Байғұс полковник
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
«БАЙҒҰС ПОЛКОВНИК»
(әңгіме) Мен өз қолыма ақша ұстамайтын жанның бірімін. Тапқан-таянғанымды әкелген бойда жұбайымның алдына тастай салам.
— Сабыр етші, мына ақшаларды есептеп, қалай жаратуды ақылдасып алайықшы...
— Балалар — сенікі, бай — сенікі, үй — сенікі... басымды қатырма, маған десең, өртеп жібер!
Әйел — үй қожасы, одан басқа ешкім біздің семьяда ақша ұстамайды.
— Мама — у нас самый главный человек, — дейді кенже қызым.
— Дұрыс айтасың, балам, — деп мен оны қостап қоямын.
Москваны көрсін деп биыл жазда балаларды алып бардық. Кремль, МГУ, Третьяков галереясында болып, астананың тағы басқа да мақтаулы орындарын аралап, балалар бір жасап қалды.
Мақпал — сәби, Шапулька болса бойжеткен қыз бала.
Бір күні кешке Кремльдің Съездер Сарайына театрға билет алып келдім.
— Кішкентаймен екеуің үйде қаласыңдар, біз Шапулька екеуіміз барамыз, — деді жұбайым маған.
— Мен неге бармаймын? — деп шатақ шығарды Мақпал.
— Жаным - ау, ол жерге сәбилер мен шалдарды жібермейді екен, мен шалмын, сен әлі баласың, екеуіміз үйде қалатын болдық.
Мақпал басқа түскен шарасыздыққа көнгендей боп, бұрышқа барып мұңайып отырған-ды. Мен аяп кетіп қасына барып, басынан сипаған соң, кішкентай қызым:
— Байғұс полковник, — деп мені аяғандай болмасы бар емес пе. — Бар ақша мамамда. Ол бізге ақша да бермейді, Кремльге де жібермейді.
Мен рақаттана қарқылдап күліп, кішкентай қызымды көтеріп ап, бетінен сүйдім. Ол мені аймалап:
— Байғұс полковник!.. — деп күрсінді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру