Мазмұнға өту
Home

Қысқа сұраққа нұсқа жауап

Аймұханбет Тұрсынбекұлы Бейсембеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қысқа сұраққа нұсқа жауап

Авторы: Аймұханбет Тұрсынбекұлы Бейсембеков

– өнердің сан алуан түрін өмірлік серік еткен күміс көмей әнші-композитор, тілінің «тікенегі», қаламының қағытпасы бар ақын-сатирик, ҚР еңбек сіңірген мәденинет қызыметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қаламгердің «Бірі – қалжың, бірі – шын», «Күлместерді күлдірген», «Сайтан алғыр сатира», «Сақ-сақ күлген сатира», «Қазағым-ай» т.б. кітаптары жарық көрген. Сатирик-ақын қазақ елінің зор жетістіктерін мақтанышпен жырлай отырып, саудаға түскен жер тағдыры мен қазақ тілінің қазіргі жағдайы, қоғамдағы кертартпа жемқорлық пен парақорлықты сатираның өткір тілімен түйрейді.

Демократия деген не?

– Демократия дегенің – айтқың келгенінің бәрін айтасың, бірақ сол «айтқыштығың» үшін сені медальдан, орденнен, атақтан, жұмыстан жұрдай етіп, «көзіңе көк шыбын үймелету».

  • *

– Жаппай сөз бостандығы деген не?

– Жаппай сөз бостандығы деген – әрбір үйге, әр мекемеге, әр адамның қалта телефонына тыңдау апаратын қосу. Содан кейін «еркін» сөйлете беру.

  • *

– Депутат пен тұтқындағылардың қандай ұқсастығы бар?

– Депутат мерзімі біткенде қайғыдан инсульт алса, тұтқын мерзімі біткенде қуаныштан жүрегі «жарылады».

  • *

– Қытай мен МАИ қызметкерінің айырмашылығы неде?

– Қытай тамақты екі таяқпен жесе, МАИ қызметкері бір таяқпен жейді.

  • *

– Министрлер неге бай болады?

– Себебі, мемлекеттің бар қаражаты солардың басында «қайнап», ұртында «шайналады»…

  • *

– Қарақшы мен әйелдің қандай айырмашылығы бар?

– Қарақшының қолына түссең, не ақшаңнан, не өміріңнен айырыласың. Ал әйелдің қолына түссең, екеуінен де жұрдай боласың.

  • *

– Жүз миллиард ұрлағанға бір жыл, жүз мың ұрлағанға он жыл. Неге?

– Жүз мың ұрлағанның беретін «түйірі» жоқ, жүз миллиард ұрлағандардан «соттағыштардың» бүйірі тоқ.

  • *

– Саясаткер мен сайқал қатынның қандай ұқсастығы бар?

– Саясаткер де, сайқал қатын да сөздерінде тұрмайды.

  • *

– Министр мен облыс әкімінің қандай ұқсастығы бар?

– Екеуі де орындарынан түскенде парламентке депутат болып сайланып, «жазаларын» өтейді.

  • *

– Парақор мен жемқордың қандай ұқсастығы бар?

– Екеуі де табыс салық төлемей, таза пайда көреді.

  • *

– Алматыдағы Саин көшесіндегі «көбелек» қыздардан, Сейфуллин көшесіндегі жұмыссыз жігіттердің қандай айырмашылығы бар?

– «Көбелек» қыздар біреудің маңдай терін төккізіп ақша тапса, жұмыссыз жігіттер өз маңдай терлерін төгіп ақша табады.

  • *

– Билік пен оппозицияның қандай айырмашылығы бар?

– Екеуі де билік үшін халықты алдайды…

  • *

– Прокурор мен адвокаттың қандай ұқсастығы бар?

– Прокурорға адвокатқа бергеннен әлде қайда көбірек «гонорар» берсең, айыптыны екеуі бірігіп қорғайды.

  • *

– Пара алмаған сақшыға,

Сыйлық беру жақсы ма?

Сыйлық мемлекеттен,

Пара «клиенттен».

Парасын алсын десеңші,

Есеп білмейтін басшыңа.

  • *

– Асфальтты шұрқ-шұрқ тесіп жеген қандай құрттар?

– Асфальтты «жеген» құрттар емес, жолды салған «мұрттар».

РУБАИЛАР МЕН ҚҰРҒЫР ОЙЛАР

Сол иықта сайтаным «сұлуларды өп», – дейді.

Оң иықта періштем «жарыңнан жақсы жоқ», – дейді.

Сол иықта сайтаным «шарап іш, шалқып өт»,– дейді.

Оң иықта періштем «ел үшін еңбек ет», – дейді.

  • *

«Тесіктен» шығып, бесікке

барып жатарсың,

Бесіктен шығып, «тесікке»

бәрін сатарсың.

Кетерсің бір күн, орының

қалар ойсырап,

«Тесікке» кіріп, мәңгі ұйқыға батарсың.

  • *

Жастығыңа тоқта деп айта алмайсың.

Өткеніңді енді сен қайтармайсың.

Қарттық келсе, бойыңнан

қайрат кетіп,

Жетім қалған баладай жаутаңдайсың.

  • *

Мақтағанға көзіңше, ісіп, кеппе,

Ойла одан да жақсылық ісің көп пе.

Мініңді айтқан адамды жау санама,

Жаны ашыған дос қана айтар бетке.

  • *

Танауыңды көтерме тазаламай,

Дұшпаныңның қаларсың мазағына.

Мақтанбасақ біз бірақ жүре алмаймыз,

Мақтан жеткен түбіне қазағым-ай!

  • *

Есектен қашса ту бие,

Құлыны туар қашыр боп.

Тексізден туған жаман дос,

Бір күні сатар қасың боп.

  • *

Тағың мен бағың бар болса,

Табаныңды жалайды.

Күнің түссе бақ тайып,

Жабылып итше талайды.

  • *

Құдай беріп үш ұл менен төрт қызды,

Ішпей, жемей білім берді жеткізді.

Қартайғанда кемпір-шалды жетеуі,

Жетім қарттар үйіне әкеп өткізді.

  • *

Туушы еді ұлдары бұл қазақтың батыр боп,

Көп жігіттің бұл күнде еркек деген заты жоқ.

Әке болу ойда жоқ, қасы көзін боянып,

«Геи» клубта «қылымсып» бұраңдайды

қатын боп.

  • *

Қыздарына қазақтың қос бұрымын

сәндеген,

Арналатын өлең де, көрікті күй,

әнменен.

Бүгін қыздар көз тартар қысқа шашты,

қысқа етек,

Бүлкілдеген бөксесі, жарқылдаған

санменен.

  • *

Сергітейін көңілді шараптан құйшы,

бауырым.

Сарғышын емес, қызылын, қымыз

дәмді тәуірін.

Мұқағали мұңдасып, жырына қосқан

сусын ғой,

Қайғысын басып, қайтарған,

тағдырдың ашшы бар уын.

  • *

Шарабын құйшы Хайямның, шөліркеп

бір татайын.

Шақшасын таста Абайдың, бұрқыратып

атайын.

Сұлуы қайда жырлаған, Низами мен

Науаидың,

Қолаң шашқа оралып, құшағында

жатайын.

  • *

Қайда менің жас күнім,

Қыдыратын оң мен сол.

«Заначка» тыққан қалтама,

Салып жүрмін валидол.

  • *

Сұлулықты сүйетін сезім қандай!

Сұлу көрсең жанатын кезің қандай!

Шыныменен жас дәурен өткенің бе?

Сұлу қыздай жалт еткен бір

қайырылмай…

  • *

Қорықпаймын мен ертең өлемін деп,

Демім жетсе еліме берерім көп.

Бір білерім ертеңге мені апарар,

Ұрпағым мен әндерім, өлеңім тек.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙