Екі томдық шығармалар жинағы. І том
Сәкен Иманасов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді
Сәкен
Иманасов
шығармалар
жинағы
І ТОМ
Өлеңдер
«Алатау» баспасы
Алматы
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)-5
И 48
ІSBN 978-9965-807-73-2
Иманасов С.
Екі томдық шығармалар жинағы: Өлеңдер /
Сәкен Иманасов. – Алматы: «Алатау» баспасы, 2014.
І-том. – 384 б.
И 48
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)-5
ІSBN 978-9965-807-73-2 – (1-том)
ІSBN 978-9965-807-72-5 – (ортақ)
© Иманасов С., 2014
© «Алатау» баспасы, 2014
© «Жазушы» баспасы, 2007
Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ҚР
еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Сәкен
Иманасовтың таңдамалы жыр жинағының бірінші томына
оның ақындық белестегі айшықты өлеңдері енді.
Кітап көпшілік қауымға арналған.
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Жинақты баспаға ұсынған: М.Е.Иманасова.
Арнаулы редакторы: Қ.Құрманғали.
ӨЗІМ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Өз басыма қажетті құжаттардың бәрінде мен 1938
жылдың 2 мамырында Талдықорған (біресе Алматы облысы-
на қосылып кетеді) облысы Алакөл ауданындағы «Талапкер»
деп аталатын елді мекенде тудым деп жазып келе жатырмын.
Ал енді шындығына жүгінер болсақ, бұл мағлұматқа азды-
кем түзету қажет сияқтанады да тұрады. Өйткені шыр етіп
дүниеге келгенде менің ең алғашқы кіндік қаным тамған жер
бұрын Андреев-Үйгентас аталып келген (кейіннен Алакөлге
қосылған) ауданның Талдыбұлақ ауылы еді. Оның да көп
адам біле бермес өзіндік қыры мен сыры бар.
1937 жылдың көктемінде менің әкем Құсайын Имана-
сов халық жауы ретінде ұсталады. Ол өзінің ата мекені –
«Талапкер» аталатын колхозда (ұжымдық шаруашылық) егіс
бригадирі екен. Сол жылғы тұқымға деп көміп қойған картоп
түгелге жуық үсіп кетеді де, «әдейі жасадың, жаусың» деген
желеумен жала жаба айыптап, абақтыға апарып қамамақ бо-
лады. «Демалыс күні болатын, – деп әңгімелейтін еді әкем
жарықтық сол оқиға жайлы сөз бола қалғанда, – таныс мили-
ционер алдына салып айдап апарған абақты есігі жабық тұр
екен. «Сен осылай отыра тұр, мен күзетшіні іздеп келейін»,
– деп мені көше жақта қалдырды да, өзі кілт іздеп кетті.
Сол кездің тәртібі солай ма, болмаса қашқанда да қайда
бара қоям деген бейқамдық па, қайдам, мен өткен-кеткен
адамдарға жалтақтай қарап, тырп етпей отыра бергенмін.
Бұл бұйрық дегенді қойсаңшы, құдай айдап, базаршы-
лап жүрген көп танысымның бірі – ауылдық Кеңес хатшы-
сы Шәймерден деген азаматтың кезіге кеткені. «Оу, неғып
отырсың мұнда?» – деді ол әдеттегідей әзілдегісі келіп. Мен
де апыл-ғұпыл, асыға-мүсіге жөнімді айтқан болып жатыр-
мын. «Ойбай, онда бекерге қарап отырма, – деді ол жалма
жан, – Құдай өзі бергелі тұр екен, тұр да қаш!» «Қашқанда
қайда барам?» «Тау асып, Андреев жағына кетіп қал! Аржағын
тағы да көре жатарсың», – ол деп дегбірсіздене бол-болдың
астына алды да, өзі жөн сілтеп, итергендей болып жолға
салды да жіберді.
Сонымен, менің әкем әлгі бір танысының көмек қолын
созуы арқасында Шыбынды тауын асып, со жақтағы ағайын
арасын сағалап, НКВД пәлесінен бас сауғалай құтылып кетеді
де, кейіннен әңгіме аяғы сұйылып, абыр-сабыр саябырсыған
бір сәтте астыртын барып, үй-ішін де солай қарай көшіріп
алыпты. Сол жақта, яғни, Талдыбұлақ ауылында 1938 жылы
мен де тусам керек.
Талдыбұлақтан біз 1943 жылдың жазғасалымында, мен
ес біліп қалған кезде Алакөлге қарай шұбырған әлдебір
босқындарға ілесіп, ата жұртымызға қайта оралған болатын-
быз. Отан соғысының ес жидырмай тұрған кезі, қар қалың
екені де есімде қалыпты. Қыңқылдап жылай берген мені
Нүсіп ағам алдап-сулап жетелеп алған. Шешемнің қолында
бір жарым жасар қарындасым бар. Қарға адым жер мұң бо-
лып, қойшы әйтеуір, атты кісіге жарты күндік, қазіргідей
автокөліктерге бір сағатқа жетер-жетпес жерге жолшыбайғы
әр ауылға бір қона жүріп, жаяулап-жалпылап он шақты күн
дегенде барып «Талапкерге» де аяқ іліктіріп едік. Жол бойы
көрген қорлық, тарығу, торығу, аштықтың, жалаңаштықтың
азабы дегендерді ауызға да алып жатқан жоқпын. Ол өз ал-
дына бір хикая...
Мектеп есігін ашпай жатып-ақ өз бетіммен талаптанып
хат таныдым-ау деймін. Өйткені сол 4 – 5 жастағы кезімде
ежіктеп «Колхоз туы» дейтін аудандық газетті оқи беруші
едім. Менен он жас үлкен Нүсіп ағам қолына түскен кітап, га-
зет-журналды көп оқитын да, өзі де бала жасынан үзбей сол
аудандық газетке хабар-ошар жазып тұратын. Ең алдымен
сол «Колхоз туы» газетінің атындағы тоғыз әріпті үйреніп ал-
дым. Нүсіп ағамның аты-жөні астындағы «Талапкер» колхо-
зы деп көрсетілген жөн-жосығы бойынша бір-бірлеп жүріп
оларды да оқи алатын дәрежеге жеттім.
1946 жылдың қоңыр күзі аяқталар тұста Отан соғысында
хабарсыз кеткен әкем де оралды. Сол күн де менің есімде
мәңгілікке қалып қойып еді.
«Сәкеннің ағасы келіпті!» – деген хабар қырдағы егіс ба-
сында отырған шағын ауылды қас қағым сәтте дүр еткізген
болатын. «Жаңа ғана басқарма алып келіп, өз үйіне түсіріпті»,
– деді біреулер. Солай шұбырған үлкен-кішінің бәрінен оза-
моза мен де басқарманың үйіне ентіге кіріп барғанмын.
Үйде бес-алты адам бар екен. «Әй, мен ғой әкең, бері
кел» – деді едірейген мұрты бар еңгезердей қара сұр кісі.
Сәл тіксініп қалсам керек, төрде отырған жылы жүзді адам
орнынан еңсеріле беріп: «Келе ғой», – деді естілер-естілмес
үні дірілдей шығып. Әлі жыға танып үлгермесем де, әй-
шәйға қарамай сол адамды барып бас салдым...
Біреулердің «әкеңді танымай қалуың қалай?» – деп те
жүруі мүмкін-ау. Бірақ менің үш жасымда соғысқа кетіп, мен
сегізден асқанда оралып отырған әкемді арғы бір түйсікпен
болса да жазбай танып, құшақтай алғаныма да шүкіршілік.
Құдай өзі білдіріп тұрады-ау деймін.
Әкесі соғыстан келіп арқа-жарқа болып қалған баланың
көңіл-күйін ауызбен айтып жеткізе алмаспын. Әйтеуір,
сол жылы, бірер айды өткізіп алып, мектепке де барғаным
есімде. Оқуды, жазуды жақсы білем. Есепке де жүйрік едім.
Алғашқы күні-ақ мұғалімнен «жақсы» (4) деген баға алдым.
Соған мәз бола қуанышым қойныма сыймай, асығып үйге де
жеттім «Жақсы» деген бағамды әкеме көрсетіп мақтанып та
қойғым келген. Бірақ мен ойлағандай болмады, әкем мақтай
қойған жоқ. «Жақсы» деген де баға болып па, оқыған соң
«өте жақсы» баға алмасаң, мектепке барып, салпақтаудың
не керегі бар!» – дегені ғой самарқау ғана. Жаңағы шалқып
тұрған көңілім су сепкендей басылды... Оның да мәнісін
кейін білдім ғой, әкемнің мұнысы мені әлі де қайрай түсуі
екен де. Жарықтық-ай, десеңші!
Ертерек сауат ашуым себеп болды ма, әлде басқалардың
қабілеті менен шынымен-ақ төмен бе, әйтеуір екінші кла-
ста кітапты ежіктеп жатпастан, бірден суылдата мүдірмей
оқитын сол ауылдағы жалғыз бала мен едім. Сонымды
байқаған Нүсіп ағам да оқуға деген құмарлығымды қолдап,
жеңіл-желпі кітапты тауып беріп қояды. Оларды бір күнге
жеткізбей оқып тауысып тастаймын. Авторларының кім
екенін әлі білмеймін, «Әли батыр», «Черемыш – батырдың
інісі» деген кітаптарды бірінші кластың өзінде-ақ оқығам.
Менің сол екінші класта оқып жүрген кезім болуы керек,
ол кезде елдің бәрі пешке тал аралас қамыс жағатын. Нүсіп
ағам бір күні екі шана қамыс шауып әкелді де: «Қасыңа бір
бала ертіп ал да, осыларды қалаға (аудан орталығы) апарып
сатып, сондағы «Сельмаг» деген дүкенде «Мың бір түннің»
екі томы тұр, соны алып кел!» – деп жұмсады. Қасыма өзім
қатарлас балалардың бірін қосып та берді.
Базарда түс қайтып, жұрт тарағанша тұрдық. «Мың бір
түннің» екі кітабы сол кездегі ақшамен 50 сом деген бола-
тын. Екі шана қамысқа біз де 50 сом сұрап тұрмыз. Алушы
табыла қоймады. Күн батып барады. «Енді қайттік?» – деп
дегбірсіздене бастағанда қасымызға егделеу бір орыс
келді. «Ей, балалар, бағанадан байқаймын, 50 сом деп та-
бандап тұрсыңдар. Қырық сегіз сом берсем, сатасыңдар ма
қамыстарыңды?» – деп күле сұрады. «Елу сом!» – дедік біз
суықтан дірілдей тұрып. «Неге 50 сом?» – деді орыс азаматы
да. «Елу сомға өткізбесек, кітапқа жетпейді ғой», – деп жа-
тырмыз біз де қадалып.
Әлгі орыс қазбалай сұрап, біздің жай-күйімізге әбден
қаныққан соң, күле бас шайқап жүріп, екі шана қамысымызды
үйіне апарып түсіріп алды.
«Мың бір түннің» екі томы да 50 сом. Соларды сатып
ала сала, қарнымыздың ашып шұрылдағанына қарамай,
қасарысқан қалпымызда айдап отырып ауылға қайттық.
Үйге келгенде: «Бір кітап та жетер еді ғой, екіншісінің
орнына бір ширек шай алмадыңдар ма?» – деп шешеміз
күңкілдеп, реніш білдіріп жүрді.
«Тәте, келесі жұмада тағы да екі шана қамыс шауып
әкелем. Сосын соны сатып, Сәкен шәй алып келеді», – деп
Нүсіп ағам жанын сала шешемізді жұбатып жүрді.
Көрші-қолаңның бәрі соғым сойған кез еді. Мал жай-
лап болып, ел орынға отыра үлкен-кіші бір үйге жиналады
да (көбіне Сәрсенбай атам үйіне), «Мың бір түнін» алып тез
келсін» деп, маған бала жұмсайды. Көп бәлсіне қоймай,
кітабымды алып мен де жетемін тездетіп. Жетілік шамның
күңгірттеу жарығында: «Ей, ұлы бақытты патшам», – деп
сұңқылдай жөнелемін де, көзім әбден бұлдырап, ұйқым
келіп, өліп-талғанда барып бір-ақ босаймын. Есім кіріп қалған
ғой, кей-кейде «патшасын құшақтап Шахризада төсегіне
жатты», – деген сияқты өзіме ыңғайсыз, анайылау көрінген
тұсын оқымай аттап өте шығайын десем, сауатсыз ба деп
отырған кәрияларым бірден сезіп: «Түгін қалдырмай, тегіс
оқы!» – деп тақымдап та қоятыны болып тұрады. Қойшы, со-
нымен не керек, қаңтар айында басталған екі томды оқу ма-
рафоны көктемнің алғашқы сылпылдағына шейін жетті ғой.
Ел де разы, менің де есебім түгел дегендей...
Менің анам Жұпар марқұм сөз арасына ұдайы нақыл
қосып, мақал-мәтелмен әрлеп, мәнерлеп сөйлеуді ұнататын
еді. Абысын-ажын, ауылдас келін-кепшіктерін де сол
әуенімен орынды жұмсай білетін. Өзім ес білгеннен ол
кісінің сөзін жерге тастаған адамды көрген емеспін. Сөз
түбін түсінуді сол кісіден үйрендім-ау деймін. Әйтеуір, осы
күндері өзім білетін, жазған-сызғаныма кірістіре ара-тұра
қолданып жүрген мақал-мәтелдің бәрі өз анамнан естуім
бойынша есімде қалғанын да жақсы білемін...
Анық аты-жөні есімде жоқ, әйтеуір үлкен-кіші ағайын-
ның бәрі де Ақмолда деп атайтын көршілес ауданның зия-
лы бір адамы әр жылы қыста біздің үйге бір соғып жүретін
еді. Алакөл көлінің Семей жақ жағалауындағы «Сағат» де-
ген жерде ағайындары болуы керек, соларға бара жатып,
жолшыбайғы біздің үйге бір түнеп аттанатын. Әншейінде үй
шаруасына икемсіз де марқау, шешем айтатындай, «бұтақ ба-
сын сындыруға жоқ, екі қолы қалтасында жүретін», біреуге
жалтаңдау, жалбақтау дегенді білмеген әкеміз сол Ақмолда
танысы келе қалғанда оның атын да өзі доғарып, иығына
ішігін жауып, қалбалақтап, жікжапар болатын да қалатын.
Одан басқа кісіге осыншама ілтипат танытқанын байқаған
емеспін.
Ақмолда да бойшаң, ашаң реңінде айырықша бір ажар
бар, сақал-мұрты да тал бойына жарасып-ақ тұратын келісті
адам еді. Сабырлы сөзі, қол жуғандағы қимыл-қозғалысына
дейін есімде қалыпты. Біздің үйдің төрінде жайғасып алып,
ұзақ-ұзақ әңгіме айтар еді. Бұрынғылар айтыпты дейтін не-
лер бір көне аңыз, қиссалар бірінен бірі туындап, бірінен бірі
ести сала айтқызбай жиналатын ауыл адамдарының құлақ–
құрышын қандыратын еді.
Әкеміздің ескі тонын оранып, үлкендердің сырт жағын
ала жатып алып мен де сөз тыңдаудан жалықпайтын едім.
«Әй, Сәкен, ұйқың келді ғой, барып жатпайсың ба?» – деп
қоятын әкеміз оқтын-оқтын. Мен үндемеймін, бірақ лып етіп
тұрып кете қоймаймын. Соны сезген Ақмолда жарықтық:
«Осы баланың зейіні ұнайды маған, тиіспеңіз, тыңдасын!» –
деп басымнан жылы сипап қоятын-ды.
«Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген сөзді
бала жастан құлаққа құйып өссек те, біреу-мүреу ертегі
айтып, қисса оқи бастаса болды, аузым аңқиып тыңдай
беретін едім. Айналып-үйіріліп ертегішілердің жанынан
шықпайтынмын. Оған қоса бір естігенімді ұмытпайтын
нағыз құйма құлақтың өзі болсам керек, 8-10 жастарымда
ұл-қыз демей, өзім қатарлы ауыл балалары енді маған әңгіме
айтқызатын болған. Қыстыгүні болса төбеге үйілген шөптің
қуысына тығылып алып, алқа-қотан отырады да, бәрі менің
аузыма қарайды. Сәл-пәл мақтаншақ та болсам керек, өзіме
осыншалық ілтипат жасалғанына елтіп, қопаңдап, көтеріле
түсетін әдет тапқандаймын.
Жаз бойы жалаң аяқ жүретін едік. Содан ба, табанымызға
тікен кіріп, күбіртке деген бірдеңе шығып, іріндеп, қышып
жүргізбейді. Кейде аяқтың ұшымен басып, өкшемізді көтеріп
жүреміз, кейде өкшемен секеңдеп, қиралаңдай басатын едік.
Тентек өзеніне суға түсіп жүргенде балалар «әңгіме айт»
деп қинай береді. Мен болсам кергіп: «айнала отырып алып
табанымды кезек-кезек уқалаңдар,» – деп міндетсінемін.
Қасығысы келмей бас тартқандарды балалардың өздері-ақ
маңымызға жолатпай қуып жібереді. Содан да, жиіркене
тұра да, әңгіме тыңдау үшін менің аяғымды уқалауға мәжбүр
болады. Кейін, мен 50 жасқа толғанда солардың бірі ауылға
менімен ере барған Қастек, Фариза, Құттыбектердің көзінше:
«Бұл Сәкеннің бізге істемегені бар ма, бір кезде күбіртке же-
ген табанын да қасытқан» деп, әзіл-шыны аралас қайдағыны
еске салып, бәрімізді бір күлдіргені бар-тын.
Ауылдағылардың бәрі «Ақсақ Шодыр» деп атайтын
орыс азаматы бар еді. Ағаш аяғына сүйеніп, қос аяқты өгіз
арбамен май зауытына ауылдан сүт таситын. Сонымен қатар
ауылдың кітапханасын да ұстайды. Кітапхана Ақсақ Шодыр
үйінің бір бөлмесінде. Сол Шодырдың (Федор болса керек,
сірә) Шөрке (Александр) дейтін 5-6 жасар баласы болды.
Кешке әйелі екеуі ферманың сүтін алып зауытқа кетер-
де маған сол баласына бас-көз бола тұруды тапсырады да,
кітапханасына кіргізіп қоя береді. Жасым он екіден асқанда
мен сол кітапхананың бар кітабын оқып бітірдім-ау деймін.
Қазақшасы судай Ақсақ Шодырдан басқа орысы жоқ ауылда
алғаш рет қолыма тиген «Казахские народные сказки» дейтін
кітап арқылы ұлы халықтың тілін де меңгердім. Өйткені
ол кітаптағы ертегілердің бәрі дерлік үтір-нүктесіне дейін
өзіме бұрыннан-ақ әбден таныс еді. Жолма-жол оқып, орыс
тіліндегі әр сөзге мән бере, баламасын іздей отырып, өз
бетіммен түсінетін дәрежеге де жеттім. Сөйте-сөйте орыс
тіліндегі басқа кітаптарға да ауыз сала бастадым. Алдымен
қазақша аудармасынан оқыған «Көтерілген тың», «Сырлы
арал», «Қазына аралы» сияқты кітаптарды енді орысшасынан
қайталап оқитын болдым. Бальзактың «Шегірен былғары»
деген кітабын оқып едім, келе-келе орыс тіліндегі басқа
кітаптарын да оқи бастадым. Солардың бәрін өзім оқып
қана қоймай, далада, өзен бойында мені тосып жүретін дос-
тарымды шуылдата жүріп, жырдай қылып әңгімелеп беріп
те қоямын. Кейде өзіміз сол кітап кейіпкерінің кейпіне түсіп,
еліктеп, солықтауды да шығардық.
Өлең жазуға деген құмарлығымды оятқан, бұл рет-
те шын мәніндегі ұстазым – өз ағам Нүсіп еді. Ол кісі де
өлең жазатын. Жазғанда да ауылдағы өзі құралпас ең әдемі
өрімдей қыздарға өлеңмен хат жазып, оны екі бүктеп,
дәптер түбіндегі темірмен бекітеді де, «ашып оқушы бол-
ма!» – дегенді шегелей тапсырып кезекті бір ғашық болған
қызына менен беріп жіберетін. Оқымау қайда, оның үстіне
тыйым салынған құпиялы нәрсенің қызықтыра беретіні де
бар, былай шыға ши арсына жасырынып отырып, әлгі хат-
ты тамсана оқимын. Кейбірін жаттап та аламын. Мұның
алдындағы «Мың бір түндегі» перілер мен перизаттар, хор
қыздарына деген қиял әсері болар, өзім де ғашық болғандай
сезімге бөленем. Сұлу қызға деген құмарлық өлеңге деген
құмарлығымды қоздырып, қозғау салып кетті ғой деп те ой-
лаймын.
Өлеңді бесінші-алтыншы класта жүріп жаза бастағам.
Алғашқы бір шумақ өлеңім облыстық «Советтік Жетісу»
газетінде 1956 жылы 18 жасымда жарияланды. Дәптер-
дәптер өлеңнен сол бір шумақтың ғана баспа бетін көргеніне
өзім де таңмын. Кейін кітаптарыма кіре қоймаған сол бір
«Кім болам» дейтін өлеңнің сиқы мынау:
Ақын, ғалым әлде малшы болармын,
Кім болсам да тақпас ешкім оған мін.
Кім болсам да жаны таза, саналы
Ұлы болам коммунистік қоғамның!
Алтыншы класта менімен бірге Сұланбек Шамилханов
деген чешен баласы оқыды. Бір күні сабақ үстінде сол маған
қызыл ала конвертке салынған бір хат ұсынды. Ашып оқысам,
хат «Қазақстан пионері» газетінен келген екен. Айдарын-
да редакциясының қызыл ала ен-таңбасы бар. «Сұланбек,
сенің бізге жіберген өлеңдеріңді алдық. Бұл күйінде газет-
ке жариялаудың реті келмейді. Өлеңді көп жазып, хабарла-
сып тұр,» – делінген екен. Хат соңына баттитып тұрып «Сан-
сызбай Сарғасқаев» деп қол қойыпты. Сарғасқаевтың газет
бетінде жарияланған әңгімелерін оқып жүретінмін, көзіме
жылы ұшырай кетті. Әйгілі жазушы өз қолын қойып жазған,
әсіресе шекесі мөрленген редакция қағазына жазылған хатқа
қызығып кеттім де, үйге келе сала «Ұлы Сталин» деген өлең
жазып, Сұланбек берген адрес бойынша «Қазақстан пионері»
(осы күнгі «Ұлан») газетінің редакциясына салып жібердім.
Сонымен, не керек, араға аз ғана күндер салып, Сан-
сызбай Сарғасқаев ағамыздан әлгіндей қызыл-жасыл хат-
ты мен де алайын. «Жазып жүр» деген сөзін жерге тастай
алмай, өлеңді төпеп жазып солай қарай жіберемін де жата-
мын. Балалар да, қыздар жағы да қызыға қарайтын болды.
Өнер адамының әрқайсысында азды-кем кездесе беретін
бақ құмарлық, даңқ құмарлық дейтін пәлеңіз де сол кезден
бастап бойыма жабыса бастады-ау деп шамалаймын. (Кейін
Алматыға орнығып, әбден таныс-біліс болғанда барып осы
жайлы Сансызбай ағама айтып едім, «Е, сені ақын еткен
мен екенмін ғой, жазбаймысың соны дұрыстап», – деп еді
жарықтық).
Шыны керек, құнтсыздау, салдыр-салақ адаммын.
Әлі күнге жазған-сызғаныма ие бола алмай, көбіне қайда
қалғанын, қай жерге қойғанымды білмей жүремін. Көп
қағаздың арасына тыға салатыным бар, керегінде қобыратып
әйда келіп іздеймін. Әй, осы жолы бәрін ретке келтіріп
қоярмын-ақ деп кіжініп алам да, әлгі қағазымды тауып алған
соң ерініп, апыл-ғұпыл сол қалпында қайта жинай саламын.
Отыз-қырық жыл бойына өзім туралы жазылған мақала, әр
түрлі газет пен журналдарда өзім жариялаған өлең, рецен-
зия, естеліктердің де басын құрап, жинастыра алмаппын.
Есейгенше көп жыл ауылда тұрдым. Содан ба, әйтеуір, бүгін
жазғанымды бүгін газетке жіберіп, жарияланса – жариялан-
ды, жарияланбаса оған да ренжімей, е, мейлі, әлі мұнан да
көкесін жазам ғой! – деп ойыма сеніп жүре беріппін. Дені-
қарның сау, көкірегің көк тіреген жастық шақта алынбас
қамал бар ма, күні ертең-ақ тау тұрғызып тастардай, асқақ
сезімде жүретін едік-ау.
Осы күні де сол бір 1958-59 жылдардағы, одан сәл
беріректе жазылған, әбиір болғанда өз қолымдағы қағаз
арасында сақталып қалған өлеңдерім әр жылдары шыққан
кітаптарыма кіріп те кетіп жүр.
Кейбір әз ағаларым мен замандас, қаламдастарым сол
өлеңдерімді радиодан естіп немесе теледидардан тыңдай
қалса: «Кешегі өлеңдерің жақсы екен!» – деп тамсанып та
жатады. «Әу, мен осы өлеңді жиырма-отыз жыл бұрын жа-
риялап едім ғой, сонда неге айтпағансыңдар?» – дегім келіп,
ауызым қышып тұрады да, несіне арам тер болып жатам деп,
тілімді тістей қоятыным да бар.
Алғашқы өлеңім 1956 жылы жарияланса, алғашқы
кітабым «Тұңғыш» кітап сериясымен 28 жасымда, 1966 жылы
жарық көрді. Тұманбай Молдағалиев редакторлық еткен ол
кітап «Туған ауыл» аталады, атын да, сірә, сол Тұмекеңнің өзі
қойды-ау деймін. Бір баспа табаққа толар-толмас кішкентай
ғана сүйкімді кітап. Өзіме әлі де ыстық.
Қалам құрғатпай жазу деген менде болған емес. Көп
жылдар тіршілік жағдайым күн көрістен әріге ұзатпай (1966
жылы әкем, одан бір жыл бұрын 37 жасар ағам қайтыс болды
да, отбасындағы 12 – 13 адамның бар тауқымет-ауыртпалығы
менің мойныма түскен кез), «ораза-намаз – тоқтықта, иман
қашар жоқтықтаның» кейпімен, үй-ішін асырау қамымен кете
берген де кездерім болған. Шығармашылық адамы үшін күй
таңдап жату деген бекершілік, ештеңеге қарамай жаза беру-
ге болады, қайта басқа түскен ауыртпашылық адамды ашын-
дырып, жігеріне жігер қоса түседі дейтін қағиданың бәрі де
шылғи өтірік. Басына қиындық түсіп көрмеген адамдардың
шығарып жүрген пәлсапасы.
Әдебиет ауылына осылайша әріден орағытып келіп, тиіп-
қаша қайта оралдым да, ешқандай жалтаңдау, жатырқаусыз,
кездейсоқ келе қалған көп жолбикенің бірі емес екенімді
өлеңмен дәлелдей жүріп, бірден сіңісіп кете бердім. Әдеби
орта да мені өгейсітпей, бірден іш тарта бауырына алған.
Сөйтіп, 1975 жылдан бастап қана ақын болсам-болармын-ау
деген сенімге біржола бой алдырып, мойынсұна бастадым-
ау деп ойлаймын.
Әдеби ортада белсене қызмет істей бастауым да осы тұс
еді. Түрлі-түрлі мақалалар жаздым. Жыл қорытындысында
жасаған баяндамаларым кейін біразға дейін сөз болып та
жүрді. Көлгірсіп көрмедім, не де болса әділет жағында
жүруге, адалдықты ғана айтуға тырыстым. Әрине, біреуге
ұнадық, біреуге ұнамадық, ол жағы енді бөлек бір әңгіме...
1980 жылы шығармаларымның ең негізгілері «Ғашықпын
саған» деген атпен бір том болып қайта басылып шықты.
1993 жылы екі томдық таңдамалы шығармаларым жарық
көрді. Көркем қара сөзбен де екі кітап жаздым. Олар да әлі
күнге жұрт аузында жүр. Қазір мемлекеттік тапсырыс бой-
ынша «Жазушы» баспасы тағы да таңдамалы дүниелерімнің 2
томдығын шығарып жатыр. «Алматыкітап» баспасы балаларға
арналған бір томдығымды шығармақ...
Кезінде Қазақстан Республикасының Халық депутаты
болып сайландық. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын
алдық. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие
болдық. Алматы облысының құрметті азаматымыз. Құдайға
шүкір, бір кісіге осының өзі де мәртебе емес пе.
Осының бәрі көңілге тоқтық ұялатып, өзіңе өзіңді разы
етсе керек еді. Бірақ көңіл біржола орнығып, тоқмейілсіп
көрмеппін. Әлі де бір ашқарақтық бар. Әлемді аузыма
қаратпасам да, оқыған адамның есінен кетпейтін бір өлең
жазғым-ақ келеді де жүреді.
Амандық болып жатса, оны да көрерміз!
Автор.
Қаңтар, 2007 жыл.
ЖОЛДА
Жол! Ұзақ жол!
Таусылмайды тау үсті,
Кезек-кезек қағып алып белес, ой,
Жолдар, жолдар... Қиялымды тауысты,
Туған ауыл жеткізетін емес қой.
Айһай, ауыл, рахатқа бататын,
Саған деген сағыныштан өртенем.
Бар інімді бауырыма алып жататын,
Қайран менің, туған үйім – жертөлем.
Жылдар бойы көрмей жүріп оралам,
Кабинаңа қалай сыям тұншықпай.
Бұрынғыдай бұзау шеш деп қорадан,
Шешем тағы оятар ма күн шықпай?!
Жол! Ұзақ жол!
Тағы да бір күн батпақ,
Тау үстінен ай сығалап қарады.
Ильич шамы әйнектерден ымдап қап,
Құшағына үнсіз сүйреп барады.
Тоқтатшы, дос, ендігі жол таныс та,
Мынау – әкем қой бағатын сасырлы ой.
Осы жолмен аттанып ем алысқа,
Адастырмай қайта әкеле жатыр ғой.
ШАБЫНДЫҚТА
Әй, балақай, шетін ала жүрші сонау тоғайдың,
Күн нұрына жусап сұлық жатыр шалғын – көк айдын.
Шөпшілерге бұрыла жүр, бұрылайық достарға,
Шалқар шалғын шабындықтың ішіндегі қостарға.
Олар менің құрдастарым, сырластарым шетінен,
Айһай менің балалығым, осылармен өтіп ең.
Ауылдастар, қарындастар – бәрі таныс бұрыннан,
Соқпай кету жарамайды, жөн болады бұрылған.
«ТУҒАН АУЫЛ» кітабынан
Көрдің, бе әне, танып қойды, бізді күтіп тұр бәрі,
Бол, балақай, жерлестерге аттың басын бұр, кәні.
Әне біреу күнге көзін көлегейлеп тұрған кім?
«Ей, ақын, бол, бас аяқты тамашадан құр қалдың.
Көк майсада баяғыдай алсақ қайтер күресіп,
Ұмытып-ақ кеткенің-бе осы ауылда бір өсіп?» –
Тани кеттім, тәлтия қап тұрған тұрыс, тұлғасын,
Данабектің Құмашы ғой – бір жыл туған құрдасым.
Ауыз аша беріп едім жібермеуге намысты,
Қатар тұрған көп трактор гүр-гүр ете қалысты.
– Ал, ақыным, қарап тұрма, бері таман жақында,
Анау шеткі машинаны басқарып көр, мақұл ма.
Келістім де, кете бердім шөпшілерге қосылып,
Көп трактор қоңыр нұрға шомылады жосылып.
Құмаш маған айқайлады, өзі болса шыны мәз,
Мынау – қалың «қара өлең шөп» қой малына жұғымы аз.
Өгіз шіркін... бірақ мұны жаратпайды ол да аса,
Мынау жалпақ жапырақты қызыл мия болмаса.
«Қара өлең» де жерде қалмас, болады ғой күзде сеп,
Кешір, ақын, уақыт жоқ, көк шалғында жүзбесек. –
Мына күннің ыстығына төзіп көрші бізбен сен
Бұл даланың қызығына тоярмысың жүз келсең.
Қайран дос-ай, қайтетін ең босқа арамтер ділмәрсіп,
Дәл өзіндей таныс маған таң алдында тұнған шық.
Анау – ауыл, мынау – дала, қыз-келіншек, балғын үн,
Бәрі таныс. Ұмытқам жоқ жарқ-жұрқ жүзін шалғының.
Бір бақшаның гүлі емес пе ек, соғыстан соң дүр көктеп,
Осы өңірдің шабындығын талай кешіп жүрмеп пе ек.
Сенің апаң қайнататын көже суын ғана ішіп,
Балакөшті сүйреуші ек қой қос өгізге жабысып.
Шалғын шығы ашытатын балтырдағы ет кірін,
Таңнан тұрып жинаушы ек қой осындағы шөп түрін.
Осы өлкенің маған жұмбақ, маған таңсық бір сырын
Мың жыл ойлап тауып көрші, о тәлтиген «қырсығым»
Осылай деп айқайлауға жүз оқталып, батпадым,
Қия алмадым тойтаруға жерлесімнің мақтанын.
ТАҢ Алатудың ұшар басын сүйіп күн, Қиясына көтерілді биіктің. Күн сәулесі жақпар тасты жағалап Лағындай ойнақтайды киіктің. Таңғы думан қызып берді дәстүрлі, Түні бойы жаурап шыққан тас күлді. ...Өкпелетіп кетті ме әлде түн сұлу Қарағайдың кірпігінде жас тұрды. ЖОЛДЫАЯҚ Туған ауыл, таныс соқпақ, таныс ық, Тағы сенің шулы ортаңа кеп тұрмын. Бара жатыр жүрек тулап, қан ысып, Қайда, қайда шұрқырасар көп құрбым? Шынымен-ақ бәрі ұмытып кетті ме, Көңілімнен жабырқау мұң тағы ұшты. Жолдыаяғым арсалаңдап жетті де, Бір-ақ ырғып құшағыма жабысты. О, көктөбет, айналайын, көктөбет. Сен ғана ма ең маған біткен дос адал? Жаңа ғана тұрған едім өкпелеп, Құшақтайын, кең кеудеңді тоса қал! Бір-ақ сәтте білгіздің ғой бағаңды, Үзім нанды сенен бөлек жемес ем! Кейбір сенен кем көретін адамды, Кешіре гөр, кейде саған теңесем. ЕСКЕ АЛУ Жаға мынау бұрынғыша Құлпырып тұр бүрленіп тал. Аппақ айдың нұрын құша, Есіңде ме жүрген ықтар?! Көл де мынау, бұрынғыша, Қала берем шалқып бір сәт. Аппақ айдың нұрын құша, Жағасында балқып тұрсақ. Осы көл ғой бәрімізді, Жақсы күнге асықтырған
Осы көлдей жанымызды
Жақсыларға ғашық қылған.
Аралтөбе – бір байтақ-ақ,
Сан қызықтап бардық аңсап,
Есіңде ме жыр қайталап,
Құшақтаса қалқыған шақ.
Ақ дариға, аппақ ару,
Арнаушы ем ғой жырымды ұдай,
Аралтөбе жаққа бару,
Басталар ма бұрынғыдай?!
АЛҒЫС
...Есімде жылдар сона бір,
Шығарам оны неге естен.
Арқалап жүріп, о, Бауыр,
Өсірген өзің емес пе ең!
Алғысым көп қой, әй, Аға-ай,
Осы бір жылдар ішінде
Мінімді көрсең аямай,
Қатал болғаның үшін де.
Қаталдық кейде жарамас,
Қаталдық – кейде сын білсең.
Ағалығыңмен аралас,
Арманым бола білдің сен!
Сүйдің бе қатал сезіммен,
Алда деп ұғып сынар күн.
Әйтеуір менің өзімнен
Өзімді жасап шығардың.
Борышты болам сол үшін
Сөнгенше жанар ең кемі.
Күндерім үшін – толы сын,
Жақсылық үшін мендегі.
СУРЕТ
– Аға сізді танып тұрмын, –
Деді ауылда бір жас қыз кеп,
Бөлмесіне алып кірді,
– Біздің үйде сіз барсыз, – деп
Сыпайы екен сөздері де,
Жатырқайтын емес тегі,
Қарап қап ем көздеріне,
Басқа жанар елестеді...
Бармасақ та біз егеске,
Альбомдарын алдына ала
– Мынау, аға, сіз емес пе? –
Дейді маған әлгі бала.
– Мынау менің... (қарады ашып)
О ғаламат сүйіктілік.
Шаштарымыз араласып,
Түйісіп қап иыққа иық.
Суретке түскен ек қой,
Қалған белгі сол ғана ма?.
Талай қызық істер өтті,
Соның бәрі жоғала ма?
Сырласушы ек шаршамай біз,
Әсем күлкі, көңілді ой?
Мына тұрған қаршадай қыз,
Өзің болып көрінді ғой.
– Рахмет, жаным саған,
Бірақ мынау мен емеспін.
Әпкеңе бір таныс адам,
Мен емеспін, мен емеспін.
Әттең, әттең! О не керек,
Бақыт таптым өзгеден мен.
Үшеу болып кенелер ек,
Қол ұстасып жөнелер ек,
«Аға» демей, «жезде» дер ең.
* * *
«Алып» болдық анамыздан туа сап,
Қиқу салып, құрық ұстап көшке ердік,
Асау міндік. (Аға астында жуас ат.)
Басып озып, бәйге алуды хош көрдік.
Жалғыз басты тау мен тасқа ұрғылап,
Артымызға салмақ болдық терең із.
...Сонда да сол бір ұмтылып, бір құлап,
Өзгелермен үзеңгілес келеміз!
Айхай, шіркін, солқылдаған жастық шақ,
Сенің осы қасиетіңді кім ұғар!
Ертең біз де жуас мініп бастықсақ,
Артымызда өрттей жанған іні бар!
Ой жүгіртсек қызықтарға түрлі өткен,
Кеудемізде лапылдайды от қызба;
Құр әйтеуір қалмаймыз деп дүрмектен,
Босқа шауып, босап қалған жоқпыз ба?
* * *
Айхай менің көңілім-ай көл-көсір,
Ағыл-тегіл ақтарам деп елге сыр,
Ол да бітті ойбай... біте көрмесін,
Туған өлке, сырым аян, сен кешір.
Тірлігімді келіппін ғой кем ұғып,
Басқа тағы қалдым, айтшы, не бүгіп?
Бір үміттер арасында толқиды үн,
Әмір-үміт, өз еліме мен үміт.
Ақтарыла салу үшін қай тіл бай?
Көп ойларым қалып қойды айтылмай.
Ақын болып нем бар еді, дүние-ай,
Ақындардың жырын оқып жай тұрмай.
Ақын екем, кезім осы көсілер!
Салмақтап бір көрсе егер де осыны ел,
Айтарымды айта алмасам кешірмес,
Басқасының бәрін, бәрін кешірер.
ТУҒАН ЖЕР
Еншілеп туған жердің мол ырысын,
Құшақтап ойнап өстім долы қысын.
Алдыма анам болып тостың ылғи,
Заманның шалқар бақыт толы ырысын.
Алатау, алып Жоңғар тұр тізіліп,
Аспаным тамылжиды бұлты жібіп.
Қайғыдан атам жұтқан енші алмадым,
Көрген жоқ езуімнен күлкі үзіліп.
Ойнақтап бауырында Кемерлінің,
Тыңдадым айқаста өткен ел ерлігін.
Кешегі батыр басқан топырақтан,
Бақыттың қос уыстап терем гүлін.
ҚАЛАЛЫҚ ДОСПЕН ӘҢГІМЕ
Тарт, досым, былай ат басын,
Үй мынау, кәне, түс, бұрыл.
Ұстай бер, Күләш, папкасын,
Қалпағын... Бәрін қыстыр, іл..
Тоңып та қапты құрдасың,
Бізбенен (қалжың) бұ тең бе.
Ас қамда. Апам тұрғанша,
Жүгіре қойшы дүкенге.
Дайын ба шайың? Жүгіргін,
Піскенше қашан сол етің.
Қантты қойшы, бұ құрбың,
Ащыны тәуір көретін.
...Ал, досым, бері жақында,
Күләш та жатыр нан илеп,
Ауылда жатқан ақынға,
Соққаның қандай ғанибет.
Қызықтар қандай сондағы
Көңілдің көп қой ақ шері,
Сағынар достың болғаны,
Шіркін-ай, неткен жақсы еді.
Күндер-ай сол бір танысқан,
Сондай бір күндер көбейсін.
Пушкині келген алыстан,
Пущинен аусам не дейсің!
Қызықпен, іспен өтті күн,
Жалғыздық көрдім демеймін,
Достарым тіпті көп бүгін,
Сонда да досқа кедеймін.
Оларға тақпан ешбір мін,
Солармен өмір сүрген ек,
Сонда да бар ғой, кеш, құрбым,
Өзіңнің орның бір бөлек.
...Қалдырма. Пәлі сол-ақ па,
Қой, енді оның болмайды.
Ауылдың салты қонаққа,
Алдырмай тіпті қоймайды.
Ауылда тұрсам, досым, мен,
Ауылда өскен жан аз ба.
Қуат ап өршіл осы үннен,
Шұқшия берем қағазға.
Трактор үні тынбайтын
Тақырып қанша қыратта.
Кейде бір өлең тыңдайтын,
Зәру боп қалам құлаққа.
Болмадың көптен елде сен,
Қызық қой атқан таң мұнда.
Шалғысын қатар сермесем,
Таңертең барсам шалғынға,
Өрістен қалай қашасың,
Ерсі ғой жанды аясақ.
Атамның алып ашасын,
Қыздармен кетем мая сап.
Жанды ұғар кейбір құрдас-ақ,
Жөнді де жөнсіз іреген.
«Қалайық, – дейді, – бір жасап,
Оқышы, көне, бір өлең».
Оқымай неге бөгелем,
Кеудемді тұрса түртіп жыр.
Бірақ та бар ғой, көп өлең
Ұнамай қалып құртып жүр.
Ауылым бүгін бір қызық,
Ауылым бүгін жасыл бақ.
Жатырмыз үйін тұрғызып,
Онжылдық мектеп ашылмақ.
Өмірім күліп тұрғандай,
Тұлпарға мені мінгізіп,
Шәкірт боп көрген күн қандай,
Мұғалім болу шын қызық.
Қиыннан қашан қайыстық...
– Кәнеки, ептеп алып қой,
Ішсеңші біраз шай ыстық;
Мен үшін бұл сәт анық той.
Сағындым, бәрің бәріңді.
Өткен бір күндер елестеп,
Қағып ап тәтті әр үнді,
Шалқып бір жүрер емес пе ек?!
Алматыда өткен шақтарды
Аңсап та қоям кейде шын,
Кезуші ек доспен бақтарды,
Ауысып киіп жейдесін.
Ауылға қайта келгелі,
Есепте қанша қыс өтті.
Ұнатып алды ел мені,
Өзім де сүйдім бұ шетті.
Ауылда тұрам, досым, мен,
Ауылда өскен жан аз ба,
Қуат ап өршіл осы үннен,
Төнемін аппақ қағазға.
Өтемін талай күзінен,
Табысам талай қысымен,
Шалдардың шандыр жүзінен,
Шаттықтың сырын түсінем.
Гүл болып жайнап көктемде,
Берік боп шығам қысынан,
Жақсы бір шәкірт көп менде,
Құс етіп қолдан ұшырам.
Алдымызда біздің толы сын,
Қалайша тынып, жай табам.
Ауылға көп қой борышым,
Еселеп соны қайтарам.
* * *
Табиғат артық, кем етіп
Беріпті бізге ой бөліп,
Тіл берген соң тең етіп,
Бәріміз де сөйледік.
Қос-қостан бізге көз бітті,
Бір-бірден жүрек дүрсілдеп.
Біреуді ер, біреуді ез ғыпты,
Өз құнын біліп жүрсін деп.
Біреуге дарын беріпті,
Біреуге қарын сыйлапты,
Біреуге бәрін беріпті,
Біреуге түк те қимапты.
Біреуді бойға қарық қып,
Қойыпты ойдан жұрдай ғып.
Біреуді бойдан жұрдай ғып,
Данышпан етті жарықтық.
Биік бол көкпен таласқан,
– Керегің болсын, керегің.
Жеміссіз зәулім ағаштан,
Гүлдерді биік көремін.
АДАМ АТЫНАН
Бесігінде тербеліп дала-алыптың,
Нажағайдың отынан нәр алыппын.
Нәр алыппын самалды сусын етіп,
Күннің бір сынығынан
Жаралыппын.
Тауға – қожа, аспанның ағасымын,
Гүлге – жиен, уақытқа нағашымын.
Ағашымын, тамыры терең кеткен,
Табиғаттың. ... Мен – адам
Баласымын.
ШАБЫНДЫҚТАҒЫ КҮЗГІ КЕШ
Бірде ашық, бірде бұлың күз күні еді,
Тозыпты түгі түсіп түз кілемі.
Өрістен тойып қайтқан торпақтардай,
Өкпек жел шөмелені сүзгіледі.
Жабысып күздің соңғы бір гүліне,
Шегіртке шырылдайды мың бүліне.
Міндетін бітірген күн құлай кетті,
Шеткі бір нар маяны үңгіді де.
Маялар шынымен-ақ нарға ұқсай ма,
Қимылсыз қозғалады арғы сайда,
Бірінің қуысынан көрінді әне,
Ұйқысын қандырып ап сарғыш Ай да.
Шабындық. Күз. Кешкілік... мұнар қандай.
Табиғат көрмесіне шығарғандай.
Маялар арасында сүт иісін
Жұтып тұрғым келеді-ау құмар қанбай!..
* * *
Өмір ай!..
Шіркін не десем!
Не десем, неден кендеміз.
Заманым тыныш, ел есен,
Шалқып бір жүрген пендеміз.
Таппаймын тіпті бір кеміс,
Данышпан дәуір шат қандай.
Қарабас қамы, күн көріс,
Адыра қалып жатқандай?
Айнала ғажап көгал бай,
Нар таулар шөгіп о шетте.
Түнеріп келіп, төге алмай,
Тұратын бұлтын есепте.
Өтуде қызық сырғып күн,
Қайтсем бір шіркін тоя алам.
Әр таңда осы тірліктің
Қоңырауы болып оянам.
Тоймады шіркін бай көңіл,
Арманға арман қосыла.
Тірілер үшін жайлы өмір,
Туған жер деген осы да!
Әр күні өзім көп өсем,
Құшағын дүние кең жайды.
Өмір-ай! Шіркін не десем!
Не десем екен сен жайлы!..
* * *
Айналдым, туған жер, сенен
Ой – сергек, сенде жан – бекем,
Терегің болып теңселем,
Торғайың болып әндетем.
Күніңе серік боламын,
Өзгертпес сеңде күн өңін.
Құсыңмын – кеуде толы әнін,
Өзіңе шырқау – тілегім.
Жоқ... болмаймын құс мүлде,
Кеудемді керім таңға ашам.
Туған жер, сенің үстіңде,
Адамың болып паң басам.
Барыма сені нандырып
Адам боп өмір сүру – іс.
Өзіңде қалам мәңгілік,
Топырағың болып бір уыс.
ӨМІРІМ ТУРАЛЫ
Тірлігім қайсы, тәтті өмір,
Күліп те қабақ шытпасам.
Қалғып та кетіп сәтке бір
Сүрініп барып, тік басам.
Келемін әйтеу жүгіріп,
Өтпесін деумен босқа әр күн.
Алдап бір кетсе гүл-үміт,
Қасынан шығам достардың.
Арманмен алыс тілдесем,
Күй төгіп күмбір кеудеден.
Тіршілік атын мінгесем,
Еңбегім жансын деуменен.
Өзіме тіпті кешірмен, –
Көңілді жайлап түңіліс,
Төл кінә, басқа кесірден
бітпесе түйір бүгін іс.
Мен кіммін – тірлік... бір күнгі от,
Жылтырап қана алдаса,
«Сол үшін өмір сүрдім»... – деп
Айтуға қақым болмаса.
КӘРИЯЛАР
Біздің үйдің іргесінде бар жадағай төбешік.
Жасыл кілем сықылданып жатады ылғи шөп өсіп.
Сол төбеге кешкілікте текеметті жайып сап,
Отырамын ақсақалды аталармен кеңесіп.
Таусылмайтын жыр-хикая... бір тарих бір кеуде,
Соқтықпалы соқпақтар бар, оқиғалы сүрлеу де.
«Ырылдасқан ит өмірді» бәрі, бәрі ұмытқан,
Жоқ оларда бас араздық, көңіл қылу, күндеу де.
Бірі қызық бір хикая шежіреден бастайды,
Бірі кезді сөз етеді – байтал түгіл бас қайғы.
Енді бірі саясатты, саясатты жіліктеп,
Арғы-бергі жаңалықтан бір қайырып тастайды.
Қәриялар, кәриялар... алдыңғысы жүзге енген,
Соңғысының жасы үш есе артық мына біздерден,
Қатпар-қатпар қалың әжім... қалың ойлар – ну орман
Айдалада адасып та қалам кейбір ізден мен.
Оқиғалар, оқиғалар... бесжылдықтар... сүргін кей
(өткеніме өкінбестей өмір сүре білдім бе, әй?)
Бір күндер бар бір адамның ғұмырына бергісіз
– Бір өмірлер болады екен өтер, кетер бір күндей.
* * *
Таусылмайды, таусылмайды жол деген.
Арты – тарих, алды – жорық бір ауыр.
...Көк түтіні көкжиекте көлбеген,
Кімдікі екен мына ауыл?
Астымызда көрінбейді ат терден,
Түсеміз бе,
Не етеміз.
Қара жолмен ауылды анау қақ бөлген,
Алаңдамай, әлде, тартып кетеміз.
Қарсы алуға қаптап шықты ит үріп,
Әне, бір қыз бізді көрді, қарады.
Мынау үйде бас жатыр-ау үйтіліп,
Күйік иісі мұрын жарып барады.
Ал, жігіттер, жүрелік,
Тарт ауылға астыңдағы ат басын.
Кім біліпті, бір қара жол осы ауылға тіреліп,
Осы ауылдан жүз жол тарап жатпасын.
* * *
Таңнан тұрам тағы тыным бір көрмей,
Өтіп жатыр, кетіп жатыр күндер кей.
Тағы бір таң атып келе жатады,
Бір ісіңді аяқтап та үлгермей.
Күн асығыс, мен асығыс... бөгер кім,
Ойлауға да уақыт жоқ, не бердім?..
Бір міндеттен ұтылдым ғой дегенше,
Жүз міндетін алып жетер келер күн.
Аялайтын асыл арман көп бүгін,
Алға қарай асығумен өтті күн.
Бір үмітке міне-міне жетем деп,
Шырылдаған шыбын жанға жоқ тыным.
Шалғайда бір сөнбей жанып тұрсын да от,
Көңіл дамыл көрмесінші тыншым боп,
...Күнді қысқа жасапты ғой табиғат,
Адам ылғи асықсын да жүрсін деп.
«АҚ АЙДЫН» кітабынан
ЖАСТЫҚ
Алдан асу жиі күткен,
Кейде құлап жол тік төмен.
Құла жирен жүйрікпен,
Құла дүзде жортып келем.
Жүріс көп қой бұ шағымда,
Дала салқын, дене қыз-қыз.
Туған өлке құшағында,
Құйындатып келеміз біз.
Не жетеді қызғанда атқа,
Жүйткір қамшы жұмсамай да.
Қалып жатқан қызғалдаққа,
Қарайлайтын мұрша қайда.
Бірде шырқап биікке еңсем,
Қалың бұлтқа киіп кетсем.
Бірде құзға құлдыраймын,
Өмір, қандай сүйікті ең сен!
Қарауытқан жота қалың,
Қайысады жер еңіреп.
Дихан баба соқаларын
Тыңға салған тереңірек.
Қыздар жолда қалды қарап,
Құлағымда таныс әні.
Астымдағы арғымақ ат
Ауыздықпен алысады.
Арғымақты алға айдаймын,
Тежелмейді тізгін де тым.
Өз мойныма алғандаймын,
Тіршіліктің жүз міндетін.
БІРЕУГЕ
Атақ бар сенде, бар байлық,
Сөз емес талант, дарындар.
Сөзіңді сөйлеп, дардай ғып,
Жүретін адамдарың бар.
Құлатып кетсе мезгіл кей,
Қайтадан тұра қаласың.
Біздерді тіпті көзге ілмей,
«Биіктей» түсіп барасың.
Өзіңнен ептеп төменге, Қоладан құйған бір мүсін. Мансабы биік көп елге, Үлкен де болсаң, құрбысың. Алдыңа бару – сын нағыз, Сен ұққан істі «ұқпадық». Артыңнан қарап мұнда біз, «Қызығып жүрміз сұқтанып». ...Өзімді саған тең көрмен, Тапқам жоқ атақ от тілден. Мансапқа мынау сен көрген, Жете де қойған жоқпын мен. Ішің бір аяз, сыртың – от, Білмейсің оны мін деп те. ...Ей, өмір, сенен бір тілек: Соларды маған күндетпе! *** Бүгінгі келбет, нұр көрік, Жарқырай бермес, тотығар. Алпысқа таман тың келіп, Ақыл да шаршап отырар. Күлкіңнің құны қымбаттар, Қызыққа қайнап қан қызбай. Бүгінгі асау ырғақтар, Құрық та жүрер салғызбай. Қарттық – ол қысқа қоныс-ты, Өкінбеу үшін өткенге, Қолыңнан келген көп істі Қаусатып кет сен көктемде... КӨКТЕМ Толтырып ауламызды ерке үнімен, Қарлығаш қайта оралды төркінінен, Көктемде көкте мөлдір жүзсем дей ме, Ақшабақ атылады көл түбінен. Төменде сақылдап кеп, бұлақ күлді, Серуеннен қыздар қайтты гүл ап түрлі. Көңілін соның бәрі босатқандай, Елжіреп көктем шіркін жылап тұрды.
АҚЫН
Ақын ба? Ақын – ой үнсіз,
Ұққаның ғана ұғарсың.
Ақын – қос жанар тойымсыз,
Көруге бәрін құмар шын.
Ақын – бір самал сезім ол,
Жүрегін тыңдар не десе.
Боран боп соғар кезі мол,
Үнсіз де жүрер немесе.
Ақын – құс алыс ұшпайтын,
Қалдырып ұя-қонысты,
Ақын – қол қару ұстайтын,
Болдырмау үшін соғысты.
Ақын – от жүрек, мұң көңіл,
Өзің біл – құпта, кінәла:
Әжім боп түсер күнде бір,
Өзінің маңдайына да.
Ақын – хат, ыстық бір үміт
Жастарды жолықтыратын.
...Қысқасы ақын – ұлылық,
Тіршілік тыңдап тұратын.
Ұйытып елді сөзіне,
Жұмылар болса жанары,
Ақынның өзі-өзіне
Ескерткіш болып қалады.
МІНЕЗ
Мінезім бе? Мінезімді біл әлі,
Сырттан қарап болма бекер күнәлі.
Сергек көңіл, сергек сезім кісінің,
Қас-қабағын қалт жібермей тұрады.
Жүнжіген бір жігіт болам ойға ерсем,
Дөрекімін – өзімсінген «дөй» көрсем.
Мені білу оңай десең, туысқан,
Оңбай ғана қателестім дей бер сен.
Топастарға тоңмойын боп көрінем,
Жағымпазға жақындауға ерінем.
Аңқылдаған адал болсаң, сен үшін,
Орын дайын жүрегімнің төрінен.
Шіренгенге он есе ғып шіренем,
Қайта иілсе – қайсарлана күлер ем.
Қабақ түйсе қасақана жымидым,
Жылмиғанға жауар бұлттай түнерем.
Ұрыншақпын ұғымынша ездің кей,
Ұнатпаған болады ол да сездірмей.
Біреу мені көрмей өтем дегенше,
Көре тұра өте шығам көзге ілмей.
Осылай, дос, ұнамасын, ұнасын,
Ақырында айтсам егер расын, –
Не қас емес, не дос емес біреуді,
Тыңдауға да мәжбүр болып тұрасың.
Көл көңілде көп қой шіркін, сыр тұнған,
«Сондай екен», – демеші тек сыртымнан.
ДОСТАРЫМА
О, достар, айтқанымды жылы тыңдар,
Бәріңе, бәріңе айтар үгітім бар,
Көл жаққа тартайықшы баяғыдай,
Жұмысты бірер күнге ұмытыңдар.
Бармаңдар қам-қаракет жайлы ұғымға,
Ұмыт боп қалсын бүгін қайғы-мұң да.
Құлаштай жарысайық бұрынғыдай,
Алысып Алакөлдің айдынында.
Дауласып, дабырласып, дүрлігісіп,
Мәз болып баяғыша бір күлісіп,
Ұмытып дүниеде жұмыс барын,
Шалқып бір жатайықшы нұрды құшып.
Осылай бұрын талай дала түнеп,
Сейілге серіктесіп баратын ек.
Балтырлар ақ сазандай жалт еткенде,
Па, шіркін, ұрлана көз салатын ек.
Бал шарап балбыратып сананы аздап,
Алқынып албырайтын дала маздап.
Күйдірсе табанды құм, маңдайды күн,
Сезімдер соқтығысып қала жаздап.
Қадірлі қайран достар, иықтаспақ,
Ән қайда, арман қайда сүйікті, асқақ?
Соны іздеп тартайықшы тағы да бір,
Басқасын бірер күнге жиып тастап.
* * *
Бірден асып, біреуді күндейміз деп,
Тірілердің қадірін білмейміз көп.
Көрмегенсіп жүреміз пілдей құнын,
Тырнағының астынан тілдейді іздеп.
Бармаймыз асылдың жөн-жосығына,
Аққа күйе жағамыз – осы күнә.
Талай боздақ жұлдыз боп ағып түсті,
Пендешілік былықтан шошыды да.
Сонда да қарамаймыз парықтап бір,
Аяғынан тұрамыз шалып қап құр.
Тұғыр бола білмейміз, бала қыран,
Қолымыздан ұшқанда қалықтап бір.
Бірден асып, біреуді күндейміз деп,
Тірілердің қадірін білмейміз көп.
...Тағы бір азаматтан айырылып қап,
«Жігіт еді-ау, шіркін», – деп жүрмейміз бе?!
* * *
Кейде былай болады, тұрғыластар, күл мейлі:
Жалған сөйлеп сыртымнан, мені біреу күндейді.
Жамандаймын деп жүріп дұшпаныма, досыма,
Мені көкке көтеріп жібергенін білмейді.
Ауыздыға не дауа – сыпсың қақты, кезерді,
Содан менің артымнан талай-талай сөз ерді.
Оза қойсам деппін бе сол немеден, апыр-ау,
Күндей-күндей, күшті ғып жіберген де өзі енді!
* * *
Ақын емес өз әкем, алыс кеткен атағы,
Біздің үйден сонда да кісі үзілмей жатады.
Ақыл айта келеді аңқылдаған бір ағай,
Төрден орын ұсынам, шаруасын да сұрамай.
Атын айта келеді енді бірі, оңбайын,
Асым әзір оған да, жатам десе төр дайын.
Қамқор бола қалатын ағайын бар құр келмей,
Жалғыз өзі жалғанды шайқап-төгіп жүргендей.
Өзім білер мінімді өзіме айтар уайымдап.
Күтіп алам оны да орындығын дайындап.
Құрдастары әкемнің құрып тастап малдасын,
Даурығысып жатқаны қою шайға қанғасын.
Жігер беріп кетеді жұмыспен кеп кей түндер,
«Құсекеңнің баласы жарады ғой», – дейтіндер.
Келіп-кетіп жатады осылайша қанша адам,
Есік ашық бәріне, құшақ жая қарсы алам.
Маған қастық ойламас, достығыма сенгендер,
Досым болып қайтпаса, дұшпандықпен келгендер.
Үйде кісі болмаса әлденеге елеңдеп,
Аңқақ қағар анам да қашан біреу келер деп.
Есік қағу ежелден ауылымда жоқ әдет,
Күндіз демей, түн демей, біздің үйге соға кет.
* * *
Былай дейді құрдастарым өжет кей;
«Қамығасың осы саған не жетпей».
Оның жайын айту қиын, достарым,
Жүру одан қиынырақ сөз етпей.
Ендігісі? Ендігісі тіпті айқын:
Бір бейне бар көңілімнен шықпайтын.
Жүрегімде бір құпия қайғым бар,
Ғашық болып көрмегендер ұқпайтын...
* * *
Шаманды біл, ағайын, кеудеңді құр көтерме,
Жайраң қағып кел үйге, жадырап қайт кетерде,
Өзіңдікі өзіңнен асып жатқан жоқ шығар,
Ақыл айтып қайтесің әуреленіп бекерге,
Өз қолыңда басқаны туыс етпеу, дос етпеу,
Мықтысына келмеші көрінем деп кесектеу.
Ақылдының ісі деп айта алмаймын, әйтеуір,
Өзгелерді өзіңнен ақымақтау есептеу.
* * *
«Шашың аппақ... әжім анау қаптаған,
Жиырма бестен жаңа асты деп кім сенер?»
Десе біреу, жауабым бар сақтаған,
Достар өзі ой жүгірте білсе егер.
Кебе тартып кеткен болса ерте өңім,
Қайғы-мұңның зардабы жоқ мұнда түк.
Азамат деп атамайды ел тегін,
Мың міндетке кете алмасаң шым батып.
Ұйқыны да ұмытты бір отты ойлар,
Жеті сағат, ренжіме текке сен.
Бекер өткен бір минутын жоқтайды ар,
Түннің өзін жұмыс күні етпесең.
Олай етпей ұстата ма келешек,
Едігісі...Ендігінің бәрі айқын:
Өз жасымнан көрінсем мен ересек, –
Уақыт жоқ айнаға да қарайтын.
* * *
Сыртқары сәл ығысып, алыс тұрып,
Өзімді өзгелермен салыстырып.
Қараймын бөтен көзбен өз ісіме,
Үңіліп суретшідей сөз ішіне.
Өнерім құдіретіне дір етті кім,
Дәл басып таба алдым ба жүрек қылын.
Бояуын қалыңдатып алмадым ба,
Жұрт таныр бар ма мендік таңба мұнда,
Ой көп пе, үміт көп пе, сезім көп пе,
Әлсіреп қалғандығым сезіліп пе,
Тартады тосын шыққан дүбір қайда,
Тыңдаса тұла бойың шымырлай ма,
Айтпағым аңсарыңды қандыра ма,
Өртей ме, еліктіріп жандыра ма,
Өзенде асау ағын гүрілдей ме,
Ғашықтар қыз-қыз қайнап дірілдей ме,
Жан бітіп жоталардың өзіне де,
Ырғалып ыңыранғаны сезіле ме,
Болғандай мың риза сірә маған,
Сәл жұмып ойлы көзін тұра ма адам.
Шабыттың шалқуында нұрға балқып,
Сезімді жібердім бе сырлап артық.
Ілесіп кетпей сезім жетегінде,
Елімнің бір қажетін өтедім бе.
Жанарым жалынына шағылысып.
Соған бір қарап алам сәл ығысып.
Содан соң ойға батып ғұрпыма тән,
Тағы да темекіні бұрқыратам.
* * *
Шүкір, достар, жарлы емеспіз біз мінге,
Қанағат ғып келеміз ғой барды алып.
Жақсыларды жолатпаймыз тізгінге,
Жамандардан және тағы арланып.
Енді кімнен үйренеміз өнеге,
Ар бетіне қарай алмай көз бұғар.
Үндемеуге ұят шіркін көне ме,
Айтам деуге адам қайсы сөзді ұғар...
...Ал біреулер нысанасын туралап.
* * *
Бірде шыны боп шығады былай да:
Дос дегенің жаудан бетер табалап,
Әлі де сенің салмағыңды сынай ма,
Ілестіріп кетеді-ау көп жаман ат.
Соған кейде іштей өзің ширығып,
Құрысын деп жеңіл-желпі көне дау.
Қыран болып қия көктен шүйлігіп,
Жамандарды жүн ғып кеткің келеді-ау...
* * *
Қимылсыз қалсаң жырақта,
Айырмаң қайсы жай тастан.
Ат ойнап қайтса мұрат па,
Атойлап барған шайқастан.
Қызыл сөз деме, дос, енді,
Нық басар кезге келді рет.
Ду қылып жүріп осы елді,
Ту болып қалсақ желбіреп.
Осы ғой арман әрқашан,
От болып лаулап өтерміз.
Асылы бола алмасақ,
Жасығы болып не етерміз?...
* * *
Анам менің күнде айтады бір тілек:
«Өзіңді-өзің күтсеңші!» – деп,
Күл, мейлің.
Көкірегімде лаулап тұрса шіркін от,
Күтінудің керегі не, білмеймін.
Кемігенін сезген емен күштің де,
Соңымда көп ілесе алмай қалғандар.
Арғымақтай дулы көкпар үстінде,
Мерт боп кетсең...
Онда қандай арман бар.
* * *
Сөзімізде болса мейлі жарқыл кем,
Қызуы оның азаймасын қалайда.
Біздің уақыт тайбурылдық қарқынмен
Шаң қапқызып бара жатыр талайға.
Салқын ойды сақылдатып қайнатпай,
Үміт ету ерсі ерліктен бүгінде.
Астыңдағы ат мамағашқа байлатпай,
Делебесі қозып тұрсын дүбірге.
Ал, ағайын, осылай бір тартайық,
Өзіңе серт, нысанаңды ілмесең.
...Уәдесінен кетсе дос пен жар тайып,
Ер үстінен ұшып кетіп жүрме сен.
* * *
Мен жасымнан жаратпағам бұлтақты,
басымнан сөз асырмаймын.
Күлмеңдер,
Содан да ма, дөрекі деп мін тақты.
Өз салмағын өлшей алмай жүргендер.
Көресің де сондай-сондай құрбыны,
Удай ащы ыза тұнар кеудеңде.
Үнсіз жүрсең, тайынбайды бір күні,
«Мына сорлы бітіпті ғой» деуден де.
Ал, осыған ренжисің бе, не етесің,
Қалжыңы жоқ, Достар, өзің ойла шын.
Қолды бір-ақ сілтейсің де кетесің,
Айтқаныңды ұқтыра алмай қойғасын.
* * *
Достар, енді не десеңдер, о деңдер,
Ақыры кеп бір шындықты сездім мен.
Көп көзіне барлығың да кемеңгер,
Ұран сала шықпаған соң өзге үнмен.
Біздің дәуір қансыз жорық,
сүргін кең,
Айхай, біздің алмас қимыл ұрпақ-ай.
Бір күн қилы боп барады бір күннен,
Болмайды екен бар дауыспен шырқамай.
Ертең елге не бетіңді айтасың,
Тірлігіңде дүбірлетіп қалмасаң,
Құрығанда бір армансыз шайқасып,
Армансыз бір жеңіп шыға алмасаң.
* * *
Үзеңгілес серік керек кіл батыл,
Ол да керек – жар сұлуын пір етсең,
Ұлы жолдан оралғанда түн қатып,
Барлығына тілеуіңді тілетсең.
Тірлікте көп бықсық өсек, қай ызың,
Өшірмесе оған қалай от сөнер;
Досың түгіл, дұшпаныңның айызын,
Қандыруға құдіретің жетсе егер.
Сол тұрғылы омыраулы құрбым көп,
Соларменен көңіл кірсіз, тыныс кең.
...Жол шетінде тұрса біреу құр күндеп,
Басын шауып алғым келер қылышпен.
* * *
Жүрек сөніп, таусылғанда тынысым,
Аяқталмай жатар еді мың ісім.
Жарық дүниені қалай қиып кетермін,
Қалып бара жатса қыруар жұмысым.
Шіркін, өмір.
Гүлжазира мекенім.
Қиып қана кетемін бе, не етемін.
Деген кезде білемін ғой,
Білемін
Достарымның құйғытып бір жетерін.
Таза арулап, шомылдырып өзенге,
Зират жаққа шеру тартқан кезеңде,
Сүйегімді ауырласа біреуі,
Бірі тұрып былай дерін сезем де:
– Шыда, бауыр, қолыңдағы бұл ағаң,
Тірлігінде тау көтерсе шыдаған.
Белшесінен батып жүріп жұмысқа,
Таза қалған пендешілік күнәдан.
Осы қазір таусылғанда мүтте дем,
Қалды артында мыңдап ісі бітпеген,
...Уа, дариға, соны естісем достардан,
Бұл дүниеден тілемес ем түк те мен.
* * *
Біраз өмір сүрдім білем,
Ал енді
Қай қызығын сыйлар екен туар күн.
Кейде қатты қайғырсам да дәлелді:
Көз жасыммен көп моланы суардым.
Қазалар бар –
қалатында күн алыс.
Біреулердің өліміне шын нандық.
Мәңгі тірі қалып жатыр бір таныс.
Бар өмірін тек сол үшін құрбан ғып.
* * *
Кеше ғана бал қиялы өте көп,
Бала едік-ау бүгінгі ойдан бөтен ек,
Кенет... кенет алды-артыма қаратпай,
Алды, кетті бір үміттер жетелеп.
Мезгіл – серік қауқарымды сынайды-ақ
Қарсыласа аларыма күн айғақ.
Бір күдіктер мертіктіріп кетпекші,
Қара тас боп қарсы алдыма құлай қап.
Бір күдік те бір-ақ басқа мың бөгет,
Айырып көр артық-кемін кімдегі от,
Біреулерді – біреулер жүр көтеріп,
Енді біреу – біреулерді күндемек.
Шым-шытырық тіршілікке жеткен не,
Ризамын да, риза емеспін көптерге.
Ей, табиғат, ойлап көрші бір минут,
Бір-ақ минут біреуіміз боп көр де.
* * *
Бастағы тежей берем ой легін көп,
Тұрса да тілім қышып, сөйлегім кеп.
Дос дейтін дос та жоқ қой,
Жүргендер бар,
Өзіңді кейде мақтап, кейде күндеп,
Жігіт көп сөзі емес-ау,
өзі мығым,
Солардың көтерілер кезі бүгін...
Көлегейлеп көбіңді көрсетпесе,
Адамның болмай қайтсін төзімі құм.
О мейлі, енді олармен егесем бе,
Кетіп жүрген күні жоқ көп есем де.
...Бүкпесіз бір ойымды бердім айтып,
Оқушым, өзің білші не десең де.
* * *
Жайды ұғар көп қой дос менде,
Соларды кейде сынай кеп,
Қатты бір әзілдескенде,
Күліп те қоям былай деп:
– Жөні бар әзіл-оспақтың,
Бермеңдер ерік тілге тым.
Ақыннан бәрің дос таптың,
Ендеше сыйлау міндетің.
Кеудеге сыймай өрепкі ой,
Мінімді термей бір менің.
Ортаңда,
Білу керек қой.
Ойлы бір адам жүргенін.
Артықтау кетсем – сөк мені,
Кінәлер болсаң, қоса артып.
Мақтайтын достан көп, тегі
Мақтанар жалғыз дос артық.
Әзілдеп қоям өстіп мен,
Беріліп үміт-сезімге.
...Үндемей қалса дос біткен,
Ойланып қалам өзім де.
* * *
Атақты болу сән несі,
Ол емес іздеп жүргенім.
Өлеңім, өзім... әммесі –
Меншігім емес бір менің.
Шірену ерсі кем күнге,
Қолыңды созбай шыңға алыс.
Жеңілдім бе? Әлде жеңдім бе
– Халықтың қарауындағы іс.
Даңққұмар ой – ол ақымақ,
Ондайға жаным көнер ме,
Бірдеме айтпай жатып-ақ,
Данышпан болу деген не.
Қиынға салып көр елім,
Қалу да қиын дерексіз.
Өзіңе болса керегім, –
Басқасы маған керексіз.
* * *
Солай, дос, сырым осы баяғы бір,
Өкпе деп ұқпа мұңның аяғы құр,
Сәкенің жарқ-жұрқ еткен мінезімен,
Алдыңа аппақ жанын жаяды кіл.
Шыным сол – бір-ақ қайнап, тез қайтамын,
Мінім сол – айтарымды көзге айтамын.
Сол үшін жамандармен пышақтасам,
Сол үшін жақсылармен құшақтасам.
* * *
Ауыздықпен алысқанда от кеуде,
Басқаларға шаң қапқызып кетпеу не!
Аңыратып алда жүрсек деуші едік,
Қиқулатып қия-шыңнан өткенде.
Тереңге де бірінші боп сүңгіп ек,
Қызды бұрын құшып еді бұл білек,
Достан қалып қоймадым ба деген ой,
Дүр қамшыдай тұла бойды тілгілеп.
Қара жолды қатарласа шандатсақ,
Басқалардан озу еді бар мақсат.
Алды болып келу еді бәйгенің,
Ат үстінде көздің жасын парлатсақ.
...Құйындатып құбажонды белдерден,
Қиындық көп бұл сапарда мен көрген.
Бұрын келдім, біреулерден соң келдім,
Қатарласа келдім кейде сендермен.
Қуат барда қамығайын мен неден,
Арман емес озып кету өзгеден.
Дәуір жүгін ауыр артып, бәріңмен
Үзеңгілес өтсем екен көмбеден.
* * *
Беу, достым, несін терледің.
Сәл сабыр, сабыр ет сен де.
Түсінер осы жерде кім
Қаншама безілдетсең де.
Онсыз да өлең айтылып, Жатырмыз уақыт өткізіп, Оңаша ғана жай тынып, Қосыла күлсең – көп қызық. Өнерлі, дос-ау, бізді өртеп, Қор қылдың күйді неге сен. Әне бір ойлы жүздер тек, «Қайтсін-ау» десін демесең. Кім қалды мұнда күйді ұғар, Несіне қабақ шытасың. Ұнатпай жүрер «сыйлылар», Үндемей кетсең – ұтасың. Өнеге біткен тіл, көмей, Өзегіңді өртер, бүлкілдер. Білгенін бүгіп, үндемей, Отыр ғой өзге шіркіндер. ОЙ Шіркін-ай, шіркін, тастасам, Күндерді думан құр өткен. Өмірді қайта бастасам Саф таза сәби тілекпен! Білмесем мына жалғанның Қайшылық, күдік, ұранын. Ағарып атқан таңдардың Артынан тұман тұрарын. Білмей-ақ кетсем – көнер ем. Шуағы қайсы, бұлты не. Барымның бәрін берер ем Бір тамшы таза күлкіге. Гүлденген жомарт өмірде, Болмаса тартыс жайлы ұғым. Білмесем барын өмірде, Бақытпен бірге қайғының. Шындықтың құшақ жаярлық, Бұқпайтын жерде бұққанын. Ақылды кейде аярлық Аяқтан шалып жыққанын. Білмей-ақ кетсем. Жалған-ай, Тоқтату қиын уақытты.
Не соның бәрін талғамай
Тартатын адам бақытты.
САҒАН ЖАЗҒАН ЖЫРЛАРДАН
Көрдік қой күліп, жүдеп те,
Шаттықпен, мұңмен таныс ем.
Салқындап қалған жүрекке
От беріп кеттің тағы сен.
От бердің енді сөнбестей,
Өртеп те кеттің бір демде.
Сұлуға өзің теңдес кей,
Көз қырын салмай жүргенде.
Жанарың толы қандай нұр.
Жауапсыз кеттің неше кеш.
Ағарып атқан таңдай бір
Арманым болғай осы елес...
Куәсі сұлу таң мына,
Сенсің, сен іздеп жүргенім.
Өшкенім қайта жанды ма,
Не болып кеттім, білмедім.
Бұғуды мүлдем ар санап,
Жалынып жанға көрмеп ем.
Жаныңа жақын барсам-ақ,
Иіле берді өр денем.
Нелер піл кеуде жанның да,
Елемеуші едім тұр-әлін,
Өзіңді көрсем, алдыңда,
Бас ұра жаздап тұрамын.
Мен барда жағын ашпайтын,
Күлкі де болдым досыма –
Мысымен басып тастайтын
Ғашықтық деген осы ма.
Атақ іздеп көрмедім.
Ол емес маған бағалы.
Қажет болсам ол мені,
Өзі-ақ іздеп табады.
Дәулет пе керек? Қай күні,
Біреуді ол алып шықты алға.
Жалғанның жарты байлығы
Жанымда жатыр ұққанға.
«Не сонда іздеп жүргенің» –
Деп тұр-ау біреу дерексіз.
...Бақытым болсаң бір менің.
Басқасы маған керексіз.
* * *
Ақын сені сүйді ме, қыз.
Саспа онда.
Екі айтуды тағдыр оған жазбаған.
Оттай ыстық лебізіне мас бол да,
Өзің де бір от бола біл маздаған.
Қызыл көзді шабыт,
Жорық, Қия-шың,
Нажағайдың жарқылындай тамаша ән, –
Солар сыйған кеудеге сен сыясың.
Ақынды өзің сыйғызуға жарасаң.
Не істесе де істейді елді таң қылып,
Сөз болып па жаман жауы күндесе.
Қайғыртады – өліп қана мәңгілік,
Мәңгі өмірмен қуандыра білмесе...
* * *
Осы кеш өлең жазбай да,
Өлмеспін тіпті, тастайын.
Құрбыжан күлкі, наз қайда.
Қайда сол сырлас жас қайың.
Қыдырмай көптен қойдың-ау,
Көл бетін кезіп қайықта.
Көгілдір көгал ой мынау,
Бала боп жарысайық та.
Көрейік шығып қырға анау,
Жайып бір тастап шекпенді,
Биіктен төмен бір қарау –
Арманым еді көптенгі.
Ғажайып еді қыр қалай,
Күй болып ойнап тұр кеудем.
Құрбыжан, адастырмағай,
Өзіміз салған сүрлеуден...
Жүр енді кеттік тоғайға,
Онда да қызық десеңші.
Ешкім жоқ кезде маңайда,
Құшып бір сүйсем несі ерсі.
Онсыз отым маздай ма,
Осылай етсін басқа күн.
Осы кеш өлең жазбай да,
Өлмеспін, міне, тастадым.
Дедім де, ... аштым дәптерді,
Оқушым,
қандай ой ұқтың,
Сөйтсем мен... осы сәттерді
Өлең ғып жазып қойыппын.
* * *
Көз ұшында... көгілдір бір жарықта,
Жарқырайды маған ғана тиісті от.
Біздің бастар
мінгескенде бір атқа,
Не төсекте қатар жатсақ түйіспек.
Көкшіл сәуле...
көз ұшында – бір арман,
Жүз құбылып жатады ойнап, өзгеріп.
Көрініп қап....
қол созым жер...
мұнардан,
Ғайып болып кетеді енді лезде еріп.
Біреу мені аңдып,
атып қалды анық.
Қалай алам кекті мен.
Қалу қиын алданып,
Алдауды – өлім деп білем.
Жүрегіммен оңашада алысып,
Алыстатып алып барады не күндер.
Отты еріндер ойланбай-ақ табысып,
Болатыны-ай,
қауышпайтын көңілдер...
БИДЕ
Көңілім көміліп бір күйге менің,
Есімде өзіңмен сол билегенім.
Жүректің құпиясын көздер ұғып,
Дірілдеп сәл-сәл ғана тимеді ерін.
Вальстің ырғағымен ырғатылып,
Ғажайып қанып едік сырға тұнық
Жаудыраған қарақат көздеріңнен,
Кіршіксіз махаббаттар тұрды атылып.
Құйқылжып кеп қытықты вальс бітті,
(Ой, арман,
қалды-ау бәрі алыс тіпті)
...Сол вальс өмірі естен кетпей қойды,
Сен қалайша ұмыттың таныстықты...
САҒЫНЫШ
Аяулы бір мұң қоршады мені,
Өзіңді, қалқам, жоқсындым.
Ол – таңым еді, шолпаным еді,
Қайтейін, тағдыр, көпсіндің.
Жанымды тағы елжіретіп от,
Өзіңді, жаным, аңсадым.
Самалды бақта көп жүретін ек,
Көз жауын алып қаншаның.
Қызықтаушы едік келісті күзді,
Қызықтаушы едік қысты біз.
Қалғытушы еді көл үсті бізді
Оған да бүгін түсті мұз...
Жүрсем де, сәулем, жай ауыл, құмда,
Жалғыздық жанды мұздатып.
Осынау ащы, аяулы мұңға,
Татымас тәтті жүз бақыт...
МЕНІ ІЗДЕ
Көктеменің гүлін көрсең, мені ізде,
Толқын-толқын бұрымды өрсең, мені ізде.
Кешкілікте қатар жүрген құрбыңнан,
Кино жаққа бұрын келсең, мені ізде.
Саяттатып биік Көкше, теңізге,
Өмір сені биіктетсе, мені ізде.
Таң алдында екі ғашық бір-бірін
Әрең-әрең қиып кетсе, мені ізде.
Көңіліңді қызық бұрса, мені ізде,
Басқа бір көз қызықтырса, мені ізде.
Жағалықта иесіз қайық ескегі,
Көлдің бетін сызып тұрса, мені ізде.
Өмірдің ең шат жерінен мені ізде,
Ғашықтардың дәптерінен мені ізде.
Дүниені сүзіп шығып таппасаң,
Жүрегіңнің қақ төрінен мені ізде.
Өзен болып толтырылам теңізге,
Өмірдің сел толқынынан мені ізде.
Бақытыңды шебер соғып берейін,
Балғалардың солқылынан мені ізде.
Қақпа алдында қалғып тұрып мені ізде,
Балтырыңды шалдықтырып мені ізде.
Аспан асты, жер үстінде, сәулешім,
Бар нәзіктік, бар мықтылық – сен бізге.
Жүректегі тылсымды ұқ, мені ізде,
Көкірегімде тұрсың күліп, тек ізде.
Арманымның гүлі етейін өзіңді,
Бар жігітті күрсіндіріп мені ізде.
* * *
Бірде мен де бал шарапқа қызып ап,
Көңіліме қай-қайдағы жел кіріп,
Көрші шалдың қалды дағы қызы ұнап,
Тұрам ұзақ терезесінен телміріп.
Қорқақ болып жаралмаған жан ем мен,
Енді міне шалға батпай тұрғаным.
Кегімді бір қайтармаққа бәлемнен,
Ұзақты күн қанша жоспар құрмадым.
Ауызғы үйде күрк-күрк етіп жатқаны,
Мінезі де қызыл көзді қырсық-ақ.
Басында бір қағамын деп қақпаны,
Жеті атамнан шыққаны бар бір сыбап.
...Ау, інішек, сен несіне тершідің,
Сабыр ет те, соңын есті, қызынба,
Мұның бәрі қиялым ғой, көршінің
Шалы түгіл, танымаймын қызын да.
ҚЫРҒА АСЫҒУ
Қансын құмар, қалсын да бір басылып,
Қырға шығып қайтайын, қырға шығып.
Көптен бері көңіл де алағызып,
Кермені үзер тұлпардай тұрды асығып.
Атың қайда, ақсақал, берем деген?!
Қатын қайда, қасыңа ерем деген?!
Бұзау баққан баяғы боз даламды,
Орағытып оңды-сол көрем бе мен?!
Көремін бе аралап, япырым-ау, шын,
(Жанға неге туған жер, жақындаусың?)
Қайталар ма сай-сала жаңғырығып,
Сақ-сақ күліп самғаған ақын даусын.
Қырды аңсадым, дүние-ай, қырды аңсадым,
Көкірегімде, тасып тұр қаншама ағын!
Ұқсаң, шіркін, туған ел, қазіргі бір,
Тентегіңнің тебіреніп тұрған шағын!
Асаулауын ерттесін маған аттың,
Қартым, өзің дұрыстап тағалатқын!
Ерем деген ел болса – шақыр бәрін,
Туған жерді келеді-ау аралатқым.
Сауырында сан аттың сартылдаған,
Қамшыңды да бере тұр, қартым, маған.
Бірі сынап, біреуі жылап тұрған,
Ағайыннан айналдым аңқылдаған!
Айналайын абыржып жүрген елден,
Құрдастардан қызықты бірге көрген,
Қарындастан айналдым,
Қысылған боп,
Сылқ-сылқ күлген сығалап іргелерден.
Қырым қандай кең еді өлшенбеген,
Қиырына жете алмай жел шөлдеген,
Көкжиекті көзіме қондырып ап,
Кереметтей құйғытып көрсем деп ем!
«АҚ ДАРИҒА» кітабынан
Ата-баба ары мен арманының,
Жалғасы боп жетсе деп самғап үнім,
Құйындатып көрейін қырға барып,
Әпкел бері тізгінді, жан бауырым!
АУЫЛҒА БАРАРДА
Серікке
Асығам ба жанымда жатқан бар шат,
Жатқан бар шат сырымды ақтарғанша-ақ.
Торға түскен тағыдай аласұрам,
Екілене елірер шақтарды аңсап.
Шалқып-тасып, дүние-ай, ғашық құшып,
Жататын шақ қиялмен қашыққа ұшып.
Есіп-бөсіп отырар достар қайда,
Бірімізден біріміз асып түсіп?!
Қарамастан қалсақ та ұятқа анық,
Қаңғып ішіп, қалтаны жиі ақтарып.
Асқақ қарап айнала,
Жер үстінің
Тәңірі де тек біздер сияқтанып.
Төңіректі таңдамай кетіп үстем,
Күндер қайда «көксуды» көкіп ішкен?
Ертесінде ел-жұртқа қарай алмай,
Өртенердей болатын өкініштен.
Кермаралдай тұратын керіліп кей,
Сұлулардың сыры да шері бітпей,
Дүрлігісіп әлі де жүрсіңдер ме,
Жүрсіңдер ме, дүние-ай, мені күтпей.
Тартып келем, достар-ай, тағы да аңсап,
(Арман қанша, осылай сағына алсақ!)
Тартып келем, тағы да туса деп бір
Аз ғана күн ес-түстен жаңылар шақ!
* * *
Бірден асып, біреуден жүрдік пе кем?
Тәтті екен-ау, дүние-ай, тірлік деген.
Жақсы екен-ау жұмыс та күнде асығып,
Шаршап-талып жүрсек те бір бітпеген.
Қыз-қыз қайнап, тамырда сезім күліп,
Түнде жортып, талтүсте көзіңді іліп,
Бір пендеге жағынбай, табынбай да,
Жүрген шақтар өзіңді өзің біліп.
Бәрі-бәрі тірліктің тәтті армандай,
Алдыңа әкеп, асылын ақтарғандай.
Ғашығыңның атын да әуендете
Әнге қосып қайтатын шақтар қандай!
Қай қылығын кететін ескерместен,
Бір бақыт-ау тапқан да дос теңдестен.
Шын бақыт-ау бұрылмай бағытыңнан,
Тарта беру,
Сырт көзден сескенбестен.
Түскен шақта төңірек сымбаттана,
Жан сырыңды жағалай күнде ақтара.
Жатқан қандай, шіркін-ай, туған жердің,
Торғайының шырылын тыңдап қана!
Арман жоқтай артында қалса бір үн,
Жатасың-ау таусылып хал-сабырың.
...Ең қиыны кеш біліп, кеш ұққан-ау,
Қайталанбас тірліктің барша құнын!
* * *
«Мен басқаның бақытын қызғанбайын!..
О, Жасаған, осы бір тілекті бер,
Арым – куә, айнадай жүректі көр!» –
Дегеніңше
Сен үзер гүліңді үзіп,
Күліп өте шығады бір ептілер.
«Мен басқаның қызығын күндемейін!..
О, Жасаған, тосыннан сүріндіріп,
Әлдекімше жүрмеші жырынды ғып!»
Дегеніңше
Кетеді тағы бірі,
Сен кіретін есіктен бұрын кіріп.
Содан барып тартысқа сен де кіріп,
Мәз боласың бір күндік тапқан нанға.
Қалыспайсың қайдағы мақтаннан да,
...пенделік пе осылар?
Не тірлікте
Бақыт, қызық жетіспей жатқаннан ба?
* * *
Омырауын тастапты-ау ағытып қыр,
Сағымдана мұнартып, шаңытып тұр.
Жаңбыр тілеп жатыр ма,
Осы тұста
Төгіп-төгіп өтетін жарытып бір!
Жадырайтын шақты аңсап, жан бір түлеп,
Жатқандай-ау жазира жаңбыр тілеп,
Түйір тамшы қимай-ақ қойды-ау аспан,
Түнеріп кеп, төніп кеп,
Сан күркіреп.
Төпеп өтер тазалық, мөлдірлікпен,
Жаңбыр тілеп жатыр-ау жер дүрліккен.
Ақша бұлтқа қарайды алаңдап-ақ,
Соңғы үміті сияқты сол бір күткен!
* * *
Өзгемізден ертерек ес білдің де,
Алаңсыз, адал тірлік кештің мүлде.
Жан болып жасамадың жаманшылық,
Аттамай ала жібін ешкімнің де.
Өзіңмен бірге тұрып, бір күліскен,
Достарың шалқып-тасып жүрді ме үстем?
Қиянат жасады ма біреу саған,
Қыңқ етіп қарсыласпай, тындың іштен.
Жатпадың жұғыссам деп құрбыңа да,
Батпадың пенде болып бір күнәға.
Басқаның басыңда бар «иттіктен» де,
Сен ғана жеке-дара жүрдің ада.
Орынсыз өзіңді-өзің көтермелеп,
Ашылып-шашылмадың бекерге көп.
Баспадың жамандыққа,
Қорқам бірақ,
Жақсылық та жасамай кетер ме деп.
* * *
Асыл достар, азайып барамыз ба?
Анау жоқ, анау да жоқ арамызда.
«Жұп жазбастан өтерміз» дейтін серттің,
Айналып кеткені ме бәрі аңызға?
Жоқтыққа пысқырмайтын жиі де елеп,
Аусар, аңғал шақтар-ай сыйы бөлек!
Күн-түн демей саусылдап жетуші ек-ау
Түскендей әкеміздің үйіне кеп.
Еркінсіп оңды-солды еліре кіл,
Жатушы едік төмені, төрі де бір.
Қара шайды қатықсыз таласа ішкен,
Қайдасыңдар, қайран дос – сері небір.
Құпиямыз болмай-ақ дара сақтар,
Ортақ еді-ау ой-арман, парасат бар.
Қалтқысыз құлай сүйген қайда от жүрек,
Қайда сол балаң шақтар, дана шақтар?
Лапылдап жігіттіктің оты бізден,
Қыр гүлін құйғыта бір жетіп үзген,
Кең едік, кіл ғана бір кемеңгер-ақ,
Сері де пері мінез шетімізден.
Болса да кінәміз көп, күнәміз көп,
Жосыла шыққандай ек бір ән іздеп,
Ойлап па едік кейін бір кезіккенде,
Шыртиып, әлдекімсіп тұрамыз деп.
Азайып-ақ, апыр-ау, барамыз ба?
Анау жоқ, анау да жоқ арамызда.
«Сөйтеміз де бүйтеміз» дейтін шақтың,
Кеткені ме айналып бәрі аңызға?!
* * *
Апыр-ай шіркін,
Артқыларға айтып жүрерлік.
Кеткенім бе осы,
Көре алмай сенен бір ерлік?
Пасықтығыңа кешіре қарап,
Күлдік те,
Жасықтығыңа – қайысып,
Түгел түнердік.
Ашынып іштей,
Санайды деме бекер кек.
Кім білсін,
Біз де саған-ақ ұқсап өтер ме ек.
Ақ жүрек достан қарадай қорқып,
Қашқақтап,
Қашып та жүрсек,
Қырсығы тиіп кетер деп.
Тірлікті қанағат тұтпасақ
Шұғыла күнсіз,
Жақсылар үшін
Дауға да кіріп бір ессіз,
Жағаласып та өтпесек есер тағдырмен,
Жеңілмейін деп те,
Берілмеймін деп те күрессіз.
Күштіге қарсы бармасақ,
Көзсіз батырдай,
Өртеніп іштей жанбасақ,
Күйіп,
Шатырлай
Саған-ақ ұқсап өтер де ек тыныш,
Жүре алсақ,
Бойымызда бардан басқаға түйір татырмай.
Жан болып сен де,
Жасадың ба екен еш күнә!
Тентектік көрсең,
Шошына тұрдың осқыра.
Біз болсақ, шіркін, жібітем деп те әлекпіз
Мұзды мұхиттай сіресіп тұрған досты да.
Қашанғы солай,
Тартынбас жерде тартынып,
Ойыңды бөгеп өтер екенсің бар тұнық?
Артықтау кетсек,
Күлесің бізге,
Жүрсек те,
Ұқсастығыңды жасырамыз деп,
Шарқ ұрып.
* * *
Біреулерің «данышпан», бірің «құдай»,
Дүрлігісіп жатыр ма ең бұрынғыдай?
Қалдым ба деп кешігіп,
Мен де жеттім,
Мен де жеттім,
Жігіттер, сырыл былай!
Сырылыңдар, ығысып,
Төрге өтейін,
Төңіректі деміммен тербетейін,
Сөйлеп-сөйлеп болсаңдар,
Тыңдашы бір,
Қалған сөзді қағып ап мен кетейін.
Ортаға бір осындай шақта кіріп,
Барсам деп ем ағымнан ақтарылып.
Қалсаң деп ем, қайран ел, ұйып тыңдап,
Барымды айтсам, жанымды жатқан ұрып.
Осылайша ортаңа еркін кіріп,
Кетсем деп-ақ келіп ем желпіндіріп,
Сілкіне бір тұрса деп туыс біткен,
Еліме айтар ақиқат сертімді ұғып.
Кеңістіктің, кеңдіктің сырласы кіл,
Қайда жасыл жалғанға шын ғашық ұл?
Соңғы сөзді қағып ап,
Мен кетейін,
Сөйлеп-сөйлеп болсаңдар,
Тыңдашы бір!
* * *
Арайлы таңда,
Аңырай жетіп қанша мен,
Ағайын, сенен
Адалдық қана аңсап ем,
Мәз болып тұрдым,
Мейірім көрсем жанардан.
Арманым жоқтай,
Сол жақта тоқтай қалса дем.
Жалғанды жасыл
Жалықпай қанша кезгенде,
Жылылық іздеп,
Үңілдім барша көздерге,
Ақкөңіл жұртым
Аңқылдап шықса алдымнан,
Арғымақ асау көңіл де жүйткіп,
Озды өрде.
Алдына тартар
Ақ жанымды алып жеткенде,
Селк ете түсем,
Сырт беріп шықса көп пенде,
Дос көзінен сәл салқындық сезсем,
Сол маған,
Қаттырақ батар,
Қаһары қатал кектен де.
Сіресіп қырда
Жатып алғанда қар айлап.
Жылылық іздеп,
Жібісе еді деп бар аймақ.
Шарқ ұрам қанша,
Ағаларға да алаңдап,
Артымнан жеткен балаларға да қарайлап...
ҰЙҚЫСЫЗ ТҮНДЕР
Алысып азапты оймен бір түнің кей,
Кеудең де дауылды аспан күркіріндей.
Азынап жатасың-ау
Ұйқың қашып,
Төсекте тоқсан аунап, кірпік ілмей.
Қайғырып қайта оралмас ғажап айлар.
Жарқылдап жатады ойлар – нажағайлар.
Қателік-кемшілігің қасқырша ұлып,
Біресе бас қатыра мазалайды ар.
Түседі еске ұнатқан, жек көргенің,
Өзіңді өкіндірді өткенде кім?
Қаншама ренжіткен достарың бар,
Қастарың бар қаншама кеткен кегің?
Болды ма кешегі бір күлкіңде мін,
Біреуге әлде орынсыз зіркілдедің?
Жаныңды жегідей жер – әділетке
Араша түсер тұста іркілгенің.
Қинайды-ау әлдекімнен именгенің,
Жарамсақ жалынышты күйге енгенің,
Түскендей енді есіңе дөңбекшисің,
Сәл-сәл бір сәтсізірек үйленгенің.
Жақпасын біле тұра көпке мүлде,
Орынсыз омыраулап кеткенің де.
Жүрегің езіледі-ау, –
Керегінде
Құйғытып кермеден бір өтпедің бе?
Көкірегің қыжылдай ма, егіле ме,
Кеудеңді қайдағы ойлар кеміре ме?
Ұйқысыз өтетін бір түндер бар-ау.
Сыя алмай өз үйіңнің төріне де.
ДОСТЫ АңСАП КЕЛЕМ
Жолыққан шақта-ақ ұмыт боп қайғың,
Талас қап,
Шамдануы да, таңдануы да жарасты-ақ.
Ойламай өткен тірліктің нарқы, парқын да,
Досты аңсап келем нар көңіл,
Досты аңсап келем әрі асқақ!
Өтсе де тілеп...
Жолыққан сайын бір өртеп,
Жолыққан сайын ширығып,
Жайнап, түлер тек,
жадыратып жанды,
Жарқылдап күліп, жанатын,
Досты аңсап келем бір биік.
Досты аңсап келем шын еркек!
Жолыққан сайын қаяусыз құшар от-деммен,
Алаңсыз досты аңсап та келем көптен мен.
Сондай бір досты іздеп-ақ жүрмін шарқ ұрып,
Іздеп-ақ келем жаздан да,
Іздеп-ақ қыстан... көктемнен!...
Іздеп-ақ келем сондай бір досты шын аңсап,
Жақсылық десе көз жұма тартар ұран сап.
Кінәсі болса құдайдың мінін бетке айтар,
Жігіттен тура айналып,
Айхай, арман не,
Бір өкпесіне тұра алсақ!...
Досты аңсап келем
Айырылмай өтер тірліктен,
Онсыз, бәлки, олқы да болар жыр біткен,
Олқы да болар өмірім,
Жүрмін, аңсап-ақ,
Аңсап-ақ, аңсап жүрмін-ау
Асыл да досты бір күткен! –
* * *
Әкем менің маған арнап,
Қалдырмады мол мұра,
Қалдырмады тағалаулы ат,
Қалдырмады домбыра.
Айта барар соңғыларға,
Қалдырмады асқақ ән.
Судай шашып қор қыларға,
Алтыны жоқ тастаған.
Жоқ, бармайын, күпірлікке,
Айтып отыр ауыл айқын:
Қалдырды әкем бұл тірлікке,
Мені – өзінен аумайтын.
Қалдырыпты от тірлігін,
Әппақ арын кірлетпей,
Қалдырыпты өткірлігін,
Өр мінезін бір беткей.
Қиыры жоқ қырларды да,
Қалдырыпты мұраға.
Асқақ таулар тұрған мына,
Содан қалған сыбаға.
Достарына аңқылдаған,
Адалдығын, ақтығын.
Ақ алмастай жарқылдаған,
Кісілігін, пәктігін.
Бір-бірлеп сен бәрін сана:
Қалдырыпты нар ісін.
Баз біреуге бағынса да,
Табынбайтын намысын.
Жағынбайтын пендеге бір,
Қалдырыпты арлы үнін,
Қысқасы, осы мендегі өмір,
Қасиеттің барлығын...
КӨКТЕМ
Тоз-тоз қылып айырды да ақ қарды,
Көктем келіп қыр қалтасын ақтарды.
Мына жақта қолтығына су бүркіп,
Оятып жүр бақтарды.
Көктем үшін күлкі шығын, сый шығын,
Түсініп көр бақшаларда күйші кім.
Дода бұлтты үркітіп жүр нажағай,
Үйіріп қап бишігін.
Ойпаңдарда опырылып мұз белі,
Қаз да қайтып, қонатын жер іздеді.
... Үй сыртында алдап шығып әжесін,
Күтіп қалды-ау қыз мені.
Айхай, неткен көңілді едің, дүрмекті ең,
Пай-пай! Көктем құйып жатыр нұр көктен.
Осынау бір тамашаны қия алмай,
Жетісуда жүр көктем.
* * *
Кейде осы тасып-тасып неге бекер,
Кетемін арын жоқтай менен өтер?
Дарын жоқтай көрініп менен басым,
Сарын жоқтай басқа бір елең етер?
Жатқандай көмейімнен ән бұрқырап,
Тапқандай кеудемнен кеп жаңбыр тұрақ.
Кетердей боламын-ау дауылпазша,
Әлемді асқақ үнге жаңғыртып-ақ.
Тынбастай жолдағыны үріп өтпей,
Бойымнан ожарлықтың міні кетпей.
Жүретін шақтарым бар, өзіме өзім
Көрініп қаяусыз бір құдіреттей.
...Кей-кейде іштей ғана тынып бөлек,
Көңілде үміт те көп, күдік те көп.
Өзімнен өзім жеріп қалам неге,
Дарынсыз, жалынсыз бір жігіт пе деп?...
ҚАСЫМ ЖЫРЫН ҚАЙТАЛАП ОҚЫҒАНДА
Туысқан,
тыңдашы бір тұра қал да,
Тағы да айтар сыр бар бұл ағаңда.
Өтірік болмайды
Егер былай десең
Ол жайлы бала-шағаң сұрағанда:
«... Ол да бір өзіміздей күнәлі ағаң.
Біреуге ұнап, біреуге ұнамаған.
Абайдың жазбай кеткен жыры ма?
Әлде,
Ақанның кеудесінен құлаған ән?
Әйтеуір биік еді бүкіл езден,
Қырандай қия-шыңды жіті кезген,
Жан еді басына бір бақ дарыған,
Жан еді басынан бір құты безген...
Дегені төңірегіне кілең шешім,
Қыздың да құшты нелер бір еркесін.
Кісінің кісісімен достасты да,
Иттерге имей кеткен піл еңсесін.
Жүрмеген досының да жетегімен,
Ешкімнің ұстамаған етегінен.
Жанса да,
Өртене алмай,
Ширығып кеп
Тұп-тура тартушы еді төте кілең.
«Адам боп туып неге текке өлем?» деп,
Мың ойлап, жүз толғанып өтті елеңдеп.
Бүгінгі ұрпағына содан да өзі
Қалды әне қып-қызыл бір отты өлең боп...
БІР ЖОЛДАСҚА
Ағайын, саған айтар сөзім бар бір,
Отымды өзің үрлеп, өзің жандыр.
Қашан бір тиді қылдай қиянатым,
Қапыда қате басқан кезімді аңдыр?
Алдымен кеттім қайда жүр десеңдер,
Жалындап жандым шалқып үрлесеңдер.
Сендерді ұққандай-ақ ұғып ем ғой,
Сендер мені ұға алмай жүрмесеңдер.
Маған қас бықсық өсек, бақас қылық,
Шындықты көзіңе айттым ап-ашты ғып,
Апыр-ай, ағайын-ай, әлде соны,
Жүрсің бе жамандықпен шатастырып.
Жо-жо-жоқ, өкпем де жоқ, анығы шын,
Жақсыны жақсы дейік танып ісін,
Тірлігім қымбат маған, баз біреудің
Шеніне емес, еліме жағу үшін.
Сол үшін күрес десең – күресе алам,
Мен кінә тағар деме, сірә саған.
Білем ғой, жүз адамның жақсылығын,
Жуып-шайып кетерін бір есалаң.
Ел барда, ақ тілекті туыс барда,
Адамға жаманшылық жұғысқан ба?
Бір басың кең дүниеге сыяр, шіркін,
Не жетсін бір аулаға сыйысқанға.
* * *
Көбіктей-ақ көпіреміз,
Кеудемізді ұрғылап.
Есіп-есіп алуды да,
Көретіндей бір мұрат.
Көрген болып жүреміз-ау,
Тұрғанымен қайнап іш.
Басқалардан бақыттырақ,
Көріну не? Жай намыс.
Ақыл да айтып жібереміз,
Ұғына ма, ұқпай ма?
Батыл да айтып жібереміз,
Түспесе де түк пайда.
Ойдағыны іркілместен,
Айтып қалу мақсат па?
Кейбіреулер үндемей-ақ,
Ілігіп жүр жақсы атқа.
* * *
Кейде бір, кейде қырды аңсап,
Кетесің тағат таппай да,
Көтеріп қамшы ұрғанша-ақ,
Аңырап ұшар ат қайда?
Кеудеңді тентек желге ашып,
Жарысып сайлар жатса анау.
Сен – жерге, саған – жер ғашық,
Заулап та бара жатсаң-ау!
Сүңгіп-ақ сергек құшаққа,
Ақсаң-ау іштей бір тынып.
Қайран да дала бұ шақта,
Қаулап та түлеп, құлпырып.
Ашылып әлем алдыңнан,
Жазира – жасыл – нұр-тұрақ.
Жапырып өткен шалғыннан,
Жұпары жердің бұрқырап.
Тоқтасаң барып ақшамда,
Сүйреп бір алыс дем ыстық.
Жазыла түсіп жатса алда,
Көгілдір кербез кеңістік.
ҰЛЫМА
Өтсең, жаным, түгел бір дүбірлетіп,
Сұлуларды көргеннен дірілдетіп.
Айқастарда даусыңды асырып-ақ,
Шайқастарға бастарда бұрын кетіп.
Қарап қалар қыз балқып, ер үмітпен,
Алдыңда асау ағыс бар сені күткен.
Кірпігіңді қақпастан көктей өтсең,
Салдыртып бір сал мінез, серілікпен.
Өрлік жайлы өзгеге сырды ұқтырып,
Өрт боп жанып өтсең-ау, дүрліктіріп.
Дос үйіне жетсең-ау сағындырып,
Жайнап салар шақтарды бір күттіріп.
Жақсылық та жүрсең-ау жасап қанша,
Күлсең де бір көзіңнен жас аққанша.
Ақ жаныңды ұсынып тұрсаң-ау кіл,
Біреу сенің сыртыңнан тас атқанша.
Осылай бір тартсаң-ау таңға алшақтап,
Көңіліңді адал да аңғал сақтап.
Саңқылдап та айтсаң-ау айтарыңды,
Құрдастарың күмілжіп қалған шақта,
Жеткеніңнен жарығым, жетпегің көп,
Осылайша өткейсің көкте гүлдеп,
Жауың болса, қалсын да қарадай бір,
«Мынауыңның шалқуы-ай?» – деп те күндеп.
Осы болсын демеймін бар асылың,
Өмір де бір жорық қой, қарашы, ұлым,
Өзім іздеп келген көп қасиетті,
Сенен тапсам деп тұрмын, қарашығым.
* * *
Қиқу сала шыққанда бәрі ұмтылып,
Кейін қалып қойдым ба сәл іркіліп?
Асау шабыт қалыпты аласұра,
Жанарында жап-жасыл жалын тұнып.
Ұран сала тиіс те өр тірлікке,
Ақ шабыт, аларыңды еркін бүкте!
Қайтадан саңқ-саңқ етіп самғашы бір,
Қайта шыққан қырандай еркіндікке.
Осылай айқайды бір асырып ап,
Кетейін пенделіктен қашығырақ,
Көгінде жай отындай жарқылдайын,
Бір күшпен басқалардан басымырақ.
Ұшып-ақ кетердей боп мүлде құздан,
Тақа бір таусылғанша тілдегі ізгі ән.
Көрейін қас жүйріктей аңырап шын,
Бүйірі дүбір десе күнде қызған.
Қалмайын қайдағыны жиып-теріп,
Самғайын сеніменен биікке еріп.
Тұрайын туған жерге жүрегімнің
Шырынын жомарттықпен құйып беріп.
Сен жақтан алай-түлей күркіреп күн,
Төнгенде түсі бөлек бұлты көктің,
Қалайын құлақ түріп сарынына,
Қосардай арманыма бір тың екпін,
...Халқым, мені осылай сынап түсін,
Жетпесе құйғытуға қуат-күшім.
Шырқап-шырқап барып ап,
Жоқ болармын
Бір шыңнан табанына құлап түсіп!
* * *
Бір ойлар жатсам-тұрсам тағатты алып,
Қиналып та қалам-ау шақта мына,
Жан сырын ағыл-тегіл сан ақтарып,
Ақтарылып біте алмай жатқаныма.
Соқпағы бар ғұмырдың қандай даңғыл?
Ұшып кетіп жүрем бе,
Кемерден тік?
Күнде ұйқыдан оянам,
Шалғайды бір
Арғымақтар дүбірі елеңдетіп.
* * *
Достар, құлақ түре қал!
Осы үн қандай?!
Тосын қандай, тыңдашы, тосын қандай!
Жетісудың сыңсыған тоғайына
Бір сандуғаш ғайыптан қосылғандай!
Достар, тұра қалыңдар!
Таста мына,
Қам-қарекет, қызықты, басқаны да,
Бір жұлдыз кеп ғайыптан қосылғандай,
Жетісудың тұп-тұнық аспанына.
Достар, бүгін бәріңе,
Сынақ та бар,
Жігіт болсаң көрейін шыдап бағар.
Құлатасың дегендей қайсың атып,
Жүйтки ағып барады бір ақмарал...
Жүйтки ағып барады еркін өмір,
Жұлқа сүйреп жүректі өрті небір.
Тәуекел деп жөнейін мен де солай,
Жетпей кетсем көрейін сертіме бір!...
* * *
Тапжылмай сол орныңда сәл тұра қал,
Жаппашы жанарыңды жарқыраған.
Көңіліме көшіріп алайыншы,
Көркіңді таза тұрған бар күнәдан.
Ән бе едің кетіп жатқан таралып кең,
Жан ба едің осы өңірге дара біткен.
Ғайыптан пайда болған қай бақытым,
Дірілдеп ақ тамақта қара нүктең...
Тап-таза таңда жауған қардай ақсың,
(Кеудемнен саған бір таң арнай атсын)
Қозғалмай, қалқам, солай сәл тұра қал,
Қалам ба қызығыңа қанбай-ақ шын?!
Сәл тұра қал, жарығым, шытпай қабақ,
Жанарыңнан бара ма шық тайғанап,
Маған бұлай қарама,
Үміт, күдік
Арпалысып кеткенін ұқпай да қап.
Сәл тұра қал, барады сесің ұнап,
Кешігіп-ақ қалдым ба, кешігіп-ақ.
Қалайыншы, дариға-ай, ай нұрыңды,
Айнытпастан кеудеме көшіріп ап!
* * *
Жаңа бір сарын бастадым,
Төгілсем деумен сел боп кіл.
Естісең қырдан асқақ үн,
Сені іздеп жүрген мен деп біл!
Жарқылдап ойнап бар тұлғаң,
Толқынға шомыл, теңізді өп.
Шағала көрсең шарқ ұрған,
Мен деп біл жүрген сені іздеп.
Дірілдеп тұрған көк теңбіл,
Сағымды көрсең шағылдан, –
Сарғая күтіп көптен бір,
Мен деп ұқ сені сағынған.
Қансырап қайтып жорықтан,
Жетіп те қалған жерде өліп,
Тұлпарды көрсең зорыққан,
Сағынған сені мен деп ұқ!
* * *
Қамықпа, қалқам, текке сен,
Махаббатыма мастанып мүлдем кетпесең.
Тірлікті жарық өзіңмен ғана бөлісіп,
Өзіңмен ғана...
От кешем.
Қайтадан тағы да дір ет те,
Құшаққа кірші, құйын боп өтсін бір өкпе.
Кеудемде жалын махаббат барда, сен
барсың,
Сен барсың, қалқам,
Жүректе.
Қамықпа, қалқам, көзіңді іл,
Буыңа балқып, бұрқырап тұрған сезім бұл.
Семсердің жүзін сүйіп те берген сертіме,
Сенбеймін десең...
Өзің біл.
* * *
Ойды бөгде үзіп тіптен,
Тастадың-ау сезімге от.
Мен үшін бар қызық біткен,
Қызық біткен өзің боп.
Жаным да шат, нансаң бүгін,
Парықсыздар не білер!
Қолға қалам алсам, күнім,
Сен деп өлең төгілер.
Елеңдетіп өткен ізге,
Айдай нұрың етті алаң.
Шуда бұлтты көкте жүзген,
Бұрымың ба деп қалам.
Тұршы осылай тебірент те,
Жүзінде нұр лаулай қап.
Қарашы өзің төңірекке,
Әлем сенен аумайды-ақ!
Бұл ұғымда сезім көп пе,
Қабылдайды қалай кім,
Күллі әлемді өзің деп мен,
Өзің деп тек санаймын.
Жанарыңнан жарқылдап кіл,
Атсын шапақ таң дөйім.
Осындайда саңқылдап бір,
Саңқылдап бір самғайын.
Қалтарыста құр сығалап,
Қалсын басқа жасқанып.
Сен қуанып тұршы қарап,
Айхай, асыл ақ шабыт!
* * *
Өзіңді сүю шарт па еді,
Кеудемді жүрек ұрды асау,
Қоршаған дүлей өрт мені,
Саған да жетпей тынбас-ау!
Тынбас-ау саған жетпей де,
Лапылдап түгел жанса аймақ.
Жалын боп шалқып от кейде,
Өзіңді маған қарсы айдап.
Шарпымай тіпті тынар ма?
...Күдікті таста бекер кей,
Кеудеңді жүрек ұрар да,
Оқ болып тесіп өтердей.
Өтсе өтсін! Жібер еркіне,
Жүрекке көлі, шөлі не!
Жетіп бір құлап сертіне,
Талқан ғып кетсін мені де!
* * *
Дариға-ай, маған ғана лайықты әнсің,
Құшағын ғашық дүние жайып талсын,
Ынтық қып, ұлылыққа шақыр да тұр,
Жарқырап сол бір ғажап ғайыптан шын.
Арылып пенделіктің шаң-кірінен,
Самғайын саған қарай таң нұрымен.
Жарыса жетейін бір көлбей ыққан,
Даламның әппақ ыстық жаңбырымен.
Жалғанда жалғыз билеп еркіңді де,
Басайын өртіңді де, дертіңді де.
Көркіңді асырайын қыз біткеннен,
Жалғансыз махаббатым – сертім, міне!
Біздерден жалғыз ғашық жан аса алмай,
Кетейік артымызға қара салмай.
Жетейік зулап алыс шың басына,
Өтейік сол биіктен аласармай.
Сұрамай басқа тілек мен тірліктен,
Бұл таңда саған айтар сертім біткен.
Көгімде құс боп ағып жүрсең болды,
Тамаша, тап-таза бір еркіндікпен.
* * *
Келеді хаттар, келеді хаттар,
Келеді хаттар шат күліп.
Қуаныш әкеп береді хаттар,
Береді хаттар тәтті үміт.
Жанжар да болып келеді хаттар,
Алыстан аңсап, аптығып.
Қанжар да болып келеді хаттар,
Жаныңды жайдай қақ тіліп.
Ай-күнің болып келеді хаттар,
Ауырлық бұлты алыс қап.
Қайғы-мұң болып келеді хаттар,
Еңсеңнен езіп, жаныштап.
Сырларың болып келеді хаттар,
Жаныңды түгел ақтарған.
Нұрлы ағын болып келеді хаттар,
Мен үшін таза сақталған.
Келе бер хаттар,
Келе бер хаттар, –
Шалғайдан ұшқан тәтті леп!
Келе бер хаттар,
Келе бер хаттар,
Махаббат, жеңіс, бақ тілеп!
* * *
Шарқ ұрып көңіл, шырқап ән,
Шат күліп жаным тұр бүгін.
Естимін алыс қырқадан,
Қоңыраулы күйме сыңғырын.
Жатқандай болды-ау бұл таңда,
Шақырып шалғай жол бейне.
Тағы бір мініп тұлпарға,
Бағыңды сынап көр дей ме?
Бақытың енді қолыңда,
Жүйткітіп жылдам жет дей ме,
Арманың осы, жолында,
Мерт болып кетсең кет дей ме.
Кеудемді тентек жел үріп,
Жалғанды жарып ұш дей ме.
Арғымақ көңіл еліріп,
Қойды-ау бір көктен түспей де.
...Алаңсыз, ойсыз жүргенде,
Қызыққа қайран жоқпын деп,
Ұйтқытып кеттің бір демде,
Көмулі жатқан шоқты үрлеп.
Осынау сәтті тегінде,
Айнытпай айтар бар ма тіл?
... Арманым, асқақ көгімде,
Жарқырап солай жан да тұр!
* * *
Асыл құрбым, қырларға анау,
Қыдырып бір келейік те.
Айтылмаған сырлар бар-ау,
Ақтарып бір көрейік те.
Айтшы құрбым, барасың ба,
Қырмызылы қырларға анау.
Таза шалғын арасында,
Таза жатқан сырлар бар-ау!..
Осылай бір шалқымаған,
Тұрса әлдекім күйреп шетте.
Ада бола бар күнәдан,
Арылуды үйретсек пе?
Асығады-ау бүгін жүрек,
Аңсағанын іздейік те.
Қызғалдақтар тұр үлбіреп.
Үзейік пе, үзбейік пе?
Көзді арбаған дала гүлін,
Жұлмасақ па, жұлсақ па екен?
Жоқ, бәрінің дәл анығын
Ұқпай тыңдап тұрсақ па екен?
Үнсіз тыңдап қалсақ па екен,
Дала төсін сыры берік.
Бірге балқып жансақ па екен,
Батар күннің нұрына еріп...
* * *
Сенімен, қалқам,
Қырқаны кезіп, бақ барам,
Сенімен өтер,
Аңсарлы таңдар атпаған,
Бұрқырап қайнар,
Бұрқақ та бұрқақ сырды да,
Өзіңе ғана,
Армансыз ұзақ ақтарам.
Сайларда салқын
Долана бүршік жарғанда,
Ақтарам бәрін
Алакөл жаққа барғанда.
Ақтарам саған,
Айта алмай келген сөзімді
Риза-ақ болып
Тұрған бір шақта жалғанға.
Нажағайша ойнап,
Жатқанда жанның жарқылы
Аспанға қарап
Айтармын бәрін әр түні,
Арымның үнін елге де жерге шертермін,
Ең асыл сөзді өзіңе айту арқылы.
* * *
Басқа бір жаққа бет бұрып,
Шығарар болсаң сен де естен,
Түсіңе тұлпар боп кіріп,
Тұрармын тыным берместен.
Сағынбай мені кеткенде,
Сен жайлы көкте шырқап ән,
Құстай-ақ,
Қайтқан көктемде
Қиқу сап жетем қырқадан.
Көңіліңді басқа бір дүбір,
Бұрғандай болса жаңғырған.
Найзағай болып түнгі бір,
Жарқ ете түсем алдыңнан.
Соқпаққа бөгде түстің бе,
Алысып іштей сан тынып.
Айырық жолдың үстінде
Алдыңнан шығам алқынып.
Тағдырмен тағы жұлқысқан,
Туса егер қуат сынар күн.
Өрт болып тиіп бір тұстан,
Ықтырып өте шығармын.
Атқанын күтпей таң қашан,
Құлашты тастап кеңге шын.
Кешікпей жетіп бармасам,
«Сүйем» деп жүрмін мен несін?!
* * *
Барында сері дүнием сендей еркін,
Өтсем деп осылайша сөнбей өртім,
Ақтардым жатқан сырды жанға айтылмай,
Сарт та сұрт лапылдап бір жанбай тынбай.
Өзен боп өтсем дедім шуы бөлек,
Суынан сусап ішсең қанбайтындай.
Салдырып сары далада бұрын өткен,
Алдымнан соғады асыл құдырет-дем,
Мен ұқсар бар сияқты –бір данышпан,
Өмірге ірі боп кеп, ірі кеткен.
Бардай-ақ ұқсап –тынар асқақ арын,
Сол болып асқарым да... жасқанарым.
Соны іздеп келемін кең кеңістіктен
Көрместен, көзге ілместен басқаларын.
Осылай омырауымды ашып таңға,
Жалындат, шабыт қылын басып қал да.
Керемет ұлылық бар сияқты бір,
Мені аңсап жатқан маңғаз қашықтарда.
Барында –сері дүнием сендей еркін,
Соны іздеп самғайын да, сөнбей өртім.
* * *
Мол екен ғой табиғатта батылдық,
Қолы да еркін жеткен білем көп тегі.
Олпы-солпы мына мені ақын ғып,
Сені сұлу жаратқаны – не еткені!
Жоқ!..
Табиғат сонысымен ұтты анық,
Дүние көзі сұлулыққа тойған ба!..
Күні-түні саған қарап сұқтанып,
Мені сұлу жырласын деп қойған да.
* * *
«Ақдариғаң кім?
Ақтарып айтқан сырыңды?
Ару қыз ба әлде –
Басқамыз үшін бір үлгі.
Асыл ән бе еді –
Сөндірмей келген қашаннан?
Ашынаң ба еді –
Мен білмей келген бұрынғы!» –
Қиғылық салды-ау,
Жан-жарым осылай деп те бір.
Не десем екен?
Дариға жаным, от көңіл,
Сен болмасаң мен
Тарқата алар ма ем шерімді.
Сенімен ғана
Қызулы болып кетті өмір.
Сенімен жүрсем –
Жалғанда мынау мен үстем.
Сенімен ғана ой-арманымды бөліскем.
Алдыңда сенің
Асқақ бір сырды ақтардым,
Ғайыптан туған періштем.
Жаным-ау, бұл қыз
Көптен-ақ, көптен жүрді ұнап.
Күй болып күндіз
Кеудемді түнде ұрғылап,
Маңдайға біткен,
Жап-жарық жалғыз жұлдызым,
Басқа жұлдыздың,
Барлығынан да нұрлырақ.
Сағынып көлді
Жеткен бір құстай шуласып,
Келемін соған,
Жасырмай барлық сырды ашып,
Ақдариға – менің кең далам,
Халқым және сен,
Мөлдіреп тұрған шын ғашық!
* * *
Ақдариға-ай! Мына
Ризамысың тағдырға.
Қосылып ағып,
Жосылып жатты ән қырда.
Көсіліп жатты-ау
Кермиық далам
Кеудесін
Ашып бір тастап
Асыға құйған жаңбырға.
Келесің сен де
Қосыла күліп, кіл самғай.
Алаңсыз көңіл,
Ақдидарыңды кір шалмай.
Жарқылдап жаның,
Келесің, қалқам, тек бізді
Жатқандай тосып,
Алдиярлы алыс бір шалғай.
* * *
Арғымақ мін де, ал құйғыт,
Қырлардан ұзап, шыңға өрлей.
Боздақтар талай жан қиды,
Шайқасып шығып үлгермей.
Мерт болып тұлпар барғанша-ақ,
Тұяқта жанған тастар қап.
Сүйе алмай қалған жарды аңсап,
Жанардан сұлу жас парлап.
Айқайға басып ұран сап,
Бақытты-ау солай өткендер.
Іздеген жарын шын аңсап!
Тауып, бір сүйіп кеткендер!
Соларды ғана аңыз ғып,
Дүбірлі тірлік жеткенше.
Арғымақ мін де, ал ызғыт,
Құздардан ұшып кеткенше!
* * *
Бір таудан соң бір тау бар,
Бұлттар тұрған жасырып.
Шырқаудан соң шырқау бар,
Бұрынғыңнан асырып.
Қуат барда көрейін,
Тауды үйіріп ұршықтай.
Шырқап-шырқап берейін,
Үн шықпайды... қырсықты-ай!
Енді қайтем? Көнем бе?
Кеткенім бе жанбай қап.
Қыза-қыза денемде.
Бара жатыр қан қайнап.
Түсім бе бұл? Апырмай!
Түсінбедім, иншалла!
Нажағайша шатырлай,
Жанып барып тынсам ба?!
* * *
Кеудені тәкаппарлау тік ұстадық,
Сонымызбен ұқпадық, ұғыспадық.
Дос та болып кетпедік серті берік,
Дұшпан болып шықпадық ұрысқа анық.
Бір үйге жарық берген екі шамдай,
Келеміз-ау,
Көңілдің оты шалғай...
Жетісе алмай келеміз дос болып та,
Қас болып та біржола кетісе алмай.
* * *
Жастығың өтіп барады-ау...
Теріліп бітпей гүлдерің.
Өріліп бітпей бұрымың,
Бақыттың кешіп бір көлін
Татып та көрмей шырынын.
Сүйікті болып бір көрмей,
Сүйіп те толық үлгермей.
Айнала қарап алғанша
Ағып бір өткен күндердей,
Жастығың өтіп барады-ау!...
* * *
Ақыл-естен айырылып мен бірден,
Саған деген махаббатқа жеңдіргем.
Сүйдім сені сол қаршадай қыз ба деп,
Жастық шақта тіл қата алмай телмірген.
Құмарлығы тарқамасын деп те мен,
Құштым сені бұрқыраған отпенен.
Құштым тұңғыш махаббатым үшін де,
Ғұмыр бойы көкейімнен кетпеген.
Тәңірім-ай, тек сендікпін деп келіп,
Бір махаббат көкірегімде кетті өліп.
Сол үшін де,
Алды-артыңа қаратпай
Сені сүйем өртеніп те от болып.
* * *
Мен саған құдыреттей сенетін ем,
Шалдыққан бір шақтарда медетім ең.
Таң қалушы ем,
Жарқылдап сен тұрғанда
Басқа жұрт шалқыды деп не бетімен!
Сенгендіктен тек саған құдыреттей,
Тоқтамастай көрініп түріп өтпей,
Дауға да түстім талай
Тұрғандармен,
Сені де көп қыздардың бірі деп кей.
Бар шаттығын жиып ап жер бетінің,
Аңсаумен-ақ,
Таппайтын кеуде тыным.
Бармаушы еді-ау, дариға-ай
Сені тіпті
Басқалардың бірі еді деуге тілім.
Көзбен атып көрмеп ем,
Сұлуды арбай,
(Көкіректе запыран бір у бардай).
Сенім қайда, серт қайда?
Есеңгіреп,
Тұрмын бүгін тұлпардан жығылғандай...
ТАҒЫ БІР КӨРСЕМ
Амалым қанша!
Түсінбей кеттің сен түкке?
Жүректің қылын өзіңдей ешкім шертіп пе?
Тәуекел деп-ақ, тарс жұмып көзді тұрғанда,
Кете алмадым-ау шалғайға сені ертіп те.
Көкіректің бүгін бұрқырап барлық от селі,
Аяулы сәулем, өзіңді ғана көкседі.
Кірпігімді ілмей, қиялдап тағы жатырмын,
Тағы бір көрсем деп сені!...
* * *
Өртеніп іштей,
Шатырлап тұрып жансақ та,
Айнала бізді
Жүгіртеді екен сан-саққа.
Соқыр-ақ болып кетсек пе,
Тіпті көрместен
Тыңдамай тіпті,
Тас керең болып қалсақ па?
Күйіп те күйіп,
Жүрсек те біздер қаншалық,
Айнала гу-гу,
Жатыр-ау бәрі жар салып,
Екеуміз болсақ
Келеміз әлі жете алмай,
Бір-бірімізге,
Қаншама жылдар қарсы ағып.
Мына жұрт бізді,
Жүгіртеді екен сан-саққа-ақ.
Мен сені,
қалқам,
Құтқара алмадым қанша ақтап,
Екеуміз болсақ,
Келеміз әлі жете алмай,
Жақындай түсіп,
Жақындай түсіп,
Алшақтап...
* * *
Шегелеп біржолата қырға мені,
Сол күні
Жаңбыр жауып тұрған еді...
Айнала – Мұнары ма,
Тұманы ма?
Әйтеуір, айтып болмас мұң бар еді...
Жатса да
Құлағымды кескілеп үн,
Ештеңе сезбедім де,
Естімедім.
Көрінді кемпірқосақ сияқтанып,
Сермелген оңды-солды қос білегің.
Содан соң...
Кесіп өтіп көше төрін,
Көлеңдеп бір көрінді қос етегің...
Ащы үнмен айтып жатты нажағай да,
Ақырғы ажырасу осы екенін!
Көкірек қыжылдай ма.
Құр дәмелі.
Айнала
Адам ұқпас мұң бар еді...
Шегелеп қырға мені тастайтындай
Толассыз жаңбыр төгіп тұрған еді...
МЕНІҢ СЫРЫМ
Шынымен қалғаным ба ұятқа анық,
...Кеудемнен ағыл-тегіл күй ақтарып.
Өзіме құдіреттей сенбеуші ме ем,
Бір ерлік жасайтын-ақ сияқтанып.
Асыға
Әппақ шыңға тиіп көңіл,
Шығатын сияқты-ақ ем биікке бір!..
Барады-ау дедектетіп,
Алып қашып,
Зуылдап,
Зулап ағып,
Сүйікті өмір!
Көк дөнен көсіле бір ұшпады ма,
Алқынып, қалғаным ба тұста мына?
Сенетін сияқты-ақ ем,
Жүрегімде
Жалғанды жалт қаратар күш барына!
Қуанып,
Қайғырып та бұл тірлікте,
Алдық та...
Бердік...
Көп іс бітірдік те.
Сонда да жанға тоят таппадық қой,
Көнбестен көңіл шіркін «шүкірлікке...»
Өмірім мезгілімен дұрыс ақпай
Жатқандай,
Қойды-ау жүрек тыныс таппай!
Бос сілтеп бұғалықты жүргендеймін,
Алтын жал, арғымақ жыр бір ұстатпай.
* * *
Тоқта, шырақ,
Қайтесің беттен алып,
Жастық біздің бастан да өткені анық.
Мас болып та көргенбіз махаббатқа,
Пәс болып та көргенбіз,
Текке налып.
«ЖАЙДАРМАН» кітабынан
Жанарымнан жалығу іздемеші,
Таң болыпты бидің де бізге несі?
Дір ете де түскенбіз өздеріңдей,
Тиіп кетсе денеңе қыз денесі.
Жылдай таңға жібермей атты іргеден,
Белшемізден бақытқа баттым деген.
Бізден де өткен, жаным-ай, жалынды шақ,
Жалынды шақ,
Шашқа бір ақ кірмеген.
Көзсіз кіріп қайдағы ерегеске,
Кететін де кешегі мен емес пе?
Бізден қалған шырағым, қып-қызыл дау,
Қырық-пышақ, қым-қуыт төбелес те.
Кетті екен деп бір бала беттен алып,
Текке налып қайтейін,
Текке налып.
Қас асаудай ауыздық қаршылдатқан,
«Басбұзар» шақ өзімнен өткені анық!
ӘКЕМНІҢ БІР ҚҰРДАСЫНА
Қалжырапсың, қартым-ай!
Қартайдың ба?
Жатырқамай,
Жастық бар,
Жантай мұнда.
Ашуыңды аңсаппын,
Ақылыңды...
Айналып та жататын арты айбынға.
Күштің бәрін сарқып-ақ бердің бе елге,
Сұстың бәрін уақыт сөндірген бе?
Қаһарыңнан қаймығып тұрмаушы ма ек,
Бұрқ-сарқ етіп есіктен сен кіргенде.
Оранып ап қаудырлақ ішігіңе,
Қалжыңыңмен қармақтай
Кісіні іле,
Салып ұрып жетуші ең,
Сәл ренжісең
Ауыл үйдің әлде бір «күшігіне».
Насыбайдың тең бөліп бір атымын,
Әкеме кеп мұң шағып тұратының.
Бәрі-бәрі есімде...
Шырт түкіріп,
Әлдекімнің «енесін ұратының...»
Қалғаның ба, қартым-ай, алқынып та,
Ентігіңді басшы өзің,
Сәл тынық та,
Әкем барда жарыса сілтесетін,
Қалай едің мына бір «жартылыққа?!...
Түсті ме еске думаның бір жақтағы,
Көзіңнен жас қалайша бұршақтады?!
Тұрымтайдай ұлына тұстасыңның
Тұрсың ба сен, апыр-ау, мұң шаққалы?!
Қой, қой, қартым,
Кеудеңде жан барында,
Қапаланып,
Қайдағы барма мұңға.
Ары кетсе бір «күшік» үрген шығар,
Соған бола қажып-ақ қалғаның ба?!
Ұқпады ма әлде бір «мықты неме»,
Соған бола қауқарың бітті деме.
Арғымақтың жалынан жел гулеткен,
Асау шағың есіңнен шықты неге?!
Бойда қуат,
Барында білек күшің,
Дұшпанның да іздеуші ең жүректісін.
Қартайдым деп несіне күйінесің,
Қарттықты сен құдайдан тілеппісің?!
Ауыр шақта жұртыңның сүйреп көшін,
Алқынбауды басқаға үйреткесің.
Сан қырлардан салдыртып өтемін деп,
Сақалыңды сонымен сиреткенсің.
Айқастардан қалмадың шеттеп тегі,
Ажалды да арманың беттетпеді.
Желбіреген қып-қызыл ту астында
Көлкілдеген жастығың өтпеп пе еді?!
Жұрт алдында ақ-адал жаның да, арың,
Елің үшін қиғансың бәрін-бәрін!
Ұрпағың бар сендерге тартып туған,
Жоқтатпайтын сендерді бар ұлдарың.
Қажыма, қарт!
Жаныңды шер мекендеп,
...Қылпылдап-ақ отырмын
Мен де терлеп.
Қаһарыңмен баяғы қарғып тұрып:
«Садаға кет әкеңнен!» дер ме екен деп.
* * *
Жалынды жүрек лаулайды,
Жанымды бір сәт өртеп от.
Көңілім көлден аумайды,
Құсы ұшып кеткен ертерек.
Нені іздей берем, нені іздей,
Арманның қайда ақ таңы?
Көкірегім терең теңіздей,
Тебіреніп күнде жатқаны...
Оң-солға кезек бұрылып,
Жоқты іздей берем, жоқты іздей,
Алдымнан қашқан бір үміт,
Жеткізбей қойды-ау, жеткізбей!..
ҚАРАЙСЫҢ ҚИМАЙ
«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты».
(мақал)
Бәрін-бәрін басымыздан өткердік,
Жамандық та, жақсылық та көп көрдік.
Күйіп-жанып ғашық болдық қаншама,
Құйын болып қаншама бір өтті ерлік.
Қалмаса да қайғырмадық көп белгі,
Соның бәрі басымыздан өткен-ді.
Жаратпаушы ек «ағалаған» қыздарды,
Салып ұрып әкелік те жетті енді.
Келсе бәрі ретімен, кезекпен,
ағалыққа,
Әкелікке не жеткен!
Қимай-қимай қарайтының болмаса,
Қайран ғана күндеріңе тез өткен!
КІМ БІЛСІН...
Жоқ-барға шығын етпей сезімді көп,
Болсам сәл үнемдірек, төзімдірек,
Жүрер ме ем қамсыз ғана,
Кім біледі,
Бақыт кеп қонар ме еді өзі үлбіреп?!
Тек қана тазалыққа жүгінді арым,
Сол үшін өзімді-өзім шығындадым.
Қарамай алды-артыма,
Жақсылықтың
Алдына жайып салып бүгін бәрін.
Жұрт мейлі ерікті дер, желікті дер,
Қайда деп таза-тұнық көрікті кел,
Келіппін
Достыққа да, жастыққа да
Өзімді аямастан беріп түгел.
Кеудемнен күнде құзға қыран құлап
Жатпаса
Жойқын бір күш шыдамды да ап,
Кім білсін,
Болар ма едім бақыттырақ,
Бақыттырақ, елге де ұнамдырақ?!
ҰМЫТПАЙМЫН
Жақыным кім?
Жатым кім?
Алысым кім?
Ұмытпаппын ешбірін танысымның.
Мінезіммен,
Мініммен,
Мен де олардың
Шықпасам деп есінен жан ұшырдым.
Жолығайын...
Шығарып салайын көп,
Жан ұшырдым есінде қалайын деп,
Бір кездескен адамға
Аңқақ қақтым,
Араластым кетуге ағайын боп.
Көңілімді тұрса да күдік бөгеп,
Қолын алдым біреудің күліп те кеп...
Мінін көрсем,
Бұлтартпай бетіне айттым,
Сөзге тоқтар, серт ұстар жігіт пе деп.
Ақ жарылдым, –
Ағайын соны ұқпады,
Қатты кеттім – қайтадан жолықпады,
Ұмытпаппын оны да,
Көп таныстың
Қала берді біреуі болып тағы.
Жан ұшыра жанымның отын беріп,
Талайлармен таныстық,
Өкінбедік,
Ұмытпадым ешбірін,
Онда мені
Бәрі ұмытып кететін секілденіп.
* * *
Мен жаққа иек қағып, қаның қашып,
Сен тұрдың біреулермен тағы ымдасып.
Мен тұрдым
Жүз қайталап,
«Жігіт ем» деп,
Бәріңе жүрегім де, жаным да ашық.
Осынау өрлікті ме, кеңдікті ме,
Әйтеуір бөлісе алмай келдік міне...
Қызғанар тағы нең бар?
Алшы, жаным,
Қиналмай саған бәрін бердік түге.
Мендегі жалынды да, дарынды да,
Сен-ақ ал бойдағының бәрін мына!
Сен-ақ ал!
Шаттығымды ал, аптығымды ал,
Жеткізбей кетер десең арындыға.
Өзім-ақ үлестірейін жан ұшыра,
Қызғанбай,
Қарсы кел де,
Тағы сына.
Сыртымнан иек қағып,
Тек ымдасып,
Тиіспей жүрші арым мен намысыма!..
* * *
Туған жер,
Бір ұлыңнан кем көрінбей,
Өтсем деп,
Өлеңдеттім мен де ерінбей,
Көркіңнен күні-түні көз алмадым,
Қазақтың тас қашаған зергеріндей.
Мадонна сұлулықты аңсап ұлың,
Мүсіндеп жазды қырдың қанша аруын.
Ақ таңда аңырата әнге қостым,
Даламның қайтқан қазды қарсы алуын.
Өзен боп өңірінде тынбай ағам,
Күнім жоқ сенен асыл сырды аяған.
Елді айтпай,
Жерімді айтпай,
Көлімді айтпай,
Отанды қалай ғана жырлай алам?!..
Өзіме жеке тиген енші көріп,
Далаңда бастым алшаң мен шіреніп.
Осыдан басталса егер Отан-ұғым,
Отанды ұлдарынан көрші бөліп!
* * *
Алакөл,
Ана-көлім!
Ертегіден Жаралған
Жүрегімнің желкені ме ең?
Жеттім-ау тұнығыңды аңсап тағы,
Жарысқан Тентегімен –тентек ұлы ем.
Армысың!
Ата мекен-ақ самайым,
Қолаң шаш қарағайлар, патша – қайың,
Қалайша тебіренбейін, тербелмейін,
«О, Сәкен келіпті!» – деп
Жатса ағайын.
Апыр-ау, айта берем тегі несін!
Өзіңнен бастаған ба жер үлесін?!
Әйтеуір дауылда да, жауында да
Сол сұлу салтанатпен көрінесің.
Тұрса сәл жанға қаяу, жанарға шық,
Күш алам,
Құшағымды барам да ашып,
...Басқа елді, бөгде жерді сүйе алар ма ем,
Болмасам осыншалық саған ғашық!
* * *
Кездеспей кетпес деген бір дерекпен
Өзіңді аңсаумен-ақ күндер өткен,
Қылт етсе қыр астынан құйын үміт
Жарыса жүйіткіп ағып бірге кеткен.
Тебіреніп, Толқып тасып теңіз кеудем, Жүрегім дір-дір етті-ау: «Со қыз!»... – деумен. Жаным-ай, не деп кеттім?! Өкініш пе, Өткені жарты өмірім сені іздеумен?!.. Жарығым, кешір мені! Тек мынаны ұқ: Қаһарын қатал тағдыр төкті де анық, Айырылып жастық шақтан, От жүректі Өзіңе таза күйі жеттім алып!.. АҒА Ағайым Нұрмұқаштың рухына Ел ішінде еркін ұстап өр кейпін, Азды місе тұтты ма екен ол дейтін. Жұмыс десе жаны қызып, той болса, Таң атқанша дүрілдетпей келмейтін. Алға тартып дара біткен тұлғасын, Жұрт ішінде жасытпаған құрдасын, Даласынан аумай қалған мінезбен, Сыйлатып-ақ өтіпті ғой бір басын! Шарапты да жұрт қатарлы тартып ап, Жарқ-жұрқ етіп отыратын жарқырап. Жас балаша шаттана бір шалқитын, Күлкісінен қабырғалар қалтырап. Тағдырыңды тәлкек етіп ол деген, Қағытпа сөз, қатын өсек термеген. Қабырғасы қайысса да қаншама, Еткен ісін елге бұлдап көрмеген. Ашуланса алабұртып нұры алау, Болмапты онда басқаларды кінәлау, Көмейіне келген сөзді бүкпестен Айтып салып, ақтарылып тұрады-ау! Көңіліне қалмапты бір сөз бүгіп, Тал бойына дарытпаған ез қылық, Тірлігінде көрмепті ғой, дүние-ай, Күйкілікті, шикілікті көзге іліп.
Қайғыда да көкірегінде кеміп от
Көрген емес, еңсе түсіп, еңіреп.
Кісі-ақ еді пейілі кең, қолы кең,
Жан-жүрегі бәрінен де кеңірек...
* * *
Тіршілік жайын біз бе ойлаған,
Өкінем деген жоқ сезім.
Қаламын жалғыз қыз-қыз қайнаған
Жігітпін бе екем деп те өзім.
Көрініп көркем көлдегі нұрым
Елдегім болса бұлдамай,
Өтуде жұмыр жерде ғұмырым,
Пенденің бірін тыңдамай.
Осылай, бәлки, өтер де күндер,
Өтер де бастан көп егес.
Жақсыны, бірақ, бекерге күндер,
Қазағың, қалқам, мен емес.
Өмір ғой... кейде жаңсақ та басып
Қалсақ та,
Жасып не етерміз.
Аз күнгі алдамшы мансаптан қашып,
Алшаңдап басып өтерміз!
* * *
Қайнағанмен қаныңда қаншама арын,
Аспандағы жұлдызды аңсамадың.
Орда бұзам демедің омыраулап,
Көлемінде күн кешіп хал-шаманың,
Табындырып көрейін жерді мен де,
Деп күпінбей,
Барыңды бердің елге.
Риза едің жалындай жыр жазғанға,
Қырға шығып, қайта бір сергігенге.
Араласпай ел-жұрттың шатағына,
Сұқтанбай-ақ ешкімнің атағына,
Өтсем деуші ең отты өлең іздеп қана,
Дақ түсірмей ақындық ат-арыңа.
Жанталасқан жағалай елді көріп,
Тірлік шіркін,
Соған да берді ме ерік?
Шабылдырып, жоқ-барға табындырып,
Күндеместі күндетті-ау енді келіп!..
* * *
Қасында жүргендей-ақ өзім күнде,
Сен мені қашан болсын сезін бірге,
Ақ таңда мені ғана аңсап оян,
Жатқанда мені ойламай көзіңді ілме.
Сен үшін қасқайып бір өртке кірер,
Жұлдызым бол да менің көктен ілер,
Өзіңе жалт қараған жанарлардан,
Жарығым, тек мені көр,
Тек мені көр!
Тірлікте бізге түсер аз ба салмақ,
Кейде бір алыс көріп,
Жазбасам хат,
Қинала қырға барып,
Ойла мені,
Төбеңнен өткенде ұшып қаздар самғап.
Көңіліңде қалса күдік,
Күмән шалып,
Мені ойла оңашада бір ән салып.
Жүрсем де қай тұстарда,
Жетем сонда,
Саңқылдап,
Саған қарай қыранша ағып...
* * *
Қалқам, мені бақытты етем десең,
Қажай берме жанымды бекерге сен.
Не қылсын-ау өзгелер, өзің бір сәт
Көп қамыққыш көңілді көтермесең.
Сен деп соққан жүректе мына құштар,
Саған қарай салт аққан бір ағыс бар.
Теріп қана қайтесің жоқ мінімді,
Аз емес қой онсыз да сағыныштар.
Үйіп-төгіп басымда жоқ қылықты,
Сынағыштар қашан да жеткілікті.
Күйретем деп біреуі кіжінеді,
Үйретем деп біреуі ептілікті.
«Шығармайсың аспанға бір-ақ айды!» –
Деп те бірі ап-анық кінәлайды,
Қатар жүрген құрбы ма, ағайын ба,
Айтшы, жаным, қайсысы сынамайды?!
Әр сөзіңе қарайтын үрке тегі,
Күнде алдымнан қаншама жұрт өтеді.
Шындықты айтсаң –
Шыбындап тұрып-тұрып,
Шыға бере сыртыңнан күлкі етеді.
Қалқам, мені бақытты етем десең,
Қинай берме жанымды бекерге сен.
Не қылсын-ау өзге жұрт, өзің бір сәт
Көп қамыққыш көңілді көтермесең.
* * *
Білмедім, қалқам, сен кешір,
Махаббатымнан қымбат па ар?
Батырып ойға көл-көсір,
Шешілмей жүрген жұмбақ бар.
Жұмбақ бар жүрген шешілмей,
Кесімін айтпай бақ-тағдыр,
Уақыттар-ай есіл кей,
Өзіңсіз өтіп жатқан құр!
Тура айтып ойды өлсек те,
Жұмбақты сол бір шешпестен,
Айырылып жүре берсек пе,
«Қош бола тұр» да деспестен?!
* * *
Апыр-ау, өң бе, түс пе бұл?
Сен ғана бүгін боп қайғы,
Көрмесем бір сәт –
Құс-көңіл
Сағына сені жоқтайды.
Көрмесем бір сәт, арман-ай,
Іздегім келер аттан сап.
Балбырап тұрған бар маңай,
Сонау бір ыстық шақты аңсап!
Көсіле сілтер қырды аңсап,
Сусылдап ұшқан қыранша-ақ.
Елжірей құшып тұрған шақ,
Кеудемде бір күн ұран сап.
Асаудай қырда аққан шақ,
Жатқан шақ салып жан бүлік.
Өзіңді тұңғыш тапқан сәт,
Атқан сәт алғаш таң күліп.
Көңілде қалмай енді алаң,
Құшақта құстар түрлі ән сап.
Қалтқысыз сеніп сен маған,
Қосыла самғар күнді аңсап.
Өртене жаздап тұрған шақ,
Балқып бір балқып... нана алмай,
Құшақта мейір бір қанса-ақ,
Айырылмай қатып қалардай...
Білмеймін, өң бе, түс пе бұл,
Дауасы қандай бар тынар?
Көрмесем бір сәт –
Құс-көңіл
Сол шақты жоқтап шарқ ұрар!
* * *
Жігіттің көріп жүрміз не түрлісін,
Серісін, селтеңін де, өтімдісін.
Езін де, кісісін де,
Талай-талай,
Аю да, арыстан да секілдісін.
Жымын да білдірмейтін жұрт ішінде,
Көрдік қой кірпісін де, түлкісін де.
Жалтаңы, жағымпазы жүр қаншама,
Жасырып күлкісін де, түр-түсін де.
Міні жоқ бір ісінде, жүрісінде,
Көрдік қой ұсағын да, ірісін де.
Дос өлсе өп-өтірік өкситінін,
Сан рет сатып жүріп тірісінде.
Таныған ауыл түгіл аймақ күшін,
Көрдік қой айбаттысын, қайраттысын.
Көзіңе мақтай тұрып, шыға бере
Кететін шіркінді де қайрап тісін.
Көрдік қой естісін де, есерін де,
Шешенін, мылжыңын да, кеселін де.
Сүрінсең сырт беретін сырдаңын да,
Дос бола кетіп қайта өсеріңде.
Күншілін де, даладай пейілдісін,
Зейіндісін, өмірге бейімдісін.
Көріп келе жатырмыз тел құрбыны,
Тетелесті...
Бізден де кейінгісін...
Жүретін әр қылығы ел есінде,
Жігіттің көрдік қанша төресін де.
Көрдік қой, көріп жүрміз...
Тірі босақ,
Талайын тағы-тағы көресің де...
* * *
Құйшы, дос! Құйсаң,
Қысылмай ғана ақтан құй!
Көңіл де бүгін күмбірлеп ойнап жатқан күй,
Сырнайын түгел сарнатсын, кеудем,
Қалсын деп маужырап аспан, бақ қалғи.
Маздайды жаным,
Шарпыған жалын от кернеп,
Асқақ бір әуен әуелей ұшты көкке өрлеп,
Жұлқынып тұрған жүректі-ай мына!
Ортаңды
Дүбірлетіп өтсем бе деген сертпен кеп.
Жетеді, досым,
Онсыз да тұрмын мастанып.
Кетейік қырға,
Жинашы бәрін, тасталық.
Қалғып та алғым кеп тұр-ау,
Көлбей құлаған,
Алатауды тұтас жастанып!
* * *
Елеместен өсекті не түрлі ескен,
Шақтар-ай сол махаббат отын кешкен!
Анттар-ай сол айырылмай өтсек дейтін,
Қайрылмай да қайта бір, өкінбестен.
Шалқушы едік жұп жазбай жүргенге де,
Суып сала берістік бірден неге?!
Қиыса алмай тұратын қайран ғашық,
Сыйыса алмай кеттік-ау бір бөлмеге.
БҮГІНГІЛЕР АТЫНАН
Мен сөйлеймін!..
Сөйлеуге хақым да бар,
Сөйлемеуге қоймады тақымдап ар,
Жауап алса жұртынан Отан мына –
Сот алдына алдымен ақын барар!
Қатар тұрып мезгілдің мінбесінде,
Қайсың барсың, замандас, тілдесуге.
Бұл ғасырдан біздерге тиген үлес –
Ел қатарлы әйтеуір күн кешу ме?
Ертеректеу өмірге келмедім деп,
Біздің ұрпақ кімдерден кем көрінбек?
Әр ісін кейінгілер ардақ тұтар
Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерім көп.
Тар шақтарда тартынбай,
Серіктесе,
Еріпті елі оларға сеніп кеше.
Жарар еді-ау келешек,
Келесі ұрпақ,
Бізге де бір осылай еліктесе!
Ұран басқа ендігі,
Қиял басқа,
(Қиялыңа барлығы сыя алмас та)
Біздер үшін өрт өңді ертеңгілер,
Тарихтың алдында ұялмас па?!
Жоқ!
Біз үшін қызармас ертеңгілер,
Дәлелім –
Ертегідей – өлкемді көр!
Қай-қашан жоқтан бар боп жаратылып,
Жарқылдап жай оғындай өртенді! – дер.
Не дер едік осылай біз жанбасақ,
Жапан кешіп, Жан баспас түз бармасақ,
«ҒАШЫҚ ДҮНИЕ» кітабынан
Қызғыштай шыр-шыр етіп, Туған жерді Жат көздердің сұғынан қызғанбасақ?! Тірлік кешкен күніңмен, Үніңмен де, Тура қарай алмасақ бүгінгі елге, Жүрек бола білмесек жарты әлемге, Тірек бола жүрмесек түңілгенге?! Не дер едік... Тарихты тірі алдасақ, Жалған айтып, Жалынсыз ұрандасақ, Шайқастардан шайлығып, Айқастарға Атой салып алдымен кіре алмасақ? Тірілерді алдасақ, Өлгендерді – Өзімізге қаяусыз сенгендерді, Ақтай алмай адалды – жалтақтасақ, Жақтай алмай қиянат көргендерді?! Не дер едік, апыр-ау, не дер едік? (Өтірікке ожданың бере ме ерік) О! Онда біз ұяттан жерге кіріп, Осы қазір өртеніп, өлер едік! Дер кезінде келіппіз біз өмірге, Тілек бірге халықпен, Тізе бірге, Біз арқылы жан-жаққа шуақ тарап, Біз арқылы мұхиттар мұзы еруде! Елмен бірге көтеріп барды иықпен, Арылғалы қашан біз зар-күйіктен, Қай жақтарға қарасаң – дос тілегі, Естіледі даусымыз бар биіктен! Кешікпеген ұрпақпыз ерліктен де, Қарызымыз жоқ біздің жер біткенге. Қанды ұрысты көрмей-ақ, Қанға татыр Тер ағыздық тебінгі-терліктен де!
Не десекте...
Еркелеу, еркі өзінде,
Келе қалған ұрпақпыз дер кезінде.
Беймазалау болармыз сәл-сәл ғана,
Ойға жадау емеспіз ел көзінде.
Бүгінгілік – үніміз, жүрегіміз,
Бүгінгілік – тіліміз, тілегіміз,
Бүгінгі елдің бар жақсы-жаманынан,
Қала алмаспыз тысқары бір елі біз!
Мен сөйлейін!..
Бұрын да сөйлеп келгем,
Ұрпақ бар ма біздердей бейнет көрген!
Жалаң аяқ, жалаң бас жер айдадық,
Жел гуілдеп жамаулы көйлектерден.
Ұқтырды да өзінің заңын қатты,
Өмір бізді ертерек ағынға атты,
Біздің ұрпақ әліппе ашпай жатып,
Атын ерттеп,..
Колхоздың малын бақты.
Бәрін кердік...
Желіне дейін бұрқақ,
Көрмесек тек – көрмедік ойын-күлкі-ақ,
Мезгіл өзі ертерек сомдап алған,
Біздің ұрпақ –
Соғыстан кейінгі ұрпақ!
Біздер едік бүгілмей сор бейнеттен,
Сол күндерге бір белгі бермей кеткен,
Құрдастарым қаншама,
Атын біліп,
Әкелерін анықтап көрмей де өткен!
Қаршадайдан қайғыны бірге өткеріп,
Қарашада қаншама дірдектедік.
Сөйте жүре әйтеуір
Елге деген,
Жерге деген сенімді кірлетпедік!..
Дәуір бізге құшағын жайды дара,
Дара жолдан енді ешкім тайдыра ма?
Мұндай ынтық жүрекпен сүйер ме елін,
Білмегендер біздердей қайғыра да!
Мен сөйлейін!..
Сөйлеуге қақым да бар,
Сөйлемеуге қоймады тақымдап ар,
Жауап алса жұртынан Отан мына –
Сот алдына алдымен ақын барар!
Ақын барар ақ жанын жайып тегі,
(Үнсіз қалу ақынға лайық па еді?)
Ақын деген – дәуірдің адвокаты,
Адвокаты ғана емес, айыпкері.
Дәуірінсіз санап-ақ күнін қараң,
Бебеу қағып,
Безілдеп,
Шырылдаған.
Ақиқатқа келгенде –
Дәуірі не,
Бауыры не –
Бүйрегі бұрылмаған!
Сонау ерте кезден-ақ ергенелі,
Елшілікке жүріп те көрген еді,
Батырына сенбеген тұстарда да,
Ақынына, әйтеуір, сенген елі!
Риза болмай, –
Кей-кейде төңірекке,
Егіліп те кетеді,
Еңіреп те.
Кірпіктегі кіршіксіз жасын көріп,
Келер ұрпақ, кемсініп, кері кетпе!
Дәуірінің оңай ма сөзі болмақ,
Сөзі болмақ,
Көреген көзі болмақ?
Ақиқаттың алдында өзі айыптап,
Төрелігін өзі айту, Өзі қорғап?!
Жоқ!
Жастарым тіпті де бұзылмайды,
Жаппақ емес олардың жүзін қайғы,
Сарыуайым дегенің
Қашанғы осы, –
Сары маса сияқты ызыңдайды?!
Сарыуайым салғандар нені білер,
Дарындырақ болады ендігілер,
Арындырақ болады бізден гөрі,
Аңыз ете жүретін ерлігін ел.
Бізден гөрі мырзалау мінезге де,
Түрі өзгере түседі, үні өзгере,
«Бірақ» сөзін қоспайтын болады олар
Бір-біріне жазғанда мінездеме.
Жетісулық,
Арқалық,
Аралдық па,
Бөлмейді қазақты ру,
Адамды ұлтқа,
Құдіретін көрсетіп кісіліктің,
Жүгінетін болар тек адалдыққа.
Төзімдірек өмірдің ызғарына,
Бізден гөрі болуы қызбалы да.
Жігіттері бізден сәл өктемірек,
Көркемірек болады қыздары да.
Нені біліп біреулер «ызыңдайды»?
Жаппақ емес жастардың жүзін қайғы
Бақыттырақ болуы мүмкін бізден,
Бәрі мүмкін... Әйтеуір бұзылмайды!
Сөйлеймін мен!
Біткен жоқ сөзім әлі,
Белгісіз де қаншаға созылары.
Мұның бәрі –
Тұрғылас бауырымның.
Дәуірімнің
Өз үні, өз ұраны!
Күй тілей ме көкірек күмбірлеген,
Кешір, құрдас!
Көп үнсіз жүрдім де мен.
Енді, сірә, сен жайлы сөйлеп бітпей,
Түспейтін де шығармын бұл мінбеден!
ШАБЫТ ҚАЙРАУ
Осы тұс па деп тұрмын бұрқырар шақ,
Қасымнан кетпеші тек бір түн алшақ.
Көңілдің бұлтын аңсап жүріп алдық,
Біресе көңілдірек күлкіні аңсап.
Сұр қанат сусылыңмен желпи кел де,
Сезімге жеңіл-желпі елти берме.
Қоғадай жапырылып жатсын бәрі
Бір шеттен дауыл болып сен тигенде!
Арғымақтай арының кеш үдеткен,
Екпіндеп кете бер де осы бетпен,
Жалғанды жалт қаратшы
Найзағайдай,
Аспанда сатыр-сұтыр жосып өткен.
Асқақтап,
Айнала өктем жайды ұқтырып.
Қарамай,
Қарсы келсін қай «мықтылық»,
Тұршы бір дос төбесін көкке тіреп,
Жүрегін дұшпаныңның шайлықтырып!
Көшкіндей құзар құздан сырғып өтіп,
Жетші бір, жарықтығым, жырды үдетіп,
Найзадай тік шаншылып тұрып алшы,
Жібімес жүректерде дір-дір етіп.
Өзгеге ес жиғызбас қарқын алып,
Өзендей ағыл-тегіл сарқыла ағып,
Жүректі шымырлат та, шыңылдат та,
Сезімді шыңыраудан тартып анық.
Өзіңді енді ғана танығандай
Қуанып жатсын жұрттың жаны қалмай,
Қалсын дұшпан, алаңдап әр ауызға,
Аңырып...
Не болғанын әлі ұға алмай.
Көптен-ақ осы әуендес жыр аңсадық,
Қайырылмай қайда жүрсің қыран-шабыт?!
Ұйтқытып ел үстінен өтсең-ай бір,
Он жетінші жылдарға ұранша ағып!
* * *
Қайтсем екен елеңшіл бұл әдетті –
Үздіктіріп бәріне құмар етті:
Ұшқым келіп тұрады бір жақтарға,
Құшқым келіп мына жер,
Мына көкті!
Бір сағыныш сыздатып бар денені,
Аңсаймын да тұрмын әлденені,
Таң келеді қаншама желіктіріп,
Еліктіріп асқақ үн,
Ән де мені.
Ғашық қылып өзіне өмір мені,
Асықтырып тұрады тек ілгері,
Қанша қарап құмарың тарқамаған,
Қандай ғана мына күн көңілді еді!
Қайтсем екен, құдай-ау, бұл әдетті
Үздіктіріп осынша «кінәлі» етті,
Ұшқым келіп тұрады бір жақтарға,
Құшқым келіп мына жер,
Мына көкті!
Бір сағыныш сыздатып бар денені,
Аңсаймын да тұрамын әлденені,
Таң келеді қаншама желіктіріп,
Еліктіріп асқақ үн,
Ән де мені.
Ғашық қылып өзіне өмір мені,
Асықтырып тұрады тек ілгері,
Қанша қарап құмарың тарқамаған,
Қандай ғана мына күн көңілді еді!
Қайтсем екен, құдай-ау, бүл әдетті –
Үздіктіріп осынша «кінәлі» етті,
Ұшқым келіп тұрады бір жақтарға,
Құшқым келіп мына жер,
Мына көкті!
Көп те шығар көресі тұстар бүгін,
Басылмаса –
Барсыншы құштарлығым!
Айналып-ақ
Дүние жарықтықтан,
Құйқылжытып тұр екен құстар да үнін!
ЖАР СЫРЫ
Жеткізердей болып-ақ мұратқа анық,
Аңқылдаушы ең
алдымда сыр ақтарып,
Өтпек те едің аялап,
Кетпек те едің
Адам аяқ баспаған жыраққа алып.
Алып-ұшып көңілдің көк дөнені,
Апармақшы ең елге де, көлге мені,
Бас айналып бақыттан,
Қаншама бір
Көз алдымда қара жер дөңгеледі!
Бар қызықты маған-ақ қиып беріп,
Жүруші едің басыма үйіп-төгіп,
Сүйікті едік көгілдір балапандай,
Саған салса – бәрінен биік те едік!
Қайтіп қана тағайын бекерге мін,
Мерейімді қаншама көтермедің!
Саған еріп сол шақта,
Ойланбастан
Бұ жалғанды қиып-ақ кетер де едім!
Сол сөздердің қаншасы арман еді?
Қаншасы шын,
Қаншасы жалған еді? –
Сан дәмелі көңілде содан бері
Үзілместей бір үміт қалды әдемі!
Әлде бәрі арқаңа батып ердей...
Қалжыңдаймын...
Қоя тұр, жә... түнермей,
... Сен ұмытып кетуің мүмкін емес,
Мүмкін-ау, тек жүруі сәті келмей!..
ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮР
Кіріңіздер!
Берірек жүріңіздер,
Ауыл-аймақ аман ба? –
Осы күні
Елді аңсаған адамның бірі біздер.
Жігіттер, шешініңдер!
Өз үйіндей көріңдер, көсіліңдер,
Алағызып тұратын болып алдық
Елден біреу келмесе осы күндер.
Келіңіз,
Келіңіздер!
Мәре-сәре боп қалдық тегі біздер,
Шай да қайнап тұр еді,
Төрге шығып,
Жастық алып, жайғаса беріңіздер.
... Қала дәмі,
Алыңыз,
Алыңыздар!
Мынадан да бір-бірді бәріңіз ал!
Шүкіршілік, ақсақал,
Ел қатарлы
Жүріп жатқан осындай халіміз бар.
... Асығыстық жасаса осы ініңіз,
Кешіріңіз, ақсақал, кешіріңіз.
Жөн сұрасып алсақ па деп жатырмын,
Кешіріңіз!
Кім еді есіміңіз?
ХАТ КЕЛМЕДІ
Хат келмеді!..
Ешкімнен хат келмеді,
Жылдар өтпей несі екен жат көргені?
Сағындым-ау достарды, жұрағатты,
Сағындым-ау шалқитын шақты елдегі!
Бар еді ғой ат құмар,
Баққұмары,
Хабарласпай қалайша жатты бәрі?
Ойлаппын ба осынша сағынам деп,
Солар жазған бірер бет хатты да әлі!
Ептілері бар еді-ау,
Беттілері,
Қалай бәрі ұмытып кетті мені?
Аңсатып-ақ,
Аңсаумен шаршатып-ақ
Құрғыр жүрек кеудемді тепкіледі...
Серісінен,
Немесе «перісінен»,
Хат келмеді-ау үлкеннен,
Не кішіден.
Ақталар да (біреуі мақтанар да!)
Босай алмай қойдық деп ел ісінен!
Хат келмеді...
Не болар кіжінгенім.
Осы ма әлде арада үзілмегі үн?
Көздерінен кетсем де,
Көңіліңде
Жүрген шығар деуші едім жүзім менің.
Қанша болды кездескен сәттен бері...
Мүмкін бе еді бәрінің жат көрмегі?
Қайран достар, хат жазып тұрсаңдар-ау,
Еске салып шалқитын шақты елдегі!
АПАРАЙЫН ЕЛ ЖАҚҚА
Әзірлеп отыр екен ат ағайын,
Жүрші, дос, Алакөлге апарайын,
Ол жақта өзгешелеу атады таң,
Әйтеуір өзгешелеу батады айың.
Жүрші, бір көрсетейін саған бәрін,
Қара теңіз құсаған жағам барын,
Әнін де сапырайын осы өңірдің,
Дәмін те татырайын тағы алманың.
Ер маған,
Енжарлықтан мүлде арыла,
Аунатып алайын да құмдағына,
Алакөл толқынына шомылдырып,
Жоңғардың шығарайын шыңдарына.
Ешбірі санамайды сені өгейге,
Жатасың жамбас ақы төлемей де,
Өрескел ісіңе де,
Күліп қойып
жымиып отырған ел елемей де.
Жүр кеттік, көрсетейін бәрін-бәрін
Ағайынның ағынан жарылғанын.
Аруларын көрсетем аққуға ұқсас,
Бітімі бөлек біткен нар ұлдарын!
Айдынның омырауын сөккізейін,
Ар жаққа «сырғамен-ақ өткізейін».
«Мың бір түн» Мысырында жүргендей-ақ
Көзіңді кереметке жеткізейін!..
ТАЛДЫҚОРҒАНҒА БАРАР ЖОЛДА
Сымбаты сиқырлаған сені байлап...
Бұл неткен кербез өңір, керім аймақ!
Алдыңнан аңсап есіп ән жетеді-ау:
«Жетісу – жер жанатты, жерім-айлап!»
Таулардың –
Тұрпатына тұнған айбар, –
Тұсынан өте бере бір қарай қал!
Тұратын сезімді арбай, көзіңді алмай,
Төгілген текеметтей қырдан айнал!
Кеудеңде сыңсып аққан күй басылмай.
Жан-жаққа жаутаңдайсың қимасыңдай,
Таулары – ұлдарының өрлігіндей,
Баулары – қыздарының ибасындай!
Көп өзен –
Күркіреп те самғап ағар, –
Көзіңді көргеннен-ақ арбап алар.
Оң жақта – лағыл-маржан Текелісі
Сол жақта – сағымданған сары дала бар.
Алдыңнан бұраң-бұраң бұлақ қашып,
Мына бір қылаң еткен қыратқа шық,
Жүзінен сән кетпеген жер көрінер,
Ел көрінер ертеңгі мұратқа асық!
Бұта жоқ мен сүйсінбес бір тал мұнда,
Сүйемін қырыңды да, қырқаңды да,
Туған жер!
Саған ұқсау керек екен,
Қызармай жүру үшін жұрт алдында!
АЛАКӨЛГЕ АЙТАР СЫР
Алакөлім –
Асыл анам, байтағым,
Жеттім бүгін жұмыртқадай шайқап үн,
Көңілім бар толқып барып басылған,
Саған оның қайсы бірін айтамын.
Алдиярым,
айналайын, айдыным,
Алдыңа кеп ақ жүрегін жайды ұлың,
Мұңым қанша мұнарыңа ұқсаған,
Саған айтып шағынайын қай бірін!
Оза шығып арасынан көп ұлдың,
Боранындай бұрқамақ ем Ебіңнің
Қабағыңа қарап тағы қиналдым,
Қасиетті қара орманым, не білдің?!
Мезгіліңе бере қойған жоқпыз өң,
Үмітіңді неге сенің текке үзем!
Сыбызғылы үн сияқтана сыңсыған
Сырларымды қалай бірақ жеткізем?!
Басқаларға айтуға да батпаған,
Көкіректе келдім қанша сақтап ән!
Тоғыз валды толқынындай
Тірліктің
Қай қылығын, қай бір үнін ақтарам!
Алакөлім,
айналайын, жыр бесік,
Желдеп ықсын төбемізден мұң көшіп,
Баяғыдай үнсіз ғана ұғысып,
Тілсіз ғана тұрайық та тілдесіп!
* * *
Алаңдатты-ау алқап тұнып,
Аунасақ па көк шөпке.
Болмаса бір салт ат мініп,
Құйындатып кетсек пе!
Ат жалына жабысып ап,
Үзеңгіні үзердей...
Бағымызды тағы сынап,
Кетсек пе екен құз өрлей.
Желдей есе құзға құлап,
Қайқаңдарда биіктей,
Беттен ұрған ызғар ұнап,
Жүйткісек-ау киіктей.
Аттың жалын құшып алып,
Тау-тасыңды елемей.
«Тәуекел!» – деп,
Ұшып анық
Зуласақ па жебедей!
Тебінгіден тері де еріп,
Құстай ағып ышқынса ат,
Тізгініңе беріп ерік
Қамшы үйіре ысқырсақ!
Жүрегіңді тербеген не? –
Ұмытып-ақ, жалған-ай!
Ой ма,
Қыр ма,
Өр-белең бе,
Тартсаң-ау бір талғамай!
Рахаттан
Мына кешкен,
Сейіліп те жан мұңы,
Бәрі-бәрі шығар естен,
Шығар естен барлығы.
Жанарында жанып ағын,
Болар еді-ау бір ұмыт!
Әлдекімге налығаның,
Әлдекімнен түңіліп.
... Ауыздығын қаршылдатқан
Аттың басын тартпай да,
Ақ тауларға –
Қарсыңда аққан,
Қарсы ағатын шақ қайда!
* * *
Көкірегің толып асау екпінге,
Жеттің бе сен!
Көкек айы, жеттің бе?!
Абыр-сабыр болып кетті төңірек –
Толып кетті сағынышты үн,
Отты үнге.
Армансыз-ақ алысқандай бұл қыспен,
Алқам-салқам алып таулар күлді үстем.
Күркіреп те кете берді өзендер,
Көптен бері байқалмаған бір күшпен!
Барын біліп жетпеген де, жеткен де,
Бар нұрымен көкте мейір төкті елге,
Соған қарап тұрып-тұрып,
Өзім де
Айналдым да жүре бердім көктемге...
ТЕНТЕКТІ КЕЙІН КӨРГЕНДЕ
Армысың, асау өзен!
Асыл әнім!
Көп болды-ау күркіреп бір тасымадың,
Қыстығасың неліктен, тарланым-ай,
Жаныма батып-ақ тұр жасығаның!
Шалдуарым!
Қайтейін, шаршадың-ау,
Батпағынан өмірдің – барша мынау.
Булығып-ақ барасың бүлк-бүлк етіп,
Қари-қари кеудеңді қанша қырау!
Өкініш пе,
Кім білсін, реніш пе,
Өксіп-өксіп аласың бір еңісте,
Жағаға атып тастайтын шөп-шаламның
Бәрі мидай былығып жүре ме іште?!
Қанық едім,
Арнаңнан ақтарыла,
Жерге сыймай таситын шақтарыңа,
Түсіне алмай тұрмын-ау, Тентегім-ай,
Бұрқырамай,
Үн-түнсіз жатқаныңа!
Жасымашы!
(Жайыңды біз ұғармыз!)
Күн де жылып,
Қайтадан бұзылар мұз.
Күркірерсің отты үнмен,
Қорқып та әлі
Толқып та әлі саған сан қызығармыз!..
* * *
Қызыққа да,
Қызға да бұрылмастай,
Жүрем кейде ешкімге сырымды ашпай,
Жүріп алам жоламай жақсыға да,
Жоққа бола жаманмен ырылдаспай.
Елірмеймін...
Ермеймін дүрмекке де,
Елтімеймін ешқандай құрметке де,
Достарға да бұрылмай кешегі бір,
Дұшпанға да ұрынбай шын кектене.
Топқа да ермей қаламын дүркіреген,
Даусым да жоқ бұрынғы күркіреген.
Араласпай аңқылдақ ағаға да,
Ініге де ағалық сыр тілеген.
Жүріп алам біріне араласпай,
Жасыл бақта жүдеген кәрі ағаштай,
Өзімсінген өрт мінез жігітке де,
Көрінемін достыққа жарамастай,
Кімге ренжіп,
Кімдерге өкпелейін,
Кімді сүйіп,
Кімдерді жек көрейін, –
Естен шығып кеткендей бәрі-бәрі,
Жүріп алам сүлесоқ көпке дейін...
Өзге түгіл,
Болмастай өзім біліп,
Кернемейді кеудені сезім-бүлік,
Шалқып ішкен кешегі шақты ұмытып,
Шараптан да көңілді безіндіріп,
Жүріп алам елірмей,
Елеңдемей,
Кешегі күн ертең де келер демей,
Іштей қажып отырам оңашарақ
Жер үстінде жан жоқтай менен де өгей.
Бәрі бір: үлгерермін, кешігермін,
Келмейді асықтырған досыма ергім,
...«Жатып-жатып жанартау
Бір-ақ сәтте
Бұрқ етеді», – дейтіні осы ма елдің?!
* * *
Ұшырып өлең өмірге,
Төксек те қанша күнде тер.
Осы жұрт бізді
тегінде,
Ақын деп атап жүр бекер.
Тебіреніп таңға әр атқан,
Тілінен тауып мұратын.
Аузына жұртын қаратқан,
Ұқсамас бізге шын ақын.
Пендеге бермей есені,
Төгетін сөзден от кілең,
Шын ақын деген
Кешегі
Махамбет шығар деп білем!
Көсем де болып өзі елге,
Көзіне бәрін айта алған.
Тепсіне келген кезеңде,
Тәңірінің бетін қайтарған!..
Өртеніп өзек,
Көп күйіп,
Өтсе де елдің қамы үшін
Көп кеудеге кек құйып,
Көтеріп кеткен намысын.
Әр сөзі болған бір алау,
Тартса да тағдыр талқысын,
Шын ақын Абай шығар-ау,
Қайғырған тұтас халқы үшін!
Сілтепті-ау сабаз алысқа,
Қасқайып өтіп кермеден,
Жүз жылдан астам жарыста,
Бәйгенің алдын бермеген!
Аңыздай болып әр күні,
Дабылы жеткен сан қырға,
Қазақы жырдың даңғылы,
Шын ақын – ата Жамбыл да!
Өзінен сөзін оздыртып,
Өтті де қанша ұлылар!
Көмейге келген сөзді іркіп,
Күмілжіп көрген кімі бар?!
Оларға қайтсін ел сенбей,
Уды да бұрын ішкесін,
Суырылып шығып семсердей,
Шындыққа ара түскесін!
...Ұшырдық өлең өмірге,
Ағызып ащы күнде тер.
Әйтсе де бізді ел тегінге,
Ақын деп атап жүр бекер!
УАҚЫТ ТУРАЛЫ
Қия алмай тұр демесең жазды біткен,
Өзіңді, өткен күндер, жазғырып па ем?
Келіппін шалқып-тасып,
Біле тұра
Алдап та жүргеніңді наз қылықпен.
Қалам да бұрынғыдай кең көсілмей,
Қараймын бүгін саған мен кешірмей.
Түк қоймай бойдағымды
Үптеп-тонап,
Келіпсің қызды ауылдың жеңгесіндей.
Кеудем бір қоймасындай нелер кеннің,
Күткені көп еді ғой менен де елдің.
Үмітін ақтадым ба –
Ақ тілеумен:
«Аңырат, айналайын!» – дегендердің?
Көбейіп самайдағы жылтыр «қырау»,
Барасың қайда сілтеп, сылқым күн-ау?
Сыпырып томағамды,
Қансонардың
Қанбаған қызығына жұртым мынау!..
КЕЛШІ, КӨКТЕМ
Көктембісің, күнім-ау, көктембісің?
Көктембісің? Күлімдеп жеткенбісің!
Қона-қона қалыңдар қойныма кеп,
Дүр-дүр ұшып дірілдеп кеткен құсым!
Суырыла сыланып ұшқан ұдай,
Саумысыңдар, сауықшыл құстарым-ай!
Құстарым-ай, сендерді бұрын-соңды
Сағынбаппын дәл осы қыстағыдай!
Жетімсіреп сендерсіз жерім менің,
Аңсатты ғой арманшыл әр үндерің,
Өз қолымнан аялап ұшырайын,
Ұсынайын, келіңдер, көңіл көлін.
Келіңдерші, құстарым!
Кел!
Келіңдер!
Тербеліңдер, далама өң беріңдер.
Іздеген ем сендерді аласұра,
Үзбеген ем көктемнен мен де күдер.
Дабылыңмен баяғы өршіл өктем,
Келіңдерші, құстарым!
Келші, көктем!
Айналғым кеп барады жаратқаннан,
Осыншалық сендерді жершіл еткен.
БҰРЫНҒЫ ДОСҚА
Бәрін-бәрін дос тұтып төңіректің,
Елтіппен де еріппін...
Еңіреппін.
Дарындыға тұғыр да болғым келіп,
Арындыға айқаймен беріп екпін.
Әнім артық өзгеден,
Сәнім артық,
Бағым артық жігіттей,
Жаным артық,
Жүріппін-ау бақастық барын білмей,
Қызды-қызды күлкімен тағы балқып.
Арамызда болмастай қылдай күдік,
Бірге күліп жүргендей,
Бір қайғырып,
Өрескелдеу ісімнің өзін де елге,
Жеткізетін, «достым-ай», жырдай қылып.
Дардай қылып атымды, атағымды,
Жүретін «дос» көбейтіп қатарымды,
«Осал жерің осы ма?» – дегендей-ақ,
Дәлдеп тұрып жүректен ата білді.
Жанымда жарқылы мол от көбіне,
Шынымен-ақ сенімі жетпеді ме?
Болмаса басқалардан басымырақ
Барына сыбағамның өкпелі ме?
Жоқ!
Мұның барлығы да өзімді алдау,
Сірә, бұл ұзағырақ созылған дау...
Оған деген көңілде
Достық емес,
Ащы бір аянышты сезім қалды-ау!..
* * *
Адал бар да,
Арам бар,
Арғымақ бар,
Жабы бар,
Мені саған жамандар
Адамдар да табылар.
Бірі аз,
Бірі көп білер,
Бір-біріне жел беріп,
Біреуі – артып кетті дер,
Бірі – өзінен кем көріп.
Бірі мінеп – шенер де,
Жоқ кінәні енші етер.
Енді бірі мені елге
Құбыжық қып көрсетер.
Айта алмассың қарсы дау,
Дау мұндайда неге сеп.
Құлағың да сарсыр-ау
Тыңдай-тыңдай көп өсек.
... Қанша шындық бар мұнда,
Деп бекерге бүлінбе,
Бар қылығым алдыңда,
Осы менің түрім де.
Қызарақтап қалдың ба?
Бөлме көңіл ондайға
Сені халық алдында,
Қызартпасам болмай ма?
Естімеспін әлі мен
Ел ішінен кіл мақтау.
Маған соның бәрінен,
Өз пікірің қымбаттау!
КӨҢІЛІМ
Аласұрған ашқарақ көңілім-ай,
Қомағай ғып қойыпты-ау сені құдай!
Отты іздейсің,
Қайдағы жоқты іздейсің...
Көкті іздейсің көкірек керіп ұдай!
Тірлік барда ұнаған,
Ұнамаған
Тыным бере қоймассың, сірә, маған.
Жосылып-ақ кеткің де келетіні-ай,
Қосылып ап қиқуға бір аламан!
Бұйырғандай барлығын маған ғана,
Жетелейсің жақсыға,
жаманға да,
Тасыдың да қаншама,
Жасыдың да...
Сайқал әуен сазына сан алдана.
Ағыл-тегіл айнала сыр ақтара,
Сүйрелейсің тозаққа, жұмаққа да.
Екілене еліріп,
Екпіндеп кеп,
Оңашада жатқаның жылап қана!
Ұрынбасқа ұрынып,
Текке еміге,
Күйдірмедің кімдердің от деміне,
Алып-ұшып,
Қаншама жаңылысып,
Қараттың ба жан азап шеккеніне!..
* * *
Осы өмірдің ұраны да,
Қыраны да біздердей,
Тірліктен де, сірә, мына
Өтетіндей күз көрмей.
Кететіндей құлақ түрмей,
Барша тәртіп, заңдарға,
Көкжиекке құлап күндей,
Жететіндей арманға.
Біздікіндей мына құрлық,
Болып басқа ел ұмыт,
Шыңдарға да бір-ақ ырғып,
Шығатындай көрініп.
Бергендей ел өзі бізге
Жігіт деген атты анық.
Жұрт аузында сөзіміз де,
Қалатындай жатталып.
Күдер үзбей нұрлы үміттен,
Қайдағы ауыр жол ұнап,
Таңдай қағып құрбы біткен,
Тұратындай болып-ақ,
Бет қаратпас кезіміз де,
Болған еді-ау, не керек!
Осы өмірдің өзі бізге,
Көрініп бір керемет!
Енді ойласақ...
Соның бәрі
Күрес екен көрмеген,
Бақытың да қолындағы,
Барымтасыз келмеген.
Алданып та бір үмітке,
Үгіліп те келіп біз,
Жығылып та, сүрініп те,
Түңіліп те көріппіз.
Енді ойласақ...
Соның бәрі –
Кездесетін әр тұста, –
Дайындалып алу екен
Алдағы бар тартысқа!
* * *
Тірліктің парқы қайда,
нарқы қайда,
Деп те бір сақтамаған артына айла.
Алдында у тұрса да сарқып ішіп,
Көрмеген місе тұтып жартылайға.
Жарқылдап
қайда барсаң қын-қылышың,
Шығартпай жалғандықтың бір дыбысын,
Тістесіп күштімен де,
тістімен де,
Шартта-шұрт жағаласқан шындық үшін,
Қашан да көзсіз ерлік салтын сақтар,
Қайда сол алмас қылыш алтын шақтар?
Шынымен бертін келіп,
Өртім кеміп,
Мезгілдің жеткені ме тартыншақтар?!.
* * *
Сынайсың, ә!
Сынайсың...
Сына, бала!
Кім сынап қарамай жүр бұл ағаңа,
Сыралғы достың өзі кешегі бір
Сығалайды сыртымнан шүбәлана.
Көріп тұрып көзіңнен, көмейіңнен,
Не дейін-ау саған да?
Не дейін мен?
Азын-аулақ осынау тіршілікте,
Түршігіп те көрмеппін өгей үннен.
Немді біліп қарайсың бұлай маған?
Бір жігіттей елге мен ұнай да алам,
Сынай да алам
Қаперсіз жүргендерді,
Тек риза болсын деп кіл айналам.
Тұрғандай-ақ онсыз таң атпай маған,
Өп-өтірік біреуді мақтай да алам,
...Көпе-көрнеу сондайға бармаймын деп,
Қайтейін-ай, көбіңе жақпай қалам.
Бар ма деп те тұрсың-ау торы құрған,
Суыртпақтап сыр тартқан порымыңнан!
Белгілі болды бетің,
Бар,
Бар, қалқам,
Қалдырмайын бекерге жорығыңнан.
Көре тұра,
Несіне түршігейін,
Кімге барып халімді білші, дейін.
Сен де сынап қарамай,
Қара бала-ай,
Жараламай жанымды
Тұршы кейін!
* * *
Адалдық аңқып тұрған отты өңінен
Жақсы дос, жақын жолдас көпте кілең,
Жүремін бәріне де сенсем деумен,
Ірілік көрсем деумен шеттерінен.
Қарамай өріне де, Сәніне де,
Сенемін азаматтың бәріне де.
Сенемін жарқылдаған жастарға да,
Еремін аңқылдаған кәріге де.
Аямай салса да дақ бірі арыңа,
Сенемін ақыры кеп ұғарына.
Сенемін жабы-жасық жігіттен де
Түбінде бір кісілік шығарына.
Кімдермен кездеспейін күліп төрде,
Арылып-ақ қайдағы күдіктен де,
Жатқаным сол ағымнан жарылып-ақ
Сенгендіктен, әйтеуір, жігіттерге.
* * *
Айтамын деп байлығың, барлығыңды,
Бал-бұл жанып бет-бейнең сан құбылды.
Апыр-ау, бұл немене,
Ақшаменен
Өлшенетін болған ба ар бүгінгі?
Жарлымын деп айтпассың сен бұл күнде,
Арлымын деп айнала сендірдің бе?
Жабыққанда кімдерге жәрдемдесіп,
Тарыққанда қол ұшын бердің кімге?
Бүгінгіге бұлтақсыз жеткеніндей,
Жүр ғой талай жақсылар жоққа емінбей,
Аңқылдап-ақ жүрген бір ағайын бар,
«Жарлымын ба, жоқпын ба?» – деп те білмей
Тыраштанып сендердей, тірнектеуге,
Жібермесе қайтсін-ау бірбет кеуде,
Кетіп жатса бар тапқан-таянғаны
Ақ періште жүрегін кірлетпеуге...
* * *
Таусылмай өзің жайлы не түрлі дау,
Қайран жыр, қадіріңді кетірдік-ау!
Абайлар ұран еткен сөз патшасын,
Құлқынның құралы етіп...
Отыр мынау...
Ауылың қандай шыңға қонса да алыс,
Жетсем деп шүйлігіп ем – болса намыс,
«Жазғыштар» жамырай бір
Кетті-ау қаптап,
Сөзді емес,
Сезімді емес, –
Жол санағыш.
«Жазғышты»
Бала-шаға қамы үшін, – деп,
Көрем де,
Көп күйініп,
Намысым кеп,
Солардан қалай алсам деймін тынбай,
Мөп-мөлдір Музамыздың ары үшін кек?
Жанымның жалғыз ғана дерті – өлеңім,
Сен үшін осылай да өртенемін,
Әйтеуір беделімді бұлдай көрме,
Ұмытпай жүрсін десең ертең Елің.
Тамырында қан қызған сені көріп,
Жүруі үшін үніңе елің еріп.
Ертеңдерге осынау өртіңмен бар
Өтеуіне
Бір жола мені беріп!
ҚҰРДАСТАРҒА ҚАЛЖЫҢ
Айналаны дос тұтып,
Сеніп көріп,
Елірдік те,
Есірдік...
Еліктедік.
Есейдік пе дегенше...
Еркінді алып,
«Есті» шағың тұр екен төніп келіп...
Қабағына қаратып сан «мықтының»,
Өмір өзі-ақ ұқтырды барлық құнын.
Күйініп-ақ отырып,
Өп-өтірік
Күлуді де үйреніп қалдық бүгін.
Қарқынынан тірліктің қалмай ұштық,
Шарт сынатын жерде де –
Сәл майыстық.
Жақыныңды жаратпай,
Жат біреуге
Жымиғанды шығардық – жандай ыстық.
Арды ақылдың алдына жүгіндіріп,
Өр сөзіңнің айтылмақ құнын біліп.
Жараңды да жасырып тастай қаттық,
Жұрт алдында тістене, дымың құрып.
Баяғыдай шықпаймыз сынап ерлік,
Бас көтерер тұста да –
Бұға бердік,
Бет-жүзің бар демейтін батыл едік,
Жібектей-ақ сызылып шыға келдік.
Тұрып тыңдар біреуді, жүріп тыңдар,
Сырын да ұқтық, «былық» пен «шылықтың» бар.
«Кісі» болып кеттің де біреулерің,
Кішілікті бір жола ұмыттыңдар.
Дәреже бар,
Мансап бар,
Бар бағамыз,
Қателесе алмаймыз сәл ғана біз.
Біріміздің біріміз үйімізге,
Шақырыспай баруға арланамыз.
Жай оғындай жарқылдап өртке енбейміз,
Жаға жырта жауласып, кектенбейміз.
...Өзге түгіл,
Өзіміз түсінбейтін,
Бейтаныс біреу болып кеткендейміз.
КӨҢІЛ КҮЙІ
Жабырқап
Жалғызсырап,
Елге налып,
Жатқанда
Жетуші ең бір «шөлмек» алып,
Асыға аттанушы ек
Айдынды аңсап,
Шалқып та қайтайық деп,
Көлге барып.
Лепіріп екеуара жүргенге бір
Не жеткен! –
Осы емес пе білгенге өмір?
Ақ жаңбыр шайып өткен жапырақтай,
Тазарып қайдағы жоқ кірден көңіл!
Қайтадан жеңілейіп,
Шығанға ұшқан,
Көңілді бір мазасыз құмар қысқан.
Күндер-ай, жанып іштен, қанып ішкен
Татулық...
тәтті рахат...
Шын алғыстан...
Десуші ек: «Айһай, шіркін, кеңдік қандай!»
Өсуші ек –
Кеудеде бір өрлік бардай!
Бөсуші ек –
Жер үстінің тәңірісі
Екеуміз екенін де енді ұққандай!..
Қайран дос – арынды да дарындылау,
Сол сәтті... сол сәттерді сағындым-ау!
Ат ізін салмай кеттің, жалғызсырап,
Жабырқап жатқан тағы шағым мынау!..
ӨЗ БИІГІҢ
Өрмеледік биікке,
Өрмеледік,
Биікке де бір шығып көрмек едік!
Шатқалдарда шайлығып,
Шамырқанып,
Тұрсың ба шын шалдығар жерге келіп!
Бетің қайтып бөгеттен көрмегендей,
Тартпақ едің төтелеп сен бөгелмей
Пендеге ермей бұлтарыс жол іздеуге,
Ығыр етті-ау еркіңе өр де көнбей.
Көп күндердің осылай өткеніне,
Бола алмассың оншалық өкпелі де!
От көріне тұрса да алдында бір,
Әл-қуатың әріге жетпеді ме?
Осы ма әлде жеткенің, жетпегің де,
Жүрсің әлі Көктөбе бөктерінде.
Көкте күнге ұмтылған сұрапыл күш,
Кеткені ме шынымен текке мүлде?!
Тұла бойда тасып бір қаның тұнық,
Қайырылма!
Қайтадан қал ұмтылып.
Қал ұмтылып!
Қалтырат құзды мына,
Омыраумен опыра қарын тіліп!
Жалын ата жалтырап терден дене,
Ұмтылып қал – ұрымтал өр-көмбеңе.
Болғанға да не жетсін өз биігің
Сол биікке бір шығып көргенге де?!
* * *
Тарт та бәрін алдыма,
Таңдау ұсын:
Шындық деумен шырқырап жан дауысым.
Артық шалқып кетсем де күлкі үстінде,
Өтірікке баспадым алдау үшін.
Ескі достар бас қоса біріккенде,
Есіп-есіп алармын күліп мен де.
Жауласуға барармын,
Бірақ... бірақ...
Жалғандыққа жолар деп күдіктенбе.
* * *
Бүлінеміз несіне, жүгіреміз не жетпей?
Уақыттың жоқтығын қоя тұршы сөз етпей.
Кейде бізге жыл деген әне-міне дегенше-ақ,
Кейде жалғыз түнің де тұрып алар тез өтпей.
Біреулерге бар ғұмыр болмай да қап бір күндей,
Біреу үшін бұл өмір таусылмайтын сүргіндей.
Тағы бірі уақыт жетпейді деп жыласа,
Тағы бірі қай жаққа жіберерін жүр білмей.
Уақыттың қадірін білеміз бе?
Білмесек –
Жетпейді деп, бұ құрғыр бүлінгенің кімге сеп,
Жетеді ғой уақыт, жетеді ғой, достым-ай,
Ысырапсыз тек соны жұмсай алмай жүрмесек!...
* * *
Бар еді ғой деймін де,
Айтылмаған бір әнім.
Домбыраның құлағын
Айтудай-ай бұрадым.
Әуенінен жаңылып,
Адасып-ақ қалдым ба,
Дың-дың етіп,
Діңкені
Құртуын-ай мынаның!
Қайда кетті, құдай-ау,
Қайда ғана қашты әлгі үн? –
Орап алмақ еді ғой.
Омырауын аспанның.
Таптым ба деп ырғағын,
Тамылжыта бастасам,
Түсіп кете береді
Діріліне басқа әннің.
Таусылып та бара ма,
Тілеулестер, шыдамың?
Домбыраның құлағын
Тағы-тағы бұрадым.
Өзгешелеу екпіні,
Сарыны да басқарақ,
Бар сияқты еді ғой,
Басымырақ бір әнім!..
* * *
Көп болып көрінетін бұрын қайғым,
Бұл күнде біріне де бұрылмаймын.
Басымда мұң қалмаған сияқтанып,
Өзгелер үшін ғана шырылдаймын.
Жатпай-ақ аз қайғыма елеңдеп те,
Барымды жиып беріп келем көпке.
Табармын бәрін туған жерден ғана,
Биіктеп елмен ғана төбем көкке!
Түсінбей
Туғанымды жерде биік,
Жоқ-барға жүре алмаспын
Мен де күйіп.
Базына мұңым болса,
Досыма айтам,
Азырақ құным болса, –
Елге қиып!..
* * *
Көтеріліп қалсын бір мерейің де,
Жаным, саған жыр оқып берейін бе?
«Өлең деген өсекші жұртқа жаяр»
Жасырғаным бар еді көмейімде...
Айта алмай-ақ жүр едім,
Небір келіп,
Өлең оқып...
Көрейін жеңілденіп.
Даусым жетіп жатар-ау құлағыңа,
Көмейімде қалғанын...
Көңілмен ұқ!..
БАЙТАҚ ЕЛІМ
Киелі қасиетін сезе, біле,
Ынтыға түстім қанша өз еліме.
Орғыған –
Омырауын орай ағып –
Айналып кеткім келіп өзеніне.
Соны ойлап...
Түндерімде жыр түлеткен,
Көз алмай қараймын да бұлтына өктем...
Күбірлеп оянамын:
«Осынау ел
Есен-сау болса!..» – дейтін бір тілекпен.
Жорымай жеке басым мұны ырымға,
Тәубе айтып тұрам мынау ұлы қырға.
Осы қыр – жалықтырмас жұлдызды әлем,
Осы қыр – табан тірер тұғырым да.
Жаралған кемеңгерлік, кемелдікке
Кеңдігі бар-ау дүние сенерлік те!
Осы елдің ұлымын деп ойлағанда.
Көңілің көнбейді екен төмендікке!
Демеймін сұңқарымын,
Тұлпарымын.
Артынан айта жатар жұрт анығын.
Туған жер,
Сені жерге қаратпас тек,
Өзіңе осыншалық іңкәр ұлың!
БАЛА ҚЫРАН
Аспанға ойдым-ойдым дақ түсіріп,
Қырандар балапанын жатты ұшырып,
Шаң ұшпас шың басынан
Шыңырауға
Тастаған тастай бәрі ақты сұлық.
Жез қанат сусылымен тіліп көкті
Жемтігін біреулері іліп те өтті.
Біреуі йен дүниені еркін шарлап,
Ақша бұлт аржағына шығып кетті.
Көрініп күн астында көлеңкесі,
Жауына
Қылыш болып төнер төсі,
Шаттана саңқылдасты,
Енді біліп
Өздері екенін бұл көк еркесі.
Кім білсін...,
Қанаты әлі қатпады ма,
Ұша алмай
Ұлан-асыр шақта мына,
Ұяда қала берді бір балапан,
Қызығып,
Көкте бәрі аққанына!
Қалғысы келіп пе еді қатарынан,
Ұмтылып,
Ұша алмады қапалы ұлан.
Құлатып құзға қарай,
Қайта қағып,
Баулитын
Болмады ма ата қыран?!
Бір уыс бұлттай болып қияға асқан,
Қалыспай сілтер еді-ау ұяластан.
Қарғаға да жасайтын жомарттығын,
Кей-кейде қыранға да қия ма аспан!
Тағдырдың тәлкегіне маталмаса,
Солармен самғар еді-ау қатарласа,
Бөрінің мойнын үзіп берер ме еді
Қандасы –
Қарсы барған – бата алмаса?!
Содан да...
Қаны қайнап, іш тарыла,
Қарайды
Қатарласы ұшқанына.
Сенеді-ау –
Бәрінен де басым түсер –
Бойында бір сұрапыл күш барына!
Бір ұшса –
Көкке атыла тік өрлемек,
Апыр-ай, енді кімнен тілер көмек,
Ұшқалы,
Ұшқалы-ақ тұр,
Құдірет-ай,
Жіберсең қайтер еді бірер демеп!
ҚАЗДАР
Барады самғап тағы қаздар қайда?
Жарқылдап омырауы жазды арбай ма?
Көгінде құсы барда
Мына дала,
Мына көл
Қайтсін-ау бұл назданбай да!
Ұзамай қасиетті қайран қырдан,
Қаздар-ай, қалқып ұшып, сайран құрған!
Садағаң болайын-ау, далам, сенің
Құсын да құшағынан айналдырған!
Елемей –
Ертелі-кеш –
Араны алшақ,
Бұлар да туған жерін бара ма аңсап?
Алады ауық-ауық қаңқылдасып,
Бөлініп,
Біреулері дара қалса-ақ...
Көрінбей жатқан жусан, бетегеден
Даласын талмай бәрі етеді өлең.
(Қайтерсің көңіліңді
Осындайда
Сені де қай-қайдағы жетелеген!)
Толтырып көкіректі сазға кілең,
Толқындай толықсиды-ау жаздағы рең
Дариға-ай,
Көрікті екен туған жер де,
Көгінде қалқып жүрген қаздарымен!
АҚСУ БОЙЫНДА
Тұратын аспаны да бүркіп өлең,
Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген.
Анау ғой асау өзен Ақсу атты,
Алқынып,
Алыс барып күркіреген.
Басталып баяғыдай Демікпеден,
Айтудан ақын әнін зерікпеген.
Бұ жердің балауса әуен бұлағы да,
Арынды Ақсуына еліктеген!
Шетінен – аруы ма, нар ұлы ма, –
Шалдыққан Ілияс-жыр «шалығына»,
Естіліп тұрғандай-ау Матай жақтан
Молықбай қобызының сарына да.
Балқаш болып бар арман, барлық үміт,
Бас бұрмай бұрқыраған, жарға ұрынып
Ақсудың суында да, нуында да
Жатады ақын даусы жаңғырығып.
Көптен-ақ көрсем деуші ем кезігіп бір,
Ақсуым, ендігісін өзің ұқтыр!
Әйтеуір, Ілиястай әулие леп,
Айнала әрбір үннен сезіліп тұр!
Көңілге дауаң қайсы көп тілесе.
Жүрегім шымырлап та өтті неше,
Сенуім сөзсіз еді...
Ілиясты
Дәл қазір қалғып қана кетті десе...
БАЙЫРҒЫ БАЛЛАДА
Еріксіз қаратқандай отты реңі,
Өзі де ер жігіттің өткірі еді,
Жарқылдап көрінгенге осы қырда,
Төбесі досының да көк тіреді.
Сұрамай жолды ешкімнен, төрді ешкімнен,
Аңқылдап жүруші еді өр кескінмен.
Жұрт одан жөн сұрасып жатпайтын да,
Кімдермен туыс еді, Жерлес кіммен.
Алаламай ананы-мынаны да,
Ілмеді қаңқу сөзді құлағына,
Тең тұтып та кететін кіші ініні,
Сәл-сәл бір кісілігі ұнады ма.
Ойы жоқ ешкімнен де оздым деген,
Кісінің кемшілігін көзге ілмеген.
Жолдастың жарасына жамау болып,
Тоқтығын, жоқтығын да сездірмеген.
Дос көңілін айтқызбай анық көріп,
Жадыратып кететін, жанып келіп.
Қамыққанның қасынан табылатын,
Тарыққанға – қалтасын қағып беріп.
Күні жоқ кісі десе тарығатын,
Бәріне де ағынан жарылатын,
Іздеп келіп жататын не қиырдан
Танысының танысы табылатын.
Өзі де жолдастарын көп іздейтін,
Ешкімге
«...Келмей кеттің!» – дегізбейтін.
Бір көргендер сүйсініп:
«Мынаның ба,
Жүрегі жақсылықпен егіз!» – дейтін.
Көз қырын да салмастан күңкілге кей,
Іздеуші еді достарын күн-түн демей.
Думандатып кететін жүрген жерін,
Отырғанда өзге бір жұрт үндемей.
Кеудесі қоймасындай жырдың да анық,
Жүргенін көрмейтінсің бір күн налып.
Қашан болсын, әйтеуір болбырамай,
Домбырадай тұратын күмбір қағып.
Не десек те...
Жігіттің төресі еді,
Құлағына кірмейтін ел өсегі,
Жақынға да, жатқа да еш күмәнсіз,
Тұмансыз көрінетін келешегі.
Әйтсе де...
Төрт аяқты ат емес-ті.
Пендешілік оған да жат емес-ті.
Өрттей жанып жүргенде
Осы жігіт
Ойда жоқта ойсырай қателесті...
Өмір оған әп-сәтте қырын келді,
Құдай-ау,
Қырын келді, сүрінді енді...
Жақсылыққа жаралған шоқтай жүрек
Қызыл-жоса қан бола тілімделді.
Не болғанын ел түгіл, өзі ұқпады,
Кеткені ме еңсесін езіп халі?
Жоқ,
Тағдырдың «сыйы» деп дара тартқан,
Қарсыласты бәріне төзіп тағы.
Ойлап па еді мұндайдың кез келерін,
Өмір шіркін осылай өзгерерін?
Ел іші де гу-гуге толып берді,
Күннен-күнге көбейіп сөз дегенің...
Сәл-сәл демеп жіберер жүдеу көшін,
Күтті ме әлде,
Кім білсін, тілеулес үн!
Өмір деген осы ғой...
Өмір деген
Біреулерге күлкі де, біреуге сын!
Көп көрген жан ерлікті, ездікті де.
Кім біледі,
Жанашыр сөз күтті ме?
(Басымызға түскенше, беу, жігіттер,
Кісі халін қайсымыз сездік, түге!)
Кешіре алмай кешегі өр кескінді,
Кім білсін,
Сыртынан бір жерлес күлді, –
Келушілер азайып бара жатты,
Іздемеді өзі де енді ешкімді.
Өмір оны оп-оңай илеп көрді,
Содан, бәлки, осылай күйректенді?
Шақырусыз баратын дос үйіне,
Баруды да ақыры сиретті енді.
Жігіт басқа не келіп, не кетпеген,
Өткел де көп шығар-ау ол өтпеген,
Өкіне ме кешегі күндеріне,
Көрінгенге орынсыз өбектеген?
Өкіне ме,
Өзіне өкпелі ме?
Кезіккенді дос санап кеткеніне?
Көңіліне үңілмей,
Көрінгеннің
Күлімдеген көзінен өпкеніне?
Жақсылыққа жеткендей арып-ашып,
Жүргеніне айнала жаның ашып?
Өкпелі ме осынау көңіліне,
Азаматтың бәріне әлі ғашық?!
Жарқылдап отыратын төрде күліп,
Бармайды дос үйіне енді ерініп,
Кешегі терезесі тендестер де.
Кеткендей келе-келе кем көрініп.
Жәбірі бардай-ақ бір, сірә, көрген,
Жүзін де сыртқа салып тұрады елден.
Өзгеріп-ақ шынымен кеткені ме?
Өмір ме әлде өзгеріп шыға келген?!
ДОСТАР КЕЛГЕНДЕ
Достар-ай, ойда жоқта көбің келіп,
Бір жасап қалғанымды-ай, Төрім кеңіп!
Күңгірттеу көрінетін кейінгі кез
Дүнием жүре берді-ау көңілденіп!
Бұл күндер бола түскен кінәшылдау,
Анамның қабағы да бір ашылды-ау!
Апыр-ау, күні ашылды-ау аспанымның,
Барлығын басқа мұңның қыр асырды-ау!
Құдай-ау, соңғы кездер бірің келмей,
Жүруші ем сыры бар деп, мұның нендей...
Аруағынан ұрпағын айналдырған,
Болдым ғой әкем қайта тірілгендей!
Анашым!
Айналайын, кемеңгерім,
Осылар, «келмей кетті-ау!» – дегендерің.
Құрт толы қаптың аузын сөктіреді,
Тағы да көк тіреді төбем менің!
Ал қане, келін-кепшік, іні біткен,
Бәріне қызмет қыл, жүгіріп сен!
Біздер түгіл, бұларды қарт анамның
Қыстайғы сары-мейіз сүрі күткен!
Кеңейіп сала берді-ау бөлмем менің,
Күңкілі қажет те емес енді өңгенің,
Достар-ай,
Жеткендерің жақсы болды-ау,
Апыр-ай, жақсы болды-ау келгендерің!..
* * *
Айта жүрер кемелдік-кеңдігіңді ел,
Жақсы болып тұрсың ғой сен бүгіндер,
Сөз де ерер-ау,
Біреулер өзгерер-ау,
Жаман болсаң –
ағайын неңді күндер!
Көсіліп те кете алмай
Сендерге еріп,
Күңдер біреу
Күтпеген жерден келіп,
Адам деген қызық қой –
Кейде өзінің
Иттігін де жүрмей ме елден көріп!
Жақсы-ақ болшы баспайтын жалғанға аяқ,
Жағымпаздар жармаспай –
Қалған ба аяп?
Бақталастар шығар-ау бір жағыңнан,
Бар қызығын сен тартып алғандай-ақ!
Отырғанға
Өзіңнен бұрын күлмей,
Кетерсің де көбінің сырын білмей...
Жақсы жігіт болып-ақ тұрсың бүгін,
Жақсы қылып қойса егер...
Сүріндірмей!
ҒАШЫҚ ДҮНИЕ
Дүние-ай,
Қадіріңді күрт ұқтырып,
Барасың күннен-күнге ынтықтырып,
Көлбеген көк белдерге,
Көк пен жерге
Қараймын көздің жасын сүртіп тұрып...
Сүйсініп сырыңа да,
Қырыңа да,
Түскенім қызығыңа құныға да,
Мәңгілік екендігін сезуден-ау,
Шайқалмас дүниенің нұры ғана.
Көк аспан құшып ыстық бірде мені,
Көз алдым көп бояумен түрленеді.
Көкірек дір-дір етіп,
Дір-дір етіп...
Осы ма, құдірет-ау, мұң дегені!
Менің де көңілімді сырнай қылған,
Сан дүбір естіледі тынбай қырдан!
Шынымен
Мұң дегенің осы болса,
Айналып кетпеймісің
Мұндай мұңнан!..
Дүние-ай,
Қуанып та,
Небір күле,
Енді ұқтым өзіңді де,
Өмірді де,
Алдында ақтарыла кеткісі кеп,
Аңқылдап,
Ашық тұрған көңіл міне!
* * *
Тірлікте күлмеу үшін күндестерім,
Ешкімнің артына мен мінгеспедім.
Ұтсам да,
Ұтылсам да –
Өз арыма
Бағынып баяғыдан күн кешкемін.
Жүрегім тілім-тілім жараланып,
Жүрсем де қаншама бір дара қалып,
Ұшқыр ма,
Ұтқыр ма әлде –
Өз арыным
Ұрғылап ойға-қырға барады алып.
Тек елге ұнасын деп бір еңбегім,
Басқаға иілмедім,
Шіренбедім.
Күндестер күлер болса –
Жөнсіз адал,
Әсіре ақтығыма күлер менің!..
* * *
Адамдар-ай!..
Жақсам деймін бәріңе...
Жағам қалай?
Тапсам деймін бабыңды,
Үйде-түзде
Жүру үшін ешкімге алаңдамай.
Қаламын да
Сендерге тағы ұнамай,
Көшкен үйдей көңілім қаңырады-ай!
Жөпшендіге жүрек те жылымайды,
Қабақтарың қайтадан жадырамай.
Қайда деумен сенер дос,
Сенімді аға.
Жегідей жер жанымды менің нала?
... Баршылық қой дүние,
Баршылық қой,
Жетпейтіні –
Жалғыз-ақ көңіл ғана!
БІР АҒАҒА
Ағатай, арманың да, аңсарың да
Көп еді...
Қуа-қуа шаршадың ба?
Көсіліп-көсіліп бір қалсаң еді,
Бойыңда күш-қуаттың бар шағында!
Келсе де кермелерден қатар өткің,
Арқаңа біздегі асау бата ма екпін?
Әлі де бір ұмтылып қалар тұста,
Жол беріп,
Қалай ғана жата кеттің?
Бас бұрмай күңкілдерге,
Іркілгенге,
Көрсетсең бұрынғыдай күлкіңді елге,
Бәйгеден
Аңырата өзім озып
Келгендей болар едім
Шіркін, мен де!..
Көп еді-ау арманың да, аңсарың да,
Ағатай, шынымен-ақ шаршадың ба?
Тағы да бір ышқынып көрсең еді.
Бойыңда күш-қуатың бар шағында!!.
ҚҰРБЫ ҚЫЗДАР
Қаншама ұрғанымен беттен де ызғар,
Артымызда асыл із, өткен құз бар...
Қайда жүрсем
Сендерді ұмытпаппын,
Көрінбей көптен бері кеткен қыздар.
Сендердің күлгендерің, сөйлегенің,
Түсіме де кіреді кейде менің.
Көз алдымнан, әйтеуір, кеткен емес,
Таңдай таза бейкүнә бейнелерің.
Бір бұтаның гүліндей көктеп тегі,
Бозбала шақ сендермен өтпеп пе еді,
Әлі де сағынамын
Қызықты да
Қылықты күндерді сол мектептегі.
Көрсеткіміз келгенде құрбылық қыр,
Кескестейтін тілдерің –
Құрғыр ұтқыр.
Арамыздан жырылып өтуші еңдер,
Торғайдай дүр-дүр ете дүрлігіп бір.
Қадірін сол шақтардың білдіргелі,
Зулап ағып өтіпті-ау жыл дүрмегі.
Шеттеріңнен сүйкімді-ақ қыз едіңдер,
Қандай екен халдерің бұл күндері?!
Қарайлатпай кейінгі ізге көбін,
Тартты ма алға тағдыры іздегенін?
Мен, әйтеуір, сендерді сол баяғы
Періштедей бүлдіршін қыз көремін.
Қылығына өздерің көп те күлген.
Естеріңе түсем бе өткеніммен,
Біріңнен-бірің артық сияқтанып,
Ғашық болып жүруші ем шеттеріңнен...
Бәрімізге құшағын айқара ашқан,
Сендерге менен хабар айта ма аспан?
Қырық дейтін киелі қыр астына
Келіп те қалдық па, осы, байқамастан?!.
Бірлесіп көл де кешпей, шөл де кешпей,
Жүрсіңдер көз алдымда соңғы елестей.
Тіпті де жаман бола қоймаспын мен
Көңілден, құрбы қыздар, сендер өшпей!..
ҮЙРЕНЕСІҢ БӘРІНЕ..
Көрініп бәрі қызық мұндағының,
Көзің де үйрене алмай тұр ма, күнім?
Елең ете түсесің.
Шауып өтсе,
Күлдір-күлдір кісінеп қырда құлын.
Кешеден таңсық болып жатыр бәрі,
Таң алдында тауықтың шақырғаны,
Тынымсыз қытықтаған танауыңды
Иісі де көк шалғынның ақырдағы.
Қорғақтап жылқыдан да, сиырдан да,
Үркесің
Ұйтқып өткен құйыннан да.
Бұзау қуған балаға қосыла алмай,
Қорқа қарап тұрудан қиын бар ма!
Тұрғанмен әжелердің сөзі ұнап та,
Маңайламай қойдың-ау қозы-лаққа.
Атты кісі көрінсе
Қопадайсың,
Міне шауып кете алмай өзің атқа.
Қызық-ау, саған бәрі бұ күндері,
Ауылдың у-шуы да іңірдегі.
Өзіндей балалардың
Жүрексінбей,
Шалғында жалаңаяқ жүгіргені.
Кек тұтып құрдастарың күлкі еткенін,
Несіне осыншалық үркектедің?
Тұрсың ғой ата-анаңның жұртында сен,
... Үйренесің бәріне...
Бүлк етпегін!..
* * *
Қызықтырып бара ма,
Қыза-қыза енді өмір,
Сыймай жүр-ау қалаға
Қырға құмар өр көңіл,
Кермедегі асаудай
Аласұрып жүрегің,
Ауылды аңсап тұрсың-ау
Алағызып сен де бір!
Елге қарай ендеше,
Бұрайық та ат басын,
Түнделетіп достардың
Ұрайық та қақпасын.
Ерте келдің,
Кеш келдің,
демейтінін білем ғой,
Білемін ғой біздерге,
Бір айып та тақпасын!
Кетейік те шынымен,
Кетейік те ел жаққа,
Жетейік те тезірек,
Жолдастарға, жекжатқа,
Сол жақта ғой, құдай-ау,
Сері жігіт,
Пері қыз,
Сол жақта ғой аңсатқан,
Перизат та, бекзат та!
Қыз өңіндей құбылған,
Көлі қандай мөп-мөлдір!
Көгі қандай
Күні-түн
Күлімсірей төккен нұр.
Атын алсаң аударып,
«Ә» демейтін құрдастар,
Мұңдастарым, қаншама,
Сырласпаған көптен бір!
Тобымыздан сол жаққа,
Барайық та дүркіреп,
Ескі әуенге баяғы
Салайық та күркіреп.
Төркіндеген қыздай-ақ,
Туған жерде тағы да
Алайық та бір түлеп!
Не тұрыс бар ендеше,
Кетейікші ел жаққа,
Жетейікші тезірек,
Жора-жолдас, жекжатқа,
Сол жақта ғой, жаным-ау,
Сері жігіт,
Пері қыз,
Сол жақта ғой пейіш те,
Перизат та, бекзат та!
* * *
Қоя бердім...
Қолыңды жаңа қыспай.
неге тұрсың,
дүр етіп далаға ұшпай?
Алақанда
Саусағың дір-дір етті-ау,
Қаршығадан шошынған бала құстай!..
Қоя бердім қолыңды...
Тіпті қыспай,
Неге тұрсың, күнім-ау,
Үркіп ұшпай?
Бұлқынысты-ай, мына бір кеудемдегі,
Жүректегі жүгенсіз жұлқынысты-ай!..
Жолбарыстан шошынған елік пе едің?
Елік пе едің,
Ес тұтып келіп пе едің?
Елеңдетпей...
Ұшып-ақ кетсең еді
Ерсі шығар ендігі желіккенім...
* * *
Қарап тұрып: «Жақсылар жоқ!» – дегенге,
Қайтем енді – күйініп кетпегенде,
Бұ тірлікті несіне бұлдамақпын,
Жаман болып көрінсем көпке мен де!
Көпе-көрнеу көзге ілмей
Сені,
Мені,
«Жақсы болмақ қайда!» – деп керіледі,
Біз-ақ жаман болайық,
Сонда халық
Кімдер үшін қан төгіп келіп еді?
Өз кеудесін ажалға төсегенде ел,
Кімдер үшін алысты кешегі ерлер?
Кімдер үшін көз майын тауысыпты,
Жұлдыздарға жол тартқан не шеберлер?!
Ел бақытын әйгілеп,
Ер күресін,
Жақсылықтар жалаудай желбіресін!
Өзі жақсы бола алмай жүрген біреу,
«Жақсы болмақ қайда!» – деп кергімесін!
Мен, тегі
ағыл-тегіл тасып алмай,
Ешкімге халім болмас бас ұрардай,
Тілім барда –
Тартамын
Мұңымды алға,
Жұртымнан сырым бар ма жасырардай?
Үнімді шығармай мен басымырақ,
Кетердей сырымды ішке жасырып-ақ,
Ешкімге –
Өзек жарған өлең-жырсыз –
Өтсе деп жүргем жоқ өз басым ұнап!
Алқынған тынысына болып елең,
Жағынсам –
Жағынам да Еліме мен,
Дариядай ағыл-тегіл тасып барып,
Барымды
Барша жұртқа беріп өлем!
* * *
Сейіліп салқындықта,
Бұрынғы өштік,
Әп-сәтте «атамыздың құнын кештік»,
Дос болып шыға келіп сәлден кейін
Жыр оқып,
Түні бойы дүрілдестік.
Жатпадық бұрынғыдай ілік іздеп,
Мақтадық бірімізді-біріміз кеп.
Қалмады (бізге салса) қазақта ақын,
Айтатын екеумізден іріміз деп.
Білмеппіз бұрынырақ мұны, сірә,
Ұлысы біз екенбіз,
Дұрысы да!..
Болмауға тиіс екен екеуміз де
Құдайдың (кісі түгіл) жұмысы да!
Шынында атағымыз кімдерден кем?
Қалайша білмегенбіз бір көргеннен!
Апыр-ай, адамырақ екенбіз-ау,
Айнала адамбыз деп жүргендерден!
Тең түсер жерді басқан бар мықтымен,
Бізде екен серілік те
Салдық кілең,
Қылжия құлағанша бірер құты,
Сілтесіп біразырақ алдық білем
Бәрі ұмыт –
басараздық, бұрынғы өштік,
Арылып...
«атамыздың құнын кештік».
Көптен бері көріспеген туыстардай,
Даурыға
Таңға дейін дүрілдестік.
Бармадық бұрынғыдай таласқа көп,
Жарасты әзіліміз,
Жарасты әдеп.
... Осылай ойда жоқта ұшырасып,
Біржола
Үйренісіп тарасқан ек!..
* * *
Думанға да,
Дуға да беріліп тең,
Есіл күндер өтіпті-ау серілікпен!
Ақтарылмай әр тұста сырлар қалып,
Жырлар – қалып қаншама –
мені күткен.
Өтті күндер теңселе, тербетіле,
Еске алғаннан не шығар енді өкіне,
Немді бұлдап жүргенмін деп те ойлайсың.
Тура қарап,
Тілеулес ел бетіне?!
Көтермейтін орынсыз кергігенді,
Көсілетін кезең де келді, келді.
Қырықты
Жігіт жасы деуші еді-ау ел,
Оның да әуселесін көрдік енді!
ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ І Жақсы інім, Жас едік-ау біз де кеше. Жата алмай жанға тоят іздемесе, Түнерген тынды айырып, Омыраумен Тілгілеп теңізді өттік мұз кемеше. Қаншама артымызда соқпақ қалып, Күс қолын әкелердің жоқтатпадық. Күн болып кірдік бірде меңіреуге, Біресе құпиялы көкке аттанып. Толтырған қасиетті қырды малға, Қойшы да біздер едік, Жыр құмар да. Отанның іріктеулі жасағындай Қасқайып, Қашан болсын жүрдік алда. Өмірдің бүгінгі асқақ әр демінде, Арудың шырқап салған әндерінде Біз жүрміз, Жүрміз тіпті толқын атып, Тың жерде толып піскен дәнді егінде. Қаншама артымызда қалып іздер Сынаған арымызды, жанымызды ел, Сондықтан қақымыз бар Тіршіліктің Тамырын солқылдатқан қанымыз дер! ІІ Жастығым, Жанып-күйіп қызғын денең Түрленіп, Тәулігіне жүз гүлдеген, «ЖЫР ДӘУРЕН» кітабынан
Жүрсің-ау менің асау арынымда,
Тұқыртып,
Тайганы да тізгіндеген.
Қашан да қиқу десе кеткен үдей,
Кеудеңде қыз-қыз қайнар от кемімей.
Қалып та құла дүзде –
Қайғырмаған,
Сертінен тайдырмаған өрт те дүлей.
Құйғытып құм кеттім бе,
Жылды өттім бе –
Сен жүрсің жүрек отын үрлеп күнде.
Жүрсің-ау бұлшық етте бұлт-бұлт ойнап,
Күш беріп,
Кеудемдегі күллі екпінге!
Жаныңды жасытпайтын нала-мұң да,
Жастық-ай, сағынып та барамын ба!
Дүниеге қарайын тек өзің болып,
Жарқылдап жүре берші жанарымда!
АЛҒЫС
Жүректі тербеп тәтті арман,
Жанымды жасыл нұрға ашам.
Бұрқырап тұрған бақтардан.
Бұлбұлдың үнін тыңдасам;
Толқып бір барып басылған,
Өзіме өзім күлем де,
Айналып алтын ғасырдан,
Алғысымды айтам ұлы Елге,
Жапсардан қарап жаһұт күн,
Жаңа бір таңым атқанда,
Басыма қонған бақыттың.
Бағасын ойлап жатқанда.
Осының бәрі – отты үнмен
Өшірген өңез дау үнін,
Өзіңнің арқаң деп білем,
Дәуренді менің Дәуірім!
Көңілің кейде көк тіреп,
Күй-кеудең күмбір қаққанда,
Баянды бір күн өтті деп,
Балбырап жатқан шақтарда,
Құмарың қанбай кездің бе,
Дірілсіз тұнық жан көлін, –
Арайлы мынау Мезгілге,
Алғыс боп шығар әр демің!
ӘДІЛЕТ
Ежелден саған таңсық ек,
Шықса деп еркін бір үнің,
Күштіге қанша қарсы кеп,
Зынданда терең шірідің.
Сен бе едің жабар жүзіңді,
Кезде де тілің күрмелер,
Қаншама бұғау үзілді,
Бұзылды көрдей түрмелер...
Тізгінін таппай тең күштің,
Айқайға бірде бастың да.
Қапыда кетіп, жер құштың
Қанішер оқтың астында.
Сен білмес ащы жас бар ма,
Айтам деп елдің тек шынын,
Ән болып шырқап аспанға,
Күй болып бірде өксідің.
Шайқаста бірде дөп түсіп,
Шындыққа ғана ұмтылдың.
Ұл болып бірде оққа ұшып,
Тіл болып бірде қырқылдың...
Бәрі де сені жасқапты-ау,
Бетіңнен қағып, жықты да:
Сен болып туған асқақ тау,
Сен болып жерге бұқты да.
Білуші ең, шіркін, сөйлей де
Естілсе еркін далада ән...
Таяқ та жедің сен кейде,
Қайдағы бықсық жаладан.
Араша болар жерде бір,
Араласа алмай, егілдің,
Айқасқа түсіп сен небір,
Жеңіп-ақ тұрып... жеңілдің!
Жауыз бір қолдан ақса қан,
Күңіреніп кенет бар аймақ,
Жақсылық біткен тек саған,
Тек саған ғана қарайлап:
Іздеді-ау ерлер даруға
Қашаннан сені көксеген.
Қорлықта қалған ару да,
Қорғаныш күтті тек сенен.
Тазартып бұлттан күн көзін,
Сөйлейтін еркін жерде өктем,
Туар деп сондай бір кезің,
Күттің-ау, күттің сен көптен.
...Ақыры сол бір таң атып,
Жауыздық аттан түсті де,
Аузыңа жұртты қаратып,
Сен шықтың жердің үстіне.
Еркін бір тыныс алдың да,
Бұғауды быт-шыт үзді үнің.
Айдайын әлем алдында.
Қолға алдың билік тізгінін.
Құшағы көпке ашылған,
Жерімде мынау кең жатқан,
Табылам сенің қасыңнан,
Табылам дәйім сен жақтан.
Самғап та жетер сан қырға,
Саңқылдап шығар үнім ең.
Қашанда арым алдында,
Өзіңе ғана жүгінем.
Өзіңе ғана бағынам,
Табынам тағы, арланбай, –
Жер үсті тұтас таныған,
Дәл сендей «тәңірі» бар қандай?!
Кеудемнен асау ақсын ән,
Әділет, сенің күшіңдей.
Ұрпаққа сеніп тапсырам,
Туыңды қолдан түсірмей!
* * *
Алыста таулар тұр үнсіз,
Шалқая қарап жалғанға ақ.
Тұр үнсіз тыныс, дірілсіз,
Дірілсіз ғана жанды арбап.
Жақпардан өтті жанап күн,
Балбырап балқып тұр әлем.
Жоқтығы-ай қайран қанаттың
Зуылдай ұшып шығар ең!
Шығар ең заулап асқарға,
Қабаққа қатқан шық тұнып.
Асқарға құмар достарға,
Асқақтық сырын ұқтырып.
Тұрар ең әлем алдында,
Айқайға басып әр тілде-ақ.
Маңғазсып жатқан таудың да,
Мазасын ала саңқылдап.
Дірілдеп шындар көк сеңгір,
Қалтырап заңғар, қырлар да.
...Нөсер боп төгіп өтсең бір,
Күллі әлем сусап тұрғанда.
* * *
Бұлдамастан ешкімге тірлігімді,
Бірге кешіп келемін нұрлы күнді,
Барсам дедім ұялмай ертеңдерге,
Қызықты да қия алмай бір бүгінгі...
Қуанам ба,
Қайғырып өкінем бе?
Жатса деумен бәрі де жетіп елге.
Келемін-ау әйтеуір ұсынып-ақ
Кіп-кішкентай жүректің отын емге!
Жақсымын ба жұрт үшін,
Жаманмын ба? –
Қызармауды ойладым ар алдында.
Ұялмауды ойладым ертеңдерден,
Қызықты да қия алмай қалар мұнда.
МЕНІ КҮТСЕҢ
Ағып кеп, түсе ме деп аттап қарғып,
Сен мені дүбір шыққан жақтардан күт.
Жатқанда күмбір қағып құз біткендер,
Жаңғырып жалыныма шатқал барлық!
Күт мені дауылдардан таңғы ұрланған,
Тұтқиыл төгіп өткен жаңбырлардан.
Асқақ саз арасынан ізде мені,
Тұрғанда дірілдетіп сан қырларды ән!
Азырақ алар ма деп
Қарқын басып,
Күт мені көкірегіңді бар түнге ашып,
Күт мені таулар діріл қаққан шақта,
Найзағай жатқан шақта жарқылдасып.
Бақтардан ізде мені шық төгілген,
Жақпардан ізде мейлің – құт көрінген.
Әйтеуір, дүбір шыққан жақ болмаса,
Мүлгіген тыныштықтан күтпе мүлдем!..
* * *
Ежелгі өртім де сен,
дертім де сен,
Дариға-ай,
болмады бір желпінбесем.
Барады-ау жалықтырып жабы тірлік,
Сілкіне,
Саған еріп,
Серпілмесем.
Қаратпай ермесіме, көнбесіме,
Шықшы бір
Жел боп ұйтқып, сен көсіле,
Кеудемде сыңсып ағып сағынышты ән
Сала ма сазы бөлек елді есіме?!
Апыр-ау, аңсаппын-ау, асқақ үнді,
Ақдидар айқайы мол аспаныңды.
Ерсі екен – өзің барда –
Қара тұтып
Келгенім басқа қызық, басқа мұңды..
Түлеп те жатқан шақта әзір далам,
Құймас па көкірегіме сазын ғалам?
Тықыршып түр екен-ау тұлпар көңіл.
Бауыры көптен бері жазылмаған.
Дариға-ай,
бойда қуат, барда күшім,
Сен маған аққанатты арман ұсын!
Тағы да шарқ ұрайын.
Сарқылайын,
Тәтті үміт, тамашалы таңдар үшін.
Соңғылар сөкпеу үшін мені кейін,
Тағы да желпінейін, желігейін.
Елім деп, –
Өртке де еніп,
Серт те беріп,
Осынау өз еңсеммен көрінейін!
* * *
Қайырылып қарамай,
Өкпелетіп,
Көктем өтіп барады-ау,
Көктем өтіп.
Лапылдатқан,
Нажағай шатырлатқан
Күндерімнің көбісі текке кетіп...
Күркіреген,
Манадан сірә тынбай,
Кеудемдегі мына бір сұрапылды-ай!
Шілделі жаз келіп-ақ қалғаны ма,
Нөсерлеткен көктемім тұра тұрмай!
Айырмаған күлкіден көктемім де,
Қайырылмай, құдай-ау, кеткенің бе?
Жаздың қандай боларын кім біліпті,
Алып ұшып,
Алқына жеткенімде...
Сағындырып әлден-ақ отты лебін,
Сауықшылдау көктемім өтті менің.
Жаз да келіп қалыпты-ау,
Жаз да келіп...
Жаңбырлатып жетсе еді, – деп тіледім.
* * *
Ести-ести ежелгі ескі үндерді
Ұқсамайын дедім де
ешкімге енді,
Айһай деген,
Борандай бұрқырап бір,
Бөскім келді,
Менің де бөскім келді.
Ауыздыға айнала сөз де бермей,
Бөскім келді менің де
Өзгелердей,
Аяқ ізі түспеген алысты аңсап,
Құлан іздеп,
Құладүз кезген ердей.
Шешен жоқтай
Менімен теңдес тілге,
Қара сөзде жанға дес бермеспін де,
Дедім де бір
даралау кеткім келді.
Өткім келді ұқсамай енді ешкімге.
Сынамақ та ем біржола бағымды әрі,
Қазақта жоқ сөз бірақ табылмады,
Тұмсығы тасқа тиген мекіредей,
Осы болды-ау тауымның шағылғаны.
Басылып бірте-бірте асылық сәт,
Өмірдің ақырын кеп нәшін ұқсақ:
Қашан да тұрады екен
Қазағыңның
Біріне бас, біріне қасың ұқсап.
Көнді деп,
қанша жүйрік сөз ырқына,
Кетсең де елден ерек тез ұмтыла,
Ұқсамау мүмкін емес екен тегі
Өмір де,
Өлең де өз ұлтыңа!
* * *
Осы бір «дерт» кеудеңді меңдемесе,
Тәуір жігіт едің-ау сен де кеше.
Ермейтін-ақ сияқты ең ел сөзіне
Бермейтін-ақ сияқты пендеге есе...
Ағайынның
айнала бәріне ұнап,
Аңқылдаушы ең,
ағыңнан жарылып-ақ,
Бетің бар деп,
беделге қарамай-ақ,
Айтарыңды айтушы ең анығырақ.
«Досың!» – десе ел,
серпіліп, сүйініп ем,
Табылушы ем қасыңнан жиі кілең,
Елеңдеуші ем естілсе асқақ үнің,
Көрем деуші ем өнердің биігінен!
Тай-құлындай тебісіп, жан шаттана,
Сырымызды жүруші ек қанша ақтара,
Қолың жетті атқа да,
Атаққа да,
Біреу күндей қарайтын мәнсапқа да.
Дос табылды дедің бе
Күндейтін де,
Суық тартып,
сұрланып нұр кейпің де,
Қарқылдап күлмейтін де болып алдың,
Болып алдың жарқылдап
жүрмейтін де.
Кемел де едің кезінде,
Кесек те едің (Кесек пе деп,
Өзіме дос еткенмін!)
Енді келіп,
арбасқан дұшпан бардай,
Адымыңды әр басқан есептедің.
Енді есепсіз сөйлеуді күнә көрдің,
(несі кетті,
білмедім,
бұған елдің?)
Ес тұтатын,
өзіңді дос тұтатын,
Жолдастардан жырылып шыға бердің.
Енді бізді
ойың жоқ бір елемек,
Тымырайып тұрасың,
Түнере кеп,
Есігімді ашпайтын болып алдың,
Кесірі тиіп кетіп жүреме деп...
Келе-келе...
Жоқ, тіпті көптен бері,
Кеудеңді осындай бір «дерт» меңдеді,
Мен де өзіңді енді-енді түсініппін.
Кісіліктің осы ма жеткен жері?
Осыншалық бүлініп,
Текке неге
Күйіп-пісе қалдым ба?
Өкпелеме.
Тағдыр шіркін, кісіге дәрежені –
Кісілікті ұмытсын деп бере ме?
* * *
Сөзін де жұрттың ауырлап,
Сергитін бір сәт іздесең,
Жүрсеңші біздің ауылға-ақ,
Қонаққа жүрші бізге сен.
Жеңілдеп бірден зіл дене
Жұмақ бар десе – сенер ең,
Құшағың толып гүлге де,
Құлпырып шыға келер ең,
Ерер ең небір «мықтыға»,
Ерсілеу ісі байқалмас.
Көл жаққа алып шықты ма,
Құмарың қанбай қайтармас...
Көрер ең күнде кіл қызық,
Көп болып кел,
Не жеке кел,
Астыңа, тұлпар мінгізіп,
Көтеріп алып кетеді ел.
Шалқалай құшып шаттықты,
Бақыттың көлін кештің бе,
Апталап-айлап жат, тіпті,
Ауырлай қоймас ешкім де...
Шығар-ау естен қайғы-мұң,
Реніш,
барлық өкпең де,
Алдияр көлдің айдынын,
Аймалай жүзіп өткенде.
Жасарып жүре берер ең
Тап-таза танды қарсы алып,
«Жұрт еді мынау не деген,
Не деген ел!» – деп,
Тамсанып...
... Сөзін де жұрттың ауырлап,
Сергитін бір сәт іздесең,
Жүрші сен біздің ауылға-ақ,
Қонаққа жүрші бізге сен.
Арылып ойдан,
Қайтар ең –
Көл де әсем мұнда, жол да әсем.
Мың мәрте алғыс айтар ең,
Масайрап тұрып сонда сен!
* * *
Көп болыпты-ау көрмегелі,
Басташы бір елге мені...
Естен шығып қайғы-мұң да,
Алакөлдің айдынында
Сонау алыс сері күннен,
Қалған сарқыт-желігіммен,
Жүзіп ойнап балықтайын,
Алысайын, жалықпайын.
Шағаладай жарқылдайын,
Аймалайын, алқынбайын,
Таңды тағы таңға ұрайын,
Құмарды бір қандырайын.
Құбыласы Ебімен де,
Құтырынған желімен де,
Сиқырлы үнмен
мына кілең,
Сылқ-сылқ күлген бұлағымен,
Сыбдыр қаққан қайда қайың,
Сүйіп-құшып аймалайын,
Көрсете бер кезегімен,
Арында асау өзенімен
Құшағымды айқара ашып,
Көрсем бе екен тайталасып?
Сайдан еспей салқын леп,
Сая іздеумен алқынып ек,
Қызыл құмға аунап алып,
Қыдырайық тауға барып.
Қарамастан ызғарына,
Құласақ па құзға мына?
Шынымды айтсам бүгін ана
Шыққым кеп тұр шыңына да.
Құшағына кіргенде мен
Сергіп салар бірден денем,
Алакөлдің суын да аңсап,
Асығамын жуынғанша-ақ.
Қызық қуып,
Қырым барғам,
Көргем сенің нұрыңды алдан,
Елжіреткен елесіңмен
Шықпаушы едің сен есімнен.
Кезімде де Балқан асқан,
Құмарым бір тарқамастан,
Деумен: «дүние-ай, қанса-ау шөлім!»
Тек өзіңді аңсаушы едім!
Қанша болды көрмегелі
Басташы сол көлге мені!
АЙЛА
Кәрісі бар,
Жасы бар өр кескінді,
Жиында бір
Жиналып жерлес түрлі
Қауқылдасып,
Кеу-кеулеп,
Көтермелеп,
Әйдә келіп
Біздерді белдестірді.
Ондайда түру қайда көп бөгеліп,
Омыраулай
Ортаға өктем еніп,
Белбеуге тиді ме қол,
Тимеді ме –
Шарт та шұрт жағаласа кеткен едік.
Балалардың күші де, «өнері» есте,
Қойып кетпей тұрам ба мен егеске,
Жүрген де едім, көбіне жер иіскетіп,
Күндегі қызылшеке төбелесте.
Қала алмадым дүрмектен шетте мен де,
Қоймады оған
Дүрлігіп кеткен ел де,
Сынамақ –
мықтымын ба, осалмын ба,
Дос алдында сыналмақ бет-бедел де.
Басым түсер бәрінен бет-беделім,
Көңілім де ол кезде көкте менің,
Көзді ашып-жұмғанша алып ұрып,
Абыройын айрандай төкпек едім.
Шаңыма да келмейтін күнде менің,
Шамасы да белгілі бүл неменің,
Әлін білмей әлекке түскен екен,
Қызыл көрген бүркіттей бүрмек едім.
Ә, дегенде күші де кем көрінген,
Кетсем дедім қаусатып мен де бірден.
(Көп алдында
Жер құшып жатқаннан да,
жақсы емес пе құдай-ау, жерге кірген!)
Деген оймен...
Ықтырып тастамаққа,
Қарамауды ойлап ем қас-қабаққа.
Қарсыласым,
Кенеттен белді қойып,
Жармасқаны жағама,
шаш, балаққа.
Құрбы ішінде денелі, ептісі де
Мен сияқты ем беделді, беттісі де.
...Шала бере,
Жамбасқа ала бере
Әлгі неме оңдырмай тепті ішіме.
Ыңқ еткенім есімде...
Құмды құшып,
Аунап барып арқама,
Тұрдым ұшып,
«Қапы кеттім!» – дегенге қаратпады ел,
Дүрілдесе жөнелді,
Дүрлігісіп.
Жүрген едім өзімше жігітпін деп,
Жер еткені-ай шетінен
күліп,
тілдеп,
«Қайраты бар,
амал не, айласы жоқ,
Айласы жоқ бос белбеу шіріктің!» – деп.
Болмасам да алдында еш кінәлі,
Кекетеді,
Зіркілдеп,
сес қылады.
«Қара күштен құдай-ау, не шығады,
Әдіс керек мұндайда!» – десті бәрі.
Қандай ғана албасты басты мені?
Қарап тұрған досымның қашты реңі.
«Әдіс керек шынында!» – дегенде
Оның
Көздерінде тама алмай жас тұр еді...
«Әдіс керек!»
(онысын біліпті кім?)
Жүрегім бар,
білегім,
жігіттігім,
Қапы кеттім бір рет,
Оқасы жоқ,
Оқасы жоқ,
Алдымнан үміттімін.
Деп жұбатып досымды,
өзімді де,
Ұмытып ем әлгі ащы сезімді де,
Айлалы қу алдымнан шыға берді,
Қапыда жер соқтырар кезін біле.
Айланың да сан түрлі сырын біліп,
Кім ойлаған (Біздікі бұрынғы үміт) –
Сол баяғы қарсылас қара бала
Қанша жерде кетерін сүріндіріп.
Отты берген тағдырым,
бетті берген,
Кезіктірді тексіз де,
тектілермен,
Игілермен итжығыс түсе жүре,
Таяқ жедім ергежей ептілерден.
Өмір, шіркін, аяусыз илеп те алып,
Айқасқа да,
шайқасқа үйретті анық...
Қаншама рет жығылып тұрдым екен,
Қанша жерде қабырғам күйреп барып.
Құрдымға да кезігіп құламалы,
Қайтсем екен дегенде бұдан әрі.
«Айла-тәсіл білмейсің,
амал қанша,
Айлаң жоқ», – деп ағайын кінәлады.
Үйретпекке азырақ айла маған,
Ағайын жоқ айнала қайрамаған.
Аңғалдықтың пайдасын көрмесем де,
Дарымаған айласын қайдан алам?
* * *
Көрмей-ақ
Кейде шағар мұңымды ерсі,
Халімді жиі сұрап жүріңдерші.
Суытпай іздеріңді.
Әдейі іздеп
Күніне құрығанда бірің келші!
Тарылып бара ма деп бұрынғы өріс,
Жүрегім болып алды дірілдегіш,
Бетке алып біздің үйді
Баяғыдай
Тобыңмен тағы да бір дүрілдеп ұш!
Жұп жазбай жетіңдерші дүрілдесіп,
Қонғандай болсын үйім бүгін көшіп,
Шеті де түрілмесін дастарханның,
Жабылмай жатсын ашық бұрынғы есік.
Болмайтын баяғыдан бірің қарсы,
Арнаған өздеріңе жырымды алшы.
Халімді жиі сұрап,
Жақсыларым,
Жоқтатпай
Жиі келіп тұрыңдаршы!
* * *
Білгендіктен
барлық ат
еместігін Құлагер,
Қашан да бір арғымақ,
Аңсайды да тұрады ер...
Су лайын ішпеген,
Салқы төсті нар мүсін,
Аузымен құс тістеген,
Арғымағым, бармысың?
Қиялдағы бір атты
Күтуші едім елеңдеп,
Дүбірлетіп қыратты
Жүйткіп шыға келер деп.
Құйрық-жалы жер сүзген,
Қызыл шоқтай боп кейде,
Қыран ұшпас елсізбен
Құйғытып бір жетпей ме!
Деп ішімнен тілегем,
Айналайын, арғымақ,
Алатаудан,Іледен
Өтпедің бе қарғып-ақ?!
Біз мінерлік,
сезем мен,
Тұлпар тұяқ тай көбін,
Арман болған ежелден
Арғымағым қайда едің?
Ер-тұрманың жарқырап,
Сыңғыр қағып үзеңгі,
Алып ұша,
арқырап,
Шықпаушы ма ек біз енді!
Көргендерді таң қыла,
Құйғытып бір көрмек ем,
Арғымақты алдыма,
Тартшы, ағайын, көлденең.
Жарқырап бір маңдайың,
Аңырай ұш, Құлагер!
Сонда сені әрдайым
Көтермелеп тұрар ел.
Ұш, Құлагер,
Қайран ән,
Басылмасын екпінің,
Балталарын қайраған
Батыраштар жоқ бүгін!
ШАБЫТТЫ ШАҚ
«Жын» қуа ма.
Білмеймін жыр буа ма,
Атып тұрып төсектен шын қуана,
Күбірлей ме,
Күле ме,
Күрсіне ме, –
Болады да кетеді бір дуана.
Енді елемей үстінен ел көше ме,
Қарамайды қара жер көлдесе де.
Падишадай жер үстін жеке билер,
Сыймай бара жатады кең көшеге.
Қабақ шытып, Қайтадан түнере ме, Түсті ме еске бәрі де жүре келе, Бір өлеңмен қайтадан жаратылып, Бір өлеңмен өзі де тірі өле ме? Кіжіне ме, біресе күйіне ме, Қатулана береді жиі неге? Арпалыс бар жүзінде, – қарсы ағыстар Шыр көбелек отырып үйіре ме? Кенет келген күлкімен, Қайғы алмасып. Елестей ме сертінен тайған ғашық? Отыр ма әлде жамандық атаулымен. Жалғыз өзі тағы да майдандасып?! ТАҢ Әппақ таң. Күнде осындай нұрлы ма едің! Келесің құшып-сүйіп қырдың елін. Асығыс суырады Іле-дария Алатау басып қалған бір білегін. Бел асып, Бері қарай күн биіктеп, Жадырап сала берді тұңғиық көк. Жадырап жасыл енді жаратылыс, Тамылжып, Таңғы әуенге тұрды ұйып тек... Дүние-ау, Күнде осындай нұрлы ма едің? Жүрегім жиі соғып тұрды менің. Аймалап әппақ сәуле Көз алдымда Келеді құшып-сүйіп қырдың елін! Шалғайға шақыра ма шыңдар ымдай, Шырқап та кеткім келіп тұрғанымды-ай! Жаз өлкем, Жақын тартып барасың-ау, Өзімнің осы жазған жырларымдай! * * * Туған жер, тыным жоқ менде,
Қалғанша қуат сарқылып.
Құс болып келіп көктемде,
Көлінде жүзем шарқ ұрып.
Даланды жазда жаңғыртып,
Сусап та жатқан шақтарда.
Кеудемнің бұрқақ бар бұлтын,
Төгіп бір өтем бақтарға.
Жүрсің-ау баурап, мені ұстап,
Жанымды сұлу орап ән.
Күз болып кетсем келісті-ақ,
Қыс болып әппақ оралам.
Жетермін және сен күткен
Дауылды көмей жыршың боп.
Өзіңе ғана ел біткен
Таңырқай қарап тұрсын деп.
ДОСЫМ АЙТҚАН АҚЫЛ
Осы біз де
біразға келмедік пе?
Елірме де есірме,
енді елікпе!
Жаспын деп те
ешкімді сендіре алмай,
Көндіге алмай жүрсің бе егделікке?
Таста бәрін!..
Қайта айналып келмейді бастағы арын,
Аңғаратын
жасқа да жетпедік пе,
Ағайынның айнала қас-қабағын!
Өзіңді-өзің
байыптап көрші бүгін:
Көзге ұрып-ақ тұрмай ма кемшілігің?
Білмейсің бе?
Жарқылдап жүрудің де,
Қарқылдап күлудің де ерсілігін?!
Демек, бүгін...
Жараса да бермейді өр екпінің,
Ұғатындай уақыт болды, білем.
Қай жерде
Қалай сөйлеу керектігін!
Жастан өттік
қызға да қырындайтын.
Аңқылдап,
айта бермей шыныңды айқын,
Білсеңші,
тек қана сен еместігін
Жақсыға жақтасам деп,
Шырылдайтын.
Неге ғана басқалар таласпайды,
Көре тұра –
Кейбірі жақ ашпайды? –
Бізге енді көзсіз барып ұрыну да,
Орынсыз жұлыну да жараспайды!
Көтеретін еркелік,
ерлігіңді,
Бозбаламын деп пе едің сен бұрынғы,
Көп алдында көлденең көсіл, мейлі,
Кешірмейді ешкім де ендігіңді.
Белгісіз аз бере ме,
көп бере ме.
Жақын тұр жер ортасы –
Көктөбе де,
Алдында осылай бір ақтарылдым,
Ащырақ айтылды деп, өкпелеме!..
* * *
Баса алмай балаң аптықты,
Дауылға жалаң төсті ашып,
Шыққан ем қуып Шаттықты,
Беймаза шақпен қоштасып.
Шыққан-ақ едім аптығып,
Ант етіп іштей жетпекке.
Шаттықпен бірге шат күліп,
Жарқылдап, жайпап өтпекке.
Домалай асып дөңдерден,
Жетпек-ақ едім тездетіп,
Көлбеп те жатқан көлдер мен
Теңізді басып, лезде өтіп.
Жалғанның сансыз өрі мен
Шөлінен өттім не шалғай,
Ғашық та болып көріп ем,
Қашықта қалды ілесе алмай.
Құрып-ақ бәрі кетсе деп,
Шақтарда шаршап, талған қай,
Қайдағы бір мұңы өкшелеп,
Қуып та жетіп қалғандай.
Басылмай содан аптық та,
Кеудемнен күнде от селдеп,
Жетсем деп келем Шаттыққа,
Жетіп бір озып кетсем деп.
АҚЫНДАРҒА ӨТІНІШ
Жалынып та сұрайын,
Өтініп те,
Бармаңдаршы зәредей өтірікке.
Есіңдер де бөсіңдер өзді-өздерің.
«Данышпанбыз!» – десіңдер көпіріп те,
Бармашы тек, бармашы өтірікке!
Жалынып та сұрайын,
Шын өтініп,
Айтпаңдаршы, ағайын, бір өтірік.
Көзіме де мақтамай қоя тұршы
Жақсы өлеңім жоқтығын біле тұрып,
Соңынан жүрмеу үшін құр өкініп.
Өтірік мақтама да, даттама да,
Жалған айтып, «мықтырақ» жақпа ағаға,
Аңырап кеп,
Айтқызбай араға түс,
Жазықсыз шырылдаған шақта ғана,
Жазғырмас оныңды ешбір хақ-тағала.
Осынау жыр үйіне құтханадай,
Ақын болып не керек тік қарамай!
Әуреленген «әтешті бұлбұлсың», – деп
Көрінгенді қоя тұр тықпаламай.
Сендерсіз де жатар-ау жұрт бағалай.
Жүрмеу үшін ертеңдер өкініп те,
Баспаңдаршы әйтеуір өтірікке.
Ақындықты – адалдық деп біледі ел,
Бармаңдаршы сондықтан өтірікке,
Жалынып та, сұраймын,
Өтініп те!..
ІҢІРДЕГІ ӨЛЕҢ
Жоқ та болсаң – сиындым,
Сақта, құдай!..
Жалғыз қалып көріп пе ем бақта бұлай?
Құрбы қыздың үйіне
Шақырусыз
Кіріп бара беретін шақтарым-ай!
Бұйымтайсыз
Бейуақытта күліп кіріп,
Әзіл айтып айнала тұнық-тұнық,
Дастарханын бірден-ақ билеп-төстеп,
Жіберуші ем бәрін де ұмыттырып.
Кімге арналды сұлудың көзіндегі от,
Оның бәрін жататын кезім бе елеп,
Қонағына қаратпай,
Оңашаға
Алып кете беруші ем өзін бөлек!..
Әңгіменің –
Біріне-бірі қайшы –
Өзім білмей
Өтірік-шыны қайсы,
Екеуміз де аңғармай қалушы едік,
Күні қайсы тәуліктің,
Түні қайсы!..
Азынаған манадан, сірә, тынбай,
Кеудемдегі
Мына бір сұрапылды-ай!
«Қырық» дейтін қырқылжың қайдан келді,
Жиырма бесім жарқылдап тұра тұрмай!
* * *
Жайым жоқ жасып күрсінбек,
Төрт жағым бүгін түп-түгел.
Тындырмай түкті жүрсің, деп
Сірә қабақ шытты ма ел?
Астана болды тұрағым,
Баспанам да бар төбемде,
Асқақтау айтып қыр әнін,
Атым да жүр ғой өлеңде.
Қарасам, тегі бар бәрі
Бәрі де бар-ау, наныңдар,
Бір жігіттің-ақ арманы –
Қылығы қыздай жарым бар.
Барымды бердім мен де елге,
Бұғуды тіпті білмеді ар,
Тартысар жерге келгенде,
Тіліп бір түсер тіл де бар.
Бас қоса қалған сәттерде,
Бағамды біліп қай-қашан, –
Қасқайып барып,
Қақ төрге
Бәріңмен қатар жайғасам.
Жақсылармен де дәмдеспін,
Кездесіп көрдік көп қызбен,
Көркі де болып сан кештің
Көңілді күндер өткізгем.
Кей-кейде «бөсіп» мен енді,
Жүре алам кейде үн қатпай,
Қазақы қара өлеңді
Жазар да ем бір күн құрғатпай.
Бедірейіп тұрған тіл өтпей,
Мен емес пендең
Жат бауыр,
Болмай-ақ қойсын жібектей, –
Мінезім де бар тәп-тәуір.
Бар шығар деймін ақыл да,
Атағым да елден кем емес,
Жақыным түгіл,
Жатым да,
Жаманға мені теңемес.
Туысым да бар,
дос та бар,
Жалғыздай қоймас мені ешкім,
Үлесінен өзі бос қалар,
Ынжық та жігіт емеспін.
Алдымнан атар ақ таңға
Айнымас айқын сенім бар,
Ауырлай берген шақтарда,
Арқамды сүйер елім бар!..
Тағдырға өкпем бар қандай?
Таттым ғой бәрін десем де,
Қызықтан маһұрым қалғандай,
Қысыла қарап осы елге,
Аққандай кері күрт ағын,
Қояды көңіл орнықпай,
Ұшқыр ма деген тұлпарым,
Жүргендей болып жолды ұтпай.
Ерсі де болар ендігім –
Кеудемді күпті от керней,
Тықыршып ұзақ мен бүгін
Тыншыға да алмай кеткендей.
Не болды деумен мен кейде
Отырам ұзақ сарыла.
Бір ойлар маза бермей де
Қойды ғой көптен тағы да,
Не жетпей тегі,
Не жетпей,
Елендей берем әр үнге.
Қойсам ба тіпті сөз етпей,
Кеудемнен қуып бәрін де.
* * *
Шақырам, достар, бәрінді,
Алакөл жаққа шақырам,
Ала шық асқақ әніңді
Астана жұрты атынан.
Кәдімгі қарқ-қарқ күлкіні ал,
Алыңдар аппақ тілекті,
Дала деп қана жұлқынар
Қалдыра көрме жүректі.
Әзілің болса –
ал бәрін,
Әніңе жүрсін жарасып,
Көңілде қалған бар ма мұң? –
Оны да бірге ала шық.
Кімдердің қандай сөзі бар,
Жеткізер жұртты таң қылып.
Достардың таза өзін ал,
Лауазымын қалдырып.
Ақтарылсын да шетінен,
Аңқылдақ ашық сыр бүгін.
Осында-ақ қалсын,өтінем,
Күншілдік деген құрғырың.
Өлтірмес өсек ешкімді,
Алуға болар... енді ептеп.
Жершілдік үнің өшкірді
Осында мүлдем жерлеп кет!
Бәріңнен бүгін үмітті ел,
Күтіп те отыр енді олар.
Жиналып болсаң, жігіттер,
Жүріп те кеткен жөн болар!
* * *
Азаматқа айып тақпас ел нендей,
Сабыр ет те,
Сабаңа түс,
Сеңделмей!
Қарап тұрып қапалану деген не,
Заманақыр саған ғана келгендей!
Жат құлаққа жақпады ма сендегі үн?
Бүгін тіпті бұрынғыдан өр көрін!
Жала жапса –
Жақсылығым деп түсін,
Көрген жоқпыз жаманға сөз ергенін!
* * *
Тұзағына тұтылып
сан айланың
Аңғалдықтың тартсақ та талай дәмін,
Жанымызды жасытпай өтсе бопты,
Өкіндірмей,
өксітпей қалай да күн!
Артымыздан ерсе де
не түрлі өсек,
Бопты да, дос, тірлікте өкінбесек.
Өкінбесек
өтті деп өрт бір күндер,
Халқымызға
қадірді кетірмесек.
* * *
Көріспедік көптен бері,
Арамызда өре кеңіп,
Қайтесің сол өткендегі
Жоқ кінәмді тере беріп.
Мен едім ғой «тамаша ақын»,
Жар сұлуы сен едің де,
Бәрі бізге жарасатын,
Ұнаушы еді-ау өлеңім де.
Жүз құбылып назы күнде,
Құқылжитын көңіл дейтін,
Менің оқыс әзілім де,
Оғаш болып көрінбейтін.
Тәтті рахат билеп анық,
Балқып барып таңғы ұйқымен,
Өз жайына үй де қалып,
Құшағымда қалғитын ең...
Болды-ау соның бәрі бекер,
Керегі не асыра әрлеп.
Жақсы сөздің әрі кетер,
Жалғандықты жасырам деп...
Көріспедік көптен бері,
Арамызда өре кеңіп,
Қайтеміз сол өткендегі
Барды-жоқты тере беріп.
* * *
Бір сен деп қайда ғана бір кетпедім,
Бүрсеңдеп боранда да дірдектедім.
Қаншама жырымды да саған жазған
Қалтамда сақтай-сақтай кірлетпедім.
Ерітіп өзіңді де отым менің,
Есімде біржолата бекінгенің,
Кеудемде ұя салған қарлығашым,
Менікі, тек менікі-ақ секілді едің...
...Барында жұрт қызығар келбетіңнің,
Ойланбай от бастың да...
Енді өкіндің.
Қайтеміз мұң да шағып,
Тыңдашы анық.
Айта алмай айтарымды
Мен де тұрмын...
* * *
Балбырап-ақ қалдың ба,
Бал шараптай мөлдіреп.
Қоштасардың алдында
Көтерейік соңғы рет.
Бағанағы жоқ арын
Бекерге сен қинадың:
Қайта айналып соғарым,
Соқпасым да бимәлім.
Қас-қабағың елеңдеп,
Қалтырай ма ер кеуде
Айта алмадым келем, деп,
Қандай ауыр келмеу де!..
Көңілге ащы толып у,
Тіл қата алмай тұрмын мен
Енді қайта жолығу,
Жолықпауды...
Кім білген!..
ҰМЫТА АЛМАЙ ӨКПЕНІ
Жүрсің бе сен әлі де,
Ұмыта алмай өкпені,
Кезіккеннің бәріне
Кінәлі етіп тек мені?
Кеудеңдегі кек үдеп,
Сөз таба алмай салар дақ,
«Бір оңбаған еді!» – деп,
Жүрсің бе әлде жамандап?
Тұла бойы езіле,
Түнде жаман түс көріп,
Ыза болып өзіңе,
Оңашада тістеніп,
Еске салып мұң кейде,
Ессіз сезім бекерін,
Жүрсің бе әлде
Білмей де
Кінәлі кім екенін?
Болаттай-ақ бекініп,
Болған іске бұл ағат,
Өзің ғана өкініп,
Өзіңді-өзің кінәлап,
Күрсін, мейлі,
Күрсінбе,
Кешіре алмай,
Кім ұтты?
Өшіре алмай жүрсің бе,
Кеудеңдегі күдікті?
* * *
Кеудемдегі мынау айдын
Көлге кімді жүздірем?
Бірде сені кінәлаймын,
Бірде өртеніп, үздігем.
Жұлдыздай-ақ нұры шалғай
Дауа болмас оты емге,
Сусын қана бір іше алмай
Қаталаумен өтем бе?!
* * *
Қызыл іңір арасында,
Не түнде,
Есіңе алып өксіме де өкінбе.
«О, шіркін де ет-жүрегі езіліп,
Осы қазір қай жетісіп отыр!» – де.
Жылама да
Жүрегіңмен келіспей.
Кінәлама қылығымды теріс кей,
Күрсін де қой «Төсегінде дөңбекшіп,
Аласұрып жатқан шығар», – деп іштей.
Қызыл іңір, арасында,
Не түнде,
Мені есіңе алып бекер өкінбе,
«О, шіркін де жан-жағына жалтақтап,
Жаны езіліп, жалғызсырап отыр!» – де.
* * *
Құдай қалай өң берген!
Азап саған аз қарау!
Жігіт біткен
Көргеннен
Күйіп кете жаздады-ау!
Оқып жатты бірі өлең,
Ақтарылды жай талай,
Бірі – ақшасын «күреген»,
Айтып қалды «байқамай».
Біреуі айтты шет елге,
Осы биыл барғанын,
Енді бірі «бекерге»
«Волга» сатып алғанын.
Айтылмаған сырлар да,
Естілмеген күлкің де,
Қасында сен тұрғанда,
Ақтарылмау мүмкін бе?!
Бәрін де тең көргендей,
Ешкімге артық өң бермей,
Сылқ-сылқ күліп сен тұрдың,
Сымбатыңа сенгендей...
Бір тіл қатпай қалдым да,
Биіктеді-ау шоқтығым,
...Білгем,
Сенің алдында,
Түйір құным жоқтығын!
* * *
Ұнатып көзін, ұнатып сөзін,
Қонды деп басқа бақ қалай,
Жылатып та өзім,
Жұбатып та өзім,
Жүретін қызық шақтар-ай!
Қос қанат маған тағы да бітіп,
Самғадым көкке қаншалық,
Шығарып салып,
Сағына күтіп,
Жүретін, күн-ай, қарсы алып!
Кеш бата бізді ақырын ымдап,
Шақырушы еді-ау салқын бел,
Айырып естен,
Ақылымды ұрлап,
Аңсатып қойған бал түндер!
Кеудемде ғажап күй түнететін,
Жылдам-ақ атып жылдай таң,
Желмая сынды жүйткіп өтетін,
Ұйтқып өтетін түнді айтам!..
Белес те белес
Белдерден өткем,
Қалып та сенсіз мен тілден,
Өзіңді іздеп елден де кетем,
Айнымай айтқан сертімнен!
Қайтемін сені енді үгіттеп мен,
Қамығармыз да біз бейбақ:
Жүзіне қарап телміріп те өткен,
Жер қылып кеткен қызды ойлап!..
* * *
Есіңде ме?..
Көктөбе... ақ күміс күн...
Құшып ыстық өзіңді,
Қатты қыстым.
Құйын болып өткендей болды-ау, дүние,
Жанарыңнан сол шақта жат бір ұшқын.
Шырқ үйіріп бір сезім Көктөбені,
Жат сурет елестеп өткен еді...
Қайыра кеп құшуға
Үркек көңіл
Дір-дір етіп, қайтейін, беттемеді.
Өз-өзінен көңілім үркектеді,
Әлгі әдемі аспан да нұр төкпеді.
Талай тәлкек тағдырдың куәгері –
Көктөбенің беті де бүлк етпеді.
Содан бері қаншама келді де кеш,
Келді кештер... біз үшін мөлдіремес.
Содан бері...
Көктөбе жаққа барсам,
Көз алдымнан кетпейді сол бір елес...
* * *
Кешқұрым...
Талып жетіп қырқадан үн,
Жас сұлу махаббаттың шырқады әнін.
Тұтқиыл тымық түні дауыл тұрып,
Кеудесі көк теңіздей бұрқағанын.
Тандырған жігітті де, оны да естен,
Күндерін қосады әнге өліп-өшкен.
Қаншама азапта да, мазақта да,
Жүргенін жүрек оты кеміместен.
Қызуын – кешегі ыстық от түндердің,
Қызығын – қуанышы көп күндердің.
Қыстыға қосады әнге қайран ғашық,
Қош айтып қыз-дәуренге шектірген мұң.
Мәпелеп бағып-күткен гүл-егінін,
Кеткендей бұршақ ұрып, білеп үнін,
Шағынды-ау құрып кеткір көркін де айтып,
Өршіген өртін де айтып жүрегінің.
Өртеген ащы өзегін дерті кілең,
Неткен жан деп ойладым мен түнімен.
...Құлақта сыңсып салған қыздың әні...
Көңілде көп мұңайған сен тұрып ең...
* * *
Жанып та жанып кетердей,
Тірліктің құнын кем ұғып,
Дауға да кіріп бекер кей,
Жүрген бір шақта еліріп,
Еріп-ақ досқа өжет не,
Қызып та кетіп бір қаным,
Шаужайдан алып, тежеп те,
Тоқтатып неге тұрмадың?
Тартуды қайда білмей де,
Басымды тауға, тасқа ұрып,
Кездеспей, күткен бір бейне,
жанарыма да жас тұрып,
Жүрген бір шақта жалқы өтіп,
Жалығып қайсы даң-дұңнан,
Жұлдызым болып жарқ етіп,
Шықпадың неге алдымнан?
Жортуыл мінез кештетіп,
Тереземді де қақты арбап.
Еліре сүйіп, ес кетіп.
Егіле құшқан шақтарда-ақ,
Дауыл боп неге жетпедің,
Деміңнен ыстық есіп от,
Өртеп те неге өтпедің,
«Махаббат деген осы!" – деп.
Жанбадым ба, әлде жандым ба,
Шүкірлік айтып ақ таңға,
Оңаша, жасыл шалғынға,
Отау үй тігіп жатқанда,
Алайда түлей бұлт ұшқан,
Қарауытып барып көкте күн,
Жай болып тиіп бір тұстан,
Жайратып неге кетпедің?
* * *
Қойды ғой күн де бүгін күлімдемей,
Апыра-ай, ойда-жоқта бүлінбегей...
Жадырата білетін жарқыл қағып,
Жарым неге күйбеңдеп,
Жүр үндемей?!
Жарқ етіп,
Жалған ізет қылғансымай,
Қайда әлгі жанарыңа тұнған шырай?
Қараймын қабағыңа,
Ауық-ауық
Аспанға көз тігетін қырманшыдай.
Ал енді...
Енді несін бүлінемін,
(Өзіңді көңілімнің күні дедім)
Қарадай қапаланып тұрған шақта,
Жадырап шыға келдім –
Күліп едің.
Шошытқан жаңа ғана шын-ақ ерді,
Күнім де күлім қағып шыға келді.
Әріде бой көрсеткен ашулы бұлт,
Әлсіреп
Әрмен қарай бұға берді...
Табылар тіршілікте басқа да мін,
Есіңде жүрсінші тек, асқақ әнім.
Қашан да қалт жібермей бағатыным:
Елім мен екеуіңнің қас-қабағың!
* * *
Қызыл іңір арасында,
Көрдім сені қас-қағым,
Арманды іздеп барасың ба,
Аппақ айдай асқағым?
Бөгет болып келем бе мен,
Кешкі сыңар серігім?
Сертің бар ма келем деген,
Елеңдеген елігім?
Бой балқыта бір ырғақты,
Барады ойнап бар тұлғаң,
Күн нұры да күлім қақты
Құшып-сүйіп балтырдан.
Барады ойнап балғын денең,
Тап мұндайды кім көрген!
Тағы да естен тандым, дер ем
Тіл шіркінді-ай, күрмелген?
Жетем дейтін шыңға талмай,
Жүрек серті бекер ме,
Шынымен-ақ бір бата алмай,
Тіл қата алмай кетем бе?
Әлде ішіңнен күліп анық
Күттің бе ерлік менен сен?
Қайтер едің,
іліп алып,
Құйындата
Жөнелсем?
Сен де
мендей жалғыз ба едің,
Шын жақсыға ынтызар?
Сері көңіл сал қыз ба едің,
Күйкі өмірден күрт ұзар?
Көктей өтіп, өлкені кең,
Кетсем бе екен енді үдеп?
Талай-талай өртеніп ем,
Өртенсем бе соңғы рет...
* * *
Мөлдіредің алдымда, мөлдіредің,
Еліктіріп барады өңді реңің,
Осы көзден тұтанған өртті
Сонда
Білсем еді осы көз сөндірерін.
Жәудіредің алдымда, жәудіредің,
Неге сонша пейілім ауды менің.
Білсем еді дүние-ай,
Осы көзден
Тілім-тілім боларын сау жүрегім.
Күлімдедің алдымда, күлімдедің,
Сезді жүрек сағақтан ілінгенін.
Дедім бе әлде бірдеме, демедім бе,
Тұрып қалды көмейде дірілдеп үн.
* * *
Көтеріліп басылып көкірегің,
Қимай қарап,
Қия алмай кетіп едің...
Жәудіреген жанарың жасқа толып,
Не тіледің,
Сол шақта не тіледің?!
Не білгенің бар еді,
Не білгенің?
Жүз құбылып тұрды ғой со күнгі өңің.
Көз алдымнан кетер ме,
Сол ақырғы
Ажырасар сәттегі егілгенің!..
Өткені ме шынымен текке күндер?
Қай бетім бар
Мен де азап шекпедім дер!
Жалғыз-ақ сөз жетіспей тұрды-ау, дүние,
Қайта айқаса кетуге отты еріндер!..
Көтеріліп кенет бір ән дірілдей,
Жетіп келді-ау поезд да,
Сәл кідірмей.
Жалғыз ауыз сөз күткен құлын денең
Құшағыма әрең-ақ қалды кірмей.
Солғын тартып сонда бар әдемілік.
Сөніп бара жатты
Әлгі дәмелі үміт.
Жалғыз ауыз сөз күтіп,
Жаутаң қағып,
Жүрсің бе сен, дүние-ай, әлі егіліп?!
* * *
Кім біледі себебін,
кім біледі,
Суық сезім жүректі тілгіледі,
Біз де бүгін жат болып кеттік пе деп,
Ойлаудың өзі қандай сұмдық еді!
Жүректің өшірем деп өртін ішкі,
Кеулеп те бара жатқан дерті күшті.
Жат болып шықтық па деп, шынымен-ақ,
Ойлаудың өзі қандай қорқынышты!
Тағдыр да соншалық дүлей ме еді?
Жүргені-ай жегідей жеп бір ой мені,
Арамыз мәңгілікке ажырар деп,
Айтудың өзі қандай үрейлі еді!
Айтқалы ақырғы ашу өкпені біз,
Қаншама жаңбырын да төкпеді күз.
Апыр-ай, осы ма екен шынымен-ақ,
Жат болып екеуміздің кеткеніміз!..
* * *
Естіліп те қалар ма деп бір үнің,
Аңсай күтем телефонның шырылын.
Күтумен-ақ келемін ғой, дүние-ай,
Күтумен-ақ өтер ме екен ғұмырым?
Сол қалқамның жалғыз сөзін тыңдатпай,
Телефон да безірейер үн қатпай.
Ащы өзегім өртеніп-ақ ұзақ түн,
Сен жоқ болсаң қоятыны-ай күн батпай.
Күтулермен өтті күндер, өткен ең,
Арылмады аңсау атты дерт менен.
Тағдырға ма тағар кінәм –
Біздердің
Арамызды аңсауменен шектеген?.
* * *
Тағы ұнарсың біреуге,
тағы ұнарсың,
Тағы да ұнап,
тағы да жаңыларсың.
Мен есіңнен шықпаспын қайда жүрсең,
Жек көріп те отырып,
Сағынарсың.
Мен де бәлки біреуге тағы ұнармын,
Тағы талай тірлікте жаңылармын.
Сені есімнен әйтеуір шығара алмай,
Жек көріп-ақ отырып,
Сағынармын.
* * *
Береке болмайтынын сездім де енді,
Мен сенен біржолата безгім келді.
Ашындым,
Амал қанша, аңсай тұра,
Тату шақ, тәтті рахат мезгілдерді.
Таппай да бұрынғы ыстық от түндерді,
Безіп-ақ қаншама рет кеткім келді.
Көріспей қоштассақ па деп те ойладым,
Теріспей қайдағы бір жоқ міндерді.
Жеңіліп қала беріп жүрегімнен,
Күндерім көп те болды құр егілген.
Бәрін де айтса деп те ақтарыла
Райдан қайтса деп те тіледім мен.
Түнеріп
аспанымыз біздің тұнық,
Кетем деп,
Кете алмадым жүз бұлқынып.
Бұлбұл боп күлдің қанша,
Көмейіңде
Қан шеңгел, қарақшыдай құзғын тұрып.
* * *
Күнәңді,
кінәңді де сан кешіре,
Көніп ем,
Азабыңның әммесіне.
Өтінем
бір құшақта балқып тұрып,
Сен мені ендігәрі алма есіңе.
Тындырар ендігі айтқан өкпе нені,
Мақтаудың, даттаудың да жоқ керегі.
Өтінем:
сыртымнан тек сөз етпеші,
«Жап-жақсы жігіт еді», – деп те мені.
Кім білсін...
Маған дақ па, саған дақ па,
Кетерміз артымызға алаңдап та.
Әйтеуір өтінерім, бір еркекке
Көзіңше мақтатпа да, жамандатпа.
Жанымның шұғылалы жарқылы едің,
Білмеппіз бұл өмірдің шарты көбін.
Мен жайлы сөз етпе де, сөз еткізбе –
Өзіңнен осы ғана бар тілегім.
БІР ДАСТАРҚАН БАСЫНДА
...Кім еді, ойбай, мына бір серігің?
Арылдатпай,
Ағайын, өшір үнін!
Берекесін кетірді-ау мәжілістің,
Өшір үнін,
Болмайды кешірімім!
Өзі мақтап бәріңді, өзі сынап,
Өзі жауап береді,
Өзі сұрап,
Соған бола, құдай-ау, ертелі-кеш,
Болып жатыр қаншама сөз ысырап.
Кегі бардай алмаған көп пендеде,
Өкіреңдеп қоймады-ау, өктемдене,
Үлкен отыр,
Кіші отыр, демеді-ау бір
Бейпіл ауыз, бетімен кеткен неме?
Қарамасын
Қайтадан босағадан,
Құдай үшін қуыңдар осы арадан,
Әке-шеше көрмеген неме ме еді,
«Әкеңді...»-ден аузы бір босамаған.
Айтқызбады-ау, ағайын, біріңе сыр,
Аузын жап та мынаның,
Үнін өшір,
Шырқын бұзып бітті ғой отырыстың,
Осындайға қор болған, жырым есіл!
Білмей-ақ та қояйын есімін кім,
Барылдамай –
Барсыншы есірігің,
...Сөзіңді мен де бөліп жібердім бе?
Қызыңқырап кетіппін,
Кешір, інім!
* * *
Ысырып тастамаққа шетке мені,
Біреулер кіжінеді, кектенеді.
Шіркіндер білмейді ғой ашуының,
Тиерін арыныма тек көмегі!
Біреулер келген болып бал ұсына,
Қуанып қайтқансиды табысыма,
Олар да сезер емес,
Қаншалықты
От тастап жүргендерін намысыма!
Ол үшін шағылмайды тауым менің,
Арта бер –
Болса тағы –
Ауырды, Елім!
Шайқалсам кейде тайғақ тар өткелде,
Білемін
Сүйенерлік бауыр көбін.
Білемін әлі төгер тер де көбін.
Маған да бір ұлындай сенген Елім!
Жалған сөз жолатпауға –
Соны ақтауда,
Бас бұрмай біріне де дөңгеле, Күн!
ОҢАШАДАҒЫ ОЙ
Илеп-бүктеп алсам деп кейде өлеңді,
Төгіп-төгіп тастасаң ой дегенді,
Астамдық деп ұғатын ағайын бар,
Асып-тасып асқақтау сөйлегенді.
Қарсыласып шыға алмай қарғып тұрып,
Қаншама ойды, дүние-ай, қалдық бүгіп.
Қайтсем енді?
Кетсем бе елге қарай
Салдыратып бір салт атпен салдық құрып!
Қатар тұрып селтеңі,
Серісін де,
Жырға қосып
Жүрсем бе ел ішінде.
Ғашық та боп –
Аққудай арулардың
Туған шығар біреуі мен үшін де!
Таңды атқызып далада, күн батқызып,
Туған жерді түгелдей жырлап, қызып,
Артық айтып,
Кем айтып,
Ағайынға
Бөле-жармай, барлығын тыңдатқызып.
Жүрсем бе екен
Асаудай алып қашқан,
Аңырата ән салып жалықпастан,
Оразбайлар сойылын
Ақындықтың,
Абайлықтың арына дарытпастан.
...»Мұнысы не, апыр-ау, мұнысы не,
Дуанадай осының жүрісі не?» –
Деп те күліп жатар ма,
Кім біледі,
Бір ағайын түсінбей бұл ісіме.
Мейлі-ау, мейлі
Ондайда от сөнер ме?
Ақын тегі тыныштық көксеген бе,
Халқым жайлы,
Қазақы салтым жайлы
Тынбай жырлап, тентіреп өтсем елде!
Архивіне тарихтың бізді өткеріп,
Өтсін айлар,
Өтсін жыл тізбектеліп,
Жүрсін тіпті
Болашақ бір ғалымдар
Жұрт аузынан жырымды іздеп теріп...
* * *
Айтам енді...
Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем.
Шындық үшін шайқасудан бір талмай,
Айтарымды айтам елге бұлтармай,
Бас кетсе де – тұра алмадым үндемей,
Жалғандықты жалғыз өзім құртардай!
Өз басыма ерекше бір күй іздеп,
Көрген жоқпын көрінгенге киіз боп,
Бір жақсылық аңсап тұрар көңілім,
Әлдекімдер жатқанда да «мүйіздеп».
Өтірікті –
Өміріммен қоса ерген, –
Көре тұра
Қалай ғана кешем мен,
Аңырып та қалған шағым болды, рас,
Жәбір көріп қайдағы бір есерден.
Енді осылай өтер өмір, өтер күн,
Шындық үшін не болса да көтердім!
Мен айтпай-ақ белгілі ғой халқыма,
Бірі емесім,
Үні шықпас жеке ердің!
Расында,
Қырланбай да бұлданбай,
Айтады елге ащы-тұщы сыр қандай,
– Ар алдында ақын өзін әрдайым
Сезінбесе дар алдында тұрғандай?!
ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА
Жамылып күзгі аспанның бұлтын қалың,
Сыңсыдың сонша неге, сұңқылдадың?
Тобыңмен тізіле ұшқан ерке күннің
Еске алып барамысың, шіркін,бәрін?
Топ түгіл... қасында жоқ сыңарың да,
Барады-ау кеудең толып, сірә мұңға.
Кім екен сені жалғыз шырылдатқан,
Жайлатпай
жаздайғы ыстық тұрағында?!
Шыққандай көмейіңнен қыстығып үн,
Басыңа қандай бейнет түсті бүгін?
Осылай оқта-текте қоя ма әлде,
Көрсетіп
көк те
өзінің күштілігін?
Жаным-ай, жетпегендей жылауға әлің,
Жүрегің суырыла тырауладың, –
Баяндап барамысың
баршамызға,
Басыңнан бақытты шақ бір ауғанын?!.
Біз жақта бұрынғыдай ән қызбай ма,
Барасың бебеу қағып жалғыз қайда?
Кешегі қызыл қырман, қыз дәуренің,
Еріксіз еске түсіп, қан мұздай ма?
...Көтеріп өзі көрген бар азапты,
Бетке алып беймәлімдеу дала жақты,
Жамылып қалың бұлтты жалғыз тырна,
Сұңқылдап, сыңси ұшып бара жатты!..
АЛМА
Бозбала шақ –
таңды таңға ұратын,
Көп еді онда жора-жолдас, жұратым,
Көршіміздің алма бағы бар еді
Көздің жауын алатын да тұратын...
Үздіктіріп,
үзілер шақ келді деп,
Алмалары тұрушы еді-ау мөлдіреп!
Таңдайымнан дәмі кетпей жүр әлі,
Татқаныма көп болса да соңғы рет...
Сараң ба,
әлде саудагерлік салты ма,
Қатал еді көршіміздің қарты да,
Алмасына қызықсақ та,
О жаққа
Аяқты біз басатынбыз тартына.
Қыдырыстап қайтар болсам таңда қай,
Мұрын жарып тұрушы еді-ау бар маңай,
...Еске түссе сондағы бір «қылмысым»,
Әлі күнге қызарамын алмадай.
Әрі-бері өтіп жүріп мың рет,
Қалай ғана байқамағам, құдірет!
Иісі жұпар аңқып өтті алдымнан,
Өн-бойымды шарпып өтті бір леп.
Көзім түсіп қып-қызыл бір алмаға,
Қалшиып та қалсам керек, таңдана.
Тостағандай томпиып-ақ тұр екен,
Жапыраққа жасырынып сәл ғана.
Қалай ғана байқамаған ел бұрын,
Көргеннен-ақ,
Кетті менің дегбірім.
Қайткенде де жеуім керек деп түйдім,
Ақысына төлесем де ер құнын.
Тәуекелге тіреле алмай бір бекем,
Әлгі жерден әрлі-берлі күнде өтем.
«Алтын көрсе періште екеш періштең,
Жолдан таяр» дейтіні елдің шын ба екен?
Бақты айнала биік қоршап тастаған,
Көршіміздің шалынан да жасқанам.
Ақыры бір тәуекелге будым бел,
Тірлігімде, қайтып аяқ баспаған.
Әкем өлген жоқ еді ғой алмадан,
(Әлі күнге өзім де оған таң қалам)
Жұдырықтай жеміс үшін
Бір іске
Белді будым бұрын-соңды бармаған.
Қызыл алма қуанышқа бөлердей,
Құмарттым да қалдым соған өлердей.
Тұрып алды көзіме оттай басылып,
«Енді қашан, енді қашан?» – дегендей.
Көз алдымда уылжып та нұрланып,
Күні-түні қызыл алма тұрды анық,
Қызықтырып қоймағасын мен бірде
Баққа кірдім баукеспедей ұрланып...
Содан кейін... Аз уақыт өткенде,
«Қызыл алма» хабары да жетті елге...
Әлі күнге жерге кіре жаздаймын,
Ауық-ауық еске түсіп кеткенде,
...Өмір мені осылай да «сынады»,
Енді, оқушым, еске сақта мынаны:
Содан бері қызыл алма кезіксе,
Аулағырақ зытқым келіп тұрады.
ҚОҢЫР ҚОЗЫ ХАҚЫНДАҒЫ ХИКАЯ
Қылығы жоқ кетпестей ел есінен,
Қызықтыра қоймаған денесімен,
Қоңыр қозы болатын кәдімгідей,
Ертерек айырылған енесінен.
Өзгемен ортақ еді өрісі де,
Өрісі де,
барлық күн көрісі де,
Иесі де мәпелеп,
бағып-қақты,
Алдырмай ит-құсты елдің бөрісіне.
Бөле-жармай
Жасына, кәрісіне,
Кетті сіңіп ірілі-ұсақ мал ішіне.
Түртіншектеп жүріп-ақ,
Хайуанаттың
Алды үйреніп әртүрлі әдісіне...
Елікпеді өзгедей құр дүбірге.
Қошқар болар қозымен жүрді бірге..
Итіншектеп жүріп-ақ
Амалдауды,
Жамандауды үйренді кімді кімге.
Мал ішінде өзінен әлді барын,
Өзі шығар өрістің бар құнарын,
Еміншектеп жүріп-ақ
Елден бұрын,
Елден бұрын үйреніп алды бәрін.
Қалт жібермей малға тән бір амалды.
Құлағанды үйренді,
Жылағанды,
Қойдан жуас қылықпен
Қожасының
Өзіне де ақыры ұнап алды.
Құлдыраңдап қасынан бір қалмады.
Басқа ұрса да
Басқадай бұлданбады.
Күлдіретін
Жүрсе де түртіп те өтіп,
Үркіп кетіп қаперсіз тұрған малы.
Өсе келе
үйреніп дабыраны,
Қожасына
Сонымен тағы ұнады.
Мыңқ-мыңқ етіп,
басқалар тоқтағанда,
Ұзағырақ бір өзі маңырады...
Соғымға да соятын қоңы барын,
Тимеді оған,
Туар деп соңыра күн.
Жаны қалмай күтетін
Соған беріп
Қолындағы жемінің молырағын.
Жетілмесін білді ме жетім бірден,
Жері жоқ өзін-өзі өкіндірген,
Тоқтатып өзгеге ере жамырауды,
Маңырауды шығарды не түрлі үнмен.
Пәтшағардың өзі де жемір еді,
Қабырғасы майланып,
семіреді.
Лақ болып бақырып,
Енді бірде
Кәдімгі бұзау болып мөңіреді.
Ұнатарын бақташы кісі нені,
Оңбағырдың іші де түсінеді.
Шығарды бота болып боздауды да,
Құлын болып біресе кісінеді.
Енді бірде өзі боп маңырады,
Қожасына осының бәрі ұнады.
Қанаттыға қақтырмай күтіп-бақты
Қайда жүрсе
Қасынан табылады.
Мүләйім мінезі жоқ жастағы әлгі,
Жабағысын бір рет тастап алды,
Тоқты болып,
Тойынып шыға келіп,
Көзге ілмеуге айналды басқа малды.
Күндер өткен,
баяғы бүрсеңдеген,
Қошқармын десе де –
оған кім сенбеген!
Енді тіпті ауылдың қойына бар
Ойы да бар
Ие боп жүрсем деген...
ЕКІ ЖИРЕН
«Жетпесе құлағына ақтық үні,
Несіне ала жаздай бақты мұны?
(Тел өскен құлынынан
Қос жиреннің,
пышаққа ілінгелі жатты бірі.
Әй-шайға қарулы қол қаратпады,
Қайраулы қара пышақ жалақтады.
Төрт аяқ тең буылып,
Тыпыр қақты,
Тұрған ат қаңтарулы таң атқалы).
Айнала аңыз еткен атын кілең,
Ел де бекер жиналмай жатыр, білем,
Апыр-ай, пышақ үсті кеткені ме,
Шынымен жеткені ме ақырғы дем?
Сан рет сүйсіндірген бұрын елді,
Шынымен сөне ме осы ғұмыр енді?
(Байлаулы қала берген мамағашта
Серігі тура осылай күңіренді.):
Бірге өскен осы аулада тең шіреніп,
Екеуміз бір адамның меншігі едік,
Кім білсін,
Тәңірден бе,
Жәбірден бе,
Тірлікті түрлі-түрлі еншіледі.
Кім білсін,
алалады неге кілең, –
Сен жедің ақ бидайды,
бедені мен,
Әйтеуір, құлыныңнан қожамыздың,
Ерекше құрметіне бөленіп ең.
Алдыңа мал салмаған желістен бе,
Сүйсінді ол
Су тұнығын сен ішкенге.
Әйтеуір маған ғана қамшы үйірді.
Екеуміз қарап тұрып тебіскенде.
Бір өзің жылқы ішінде бойға әсемі,
Мінетін қойға мені, тойға сені,
Қожамыз қылшығыңа кір жуытпай,
Жүз қарап тұрпатыңа тоймас еді.
Қашанда қайшыланып қос құлағың,
Күн сайын арыныңа қостың арын.
Қожамыз да айналып-үйіріліп,
Сенің ғана аузыңа тосты барын.
Әшекейлі құйысқан, өмілдірік,
Құйрығыңды тарайтын төгілдіріп.
Менің ғана арқамды жауыр етті,
Ауыл үйдің баласы тегін мініп.
Білмейсің бе, бауырым,
білесің бе,
Қазіргідей бәрі де тұр есімде:
Екеумізді қамайтын тас қораның
Қиын да
мен тасушы ем күресінге.
Кім біліпті,
Тұқымың текті ме еді,
Саған ауып тұратын көп тілегі,
Сені, тіпті далаға шығармастан,
Ақ боранда шанаға жекті мені.
Сұқтандырып өзіне көпті денең,
Сауырыңа қол тисе еттің елең,
Алты ай қыста аузыңнан кетірмейтін
Таситын ем даладан шөпті де мен.
Білдің бе сен, бауырым,
білмедің бе,
Кейде тіпті өзіңді күндедім де,
Менің арқам деп,
іштей кіжінуші ем,
Жүйрік болып,
Жүлде алып жүргенің де.
Сенің де бар ма еді бір өз білгенің,
Қаншама жыл ішінде сездірмедің.
Баладың ба жабыға,
не тағыға,
Қасымда қатар тұрып...
Көзге ілмедің.
...Күткендей-ақ көктемгі жер кебуін,
Естілмеді бұрынғы өрлеу үнің.
Түсінбегем себебін,
Қожамыздың
Биыл саған көп көңіл бөлмеуінің.
Шығарда жаны бірге секілді еді,
Белгісіз
енді неге бекінгені.
Әйтеуір үй маңынан ұзатпады,
Күні-түн алдыңнан жем кетірмеді.
Қиыңды
жүрсем де әлі қырға тасып,
Тұратын болдық ұзақ бір матасып.
Жалданып,
Жоталанып бара жаттың,
Күн санап сауырыңның сымбаты асып.
Сәл-сәл бір тартқандай
түрің қылаң,
Шоқтығың биіктеді бұрынғыдан.
Жемің де үзілмеді алдыңдағы,
Менің де жақсармады күнім бұдан.
Жал түгіл,
Құйрығыңның қылы сынбай,
Манағы тұлғаланып тұрысыңды-ай!
Төрт жігіт тырп еткізбей
Тұзақтады
Мал алғыш
баяғының ұрысындай.
Белгілі болып сонда дерт ішкенің,
Шұрқырап,
Шылбырымды мен тістедім.
Құлағым еміс-еміс шалып еді
Көктемде аяғыңа жем түскенін.
Қызғанып сенің ғана тірлігіңді,
Тұншықтырып іштегі жүрдім үнді.
Кешірші,
Көз алдымнан кетер емес,
Қия алмай,
Қиналғаның,
Нұрлы күнді.
Бауырым,
бітіспес бір ерегеспен,
Кеттің бе,
Көре тұра елеместен?
Апыр-ай!
Қалай болды?
Пышаққа да
Алдымен ілінетін мен емес пе ем?!
Кешірші,
Желілес те,
Жемдес едік,
Қайтерміз,
Тағдыр бізге бермесе ерік.
Тірлікте осқырынып жүріппіз-ау,
Бойдағы желігің мен желге сеніп.
Біріміз бірімізді ес тұтпадық,
Тұрсақ та бір қорада,
досты ұқпадық.
Бәрінің де бір күндік болмайтынын
Кешірек түсінеміз... өстіп барып.
АРЛАННЫҢ АЖАЛЫ
Айнала атағымен дүрілдеткен,
Ит еді ол бар өмірі қырында өткен.
Даң-дұңға есі шыға аласұрып,
Аңшының айтағынан бұрын кеткен.
Тарығып көріп еді бұрын неден?
Арсылдап, қалшылдап та, дірілдеген.
Ауылдың сақшысындай саңқ-саңқ етіп,
Саңқылдап түнде көзін бір ілмеген.
Күш-қуат тасып тұрған шағында өктем,
Аңырап аң соңында адырды өткен.
Айбарлы арлан еді, ит басымен,
Айнала өзін жұртқа қадірлеткен.
Зымырап,
Зулап ағып өтті күндер.
Жанардан өшірді екен оны кімдер?
Әйтеуір қартайды арлан, қалды атақ та,
Қызулы, қызық дәурен жоқ бүгіндер.
Ардақтап, шықпайды алып ешкім аңға,
Бұрынғы қуат та жоқ сес қыларға,
Басынан баяғы күн бір-бір ұшып,
Жатады тіреп тастап төсті қарға.
Ит еді-ау асып туған артық текті,
Тұратын сұсы қандай шарпып бетті!
...Ақырғы күшін бойға жиып бір түн.
Қарды іреп, қырға қарай тартып кетті.
Алаңдап бас бұрмастан бір дыбысқа,
Қарамай кім жазықты, кім дұрыс та.
Тоғайда топ қасқырға кездесіп қап,
Соңғы рет қанды майдан кірді ұрысқа.
Азулар қарш-қарш етіп небір өткір,
Азынай сарнап кетті еңіреп қыр.
Қалың қар қызыл-жоса қанға айналып.
Жүндей-ақ түтеленіп төңірек тұр.
Арсылдап аңдып бәрі желке тұсты,
Сарт та сұрт сартылдата серпе тісті!
Айқасқан ата жаулар осы жолы
Өліспей беріспеуге серт етісті.
Өн-бойдан ақты-ау қан мен тер селдеп те,
Қансырап,
Солқылдады кең шерлі өкпе,
Ажалға таба болмай арлан, шіркін,
Шықты ма бір шайқасып өлсем деп те!..
Болмаса балақтан ап шәуілдескен,
Көп итке күйінді ме ауылда өскен,
Армансыз ақырғы рет бір шайқасып,
Тандырып кетпек пе еді жауын да естен?!
Алқынып... Бірде жанып, бір өшті үміт,
Бой бермей бөрілер де сіресті ұлып,
Әйтеуір көпке дейін жатты ауылға,
Арланның арс-арс еткен үні естіліп,
Көзіне қан құйылып, жас тұна ма?
Өлімге байлап па еді басты мына?!
...Таңертең көрді халық: Тынып мәңгі,
Жатты арлан бір қасқырды астына ала!
* * *
Төбемнен тізіле ұшқан тырналар-ай.
Кеттіңдер ме, бұрылып бір қарамай,
Қия алмай,
Құлазыған қайран көңіл
Қосыла кеткісі кеп тұр ма, қалай!
Толтырып төңіректі түрлі әуенге,
Тыраулап өтіп жатса тырна әуенде,
Бүлкілдеп бұлақ шықса бұлаң қағып,
Мүмкін бе бүйрегіңнің бұрмауы елге!
Сазына сағыныштың жел де басып,
Бұрылмай, барасыңдар белден асып,
Тарттыңдар тізіле ұшып қайда ғана,
Тырналар, туып-өскен жерге ғашық!
* * *
Ақ шағалам!
Өзің барда болып па ем басқаға алаң,
Өзің барда, құдай-ау, көзге іліп пе ем,
Аяғымның астында жатса ғалам!
Теңіз едім –
Сен барда –
айдыны кең,
Тартылуды біліп ем қай күні мен,
Жайбарақат жайылып жатпаушы ма ем,
Маужыраған даладай май гүлімен.
Өзің барда – сарыны бөлек өскен,
Сарқылуды білмейтін көл емес пе ем.
Жатпаушы ма ем,
Жарқылдап сен жүргенде,
Жалғаныңның жартысын елеместен.
Құшағыңды дауылға, жауынға ашып,
Күзде қайтып кетіп ең тауыңды асып.
Қалып қойдың, құдай-ау, қай жақтарда,
Қай жақтардың көліне бауыр басып?!
Біле де алмай болғанын нелер бөгет,
Көктем сайын көңіл де елеңдемек.
Омырауы жарқылдап Ақ шағалам,
Ақ шағалам қайта ұшып келер ме деп!..
АДЫРНА
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен!
Махамбет
Тыңдасын – анау аспан,
мына қырат,
жақпардан жарқырап бір құла, бұлақ!
Тыңдасын –
қырларым да,
қырманым да –
адырнам қолымдағы тұр аңырап!
Ал енді
Ала өгіздей мөңіретейін,
есердің есін алып, еңіретейін.
жеті қат аспан асып,
басқа қашық бар болса,
қабырғасын сөгіп өтейін.
Тыңдауға туған дала болса дайын,
бере тұр,
қорамсаққа қол салайын.
Жебенің жеті атасы бар-ау мұнда,
өткір ме –
қолыңа алып,
көрші, ағайын!
Жебір мен жеркенедей қуды сынар,
жебемнің ұшқыры бар,
ұлысы бар.
біреуін бел асырып жіберсем бе,
ар жағы бұрынғыдай шулы шығар!
Анау – бір арамзаның ізі болар,
Жасыра біледі ғой жүзін олар,
сыртынан зуылдатып,
сұр жебенің
біреуін жіберсем бе дүзі доғал!?.
Жалқауды төсегінен тұрғызайын,
жақсының бетін бері бұрғызайын.
Қорқаудан қыртың бұрын құтырды ма,
шіркіннің шырқын бүгін бір бұзайын.
«АДЫРНА» кітабынан
Шығарып қанымызда жоқ қылықты,
үйренген
ұрлық-қарлық
ептілікті,
сақалын саудалаған кәріге ме,
жебем бар бәріне де жеткілікті.
Жетеді бәріне де жебелерім,
көрсетіп қойыңдар тек төбелерін
сұмырай нысанаға ілінгесін,
саусағым дірілдесін неге менің!
Адырнам аңырауға бүгін дайын,
садақты солқылдата сығымдайын.
Қарсылас
тұрысатын жерін айтсын,
бет бұрып, біреуінен бұрылмайын!
Тыңдасын –
аспан күліп,
алқынып қыр,
төрешім, мергендіктің шартын ұқтыр!
Ал енді ала өгіздей мөңіретем,
Адырнам, ала қашып, тартылып тұр!..
ҚАЙРАН КӨҢІЛ
Қайран көңіл!
Құмарыңды
қандыра алмай жүрмін мен,
қайда барып құларыңды,
тынарыңды кім білген!
Айналаңды жаратпастан
асау өскен ерке едің,
алды-артыма қаратпастан
алып қаштың, өртедің.
Қыз-қыз қайнап, жанып, ысып,
қайда бетті бұрмадың,
жолдағының бәрі ығысып,
жұлқынып-ақ тұрғаның.
Қары да бар,
зары да бар,
жары да бар жолда бұл,
қиқаңыңды қағып алар
қиындықтар болды ауыр...
Кетті ме елге көп үлесің, – жүрсің бе әлі жасып кіл, – елігесің, желігесің, төгілесің тасып бір. Бұған да әлек, оған да әлек қайран көңіл... Кім білген? – мертіктіріп алам ба деп, құрақ ұшып жүрмін мен. ЕЛУ Уақытпен сырласу Сонымен... Елуіңе біз де келдік, қар басып елу рет, күз де көрдік. Кеудеден үміт үні бір арылмай, жүріппіз күні-түні іздеп ерлік. Енді-енді бір биікке жетеміз деп, жүріппіз тура барар төтені іздеп, Көбіне көңіл, шіркін, тоймады да, қыза да қоймады ма шекеміз көп? Кімге айтам, бұрынғыдай сұстың азын, ентелеп езуіме түсті ме әжім? Еркелеп, еліргенге болдық па мәз, ертерек көлімнен де ұшты қазым. Азайып білегімде бұла күшім, жеткізбей әлі қанша жүр алысым, бар шығар өзімнен де, төзім кем бе, – көбіне, Уақыт, сен де кінәлісің! Көрмесе көңілім де сергіп әлі, көбіне, қайран күндер, сен кінәлі. бар еді қанша арманым, аңсарлы әнім, қайтейін, жеткізбей-ақ келді бәрі! Қарасам, – түгім де жоқ тапқан бүгін, жатыр-ау жаңғырта алмай жақпарды үнім, –
біртіндеп бойдағымды,
өткен күндер,
білінді-ау алып қалып жатқандығың.
Ғұмыр да қызықтырып,
құрғыр, кешкен,
кейде бір айырылып тұрдым ба естен, –
бір-бірлеп алып қала беріпсің-ау,
Уақыт,
бойдағымды білдірместен.
Азайып бойда маздар өртім бар күн,
алдымен еркімді алдың,
көркімді алдың,
Шығатын шайқас десе ұрып төсін,
шығардың сілікпесін өр тұлғамның.
Сиремес қалай ғана шаш та қалың,
сүйремес бізді алысқа асқақ әнің.
Білінді енді келіп,
денсаулыққа
ақырын қол да сала бастағаның!..
Бұл күнде қызға деген қырым кеміп,
бүлініп,
бұрынғыша жүгірмедік.
көңілім бірте-бірте суыды ма,
қойдың-ау буыныма діріл беріп.
Тасырқап,
Тайбурылым шалдықты ма,
даусым да бұрынғыдан қарлықты ма, –
білдірмей алып келе жатқан бәрін,
Уақыт, сенде ғана барлық кінә!
Әлі де алатының аз ба менен, –
тумайды бұрынғыдай маздап өлең,
кешкілік түздегі арай солған тартып,
ойысқан күзге қарай
жазда келем!
Уақыт, демесем де сорым қалың,
бұл күнде сенің ғана қолыңдамын,
әзірге өрісім – мал, жемісім – бал,
біртіндеп ала берші соның бәрін!
Ақ пейіл ағайынның көңілі бар,
қайтейін,
жеңе алмаса сені бұлар.
Тақырға отырғызып мені бір күн,
қаласаң, жүрегімнің желігін ал!
Әлі де өзгермеген өз үнім бар,
сырғалы сұлуларға сезімім бал.
Әрдайым алдаспандай жарқылдайтын,
мәңгілік сарқылмайтын төзімімді ал!
Мін бар ма мінезімде, не тұлғамда –
оны да ал –
ойға батып отырғанда:
ноқтала, керек десең, өр көңілді,
тек қана –
кеудемдегі отымды алма!
Қаласаң –
енді қалған шашты аларсың,
тиіспе,
ауыр ойлар баста қалсын.
Бәріңе шыр-пыр болған жүрегім бар,
жолауға –
өзің де оған жасқанарсың.
Көндік біз – күн мен түнің жиі алмассын,
өзің де тездетерсің,
ұялмассың,
барыма жармассаң да ашық әлі,
арыма
ешқашан да тие алмассың!
Түссе де тіршіліктің қысы бүгін,
сөзімді саған айтар түсін, ұғын:
алсам деп, әуреленіп жүрме бекер,
көрге де бірге кетер кісілігім!
ҚОРҚА БЕРЕМ
Көңілімді торлап алып түрлі үрей,
қорқа берем сонау бала күнгідей:
мен болмасам –
дүниені төңкеріп
кете ме деп,
құдай атқыр бір дүлей!
Мен болмасам –
күліп атып жарық таң,
кімнің ғана көкейіне дарыпты ән? –
Қорқа берем –
мен болмасам, –
бір күнде
құт-береке кете ме деп халықтан!
Мен болмасам –
ай сәулелі нұры арнап,
аруларға кім жүреді жыр арнап?
Мен болмасам –
кім біліпті,
тұнжырап,
молалардай суық тартып тұрар бақ.
Мен болмасам –
басқалары не білер:
күлімдесін кімге ғана сеніп ел.
Арнасынан асып құлап өзендер,
тасып бұлақ ақпайтындай көрінер.
Берекесін кетіріп ел, ортаның,
кейде бүлік бөрі болып жортады үн.
Мен болмасам –
іріткі сап араға,
дүрліктіріп жүре ме деп қорқамын.
Дүниенің төрт бұрышы тола дау,
түйіспей де жатқан талай жол анау –
қалғып кетсем –
қас қағым сәт ішінде
асты-үстіне шығатындай болады-ау!
ҮНДЕУ
Құлағыңа жетпеді ме, жетті ме,
қайран сөзім қу далаға кетті ме, –
Тыңдатып ем өлеңімді талайға,
тіл қатып ем туысы ірі тектіге.
Дәм татырып көңілімнің төрінен,
кісілікке шақырып та көріп ем, –
Тілімді алған бірі бар ма, құдай-ай,
бірі бар ма айтқаныңа еріген?!
Өзгерте алмай өрескелдеу мінезін,
ірілері – ірі тұтып бір өзін,
өлеңімді оқи ма анық, кім білген,
қарадай-ақ қоқиланып жүр езің.
Ебін тауып екі асаған ептінің
әлі күнге ұялта алғам жоқ бірін, –
қайсысына ағайынның жөн сілтеп,
қайсысының құлағына жетті үнім?
обыры бар,
содыры бар,
өткірі,
көрдік талай тентек өскен тектіні, –
бұрынғыма бұрылмайды, құдай-ау,
осы неге шырылдайды деп бірі.
Артып тудым демесем де елден мен,
Көңілім бар көптен бері шерленген.
Ерегесте нең бар еді, ағайын,
сұрайтыным сол емес пе сендерден?
Естіден де еститінім – өкпе, дау,
ойлан десем, одыраңдап кетті анау.
Ақыра айттым,
батыра айттым,
амал не,
біреуінің құлағына жетпеді-ау!
Ағатай-ау, ата салтын сақтамай,
көңілдегі кете қойсын дақ қалай, –
Соларды айтып қаншама жыл қақсаған
қайран сөзім далаға ұшып жатқаны-ай!
СҰРАМА
Жастық, шіркін, желіктірмей тұра ма,
кеше қандай болғанымды сұрама:
Айта алмаспын – татпадым деп бал шарап,
батпадым деп, балдан тәтті күнәға!
Бастығып та болған жоқпыз біз әлі,
дүбір десе – делебеміз қызады.
Ағайынның сөзі қалмай соңымнан,
күлгенімнің өзі қандай ызалы!
Соңыма еріп жүргенімен өсек кіл,
жүзім суық, жүрегімнің сесі өткір.
Өмірім де сол баяғы қалпында,
көңілім де көп бүлінбей – кесек тұр.
Ақылына құлақ түріп талайдың,
әр ісіме күмәндана қараймын.
Маңайлатпас күллі «шылық» дегенді,
әлі күнге бір кісілік бар айбын.
Бір кісілік қызық тірлік кештім мен,
барым болса – жасырмадым ешкімнен,
желөкпе деп, түңіл мейлің, жақсы інім,
бұлан-талан бүлінбеймін – ес кірген!
Осы менің тергенім де төккенім,
жайымды ұқпай, жақсы бала, сөкпегін.
Болмаса егер тығып келген қазынам,
шығып көрген мүйізім де жоқ менің!
ЖЫР ОБАЛЫ
Көмейіме толып келіп, кептеліп,
қайран ғана қаншама жыр жетті өліп,
түйдегімен топырлаған ойды да,
күйкі тірлік күйбеңімен шектедік.
Білмедім ғой, білмедім ғой, білмедім.
Қанатымды қақтырмаған кім менің, –
қыз қасында өтті-кетті, не керек,
құз басында қалқып ұшар түндерім.
Келмес жерде келеді деп ой құрғыр,
құрақ ұша жүгірмей-ақ қойдым бұл,
кейде есіңді жия алмайсың аңырып,
қызығын да қия алмайсың... тойдың бір.
Тұтқиылда тосын келген ойды да
қарыз етіп кете бердім мойныма.
мұнша неге кергідің деп, сөкпе, дос,
тіршілік те мұнша бере қойды ма?
Өлең-жырды етті дейсің кім ермек,
кезінде де аттың басын жібермек,
тартынасың баспадағы бір «мықты»
жазғаныңа қалай қарап жүрер деп.
Өзімізді-өзіміз кеп шектедік,
биікке де, күйікке де жетпедік,
бір қалыпты текіректе баяғы
қаншама жыр көкіректе кетті өліп!
Кімге өшігіп, кімге ғана кекті едік,
ызамыз да ымырамен шектеліп.
Ұялмадық далаңнан да, балаңнан,
келе-келе қаламнан да кетті ерік...
Синоптиктей ауа райын дәл білген,
сезіп тұрмын – болады енді алдым кең.
...Жоғарыға қараймын деп жүргенде,
қанша жырдың обалына қалдым мен!
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА
Дәрежем болмаса да дүрілдеген,
бірімін мықтылардың бүгінде мен,
айыпқа бұйырмасаң,
Абай аға,
азырақ өз алдыңа жүгінбек ем.
Шығарсам сыздықтата сыр ұшығын,
айтпағым...
(Абай аға, дұрыс ұғын).
бүлінген ел іші емес баяғы бір,
керісі емес Тобықты ұрысының.
Жараса жүгінуге бет-беделім,
алдыңда азырақ сыр шертпек едім,
(Баяғы Қарқаралы дуаны емес,
жігітек жуаны емес өкпелерім).
Бұзылып әңгімемнің ырғағы да,
кейіме, көкейімде мұң барына, –
көңілге толмай әлі келе жатқан,
менікі сол баяғы жыр қамы да.
Көңілге келе жатқан толмай әлі
айтарым өлең қамы сол баяғы, –
бүлініп жүргендер бар жүлде десе,
жүгіріп, жерге тимей қолды-аяғы.
Сақтаған саф алтындай таза тілін,
жазғырып отыр деме әз ақының.
Көкейін көлем кернеп, өлеңді ермек
еткенге қолданатын жаза түрін,
қазақы қара сөздің даңғайыры,
өзіңнен сұрағанның бар ма айыбы? –
Әйтеуір, Абай аға, аруағыңның
бізге де тисе деймін сәл қайыры!
Кезіге бермес мұндай келелі күн,
өзің айт, алдиярым, төрелігін.
Бетке айтып көргеніңді, білгеніңді,
шыр-пыр боп жүргеніңді еледі кім?
Мен де өлең жазбап едім ермек үшін, –
кім білсін,
дарыным аз, –
кем бе күшім, –
келемін өрдегісін көндіре алмай,
сөзіме сендіре алмай өлмелісін.
Күйіндік,
күңірендік,
кимеледік,
маған да ес білгелі тимеді ерік.
Айтқаным кетпесін деп айдалаға,
кеудені қайда ғана сүйремедік.
Даулаған тайған бағын, байдан малын
мен емес Базаралың, пайғамбарым,
емеспін қатарыңда, жатағыңда,
ақтарып, өз алдыңда жайған бәрін.
Сапында қасиетті жыр-жасақтың,
атыңды ұран етіп қырда шаптым.
Қосты ма ел жақсылардың санатына –
келеді ара-тұра мұң да шаққым.
Айтты деп, айыптамай, өз мұңымды,
сала жүр соңғыларға көз қырыңды,
көбейіп арамызда епті кілең,
арзандап кетті білем,сөз бүгінгі.
Бұл күнде әр ауылда бір-бір Абай,
қайтсін-ау тұғырынан жыр құламай!
Сөйлемес – өлермені, өлеңшісі
алдымен өз кеудесін ұрғыламай.
Тіріде дайындаған тас тұғырын
солардың мейманасы асты бүгін, –
өңешін созды бірі
өлең арнап,
бақырбас баласына бастығының.
Өз басы озбаса да топтан әлі
біреуі міндет қылып көп баланы,
біздерге миығынан күле қарап,
Сізден де қысылмайтын боп барады.
Бұл күнде өлеңі емес, өзін елге
әйгіліп жүргендердің көзі менде.
Кім білсін, ескі жара ушыққандай,
астынан су шыққандай сезінер ме?!
Ермегі ақындардың тек өлең бе,
Ілмейді бес қаруын неге белге?
мәз бола береміз бе арулардың
ажарын ай мен күнге теңегенге!
Бұл күнде анау да «ақын»,
мынау да «ақын»,
жемсауы жыбырлаған жырау да «ақын».
боз таңнан боздап ала жөнеледі,
шіркіндер, жетпегендей жылауға түн.
Білмейсің: ақыны кім, ақымағы,
былығып баяғыдан жатыр әлі,
құлқынын тығындайтын «цитат» іздеп,
Сіздің де басыңызды қатырады.
Ұнамай осылардың бірі маған,
түнеріп, түні бойы жүріп алам.
Күшімді қайнап тұрған – қайда жұмсап,
ішімді қайтер екем – жылымаған?
Айта алмай айтарымды, мың бөгеліп,
төнемін ақ қағазға түнде келіп,
іштегі отты сезім, кекті сөзім,
қиналам, кетер ме деп мүлдем өліп!
Дарыса жылы сөзің жетеліге,
жаты не, жақыны не, бөтені не, –
құрбыммен қырғиқабақ табысар ем,
қысылмай жабысар ем етегіне.
Көл-көсір көңілінің қозға мұңын,
таскерең түсінер ме сөз қадірін, –
қалды ғой танудан да,
тойынғандар
қазақтың өзіңіздей озған ұлын!..
Дәрежем болмаса да дүрілдеген,
өлеңде орын тептім бүгінде мен.
Сан рет шарт сынардай шамырқанған
кезімде алдыңа кеп жүгінген ем.
Кейіме, көкейімде мұң барына, –
шын ақын сөзін сатып, бұлдады ма?
сөйлесем назырқана, азырқана
тойымсыз сол баяғы жыр қамы да...
ТІРШІЛІК
Тіршілік тәттілігін жүз ұқтырып,
тағы да бара жатыр қызықтырып.
Алтыны,
жарқылы ма, –
көз алдымнан
күнде бір өткізеді тізіп тұрып.
Кейде бір кеудемдегі жел бөгеліп,
кейісем,
кеттім бе деп егделеніп,
Кенеліп аруға да,
даруға да,
дүнием жүре берер демде кеңіп.
Маржанын мөлдірете тізіп тұрып,
біресе түсіме де бұзып кіріп,
бал-дүние балбыраған бабындағы
барады-ау күннен-күнге қызықтырып!
ӨЛЕҢ ЖОЛЫ
Быт-шыт болып, бытыраған ой мынау,
таңға дейін түк жаза алмай қойдым-ау!,
...Өлең деген ару шығар деуші ем мен
сымбаттылау, сұңғақ қана бойлылау...
Озып барып, орта жолдан килігем,
қыран болып, қия тұстан шүйлігем, –
деген едім, болмады ғой,
болмады,
өлең жолы осыншалық қилы ма ең!?
Өмір бойы аңдысу ма ол деген,
қанды су ма –
кісіге өткел бермеген,
қылаң еткен бір биіктің басына
қарлығаштай қалқып шыға келмек ем!
Қанша кете қойды дейсің жұрт артып,
қиындық жоқ діңкемізді құртар түк,
шоқытып-ақ шыға келем деген ем,
шабдарымды шаптан ала бір тартып!
Амал қанша, алдырмады адырлар,
маңдай тұстан атпай қойды таңым дәл,
Көз ұшында кетіп бара жатты әлі –
Мұқағали, Тұманбай бар, Қадыр бар.
Одан әрі қолын бұлғап Қасым нән,
дүрілдейді, даңқын елден асырған,
жалғыз барып жайламаққа бір тауды
Жұмекен де жүйіткіп өтті қасымнан.
Өзім жайлы естімеп ем көптен сын,
ел тілеуі енді маған от берсін.
Айтылмаған сөз қалмайды, десек те,
көзді арбайды Фаризалар жеткен шың!
Өлең жолы –
қандай ғана қиын ең,
өзімді-өзім қайрай түсіп жиі мен,
быт-шыт болған ойдың басын қоса алмай,
түні бойы түнеремін, түйілем...
Қайда барар – Тұманбай кім,
Қадыр кім? –
Кезігерміз астында анау адырдың, –
деп те бүгін, ширықтырып шабытты,
шабдарымды шаптан ала тағы ұрдым!
Қиқулаған көтермесін бұлдамай,
көрсін бәрі –
көсілерін кім қалай, –
деп құйғытып кете бере...
қарасам:
қарсы алдымда...
Қаратаудай тұрды Абай!
Қас қағымда...
түспеді еске сөз бірден,
сасқаным ба, өзіме-өзім тез күлгем.
Айызымды қандырмасын бұл өлең,
оңайлықпен алдырмасын сездім мен!
АУЫЛДАСПЕН ӘҢГІМЕ
Кім бар еді өлең жаз деп зорлаған, –
көп құрдасым қой бағып та болды адам,
соның бірі келе қалса ауылдан,
Алматыда отырып-ақ...
қорланам.
Құжырадай қораш-қораш үш бөлме.
үш бөлмеге сыймайды үш-төрт үстел де.
Жолға түсіп жосыла алмай мен деген,
қосыла алмай келем бе әлі «күшті елге».
Мейман досым мекіреніп,
құймасаң,
кекіреді кеңірдектен «сыйласаң».
Мүсіркейді: «Баласың, – деп, – әлі де,
аласың, – деп, – бұдан тәуір үй қашан?»
Мен айтамын:
«Махамбетте те, Абай да
тұрмаған ғой жүз бөлмелі сарайда,
Көштен қалып келем бе мен соншама,
өлең деген баспанаға қарай ма?»
Кеңкілдеп те күлді енді:
«Әй, пәлі-ай,
көмейің де көрінді ғой байқамай,
ақын болып керегі не, тірлікті
асты-үстіне шығара бір шайқамай!
Алақаның көрген емес күлдіреп,
не бітіре қойдым, дейсің, жыр күреп.
Мен білетін Абайың да, басқаң да
естігем жоқ жаман үйде тұрды деп.
Бұл пәниден өткен күллі (ұқ, шалым!)
келді ме әлде ұлыларға ұқсағың?
Қарапайым боламын деп жүргенде
батып кете бермес пе екен қысқа күн...
Ақындарды ақта қанша, зар иле,
қырсыздығым, демейсің ғой, әрине,
Осы күнгі Олжастардың өзі де
отырған жоқ сен сияқты тар үйде!
Тарлық көрмес кісідей-ақ сомадан,
кердеңдейсің,
көңіліңде жоқ алаң.
Әбділда ағаң қос қабатты үйде отыр,
әулиемін деп жүрсің бе сен одан?»
Күйіп кеттім:
«Білетінің – кіл мазақ,
бұл өмірде кезікпей ме шын ғажап.
Көмекейін күй кернеген, кешегі
Қасымға да үй бермеген бұл қазақ!
Тірлігінде тұрмыс билеп, жоқ қажап,
қаншама ақын пәтер жалдап шекті азап,
саған барып шағынды ма біреуі,
жалынды ма –
зынданға сал, отқа жақ.
Хан-сарайға айналдырып үйді ескі,
білсең –
ақын сәт сайын не күй кешті –
көбелектей күйді барып күймеске,
бармақ тістеп,
сүйді барып –
сүйместі.
Қас қағымда күйге түсіп ол нелер,
ешкім жоқтай енді өзіне тең келер,
айналады он сегіз мың ғаламға
қарлығаштың ұясындай бөлмелер.
Кеудесіне қондырып қыс, көктемді,
күңіренді, күбірледі, кектенді, –
қораш қана құжырадай үш бөлме,
үш құрлыққа айналды да кетті енді.
Жәһаннамға жалғыз барып,
билейді ел,
ақындарды сол үшін де сүймей көр,
Қайдағы бір құрдастықты малданып,
қыжыртам деп, қытығына тимей кел.
Құдіретті күшке айналып ол демде,
еш пенденің айтқанына көнген бе,
Ұйқысынан оянғандай болады
оқта-текте сендер кіріп келгенде.
Ақын деген –
баяғыдан ар құлы,
бар оның да базынасы,
бар мұңы.
күйінің де кетер кезі аз емес,
білінеді үйінің де тарлығы.
Құрдасым-ай, айтамын деп аздап мін,
көңілдегі көп сырымды маздаттың.
Бір ағайын шошыды ма сөзімнен?
Мен болмасам –
осыны да жазбақ кім?!»
КЕШ ҰҒАДЫ...
Кетті алыстап дүрмек бізден,
мұқалды ма көк алмас? –
Басымыздан бірге өткізген
бал түндер де оралмас…
Жүрек, шіркін, сыздап әлі
жүдеп қойып жүрсең де,
бұрынғыдай
қыз қабағы
батырмайды мұң-шерге.
Қилы күндер өтті бастан,
кекке ұласқан не сұмдық.
Кеше ғана
бетті басқан
қылықты да кешірдік.
Кімге керек білгеніміз,
бұлшық етте күш бар ма?
Қалғып-мүлгіп жүргеніміз,
қиып түсер тұстарда.
Кіретін шақ қайда қалған,
қан майданнан
шошымай –
Енді бармақ шайнағаннан
не шығады, досым-ай!
Егілгеннен не шығады,
ескермедік сәл бұрын.
Адам деген кеш ұғады,
кеш ұғады... барлығын.
БҰЙЫҒА БЕРМЕ
Бұйыға берме, бұлалау өскен дарынды ұл,
жұқарып жүйкең,
мұқалып жүрген шағың бұл,
күтпеген жерден
шілдеде келген ызғардай,
кетеді әлі, өтеді бәрі – сабыр қыл!
Өтеді бәрі,
ізі де қалмай белгі етер,
ұлым деп мығым ұсынар саған ел де төр.
Түнеріп аспан,
реңі қашқан қырқаға
қиыла қарап,
қинала берме сен бекер.
Бұйыға бермей,
бұлалау өскен дарынды ұл,
булыға түлеп,
бұрқырап қайнар шағың бұл.
Арнаңнан асып,
ақсаңшы тасып дариядай,
бүктеуін ашып,
қақсаңшы көңіл шаңын бір!
Емініп елге,
егіле берме сен бүгін,
уайымға ерме,
ерсілеу болар ендігің.
Үміт пен күдік арбасқан шақта кеудеңде, –
екіұдай болмай, айқасып барып...
жең бірін!
ЖАУАП
Мені де күндеп, біреулер жоғарыға
домалақ арыз жазатын көрінеді. Қарадай
күйелеп, жала жаппақ болады. Сондай бір
арызға жауап қайтаруға тура келіп еді...
Ақпанға айналдырып тамызымды,
бағатын көрінесің әр ізімді.
«Ағайын», салсаң еді сөзге құлақ,
әріге жиып қойып арызыңды.
Жылқым жоқ жусап жатқан жықпылдарда,
апыр-ау, ақыңды жеп,
шықтым ба алға?
Немесе,
елеген бір,
жебеген кіл
қолтықтан демеген бір мықтым бар ма?
Несіне жауығады жаттай бәрі,
бетімнен күні-түні қақпалайды, –
Керек пе
таңдайымнан жыр төгілмей,
біржола маңдайымнан бақ тайғаны?!
Басыма үйіп-төгіп бар кінәні,
«ағайын» келеді екен аңдып әлі, –
бұл қашан бүлінер деп,
сүрінер деп,
тірліктен түңілер деп...
қалғымады.
Алдыма түсіп алып, құйтың қаға,
етпек пе күлкімді – күл,
ұйқымды ада,
талайын дарындының күйелеген,
«ағайын» арызының сыйқын қара:
«Қалайша жұрт аузында жүр өлеңі?
Тиын ғой түні бойы күрегені.
Мен білсем, сүйенетін біреуі бар,
әйтпесе, кімге сеніп шіренеді?»
Ал енді...
жылайсың ба,
күлесің бе, –
(біреуі сондайлардың жүр есімде),
Бұйырмай келе жатыр десем бе екен,
өзіме тиесілі үлесім де.
Өсекші өтіріктен қымсына ма?
(жымиып жастар жағы,
күлсін аға,
әзірге келе жатыр,
десем бе екен,
бұйырмай қомақтылау бір сыбаға?!)
Үркітіп өлерменін,
өзімшілін,
болады-ау бекер ғана сөзім шығын.
Айыпқа мұның бәрін санап әлі,
ойнатып қарар әлі көз ұршығын.
Қасыңа күні-түні жүрмес еріп,
апыр-ау, қайсысымен күндес едік? –
Күле ме,
сыртымыздан сөз боратып:
«Бұ неме шалқиды, деп, кімге сеніп?»
Біреуін жақсылардың күндедім бе,
тиді деп сұрамадым жүлде кімге.
Ендеше, ағайынның қимағаны –
тынымсыз тірлік кешіп жүргенім бе?
Барсақ та бұрынғыдай біз далаға,
жүрегі біреуінің сыздап ала
жөнеліп,
аңқылдап бір күлгеніңді,
жер басып жүргеніңді қызғана ма?
Бұл күнде жұрт аузында жүрсе өлеңім,
әзірге сол емес пе бір сенерім.
Ешкімге емінбеген,
телінбеген
баяғы көңілімді білсе менің!
Талай бір танымайтын дарынға да жүгіріп жүрем әлі жанымды ала. Сүйенсем – – осыларға сүйендім де, әзірге сенетінім – арым ғана! КҮШ Отыз бесім оралғандай қайтадан, асқақ қарап, аңырата айтам ән, түрім қандай, жүре берген жасарып, үнім қандай – аспан асып шайқаған! Жасырғам жоқ – зәмзәм суын ішкеннен, қайыр тілеп алған жоқпын сұсты елден, Сенсің маған, қалғып жүрген шағымда қыран демі, құдіретті күш берген. Көкіректе маздап жанып от кенет, бұрынғыдай бұра тартар жоқ бөгет, асу бермес тау тұрса да алдымда, жау тұрса да – барар едім бетпе-бет. Білсең еді-ау, қарап тұрып осы мен қапелімде қандай ғана өсіп ем, – күндестігін қоздырмаймын езбенің, ағайынның білместігін кешірем. Қас қағымда бала болып кеткендей, айналамда аңғалың да жоқ мендей, шалқып ішіп жүргендеймін, дәл бүгін көк аспанға қалқып ұшып кептердей. Ісім оңға басып еді кеше де, бүгін тағы сыймай барам көшеге. Бас тартпаймын: туған елім дәл қазір Тау қопартып, тас жарғызам десе де.
Көп теперіш көрмесін деп енді елден:
сенсің маған қуат берген,
дем берген, –
ұмытылып бара жатты баяғы
өзек жарған өкінішті сергелдең.
Алдырмайтын асу жоқтай енді бір,
көкірегіме толып берді мол дүбір,
түрші құлақ –
жырлады ма төңірек, –
менің ғана ырғағыма толды қыр.
Көңілімде тасып ағып бір ағыс,
тұла бойым толып тұрған бұла күш.
Кежегемнен кейін тартқан
кешегі
бойкүйездік бұғып-қашып жүр алыс.
Көкірегім қызыл-жасыл от кілең,
төбеммен де тірей алам көкті мен.
Соның бәрі –
қапелімде күш берген,
қалқам, сенің қасиетің деп білем!
ЖЕТЕДІ ЕНДІ
Жетер енді, жігіттер,
еріп тілге,
жетегінде кетпейін желіктің де,
жоққа бола жазықсыз жүрегімді
шырылдата беруге келіппін бе?
Жетер енді, жігіттер,
жетеді енді,
жайламасам болмады жеке көлді,
ергенім де,
қол ұшын бергенім де
қайырылмай артына кете берді.
Осылай да жүріп бір үйренейін,
күйінбейін бекерге,
күйремейін,
болмашыға бүлініп, жүрегімді
көрінгеннің жолына сүйремейін.
Жолдасым да бұрылып қарамайды,
бәрі келіп жанымды жаралайды.
жетер енді,
жазықсыз жүрегімді
шырылдата беруім жарамайды!
ЖАҢАРАДЫ
Жаңарады, бәрі де жаңарады,
қар бұзылып,
тал өсер жағадағы,
ашылады жарқырап күннің көзі,
ағын сулар арқырап ағады әлі.
Май да туар майысып күн келелі,
бетегелі беткей де түрленеді.
қып-қызыл құм қыздырып табанымды,
шығады естен ызғырық үрлегені.
Өзгереді
бәрі де өзгереді,
құлағың естігенді – көз көреді,
Кеше ғана күндеген көп пысықтар
маған да бір мінбеден сөз береді!
Жаңарады, бәрі де жаңарады,
уақыт-өзен аунақшып ағады әрі.
Қанбай жүрген көңілің көншіп енді,
жанбай жүрген бағың да жанады әлі.
Ағын сулар арқырай тасып әлі,
тас бұлақтың көзі де ашылады.
Мүмкін емес – әділет жерге қарап,
жақсылықтың бір жола жасымағы!
Жаңарады, бәрі де жаңарады,
жалғасады әнің де бағанағы.
Қонбай жүрген бақыт та қайта оралып,
қайта оралып, қақпанды қағады әлі,
жаңарады бәрі де, жаңарады!..
БІЛМЕЙ ТҰРМЫН
Асқағырақ көрініп әніміз де,
асығып-ақ тұрушы ек бәріміз де,
қосылып та үлгермей санатқа әлі,
қаратпады тіршілік әлімізге.
Алып ұшып ақкөңіл желікпелі,
қайда ғана, құдай-ау, елікпеді.
Қарадық па жолыққан бөгеттерге,
теңіз суы тобықтан келіп пе еді!
Көкірекке қайдағы толып ерік,
тау қопарып тастамақ болып едік,
Барлығынан бір күнде арылдыра,
тарылды ма тағдырдың жолы келіп?
Барлығынан біржола зеріктім бе,
кетсем екен, дүние-ай, еріп кімге? –
Көкіректі бұл күнде қанша ақтарып,
таба алмадым жұрнағын желіктің де.
Таба алмадым дүбірлі баяғы үнді,
аңдап баса бастадым аяғымды.
Кімді айыптап ол үшін,
білмей тұрмын,
құшағымды кімдерге жаярымды...
ӨСІП КЕЛЕМ
Қажайды кеп бір құрбым,
тілі де ащы құрғырдың:
«Тура жүрдің,
тік бастың,
шырылдадың,
шын күлдің,
кімге керек бөскенің,
ел қатарлы өспедің, –
жүруші едік бірі деп, біз білетін «білгірдің!»
Таптым ба деп ақыр мін,
қинағаны-ай «пақырдың!»
Айтайын деп бір жауап,
«аруағымды» шақырдым.
Озбасам да бәрінен,
өлең-жырда әлі мен
бірте-бірте, шырағым, өсіп келе жатырмын.
Өзіңді-өзің қанша ақта,
бармайық та жаңсаққа:
өсу деген аз күнгі
баянсыздау мәнсап па?
Дәрежелі «ерді» де
көрген едік бергіде,
алып қашып өз басын
аласұрған тар шақта.
«Білгірсің» – деп мақтадың,
жарай ма мін таққаның?
Туған дала көгіне күнде қанат қақты әнім.
Құлақ түрші сөзіме,
көрінбей ме көзіңе:
өлең-жырда күн санап өсіп келе жатқаным!
ШАБЫТ
Кеудемде күнде қызық майдан ашқан,
қашанғы қайран шабыт қайда қашқан?
Күндер-ай, өртке де еніп, сертке берік
түндер-ай, ашына-жай аймаласқан!
Отырмын мұңданбай да,
«жынданбай» да,
келетін ағыл-тегіл жырлар қайда?
Оңаша қалушы ек-ау, арамызда
айтпаған, айтылмаған сыр қалмай да.
Өлеңді еркелетпей, өнер көріп,
кеттім бе шынымен-ақ шеберленіп?
Баяғы күндер болса –
дір еттің бе –
ырқына жүректің де көнер ме едік!
Желбіреп желмен бірге жаға, шалғай,
кетпес пе ек артымызға қара салмай,
бұл күнде Тәңірі иген шақты күтіп,
жүрмін бе ауыл-үйден әрі аса алмай!
Апыр-ай, екі кештің арасында,
жетелей жөнелуші ең дара шыңға,
бірер жыл ермеген ем,
«Пенде деген осы!» – деп,
түңіліп-ақ барасың ба?
Кеудемде күнде қызық майдан ашып,
жетсеңші баяғыдай жайнап, ашық,
арамыз ажырамай, енді мәңгі
өтейік ашына-жай аймаласып!
ӨЛЕҢ ЖАЗАМ
Өз-өзімнен отырғанда торығып,
өлең жазам –
тұла бойы толы үміт,
қамықпа, дос, қас қағымда мен деген,
жарым көңіл жүргендерге дем берем:
Көзінде үрей,
көп алаңы бар ғашық,
күлім қағып,
көкірегін таңға ашып,
әрбір сөзі
жаны мұңға шарпылған
жақсылардың тамырын да дәл басып;
жазықсыздан жапа шеккен жігітке ел
ұшып тұрып
ұсынардай күліп төр,
арнасында тасып ағып армандар,
қайта жанып үміттер;
көптен бері
жаңбыр тілеп,
жыр тілеп
жатқан өзен
жамыраса күркіреп,
жарасынан жаңа айыққан қыран да,
жеті басты жылан да –
алады енді бір түлеп!
Өмір шіркін, еткен кезде мені ығыр,
өлең жазам қуанышқа толы бір,
оқымай-ақ қойсын оны пенделер
пиғылы тар, қолы – кір.
Онда мен
былайша бір толғар ем:
Ұлыларға –
уысында тасты үккен,
ырылдатып,
ит қоспаңдар қастықпен,
жұлмасын де анаң шашын ашынып,
құрғасын де
жанардағы жас біткен;
күліп тұрып, бір демде қабақ түйіп,
қарындасқа зілденбе;
аяғынан ала көрме ақынды,
алқам-салқам,
ашық-шашық жүргенде;
балалығын тірі ұрлап,
бауыр етің боздамасын шырылдап,
төбемізден жүрсін мәңгі айналып.
Бей-біт-шілік! – аталатын бір ырғақ.
Күйінгенде, көңіл қалып көп елден,
беретінін біле тұра өлең дем,
басымдағы қапа-мұңды
басқаның
«бақытымен» салыстырып көрем мен:
Ғашық болған Қобыланды,
Құртқадай,
тасып-тола береді екен жұрт қалай?
Қалай ғана бақыттымын дейді екен,
таза бұлақ
тұнығынан ұрттамай!
Көрмегенсіп
кешегі бір ұрлығын,
қалай құрмет тұтады екен бір-бірін;
таласып-ақ ғұмыры өткен шіркіндер,
қалай ауыз жаласып-ақ жүр бүгін?
Тірлігіне түк өкпесі жоқтай бір,
тымырайып,
тұрып алған топты-ай бұл!
Өзі – қасқа,
сөзі басқа шалынды
шыға бере, жеті атадан боқтайды ұл.
Жатып атқан,
жабы ұнатқан шаппай бер,
жазығы жоқ, –
жазасын да таппайды ел. –
Тазасынан бұйыртпасаң, Жасаған,
осылардың азасынан сақтай гөр!
Көгершінім қалқып ұшпай көгімде,
үнсіз жүрер күнім аз ба менің де,
сөздің құнын сездім бүгін біржола,
білген құлға өлең деген, тегінде:
Әлі күнге айтылмаған бір әнің,
тоңмойынды
қиып түсер құралың,
тілің тістеп,
тұрып қалған сәттерің,
бір-ақ рет пайдаланар ұраның;
ақ қайыңның
ағып бітпес шырыны;
аулақтағы ағын судың гүрілі,
екеуара жасырынып жат көзден
жаңа ғашық болғандардың дірілі,
көкейінде тұншықтырған түнгі үнің.
өзгелерге өнеге еткен үлгілің,
көптен бері тарқамаған ашуың;
бар күнәсін арқалаған тірлігің.
Ойлы досым, ойдағыңды жаздым ба,
сен білмейтін ақиқат та аз мұнда,
Бәрін тізіп шықпады деп түп-түгел,
айналайын, ақыныңды жазғырма.
Кімге ғана арналғанын бұл өлең,
тағы-тағы оқи түссең, білер ең,
көзін ашып қарасын деп ел бірден,
бағыт сілтеп
бағдар беріп көрдім мен, –
арайланып тұру үшін көкірек,
қалай қанып ішу керек мөлдірден,
терезеңді баспасын деп мұз қалың,
тірлік сілкіп тастасын деп ызғарын,
бір нақұрыс көктеуі үшін тағы да
жәбір-жапа шекпеуі үшін жүз дарын,
бәрімізді баса-көктеп бір зұлым
Кетпеу жолын жасады ептеп бұл жырым,
шеттеріңнен қызықтырып көрмек ем,
үзіп тұрып –
енжарлықтың шынжырын.
Менің жырым –
ұнат мейлің, ұнатпа, –
жолдама да бола алмайды жұмаққа,
күнәліні төсегінде жатқызбай,
күмбір қағып тұрады үні құлақта:
қапаланып күні-түн
үзілердей болған шақта үмітің.
тығырықтан құтылатын жол таппай
қараңғыны қармағанда қорқақтай,
айтар – әділ бір үкім;
болам деген арлы ұлға
біраз ақыл бар мұнда.
Өңезді ойды – өлген жылан секілді, –
көңіліңнің түкпірінде қалдырма.
БІР ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒЫМ-АҚ КЕЛЕДІ
Бауырластың,
қарындастың қамын жеумен күнде мен,
бала жастан бір жақсылық жасасам деп
жүрген ем.
Бір жақсылық жасағым-ақ келіп еді, дүние-ай,
өңі түгіл, біреуінің түсіне де кірмеген!
...әлі де
бір жақсылық жасағым-ақ келеді елдің бәріне.
Риза болып жүрсе деймін,
күлсе деймін мәз болып, –
еңбектеген баласы ма,
еңкеңдеген кәрі ме.
Тілеулестер көп еді, –
барлығына бір жақсылық жасағым-ақ келеді.
Қол ма қысқа?
Жол ғарышқа тартқанымен,
адамның
оңайлықпен орындала қойсын қайдан дегені...
Татымдысы,
татымсызы,
тексізі бар,
текті бар –
бөле жармай барлығына жәрдемдескің кеп тұрар.
Тірі жүрсем,
бір жақсылық жасар едім әлі де,
соның бәрін жақсылық деп түсіне алса тек
бұлар!..
КӨҢІЛ
Құтылып бір міндеттен,
жеңілдеп ек, –
кетті ме көтеріліп көңіл кенет,
құданың рас болса қолдағаны,
жаман да болмағаны өмір демек...
Сіресіп сәтсіздіктер келіп еді,
көктемгі күртік қардай ерігені,
көгіңе жүзіп шығып ырыс бұлты,
көмейден күміс күлкі төгіледі.
Ұялап кеудесіне түрлі мақтан,
жігіттей, таң атқалы,
күнді баққан,
Сыртына ақбоз үйдің ағызып кеп,
түскендей боласың-ау ырғып аттан...
Астында аяғыңның жер дөңгелеп,
күтпестей ендігәрі елден көмек,
бой сергіп,
жеңілейіп жүресің-ау,
жиырма бес қайта айналып келген бе деп.
Жібектей есілесің,
шешілесің,
жаттың да жамандығын кешіресің...
Аяйсың алакөңіл ағаны да,
айттым деп ана жолы несіне сын.
Ыдырап кешегі ащы өкпелерің,
әудем жер көрінеді жетпегенің,
сезесің – дәл осындай болса бұрын –
тағдырдың онша қырын кетпегенін...
БОРАНДА
Алакөл, баяғыдан сырың мәлім,
белуардан қар жауатын бұрын қалың,
кетпейді әлі есімнен, алты жаста
ақ түнек бораныңа ұрынғаным.
Көзімді қарлы құйын аштырмады,
қарысып,
қарға адым жер бастырмады.
Ебі ме, –
екілене ішін тартып, –
ұшырып үрейімді, састырғаны.
Ықшынып ызғырығы құрғыр өктем,
ысқырып,
ысылдап кеп ұрды беттен.
уілдеп,
үскірігі үрлегенде,
білмегем – жер ме,
мен бе – дір-дір еткен?
Үзіліп омырауда түймелерім,
білмеймін мені қайда сүйрегенін.
білем тек – тұла бойым дірдек қағып,
сақылдап, тісім тіске тимегенін.
Бұқтырып бойымдағы үрейді ішке.
(Әрине, берілмеуді тілейді іш те).
Әйтеуір, аласұра, алысып ем,
тап келіп тұңғыш рет дүлей күшке.
Аз емес тіршіліктің бұралаңы,
қаншама бұдан соң да сынамады, –
алысқан ақ түтекпен алты жасым
күлімдеп көз алдымда тұрады әлі.
Алдымнан көл бөгеді, жел бөгеді,
бірінен бетім қайтып көрмеп еді,
Жігерім –
ақ бораннан алып шыққан
жетелеп келе жатыр өрге мені!
Үйреніп бірте-бірте етім менің
өзіме жігер берген секілді едім.
Есімде,
бар күшімді жиып бойға,
өліспей беріспеуге бекінгенім...
Ұмтылып сәл ілгері,
не кейіндеп,
екпінін омыраумен бөгейін кеп;
«Қайтейін, боран болсаң,
мен – адаммын!
қанеки, әуселеңді көрейін!» – деп.
Жеңдім бе,
кім біледі,
жеңілдім бе,
өкініп,
өксідім бе,
егілдім бе, –
Көршілер қар астынан аршып алған
дәрменім таусылғанда менің мүлде..
ҚҰРДАСТАРҒА
Жігіттер, қырық тоғыз жаста мынау
қыздарға қырын қарай бастадық-ау,
қақпайлап қарындастың тұс-теңі де,
ертерек түскені де шашқа қылау...
Сарт та сұрт сабылыстар саябырлап,
барады баяу тартып баяғы ырғақ.
Ендігі елігуің жөн емес деп,
ентелеп елуің де қояды ымдап.
Бойда мін болмаса да, басыңда айып,
жұқарып жүйке, шіркін, жас ұлғайып,
Кеудеңді кергеніңмен, елге күлген
баяғы екпін жоғын жасырмайық.
Қиқулап қосылатын сан дүбірге
достармен атырмаймыз таңды бірге.
Кешегі «қулардан» да
думаннан да
ақыры аулағырақ салдық ірге.
Өшіріп іште жанған өртімізді,
ұмытып сұлуға айтқан сертімізді:
сөз ете бастадық-ау,
бас қосқанда,
дауасын таппай жүрген дертімізді...
Қылтыңдап кәріліктің белгілері,
көңілің бәріне де көндігеді.
Аяншақ адамдарға күлетін ек,
амал не, басымызға келді кебі.
Айналып асаулықтың бәрі аңызға,
апыр-ау басылып-ақ барамыз ба, –
бүйрегі біз дегенде бүлк етпейтін,
қиылып, қарай бердік бала қызға!..
Көңілің әлденеге алабұртып,
қатулы қабақтан да қалады үркіп,
Қашқақтап жақыннан да,
жатыңнан да,
жатпайсың, жоққа бола, жан ауыртып.
Дүние қызыл-жасыл түске кіріп,
төсектен тұрғызады күштеп үміт.
Көңілің бұрынғыдай болғанымен,
жоқтығын аңғарасың іште бүлік!
Қызынбай дүбір десе кім шыдамақ,
боласың өзіңді-өзің бір сынамақ.
Жібермей елігуге,
желігуге,
егделік есігіңнен жүр сығалап...
САҒАН ДЕЙІН
Тепсінсе саған дейін қыл аяғы,
тірлікте, қалқам, мені кім аяды?
Түңіліп іріден де, ініден де,
көңілім құлазиды, мұңаяды.
Көрсете алмадым ба көп өнеге?
Күпсінген болам онда неменеге,
еңбегің еш кетсе егер,
не шығады
төбеле маңдайыңды, төбелеме.
Жаным-ай, арманымды білсең менің –
сен едің соңымдағы бір сенгенім.
аңқылдап ағайынға,
маңайымда
жарқылдап күні-түні жүрсең, дедім.
Тел өскен темір үзер тектім едің,
көбірек үміттендім, көп тіледім.
артықтау болды ма әлде, кім біледі,
іздеуім өз бойында жоқты менің?
Кісілік бар еді деп түп-тегіңде,
әлде мен артық міндет жүктедім бе? –
Ойласаң, көңіл қойып, осы ма еді,
өзіңнен өмір бойы күткенім де?
Түбіне жетпес дейсің ғұмыр кімнің,
қайтейін, сен де біраз түңілдірдің.
Төмендеп бірте-бірте жүзім менің,
үмітім үзілгенін бүгін білдім!
Мұндайда кешегі өткір тіл де қалып,
Отырам өзіме-өзім күнде налып:
сөзімді құлағына іні ілмесе,
айтам, деп, ақылымды кімге барып!..
ҰМЫТҚАН БА?
Достардың бәрі мені ұмытқан ба, –
жетпейді бұрынғыдай күліп таң да,
айырылып барамыз ба
даламызға
дарыған азын-аулақ ғұрыптан да?
Жататын құрақ ұшып, дүрілдеп ел,
жігіттер бар еді ғой бұрын кемел,
бұрқырап жыр кететін,
бірге өтетін
тойлы күн,
тояты жоқ түнім нелер...
Көтерген мерейімді көкке менің,
жоқ еді жұрағатта жек көрерім,
сөзім де жерде қалып көрмеп еді,
өзім де осылармен өктем едім.
Өр едім осылармен, өктем едім,
көгеріп көсегем де, көктеп едім,
болымсыз қуанышқа алданбадым,
орынсыз өзімді-өзім шектемедім.
Жүретін қолтығымнан мені демеп,
бар деуші ем жолдастарым жөні бөлек,
ере алмай арманыма, алдағыма,
тарылып қалғаны ма төрі кенет?
Думанға айналдырған айналаны
сыралы жігіттердің қайда бәрі?
Тамақтан өтпеді ана «құрғырың» да,
кеудемде бұлбұлым да сайрамады.
Қарсы алса –
құрақ ұша дүрілдеп ел,
көп еді-ау жолдастарым бұрын кемел –
Жырымдап бітірген бе:
бірін – мәнсап,
біреуін қатын-бала,
бірін – «бедел».
Апыр-ау, бәрі мені ұмытқан ба?
Келмейді бұрынғыдай күліп таңда,
айырылып барамыз ба
даламызға
дарыған азын-аулақ ғұрыптан да?!.
АЙТАРЫМ ДА ҚАЛМАДЫ
Тыныш жүрмей,
тиіскен сан «мықтыға»,
өзімнен бе,
кім білсін,
барлық кінә, –
жауласам деп жамандық атаулымен,
дауласам деп дауысым қарлықты ма?..
Біле тұра қолымнан түк келмесін,
осыншалық, құдай-ау, күткем несін, –
Қарынбайын шақырып қайырымға,
жібітем деп жүріппін Шықбермесін.
Жөн білерін жігіттің, көндігерін,
көндірем деп қаншама кергімедім,
қаншама рет алдады үмітім де,
айтарым да қалмады енді менің...
ЕСЕЮ
Ағат кеткен кезіңде,
Әр ісіңді еске алып,
Албырттықтың өзін де
аңғарамыз кеш барып...
Бұл өмірдің парқына
Жүріппіз-ау бойламай,
Тіршіліктің шарты да
Көп екенін ойламай...
Барлығы да оп-оңай
Секілденіп көңілге,
Тайраңдаған ботадай
Көрінетін өмір де.
Алдымызда күз бар ма.
Біз шығатын шын мәлім, –
Оқушы едік қыздарға
Қасым ақын жырларын.
Кісі алдында кергіп ек,
Көрмеген ек жасқанып,
Бала емеспіз енді деп,
Батыл сөйлей бастадық.
Шетімізден кіл «құдай»,
Безер едік, бейпіл ек,
Жамбылды да (сұмдық-ай)
ақын емес дейтін ек.
Аузым бар деп көкідік,
сөйлеу үшін қалайда,
Тымырайып отырып,
тіл тигіздік Абайға.
Тегіміз де белгілі,
теңімізді іздедік.
Осы өмірдің ендігі
иесі де біз дедік.
Тектілерді қудық кеп,
тентіреуге шақ қалдық,
батырақтан тудық, деп,
бәтуасыз мақтандық.
Жақсылардың орнына
жармасуға аз қалып,
Сойыл беріп сорлыға,
тізе бүге жаздадық!
Атасының ерлігін
жасырғандар – жүлде алып,
Жеріміздің кеңдігін
жатып келіп бұлдадық.
Өмір оған қарамай,
өте берді зымырап,
Бірде алдады баладай,
бірде қатал қырына ап.
Көрсеткенде күш ұлың,
шара таппай тыярлық, –
Бірде қатты қысылып,
бірде жаман ұялдық.
Әйтсе де біз, ерлерше
Сүйдік,
күйдік,
жирендік,
Қолымыздан келгенше
кісілікті үйрендік.
Бүгін айтар сөз бөлек,
Білдік енді ар құнын, –
Кеш те болса сезген ек
қателіктің барлығын.
Жүре алмадық күліп тек,
қырындаумен қызға көп.
Жиырма бесте жігіт боп,
отызда – орда бұзған ек.
Жіберсек те қате мың,
Іш кептіріп «ішімдік»,
Әппақ жолы әкенің
таза екенін түсіндік.
Есеп беріп сөзіңе,
Ұялғаның бұл күннен, –
даналықтың өзі де
осы ма деп жүрмін мен.
Кісі болып қалшы өзің,
қамшы орнына, жыр сілтеп, –
Кешегі ағат әр сөзің
көкейіңде тұрсын тек...
СЕНІМ
Тіршілік тәртесіне жегілгелі,
көрмепті еркелетіп өмір мені,
Қаншама епті зәлім төкті зәрін,
сорайып шыға келіп кеңірдегі.
Қапталдан қалмай үріп қырсық түрлі,
қаншама жүрегімді түршіктірді.
Илеп те жүрді мені,
«сүргіледі»,
Көрместен қолындағы ұршық құрлы.
Жүрсем де серісініп, перісініп,
көрген жоқ өмір маған төр ұсынып,
Келеді обыры да,
содыры да,
қайдағы тобыры да – тегіс ұлып.
Тағдырдың маңдайыма, тегі, менің
жазғаны осы ма деп келіп едім,
жәбір де көріп едім бір шіріктен
сонда да тіршіліктен жерімедім.
Жұлдызым жанбады ма бүгін менің,
өмірден оған бола түңілмедім,
Көрсеткен қорлығы үшін,
зорлығы үшін,
тірлікке таяқ ала жүгірмедім.
Шамалап,
«шайтанның» да азғырғанын,
өмірді, оған бола, жазғырмадым.
қаһарлы қыспағы ма,
дұшпаны ма, –
өзгертпей, өлеңімде жаздым бәрін.
Тал түсте төбемізден жай ұрғаны, –
қаншама қайығым да қайырлады, –
Ешбірі тіршіліктен түңілдіріп,
баяғы сенімімнен айырмады.
Десек те бір адамға обал-дағы,
әйтеуір, өмір мені көп алдады,
Желігім, сөйте тұра, басылмады,
сенімім оған деген жоғалмады.
Атақ,
Даңқ,
тәтті рахат кім тілемес,
қайтеміз,
соған бола жыртып өңеш,
Қонбауы маған да кеп бір бақыттың,
болмауы бір жақсылық мүмкін емес!
ЖІГІТТЕРГЕ
Әлі бізге ұсынатын күліп төр,
бәрімізден баяғыдай үмітті ел,
кең дүниені,
қарап тұрып,
тарылтпай,
тату-тәтті жүрейік те, жігіттер!
Кетті екен деп біреулердің бағы асып,
болдырмайық,
болмашыға таласып.
Қолымыз да қалды емес пе ұзарып,
жолымыз да баяғыдай әлі ашық.
Арыны асып,
арғымақтың үдеуін
көре тұра, көрмегенсіп, біреуін,
«Ұзап қайда бара қояр!» – дейтін де
ауық-ауық естіледі жүдеу үн.
Теріс қарап кеткеніңді жөн демес
тілеулестің болды қанша еңбегі еш.
Бөрі де өтіп кетті емес пе, ағайын,
бітетін шақ жетті емес пе енді егес.
Күні-түні көкейінен ел кетпес
өктем жігіт,
кетпен болды –
енді өтпес.
Оны қойып,
көтермелеп жүрдік-ау,
қайдағы бір жүгермекті...
шөлмектес.
Ауық-ауық шығаратын қатты үнін
азаматтың арқасынан қақты кім?
Қанша күшік келеді әлі шәуілдеп,
қапталынан қалмай үріп аттының!
Үміттеніп отыр деп пе ең текке аулың,
соның бәрін қоятын да жетті-ау күн.
Өзім тыйым салар едім,
амал не
әзір қолда өкілетті жоқ қаулым!
* * *
Даласының шегі жоқ...
көрді көзің,
баласымын осынау елдің өзім.
тартып тудым тегіме, деп те бүгін
шалқып алар, шалқақтап, келді кезім!
Тауы да бар бойымда,
өзені де,
ұқсап туған ұлмын-ау өз еліме;
Қыран болып шүйілем тепсінгенде,
Теңей берме әлдебір көжегіңе...
* * *
Жоққа бола керісіп,
күйінеміз,
томсарысып,
түнеріп,
түйілеміз...
барын тосқан аузыңа бағзы достың
бас та сұқпай қоямыз үйіне біз.
Жоққа бола ренжіп, шамданамыз,
жағаласа кетуге сәл қаламыз.
Көпе-көрнеу қайдағы әзәзілдің
сөзіне де оп-оңай алданамыз.
Бағаламай барыңды қолыңдағы,
тұйықтайсың басатын жолыңды әрі,
көрер едің
күні ертең өкіндіріп,
өзегіңді өртесе соның бәрі!
ЖҮРШІ ҚЫРҒА
Шыр айналып тіршілік ұршығында,
шалдығатын шағы бар жыршының да.
Ат шалдырып, ауылдан аулақ барып,
аунап-қунап, қайтайық, – жүрші қырға!
Көмекейден ағытып әнді мүлде,
атырайық аулақта таңды бірге,
бұлақ күліп төменде, құлақ түріп
жатайықшы қырдағы бар дүбірге.
Ой жіберіп өткенге, алдағыға,
еңсеріліп өмірдің қалғанына,
от басында үндемей отырайық,
жылқышының оранып жарғағына.
Төбе жақтан естіліп неше дүбір,
тау басына біртіндеп көшеді іңір,
Оқта-текте мырс етіп қойсын құрбың,
еске түсіп қылығы кешегі бір!
Бізге ғана бұйырып бүгінгі нұр,
бара жатыр балбырап іңірлі қыр.
Қашып талға тығылған ғашықтар ма, –
айналаның барлығы күбір-күбір...
Қайдағыны есіңе салар қиыр...
(жасы құрғыр мұндайда жанарға үйір,
сағындым ба ат ізін салмай көптен,
ауыл жаққа, бұйырса, барам биыл!)
АУЫЛ ЖАҚҚА ТАРТСАМ ДЕЙТІН
Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын,
арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын.
Алыс кетіп Алматының шуынан,
ақ бұлаққа, дейтін еді, жуынам.
Алып ұшып, барсам, дейтін, ел жаққа,
қанып ішіп Қаратұма суынан.
Көңілі бір құлазып-ақ кеткенде,
барып алып бауыры ыстық шеткі елге,
бал қызыққа батсам дейтін, баяғы,
жатсам, дейтін, бөденелі бөктерде.
...Ауылдың да өз қызығы, мұңы бар,
бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар.
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
азамат та азайыпты тіл ұғар!
Қарайсың да – қожыр-қожыр өңірге,
қоңырайып қалады екен көңіл де.
Тілді үйірген дәм де азайып бұрынғы.
ән де азайып кеткені ме, тегінде!
Қалмаған ба атанда қом, атта бел,
құлады ма қырық жылдық тақтан ер, –
көрінбейді, сірә, құшып, сағынып,
сен келді деп құрық ұшып жатқан ел!
Бұрынғыдай көңілі жас, бой да тың,
өткенімен думандатып тойда түн,
ауыл жаққа тартсам дейтін, қымс етсе,
қылығын да бірте-бірте қойды ақын.
Алағызып, аңсағаны ілдірмей,
түнере ме қабағынан күн күлмей, –
ақбоз мініп ақсам дерін, немесе,
қайда ғана тартсам дерін... жүр білмей.
ЖЕТЕ АЛМАЙ КЕЛЕМ
Баса алмай балаң аптықты,
Дауылға жалаң төсті ашып,
Шыққан ем қуып Шаттықты,
Ел жұртпен мәңгі қоштасып.
Шыққан-ақ едім аптығып,
Ант етіп іштей жетпекке.
Шаттықпен бірге шат күліп,
Жарқылдап, жайнап өтпекке.
Домалай асып дөңдерден,
Жетпек-ақ едім тездетіп.
Көлбеп те жатқан көлдер мен
теңізді басып, лезде өтіп.
Шаттығым мені тоспай да,
Жеткізбей жүйткіп барады-ау,
Бір тұста қалды дос та айнып,
Жаралап кеткен жар анау!
Жалғанның сансыз өрі мен
Шөлінен өттім не шалғай.
Ғашық та болып көріп ем,
Қашықта қалды ілесе алмай.
Құрып-ақ бәрі кетсе деп,
жүрсем де жоққа алданбай,
Қайғы-мұң мені өкшелеп,
Қуып та жетіп қалғандай.
Басылмай содан аптық та,
Сан қырдан өтіп не талмай.
Жете алмай келем Шаттыққа,
Қайғыдан да озып кете алмай!
ШАРТ ЕМЕС
Шарт емес көрінгенге ұнамағы,
ақындар үндемей-ақ жүре алады.
Сонда да кеудесінде күркіреп қыр,
күніге қанша бомбы сыналады!
Ішінде тасып ағып таза қайнар,
шарт та шұрт жарқылдайды нажағайлар.
Сәт сайын жүрегінен жатады өтіп,
қанша бір қайталанбас ғажап айлар!
Қағаздың бір парағын аударғанша,
мүжіліп, мызғымайтын таулар қанша,
қорғайды Аралын да, маралын да,
үкімет үкімі әділ қаулы алғанша!
Ақындар жүргенімен үндеместен,
аз емес тіршілігі күнде кешкен.
Алысар қорлымен де,
сорлымен де
жолдасын жанындағы күндеп өскен.
Қайдағы таусылмайтын дауға құмар,
қаншама жәдігөйлеу жаулары бар. –
Күркіреп көкірегі күн ашықта,
шыжыған шілдеде де жаумады қар!
Жүрсе де түңілдіріп қайдағылар,
өздері аспандағы айға құмар, –
әйтеуір, ақындардың кеудесінде
бітпейтін мәңгілікке майданы бар.
Саған да сөз болып па ұнамағы,
ақындар үндемей-ақ жүре алады, –
Күніге кеудесінде күркіреп қыр,
қаншама нейтрондар сыналады!
ӨЛІАРА
Әлденелер құрыстырып денемді,
Қарағым-ай, қайтсем екен мен енді! –
Ит тірліктің ұрып тұрып енесін,
Шатақ іздеп, шығарсам ба ел есін?
Түгел жұмсап тоқсан түрлі айланы,
Төбелеске кірсем бе екен қайдағы?
Баяғыдай ес-тұсымнан жаңыла,
ішіп те бір көрсем бе екен тағы да?
Ғашық болып құралайдай бір қызға
таудан асып, тартсам ба әлде қырғызға,
алып қашып, алып барып ақшамда
Ыстықкөлде үй тіктіріп жатсам ба?
Әлденелер... әлденелер... бұл қалай,
еңсемді бір көтертпей-ақ тұрғаны-ай!
Өткен жолы өлең жазып сергіп ем,
не істесем болар екен енді мен?
Шара жоқ па шарасыздық шіркінге,
тығырықтан жол таппауым мүмкін бе,
Өмірдің де өліарасы бар шығар,
жаным шығып кетпес егер –
сәл шыдар.
Көңіл – көктем күңгірт тартып кетті деп,
қайта қоям қара жерді тепкілеп, –
тас төбеден ауғанда ақыр мұнар күн,
баяғыдай жарқылдайтын шығармын!
ЭЛЕГИЯ
Жалықтырды бәрі де, барлығы да –
үмітімді ұзартып таң нұрына,
жауар бұлттай түнеріп, түйілгенім,
күйінгенім замана тарлығына,
қарап тұрып, қайдағы үнге еміне,
кейігенім – құр өткен күндеріме,
болмашыға балаша алданғаным,
шамданғаным бір иттің үргеніне,
Кеміді ме, деп, кейде отым менің,
қайрай түсіп өзімді, бекінгенім,
енді-енді мен емексіп, өмір өтіп,
өткеніне өкпелеп, өкінгенім.
Алдап қашып, арманым жеткізбесе,
алабұртқан көңілім көкті іздесе,
күйкі тірлік күніге өткел бермей,
отбасынан әріге өткізбесе,
ағайынның өсегі, сүйрелеңі,
сыйғызбаса әлі де үйге мені,
қиып түсер қылыштай тілімнің де,
білімнің де септігі тимегені,
арының да, ашулы дарының да,
аяқ-асты айналып бәрі мұңға,
шиебөрі шулаған талап өңшең,
қала берсең баяғы қалыбыңда,
қалмай үріп қайдағы қандендері
шәуілдесе – жан алып,жан бергелі,
тұлпарымды тіршілік зорықтыра,
торықтыра бастаса әлден мені.
Қалмаған соң басқадай айла-амалым,
дүбіріне қосылып айналаның,
жүрегіңді жұмыспен жылытасың,
ұмытасың қаныңның қайнағанын!
ҮШ ӨЛЕҢ
Алматыдан бұйырарда татар дәм,
ақсақалды атамыздан бата алғам.
Жанға мені теңгермейтін жарықтық;
«Бар, шырағым,
қалма, – деді, – қатардан!
Өзің таңдап тұр екенсің төтеңді,
бар, шырағым,
тілегіңе жет енді,
қайда жүрсең –
«аман бол», – деп, – әрдайым,
«адам бол!» – деп көңілімді көтерді.
Арманыма жеттім бе әлде, білмедім,
азырақ па қармағыма ілгенім,
Жыладым ба,
құладым ба, –
атамның
ақ батасы құлағымда жүр менің.
Өмір мені қанша дүрмек, қосты үнге,
жұрт қатарлы таза тірлік кештім бе, –
тасада күн өткізбедім, әйтеуір,
қиянат та жасамадым ешкімге.
Құр, әйтеуір, қалмайын деп құрметтен,
санат іздеп санамадым күнді өткен.
Әлдекімше әлектеніп, ағайын,
дәметпедім даңғазалы дүрмектен.
Аузыма да қаратпадым елді мен,
менікі де бола қоймай төр кілең,
азырақ бір ашулана бастасам,
атамыздың ақ батасы берді дем.
Ата сөзі бермейді ғой текке дем,
армандарым бар да шығар жетпеген, –
Аман болсам... көрер едім қалғанын,
Адам болсам,
Адам болсам! – деп келем.
Алматыға жүрейін деп жатқанда,
тапсырумен «жасағанға», «жаппарға»,
шешем мені айналды да толғанды,
дастарқанын жайды алдыма ақ таңда.
Төңіректен таңдап-тауып елді сай,
қайда жүрсе, – көкірегі көл кісі-ай!
Әлімізге қарамай ет асатып,
бәрімізге өз қолынан берді шәй.
Күнде сұрап қыңқылдайтын барлық ұл
бар мәзірін ақтарды да салды бір.
«Бол-болдаған», – әкемді де тоқтатты:
«Дәмнен үлкен емессің, – деп, – сәл кідір!»
Үйіріліп жүре берген таңдайда,
бұрқыраған сол бауырсақ, нан қайда?
Қапшығыма жатты дәмін тыққыштап:
«Бәрі керек болады, – деп, – шалғайда.
Жорытқанда, ұлым, жолың болсын,
жолдасың
Қыдыр болсын, –
қайда жүрсең қолдасын!
Бізді, бәлки, ұмытарсың, қарағым,
туған жердің дәм-тұзы ұмыт болмасын!
Бұл әкемнің таудай талап, ойы бар,
еркеліктің қалар бәрі, қойылар.
Тілеуіңе жетесің ғой,
дегенмен,
үйден ұзап кетесің ғой – тойып ал!
Өз үйіңнің ұмытпа, – деп, – дәм-тұзын!»
Жанқалтама нан да салды жарты үзім.
Нені ішіп,
Не жеу керек екенін,
өз қолымен жазып берген бар тізім.
Ақ тілеуі көкіректе жатталып,
елден ұзап кете бергем, аттанып.
...Қай жақтарды шарламайын,
күлуші ем
қалтамдағы анам жазған хатты алып.
Ғұмырыма жетерліктей бар тізім,
көкейімде наны да жүр жарты үзім.
...Ана сүтін ақтағаным, деп білем, –
ақтай алсам туған жердің дәм-тұзын!
Алғаш рет аттанарда елден мен,
жолығуға барып едім жеңгеммен.
әзілімен іліп-қағып, аймалап,
ол да менің көңіліме жел берген:
«Тетелесім, таудай болсын талабың,
Жоламасын пәле-жала, нала-мұң,
тіршілігің үлгі болып осы елге,
бір сұлуын жетелей кел қаланың!
Бұрынғыдай бұра тартып, бәлденбей,
бір сұлуды жетелей кел дәл мендей!
Кім біледі, – дейді жеңгем жұмсарып, –
ертең бізге жүресің бе әл бермей?
Махаббатты – бір-ақ үзер гүл десең.
Жан азабы – жар қадірін білмесең,
жаны пида жақсы қызды жәбірлеп,
жанарыңа жәутеңдетіп жүрме сен!
Болып көрген пендеміз ғой біз де қыз,
алқа тағып,
алтын моншақ тізгеміз,
текті жұптан айырмасын тәңір деп,
көп қызықтан күдер-үміт үзгеміз!
Алдануға, алдауға да жұрт үйір,
алдарыңда қаншама алыс тұр қиыр! –
деп, – шошына жалт қараған сондағы
жанарыңнан жас көріп ем бір түйір.
Қашан болсын елге жайлы, төрге бай,
шынашақтай шыр-шыр еткен жеңгем-ай,
Сенің нәзік жүрегіңді ұғардай,
ол кездерде ес бар еді менде қай!
Көкейіңді кейін барып түсіндім,
түсіндім де, күмілжідім, қысылдым.
Әлі менен «қорқасың» ба, жеңеше-ай,
ортасында үш бірдей қыз, үш ұлдың?
Алыстады ауылым да, аулам да,
тіршілікте түсті басым сан дауға.
Әлі күнге тырысып-ақ келем мен
ойлы қыздың обалына қалмауға.
Сен айтқандай кісі болып мен енді,
болашаққа бұрған шақта кемемді,
саған қарап бағалаумен келемін
ар қадірі,
жар қадірі дегенді!
* * *
Бұлыңғыр Алматының мұнарындай,
көңілден қойды-ау ащы мұң арылмай,
серт етіп енді ешкімді сүймеске мен,
мазасыз күй кешпеп ем, сірә, мұндай...
Еріксіз еркімді алып бүгін менің,
тал түсте күнім болып күлімдедің,
Қаншалық қиын еді үмітті алдау,
көмейде тұрып қалды-ау дірілдеп үн.
Сен бе едің ендігі үміт, арманым да,
Шынымен ғашық болып қалғаным ба,
Көңілі тоқ,
көптен бері «бақытты» едім,
мұншалық батып па едім таңда мұңға!
Мамырдың есімді алып балғын демі,
барады еліктіріп таң дүрмегі.
Кім білсін, қаратпастан айналаға,
бастарын қайда ғана тағдыр мені?!.
ҚОШТАСУ ЖЫРЫ
Бағана кетуім-ақ керек еді,
бөгедің осыншама неге мені?
Қарағым, көптен бергі кеші мұңдас,
кешіктім, қой, кетейін, есігіңді аш!
Оранып қара мақпал бұрымыңа,
қалғытып Алматының түні, мына,
кетейін, барар жерім алыс әлі,
қалтырап,
қолың неге қарысады?
Біржола қия да алмай сені мүлде,
қазіргі көңілім де әрі-сәрі.
Созуға уақытты тырысқанша,
білсеңші,
барар жерім... бұрыс қанша.
Ұмытып осынау үй, көшені де,
енді мен қайта оралам кешегіме,
көрдің бе,
қараңғы түн кірді барып,
қызуы басылмаған төсегіңе?
Барады бірте-бірте суып күн де,
жіберші,
жүріп кетем суыт, түнде.
Қалқам ең, көптен бергі кеші мұңдас,
кетейін,
көп бөгемей, есігіңді аш!..
Кетіріп қас қағымда көктің әрін,
апыр-ау, аспан неге төкті кәрін?
жауыны, құтырынған дауылы ма, –
әп-сәтте астан-кестен етті бәрін.
Далада терек құлап, қақпа сынып,
айқара әйнектер де жатты ашылып.
Сіресіп жатып алған сірі қардай,
Өкпенің бұрын-соңғы бірі қалмай.
Мінім бе, мінезім бе жорта қызба,
Үйіліп қала берді ортамызға.
Ысырып біржолата шетке бізді,
Көрсетті көзімізге өткен ізді, –
Сөз бе екен өкпе деген..
Арамызды
Қайта бір кешірілмес кекпен үзді!
Баяғыда кетуім керек еді,
Осынша бөгей бердің неге мені?
Өтті күндер бірінен бірі аумаған,
сыртымнан ел де күліп жүр-ау маған,
Болса да бәрі-бәрі айдан ашық,
Өзімнен кете қоям қайда қашып?
Қолдан да қол қалмады қоштасам деп,
Қайтадан достасам деп...
аймаласып.
Толып та шыға келген жанар мұңға,
Шынымен тығырыққа қамалдым ба?
Сыртта бір,
сезіп едім,
соқпақ барын,
есіктің аузына әкеп...
тоқтатқаның!..
Айналып тірлігіміз тірі аңызға,
Осылай таң атқанша тұрамыз ба?
Босаға,
маңдайша мен табалдырық,
солардың арасына қамалды үміт.
Уақыт тоқтамады,
өте берді,
Қоя бер, кеш те болса, кетем енді.
Үзілген алқадай-ақ мойнындағы,
Жаңағы быт-шыт болған ойдың бәрі, –
аңғармай алдымызда жанжал барын,
екеулеп тізіп едік маржандарын,
сезімге болған шақта сүйіс бөгет,
алақанды жатушы едім иіскелеп!..
Тағы да таңырқатып тамам елді,
Шашылып, аяқ асты қала берді,
алмайды енді оларды теріп ешкім,
Апыр-ау, неге сонша өліп-өштің?
Қоя бер,
маңайыма жуыма да, –
алтынның буына да ерімеспін.
Үзсең де болар еді мүлдем үміт,
Жоғалам, жалғыз өзім түнге кіріп, –
Қорқыттың маған деген көрі қайда,
Жататын бөрі қайда күндегі ұлып!
Шығардым өзіме-өзім қаралы үкім,
Қайдасың жаңағы бір жаралы түн?
Жан едім, жастығымды ала құлар,
еншіме бересің бе даланы бар?
Барады мына суық боран ұнап,
Жатайын аппақ қарды оранып-ақ.
Ұйытқысын әрі-бері жел үстімнен,
Несі бар,осыған да келістім мен!
Көп еді арманым да –
адастым ба,
Көміліп қалғаным ба қар астында?!
Шырағым, шын айтасың – бітті бәрі,
оп-оңай өмір кейде ұқтырады.
Көңілім әлденеге ете ме елең,
Қой енді, қайырылмай кете берем,
Қызулы төсегіңнен жұлып алып,
қандай күш мені аулаққа жетелеген?
Бар ма еді байырғы бір батыр аға,
дауыстап, өз қасына шақыра ма?
Сытылып шығатындай тар құшақтан,
Соншалық кісі ме едім қарғыс атқан?
Жоқ, бәрі қырсығы ма тұл ақылдың,
немесе меңірейген мына түннің?
Ертеде айтып еді бір танысым,
ертеңгі өсіп-өнер ұрпағы үшін
жар құшып,
бала сүйіп,
өтеуіне
өткізіп жатады, деп, жұрт арысын.
Мен үшін арысы не, кәрісі не –
Бұл сөздің бармап едім мәнісіне,
Жеткені осы ма әлде ақылымның, –
Білмеппін жатым барын, жақыным кім..
Еркіндік,
кеңдік қандай,
ерлік қандай,
болдым-ау бәрі-бәрін енді ұққандай...
Жетеді осыншама ұстағаның,
Кетуім керек енді, қыстамағын.
Ойымды айдалаға бұра берме,
жолына тұра берме күстананың.
Жан ба еді ол сендей жалғызілік,
жаңағы үн неге естілмей,қалды үзіліп?
Ебі ме – бетімізден шымшылаған,
желі ме – аш күшіктей қыңсылаған, –
түп-түгел көтерер ем ауырламай.
Апыр-ау тына қалды дауыл қалай?
Есіме қайдағыны салды бәрі,
құлақта сенің үнің жаңғырады.
Сіркіреп, жаңбыры да, тынған еді,
Шырағым, тағы да бір тыңда мені...
Айтпақшы, аспандағы қарап айға,
әлгі бір ит ұлыған дала қайда?
Манағы жалғыз жүрек зарлап тегі,
бір өзі қар астында қалмап па еді,
Кезінде біреулерге көп көрінген
ол да бір бейшара еді өртке кірген,
дүниенің төрт бұрышы сияқтанып,
өзі де келе-келе төрт бөлінген.
Шырылдап, қорғайтыны шындық еді,
мені іздеп жатқан шығар, кім біледі,
Қарағым, тілеуі бір, кеші мұңдас,
Тезірек кетейінші, есігіңді аш!..
ТЕК ЖҮРУ
«Тек жүрсең – тоқ жүресің», – дейді халық,
Мен тұрмын өз кінәмді мойныма алып.
Тебіскен теріспенен тектіні де
Тентектің қатарына қойды барып.
Мінімді ағайын-жұрт,
ел біледі,
көбісі көндірем деп келді мені,
Қайтейін,
қайқы біткен қарағайдай,
тек жүре алмағаным белгілі еді.
Тек жүру –
көрсетпей-ақ елге кеуде –
жауызды жұрт алдында жерлемеу ме?
Балаңды енжарлыққа баулып әлде:
«Көрсең де жамандықты – көрме», – деу ме?
Елемей осалдығын өзгенің де,
өзің де қиянатқа төзгенің бе?
сыртынан сұмырайдың айбат шегіп,
үндемей отыру ма көзге мүлде?
Тек жүру
жеңілсе де ер егесте,
бармау ма,
бас кететін ерегеске?
Егерде осы болса –
онда менің
тоқ жүрмей, аш өткенім жөн емес пе?
НЕСІ ЕКЕН?
Дүние бәз-баяғы қалпында әлі:
тау шөгіп,
теңіз біткен тартылмады, –
несі екен көңілімнің алабұртып,
жүректің осыншалық алқынғаны?
Бұлақтар баяғыдай қырға құлап,
ағады жамыраса, жылдамырақ, –
ендеше кеудем неге көптен бері
иесіз қалған үйдей тұр қаңырап?
Ұялай қоятындай мұң көңілге,
Өзгеріс жоқ сияқты нұрлы өмірде,
ойым да,
бойым да сол бұрынғыдай,
білмедім, не көрініп жүргенін де?
Бар еді ерлігім де, өрлігім де,
кеттім бе өзгеріп-ақ мен бүгінде?
Жатыр-ау жарқ-жұрқ етіп от көмейім,
апыр-ау, өкпелейін енді кімге?
Жүрегім, үгілдің бе, түңілдің бе,
жеңілдеп кетті ме әлде жүгің мүлде,
Желігіп, жеті түнде, қоймап едің,
жетер деп ойлап едің үнің кімге?
Құтылмай ән мен өлең, сән де менен,
алдында тең құрбының бәлденер ем,
ендеше неге сонша күмілжимін,
қысыла беретіндей әлденеден?
КӨПТЕН БЕРІ
Мені біреу тастағандай сиқырлап,
Жалғыз өзім жатам үйде күй тыңдап.
Күнім үшін тіреспеймін ешкіммен,
Дүбірге де ілеспеймін қиқулап.
Жалғызілік – досы да жоқ,
жоқ қасы, –
Жаман ғой, деп, қайдағыны соқпашы.
Ұзамаймын қатын-бала қасынан,
Бірте-бірте барады ұнап отбасы.
Ұзамаймын қатын-бала қасынан,
барым болса –
бауырыма жасырам,
Алтын бар де, түзде, мейлің –
баспаймын,
бұрынғыдай іздемеймін асыл ән.
Көптен бері өзіме-өзім ырзамын,
қалайды жан тірліктің не
күн жағын,
айналып та барам білем, біріне
үйде – сараң,
түзде сырдаң мырзаның.
Ата берсін бұрынғыдай күліп таң:
айқасты да,
шайқасты да ұмытқам.
Көп үніңді елемеген, дүние-ай,
менің осы көңілімді кім ұққан?
Бар қызықтан баз кешкендей мұншалық,
біреулерге отыр деме мұң шағып, –
бұрқ-сарқ етіп борамай да көкірек,
көптен бері жоламай да жүр шабыт!
ШҮКІРШІЛІК
Бәріне де шүкіршілік етем мен,
баса көктеп,
бәйге алмадым төтеннен,
азды-көпті қарызым да қайтты елге,
парызым да өтелген.
Үлесімді кімдер қағып кетті деп,
қайғырмадым,
қара жерді тепкілеп,
берерім кем дей алмаймын біреуден,
керегімнен көрген жоқпын көп тілеп.
Өліп-талып
озсам-ау деп өзгеден,
жерім бар ма пендешілік көздеген? –
Ежелден-ақ айлаға да, Туған ел,
пайдаға да жоқтығымды сезген ең.
Еркелесем,
ерік беріп от тілге,
жұрт алдына түсе қойсам деппін бе, –
аштан өліп,
көштен қалған жерім жоқ,
бастан өтті теперіш те, тепкің де.
Олжам да жоқ тауып алған төтеннен,
ауырды да,
бауырды да көтергем,
Сүйдім,
күйдім,
қуандым да,
қамықтым –
бәріне де шүкіршілік етем мен!
СОЛ ҮШІН
Көрген едім аштықты да,
тоқтықты,
көкірекке ортаймайтын от бітті,
бір адамның жетелеткен тайы да,
өте кеткен ештеңесі жоқ тіпті.
Осы тұрған бұйығылау кейпімде,
билігімді берген жоқпын бейпілге,
Көрген жоқпын ағайынды,
«Осы итке
бір жақсылық жасап едім!» – дейтін де.
Сол баяғы солқылдаған әр күннен,
тарығып та,
зарығып та көрдім мен,
Сөйте тұра
жалынбай-ақ ешкімге,
жағынбай-ақ өтерімді ел білген.
Қысылғанда –
ұсынды ма қол ұшын, –
бір адамға жоқ берешек,
борышым.
Сол үшін де ризамын өзіме,
тірлігіме ризамын сол үшін!
ОСЫ МА МАҢДАЙЫМА БҰЙЫРҒАНЫ
Осы ма маңдайыма бұйырғаны –
тірліктің қалмағандай түйір мәні,
әлі де көкті іздеймін,
отты іздеймін,
қайдағы жоқты іздеймін қиырдағы.
Серіппедей ширатылып нервілерім,
ырқыма қашан ғана көнді менің,
Күштіге, қарап тұрмай, қарсы барып,
үстіме қара аспанды төндіремін.
Шақырып қайдағы жоқ жолға дүбір,
бәрінен төңірегім болған ығыр,
Жерідім ағадан да, ініден де,
көңілім өзіме де толмады бір.
Өлең де оңайлықпен алдырмады, –
жоқ екен айызымды қандырғаны,
Талай бір тамылжыған тәтті әуеннің
Ішімде күйіп-жанған,
қалды ырғағы.
Білмеймін,
ергенім кім,
сенгенім кім, –
келсе де арғымаққа мен де мінгім,
бір ауыз шындық үшін
шаштым бәрін
тірнектеп,
түндер бойы тергенімнің.
Қызды да,
қызығын да көрдік тағы,
көңілім біріне де орнықпады.
Шындық деп,
шыр-шыр еткен жүрегімнің
келмей-ақ қойды-ау, шіркін, зорлыққа әлі.
Біреулер –
туа сала жанған бағы
менің бұл тірлігіме таң қалмады.
Балайды дуанаға енді бірі,
қарайды кекесінмен қалғандары.
Қарадай қорқып бәрі енді менен,
кілең бір үркіп тұрған елді көрем.
маңдайға осы болса бұйырғаны,
апыр-ау,
бұдан артық немді берем!..
ТЕҢЕМЕ МЕНІ ӨЗГЕГЕ
Теңеме мені ағайын өзгелерге,
тойларда тост көтеріп,
сөз де берме,
жетеді ізеті де кіші інінің,
өзінің кісілігін сезген ерге.
Байлаусыз бақыт деген өтер демде,
Жүрмеймін күлкі болып бекер мен де.
Бар шыным –
қошаметке,
қолпашқа да,
қарсымын – көпе-көрнеу көтергенге.
...Шығарып жұрт алдына жеке мені,
ағайын көңілімді көтереді.
Өзінің қасиетін ұққан ерге
ағаның ілтипаты-ақ жетер еді!..
...Тұрайын оқта-текте мінбелерде,
қол соғып,
көтермелеп,
гүл де берме,
елінің ықыласы жетіп жатыр,
өзінің кім екенін білген ерге.
АВТОХРОНИКА
Қалды ма ұнамай-ақ бір қылығым,
түсіме әкем кіріп жүрді бүгін:
сұсы да баяғыдай,
баяғыдай
ұшы да шұбатылып шылбырының;
Қатулы қабағы сәл,
салқын өңі,
қасымда қара мұртты шал тұр еді...
Бой қыла қарағандай, құдайым-ау,
мойныма қандай міндет артып еді?
Кигені кебін бе еді, кебенек пе –
жатпады жақын тартып,
мені елеп те,
тек қана қабағынан аңғарылды,
«Ұлым-ай, болмапсың-ау!» – деген өкпе...
Кейіді әкем неге,
қатем неде?
Кеңімей қойған құрғыр пәтерде ме?
Айналам азулы ақын санап еді,
Айтқаным тарап еді жат елге де.
Қарақан құр басымды қорымаппын,
өзендей өз арнама толып ақтым,
төрін де жұрт ұсынды,
бұл түсімді
апыр-ау, енді қалай жорымақпын?
Апыр-ау, арманым бір аласармай,
артыма кетпек едім қара салмай,
Әлде сен,
жүр дедің бе азға алданып,
ауыл-үй арасынан әлі аса алмай?
Ұлың ем үміт күтіп,
мәпелеген,
Түңілдің осыншама, әке, неден?
Жасымда бұла болып өскеннен бе,
басымда жетеді, рас, қате деген.
Сен болсаң –
осы өңірдің қожасындай,
сабырлы ең –
сексеулдің қозасындай,
Мен болсам лапылдап та жандым, рас,
басымнан құс ұшырып, сөз асырмай.
Сен болсаң –
айналаңа құрметті едің,
басқарақ бізден гөрі міндеттерің.
Мен болсам –
дауылда да,
жауында да
жаурадым,
жалғызсырап,
дірдектедім!
Тартпады саған, әке, көп мінезім,
оған да өсе келе жетті көзім,
қанатым қатайғанша қарайламай,
қалдырып орта жолда кеттің өзің.
Тірнектеп тірлігіңде мал жинаған,
Кісі едің
кісі үйінде шалжимаған.
Деуші едің: «Жаным – ардың садағасы, –
алтынның буына да алжиды адам!»
Ұстанып, қартым, дәйім соны берік,
Көңілге түйген едім бері келіп.
...Содан да селк етіп бір ояндым-ау,
Түсімде салқын қабақ сені көріп.
Үлбіреп жүрегінің дірілімен
атыңа кір келтірмес бір ұлың ем,
біреуге билігімді берген жоқпын,
пір тұтып көрген жоқпын тіріні мен.
Қайыспай баяғы сол балғын иық,
ұстадым,
өзің айтқан, арды биік.
Табылды кектенгендер,
жек көргендер,
қаншама өзегімді жарды күйік!
Әр тұстан аңдып келген түнгі ұрыша,
Кеуледі көкіректі түрлі құса,
«Әкенің жоқтығы-ай! – деп жүрдім де мен, –
Тілейтін тілеуіңді тым құрыса?!»
Менікі болмады деп көмбе біткен,
Қартым-ай, қабақ шыттың сен неліктен?
Күлген де шығар, бәлкім, жауларым да,
Жүргенде аулағырақ пенделіктен.
Ұядан өзің салған ұшып едік,
көрген жоқ көкіректің құсы кеміп,
Ұнайды нұрлы күн де,
тірлігім де,
бекерге бас шайқама,
түсіме еніп.
Ақиқат –
ата жолын таңдар ұлға,
асқақтау еді менің арманым да.
Ұланың орта жолда шалдықты деп,
Қартым-ай, қауіптеніп қалғаның ба?
Күндеумен өрдегіңді,
төрдегіңді,
таққыштар табылады ерге мінді.
Сондықтан сыйынып бір аруағыңа,
айтайын не бітіріп келгенімді...
Жүрсе де жеткізбей-ақ көп тілегім,
сүрмедім жаман өмір деп білемін.
аз емес құшқаным да,
дұшпаным да,
күндерім сұсты ағында өтті менің.
Қаратпай жәутеңдетіп әр танысқа,
тірлігім жатыр өтіп арпалыста,
дүние дүбіріне алаңдадым,
қалтырап, қала алмадым қалтарыста.
Жүрген жоқ тілеуімді тілеп ешкім,
жылпостау жігіттің де бірі емеспін,
күдерлі күндерім де,
түндерім де
өтеді ортасында кіл егестің.
Өзімді ес білгелі дауда сынап,
келемін жамандықпен жауласып-ақ.
Ермедім ағайынның арбауына
көрмедім қу жаныма сауға сұрап.
Жоқ еді сенісер дос,
сенімді ағам,
тегінге бермеді өмір төрін маған,
келеді,
ұры тістей болмайын деп,
кісіге күні түспей сенің балаң.
Алдырмай,
алдап қашып қанша арманым.
аз емес сабылыс пен сарсаңдарым.
Көтердім өзім ғана
тағдырымның
түсірген иығыма бар салмағын.
Қаншама төгіп маған кәрін аспан,
күндерім болса да, әке, арып-ашқан,
түсірмей адам деген атқа да кір,
келемін баққа да бір жарымастан.
Жер жарып жатпаса да даңқым менің,
жырладым туған өлке бал түндерін,
Алдында бір ағаның жыламадым,
айтар деп, ақыры бір, нарқымды Елім!
Бар шығар ұнатқаны,
жек көргені,
болмадым ағайынның текке ермегі,
«Шекеңді ісірем!» – деп жүр біреуі,
«Тәубеңе түсірем!» – деп көптен бері.
Жағынып шендісіне,
шекпендіге,
күлімен шыққан жоқпын,
отпен кіре,
Әйтеуір, ел қатарлы көріп келем,
бұйырған,
бұлыңғыр қыс,
көктемді де.
Алар деп қарсы алдыңнан тосып елің,
алапат аламанға қосып едің,
Көңілге толмасам да,
қолдасаң да,
әзірге тіршілігім осы менің!
СЕН КЕЛЕДІ ДЕГЕНГЕ
Кештіріп әрі-сәрі сезім көлін,
қызығым кештеу келген өзің бе едің,
сен келеді дегенге жеңгелерің,
тықыршып,
түні бойы көз ілмедім.
Жеткендей құлағыма талып үнің,
көңілім еліріп тұр тағы бүгін,
Көз қыла қарай берем тау жақтарға,
қозды ма өзің айтқан, «кәрі жыным».
Шоғына шарпылардай оттың денем,
шалдуар шағым да емес екпіндеген,
бәтір-ау, дала қонып,
желігердей,
соншалық бала болып кеттім бе мен!..
Жүрегім жүрегіңнің жоқтап әнін,
жолыңа осы жолы көп қарадым.
Сезімнің әсері ме бойдағы шат,
өзіңді ойлағыш-ақ боп барамын.
Ұмытып арамыздың алшақтығын,
өзіңді кеттім сонша аңсап бүгін,
Тауға апар бұрынғыдай, қырға сүйре,
түнімен тыным бермей, шаршат, күнім!
Келеді, деп еді ғой, жеңгелерің,
тезірек дөңгелеші, дөңгеле, күн
...Төрт болып екі көзі сені күткен
әлемде бақытты жан мен бе дедім!..
ЖАСЫРЫНБАҚ
Жаным-ай, жақсылық та бойға мін бе,
жарасып, отырмадық тойда бірге,
ойлашы,
оңашада от боп жанып,
көз салмай көп ішінде қойғаның не?
Жанары жәудіреген жезкиігім,
түспеді-ау,
тым құрыса,
көз қиығың.
Әнге де қосыла алмай елмен бірге,
әлдене ауырлықты сезді иығым...
Сездім де жүрегімнің сыздағанын,
телміріп,
төрге қарай жүз қарадым,
өйткені мен өзіңді сыбырдан да,
қалт еткен қыбырдан да қызғанамын.
Айналып ә дегенше күлкішілге,
өзгеріп бара жатты түр-түсің де,
Жүруші ең оңашада өліп-өшіп,
көз салмай қойғаның-ай жұрт ішінде!
Алтыным, ақылыңа құлдық, тегі,
өзім де отырғам жоқ білдірткелі,
...Соншама жұрт көзінен жасырардай,
бұл күнгі махаббат та ұрлық па еді?!
ҚЫС ІШІНДЕ
Қыс ішінде қыдырып,
қырға барып,
құшақтаса қырқадан сырғанадық.
Көптен бері көрмеген
Алатаудың
басына да алыстан бір қарадық.
Бастала да қоймаған бораны әлі,
домаладық төменге –
доланалы,
жалт қарады таулар да,
иығынан
сусып түсіп ақ жібек орамалы.
Әппақ көйлек кигізіп үстіңе бір, –
қар ма жауған,
қаңтарда түсті ме гүл?
Шаңқай түсте түс көріп тұрғандай-ақ
саған қарай құс болып ұшты көңіл.
Аяқ асты жадырап сол күні қыр,
көкірекке топырлап толды дүбір.
Кетіп едің өзің де, айналайын,
қызығыма айналып ендігі бір.
Қызығым деп ендігі жеке көрген,
қызғанбаса бола ма, бөтен елден, –
жасты ұмытып,
ағарған шашты ұмытып,
бозбалаға айналып кете бергем!
...Қыс ішінде қыдырып,
қырға барып,
құшақтаса
қырқадан сырғанадық.
Мінгізгендей бір асау атқа мені,
жатқан еді төңірек жырлап анық...
Сүйіп тұрып,
сыбырлап құлағыңа,
сұрақ қойдым
шыбықтай шырағыма:
тұнып тұр ғой табиғат,
«Айтшы маған
айналайын, өзіңе ұнады ма?»
«Айналды ма шынымен биыл басым,
келіп едім, – деді, – өзің қиылғасын.
кешір мені,
бірақ та сенен басқа
түк көрінсе көзіме бұйырмасын!..»
* * *
Ардағым-ау,
жауып тұрған тағы да қар ма мынау?
Үйірілді көңілге нала демде –
Алакөлге биыл да бармадық-ау!
Тірлік шіркін бұрғызбай мойнымызды,
көзден бір-бір ұшырды-ау той, қымызды...
Бүгін тағы құданың күні ысқырып,
бүрістіріп біржола қойды бізді.
Жасағаннан жеткендей жарлық ала,
жапалақтай жөнелген қарды қара, –
қарымтасын қайтарып уақыттың,
кешегіңнің өзіне зар қыла ма?!
Жылы күлген
жылғалардың өшті де үні бірден,
бозбаладай асыққан ғашығына,
жасырына бастады Күн іңірден!..
Ардағым-ау,
Алакөлге биыл да бармадық-ау!..
Талда – қырау,
төгіліп таңда қылау,
жауып тұрған тағы да қар ма мынау?..
ЕҢ ҚЫСҚА ТҮН
Тоқтамай,
тілесең де құдіреттен,
қысқа еді махаббатың түні неткен!
Талықсып,
таң алдында тарасқанда,
әркімнің ішінде бір мұңы кеткен.
Алдында көрері бар,
келешегі,
қыздың да күткені бұл емес еді,
жігіт тұр жұрт көзінен жасырынып,
ұшығып кетпесе деп ел өсегі.
Айырмай «айыбыңның» ақ-қарасын,
ішіңді ақтарасың,
шаттанасың.
бәрінен жеруге де,
еруге де,
уәде беруге де шақ қаласың...
Көңілдің көбінесе қыбы қанбай,
біреуі иландырып, бірі нанбай...
Есіңді бір тандырып
өте шыққан
қысқа еді махаббаттың түні қандай!
ҚЫЗДАРҒА
(Әзіл)
Қырқа шалып қырықты еңсергенде
қызыққыш боп барам-ау мен сендерге,
бір қаракөз қасымнан күліп өтсе,
көтеріле түседі еңсем демде.
Көтеріліп сол сәтте еңсем менің,
ғашық болып тағы бір көрсем дедім,
көрсем дедім бұраңбел қарындастың
тал шыбықтай тағы да теңселгенін.
Жазғаны ма маңдайға бір Алланың,
қыз дегенде қылып етпей тұра алмадым,
қалай ғана ұмытам, хас арудың
құшағымда майысып, бұралғанын!
Қарындастар, қасымда жүрген бірге,
ғашық болып шетіңнен үлгердім бе! –
келіп қалды-ау елу де, қыздар болса
көрікті боп барады күннен-күнге!
Жан едім ғой өкпем жоқ өмірге мен,
көрінгенге шашылып, төгілмеп ем,
қалқатайлар, өздерің ойланыңдар,
қайда ғана жатқанын көңіл деген!
Қыздар! Қыздар!
Қырықты еңсергенде
Қызыққыш боп барамын мен сендерге!
Өздерің біл – бұл сөзге күлсеңдер де,
ғашық болып маған бір көрсеңдер де!
Қызыққыш боп барамын мен сендерге...
МЕҢ Таңғы шықтай тамғалы тұрған әрең, тамағында дірілдеп бір қара мең, Қаз омырау қашырып дегбірімді, қарап қойып отырдым ұрлана мен... Алтын сәуле төсіңнен тарап өңге, жүгіреді сан-саққа сана демде. Еркімді алып, есімді, сұрымды алып, діріл қағып қояды қара мең де... Ақ қағаздың бетінде қалған үтір секілденіп, қара мең тамғалы тұр... Іліп алып, жұтып-ақ қойсам деуге, қайтейін-ай, қарағым, бармады тіл... Тамғалы тұр қара мең, тамғалы тұр... КҮЙІК Оңаша күңіреніп, күрсінейін, көзіме көрінбей-ақ жүрші дейін... Қайтесің қажай беріп, Қарағым-ай, халімді қазір емес, білші кейін. Әйтпесе, қайтесің сол хал біліп те, төзген ғой біздің көңіл сан бүлікке! Денең де дір етпесін сезем сенің, менен де баяғы асқақ әнді күтпе! Оқитын күмбір-күмбір жырымды ұдай, кешті де күтпей-ақ қой бұрынғыдай. Көзіңе түспеуге де тырысайын, жықпылда жол тосатын жырындыдай. Мәлім ғой маған бола бүлінбесің, хал сұрап, қажай бердің бүгін несін. Білесің, намыс буған өр көңілім Өзіңе енді қайта жүгінбесін.
Тыңдарсың енді, бәлки, өзгені ұйып,
(Мұнан да ауырларды сезген иық!)
Көлбеңдеп көбелектей, қарағым-ай,
қайтесің бола беріп көзге күйік!
* * *
Жүрген жоқпын құла дүзде, елсізде,
өлмеспін деп ойлап едім Сенсіз де...
Ақылыммен жеңе алмадым және де
көне алмадым ойға қонбас жөнсізге.
Ішкені – ірің,
желім болып жегенің,
өзге түгіл, өзің білмей себебін,
қамығарсың, жабығарсың, ақыры
маған келіп шағынарсың деп едім.
Жарқыраған жұлдыз болу орнына,
аяқ-асты айналып бір сорлыға,
жыл өтпей-ақ сағынарсың деген ем,
екеумізді екі айырған жолды да.
Сен болмасаң қараң қалар деп пе едің,
деп те, шіркін, қаншама бір сөкпедім.
...Содан бері сулар ағып қаншама,
өтті-кетті көкалалы көктемің.
Сен бақытты бола алдың ба?
Кім білген...
...Көкірекке орнап алып мұң бірден,
әлі күнге бір өзіңді аңсаумен,
аңсай күтіп шаршаумен-ақ жүрмін мен!
* * *
Күттіріп, қалқам, жеттің бе мені,
жабырқап жүрген шақтарда?
Өзіңді ертіп кеткім кеп еді,
армандай алыс жақтарға.
Шешесін күтіп тұрған баладай,
жүрген ем жүдеп мен шетте,
қиялдай қызық қырларға қарай
жұптасып кете берсек пе?
Оралып соғар құйын барында,
қызу барында қанымда,
бақытым болып бұйырғаның ба,
бұйығып жүрген шағымда.
Көз жазып қалғам сезім, күдерден,
шалдығып барып сан қырда,
осындай шақта өзіңді берген,
шүкір де шүкір тағдырға!
Қолға алмай кеткен қаламым қайда? –
Түлеп бір көрем енді мен,
Құрып бір кетсін нала мұндайда,
тұла бой түгел сергіген.
Бәрін де танып шат қабағыңнан,
құламай қалып құрдымға,
шынымен сенің ақ тамағыңнан
аймалай иіскеп тұрмын ба?!
Көсіліп кетті-ау көңіл дегенің,
көктемгі тәтті мұңым ең.
Осының бәрі өңім бе менің,
түсім емес пе шынымен?!
* * *
Тербетіп тентек сезімді
жатқанда көкте ай аунап,
ертіп ап, еркем, өзіңді
тау жаққа тартқам жаяулап.
Елеңшіл едің еліктей,
үп еткен үннен үркердей.
Айлы бір түнде
зерікпей,
алысқа кеттік...
гүл термей.
Таң қайда,
таныс маң қайда?
болмады қия жол бөгет,
бетіміз ауған
шалғайға
жырақтап кете берген ек...
Жол қайда, жаным, сондағы,
айтқан серт, алған қол қайда?
Оңаша қалса болғаны,
осылай жүрек сорлай ма?
Көп үнге құлақ түрдік пе,
куә да болған қыр мынау –
Қиюы қашқан тірлікте
қиналып қана жүрмін-ау!..
* * *
Білмедім,
бүгінгі түн кімді алдады, –
жан қалқа бұрынғыдай бұлданбады.
Иегі иегіме тиді келіп,
«Сүйемін!» – деуге бірақ,
тіл бармады.
Жоқ еді тұла бойы,
түрінде мін,
қысылды,
құшағымда бүгін менің.
Сөйлеуді қайда,
қалай,
білетін ем,
тілімді байлағаны-ай...
дірілдеп үн.
Білмедім,
қалай ғана болды бұлай,
толықсып, он бесінде сөнді бір Ай.
Дариға,
сүйіп тұрып, күйіп тұрып,
«Сүйем!» – деп, айта алмаудың
қорлығын-ай!
ЖҮРІП АЛАМ
Өзіңді осыншалық сүйгенім бе, –
еркімді жүре бердің биледің де,
Кешкілік ақыл-есім саған ауып,
кете алмай отырамын үйге мүлде.
Ұнамай айналаның бірі маған,
көңілім болады да күніге алаң,
қарайлап саған ғана, қарағым-ай,
мәңгірген Мәжнүн болып жүріп алам.
* * *
Көлеңкелеп сая ағашты,
көп қыдырған сол күндер!..
Болды ақыры аяқ-асты
аңсап келген мөлдір көл...
Жүз құбылып енді реңі
жапырылып жас шалғын,
жанарың да мөлдіреді
жұлдызындай ақшамның.
Қыр гүліндей үлбіредің,
құрғыр ерін құртады-ау!
Жалған яки шын күлерін
білмей тұрған жұрт анау.
Маңдайыма бұйырмаған,
бағым ба едің, кім білген,
талай қайық шиырлаған
суға төніп тұрдым мен.
Көрдің сонда кімді лайық,
көлдің беті түрленіп.
Қалт-құлт етіп тұрды қайық,
екеуміз де мінбедік.
Салды басқа жолға мені
көп қыдырған сол күндер.
Аяқ-асты болған еді
аңсап барған мөлдір көл...
* * *
Сонша неге елжіредім,
дегбір қалмай,
асығып, –
көп ішінде сен жүр едің,
көзіме оттай басылып.
Қырдан қызыл гүлді ерінбей
іздеуші едім күнде мен.
Қарағым-ай, бір көрінбей
қай жақтарда жүрген ең?
Қызыл қанат көбелектей
көзге ұрып-ақ тұрсың-ау,
қалай жүрем елең етпей,
көзден моншақ ыршыды-ау!
Күлімсіреп көз дегенің
жарқ еттің де –
күлді өмір.
Бір пәлені сезген едім, –
бүлінгелі түр көңіл...
ҚҰРДАСҚА ҚАЛЖЫҢ ӨЛЕҢ
Талма түсте төгіп өткен жаңбырдай,
кеткені ме құмарымды қандырмай,
өткені ме басымыздан бұл дәурен,
күш сынасқан, мысты басқан тағдырды-ай!
Сорлымын ба –
маңдайыма бақ тұрмас,
маған деген қорлығың ба?
Қап, құрдас!
Ондай ару енді бізге, не керек,
Алматыны алты айналсақ –
таптырмас!..
Енді бізге табылмайды ондай қыз,
табылса да –
құлай ғашық болмаймыз.
Қызғанам деп,
қызыл итке жем еткен,
жігіттер-ай, оңбаймыз ғой, оңбаймыз!.
* * *
Жасырып қайтем енді елден,
жаныма бүгін толып ән,
жүзіңді сенің көргеннен
жылы бір нұрға шомылам.
Көңілде қалған дақ бар ма,
тарылып барлық жол бірден.
өзіңді көрген шақтарда
жадырап сала бердім мен.
Мұратты жан да емес пе ем,
атқанда күліп сол таңым.
Айрылып тәтті елестен
қалам ба деп те қорқамын...
Жүрейін, тіпті, көз ілмей
түсімде көріп күн сайын.
Көктемнің нұрлы өзіндей
күлімдеп қана жүрші, Айым!
АЙТПАДЫМ
Мінезің кімге ұқсаған,
жақындап кетсем,
тез күлдің,
айтпадым ашып түк саған,
қабақпен ғана сездірдім.
Ұстатпай жүрген нұрдайсың,
құрдайсың қашқан, не керек!
Қасыма келіп тұрмайсың,
бұрмайсың мойын көп елеп.
Қоймайды көңіл құрғыр да,
тоймайды көзім жүз қарап.
Құласам ба екен құрдымға,
қыраның болып мұзбалақ?
Шырағың болып жансам ба,
тұтатып өзің,
сөндірген?
Бір әнің болып қалсам ба,
қағып ап кетер ел бірден?
...Айтпадым мұның бірін де,
айтқызбай,
ұғып қал, күнім.
Ақылды қалқам түбінде
түсінер, дедім, барлығын.
* * *
Түс емес пе шынымен,
өңім бе бұл, ақ таңым, –
өліп-өшіп түнімен
өзімсініп жатқаным?!
Күте-күте, қарағым,
қалмап еді төзім де,
аймалатып тамағын,
аласұрған өзің бе?
Қанғаным ба қайнардан,
жанғаным ба қосыла,
арманыма айналған
аршын төсің осы ма?!
Кезікпеген көп елге
көзіңдегі нұр мынау,
ақ періштем дегенге
әлі сенбей тұрмын-ау!
Жүрген екем тегінде,
өмір бойы ай қарап,
шынымен-ақ өңім бе
отырғаным аймалап?!.
СӨКПЕ МЕНІ
Тағдырдың бұйыртпасы.
бермесіне,
қалқам-ай, ренжиін мен несіне!
Қөңілім жақсылыққа болып алау,
талай бір жолығар-ау теңдесіне!
Шырағым, шыға бере...
тектіңді елеп,
қайтадан қайырыла жеттің кенет.
«Жүр еді жүрегімді көктем етіп,
шынымен өкпелетіп кеттім бе?» – деп...
Ол үшін неге, жаным, өкпелейін,
өкпелеп,
сені қалай жек көрейін?!
Өзің де қайта айналып соқпады деп,
ағаңды айналайын, сөкпе кейін!..
* * *
– Сүмейсің ғой, солай ма? –
деп сұрадың,
«сүйем» деудің реті жоқ, шырағым.
Тұтқиылдан тап болған зілзаладай
тұншықтырып, өрте де,
өтші, жаным!
Кеудемізде күнде бір майдан ашқан
махаббат па?
Махаббат қайда қашқан.
Ант берісіп қайтеміз.
Тәтті өбісіп,
қызық шығар,
қытықсыз аймаласқан!..
Дәл осындай бақытқа бөлеген кеш,
қайта айналып, қалқам-ай, келе бермес...
Ләйлі мен Мәжнүндей болмады деп,
ешкім бізді бұл үшін сөге көрмес!..
ЖАРҒА АРНАЛҒАН ЖЫРЛАРДАН
Жанымның назымысың, сазымысың, –
қасында келеді өтіп жазы-қысым.
Өзіңе арқандалған көңілімнің
алысқа жібермейтін қазығысың.
Түбінде таусылар деп бір шыдамы,
біздерді күн сынады,
түн сынады...
біріне қайыспай да,
майыспай да
баяғы құтты орныңда тұрсың әлі.
Аздай-ақ қызығымыз біздің көрген,
тірліктен қашсам ба деп тізгінделген,
кейде бір бұлқынып та,
жұлқынып та,
арқанды аласұра үзгім келген...
Өзгеге арналды ма көп өлеңім,
әйелдік жасамадың,
елемедің, –
сездірдің сенсіз күнім қараңдығын,
тірлікте мен де саған керек едім!
Тарылып кеткендей-ақ өріс кейде,
ұмтылдым күнгейге де,
теріскейге,
шайқамай тұнығымды,
қылығымды
кешірдің көріспей де...
келіспей де.
Оп-оңай айырмасаң жезді асылдан,
абысын сөзі қашан тез басылған?
Менің де арқандаулы көңілімді
келесің алыстатпай өз қасыңнан!
Амал қанша,
адамдай-ақ түк білмес,
жақсыны да,
жаманды да ұқтым кеш:
шашылмасам жақынға да,
жатқа құр,
басыма кеп қонар ма еді бақ та бір...
бақыт құсы шыр айналып төбемнен,
кеудем озық жүрер ме едім көп елден.
Жұрт алдында жәбірледі мені кім,
басым түсіп,
баспағанда желігін:
білместігін бетіне айтып «мықтының»,
асқағырақ естілмесе тіпті үнім,
суырылып, сөйлейтін бір кезде де,
кезек беріп отырғанда өзгеге,
азаматтың
өп-өтірік көлгірсіп,
отырғанын көре тұра,
мен қырсық
араласып арзымайтын ойранға,
кекірейе қалғанымды қойғанда,
зәлімдерден зәбір көрген бала ма, –
шыр-шыр етіп түспегенде араға.
Марапаттап –
қатыны ма,
иті ме,
күле қарап қайдағы бір күйкіге,
өкпелетпей көңілдес көп құрбымды,
бас пайдамды ойлағанда бір күнгі,
ойлағанда барлығының зардабын,
мен осындай болмас едім, ардағым,
отырар ең бес бөлмелі пәтерде,
бірақ онда...
болмас ем ғой сен сүйген
Иманасов Сәкен де!
Біздің үйге кім келіп, кім болмаған,
күні-түні төрімізге толды адам, –
құлағым да тыныш еді қашаннан,
жұмағың да осы араға орнаған.
Ерте-кеш пе,
түн ортасы ауды ма,
жолдастарым жетер еді даурыға,
дастарқанға үюші едің барыңды,
әзіліңмен тыюшы едің дауды да.
Кісі келсе –
қабағыңды бір шытпай,
кішіге де жауап беріп,
қырсықпай,
не деріңді білесің-ау бәріне,
үйіріліп жүресің-ау ұршықтай.
Ағалар ма,
алыс кеткен атағы,
болып-толған бабалар ма баталы,
қағынып-ақ тұратын бір қайның ба, –
бәрі саған «жағынып-ақ» жатады.
Қарапайым колхозшы ма,
ғалым ба,
жетті сенің пейілің де, наның да,
алдарына жайдың бәрін,
не керек
қайғырмадым, қалқам, сенің барыңда.
«Сиқымызды» сынай келген шіркін бе,
барлығымен сөйлесесің бір тілде.
Өз үйімде өспеуім де ендеше,
осындайда бөспеуім де мүмкін бе!
Саған айтар сыры да бар,
бар мұңы,
көңілі хош аттанады барлығы,
Түңілмейді жақыным да, жатым да,
білінбейді үйіміздің тарлығы.
«Жаман адам жақтайды, – деп, –
қатынын»,
құрдастарым айта берсін «ақылын»,
бағым да сен маңдайыма бұйырған,
тірлігімде таңдайыма татырым!
Қараумен қабағыма күн-түн менің,
алдыма түсіп алып бүлкілдедің, –
өзіңді аңсап келіп құштым қанша,
біресе шаршап келіп, зіркілдедім...
Аңғарып айтарымның бұл емесін,
әзілмен жуып-шайып жібересің,
ерінге ойнақы әуен үйіріліп,
менің де көп ұзамай «кіреді есім».
Кейде бір үйімізге кісі келмей,
қарадай қапаланам,
ісім өнбей,
арайлым, айналамнан жан таба алмай,
қараймын тағы саған,
түсінердей...
Жүресің үйлестіріп өзің көбін,
білмеймін,
қандай ғана төзімді едің, –
әйтеуір, ерте кетіп, кеш келгенде,
түнімен мені күтіп,
көз ілмедің.
Білмеймін,
пейілің бе,
зейінің бе,
тұрады жүзің толып мейірімге,
сөз болып көрген емес,
кейде менің
ұзаққа созылатын «сейілім» де.
Жүргенде бағумен-ақ күн-түн мені,
бір рет қабақ шытпау мүмкін бе еді?
Шалынбай құлағыңа қалсын қалай
арзымас ағайынның күңкілдері.
Тарылмас тәрбиелім, бөлек өскен,
келесің соның бәрін елеместен,
ақылмен арашалап жүрсің мені
талай бір тура келген төбелестен.
Қолы ашық,
пейілі кең берекелім,
үйімнің төрт бұрышын төр етерім,
жүрмесем болғаны да кештеу ұғып,
бағым да басымдағы сен екенін!
Көмейіңде көміліп бір тұрды өкпең,
мен де сезбей жүр деп пе ең...
Араласпай
ағайын
дос,
елге кеп,
жұрағаттан жырақтала берген ек.
Жөні бар ғой
думанның да,
тойдың да,
бәрі есімде,
бәрі менің мойнымда,
көптен бері от басынан ұзатпай,
өз қасыма жіпсіз байлап қойдым ба?
Келді ме әлде сөйлегің де,
делебең де қозды ма, –
бір киерлік көйлегің де
босқа тұрып тозды ма?
Қинай берме мені күнде,
қиылма да,
шыда сәл,
өкпең тарқар,
өмірің де
тойдан тойға ұласар.
Жүр деп пе едің бекерге мен,
қариды ішті әлі ызғар.
парыз қанша өтелмеген,
қайтаратын қарыз бар.
Білмей жүр деп ойлама,
лайықты орын керек,
көңіл керек тойда да.
Күндерім бар есе кеткен,
түндерім бар текке өткен,
көп көтерме,
қошеметтен
солар мені шеттеткен.
Бастан асып тұр қайғым,
сондықтан мен
құрметке де,
дүрмекке де енді мойын бұрмаймын.
Ойлап тұрсам –
шындығында
думандатқан көпке еріп,
өзімді-өзім бара жаттым жек көріп.
Ойын-күлкі арасында өтті күн,
қарап тұрсам –
бұлдайтын да жоқ түгім,
Бақ жанбады неге мүлде
қырық белес қырды асып?
Дәмелі үміт дегенің де
бір ұстатпай, жүр қашып.
Әзірге бар бітіргенім,
бітіргенім дейін бе? –
жұрттың бәрін шақырумен жүргенім тек
мейірге,
жүріппін тек көрмесем деп,
тоғышардың тоқ күйін,
жершілдікті жерлесем деп, –
құн төлемей көк тиын.
Алауыздық болмасын деп,
қырымда абад – жері кең,
бір әділет орнасын деп,
шырылдап-ақ келіп ем,
осалдығым сезілмесін деуменен,
қара тастай қаталдықты
қақтым қанша кеудемен.
Азабым да аз ба менің салғаннан, –
бүгіле де жаздап едім,
шарт сынуға сәл қалғам,
Әлі ататын таңдарым да,
арманым да көп мүлдем,
бола қойған,
тола қойған жоқпын мен.
Аз ба, бірақ, берген үлгім,
болды ма өмір өрі елең, –
Көп ұзамай мен де елімнің
құрметіне бөленем.
Сондықтан да
өкпелеме текке сен,
болмайды екен осылай бір етпесем, –
арамызда қулар қанша,
сұмдар қанша кергіген,
солармен бір шайқасуға кірісемін енді мен.
Қол-аяғым бүтін әлі,
бес қаруым бойымда, –
қайда қашып құтылады
думаның да,
тойың да,
қайда қашып құтылады,
сөз аяғын былай ұқ:
құрметке де,
дүрмекке де болайық та лайық!
БЕРЕКЕ
Отбасының берекесі деген не? –
Қасыма алып, қыдырту ма сені елге,
асқақ әннің толуы ма кеудеме,
баспанамның болуы ма төбемде?
Темекімді іліп алып езуге
үйдің ішін әрлі-берлі кезу ме!
Сәл кешіксем – екі көзің төрт болып,
мені күтіп қалғаныңды сезу ме?
Үйіріліп, үйден ұзап шықпау ма?
Не десек те –
бас шұлғу ма,
құптау ма?
Қазан-ошақ сылдырласа, қарағым,
саған қарап қабағымды шытпау ма?
Бір сен деумен, отырсам да, жатсам да,
елде жоқты жерден шұқып тапсам ба?
Алакөлден ала келген көңілім –
өз қолыңа санап берген ақшам ба?
Отбасының берекесі ол емес,
оның бірі қуанышқа бөлемес.
Шын береке – кісілігің тек сенің,
күнделікті кішігірім ерегес.
Отбасының берекесі дегенің, –
енді мәңгі үзілмейтін көгенің,
жар болуға жарағаның өзіме,
жатпай-тұрмай бала қамын жегенің.
Отбасының берекесі, өр елім, –
бәйбішесі секілденіп төренің,
жанның бәрі сыйлағаны өзіңді,
ағайынның алдындағы беделім.
* * *
Жеңге ме едің, шырағым,
келін бе едің? –
Түнде тұрып шай бердің,
ерінбедің.
Ауыл-үйдің қарамай өсегіне,
төсегіме айналды төрің менің.
Жолаушы деп қарамай түнделеткен,
алдымызға ас келді түндегі еттен,
...Бір әзәзіл кеудемде бас көтеріп,
қала берді күрмеліп тіл кенеттен.
Келіп едік кештете кақпанды ұрып,
алдымыздан атты бір ақ таң күліп.
Қарағым-ай, өзім де білмеген ем,
қасқыр барын кеудемде жатқан бұғып...
Кім ойлаған болар деп, сірә, бұлай,
масқара етіп жүре ме мына Құдай.
– Сыртыңыздан білеміз! – деп сызылып,
шай құйғаның не тұрар, шырағым-ай!
Өзі неге тұрады елегенің,
көріп жүрген көп елден бөлек едің...
...Көңіліме қайдағы сайтан кіріп,
есімде жоқ,
не дедім,
не демедім...
Кеудемде бір қорқаулау қасқыр ұлып,
тамағымнан өтпеді ас тығылып,
Түніменен дөңбекшіп құс төсекте,
ұйықтай алмай шыққаным бастырылып...
* * *
Кете алмай бірден достасып,
айтылмай асқақ көп өлең,
қатқылдау ғана қоштасып;
«Хабарласып тұр...» деген ең.
...Алсам да бірде ойыма,
араға түсіп көп бөгет,
қаншама жылдар бойына
қайырыла соқпай кеткен ек.
Бозбала-дәурен,
қырды аңсап,
кезігіп кейде басқамен....
араға талай жылдар сап,
есімнен шыға бастап ең...
Жазатын қыздар бұрын хат,
жанып та жүрдім мен дейтін,
телефон біткен шырылдап,
күн ұзақ тыным бермейтін...
...Баяғы мінез жоқ қызба,
бұйығы күндер көп өтті,
Қызығып жүрген көп қыз да:
«Хабарласып тұр...» – демепті.
Жазбайды бірі бүгін хат
араға салып аптаны.
Телефон деген шырылдап,
ұлымды сұрап жатқаны.
Біреуден бүгін даңқ кем бе,
тойларда думан қай-қашан,
қасқайып барып,
қақ төрге
қарттармен қатар жайғасам.
Қайығым жылдам жүзді алға,
қамығам, бірақ мен демде –
алқалы топта
қыздар да
түрегеп орын бергенге.
Салса егер қыздар сан әнге,
сырт беріп шығар емеспін,
айтпады, бірақ амал не:
«Хабарлас тағы...» – деп ешкім.
...Құлпырып тұрған қыр мынау,
ел бөлек бүгін,
жер бөлек,
Жаутаңдап саған жүрмін-ау,
«Хабарласып тұр!» – дер ме деп!
ЖАС ҚЫЗДАР
ЖенПИ-дегі кездесуде оқыған өлең
Дегбірі қалмай жүректің,
жүзімнен сұсты қашты ызғар,
Сендерді көріп, дір еттім,
сөкпеңдер мені, жас қыздар.
Тұрсыңдар түгел үлбіреп,
жібектей жұмсақ нұрлы өңдер.
Жымия қарап күлді деп,
жақтырмай мені жүрмеңдер.
Қызыға берем бәріңе,
Қырмызы таза гүлсіңдер.
Көңілді біздің әлі де
қытықтап қойып жүрсіңдер.
Арнайтын бір-бір тамаша ән,
емес қой ағаң аса қу.
Қызығып қана қарасам,
кінәлай көрме, жас ару!
Кеудеде қанша налу бар,
болмады көзден кім ғайып.
Әттең-ай, асыл арулар,
барады-ау жас та ұлғайып.
Мәлім ғой сырым баршаға
кеудемде ғажап маздап ән,
Ғашық та болып қаншама
жанып та кете жаздағам.
Өзіңе тегі тең көрмей,
жатырқай берме ендеше,
Арудың асыл сендердей
арманы болғам мен кеше.
Айтқызбай соны білер кім,
түсінермісің мені сен.
Жетісу атты ұлы елдің
желіккен жалғыз перісі ем.
Серісі ем құрбы-құрдастың,
той-думан еді-ау айналам.
Құшағымды ыстық күнде аштым,
қыздарға көзі жайнаған.
Демейтін еді-ау жұрт «Аға!»
тілектес едік көп қызбен.
Қыдырып шығып қырқаға,
қызық бір күндер өткізген.
Өңім бе, білмей түсім бе –
дүбірге күнде ет қызып,
өрімдей қыздар ішінде
өткізуші едім көп қызық.
Есіре сүйдік, ес кете,
қалды ғой көбі болып ән.
Күндер-ай сол бір кештете
ЖенПИ-дің алдын торыған.
Қағып ап құсты қолымнан
өтті де кетті көп түнім.
Шұбырып еріп соңымнан
жүретін қыздар жоқ бүгін.
Елейді дейсің енді кім,
өрімдей құба талдарым.
Еркелеп барып мен бүгін
ерніңнен сүйе алмадым.
Не дермін, қыздар, енді елге,
қызғана қояр құрбым кім?
Қызыға қарап сендерге
қысылып қана тұрмын мен.
Ерсі ме, шын-ақ, ендігім, –
қарамай шаштың ағына.
Қыздар-ай, осы мен бүгін
болсам ба ғашық тағы да!
Бозбала болып мен демде,
тәуекел деп-ақ өлсем де,
еркімді беріп сендерге
еріп-ақ кете берсем бе?
Алыста күтіп тұр ма ауыл,
Ақырын ымдап жасыл бау?
...Кеудемде менің бір дауыл,
күркіреп барып басылды-ау!
ХАТТАР СЫРЫ
Бірінші хат
...Қайтесің осыншама болып алаң,
Маңдайға жазылғанын көріп алам,
талай құс саялаған көңіліңнің
бұйырса жетер еді төрі маған.
Бағалап бала жастан ерекше ерге,
Жүрегім қалып қойса керек сенде,
өзің біл,
көл етсең де көз жасымды,
өзің біл,
ел етсең де,
жер етсең де.
Бұл күнде бәрі маған кешірімді –
қаңтарда қарға жазып есіміңді,
қаққаным түнде келіп терезеңді,
баққаным күні бойы есігіңді.
Сұқ көздер,
қайтер демей,
көріп қалса,
өртендім құшағыңда өліп қанша,
түн бағып,
дегбірімнен айырылдым,
ұрланып,
оңашада жолыққанша!
Апыр-ай, ойласаңшы,
соның бәрі –
тати ма тағдырыма қолыңдағы!
Көптігі сөз болып па айыбымның,
қайранға қайығымның соғылғаны.
Баз кешсем барша тірлік, тұрмыстан да,
біреуі татыр ма сол тұңғыш таңға!..
Әлі де өзімді-өзім ұмытар ем,
қуатты құшағыңа бір қысқанда.
Ұмытпай жүрсең болды сол күнді елеп,
Мен үшін әлемдегі орның бөлек.
«Сұраймын өткеннен де,
кеткеннен де,
Ай маңдай арысымды көрдің бе?» – деп!
Екінші хат
...Сыпсыңын естіп елдің,
сүйреңін де,
Сыя алмай кетем кейде үйге мүлде,
күледі ағайыным,
бар айыбым –
өзіңдей азаматты сүйгенім бе?
Қарамай өз басының міндеріне,
күледі күн көре алмай жүргені де,
Ойлаймын,
осылар да ғашық болып,
бір сүйіп көрді ме екен шын беріле.
Біреуі жолай алмай жүр маңыма,
күледі сол құдайдың ұрғаны да,
бұларға не дейін мен,
бәрі соның
тұрар ма сенің қара тырнағыңа!
Қинайтын жоқ әзірге басқа мұңым,
тұрады құлағымда асқақ үнің,
қараймын кекесінмен
барлығына
жүретін жігітпіз деп жас-кәрінің.
Қараймын ініге де, іріге де, –
апыр-ау, сендей емес бірі неге?
Әйтеуір, қыбырлаған,
жыбырлаған,
сөйлесе,
сыбырлаған тірі неме!
Не керек,
әйелі де,
еркегі де,
алды ғой айналдырып ертегіге,
көреді еш амалым қалмағандай,
қосыла алмағандай мен теңіме.
Алдыңда жататындар құрақ ұшып,
сыртымнан сөз боратып,
жүр алысып,
Кетер ем көз көрмеске,
жібермейді
оралып етегіме мына «күшік».
Тек қана детке қуат сенің барың,
демеймін төгілді арым,
жөнім – мәлім,
Өзің біл ақтасаң да,
даттасаң да,
әзірге осы ғана менің халім...
Үшінші хат
Тағы да мұңын айтып кетті деме,
өзіңсіз осы күндер өтті неге?
Мен сені айырбастай алмайды екем,
беделді беттіге де,
тектіге де.
Көзіне,
көре тұра,
көбі ілмей ме,
шынында қызық екен өмір кейде, –
Қойды ғой
қырындаған еркектердің
біреуі сендей болып көрінбей де.
Жүрсем де жетегінде үміттің көп,
қоямын оңашада күліп,
тілдеп:
«Жарқылдап көз алдымда сен тұрғанда,
ойлайды-ау осылар да жігітпін деп!»
Табылған өз қасынан не керегім,
төбеме көтеретін төрем едің.
Жетер ем ұшқан құстай, амал қанша,
әрнені ойлаймын да... бөгелемін!
Төртінші хат
Мен сені қашан көрдім,
білесің бе?
(Еріксіз осындайда күлесің де).
Тәтті бір түстей болып,
содан бері
бәрі де ұмытылмай жүр есімде.
Бір шоғыр жұрт ішінде,
сері кілең,
Отырдың айрықша беріп рең.
Басылып сонадайдан көзіме оттай,
атылған сезім-оқтай көрініп ең.
Мені де кіріп-шыққан – баласынбай,
сондағы сұстана бір қарасыңды-ай!
Тұр едің дуылдасқан топ ішінде
Алатау үстіндегі дара шыңдай.
Артыңа содан бері қара салмай,
келесің қылаң елі аласармай...
(Кеудеңе құлар едім қазір барып,
Қайтейін,
ауыл алыс,
ара шалғай!)
...Дарымай миымызға бірі ақылдың,
басталған содан кейін сұрапыл күн.
Мақтан да болушы еді көңілімде, –
жатқанда құшағында ірі ақынның!
Алаңдап айналаға, сан дүбірге,
қаншама атырушы ек таңды бірге,
Қайтейін, бара алмадым дауға бірақ,
амалсыз аулағырақ салдым ірге.
Кім білсін,
көрінді ме жыларыма
атыңды жаздырып ап тұмарыма,
Өзіңнен басқаны мен білмейтін ем,
ел сөзін ілмейтін ем құлағыма.
Тірлікте тез бөгеліп,
тез көнерген,
Иығың озық еді-ау өзгелерден.
Шарқ ұрдың көңіліңде болмай дамыл,
Мен сені сондай да бір кезде көргем!
Бесінші хат
Бара ма сиреңкіреп жолығар күн,
тағы да кітабыңды қолыма алдым,
қиялға еретінің қызық екен,
әлі де көретінің мені балғын.
Бақытым –
маңдайыма бұйырмаған,
сезіммен сол баяғы құйындаған,
біразға жеткенімді елемейсің,
асып та кеткенімді жиырмадан...
Кей-кейде өткір өлең арнап, тегі,
боласың отырғандай алдап мені, –
әйтпесе, жас күндердің,
мас түндердің
бәрі де құшағыңда қалмап па еді!
Бәрі де қалмап па еді өз қасыңда, –
(Жарасар шығын етсең сөзді асылға!)
Бірге атқан таңдарым да,
арманым да,
құрғатқан өзің сүйіп көз жасым да.
Тұншыққан құшағыңда тәтті үнім де,
алғашқы ақ түнім бе,
пәктігім бе,
түп-түзу тілегім де,
жүрегім де –
тұрмайтын түйірдей бір дақ түбінде;
таңғы шық тұнығындай ажарым да,
сәбидің қылығындай таза мұң ба,
аз қызық,
арзанырақ бағалаған,
әзірге тарамаған базарым да,
жастыққа жарасымды тән реңі, –
бәрі де өз қасыңда қалып еді.
...Қызық-ау, қиялыңа еретінің,
періште көретінің әлі мені!
Алтыншы хат
Ешкімге емінбейтін, телінбейтін:
кетпепті көз алдымнан сенің кейпің,
содан ба,
өзің десе өле жаздап,
тұратын тықыршып-ақ көңіл дейтін.
Қасыңда өте жүре не түндерім,
есте жоқ өнбес іске өкінгенің,
болса да көңіл үшін, пенделікпен
серт беріп,
сүйкіміңді кетірмедің.
Жаздым деп, құдайым-ау, елге неден,
кезімде дөңбекшіп те,
дөңгелеген,
өтірік уатқан боп,
жұбатқан боп,
күлдіртіп,
құр уәде бермеген ең.
Қайтейін,
біле тұра – мен де бәрін,
Кейде бір кейімеуге келмеді әлім,
Сонда да қала бердің
баяғы сол
айнымай мінезіңнен елге мәлім.
Жатса да табаныңда жер дөңгелеп,
жарқырап жүресің-ау елден бөлек.
Жарытып жұрттан ақыл сұрамадың,
жоқ еді бір адамың берген көмек.
Қосылып ақпасақ та бір арнада,
ұқсатам қыранға да,
шынарға да,
ешкімге емінбейтін,
жеңілмейтін
сол бейнең көкейімде тұрар дара!
Жетінші хат
Жан-жүрегім жаралы ма,
амалы да жоқ бүгін, –
махаббаттың аралына
қамады да кетті мұң!..
Қыз баласы көрмеген еш
күйді бастан кештім бе? –
басыбайлы пенде де емес,
жеңге де емес ешкімге!
Келіншек те,
келін де емес,
теңім демес
бір құрбым,
көзімде мұң,
көгімде елес,
өмір де емес – құрғыр күн...
Айта алмаймын –
айнала сыз –
жақыным кім,
жатым кім?
Қайынсіңлі,
қайнағасыз
тірлік кешіп жатырмын.
Жан-жүрегім жаралы ма,
шамалы ма ой бүгін? –
Махаббаттың аралына
қамады да қойды мұң!
Сегізінші хат
Естігім келмей елдің көкігенін,
кітабын Фаризаның оқып едім...
(Сілтейді қалай-қалай, қайран ақын, –
білмей де келгеніме өкінемін!)
Суырып, суыртпақтай, сезімді еппен,
жүрегін қалай ғана безілдеткен!
Күлкісіз күні қандай таныс еді,
ұйқысыз түні қандай –
төзім кеткен!
Құдай-ау, қалай білген сол ақының,
қыздардың –
мен сияқты –
мола-түнін,
жастыққа жас төккенін үн шығармай,
кейде бір тұншығардай болатынын!
Түскендей менің күйім өз басына,
Төгеді неге мұнша сөзді ашына. –
Амалсыз асылынан кеткен бе еді,
құрғамай көптен бері көз жасы да?
Көңілін қылқобыздай безілдеткен,
апыр-ау, сарқылмайтын сезім неткен!
Серт етіп,
енді ешкімді сүймеске мен,
дәл мұндай күй кешкен ем өзім көптен.
Ешкімге қарайламай,
алаңдамай,
сөйлеткен әйел жанын қалай-қалай!
Кейиді-ау кейде өзіне күлгендерді,
маңына жүргендерді маңайламай...
Біржола бағындырған,
табындырған,
аңсай ма азаматты сағындырған?
Қарамай дүниеге кетсе дей ме,
жолына етсе дей ме жанын құрбан!
Арысын азаматтың көктен сұрар,
өзі де өзгелерден өктем шығар!
Көзге ілмей күйкілерді,
шикілерді
биіктеп бірте-бірте кеткен шынар!
Көңілім әрең жүрген менің өлмей,
болды-ау бір елігердей,
желігердей.
Фариза
ер жігіттің эталоны –
келе ме шынымен-ақ сені көрмей!
Ақын-ау шешімі дәл,
сесі қатты,
кеудемде керуен ойлар көшіп ақты,
Танысаң –
тағы да бір өтінейін –
өзіне оқып берші осы хатты!
Тоғызыншы хат
Көрмеген беті ашылып,
ұяң да жас
Кезінде қыздар нені қиялдамас, –
бой түзеп,
бұлаңдайды,
тұра алмайды,
қасына ата-ананың сыяр ма бас.
Дүние-ай,
түні қызық,
күндіз – қайғы,
буына он сегіздің кім қызбайды.
Көлеңдеп үміті ме,
жігіті ме,
қыздарды қолды-аяққа тұрғызбайды.
Қайда деп,
кешегінің серілері.
бәріне елігеді, желігеді,
өзіне өліп-өшіп жүргендердің
бәрі де жұпынылау көрінеді.
Бірі де бозбаланың өзі құрбы,
ұқпастай көрінеді-ау сезіміңді,
іздейді қиялдағы ханзаданы,
өзгеден иығы озық,
көзі нұрлы.
Қарлыға, Қыз Жібектен кем көрмейтін,
әспеттер жаратылыс берген кейпін,
ойы да он сегіздің асқағырақ,
бойына бір адамды теңгермейтін.
Өзді-өзі көп таласып,
топтан асып,
болады жер үстінде жоққа ғашық,
Бойлардай түпсіз терең тұңғиыққа,
ойланбай енді бірде от та басып...
Жоғалып көз алдында жүрген елес,
басталар күндізгі қам, түнгі ерегес.
Көңіл де бірте-бірте басылады,
өмір де бұрынғыдай күрделі емес...
Көзіңнен бір-бір ұшып астана да,
зауқы жоқ бұлаңдауға, басқаға да,
таң қалып селтеңдеген сіңлісіне,
алданып жұпыны бай, жас балаға.
Тұрғанын сезбей қалып таңнан қалай,
жүргенін шүкір етер тал қармамай.
Таңдайдан дәмі кеткен, қайран, үміт,
жұлдыздай ағып өткен армандар-ай!..
Уақыт та құмша сырғып,
көшеді еппен,
апыр-ай, күндер қайда кешегі өктем?
Арманға ерем деумен, елеңдеумен
Ақыры, өстіп жүріп өшеді өкпең!..
ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДАН СОҢ
Арамыз ажырасып кеткелі де,
апыр-ау, ширек ғасыр өткені ме? –
Жан таппай ақылдасар Алакөлден,
қол созып,
қала бергем көктегіге.
Бұлақтай құрдым барып,
жерге сіңген,
шықтым ба біржолата мен де есіңнен?
Бет алған жолыңнан кім қайтармақшы,
Кетіп ең қол ұстасып «теңдесіңмен».
Бола алмай жарқыраған көгімде күн,
Содан соң қайтып маған көрінбедің.
Тек қана ара-тұра еститін ем,
алыста ақбұлақтың егілгенін...
Елестеп сала-құлаш бұрым алдан,
Мәжнүндей мәңгіріп көп жүріп алғам...
Әйтеуір, содан бері сыңсып есіп,
бір сарын көкіректе тұрып алған.
Тірліктің қызықтырмай тойы мені,
сол сарын үзілмей-ақ қойып еді.
Қашан да саған барып тірелетін,
Кернеген көкіректі ой легі.
Ойларға оңашада беріп ерік,
Көріспей қаншама жыл келіп едік.
Тұрушы ем төсегімнен сәл мұңайып,
Түсімде тұнжыраған сені көріп.
Балалық, бал түндерім, қиялдасым,
Көңілдің қалай ғана тыям жасын?
Ергенің теңдесің бе, жерлесің бе, –
Сезуші ем сені мендей сүйе алмасын!
Аспаның осыншама түнерсе кеп,
Өзің де таппас едің күлер себеп,
басында тілеуші едім,
барған жерің
күң етіп,
күңірентіп жіберсе, деп!
Ол кезде бәрі маған кешірімді,
Ұмытсам,
деуші ем, сенің есіміңді.
Сыбаушы ем «бақыттырақ шіркінді де»,
Көп көріп күлкіңді де осы күнгі.
Сен едің шырқап салған тұңғыш әнім,
амал не, алғаш рет сынды сағым.
Өзіңдей содан бері болмай ешкім,
толмай да әлі күнге жүр құшағым!
Сен тұрдың қарсы алдымда
«жайраң қағып»,
Мен тұрмын барлығына қайран қалып.
Осы ма, сұлуым-ау солмағаның,
бақытты болмағаның айдан да анық.
Күлгенің, жүргенің де өзге мүлдем,
Басқадай өзгерісті сезбедім мен.
Қайтесің кермаралдай керіліп құр, –
бәрі де көрініп тұр көздеріңнен.
Көзіңнен көрініп-ақ тұр-ау бәрі:
еңкейіп, екіндіге күн ауғаны,
біржола жерімеген көңілің де,
ішінде, ерімеген қырау бары.
Өмірге өкпелі ме, өктембісің,
қимай ма баяғы бір көктемді ішің,
Бақытым бола жаздап,
бола жаздап,
қолыма қона жаздап кеткен құсым!
ҚИНАЛМА
Қиналма, жаным, қиналма,
Тынбасын бір сәт күлкің де.
Кеудемде құйын-күй барда
Ұмыту сені мүмкін бе?
Ұмытып ыстық сезімді,
Мүмкін бе сені еске алмау,
Еске алмау деген өзіңді –
Өзіңмен өткен кешті алдау.
* * *
Өзім де білмей тұрмын:
Сүйдім бе шын?
(Апыр-ау, көбелектей күйдім несін?)
Сыйындай тағдырымның көрдім неге,
Құйындай сені үйірген бидің кешін.
Менің кім екенімді біліп анық
Қасыма келіп пе ең
бір күліп алып?
Танысып үлгермей-ақ кеткем еріп,
Жұмаққа кіргендей-ақ тірі барып.
Күйдіріп көздерің де, сөздерің де,
Халімді көп қиналған сезбедің бе, –
тек саған алаңдағам,
айналамда
аңғармай ару барын өзге мүлде.
ҰҒЫСПАДЫҚ
Екеуміз ұрыспадық...
Ұғыспадық,
Ұғысып көрсек деп те тырыспадық,
Сол кінә-қателікті кешпедік те,
Бірлесе шешпедік те бір істі анық.
Көп болды, –
От басында билік кеміп,
Біріміз-бірімізге илікпедік.
Арыла реніш те айтыспастан,
Қамыға ішке бәрін түйдік келіп.
Соншалық көңіл құрғыр кімді іздемек?
О жағын екеуміз де жүрміз бе елеп.
Әйтеуір, «ел қатарлы» тірлік кешіп,
Келеміз
Түнде бірге, күндіз бөлек...
СОЛ КҮЗДЕ
Сол күзде...
Сәл ертерек солып қарбыз...
Араға айлар салып жолыққанбыз.
Жүрегім сезіп еді-ау
сен емесін,
кешегі қол беруден қорыққан қыз...
Бойыңда мен білмес бір қылық кемдей,
болдың-ау әлденеден үріккендей.
Әйтеуір жазықсыз-ақ жасқаншақтап,
бой тарта бердің... бірден күліп келмей.
Кететін кең дүниені ұмыттырып,
жер шұқи берді-ау көздер тұнық-тұнық.
Тұрып ең тартылып қап...
шарпылып қап
жүзіңде болымсыз бір үміт, күдік...
Сарғайтқан сағыныштан қашты да мұң,
кетіппіз жалғастырып жастық әнін.
Сондағы сәл күдіктің, сезбеппіз-ау,
ақыры осыншалық асқынарын!..
* * *
Көре тұра құз барын құламалы,
батылымыз бармады бұдан әрі...
... Көлгірсуге – көңіл жүр дауаламай,
жолығуға жүзіміз шыдамады.
Араздықтан басқаға амал қалмай,
жүрміз енді тұйыққа қамалғандай.
Жүрексіне береміз жүздесуге,
арамызда алынбас қамал бардай.
Жүрегіміз жат бүгін,
жат үніміз,
жатсынбауға жетпеді батылымыз.
Қоштасқанша асығып бітіп едік,
Көрісуге зар болдық ақыры біз!
АЛАҢСЫЗ АҚЫМАҒЫМ
Ақымағым!..
Алаңсыз ақымағым, –
Аңғармаған жақыны, жаты барын.
Аға десе аңқылдап,
алып ұштың,
алдыңда айтып бітпей жатып әнін...
Жақсы десе –
кете алмай көзің қиып,
жәудіреп-ақ тұрушы ең сезімге ұйып,
Кімнің ғана жүрегін жандырмадың,
өртеніп,
өз отыңа өзің күйіп!
Не дейін, ақымағым,
аңғалым-ай!..
(Жақсыға жақтасатын бар ма құдай?!)
Өртеніп,
өртей жүріп, –
өз атыңа
түсер деп ойламадың таңба бұлай!
* * *
Сенен көргем пәктікті,
Сенен көргем ақтықты.
Сенен көргем ең алғаш
Шайқалмаған шаттықты,
Жігіт біткен сыртыңнан
Қараушы еді үзіліп.
Қараушы еді қызығып,
Жақын түгіл, жат тіпті.
Табиғат та көрікті
Үйіп-төгіп беріпті.
Елестетіп тұрушы ең
Елең еткен елікті.
Құралайдың көзіндей
Көздеріңе бір қарап,
Тас мүсіннің өзі де
Таңғы шықтай еріпті.
Ұзын қара шаштарың,
Үздіктіре
Қашқаның.
Жарасып-ақ тұратын,
Жанардан от шашқаның,
Тал бойыңнан, дүние-ай,
Таппаушы едік жүз қарап,
Тартқан сымдай сымбат пен
Сұлулықтан басқа «мін!..»
Көрінбейтін шет-шегі
Көкжиектей көксері,
Жанарыңда тұратын
Жақсылықтың от селі...
...Қалай айтам енді мен,
Қалай айтам, Құдай-ау,
Ары мөлдір, жаны гүл
Сол қыз еді деп сені?!
ҚАЙШЫЛЫҚ
Жасымда
(ақыры ауыр сорға ұласып),
бір қызға құшағымды көрдім ашып.
Дерліктей,
көріктінің хас тәңірі,
өзіме басқа бірі болды ғашық.
Болмасын маған пенде сезе ме тым,
біреуі –
мені көрсе безеретін,
Біреуі –
қайда барсам қарауылдап,
соңымнан күні-түні өзі еретін.
Біреуі –
құрақ ұша күлімсіреп,
тұратын жанарымен:
«Бұрылшы!»– деп.
Біреуі –
мен дегенде кекірейіп,
Кергитін, көргендей-ақ бірінші рет.
Менсінбей,
бедірейіп – бірі мені,
біреуі үміттеніп жүріп еді.
...Екі қыз еске түссе, есеңгіреп,
көңілім әлі күнге бүлінеді.
Ауылда той өткізіп күздігүні
ақыры үмітімді үзді бірі, –
сондағы жан азабын көтеруге
адамның жетпес еді жүз ғұмыры!
Басқаша, дедім де мен, жанам енді,
аттандым артқа тастап Алакөлді,
өзіме өліп-өшіп ғашық болған,
егіліп, екінші қыз қала берді.
Еркімді,
ес білгелі,
билеп өстім:
тірлікте әрі-сәрі күй де кештім.
Бірақ та құлай ғашық боп көрмедім,
Мені де өліп-талып сүймеді ешкім.
ЖАСТЫҚПЕН ҚОШТАСАР АЛДЫНДА
Аян ғой жайқалмасы күзде гүлің,
амалсыз ажыраймыз біз де бүгін.
Көрелік,
қызығарлық не бар екен,
ішінде өткен күндер тізбегінің.
Ақынның жаны қанша еңіресін,
желіккен, жастығым, сен не білесің!
Бар шығар шаттығың да,
тәтті –мұң да, –
ақтарып көрелік бір шежіресін.
Жанымды қарымаған қырау, қары,
білмеген кездерім де жылауды әлі,
Қыз демін сезгенім де тұңғыш рет
тізіліп жылнамадай тұр-ау бәрі!..
Кинодай ұмытылған бұрынғы бір,
еске алам түндей қара бұрымды құр,
қалмапты ойымда өзі,
мойыл көзі
етумен өте шыққан түнімді ығыр...
Түсіме бірде кірмей, бірде кіріп,
сыртымнан сол қыз әлі жүр ме күліп?
Болмаса ойнақтаған он алтысын
еске алып, отыр ма екен күнде егіліп?
Ғашық боп көрдім асыл аруға да,
(Қалғаны көкіректе налу ғана!)
Қаласа – барар едім
өз басымды
жолына құрбандыққа шалуға да!
Жұлдыздай жарқ ете қап,
бір көрініп,
болмады бұдан кейін...
кімдер ұмыт.
Бұралтып бұраң белді құштық қанша,
біреуін сүймесек те шын беріліп.
Арулар ақ ниетін өзі ұқтырып,
Қаншасын келдім, дүние-ай, кезіктіріп.
Қаншама от құшақта өртендім мен,
арманым ол емесін сезіп тұрып...
Көргенде-ақ көңіліміз алып-ұшып,
жолықтық
жанарымыз шағылысып.
Қаншама қиыса алмай қоштастым мен
Қайта бір кездеспестен...
сағынысып,
Іздедім перизатты –
өртке енетін.
Серіше
семсер сүйіп,
серт беретін,
Ұмытып арманды да, жалғанды да,
Міне – бас,
Міне – жүрек! –
деп те өлетін.
Сұлудың дірілдетіп сән-үкісін,
құштым да,
құшақтадым,
(тағы түсін!)
біріне көңіл үшін болдым ғашық,
біріне ғашық болдым...
шабыт үшін!
Шашымның ағына да қарамастан,
қызықтым гүлге – бүрін жаңада ашқан.
Таппадым шын періште перизатты,
шарқ ұрып,
шарлап іздеп бар алаштан,
Алыс қап отты кезім,
бетті кезім,
ағызып, алау жастық, өттің өзің,
Жоғына
жырға татыр періштенің,
ақыры кеп жетті көзім!..
Қарасы өшпей көктем іздерінің,
шынымен жеткені ме күз демінің?
Жастығым,
жүйткіп өткен,
ұйытқып өткен,
амалсыз қоштасамыз біз де бүгін!..
Тауға да, тасқа салып сынайтын ең,
көбірек қыз алдында мұң айтып ем,
Көзімнен жас та шықпай тұрғанын-ай,
кейде бір жоққа бола жылайтын ем...
АҚШАМ МЕН ЕКІНДІНІҢ АРАСЫНДА
Сызданып Алматым да жат қаладай,
апыр-ау, қайда кеткен бақтағы арай?
Іңірде үйге сыймай барамын-ау,
тартсам ба, қалқам, сендер жаққа қарай?
Ақшам мен екіндінің арасында,
отырсам Қарағанды қаласында,
тағы да дүйім елді дүрліктіріп,
шабылып, шуылдасып қаласың ба?..
Түгелдей жинап алды жыр құмарын,
Арқаның асқақтатып ырғын әнін,
алыстан елші келген елдей болып,
жүрер ме жүгірісіп құрбыларың?
Таранған, қарап қойып, тотыларға,
қасқайып, қақ төріңде отырам ба?
(Қаншама желпініп ем,
сен түнімен
ерінбей өлеңімді оқығанда!)
Құдай-ау, кеше ғана көптің бірі ем,
әп-сәтте аспандап-ақ кеттім, білем,
маздадым Қарағанды көміріндей,
қып-қызыл ортасында оттың кілең.
...Бұйығып,
бұлыңғырлау бақтағы арай,
Алматым сыздана ма жат қаладай,
Іңірде үйге сыймай кетіп едім,
Тартсам ба Қарағанды жаққа қарай?!
* * *
Жұлдыз біткен жымыңдасқан тыныш түн,
тыныш түнді бүлдірмеуге тырыстым, –
Сәресіде сарқыларын сезгем ем,
қолыма кеп қона қалған ырыстың...
Тиді еркіме дүниенің бір түні,
төңіректе естілмейді жұрт үні,
қолтығымнан болар-болмас қытықтап,
қыбырлайды қалқатайдың кірпігі.
Өзім білмей,
өңім бе,
әлде түсім бе,
көзімді ілмей,
жағам жайлау пішінде,
құдай болып кеткен екем деп едім,
осынау бір қас қағым сәт ішінде.
Екі жүрек дүрсілінен өзге дем
естілмейді. Қалды бұғып сөз деген.
Енді қайтып келмесін де бұл түннің,
енді Құдай бермесін де сезген ем.
Көкіректе тұрғанымен қоздап ән,
баяғы бір әдетімнен озбағам.
«Өмір неткен сараң еді, – дедім тек, –
Осы сәтті екі түнге созбаған!»
* * *
Біржолата құртып елдің ындынын,
таң алдында тамылжытты-ау бұлбұл үн, –
шар айнаға қарап тұрған сәті еді,
қара шашын тарап тұрған құрбының.
Жазды күнгі жарығы еді нұрлы айдың
көкіректі бір мазасыз тырнайды үн, –
Қалқатайдың назы ма екен әлде бұл,
сазы ма екен сыңсымалы сырнайдың.
Бүлк-бүлк еткен бұғаққа ма,
төске ме,
көз қиығын салған болам сескене,
ұшар басы қарауыта көрініп,
дір-дір қағып тұрды алдымда қос төбе...
Таң алдында қара шашты құрбы үшін,
көкірегім құйқылжытты-ау жыр-құсын.
Ешкім барып Эрмитаждан көрмеген,
тұрды алдымда нұрдан құйған бір мүсін!
ӨЗГЕНІ АҢСАП
Алшақтап арамыз да біздің бүгін,
біржола үмітіңді үздің, күнім.
Сенбейміз ендігі серт,
сергелдеңге,
термейміз бірге барып түздің гүлін.
Сыңғырлап күміс күлкің құлағымда,
қимаспын деуші ем сені, сірә, мыңға,
Пенденің бір аңсары жұмақ болса,
ақыры, жалықтырар жұмағың да?!
Қайтейін енді, қалқам, сөзге қалсақ,
кетіп ең көңілден де,
көзден алшақ –
өзіңді өліп-өшіп күткенімдей,
отырмын...
өліп-өше өзгені аңсап!
ЕРКІН ҚҰСЫМ
Аршын төс,
алма мойын,
гүлді ерінді, –
көзіме сендей болып кім көрінді!
Жолыңа құрбан етіп келем қанша,
жалғанда жанға қимас түндерімді.
Сен болып күндізгі үміт,
түнгі арманым,
қаншама мұңданбадым,
«жынданбадым»,
ұмытып арамызда қанша дауыл,
қанша тау,
қаншама бір жылдар барын!
Құлпырып көз алдымда елесің де,
осылай тұлғалана бересің бе, –
ағындай жұмыртқаның тұнық таңым,
бір сәтке ұмытқаным жоқ есімде!
Қазақтың қара қызы көңілі мұң,
өзгеден ерекше еді не қылығың? –
Тағдырмен таластырып қойған мені
Тек сенің тіршілікке жерік үнің!
Жырақтап сері күн де, ерінің де,
көрген жоқ іздеп тауып мені мүлде,
айнымас сертімбісің,
дертімбісің,
жүрсің тек, еркін құсым, көңілімде!..
ҚАЙДА МЕНІҢ ТЫҢДАУШЫМ
Дабырайтпай,
даңқымды
дәл бағалар кімім бар? –
Бірі өсіріп нарқымды,
бірі өтірік жымыңдар.
Сол баяғы бір үнді
созып айтып жүрмін бе? –
Көлгірсімей,
мінімді
көзіме айтса-ау бұл күнде!
Қосылам деп көп үнге,
шықпай жүр ме шын даусым? –
Қарамайтын көңілге
Қайда менің тыңдаушым?
ЕЛІМЕ НАЗ
Даланың сүйіп-құшып есті аруын,
қаланың суын ішіп өсті-ау ұлың.
Асығып аттанбады жау шебіне,
асынып ата-баба бес қаруын.
Жері үшін байламай-ақ оққа басын,
желдіртіп жарты ғасыр өтті арасын.
Сезеді, – ерте өле ме, кеш өле ме, –
еңіреп, елі де көп жоқтамасын.
Дауылдай даусы қанша үдемесін,
сезеді ешкімге де Күн емесін.
Сезеді ызғардың да барын әлі,
оны ойлап қыздардың да жүдемесін.
Келер деп кезегімен күтті бәрін,
Өмірдің уын ішіп, жұтты балын.
Айнала аңсап іздер сөзін емге
сезеді өзінен де мықты барын.
Өлеңде болғанымен өз өрісі,
жібермей қойды ма өрге тежегіші, –
қаншама аш күзендей бүктелмесін,
қолынан түк келмесін сезеді іші.
Бола ма сайдан соққан самалға мәз, –
қолына қалам ұстап, алар қағаз,
кей-кейде көңіліне нала тұна,
айтады ара-тұра Саған да наз.
Тіріде қолдамасын, қыры алдасын,
сезеді торламасын мұнар басын.
Өзің біл от берсең де, жек көрсең де,
сезеді – сенсіз өмір сүре алмасын!
ҮМІТІМНЕН АЙЫРМА
Алда ғой тіршіліктің бар дүрмегі,
бар дүрмек,
барша қызық,
бал күндері,
шорт кесіп соның бәрін бір үкіммен,
айырма үмітімнен, тағдыр мені!
Ширыға түскен болсақ біз егерде,
батпайды дейсің қанша тізелер де, –
Алатын үлесім бар,
күресім бар,
Тағдырым, үмітімді үзе көрме.
Тірлікте табылмайды айырбасы,
Сондықтан үмітімнен айырмашы.
Құшайын –
алысың ба,
ғарышың ба –
ұшайын –
космодром дайындашы!
тек қана үмітімнен айырмашы!
ҚАҒАЗ
Бумага все терпит.
Орыс мақалы
Арыз да жаз,
ағайынға хат та жаз, –
барлығына көнесің-ау, ақ қағаз,
жыр оқып та жарымасын жұртыңның,
дарымасын сезесің бе жатқа наз?
Ақ жүзіңді айдай қылып дарынсыз
өңмеңдейді –
өлең жазып жалынсыз,
үндеместен көнесің де бәріне,
амалың жоқ, келесің бе әлі үнсіз?
Көңіл, шіркін, алып-ұшып, желіге,
куәгері етпек болып сені де,
арулар да ақ тамағы бүлкілдеп, –
қақтамады қаншама ыстық деміне!
Ел мен елді шақырам деп бітімге,
қақтамады қаншама ерлер түтінге.
Ақ тілектер ақтарылып,
қаншама
шығарылды әділетсіз үкім де!
Біреулерді мақтадың да сен бөлек,
ақтадың ба –
қиянатқа көнбе деп.
Қысылғаннан –
әлдекімнің қолында –
қызарып та кеткеніңді көрген ек...
Сенде емесін сезесің де бар айып,
ешбіреуге қарамадың алайып.
Суық хабар жеткізерде елге бір
қас қағымда кетуші едің қарайып...
Інім менің айналдырып дәптерге,
ұран болып, күлімдедің қақ төрде.
Амал қанша,
құрып бітпес қулар да
сен арқылы қанша жала жапты ерге!
Ұмарласын,
жұмарласын,
қатырсын, –
барлығына көніп келе жатырсың.
Көніп келе жатырсың-ау, қайтейін,
татулыққа,
қатулыққа шақырсын!..
...Бір сөзі де басылмаған тасқа әлі
дәптерімнің таза бетін ашқалы,
ақ тәніңе дарытпауға тырыстым
жақсы лебіз,
жақсы өлеңнен басқаны.
Осындайда иіп қана аспаным,
маған билік тимейді ғой қас қағым, –
бәрін сызып тастар едім бетіңнен
ұзақ жасар ұлағаттан басқаның!
АРДАГЕР СӨЗІ
Туа сала, демеймін, жанды бағым,
Жастығыма тимепті-ау жарқұлағым,
Етігіммен су кешіп қаншама рет,
Ауыздықпен су ішті арғымағым.
Жанталасып ішкі жау,
жат елдегі,
Аңдымады қай тұста қатер мені,
Тістілермен тірестім,
Туған жердің
есесін бір еселеп әпергелі!
Тартып мініп ат жалын,
тебінгелі,
Өзегіме теппеді өмір мені,
Үні болып Елімнің саңқылдадым,
күні болып, біресе, көгіндегі.
Ежелден-ақ өзіңе аян әнім,
Ел дегенде болды ма аянарым,
Жерге тықсам деуші едім
дұшпандардың
Шекарамның шетіне таянғанын!
Далам менің –
сұсты да,
сүйкімді әрі –
(Бала жастан біржола сиқырлады).
Тірегім деп жүрген жоқ текке мені,
Төрт бөледі түнімен ұйқымды әлі.
Ақ жолына арналып тұйғын-дарын,
далам үшін тірліктің қидым бәрін.
Арқам жауыр болар деп,
ауырламай,
Тракторы сияқты қимылдадым.
Иесімін деп сезген ендігі елдің
Иілмейтін емендей ерді көрдім
Бәрін таптым дей алам тетелестен
Азаматқа лайық белгілердің!
Қызыл тудай желбіреп мына қырда,
Құлагердің ойнадым құлағында.
Туған елдің өзімен бірге көрдім
Тіршіліктің тозағын,
жұмағын да!
Туған жермен бір еді бар тынысым,
бар тынысым,
базарлы алқынысым,
Ұнасам да еліме,
жыласамда,
құласам да –
барлығы халқым үшін!
АНАМ ТУРАЛЫ ТРИПТИХ
Сезбедің бе,
Сездің бе іңір демін,
желпіндіріп жүлделі жырым менің,
Қызық болды-ау, кеше бір
үйге қарай
қос өкпемді қолға ала жүгіргенім.
Келгеніне күпініп елдің демеп,
бір пенделік сезімге ердім кенет,
Қоқилана қасыңа бармақ едім:
«Ұлың қандай екенін көрдің бе?» – деп.
«Бар ма,
жоқ па,
кім білсін, өзімде мін,
жұрт аузында жүр екен сөзім менің"
дей бергенде, –
аймалап «қиқарыңды»,
сипарыңды маңдайдан сезінгенмін.
Алқам-салқам күйінде омырауым,
қаға беріп есіктің қоңырауын,
басқан шақта азырақ ентігімді,
тістеп тұрып қалғанмын мен тілімді.
Көпсінгендей осынау тоқ күнімді,
алқымыма ащы бір от тығылды, –
Сонда барып сездім-ау, қайран шешем,
арамызда өзіңнің жоқтығыңды!..
Өз қасынан ұзатпай-ақ қойды өлең...
Жеті түнде желік бітіп кейде мен,
Үш бөлмелі үйге сыймай кетемін,
Жалғыз өзім,
жалаң қабат жейдемен.
«Тектілермен тең атаның тұқымы ем!» –
деп біреуге тепсінемін,
күпінем.
Талып барып тапқаныма тамсанып,
біржолата бүлініп те бітіп ем.
Шабыт, шіркін,
шыдамыңды шектей ме,
ойда жоқта ұстап алып кетпей ме, –
бір айқайға баса беріп, бөгелем,
Сені оятып алмадым ба, деп кейде.
«Аз деп пе едің түн ұйқысын бөлгенің,
буына еріп,
бүлінесің сен ненің?» –
деп өзіме тыйым салам, сығалап,
есігінен шешем жатқан бөлменің.
Сонда барып сезілді де жоқтығың,
көкіректі мұздай қарып жетті мұң.
Қайран шешем,
қаншама жыл болса да,
дәл осылай өтіп жатыр көп түнім.
Көз алдымда: күрсінгенің,
күлгенің,
дұғам болып бара жатыр бұл менің,
Жоқтығыңды біле тұра, әлі де
ренжітіп алдым ба деп жүргенім.
Қызып кетіп,
мәймөңкеге шорқағың,
қиқуына ілесе ме ортаның, –
Жоқтығыңды біле тұра,
тағы да
қабақ шытып жүре ме деп қорқамын.
От басының реңі де,
тірегі ең,
көз алдымда кескінің тұр жүдеген.
Өкпелетіп алдым ба деп,
әлі де
қабіріңе күнде барып,
гүл егем...
ӨМІР АРБАСЫ
Тәңірден, деп, таңғы асым,
төсегімнен тұрамын.
Тіршіліктің арбасын
тұра жолға бұрамын.
Атым жүрдек, арбам бос,
ағып бара жатамын,
арсалаңдап қалған, дос,
азайды ма қатарың?..
Өзің қамқор бол, аға,
жігіт едім жолы ауыр.
Қарсы алар ма қонаға
қайырымы мол ауыл?!.
Шаң-тозаң да ілесер, –
шықтың ба, деп алға сәл, –
Шабалаңдап бір есер
шаужайыңа жармасар.
Көңілімді тең бөліп,
ұсынбадым елге мен.
Жақсыларға қол беріп,
Жаманға жол бермеп ем.
Туған елдің түбінде
бір сенгені мен ем деп,
құлақ түрем дүбірге,
күбірге де елеңдеп.
Жолдан шығып қалған ба,
жақсыларым бүгін сәл? –
Орын болса арбаңда осылардың жүгін сал. Жығылса да, қарғам-ау, Жырындының жүні сәл, – Өшпей тұрған бар ма дау – өршітуге тырысар. Алға түсіп бүлкілдер, айналдырып түр-өңін, – біледі ғой шіркіндер, қайда барып кірерін... Танып қалып мен демде, (тағы тосып тұр екен,) қараларын көргенде, қайырылмай бір өтем. Жақсылығын асырғам, жамандығын жасырғам, ораздының ұлына орын сайлап қасымнан. Ептісі де жармасар, беттісі де жармасар, арба жүгі ауырлап, ат сауырын шаң басар. Шоқпар сілтеп, сыртымнан жауласуға барса да, ұрандаса ұмтылған ұятсыздар қаншама. Халімді ұғар бар ма дос, таңдайыма татыр кім? Ат болдырған, арба бос, әлі келе жатырмын. КҮЗ Қара таппай жүргендей ұрынарға, қарашаның желі де жұлынар ма, үздігеді іш тартып, әкесінің алынбаған, апыр-ау, құны бар ма?! Қабырғадан қаптатып сұр тұманын, қабақ түйе бастады бұлты қалың,
Таңда тұрып сезесің
сүйегіңнің
күні бойы себепсіз сырқырарын.
Даң-дұңы ма,
лайсаң жаңбыры ма,
ауа райы күніге сан құбыла,
бітірте де қоймайды бір ісіңді,
тітіркене қарайсың барлығына...
Күлгін тартар күннің де беті кілең,
көшелерден кешегі кетіп рең,
шу ете ме бір тұста қара қарға,
су өте ме сұлудың етегінен.
Төңірегің біржола бүліне ме,
құбылады құданың күні неге?
Құламай-ақ көңілің қойды-ау, тегі,
қиқуласқан қызықтың біріне де.
Алма пісіп, алшаңдар кезімізде
Көресіні көрсетер көзімізге.
Бәрі соның күзден бе бүрістірген,
бара жатқан бүрісіп өзіміз бе?
МЫСАЛ
Кісіліктен таппады ма пайда бір,
ит болып та көрмек еді айлалы ұл:
ақты – кілең қара деуге тырысты,
жақты білем жамбасына «жайлы ауыл».
Тірлік кешсем деді ме екен тірнектеп,
бүлініп те бітті-ау,
елді күндеп тек,
қоқилана қырындады біреуге,
Біреулерге ырылдады...
үрді ептеп.
Қыстығып-ақ жатыр ма еді іште кек,
тұла бойға дарыда ма күш кенет,
біреулерді «шалабынан» айырды,
біреулерді балағынан тістелеп.
Көтермелеп қайдағы бір кезбелер,
ол дегенде үркіп қашты сөз нелер,
сырт берісіп шыға келді лезде
қайырымсыз ит екенін сезген ел.
Біреу – оның үргенінен сескенді,
біреуі – үнсіз жүргенінен сескенді.
...Бірте-бірте бойындағы
сәл-сәл бір
қалмап еді еш белгі.
Құлақ түріп тас қараңғы түндерге,
үні өзгерді,
түрі өзгерді бір демде,
қапелімде қан қақсатып,
не керек,
талай-талай,
иттік жасап жүрді елге.
Ағайыннан асырдым деп айласын,
қағып кетті алдындағы майлы асын.
Жүріп алды көз алдында көлбендеп,
біліп алды бір басының пайдасын.
...Кім біліпті ұрғанын да қай тәңір,
төңірегін тұрғанында жайпап ұл,
достарына ермек болып бұрынғы,
кісі болып көрмек болды қайта бір.
Ит тірлікті қуалаумен ет қызып,
көп уақыт алған еді өткізіп.
Қайта кісі болсам деген үмітін
қорқаулығы біржолата кетті үзіп.
Кісі болып көрмек еді қайтадан,
тайғанақтап,
тұрғызбады лай табан,
жұрт ығатын түн жоғын да баяғы,
баяғыдай күн жоғын да байқаған.
Бұрынғыдай жүре алмады жарқылдап,
кісі болып,
күле алмады қарқылдап.
бұға берді –
біреулерден қаймықса,
біреулерге шыға келді арпылдап.
Ауыл үйді аралады,
кезді үре,
жағалады есерді де,
езді де.
...Ғаріп басын қиды ақыры иттікке,
кісі болып жарытпасын сезді де!
КІМ ЕДІҢ?..
Алғаның белгілі ғой кімнен үлгі,
теріп те қайтем сенің міндеріңді,
Сезем тек,
көптен бері бұғып қана,
ішіңнен тынып қана жүргеніңді.
Құлқыңды,
қылығыңды өткендегі
ұмытып кете қойды деп пе ең мені,
татулық болмасына жеткен көзім,
жолымыз арадағы шектелгелі.
Алалап,
арыма да тиетін ең,
алданып келгеніме жиі өкінем.
Күтіп те жүрмін бүгін,
көрінер деп,
қашан бір баяғы тар ниетімен.
Қалпында
риясыз күлкіме де өш,
тағы да шығарсың-ау жыртып өңеш.
Бәрібір ұры ниет пиғылыңды,
Жасырып қалуың да мүмкін емес.
Жүргем жоқ баяғыдай мен де қалғып,
қашан бір қағынар деп,
келген андып.
Жүзіңді айдай етіп осындайда,
кім едің –
көрсетейін елге барлық...
ҚАДІР
Ас қадірі білінер – ашыққанда,
дос қадірі –
дұшпаның жасытқанда,
махаббаттың не екенін
шаршап,
талып,
аңсап барып түсінер ғашықтар да.
Ел қадірін –
есіңнен жаңылғанда,
жер қадірін білесің –
сағынғанда.
Үйдей болып көрінер түймеңіз де,
ойда жоқта жоғалып, табылғанда.
Сүймеген ұл сұлуды қызғанар ма,
жаздың құны білінер –
мұздағанда,
денсаулықтың қадірін сезеді адам
басы ауырып,
балтыры сыздағанда.
Асыл жардың аңсатып қыз күнгі әні,
таусылғанда білінер –
тұздың мәні,
жаз өткенде түседі барып еске
алдымызда лайсаң күздің бары.
Өлі балық кезігіп өлмегенге,
бұлақ суы бал татыр шөлдегенде.
...Ағайынның қадірін түсінеміз,
аулағырақ апарып...
жерлегенде!
ШЫРМАУЫҚ
Дауылы, жауынымен ерегесіп,
тұрды бір ауламызда терек өсіп,
жел жұлқып жапырағын, ойнаушы еді
үстінен ақша бұлттар өре көшіп.
Қалпында омырауын далаға ашқан,
біріне көңіл бөліп, қарамастан,
бабымен баяу ғана теңселеді,
өзі де еңселі еді бар ағаштан.
Қызығып қарағандай кең өлкесі,
бұтағы бітік өскен ел еркесі,
ішетін, тамыр алып, тереңнен су,
түсетін күндік жерге көлеңкесі.
Бұйырып мандайына – тұрмау ықта,
оңаша өсіп еді құмдауытта.
Көз салып,
Көңіл бөліп қарамады,
оралған аяғына шырмауыққа.
Күніге көлеңкелеп кесек ерді,
шырмауық бірте-бірте өсе берді,
бағдарлап ана жақты,
мына жақты,
танымай бара жатты кешегі елді.
Аспанға шыққан емес ол атылып,
бәйтерек балағына оратылып,
мінсем деп қиялдады мойынға әлі,
шырынын бойындағы сора тұрып.
Көрмеген зәндемі еді күліп кесек,
соңынан мұндайлардың жүріп пе өсек,
ақырын қолтығына кіре берді,
болды да жатып жастық,
тұрып төсек.
Көзінің алар ма деп қиығына,
асылып, еркеледі, иығына,
айнала әмірінің бәрі жүріп,
болмады Тәңірінің тыйымы да.
Айнала ағаш біткен қуарғалы,
жетіліп,
шырмауық та «жуандады».
Көрді ме енді өзінің талайынан,
Терек те маңайынан қуа алмады.
Қыңқ етпес жабылса да барлық алып,
қуаты кетейін деп қалды ма анық, –
сол еді шырмауықтың күткені де
бір күні алқымынан алды барып.
Аясын әзәзілдей шіркін кімді,
айырылмай, қыл мойыннан қылғындырды.
(Тағдыры тәлкек етсе, бәйтерек те,
болмайды-ау қолындағы шырпың ғұрлы!)
Қызыға қарағанда күллі теңі,
шырылдап, шырмауыққа тіл бітеді:
«Шіркіннің, діні қандай берік еді,
көрсетпей келіп еді күнді, тегі!
Қасқиып тұрғандығы кімге керек.
Несіне баяғыдан жүргем елеп?
Ысырып гүлді шетке, түрлі шөп те, –
қысылып, көптен бері үндемеп ек!
Не заман іштен тынып, тіл қатпадық,
қашанғы тұра бермек сымбаттанып.
Қыл бұрау қылша мойнын қиып бір күн,
құлайды тамырынан қурап барып.
Десек те биік өскен терек еді, жетпей ме елдің де осы елегені. Мезгілсіз қурап қалған бәйтеректен жақсырақ көреді жұрт бөренені!» Келеңсіз кергенімен көкіректі, бекерге шырмауық та көкімепті. Ақыры бәйтеректі кесіп алып, біреулер қыста жағар отын етті! ҮЙ Үшаралда әкемізден қалған ескі үйіміз бар еді. Әлдене себеппен ағайындар соны сатып жіберген... Автор Ордам еді, қордалы еді бұл ара, әкемізден қалып еді-ау мұраға, бас шайқайтын жөнің де бар, бауырым, кінәласаң – кінәла! Қасиетті, киелі, әкеміздің өз қолымен салып берген үйі еді, кім біледі, түсті ме екен бір аунап, осы араға жақын еді, жатыр еді сүйегі! Үйімізге кім кірген? Кімдер екен танымастай бүлдірген? жақындауға жарай алмай, қарай алмай есіктен, есім кетіп, есеңгіреп тұрмын мен!.. Қайран ғана, қора-қопсым, баспанам, баса көктеп кіруге де жасқанам, Мамағаштың, Тал ағаштың барлығын, тып-типыл ғып түгел отап тастаған! Бауырында асыр салып өскен ек, қайда кеткен сол баяғы қос терек? Қара бұйра жоңышқа да
жоқ бүгін,
Ақ шалғымен жапыратын дестелеп.
Балалығым өткен еді осында,
Бас қосатын
ағайыным,
досым да.
Қайран әкем түрі есімде,
қара мұртын ширатқан,
қала берген күресінде
ошағым ба,
мосым ба?!
Таппадым-ау шіркінге айла,
күлкім қайда?
Тыйылған.
Бұл үй енді біздікі емес,
Басқаларға бұйырған. –
Кімдер екен тауып берген, ағайын,
ауып келген кімдер екен қиырдан?
Қора жақтан көрінді бір шал күліп,
қайқы құйрық қара төбет қалды үріп, –
үміт,
тілек,
күйініш пе, –
ашу ма, –
жүре берді өзегімді жандырып...
Осы арада қалып еді-ау:
балалығым,
пәктігім,
тұңғыш тапқан махаббаттай тәтті ұғым,
барша көрген қызықтарым,
шаттығым, –
түсер ме еске тап бүгін!
Қасиетті,
киелі,
әкемізден қалған жалғыз үй еді,
жамбасына түсті ме екен бір аунап,
осы араға жақын еді,
жатыр еді сүйегі!
Жасимын деп ойламап ем мен бұлай,
айтам арыз ағайынға енді қай?
өз үйіңе кіре алмаудың, аулаңда,
алшаң басып жүре алмаудың қорлығы-ай!
ҚАРТ
Бес-алты жастың шамасы,
емес ем онша ірі де,
көршінің екі баласы
тиісе берді күніге.
Тиісті бірде өздері,
тиісті бірде топ құрып,
оңаша жүрген кездері
қоймайтын еді соқтығып.
Есімде бәрі: намысты-ақ
ұл едім онда мен дейтін,
ойнаған кезде жарыспақ,
«бәйгенің» алдын бермейтін.
Тайсалу ойда жоқ мүлде,
тобына кіріп тек бірден,
жүгірсем – озып кеттім де.
қашқанын қуып жеттім мен.
Мақтайтын ауыл дардай ғып,
атқа да шаптым тойда сан,
менікі болды бар «байлық».
ауылда асық ойнасам.
Болдым ба бөгет мен, тегі,
Тидім бе шын-ақ шамына.
көршінің екі тентегі
ұрына берді тағы да.
...Шомылып суға ерте бір,
айнала бергем мүйістен, –
тел өскен егіз тентек ұл
тұтқиыл келіп тиіскен.
Қаймыға қояр мен емес,
тартпадым, тіпті, тілімді,
басталды шарт-шұрт төбелес,
үлкені келіп, бір ұрды,
інісі қарап тұрмады,
жағама қолы жетті ме, –
қаттырақ батып тырнағы,
жауып бір кетті тепкі де.
Қырда еді көбі елдің де,
кісі жоқ бізге қой дердей,
күшіме ғана сендім де,
тістесіп көрдім, бой бермей,
Алғашқы жеген таяқ бұл,
ащылау еді содан да,
иттер-ай, тегі аяп бір,
қарамады ғой обалға.
Дал-далы шыққан танауға
жоқ еді жасар дәрмен де.
Маңымды барлап
қарауға
қалмаған шақта әл менде:
шықты ма даусым жылаған,
шырылдап берген сана ма, –
ақыры жетіп бір адам
килікті келіп араға.
Білмей де қалдым,
тосында
қай жақтан шықты қарт мына, –
зіркілдеп берді қос ұлға,
жағынан бір-бір тартты да.
Жабылып сонша... зәнталақ...
Кетейін деп пе ең өлтіріп,
Көздерін қара... қанталап!
Ұялас күшік... бөлтірік!..
Шықпыртып алып қос ұлды,
жіберді қартым еркімен:
– Тағы бір көрсем осыңды,
айтпады деме, өлтірем!
Ызадан іштей булыға,
кіргендей болып естері,
өтірік өксіп тұрды да,
жөніне кетті қос «пері».
Жадырап сонда тұрды әлем,
жайнап бір кетті төңірек,
Қыстығып,
әрең тұрған ем,
жіберсем керек еңіреп.
Саңқ етті қартым: «Тәйт, әрі!
Өсетін жігіт ез болмас,
Еселеп есең қайтады,
ақпасын, деді көзден жас!»
Қашаннан қарға тамырлы ем,
Қыдыр ма қонған дәл маған. –
Әйтеуір, ащы зәбірден
Құтқарып қалды әлгі адам.
Есейдік,
өстік,
күлдік те,
күндерім болды егілген,
бұдан да кейін,
тірлікте
талай бір таяқ жедім мен.
Ұшырап нала,
жалаға,
түйіссе тарлан жолдар тым,
Шырылдап келіп,
араға түсетін еді сол қартым.
Өмірде қанша күлсем мен,
соншама таяқ жеген ем,
қадірлі Қартым бір сенген,
Періштем болды жебеген.
Түңіліп жолдас-жорадан,
тигенде тасқа маңдайым,
қиқулап жетіп сол Адам,
Құтқарып жүрді әрдайым...
Басқалар құсап кейін де
айтпады ақыл ол бірақ:
«Заманға қарай бейімдел,
Жүрме, – деп, – балам, болбырап.
Көрсетіп кейде күш елге,
Келердей болса ыңғай сәл,
Кісіге ісің түсерде,
Кіші де болса – тыңдай сал!»
«Тәйт, әрі – дейтін тек қана, –
жігіт пе десем тасты үгер.
Түсерсің суға,
Отқа да,
шықпасын, – көзден жас, түге!»
Зымырап жылдар өтті көп,
Зуылдай ағып сан айлар,
тағы да мені тепкілеп,
жүндемек болды талайлар.
Кісіні бетке қаратпас
бірімін деуші ем, текті ердің,
өзіммен теңдес
әрі аттас
зәлімнен жәбір көп көрдім.
Таусылып кейде хал-шама,
тарығып тұрған кездерде,
қиянат көрдім қаншама.
есіріп алған езден де.
Тимеді кімнің кесірі,
қиналып,
қанша шарқ ұрдым,
Есіме түспей есімі
жоқтадым орнын Қартымның.
Көргенде қорлық нелер көп,
топырлап талай тоқ қарын,
қиқулап жетіп келер деп,
Қартымды қанша жоқтадым!
Тұрғанда кеше күйініп,
кетіріп қулар ер нарқын,
қамшысын қолда үйіріп,
жетпеді неге сол қартым?!
Аңырап әлде сасам ба,
аяқтан алып түрлі дау, –
қаһарлы Қартым, қашан да
сен ғана жетпей жүрдің-ау!
...Көңілді торлап түрлі арман,
Қиырды шолам мұндайда:
Қиқулап жетер қырлардан
қадірлі Қартым жүр қайда?!
АУЫЛ
Сықырлап сырық,
сырғауыл,
Соқты ма сонда бір дауыл?..
«Кеттің бе сен де?» – дегендей,
Сүзіле қарап тұрды ауыл.
Оянып алып ақ таңнан,
арзыса, деумен, татқан дәм,
ағайын-жұртпен қоштаспай,
асығып, алыс аттанғам.
Сыртында сонау дөңестің
қимасым қалды демеспін...
Шығандап ұшқан ұлы едім,
шығарып салған жоқ ешкім.
Ұстартқан өзі тілді ептеп,
ұмсына түсіп тұр мектеп.
Жып-жылы жаңбыр астында
жөнеле бердім...
дірдектеп.
Қым-қиғаш сезім өкшелеп,
жылауға және жоқ себеп.
Қарайлай бергем артыма,
бір көлік қуып жетсе деп...
Қарайып қалған қырға анау,
қаншалық қиын бір қарау.
Шөп шауып жүрген шалдар да
мен жаққа мойын бұрмады-ау!..
...Жан емес едім жатбауыр,
жаныма бәрі батты ауыр.
Менсіз де бірақ күн көріп,
ұл беріп, өсіп жатты ауыл.
Тербеліп талай тал бесік,
менсіз де ауыл алды өсіп.
Далада туып, қаладан
бұйырды маған бар несіп.
Қамқадан киім кигемін,
қымбат бір қызы – сүйгенім.
қайтейін, бірақ ауылға
бұрды да тұрды бүйрегім.
Күйім де мұнда тәп-тәуір,
үйім де мұнда тәп-тәуір, –
Сағына берем,
тек сені
түтіні түгел тәтті ауыл!
Қарсы алып қысты, көктемді,
қаншама жылдар өтті енді.
Қағынып жүрмін, кетем деп,
сағынып шалғы, кетпенді.
Ашытып айран,
тері илер.
жұпыны тамдар,
жер үйлер,–
жасырып қайтем түбімді,
соларға мені тели бер.
Ауылым қалған дөңесте,
ала ма бірақ мені еске?
Ертерек ұшып ұядан,
ұмытты-ау ұлым, демес пе?
Осында мініп атқа мен,
осында өлең жаттап ем.
Шөмеле салып,
тырма айдап,
таң атпай дірдек қаққан ем.
Қол-аяқ түгел құс мүлде,
көженің суын іштім бе, –
Қораға түнеп,
қой бағып,
ұйықтаушы ем сабан үстінде.
Аяншақ ұлың емеспін,
аяп та көрген жоқ ешкім.
Аяғым талай тілініп,
таяғын талай жеп өстім.
Меншіктің бақтым бар малын,
қаншама отын жармадым.
Қалайша мені біреуің
қасыңда ұстап қалмадың?
Түңіліп тірлік, жалғанға,
қаладан көңілім қалғанда,
Тартам да кетем ауылға,
шөп шауып жүрген шалдарға.
Көгеріп өсіп көк шынар,
Шалдардың көбі жоқ шығар.
Жертөлем бар ма? –
Көршінің
табылар бірі от сұрар.
Қорам да қидан аршылар,
төбеден тамшы тамшылар.
Дастарқан бар ма?
Туыстың
табылар бірі хал сұрар.
Ысылдап таңда қамшылар,
өріске беттер малшылар,
Сәскеде келіп оятсын
Шалдардың бірі бар шығар!
Сатырлап құйған нөсерден.
саспаймын – сабан төсенгем.
Несібем әлі бар екен,
Несіне кеткем осы елден?
ЕЛІКТЕУ
Оған да енді...
қырық жылдай боп қалды-ау, –
жолдас едім бір баламен сотқарлау,
төбелеспей тұра алмайтын,
ал бірақ,
өзі бастап,
шығармайтын жоқтан дау.
Қиқардың да нағызы еді ол дейтін,
басын кессең, қиянатқа көнбейтін,
әмір-кеуде,
өркөкірек,
өктемдеу,
жолдасын да жәбірлеуге бермейтін.
Дарымайтын сырттан айтқан сес мүлде,
өлімжеттік жасатпайтын ешкімге,
саған қайтып жоламайтын, –
біреудің
қорқақтығын көпе-көрнеу кештің бе.
Өзгелерден иығы асқан ірі ме,
есімде жоқ тұлғасы да,
түрі де,
шүпірлеген жас балалар, әйтеуір,
маңайынан шықпаушы еді күніге.
Тұтқиылдан туа қалса ерегес,
басын қорғап,
баспалайтын ол емес,
тартып кетіп,
тұрушы еді қасқайып,
шарт-шұрт етіп басталғанда төбелес...
Мінезі жоқ кекірейіп,
кергіген,
қысылғанда маған да өзі берді дем,
соған ғана еліктеуді шығардым,
оқуда да, ойында да енді мен.
Қолдағысын аямайтын жолдастан,
алмасаң да –
алдыртатын,
болмастан,
жалғыз міні –
«ж»-ға тілі келмейтін,
сәл-пәл ғана сақау еді сол қасқаң.
Сақау еді
«жүр» – демейтін,
«зүр» – дейтін.
ызылдатып,
қасқа тісін үрлейтін.
Бір ғажабы, көре тұра мұнысын,
Ешбір бала мазақтауды білмейтін.
Оған ұқсап күлуге де құмармын,
соған ұқсап жүруді де шығардым.
сөйлегенде,
жасырынып «ж» біткен,
қаптағаны қайдағы жоқ «з»-лардың.
Ызылдатып,
тісті мен де үрледім,
сақауланып:
«жүр» – демедім,
«зүр» – дедім, –
өзіңді-өзің бүлдірудің –
осындай
еліктеуден шығатынын білмедім.
Кім біліпті – сорым ба,
әлде қатем бе,
«Ж»-дегеннің таптырмады аты емге.
...Ойда жоқта өз қасына шақырды,
бәрін байқап жүреді екен әкем де.
– Балам, шақшаң бар ма? – деді нар кісім,
– Зоқ! – дегенім есімде,
одан арғысын
айта алмаймын.
Жарқ етті де көз алдым,
ұшып түстім,
жасаған-ау, бармысың?!.
...Шапалақпен тартып қалып жағыма:
– Балам, миың бар ма? – деді тағы да.
– Жо-жоқ! – дедім, – жоқ! – дедім мен
қайтадан,
шүкіршілік айтып іштей барыма.
– Дұрыс! – деді, –
Шақшаң да жоқ, жоқ миың,
балам, онда кімге дәрі тоқ күйің,
сен егерде қоймасаң бұл әдетті,
менің берген өнегем де көк тиын!
Осылай бір ұшырды да зәремді,
– Бұдан әрі көрсетпе, – деп, – пәлеңді! –
Күле қарап,
жіберді әкем жөніме,
– Ұққан болсаң, ызылдамай, бар енді!
Содан кейін...
өзіме-өзім сеніп тек,
бір адамға көрген жоқпын еліктеп.
Өзің болып қалу керек екен-ау,
досың үшін жаныңды қи, өліп кет!
САҒЫНЫШ
Сыймаған сағынышың көп өлеңге,
Сені де сүйреп алып келеді елге...
Қызығып қарар едің баяғыдай
қылтиған
қыз омырау төбелерге.
Мұндағы бұта, бұдыр – бәрі асыл ма,
түсердей, қысыласың, бара сынға,
Көңіл де құйын болып,
кетер жүйткіп,
Кеңдік пен кемелдіктің арасында.
Кім сенер –
мұндай сәтті өзі көрмей,
көңілге басқа тілек, сезім ермей,
шоласың төңіректі түгел тінте,
боласың балалықпен кезігердей.
Елжіреп ет жүрегің,
Жырлап та алған.
айналып ашық аспан,
шым қапталдан,
Керемет елестерге тап боласың
сары ала сағынышқа құндақталған.
Бұрылып,
бұлаққа да
мына жәудір,
сөз емес жұтқаның да, –
шыдамау бұл,
қалықтап,
қарлығаштай ұшқың келіп,
бәрін де құшқың келіп тұрады-ау бір.
КЕШКІ ЖЫР
Аялдап Алакөлге іргедегі,
көп болды жалаңаяқ жүрмегелі,
жапырып Жағаталдың көк шалғынын,
талықсып,
талтүсте көз ілмегелі.
Ауылым мені бүгін танымай ма,
жүрмін-ау жылылыққа жарымай да.
Тұратын мұрын жарып шешеміздің
таңдайдан дәмі кетпес наны қайда?!
Көгілдір Көктұманың тұнық таңы,
сені де барамын-ау ұмытқалы.
Көп болды көлге қармақ салмағалы,
аралға бармағалы жұмыртқалы.
Көңілің балқыды ма,
шалқыды ма, –
ащы бір жас тығылып алқымыңа,
түндер-ай, отыратын ұйқың қашып,
тау жақтың төсіңді ашып салқынына...
Барады-ау ұмытылып бәрі-бәрі;
көңілім көсіліп те жарымады.
көкейде қалып қойған бала кезден,
күндерді дала кезген сағынады...
Өзіңе арналатын көп өлеңім,
бармысың, мал қараған төбелерім,
Кетпей-ақ көз алдымнан жүресіңдер,
түсіме кіресіңдер неге менің?!.
Жүрген көл жалаңаяқ жағасында,
осылай мені де еске аласың ба?
Барып-ақ қайтсам ба екен балалармен
алдағы бірер апта арасында!
ТЕНТЕК
Тау етегін бойлап аққан,
орағытып өз елін,
жағасында ойға батқан,
қой да баққан, өзенім!
Бүгінгідей келте ме едің
кемелденген кезіңде? –
Осы өңірге еркеледің,
тентек едің өзің де.
таудан төмен құлап таңда
ақтың
елді аралай,
кішігірім бұлақтарға,
құрақ,
талға қарамай...
Алакөлдің бақша,
бағы,
аузын ашып ақ таңда,
айдынында ақ шабағы,
асыр салып жатқанда;
асыр салып ақ көбігің,
айбыныңа таң қалып,
ағайынның ат көлігін
арбасымен аударып;
ара-тұра долыланып,
толып ағып арнаңда,
арыстандай болып анық
атылғанда жардан да;
күтіп алып қырдағы елі,
құтты өзенім –
қойны асыл,
жағаңда сан тұрған еді
қызығыңа тоймас ұл!
...Сол сөзіме сенбей барған
Сенімсіздеу құрбыммен,
тобығымнан келмей қалған
Суды кешіп тұрмын мен.
Екі көзі жылтыраған
жетім лақ секілді, –
шығып жатқан бір тұмадан
суға жудым бетімді.
Қала берген желкедегі
қараймын да жарға анау, –
өзен аты Тентек еді,
деуге де тіл бармады-ау!..
АҚЫН
Күркіремей жүрсің неге,
қайда сонау асқақ үн? –
Ақыры кеп құр сүлдеге
айнала да бастадың.
Үнің қайда бұрынғы өктем,
дүрілдеткен мұндайда?
Аңсай күткен қырың көптен
ағыл-тегіл жыр қайда?
Асқақ тұрар бас пайдадан,
өшті неге отты үнің?
Тәуекел деп тас шайнаған
екпінің де жоқ бүгін!..
Сексеуілдің қозасындай,
жылтырайсың аздап құр,
Басымыздан сөз асырмай,
жүрмеуші ме ек маздап бір!
Айқай десе – бұрын кетіп,
көкіректе жоқ тыным,
Айналаны дірілдетіп,
тұрушы еді-ау өткір үн!
Елді ықтырып түрің, кейпің,
кеше неге желіктің.
көкірегің гүрілдейтін
қызуындай көріктің.
Қайғың асып жатқан бастан,
қаншама азап шекпедің,
Соның бәрін ақтармастан
жүре берем деп пе едің?
Әлде барлық асау ырық
бұғауланып білекке,
Балтыр сыздап, бас ауырып
бағынбай ма жүрек те?
Жалындап бір жанбайсың да,
Көтермейсің еңсеңді,
Қоламта боп қалмайсың ба,
Сілкініп те көрші енді.
Бұйырмағаны маңдайыңа
өртену ғой ежелден, –
Шаң жұқтырып шалғайыңа,
Қыр соңыңнан сөз ерген
Шырқашы енді тынбай барып,
дүр сілкініп сен демде, –
Біржолата күлге айналып,
сөнеді ақын – сөнгенде!
БІЛЕ ЖҮРШІ...
Біле жүрші, тегінде,
Саған айтар алғысым бар менің де
жан емессің ұртың қан,
көзіме де мақтамадың,
даттамадың сыртымнан.
Мен туралы жақсы лебіз
білдірмей-ақ өзгеге,
ілеспедің маған ерген
күңкілі көп сөзге де.
Күндемедің, «жақсы» аға,
үндемедің мені жерлеп, жатса да,
ризамын сол үшін,
қысылғанда келмедің де,
бермедің де қол ұшын,
осыған да қуанамын,
қылығыңды сөкпестен,
пайдаң тисе –
мен алдыңда
борышты боп өтпес пе ем!
ТҮСІМЕ КІРДІ
Ұнамай тұр-ау бүгін сенің демің,
бар еді, жүрек, шіркін, не білгенің?
Бата ма ел сөзіне ергенім де,
дос тұтып келгенім де көрінгенін?!
Тапсам да дауасы жоқ көңіл емін,
еркімді өзіңе бір беріп едім, –
асаудай оқыранып айналаңа,
кімдерден жиіркеніп, жерімедің!
Кімдерден теріс кетіп, түңілмедің,
жарай ма осыншалық бүлінгенің? –
...Ат ізін салмай кеткен ағайын да
түсіме кіріп шықты бүгін менің!
ОСЫНДА
Жүрген жоқпын жат қолында,
шет елде,
күйінбейін бекерге...
Көкірегім тұрған шақта салып ән –
қалай ғана тарығам,
мұнша неге қапаланып,
Құдай-ау,
қарап тұрып қамығам?
Сезем –
бәрі бекерін:
қара бұлттың түріп айдап етегін,
ертең елге күркіреп бір жетеді үн,
ұмытылып
үрейлі өткен түндер кей,
көк төбеттер қарғылы,
түске кіріп жүргендей, –
өте шығар барлығы.
Қайта ашылып туған жердің аспаны,
күліп берер
күжірейген тастары,
ұмытармыз сонда бір
сырғып аққан сулар мен
туған жерден басқаны.
Барлығы да осында:
дұшпаным да,
досым да,
ойларым да,
өзгеден
оқшау тіккен қосым да.
Нені ғана армандап,
нені ғана көксеп ек, –
осы арада жанған бақ,
жабырқауға жоқ себеп.
Түңілейік біз неден,
түбі келіп бір тыңдар –
әлі үмітін үзбеген
әулиелі жұртым бар.
Жүргендей-ақ жат қолында,
шет елде,
қарап тұрып күйінбейін бекерге.
Төңірегім сол баяғы таныс ән:
құлап,
тұрып,
жылап,
күліп әлі сан,
ара түсіп адалдыққа,
арамдықпен алысам.
Қамығам ба,
күлем бе,
Туған елім қолдады,
ақ тілеуден тұл ерге
ұқсамасам болғаны...
АНА Ауылдан оқшау, шеткі үйде, елей де қоймай ұдайы ел, өзімен-өзі, тоқ күйде тұратын еді бір әйел. Тұратын еді бір өзі, жұпыны ғана тірлігі, суықтау еді мінезі, тұйықтау еді – бір міні. Айтпайтын ашып әсте сыр, көңілін бұрып кешкі нұр. Өзімен-өзі жас жесір оңаша ғұмыр кешті бір. Кердеңдей басып, керіліп, керісіп кесір жеңгемен, жесірмін-ау деп, желігіп жүргенін ешкім көрмеген. Мұңданар әлде «жынданар», бар-жоғын білмей кеткенде, сыпсыңдап суық бір хабар, сумаңдап алып жетті елге. Желпілдеп түгел түңліктер, ыбыр да сыбыр кетті үдеп, – дегбірі қалмай, дүрлікті ел: «Жәмила жүкті бопты!» – деп. – Не дейді, құдай? – Нансақ па? – Масқара мынау! – деп халық жүгіртіп ауыл сан-саққа, бірінен-бірі кетті алып. Жақының да бар, жатың да көргендей қызық керемет, он байдан шыққан қатын да шымшыды бетін, не керек!
«Әйелдің жыртып намысын»,
жүзқара болған қарды аяп,
Әлекке түсті абысын,
алынбас өші бардай-ақ.
Алай да дүлей, таң ата
өткендей соғып бір дауыл,
жесірді жерге қарата
дүрлігіп барып...
тынды ауыл...
...Біртіндеп өсе түсті іші,
тоғыз ай, тоғыз күн өтті,
абысын-ажын пыш-пышы,
жесірді қанша жүдетті.
Алданып қалған сезім бе,
асырды ма әлде қулығын, –
тоғыз ай толған кезінде
толғатып барып, туды ұлын!
Жоқ еді жауы, жауыз да, –
(мұндайды бірақ жатқа бер).
бір елі ғана ауызға
екі елі қақпақ таппады ел.
Дүрлігіп тағы тұрды ауыл,
біріне-бірі жел берді,
толғағы жетіп туған ұл,
тоғыз ай өсек болды енді.
Шәйнегін сарқып әр үйдің,
абысын-ажын алқынды.
Сүйкімді ғана сәбидің
әкесін іздеп шарқ ұрды.
Ашпастан елге әсте сыр,
Тұрса да қайнап іштегі от,
жүретін еді жас жесір
қып-қызыл ернін тістелеп.
Жасаурап қойып көз кейде,
Қызығы болып ендігі!
Білмей де бірін,
сезбей де
уілдеп, өсе берді ұлы.
Бедеулеу жүрген кезінде,
бере де салған шаттығы –
ісі жоқ елдің сөзінде,
іңгәлап, өсіп жатты ұлы.
Тынарын біліп кесірлі үн,
тербеліп төрде ақ бесік,
арыстай ұлы жесірдің
алысып,
ойнап, жатты өсіп.
Аймалай сүйіп анасы,
құлақтан кетпес болды үні.
Көзінің ақ пен қарасы
осы деп біліп ендігі.
Біресе бойдан әл кетіп,
тағдырға мынау нали ма,
алдына ап ұлын,
әндетіп
отырар еді Жәмила:
«Әкесі бар жүз бала
тырнағыңа татымас.
Қырындарсың қызға да,
болмашы, ұлым, қатыбас.
Жақсыға да жаманға
жұрт өсегі бірдей өш. –
Сызат қалмай санаңда,
қаңқу сөзді білмей өс!
Кісі жолын кесе өтпе,
кетер дейсің кімге есең.
Қайдағы бір өсекке
құлақ түріп жүрме сен.
Ақ сүт берген анаң да,
әкең де мен ендігі.
Ақ жолыңды табарда,
еске сақта сен мұны.
Сырты – жылтыр,
бос кеуде
адам аз ба өмірде,
жат санауға, дос деуге
дәтің бармас, тегінде,
әлдекімге, қарағым,
түрің де ұқсап барады-ау:
қасы-көзің, қабағың,
танауың да –
бәрі... анау!
Онда сенің жоқ ісің,
анаң айтқан долбары.
...Со жазғанға...
тек ішің
ұқсамаса болғаны!
Тағар дейсің кім айып,
кінәламас көп, тегі,
Заманыңа лайық,
жігіт болсаң –
жеткені!»
«Сорым ба,
менің бағым ба,
берді, – деп, – құдай бір бала» – –
қызыға қарап сары ұлға,
қымсына сөйлеп жүрді Ана.
Табиғат тарлық еткен бе,
ой берді ұлға,
бой берді,
әрі де бері өткенде
ағайын:
«Қалқам!» – дей келді.
Жетім деп ешкім жасытпай,
шырадай жанып қос көзі,
оңтайлы,
оңқай асықтай,
ойлы да болып өсті өзі.
Түр берген,
өткір тіл берген,
өзгеден біраз озды иық,
жақындап барып
бір көрген
кете алмас еді көз қиып.
Қыстығып қана жүргенде,
қосылып ұлы дүрмекке.
Жәмила жесір
бір демде
ілінді, дейсің, құрметке.
Ақ таңдай болып әр атқан
нұр шашып айбат, кескіні,
аузына жұртын қаратқан
азамат болып өсті ұлы.
Мінез де, мін де жоқ қызба,
соңына салып құрбыны,
күйік те болып көп қызға,
Сүйіп те сұлу жүрді ұлы.
Бұйырды талай тұз дәмі,
қиырды кезді Ерұлан, –
абысын-ажын қыздары
шұбырып ерді соңынан.
Қанша бір қыздың анасы
қысылып жүрді ішінен.
Наласы да бар, жаласы...
Түсінем бәрін,
түсінем.
Көз тастап қойып жүрді Ұлға,
Кешегі гу-гу тіл байлап,
қызғаныш атты құрғыр да
қыңсылап, ішті тырнайды-ақ!
Айғыздап әжім жүзін шат,
қартайды Ана ақ көңіл, –
қамшыдай еді ұзын сап,
қысқарып бара жатты өмір.
Бетіне мезгіл салды ізін,
сындырды тірлік сағын көп,
жүргені дәйім жалғызын
маңдайға біткен бағым, деп.
Жүрегі сыздап нешеме,
білегі талай талды істе.
Бәріне шүкір,
Десе де,
ащы бір өсек қалды іште.
Жазбасын деңіз кесірге,
арманға бірден жетті кім,
Түсініп соны,
жесір де
жеткізіп барып кетті...
ұлын.
Өзгеден тартқан мұңы ма,
өзінде қандай күнә бар –
қиылатыны ұлы да,
сиынатыны – бір-ақ Ар.
Төңірек түгел дір еткен
үзілер сәтте жесір дем:
...Аналық үлкен жүрекпен
Бәрін де...
бәрін...
кешірген!
ЖОЛДАСТЫҚ ТУРАЛЫ
Кім біледі,
өзімде де бар ма мін, –
өзгелерге ұқсамады талғамым, –
қанша жігіт жолықпады тірлікте,
бірімен де жолдас бола алмадым!
Артық міндет жүктедім бе,
кім білген,
түгі де жоқ бола тұра бүлдірген,
біреуінің қылдай мінін көрдім де, –
қайтып оған жолай алмай жүрдім мен.
Ыңғайына жығылды ма әлдінің,
қолтығына тығылды ма дәл бүгін? –
Бөтен елдің баласындай көрдім де,
кешіре алмай, кете бердім,
сәл мінін.
Шікірейіп шыға келіп, енді елге
шекесінен қараса бір шерменде,
жұрт ішінде жалбалақтап соған да,
қалбалақтап,
қол бергенін көргенде;
кешегі бір –
жақсылығы жұрты ұққан, –
кісіден де кеттім айнып пір тұтқан.
Енді көрсем –
үрейленіп тұрамын,
қорыққандай қосауызды мылтықтан!
Жекіргенмен,
жете қойсын кімге әлім,
досымнан да кеттім айнып бір ғалым.
көріп қалдым,
әйелінен жасырын,
теріс қарап, тиын санап тұрғанын! Тарпа бас сап, тартып алар деді ме, байқамаған болғансыды мені де, Сондайларды құп алайын қалайша, қалай ғана шығарайын төріме! Кім біледі, өзімде де бар ма мін, өзгелерге ұқсамады талғамым, Көп жігітке кезіксем де тірлікте, көрінгенмен жолдас бола алмадым. Өзгелерден биік пе еді шоқтығым, осылайша өтті жылдар, өтті күн. Енді келіп сезіп тұрмын, қайтейін, жан қиысқан жалғыз жолдас жоқтығын! СЫН – Аға, – деді бір інім, – (кекесінін сездірмей), Айтыңызшы ашығын, осыншалық неге Сіз, Тетелес пе, теңдес пе – жұрттың бәрін көзге ілмей, көктен түсе қалғандай кекірейе бересіз? – Жер жарып-ақ екпінің, тұр екен-ау, текті інім, ренжітер өзіңді ретім де жоқ бүгін, менсінбесем тірлікте, – менсінбедім мен, рас, бәлекетін баланың, әрекетін ептінің. Көре тұра, Құдай-ау, кердеңдеген езді мен, көпе-көрнеу көлгірсіп, қалай ғана көзге ілем? Айнымалы қылығы, аярлығы, былығы
жақпайтынын жасырмай,
жатпай-тұрмай сездірем.
Жүгінгендей болады
өзіңдегі жоқ арға,
кекіреймей, мен сонда
қол берем бе соған да?
Сұмырайды – ұрты қан,
сөге тұрып сыртынан,
көрген жерде қолпаштап
көлгірсіген оңар ма?
Артылам деп көршіден,
ауруы өршіген
ағайынға өзің-ақ,
асыл інім, берші дем,
біле тұра
ішінде ит өліп те жатқанын,
қылымсыған біреуді
қалай ғана менсінем?
інісініп күлгенге,
ірі ме деп жүргенде,
Кекірейіп кейбірі шыға келсе бір демде,
күнім түсіп тұрса да,
көпе-көрнеу көзге ілмей,
аулағырақ кеткенім артық шығар,
білгенге!
Азамат деп жүргенім,
айналғанда пендеге,
мүләйімсіп өтірік,
менсінейін мен неге?
тынымы жоқ тірлікте
таба алмай-ақ кетейін
таппасам да татарға ас,
ондайлармен қатарлас
шықпас едім төрге де.
Аңғармастан анығын,
артығырақ кеттің бе,
ренжітер өзіңді
ретім де жоқ мүлде, –
құбылмалы қылықтар,
бұлаң құйрық,
былық бар, –
әйтпесе,
мен біреуді менсінбейін деппін бе?»
ТЕҢІЗДЕ
Хайдолла Тілемісовке
Алдында орыс-қазақ ағайынның,
айдынға құлашымды талай ұрдым.
Хайдеке,
Қара теңіз дегеніңді
қаншама келді менің қақ айырғым.
Қаншама көкіректі кернеп арын,
желіктім,
жеткізем деп елге бәрін, –
Қайтейін,–
обыры бар,
содыры бар,
тоңмойын тобыры бар, –
келмеді әлім!
Жоламай былыққа да,
«шылыққа» да,
теңіздей
жатсам деумен,
тұнып қана,
түбінде мұңы қалған,
ыңыранған
менің бұл көңілімді кім ұқты, аға!
Қайтер ең, –
(түгі де жоқ ұрсар мұнда).
айналып,
жігерің құм,
мұршаң мұңға,
Қаншама қарғымайын,
жарды ұрайын,
қатыгез қара жартас тұрса алдыңда!
Сондайда...
арнасынан асып арын,
қаншама тасымадым...
жасымадым.
келсе де көктей өткім, –
жетпей екпін,
теңіздей тулап барып басыламын!
Келмеді,
қаншама бір,
жүзгім өрге,
бермеді,
қасарысып,
тізгін ел де.
Жаралған теңіз болып көкірегім,
айналып бара жатыр тұзды көлге!..
...Жақты ма жамбасына майда құмы,
шығады жағажайдың жайдары үні.
Хайдеке, кешіріңіз,
Қара теңіз
есіме салды-ау менің қайдағыны!
ШЫБЫН
Ызыңдай ұшып бір шыбын,
Мазасын алды жыршының,
көңілін бөле береді,
көрдің бе мұның қырсығын.
Ас үйде жеген наны аз ба,
Адасып жүрген «сабаз» ба,
Тіміскіп төне береді
алдында жатқан қағазға.
Бәрібір:
оңы,
солы ма,
үңіліп өлең жолына,
Жалт беріп ұшып жоғары,
қонады барып қолыңа.
Ілмеген еді көп кірпік,
таппады ақын өткір түк,
үйіріле келіп сан ойлар,
иіріле беріп...
кетті үркіп.
Ызыңдап құлақ түбінен,
бермеді маза түнімен.
«Атаңа нәлет, – деді ақын, –
өлмейтін неткен шыбын ең!»
Қоя тұр, ақын,
жұлынба,
тамағы тесік мұның да.
Әйтпесе...
асқақ жырыңның
керегі қанша шыбынға!
ЕСКІ ЖҰРТТА
Бас имек ем байырғы босағама,
орны ғайып болыпты,
ошағы – ада.
Кеше ғана киелі мекен еді,
ата-бабам сүйегі осы арада!
Қасыма ерген қаршадай қос ұланға,
ауылым бар, деуші едім, осы маңда.
Түп көтеріп әкеткен қандай пәле,
түгелімен түсінен шошыған ба?!
Ескі ошақтың орны жоқ,
болды ғайып,
қайда барып байыздап,
орнығайық!
Үркіп ұшқан көңілдің көгершінін,
енді қалай орнына қондырайық?
Алмақ едім аунатып құмдағыңа,
не бетімді айтамын ұлдарыма?
Алдымызда болғандай күнәлі анық,
жылап ағып барады жылға мына.
Көп жыл салып араға,
үзіліспен,
келіп едім, –
асқанда қызым үштен.
Теріс қарап аға ма Тентек өзен,
тұнығынан тұлпарым жүзіп ішкен?
Қаншама жыл қаперсіз күндер кешіп,
елім бар деп осында, жүргем бөсіп,
Баяғыда бәріне пана болған,
«Бес ағашты» әкеткен кімдер кесіп?
Ділге берік жер еді, тілге бекем,
қоныстарың ендігі мүлде бөтен,
Ауылымды,
ел аман, жұрт тынышта,
Жылы орнынан қозғаған кімдер екен?
Өзенім де өгейсіп,
өткелдерім,
өкінішпен қарайды көк белдерім.
Жарамаған екен де,
зиялы ата
зиратынан жырақтау кеткендерің!
Өкпелерім кім бүгін,
кінәларым? –
жарамаған, жігіттер, мыналарың!
Суаларын, кім білген, дәл осылай,
тасты жарып жататын тұмаларым!
ӨЛЕҢІМНЕН АЙЫРСА
Әкемнен де айрылдым – өлмедім.
шешемнен де айрылдым – өлмедім.
Қанатымнан қайрылып қаншама,
жүзім кетіп,
майырылдым – өлмедім.
Тағдыр маған өзге тілді үйретіп,
туған жерден айырса да күйретіп,
кім біледі, өлмей,
тірі жүрер ме ем,
жат бір жерде құр сүлдемді сүйретіп.
Өлмес едім –
тас төбемнен жай ұрса,
көктер едім
көктемдегі қайыңша.
Біржолата өлетін-ақ шығармын.
мені біреу өлеңімнен айырса!..
ҰНАМАЙ БАРАСЫҢ БА?
Ұнамай барасың ба досыңа да,
үрпиіп, оған бола шошыма, аға,
жаралған жұрттан бөлек адамдарды
тірліктен түңілдірген осы ғана.
Кеудеңде бұла сезім,
мұң барында,
сенесің Құдай берген қу дарынға,
достарың ақыл айтар,
батыра айтар,
ден қойып біреуіне,
тыңдадың ба?
Бәрібір, қойшы ма,
әлде қолбасы ма, –
көрмедің жетелетіп жолдасыңа.
Жақпады бетіне айтып салғаныңда,
кілт ете қалғаның да болмашыға.
Жасыңнан боламын деп елге өнеге,
жақпадың Құдайға да,
пендеге де,
әсіре адалдығың кімге дәрі,
дүние саған бола жөнделе ме?
Сыртыңнан:
– Жақсы жігіт! – десін мейлі,
досың да бұрынғыдай шешілмейді.
Өйткені,
кісі түгіл,
құдайың да
өзіне ұқсамасаң –
кешірмейді!
АҚЫН ЕСКЕРТКІШІНЕ ҚАРАП
Кімнен ғана дарыным кем,
күшім кем, –
деп бір жырды жүз қайталап ішімнен,
ойға батып,
тұрдым ұзақ бейуақта,
көзімді алмай қасиетті мүсіннен.
Ұлылықты көрмесем де сәл күндеп,
бір пенделік болар емес жанды үрлеп, –
қарай бердім қызығып та қызынып,
қазір барып,
қатар тұра қалғым кеп!
Қабақ шытып,
қасиеттім, болма тар,
кім біліпті,
түсе қалса жол қатар, –
Туған елім тастан өріп тұғырын
маған да әлі бір ескерткіш орнатар.
Көкжиекке құлағанда батар күн,
мен де таудан түсіп келе жатармын.
Тұрпатыма тұрар қарап,
халқы да
төрт миллион тұрғыны бар шәһардың.
Төңірегін күнде қызыл гүл басар
дәл осындай ескерткіштен кім қашар!
Сұлу қыздар жиылып кеп түбіне,
жырымды оқып,
түні бойы сырласар.
Бірте-бірте түсінер де нарқымды ел,
өтер талай балбыраған бал түндер...
...Күбір-күбір етуі де мүмкін-ау,
соның өзін көре алмаған әркімдер.
Қимайтындар –
ызғар ойнап көзінде –
табалар-ау тас тұғырдың өзін де.
Ұрыншақтың ұрпағы жоқ деймісің,
жатып атып жаралаған кезінде!
Көңіл бөліп қайте қоям ондайға,
жеткізгенін көрді таза жол қайда.
Туған елім
түбі келіп түсініп,
бір ескерткіш орнатқаны болмай ма?
Қарап қойып жұрағатқа жыр ұқпас,
тұғырымда тұрса болды күліп тас.
Мен дегені келіп-кетіп қасыма,
ел де мені...
көпке дейін ұмытпас!..
БАСТЫҚ ДОСЫММЕН САПАРЛАС
БОЛҒАНДА ТУҒАН ОЙ
... Тепсінісе келгенде
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе
Тәңірі етті!
Шалкиіз жырау
Не керек,
сен бір мықты,
мен бір мықты,
келді деп екі мықты ел дүрлікті.
Басты алып алдымызға баяғыдай,
тастадық жылы жауып көлгірлікті.
Алдында құрақ ұшқан дос-құрбының,
Өзің де арқаланып,
өстің бүгін.
Әріден орағытып алып келіп,
сөз еттің атам қазақ көш-тірлігін.
Алдыңа ірімшік пен құртын үйіп,
қалыпты қалың ауыл жұртың ұйып,
көсілдің
кезек бермей маған да бір,
қабағың бір жазылып,
бір түйіліп.
Не керек, түні бойы дүрілдеттік,
әнде де «алтыауыздан» бұрын кеттік.
Осы үйге шырай берген, сынай келген
қаншама бота көзді күлімдеттік...
Баламен-
шағамен де амандастық,
тау барып,
төсімізді самалға аштық
Шықты естен –
туған ата мекеніңде –
әзірге екенің де маған бастық.
Дәреже дегеніңе табынбадық,
ереже дегеніңе бағынбадық.
(Зілденіп жүруші едің күні кеше,
қалардай жәһаннамнан жанымды алып!)
Құлақтан кетпей қойған қыр дүбірі,
Көңілді көтеріп-ақ тұрды ма үні,
Керек те жоқ екен-ау бұған ерлік,
болдық та шыға келдік бір-бір ірі!
Айтайын қай мәлімет,
қай ақпарды, –
тау барып,
тоғай кезіп,
аяқ талды.
Ақыры, «есің барда елің тап», – деп,
қайтар шақ Алматыға таяп қалды.
Әп-сәтте қызыл-жасыл қыр көнеріп,
Күлмедік кешегідей, үндемедік,
Сәл қалдың қолды-аяқты бала деуге,
қасына ағасының жүрген еріп.
Апыр-ау,
төлеңгіт пен төреміз бе,
кісілік жетіспеді неге бізге?
Тағы да көшіп ескі салтымызға,
қайтадан қалпымызға келеміз бе?!
БОСАҒА
Еске алып ескі ауылдың ошағы,
асын,
көңілің қалай ғана босамасын!
Сипалап тұра бердім
жұлым үйдің
жартылай жерде қалған босағасын!
Телміртіп туған үйдің төрі мені,
барады-ау жан дүнием ерігелі.
Қараймын босағама таңдай қаға,
апыр-ай, қандай ғана берік еді!
Жөнелді-ау тұла бойым босап ала,
қашанғы тұра берем босағада? –
...Немере,
шөберемді енді келер
отырып, күтсем бе әлде осы арада?!
ҚҰДІРЕТ
Баз-базда бір жаза қалсам күшті өлең
өзімді өзім өктем санап істе мен,
айналама асқақ қарай бастаймын,
адамға ұқсап
ат үстінен түспеген.
Қара жерді жалғыз өзі көтерген, –
кеудеме бір қуат бітіп төтеннен,
қай ғаламда жүргендігім белгісіз, –
құдіретке айналам да кетем мен!
Билігіме дара тиіп енді өмір,
менсіз өсе қоймайтындай жерге гүл,
ойым онға бөлінбейді ондайда,
көзіме де көрінбейді пенде бір.
Маған ғана ұсынардай төрін ел,
көкірегім кермаралдай керілер.
Мен таппайтын амал жоқтай,
енді бір
мен алмайтын қамал жоқтай көрінер.
Арсы-гүрсі,
алды-артыма қарамай,
аңқылдаймын
ақылы жоқ баладай.
Қалқатайдың қашанғы әнін қайталап,
байлығымның шашам бәрін... санамай!
Ада болып көңілдегі барша алаң,
арманыма жетіп қалам аңсаған.
Ұмытылар
кісі екенім
кешегі
сәл тәкаппар,
сәл жомарт,
сәл... шаршаған.
Тоқтамайтын суға түсіп, отқа енбей,
кеудем кеңіп сала берер көктемдей.
Өзіңді өзің сезінесің, не керек,
қарап тұрып,
құдай болып кеткендей!
...Бөсіңкіреп кеттім білем бұл кеште,
көп еді ғой көре алмайтын күндес те,
соның бірі бұл сөзімнен мін тауып,
тағы бірі көз алартып жүрмес пе?
Түні бойы отыра ма көз ілмей,
баз кешіп,
бар дүниеден безінбей,
ақын қалай ақын бола алмақшы,
ауық-ауық өзін құдай сезінбей!
ЕСКЕ АЛУ
Қайран менің қасиетті,
нұрлы Анам
қашан ғана қызығыңды ұрлағам! –
Алыс кетіп,
аңсатыппын,
қасыңнан
шығармағың келгенде де бір қадам!..
Тірлігіңде айтпадың ба ашып-ақ, –
күлдің де өттің –
жүрдім деппін асырап...
Ой мен қырды аралаттым, деппін-ау,
түскеніне қарамаппын шашыңа ақ.
Көрмей кетіп ел қарасын,
үй маңын,
қаншама жыл хат та жазбай, қинадым.
Сарқылмаған сағынышың,
ішіңе,
кім біледі,
қалай ғана сыйғанын!
Қабағымнан дос қаймығып,
жау үркіп,
сен дегенде жасамаппын тәуір түк.
Немереңді жібермедім қасыңа, –
кәрі кісі
ала ма деп,
ауыртып...
Ақ көңілі
аңқылдаған баладай,
қайран ғана қасиетті Анам-ай,
кеттім алыс, күні-түні жол тосып,
мені күтіп жүргеніңе қарамай.
Киім бүтін, шәйің дайын, дайын нан, –
жүріппін-ау кем күттім деп қай ұлдан,
маңдайымнан айына бір сипатпай,
қанша ғана қызығыңнан айырғам!
...Елден ұзап кетіп еді бір балам,
болды бүгін көкірегім күнде алаң, –
хаты келсе –
жарылардай жүрегім,
хат келмесе –
тарылардай бұл ғалам.
Соның бәрін отырмын-ау енді ойлап,
қалай ғана аңғармағам мен бейбақ, –
ешкім мені күтпесін де өзіңдей,
маңдайыма бітпесін де сендей бақ!
ОЙЛАДЫМ
Әлмисақтан аласұра аңдысқан,
бола тұра сан ағайын, сан дұшпан,
ақылын да алған жоқпын ешкімнің,
маһұрым да қалған жоқпын алғыстан.
Біреуіне ұнамай ма түр-тұлғам,
қарап жатпай,
кіжінеді сыртымнан, –
оған бола бағам да жоқ кеміген,
жағам да жоқ әлі күнге жыртылған.
Жұртыма арнап жыр жазам ба жан қинап,
жауларым да жатып алып, аңдиды-ақ,
талай кінә табады екен біреуі,
біреулері тағады екен сан қилы ат.
Бола тұра ойда қуат, бойда мін,
біреуіне көз аларта қоймадым, –
өздері де үріп-үріп ақыры
ілесе алмай үні өшер, деп ойладым!
ҚАЙТА АЙНАЛЫП КЕЛМЕЙДІ-АУ
Құлын көрсе қуанатын, гүл көрсе,
балалығым түске кіріп жүргенше,
сол баяғы аусар, аңғал қалпында,
қайран дүние-ай, қайта айналып бір келсе!
Қулығыңды, сұмдығыңды білмеген,
сол күндерді қызғанды екен кім менен? –
Алыс қалып аңсатып тұр, не керек,
«Бала», – десе ел, намыстанып жүрген ек.
Қылығыңа күліп қойып кіл ағат,
құлдық ұрып тұрушы еді-ау жұрағат.
Шырық бұзып, шектен асып кетпесең,
бетке басып, көріп пе еді кінәлап?!
Жақтырмаған шешенің де жетегін,
өзің де бір жанып тұрған от едің.
Тура қарап, тік айтушы ең, дүние-ай,
«падишаның тыр жалаңаш» екенін.
Боран соғып, ит үрсе де іргеден,
таңғажайып ертегі еді-ау түн деген.
Көзден ұшып кете берді-ау мөлдір шақ,
көпе-көрнеу көлгірсуді білмеген!
Жасырынбай жарқ-жұрқ еткен жанарлар,
қорықпаған – қылыштасып қамалды ал,
қайран ғана балалық-ай, десеңші,
әрі батыл,
әрі батыр,
әрі аңғал.
Баяғыдай елеңдетіп қырдағы ән,
балдан тәтті балалыққа ым қағам.
Қайдан ғана келе қойсын бірақ та,
ол күндерді бере қойсын кім маған!
МЕНІ ЖАҚСЫ КӨРІҢДЕР
Айтшы маған, серті берік серігім,
жұрт ішінде жақтырмай жүр мені кім?
Бірі дарға ассам дей ме тап қазір,
бассам дей ме көңілімнің желігін!
Қиянатты кешпедім бе, кештім бе,
келем әлі кекіреймес кескінде,
мені жақсы көрмеу деген не сұмдық,
жамандығым жоқ еді ғой ешкімге!
Залалым да тимеген бір пендеге,
жік-жапар боп жатпайды енді ел неге?
Үлкен-кіші ұнатпастай,
шынымен
Құдай сүйер қылық жоқ па менде де?!
Қой, ағайын,
мені жақсы көріңдер,
төрге өтейін, тік түрегеп орын бер.
Жегжат біткен жапырылып қоғадай,
тәжім етіп тұрсын бүгін келіңдер!
Оқта-текте бір көретін төбемді ел
болмай-ақ та қояйыншы кемеңгер.
«Құрақ ұша қоятындай алдында,
қай қылығы өте кетті?» демеңдер.
Өзімдей-ақ болар елге сенімді ер,
сол үшін де көңіліңнің төрін бер.
Неге екенін сұрамай-ақ, ағайын,
барлығың да мені жақсы көріңдер!
Талай қызық тамашаң бар, тойың бар,
бір мықтыңа балап мені мойындар,
сәл кешіксем – есік жаққа елеңдеп,
қастарыңнан орын сайлап қойыңдар.
Алдымызда талай қызық тоқ таң бар,
мен емеспін көре тұра көпті алдар,
жақын жүрсем – қатарыңнан қалдырмай,
алыс кетсем – аңсап іздеп жоқтаңдар!
Жасандылық болған емес күлкімде,
жоламадым жағымпаздық шіркінге,
ел қалаған өркеуденің өзімін,
мені жақсы көрмеулерің мүмкін бе?
ТАҒДЫР
Айдауында жүретін ем, сол үшін
осындайда берші азырақ қол ұшын, –
оған бола жарылмайды жүрегім,
тарылмайды, қара да тұр, қонысым.
Аласармас сияқты еді арманым,
айтшы маған –
қайда кетіп қалғанын, –
қайда барсам, айналдырып бір қырсық,
тас тұмадан қанып іше алмадым!
Бақытым ба,
маңдайымның соры ма,
ауыр болды жарты ғасыр жолы да.
«Жан біткенге жалынбасам» – деген ем,
қайтейін-ай, бұйыртпадың соны да!
Боламын деп азаматтың биігі ең,
бір кісідей тірлікті де сүйіп ем.
Қай-қайдағы ит пен құстың қолына
қаратып-ақ қойғаныңа күйінем!..
Шыр-шыр етіп, шырылдаса ар мына,
менде ғана демессің-ау бар кінә, –
амалсыздан барғыздың-ау қайдағы
танымайтын татымсыздың алдына!
Төсте озатын тұлпарымды желдіртіп,
тірлік, шіркін, тізгін бермей, келді іркіп.
Айтқаныңа көнді екен деп, осылай
қоясың ба көрінгенге телміртіп?!
Ағайынның бірі мақтап, бірі алдап,
мені бүгін бір жағына шығармақ.
Қарап тұрып күлесің-ау, қайтейін,
жүргенін де білесің-ау кім арбап!
Осалдығым болар ол да, кім білсін,
(осындайда мені қостап, бір күрсін!)
Көңілдегі әуен көктен естілмей,
көрінгенге тәуелді еткен күн құрсын!
Қаршадайдан қырын келіп сен мүлде,
жібермедің жылжып аққан мөлдірге.
Бұл тірліктен «жан біткенге жалынбай,
жақсы өтейін!» – дегеніме көндің бе?!
БЕТАШАР НЕМЕСЕ АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
Оқырманым!
Тағы да өлең бе деп,
айнымасын көңілің менен кенет,
асау шабыт екеуміз
түндер бойы
тыным алмас зергердей
көп өңдеп ек!..
Көңіліңнен шығуға бүгінгі анық,
Күні бойы қырнадық,
жұмырладық.
Оқысын деп ойладық
әрбір жолын
қызды құшқан жігіттей қыбың қанып.
Зерделіге бағыштап мұны сендей
терледік те
зерледік күміс ердей.
Түндер бойы үңілдік өрнегіне,
келтіре алмай қиюын,
жүріс өнбей.
Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған,
қаншама сөз ұстатпай
ынтықтырған,
алты қырдың астына жасырынды
құлан болып қашты да
үркіп қырдан!..
Асылдарын іздеумен –
аяулы анық, –
тас қопардық,
тауларға жаяу барып.
Талықсып та құладық қаншама рет,
бақыт құсын ұстауға таяу қалып...
Соның бәрі оқушым, осы өлеңде,
осы өлеңде –
көгерген көсегем де.
«Бел-Белес» кітабынан
Күл астында қып-қызыл шоғы жатыр,
бабын тауып,
байыптап көсегенге.
Соның бәрі –
осы кітап, оқушым, қолыңдағы,
лақтырып тастамай орта жолда
ноқатына жетіп тын соңындағы.
ӨМІРБАЯНҒА ҚОСЫМША
«Что касается остальных
автобиографических
сведений, – они в моих стихах «.
Сергей Есенин
Биік ұстап еңсемді мен елімде,
қарындаспен қатарлас келемін бе, –
Таң нұры ма, жүректің зар-мұңы ма –
барлығы да жүр бүгін өлеңімде.
Күркіреген күнімді,
сіркіреген,
жіпке тізіп келеді, шіркін, өлең, –
тірлігіме дәнекер деректер ме,
теректер де – түбіне бір түнеген;
Тасып-толған күндерім,
жанып-өшкен,
ғашық болған түндерім танып естен,
Көкіректі өртер үн,
ертегім де
бала жастан құлағым қанық өскен;
Ойлағаным,
талай бір тойлағаным,
құлағында асаудың ойнағаным,
тоймағаным қызыққа,
ереженді
екібастан мойындай қоймағаным;
Қуанғаным, күлгенім,
қамыққаным,
жалғызсырап жатқаным,
жабыққаным,
Достарыма өкпелеп,
оңашада
торыққаным,
тойғаным,
тарыққаным;
Алдыра да қоймаған қырауға әлі,
домбырамның қаттырақ бұраулы әні,
бір ауғаны басымнан бұлағай күн –
өлеңімде түп-түгел тұр-ау бәрі!..
Тағдырымның темірдей шыңдағаны,
қабырғамның қақырап,
сынбағаны,
тірлігімде жабылған жалалар да,
жаралар да –
жазылмай тұрған әлі;
Шамырқанған,
шамданған,
шаттанғаным,
шыға алмаған шыңдарым,
шатқалдарым,
ақталғаным –
айнымас жар алдында,
таңдайымнан кетпестей татқан дәмім;
Күнгейінде қыдырған қыраттарым,
күнде барып жуынар бұлақтарым,
құр аттарым –
құйғыта міне шапқан,
келе жатқан жеткізбей мұраттарым;
Қарағайым,
қайыңым,
шілік,
талым,
әлі тата қоймаған тұнықтарым,
қыздырманың кейде бір тіліне еріп,
қызып кете беретін қылықтарым;
Ұшырасып ұрда-жық дойырына,
көп шайлығып көңілім,
мойыды ма?
Сұмдар барын тірлікте ұғынғаным,
жығылғаным содырдың сойылына;
Туған жерім,
тынысым,
тірлігім де,
Күліп атар келешек,
нұрлы күн де,
Өзегімді өртеген өкініш те, –
өлеңімде түп-түгел тұр бүгінде!..
ҚЫРЫҚ БЕС
Келіп-ақ қалғаның ба, қырық бесім,
алқынба,
ару қыздар үрікпесін,
тұра тұр,
шошымасын шабытым да,
түріңнен түңілмесін тұнық кешім.
Келдің деп өкінбейін ерте неге,
сабыр ет,
сәл тұра тұр,
ентелеме,
көрейін таныстырып достарыма,
берейін жөніңді айтып еркеме де.
Кешікпей келетінің белгілі еді,
қуырмай
қоя тұршы енді мені.
Алдыңа айдап бәрін салмақ едім,
жастықтың,
желіктіріп,
көнді ме елі!
Кешегі отызым да өндір еді,
ырқынан шығармай-ақ келді мені,
Қызық та сол ауылда көрінеді,
қыздың да қылықтысы,
өңдірегі...
Ауылы қырықтың да тұнған бақыт,
жіберді мені біраз бұлғаңдатып.
Енді-енді керегіңді іздемек ем,
келіп-ақ қалғаның ба жылдамдатып?
Келді деп өкінбейін ерте неге,
сабыр ет,
Сәл тұра тұр,
ентелеме.
Алайын таныстырып достарыма,
қалайын жөнімді айтып еркеме де...
Ұялмай қарайтындай ертең елге,
бұл жүрек баяғыдай өртенер ме?
Жігіттер жолығар ма батыр талай,
жақсы қыз жатырқамай...
еркелер ме?
Жар қасы жіпсіз байлай мені кеште,
жалыным бұрынғыдан кемімес пе.
Алысты жақын еткен отызым да,
Қырықтың қапы кеткен белі де есте!..
Әйтеуір,
бұлғаңдадым,
бұлаңдадым,
айтылған уәдемде тұра алмадым.
...Қырық бес,
қылшылдап-ақ тұрсың,
тегі,
табармыз,
таяу жерде жүр арманың!..
АҚЫНДАРДЫҢ ЖОЛДАСЫ АЗ БОЛАДЫ
Қатар жүрген тарланым,
танымалым,
қырыңның да,
сырыңның бәрі мәлім:
Көрген жоқпын өз басым
бір ақынның
тірісінде жолдасқа жарығанын...
Дара самғап ұшатын көкте кілең,
қыран еді деу қиын шеттерінен.
Сөйте жүре дем беріп бір-біріне,
қайтармапты
пенделік беттерінен.
Жалғыз барып ұрынар жемтігіне,
Жолбарыс та дей қоймас ел тіріде,
Ақындарың
дос болам дегендерге
еріп кете беріпті жер түбіне.
Еріп кете береді «есерге» де, –
(Онысын да балайғы ел кешер деме!)
Біреулерге арайлы таңдай болып,
біреулерге қарайды кеселдене.
Көрсем деумен кескекті ерді күнде,
Күйкілерді көзге ілмей келді мүлде.
Біреулерге бұртиып баласындай,
Қыртия да қалады енді бірде.
Ымырасыз мінезбен ерге біткен,
Жеріп сала береді пенделіктен.
Содан барып...
кінәлап өнегесін,
Не демесін сыртынан ел деміккен.
Әрі сынау оңай ма, әрі шыдау,
берісі – ұнау өтірік, әрісі – дау...
Өрт ішінде жүретін осындай бір
ақын қайдан жолдасқа жарысын-ау!
Қатар жүрген тарланым,
танымалым,
сыртқа жаймас сырыңның бәрі мәлім:
Көрген жоқпын өз басым
тірісінде
бір ақынның жолдасқа жарығанын!..
ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ НЕМЕСЕ
ҚАЗАҚ ЖЕРІ ХАҚЫНДА
Белгілі бұрынғының бәрі маған:
бір ызғар кімнің ішін қарымаған, –
Жан-жақтан жау анталап тұрған шақта, –
Жұрт едік
жұрағатқа жарымаған...
Жалаңдап,
жан-жағынан қысқан келіп,
өзгеге дей алмаймын, құштар да едік.
Болыпты бабамыз да
түбіжатты
тұратын түгел ғана дұшпан көріп...
Өзді-өзі бұлағаның суын ішіп,
бас кетіп барымтада,
буын ісіп...
Бүлініп бөтен десе,
шығады екен.
атойлап ала балта суырысып!..
Бұл күнде дәстүр басқа,
дәуір басқа,
болмайды алауыздық ауылдаста.
Етінен ет те кесіп берер қазақ
жаны бір,
қаны бөлек бауырласқа!..
Отаным – ұлан-асыр ұлы мекен, –
Құқық берді тұтас тіріге тең.
Алайып енді ешкімге қарамаймыз,
демейміз түрі бөлек, тілі бөтен.
Жарасып әніміз де,
сәніміз де,
өтпейді енді ешкімнің кәрі бізге.
Қосылып төскейде мал,
төсекте бас,
жекжат боп шыға келдік бәріміз де.
Көтеріп төбемізге,
төр ұсынған,
іргемді бөлмейді ешкім орысымнан.
Жауды да індеткеміз,
бірге өткеміз
талай бір
тауқыметке толы сыннан!
Баз-базда басымыз бір біріккенде,
жатамыз құшақтасып,
күліп төрде.
Қырғызбен құда болып,
құйрық жесіп,
кеткеміз туыс болып түрікпенге.
Жоқ ешбір жауласарлық жөніміз де,
кең біздің жеріміз де,
төріміз де, –
Тұрамыз тәжікке де тәжім етіп,
тайраңдап татар, ноғай төрімізде.
Еркіндік, ел көрмеген тиді қырға, –
Қызымыз корейіңнің сүйді ұлын да.
Кім сөгер,
көзімізді бақырайтып,
тұрса егер ақыл айтып ұйғырым да.
Баураған зейінімен, мейірімен,
ел едік ежелден-ақ пейілі кең,
жақын боп кетті бүгін немісің де,
жатбауыр, жылуы жоқ кей ініден.
Келетін түрі өзіме дүнгендерім,
бауырым болып алды бірден менің.
Өз ағам – өзбегімнің
жөні бөлек, –
думанға айналдырған жүрген жерін.
Кавказдың аварын да,
алаңдарын,
алалай қоймағаны маған мәлім,
демейді өзі басқа, –
тегі бөлек, –
Көреді өз ұлындай далам бәрін.
Жатырқап біреуінен жерімеген,
бәріне жері де кең,
төрі де кең.
Барлық ұлт бауыр басқан,
бауырласқан
осындай Қазақстан елі деген!
Ешкімнің ұлын жатқа баламаған
бірі деп сол қазақтың,
қара
маған:
өзіміз – даулассақ та,
жаулассақ та,
жерім жоқ
біреуіңді алалаған!..
ЕСКЕ АЛАЙЫҚ
Жамылып екеуара мына түнді,
Алатау, еске алайық бір ақынды,
Осылай ойға батып, ол да кеше
басыңнан аса қарап тұратын-да.
Қанатын қақсам дей ме шыңды айналып,
тұратын тынысыңды тыңдай қалып.
Өзендей ақтарыла ақсам дей ме,
теңізге төңкерілген тынбай барып.
Тауға айтар тағы да бір сөзі бардай,
тұрғанын көруші едім
көзін алмай,
Алыптай алқам-салқам тұлғасымен,
ұқсайтын Алатауға
өзі де аумай!
Тірліктің тауқыметі мың сан кейде, –
тау болып тапжылмай бір тұрсам дей ме,
Есіне түсе ме әлде дәл өзіндей
өзгеше жаратылған бір сар бейне?..
Ақтарып көкірегін қазыналы,
тау жайлы жатар ма еді жазып әлі!..
...Алатау,
кеттім үйге,
бір суық жел,
қағынып,
қайдан ғана азынады?..
АСЫЛ МУЗА
Айтамын да осынау шақта бір ән,
Асыл Муза, алдында ақтарылам, –
адал болсам деп-ақ ем бір өзіңе,
алғаш рет қолыңнан татқалы дәм!..
Бетке басып кінәмді, мазалама,
тарта берме күмәнді жазаға да,
күнәм барын білемін, – жүре алмадым
бір өзіңе беріліп таза ғана!
Қол ұстасып өзіңмен,
ой қуғалы,
қаншама бір қызықтар бойды улады, –
еліктіріп күн сайын тау, шыңдар да,
таусылған ба тірліктің той-думаны.
Қызды қайда қоясың?..
Дала, көкті? –
қызықтырып,
бәрі де алаң етті,
Қайтқан қаздың өзі де
қай-қайдағы
қанатымен қалқалап ала кетті...
Шарабың да,
шалқыған би кешегі,
ақын күнде қаншама күй кешеді,
Жылдар бойы көзіңді жәудіретіп,
жалғыз тастап жүрдім-ау үйде сені.
Тәтті екенін өмірдің біз ұққалы,
таусылған ба тірліктің қызықтары,
атырабы,
ақ қайың жапырағы –
шақырады көздерін сүзіп бәрі.
Жез кемедей желкенін жел үзбеген,
жүрем кейде жер түбі теңізде мен,
мені іздеген түндерің аз болмапты-ау,
шағаладай шарқ ұрып жем іздеген!
Соларды ойлап, ақылдым, мазалама,
тарта берме ақынды жазаға да,
Күнәм барын білемін, –
жүре алмадым
бір өзіңе беріліп таза ғана!
АДАМНЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ
Дүрліктіріп қойдым да бекер елді,
күнде ертеңмен, күндерім өте берді...
Көрейінші мен де бір дана болып,
бала болып келгенім жетер енді!
Сауық құмар достарға жоламаймын,
саусылдап та жатпасын
мол ағайын,
кете бермей бәріңе ілесіп құр,
сіресіп бір көрейін қоладайын.
Дырдуға да, дуға де бұрылмайын,
мұршам жоқ деп,
бәріне шырылдайын,
Қызыққа да қарамай
зыр қағайын,
қыздардың да табайын бір ыңғайын...
Пайдасы жоқ біріне енді ермейін,
желікбасты жігітке жел бермейін.
Жиналысқа басқадан бұрын кіріп,
шығайыншы асықпай, елден кейін.
Кісімсініп, апыр-ау, кергігенде,
кісімін деп біреуді сендірем бе? –
Бастықтардың көзіне жиі-жиі
түсіңкірей берейін енді мен де.
Жәдігейдің ұшырмай енді үрейін,
Ымырашыл болуға көндігейін.
Біреулердің алдында қоқиланып,
біреулердің алдында мөлдірейін.
Елден бұрын, өлсем де, үндемейін,
Күндемейін біреуін, тілдемейін.
Желпілдеуім бекерге жетеді енді,
елпілдеп те, жігіттер, бір көрейін!
Сатып жүр ме сыртымнан сан ағайын,
Бұртиюды қояйын баладайын,
қабағына қарайын құрдасымның,
табағына, тіпті де, қарамайын.
Жақсы ағаға жабысып кенедейін,
жебе дейін, ағатай, деме дейін.
жағынайын, жатып кеп жалынайын,
жылы шырай бермесе –
елемейін.
Есіме алып ерсілеу қылықты еске,
тымырайып отырып тымық кеште,
ертеңімді ойлауым дұрыс шығар,
бала бола бергенше...
қырық бесте!
Қайдағы бір өнбейтін үмітке ерген,
аулағырақ жүрейін жігіттерден, –
дегенімше... желігіп жеті түнде
мынасы кім тағы да кіріп келген?!..
Бәре-ре-кел-ді!
Жігіттер, сендер ме едің?
Кеңіп сала берді ме бөлмем менің,
қайдағыны қиялдап кетіп едім,
жақсы болды-ау шынында келгендерің!
Күлмей-ақ қой,
көмейің болды мәлім,
бар, бәйбіше, жайғастыр соңғыларын...
Қышып еді-ау, иегім...
қайда ғана
жібергенсің тиегін домбыраның?..
Сен қысылмай мен неге қысылайын,
әзір болса, асыңды түсір, айым,
Шөлмегіңді бере тұр, дәл түбінен
бір-ақ ұрып тығынын ұшырайын!..
ҚАЖЫМҰҚАН
Батырындай бағалап бұрынғы өткен,
аңыз етіп әкеткен қырым көптен...
Айға қарап есінер арыстаным,
алысқанын алдында дірілдеткен!
Дүйім елден жан таппай тең келерге,
абыройың
тұрғанда өрлеп өрге,
Күйіндің бе,
Кім білсін,
ата жұрттан
айқай салып, ешкім дем бермегенге!
Белдескенің – ілінді қолға қалай,
домалайтын оңға да, солға қарай,
Сондайда бір...
кеу-кеулеп,
көтермелеп,
дүрлігісер жұртыңның болмағаны-ай!.
Жарықтығым,
жанды ма, шіркін, бағың,
бұлшық еттей бұлқынып, бұлтыңдадың.
Ұмтылғанын жүргенде допша үйіріп,
ойладың ба
іргелі ұлтың барын?!
Дүниенің түгендеп төрт бұрышын,
дүйім елге дүбірлеп
жетті күшің.
Кім біледі, биіктен қарап тұрып,
баз-базда бір күйіп те кетті ме ішің!..
Қиғың келмей тұрып та
жеңісті елге,
Ымыраға амалсыз келіскенде,
Дүр сілкініп желөкпе француздар,
дүрлігісіп жатқанда немістер де;
Бұйым көрмей бірінің әсте күшін,
Жапонның да
жұлынған жас перісін
бұрап алып, талтайып тұра қалып
сыпырып-ақ бергенде бас терісін;
Қажекем-ай, қайран да, нар тұлғалым,
найзағайша жарқылдап, шарқ ұрғаның,
тұрдың ба сен біріне ұқтыра алмай,
қабырғалы қалың ел,
– халқың барын!..
Өздерінен бітімі бөлек ердің
елі барын ол кезде елеген кім?
Жапон деп те жүріпті-ау,
түрік деп те
амал қанша, бәріне көне бердің.
Бөлек еді-ау түрің де, түсің анық,
Көне бердің, сендің де күшіңе анық
Күңіренген күндерің болған шығар,
бозасынан біреудің ішіп алып...
Жығып беріп шетінен ұмтылғанын,
Жұмарлап-ақ жүргенде, шіркін, бәрін,
Ұлтың барын сенің де еледі ме ел,
арқа сүйер –
асқар бел, –
жұртың барын!
Бұла бойда бұлқынып жатқан әлің,
болды ақыры жақынға,
жатқа мәлім. –
«Қайсақ» деп те кемітіп жүргендердің
қайсысының басынан аттамадың!..
Кеудесіне нан піскен кілең сері,
Басқысы да келгенде піл еңсені, –
буыршындай
бураға барған қарсы
дір-дір етіп кететін тілерсегі...
Қол апартпай жүргенде шоқтығыңа,
алқымыңа ап-ащы от тығыла,
ашындың-ау, ағатай, қасыңда бір
қауқылдасар қалың ел жоқтығына!..
Жұртың енді кем емес бір елден де,
батыр шықса –
барлығы білер демде.
Үзе жаздап тұрамыз үзеңгіні,
– Қазақпын! – деп,
Қажеке, шіренгенде!
Күні күліп тұрады, қыры гүлдеп, шайқай алмас ешкім де тұнығын кеп. Тепсінісе келгенге айта аламыз: – Терезесі тең елдің ұлымын! – деп. Дүбір десе дүрлігіп, мен дегенің, батыр туған бауырға жел беремін! Ақынға да білеміз, алыпқа да абыройын асырар ел керегін! Жан-жағына жалтақтап, теңдік іздер, Жайымыз жоқ ешкімнен сорлымыз дер. Ұлтымызға лайық ұл бола алсақ, жарар еді, Қажеке, енді біздер! ТҮС Түсімде (есімде жоқ нақты күні), алыстан естіліп бір ат дүбірі, сыңғырлап сауыт-сайман,
кіреукелер,
даламның жаңғырып жатты қыры...
Қазақтың бұрынғы өткен батырлары,
қарасам,
қаптап келе жатыр бәрі, –
жебедей атылғалы жекпе-жекке,
ақырып,
аруағын шақырғаны;
Шақ еді шам жамырар,
күн кешкіріп,
бәрі де кәдімгідей тұрды естіліп.
Жаралы,
жаяу қалған жорықтасын
алған ба ат артына мінгестіріп;
Соңына ерген бе елі қалқан ұстар?
Қажытпай
қанды жорық,
арпалыстар,
Құйғытып қатар келе жатты бәрі –
Ер Тарғын,
Қобыланды,
Алпамыстар...
Тұрды олар айналаға қарап асқақ,
шарт та шұрт,
жау көрінсе,
араласпақ...
Жер тарпып,
оқырана ойқастайды,
Тайбурыл,
Байшұбарлар...
Қарақасқа ат...
Шоқытып шыға келіп әр қырына,
қарайды айналаның барлығына:
Дау жоқ па
алалаған ағайынды,
жау жоқ па
паналаған
жарды мына?
Азбап па
асып туған
ұрпағы әлі,
тозбап па туған жердің қырқалары?
Сай ма екен ерлерінің ер-тұрманы,
тоқ қарын,
толық па екен қымтанары?
Ел еді ежелден-ақ жыр дарыған,
жоқ па екен желіктірмес құрғақ ұран?
Қыздары баяғының гүліндей ме?
Атасы түңілмей ме ұлдарынан?
Жоқ па екен алауыздық ел ішінде,
бас берсе батырлары –
жері үшін бе?
Әділ ме ақсақалы
тезге салып
отырар тентегін де,
телісін де?
Ерлікке
ендігі ұрпақ құштар ма әлі?
Көбейіп кетпеп пе екен мыстандары?
Ағайын арасына от тастайтын,
жоқ па екен аңыс аңдар
дұшпандары?
Қуырып жер апшысын батырларым,
Қырының
көріп келе
жатыр бәрін.
Ап-анық естіп жатып...
ояндым мен,
ақырып, аруағын шақырғанын...
Түс болды-ау, не десек те, бұл керемет,
күбірлеп ояндым мен,
бірдеме деп...
Бақытты бола түссін
деп біздерді,
бабалар әлі күнге жүр ме демеп?!
Естіліп көпке дейін ат дүбірі,
даламның жаңғырығып жатты қыры...
Жорыдым жақсылыққа мұны да бір,
түс қой деп
тура келген сәтті күні!..
АСЫЛ МҰРА
Алдына алып немере,
шөбересін,
күрескенін қызықтап,
төбелесін,
Қарқ-қарқ күліп отырар қарттарымның
қалай ғана ұмытам өнегесін!..
Жұмысынан келе ме ерте қайтып,
отыратын төбеде ертегі айтып,
қарыздар ем ауылдың шалдарына, –
қарызымның өтелмей қалғаны ма?
Көп тірлікті көздері көре тұра,
Жетпеді ме, жетті ме арманына?..
Шақырмай-ақ қасына ымдап ешкім,
Әңгімесін солардың тыңдап өстім.
Батырлардай баяғы болғым келіп,
құм да кештім қиялмен,
қырға көштім.
Аласұрып астымда арғымақ ат,
Қарсы барсам ханға да –
қандыбалақ.
Риза болып тұрса әкем деп ойлаушы ем,
Қылығымды кешіріп барлық ағат...
Риза болып бауырым,
ауылым да,
Жауынын да елемей, дауылын да,
Қарақшының кәллесі жүрсе деуші ем,
сәйгүліктің салақтап сауырында!
Көктей өтіп таулардан енді бірде,
кете бергем ілесіп мен дүбірге,
Шөлден асып,
қанша бір көлден асып,
сезгендей ем қырымның кеңдігін де.
Жерін қорып,
жүретін шепте кілең,
ұнап тегі, азап та шеккенімен,
Батыр болып туады-ау деп ойлаушы ем,
біздің елдің ұлдары шеттерінен.
...Тыңдаушы едік көкесін әңгіменің,
көкейімде көбісі қалды менің,
Содан бері әйтеуір, көңіліме
Ұлы болып ұялап алдың, Елім!
Сан ғасырдың сыртында қалса да ізі,
көкейде жүр халқымның қанша аңызы.
...Жігіттері елімнің Төлеген де,
Жібек шығар деуші едім барша қызы...
Ертегіден біліп ем ердің ерін,
бәріне де ұқсағым келді менің.
Құрбы қызды көрсем деп,
көп қадалғам,
ару болар асылдың белгілерін!
Ақ таяқты ат қылып,
иіп садақ,
домбыра да жастандым биік сағақ.
Керқұла атты Кендебай болғым келген
қырда жортар құйғытып,
киік санап.
Арпалысқан жауының алған бәрін,
Алпамыс та болсам деп армандадым.
Атымтайдан жомарт та болғым келген
ағайынның алдына салған барын!
Босатпаққа батырды жауда қалған,
Бұқар жырау болып та
дауға барам...
Ақын болсам Абайдай,
дедім бірде,
айналасын ақылмен баурап алған...
Көрмесем де, көрсем де зобалаңын,
су жүрекке ежелден жоқ алаңым,
Бауыржандай болғым кеп,
бес жасымнан
жалған айтқан балаға жоламадым.
Жасырайын несіне сенен бүгін,
өнеге еткен өткеннің көп ерлігін
Ертегіден өз басым
естіп едім
кеңдігін де елімнің,
кемелдігін!
Айта берсе деп тілеп әңгімесін,
қарттарымның қаншама алдым есін.
Ұлты қандай адамның,
ғұрпы қандай,
аңызына қарап-ақ дәл білесің!..
Осал емес іргем де,
тілден де елім,
Күдіктенер тегіме кімдер менің!
Аңызы еді-ау халқымның
алғаш рет
ақ сүтімен анамның бірге емгенім!
Хаты қалған ғалымы,
ақынының,
аты қалған атақты батырының,
айналайын, Елімнің ертегісі,
көкіректе күмбірлеп жатыр үнің!
КӨЗ АЛДЫНДА
Жасыратын түгім жоқ елден менің,
көз алдында күнделік тер мен демім,
Өлең болып жазылып жатыр бәрі –
естігенім,
сезгенім,
көргендерім...
Көз алдында өткенім,
өткелдерім,
азабым да бар шығар шеккен менің, –
азды-көпті қайғымды елден көріп,
біреулерге кіжініп, кектенбедім.
Азды-көпті көңілім кірлегенін,
айтқызбай-ақ әрдайым білген елім.
Күндемедім ешкімді.
Көз алдында:
айтуымен ешкімнің жүрмегенім...
Жүрегімен
жүрегім бірге соққан,
туған жермен тілегім бірге менің!
ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ
Алаңдап,
адамдай-ақ жоқ іздеген,
қайдағы қарайлаймын көп ізге мен, –
Қалды деп қайда ғана қайран жастық,
таппаймын –
тау барамын,
теңіз келем...
Жаныңда жүруші едім кеше мен де,
деп оны
іздеп көрдім көшеден де.
Іздедім өткен жерден,
көк белдерден,
іздедім кеткен жерден есем елге.
Қайырылмай қайран жастық бір кеткеннен,
іздедім той-думаннан,
дүрмектерден.
Іздедім Қара теңіз жағасынан,
алқа топ арасынан –
құрмет көрген.
Кезігіп қалар ма деп қыр астынан,
жалықпай
көрінгеннен сұрастырам.
Қай құмда қалды екен деп,
артқа алаңдап,
айдынға –
алда ма деп, –
құлашты ұрам.
Апыр-ау, кеткенің бе ағып алға,
қаншама іздесем де табылар ма.
Іздедім бағынан да Алматының,
іздедім Москваның маңынан да.
Қатарлас отыратын күліп төрде,
сұрадым үміттен де, күдіктен де,
Сұрадым
бүліктен де қаша қоймас
кешегі көрік-кеуде жігіттен де.
Қуғанын құтқармайтын өрде бүктеп,
қыранға көп қараймын мен де еліктеп.
Бозбала: «Бізден ұзап кеткен!» – десе,
қарттар жүр: «біздер әлі көрмедік!» – деп.
Кеудемде күнде қызық майдан ашып,
жататын
ғашықтардай аймаласып,
Жастығым!
Жарқ-жұрқ етіп жүрген кеше
әп-сәтте кете бардың қайда қашып?!
БӘРІ ӨЗІМНЕН
Күндемей өрдегіні,
– төрдегіні,
Елеусіз өтіп жатқан елде өмірі,
Жар құшып,
бала сүйіп,
бақыт қуған
басы жұмыр пенденің мен де бірі.
Жаңғыртып жатпаса да орманды үнім;
Іздеген жерім бар ма жол даңғылын,
Қапыда қамығып та көрдім қанша.
аз емес бақытты да болған күнім.
Ердім де,
ермедім де «есерлерге»,
жіберген жерім де жоқ есемді елге, –
Бәрібір сенбес еді ешкім бүгін
күнәға батқан жоқпын десем мен де!..
Білмеймін аз бердім бе,
көп бердім бе, –
әйтеуір ризамын өткен күнге,
Бұғып та өткен жоқпын бұралаңнан,
шығып та кеткен жоқпын шектен мүлде.
Бар шығар білгенім де білмегенім,
өкпем жоқ өтіп жатқан күнге менің, –
Біріне тірілердің жағынбадым,
іріге табынбадым...
күндемедім.
Бар шығар ұтқаным да,
ұтпағаным,
Не істеп,
не қойсам да құптады арым, –
Ақтарып, ағайынға барымды аштым,
көзіне қарындастың тік қарадым.
Жұрт айтып жүрмесе де жатқа бәрін,
бар шығар тапқаным да,
таппағаным, –
Ұлысын – ұлы дедім қатарластың,
күн үшін көрінгенді мақтамадым.
Бар шығар жеткенім де, жетпегенім,
Әйтеуір өзімді-өзім шектемедім.
Білемін, –
жақсы көрсе ел –
тек сол үшін,
жек көрсе –
тек сол үшін жек көрерін!..
БІР АҚБОЗ АТ ТҮСІМЕ КӨП КІРЕДІ
Тұлпар туар тұқымы, текті ме еді,
бір ақбоз ат түсіме көп кіреді.
Қаншама рет қыр асып, құйғытып кеп,
шырт ұйқыдан оятып кетті мені.
Асау өскен даланың еркін малы
Ерді аңсай ма еңсегей өр тұлғалы,
ағызып кеп, арқырап тұрады-ау бір
жарқ-жұрқ ете жарқырап ер-тұрманы.
Қайшыланып қамыстай қос құлағы.
Оқырана ойқастап, осқырады.
Үзеңгісі сыңғырлап,
іздеп келіп,
ауыздығы алынбай
бос тұрады.
Қаншама рет осы бір арғымақ ат,
желіп келіп,
жер тарпып,
қалды қарап.
Талқан қылып тасты да тау асты ма,
қарақшыдан қашты ма қандыбалақ!
«Ақбоз мініп атойлар қазақ қайда?» –
деп те мені,
кім білсін,
мазақтай ма?
(Қылп еткенін, қайтейін, ішім ептеп),
Тыным бермей тұрады
кісінеп кеп...
Бала жастан
қаныма ғұрпы сіңген
не жақсылық жасадым жұрт үшін мен?
Азаптай ма соны айтып,
мазақтай ма,
бір ақбоз ат шықпай-ақ жүр түсімнен!
КӨҢІЛДІМІН
Құйын болып құйғытып өтті уайым,
Күлкі жүрген жаққа да бет бұрайын,
(Жөніңді айтып кеткейсің, қайғым, сен де,
Қапалана бастасам – кеп тұрайын)
Басылыпты көңілдің аптығы да,
Оралайын оразды шаттығыма,
Жаяулардан жалығып біттім әбден,
ерейінші енді бір аттылыға.
Жүрегімнің арылып алаңы да,
Жайнап шыға келді ғой дала мына.
Күшіктері көршінің қайда кеткен,
жанасалап, жармасқан балағыма?
Ажарланып әп-сәтте өмір бүгін,
бөгеті жоқ бұлақтай төгілді үнім.
Қалыңдықтай
күйеуі ұрын келген,
айрықша, әйтеуір, көңілдімін.
Жақыныма жадырап,
Жатқа күліп,
Шыға келдім бір жарау атқа мініп.
Күйкі тірлік құлағын жыма қашты,
аш қасқырдай
алыста жатқан ұлып.
Байлап берген басымды сері күнге
Басылмаған баяғы желігім бе,
Құйын болып өтер ме қуаныш та,
желіктіріп барады мені мүлде.
АТАҚ ТУРАЛЫ
Құтылар дейсің атақ қашып қайда,
жетерміз арбамен-ақ
асықпай да...
Алаңдай қоятын да түгіміз жоқ,
арамыз жақындай ма, қашықтай ма.
Кеудесін күдік кернеп, күліп, терлеп,
жүретін арамызда жігіттер көп,
Осылар алдаса да, арбаса да,
алдымен алтын алқа іліп көрмек!
Өлімен, тірімен де жағаласып,
алқынар,
ауыздығын ала қашып,
Арбалған торғайдай боп атағың да,
қолына қонар соның...
қарабасып...
Қашса да құтылмайтын атақ үшін,
солармен жағаласып жатамысың.
Өзің де,
арманы бір аласармас
аздаған ұяттылар қатарысың!
Бұйыра қоймады деп бүгін келіп,
бүлініп,
біреулерше жүргірмелік.
Біз бе едік аштан өліп,
көштен қалар,
Тірлікте атақсыз-ақ дүрілдедік...
Туған жер тереңінен қайнар алып,
жата бер, дариядай жайлап ағып.
Әзірге алдарқата берсін, тіпті,
құтылар дейсің бізден қайда барып!
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ ТУРАЛЫ
Жазылғаны сол ма еді маңдайдағы, –
Жақсылықтың қойғаны жанбай бағы,
Түп етектен жабысып,
айырылмай,
қыңырайып,
қырсық та қалмайды әрі.
Жақсы болып,
әйтеуір, жаралғалы,
уәдеден әріге бара алмады,
әділетке араша түсемін деп,
арпалыста қаншама арандады.
Бұғынуды білмейтін өжет те еді,
беубеу қақты қаншама,
безектеді.
Белдесем деп,
бірінен беті қайтты,
біреуіне, шырылдап,
сөзі өтпеді!
Енді қайдан оң-солын айырсын-ақ,
Кете жаздап ақыры қайыршылап.
Жолға шықты бір күні,
жамандықтың
біраз күнге
атының майын сұрап.
Тақымында ойнақтап құр ат күйлі,
шапанын да бір жола сұрап киді.
Шыға келді жарқырап жұлдызы да.
бір үйде бас, бір үйде құлақ тиді...
Біржолата өзі де түлеп енді.
Айы оңынан туды да жүре берді.
Айтқанына айнала құлақ түріп,
қойды бәрі мұқатып,
мінегенді.
Құрмет көріп қаншама елден бүгін,
Көтермелей бастады көргенді ұлын.
(Жаңа білді,
жамандық атаулының
мұның атын жамылып келгендігін!)
Қайда барса – қошемет
құлдық алып,
Жақсылықтың қадірін білді халық.
Өрге тасы домалап әділеттің,
Ақиқаттың қабағын тұрды бағып...
Айналаның болды да аң-таң бәрі,
бұрынғыдай бұрыла тарта алмады,
Аяқ-асты сөз тиіп асылына,
жасырына бастады жалтаңдары.
Аң-таң болып осы бір өзгеріске,
Көшті бәрі, не керек,
сөзден – іске.
(Жақсылық та састы енді,
мұның бәрі
баянсыздау екенін сезген іш те).
Жақсылыққа тап болып бірден бүгін,
шапанына қарапты кімдер мұның,
Қайдан ғана білісін ел, мұның да енді
әлдекімнің атымен жүргендігін!
– Көрдіңдер ғой, ағайын, енді мені, –
Жақсылықпын! – деп,
қалай сендіреді?
Өз атымен жүргенінде күні кеше,
Көңіл бөліп сөзіне көрді ме елі?
Қиналып-ақ тұрғаны байқалады:
Жамандыққа не бетін айта алады? –
Шапанын да, атын да, амал қанша,
жиып-теріп өзіне қайтарады.
Енді мұнда қанша еру бола алады?
Ертең бәрі желге ұшып, жоғалады.
Таңырқатып тағы да төңірегін,
таз қалпына қайтадан оралады.
Қу жанына таба алмай, сірә, тыным,
Қиналғанмен, алады кім ақылын.
Ел де қайдан білсін-ау, ертең біреу
мұның атын жамылып шығатынын!
ҚАЛМАС ПА ЕКЕН БІР БЕЛГІ
Түйілемін,
түнерем,
басқа қызық аздай-ақ.
Кімге керек бұл өлең,
қойсам ба екен жазбай-ақ!
Тіркелсем деп тізімге,
Тірлік кешіп жүрмін бе, –
Болар-болмас ізің де
Кімге керек бұл күнде.
Ауыр болды жолым да,
Жел көтеріп іргемді,
Шынымен-ақ,
соңымда
қалмас па екен бір белгі?
Таусылмасын тағатым,
Дүние де өзгерер...
Келер әлі сан ақын,
туар асыл сөз нелер.
Бір ақыны түздің де
тауға шығып,
жол қарар,
жырымызды біздің де
жымың қағып,
қолға алар...
Еліктіріп өзін бір,
ашылар ма тың арна,
Жүгіртер ме көзін құр,
Жыламсырап тұрар ма?
Өзі де ерлік жасардай,
қадалар ма асқарға, –
оқыр ма екен бас алмай,
лақтырып тастар ма!
Сауырға ұрып саңлақты
Кезер ме өткен күндерді, –
Қалай ғана қалмапты
бүгінгіден бір белгі?
Ойға шомып кенеттен, –
Өткен шақтың мұңы! – дер.
Дүбірлетіп мен өткен
Тірлікке де үңілер.
Кісінесіп алдынан
Шығар ма екен құр аттар, –
Ойпаттарым –
орғыған,
қарғып өткен қыраттар!
Жарқ-жарқ етіп жас тұлға
жұлдыз болып аққаным,
Қызыл тудың астында,
қыза-қыза шапқаным!
Күнде көрген көп белес,
өтпес пе екен алдынан, –
біреулерге кеткен өш,
бұрқыраған таңғы ұран.
Қырымда өткен көп қызық,
дүрілдеткен дүрмектер,
бірте-бірте ет қызып,
біздер көрген құрметтер!
Таң болып та атқаным,
Күн болып та батқаным.
Құтыла алмай қайғыдан,
Күңіреніп жатқаным!
Көз алдынан өтер ме
Күйінгенім,
күлгенім,
Қылыш сілтеп бекерге,
қиналып та жүргенім!
Жақсыларға жолыққан,
жамандықтан торыққан.
Айтқан кезім асқақ ән,
Қайтқан кезім жорықтан...
Жарқырап та жанып ем,
Жарық қылып түндерді –
Осылардың бәрінен
Қалмап па екен бір белгі?
Жалғыз қаздың үніндей,
Жетпеді ме дауысым?
Өтпеді ме дүбірлей
Дүрліктіре тау ішін?
Қалмап па екен қадірім,
алданбап ем азға мен, –
айтып едім әділін,
ақиқатын жазған ем!
Көкейінде бір ырғақ
құйқылжыр ма оның да, –
Шындық болып шырылдап,
тұрар ма екен қолында!..
СӨЗ ПАТШАСЫ
Сөз патшасы, өзіңе бағынғалы,
азабым да, әйтеуір, арылмады,
Көңілімді біржола қалдыра да,
жандыра да қоймадың бағымды әлі...
Пір тұтқалы өзіңді, сиынғалы,
Тіршілігім менің де қиындады.
Жазылғаны сол ма еді маңдайыма,
Пешенеме осы ма бұйырғаны?
Бодан етті өзіңе тағдыр мені,
Құзырында –
кеудемнің әрбір демі.
Көңілімнен өтеді күнде, қызу
дүниенің бар дүбір, сан дүрмегі.
Аяқталмай әділет сайысы әлі,
қалтырайды қара жер, майысады,
бәріне де жүрегім шыр-шыр етіп,
бәріне де қабырғам қайысады.
Қинала ма қиырда
бала-шаға,
қызғыш болып, килігем
арашаға.
Қанжар ала жүгірем,
біреу саған
астамдықпен алая қараса да.
Мені қайда салмадың, жұмсамадың,
Қолдан түсіп көрмеді жыр-садағым.
Қылышынан жасқансам қиянаттың,
Қайта айналып,
Өзіне мұң шағамын.
Мұң шағамын,
өзіңе жүгінемін,
Жүрегімнің тапса деп бүгін емін,
Мұң шағамын –
безгенде біреулерден,
сұмырайдың сезгенде ұры демін.
Саған айтпай көргенім, сезегенімді,
медеу етер деп едің өзге кімді,
Арашалап қала алмай әділетті,
тәлкегіне тағдырдың төзгенімді...
Жақсылығын асырып, ерліктердің,
Жамандығын жасырып жол біткеннің,
Құлағыңа құйып-ақ жатам күнде,
Кімнен қорлық,
Кімдерден зорлық көрдім.
Бодан болып,
Бір жола бағынғалы,
бүккен жоқпын өзіңнен барымды әлі.
Билігіңде – күндерім, түндерім де,
гүлдерім де бүгінгі бағымдағы.
Зарлық па едім тәуелді,
мұңлық па едім,
Сенің ғана алдыңда сыр бүкпедім,
Саған айтам –
замана жақсарғанын,
Саған айтам –
дүние дүрліккенін.
Биік пе еді көңілім бетегеден,
Киік пе еді,
қиырға жетелеген, –
алаңдамай біріне, қарайламай,
саған ғана қызмет ете берем!
Суық еді демейін сұсы қалай,
қолыңдағы бола гөр құсыңа абай.
Жүрсем болды
бір өмір сүрсем болды,
сенің ғана кәріңе ұшырамай!
ТҮС КӨРЕМ
Қызық бір түстер көрем мен:
біресе ақбоз ат мініп,
құйғылтып ала жөнелгем,
қап-қара бұлтты қақ тіліп.
Көкірек толы күш, білем,
алысқа тарап атағым,
алқызыл бұлттар үстімен
ағызып бара жатамын.
Тағы бір қызық түс көрем,
тап болып талай сәттерге:
Қып-қызыл шоқтай күшті өлең
құйылып жатыр дәптерге.
Кіреді-ау түске қайдағы, ә!
Алдымда құлап жат қала,
асқақтау қарап айнала
отырам алтын тақта да!
Теңізде кейде жүзіп ем,
Толқыны тауды бұзардай.
біресе хордың қызымен,
қыдырып жүрем –
қызармай...
Түс көрем түрлі,
не керек:
Күйдірсе бірде ел бекер,
кейде бір қызыл көбелек
ұстатпай ұзақ...
терлетер.
Жүремін таңда көз іліп,
бола ма содан ой алаң:
Айдаһарға да кезігіп,
алысып жатып оянам.
Талықсып,
тағы көз ілем:
Қып-қызыл оттың ішінде
жалмауыздардың өзімен
жағаласып жүрем түсімде.
Мақұлық аз ба айлалы,
белгісіз түрі, тұрағы:
Түсіме кейде қайдағы
құбыжық кіріп шығады.
Күлгені қайсы,
үргені
білдірмей,
бірде кейіндеп,
аңысымды аңдып жүргені,
қапыда талап жейін деп.
Оңайға соқпас кімге де,
ой түсіп оқыс ішіңе:
досыңмын
дейтін бір неме.
дию боп кірсе түсіңе!
Өңім бе, білмей, түсім бе,
Тап беріп талай қояды аң:
қас-қағым сәттің ішінде
қара тер болып оянам.
Сол ма деп, тағдыр жазуың,
айқаспай қалай қоярмын,
Арыстанның да аузын
айырып жатып, ояндым.
Түс көрем өзім не түрлі,
Түс көрем қызық үнемі.
Әулие Қыдыр секілді.
қарттар да кіріп жүреді.
Асасын ұстап, қасыма
асыға жетіп, қатады үн.
Биік бір таудың басына
өрмелеп бара жатамын!
Жалықпас ұзақ шырқауға,
достарға еріп кіл өндір,
бір тауды қосып,
бір тауға
қақпақыл қылып жүрем бір.
Оянам күліп,
күлкім кеп:
тірлікте мынау
алдау көп,
жауыздық құрғыр біртіндеп,
құрып та бітіп қалды-ау, деп!
Түс көріп шығам әр күні,
есімде көбі сақталмай,
Біресе соның барлығы
өңімде болып жатқандай.
Айнала жұрттың сөзі үдеп,
бөлініп онға ой мүлде.
алысып жатам тезірек
оянып кетсем деймін де!
* * *
Байлығым жоқ жинаған ырымға да,
бар тапқаным – баянды жырым ғана,
Өз басымды қай саққа жүгіртсең де,
Тұтас тұрған сөзімді жырымдама!
Бар шығар-ау, кім білсін, өзімде мін,
бөріккен қойдай бола алмас сөзім менің.
Әр түйірін тереңнен іздеп, теріп,
Түндер бойы тірнектеп,
көз ілмедім!
Бұлдамай-ақ бедерім, беделімді,
Білер шағым Еліме не дерімді,
Көрмесем де өзіңмен өлшеп кеуде,
бөлшектеуге көнбеймін өлеңімді.
Біреулермен бекерге белдестім бе,
Кем кештім бе тірлікті,
теңдеспін бе, –
Жырым – менің жүрегім,
Жүрегімді
Жырымдата алмаймын енді ешкімге!
ӨМІР КӨШІ
Өзі де өткір бала еді, сөзі де өткір,
ержетуге асықты тезірек бір,
шырқ үйіріп дүниені көрмек еді,
шыңға қарай шырқаудың кезі кеп тұр...
Қолына алар күнді аңсап сөз, беделді,
есеюді ойлады тездеп енді.
Туын биік тігердей болып еді,
таң қалдырып түгелдей өзгелерді.
Жігітінде өзі де, сөзі берік,
болайын де тұрғанын сезіп едік!
Өмір көлін оп-оңай кештірмеді,
ес білгелі тимеді өзіне ерік.
Жақсыларға еліктеп жанған бағы,
Жабырқады, жалықты...
армандады.
Ізгіліктен үміті үзілмеді,
тағы аңсады, тағатсыз таңды алдағы.
Тарта берді өмірдің көші ілгері,
бірте-бірте бүгілді есіл белі.
Алдап қашып, арманы жеткізбеді,
тіршіліктің түйіні шешілмеді.
Өткір емес өзі де, көзі де енді,
Ұйыта да алған жоқ сөзіне елді.
Дүниеден түңіліп біржолата,
Қолды бір-ақ сілтейтін кезі келді.
Жал-құйрығын жатса да күзеп егес –
Кететіндей күні ертең түзеле көш.
Әлі де бір туардай айы оңынан,
Келешектен күдерін үзер емес!
ЖАУАПТАСУ
Адал қарап айнала нұрлы көзбен,
аулағырақ, әйтеуір, жүрмін езден,
бет-жүзің бар дегенді білмей келем.
– Жә, не таптың,
айта бер,
бұл мінезден?
Қиянатты көргенде –
күйдім мүлде,
қырғи болып күштіге тидім күнде,
Оққа омырау төсемей тұра алмадым.
– Мұнымен де, айта ғой,
сыйдың кімге?
Табасына қалмауға жаттың мүлде,
Жұлдыз болып зуылдап ақтым күнде,
Зұлымдықпен алысып келем әлі...
– Жә,
мұнымен, ағайын,
жақтың кімге?
Болмасын деп жамандық мына қырда,
Жабырқаса –
жақтастым қыран ұлға.
Қарамадым әркімнің аузына бір,
– Мұнымен де біреуге ұнадың ба?
Жаудың сағын, білмеймін, сындырдым ба –
Жалғыз барып ұрынып жүрдім мыңға.
Құрғыр мұң да қалмады қыр соңымнан.
– Ал, сонымен?
Бірдеңе тындырдың ба?!
* * *
Тағдыр деген
төбеңе төнген қылыш, –
бұлтармай,
бұқпай ғана көнген дұрыс...
Мойынсұна қоймайсың, амал қанша,
бастала берген шақта енді-енді ұрыс!
Көрдік қой біз де біраз майдан ашып,
құтылам дейсің бірақ қайда қашып!
Ақыры икеміне көнетінің,
еркіңді беретінің айдан ашық.
Азырақ алысасың, арбасасың,
қылышқа
қылпылдаған
жармасасың,
Көресің бұл ғана ма,
тыңдамасаң –
Гүл емес,
қырға барып,
қар басасың.
Жолына ар-ұяттың жұмса бәрін,
келмейді бұлтаруға мұршаң, әлің.
Көкке ұшып, жерге кірсең – құтқармайтын
кезеніп, көзден ұстап тұр садағын!
Жан-жағың жарға айналып, сен тірелер,
Кезігер қызыл ала өрті нелер.
Сондықтан бұлтармай да,
бұқпай ғана
біржола билігіңді еркіңе бер!»
Көресің тағы талай сарсаңдарын,
Шөгесің – көтере алмай бар салмағын.
Ендеше тағдырыңмен ерегеспей,
қасқайып, жөн емес пе, қарсы алғаның!
ДАРАЛЫҚ ТУРАЛЫ
Ағайын, ай мен күннің аманында,
дұшпанның қала алмадым табанында;
Әзірге ауыл-аймақ дән разы,
ұшырған өз қолынан «жаман ұлға».
Елімнің, біліп іштей, не күткенін,
жақсыға еліктедім,
желікпедім.
Ес білген,
етек жиған шақтан бері
ешкімнен өз басымды кемітпедім.
Әзірге еркелетіп ел де мені,
ешкімнің мазағына бермеп еді,
Түйдіріп көрінгеннің жұдырығын,
күйдіріп жоққа бола,
тергемеді. Мәнсабы жоғарысы, төмені де, көндірмек болды мені дегеніне; Басымды тек еліме ием, дедім, бірінің сүйенбедім көмегіне. Өзгеден осы ғана даралығым, келешек айта жатар дәл анығын. Туған ел, сен разы болсын деумен келеді ғұмыр кешіп «жаман ұлың!» АТ Құлажирен – кешегі құнан еді, құйрық-жалы төгіліп тұрар еді. Әр қимылын ауыл-үй әңгіме етіп, сұқтанатын
сыртынан
сынап елі.
Жылқы болып,
жоқ еді,
көп елеңі,
Көрер еді құйғытып, желер еді, –
Дөнен шығар шағы еді жануардың,
бөлек еді бітімі, дене, белі.
Жұмырланып жебедей сүйір дене,
құтырғанын, кім білсін, биыл неге,
сәуріктерге соқтығып өз-өзінен,
үйір бола түскені үйірге де.
Шашау шықса шалдуар байталдары,
Қара айғырмен қосыла қайтарғалы
ағып барып, құлағын қағып та алып,
қырға қарай
қаймыға
қайқаңдады.
– Қайтеді-ей? – деп –
мына бір жаттың малы
Жылқышының
ат басын шалт бұрғаны, –
Қыл мойыннан қылғынта құрық салып,
алып келді ауылға... тарттырғалы.
Бір сұмдықты сезді ме,
сезбеді ме,
мөлт-мөлт етіп құланың көздері де,
тырп ете алмай,
тыпырлап қала берді,
біржолата тұншығып өз деміне.
Ыңырсыды,
ышқынды,
кісінеді,
Шырылдады,
Шыңғырды,
іші нені
сезгенін де, кім білсін,
ыңыранып,
бір пәленің болғанын түсінеді.
Құлағына, ақыры, жетті ме үні, –
қыл бұрауды босатып кетті бірі.
Ауырсына
орнынан тұра берді,
бірте-бірте басылып ет дірілі.
...Түсінген де түгі жоқ,
әлі білген,
ауырғаны басылып,
жаны кірген. –
Жаңағы бір қызулы дүниенің
бара жатты азайып мәні бірден...
* * *
Қалайтыны күрес пе,
– күнес пе еді,–
жігіттер-ай, көңілім бір өспеді!
Ауа райы сияқты Алматының,
қанша болды жауа алмай,
сірескелі.
Қанша болды тарқамай бір құмары,
жауар бұлттай түнеріп жүрмін әлі.
Ыдыраған ой мынау –
ескі жіптей,
біле де алмай қойдым-ау,
кім кінәлі!
Жұрт ішінде жабығып,
жеке күліп,
көрмеді-ау бір көңілім көтеріліп.
Жадырайын дегенге ашу, ыза
аш қасқырдай жалаңаш,
жетеді ұлып...
Осы ма еді біздерден ел күткені? –
Осы ойлар көңілді сергітпеді.
Жігіттер-ай,
еңсем бір көтерілмей,
бәріне де жүрмін бе көндіккелі?!.
АТТАНАРДА
Жігіт тұрды жорыққа аттанғалы,
жылап-сықтап жұрағат жатқан бәрі.
Қолын жайып,
батасын берді атасы,
аппақ болып мұртына қатқан қары.
Іштей тілеп жеңгенін жауды ұлының,
– Аман барып,
қайта гөр сау, құлыным! –
деп анасы
кемсеңдеп көзін сүртті
көлдей болған ұшымен жаулығының.
Жыламсырап жар тұрды:
–Күнім менің,
елден бұрын несіне бүлінгенің!
Шақыртпаса,
қайтеді,
шыдай тұрсаң,
арыстаным,
арысым,
білімді едің!..
Жарығым-ай, жасайын дегеніңді,
үлгересің қорғауға сен еліңді,
бүйірімді тынымсыз бүлкілдеткен,
көріп кетсең деп едім бөбегіңді?
Жыл өткен жоқ жанымыз қосылғалы,
азаматтан артық па ең осындағы?
Өз еркіңмен бармай-ақ,
қоя тұрсаң...
жүрегім де бекерге шошынбады...
Тастап кетіп барасың мені кімге,
Шынымен-ақ, біржола жерідің бе?
Сүйетінің шын болса, –
шыдай тұршы,
Шақыртып та жатқан жоқ сені мүлде!
Бір ісіңе болып па ем бұрын қарсы,
жолбарысым, жалынам,
тілімді алшы,
етегіңе бұдан соң оралмайын,
тым құрыса қасымда бүгін қалшы!
Жігіт айтты:
– Болмайды бармасыма,
көптен күткем осы бір таңды асыға,
жау жағадан алғанда,
қандай жігіт
жата алады жайғасып жар қасына!
Сүйем сені, сүйемін өз елімді:
ата-анамды, ауылым, өзенімді,
Жаман ырым шығарып, енді, жарым,
өртей берме өртенген өзегімді.
Қажеті не мұндайда көп өкпенің,
Қашанғы айта берейін себептерін, –
Сүйем сені, жарығым!
Сондықтан да
жауды жеңіп қайтуым керек менің! –
деп,
бозбала батысқа бұрып бетті,
тебініп қап тұлпарын, жүріп кетті...
ЖАУ ӨЛІГІНІҢ ҮСТІНДЕ
...Күрт үзілді үміті,
қиялы да,
тимейді енді ешкімге зияны да,
Қорғаймын деп жеткенде ол асыға,
моласына айналды қия мына...
Іздегенін кім білсін өзге нені, –
Қожа болып, қырымды кезбек еді.
Қыршынынан жалғыз оқ қиып түсті,
тура нені тұр еді көздегелі.
Қақ жүректен қанжарын қадағалы,
Келе жатқан,
қабынып қағанағы.
Құлақ кесті құл етіп алмақ еді,
салмақ еді ойранды далама әлі.
Бұйырғандай тек соған жүру үстем,
бүрмек еді біздерді бір уыспен.
арманы еді –
ұлыңды қорлап күліп,
зорлап тұрып қызыңды –
күлу іштен.
Жау емес пе жұлқынып далама енген,
аз дейсің бе сұмдығы ала келген,
Өлген иттей ендігі түрі мынау,
көктен келіп аяғы қала берген.
Сұр жебесін сұмырай кезеніпті,
қаны қатып ішіне, безеріпті,
Өлтірем деп келгенде өзгемізді,
өлерменнің,
ақыры, өзі өліпті.
Тұрған жоқпын өлігін қорлағалы,
көңіл бірақ еріксіз толғанады:
Топырақ та бір уыс бұйырмапты-ау,
басып алмақ болғанда мол даланы.
Тынды осылай үміті, қиялы да,
тимейді енді ешкімге зияны да,
Таптасам деп келгенде ол асыға,
моласына айналды қия мына...
Өз елі де белгісіз батыр демес,
тынды осылай арада ақырғы егес.
Басы қалған біреу бұл жортуылда,
енді менің жауым да, жатым да емес...
ҚАРАҒАЙ
Кім білсін кез болғанын мұнда қалай,
бұрылып былайғыға бір қарамай,
теңселмей дауылға да,тіп-тік болып,
ішінде дүт орманның тұр қарағай.
Назары шынымен-ақ шыңға ауып па,
құмары қырқа ма еді,
құмдауыт па, –
жанына жақпай тұр ма, сая мына,
оралған аяғына шырмауық па...
Жібек жел күні-түні әлдилеген,
жанында жүз бұралып тал билеген,
Ақырын айнала бір қарап қойып,
аш көзін ашып-жұмып қалғиды емен...
Сыбырлап, сыпсың қағып шілік, тегі,
сусылдап, қолтығына кіріп пе еді, –
қаумалап қалар емес, қайдағы бір
томары – домаланған
шіріктері.
Қалыңға қызыл қайың әрең еніп,
Қарайды анадайдан...
дәмеленіп.
Қасына, қамыт аяқ қара ағаш та,
талтайып тұра қапты және келіп...
Кім білсін, кез болғанын мұнда қалай,
бұрылып, барлығына бір қарамай,
ішінде дүт орманның тіп-тік болып,
жабырқап, жалғызсырап тұр қарағай!..
ЕТІКШІ ЖӘНЕ МЕН
Етікшіден етікші таңдап бір күн,
табаныма темірден нәл қақтырдым.
Тақылдаған таңдайын қызық көріп,
әңгімесін әріге жалғап тұрдым.
Қолындағы балғасы тықылдайды,
Қиналмайды, қабағын шытынбайды,
Кезектегі кәрі-жас,
үлкен-кіші,
Қалжыңынан,
– қашса да,
құтылмайды.
Қарамайды
қалың ел тұр ма күтіп,
Қысыр сөздің көкесін мүлде ағытып,
Қабағымнан әлдене аңғарды ма,
өте шықты мені де бір қағытып:
– Алыс кете қоймапты жасың менен,
аппақ қудай, ағайын, шашың неден? –
Өз сөзіне кеңкілдей өзі күліп,
Қаперде жоқ жақтырмас,
жасыр деген.
– Боп-боз болып барады түсің демде,
ішімдікке жолама,
ішіңді емде,
Әлде, досым, қатының қияңқы ма,
не болмаса көлденең түсім кем бе?
Айналаңа қыз-қырқын жиылғанда,
тіл қата алмай қалудан қиын бар ма?
Көз қырын да салмаған болады-ау ол
табағына үйілген тиындарға!
Қысыр сөзден беріпті бұл кімге ерік,
Өп-өтірік кеңкілдеп күлдің делік...
Бұрылдым да,
жөніме жүре бердім,
тұмсығынан, тұрса да,
ұрғым келіп!..
Болмады ма, апыр-ау,
басқа амалым,
Бетін неге қайырып тастамадым?
(Ұрынбасқа ұрынып
мен де кейде
осындайдан, әйтеуір, жасқанамын!)
Етікшім-ай!
Өзіңдей –
елге сенбей,
сезімге де соқпалы ермесем кей,
Кім біледі сенен де бақыттырақ,
болар ма едім
қаперсіз мен де сендей!
Бөлмей елді санасыз,
саналыға,
Қарамасам ешкімнің қабағына,
Қалт еткеннің
қапысыз бәрін бағып,
нәлін қағып бәтеңке табанына;
Жағады деп,
қалаңыз шамын қашан,
төсегімде тоқ қарын
дамылдасам.
Жақсылық пен жамандық арасына,
Сына болып
күнде бір қағылмасам;
Көрінгенге өтірік күлімдесем,
қиянатты көргенде –
бүлінбесем,
Ақиқаттың алдында ақ жарылып,
ақымақтан біржола түңілмесем;
Досым ба едің,
айырмай,
қасым ба едің,
Алдиярға баласам асы көбін.
Өздеріңдей
ешкім мін таға алмас та,
ағармас та еді ғой шашым менің!
ТАРИХПЕН ТІЛДЕСУ
Тарих қарт!
Ойым жоқ өкпелетпек,
тілдесейін деп едім бетпе-бет кеп,
Көшкені де елімнің,
өшкені де
сен арқылы бүгінге жеткен ептеп...
Кімдер, сірә, иектеп бұл даланы,
кімдер, сірә, билігін бұлдамады,
Бақырайтып қойып та көзін елдің,
шежіреңнің өзін де жұлмалады.
Тағдыры бар тап болған жүз кесірге,
түз де есіңде ежелгі,
із де есіңде:
Аманатын атамның бүгіп қалып,
жаманатын көбірек тізгесің бе?
Сезе тұрып,
барлығын біле тұрып,
тиіс пе едің айтуға бір өтірік?
Көп сырымды ішіңе бүгіп қалып,
көлгірсіген боласың құр өкініп.
Қандай ғана, қартым-ай, көлгір едің,
тегімді де жасырғың келді менің.
Жоқ еді ғой қақың да құбыжық қып
көрсетуге кешегі елдің Ерін.
Көз алдыңнан өткенде ғасырларым!
жарамаған, жарықтық, жасырғаның!
Тұл етіп те көрсеттің жерімді елге,
жебірлерге жұтқызып жасыл бағын.
Саған әлде өшкен ел жұрты ұнай ма,
бәрібір ме – шырылдап, шырқырай ма?
Сандығымды жеткіздің салдырлатып,
ішіндегі сан асыл мүлкі қайда?
Жиырмасыншы ғасырға жеткенде көш,
Кейінгі ұрпақ, дедің бе, көп тергемес,
Қайда қалды аналар ашынғаны,
қайда қалды бабалар өткен белес?
Сені құр қол жіберіп бүгінгіге
бабаларым өзіңнен түңілді ме?
Үніңді де өшірген біреу бар ма,
тонап алып жолшыбай жүгіңді де?
Бабаларым мәрт еді,
жігерлі еді,
ешкімге де намысын жібермеді.
Аңыздарым айтады –
болмағанын
күштілердің қолында құр ермегі, –
Мүмкін емес сені құр жібермегі!
Қорғаймын деп қара орман,
тұнық көлін,
құрбан болған қаншама жігіттерім,
Қатып қалған көніңді,
білуші едік,
қанымен де қасықтай жібіткенін!
Қылдай болған күндер бар ер өткелі,
соның бәрін бүгуің керек пе еді?
Аздық етпес еді ғой біздің елдің
толып жатқан басқа да деректері.
Келе жатыр қаншама ғасыр дауда
күйінбеуге бола ма,
ашынбауға,
жоғымды асыр демеймін, қартым, саған,
болады ғой барымды жасырмауға!
ҚЫРАН МЕН ЖЫЛАН
Шарықтап,
шыр айналып күнді асыға,
қалықтап шықты қыран шың басына,
Қояды қоразданып өзі-өзінен,
сұқтанып самұрықтай тұлғасына.
Қанаттың тең келер ме енді бұған,
құс қайда қызғанатын төрді бұған? –
деп те бір, асқақ қарап отырғанда,
жыланды жорғалаған көрді қыран.
Қарадай қайран болып, таң қалады:
– Қайдансың, құдіреттің қарғағаны?
Сен түгіл, бұл араға жетпеп еді
қанатты қарақұстар, қарғаң әлі...
(Тіленіп тірілерге ұрынардай –
жексұрын, жаман еді түрі қандай) –
– Жорғалап қайда бара жатырсың сен,
жотада жеті атаңның құны бардай!
(Бүйірден
бұғып келіп ұмтылардай,
сұмырай, суық еді сұрқы қандай!) –
– Жақпар тас сені қалай жолатып жүр,
қияда құйрығыңды қырқып алмай?
– Жалықпай, – деді жылан, – мен дегенің,
жорғалап жылдар бойы өрмеледім.
көргенде көлденеңін жақпар тастың,
ерінбей орағыта берген едім...
Көрмедім бас көтеріп, жерде – кеудем,
келемін әлі күнге өрмелеумен...
ДОН КИХОТ
Дон Кихоттай баяғы,
биыл мен де
жалғыз шапқан жайым бар тиірменге, –
Көкіректі ұрғылап шығып ем бір,
жүре берді құлдырап күйім демде...
Жайратсам деп жаманның бәрін мына,
Ұрынғаным қайдағы қағындыға!
Тап-тап беріп шетінен,
қаптап келіп,
салды дейсің өзімді шабындыға.
Шәуілдеуге үйренген жанасалап,
айналдыра тәлкекке бала-шаға-ақ,
Кімге керек ақ жүрек саналғаның,
ала алмадым өзімді арашалап.
Біреулері табалай күліп еді,
түтіп жердей
түксиді
бірі мені.
Әлсіздері әзірге бұға беріп,
шыға келді сырт беріп ірілері.
Не пәлені басыма үйді көбі,
біреулері өңмеңдей килігеді.
Өп-өтірік қамқорсып енді бірі,
қу жаныңды қарадай күйдіреді.
Біреулері құлағын тіге қалып,
біреулері көзіме күледі анық.
Дон Кихоттай жырылып қала бердім,
сау басыма сақина тілеп алып!..
ҚАЛА ТҮНІ
Тынбайтын
дүбірі де,
күбірі де,
басталды қалаңыздың түні, міне,
Трамвай,
Троллейбус, автолары
ұқсайды даланың төрт түлігіне.
Өрістен оралғандай бәрі-бәрі,
Жан-жаққа жанталаса ағылады.
Жатқандай жоғарыдан жұлдыз жауып,
жыпырлап шыға келер шамы да әні.
Көкжиек көтеріліп жерге ұласқан,
ентігін көшелер де енді басқан,
Алматы құшағына кетті кіріп,
төмендеп бірте-бірте келді де аспан!
* * *
Айдашы, таксист бала, сәл ақырын,
азырақ қызықтайын қала түнін.
Алматы
күні бойы арпалыстан,
алқынып,
алса керек жаңа тыным,
айдашы, қатуланбай,
сәл ақырын!
Қалмаған тиын-тебен қайда ғана,
қарама азын-аулақ пайдаңа да,
Асықпай аралайық Алматыны,
ақырын,
ақырындау айда, бала!
Жететін Алматыға қайда қала!
Ақындар аз бере ме,
көп бере ме,–
ағаңа, айналайын, өкпелеме,
Алдынан Абай атам
оңға бұрыл,
Соғайық
сона тұрған Көктөбеге,
бір жолға, інішегім, өкпелеме!
Сейілім болғанымен сәл ақылы,
Шынында, ғажап екен қала түні!
«Алматым – ұйқыдағы ару» ғана,
бар тапқан теңеуімнің жаңа түрі.
Алдында сұлулықтың осылай бір
болады тілім шықпай қалатыны!..
МЫНА КҮН ДЕ АУМАЙДЫ КЕШЕГІДЕН
Мына күн де аумайды-ау кешегіден:
Аспанда да,
жерде де кешегі рең.
Кешегідей асығып-аптыққан жұрт
Тұра сала жүгірген төсегінен.
Кешегідей туған жер қыры күліп,
Кешегі Күн төбеден тұр үңіліп,
Сол кешегі бозбала,
бойжеткендер,
Жетелеген бірін ой,
бірін үміт.
Кешегі тау, кешегі бұлыңғыр бақ,
Таныс әуен, ескі саз,
бұрынғы ырғақ.
Сол кешегі секундтар сырт-сырт етіп,
сыр білдірмей жүйіткіген жылыңды ұрлап.
Сол кешегі мекеме, сол кәсібің,
Құлағыңда телефон, қолда шылым.
Сол Қарабай қасында отырған да,
қабағына қарамай жолдасының.
«Кешегісін қайталап, –бүгін несін
Айтып отыр», – деп біреу күлімдесін...
Өзгермесе дүние – өзгермесін;
Өзгермесін,
...Тек қана бүлінбесін!
БАЛКОНДА
Қаланың құзы да осы,
қиясы да,
тұрасың жақтауына жиі асыла.
Аумайсың ақ омырау қарлығаштан,
кешкілік қонған барып ұясына.
Қаланың қыры да осы,
қырқасы да,
жапырлап шығады енді жұрт асыға.
Ұқсаймыз тағысына таудың кейде
тығылған табан тіреп
бір тасына.
Шың да осы қаладағы,
шыңырау да,
қала алмас ештеңесін бүгін аула.
Ұқсайсың бүркітке де
даяр тұрған
құлдырап,
төмен қарай зымырауға.
Саяң сол самал жұтып,
салқындайтын,
жүретін,
жүгіретін – алқынбай тым.
Сауыққа көрші үйдегі құлақ түріп,
Қысылмай,
қымтырылмай ән тыңдайтын.
Кешкілік көшедегі екпінге еріп,
күндегі балконыңа жеттің делік,
қарайсың ауық-ауық Алатауға,
ақ бұлтқа айналып та кеткің келіп...
ЖАРАЛЫ ҚҰС
Жанары жәудіреген жаралы құс,
жалғанға жалғыз ғана қара дұрыс!
Асқақтай да алмадың ақырғы рет,
апыр-ау, қайда тастап барады күш?!
Қарашы айналаңа соңғы рет бір, –
аспан да айрықша мөлдіреп тұр!
Әлгінде,
міне, мынау
Көкте самғап,
өтінде жүр едің-ау желдің өткір.
Жеткенде осы араға жер түбінен,
жеңілем деп пе ең, сірә, сен тіріден?
Әп-сәтте азаттығың адыра қап,
апыр-ай, қалай ғана мертігіп ең?
Жүр едің жаңа ғана шарлап көкті,
дүние бұлаң қағып,
алдап кетті.
Қарқылдап қарға-құзғын қаптай берді,
бұйырса –
сенен де бір –
алмақ кекті.
Ызалы,
іште бұққан сезімді үрлеп,
тірліктен біржолата безіндірмек,
шуылдап жетті қанша
жүргендер де
зуылдап ұшқаныңның өзін күндеп.
Бар ма деп, бойында бір әл құтқармақ,
жүр бәрі
төңіректеп,
аңдып,
барлап,
Кешегі жел жағыңнан жүре алмаған
байғұстар да басыңа саңғып қалмақ.
Ағы да,
аласы да,
қарасы да,
сұңқылдап келіп жатыр бәрі асыға,
Дүние шуылдаған шіріктердің
Шынымен қалдыра ма табасына!
Жанарың жанып-сөніп, жаралы құс,
Әл кетіп, азайып-ақ барады күш,
Жаманға жалбарынбай,
ақырғы рет,
жалғанда жалт етіп бір қара дұрыс!
ИТ ТУРАЛЫ
Көріп жүрген ит еді бұрындары,
жатып келіп зәнталақ ырылдады.
Қақпа алдында көлденең тұрып алып,
жұлынғаны жақпады, – ұрынғалы.
Шақар неме,
шынымен, білмеді ме,
шабалана
шаптығып үргені не?!
Қаһарлана қалшылдап,
арсылдады-ау,
қол көтеріп,
ұрғалы тұр деді ме?
Арам ойым жоқтығын сезбеді ме,
Түсінбей-ақ қойды айтқан сөздеріме.
Жон арқасы жыбырлап,
күдірейіп,
қан толып бара жатты көздеріне.
Күлуге де болмады,
не күлмеске,
(Не дегенмен, өзіңнің тегің де есте!)
Тіл өтпеді,
төбет те жүректі еді.
Амалым қалмады енді шегінбеске!
Көрмеген бе кісіден тыйым бұрын?
жұлқынды кеп, жұлыны қиылғырың.
...Хайуанмен қаншалық дос болсаң да,
енді білдім ұғысу қиындығын!
* * *
Шарқ ұрып көңіл, шырқап ән,
Шат күліп жаным тұр бүгін,
Естимін алыс қырқадан
Қоңыраулы күйме сыңғырын.
Жатқандай болды-ау бұл таңда
шақырып шалғай жол бейне.
Тағы бір мініп тұлпарға,
Бағыңды сынап көрмей ме?
Бақытың енді қолыңда,
Жүйткітіп жылдам жет дей ме.
Арманың осы, жолыңда
Мерт болып кетсең кет дей ме.
Кеудемді тентек жел ұрып
Жалғанды жарып ұш дей ме.
Арғымақ көңіл еліріп,
Қойды-ау бір көктен түспей де.
Алаңсыз, ойсыз жүргенде,
Қызыққа қайран жоқпын деп.
Ұйытқып кеттің бір демде,
Көмулі жатқан шоқты үрлеп.
Осынау сәтті тегінде,
Айнытпай айтар бар ма тіл.
...Арманым, асқақ көгімде,
Жарқырап солай жан да тұр.
ШЫҒА АЛМАЙ ЖҮРМІН
Басылмай қойған желігім,
ашылмай қойған бағым ба? –
Түсінер екен мені кім,
түнеріп тұрған шағымда...
Ерсем деп есіл ерлерге,
терсем деп қырдан таза гүл,
қомданып, ұша бергенде
қай жақтан келген жаза бұл?
Түндерім төгіп бұлбұл үн,
жұлдызым төніп төбеден,
тірліктің мынау дүлділін
тұқыртып мінсем деген ем!..
Дүрілдеп өтіп ай, апта,
дүбірге көңіл тұр ма ауып? –
Орала берді аяққа
шырмалып өскен шырмауық.
Тартып бір кетер кезімде –
тағдырға жасар жоқ айла, –
Ап-ашық күннің өзінде
адасып жүрем тоғайда.
Айналып өмір ұршыққа,
аңсары жанның бір қанбай,
қарғылы төбет – қырсық та
қапталдай үріп, жүр қалмай.
Барымды келіп білші, аға,
бағымды менің кім алған? –
Аспаным ашық тұрса да,
адаса берем тұманнан...
Шыға алмай жүрмін құмардан...
БІР ӘН АЙТАМ
Айтам бір ән!
Мен енді айтам бір ән,
бір ән айтып, аспанды шайқалдырам.
Найзағайлар жарқылдап,
жұрт әуре еткен –
шырқау көктен шаңқылдап қайтар қыран!
Қай тұстардан шықты деп, бұл ғажап үн,
сен де сонда селт етпей тыңда, жаным!
Тамылжыған әуенге бір қандырам,
нұрландырам даламның түнгі ажарын.
Өзімнің де биіктеп еңсем бірден,
дәуге айналам –
тауыңды теңселдірген!
Тыңда мені,
сөзіне кім бар еді
Жақынын да,
жатын да тең сендірген?..
Күйге айнала құйқылжып қашанғы ұран,
Алатаудан әріге асар бұл ән.
Тас кереңнің өзі де елең етер,
тас жүректің көзіне жас алдырам!
Жүргендердің бәріне мүлгіп кілең,
жігер беріп,
шетінен дүрліктірем.
Көңілімнің күмбезін мөлдіретіп,
желбіретіп төріне шындықты ілем!
Тауып беріп табанда көңіл емін,
таудан аққан бұлақтай төгіледі үн.
Бір ән салып мен бүгін,
Қыранша ағып,
Жұрт алдында жарқырап көрінемін!
САУАЛ
Тік қарамас тіршілік, өмірге де
Түк кінәрат жоқ еді тегімде де.
Сөйте тұра, бірдеңе бүлдіргендей
күпті бола береді көңіл неге?
Індетке де ұрынбай елге біткен,
аулағырақ жүремін пенделіктен.
Сөйте тұра,
қарадай құтым қашып,
қапалана беремін
мен неліктен?
Жұрт алдында жоқ еді айыбым да,
қазынаға қол сұғып,
байыдым ба? –
Қандай кінә тағады ел,–
тас қопарып,
тау бұздырам десе де –
дайын ұлға!
Санамайды ешкімнен төмен Елім, –
сыбағасын біреудің жемегемін.
Сөйте тұра,
көңілім ара-тұра
елегізе береді неге менің?
Залалым да жоқ еді жанға менің,
Жарқырап-ақ тұрады таңғы әлемім.
Бармап едім қылдай бір қиянатқа,
обалына ешкімнің қалмап едім!
Алашақ па ем,
біреуге берешек пе ем, –
Күн көріп те жүргем жоқ мен есеппен.
Ұсына ма,
жоқ па деп өз орнымды,
қысыла да қоймаймын келешектен!
Қарызым да жоқ еді бір адамға,
қайырым да жасадым сұрағанға.
Ұрынбадым анаған,
мынаған да,
бұрылмағым –
баяғы бір-ақ арна!
Көз алдында халқымның өтті күнім,
қызара да қоярлық жоқ қылығым.
Ірімін деп,
кеудемді ұрғыламай,
бірімін деп,
айта алам, текті ұлының!
Кінәм бар ма қоярлық өмірге де?
Күмән жоғы белгілі тегімде де.
Сөйте тұра
апыр-ау, елегізіп,
аласұра береді көңіл неге?!.
* * *
Көтеріліп көңілің желді, күндей,
қымтырылу дегенді енді білмей,
өзің түгіл,
болса ғой өлеңің де
ұлан-асыр далаңның кеңдігіндей!
Ажарыңнан айнала шуақ тарап,
жатса ғой жұрт сөзіңді қуаттап-ақ,
Көктей өте берсең ғой көк теңізден,
бүлінбей де, жүгірмей – суат қарап!
Суат қарап!
іздемей өткелдерін,
Көктей өтсең көлденең көк белдерін.
Көз алдынан таратып тұрсаң жұрттың
ертеңін де, бүгінін, өткендерін!
Найзағайдай күркіреп,
әр қырыңа
даусың дабыл қақса ғой жаңғырыға.
«Жақсы екен!»–
деп жырыңды,
қоя салмай,
жаттап алып жатса ғой барлығы да!
Құйқылжытып бергенде – жақсы-ақ әні,
бұлбұл да емес
бүлінген бақшадағы, –
Киер киім,
ішер ас сияқты бір,
Кәдеге асып жырыңның
жатса бәрі!..
КҮМБІРЛЕТІП КЕТЕ АЛМАЙ
Күмбірлетіп кете алмай көсіле бір,
өтіп бара жатыр ма есіл өмір!
Көздеп келген көмбеден шыға алмасақ,
жігіт болып жүргеміз несіне құр.
Құтылғандай қыспақтан бір тар ғана,
түсетін кез болмай ма күрт арнаңа,
Қанша қамшы салдырмас дегеніңмен,
көңіл толмай тұрады-ау тұлпарға да!
Өзімді-өзім көргенмен енді қайрап,
қырық бесте кім маған берді қайрат?
Кеше неге еріктім,
еркеледім,
жетегіңде желіктің желдім айлап?!
Жоққа бола мастанып,
маң-маң басқам.
Қаншама бір алдымнан таңдар қашқан.
Келіппін-ау, дүние-ай, бақыттың да
қол созым жер қалғанын аңғармастан!
Ұзап кетіп барады ерлігің де,
Мұң шағайын, бауырым, енді кімге?
Ұяты бар ұлыңның біреуі едім,
Күдер үзе қоймап па ел бүгінде?
МАЗМҰНЫ Өзім туралы бірер сөз ..............................................................3 «Туған ауыл» кітабынан ........................................................12 «Ақ айдын» кітабынан ............................................................24 «Ақ дариға» кітабынан ...........................................................44 «Жайдарман» кітабынан .......................................................72 «Ғашық дүние» кітабынан .....................................................85 «Жыр дәурен» кітабынан .....................................................128 «Адырна» кітабынан .............................................................177 «Бел-белес» кітабынан .........................................................328
Сәкен Иманасов
Шығармалар жинағы
І ТОМ
Өлеңдер
Жауапты шығарушы - «Алатау»
баспа-полиграфиялық корпорациясы
Президенті Ы.С.Кененбай
Техникалық редакторы - И.Ү.Ақбасов
Беттеген - Ә.А.Батырбай
Көркемдеуші - В.В.Стенякин
Теруге 11.06.2014 ж. берілді. Басуға 29.09.2014 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х1081/32. Қаріп түрі “DS Baltіca”.
Шартты баспа табағы 20,16. Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс №1554
«Алатау» Баспа-полиграфиялық корпорациясы.
Алматы қаласы, 050026.Төле би көшесі, 130 «А».
тел.: 378-42-02, e-maіl: corp_alatau@rambler.ru
АҚ «Алматы-Болашақ» баспаханасында басылды.
Алматы қаласы, 050026. Мұқанов көшесі, 223 «В».
тел.: 378-36-46, e-maіl: ao@almatybolashak.kz
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру