бір айналып соғамын, соған дейін күзетші болсын деп өзінің асыранды жыландарын әдейі қалдырып кетіпті. Содан бері ол жыландар өсіп-өніп ордалы жыландарға айналса керек. Бұл жыландар түрғанда ол алтынды ешкім ала алмайды дейді. Мүны естіген байдың мазасы кетіп қалай да осы төбедегі алтынды алуды армандайды. Бірақ қалай аларын білмейді. Біраз уақыт өткен соң алтынды алудың ыңғайы да айқындала бастайды. Бірнеше ондаған түйе баялыш, көкпекті апарып ордалы жыланның үстіне үйдіріп өртеу керек. Тас қызғаннан кейін жыландар отқа жанып қырылады. Содан кейінгісі оңай. Бай мұндай ақыл-кеңес берген адамдарды құрмет тұтып, қуанып алтынды алған соң, оларды да жарылқамақшы болады. Сөйтіп жалшыларына бірнеше күндей баялышты шаптырып, бүкіл обаның маңайын отынмен сірестіріп жауып тастайды Тамашаны көруге маңайдағы естіген ел тайлы-тұяғымел түгел жиналады. Бұған одан сайын масаттанған бай алшаңдай басып, баялышты үсті-үстіне үйгізеді. Бір кезде тас қызып жыландар күйе бастайды. Ысылдаған үндері тұтасып ызыңға айналады. Шиырып атылған жыландар жайнаған шоқты бұрқылдатып, жан-жаққа атыла бастайды. Айналаны күлімсі жаман иіс қаптап кетеді. Жиналған елдің жүрегі түршігіп, денелері тітіркеніп, бет-бетімен қаша бастайды. Обаның қасында жалшы жігіттерімен байдың өзі қалады. Көк ала түтін, қоңырсыған иіске қарамастан ертеңгі кешіне дейін сол маңайдан кетпей қойыпты. Түнде қайтып келген жігіттердің бір қатары күндізгі көріністен шошынып ауырып қалады. Сопы-молдалар мұны «ордалы жыланның кесапаты, енді кесірі басқаға тиеді», – деп елді шошытып, үрейлендіріп қорқытады. Сөйтіп, маңайындағы ел көшіп кетеді. Жалғыз ауыл қалған бай үш-төрт күннен кейін тас суыған шығар, білейін деп, қасына жігіттерін ертіп өртенген шоқыға келсе күйген жыландардың иісі бүкіл алқапты алып, маңайына жолай алмапты. Сөйтіп алтын алам, қазынаға кенелем деп елден жалғыз қалған нысапсыз байдың ауылына жау шауып, малдарын алып кетіпті. Міне, қос обаның тастары осылай күйдірілген дейді айтушы қариялар. Бірақ жыландар тегіс қырылмағандықтан, өсіп-өніп, көбейіп кеткен.
164. КҮЛДӘРІ
Күлдәрі өте ақылды, келбетті қыз болыпты. Өзінің ұнатқан адамына қосыла алмағандықтан осы қара суға кетіпті. Содан бұл Күлдәрі кеткен су Күлдәрі деп аталады. Ал енді Күлдәрі туралы басқа да аңыздар бар. Бір кісінің Күлдәрі деген өзі сұлу, өзі ақылды жалғыз қызы болыпты. Күндердің бір күні әкесі Күлдәріні су алып келуге жібереді. Күлдәрі шелегін толтырып кетуге бет ала бергенде, өзен жақтан зор дауыс естіледі, бұл әупілдек деген құс еді. Сол уақытта қыз шошып, су толтырған шелегінің ауырлығынан суға құлап кетіпті. Содан бұл қара су Күлдәрі деп аталған деген аңыз бар.
165. КҮЛДІР ОЙЫ
Шөлтөбенің басына Сәңкібай шығып, жылқыларына қарап тұрғанда, қасына Қыдыр ата келіп: «Мына кең жазықты алып жатқан жылқыларыңа көзің тоя ма?» – депті. Қырағы көзді, қалың қасты, қаяу сақалды, ширақ денелі қарт оң қолының салалы саусақтарын жаза нұсқап, «Анау жер ояңдау», – деген. Сол жер тақырға айналып кеткен дейді. Оны Күлдір деп атайды.
166. «КҮМІС ҚОРҒАН» ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Бұрын осы араны, Сырдарияның бойын қоқандар мекендеген, билеген. Ақмешітте Қоқанның билеушісі тұрған. Бек бір өзбекті осы жерге басқарушы етіп тағайындайды. Оның кеңесі «Күміс қорған» болған жергілікті халықты жинап алып, айнала дуалмен қоршатады. Өзі қырық нөкерімен қорғанның ішіндегі сарайды тұрғызады. Дуалдың үстіне .. жүргізіп, оның әр жеріне тесік қойған. Қырық нөкер сол тесіктен сыртты бақылап қарауылдап тұрған. Қорғанның дарбаза жағы күміспен өрнектелген. Сондықтан «Күміс қорған» деп атаған. Дарбазаның қарауылы елдің адамы болған. Жергілікті халыққа ауыр салық салған. Арнаулы алым-салық жинаушы адам тағайындалған. Бектің халыққа қорлығы күшейе түседі. Ол енді мынандай да бұйрық шығарған: «Кім де кім үйленетін болса, келіншекті әуелі маған әкеліп түсірсін». Әйел алған адам әйелімен қоса бір қой сойысымен әкеліп беретін болған. Бір жетіден кейін өзінің еліне қайтарамын деген. Ылажсыздан соған халық көнген. Осы елде Түлкібай деген батыр жігіт болған екен. Бір күні Түлкібай келіншек алып, оны бекке апармай өз үйіне түсіреді. Оны бекке біреу хабарлайды. Бек ашуланып: «Түлкібайды алып кел!» – деп қайтарып жібереді. Ол кеткесін халықты жинап алып: «Мен бекті өлтіремін, сонан соң дарбазаны ашамын, сол уақытта сендер дарбазаға жетерсіңдер», – дейді. Түлкібай үстіне шекпен киіп, шекпеннің ішіне қылыш тығып алады. Барғаннан кейін бек: «Иә, Түлкібай, қызды сен неге маған әкелмей, үйіңе апарасың? Енді мен сенің басыңды аламын», – дейді. Түлкібай сол кезде қылышын алып, оның нөкерлерінің басын алады. Сосын барып дарбазаны ашады. Сонан соң жинаған халық келіп, бектің бар әскерін қырады. Өліктерді санаса бір нөкер жоқ. Ол нөкері дарбазаның қарауылының кілт салатын сандығы болса керек, сол сандыққа жасырады. Нөкер оған көп алтын бермекші болды. Адамдар тарағасын ол өзбекті қарауыл келіп шығарып жібереді. Ол өзбек Ақмешіттегі Бекке барып, болған істі айтады. Елге әскер шығарып, Түлкібайды өлтіреді, онан кейін осы жердің жергілікті халқы Жантөре деген кісіні бек сайлапты. Соның артынан орыс солдаттарын алып келіп, Қарақұмның үстіменен Қарауыл төбе деген жерге орналастырады. Орыс солдаттары жасырынып Қарауыл төбемен келіп Күміс қорғанның арасын өлшейді. Сосын жердің астымен қазып келіп, Қоқан қорғанының астына оқ дәрі төгеді. Сөйтіп білтеменен от қояды. Қорған бұзылады. Қорған бұзылған кезде солдаттар келіп кіреді. Қоқандықтардың өлгені өліп, өлмегені Сырдария арқылы өтіп Бұқараға қашып кетеді. Орнында төбе ғана қалады.
167. КІЛЕМЖАЙҒАН
Кенесары Қасымұлының бір кездерде Арқадан ығысып, Кіші жүз жеріне келгендігі тарихтан белгілі. Сол кезеңдерде Кенесары күндес әйелдерінің қияс әрекетінің нәтижесінде кіші әйелі, атақты батыр Жанқожа Нұрмұханбетовтың қарындасына зәбір көрсетіп, бұрымын кесіп, танауын тіліп, елден шығарып жібереді. Жанқожа батыр қарындасынан барлық мән-жайды сұрап, әбден қаныққан соң, айналасына хабар беріп, қалың қолмен аттанады. Бұл хабарды естіген Кенесары әрі ел арасының бұзылуынан сақтанып, әрі Жанқожа қолының айбарынан сескеніп, қазіргі Әйтеке би ауданының кейіннен Кілемжайған аталған жерінде кілем жайып, Жанқожаны зор құрметпен қарсы алыпты деседі. Міне содан бері сол жер «Кілемжайған» аталады.
168. КІТӘН ҰШҚАН
Ертеде Қаратауда Кітән деген жігіт өмір сүріпті. Тау арасында жылқы бағып, мал ұстап күн көреді екен. Оның желден жүйрік сәйгүлік аты болыпты. Бірақ сол елдің байлары зорлық жасап сәйгүлігін тартып алып: «Қартаудың құз жартасты бигіне ұя салған қыран бүркіттің баласын әкеліп берсең, атыңды қайтарамыз» деген шарт қояды. Алайда жігіт таудың шың құзынан байқаусызда құлап кетіп, жан тапсырады. Кейіннен соны көрген халық бұл жерді «Кітән ұшқан» деп атап кетіпті.
169. КІШІ АЙДАҺАРЛЫ, ҮЛКЕН АЙДАҺАРЛЫ ТАУЛАРЫ
Кенесарының Ағыбай деген батыры болыпты. Дараттан шыққаннан кейін қас қарая бір таудың етегіндегі бұлағы бар жергe келіп бел шешіп демалады. Тамақтанып отырғанда, алыстан жылтыраған нәрсені көреді. Әскердегі батырлардың бірі шыны дейді, біреуі от дейді. Таң атқаннан кейін көреміз деп келіседі. Таң атады. Кенесарының астында «Қызыл ауыз» деген тұлпары болады. Таңертең Кенесары қараса, кешегі жылтырақ төңкеріліп кетіп бара жатқан айдаһар болып шығады. Жанында Ағыбай батыр болыпты, бірақ сылтауратып баруға жүрегі дауаламапты. Кенесары айдаһарға қарай жүріп кетеді. Тақалғанда «Қызыл ауыз» тұлпар осқырынып жүрмей, кейін шегіншектей береді. Аттан түсе сала айдаһармен алысады. Айдаһар құйрығымен жерді сабалап, шаңды бұрқыратып, аузынан от шашады. Әскердің бәрі оянып қоршап қарап тұрады. Шаңнан ештеңе көрінбейді. Бір уақытта жел тұрып шаңның бәрін алып кетеді. Кенесары көрінеді, қылышының қанын жүн-жұрқамен сүртіп тұрады. Айдаһар үшке бөлініп жатады. Айдаһардың басын қанжығасына байлап алып, атына мініп әскеріне тіл қатпастан, бұлақтың басына барып ұйықтайды. Қатты шаршаса керек. Тамаққа оятса тұрмайды. Ертеңінде тұрып оразасын ашқанда, батыр үндемей түнеріп отырғанда әскері ыңғайсызданып, бастарын төмен салып отырады. Мұны сезген Кенесары:
– Ей, бауырларым! Сендерге өкпем жоқ, тек мына «Көсеге болмаса» (Көсе дегені Ағыбай батыр), – дейді. Әскері атқа қонып, мына жердің атын не деп қоямыз дегенде "Екі тау, бірі үлкен, бірі кіші. Етегінде екі бұлақ бар. Үлкен тауды – «Үлкен Айдаһарлы», кіші тауды – «Кіші Айдаһарлы», бұлақтарды «Алтын бұлақ», «Күміс бұлақ» деп атап кетеді.
170. ҚАБАНҚҰЛАҚ, ӘНКЕЙ
Алаша ханның Домбауыл деген бек қуатты құлы бар екен. Өзінің байын ақ көңілімен қызмет қылатындығына, һәм ерлігін Жошы хан бек жақсы көреді екен. Домбауыл да Жошы ханды жақсы көреді екен. Жошы ханның өлгенін естіген соң ант ішіпті: «Құланның бірі қалғанша қырармын», – деп. Домбауылдың екі жүйрік аты бар екен. Біреуі – Қабанқұлақ деген, біреуі Әнкей деген. Сол аттарының бірін мініп, бірін жетектеп алып, Жошы ханды өлтірген құлан жатқан аралға қарай жөнеліпті. Құландар Домбауылды көрген соң-ақ Бетпақ даладан өте Шуға қарай қашқан екен. Домбауыл қуып жетіп, қыра беріпті. Соншадан бес-ақ құлан тірі қалып, қорқып сол бесеуі де Шудан өтіп кетіпті. Ол бес құлан өткен жерді осы күні «Бес құлан» деп атайды. Бес құлан деген жерден бес шақырымдай арада таудың бауырында Қабанқұлақ деген аты зорығып өліп, ол араны «Қабанқұлақ» қойыпты. Онан әрмен бес шақырымдай барған соң, екінші аты – Әнкей ұшып өлген екен. Ол араны «Әнкей» деп қойыпты. Осы күні сол араны Әнкей атайды.
171. ҚАЗАНБАС
Жошы өте ақылды, парасатты адам болса керек. Маңайына әр елден қашып-пысып келген адамдарға пана болып, жер беріп, алдына мал салып, өзінің адамы етіп отырған екен. Кіші жүздің төртуыл руынан шыққан Қазанбас бала кезінде Жошының қозысын бағып жүріп, ұйықтап калады екен. Осы жалқау баланы жақтырмаған ел Жошекең осы құлын неге құтыра береді деп пыш-пыштаса, оны естіген Жошы: «Олай демеңіздер, құл емес, ұл деп айтыңыздар», – деп отырады екен. Содан басы қазандай баланы Қазанбас атап кетеді. Кейін осы Қазанбастың баласы Ыбырай Кеңес үкіметі орнағанда белсенді болып, Жошы қыстауын «Қазанбас» ататып жібереді.
172. ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ
Халық арасында Қазығұрт тауы хақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге жаралған. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ пайғамбардың кемесінің орны дейді. Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы дейді екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Егерде Қазығұрттың басына бұлт шөгіп, көрінбей қалса, қариялар Қазығұрт қарасын киді деп, қатындар күлпарасын киеді екен. Сол уақытында жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды екен, Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпес деп, қазақтардың бұрынғы замандағы ақындары Нұқ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар туралы мынаны айтады екен:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Қамбар ата жаунар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгібаба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопаната жануар содан қалған.
Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен.
Қазығұрттың басында көп «әулие»,
Мінсең аттай желеді айыр түйе, –
деген мақалдар да бар. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған. Оның себебі: басқа таулардың бәрін топан суы басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған соң, басқа таулар намыс қылып Қазығұртпен ұрысамыз деп, жиылысып келген екен. Бәрінің үлкені Ордабасы деген тау Бадам суының Қазығұртқа қараған күнбатыс жағында болған.
Ордабасы балама айт,
Қызыл сеңдей қызыма айт,
Еншілес інім Қаңғыраққа айт,
Сізден арғы Қараққа айт! –
деген даусын естіп, қалғандары бір-біріне солай айқайлаған дейді. Барлық таулар келсе, біздер көп болып кетеміз ғой, ұрыс қылмай-ақ қоялық деседі. Әдейі әуре болып келген соң, тым болмаса, қылышты бір сілтеп қалайық деп, қылышты сілтегенде, Қазығұрттың басы айрылып қалыпты дейді. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған себебі осыдан екен дейді қариялар.
173. ҚАЙДАУЫЛ, ШЕРУКЕ
Жазы қоңыржай, шөбі бітік, су көзі мол осы өңірге Көкше мен Шыңғысты жайлаған байлар да таласа келіп, жазда жайлауда отырады екен. Осылайша келген Шыңғыс ауылының бір жігіті Шеруке атты қызға ғашық болады. Күз түсіп, ел көшкенде екі жас бірін-бірі қимай қоштасады. Жігіт Шерукеге: «Қор бекіп, қыс түскенше келіп қайтуға серт берейін», – дейді. Жігіт берген уәдесімен қайта оралып келгенде бұл өңірде қыс қаһарына мінген екен. Ақ түтек боранда адасып, сүйгенінің ауылын таба алмай аласұрған жігіт: «Қайда ауыл Шеруке?» деп сүйгенін шақырумен болады. Қыз ауылын іздеп Шерукені шақырған жігіт дауысынан тау жаңғырып ел дүрлігіпті. Жігіт ғашығының ауылын таппай, боранда үсіп өледі. Сүйегін таппаған жігіттің тау жаңғыртқан дауысын естіген ел кейіннен осы өңірді «Қайдауыл-Шеруке» деп атап кетіпті.
174. ҚАЙНАР
Бір күні Баян сұлу жылқыдан келген Қозы Көрпешті күймесіне салып ап, даланы сейілдеуге кетеді. Олар мас көңілімен шапқылай беріп, күймеге шеккен тұлпарлары бұрлығып барып тоқтағанда ғана айналасына қараса құс қанаты талатын қумедиян шөл далаға келгенін бір-ақ біледі. Көп өтпей тұлпарлары ыстық соғып, шөлден өледі. Өздері де әбден қаңсып, сілесі қатады. Баян сұлуды арқалап тілі кеуіп келе жатқан Қозы бір жерге келгенде құм үстіне екпетінен түседі. Баян сұлу құмға көз жасын төгіп, өлеусірей өксік атып құмды тырмалай береді. Кенет бір кезде жасын төгіп тырмалаған жерден бұрқ етіп бір бастау су қайнап шығады да, лезде екеуінің үстін басып кетеді. Екеуі осы бастаудан шөлдерін әбден қандырып алады. Баянның Тәңірге төккен көз жасынан құдіретше қайнап шыққан бұл бұлаққа «Қайнар» деп ат қояды, сөйтіп, қазіргі Қайнар бұлақ пайда болады.
175. ҚАЛАМҚАС
Ертеректе Қарқаралының осы қазіргі таулы аймағын Өкін ауылы деп атайды екен, себебі Өкіннің ері Қамай атамыз ерте дүние салыпты. Ал шешеміз ержүрек, қайсар мінезді, сол заманның әмеңгерлік заңына көнбеген кісі болса керек. Қайынаға-қайындарынан ауылын бөлек тігіп, Өкін ауылы атанып, балаларын тәрбиелеп отыра беріпті. Сол Өкін шешемізден өрбіген ұрпақтан Кесік деген кісі ширақтау адам екен. Жаздай жақын-жуығын жинап аң аулап, күнелтіпті. Кесіктің бір ұрпағы Еселбайдан Байгелді, Қозыбақ, Шағырбай, Қаламқас, Жанбибі, Жаукен деген балалары болған. Қаламқас көбіне жұртына беделді Байгелдінің үйінде тәрбиеленеді. Бір жылы қыс қатты болып, ел қатты күйзеледі. Көлі жоқ, малы аз елге бірлі-жарымды қақпанмен алған киіктің еті талғажау етуге жетпейді. Күйзелген бала-шаға қамынан басы қатқан Байгелді тумалары Шағырбай мен Қозыбақты және Ақжігіт, Байжігіт деген балаларын шақыртыпты да ақылдаса келіп, киік аулайтын «апан» қазуға келіседі. Сол күндердегі осы ауылдың отырған жерін әлі кезге дейін Байгелді төбе дейді. Төбенің басына шыққанда Темірқазық пен терістік шығыстың аралығында үлкен сор бар, әлі күнге дейін сол жерді халық «қызыл сор» деп атайды. Қызыл сордың батысында шығысқа және терістікке созылған екі ұзын жол бар. Екеуінің қиылысатын жері ашық қуыс, бейнебір қақпа дерсің. Бұрын сол жерді «Қуауыз» деп атайды екен. Оңтайлы тұсты байқап жүрген Байгелді апан қазуға осы жерге келеді. Шағырбай бастаған бірнеше жігітті қамыс қиып әкелуге жібереді. Апан құдықты қаздырып болып, Шағырбайлар әкелген қамыстан үшкірлеп жебе жасап, көмеді. Осы жер қазуда Қаламқастың қайратына ел таң қалады. Киік аулайтын күні апанға бір жігітті қолына кездік беріп түсіреді де, қалғандары киік қуушыға көмекке, айқайлаушы болып жан-жаққа тарап кетеді. Сөйтіп, елдің көбі қызылға қарық болады. Осылайша өйтіп-бүйтіп күн көріс жасап жүрген елге бір жылы саудагерлер келеді. Байгелді бастаған жігіттер олармен келісім-шарт жасасып, бірге кетеді. «Бала-шаға, кәрі-құртаң өзіңе аманат», – депті кетіп бара жатып Байгелді қарындасы Қаламқасқа. Олар кеткен соң ауылдың азық-түлігі азаяды. Әйелдердің жылап-сықтауы көбейеді. Қаламқастың есіне ағасының кетердегі айтқан сөзі түсіп, бір күні ол ағасы Байгелдінің Қаракөк атына ер салады. Ондағы ойы апанға барып барлау жасап келу еді. Кешке ауыл түгел орнына отырған соң Қаламқас үйді-үйді аралап шығып, ертең ертемен киік айдайтынын айтады. Түнімен ұйықтай алмаған Қаламқас ерте тұрып, құрбы-құрдастарын оятады. Олар көліктік аттарына екі-үштен мінгесіп, Қуауызға беттейді. «Ажалды күні ақ киік, тайсалмай түсер апанға» деген осы-ay», – деп қыздар олжаларын артып, ауылға бет алады. Бірі Қаракөкке мініп оқ бойы алда кетіп бара жатқан Қаламқасты мақтайды, екіншісі Қаракөк атты мақтайды: «Мұндай киікті қойша айдаған жүйрік атты бұрын естігенім жоқ», – дейді. Әкелген киіктерді Қаламқастың өзі үйді-үйге қылдай бөліп береді. Ыстық сорпа ішіп, жас етке тойған кәрі-құртаң сол күні Қаламқасқа алғысын жаудырды. Арада ай өтеді, әкелген киіктің еті де азаяды. Ауылды қайтадан көңілсіздік басады. Жұрттың қыңқылы, жылаған баланың дауысы көбейген сайын, Қаламқастың да көңіл-күйі жүдей түседі. Амалы таусылған ол тағы да киік аулауға шығатынын айтып үйді-үйге хабарлайды. Ертесінде әдеттегідей қыздардың бәрі ерте тұрады. Келіскен уақытында орындарына барады. Аяздың беті бері қарағандықтан ба, киіктер табыны көбейіп алыпты, ана жерден, мына жерден топырлап қашып жатыр. Киік бір жерден қашса, екіншісіне қосылады, ол үшіншісіне қосылады, жүйріктігі болмаса қарақұйрықтай емес, аңғал жануар ғой. Бірақ бұрынғыдай жондары қызарып көрінбейді, тым арық, біріне-бірі жығылып, бүрсең қағады. Қаламқас әр жерден орғи қашқан табын-табын киікті қайырып, алдыңғы тобын апанға салып, опыр-топыр қылады. Қаламқас бір бүйірге қашқан екінші бір тобын дүркірете қайырып, апанға қарай жосылтып келеді. Тіпті екпінімен апанға тақап келіп калғанын өзі де байқамаған болса керек. Көзді ашып-жұмғанша, Қаракөктің апаннан секіргенін жасырынып отырған қыздардың көзі шалып қалады. Алдыңғы екі апанның ернеуінен асып, артқы аяғы құдық түбіндегі киікке тірелгенсін, бір-екі ырғып апаннан шыққан Қаракөк осқырынып айналып, ойқастап келіп, не болды дегендей тұра калады. Апанның ішіне құлаған Қаламқасты қыздар тысқа шығарады. Ақырғы рет көзін ашқан аяулы апамыз: «Киіктің бірін тастамай ауылға апарып, бөліп беріңдер, елге, ағатайыма сәлем айт», – депті де сол жерде мәңгілікке көзін жұмыпты. Қысылғанда көпшілікке басшы бола білген, бір ауылды аштықтан арашалаған Қаламқасты бүкіл ел болып жоқтайды. Жарасын жерлер алдында денесін жууға келген келіншектер байқапты, аттан құлағанда текенің мүйізі бүйірін тесіп өткен екен. Қаламқасты апанның шығыс жағындағы төбеге жерлейді. Сол кезден бастап сол жер «Қаламқас» деп аталып кетіпті.
176. ҚАЛДАН СЕРІН МЕН ХАНАБАД ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Ташкент деген қалада, оңтүстігі Шыршықтың күнбатыс жақ жағада Ханабад деген хан болыпты. Бір жағы тоғай жер болыпты, бір жағы Шыршық жар болыпты. Шыршық пенен тоғайына мал толыпты. Бір жағы адыр жантақты, сусыз шөл болыпты. Бір жағы батпақ, ылайсаң көл болыпты. Күншығысы таулы ор болыпты. Терістігі жон болыпты, батысы Сыр мен сор болыпты. Қатыны ерке сор болыпты. Күндердің күнінде қалмақ ханы Қалдан шерін (Серін болу керек) көп қолмен баса көктеп келіп қапты. Алты күн аңдысып, алты апта айтысып, алты жыл атысып ала алмапты. Ханабад ханның қамалының беріктігін білген Қалдан шерін ақырында Ханабад ханының ерке тотай азғындаған әйелі ханымға астыртын адам салып, сый-сыяпат беріп, айтқанын істеуге уәде жасапты. Ханабадты алсақ, хан сарайында сенің айтқаныңды орындаймыз деп серт беріпті. Бұл сертке сенген Ханым ханның сырын әшкерелеп айтып береді:
– Шыршық өзенінің бас жағында Бозсу деген су бар. Сол Бозсу мен Шыршықтың түйіскен жерінде құбыр бар. Хан ордасына сол құбыр арқылы су келеді. Соның амалын тауып, суын бітеп, суын тоқтатсаңдар хан ордасындағы хауызге су келмей, су қоймасы сусыз қалып, хан әскері шөлдеп, шұбырып, далаға шығады. Сол кезде тарпа бас салып, хан әскерін жеңген соң сарайға кіре аласыңдар, – депті ханым.
Қалдан шерін Шыршықтың оңтүстік жағындағы Қарабай-Қосқорғаннан түйемен, атпен, есекпен сабан тартқызып, құбырдың ауыз тесігінен суға қосып сабанды ағыза беріпті. Сонда қаппен де, бос күйінде де ағызыпты. Сумен араласқан сабан жібіп жентектеліп, біріне-бірі кептеліп, Бұжғын төбе деген жерге жеткенде, жер астындағы құбыр жарылып, су Шыршық өзеніне қарай аунап ағып кетіпті. Сол күннен бастап хан ордасына су келмей қойыпты. Арадан бірнеше күн өткеннен кейін хауыздағы су саси бастапты. Ханабадтың әскері шөлдеп, далаға шұбырып шығыпты. Аңдып жатқан Қалдан шеріннің әскерлері ұмтыла шауып, тобын жазбай, ұзатпастан ұстап алып, қырып тастапты. Содан соң хан сарайына кіріп, Ханабад ханды байлап алыпты. Ханабадтың жалғыз ұлы бар екен. Ол бір тұлпар тайға мініп қашыпты да кетіпті. Ханабадтың әйелі Ханым жаңа хан Қалдан шерінмен хан ордасында қалыпты. Су бұзған Бұжғын төбе сол күннен бастап Бұзғын төбе, яғни бұзылған төбе атанып кетіпті. Қалдан шерін Ханабад ханның ордасын бұзып, сарайына енген соң, Ханым сұлуды шақырып алып, Ханымның түп мақсатын сұраған екен. Сонда Ханым:
– Бұрынғы күйеуім Ханабад қырық биенің сүтіне шомылдырып, алпыс алабас ала сирақ саулық қойды сойып, жілік пашайының сыбырлақ майына палау жасап беретін. Оны пісіретін аспазы қазанға күрішті санап салатын да, кәкпірмен қозғап, аударып, төңкеріп пісірген соң күрішті тағы да санайтын. Сонда бір күріш жарылып кетіп не көбеймейтін, не азайып жоғалмайтын. Ет пен майдың салмағы да кемімейтін. Ал, енді сен алпыс атан түйенің сүтіне шомылдырып, отыз ор қоянның бүйрек майына палау жасатып бересің. Сонда бұрынғы ханның аспазындай аспаз табасың. Соның істегенін бұл аспаз да істейді, – депті.
Мұны естіген Қалдан шерін:
– Еркектің қасы әйел болар ма? Ей, опасыз қатын, сен сүйткен байыңа не жақсылық істедің? Ал енді бізге не жақсылық істермін дерсің? – деп қынабынан қылышын ала ұмтылған екен. Ханым «жалғызым» деп шалқасынан құлай кетіпті. Мұны көрген Қалдан шеріннің бас қолбасшысы Зал:
– Сабыр етіңізші, мұның сыры бар көрінеді. Соны анықтаған соң өлтірерміз, – депті. Сонда барып Қалдан шерін ашуын басып, қылышын қынабына салыпты да:
– Билігін саған бердім, тексеріп анықтарсың да, жазаларсың, – депті. – апарып бір зынданға тастап, не айтар екен, бақылаңдаршы, – деп қарауыл қойыпты. Есі құшын жиып алған Ханым былай депті:
– Құндыз як...
Бұл не сөз деп, Зал сұрастыра келсе, Ханабад ханның Құндыз атты жалғыз баласы болыпты. «Як» тәжік тілінде «жалғыз» деген сөз екен. Ханымның «Құндыз як» дегені «жалғыз Құндызым» дегені екен. Ол шешесінің опасыздығына шыдай алмай, бетіне түкіріпті де, өзінің тұлпар тайына мініп, Шыршықтың Жаман кешу деп аталатын бір кешуінен тайымен жалдап өтіп, тоғай аралап, оңтүстікке қарай жүре беріпті. Бір күн жүріп, ертесіне сәскеде ойлы-қырлы бір жерге келіп, тұлпар тайынан түсіп, көкке шалдырыпты. Сол шақта қой жайып жүрген ақ сақалды бір кәрия келіп, бала мен тұлпар тайға қарай беріпті. Баланың жүзінен хан баласы екенін, бір нәрсеге өте ызалы екенін, астындағы тайының тұлпар тұқымынан екенін шамалап, сұрау сұрапты:
– Кім боласың, қайдан шықтың, қайда барасың, қайсы ханның баласысың? Айт шыныңды, мен ата тұтынайын. Ашулы аласың болса, ақыл айтайын. Жортқан жолыңа жөн сілтейін, жолдаушы болайын, – депті. Сонда бала:
– Орны толмас опасыздық...алданған сатқын ана...азап тартқан ата...кемдік етіп, кекті қуған бала...өзім жалғызбын..Құндыз як, – деп сазарып отыра кетті.
– Балам, ата кегін аларсың, халқыңа басшы боларсың, акнаң ауыр азабын тартар. Оңтүстікті қой, шөл далаға, тау-тасқа кез боласың, шығысқа тарт, – деп екі қолын жайып батасын берді.
Сонымен Құндызек күншығысқа қарай бет алды. Кешке таман бір төбеге барып түнеп шықты. Ертесіне сәскелік жерге барғанда, шүйгін шөпке кездесіп, тұлпар тайын оттатып алды. Содан шөбі шүйгін болғандықтан, «Шүйгін төбе» атаныпты. Кіші бесін кезінде бір көлге жетіп, екі мергенге жолығыпты. Олармен бірге екі күн жүріп, аң аулап, құс атады. Үшінші күні құсы таусылған соң ілгері қарай жүреді. Бұл жердің құсы бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, «Бардан көл» деп атап кетеді. Одан шығып бір қара көреді. Соған қарай бет алып жүріп барса, үлкен бір төбе екен. Алыстан қарасын көргендіктен, мұны «Қара төбе» деп атап кетеді. Тағы да ілгері қарай жүрді. Алдынан үш-төрт адам жолығады. Олардан жөн сұрап еді, жөнді жауап бермеді. Тек қана біреуі «Қытай» дегендей ашулы үн қатты. Баланың ұғымынша «Қытай төбе» болды да, сол атпен аталды. Жолаушылардың бәрі де Қалдан шеріннің артынан іздеп келе жатқан елшілері екен. Нақ сол шақта, қалмақтарға қытайлар соғыс ашып, соны хабарлауға келе жатқан беті екен. Енді біраз жүрген соң ақ сақалды, ақ шашты кәрияға қарсы келеді де, «Ақ ата» екен ғой деп сәлем беріп өте шығады, тағы жүреді. Жұма намазын оқып шығып келе жатқан бір топ өңкей ақ шашты, ақ сақалды, ақ сәлделі шалдарға кез болып, атынан түсе қалып, сәлем беріп, қолын қусырып тұра береді. Баланың әдептілігіне риза болған Сексен ақсақал қолын жайып бата береді. Міне, сол жер «Сексен ата» аталып қалыпты. Не керек Ханабадтың жалғыз баласы Шыршық өзенінің шығыс түстік бетімен күн шығысқа кете береді. Барып-барып аяғы Іскендір Зұлқарнайынның атына қойылған жердің үстіңгі жағынан «Жаман жар» деген жар кешуден Шыршықтың терістік бетіне өтіп, сол бала Қазығұрт тауына қарай кетіпті. Қайда жүргені белгісіз. Әлі жоқ. Ал баяғы опасыз Ханымның тексеру, жазалау билігін қолына алған бас уәзір, қолбасы Зал жалғыз бала Құндызектің кеткен ізі-тосын сұрастырып білген соң, Ханым сұлуды ертіп алып, іздеуге кіріседі. Бұлар да түс мезгілі болған шамада қой жайып жүрген шалға жолығып, «Бұл қай жер» деп сұрайды.
– Құндыз як...
– Не дейсің? Құндыз як? ..Ол кім?..Ол қайда?.. – деп Ханым еңіреп жылай береді. Қойшы шал бұл жерде көп жылдан бері қой жаятынын, осыдан он шақты күн бұрын дәл осында бір баланың келгенін, аты Құндыз як екенін баяндайды. Оның жол бағытын айтып берген соң, Зал мен Ханым бетті күншығысқа аударады. Кештетіп бір төбеге жетіп, жатып дем алады. Аттарын шалдырады. Екеуінің де бозбалалығы ұстап, бірімен бірі жанасады. Сол күннен бастап ерлі-зайыпты адамдай болып кетеді. Бұлар да талай-талай төбеге кезігеді. Өздерінше ат қояды. Соңынан осы жерлер солар қойған атпен аталып кетеді. «Ат тұяғы жеткен жер» деп, бір төбеге «Тұяқ төбе» деп ат қояды. Кесірлі әйел болғандықтан астындағы айғыры зорығып өледі. Сол төбені «Айғыр сойған» депті. Екеуі жалғыз атқа мінгесіп жүре береді де, ішіп-жейтін тамағын, қалтасындағы ақшасын тауысып алады. Сол жерді «Шонтай төбе» атайды.
Азып-тозып Шыршықтың терістік бетіне өтіп, қазақ даласына ене бастайды. Сонда Зал тұрып:
– Мына жерге су шығарып, ел қондырса, егін салса қандай болар еді деп армандайды. Ай жарымдай жүріп, баланы таба алмай, көңілдері өксіп қайтып келсе, Қалдан шерін тас-талқан болып, ашуланып отыр екен. Ата мекен еліне қытайлар шабуыл жасап, өздері сияқты зар жылатып жатыр екен. Орнына Залды хан көтеріп, өзі еліне асығыс жүріп кетті.
Мұнда қалған Зал мен ханым өздері алғашқы қосылып, мейірін қандырған жері Тойтөбеге ел-жұртты жиып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, ат шаптырып, бәйге тігіп, балуан күрестіріп, би билетіп, жыр айтқызып, күй тартқызып бір-біріне қосылды. Осы тойға аттылы да, жаяу да шұбап бара берген. Кедей сорлыда не көлік болсын, көбіне жаяу барған. Содан сынақ ретінде: «Той төбе ақымаққа не деген жол» деген мақал қалыпты. Баяғы «Той болған төбе» Тойтөбе атаныпты. Хандық пен ханымдық қолына тиген Зал мен Ханым өз армандарын іске асыру үшін Шыршық өзенінен Келес өзеніне қарай арық қаздырып, су шығармақ болыпты. Мыңдаған адамды аяусыз істетіпті. Арық шабылып біткен соң Шыршыққа бөгеу салып су қойса, Зал қаздырған арықтан су сарқырап ағыпты да, Ханым қазған арықтан су ақпай қойыпты. Ызасы келген Ханым маған қастық істегенсіңдер деп мыңдаған еңбекшілердің басын кесіп, қанын ағызыпты. Содан Ханым қаздырған арық «Қан арық» атанып кетіпті. Отанына, ел-жұртына, адал жұбайына опасыздық істеген Ханым ақырында халық қаһарына ұшырап, жынданып өліпті.
177. ҚАЛҚАМАН
Ертеде Қалқаман деген жігіт болыпты. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, әр туысқанының үйінде жүріп ер жетті. Жастайынан көргені жетімдік, жоқшылық болғандықтан ба, Қалқаман өз қатарынан әлдеқайда ересек көрінетін. Ол ұзын бойлы, екі иығына екі кісі жігіт мінгендей өте сымбатты еді. Осы ауылда Ақан, Жақан деген екі ағайынды жігіт болды. Мінездері ұр да жық, содыр болатын. Олардың аттарын естігенде, бесіктегі бала да жылауын қоятын. Солардың Ақжібек деген қарындасы болған. Өте сымбатты, сұлу еді. Ақжібекке қанша ынтазар болса да, жігіттер ағаларынан қорқып батпайтын. Қалқаман да Ақжібекке ғашық болса да, бір жағынан, ағаларынан қорықса, екінші жағынан, қызды алып қашқанда паналайтын ешкімі жоғын ойлап, іштен тынып қоятын.
Бір күні таңертең ауыл іші у-шу болып жатыр. Қалқаман Ақжібекті алып қашыпты, енді сорлының күні не болар екен. Ана содыр екі ағайынды Қалқаманды өлтіреміз деп, алақандарына түкіріп отырған көрінеді.
Үшінші күн өтті. Қалқаман мен Ақжібектен ешқандай хабар жоқ. Құтты бір жер астына түсіп кеткендей. Арада бір апта өткенде ағалары: «Қалқаманға қояр шартымыз бар. Соны орындаса, бәрін де кешеміз. Орындай алмаса, өз обалы өзіне», – деп ағайындарға хабар салады. Ол шарты не екенін ешкім білмесе де, көнбеске амал қалмайды. Сонда Ақжібектің ағалары: «Қалқаман алдымнан шауып өтсін, мен оны атамын, егер аман құтылса, сөзім – сөз. Егер құтыла алмаса, маған ешкімнің өкпесі жоқ», – дейді. Қыздың ағалары құралайды көзге атқан мерген екенін білетін ауыл адамдары қатты сасады. Көрші ауылда Қалқаманның Қаражігіт деген досы болатын. Ол да Қалқаман сияқты тақыр кедей еді. Бар байлығы – құмай тазысы мен бәйге аты болатын. Бұл хабарды естіген Қаражігіт ауылға келіп, ағайындардан Қалқаманмен кездестіруін сұрайды. Қалқаманға Қаражігіт: «Тумасақ та туғандай едік, басыңа ауыр күн туғанда үйде жата алмадым. Өзің де білесің, Ақан мен Жақан құралайды көзге ататын мергендер. Олардың оғынан құтылу мүмкін емес. Бар үмітім астымдағы атымда. Талай жүйрікті шаң қаптырып еді. Олардың оғынан бір құтқарса, осы бәйге күреңім құтқарар», – дейді. Осыған пәтуаласқан Қалқаман Қаражігітті Ақжібектің ағаларына жібереді. Белгіленген уақытта бір Аллаға ғана жалбарынып, Қалқаман Ақан мен Жақанның алдынан шауып өтеді. Осы сәтті күткен олар да оқ атып үлгереді. «Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады» дегендей, бүкіл ауыл, жора-жолдас болып, тілеген тілеулер қабыл болып, Қалқаман қос мергеннің оғынан аман қалады. Қанша сотқар болса да, берген уәделерінде тұрып, Ақан мен Жақан Қалқаман мен Ақжібекті қосып, өз алдарына отау етіп шығарады. Сол оқиға болған жазық дала қазір үлкен станция болды. Ол – «Қалқаман» станциясы деп аталады.
178. ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАН
Жаугершілік заманда қазақ пен қалмақ жиі соғысқан екен. Содан Ақшимен тауларында қалмақтар қазақтар бергі жағында, екі жұмадай ма, одан да көп уақыт па соғысады. Бір күні қалмақтар тау үстіне шығып, ағашты айналдырып белгі береді. Онысы екі жақ та демаламыз дегені. Содан бір күні таудың үстінен қара құс ұшады. Оны қалмақтар бүгін қазақ соғысады дегенге болжайды. Түні бойы ұйықтамай, соғысқа дайындалады. Ертеңгісінде соғыс басталып кетеді. Қазақ пен қалмақ бір-біріне тойтарыс бере алмайды, Ақшимен таулары дөңгелене орналасқан. Ортасында 500 әскер сыярлықтай орын бар екен. Күн батыс жағынан ғана кіретін жол бар. Сол орында қалмақтың бес жүз қолы орналасыпты. Сол тауларды Малайсары батыр басқарған қазақтың қолы қоршап алып, қалмақтарды ешқайда қатынастырмай қояды. Қалмақтар таудың ішінде аштан қырылып өледі. "Қалмаққырылған" деп аталуы осыдан екен.
179. ҚАЛМАС ТАУ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Бір жазда қалың жаңбыр жауып, жер дүние алай-түлей дауыл болып тау басына жай түседі. Құдайдың құдіреті ме, жай түсісімен жаңбыр тыйылып, күн шығып, кемпірқосақ қанат жайған екен. Бірнеше күндік жаңбырдан қабағы ашылған күн көзін көрген жұрт қатты қуаныпты. Тек сол күннің түнінде мал күзеткен күзетшілер қорқынышты бір жағдайдың куәсі болыпты. Түннің бір уағында тау күңіреніп, құлақ тұнарлық шу пайда болыпты. Байлауда тұрған мал біткен әзірейіл келгендей шулап буаз малдар іш тастап, табын-табын жылқы біткен дүркірей қаша жөнеліпті. Бір мезетте шу сап тыйылып, Мәжен байдың қорасына басынан аяғына дейін малына киінген бет-жүзі көрінбейтін бір келіншек келіп кіреді. Келіншек аяғын басқан сайын күмістің сыңғырындай сыңғыр естіліп, күзетшілердің құлағын тұндырып барады. Сасқанынан абдырап олар қимылсыз қалады. Келіншек қораға кіріп байлауда тұрған жүйрік аттарды жетегіне алып кете барады. Жайда бөтен көрсе оқыранып тұратын бәйге аттары иесіне ергендей монтиып кете барыпты. Ат жетектеген бейне тау бөктеріне еніп жоқ болады. Барлығын көріп тұрған күзетшілер аттандап байды оятады. Жедел тауға барса ат та жоқ, адам да жоқ. Күзетшілеріне сенбеген бай күзетке өзі шықпақ болады. Бір түн күтеді жоқ, екі түн күтеді жоқ. Ай жаңарады-ау деген түні өткенде болған жай тағы да қайталанып, малына киінген келіншек сылдырап тағы да қораға келеді. Жетегіне байлауда тұрған бірнеше малды алып, келіншек тауға еніп жоқ болады. Абдырап қалған бай түк ете алмайды. Ай жаңарған сайын құпия келіншек таудан түсіп қорадан мал алып жөніне кетіп отырады. Жайдан-жай малынан айрылып қала берген соң таудан түскен кесірден құтылмаққа бай басқа жаққа тұра көшеді. Бірақ қайда барса да мал шығыны болып байдың басы қатады. Біресе барымта, біресе аштық, енді бірде қасқыр шауып, мал қатары тіптен азаяды. Әбден қалжырап бұрынғы мекен еткен жеріне, қазіргі Қалмас таудың бөктеріне қайта келеді. Бірде бай ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде баяғы келіншек келіп бұған: «Сен малыңды құрбандыққа шалу білсең, барлығы аман болар еді. Сараңдығыңмен мал киесін кетірдің. Өзің құрбандық шалып жетім-жесірді тойдыра білсең, малың шығынсыз болады. Ал олай етпесең, мен сенің соңыңнан қалмаймын», – деп сылдыр етіп ғайып болыпты. Содан былай қарай бай құрбандыққа мал шалып, аш отырғандарды айына бір рет тойдыруды әдетке айналдырыпты. Бұдан соң мал қарасы көбейіп, от пен су апатынан жаудан аман-есен болыпты. Бұның сыры неде деп сұраған балаларына әкесі: «Құрбандыққа мал шалмасам, тау соңымнан қалмайды», – деп жауап береді екен. Содан бері бұл тауды Қалмас тау деп атайды екен.
180. ҚАМБАР ТӨБЕ
Қаратаудың теріскейінде, Сарысу мен Қоңыр құмының аралығында Шайырлы деген далада Көкдомбақ дейтін төбе бар. Мұны бұл күнде Қамбар төбе дейді. Қамбар батыр сонда өлген. Өлу себебі: Қамбар арқада жүріп, Сырдағы Орақ батырдың баласы Қайқы батырдың аулына келеді. Қайтуында нағашысы Қайқы батырдың жылқысын айдап қашқан, өзі кедей екен. Қайқы батыр Қоңыр құмында қуып жетіп, Сарысудың жиегінде соғысқан. Қамбар Қайқыны құлатқан. Сонда Қайқы:
– Менің өлігімді соңымда келе жатқан жолдастарым тауып алады. Сен де тірі қалмайсың. Өйткені найзамның ұшын суғарған едім. Денеңе найзам тиді, сен де өлесің, – дейді. Сөйтіп, жылқыны тастап, ертерек еліңді тап деген кеңес береді. Қамбар соның айтуы бойынша жылқыны тастап жүріп кетеді. Кешкілік Домбалыққа жетіп, сол төбеде денесі уланып өлген. Төбеге ел бар ма екен деп қараған. Содан бері Көкдомбақ Қамбар төбе деп атанған деседі.
181. ҚАМЫРЛЫ ӘУЛИЕ
Қалмақ жаугершілігінде ұрыс даласын тастап, кері шегінген қазақ сарбаздары ығыса-ығыса бір қыратқа арқа тірейді. Осы жерде ғайыптан пайда болған бір әйел қырдың төбесінде отырып нан пісіріп, ерлерді тамақтандырады. Бойларына әл-қуат жинаған жауынгерлер кенет бұрынғыдан әлдеқайда күшті сойыс көрсете бастайды. Жауды тықсыра қуып, жеңіске жетеді. Алайда мән-жайды сезіп қалған қалмақтар түн ішінде бір жансызын жіберіп, әлгі әйелді өлтіреді. Қатты қазаға ұшыраған ел үш күн, үш түн аза тұтып, мейірімен батырлардың басын қосып, ықыласымен бойларына сарқылмас жігер берген қасиетті Ананы сол қырат басына арулап жерлейді. Кейіннен бұл жер "Қамырлы әулие" деп аталып кетеді. Алладан рақым күткен адамдар сол жерге барып, зиярат жасап, басына түнейтін болады.
182. ҚАНДЫҚҰДЫҚ
Бұрынғы кездерде әйелдер балаларын соңдарына ертіп, құдыққа су алуға барады екен. Сол кезде құдыққа баланың көлеңкесі түсіп тұрған деседі. Ал өзінің көлеңкесін қызық көрген бала ұстамақшы болғанда, құдық баланы тартып алатын болған. Бұл құдықтың таң қалдыратындығы сол, ол тек қана бала атаулыны ғана тартып алған. Сондықтан да, бұл бала атаулыға қауіп, яғни өлім әкелетін болғандықтан, халық бұл құдықты «Қандықұдық» деп атап кеткен. Содан кейін бұл құдықтан ешкім су алмайтын болған. Бірақ, ақсақалдардың айтуынша, бұл құдық әлі де бар деседі.
183. ҚАНЖУҒАН
Лама-Доржы қолы Ташкентті шауып, Жолбарыс пен Саурықты өлтірген мезгіл. Жетісудан кешігіп жеткен Райымбек батырдың қолы жоңғарларды талқандап, кейін қайтып бара жатқан. Жау жеңілгенмен, оның дала кезіп жүрген қарақшылары жолдарында кездескен бейбіт ауылдарды тонап, елді әбіржуге салып жатқан заман ғой. Осындай бір топ Кейкі батырдың ауылына кезігеді. Абыр-сабырда қол жинай алмай қалған Кейкі батыр жақын төңірекке ат шаптырып, жүзге жуық жасақ жинап, қалың жауға қарсы тұрады. Өз елі, өз жері, өз намысы үшін аянбай соғысқан қазақ жасақтарының саны бірте-бірте кеми береді. Ал жоңғарлар қолы бірнеше есе көп болатын. Кейкі батырдың өзі де жараланады. Дәл осы кезде Ташкенттен қайта оралып келе жатқан Райымбек Хангелдіұлының жасағы осы маңға жетіп қалған. Олар болып жатқан мына қырғынды көріп жоңғарларды сыртынан қоршай ұрыс салады. Райымбек батырдың жігіттері өліспей беріспейміз деп шайқасқан жоңғарлардың қолын біржолата жойып жібереді. Соңынан осы шайқасқа куә болған ел әлгі жердегі қантөгісті еске алып, бұл мекенді Қанжуған деп атап кетіпті.
184. ҚАПАЛ ТАУЫ
Ертеде қалмақтар тоқалдыққа күң етіп, Сатқан деген сұлуды алты айлық іште қалған баласы аяғы ауыр күйінде бірге алып кететін көрінеді. Тобықты ішінде Көтібар батырдың тоқалы қалмақ еліне күң болып Сатқан сұлу барғаннан кейін ханның бәйбішесі қазақтың сұлу келіншегі ноқталаған тайлақтай тұрса басқа, отырса орыннан тұрғызбай, от жағып, қазан асып, ас-судың соңына салып қояды. Сөйтіп жүргенде әйтеуір аман-есен босанып, бір ұл бала туады. Анасы: «Қапылыста туған нәрестем едің, арғынның әруағына сиындым, егер аман болып өсірсем, туған елін, ағасын және тобықты руын іздеп табар», – деп баланың атын Қапал қояды. Баланы да шешесімен бірге от жаққызып, су әкелгізіп, жеті-сегіз жасына дейін шешесінің тәрбиесін көрген бала күнде анасының алдында отырып, «Елім-ай» деген өлең тыңдап, қазақша тілі шығады. Анасының сүтімен қоректенген бала үлкен болып, дембелше батыр келбетті өседі. Баланы бұзау баққызады. Он үш-он беске келгенде жылқы бағуға жібертеді. Шешесі Сатқанның сұрауы бойынша бай тоқалының айтқанын екі қылмай Қапалды батырлар арасына жылқы бағуға жібереді. Міне осылай Қапал өсіп, ер жете келе шешесіне келіп ақылдасады. Сонда екеуі таудың етегінде отырып: «Осы Алатаудың ар жағында сенің елің жетпіс үй тобықты бар. Онда туған ағаң бар, сол ағаңды барып тауып ал», – деп Қапалдың құлағына салып, есіне түсіре береді. Бір күні шешесі Сатқан отырып Қапалға: «Жылқыдағы буаз кер биені көрдің бе?» – дейді. Қапал: «Апа, мен ол биені күтіп, құлындатсам екен», – деп, шешесіне айтатын көрінеді. Сол кер биеден кер құлын туады. «Сол құлын өскесін өзің ат қылып мініп, мына таудың ар жағындағы еліңді табасың, құлыным, құлыншағым Қапалым», – деп елін, жерін, жұртын сағынып, анасы ботадай боздап жылай береді. «Апа, апатайым, жыламашы. Мен өскеннен кейін сені тастамаймын, бірге алып кетемін. Ел, жұртыма кетем», – дейді Қапал. Қапал да өседі, жігіт болады. Анасы күннен-күнге қуанады. Анасына кер биеден туған кер құлынды ат қылып мініп келеді. Жетекке алған байдың жүйрік атын шешесі Сатқанға әкеледі. Бірақ шешесі: «Мен бармаймын, егер мен кетсем, мына қалмақтар бұзық шығарады. Сен өзің мына асудан асып, білгізбей өзің осы түріңмен еліңе аттанып бар. Қару-жарағыңды мен дайындап қойдым. Қылыш, мылтық сайманың, садағың дайын. Әкеңнің әруағына сиын. Алла жар болса, еліңді табарсың. Сары батыр ағаңа жетерсің». Сары батырды тобықты руы Сары мырза деп атайды екен. Бұл кезде жетпіс үй тобықты мен матай руы жауласып, Қисық бидің тұсында еліне Қисық хан атанған матай руы тобықтыны Қапал тауынан қуып, Аягөз өзенінің бойымен жарма Шыңғыстау, Қарауыл, Жидебай, Ақ келін, Қамбар батырдың жері Абыралы жерінде жетпіс үй тобықты бір ата қарауыл атанады екен. Қапалдың туған ағасы Сары батыр сонда болады. Қапал батыр іздеп келсе, елі орнында жоқ, орнын сипалап, матай руларының кәрия ақсақалдарынан ағасының жөнін сұрап, ағасын іздеп Шыңғыстауға, Аягөз, Жарма, Ертіс өзеніне қарай шаба жөнеледі. Біраздан кейін жолаушылар Сары ағасының үйін табады. Келсе ағасы ұйықтап жатыр екен. Атын ат байлауына байлап, қару-жарағын, садағын кереге басына іліп, Қапал да ағасының жанына ұйықтайды. Жеңгесі Қапалды көрісімен таниды. Екеуі қатар ұйықтап жатыр. Сарыдан Қапал аумайды. Сары ояна келіп, інісін танып «ой, бауырымдап» екеуі бірін-бірі құшақтап көріседі. Шешесі Сатқанның хал-жайын айтып, тірі екенін білдіреді. Сөйтіп ағалы-інілі екеуі Сары батыр мен Қапал батыр қалмаққа қайтадан шауып, соғыс ашып, қалмақты жеңіп, қазаққа жеңіс әпереді. Шешесі Сатқанды күңдіктен босатып, еліне әкеледі. Дерегес тауының бір шоқысы сол кезден бастап Қапал батырдың атына қойылып, Қапал тауы атанады.
185. ҚАРА КЕЛІНШЕК, АҚ КЕЛІНШЕК ТАУЛАРЫ
Таңыбай батыр Әбілмәмбет ханның тұсында қалмақтарды қууға қол жинап, қуысқан екен. Киікті станциясынан Қызылшоқыға дейінгі жерлерді қалмақтар мекендеген. Олар осы кезде қазақтарға маза бермегендіктен, халық қол жинап оларды қуған екен. Соғысты Таңыбайдың досы Наймантай басқарған еді. Осы соғыста Наймантай батырдың екі баласы қайтыс болады. Соғыста жеңіп, ауылына оралады. Жеңгеннен кейін оларға қалмақтың қыздарын таңдау керек болады. Ол тандау Наймантай мен Таңыбайға беріледі. Наймантайға берілу себебі, оның соғыста екі баласы бірдей қаза табады. Таңыбайдың таңдауы, оның бірінші әйелінен балалары болмайды. Тандар кезде екі қызды екі түрлі тау басына шығарады. Бір қыз қара, екіншісі ақ болғандықтан, тау аттары «Ақ келіншек», «Қара келіншек» аталуы сол себептен.
186. ҚАРА ҚҰДЫҚ
Бұл құдықтың үстінде үлкен тас жатқан. Қазақ ауылы осында мекендегенде бірде мүлдем су болмай қалған. Содан халық та, мал да сусыз өмірге төзе алмай, жан-жаққа көше бастаған. Көбісі қырылып қалған. Тек осы жерде жасы 80-нен асқан қария үш ұлы және келіндерімен қалған. Қария маңайда кішігірім шалшық су болса да деп, маңайды аралап жүрген. Содан ауылдан алыстап кеткен қария жаңағы қарақұдық үстіндегі таста демалып отырған. Бір сәтте аяғына сұп-суық заттың білінгенін сезіп төмен қараса, аяқ астында бақа жүр екен. Шал бақа болған жерде су да болады деген оймен тастың маңайын қарайлай бастайды. Содан тасты орнынан қозғалта алмасын біліп, үйіне қайтады. Үйіне келсе, келіндері үйдегі ақырғы бір тостаған сумен қарияға шай қайнатып тосып отыр екен. Содан қария ұлдарын ертіп, жаңағы қара құдық қасына келеді. Үш ұлы тасты бар күштеріне салып итереді. Қария да оларға көмектеспек болып таяп келгенде, үлкен кеспе тас қарияның үстіне ауып кетеді. Балалары тасты қайта орнына итермек болады, бірақ ештеңе шықпайды. Ал тастың астында бұлақтың көзі бар екен. Міне, сөйтіп қария өз өлімімен үш ұлы және қалған ауылын сақтап қалған екен. Осы қара құдықтың басындағы тас қарияның бейіті болып қалған. Осыдан шөлдеп сапардан келе жатқандар осы қарақұдық басынан шөлін басып, ақтық байлап, Құран оқып өтеді екен.
187. ҚАРА СУ
Кезінде шағын ауылда Сарыбай атты бай тұрыпты. Жасы алпыстан асқан. Байдың иелігіндегі мал ауыл тұрғындарынан да көп болған. Бай сараң болған. Көктем келіп, өзен, көлдерде сең жүріп жатады. Байдың иелігіндегі жаңа туған құлыны өзенге түсіп кетеді. Бай құлынды құтқармақшы болып, суға құлынның соңынан түсіп кетеді. Біраздан соң жағаға құлынды шығарады, бірақ өзі жағаға шығуға шамасы келмей батып өледі. Байдың жаман ниетінен бе, судың түсі қара түске айналып кетеді. Содан бері ол суды ешкім пайдаланбай, «Қара су» болып аталып қалады.
188. ҚАРАҒАЙ ҚАҚҚАН
Тарақ бұлағының батысына қарай созылып жатқан үлкен жол бар. Ертеде бір жиыннан Құнанбай жолаушылап, осы жота етегінде отырған Керей руының аталы байларының бір үйінде болған. Енді бірде Қараменде би ел аралап келе жатып, қазіргі Балықты бұлақ өңіріне тоқтап шалдырған екен. Болжампаз қария бұл келешекте көп ел өтетін, жиі осы бұлаққа тоқтайтын мекен болады деп «Қарағайқаққан» деп ат берген. Қарағайдың бір сынығын жонып, бұлақтың басына белгі қылып қаққан.
189. ҚАРАҒАНДЫ
Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ-тұяқты көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда, қара қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: “Қайда барсаң қараған, бұл өзі қарағанды жер екен ғой”, – деп кейіс білдіріпті. Сонан осы жердің аты Қарағанды аталып кетеді.
190. ҚАРАҒАНДЫ - АҚШОҚЫ
Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ-тұяғы көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда қара қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: «Қайда барсаң қараған, көрсек. Малға жайлы болса, мекен етерміз, жайсыз болса, тағы да көшерміз», – деген ұсыныс айтады. Бәтуаға келген көш сол жерге барып орын тебеді. ІІІалғыны мол, шөбі бітік, ағып жатқан өзені бар жайлы мекен малға жұғымды болып, олар тез көтеріледі. Бір жыл қоныстап шыққаннан кейін төл егізден болып, жаңағы жердің құтты мекен екендігі байқалады. Риза болған халық:
– Шоқым шоқы-ақ екен. Жарайсың! – дейді. Сонан жаңағы биіктің аты «Ақшоқы» аталып кетіпті.
191. ҚАРАЖАЛ
Бір заманда Солтүстік Қазақстан өңірінде бір бай қазақ өмір сүріпті. Бірақ шалдың байлығын басып қалатын ұлы болмапты. Байдың өте сұлу Ажар деген қызы болыпты. Ажар бала кезінен ұл балалармен асық ойнап, ұлдың киімін киіп, түнде жылқы күзететін жігіттермен күзетке шығатын. Бір күні Жаппас атты жылқышы жігітпен танысып, екеуі бір-бірін жақсы көріп қалады. Бірақ Ажардың әке-шешесі оны басқа адамға күйеуге бергелі отырыпты. Сонда Ажар мен Жаппас ата-аналарынан басқа алыс жаққа қашуларын тура көріпті. Бір кеште екі сүйікті жар ең жақсы аттарды таңдап, көрінбей оңтүстік жаққа қарай қашыпты.
Ажардың ата-анасы жіберген қуғыншылар оларды Атасу өзенінің бойында қуып жетіпті. Амалы жоқтығынан «қара бет» болып қайтқысы келмеген Ажар Құдайға жалбарынып, жер астына кіріп кеткенін ұсыныпты. Қуғыншылар дәл қуып жеткен сәтте екі қашқын жер астына өздерінің аттарымен кіріп кетіп, тас болып қатып қалыпты, тек аттардың жалдары жердің бетінде қалыпты. Содан бері жер аты Қаражал атаныпты.
192. ҚАРАҚАЛПАҚТЫҢ ҚЫРЫҚ ҚЫЗЫ
Өткен замандардың бірінде Қарақалпақта өте күшті бір балуан патша әкімшілік еткен екен. Ол өзінің ең жақсы көретін сүйіктісі үшін Түркістан мен Малғұзар деген таудың түйіскен жерінде әсем алтын сарай салдырған. Бұл сарайға құштары үшін жылдам-жылдам келіп тұратын. Күндердің бірінде патшаның бұл жерге келетінін білген бір қас жауы түн қатып жүріп, сарайды қоршап алып, құпия сырын ашпақ болады. Ол түні патша болмай, қырық қызымен қырық қыздың бастығы көрікті сұлу Қаншайым ғана бар екен. Өздерінен саны артық аңдушы дұспанымен майдандасады. Ұзақ уақыт алысып, әбден қажып, шаршаған қырық сұлу жау қолына түсіріп қор еткенше, бізді тас қылып қатыра ғой деп Құдайынан тілепті.
Содан қырық қыз тас тізбегі пайда болып «Қырық қыз» атанып кеткен екен.
193. ҚАРАСЕРКЕ, ЖЕТІМСЕРКЕ, КӨКСЕРКЕ, МҰҢЛЫҚ
Баяғыда бір бай қуаңшылық болған бір жылы малын алысқа отарлатып кеп Көксерке тауларына малын үшке бөліп орналастырады. Сол жылы қыста қар қат-қабат қалың жауып әлгі таудағы малға ақсүйек жұт жүреді. Малшылар таяғын ұстап қалады. Тек аяққы тауға қыстаған малдан қой бастайтын қара серке бар бір топ мал, ортадағы тауға қыстаған малдан лақ күнінде жетім қалған жалғыз бөрте серке, басқы тауға қыстаған малдан көк серке бастаған аз ғана тұяқ қалады. Апаттан есі шығып, байдың қаһарына есеңгіреген үш қойшы жазға салым көксеркенің жанындағы тауға санаулы малдарымен келіп күңірене бас қосып, мұң шағысып жылаған екен. Сонымен аяққы тау Қара серке, ортаңғы тау Жетім серке, басқы тау Көксерке аталыпты да, үш қойшының бас қосып мұң шағысқан тауы Мұңлық аталып кетіпті.
194. ҚАРАТАУ
Баяғы өткен заманда бір бай өлкелерінің бірінде бір қауымдық ел-жұрт өмір сүріпті. Қанша заман өткенін кім білсін күндердің бір күнінде жетібасты жаламауыз сол өңірде пайда болыпты дейді. Сонан елге қырғидай тиіп күн сайын қырық қой, қырық жылқы, бір жігіт, бір қызды жеп отырыпты. Әбден зәрезап болған ел жаңағы жалмауыздан құтылудың жолын іздейді. Жапанды шарлап келе жатқан бір саудагерлер оңтүстік өлкеде Дәубек деген батырдың бар екендігін хабардар етеді. Жетібасты жалмауызды бір жеңсе сол ғана жеңеді дегенді айтады. Оның еліне жету үшін өте ұзақ жүру керек. Шөлді, құмды жерлерді басып жүру керек. Әбден бір қалжыраған шақта, алыстан тау сілемі көзге шалдығуы мүмкін. Жаңағы дәу сол тауды мекендейді. Ел болып жиналып бір батырды басшы етіп, қырық жігітті қосшы етіп жолға аттандырады. Олар арада күн жүріп, ай жүріп құмды далаға кездеседі. Шаршайды, қалжырайды, сусайды. Күндердің бір күнінде көкжиекке көз тігіп келе жатқан жаңағы жігіттердің бірі:
– Қара тау, Қара тау, – деп айқайлап жібереді. Барлығы жаппай жаңағы жаққа назар салса, сағымданған таудың сұлбасынан көзге шалынған сияқты болады. Сол сағымды бетке алып жүрген жолаушылар ақыры тауға жетіпті. Ол батыр жеті басты жалмауызды өлтіріп елге тиыштық орнатады.
Сонан жаңағы дәу мекендеген тауды ел «Қаратау» деп атап кетіпті.
195. ҚАРАШ ҚАЗҒАН
Ұбақ-шұбақ көш келеді. Түйеге де, жылқыға да, өгізге де жүк артылған. Жүк үстінде жас балалар мен кемпірлер. Боздаған бозінген мен жас сәбилердің үні араласып естіліп, тұла бойыңды шымырлатады. Адамдардың жүзі жабырқау. Жалпақ даланың шегі сияқты. «Көрер көзге қаншама кең болсаң да, пейілі тар байлар сені бізге қимады-ау, сидырмады-ау», – деген жолаушылардың бәріндегі мұң, өкініш сияқты. Осылайша бірнеше күн бойы ілбеген көш әлі келеді. Көлік үстіндегі адамдар да қалжыраған. Жасы да, кәрісі де ауыздарын шүберекпен таңып алыпты. “Әже, шөлдедім!”, “Апа, су!” – деп ұсақ балалар шу-шу етеді. Шолғыншылар көш басшысына: “Алда құдық жоқ, түстік жерге дейін қарадық,” – дейді. Су шығадау деген жерден құдық қазу керек. Шөлдеген жұрт бір-бірінен ауыз жібітерлік қасық су сұрап жүр. Сабыр сақтаған әйелдер азаматтарға қараса, сары уайымға салынғандары сарнап, безектеуде. «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дейтін мақал осындайда еске түседі. Көш тоқтады. Су шығады деп жерден үміттеніп, қазып-қазып түк шығара алмай ер адамдар кінәлі жандай төмен қарады. Сол кезде жасынан ер балаша киініп, асық атып, ат құлағында ойнап өскен көш басшысының жалғыз қызы Қараш өздері тұрған белдің етегіне түсіп, нән кетпенді құлаштай бір көтеріп, жүзін жерге сіңіре ұрып жіберді. Он шақты жігіт іштен шыққан сары топырақты сыртқа тасып тұрды. Бір кезде “Су шықты” деген сөз ауыздан-ауызға таралып, даланы жаңғыртады. Шөлдеген әйел-бала құдыққа қарай жүгірісті...
Сол заманнан бастап сол жер “Қараш қазған” деп аталады.
196. ҚАРҚАРА
Кезекті қанды қырғыннан кейін қолға түскен қалмақ қызы Қарқара сұлуға қазақ батырлары таласып, бірімен-бірі келісе алмай, алакөз бола бастайды. Дулаттан шыққан Қарасай батыр, албаннан шыққан Таубұзар батыр өзара дүрдараз болып, сұлу қызды әркім өзі иемденіп, өзі құшпақшы болып, үлкен дау-дамай басталады. Сонда қалмақ қызы тұрып:
Өзі сұлу, өзі шешен
Қазақ еді менің шешем.
Қолымды егер босатсаңдар,
Тағдырымды өзім шешем, – дейді. Қолын шешкен соң, қыз ру басына апаруды өтінеді. Сонымен Сырымбет бабаға келеді. Қалтасынан үш түсті маржанды алып, қыз Сырымбет бабаның алдына қояды. Ақ, қызыл, қара маржанға қарап тұрып Сырымбет баба:
– Түсіндім, балам, қызыл маржаның канды қырғында қолды болыпсың. Қара маржаның – әке-шешеңнен айрылып, каралы болыпсың. Ақ маржаның – мені ақтаңыз дегенің ғой, балам. Айтарыңды айт, – дейді.
– Уа, Сырымбет бабамыз,
Біз де сіздің балаңыз.
Сенбесеңіз айтайын
Қазақ еді анамыз.
Қазақ, қалмақ соғысып,
Қанға бөкті даламыз.
Қайтсек тату боламыз?
Қара қалмақ қол жиып,
Қару-жарақ мол жиып,
Қайта келсе қыруға,
Қарсы карап тұруға
Келер ме еді шамаңыз?
Жау да дертпен бірдей ғой,
Бар ма табар дауаңыз?!
Сонда Сырымбет:
– Әкең – қалмақ, шешең – қазақ, көргені азап болса, еліңе барсаң, сенің де көргенің мазақ болады. Әйел заты болсаң да, ер-азаматпен тең екенсің, ақыл-ойға кең екенсің. Ел татулығын ойлаған қызым, өзіңде қандай шешім бар? – дейді.
– Рас, шешемнің менсіз көргені тозақ. Мен тұтқынға келіп өзім түскен едім. Анам: «Сенің атаң – қазақ. Тегім бұзылмасын десең, қазақ еліне барып, бір қазақтың етегінен ұста» деген. Менің шешемді алған қалмақтың атақты батырларының бірі Ақанас болатын. Ақанас үш ағайынды нояндар тұқымы. Бұлардың арғы тегі Шыңғыстың тұқымдары, Шағатайдың ұлдары. Олардың екеуін сіздер өлтірдіңіздер. Ал Ақанас болса үркіп, елімен көшіп, жерлеріңізді өздеріңізге тастап кетті. Ал маған жар болғысы келген жігіттің сауыты болсын басында, шоқпары болсын қолында, қылышы болсын белінде, арманы болсын жерінде. Мен сондай азаматқа тиемін.
– Белінде қылышы дегенің,
Жауға шабар ел болсын дегенің.
Басында сауыт болсын дегенің,
Ақылға кең болсын дегенің.
Қолында шоқпары болсын дегенің,
Жүректі болсын дегенің.
Жері арманда болсын дегенің,
Жерің елді болсын дегенің бола, қызым, –
деп түйген Сырымбет баба ақылды қыздың сөзіне дән риза болыпты. Сөйтіп қызды атағы шығып жүрген албан батыры, мыңбасы Таубұзарға қосады. Бірақ батыр кедей екен.
– Қарағым, тақырға қар, батырға мал тұрмайды. Бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Мал жиып береміз, батыр жарлы болғанымен, арлы болады, – деп тоқтатыпты ру басы.
– Қалауымды берсеңіз, жер беріңіз. Өзгені өзіміз құрастырып алармыз, – дейді қыз.
– Қарағым-ау! Батыр қоныссыз ба еді?
– Сырымбет баба, атыңызды атағаным өзімді сіздің қызыңыз санағаным болсын. Қоныстың да қонысы бар Сонысы бар, сорлысы бар. Оның да құласы бар, торысы бар. Малға жайсыз қоныс – дау мен ұрыс. Малға жайлы қоныс бақ пен ырыс.
– Оның дұрыс. Бірақ қазақ ерге қыз бергенмен, жер берген емес.
– Жерсіз ел, елсіз ер болмайды.
Ер – елдің баласы, жер – елдің панасы.
Ер – елге ортақ, жер – ерге ортақ.
Батыр елдің серкесі, сұлу елдің еркесі.
Көсеусіз от жанбайды,
Көсемсіз ел оңбайды емес пе?
Қыздың бұл сөзіне тоқтаған Сырымбет:
– Анадан ұл тумаса да,
Қыз туған екен.
Ана жолын жоғалтпас,
Ақылы асқан із қалған екен.
Қалаған жеріңді ал,
Той жасап, тай соям
Елді жиып алдында
Сол жерге атыңды қоям, –
дейді. Қыз таудан құлап аққан өзен жағасын көрсетеді де, Сырымбет бабасына «осы жерге батырдың есімін қойсақ қайтеді» дейді. Сонда Таубұзар батыр сөзге араласады:
– Ердің аты екі қойылмайды. Бұл сенің еншің, сенің атың қойылсын. Елім де, жерім де, суым да, тауым да, жарым да «Қарқара» болсын. Мен ер болсам сол ел, сол жердің қорғаны болайын, – дейді.
Сол кезде Сырымбет баба:
– Ей, Қарқара,
Басыңнан базарың тарқамасын.
Көңілің ешқашан ортаймасын,
Бақ орнасын халқыңа.
Көркіңе арың сай,
Өзіңе жарың сай,
Малыңа жерің сай.
Бердім осы жерге «Қарқара» атын!
Жұптарың нық болсын,
Жақсымен орта толсын.
Алған жарың Қарқара,
Әулетіңе құт болсын! – деп, сұлу қыз бен батыр жігітке кезек-кезек ақ тілек тілеп, батасын беріпті. Әлгі өңір содан бастап «Қарқара» атаныпты.
197. ҚАРҚАРАЛЫ
Жоңғарлар шабуылы кезінде жаудың бір түмен сарбазы қазіргі қаланың батыс жағында қорған салып, бекінеді. Олардың мақсаты – өздерінің Ертіс бойындағы қолы әлсірей ме, соған қолғабысқа аттану болса керек. Бұл кезде казақ сарбаздары орталық, терістік жақтан жоңғарлар қолын әлсірете бастаған және Абылай қалмақтың ханы Қалдан Цереннің қолына түсіп, кейіннен достасып, соғыспау туралы келісімге келген. Осы кезді пайдаланып Шаншар абыздың екінші әйелі Нұрбикеден туған Тілеуке, Бертіс хан қол жинап, түстік Сыр бойынан келіп Қарқаралыға бекініп жатқан жоңғарларды жойып, елді осы жаққа орналастыруды қолға алып, бекіністі тазартудың қамына кіріскен. Жер жағдайын жетік білмегендіктен, жоңғарлар алдымыздан қауіп жоқ деп ойлаған. Жағдай ойлағаннан басқаша болып шықты. Бертіс қолы Қарқаралының батыс жағындағы Шоқпартас маңындағы орманға орналасып, жауды сезіктендірмей желке жағынан шабуыл жасау үшін тауға барлау жұмысын жүргізіп, Шоқпартастан Суық бұлаққа қарай асатын шұбырынды жол тапқан. Осының нәтижесінде жаудың желке жағынан шабуылдауға толық мүмкіндік туған. Күтпеген жерден қалың қолдың үрейі ұшып, берекесі кеткен жоңғар қолы қаша жөнелген. Жоңғар қолын көп шығынға ұшыратып, жаудың ізіне түсіп, түстікке қарай қуып жіберген. Сөйтіп, Қаракесек руын осы маңға, Балқантауға дейін орналастыруды жоспарлап, ол оңтүстікке елге қарай қайтып, елді көшіруді ұйымдастырған. Бұл кезде Қарқаралы деген атау жоқ. Бертіс бұл мекенді жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айының соңына қарай көшпенді Қоңырат деген тайпа келеді. Бұл тайпа сан жағынан көп Арғынмен туыс ел. Жоңғарлар шабуыл жасауға мүмкін деген маңайдан қашқақтап жүретін болса керек. Қысқа аяқты мал деп сиыр, қой асырап бақпайды, өйткені ол елге жау бет алып келе жатқанда бұл екі түлік бөгет болады және жау қолында қалып қояды деген есебі көрінеді. Жаудан жалтарып кету үшін жылқы, түйе малын көптеп өсірген. Қоңыраттықтар «ұзынқұлақ» арқылы Арқаның шұрайлы жері жаудан тазартылды дегенді естіп, қыстап шығу үшін таудың күншығыс жағына көптеген киіз үй тігіп, өздерінен өрген рулар ауыл-ауыл болып отырған. Сол жылы қар өте қалың түскен, қар түсе тауда қаптап жүрген арқар, елік, бұғыларды көргенде көздері тұнған. Садақпен аң аулауға барайын десе, бара алмайды. Тау басы мен биік жондар қара болып жатқанымен, тау етегі өте қалың оспақ көбік қар болған. Тауға шықпақ болғанда аттары қарға көміліп, жаяу шығайын десе өздері де қарға көміліп, бойламаған. Сол кезде көктем де өте кеш шыққан, жаз шыға ол кезде аң ауланбайды. Дала тағысы киелі болады, төлі жетім қалса қырсыз болады деген ұғым қалыптасқан. Сөйтіп, бұл тауда басы қара, етегі қарлы – «Қарқаралы» деген атау пайда болған. Арғындар ішіндегі Қарақожа әулетінен тараған Қаракесек руы келе бастағанда алдымен «Қара-қарлы» тауына әлтөбет руы келіп қоныстанған. Бұлар келе бастаған соң, қоңыраттықтар Есіл бойына қарай Балталы-Бағаналы елімен сүйек шатыстығы болғандықтан көшіп кеткен.
198. ҚАРҚАРАЛЫ АТАУЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ
Көрші тұрған екі ауыл байлары өздерінің балаларын тумай жатып атастырып қояды. Бірде ауылдар арасында келіспеушіліктер туып, атастырылған қыз бен жігітті айырып алып кетеді. Қыз өте сұлу болады, ал жігіт нағыз батыр болып өседі. Арада жылдар өтіп екеуі кездеседі, екі ғашық бір-бірінсіз өмірдің қисыны болмайтынын түсініп, ауылдарынан қашып кетеді. Мұны сезген қыз әкесі қуғыншы жіберіп, жігіттің өліміне себепші болады. Сонда мұндай сұмдықты көрген қыз шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсайды. Сүйгенінің кеудесіне құлағанда, қыздың ауыр бас киімі қарқара жерге құлапты. Осыдан Қарқаралы атауы шыққан.
199. ҚАРЛЫҒАШ ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Белгісіз бір заманда Торғай облысында Тасыбек деген бай тұрыпты. Оның сегіз ұлы және бір бойжеткен қызы болыпты. Ұлдары батыр, қызы сұлу әрі ақылды, сонымен қатар құралайды көзге атқан мерген болыпты. Жеңгелері оны Ақеркеш деп атайды екен. Көркіне мінезі сай өнерлі қыз туралы әңгіме елде жата ма, ол туралы естігендер құда түсіп, байдың есігін тоздырады. Ерке әрі ақылды қыз олардың бірін ұнатпайды. Бірі кәрі шал, енді бірі байдың ақымақ ұлы... Күндердің күнінде аң аулап, серуендер жүрген бойжеткен тау аралап, ән салып жүрген Тәліп атты жігітті кездестіріп танысады. Екеуі бірін-бірі ұнатып сөз байласады. Бұл кезде байлыққа құныққан әкесі қызды еріккен бір шалға тоқалдыққа беремін деп сөз байлап, Қарлығашқа айтпай оны атастырып қояды. Бұны естіген Қарлығаш ызаға булығып, Тәліпке айтып екеуі келісе отырып қашуды жөн көреді. Таң ата жұрт байдың қызының кедей жігіт Тәліппен қашып кеткенін біледі. Әкесі аттандап сегіз ұл мен өзгелерге: «Не өлі, не тірі әкеліңдер екеуін», – деп әмір береді. Іздеуге сегіз ұлы да аттанады. Іздеп-іздеп таба алмай бос қайтады. Ал бұл уақытта қол ұстасқан қос ғашық Есіл асып, Нұраға жеткен еді. Бұны естіген бір суайт олар тығылған жерге тура алып келеді. Келе салысымен ешқандай сөзге қарамаған әке екі ғашықты сол жерде атып, жайратып кетеді. Қос ғашық жаны жоқ тек тәні бірге көл жағасында қала береді. Ертеңіне екеудің денесін тапқан осы елдің адамдары биікке мола орнатып екеуін екіге бөлместен сол жерге жерлепті. Бүгінде ол қырат Қарлығаш биігі деп аталады. Махаббат жолында қиындық көргендер зиратқа барып тәу етеді екен. Жазықсыз қос ғашықтың рухы көмектеседі деген сенім бар.
200. ҚАТЫНАДЫР
Жұт жылдары халық басқа жаққа үдере көшсе керек. Сол жерде тек бір әйел ғана мал-жанымен қалып, қыстап шыққан. Жаз шыға жұттан әзер аман шыққан тұрғындар көшіп келсе, әйел адырда барлық малын аман сақтап қалыпты. Содан сол адыр Қатынадыр деп аталып кетіпті.
201. ҚАТЫН ҚАМАЛ
Ақтабан шұбырынды кезінде ауылдың ер азаматтары соғыс даласында жүргенде жаулардың бір бөлігі үйде қалған қатын-қалаш, бала-шағаға шабуыл жасапты. Қолға түскен қорғансыз бейшараларды топырлатып айдап апарып, сол мандағы бір жартасқа қамапты. Сөйтіп, жазықсыз бейбақтардың көз жастарын сорғалата, ебіл-дебіл, улап-шулағандарына қарамастан, сол жерде бәрін қойша бауыздап, қырып салған екен... Содан қып-қызыл қанға бөккен әлгі жота күреңітіп, мәңгіге қуарып қалған деседі. Ал қырғын болып өткен жартас "Қатын қамал" деп аталып кеткен көрінеді.
202. ҚАШҚАНТАС
Ертеректе бір қаракесек жігіті ел аралап Алтай жеріне барса керек. Сауықшыл жігіт найманның ірі байының қызына ғашық болып, қыз келіскен соң, алып қашады. Бірақ қыз әкесі қарсы болса керек, көп ұзамай арттарынан қуғыншы да шығады. Қуғыншылардан қара үзіп кеткен жігіт пен қыз осы бір ну тоғайлы, жақпар тасты жеке, оқшау орналасқан тауға келіп паналайды. Қуғыншылар итаршы болып іздегенмен, таба алмай еліне қайтыпты. Сөйтіп, қуғыннан құтылған екі жас сол жерді мекендеп, бақытты өмір сүреді. Қыз бен жігіттің жанына арашашы болған жер «Қашқантас» атаныпты.
203. ҚОЗМАЛДАҚ
Жошы хан Созақты өзінің астанасы еткенде, Саңғыл би қазіргі "Қозмалдақ-Сызған" аталған жерге келіп өзінің соңынан ерген елді ертіп келіп ат шаптырым екі үлкен саздың Шығыс жағынан келіп туын қадап аттан түсіп, «Малдақтандар» депті (ол түрікше түйенің белін шешіп демалыңдар деген мағына берсе керек). Жорықтан әбден арып-ашқан, жойқын көштен әбден шаршаған ел бел шешіп, көк-орай майсан сазға жайғаса бастайды. Саңғыл би өзінің соңындағы ерген елін аралап келе жатып, елдің ауыр халін көреді. Бұдан әрі жорыққа ілесе алмасына көзі жетеді. "Жоқ, болмайды екен, енді елімді тынықтырып, ес жиғызбасам, ұрпақ қалмауы мүмкін" деген ойға келеді. Бірнеше күн демалған ел тағы да әлде нені күтеді. Басбұлақтың үстінгі жағындағы теп-тегіс сазға шатырын тіккен Саңғыл би шатырдан үш күн, үш түн шықпайды. Созақтан Жошының шабарманы келгенде ғана бір-ақ шығып, көшіп жүрген елін жинайды. Ел тағы да көшеді екенбіз деп ойласа керек. Сонда биік дөңнің басына шығып тұрып: - Уа! Халайық. Енді көшті мәңгі тоқтатамыз. Барлығың үйлеріңді жөндеп "қоз" салыңдар - дейді. Ол кездерде бұл екі саздың жанынан үлкен-үлкен екі өзен ағып жатса керек. Ал ол өзендердің жағасы қарайып жатқан тауға дейін қалың жыныс, тоғай, сәмбі талдарға сыңсып тұрған екен. Міне, сол кезден бастап бұл жер "Қозмалдақ" атаныпты.
204. ҚОЙЛЫБАЙ ҚЫРҒЫНЫ
Абылайдың немересі, Қасым төренің балалары Кенесары мен Наурызбай қазіргі Орынбор, Челябинск орталығындағы Бреда станциясының маңындағы қазақтардан алыс-салық жинап, бірқатар көнбеген қазақтарды күшпен өзіне қосып алып, қарулы жасақ жинайды. Тек қазақтар ғана емес поселкедегі орыс шаруаларына да зәбір жасай бастайды. Кене мен Наурызбайдан жапа шеккен орыстар қолдарына қару алып, Бредаға бекінеді. Қанша қамаса да Бреданы басып ала алмайды. Мұнан кейін Кенесары, Наурызбай Бреда поселкесін алудың амалын ойластырады. Қазақ үйлерінен мысық жинайды. Түнде ел ұйқыға кеткен мезгілде елу мысықтың құйрығына майға батырған шүберек байлап, оған от тигізіп поселкеге қоя береді. Майға малған шүберек лаулап жанып, жаны ышқынған мысықтар үй-үйдің түкпір-түкпіріне ыршып тығылып, поселкені өрт алады. Ұйқыдағы халық төсегінен жалаңаш-жалпы шыға қашып, поселке азан-қазан болады. Осы кезеңді күтіп тұрған Кене ханның әскерлері жусатып қырып салады. Бірлі-жарымдай болмаса, поселке түгел дерлік жанып кетеді. Бұл сұмдық хабар тез тарайды. Кенесары, Наурызбайға патшадан құралды әскер шығады. Мұны есіткен Кене хан да дайындалып, жасақтарын соғысқа әзірлей бастайды. Бірақ қару-жарағы сай тегеурінді әскерлерге төтеп бере алмай шегініп қаша бастайды. Осы күні сол Кенесары, Наурызбай өртеген Бреда станциясын қазақтар «Күйік» деп атайды. Кене сол қашқан бетімен жолшыбай бейбіт елді тонап, өзіне еркімен қосылғанды ертіп, жоғарыда айтылған Жантай, Толыбай саласына келіп аялдайды. Артынан қуған патша солдаттары жағалбайлы руынан Қойлыбай дегенді басшыға алып, ізіне түседі. Қойлыбай жасында найза ұстап, талай жортуылға шыққан батыр адам екен. Бірақ бұл кезде жасы жетпістен асып, сексенге жуықтаған кезі екен. Сонымен Қойлыбай бастаған әскер Жантай, Толыбай қос өзекте жатқан Кене ханның әскеріне шабуыл жасайды. Кененің әскерлері шегіне ұрыс салады. Ақырында бір-бірін алалмай екі жағы да бекініс жасап жатып алады. Орыс солдаттары түнде күзет қойып, сай бойына шатырын тігіп, бекініс жасайды. Кене мен Наурыз бастаған әскер орыс әскерлерінің елеусіз ту сыртынан келіп тиіседі. Биқұт жатқан орыстар кәпелімде сасып қалып, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қойлыбай қоста жалғыз қалады. Биік төбенің басына шығып жалғыз отырады. «Менің жасым ұлғайған кісімін, менде не шаруа бар», – деп ойласа керек. Наурызбай бастаған топ жалғыз отырған Қойлыбайды жан-жағынан қамалап, найзаға шаншып, тік көтеріп, әскерге тастап жібереді. Мұның үстіне Кене хан келіп: «Бала, мұның қате болды. Жасы жеткен зиянсыз шал еді», – депті дейді. Қазір ол жер Қойлыбай төбесі аталады. Соғыс болған сай «Қойлыбай қырғыны» аталады.
205. ҚОНТАЙШЫ
Осы арада қалмақтың қонтайшысы тұрыпты. Елге әйгілі бір емші қалмақ ханының ажалын бүйіден болады деген екен. Ол үнемі бүйіден қашып, сақтанып жүреді екен. Сөйтіп қонтайшы атанып кеткен осы таудың үстіне жайлауға шығыпты. Өйткені өте салқын жерде бүйі жүрмейді де, болмайды да деп сенген. Бірақ қайдан келгені белгісіз сол жайлауда ханды бүйі шағып, содан жан тапсырыпты. Осыдан соң бұл тау Қонтайшы атаныпты.
206. ҚОҢЫРӘУЛИЕ НЕМЕСЕ ӘУЛИЕ ҮҢГІРІ
Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық қылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып күн кешкен ағайынды Қоңыр, Қыран, Құлан деген үш адам: «Нұх пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер», – деп екі тақтайды құрап мініп, суға ағып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, мейірімі түсіп, су қайтқанда оларды Баянаула тауынан шығарыпты.
207. ҚОҢЫРҚҰЛЖА
Бұл құзы өте биік тау. Баяғыда бұл тауда арқарлар өте көп болған. Әрине, дала болған соң арқар деген болады емес пе? Бірақ Қоңырқұлжаның арқарлары өте сирек кездесетін түрі болған. Осы тауды ылғи мекендеп, аралап жүретін Сәбит атты аңшы болған. Ол өте мерген, ұшқан құсты жібермейтін болған. Оған бірде бір бапкер айтыпты: «Сенің өлімің өзің асыраған қоңыр қозы немесе арқардың текесі баласынан болады». Сәбит кішкентай арқарды өлтіруге аяйды да, оны өскен соң соям деп жүре береді. Бірде балалары онымен ойнаймыз деп арқарды тордан шығарады. Осыдан ол тауға қашып кетеді. Сәбит бапкердің сөзін ұмытып кетеді. Ол далаға үйренбеген, оны қасқырлар жеп қойған шығар деп жүре береді. Бірде Сәбит тағы аңға шығады. Ол арқарларды атып жүріп, баяғы өзі асыраған арқардың баласын көреді. Ол қашып кеткелі үш жылдай болып қалған. Арқар еңгезердей болып, көздері от шашып тұрғандай. Сонда ғана Сәбиттің есіне бапкердің сөзі түседі. Ол не болса да осыны құртайын, ол менің ажалыма жеткенше деп соған көздей бергенде көзіне күн шағылысып ата алмай қалады. Ал арқар болса жым-жырт жоқ болады. Сәбит не болса да мен оны атамын деген оймен құздың биігіне шыға береді. Биік таудың басына жетіп, ауылдың үстінен қарап, жерінің сұлулығына сүйсініп түрғанда артынан оқыранған дыбыс шығады. Бұрылып қараса, баяғы арқар өзіне шабайын деп тұрған сияқты. Қорыққан Сәбит мылтығын да алып үлгермей сасып қалады. Екеуі бір-біріне қадала қарап тұрады. Бір сәтте арқар оқталып Сәбитке тап береді, ал Сәбит атып үлгереді. Бірақ биік құздың басында тұрған екеуі де құздың басынан құлдырай төмен сырғиды Осылайша, бапкердің айтқаны орындалып, Сәбит те, арқар да мерт болады. Міне, арқардың түсіне және осы болған аңызға байланысты «Қоңырқұлжа» атауы пайда болған дейді.
208. ҚОҢЫРАТ
Ерте кезде осы өңірдің терістік шығысында қатыгез бір бай өмір сүріп, көптеген жалшылар ұстаған екен. Қайырымсыз да қатал байдың жылқыларын байлап, бие сауып жүретін пысық бір жігіті бар екен. Бір күні ұзын желідегі құлынның біреуі буынып өлгенін жігіт байқамай қалады. Мұны естіген бай ерттеулі тұрған атына міне сала жігітті желіні айналдыра қуып жүре сабап, қызыл қанға бояп, үлкен жарақатқа ұшыратады. Көп жалшының бірі кешке өз үйіне алып барады. Бітеу жара болып, денесі ісініп кеткен жігіт айдан аса жатып, әрең жазылады. Содан кеудесін кек кернеген жалшы қаңғырып өлсе де, байға қызмет етпеуге бел байлайды. Содан бай баласының ел арасындағы қара жарысқа түсу үшін жаратып, кермеге байлап қойған қоңыр атын бір түнде мінеді де, Балқаш көлін бетке ұстап тартып береді. Ондағы ойы көл жағасындағы балықшыларға қосылу, не болмаса көлді жағалап отырып арғы жақтағы Ұлы жүз өтіп кету еді. Ертеңіне ізіне түсіп жабыла қуған қуғыншыларға қарасын да көрсетпей, елсіз даламен тартып кетеді. Үшінші күні түс кезінде жалшының өзі де, аты да қалжырай бастайды. Шілденің ыстығы, бетті шарпыған аңызақ жел таңдайды кептіріп жүргізбейді. Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегендейін, арқаның өлкелі көк қасқа баласы болмаса да Қоңырат шоқының терістік етегіне келеді. Бай жомарт еспесі сияқты жерлерді, суларды білмегендіктен, бар үміті алдынан бұлдырап көрінген жалғыз шоқы болады да, соған жетсем су табылар, көлге де жетермін деп, қоңыр атты қақпалап, соған қарай жылжи береді. Бірақ үлкен үмітпен зорға жеткен шоқы маңайынан су табылмайды. Ат бұдан әрі жүруге жарамай, шөлдеп, жерге өзі де жата кетеді. Қайыра басын көтеруге шамасы келмейді, сөйтіп сол жерге мәңгі тас болып қатады.
209. ҚОС ЖІГІТ
Бірде тұтқынға түскен екі жігітті шақпақ тасқа байлап суға батырған. Арада бірер жыл өткен соң тағы тұтқындарды батыруға келсе, алдында батырған жігіттерді байлаған тастары таудың жағасында тұр. Тастарда қанмен: «Егер сен тағы біреулердің өмірін алу үшін осында жіберсең, сенің де ажалың осыдан келеді» деп жазылып тұрған. Содан олардың хандары қорқып, ендігәрі Қос жігітке ешкімді батырмайтын болған. Бірақ бәрібір сол ханның өмірі осы Қос жігітте таусылған. Бірде ол осында шөлдеп келе жатып жауынгерлерімен келген. Бәрі су ішіп жатса хандары таяуға қорқып отырған. Бірақ қысып тұрған ыстық пен шөлге шыдамай, суға түседі. Содан қорқыныш әбден сейілгеннен кейін ол шомылуға кіріседі. Судың ортасында аппақ бұлт қалқып жүреді. Ол соған дейін жүзіп барып, оны алмақ болғанда, оның ішінен жылан атып шығып, ханды шағып алады. Ешкімге айқайлай да алмай сол жерде мерт болады
210. ҚОС ҚЫЗ
Бірде осы қос қыздың маңайын бай мекендеген. Ол үйленбек болып, көрші ауылға барады, өзіне қалыңдық іздейді. Өзі сондай сараң болады. Содан ол көрші ауылда тұратын кедей шалдың он сегізге әлі келмеген, он екіде бір гүлі ашылмаған егіз қызының бірін алмақшы болады. Ал қыздар болса оған барғысы келмейді. Қыздар әкесіне барып жылап, өздерін оған бермеуін өтінеді. Қария амал таба алмай, байға барады. «Сен тек менің өлімімнен кейін ғана қыздарымның бірін аласың», – дейді. Осы сөзі үшін бай оны өлімші етіп сабап қоя береді. Шал жылап осы қос қыздың қасына келіп, басқа амал болмағаннан кейін суға кетеді. Ал екі қызды бай алмақшы болып жатады. «Енді сендер жетімсіңдер, ешкімге керектерің жоқ, енді сендердің әкелерің де жоқ», – деп екеуін де әкетпекші боп жатады. Ал екі қыз әкесі батып кеткен суға келіп жылап отырады. Қараңғылық түсіп, тып-тыныш болып тұрған кезде судың үстінде ақ киімде әкелерінің мүсіні шығып, екеуін өзіне шақырады. Екі қыз бастарындағы шашбауларын тастың үстіне қойып, қызыл бауларын соның қасына байлап, әкесі көрінген немесе елестеген жаққа қарай суға кіріп кетеді. Оларды тосып отырған байдың құлы олардың суға шомылуға түсіп, қайтпағанын айтады. Осыдан бастап ай толғанда, кешке таман судың маңайына келсең, сықылықтап күлген қыздардың күлкілері естіледі дейді.
211. ҚОСЕСТЕК
Қазақ көшпенділеріне бір табын малды айдап кету мақсатымен келген башқұрттар шабуыл жасайды. Жекпе-жек тартыста қазақтар малдары қайтарылып алынды. Қашып құтылып бара жатып, башқұрттар өздерінің бір өлген кісісін тастап бара жатып: «Қош, Естек!» деген екен.
212. ҚОСКЕМПІР
Морей ауданы Шоқпартас ауылында «Қоскемпір» деген жер бар. Айтуларға қарағанда бұрын бір ауылда жасы құралыптас екі кемпір болыпты. Бір жылы қыста әлгі екі кемпірдің біреуі өліп, басқа жерге апаруға екі кемпірдің біреуі өліп, басқа жерге апаруға келмей осы араға жерлеген екен. Сол жылы жазда ел көшіп, дәл әлгі кемпірдің зиратының басынан өтіп бара жатқанда енді бір кемпір балаларына әзілдеп: Кейін мен де осы маңда өліп қалып, осы кемпірдің қасына жерлеп қос кемпір атандырып жүрмеңдер, – дейді. Айтқандай-ақ бір жылы жазғытұрым ел көшкенде аяқ астынан күн райы бұзылып алай-дүлей боран болады. Боранда өгізге артқан жүгімен әлгі кемпір адасып кетеді. Ертесі күн ашылғаннан кейін ауыл адамдары іздеп барса, әлгі кемпір бұрынғы өлген кемпірдің бейітінің басына барып үсіп өлген екен. Содан ауыл адамдары: «Бұл да болса Құдайдың бұйрығы» деп кемпірді сол араға жерлеген. Сонымен бұл ара «Қоскемпір» аталады.
213. ҚОСМОЛА, ҚАРЖАН
Ертеде қазақтың Қаражан, Сарыжан деген батырлары, қарындастары Қаржан осы жерлерді мекендепті. Үй алдында үлкен төбе болса керек, батырлар үйде болғанда туын төбеге тігіп қояды екен. Олардың туы төбеде желбіреп тұрғанда ешқандай жау батып келе алмайды. Күндердің күнінде батырлардың жолаушылап кеткенін пайдаланып, жау елді шабады, малын айдап, әйел, бала-шағаларын тұтқындап әкетуге айналғанда батырлар келіп қалады. Жау бәрін тастай қашады, батырлар қуа жөнеледі. Бірақ, жаудың күші басым болып, олар жау қолынан мерт болады. Халқы екі батырды екі таудың басына жерлейді. Қос батырдың құрметіне тау аты Қосмола аталады. Қос батырдың қарындасы Қаржан ағаларының мерт болғанын көрген соң, жаумен айқасқа түсіп, көп жауды өлтіріп, кегін қайтарады, өзі де жау қолынан қаза табады. Халқы қызды да таудың басына жерлейді. Қыздың қансырап құлаған жерінен арқырап су шыққан екен деседі. Содан Қаржан өзені пайда болыпты.
214. ҚУ ӨЛКЕСІ
Ертеде осы өлкеге бір бай көшіп келеді. Оның тепсе темір үзетін арыстандай үш ұлы болыпты. Күндердің күнінде, жылдардың жылында қалың жұт келіп, ел аштан, аурудан қырыла бастайды. Соның ішінде байдың үш ұлы бірінен соң бірі шешектен қайтып келмес сапарға аттанады. Үш құлынының өлімі байдың қабырғасын қабыстырып, жүрегін қан жылатып, өзегін өртейді. Сонда бай: «Сонау кіндік қаным тамған туған жерім, асыл мекенімнен саған пана іздеп келіп едім, Балқантау! Сен мені алдадың! Не деген қу едің!» – деп азаланады.
Міне, содан бастап Балқантау баурайын «Қу» деп атап кеткен екен.
215. ҚУ ТАУЫ
(І-нұсқа) Ертеде Балқан тауында қоныстап, жайлы өмір сүріп жатқан қаражан руының ішіндегі бошан рулары таудың тұрғындары болыпты. Қазақтардың шұрайлы жерлеріне көз тіккен жоңғарлар қауіп төндіре бастайды. Қарулы әскер, екі жақты қиян-кескі соғыс болады. Батырынан айырылып, еңіреген жас, жесір, жылап шырылдаған торғайдай нәрестенің дауысы, қырылған адамдардан ру басы шегініп, тықсырыла бастайды. Сезіктенген әскер басылары Балқантаудың үңгіріне келіп паналайды. Бошан руынын ру басы былай деген: «Ей, жоңғар батырлары! Менің алпамсадай, асқар таудай еңгезердей отыз ұлым бар. Сендер тұрмақ, Құдай да менің балаларымды өзіне алып кете алмас. Алса өкпесі қабынсын!» – деп күпіршілік, астамшылық етеді. Екі қабаттан он бес-он бестен садақтарын кезеп тұрған алпамыстарын ойрандатып, өлтіріп ойсырата жоңғар әскері жеңіске жеткен. Ұлдарынан айырылған әке тұрған жерінде мынадай сөздер айтқан-мыс: «Құдіретті Тәңір, Құдайға күпіршілік жасадым. Балқантау мекені маған құтты қоныс болмады. Бұл тау менің отыз ұлымды жұтқан қуарған қу тау екен». Осылайша Балқанның бір бөлігі Қу тауы деп аталған.
216. ҚУ ТАУЫ
(ІІ-нұсқа) Бір күні Бертіс бидің бір ұрпағы айтыпты: «Мына жер Шаншар атаның балаларының мекендеген жері. Кейінгі ұрпаққа «Шаншардың қуларының мекендеген жері» деген ат қалсын, ақ деген сөзін алып тастап, Қу деп қояйық», – депті. Бертіс би: «Бұдан былай Аққу тауы емес Қу тауы аталады», – депті. Содан кейінгі ұрпақтарына: «Тауым да қу, жерім де қу, тасым да қу, өзім де қу, қайда қусаң онда қу», – депті. Қу тауының басында шошайған тастар көп екен. «Қызылтас қутыңдап тұр, шошайып тұр» деген содан шыққан деген әңгіме де бар.
217. ҚҰЛ МЕН ҚЫЗ
Баяғы заманда бір байдың қызы болады. Қыз бір күні өзінің қол астында жұмыс жасайтын құлына ғашық болып қалады. Құлдың аты аталмайды. Тек құл деп аталып жазылады. Құл да қызға ғашық болып, бір-бірін сүйіп қалады. Бірақ қыздың әкесі құлға қосылуын құптамай, қарсы болады да, құлды өлтіруге бұйрық шығарады. Бұны естіген қыз құлға бірге қосылып кетейік деп талап қояды. Құл бұл сөзіне қатты қуанып, екеуі қашпақ болып дайындалады. Түн ішінде екеуі бір жерде кездесіп қашып кетеді. Қызының құлмен қашып кеткенін естіп, бай қатты ашуланып, соңынан ұстап әкелуге адамдар жібереді. Артынан қуғыншылар келе жатқанын естіген қыз бен құл тоқтамастан, аялдамай әрі қарай қаша жөнеледі. Ал қуғыншылар болса қыз бен құлға жетіп қалады. Бар амалы қалмаған қыз бен құл оларға қарсы шығамыз деп аялдайды. Құл қызға: «Мен осы жерде қалып жауларымызбен шайқасам, сен тоқтамастан әрі қарай қаша бер. Уақыт өткеннен кейін артына қара, егер көп шаң көрсең менің қаза болғаным, ал егер бір шаң көрінсе менің жауларды жеңіп саған келе жатқаным», – дейді. Қыз бұл сөздерге келіспей: «Бірге шайқасамыз, мен сенің жанында болам», – деп жылайды. Ал құл болса, қыздың сөзің тыңдамай, қоштасып жауларына қарай шаба жөнеледі. Қыз сол жерде жылап қала береді. Қыз жігіттің айтқанын жасап, әрі қарай қаша жөнелді. Біраз уақыт өткен соң қыз артына қараса, көп шаң қызға қарай келе жатыр екен. Қыз болса болашақ жарының қайтыс болғанын іштей сезеді де, биік жартастан секіріп, сол жерде мерт болады. Сол оқиғадан кейін халық құл өлген жерді “Құл” деп атап, қыз секіріп өлген жерді “Қыз” деп атап кетеді.
218. ҚҰЛАН ҚОРЫҚ, ЖОРҒАБЕЛ
Баяғыда Ақтөбе деген шаһарда Махмұт деген хан билік жасап тұрыпты. Оның Жұпар атты әйелі болыпты. Бір күні әйелі күйеуіне назданып: «Маған құланның еркегі мен ұрғашысын ұстатып, сыйға тартшы», – депті. Махмұт хан құба жоннан бір еркек, бір ұрғашы екі құланды ұстатып, оларды жан-жағын қоршап, арнайылаған жерге жіберіп, әйелінің өтінішін орындапты. Бұл құландарды бір уәзір күтіп бағатын болыпты, ал құландар қамауда жайылған жері «Құлан қорық» деп аталыпты. Қамаудағы құландар төлденіп, олардың саны көбейіп, қорыққа симай, бір күні дуалды үш жерден бұзып, құба жонға қашып кетіпті. Қорықшы тулаған құлан үйірін тоқтата алмаған соң: «Құландар қашып кетті, оларды ұстау мүмкін емес» деп Махмұт ханға хабар береді. Хабарды естісімен Махмұт Байшұбар деген жорғасына міне салып, бірнеше жігітпен құландардың артынан кетеді. Бір кезеңнің үстінде құланға жетіп қалған Байбаш жорға болдырып құлайды да, зорығып өледі. Құландар сол бойда қашып кетеді. Ал Махмұт ханның Байбаш (Байшұбар) жорғасы өлген кезең содан кейін «Жорғабел» атаныпты.
219. ҚҰЛАНӨТПЕС
Ертеде бір хан өмір сүріпті. Ол ханның жалғыз ұлы болыпты. Ханның ұлы саятшылықты жақсы көріпті. Бір күні ханның ұлы нөкерлерімен аң аулауға шыққанда, бір үйір құлан көреді. Ханның ұлы бастаған нөкерлері құландарды қуа бастайды. Бір уақытта қуғын кезінде бір ақсақ құланды қуып кетеді. Оның астындағы аты жүйрік болса керек. Ал нөкерлерінің аттары шаба алмай аптығып, өздері тоқтап қалады. Ақсақ құлан бір кезде ханның баласының атына қарсы шабады. Сол уақытта хан баласын тісімен тістеп құлатып, таптап өлтіреді. Хан ордасына қайтып барған нөкерлер баласының өлімін естіртуге қорқып, күйшіге ханға айт, естірт деп әмір береді. Күйші ханға келіп, малдасын құрып, баласының өлімін өзінің домбырасына қосып айтып естіртіпті. Бұл хабарды естіп қаһарланған хан баласының өшін алмақшы болады. Ол өз әскеріне екі жақтан ұра қаздырып, (біреуі кейіннен Нұра деп аталған, екіншісі Құланөтпес деп аталып кеткен) құландарды айдап, өлтірген.
220. ҚҰЛАНӨТПЕС, ҚОСАРАЛ
Ерте заманда Алшағар деген кісі өмір сүріпті. Ол өте бай адам болыпты. Содан оның үлкен егістігіне құландар жайылып, түсе берген екен. Бай өзінің халқын жиып алып, құландарды өлтіріңдер деп жар салады. Құландар күнде өзен бойына келіп, құландарды өзеннен өткізбей, ұрып-соғып өлтіріпті. Содан өзен атын Құланөтпес деп атаған екен. Құланөтпес өзенінің бір әсем жері бар. Оны бұрын Темеш руының Жангелді деген кісісі қоныстаған екен. Бұл жердің бір ерекшелігі екі аралдан тұрады. Аралдарды қара су бөліп тұрады, жағалай талдар өскен. Мұның атын Қосарал деп атаған.
221. ҚҰЛДЫҢ АСУЫ
Өткен замандарда қарт Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Нарынбет деген бай болыпты. Өз заманына лайық өмір сүрген Нарынбет байдың мыңғырған малы «Талдысу» өзенінің бойын алып жатады екен. Бай өзеннің «Күркіреу» деп аталатын сағасында он екі қанат ақ үй тіктіріп, жаздың қызығын көреді екен. Исі қазаққа аты танылған Нарынбеттің үйіне Сыр бойынан, Арқа жақтан жолаушылар жиі келіп тұрса керек. Сол замандағы өнерімен алашқа танылған сал-серілер, акын-жыршылардың және ел ағасы болып жүрген билер мен болыстардың бай үйінен дәм татпағаны кемде-кем. Жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүрген Нарынбеттің перзент атаулыдан Балайым деген жалғыз қызы болыпты. Байдың осы қызын айттырып алмаққа ниеттенгендер көп болса керек. Оларға қыз әкесі:
– Ниеттеріңе рахмет, Құдайдың берген жалғыз қызы болғандықтан, дәл қазір бәлен дей алмаймын, көз алдымда еркін ойнап-күліп жүргенін қалаймын. Әр нәрсенің өз уақыты бар, – деп, сөз салғандарға ыңғай танытпайды. Ешнәрседен таршылық көрмеген Балайым қатарының алды болып, бой жетеді. Көркіне ақылы сай ару қызды ауыл-аймақ қатты құрметтейді. Жастайынан молда оқуынан хат таныған Балайым оңы мен солын ерте танып, айналасындағылардың қадір-қасиетін бағалайтын дәрежеге жетеді.
Нарынбет байдың малын бағып, жұмысын істейтін малшы-жалшылардың арасында Садық деген жігіт бар еді. Ол әке-шешесінен ерте айрылыпты. Ес білгелі байдың босағасында жалшылықта жүреді. Садықтың мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, есесіне қандай жұмыс болса да қажуды білмей, апырып-жапырып тастайтын еңбекқор болыпты. Басқа жалшылар сияқты байдан еңбегіне ақы сұрап, артық жұмыска міндетсіну дегенді білмепті. Нарымбеттің жылқыдағы күллі асауын үйрету де Садықтың міндеті екен. Ауылдағы жиын-тойларда балуандар сайысында талай топ жарған Садықты ел-жұрт мақтан тұтады екен. Жастардың «Ақсүйек», «Алтыбақан» сияқты ойын-сауықтарында Садық пен Балайым бір-біріне іштей құштар болып жүреді екен. Қанша құштар болғанымен, Садық өзінің жалғыздығы мен кедейлігінен жасқанып, Балайымға ойындағысын айта алмай қиналады. Балайым да Садықты ұнатқанымен, екеуінің қосылуына кедергінің көп болатынын сезіп, іштен тынып жүреді. Екі жас бірін-бірі аңсаумен жүргенде араларындағы ғашықтық сезім күн өткен сайын күшейе түседі. Жаз бітіп, жұрт күзеуге көшер алдында ауылда шілдехана болады. Шілдеханада Садық пен Балайым оңаша кездеседі. Жігіт ұзақ уақыттан бергі іштегі құсасын тарқатып, қыз алдында ақтарылады. Қыз да көңіліндегі жан сырын жайып салады. Аңсаған армандарына жеткендей болған қос ғашық ел жайлаудан көшер күні түн ауа көзге көрінбей қашып кетуге уағдаласады. Уағдалы уақытта екеуі таң асқан жүйріктерге мініп, Талдысу өзенін бойлай жұрттан жырақтайды. Нарынбеттің малын күзететіндер ауылдан суыт аттанған екеуді байқап қалып, дереу байға хабар береді. Хабар жетісімен бай қызын сұрастырады. Қыз жоқ болып шығады. Дүрліккен ауыл Садықтың да жоқ екендігін анықтайды. Ашу-ызадан жарылардай болған бай шабарманын жинап:
– Құдай маған жалғыз қызды мені масқара етіп, жерге қарасын деп берген екен. Әр ауылдың бай-мырзаларын өзіме тең көрмей жүргенімде, қызым есік алдындағы құлақкесті құлыммен қашты деген сұмдық қой! Тез жетіп, ұлдың сазайын беріңдер, – деп жиырма жігіт жібереді.
Садық пен Балайымның кеткен бағытын хабаршының нұсқауымен дұрыс болжаған қуғыншы топ көп ұзамай қос ғашықты үлкен асудың тұсында қуып жетеді. Қуғыншылардан құтылмасын білген Садық Балайымды алға оздырып, өзі сәл кідіреді. Реті келсе тіл табыспақ болады. Осы қуғыншы жігіттермен талай барымтаға бірге барғанын, біразының бала кезден бергі достары екендігін ойлайды. «Менің жайымды түсінер, жамандыққа қимас», – деп үміттенеді. Бірақ олай болмай шығады. Өңкей жарауға мінген жігіттер сөзге келместен Садыққа ұмтылады. Садық болса қаша ұрыс салады. Жиырма жігітпен жалғыз айқасқан Садық осы асуда қаза болады. Мұны көріп тұрған Балайым қиянатқа шыдамай, өзін-өзі өлтіреді. Содан бері бұл асу «Құлдың асуы» аталыпты.
222. ҚҰМҰЯН
Отырар қаласы тұсында опат болған. Оның тарихы жауға берілмеген нендей сыры бар деп дұшпандар әбден зерттеген. Бір жігітті диуана етіп жіберіп, жансыз ретінде ұстапты. Ол жігіт сол қаланың бастығының қызымен көңіл косқан екен. Ол қызға үйленген соң қаланың жер асты кұбыры арқылы суландыратынын, сағасының қай тұста екенін біліп, сырын ашқан екен. Дұшпандары бұл құпияның сырын білген соң сағасынан суды бекітіп, хала халқын қырған екен. Содан ол қала Құмдағы ұя деп аталыпты.
223. ҚҰНАНБАЙ
Бес Мейрам ішінде қаракесектен тарайтын сарым мен керней руының арасында жер таласы болып, оған билік айтуға аталған ру басылары Байсейіт пен Жанқұтты билер аға сұлтан, тобықты Құнанбайды шақыртады. Қазіргі Шет ауданындағы Батыстау елді мекені маңайындағы кең алқапқа киіз үйлер тігіліп, үлкен дайындықпен Құнанбайды қарсы алады. Алты қанат орданың төрінен орын алған Құнанбайға Байсейіт би кештеу кіріп, сәлем береді. Оның олпы-солпы, қораштау киінген тұлғасына көңілі толмаған Құнанбай берген сәлемін алмай, қораш киімін тілге тиек етіп, намысына тиеді. Сонда шалт мінезді Байсейіт Жақсы Жанқұттыға қарап: «Ақыр заман боларда жалғыз көзді дәу шығады деуші еді, мынауың сол емес пе?» – деп тік кетеді. Осы сөзге, бір көзінің жоқтығын айтқанға намыстанған Құнанбай билік айтудан бас тартып, атқа қонады. Шығарып салуға ере шыққан Жанқұттыға: «Апырау, жердің үстімен келіп, астымен кетіп барамын-ау», – деп өтінішін айтады. Жақсы Жанқұтты болса: «Құнеке, ренжімеңіз, сіздің бұл жерге келгеніңіз ізсіз қалмас, түбі осы өлке Құнанбай өлкесі аталар», – деп басу айтады. Шынында да сол өңір кейін «Құнанбай қыстағы» деп аталып кетеді.
224. ҚҰНАНБАЙ ЕСПЕСІ
Бірде Жақсы Жәкең, дуанбасы Құнанбай, ақын Шортанбай бас қосып, әңгіме өткізіпті. Келген ел көп, барлығы тыңдаушы. Ел жайы, жер жағдайын айтып болғаннан кейін халықтың өсиет тыңдар қалпын сезген Жанқұтты былай депті:
– Ақыным, маған бір ой келіп отыр. Қарадан шығып хан болмаған Құнекеңді қалың қазақ қадір тұтып сыйлайды. Мен осы жолы Құнекеме Кертанаш тұлпарды мінгізейін деп отырмын. Сен елді жиі аралайсың ғой, естімегендерге айта жүр – мына Есбергеннің еспесін бұдын былай Құнанбай еспесі деп атайық. Жиналған жұрт бізден сөз дәметіп отыр. Құнанбай, Шортанбай, Жанқұтты осы жерде бас қосыпты деген аты қалсын, болашақты болжай отырып үшеуіміз үш ауыз әңгіме қалдырайық. Ақыным, сен баста.
Шортекең сәл ойланып отырып:
– Жәке, келер заманның адамдары аласа туады,
Ата-анасымен қарсыласып таласа туады.
Жақсылықтан шошынар,
Жамандыққа қосылар,
Әзәзілден досы бар
Ақырзаман адамы
Сұрасаңыз осылар, – депті.
Құнанбай былай дейді:
– Жасы қырыққа келсе де, сақал-мұрты болмайтұғын,
Бар дүниенің байлығын алса да, көңілі тоймайтұғын
Өмірі ұрыс-керіс.
Ниеті, пиғылы теріс болады екен болашақтың адамы.
Сонда Жақсы Жәкең тұрып:
– «Ал» десең топтың алдын бермейтін,
«Бер» десең бетіңді көрмейтін,
Өткенінен керектісін ұға алмайтын,
Ақылы аз, тойғанға мәз болады екен болашақтың адамы, – депті.
Осы нақыл сөз ел ішінде ауыздан-ауызға өтіп, кеңінен тарап кеткен екен.
Сонымен жақсылар сөз айтқан жаңағы жер «Құнанбай еспесі» деп аталып кетеді.
225. ҚҰНДЫЗДЫҢ ҮҢГІРІ
Осыдан бір ғасырдай бұрын Бесарық өңіріндегі су коймадан 14 шақырым жердегі елді мекенде аса көрікті Құндыз есімді қыз ата-анасымен бірге тұрып жатады. Сол кездегі салт бойынша Құндыз көрші рудың Кенжебек деген жігітіне айттырылып қойған еді. Өсе келе Құндыз айттырылған жігітін қаламай, замандасы Ербол деген жігітті ұнатады. Құда түскен жері Құндызды келін етіп түсіруге дайындалып жатқанын біліп, Құндыз ата заңын аттап, қалаған жігітімен қашып кетуге бел байлайды. Ол кезде қыздарды малға сататын кез еді. Бір түнде Құндыз Ерболмен қол ұстасып қашып шығып, өзеннің шығыс бетіндегі Күйкентай жартасына қарсы беттегі таудың қиясындағы үңгірге жасырынады. Бұл үңгірдің аузына шиесабақ өсіп, сырттай қараған кісіге байқалмайтын. Осы үңгірдің іші жарты бөлмелі үйдей, табан жері тегіс адам тұруға колайлы еді. Осы үңгірде Ербол мен Құндыз бірнеше ай жасырынып жатады. Құндыздың Құдайберген деген інісі түнде тамақты таудың солтүстік бетіндегі жартас қуысына жасырып кетеді. Оны Ербол барып алып келіп тұрады. Ерболдың туыстары атан айыбын төлеп, қалың малын беріп, Құндызды үш айдан кейін келін етіп түсіреді. Сонымен ел арасы бітімшілікке келеді. Сол таудың қиясындағы үңгір осыдан бастап "Құндыздың үңгірі" деп халық аузында аңызға айналыпты.
226. ҚҰТТЫБАЙ
Ертеде бұл өңірді Үсен деген адам қоныс еткен екен. Одан кейін әрбір ру басына жер бөлінгенде бұл жер Құттыбай деген кісіге бөлініпті. Ол өзі бала жастан өткір тілді, батыр адам екен. Жерді өз меншігіне алысымен Үсен деген кісіні «өз бөлісіңе жер ал да, кет!» деп көшіріп жіберіпті. Ең алғашында ауыл «Бес ағаш» деп аталған екен. Өйткені бұлақ басында бес ағаш қана өсіп тұрыпты ( қазір ол жерде екі ағаш қана өсіп тұр). Құттыбай осы бұлақ басына шымнан үй салып, кейіннен кірпіштен салған, қазір үй орнында ештеңе жоқ. Содан өзіне қараған туыс, жекжат, руластарын жинап, үй салып, мал өсіріп, егін салып, өз алдарына бірталай адам болып өмір сүріпті. Ол кезде жер таласы, ру таласы жиі-жиі ауыл арасында болып тұрыпты. Міне, осындай жағдайларда араға Құттыбай батыр жүреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр кісі болыпты. Бұл кісінің руы – қояныштағай. Бұл кісіден екі бала туған: бірі – Лақ, бірі– Сарт. Бұл кісі туралы әңгімелеуші адам Сарт деген баласының баласы (Құттыбайдың немересі). Құттыбай батыр қазақ пен қалмақ ұрысында ел ішіне жау келгенде қолына ту ұстап, ат үстінде жүрген кісі екен. Қалмақ шабуылында аяғына садақтың оғы тиіп, тізеден төмен аяғы салбырап қалғанда, аяғына қараса тудан айырылып калады екен, аяқ бірдеме болар жігіттеріне мына құрғырды салбыратпай аттың ер тоқымына байлап тастаңдар деп бұйырып, өзі тудан айырылмай ақыры қалмақты жеңіп, туды аман алып қалыпты. Содан «Құттыбай батыр» атаныпты, жер аты да осы кісінің атымен аталыпты.
227. ҚЫЗ АСУЫ
Көп биіктің ішінен тек үстіндегі кішкентай бейітімен ерекшеленетін бұл асу «Қыз асуы» деп аталады. Тас қорымның астында жатқан қыздың кім екені белгісіз. Тек бұл туралы әдемі аңыз-әңгіме ғана ұрпақтан-ұрпаққа ауысумен келеді. Ертеде Ертіс бойындағы елдің сұлу қызы мен Аягөз елінің бір жігіті көңіл қосады. Қыз ата-анасынан рұқсат алмай, жасырын түрде ауылдан қашып шығады. Дәл осы тауға жеткенде қыздың артынан батыр ағасы қуып жетіп, әуелі қарындасын садақ тартып өлтірген. Ал жігіт атының жүйріктілігімен қашып құтылған. Осы оқиғадан кейін бұл «Қыз асуы» деп аталыпты.
228. ҚЫЗ ӘУЛИЕ
(І-нұсқа) Бірде екі ғашық қыз бен жігіт осы тауларды айнала серуендеп жүрген. Қыз бүгін түсінде осы жерді көргенін, сосын осында барайық дегенін айтып келе жатты. Түсінде осында ақ гүл теріп жүр екен. Өзін осы жердің әулиесімін деп «емін-еркін ән айтып жүрмін» деп әңгімесін аяқтап, қыз тоқтап қалады. Содан қыз «осы шоқпар тастың артына барып келейін, сен осында күте тұр» деп кетіп қалады. Жігіт болса қызды ұзақ тосады, бірақ қыздың келетін түрі жоқ. Сонда жігіт қызды байқайын деп барса, қыз жоқ. Тек тігінен тұрған шақпақ тас қана жалпағынан жатқанын байқайды. Әрі-бері карап қызды таппайды. Қызды осы шақпақ тас басып қалғаны оның ойына мүлдем келмеп еді. Содан ол қыз ойнап, тығылып жүрген шығар деген оймен сол қызды басып қалған шақпақ тасқа отырады. Сол отырғанда төмен қарап, жүрегі тоқтап қала жаздайды. Сөйтсе, қыздың көйлегінің бір шеті тастың астынан шығып тұр екен. Сөйтіп, кыз түсінде көргендей осы тастың әулиесі болып қалыпты. Жігіт осы тасты әулие деп ылғи келіп ақтық байлап, Құран оқытып жүрген екен.
Міне, осы аңызға байланысты «Қыз әулие» атауы пайда болды дейді.
229. ҚЫЗ ӘУЛИЕ
(ІІ-нұсқа) Тикаша өзенінің оң жоқ жағалауында қазақтың белгілі байы Оразымбидің тұрағы болған. Оның 13 жасар жалғыз ғана қызы болыпты. Ол қыз ерекше қасиеттерге ие болған. Бір күні қыз ойнап жүріп ауру адамның үстінен атап өтеді. Әлгі адам сол күннен кейін орнынан тұрып жүріп кетеді, соған риза болған адам қызға рахметін айтады. Байдың қызы 15 жасқа келгенде, ол түсінде “аян” алып көріпкелге айналады. Бір күні қыз әкесіне жеріндегі қазақтардың үлкен қасіретке ұшырайтынын айтады. Қызының түсінен қорыққан Оразымби қызына бұл нәрсені айтуға тыйым салады. Бір жылдан кейін әлгі қыздың айтқаны келіп, елді сүзек ауруы жайлайды. Осы қасірет тек халықты ғана емес, байды да тұмшалайды. Оның қызы дәл осы аурумен қатты ауырады. Оразымбидің айналасындағылар қорқып басқа жерлерге көшіп кетеді. Бай тек өзіне жақын адамдарымен осы жерде қызымен қалып қалады. Қызын қатты сүйген әке қызына бөлек үлкен киіз үй тіктіріп, қызын соның ішінде үш жыл емдейді. Дегенмен қызы бұл аурудан айыға алмай, көз жұмады. Әкесі қызының барлық заттарымен әлгі киіз үйді қоса өртейді.
230. ҚЫЗ ӘУЛИЕДЕН ШЫҚҚАН ҚАСИЕТТІ БҰЛАҚ
Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы жаугершілік кезінде елін қорғауға тепсе темір үзетін жас Ерсін батыр да аттанады. Жас жігіттің артында әке-шешесі мен бауырларынан басқа кішкентайынан атастырып қойған қалыңдығы қалады. Уақыт жылжып өте береді. Ел ішіне қауіп төндірген жау жеңіліп, ұрысқа кеткен сарбаздар қайта оралып келе бастайды. Алайда қалыңдығы сарғая күткен батыр жігіт оралмайды. Жүрегіне үміті мен сенімін қатар сиғызған жас сұлу бір күні жеңгелерінен мынадай әңгіме естиді. «Үсіктас» деген жерде төбесінде тесігі бар Тесіктау атты тау бар екен. Сол таудың тесігіне алғаш рет шықкан адам тілегін айтса орындалады екен. Содан жатса, тұрса сүйген жігітінің аман-есен оралуын тілеген қыз осыдан кейін-ақ сол тауға баруды армандайды. Жалғыз қызының тілегін қабыл алған әке-шешесі шағын көшті жабдықтап, қызын жолға ақ тілек пен батасын беріп, шығарып салады. Екі-үш күндік жолды артқа тастаған жас қалыңдықтың көші Тесіктауға екі шақырымдай жер қалғанда, кеш түсіп қалады. Қасындағы көш бастаушысы бүгін осы араға түнеп, тауға ертең ертемен шығуды ұйғарады. Бұл ұсыныс көңіліне ұнамаса да, қалыңдық амалсыз көнеді. Таңсәріден тұрған серіктері қызды оятпақ болып, қосына барса, қыз о дүниеге аттанып кеткен екен. Әлдеқашан суып қалған өлі денені орнынан қозғағанда жер астынан қайнап шығып жатқан бұлақты көреді. Ұзақ жол жүріп, арманына екі шақырым қалғанда, жолын бөгегеніне өкінген қалыңдықтың серіктері әлгі ғайыптан пайда болған бұлақты «қыздың көз жасы» деп есептеп, «Қыз әулие» бұлақ деп атап, қыздың денесін еліне алып қайтады.
231. ҚЫЗ БАЛҚАШ
– Қарақтарым, біздің Балқаш туралы, оның неліктен осылай аталғаны жайында әркім әр түрлі аңыздар айтып жүрген көрінеді. Соның бірі мынадай, – деп көпті көрген, көпті естіген кәрия орнынан бір қозғалып қойып, әңгіме бастады.
...Баяғыда осы тұста мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей, ақылы асқан, келбеті жарасқан сұлу қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл-аймағы еркелетіп, оны «Балқаш» деп кетіпті. Қыз Балқаш айдай толып, кемеліне келіп бой жеткен шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай «құда қамдана берсін, келінімді биыл күз аламын» деп қыздың әкесіне сәлем айтыпты. Қыз бесікте жатқанда құда болып қойған күйеуінің тілі сақау, жарым естеу жігіт екен. Ұзатылу хабары Балқашқа төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы көрмей, санадай сарғайып сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын туған: «Жас өседі, жарлы байиды» деген, күйеу бала әлі жас, бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді. Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды», – деп қызды жұбатады, күнде ойын, күнде думан жасап, көңілін бөлмек болады. Қайғы-қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр салқын күз түседі. Күйеу-құдалар келетін мезгіл де таянады. Қыз деген безіп қаңғырып өлсе де, есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңілі жарасқан, осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, әкесінің нағашыларының баласы Ерден деген жігітке Балқаш жатып жалынады.
– Қайтсең де мені мына пәледен құтқар. Өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпейін, өлсең көріңе бірге түсейін, – деп қиылып отырып алады. Паналар жер, бетке ұстар елі жоқ қайраңдаған жалғыз жігіт не істерін білмей қатты қысылады.
Ақыры, өзі сүйген қызын жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнде атпен қызды алып қашады. Барар бағыты бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның ар жағына Ұлы жүз еліне өтіп кетпек. Екі жас түн малынып, тау бөктерлеп келіп, қамыстарының құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соқтырған үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап алып, мұздың қатуын күтіп жата береді. Бұлардың қайда кетіп, қайда қойғанын білмеген ауыл адамдары елден-елге кісі шаптырып, сұрау салып сабылысады. Ерден күндіз аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа, асыр салып ойнаған шабақтарға қарап жалғыз отырып ел думанын сағынады. Қатері мол болашағын ойлап зарлана ән салады.
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында
Өмірдің өлімменен арасында.
Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,
Туған ел, қайран жұртым каласың ба?
Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астына кетсем зытып,
Қолында дұшпанымның пенде болмай,
Өлсем арман қылмас ем жайын жұтып.
Қабыл боп зарлағанда қылған тілек.
Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.
Армансыз бұл жалғаннан болар едім,
Жүрсем де ел қыдырып қайыр тілеп,
Аққу қаз, біз ғаріпті көрдім деме,
Шетінде жатыр сонау көлдің деме.
Қор етіп, көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?
Күндер өте су салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастады. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып ұшты. Бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қосынан көйлекшең жүгіре шыққан Ерден екі атты бір топ қабанның қамап тұрғанын көреді. Пілтелі мылтық мұндайда қару бола ма! Қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Қаруын әрлі-берлі сербеп, қабандарды қуып шығамын деп жүргенде, бір көкжалы Ерденді қарыстай азуымен іреп өтеді. Жігіт құлап қалады. Екі ат арқанын түбінен жұлып ойнақтап шыға бергенде, қабандар солардың соңынан кетеді. Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш, жүгіріп келіп қызыл қанға боялып жатқан Ерденді құшақтайды. Сүйемелеп қосқа әкеліп қараса, қабанның езуі Ерденнің шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп жарасына басады, күл себеді, қолынан келгеннің бәрін істеп, Ерденнің жаны үшін арпалысқа түседі. Бұл екеуі осылай азап пен ажал арпалысында жатқанда, жер сағынып, шыбыннан булығып тұрған сәйгүліктер босаған бетте ел қайдасың деп тартып береді. Жылқыға қосылып, арқан сүйреткен аттарды жылқышылар ұстап алып ауылға әкеледі. Ел жиылып, ат сабылып, әбігер қайтадан басталады. Арқан сүйреткен аттардың ізімен қуғыншылар жолға шығады. Жарасы денесіне жайылып, өн бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерден бұл күндері әлі азая бастаған еді. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болды. Жапан түзде жан жолдасынан айрылып, қыз Балқаш ботадай боздап жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, егін жинағаннан кейін қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді ақ жуып, өз киімімен арулап қояды. Жас қабырды құшақтап ұзақ жылаған Балқаш енді өзіне қабыр қазады. Оның да астына қамыс төсеп үлкен пышақты өткір қайрап, қабырдың басына қояды. Содан кейін дәрет алып, көлге түсіп шығады да, жартастың басына көтеріледі. Жан-жаққа шыр айнала қарап, өмірмен ақырғы рет қоштасады.
Айырылдым айдалада Ерденімнен,
Соңынан қолын ұстап ергеніммен.
Болған соң тағдыр солай шара бар ма?
Көп еді көрмегенім көргенімнен.
Басыма тумай жатып түскен тұзақ,
Қақ жарып жас жүрекке салған сызат.
Көрсетпей рахатын жастық шақтың,
Кетуге жібермейді-ау елден де ұзап.
Қош, сау бол елім-жұртым, ата-ана,
Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала.
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.
Аққу-қаз қабырыма келе кетші,
Ғаріптің не болғанын көре кетші.
Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Күн батар алдында қыз Балқаш жартастың басында осылай зарлап отырған кезде иек артпадан бір топ атты сау ете түседі. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, өзінің сақау күйеуін таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін өзіне өзі өлтірерлік қару қабыр басында қалған. Оған жетіп үлгере алатын емес. Не істеу керек? Аналар болса аттарын матап тастап, қосқа барды, одан шығып жартасқа келе жатыр. Балқаш жартастың суға төнген бір биігіне шықты да, көлге бір-ақ секірді. Жар соғып, көбік шашып жатқан асау толқын абзал аруды құшағына қысып, тереңге қарай алды да кетті. Міне, содан бері әлгі көл «Балқаш қыз түсіп өлген көл», «Балқаш қашып барған көл», ақырында Балқаш көлі болып аталып кетіпті, – деп кәрия әңгімесін аяқтады.
232. ҚЫЗ БЕН ҚҰЛ
Ертеде Балпан атты малы мыңғырған бай болыпты. Оның бір сұлу қызы және малын бағатын Талайлы атты құл болыпты. Талайлы мен байдың қызы сөздері жарасып, бірін бірі ұнатады. Бірақ байдың екеуін қоспайтынын білген екі жас сөз байласып қашуға бел буады. Бір күндері қашып кетудің сәті түседі де, екеуі жол азықтарын алып, екі жүйрік атпен қашады. Соңдарынан қуғыншылар шығып, бір төбенің баурайында қуып жетеді. Сол жерде Талайлы мен байдың қызы сөз байласады: Талайлы қуғыншылармен шайқасуға қалады да, байдың қызы қаша береді. Егер бір шаң көрінсе, онда ол талайлы болғаны, демек күтуге болады. Ал көп шаң көрінсе онда қуғыншылар болғаны. Демек Талайлы қаза тапқаны. Онда байдың қызы өз қамын жасауға келіседі. Талайлы өте қарулы, көп жаугершілік көрген адам екен. Күші басым жауға берілмей, оларды жеңе бастайды. Қуғыншылардың ішінде біреуінде мылтық болып, сол жерде Талайлыны атып өлтіреді. Келесі төбеде күтіп тұрған байдың қызы көп шаңды көріп, Талайлының өлгенін біледі. Сол төбенің етегіндегі айдын көлге секіріп, сол жерде суға кетіп қаза табады. Сол Талайлы өлген төбе «Құл» деп, ал байдың қызы қаза тапқан су «Қыз» деп аталады.
233. ҚЫЗЕМШЕК
Ертеде бір жолаушы жолаушылап келе жатып, бір таудың тұсындағы құдық басына келіп демалады. Құдықтан су ішіп демалып алып, жан-жағына көз салады. Қасында жаңағы тауға ұқсас екінші тауды көреді. Екі таудың бір-біріне ұқсастығын қыз баланың қос анарына теңейді. Әлгі жолаушы демалып тыныққаннан кейін жолай көрші ауылға соғады. Ауылға кіре берісте бір қарт кісі жолаушыдан жөн сұрайды:
– Ей, жолаушы, қайдан келесің? Сонда жолаушы өзінің қайдан шығып, қайда барғанын, қайда демалғанын, қандай тау кездестіргенін, оны неге теңегенін әңгімелеп береді.
Міне, содан ел арасында осы екі таудың жаратылысының ұқсастығына байланысты қыз баланың анарына теңеп, «Қыз емшек» деп атап кеткен екен дейді.
234. ҚЫЗЕМШЕК ЖАЙЛЫ АҢЫЗ
Ерте өткен заманда Созақ өңірінің Бетпақ деген шөл даласын мекендеген Уанас деген бай болыпты. Уанастың негізгі байлығы түйе түлігі екен. Уанас түйесін суатқа келгенде және тақырда жусап жатқанда түгендейді екен. Түйелері суатқа келіп ішкенде судың деңгейінің қаншалықты төмендігіне және жатқан кезде тақырдың ашық қалған орнына қарап пәлен кем түйе жоқ деп анықтайтын болған. Уанастың әйелі Түлкібайдың қызы Әйгелек сұлу екен. Әйгелек сұлу ұзақ мерзім бойында перзент көтермей, ерлі-зайыпты екеуі бір перзентке зар болып, әулиеге ат атап, қорасанға қой атап, ас береді. Астан кейін екеуі әулие аралап, ел кезіп кетеді. Етектерін шеңгел жыртып, табандарына тікен кіріп, өкшелері тілім-тілім болған ерлі-зайыыптылар күндердің күнінде азып-тозып Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге келіп түнейді. Жол азабынан шаршаған, әрі әулиеге жалынып жалбарынған екеуі түннің бір мезгілінде ұйықтап кетеді. Әйгелек сұлу түс көріп, түсінде қолына екі алтын сақина салып, оның бірінде асыл тастан орнатылған көз ерекше жарқырап тұр екен. Осы кезде Уанас та түс көріп, қуанып оянады. Әйгелекке түсін айтып: «Уа, сүйікті жарым, түс көрдім, бір ерді жабдығымен тауып алдым. Ердің үстінде келісті қызыл қоржын бар екен. Осыларды жинастырып, қапқа салып алыппын. Осы мезгілде даусыңды естіп оянып кеттім», – дейді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне көрген түстерін айтып, қуанғаннан таңды атыра алмайды. Енді, қуаныштары қойнына сыймай еліне қайтады. Уанас пен Әйгелектің келгенін біліп, ел-жұрты жиналады. Келгендерге шындарын айтпай, қайынатасы Түлепең ауылында болып қайттық дейді. Болған сырды ешкімге айтпай, Аллаға жалбарынумен күндерін өткізеді. Күндердің күнінде Әйгелек жүкті болып, ай-күні жетіп толғатады. Уанас ат шаптырып, атақты Апақай тәуіпті алдырыпты. Жетіқоңырдың бір құмын халық Апақайдың құмы дейді екен. Апақай тәуіптің қамқорлығында болған Әйгелек ай-күні жетіп, арыстай ұл, күндей нұрлы қыз туады. Ұлына Кескентерек, қызына Күлжамал деген ат қояды. Кескентерек пен Күлжамалдың дүниеге келгеніне арнап Уанас ел-жұртына ұлан-асыр той жасайды. Ұлы ер жетіп, қызы бойжетіп көрікті болып өседі. Кескентеректің кеудесі алпамсадай болып, мінезі батыр шалыс, жау десе тықыршып, ұрысқа шыққанша делебесі құрысып отырады екен. Ол қатыгез, мейірімсіз болып өседі екен. Күлжамал болса 15-ке келгенде толықсып, аузы оймақтай, пісте мұрын көрікті аспандағы аймен тең дегендей нағыз сұлудың өзі болған. Көркіне ақылы сай ару болып өседі. Күлжамал жаймашуақ мінезімен, сұлу көркімен асқақтаған ақылымен ауылының мақтанышына айналады. Уанастың қозы-лағын бағатын Еркін деген баланы он жасар кезінде Ташкенттің саудагері сатып кетеді. Еркін жиырма жасқа жеткенде «аттың құлағында ойнайтын» әбжіл әрі батыр жігіт болып өседі. Ол небір асау жылқыға шалма тастап тартқанда орнынан қозғала алмай тұрып қалады екен. Еркіннің қажырлығына риза болған Уанас оны жылқышыларға басшы етеді. Күлжамалды елінің атақты байы баласына атастырады. Қоныбайдың баласы Мондының мұрны пұшық, көріксіз екен. Халық оны «Мондыпұшық» деп келекелейді. Күлжамал мен Еркін алғашқы кезде ойларында сүйіспеншілік пікірі болмағанымен бірін-бірі іштей жақсы көреді. Күлжамалды Мондыға атастырған күннен бастап, Еркін мен Күлжамал бірін-бірі қимайтындығын, ғашық болып қалғандығын сезеді. Бірақ Еркін өзін Күлжамалдың теңі емеспін деп қорлайды. Күлжамалға ғашық болу Уанас сияқты қожасына сатқындық, қиянат жасағандық болып көрінеді. Еркіннің осы жайын сезген Күлжамал өзінің жақсы көретіндігін, сәті келген күні онымен қалуға ықтияр екендігін айтады. Еркін алғашқыда қорыққанмен ғашығынан айрылғысы келмейтіндігін айтып қалуға келісім береді. Уанас пен Әйгелек қызы Күлжамалды атастырғаннан кейін баласы Кескентерекке қалыңдық іздей бастайды. Елімен көршілес отырған найман руының Әлмембет деген байының Айғаным деген сұлу қызын айттырып құда түседі. Күлжамал мен Еркін әкесі мен шешесінің ағасы Кескентеректің құдалығына баратын күнін асыға күтеді. Өйткені, осы күні қыз бен жігіт қашпаққа уәделескен еді. Құдалыққа баратын күн де жетеді. Уанас ауылының сыйлы адамдарын ертіп, бәйбішесі мен Кескентеректі қасына алып құдасының ауылына аттанады.
Күлжамал Еркінді шақыртып алып:
– Мен сені сүйемін, Монды пұшыққа қор етпе, бүкіл ғұмырым өтсе ризамын, қашатын күн келді, әзірлен, – дейді. Еркін өзі бағатын жылқыдан таңдап, екі арғымақты әкеледі. Күлжамалдың жолға алған ас-тамағын қоржынға салып, жолға шығады. Олар үш күн, үш түн суыт жол жүріп, Қаратаудың Созаққа жақын тұсындағы Балықшы әулие маңына келіп, бір үңгірге аялдап демалады. Екі жас үңгірдің ішінде тынығып, ғашықтық ләззатының рахатына бөленеді. Екеуі де осы бақытты сәттер таусылмаса екен деп тілейді. Ұзақ жол жүріп шаршаған екі ғашық әлден уақытта ұйқының құшағында жатады. Қатты ұйықтап жатқан Күлжамал түс көріп, шошып оянады. Түсінен қорыққан ол Еркінді тұрғызып,
– Жолға шығайық, кетейік, – деп жалбарынады, – түсімде бір қора бұлт келіп, екеуміздің басымызға төніп, алдымен сенің, кейін менің басымды жерге кіргізіп жіберді. Ағам Кескентерек мейірімсіз, қатыгез еді. Сол келіп екеуміздің ажалымызға жетіп жүрмесе екен, – дейді. Күлжамалдың зарына басу айтқан Еркін:
– Осында біраз күн демалайық. Кескентерек қаншама қатыгез болғанымен туған бауырын ажалға қимас, – дейді. Амалы таусылған Күлжамал жауыз ағасынан қорыққанынан есі шығып, етегімен тас теріп, тау қойнауының екі бетінің аралығына төге береді.
Уанас құдалықтан ауылына келгенде қызы Күлжамалдың жылқышымен қашып кеткенін біліп ашу шақырады. Баласы Кескентерекке: «Жарау аттан таңдап мініп қуыңдар. Тірі болса өздерін, айтқандарыңа көнбесе өлтіріп, бір белгісін алып келіңдер!» – деп әмір етеді. Әрқайсысы қос ат мінген Кескентерек бастаған қуғыншылар Қаратаудың Суындық асуындағы Балықшы әулие қойнауында тығылып жатқан Күлжамал мен Еркінді қолға түсіреді. Күлжамал мен жылқышы жігіттің жылап тұрғанын көрген Кескентерек ашуға булығып, есі шығып: «Тірі болса, тірідей» деген әкесінің айтқан сөзін естен шығарып: «Екеуін де бауыздаңдар!» – деп ақырады. Жендеттеріне: «Алдымен жылқышыны, кейін қызды бауыздаңдар!» – деп бұйырады. Күлжамал ағасына жалынғанның пайдасыз екендігін сезіп:
– Бауырым едің, алдымен мені бауызда, Еркіннің қиналғанын көрмейін, – деді. Еркін болса:
– Алдымен мені бауыздаңдар, Күлжамалдың жан ашуын көрмейін, – деп жалыныпты. Бірақ Кескентерек айтқанынан қайтпайды. Әмірін орындатады. Жендеттер тау қойнауының батыс бетіндегі жартастың үстіне апарып, алдымен Еркінді, кейін Күлжамалды бауыздаған екен. Жартастың бетінде аққан қанның ізіндей екі жолақ белгі бар. Оның қара қошқыл қызылы жігіттің қаны екен десе, ақшыл қызыл жолақты қыздың қаны екен дейді.
Әкесінің талабына сай қыз бен жігіттің өлгендігін анықтайтын белгі ретінде қыздың емшегін, жігіттің «еркектігін» кесіп, қоржынға салып алады. Елге қайтқан сапарынан бірер күн өткенде қуғыншылардың қоржынынан сасыған иіс шығып, жүруге мүмкін болмаған соң Кескентеректің әмірімен жігіттің «еркектігін» қоржыннан алып лақтырып жібереді. Жігіттің «еркектігін» лақтырған жердегі тасты халық сыпайылап «Қотантас» десе, қыздың емшегін лақтырған жердегі қос төбешікті «Қыземшек» деп атапты. Баласы Кескентеректің мінезінің қатыгездігін білетін шешесі жанындай жақсы көретін қызын жазым етер деп шыдай алмай ауыл арасында қызы мініп жүретін атқа мініп, ешкімге білдірместен баласының артынан қуып кеткен екен. Халық «Қыземшектің» теріскей батыстағы тақырды «Қатынның моласы» немесе «Қатынның ұңғысы» дейді. Шешесі осы жерге келгенде аты жүруге жарамай қалып, өзі шөлден өлген екен дейді халық аңызы. Кескентеректің атасы Әлмембет құсбегі екен. Бүркіт салып, аң аулайды. Күйек баласы Кескентеректің (атасы Әлмембет) аңшылыққа құмар екенін сезген Әлмембет тұғырда тұрған бүркіттің біреуін таңдап ал дейді күйеу баласына. Кескентеректің қалыңдығы Айғаным да бүркіттің сырын жақсы біледі екен. Кескентерек бүркіт таңдауды қалыңдығымен ақылдасады. Түнде келіншегі орнынан тұрып бүркіттер тұрған орынға барады. Тұғырда тұрған үш бүркіт келіншекке жалт қарағанда, ортадағы бүркіт мойнынан үш рет айналдыра бұрып қарағанда көзінен от шашып тұрады. Келіншегі Кескентерекке: «Ортадағы қоңыр балақ бүркітті таңдап ал», – деп кеңес береді. Кескентерек келіншегі айтқан бүркітті алып, елге келеді. Қыранын сол кездегі саятшылармен ақылдасып баптаған. Кескентерек алғашқы сонарды сағына, асыға күтеді. Күткен күн де келіп жетеді. Алғашқы ақша қар даланың бетін тегіс көмкереді. Таңертең сонарға жүрмекші болып дайындалып жүрген сүйікті жұбайына келіншегі келіп, бүгін сонарға шықпауын өтінеді. Олай дейтін себебі қыран ашулы, ұяласын сағынғандықтан түнде бірнеше рет қатты-қатты шаңқылдаған болатын. Ақылды ару әбден бабына келген қыранның осы қылығынан қауіптенеді. Бірақ Кескентеректі көндіре алмаған соң, жаны жамандықты сезген ару оны қалай да тоқтату мақсатында көршілес ауылдағы жақын аталарының өлгелі жатқанын, қорада бура шайнаған атанның жағдайының нашар екенін көлденең тартады.
Бірақ Кескентерек алған бетінен қайтпайды.
Ата өлсе қойылар,
Атан өлсе сойылар,
Мұндай қансонар қайдан табылар, – деп сонарға шығып кетеді. Амалы таусылған ару сүйікті жарына соңғы ескерту айтады: «Киікке салсаң, егіз ордалыға сал (екі мың шамасында). Құланға салсаң, қалың үйірге сал», – деп кеңес береді. Сонарда жүрген Кескентерекке бір топ ақбөкен кездеседі. Қолындағы қыранның томағасын алып, топқа жібереді. Киіктердің ісін тез бітіргеннен кейін құмары қанбаған әрі ашуы тарқамаған қыран көкке самғап көтеріледі. Бүркіттің пейілінің бұзылғанын байқап, әрі асыл арудың айтқаны есіне түскен Кескентерек сақтық жасап, аттың бауырына тығылып отырады. Бүркіт сорғып келіп, атты ұрып ұшырып жібереді, қайталап келіп егесін соққанда, Кескентеректің мойын омыртқасы үзіліп кетеді. Баласының келетін мерзімінен көп уақыт өтіп кеткенін сезген ата Уанастың қораның жанында шыдамсызданып жүргенін көрген келіні: «Ата, бір қиын жағдай болды ма, балаңыздан хабар алмасаңыз болмас», – дейді. Уанас атына мініп, баласының ізімен шаба жөнеледі. Уанасқа алдымен әр жерде домалап жатқан киіктердің жансыз денелері ұшырайды. Біраз жүргеннен кейін өлген атына таяу жерде баласының өлігін көреді. Бүркіті баласының жүрек бауырын алып жеп отыр екен. Бұл көріністен қатты тебіренген әке бүркіттің топшасын қырқып қоя береді. Ондағы ойы аштан қиналып өлсін дегені еді. Ауылдан келген ағайын-туыстарымен ақылдасып, алып жүруге болмайтындықтан Кескентеректің денесін өлген жеріне, төбенің үстіне жерлейді. Бұл төбе бұдын былай «Кескентеректің төбесі» деп аталыпты. Уанас баласының қазаға ұшырағанын естірпекші болып келіннің отауына келгенде қаралы киім киіп отырған келінін көріп, оның білгірлігі мен сезімтал қылығына риза болады. Арадан бір жыл өткен соң Уанас баласының қабірінің басына барып ас береді. Кескентеректің қабірінің үстінде отырған табан аяқ бүркітті көріп Уанас: «Әттең, ашу үстінде сені қатал жазаладым. Егеңді әлі ұмыта алмай жүр екенсің ғой, сорлы», – деп қамығып көзіне жас алады. Ақылды ару Уанас пен Кескентеректен ұрпақ қалмайтындығын ойлап күйінеді. Бір күні атасының кіші дәретке барғанын байқап қараса, дәреті Уанастан аулақтау түсіп, әрі көпіршіктеніп қалғандығын байқап «Атамда әлі қуат бар екен» деп жас қызды айттырып, алып береді. Уанас жас тоқалынан ұл көреді. Уанас баласына «әмеңгерлік» жолмен Кескентеректің жесірін некелестіріп қояды. Зарығып көрген ұлынан бала-шағасы болып, Уанастың ұрпағы жалғасын табады. Уанастың тақыры мен Кескентерек қыратының үстінде қалықтап ұшып жүрген қоңыр балақ бүркіт сол Кескентеректің бүркітінің ұрпағы екен дейді аңыз.
235. ҚЫЗЖЫЛАННЫҢ ҮҢГІРІ
Ертеде бір аңшы тау арасымен келе жатып бір үңгірді көреді. Аңшының аты – аңшы, үңгірге үңіліп қараса, сұлулығын сипаттауға тіл жетпейтін бір қыз үңгір ішінде тырдай жалаңаш боп отыр екен. Таң қалған аңшы қызға сырт киімін шешіп беріп, киіндіріп атының артына өңгере отырғызып ауылына алып келеді. Қызбен көңіл қоспақ боп ниетін білдіреді қыз келісімін беріп көне кетеді.
– Бірақ, – дейді қыз, – менің бір ғана шартым бар. Көнсең сендікпін, көнбесең мені қоя бер, – дейді.
– Шартың не? – дейді аңшы. Сонда қыз:
– Мен барлық жұмысты жасаймын, бірақ тандырға нан жаппаймын, – дейді. Аңшы бұл шартына көніп, қыз екеуі үйленеді. Бір күні аңшы түн ортасында оянып кетсе қасындағы әйелі жоқ, азанда тұрып қараса, шелектердегі судан түк қалмаған. Келесі түні бұл оқиға қайтадан қайталанады. Дәті таусылған аңшы үшінші түні қызды аңдымақ болып көз ілмейді. Түн ортасы болды-ау дегенде қыз жыланға айналып барып, судың барлығын ішіп қояды. Ертеңінде аңшы не істерін білмей, бір палшыға барыпты. Палшы қыздың жылан екенін, сиқырмен қызға айналғанын айтады.
Сөйтіп аңшы бұл пәледен қалай құтыларын білмей, басы әбден қатады. Бір күні әйеліне:
– Маған нан жауып берші, әлі сенің қолыңнан нан жемедім, – дейді аңшы. Қыз:
– Келіспеп пе едік, мен нан жаппаймын, – деп қарсылық білдіреді. Аңшы қояр да қоймай қызға нан жаптырады. Нанды тандырға қоя алмай қиналған қызды аңшы итеріп тандырға салып, бетін қатты етіп жауып тастайды. Сөйтіп, қыз жылан тандырға жанып өледі. Аңшы қыз жыланнан осылайша құтылған екен. Ал қызды тауып алған үңгірді ел «Қызжыланның үңгірі» деп атап кетеді.
236. ҚЫЗКЕНІШ
Ертеде Еділ деген өзеннің бойын мыңғырған малы бар бір бай мекен етіпті. Жаз жайлауы да, қыс қыстауы да осы Еділ екен. Сол байдың сұлулығы жаннан асқан жалғыз қызы болыпты. Бойжетіп сылаңдаған сұлу бозбалалардың аузынан түспейтін әңгімеге айналады. Бірақ қыз көңілі «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші сол өңірдің жас батыры Едігені қалап, ұнатады. Батыр да сұлуды жақсы көріп, қыз әкесінен ағайындары арқылы сөз салады. Бай да бұл істі мақұл көріпті. Күндердің бір күнінде «қымызды кім ішпейді, қызға кім құда түспейді» демекші, сұлудың жаңғырығы жеткен қалмақ ханы айттырып алмақ ниетімен кісі жібереді. Хабар жеткеннен кейін ел болып ақылдасады. Қалмақ ханына ұзатайын десе қыздың көңілі қаламайды, бермейін десе, екі ел жауласып, шапқыншылыққа ұшырауы мүмкін. Ақырында бай Едігені шақырып алып:
– Сендер елден жырақ кетіңдер. Көңілдерің қалаған жерден қоныс алыңдар. Қалмақ ханына қызым ұзатылған деп хабар жіберемін, – деп батыр жігітті басшы етіп, жетпіс жігіт қосшы етіп, жасау дүниесімен ұзатады. Күздің қарасуығы болса керек. Бір биік таудың тұсына келгенде, қар жауып, соңы боранға ұласады. Байдың қызы бұйрық беріп, үлкен сайға жас үй салғызыпты. Сонан бұлар сол жерді ұзақ уақыт қоныс қылыпты. Кейін ел сол өңірді «Қызкеніш» атап кетіпті.
237. ҚЫЗКЕТКЕН
Ор өзенінің саласы Тамдының бойына шекті руы жаз жайлауға көшіп келе жатқанда, Тамды өзенінің бойына тоқтап, дем алады. Сол кезде шекті руынан бір қыз суға батып кетеді. Оны құтқармақшы болып ұмтылған бес қыз бірін-бірі тартып суға кеткен. Сол уақыттан бері жайлау Қызкеткен атанған екен.
238. ҚЫЗҚҰЛАҒАН ШЫҢЫ
Ерте кезде ауқатты бай адамның сұлу қызы болады. Бай қызы кедей жігітпен көңіл қосады. Қызды жас кезінде бай жігітке аттастырған екен. Қыздың ұсынысына әкесі қарсы болады да, ертеңіне ұзатпақшы болады. Сұлу қыз ауыл жанындағы терең шыңырауға құлайды. Сол шың «Қызқұлаған» деп аталған екен.
239. ҚЫЗТӨККЕН
Қаратаудың теріскей бетіндегі қай өңірді алып қарасаңыз да шежірелі, тарихты. Сол тарихи оқиғалар ғасырлар көшімен бірте-бірте аңызға айналуы да ғажап емес. Біздің өңірдегі осындай көненің бірі – Қыземшек аңызы. Сонау Қырғыз Алатауынан алып, Қаратаудың етегін қусыра өтетін Шу өзенінің арғы бетінде, яғни Жуантөбе ауылынан 60 шақырымдай Жезқазған жолында Қыземшек атты қалашық бар. Қалашық аты осы жер атымен аталған. Енді осы атау турасында болатын негізгі әңгімемізге көшейік. Бұрынғының қариялары әңгімешіл келетін еді. Солардың соңы арамызда әлі де баршылық. Міне, құймақұлақ кісілердің бірі – Сызған ауылы Басбұлақта тұратын Бектұрсынов Құлпен көкеміз екен. Осы жерде туып өскен.
– Шу бойындағы Жуантөбе ауылынан Бетпақдалаға шығатын үлкен жолдың бойында Бұзау болыстың қыстауы бар. Бұл кісі біздің өңірдегі кіші жүз таманың үлкен бір атасы. Осы қыстаудан ары Қотантас қағы. Міне, осы маңда үлкен жол мидай жазықта томпиып тұрған екі төбешіктің ортасынан өтеді. Ел аузындағы Қыземшек осы шынында да айна жазықтықтағы екі төмпешік, қыз кеудесі секілді, – деп бастады Құлпен қария.
Ертеде Уанас деген өте бай кісі болған екен дейді аңыз. Малында есеп жоқ көрінеді. Бетпақдаланы еркін жайлаған бай жазда малын әйгілі Қотантас қағына суғарады екен. Малының көбі түйе болса керек, түгелдегенде қақтың суына қарап тұрады екен. Егер түгел болмаса:
– Түйе түгел емес қой, қақтың суы мызғымады, – деп іздестіреді-міс.
Уанаста бір ұл, бір қыз болады. Ұлының аты – Терек. Оны жұрты Терек мырза дейді екен құрметпен. Қызы зерек болса керек, малға салған жалшыларын сол басқарыпты. Сөйтіп жүріп қыз бір жалшы жігітке ғашық болып қалыпты. Ойнап-күліп жүріп жүкті болып қалыпты. Бай құлына қыз бермесі белгілі. Білген соң жаза тағы дайын. Амалы таусылған екеуі ебін тауып елден қашып шығады, Қаратауды бетке алған бұлар Түркістанға асатын Суындық аңғарына іліккенде артынан жалғыз атты қуғыншы да көрініпті. Қуғыншының ағасы екенін біліп, қыз көзінен қанды жас ағып, Алладан медет сұрайды. Құрсағындағы жазықсыз нәресте атынан бүкіл әулие-әмбиелерге жалбарынады. Сонда қыз құлағына: «Қызым, ана беттегі таудың тасын етегіңмен әкеліп, қуғыншының алдына төге бер, кемінде үш рет төк. Сонда сайдың аузы бекіп, қуғыншы өте алмайды», – деген тылсым үн келгендей болады. Жанұшырған қыз тұра ұмтылады. Сонда тасты бір-ақ рет төгіп үлгеріпті дейді. Ашудан көзіне қан толып кеткен Терек мырза аяғына жығылып сұраған кешіріміне құлақ аспайды. Екеуінің де аяқ-қолын байлап, сайдың шығыс жағындағы сылдырама тасты таудың басына апарып бауыздап жіберіпті. Онымен қанағаттанбай, қарындасының ішіндегі баласын жарып алып, оны да шалады. Сол таудың әлгі сылдырама тасында әлі күнге қара, қызыл, ақ жолақ жатыр. Қара жолақ жігіттің, қызыл жолақ қыздың, ақ жолақ бейкүнә нәрестенің қаны деседі... Қатыгез Терек қыздың екі анарын кесіп алып, қоржынының екі басына салып алыпты да, жүріп кетіпті. Қанша уақыт жүргенін кім білсін, Шу өзенінен өтіп, Бетпақтың жазығына шыққанда жолдың екі шетіне лақтыра салыпты. Міне, ол екі төбеге айналған көрінеді. Бұл оқиға есіткен елді дүр сілкіндіреді. Содан келген бетте Терек мырза бөлек отау тіктіріп жатып қалады. Теректі тұрғызуға ешкім де келмепті. Бір күні мырзаның қыран бүркіті шаңқылдап маза бермейді. Терек аңға шығуға жиналады. Сонда әйелі:
– Мырза, бүркітіңіз бөтен мінез танытып тұр. Егер аңнан тоят алмаса алмағайып, – деп күйеуін жібергісі келмепті. Бір бет Терек әйел сөзін тыңдамай, нөкер ерітпей жалғыз кетеді. Бетпақта киік аз ба, кім білсін, қыранның құмары қанбай аласұрып шарықтайды. Екеуі бірде Терек шырқау биіктен бүркітінің өзіне қарай құйылып келе жатқанын көріп, аттың бауырына паналайды. Теуіп түскен бүркіт аттың белін үзіп жіберіпті. Баласының жалғыз кеткенін есіткен әкесі артынша-ақ жігіттерін алып іздеп шығады. Келсе бүркіт Терек мырзаның жүрегін суырып жеп отыр екен дейді. Мырзаны арулап қойғаннан кейін әңгіме бүркітке тіреледі. Сонда Уанас бай:
– Құдай есебін тауып тып-типыл етті. Енді мына байлығым кімге қалады? Таласып тармаспай маңдай термен тапқан еңбек ақыларыңды бөліп алыңдар. Ал, мына бүркіт баламның қолбаласы еді. Өлтіруге көзім қимай отыр. Осылай ұшырып жіберсем, ертең тағы біреуді майып қылуы мүмкін. Мені тұяқсыз қалдырдың, өзің де тұяқсыз өт, – деп саусақтарын түгел кесіп, тобанаяқ күйінде ұшырып жіберіпті. Сол бүркіт үйренген аймағынан кетпей көп жыл жасапты-мыс.
Енді әлгі қыздың төккен бір етек тасына келейік. Оқиғадан кейін күңіренген ел үшеуін арулап, осы тас төгілген жерге жерлепті. Түркістанға асатын Суындық асуы тоғыз жолдың торабы. Дәл осы жерде кісі бойы төбешік тұр. Міне, «Қызтөккен» төбе осы. Жүргіншілер жарылқаушы рухқа айналған бейкүнә ана мен нәрестеге зиярат етіп, дұға оқып өтетініне куә болғанмын.
240. ҚЫЗЫЛ КЕНІШ
(І-нұсқа) Бағзы бір заманда Қуке және Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті. Қукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы болса соған ғашық. Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Керуендерге базарлықтарын артып алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Қуке хан онымен құда болатынына өте қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен бірінші рет алыс сапарға шықты. Бас аяғы елу түйеге жүк артылып, сексен адам керуен құрамына енеді. Онымен қоса бір қазақ, бір қалмақ батырын жібереді. Олар Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады. Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырды. Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ ол көп кешікпей, қазақ батырына көңілін білдіреді. Одан соң хан қызы бұдан әрі бармаймыз, осы жерде қыстаймыз дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері сарай салу қамына кіріскен. Сарай құрылысы біткеннен кейін оны Қызыл-Кеніш деп атау ұйғарылады.
241. ҚЫЗЫЛ КЕНІШ
(ІІ-нұсқа) Аңыз айтады, ерте-ерте ертеде қазақ пен қалмақтын ауылдары аралас, қойлары қоралас, қоңсы болыпты дейді. Күндердің күнінде қазақтың Аюке деген ханы өзінің әлпештеп өсірген Етрежеп атты ару қызын қалмақтың Қонтажы деген ханына ұзатпақ болады. Ол кезде Аюке хан Еділ бойын ендей жайлап жатады екен. Уәделі уақыты жетіп, келіскен мерзімі келген кезде Қонтажы хан өзінің қалыңдығын алып келу үшін Қабыл-зайсан деген бас батырын Аюке ханға аттандырыпты. Кешікпей-ақ, Қабыл-зайсан қырық жігітімен Аюке ханның еліне жетеді. Аюке хан қияндағы жат жұртқа бұйырған жалғыз қызының ұзатылу тойын аста-төк етіп өткізеді. Той өткен соң Аюке хан Едіге атты батырын басшы етіп, қызы Етрежептің көшін жолға салады. Атажұрты мен ардақты ағайынын артқа қалдырған Етрежеп қош-қошын айтып, жат жұртқа кете барады. Содан Етрежептің көш-керуені талай күндерді өткеріп, Кент тауына жеткенде Арқаның қысы ерте түсіп, даланы көк кіреуке мұз құрсап қалады. Мінген аттарының шашасын мұз қиып, жүк артқан атандарының табаны тайып, көш-керуен амалсыз тізгін тартады. Қазақ батыры Едіге мен қалмақ батыры Қабыл-зайсан ақылдаса келіп, Кент тауының ішінен тебін-қорығы қалың, ықтасыны мол қойнауды таңдайды да, сол жерді қыстап шықпақшы болады. Жай ғана қос тігіп, қотан жасап қыстап шығуды місе тұтпайды. Ел-жұртынан ажырап, аңырап келе жатқан хан қызының көңілін аулау үшін Кент тауының қызыл тасынан қырық жігітке сарай соқтырады. Күні бүгінге дейін сол сарай «Қызәулие» деп аталады. Содан қырық қыз жанында, қырық нөкер маңында Етрежеп кең сарайда сайран салып, Арқаның ұзақты қысын өткеріп жатады. Сонарлы күнді құр жібермей Кент тауының қойдай өрген аңын аулайды. Ашық күндерде сейіл-серуен құрады. Сөйтіп жүргенде Етрежеп пен Едіге бірін-бірі ұнатып, көңіл қосады. Етрежеп содан жүкті болады. Мерзімді уақыты жеткенде Арқаның көктемі туып, жол ашылады. Хан қызының көш-керуені Қонтажының елін бетке алып жолға шығады. Ай жүріп, апта жүріп, күндердің бір күнінде Етрежептің көш-керуені Қонтажы ханның еліне жетеді. Елге келген соң, айы-күні толғанда Етрежеп босанып, алпамсадай ұл табады. Ұлдың атын Сына деп қояды. Жаттан жаралып, іште келген Сынаны Қонтажы хан жек көреді. Бойы өсіп, бұғанасы қатпай-ақ қаршадай Сынаны қой соңына салады. Бірақ жастайынан пісіп-қатып, қиындықтан ширап өскен Сына ерте есейеді. Сегіз жасында жақ тартып, садақ иеді. Оның иген садағын өзінен басқа ешкім тарта алмайтын болады. Жойқын күшіне таңырқаған жұрт оны Сына батыр деп атайды. Бір күні Сына батыр ауыл шетінде қыдырып жүріп, өзі жасаған сегіз қырлы оғын атып көреді. Шырқай шығындап, зырқырай ұшқан жебе Қонтажы хан отырған киіз үйдің есігіне келіп қадалады. Қонтажы хан бұл оқиғадан секем алады да, ордасына көріпкел ақылгөйлерін жинап жөн сұрайды. Олар сегіз қырлы оқтың Сына батырдың оғы екенін танып, оның қылығын жаман ырымға балайды да, түптің-түбінде бұл жау болып шығады екен деп жориды. Сол жерде Қонтажы хан Сына батырды алдыртады да, қол аяғын байлатып, бұдан былай садақ тарта алмауы үшін жауырын шеміршегін сыдыртып тастайды. Сына батыр Қонтажы ханның бұл қиянатын кек тұтып, іштей жауығып алады. Мұның бәрін көзі көріп, біліп жүрген Етрежеп ханым бір күні оңашада баласы Сынаға ақыл береді: «Сенің түбің қазақ еді, бұл бетіңде жат жұрттың ортасында жазым боларсың, есің барда еліңді тап», – дейді. Анасының ақылына құлақ асқан Сына батыр орайын тауып, Қонтажы ханның қанатты қара тұлпарына мінеді де, қазақ даласын бетке алып тартып кетеді. Содан, Сына батыр аман-есен ел-жұртымен табысады. Жан аяспас достар тауып, ер азамат болып өседі. Жасақ жиып қол бастап, жауды жеңіп, кек алып, батырлығымен даңқы шығады.
242. ҚЫЗЫЛТАС
(І-нұсқа) Ертеде қазақ, қалмақ арасындағы шиеленіс кезінде қазақ жауынгерлері қалмақтарды шығыстан батысқа қарай қуып тастайды. Кешкілік мезгіл еді. Шаршап-шалдыққан жауынгерлері елге қайтып келе жатады. Олар күн сәулесіне шағылысқан тау етегіне келіп аялдайды. Күн сәулесіне шағылысқан таудың әсемдігіне, әдемілігіне жауынгерлер сүйсіне қарайды. Содан халық арасында қызара батқан, күнмен шағылысқан тауды «Қызыл тас» деп атап кеткен деген аңыз бар.
243. ҚЫЗЫЛТАС
(ІІ-нұсқа) Осыдан алпыс жылдай бұрын екі ғашық осы жартаста кездеседі. Оларды халық Назды қыз бен ақын жігіт дейді. Екеуі де бір-біріне ертеден ғашық екен. Бірақ ғашық жігіт сүйгеніне көпке дейін жақындай алмапты. Оған қыз да қатты налиды екен. Бірде назды қыз жартасқа келіп, тасқа қарап, тілдесіп отырады: «Қандай керемет тас, табиғаттың сұлулығы, табиғаттың даналығы, әсемдігі тек бір өзіңе ғана аян». Бұл уақытта: «Кіммен сырласып тұрсың, Назды қыз?» – деген дауыс шығады. Артына жалт қараған қыз:
– А, ақын жігіт сен бе едің, өзің мына қызыл тастың жанында не істеп жүрсің?
Сонда ақын жігіт:
– Тілін тапсаң, жақсылап мұңдассаң, тас та сағап сырын айтар, – деген екен.
Сонда қыз:
– Иә, Қызыл тас қандай сыр, қандай мұң айтты өзіңе, – дейді. Жігіт тұрып:
– Сен ғашығыңды, сыңарыңды тек осы тастың маңайынан табасың, – дейді.
Міне, осылай екеуі бір-бірін түсініседі. Иә, көп күтіп, армандаған сәттің туғанын екеуі де білді. Жігіттің қолын созып, жақындай бергені сол еді, ауыл жақтан «аттан» салған аттылы адам шауып шығады. Аттылы екі ғашыққа жақындай келіп: «Ай, қарақтарым-ай, кешіріңдер мені, ақын жігіт, менімен жүр. Бір жауыз отаныңа соғыс ашты», – деген екен. Жігіттің созған қолы сұлқ түсті. Сөйткен ғашықта бір-біріне жақындай алмай, басын иіп қана қоштасты. Қөзі жасқа толы қыз бұрыла беріп, жүгіре жөнелді. Қатты налыған жігіт тасқа бір ауыз өлең жазған екен:
Мінекей, дәл он сегіз келдім жасқа,
Аттандым қанды майдан арпалысқа.
Махаббат дәмін татпай кетсем өшіп,
Шапағат қалсын іні-қарындасқа.
Міне, сөйткен жігіт соғыстан оралмапты деседі.
244. ҚЫРҒЫН МОЛА ТАРИХЫ
Кете руы мен адай руының арасында шиеленіс болған да, соғыспен аяқталған. Көтерілістің негізі бір-бірін барымтасудан басталған. Кете руының басшысы Дербісәлі деген кісі адайлардан алты мың, жеті мың қойын айдап кетеді. Адайлар қарымта қайтара алмаған. Кетелерден қорқып, өз беттерімен өмір сүре берген. Кейін Дербісәлі өлгеннен кейін малдарымызды кейін әкелеміз деп қол жинай бастайды. Сөйтіп, басшысы яғни қолбасшысы Шайтанқара атты адай үш мың қол жинайды. Шайтанқара жинаған қолымен кетелерге қарай жылжиды. Кетелер жайбарақат өмірлерін сүріп жатады су жағасында. Шайтанқара әскері «Қосшағыл» тауына келіп тіреліп, төменге көз жібереді. Кетелер тып-тыныш. Сол кезде адай әскерінің бір адамы Дербісәлі бейітіне қарап, бейіт жаны долданып, буырқанып жатыр. «Абзалы бармай-ақ қояйық», – дейді. Шайтанқара оның сөзін елемей, әскерін бастайды. Қаперсіз жатқан кетелердің қой, түйе, жылқыларын айдай жөнеледі. Кетелер малдарын қолдан бермейміз деп қуып береді. Кетелердің жалпы саны мың қаралы. Бұрын Дербісәлі еліне айтып кеткен екен: «Жауды оң жағынан қуып отырыңдар. Сарытөбеге жеткен соң екі жағынан қуыңдар. Сөйтіп қораға қамаңдар», – деген екен. Қопа өз-өзінен былқылдап жатқан су екен. Адайлар сол Дербісәлі батырдың айтқанын орындайды. Қуып әкеліп, Қопаға қамайды. Сол жерде үлкен соғыс болады. Екі жақтан да үлкен шығындар болады. Бірақ кетелердің саны одан сайын көптеу. Олар сол қопаға аттарымен батып кетеді. Батпағандары қырылады. Сол себепті сол жердің суын «Батпақты» деп атаған. Қазір де солай аталады. Сүйінқара деген кісі сол қопадан өтіп келіпті. Өйткені ол атын жүз жылқы, елу түйе, бірнеше жүз қой беріп сатып алған екен. «Сен қалай аман келдің?» – деп сұрағандарға: «Арзан қолдар қалды, қымбат қол келді», – деп жауап берген екен дейді.
245. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ
(І-нұсқа) Бір байдың сұлу қызы жоңғар жігітіне күйеуге шығуға бара жатқанда, жолда қар жауыпты, қыс басталып кетіпті. Олар осы тауларда қыстауға қалады. Орман ағаштарын жарып, жерді тақырлатып, сарай салуға кіріседі. Қырық қыз бен қырық жігіт жалпақ тастарды тез-ақ жинап, сарай іргесін тұрғызады. Осы қырық қыздан тау үстінде қырық мөлдір бассейн қалған. Осы жерді кейіннен халық «Қырық қыз» деп атап кеткен.
246. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ
(ІІ-нұсқа) Сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде Өгем ауылында Мансұр деген патша өмір сүріпті. Ол еліне көптеп қызмет көрсеткен екен. Өз елі үшін отқа да, суға да түсуге дайын болады. Бірақ оның бәйбіше-тоқалдарынан ешқандай ұлы қалмапты. Соған патша көп қайғырады екен. Керісінше, қырық қызы болады. Күндер өте жоңғарлар сол елге шабуыл жасап келе жатыр деген хабар келеді. Бұны естіген хан қара қолды жинап, жауға қарсылық көрсетуге дайындалады. Сонда да оның жауды жеңе аламын-ау деген сенімі болмайды. Сондықтан ол қырық қыздарын, әйелдерін бұл елді тастап көшуіне бұйрық береді. Ханның айтқаны екі болмай орындалады. Олар жолға аттанып кетеді. Бір-екі күн жүріп асқан соң, сонда түнеуге шешім қабылдайды. Таңертең жолға шығарда жаудың қуып келе жатқанын байқайды. Содан олар елдерінің талқандалғанын сезеді. Араларында жаудан сақтайтын еркек кіндіктілердің жоқтығынан олар қашудың амалы жоқ екенін түсінеді. Содан араларындағы қария ана Құдайға құлшылық етіп, жалбарынады:
– Бізді жауға жем қылғанша, осы жерде тас болып қатып қалайық, – деп өтінеді.
Құдай ана сөзін қабыл алады. Оларды үйімен, қазан-ошағымен қоса бәрін тасқа айналдырады.
Содан осы жер «Қырық қыз» тауы деп аталып кеткен.
247. ҚЫРЫҚ ҚЫЗДЫҢ МОЛАСЫ ТУРАЛЫ
Қорқыт өз заманында данышпан, білгір, әрі шешен адам болған екен. Оның білгіштігі соншалық өзінің қай уақытта өлетінін алдын ала болжап, өлімнен қашқан екен. Ол ағаштан қобыз жасап, оны түйенің мойындығымен қаптайды, оған жылқының қылынан қос ішек тағады. Сөйтіп өміріне өнерден жұбаныш тауып, Сырдарияның бойында қобызын тауып жүреді. Сол қобыздың үнінің кереметтілігі сонша ұшқан құс, жүгірген аңның бәрінің зейінін өзіне аудартқан. Оның сазды әуені барлық жерге естіліп тұратын болған. Сол Қорқыт қобызының сазды үні күндердің күнінде самал желмен бірге ілесіп Аралға да жетеді. Осыны естіп аралда тұратын қырық қыз Қорқытты көрмек болып жолға шығады. Осы қырық қыздың біреуі ақсақ еді. Осы ақсақ қызға жанындағы қыздар оған «сен қал, әйтпесе бізге ілесіп жүре алмайсың, шаршайсың» дейді. Бірақ ақсақ қыз олардан қалмай соңдарынан ілесіп отырады. Аралдан Сырдарияға дейін жазық, құм, шөлейт. Қырық қыз қобыздың үні шыққан жаққа қарай жүре береді, жүре береді. Сөйтіп олар Сырдарияға жеткенше шөлге, аштыққа шыдай алмай бір-бірлеп әр жерде өле береді. Ең соңында ақсақ қыз ғана бәріне төзіп, Сырдарияға жетіп, Қорқытты көрген екен. Ақсақ қыз осы Сыр бойында біраз жыл өмір сүріп, өз ажалымен өледі. Осы қырық қыздың моласы Арал мен Қармақшы аудандарының аралығында қазір де бар. Ал ақсақ қыздың моласы Сырдарияның бойында. Бұл молалар қырық қыздың моласы немесе «Ақсақ қыздың» моласы деп аталады және аңызға айналып кеткен.
248. ҚЫРЫҚ ҚЫЗ, ҚАРАТАС
Бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан қырық қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға: «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр», – деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі.
249. ҚЫРЫҚ ШІЛТЕР ҚОРЫМЫ
Баяғы өткен заманда Шілтер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі судай пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып қасындағы қырық кісісімен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намаз оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан былай деп тілепті:
– Иә, Құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып қатыра гөр, – деп тілейді.
Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып, серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады. Сонан көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, екіншісі көз ауруларына, үшіншісі құлақ ауруларына дәру.
250. ҚЫРЫҚҚҰДЫҚ
Төрт би төренің тұсында алман-салыққа шыдамаған бір бөлім ел Алтайдан Боғдаға көшіпті. Бәйтіктен өтіп қалың қамысты сортаң жерге келген ел судан қатты қысылыпты. Сол кезде бір ақсақал ауыл басы бірден құдық қазуды айтыпты. Сондағы қырық ауыл қазған қырық құдықтың бәрінен су шығып мал мен адам суға жырғапты. Кейін бұл жер «Қырыққұдық» атаныпты.
251. ҚЫРЫҚҚҰДЫҚ, АЛА АЙҒЫР
Қарабайдың жылқысы жоңғарды кесіп өтер кезде Айғайқұмда біразы қырылғаннан кейін жалғасты қақ даладан өту мүмкін болмайды. Осы кезде Қарабай Қодарға: «Егер сен осы қақ даладан жылқымды шөлден қырмай аман өткізсең, қызым Баянды саған беремін», – деп уәде бергеннен кейін Қодар қуанышы қойнына симай күні-түні өліп-талып қимылдап қырық жерден құдық қазады. Қарабайдың жылқысы осы қырық құдықтан су ішіп шөл даладан аман өтеді, кейін Қодар қырық құдық қазған осы жер «Қырыққұдық» аталып кетеді. Қарабайдың уәдесін алғанымен Қозы Көрпештің күймеде Баян сұлумен көңіл қосып ойнап-күліп жүргеннен хабар тапқан Қодар Қозыға өзінің шақ келе алмайтынын біліп, оны араққа уалытп, өле мас болғанда оны жекпе-жекке шақырып, өлтірмек болады. Сөйтіп ол Баянға өзінің ерлігін көрсетіп, оны өзіне қаратуды ойлайды. Осы жоспарының ретін әдейі келтірген Қодар Қозыны айрықша сыйлайды да, араққа тартынбай бас қойған Қозыға бір кезде: «Сен нағыз жігіт болсаң, мен қазған қырық құдықтан қырық аяқ су іш» деп өзі дайындап қойған қырық қатынның қолымен Қозыға қырық аяқ арақ бергізеді. Арақты Қозы ішкен болып Баян сұлу ішінен байлап берген жіңішке шанаққа қоя береді. Аздан соң ол мас болған бейнеге еніп, сенделектеп шығады да, өзіне сайланған қатерлі бөгеттен аман құтылып алыстап кетеді. Мұның қашқанын білген Қодар оның артынан алты құлаш ала айғырмен қуалайды. Қозы Қодардың өзіне жау болып келе жатқанын білсе де, оның өзіне тиіспей, мініп келе жатқан айғырын атып қалғанда, оғы айғырдың аузынан кіріп, артынан бір-ақ шығады, ала айғыр сол арада қалады. Міне осы ара кейін «Ала айғыр» аталып кетеді.
252. ҚЫРЫҚТАС ТАУЫ
Баяғыда, яғни жаугершілік заманда, қалмақтар қазақ жеріне көз тігіп, шабуыл жасаған кезде елдің бәрі қырылған. Сонда хан өзінің қырық қызын қаштырып жіберген. Қазір сол бекіністің орны әлі күнге дейін бар деп айтады.Сол қамалдың қазіргі орнының жан-жағьнда қырық тас бар көрінеді. Сол қырық тас ханның қырық қызы екен. Олар ел-жұртын, әке-шешесін жоқтап, жылай-жылай қырық тасқа айналған.
253. МАЙҚҰЛАҒАН ТАУЫ
Ертеде бір Қытай елінен бір тыңшы, қашқын қашып, осы қазіргі екеуміз отырған тауда қонып, осы тауда өмір сүріп жүріпті. Оны ешкім білмейді екен. Сосын бір күні жайлауда отырған бір үйге келіп, түнде бір қарын майын ұрлап қашып бара жатқанда, аяғы тастан тайып кетіп, майы құлап жарылып тастарға жағылып қалыпты. Содан кейін қашқын ұсталыпты да, жаңағы болған жағдайды халық біліп қойып, осы таудың атын «Майкұлаған» тауы деп атапты.
254. МАЛАЙ ҰШҚАН
Бұрынғы заманда осы Қаратаудың ең биік шыңында жалғыз бүркіт өмір сүріпті. Ол жылда балапандарын алғызып қояды екен. Сол жылы ол екі балапанын адамзат баласына алдырмауға серт байлап, күні кешке дейін жандарында болыпты. Алам деп қызыққан бір бай сол балапанды алуға ұмтылыпты. Өзі ала алмаған бай сол балапанға түнделетіп, бүркіт жоқта малайын жұмсайды. Малай ұзын арқанды тауға қағып, сонымен өрмелеп шықпақ болады. Малай қанша бүркіттен қорықса да, арқанның мықтылығына сенеді. Ол өрмелеп шығып, енді ұяға таяу қалғанда бүркіт келіп қалыпты. Малайға білдірмей, тіпті жердегі байға да сездірмей арқанды қиып жіберіпті. Малай сонша биіктен құлап, мерт болған екен. Содан бері бұл тау «Малай ұшқан» аталыпты.
255. МАЛИКЕ БҰЛАҒЫ
Ертеде Қарқаралы уезіне қарап тұрған шақта Нарманбет деген Қайдауыл-Шеруке өңірін жайлаған. Нарманбет бір сайлауда Қарқаралы уезіне барғанда, елдің қастандығымен қымызға у қосып берілген. Жаны қиналып жатқанда:
– Дұғай, дұғай сәлем де,
Малике сынды әйелге,
Бір тостаған сары қымыз
Көлденең тұрды көмейде, – деп осындай өлең жолымен Маликеге тапсырыстар беріп, Маликені еркек бағалы адам тұтқан. Содан бері бұл жерлер Малике бұлағы деп атанған.
256. МАМАБАЙ ТОҒАНЫ
Ертеректе, қолхоз құрылысы әлі берік беки қоймаған жағдайда, шағын ауылдың күнбатыс жақ қырқасында егін егу, халық ризығын молайтуға деген жұрттың ынта-жігері өте қызу болатын. Егін алқаптары бірнеше сай-өзек айғыздап бөліп жатады. Бұл өзек жыра, терең сайларға қыста қар мол түсіп, көктем суы жаз ортасына дейін жайылып жататыны егінге де, малға да қолайлы еді. Ауылдан бес-алты шақырым жердегі терең бір сай бойынан тоған тарту, топырақ үйіп, қар суын бөгеу ниеті қолхоз басқармасында күн тәртібіне төтенше қойылса керек. Осы жұмысты кім бастайды дегенде ауыл белсенділерінің бірі Мамабай отағасы игі істі қолға алуға әзір екендігін білдіреді. Содан ауылдың ер азаматтары тайлы-таяғы қалмай қолына күрек алып, әлгі сай бойынан тоған бекітуге жаппай шықса керек. Көлденеңі екі-үш жүз метрлік тоған да жұрттың қауырт еңбегі нәтижесінде биіктетіліп, жан-жағы сида тал, таспен көмкеріліпті. Сөйтіп көктем суын ұстайтын тоған-бөгет пайда болды. Осы тоғанды ауыл адамдары Мамабай тоғаны деп атағаны бұл өңірдегі жұрттың әлі есінде.
257. МАРҚАКӨЛ
(І-нұсқа) Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен. Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқалары су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты.
258. МАРҚАКӨЛ
(ІІ-нұсқа) Бұл оқиға ертеде болған. Таулардың арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп көл пайда болды. Содан бері бұл көл Марқакөл аталып кетті.
259. МАСАТ АТА АҢЫЗЫ
Ертеде елін дау мен жаудан қорғай, жердің шетінде, желдің өтінде, тұлғасына батырлығы, батырлығына парасаты жарасқан Масат деген адам өмір сүріпті. Оның тағы бір қасиеті ған атқан оқ, шапқан қылыш өтпейді екен. Оны алам деп келген талай жаудың меселі қайтып, діңкесі құриды. Сонан кейін олар әр түрлі айла, сан қилы шарғы ойлайды. Ақыры, Масаттың жауынгерлікте қолға түскен жап-жас тоқалына жол табады. Сол тоқалмен жаудың жансызы әуес болады. Оған жас тоқал Масаттың осал тұсын айтып қояды. Сөйтсе, Масат таң намазына ұйып отырған кезде оның алпыс екі тамыры иіп, тұла бойы пенделік қалыпқа түсіп, бусанып кететін көрінеді. Тіпті, ол намаз кезінде Масат мекен ететін қара тас баланың еңбегіндей болып, былқылдап жатады екен. Сонан соң әлгі жансыз Масаттың осы осал тұсын пайдаланып, таң намазы кезінде оның басын шауып түсіреді. Сол кезде алдына домалап түскен басын Масат жерге түспестен етегіне салып алып, жас баланың еңбегіндей болып былқылдап еріп жатқан көк тастың үстімен жүгірген екен дейді. Оның соңынан бұл сұмдықты көріп тұрған Масаттың құлынды биесі де кісінеп ілесе жөнеледі. Масат тұтасып жатқан көк тастың жиегіне жете бергенде әлдеқандай бір құдірет күшімен аспан күңіреніп, қара жер қақ айрылады да, оған етегіне басын салған қалпы алдымен Масат, соңынан биесі кіріп кетеді. Осы аңыздың көрінісі күні бүгін көк тасты аландайдың үстінде сарнап жатыр. Алшыңдап аттап басқан Масаттың да, құлынды биенің де іздері, шашыраған қып-қызыл қанның дақтарына дейін сол қалпында сақталған. Тіпті сол сұмдық оқиға күні кеше ғана болғандай. Сонан ел жаңағы жерді Масат ата деп атап кетеді.
260. МАТАҚ
Матақ деген кісі батыр болған. Ол – Қожан батырдың немере інісі. Қожан батыр, кезінде көңілі толмай, Абылайдың өзіне қарсы шыққан адам. Матақтың әскерін елші келіп, қазіргі Қарқаралы ауданының Матақ кеңшарының төңірегінде тоқтатқан. Ол жер бұрын Бекіжамал деген емші әйелдің атымен аталушы еді. Ол кісі сол жерде жерленген көрінеді. Матақ батыр өлерінде: «Мені сол әйел жатқан төбеге жерлеңдер», – деп айтқан. Сонда серіктері: «Әйел жатқан жерге сізді қалай жерлейміз?» – дегенде, Матақ батыр былай депті:
– Мені сол төбеге жерлесеңдер болды. Осы жер мен өлгеннен кейін Матақ атанып кетеді, – депті. Содан бері ол жер қазірге дейін Матақ атанып келеді.
261. МӘНІ ТАУЫ
Ертеде жоңғар-қазақ шапқыншылығы кезінде қазақтың өрімдей жас қызын алып кетеді. Сол қыз жоңғардың келені болады. Дүниеге ай десе ауызды, күн десе көзі бар Мәні атты қызды дүниеге әкеледі. Шешесі Мәніні қазақы тәрбиелеп, қазақтың барлық әдет-ғұрпын санасына құйып өсіреді. Қайткен күнде де Мәніні қазақтың жеріне асыруды ойлайды. Бірде жоңғар еліне тұтқынға қазақ жігіті түседі. Шешесі осы қазақ жігіті мен қызын қашырып жіберуді ойлайды. Сәті түсіп, қызын қазақ жігітіне аманат етіп туған жеріне аттандырады. Ұзақ жол жүреді. Қазақ жерінің шекарасына да жетеді. Мәні қыз: «Туған жеріме ақ, пәк күйімде барайын», – деп Ырғыз өзеніне суға шомылып алуға рұқсат сұрайды. Қыз қазаққа тән биязылықпен қазақ жігітіне күлімсірейді. Ал жігіт бір талдың түбіне күте тұруды ойлайды. Қыз суға түсіп жатқанда ащы бір дыбыс шығады. Жігіттің жүрегі ұшып өзенге жақындағанда айдаһарды көреді. Қаһарға мінген батыр жігіт айдаһардың ішін жарып жібереді. Қызды алып, таудың басына шығарып, басына тас үйеді. Содан бері сол тау – Мәні тауы деп аталады.
262. МӘНІ ТӨБЕ
Ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол ел басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, он жетіге келгенде анасы дүние салады. Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда қызына қалайда қазақ еліне қосылуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді: «Бізбен бірге жеті жасар бір баланы ала келіп. қол-аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған. Сол бала ержетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балаға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат өтінішім осы», – деп көз жұмады. Қыз ана аманатын орындауға бел байлап жігітке сөз салады. Менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қол қысқа деп жігіт мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, ат жағдайын ұйымдастырып, екеуі ел қайда деп қашады. Қыз бен жігіттің астарына мінген сәйгүліктеріне ешкім жете алмай әкесінің аты ғана жететінін сезген қыз жігітке: «Әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер», – дейді. Жігіт шыдамай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. «Бір қате іс болар» деп жігіт қыздың жанына келіп: «Әкеңді атпа», – деп қолқа салады. Айтқанын тыңдамай кейін келген жігітке қатты налыған қыз: «Бекер келдің, атпай-ақ өзім тоқтатар едім, енді не болғанын көрерсің», – дейді. Жақындап келген әкесі қолын теріс жайып: «Көзің көргенді қолың ұстамасын», – деп бата беріп, қайтып кетеді. Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз дем алу үшін осы төбенің етегінде жағасы тал мен ну қамысқа толы жойқын суға шомылып салқындау үшін екі бөлек жерге кетеді. Бір уақытта шар еткен қыз дауысы естіледі. Жігіт тез келсе, жылан оранған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз: «Қалмақтың қарғысы жаман деген рас еді. Әкемнің қарғысы орындалады, енді мен саған жоқпын. Осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында», – деп көз жұмады. Жігіт қыздың өтінішін орындап, осы жерге жерлеп, сұраған кісіге мәні бар ғой деп жауап беріпті, содан бері Мәні төбе деп аталған дейді.
263. МЕҢДІБОЛАТ
Ертеде бір байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу Меңді есімді қызы болыпты. Оған кедей баласы Болат атты жігіт ғашық болған. Екі жастың кездесіп, сырласып жүргенін сезген әкесі қызын басқа біреуге беруге бел буған екен. Оны естіген қос ғашық Меңді мен Болат өмірлерін сол төбенің басына барып қиған екен.
264. МЕРЕТ САЙЫ, МЕРЕТ БҰЛАҒЫ
Ертеде атақты бір байдың еліне жау тиіп, ел үдере көшіпті. Құлазыған шөл далада бірнеше күн жол жүрген адамдар шөлдеп шаршай бастайды. Безерген сұр далада таңдай жібітер су жоқ. Шаршап шалдыққан ел адамдары не істерлерін білмей дағдара бастайды. Байдың елден асқан сұлу Мерет деген қызы болады. Дағдарған елді көрген Мерет былай деп жар салады: «Бүкіл ел болып су іздейік. Көп болып шөлден құтылудың амалын іздейік», – дейді. Шаршап шалдыққан көш ілгері жүре береді. Бір уақытта биік құз басына келіп тоқтаған көш құз түбінен жылт еткен сәулені байқап қалады. Біреулері су-су деп, енді біреулері «қой, бұл жерде қайдан су болсын, көзге елестеген болар» деп шулай бастайды. Мұны естіген Мерет қыз басына шығып су екеніне көзі жеткен соң: «Халайық, Құдай біздің көз жасымызды көрген екен. Енді бұл суға жету үшін жол салу керек. Ел жігіттері қайда? Кірісіңдер іске! кім суға бұрын жетсе, соның жары боламын», – дейді. Жұрт іске кіріседі. Биік құз тастарын ойып, жалғыз аяқ жол салады. Ақыры құз түбіндегі бұлақ суына жетеді. Қуанған ел адамдары Мерет сұлуды бұлақ басына алып келеді. Суды мерейі қанғанша ішкен Мерет: «Уһ, жеттім бе, жетпедім бе», – деп содан сол сай бұлақ Мереттің атымен аталады. Бұлаққа баратын жол өте тар. Суға келген түйелі адам төмен түскенше төмендегі кісі жоғары шыққанша, жоғарыдағы күтіп тұратын көрінеді.
265. МҰҢЛЫ, ШАЛҚАЯ ЖӘНЕ ҚУ ТАУЛАРЫ
(І-нұсқа) Ертеде бұл өлкені Құл атты бір еңбекқор кісі мекен етіпті. Ол кезде Тама елі Сарысуды жайлап, қыста малын Шуға айдап, cap далада сағымда көшіп, мал соңында өмір етіп, күн кешіпті. Құл болса қысы-жазы көшпепті, тау бөктеріне саздан саман илеп құйып, үй, қора салып алып, байлардың кәрі-құртаң, арық-тұрақ малдарын ақыға алып бағып, үнемі көшпей отырыпты. Малға қажетті отын-шөпті тау қойнауынан, бұлақ маңайынан маңдайынан тер төгіп, қол орақпен орып, керегінше жинап алыпты. «Бейнет – түбі зейнет» деп, еңбегінің рахатын көріпті. Өз еңбегін адал кәсіп, ақ нәсіп деп түсініпті. Оның мекен-жай, жұртын ел бүгінде «Құлдың ағаш үйі» деп атайды. Құл малдан зәрушілік көрмесе де, ішіп-жемі мол болса да, басқа жағынан кедей екен. Перзент деп бауырына басқаны – жалғыз қызы болыпты. Қыз күн санап, бой түзеп, ер жете беріпті. Құлдың жалғыз қызына ешкім мал беріп, құда түсе алмапты. Қазіргі «Қу» аталатын тауды жайлаған елде түбі керей ме, әлде кедей ме, бір жас бозбала ер жетіпті. Жорықта жолдан табылған ба, әлде жортуылда қолға түскен бе, ол да белгісіз, бір байдың қолында ер жетіпті. Әлгі асырап алған ата-анасы түбі шикі жасқа бозбала қалыпқа жетсе де, түбі не боларына сенбей, матап мал беріп, қыз айттырмайды. Жайлауда өтетін айт пен той, кыз ойнақ, көкпарларда мүңлы қыз бен шерлі жігіт кездесіп, бір-бірін сүйіп, ұнатысыпты. Қыз тимекші, жігіт алмақшы болыпты. Алайда жігіт ол кездегі қазақ салты, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегенді желеу етіп уәдені келер күндерге байлапты. Туысшылап Қараөткел, Атбасар жерлерін аралап, қалың керейден пана тауып, қызға қалың жинапты. Күзде ер жеткен баласы бар бір бай құда түсіп, қалың төлеп, көктемге салым жайлауда қызды алмақшы болыпты. Қыз бен жігіт болса, күзгі көшершілікте уәде байласып, бәтуаласқан екен. Қыста кедей-керей жігітінің тіршілігінен тама елі де хабардар болыпты. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылар» демекші бұл хабар Шудағы құдаларға да жетіпті. Ақыры олар ерте көктемді күтпей-ақ қыстың соңында малын айдап, қалыңдығын алмаққа Құлдың үйіне келеді. Мұңлық қыз бір тату, сыйлас құрбысы арқылы сүйгеніне хабар жібереді. Құл мен Мұңлы тауларының арасы қыста қар қалың түсетін Ыспанбет, Пырна деп аталатын өзендер, көлікке жүру қиын, ұйық жерлер. Шалқая жатқан беткейлермен жүру жолы үзақ. Алайда жігіт алыс та болса жақын жолды таңдайды. Хабар естіген күнін қоса есептегенде, үш күн өткенде жігіт уәделі жерге жетеді. Жігіт келгенде ауылда ас берген той емес, өлім шығып, аза оқылып жатқан қаралы жиынға тап болады. Сөйтсе кұдалардың қайтатын мезгілі жетіп, құдалар қызды әкететін шақ туғанда Мұңлық қыз құрбыларымен қоштасуды желеу етіп, сыртқа шығып, құз басынан қарауыл қарайды. Әрі тосады, бері тосады, көп тосады. Сүйгенінің қарасы көрінбейді. Төмендегі тау етегінен «жүреміз, бол, түс» деген сияқты айқай естіледі. Сол кез Мұңлық қыз белгісіз, танымайтын басқа біреуге баруды, Керей жігітімен келіскен антты бұзуды ар көріп, өзін кұздан баурайдағы өзенге тастапты. Тау бетіндегі көк тастардан қыз денесі парша-парша болып, жан тәсілім етіпті. Содан бері қыз құлаған құз «Мұңлы тау» аталып кетіпті. Бауырынан ағатын өзен «Мейірімсіз көктас» атаныпты. Шалқая жатқан алыс адырлар «Шалқая тауы» делініпті. Мұңлық қызды сүйген әлгі шерменде жігіт өз мекеніне қайтып келіп, тау қойнауында қу аршаларды құшақтап қайғыдан күйреп, қурап өліпті. Сол тау бүгінде «Қу тауы» деп аталады.
266. МҰҢЛЫ, ШАЛҚАЯ ЖӘНЕ ҚУ ТАУЛАРЫ
(ІІ-нұсқа) Шошақтың шөлінде Темеш елінің он мың жылқы айдаған бір байы жоңғар шапқыншылығы тұсында өмір сүрген. Бай аты ел жадында қалмапты. Күнде қырқысқан, күнде шабысқан елдің есінде сол Темеш байының Жұлдыз атты ару қызының есімі де қалмады. Оның жаужүрек ұлдары да болса керек. Қайратты жігіттер елін, жерін, қыруар малын, ауыл ортасының ұры-қарысынан қорғай білсе де, түйілген жұдырықтай жұмыла келіп бас салған жоғарлар ел іргесіне тигенде қанша қайрат көрсеткенмен қалың жау қапысын тауып, бәрін де қырып салады. Байдың жалғыз қызы Жұлдыз ғана аман қалады. Айдаса – жаудыкі, ысқырса – желдікі дейтін жылқы малы жоңғарлардың талауына түскенде Жөгі – кедей елінің жас батыры тастемір өз жасағымен он мың жылқыны жаудан айырып, иесіне қайтарады. Осындай батырдың ерлігін таныған Жұлдыз қыз тастемірге ғашық болып, жігіт те оған құлай беріледі. Ұлдарының қазасын азалап, ел тілеуімен екі жастың қосылуына алғаш ыңғай берген Темеш байы кейін Жөгі-кедей батыры тастемірдің бір мініне бола қайта айныпты. Жігіт астындағы жалғыз тұлпарынан басқа тігерге тұяғы жоқ жарлы екен. Қыз үшін беретін қалың малы болмай, мыңдаған жылқы айдаған байдың жалшысы болуға арланып, өз елінен кетіп қалады. Бірақ ол Жұлдызға бір ыңғайлы сәтте алып қашуға уәде береді. Пейілі тар байды табиғаттың өзі жазалапты. Арқа қысы қашаннан қатал. Сол бір жылы ерте түскен қыс қалың ақ көрпесін жауып тастап, көбесі қыс бойы бір сөгілмей, көк мұз болып құрсалып жатып алады. Жылқы тебінуге тым қалың қар онша бой бермейді. Ол аз болғандай ұйытқыған боран толассыз соғып, қасқырдай жан-жақтан ұлығанда есі шыққан мал Шошақты шөлдің қыратты тауларынан ықтасын іздеп, ығып, быт-шыты шығады. Қайыруға әл бермей кеткен жылқысын іздеген бай әбден есі кетеді. Сонда ғана ол бармағын тістеп, баяғы Жөгі-кедей батыры тастемірге ат шаптырып, кісі салып шақыртады. Бірақ бұл кезде батырдың тағы да жауға қарсы аттанып кеткені белгілі болады. Апта бойы толассыз соққан боран Шошақтың шөлін жып-жылмағай тегістеп тастардай құтырына ұлиды. Жалғыз-жарым күте-күте шаршаған Жұлдыз қыз жылы киініп, тұлпар мініп, жігітті өзі іздеп шығады. Боран ару қызды да аямапты. Жол азығы таусылып, астындағы аты боранға ұшқан соң Жұлдыз омбы қарды тырмалап жүріп бір қыраттың басына шығады. Ол өз жігітін осы жерпден күтуге, осы жерден табысуға уәделескен екен. Аз күтті ме, көп күтті ме, кім білсін... «Күннің жаманы кетер» деп атам қазақ айтқандай алты ай бойы соғатын боран болмайды ғой, ол да әлсіреп, екпіні басылып, Шошақтың шөлін тұтас жапқан ақ қар, көк мұз көктем шыққан соң жылға-жылғада, өзек-сайларда жусаған су болып ағады. Жер бетін алқызыл қызғалдақтар жабады. Есі кеткен ел сонда ғана қолда қалған азын-аулақ малына өріс іздеп, көшіп қонған кезде жұттан қалған, қырылған Темеш байының теңкиіп-теңкиіп жатқан жылқыларын көреді. Он мың жылқы аз емес қой, күн ысығанша қарға-құзғынның жемі болады. Қызғалдақ теріп ойнаған ауыл балалары бір күні әлде қалай төңіректен биіктеу тау басына шыға қалады. Олар Тобылғылы, Аршалы таудың басында қолында қамшысы ғана қалған Жұлдыз қыздың әлі біліне қоймаған денесі үстінен шығады. Жарын күткен сорлы қыз уәдесінде тапжылмай тұрамын деп боран өтінде ұшып өліпті. Осыған орай бұл тау Мұңлы атанып кеткен. Жөгі-кедей батыры тастемір де серігіне жете алмады. Жоңғар жауларымен бір айқаста қаза табады. «Батыр бір оқтық» деген осы да. Көп ұзамай Аңырақай айқасында жауын жеңіп, елдігін сақтап қалған қазақ жігіттері өз батырының кегін алады. «Бай бір жұттық» деген аталы сөздің шындығы сол жылы тағы да алты алашқа аян болыпты. Жаз шыға Темеш байы өзінің он мың жылқысы ығып кеткен алқаптарды аралағанада сүйектері ақ қаңқа болып қурап жатқанын ғана көреді. Қалың жылқы қырылған соң атырап қу сүйектер шашылып жатқандықтан Қулы тауы атанады. Жалғыз ғана Қаражал айғырымен аман қалған бай қу таяғын ұстап қалған соң, мал ашуы – жан ашуы дегендей есінен ауысып, қияли болып кетеді. Қаражал айғыр табылған жерді қазіргі Қаражал қаласы, кеніші болса, ол күндері Шалқия аталған елді мекеннің атануы шал қиялы деген сөзден қалыпты.
267. МҰҢЛЫҚ
Сарыбайдың жетімегі Қозыға қызы Баян сұлуды бермеймін деген Қарабай Балталы-Бағаналыдан көшіп, Ертісті өрлеп өр Алтайға келеді. Одан жоңғардың шығысын кесіп өтіп, Ерентауын асып оңтүстікке өтеді. Қозы Көрпеш Қарабайдың елін осы жоңғарды кесіп өтер кезде қуып жетеді. Ол Қарабайдың Тазша қойшысына кезігіп, онымен сырласып оның таз кебі мен киім-кешегін киіп алып, қойын бағуға қалады, қойшыны елін тауып жанын бағуға құтылдырып жібереді. Ол Баян сұлуға өз жайын ұқтырып сырласа алмай, көп тарығады. Өзінің ит қорлықпен өтіп бара жатқан өміріне налиды. Ас ішпей азаптанады. Күндіз қойды қоя беріп, бір биік шоқыға шығып алып, қобыз тартып, Баян сұлуға арнап өлең айтады да, Тәңірге жалбарып, мұң-шерін төгіп жылайды екен. Баян сұлу мұның кәдігін сезіп, өзінің екі сенімді қыз досын соңынан түсіріп күнде бақылатады. Оның Тәңірге төккен мұң-шері мен Көрпеш екеніне көздері әбден жетеді. Сонымен Қозы көрпеш пен Баян сұлу екеуі ақыры бір-бірін анық танып, осы биік төбеде алғаш қауышады. Олар болашақтарының не боларын айтып, осы биікте көп мұңдасыпты. Әрі өздері көп мұңдасқан осы бір тауды олар махаббат мұңдарына куә ғып «Мұңлық» деп ат қойған екен.
268. МҰРЫНТОЛАҒАЙ
Морейдың шығысындағы Шоқпартас ауылының солтүстігінде салмаланған қара адыр бар. Осы адырдың солтүстік мұрыншағындағы піл жон доңғылдың үстінде алыстан қарағанда тақия іспеттес болып көрінетін бір биік төбе бар. Бұл төбені «Мұрынтолағай» деп атайды. Атам заманда осы өңір қойны құт, елі лықсыған киелі жаннат мекен болған екен, сол тұста бұл елдің Көкше батыр атты атақты ханы болыпты. Оның Алай және Толай деген екі ұлы болыпты. Күндерде бір күн Көкше хан жан үзгелі жатып екі ұлы мен уәзірлерін шақырып алып, ақтық арызын айтады:
– Мен өлген соң кіші ұлым Толағай менің орныма хан болады, ал Алай сен жасақ иесі бол, өйткені сенің ақылың шолақ, ашуың қатты, інің Толағайдан жөн сұра, ақылына ақыл қос... – дейді де көз жұмады. Сөйтіп ұлы Толағай хан болады. Бірақ көп өтпей ағасы Алайдың ішіне арамдық ұялап, ниетіне жамандық кіреді. Ол әкесінің хандықты өзіне бермеуін әділдік емес, деп інісі Толағайдан хандықты тартып алмақ болады.
Бір күні Толағай аңнан енді келгенде Алай орданы қоршап алады да, «хандықты тапсыр» деп інісіне күш көрсетеді. Ағасының мына ақымақтығына шыдай алмаған Толағай оған қарсы шығып ағайынды екеуі орда ішінде үш күн үш түн соғысады. Ең соңында, Толағай ауыр жараланып, аз ғана жасақпен қоршауды бұзып шығады да, алыс тауға келіп мекендейді. Ол жарасы жазылған соң жетесіз ағасына кек алмақ болады. Сөйтіп, ол сайланған қолын бастап, ордаға жақындағанда орда маңының өлікке толып, қан сасып жатқанын көреді. Ұғыса келе сырттан келген күшті жаудың бейуаз елді қырып, орданы ойрандап, Алайдың басын кескенін біледі. Толағай бұған қатты кектенеді, тозғыны шыққан елдің басын құрап айналасы құлама бір дараға келіп бекінеді. Сонымен олар шашау шыққан жауды жойып олардың қару-жарағын қолға түсіре береді. Сөйтіп, жау ойсырай береді. Бірақ жау Толағайдың бекінісін біле алмай сандалады. Бір күні Толағайдың бір шарлаушысы жау қолына түседі, қинауға шыдамай сатқындық істеп, жауды бекініске бастап келеді. Сонымен жеті сөтке соғысқанда Толағайдың жасақтары қырылып бітеді. Ең соңында, Толағайдың қасында Ұшқат батыр атты жалғыз серігі ғана қалады. Қарсы жақ та қырылып бітеді. Ең соңында Толағайдың қасында Ұшқат батыр атты жалғыз серігі ғана қалады. Қарсы жақ та қырылып бітеді. Бір кезде қарсы жақтың бекінісінен еңгезердей біреу екі қолын желкесіне қойып, бұларға қарай жанұшыра жүгіреді. Ол жүгірген беті анадайға келіп жерге маңдайын үш рет тигізіп тізерлеп отырған беті белінен сапысын суырып ап екі құлағын кесіп-кесіп алады да, бұларға қарай лақтырып жібереді. Пышағын тамағына көлденең ұстаған беті моңғол тілінде: «Толағай батыр бар болсаң бері шық, айтайын арызым бар» деп бір тоқтайды. Одан: «Мен саған бағындым, енді сенің құлақ кесті құлың болуға көндім, антым әне алдыңа тастаған екі құлағым, құп көрсең өзің кеп қолымнан сапымды алып, мені орнымнан тұрғызып ал. Егер құп көрмесең мен өзімді бауыздап тастаймын» дегенде сеніп кеткен Толағай оған бармақ болады. Сол кезде Ұшқат батыр орнынан ұшып тұрып: «Міне, іздеген Толағайың мен боламын, шын пейіліңмен бағынсаң құп алдым» деп алдына жетіп барып қолынан сапысын ала бергенде қапысыз тұрған қайран ерді әлгі жау қақ жүректен бір-ақ салады. «Толағай, сенің қаныңды іштім. Енді мына кең әлем менікі» деп орнынан тұра бергенде алдына арыстандай атылып барған Толағайды көрген жау қатты сасып қалады. Осы кезде Толағай оған: «Өз етіңді өзің кесіп ант беріп, сұрқиялық істеген сендей жауызды көрмедім. Енді сенің басыңда артық тұрған мына нәрсе екен» деп мұрнын шауып түсіреді. Кеңсірігімен түскен теректің тошынындай мұрынды қазандай қара тасқа шаптай салады. Жаны мұрнының ұшында тұрған әлгі жау жалманынан түседі. Кейінгі ұрпақ дәл осы төбені «Бұрын шабылған Толағай төбесі» деп атайды. Уақыттың өтуімен «Мұрынтолағай» деп аталып кетеді.
269. МЫРЖЫҚ
Шаншардың Нұрбике деген әйелі болған. Бертіс би қарадан шыққан хан аталған. Мыржық деген жоңғардың батыры болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Мыржық он мың әскерімен Бертіс би әскерлерімен соғысады. Бертіс өзінің ұлдары Еспембет, Әуез, Өмірзақ, Қоқандарға жер алып беремін деп көп жылдар бойы жоңғарлармен соғысады. Екі жақтан да көп шығын болады. Содан бір күні жоңғардың батыры Мыржық қолға түседі. Сонда Мыржық Бертіс биге былай депті: «Мына үш қызымды (Күнсұлу, Нұрсұлу, Айсұлу деген қыздарын) сен бірдей ал. Мені өлтіретініңді білемін, сізден сұрайтын аманатым, тек осы жерге менің атымды қалдыр».
Содан Мыржықты қалмақтың ханы, батыры Шәйірғалды тауының басына жерлеген.
270. МЫРЖЫҚ ТАУЫ
Бұл тау Мыржық деген қалмақ батырының есімі екен. Мыржық деген қалмақ батыры бастаған жау елге маза бермеген кез болса керек. Қазақтан Алшағыр батыр қол бастап жауды жеңіпті. Жеңілген қалмақ батыры Мыржық жараланып өлер алдында: «Мына тауға менің атымды қой», – деп ақырғы тілегін білдіріпті. Бүгінде ақ қайың, шынар терек өскен, сылқылдап сексен бұлақ ағатын «Мыржық» тауының етегінде «Мыржық» ауылы бар.
271. МЫРЗАКЕЛДІ
Ақ патша заманында сол таудың баурайында бір ауыл қоныстаныпты. Ауылдың болысы жақсы адам болса керек. Малы көп, үйір-үйір жылқы, қойы, түйесі болыпты. Халыққа да жайлы «қонақжай» болыпты. Бір күні сол кісіге қонаққа Ақ патшаның өзі келіпті дейді. Болыс той жасап балуан күрес, бәйге, жаяу жарыс, көкпар тартқызыпты. Аста-төк ет, саба-саба қымыз, халық ығы-жығы, той қырық күнге созылыпты. Патшаны аң аулатып, құс салғызып, ауылдың табиғатын аралатыпты. Қазақтың қонақжайлығына, мейірбандығына тәнті болған патша еліне кетіп бара жатып артына қарағанда, ауылдың іргесіндегі тауға көзі түседі. «Мына таудың аты не?» – деп сұрайды. Жұрт білмейді. Патша: «Ол тауды «Мырзакелді» деп атаңдар», – дейді. Содан бері тау Мырзакелді аталып келеді.
272. НАЙЗА КЕСКЕН
Ертеде бір тайпа елдің жылқысын жау алып, мінуге ат болмай, Ес батыр (шын аты Есей) мен Дос батыр (шын аты Досберген) екеуі жылқыны жаяу қуыпты. Сонда қолдарындағы найзаның сабы ұзын болған соң сабын кесіп қысқартып алған дейді. Сол жер найза кескен деп аталса керек. Жау жеткізбей қашып отырған, сонда Дос батыр жауырыншы екен. ... Содан олар қуғыншы кері қайтты деп ойлап, сол жерде тоқтап жылқы сойып, тамақ істеп жатқанда үстерінен түскен Дос батыр мен Ес батыр Қайықбанның қақторысы деген керемет жүйрік атты қолға түсіріп, жауды ойсырата жеңіп, жылқыны аман-есен алған деседі.
273. НАЙЗАТАС
Байдың баласы он жасқа толғанда әкесі қылышын туған күніне сыйға тартады. Бала ойнап қылышымен тауға шығып кетеді. Сол кезде найзағай жарқырап, жаңбыр жауып, қатты дауыл соғады. Баланы найзағай ұрыпты деп әке-шешесіне хабар жеткізеді, бірақ бала бір үңгірге тығылып қалып, екі күннен кейін табылады да, сол үңгірге «Найзатас» деген атау береді екен.
274. НАЙСАП АТА
Хазіреттің белгілі мүриттерінің бірі – Әли-Құсшы ата көзі тірісінде әулиелікке жеткен адам болса керек. Бірақ, жас кезінде саятшылық құрып, аң аулаған дейді. Сондықтан да, оны ел Құсшы атап кеткен. Бір күні ол құс салуға шығады. Бір жерге келген кезде қолындағы құс ұшып барып, бір бейіттің үсітне қоныпты. Құсын шақырса келмепті. Сол сәтте ат үстінде тұрған Құсшы ата:
– Ей, Найсап, құсымды ұшырып жібер, – дейді.
Осы кезде бейіттен үн естіліпті:
– Баяғыдан бері ескерусіз жатыр едім, Найсап десең де, ел енді ескеріп мені білетін болды-ау. Рахмет пақырым. Сені де маған Алла жіберіп тұрған шығар, – деп үстіндегі құсты ұшырып жіберіпті. Сол өңірде Найсап ата атымен аталатын елді мекен де бар.
275. НАРӨЛГЕН
Ертеде Балқаш көлінің маңында, бетпақ далада бір кемпір болыпты. Оның біраз малы болады. Ол малының арқасында күн көріп, жан сақтаған екен. Бірде кемпірдің барлық малы келіп, жалғыз нары келмей қалады. Кемпірдің баспаған тауы, бармаған жері жоқ, барлық жерді іздейді. Бірақ нарын таба алмайды. Содан нардың жоғалғанына екі күн өтеді. Өзі келер деп тосқан кемпір тосудан жалығып, өзі іздемек болады. Ол таңертен тамағын дайындап, жолға шығады. Сол күні аспанды қара бұлт торлап, дала күңгірттеніп тұрады. Кемпір жан-жағын бір шолып мал жайылатын жайылымға қарай бет алады. Ойы қайтсе де нарын табу болады. Аспанды қара бұлт торлап, қатты жаңбыр жауған күні нap түйесін іздеп шығып, кемпір қатты қорыққан екен. Найзағай шатыр-шұтыр ойнап, күн күркіреп, кемпірдің зәресін алады. Жаңбыр басылған соң, кемпір жайылымға қарай беттейді. Жайылымнан күнделікті жайылып жүрген малдарын көреді. Барлығы түгел, нары да малдарының қасында жайылып жүреді. Нары кемпірдің көзіне оттай басылды. Кемпір нарының табылғанына қатты қуанып, үйіне қайтпақшы болады. Бірақ, қайтадан жаңбыр жауып, сол жерде жаңбырдың басылғанын күтіп, біраз кідіреді. Ол нарының басын ұстап біраз тұрады. Сол кезде найзағай жарқылдап, күн күркіреп, одан сайын күшейеді. Кемпір қорқып, нарын босатып, артқа қарай тартына береді. Нарының табылғанына қуанған кемпір үйіне тез жетіп алайын деп, аяғын жылдам басып ұзап кетеді. Күннің күркіреген дауысынан қорыққан кемпір екі құлағын басып алып, артына қарамай кетіп бара жатқанда, нарының боздаған аянышты дауысын естиді. Артына шошына қараса, нарына найзағай түскен екен. Осы жерде нар өлгендіктен «Нарөлген» деп атапты.
276. НАРШӨККЕН
Бірде Асан қайғы бабамыз Қарқаралыны аралап келіп, Наршөккен деген тауға қонған екен. Нарын шөктіріп, дем алып алған соң былай депті:
Айналасы аққан бұлақ екен,
Жағалай біткен құрақ екен.
Басынан аң, бауырынан ел
Кетпейтін мекен екен, –
деген екен. Сол кезден бастап, бүгінгі күнге дейін бұлтпен теңесіп тұрған тауды «Наршөккен» дейді.
277. ОЙ ТҮНДІК ПЕН БЕЛЕҢДЕ
«Ойтүндік пен Белең» дегендегі «белең» қай жер? Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Үш қатыны болған. Бәйбішесінің аты – Болған, тоқалының аты – Белең. Ана кенже тоқалының аты – Ақбикеш. Болған ана Сарысудың бер жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда, Сауысқандық асуына маңайлас. Үш қатынды үш жерге қондырып, өзі құс салады екен. Ертең ертеменен Қаратаудағы Ақбикештікінен шығып, Сарысуды жағалап, Белең анаға түстеніп, күн бата Болған анаға қонады екен. Ертең ерте аттанып, жолда Белең анаға түстеніп, күн бата барып, Ақбикешке қонады екен. Өмірін құс салумен өткізіпті. Құсқа құмарлығы сондай: «Қаршығам ұлым, ителгі қызым» дейді екен. Бәйбіше, тоқалға кезек аудармай қонып, өмірінде Белең анаға қонбаған екен. Бір күн Болған анаға қонуға келе алмай, Белең анаға қонып қалыпты. Болған ана Белең анаға қонып қалғанына долданып, ессіз болып, суға с..п жіберіпті: «Шомылатұғын суын арамдайын» деп. Су түсі сарғылтым болып, Сарысу атанғаны сондықтан деседі. Болған ана, Талмас ата молалары Сарысу бойында, екеуі бір жерде болған дейді. Көмілген жері Болған ана аталып қалған. Белең ана өзі мекен қылған жайында, Сарысу бойында қалған да, «Белең» атанып, бұрынғылар «Сарысу» демейді екен, «Белең» деп айтады екен. Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға құяды: «Жеті Кеңгір» дейді. Сол өзендер құйған жерді «Қаражар» дейді. Сонан төменгі жерді «Белеңнің бойы» дейді. Ақбикеш Қаратауда өліпті. «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзірет Сұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас атаға қарай созылады!» деп өзінен тікесінен-тік тұратұғын қылып көмдірген. Моласын да шошақ қылдырған.
278. ОҚЖЕТПЕС
(І-нұсқа) Бұдан жүз жыл бұрын ба, әлде мың жыл бұрын ба, кім біледі, Арқаның Көкшетауының бауырындағы бір алаңқыда әрі батыр, әрі асқан аңшы бір кісі мекендепті. Кәсібі бүркіт салып, аң аулау болыпты. Ол кезде Көкшеге ауып келген «Оралдың ақ иығы» атты орасан күшті бүркіттер мекендейді екен. Батыр аңшы бір күні аң аулап келе жатып, қазіргі «Оқжетпес» аталатын, бейне алып күшті дәу қолмен текшелеп үйіп қойғандай үшкір найзаланған биік тас таудың шың басына бір бүркіт адам тәрізді жәндікті бүріп қона бергенін көріп қалыпты. Сол арада: «Апырмай, мұның жемі адам тәрізді ғой», – деп ойлайды да, жалма-жан садағын ала салып, бүркітті көздеп тартып жіберіпті. Зулаған оқ үшкір таудың ортасынан аса, көзделген шың тасқа жетпей жерге түсіпті. Құтқара алмайтынын сезген батыр аңшы көңіліне жаман ой түсіп, дереу үйіне жүгіріп келсе, әйелі зарлап жылап отыр екен. Жаңағы бүркіттің бүрген жемі батыр аңшының жалғыз баласы екен. Ашына күйінген батыр аңшы: «Ең болмаса, қызымның сүйегін көмейін» деген оймен «Құлап өлсем, жаным артық па», – деп тәуекелге бел байлап, құс болмаса бұрын адам шықпаған найза тауға шығып, қызының сүйегін алып, түбіне жерлепті. Ал тас тауға «Оқжетпес» деп ат қойған екен.
279. ОҚЖЕТПЕС
(ІІ-нұсқа) Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Үшеуі де бірінен-бірі өткен хас сұлулардың өзі болады. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес беті қайтпас батыр болып өседі. Үш апасын қызғыштай қорғап, қамқоршы бола біледі. Әбден өшіккен жау қапылыста баса көктеп, елді шауып, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шегіне атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған жасыл орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арам ниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?» – деп қайраттанған Оқжетпес пен оның үш ару қарындасы қатарласып, жауға қасқая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді.
280. ОҚШЫ АТА ТӨБЕСІ
Бұл аңыз боп жеткен тарихтың ескі сілемін шежіре етіп айтады екен қарттар.
Айқасты кезең куәсі болған төбелер,
Ашты да сырын, ашады әлі үнемі.
Атып ап үйрек, әкеліп беріп кемпірге,
Бұйырған екен түстікке даяр етуге.
Үйректе біліп ерекше артық сыр барын,
Ойлапты Оқшы екі жүз жасқа жетуге.
Арманның бәрі толқымай іске асқан ба?
«Семіз қаз еті тұрғанда мұны қайтер», – деп
Өзі жеп кемпір, құмайға қалдық тастарда.
Иілмей басы иірімнен өршіп өтті де,
Оқшы үшін ұрпақ зұлымдыққа кекті ме?
Кемпір мен Құмай екі жүз жылдай
Жауыздың рухын нақ сондай жасапты.
Құйғытып қыруар құйындай жаудың жортқанын,
Көріпті Оқшы кезеңнің ауыр тоқпағын.
Ғұмырға тұғыр бола ма, сірә, жыл саны,
Отанын қорғау абзал қасиет жас мәні.
Қызылорда облысында орналасқан бұл төбені осы аңыз арқасында «Оқшы ата» деп атап кеткен дейді.
281. ОРДАБҰЗҒАН
Ықылым заманда бір жалпақ жайлы мекенде жыландар ордасы өмір сүріпті. Олардың патшасы Әбжылан деген болыпты. Өсіп-өніп көбейе келе мекендеген жерлері тарлық ете бастайды. Осыны сезген жылан патшасы өздерінің сарбаздарын жинап алып былайша бұйрық береді:
– Уа, сарбаздарым, біз жыл санап емес, күн санап көбейіп келеміз. Қазіргі мекеніміз аздық ететін түрі бар, сондықтан бізбен көршілес жатқан адамзат ауылына шабуыл жасап, жерін тартып алайық. Патшаның жарлығы екі болған ба, жиналған жыландар жақын жерде орналасқан бір байдың ауылына түнделете еніп, көп адамдарды шағып, өлтіріп кетеді. Ертесінде бай халқын жинап алып:
– Әр үйде қанша май болса, соны жинаңдар, қыздырып апарып жыланның ордасына құямыз. Олардың патшасын тауып алып өлтіруіміз керек. Сонда күйген жыландар өледі, қалғандары жер ауып басқа жаққа кетеді, – дейді. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей, тапсырылған істі орындауға кіріседі.
Қыздырып құйған майдан жыландардың көпшілігі өлгенімен патшасы аман қалыпты дейді. Сол күні түнде қалған жыландар патшасының айтуымен бай ауылына шабуыл жасап, барлығын қырып салады. Тек қана еті тірі бір жігіт қашып шығып, Самарқан қаласына кетіп қалады. Арада көп жылдар өтеді. Жаңағы жігіт саудамен айналысып, әжептәуір дәулет жинайды. Шаңырақ көтеріп, түтін түтетуді ойлана бастайды. Бір күні базарға барса алтыннан құйылған құмыраны бір саудагер арзандау бағаға сатып отыр екен. Қызыққан жігіт оны сатып алып үйіне келеді де, төсегінің бас жағына қойып, ұйқыға кетеді. Түннің бір уағында жаңағы құмыраның ішінен шыққан сұр жылан жігітті шағып өлтіреді. Сөйтсе, бұл жылан баяғы жылан ордасының патшасы екен. Кейін келе халық сол жыландар мекендеген жерді «Ордабұзған» деп атап кетеді.
282. ОРТАУ
Бұрынғы заманда жөн-жоба білетін, үлкен-кішісі бір ауыз сөзіне тоқтайтын Күшікбай деген кісі өмір сүріпті. Талай малдарын ұрыға алдырып, оның есесін қайыра ала алмай жүрген кездердің бірінде ақсақал таңғы намазды оқиын деп түзге шықса, ауылдан бір шақырым қашықтықта бір қос пайда болғанын көреді. Бұл қойдың күзем жүнін қырқып, ел қыстаққа жиналған кезі болса керек. Таңғы намазын оқып болған ақсақал баласын жіберіп, өзінің атқосшысын шақыртады. Атқосшысы келген соң ақсақал: «Бар да, ана қостың жағдайын біл. Ел болса келіп жолықсын де, ал жау болса шауып алыңдар!» – дейді. Атқосшы қасына сенімді екі жігітті ертіп алып, аттарына мініп, қосқа келеді. «Кім бар, ей!» деп дауыс шығарады. Үйден жасы жиырма бес шамасында, еңгезердей, бүркіт тұмсықты, шүңірек көзді, екі иығына екі адам мінердей жігіт шығып, бұл кісілерге сәлем беріп, үйге түсулерін сұрайды. Бұл кісілер үйге түспей, одан: «Елсің бе, жаусың ба?» деп сұрайды. Ол: «Елмін!» деп жауап береді. «Ал, егер ел болсаң, ауыл ақсақалына жүр!» –дейді. Олар жігітті ертіп, ақсақалға келеді. Жігіт есіктен кіре дауыстай сәлем беріп, екі тізесін бүгіп, екі қолын кеудесіне басып, ақсақалға таяла тоқтайды. Сәлемдесіп болғаннан кейін, ақсақал жөн сұрайды. Сөйтсе, бұл жігіт өз еліне өкпелеп, сүйген жарын қолдың қысқалығымен қалың малын төлеп ала алмай, басқаға айттырып қойғаннан соң, бір түнде басы ауған жаққа өзі бір атқа, қызын екінші атқа мінгізіп қашып шығып, қонған жері екен.
– Төменгі Қарпық деген елденбіз, атым – Ортау, кәсібім – ат үсті жылқы күзету, – деп жігіт әңгімесін тоқтатады. Ақсақал сәл ойланып тұрып, пішініне қарап, «осы жігіт өзіме күш болатындай екен» деп:
– Біздің елде қалуға қалайсың? – дейді. Жігіт екі көзін ақсақалдан алмай:
– Атай, батаңызды беріп, еліңіздің бір шетіне қондырсаңыз, бір әжетіңізге жарармын! – деп күрсініп жібереді. Ақсақал тез барып, лашықты көшіріп әкелуді бұйырады. Өзі алтын қанат ақ боз үйді дайындатады. Жігіттер көшіріп әкеп, кигіз үй тігіліп, мал сойылып, ауыл адамдары жас отаудан, жас келіннің қолынан ас ішіп, астан соң ақсақал шын ниетімен бата беріп: «Сен енді менің балам бол», – дейді. Содан бастап Ортау жігіт осы ауылдың мал шаруашылығына бас-көз болып, кірісіп кетеді.
Бұрын дәндеп алған ұры-қарылар талай түн жамылып келіп, мал ала алмайды. Осыдан бастап, Ортау жігіттің аты барлық елге тарай бастайды. Содан бір қатты жаугершілікте жақ ұртынан қарағай сапты найзаның ұшы кіріп кетеді, тіспен тістеп қалғанда, сап түбінен қараған найзаның ұшын қолымен суырып алып, қалтасына салып қояды. Жауды жеңіп, ауылға қайтқанда, ел ағалары бұған ризашылығын білдіріп: «Нағыз батырдың жұмысын істедің, сен енді батыр Ортау боласың!» – дейді. Содан ол батыр Ортау атанады. Талай-талай қиян-кесті заман өтеді. Ақсақал Күшекең қартайып қайтыс болады, ал Ортау батыр болса, жас егделеп қалады. Күшікбай қайтыс болар шағында ауыл адамдарын жинап алып, Ортау батырға батасын беріп: «Осы ауыл, енді, Ортау ауылы болсын, сен осы елдің қалғанына ие бол!» – деп өсиет айтады. Содан бастап осы мекен «Ортау ауылы» атанып кетеді.
283. ОТАУТАС
(І-нұсқа) Ертеде Боранбай деген байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу Гүлжәмила деген қызы болған екен. Қыз өзін айттырған күйеуін менсінбей, байдың жылқышысымен сөз байласып қашады. Қызының батасын бұзып қашып кеткенін естіген Боранбай артынан қуғыншыларын жібереді. Ақыры Гүлжәмила мен жылқышы жігітті ұстап алған қуғыншылар оларды үлкен төбенің басынан лақтырып өлтіріпті. Содан бастап осы төбе Отаутас, екі жастың отауы деп аталған екен.
284. ОТАУТАС
(ІІ-нұсқа) Баяғыда бір байдың жалғыз қызы болыпты. Сол қызға бір шал құда түседі екен. Бірақ қыздың сүйген жігіті бар екен. Тойға дайындық жүріп, әне-міне болайын деп жатқанда, жаңағы қыз өзінің жігітімен қашып кетеді екен. Бұған ашуланған бай: «Екеуін қуып жетіп, бауыздап өлтіріңдер!» – дейді. Қыз бен жігіт қашып бара жатқанда қуғыншылар жетіп қалады. Сонда қыз Құдайға жалбарынып: «Е, Құдай, өзің мыналардан құтқара көр!» – дейді. Сонда үлкен тас қақ айырылып, қыз бен жігіт тасқа кіріп кетеді де, тас жабылып қалады. Бұл тастың «Отаутас» аталу себебі осылай.
285. ӨЛІ СУ
Баяғы бір заманда бұл жерде бір сараң бай болыпты. Сол сараң бай осы суға батып өлген екен. Сол уақыттан бастап әлгі қарғыс атқан жерде еш тіршілік болмапты. Бұл күнге дейін шабақ та, шаян да жоқ. Қан сұрағандай өмір түнеріп, қызыл түске боялып жатады. Бұрынғы жылдары бұл судың сырын білмеген екі ауыл қонағы суға кетіп қалыпты. Тіпті қысты күні бетіне жалған қабыршық қатады. Сол себепті біздің ауыл ол жерді Өлі су деп атайды.
286. РАЙЫМБЕК БҰЛАҒЫ
Жоңғар шапқыншылығы тұсында Райымбек батырдың бір ісі ел есінде мәңгі сақталған. Ол өз сарбаздарымен қазақ жерін қалмақ жаулап алушыларынан қорғаған екен. Ауыр шайқастар өтіп жатыпты. Бірде дұшпандарды қуып келе жатып, Райымбек жасағы құмға шығып кетіпті. Оларды шөл қинайды. Сөйтіп олар су іздей бастайды. Ұзақ іздепті, бірақ еш жерден су көзі көрінбейді. Жауынгерлер әлсірей түседі. Сонда Райымбек найзасын бар күшімен жерге шаншып жібереді. Қайта суырып алғанда, жерден шапшып су шығады. Сол бұлақ Алматы облысының Қарақастек ауылында күні бүгінге дейін бар. Халық оны қасиетті бұлақ деп санайды да, құрметтеп «Райымбек бұлағы» деп атайды.
287. РАХМАН БҰЛАҒЫ
Алтай тауының шалғай түкпіріне жол тартқан жаралы бұғыны аңшы қуа беріпті. Алыстап кеткен бұғының соңынан қуып жеткен аңшы оның буы бұрқыраған батпақта бұлаққа шомылғанын көргенде қайран қалады. Бұл бұлақтың емдік қасиеті бар-ay деген ойға келеді. Кейін бұл бұлақ осы аңшының есімімен «Рахман бұлағы» деп аталған. Суға шомылған әлгі бұғы жарасынан тез жазылып кеткен дейді.
288. САМАЙ
Сүйіншіқара батырдың ауылын үш мың қолмен түркімендер шауып, батырдың екі қызы Айсалқам, Жансалқам мұңын шағып адай мен таздың балаларына мынадай өлең жазып жіберген екен:
Барсаң сәлем айта бар сегіз арыс адайға,
Екінші сәлем айтайын құнан арыс шабайға,
Үшінші сәлем айтайын қара таздың ішінде
Төремұрат, Өтен, Басықара, Бәкенге,
Және де сәлем айтайын Хан қожасы Самайға.
Сол Самай таздың қожасы таздың Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлармен сөзге келіп қалып:
Қатулансам, қара таз,
Қазаныңды қиратармын! – деген екен.
Соған таздың батырлары ашуланып Самайды келер жолын аңдумен болады. Бірде аңдушыларға жалғыз кездесіп қалып, Самайды қуады. Шұбарши елді мекені жағында «Самай Қарасу» деген жер бар. Қарасуға жете бергенде Төремұрат найзамен шаншиды. Найза тиген Самай Қарасуға құлайды. Самай өте үлкен денелі кісі екен. Оның майы суға ақтарылып түседі, судың бетін май алып кетеді.. Батырлар сол судың үстімен жүз мың жылқы айдап өткізеді. Қожалар Қарасудан самайдың тек бір бармағын ғана тауып алып, бір төбеге апарып жерлейді. Басына шошақ там салады. Қорымда Самай қожаның құлаған тамы және бірнеше балбал тастар бар.
289. САРЖАЛ МЕН ҚОСШОҚЫ
Саржал мен Қосшоқы апалы-сіңілі болады. Анасыз жастайынан әкесінің қолында тәрбиеленеді екен. Бой жетіп туған ұясынан ұшамын деген Саржалға әкесі қатты өкпелейді. Ол қыздарын ешкімге де бергісі келмейді. Содан бір күні Саржалға апасы Қосшоқы көмектесіп, екеуі қашып бара жатқанда, әкесі көріп қойып арттарынан үлкен тас лақтырып, «Тас боп қат», – дейді. Содан бері сол тас үлкен тауға айналыпты.
290. САРЖАН ҚАШҚАН
Саржан батыр Кенесарының жүз адамының басы болған. Кенесары қашып қырғыздың қолына түсіп, Наурызбай бастаған қазақтар қашып, оны орыстар қуып, олар осы жолдың түбіне келіп ұйықтап жатады. Кенесарының Саржан батыры келе жатыр деп Бодық естиді. (Ол кезде Саржан алпыс жаста, кәрі деп есептеледі екен.) Ол Саржанды мен көрейін деп қасына нөкер ертіп келе жатады. Саржан нөкерлері ұйықтап жатып, ат дүбірін естіп орыстар екен деп тұра қашады. Саржан: «Тоқтаңдар!» – деп нөкерлерін тоқтатыпты.
– Бұлар орыстар емес қазақтар, – дейді.
– Оны қайдан білдіңіз? – дегенде, Саржан бір төбеден асқаннан кейін:
– Мен барып біліп келейін. Олар орыстар болмаса керек еді, – деп кері қайтып бара жатса, төбенің басында таудай болып Бодық батыр тұр екен.
– Сені батыр деп естіп сынамаққа келдім, жолымды бер, – деген екен. Сонда Саржан қасқайып тұра қалыпты. Бодық оның қамытын күл парша етіп, уатып тастапты. Намыстанған Саржан жалғыз жебенің оғымен Бодықты атайын деп көздеп жатқанда, Бодық:
– Сен мені өзіңе тигізе алмайды деп ойладың ба? Мен сені сынамаққа істедім. Өзің таудай болғанмен, ақылың жоқ екен. Батыр болсаң тұра қал, тағы бір атайын, – деген екен. Сонда Саржан: «Менен қателік кетті» деп кешірім сұрапты. Содан осы жер «Саржан қашқан» деп аталады.
291. САРЫ СЕРКЕ
Бостан мал фермасының Сары серке деген жері бұрын «Шилісай» деп аталған. Бұл сайдың құрғақ ашасының ауызын Қозы деген бай ұзақ уақыт қыстап келген екен. Ол кісінің малы әр жылы қыстауға орналасқанда ғайыптан бір сары серке пайда болады екен. Бір жылы қыстауға қонғаннан кейін қорада жатқан малдың ішінде әлгі сары серке пайда бола кетіпті. Қозы оны барып ұстағанда, қозғалмай тыныш тұрыпты. Ол серкені сипап тұрып шашын сипаған екен, серке емес теке болып шығыпты. Сонда текеден тіл шығып: «Қолың толды ма?» деген екен. Қозы бұдан қатты шошып, Елсін құмына көшіп кетіпті. Сол жылы әлгі байдың қойы жұтап қалыпты. Кейін таныстары Қозыны мазақтап, «Сары серке» деп жүріп, Шилісай «Сары серке» деп аталып кетіпті.
292. САРЫ-АПАҢ
Сары балуан елсіз шөлде кетпенімен суын мөлдіретіп, құдықты ойып алады екен. Бір күні сол сияқты түскі аялдамада құдық қазған Сары төрт кезге жеткенше су шығара алмай қиналады. Ақырында екі сағатқа жетпей, алты-жеті кез шыңырау қазып, су шығарып алыпты. Құдық қазғанда су шыға қоймаса Сары айтқандай «су азар болса анау қырдың астында шығар» деген мәтел біздің елде осы күнге дейін сақталған. Сары балуанның үрім-бұтағы осы күнге дейін топ басы балуан. Жиын-тойда Сарыдан шыққан балуан бәйгіні «тәубесіз» алады. Сары тұқымы бір ауылнай ел болып жүрді, осы күні екі колхозға бөлінген. Сарыдан туған қыздың аты Сары-апа екен. Бір жылы көп малға су жетпей, құдық суы тапшы болған соң Ескелді мен Жақсы Бөкембайдың аралығындағы бір ат жон төбенің Баянаула жақ іргесінен Сары-апа шашын түйіп тастап, жалғыз өзі құдық қазған екен. Екі метрге жетпейтін жерден тасқындаған өзендей мол, мыңға іркілмейтін су шыққан. Бұл құдық осы күнге дейін сол қалпында, өйткені тура көк тасты ойып алған, ернеуі балғамен ұрып тұрса да мұжылмайды. Жалғыз осы құдық Едігенің, Шоң-Торайғырдың неше мыңдаған малына бір елі орта түсіп, кеміп көрмепті. Осы күні ол құдық Сары-апан аталады, дұрысы «Сары-апаң».
293. САСЫҚ ЖАРТАС
Қалмақтар мен қазақтардың арасында болған соғыста тарақтының Байғозы батыры, керней, қаракесек Жарылғап батырлары қалмақ жасауылдарына шабуыл жасап, екі жақ айқасады. Қазақ сарбаздары жеңіске жетеді. Қалмақтар қырғын тауып, жеңіліске ұшырайды. Жаз бойы қалмақтардың көмілмей қалған денесі сасып, сол себепті ол Сасық жартас атанған.
294. СОНАЛЫ
Аңыз бойынша бұл жерде айдай алмай, шайнай алмай отырған бір шылқыған бай адам тұрыпты. Байлығының көптігі сонша байлыққа қарамай ол бай ешкімге өмірі ештеңе беріп көрмеген, қайыры жоқ қара жүрек адам екен. Оның бұл сараңдығын естіген бір кейуана өз көзімен көрмекке жолға шығады. Бір күні әлгі байдың үйінің тұсына жарапазан айтады. Бай үйінен дыбыс жоқ. Кейуананың дауыстағанына үйден «Кет, жоғал әрі, қайыршы!» деген жауап келеді. Сонда үйге кейуана кіріп келіпті де, төрде жатқан байға қарап, «Тұр, орныңнан» деп қаһарлана айғайлайды. Бай кейуананың көзінен от көріп шошып кетеді де, орнынан атып тұрады. Сонда кейуана: «Құдай жолына садақа бересің бе?» – дейді. Бай басын шайқайды. Ол енді беліне дейін жерге кіреді. Кейуана сұрағын қайталайды. Бай тағы бас шайқайды. Сонда кейуана: «Әй, сараң, мейлі бермесең берме. Бірақ ел қарғысы, көз жасы жібермейді. Малыңның елге пайдасы жоқ, жоғалсын ендеше!» – депті. Бай жерге түгелімен кіріп жоқ болыпты да, оның малы сонаға айналыпты. Содан әлгі көп сона осы жерді жайлап алған екен.
295. СҰЛУКӨЛ
Ертеде Жетіру жағалбайлы руының бір атақты байының Сұлу есімді көркіне ақылы сай қызы болыпты. Сұлу ел ішіндегі жігіттерді көзіне ілмей, бір кедей жігітке ғашық болады. Әкесі қызын кедей жігітке бергісі келмейді. Әкесінің шешіміне қарсы болған қыз көлде қайықпен серуендеп жүргенде, суға кетіп өледі. Бай қызының суға батып кеткен жеріне дейін тас төсеп, жол салып, көлдің ортасына белгі қояды. Көлдің атауы бұрын басқаша болса керек. Кейін көлді жергілікті халық Сұлукөл деп атап кеткен.
296. СЫНТАС
Ерте заманда бір байдың қызы ерке, шолжаң болып өссе керек. Бай бойжеткен қызына жасау жасайды. Қызым риза болсын деген оймен бар байлығын жасауға жұмсапты. Көп кешікпей көрші елдің баласы құда түседі. Қыз ұзатылады. Көш үлкен керуен болады да жолға шығады. Көш ұзап кеткенде бай соңынан кісі жібереді. «Қызым жасауына риза ма екен?» деп адам жұмсайды. Сонда қызы: «Қайдан разы болайын, сырығым сырланбады, босағам борланбады» деген екен. Мұны естіген әкесі кетіп бара жатқан көштің соңынан: «Қара тас болғыр» деп қарғаған. Сол мезетте көш үлкен қара тасқа айналыпты. Белес-белес құм төбелерінің арасынан биіктігі 80 метрдей тас алыстан айқын көрінеді. Ол түйе үстінде отырған қыз бейнесіне ұқсайды.
297. СЫРДАРИЯ
Ерте заманда үлкен дарияның жағасында көшпенді халық өмір сүріпті. Осы елді асқан айлакер бір хан басқарыпты. Оның әйелі керемет сұлу болыпты. Хан әйелімен ақылдаспай, ешбір шешім қабылдамайды екен. Бір жолы хан шапқыншылардың шабуылын тойтарып, ұрыс кезінде жаудың біраз адамын қолға түсіріпті. Хан тұтқындарды дария жағасындағы ескі лашыққа қаматады. Түнге қарай, таза ауада сейілдеп қайтуға шыққан хан әйелі нөкерлерімен сол маңнан өтіп бара жатқанда әңгіменің қызығына беріліп кеткен көрінеді. Қызды-қыздымен ханша өзінің көрші ауылдағы бір жас жігітті өте жақсы көретінін, таяуда сол жігітпен оңаша кездескенін айтып қояды. Мұны естіген тұтқындар: "Сен ақылды әйелсің, оған еш дау жоқ. Бірақ ішкі сырыңды жұртқа жайып жібердің, бұл - сенің үлкен қателігің. Енді бізді босатпасаң, хан алдында сені әшкерелейміз!"- дейді. Сол сәтте ханша: "Өз әйелін тәрбиелей алмаған ханды халық қалай құрметтесін" деп ойлап, тұтқындарды босатып жібереді.
Содан бастап әлгі дария "Сырдария" деп аталып кетіпті.
298. ТАЗТАУ
Бұрынғы заманнан бері қарай Тарбағатай тауының етегінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың белгілі емес, аталған таудың бір биік шоқысы турасынан айтылатұғын ертегісі тұқым-тұқымдарын қуалап біріне-бірі айтып, ауыздарынан тастаспай, жан сақтайтын дұғадай-ақ болып келе жатыр. Және мұндай ертегі қылып шығарған таудың атын қазақтар айтады «Тазтау» деп, яғни тақыр тау болған соң. Және Тазтаудың өзі басқа қатар тұрған шоқыларының бәрінен де биік, шоп-шошақ болып көрініп тұрады. Өзі бек ғайбат әдемі, беткейлерінде ешқашан көрімсіз бір артық болып жатқан тастарын, жалғыз теп-тегіс болып жатқан бетін көкпеңбек болып жауып жатқан тып-тинақ әдемі шөбі көктем менен жаз күндерінде таудың беткейлері парсы жұртының қымбат кілеміндей болып жатады. Тазтаудың ұшар басы алыстан бөрік секілді болып көрініп тұрады. Со көрінген басында қазақтардың ертегі қылып айтуынша осы уақытқа шейін бір батыр тұрады екен және со биік басында бір кезде Айдағұл деген бір батыр тұрған екен, таудың беткейінде өзінің тастан салған үйінде. Айдағұл жаяу жүрмейді екен. Ұшып жүреді екен жан-жағындағы қазақтарды сақтап. Не қыламын десе де оған қиын емес екен. Қисапсыз көз жетпейтін байлығы бар екен. Жыл сайын көктем уақытында айтылмыш батырдың қадыр құрметі үшін қазақтардың бәрі де осы күнге шейін тасаттық беріп, құрбан шалу рәсім болып қалған. Мұндай рәсім болғанының мағынасын қазақтар айтады. Бір мезгілде малдарға қатты өлім тиіп, көп малдар қырылыпты. Дәл осы уақытта бір құрметті ақсақал шалдың түсіне кіріп, Айдағұл аян беріп айтады: «Таңертеңменен тұр дағы үлкен-кішілеріңді жиып алып ертіп барып Тазтаудың етегіне әрқайсыларың бір қойдан құрбан бергейсіңдер» деп. Әлгі шал таңертең тұра салып, кәрі-жасын жиып алып, бір-бір қойдан алысып, Айдағұлдың айтқан жеріне қарай жөнелісті. Барысып ертеден кешке шейін Тазтаудың бауырында қызық-тамаша қылып, кеш болған соң ат шаптырысып қайтысты. Сонан кейін малдың өлімі пышақ кескендей тыйылып қалды. Дәл сол күннен бері қарай жыл сайын қазақтар құрбандық беріп тұрады Тазтаудың бауырында Айдағұл батырдың құрметі үшін. Және осы уақытқа шейін қазақтар сенеді Айдағұл батыр мал-мүлкіменен бүгінге шейін тұр деп және олар айтады Тазтаудың шетіменен жүрген жолаушылар және бұл таудың айналасында тұрған қазақтардың бәрі де айтады: «Түн болған мезгілде адамның даусы шығады», – деп. Дәл таудың ішінен ол қазақтың амандығын сұрап дұға қылып жатқан Айдағұл деп біледі. Жылда құрбан шалатын жерлері ғайбат дала төбе болып, үюлі жатқан отындары менен жыл сайын рәсімдерін қылып, көктем уақыттарында тамаша етіп жатады ықыластарыменен даярланысып күні бұрын еркек-ұрғашылары намаз оқып, ораза тұтып, жас жігіттері жақсы киім тіккізіп, жүйрік аттарын оңдап тастасып. Және Айдағұлдың қасында бір кемпір бар деп айтады. Кейбіреулер оның қатыны деп біледі. Кейбіреу бір сиқыршы деп біледі. Дәл осы уақытқа шейін екі ру ел қазақтарының арасында талас болып келеді. Найман-Мұрын менен Тума-Тоқмақ дегендердің қайсысына жоғары айтылмыштың анық сенбектері турасынан. Көкпекті қаласына жақын жерде «Өртентау» деген жер бар. Сол таудың солтүстік күнбатыс жағында Базар-Бағас деген суларына шейін мидай даласы бар. Дәл сол даланың ортасында тұрған шоп-шошақ құбасы бар. Оны қазақтар «Кіндіктөбе» деп атайды. Және қазақтар айтады сол жалғыз тұрған төбені кемпірдің ұршығы деп. Жоғары айтылмыш кемпірдің бес ешкісі бар екен, әрдайым өзі бағып жүреді екен. Бір күнде кемпір өзінің ешкілерін жайып отырып Тарбағатай тауына шығып отырады. Аяғын Алтай тауына қарай созып салып. Дәл сол мезгілде далада жайылып жүрген ешкісінің біреуіне қасқыр тиіп, тиген заманда ешкісін айырып алмақшы боп қолындағы иіріп отырған ұршығын қасқырға қарай тастайды. Сол тастаған ұршығы барып түседі. Осы күні биік төбе болып қалған мидай дала ішіндегі жер енді сол төбенің өзі, кемпірдің ұршығы дүр.
299. ТАЙ АТҚАН
Бұл аңыз Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырындағы Сарыбай мен Қарабай оқиғасына ұқсайды. Осы Тай атқан жеріне бір ауыл көшіп келгенде осы жерде үйірден қалып қойған ба, әйтеуір белгісіз бір шұнақ құлын жүреді. Ауыл қоныстанып, сол жерді мекен ете бастайды. Ал шұнақ құлын болса, осы маңайдан ешқайда кетпей, ауыл маңын маңайлап жүреді екен. Оған ауылдың халқы да үйреніп, жем-шөп беріп жүреді. Ауылдың балалары оған мініп, тіпті кей уақыттарда үйдің қасына әкеп, байлап та қойып жүрді. Ол өсіп, жетіліп шұнақ құланымыз, шұнақ тай аталды. Ол ешқандай үйірлерге қосылмай, тек адамды маңайлап жүреді. Бірде осы ауылға ұрылар түседі. Жылқы жануарларының сезімі соншама, жаңағы шұнақ тайымыз ауылдағы үйлердің маңына келіп кісінеп, оқыранып, жерді тарсылдатып, үй иелеріне белгі беріп, оларды оятып, ұрылардан аман сақтап қалады. Ұрыларды ұстап, оларға өз жазаларын береді. Осыдан кейін халық бұрынғыдан да қатты жақсы көретін болды. Көрші ауылдан келген ұрылар осы тайға тіс салып жүрді. Тайдың көзін құртпақшы болып, айла ойластырады. Бірде сол ауылдың қоңқа айғыры бір адамды шайнап тастайды, міне осыны пайдаланып, бұл істі шұнақ тайға жауып, істі тындырмақшы болады. Сөйтіп ұрылар қасына бірнеше қария ертіп келіп, көрші ауылдың қасындағы көже апаннан су ішіп тұрған шұнақ тайды атады. Ауылдың бәрі осы жаққа жүгіріп келсе, бәрі кеш екен. Шұнақ тай көже апанның қасында төрт аяғымен дем алып жатқан жылқы құсап отырып мерт болған екен. Осыдан «Тай атқан» деген жер атауы пайда болған.
300. ТАЙ АТҚАН ШҰНАҚ
Адамбай Тұрсын деген байдың тұқымы осы жерді мекендеген. Үлкен бабаларында жасы қартайып, орта жастан асқан шағына дейін үш әйел алса да, бала көрмейді. Содан төрт әйел алады. Осы әйелі екіқабат болып, құлан етіне жерік болады. Өзінің елінің үлкен, кішісін жинап, құлан етін іздестіруді сұрайды. Елдің үлкендері: «Бұл құланның етін бір тапса осы елдің ақыны, әрі мергені Сары мерген тауып қалар», – дейді. Содан бай Сары мергенді шақыртып: «Өзің әкелсең, өзіңе айғыр үйір жылқы және астыңа жақсы жүйрік ат беремін», – деп уәде етеді. Мерген өзінің аты мен қасына он бір жасар баласын ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жүріп, аңшы мерген сол жайлауда қос шоқыға кездеседі. Бұл шоқыны мекендеген құланның бар екендігін аңға шығып жүргенде біледі екен. Баласына сары Мерген жолда: «Анау қос шоқыда құлан болуы мүмкін, аңға шығып жүргенде осы маңнан бір құланның тезегін көргенім бар еді. Негізі осы шоқыны мекендейді. Сен анау шоқыға қарай қашыр, содан мен осы шоқыда қарауылда отырып атармын», – дейді. Баласы екінші шоқыға қарай шауып кетеді. Тауды аралап келе жатса, алдынан құлан қашады. Құланның беті тура екінші шоқыға қарай беттеп барады. Сол екі арада әкесі құланды көріп, қашып келе жатқан құланға қарсы мылтығын кезеп, атып қалады. Оқ құланның маңдайынан тиіп, құлан құлап түседі. Еліне баласынан хабар жіберіп, көлік алдырып, құланның етін еліне жеткізеді. Ауылға әкелген соң құланды сояйын деп жатқанда қараса, құланның құлағы шұнақ та, өзі тайдай ғана кіші деген екен. Содан жаңағы құлан мекендеген қос шоқыны құланның құлағы шұнақ, өзі тайдың үлкендігіндей ғана болғаны үшін «Тай атқан шұнақ» деп шоқыны атап кетіпті. Содан бай өзінің айтқан уағдасы бойынша айғыр үйір жылқысы мен жүйрік атын беріп, қызметіне риза болады.
301. ТАЛДЫБҰЛАҚ ӨЗЕНІ
Осы маңды билеген Ажарбай деген байдың Нұрай атты аса көркем қызы балиғатқа жеткенде: «Кімде-кім осы даланы суландырса, соған тұрмысқа шығамын» жеп шарт қойыпты. Көптеген жігіттердің әрекеті іске аспаған соң Қазығұрт баурайында қой бағып жүрген Алдай атаның балаларының бірі Кендібай «тәуекел» деп жолға шығады. Ол көп қиыншылық көріп жүріп, Сырдария бойына жетіп, қолындағы месіне су толтырып, кері қайтады. Ұзақ жолда таусыла бастаған местегі су да жігіт межелі жерге жақындағанда сүрініп кетіп төгіле бастайды. Жігіт енді месін қолтығына қысып, ауылына келіп, болған жағдайды айтып, месті төңкереді. Ішінде қалған қос уыстай су жерге жата қалып ұйқыға кетеді. Мұны көрген жұрт жігітті аяп, үн-түнсіз тарапты. Келесі күні және аяушылық білдіріп, Кендібайға келгенде нағыз ғажаптың үстінен шығады: кешегі қос уыс су төгілген жерден бір бұлақ су шығып, бағытын Келеске бұрып толқып барады екен, ал Кендібайдың кеше қадай салған таяғы зәулім ағаш болып өсіп кетіпті. Нұрай сұлу сөзінде тұрып, Кендібайға тұрмысқа шығады. Сөйтіп, махаббаттың күші шөл даладан су шығарып, бау өсіріпті.
302. ТАЛШЫҚ
Ертеде бір жасы жеткен әйел күйеуінен айрылып, екі қызымен жалғыз қалыпты. Үй отағасы қайтыс болған соң әйелдің жағдайы нашарлап, бір бойжеткен, бір кішкентай қызының жағдайын жасап, қияға қондырар халі қалмаған екен. Өз беттерімен өскен қарлығаштай майысқан бойжеткен мен сіңлісі өз күндерін өздері көріп, әлек болады. Күндердің бір күнінде ел арасында әлгі әйелдің үлкен қызы отбасылардың ала жібін аттап, ақырында аяғы ауыр болып қалды деген сыбыс тарайды. Жұрттың айтқан өсегіне, кенедей жабысқан аяусыз атаққа ие болған бойжеткеннің шыдамы таусылып, ақыр аяғында ауыл сыртындағы төбешікте өсіп тұрған үлкен талдың бір бұтағында өмірін қиып, асылып қалған екен дейді. Айлар өтіп, жылдар өтіп, әлгі әйелдің екінші қызы да бой жетеді. Үлкен қызына кенедей жабысқан атақ бұл қызының да өміріне маза бермейді. «Әпкесі қаймаққа малынып отырған отбасылардың шырқын бұзған, сіңлісі де әпкесінен алшақтамай сондай болады» деген сынды әңгімелер екінші қызының да мазасын алып, тіпті үйден шығуға да шамасы болмайды. Төзімі таусылып, күнін көре алмаған бұл бойжеткен де әпкесінің жолымен әлгі талдың бұтағына барып, өзінің де өмірін қияды екен. Мұндай қайғыға душар болған әйел өз үйінен, өз жұртынан безіп, алыс жаққа кете барады. Бұл жерге кектенген әйел соңғы сөздерінде осы жердің барлық талдарын қарғап, мұңын шалып кетеді. Есінен ауысқан әйелге көңіл бөлмеген жұрт күнделікті қызу тіршілігін жалғасытар береді. Күндер өтіп, күз келеді. Табиғаттың заңы бойынша ағаштар қурап, қыс келіп, аппақ көрпені жамылады. Бірақ бар пәле көктем келгенде анықталады. Жыл сайын бүршік атып, гүлдей жайнайтын ағаштар тіршілігі жоқ тастай қурап, қатып тұра береді. Көктем өтіп, шыжыған жаз да келеді. Ал әлгі ағаштар бүршік атар емес. Қолдарынан келгенін бәрін жасаған жұрт көңілдерін үзіп, жасар шаралары қалмайды. Әйел болса, тау кезіп, жылдар өтіп, қыздарының өмірі қиылған талдың қасына келіп, қайтыс болған екен. Сол күннен бастап жұрттың ағаштары гүлдеп, олар ну орманның ортасында өмір сүріпті. Дегенмен, ең қызығы, екі қыздың өмірі қиылған талдың бір бұтағы бүршік атпай бүгінге дейін қурап, құрғап тұр екен дейді.
303. ТАРБАҒАТАЙ
Ертеде осы тауды қазақ жерін жаулап алған қалмақтар мекен етіпті. Бірақ түнделікте бұл жер дамылдауға, қоныс қылуға өте жайсыз екен. Қаптаған суыр түні бойы ащы дауыстарымен шаңқылдап маза бермепті. Қалмақтар суырды «тарбыға», ал тауды «тай» деп атайды екен. Сонан осы биікті «Суырлытау» яғни «Тарбағатай» деп атап кетеді. Таудың осы атауы күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған.
304. ТАСТӨБЕ
Ертеде асқан бай болады. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қызы болады. Бай қызын бір кәрі байға атастырып қойып, ержеткен соң бермекші болады. Ал қызының өзінің сүйген жігіті болады, бірақ жігіт кедей. Ал бай қызының кедей жігітпен қосылуына қарсы болады. Қыз әкесінің қарсылығына қарамастан, өз бетімен сүйген жігітіне кетпек болып, жүгін жиып жолға аттанады. Бай қызына ашуланып, “тас болып қатып қал” деп қарғайды. Қыз тас болып қатып, тауға айналады. Содан бұл тасты тау – Тастөбе атанады.
305. ТАСТЫ
Ертеде Тасты деген жер болыпты. Ол жерде ақ, көк, жасыл неше түрлі тастар көп болып, үйіліп жатады екен. Сондықтан да ол жер «Тасты» деп аталыпты. Ол жердің әдемілігі соншалық, әр түрлі тастардан салынған үйлер, қақпалар, гүл сарайлар адам көңілін гүл жайнатып, әлдебір әсемдікті паш ететін еді. Бұл елдің халқы да ерекше жандар екен. Ешқайсысы бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейтін болыпты. Жігіттері шетінен өнерлі, келіндері ибалы, қыздары әдепті, балалары өте әсем, тәртіпті екен. Кішкентай балаларға дейін өнерге, әсемдікке құштар екен. Олар орман-тоғайлардағы әртүрлі аң-құстардың тілін де біледі екен. «Соғыс, қиянат» деген сөздерді өмірі естімепті. Сол жерде Айқап деген жігіт пен Жұлдыз деген қыз өмір сүріпті. Айқап ағаларынан қалыспай аңға шығып, таудан-тасқа ортекедей орғыған, құралайды көзге атқан мерген болыпты. Жеңгелері сондықтан да Айқапты: «Мынау таудан-тасқа секірген ешкі тәрізді екен», – деп, оған «Ешкі» деп ат қойыпты. Ал Жұлдызды жүрген жерін таза ғып жинап жүргендігіне байланысты «бұл өзі сандықтай тап-сұйнақтай екен» деп, оны «Сандық» деп атапты. Көңілдері жарасым тапқан Айқап пен Жұлдыз отау құрады. Олардың Деркүл атты қыздары дүниеге келеді. Деркүл сұлу, әдемі, қолаң шашы тілерсегін соққан, сөзге сараң болса да, өткір сөйлейтін бойжеткен екен. Күндердің күнінде сол елдің келбетіне, байлығына, мәдениеттілігіне қызығып, көрші елдерде көре алмаушылық туыпты. Сөйтіп, олар ауыз біріктіріп, Тасты жерін жаулап алуға соғыс жариялапты. Ешкі батыр халқын жинап алып: «Ей, халқым, біз соғыс пен қиянатты көрмей өсіп едік, міне енді көрші елдер бізге соғыс жариялады. Соғыс ұрпақты құрту, жастарды жетім-жесір ету, балаларды құл қылу болса, қиянат дегеніміз ауыздарындағы астарын тартып алу, не болмаса киім кигізбеу деген сөз. Ұрпақсыз қалмау үшін біз соғыста жеңіп, елімізді аман алып қалуымыз керек. Сол үшін жағалай жатқан тастардан қорған соғуымыз қажет. Ал, Сандық сен болсаң, мына келіндерді басқарып, кемпір-шалдарға бас-көз болып, сарбаздарға тамақ дайындаңдар», – дейді. Соғыс ұзаққа созылып, ел ішінде ашаршылық басталады, тіпті қара судың өзін де үнемдеуге тура келеді. Сандық әжеміз қорғанды жағалай жүріп, сарбаздарға қараса, қырылып жатқан ұрпақтарды көріп, жаны түршігеді. «Апырмай, мына ұрпақтар нақақтан-нақақ не үшін қырылып жатыр? Біз ешкімге қиянат жасамаған сияқты едік қой, бұлар не үшін өлуге тиіс?
Е, Алла тағала, бұлар неге нақақтан-нақақ өледі, Мына жауға кім қарсы келеді? – деп екі көзінен жас парлап, екі қолын жайып, Аллаға жалбарынады: «Сен мені өзің жаратқансың, енді менің тілегімді қабыл ал! Мына ұрпақты жазықсыздан-жазықсыз қырғызба. Мына жау өте алмасын, мені соған қарсы қорған қыл!» – дейді. Алла ана тілегін қабыл етіп, үлкен қорған тасқа айналдырады. Соны көріп тұрған Деркүл көзінің жасын төгіп: «Е, Алла, мен де сенің пендеңмін ғой, менің тілегімді қабыл етіп, мені де мына ағатайларыма, ең құрмаса шөлін қандыратын сусынға айналдырып, бұлақ етші», – деп өтінеді. Сол мезетте Деркүл арнасы толқындаған кең өзенге айналады. Бәйбішесі мен қызының тілектерінің қабыл болғанын көрген Ешкі атамыз жүрегі езіліп, артына қараса, қара құрттай қаптап келе жатқан жауды көреді. «Апырмай, мына жаумен кім соғысады, шынымен ұрпағымыз құрығаны ма? Е, Алла, біз неліктен осы жағдайға ұшырадық? Қара ниетті жау біздің жерімізді таптап өтпекші ме? Мені де осы жауды өткізбейтіндей шың-құзға айналдыра көр», – деп Аллаға жалбарынады. Ешкі батыр екі аяқты аң түгілі, қос қанатты құс ұшып өте алмайтындай биік тауға айналады. Бұны көрген жау, бетін кері бұрды. Міне, сөйтіп тұтас бір әулет арқасында Тасты жерінің ұрпағы аман қалды. Ешкі атамыздың жаудан қорғанып, тасты қалап қорған салыңдар деген сөзінен Тасты жері «Тасқала» атанып кетіпті. Осы жердегі Ешкі батыр тауы сол кездегі Айқап атамыз екен де, Сандық тауы Жұлдыз әжеміз екен. Осы таудың етегіндегі Ақтау – әжеміздің кимешегі, жанында ағып жатқан бұлақ – көз жасы екен. Деркүл қазіргі Деркуль өзені екен. Екі жағалауында созылып жатқан қалың тоғай Деркүл апамыздың қос бұрымы екен. Ел арасында Ешкі тауға келіп, аруағына сиынып, Қобыланды батыр түнепті деген сөз бар.
306. ТАТУСАЙ, АЙРАНЖАЛ
Орақтың, қала берді бүкіл Тоқтауылдың басшы адамдары, ағайынды Қабыл мен Маты өзара болмашы жағдайда өкпелеседі. Өкпе арты үлкен араздыққа ұшырайды. Ел жақсылары татуластыра алмайды. Іс сотқа барады. Сот ағайын арасындағы өкпе деп тауып, қылмысты істі аяқсыз қалдырады. Бірақ өкпе ажырамайды, туыстар бірін-бірі көрмей, қыңыр қалпында жүре береді. Үш жыл өтеді. Күндерде бір күн ағайынды екеуі малдарын жайып жүріп, Құмдыадырдың баурайындағы кішкене сайдың жағасында кездеседі. Сағынысқан туыстар сол жерде ұзақ уақыт құшақтасып амандасады. Отырып, үш жылғы әңгімелерді шертеді. Аттанар алдында Қабекең:
– Осы бір кішкене сайдың аты «Татусай» болсыншы, – дейді. Содан былай Борлыкөл мен Майлысай арасындағы кішкене сай «Татусай» атанады.
Сол жылы күздігүні Қабекең малын Татусайдың бойына жайып жіберіп, інісінің үйіне барып тұрады екен. Барған сайын келіні Тікіш (менің әжем) қатық айран беретін болыпты. Бірде Қабекең: «Мен осы үйге күнде келемін. Келген сайын келін маған қатық береді. Осы бір кішкене жалдың аты «Айранжал» болсыншы», – депті. Содан былай Татусайдың батыс жағындағы жал «Айранжал» атанады.
307. ТАШ КЕШУ, НАРЫНҚҰМ ДЕГЕН АТАУЛАРДЫҢ ТАРИХЫ
Нарын деген 170 жастағы қалмақ кемпірі. Елін бастап Қытайға көшкен. «Үш жылдай мал төлдемесін, ер-әйел бала таппасын, жан басы бір-бір тас кірпіш ала жүрсін» деп әмір еткен. Еділден тас кірпішті тастап өткен. Атты қазақтармен соғысқанда «қырық жастан жоғарғы адам, ер, әйел алда отырып соғыса берсін. Көшті тоқтатпасын. Қырықтан жоғарғы қарттар ұрпақ үшін құрбан болсын» деп әмір еткен.
308. ТӘТТІ АУЫЛЫ
Ілгеріде бір бай перзентке зар болған екен. Әбден қартайған шағында сүйікті әйелі жүкті болыпты. Күні жетіп қалса керек. Бір күні әйелі өзен аңғарында жүріп босанып қалыпты. Босанған баласы қыз болған екен. Бай қуанып ұлан-ғайыр той жасапты. Сөйтіп сол өзеннің атын «Қызтуған» деп қойыпты. Бай сол ауылдың игі-жақсыларын шақырып, қызының есімін Тәтті қойған екен дейді. Бірақ сол қыз шілде айларында өзенде шомылып жүріп, батып кетсе керек. Ел жадында сақталған осы екі атау осы күнге дейін бір аңыздың желісімен келеді. Ал кейбір кісілер бұл жердің Тәтті аталу себебі, мұнда ең бірінші орыс қызы Татьянаның қоныстануы десе, енді біреулері күнделікті қолданылып жүрген судың тәттілігінен дейді.
309. ТЕКЕС, АҒАЯЗ
Есте жоқ ертедегі заманда тайпалар арасындағы болған жаугершілік кезінде қырғыздың Манас батыры мен қытайдың Әлмамбет батыры бірлесе отырып жоңғардың Текес есімді батырымен соғысыпты. Қиян-кескі соғыс барысында Манасты жеңе алмаған Текес батыр сиқыршысы Ағаязға айла істеттіріп, үлкен аңғарға біткен тоғайды сиқырмен қалың қолға айналдырып, Манас батырға төтеп береді екен. Бұл айласын сезе қойған Әлмамбет батыр қалың тоғайға сиқырмен өрт қоя беріпті. Нәтижеде Текес пен Ағаяздың қалың қолын жеңіпті. Қырғын соғыстан кейін халық үлкен өзенді жоңғар батырының атымен «Текес» атапты да, жоғарғы аңғарындағы тармақ өзеннің атын «Ағаяз» атап кетіпті.
310. ТЕМІРЛАН
Отырар іргесінде көз жұмған Әміршінің сүйегін жанашыр серіктері сырт жанға көрсетпей, өлгенін айтпай, "әмірші науқастанып келді" деген желеумен алып бара жатып, осы күнгі Темірлан деген жерге келгенде қалың әскер Темірдің қайтыс болғанын біліп қойып, сыр ашылған көрінеді. Міне осыдан барып ол жерді "Темірлан" атапты деп баяндайды. Оның Темір емес, Темірлан атану себебі әскер ішінде Темір арқылы лаң шықты, шу шықты дегенді білдіреді дейді.
311. ТЕМІРЛАННЫҢ ОРЫ
Алтынемел бекетіне алты шақырымдай жерде дәл Алматы қаласына қарай жүретұғын почта жолының үстінде бихисап үлкен уа белгілі мидай даламенен жүріп кеткен ор – қаһарлы мәшһүр Орта Азия жайдарын жаулап алған Темірланның, кейбір жерлері жер болып өсіп кеткен. Осы күнде белгісіз де боп қалған, неше уақыттар өткен соң бұ айтылмыш оры, мұсылмандардың айтуынша, Балқаштан Іле суына шейін барса керек. Осы ор турасынан мағынасын тұрмыс жайындағы қазақтар әлі ұмытқандары жоқ өздеріне ие болған адамының істегеніне көре һәм біздерге әр нешік мағынадарын көрсетіп берген еді.
Төменде жат айтылмыш: “Темірланның бастап жалғыз-ақ баласы бар еді. Оны әрдайым атқа мінгізіп, жалғыз жүргізуші еді ешқашан нөкер, яки жолдас бермейінше. Темірланның мұндай қылғанының себебі мынау деп айтады: Жалғыз баласы болған соң, соның өзіне «рәуіш атқа мықты, шыдамды, ширақ болсын жас балам» деп тілеуші еді дейді. Бір күні жас бала өзінің жақсы көретұғын атына мініп алып, далаға шығып кеткен. Елден алыс далаға барып, бір топ құланға кез келіп, қаю құландармен бірге шауып кете берген мидай елсіз далаға шығып. Сол жерде аттар со қадары баланың быт-шытын шығарған, жалғыз оның үзеңгісінде аяғының басы ғана қалған, баласы құрыған. Сансыз қолдарының адамдарын шақырып алған және қанша баскер адамдарын шақыртып, со қадары жастары бірдей қыздары да шақыртып алған. Оларды қатарлап қойып, бір еркек бір қыздан Балқаштан Ілеге шейін. Берген еркектерге кетпен, ұрғашыларға күрек, бұйырған: «терең қып ор қазыңдар» деп, егерде оның әмірін тез орнына келтірсе, оларды бір-біріменен қосып қоюға уағда қылған. Қашан қисапсыз үлкен ор даяр болған соң, бұйырған өзінің баскер адамына: «атқа мінісіп, сол жайдағы бар құландарды орға айдаңыздар» деп, тым болмаса осылайша қып өзінің жақсы көретұғын баласының құнынан бір нәрсе таппас па екен деп. Қалай айтылды, солай өздерінің бас иелерінің қалағанын орнына келтіріп, әр тараптан бар құландарды айдап, орға келтірген. Айтады, бірақ құтылып кеткен бір ақсақ құлан ғана деп. Өңгелері орға түсіп, қырылған екен. Сол құландарменен Темірланның баласының мінген аты да өлген. Сол өлген аттан тапқан екен оң үзенгісінде қалған баланың аяғын ғана. Соны тапқан соң Орта Азия жұртының үкім иесі риза болған дейді. Темірланның баскерінен құтылған ақсақ құлан турасынан қазақтар өлең қылған. «Ақсақ құлан - Жошы хан, жүрегім жаман шошыған», яғни Темірлан дегені. Мұндай шығарғандары қазақтардың көрсетіп тұрады қаһарлы Темірланнан қорыққандарын. Міне, осылайша» деп тәмам еткен бихисап үлкен Темірланның оры турасынан.
312. ТЕМІРХАН ӘУЛИЕ ЖӘНЕ ҚОЖАМ
Бұрын ағалы-қарындасты екі әулие болыпты. Ағасының аты Темірхан, қарындасының аты Айшамхан екен. Күндердің бірінде екі әулиенің қастас дұшпандары оларды өлтірмекші болады. Темірхан әулие қара нарға азық-түлігін артып, қарындасын мінгізіп, өзі тұлпарына мініп алыс жолға сапар шегеді. Бірақ оның жаулары да өкше ізіне түсіп қуады. Темірхан әулие қуғыншы жауларымен соғыса қашып, кеш бата Бостан сайына ілініпті. Күн батып кеткендіктен Бостан сайын өрлеп қалың мәуелі терек өскен бір жасаңды жерге келіп түнепті. Қазір бұл жерді әулие түнеп аттанған жер «Жай Қожам» дейді. Жай Қожамға түнеп аттанған екі әулие Бостан сайын өрлеп, Дүңгенжайлақ арқылы Ақтас сайының басынан түсіпті. Ақтас суының басына келіп демалып, ағасы шөмшек теріп, қарындасы нан илеп, түстік тамақтың қамына кіріседі. Тұлпарын арқандап қояды, қара нары алысырақ барып жайылып тұрады. Дәл осы мезетте қуғыншылар келіп басып қалады. Қара нар жау қолында қалады. Сонда Темірхан әулие қолын жайып тұрып «тасқа айнал» дегенде қара нар тасқа, илеп отырған нан ақ тасқа айналыпты. Қазір Ақтас сайының су басында қара нар сияқты жалғыз өркешті қара тас, судың шығыс жақ беткейінде шашылып жатқан ақтас бар болып, ел оны әулиенің тасқа айналған илеген наны мен қара нары дейді. Сондықтан бұл жер «Ақтас Қожам» деп аталыпты. Ақтас сайының аты да осыған негізделіп қойылған екен. Темірхан әулие сол кезде қарындасын мінгесіте қашып жаудан құтылып шығыпты. Қызыл қораны өрлеп, мұздық тақтайының батыс қыратын қыраттай қашып, бір жерге келгенде жан-жағы түгел қамау-қамау жартас болып жол таба алмай қалады. Қуғыншы жау да жетіп оларды қоршап алады. Сол кезде қара жер қақ айрылып әулиелер жер астына түсіп кетіпті. Кейін бір моллаға түсінде Алла аян беріп: «Сен Темірхан әулиенің жатқан жеріне басына күмбез орнат» депті. Әулиенің жатқан жерін нұсқапты. Әлгі молла күмбез орнатып, өлгенше сол күмбезге қарапты. Қазір де Қожамда екі күмбез бар, біреуі ағасы Темірханның, енді бірі қарындасы Айшамханның қабірі дейді. Және бір тас үйілген шоқы бар, оны «Тұлпаршоқы» дейді. Ол жерге әулиенің тұлпары өлген екен.Күмбез орнағаннан кейін бұл жердің аты «Қожам» (әуелде әулиенің бейіті, күмбезі делінеді екен) қойылып ел сиынатын болған. Ислам дініндегі ұлттардың бәрі де Қожамды құрметтейді. Жайшылықта Қожамға келгендер Құран оқымай өтпейді. Әсіресе қазақ халқы Қожамның тұсынан өткенде әйелдер аттан түсіп жаяулап өтеді. Ерлер ат үстінде үзеңгіден оң жақ аяғын шығарып, дұға оқып, иман айтып өтеді.
313. ТЕРЕКТІ
Ерте заманда Ермек деген батыр елінде еншілеп кеткен бір бәйге атын қайтарып алмақ болып, жолға аттанғалы жатқанда, жолдасы тұрып: «Енді біз қай жерде кездесеміз?» деген екен. Сонда Ермек: «Егер мен күрең бәйгімді алып қайтсам, осы тұрған жеріміздің жол жиегінде бір теректен қиған таяқты шаншып кетем, ол менің олжалы қайтқандығымның белгісі болмақ» деген екен.
314. ТЕРІСАҚҚАН
Қазақ даласын хандар әулеті билеп тұрған заман. Сол заманда халыққа жауыздығымен белгілі Айтық деген хан өмір сүріпті. Ханның төрт ұлы болыпты дейді аңыз. Хан бір күні ұлдарын жинап алып:
– Мен асарымды асырып, жасарымды жасап болдым, дәм-тұзым таусылар уақытым да жетті. Мен өлгеннен кейін осы билеп отырған жұртымды қанап, ауыз болып, елдің малын жесеңдер де байлығым мен атағымды сақтап қалуға уәде беріңдер, – дейді.
Үлкен ұлдары әкесінің сөзін құп етіп, уәдесін береді. Сонда кенже ұлы тұрып:
– Мен халқымның малын жеп байығанша, өмір бойы тақыр кедей болып өткенім артық. Маған арам байлықтың керегі жоқ, – деп әкесі мен ағаларына қарсы шығады.
Оған ашуланған әкесі үлкен ұлдарына кенже ұлын өлтіруді бұйырады. Ағалары інісінің кол-аяғын байлап, ел ішіндегі өзеннің біріне лақтырып жібереді. Інісі сол өзеннің тұңғиығына батып көз жұмады. Сол кезден бастап, төртінші өзен үш өзеннің ағып жатқан бағытына теріс ағатын болды. Сол себепті қаланы Терісаққан деп атап кеткен дейді аңыз.
315. ТОҚТАМЫС
Тоқтамыс қырық шақты адамымен аталмыш бұлақтың жағасында дем алады. Іштерінде екі-үш сарбазы жансыз боп шығып, Тоқтамыс пен ұйқыда жатқан жолдастарын шетінен бауыздап қырып салады. Ертеңіне азанда сол елдің дихандары осы жағдайдың үстінен түсіп, ішіндегі шала жансар бірінен "Тоқтамыстың қолы едік" дегенді ғана ұғып, бәрін жерлепті. Содан бастап ол жер "Тоқтамыс" атаныпты.
316. ТОЛАҒАЙ
(І-нұсқа) Бұрынғы өткен заманда апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымдық жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жандары рахатта тамаша ғұмыр кешкен. Шұрайлы жерден қоныс алған малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарында: «Бізде барлығы да бар. Бірақ сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен”, – деген бір ғана армандары болыпты. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты Толағай атанып кетеді. Күндердің бір күнінде жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан бері Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрапты. Сонда қарт айтқан екен:
– Қарағым Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен, – дейді. Толағай айтқан екен:
– Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды арқалап алып келсем болмай ма? – дейді. Сонда қарт айтқан екен:
– Шырағым Толағай, елді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың, – деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты.
Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері Ақ басты Алатауға жетіп, “Ассалаумағалейкум” деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігітінің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал, жаңағы Бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.
317. ТОЛАҒАЙ
(ІІ-нұсқа) Бұрынғы заманда бір үлкен алып бар екен. Бұл алыптың екі баласы болыпты. Кіші баласы Ертістің суына шомылып жүріп суға кетіпті. Алып үлкен баласымен қанша дамыл таппай қиналып іздесе де, баласының сүйегін таба алмапты. Сонда Алып Ертісті бөгеуге ойлап, баласын ертіп алып Тарбағатай тауларына келіпті. Бұл тауларда бұлар Толағайды иығына көтеріп өздерінің ойлағанын орнына келтіруге Ертіске қарай жүріпті. Жол үстінде бұлар Қалба тауының етегіндегі өздерінің үйлеріне қонуға тоқтапты. Әкесі баласына айтыпты: «Бүгін сен жалғыз жат. Қатыныңмен жолықпа», – деп. Баласы әкесінің өсиетін тыңдамаған себептен таңертең әкесіне қолғабыс қыла алмай Толағайды Ертіске шейін апара алмапты. Әкесі қайғыланып Толағайды Қалба тауларында тастап кетіпті.
318. ТОПАР
Ертеде Топар, Жандар деген екі ағайынды жігіттер болған екен. Екеуі де әрі өжет, әрі батыр екен. Ол кезде қалмақтар жаулай бастаған екен. Қалмақтар мынадай шарт қойыпты: «Бұқа мен бұқаны сүзістірейік, айғыр мен айғырды төбелестірейік, балуан мен балуанды күрестірейік, егер де осы үшеуі де жеңіске жеткен болса, жерді бейбітшілік жолымен тастап кетеміз» деген. Сонда қазақтардың бұқасы да, айғыры да, балуаны да жеңіске жеткен екен. Содан осы сайыс болған жер Топар деген кісінің құрметіне қойылған екен.
319. ТОРАҢҒЫЛЫ ӘУЛИЕ
Ертеде ғайыптан ба, әлде көктен бе бір бала пайда болады. Бұны біреулер қыз екен дейді, біреулер ер бала екен дейді. Бірақ негізінен ер бала көрінеді. Сол бала жас кезінде қайтыс болып, сол жерге жерленеді. Кейін баланың бейіт басына Тораңғылы ағашы пайда болып, дарақ болып өсіп шығады. Бала бейітінен қасиетті жағдайлар көрініп, халық баланы әулие бала деп жориды. Сонымен сол бейітті «Тораңғылы әулие» деп атайды. Тораңғылы ағашының бір бұтағын кесіп, не шауып алған адамдар көрер көзге зардап шегіп ауырғандары байқалады. Содан кейін бір де бір адам бұтақ алмайтын болған.
320. ТӨЛЕЙ ТОҒАЙЫ
Осы жерлерде бір уақыттарда, шынында да, биік қараған ормандары өсіпті. Бүкіл айналаны байлығына сараңдығы сәйкес келген бай иемденіпті. Оның мыңдаған бас қой, түйелері мен қонды үйір-үйір жылқылары болыпты. Оның үлкен қазандарында күні-түні хош иісті ет қайнап жататын. Бұл астан байдың әйелдері, бала-шағасы мен малайлары ғана дәм тата алады екен. Байдың дүние-мүлкі жеткілікті еді. Тек ол жомарт жүрек пен қайырымдылықтан жұрдай, қызғаныштан үнемі жүрегі сыздап жүретін жан еді. Бірде қыстың орта кезінде сұрапыл боран соғып тұрғанда адасқан үш адам шаршап шалдығып жүріп байдың үйіне тап болады. Жаурап, қатты жел өтіп тотыққан олар байдан көмек және пана сұрайды. Бірақ сараң бай малайларына қонақтарды аулақ қуып жіберуді тапсырады. Әлсіреген, үміті үзілген жолаушылар бай ауылынан көп ұзамай, қинала-қинала көз жұмған. Оларға соңғы баспана болған шоқ қарағай еді. Қар тоқтап, долы жел бәсеңдегенде қоныстағы адамдарды үрей билейді. Шоқ қарағай өскен жер қатқақ жалаң құмға айналады. Үш биік құм төбе үш молаға ұқсайды. Шоқ қарағай тып-типыл болып, бұлақтар кеуіп қалады, бос қалған құдықтардың қабырғалары опырыла құлап, қарғыс атқан жерден тіршілік те жойылады.
321. ТӨРЕҚҰМ
Бұрынғы кезде Сыр өзеніне жақын жатқан бір сілем құмның дәл түбінен дарияға қарай қара жол өтеді. Бір жолы сол соқпақпен келе жатқан топ аттылардың ішінен біреу Құмшоқының қасына жеткенде: "Па, шіркін, мына құм қалай әсем үйілген, құмның төресі десе де болғандай екен-ау!"- депті таңданысын жасыра алмай. Сол сол-ақ екен, әлгі жігіттің қасындағы кісілер: "Бәрекелді, өте тауып айттың, құмның төресі Төреқұм десе, дегендей-ақ!"- деп қуаттай жөнеліпті.
Кейін сол жер "Төреқұм" деп аталып кетіпті.
322. ТӨРЕСАЙ ЖЕРІ
Ертеде ел ауыл арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауына билер төрелік жасап, дұрыс-бұрыстығын солар шешіп айтып отырған. Әрине, олар осындай кесім жасап төрелігін айтатын жерді де өздері таңдап, белгілейтін болған. Осындай орынға кез-келген жерді белгілей бермейтіндігі тағы белгілі. Сондай төрелік айтатын жер «Төресай» аталып кеткен дейді. Осы Төресай атауы жайында да әрқилы аңыз-әңгіме бар. Бұл шындыққа саяды. Айтушылар бұл атаудың екінші бір шығу тегін сайдың бай табиғат көркімен байланыстырады. Едірей тауының ішіндегі сайдың ең көріктісі, әсем жер болғандықтан, сайдың төресі екен деп риза болысқан. «Төресай» атауы содан шыққан дейді.
323. ТӨРЕТАМ
Өткен ғасырда Кіші жүзден шыққан Жәрімбет деген кісі өзінің ұрпақтарын Қармақшы ауданына қарасты Төретамға қоныстандырған көрінеді, бір шеті сонау Жалағаш ауданы, «Жаңа талап» қолхозынан бастап, мына жағы «Қараң», «Жеті асар» маңы, «Сырдария» өзенін жағалап Дерментөбе, Сартоғай, Елшібай, Төретал, солтүстігі «Келіншек жалын» (қазіргі Байқоңыр) Жәрімбеттен тараған Әлен, Бұрқыт балалары мекен еткен. Олар Сыр бойын жайлаған, кейін қыстау салған. Ол заман Сырдария өзені ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін толқыны аспанға атқан кез болса керек. Бір жаздың жаймашуақ күнінде суға кетіп, ағып бара жатқан бір кісіні осы елдің азаматтары судан шығарып, ат шаптырып жан-жаққа хабар жібереді. Көп ұзамай көп адам келіп, өз адамдарын жинап, биік төбенің басына үй, там салдырып жерлеген екен, рулары төре болып шыққан екен. Содан бері Төретам аталып кеткен. Үй, там жолаушылап бара жатқан кісілерге ық-пана болған. Жергілікті халықтан «бұл үй, там кімнің тамы?» деп сұрағандарға «Төренің тамы» деп жауап береді екен.
324. ТӨРТКҮЛ ЖАЗЫҒЫ
Ертеректе бұл жазықты бір бай иемденіп, мекен етіпті. Бай үш әйел алса да бір де бірі бала көтермепті. Төртінші әйелін алғанда бір қыз тауыпты. Қызды әйелдердің барлығы да жақсы көріп, ортақ мәпелеп тәрбиелепті. Қыз бойжетіп, сол маңдағы бір кедейдің ақылды баласына ғашық болып, тимек болады. Бұл жағдайды білген залым әкесі: «Менің қызым кедейге тие ме» деп намыстанады да қызын сабап өлтіріп қойыпты. Кейінгі кезде қыздың төрт шешесі қызды еске түсіру мақсатында жазықтың төрт бұрышына әтейілеп жемісті бақша орнатыпты. Жеміс-жидек ағаштары жетіліп аппақ қардай болып гүл ашады. Бұл жерді көрген жұртшылық содан бастап «Төртгүл» деп атап кетеді. Кейін келе «Төрткүл» болып өзгерген делінеді.
325. ТӨРТКҮЛ ТӨБЕ
Баяғыда қай ғасыр екені белгісіз бұрынғы Қарасора (қазіргі Кеңес Арық) ауылында бір үлкен аждаһа пайда болыпты. Ол елге тыныштық бермепті. Малды малдай, адамды адамдай қырыпты. Ауыл адамдары әбден сасыпты. Осы ауылда бір молда болыпты. Ол әбден бұл аждаһаны сиқырмен дуалап, бірнеше ғасырға сиқырлап қатырып қойған екен. Содан сол молданың құдіретінің арқасында ауыл тыныштық тауып қалыпты. Сол аждаһаны ауыл сыртындағы Төрткүл деген төбеге қырға көміпті. Оның аты осы күнге дейін Төрткүл төбе деп аталуда екен.
326. ТҰМСЫҚ
Осы жерде жеті қат жерді тесіп шыққан мөлдір бұлақ болыпты. Бірақ бұл бұлақтың айналасы жан маңайлатпас саз батпақ екен. Бір күні бір үйір бұқа келіп су ішпек болса керек. Бір бұқа ең жақын келіп, балшыққа түсіп кетеді. Батып бара жатқан бұқаның денесі көрінбей кетіп, тек тұмсығы батпай қалып қояды. Содан бір адамның малы жоғалып, іздей келгенде осы бұлақ маңайынан табылады. Сұраған адамдарға тұмсықты бұлақтың қасынан таптым деп жауап беріпті. Тұмсықты бұлақтың келе-келе балшығы азайып, елге қоныс болыпты. Содан бері бұл жер Тұмсық деген атауға ие болған екен.
327. ТҰРСЫНБИКЕ ТАУЫ, ЖАҚСЫҚЫЛЫШ ТАУЫ, ЖАМАНҚЫЛЫШ ТӨБЕСІ
Жақсықылыш, Жаманқылыш Шора ханның баласы деседі. Тұрсынбике Асан қайғының қызы, Абаттың қарындасы деседі. Ағайынды екі жігіт Шора ханның баласы Жақсықылыш пен Жаманқылыш Тұрсынбикеге ғашық болыпты. Екі орта телегей теңіз су болғандықтан ғашықтар бір-біріне қауыша алмапты. Екі жігіт атпен жағалап, күндіз-түн жүріпті. Тұрсынбике бау қамыстан шом байлап, салы ағызып, ортаға шам жағып, белгі беріп суға түскен көрінеді. Салыны арман-бермен жел айдап ағыза беріпті. Жаманқылыш Жақсықылыштың аттары терең суға түспей, салыдағы Тұрсынбикеге қауыша алмапты. Салыны жел айдап, таудың етегіне келіп қайырлап тоқтап қалыпты. Қасында жолдасы жоқ Тұрсынбике күзгі қара суықта жаурап, салы үстінде өліпті. Жаманқылыш Тұрсынбикеге қауышуға ант етіп, атты кештіріп жақындай түсіп келгенімен бір жетідей су үстінде арман-бермен өте алмай ылдиға түсіп кетіп, су жұтып өледі. Жақсықылыш та атты дүздіріп кештіріп кейін қайтпайды. Бұл батыс бетті жағалап жолды ұзартып алып, бұл да су жұтып өледі. Абат батыр қарындасы Тұрсынбикенің осындай халге душар болғанын сезіп, атын мініп, найзасын суға бойлатып биік-биікті жағалап, өткелден-өткелге атты дүздіріп өтіп келсе, таудың етегінде салы қайырлап, үстінде қарындасы Тұрсынбике өліп жатқан үстінен шығады. Өз басы шаққа келген Абат батыр Тұрсынбикені ауылға алып қайтуға мүмкіндік таба алмайды. Сол тауға апарып қарындасын жерлейді. Сол тау Тұрсынбике тауы аталып қалады. Енді Тұрсынбикенің батыс бетін жағалап, атты судан кештіріп дүздіріп келе жатып, таудың етегінде жас жігіт өліп жатқанын көреді. Абат батыр өлікті жерлеп, Жаманқылыш төбесі атандырып кетеді. Абат батыр шаршап, су үстінде күндіз-түн жүріп, елге қайтуға кіріседі. Найзасын суға бойлатып, тайыз жерді кешіп, терең жерден дүзіп отырады. Тауға жақындап, енді құрғақшылыққа шығам дей бергенде, таудың етегінде сұлу жас жігіт өліп жатқан үстінен түседі. Бұны да Абат батыр қолтықтап әкеліп, тау басына жерлейді деседі. Бұл тауды Жақсықылыш тауы атандырып кетеді. Бұл үш ғашықтар бір-біріне қауыша алмай телегей теңіз судан жол тауып жүре алмай, күзгі қара суықта су ортасына түнеп өліпті.
328. ТҮЛКІБАС
О баста бұл жер Майлыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңірінде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әр түрлі ауруларды емдеп, жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай ол кісі өте қарапайым болғанға ұқсайды. Бірақ, ел ішінде оған сенбейтін, күле қарайтын адамдар да бар екен. Қасиетті Түлкібас оған еш мән бермеген. Бір күні Түлкібас әулие қазіргі Түлкібас ауданының орталығы “Ванновка” мен “Азаттылық” колхозының шекарасында орналасқан Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ болып жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауылдың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұрады. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп кетіп, барлығы он екі адам бір-бір бастауға, бұлаққа айналады. Осыдан бастап ел оның қасиеттілігіне сене бастайды. Кейіннен ауырған адамдар қасиетті әулиенің түкірігі бар деп, сол бастаудан су ішетін болыпты. Сонымен Түлкібас әулие өмірінің соңына дейін жұртты емдеп, елге көп жақсылық істеген. Өлер алдында ол кісі былай деп айтқан екен: “Мен өлген соң мені Қосемшектің жоғары төбесіне жерлеңдер. Үстіне үш дәу тас әкеліп, біреуін оңға, біреуін солға, біреуін аспанға қаратып қойыңдар”, депті. Оның бұл тілегін халқы өзгеріссіз орындапты. Күндердің күнінде осы елге жау шабады. Бірақ елге жақындағанда жаудың аттары аяқтарын алға баспай қойыпты. Әбден әуреге түскен жау аттарын алға бастыра алмаған соң кері қайтады. Естіген ел аң-таң қалады. Кейін Түлкібас әулиенің үстіндегі оң жаққа қарап тұрған тастың жоқ болғанын көрген жұрт бұл кереметтің сырына түсінгендей болыпты. Тағы бір жылы қатты қуаңшылық болады. Көктен бір тамшы тамбай ел ашаршылыққа ұшрайды. Сол кезде бүкіл ел жиылып, елдің беделді бір адамын басшылыққа алып Түлкібас әулиенің басна келіп жалабарынады. Әлгі елдің беделді кісісі: «Егер осыдан көмектессең, атыңды өмір бойы ұмытпаймыз», – дейді. Сол кезде қабірінің үстіндегі аспанға қарап тұрған тас домалап түсіпті. Тастың үлкендігі сонша, сол тастан бірталай адам мерт болалы. Дәл сол мезетте аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркірейді, артынша ақ жауынға айналады.
Содан соң жұрт уәде бойынша сол өңірге Түлкібас атын беріпті.
329. ТІЗЕБҮККЕН
Жуантөбенің Бетпақдала жақ бөктерінде «Тізебүккен» атты ботаның көзіндей мөп-мөлдір бұлақ бар. Әрі өтіп, бері өтіп жүргенде «не себепті «Тізебүккен» атанды екен? деп қайран қалушы едік. Бірде осы өңірдің көне көз бір қариясынан бұлақтың не себепті «Тізебүккен» атанғанын сұрадық. Сонда көнекөз қарт ойлы жүзін Бетпақтың меңіреу жазығына бұрып былай деп еді:
– Қарашаның бұлтындай жалғасы шұбаған қалың көшті көз алдыңа келтір, шырағым. Көштің маңдайы Сарыарқаға қараған... Түн түнегі түріліп шөже торғайдың әлсіз шырылы «таң келеріні» мәлімдеген шақта моншақтай тізілген түйе керуені тағы да жолға шығады. Алды-артында үміт блып елес берер бұдыры жоқ иесіз дала осынау тіршілік қамшысы айдап келе жатқан керуеншілерге қырыстанып, міз бақпастан сазара түседі... Керуеншілер тілін түсінген үнсіздікте зарыққан үмітпен дамыл-дамыл алға қарайды. Маңдай тіреп, тізгін тартар мекенді.. тізе бүгер орынды сағынышпен еске түсіреді. Тағаты таусыла асығады, аңсайды... Бірақ өмірдің өзі сияқты мына жол, мынау дала жеткізер ме. Тіршілік атаулының діңкесін құртып, тандырын кептіріп, қайратын сарқа түседі. Керуеншілердің емешесі құрып, ентелеп сонда да алға ұмтылады. Осылайша қажыған көңілді әлсіз үмітпен жұбатып, жылға бергісіз ұзын сары көктеменің бір күнін тағы да батырады. Мұндай сәтте діңкесі құрып титықтаған керуен жер бетінде ұмыт қалғандай құлазып, тағы да елсіз, күнсіз сары даланы түнек етеді. Ұзақ жүріп келіп дамыл алады. Түйелердің бұйдасын тартып, тізесін бүктіреді. Міне, шырағым, аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен қазақ атаңның осындай бір тыныс алып, тізе бүккен жері болар бұл бұлақ, – деп қария сөзін аяқтайды.
330. ҰЙҚЫДАҒЫ БАТЫР
Бұрынғы өткен заманда адал тірлігімен тіршілік еткен бір қауым жұрттың шайқасына келіп, бір жеті басты айдаһар орын тебеді. Елге қаһарын төгіп, күн сайын жеті басына жеті жылқы, жеті сиыр, жеті қой және жеті адам алып отырыпты. Бұл жаңағы айдаһардың күнделікті тамағы екен. Осындай қахатшілік заманнан ел әбден ығыр болады. Күндердің бір күнінде құрмалдыққа белгіленген мал-жанды апара жатқан топқа бір жолаушы қарсы кезігеді. Бойы ересен биік, алып мүсінді тұлғалы адамның келбетіне сүйсінген жігіттер уақиғаны бастан-аяқ баян етеді. Сонда жаңағы батыр ел үшін айдаһарды өтірмекке бел буып, қолына алмас қылышын алып жалғыз өзі кетеді. Ашуланғанда айдаһардың аузынан от-жалын шығады екен. Айқасқа түскен батыр жеті баспен жеті күн арпалысады. Жетеуін де жеңген ақ алмасымен ажал қаптырған батыр қатты қалжырап ұйқыға кетеді. Шала-жансар жаны қалған айдаһардың бір басы соңғы күшін жинап, ұйықтап жатқан батырға от сеуіпті. Соның салдарынан жаңағы батыр тасқа айналып кеткен екен. Сол кезден бастап халық сол тасты «Ұйқыдағы батыр» деп атап кетеді.
331. ҰМСЫН ТҮСКЕН
Жаздың бір жайдары кезі еді. Шағын ауыл үлкен бір қарбалас үстінде. Әр тұстан әзіл-оспақ, күлкі, балалардың көңілді шуы естіледі. Дөңгелете тігілген жеті-сегіз киіз үйдің ортасындағы шағын қотанда орнатылған тайқазанда буы бұрқырап ет пісіріліп жатыр. Қазандық басында екі-үш жас келіншек еттің дұрыс пісілуін бақылап жүр. Бір кезде балалардың: «Келді, келіп қалды», – деген қуанышқа толы дауыстары естілді. Киіз үйлерден жүгіре-жүгіре шыққан адамдар қара жолдың үстімен шаңдата жарысқа түскендей жүйткіп келе жатқан төрт арбаны көреді. Қос ат жегілген сәнді арба ауылдан бір шақырымдай жердегі бұлақтың басына тоқтайды. Бұл келе жатқандар ауылға келін әкеле жатқандар еді. Бұлақ басына түскен келін қасындағы серік қыздарын ертіп ауылға беттейді. Ауылдан домбыра тартып, ән айтқан бір топ қыз-келіншек жастарға қарсы жүрді. Орта жолда бәрі қосылып әзілдесе күлісіп ауылға келеді. Сегіз қанатты ақ үйдің тұсына жас келінді қоршай жақындап келген жастарға ақ жаулықты аналар шашу шашады. Жас келінге қарт ана отқа май құйғызды да, оң аяғымен аттатып, ақ ордаға кіргізеді. Кейіннен осы жас келін түскен бұлақ басы «Ұмсын түскен» аталыпты.
332. ҰРАНҚАЙ ТАУЫ
1928 жылдардағы ұжымдастыру кезінде Кеңес үкіметі байларды қонфискациялап, жасырғаны бар ма деген күдікпен бұл төңіректе де қатты тексеру жүргізіпті. Тексеруге келген екі шолақ белсенді тау басында көне моланың барын біле тұрса да, оны байлардың қоймасы, олардың жасырған дүниесі осында деп, моланы қаздыртыпты. Бір-екі метр тереңдіктен кейін үлкен тасқа кезігіп, оны жылжыта алмапты. Тексерушілер: «Ертең түйемен тартамыз», – деп қайтып кетеді. Сол түні екі жігіт бірдей түс көреді. Түстерінде қыз бен жігіт: «бізді мазаламаңдар» деген екен. Ертеңінде екі жігіт қорқып, мола жаққа аяқ баспапты. Сөйтсе, бұл жерге жаугершілік тұста қалмақтың Ұран есімді қызы мен Қай есімді ұлы қатар жерленіпті. Содан тау «Ұранқай» деп аталып кетіпті.
333. ҮКІЛІ БЕЙІТ
1915 жылдары Кәрібай деген сарбас мекендеген. Сол Кәрібайдың үлкен қызының тойын жасап ұзатқалы отырғнада қыз тосаттан ауырып қайтыс болады. Кәрібай қызын сол жерге қояды. Мезгілсіз қазаға қабырғасы қайысқан ата-ана қызының шоғы мен үкісін қабырғасына шанышқан ағашқа байлап қояды. Содан бастап бұл жер «Үкілі бейіт» атанған.
334. ҮКІЛІ ҚЫЗ
Ертеректе Қарауыл - Жасық елінде Маман деген байдың жалғыз қызы бар екен. Ұл бала болмаған соң қызды ерекше тәрбиелеген. Ерке қыз серілікке салынып, еркектерше киініп, садақ атып, ержүректігімен елді тәнті қылыпты. Сонымен қатар бөркіне үкі қауырсынын қадап жүреді екен. Бір күні Опан қыз жігіттермен көкпар додасына түсемін деп, аттан жығылып аяғын сындырады. Төсек тартып жатып:
Опан қыз өзім атым әкем қойған, Тойыма қуаныштан қошқар сойған, – деп әндетеді. Әннің қайырмасы «Алла-ay, аяғым-ау» деп бітеді екен. Кейіннен жайлау сол қыздың атына берілген дейді.
335. ҮШБАСТАУ
Ерте заманда бұл арада бір көл болыпты. Көл маңы көк жайсаң, қара құйрық, құлан, бұғы сияқты аңдардың мекені екен. Аққу, үйрек, қаз қатарлы құстар да осы арада өсіп-өніпті. Солтүстіктен оңтүстікке баратын жыл құстары ұзын сапардан қанаты сайран салып жалғасты сапарына бет түзейді екен. Бір ақсақалды кария күнелтудің жолын іздеп қызын ертіп сапарға шығыпты. Әкелі-балалы екеуі қағыр далада қаңғырығы түтеп, су таба алмай кария өлуге айналыпты. Олар кенеттен көлді көріпті. Қыз үш тостаған алып суға жөнеліпті, ол су алып қайтып келсе, әкесі әлдеқашан жан үзіпті. Қыз әкесін құшақтап жылай беріпті. Осылайша үш күн, үш түн жылап есінен таныпты. Қанша уақыт өткені белгісіз құстардың сайраған дауысынан есін жинаған қыз қараса үш тостаған қойған жерден үш мөлдір бастау пайда болыпты да бір-біріне қосылып, ен далаға қарай ағып жатыпты.
336. ҮШОБА
1932 жылы ел аш. Тігерге тұяқ, ішерге ас жоқ. Тамақ іздеп, қайыр тілеп ел кезген жұрт ауылдан-ауыл кезіп жүр. Беттеген жерге жете алмай жол шетінде аштан бұратылып өлгендер қаншама. Сондай күй кешкен ауылдардың бірі Жалтыр ауылы. Әбден ашыққан ауыл адамдары қорек іздеу мақсатымен жан-жаққа бытырап кете бастайды. Сонда ауылда «өлсем де өз үйімде өлем, жолда қаңғырып өлмеймін» – деп, Бестай деген кісі ғана әйелі және баласымен бірге қалған екен. Бір ауылдан сол жалғыз үй қозғалмай қалады. Ақыры аштық бітеді. Азапты қыс өткен соң, тірі қалғандар елдеріне орала бастайды. Жұртта қалған жалғыз үйге келсе, Бестай әйелі, баласымен бірге өліп қалыпты. Мұндай аянышты өлімге бар ауыл қайғырады. Сөйтіп, үшеуін сол күйімен жерлейді. Ауылдың сыртындағы үш бейіт сол аштықтың белгісіндей шошайып әлі тұр. Содан бері Жалтыр ауылы «Үшоба» атанған екен. Бірақ 1960 жылы совхоз болып құрылып, оған өзінің «Жалтыр» деген аты қайта қайтарылған болатын.
337. ХАН ҚАШТЫ ЖЕРІ
Бөкейханның баласы Асан төре бейіті әлі күнге Бесоба мен Тоқтар ауылының екі ортасында тұр. Асаннан Бек пен Абай туған.
XVІІ-XVІІІ ғасырлардың орта кезінде қалмақтар шапқыншылық жасаған кезінде Асан төре Бесобаның Қарағандыға шыға берісіндегі Жаңа ауыл деп аталатын жерін жайлаған. Асан көзі тірісінде екі баласына жер таңдап ал деген. Бек Сөк деген інісімен жер қарап Қоңырқұлжаға келеді. Ол кезде пілтелі мылтық тек дуан басшысында болады екен. Сол мылтықпен жолға жүйрік ат мініп, Сөк пен Бек шығады. Асан төре төрт жүз-бес жүзден жігіттерді ат үстінде әскер есебінде ұстапты. Бек, Сөк екеуі Қоңырқұлжаны аралап келе жатса, Әулие бұлақ басында отырған қалмақтың 10-15 кісілерін көреді. Бек аттан түсіп, Сөкке атты беріп: «Сен көрінбе, мен басшысын атамын», – дейді. Тастың қуысында көрінбейтін жерден пілтелі мылтықпен ортасында отырған үлкен басшысын атып қалады. Бек өте мерген болыпты. Басшысы қолма-қол оққа ұшады. Иесіз тауда мұндай болады деп ойламаған қалмақтар улап-шулап атқа міне салып, жан-жаққа шауып, атқан кісіні іздейді. Бек тас қуысында тығылып бәрін көріп отырады. Қалмақтар сол жерде «Орынбай» асуы деген жерге басшыларын қуысқа көміп кетеді. Қазір ол жер «Хан қашты» деп аталады. Сөк болса Бек өлді деп атты жетектеп қаша жөнеледі. Содан 75 шақырым жайлауға шауып келіп, Бекті қалмақтар өлтірді деп аттандайды. Асан төрт жүз сарбазды атқа қондырып: «Жер, көкті сүзіңдер, қараңдар, тірі деп сүйінші сұрап келген кісіге жер, қыстау берем, алдына мал берем», – деп жар салады. Жігіттер Қоңырқұлжаға келіп, тау-тасты, орман тоғайды сүзеді. Сол кезде таудың қуысында арқардың құлжасын атып алып, етін қақтап жеп отырған Бекті көреді. Мұны көрген Мұңсызбай деген есігінде жүрген жас жігіт астындағы тайыменен жетпіс бес шақырымдағы Асан отырған жайлауға шаба жөнеледі. «Тірі-тірі» дегенге тілі келіп құлап түсіпті. Тай болса қолма-қол өліпті. Асан төре Тоқтар ауылының жанындағы қыстақты «Мұңсызбай» деп атайды.
338. ХАНТАҒЫ
(І-нұсқа) Ертеректе қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Осы кезде әміршінің құлағына: "Ойбай, хан аулына қара құрт қаптап келеді"- деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді. Тақ әзір болған кезде хан сонда ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәленің амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ өкінішке орай, әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қара құрт ханды шағып өлтіреді. Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жер кейін "Xантағы" аталып кетсе керек.
339. ХАНТАҒЫ
(ІІ-нұсқа) Қаланы қалмақтар мен торғауыттар, ойраттар басып алған кезде халықтың ашу кегінде шек болған жоқ. Бүтін қазақ даласы ант-су ішіп, атқа мінді. Басқыншы ханға да жан керек. Ол халық қаһарынан корқып, Түркістаннан жиырма-отыз шақырым жердегі таудың биігіне шығып, хан тағын орнатты. Тауды айнала әскермен қоршап, күндіз-түні күзет қойдырып, елге билік жүргізді. Бірақ Қалмақ ханның өмірі де жеңісі де ұзақ болмады. Оны сол таудың басында, шатырында шарап ішіп, мас болып жатқанда қарақұрт шағып өлтіреді. Содан бастап хан шатырын тіккен тау «Хантағы» аталады.
340. ШАҒЫРАЙ
Ертеде осы Тікенектің бойын мекендеген Шоңайбай деген байдың жылқысын найман Шағырай ұры барымталап алып кетеді. Сонда Шоңайбайдың баласы Рақымжан соңынан қуып барып, Шағыраймен бетпе-бет кездеседі. Ақыры соққыдан Шағырай өліп, оның сүйегін таудың етегіне көмусіз тастап кетеді. Сөйтіп, сол тау «Шағырай тауы» деп аталып кеткен.
341. ШАЖАҒАЙ
Ұлы жүз, Жетісу бойының Шажы деген өндірдей жас жігіті сүйгеніне қосыла алмай, өз елінің шынжыр балақ, шұбар төстерінен зәбір көрген соң, өкпелеп Арқаға көшіп келіпті. Арқа елі Ұлы жүздің жүдеп, жабырқап келген бір жігітін жалғыз екен деп бетке қақпай, жарлы екен деп қомсынбай, қолтығынан пана, қойнауынан мекен жай беріпті. Көп түкірсе, көл емес пе? Шажы аз жылда-ақ ақ төбедей үй тігіп, ақ бөкендей қой айдап, Арқаның бір аруымен жарасқан екен. Өзінің де халыққа қадірі артып, ел-жұрт санасатындай ақыл-парасаты мол азамат болып есейсе керек. Ол бітістірген рулар мәңгіге дос болып, айтқан төреліктері жүйесін тауып, естіген құлақтың айызын қандырады екен. Күндердің бір күнінде Шажының атақ-даңқын естіген Ұлы жүздің ер-азаматтары аяққа жығыла келіп, Шажыдан елге қайтуын өтінеді. Сонда Шажы: «Мен өз елімде отырмын. Туған жердің сауыры тарлық етіп еді, Арқасына жылжып қоныс тепкен екенмін, оның несі айып!» – депті. Шажы ұзақ жасап, сексеннен асып дүние салғанда Орта жүз, Ұлы жүз болып күңіреніп, осы өзеннің бойына арулап қойған екен. Халықтың қалауымен, ел ақсақалдарының пәтуасымен ардақты азаматтың есімін ұрпақтың есінде қалдыру үшін осы өзенді «Шажы» деп атапты. Алайда қадірлі қарияның есімін атай салудан қымсынған кейінгі ұрпақ Шажы ағай деп кетсе керек.
342. ШАЙТАНКӨЛ
(І-нұсқа) Баяғыда бір байдың Сұлушаш деген қызы болыпты. Байдың есігінде жүрген Тезек деген құлы Шұнақ деген күңімен қосылып, одан Алтай туады. Ол ер жетіп, Сұлушаш екеуі бір-бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады. Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашады. Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендейді. Сол жерде аң аулап, құс ұстап, күндерін көреді. Бір күні Алтай құс аулап жүріп, құзға кездеседі. Сол құзға бүркіт ұя салған екен. Алтай одан бүркіттің балапанын алмақшы болады. Бірақ жолы болмай шыңырауға құлайды. Сұлушаш Тескен таста сырнай тартып отырады. Біраздан соң артынан ырылдаған дауыс естіледі, қараса артында арыстан тұр екен. Содан қорыққаннан көлге құлап өледі. Қайсар Сұлушашты іздеп осы жерге келсе, көлдің бетінде қыздың көйлегі, тақиясы жүзіп жүреді. Ол да сол көлге құлап өледі. Содан кейін бұл көл «Шайтанкөл» атаныпты.
343. ШАЙТАНКӨЛ
(ІІ-нұсқа) Ерте уақытта екі жолаушы Қарқаралының ну орманын аралап жүріп, бір маралға кез болыпты. Сол маралы өздерінің тазыларын қосады. Содан әлгі маралды тазылар қуа жөнеледі. Екі жолаушы олай да ойлайды, бұлай да ойлайды. «Бұл не сұмдық? Сағым ба, шайтан ба?» деп таңырқап тұрғанда, иттердің дауыстары естіледі. Ол дауысты қуып, екі жолаушы жобалап келсе, әлгіндегі марал бір көлшікке түсіп тұрған екен. Жаңағы маралды алып, ауылға аттанғалы жатып, «Бұл не зат, сағым ба, шайтан ба?» деп ойлайды. Содан бері бұл Қарқаралы маңындағы «Шайтанкөл» атауы осыдан қалған екен.
344. ШАЙТАНКӨЛ
(ІІІ-нұсқа) Бір күні кешке қарай тау басындағы көлге барса, дыбыс шығады, ағаш арасынан бақылап тұрса, адам бейнелі біреулер суға шомылып жүр екен. Егделеу еркек бейнелісінің барлығы: «Әплит, әплит» деп бәйек болып жүрген сияқты. Әлгілерге білгізбей, шегініп кетіп қалады. Ертесіне елсіз алаңда тағы келеді, сөйтсе әлгі ібілістер тағы шомылып жүр екен. Әйел бейнелі егделеу біреуіне: «Жәплит, жәплит» деп бәйек болып жүр екен. Сонда Жиренсақал әулие: «Бұл өсіп өнетін ібіліс екен ғой. Әплиті – әкесі, Жәплиті – шешесі ғой» деп шыдай алмай дұға оқып, айқайлап жіберіпті: «Малғүндар! Енді кездессеңдер, маймылға айналдырып жіберемін!» деп ақырған. Әулие одан кейін де көлге бірнеше рет барған және түнеген де екен, бірақ шайтандарды қайтып кездестірмеген. Содан кейін ол шағын көл «Шайтанкөл» атанып кеткен екен.
345. ШАЙТАНКӨЛ
(ІV-нұсқа) Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында Құдайға арнап мал сойып, Құран оқытады. Шаншар ішінде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтың үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен «тұра тұрыңдар, бәлем!» деп кете барады. Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «пісмілда» деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті.
Ал бұл туралы орыстар басқаша айтады. Бірде аңшылар атып алған бұғыны кейін бір айналып кеп алмақ боп осы Шайтанкөл жағасына қалдырады. Қайта келгенде көлді таба алмай: «Шайтан алғыр-ай, қайда кетті?» – деп іздесе керек. Бертінде шіркеудегі поп көлді бұрынғысынша атайық деп тақтайға жаздырып қойса, жұрт оны аулаққа лақтырып тастап, «Шайтанкөл» деп атапты.
346. ШАЙТАНТӨБЕ
Бір күні Шонай жылқы жайып жүріп, шаңдатып келе жатқан көп арбаны алыстан көреді де, ағасы Игілікке хабарлайды. Өзі подвоттың алдынан шығып, амандық-саулық сұрасып, өзен жиегіне арбаларын доғарыстырып, қастарында жүреді. Кіре тартатын солдаттар – орыстар. Бүгіл бекетіне суға түсіп, тамағын ішіп, арағын ішіп, аттарын шалдырып, үш-төрт сағат тынығатын әдеті. Бұрынғысынша аттарын тұсап, жатаған төбенің өзекшесіне отқа қоя беріп, өздері тынығады. Бұл уақытта Игіліктер жасырынып келіп аттардың тұсамысын ағытып, жаяу өзек бойымен айдап отырып Қаратұмсықтың қалың шиіне кіреді де, қалың тал арасына байлап кеткен өз аттарына мініп, ұрлаған жылқыларын қуып кетеді. Орыстар дем алып, жүруге ыңғайланып, өзекте жайылып жатқан аттарына келсе, біреуі де жоқ. Ол уақыттағы орыстардың бәрі қазақшаға судай. Сонда біреуі тұрып: «Әй, мына шайтан төбе біздің аттарымызды жұтып қойған ба?» – депті. Содан бастап бұрын атаусыз топыдай ғана төбешік «Шайтантөбе» атанып кеткен.
347. ШАЙТАН КӨПІР
Ерте заманда ел билеуші хан болған екен. Ол тек өз айтқанымен, өз білгенімен жүреді екен. Содан ол бір күні кезінде мола болған жерді жойып жібереді. Сол моланың жанында ауылды екіге бөлген көл бар екен. Хан сол мола болған жерге ел қондырып, егін екпекші болады. Елдің молдалары, діндарлары ол жерге көшпеуін, тиіспеуін өтінеді. Бірақ хан өз айтқанынан қайтпайды. Содан ол көлге үлкен көпір салдырады. Күн батқан соң, кеш қарайып қалған кез болатын. Ол өзі салдырған көпірден өтіп, арғы бетті көрмекші болады. Көпірден өтіп, жұмысына ырза болып, ел көшпекші болған жерді көріп қайтады. Ертеңінде ертемен тұрса ханның аузы бір жағына қарай қисайып кеткен екен. Бұны көріп хан да, қара халық та қорқып, таң қалады. Ол ауыл молдаларынан жөн сұрайды Сонда молдалар бұны көріп, жағаларын ұстап, таң қалысады.
Ауыл имамы ханға:
– Сен ата-бабаларымыздың жерін аяққа бастың, олардың әруақтарын қорладың. Киелі жердің мазасын алдың. Содан аруақтар су бетіне, жер бетіне шығып жүрген. Сен көпірден өткенде, саған істеген аруақ немесе шайтандардың ісі бұл, – деп айтады.
Содан бұл көпір «Шайтан көпір» деп аталып кеткен. Сол ауыл да «Шайтан көпір» ауылы деп аталып келеді. Көпір осы кезге дейін сақталған. Бірақ мола болған жер ауыл емес, зират орнына айналған. Алайда адамдар кеш батса, сол көпірден өтуге, жанына жолауға қорқады.
348. ШАЙТАН ҰРШЫҚ
Бір уақытта мұнда хан сарайы болыпты. Мол дүниенің буына мастанған хан қарауындағы халық туралы мүлдем ұмытып, күні-түні сауық-сайран, қызық-думан құрыпты. Жаратқан ие ханның азып-тозған халқын көріп, салтанатты сарайын тас-талқан қылады да, сен малғұнға керегі осы деп, ақымақ ханның өзін тас шайтанға айналдырыпты. Түн болса-ақ ақымақ ханның бұрынғы қыз-қырқындары шайтан болып, сандарын шапалақтап, сан-сапалақ болып шыға келеді екен де, «Шайтан тасты» мазақ қылып, жанында ұршықша айналып жүреді екен.
349. ШАЛДАБАР
Ертеде қырғыз бен қазақ елінің шекарасында орналасқан ауылға бір орыс қолөнершісі келіп қоныстаныпты. Әр түрлі бұйымдарды ауыл адамдары сол орыс шалдан сатып алады екен. «Егер құрал-сайманнан мұқтаж болсақ, барлығын сол жақтан табуға болады» – деген сөз көп ішіне тарап кетеді.
– Әй, осындай кетпенді қайдан таптың? – десе:
– Бұл кетпеннің үлгісі шалда бар.
Сұраушыны сол орыс шалға жіберетін көрінеді. Содан былай бұл ауыл «Шалдабар» деп аталып кетеді.
350. ШАҢТИМЕС
Ертеректе Шилібай деген бір бай болыпты деседі. Шилібай бай мал-жаныма жайлы жер осы болар деп қоныстанған екен. Байдың үйір-үйір жылқысы, табын-табын қара малы бар екен. Түйелері мен қойлары да өте көп болса керек. Осыншама байлық Шилібайға біткенімен, Алла оны бір перзентке зар қылыпты. Шилібай мен бәйбішесі күнде Аллаға жалбарынып бала тілепті. Күндерің күнінде жылап-сықтап жүргенде Құдай тілектерін беріп, Шилібай елу жасқа толғанда бәйбішесі жүкті болып, тоғыз ай, тоғыз күн өткенде толғатып перзент әкеліпті. Ол қыз болса керек. Қыздың атын ақылдасып Назым қойыпты. Көптен аңсаған армандары орындалып ерлі-зайыптылар қатты қуаныпты. Маңайындағы би, болыс, сұлтандарды шақырып, ат шаптырып, көкпар тартқызып, бәйге тіккізіп, қыруар мал сойып, той жасапты. Күндердің күнінде уақыт өте келе Назым бой жетеді Ол өте сұлу болыпты деседі. Қалың өскен шашы тізесінен төменге түседі. Аққұба реңді келбетіне қиылған қара қасы мен майысқан ұзын қалың кірпігі жарасып тұр. Сөйлегенде үлбіреген жіңішке еріні мен оймақтай ауызы арасынан көрінген біркелкі тістері күріштей аппақ, белі тал шыбықтай. Нәзік біткен саусақтарына таққан алтын, гауһар тасты жүзіктері күнмен шағылысып жалт-жұлт етеді. Құлағына таққан сырғасы, қолындағы күміс қалың білезігі, мойнына таққан алқасы, қос бұрым етіп өрген шашына таққан шашбауы, үстіне киген желбіректі сәнді көйлегі мен қаптырма тағылған камзолы өзіне жарасыңқы, әрі Назымның сұлулығын асыра түскен тәрізді. Шилібайдың мақсаты елу жас төңірегінде көрген қызын көзінің тірісінде оңды қолға ұзатып, құтты орнына қондырмақ. Назымға сырттай ғашық болып жүрген бозбалалар аз емес-ті. Жалғыз қызы болғандықтан, Шилібай ерікті өзіне берген болатын. Шилібайдың үйіне жан-жақтан құда түсушілер ағылып жатты. Құда түсіп жатқандардың ішінде қызды тоқалдыққа алмақ ойы бар алпыстан асқан шалдар да, өзіне емес байлығына қарайтын шығар деген оймен келіп жатқандар да бар. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, тепсе темір үзетіндер, домбырамен ән шырқап, өзін суырыпсалма ақындығымен таныстыра келгендер, мергендер мен балуандар қыздың көңілінен шыға қоймады. Күндердің бір күнінде Назым айықпас дертке шалдығып, әке-шешенің басына қара бұлт төнгендей болды. Күні-түні қыздың қасынан шықпай, аңдумен болды. Төсек тартып жатып Назым сұлу дүниеден өтіпті. Шилібайдың жүзі қара түнек басқандай, отырған жерінен қозғалмай, қабағы түйліп:
– Құдайдың маңдайыма жазған соры бес елі екен. Не жаздым мен осынша қайғыға душар болатындай, не жазғаным бар еді? Не, не жаздым? – деп мұңайып қала берді деседі.
Қызының бейітін шаң тимесін деп биік таудың басына жерлепті. Сондықтан осы тау ел аузында «Шаңтимес» аталып кетіпті.
351. ШАҢЫРАҚКЕМІР ЖАЙЛАУЫ
Бұл жерде Оспан деген байдың жазғы жайлауы болған. Жаз келе Оспан өзінің көптеген туған-туыстарымен, малымен осы жайлауды мекендейді. Бұл жердің шөбі қандай! Осы шөптен жеген жылқының құлындары тайдай, бұзаулары өгіздей, қозылары тоқтыдай болған, ал маңайында әр түрлі жидектер молынан кездескен. Оспан бай туыс, көршілері арасында ең беделді, ауқатты болған, онымен қоса әрі адал болған, кедейлерге талай көмегін тигізіп отырған. Оспанның ауылы тату-тәтті, тыныш өмір сүріп жатқанда, ұжымдастыру кезеңі басталды. Көптеген ауқатты адамдардың, солардың ішінде Оспанның байлықтары, малы тартылып алына бастады. Оған қоса ашаршылық басталды. Ауыл қалған мүліктерін жиып көше бастады, көптеген адамдар тамақ татпай, шетінен қырылды. Бір күні ауылда жейтін еш нәрсе табылмай, тұрғындар киіз үйлерін құлатып, шаңырақтарын кеміре бастаған. Бұл сұмдық бірнеше күн бола берді. Басқа жақтан орнында шаңырақтары кемірілген киіз үйлерді көрді. Содан бұл жайлау «Шаңырақкемір» деген атауға ие болған.
352. ШАРБҰЛАҚ
Бірде Ысмайыл ата өзінің диқандарына осы маңнан тегістеу жер тауып, қауын егуді тапсырады. Диқандар пірлерінің айтқанын екі етпей, етектен жазықтық жер тауып, қауын еккен. Еккен егін түгел көктеп шығады. Бірақ аздан кейін су тапшылығын тарта бастайды. Осыны есіткен Ысмайыл ата диқандарға еріп, қауындыққа барған. Жер құнарлы, егін тегіс шыққан, тек су жоқ. Ысмайыл ата ауылдың ішін аралап, Қаракемер деген төбеге шығып, айналаға көз тастап алады да, егістіктің шығыс жағына келіп, жер қыртыстарын және саралап барып, қолындағы асатаяғымен төрт жерді түртіп қалады. Сол төрт тесіктен атқылап бұлақ шығып, бір құлақ суға айналып, айналаны ылғалға айналдырады. Осы төрт бұлақтан (Шар бұлақ) шыққан су бүкіл алқапты суландыруға жетеді. Ысмайыл ата енді бұл бұлақтардың суы қанша атқыласа да, еш уақытта таусылмайтынын айтып, Тұрбатына қайтып кетеді. Сол заманнан бері осы ауыл «Шарбұлақ» аталып келеді, суы бүгінге дейін таусылған жоқ.
353. ШӘРБАН ТЫҚҚАН ТАС
Осы өңірде ертеде Дәулетбек би деген ауқатты адам болыпты. Сол кісі Шәрбан есімді қызды тоқалдыққа айттырып, жаз жайлауы кезінде қалың малын береді. Көп ұзамай алған екен. Бірақ Шәрбанның сүйген жігіті Айтжан аса талантты әнші болыпты. Кедейліктен Шәрбанды ала алмаған Айтжан көп қиындықты бастан өткереді. Шәрбанмен қисынын тауып кездесіп, бір күні алып қашады. Сондағы екеуінің паналағаны мына жартас болыпты. Айтжан күндіз ауылда болып, түнде тамақ әкеліп, екі ғашықтың өмірі осылайша өтіп жатыпты. Жан-жақтан аңдушы болғандықтан, жартастан шыға алмайды. Ақыры қыс тақала ол жерден ұзай алмаған екі ғашық, амалсыз ажырасады. Шәрбан қайта Дәулетбек биге барады. Сөйтіп, ғашықтар тағдыры өкінішті аяқталады, Айтжанның Шәрбанды жасырған жері содан бері «Шәрбан тыққан тас» аталып кетіпті.
354. ШӘРІПБЕК ТАУЫ
Казақстандағы тың игеру жылдарында Шәріпбек деген совхоздың директоры болыпты. Өзі жалқаулау, жұмысқа жоқ, ісінде берекесі шамалы Шәріпбек күнделікті жұмыстың барлығын орынбасарына тапсырып, өзі «ауданға кеттім», «қалаға кеттім» деп машинасына отырып алып, совхоздан екі шақырым жердегі шоқының биігіне шығып, ұйықтайды екен. Ауыл болған соң, аңшысыз бола ма, совхоздың бала-шағасына дейін аңшылардың дүрбісін сұрап, Шәріпбекті бақылайды екен. Ол орнынан түскенше көпшілік сыр білдірмепті. Арада бір жыл өткенде жұмысы ауысқан Шәріпбекті совхоз тұрғындары келеке қылып, істеген ісін бетіне басып, әжуаға айналдырады. Ал ауылдың сыртындағы жаңағы шоқыны көпшілік «Шәріпбек тауы» атап кетіпті.
355. ШӘУІЛДІР
(І-нұсқа) Ат шаптырым алыстан мұнарта, қарауыта көрінетін Төрткүл дүниеге аты мен даңқы жеткен "Ұлы жібек жолының" күре тамыры болған Отырар қаласының кішігірім таудай болып үйілген үйінді орны. Отырар қаласының солтүстік беткейінде Арыстанбаб деген әулиенің күмбезі бар. Ақшеңгел кей-кейде сыңсып, бір түрлі мұңды әуенмен жылайды. Сол жерге "Шейіт болған қыз" жерленген, сол қыздың моласының үстінде ақ шеңгел өскен деседі. Отырар ханы Қайырдың інісі әскер басы болады. Әскербасының жалғаннан арттырған жалғыз қызы Дүр болады. Дүр өнер-білім алу үшін ағасы Кайыр ханның қолында жасайды. Дүр өте сүйкімді, көрікті, құралай көз, киғаш қас, сүмбіл шаш, талшыбықтай бұралған көркіне ақыл-парасаты сай болып өседі. "Әскербасына жасаған ием жалғыз қыз берсе де, дүниенің тұтас байлығына пара-пар қыз берген",- деседі. Кайыр ханның ұлы Шәміл Дүрменен түйдей құрдас екен. Екеуі де балалықтың бал күндерін өткізе береді екен. Шәмілді көрген қариялар: "Ер тұлғалы, батырға лайық кейпі бар". Бұл өзі Қайырдан өткен хан болар дейді. Қайырды дұшпандары жеңудің әдісін ойлайды. Қайырхан мен інісінің ұйымшыл, халқының ұйыған ынтымағын жек көреді, «әскері мықты, бұны жеңу үшін күш емес, айла керек» дейді. Сол кезде Шәміл жігіт болып бой түзеп, Дүр бой жеткен қыз болып қалған екен. Оңы мен солын анық ажырата алмайтын бозбала жігіт пен бойжеткенді қанды шеңгелдеріне түсіруді мақсат тұтады. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, хан сарайынан опасыз жан табады. Қайырхан өзі саятшылап кеткен екен. Кеткенін білген жау пәк жандарды алдап-арбап, шарап ішкізеді екен. Екеуі естерін жиған соң, ұят шоғына бидайдай қуырылады екен. Бұл хабар ханға да жетеді. Намыс отына түскен хан, Сарыкөлден інісін суыт алдырады. Інісі де "Бұл не деген сұмдық, қазақ халқының дәстүр-салтында жоқ масқаралық» деп күйзелді. «Күнәһардың бірі сіздің, бірі менің перзентіміз, екеуін де жас боран етіп жазалау керек» дейді. Қайырхан сабырлы қалыпты: «Осы іске көңілім сенбейді» деп, Шәміл мен Дүрді алдырады, екеуі де болған істі мойындайды. Үкім шығарылып, туысқан аға, қарындастың қылмысына лайықты жаза қолданылады. Қала халқының бәрі күн батыс жаққа тұрып, екіге бөлініп тұрады. Қақпа аузында жазалаушы әскер атқа мініп, қылышын қолына алып, сап түзейді. Қылмыскер екі жас жүгіріп атқа мініп, қала ішінен шауып шығуы керек. Алдымен Шәміл көз ілеспес жылдамдықпен жұлдыздай ағызып өте шығады. Жазалаушының қылышының біреуі иығына, біреуі санына тиіп, қып-қызыл қаны саулап кетеді де, жоқ болады. Оның артынан Дүр де ақ жамылып ағыза өтеді. Шәмілдің басын ала алмаған бас кесерлер, Дүрдің басын алады. Қыздың денесін алып, Арыстанбабқа тастайды. Қызды сол жерге жерлепті. Ал Шәміл ұшты-күйді жоқ болады. Ел жиналып, есін жиған соң, ескі елді мекен Отырардың атын «Шәміл-Дүр» депті. Келе-келе бұл Шәуілдірге айналыпты.
356. ШӘУІЛДІР
(ІІ-нұсқа) Ертеде Бұзық қаласын (қазіргі Темір ақ қорға, Бозықтөбе) Мұрындық атты хан билепті. Ол өте қатал, айтқанынан қайтпайтын, бір беткей жан екен. Бірде қаладағы Беген өзенінен су тартылып, қала тұрғындары бір тамшы суға зар болыпты. Сол кезде Мұрындық хан: "Кімде-кім қалаға су жеткізетін болса, соған қызымды беремін"- деп жар салыпты. Мұрындықтың Дүрия есімді айдай сұлу қызы бар екен. Көркіне ақылы сай Дүриядан қаланың бар кәрі-жасы тегіс үміткер болып, олар қалаға су әкелу жұмысына бар ынтасымен жұмылыпты. Алайда су жеткізу ешқайсысының қолынан келмесе керек. Сол ауылда Мұрындықтың жылқысын бағатын Шәміл есімді көрікті, батыр тұлғалы жігіт бар екен. Шәміл мен Дүрия бір-бірін өте жақсы көріпті. Бірақ сезімдерін жария етуге бірінің кедей жігіт, екіншісінің бай қызы екендігі бөгет болыпты. Расында, тігерге тұяғы жоқ, сіңірі шыққан кедейге қай бай қызын берсін. Осыдан барып Дүрия әкесіне Шәмілді ұнататынын айтуға аузы бармайды. Айтқан жағдайда, сүйген жігітінің мойнына қыл арқан түсетіні анық. Ханның қалаға су әкелу туралы жарлығын естігенде, Шәміл қатты қуанады. "Дүрияға қосылудың бірден-бір жолы осы",- деп ойлайды. Ол үлкен кетпен жасатыпты. Арыс өзенінің жағасына келіп, тездетіп іске кіріседі. Күн-түн демей арық қазады. Тек бір өкініштісі, он бес шақырымдай жүргенде кетпен бір қатты затқа соғылып, сабы сынып кетеді. Кетпеннің сабы тораңғыл ағашынан жасалған екен. Ызаланған Шәміл сынған сапты бес бөліп, лақтырып жіберсе, ол бес таяқша болып жерге шаншыла түседі де, біраз уақыт өткесін, көктеп шығады. Кейін сол жерде бес ағаш өсіп тұрады. Содан халық ол жерді "Бестораңғыл" деп атап кетеді. Шәміл кетпенін қайта саптап, жұмысын жалғастыра береді. Отыз шақырымдай арық қазып, Бұзық қаласына су алып барады. Шөліркеген халық суға қанып, шатыққа бөленеді. Алайда Мұрындық хан өзінің уәдесін орындамайды. Қызын алып, Отырар қаласына қарай қашады. Бірақ оны Шәміл Отырарға жеткізбей, қуып жетіп, Дүрияны күшпен тартып алады. Содан кеткен екі жас ну орманды паналап, күн кешеді. Аң аулап, жеміс-жидекті қорек етеді. Мұны естіген хан ашуға мініп, арттарынан әскерін жіберіп, екеуін табанда өлтіртеді. Міне, осы екі ғашық паналаған жерді жұрт "Шәміл мен Дүрияның ауылы" деп атап кетіпті. Уақыт өте келе бұл атау қысқартылып "Шәмілдүр", артынан дыбыстық өзгерістерге ұшырап "Шәуілдір" атанған деген сөз бар.
357. ШЕКІЛ ҚОНҒАН
Баяғыда Қарқаралы уезі, Темірші болысына қарасты №10 ауылда Шекіл деген есепші болыпты. Ол кісі ауа райының қандай болатынын ерте болжап, қар қашан түсіп, қашан еритінін, қыс аяғындағы қайтарма суықтар қай күндері болатынын дәл айтады екен. Ол кісіні көрген кейбір қарттар: «Ол түнде тұрып шықтың түсуін, сиырдың жүнін сипап байқайтын. Далаға күл үйіп қойып, желдің бағытын, күшін бақылайтын», – дейді. Көрші елдер Шекілден қысқы ауа райы қалай болатынын арнаулы адамдар жіберіп біліп тұрады екен. Атақты «Доңыз жұты» деп аталатын жылы қар жауар алдында Шекіл қазіргі Қасым атындағы ауылдың жері «Қарасораң» деген таудың бауырында отыратын Егізбай, Семізбай деген кісілерге келіп: «Биыл қыс қатты болады. Бұрынғылар «жұт жылы жақсы адамдардың қасында бол, биік таудың басында бол» деген екен. Сендерді жақсы көруші едім. Тауларың да биік еді. Мен биыл сендердің тауларыңның басына қыстап шығайын», – деп рұқсат сұрапты. Олар рұқсат етеді. Шекіл қар жаумай тұрып малдарын айдап Қарасораңға көшіп келеді де, тау басындағы бір шұңқыр, жылы жерге екі киіз үй тігіп, біріне адамдар, бір үйіне малдары тұратын етіп әзірлейді. Отын жинап алады. Қыстан алып шықсам деген тәуір малдарын алып қалып, кәрі құртаң, нашар малдарын сойып алады. Шекілдің болжауындай қар ерте түсіп, онан кейін қалың жаңбыр жауып қатып қалады. Жер беті көк айнадай болып, қатты жұт болады. Қыс бойы жел қай бағыттан соқса да қарды жұмсартып, таудың басын қап-қара етіп қағып кетіп отырыпты. Шекілдің малдары қыстан дін аман, күйлі шығыпты. Егізбай, Семізбай тау бауырындағы өлкеде малдарына қарды қазып шөп аршып беріп жатады. Балалары әкелеріне ренжіп, Шекілді қуып, тауға өз малдарымызды жаямыз десе, әкелері «балалар, біздің уәдеміз бар еді. Бар малдарың қырылып қалса да Шекілді қозғамаңдар», – деп көнбейді. Сәуір ішінде бір күні Шекіл келіп: «Енді ұзамай қар кетеді. Қатқақта еліме жетіп алайын деп көшкелі жатырмыз. Сіздерге рахмет, рұқсат беріңіз», – депті. Айтқанындай Шекіл көшіп өз аулына барған күні тұманданып, оңтүстіктен жылы жел соғып, қар ериді. Сол жер осы уақытқа дейін «Шекіл қонған» деп аталады.
358. ШЕРҚАЛА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
(І-нұсқа)
Шетпе маңында «Шерқала» деп аталатын тау бар.
Ерте кезде бұл жерде адайлар мен түркімендер арасында қырғын соғыс болған. Адайлар түркімендерден қорғану үшін таудың басын паналаған. Түрікмендер бұл тауды қоршап алған. Адайлар таудың басын тесіп, сол жерден су алып отырған. Мұны біліп алған түрікмендер екінші жағынан тесіп, адайлар су алғанда арқанды қиып тастап отырған. Сусыз қалған адайлар тау басында қырылып қалған. Содан бастап бұл тау шерлі, зарлы қала деп аталып кеткен.
Кейбіреулер бұл аңызда шерлі болатын түрікмендер екен дейді.
359. ШЕРҚАЛА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
(ІІ-нұсқа) Баяғыда түрікпен-қазақ қырғынында осы ұшпаға түрікпендер орналасып алып, жаугершілік жасаған. Бұл ұшпаның жан-жағы тегіс тас, өтетін жері, жолы болмаған. Тек бір ғана жолы – ішінде су алатын түрікпендердің тіршілік еткен көзі үлкен шыңырауы болған. Жоғарыдағы жауға ештеңе істей алмай, құруға жақын қалған қазақтар ақыры амалын тауыпты. Олар шыңыраудан қауіпсіздеу бір шетін тесіп, сол жерден түрікпендердің су алуға түсірген қауға, шелегін кесіп тастап тұрған. Ақырында шөлден қырылып, қаталаған түрікпендердің жартылай қолы «Шерқаланы» тастап қолға түскен екен. «Шерқаланы» түрікпенше алынбайтын қамал дегенді білдіреді екен. Бертінге дейін «Шерқала» тауы Маңқыстау қазақтарының «киелі» деп санайтын жерінің бірі. Сондықтан олар әрі-бері өткенде сол жерге садақаға мал сойып, пәле-жәледен құтылу үшін түнеп шығатын болған.
360. ШОЙЫНДЫ КӨЛДІҢ ЖАСЫБАЙ КӨЛІ АТАЛУЫ
Қалмақтардың мындаған қолы қазақтың басын көтертпей шабуыл жасағанда, қазақтың көптеген батырлары, соның ішінде Жасыбай батыр Баянауылды азат етуге аттанады. Жасыбай жасағы Ақкелін, Көкдомбақ тауларының түбінде қалмақтың он мың негізгі күші саналатын әскерін жеңеді. Өкшелей қуған Жасыбай жау тосқауылдарын бұзып-жарып, Шойындыкөл тұсындағы асудан асады. Тауға шығып, жан-жағына қарап, жау көрінбеген соң тынығып алмақ болып, маңдайының терін сүртіп, сауыты мен дулығасын шешеді. Сол кезде бір тастың тасасында бұғып жатқан қалмақтың Құба мергені көздеп тұрып, садағын тартады. Аңғал батыр Жасыбай құлап түсіп, басын қайта көтереді де: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, қасымда қалған жетімдерге қарт Бөгенбай көз салсын», – дейді. Сөйтіп, әйгілі батыр қапыда көз жұмады. Қалың қол қайыса, аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін жартасты таудың төбесіне қояды. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар қабыр басына белгі ретінде үш түп жас қайың егеді. Сол қайыңдар әлі өсіп тұр. Сол жер «Жасыбай асуы» деп аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде «Жасыбай көлі» аталсын деп ұйғарады. Содан бері бұл көл «Жасыбай көлі» аталады.
361. ШОЛАҚТЕРЕК
Текесте қыста қалың қар жауып, әр түлік мал шөп тауып жей алмай жұтапты. Малдың қырылғаны да аз болмаса керек. Сонда малын осы тоғайға алып келіп ағаштың шырпысын қырқып, қабығын аршып азықтандырғанда біраз жан сақтаған екен. Көктемге шыққанда сол үңгірдің қалың тоғайы шұнтиып шолақ болып қалыпты. Міне осыдан «Шолақтерек» атанған екен. Бұдан ілгері бұл өңір «Сары арда» деп аталыпты.
362. ШОЛАҚТЕРЕК ӨЗЕНІ
Шолақтерек өзені ертеректе қалың жыныс тоғай болыпты. Бұл араны Өтеген, Өтеуіл деген ағайынды екі жігіт қоныс етіпті. Ол кезде қыста тері киім, жазда жарғақ киеді екен. Бір күні Өтеуіл малын өрістетіп шықса жаңбыр жауып кетіпті, қусырынып, белін белбеумен буынып алған жарғақ тонының сыртқы етегі жаңбырда былбырап жұмсап созыла беріпті. Өтеуіл созылған етектің артығын кесіп тастай беріпті. Кешке үйіне қайтқанша етегінің бірталай жерін кесіп тастап теңестіріп болған екен. Таңертең тұрып қараса жарғақ тонының су болған етегі кеуіп қысқарып кеткенін бірақ біліпті. Сонда ол жеңгесіне: «Мына тонның қысқарған етегіне бір нәрсе жалғап теңестіріп бер» десе, жеңгесі әзілге айналдырып: «Илеген дайын жарғақ жоқ, сол күйінше кие бер» депті. Өтеуіл жеңгесінің сөзі бойынша ұзынды-қысқалы түрінде киіп алыпты. Содан бастап оның ақылының кемдігіне қарай жеңгелері атын тергеп «Шолақ» атап кетіпті. Сол маңдағылар да осылай атапты. Кейін келе бұлар қоныстанған жердің тоғайын ел «Шолақтың терегі» деп, одан «Шолақтерек» атанып кетіпті.
363. ШОМ ҚАЛҒАН
(І-нұсқа) Отар маңайындағы Қопа өзенінің бойында көшіп жүрген қазақтар қоқандықтардың қысымына шыдамай, олардың салықшыларын өлтіріп, тірі қалғанын масқаралап, қуып жібереді. Қаһарланған қоқан ханы қазақтарды жазалауға қисапсыз көп әскер жібереді. Қоқандықтар қазақтардың еркектерін өлтіріп, әйел мен балаларын тұтқынға алып, мал-мүлкін талан-таражға салады. Қазақ елі де намысқа тырысып бағады. Осы кезде шапырашты руынан ер жүрек батыр Сұраншы Ақылбайұлы шығып, аман қалған жігіттерден аз ғана қол жинап, қоқандықтарға тойтарыс беруге қамданады. Сан жағынан басым жауды бетпе-бет ұрыста жеңу қиын екенін білген Сұраншы жасағымен түн қараңғылығын жамылып қоқандықтардың шебіне тақау келеді де, жігіттеріне әр жерден көп қылып от жағып, у-шуды көбейтуді бұйырады. Содан соң қоқандықтарға «еркімен берілсін» деп елші жібереді. Қоқандықтар қаптаған атты көріп, азан-қазан болып жатқан шуды естіп, Сұраншы көп әскер жиған екен деп шошиды. Осы сәтті күтіп тұрған Сұраншы қолымен лап қояды. Жау бытырап қашады, тіпті түйелерінің қомдарын тастай салып зытады. Содан бері осы жер «Шом қалған» деп аталады.
364. ШОМ ҚАЛҒАН
(ІІ-нұсқа) Қалмақтар қалың қолмен жорыққа шығып, соғыс салуға келгенде кеш батып, қас қарайып кетеді де, сол маңайға түнеп, ертесіне шабуыл жасамақ болады. Қалмақ қолының көп екендігін білген қазақ әскерінің қолбасшылары ақылдасып, айла жасауға кіріседі. Сөйтіп, кең жазық даланың әр жерінде түнде от жағады. Жау жатқан жерінің қарсы жағында лаулап жаққан от көбейеді. Қалмақтар оны көріп, қатты үрейленеді. Қазақ қолы тым көп боп көрінеді. Осы әдісті қолданған қазақ қолы таң қараңғысымен тұс-тұстан атойлап шабуылға шығады. Жау алды-артына қарамай зытады. Олардың қосында қалған шом мен қомға байланысты сол жерді қазақтар «Шомқалған» атап кетіпті.
365. ШІДЕРЛІ, ӨЛЕҢТІ, АҚ КӨЛ
Бұрынғы ескі уақытта Асан қайғы деген адам болғаны бәрімізге мәлім. Асан қайғы еліне жақсы жер іздеп елінен кеткен екен. Жер-жерді аралап келе жатып, бір кең жайылып жатқан өзенге келді. Өзен айналасына қарап тұрып: «Пай шіркін-ай, бұл жерде шідерленген ат семіретін жер екен, бірақ адамдары арамзалық еп болады екен», – деп ары жүріп кетеді. Қайғы бұл өзенге Шідерлі деп ат қояды. Қазір Шідерлі поселкісі құрылды. Ары келе жатып тағы да бір өзенге жетеді. «Суы мен шөбінің шулап, өлеңдетіп тұрғанын қарашы, бірақ елі босқа сөз сөйлеп, өсекшіл, бұзық ел болады екен», – дейді де, – шөп-суы өлеңдетіп тұр ғой, бұл өзеннің аты Өлеңті болсын», – деп ары қарай кете беріпті. Қазір ол жерде Өлеңті совхозы құрылды. Өлеңті қазір үлкен совхоз. Мал және егін шаруашылығымен айналысады. Асан қайғы осымен тоқтамай ары қарай кетіпті. Осы Өлеңті мен Шідерлінің суларының аяғы үшінші бір көлге құйылады екен. Асан жүре-жүре сол көлге де жетіпті. Көлге қарап тұрып: «Суының қардай аппақ, тап-тазасын-ай, бірақ та айналасында шөбі аздау екен», – депті. Сөйтіп, бұл көлге Ақ көл деп ат қойыпты. Бұл үш көл бар аймаққа Исабек, Исақ дегеннің тұқымы тоқтап, орын алыпты.
366. ЫРЫС СЫРДА
Қызылорда сулы жер, нулы жер деп бұрынғылар айтқан екен. Сулы жер атасы болыпты. Сан мыңдаған адам ұлы ерні кезеріп шөлдегенде, жаны қиналып жүргенде өксігін Сырға келіп басыпты дейтін еді бұрынғы қариялар. Қазақ елінің басына ауырмалдық түсіп, көңіл жұбаныш қонысынан, малынан айрылып шұбағанда, «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламаға» душар болғанда, жаяулықтан табаны ойылып жазаланғанда Арал-Сырға келіп жанына жұбаныш тапқан екен деседі Сыр елі. Сыр елінде судың қасиетін дәріптейтін толып жатқан аңыздар бар. Өйткені бұл өлкенің тіршілігі суға байланысты ғой. ...Бұрынғы заманда Қарақұм мен Қызылқұмда байларға жалданып жүрген Ағыбай, Арынбай деген ағайынды екі жігіт болыпты. Күндерде бір күн әлгі екі жігітке бір айдаһар тап болып жұтуға оңтайланыпты. Сол кезде екеуі айла таба қойып, аузын ашқан сайын айдаһарға бір қойдан беріп отырып, қойды тауысады... Екі жігіт байлардың ызғарынан қорқып, беталды Құла түзге қаңғып кетеді. Екеуінің де барар жер, басар тауы жоқ, келешегі бұлдыр. Сөйтіп келе жатса бұлардың алдынан ақсақалды, ақ киімді шал шығып жөн сұрайды. Жігіттер сырын жасырмай, қариядан ақыл сұрайды. Қария бұларға мынадай кеңес береді.
– Балалар, сендердің ақ жүректеріңде арамдық жоқ, бірақ оны бай шіркіндер білуші ме еді? Енді сендер осы беттеріңнен аумай жүре берсеңдер, оттай жанған Қызылқұмнан шығып, нулы жерге – сулы жерге кез боласыңдар. Ол жерде адал еңбектеріңді аямай тіршілік етсеңдер, жер сендерден байлығын аямас, – депті. Жігіттер:
– Баба, ол қандай жер, аты не? – деп сұрапты. Қария:
– Ол жер аты – Сыр, – депті де ғайып болыпты.
Бақыт іздеген жігіттер арып-ашып «өлдім» дегенде Сырға жетіпті. Сырдың шырын суын мейірлене ішіп-ішіп қанып алған соң ел іздейді. Сырды жағалай отырған көп ауылға келсе, бұлар егіншілердің ауылы екен. Олар да егіншілерге қосылып егін салып, Сырдың суын ішіп, балығын жеп күнелтеді. Еткен адал еңбектері өнімді болып, ұзамай әлгі екеуі мал-малданып, жан-жанданыпты дейді. Бұл Сыр елінің су туралы ескі аңызы еді, енді судың түпсіз ырысқа айналғаны жайында Сыр бойында сан аңыздар шықпақ, халық шығарған судай мөлдір, Сырдай терең мағыналы ел ертегілерін жинау біздің жастарымыздың борышы. Ел аңызынан үлгі аларлық мағына көп.
367. ЫССЫҚ КӨЛ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Баяғыда осы күнгі Ыссық-Көлдің орнында жан-жағы таумен қоршалған үлкен қала болыпты. Бұл қаланың тұрғындары суды кілттеулі тұратын құдықтан ішеді екен. Кілт дуананың қолында болады екен. Бір күні бір қыз өзінің сүйгенімен құдық жанында кездесуге уәде етіп, кілтті сұрап алып құдыққа келгенде, абайсызда кілтті құдыққа түсіріп алып, өзі қорқып қашып кетеді. Құдықтан суы асып төгіліп, бүкіл қаланы су басып, үлкен көл болады. Қала көлдің астында қалыпты дейді. Осы кезге дейін сол қала бар екен деген аңыз бар.
368. ЫСТЫҚКӨЛ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ
Ыстықкөлдің пайда болуы жайында ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер бар. Әлқисса, есте жоқ ерте заманда қазіргі тау аңғарындағы толқынды көлдің орнында, үлкен әрі әдемі шаһар болыпты. Күндердің күнінде жеті жұттың бірі – зілзала болып, қаланы құлатып, адамдарды жаппай қырғынға ұшыратады. Леп-лезде жер опырылып, пайда болған шұңқырға су толыпты. Сөйтіп, әлгі шаһардың орнында үлкен көл пайда болыпты. Ал оның алдында, бір топ бойжеткен қыздар от жағу үшін тезек теруге кетеді. Тек осы қыздар ғана қауіп-қатерден аман қалыпты. Апаттың болғанын білген олар әр күн сайын көл жағасына келіп, жақындарын жоқтап, жылап қайғырады екен. Олардың көздерінен аққан жастары көлге тамыпты. Сол жастардың төгілгені соншалық, әлгі көл ащы болып кетіпті. Әлгі қыздардың қайғы-мұңы көп ұзамай көлдің атауына себепкер болады. Ыстық (жас секілді) көл. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, көл мінезі қайғырған қыздардың мінез-құлықтарымен, көңіл-күйлерімен үндес екен. Бірде сұп-сұр болып толқынын тулатса, бірде тынық ойға батқандай.
369. ЫСТЫҚКӨЛ ҺӘМ МҰНЫҢ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНЫН БАЯН ҚЫЛАТҰҒЫН ҚАЛМАҚТАРДЫҢ БҰРЫНҒЫДАН АЙТЫЛЫП ҚАЛҒАН СӨЗДЕРІ
Пішпек шаһарынан Пржевальскі (Қаракөл) шаһарына қарата пошта жолыменен жүріп, Боамскийдің сайынан өтіп жол жүріп сапар шеккен бір адам Ыстықкөлдің жағасына барыпты. Бұл көлдің қабағының қатарында анда-санда ғана жерде бұрысырақ болатұғын бір жол бар екен уа бұл жолдың оң жағында осы көлдің жасылсымақ сулары қала беріс болады екен. Бұл таудағы көлдің көлемі недәуір үлкен һәм теңіздің суының бетінен 300 футтай (яғни 1285 жарым кездей) биік жатады. Бұл көлдің ұзындығы – турасынан 80 шақырымдай, көлденеңі – 40 шақырымдай болады. Ыстықкөлде балық көп болады. Бұл балықтың белгілісі кейінгі дүр: сазан, османи һәм алабұға, уа бұлар көлдің жағасындағы халықтарға үлкен пайда келтіреді. Мұндағы халықтар көлдің жағасынан мұз қыстыгүні көп жерге шейін қатқан соң балықты көп ұстайды. Ыстықкөлге таудан шығатұғын үлкен Қаракөл деген өзен һәм өзге жүз шақты ұсақ өзендер құйса да, Ыстықкөлдің өзені жыл сайын орта түсіп, саязданып бара жатыр. Ләкін бес жылдың ішінде көлдің қабағынан бір сажын төмен түскені байқалыпты. Әсіресе, жаздыгүні күн батардың алдында көлдің сулары толқымай тыныш болып тұрғанында көлдің беті айнадай жарқырап әп-әдемі, келісті болып көрінеді. Мұның айналасын кедір-бұдыр таулардың шоқырлары қоршап тұрады уа бұл таулардың төменгі жағында көп қарағайлар өседі. Төбесінде әрдайым қар жатады. Көлдің сулары желді һәм желсіз тыныш күні толқығанда көлдің қабағындағы тұрған үлкен жартастарды жұлып, домалатып түбіне алып кетеді уа бұл толқынның күрілдеген дауысынан жүз адамның дауыстары да естілмейді. Мұндай толқын болғанда жардың жайдақ жерінен көлдің түбінен бұрынғы заманда адамдардың қолымен жасалғанға ұқсас жез, мыс, қоладан һәм тастан жасалған нәрселер шығып, шойын қазандардың сынығы, қола құмғандар һәм кішкене тостағаншаға ұқсас ыдыстар, күйдірген һәм бір жағын көгертіп боялған түп-түзу төрт бұрышты кірпіштер, тастан жасалған қатындардың сүгіретінің сынығы һәм ғайри нәрселер де шығып қалады. Оқымысты орыстың адамдары бұл шыққан нәрселерге һәм өзге белгілеріне қарап бұлайша деп ойлады: Бұрынғы өткен замандарда бұл орында жер қатты сілкініп, жердің астынан жарылып атқып шыққан көп судан Ыстықкөл пайда болса керек дейді, уа бұл суға өзекте тұрған шаһар адамдарыменен ғарық болса керек дейді. Енді бұл көлдің жағасындағы отырған қазақтар, әсірісе, қалмақтар әрдайым көп толқыған көлдің толқынынан бек қатты қорқып, не болса соған иланатұғын надан болған себепті өздерінің тұқым-тұқымдарына бұл көлдің қайдан шыққанын білдірмек үшін әртүрлі хикаялар айтады уа бұл хикаялардың біреуін бір кәрі қалмақтың айтқан сөздерінен жазып алған себепті оқушыларға біз төменде баян етіп жазамыз. Бұрынғы өткен заманда, Құдай тағала қалмақтарды бөтен халықтардың қол астына қаратпағанда, ортасынан жақсы әділетті қалмақты сайлап алып өздерін өзі билеп тұрғанда, осы уақыттағы Ыстықкөлдің орнындағы бұрынғы гүлдеп тұрған өзекте Сибо деген қалмақтардың руы тұрғызған қалмақтың бір әдемі жақсы шаһары тұрады екен. Шаһарда ұжмақтың бақтарындай бақтары, таңғажайып тоғайлары бар екен. Шаһардың жанындағы мұндай тоғайлардың ішінде жердің үстіндегі қалмақтардың бір қасиетті жақсы адамының моласы тұрған себепті ол тоғайды қасиетті деп құрмет қылар екен. Бұл қасиетті адам опат болған соң денесін терең шұңқырға салып, адамдар шұңқырды толтырмаққа жерден бір уыс топырақтан алған мезгілде бұл адамның аузы ашылып су аға бастапты, уа бұл аққан суды сол жерде тұрған поптар қасиетті су деп мәлім қылыпты. Себебі сол дүрки бұл суды бағзы бір ауруларға аңдаусызда шашыратып сепкенде кешікпестен жазылып кетіпті, уа бұл қасиетті адамның аузынан шыққан су шұңқырға тастаған топырақты сырғытып тастап тоғайдан асып, уа бәлкім шаһарды да қаптауға жақындағанда қалмақтар қорыққанынан жан-жаққа бытырап қашып кетіп «құтқара гөр» деп жалбарынып дұға оқыпты. Сонда Жаратушының өзі келіп қасиетті әулиенің жатқан қабірін құдық қылып қоладан жасалған қақпақпенен қиюластырып жауып, құлыппенен мықтап тұрып бекітіп қойыпты дейді, уа мұның кілтін сол жерде тұрған қасиетті адамның бір жақын досына табыс қылыпты. Ешқашан бұл кілтті бөтен адамға берместен, күнәлі һәм аурулары бар адамдарға осы сулардан су беріп тұр деп бұйрық қылыпты. Артылған су жерге сіңіп кете беріпті. Мұнан соң құдай көкке ғайып болыпты һәм құдайдың мұндай рақым етіп жақсылық көрсеткеніне халайықтар жалбарынып дұға оқыпты. Құдайдан кереметті кілтті алған қалмақ қатын балаларыменен өлгенге шейін тоғайға барып тұрып, жалғыз өзі құдықты билеп тұрыпты. Бұл қалмақ өлер мезгілінде кереметті кілтті өзінің үлкен баласына беріпті. Бұл өлерінде өзінің тұңғыш баласына беріпті. Осылайша болып, кілт көп жылға шейін бір атадан бір атаға беріліп отырыпты. Рас, бұзақы адамдар бұлардан кілтті тартып алып, дәрежеге мініп, халыққа құрметті боламыз десе де құдайдың өзі жәрдемші болған соң кереметті кілтті ұстап жүрген қалмақтың тұқымдары өз қолдарынан шығармай ұстап қалыпты. Бұл қалмақтың тұқымынан еркек адам қалмаған соң бұлардың тұқымынан кереметті кілтке ие болып он еі жастағы бір Нуда деген қыз қалыпты. Бұл қыздың әкесіне келген сопы адамдар қыздың әдемілігіне көз айырмастан қарап таңғалады екен. Әкесі өлерінде көзінің қарашығындай қылып сақта деп қызға кереметті кілтті тапсырып, осалдық қылсаң құдайдың қаһарына жолығарсың деп қорқытып кетіпті. Нуда әкесінің ықтиярын тұтуға уағда беріп, үш-төрт жылдай аман-есен құдықты бағып билеп тұрыпты. Енді мұнан соң Нуда әулие құдыққа келіп жүрген бір сопының 20 жастағы Дада деген баласына әуелі жай көңілі түсіп, ақырында өзін-өзі тоқтата алмай ғашық болып, көз айырмастан қарайтұғын болыпты. Нуда бар көңілімен әкесіне берген уағдасын бұзып, Дадаға тимек болыпты. Күндерде бір күн Нуда ғашықтықтан шыдай алмай Дадаға сырын айтпақ үшін әулие тоғайға көріспекке шақырыпты. Дада көп сұратпастан-ақ сол түні уағда қылған жерге келіпті. Нуда ғашығына жолығуға барайын деп түнде құдықтың аузын құлыптап жатқанда Нуданы сақтандырмақ үшін қола қақпақтың астындағы су бұрқырап, сарқылдағанын есітсе де өзінің ғашығын ойлап бұл судың не себептен бұрқылдағанын аңғармапты. Қашан тоғайға барып Дадаменен жолыққанда мұның турасында есінен шығып кетіпті. Нуда өзінің сүйікті ғашығын құдықтың қасына алып келіп қасиетті орындықтардың біреуіне отырып сөйлесе бастапты. Құдықтағы су шұрқылдап, сақылдап тасып жатса да жас адамдар неке турасынан жақсы сөздер сөйлесіп отырып мұны байқамапты. Нуда Дадаға қатын болып құдықтың кілтін бұған берем деп уағда беріп, бетінен сүйіп ант ішіп саған ғұмырым бойынша адалдық пен ынтымағыңнан шықпаймын дегенде, байқаусызда шатыр-күтір етіп маңайындағы тауларды сілкіндіріп құдықтың қола қақпағы құдықтан кернеп атқыған судың күшіменен аспанға ұшып кетіпті. Әулие құдықтан дамыл қақпай аққан су ертеңінде тоғайды да, қаланы да ғариқ қылыпты. Мұнан кейін ешкім бұлардың қай жерде екенін көрсете алмапты. Енді Ыстықкөлдің біресе мына жерінен, біресе ана жерінен адамның қолыменен істеген нәрселерін судың жағасына шығарып тастапты, құдай тағаланың бұйрығын тыңдамай бұзған адамдарға ғазап көрсеткенін көңілге түсірмек үшін.
370. ЫСТЫҚКӨЛ ТУРАДА
Халық арасында айтады екен, қалайшасынан Ыстықкөлдің көл болып өсіп кеткен турасынан, осы күнде айтылмыш көлдің орнында бұрынғы заманда бек үлкен таулардың арасында тұрған қала екен. Бұл қаланың халықтары суды өзінің қақпағы бар құдықтан алып тұрады екен. Бұл құдықтың кілтін бір әулие адам ұстап тұрып, кімде-кімге су керек болса, кілтін әулиенің қолынан алып, суларын алып болған соң, өзін қайтадан жауып, кілтін әулиенің қолына беріп кетеді екен. Осындай болып бірнеше жыл өтіпті. Бір күні бір қыз өзінің асық болған жігітіне құдық басында жолықпақшы болып уағда қылып, әулиеден келіп кілтті алып барып құдық ішіне кілтін түсіріп алып, қорыққанынан жоқ болып қашып кетіпті. Сонан соң су құдықтан тасып шығып, бүкіл қаланы басып, көл болып кетіпті. Осы күнде көлдің астынан қалалардың бар болған белгісі көрініп тұрады. Кісі қайран қалғандай-ақ жоғарғы айтылғандардың бәрінің дәл келіп тұрғаны, одан 6 жылдың ішінде Бретон жұрттарының софыларының кітабында айтады екен, Ғайса пайғамбардың тұсында халық араларында айтылып жүреді екен, бір қаланың Ыстықкөлдей болып судың астында қалғаны. Бұл арада үлкен дарияның жағасында ойпаң жерде екен, бұлардың бір үлкен құдықтары бар екен, құдықтың кілтін сақтық қылып, құдықтан шыққан су қаланы басып қалмасын деп, патшасы қолына сақтайды екен. Бұл қаланың халықтарының бәрі де күнәға жуық бек бұзық екен. Бұлардың ішінде бек әдемі көркем патшаның қызына да кепті, өзінің әкесінің істерін бағып жүрген бөтен жұрттың бір адамына асық болып. Қаланың патшасының қызы онымен қашпақшы болып, бір түн қараңғы болып жаңбыр жауып, боран болып тұрған мезгілде, әкесінің ат баққышы екі атты таңдап, ат қорасынан алып шығыпты, сонда қыз әкесінің жастығының астынан құдығының алтын кілтін ұрлап алып, екі асықтар құдықтың аузын ашып, кілтін дарияға тастап жіберіпті арттарынан қуғыншы болмасын деп. Әлгі құдықтың суы тасып шығып бүкіл бұзықшылықпен күндерін өткізіп келе жатқан қаланың халықтарының бәрін де басып қалып, құдай тағала олардың күнәсіне бәрін жоқ қылып жіберіпті. Егер де байқап қарағанда, жоғарғы айтылғандардың екеуінің де мұндай болмағына себеп болған құдықтар және сөздердің мағынасы бір-біріне бек келісіп ұқсайды. Соған қарағанда бұрынғылардың ондай-мұндайлары не турадан болса да осы күнгі адамдардан артық көрінеді һәм екі бірдей қаланың жоқ болып кеткені құдықтардың кілттерінің жоғалғаны және қыздардың асық болғандары. Жоғарғы айтылған екі түрлі халықтардың араларында болса, бірінің сөзі бірінен артық та емес, кем де емес, болмаған нәрсе секілденіп көрініп тұрса да, әлбетте бұл айтылған оқиғалардың анығын біліп, рас-өтірігін айыруға осындай таңсық сөздерді қарап көріп жүрген білімді адамдардың қолынан келсе керек.
ТОПОНИМДІК ЖЫР-АҢЫЗДАР
371. ЕР ЖАСЫБАЙ
Ақынның қиыстырса келеді ебі,
Болған іс бәрі айтылмай қалмас тегі.
Аң қуып таудан құлап суға кеткен,
Қалмақтың Шойын деген батыр бегі.
Ол күнде бұл тауларды Қалмак алған,
Қорған ғып әрбір жерге бекін салған.
Тұлпардың екпінінен суға құлап,
Атанып Шойындыкөл содан қалған.
Жол салған тасты бұзып Жасыбай ер,
Әркімнің ертеден-ақ аузында бар.
Арқадан қазақ ауып өз жерінде
Кеткен соң ат қойылған Жасыбай көл.
Жасыбай батыр екен ту көтерген,
Басшы ғып біздің қазақ соңына ерген.
Сол жолмен аңғал батыр келе жатса
Отырған тау басында қалмақ көрген.
Жол тосқан жауыз қалмақ Құба мерген,
Туы бар келе жатқан көзі көрген.
Көрінбей тас түбінде тұра қалып,
Тосыннан садақпенен тартып берген.
Моласы Жасыбайдың тау басында,
Қияның өзі салған қырқасында.
Қалған сөз үлкендерден бірден-бірге,
Өлгендерім болыпты сол касында.
Бекініп Серіктасқа қалмақ қолы,
Батырлар басқа жаққа кеткен бәрі.
Есітіп бұл хабарды келген дейді,
Бөгенбай, Олжабай мен Малайсары.
Батырдың не секілді бәрі барған,
Қан төгіп, қазақ, қалмақ соғыс салған.
Айтуы бұрынғының рас болса,
Қалмақтан осы жолы көп олжа қалған.
Соғыста қолға түскен Құба мерген,
Қалмақтың батырлары көп қырылған.
Серіктес деген атты қалдырысып,
Аталып қалмақ қырған содан қалған.
372. БАЛТАБАЙ
Алтайда бір биік бар – тау Балтабай,
Осы ат қойылмаған ол тауға жай.
Кешегі өткен күнде сол алқапта
Оқиға болыпты бір жыр болғандай.
Салынған биік тауға бай қорасы,
Мыңдап қой, жүздеп жылқы айналасы.
Қыстауға таңдап алған жер шұрайы,
Алтайдың шөбі шүйгін бір саласы.
Балтабай бай үйінде жалшы бала,
Он төрттен он бес жасқа шыққан жаңа.
Күнелткен қойын бағып, малын жайлап,
Жас жетім қамқоршысы кәрі ана.
Қысы, жазы жаяу жайып байдың қойын,
Шырмаған жоқшылық дерт ақыл ойын.
Үсті кір, киім жыртық, өзі жүдей,
Киім түгіл тамаққа болмай тойым...
Суық күн Балтабайды дүрілдеткен,
Жалаңаш етке киген жыртық шекпен.
Қалжырап, киім жыртық, шарық етік,
Домбығып беті-қолы үсіп кеткен.
Зыр қағып түс ауғанша алаш ұрып,
Көп қойды бір жылғаға ығыстырып.
Паналап бір тасқа кеп отырғанда
Ысқырып солтүстіктен соқты үскірік.
Сұрапыл қарлы боран соқты қатты,
Сауыс боп үсті-басы мұз боп қатты.
Дүлей күш, жадау тұрмыс жанын жалмап,
Балтабай сол араға қаза тапты..
Сүйегін ертеңінде тауып алып,
Анасы зарланыпты қара салып.
Жас жетім қойды жайып өскен аймақ
«Балтабай» содан бері кетті аталып.
Сан жылдар содан бері өтіп жатыр,
Тіккендей Балтабайға алтын аштыр.
Орнатты Алтайға құт жаңа заман,
Түнекті серпіп тастап халық батыр.
373. БАРШЫН
Жайнатып жердің жүзін көктем келді,
Көк жиек тұтастырып көк пен жерді.
Шабытым шалқып кетті көрген шақта,
Кешегі ата-бабам өскен жерді.
Келтіріп көз алдыма өткендерді,
Жете алмай дегеніне кеткендерді.
Мен неге ұмытайын туған далам,
Көз жасын көл-көсір ғып төккен жерді.
Жер ме екен көңіл шіркін қиятындай,
Жұп-жұмсақ құстың мамық ұясындай.
Өңірін шапанымның айқара ашып,
Құшақтап жатып алсам сиясың ба ай?
Толқынды құтты теңіз шалқып жатыр,
Бетінде аққу, қазы қалқып жатыр.
Көпіріп ақ көбігі бұйраланып,
Айдының жағалаудан артып жатыр.
Мекені асқан ақын Құлтуманың,
Дегенде Құлтумадай ұл тумадың.
Табиғат әуенімен әуреленген,
Бір жұмбақ сезімімде сұңқылдап үн.
Аққулар айдынында қалықтаған,
Кебездер қарағандай анық маған.
Сызады су бетіне ән жолағын,
Тұрғандай амандасып танып маған.
Боялып шыққан күннің арайына,
Қызыл қаз тең түседі талайына.
Ұшады пар-парымен құс патшасы,
Жақындап келсең болды маңайына.
Нұрамен егіз ұлдай Құланөтпес,
Жақсыкөң Жаманкөзге жатқан шектес.
Аршалы, Талдысайдың қойнаулары,
Сол бейнең көз алдымнан сірә кетпес.
Ризамын ата-бабам келген жерге,
Ерлері еңбек сүйіп емген жерге.
Суарып маңдайының теріменен,
Ұрпаққа дәулет сыйлап берген жерге.
Ақындық арнасында сыр тұнады,
Алысқа құлаш жайып бұлқынады.
Мың-мыңдап маңыраған ақтылы қой,
Сұлтанның тебіндеген жылқылары.
Бұл теңіз мекені боп аң мен құстың,
Табиғат аясында сиқыр күштің.
Жаз шықса есебі жоқ түрлі құстар,
Жабады жауар бұлттай судың үстін.
Келгенде сөздің жөнін атай кетем,
Қандай жан ұзақ өмір жасайды екен.
Кім білсін ондай атты кім қойғанын,
«Баршын» деп бар ауылын атайды екен.
Алдыма қарай бердім құмарланып,
Сағыммен көрінеді мұнарланып.
Ескерткіш Баршынгүлдің «Қыз моласы»,
Жылап тұр жапан түзде сыңар қалып.
Жан бар ма махаббатпен сырласпаған,
Тебіреніп тағдырына мұңдаспаған.
Ерте өткен Баршынгүлдей перзентіңді,
Самал жел берермісің жырлап маған.
Бауырым шын ұғысып өзіңменен,
Көргендей ай жүзіңді көзімменен.
Күй болып көмейіме құйылдың сен,
Үніндей домбыраның безілдеген.
Ескерткіш айдалада ескі мазар,
Жаныңда ойым толқып тұрдым азар.
Қара жер құшағына бауыр басып,
Мезгілсіз ерте өткен тарқап базар.
Басында үкілеген камшат бөрік,
Жаудырап тұрғандайсың қасың керіп.
Сол күннен сыр ақтарып ұзақ күнге
Жаныма отырғандай өзің келіп.
Білем сен ата-анаңа өкпелісің,
Құрбаны даңқ, байлық еткені үшін.
Сен үшін ғазиз анаң зарлап өтті,
Өмірден өзің ерте кеткен үшін.
Сол ару Баршын атты арманда өткен,
Аңыз боп ел аузында қалған көптен.
Мінезі ер көңілді қайсар екен,
Қайтпайтын екі сөйлеп алған беттен.
Елесің еліңде жүр аңыз жиып,
Берді екен жерге қалай көзі қиып.
Ай жүздім, күміс мүсін, жұлдыз көздім,
Жатырсың жалғыз құлаш жерге сиып.
Ойлаған мұратына жете алмаған,
Алысқа арман қуып кете алмаған.
Тұншығып қара түнек, қайғы қапас,
Тар заман томағаңды жеже алмаған.
Мекені Бөрші, Темеш, Тінәлінің,
Жайлауы мыңды айдаған Бірәлінің.
Ескермей жылдар бойы келгем екен,
Алдыңда ата-бабаң кінәлімін.
Баршынгүл Бірәлінің сұлу қызы,
Тең екен жаңа туған айдай жүзі.
Әдепті, ақылды екен, тапқыр екен,
Ішінде алты ұлының бір жұлдызы.
Аз ру ортасында Алтай, Қарпық,
Бұлардан Бөрші – Темеш байлығы артық.
Кәсібі Алтайлардың саятшылық,
Теңізден құс аулайды аршып-тарпты.
Алтайдың Айбел атты мерген ұлы,
Өзіне аумай тартып келген ұлы.
Көзінің қарасындай сақтайды екен,
Арманға жеткізер деп сенген ұлы.
Кең иық, өткір көзді, ұзын бойлы,
Сабырлы, батыр тұлға, терең ойлы.
Әнші екен аты шыққан аймағына,
Бір өзі басқарыпты ойын-тойды.
Оңтайлы домбыраның тиегіндей,
Қалам қас, туған айдың жиегіндей.
Дененің бұлшық еті бұлт-бұлт етіп,
Жалтырар пілдің жонған сүйегіндей.
Тартқанда қыл қобыз бен домбырасын,
Төгетін ағыл-тегіл мол мұрасын.
Әнімен айдын көлдің аққуларын,
Теңізде ықтиярсыз қондыратын.
Аққу құс сен бақытты әніңменен,
Сызылтып су бетінде сәніңменен.
Дүниеде баға жетпес арманың жоқ,
Жүзесің қатар қалқып жарыңменен.
Сөз осы Баршынгүлге Жарбол ғашық,
Аңду көп айта алмайды сырын ашып.
Кездессе үндей алмай қара басып,
Ұялшақ, әлде әдепті, әлде жасық.
Сыр ашу
Жайлауға жиналған ел әлдеқашан,
«Үшсарттың» маңайында алқа-қотан.
Кеш атса жігіт-желең, қыз-келіншек,
Құратын айлы түнде алтыбақан.
Сыртынан сұлулардың әркім ғашық,
Ғашықтық ол заманда болған машық.
Жанына жолай алмас талай жігіт,
Бәрін де Баршынгүлдің мысы басып.
Бұл Жарбол сол ортада кедей жігіт,
Сонда да жақсылықтан еткен үміт.
Жалғанда махаббаттан күшті бар ма,
Бір түні сыр ашысты бірге жүріп.
Әңгіме айт, – деді Баршын, – тұрамыз ба,
Жазықсыз текке гүлді жұламыз ба?
Адамбыз сіз де, біз де және жаспыз,
Үндемей бекер іштен тынамыз ба?
Баршынгүл, әңгімеге кен емеспін,
Әзілкеш байдың ұлы мен емеспін.
Айтар ем ғашықпын деп өзіңізге,
Кедеймін, әттең, сізге тең емеспін.
Естісе бұл сөзіңді басқа күлер,
Жігіттің ағы білмес, бағы білер.
Бар бақыт байлықпенен шектеле ме,
Жер басып адам біткен бірге жүрер.
Ендеше түсін, сәулем, жүрек сөзін,
Мен үшін тіршілікте тірек те өзің.
Тағдырым сүйгеніме қоса көр деп,
Сен үшін мен осындай тілектемін.
Нұрыңнан айыра алмай жанарымды,
Білмеймін өзің қалай қарарыңды.
Ғашықпын сізге, сәулем, мәңгілікке,
Құп көріп алмасыңды, аларыңды.
Керек-ақ құпиялы сырға сезім,
Айтайын мен де сырды тыңдашы өзің.
Болса егер сізден басқа бөтен көңіл,
Оңаша осы арада тұрмас едім.
Жіңішке әйел жолы, білсем бірақ,
Тек қана сұлулық пен бақыт шырақ.
Мәпелеп майдалауға уақыт жоқ,
Өзіңді сағынушы ем жалғызсырап.
Әдепсіз атансам да жұртқа жақпай,
Біл жаным қыз жүрегін кінә тақпай.
Шошытып жібермейін қыран құсым,
Бұл маңнан жүргенім жоқ жігіт таппай.
Қосылғам мен өзіңе баяғыда,
Ғашыққа ғашық құшақ жаяды да.
Кетпеуші ең тұрсам ойдан, жатсам түстен,
Тағдырым бүгін мені аяды ма?
Екі жас жүре берді дәурен сүріп,
Білінбей ел көзіне бөтен қылық.
Бақыттың байлығына жеткізем деп,
Алыстан шақырады арман-үміт.
Болғанда ыстық шілде тамыз айы,
Белгілі құс аулайтын мерген жайы.
Ер жетіп ерте шыққан балапандай,
Еріксіз дәмі тартқан құстың майы.
Қоқиқаз мамырлаған келер аппақ,
Жинайды қысқы азыққа күзден сақтап.
Баптатып баласына бар керегін,
Теңізге аңшы шығар мылтық оқтап.
Ұйықтамай Жарбол сол күн ұзақ таңға,
Білдірмей ұшқан құсқа, жүрген аңға.
Кездесіп Баршынгүлге көп кеңесті,
Сездірмей екеуі де тірі жанға.
Баршынның көңілі жүдеу, өңі сынық,
Ол бұрын көрсетпейтін мұндай қылық.
Жаутаңдап жалынышты қарай берді,
Қапалы қайғы жеңген іштен тынып.
Баршыным, аяулы ыстық алақаның,
Күлімдеп қарсы алшы дала таңын.
Өзіңе ұқсатамын арман құсым,
Құралай киіктердің балапанын.
Теңеймін туған айға ажарыңды,
Өзің деп өмірдегі базарымды.
Алдым ба әлде сәулем өкпелетіп,
Жан қалқам жас шалыпты жанарыңды.
Біз неге көрінгеннен жасқанамыз,
Орнына келсе егер баспанамыз.
Сабыр ет, қалған күнге шыда жаным,
Осы күз Атбасарға аттанамыз.
Күз қайда, – деді Баршын, – біреу қайда,
Алдағы арман, үміт, тілеу қайда.
Жалғанда қосылмайтын мұңлымыз біз,
Мергенім кім түсінер біздің жайға.
Қойыпты әке-шешем малға сатып,
Қырықта әйелі өлген шалға сатып.
Бермекші ақсұңқарын қарақұсқа,
Дәулетке қолындағы барға сатып.
Уәде, салт-дәстүрге қолын сермеп,
Айтылған уақыттан бұрын келмек.
Сол тойға бүкіл ауыл даярланып,
Болашақ күйеуінің түрін көрмек.
Аса алмай айттырған соң тосылам ба,
Мен сонда бұл малғұнға қосылам ба?
Жан-жарым аз ғана күн өмір сүрдім,
Өкінмен шүкіршілік осыған да.
Бірақ та, о, дариға, бар арманым,
Жалын боп туып едім жан анамнан.
Баршыным, жан жарым деп жақтайтындай,
Үйіңе келін болып бара алмадым.
Сен ерсің, бұрыс емес бағалауым,
Дұшпанның елең етпе табалауын.
Тез келіп үлгермесең, мен жоқ болсам,
Қарап шық жаман көңнің жағалауын.
Сүйіп қал, сүйші жаным Баршыныңды,
Мен сенен жасырмаймын бар сырымды.
Естіп қал сыңғырлаған дауысымды,
Кеудемде ең ақырғы жан сырымды.
Мен сені зар илетіп қайда барам,
Артыңа, сабырлық ет болма алаң.
Ата-анаң, ауылың бар, аймағың бар,
Тимесін кесіріміз, заман жаман.
Жаманға қор болмаймын жетсе шамам,
Жан-жарым өзің үшін күйем, жанам.
Тапсырдым су патшасы Сүлейменге,
Әрқашан бақыттымын жүрсең аман.
Аттанып кетті мерген теңізіне,
Артына қарай-қарай жол ізіне.
Қайнайды күш қазандай, дәрмені жоқ,
Бұл сөздің түсінсе де негізіне.
Той үстінде
Бірәлі қыз әкесі теңдесі жоқ,
Ешкімнің бағынбаған пендесі жоқ.
Болашақ күйеу бала Бозтай болыс,
Қырқынжың кісі қарар келбеті жоқ.
Бұл сонда Баршынгүлге күйеу болмақ,
Ағайын тұс-тұсынан бәрі қолдап.
Біржола қалыңдықты әкетем деп,
Сенімді адамдардан сәлем жолдап.
Бозекең ойда жоқта ұрын келіп,
Айтылған мезгілінен бұрын келіп.
Баршынды бар деп қанша қорлағандар,
Күйеудің шошып кетті түрін көріп.
Анасы Баршынгүлдің той үстінде,
Жатқандай өлгендердің жылын беріп.
Тотыдай таранып қыз отауында,
Әркісге егілмеді сырын беріп.
Зар илеп іштен ана күні қараң,
Бақытсыз баласына көңілі алаң.
Әйелдер шашу шашып азан-қазан,
Деп жатыр бақытты болсын екі балаң.
Қызының оңашада отауына,
Қараған болып жиған жасауына.
Құлыным, кетесің-ау көшкен елдей,
Көрмеген келін болып жат ауылға.
Мойындап ар алдында жеңілгенін,
Түсініп анасының егілгенін.
Мен сорлы мал орнына мал боп кеткен,
Жылады әліде бар не білгенің.
Көрсетпей көз жасымды іштен тынам,
Мен кімге алаңдаймын мойын бұрам.
Жыланда жұмыртқамен ұрық шашар,
Сіздерде паналы жоқ құрлы жылан.
Жастықтың бар қызығы кетті кейін,
Жан ана жан сырымды жеткізейін.
Ақсұңқар алыстайды айдын көлден,
Алдымнан жарылқасын деп тілейін.
Жаспын ғой мазақ етпес өмірімді,
Кеш, егер ақтамасам сеніміңді.
Маңдайға жазған істі көріп алдым,
Тап қазір қобалжыта көңілімді.
Ақылың алтын құлыным артық қандай,
Өткірсің айтар сөзді тартып қалмай.
Иіскеп маңдайыңнан ақ күмістей,
Қош иісі төңіректі аңқытқандай.
Жан ботам, жүрегімді тербедің-ау,
Анаңды ақылыңмен емдедің-ау.
Ұйытқыған жайландырып көңілімді,
Көтеріп көп сөзіңмен демдедің-ау.
Алаңсыз кетті анасы той қамына,
Ой бөліп құдаларға сойғанына.
Шақырды қыз-келіншек, жігіттерді,
Көңілін көтерсін деп ойлады да.
Көңіл ақ, махаббаты таза болды,
Сонда бұл қандай ғана жаза болды.
Басқадай жол таба алмай келесі күн,
Қыз Баршын құба белде қаза болды.
Қайран гүл арманына жете алмады,
Қосылып сүйгенімен кете алмады.
Қараңыз қызғалдақтың ғұмырына,
Фәниден мұңсыз болып өте алмады.
Аңырап, туған-туыс, халқы қалды,
Сүйгені жоқтау айтып жалқы қалды.
Арада қилы-қилы заман өтті,
Ақыры аңыз болып арты қалды.
Өмірі махаббаттан болған мерт-ті,
Аңыз боп ел ішіне тарап кетті.
Көпшілік әрі-бері ақылдасып,
Осы жер «Баршын аулы» болсын депті.
374. НҰРА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Нұраның әсем сұлу жағасында,
Шайқалған құрақ талдың арасында.
Дем алып көңілденіп жұрт отырды,
Шаттығы симай тасып шарасына.
Сусында қалқып жүзіп үйрек пен қаз,
Секіріп су ішінде шабақ та мәз.
Балалар су сабалап ойнайды еркін,
Қуантып жан біткенді көңілді жаз.
Тыңдатып біреу отыр әңгімесін,
Адамның әңгімемен алып есін.
Түрлентіп, құбылдырып, даусын кенеп,
Аңыз қып айтып отыр ертегісін.
Ертеде Нұра деген қыз болыпты,
Сол қызды саялап кеп ел қоныпты.
Бірақ та Нұра мұңлы, ашпай қабақ,
Ішіне қайғы, қасірет шер толыпты.
Әркімдер жолығады жаяу келіп,
Нұраға тәжім етіп сәлем беріп.
«Апыр-ай, не болған» деп таңданады,
Өзінен өзі солып, біткен көрік.
Не болған, ару Нұра, саған дейді,
Басқадан сенің артық бағаң дейді.
Айтсаңшы сырыңды ашып, жасырмай-ақ,
Көңіліңді не болса да табам дейді.
Не барын ойында оның ел білмейді,
Жадырап жарқын жүзбен бір күлмейді.
Жалғыз-ақ желмен, бұлтпен сырласады,
Өзгеше қабақ жазып үндемейді.
Қуаңдап сарғайған қу жердің жүзі,
Ызғарлы келіп жетті жылдың күзі.
Тырналар тырауланған қайтып жатыр,
Тігілді құстарға кеп Нұра көзі.
«Қай елден келесің, қандай жерден,
Жалынды, әңгіме айт, деп естіп көрген.
Мұңына мұңлы арудың үн қосқандай,
Білетін сырын шертіп таяу келген.
«Біз көрдік алып жігіт Ертіс деген,
Бір маңғаз елдің көптен қамын жеген.
Қайғырса елмен бірге қайғырады,
Бейнет жоқ елмен бірге ол көрмеген.
Бұл күнде сенен де ауыр оның мұңы,
Жігіттің бағы тайып, түсіп құны.
Жауыр қып күндіз-түні кең жауырынын,
Салмақтап бай-көпестің артқан пұлы.
Мұны айтып жыл құстары кете барды,
Құшақтап Нұра қалды қайғы-зарды.
«Шер тарқап кетер еді қосылсақ» деп,
Күндіз-түн ұйқы көрмей, ойға қалды.
Арманы алыстағы асау Ертіс,
Кетпеді есінен бір көрсе де түс.
Бұлттан да сәлем айтты құмар болып,
Қайғысын жеңілтпек боп өртеген іш.
Жіберді бір хат жазып Шідертіден,
Бойдағы хабар беріп бар дертінен.
Адасып жапан түзде қайтып келді,
Көрмеген бұрын шығып ел шетінен.
Мұнысы жан күйдіріп жаман батты,
Айықпай ауыр дерттен Нұра жатты.
Жалынды аспандағы ұшқан құсқа,
«Жеткіз, – деп, Ақ Ертіске жазған хаты.
Күтсе де күндер өтті хабар болмай,
Басқаға ақ Ертістен көңілі толмай.
Жөнелді ақырында бетіменен,
Орнығып бір орнында жайлап қонбай.
Көз жасы жылағанда өзен болды,
Елдің де, арудың да өңі болды.
Ойлады: «Қаңғып, безіп кетейін» деп,
Анықтап білмесе де барар жолды.
Арқаның бір серісі Құланөтпес,
Қаз-қатар Нұраменен біткен шектес.
Білдіріп ішкі сырын сәлем айтты,
Демеді: «Ұсынғанмен қолым жетпес».
Байыздап оған қарап тоқтамады,
Ақ Ертіс көңіліндегі жоқтағапы.
Жазылмас жанға жаман жара салды,
Бір елеп хабар салып соқпағаны.
Артынан туыстары улап-шулап,
Жібермей тоқтатам деп болды қумақ.
Алдымен Шерубайдай іні жетті,
«Бауырым, барасың деп неге тулап?»
Құндызды, Көкпекті мен Есенгелді,
Біздерде қалмаймыз деп соңына ерді.
Тағдырдың тақсіретін бірге тартып,
Басына не түссе де бірге көрді.
Жатады жыл артынан жылдар өтіп,
Арудың қайғы басқан сәні кетіп.
Кенеттен түн түнегі түріледі,
Бақыттың алтын сәуле нұры жетіп.
Ақ Ертіс жас жігіт боп ажарланып,
Екі бет қызарғанда от боп жанып.
Құмартқан талай ғасыр қосылсам деп,
Нұраға мойын бұрды есіне алып.
Қол созып қуанышпен күлімдейді,
«Күткенім көптен аңсап өзің» дейді.
Бөгет жоқ қосылуға міне бүгін,
Бақыт пен ерік алған кезім дейді.
Қосылады осылай екі ғашық,
Елжіреп бір-біріне қойнын ашып.
Симайды арнасына ел ырысы,
Суындай Ертіс-Нұра шалқып тасып.
Шешілді шешпеген сыр талай ғасыр,
Болар ма сыр бағасы мұндай асыл.
Ғажайып бұл өлкені таңырқатқан,
Той болды арқада бір айран-асыр.
Бұл тойға шашу шашып Есіл келді,
Сыйлығын өз қолымен орнап берді.
Сақтамай ескі өкпесін Құланөтпес,
Кеудесін қуанышпен достық жеңді.
Кеңгірге келіңдер деп сәлем айтты,
Талай жас тойда болып келіп қайтты.
Шашырап енді жеке жүрмейік, – деп,
Келісіп нықтап айтты бұл жайтты.
Шөл болса, Арқа жоны кеше ғана,
Сарғайып шөлі қанбай жатса дала.
Желкілдеп бау-бақшасы өсіп тұрған,
Далама салтанатты енді қара.
Қосылып Есіл, Нұра, Құланөтпес,
Сарысу, Кеңгір бәрі болды шектес.
Ақ Ертіс арналарын толтырып тұр,
Қарасаң бір шетіне көзің жетпес.
Құба жон қурап жатқан дария болып,
Балығы, үйрек, қазы симай толып.
Қаптады өрісте мал, егін өсіп,
Миуалы бау-бақшаға елі қонып.
Келеді жоғары өрлеп екі кеме,
Ұмтылып асыққандай әлденеге.
Жақындап Теміртауға таянғанда,
Тоқтады пристанның ішіне ене.
Артқаны тиеп алып толған балық,
Көрген жан сүйсінеді қайран қалып.
Ашылып желбезегі тулап жатыр,
Шыққандай жаңа ғана судан алып.
Келіпті Қорғалжын мен Теңіз жақтан,
Кемелер суыт жүріп балық артқан.
Жесін деп жас күйінде қала халқы,
Еңбегі балықшының сый қып тартқан.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
1. Абыралы
Аңыз ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. «Мекендік (топонимикалық) аңыздар» деп аталатын бұл жинақты 2006 жылы қорға тапсырған – фольклортанушы ғалым, ф.ғ.д. Берік Серікбайұлы Рахымов. Жинақты құрастырғандар: Б.Рахымов пен М.Әбдуов. Жинақ Қарағанды Мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында құрастырылған. Абыралы тауы Семей өңірінде орналасқан. Таудың етегінде Абыралы ауылы бар. Ауылдың аты тауға байланысты қойылған деседі. Бұл аңызды Абыралы ауылының тұрғыны Мусина Рабиға айтқан. 1995 жылы ҚарМУ-дың студенті Б.Несіпбаева фольклорлық практиканы өту барысында жинаған.
Мәтін томға осы материал негізінде әзірленді.
2. Ағыбай кескен құмбел
Бұл аңыз «Ақжолтай Ағыбай батыр» кітабында (Құрастырған: Марат Әпсеметов. Жезқазған, 1992. 127 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (құр.: Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Алматы, 2002, 111-бет) жарияланды. Томға соңғы жинақ бойынша әзірленді.
3. «Адам тас» туралы аңыз
Аңыз Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында сақтаулы (Ш.920/136). Аңызды айтушы Қолшабеков Сүйеу. 1930 жылы туылған. Көп жыл партия, кеңес қызметінде істеген. Шығарманы орындаушыдан жазып алған Жұманова Қарлығаш Мұсабекқызы. 2002 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған материалдарынан алынды. Материалдарды жинақтап, қорға тапсырған филология ғылымдарының докторы Қыдырәлі Саттаров.
Мәтін томға осы қолжазба негізінде дайындалды.
4. Айғайжал
Бұл аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 31-бет) жарияланған. Бұл журналды Жұңго фольклор зерттеу қоғамы Шыңжаң ұйғыр автономиялы райондық бөлімше қоғамының қазақ кеңсесі дайындаған. Аңызды дайындаған Әбілез Шәріп мынадай түсінік береді: «Бұл аңыз өмірге үйлесіп отырғанымен соншама ұзақ аралыққа адам даусының жетуі мүмкін емес. Бұл да жалдың басқа жерлерден ерекше біткен тұрпатына, биіктігіне қаратылып шығарылған аңыз ғана».
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
5. Айғайқұм
Бұл аңыз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында шыққан «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 196-197-бб.) жарияланды. Аңызды ел аузынан Ш.Серікбаев, Ақан Жақияұлы жинаған.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
6-7. Айғырұшқан
«Айғырұшқан» аңызының бірінші нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақтаулы тұр. Аңызды айтушылар Жаңаарқа жерінің тұрғындары: Ж.Қалқаманұлы, Ш.Тәжібаев. Жазып алған – Гүлнәз Мұқаева. Сондай-ақ бұл аңыз «Жер шежіре» (Қарағанды, 2006. 124-бет) жинағында басылды. «Жер шежіре» жинағын құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: ф.ғ.д., профессор Б.С.Рахымов, ф.ғ.к. Ж.Шекен.
Томға қолжазба негізінде әзірленді.
8. Айдаһарлы-Құдайберлі
Түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Бұл мекен Ақмола облысы, Теңіз ауданының аймағында орналасқан. Аңызды әңгімелеп беруші адам, тілші-ғалым, ф.ғ.д. Жантас Жақыпов. Аңыз «Жер шежіре» (52-бет) жинағында басылды.
Мәтін томға қордағы нұсқа бойынша әзірленді.
9. Айкүміс
Бұл аңызды Орал облысы, Камен ауданының тұрғыны Қонысова Нәзипа әңгімелеген. Н.Қонысова ауыз әдебиеті мұраларын анасынан үйренген. Аңызды 1991 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенттері Әлкенова Анар мен Бармақова Айгүл фольклорлық практика барысында жазып алған. Қолжазба ӘӨИ-дің қолжазба қорында (Ш.1156) сақтаулы тұр. Студенттердің қолымен ақ қағазға жазылып, дәптер ретінде тігілген.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
10. Аймекен туралы аңыз
1985-1987 жж. филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужанов Батыс Қазақстанның фольклорын жинап, ӘӨИ-дің Қолжазба қорына тапсырған. «Аймекен туралы аңыз» ғалымның жинаған материалдарынан алынды. Аңызды Ғұмар Зариповтың айтуынан Сейтақов Айбатыр жинаған. Аңыз мәтіні машинкаға басылған (Ш.910/5, 204-бет). «Ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алуда кейде ескеруге тиісті мәліметтерді толық бере алмадық, әсіресе, айтушының жасы, руы, оның кімнен естігені, ол кім болғаны еді деген сұруларға кейде жауап бере алмадық» деп қорытындысында ескертіп жазған. Дәл осы аңыз Шымкент облысынан 1985 жылы ауыз әдебиеті үлгілерін тапсырған Мұхамеджан Рүстемовтың материалдарында да бар. Жинаушы аңызды қайдан жазып алғанын көрсетпеген. Бірақ хатында «Мен көп жылдан бері газеттерде, журналдарда жарияланған, сондай-ақ көнекөз қариялардан естіген халықтың шешендік сөздерін, халық даналығын көрсететін әңгімелерді жинап жүрген болатынмын» жеп жазыпты. Аңыз мәтіні машинкаға басылған, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1094, 2-дәп.) сақталған.
Томға алғашқы қолжазба бойынша дайындалды.
11. Ақбауыр
Қарағанды облысы, Шет ауданының Ақшоқы селолық округіне қарасты Ақбауыр деп аталатын ауыл бар. Ауылдың табиғаты әсем де көрікті, жері шұрайлы. Сондықтан ауылдың Ақбауыр деп аталуының өзі де табиғатына байланысты. Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (24-бет) алынды. Аңызды айтушы: Сүлейменов Қизатқали.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
12. Ақбет тау
Бұл аңыздың сюжетіне арқау болған қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі. Ақбет – Баянауылдың ең биік шыңы. Аңызды 2011 жылы Берік Рахымов қорға тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
13. Ақбикеш
Қаратаудың теріскей жағында биік мұнара бар. Ел сол мұнараны Ақбикеш деп атайды. Ал жердің аты Ақсүбе. Ақбикеш жайлы аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы. Аңызды айтушы Шымкент облысы, Созақ ауылының тұрғыны Табризов Бекеннің айтуынан Ү.Табризова жазып алған.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
14. Ақбота-Сәңкібай
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Ақжар совхозына қарасты Қалдашбек ауылына жақын орналасқан тау. Ел ішінде бұл туралы көнекөз қариялардың аузынан тараған аңыз бар. Осы күннің өзінде көкке тіп-тік болып шаншылып тұрған аппақ шыңның ұшар басына тек қана жаяу адам өрмелеп шыға алады. Ел ішінде аңыздағы оқиға 1910-15 жылдардың аралығында болған дейді. Бұл аңызды Ақтөбе облысының тұрғыны, еңбек ардагері Аманшин Бейсембайдан Кулимова Ұлдай жазып алды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1156) сақтаулы тұр. Аңыз жинаушының қолымен ақ параққа жазылған.
Томға енген мәтін осы қолжазба негізінде дайындалды.
15. Ақбота-Сәңкібай
Ақбота-Сәңкібай екі бөлек болып үйілген ақ бор тау. Байғанин ауданы, Миялы аулынан 45 шақырым жерде орналасқан. Аңызды Аманшин Бейсенбайдың айтуынан Күлімова Ұлдай жазып алған. Б.Аманшин Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ақжар совхозы, Қалданбек ауылында туған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақталған. Қорға 1991 жылы түскен.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
16-17. Ақмола
Аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Бірінші аңызды ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған. Екінші аңызды айтушы Бекмағамбетов Амангелді. Қарағанды облысы, Шахтинск қаласының тұрғыны. Аңыз нұсқалары «Жер шежіре» жинағында (10-бет), екінші нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (107-бет) жарияланды.
Томға алдыңғы жинақ негізінде әзірленді.
18. Ақсары
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (125-бет) алынды. Аңызды айтушы: Карағанды облысы, Қарқаралы өңірінің тумасы Сейітжаппар Бимақаш Әйнекұлы.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
19. Ақсу
Бұл жер атауы бұлаққа байланысты шыққан. Өйткені осы Ақсудың тау баурайында ақ бұлақ болыпты. Мәтін «Жер шежіре» жинағынан (154-бет) алынды. Аңызды 1927 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында туған Әбдіқов Жұмағұл әңгімеледі.
20. Ақсу-Жабағылы
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы. Аңызға арқау болған Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі «Ақсу-Жабағылы» қорығы. Аңызды Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Ашарбеков Бексұлтанның айтуынан А.Қодарова жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (128-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (114-115 бб.) жарық көрді.
Томға алдыңғы жинақ негізінде әзірленді.
21. Ақтайлақ соры туралы аңыз
Қорғалжын ауданына жақын Біртабан деген ауыл болған кезінде. Күн көретін тіршілік көзі ауыл жанындағы үлкен Шалқар атты көл болыпты. Сол көлдің жанында Ақтайлақ соры бар екен. Сол жерден ауыл тұрғындары тұз, емдік қасиеті бар лай алады екен. Халық бұл жердің топырағы інгеннің қасиетінен нәр алған деп құрметтейді. Мәтіннің түпнұсқасы ӘӨИ-дің қолжазба қорында сақталған. Аңызды әңгімелеген еңбек ардагері – Малғазова Бибәти. 1928 жылы 23 наурызда туған. Бұрын озат шопан болған. Фольклорлық практика кезінде жинаған Сембай А. Қорға тапсырған – Берік Рахымов.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
22-23. Ақшатау
Ақшатау жөнінде қөптеген аңыздар бар. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Ақшатау кентінің тұрғыны Қатпар Беркінбаев. Аңыздың екінші нұсқасы «Қозы Қорпеш - Баян сұлу» жырымен сабақтастырылады. Аңыз нұсқалары «Жер шежіре» жинағында басылды (58-59 бб.). Томға осы кітап негізінде әзірленді.
24. Ақшоқы
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды айтушы Ысқақ қария. Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
25. Ақшора мен Балтораның ескерткіші
Бұл аңызды Маңғышлақ облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылының тұрғыны Абдоллаев Табылдан Жұмагүл Шакешова жазып алған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/4) сақталған. Мәтін машинкаға басылған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
26. Ала ат жері
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (26-бет) алынды. Мәтінді ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған.
Томға осы кітап негізінде әзірленді.
27. Алақозы
“Алақозы” – Байғанин ауданындағы киелі мекендердің бірі. Оған байланысты аңыз ел арасында кең тараған. Бұл аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған. Аңыз мәтінін ф.ғ.д., профессор Абат Пангереев ұсынды.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
28. Алашахан, Жошыхан туралы аңыз
Бұл аңыз бұрыннан ел ішінде кең таралған. Осы томның алғы сөзінде аңыз туралы біраз мәлімет берілген. Бұл аңызды Наурызбаев Әбілқасым 1962 жылы институт қорына тапсырған. Мәтін араб әрпінде, көк сиямен оқушының дәптерін жинаушының қолымен жазылған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.242. 3-дәп.) сақталған. Мәтін осы нұсқа бойынша әзірленді. Осы аңыздың бірқатар нұсқалары (ОҒК: Ш.300, ӘӨИ: Ш.123) бар.
Тоға енген мәтін бірінші қолжазба негізінде әзірленді.
29. Алсай қашқан
Жаңаарқа-Қаражал темір жолының Байғұл станциясының оңтүстік жағында «Алсай қашқан» деген жер аты бар екен. Бұл атау XІX ғасырдың басында қойылған. Аңыз «Жер шежіре» жинағынан алынды (129-бет). Аңызды Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұрғындары – Алшынбаев Айдар, Саин Омаров, Абзал Нұрманов әңгімеледі.
30. Алтай
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңыз Ысқақ ақсақалдың айтуынан жазылып алынған.
Тоға осы нұсқа негізінде әзірленді.
31. Алтайтас
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Орталық Қазақстандағы аңызды өлкенің бірі Қарқаралыдағы қойтас – Алтайтас. Аңызды айтушы Қарқаралы қаласының тұрғыны Әріпов Ахметбек. Жинаған А.Бабайбекова. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (50-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (115-116 бб.) жарияланды.
Томға алғашқы жинақ бойынша әзірленді.
32. Алтын сандық
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Ақшатау кентінің тұрғыны Қатпар Беркінбаев. Мәтін «Жер шежіре» жинағында (62-бет) басылды. Томға осы жинақ бойынша ұсынылды.
33. Амантау
Амантау тауы қазіргі Қорғалжын ауданында орналасқан.
Аңызды Өткелбаев Сейіт айтқан. 1936 жылы 17 тамызда дүниеге келген. Мамандығы мектеп мұғалімі. Қазақ тілі және әдебиеті сабағынан берген. Қазір құрметті зейнеткер. Аңыз мәтінін 2011 жылы қорға Б.Рахымов өткізді. Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
34. Аңрақай
Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Ақшатау кенті, Шет ауданының тұрғыны Смағұлов Әкбардың айтуынан Ж.Естаева жинаған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
35. Аппаз күмбезі
Аппаз күмбезі Қарқаралы ауданы Жамбыл селосының қазақ бейіті ішінде, ауылдың іргесінде орналасқан. Ел аузында бұл шамамен XVІІІ ғасырдың аяқ кезінде болған оқиға деседі. Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (41-бет) алынды. Аңызды 1916 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосында туған Сыздықов Кенжебай әңгімеледі.
36. Арыстанбап
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының тұрғыны Қайыров Дүйсенбектің айтуынан Қ.Әбуғалиев жазып алған.
Тоға осы нұсқа негізінде әзірленді.
37. Асан қайғы аңыздары
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (105-бет) алынды. Аңызды ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған.
38. Асан қайғының айтқандары
Бұл аңыз Сарымсақов Мұқамбетқалидың жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен алынды. Аңыз араб әрпінде, көк сиямен жинаушының өз қолтаңбасымен жазылған. Түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.191. 2-кітап) сақтаулы тұр.
Томға түпнұсқа бойынша ұсынылды.
39. Асан қайғының Маңғыстау жеріне берген сындары
1957 жылғы Атырау экспедициясының мүшесі Балтабай Адамбаев жинаған. Қолжазба жинаушының қолымен көк сиямен, қазіргі қазақ әрпінде жазылған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.143, 11-дәп.) сақталған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
40. Ат жеткен
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (126-бет) алынды. Аңызды айтушы: Мұсатаева Сәтила, 1928 жылы туған. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылының тұрғыны.
41. Ат тұяғы басар жер
Аңызды Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылының тұрғыны, 1940 жылы туған Ағаділбек Күлаш әңгімеледі. Қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
42. Атасу
Ақтау совхозының Райс бөлімшесінің тау бөктерлерінде қалмақтар қалқан еткен таңбалы тастар әлі күнге дейін бар. Атасу деген өзен Ақтау, Ортау, Қызылтаудың бұлақтарыменен, қар суларынан басталып, Манақа өзені екеуі Сарысу өзеніне құяды. Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (34-бет) алынды. Аңызды айтушы: Қарағанды облысы, Қаражал қаласының тұрғыны Төлеухан Ілиясұлы. 1947 жылы туған.
43. Аташ
Бұл аңыз Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Бақтілеуова Клараның 1990 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында өткізген практикасының материалдарынан алынды. К.Бақтілеуова аңызды Абибуллаев Нұрылладан жазып алған. Н.Абибуллаев көп уақыт ұстаздық қызмет атқарды. Әкесі Абибулла кезінде өз еліне танымал ақын болды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1156) сақталған. Мәтін жинаушының қолымен ақ қағаздарға жазылып, дәптер ретінде тігілген.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
44. Атқырылған туралы аңыз
Аңызды әңгімелеген Қабыланбеков Әділбек. 1936 жылы 14 ақпанда Майшұқыр ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Жинаған Айым Сембай. Мәтінді қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
45-47. Аттың тауы
Бұл аңыздар «Мұра» журналында (1985, №3-4. 26-28-бб.) жарияланған. Аңызды дайындаған Әбілез Шәріп. Ә.Шәріп аңыз нұсқалары жайлы: «Бұл таудың есімі жөніндегі алғашқы аңыз біраз ақылға, өмірге үйлескенімен, екінші аңыз тұтастай қияли-ғажайып мазмұнға құрылған, үшінші аңыз шынайы оқиғаға байланысты қойылған», – деген пікір айтады.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
48. Аягөз
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Жинаушысы, айтушысы жайлы ешбір дерек берілмеген.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
49. Әжібай сайы
Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы. Аңызды айтушы Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны Ж.Нұрпейісов. Жазып алған Қ.Молдахалықова.
Томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
50. Әкім құлаған жер
Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Бұл мекен Қарқаралы ауданының Жамбыл ауылына жақын жерде орналасқан. Аңызды айтқан осы ауылдың тұрғыны Аманбек ақсақал. Жинаушы – Қ.Мұхамбетова.
Тоға осы нұсқа негізінде әзірленді.
51. Әулие ата
Аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Жамбыл облысы, Мерке кентінің тұрғыны Шырын Мамасерікованың айтуынан Г.Жұмағазиева жазып алды. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (106-бет) жарықққа шықты. Томға қордағы нұсқасы бойынша әзірленді.
52. Әулие қыз
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Мәтінді айтушы, жинаушы туралы ешбір мәлімет берілмеген.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
53. Әулиетас
Аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Қарқаралы тауларының сілемдерінің бірінде Әулиетас деп аталатын үлкен қойтасты мекен бар. Осы атауға қатысты аңызды 1997 жылы фольклорлық практикаға барған сапарында ҚарМУ-дың ІІ курс студенті А.Бабайбекова Қарқаралы қаласының тұрғыны Төлегенов Қалтай ақсақалдан жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (45-бет) жарияланған. Томға осы кітап негізінде әзірленді.
54. Әулиетау
Аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған.
Әулиетау – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы аймағындағы Қызыларай тауының биік шыңдарының бірі. Аңызды айтушы Ақтоғай кентінің тұрғыны Амангелді Туғанбаев. ҚарМУ-дың студенті Рахымберлина Жанат 1995 жылы фольклорлық практика өту барысында жазып алған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
55. Әшекей қыз
Әшекей қыз Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ақтүбек және Құланөтпес ауылдарының ортасында жерленген. Аңызды тарих пәнінің мұғалімі Жүнісов Ерлан Аманжолұлы әңгімеледі. 1973 жылы 2 ақпанда туған. Мәтінді қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
56. Бабатай
Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» (Ақтөбе, 2007. 38-бет) кітабынан алынды.
57. Базар бейіті
Көкпекті ауылының Толағай тауына жақын, орта жолда Шегелек ауылының тұсында, шағын төбе басында тастан үйілген бейіт бар. Соны жергілікті халық «Базар бейіті» дейді. Аңыз «Жер шежіре» жинағынан алынды (41-бет). Айтушысы: Қажымұрат Ахметжанов. 1937 жылы туған, Шығыс Қазакстан облысы, Теректі ауылының тұрғыны.
58. Байеділ-Тоқабай
Аңыздағы оқиға XVІІІ ғасырдың аяқ кезінде болған. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (117-бет) алынды. Айтушысы: Төлеухан Ілиясұлы. 1947 жылы туған, Қарағанды облысы, Қаражал қаласының тұрғыны.
59. Байқал мен Аңғара
Бұл аңыз «Өлген қазан» кітабында (Құр.: К.Сейдеханов. Алматы, 1985. 45-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (Алматы, 2002. 129-130-бб.) жарияланды.
Томға алғашқы жинақ негізінде әзірленді.
60. Байқатын
Ол күмбез Мыңаралдан 70 шақырым жерде орналасқан.
Аңызды Бейсенбаев Мамыр Бейсенбайұлы баяндаған. Ол 1936 жылы 6 қарашада дүниеге келген. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында тұрады. Мәтінді қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
61. Байқоңыр
Аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған. Аңыз А.Пангереевтің ұсынған нұсқасы бойынша әзірленді.
62. Байтуған
Байтуған кеңгір руының белді азаматы болған екен.
Байтуған мекені Нұра ауданында орналасқан. Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Бұл аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Кертінді ауылының тұрғыны Сыздықұлы Омардың айтуынан Т.Рымханұлы жазып алды. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (171-бет) жарияланды.
Тоға осы жинақ негізінде әзірленді.
63. Бақты тауы
Бақты – Қарқаралы өңіріндегі тау аты. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы ауыл тұрғыны Әбікен Әбдіхалықов. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (58-бет) басылды.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
64. Балағайып
Кентаудағы Байылдыр ауылынан жоғары, тау ішінде Балағайып деп аталатын үңгір бар. Бұл аңызды ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика барысында жинады. 2011 жылы ӘӨИ-дың ҚҚ-ға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
65. Балқантау, Қу таулары
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (69-бет) алынды. Аңыз мәтінін ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған.
66-67. Балқаш
Балқаш жайлы аңыздар ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы. Бірінші аңызды айтушы Балқаш қаласының тұрғыны Г.Хасенқұлқызы. Жазып алған Ғ.Көпбалина. Екінші аңызды айтушы Балқаш қаласының тұрғыны Төкенғали ақсақал, жинаған Н.Ақатаева. Аңыздар «Жер шежіре» жинағында (148-151 бб.) жарияланды.
Томға қордағы мәтін бойынша дайындалды.
68. Барса келмес
Бұл аңыз-әңгіме ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.480, 2-дәп.) сақталған. Мәтін 1961-1962 жылғы Қарақалпақ экспедициясының материалдарынан алынды. Аңыз-әңгімені Құлпыбаев Ерғожадан экспедицияның мүшесі Балташ Ысқақов алып тапсырды. Мәтін көк сиямен, қазіргі қазақ әрпінде оқушының тор көз дәптеріне жазылған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
69. Барша тас
Бұл мекен Семей өңірінде орналасқан. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды айтушы Шұбартау ауданы, Баршатас ауылының тұрғыны Ырғызбаева Рымкеш. Жазып алған Т.Мырзабаева.
Томға осы нұсқа бойынша дайындалды.
70. Баршын бейіті
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (40-бет) алынды. Аңызды Жамбыл облысы, Шу қаласының тұрғыны Асқаров Шәкен әңгімелеген.
71. Баршынгүл
Баршынгүл – Қарағанды облысы, Нұра ауданына жататын елді мекен. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Теңіз ауданы, Жанбөбек ауылының тұрғыны Жүнісов Жанболат Аманжолұлы. Қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
72. Баспан тауы
Баспан тауы Ақсуат ауданының аймағында орналасқан. Аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Таудың атауын аңызға Қаракерей Қабанбай батырмен байланыстырып баяндайды. Батырдың жоңғарлармен соңғы шайқас өткізген орыны деген әңгіме ел ішінде айтылып жүр. Аңызды айтушы Семей өңіріндегі Ақсуат ауылына қарасты Еспе ауылының тұрғыны Жүнісұлы Нұрахмет.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
73. Батық
Батық деген бұрынғы Ағой деп аталған қазір Қарағанды облысы, Шет ауданына қараған ауыл. Батық би қаракесектің ішінде Бесбошанның баласы Кәрсон руынан тарайды. Туған жері Тағылы тауы, жайлауы Есен көлі, Аққозы тауы екен. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (24-бет) алынды. Аңызды айтушы: Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің тумасы Сейітжаппар Бимақаш Әйнекұлы.
74. Баян-Құмар, Қашқанақ, Сарымбұлақ
Бұл аңыз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында шыққан «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 204-205-бб.) жарияланды. Ел аузынан жинағандар: Қайдар Әукішұлы, Ядулла Үрістемұлы. Реттеген: Бақыт Мәдиұлы.
Томға осы кітап негізінде әзірленді.
75-76. Баянауыл
Аңыз нұсқалары «Жер шежіре» жинағынан (11-12 бб.) алынды. Аңыздарды Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаяу Мұса ауылының тұрғыны Әушахманова Мәйкен әңгімелеген. Ол 1930 жылы туған. Аңыздың екінші нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (108-бет) жарияланды.
Томға осы жинақтар негізінде әзірленді.
77. Бәйбіше бейіт
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (39-бет) алынып ұсынылды. Мәтінді фольклорлық практика кезінде студенттер жинаған.
78. Бәйеш тауы
Ақтүбек ауылы, Жаңаарқа ауданынан батысқа қарай елу шақырым жерде орналасқан елді мекен. Талай ғасырлардан бері қуандықтан тарайтын Алтай Қарпық ұрпақтары мекен еткен, жері шүйгін топырағы құнарлы, маңайы адыр жоталы құт мекен. Ақтүбек ауылының күншығыс жақ беткейінде бес шақырым жерде «Бәйеш» деп аталатын тау бар, оның өзіндік тарихы бар. Бұл тауға қазақ халқының басындағы ауыр кезең «Ақтабан шұбырынды» жылдары елін, жерін арымен, жанымен, қасықтай қанымен қорғаған батыр бабамыз Алтай ұрпағы Бәйештің есімі берілген. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Ақтүбек ауылының тұрғыны Рахымұлы Серікбай. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (46-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (112-113 бб.) жарияланды. Томға алғашқы жинақ негізінде әзірленді.
79. Бәйтік, Қаптық
Жұңгу халық республикасы мен сыртқы Моңғолия шекарасына орналасқан Бәйтік, Қаптық деген екі тау бар. Бұл аңыз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында шыққан «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 192-194-бб.) жарияланды. Ел аузынан жинаған: Мұрат Әшімқанұлы. Реттеген: Алдар Көксенұлы. Томға осы жинақ негізінде ұсынылды.
80. Бегім ана жайлы аңыз
Сыр бойындағы Бегім ана туралы аңыз ел ішінде кең таралған. ХІІІ ғасырда салынған Бегім ана кесенесі қазір Арал ауданының аймағында тұр. Аңыз мәтіні Қыдырәлі Саттаровтың жинаған фольклорлық үлгілерінен алынды. Аңызды Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауылының тұрғыны, 1928 жылы дүниеге келген Төребаев Жұпарбай әңгімеледі. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/139) сақталған.
Томға енген мәтін осы қолжазба бойынша әзірленді.
81. Бегімана туралы аңыз
Бұл аңызды Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тұрғыны Жәлімбетов Құдабайдан Р.Ысқақова жазып алған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/4) сақталған. Бұл Мәтжан Тілеужановтың Батыс Қазақстан өлкесіндегі ауыз әдебиет үлгілерін жинаған материалдары.
Мәтін томға түпнұсқа бойынша дайындалды.
82. Беғазы
Беғазы – Орталық Қазақстандағы биік шоқының атауы. Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған нұсқасы бойынша (Ш.1200) әзірленді. Аңызды айтушы – Ақтоғай ауданы, Шабанбай ауылы тұрғыны Мүсілім Әбдірбаев. Мәтінді жазып алған Шұға Әбдірбаева. Томға енген мәтін қолжазба негізінде ұсынылды.
83. Бектау ата, Әулие шоқы
Бектау ата Сарыарқадағы белгілі тау. Балқаш қаласының солтүстігінде 60 шақырым жерде орналасқан. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорындағы (Ш.1200) нұсқасы бойынша дайындалды. Аңызды айтушы М.Сатыбалдин. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (59-бет) жарияланды.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
84. Бектау ата
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (60-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (114-бет) жарияланды. Аңызды Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны Әшімова Раушан әңгімелеген.
Томға алғашқы жинақ негізінде әзірленді.
85. Белгібай тауы
Қарқаралы өңірі негізінен таулы аймақ болғандықтан, кішігірім таулар көп. Сондай таулардың бірі – Белгібай тауы. Бұл тау Аққора ауылының күншығыс жағында орналасқан Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (56-бет) жарияланған мәтіні бойынша ұсынылды. Аңызды айтушы: Тойбектегі Мырзағұл.
86. Белгібай-Берден тауы
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған. Аңызды Нұра ауданы, Изенді ауылының тұрғыны Маханов Ғалым Жылқыбайұлы әңгімелеген. 1960 жылы дүниеге келген.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
87. Бесбатыр
Шабанбай би селолық округінің шығыс жақ бөлігінде орналасқан су қоймасының Бесбатыр атануы жөнінде халық аузында сақталған аңыз бар. Бұл үйсіндер мен арғын руларының шапқыншылық кезінде болған оқиға. Аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған. Аңызды Торғай Бейсекееваның айтуынан Әлімжанова Ақерке жазып алған. Қорға 2011 жылы Рахымов Берік тапсырды.
Томға енген мәтін осы нұсқа негізінде әзірленді.
88. Бесбойдақ
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының Еңбек ауылына жақын орналасқан. Айтушы Еңбек ауылының тұрғыны Шолақаев Жақан.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
89. Бесқыз
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (118-бет) жарық көрді. Аңызды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Айыртас ауылының тұрғыны Түсіпов Сейітбек әңгімеледі. 1931 жылы туған.
Мәтін томға осы жинақ негізінде дайындалды.
90. Бесоба
Бұл жер Қарқаралы өңірінде орналасқан.Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Г.Алтайбаева Қарқаралы кентінің тұрғыны Болат Ахметовтен жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (14-бет) жарияланды.
Томға енген мәтін осы жинақ бойынша ұсынылды.
91. Бетпақдала аңызы
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Смағұлов Әкбардың айтуынан Ж.Естаева жазып алған.
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (116-бет) жарияланды.
Мәтін томға осы жинақ негізінде әзірленді.
92. Ботагөз
Аңызға Тама Көкі ұлы Есет батырдың қызы Ботагөздің ержүректігі арқау болған. 2005 жылы Ақтөбе облысы, Қоңырсай бойындағы Бүкіртұмсық биігінде Ботагөзге арнап кесене тұрғызылды. Ботагөз кесенесі – қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің ескерткіші. Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабында (45-б.) жарияланды. Мәтін осы кітаптағы үлгі бойынша дайындалды.
93-94. Ботақара
Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласынан Күн шығысқа қарай тура жүз шақырым жерде Нұра өзенінің бойында Ботақара атты тау бар. Осы таудың күнгей жақ етегінде Нұра өзенінің бойында Бұқар жырау ауданының орталығы орналасқан. Ал оның ту сыртында іркес-тіркес орналасқан тағы екі тау бар. Оның бірінің аты – Шешенқара да, екіншісінікі – Қоянқара деп аталады. Аңыз нұсқалары «Жер шежіре» жинағында (93-96 бб.) жарық көрді. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Т.Әубәкіров ауылының тұрғыны Рашат Ануар айтқан.
Томға осы жинақ бойынша ұсынылды.
95. Бөлкен сайы
Бөлкен – Текестегі Дағынбел тауының бір саласы. Аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 28-бет) жарияланды. Мәтінді баспаға Әбілез Шәріп дайындаған. Ә.Шәріп аңызға былайша түсінік береді: «Бөлкеннің жолаушылап келгені, атын да, өзін де жылан шағып өлгені шындық. Бірақ жыланмен арбасып тарымдағаны елдің ойдан шығарып құрастырған аңызы ғана».
Мәтін томға осы нұсқа бойынша дайындалды.
96. Бурабай
Аңыз нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Айтушы, жинаушы туралы деректер берілмеген.
Аңыз мәтіні «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (125-126-бб.) жарияланды.
Томдағы мәтін қордағы нұсқасы бойынша дайындалды.
97. Бұқа тышқан тауы
Аққора ауылы – Қарқаралы қаласының оңтүстік шығысында орналасқан. Қ.Аманжолов атындағы кеңшардың кішкене ғана бір бөлімшесі. Тау осы ауылдың жанында орналасқан. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (54-бет) жарияланды. Аңызды Тойбектегі Мырзағұл баяндады.
Мәтін томға осы үлгі негізінде әзірленді.
98. Бұлқалай
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Мәтінді Ж.Өзбекова жинады. Соңында мынадай түсінік берілген: «Бұл аңыз-әңгімені Өсерқызы Қабаттан 23 тамызда 1995 жылы жазып алдық. Өсерқызы Қабат Түркіменстандағы Ташауыз облысы, Көне-Үрегіт ауданы, Қызыләскер ауылында туған. Қазір Қарақалпақстандағы Тақияташ қаласында тұрады». Аңыз «Жер шежіре» жинағында (120-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқасы бойынша әзірленді.
99. Гүлшат
Гүлшат – осы елді мекенде ХІХ ғасырдың 80-жылдары өмір сүрген кен өндіргіш кәсіпкер Х.Бекметовтың қызы. Жер осы қыздың атымен аталған. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (20-бет) жарияланды. Аңызды айтушы: Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Шашубай ауылының тұрғыны Уахатов Қарабек Қанайұлы. Қ.Уахатов 1940 жылы туған.
Томға осы жинақ бойынша әзірленді.
100. Дән аяғы үсіген
Аңыз «Сөз асылы халықта» (1999) жинағынан алынды. Қарағанды облысы, Шет ауданының тұрғыны Жұмаділ ақсақалдың жинауынан Нұрдана Мұхаммедиярова жазып алған.
101. Дәнбұлан
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Дәнбұлан – Орталық Қазақстандағы Ақтоғай ауданындағы өлке. Аңызды Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал ауылының тұрғыны Мақсұтбек Бабашовтың айтуынан Ж.Бабашова жазып алды.
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (110-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқа негізінде әзірленді.
102. Дос өзені жайлы аңыз
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Томға осы қолжазба негізінде әзірленді.
103. Дөңгелек көл туралы аңыз
Аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған. Айтушы Қыдырғанбеков Ерген Қоржынбайұлы. 1942 жылы дүниеге келген. Қарағанды қаласының тұрғыны. Мәтінді 2011 жылы Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
104. Едіге тауы
Аңыз Қарағанды Мемлекеттік университеті, филология факультеті студенттерінің фольклорлық практикада жинаған материалдарынан алынды. Бұл аңызды 1990 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданының тұрғыны Жәкен Әбішевтен Тәжіметова Ж., Қалыбекова Қ., Нұрмағамбетов Ж., Жұмабеков Д. жазып алған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақтаулы тұр (Ш.1156).
Томға осы қолжазба негізінде ұсынылды.
105. Еділ мен Жайықтың құдалығы
Аңыз «Казахские сказки» (Алматы, Т.3. 1964. 296-299-бб.), «Қазақ ертегілерінде» (Алматы, 2-т. 1958. 101-103-бб.), «Қазақ халық әдебиеті: Көп томдығында» (Ертегілер. 3-т. Алматы, 1988. 41-б.) «Қазақтың мифтік әңгімелері» (құр.: ф.ғ.д. Ш.Ыбыраев, ф.ғ.к. П.Әуесбаева. Алматы, 2002, 108-110-бб.) мен «Жер шежіре» жинағында (Қарағанды, 2006. 138-бет) жарық көрді.
Томға соңғы жинақ негізінде әзірленді.
106. Едірей тауы
Аңыз түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Қарағанды облысы, Қазыбекби ауылына жақын маңда орналасқан бұл тау жайлы аңыз Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылының тұрғыны Жәкітай Байжасұлы Рымбековтен жазылып алынған.
Томға осы нұсқа бойынша дайындалды.
107. Екібай
Аңызға арқау болған елді мекен Екібай Мыңбайұлы батырдың атымен аталады. Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (50-бет) алынды.
108. Екібастұз
Орталық Қазақстандағы елді мекен жайындағы аңыз ел ішіне кеңінен тараған. Бұл аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы адам Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жарлы ауылының тұрғыны Т.Қосымбеков. Жазып тапсырған ҚарМУ-дың студенті Ә.Хасенова (1995).
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (107-108бб.) жарияланды.
Томға қолжазба негізінде ұсынылды.
109. Ерейментау
Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Қарағанды облысы, Молодежный ауданы, Осакаровка ауылының тұрғыны Естай Хасенұлы баяндаған.
Мәтін томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
110-111. Ертіс
Аңыз мәтіндері «Жер шежіре» жинағынан (161-163-бб.) алынды. Аңызды айтушы: Шығыс Қазақстан облысы, Көкжыра ауылының тұрғыны Жортарова Әйкен Сапарбекқызы.
112. Есенбай асуы
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (84-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосының тұрғыны Ақылбеқов Төлеуғазы Рымбайұлы әңгімелеген.
113. Етік шешкен
Етікшешкен онша биік емес шағын шоқы. Ақмола облысы, Теңіз ауданы, Сарыөзен ауылына жақын жерде орналасқан. Бұл шоқы туралы аңызды айтушы Сарыөзек ауылының тұрғыны Зағыпаров Қабдырахмен. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр.
Томға осы қолжазба негізінде әзірленді.
114. Етік шешкен тауы
Тікенекті ауылынан 30-40 шакырым жерде «Етік шешкен» деген тау бар. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан алынып (91-бет) дайындалды. Аңызды айтушы: Жолбаев Балкен Мұстафаұлы, 1937 жылы туған.
115. Ешкіөлмес тауы
Бұл біраз жерді алып жатқан үлкен тау. Тау болғанда да адыры көп. Белестері бір-біріне байланысып жатқан терең сайлы биік тау. Ешкіөлмес туралы аңыз кең тараған. Аңызды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Айыртас ауылының тұрғыны Досжанова Жәния әңгімелеген. 1935 жылы туған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (52-бет) жарық көрді. Осы томға «Жер шежіреден» алынып дайындалды.
116. Жабай ұшқан
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (101-бет) жарияланды. Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
117. «Жабай ұшқан» тауының аталу тарихы
Аңызды Орал қаласының тұрғыны Шақаева Жаңылдан Таубаева А. жазып алған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/4) сақтаулы тұр. Бұл М.Тілеужановтың Батыс Қазақстан өңірінен жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен алынды.
Бұл аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде (119-бет) жарияланды.
Аңыз мәтіні томға қолжазба негізінде әзірленді.
118-120. Жақсы қарт пен жаманқарт таулары
Нұра өңіріндегі Ақмешіт елді мекенінде «Жақсы қарт» және «Жаман карт» деген таулар бар. Бұл аңыздар «Жер шежіре» жинағында (75-76 бб.) жарияланды. Аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ақмешіт ауылының тұрғыны Маштыбаева Нәсіп айтқан. Тағы бір нұсқасын Нұра ауданы, Изенді ауылының тұрғыны Қанат Отарбаев айтады. Қанат Отарбаевтың нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған.
Мәтін томға қордағы нұсқасы бойынша дайындалды.
121. Жалаңтөстің үш қорығы
Аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Смағұлов Әкбардың айтуынан жазып алған – Ж.Естаева.
Томға осы үлгі негізінде әзірленді.
122. Жалаулы
Мәстағат батысындағы көзге көрінетін, шығыс жағы биіктеу келген бес шақырымдай ұзындыққа созылған көлденең жолды Жалаулы дейді. Оның осылай аталуын қалмақтар шабуылымен байланыстырады. Жалаулы мен Бірекен жайының арасы 12 шақырым. Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабында (18-бет) жарияланды.
123. Жанбаулы қауымы
Аңызды Маңғышлақ облысы, Ералиев ауданы, Ералиев ауылының тұрғыны Бекенжан Жомартұлының айтуынан Әбдіхалықова Валентина жазып алды. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/4) сақтаулы тұр. Бұл Мәтжан Тілеужановтың Батыс Қазақстан өңірінде жинаған фольклорлық үлгілері.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
124. Жауыртау
Бұл аңыз Ақселеу Сейдімбековтың «Күңгір-күңгір күмбездер» (Алматы: Жалын, 1981. 90-бет) еңбегінде жарық көрді.
Томға осы еңбек негізінде әзірленді.
125. Жеке батыр
Бұл аңыз Жанайдар Мусинның «Жер шоқтығы Көкшетау» (1989. 9-бет) кітабынан алынды.
126. Жеті құдық
Аңызды әңгімелеген – Сейітжаппар Әлкенұлы. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде 1930 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. Әлімхан Ермеков мектебінде 45 жыл қызмет атқарған. Бұл аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған. 2011 жылы қорға тапсырған – Берік Рахымов.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
127. Жетібас
Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов кеңшарының Аққора ауылының Сәрсенбай таулы өлкесінде «Жетібас» деген үңгір бар. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (55-бет) алынды. Тойбектегі Мырзағұлдың айтуынан жазылып алынды.
128. Жетім Толыбай
Аңыз Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Бақтілеуова Клараның 1990 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында өткізген практикасының материалдарынан алынды. К.Бақтілеуова аңызды Абибуллаев Нұрылладан жазып алған. Н.Абибуллаев көп уақыт ұстаздық қызмет атқарды. Әкесі Абибулла кезінде өз еліне танымал ақын болды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1156) сақталған. Мәтін жинаушының қолымен ақ қағаздарға жазылып, дәптер ретінде тігілген.
Томға түпнұсқа негізінде әзірленді.
129. Жидебай қыстауы
Бұл мекен Семей өңірінде орналасқан. Аңыз фольклортанушы М.І.Әбдуовтің «Шежіренің жанрлық сипаты» деген еңбегінен (Қарағанды, 1998, 34 бет) алынды.
130. Жорғатау
Жорғатау – Семей өңіріндегі, Шұбартау ауданындағы биік шоқы. Тау атына байланысты аңызды айтушы Шұбартау ауданы, Баршатас ауылының тұрғыны Ырғызбаева Рымкеш. Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
131. Жұмбақ тас
Көкшетау өлкесіндегі аты аңызға айналған орындардың бірі – Жұмбақтас. 1991 жылы фольклорлық практиканы өту барысында ҚарМУ-дың студенті А.Жұмабеков Көкшетау қаласының тұрғыны Жұмабек Қожамсейітов қарияның айтуынан жазып алған. Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Томға сол материалдан алып отырмыз.
132. Жұрын
Жұрын – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы жердің аты. Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабында (33-бет) жарық көрді. Томға сол кітаптың негізінде алынды.
133. Жығылған
Аңыз Батыс Қазақстанның ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, қорға тапсырған Мәтжан Тілеужановтың материалдарынан алынды. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/3) сақталған.
134. Жылаған ата
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (Алматы, 2002. 99-бет), «Жер шежіре» жинағында (63-бет) жарияланды. Аңызды Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Құнтүйін ауылының тұрғыны Жасыбаева Үмия айтқан.
Томға енген мәтін соңғы жинақ негізінде дайындалды.
135. Жыланды бұлақ
Жыланды – Қазығұрттағы бұлақтың аты. Бұлақ жайлы аңыз Елік Дүйсебековтың «Қазығұрттағы қырық бір күн» (Алматы: «Нұрлы әлем», 2008. 64-66 бб.) еңбегінде жарияланды.
Томға осы кітап негізінде әзірленді.
136. Жылтыр күзегі
Амантау тауынан солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде Жылтыр күзегі деген қыстақ бар. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (26-бет) алынды. Аңыз мәтінін студенттер фольклорлық практика кезінде жинаған.
137. Итке би
Итке би өз дәуірінде Темештің кеңгір руына ғана емес, бүкіл Арқа өңіріне ақыл-парасаттылығы, әділ билігі, көреген-білгірлігімен танымал болған. Ол туралы аңыздар ел арасында кең таралған. Аңыздың түпнұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көбетай ауылының тұрғыны Мақажанұлынан Т.Рымханұлы жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (131-бет) жарық көрді.
Томға енген мәтін қолжазбадағы нұсқасы бойынша дайындалды.
138. Итіке
Аңызды Шора Сүлейменұлынан Ш.Оспанова жазып алған. Шора Сүлейменұлы 1906 жылы Ақмола жерінде туған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақталған.
Мәтін томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
139. Кәлкен
Аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің студенттері ф.ғ.д. А.Пангереевтың жетекшілігімен фольклорлық практика барысында жинаған материалдарынан алынды.
140. Келін ауылы
Бұл аңыз Қыдырәлі Саттаровтың жинаған материалдарынан алынды. Аңызды Әлиасқар Жүсіпәліұлының айтуынан Құтымбетова Элмира Қабылбекқызы жазып алған. 1940 жылы шаруа отбасында дүниеге келген Ә.Жүсіпәліұлы аңызды бала кезінде әкесінен естіген екен. Мәтін Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында жазылып алынды, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/137) сақтаулы тұр. Қорға 2002 жылы Қ.Саттаров өткізді. Бұрын-соңды жарияланбаған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
142. Келіншектау
Келіншектау туралы аңыздар халық арасына өте кең тараған.
Қаратаудың теріскей жағында қазіргі Таукен қаласынан жоғары тұстағы шатқалға қарасаңыз, тізбектеліп жатқан тау сілемдерін көресіз. Егер сол тастарға байыппен қарасаңыз, кәдімгі жүк артқан көшке ұқсайды. Көштің алдыңғы жағында атқа мініп, түйе жетектеген келіншек бейнесін аңғарасыз. Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш. 920/139) сақталған. Қ.Саттаровтың фольклорлық экспедиция кезінде жинаған материалдары. Аңызды Созақ ауданы, Жуан төбе ауылының тұрғыны Жұпар Жүзбаеваның айтуынан Әбілдаева Әзиза жазып алған. Мәтін жинаушының қолымен қазіргі қазақ әрпінде жазылған. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (100-бет) жарияланды. Томға Қолжазба қорында сақталған нұсқа бойынша әзірленді.
143. Келіншектау
Бұл аңызды 1991 жылы Өтетілеуов Зияштың айтуынан ҚарМУ-дың студенті Жұмағұлова Жанар жазып алған. Мәтін жинаушының қолымен ақ параққа жазылып дәптер ретінде тігілген. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1062) сақтаулы тұр.
Мәтін томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
144. Кеме қалған шыңы
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған нұсқасының негізінде әзірленді. Аңызды Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Ашарбеков Бексұлтаннан студент А.Қодарова (1996) жазып алды. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (44-бет) жарық көрді.
Томға қордағы қолжазба негізінде әзірленді.
146. Кемпіртас
Бұл аңызды 2011 жылы ӘӨИ-дің қорына Берік Рахымов тапсырған. ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика барысында ел аузынан жинаған материалдарынан алынды.
Томға осы нұсқа бойынша дайындалды.
147. Кеңестау
Қарқаралы ауданына қарайтын Нұркен Әбдіров атындағы совхоздың шығысында үлкен тау көрінеді. Ертеден-ақ осы таудың басында ауыл ақсақалдары келіп кеңес құрады екен. Олар ел арасындағы қолайсыз жағдайларды, түрлі дауларды жазды күні осы таудың басына жиналып шешіп отырған. Кеңестау Қарқаралы ауданы аймағында орналасқан. Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Қарағанды облысы, Бұқаржырау ауылының тұрғыны Жақып қария әңгімелеген. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (47-бет) жарияланған.
Томға осы жинақ негізінде ұсынылды.
148. Кеңес тас
Сарыарқадағы таулы өлкенің бірі – Ақтоғай ауданы. Қызыларай, Қаратоғанбай, Сарытоғанбай, Қайдауыл-Шеруке сілемдері Қарқаралымен жалғасып жатыр. Кеңес тас деп аталатын таулы өлкедегі мекен осы Ақтоғай кентіне таяу жерде. Бұл аңызды айтушы Ақтоғай кентінің тұрғыны Зүпіш қария. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған.
Томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
149. Кертінді
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (134-бет) алынды. Бұл аңызды Сүлейменов Қизатқали жинаған.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
150. Кертінді-Қолаң
Қазіргі Нұра ауданы, Кертінді ауылы мен Алғабас ауылының арасындағы жартас тау Кертінді аталады, ал Қолаңның уақиғасы болған жер Қолаң деп осы уақытқа дейін аты сақталған. Бұл мекен Қарағанды қаласының солтүстігінде 70-90 шақырым жерде. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Тельман ауданы, Осакаровка ауылының тұрғыны Жұпышұлы Шайқыден. Жазып алған Б.Мұстафина. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200) нұсқасынан дайындалды. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (133-бет) жарияланды.
151. Кертінді жігіт пен Қолаңшаш ару
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (135-бет) жарияланды. Аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ақмешіт ауылының тұрғыны Жұпышов Шайқыден әңгімелеген. 1917 жылы туған.
Томға енген мәтін осы жинақ негізінде ұсынылды.
152. Кескен терек моласы
Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/97) сақталған. Аңыз Қыдырәлі Саттаровтың жинаған фольклорлық үлгілерінен алынды.
153. Кетпен төбе
Төбе туралы аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 29-бет) жарияланды. Кетпен төбе Текес өзені жағасындағы жазықта табиғи тау жынысты біткен дара бір төбе.
Мәтін томға осы нұсқа бойынша дайындалды.
155. Көгершін
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (96-бет) алынды. Аңызды Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жүсіпбек Аймауытов ауылының тұрғыны Қиышев Зада баяндаған. 1930 жылы туған.
Бұл томға осы материал негізінде дайындалды.
156. Көз қыстағы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (30-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылының тұрғыны Омаров Қадыр Нұрғалиұлы әңгімелеген. 1936 жылы туған.
157. Көзата бұлағы
Бұлақ Қазақстанның оңтүстігіндегі Қазығұрт тауының аңғарында ағып жатыр. Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Б.Ашарсековтың айтуынан А.Қодарова жазып алған. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (127-128-бб.) жарияланды. Томға қорда сақталған үлгісі бойынша әзірленді.
158. Көздіқақ
Балқаш қаласынан отыз бес, яғни Қоңырат кешенінен он бес шақырымдай жердегі шығыс Қоңырат кешенінің қасында Көзді қақ деген жер бар. Бұл жазық құба жондағы болымсыз ғана жыра. Ерте кезде көргенімізде осы тостаған аузындай жерден қысы-жазы тұщы су шығып жататын. Жазғытұрым қар суы қосылып әлгі едәуір қақ болып қалатын. Жергілікті тұрғындар бұл жерді Көзді қақ дейді. Бұл маңайды қазғанмен су шыға қоймайды. Сонау 1939-1940 жылдары осы маңайдан кен шығып, зерттей бастаған кезде, әлгі Көзді қақтың көзін кеңірек ашып, үстіне шағын қорған орнатып, су тартатын насос қойып, ауыл, кенші тұрғындары осы бертінге дейін осыдан пайдаланып келеді. Көздіқақ Балқаш қаласының солтүстік-шығысында 35 шақырым жерде орналасқан. Бұл аңыздың бір нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Аңызды айтушы Балқаш қаласының тұрғыны Г.Хасенқұлқызы. Жазып алған Ғ.Көпбалина. Осы нұсқасы «Жер шежіре» жинағында (153-бет) жарияланды. Оны Қарағанды облысы, Шет ауданы, Айыртас ауылының тұрғыны Аманқұлов Сәбет әңгімелеген. 1930 жылы туған.
Томға қордағы нұсқасы бойынша дайындалды.
160. Көксу, Арасан, Тамшыбұлақ
Көксу Тянь-Шань тауынан оңтүстікке еңіске қарай ағып келіп, Текес өзеніне құятын үлкен өзендердің бірі. Көксу аңғарында Арасан, Аршалы, Тамшыбұлақ деп аталған жерлер бар. Бұл аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 25-26-бб.) жарияланды. Аңызды дайындаған Әбілез Шәріп мынадай түсінік береді: «Іс жүзінде өзеннің аты, жердің аты бұл аңызға қатысты шыққан емес. Есім де осы жердің табиғи ерекшеліктеріне қарай қойылып қалыптасқан».
Томға енген мәтін осы нұсқаның негізінде әзірленді.
161. Көмекбай төбе
Көмекбай – Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Қайыңды ауылынан жеті шақырым жердегі Қарасу елді мекенінің тұсындағы биік төбе. Аңыз мәтіні «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (47-бет) алынды.
163. Күйгентас
Күйгентас мекені Балқаш қаласының солтүстігіндегі Қоңырат кенішінің маңында орналасқан. Бұл аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды айтушылар Балқаш қаласының тұрғыны Бәйра әже мен Қарағанды облысы, Шет ауданы, Айыртас ауылының тұрғыны Аманқұлов Сәбет. Бәйра әжеден А.Игенова жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (115-бет) жарияланды.
Томға енген аңыз қордағы нұсқасы бойынша дайындалды.
164. Күлдәрі
Күлдәрі – Құланөтпес өзеніндегі ұзындығы екі шақырым қара су. Бұл аңызды Қарағанды Мелекеттік университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған. Аңызды 1929 жылы Тассуат жерінде туған Әбдікәрім Құдайбергенұлынан Ш.Оспанова жазып алды. Материал ӘӨИ-дің Қолжазба қорына (Ш.936) 1991 жылы түсті.
Томға осы материал негізінде әзірленді.
165. Күлдір ойы
Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (17-бет) алынды.
Томға осы кітап негізінде әзірленді.
166. «Күміс қорған» туралы әңгіме
Бұл аңызды 1906 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген Біләл Қалқаманов әңгімеледі. 1991 жылы аңызды жазып алып, қорға тапсырған Жанар Жұмағұлова. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1062) сақталған. Ол Шіркейлінің сол жақ жағасында. Қазір орны бар.
Томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
167. Кілемжайған
Кенесарыға байланысты шыққан бұл аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің студенттері А.Пангереевтің жетекшілігімен фольклорлық практика кезінде жинады. Осы материалдың негізінде әзірленді. Кілемжайғанның батысында Бопай деген жер бар. Бопай Кенесарының қарындасы екен дейді.
169. Кіші Айдаһарлы, Үлкен Айдаһарлы таулары
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (53-бет) жарық көрді. Бұл аңызды Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұрғындары Исалы Үмбетжан мен Тәжібаев Шөмен әңгімеледі.
Томға осы жинақ негізінде ұсынылды.
170. Қабанқұлақ, Әнкей
Бұл аңыз «Дала уәлаяты» газетінде (1897, №13) жарияланған. Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
171. Қазанбас
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (93-бет) алынып дайындалды. Аңызды ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика барысында жинаған.
172. Қазығұрт тауы
Аңыз «Өлген қазан» кітабында (44-бет), «Жер шежіре» жинағында (43-бет) жарық көрді.
Томға алдыңғы кітап негізінде әзірленді.
173. Қайдауыл, Шеруке
Сарыарқаның кіндігі делінетін Қайдауыл, Шерукеде сансыз бұлақ қақ жарылып, екі үлкен өзен Шерубай – Нұра және Тоқырауын өзендері бастау алады. Шөккен нардай бір-біріне жалғасып жатқан шоқылардың асты суға бай. Бұл өңірдің қары бір ай шамасында ерте түседі, қысы қатал, боранды болады. Бұл тау жайлы аңыз ел ішіне кеңінен тараған. Қайдауыл-Шеруке Арқадағы Ақтоғай ауданындағы адырлы, аумақты тау. Жинақтағы аңызды ҚарМУ-дың студенті Р.Қабдолла жинады (1999). Айтушы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы, Шұбартау ауылының тұрғыны Қабдолла Балсейітұлы мен Жайлау Айтбаев. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Осы материал негізінде әзірленді.
174. Қайнар
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 198-199-бб.) жарияланды. Ел аузынан Ш.Серікбаев, Ақан Жақияұлы жинады.
Томға осы жинақтағы үлгі бойынша дайындалды.
175. Қаламқас
Қаламқас – Қарқаралы ауданындағы өлке. Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Қ.Аманжолов ауылындағы зейнеткер Жәкітай Байжолұлы Рымбековтен А.Оспанова жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (121-бет) жарияланды.
Томға енген мәтін жинақ бойынша дайындалды.
176. Қалдан серін мен Ханабад туралы аңыз
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.692, 7-дәп.) сақталған. Аңызды Нұрхан Сапаровтың айтуынан Жолдасбек Бұғыбаев жазып алды. Соңынан мынадай ескерту жазған: «Бұл аңызды мен Нұрхан Сапаровтан екі рет есіттім. Бірі 1940 жыл, бірі 1957 жыл».
Томға осы нұсқасы негізінде әзірленді.
177. Қалқаман
Талдықорған қаласына барар жолда «Қалқаман» деген станция бар. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (35-бет) алынды. Аңызды Талдықорған қаласының тұрғыны Қожахметова Қанша Сүйіндікқызы әңгімелеген.
178. Қалмаққырылған
Бұл аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (121-бет) жарияланды. Томға осы кітап бойынша әзірленді.
179. Қалмас тау туралы аңыз
Аңызды Мұқан Сағымбеков әңгімелеген. Ол 1937 жылы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Қазір құрметті зейнеткер. М.Сағымбеков – талантты ақын, бірнеше кітаптары жарық көрген. Аңызды ақынның айтуы бойынша Айым Сембай жазып алды. 2011 жылы ӘӨИ-ның Қолжазба қорына Берік Рахымов тапсырған. Жинаушы аңыз туралы мынадай мәлімет береді: «Мұқан ата Қорғалжын ауданында орналасқан Қалмас тау туралы аңызды өзінің атасының аузынан естігенін айтып берді. Атасы Сағымбектің арғы атасы Мәжен ол кезде атауы жоқ Қалмас таудың баурайын мекен етсе керек. Таудың бөктері малға өте жайлы, сулы, нулы болса керек. Жаз жайлауы қыс қыстауы болған жерде Мәжен ата ұрпағынмен тыныш өмір сүреді екен. Малы көп қатардағы байлардың бірі әрі сараңдығымен елге танылған болыпты деседі».
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
182. Қандықұдық
Балқантау кеншары, Жаңажол бөлімшесіндегі Бүркітті тауының өңірінде орналасқан. Қандыбұлақ аталуының да өзіндік себебі бар. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (143-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің тумасы Сейітжаппар Бимақаш Әйнекұлы айтып берген.
183. Қанжуған
Бұл аңыз Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» кітабынан (Астана: «Фолиант», 2009. 24-бет) алынып әзірленді.
184. Қапал тауы
Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1065. 2-дәп.) сақтаулы тұр. Қолжазбаны қорға тапсырған Нұркеш Дәуітов. Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
185. Қара келіншек, Ақ келіншек таулары
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (79-бет) алынды.
186. Қара құдық
Бұл құдық Ақжал кенішінен үш шақырым жерде орналасқан. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (166-бет) жарияланды.
Томға жинақ негізінде әзірленді.
187. Қара су
Аңызды әңгімелеген Сыздықов Өміртай. 1937 жылы 8 қыркүйекте дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қара су атты оқиға Қорғалжын ауданында болған. Бұрын-соңды болмаған оқиға болса керек. Өміртай ата бұл оқиғаны өзінің әкесінен 5 жасында естіген екен. Қазір де Қара су орны сол ауданда орналасқан. Жинаған Сембай Айым Сембайқызы.
Томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
188. Қарағай қаққан
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (170-бет) алынды.
189. Қарағанды
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылының тұрғыны Әлиманов Іргебай.
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (107-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқасы негізінде әзірленді.
190. Қарағанды-Ақшоқы
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (11-бет) алынды. Айтушы, жинаушы жайында деректер берілмеді.
191. Қаражал
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (19-бет) жарияланды. Аңыз Қарағанды облысы, Қаражал қаласының тұрғыны Төлеухан Ілиясұлының айтуынан жазылып алынды.
Томға жинақ негізінде ұсынылды.
192. Қарақалпақтың қырық қызы
Бұл аңызды 1970 жылы Саниязов Әлібидің айтуынан Ташкент қаласының тұрғыны Жолдасбек Бұғыбаев жазып алды. Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.692. 7-дәп.) сақталған.
Томға түпнұсқа негізінде әзірленді.
193. Қарасерке, Жетімсерке, Көксерке, Мұңлық
Морей қалашығының шығыс-солтүстігінде Бәйтік, Қаптық тауларына таяу тұрған Қарасерке, Жетімсерке, Көксерке, Мұңлық деп аталатын жатаған таулар бар. Бұл таулар тасты, бұта-бүргенді келеді, әрі қыста қар жұқа түсетіндіктен ұсақ малдың әсіресе ешкі түлігінің таптырмайтын жері саналады. Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 195-196-бб.) жарияланды. Ел аузынан Ақан Жақияұлы жазып алды.
Томға осы жинақ бойынша дайындалды.
194. Қаратау
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов атындағы ауылдың тұрғыны Ысқақ қария әңгімелеген.
Томға енген мәтін осы нұсқа негізінде әзірленді.
195. Қараш қазған
Бұл жер Байғанин ауданының Қарауылкелді совхозынан 30 шақырым жерде орналасқан. Аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің студенттері А.Пангереевтің жетекшілігімен фольклорлық практика кезінде жинады. Осы материалдың негізінде әзірленді.
196. Қарқара
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (112-бет) алынды. Бұл аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің тумасы Сейітжаппар Бимақаш Әйнекұлы әңгімеледі.
197. Қарқаралы
Қарқаралы – Орталық Қазақстандағы тау. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Аңызды айтушы Қарқаралы ауданы, Томар ауылының тұрғыны Мұздыбаева Ыкия. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (72-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқа негізінде әзірленді.
198. Қарқаралы атауы қалай пайда болды
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (71-бет) алынды.
199. Қарлығаш қыз туралы аңыз
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған. Аңызды әңгімелеген Рахметолла Дабаев. 1930 жылы 22 желтоқсанда Майшұқыр ауылында туған. Жинаған Айым Сембай. Қолжазбаны 2011 жылы қорға тапсырған Берік Рахымов.
Томға осы нұсқа бойынша ұсынылды.
200. Қатынадыр
Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (63-бет) алынды.
202. Қашқантас
Қашқантас – Қарқаралы өңіріндегі Боқты тауының етегінде орналасқан оқшау тау. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (110-бет) алынды. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Абыз ауылының тұрғыны Шеке қария.
204. Қойлыбай қырғыны
Ырғыз ауданының солтүстік батысына таман 200 шақырымдай жерде Жантай, Толыбай деген өзендер бар. Осы Жантай өзенінен шығатын бір сала аңғарды «Қойлыбай қырғыны» деп атайды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.339. 4-дәп) сақталған. 1959 жылы қорға Әлмұратов Мәлік тапсырған. Аңыз Ақтөбе облысында жазылған, оқушы дәптеріне көк сиямен, жинаушының қолымен жазылған. Соңында: «Мен бұл аңызды ел аузынан естіп жазып отырмын» деп жазған ескертуі бар.
Томға осы түпнұсқа негізінде әзірленді.
206. Қоңырәулие немесе әулие үңгірі
Бұл аңыз Ж.Артықбаевтың «Баянауыл» (Астана, 2009) еңбегінде жарияланды. Томға осы үлгі негізінде әзірленді.
207. Қоңырқұлжа
Бұл аңыздың мәтіні «Жер шежіре» жинағында (89-бет) жарияланды. Аңыз Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны Әшімова Раушанның айтуынан жазып алынды.
Мәтін томға осы жинақ бойынша дайындалды.
208. Қоңырат
Өзінің кен қоры жағынан теңдесі жоқ Қоңырат кеніші Балқаш көлінен жиырма шақырымдай жерде. Оны жан-жағы жазық далада үркердей бір топ төбешіктің жиынтығы, таудан аласа, төбеден биік қотыр шоқы десе де болады. Осы шоқының «Қоңырат» деп аталуын әркім әр түрлі аңыздармен дәлелдейді. Сайып келгенде соның бәрі бір түйінге қоңыр аттың өліміне келіп тіреледі. Қоңырат елді мекені Балқаш қаласының солтүстігінде 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (22-бет) жарияланды. Аңызды 1940 жылы туған, Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Шашубай ауылының тұрғыны Уахатов Қарабек Қанайұлы айтқан. Томға осы үлгі бойынша дайындалды.
209. Қос жігіт
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (168-бет) жарияланды. Аңызды студенттер фольклорлық практика кезінде жинаған.
Мәтін томға осы жинақ бойынша әзірленді.
210. Қос қыз
Бұл көлге ұқсас кішірек су. Екі шетінде бұлақтың көзі бар. Бұл қоршаған сайдың ортасында орналасқан. Алыстан келе жатқанда оны байқамай қаласың. Сайдың ішіне кіргенде, бөлек бір өмірдің ішіне кіріп кеткен сияқты боласың. Бір жағында шыбындаған үйір-үйір жылқылар жүреді. Маңайдың бәрі тау, жасыл шөп. Ол жердің табиғатына қарасаң, көзің тоймайды. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (167-бет) алынды. Бұл аңызды фольклорлық практикада студенттер жазып алды.
211. Қосестек
Қосестек ауылының пайда болғанына жүз жылдан астам уақыт өтті. Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (21-бет) алынды.
212. Қоскемпір
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 200-201-бб.) жарияланды. Рахат Батыралинның айтуынан Серпін Сымайылұлы жазып алып реттеді.
Томға осы жинақ бойынша ұсынылды.
213. Қосмола, Қаржан
Аңыз Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» кітабында (Астана, 2009. 20-бет) жарияланды.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
214. Қу өлкесі
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Томға осы нұсқа негізінде әзірленді. Айтушы, жинаушы туралы дерек жоқ.
215-216. Қу тауы
Қу тауы Қарағанды облысы, Қарқаралы кентінен әріде жатқан тау. Тау туралы аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Аңызды айтушы бұрынғы Егіндібұлақ ауданы тумасы Бимәрия Боранбаева, қазір Жезқазған қаласында тұрады. Жинаушы Жазира Искакова. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (68-69 бб.) жарияланды. Бұл жинаққа Қолжазба қорындағы нұсқасынан дайындалды. Ку тауы болып атанудың себебі, Балқантау тауының алдында көп көлдер бар: Қаракөл, Балықтықөл, Шұбаркөл. Осы көлдерде қаптаған аққулар жүреді екен. Содан бұл тау «Аққу» тауы болып атаныпты.
217. Құл мен қыз
“Қыз” бен “Құл” ауылының ара қашықтығы 7 шақырым болады. Қазір ол жерлерде үй болып, отау құрып, өз шаруашылықтарымен айналысып отырған отбасылар бар. Аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жинаған. Осы материалдың негізінде әзірленді.
218. Құлан қорық, Жорғабел
Аңыз фольклортанушы-ғалым С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (Алматы: Ғылым, 1984.146-147-бб.) еңбегінен алынды.
219. Құланөтпес
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (137-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (124-125-бб.) жарияланды. Аңызды Дүйсенбаев Қапан Хасенұлы әңгімеледі.
Томға алғашқы жинақ негізінде ұсынылды.
220. Құланөтпес, Қосарал
Бұл аңызды Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері фольклорлық практика кезінде жазып алған. 1991 жылы ӘӨИ-дің Қолжазба қорына тапсырған (Ш.936). Мәтінді Ш.А.Оспанов жазып алған. Кімнен жазып алғаны туралы дерек берілмеген.
Томға осы үлгі негізінде әзірленді.
221. Құлдың асуы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (107-бет) жарық көрді. Бұл аңыз ҚарМУ-дың студенттері жинаған материалдардан алынды.
223. Құнанбай
Аңыз мәтіні Абат Пангереевтің филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған «Қазақтың топонимдік фольклоры» еңбегінен (84-бет) алынды.
224. Құнанбай еспесі
Бұл мекен Қарағанды облысы, Шет ауданында орналасқан. Аңыз «Жақсы Жанғұтты» деп аталатын кітапта (Қарағанды, 1999. 63 б.) жарияланды. Жариялаушы Шет ауданының тұрғыны Қасымов Шәкен.
226. Құттыбай
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (25-бет) алынды. Аңызды айтушы: Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жарық станциясының тұрғыны Мықтыбеков Түсіпхан Жұбанышбекұлы. 1914 жылы туған.
227. Қыз асуы
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (97-бет) жарық көрді. Аңызды Шығыс Қазақстан облысы, Теректі ауылының тұрғыны Қажымұрат Ахметжанов әңгімелеген. 1937 жылы туған.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
228. Қыз әулие
Бұл тау Бектау ата тауының қасында орналасқан. Әрине, Бектау ата тауының қасында бұл жай шоқпар тасқа ұқсайды. Соның бірі осы Қыз әулие. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақтаулы тұр (Ш.1200). Аңызды Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны Әшімова Раушан баяндаған. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (88-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқасы негізінде әзірленді.
229. Қыз әулие
Бұл аңызды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің студенттері жинаған. Аңызға мынадай кіріспе берілген: «“Қыз әулие” Хромтау ауданының Қызылсу ауылында орналасқан. Бұл жердің қазақтары XVІІІ ғасырдан бастап осы жерлерді мекендейді. Бұл жерлерге ертеректе мешіт, керек болса медресе де салған. “Қыз әулие” туралы тарих XІX ғасырдан басталады. Қызына арнап сол жерге Омск қаласынан қызыл тас алдырып, мазар салдырады. Кейін біз КСРО құрамында болғанда бұл мазарды бұзып, тастарын құрылыс материалы ретінде алып кетеді, тек орнында ұсақ тастары ғана қалады. Бұл жерлерге егін егіп, мал жаяды. Осыдан біраз жылдан кейін Хромтау қаласының тұрғыны Мақсат деген кісіге “Әулие қыз” 2005 жылы түсіне кіреді. Мақсат мырзаның айтуы бойынша ол қыз түсінде оның сүйегінің үстінен мал да, жан да өтіп жатқанын айтып, басын қарайтып, белгі қоюды сұрайды. Мақсат мырза елде тараған әңгіме бойынша Қызылсу жеріне келіп, сол жерді тауып алып, 2005 жылдың 29 мамырында қыздың басына белгі қойып басын қарайтады. Әлгі жерде ақшыл-қызыл тастар табылады. Мұның өзі бұл жағдайдың болғанына дәлел бола алуы және осы жерден 18 шақырымдай жерде Оразымбидің қасиетті бұлағы бар екенін көре аламыз. Осыдан кейін бұл әңгіменің аңыз ба, әлде шындық па екенін шешу сөздің ғана құзырыңызда».
230. Қыз әулиеден шыққан қасиетті бұлақ
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (158-бет) жарық көрді. Бұл аңызды Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Үсіктас ауылының тұрғыны, 1930 жылы туған Ордабайұлы Бекен айтты. Қазір «Қыз әулие» бұлақ зират орнына айналған. Өткен-кеткен жолаушылар осы орынға келіп, құран оқып кетеді.
Томға жинақ бойынша дайындалды.
231. Қыз Балқаш
Бұл аңыз-әңгімені ел аузынан Төкен Ахметов жазды. Қолжазба машинкаға басылған, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.737. 1-дәп.) сақталған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
232. Қыз бен құл
Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық негіздері» кітабында (15-бет) жарияланды.
Томға осы нұсқасы бойынша әзірленді.
233. Қыземшек
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Қарағанды облысы, Ақшатау кентінің тұрғыны Қатпар Беркінбаев әңгімелеген. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (61-бет) жарияланды.
Томға жинақ негізінде әзірленді.
234. Қыземшек жайлы аңыз
Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш. 920/139) сақталған. Қ.Саттаровтың фольклорлық экспедиция кезінде жинаған материалдары. Аңызды Созақ ауданы, Жуан төбе ауылының тұрғыны Жұпар Жүзбаеваның айтуынан Әбілдаева Әзиза жазып алған. Мәтін жинаушының қолымен қазіргі қазақ әрпінде жазылған. Аңызда мынадай кіріспе бар: «Бетпақтың кең жазирасындағы «Уанастың тақыры», «Уанастың сағанасы», «Кескентерек төбе», «Қыземшек төбе», «Қотантас», «Қатынның ұңғысы», «Қатынның моласы» деген жер аттарымен бірге Қаратаудың теріскей жақ бетіндегі тарихи Суындық асуына кіре берістегі «Қыз төккен» деген орынға байланысты ел аузында сақталған аңыз-әңгіменің тарихи құндылығы айтарлықтай. Аңыз-әңгіменің негізгі кейіпкері Уанас тарихта болған адам. Бетпақтың орта тұсындағы шағын тақырды халық «Уанастың тақыры» деп атапты. Осы тақырдың шетіндегі, бүгін құлап жағалауға айналған моланың орнын «Уанастың сағанасы» дейді. Уанас тақырының күнгей жағында 30 шақырымдай жерде «Қатынның моласы», оның жанында «Қыземшек» деген қолдан үйгендей қос төбе бар. Бұл жерде бүгінде «Степной» деп аталатын кеншілер қалашығы орналасқан. Степной кеншінің бір бөлімшесі Уанас атымен аталады. Қыземшектен 35 шақырымдай жерде «Қотантас» деген жер бар. Қотантастан 20 шақырым жерде Шу өзені арнасының теріскей бетінде «Кескентерек» төбесі жатыр. Қаратаудың Суындық асуында кіре берісіндегі қойнаудың екі бетінің арасындағы жалғыз аяқ жол сияқты қолдан төккен тастай болып жатқан орынды «Қызтөккен» деп атайды. Қойнаудың батыс жағындағы жартастың бетінде аққан қанның ізіндей екі қызыл жолақ көрінеді. Уанастың тақыры мен Қаратаудың осы қойнауының аралығы 200 шақырымдай жерде орналасқан. Ел аузында Уанас бай жайлы аңыздың бірнеше нұсқасы кездеседі».
235. Қызжыланның үңгірі
Қазығұрт тауының үңгірлерінің бірі Қызжылан үңгірі деп аталады. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Аңызды Ашарбеков Бексұлтанның айтуынан студент А.Қодарова (1996) жинаған.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
236. Қызкеніш
Мекен Қарағанды облысының Қазыбекби ауданында орналасқан. Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Сол ауылдың тұрғыны Ахмедия қарияның айтуынан Т.Мырзабаева жазып алған.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
237. Қызкеткен
Қызкеткен Ақтөбе облысындағы Тамды өзенінің бойындағы жайлау аты. Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (64-бет) алынды.
238. Қызқұлаған шыңы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (74-бет) алынды. Аңызды Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тұрғыны Құрманғазы ақсақал айтып берген. 1938 жылы туған.
239. Қызтөккен
Бұл аңызды 1926 жылы дүниеге келген, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сызған ауданының тұрғыны Бектұрсынов Құлпен айтқан. Оны Пірманова Ақерке жазып алған. Аңыз мәтіні Қыдырәлі Саттаровтың жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен алынды. Мәтін машинкаға басылған, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/139) сақтаулы тұр.
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (119-120-бб.) жарыққа шықты.
Томға қордағы нұсқа бойынша әзірленді.
240-241. Қызыл кеніш
Бұл аңыздар «Жер шежіре» жинағынан (80-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны Кәрімов Әзімбек баяндады.
242. Қызылтас
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Ақшатау кентінің тұрғыны Қатпар Беркінбаев. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (61-бет) жарияланды.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
243. Қызылтас
Балқантаудың Егіндібұлаққа қарайтын бетінде «Қызылтас» деп аталатын биік жартас бар. Бұл аңыздың мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (77-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны Елеусізов Хамит әңгімелеген. 1926 жылы туған.
244. Қырғын мола тарихы
Аңыздағы оқиға шамамен 1780 жылы болған. Соғыстың болған жері қазіргі Қобда ауданы, Бегалы совхозының «Батпақты» атты суының жерінде болған. Ол судың басы «Мендалы», «Құлшыт», «Ақсуаттан» басталады. Сол жерде тектен-текке өлген екі руды да сол жерге жерлеген. Бір-біріне қарама-қарсы қылып, ұзыннан шуақ жерлеген. Қазірдің өзінде де молалары бар. Мұны әңгімелеген Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Сарыбұлақ совхозында тұратын Маханбетов Жалғасыр ақсақал. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/5) сақталған.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
245-246. Қырық қыз
Аңыз нұсқалары «Жер шежіре» жинағында (74-75 бб.) жарияланды. Аңыздарды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны Ыбыраева Ханшайым мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылының тұрғыны Ергешова Базарайым әңгімеледі.
Мәтін томға жинақ бойынша дайындалды.
247. Қырық қыздың моласы туралы
Аңызды 1906 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген Біләл Қалқаманов әңгімеледі. Мәтінді 1990 жылы Қызылорда педагогикалық институтының студенті Жұмағұлова Жанар жазып алды. Мәтін жинаушының қолымен ақ параққа жазылған, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1062) сақтаулы тұр.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
248. Қырық қыз, Қаратас
Бұл аңыз мәтіні «Қазығұрт» (Қ.Тұрсынқұлов. Астана, 2009. 21-бет) кітабы бойынша әзірленді.
249. Қырық шілтер қорымы
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Кемеқалған ауылының тұрғыны Ажарбеков Бексұлтанның әңгімелеуінен Қодарова жазып алған. Қорым Қазығұрт ауданында орналасқан. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (Алматы: «Ғылым», 2002. 97-бет) жарияланды.
Томға қордағы қолжазба бойынша дайындалды.
250. Қырыққұдық
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 203-204-бб.) жарияланды. Ел аузынан Ядулла Үрістемұлы жинады. Реттеген: Бақыт Мәдиұлы.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
251. Қырыққұдық, Ала айғыр
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 199-200-бб.) жарияланды. Ел аузынан жинағандар: Ш.Серікбаев, Ақан Жақия ұлы.
Мәтін томға осы кітап бойынша ұсынылды.
252. Қырықтас тауы
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (62-бет) алынды. Аңызды Қызылорда облысы, Қармақшы ауылының тұрғыны Ахметов Саят Жұманұлы айтқан.
253. Майқұлаған тауы
Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Бұл аңызды айтушы Баян-Өлгей тұрғыны Шәймерден. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (62-бет) жарық көрді.
Томға қордағы мәтін негізінде әзірленді.
254. Малай ұшқан
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/140) сақталған. Аңызды Созақ ауданы, Тасты ауылының тұрғыны Күлсін ападан Абиева Динара жазып алды.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
255. Малике бұлағы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (170-бет) жарияланған нұсқасынан дайындалды.
256. Мамабай тоғаны
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (155-бет) жарық көрген. Аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданының тұрғыны Рахымжанов Әбіжан әңгімелеген.
Томға осы жинақ бойынша дайындалды.
257-258. Марқакөл
Марқакөл туралы аңыздар «Жер шежіре» жинағынан (164-165 бб.) алынды. Бірінші аңызды Шығыс Қазақстан облысы, Көкжыра ауылының тұрғыны Жортарова Әйкен Сапарбекқызы айтқан. 2-аңызды айтушы Тяженова Гүлбақша. 1961 жылы дүниеге келген. Туған жері Қарағанды облысы, Шет ауданы. Жинағандар Оспан Жібек пен Құсайынова Гаухар.
259. Масат ата аңызы
Бұл жер Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өлкесінде. Аңыз Батыс Қазақстанның ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, қорға тапсырған Мәтжан Тілеужановтың материалдарынан алынды. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/3) сақталған. Сондай-ақ тағы бір нұсқаны Маңғыстау ауылының тұрғыны Темірхан қариядан Н.Башенова (Ш.1200) жазып алған.
Бұл аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (101-102 бб.) жарияланды.
Томға енген мәтін Қолжазба қорындағы нұсқа негізінде дайындалды.
260. Матақ
Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының тұрғыны Дариға Мырзахметқызының айтуынан А.Қанафина жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (13-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқа негізінде әзірленді.
261. Мәні тауы
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында қарасты, Шеңбертал ауылының сәнін келтіріп, көсегесін көгертіп, асқақтап тұрған биік тау – Мәні тау деп аталады. Бұл таудың өзіндік шығу тарихы бар. Аңыз мәтіні 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің студенттері А.Пангереевтің жетекшілігімен Батыс Қазақстан өңірінде жүргізілген фольклорлық практика кезінде жинаған материалдарынан алынды.
262. Мәні төбе
Аңыз 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің студенттері А.Пангереевтің жетекшілігімен Батыс Қазақстан өңірінде жүргізілген фольклорлық практика кезінде жинаған материалдарынан алынды.
263. Меңдіболат
Бұл аңыз 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің студенттері А.Пангереевтің жетекшілігімен Батыс Қазақстан өңірінде жүргізілген фольклорлық практика кезінде жинаған материалдарынан алынды.
264. Мерет сайы, Мерет бұлағы
Қазіргі Маңғышлақ облысының Қарағантүп деп аталатын жерінде Мерет сайы, Мерет бұлағы бар. Аңыз Батыс Қазақстанның ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, қорға тапсырған Мәтжан Тілеужановтың материалдарынан алынды. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/3) сақталған.
265. Мұңлы, Шалқая және Қу таулары
Бұл нұсқа «Жер шежіре» жинағынан (66-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс ауылының тұрғыны Қасенов Әбілда баяндаған.
266. Мұңлы, Шалқая және Қу таулары
Аңыздың бұл нұсқасын айтушы Мойынқұм ауылының тұрғыны Қойгелдиев Жашаралы Құлжабайұлы. Ол 12 наурызда 1944 жылы дүниеге келген. Мәтінді 2011 жылы қорға тапсырған – Б.Рахымов.
267. Мұңлық
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 196-197-бб.) жарияланды. Ел аузынан Ш.Серікбаев, Ақан Жақияұлы жазып алды.
Томға осы кітап негізінде әзірленді.
268. Мұрынтолағай
Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 189-192-бб.) жарияланды. Ел аузынан жазғандар: Ш.Серікбаев, Ақан Жақияұлы.
Томға осы кітаптан алынып дайындалды.
269. Мыржық
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (100-бет) алынып дайындалды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны, 1948 жылы туған Қаймолдин Қуантай Қаманұлы әңгімелеген.
270. Мыржық тауы
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (83-бет) алынды. Аңызды айтушы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосының тұрғыны Қаймолдин Қуантай Қаманұлы әңгімеледі.
271. Мырзакелді
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (57-бет) жарияланды. Аңыз мәтінін ҚарМУ-дың студенттері фольклорлық практика барысында жинаған.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
272. Найза кескен
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Аңызды Жұмаділ қарияның айтуынан Н.Мұхаммедиярова жинаған.
Томға қордағы нұсқа бойынша дайындалды.
273. Найзатас
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (88-бет) жарық көрді. Аңызды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Дария ауылының тұрғыны Хасенов Абыз айтып берді.
Томға жинақ негізінде әзірленді.
275. Нарөлген
Балқаш көлінің маңында қамысы қалың жер бар. Ертеде бұл жер мал жайылатын жайылым болса, қазір шөп шабатын шабындыққа айналды. Осы жердің атын қазір «Нарөлген» дейді. Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (165-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақтөбе ауылының тұрғыны Сыздықұлы Зиядан айтып берген.
276. Наршөккен
Аңыз «Жер шежіре» жинағынан (70-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің тумасы Сейітжаппар Бимақаш Әйнекұлы жинаған.
277. Ой түңдік пен Белеңде
Бұл аңыз Мәшһүр Жүсіптің жинаған фольклорлық үлгілерінен алынды. Көшірме нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1202) сақталған.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
278. Оқжетпес
Аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.123. 7-дәп.) сақтаулы тұр. Қорға Кәрім Рахпанов жинап тапсырған. Мәтін жинаушының қолымен дәптерге көк сиямен жазылған. Аңыз «Өлген қазан» кітабында (42-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (122-бет) жарыққа шықты.
Томға Қолжазба қорындағы нұсқа негізінде әзірленді.
279. Оқжетпес
Аңыз Жанайдар Мусиннің «Жер шоқтығы Көкшетау» еңбегінен (Алматы, 1989. 12-бет) алынды.
280. Оқшы ата төбесі
Аңыз «Жер шежіре» жинағында (92-бет) жарияланды. Аңызды Шымкент қаласының тұрғыны Дүйсенов Оразәлі баяндаған.
Томға осы жинақ бойынша дайындалды.
281. Ордабұзған
Бұл мекен оңтүстік өңірдегі Қазығұрт ауданының аймағында орналасқан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Кемеқалған ауылының тұрғыны Ажарбеков Бексұлтанның айтуынан А.Қодарова жазып алды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
282. Ортау
Қазіргі Ортау ауылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы оңтүстік өңірінде орналасқан. 1997 жылы ҚарМУ-дың екінші курс студенті Бакмағамбетова Әсек Ортау туралы аңызды Шет ауданы, Өспен ауылының тұрғыны Әлиманов Іргебай ақсақалдан жазып алып тапсырған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
283-284. Отаутас
Аңызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының оңтүстігіндегі Ақтау тауының Отаутасы туралы айтылады. Аңыз нұсқаларын айтушы Кәрібаев Домбай, Ақтау ауылында тұрады. Аңыз мәтіндері ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Отаутас туралы аңыздар «Жер шежіре» жинағында (77-бет) жарияланды. Аңыздың екінші нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (103-бет) жарық көрді.
Томға қордағы нұсқалар негізінде әзірленді.
285. Өлі су
Нұра өзенінің бір тарамы болып саналатын кішкентай жылғашықты Өлі су деп атайды. Өлі су туралы аңызды айтушы Қарағанды облысы, Нұра ауданының тұрғыны Қожахметов Берген. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (170-бет) жарияланды. Томға осы жинақ негізінде ұсынылды.
286. Райымбек бұлағы
Райымбек бұлағы жайлы аңызды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының тұрғыны, 1917 жылы туған Танашев Құрмет әңгімелеген. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (158-бет) жарық көрді. Мәтін томға осы жинақ бойынша әзірленді.
287. Рахман бұлағы
Шығыс Қазақстан өңірінде, Қатон-Қарағай ауданында «Рахман бұлағы» деп аталатын жер бар. Бұл аңызды Шығыс Қазақстан облысы, Көкжыра ауылының тұрғыны Жортарова Әйкен Сапарбекқызы баяндаған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (164-бет) жарияланды. Томға енген мәтін осы жинақ бойынша ұсынылды.
288. Самай
Бұл жер Самайқожаның атымен аталған. Аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық негіздері» кітабынан алынып (50-бет) әзірленді.
289. Саржан мен Қосшоқы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (88-бет) алынды.
290. Саржан қашқан
Еспайдың зираты тұрған жол бес-алты шақырым. Осы жолды «Саржан қашқан» деп атайды. Аңызды Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенттері фольклорлық практикада жазып алды. Аңызды Тайболдин Бейсенбек әңгімелеген. Б.Тайболдин 1928 жылы Семей облысының Ақсуат ауданында туған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақтаулы тұр.
Томға қордағы үлгі негізінде әзірленді.
291. Сарыапан
Аңыз Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорында (ОҒК: Ш.656, 14-б.) сақталған. Мәтін машинкаға басылған, жинаушысы – Торайғыров Шәймерден.
Томға осы қолжазба негізінде әзірленді.
292. Сары серке
Бұл шығарма «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 194-195-бб.) жарияланды. Ел аузынан жинаған: Зақай Сабырбайұлы, реттеген: Бақыт Мәдиұлы.
Томға осы жинақ бойынша дайындалды.
293. Сасық жартас
Сасық жартас Шажағай өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Аңызды ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Кәріпов Өмірдің айтуынан Тауфих Айнұр жазып алды. Қолжазбаны 2011 жылы ӘӨИ-дің ҚҚ-ға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
294. Соналы
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (33-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданының тұрғыны Қожахметов Берген әңгімелеген.
295. Сұлукөл
Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (15-бет) алынып әзірленді. Көл Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында.
296. Сынтас
Бұл аңыз «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» кітабынан (55-бет) алынып әзірленді.
298. Тазтау
Бұл аңыз Ү.Субханбердина құрастырған «Әдеби өрнектер» кітабынан алынды.
299. Тай атқан
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (27-бет) жарияланды. Аңызды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау ауылының тұрғыны Беркінбаев Қатпар жинаған.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
300. Тай атқан шұнақ
Ертеде ХVІІІ ғасырдың ішінде осы күнгі Жезқазған облысы, Шет ауданының жерінде қазіргі атау бойынша айтқанда «Тай атқан шұнақ» деген жер карсон руының жаз жайлауы болған жер екен. Исабеков Дүйсенбектің айтуынан А.Құйқалақова жазып алған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақталған.
Томға қолжазба бойынша ұсынылды.
301. Талдыбұлақ өзені
Аңыз «Қазығұрт» кітабында (Астана: Фолиант, 2009. 26-бет) жарияланды. Томға аталған еңбектің негізінде әзірленді.
302. Талшық
Талшық – бұрынғы Көкшетау облысындағы елді мекен. Жинаушы Абишева Гүлнар Есімжанқызы. 1965 жылы Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген. Қазіргі кезде Қарағанды облысы, Абай қаласында тұрады. Аңыз мәтінін қорға Б.Рахымов тапсырды.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
303. Тарбағатай
Тарбағатай туралы аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Тарбағатай ауданы, Аужар ауылының тұрғыны Оңас Баймолдин.
Мәтін томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
304. Тастөбе
Бұл аңыз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің филология факультеті студенттерінің ф.ғ.д. А.Ш.Пангереевтің жетекшілігімен Батыс Қазақстан өңірінде жүргізілген фольклорлық практикада жинаған материалдарынан алынды.
305. Тасты
Бұл аңызды 1938 жылы дүниеге келген Елжанова Айсұлу Молдашқызының айтуынан 1991 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенттері Әлкенова Анар мен Бармақова Айгүл фольклорлық практикада жазып алған. Елжанова Айсұлудың әкесі домбырашы, анасы халық әндерін жақсы айтатын. Айсұлу Молдашқызы халық театрына қатысып, отыз рольде ойнаған. Қолжазба ӘӨИ-дің қолжазба қорында (Ш.1156) сақтаулы тұр. Студенттердің қолымен ақ қағазға жазылып, дәптер ретінде тігілген.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
306. Татусай, Айранжал
Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.828, 4-дәп.) сақталған. Аңыз мәтінін қорға Мәжікеев Мұқаш тапсырған. Мәтін қалың дәптерге, тапсырушының қолымен көк сиямен жазылған.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
307. Таш кешу, Нарынқұм деген атаулардың тарихы
Аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.367, 7-дәп.) сақтаулы тұр. Аңызды 1961 жылы қорға Садық Қасиманов тапсырды. Мәтін жинаушының қолымен араб әрпінде, көк сиямен дәптерге жазылған.
Мәтін томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
308. Тәтті ауылы
Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы. Аңызды Мерке ауылының тұрғыны Т.Көпбайқызының айтуынан С.Қарынбаева жазып алды.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
309. Текес, Ағаяз
Бұл аңыз «Мұра» журналынан (1985 жыл, №10, 24-бет) алынды. Қазіргі кезде Ағаяз Мұңғылкүре ауданына қарасты жер.
312. Темірхан әулие және Қожам
Морей ауданының Бостан ауылына қарасты Сарсерке тауының батысы және шығысы салаларында «Жай Қожам», «Ақтас Қожам» және «Үлкен Қожам» деп аталатын үш орын бар. Бұл жерлердің Қожам аталуы Темірхан әулие туралы аңыздан келіп шыққан. Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 205-208-бб.) жарияланды.
Томға осы кітап бойынша әзірленді.
313. Теректі
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақталған (Ш.1200). Бұл кең тараған аңызды Қарқаралы ауданы, Теректі ауылының тұрғыны Асқар Рахатаев айтуынан К.Мұқыжанова (2000) жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» жинағында жарияланды. Осы күнгі Қарқаралы ауданы, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы /бұрынғы/ кеңшардың орталығы «Теректі» ауылының аты содан қалған.
Томға енген мәтін қордағы қолжазба бойынша дайындалды.
314. Терісаққан
Аңыз мәтінін 1990 жылы ҚарМУ-дың студенттері жинап, ӘӨИ-дің Қолжазба қорына (Ш.936) тапсырды. Аңызды Байбосынов Жандарбек әңгімелеген.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
316. Толағай
Толағай қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Ақшатау кенті мен Ақсу-Аюлы кентінің орта тұсында жазық далада орналасқан қос өркешті тау. Маңайында адыр, қырат жоқ, оқшау тұр. Екі шақырымдай жерде Бала Толағай деп аталатын төбе бар. Бұл аңызды Ақсу-Аюлы кентінің тұрғыны Сатыбалдин Мағауияның айтуынан ҚарМУ-дың студенті Айнабаева Айгүл (1999) жинаған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (Алматы, 2002. 102-103 бб.). Үшкілтай Субханбердина құрастырған «Әдеби өрнектер» (Алматы: Дайк-пресс, 2007) жинағында жарияланды.
Томға Қолжазба қорындағы нұсқа негізінде әзірленді.
317. Толағай
Бұл аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (Алматы, 2002. 98-бет), Үшкілтай Субханбердинаның құрастыруымен шыққан «Әдеби өрнектер» (Алматы: Дайк-пресс, 2007) жинағында жарияланды. «Әдеби өрнектерде» аңызда кіріспе ретінде тауға сипаттама береді: «Көкпекі деген қаланың солтүстік жағына қарай 25 шақырым жерде Қалба тауында бір Толағай деген биік тау бар. Толағайдың түс келбеті бір түрлі, мұның сымбаты қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Бұл таудың жандары тіп-тік жалама жартастан болады. Қазақтардың айтуы бойынша, Толағайдың төбесінде жайдақ жер бар дейді. Бұл жайдақ жерде қазан сықылды тас бар. Таспен қатар бұлақ бар. Қазан сықылды тастың екі жағында шамандардың тасаттық беретұғын үйіліп жатқан тастары бар дейді. Жалғыз-ақ солтүстік жақтан бұл тауға шығуға болады. Өзге жартасты жағынан тауды байқап көрем деген қандай батымды кісі болса да, таудың жартысына шейін тырмысып шығуға да ойлай қояр ма екен?»
Томға алғашқы жинақ бойынша әзірленді.
318. Топар
Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Оспанова Ш. фольклорлық практика кезінде жазып алған. Мәтін ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақтаулы тұр. Қорға 1991 жылы тапсырылған.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
319. Тораңғылы әулие
Аңыз Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Бақтілеуова Клараның 1990 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында өткізген практикасының материалдарынан алынды. К.Бақтілеуова аңызды Абибуллаев Нұрылладан жазып алған. Н.Абибуллаев көп уақыт ұстаздық қызмет атқарды. Әкесі Абибулла кезінде өз еліне танымал ақын болды. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1156) сақталған. Мәтін жинаушының қолымен ақ қағаздарға жазылып, дәптер ретінде тігілген.
Томға осы нұсқа бойынша әзірленді.
320. Төлей тоғайы
Бұл аңыз «Маңғыстау» кітабынан (Буренков В.М. Алматы: Қайнар, 1986. 127-бет) алынды.
322. Төресай жері
Бұл аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосының тұрғыны Ақылбеков Төлеуғазы Рымбайұлы айтқан. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (127-бет) жарық көрген. Аңызға мынадай кіріспе берілген: «Бұл жерді көрген адам нағыз жер жаннаты екен деп аузынан тастамай армандап ұзақ айтып жүретін ең бір көрікті табиғаттың қайталанбас сыйы дерлік. Дәл осы жерден жоғары қарай көз салсаңыз биік таудың оң жақ беті қырын қарап тұрған адамның кескінін елестетеді. Табан астынан бұлаққа көз жіберсең, қолдан қиюластырғандай тік, әрі тереңдігі суға сатылап түсуге болатын табиғаттың өзі үйлестіріп жасаған баспалдақ. Ну тал, қайың. Сол тұрған орныңнан жоғары көтерілсең, төңірек онан сайын әрлене түседі. Биік жартас арасы қаққа жарылған. Аттылы адам емін-еркін жүріп кетуге болатын әрі көрінбейтіндей терең аңғар. Жартасқа бойлай өскен жеміс ағашынан дәнінің бір талын алып аузыңа салсаң, тіліңді үйіріп әкетеді. Табиғаттың өзі суретші дегенге еріксіз бас иесің».
Томға енген мәтін жинақ негізінде әзірленді.
323. Төретам
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағында (92-бет) жарық көрді. Аңызды Шымкент қаласының тұрғыны Дүйсенов Оразәлі.
Мәтін томға осы жинақ бойынша дайындалды.
324. Төрткүл жазығы
Төрткүл Текес қаласы мен Қоби қыстағының ортасындағы жазық. Бұл аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 29-30-бб.) жарияланды.
Томға осы материал негізінде әзірленді.
325. Төрткүл төбе
Бұл аңыз Қыдырәлі Саттаровтың жинаған материалдарынан алынды. Аңызды Сапарбаев Айсапардың айтуынан Ж.Мұсабаева жазып алған. 1929 жылы дүниеге келген А.Сапарбаев аңызды ел аузынан естіген. Мәтін Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында жазылып алынды, ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.920/137) сақтаулы тұр. Қорға 2002 жылы Қ.Саттаров өткізді. Бұрын-соңды жарияланбаған.
Томға осы нұсқа негізінде дайындалды.
326. Тұмсық
Ақсу-Аюлы ауылы мен Жарық станциясының аралығында Тұмсық аталған кішкене ауыл бар. Бұл жердің де атауы тікелей бұлаққа байланысты. Бұл аңыздың мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (17-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нұраталды ауылының тұрғыны, 1935 жылы туған Байзақова Әзиза айтқан.
327. Тұрсынбике тауы, Жақсықылыш тауы, Жаманқылыш төбесі
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1090.1-дәп.) сақталған. Аңызды 1962 жылы қорға Ізжан Жалғасов тапсырды.
Томға қолжазба бойынша әзірленді.
328. Түлкібас
Түлкібас ауданының “Түлкібас” аталуына байланысты ел аузында әр түрлі әңгімелер бар. Түлкібас туралы аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Керегетас ауылының тұрғыны Шаймерденова Мағираның айтуынан С.Әйімбетова жинаған.
Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (104-105 бб.) жарияланды.
Томға қордағы нұсқа бойынша әзірленді.
329. Тізебүккен
Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Томға осы қолжазба негізінде әзірленді.
330. Ұйқыдағы батыр
Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. Көкшетау өлкесіндегі Ұйқыдағы батыр тауына қатысты бұл аңызды Ж.Қожамсейітов әңгімелеген. Аңыз «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (103-104 бб.) жарияланды. Томға қордағы қолжазба негізінде ұсынылды.
331. Ұмсын түскен
Бұл аңызды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Бабай ауылының тұрғыны, 1928 жылы туған Қабдиева Күлжап әңгімелеген. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (129-бет) алынып әзірленді.
332. Ұранқай тауы
Имек ауылынан он екі шақырым жерде «Ұранқай» деген тау бар. Тау туралы аңыз «Жер шежіре» жинағынан (106-бет) алынып дайындалды.
333. Үкілі бейіт
Үкілі бейіт бұрын Морей жері, қазір Баркөл ауданына қарайды. Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 203-б.) жарияланды. Оспан Әбенұлының айтуы бойынша Ядулла Үрістемүұлы жазып алды. Реттеген: Бақыт Мәдиұлы.
Томға осы жинақ негізінде әзірленді.
334. Үкілі қыз
Көкпектіден біраз жер жүре келе Воздвиженка ауылды мекеніне тірелесің. Басқа ауылдардан ерекшелігі тұрғылықты халқы көбіне орыс болса да, апа-аталарымыз бұл ауылды «Үкілі қыз» деп атайды. Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (30-бет) жарық көрген. Аңызды Шығыс Қазақстан облысы, Теректі ауылының тұрғыны, 1937 жылы туған Қажымұрат Ахметжанов айтып берген.
Томға жинақтағы нұсқа бойынша дайындалды.
335. Үшбастау
Морей қалашығынан шығып шамамен 40 шақырым жүргенде Бостан ауылына қарасты «Үшбастау» деп аталатын солтүстік Жібек жолындағы талай ғасырлардан бері ардақталып келе жатқан бұлақ бар. Бұл аңыз «Морей ауданының аңыз ертегілерінде» (Морей қалашығы, 1999. 20-202-бб.) жарияланды. Ел аузынан жинап, реттеген: Алдар Көксегенұлы, Бақыт Мәдиұлы.
Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
336. Үшоба
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (38-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Соналы ауылының тұрғыны, 1947 жылы туған Оспанова Күләш баяндады.
337. Хан қашты жері
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (31-бет) жарияланды. Аңызды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Бабай ауылының тұрғыны, 1933 ж. туған Ахметов Тұрсын баяндаған.
Томға осы жинақ бойынша ұсынылды.
340. Шағырай
Бұл аңыздың мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (91-бет) алынды. Фольклорлық практика барысында студенттер жинаған. Ауылдың оңтүстігін ала жатқан таулар бар. Осы Тікенекті ауылынан 12-15 шақырым жерде, яғни оңтүстікке қарай «Шағырай» тауы бар.
341. Шажағай
Бұл аңыз Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күңгір күмбездер» (Алматы: Жалын, 1981. 75-76 бб.) кітабында жарияланды.
Томға осы еңбек негізінде әзірленді.
342-345. Шайтанкөл
Аңыздар «Жер шежіре» жинағынан (143-146 бб.) алынды. Аңызды айтушылар: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылы, Қали қыстағының тұрғыны, 1929 жылы туған Ақеділов Қасжан. 3-4 аңызды айтушы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосының тұрғыны Зейнуллин Рамазан Хамитұлы. Аңыздың бірінші нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» де (126-бет) жарияланды.
346. Шайтантөбе
Аңыз Асан Жұмаділдиннің «Жаңаарқа» (Дерекнама. – Алматы: Кенже-Пресс-Медиа, 2003.) кітабынан алынды.
347. Шайтан көпір
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (159-бет) алынды.
348. Шайтан ұршық
Аңыз Жанайдар Мусиннің «Жер шоқтығы Көкшетау» еңбегінде (Алматы, 1989. 11-бет) жарық көрді. Томға осы үлгі негізінде әзірленді.
349. Шалдабар
Бұл аңыз ел ішіне көп тарамаған. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақтаулы тұр. А.Бердіқұлова фольклорлық практика кезінде Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы ауыл тұрғыны Молдау Қазанғаповтан жазып алған. Аңыз «Жер шежіре» (18-бет) жинағында жарияланды.
Томға қордағы қолжазба негізінде ұсынылды.
350. Шаңтимес
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (98-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Бабай ауылының тұрғыны Қабдиева Күлжап әңгімелеген.
351. Шаңырақкемір жайлауы
Жайлау Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбел асуынан елу шақырым жерде орналасқан. Бұл аңыздың мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды айтушы Бұқар жырау ауданы, Алабас ауылының тұрғыны Қоби. Аңыз «Жер шежіре» жинағында (119-бет) жарық көрді.
Томға қолжазба негізінде әзірленді.
352. Шарбұлақ
Аңыз Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» (Астана: Фолиант, 2009. 198-бет) кітабындағы үлгісі негізінде әзірленді.
353. Шәрбан тыққан тас
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағында (97-бет) жарияланды. Осы жинақтан алынып әзірленді.
354. Шәріпбек тауы
Бұл тау Сарыөзек ауылының маңында орналасқан. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Аңызды Зағыпаров Қабдырахмен әңгімелеген. Мәтін «Жер шежіре» жинағында (49-бет) жарық көрді.
Томға қордағы қолжазба негізінде ұсынылды.
357. Шекіл қонған
Бұл аңыз «Жер шежіре» жинағынан (99-бет) алынды. Аңызды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны Жазыбаев Некебай баяндаған. 1905 жылы туған.
358-359. Шерқала туралы аңыз
Шерқала Қаратаудың арғы бетінде орналасқан, көзге үлкен дөңгелек болып көрінетін, үсті теп-тегіс, жан-жағы ұшпа тау. Бұл аңызды Маңғышлақ облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылының тұрғыны Абдоллаев Табылдан Жұмагүл Шакешова жазып алған. Аңыздың екінші нұсқасын Орал қаласының тұрғыны Шақаева Жаңылдан А.Таубаева жазып алған. Аңыз мәтіндері ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.910/4) сақталған. Аңыздың екінші нұсқасы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (118-бет) жарияланды.
Томға қордағы қолжазба негізінде әзірленді.
360. Шойынды көлдің Жасыбай көлі аталуы
Аңыздың мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (157-бет) алынды. Аңызды Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылының тұрғыны Р.М.Бозтаева айтты.
361. Шолақтерек
Бұл аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 33-б.) жарияланды. Аңызды Әбілез Шәріп әзірлеп ұсынды.
Томға осы нұсқа негізінде ұсынылды.
362. Шолақтерек өзені
Бұл аңыз «Мұра» журналында (1985, №3-4. 32-б.) жарияланды. Аңызды баспаға Әбілез Шәріп дайындады.
Томға осы журналдағы мәтін негізінде әзірленді.
363-364. Шом қалған
Бұл аңыз еліміздің оңтүстігіндегі Отырар маңайындағы жер атына орай туындаған. Аңыздың бірінші нұсқасы ғалым С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» еңбегінен (Алматы: Ғылым, 1984. 146-бет) алынды. Дәл осы нұсқаны Бұл аңызды 1990 жылы Зияш Өтетілеуовтың айтуынан Жұмағұлова Жанар жазып алып, ӘӨИ-дің Қолжазба қорына (Ш.1062, 3-дәп.) өткізген.
365. Шідерлі, Өлеңті, Ақ көл
Аңызды 1897 жылы туған Малқаров Әліптің айтуынан Д.Мұхамеджанов, Ғ.Әбілқасов жазып алды. Жазып алынған жері Павлодар облысы, Екібастұз ауданы. Аңыз мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.936) сақтаулы тұр.
Томға осы қолжазба негізінде әзірленді.
366. Ырыс Сырда
Бұл аңыздың машинкаға басылған нұсқасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.143, 5-дәп.) сақтаулы тұр. 1941 жылы «Ленин жолы» газетінде басылған. 2002 жылы «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (129-бет) жарияланды.
Томға қордағы нұсқасы бойынша әзірленді.
367. Ыссық көл туралы аңыз
Көл туралы аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.143, 4-дәп.) сақталған. Аңыз машинкаға басылған. Айтушы, жинаушы туралы деректер келтірілмеген.
Томға енген мәтін қолжазба негізінде ұсынылды.
368. Ыстықкөл қалай пайда болды
Аңыз мәтіні «Жер шежіре» жинағынан (163-бет) алынды. Аңызды Қарағанды қаласының тұрғыны Аккулина Төлеу әңгімелеген. 1942 жылы туған.
369. Ыстықкөл һәм мұның қайдан шыққанын баян қылатұғын қалмақтардың бұрынғыдан айтылып қалған сөздері
Аңыз «Әдеби өрнектер» (құр: Ү.Субханбердина. Алматы: Дайк-пресс, 2007.) кітабында жарияланды.
Томға осы кітап негізінде ұсынылды.
370. Ыстықкөл турада
Бұл аңыз «Әдеби өрнектер» (құр: Ү.Субханбердина. Алматы: Дайк-пресс, 2007. 50-51-бб.) кітабында жарияланды.
Томға осы еңбектегі нұсқа негізінде ұсынылды.
371. Ер Жасыбай
Бұл жыр-аңыз «Жер шежіре» жинағынан (110-бет) алынды. Бұл фольклорлық практика кезінде студенттердің жинаған шығармасы.
372. Балтабай
Бұл жыр аңызды 1958 жылы Шығыс Қазақстан экспедициясының мүшесі Бекмұрат Уахатов Молдабаева Нұрқадишадан жазып алған. Аңыз қара қарындашпен, қазіргі қазақ әрпінде ақ параққа жазылған. Парақтары сарғайған қолжазба ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.143, 7-дәп.) сақтаулы тұр.
Томға қолжазба негізінде әзірленді.
373. Баршын
Бұл аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Баршын ауылы Ақмола облысы, Теңіз ауданының территориясында орналасқан. Аңызды жырлаушының кім екендігі белгісіз. Шығарма Теңіз аудандық «Октябрь шұғыласы» газетінде (24 желтоқсан, 1981 ж.) Бестөбе ауылының тұрғыны Рысты Шонбайқызының ұсынуы арқылы жарияланған. Бұл материалды ҚарМУ-дың филология факультетінің 2-курс студенті К.Бактілеуова жинаған.
Томға қолжазба негізінде ұсынылды.
374. Нұра туралы аңыз
Бұл жыр-аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.1200) сақталған. Томға осы нұсқа негізінде әзірленді.
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ, ДІНИ ЕСІМДЕР, ҰЛТ-ҰЛЫСТАР МЕН РУ-ТАЙПАЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Алла (Аллаһ) – бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, ислам дінінде баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес” . Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.ә.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар деген мадақ сөзді отыз төрт рет, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Мұхаммед (Мұхаммед ибн Абдулла Әбу-л Қасым) – ислам дінінің және болашақ араб халифатының негізін салушы, тарихи тұлға. Мұсылмандардың сенімі бойынша, ол – Алла Тағаланың адамдарды тура жолға салу үшін жіберген Елшісі, ең соңғы пайғамбар 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбардың әкесі Абдулла Мұхаммед өмірге келместен екі ай бұрын қайтыс болған. Ал анасы Әмина Расул Алла алты жасқа толғанда дүниеден өтеді. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) алғашында сүт анасы Халиманың, онан соң атасы Ғабдулмүтәліптің, ол қайтыс болған соң ағасы Әбутәліптің тәрбиесінде болған.
Алла Тағаланың алғашқы жарлықтары (уаһи) рамазан айында хазірет Мұхаммедке Меккеден үш шақырым жердегі Хира үңгірінде ғибадат етіп отырған түні таң алдында түскен. Мұхаммед (с.ғ.с) Алланы, яғни бір Құдайға табынатын дін – исламды 610 жылы 40 жасында уағыздай бастайды Мұхаммед (с.ғ.с.) ислам дінін жария еткенде арабтардың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдине қаласына қоныс аударады. Бұл жыл ислам жыл санауының басы деп есептеледі. Оның арабша атауы – “хижра”, яғни “қоныс аудару” деген сөз. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдине қаласында қайтыс болды.
Абылайхан (1711-1781) – аса көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат, қазақ халқының ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр. Сабалақ – Төле бидің қойған есімі. Жауға «Абылайлап» шапқандықтан Абылай атанған. Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тарайды. 1771 жылы Түркістан қаласында хан болып сайланады. Ел тұтастығы үшін аянбай күрес жүргізіп, сыртқы басқыншыларға қарсы табанды түрде тойтарыс беріп отырады. Шет елдермен (Ресей, Жоңғария, Қытай) дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысады. Өмір жолы ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс жағасында қайтыс болады. Сүйегі Түркістан қаласындағы атақты Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.
Ағыбай батыр Қоңырбайұлы, Шұбыртпалы Ағыбай (1802-1885) – Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Ағыбай батыр Ұлытау тауының етегіндегі ауылда дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған. Шешесі Абылай ханның сенімді батырларының бірі Наймантайұлы Байғозының қызы. Жорықта үнемі жолы болатындықтан ол «Ақжолтай батыр» атанды. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ағыбай батырды да ұранға айналдырды. 13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсетті. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өтті. Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізді. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасады. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысты.
Адай – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша Кіші жүздің Байұлы тайпасынан таратылады. Ұраны – Бекет, таңбасы – жебе. Адайдан атақты адамдар көп шыққан. Олар: Абыл, Ақтан, Аралбай, Қашаған ақын-жыраулар, Сүйінқара, Ер Қармыс, Балаунияз, Иса, Досан батырлар.
Айдабол – арғын тайпасының ішіндегі сүйіндік руының бір атасы, би, шешен Айдабол Сүйіндікұлынан тараған. Айдаболдан Тайгелтір би, Қошетер мерген, Олжабай батыр, Едіге мен Шоң билер, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты әйгілі адамдар шыққан.
Айша бибі (ХІ-ХІІ ғғ.) – Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, қазіргі Тараз қаласының жанындағы, сонау скифтер заманынан бастап ақ қазақтың қол өнеріне енген, содан бері қолданылып келе жатқан ою өрнек, әшекей түрлерінің бәрін қамтитын күрделі арихитектуралық әсем ескерткіштің иесі.
Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал, аңыз оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы еді дейді.
Алтай-қарпық – қазақ халқының құрамындағы рулар тобы. Алтай-қарпық түріктің қарлұқ бұтағынан өрбіген. Ертеде Алтай тауларының бөктерін мекендегендіктен алтайлық қарлұқтар деп аталған. Осы алтайлық қарлұқтар қалың қазақ арасына келген соң Алтай-қарпық аталып кеткен.
Арғын – қазақ халқын құраған көне тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүздің құрамына енеді. Ежелгі қонысы – Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өзендерінің бойлары мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі шөлейт өлке. Бұл тайпаның ежелден келе жатқанын Орхон жазба ескерткіштеріндегі, Қытай жазбаларындағы мәліметтер мен М.Қашғари, орыс зерттеушісі Н.Аристовтардың еңбектері айғақтай алады. Қазақ шежіресінде арғындар бәйбіше арғын, тоқал арғын болып екіге бөлінеді. Бәйбішеден тарағандар «бес мейрам» аталып, қуандық, сүйіндік, бегендік (қозған), шегендік (қақсал), қаракесек деген аталарға бөлінсе, тоқалдан тарағандар «жеті момын» аталып қанжығалы, тобықты, бәсентиін, қарауыл, атығай, сарыжетім, шақшақ болып жіктеледі.
Асан қайғы Сәбитұлы (ХІV ғ. ақыры-ХV ғ. басы, басқа деректерде 1361-1370 жылдар аралығында Еділ бойында туса керек) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы “Жеті әулие” қорымындағы Асан ата кесенесі Асан Қайғы мазары делінеді. Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық Асан Қайғы деп атаған. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген. Осы мақсатты көздеп ол сол хандыққа қазақ руларының түгелдей енуіне күш-жігерін жұмсаған. Асан Қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, “адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін” мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау “Жерұйық” деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады, әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді.
Әбділкәрім Сатұқ Қарахан (т.ж.б. – 960) – Орта Азияда Қарахандар мемлекетінің негізін қалаушы. Шыққан тегі мұсылман түркі әулетінен. Қарахан мемлекетінің құрылуы Қарлұқ қағанатының ыдырауымен тікелей байланысты. Тарихи әдебиеттерде Қарахандар әулетінің шығуы жөнінде түрлі пікірлер айтылады. Қарахан 960 жылы қайтыс болады. Оның орнына отырған баласы Мұса исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Осыдан болар мұсылман тарихшылары қарахандар әулеті билеушілерінің кестесін осы Мұсадан бастайды. Бірақ шын мәнінде Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Мұсаның әкесі Әбділкәрім Сатұқ Қарахан, кейінгі тарихшылардың мемлекет атын оның есімімен «Қарахан» деп атауы да осыдан. Қараханның мазары бұл күнде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында тұр.
Әбілқайыр хан (1693-1748) – қазақ ханы, қолбасшы. Шыңғыс хан әулетінің кіші буыны – Өсектің ұрпағы, Қажы сұлтанның ұлы. Тарихи жырларда әз-Тәукенің баласы деп көрсетілген. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, кіші жүздің ханы болған. Қазақ-қалмақ қарым-қатынасы шиеленісіп кеткендіктен Ресей империясынан көмек сұрап Сібір губернаторы М.П.Гагаринге хат жазған. 1726 жылғы Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Қазақ хандары мен сұлтандары арасында алауыздық артып, сыртқы жаулардың қауіпі артқан кезде Әбілқайыр орыс билеушілеріне арқа сүйеуді ойлап, 1731 жылы қазан айында Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант береді. 1748 жылы Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайыр ханды Орта жүздің сұлтаны Барақ өлтіреді. Сүйегі Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында жерленген.
Әбілмәмбет хан (шамамен 1690-1771) – қазақ ханы, Тәуке ханның немересі, Болат ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі. Абылайдың немере ағасы. Сәмеке өлгеннен кейін Орта жүзге хан сайланған. Шыңғыс тұқымының аға тармағы Жәдік әулетінен тарайды. Абылайдың билікке жетуіне себепші болған. 1740 және 1742 жылдары Ор бекінісіне, Орынбор қаласына Орта жүздің белді сұлтандарын бастап келіп, Анна Иоановнаға ант берген.
Әжібай Қарпықұлы (1791-1866) – би. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушы. Ресей үкіметінің қысымы мен қуғынына ұшыраған Әжібайдың елі Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі қыстағының маңына көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен. Әжібай Арқадағы ағайындарымен қатынасын үзбей, белгілі би ретінде олардың дауларына араласып, рулар арасын ежелгі қазақ заңымен реттестіріп отырған.
Әли ибн Мұхаммед Алауеддин Құсшы – атақты астроном және ғылым жанашыры, Ұлықбектің ең жақын серіктерінің бірі 15 ғасырдың бас кезінде Самарқанд қаласында туған. Әл-Құсшы Орта Азия ғылымына ортақ тұлға.Ол ең алғаш әкесінен оқып сауатын сонда ашқан, математиканы сол кездегі атақты математик Қази-Заде ар-Руми мен Әл-Кәшиден үйренеді, ал оған астрономия жағын Ұлықбектің өзі үйретіп отырған. Ұлықбек сол замандағы төңірегіне аты шыққан оқымыстыларды қасына жинап, әр уақыт кеңес құрып отырған, бала кезінен осындай кеңестерге қатынасып, ғұламалардың сөзін тыңдап өскен бала Құсшы кейіннен Ұлықбек Обсерваториясының басқарушысы болған. Ол самарқанда Ұлықбектің медресесінен білім алып, кейіннен сол жерде ұстаздық етеді. Маңайындағы аса үлкен оқымыстылардың тәрбиесін көрген ол сол замандағы көрнекті ғалымдардың біріне айналады. Ол біздің жыл санауымыз бойынша 1474жылы Стамбулда қайтыс болған.
Әмір Темір (Темір бін-Тарағай Барлас, Ақсақ Темір, Темірлаң) (1336-1405 жж.) – қолбасшы, мемлекет қайраткері. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Әмір Темірдің (Темуридтер) империясының негізін қалаған. Ол 1336 жылдың тоғызыншы сәуірінде Түркістанның маңындағы Қожа-Илгар Кеште өмірге келген. Жас кезінде сол Түркістан маңындағы бір шайқаста аяғынан жарақаттанған. Әмір Темір алғашында Қашқария уәлаятының билеушісі болған. Моғолстан ханы Тоғлық Темірмен, Балқ пен Самарқан әмірі Хұсайынмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 жылы Мауранахрды өзіне қаратты. Әскерінің тегеурінді шабуылдары арқасында Хорезм, Шығыс Түркістан, Герат, Хорасан, Қандағар, Сұлтания, Тебриз, Иран және Ауғанстан иеліктері қол астына қарайды. Бірнеше дүркін жорықтан соң Алтын Орданы күйретеді. Үндістан, Сирия, Ливан жерлерін басып алады. Осман империясын талқандап, түрік сұлтаны Илдырым Баязидті тұтқындайды. 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолда Отырарда қайтыс болады. Сүйегі Самарқандағы Гөр-Әмір кесенесіне жерленген. Халық арасында және тарихи деректерде Ақсақ Темір, Әмір Темір Көреген (Гурген) деген ныспылары кең тараған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесін салдырған.
Базар Есұлы (ХІХ ғ.) – Кенесары ханның қозғалысына қатысқан батыр, ақын. Ақмола өңірінде дүниеге келген. Әкесі – Ес батыр. Шешесі – Мамай батырдың қарындасы. Зираты Қарағанды облысы, Теңіз ауданы, Сарыөзен ауылының батысындағы Тікенекті қорымында.
Ботагөз (1695-1715) – Тама Көкі ұлы Есет батырдың қызы. Ақкете Әжібай бидің келіні, Барсайдың зайыбы.
Бөгенбай батыр (1680-1775) – Қаратау бөктеріндегі Бөген өзенінің бойында туған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде ерекше орын алған батыр, қазақ жауынгерлерінің қолбасшысы. Халық оны Қанжығалы Бөгенбай деп те атайды. Атасы Әлдеуін батыр Еңсегей бойлы ер Есім ханның, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның қолбасшылары болған. Бөгенбай батыр Абылай бастаған ұзақ жылдарғы жоңғарға қарсы күрестің бас қолбасшысы, әскери ақылшысы болды. Күн-түн демей қазақ тыныштығы үшін ат үстінен түспей жүргендіктен Абылай хан «Үкі батыр» деп құрметтесе, Бұқар жырау «Қазақтың қамал қорғаны» деп атаған. Бөгенбай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Сүйегі Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген.
Есет батыр Көтібарұлы (1807-1888) – халықтың әйгілі батырларының бірі. Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кіші жүздің Қабақ руының басқарушысы болған. Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шалқар көлінен жеті-он шақырым жердегі Ақши бойында дүниеге келген. 1838 жылы Жоламан батырмен бірге көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасаған. 1847-1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты. 1847-1858 жылдары Есет батыр Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қыйыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады.
Есет Көтібарұлының барлық әулеті ел қорғауға араласып, аттары тарихта қалған. Әкесі Көтібардың ерлігі өз алдына бір төбе немере ағасы Арыстан батыр Тінәліұлы, інілері Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы да тарихта қалған жандар. Арыстан, Көтібар, Есет есімдері «Айман-Шолпан» жырына арқау болған. Есет батыр Көтібарұлы 1888 жылы қартайған шағында дүние салды. Ол туып-өскен Шалқар ауданындағы Шолақжидеде жерленген. Басына төрт күмбезді кесене тұрғызылған.
Ескелді Жангелдіұлы (1692-1780) – қазақтың көрнекті биі, батыры. Туып өскен жері Жетісу алабы. Іле, Қаратал, Көксу өзендерінің бойы. Ескелдінің үлкен атасы Жанғабыл батыр әйгілі Әлібекұлы Төле бимен бастас, қадірлес, құда болған. Ескелдінің аты жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан кезі – Жоңғар шапқыншылығының өршіп, әсіресе Жетісуды қоныстанған қазақ ру-тайпаларының зор күйзеліске ұшырауымен тұспа-тұс келеді. Жойқын шапқыншылық жылдарында жалайыр елі ата қонысынан ауа көшіп, Сыр бойына ығысуға мәжбүр болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Ескелді би өзінің әйгілі үзеңгілестері Балпық би, Орақты батыр, Қабан жырау сияқты елге тұтқа азаматтармен тізе қоса қимылдап жүріп, ата мекеннен жаудың іргесінің түрілуіне мұрындық болады. Ескелді алғаш рет жоңғарлармен болған Іле-Бақанас шайқасында (1723) батырлығымен көзге түседі. Осы соғыста жоңғарлардың Жетісудағы ең берік бекінісін бұзып, Ескелді батыр бастаған қол Қабанбай батырдың әскеріне қосылды. Күш біріктірген қазақ қосындары түріле қашқан жоңғар жақтарына Жоңғар қақпасының түбінде соққы беріп, зор шығынға ұшыратады.
Жағалбайлы – қазақ халқының құрамындағы тайпа. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамындағы жетіру тайпалар бірлестігінен таратылады. Жағалбайлы Лез, Мырза руларына бөлінеді. Жағалбайлы көне түркі тайпалардың бірі. Ұраны – Малатау, таңбасы – балта.
Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – қазақ батыры, қолбасшы, мемлекет қайраткері. Сырдария өзенінің бойында дүниеге келген. Әйтеке бидің үлкен атасы. Жалаңтөс баһадүр бес жасқа келгенде әкесі Сейітқұл хан оны Нұратадағы мешітке оқуға жібереді. Алғыр да зерек Жалаңтөс баһадүр батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының бейімділігін байқаған әкесі Жалаңтөс баһадүрді 1590 жылы Бұхар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепте Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтің баласы Имамқұл Жалаңтөс баһадүрдің ерекше қабілетін байқап, оны өзімен бірге хан ордасында өтетін әр түрлі кеңестерге, шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырады. Бұхараның әскери мектебінде 3 жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтқан Жалаңтөс баһадүр 1593 жылы Бұланғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланады. 1595 жылы Иманқұлдың шақыруымен Бұхараға келеді де, хан кеңесінің ұйғаруымен Бағдад қаласына оқуға жіберіледі. Онда білімнің әр саласынан дәріс тыңдап, 1598 жылы еліне оралады. Жалаңтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырды да, кейін қаланың салтанатты орталығына айналды. Жалаңтөс баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұхара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден қайтты. Денесі Самарқан өңірі Дағбид қыстағындағы өзі пір тұтатын Мақтым ағзам әулие бейітінің жанына жерленген.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1771-1860) – қазақтың азаттығы жолында арыстандай алысқан атақты батырларының бірі. Атасы - Киікбай Әбілқайыр ханның батыры әрі биі болған. Ал әжесі - Тәжі қалмақпен де, орыспен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты тама Есет батырдың жалғыз қызы екен. Жанқожа осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы тым ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе-жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның «батыр» атағы жалпақ елге жайылып кетеді.
Жанқожа зорлық-зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан кейін Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алысады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты.
Жанқұтты Ботантайұлы, Жақсы Жанқұтты – би, шешен. Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген. Ауыл молдасынан мұсылманша сауат алған. Қарқаралы қаласындағы медресені бітірген. Ел ішіндегі әр түрлі билік, әкімшілік жұмыстарына араласады. Жанқұтты Ботантайұлы өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді шешені Шабанбай бидің батасын алып, тәлім тәрбиесін көрген. Кұнанбай, Алшынбай, Құсбек төре сияқты ел жақсыларымен қарым-қатынаста болған. Жақсы Жанқұтты би бала Абайдың болашағын болжап, бата берген. 1850,1873 жылдары қажылыққа барған. Сол сапарында Меккеде қайтыс болады. Жақсы Жанқұтты атанған шешен, бидің кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған, үлгі боларлық нақыл сөздері мол. Қарағанды облысының Шет ауданындағы мектеп-гимназия, аудан орталығындағы көше Жақсы Жанқұтты бидің есімімен аталады.
Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігінің бірі. Кіші жүз құрамына енеді. Жетіруға телеу, рамадан, тама, табын, кердері, керейт, жағалбайлы рулары кіреді.
Жошы хан Шыңғысұлы (1187-1227) – монғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Жас кезінен бастап аса көрнекті әскери қолбасшы ретінде көзге түсіп, Шыңғыс хан жүргізген барлық жорықтарға белсене араласты. 1223 жылғы құрылтайда Ертістен Оралға дейінгі және онан әрі Батысқа қарай бағынған жерлердің бәрі Жошының иелігіне өтті. Ордасы Ертіс өзені бойына орналасты. Жошы әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшыраған. Оның өлімі жөнінде халық арасында әр-түрлі аңыз әңгімелер бар. Оны бірде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, кейбір деректерде «өзіне қарсы келуі мүмкін» деп, құпия түрде әкесі Шыңғыс хан өлтірткен. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы (1871-1923 ж.) – 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған. Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашкы күндерден-ақбелсене араласып, оның негізгі қарулы күші — мергендер жасағын басқарды, көтеріліс штабынын, ең кауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрды.
Кенесары Қасымұлы (1802-1847) – қазақ жеріндегі 1837-47 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы, қазақтың соңғы ханы. Абылай ханның немересі Кенесарының негізгі мақсаты – Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының территориялық тұтастығын қалпына келтіру еді. 1841 жылы үш жүздің өкілдерінің мақұлдауымен қазақ ханы болып сайланады. Кенесары бастаған әскери қимылдар 1838 жылы Ақмола бекінісін басып алып, өртеп жіберуден басталады. Сондай-ақ, Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алады. Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңеді. Ресей империясы Кенесары ханның басы үшін қомақты бәйге тігеді. 1847 жылы қырғыздармен болған шайқаста қаза табады.
Көтібар Бәсендіұлы (т.ж.б. – 1823) – батыр. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде сарбаз жинап, Ресей үкіметінің отарлау саясатына қарсы күрескен. Жайық бойындағы бекіністерге бірнеше рет шабуыл жасаған.
Қабанбай батыр, Қаракерей Қабанбай (1692-1770) – Жоңғарларға қарсы азаттық соғысының даңқты қаһарманының бірі, қазақ батыры. Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан, оның ішіндегі Мәмбет атасынан тарайтын Қожағұл дегеннің баласы. Шын аты – Ерасыл. Жеңгелері денесінің ірілігіне қарап «Нар бала» деп ат қойған. Ауыл малына шапқан қабандарды өлтіргендіктен «Қабанбай» деп аталған. 1718 жылы Аягөз шайқасына осы есіммен қатысып, жоңғар батыры Арсаланды жекпе-жекте жеңуі Қабанбай атын аспандатып жіберді. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде батырдың ерлік істері күллі қазақ даласына кең тарайды. 1725-1729 жылдары жоңғар ақсүйектерінің сұрапыл шабуылдары Бөгенбай, Қабанбай батырлардың соққысына ұшырайды. Қабанбай бастаған батырлар 1728 жылы Шұбар теңіз бен Бұланты өзені жағасында, 1729 жылы Іле өзені бойында, Қаратал өзенінің алқабында жоңғар әскерлерін ойсырата жеңеді. 1730 жылы Балқаш көлінің онтүстігіндегі және 1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ерлігімен ерекше көзге түседі. Атақты Аңырақай шайқасына қатысқан. Сыртқы жаудан қазақ жерін түбегейлі тазарту мақсатында 1751 жылы Арыс бойында құрылған Ұлы жүз жасағымен бірге Тәшкен, Сайрам, Түркістан маңындағы жоңғарларды қуып шығады. Бұл тарихта «Қабанбай-Ханбаба» жорығы деп аталады. Қазақ жеріне кірмек болған қытай әскерін тойтарады. Ерлігі мен әскери қырағылығына сүйінген Абылай батырға «Дарабоз» деген лақап берген. Сондай-ақ, «Хан Қабанбай» деген атағы да бар. Қабанбай батырдың зираты белгісіз. Тарихи деректердің, ауызша тараған шежірелердің айтуы бойынша батырдың сүйегі Жоңғар қақпасының сол қапталына, Сарыбел асуына жерленген.
Қазыбек би Келдібекұлы (1665-1765) – қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.
Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады. Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады.
Қарабура (ХІ - ХІІ ғғ.) – оғыз қыпшақ заманының әйгілі тұлғасы, дуалы ауыз абызы, ықпалды қайраткері. Туып өскен жері, ғұмыр кешкен мекені Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойы, сахара жұртының сол алаптардағы көшпелілік пен отырықшылықты тоғыстырған ортасы. Топырақ бұйырған жері Қаратаудың етегі, Созақ елді мекені. Қарабураның өмір сүрген заманы Қарахан қағанаты, Ғазнауи сұлтандығы, Салжұқ сұлтандығы, Хорезмшах мемлекеті сияқты елдік мемлекеттік құрылымдар арқылы Орта Азияда ислам дінінің салтанат құра бастаған кезі еді.
Қаракесек – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша Орта жүздегі арғын тайпасының «Бес мейрам» деп аталатын рулар бірлестігіне кіреді. Қаракесектен қамбар, майқы, бошан, таңас тарайды.
Қараменде Шоқаұлы (1720-1818) – би, шешен. Тобықты руының төбе биі болған. Өзінің шешендік тапқырлығы, әділ билігімен ел құрметіне бөленген. Қарамендені Құнанбай өзіне ұстаз тұтқан. Қараменде қазіргі Жезқазған обылысы, Ақтоғай ауданы жеріндегі «Жұмбақ қара» деген таудың етегінде жерленген.
Қарасай Алтынайұлы – Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған батыр. Алатау бөктерінде туып өскен. Қарасай батыр Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты өзендері бойындағы, Қарақия, Ақтасты, Сарыжазық, Суықтөбе тауларындағы ұрыстарда жау шебін бұзып, суықтөбе басына туын тіккен. Сол жеңістен бастап шапыраштының, одан тарайтын рулардың ұраны Қарасай болды.
Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) – қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырды. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді.
Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың этникалық тарихында Қоңырат тайпасының орны ерекше. Қоңырат тайпасы көтенші, көктің ұлы деген екі үлкен бірлестіктен тұрады. Қоңыраттар Дешті Қыпшақтың сол қанаты есебінде Темір әулетіне қарсы күресте Әбілқайыр ханды қолдады. Таңбасы – босаға, ұраны – Алатау.
Қорқыт (VІІІ ғ.) – абыз, күйші, аңыз кейіпкері. Ватикан архивінде Қорқыт туралы «Расул пайғамбар заманына жақын кезде (VІІ-VІІІғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәлаятты ол өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші еді. Ісі болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер еді» деген дерек бар. Ел аузында «Қорқыт айтты» деген мәтелдер жиі кездеседі. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән-күй өнерінің атасы.
Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1986 ж.) – Абайдың әкесі, аға сұлтан, қоғам қайраткері. Әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы Тобықты елін билеген беделді адам болған. Құнанбай әуелі шағын ауылды басқарады, кейін болыс басқарушысы болып сайланып, тобықты елін биледі. Келе-келе дуанды басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейін жетіп, даланың беделді де білікті әкімдерінің қатарына көтерілді. Құнанбайдың қоғамдык қызметіндегі игілікті қызметінің бірі - оның оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергені. Бұдан кейін Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды. Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиуллалар алғашқы сауатын осы мектепте ашқан. Құнанбай балаларын одан әрі оқытуға ерекше ынталы болады. Ибраһимін Семейдегі діни медресеге береді. Халиулланы 1858 ж. Омбы кадет корпусына оқуға енгізеді. Оны бітірген соң Мәскеудегі әскери училищеде оқуына мүмкіндік жасайды. Құнанбай 1849 ж. Қарқаралыда мешіт, 1874-75 ж. қажылық жолмен Меккеге барып, оңда мұсылман елінен барған адамдар түсетін үй – Тәкие салғызған.
Лама-Доржы, Эрдәни-Лама (1726 – 1753) – жоңғар қонтайшысы (1750 – 53), Қалден-Сереннің (Цэрен) үлкен ұлы. 1752 жылы Л.-Д. 20 мың қолмен қазақтарға қарсы аттанды. Бірақ, күзде болған шайқастарда жоңғар қолы басымдылық көрсете алмады. 1752 жылы жоңғар басшысы Лама Доржы қазақ жеріне қарақшылық шабуыл жасағанда, Абылай хан бастаған қазақ әскері оларға ойсырата тойтарыс береді. Кезекті шабуылдан соң, соғыстың айла-тәсілдерін жетік білетін Абылай өзінің бес жүз таңдаулы жауынгерлерін жібереді. Қарсыласы жағынан әскер келеді деп күтпеген Лама Доржы тұтқынға түсіп, дарға асылады. Бұл оқиға 1753 жылы 12 қазанда болған еді.
Наурызбай батыр (Наурызбай Құтпанбетұлы) (1706-1781) – Абылай ханның үш батырының бірі, қолбасшы. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас деген жерлерде мекендеген. Оның бар өмірі жоңғарлармен соғыста өткен. Наурызбай батырдың 1729 жылы Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіргені қазақ даласына кеңінен тараған. 1750-1752 жылдары басқа батырлармен бірге жоңғарларды Тұрфаннан асыра қуып, жеңіске жеткен. Ол сол жылы көп қазақты тұтқыннан босатқан.
Нұх – пайғамбар, Құран кейіпкері. Інжілдегі Ной. Құран Кәрімде оның аты 43 рет аталады және 71-сүре осы Нұх пайғамбар мен оның әулеттеріне арналған.
Дүние жүзі халықтарының көбінде Нұхтың есімі «топан су оқиғасымен» байланысты айтылады. Аңыз бойынша, жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар оны Алланың жәрдемімен алдын ала сезіп, алып кеме-күпшекті жасайды да, күнәсіз адамдар мен жан-жануарлардың әр түрінен жұптан алып, әлгі кемеге мінгізеді. Осы кемеге мінген тіршілік иелері апаттан аман қалып, өмір қайта жалғасады.
Райымбек Түкеұлы (1705-1785) – жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Батыр қазіргі Алматы облысында туған. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанған. 1758 жылы Райымбек батыр Наурызбай, Бөлек, Өтеген, Малай батырлармен тізе қоса отырып, Жоңғар империясының соңғы күшін қазіргі Сүмбе шекарасынан асыра қуып, Жетісу жерінен ығыстырып, Текестің Құйғаны мен Іленің басталар тұсынан әрі қарай Жұлдыз ойпатына дейін ығыстырып тастаған ерлігі жұртқа аян. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады.
Сұраншы батыр Ақынбекұлы (1815-1864) – қазақ батыры, Саурық батырдың немере інісі. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Ұлы жүздің шапырашты руының Есқожа тармағынан шыққан. Аталары Қарасай батыр, Түрікпен, Мырзабек, Кәшке ел арасына атағы шыққан шешен, батыр болған адамдар. Сұраншы батыр Ресей өкіметіне Верный (Алматы) бекінісін салуға көмектесті. Орыс әскерлерімен бірге Тойшыбек бекінісі маңында Қоқан ханының 3 мың әскерімен соғысып, жеңіске жетті. 1851 жылы орыс жасағымен қосылып, Орман (Ормон) ханның 2 мың қолына тойтарыс берді. 1852-1853 жылдары Қоқан ханының әскері тілеуқабыл руын шауып, мал-мүлкін талан-таражға салды. Сұраншы батыр Саурық батырмен бірге 300 қолмен оларды Қопада қуып жетіп, ел кегін қайтарды. 1853 жылы Аңырақай алқабын мекендеген Дулат еліне қоқандықтар шабуыл жасағанда, ол Саурық, Андас, Жагор, Дәуқара, Шымырбай бастаған жасақтармен бірге сол елдің бір бөлігін жаудан азат етті. 1860 жылы Сұраншы батырдың жасақтары Г.Колпаковскийдің әскерімен бірігіп, Ұзынағаштағы шайқаста Қоқан әскерлерін ойсырата жеңді. Ол 1864-1965 жылдары Ұзынағаштан Сайрамға дейінгі аралықты Қоқан басқыншылығынан азат ету соғысына қатысып, осы жорықта ерлікпен мерт болды.
Сырым Датұлы (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүниеге келген. Сырым Датұлының атасы Шолан байбақты руының белгілі батыры болған. Ол батырлығымен, бірбеткейлігімен дараланып, төрелердің қолынан қаза табады. Сырым Датұлы асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен «Бала би» атанды.
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына карасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошкары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяк, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған.
Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Қазіргі Жамбыл облысының Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауында туған. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт танған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен. Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортаққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасқан. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан. Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болған. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында.
Шекті – Кіші жүзде Шекті (Жаманақ) руы өте ірі және саны көп ру болған. Шекті аталатын бұл ру алғаш рет XVІІІ ғасырдың ортасынан бастап орыс деректемелерінде Әлімұлына кіретін ру ретінде айтылады. Шежіре бойынша, Шекті руы Айт, Бұжыр, Орманбай, Жақайым, Ожырай, Байкөбек, Жанқылыш және Орыс деген сегіз бөлімшеге бөлінеді.
Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – ХІХ ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын, өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын. Бұларға қарағанда ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған. Ақын өлеңдерін тұңғыш жариялаған академик В.Радловтан кейін Қазан қаласында оның өлеңдер жинағы басылып жарық көрсе, кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығармалары әр алуан жинақтарда басылып келді. Мұның бәрі ақынның өлең, жырларының ел жүрегінен өшпестей орын тепкенінің айқын куәсі болып табылады. Шортанбай ақын әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің «Зар заман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жалған», т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипаты» атты шығармасы.
СӨЗДІК
Ақырет, ахирет, ахірет /а/ – ақырет күні – бұл күні қияметтің болуы, Алладан басқаның жоқ болатындығы, өлгеннен кейінгі сұрақтың қойылатындығы, тірі кезінде істеген күнәларына жауап берілетіндігі анық сезіледі; күнәларың жеңіл болса, Алланың жақсылығын сезіп, ауыр болса, қабір азабын тартатын күн; о дүние деген ұғым; ақырзаман, дүниенің соңы.
Алла акбар, Аллаһу акбар /а/ – Алла ұлы!
Әптиек (көне) – әліпби мен абжадтан кейінгі діни оқу, құранның жетіден бір бөлігі.
Әсли, әслі – тегінде
Бағзы /а/ – кейбір
Бихисап /а/ – есепсіз
Ғайри /а/ – басқа
Ғазиз, әзиз /а/ – құрметті, ардақты, аяулы, қадірлі
Ғарық /а/ – бату
Ғаріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Дәйім – ұдайы, үнемі, әрқашанда
Дәру – дәрі
Қиямет /а/ – ауыр азап, бейнет, о дүниеге барғанда әрбір адам сынақтан өтетін зауал мен сауал күні
Ләкін /п/ – бірақ
Мәдет – медет
Мәшһүр /а/ – әйгілі, белгілі
Мизам – қыркүйек айының ескіше атауы
Мүскін – мүсәпір, ғаріп
Науа – малдың су ішіп, жем жеуіне арналған үлкен, ұзын астау
Поп /о/ – шіркеу қызметшісі
Уа /а/ – және
Үмбет – мұсылман дініне мойынсұнған, бағынышты адам
Ұжмақ /а/ – жұмақ
Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алланың 99 есімінің бірі
Хас /а/ – айырықша, ерекше
Һәм /п/ – және
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Абыралы - Сарыарқаның шығыс бөлігінде, негізінен Қарағанды және Семей облыстарының жерінде. Орталық Қазақстандағы кішігірім таудың аты.
Ақбауыр – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы тау.
Ақбет – Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы Баянауыл тауларының ең биік сілемі. Ол Павлодар облысы, Баянауыл ауданының жерінде орналасқан. Тау баурайында Торайғыр, Жасыбай, Сабындыкөл көлдері орналасқан.
Ақбота шоқысы – Байғанин ауданы, Жарқамыс селолық округінің Қаражар елді мекеніндегі Қарасақал қорымынан он бес шақырымдай жерде, Жем өзенінің қарсы бетінде оқшауланып көрінетін, үсті жусанды, тегістік биік шоқы.
Ақмола – Қазақстанның орталығындағы әкімшілік аумақтық бөлік. 1939 жылы құрылған. Орталығы – Астана қаласы.
Ақсу-Жабағылы – Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан қорық.
Ақтайлақ – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Өркендеу кентінің батысында орналасқан тұзды, тұйық көл.
Ақтау – Маңғыстау облысының орталығы, қала, теңіз және әуе порты. Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан. Маңғыстау түбегінде қазба байлықтарының ашылуына байланысты іргетасы 1959 жылы қаланған. Ақтау біраз уақыт Шевченко аталып (1964-1991), кейіннен тарихи жер атауы қалпына келтірілді.
Ақтөбе облысы – Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан. Терістігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында Атырау және Батыс Қазақстан, шығысында Қостанай, оңтүстік-шығысында Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр. Облыс 12 селолық, қалалық, және әкімшілік аудандарға бөлінген. Аумағында 6 қала, 2 кент бар. Әкімшілік орталығы – Ақтөбе қаласы.
Ақшатау – Қарағанды облысы, Шет ауданындағы кент. Кент аты жергілікті тауға байланысты қойылған.
Ақшоқы – Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының солтүстігінде орналасқан тау. Ең биік жері – Майлықара шоқысы.
Алатау – Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Сібірдегі тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Жетісу Алатауы, Күнгей Алатауы, Қырғыз Алатауы, Талас Алатауы, Іле Алатауы, т.б. жатады. Алыстан қарағанда мұндай таулардың төбесінен етегіне қарай мұздықтар мен көп жылдық қар жапқан ақтаңдақтары тау жоталарына ала түс береді; атауы да соған байланысты. Әдетте, мұндай таулар заңғар биік болып келеді. Тау етектерінде орман, аңғарында таулық шалғын және дала белдемдері алма кезек орналасқан.
Алтай – Қазіргі Шыңжан өлкесін моңғолия қазағы Алтай деп атайды. Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиясы облысына қарасты әкімшілік аймақ. Батысында Қазақстанмен, Солтүстік батысында Ресеймен, Солтүстік Шығысында Монғолиямен шектеседі.
Аңырақай – Жамбыл облысының Шу ауданы жеріндегі тау сілемі. Аңырақайдағы Итішпес көлінің маңында 1729 жылы қазақ жасақтары жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңген.
Арал теңізі — Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан сутоған. ХХ ғасырда ауданы жағынан әлемде төртінші орында болған болатын, бірақ 1960-шы жылдардан бастап теңіздің суы азайып келді.
Атасу – Сарысу өзенінің сол жақ саласы. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының аумағымен ағады.
Аягөз – Алматы, Шығыс Қазақстан облысы аумағы арқылы ағатын өзен. Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен бастау алады. Балқаш көлінің солтүстік шығыс бөлігіне құяды.
Әулиетас – V-VІІІ ғасырдан сақталған ежелгі ғимарат қалдығы. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында орналасқан.
Бабатай – Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қайыңды ауылдық округіне қарасты елді мекен.
Байқал – Шығыс Сібірдің оңтүстігіндегі тұщы көл. Дүние жүзіндегі аса ірі көлдердің қатарына жатады. Бір ғана Ангара өзені ағып шығады.
Бақты – Сарыарқадағы тау. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында орналасқан.
Баркөл – Оңтүстік Шыңжаңның Құмыл аймағындағы Қазақ автономиялы ауданы. 1954 жылы 30 қыркүйекте құрылды.
Барсакелмес – Арал теңізінің солтүстік-батыс бөлігіндегі арал.
Баршатас – Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы ауыл.
Баршын – Ақмола облысы, Теңіз ауданындағы ауыл.
Бегімана мұнарасы – шамамен Х-ХІІ ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 шақырым жерде. Биіктігі . Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегізқырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен.
Беғазы - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы тау, елді мекен.
Бектау ата – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, ұсақ шоқылы-белесті жазықта орналасқан.
Бетпақдала - Шу өзенінің терістігінен басталып, Балқаш көлі мен Сарысу өзені аралығындағы Жамбыл мен Қарағанды облыстарының көп жерлерін алып жатқан шөл дала. Батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі.
Ботагөз бұлағы – Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округінің орталығы Кемер селосының батысында 40 шақырым жерде. Бұлақ Қиыл өзеніне құяды.
Бұланты – Ұлытау тауының батысында, Байқоңыр және Қалмаққырған өзендерінің төменгі бөлігінде орналасқан жазық келген сортаң қоныс. Қарағанды облысы, ұлытау аудынының жерінде.
Гүлшат – Қарағанды облысының Балқаш қалалық әкімшілігіне қарасты кент. Балқаш көлінің солтүстік жағасынан 4 шақырым жерде орналасқан.
Едіге – Ұлытаудың оңтсүтік-батысындағы тау. Қарағанды облысының Ұлытау ауданы жерінде орналасқан.
Еділ (ежелгі атауы Ра, орта ғасырларда Итил) – Еуропадағы ең үлкен өзен. Ұзындығы , су жиналатын алабы 1360 мың км2. Бастауын Валдай қыратынан (абсолюттік биіктігі ) алып, Каспий теңізіне құяды. Сағасы теңіз деңгейінен төмен жатыр. Еділге екі жүзден астам салалар құяды. Орта ағысында Ока, Кама, Сура, Ветлуга және Свияга салалары құйғаннан кейін, Еділ суы мол ірі өзенге айналады. Еділде балықтың жетпіс түрі кездеседі, оның қырықтан астамының кәсіптік маңызы бар. Аса маңыздылары: торта, майшабақ, табан, көксерке, сазан, жайын, шортан, бекіре, шоқыр.
Едірей – Сарыарқадағы, Арқалық және Мыржық тауларының солтүстігіндегі тау. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан.
Екібастұз – Павлодар облысындағы қала. Екібастұз Қазақстандағы ең ірі көмір өндіру және энергетика орталығы.
Ерейментау – таулы алқап. Сарыарқаның солтүстік бөлігінде, Көкшетау қыратының оңтүстік-шығысында, Ерейментау ауданында орналасқан.
Ертіс – Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен. Обътың сол саласы. Монғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Жалпы ұзындығы – . Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының өнеркәсіп орындары және шаруашылықтары өзен суын кеңінен пайдаланады.
Есенбай асуы – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Едірей ауылының шыға берісіндегі асу.
Есіл – Ертіс өзенінің сол жақ саласы. Қазақстанның Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Ресейдің Түмен, Омбы облыстары жерінен өтеді.
Ешкіөлмес – тау. Сілеті өзенінің орта ағысының оң жағасында, Ерейментау ауданында.
Жабай – Есіл алабындағы өзен. Ақмола облысы, Зеренді, Сандықтау аудандары жерімен ағып өтеді.
Жезқазған – Орталық Қазақстандағы қала. Жезқазған аймағының аумағында 1500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер белгілі болған. Әсіресе Сарысу, Сары-Кеңгір, Қара-Кеңгір өзендерінің жағалауында көп кездеседі. Бірыңғай тарихи-мәдени кешенге Жезқазған қалалық тарихи-архелогиялық мұражайы, кен және балқыту ісінің тарихи мұражайы, Қазақстан Ғылым академиясының алғашқы президенті Жезқазғанның кен байлығын ашқан Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың мемориалдық мұражай үйі кіреді.
Жетісу – тарихи-географиялық аймақ. Балқаш пен Алакөл, Жетісу (Жоңғар) Алатауы және Солтүстік Тянь-Шань жоталарымен шектеседі. Жетісу атын құрайтын жеті өзен туралы түрліше пікірлер бар. Археологтар, тарихшылар мен географтар Жетісуды Солтүстік-шығыс Жетісу (Балқаш пен Алакөлден Шу-Іле су айрығына дейінгі жерлер) және Оңтүстік-батыс Жетісу (Шу және Талас алқабы) деп екіге бөледі. Жетісуды мекендеген тайпалардың қазақ халқының тарихи қалыптасуында маңызы зор. Б.з.б.VІІ-ІV ғасырларда Жетісуды сақ тайпалары мекендеген. Түргеш және Қарлұқ (766 – 940) қағандықтары дәуірінде Шу, Талас және Іле бойында қолөнер мен сауданың орталығы болған ескі қалалар өсіп, жаңалары (Атлах, Хамукент, Құлан, Мерке, т.б.) пайда болды.
ХVІІІ-ғасырда Жетісудың едәуір бөлігі Жоңғар хандығының қол астында болды. Жоңғар мемлекетін Цинь империясы талқандағаннан кейін, өлке қайтадан Қазақ хандығына қосылды. 1854 жылы Алмалы деген жерде патшалық Ресей «Верный» бекінісін салды. 1867 жылы Жетісу аумағында Жетісу облысы құрылды.
Жұмбақтас – тас арал. Бурабай көлінің солтүстік батыс бөлігінде, Шучье ауданында.
Жұрын – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы жер атауы.
Зеренді – Көкшетау облысыныдағы тау.
Келінтөбе – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдарияның солтүстік жағалауында орналасқан.
Кеңгір – Сарысу өзені алабында, Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы өзен. Арғанаты тауынан бастау алады. Ең ірі салалары: Сарыкеңгір, Жыланды, Қарағанды өзендері.
Көгершін – Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы ауыл.
Көкшетау – Қазақстанның солтүстігінде орналасқан тарихи-географиялық аймақ. Қазіргі Ақмола облысының солтүстік бөлігі мен оған шектесіп жатқан Айыртау, Тайынша, Ғабит Мүсрепов, Ақжар, Шоқан Уәлиханов аудандарын қамтиды. Бұл аймақта Оқжетпес, Жеке батыр, Кенесары үңгірі т.б. тарихи орындар бар.
Қаратау – Еуразияның түркі тілдес халықтар қоныстанған аймақтарындағы биіктігі орташа және аласа тау жоталары. Қаратауда жаз айларында қар жамылғысы болмағандықтан осылай аталады. Қаратау атауы Орталық Азияда, Оңтүстік Оралда т.б. түркі тілдес елдер аумағында (Түркия, Иран, Кавказ, Қырым, т.б.) жиі кездеседі. Қазақстанда Қаратау жотасы (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары аумағында), Қаратау таулары (Маңғыстауда), Кетпен (Ұзынқора) жотасында бар
Қарқаралы – Сарыарқаның шығысындағы ең биік жері , ұзындығы 35-, ені 20-. аласа тау жоталары. Түсті металл кендері бар тау. Тауда қарағай өсіп, етек жағы орманды келеді.
Қармақшы ауданы – Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Аудандағы 28 елді мекен 2 кенттік және 10 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Жосалы кенті.
Қатынадыр – Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Аққұдық селолық округіне қарасты адыр атауы.
Қоңырат – Балқаш қаласының әкімшілігіне бағынысты кент, округ орталығы. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы жерінде орналасқан.
Қосестек – Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданындағы ауыл.
Қу – Жаңаарқа ауданы Қарағанды облысындағы тау, биіктігі .
Құл – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат ауылының солтүстігінде 10 шақырым жерде орналасқан төбе. Жері құмақ, малға жайлы.
Құланөтпес – Қарағанды облысының Нұра ауданы арқылы ағатын өзен. Аймысық, Айғыржал тауларының солтүстік-шығыс етегіндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды.
Қыз – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат ауылының шығысында 12 шақырым жердегі төбе. Жері мал бағуға өте ыңғайлы.
Қыземшек – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы кент, округ орталығы.
Қытай Халық Республикасы – Азия құрылығында орналасқан мемлекет. Халық саны бойынша, әлемдегі бірінші мемлекет, жер аумағы бойынша Ресей және Канададан кейінгі үшінші орында.
Мойынты – Шет ауданындағы Мойынты кентінің орталығы. Мойынты кенті аудан орталығы Ақсу-Аюлы оңтүстігінде Қарағанды қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1936 жылы Мойынты станциясы болып қаланған.
Морей – Үрімжінің шығысында 1954 жылы 17 маусымда құрылған Қазақ автономиялы ауданы.
Нарын құмы – Каспий ойпатының солтүстік-батыс бөлігінде, Еділ мен Жайық өзендері аралығында орналасқан.
Отырар – ІХ ғ. ірі қаласы. Ол тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд деп те аталып келген. Отырар V-VІ ғғ. Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталық болған. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды.
1218 ж. Отырардың билеушісі Қайыр ханның әмірімен Шыңғыс ханның керуеніндегі көпестерді өлтіріледі. Бұл моңғолдардың Орта Азияға шапқыншылық жасауына себеп болады. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын «Отырар апаты» деген атпен белгілі. Бірақ 1218 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданады. Жошы ұлысы құлағаннан кейін Отырар Әмір Темір мемлекеті құрамына енеді. Темір мұнда бірнеше рет болып, 1405 жылы осында қайтыс болады.
Сарыарқа, Арқа – Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатқан аймақ. Солтүстікте Қазақ жазығынан басталып оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан. Батыста Торғай үстіртіне тіреледі. Шығыстағы шекарасы Балқаш көлінің солтүстік – шығыс шетінен Тарбағатайдың етегіне, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейін жетеді.
Сарысу – Телікөл алабындағы өзен. Қарағанды, Қызылорда облыстары жерімен ағады.
Созақ – Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстігіндегі аудан. Орталығы – Шолаққорған ауылы. Созақ топырағында Ысқақ бап, Қарабура, Баба Түкті Шашты Әзіз, Саңғыл би т.б. әулиелерге қойылған тарихи ескерткіштер бар. Ауданда қазақтың белгілі күйші-сазгері Сүгір туып өскен.
Соналы – Нұра алабындағы өзен. Ақмола облысы, Қорғалжын және Қарағанды облысы, Нұра аудандары жерімен ағады.
Сібір – Солтүстік Азияның басым бөлігін қамтитын табиғи аймақ. Батыста Орал тауларынан, шығыста Тұнық мұхит жағалауына дейін 7 мың шақырымға, солтүстігінде Солтүстік Мұзды мұхит жағалауынан оңтүстікте Орталық Азияға дейін 3500 шақырымға созылған. Қысы ұзақ және өте суық.
Тамды – Торғай алабындағы өзен. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы жерімен ағады.
Ташкент – Өзбекстанның елордасы, Ташкент уалаятының әкімшілік орталығы. Орта Азиядағы ірі қалалардың бірі. Орта ғасырлар заманында қала «Чач» деп аталды. Кейінірек ол «Чач қаласы» деген мағына беретін «Чачканд» деп атала бастады.
Текес – Іле алабындағы өзен. Алматы облысы, Райымбек ауданы және Қытай жерімен ағады.
Толағай – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы тау, биіктігі .
Түркістан – қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Яссы. Яссы Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. XІІ ғасырда әсіресе Қ.А.Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған. Ясауи кесенесі – ортағасырлардың ерекше сәулеті болып табылады. Керемет орналасуы және әдемі мозаика суреттермен апталған қоршау. 1500 жыл ішінде Түркістан атақты шейх-көріпкел ақын Хазірет-сұлтан аталған Қожа Ахмет Ясауидің арқасында әлемге әйгілі болған. Ол кезде қала атауы –Яссы болатын. XІV ғасыр аяғында Түркістан Ұлы Әмір Темір арқасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынған соң атақты болды.
Ұлытау - Сарыарқаның оңтүстік батысындағы ұсақ шоқылы, аласа таулы жер. Орташа биіктігі 400-, орта бөлігі 800-, ең биік тұсы . Гранит жыныстарынан пайда болған тау. Етегіндегі жазықта қарағай және басқа ағаштар қалың өседі. Ұлытау - село, аудан орталығы. Елді мекен іргесі 1846 ж. станса ретінде қаланған.
Шомқалған – Қарабастау ауданының оңтүстік-шығысында, Жамбыл ауданында.
Шу – өзен, Қырғызстан мен Қазақстан жері арқылы өтеді. Теріскей Алатау мен Қырғыз жотасындағы мұздықтардан басталатын Жуанарық, Қошқар өзендерінің қосылуынан бастау алады. 80 саласы бар, ірілері: Қорағаты, Мерке, Ақсу, т.б. Қазақстан жерінде Сексеуілдідала, Мойынқұм және Бетпақдала арқылы ағады. Облыс аумағындағы өзен бойында Жуантөбе, Тасты, Шу, Жолөткен, Төретоған, т.б. бар.
ТОМҒА ЕНГЕН ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕРДІ ЖЫРЛАУШЫ, АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Әбдуов Мұхаметқали – әдебиеттанушы-ғалым, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Кәріпұлы Өмір – 1940 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Мектепте жиырма жылдай мұғалім болды, аудандық газеттерде қызмет атқарды. Жазушының қаламынан «Сары бел сазы» (1977), «Атасының баласы» (1980), «Ескі тоған» (1985), «Серілер мен перілер» (2004), «Бұрқақ» және «Тайталас» романдары шықты.
Құлпыбаев Ерғожа – 1908 жылы Қарақалпақстанда туған. Әкесі шаруа адам болған, Ерғожаның төрт жасында өлген. Он жеті-он сегіз жасында балықшылық кәсіпті үйренген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынып, 1945 жылы келген. Екі рет жараланған.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) – көрнекті қазақ ақыны, публицист, фольклоршы, этнограф, ағартушы. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Қызылтау аймағында туып-өскен. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін, қазақтың халық әдебиетін, этнографиясын жинап, жариялауға арналған. Сол мақсатта Қазақстан жері мен Орта Азия елдерін аралауға көп күш жұмсады. Соған байланысты белгілі оқымыстылармен, ақындармен кездесіп, түрколог-академик В.В.Радловпен танысады. Машһүр Жүсіптің қазан төңкерісіне дейін шыққан қазақ газет-журналдарының белсенді авторларының қатарындағы, фольклорлық материалдарды жариялаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын халықты сауаттандыруға жұмсады десек те болады.
Пангереев Абат – фольклортанушы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы. 1959 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл селосында дүниеге келген. Жалпы саны 40-тан астам ғылыми және ғылыми танымдық мақалалары мен баяндамалары жарық көрген.
Рахымов Берік – фольклортанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры. Қазақ фольклорындағы тарихи эпостарға қатысты көптеген еңбектердің авторы. 1991-2002 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенттерінің фольклорлық практикасына жетекшілік жасап, ел арасынан көптеген фольклорлық шығармалар жинаған.
Сарымсақов Мұхаметқали (1878-1957). Жасында Баязит деген молданың медресесінде алты жыл оқып, сонан соң ауылда бала оқытады. Алғашқыда өлең, жырды жазып шығарып, кейін жасы егде тартқанда тосыннан тауып төгілте жырлауға машықтанады.
Саттаров Қыдырәлі – филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы. Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан республикасы, Ташкент өңіріне ұйымдастырылған бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды басқарған, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорына тапсырған.
Қазіргі уақытта М.О.Әуезов атындағы педагогикалық университетте бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаруда.
Тілеужанов Мәтжан (1927-1955) – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол Батыс Қазақстан аумағынан ауыз әдебиеті нұсқаларын ұзақ жыл бойы жинап, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырды. Сондай-ақ республикада тұңғыш рет «Этнопедагогика және фольклор» кабинетін ұйымдастырып, ел ішіндегі қолөнер туындыларын жинады.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
ҚарМУ – Қарағанды Мемлекеттік университеті
Ш – шифр
дәп. – дәптер
/а/ – араб
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/к/ – көнерген сөз
/ж/ – жергілікті сөз
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі (атаулардың пайда болуы). – Ақтөбе: Nobel, 2007. 2. Артықбаев Ж. Баянауыл. – Алматы: Фолиант, 2009. 3. Әбдуов М. Шежіренің жанрлық сипаты. – Қарағанды, 1998. 4. Буренков В. Маңғыстау. – Алматы, 1986. 5. Дала уалаятының газеті. – Алматы: Ғылым, 1990. 6. Дүйсебеков Е. Қазығұрттағы қырық бір күн. – Алматы: «Нұрлы әлем», 2008. 7. Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. Казахская ономастика. І том. – Астана, «1С-Сервис» ЖШС, 2006. 8. Жер шежіре. Хрестоматия. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006. 9. Жеріңнің аты – еліңнің хаты. – Алматы: Аруна, 2006. 10. Жұмаділдин А. Жаңаарқа. Дерекнама. – Алматы: Кенже-Пресс-Медиа, 2003. 11. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 1-том. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2007. 12. Қазақтың мифтік әңгімелері. – Алматы: Ғылым, 2002. 13. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1985. 14. Қоңыратбаев Т.Ә. Эпос және этнос. Қазақ эпосы және оның этникалық сипаты. – Алматы: Ғылым, 2000. 15. Морей ауданының аңыз-ертегілері. – Морей қалашығы, 1999. 16. Мусин Ж. Жер шоқтығы Көкшетау. – Алматы, 1989. 17. Оралмағанбетов Ж., Есмағанбетов М. Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі. – Алматы: «Кітап» баспа үйі, 2001. 18. Сейдімбеков А. Күңгір-күңгір күмбездер: Сұлулық туралы сырлар. – Алматы: Жалын, 1981. 19. Тұрсынқұлов Қ. Қазығұрт. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2009. 20. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1993. 21. Ыбыраев Ш., Алпысбаева Қ., Әлібек Т. Халық әдебиетін жинау, жүйелеу және сақтаудың әдістемелік құралы. – Алматы, 2009. 22. Арабско-русский словарь. Составитель – Х.К.Баранов. – Москва, 1968. 23. Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, 1969. 24. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі // Құрастыр.: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 25. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 26. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі // Құрастырған – І.К.Кеңесбаев. – Алматы, 1977. 27. Персидско-русский словарь // Под ред. Ю.А.Рубинчика. І-ІІ т. – Москва, 1970. 28. Татарско-русский словарь. – Москва: Советская энциклопедия, 1966. 29. Турецко-русский словарь. – Москва: Русский язык медиа, 2005.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру