TELEGEI

Home

Әйел жолы пьесасының шағын және толық жоспары

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әйел жолы пьесасының шағын және толық жоспары

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Жобалар

Төртінші бөлім

1931 жылдың көктемі (тарихтан цитата).

Обком партия кеңсесі. Сапар хатшыға Алуа келеді. Алуа партияға алынған, билетін береді Сапар. Міндет артылады. Коллективизация жәйі. Өстік, бірақ тартыс үшін өстік. Қарсылық бар, жау әлі жойылып біткен жоқ, алысасың. Партия сенеді, білетін ауданыңа жібереміз. Алуа өзі оқитын педтехникумде. Онда соңғы лекция жүріп жатыр. Оқып тұрған Мардан. Ол үлкен азамат. Лекциядан соң Алуаға елге барып, жақсы істеп қайт деп мақұлдайды. Өсиет. Өзі үйде кешке жасырын бір хабаршыны қабылдайды, сыбыр аралас сыр... Елден келген жансызбен біреу туралы қысқа тұспал сөздер айтысады... Хабаршы жасырын жөнеледі — ол Жалтыр. Алуа елде. Миялы, Ақсу бойы көп өзгерген... адам да өзгерген. Киіз үйлі ауыл жоқ... отырықшы үлгілі қыстақ. Өлке егін, мал өлкесі болған. Алуалар тракторлар әкелген, бұл үлкен мереке басы. Колхозшы болған бұрынғы Доғалдың малшы, қосшылары. Тегіс таныс. Сақалдары азайып, мұрт қалдырған үлкендер де бар. Өлке құт өлкесі, агроном, зоотехниктер бар. Мектеп... үлкен мектеп. Онда Аққу оқытушы. Алуа жас қыздар, балалар арасында... Жетім қыз Әсия — әкесі өлген... бірақ күтімді, бар жұрт өзін сүйеді, аялайды, ол жатақханада. (Бұл Әсия болашақ героиня, қазір жасы тоғызда.) Алуа оны еркелетіп өлең оқытады... Клуб... Алуа балалармен ән салады. Сексек бірге ол балаларға, жастарға қаланың, театрдың әнін үйретеді. Ол — сауықшы, артист. Осында Алуаға Жаппар оралады. Алуа қатты қызығады, Алуа да емексиді. Алдында Сексек бұны тағы мақтап, "бүлдіршіндей" жігіт келді деп білдірген болатын Алуаға. Жаппар Алуаға оралып жүргенде, оған жасырын жүрісті хабаршы келеді. Осы кезде мал ұрланған хабары "Миялы" колхозына келеді. Бір айғыр үйірі жылқы жоқ... мал қорасы өртеледі. Қозылар зорға аман қалады. Жаңбыр. Түнде мол ада Доғал. Қасында бес кісі бұзар серіктері бар, бұларға хабаршы келеді. Бәрі колхоз атын мінген... Хабаршы бірер атты сатып, пұл қылмақшы. Хабаршы Алуа жәйін айтады. Трактор әкелген, егін қаулап кетеді. Доғал кіжінеді Алуаға. Хабаршыдан тапсырма, Алуамен кезіктірсін дейді. Түн. Тау ішіндегі оқшау қыстауда Алуа. Оны бұнда шақырған Жаппар, таудағы қой фермасын көрсетпек болған. Өзі колхоз бригадирі. Бұл фермада баяғы Доғалды қорғайтын кедей қарт. Жаппар келмей қалады. Шал Алуаны түнде сақтандырады. Мезгіл қауіпті. Енді бұл шал жақсы боп өзгерген. Түн ортасында Доғал мен жолдастары шабуыл жасайды. Атысу. Жаппар Доғал қасында. Жабық есік, терезеден атысу. Алуа ерлік табады. Алуа "білдім сені, таныдым, дұспан!" деп қалады. Жаппар өзін айтты екен деп, енді не де болса құрту керек дейді. Бірақ Алуаның айтқаны Доғал. Атыс... Шал көмек етеді, өзі атысып қалады, Алуаның атын әзірлеп қойған, ол атқа міне шабады. Осы кезде қора өртенеді. Онда қозылар, жас қозылар көп... шал босай сала қозыларды құтқаруға ұмтылады жалғыз. Қуғын, ақ боз айғыр, баяғы әкесі өлгендегі Ақ айғырдың баласы... Жаппар өзгелерге не қылсаң өлтір дейді. Қуғын... Алуа өзі соңынан қалмаған Жаппарды атып кетеді. Оның қолынан мылтығы түсіп кеткенін көріп қалады Алуа. Құтылады. Тез ауданнан қарулы серіктер алып, қайта шабады Алуа. Атыс. Доғалдар ұсталады, екі қолы жаралы Жаппар. Алуа: "Ә, мен сені атыппем?" (Стреляла в мое заблуждение.) Тез ұмтылып, өртке жетіп, қозыларды құтқару үшін жан сала алысады. Құтқарады.

Бесінші бөлім

1938 жыл. Оқу бітірген күн. Бір оқу емес. Дәл осы күн Алуа алты айлық ұшқыштар курсын да бітірген. Оның экзаменін ұстағанда үлкен самолетті штурман боп кеп өзі отырғызады. Сауық кеш. Қыз-жігіттер. Арман, Мардан осында. Мардан Алуаны мақтайды. Арман экспедиция (комплексная) жәйін айтады. Өзі гидротехник. Ақсудың аяғына, Бетпаққа аттанбақ. Алуа сұрайды. Тарихшы ескі қош, epіc, қоныс жолдарын және ескі адам мекен еткен іздерді, қалдықтарды зерттемек. Соған бұны Мардан жұмсайды. Ескіге айдайды. Алуа кетеді. Сексек амалсыз қалады. Бірақ Арманға тапсырады да... оны Алуаға мақтайды, өзі бүлдіршіндей жігіт екен, не керек деп таңдай қағады. Үріп ауызға салғандай. Алуа кетеді. Экспедиция құмда. Экспедиция бастығы Арман мен Алуа арасында конфликт... Арман тек бұл нені біледі. Алуаның ісіне көмек бермейді... Ақыры ұрыс, Алуа сазды алып өзі кетеді... Тақыр... сор боп шығады... Машинаны сора бастайды. Алуа тастай қашады, өзі батып кетермен болады. Қолындағы рациядан да айрылады, оны да сор сорады. Етігін лақтырады. Жеңілдеп қашып, сордан құтылады... Бірақ айнала жапан түз, құлан елсіз. Тек қана қызыл құм... құм бораны. Шөл... Өлім күйінде... Бір күн... Екі күн... Экспедицияда тревога... Арман мазасызданады... Іздеу... Жалғыз кішкене самолет. Сорды көреді... Шөлде өлермен болған Алуа киімін бұлғап шақырады... Самолет қонады. Бірақ ауыр азаппен, қирай қонады. Летчикте травма... Ол ессіз... Самолетте... Арман ұрсады да көмектеседі. Алуаны зорға тірілтеді. Бірақ летчикті оңалта алмайды... Арман ызалы, Алуаны сөгеді: қолыңнан түк келмейді. Өзі техникадан ешнәрсе білмейді. Алуа самолетті айналдырып көп әрекет етеді. Ақыры летчикті кабинаға отыртып ұшпақ болады, істі сеніммен қолға алған. Арман таңғалады. Оны тастап кетермен болғанда зорға мініп үлгереді. Алуа самолетті жақсы ұшырады. Аман-есен экспедицияға келіседі. Арманды түсіреді де, Алуа оңдырмай сөгеді. Енді қайтып көріспестей болады. "Қазақ әйелі қор дедің ғой!" Кешілмейтін кінә сақтап кетеді. 1941 жыл жазы. Москвада Тарих институтында Алуа диссертация қорғамақ... Енді Алуаның алдынан ойда жоқтан Нина шығады. Ол — профессор. Оппонент және баяғы Нина Алуаны мықтап қолға алады. Қақтығыс... Қиналу. Алуа қорғайды. Өз жәйін, өмір шындығын Нина мәслихаты бойынша айтумен жеңіп шығады. Соңғы сөз. Мықтап қорғанады. Марданды сонда әшкерелейді. Кей көздерге жас та ілінеді. Жақсы қорғап шығады. Нинамен оңаша әңгіме, шын өмір, тартыс, жеке тұрмыс әлі басталған да жоқ. "Тек оқумен бола беріппін. Өмір жасау керек" дейді Нина. Сол шақта соғыс хабары. "Өмір, міні, басқаға шақырады". Нина ойда. Алуа: "бұл күнге шейін өмірге әзірленумен келіп ем..." Енді сол әзірлік қарызы тартысқа шақырады. Соғыс күні. Раскова бөлімі, жақын әрекетті бомбовоз... Соған штурман Алуа. Ол — әскер. Соғысқа аттанар алдында Әсияны көреді, ол истребительде...

Алтыншы бөлім

Соғыс.. Бомбовоз әрекет үстінде. Задание Н. полкі полей учаскеде шабуыл жасайды. Бомбовоз, эскадрилья жәрдем етсін... Қырғын соғыс. Жерде полк командирі шабуыл жасайды. Бірақ жау шебі күшті... Доттар мығым. Сол кезде аспан шабуылы, біздің бомбовоздар. Әсіресе бір батыл бомбовоз жау тобын мықты соғады. Ол қайта-қайта ұрып жүрген Алуалар. Пилотта мықты әйел. Бір шақта батальон шабуылға шығады. Жас қыз Әсия "қазақтар, за мной" деп ұмтылады. Ер қайрат атады. Сол қыз қайраты жауды басады. Неміс шебін алады. Бірақ батальон бастығы жаралы. Ер қыз Әсия өледі. Бомбовоздарға неміс истребительдері ұмтылады. Қамауда бір бомбовоз. Халі нашар, қашады... Бұлар Алуалар. Екі жау истребителі қысып, қаузап баурап алған, өз жерлеріне бұрып қондырмақ. Осы жақта жалғыз совет истребителі ұмтылады. Екі жау бомбовозды қысып алған, құлатарман күйде. Жоғарғы совет истребителі араласады. Біреуін, екеуін де құлатады, өзіне жаулар истребительдері қаптайды. Ол жеңіліп құлайды, ерше құлайды, жауды өртей құлайды. Бұл атақты орыс жігіті, герой. Жерде батальон. Бомбовоз жаралы... зорға дегенде жерге қонады. Ішінен кісі шықпайды. Пилот өлі... штурман жаралы. Екеуін де зорға шығарысады. Үсті күйген, біткен Алуа. Кейін госпитальда... Сонда жаралы Арман да кеп түскен, бүгінгі соғыс соңында болған халді жақсы сводкадан біліседі. Госпитальда Арман, Алуа... шын махаббат сауыққан шақта табысқан... Соғыс біткен, Алматыда Алуа, Арман... Машина... Жақсы азамат Арман, мықты үлкен қызметкер Алуа. Мардан кітабын Алуа сылайды, әшкерелеу. Мардан қорғанады... Алуа барын ашқан. Жаз жайлау, қыс қыстау. Дулаттар құмда колхозда, бәрінде жаулық. Бүгін халық жауын дәріптеу — тегін емес, жалғас... Мардан партияда екен. Оны әшкерелейді Алуа. Алуа үлкен ғалым орнында, үлкен басшы азамат, Арман да сондай.

Жетінші бөлім

Алуа көп делегат ішінде шет елге ұшады. Машина канаты астында Италия, Арабия, Иран, Пакистан. Ақыры олар Индияда, Делиде. Бар Азия халқынан өкілдер келген... Бирма, Қытай, Индонезия, Египет, Тибет, Иран, Ауған баршасы... Неру қабылдайды. Жиын, сөз. Алуа сөйлейді... Азия әйелдерінің халі ұят күйде. Біз басқа материктер халқынан ұяламыз. Дүние жүзінде ең артта қалған әйел халі Азияда... Бұнда шариғат хакімі... нихах, талақ, көп әйел алу, әмеңгерлік, қалыңмал... мұсылман елдерінің үлемалары ыршиды. Алуа: "Одан да сорақы, Азияда полиандрия бар. Бір әйелді көп еркектің ортақ пайдалануы (бір үйге бір әйел)". Бұл сөз кезінде Далайлама өкілі ыршиды. Алуа өр, өжет. Совет әйелінің жолын, тендігін және содан туатын ерлігін айтады. Тағы бір кезек Алуа Кореяда, МФДЖ комиссиясымен бірге барған Алуа... Ойран болған қыстақ. Жылап тұрған 6 жасар қыз. Қасында өлі әжесі. Одан бұрын әкесі өлген. Анасы аурудан ертеде өлген еді. Әкесі жаумен қатты алысып, герой атын алып өлген. Міні, енді панасыз жетім жалғыз қыз. Алты-ақ жаста... Қайтпек, қайда бармақ? Алуаның жүрегі елжірейді. Өз өмірі есіне түседі. Кәрі әжесі өлген, өзі жалғыз... Мына қызды көтеріп алады... Ертіп кетеді.

Эпилог

Берлинде. Бар дүние демократ әйелі жиылған. Алуа ортада. Балалар халін ойлау — осы отырған әйелдер міндеті. Арнаулы конференция шақыру. Балалар үшін алысу. Соғысқа қарсы алысу. "Біз анықтаймыз" деген ұранды нық атпал үнмен айту. Алуа — совет әйелі өкілі. Сонша сұлу, сондай өскен, өзі сонда 40 қана жаста. Әлі Алуа өмір, тірлік тартыста.

Жобаның толық түрі

Үшінші бөлім

1928 жыл. (Қазақ ССР тарихынан цитата).

Музыкада жаңағы сыбызғының күйі, Алуаның әні. Ол қазір жаңғырып өскен, түлеп өскендей ұлғая, тереңдей түскен. Оптимистік шат сарынға ауыса түскен. Өктеп келе жатқан өскелең өмір шаттығын баяндайтын сырлы, сұлу саз. Осы күйдің тірліктегі айғағындай, қуанышты лаулаған қалың кедей жиыны бай аулының желі басында. Мұнда: биеші, сауыншы, жылқышы, бие сауғызушы жас кедей жігіттер, қауғашылар мың қаралы қалың жылқының үйірі шоғырының арасында елу-алпыстай ноқталы құлындарды желіден шешіп, ноқтадан босатып жіберіп жүр. Құлындар қуанғандай кісіней, шұрқырай шапқылап кетіп жатыр. Кедейлер тобы күле қарасады. Екінші топ: қойшылар, күзетшілер, сауыншы әйелдер, кәрі-жастардың көңілді тобы қағазға тіркеп болған қосақтағы қойларды ағытып, таратып жатады. Көгендегі қозыларды ағытып жіберіп жатады. Маңырап шулаған, жамырасқан қой-қозы бағанағы күйдегі шаттықты қошеметтегендей болады. Еркек-әйел, кедей-кепшік тобы кәрі-жастан құралған шұбарланған қалпымен алғашқы топтарға шұбыра қосылып, үлкен сейіл жүріс жасайды. Ынтымақты, ырзалықты барлық жүзбен баян етіседі. Қалың түйе тобы және де боталарымен, тайлақтарымен тайраңдап жөңкіліп барады. Олардан да бөлініп қалып жатқан адам тобы: түйеші, бақташы, сауыншылар. Мұнда да жаңағы қуаныш сазының серпін, екпіні, жанды қызу ырғағы танылғандай. Күй әлі де қыза түсіп, өрлей береді. Бірақ осы күйге барынша қарсы, ерсі контраст ретінде тағы бір көрініс байқалады. Жаңағы неше түлік шұбарытқан, мыңғырған мал жөңкіліп, бұлттай ауып, белгілі ақ үйлі бай ауылдан аулақтап өтіп барады. Бұл ауыл — баяғы белгілі Дулат байдың аулы. Үлкен ақ үйде оқшау ғана, жалғыз салбырап отырған Доғал бай. Ол үнсіз. Екінші үйде жалғыз салбырап, жылай жүдеп отырған бәйбіше. Тағы бір ақ отауда тоқал. Ол қайғылы да, қуанышты да емес. Жалғыз да болса, бір нәрсе күткендей, бір нәрсеге әзірленгендей. Айналаға шұғыл, шапшаң көз тастап, бір қиясқа мінгендей. Доғал ақырын, жәй сыбырға жуық үнмен әлдекімге сөз тастап отыр. Мұның алдында отырған жігіт — орысша киімді, шаш қайырған Мардан.

— Мен аңғалдық еттім. Қапы кеттім. Сен заман тілін менен артық білесің. Сен бекем бол! Өзім де әлі тіс-тырнағым кеткен жерде кетермін. Әлі сан кезігермін, осы жөн -жоталарда.

Мардан сөйлемейді. Тек сәл ғана басын изейді де, кете барады. Қалада, тас үйдегі кеңсеге Алуа кіреді. Кіріп-шығып жатқан жастар көп... Бұл — Укомол (уездік комсомол комитеті). Алуа қазір көп ысылып қалған... Киімі қалаша, бірақ әлі қыр үлгісінде араластау, шашы қос өрім, өңі оқыған адамға ұқсастау. Ол кеңседе. Бұны кезек жетіп, бөлмеге шақырады. Онда Нина стол басында, қасында Сәруәр. Бұл да осы орында елеулі қызметкер болғандай. Екі қыз Алуамен жылы амандасады.

— Оқу әзірше тоқтады ғой? Жазғы демалыс емес пе?

Алуа:

— Қазір демалыс.

— Ендеше, сені жастар ұйымы (Укомол) елге жұмсайды. Қайда барарымызды естідің ғой.

— Естіп едім. Баруға қарсы емеспін.

Нина қасына отырғызып, өсиет айтады.

— Бұл — партияның зор саяси мәнді бүгінгі ісі. Біз, комсомолдар, осы жолда үлкен көмекшіміз. Сен өзің білмейтін жайға бармайсың. Әдейі Укомол өзің білетін елге, жерге жіберіп отыр. Сенің өзіңнің ісің, пікірің керек болған кезде бәрін де ойдағыдай, жасқанбай танытасың. Солай ма?

Алуа ұғынып, ойлана бекініп бас изейді.

Доғал да, әйелдері де "қашан келеді, қалай келеді?" десіп, біреулердің келетінін үркіп, қобалжып тосады. Жаңағы даладағы малшылар топтары да "қашан келеді, мұнда қашан жетеді енді, қашан, қанша кісі келер екен?" — десіп дабырлап, көңілді жүздер көрсетісіп, бай үйлерінің маңына таман жасқанбай, енді еркін басып келе жатысады. Үй ішінен бұларды көрген Доғал мен әйелдері баспалап қарасып, жүздері шыдамай салбырап, түнеріп, сырт айналысады. Бір уақыт далада "келе жатыр, келе жатыр, үкімет азаматтары келе жатыр, ана шауып келе жатқан солар" деседі. Тыста кедейлер тобы күліп, жайнаған жайдары түспенен бір тобы бір тобына қосыла, байлардың ақ үйлерінің сыртына топтала береді. Желдірткен, шоқыта шапқан он шақты аттылар тобы ауылға тақап келеді. Үй ішінде босағадан баспалап Доғал, бәйбішелері көз алмай қарасып тұр. Олар да ақырын "келіп қалды", "келіп қалды!" десіп үркісе айтысады. Алдыңғы аттылардың қатарынан озыңқырап шыққан екі адам бар. Біреуі боз жорғаға мінген қызметкер...

Төртінші бөлім

1931 жылдың көктемі (тарихтан цитата).

Облыстық қала орталығында үш этажды тас болат үй. Бұл обком партия кеңсесі. Осы үйде, бірінші хатшы кабинетінде Сапар мен Ершова екеуі де өң-түсте салмақты, балғын тартқан. Киімдері де таза, жаңа, үлгілі. Екеуі әңгімеде...

С а п а р. Оқудан жырып алу оңай емес. Солай ма?

Ершова. Мектебімен сөйлестім. Ол аса жақсы оқиды. Көп залал көрмейді. Өзі өзгеше зейінді.

С а п а р. Ол кешігіп оқығаннан саналы оқиды, тырысады ғой. Құмар ғой.

Ершова. Құмарлығы кешіккен жасынан болу керек. Сонша қомағайлана оқиды. Тіпті әке-шешесінің, одан арғы аталарының бәрінің оқудан құр қалған олқысын осы жалғыз қуып іздегендей. Сырт есікке көше бойлап келген Алуа кіреді. Ол қазір басқаша, таза қалаша киінетін болған. Арқасында ұзын, ауыр қос өрім, өзі сұлу да әсем, жаңағы кабинетке кеп кіреді, сыпайы сөнді. Сапар мен Ершова қол беріп амандасады. Отырғызады.

С а п а p. Оқу жақсы ма, Алуа?

—Жаман емес.

—Сен оқуды жақсы оқып кеттің. Ал мен сенің 26-шы жылғы әншілігіңе қарап, артистка боп театрға кетеді ғой, оқуды ұзақ бейнет көреді ғой деп ем.

Ершова. Алуа әнші де боп қалды, оқуды да жақсы оқып кетті.

А л у а. Жақсы оқу қайда... аз ғой.

Е р ш о в а. Ну, оқи бер, кім саған бөгет етеді. Век живи, век учись! — деген жоқ па?

А л у а. Бәсе.. Ендігі менің программам сол мақалда айтылған. (Күліседі.)

С а п а р. Рас, ол бір программа, ал біз сені ауданға науқанға жібермекпіз — бұл да программа. Солай ма?

А л у а. Науқанға? Оқуым ше? Ол біткен жоқ қой?

С а п а р. Экзаменді қайтып келген соң бересің. Оқуың жақсы, үлгіреді деді дирекцияң.

А л у а. Болсын ендеше. Жә, қайда барам?

С а п а р. Өз еліңе, Миялы, Ақсудың еліне жасалып жатқан колхоздарды көресің. Сол елге көмектесесің. Жалғыз ол ғана емес! — деп, түсі енді салқын, салмақты түрге ауыстырады. — Елде қазір қатты міндетті іс жүріп жатыр.

А л у а. Білемін...

С а п а р. Онда жаңалық та көп, қастық, қарсылық, тартыс та көп. Құрып бітпеген бөтен тап, жойылып болмаған жау бар, тап жауы. Тартысқа түсуден қорғанбайсың ба осы күн?

А л у а. Қорғаншақ етіп тәрбиелеген жоқ қой бізді комсомол. (Күліседі.)

С а п а р. Дұрыс. Ендеше, партия зор міндет артады саған. Қолыңнан іс келеді деп сенеді және. Сен баратын жердің қалың елі, еңбекші көпшілігі сені жақсы біледі. Сол үшін әдейі сені ауданға жіберіп отырмыз.

А л у а. Жарайды, партия сенімін ақтап шығу арманым болар.

А л у а (аздан соң). Енді мен әзірленемін. Техникумнан рұқсатымды алайын.

С а п а р. Жолың болсын, мықты бол, Алуа. Сол Миялы өлкесі, бар Ақсу бойы аз заман ішінде көркейіп, жасарады. Атырапқа үлгі ететін мақтанымыздың бірі болады. "Дулат, Доғалдай байды қуған соң өлкенің жаңа дәуір дәурені осылай болар" дегізу керек. Мол еңбек етіп, гүл жайнату шарт. Бүгінгі бар қиындықпен алысқанда, алдында сондай айқын, жарқын сәулелі келешек барын үнемі ұмытпай қайрат қыл! Осыны елге де ұғындыр. Соны неқұрым жақсы ұғындыра білсең, солқұрым бүгінгі қиыншылықтарды құлшына жеңерсің. Қош!

Алуа кетеді.

Ол кәзір үлкен мектептің класында. Соңғы лекцияда. Лекция оқып тұрған Мардан. Бұл СССР тарихынан сөйлеп тұр. -Сөйтіп, 1830 жылы патша қатын Анна Ионовна тұсында ең алғаш рет қазақ елінің мол тобы, Кіші жүзі Россияға бағына бастады. Бағындырған хан Әбілқайыр. Ол "ақтабан шұбырындыдан" соң сорға қамалған қазақ халқының ауыр күйін өз керегіне пайдаланды. Елін Россия патшасына сатып, өз тұқымына хандықты, үстемдікті нығайтып, сақтап қалды. Ендеше, "ақтабан шұбырынды" жаманшылық еді. Бірақ сол жаманшылықтан хан Әбілқайыр үшін жақсылық туды, олжа түсті. Ал халықтың тапқаны патшалықтың әскери отаршылдығы ғана боп қала берді. Міні, менің биыл сіздерге оқитын дәріс лекцияларым осылайша тамам болды. Дәріс бітті... Оқушылар қыздар, жігіттер тарап жатыр. Алуа жалғыз, салқын түсте шұғыл ойланып қалған. Өзінің жаңа жазған соңғы сөздеріне қарап отыр. -"Халықтың тапқаны патшалықтың әскери отаршылдығы ғана боп қала берді". Осы ма бар тапқаны? Осы ғана ма? Тарихтың айтары сол ақ па? Алуаның қасына, бұны алыстан аңыстаған Мардан келеді. Ол келбетті, сәнді киінген, тола түскен сұлу адам. -Алуа!? Е-е, қарындасым! Елге жүретін болдың ба? Ол жақсы... жақсы екен! Оқуды тәжірибемен жалғастыра өсу шарт... жақсы... мен мақұл дедім! -Ол жақсы. Бірақ, Мардан, аға жаңағы лекцияңыздың өң сазын түсіне алмай қалдым.

-Ә, ә!! Е-е, о не? -"Халықтың тапқаны патшалықтың әскери отаршылдығы ғана боп қала берді!" дедіңіз. Осыны қалай ұғынамыз? Сіз қалай айттыңыз? Барлық Россиядан қазақ елінің алғаны сол-ақ деп білейік пе?

Мардан сазара түсіп: -Е, неге олай ұғынасың! Мен қай дәуірді айттым? Әуелі соны ескерсеңші! Ең алғаш патшалыққа қараған кезді айтқам жоқ па? Одан кейінгі дәуірде, Россияға қараған соң тапқан табыстарға жеткем жоқ қой! Мен үшінші курста Россияға түгел бағынған соңғы дәуірді оқимын. Алуа елде... Ақ айғырға мінген, жортып келеді. Қасында бір топ колхозшылар және Жаппар, Сексек те бар. Ол да әзір қалаша киінген. Миялы, Ақсу өзгерген.

С е к с е к. Баяғы біз қашатын кең қоныс қой мынау, Алуаш.. Ә-ә! Енді қара... Қала орнапты...

А л у а. Ондағы ауыл өңшең киіз үй еді.

Ж а п п а р. Енді киіз үй музейде болар. Отырықшылыққа ел қандай қуана кірісті десеңші.

С е к с е к (айнала қарап, қуана жымыңдайды, қасындағы екі өзі құрбы кісінің жүзіне үңіледі). Дүние өзгермей қайтсін, мына Бейсен мен Оспан сақалын да қырыпты. Тон шидемін де тастапты. Қарашы, бұрынғыдан ырымға, жұрнаққа тек мұрт қана қалған. Олардың киімі қалаша, ықшам.

Осылай Сексекті де әзіл етеді.

—Ал Сексек тіпті мұртты да беріпті. Жып-жылмағай. Жұрт қартая түссе, бұл жасара түсіп, би сақал бопты.

—Е-е, жасармай, өмірім, дәуірім жаңа басталды. Өзім үшін ғана емес, әкем үшін де қайта өмір сүрем. Сақал-мұртты сонымен әдейі шегеріп жүрмін. Сен... сен қоя тұр, батыр-еке. Әлі жастығым бар деп жүрім. (Күліседі.)

Далада мол егін жыртылып жатыр. Алуаны көп қартаң, жас колхозшылар қарсы алады. Қарт, колхоз бастығы Абыл Алуаға:

—Қош келдің, кел, Алуа шырағым.

—Іске сот! Қалай жүріп жатыр трактерлерің?

—Несін айтасың, тамаша. Еліңнің осы табысыңа ырзалығын қайтесің.

Дауыстар дабырлап, көп колхозшы Алуаларды қоршайды.

—Атын ғана естушек, рақмет саған, Алуа, еліңе бос келмей, осы алыпты ала келгенің қандай.

—Төбемізді көкке жеткіздің ғой.

—Піл әкеліп сыйладың ғой.

—Шіркін жануар, көлік, күш те осы екен ғой.

—Колхозға көңілім дәл осыны көрген соң мың есе орнықты, не керек.

Біреулер осыны әзілдейді.

—Осы айтқаны имандай сыры, Алуа, бұның.

—Жекеде қалам деп көп қыңыр атқығанның бірі осы болатын.

—Үндеме, дәл осы бір ғана трактор жұрт көңілін сондай ұйытты ғой колхозға.

—Айнала кетіп жатқан лақапты айтсаңшы.

—Тек әйтеуір тоқтамай, бұзылмай тарта берсе екен жануар.

Алуа трактористке:

—Саша, білдің бе жұрт қандай саған ырза, қандай алғыс айтады.

—О, о, Алуа, мен бұндай болады деп ойлаған емен. Бұнда машина, техниканы қандай жақсы көріседі. Мен өзім олардың көздеріне, жүздеріне қарасам да, өзімді, трактор емес, инопланетная ракетада келе жатқандай көрем.

Алуа:

—Ну, рас, жақсы айттың. Тек тракторыңа мықты бол. Бұзыла көрмесін.

—Қорықпа, Алуа... Сен бұған далаларды ғана әзірлей бер.

Жұрт қуана қостайды. Жаппар осы жайдың бәрін екі жақты түйіп жүреді. Алуамен сәл оңашада, ол сырдай сөз қатады.

—Алуаш, қандай жақсы болды осылай келгенің, елің қандай сені сағынған. Сені қандай ыстық көреді. Аңғарасың ба?

—Мен де елді, жерді сенше сағынамын.

—Сені өзгеше, басқаша сағынушы да бар, ойлаймысың?

Алуа сәл қысылып, Жаппардың жүзіне қарайды. Ол өзгеше шыншыл, сыпайы, нәзік сырмен бөгеліп қысылғандай. Алуа да қатты ұяла, үнсіз төмен қарайды.

—Бір биыл, бір бүгін емес, талайдан, көптен солай ғой... тосуда, тек қана тосуда, арманда жүрген жан бар ғой.

Алуа жауап айтпай іркіледі де, атын қамшылап шауып жөнеледі. Жаппар қалып қояды. Сексек қатар шауып кеп, Алуаға ілеседі. Шауып келе жатып Жаппарды мақтайды.

—Жаппар неғып қалып қойды?

—Білмеймін, білмеймін... — Алуа Сексектен де ұялып бетін, бұрады.

—Е-е, о неғып қалды екен. Өзі жұлқынып қалғандай ма. Өңі лаулап жанып, сондай қызарып қапты. Өзі де елде жігіттің жігіті-ау, қандай сұлу. Бүлдіршіндей. Үріп ауызға салғандай ғой.

Алуа күледі, мәз бола, сүйсіне күледі Сексек сөзіне...

—Шын айтам, үріп ауызға салғандай жігіт қой. Ал шаруасы ма. Колхоз бригадирі. Қой фермасы, малы шетінен өзі сияқты әрі сұлу, әрі семіз дейді.

Кешке колхоз клубында Алуа, Сексек, Жаппар. Бұнда жұрт көп. Бәрі де 28-ші жылы конфискацияда көрінген Доғалдың малайлары. Кешке клубқа жұрт жақсы киініп келген, көңілді, қастарында балалар. Көп бала. Олардың ортасында оқытушысы Аққу. Алуамен жақсы қауыша табысу. Бүгін ән... сауық кеші. Қыздар, еркек балалар Аққудың айтуымен Алуаны қоршайды.

—Қаланың әнін айтып беріңіз.

—Жаңа әндер үйретіңіз.

Жұрт та Алуаның әнін сұрайды. Алуа балаларды бастап өзі он салады. Бұның қасына зейінді әнші, жасқана тоғыз жасар қыз Әсия оралады. Алуа:

—Кімнің баласысың, Әсия балақай, әнің сондай жақсы сенің. Әкең, апаң қайсы, көрсетші.

—Олар жоқ...

—Қалай жоқ?

—Олар өлген. Тіпті әжем, әкем де өлген менің...

Аққу жөнін ұғындырады.

—Ол жетім... Бар туысы өлген... бірақ мектеп жатақханасында өседі.

— Жатақхана жақсы ма, Әсиятай?

Алуа бұны алдына алады. Жаны қатты ашиды.

—Жақсы...

—Сен сондай жақсы әншісің. Сен тамаша артистка боласың. Боласың ба?

—Ия, мен летчик боламын.

—Айналайын. Онда жақсы, менің де арманым сол. Екеуміз де летчик боламыз. Ал қазір он салайық екеуміз. — Әнін үйретеді. - Әсия сол немені кездестірсін.

Саулық қой фермасында өзі табыспақ. Сол жерге жаңағы Алуаны да келтірсін. Бұйрық.

А л у а (колхозда). Тауға мен де барам. Жылқы фермасы, қой фермасы сонда, жөнді білем.

Жаппар. Мен қазір солай жөнелем, мейліңіз білсін. Бірақ қашаң ғой, бармасаңыз да болар меді! Бұлар қасында ажарлы, оқыған жігіт Арман отыр. Ол гидротехник. Алуаға тіл қатады.

—Қайтесіз, Алуа, тауға, алысқа, қойға өктеп не қыласыз?!

—Е-е, сіз қалай айтасыз? Малдан, қойдан мені жиренеді деп білесіз бе?

—Жо-о, қойға сізден не жәрдем? Одан да Ақсудан үлкен арық алғызғалы, тоғам барлатқалы жатқан бізді үгіттесеңізші.

Алуа Арман сөзінен кекесін байқайды.

—Сіз гидротехникадан басқа ақыл да, өнер де, өсиет те жоқ деп білген жанбысыз осы, қалай?

—Әйтеуір сіздің өнер су үстіне сүйменмен жазған оқу екенінде күмәнім жоқ.

—Менің қай өнерімді айтасыз?

—Тарихыңызды айтам.

—Ә-ә, сол ма? Бұныңыз да бір сәл тәуір екен, бірақ оны да байқап айттыңыз-ау...

Жаппар Алуамен қоштасып, тауға, фермаға асыға жетуі шарт болды. —Айып етпеңіз! — деп жөнеледі.

Алуа Арманға оңаша ентелей, ызалана түсіп сөйлейді.

—Өзіңіз жас мамансыз. Кәрі бюрократқа еліктейді деуге қимаймын.

Бесінші бөлім

1938 жылғы жаздың бас кезі. Көп жастар институт бітірген. Қыздар, жігіттер бір-біріне құттықтау сөздер айтысады. Диплом қорғап шыққан қыздарды ауызда, коридорда букеттермен қарсы алысқан қыздар, жігіттер. Профессорларды да гүлдермен бөлеседі. Мардан гүл букеттерін құшақтаған, жүзінде күлкі, масайрау. Ол профессор халінде.

Бір қыз:

—Алуа қайда?

Өзге қыздар да сұрасады.

—Ол ерте өткізіп кетті дипломын.

—Өзі қайда?

—Өзі тағы бір диплом қорғауда. Ол асығыс кетті. Бүгін оның екінші соңғы экзамені де жеткен.

—Не дейді?.. Басқа Вузда ма?

—Басқа оқуда...

Алуа үлкен самолет ішінде, ол пилоткада, аса жауапты жүзбен үлкен самолеттің ұшуын басқарып келеді. Самолетті қондырады. Алдынан аэродром начальнигі... Жас капитан... Кеңседе... Алуа алты айлық ұшқыштар мектебін бітірген қағаз алады. Осы күні институтта сауық кеші. Жиын мол залдар, коридорлар толы әсем киінген қазақ қыздары, жігіттері. Оқытушылар. Би, ән, сауық... Үлкендер ортасында Арман, Мардан да бар. Алуаны Мардан құттықтайды.

—Міні, бүгін өстің де жеттің... Сен осы институтты Абылай аспас асудай көріп ең-ау... ә-ә!

—Рас... Мен бітіргенше қашан... мен үшін емес, өзге кешікпей келген, мезгілімен өскен жастар үшін ғой деушем... — Күледі. — Инемен де құдық қазылады екен...

Мардан қошеметтейді:

—Мен сенің өсіп жетуіңді, ақын болсам, жыр етер ем. Өзім оқытушың болғандықтан, әзірше мақтан ғана етем. Сен отлично с отличием бітірдің. Жалғыз солай шықтың. Институт сені осында аспирант етіп қалдыратын болды.

Құттықтайды. Алуа қуанады.
Арман тыңдап тұрып:

—Ғылым қызметкері?.. Бізге бір тарихшы керек.

—Қайда? — деп Мардан сұрайды.

—Экспедицияға... Комплекс экспедиция жасайтын болдық. Ақсу өзенінің аяқ жағына, Бетпақ құмына бармақпыз.

Алуа қызығады.

—Ақсу аяғы?.. Бетпақ... Онда ескі көш жолдары, ескі қыстау мекендер бар.

Мардан:

—Онда ескі ескерткіш, қорған да бар. Тарих үшін аса қызық ескерткіш раскопкалар бар. Тым құрыса разведкаға біреулер барса деушем. Барасың ба, Алуа?

—Барар ем. Бірақ... — Арманға қарап толқиды, оны жек көргендей.

Арман түсінеді де, мысқылдай күледі.

—Біз тарихшы болмаса да күн көре аламыз. Бірақ ерем десе, өзі үшін. Қарсы да емеспіз.

—Тарихшы да жалынып ермес. Техниктерге жағыну үшін тіршілік етер халім жоқ. Өз керегі үшін барар. Басшысы кім екен ол экспедицияның? - Марданға қарайды. — Мен барар едім, егер...

—Егер бастығы кейбір сүйкімсіз техниктер болмаса дейсіз ғой. Ол емес, қорықпаңыз.

Алуа жолға, экспедицияға әзірленеді. Сексек қасында, ол реніште. Қабағы жадау. Алуаға зорға, амалсыздан көмектеседі. Алуа Сексектің қабағын танып, таңырқай түседі де, ұғынып барып күледі. Сексек:

—Неменеңе күлесің?! Неменеңе күле бересің осы сен...

—Е-е, күлмей қайтушем. Әлі күнге үй де жоқ, күй де жоқ. Менде шүйкебас жоқ, сенде үрпекбас жоқ... Жүргеніміз мынау екеуміздің де... Бытпылдық... бөдененің үйі жоқ деп... — Алуа күледі.

—Е-е, содан сорлап жүр екеміз-ау... тегі...

—Сорламай не? Оқу... оқу... оқу бітіреді. Содан соң тиеді, күйеу табады десем... Тағы далаға... Қу дала, қу медиен кетіп барасың, онда жігіт боушымеді. Барлығы... үріп ауызға салғандай сан жігіт мұнда қап барады... Сен босаң олардан безгендей қаңғып барасың.

—Уау, өзің неге үйленбейсің осы, үй құмар болсаң.

—Е-е, мен үйленбейін деп жүрмін бе.

—Не бөгеп жүр, сығыр ау? — Алуа күледі. — Үріп ауызға салғандай бар қыз осында, өзің солар қасында. Өзің ай қарап жүрсің бе?

—Ойбай, кездеспей жүрген жоқ па?

—Кімі? Қандайы кездеспей жүр?

—Мен өзімнің ойыма ойы дәл, әсіресе бойыма бойы дәлін іздеп жүрмін ғой.

—О нес тағы?

—Е-е, өзімнен бойы биік қызды мен қайтем... Дередей қып, сеңдей қызды не қылам? — Аяғының ұшынан басып, созылып мазақтайды. — Науадан сұлы жеген аттай боп, зәуісайтан "сүйем" десем, астыма басқыш қоям ба? Сүйтіп, кеңірдегімді созам да тұрам ба? Мен, Жиренше шешен сияқты, өз серігімді тосып жүрмін. Ол менен аласа қыз болу керек. Жиренше шешен өзімдей шешен қыз кездескенше қыз алмайым депті ғой. Ал мен өзімнен бойы аласа қыз кездеспей алмайым.

—Бәрекелде, о да серт боп па...

—Е-е, түбін ойламайым ба... Әйелімді біреу мазақтап, күйеуінің бойы қарғадай деп күліп жүрсе, қайтем? Мен намысым болғандықтан үйленбейім. Сенікі не? Сенің көзіңді қандай шел қаптап жүр осы?

—Жә... жо... Ұзақ сапарға барам. Сонда тілеуің оң болып, жігіт кезігіп қалар... Қайдан білдің... — Алуа күледі. Сексек сенбейді.

—Ия, Алуаны сол Бетпақтың құмында қыруар жігіт тосып отыр деген. Сені, тегі, Баян сұлуша тоқсан сері тоқсан тараудан кеп тосып отыр ғой. — Алуа күледі.

—Сен бе? Сен күйеуге тисең, мұрнымды кесіп берейін.

—Қой, мұрның өзіңе керек болады. Әйтпесе аласа қыз кездескенде де ала алмай қаласың. Не қыласың.

Алуаға машина келеді. Қоштасады. Сексек жылағандай жаутаңдап қалады. Экспедиция көп жан. Бұлар ауыр салқар тобымен Бетпақтың құмына орнап жатыр. Бурение... үнемі бурение... Экспедиция бастығы — Арман. Ол үлкен маман. Салмақты, көрнекті кісі болған. Маңында мамандар, бағынғандар көп. Солармен үнемі көп бурение жасап жүр. Алуа бір бастықтан машина сұрайды. Ол Арманға сілтейді. Екінші адамнан сұрайды. Ол да Арманға сілтейді. Ашуланған Алуа Арманға келеді. Ол бұны көрмегендей. Ақыры Алуа жігерлене сөйлейді.

—Жолдас Арман, осы экспедицияның бурениеден басқа жұмысы, міндеті бар ма, тегі?.. — Арман ықыласпен бұрылып, күлімсірейді.

—Неге болмасын... бар... Тарих дерегін зерттеу бәрінен де қымбат. Солай ма?

—Күлмесеңіз екен. Мен бос жүруге келгем жоқ.

—О-о, барды алыңыз... ендеше, не керек? Адам ба, аспан ба, не тілейсіз?!

—Әзір маған бір ғана "Газик" керек.

—Шофер ше?

—Өзім-ақ жүргізем. Мен карта бойынша жүз шақырымдай өлкені көріп, барлап қайтуым шарт. Кешке оралам.

—Е-е, алыңыз... — Бұйрық етеді, жұрт машина әзірлеп береді. Алуа рульге отыра береді.

Арман:

—Жалғыз-ақ, кеш қалмай қайтыңыз... Шөлге ұрынып қап жүрмеңіз, сақ жүріңіз... Кешіксеңіз, бұндағы жұрттың мазасы кетеді.

Алуа жалғыз тартып кетті. Картаға қарай түсіп ағызып келеді. Бір сәтте алдынан үлкен аппақ тақыр кезігеді. Тоқтап, айналаға көз салып тұр. Жан-жақтың бәрі кең тақыр. Бинокльмен қарайды, арғы шеті сәл ғана көрінеді.

—Картада бар... Ескі тақыр... Ендеше, жүріп өтуге де болар. Тәуекел...

Алуа жүріп кетеді. Жүріп келеді, әлі жүріп келеді. Тақыр реңі бұзылып барады. Ақ сораң, ащы шыға бастады. Алуа сескене жүреді. Еріксіз ақырындап жүре байқаса... айнала майысып бара жатқандай... Ашық... Ойылатын мұз тәрізді. Бір сәт дөңгелектер асты қазыла бастады.

—Қап... Қатер-ау!

Алуа асығып айнала бұра беріп еді... Дөңгелектер бата бастады... бұрылу мүмкін емес. Бірақ сол бұрылам деген қозғалыс біржола бүлдірді. Енді анық машинаны батпақ сорып барады... Мотор тоқтады... Тез ақ сор сіміріп, машина батып барады. Алуа секіріп жерге түсті. Өз аяқтарын да сорып барады. Сескенді. Машинаға қайта қарғып, етіктерін жұлып тастап, жалаң аяқ қаша жөнелді. Батпақта, екі аяғын бір батырып, бір көтерген сордан қашып барады... Артына бір қарап еді, машинаны сор жұтуға айналған. Тек брезент қана көрінеді... Алуа қашады. Батпақ сор қуғандай жәйіліп молайып, опырылып барады. Ұзақ қашқан, өлердей талған Алуа зорға дегенде шетке, құрғаққа шыға бере жығылады. Қолтығында карта... Термос. Жанында браунинг. Үстінде сұр гимнастерка. Күн батты. Таң атты. Алуа кезуде... Адасқан. Қалың құм... Құм таулар. Ыстық. Термос біткен. Соңғы тамшы. Күн батты... Алуа жалғыз құм тау арасында. Әлсіз сәулемен ай туған... Шаршаған, талған Алуа құм таудың жотасына жантайып еді... Сол уақытта селк етіп оянды. Бақса, ай астында едірейген қос құлақ көрінеді. Қасқыр... аш қасқыр андып, тақап келіп тұр. Алуа айғай салды. Үркітпек еді. Қасқыр сол қозғалды да, қашпады. Тағы бір түптен бажайлап қарап тұр. Алуа күшін жиып түрегеліп, қасқырдың нақ басын байлап атып-атып жіберді. Қасқыр зыта жөнелді. Енді тыным, ұйқы да жоқ. Алуа аш... бәрінен де шел. Тағы таң атты. Тағы ыстық, әлсіреген, тұру да қиын.

Экспедицияда Арман... Онда тыныштық жоқ.

—Бар күшті жұмсау шарт... Анау машина не деп келер? - Келе жатқан "Газикті" тосады... тек жалғыз шофер...

—Із көрдің бе?

—Жоқ. Із де жоқ... Боран, құм борап жүріп өтіпті.

Арман:

—Үш күн, үш күн шөлден де әлсіреп бітерлік болды. Бұ не машақат болды, бар тарапты шарлап, шарлап болды... жоқ... Әлі жоқ Алуа.

—Тек қана самолетпен іздеу қалды! - дейді шофер. Арман пилоттың қасына кеп бұйрық етеді:

—Әзірлен. Мен бірге ұшам!

Аздан соң екеуі аспанда. Төмендеп ұшып, көп сүзді. Тақырдың үстінен ұшады. Қарауытқан, ойылған, жайылған сорды көреді. Арман осы жерді қайта оралтады. Тағы орала қарайды. Төмендей ұшады. Арман шошыған, өңінде қайғы.

—Сор жұтқан... О-о... Есіл Алуа!.. Сен жоқ, жоқ екенсің ғой. - Қолын сілікті. Пилотка белгі етті.

—Қайт, біткен... Ол тірі емес... Сор жұтқан... — Екі көзін баса қалады. Есі ауғандай. Пилот бұрылады, бірақ ол сүзіле қарап келеді. Құм жотадан өте береді.

Талып жатқан Алуа құм үстінде. Қайтып бара жатқан самолет үнін естиді. Бар күшін жиып, атқып тұрады. Курткасын шешеді. Бұлғай ұмтыла береді... Арлы-берлі жүгірем деп жығылады. Тұра бере тағы бұлғайды курткасын. Пилот өтіп бара жатып көріп қалды. Қасындағы Арманды түртіп қалады. Ол да үңіледі. Қуанған жүз. Самолет қайта оралады. Көп сүзеді маңайды, қонар жер іздейді. Пилот бас шайқайды, ауып кетеді. Үміті үзілген, көрмеді деп ойлаған Алуа талып құлап түседі. Қолы наганына барады. Өзін-өзі атармын халде. Сүйткенше, пилот жерге қона береді, құм қауып барып зорға тоқтайды самолет, пилот қатты соққыға ұшырап, талып қалады. Қолы да сынған. Арман бұған да жалтақтайды. Арлы-берлі жүгіріп Алуаны табады. Ол талып жатыр. Аузына су құйып, зорға ес жиғызады. Алуа суды жұта - жұта отырып барып әбден ес жияды... тамақ та жейді. Әлдене бастайды. Арманға сүйеніп самолетке жетеді.

Бірақ Мишада дәрмен жоқ. Оның қолын таңысады.

—Енді қайттік?! Қап... бұда бір сор болды. Екінші сорға тағы қамалдық-ау. Қайтіп құтылдық.

—Самолетті сіз ұшыра алмайсыз, ә-ә? — деп сұрайды одан Алуа. Өзі саспай үнемі самолетті қарап жүр. Арман бұл сұраққа ашуланады.

—Сіз естен айрылғансыз ба? Мені тіпті хирург неге болмадың деп те кінәласаңызшы.

—Сол кінә екен-ау!

—Ыза болам сөзіңізге. Қазақ жәйін білмеуші медіңіз... бір мамандыққа жетсек, төбеміз көкке жетті деп, өзгені ескермейтініміз бар ғой.

—Е-е, оны айтасың ба? — Алуа саспай самолеттің бар тетігін қарап жүр. — Оның бар екені рас. Әсіресе сізде мол бар.

Арман тағы ызаланады:

—"Сізде" деп... Өзіңіз аман шығарсыз содан... Еркегі сондай болғанда, әйеліне не сорым қазақтың.

—Сіз білмегенді қазақ әйелі біліп кетер деп мүлде сезіктенбейсіз. Солай ғой. — Өзі әлі самолетті айналдырып жүріп, Мишаны кейінгі кішкене кабинаға сүйеп отырғызады. Арманға мысқыл ызамен қарайды да, өзі рульге отырып, самолетті қатты қыздырып әзірлейді.

Енді тандана қараған Арманға "отыр" деп бұйыра белгі жасайды. Самолет жұлқынып талпынады. Арман самолет емес, Алуадан көз алмайды. Алуа бұған ілтипат та қылмайды, сыздырып отырып құмнан көтеріле береді. Самолет аспанда. Мишаның жүзі күлкімен, сеніммен ұшқындайды. Арман таңғалуда. Сол кезде Алуа самолетті экспедицияға әкеп қондырады. Арманды, кабинадан түскен соң, қайта кекетеді.

—Сізді қазақ әйеліне сенбейтін қыңырлығыңызбен құмда тастап кету керек еді. Құтқарушылық қарызыңыздан ғана ұялдым.

—Қарызға қарыз орай болды... Соңғы құтқарушы сіз болдыңыз ғой.

—Бекер-ақ солай болдым деп тұрым ғой.

Арман ашуланып қалды.

—Е-е, табынушы боп шықтыңыз ба?

—Өз жақсылығы кісіні жұбатпайтын, сізге істеген жақсылық кісіні қуантпайтын, осы не қылған адамсыз сіз?

—Бар мінезің үнемі тістеу, тебісумен келетін сіз не қылған жансыз... Тьфу!.. Көргім де келмейді.

—Мен қайта көру түгіл, бұрын көргендерім үшін де өкінем ендеше.

Екеуі қызық ұрыспен екі айрылысады.
Тағы да жылжып жылдар өткен...

Маникюрде он тырнағы өсем қызартылып боялған әжімсіз сұлу жіңішке саусақтар көрінеді. Бұл саусақтар Алуаныкі. Оның ернінде сәл помада. Жүзінде пудра. Көз астында әдемі қара мең. Сәнді сұлу боп қатты өзгерген Алуа. Ол институтқа келеді. Директор кабинетінде хатшыға сөйлеседі.

—Академик Шведовпен сөйлеспек ем! Ол кісі мені қабыл алмаққа уәде қылған еді телефонмен.

—Не жөнінде? Жұмысыңыз қандай?

—Диссертация қорғау жөнінде. Сатаева! Мархабат етіңізші! — Әйел бөлмеге кіріп кетеді. Бір сәтте іштен бір толық, сұлу, келбетті әйел жүгіре ұмтылады.

—Алуа! Алуа, қымбаттым менің. Сен... сенбісің? — Алуа әуелі танымай қап, артынан құшақ жая ұмтылады.

—Нина! Нина Ивановна?.. Сүйіседі. - Қандай бақыт! Сізді мұнда кездестірем деппедім? Ал кімсіз мұнда?

—Тапшы кәні, Алуаш. Сен тапқыр едің ғой, мен кіммін?

—Өзіңіз айтсаңызшы, Нина Ивановна. Интриговать етпеңізші.

—Жоқ... жоқ айтпаймын, тап өзің... Кәні-кәні.

—Ну, академик Шведовтың әйелі десем ше!

Нина Ивановна күледі.

—Жоқ, ол бақытқа отказ берем.

—Ну, ол болмады. Ендеше, өзіңіз оқымысты...

—Ә-ә... жақын-жақын. Айт... айт...

—Ну, профессор Нина Ивановна. - Нина күледі, тағы құшақтайды Алуаны. — Қайырлы болсын, тапқаныма қуанам.

—Ал сен диссертация қорғауға келдің. Біздің академик айтты. Тақырыбыңды да естідім. Жазылды ғой?

—Жазылды.

—Анығы қалай тақырыбыңның?

—Шығыс әйелінің бұрынғы қоғамдағы халі.

—Жүр! Академикке жүр! Анықтаймыз. Бәрін шешеміз!

Бұлар академик Шведов кабинетінде. Академик көп жәйді ұғынған. Алуаның қағаздарын қарап шығып:

—Солай, солай. Түсінікті. Ал мен бұл іске дәл осы сәттен бағыт айтайым ба? - Әйелдер мақұлдай қарасады. - Ең әуелі әрекет - мықты оппонент белгілеу ғой... соның ең бастысы профессор! — деп, Нина Ивановнаға күле қарай береді.

—Мен?! Аламын. Сирек айтылатын талап... Бірақ Алуа Сатаеваның бұл өткелінде мен болмай болмайды! — Күлкі.

Кейін шаршаған, ұзақ еңбек еткен Нина Ивановна мен Алуа оңаша. Нина Ивановнаның үйінде. Нина Ивановна ұрса сөйлеп отыр, қолында Алуаның кітабы.

—Сен мұнда шариғатты, әдетті айтасың... тағы талай өткен, қалған дүниенің қоқсығын қазасың. Қазақ әйелінің халіне арналған ғылымдық еңбектің үлкен мақсуты осында ғана болғаны ма? Мен сенен сұрайым, осы-ақ па?

—Осыны айтпаса, ғылым болмайды, тарихтық, ғылымдық қабілет болмайды десті ғой.

—Кім солай дейді?

—Біздің институттағы жасы үлкен тарихшыларымыз...

Нина Ивановна ызалана, қыза түседі.

—Жасы үлкен... жасы үлкен болғанша, есі үлкен болсашы олардың... Бұл сені теріске, әуреге айдау... Бәрібір поезбен қалаға бару орнына түйелі керуен етіп құмға, шөлге айдау.

—Ендеше, мен құмда да болдым, экспедиция жасадым.

Нина ызамен, кекесінмен күледі.

—Сен, Алуа Сатаева, бұрынғы тарихты оқымай, тек өзінің жасты көзімен көріп өткен қазақ әйелісің. Өзгені, ескіні, ертегіні теріп нең бар? Өзің көргенді, өзің жеткенді ғана айтсаң болмай ма?

—Сол ғылымдық татымды тақырып бола ала ма?

—Неге болмасқа? Не деді жолдас Сталин?! "Ескі заманда бұндай әйелдер болған емес, болуға мүмкін де емес" деппеді. Сол әйелдің нағыз өзі сен емеспісің. Сенің өмірің, тартысың, тағдырың қандай ғылымдық еңбекке тақырып болмас еді.

—Рас-ау... Қандай шындыққа негізделген ғылым болар еді.

—Әрине, біздің ғылым өмірден туатын, өмірге жетекші де болатын ғылым емес пе?

—Ал мені "шығыс әйелінің ерекше халін баяндап, дүние білмеген жаңалықтар қосасың... Шығыс әйелі боп сол жәйді жазуың ерекше елеулі болады" деп үгіттесті ғой?

—Әйел жәйі жалғыз шығыста ғана емес, бар дүниеде де жетісіп тұрған жоқ. "Барлық қаналушылар арасында ең зор қанаудағылар" деген жоқ па еді Сталин, капитализм дәуіріндегі әйел халін сөз қылғанда...

—Сүйтіп, бұрынғыны түгел тастайым ба?

—Тастама, терген материалды, жазған ойды бұнда да керекке жарат. Бірақ ең алдымен Октябрьдің қазақ әйеліне не бергенін жаз. Еңбегіңнің күшін, көбін соған құр. Осыны өзің андамағаның үшін ұрсамын мен саған. Кінәлаймын мен сені! Және, есінде болсын, мен оппонент болғанда, осы жөнде олқын, қаталығың болса, аямай соғамын, айтпадың деме!

Бар әділ сынымен екеуі осымен айрылысады. Тағы бір кезекте сол институтта, үлкен жасаулы залда қалың жиын. Ұзын көлденең стол жанында көп оқымыстылар, қартаң, қасқа, ақ шашты ғалымдар. Ортада академик Шведов. Осы қатарда келбетті Нина Ивановна. Зал толы, орыс оқымыстыларынан басқа қазақтар да бар. Трибунала Алуа. Ол соңғы сөзін сөйлеп тұр.

—Сонымен, қазақ әйеліне Октябрь революциясы берген жәйді мен осылайша баяндай көрсетпек болдым. Құрметті оппоненттерім сөз қылған жәйларға жалғас айтарым осымен тамам болды. Енді ең соңында бір ғана жәйға осы құрметті мәжілістен аз ілтипат сұраймын. — Аз паузадан соң:

—Әдетте, диссертация үстінде өмірбаян айтып қорғанбайды диссертант. Мен де ол мақсұтпен айтпаймын. Бірақ маған осы еңбекті толықтыру тұсында "өз өміріңе қара" деп, анық достық мәслихат берген профессор Ершова Нина Ивановнаның айтқанынан туған бір ойымды айта кетпекпін. Мен алты жасымда жетім қап ем. Бай аулының шетінде, жыртық лашықта, панасыз қалған жұрттай жетім едім. Он төрт жасымда, әкемнің өліміне себеп болған бай мені зорлықпен үшінші әйел етпек болды. Одан алғаш рет совет кеңселерін тауып, қашып кеп, әрең құтылдым. Сол байды 28-жылы өзім конфискеледім, 1931 жылы ол қашып, бай, тап жауы боп алысып, өзімменен атысты. Мені өлтірмек болды. Бірақ біз қолға түсірдік. Міні, 16 жылдан бері оқу оқыппын. Менің бүгінгі жасым дәл қазір, 1941 жылы, отызда. Отыз жыл жасаған бір ғана қысқа өмір неден басталып, неге жеткен біздің қауым Ұлы Октябрь болмаса!.. Ол өзгеріс әкелер ме еді? Әкелер еді, бірақ қандай еді? Мен сол байдың үшінші әйелі болар ем. Қорлық, мазақ, теңсіздікпен күн кешер ем. Атым күң, тегім малай, көргенім тепкі, білгенім тек от басы, ошақ бұты болар еді. Болмаса, ақыл тапсам, қападан, қайғыдан, санадан солар ем! Сол күймен менің бүгінгі күйім арасында қанша ғасыр жатыр? Осыны ойлаймын да, таңдану, таңырқаудан босана алмаймын. Бақсам, мен жазған еңбек тура өмір соқпағы, мыңдар, миллиондар өмірінің, жаңа өмірінің соқпағы екен. Еңбек сол өмірден туыпты. Тіпті ғылым кітәбін өмірдің, тарихтың оз дәуірінің өзі жазыпты. Мен өзім бар-барыммен сол социалистік революция жазған ғалым кітәбінің материалы екемін... Міні, құрметті ғылым кеңесі мүшелері, сүйтіп, бүгін сіздердің алдыңызда сол өмір жайда материал сөйлепті. Ол материал сіздердің алдыңызға баланың жасын, зарын да... соңғы талап, табыс барын да әкеліпті. Сүйтіп, материал мен жүйе табысқандай, өмір мен ғылым табысар болса, менің басқа өтінер тілегім жоқ. Бар бейім, ілтифат үшін құрметті мәжіліс қауымыңызға ұлы алғыс... алғыс айтып, сөзімді аяқтаймын.

Құттықтау, букеттер, қуаныш... қалың жұрт қошеметі. Осының арты үлкен бөлмедегі жасаулы зор стол қасында, гүлдер арасында отырған Алуа, Нина Ивановна екеуінің оңаша әңгімесіне кетеді.

—Күйеуге тиюден, өмір жасаудан неге тартындың?

—Әуелде бір жан туралы алдандым да, артынан тағы алданам ба деп тартынып қалдым.

—Қорықтым де! - Күліседі. — Қорқып жүріп мүлде күйеусіз қалуға да болады. А, ол қызық емес және тіпті дұрыс емес.

Алуа қысыла отырып күледі де:

—Нина Ивановна, сіз маған Сексектің ақылын айтпақсыз ба? Бұл жәйді соған берсек етті.

—Неге, Сексек дұрыс айтып жүрген болар. Ол ата-аналық, қала берсе, халықтық бір шындықты сезіп, мазасызданып жүрген болар. Сен ойлан.

—Мен оны ойлау орнына беріппін ғой...

—Рас, шөлдеген адамның бір сусыннан басқаны ұмытқанындай.. Ал Сексек саған сусынға қоса басқа тірлік, тілек, рақат та бар дейді. Өмір біздікі. Біздің өмірдің бізге берген бар жақсылығын, бар бақытын түгел, толық, сұлу пайдалана білуіміз керек.

—Бәсе, сұлу пайдалану...

—Әрине, сұлу дейім. Бірақ сол сұлулықты табу орнына өз ажарындағы сұлулықтан айрылып, советтің кәрі қызы болғанға дейін қорғана беруге болмайды. Мен Сексекті қостайым.

Осы кезде үйге екінші бөлмеден қалың топ қазақ жастары, сәнді жігіттер, жас әйелдер келеді. Арасында Сексек. Стол айналасында ішкілік, сауық үстіндегі мәжіліс... гүлдер, графиндер, бокалдар. Бір шақта Сексек сөйлеп тұр:

—Бәрі айтылды. Бір ғана жәй, шетін жой шеттеп қалды. Бәріне жетті Алуа. Бірақ өмірде әлі күн менің бір тілегіме жетпей келеді.

Алуа күліп:

—Ал Сексек болса кәрі жырына басады.

—Е-е, кәрі жыр жақсы болса, баспай ма екеміз? Бұл боса өмірі қартаятын жыр емес. Үнемі шыт жаңа жыр болады. Сүйтіп, айтам ғой енді, тек Алуа бір ғана бақыр басты теңі етіп тапса екен. Сол үшін көтеріңдерші. Ал тегіс көтеріңдерші осы үшін.

Нинаға келеді, ол да құптайды. Күліседі.

—Алуа, сіз айыптысыз.

—Бұл тұрада айтар жауабыңыз да жоқ. Кінәлісіз.

—Айтар дәлеліңіз де жоқ, - десіп, жолдастары күліседі.

Алуа:

—Айтарым бар емес пе? Көк етікті кез келмей, көн етіктіні місе қылмай жүр демеуші ме еді.

Сексек қыза сөйлейді:

—Бекер, мүлде бекер. Мен айтайын ба, жала! Көк етікті... Қара бұны... Тауып алшы, сен осы отырған жігіттерден көк етіктіні... Көк етік. Көк етік бұл күнде өмір-бақи біткен ол. Өңшең бүлдіршіндей, ү-р-ріп ауызға салғандай жігіттер арасында айтып отырғанын қарашы. Көк етік, үй десең, тіпті колхозда да жоқ біздің. Қара бұны, күйеуге тимегенімен қоймай, совет күйеулерге жала жабуын қарашы! — Күлкі.

—Сіз айыптысыз.

—Сіз кінәлісіз.

—Сіз ақталатын жөн жоқ, — десіп, жастар Алуаны әзіл етеді.

—Соның жазасына ән салсын Алуа, — деп Нина Ивановна бұйырады. Алуа аз уақытта әсем ән айтып тұрады.

Дәл осы әннің соңғы шағында радио оқыс сөйлеп кетеді. Молотов сөзі... Соғыс! Соғыс! Репродукторға бар жұрт үңіледі. Жүздер салқын түйілген.

Оңаша қалған Нина Ивановна, Алуа. Енді Алуа бекінген.

—Өмір енді, міні, басқаға шақырады. Бұл - анық жүрек бұйрығы. Мен бекіндім.

—Сен әзір емессің ғой, не жәрдеміңіз бар?

—Мен бұл күнге шейін үнемі оқумен келіппін. Сол менің әзірлігім емес пе? Тартысқа, соғысқа әзір болмасам, несіне оқып даярландым?

—Тұра тұр, сен сонда соғысқа тарихшылығыңды апармақсың ба?

—Жоқ, Нина Ивановна. Тарихшы да соғыстан сырт емес қой, бірақ бұл тұста тарихшы тына тұрады да. Енді Сатаева летчицаның керегі көбірек болар...

—Не дейсің? Сен летчица... Ну, қандай жақсы. Сенің барыңды түгел ашып болмастай, білместей қандай жақсы. Бәсе, адамның, біздің адамның қасиеті осындай қат-қат, қабат-қабат жақсылық болу керек. Сен сондай, іштей байсын;. Мен бұныңды аса нық сүйемін. Ең алғаш, қызыл отауға зорлықшыл байдан қашып келгенде де сен тек басын қорғаушы емес едің. Сенде үлкен өнер, әншілік өнер де бар еді. Сен соны алып қашып құтқармақ боп келгендей едің.

Кешелер диссертация қорғағанда сен оқымысты ғана емес, әлеумет қайраткері, оянған халқыңның озғын өкілі бола білдің. Бүгін, міне, саналы, отансүйгіш азамат қана емес, әрі қайратты, ең қажырлы азамат әскер, батыр болу да қолыңнан келеді... О-о, мен сені қостаймын, Алуа. Бар бұл сапарға... бірақ тірі бол... тірі қайт... Сол күнде мен сенің болашақ күйеуіңе сонша қызғанышпен қарайтын боламын.

Екеуі сүйіседі. Айрылысу...

Енді бір кезекте өңшең әйелдерден құралған әскерлік бөлім... бәрі де летчик әйелдер. Солар арасында Алуа. Біреуді тосады.

—Ол келеді.

—Өзі сөйлеседі.

—Әрқайсымызды біледі.

—Қайда жіберсе, өзі біледі.

Аз уақытта қатарланып, әйелдер стройын жағалап бірнеше әйел командирлерді ерткен, ұзынша бойы бар, сұлу, ашық, кең жүзді орыс әйелі, Совет Одағының герой әйелі шығады...

Бар летчик әйелдермен жақсы амандасады.

—Достар, ұшқыштар! Сіздерге міндет мәлім. Кімде білім бар, кімде соғысқа, Отан қорқауға қажет өнер бар — ол бұл күнде өзін айрықша шақыруды күтпейді. Өзі "мен бармын" деп тіленіп келеді. Солай келген сіздерсіздер. Осылайша қалу керек, табылу керек деп, өз мінездеріңізбен жақсы үлгі беріп те тұрған сіздерсіздер. Енді не бар? Нақтылы айқын міндеттер алу, өзді-өз орындарыңызды табу бар. Мен сіздердің әрқайсыңызды өз орындарыңызға белгіледім, солай орналасып майданға аттанасыздар... Осы соғыс сапарында бәріңізге де зор абырой, бақыт тілеймін... Арқамызда Отан! Бізбен бірге Сталин! Алдымызда жеңіс!

Алуа жақын әрекетті бомбовоздың штурманы. Ертең фронтқа аттану. Шаһарда соңғы рет келе жатып жас қызды көреді. Бірін - бірі зорға таниды, таныса сала құшақтасады. Сүйіседі. Кішкене қыз Әсия. "Миялы" колхозындағы жетім қыз Әсия.

—Мен Н. полкінде қол пулеметшімін... Өзіңіз қайда, Алуа тәте?!

—Мен летчикпін. Бомбовозда штурман. Ер болайық, Әсия жаным, бұрын аталарымыз көрмеген сапарға совет қызы, жаңа азаматы боп біз басыппыз... Зор абырой, даңқты қасиет тілеймін. Бақытты абырой тап дейім саған. Тәтті бауырым! — Алуа Әсияны сүйіп айрылады.

Алтыншы бөлім

Жақын әрекетшіл бомбовоздар эскадрильясының бастығы бұйрық алады. Қазір Н. жаяу полкі шабуылына көмекке жетіп, жаудың алдыңғы шебін және жақын тылын талқандау міндет.

Жерде Н. полкінің командирі. Полковник Герасимов шабуылға бұйрық беріп тұр.

—Үшінші батальон! Үшінші батальон командирі! — Аппаратта Арман, ол - капитан.

—Тыңдап тұрған капитан Есов, жолдас полк командирі!

—Әзірмісің, Ес..?

—Бұйрығыңызша.

—Ендеше, баста! Ойран етудің алғашқы атағы, абыройы сенікі. Біздің учаскедегі үлкен шабуылмен құттықтаймын сені. Баста!

—Құп... дегеніңізше, жолдас полк командирі!

Аздан соң әрекетте орудиелер... Минометтер, бет түзеген танктерінде біразда гүрілдеген қалың айбат, қажырмен самолеттер беттейді. Бомбовоздар... Барлық күш жау шебіне ақтарылып жатыр. Аспанға ұшқан ағаштар, топырақ таулар... дүние ойран... Танктер қаптады. Соның артынан Арман бастаған батальон шабуылға шықты. Бомбовоздар қорған салып, жау шебінің үстін ойраңдап жүр. Енді жау самолеттері қарсы ұшты. Жау зеңбірегі, пулеметтері де іске кірісті. Жау окоптарына тақап қалған рота амалсыз жата қалып атысады. Өзге топтан оқшау шығып кеткен жалғыз пулеметші немістерді бұқтырып басып, ықтырып отыр. Ол ер қайрат атқан пулеметшіні рота командирі мақтайды. Жау күшінің сыртына шығып алған жалғыз пулемет немістерді бұқтыра береді. Олардың сасқанын байқаған рота командирі, лейтенант Федоров Арманға хабарға келеді.

—Бұл ротамдағы пулеметчица тамаша позиция алды. Жауды бұқтырып тұр. Біз пайдаланайық, жолдас капитан.

—Дұрыс... Шабуылға әзірленіңіздер! Фамилиясы кім пулеметчицаның?

—Медетова... — Жүгіре жөнеледі.

Шабуыл. Батальон командирі Арман. Өзі бастайды шабуылды. Қаптаған ұмтылыс. Аспанда да зор айқасу... немістердің бір топ күші жалғыз пулеметші қызбен атысады. Әсия оқты өзіне тартқанын білсе де, атып жатыр. Ол жараланды. Бірақ өз жағының шабуыл жасап келе жатқанын көрді. Жаралы аяғын елемей атысады. Қолы жаралы, бір қолымен атады. Әлі бітіп барады. Бәрібір ата береді. Осы кезде аспанда бомбовоздар ойран салып жүр. Бірақ жау истребительдері қаптап келіп қалған. Жалғыз кешігіп қалған совет бомбовозына ұмтылады. Оны көріп, совет истребительдері де майдан үстіне асығады. Соңғы жалғыз бомбовозда Алуа мен досы Надя Данилова. Олар жаудың алдыңғы шебін ойрандап болып, жақын тылын да қатты бомбылаған. Қайта-қайта оралып соққан. Олар жердегі батальон жаудың алдыңғы шебі — окобын кеп алған соң ғана қайта орала берген-ді. Бірақ енді бұларды екі бүйірден қысып алған истребительдер кейін, жау жаққа апарып қондырғалы қаузап келеді... Атыс... жаулар жіберер емес. Екі әйел летчик қысылады. Қабақтарымен ұғысады, бас шайқасып, көніспеуге бекіседі. Иықтарымен жан қосысқандай. Өз жерлеріне беттейді. Истребительдер атады. Алуа жаралы. Бірақ мығым болмақ. Аяқ жаралы. Шыдайды. Көніспеуге бекінген, жау истребительдер атқылап қысып, қорқытып қағып түсірермен боп келеді. Сол сәтте советтің жалғыз истребителі жетеді. Айқасу, аңдыған жаудың біреуі оққа ұшады. Екіншісі және ұшады. Құтылғанын сезіп қуанған Надя Алуаға қарап шошиды. Ол өліп бара жатқандай, бірақ Алуа тез ес жиып, бағыт береді. Самолет аман-есен жерге қонады. Надя сау, Алуа қатты жаралы. Самолетті қондырады, біраз отырған орнынан, бойынан қан судай ағып түседі. Оны көтеріп алысады. Үсті де күйген. Кейін госпиталь. Жаралы Алуа жаңа әл жиғандай, бірақ оң аяғы гипсте. Бір адам халат киіп, көрісуге келеді. Алуа таниды. Қуанып қол созысады.

—Миша?! Сіз, Миша? Қайдан кеп шықтыңыз, Миша?

Миша келіп, бұнымен қуана амандасады.

—Сіз тірісіз? Сіз амансыз?

Алуа күледі.

—Тірімін. Бірақ аман емеспін. — Күліседі. — Миша, сіз қайдан кеп шықтыңыз?

Миша күледі.

—Е, мен сіздің қасыңызда болдым ғой... Дәл қасыңызда.

—Қалай? Қай жерде?

—Рас, сіз көре алмас едіңіз онда. Үйткені біз аспанда едік қой...

—Не дейсіз сіз? Бізді... Надя екеумізді құтқарған истребитель? О-о, алтын Миша! Ал Надя қайда екен, көрдіңіз бе? Қайда, қалай екен, көрдіңіз бе?

—Көрдім... Ол сіздерде көрінеді қазір. Одан б9рын мен өзім әдемі көрінейін деп, білер ме екен деп келіп ем. — Алуа есікке қарайды. Надя жүгіріп кеп, Алуаны құшақтайды, сүйіседі. Алуа Надяның қолын қысып отырып:

—Надя, Надюша, бұл Мишамен екеуміз бұрын да бір қыспақта болғамызды. Миша айтты ма?

—Айтты, Алуаш. Ол саған қарыздар екен...

—Жоқ, ол екі жақты қарыз болатын.

—Ал қазір сенімен екеуміз бұған шын міндеткер едік. Шынын айтқанда, өлген едік қой, Алуаш.

Алуа күліп, қуанып:

—Ал, ендеше, біз Мишаның алдында есепсіз қарыздар екеміз. Өтеп те болмас ондай қарызды.

—Өкінбе, кейіме, Алуа, Надя ақылды.

Алуа екеуінің жүзіне қарайды... ойланып, қуанып сыр түйіп, бас шұлғиды.

—Мен... мен адасқам жоқ қой екеуің туралы, солай ма, Аюша?.. Рас па?

Екеуі де күле отырып:

—Рас...

—Рас! — деседі. Алуа екеуінің қолдарынан қысып сүйеді.

Миша жәйді баян етеді.

—Алуаш, сіз ең әуелі ұшып жүрдіңіз, сондықтан жерде не болғанды білмедіңіз. Екінші бомбовозда ұштыңыз.

Алуа әзілдеп күледі.

—Ал мына сіз истребительде болғандықтан, бізден жоғарырақ ұштыңыз. Сізге бар жай көбірек, кеңірек көрінген болды, айтыңыз.

Миша әзілдеп, көңілді күле сөйлейді.

—Жоқ... Бізден де жоғары ұшқан көрушілер бар. Олар бар майданды да көреді. Әр майдандағы кішкене бөлім, тіпті жалғыз жеке ерді де көреді. Біздің бәріміз сол көрушіге сенеміз де, шынды білеміз.

—Жақсы, Миша! Жақсы айттыңыз. Ендеше, сол күн қандай күн болды?

—О-о, ол қызық күн. Стендальдың бір геройы Ватерлоо соғысында өзі болып, сол соғыстың тарихтық жәйін кейін газетадан оқып қана ұғынған еді. Ұмытпасам, Лев Толстойда Бородинода өздері соғысқан ерлері сол соғыстың үлкен мәнін кейін ғана естуші боп аңғаратын. Бұ да сондай. Ал қазір сіз білесіз. Сізді біз құтқардық. Бірақ сіз өз әрекеттеріңізбен жәрдем күштерді қандай сүйеп, көтергендеріңізді білесіз бе? Надя аңғармапты.

Алуа ойланады... Мишаны, Надяны сондай дос көңілімен қошемет етеді.

—Айтыңыз... мен де түк аңғарған емеспін.

Миша сөйлеп отыр.

—Сіздер Н. полкіне үлкен жәрдем еттіңдер. Ал ол полк сол күнгі соғыстан соң гвардия полкі атағын алды.

—Не дейсіз, рас па?

—Ал сол полкте бір қыз... Ол қазақ қызы Әсия Медетова, бұл күнде Советтер Одағы Геройының атағын алды.

—Әсия?! Ол тірі ме, жоқ па?

Миша ойланып қалып:
-Жоқ!

—Әсия... жаным, кішкентай бауырым...

Миша тағы айтады.

—Сіздер ол күн бар полктің батальондарын сондай қостадыңыз.

—Coлай мекен... Надя! Надюша!

—Ол айтпады ма? — Миша қуана сұрайды.

—Кім айтар маған? Ол кім?

Миша айтып отыр.

—Ол — Арман Есов.

—Арман!? — Алуа таңданғанынан біраз өз ойымен кеткендей.

—Ол қайда?

—Ол осында, бесінші палатада. Білмейсіз бе?

—Жоқ.

—Ғажап... Ол да сізді білмейді екен.

Кейін сәл ұйқы, қалғу, ойлану арасындағы Алуаның қасында Арман... Оның қолы асулы, үлкен жаралы. Алуа сәл көзін ашады.

—Алуаш, өмір шиырымыз қалай араласады біздің. Күтпеп ем...

—Мен де.

—Қанымыз да араласты-ау. — Алуа толқуда. Арман енді бұған сондай сұлу көрінеді.

—Болар...

Тағы біразда бұл екеуі оңаша жайда... Айнала көктем, сұлу дүние. Екеуінің құшағы қосылған. Осы халде солярийге біреулер келіп шығады. Ол — Сексек, Нина Ивановна. Құшақтасу, қуану... сүйісулер. Алуа қысылған, сөйлей алмайды. Нина Ивановна мен Сексек бар жәйді түйген. Сексек жылап, күледі.

—Ей, аста... астапырла. Ей, тәйір!.. Қуанған да бір, күйінген де бір. Әрі күліп, әрі жылайым... бәрі де рас!

Өзгелер күледі.

—О-ол, не деп отырсың, Секе, — дейді Арман.

—Бәрін таныдым, таныдым, таптым, тілегімді де таптым. Солай, солай емес пе, Алуаш.

—Рас, Секе. Рас... Енді қашанғы алдайым сенің үмітіңді. Мынау Арман менің досым да, ерім десем болады.

Нина Ивановна мейірлі дос жүзбен қабылдап күледі.

—Бірақ қызық екен. — Арманның аяғына қарайды. Ол тапочканы жерге түсіріп, жалаң аяқ бір аяғын скамияға көтеріп отыр екен.

—Сексек, мынаған қарашы.

Сексек қарап танданады. Түсінбей тұр.

—Сексек, қарашы, Алуаны ұрсып ең... Ал оныкі рас болды. Көрдің бе. Көк етіктіні менсінбейді, көк етікті кез келмейді. Сонымен жүрген екен. Ал қазір қарашы, міні. — Арманның жалаң аяқ аяғын көрсетеді. — Бұған тіпті етікшең емес, вовсе жалаң аяқ күйеу керек екен ғой. Сол кездеспей жүріпті ғой. Сондықтан күйеу жақпай жүріпті-ау. — Күлкі.

Соғыс біткен. Алматыда. Жақсы үлкен үйдің парадный есігінде әсем машина тоқтайды. Үйден Алуа, Арман шығады. Әдемі киінген. Екеуі де тола түскен. Салмақты, көрнекті. Арманды бір үлкен үй алдына түсіріп, күлісіп амандасқан Алуа өз мәжілісіне келеді. Мәжілісте көп жұрт. Әсем зал. Алуа бір кітапты ұстап сөйлеп тұр. Жанында Мардан отыр. Ол семірген, нығыз жұрт осының кітабын сынап тұр. Жиын арасында сөз...

—Алуа қалай қарар екен?

—Барды білетін Алуаға бұл жөн де.

—Ол кісінің пікірін білген бар мекен?

Аздан соң Алуа сөз алады.

—Бұл кітап қазақтың көшпелі шаруасын баян етеді. Қазақ бұрын тауға да көшкен, құмда да өмір кешкен, бәрін де шалқып байыған, жетісіп, шат-шадыман күнелткен дейді. Бұл кітапқа сенсең, байлық артта, қызық құмда, рақат өткенде. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ел сонда ғана болған дейді. Осы кімнің үні? Кімнің көрген күйі? Мен ол өмірдің шетін көргем. Кімге рақат болғанын да ұмытқам жоқ, кімге михнат, ғазап, мазақ өмір болғанын да жадымнан шығарғам жоқ. Ұлы Отан соғысы тұсында біз ол дүниемен тағы бетпе-бет, анық қатты қағыстық. Болды, жетті енді тұманды тамашалау, бұлдырға бал ашу. Мен шынын, анығын ашайын. Ол сіз айтқан қызық, рақат сіздікі болатын, құрметті профессор Мардан Дулатов. Ол байлық, барлық сіздің ағаңыз Доғалдікі болатын, профессор Мардан. Ол күнді тамашалау сіздің өмірлік мұратыңыз болып қалған, Мардан. Бүгін тарих одан баз кешті. Өмір одан жиреніп, ұзап кетті. Бұл кітап — кейінге, өткен түнге, адыра қалған түн-күндерге тартатын кітап. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай, өлген, өшкен құр бұлдырға сенетін тарих жоқ бұл күнде. Өткеннің қараңғы тұманын әкеп салушы бүгінгі жарқын сәулетті шағымыздың досы емес. Бұндай кітап сыналу ғана емес, айыпталуы шарт. Сол айыптың үлкені бұл кітапты жазушыға арналсын!

Қол шапалақтасу.

Алуа қажырлы, қайратты жүзбен, шапшаң құрметпен бас изеп, салмақпен өте береді. Әшкереленген, төмендеп біткен Мардан мойып, сынып қалады. Жұрт үнемі қол ұрып, Алуаны ерекше қошемет етеді. Залда отырған көп жұрттың ішінде Сексек. Ол мәз болып күліп, дауыстап та сөйлеп, рақаттанып, масайып отыр.

—Е, бәсе-бәсе... е, бәсе... Тап солай, дәл-дәл солай, бәсе, біздің Алуа қалай! - деп жорғақтап, қол соғып, тыным ала алмай отыр.

Бұның қасында отырған кішкентай бойлы әйелге Сексек ерсі көрінеді. Ол бір-екі рет тамсана қарайды да, енді шыдай алмай Сексекті қыжыртады:

—Е, мына бейбаққа не боп кетті, ұшып кетер мекен!

Сексек бұның кекеткенін байқап қап:

—Ой, сен... сен не дейсің өзің? Қарашы тілін, қаршадай боп ап! — Сексек көршісін жас қана қыз екен деп ойлайды. Анығында, ол бойы аласа ересек әйел. Қазір Сексектің сөзіне ол намыстанады.

—Қаршадай? Қарашы сөзін, өзі таудай кісімсіп! — Екеуі енді бір-бірін жаңа ғана аңғарысқандай оқшырая қарасады. Сексек бұл келіншекті анықтап аңғарған сайын қуана таңырқап, тамашалай береді. Бұның ұрыспақ ниеті жоқ. Оқыстан мәз болып күле береді.

—Не дедің, әй, айналайын! Таудай?!

—Е-е, таудай десе немене, болмаса нардай жігіт дейім бе?

—Айт, айт, айналайын, тағы айтшы. Ой, астай!

Келіншек енді бұған тандана бастайды.

—Қарағым-ау, есалаң ба? Неменеге ыржақтайды өзі...

Сексек келіншекке барынша еңсесі кетіп, мәз бола қарап отырып:

—Ой, астай... ой, тобай... Іздегенге сұраған...

—Сұраған боса сұраған... Қорқар деппең сенен.

—О, не дейсің, қалқам-ау...

Келіншек бірақ әлі ұрысқан қалыпта.

—Е, шошып кетер деппең сенен! Дәу неме, түрімнен қорқар деппедің!

Сексек үйіріліп, қуана күле береді.

—Е, қорықпа... ойбай, қорықпа... Айналайын, тек қана, бір ғана сөз айтшы, қалқатайым. Осы, күйеуің бар ма, жоқ па?

—Жоқ болғанда қайтейін деп ең, қорғаны жоқ деп жеп қоям ғой дейсің бе... Ал, жоқ күйеуім.

Сексек алақайлап қуанып, орнынан атқып бір тұрып, бір отырады..

—Іздегенім дәл... өзі...

Аздан соң тарап жатқан жиыннан, үлкен зәулім үй жанынан, топ ішінде Сексек пен жаңағы келіншек те кетіп бара жатады. Сексектің бойы келіншектен әнтек үлкен. Қастарынан Арманды ертіп Алуа өтеді. Ол мұның екеуінен де биік, мынау екеуі қозыдай. Сексек соны аңғарып, келіншекке сүйсіне қарап, жөнін айтып келеді.

—Бұл жәйді жақсылап тыңда, жарқыным.. Мен енді барымды айтам. Осы жасқа шейін, Жиренше шешен сияқты, өзіме лайықтыны іздеп келгемін. Бойы лайықты айтам. Бойыма бойы теңді айтам.

Екеуінің қасынан тағы бір бойшаң әйел өтеді. Сексек оған адырая, ұнатпай қарап қалады.

—Болмаса анандай, тырнадай әйелді мен не қылам. — Өзі келіншектің ығына, дене мүсініне айнала, мойын бұра қарап, масайрап сүйсінеді.

—Ой, аста... дәл өзі. Тап іздегенім... а... айналайын!

Енді келіншек те күліп, жылы ұшырайды... жымия күліседі.

—Ендеше, менің атым Балжан. Бал... жан!

—Айналайын... Атыңнан! Аты қандай десеңші. Әрі бал... әрі жан! Сондай тәтті... бүлдіршіндей.

Өз-өзімен мәзденіп:

—Үр-ріп ауызға салғандай...

Екеуі де мәз, қуаныса күлісе береді.

Жетінші бөлім

Алуа самолетте ұшып келеді. Бұл көп делегат әйелдер арасында. Делегаттардың басшысы, толық денелі, ақ жүзді, үлкен, ақылды, ажарлы көздері бар әйел прическасын сәл, бір жақ бүйіріне қарай қисайта көтерген. Алуамен қатар отырып, қағаздар қарап та қояды. Самолет қанаты астында таулар, қалалар, әдемі тақталанған ұқыпты еңбек даласы, егін өлкелері өтіп жатыр. Самолет төмендейді.

—Пекин!..

—Пекинге де жеттік! — Дауыстар мен жүздерде таңырқау, қуаныш та білінеді. Барлық пассажирлер — әйелдер. Бұнда орыс әйелдері аз. Көбінесе Кавказдың, Орта Азияның, Сібірдің елдерінің әйелдері. Осылардың бірі — Алуа. Совет Одағы өкілдері. Пекин бұларды гүлмен, митингімен, көп қуаныш, дос жүздермен қарсы алады.

Көше бойы машиналар толы, құшақтарды кернеген тамаша гүлдер... Алуа да өз жолдастарымен гүл құшақтап кеп, машинаға мінеді. Жиналыс, зор жиналыс ашылады. Көп пайдалы салтанатты сарайда Азияның бар халықтарының әйелдері жиналған. Бұл жиналыс бүкіл Азия халықтары әйелдерінің конференциясы. Өзді-өз ұлт киімдерін киген Қытай әйелдері, Корея, Япония, Бирма, Вьетнам, Индонезия, Индия, Иран, Ауған, Араб елдерінің әйелдері. Жиылыс суреттері кезектеп өтеді. Индия өкілі сөйлейді:

—Индияда әйел саны ерлер санынан 13 жарым миллион кем. Неге? Ерте некелесу бар... 8 жас пен 10 жас арасында үйленген балалар саны әлі де мол. Заң белгілеп алыспақ болған аз шаралар дегеніне жетпей келеді. Сол жас балалар ана болады. Босана алмай көп өледі. Бала туса, толымды нәсіл болмайды, салмағы 2 кг-нан аспайтын дімкәс нәсіл туады. 8 бен 10 жас арасында некелесіп қалып жүрген балалар да көп. Бұдан да масқара халдер бар. Неше алуан ескі, ең ескі жабайы әдеттер әлі күнге Индия әйелдерінің басында.

Япония әйелі сөйлеп тұр:

—Японияда баланы, әсіресе әйелді күндікке сату бар. Таза баяғы күл мен күң заманы бар. Көп фабриканттар күң әйелдер мен күл балаларды сол күл сатушылардың қолынан сатып алып, жұмысқа жегеді.

Бирма әйелі сөйлейді:

—Бирмада әйелдің еңбекақысы еркектерден 45-50% кем төленеді, соцобеспечение, страхование әйел жынысына бұйырылмаған.

Сирия әйелі сөйлейді:

—Сирияда қызды пұлға сату, көп әйел алу шариғат жолымен баяғы ескі қаз қалпында.

Иран әйелі:

—Шариғат мұсылман әйеліне қорлық көрсетуден әлсіреген жоқ, көп әйел алу, қызды сату, нихах, талақтың бар правосын еркекке беру, әйелді мүлде теңсіздікте ұстау әлі күшті, әлі қалпында.

Совет әйелі, Советтің шығыстық елдерінің өкілі сөйлейді. Ұзақ құрмет мол залда, қалың жұрт сүйсініп, қошеметтеп, қобалжып қарсы алады. Үздіксіз қол шапалақтау. Трибунала Алуа.

—Құрметті әйелдер, Азия халықтарының әйелдері, аналар, сіңлілер, құрбылар! "Езілгендердің ішіндегі ең езілгеңдері әйелдер" деп еді біздің ұлы көсеміміз, бүтін дүниедегі езілгендердің бәрінің ең жақын досы, жолдас Сталин, капитализм тұсындағы әйелдер халіне мегзеп айтып еді сол сөзді. Мен бірнеше жүз жыл бойында Англия билеген Индияда мың жыл бұрын орнаған заң әлі бар деп білген жоқ ем. Франция билеген Бирмадағы әйел халі, өзі империалист мемлекет халіне жеттім деген Японияда әйел халі күңдікті сақтау қалпында деп ойламап ем.

Шариғатта Пакистанда, Иранда, Ауғанстанда, Турцияда, Араб елдерінде әйел халінің бұрынғы қорлығын мың жылғы масқара қалпында сақталынған болар деуші ем. Сіздерді тыңдадым да, ойым қайран болды. Бірақ жүрек, жүректе қан ойран болғандай. Себебі, мен осы сіздер айтқан жәйді өзімнің бала шағымда көрген едім. Менің шешем оқымаған, әжем де, әкем де оқымаған-ды. Өзімнің жас қыз шағымда, 14 жасымда үшінші әйел етіп алмақшы болған байдан қашып ем. Содан бері мен бүгіңде кандидат наукпін. Мен екінші жиһан соғысында штурман боп соғысқа араластым, Отанымды қорғадым, мен өз елімде үкімет мүшесімін. Мен ғылымдық дәрежені әйел мәселесі жөнінде, менің елімнің әйеліне Ұлы Октябрь революциясы не бергенін жазып қорғап едім. Одақта мен ерекше әйел емеспін. Мен — мыңдар, миллиондардың бірімін. Сіздер айтқан халдер біздің әйелдерге ертегі, қорқынышты ертегідей. Үйткені бізде әйелдер 8-10 жаста ғана емес, 20-25 жаста да оқуда, өсуде. Онымен қатар, олар әлеумет қызметінде. Еркекпен еңбекақысы тең, әкімшілікте, ғылымда, сайлау, сайламау правосында, қысқасы, қоғамдық, мемлекеттік тірлікте және үй іші тіршілікте заң бойынша тең... мейлінше тең. Сол үшін де біздің әйелдерден неше алуан талант, қайрат, өнер туып, әлемге аты жеткен адамдар шығып жатыр. Сондай әйелдерге қарап біздің дана ұстазымыз айтқан еді: "бұндай әйелдер бұрынғы уақытта болған емес, болуға мүмкін де емес" деп. Біз бостандық, тендігімізбен ғана емес, танылуы, қасиеті, әлемге, жарыққа шығуымен әсіресе бақыттымыз дейміз. Бұған жету мүмкін бе, бәріңізге де мүмкін, тек ол үшін отаныңызда күн оңынан тусын. Бүгін әйел үшін онда күн емес, әрлі күш, қас-қастан, қыңыр, обыр құдірет қана бар, содан отандарыңыз арылсын... бақыт күні тусын сіздерге, қорлықтағы сінділер! Тағы бір кезекте Алуа тағы самолетте. Енді қасындағы жолдастары көбінше ерлер. Ағылшын самолеті бұл топ адамды алысқа ұшырып келеді. Самолет қанаты астында Италия, Египет, кейін Аравия, Иран, Пакистан... Ақыры бұл топ Индияда, Делиде. Тағы да көп халықтар өкілдері жиналған. Бұл — Азия халықтарының конференциясы. Дағдылы қарсы алу, гүлдер, қошемет.

—Неру... Неру қабылдамақ!

Делегаттар топ-топтарымен жіктелген. Әсем сарайда жасаулы стол... Әр ел өкілдері өзінше, өзгеше киініскен. Неше алуан жеңіл киімдер мен аралас, ашық, шұбартқан реңді, аламыш киімдер де көп. Сәлделер, ұзын көйлек киген ерлер, жарым жалаңаш киген ерлер, жарым жалаңаш өкілдер де бар.

—Неру! Неру!

Неру Индияның жеңіл ақкиімін киген, аяқ жағы жалаң... дәл аяғының басында сандалия, басында да сәлдеге ұқсас тартылған орамал. Киімінде европалық әсер жоқ. Жағалай жүріп, қонақтардың тегіс қолын алып амандасып шықты. Кейін аля фуршет, түрегеп қонақасы тарту. Кейін үлкен залда жиылыс... бірнеше адам сөйлеп өткен соң, трибунаға Алуа шығады.

—Мен Азия халықтарының құрметті, қымбатты тарихи жиынына, бар тарихтарда әлдеқашан дұрыс шешілер заманы жеткен, жетпек түгіл, әлдеқашан мезгілінен өтіп бара жатқан көне мәселені қоямын. Ол — көне де, бүгін де, болашақ та қойып отырған мәселе. Ол — барлық Азиядағы адамзаттың қақ жартысы, яғни Азия әйелдері тұрмысындағы мәселе.

Бұның сөзіне елең еткен кісілер көп. Неру көз алмай қарап отыр. Бар өкілдер әр ажармен көз салады. Бұнда үлемалар, ламалар, шамандар, әр түрлі князьдер, Ману, индуизм, конфуцизм, Будда жолындағы дінбасылар, рубасылар да бар. Осы соңғы топ Алуа сөзіне наразылана құлақ қояды. Алуа сөйлеп тұр. Ол сұлу да батыл. Ардың үні, әділ сын сөзін шығарып тұр.

—Азия халықтары біз өзге материктер халықтары алдында әйеліміздің халі үшін өлердей ұялатын халдеміз. Мен, Азия әйелі есебінде, сол Азияның әр халқының саясаттағы, санадағы, мораль, дін жолындағы басшыларға, сіздерге жолдап аз ғана сөз қатамын. Қашанғы уақытта Азияда осыдан екі мың екі жүз жыл бұрын туған Ману кодексінің әйел турасындағы жолы сақталмақ? Қашанғы уақытқа дейін мың бес жүз жыл бұрын брахманизм, индуизм кіргізген әйел қорлығы сақталмақ? Алты жас, сегіз жас, он жастағы балалардың некелесуі қашан тыйылмақ? Қашанға шейін ислам шариғатының атымен кірген әйел қорлығы, күңдігі, көп әйелге үйлену, әйелді сату сақталмақ!

Үлемалар мекіреніп, қыбырлап, қобалжып дұға қылысады, күпірліктен, күнәкарлықтан түңілген-ді. Алуа сұлу, батыл, қызу сөйлеп тұр.

—Азияның кейбір елдерінде, мырза Неру, сіз де жақсы білетін кей елдерде әлі күнге первобытный обществода болған пуналуаның қалдығы бар. Полиандрия бар... бір әйелге бір үйдің ішіндегі туысқан еркектің бәрінің ортақ күйеу болу заңына шейін бар. — Индустар мен ламалардың бір тобы қатты қожырап, наразылық білдіреді.

Алуа сөзін аяқтай бастаған.

—Осы масқара күйлер Азия әйелінің басынан өтері бар ма, жоқ па? Ұялар, қызарар, алысар шақ жеткен жоқ па? Бұл сұрақтар менің ғана сұрақтарым емес, миллиондаған аналар, жарлар, қарындастар, қыздар сұрақтары. Ар сұрағы, ғасыр сұрағы. Мен соны жеткізбеске дәт қыла алмадым. Менің айтарым жоқ, тек сол сұрауым ғана бар. Мен болдым!

Тағы бір кезекте Алуа топ әйелдер арасында. Бұлар әр халық әйелдер өкілдері, МДФЖ жіберген топ. Осылар ойран болған Корея қыстағының жанып жатқан бір үйі жанында. Сонда зарлап жылап тұрған кішкене қызды көреді. Алуа құшақтай алып, бауырына қысады. Одан сұрайды...

—Әкем өлген. Соғысып өлді. Кеше.

—Шешең?

—Шешем бұрын өлген.

—Кімің қалды? Жасың қаншада?

—Ешкім жоқ. Алтыда. Әжем бүгін өлді.

—Жалғыз әже, о да өлді ме?

—Мынау үйге бомба түсті. Жалғыз әжемді және өлтірді. Мен жалғыз... Және жалғыз қалдым. Үй жоқ. Ол әні... Өртеніп жатыр... Мен... Мен енді қайда, қайда бардым?! Мен қайда барам?

Алуа қызды бауырына қысып, жылап-жылап жібереді. Өзгелерден бөлініп, қызды құшақтап отырып қалады. Көз алдыңа өзінің алты жасар күні келеді. Бұл — әке өлгені, кейін күндіз әжесін қойғаны. Жалғыз жылап, бай үйінің жанына келгені. Сондай елестер өтеді. Оянады. Алуаның көзінде, жүзінде ағыл-тегіл жас... Корейдің кішкене қызын көтеріп, бетінен сүйіп, алып кетеді. Тағы бір кезекте және үлкен жиылыс. Ол Берлинде. Алуа сонда да совет әйелдері тобының арасында. Бұнда Коттон, Попова, басшы әйелдер солар. Қаулы балаларды қорғау, дүние жүзінде балаларды қорғау шарасын ойлауды шешеді. Жақын уақытта дүниежүзілік конференция шақырылуға ұйғарылды. Самолет ұшып келеді. Алуа жерді танып қуанады. Самолет қанаты астында кең су. Ол — Балқаш көлі. Енді біразда Алатау... қарлы, бұлтты, мұнартып тартқан, аспан құшқан Алатау. Самолет қонады. Алуаны қалың ел қарсы алады. Қуаныш. Арман қолына гүл құшақтап қарсы алады. Сексек те, Балжан да мәз қуанышпен құшақтасады Алуамен. Ағылған ел. Қол шапалақтап, Алуаны құрметтеп қарсы алып жатқандар тобында гүл ұстаған пионерлер де бар.

Машинада Алуа, Арман, Сексек, Балжан.
Сексек әзілді жүзбен:

—Алуа айналайын, енді бір тыным алшы.

—Е, мен шаршап, қажып жүр дейсіз бе?

—Шаршасаң да, осы самолеттің қанатында қартаятын болдың ғой... — Күлкі. — Осымен кете барғаның ба, енді қашып?

Алуа ойланып қарап, мысқылдайды.

—Немене, Секе, тағы толмаған арманың бар ма мен туралы, енді не қылмадың дейсіз?

—Ойбай-ау... Енді қашан, енді қашан сенен бір нәресте көріп, соны иіскеймін. Сатай ағамның ендігі көзі деп соны қашан көңілге медеу етем... Е-е, енді мынау Арман да боса... бұ да боса! - деп, Арманды топшысымен қағады. Өзін қоста деп бұйырады. Арман, Алуа бақытты, құр күліседі. Алуа Сексекке қалжыңдап:

—Ойбай-ау, өзің... өзің ше, Сексек-ау... Балжан ше.

Балжан мен Сексек қулана күліседі.

Азда үйге кіріп, шаттық қуаныш арасында Сексек пен Балжан жөргектегі өздерінің кішкентай баласын әкеп Алуаға ұсынады да, мақтана қарасады.

Алуа, бұлар да құттықтап қол шапалақтайды.
Сексек:

—Қол шапалақтама. Одан да елікте, Балжанға елікте.

Күлкі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙