TELEGEI

Home

Махамбет

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Махамбет

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

1803-1845

Өтемісұлы Махамбет — Исатай қозғалысының ең ірі адамының бірі. Исатайдың жан жолдасы. Туысы Беріш руынан. Атасы — Өтеміс, оның атасы — Күлмәлі. Мәлі деген бір соғыста қолға түскен тұтқын екен. Күлмәлі кейін өсіп, бір бөлек ел болған. Орныққан мекені: Гурьев үйезі, Тайсойған деген жер. Махамбеттің Бекмағамбет деген ағасы Жәңгірге қарсы шыққан көтеріліске қосылмай, бұларға қарсы қимыл істеген. Исатай Жәңгір ханға қарсы шығысымен, Махамбет барып соған қосылған. Махамбет әрі батыр, әрі жырау-ақын, әрі күйші, домбырашы болыпты. Мінезі өте қызулы, бірақ әдісшіл. Бет алған жағынан қайтпайтын, қайсар ер адам болған. Қозғалыс уақытындағы ісі де осыны көрсетеді. Исатай ел адамымен келелі кеңесте отырғанда, Махамбет айналадағы ауыл-ауылды аралап жүріп, өлең-жырмен жұртты қыздырып, желіктіріп, артынан шұбыртып отыратын болған. Сөзде өткір, шешен, қалжыңқой. Жақтырмаған нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей, сара шауып айтып салғыш болған. Соғыста — батыр, сөзде — "от ауызды, орақ тісті" дегендей, жалындаған ақын, алғыр шешен болған. Махамбет — Исатай қозғалысының ең көрнекті кісісінің бірі.

Бұл көп жерде Исатайдың өзінен де қырағы, одан да батым болған. Бірақ Жәңгірдей ханы мен соның ар жағындағы патша өкіметіне қарсы шыққан Исатай қозғалысы сол Исатай өлген соң өрістемеді. Тез уақытта өшіп қалады. Махамбеттің ерлігі де, өнері де оны өршітуге себеп бола алмайды. Рас, өршімеуіне кінәлі Махамбет емес, қозғалыстың өз ішіндегі көп қайшылығы болу керек. Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Бұның сөзінің тереңдік, ірілігінен басқа, молдығы да жеткілікті екен. Бірақ көбі біздің шаманымызға жетпей жоғалған, ұмытылған. Қозғалыс үстінде ақындық өнерін, жұртты қыздырар ұран жұмсаған Махамбет қозғалыс біткен соң қуғында жүріп, күнелтеді. Бірақ қашып жүрсе де, іштегі қарсылығынан кайтпайды. Ниеттерінің іске аспағанын арман етумен болады. Исатай жалынды, өткір сөзді сол кезінде айтады. Сондай сөзінің бірі — Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі. Исатай өлгеннен соң Махамбет қуғында жүреді. Сол қуғында жүріп бір рет Баймағамбетке кездеседі. Сонда Баймағамбет өлең айт деп, тілек қылған соң, жаңағы ұзақ жырын айтады. Махамбеттің ерлігі, ақындығы, кісілігі — барлығы да осы өлеңінен әбден көрінеді. Күні түсіп, алдыңа кеп тұрмын деп, Баймағамбеттен қаймықпайды. Махамбет өкімет пен хан-сұлтандарға қарсы ел ішін үгіттеуден өмір бойы айнымай кетеді. Өзінің жиренішін, жек көруін жасырмайды. Ең әуелгі бетінен қайтпайды. Сонысы үшін өштесіп, кекті болған, қазақ ұлығы — төре, сұлтандар мұны өлтіреді. Бұрын Махамбеттің досы болған Ықылас деген адам ақынның үйіне қонаққа кеп отырып, қапылыста, Махамбеттің өз қылышымен басын кеседі. Бұл істі істе деп жіберген өлтіртуші Баймағамбет. Махамбет 42 жасында қайтыс болған. XІX ғасырдың алғашқы жарымы, қазақ өлкесінің тарихында отар шабуылына қарсы шыққан ірі-ірі қозғалыстармен байланысты. Сол үлкен қозғалыстың бірі - бұрынғы Орал, Бөкейде болған Исатай-Махамбет қозғалысы. Бұл ханға (Жәңгірге) қарсы және патша өкіметіне қарсы жасалған бұқараның қозғалысы. Қозғалыстың басшылығы Исатай мен Махамбеттей батырдың қолында болады. Бұларға бұқараның еруі, Исатай, Махамбеттің ханға, патшаға қарсы шығуы заңды нәрсе. Жері кетіп, салық ауыртпалығына көп ұшырап, ұлық тепкісін көп көріп, жебір сәудегерлердің құрығына шырмалу сияқты көп қысымшылық-қиыншылықтың барлығы — бұқара көпшілігін патша өкіметі мен оның агенттеріне қарсы көтеріліске шығаратын болған. Бұл уақиға өз көлеміне көпті тартып, патша өкіметіне қарсы шыққан қозғалыс — ұлт бостандығының қозғалысы боп кетеді. Сол себепті ол көтеріліс көптің жадында қалып, ұзақ, үлкен жыр болып, кейінгі көп замандарда қалың елдің көңіліне ұдайы қозғау салатын уақиға болды. Себебі, кезінде бұл уақиға Жәңгір ханға, патша өкіметіне қарсы беттеп еді. Көпшілік қозғалыстың сол жағын кәдірлейді. Сол арқылы осы уақиғаға мықты араласқан Исатай, Махамбетті де құрмет етеді. Даңқын зорайтады. Және жеке бастарын салыстырғанда Исатай мен Махамбет дәл бір жерден шыға қоймайды. Барлық қозғалыстың ірі, ер басшысы болғанмен, Махамбет өзін басшы демей, орынды Исатайға береді. Бас анау болып, мынау мойын есепті жүреді. Бірақ өз пікірін айтып, өз бетін көрсететін жерде бұл анадан кәрі өжет, батым және әсіресе көпшілік бұқарамен емеуріндес. Кейін де, қазір де Махамбет ақын есебінде бағаланғанда, осы ерекшелігімен көпке де жақын, көп ақыны, халық ақыны болып шығады. Қозғалыс бастығы болған батырдың әрі осындай ақын болуы, әсіресе, оның бағасын арттырады. Махамбет жырлары, бір-ақ түйінге арналғанмен, ғасырлар бойында көпшілікке ұдайы үлкен дерт болып тұрған, үлкен жараның аузын жұлғандай жырлар болатын. Бүкіл XІX ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған, өзгеше ақын болған емес. Бұл ретте алдын ала айтып өтетін нәрсе: тақырыбы біреу ғана болғанмен, ақын сол тақырыбын әр кезде әртүрлі баян етеді. Сонда бір кезінен екінші кездің айырмасы: әр уақыттағы істің халіне орай, содан туған ақын хәлінің айырмашылықтарына орай келіп отырады. Мысалы, алғашқы кезде булар соғысып жүреді. Ол кездегі көңіл екпіні, сөз тасқыны да бір алуан, өзгеше. Одан кейін жеңіледі. Бұдан туатын көңіл күйі екінші түрде. Ондағы күй, қалып тағы бір басқа. Міне, Махамбет шығармаларының осындай үш кезең, үш дәуірі бар. Тексеруді де осы ізбен беттету керек. Сондағы бірінші жыр: "Ереуіл атқа ер салмай". Бұл өлең сөзі ұран сияқты, ауызша айтылған, тыңдаушыға қолма-қол суырылып беріліп отырған өлең. Сол ретіне қарай сақылдатып бір-ақ желдіртіп өткен бір шумақ өлең. Мағына жағынан да барлық жыр бір-ақ ұзақ сөйлем есепті. Неше алуан қатар жарысқан, жеке-жеке суреттердің байлауы ең аяққы жолда "ерлердің ісі бітер ме?" деген бір қайырмамен аяқтайды. Ауызша айтылған жерінде қат-қабаттап кетіп, өзге бір жерінде шанжау-шанжау түсіп қалады. Тырағайлап отыратын ұйқас — ауызша жырдың бір ерекшелігі және неғұрлым сөз ескек тартып, борама боп, қыздырмаға айнала берсе, соғұрлым аяқтағы ұйқас бір орында тұрмай, айнығыш бола береді. Махамбет: "қыздырып, бой ұсындырып, ертіп әкетем" деген ниетпен сөйлейді. Сондықтан ұйқасты қыздырма сөздің құйылыс тасқыны билейді. Ал қазақтың ертерек кездегі ауызша жырында екпін, тасқын аяқтағы ұйқастан шықпайды, сөз-сөздің басында келетін дыбыстар күйі мен үндестік орайынан шығады.

Сонда:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку, еңку жер шалмай, —

дегендегі ылғи келетін "е" дыбысы — ауызша өлеңнің үлкен ерекшелігі боп кетеді. Бұл дауысты дыбыстан құрылған үндестік болғанда "ассонанс" деп аталады.

Егер:
Тебіңгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,—

деген сияқты "т" дыбысындай дауыссыз дыбыстардан құралған үндестік болса, оны "аллитерация" дейді. Махамбеттің қыздырамын, желпіндіремін деген ауызша үгіті осындай түрге бөленген. Осымен "Ереуіл атқа ер салмай" деген жырдың ішкі, сыртқы құрылысы: табиғи — тұтас біткен, бірыңғай бүгіндікті білдіреді. Бір ғана қимылдың жыры болғандықтан, ол өзінше бас аяғы тұп-тұтас боп шыққан. Жалпы, Махамбет шығармаларының туысы, кезі әрдайым осыған ұқсас. Екпінді, келте, кесек бір қимылдың жыры да өзіне зымырап, шарқ ұрып, от шашып, іші-тысы бірдей тұп-тұтас боп тұрады. Сонда "Ереуіл атқа ер салмадағы" күй: "талмай, қажымай, өршеленіп, өрлей бер" деген күй болады. Ал "Толарсақтан саз кешіп" деген жыр, тағы да алғашқы 41-тақырыпты қозғайды. Сөз саптау, көрініс-суретті екшеу бұнда да сол тақырыбымен үйлес алғашқы өлеңдегідей келеді. Бірақ бұның тұсында уақиғаның беті өзгерген, ақынның хәлі өзгерген. Ол енді соғыс үстінде емес, сыртқы хәлі — жеңілушінің хәлі. Сондықтан, қарсылық ереуілін, уранын басқа күйге айналдырып:

Ат басына соқтырып,
Ата-енені шектіріп,
Нәлет болсын, жігіттер,
Біздің осы жүрген жүріске, —

деген қатты қарғыс, ашумен бітіреді. "Арғымақтан туған қазанат" деген өлеңде Баймағамбет сияқты дұшпанның алдына келіп отырғанына қарамай, бұрынғы арманды тақырыбын қайта өршітеді.

Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел,—
деумен, сол Исатайдың жауы, алдында отырған Баймағамбетті бетке ұрады.
Ол алтын ердің қасы еді,

Ағайынның басы еді,
Сен кім едің:
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,

Жарамды бір теріге алғысыз,— деп, баяғы тізбектеліп келетін, ішкі мағынасы бір тұспал көріністі — Баймағамбетке қарсы найза қып жұмсайды. Өзі бұрынғы жолы — жол, арманы — арман болған қалпында екенін білдіреді. Іс біткен, қазір бұның қолынан келер дәрмен жоқ, бірақ бұл осы жүрісте көпті де, бірді де талай талғап, сынап шықты. Соның ішінде:

Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтсаң нанғысыз... — деп бір қойса:

Айырдан туған жампоз бар, Нарға жүгін салғысыз, — деп, тағы айтады. Дандайсыған талай мақтаулы жалғыздан да көптен, төменнен де шығып озған — көп, елдің қимылын бастайтын ер бар, сол артық дейді. Коппен бірге жүріп, біте қайнасу арқылы берген бағасы. Бұл жырында да батыр-ақын бойсұнып отырған жоқ, дегеніне жетпегеніне өкініп қана отыр. Осы сарынмен Баймағамбетке айтатын соңғы сөзінде ата жау екенін айтады. Жеңілдім деп бас ұру жоқ, кішіреймек емес, қайта:

Сендей нар қоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай,
Қия бір соғып ас етсем,

Тамағыма қылқаның кетер демес ем...

— деп тоқтайды.

Бұрынғыша тізбек суреттерді (қоспақтың баласы, шабақ, қылқан деген сияқтыларды) іштей байланыстырып, не қарсы қоюмен, не үйлестірумен байланыстырып отырып, алғашқы ереуіл, шабуыл сарынымен бітіреді. "Мезгіл өтіп кетті, бірақ дегенім болса нетер едім" деп ойдағысын айтады. Онысы, қозғалысының да ең үлкен түйіні болатын. Көпті ертіп, қан кешуден өткенде, түптің түбінде мынау сияқты, Жәңгір сияқты ханды құлатып, артын өздері, халық болып баурап алмақ.

Соған айтқан соңғы сөзінде жүрісінің сырын да, шынын да айтады.

ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ

Бекініп садақа сынбай,
Біріндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып, жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,

Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!

БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАНҒА АЙТҚАНЫ (Үзінді)

Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн.

Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар,
Арқанын қиып алған күн.

Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн.
Бұлаңдай ерді кескен күні,
Буулы теңді шешкен күн,

Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн.
Түс қыла гөр, құдайым,
Біздей тақ мейманасы тасқанға,

Біздің ер Исатай өлген күн,
Он сан байтақ бүлген күн,
Орта белін сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған күн.

Оң қанатын теріс жайып,
Лашын қуға төнген күн,
Жез қарғылы құла арлан
Жез қарғыдан айрылып,

Қорашыл төбет болған күн.
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн.
Арқауылдың бойынан

Теріскей дауыл соққан күн.
Сағалы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн,
Хас бәйтерек жығылып,

Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
Қуанып көңілі тынған күн.

Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған,
Тереңнен көзін ойдырған,

Сүр жебенің оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Мандайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,

Айқайласа, белдігі байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,

Асулық соңын ойлаған;
Адырнасын ала өгіздей мөңіретіп,
Атылған оғы Еділ,
Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан,
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл пәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!
Әскер жиып аттандық,
Бекетай еді тұрағым,
Айқайлап жауға тигенде,

"Ағатай", "Беріш" ұраным.
Бекетай кұмға ел қонып,
Байбақты Жүніс аттанды.
Қосылуға дәм болып

Құдайлады хан ұлы,
Іздеген жауы біз болып,
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер бүлінді.

Исатай — басшы, мен — қосшы,
Исатайдың сол күнде,
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,

Зығырданы қайнайды,
Астына мінген ақтабан,
Ақ бөкендей ойнайды,
Қасына ерген көп әскер

Маңыраған қойдай шулайды. ***

Артымыздан келіп қол жетті,
Аз жетпеді, мол жетті.
Жеткен жерін айтайын,
Беке құмның басында,

Ағаш үйдің қасында,
Түніменен түйіндік,
Таң атқанша тарандық.
Таң ағарып атқан соң,

Төңірек жаққа қарандық,
Қарай тұрсақ әр жерден,
Жау бір өрттей қайнайды,
Қайнағанмен қоймайды,

Мылтығын кардай боратып,
Жетіп келді қамалға,
Қамалды бұзып аларға.

Толғай-толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Қабырғасын қақыратқан,
Тебінгісін тесе атқан,

Тізгінінен кесе атқан,
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сүйтіп оятқан.
Әскердің алды бөгелді,

Қиырдан ойға төгілді.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.

Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Ерегескен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім,

Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
Хан баласы ақсүйек,
Ежелден табан аңдысқан,

Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас,

Хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,

Қайраңнан алған шабақтай,
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙