Мазмұнға өту
Home

Уақыттың алуан түсі

Бақытжан Абызов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Уақыттың алуан түсі

Авторы: Бақытжан Абызов

Бақытжан АБЫЗ уақыттың алуан түсі Өлеңдер Алматы УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 А-16 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді АБЫЗ Б. УАҚЫТТЫҢ АЛУАН ТҮСІ/ Б. Абыз. – Алматы: Хантәңірі, 2014. – 390 бет.

ISBN 978-601-03-0235-8 Қазақтың талантты ақындарының бірі Бақытжан Абызовтың «Уақыттың алуан түсі» атты мына жаңа жинағы – ақынның оқырмандарына жол тартқан сан бояулы, шалқар шабытты дүниесі. Кей мезеттерде орыс поэзиясының ірі өкілдері С. Есенин мен Н. Рубцовтың және сол сияқты қазақтың көрнекті лириктері Т. Айбергенов пен С. Жиенбаевтың сұлу сазға суарылған ойнақы да ойлы өлеңдерімен сарындас, мінездес келіп жататын Бақытжан ақынның қалың қауымға ұсынып отырған бұл поэтикалық топтамасында әсем табиғаттың хас суреттері, ел мен жер, махаббат пен мезгіл, өмір мен өлең жайлы философиялық мазмұндағы толғамдары шебер де шынайы бейнеленген. Ақынның өзгеше өрнекте айшықталған лирикалық туындылары өзінің орамды ойларымен, терең тақырыбымен, жаңаша түр-сипатымен ерекшеленеді. УДК 821. 512. 122-1 ББК 84(5 Қаз) -5 ISBN 978-601-03-0235-8 © «Хантәңірі», 2014 А-16

БОЗ БАЛА ДӘУРЕН, БОЗ ҒАЛАМ

ОН СЕГІЗ. ӨЛЕҢ ЖӘНЕ МЕН Бейқам дүние, бозбалалық болмыспен, Өлеңге ендім, өрендігім болды үстем. Мінезімді танытармын жыр жанды, Талайларға ту сыртымнан тон пішкен. Өмір-дода. Көкпар-тірлік өңгеріп, Қондым ерге мен де мығым, жөнделіп. Тұғыр туар. Тұлпар қайтып келер ме? Құлагердің ажалы – Адам. Пенделік. Шықсам-дағы дүсірлетіп қырға кеш, Бере қойман адуынды жырға дес. Он сегіздей түбіт иек інісін, Еркелетер арғымақтай Жиырма бес. Өлең - Өмір. Осы бауырым, көнсеңіз, Дауылын да, жауынын да көрсеңіз. Жыр-парағым жасыл кілем секілді, Жауқазындай гүлдер жауған Он сегіз! 1977 жыл.

ІҢКӘРЛЫҚ. ӨМІР - САХНА Беймәлім сапарым… Құшағын жол жайды, – Қашанғы Төлеген-ғашықтар сорлайды, – Дегенді естіген Тағдыр тас – сол қайғы. Махаббат – бұл деген күрделі драма, Ал, драма қайғысыз болмайды. Үлкен оқиғадағы ғашық актерлер – екеуміз, Жалындап жанамыз… Сәлден соң бөтенбіз. Амал не? Келістіре алмайды екенбіз. Біздегі айырма – көрініс көңілсіз, Суысып. Содан соң... бөлініп кетерміз… 1977 жыл.

САПАРҒА ШЫҒУ Жолым ауыр ма? Сан қилы кезеңдерде, Мен көрмеген жалбыр тау, өзендерде. Бекежан-тағдыр да қалтырай ма, Төлеген-ақынның сөзі өлмей, өзі өлгенде. Тәрк етіп бәрі, бәрін де, Шындықпен күйдіріп арсыз жаланы. Қасқайып қарсы алған ажалдың аранын, Өзінің соңғы әнін де еліне арнаған, Ақандай елінің сүйіктісі боп қалады. Қол бұлға сапарым, Жеріндей Көкшенің, Жазира жап-жасыл, жаңбырын төксе күн. Жатайын нөсерге жуынып шалғында, Жетеле мені алға, бек сенім. Бақыт па екен – бұл, Ұлы жолдардан тосып алатын, Аяулысындай айнымас досы болатын. Уақыт па екен – жыр, Мені де сапарда қасына алатын! 1978 жылдың 10 қаңтары.

ЛИРИКАМ МЕНІҢ Лирикам менің – қолаң шаш, гүл ерін, Еліктің ерке лағындай менің ақылдым. Жыр жазбағанмен – ақын ғой сенің жүрегің, Жырламаса жүрек аяулысы болу қиын ақынның. Лирикам менің, кеудемде сансыз неше өлең, Сырлы әуездерден тұратын бейне күйсандық. Көгілдір көктем сен келе жатқан көшемен, Күркіреп өтті, жауынның жұпар иісі аңқып. Лирикам менің, жапырылып қалған шалғында, Раушан гүлдің қауызынан жетім шық тамып. Адамнан өзге табынушылар да бар мұнда, Ботаника бағы тұр Афродитаға сұқтанып.

Лирикам менің, қамықпа, келісейікші мынаған, Аппақ нөсердің тез өтетінін соң ұққам. Шабыт буғанда, жанарымды кейде шылағам, Махаббатымның сен тек сүйіктісі болып қал! 1978 жылдың 11 қаңтары. ШАЙЫР - БАУЫР Арман қылмас едім мен астананы, Интернатқа тағзым етем. Баспалдақтар осы үйден басталады, Университетке – бағзы мекен. Хафиз ақынның ұлына шабыс тілеп, Жыр отауында талай түнедім. Екеуміз екі жақтан кеп табысып ек, Жақындасқандай Көкше, Сыр елі. Алатаудың етегіндегі қалы кілемді, Бүркеп тұр сағым қашық қып. Біздерді солай қимас дос етіп жіберді,

Өнерге деген ғашықтық. Сәтсіздіктердің сапары сүрең, тосын-ау, Өмірдің мынау қиялай тартқан өрінде. Күлкімен жанды жұбата алмайсың, досым-ау, Сүрінбеу керек, тегінде. Күйі келмеген ақынды жатқанда аяп, -Қалайсың, бауырым, – десе кім де. Ойымдасың әман: жыр оқып келе жатқандайақ, Өзіңмен-өзің... Тимирязев көшесінде. Қызғаншақ жандар күйкі өмір күйігімен, Қарқ етіп қарғаларша жасайды анық. Байқа бауырым, ақындық құзар биігіңнен, Мастанып, құлап кетпе бас айналып! 1978 жылдың 12 қаңтары.

ӘЖЕМЕ ХАТ Қатып қалған өзен-көлдер, жылғалар, Ұшып кеткен әлдеқашан тырналар. Жаңалық боп Жаңа жылда қар жауды, Әже, сенен келмей қойды-ау бір хабар. Түнеукүні соңғы жазған хатыңда, – Барам, – депсің, – Алматыға жақында. Тіршіліктің таусылмайтын күйбеңі, Қысқа ұласып, қолды байлап жатыр ма? Болып қайтсаң кемі бір ай демалып, Сапар айқын. Жүретұғын жол анық. Бір ай бойы немереңе – жаңалық, Кетер едің еркелетіп, бала ғып.

Бір үлкен той қаладағы пәтерде, Болар еді: келеріңде, кетерде. Ауыл жанды қариясы аз қаланың, Ұқсап қалған сияқтанып шетелге. Жатырқайсың трамвайдың ызыңын, Жұбатсам деп: одан да үйдің «бұзығын». Сағынасың немереңді үш жасар, Көрсем дейсің өмір жетсе қызығын. Кешегіден қызық күннің ертеңі, Қызық еді-ау сен шертетін ертегі. Қызуы мол пеш түбінде маужырап, Тыңдайтынмын тұйықтап ап көрпені. Сол күндердің ертегі ғой – өзі енді, Қар да жауды. Жаңбырымен жаз ерді.

Маған жақын баласына ең үлкен, – Жіберіңіз, – дегем, – бізге әжемді. Сол күндердің ертегі ғой – өзі енді, Қар да жауды. Жаңбырымен жаз ерді. Маған жақын баласына ең үлкен, –Жіберіңіз, – дегем, – бізге әжемді. Бейуақтағы ойларыңнан жалықсаң, Хатымды оқып отырарсың жағып шам. Әже, Сізді күтіп жүрмін келер деп, Сәлемменен: немереңіз Бақытжан!

ЖАҢБЫР ЕРТЕГІСІ

Жаңбыр жауса, көк болып жайылар ем, Сыйлар еді бүршігін қайың, емен. Қараша күз өтеді тамашамен, Желтоқсан-жел ызғырық уайым-өлең. Терлеп бөлме тұрады, жылап шыны, Қамкөңіл күз. Құпия бірақ сыры. Кейде жаңбыр, кейде қар сұрақ болып, Жауады олар. Кім білген бірақ мұны?.. Іңірге алып баратын кешті түнге, Хақысы жоқ уақыттың ескіруге. Әжем енді шертпейді ертегісін, Мен де тыңдап жатпаймын пеш түбінде...

Бүгін еске түсіп тұр балалығым, Шалалығым, кей-кейде даналығым. Жауын жауған сайын бір жаңарамын, Дүниеге келгендей жаңа жырым. Бала көңіл аппақ қой – ел есіне – Жиі алатын. Көтеріп төбесіне. Енесайдың бойында қалып қойған, Ұқсайды Шыңғыстың ақ кемесіне! 1979 жылдың 30 желтоқсаны. ШЕГІНІП КҮНДЕР БАРАДЫ Шегініп күндер барады, Гүл теріп, дала кез бір күн. Жасаурап қапты-ау жанарың, Арманшыл қаракөз құрбым. Көңілің көктемге ғашық, Бүр жарып, көгерер ме екен? Екеу боп бөктерді асып, Оңаша жөнелер ме екен? Мазалар елесі мүмкін, Баянсыз ғашықтық сол бір. Қарсы алар келесі бір күн, Шаттығыменен жақұттан мөлдір.

Аңса сен шапағат үнді, Мұңыңды қозғасын өлең. Алғашқы махаббатыңды, Жусаң да көз жасыңменен. Таппаспын, сірә, сені мен, Қала мен дала кезгенмен. Үркейін деп тұрған елік ең, Үркектеу қара көз көргем, Аңқаулау бала кездерде... 1980 жыл.

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ТУРАЛЫ ОЙЛАР Ойда отырған кезінде жыр оқымай, Қара бала – кәдімгі мұраты бай. Балалық пен ертеңі арман қуған, Көз алдында таласып тұратыны-ай. Бала қылықты көктемі, қазыменен, Ала бұлтты, жаңбырлы Жазыменен. Сырласып бір жүретін елге хат сап, Көбінесе қызына жазып өлең. Өзге түгіл, өзін де түсінбейді, Кейде жалғыз жүреді пішінде ойлы. Балалығы көңілінде көмескі елес, Қиял құсы: – Самғатып ұшыр! – дейді.

Даласы не, бәрібір, қаласы не? Қайсы жақын, түспей тұр дәл есіне. Түседі еске балалық... ертегілер, Мейірлі еді қамқор жан – әжесі де. Жүрегіне жылы ағыс, тараса нұр, Өзіне өзі қарайды балаша бір. Өлшемейді өмірін өзіменен, Осынау аралықтың бағасы – өмір. Қуанғанда, болмаса мұңайғанда, Балалық шақ жүреді бір ойларда. Жаңа ғана соны ойлап келе жатып, Түсіп қала жаздаппын трамвайға! 1979 жыл.

ЕЛЕСТЕР Далада жел жылай ма, Біреу есік қаға ма? Қорқыныш боп тұр ойда, Ызыңдаған бағана. Көп елестер кимелеп, Есік қағып, кірем дер. Бейуақта үйге кеп, Кеткен бе әлде біреулер? Қарап едім жан-жақты, Жел соғып тұр. Жоқ ешкім. Келген із де болмапты, Ұйықтай алар емеспін. Түстім әбден сарсаңға, Таппай жұмбақ шешуін. Жалғызсырап қалсам да, Жалғыз емес есігім... 1981 жыл.

ҚҰМ МЕН МҰҢ

КАСПИЙГЕ ҚАРАП, АРАЛДЫ ЕСКЕ АЛУ Біреу сені теңіз дейді, Біреу сені көл дейді. Екеуіне де – емізбейді, Екеуі де – шөлдейді. Саған берген атақ-аты, Біреуінде – қателік. Екіншінің махаббаты – Саған өзен әкеліп. Құятындай, қайта жасап тарихын, Айтатұғын: – теңіз, – деп. Ал, біреуі – тек картадан танитын, Келмейтұғын: сені іздеп. Кейде, кейде кешіре гөр, о, теңіз! Мәселеңді шөлдетіп ап шешеміз. О бастан-ақ сен едің ғой – Әкеміз, О бастан-ақ сен едің ғой – Шешеміз, Қолымызда шайқалып тұр кесеміз... 2006 жыл.

СЫРДАРИЯ СЫРҚАТ, САУҒА БЕР! Ленин көмек сұраған, Жебеуі ең елдің жылаған. Еділдің жұртын аштықтан, Ап қалған сен ең дін-аман, Қалайсың, Арал, Сыр-Анам?! Өтеді өмір… Тоқтар ма? Тіріні болмас жоқтарға. Сыртыңнан сенің тон пішіп, Салмақпыз тағы көкпарға, Егемен болған шақтарда. Қуарды-ау теңіз жанары, Суалды-ау екі анары, Қызылорда, Шымкент – егіз ұл, Тілінген құмнан табаны, Тел еміп өскен Ананы. Алағай-дағы бұлағай, Қарғын суына шыдамай, Келіспей жұртпен қылдың ба іс, У ішкен елден сұрамай, Үкіметім-ау, бұ қалай? Мерейлі шақта халқы аман, Аумақ па арқар Арқадан, Келер ұрпаққа қалары – Лайсаң көлшік тар табан, Өшсе егер теңіз картадан.

Ағайын жайын дауда көр, Аспайды әсте таудан өр. Қай жаққа барып паналар, Үдере көшсе ауған ел, Інгенің боздап сау желер. Құны жоқ сабан ақшадай, Қадіріміздің қашқаны-ай, Сырдария – ортақ анамыз, Анамызды енді алқымнан, Алмақпысың сен, Көксарай! Алыс та, туысжақын да, Сөз қозғап дария хақында, Күлтөбеге кеп кеңесіп, Бір-бірімізді батырға, Теңейік, келіп ақылға. Тату ағайын сірә да, Ойласпай кеңес құра ма, «Төртеуің түгел болса» егер, «Төбедегі келер», Сыр-Ана, Елбасы қолдап – Нұр-Аға. Жетпейді жасыл бауға жер, Оралмас кетіп қалған ел. Өзге емес, өзің отырып, Түсінісетұғын халға кел, Сырдария сырқат, сауға бер! 2008 жылдың 28 наурызы.

СЫРДЫҢ БОЙЫ. ЖАЗ. АПТАП Жаз ба екен мынау – сұрқай күз, Тартылған өзен канал боп. Желектен жасыл жұрдаймыз, Айттың не, айтпа – амал жоқ. Болса да Шілде – тоңамын, Осынау ауыр ойлардан. Дарияға қаптап мол ағын, Жөңкілсе, шіркін, сайларға. Тамар ма ед тамшы Аралға, Тоқтар ма ед жауған құм көші. Не десін бұған адамдар?

Көріп жүргені – күнде осы. «Боран» да ұшты боратып, Орнатып жазда ызғарды. Көрінбес шаңнан дала түк, Жайнаған жаздан – күз қалды. Байқоңыр жалда – сор аймақ, Аспаннан шаң-тұз жаудырған. Қарасаң жұртқа абайлап, Кепкен балықтай – ауру жан. Шекпеген азап жан аз ба? Дәрігер білмес бұл дерттен. –Миллионер, король, князь да, –Қарасын Сырға құрметпен!- Деп айқай салғың келеді, Дүниеге – дүлей-меңіреуге. Ақынның жалғыз өлеңі, Жетпейді-ау елді емдеуге. Жартыкеш өтемақылар, Жарамас ешбір ылауға. Сондықтан елдің хақы бар, Жанына сауға сұрауға! 2002 жыл.

СЫРҒА СЫР Ақжал толқындар шиыршық атып күміс жондарымен, Бәрібір Сыр тасиды, арнасына қайтып, толғанымен. Өзің деп туған мен бір-ақ шайырды мойындар едім, Сыртыңнан жамырайтын жәреуке мың ақының болғанымен. Сен барда аспаным ашық, тарылмас әсте кеңісім, Жырымды саған арнаймын жүрсем де қайда сен үшін. Аралға қарайға ақжал толқындарыңды жетелеп, Ұзара берсін аршылып құм басып қалған өрісің! 1977 жыл.

АСФАЛЬТТАҒЫ АРУАНА Өркеші айыр, жақ жүндері үрпие, Күрт-күрт шайнап көк жантақты бір түйе. Маңмаңгерім маң баса алмай келеді, Сүйреткендей саудыраған құр сүйек. Маңдайына сыйдыра алмай бақ қоныс, Шөлейт жердің төскейінен тапты өріс. «Мені де ала кетші»,- дей ме жануар, Мұңын ұқпай өте шықса автобус. Елең қылмай өртең күнін тамыздың, Жүдеу түйе оқшау қалып, қара үзді. Асфальтта емес, Ойсылқара ізімен, Көк автобус келе жатқан тәрізді. Лүп еткен леп селеу басын қозғайды, Ұзап кетіп, ақ аруана боздайды. Дүние мұңы тұрмаса да иығыңда, Аз емес-ау, өз басыңа – өз қайғың. 1978 жылдың 15 маусымы.

ТҮЙЕ МЕН ТРАКТАТ Алтын артқан қоңыраулы талай керуен, Болған-ды Сахараның құм құрбаны. Қызыл нар Шығыстан бір арай көрген, Жеткізбей он мыңдаған жылдың жалы. Тарихта бізге жұмбақ бәдәуидің, Түйесі шығармай-ақ бір-ақ та атын. Он бір ғасыр жол жүріп Фарабидің, Жайып салды әлемдік трактатын... 1978 жылдың 9 ақпаны. ШАБЫРДЫҢ СЕКСЕУІЛІ Тамырынан тұтанып, Аптап ұрса сексеуіл. Селдір өскен бұталар, Қабығы жасыл – көкшегір. Күн қыздырып шекесін, Тауысты ма төзімін. Іштей аяп өтесің, Қараудың да өзі мұң. Сексеуіл қарады, Берсе,-дей ме бір көмек. Көйлекке түйме қадады, Етегін қойды бүрмелеп.

Күтті ме әлде бір тойды, Бітпестей қызық думаны. Жанарда моншақ үлкейді, Омырауын жаспен сулады. Кеткендей өңі жасарып, Қайта гүлдеп, жанданды. Сабағынан бас алып, Өркен жайып қалған-ды. Тақырға мидай төнді бұлт, Сеуіп өтті бір көлді. Күн алауын сөндіріп, Ымырт шапан бүркенді. Қалғып кетті айнала, Әлсіз жандай талықсып. Көкте жүзген Ай ғана, Сәулесінен жанып шық. Ал, таңертең көзді арбай, Құбылды шырпы мекені. Сорғалап жерге бозторғай, Алысқа шырқап кетеді... 1999 жыл.

ГӨЗАЛ-ГҮЛ ЖӘНЕ ҒАЗАЛ-ЖЫР

ҚАЙРЫЛМАЙ КЕТКЕН МАХАББАТ Айтпай-ақ қой атыңды, сұрамай-ақ мен білем, Махаббатсың. Мен сені ғашықпын деп сендірем. Көптен бері келмей келмей кеттің. Сырқатпын, Тезірек кел. Кеудемдегі аңсар отын сөндірем. Есігімді қақпай-ақ қой, бұрынғыдай именбе, Неге тұрсың босағада. Әлде мұның – сүймеу ме? Кетті үнсіз сол махаббат... Тұрмын әлі сілейіп, Жарық сөніп қалыпты-ау кеудемдегі үйлерде. Жалын едім. Сөндім солай. Бір-ақ уыс күл болдым, О, махаббат! Сен ғайыпсың. Қалмапты ешбір бір белгің.

Келдің маған үнсіз ғана. Тіл қата алмай қалдым мен, Қоштаса алмай қаларымды үнсіздіктен білгенмін. Неге келдің? Неге кеттің? Неге... Неге... Неге... Сен? Сен тұрғанда мен өзімді бақытсызбын демес ем. Сен жоқтықтан бұл өмірде кетті талай көп есем, Қайта оралшы, сәл жымиып, қолтығымнан деме сен! 1979 жылдың 8 наурызы.

СЕН ЖЫЛАП ТҰРДЫҢ... Есімдегі, Сұлуды досыңның туған күн кешіндегі. Ұмыта алмай өзіңнен бүгіп қалдым, Кешір мені! Сезінбеске, Шарам жоқ. Кінәлі кезім де есте. Сол бір кештің қызығын еншіледік, Көз ілместен. Келбетіңе, Қайран қап, дүние тұр тербетіле. Тарқап кеткен бұрымнан шық төгіліп, Жер бетіне. Күй кешемін, Қодар санап – сенімен билесе кім. Қозыдайын Баянды қызғанбасам - Сүймес едім. Сағынысып, Бірімізге біріміз алып-ұшып. Құдіреттей сезімнің әуенінде, Жатамыз табылысып.

Сая бір бақ, Оңашаны жүрегім сая қылмақ. Үкі шамдар бірегей көлеңкені, Қояды ұрлап. Күлімдедің, О, қуанышым мен мұңым менің. Көріп тұрмын мөп-мөлдір жанарыңнан, Сәуленің жүгіргенін. Бір-ақ түннің, Қызығын бөліссек те, ауылы жырақ мұңның. Бақыттан ба? Көзіңнен моншақ үзіп, Жылап тұрдың! 1978 жыл. СҮЙГЕНДЕР ЖӘНЕ СҮЙМЕГЕНДЕР (лирикалық эпиграмма) Асау сезім бой бермей кеу-кеуледі, Аңсау жайлы жазыппын қилы өлеңдер. Бара жатыр ескіріп кеудемдегі, Сүйгендер және мені сүймегендер. Өзге әуендей ақжарқын естілмеген, Осы әнменен бақытты мендегі өлең. Бұдан бұрын дәл сендей ешкімге мен, Ғашық боп… Байғұс басым… Көрмеген ем. 1978 жыл.

МЕН СЕНІ ҚАЙДА КӨРДІМ... Мен сені қайда көрдім, Жырым басқа сияқты ед бұрын менің. Сен сонда үркек-елік… Дірілдедің. Шарасындай толқып бір айна көлдің. Табысып... Кеттік кейін... Айырылысып, Тағдырдың қатал мұңы – бізге енші. Іздемейін. Сен-дағы іздемеші, Жүрейін у шарабың – қайғыны ішіп!.. 1978 жыл.

БҰРЫМДЫ ҚЫЗ. БҰЛА СЕЗІМ Ауыл қалай, ауа райы, хал қалай? Алмадың ба соңғы жазған хатымды ? Аяулым-ау, үнсіз-түнсіз аңдамай, Сергелдеңге салдың-ау сен ақынды. Кейін мені түсінер ең, білер ең, Қазір менің жүрегіме сеніп көр. Жанарыңа бір ыстық жас тірелер, Содан кейін өзіңе-өзің ерік бер. Оқымассың саған жазған өлеңді, Оқырманын тапса жырым – мұңайтты. Екеумізде махаббат жоқ дегенді, Бұрымды қыз, оны саған кім айтты? Біз де аманбыз. Аман әсем астана, Жаңа Жылда барам елге уақытша. Хат жазып тұр жиі Главпоштаға, Көріскенше. Сәлемменен, Бақытжан! 1983 жылдың 10 тамызы.

БІЗ ЕКЕУМІЗ Шалғынын жасыл майса тұр-ау жайып, Кел қалқам, көк шалғынға бір аунайық. Аунап тұрып, ессіз бір шаттанайық, Біз өзенбіз – мынау Сыр, мынау Жайық. Ұмытып бұл дүниені – Мамыр айын, Бірімізді біріміз сағынайық. Жанарыңа сыйғызып алғайсың сен, Ертең осы суреттің – бәрі ғайып... Несіне біз елеске табынамыз, Қозы-Көрпеш, Баянның бәрі де аңыз. Керек емес сұлу жүз, сиқыр күлкі,

Бізге керек ғашықтың ары нағыз. Сен құлатып кеттің ғой сақ-сақ күліп, Мен орнымнан өп-өтірік ақсап тұрып. Ұмтыламын өзіңе аш қасқырдай, Тұтата алмай тезірек шақпақты үміт. Кешір сені, байқаусыз жәбірлесем, Шырқап салар өзің деп – әнім де сен. Сен менің тура қара жанарыма, Сондағы лапылдаған – жалынға сен. Сенің назың, әзілің – мерекеміз, Балқып бара жатқандай дене тегіс... Қайыңдар арасында, дұрыс шығар, Кеткеніміз адасып... Сен екеуміз! 1980 жыл.

ПОЙЫЗДА Ұқсатып сені Тоғжанға, Абайша арнап жыр ыстық. Жолдағы бекет, вокзалда, Ғашық жүрекпен тыныс қып. Құшақта тұрдың тығылып, Жырға ұйып үнсіз елік қыз. Бір-бірімізге жылынып, Ауылыңа сенің келіппіз. –Қаласың, – дейсің осында, Менімен бірге қалайда. –Тілегің сенің болсын да, –Тағы да бірде, жарай ма? Әзіл ғой, мұным, ұқ мені, Өзімше өстіп ақталам. Келемін бір күн, күт мені, «Қазақстаннан» тоқтаған. Апаң тұр күтіп вокзалда, Мен саған енді не дермін?.. Жалғасы Жаңақорғанда, Мен жазатұғын өлеңнің! 1981 жыл.

ХАБАР КҮТУ Нұрлы Наурыз. Қызыл қардың суы құт, Жатыр көктем көк шалшыққа жуынып. Ағаштардың жасаурайды кірпігі, Көшелерден көтерілген бу ұрып. Аспандағы ақша бұлттар – ақ кеме, Ақша бұлттар қара жерге жат неге? Көп үйлердің арасынан қала боп, Шыға келді у-шуы аз Ақтөбе. Автобустар күтіп тұрды жолымды, Бұл қалада білмеймін оң-солымды. Қыстың соңғы аязы әлі өлмепті,

Үрлеп қоям жылытсам деп қолымды. Саған келем сағыныштан абдырап, Ал қиялым – алып-ұшқан арғымақ. Сені көріп ұмыттым мен ұйқысыз, Ұшақты да күткенімді қалжырап. Неткен жан ем, шалағайлау, тосын ем, Өкпелетіп алдым сені несіне? Мен өзімді кешірмеймін сол жолы, Сенің тентек қылығыңды кешірем. Байқамаған станция оттарын, Апат болар пойыздай мен тоқтадым. Жаншып өтті сағыныштың салмағы, Үзілгенде жылы ағыстай хаттарың!.. 1986 жыл.

ТӘЖ КИГЕН ТАУЛАР. ТҰНЫҚ СУЛАР

БОЯУЛЫ ӨЛЕҢ Мен ақ жаңбырдың ішіне кіріп, Жаңғырықтырып ән салсам деп едім. Сол бір студент арманшыл жігіт, Қанат қып келеді әлі әсем өлеңін. Бұлттардың сосын төбесіне шықсам, Ешкім де бұйырмас еді айыпқа. Мынау жұмбақ дүниенің сырын ұқсам, Нұх пайғамбардай мініп ап қайыққа. Тасқын да болмас, топан да болмас, Өтіп жатыр ғой небір замандар жаһанда. Одан да болайын Отанға жолдас, Сарбаздай қосылып ұлы қатарға.

Дүние мынау қызылды-жасылды, Үйлер мен көшелер әлем де жәлем. Мезгіл кемпірқосақ боп ашылды, Берейін тақсыр Уақытқа сәлем. Ағзам Уақыт таңертең – жас бала, Ал түсте жігіт боп, кешкілік қартайды. «Бәйтерек» кешені. Сұп-сұлу Астана Басып озыпты Атырау, Алтайды. Суға толыпты бөлінген Кіші Арал, Жап-жасыл оңтүстік өңірдің мақтасы. Гүлденіп кетіпті жазира Үшарал, Қорғасым қорғап тұр кеденнің қақпасын. Ерікті бердім мен осылай қиялға, Дүниеге көз салып алыстан ақырын.

Шабыттан. Қанаттан. Жырыңды жиі арна, Жаратылысқа, жалын жүректі ақыным. Осылай кенеттен мен сергіп ояндым, Сыбырлап құлаққа мазасыз өлеңім. Ұқсам деп шын сырын сансыз бояудың, Сиқырлы өлеңнен жоқ іздеп келемін! 2006 жыл.

ЖЕТІСУ - ЖЕРҰЙЫҒЫМ, ӨР БИІГІМ Аспанында ақшулан бұлт айналған, Мөлдір бұлақ бүлкілдеп мың қайнардан. Бұратыла билесе бала қайың, Бозторғайы құлдырап шырқайды алдан. Іледен – Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу дүйім. Жамырап, көбіктеніп жарға ұрады, Жеті өзен келтіріп ап құлақ күйін. Кеудесінде алқасы Мойнақ, Балқаш, Хан Тәңірі – көгінде, құзда – жартас. Ұлы Жібек жолында жатыр Жаркент, Қақпасы Қытай жақтан көне Қорғас. Өзені тау басынан сарқыраған, Есіктен табылған-ды «Алтын адам». Шығысынан созылып Тарбағатай, Солтүстікте Бетпақпен сән құраған. Көк толқын, алтын сәуле Алакөлім, Іленің саласында – «Арал елі». Омбыдан Семей жаққа сапар шеккен, Шоқанның ізі қалған баба жерім.

Бетеге, жусан, изен, ебелегі, Мекені бүркіт, лашын, бөдененің. Жазықта жайран, сайғақ, борсық жортқан, Қалы кілем түсіндей көбелегі. Жетісу, жауһарымсың атың дара, Сенде өскен жас ұланым, бермен қара. Жамбыл жәкем, Үмбетәлі, Кенен ата, Біржанменен айтысқан ақын Сара. Өлкенің күй сарыны, дала сазы, Мұқағали өлең жазған Қарасазы. Оймақтай боп төменде жатыр Көлсай, Шатқалында Шарынның салқын жазы. Осында Сәмен, Қапал батырлары, Жайнақ, Ыдырыс билері – жатыр бәрі. Жауды жасқап шейіт болған өз перзентін, «Райымбек!» деп ту еткен ақындары. Кенді аймақ Текелі мен Талдықорған, Бүгінде зор өндіріс өсіп-толған. Ілиястай жыр-Құлагер сенде туып, Молықбай Ақсу жақта қобыз шалған. Жетісу! Асан Қайғы сені таңдап, Теңеуіңді келтірген сөзбен памдап. Суың бал, ауаң жұпар, жан-жағың ну, Бола бер жанға шәрбат, елге жәннат!

Шілде, 2011 жыл. ТҰМАНДЫ ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫ Қала тұман, Ұшпай қалған ұшақтың қанатынан. Аппақ қырау үзіліп, тамады еріп, Тамшыларды санаумен таң атырам. Жалықпастан, Тыңдаймын диктор үнін тағы ұқпастан. Қалғимын. Таңғы алтылар шамасында, Бозарып қалыпты аспан. Құстар әні, Әуежайдың сыртында тыс қалады. Ақ сырғалы ағаштар дүр сілкінді, Қинады ұшағымның ұшпағаны. Деп ойладым: –Жақсы-ау деп сол бір жанға қарайлауым... Алматыны бетке алды көк сұңқары, Қол бұлғап ақ махаббат – арайлы әнім! 1982 жылдың 8 ақпаны.

АЛАТАУДЫҢ АСПАНЫНДА ЖОҚ ЖАҢБЫР... (элегия) Алатаудың аспанында жоқ жаңбыр, Алматыда мазасыздау тоқсан жүр. Қарағаш тұр шуылдасып, қайғырып, Алтын жамбы жапырағынан айрылып. Құс қалғиды, томсырайып, түк үнсіз, Қанаты оның қалтырайды жылусыз. Төмен қарап, тұнжырайды түн неге, Айтқысы кеп тұр ма әлде бірдеңе? Көрпемді ашып, аймалайды күз лебі, Бәлкім, менен жылылықты іздеді. Тауға асылып. Бітті сосын жол шегі, Осы сурет – сағыныштың өлшемі. Көкжиекті орап алып, көлбеп қыр, Былдыр тілді жылғаларды тербеп тұр. Күз өзгеріп кеткен бе әлде бір күнде, Сағыныштан сарғайдым ба мүмкін мен? Тоңған терек құшақтап тұр қайыңды, Осыдан-ақ… түсінер ең жайымды.

1978 жыл. АУЫЛЫ ӘУЕЛБЕКТІҢ - СУЫҚТӨБЕ Сағымды тауды қуып келемін, Күнгейге құлар жуық жер еді: – Аңқылдақ досым Әуелбек Ысқақ, – Төбеңді төрдей суық демедім, – Қайнарға жүзім жуып көремін. – Сыныптас көңілін жырмен байыттың, – Қаланың шуынан бірден айықтым. – ҚазПИ-дегі сері суретшім-ай, сол, – Бірде әзілқойсың, бірде байыпты – – Немересі ұлы Кәрібаевтың!

Қадірлеп күтер сыйлы төрдің де, Орны осы. Достым, қонақ бол күнде, Жамбылдың дауысы жаңғырыққандай, Қалдырдың солай әсер сен мүлде, Суықтөбедей, бауырым, жырау көрдің бе? Күмбезі оранып бүрме шәліге, Суықтөбе бұл кірген сәніне. Жамбылдың «қызыл жолбарысы» ма? Көрінген бір сәт таңғы сәріде, Жалт қарап ақын Үмбетәліге... Құлағын жымып бара жатқандай, Көздері шоқ боп жанған оттардай. Пыр етіп сонда шабыт құстары, Шақырды ұлар. Ұшты көк торғай,

Үйіріліп көкте, бір сәт тоқталмай. Қайдасың жылдар... Осы ма ед жайың, – Келсейші ауылға, бір марқаң дайын, – Ішіп қайт, сөйтіп, құрдастың шайын,- Дейсің-ау досым кездескен сайын, –Кеттік! –дейтұғын... Жауабым дайын! 2006 жылдың маусым айы. ҚАПШАҒАЙ АЙДЫНЫ Ақшаңқан үйлер – ақ сарай, Қуаныш мұнда, жақсы арай. Қарсы алған мені аңқылдап, Асыл ағадай жақсы арай. Айнымай жатсың теңізден, Теңізбен, бәлкім, егіз бе ең? Ауытқып кетті бір желкен, Діңгегін асау жел үзген. Сағынып келдім мен саған, Аяулы өлкем аңсаған! Сенің де адал перзентің, Бауырдай туған қарсы алам. Жүрекке сезім, от берем,

Суарып ойға көк берен. Бір толқын бердің сен маған, Көңілім жүзіп өтпеген. Достардай қимас қауыштық, Аппақ тілектер ауыстық. Булаған көздің шарасын, Әсерлер әсем әлі ыстық. Суретші достың бөлмесі, Қабырға – сурет көрмесі. Студенттерге келіпсің, Қонақ боп жұтаң жерге осы. Суретке сыйып тұр айдын, Суретке сыйып тұр айбын. Сиқырлы қолға сенбеймін – Құдіреті болар құдайдың! 1980 жыл.

СУРЕТШІГЕ ӘЗІЛ Графика жоқ бізде, Сен сызатын эскиз де. Ой суретін салам деп, Қара сөзден кесте іздеп. Келем мен де сарсылып, Талабыма қамшы ұрып. Өнерде бар үйлесім, Кейде, өмірде – қарсылық. Күндіз үйде болмайсың, Шеберханаңа қонбайсың. Оңашада ой-кезбе, Қияли бір жандайсың. Көрмең – айтыс, тартыстай, Тұрмас талант шарпыспай. Шоң суретшім кластас – Қазығұлов Алпысбай! 2006 жылдың мамыр айы.

БАЛҚАШ АРУЫ Шарықтап шағала-арман, Соғады самал алдан. Мен сені жолықтырдым, Марғау жағалардан. Қараша қаз үннен мен, Сағыныш саз ілген ем. Барасың арбап мені, Ойнақы назыңменен. Тау-тасы жаңғыра ма? Бұлт көшті жаңбыр ала. Балқаш боп басталады, Жылғалар сан жырадан. Көгілдір бояуларға, Көзіммен тоя алмағам. Күн-күмбез шырақтардан, Көңілім ояу қалған. Құшағын досқа ашады, Қонақсыз жоқ па сәні. Киелі қара шаңырақ, Қол бұлғап қоштасады.

Мұндағы өзге елік, Қарайсың көз бөгеліп. Суыт боп сапарымыз, Ауылыңнан тез жөнедік. Тілегім көп іштегі, Өзіңдей періштені. Қия алмай кетіп барам, Мүмкін ғой көріспеуім?.. Арманның қолтығында, Масайдым… Олқымын ба? Еріттің лебіңменен, Балқаштың толқынындай! 1978 жылдың 6 сәуірі. БАЛБҰЛАҚ Мамырда маңай құлпырып, Шуағын төгер көктем-күн. Көк шығып, көкке ұмтылып, Қойнауы толар бөктердің. Сылдырап ағар балбұлақ, Төрінен құлап төскейдің. Самал жел сағым-арғымақ, Мамырда лебі ескен күн. Қанатын қағып құстар да, Айдынға жатыр қонақтап. Дүр етіп бәрі ұшқанда,

Аққу, қаз әсем – бәрі аппақ. Жүздері жарқын баршаның, Қуанған көктем тойына. Жеткізіп мезгіл аңсарын, Мамыр жүр Сырдың бойында! 1996 жылдың 29 сәуірі. АҚМОНШАҚ ТАМШЫЛАР (элегия) Ақ сағым көкте жүзеді, Сынған соң ақпан ызғары. Кірпігін Айға сүзеді, Науша Наурыздың қыздары. Саламен ақты көп сулар, Мызғымай қалды жар бірақ. Құйғытып өткен жоқсыңдар, Бұл маңнан, ақ жал арғымақ. Сәлемімді жеткіз ақ самал, Дүнияның дүрия шағына. Өзіңнен болмай көп хабар,

Мен жеттім саған сағына. Қыз-көктем! Сенің мекенің, Қалды ма әлде жастықта? Жасарып кейде кетемін, Өзіңді көріп. Бастықпай. Сый-тілек саған жолдаймын, Шыбықты сайлап, тал егіп. Дауысы қараторғайдың, Естіліп жатыр әредік. Қар суы еріп. Тамшылар – Моншақтар мөлт-мөлт тырсылдап... Жастығым сенде бар шығар, Келіскен келбет, кіл сымбат. Көрдім де құстар тізбегін, Көңілім сол сәт дір еткен. Әйтеуір сені іздедім – Сарғайған сана. Жүректен! 2007 жылдың 11 наурызы.

АТАМЕКЕНІМ АЛТЫН БЕСІГІМ

АУЫЛ ЖАҚҚА...

Ауыл жаққа алаңдап, кетсем деп ем, Итіне дейін қарайлап, қош деуменен. Қара суық оралып шалғайыма, Күртік қары «сөйлесіп» өкшемменен. Жетсем деп ем бір құшақ сағыныш ап, Сол ауылдың бір дегдар жаны құсап. Бейтаныс та алдымнан құшақ жайып, Шығар еді-ау жан болып танығыш-ақ. Бала болып қалар ем мен осында, Сіміріп бір жұтар ем ауасын да. Патша-көңіл қалада кібіртіктеп, Адасып жүр тұманның арасында.

Шымқай көгі – тозған бөз солғын рай, Тұман буған тыныстың қорлығын-ай. Тұнжыраған қабағы ашылмайтын, Алматым ағылшынның Лондонындай. Жүрегің – ойыны кем жас баладай, Көңілің – құлазыған бос даладай. Қаланың күйбеңінен жалыққанда, Көше кезіп кетесің кешке қарай. Ошағынан маздаған от сөнбеген, Ауыл жаққа тартып бір кетсем деп ем. Жібермей тұр әдемі паркет-қала, Желімдеп қалғандай өкшемменен. 1979 жылдың 12 желтоқсаны.

КҮТПЕГЕН «СУЫҚ» яки БЕЙБІТШІЛІК БӘЙІТТЕРІ Ауылға біздің бір суық кепті, Тоңғандар бойын жасырды тонға. Газеттен оқып, күрсініп кеттім: –«Жұлдызды соғыс» – бұл ғажап соғыс, – Деген соң – Ақ Үй, Вашингтонда. Қайтесің енді, қалқам-ай, бәрі – Дүниеге қатер болып тұр. Қаракөз ару Тартоғайдағы, Мұңайма соңғы хабардан, Жырымды оқығым келіп тұр.

Ақынның жырын ұғарсың сен де, Кездесу болса, гүл ап бар. Бейкүнә біздің момақан Жерге, Шықпасын өсіп ешқашан, Атомдық «саңырауқұлақтар»! Тырна ұшырмақ болып Садака қиған, Керегі не енді қағаз кептердің? Бейбіт күн болсын, болсыншы мейрам, Қалжыңын сүйем қашанда өзім, Қуаныштар мен Оразбектердің. Гүл өссін жерге, нұр өссін жерге, Бірақ, сен кеспе бұрымды. Қол тисе, барып киоскілерден, Палестинадағы қырғындарды емес, Оқып тұрғайсың жырымды. Өмірді сүйем Тартоғайдағы, Нағашымен – ойнап – жиенмен. Оңай ма соның, қалқам-ай, бәрі, Қанатты ракеталарды да ұмытпай, Бейбітшілік пен сені сүйем мен! 1981 жыл.

«БАЙСАЛ БАУЫНАН» ҰШҚАН ТЫРНАЛАР Қырқа жұтып, Тұр шаңытып, Көз ұшында ақ сағым. Тұр ма күтіп, Ұлпа түбіт, Бұрқақ күнді аспаным? Көлде бұлау, Жерде қырау, Қамкөңіл жан секілді. Тоғай мынау, Жылап тұр-ау? Сары желек кекілді. Сырғанақтап, Түн қабаққа, Кірпік жапты қысқа күн. Мың танаптан, Шырқап аққан, Оттар – көрігі ұстаның. Жырақта бұлт, Шырақ жағып, Жерге беріп Түн хабар. Қырат қалып, Ұзап барып, Тізбектелген тырналар. Қиқуласқан, Күй тынбастан, Құстар легі әдемі. Ұйқымды ашқан, Сиқырлы аспан, «Байсал» бауы әлемі. Тоқтай ма уақыт, Көк бойлатып, Шырмауық шөп ұзарған. Көп қой бақыт, Кетті ойнатып, Қиялдарды. Күз. Арман... 1978 жылдың 19 сәуірі.

ТҮН ГАЛЕРЕЯСЫ Жым-жырт вокзал. Бейсауат жолаушы да жоқ. Түн іші, Сары жалауша көтерген кезекшінің бітпей жұмысы. Алқара түннің құшағына еніп түскенімде мені пойыздан, Әлдилеп алып кеткен-ді жолдардың дара тынысы. Сахна болып елестеп бұрылыстары тас жол көшенің, Дианаменен оңаша қалып, қас-қағым ғұмыр кешемін. Көне Эллада мұңлығымен үн-түнсіз бірге мұңайып, Сазарған саздауыт жердің бір теуіп өттім кесегін. Дарақ тораңғылдардың сыңғырлы, бөрткен бүрлері сырғадай, Аяқ астында Айдың сәулесі сырғиды алтын жылғадай.

Қазбауыр бұлттың көшірмесіндей бұлдырап ұшты ақ булар, Ақ тұман поляр шұғыласындай шымылдық тұтқан түнгі арай. Бояуын таппай жымдасқан өң менен тәтті түстің де, Жауһар сұлудан мені айыра алмас ешбір күш мүлде. Рафаэльдің де қылқаламының сиқыр құдіреті жетпестей, Түн галереясы тұр менің ауылымның үстінде! 1978 жылдың 22 қаңтары. ҚАРИЯ - ДАРИЯ Әуелден саған ғашық ем, Өзіңе деген сыр жария. Жағасы жайпат, жасыл өң, Көз ашып көрген, Сырдариям! Жылт етіп жоны көп толқын, Асығып аққан Аралға. Балауса тоғай көк торғын, Айнаңа қарап таранған. Сейхұн мен Жейхұн – қос бұрым, Жарасып аққан ғажап күн. Паш етіп тұрған достығын, Қарақалпақ пен қазақтың.

Жүректің жалын оты үстем, Сөнбейтін шырақ сен жаққан. Қауышып ыстық Нөкіспен, Етемін тағзым Бердаққа. Жырлаған ақын Төлеген, Сағынышты сарын сазбенен. Қаңқылдап ұшқан төбемнен, Қауырсын қанат қаз да өлең. Мөлдірін құйып аласың, Шараңа шуақ жылуды әр. Көтеріп иін ағашын, Су алған сенен сұлулар. Пыр етіп ұшқан бөденең, Тұрған бір сурет жырсың сен.

Мұңаймағаныңды көрер ем, Өзіңді ойлап, күрсінсем. Ілесіп тірлік көшіне, Таситын кезің – шақ мазаң. Тереңің – толған несібе, Алабұға мен ақ сазан. Кіргізген ажар, дала өңін, Бұзылды өзен қаймағы. Апайтөс шалың паромын, Жиекке әкеп байлады. Күтіңдер мені, жағалар, Шырқалсын сенде ариялар. Сәлемімді, толқын, ала бар, Сырдария дейтін қарияға! 1996 жыл.

ЕРЛІК ЖАҒАСЫ

(шағын баллада) Доға мүйіс. Ұқсап қалған Тартоғайда сол жаға, Ауыр жүгін ыңыранып, тарта алмаған баржаға. Ентелейді жан-жағынан құмшауытты қайырлар, Теңіз қарақшыларындай ұмтылысқан олжаға. Батыр болып көрмесе де ДЗОТ бұзып, ДОТ бұзып, Арылы-берілі жағаға жүретін жұрт өткізіп. Райкомыңнан да ықпайтұғын қадірлі әкей бар еді, Бар кәсібі – қайықшылық, одан өткен жоқ қызық... Дауыс шықты: – Кетті-ау байғұс!.. Қарап қалмас ешкім де,

Көкшіл судан із кесуің – сірә да, бұл мүмкін бе? Қарашада мұз қатарда, дауыл айдап қайығын, «Орыс кеткен» деген тұста ықты Айғара бір түнде. – Дерегі жоқ ақсақалдың, ізім-қайым жоғалды, – «Құлбай әулие» ұстап қалды-ау, сүзіп шығып со маңды. – Көрелік,- деп жатқан кезде абыр-сабыр дүйім ел, Ұлы сәске кезінде шал аман-сау оралды. Ойға алмастан мазасыз күндер менен түндерді, Шайыр сіңген қайығымен өткел жалдап жүрген-ді. Ойға алмай-ақ қойғанымен, жүрегінің төрінен, Елеусіз жан «Ерлік» атты иеленді бір белгі.

Қарасирақ едік онда. Қайда әфсана күлерлік? Қармақ салып, сол қойнауға жар жағалап тірелдік. Сап-сары ылай Сырдарияда күн артынан күн өтті, Қара шалдай қарапайым қалып қойды бұл ерлік. 1977 жыл.

ЕЛ ІШІНДЕ Барып ем кеше тойларға, мен ауыл жаққа, Базарлы екен тумалар, ағайындарым... Ошаққа қарап, бұрып ем жанарымды отқа, Байқадым кештің қызыл арайын қалың. Құдаларым қандай! О, менің құрдас жандарым, Ауыздары әзілден әсте бір босамайтын. Біраз жыл болды – сендермен сырласпағаным, Қайтармын енді шаһарға дүр жасап айқын. Дидарын танып алыстан жаулықты ананың, Бас иіп, сүйіп, перзенттік сәлем беремін. Сағыныш дертінен дертіп, ауырып барамын, Өлеңді қайтем? Осы ғой – Өлең дегенің!

Күн ашық еді сонда ақжарқын адамдарындай, Нұр төгіп тұрды көк аспан қарашадағы. Жеткіншектерді кейде көшеде қалам танымай, Кешегі інім – бүгінде жігіт бала-шағалы. Бала кездерім... Ғайып қой ғажайып сол шақ, Іңкәрмын әлі, қимастарым-ау, мен талайыңа. Пойыздан түсіп, жаяулап өздеріңді аңсап, Сағынып жетем әр кезде Тартоғайыма. Өзіме аян жүдеу жанымды жүрер жылытып, Кеудемде сөнбес маздаған ыстық жалының. Сағынсам сені сұрқай дүниенің бәрін ұмытып, Өзіңе келем, туған жер, оттай жарығым! 2006 жылдың 5 желтоқсаны.

ЖЕР ОРАНЫП АҚ МАМЫҚҚА... Қыс келді жер оранып ақ мамыққа, Не боп жатыр ақ әлем – патшалықта? Шыршаның күмбезіндей ұшар басы, Жұлдыз құлап жатады мақталыққа. Қоштасып ебелекпен дала күзгі, Көкшіл мұнар басып тұр қаламызды. Мұнарланған көңілім ашылмайды, Әлдене көлегейлеп санамызды. Жаздағыдай қыдырмас бауда қыздар, Аязбен лекіп соғар таудан ызғар. Тұман түсті кешқұрым көзді байлап, Кеше жауған ақ қарлар, жаумаңыздар. Өтіп жатыр білінбей Өмір деген, Қоңыр өлең. Келемін өріңде мен. Әлденеге елегзіп асығасың, Асығатын – мен емес, көңіл-дөнен. 2006 жылдың желтоқсан айы.

ЫМЫРТТА Аспаннан себеледі аппақ түбіт, Жер жылбысқы. Кеткендей дала жылып. Дарияның бетінен бу көтерілді, Сылдырап су, мың бұлақ сақ-сақ күліп. Қаңтардың кеші мұнар, бұйығылау, Тәңірдің берген қары – сыйы мынау. Ағаштар жапырақсыз – сидам-сидам, Бұтақтан ақ ұлпа кеп құйылады-ау. Ойы бардай аспанның түнергісі, Қыс-мырза келмейді әсте жібергісі. Апыл-ғұпыл, аяғын тез-тез басып, Асыққан жып-жылы үйге үлкен-кіші. Ақ күміс майда өрнекті себелеп тұр, Құйылған көңіліме керемет нұр. Көз ұшында ымыртта қарауытты, Көрпесі қалыңдаған ебелек қыр. 2003 жылдың 21 қаңтары.

ЖАҢА ЖЫЛ, ЖАҢАЛЫҚТАЙ... Жаңа Жыл, саған жырды, әнді арнадым, Жыл сайын көрем дүние жаңарғанын. Әр үйдің ошағында оттар маздап, Жұлдыздың ұшқынынан жанар жалын. Жаса, жайна, жарқыра қалам, далам, Ұлың едім өзіңе алаңдаған. Мен ертеңге өзіңмен қадам бастым, Тамыр тартып тереңнен – жаңа арнадан. Мына ғасыр – жас ғасыр, бала ғасыр, Сақтамайтын сиқырды, санаға сыр. Жан-жағым жаһанданып келе жатыр, Сыпырып қашықтықтың томағасын.

–Шүкір, – деп тапқан жұрт ек несібесін, Ей заман, бәсіне оның не тігесің? Қоңыраулатқан жылдар-ай күйме жеккен, Шабан болсаң, мәреден кешігесің. Не көрсем де, көремін мен өзіңнен, Сабырлы, сардар жүрек мінезіммен. Өткенге көп оралып, көп қайғыру, Жараспайды құр уайым, көп езілген. Сен жаңасың, жас өркен, мен жаңамын, Ертеңіңді көп ойлап, толғанамын. Сені көріп, есіме түсер бәрі, Қайран жастық! Қайдасың, беу, қарағым?! Жап-жаңа Күн. Қыр сағым. Дала сағым, Табиғатпен тілдессем – жарасамын.

Еркін елім ертеңге құшақ жайған, Болсын нұрлы дидарың, болашағың. Қамсыз боп мынаны ұқпай, ананы ұқпай, Болар-ау күн кешуге жан ауыртпай. Соның бәрін қалдыр да ескі жұртта, Кел Жылым, қанат қағып жаңалықтай! 2005 жылдың 30 желтоқсаны.

АУЫЛ МЕНЕН АЛМАТЫНЫҢ АРАСЫ

МАМЫРДА Мамырда, Сонау ауылда, Балдай бір бала шағымда, Жататын құмдар астасып, Дарияға – ақ бөз сағымға. Қауызын гүлдер жаратын, Екпіндеп ылай Сыр ағатын. Күйдіріп күнге қанатын, Аузына тістеп ажырық, Қарлығаш талға қонатын. Салтанаты осы Мамырдың, Елесі бала шағымның. Есейген кезде ертектей, Ұстатпай кеткен сағым күн, Сарғайып сені сағындым. Қайдасың, сол бір ей, Мамыр, Жапырақ – жастық қайда жүр? Мезгілді сонау ойла бір, Тораңғыл дертіп тұратын, Төгіліп жібек – майда гүл. Құлпырып дала кілемдей, Саржал құм сеңгір сілемдей.

Жағаға жанар тірелмей, Көк күмбез Аспан, Қара жер, Арбайтын алыс жібермей. Еске алып соны көрелік, Шыбықты жонып жебе қып, Керуші ек жақты біз – батыр, Жүйрік жетпестей жел едік, Өмір – ағыспен жөнедік. Оралмас енді ол шуақ, Жатыр ғой дала нәр сұрап, Жаңбырмен тәні аршылад. Жаумайды енді шабытпен, Сылбырап тұрар тамшылап. Көңілімде жүрген сыр еді, Беріштей берік сүрегі. Мамырда мейрамдаған жұрт, Соқамен жерді тіледі – Егін боп елдің тілегі. Іңірде от боп жанған нұр, Шыққандай үміт алдан бір, Бусанған. Қарға қонған қыр. Момақан қойдың жылында, Жаратқан Ием, қолдап жүр. Мамырда – Киік қағында, Сарысу – теңіз сағымға, Оранып тұрар шағында.

Сағындым. Қуып жете алмай, Жылдарға... Көнбей сабырға... Жағасы Сырдың сыздауыт, Кеткендей мезгіл күзге ауып Жүруші ек сонда біз барып. Көгалға біздер ойнаған, Тұр бүгін шаң мен тұз жауып. Жылдардың жүзін жасырып, Тағдырға сөйтіп бас ұрып, Шашағы Күннің шашылып. Мамыр-ау, мамыражай жұрт, Барасың қайда асығып? 2006 жылдың мамыр айы. ҰШТЫМ МЕН КҮМІС ҚАНАТПЕН... Ұштым мен күміс қанатпен, Сағынышымды арқалап. Жұрсің-ау жолға қарап сен, Туған жер, саған мархабат! Сағынып жүрген достардың, Құшақтарына кеп кірдім. Аяғын тәй-тәй басқанның, Ағасы болсам деп тұрдым. Сәлемін ыстық сыйға алдым, Ақ жүрек ауыл жанын-ай! Өзім де іштей қиналдым,

Қалмаса деп те танымай. Армысың, дана қарттарым – Қазынам менің ғажайып! Жазусыз көне хаттарым, Қалыпты-ау тіпті азайып. Ойламай тіпті бас қамын, Мен кеттім қиқар өлеңмен. –Аға! – деп қарындастарым, Алдымнан шықты дегенмен. Көңілім жасыл жаз мүлде, Қиялым кетті сағым боп. Ауылда жүрген аз күнде, Ауылды аңсар шағым көп! 1987 жыл.

ҚАЗАҚ ҚЫСЫ Боз аспан. Суық ауа. Аппақ өлең, Тұман түсіп келеді Көктөбеден. Қалқыған ақша бұлттар жыр жолындай, Өлең ғып кестелеумен хатқа төгем. Көк шырша бейне бір қыз сәукелесі, Шұғылаға бөленген тау белесі. Шымбұлақ, жеткізбейсің аттылыға, Жаяуға шаңғы мінгіз, әурелеші. Ақырып долданғандай Арқада қыс, Мұз-қалашық орнатқан сән-қаламыз. Астана – қабағы ашық қалыңдықтай, Ақ көрпе ораныпты сай-салаңыз. Күміс қар жылт-жылт етер. Ғажап түсі, Келеді көңілдерді тазартқысы. Бірде мүйіз, бірде киіз мінезі бар, Міне осы, ей, жатжұрттық, Қазақ қысы! 2005 жыл.

ШІЛДЕ АЙЫ Шілде ұқсамайды күзге мүлде, Шілде – сағыныш тырналар тізбегіндей. Аптап аймалап тұр Алматыны, Шарпиды мені лебі қыз деміндей. Бәрі осылай басталды бір шілдеде, Дәл осылай мен-дағы күрсінбегем. Шілде айы – мен үшін шілдехана, Мен келгенде дүниеге сыршыл-ды әлем. Өмірім, өлеңім де, көзқарасым, Бейқам жатқан әлемді қозғағасын. Туған ауыл ып-ыстық алақанмен, Әлдиледі сәбиін, өз баласын.

Өткен күннің суреті – бәрі ертегі, Өмірдің түсі, кеші, таңертеңі. Алмасады мазасыз елестермен, Арман мені алысқа тағы ертеді. Шілде – ғашық айы, жоқ салқынға, Үргедектеу жаныма от салдың да. Еріттің, еліктірдің... Есімде жоқ, Маусым мен шілде жатыр көк шалғында. Бірін бірі шарпыған қызу лебі, Бақыт нұры екеудің жүзіндегі. Таңға жуық көз ілді жұлдыз біткен, Бірақ, шілде жарығы үзілмеді. Мен өзіңнен жастық шақ күйін көрем, Шілде деген – көңілімде түюлі өлең.

Албырттық ол – адасқан сезім шығар, Сен өтесің, бәрібір, сүюменен. Шілде айым, мен сенен жыр алайын, Біреу едім, екеу боп құралайын. Тымырсыққа тығылып Сен жылайсың, Басқаны ойлап, сені ойлап – жыламайын! КазГУ қалашығы, 1980 жыл. АДАСҚАН ОЙЛАР ҚАЛАДА... Жанарын маған бұрмастан, Жұлдыздары жадау түнгі аспан. Ойларымды Көкке ап кетті, Жерді ешбір елең қылмастан... Жібек дегенің – аты бөз, Жырлай алмаған – ақын ез. Президенттер жылы жүздесіп, Жатса да, Әлем қатыгез. Болсам,- деп таза, ақын – ақ, Шаһарда шулы жатып ап. Баршаны жақсы көрем деп, Мен болдым пақыр, ақымақ.

Заманның қатты құрығы, Жегендей түтіп тіріні. Қалада иман қор болып, Ауылда өнер ұрығы. Сауалдан іскен бір бас бар, Ел жақта бос боп жүр жастар. Алматы келдім – Алашқа, Сырт айналған ба сырластар? Не заман болды, не заман?! Ойларым жанды қажаған. Зиялы боп, жалған жымиып, Алдаған өзін – со жаман. Осылай жүр ғой талайлар, Амалдан ағарып самайлар. Жақындап кетсең – данышпан, Адыра қалды-ау Абайлар! Алматы – аты. Кір көше, Көлік адамға міңгесе. Алдыңды орап барады, Қуалай аққан жүлгеше. Ауылдан келдім қала асып, Талабымменен таласып. Ақыным, қайда барасың, Ойыңмен бірге адасып?! 2005 жыл.

АПТАПТАН КЕЙІНГІ ЖАУЫН Ақ жауын құйды Алматыны аптап қысқанда, Ауыр тамшылар асфальтты бетке ұрды. Ауа моншадай бусанып, булар ұшқанда, Терезелерде тұнған аспанның жасын кептірді. Машиналар да тыныстап тұрған тұрақта, Жалтырап, жарқырап көздері ашылды. Тымырсық боп тұрды тас қала бір апта, Күн күркіреп, ойнатты-ау сосын жасынды. «Уһ!» деп бір терең дем алды әркім де, Денелер қызарып, аяқтар ысып-ісініп. Көк шалғын жайылған батырлар паркінде, Кей жастар сезімді тілсіз түсініп...

Бозторғай аспанда құлдырап құлардай, Ыстық күн тағы да дүниені шыжғырды. Ғашық бозбала орнынан тұра алмай, Бақыттан мас болды. Қыз күлді. Ағаштар қартайған жәй ғана тербеліп, Жасыл жапырақтарға мөлдір шық тұнды. Арықтан асып сіңеді жаңбыр – жерге құт, Аппақ нұр майса шалғынды сүт қылды. Әсем де паң, асқақ үйлердің жанынан, Леп соғар қапырықта тұрған қамалып. Аптапта бетімді аңызақ оты қарыған, Жауын құйды да, қалдым бір дем алып. Тау жақтан салқын самал кеп желпіді, Ақшам жамырап, қара көк кеш батты.

Дүние дел-сал боп тыныштыққа елтіді, Жұлдыздар аспанда жылтылдай бастапты. Атады тағы да саз беріп аппақ таң, Сімірем таңғы жұпарды мен Алатауымнан. Шаршаған талай күн от-жалын аптаптан, Дүниеге келді жыр – жаралған жауыннан! 2006 жыл.

АЛТЫН КҮНДЕР Буаз бұлт жаумай, боз дала сұрғылт түнеріп, Тұр ғой ол Жерге көңілсіз сәлемін жіберіп. Жауынды аңсадым, балаша шалшық кешкім кеп, Несін айтасың, қалмады қандай да бір ерік. Даланың иісі-ай, шіркі-е-е-н, қауындар иісі, Шөлдеп қалады-ау олар. Сен жаңбыр! Құйшы! Айыр қанат қарлығаштарым қалықтай ұшып, Қонақбай торғай тынбайды – безілдек күйші. Жатушы ед бұрын шалқарым – Сырдариям тасып, Бектастың көлі дарияға құшағын ашып. Аңқитын сонда жұпардай қара балшықтың иісі,

Кетіпті-ау бүгін өзенім іргеден қашып. Базарлы еді-ау сондағы Тартоғай ауылы, Қарасы көп-ті кемпір мен шалдар қауымы. Қара жол бойы ызғыған көлік пен адам, Жарасып жатыр көкпар мен ойын-сауығы. Бала едік біздер жүретін ақсүйек ойнап, Сабақтан келе жыңғылдан шілдікті сайлап. Алаңсыз кетіп, ұмытпай қайтушы ек сосын, Алыс өрістен бұзау мен қозы-лақ айдап. Ертегі сынды бүгінде соның да бәрі, Салатын кейде әжеміз жазыққа тары. Жауторғайға біз сақпанды зырылдатып атып, Қоритұғынбыз өрнек ауғанда – тамыздың жары. Сарыатандағы сәуле шаңырақтан сығалай түсіп,

Көкқасқа шек-шек жайлауда пырылдай ұшып. Көкпеңбек жиде ұяң келіндей сәлемін салып, Желегі тұрар ақжал толқынды құшып. Қайран уақыт-ай, қадіріңді кеш енді білгенім, Алыста қалдың бала кез – балақ түргенім. Сағынған шақта, қу тіршіліктен шағылған уақта, Келіп тұрсаңдаршы, ей, менің алтын күндерім! 2005 жылдың 16 тамызы.

ОРАЛДЫҢ СЕН БІР ОҒЫЛАНЫ (Алматыдағы № 9 мектеп-интернатты 1976 жылы бірге оқып бітірген сыныптасым, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Нұржан Зарифұлы Тұяшевқа арнаймын) Көп болды көріспегелі, Қай жақта жүрдің сен, Нұржан? Шарапты мен ішпегелі, Арғымақтаймын болдырған. Жиырма үш жыл есітпей дауысыңды… Қалғандай болдым ән тыңдап. Қалғып бір кеткен тау сынды, Қалып ед көңіл салқындап. Жетелеп бала күндерге, Досыңды, сөйтіп, мәз еттің.

Екеуміз бірге жүргенде – Керексің. Мен де қажетпін. Көшіріпсің мекен отауды, Астана жаққа апарып... Мазақтап бізді атауды, Ұнатушы ең сен ап-арық. Одан да бері отыз жыл, Өтіпті. Судай ағыпты. Жанымда менің егіз гүл, Қурамай жас боп қалыпты. Келіп ең сен де Оралдан, Сыр жақтан мен де оралып. Шәкірттер едік сан алуан, Бәріміз – бір-бір жаңалық.

Интернат еді үйіміз, Жүруші ек жейде тартыспай. Кездеспей кеттік жиі біз – Әуелбек, Иса, Алпысбай. Сен жайлы сұрап тұрады, Руслан, Дүйсен, Асандар. Айтпаған сырлар көп әлі, Айтайық соны қашанда. Толсын деп жадау жан – нұрға, Сөз сөйлеп, тамақ жібітіп... Жатайықшы аунап шалғынға, Бала боп... Бәрін ұмытып!.. 2007 жылдың 23 ақпаны.

ДАНА КЕЗДЕР, ҚАРА КӨЗДЕР

ҚЫЗЫЛ ІҢІР ПЕЙЗАЖЫ Мақпал түннің, Құс жолы – сусып түсер жерге ақ шәлі. Көрпесін қымтанып ап жатқан қырдың, Жиегіне соқа кеп өрнек салды. Жыртық түннің, Саңылауынан сорғалап жұлдыз ағып. Кешкі шапақ тозаңын сүртіп гүлдің, Қызыл іңір бүйірі тұр қызарып. Үркек түннің, Мінезі – елең еткен асау елік. Мен оны көзден таса бүркеп тұрмын, Ұсталады ол. Жарыққа қаша беріп. Өзге еш түннің, Дәл мұндай өртенбес-ау от жүрегі. Мен қаракөз бір түнді кездестірдім, Ол менің көкірегімде көп түнеді... Содан кейін сарғайтып кетті мені! 1978 жылдың қазан айы.

ЖҮРЕГІМДІ КӨКІРЕКҚҰЛЫПТАҒЫ... Жүрегімді көкірек-құлыптағы, Сәуле оятып, дірілдеп тымықта әні. Сезім тұнған бір кеште үркіп тұрып, Бойжеткеннің жанары құрықтады. Тарсынып кең әлемнің кеңістігін, Ұяңдығым – секілді теріс мінім. Үлбіреген қыз ерні жалынына, Лақтырған сол бір түн – жеңіс түнім. Содан бері тыныштық, маза қалып, Басталғандай жастық шақ базары анық. Ғашық жандар аяулы махаббаттың, Аралында жүргенбіз жазаланып. Қорқынышты батылдық... күдеріңді, –Үз, – дедің-ау, түтігіп, түнерулі. Қайтсем екен қимастық тілегімді, Қайда қоям жаралы жүрегімді?! 1978 жылдың 3 қаңтары.

ШӨЛДЕДІМ Шөлдедім, сусыныңа не бересің? Аққу ару – жүрекке бөлек есім. Тұнығы шайқалмаған бал шырынды, Іштім қанып, «ақысын» төлегесін. Дүние әдемі. Сен одан көркем едің, Сая таппай сабылып, өртенемін. Саршатамыз... Сен бе едің барша тамыз, Жалыныңмен күйдіріп, еркеледің. Қанағат етіп ләззат жай табамын, Қалайша жұмбақ сырды айта аламын. Ғашықтық ынтық сезім сәулелерін, Толқыныңа жасырмай, қайтар ағын!

Қайда сол жан? Кәусарым шөл басатын, Болса тегін. Содан мен көл жасатып. Алсам. Сосын... ішер ем тауысқанша, -Сұрауы бар судың да, жолдас ақын!- Деген бір ой: -Байқа!- деп ескертеді, Қызығын желпіндіріп дос шертеді. Бозбала отыр құшақтап бір «бозаны», Іше алмаса... Соңына босқа ертеді. 1979 жыл.

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

Өзіңменен кездесуді күтпеп ем, Ендігісі – өкініштен тұратын. Ғашық етсең, жазар, бәлкім, мықты өлең, Саған арнап менен де зор бір ақын. Күтпеп едім. Жалықтырды Уақыт, Сенің дауысың өзгешелеу естілді. –Көңілімнің туын талай құлатып, –Талай түндер көкірегім бос тұрды. Дедің маған салқын жүзбен өкпелі, Жалғамақ боп үмітіңнің арқауын, Өзің мені өкіндіріп кеткелі, Өзіңменен кездесуден қорқамын. –Тұрсын сенің көкірегіңді жырлатып, –Көңіліңнің көктемінде қаулап гүл. Менен басқа жолығысар бір бақыт, Тағы бірде көріскенше сау боп тұр! 1981 жыл.

ОСЫ КӨКТЕМ Көктей алмай қалғандай осы көктем, Әлденеден көңілімнің хошы кеткен. Қарашаға бергісіз ызғарын-ай, Мына көктем, қалайша тосын, өктем?! Сергітпей тұр жанымды мамыр айы, Айналамның бәрі мұң, бәрі уайым. Жабығамын, біреуді сағынамын, Сағынышым, сағымдай, неғылайын?! Сезем іштей... сырымды ол ұқпады, Кімге қажет сарғайып, торыққаным. Елесіне тәңірдей табындырып, Сол бір мұңлық қайтадан жолықпады.

Көкірекке бұла жыр, толғасын ән, Шырқау үшін сазды әсем жолға шығам. Сені іздеймін өткен күн жалғасынан, Сені іздеуім, кім білсін, сорға шығар? Жауған нөсер көңілдің жасы ма екен? Шұғыласын шуақ қып шашып өтер. Анық білдім өзімнің сырқатымды, Дертіне дауасы жоқ – ғашық екем. Мен өзіңе аңсауды алып ұштым, Шегі бар ғой десек те сағыныштың. Қайран жүрек, тұратын майдан тілеп, Аралдайсың сен қазір халі мүшкіл!

КЕШ ҰҒЫНУ Сен мені түсін, Үнсіз жанармен басты ғой мысың. Жападан жалғыз жаурап жүрсің бе, Көктемге ғашық көлдегі құсым? ... Алакөлеңке бөлменің іші, Оңаша едік. Төнгенім үшін. Жайғансың құшақ алға ұмсынып, Қолымның сонда бермедім ұшын. Өзімді алдап келгенім – бұл шын, Не айтам енді... Сенгенің үшін. Өзімді-өзімді жазғырам келіп, Басқаны сүйдім. Сен мені түсін. Сен мені түсін, Қызғыштай болған көлдегі құсым... Мойындамасқа қоймады енді, Сенімен өткен көктем, жаз, қысым! 1981 жыл.

ҒАШЫҚТЫҚ ӘЛЕМІ Адасып кеттік екеуміз, Мүлгіген тыныс – тоғайда. Ауылға таңда жетерміз, Аялда, жаным, жарай ма? Еске алма мұңды түнді ойға, Түн деген – сенің көздерің. Шарпысу керек мұндайда, Менің демім мен өз демің. Шық басқан шалғын жастанып, Жаурадың су боп көйлегің. Кірпіктеріңнен жас тамып,

Дірілдеп ернің: – қой, – дедің. Қол созым жерде дарияның, Күбірлеп жатты ағысы. Шырқады әнін ария күн – Сені мен менің дауысым. Өзіңмен атқан таң енді, Күлімдеп көзі тұр ояу. Кең дүние – ғашық әлемді, Қайда алып кеттің, құдай-ау?! Керегі қанша қорқудың? Іздесең – бақыт көп дейді. Тоғайда қалған сол түннің, Жарығы бізге жетпейді! 1980 жылдың 31 қаңтары.

ӨЗІҢДІ КҮТТІМ... Өзіңді күттім талай күн, Жанардан моншақ жас төгіп. Көшеге түнгі қараймын, Таусылды тағат, қашты ерік. Алма ағаштар да гүлдеді, Алматы төкті жаңбырын. Студент кешін, күндерін, Айтар ем саған барлығын. Өзіңізсіз күндер – жыр мұңды, Махаббат әні – дерт-әуен. Өзіңмен бірге құрбыңды, Сауық кештерге ерте кел. Отырсақ сосын ән шырқап, Сауықты созып таңды алға. Алматы түні салқындап, Көшелер жым-жырт қалғанда. Қазірде сол күн – тек елес, Қызығы көшкен – жоқ бүгін. Кінәлі, бәлкім, сен емес – Сағынып өткен көп күнім. Нөсерін төкті түнгі аспан, Терезелер де тершісе. Есікті қағып тұрмастан, Күлімдеп кіріп келші сен... 1982 жыл.

ДҮНИЕ – БАЗАР

МЫНА КҮН, МЫНА ДҮНИЕ... Мына күн, манаураған мына дүние, Адамды салған әрі – сәрі күйге. Қысқы кеш қырғауылдай қонақтады, Қызыл бүрлі тоғайға – қалың жиде. Мына күн менің беймаз көңілімдей, Ойлардың оңаша күй – көрігіндей. Ақ боз атқа ақ қарды омбылатқан, Жиырма бестің қайтпаған желігіндей. Кей-кейде жылқы мінез адам деген, Күй кешер елегізіп алаңменен. Бәрі жақсы адамның, пендеміз ғой, Ашу қысса, біреуді жаман деген. Өзімізді өзіміз дауға теліп, Құр босқа күн өткізіп, әуреледік, Пенделікпен пәс түскен көңілімді, Ағартады жылы ағыс, сәуле келіп. 2003 жылдың 22 қаңтары.

ҚЫР ҚЫЗҒАЛДАҒЫ Қоңырат қырдың қызғалдағы, Жел соқса, сабағынан қиылады. Алатау баурайының күзгі орманы, Сары шекпен қымтанып бұйығады. Күз күні шашыратып шұғыласын, Бір сәуле тартады тым көзді алысқа. Кеудеде екі көктем бүрін ашып, Түскендей күллі дүние қозғалысқа. Қала, дала қосылып ойға батқан, Көше-толқын ағыс боп шымырлайды. Алқызыл шапақ таңым жайлап атқан, Сыбдырлап көк жапырақ сыбырлайды.

Мұзарт шың төбесінен қыран ұшқан, Көтеріліп кеткендей жайлап, биік. Қарауытып жоталар тұр алыста, Арыстандай бойына айбат жиып. Сырғанап күн түседі мінбесінен, Көкжиекке жантайып, алған тыным. Жалғасады бір кеші бір кешіне, Думаны тарқамайтын Алматының. Күздің әнін құстардың жырлап бәрі, Ағаш біткен тербеліп, ырғалады. Көңілімде алтын күз ырғақтары, Көкіректе аңсар-жыр бүр жарады... 1983 жыл.

ЖАЛҚЫ ЖАПЫРАҚ. МЫЛҚАУ КҮЗ

Жапырағы жаныма келші күздің, Тағдыр деген – суық үй, көршіміз мұң. Жылу іздеп қонасың жағасына, Жабырқау ән айтатын әнші қыздың. Тұрақ таппай, дөңгелеп тағы ұшасың, Жапырағым төгілген сары шашы. Жол-жөнекей көшеде, қуыстарда, Өмір дейтін – әкеңмен танысасың. Таныған соң, көзіңнен жас тамады, Саған жел де, аяз да дос болады. Жылы тамшы тілейсің қыс айынан, Ол бір тамшы ақ қардан басталады. Дымқыл ауа, сұрқай күз ой толғауда, Жер лайсаң көктемге қайтар жолда. Сабағыңмен жүргенде шалшық кешіп, Үнің шықпай қалады айқайлауға.

Бәрін көріп келесің, татып дәмін, Жанарыңнан жаз көшіп, бақытты әнің. Өкпеңді артып қайтесің өзгелерге, Көңілсіздеу күз ғой бұл – уақыт та мұң. Жапырағым, соңғы рет баста өлеңге, Сену қиын бағыңды дос дегенге. Шырқап жасыл дүниені шаршадың-ау, Ұйықта жаным, мұңы жоқ басқа әлемде!.. 1980 жыл.

АРАМЫЗДА ҚАР ЖАУЫП...

Арамызда қар жауып тұрып қалды, Салқын жаның сезбейді жылытқанды. Жалғыз жүріп тоңғанда саған келсем – Жүрегіңнің есігі құлыптаулы. Құлыпталған шуағың суыпты ол да, Терезесі көңіліңнің сынып қалған. Арман, бәлкім, көп шығар, бірақ сенің, Жүрегіңде түнеу ғой – үмітті арман. Айтылмаған аңсау боп тұрады әнім, Қуанғаным – есімде – жылағаным. Жаурап қалған жанымды жылытуды, Махаббатыммен өзіңнен сұранамын. Сендегі мұң – от емес жалыны кем, Мендегі мұң – мұз емес соны білем. Саған арнап сарғайған өлең жазам, Кеудемдегі майшамның жарығымен! 1980 жыл, қаңтар.

ЭПОСТЫҚ БОЛЖАМ Махаббатты бақытты өлке деседі, Сапары ұзақ, жолы да ауыр, тым алыс. Онда: адалдық, сенім қатар өседі, Әрбір күні – тойға бермес қуаныш. Махаббатты азапты өлке деседі, Көз жасына ғашықтары тұншығар. Қодар әлі тірі дейді кешегі, Мүмкін ол да – шын шығар... 1981 жыл.

ОҚЫҒАН ТОҒЫШАРЛАР

Өлең атты айдынның қоға, талы, Сыбдыр қағып кеудемде баратады. Көңіліңнің тұнығын шайқау үшін, Өңкей қиқым бықсық сөз боратады. Сөз – оқ емес, емес ол қорғасын да, Жаралайды сен ақын болғасын да. Мұқағали сияқты болмасам да, Дәлдүріштер жүрмесе де дәл қасымда. Шықса даңқым, шығар-ау бір өлеңнен, Бір өлеңмен дүниеге гүл егер ме ем? Ақындар неге керек бұ қазаққа, Болмаса сыры бірге, тілегі елмен. Теріс қарап кеткенмін тоғышарға, Ойы өктем олардың, жаны – сауда. Тілі бұлбұл, өзі епшіл – өңшең ұлық, Тірлігі жоқ халқына болысарға! 2006 жылдың 15 қарашасы.

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?..

Бақыт деген немене? Басқа қонған бақ па екен, Тұратұғын төбеде. Әлде сәби көтерген, Ақ құтан боп келе ме? Кеш тудым ба уақыттан, Қолымды әлде кеш сермеп, Құр қалдым ба тақыттан? Бас айналып көргем жоқ, Болса да атым – Бақытжан. Көрдім өмір дүрмегін, Көкпарына қатысып. Өтер, қайран, күндерім. Бақыт деген сен бе деп, Есігімді ілмедім. Қазір кіріп келердей, Жастығым боп жалт етіп, Құшағыма енердей. Жауабыңды айтшы, сен, Кібіртіктеп, бөгелмей. Бақыт деген пәтер ме, Әлде қымбат лимузин, Болмапты ол – әкемде. Мүмкін, сәби күлкім бе, Оған дәурен жетер ме?

Даналық па әлде... балалық, Ойнаушы ек-ау сол кезде, Сөмкемізді шана ғып... Ауылда едік алаңсыз, Біз – пақырмыз қалалық. Кіріп алып тас үйге, Бой да жазып қайтпаймыз, Болмаса, егер, мәшине. Бар ма осыған Уәжің, Тігетұғын бәсің не? Жүрекке мұң сыйлаймыз, Өткен күндер – естелік, Жаттап алған жырдаймыз. Телефонмен хал сұрап, Тұруға сөз қимаймыз. Қандай заман, қандай күн?! Аңсап кеп ем достарды, Қышқыл тартқан балдаймын. Қиғым келмей өкпеге, Өзімді-өзім алдаймын. Ширек ғасыр аз бұрын, Біз бақытты сияқты ек, Студенттік жаз күнім. Алматының ұл-қызы, Біз едік қой КазГУ-ім! Кітапхана. Қысқы түн, Тіл қата алмай аруға,

Көтерілген ыстығым. Сол махаббат, сол бір кез, Жүректе тұр ұшқының. Қалды сенің көп ізің, Қостанай мен Торғайда, О, жастық шақ – егізім! Содан кейін ап кетті, Өмір дейтін – жол ұзын. Бақыт деген – жастарым, Жаңа шаңырақ көтерген, Ойлай қоймас бас қамын. Бір біріне ынтыққан, Жоқ оларда басқа мұң. Кең жайылып кереге, Қара орманың көбейіп, Сүйсем дейсің немере. Ал сен айтшы, досым-ау, Бақыт деген немене?.. 2006 жылдың 26 ақпаны.

АТҚАН ТАҢ КЕШЕГІДЕН... Атқан таң кешегіден бүгін басқа, Мейірден таппақ болғам күнес-күнді. Дос дегенім кетті өтіп, бұрылмастан, Ал, бейтаныс қасына ілестірді. Сен іздейсің, жоқтайсың әділетті, Көпір етіп баршаға жүрегіңді. Өтті жастық. Тоқтамай бәрі кетті, Бұрылып. Тыңдамастан тілегіңді. Тірлікте сездің құса, нала барын, Жандырмақ болдың шырақ-үмітті үрлеп. Сен қалайша жаныңды жараладың? Сеніміңнің алданарын біліп тұрып. Несіне өткен күнге өкпелейсің? Қол бұлғап қалғандай ма шалқар мұрат. Қазірде сен көңілі тоқ – кедейсің, Сол тоқтық жан азабын тартар бірақ... 2000 жыл.

ҚАРАША ҚАЗДАР. АҚҚУЛАР Айдын беті сыңғыр-сыңғыр ғажап үн, Қараша қаз шырқап болды жаз әнін. Қоламтасы қоздап күздің қызыл шоқ, Қыздырады қарашаның қазанын. Жасыл майса бедерінен түк қашып, Қош айтысты аққулар да жұптасып. Белгілі бір тұрағы жоқ қаңбақ та, Сайға түсіп, іздеп кетті ықтасын. Санасына сәуле еніп, ой жетсе, Не айтар еді күздің күнін сөйлетсе. Айтар ма еді ақ қайыңның ол мұңын?

Суық сорып, дірдектеген көйлекшең. Тұман соқыр. Ауа ылғал, кілегей, Көлеңкең де өз бойыңмен бірегей. Жанарында жапырақ-жас дөңгелеп, Көркі қашып, мәжнүн тал да тұр өгей. Көңілсіздік. Ол да, сен де жабырқап, Күй кешесің мына күнге таңырқап. Кенет сенің көкірегің ән салып, Қанат қағып, қалықтайды жаңа ырғақ. Жолға қарап сарғаюмен күн өтті, Әлденеге күпті қылып жүректі. Жел тұрды да телеграф сымдары, Домбыраның ішегіндей дір етті... 1998 жыл.

ТЕРЕЗЕНІҢ АРҒЫ ЖАҒЫ... Терезенің ар жағында – бір дүние – Тамшылардың арна тартқан өзені. Бер жағында – көңіл нөсер тұр күйде, Ағыл-тегіл жауатынын сезеді. Сылбыр жауын созылғанмен аптаға, Бір дүркіреп көгі қаулап қалды өңір. Алатауға бұлт қақпайлап, қақпалап, Жылай салар тұнжыр аспан қамкөңіл. Сырлы әуенге өмір толы ғажайып, Ән салады Алматының жаңбыры... Бірте-бірте кетті досы азайып,

Не болмақшы енді ақынның тағдыры?! Осы ақиқат жүр ғой көптен мазалап, Жауап күтіп, алғандай боп алқымнан. Кеше ғана құшақ жазбас азамат, Танымастай шыға келді ол, антұрған! Айыптау сөз айттым, білем, қаттырақ, Жарқыным-ау, не айтпақшы едің мұндайда?.. Терезе бу. Соқты нөсер қаттырақ, Шыбыртқыдай тиіп жатыр шымбайға. Желек жаяр бала қайың-бүлдіршін, Бұршақ ұрған дауылдардан сау қалса. Ей, шыршалар! Ей, тал-терек! Бір сілкін, Иығыңнан сүмектеп шық жауғанша! 2001 жыл.

СЕН КІМГЕ НАЗ АРТАСЫҢ? Сен кімге наз артасың, Көтерер жан бар ма екен? Ауғанда жаз ортасы, Сендегі арман бөтен. Сарғақ шөп суланады, Суық күз таң шығымен. Қара жер буланады, Қабыршық балшығымен. Дала – егін. Дала – шырын, Көз алдың мұнар тұнған. Жоқ болса жанашырың, Іздемек кім артыңнан?! Өзімше байсалды екем, Қол бұлғап бозбала күн. Кім маған ой салды екен? Ойланып қозғаламын. Жарқырап жол қырымнан, Бір көлік бос барады. Демейтін қолтығымнан, Бар екен достар әлі. Жанымды толқын ұрған, Жағаға кім апарсын? Көңілімді олқы тұрған, Сен қалай жұбатарсың? 2004 жыл.

ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚПЫЗ

ДАЛА ҚЫПШАҚТАРЫ. ЖАДЫ. ЖОРАМАЛ Басталған сонау ертеден, Шежіресі Қыпшақтың. Тарам – тарам тарауы, Қайрылмайтын келтеден, Тарихқа көне ұқсаттым. Қыпшақтан кімдер шықпаған, Қобыландыдай батырым, Намыстың туын жықпаған. Шауып Қазан шаһарын, Қалың жаудан ықпаған. Мақтаны түркі жұртының, Көрмеген әсте бір тыным, Басына елдің күн туса. Буыршындай буырқанып, Пырағын мініп жылқының. Атой да салған жауына, Қалмаған елдің дауына. Иелік етіп Далаға, Жетіпті Дунай өзенге, Болыпты Балқан тауында... Тарихтың соғып бұрқағы, Арайлап атқан нұр таңы... Бейбарысты біз баба деп,

Зор мақтан тұтқан халықпыз – Дала жұртының ұрпағы. Қаһарман елміз, халықпыз, Тарихқа түрен салыппыз. Ең әуелі – Қазақпыз, Жан-жағына нұр шашқан, Түнектен шыққан жарықпыз. Атаның салтын ұстанған, Өмірге әр кез құштар жан. Асқар да асқар бел асып, Ағайын - туыс, бауырға, Жолдаған сәлем құстардан. Үкілеп ұл-қыз өсірген, Ібір-Сібірден, Есілден. Жайлауын жасыл сайлаған, Қырға мал айдап, жаз жайлап, Қыстауын Сырға көшірген. Сабада қымыз шайқаған, Әуенге толып сай – салам, Тойлары қандай Қыпшақтың Думаны таңға жалғасып, Жаңғырған бүгін қайтадан. Түсіріп келін – қалыңдық, Сыңсытып қызды ұзатқан. Аспанда көшіп сағым-бұлт,

Жыраулар терме толғаған, Көсіліп кейде ұзақ таң. Ақылгөй, дана билері, Дауларды әділ түйгені. Батыры түзде болғанда, Бибі Патыма – аналар, Орнында қалған үйдегі. Ұлысы жетіп Ұрымға, Қыраны бекіп Қырымға. Бірге боп хан мен қараша, Ұйысқан дейді бұрында, Аңыз бар сондай шынында. Отырмын саған жыр арнап, Аңыздан шындық құралмақ. Әділін айту – бек парыз, Түркіден шыққан түбімді, Қолдап жүр, баба! Уа, аруақ! 2008 жылдың 17 сәуірі.

АЛЫС АҢЫЗДАР. БАБАЛАР... Айтыла берер көпте аңыз, Түбіміз түркі – Сақ нағыз. Терістік жұрттың жерінде, Жортқан-ды көкжал Тоқтамыс, Татар деп жорта атаған. Қабырғасын сөккен бір-бірлеп, Еуропаңызға қимай жүрдім көп. Еділ деп сені мақтан ғып, Түркі деп айтсақ, бұл – міндет, Тізерлетіп қойған Рұмды. Тағы емес – олар. Ойлаңыз, Сенікі Батыс – жай намыс. Өркениетің өксіп жатар ед, Болмаса бабам Бейбарыс, Жусанын елдің аңсаған! Даланың болған өз заңы, Халқының ар мен ожданы. Отаршылдарменен соғысып... Өкініште өмірі озғаны, Кенесары-мінез қайдасың?!

Жауап жоқ. Ойға батам көп, Жалпақ Жайыққа аты өрлеп, Мұнар күндерің айықпай, Исатай менен Махамбет, Қапияда мерт болдың! Қыс пен жаз, көктем, күз демде, Айналып жылдар түзгенде. Бабалардың қайтпас рухы, Қалған-ды солай құз-белде, Аманат ісі – біздерге! 2010 жыл.

СЕГІЗ ҒАСЫРЛЫҚ САРЫЛУ

(рыцарьлық өлең) Жібек Жолы... Жолдағы ауыл – Тартоғай, Келе жатты үш салт атты – үш мажар. Бөктергіге қоржын артқан әрқалай, Еділге ұқсап аттан қарғып түсті олар. Келді, сөйтіп, емен-жарқын ауылға, Сауыт киген. Баһадүрлер секілді. Сегіз ғасыр шалғай кеткен бауырлар, Түзепсің-ау Ұлы Отанға бетіңді. Болды қызық кездесу бір мектепте, Мамыр айы тамылжып ед биылғы.

Баялыштар қақ суынан көктепті, Үш ат тұрды елеместен құйынды. Киіз үйде малдас құрып отырды, Ішті айранды жаңа піскен күбіден. Алғыс айтты. Түзеп ерді, тоқымды, –Жүру керек, – деді тағы, – күнімен. Жирен шашты, біздерше айтсақ, көк көзді, Қалған бір кез ата жұрты, елі ұмыт. Қош айтысып, сапаршылар кетті, озды, Аттарының қос бүйірін тебініп. Қотан ханның ұрпақтары еді бұл, Он тайпа боп кесіп өткен Дунайды... Сыр бойының лекіп соққан желі – жыр,

Таңғы шығы кірпігіңді сулайды. Жол қапталы жасыл өрнек – түс кілең, Көктемеде тұрды ризық-от жанып. Қыпшақ-құндар Шоқай ауылы үстімен, Бара жатты Қызылорданы бетке алып. Бара жатты. Жолда қанша қауым бар, Өздерінше: –Дешті Қыпшақ жұрты! – дер. Сегіз ғасыр келді-ау жүріп бауырлар – Еңсегей бой, ер көңілді түркілер! 2009 жылдың 10 маусымы.

ҚАРА БАРҚЫН ӘНІ Дала жарқын, Уілдесе сәбидей қара барқын. Дала әуен – халық әні, Болған соң, салады әркім. Домбыраның, Қоңыр үні кілтіндей мол мұраның. Махамбеттің жебесін жоғалтып ап, Байқоңырға «Салютті» қондырамын. Сырға асығам, Арнасы жыр, әуелден жылғасы – ән. Есесін жібермейді ол да маған, Әзіл айтсам өлеңмен құрдасыма.

Бетегелі, Боз дала бозаңына жетеледі, Боз торғай боп шырқаса әнші-көңіл, Өлеңдетпей сен-дағы не етер едің?! Тандырына, Түк тамбай күңіреніп, жаңғырыға, Аңқасы кепкен Арал үстіменен, Бүркіп өткен Арқаның жаңбыры ма? Тұғырымда, Түлемесем, тән қылық – қыңыр ұлға, Көк ғарыш. Қыран-дала барады ағып, Менің бозбала шақ ғұмырымда! 1978 жылдың 19 сәуірі.

БІЗДІҢ ХАЛЫҚ

(Әділ Құрманжанұлы Ахметовке) Халық – Бала, Сәби кезін аңғалдықпен өткерген, Тәй-тәй басып өткен заман-өткелден. Сөйте тұра, шапалақты көп көрген, Бұл – тарихи анықтама! Халық – Аға, Шыбын жанын кекке байлап, Арғымақтың құлағында өткен ойнап. Хан, батырлар елдігін кеткен ойлап, Мәңгілікке қалғаны – даңқ қана! Халық – Дана,

Өзі би тентегіне, өзі көсем, Өзі сал, өзі сері, өзі шешен. Сен дананың сөзіне сен, Шытырман жұмбағың көп әлі ұқпаған! Халық – Отан, Өз үйің, еркін кірер өз босағаң, Отанда жалғыздығын сезбес адам. Айналаң – дос. Не керек өзге саған? Ендеше бәрі де – Анаң, бәрі де – Атаң! «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бiр қарашы, Танисың ба, сен менi... Мен – қазақтың баласы!» Қасым АМАНЖОЛОВ.

БАҺАДҮР БАЙДІЛДӘ (Гвардия подполковнигі, Қытай азаттық халық армиясының қаһарманы, Ленин, екі «Жауынгерлік Қызыл Ту», екі І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің және басқа да мемлекеттік наградалардың иегері, Қытай бостандық халық әскерінің қолбасшысы Чжу Денің алтын сапты қанжарымен марапатталған қазақтың көпшілікке аты беймәлімдеу батыр ұлы Байділдә Доскенов атамыздың рухына арналады) Ерліктің әман байтақ әлемі, Уәш көкем Сізді айта береді. Өткен ғасырдың 21-ші жылы, Суреттей тізіліп қайта келеді... Сырда өскен батыр – Құмшығанақта, Ержетіп, сосын қонған-ды атқа. Атыс-шабыс боп заман өзгерген, Итжығыс түсіп қызыл да, ақ та. Қан шұбырып жатқан ізін суытып, Бойына жинап зәрлі уытын. Басын сауғалап, Қытай асқан-ды, Бұл шақта жыртқыш – атаман Дутов.

Сүйдүн шаһары. Сол жылғы ақпан, Бір топ салт атты Жетісу жақтан. Шекара асып... Апанына өткен, Ақырына жеткен. Маңдайдан атқан. Басқарып барған ерлердің бірі, Арыстан жүрек ерлердің бірі, Белгісіз бейне – сырт көзге түрі. Ана жылдарғы кино кадрының, Сыртында қалған қазақтың ұлы... Артында шаңырақ, жары қалмады, Әскери оқыған Сарытаудағы. Басмашыларды тау-тасқа тығып, Соғысқан жері – Ферғана маңы. Жалындап өткен халық кегі боп, 45-те солай жауды жеңіп ед. Тапсырмаменен тағы Қытайға өткен: Арбасқан соғыс – алғы шебі жоқ. Тұлғасы сымдай, тіп-тік жүрісі, Қажымұқандай палуанның інісі. Орыс пен қытай арасында жүрген, Көрінбейтұғын майдан Момышұлысы. От пенен судай тынбай қырқысқан, Алтайды құрсап аш көз мың тұстан. Азаттық туын желбіретіп ед, Ұмтылып алға Шығыс Түркістан.

Таныған сонда жат пен жақынын, От кешіп өтіп мың-мың шақырым. Жолдары бірақ түйіспей кеткен, Байділдә батыр... Оспан батырдың. Олардан Мәскеу сескенді ме екен? Қайтарған оны. Санады-ау бөтен. Алтай таулары, қазақ ауылдар, Қол бұлғап қалған аяулы мекен... –Кім іздер? – деп те: ойға келесіз, –Уәш көке, кейіп айта бересіз... Байділдә ата баһадүр болып, Қауышар елмен. Әлі-ақ көресіз! 2009 жылғы 16 маусым. «Еркіндік – жалаңаш». Олжас Сүлейменов.

ТӘУЕЛСІЗДІК-ТАУАН Тәубе! Таңым аттың ба, Арайланып Азаттық! Білгені бар Хақтың да, Жаратқан соң Қазақ қып. Деймін іштей Бүгін кеп, Көзімді ашып азаптан. Менің басқа мұңым жоқ – Жалғыз-ақ мұң – Қазақтан. Шығармадым тысқа сыр, Қондым ата қонысқа. Шыдап келдім үш ғасыр, Бодан болып орысқа. Мен де Қаған болғанмын, Түбім Түркі – жолы ұзын. Қысық көз сұм жоңғардың, Қазір енді жоқ ізі... Ақсөңке боп сүйектер, 30-шы жылдарда.

Ажал күн-түн иектеп, Көзді шұқып мың қарға. Өз жерімде аз ұлт боп, Арал кеуіп, көшкен құм. «АЗиЯ»-ны жазып кеп, Азат жел боп ескенмін. Болдың ба Ақын, қияқы. Болсаң. Жырла, ал онда! Қазақтың ар-ұяты, Алматыда, Алаңда. Үш күн тұрды күркіреп, Қысқы нөсер секілді. Ұландарым – Ұлтым ед, Жағып кеткен Отымды. Дауыл өтті. Жел тынды, Аспан ашық. Ғажап күн. Еңсе көтер, Еркіндік, Елдігі боп Қазақтың! Азат таңым аттың ба? Салмағына нар шыдар. Сені берген Хақтың да, Бір білгені бар шығар!.. 2011 жыл.

ЫҚЫЛАС ХОРУНЖИЙДІҢ АЙҚАРА ҚҰШАҚ ЖАЮЫ немесе айнала беріп, ақынның ту сыртынан қанжар сілтеу Өмір не өлім! Одан басқа жоқ кесік, Жалын атқан көкірегін кек тесіп. Аламанға от беруді армандап, Махаң өткен хан Жәңгірмен өштесіп. Он екі ата Байұлымен бір орда, Қысастығы кектендірмей тұрар ма? Өткен батыр қаһарлы жыр толғаумен, Күші аздау боп ханға қайрат қыларға. Қиян-кескі ұрыстарда құны ердің, Өтелетін жалынымен жігердің. Исатайсыз шықты арқырап Ақтабан,

Ал сен болсаң, тығырыққа тірелдің. Сұрғылт заман. Өзің айтқан: «Мұнар күн»... Үміттендің, бірақ сағым – құр алдың. ...Махамбеттей ақын емен, көп болса – Өлеңдерін жатқа айтатын шығармын. Найза толғап, ат үстінде толғанып, Шықты ұрыстан сәтті жолын оңғарып. –Тәуекел! – деп нөкерімен аз ғана, Қайтып келсе, Орда жаққа жол жабық. Шырақты үміт сөне жаздап жалғасқан, Маздай түсіп, келер күнге алға асқан... «Қараойда» қара ниет іске асып, Ақын басын кесіп алды алдаспан! 2009 жыл.

ЖАНКЕШТІ (Жанболат Аупбаев ағама) «...Ылғи да бір нәрсем бүтінделмей, Жүретін», - дейді кейде мұқым елдей. Нарынқолда – Мұқағали Отанында, Қарапайым үй болып түтін өрген. Әкесі «Қонаевтың колхозшысы», Момын жан, адалдыққа жолдас кісі. Көрік ұстап қумады жолын ұлы, Көмекшісі болған-ды әрі қосшысы. Кітапқа жастайынан ғашық болған, Содан да қазынасы тасып-толған. Несіпбек, Тұрсындармен курстас боп, Ақ арман Алатауға асып қонған. Жанашыр болған дәйім аса досқа, Кейбіреу мұны әсте жасамас та. Жезқазғаннан Жүрсіннің бір топ жырын, Әкеп берген Құлбек досқа – «Жас Алашқа»! Жаны сүйер қашанда даралықты, Қаршығадай тұрқы бар Аға мықты.

Кеңес кезі... Керенский көзін көрген, Тәнті еткен ол Генрих Боровикті. Санамалап тауысармыз қайсы бірін, Қатпар-қатпар тарихтың аршы құмын. Семейге алып ұшып, аялаған – «Қозы Көрпеш-Баян»-дай жан сұлуын. Бұл қазақ кенде емес-ті кемеңгерге, Сүйреген келер күнді – кемеңді өрге. «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Мұны айтқан батыр қазақ Момышұлы, Шерінің шырқау шегі – соңғы сыры. Қайтейік, ой қайраулы, сөз байлаулы, Кер заман қуғыншысы, болды сұмы. Есіл ер кетті іштей отқа жанып, Азаттық бойын өртеп, кекке қарып. Қоламтадан суырып ап, шоғын үрлеп, Жұртына жарқ еткізсе, ол – Бекмаханов! Достары айтатындай: «Балаң бейне», Ұлтының қамын жеген алаң кеуде. Кейіпкеріндей пулеметтің аузын жапқан, Көргенде Сізді... солай қалам кейде! 2011 жылдың 23 желтоқсаны.

ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ НЕМЕРЕ ҰРПАҒЫ (Алаштың ардақты азаматы, «Құрмет» орденінің және Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет дипломының иегері Құлжанов Медғат Кәрімұлына арналады) Толағай түптен тартқандай, Нар кеуде, жомарт, мәрт маңдай. Жанары қыран қабақты, Иығына батпан артқандай. Елінің ері еңселі, Басқа жұрт Сізді көрсе еді. Тумасы – Абай жерінің, Қазақ елінің бөлшегі.

Қыр деп те, Сыр деп бөлмеген, Ойы жоқ басқа көлденең. Алақанымен аялар, Ағаға Сіздей шөлдегем. Перзенті текті атаның: Ұлы Абай, қажы Шәкәрім. Алматы, Семей, Астана – Алысқа кеткен атағың. Шыңғыстау, Шыңғыс ұлдары, Ұлы боп енді тұр бәрі. Әуезовтердің Отаны, Тарихтың жатыр сырлары. Құтжан бабадан тараған, Бата алған жұрты данадан.

Балалық жылдар елесі, Өшпейді әсте санадан. Шыққансыз үлкен әулеттен, 32-дегі аштықнәубеттен. 37-дегі «қызыл қырғыннан», Қалды ма туыс, сау кеткен?! Қараңыз тағдыр – ғажапқа, Ұқсаған – жалын өзі отқа. Желтоқсандағы ызғарда, Болғансыз пана Қазаққа. Айдында жүзген кемесіз, Келешек күнге сенесіз. Шетелге үлгі болатын, Жастарды баулып келесіз. Қиынсыз тірлік бола ма? Өткеннің бәрі санада. Қазақ елінің бағы үшін, Жасай беріңіз, жан Аға! 2006 жылдың желтоқсан айы.

КҮЛӘЙХАНМЕН СЫРЛАСУ Кішкене ғана сымбаттым, Өткен күндерге шегінем... Мен хор қыздарын жырлаппын, Жолыққанға дейін сенімен. Көтердік сосын ақ отау, Сол Желтоқсаннан сәл бұрын. Куә боп тұрды Алатау, Қызара батып қалды күн. Сонда бір сыңсып Сыр жақтан, Ұшқан-ды қызыл қырғауыл. Аспанды қара түн жапқан, Үдере қарап тұрды ауыл...

Ақиқатын талай айтар жан, Топталған жастар қатары. Еріксіз бізді қайтарған, Полковниктің қату қаһары. Ызадан кек боп жарылдық, Болсақ деп қазақ бір сапта. Бойыңды өртеп, жалын ғып, Бостандық төлі құрсақта. Бұлқынды. Жас кеп ыршыды, Сананы тіліп өткен ой. Махаббатымыздың қызыл бүршігі, Көк мұзда көктеп еді ғой! 2004 жылдың 18 сәуірі.

АҚОРДА, АСТАНАМ - ЖАҢА ТҮРКІСТАН (Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы мен Елбасының туған күніне арнаймын) Шілде айы. Есіл жағасы, Қараөткел қоныс саласы... Жиырма бірінші ғасыр. Астана, Қуан сен, Қазақ баласы! «Ақсарбас» айтып сұраған, Еліміз еркін, дін-аман. Батыс пен Шығыс, әр жақтан, Жинады елді Нұрағам. Атқан ақ таңның арайы, «Бейбітшілік пен Келісім сарайы». Түркінің рухы – «Хан шатыр», «Қазақ елі» – тарих талайы. Қалғандай сырт көз танымай, Шаһардың нұрлы шағын-ай! Нұрдай ұлыңды жебеп жүр, Аруақты баба – Абылай!

Бастадым тойды жыр арнап, Қолдап жүр Кие, Ұлы Әруақ. 2010-да – Төраға, Қазақстанды құп алмақ. Құп алмақ төрткүл дүние, Дүниеге асау кім ие? Имене басып келеді, Европаңыз Қазақ Үйіне. Болмаса бедел, қайтер деп? Оған да шүкір айтар ма ек? Күлтегіннің біздер – ұрпағы, Бірлік ұясы – «Бәйтерек». Орындалды арман -аманат, Той құтты болсын, жамағат. Қазаққа керек Сіз ғана – Президент. Бауыр. Азамат! 2008 жылдың 6 шілдесі.

ҚАБЫРҒАЛЫ СӨЗІМ, ҚАРА ШАҢЫРАҒЫМ («Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейлі тойына) Ақындық болып құштарым, Өнерден сөзді ұстадым. Армысың, ақылшы абызым, «Егемен Қазақстаным»! Еңбекші халық үні деп, Таныған жұртың мың рет. «Ұшқыннан» жалын лауласа, Ол – сенен туған құдірет. Бернияз, Смағұл ағалар, Жүсіпбек, Мұхтар даналар. Бейімбет, Сәкен, ер Тұрар, Алыста қалған жағалар. Дауылпазы ед олар заманның, Жарық күні түнек қоғамның. Армандары кеткен айтылмай, Кісенін салып жаман күн...

Жадында тұтар Алашы, 90 жыл – дәуір жаңасы. Кіл қайраткерді сомдаған, Ұлт үні ұстаханасы. Аққулар ұшар ән алып, Сені оқыр шаруа дем алып. Әуежай, вокзал, айлақтан, Қарсы алдың болып жаңалық. Республикам менің – ұлы елім, Бас газетім – мінбер, тірегім. Өзіңде қалам ұштаған, Мен де бір сенің түлегің. Өмірде бердің күш-жалын, Көкке ұшты шабыт құстарым. Иығыңа жаптым жыр-шапан, «Егемен Қазақстаным»! 2009 жыл, қараша.

ӨМІР – ӨЛЕҢ, КӨҢІЛ – ДӨНЕН

ШАБЫТ Жоғалғандай, қап қойғандай бірдеңем, Мені столға қадап қойды түнгі өлең. Тәтті ұйқыны қимас едім... ұйықтамау, Керек ертең сөз алуға мінбеден. Ешкім көріп және танып-білмеген, Таңғажайып қайталанбас күндер ең. Одан-дағы қолтығымнан деме сен, Ей, қадірлім – Жыр деген! Жырға адал болып жүрміз десек те, Кешір өлең! Саған болмас еш өкпе. Бұлбұлдарды бағаламай кезінде, Тұлпар дедік, айдар тағып есекке.

Байбатша жан сықылданып үрдісі, Келсе ақының сән-салтанат құрғысы. Өз еркінде. Бірақ, бірақ... амал не, Өлеңінің жадау тартса тұрмысы. Осындайда керек маған батылдық, Онсыз менде болмас еді-ау ақындық. Көзбен емес, көкірекпен қараймын, Алыстағы армандарды жақын қып. Азабыңды бердің маған, түнгі өлең, Шалқы шабыт, жанған оттай гүрлеген! Қайдан ұқсын ақын жанын тоғышар, Жыр азабын, түн азабын білмеген?! 1978 жылдың 9 қаңтары.

ӨЗІММЕН-ӨЗІМ ОҢАША Түн. Бүгінше мен оңашамын, Өрісіне ойлардың жол ашамын. Өткен уақыт ап-айқын көз алдымда, Қол бұлғайды алдымнан болашағым. Жел жүгіріп өткендей әйнекті ұрып, Қылықты қыз қақ суын көйлек түріп. Кешпейді енді. Балалық дәурен – артта, Жаз да үнсіз қалғандай сөйлеп тұрып. Ойға батып қалғандай бақ та мынау, Бұйығып қыстан қорқып жатқаны ма-ау? Айна көлдер жәудіреп көптен күткен,

Киелі аққу Оңтүстік жақта жүр-ау. Көктем күні сияқты жеткен күліп, Сол бір қыздың қадірін кештеу біліп. Тұғырына қондырған бақыт құсын, Менен гөрі серілеу, ептеу жігіт. Өз әлімше өзен боп жырақта ағам, Мақсатымнан межелі мұрат табам. Омар Хайям сияқты рубаи-жыр, Жазып... Пушкин, Махамбет, Блок болам. Қара түннің суығы-ай. Оңашамын, Қол созым жер – кешегі бала шағым. Менің тауым алыста – жан баспаған, Керегі жоқ шоқының, аласаның! 1978 жылдың 10 қаңтары.

ЕЛДЕГІ ЕСЕНИН Бойында шаңдақ көшенің, «Газиктің» ізі – қос өрім. Ауылға келсе деп едім, Қиялымдағы Есенин. Сыйлар ем ақбоз атымды, Шақырып туыс, жақынды. Тыңдасақ сосын, шіркін бір, Серега дейтін ақынды. Құрдасым дер ем мен оны, Сырласым дер ем мен оны. Константиново қандай әдемі, Тартоғай сондай әдемі! Қолыңа мандат беретін, Осында ауыл Советің. Қаласа көңілің шарапты, Трубкаң дайын – темекің. –Кабак, –деп мені қинама, Барармыз, бәлкім, киноға. Ғашықпын мен де өзіңдей, Қаракөз Снегинаға. Қалған соң суып төсегім, Осылай қиял кешемін. Астанаға мен де аттанам, Сендей боп, Сергей Есенин! 1977 жыл.

ЖЫР ҒИБРАТЫ Тағдыр желдің өтінде, Басып мұңның пернесін. Ұқсайды адам жетімге, Шаттығын мұң жеңгесін. Сүйкімдің де – жексұрын, Білем, кеттің жек көріп. Шындық деген жоқшыны, Қанжығаға бөктеріп. Таптап кетсе біреулер, Шын пейілді түсінбей. О, Құдірет, сүйеу бол, Менің әділ ісімде! –Деп өзіңді қайрап ал, Серпіл ойдан – ширығып, Үзіріңді ойға алар, Көпті көрген сыйлы жұрт. Әлдекімге ұқсама, Абай қайда?.. Талайлы өр! Өмір - өлең. Ұстара, Ал, ақыным, абай бол! 1979 жылдың 28 ақпаны.

МҰҚАҒАЛИ. МҰҢ. МЕЗЕТ Бозқараған – май бұта, Гүлі жұпар, сан майда. Боздан жеріп, ай, Мұқа, Кетіп қалдың сен қайда? Кеттің-ау сен бұртиып, Пенделерден аулаққа. Жауын жауар сыр құйып, Айтылмаған. Тау жақта... Түнде шабыт шақыртып, Алматы-ару қаласы. Лашын апай шәкірті – Интернаттың баласы. Біздер едік бозбала, Түбіт иек ақынбыз. Сәлем беріп, аз ғана, Тілдессек деп жатырмыз. Гүр етті ақын, қас қағып, Жырымды оқып қалдым мен. Қайран, Ерік Асқаров, Аңқылдаған жан мүлдем.

Кешті жырмен байытты, Ұмытылып жұтаң күн. Мұңнан аздап айықты, Күрең жүзі Мұқаңның! «Қаламгерде» көп едік, Біздер – үшеу ұғысқан. Сыйласақ деп... Демедік, Қалды ол саяқ. Бұрышта... 2011 жыл, маусым.

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ КҮНДЕЛІГІ Алматының шығыс жағы шетінде, Баспанасы қара суық өтінде. «Городская» көшесінде тар, лас, Таудың алыс, нақ етегі бетінде. Мекен еткен ақын үш жыл сонау қыс, Соғыс біткен. Ол – ұясыз ұлар құс. – «Кім біледі»,- деп сөйлейді күнделік, – «Бұл жерде енді әлі қанша тұрармыз»... – «Бермейді енді, не қыласың, ҚалСовет»... Деп сабылған арқа еті арша боп. – «...Нағыз ақын болып шықтым»... Ал Бұған – «...Осылай деп жұрт түсінді... ». – Бар себеп. Он жыл өтті. Бұдан да артық күтер ме? «...Сатушы мен болсам арақ дүкенге, Онда, мүмкін, есептесер де еді ғой»,- Деген Қасым жарық күні бітерде. Өмір мәнін осылайша ол түсінді, Жер сұраумен соңғы үмітін ұшырды.

«...Бір оңбаған «инженер» – саудагер, Жерді маған зират жақтан (!) ұсынды». Деп ашынған бәз-баяғы сол Қасым, Жарықтығың сезген тірлік оңбасын. Өзі айтқандай қайдан оңсын тірлігі, Басшылары құлқынға құл болғасын! Тағы мынау сұр параққа жазғаны: – «Әйелім босанып қала жаздады, – Көше үстінде. «Жедел жәрдем» күткенде»... Сәби туды, лаулады ошақ маздағы. Өксік қысып, кеудеге асау жыр келіп, Атын қойған «Дариға» деп, Күн көріп... Ақын жаны кептер болып көкке ұшты, Тартпасында қалып қойды күнделік! 2011 жылдың шілде айы.

БОЛМАСПЫН БҰРЫНҒЫДАЙ МЕН... Қайран Сыр, Қорқыт бабам – Өлең-көгім, Басыңнан не өтпеді, не көрмедің? Айрандай ғып ауаңды ғарыш-кеме, Арал кетіп барады. Өлерменім! Кие қашып бара ма құтханадан? Бәрінен де зор болып шықты-ау адам. – Елге бет түзедің бе? – деп ед сонда, Түркі әлемі ақыны Мұхтар ағам... Жиырма жылдан асыпты содан бері, Бүгін басқа күншуақ, заман лебі. Сырға келдім сағынып туған жерді,

– Аманбысың?! Мен сенің балаң! – дедім. Алматыны қалдырдым мен достарға, Дария болар жылғалар жалғасқанда. Сағасы боп мен Сырдың ақсам деп ем, Жағалауын аппақ тұз сор басқанда. Көк шөңгеге тілдіріп табанымды, Көкжиектен алмаушы ем жанарымды. Толқыннан толқын туып жатар еді, Әсер менде осындай бала күнгі. Маздап тұр саған оттай махаббатым, Өлкеге келер әкім, кетер әкім. Атақтысы. Бар тағы атақсызы – Сыр бойында менсіз де жетер ақын. Қайда күндер жалындай жанатұғын, Жоқ дауыл. Алғандай-ақ дала тыным. Қайран Сыр, кешір мені, анамдай ең, Болмаспын бұрынғыдай мен ақының! Қызылорда қаласы, 11 наурыз 2009 жыл

АҒАЖАН Ағажан, көп жайды айтып, толғаныпсың, Ширығып, өзіңді-өзің қолға алыпсың. Азынаған заманғы Азнабайға, Өлеңіңнен байқадым. Алданыпсың. Қайтесің, соның бәрін қарғағанда, Әр сұрқылтай болады әр заманда. Абай «мыңмен алысып», жыға алмаған, Кейде сөзің қор болар бір жаманға. Барлығынан ақынның мерейі үстем, Шаруамыз шешілмес ерегіспен. Бишара боп қалады сол байбатша, Уақыты келгенде – тақтан түскен. Тұғырыңнан сені ешкім тайдыра алмас, Аман болсын ағайын, жора-жолдас. Өлеңіңді мәпеле, ол – серігің, Өкпелетсең, айналып қайта қонбас. 2006 жылдың 11 сәуірі.

ЕГІЗ ЕКІ ӨЛЕҢ ІНІЛІК БАЗЫНА Жан жабырқап, арланып азды денем, Жан-жағымнан Тоғышар Әзді көрем. Ырқылдаған ындынсыз пенделерден, Жүрек айнып. Сізге ұқсап жаздым өлең. Дегбір кетті делебем қозған тұста, Аунап. Тұрып келеміз біз тартыста. Ит-Өмірмен итжығыс түсіп жүріп, Ираға, келгенсіз бе Сіз де Алпысқа? Қиянаттан – Қобызда күй шалатын, Кеш түсінген қу заман ишаратын.

Әнші керек – тойларға доллар шашқан, Кімге керек Ағажан – бишара Ақын? Маған қазір өлеңің керек емес, Үкіметім: -Қайдасың? - демеген еш. Жетім бала секілді ол жәудіресе, Себебі – сенен емес, менен емес. Арыз айтып жатырмын өзіңе, Аға, Сізге айтсам, шеменім жазыла ма?! Көңіліңізге алмаңыз мерейтойда, Өзіңізге айтылған – базына да! Жазда жасыл киінер қыздар көйлек, Дүние қызыл. Сіз түгіл біздерде ой көп. Алматыны қалдырдым өзіңізге, Ақындардың ағасы – Сіз бар ғой деп.

Айт не, айтпа. Кетеді енді осылай, Байдың ұлы сөйлейді теңгесі бай. Сіз тұлпарсыз тоқтамас басы қатты, Тағдырдың Сізге керген кермесін-ай! Дүние мұңын жырлайтын біздер ғана, Теңізінде шабыттың жүзген дара. Құтты болсын Алпысың ардақтаған, Қош келіпсің ауылың – Қызылордаға! 2007 жылдың 13 қарашасы.

АЛПЫСТЫҢ ЕСІГІ Алаштың мен де баласымын бір, Өлең-әлемде жарасымым – жыр. Қарғалар қазір бұлбұлша сайрап, Мәстектер өзін таң асырып жүр. Өсек пен жала жан ауыртқасын, Үзсем дедің бе бел омыртқасын? Өңкей Нөлменен алысып жүріп, Алпысқа келдің ағарып басың. Қолыңды созып сеңсең бұлттарға, Артыңа қарап, өткен жұрттарға. Екіндіге кеп, сәл-пәл еңкейдің, Еңкеймейтұғын – өңкей қырттарға.

Сорды да кештің – Дүние зайырын, Қайырда қалып Қара Қайығың. Қабырғасы сынса, қаңқ ете қоймас, Көкбөрі сынды Иран-Ғайыбым! Баяғы ауылың, өз Елің қайда? Сыр-Анадайын өзенің қайда?! Жеріңнің майын жіліктей сорып, Алғандай озбыр өзегін жайлап. Өлеңмен өмірің өтті де кетті, Абайдай сабап, тағдырың тепті. Жақсы көрген боп жағыңнан ұрса, Тосқансың тағы... Екінші бетті. Бекер ғой соның. Кім ұғар сені?! Безерген заман сірескен сеңі. Жан-жағың – жылпос «жақсы мен жайсаң», Өзінен де зор шекпен мен шені. Өмір осы екен... Тантық пен Тартыс. Қоғамың – түлкі. Адамың – әртіс. Қазақта жалғыз Иран-Ғайыпты, Есігіңді аш та, есірке Алпыс!

2007 жылдың 14 қарашасы.

АБАЙ АҚЫННЫҢ ӨСКЕМЕНГЕ КЕЛУІ –Келе жатыр, келе жатыр ұлы Абай, –Босат жолды, болмасаң бір пәтшағар! –Ақын, – дейді. Болды-ау ұлық, сірә бай? –Тұрар десем мұнда жарты патшалар. Деп күңк еткен мұжық-пиғыл пақырың, Сезбегенсіп Тәуелсіздік арайын. –Анау – сенің цилиндрлі ақының, –Әй, көкешім, мынау менің – Абайым! Дегім келген Жиырма Жылда толғанып, Мен қашанда ақиқатты хош көрем. Айналайын Азаттықтан соң барып, Сен қарсы алдың Қазақы иіс – Өскемен! Ортасында Ертіс пенен Үлбінің, Кенді Алтайда, қария Қалба тауында. Көріп талай уақыттың сүргінін, Шаһар болған ақ қар, көк мұз, жауында. Асыр салған аю, арқар, ақкісі, «Тәңір суы – «Рахман қайнарым»!

Келді осында жыр жазып бір жатқысы, Ақын бабам. Жату деген қайдағы?! Ал сол бабам бұл қаладан іздейді, Михаэлис досын сонау ежелгі. –Бұл қалада жүрген сонда біз, – дейді, –Бастан кешіп жастық шақты – кезеңді... Мұнда: никель, алтын және «Қазмырыш», Қарақаба, Күршім, Нарын, Бұқтырма. Бұл көргендер – сияқты бір жазғы түс, Одан-дағы атқа мініп, шық қырға! Ат деймін-ау. Ат деген не, тәйірі? Жүйрік тазы жайлы тағы айтасыз. Құранды ері, қамшысы жоқ – айыбы, Өскемендік «Нива» мініп қайтасыз. Ол заман жоқ Сіз көргендей баяғы, Мұнда – ұлыстар достығының форумы. «Бір шаңырақ астында!» деп қояды – Сарысы да, торысы да, қоңыры. Ана тілім босағаға енді бек, Артқа тастап жаутаңдаған сәттерді. Көк байрақты – Әкім балаң Бердібек – Төрге оздырды және Рухты ап келді... –Келе жатыр, келе жатыр ұлы Абай, –Босат жолды. Қыңырлармен ісім жоқ! – «Қалың елім, қазағым...», – деп жыламай, Тұра қалды әлгі Кісі мүсін боп!.. 2011 жыл.

ШИЕЛІДЕ ШИЕ ГҮЛДЕДІ... Шиеліде шие гүлдеді, Жатыр ғой жолды шаң басып. Барады өмір ілгері, Мезгіл жалына жармасып. Жанымызда жарқын шуақ боп, Жапырақ ұшты. Өтіп күз. Жиырмада кеше сияқты ек, Қырықтан асып кетіппіз. Айтылып сөздің сарасы, Жалғасқан әңгіме сабағы... «Шиелі» мейрамханасы, Сол шақты еске салады. Қайран, сол жастық – тым алыс, Оралмас бізге ол енді. Қайдасың, ақын Қуаныш? Жастанып жатар өлеңді! 2003 жылдың 10 мамыры.

СЫРЛЫ ӘУЕНДЕГІ НҰРЛЫ ӘЛЕМ

«ҚАЗАҚСТАН» - МЕНІҢ ТЕЛЕАРНАМ» Жыр мүшәйрасына «Қазақстан» Республикалық Телерадио корпорациясының 50 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласында өткен «Дидар» фестиваліне Тарих қып сырын көненің, Егемен болған ел едім. «Қазақстаным» – қара шаңырағым, Арналды саған өлеңім. Қамқорың болған Елбасы, Абылайлардың жалғасы... Елуге келген - Ағамсың, Ұлтымның телеарнасы.

Түлеген кезде нұр-далам, Жазылбектерді жырлаған. Жақаевтарды паш етіп, Жаңалықтардан тынбаған. Қазағың – талай тыстағы, Сен болып жалғыз құштары. Аңсаса атамекенін, Демеусің – «Қазақстаным»! Дидарыңды күнде танимын, Жігерімді саған жанимын. Саңқылда сарбаз даусы боп, Нұртілеу Иманғалидың. «Орнында бары оңалар», Дәуірдің үні саналар. Камал, Сағатым бас болған, Шежіре Ләскер аға бар. Айтысты талмай жыр еткен, «Көктөбеде» күйді түлеткен. Аялап ақын - Жүрсін жүр, Талантты танып түлектен. Дүниенің көзі, құлағы, Ақпараттардың бұлағы. Жаңалықтарың эфирге, Қазақша сөйлеп шығады. Жүзге де жетіп, самғарсың,

Халқымның үні болғансың. Әрбір Қазақтың үйінде, Асыға күткен сен барсың. Көкірегіміз – толы үміт, Қуанышыңа қол ұрып. Тұрайық, «Қазақстаным», Күн сайын әман жолығып! 2007 жылдың 29 қарашасы. ҚОШҚАРАТА ҚЫРАНЫ (Ұлттық рух пен өнер жанашыры, Алашқа аты мәлім меценат Оралбек Қожамжарұлы Ботбай ініме) Қаратаудың қойнауы гүлге толы, Қырмызыдай жоталар бүрме етегі. Алатау мен Қаратау тоғысқан төр, Осы жер деп тарихтан сыр жетеді. Маңғаз қарап төменге кер маралдай, Мұнартады алыстан тау Боралдай. Алакүшік, Ақшоқы биіктерін, Тәңір қашап, егіз шың орнағандай. Қошқарата, Мыңбұлақ, Теріс өзен, Боралдай, тентек Арыс, Балабөген.

Құз-жартаста жоңғардың ізі қалып, Өшкен. Өткен. Ол рас. Даламенен. Өткен бәрі... Жазылған тән жарасы, Ботасын тапқан іздеп аруанасы. Ұлы азаттық бастауын сенен алған, Ұлт ұясы – оймақтай Ордабасым! Құлдығынан айналып қияғыңның, Исін иіскеп жұпардай сиягүлдің. Қоңыр әуен. Қоңыр күй. Қоңыр төбе – Ынтығы Оралбектей зиялы ұлдың. Дүниеде сенен асқан жоқ па жота? Шаянда салқын сабат Шақпақата.

Бергі жағы Бәйдібек – құтты мекен, Кие дарып, бабадан жеткен бата. Сол кездің биі, батыр-бағыланы, Қазір де тыншу бермес жадыма әлі... Қошқарата көгінен ұшқан қыран – Қазақтың Оралбегі, ел ұланы. Сол шақта ақын жаны жырды кешер, Жай ойнап, Аспантауға мың гүл өсер. Асуман көз шарасын шайып алып, Саулайды тоқтамастан нұрлы нөсер! 2008 жылдың 25 қаңтары.

СЫРЛАСТАЙ БОЛДЫҢ... Жарайсың досқа, жолдасқа, Сырластай болдың сен баста. Көшбасшылардың бірі боп, Сен келдің бүгін Он жасқа! Өн бойың толған жарасым, Дана шәкірттей баласың. Атағың шарлап кеткендей, Атырау, Алтай арасын. Шыңдалып нарық тезіне, Түскенсің елдің көзіне. Қазақтың тарихын том-том ғып, Шығарып жатқан шежіре. «ҚАЗақпарат» осы баспаңыз, Еңбекқор жанға – дос нағыз. Кітаптың бағыт-бағдарын, Сіз осы жерден бастаңыз. Жүрерсіз сонда адаспай, Жан-жаққа кетіп, тараспай. Әдебиет, әуез, ғылымың – Ағайынды алты Алаштай.

Түйіскен мұнда тоғыс көп, Айтар ем үлкен өріс деп. Шетелге сөйтіп танытқан, Қожамжарұлы Қонысбек. Қисапсыз іске бас болған, Ұжымды жинап жастардан. Қинамас жанын пендеге, Жаумайды шұға аспаннан! Өс, өрле! Басқа не дейін?! Жырларға толсын көмейің. Қазағыңның мынау төрінде, Арта да берсін мерейің! 2008 жылдың 26 желтоқсаны. ЖАНЫМДЫ ТЕРБЕП... Жанымды тербеп нәзік мұң, Ән айтам бақыт жайында. Сүйем деп сені жазыппын, Күздегі аппақ қайыңға. Қайыңның мұңы – жасыл мұң, Діңінде жаңбыр іздері. Жапырақ болып ашылдым, Қайың жүрекпен күздегі. Күтеді мені жол қандай, Әлде бақ, әлде мұңды ызғар. Суық аспаннан тоңғандай, Жаурап тұр жарық жұлдыздар.

Аллеяменен бағына, Барады қайың ойлы, әсем. Жапырағын ертіп жаныма, Сары бояумен сөйлесем. 1981 жыл. ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ КЕШ Қоңырат қырдың қызғалдағы, Жел соқса, сабағынан қиылады. Алатау баурайының күзгі орманы, Сарғыш шекпен қымтанып, бұйығады. Мұзарт шың төбесінен қыран ұшқан, Көтеріліп кеткендей жайлап биік. Қарауытып жоталар тұр алыстан, Арыстандай бойына айбат жиып. Сырғанап күн түседі төбесінен, Көкжиекке жантайып алған тыным. Жалғасады бір кеші бір кешімен, Думаны тарқамайтын Алматының. Күздің әнін құстардың жырлап бәрі, Ағаш біткен тербеліп ырғалады. Көңілімде көктемнің ырғақтары, Көкіректе гүл атып, бүр жарады. 2005 жыл.

БАЛАПАН ТОҒАЙ Бүріскен балапан тоғай, Ызғырық. Өліара маусым. Жүгірген жапа-тармағай, Шашылып жағада даусым. Шақырғам қайықшы шалды, Мазалап түн жарымында. Ішімнен: - айып шығар,-деп, Беріліп бір жағы мұңға. Өтетін дарияны кешіп, Дауысымды қала ма ап түн? Ескекші қарияға ілесіп, Ауыл жақ жағаға өттім. Жаңбырың себелеп берсе, Үй шалғай, бар қауіп түрлі. Аппақ көбелектерше, Жолда қар жауып тұрды. 1979 жылдың 21 желтоқсаны.

ТАНЫС - БЕЙТАНЫС Аялдама. Аппақ қыс. Тоңып тұрмын, Тоңып тұр ем. Өзіңді жолықтырдым. Ұқсамайсың күндегі көп танысқа, Ұяң қыз боп мінесің автобусқа. Тілдесуге, әйтеуір, себеп іздеп, Әзілдеп ем: – Тайғанап келеміз, – деп. Сен жымидың. Дедім мен: – Кешіріңіз! Сізді білем... Ұмыттым... Есіміңіз?.. – Ойланыңыз. Содан соң түседі еске. – Бірде тұман. Бірде қар. Қыс емес пе? Мойындадым мен сені данышпан деп, Тұрдым үнсіз. Бір кезде танысқан боп. Төмен сырғып автобус, жағып шамды ой, Сен үн қаттың: – Атыңыз – Бақытжан ғой? Менде тіл жоқ. Сен сонда жарқын едің. Ал, мен болсам, танитындығыңнан қорқып едім... 1979 жылдың 24 желтоқсаны.

АЯЗДЫ КӨШЕ Қар жауып еді ақ түбіт болып алғашқы, Суық ауаның аязға демі жалғасты. Әбігер болып, көшеге шығып жұрт енді, Тон киіп еді. Алатау шапан бүркенді. Қалаға бей-жай түседі таудан қысқы ымырт, Ауаны тіліп барады біреу ысқырып. Бір серік керек, көшеге тайғақ – жоқ сенім, Жараса бермес «әзілі» мұз бен өкшенің. Келе де қоймас жуықта күткен автобус, Аялдамада жабығып тұрсыз. Жоқ таныс.

Қалғасын тоңып, таксиге мініп амалсыз, Қайтасыз үйге, шаршаған-дағы боларсыз? Бойыңыз жылып, алған соң біраз демалып, Соңғы хабардан тыңдайсыз соны жаңалық. Қалғыған түнде тербейді сосын қысқы өлең, Жылы бөлмеде сені ойлап жатып түс көрем... 1980 жылдың 20 қаңтары.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙