TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 1950-1955

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 1950-1955

Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.

ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ

(1950-1955)

КОММУНИСТІК ПАРТИЯҒА

Құйылса құрыш сөзден құз қаланып,
Толқыса теңеулерден теңіз терең,
Ұйқастар ормандарды қозғап ағып,
Ырғақтар жарысса тез. поезбенен,—

Күшті боп сөз ұшқыны электрден,
Кетсе де жұлдыздарға таралып үн,—
Асылын ғасырлардың елеп жырмен,
Шертсе өлең дүниенің, даналығын.

Тең емес сенің мұхит қуатыңа,
Тұлғаңа, құздан биік заңғар қия,
Тең күш жоқ құдіретіңе, ұлы атыңа,
Данасы мәңгіліктің Компартия!

Құйылдың берік болат қолдарменен,
Туғызды сені күрес, алып майдан.
Тудың сен, даналықтан түпсіз терең,-
Миллион милар қосқан ақыл-ойдан.

Серпіп сен зілін көне ғасырлардың,
Аштың сен дүниенің жаңа шағын.
Көрсетіп замандардың асуларын,
Жайнаттың адамзаттың болашағын.

Тұтасқан жүрегісің сансыз мыңның,
Тоғысқан толқындардай ақылысың.
Айбыны — абыройы ғасырымның,
Бастаған жеңістерге батыр күшін.

Планета жұлдызы — туың сенің,
Сенің нұрың мәңгілік жарық алға.
Әлемге даналығың — үміт, сенім,
Еркіндік, достық және халықтарға

Асылысың халықтың, бақытысың,
Керемет ісің сенің, әрі ізгі.
Күреске — Коммунизм уақыты үшін,
Өсірдің шыңдап баулып бәрімізді.

Коммунистік ғасырдың ұлдарымыз,
Біздерге қанат берген ұлы Ленин.
Партия! Саған таза ой, арымыз,
Жүректе жалындаған үнің, лебін.

Миллион ұлдарыңның біреуі мен,
Зор даңқ болу сенін, қатарыңда,—
Бас ием, сені сүйген жүрегіммен
Партия, Ұлы, дана атағыңа!

ЕЛУ ЖАҢА ЖЫЛ КӨРДІМ

Жаңа бір жылдың алдында,
Ақпанда тудым мен өзім.
Аяздың зілі қалды ма,
Қыраулы болды мінезім.

Күн шуағы әлдилеп,
Гүл бақта мен тумадым.
Мен туғанда қар билеп,
Боранның даусын тыңдадым.

Жыл туса жас көріндім,
Елу қыс келді ентелеп.
Елу рет сарай — өмірдің,
Есігін аштым еркелеп.

Разымын жаңа жылдарға,
Қары бар, денең шынығар.
Жыл жақсы — жарқын күн барда,
Жаз келер, жайнар гүлі бар.

Қарына да аунадым,
Қыс келсе қайта түледім.
Жазында күнмен жайнадым,
Жігіт — өмірім, гүл — елім.

Жаңарды жылда жасым да,
Жапырағындай бұтаның.
Оқыдым жарты ғасырда,
Өмірдің елу кітабын..

Таныдым сол кітаптан,
ЬІстықты және суықты.
Жырладым жылда гүл атқан,
Қарғадым күнді — уытты.

Майданда оқ бораса,
Соңынан жылы жыл күттім.
Өзімді бердім әрқашан,
Еркіне зор үміттің.

Разымын өткен жылдарға,
Елуін сапқа тұрғыздым.
Үйрендім сырын жырлауға,
Мұхиттардың, жұлдыздың.

Өтсе де жылдар тамаша,
Ғасырым жаңа басталды.
Ракетамен таласа,
Жырларым кезді аспанды.

Білемін жылда өмірге,
Кереметтің туарын.
Жалындап келдім мен бірге,
Заманға ұлы — куәмін!

АРНАУ

(Ілияс Жансүгіровке)
Осы бір тебіренген арнау жырда
Толғанды тұнық жатқан арманым да.
Боз інген айрылғанда ботасынан,

Күйші де күңіреніп қалмады ма?
Сол күйші құдірет бар бармағында,
Қу шекті құйқылжытқан зар қағуға.
Үнсіз мен қиялдадым кете ме деп

Қайран күй өсек-жала қармағында?
Кеудемде ұялатып күй-әніңді,
Қандырып кеттің жырға құлағымды.
Сол бір күй жаңғырсын деп іздеп едім

Ізіңді, мініп «Ақсақ құланымды».
Жайнатты жылдар гүлдеп қия-қырды,
Күйшінің даласында күй ағылды.
Жас түлек албырт ойлы қақты қанат,

Жұртыңның жүрегіне құя жырды.
Өлеңнің, ұмтылғанда, қалап ерін,
Шын жүйрік қайдасың деп қарап едім?
Күтуші ем ұшқыр уақыт бәйгісінен

Озып бір оралар деп «Құлагерің».
Уа, жырым, жұлдыз боп жан, бұлт күйінсін!
Халқыма қуанышты бұл сүйіншім.
Жаямын поэзия құшағын мен,

Кел, ақын, ардагерім, келші, күйшім!
Советтің сылтыңы жоқ ақынымын,
Ақиқат сырым және батыл үнім.
Тірілді өлең-жырдың аяулысы,

Қасыңа шақыр, аға, шақыр інім!
Жырыңмен жаңғырығып тудың тағы,
Тағы да дала жаңа күй тыңдады.
Қайрылып «Азат» күйі шертілгенде,

Матайда қобызшы шал құтыңдады.
Жырларың — өмір үні, жұрттың бағы,
Халқымның игілігі, құт-құмары.
Күйшісің коммунистік марштарға,

Сол жырың даңқыңа дақ жұқтырмады.
Сен жаңа жүйрік жырдың шыңын қақтың,
Әуенің ағысындай шың бұлақтың.
Тербеліп күйлі жырмен, асқақ үнмен

Тамырын тыңдағанның шымырлатты.
Жетісу нөпіріндей толқындаған,
Жырыңды жамырасып ел тыңдаған.
Өзінше дауылдатпай, жауындатпай,

Ақын ба қиқылдаған, мыңқылдаған?!
Жүйрік пе озып алға ұмтылмаған.
Ініңмін көкейінде күй тулаған.
Күйшіден күйлі сөзбен озған болса,

Көрсетші сол ақынның сиқын маған?!
Қырандай құс ішінде бөлек едің,
Қарпыдың қанатыңмен өлең ерін.
Ағындап аңсарымда өршіл жырың,

Сазыңа жаз жанымды бөлеп едім.
Масайрап өлең-жырға толды маңым,
Көр, жаңа поэзия балдырғанын.
Өзің де қуанасың, көріп жаңа

Жырлардың жас дауыспен жаңғырғанын.
Еске алдым, жүйрік жырдың бастауысың,
Өршіді ол кездегі жас дауысым.
Шалқыдым, өзіңдей өр күйші жайлы,

Сонау бір жырды қайта бастау үшін.
Талай жыл құйындаған қиялымда,
Жүлде бер менің жүйрік құланыма.
Алшайып «Құлагермен» шық алдымнан,

Жас жырдың бәйгесіне қуануға!

МАЯКОВСКИЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Әйдә, Маяковский,
Зымыра күнгей жаққа.
Вл. Маяковский
Маяковский!

Жүр бірге
Біздің жаққа,
Жылдам атта,
Тез бас та,

Шалқиық бір аңсап
Поэзия көлінде.
Шалқулар көп көңілде.
Жаңа дала,

Өзің қара,
Ой таста,
Отты Жырмен
Жар сап

Жаңалыққа, кел үнде!
Мраморлы денеңмен
Ұмтыл алға,
Шыңға бар да,

Дауыста:
«Бар дауыспен менше
Жаңғырт жерді өлеңмен!»
Дауысыңа ерем мен:

Бірақ әлі
Жырдың бәрі алысқа
Ұша алмай жүр, Сенше
Толқытып сез тереңнен.

Сына бізді, сен көр де:
Сөзбен нәзік
Жүрсек жазып өлеңді,
Ақынсынып,

Сән ғып,
Гүл тағуға серуенге.
Сондайға жол бермеуге,
Біздің, жаққа

Жылдам атта, кел енді.
Қосылайық,
Таң ғып
Құлашты кен, сермеуге!

Кеттік біздің ауылға!
Дала ғажап!
Өзің қарап
Біл бәрін.

Қызықтар көп,
Кел, көр,
Менің Алатауымда,
Сені сүйген қауымға.

Күшпен өрен
Күркіреген
Жырларың
Жаусын нұр боп,

Жел бер,
Өлеңімде дауылда!

ОРЫС АҚЫНЫНА

Сағынысып көрісемін сенімен,
Сеніменен жасамақпын серуен.
Зор Москва көшесінде шалқып бір,
Жалындауға поэзия лебімен.

Поэзия теңізі ғой Москва,
Лирикамды шерткім келді достыма.
Қанат қақты менің ұшқыр жырларым
Москваның жұлдыздары астында.

Тербелгендей екеуміз бір бесікте,
Өскендей бір жастан еркелесіп те,
Әзілдесіп сырласамыз, ағамыз
Өзенінде жырдың оймен есіп те.

Ақын достым, не жаздың деп жуырда,
Қуанасың менің жаңа жырыма.
Маған мақтан, қазақ жазған өлеңнің
Тербеткені Москваның ұлын да.

Жырларымның бөлек сөзі, түрі де...
Түсінесің бірақ менің үніме.
Ырғағы бір, ағыны бір жолдарым
Үн қосады саған қазақ тілінде.

Сенің жырың — орыс үнді, от тілді,
Жүрегіме толқындаған төкті үнді.
Орыс даусын, орыс жырын ұқтым мен,
Сондықтан да менің даусым екпінді.

Сен өлеңге даңқ бердің күшті үнмен
Өрге шапқан жолдарыңа түстім мен.
Маяковский маршымен ағындап,
Сөздеріме көрік алдым Пушкиннен.

Мен ғана емес, сенің жыршыл үйіңде
Достарың көп сөйлеген өз тілінде.
Өлеңдері әзірбайжан, армянның
Есігіңді қағып күнде кіруде...

Соның бәрі үндеріңнен от алды,
Аралаттың жырымызға Отанды.
Өр дауысты өлеңі үшін орыстың,
Көтеремін шарап толы бокалды!..

ӨЛЕҢ

Қозыдай құз басына көгенделген,
Ағытасың
Тас бұлақты бөгеу көрген.
Жамырап жөнелмей ме

Көгалдарға,
Секіріп төбелерден, белеңдерден,
Сондай-ақ,
Қайран жыр да жүйткімей ме,

Босанса
Ыза болған өлең зерден!

ТАҢ АТҚАНША АСЫҒЫП...

Атқанша бір таң анық,
Асыға ойлап жатамын,
Бүгін қандай жаңалық
Тапты екен деп Отаным.

Орнап жаңа заводтар,
Шырқады ма гудогін?
Өзенде жанып жаңа оттар,
Жайнатты ма түн көгін?

Асылын жатқан жасырып,
Жапан дала, сары құмда —
Жаңа бір кен ашылып,
Бұрғысың шахтер салды ма?

Мүмкін ақын толғанып,
Туды ма талай шығарма —
Достарым керіп, таң қалып
Оқып жатқан шығар да!

Ғалымдар, мүмкін, бұл түнде
Әлдебір жұлдыз отынан,
Тапқан шығар тың мүлде
Текті бір күшті атомнан.

Өзендер, мүмкін, пайда боп
Жаңа бір жалпақ жағада,
Орнаған шығар жайнап көк
Ормандар Бетпақдалаға.

Шықты ма әлде ертемен,
Қуантып халқын хабары.
Жеңіске жолды сілтеген
Це-Ка-ның жаңа қарары?

Қызыққа толы күндерім,
Естимін ылғи жаңалық.
Жеңістен жаңа гулеп үн,
Хабарын келер таң алып.

Жырлағым келіп қуанып,
Тыңдағым келер бәрін де,
Жеңістер жатса шыңдалып
От беріп өлеңдеріме!

САҒЫНДЫМ МЕН ТӘТТІМБЕТТІҢ ЖАЗЫҒЫН

Шуағындай балғын бөбек жазымның
Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын.
Саумал көлдің қамыстарын сырнай ғып,
Өстім сонда естіп аққу, қаз үнін.

Тынысындай ерке бала шағымның,
Тәттімбеттің тәтті лебін сағындым.
Желмен ойнап жүгіріп ем ұстауға
Жарқылдаған сәулесінен сағымның.

Көк майсада көбелектей ойнадым,
Жалғыз ғана бір бақытты ойладым,
Сол бақытым — өткен сенде ойыным,
Жалғыз ғана сол қызыққа тоймадым.

Өзге алаң жоқ, жоқ айғай да, ызың да,
Берілдім мен сол балалық қызуға.
Өзімде жоқ, өзгелерден қызғанып,
Қараушы едім құлын, тайға қызыға.

Жатса мейлі қой, қозылар маңырап,
Кетсе мейлі бұзау біткен жамырап,
Мәз едім мен, шатырласа нажағай,
Төксе нөсер, сықырласа шаңырақ.

Маған ыстық шетте бір үй қараша —
Менің үйім, өзгелерден тамаша.
Жымыңдайтын жұлдыз көктен, түндіктің
Жыртығынан түнде тұрып қараса.

Тимесе де маған орын төрінен,
Сол бір лашық кең күмбездей көрінген.
Енді міне, алтын бөлме сарайға,
Сыймай кейде несіне мен керілем?

Жаһан кезген жарты ғасыр жасымның
Тәттімбетте өткіздім ең асылын.
Онда менің тайдай тулап жүрегім,
Алшысынан түсуші еді асығым.

Онда мұндай тебіренуді кім білген,
Балалықпен жүремін деп мың жыл мен.
Онда тентек мінезімнің бәрі жөн,
Міңгірлесіп тұрмаушы едім мылжыңмен.

Кеттім сенен, жүйрік жылдар өтті көп,
Тауға тарттым миуалары тәтті деп.
Ақ бас ақын атандым да, не пайда,
Балалығым қалды сенде, Тәттімбет!

Қия кезіп бақыт құсын ауладым,
Өлеңіммен дүбірлеттім тау маңын.
Бірақ әлі сонау бала шағымдай
Көк төсіңе келеді бір аунағым.

Сақтап әлі балалықтың гүлін сен,
Әлі балғын шығарсың-ау бүгін сен.
Бәлкім мен де жасарармын балаша
Қазотыңды иіскеп бір жүгірсем.

Қалсын бәрі, сенің ерке балаңмын,
Жазығыңа жаным жайнап барармын.
«Тентегім» деп лебің сүйсе маңдайдан,
Бақташың боп жазығыңда қалармын...

ШАҚЫРДЫМ СЕНІ

(Ярослав Смеляковқа)
Шақырдым сені,
Кең далама шақырдым:
Шаңқан қырда,

Астында аспан шатырдың,
Шырқағанда самғап ұшқыр өлеңің,
Ырғақтарын, кетсін деп мың шақырым.
Көтерсін деп ақын досым кеудесін,

Мінбер етем Алатаудың өркешін,
Құзда тұрып,
Шырқасын деп алысқа
Жаңғырта бір қазақтың кең өлкесін!

Алатаудың алтын иық құзынан
Аңқып ұшқан қырандарға қызығам.
Келеді ұшқым сол құстардай жазыққа
Жырларымның кестелері сызылған.

Қос дауысыңды,
Мен де өзіңдей ақынмын,
Ұшан қырға
Ұшсын самғап батыл үн,

Жорға жырға мінгесіп
Жыр желімен
Жарысуға жырларыңды шақырдым.
Ашамын қырдың

Алтын, сағым пердесін,
Шық төріме,
Шерт шабыттың пернесін!
Кілем гүлдер

Майсаң белдер үстінде
Жорға жырың
Жігіт болып билесін.
Кер қызықты сахналы жерімнен:

Қырымда жоқ сұп-сұр белдер шөлірген.
Ақ қалалар қанат қаққан өрінен,
Онда, Қурай басқан түздерде,
Дәнбикелер толықсыған, керілген.

Онда, сонау
Атамды сор айдаған,
Қу жапаннан алтын-күміс жайнаған.
Барсаң саған

Аңыздарын шертеді
Қазіргі жас,
Қашанғы қарт айдалам.
Кел далама,

Өлеңіңді өргізіп,
Жөнелтейін жасыл қырға желгізіп,
Оттар жанған өзендер бар,
Шомыл да,

Жырларыңа моншақтарын бер тізіп.
Мен қазақпын.
Қыр досымын, малшымын,
Мен сүйемін

Дала жырын — мал шуын.
Қосыл менің үндеріме
Қиырдан
Жылқыларды өр дауыспен қайырған.

Көрші сен де
Баям таудың бауырын,
Көл жағалап
Қонақтаған ауылын,

Саумал көлдің жағасында толғанып,
Екеуміз бір
Әндетейік тау жырын.
Көрерсің көп тамаша,

Зәулім үйлер қатарланған қалаша,
Ақ бидайдың арасынан ән шырқап,
Қайтер едің, қыздар саған қараса!
Кел аулыма,

Көр қазақтың ұл-қызын,
Солар — жырым,
Менің гүлім — қырмызым.
Жырла бірге,

Жұт самалын,
Жұт жеңгемнің
Гүл аңқыған қымызын.
Кел қырыма,

Отандасым, ақыным,
Кең даланы құшақ етіп, шақырдым,
Жырлайық кел,
Қырандарша шарлайық,

Жыр гулеген қырдың аспан-шатырын...

ТӘЖІК ӘКЕ, СЕН ҮШІH

Сыр бойында, жағада,
Ағынға көп қарадым,
Толқын сөйлеп, аға ма,
Көкке түйіп қабағын.

Аққандай бір ызамен,
Толқын тулап кетеді.
Шуылдаған cap өзен,
Шұғыл қайда жетеді?

Есімде сол жағадан,
Ағылғандай өзеннен
Ашуы сел көп адам,
Мылтықтарын кезенген,

Саппен сонау соғысқа,
Ағылғаны толқындай,
Күн батысқа сол қыста
Толқындаған ел тынбай...

Жағада сол, есімде,—
Отырған шақ хат жазып.
Суық қыстың кешінде,
Қасымда бір қарт тәжік,

Сұр толқынға қараған,
Қалың қасы қозғалып.
Бейхабар солдат — балада
Естімей бір сөзді анық...

Қазақ та төмен жақтағы,
Сақалына жас тамған.
Сол кеш ұлын жоқтады,
Сырдан жыры басталған.

Қарадым сол өзенге,
Кегін іздеп әкенің,
Кездім сол бір кезеңде,
Қарт тәжіктің мекенін.

Есімде қыс қаһары,
Есімде сол қария.
Ленинабад шаһары,
Аққан шулы дария.

Кеттім мен де майданға,
Ұқсап қарттың ұлына.
Қар қанатын жайғанда
Сырдария суына.

Келем, міне, тағы да,
Cay ма екен, сол ақсақал?
Қайтты ма ұлы бағына,
Сәтті болып ақ сапар?

Уыстайын, сағындым,
Ұратөбе жемісін.
Жырлайын дос бағының
Рақаты мен жеңісін...

ЖЫР СӘЛЕМІ

(Сәкен Сейфуллинге)
Алтын дәнді вагондарға күй еріп,
Келді міне, өлең-жырлар тиеліп.
Асқан дана астанаға дастан ала,

Жарты жаһан жерімізді игеріп.
Ақтардық та ата қазақ ғасырын,
Алып келдік кене қырдың асылын.
Шығандардан, шыңды таудан, шырын баудан

Шырқап келдік жаңа дүние жас үнін.
Қырларымда қиқу салған малшымын,
Астанаға жырларыммен жаршымын.
Шертіп өлең, бердік сәлем, еркіндеген

Жүректердің жалындатып бар сырын.
Дүбірлеткен дулы дала белеңін
Бәйгі көктей шын жүйрік пе өлеңім?
Көр шабысын, шырқалысын, сыр танысын,

Сенің сынын, — менің сырым, сенемін.
Жырларымыз ұқсап толқын жалауға
Желпілдесін заңғар Қызыл Алаңда.
Жүрегіме — Кремльге кірем бірге,

Дала жыры даңқ берді маған да!
Кең көшеңде масайрасын күй бүгін,
Қазақтың көр бұлбұлдарын, жүйрігін.
Өр лебізді, тербе бізді, кеудемізді

Көтерейік, сының бізге — сыйлығың.
Терезеңді бүгін күліп қағады
Сұлу қырдың сері күйі, сал әні.
Келді бізбен, жігіт-қызбен, жырмен жүзген

Алатаудың алма-жұпар самалы.
Ауылымның айналасы алтын бақ,
Аққу-қаздай әндер келді аңқылдақ.
Келіп тыңда, келін жырға сәулет құр да,

Тойшы қала, төк шашуды жарқылдап!
Москва,
Дабыл қақ!
Досыңа Жалындап!

Тілекті қабылдап,
Жүректі жалындат!
Жалындап,
Дабыл қақ!

Дабылдат!
Дабылдат!

ӨЛЕҢНІҢ АЛАТАУДАЙ АЛЫБЫСЫҢ

Өлеңнің Алатаудай алыбысың,
Далаңа жаршы болды жалын-күшің,
Өнеге бердің бізге сермелуге
Семсердей сырлы сөзбен халық үшін.

Отындай Октябрьдің жайнап ескен,
Жырыңмен жауынгерше майдан кешкен
Тарлансың тарпып талай жат құзғынды,
Қияға қанатыңды қайрап өскен.

Әуезін еркіндіктің сезуге шын,
Қаладың қырға жаңа сөз іргесін.
Республика дабылын келдің қағып,
Халықтың жеңісіне шежіресің!

Ұқсайды кеудең жырдың күмбезіне,
Еліңнің бар бейнесі тұр өзіңде!
Сүйемін мінезіңді ұқсай туған
Қазақтың кең-жайдары мінезіне.

Білемін, жас баладай адал жаның,
Ақиқат — халық үшін жаралғаның.
Қаламын партияның қадап ұстап,
Бұқтырдың ызың-шуын арамзаның.

Сөз советтік — Армия маршында,
Дауысың дәуірледі барып шыңға.
Қосылған сол дауысқа түлегіңмін
Өзіңше өрлеп жырдың жарысында.

Ентелеп келіп қаппын мен де елуге,
Жорық көп әлі талай сермелуге.
Алпыста ағаң жастай жайнап тұрса,
Алысқа айғағым бар өрлеуіме!

Жүлделі тойда толып гүл құшаққа,
Шыңына бұл ғасырдың шыққан шақта,
Тыңдасаң ұстаз жырын жүзге келген,
Ақсақал ақындар біз тұрған сапта. —

Уа, Сәке, шалқып сонда бірге мен де,
Алдыңда өмір жырын тербегенде,
«Дұрыс!» — деп бүгінгіше тұрсаң күліп,
Қуана құшағыңды сермеп елге!

ТОМАҒА КИГЕН ТАУ БҮРКІТ

(Бауыржан Момышұлына)
Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып

Саңқылдап ұшқан мұз-қарда.
Сабалап сонда қанатын,
Қиқулайтын дауылда;
Шүйілсе бұғып қалатын

Аң да, құс та, тауың да.
Енді маңы тып-тыныш
Жоқ дауыл да, тықыр да.
Отыр тарлан сұсты құс

Топшысын бүгіп тұғырда.
Мүмкін қалған із бар ма
Құзында қарлы қияның? —
Қарайды қыран құздарға

Қиялар тербеп қиялын...

ҚАРАП БУРЫЛ ШАШЫМА

Қарап бурыл шашыма,
Алқынба деп асыға
Тақпа, досым, сын маған.
Өйткені бұл ғасырда

Әлі талай асуда
Алатын көп сыбағам.
Бұл ғасырмен бір менің
Албырт жастық күндерім.

Жарыса бір келем мен
Қуып бақыт қаңбағын.
Жұлдызын да қармадым,
Жарқылдаса төбемнен.

Дарқан дала, кең жердің
Дауылында тербелдім,
Өзенімен ақтым бір.
Жапан түзге гүл еккен

Өстім қайсар түлекпен,
Шырқағаным — бақыт жыр.
Саясында толғандым,
Сыбағам бар орманның

Мәуесінде, гүлінде.
Сол бір бақта жырменен
Көбелектей гулеп ем
Ерке жастық күнімде.

Сыбағам бар шыңдардан
Дабылдарда шырқалған,
Маған таныс өрен үн,
Құздарды сол басынған,

Жалан, төсті жас ұлдан
Жастығымды көремін.
Сыбағам бір, сырласпын,
Заманы бір құрдастық

Сүйемін мен күллісін,
Естіп талай сыр алдым,
Тыңдауға әлі құмармын
Қыз, жігіттің күлкісін.

Ойлама бұл жасымда
Жүр екем деп асыға
Алуға бір жүлдені,
Тек жылдармен жарыса,

Сүйікті бір жарымша,
Жебелейді жыр мені.

МЕРЕКЕЛІ ЖАСТАРҒА

Сендердікі — шексіз дарқан атырап,
Сендердікі гүлдер мен жас жапырақ.
Сендердікі — ән шырқаған бұлбұл мен
Алтын күн де нұры түскен шашырап.

Сендердікі — келешектей кең қырлар,
Сендердікі — өрен күйлер, тың жырлар.
Сендердікі — нажағайлы нөсер мен
Айдындағы алға шапқан толқындар.

Дауылдар да дабылдар да қағатын,
Құс жолы да жұлдыздарға баратын —
Сендердікі!
Марштауға Марсқа

Жер серігі — зымырандай қанатын.
Бас, масайра, жас дүниені дүбірлет!
Сенде — білім, сенде — қайрат, құдірет.
Отанымның жұлдызындай жарқырап,

Гүлдеріндей жайқалыңдар күлімдеп!
Көтер туды кең әлемге көлбетіп,
Жастық әнмен,
Жалын күшпен өрлетіп.

Қозға шаттық кемелерін биікке,
Теңізімнің толқынындай тербетіп.
Еркін ұрпақ тұлға жаңа ғасырға!
Қуанышың жетсін әлем жасына.

Компартия қуат берді, ұмтыл тез
Келешектің шыңдарына асуға!

ӨЗБЕК ДОСЫМА

(Құрметпен Миртемирге)
Ташкент бардым таңырқап,
Тамашасын көрдім мен.
Шадыман жұрт ән шырқап,

Гүл төгілген төрінен.
Маған жылы қараған,
Көріп нұрлы жүздерін,
Таныс емес қаладан

Өзіме дос іздедім.
Сая тауып жазынан,
Араладым гүл бағын.
Бұлбұлының аузынан

Қазақ жырын тыңдадым.
Сонда мені шақырған,
Білем, даусын досымның,
Сөздеріне сап құрған,

Өлеңдетіп қосылдым.
Гүл бағыңнан сыйласып
Жеген жүзім, мүбәрәк.
Жылы шырай сыр ашып,

Күлген жүзің, мүбәрәк!
Ағытылдың сен маған,
Сырласыңдай талайғы.
Жаңғырттық жыр шырқаған,

Науаи мен Абайды.
Сахараның ұлымын,
Сүйдім сені, гүлстан.
Сырын ұғып жырымның,

Табыстың сен, туысқан!
Сонау жылдар дауылды,
Сұрғылт күздер жадымда.
Қақтық бірге дабылды

Отанымның жауына.
Өз ағамның жері деп,
Алшаң басып аттадым.
Сапта жүріп күбірлеп,

Өзбек жырын жаттадым.
Шертті маған Хорезм,
Мақта күйін толғана,
Төкті бұлбұл әуезін

Маған — гөзәл Ферғана!
Келін келсе жүзіммен,
Қызыға мен қарадым.
Бөліп іштім өзіңмен,

Самарқандтың шарабын.
Әнжір жедім, бал таттым,
Қарт өзбектің үйінен.
Сергідім мен, сән таптым,

Қыздарының биінен.
Жылқышымын, аязға
Құрыштаймын, күштімін.
Бойға тарттым сол жазда,

Өзбектердің ыстығын.
Көңілімді ерітеді,
Сол ыстығың суымай.
Екеумізге жыр телі —

Сырдария суындай.
Гүлстанды жыр еткен,
Күн лебізді ақынсың.
Сөздерімде әндеткен,

Сенің де бар нақышың.
Қырларымда досың көп,
Кел құшаққа, туысым.
Әуезіме қосыл кеп,

Таңғажайып күн үшін!

БІР ҚАРЫНДАСҚА

(Е. Р-ға)
Жасырғандай құпия сыр ұясын,
Үнсіз ғана жаутаңдап жымиясың.
Бүккен сырдай ұрланып күндер өтер,

Бұл шағыңда несіне бұйығасың?
Өмір — жүйрік жеткізбес, қусаң бір шақ,
Тәтті сырлар қайрылмас, жайсаң құшақ.
Күл, масайра, ән шырқа еркін, қалқам,

Көңіл шіркін жасиды қойсаң тұсап.

АҒАЙЫНДЬІ ҚОҢЫР ҚАЗ

(Қайыржанға)
Ағайынды қоңыр қаз,
Айдында жүзсе, тамаша!
Сондай-ақ бізге өмір — жаз,

Гүліндей өстік жараса.
Бәйтерек биік көрінсе,
Сыңары болар аласа.
Жас шыбық жасыл өрімше,

Жанында естім жараса.
Іздері ыстық ағаның
Інісі ерер соңынан. —
Басса түзу қадамын,

Түссе жолы оңынан.
Құдайынан жасырған,
Өзінше ұғып уақытты
Әкеміз сені жасыңнан,

Орысшаға оқытты.
Сөйледің үйде өзгеше,
Жаныма жайып ұшқынды —
Албырт ойға із кесе,

Алдыма тарттың Пушкинді.
Жүгірдің қарлы құйында,
Колхозды қырға төтелеп,
Комсомолдық жиынға,

Апардың мені жетелеп.
Көріп жаңа таң нұрын,
Естіп даусын күрестің,—
Өзге емес тағдырың,

Қатарыңмен бір өстің
Жастан жеке талпынған,
Жалқы бір жан емеспін.
Жанай жүріп артыңнан,

Саған қарап мен естім.
Абзал ар мен адалдық.
Санамызға қаланды.
Партия бізді адам қып,

Ұстатты өзі қаламды.
Өмірдің әрі өріне,
Өрлеп келе жатырмыз.
Біріміз — ғылым-шежіре,

Біріміз — ділмәр, ақынбыз.
Сенің де, аға, менің де,
Бақытымыз арылмас.
Келсең де қазір елуге,

Жігіттейсің жаны жас.
Мейлі, кәрілік жетсе де,
Қартайсақ, қатар жараса, —
Елуің тағы өтсе де,

Еркелеймін балаша.
Жапырақтай жалбырап,
Ағарса мейлі, шашың да,
Сүй өмірді жалындап,

Жайнағандай жасын да!
Дәуірдің туған ұлымыз,
Өмірге өршіл сыр жайып,
Тарихын жазып біріміз,

Біріміз жырын жырлайық!

ЕСІМДЕ

(Есмағамбет Ысмайыловқа)
Есімде, сол бір шақтар еткен бірге,
Сонау жас ақындықтың көктемінде.
Көз тіктің сүйіп албырт достарыңмен,

Өлеңнің өрісіне, өткеліне.
Әлде сол сүйгендіктен туды ма сын?
Дос көрдің өлең-жырдың шулы жасын.
Жауындай жырын төксе Жұмағали,

Дауылдай дүбірлеткен дулы Қасым.
Солардың ой тоғыттың сырларына,
Өзім де өстім сол бір жыр бағында.
Танисың сөз тамырын соғысынан,

Есіңде жастық жырдың ырғағы да.
Сонда біз махаббаттың назын іздеп,
Түсіндік сырлы лебіз сазымыз деп.
Шерткенде өткен жырдың өкінішін,

Қуандық алдағыны жазымыз деп.
Кейісіп кейде қалсақ ертегіге,
Келісіп кететінбіз ертеңінде.
Тегінде жыршыл жансың, еркелеткен

Ақынның ойлысын да, тентегін де.
Елуде жыр сүюге әзірмісің?
Сыршылым, өкпем емес, назым, түсін
Расында ұнатамын сыншыны мен,

Ұнатса өлең сөздің қазіргісін.

ТҮНГІ ТЕҢІЗДЕ

Теңбіл бетін айға тосып шымырлап,
Теңіз жатты. Жел жүгірді сыр ұрлап.
Ал жағада таулар тұйық тұр мүлгіп,
Сыртында тек сыбыр қаққан шырын бақ.

Сол бір сәтте сүйісті де қыз-жігіт,
Айды бүркеп, ала шабыр жүзді бұлт.
Теңселді де теңіз сәл бір көкжалдар
Өре шықты телегейден тізіліп.

Күңгір таудан күндей бір шам жайнады,
Жарқырады айдынның кең аймағы.
Жалғыз кеме толқынды жүр қуалап,
Неткен кеме? Әлде кімнің ойнағы?

— Ей, сөндір шамды, немене?

Отты көзбен төндің неге кемеге?
Шуылдатқан толқындарды — мен өзім,
Сынайын деп көк жойқынның мінезін,
Кезіп жүрмін телегейлі түн ішін,

Сақтайын деп теңізімнің тынышын, —
Деді моряк. Прожектор сөнді тез,
Айдынына ай да текті күмісін.
Теңіз беті қайта күлді шымырлап,

Жел жүгірді баяу ғана сыбырлап.
Сол бір сәтте қыз бен жігіт сүйісті.
ІІІымылдығы — жым-жырт орман, шырын бақ.
Дәуірдің туған ұлымыз,

Өмірге өршіл сыр жайып,
Тарихын жазып біріміз,
Біріміз жырын жырлайық!

ТЕҢІЗ БЕН ҚАРАДАҒ

Бұлт үйіп төсіне,
Ерінін жаралап,
Нардай бір көсіле
Түксиген Қарадағ.

Теңізге ол құмар,
Төніпті иегі.
Таласып толқындар
Иегін сүйеді.

Сүйсе де жаралап
Толқындар ерінін,
Сезбейді Қарадағ?
Теңіздің өр үнін...

МҰҚАННЫҢ ӨЛІМІНЕ

Көтеріп құз қайғыны тастар едім,
Болмаса құздан биік басқан өрің!
Әлемге қазақ даусын таратып сен,
Далама даңқ берген асқар едің.

Бағына, ел-жұртымның талайына,
Сен ұқсап туған едің Абайыма.
Халқымның мақтанышы, ардагері,
Атыңды бүркемекпін қалай мұңға?

Жырлаймын дірілдетіп қаламымды,
Тебірене және мақтан дала күллі,
Көтеріп асыл сөздің мұнарасын,
Дауылдап жазығында дана тыңды...

Сол сұлу мұнарадан сырлар тарап,
Жөнелер ғасырларға жыр арқалап.
Жұлдыздай қатар жанған төбемізде,
Асқардан Абай, Мұхтар тұрар қарап...

ҰЙҚЫ РАҚАТ ДЕСЕК ТЕ

Ұйқы рақат десек те,
Көңілсіз жолдай түн маған.
Жатып әрең төсекте,
Атқанда таң қуанам!

Сайрайды таңда бұлбұл да,
Шымшық та шығар шырылдап
Тереземнің алдында
Тербеледі шырын бақ.

Жаңа туған өмірді
Келе жатыр таң алып
Келе жатыр көңілді
Таңғажайып жаңалық!

Қалайша шыдап жатамын,
Тұрып ерте, көрейін —
Туған күннің шапағын
Көріп жырлап берейін.

ҚАРИЯ МЕН БАЛАЛАР

Сипайды шал қырау басқан сақалын
Ақсақал деп шығарған сол атағын.
Жас балалар мәз-мереке қасында,
Қызығады тұлғасына атаның.

Ойлар бала: «Шалдың жоқ қой арманы,
Өмірдің көп қызықтарын барлады.
Болсақ біз де осындай бір ақсақал
Шарықтап тез шағымызда алдағы!»

Шал ойлайды іштен тұнып, күрсініп:
«Өтті өмірім, алдымда көр тұр суық.
Қайғысы жоқ қайран мынау балалық
Жайнар ұзақ, алдарына гүл шығып...»

Өмір солай. Тағдырыңа көнесің,
Шал қайғысын бала қайдан елесін?
Қызық көріп аппақ күміс сақалын,
Тыңдамақшы ертегісін, кеңесін...

БОЗБЛЛАҒА

(Әзіл)
Шағың ба бұл суынар,
Неге тұрсың қуарып?
Бақшада көп сұлулар,

Қайт көзіңді суарып.
Ізде бақтан сәулеңді,
Ора, бірін құшаққа.
Күндеймін-ау сендерді,

Қыздар — сұлу бұл шақта.
Отты көзді қалқаның
Оттан ыстық жаны бар.
Өзім талай байқадым,

Көрсең жаның жалындар.
Қадалса ғой көзі бір,
Жігітім-ау, білер ең.
Сезгің келсе өзің жүр,

Қызғанбасаң мен ерем...

МЕНІҢ КӨРШІЛЕРІМ

Бір көршім бар — тұйық кәрі мұғалім,
Бір көршім бар — сыпайы әйел дәрігер.
Таңданамын мінезіне бұлардың,
Сөзге сараң, бірақ ылғи әбігер.

Қарт мұғалім көз әйнекпен қарайды,
Сәлем берсем, шәкіртім деп қалады.
Дәрігер мені пациентке санайды,

— Қалайсыз? — деп, күлімдейді қабағы.

Жоқ та шығар мінездері өрсінген,
Бірақ — қызық, сөйлеспейді кідіріп.
Сырласуға кешке жақын көршіңмен,
Біздің көше рақат! — келші қыдырып...

Бір көршім бар — мінезі оның тамаша,
Ылғи жүзі ашық күндей жайдары.
Болса-дағы оның бойы аласа,
Бірақ ұзын өзендердей ойлары.

Жас та емес, бірақ, дейміз — Гриша,
Ұнатады көршілердің шын бәрін.
Кешке жақын достық кеңес құрылса,
Ол шертеді «Сельэлектро» сырларын.

— Болып келдім ең бір қиыр ауданда,

Татай таудың қияларын аттадым.
Жарқыраттық жұлдыздардай сол маңға
Электрлі нажағайдың оттарын.
Үлкен бір СЭС сол ауданға орнады,

Қуаты өрен, бірнеше мың киловат.
Қырда самсап антенналар тармағы,
Түкпірлерге тарап жатыр күн қуат.
Сүйкімді ғой менің нажағайларым,

Күн сәулесін колхоздарға сүйдірген.
Қырқып, сипап жібек жүнді қойларын,
Сиырларын қайта-қайта идірген.
Кемпірқосақ сымды тарттық әр үйге,

Әр қорада жарқырады жұлдызым.
Онда менің қуатым бар, әрине,
Мақтан етіп, жайнап соған тұр жүзім.
Құрметтейді мені бала-шаға да,

«Жұлдызтай» деп жүгіреді соңымнан.
Қырман — теңіз, қыздар — аққу-шағала,
Жарқыраған электрдің тогынан.
Қызық көрсең, машиналар күй тартып,

Билетеді электрмен бидайды.
Нажағайлы нұрларыма құмартып,
Динамодан қыздар қолын бұлғайды...
Керемет қой электрик өнері,

Нажағайды ұстап қолмен жаңарған!
Қызығымды айта бергім келеді,
Колхоз елін бүгін қайран қалдырған... —
Деп жымыңдап, жарқылдайды жанары,

Электрдің оты бардай көзінде.
Айтқандайын, бір көршім кеп қалады,
Гришаның шалқып жатқан кезінде.
Сабырлы қарт сөз қадірін сыйлайды,

Амалсыздан әрең ғана қатады үн.
Сөйлегенде маңыз беріп сипайды,
Толстойдың сақалындай сақалын.

— Құдіретін электрдің білемін,

Станогым қозғалады тогымен.
Көрдің бе сен машиналар бөлегін, —
МТС-ке талай бөлшек соғып ем.
Қадірлі ғой біздің завод маркасы!

Сан қиырда оның бөлшек түлегі.
Шырағым-ау, өзің ойлап байқашы,
Колхоздардың біздің завод тірегі.
Қынжыламын, тек қадірлей білмейді,

Сақталады бөлшектердің өте азы.
Тез бүлдіріп, бөлшектерді мінейді,
Үдеп кетті Сельхозснаб заказы.
Сен білдің бе, қандай екен маманы,

Жүрген қол көп машиналар басында?
Шіркін, болса ол механик бағалы,
Шыдар еді бөлшектерім ғасырға!
Сақтар едік бөлшектермен көп күшті,

Әр колхозға СЭС-ті жылдам орнатса,
Комбайнды, тракторды, сепкішті
Адамсыз-ақ, электрмен зырлатса...
Мақтан, шырақ, сонда ғана! — дейді де,

Түксиеді қарттың қалың қабағы.
Солай сөйлеп, сыр айтысып, кей күнде
Екі көршім айтысып та қалады...
Маған қызық екеуінің таласы,

Қиялдары мені де ертіп кетеді.
Ойларында колхоздың кең даласы,
Қалада бұл болса-дағы мекені.

АҒАМА ХАТ

Кейде жалғыз ойға батып кетемін...
Нұрымыз ғой екеуміз бір әкенің.
Бір ананың сүтін емдік, сенімен
Бір еді ғой сәби бесік мекенім.

Шықты ма сол балғын шағың есіңнен,
Ыстық ұяң, төріне біз көсілген?
Мәз едік қой бірге жүрсек, бір күлсек,
Бір еді ғой бақытың мен несібең?

Сол шағымды айрылмастай көріп ем,
Екеумізге бір үйдің де төрі кең.
Өмір қызық, екеумізді айырып,
Екеумізді екі жанға теліген.

Енді бөлек босағаға маталдық,
Аға болдық, ақсақал да атандық.
Разымыз ғой өмірге де өсірген
Екеумізді игілерге қатар ғып.

Бірақ бұл не, бір қалада болсақ та,
Жүргендейміз көз көрмейтін алшақта!
Неткен күйбең, қайран жарты ғасырдың
Деңгейінен жылдам асып қалсақ та?

Істерің көп — ғұмырыңнан көлемді,
Мен де жазып тауыспаспын өлеңді.
Аңдаусызда айрылысармыз мәңгілік,
Анда-санда көрсетіп қой төбеңді!

ҚОС КЕПТЕР

Қос кептер күнде қонады,
Ауламды менің кең көріп.
Ауламның солар қонағы,
Сыйлаймын ылғи жем беріп.

Екеуі қандай әдемі,
Жем тереді жарасып,
Қандай және әдебі,
Көрген жоқ бір таласып.

Қандай тату екеуі,
Достық деген осы да!
Күн-түні бір мекені,
Көкке ұшады қосыла.

Айтқаны әлде өлең бе,
Үндеседі сұңқылдап.
Құс тілін білсем егер де,
Мәз болар ем, сыр тыңдап.

ӘНШІГЕ

(Татар ақыны Нури Арсланға)
Жырладың сен бесігімде жатқанда,
Жырладың сен мұңлы, тойлы шақтарда
Сенің назды жырларыңмен тербелдім,

Жырақ қырда, қойларымды баққанда.
Сен орманда сандуғаштай сайрадың,
Сол жырыңды жан сыры деп ойладым.
Есіркедім Ертісімді жағалап,

Жырладым мен шерлі «Сарман бойларын».
Қозғалғандай өз арманым, өз лебім,
Көрші татар көшелерін кезгемін.
Сен жырласаң, кетер қаным шымырлап,

Арбады ма әлде «Шаяң күзләрің».
Үй артында арасынан шиенің
Тамылжыған татар жырын сүйемін.
«Шул шиәләр, баш иәләр» әніңе

Басым түгіл, жанымды да иемін.
Сол жырыңда мұң төкті ме асыл жар,
Әлдеқандай аяулыңның жасы бар.
Әлде аңсап бүгінгісін татардың

Тебіренді ме өткен сонау ғасырлар?
Түсінемін махаббатың наз әнін,
Сол жырыңа құлашымды жазамын.
Жырла, сырлы әуеніңе балқысын,

Ән шырқалса, аңқылдайтын қазағым!

МЕНІҢ ҚЫЗМЕТІМ

— Шырағым қызметің не, бастықпысың?

— Жоқ, ақсақал, өлеңшімін.

Жоқ, бастық емеспін мен,
Өлеңшімін!
Сүйемін өлең деген өнер шыңын.
Жыршымын тіл безеген

Жыр етуге
Заманның ағып жатқан өзен сырын.
Өзімше министрмін сөздерге мен,
Әмірді ойларыма өзім берем.

Сегіз сағат қана емес, тәулік бойы
Тартысамын сірескен сөздерменен.
Сөз — қыңыр,
Қатты кейде теміріңнен,

Отты ойдың шығар қызып көрігінен.
Заводтай зор заказды орындаған,
Қуанам үндессе жыр өміріммен.
Кәзір жыр көтермейді қыңырлықты,

Бұлтыңнан, дауылыңнан өмір мықты.
Өр болса ақын жаның, көтер көкке
Өлеңге өмір артқан ауыр жүкті.
Заманның өзенінде есіп қайық,

Кел досым, бар дауыспен қосылайық.
Өзендей өршіп аққан өлеңіміз
Өмірдің өр даусына болсын лайық!

РАЗЫМЫН

Осы мен кейіп едім кеше неге?
Жүрегім, өкінішті еселеме!
Әркімнің қилы-қия соқпағы бар,
Разымын әжімі көп пешенеме.

Албырт кез, алаңы жоқ тәтті думан
Алаңсыз, өкінішсіз өтті жылдам.
Не пайда, кешең қалып жүгіргенмен,
Жаяудай жапан дүзде жоқты-қуған.

Сенім, дос ердім саған, сендім саған,
Құлшындым үміттерге сен жұмсаған.
Сендім мен жырыма да, досыма да.
Жан сенім, дүниедей кеңсің маған!

Тағдырым, десең мейлі, мін өзімде,
Мүлті көп, өкінем бе мінезіме?
Аязда, аңызақта, нөсер шақта
Сол сенім жетектеген күн көзіне.

Разымын әжімі көп пешенеме,
Жүрегім, өкінішті еселеме!
Налимын өзіме тек кінә тағып,
Өмірім ұмыт соны, кеш, елеме!

КЕЛІҢДЕР, КЕҢ ДАЛАМА

Келіңдер, кең далама, достар тағы,
Ән-жырдың халқымыздың қостар жаны.
Жайылар алдарыңа кең құшақпен,
Даланың дәнге толы дастарқаны.

Ағасың! Алып жұртсың тау мүсінді,
Үнің бар, екпіндеген дауыл-сынды.
Ежелден атам қазақ естіп өсті,
Далада сенің дарқан дауысыңды.

Халқымның сол даусыңа жаны құштар,
Үніңде — еркіндік бар, қуаныш бар.
Пушкиннің лебізі бар,
Дауысында —

Лениннің қуаты бар, жалын күш бар.
Алғысын айтып қойшы лебізіңе,
Егінші жыр тізеді дән ізіне.
Қосады үндеріңді қалың қазақ,

Достықтың толқындаған теңізіне.
Осындай достар келген игі күнде,
Өткеннің шертілгендей күйі бірге.
Разы боп, қол соғып тұр Абай аға,

Сендерге, Алатаудың биігінде.
Ұқсайды пейіліміз таң нұрына,
Достығың шұғыла шашты тағдырыма.
Орыстың жүрегінің ырғақтары,

Соғады менің күре тамырымда.
Ұлысың — талайыңа сөз егілген,
Дарқансың, мерейіңнің өзені кең.
Ағады аңқамызға сусын жырық,

Россия, сенің терең өзегіңнен.
Жауғандай даламызға жаңбыр құтты,
Дауысыңмен жұрт жүрегі жаңғырықты.
Кел достар,

Таң — тамаша ән шырқалық,
Кең сарай, пейіл үшін мәңгілікті.

АЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Тақ болған күллі дүние әлеміне,
Еркесі жұлдыздың да, әуенің де,
Тәңірі арулықтың, Ай сұлуым,
Тағы да көрік бердің елеңіме.

Ақындар тебіренген жер бетінде,
Табынған бәрі сенің келбетіңе.
Менің де сонау сәби қиялымды,
Шақырдың аспаныңда тербетуге,

Алтын бас, ая көзім, әйгөлегім,
Дөңгелеп тас төбемде жайнап едің.
Қаңбақтай қағып сені ұстаймын деп,
Сәулеңе саусағыңды жайған едім.

Қалықтап ауылымның төбесіне,
Әдейі арбағалы келесің де,
Аспанның теңізіне сүңгіп әрі,
Кетуші ең еліктіріп елесіңе.

Солай бір ұстатпайтын бақ туындай,
Болар ма кек сәулесі әккі мұндай!
Қыр көңілім құлазитын сен кеткенде,
Көлімнің үркіп ұшқан аққуындай.

Уа, Айым, тұңғиықта өрмеледің,
Жеткізген әлем бар ма жер сәлемін?
Арманы адамзаттың асқынса да,
Жүзіңнен жылы шырай бермеп едің. —

Ал аспан, серпіл енді, күл масайра!
Жұлдыздар жерге табын, биле, жайна!
Дүние теңселе бір қалды қарап,
Жасарып қайта жаңа туған айға.

Керемет бір сәуле тұр ай бетінде,
Сол сәуле аспан сырын әйгі етуге, —
Белгісі айға таққан Отанымның,
Көрсетіп құдіретін де, сәулетін де.

Қиялдың, армандардың тұңғышындай,
Жетті айға хабарымыз жыл құсындай
Ай, жұмбақ аян болды енді сырың,
Ашылған Арктикадан мұзды шыңдай!

Сен әлем, Отанымның айғағына,
Ай — айна, — келбетіне, айбарына.
Қадама, Күн, жалынды кірпігіңді,
Елімнің еркесі жүр ай маңында.

Уа, Күнім, Ай мен Жерді егізі — де,
Жетті айға адамзаттың лебізі — де,
Қиялдың қайығымен жүзейін мен,
Айымның Москвалық теңізінде.

ЖАСЫЛ БЕЛДЕ

Жасыл белде желпіндіріп келем мен,
Жаңа туған жан самалы өлеңмен.
Өлең өзі жүрегіме құйылды,
Жұрт даусынан жаңғыртқан сол қиырды,

Өрнек сызып, cap адырдың жазығы
Жаңа жырлар тың бетіне жазылды.
Жорғаласа арқаның жел-самалы
Желкілдейді жасыл егін сабағы.

Қиялымда ғажайып жыр көктеді,
Бұл жондарға болушы едім өкпелі.
Жапан дүздің түндеріндей көңілсіз,
Бұл белдерден көшкен бұрын ел үнсіз.

Адырларға әжім салған кәрі із көп,
Атам менің жортқан екен дән іздеп,
Көрдім міне, сол іздердің беттері,
Аталардың арманындай көктеді.

Ту төбенің ылдиында, төсінде,
Толықсиды тыңнан туған несібе.
Жасыл белді желпіндіріп келем мен,
Жаңа туған жан самалы өлеңмен...

АЛАТАУҒА

Тусам да теріскейде, қыр бетінде,
Тау — бесік қиялымды тербетуге
Күн сайын асқарыңа, Алатауым,
Қараймын ойларымды өрлетуге.

Жалғанның жартысындай алып тұлғаң,
Құз басың қарағанды қызықтырған.
Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей,
Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған.

ІІІығысқа шұбата сап зор жотаны,
Қамалдай қарлы құзың өр жатады.
Құж-құж тас, құламалы шатқалдарын
Тасқындай күркіретіп су атады.

Бауырына бура түсті бұлттар шөгіп,
Кенет бір ақ көбігін кетер төгіп.
Ақша гүл, алма ағашы — тау алқасын,
Қуанам жас баладай, тұрсам көріп.

Қуантқан емес мені тастар ғана,
Атағың шықты сенің аспанды ала.
Өр биік республикам кеудесіндей,
Алатау, ая болдың астанама.

Ағылып күнбатыстан, күншығыстан
Жас қазақ түлегіңдей саған ұшқан.
Аңғарың арнасындай ой мен сөздің,
Төсіңде жыр тоғысқан, ән табысқан!

Келіп ем қанат қағып асқарыңа,
Күй салдың менің-дағы жас жаныма.
Қымсынған менің бала дауысымды
Көтердің дауылыңмен аспаныңа.

Күркіреп өзендерің құздан атқан
Өр даусын құлағыма құйып аққан.
Көкпенен гуілдескен бәйтерегін,
Ойыма өршілдікті ұялатқан.

Оранып гүлдеріне Алматының,
Атпенен ақын деген қайта тудым.
Көріп мен адамыңның күн келбетін,
Бақыттың жыры болды айтатыным.

Алсам да дала нұрын, өзен демін,
Тау тербеп көтерілді кеудем менің.
Шыңынан шалқып ойым, осы таудың
Өршіген өзегінен өлеңдерім.

Санаймын Алатауды сырласыма,
Уа, тауым, кетер мені шың басыңа.
Құзыңды басып тұрып қарайын бір
Даламның айдыны зор тұлғасына.

Қарайын жазығына, ең шетіне,
Жарқын жүз жандарының келбетіне.
Айбын бер дауысыма, Алатауым,
Соларға өлеңімді өрлетуге!

ЖЕР

Қалың қара толқындай,
Қалқиды бұлт қасымда.
Үн қосады жел тынбай,
Көктегі ұлан-асырға.

Мен де келем әндетіп,
Бірақ дүлей көкті емес.
Қиялымды өрлетіп,
Қиядан жер қақты елес.

Пропеллер зіркілдеп,
Жарды көктің бұлттарын.
Көк даусынан күштірек
Жердің үні — ұққаным.

Жұлдыздан да жап-жақын
Алтын жерім көрінді.
Сүйем отты сезіммен
Жердегі ұлы өмірді!

Көкке шығып айқайлап,
Көтерем жер атағын!
Жер үстінде тұр жайнап
Советтік зор Отаным!

Мейлің аспан түбіне
Темір топшы тарт, самға.
Туған жерді танимын,
Юпитерде тұрсам да!

САЙЛАУ КҮНГІ ЖЫР

Бәрімізге қызықты бұл күніміз,
Шашу болып төгілсін гүл жырымыз.
Жерімізді жаңғыртқан даусымызға,
Бұталардан үн қосты бұлбұлымыз.

Бүгін тағы бастадық жыр көктемін,
Жырымыздай шалқытып жүрек лебін.
Еліміздің төріне отырғыздық,
Халқымыздың қалаулы түлектерін.

Ырыс бірге, үн бірге, тыныс бірге,
Достық туы елімнің тұр үстінде.
Республика тұтқасын тұтқыздық біз,
Сауыншыға, кеншіге, министрге.

Егіншіні, дән берген мол егіннен,
Ақынға да дем берген өлеңімен.
Сүйінішін теңіздей толқытты жұрт,
Басқарсын деп кеңесті келелі кең.

Үн береміз сендерге құдіретті,
Жыр береміз сендерге жылы лепті.
Ақ сенімді бәріміз қалаулылар,
Мың-мың жаннан жалынды бір тілекті.

Аманаты халықтың алыптай зор,
Алып іске құлшынған халықтай бол!
Жалын атып өмірдің өрлеріне,
Жұлдызы бол, жайнаған жарықтай бол!

Жүйріктей бол, биікке шауып шығар,
Нысанада халықтың тау ісі бар.
Екпініңнен жаңғырсын дүркін дүние,
Әрқайсыңда мыңдардың дауысы бар!

Қырандай бол, қиядан шүйілетін,
Дауылдай бол, толқынды иіретін.
Қанаты бол, көзі бол партияның,
Қуаты бол, халықтың сүйінетін.

БІЗДІҢ ТУ

Болса
Теңіз үстінде көк толқындар,
Болса
Көктің найзағай жарқылдары,

Толқыннан да
Телегей өктем тулар
Жарқырады мұхиттан шалқып әрі.
Қызыл нұрлы түсінде —

Күн асылы,
Ол туған
Көк дауылды құз бұлтынан
Күшті қол,

Жайнатуға бұл ғасырды,
Туғызған таңның нұрын
Қызыл тудан! Ішінде
Тұмандалған зеңгір көктің,

Үстінде
Жұмыр жердің дірілдеген,
Үстінде
От пен оқтың,

Зеңбіректің
Осы ту —
Күндей қалқып күлімдеген.
Ысырып

Ескі заман түн зілдерін,
Жайнатып жұмысшының
Бар қиялын,
Бұл туға

Таң нұрын құйды Ленин,
Көтерді оны
Сом қолы Партияның!
Бұл туда бар

Жалыны Октябрьдің,
Жарқылы бар
Жеңісті ұлы Отанның.
Жалауы — бұл

Жердегі көк-дабылдың.
Бұл — арайы
Әлемге атар таңның.
Желпіді ту

Қырмызы қанаттарын,
Шұғыласы
Шалқыды әрбір тұсқа,
Көрді әлем

Қызыл тудай таң атқанын
Европада, Кубада, Күншығыста.
Күн туы
Бейбіт, бақыт өмір беріп,

Әлемге еркіндіктің көркін жайды.
Халық — теңіз,
Таң нұрлы ту көтеріп,
Күн сәулесі дүниеге толқындайды!

ЖАЗ ӘУЕНІ

Тоқта, бұлбұл!
Шырқаймын әуелі мен,
Бақтың жырын,
Құлпырған мәуелі, кең.

Бақ емес пе,
Байтағы Отанымның,
Дүниені тербеткен әуенімен.
Жаздың даусы жаңғырған,

Құлақ жарған,
Дән түлеген,
Даладан, қыраттардан.
Құз басының кеусерін

Күйдей тартып,
Көкмайсаға бұлаңдап
Бұлақ барған.
Жаз гуледі

Еркіндеп егіншімен,
Самал желмен,
Бағбанның лебі сіңген.
Космонавтың

Айбынды ағынымен,
Солар ұшқан
Әлемнің кеңісінен.
Жаз әуені еседі

Шатқал құздан,
Шаттық әні шалқыған
Шопан қыздан.
Заводтардың

Алтын көз пештерінен,
Жаздың жырын,
Маздатып шоқтар қызған.
Өзендер де тасиды,

Жаз үнімен,
Ормандар да жайнайды,
Наз гүлімен.
Отан даусы,

Жаз даусы,
Бейбіт даусы,
Дүниеге дүбірлеп жазылды кең.
Тоқта бұлбұл,

Жаз жырын мен жырлаймын.
Жаз аясы —
Жайнаған кең бір айдын.
Болса шіркін күллі әлем —

Мәңгілік жаз,
Жарқыраса сұр бұлтты жамылмай күн!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙