TELEGEI

Home

Ғасыр нұры

Шәрбану Құмарова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғасыр нұры

Көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шәрбану Құмарованың «Ғасыр нұры» романында өткен жиырмасыншы ғасырдың басы мен соңындағы оқиғалар кезек алмасып, бүгінгі жиырма бірінші ғасыр кезеңімен жалғасады. Теңіз асты иіріміндей кесек-кесек баяндар, әрқайсысы жеке дара хикаят болып жазылғанымен, бір-бірімен терең астаса, күрделі оқиғалар желісін құрайды. Бұл – шығарманың өзіндік ерекшелігі. Басты тақы

Шәрбану ҚҰМАРОВА

(ГҮЛ-ШӘРБАН)

Роман, хикаяттар, лебіздер

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-4

Қ 75

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-4

ІSBN 978-601-7337-12-4

Құмарова Ш. (ГҮЛ-ШӘРБАН)

Қ 75

Ғасыр нұры. Роман, хикаяттар, лебіздер. –

Алматы, «Ан Арыс» баспасы, 2012. – 320 б. ІSBN 978-601-7337-12-4 Көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шәрбану Құмарованың «Ғасыр нұры» романында өткен жиырмасыншы ғасырдың басы мен соңындағы оқиғалар кезек алмасып, бүгінгі жиырма бірінші ғасыр кезеңімен жалғасады. Теңіз асты иіріміндей кесек-кесек баяндар, әрқайсысы жеке дара хикаят болып жазылғанымен, бір-бірімен терең астаса, күрделі оқиғалар желісін құрайды. Бұл – шығарманың өзіндік ерекшелігі. Басты тақырып – адам тағдыры. Жазушы махаббат тақырыбын да тыс қалдырмаған: Елшібек – Сұлу­қас, Мінуар – Шынаргүл, Нұрқасым – Биғаным араларындағы шынайы сүйіс­пен­ші­лік шытырман харекеттерге толы. Өмірдің бұралаң жолдары жарға соққан тол­қын­дай бұларды қуанышқа да, қайғы-қасыретке де ұрындырмай қоймайды. Романның тілі шұрайлы, шеберлік пен суреткерлік атты көркемдік тәсіл қаламгер стиліне әу бастан тән. Кітапқа бұдан басқа «Мың жылдық сағыныш», «Замана зары», «Би әлемі – Шара» – хикаяттарымен бірге Ш.Құмарова жайлы жылы лебіздер енген. © Құмарова Ш., 2012 © «Ан Арыс» баспасы, 2012 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ КОМИТЕТІ «ӘДЕБИЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ТҮРЛЕРІН БАСЫП ШЫҒАРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ

Роман ҒАСЫР НҰРЫ Бірінші тарау ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ – ТОТЫҚҰС Қ ұмырсқа қыз бен Үкітай жолда кетіп бара жатып әңгіме соқты: – Ей, сенің атыңды неге Құмырсқа қойған ә? Басқа есім табылмағаны ма? – деді Үкітай саңқ-саңқ күле. – Шын атым – Шынаргүл, не себепті Құмырсқаға айналға­ным­­ды өзім де, туған анам Нұрғаным да білмейді. Ауылда балалар мазақ­­тап ылғи жылататын ғой. – Е-е, білдім, білдім! Белің құмырсқаның беліндей бұралып тұр­ға­сын да бір жеңгең қоя салған да! – Жоға. Менде жеңге жоқ. Нағашы екі ағам – Кәсен, Үсен дейтін, бірі – 17-де, бірі – 19-да, көкөрімдей жас шағында соғысқа алыныпты. Үйленіп те үлгермеген. Содан екеуінен де хабар жоқ, елге қайтпады. Нағашы атам аңырап жылай-жылай екі көзі ағып түскен. Шешеден үш ағайындымыз: екі қыз және мен. Ал тағы не сұрайсың? – Балмұздақты ағызып-тамызып жеп келеді, балпылдап сөйлеп те келеді. – Мен ендеше сені Шынаргүл деп өз атыңмен атайын, мақұл ма? Мен де өз атыма риза емеспін. «Үкітай» деген не? – Әдемі ғой Үкітай деген. Маған ұнайды, мысалы. – Маған ұнамайды. Өзімнен екі жас үлкен әпкемнің аты – Нұрлы­тай, міне, есім! Қызығамын, «келші, атымызды ауыстыралық!» деймін оған. Ол күледі де қояды. Шешем марқұм менің атымды Нұрлытай қойса ғой... – Апаң жоқ па?

Жаңа әзірде ғана жарқылдап тұрған Үкітайдың жүзін көлеңке кіреукеледі: – Ол кісі ертерек о дүниелік боп кеткен... Бізді жездеміз Әлімхан ба­ғып, тәрбиелеп, оқытып жатыр. Ол колхоздың парторгі, әпкем де құдай бе­ре салған жан, қысқасы осылардың арқасы ғой... Көзіне жас алды. – Таулы жердің қызы болған соң, мінезің де тау секілді, қазір күліп тұрып, қазір жылайсың. Қызықсың, Үкітай. – Е, сен де тау қызысың! Екеуміздің ауданымыз қатар. Тек мінезіміз үйлеспейді. Сен маған қарағанда салмақтысың, – деп Үкітай саңқыл­ дай күліп алды. Ол кезде ру сұраспайтын, ондайды білмейтін де, екеуі де бір рудан – Албанның ішінде бірі – Қызылбөрік, бірі – Бозым. Бұл жағы­нан бейхабар екі әдемі қыз әңгімелесе Көкбазарға келді. Көкбазар­ дың төменгі жағында «Дом колхозника» деген бар, Үкітайға ауылы­нан қатынаған адамға әпке-жездесі сәлем-сауқат жібереді. – Әй, анаң қара, сені ана бір кемпір шақырып тұр, – деді Үкітай. Бұл төңіректе ешқандай кемпірді танымайтын да жырағытпай­тын Құмырсқа қыз жан-жағына алақтады. Жыға танитын жан көзіне көріне қоймады. «Жындымысың, кім мені шақырып тұр?» «Өй, әне, бұрышта отыр ғой, үсті-басы алба-жұлба...» «Қой, қашайық, қайыршы шығар»... – Әй, қызым, қашпа! Бермен кел! – Бұлар жалт қарасты. Шыны­мен, бұрышта бір тамға арқасын сүйей қартаңдау кейуана отыр. Басында – күннің аптабында түбіт шәлі. Көздері шүңіреңкі, өңі қап-қара. – Сыған ғой, құрысын. Қашалық! – Неге қорқасың? – деген Құмырсқа сұрағына Үкітай: – Бала күнімде бір сыған әйелі «Әппақ екенсің, қызым болуға лайықтысың!» деп басымды айналдырып, сәл-ақ жетелеп әкетуге қалғанда ауыл адамдары арашалап алған. Содан бері сығанды көрсем, жаным мұрнымның ұшына барып тіреледі. – Онда сен осы арадан тапжылма! Сені шақырып тұрған жоқ, мені... Құмырсқа қыз әлгіге жақындады. «Отыр», – деді ол қарсы алдын­ дағы кішкене орындықты нұсқай. Отырды. Енді аңғарды: сыған әйелі емес, мұсылман халқының бірінен. «Карта суыр», – деді. Қолына уыстай ұстаған карта тобын қызға ұсынып. Ол жүрексіне бірін суырып алды. Қара таңбалы екен, бұл шошып қалды. Балгер жымия күліп: – Қызым, бес сом тастағын, – деді. Күмәжнігінен қыз бес сомдық болмағасын, он сомдық алып тастады. – Ата-анаңнан бақытты жаратылған қыз екенсің. Бірақ жолың­да алдыңды кесіп, кедергі жасаушылар көп екен. – Балгер сол қолына уы­ стай ұстаған картадан бір талдап шығара береді, сөйлей береді: – Қолың ашық, мейірімді жансың. Биік талапқа ұмтыласың, же­ терсің... аса қиындықпен. Алдыңда тосқауыл көп, бір әйел адам сені өкіндірейін деп тұр, сақтанғын. Жалпы, сені құдай айдап келді. «Ты

кормишь людей», – деді орысша. – Екі күйеуге тиесің. Бірінен де бақыт таппайсың. Сенің бақытың басқада. Сенің бақытың – қаламыңда... және сүйген адамыңда! «О, тоба! Менің журналистік жолға түспекші мүддемді қайдан біле қойды. Бәле ғой. Жәй болжаммен соғып отыр ма десем...» Құмырсқа қып-қызыл болып орнынан тұрып кетті. Балгер айқай­ лап: «Тоқта! Әлі айтып болғамын жоқ», – деді. Қараған жоқ. «Балалы боласың...» – дегенді құлағы шалды... – Әй, анау сандырақтап не деді? Бетің өртенейін деп тұр ғой. – Құрысын! Екі байға тиесің деді. – Екі байға?! Тамаша ғой! – Үкітай шарқ-шарқ күлем деп шашалып қалды. * * * «Құмырсқалар – жәндіктердің ішіндегі ең еңбекқор, таза, қауымдастыққа үйір тіршілік иелері. Бұларда иерархиялық қарымқатынас берік орнаған: Ата құмырсқа мен Ана құмырсқалар ұрпақ өрбітуге; жұмысшы құмырсқалар құрылыс салуға, тамақ, азық қо­рын жинауға; кокон – ұрықтар бөлек күтіледі; сіркедей кішкене-кіш­кене жұмыртқалар пайда болысымен, Ата құмырсқалар тұқым шашып, Ана құмырсқаны ұрықтандырғасын қанаты қырқылып, өліп қалады...» – Бұл құмырсқа дейтін жәндіктердің миллион жылдық жылнамасына жазылған қағида… Шынаргүл құмырсқалар туралы оқуға құмар-тын. Қолындағы пышақтың қырындай кітапшаға қадала беретін. ... Ата Құмырсқаны табудың қиындығын енді сезінген Бас Құмырсқа ел-ел аралап, жер шарлаумен болды. Жас Құмырсқаға: «Осы илеуге ие болғын», – деп Елшібек қажының баулы-сулы, нулы жерінің ең биік­ теу тұсына топырақ үйіп, үйіндіге жалбыз, изен, құлқайыр шөптері­нің қураған тамырын тастап, өзі жолға шыққан. Бабаларының бабасынан естіген бір әфсана есте қалыпты: * * * ... «Қатыгез бұлан бір батыр өмір сүрген екен. Тұла бойды керне­ген күшін қайда жұмсарын білмей, бейқам жұртқа шабуыл жасай беріп­ ті. Нәсілі құба қалмақ, бірақ қазақтың арасында өскен, баяғы соғыс қырғыны кезінде қазақтың сарбаздары өзін тұтқынға түсірген. Бала екен, ойын баласы дейді ғой. Есейіп, соқталдай жігіт болғанмен, Бала батыр лақпыты сақтала беріпті. Саймасай батырдың жылқысын бағып, ер жетеді; ол кезде жер кең болғанмен, сонау иен дария жерге сыймай, қазақ пен қалмақ көп шайқасқан дейді. Саймасай батырдың жайлауы – Құзбасы болады екен.

Сол Құзбасының ең ұшарына жылқыны қамап, әлгі қалмақ бозбала таудың теріскей бетіне түсіп, етекте қойын бағып, құртын жаймасына жайып, сөресіне етті кептіріп, шыбынсыз жаймашуақ жазда еркінше көсіле тірлік кешкен бір рулы ауылға шабуыл жасайды. Біресе қойын айдап әкетеді, біресе шеткі үйлердің туырлығын тіліп, ергенегін жұлып әкетеді. Сөйтеді де көзден ғайып... «Тапа тал түсте қайдан келген жау?» – десіп бұл жақтағылар айран-асыр. Қол жасақтап, көрінбейтін жауды ұстауға сайда бас бұғып бір топ жігіттер жатады. Ондайды жоғарыдан көзі қырағы Бала батыр біліп қап сәтте шабуылын сап тияды. Күндізді қойып, түнде, ел қатты қорылға бас қойғанда бұл «кәсібіне» кіріседі: енді қыз зорлауға... ... Шеттеу тігілген алты қанат ақбоз үйден бір сұлу қыздың бұрала ба­ сып шығып жүретінін қыран көз бозбала баяғыда-ақ байқаған. Байқа­ ған да буыны құрып, мас болған-ды ғашықтықтан. Айттыра қоятын күш қайда құлақ кесті қалмақ құлға. Алып қашқанда тығылар, бас сауғалар елі, жері тұр ма. Арашалайтын қай ата жұрты, ағайын ту­масы бар дейсің. Және қай қазақ оң жақта тотыдай мәпелеп, үкідей үлбі­рет­кен Айы мен Күнін басқа бөтен нәсілге берсін-ау. Тек бір ғана жол – тар­ тып алып қашу немесе қанжардың ұшымен, айбалтаның жүзімен ғана бұл мәселені... Бала батыр әрі ойлап, бері толғап, ақыры біріншісіне де емес, екіншісіне де емес сұлуды зорлап кетуге ой тоқтатады. Өзіме бұйырмағанды ит жесін дей ме. Сонымен, қыз әкесі Елшіекең алты айшылық жолы бар Меккеге қажылық сапарға, ауылдың сайдың тасын­ дай мықты төзімді жігіттерін жолсерікке алып, ұзақ жолға шыққан ғой. Жылап-сықтап, екі тоқал, бір бәйбішесі қалады. Жыртылып айрылысар туыс-жақын, ел, ағайын-жұрты қаншама. Бала батырға керегі де осы тұс: бұған зекіп, кіжініп жатқан кім бар-ау. Бас жылқышы болса, байдың ақ қасқа күрең сәйгүліктерін иіріп бағып, торуылдаушы барымташылардан қорғап, құз шатқалда жүр. Теріскей ауылдың сұлуы атанған Айнұр қыз расында бет біткен­нің ажарлысы. Толықсып он жетіге шыққан байдың қызы, үш ағалары­ның ортасындағы бұлаң қаққан бұраң бел де. Қос тірсекті алты өрім қам­шы­ дай қос бұрым соққылай, бұлықси жүргенде, жұрт сырттай аңтары­лады екен. Бір ғашық жігіт сыртынан былай деп ән шығарыпты: Көрінер жирен сұлу жарағанда, Шаштарың гүл-гүл жайнар тарағанда, Таң қалып жығылуға таянамын, Мойныңды бұра тастап қарағанда. Айнұр үш жеңгесімен кезек-кезек серуенге шығады екен. Бүгін – Са­ лихамен шыққан-ды...

Сары әңгелек тілігіндей айдың жаңа туған кезі-тін. Мизам айының сабан арасында тебен ине көрінетіндей жап-жарық түнінде серуенге шыққан Айнұрды қапыда Бала батыр бас салады. Тоқтыдай өңгеріп, ау­ зын айқайлауға келтіртпей бөркімен басып, бөрідей сүйрелей жөнеледі. Қыз жеңгесін арашалауға келтіртпей талмау тұстан переді. Ол байқұс до­ малап өрде қалады. Сайға апарып, Айнұрдың ақ шәйі көйлегі мен дүрия бешпетін быт-шыт жыртып, ішкиімін лақтырып тастайды да... сасық ау­ зын сары алмадай жұп-жұмыр төсіне сала бергенде, Айнұр есі ауытқып, былқ-сылқ күйде қалады. Ессіз қызға білгенін істеген Бала батыр марқайып, тояттаған құзғындай, айғыздалған аузын шөппен сүрткілей талтаңдап кете барады. Ет пісірім шақта ауыл жақтан аттандаған, жүгіре басқан дабыр естіледі. Мойны бұралып, кеудесінің астына түссе-дағы ғайыптың күшімен тірі қалған Салиха орнынан тұра бетін жыртып үйіне ентіге басып барады. Байын оятып, құлағына сыбырлайды. Ірге жақтағы енесі ести қоймасын дегені. «Не дедің?!» деп Омарғазы орнынан гүжілдей тұрады. – Ана жақта... Бикеш... тірі ме, өлі ме? – өксіп-өксіп қалады. Қайынсіңлісін «Бикеш» дейтін кіші жеңгесі қыздың сырласындай еді. Не бетіммен айтамын дегендей, сұлуша жүзіне он тырнақты батыра қанын судай ағызды. «Қарындасыңның қаны да, абыройы да осылай төгілді» деген тұспал. Омарғазы бәрін ұқты. Ұқты да: «О кім?» деп үйді басына көтерді. Сүттей ай жарығы шаңырақтан төгіле, үй ішінде сұлқ түсіп, қаннен қаперсіз ұйықтап жатқандарды оятып жіберді... «Не болды? Не болды? Жау шапты ма? Жылқыны әкетті ме...» – Жауда бастарың қалсын. Қызды әкетті, қызды! – Кімді? Айнұрды ма? – Оны әкеткен жоқ, ол жатыр ана жақта... – деп еңкілдеген Сали­ ханы күйеуі кеспектей жұдырықпен періп жібергенде, ол анадай ұшты. Шидің ішіндегі ыдыс-аяқ, кесе-шәйнектер күл-парша. Ойбайды салған Ақкемпір – қыз анасы – шыр қаға сыртқа беттеді. Шалы Елшібек алыс сапарлап кеткесін, жалғыз қалуға қорқып, Омарғазының отауы­ на келіп жататын ғой. Күн-құтанды абысыны – Сұлуша қатын қасына шақырып алып, арқасын сипатып, белін күрт-күрт үзгізетін. Еркек құшағын көрмесе күйіп-жанатын қызулы жас әйел қайтсын-ай, тым құрыса, төмен етекті күң-құлдарға арқа-жонын сипалатқанына мәз. Ынсап уытын сонымен басқандай тым құрыса. Ақкемпірдің оңдаймен шаруасы жоқ. Үлкен екі ұлмен бөлек шыққан бәйбішеге еліктеп, бұл да қызы мен ұлын жағалаған шағы ғой. Қырықтың ішіне жаңа енген мұны «Ақкемпір» деп ауыл-аймақ атап кеткен-ді, ақ борықтай болғасын. Жа­ ратылысы айрықша, көздері жақұттай жарқ-жұрқ, пісте мұрын, қолаң шаш сұлуды Елшіекең Балқаш бойын жайлаған Сары үйсін деген қыр қазақтарынан алып қашып үйленген. Соңынан қуғын сала келген қыз ағайындарын дауға апармай, тоғыз-тоғыздан киіт кигізіп, бір үйір ақ

бас күрең сәйгүліктерді алдарына айдап салып, риза қып аттандырған ғой. Сұлу анадан дәйім сұлу қыз туады. Омарғазы ғана бөлек: шекесі торсықтай, көзі өткір, құс мұрын, апайтөс, құдды Елшібек-ті. Сөйткен қыз анадай, абыройы айрандай төгілді. «Әкесі жоқта бұл бір адам естімес сұмдық болды-ау!» десіп, Сұлуқас (Ақкемпір) далаңдай солай қарай жүгірді. Қыз жылжып, қамыс арасына бас сауғалаған екен. Шешесін көріп, шырқырай жылап, даланы басына көтерсін. «Қой, ба­ лам. Ел естімесін, дұшпандар басына көтере күлер... Күлгеннің басы­ на берсін, мейлі ғой... кінәңді көтереді қайта». Сандырақтағаны ғой, әйтпесе, он екіде бір гүлі ашылмаған періште жас қызда қандай күнә? Атастырған жеріне айдың, күннің аманында барса болды деп тілейтін. Ұрындап келгіштеген күйеу баланы қыз қасына жолатқан жоқ: шешесінің он екі қанат ақ үйіне еніп алып, көрінбей қойған. Сұлуқас қана оны ырғап-жырғап, сыйлап аттандырып салған. Айнұр күйеуін менсінбеді, әкесіне де наразы. Пайғамбар жолынан аман-есен келсе, арызын айтып, басын арашалап алмақ-ты ойы. Қайтсін, шешесі айтпақшы «күлгеннің басына берсін...» Бірақ, кім ол? Ауыл ішінде ондай күшті, дойыр, күлімсі сасыған, тістері әппақ, өзі қап-қара кім бар? Қырындайтын жігіттер өйтіп ит тартқан көн тулақтай, сайға сүйрелей жібермек түгілі, бетіне тіктеп қарай да алмайтын еді. Ал өзі ұнатып, іштей күрсінтетін бір адам... бір адамы әкесімен сапарлап кетпеп пе еді?... Ол – Жанысбек, әнші, сері, жауырыны қақпақтай палуан денелі. Елшібек қажылыққа ерткен нөкердің бірі. Бұлар осылайша айран-асыр болсын. Омарғазы қарындасының қасына бара алмады, өшін келіншегінен алған сыңайда. Іштей кіжіне, кімге айтарын, тіпті отау шыққан, бәйбішеден туған үлкен ағаларына не деп айтарын біле алмай, басы дал. Бәйбіше Бижігіт жылмаңдап таң атпай жеткен: – Ойбай, көтек, түнімен улыған-шулыған еткен сендер ме? Не болды? Айнұрды алып қашқаннан сау ма? Жүрегім суылдап, шал кеткелі, көзіме әлде не елестеп, дөңбекшіп ұйықтай алмайтын болғамын. Балымшаға арқамды уқалатып, түн ауа көзім ілініп кеткен екен... Бижігіт сумақай қаншама сумаңдай сұрағанмен, бұл жақта ештеңе болмағандай: Омарғазы құланиектен шолақ мылтығын асынып, «елік атып алуға» кеткен. Абысыны – Ақкемпір ақ кимешектің сыртынан күндігін бес қабат орай сырмақ үстінде қақшиып ұршық иіруде. Келін Салиха көзі кіртиіп, самаурын қойып, ертеңгі астың қамымен. Ба­ сына жүн орамалды тұмшалай, мұрнына самал түскендей, беті-аузын түк көрсетпей бүркеп алғанына қарағанда, қосағынан таң атпай қатты таяқ жегені емей не? Енесіне бас изей амандаса сала сар самаурынға қарағайдың шоғын тастап, оттығына керней кигізді. Балта ала салып, ұсақ жаңқа шапты.

– Еркетай әлі ұйықтап жатыр ма? «Келгенше жиырма беске қыз еріншек» деп, бұ қыз да жастықтан бас алмайды. Әлде түнімен ақ сүйек ойнап па еді құрбыларымен? – Бижігіт тақымдап қояр емес. Ұрттарына құрт толтырып алғандай, ешкім бұған ләм-мим демеді. Тұрып, тұрып тұлан түте, бәйбіше ауылдың сырт жағындағы едәуір алшақтағы үйіне тартты. * * * Бала батыр деген мұратына жеткендей, жайын аузы жалпайып, қонжық денесімен қорбаңдай құзға өрмеледі. Жылқыны ойға босатып жіберді. Ұра қазып, қиыршық таспен бастырып қойған торсықтан түнгі таза тәтті саумалды сіміре жұтты. Сылқ етіп жата қалды. Жартастың ойылып түскен ойындысына от қыздырып, аршаны аямай жақты да, тамақ қамдауға кірісті. Құрсағы қоян қуған тазыдай шұрқырап ес тап­ тырмай барады. Қарын ашты. Тайдың жас етінен қуырдақ жасап жейтін өне бойы. Қызған тастың үстіне ұсақтай туралған жас етті салады, тау сарымсақ, қымыздық собығын қоса турайды. Жау жапырақты әлденеше қабаттап бетіне жабады. Буы сыртқа кетпесін, буға бұқтырылсын дегені. Арша шоғы бір шай қайнатым шақта-ақ қуырдақты былқытып пісіріп шығарады. Ағаштан ойған табағына салып, ағаш қасығымен ал кеп аса. Ыстығына, ұртын күйдіріп жатқанына қарауға шамасы жоқ, жұтқыншақтан қылғыта береді. Орта торсық қалған саумалды тағы сіміреді. Қисайған жерінде қатып ұйықтап, күн тас төбеге келгенде оя­ нады. Ойдағы жылқы малы шүйгін шөпке қампая, бұлаққа бас қойған мезет. Жау да, барымташы да ала алмайды. Ондайды сезсе-ақ ала бас кәрі айғыр кісіней, үйірден шетқақпай кеткендерін жер тарпып, шақырып, дүбірлей айнала шабады. Тауды жаңғыртқан өзінің ескі сыр мінез «досының» кісінегенін естісімен Бала батырда ес қалмайды. Сой­ ылымен домалай, тасты тасқа соға о да ойға түседі. Көзімен шолып, са­ нап шығады, түп-түгел. Түгі жылтыраған күйлі малға көңілі марқая, «қас қарайғанша жайыла берсін» дегендей, жуынып, шайынбаққа бұлақтың аяқ жағына тартады. Жылқы малы кіді, судың тұнығын, шөптің шүйгінін ғана таңдайды. Бұлақтың басына шомылуға, жуынуға болмайды, бөтен иісті сезсе, ішпей шыбындап тұрып алады. Бала батыр бүгінгі жасаған күнәсін сумен жуды. Көңіліне еш кірбің алмаған: бәрібір жатжұрттыққа жаратылған ұрғашы тұқымы. Қызығын бұл көрсін, ол көрсін... бәрібір емес пе. Тебіншек асау бестідей тәкаппар бұлаң қаққан бай қызы! «Саған осы керек!» дегендей, өз «батырлығына» барынша мәз. Бұл екенін, басқа екенін байқай қойды ғой деймісің. Ай батқан, көз сүріндірер мезет. Сонда бұлар – жеңгесі екеуі ел жатқанда неғып далада жүр десейші?

Ахау, сарқыз, Піскен дарбыз, Дарбызыңның қызығын – Бізге жарғыз... – деп әндете, сабыншөппен үсті-басын армансыз ысқылай, рақаттана жуынды-ай дейсің. Жеңілдеп қалды. «Кір жуған­ның да қоңы бар» деп отыратын асырап алған Ауқат апасы. ...Бір шапқыншылықта жау түсіріп қайтқан Албанның аусар жігіттері бес-алты жасар қалмақтың баласын ат артына мінгізе ала келген ғой. Жеткенше боздап, әке-шешесін жоқтап келген баланы басына бір пере аусар жігіт талдырып тастайды да, кәрі апасына: «Қойыңды бағатын қолбала әкелдім, апа! Еті – менікі, сүйегі – сенікі», – дейді. Балаға атың кім десе: өңкей «г» мен «ө» ден тұратын ұзынсонар бір есімді міңгірлейді. Кір-қожалақ аш бала басқа не десін. Ондай атқа қазақтың тілі келмейді. Ауқат апасы көже ішкізеді, шомылдырады. Жамалған ескі киімдерін ау­ ыстырып жаңалайды. «Е, байқұс бала, іліп-аларыңа қарағанда, біз құса­ ған жалаңаш-жалпысың. Күңнің, құлдың баласы білем... Біз де қай бір шекеміз шылқып отырғанбыз? Саймасай байдың отымен кіріп, күлімен шыққан күл-қоқырымыз. Ана Орынтай аңға шығып, елік, тауешкі атып әкеледі немесе, қол бастаған батырларға еріп, шапқыншылыққа кет­ кенде, бірер малды алдына салып әкелетін. Содан жиналған он шақты тұяқ; қоңыр ешкінің сүтін қақтап ішіп, қой ірімшігімен аш өзекке тал­ ғажау жасап, сойып алар оншақты ұсақ малға «көз тікпейік» деп отыр­ мыз ғой. Әлі үйленген жоқ, жиырма алтыда биыл. Қалыңын төлер халі қайсы Орынтайымның...» деп қара кемпір ойға беріледі. Ойға бе­ріледі де: «Атыңды кім дедің?» деп көзі бағжиған үркек баладан сан сұ­райды. Оның сол міңгірлеген қалпы: «г-ө-ө» дей ме? Жарайды, сенің көлдің шүрегейіндей гө-гөлегеніңе кім түсініпті, атың сенің бұдан былай – Ер­ генбай! – дейді. Құлағына аузын тақай: – Ер-ген-бай-й... – деп үш қабат айқайлады. Ауқат апасы «Ергенбай» қойғасын, Орынтай да, басқалары да оны осы есіммен атаған. Бірақ бір шапқыншылықта байдың малын тау қола­ тына тығып аман алып қалғаны үшін және де бір батырының басын алып, жау жағына апарып лақтырғаны үшін оны Бала батыр атандырған. Осы есім бұған талақтай жабысты, Ергенбай есімі ұмытылып, ал емісеміс құлағына анасы: «Айсолтан, құлыным, қайдасың? Сен, білсең, кедейленген батырдың ұрпағы едің...? – дегендей үн қататын. Қайда, қайран ана зары... Қазақ келіншегі Зарауқа! Тастай бұлақ суына жуынып, жас қуырдақты жеп, саумалға қанған Ергенбайдың тұла бойы қызды. Сауық-сайран іздейді бұла көңілі. Күнгей етектегі ауылда күнде той. Түн баласына қыз-қырқын бастаңғы ойнайды, жігіттер ақ сүйек лақтырып, соны іздеген болып, бір-бір сүйген қыздарын қолтықтай сай-салаға аңыстайды... Бұл сырттай бақылаушы. Қолатқа қамап кеткен жылқысына алаңдамайды. Үстіндегі бары –

тайжарғақ шалбар, бай балаларының бірінің кір-қоқысқа лақтырған далаң мата жейде, оның үстінен жеңсіз былғары кеудеше, жүн шекпен, қозы терісінен тігілген тебетей. Өзі құралпы бозбалалар құндыз бөрік киіп, мақпал шапан жамылып, кәріс белбеу тағынып, күміс ер-тоқымды күреңді мініп; бұлықсып, майлы сорпа ішіп, жілік мүжіп, қағынып қызқырқынға жанай жүргенде, бұл – құл бала – біреудің ескі-құсқысына қолы әрең жеткен. Ақсүйек іздеген болып, бір-бір қызды сүйрелей қалың қорысқа еніп кеткен бозбалалардың тірлігіне қатты қызыққан: кіжініп, денесі қызғаны сондай, құзшоқыдан құлай етекке қарай лықситын кейде. Та­ сты тасқа соға, тау жаңғырта домалағанда сең көшкіні болғандай тура. Ауылдағылар тауға күн сала қарайды: немене болып қалды дегендей. «Жылқы үдере ауатындай не болып қалды түге?» «Өй, не болушы еді, әлгі жынды жүгермек Ергенбай да... қағынып...» Күші тұла бойын кернеген сәтінде өстіп етекке домалайтын оның жынды мінезіне қанық елдер онша-мұнша мән де бере қоймайтын. Ал алдыңғы түндегі оқиғадан бейхабар бұлар тым-тырыс абысындар ау­ ылына көз тігеді: бәрі қаз-қалпында. Қақшиып тас мүсіндей Сұлуқас өрмек тоқуда, келін көзі-басын тұмшалап алып, түскі тамақ қамымен. Омарғазы мал қайыруға кетті ме, әлде аңға... Бір ғана Айнұр сұлу көрінбес елестей ғайып. Қиғаш қас, мөлдір көзді арудың көрінбеуіне таң. Бала батыр да осы жаққа көп көз тіккен. «Тағы да бір жолығар ма еді, әттең!» деп сілекейі шұбырады. «Е,е, қай қазақ қалың беріп маған қатын әпереді... алса ғой шіркінді...» Қиял ғой, расы, қай бір қабырғасы қайысар ағайыны тұр. Мұңайып, жас іркілген жанарын қайда жасыра­ рын білмегендей. Айнұр да жетісіп жатқан жоқ-ты. Жеңгесі сойылға жығылды. Ары айрандай төгілді. Жауырды жаба тоқып апасы мен ағасы төңірекке түк болмағандай тымпияды. Естімей қалушы ма еді? Бір Бижігіттің жеті қат жердің астындағыны біліп отыратын сұмақайлығы-ақ жетіп жатыр. Жанторсықтарын жан-жаққа тіміскілетіп жіберіп жатқан болар. Күңі Балымша бағана-ақ келіп, кіші шешесінен күбі сұрамақ болып, бұлар­ дың күңі – Бәкібалаға сыбырлап жатқанын жабықтан көрген. Бәкіба­ ланың аузын бағып апасы отыр. Қаздиып, төбесінен күн өтіп, сыр­ мақтың үстінде жүн түтіп, ұршығын иіріп отырғаны отырған. Шамасы келсе, ыбырсық қатын-қалашты жолатпау. Олар жүрген жерде сыбыркүбір өсек те жүреді ғой ілесіп. «Ой, тоба-ай! Кім болды екен? Ай жап-жарық, тебен ине көзге көрінетіндей тура. Жеңгесі екеуі ғана. Сырттан шабуыл болса, әгарым, бір Сырттан төбет-ақ әупілдей үріп, айналаға хабар жүгіртпей ме. Іштен келген жау дейін десе, бұл ауылдың бозбала-жігіттері қызға аш бөрідей қапылыста бас салмақ түгілі, бетіне тіктеп қарай алатын ба еді... Елшіекеңнің екпіні-ақ оларды бір қуысқа тықпай ма. Ал бұның, бір әулеттің бетіне жел тигізбес, етегіне шаң ілеспес аймаңдай сұлуына

кімнің тісі бата қояр екен. Тектілік кім-кімде де баршылық: біреудің асы­ лы мен жасылына сұқтану, көз аларту деген бұл Елшібек әулетінде жоқтын. Қыз бала – құдырет! Жолы үлкен деп есептейді. Айнұрдың өзін-өзі баптағаны сондайлық, күн сәскеге шейін ұйықтап, бесінге шейін шайын ішіп, кешкі саумал салқында ғана сыртқа шығып серуендеп қай­татын ғой. Екі қадам жүрсе, қытайлық шатырын басына ұстап көлеңкедей ілесе жүретін күңі – Нәзира бар. Сақау байқұс. Сонысымен жағады бикешке. Көп сөйлегенді ұната қоймайтын Айнұр дағы. Етің де әппақ, ей, қалқа, бетің де әппақ, Туды екен қандай жан сені баптап?! Мамық жастық басыңда, торғын көрпе, Жатыр ма екен сол қалқа, бір шынтақтап?... – деп әндететін ғашық жігіті қашан келер... Жүрегі лүпілдей сарғая тосуда еді Жанысбегін. То­ сыннан тап болған мына сұмдық болмағанда. Салиха күйеуінің қатты соққысынан жатып қалса да, қайынсің­лі­- сі­нің ауыр халін ойлай қан құсты. Айнұр қыз өзіне бөлек тігілген алты қа­нат боз үйде бөлек отырды. Есігіне күзет қойып, жан адамды енгізбеді. Беті алаулап, түндегі сұмдық оқиғаны біртіндеп тізбектей басынан өт­ кізді: «Бұл кім? Менде не кегі бар?... Қарақшыша баспалап келіп, бас сал­ май, шын батыр болса, жүзін неге көрсетпеген, ә?» Есіне, айттырылған же­ріне хабар жеткізгені түсті: (Қыз әдетте ондай батылдыққа, бетбақ­ тыққа бара қоймайтын, кенет: бір сұмдықты бастағаны); «ұрын келмесін, бәрібір бетін қайтарам! Көңілім жоқ оған деген...» – депті. Бір ойы – осы­лардан келген кәдік пе? Ерегісіп, «маған болмаса, басқаға да жоқ!» дегізгені ме... Мұратына жетті, итке тастаған сасық еттеймін қазір. Кімге керекпін... Көзімді жоғалтудан басқа амал қалмағандай. Қайда? Кіммен? Кім нөкер болмақ?... Қысқасы, әкесі Елшіекең қажылықтан қайтқанша көзін жоғалту!... * * * Екі қыз жырқ-жырқ күліп, балмұздақты ағыза-мағыза көшені баста­ рына көтерді. «Екі байға тиесің деді ме әлгі сыған? Ғажап қой, Қап, мен де бал аш­ тыруым керек еді. Мен де білейін, талайыма жазылғанын. Әй, қанша күйеуге тиетінімді білсем-ау! Құрысын, оқуымды бітіріп, жақсы әртіс болып, Баянның, Еңліктің, Қаракөздің рөлдерін ойнап, сахна жұлдызы болсам-ау, әттең. Тек бойым кіші, маған ондай рөлдерді кім берсін-ау?... Сенің бойыңдай болса, бойым – 158 см деген не, ергежейлінің бойы ғой, құдай-ау» – деп көзінің жасы тарам-тарам болып, жылап қоя берді Үкітай. Жап-жаңа ыржаң қаға күліп келе жатқан құрбысының кенет жын қаққандай өзгеріп, жылап қоя бергеніне таң қалмасқа Құмырсқада амал қалмаған.

– Қой, бойдың кішілігінде тұрған не бар? Сорайғаннан не таптың, ішкі мазмұнды айтсай! Сен әншісің, сұлусың, пластикаң күшті деп Асекең мақтады деп өткен жолы күмпиіп келмеп пе ең? – Құмырсқа Үкі­ тайды жұбатты. Ол болса, қазір күліп, қазір жылай салатын дағды­сы­на баса: – Әй-әй, жұбатпай-ақ қой, маған тек характерный образды сом­ дау лайық, қол жетпеске арам тер боп неғылам, Фаина Раневская дей­ тін орыстың атақты актрисасы ғұмыр бойына тек характерный рөл­ дерді ойнаумен ұлы актриса атанған. Білесің бе? Ана шибұт шәң­кілдек мардымсығанға-ақ лайықтасын – лирикалық рөлдерді, ойнатсын. Қазірдің өзінде-ақ дипломдық жұмысына Баянның рөлін беріпті ғой. Ал маған – Айтаңсық, мейлі, маңдайға жазғанын көрерміз. Ал сен осылай­ ша не оқу жоқ, не жұмыс жоқ жүресің бе сенделіп? Қайтпаймысың үйіңе, – деп Үкітай аяқ астынан қойып қалды. – Жарайды, төсегіңді қызғансаң, қазір-ақ кетемін үйіме! – деп Құмырсқа да кенет бүлінді. Екеуі екі жолмен жүріп, жатақханаға келді, Құмырсқа киім-кешегін, заттарын жиыстыра дереу сыртқа беттеді. Қоштаспады да. Үкітай безергеннен безере үндемеді. Салаң ете өз үйіне жетіп барғанда, шешесі не дер? Қызымыз Алматыда оқуға түсіп жатыр деп әкесі мен анасы мақтанбаушы ма еді. Енді қайтпек? Түсе алмағанына бұл кінәлі ме. Құмырсқа-Шынаргүл парк ішінде жылап отыр. Барар жер, басар тауы жоқ, қаңғығандардың қатарын көбейтіп, жүре бермек пе. Бір амалын ойластыру керек шығар. Жүк дейтін жүк те жоқ, жаздық киім-кешек қана, конспект, кітаптары. Қысқы киімдерін алу үшін үйіне баруы керек. Не бетімен? Бала кезінде ширақ еді, енді өсе келе болбыр, жасқаншақ, келе-келе нағыз иісалмастың өзі болып шықпаса де. Құдай сақтасын, оқуға түсе алмады деп тауы шағылып не көрініпті. Қой, етек-жеңін жиыстырып, ширау керек шығар... * * * Ана құмырсқаның жота белдеуіне салған илеуіне қашып-пысқан өзге үйірлестері жинала бастаған. Бұған қуанбаса, еш ренжіген жоқ: қалыптасқан құмырсқалар тәртібі бойынша олар жұмысшы, қарауыл­ шы, аталық, аналыққа деп бөліне бастаған. Анау жас құмырсқа – аналық, тұқым шашуға; ал аталық құмырсқаларды міндеттерін атқар­ ғасын өлтіріп тастау бұларда заңды. Жұмыскерлер тамақ тасиды, таза­ лықты сақтайды, қарауылшылар Ана құмырсқаны қорғайды; қалыпты жы­лылық туғызып, тамақтандырып, күлдей-күлдей ақ жұмыртқалар бастырып шығаруына жағдай жасайды. Өзі үйір басшысы, патриарх – қатаң тәртіпті қалыптастырып, ырың-жырыңға барғызбау. Қырық руға бөлініп, қырықпышақ боп жататын адамдардай емес, бұлар – құмырсқа тобыры жазылмаған заңнан аттап шет шықпайды. Тек табиғат апа­

ты мен қызыл құмырсқалардан сақ болса болды. Қызыл құмырсқалар – бұлардың ата жауы, олар ірі, ұрыншақ. Орманды жерді мекендейді, Аналық құмырсқалардан басқасын қырып тастап, илеулерін тас-талқан етеді, өйткені, уыз жұмыртқаға әуес, ұрықтана бастаған мыңдаған ақ жұмыртқалар олардың әуес асы. Ондай зұлматтан сақтану үшін де Құмырсқа қарауылды күшейте түсті. Қарауылшыларға тамақ керек, су да алыс, олай болса, Елшіекең ауылындағы күнде сойылып жатқан мал қалдығын, жем-суды со жақтан тасып әкелуге бір бөлек қызметкерлер жасақталған. Ал Елшіекең ауылында үлкен сабылыс: Айнұр қыз жеңгесі Салиха­ мен ақылдаса келе, бір түнде зым-зия, ізім-қайым жоғалуға бекінген. Әкесі жолға қайтуға шығыпты деген хабар жеткен. Омарғазы болса, тау-тасты тіміскілеп, қыз зорлаушының ізіне түскен. Көрсе қанжармен жарып тастауға түйінген ол зәндақыны! Кім? Бұқпантайлаған жауыз­ дың көзін жоймай тынбаймын деген ойға бекінгені соншалық, қоңсы ауыл­дарға барып, жөн сұрастырған. Туралап сұрамайды, әрине, жақау­ ратып, алыстан орағытып дегендей. «Жабулы қазан жабулы» қалғанын на­мысқой қыз ағасы қаламайды дейсің бе. Шектен шыққан шексіз­дікке көне қоюы да екіталай. Ал Айнұрдың ойы бөлек: «Біз бір түнде қаша­мыз, әкем келмей тұрып. Әкемнің ызғары жаман, саған да, маған да оңай ти­ месі аян. Байыңнан тиген соққы бер жағы ғана...» деп Салиханы жаман шошытты. – Әке қыз-ау, ел-жұрттан безіп, қайда барып тиянақ таппақшымыз. Қорқам. Қайынатам өте қатал адам, өлімге де қиюы... – Міне, сондықтан... Қосағыңды қимайсың, бәле. Басыңнан таяқ кетірмейтін ол сотқармен ғұмыр сүргенше, басқаша өмір сүр! Еркін­дік­ те, тыныштықта. Табылар басыңды сыйлайтын біреу. Ал әзірше... – Әке қыз-ау, алдымызда айдаған малымыз болмаса, басымызда бас­ панамыз болмаса, қалай өмір сүреміз? Соны айтшы? – Дала асырайды, аң-құс жеткілікті, ағаның ши мылтығын, өзіңнің киім-кешек, алтын-күмістеріңді, ыдыс-аяқ, төсек-орын дегендерді біртіндей тасып, Тасбөгеттің қойнауына апара бергін. Біреу-міреудің көзі шалып қалмасын. Мысықтабан бол! – Айнұр екі айтқызбаймын де­ гендей имек қастарын маңдайына түйістірді. Оңғалағынан от шашқан­дай көздері жарқ-жұрқ. Салиха шошып қалды, тұра бермекке ұмтылғанда: – Қазір толайыңмен Ұмсындыққа барғын, маған жолықсын, – деді қайынсіңлісі өктем. «Оны қайтпексің, ұзатылайын деп жатыр дегенді құлағым шалған». – Барар жері оның да оңып тұрған жоқ. Бай жер, бірақ күйеуі есерсоқ, бір көзі аққан сол төбелесқорлығынан, өткенде: «бармай­мын, қор болам ғой», – деп, маған арызын айтқан. Келсін де! Ақылдасар шаруа.

Салиха артымен шегіншектей есік ергенегіне соғыла-моғыла жоғалған. Жол бойы еңірей, «тыныштығыңа тас түссін, жетпегір!» деп әлгіні қарғай-сілей, Ұмсындық қыздың қоныс тепкен тепсеңіне ұшты. Омарғазының соққысы мен ана сойқанның жер қаптырған лақтырысынан қаншама ауырсынса да, безектей ұшты. Тез-тез жетуге асықты. Жолай көл бойында шыбындап тұрған аққасқа кілең қылқұйрық жылқыларды көрді де: – Қайным, бұл кіші баланың малы ма? – деп жылқышыдан майыса, қасы-көзін кере жөн сұрады. Онысы: «Бір үйірін айдап кетер ме еді...» – деген ойы да. Даланың қай аң-құсын қуып жүрмекші, талайына жаз­ са, қашып-пысып күн көрер де, қалай да алдыңда айдаған малың бол­ ған жақсы ғой, «Аспандағы көкқұтаннан да, қолыңдағы құзғын артық» демекші» – деген бір ойы да тағы. – Ә, ақжеңеше, амансыз ба? Әрине, өзіміздің жылқымыз, оны неге сұрадың? – деп түбіт иек бұлықсыған бозбала да күлмең қаға, Салиха­ны белінен құшты. Қайық қалағындай алақан қызуы өрімдей әйел тұла бойын қалты­ ратып жібергені сондай, ырқынан айрылғандай со сәт; ол да жай тап­пай, әлдебір сезімдер бойын кернеп, аш белден қыса, қалың қорысқа уыз өңді келіншекті тартқылай берген. «Қайным! Қой әрі» – десе де қылықты да­ уыспен мекірене, көнген... ...Бұрынғы дүркіреу дүркіреу ме, таң азаннан Елшіекең ауылы қатты сабылысқа түскен: Қыз отауы орнында жоқ, оңырайып орны ғана жа­ тыр. Аспанға ұшты ма, Айнұр да жоқ. Бір жақтан байбайлай Ақкемпір келді: «Салиха келін ұшты-күйлі жоғалды!» деп. Омарғазы жылқы­ны түгендей: «Бір үйірі жоқ, қолды болды, апырмау, бұ не сойқан? Кімнің аузы бата қояды, біздің малды барымталауға?» – деді жер соққылай, сой­ ылын оңды-солды сілтей. Қатынының жоғалғаны санасына да кірмей, «көрші-қолаңға қыдырыстап кеткен болар» деген оймен малданулы еді. Ал қарындасы Айнұрдың бір түнде ақ отауымен жоқ болуына айранасыр қалғаны сондай, аңқайып, аңырып жан-жағына қарай берген. Сол шақта тепсеңдегі елден де хабар жетті: «Ұмсындық қызды күйеу жұрты алып-қашып кетіпті!» – деген. Бұл хабарға онша да таң қалмаған-ды, өзі де шымылдығы желбіреп тұрған бойжеткеннің ерте жарықта кеткені де дұрыс шығар деп түйген. * * * ...Бақ ішінде қатты мұңайып, барар жері, басатын тауы жоғына ба­ рынша күйіне, бір жылап, бір күліп отырған. Күн еңкейді, қайтып Үкітай­ дың бөлмесіне барғысы жоқ. Бір қалған көңіл осымен қалат та. Кенет қасына біреудің сыбдырсыз таянғанын сезді. Сезді де басын жұлып алды. Бойшаң, сыптығырдай сұлуша жігіт қасында тұр бұған қарап. Ғайып­тан

пайда болғандай құдды. Бұл сескене орнынан тұра заттарына жар­масты, парк ішінде жамбақылар болады деп естуші еді, екі ортада барынан ай­ рылып қалармын деген үркінішпен. – Қарындас, қорықпаңыз, мен жөлік емеспін, жәй, сіздің жападанжалғыз, кешқұрым, еңсеңіз езіле отырғаныңызға таң қалып, қарайлап едім. Жолдастарым кетіп қалды, мына рестораннан дәм татып едік, – деп қасына кеп отырды. Үнсіз қалып, Құмырсқа қыз көпке шейін сөйлей алмады. «Жөн сұрасайық, есіміңіз?» – деді. Қыз тілін жұтқандай көздері боталай қарай берді. «Есімім – Құмырсқа» деуге ұялды. Жігіт: – Мен – Мінуармын, Досымбеков, әртіспін, – Жігіт қолын ұсынды. «Әртіспін» дегесін көңілі жайланды. Сахнадан бірер рет көргені де бар, жанып тұрған талант, қыздар көбіне Мінуар Досымбековтың қатысқан спектакліне баратын. Үкітай болса аузынан тастамай: «Әттең Мінуармен бір қойылымда ойнасам, оның сүйгені болып!» – деп отыра­ тын ылғи да. – Мен – Шынаргүлмін, – деді ұяң, ұяла қолын ұсынып. «Елінде әйелі, балалары бар ғой...» дейтін құрбысы әлдебір қиялға беріле. Үкітайдың сол сөзі, неге екені, кенет санасына сарт еткен. Өз-өзінен тартыншақтаған... – Түу, неткен жақсы есім? Ал енді жалғыз, бейуақта отырысыңызға жол болсын, жүріңіз, мына жер дымқылдау екен, бақ сыртында көлігім тұр, ана антұрғандар да тосуда, сөз жоқ. Менің досым ойнайтын жаңа спектакль – «Ұмытпа мені, күнімді» жуғанбыз, көріп пе едіңіз? – «Жоқ» дегендей, басын шайқады қыз. Бұрынғы көргендерін айтайын деді де аузы шынымен буылып, көзінен борт-борт жасын ағыза берген. Жігіт жаны аши: – Апырмау, неге жылайсыз, жүріңізші, былай шығайық, – деп қызды шынтағынан еппен ұстай жетелей берді. Шамаданын көтерді. Бақ сыр­ тында «Жигули» көлігі тұр да, қасында топырлап ұзынбойлысы, қысқасы бар, өңкей бозбалалар. Бұл жалт бере шамаданына жармаса, кете бермек­ ке ұмтылды. Аналар да айқайласа: «Өй, Мінеке, қарап жүрмей, тағы бір бойжеткенді қармағыңа түсіріпсің ғой, бәсе, неғып ізім-ғайым жоқ бол­ ды десек», – деп жамырасты. Құмырсқа ұялғаннан кілт тоқтай қалып, бетін басты, ал Мінуар еш саспады: «Қарындасым ғой, әзілді қойыңдар, кешкі спектакльге баратындарың болса, жүре беріңдер, театр үйі алыс емес қой, ал мен бүгін боспын», – дей қызға: «Машинаға отырыңыз!» – деді бұйыра. «Қарындасым ғой» дегеніне әжептеуір жібіген раймен, Құмырсқа қыз көлікке мінді. * * * Ата Құмырсқаның қарамағындағы жұмыскерлерін тамақ тасуға жіберетін өзінше амалы бар: ол тапқан азығына иіс қалдырады, жұмыскер құмырсқалар сол иіс бойынша азықты тауып алып, таси

бастайды. Илеудің қойнау-қойнауына толтыра бастайды. Бір қысқа жетерлік азықты жиып алғасын, жұмыскерлер тұқым шашып жатқан Ана құмырсқаға азық апарады. Су ішкізеді. Біразы қорғанысқа тұрады. Бұларда азық барына малданған өзге ашкөз ұсақ шымалдар шабуылға көшеді. Олар быжынаған, сансыз көп, шабуылдарына төтеп беру оңайға түспейді. Өздері арамтамақ, көбіне үй ішінде, тамақ көп жерде күнелтеді де, өз беттерінше азық тасып, еңбек ету, қамдану дегенге аты­ мен жоқ. Даярға «тік қасық» болуға дағдыланған әбден. Сондықтан ірі құмырсқалар тобыры олармен айқасқа әрдайым даяр. * * * – Аға, – деді Құмырсқа қыз Мінуардың үйіне келгесін, – мені аяп қайырымдылық көрсеттіңіз. Бірақ не оймен? Мен мектепті жаңа ғана бітірдім. Обалыма қалып жүрмейсіз бе? – О не дегенің, қарындасым. Осы ақарлы-шақарлы басыммен он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға қиянат жасасам, Аллам кешіре қоймас-ты. Қой, қарның ашқан шығар, шай қайнатып, дүкеннен жейтін азық әкелейін, – деп Мінуар тысқа шыға бергенде: – Аға, қам жемеңіз, қарным аша қойған жоқ, менде піскен ет, алма бар, сонымен жүрек жалғайық, ертең ерте кетемін ғой. – Неге? Қонағым бол, қумаймын, оқуға түсе алмасаң, тағы біріне талаптанып көр, тіпті болмаса, біздің театрға қара жұмысқа болса да орналастырармын. – «Кіре берісте белет тексеретін қыздар жүр ғой, сондайдың біріне тұрғызсам да, директордың орынбасарына айтып... әйтпесе, қайда барады, бір кетсе, енді қайтып Алматыға келе қояр ма? Ауылда әке-шешем бар деді ме?» «Сонда мен қайда тұрамын?» Осы ой көмекейінде кептеліп, қыз көздері боталай ағасына қарады. Ол ешнәрсе дей алмады, мына тұрған үйі – жалға алынған, бір қарияның жертөлесі, театрға жақын болғасын, Мұратбаев көшесі мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы жекеменшік үйде тұрып жатыр. Үй иесі қария, орыс адамы, от жағады, кірін жуа­ ды, анда-санда тамағын да істеп қояды. Бұл, көбіне-көп түнде қайтады, үйдің жартысында ол, жартысында – бұл дегендей ептесіп, септесіп күн кешіп жатқан жайда. Қаражатын да кемпірден аямайды, жалғыз басты қария мұнысына дән риза. Елінде әйелі, үш баласы бар, әке-шешесінің қолында, көшіріп әкелуге тұрмыс жағдайы таршылық етуде. Қайда тұрады? Келіншегі жылап-еңіреп хат жазуда... – Жатақханаға орналастырып көрсем, қалай қарайсың, – деді Мінуар шай үстінде. – Қай жақтансың? Ауылың алыс емес пе? – Мен өзім сол жатақханадан шықтым, бір құрбыммен бір төсекте жатушы ек... – Ар жағын айтпады. Есінеп, көзіне ұйқы тығылды. «Қайда жатам?» болды ойы. Жалғыз бөлме, алдында сенек, қорасы кең, жаңа

әлетте шығып келген. Мінуар да ойланды: «Төсекке салсам, ...етегіме намаз оқып жүргемін жоқ қой, обал болар...» Бір ой сап етті: – Бүйірдегі қариямен сөйлесейін, сонда тұра тұрарсың, қайта сен оған қолқабыс етерсің... – Аға, еш әуре болмаңыз, мына бұрышқа-ақ төсек сап беріңіз, жерге жатам... Ертең ерте тұрып кетемін ғой. – Мінуардың жүрек тұсы бүлк етті: «Осы қарындасымды қимай тұрмын, ә?...» – Сүбе қабырға, тұздалған, дәмді екен, сірә да, қолдан сойылған мал ғой, – деді майлы қабырғаны бұтарлай асап. Әрі әңгімені бөтен арнаға ау­ дара тұрмақ ойы. «Ертең ерте кетемін ғой...» Енді қайтып көрмейтіндей, жо-жоқ, ала бөтен бәлдуар ниеттен аулақ! – Иә. Анам бір тоқтыны сойғызып, тұздатып, кептіріп соңымнан жеткіздіріп берген ғой. Қалай ет бітті, солай Үкітай мені жатақханадан қуды... – «Үкітай? Кім еді ол?» Есіне сондай есімді ешкімді түсіре алмады. – Дегенің болсын, қарындасым. Ал жата ғой, – деп бар көрпежастығын қызға беріп, бұрышқа жұмсақтап төсек салды. Ортаға дастарқаны жиылып тазартылған столды қойды. Шам өшіріліп, одеялын жамылып, төсегіне жата салысымен қор етті. «Шынымен ұйықтап қал­ ған ба?» – деп сескенсе дағы, аздан соң Құмырсқа қыз да ұйқы құша­ғына енген. * * * Әртіс қауымы еңбекқор адамдар, күні-түні сахнада, одан қалса, ду­ бляж дегенге сабылады. Аударма «Қазақфильм» киностудиясында. Өзге тілдегі кинолардың әртістерінің сөзін қазақшаға келтіреді. Тәсілі көп, аса хикметті жұмыс. Егерде, артикуляция деген, яғни, аударушы ерні мен экрандағы кейіпкер ерін қимылы сәйкес келмесе, режиссер айқайды салады. Дубляж режиссері Тұмарина Дәнкең аса қатал адам. Кезінде ГИТИС-тің екі бірдей режиссерлік, әрі актерлік бөлімінде оқыған, сау­ атты да қиқар кісі. Бірер комедиялық фильм түсірген, енді дубляжбен ай­ налысады: «Падонки! Іш, іш қайда? Жаныңды неге салып сөйлемейсің?» – деп, міңгірлеп сөзін жұтқан әртісті дубляж бөлімінен қуып шығады да, екіншілей келтірмейді. Ал аударма – қып-қызыл ақша, табыстарына қосымша, күнбағысқа «емшекке емшек сеп» дегендей, таптырмайтын табыс көзі. Әйтпесе, актерлік жұқалтаң жалақы неге жетсін-ау. Мінуар да анда-санда барып, дубляжға қатысады, онда дағы шақырған кездер­ де. Даусы зор, мәнерлі, қою үнді сирек амплуа иесі. Өйткені, оған тек сом тұлғалы геройларды сахналау құдыреті бұйырған. Ұсақ, жылауық рөлдерге келісе бермейтіні сондықтан. Әлі жас, отыздан асқан, түбіт иек бозбала десе де. Осы таяу арада «Заслуженный артист» деген атаққа да тырнақ іліндірген-ді.

Көре алмайды көбі. Атақпен қоса қызғаныш, іштарлық атты кеселкесепаттардың қатарласа беретіні аян ғой. Үйі жоқ әлі күнге, театрда үй алуға кезекке тұрғандардың талайы шаңырақты болған, ал бұған кесе-көлденең тұрушылар жол бергізбейді. Соған күйінеді, кей-кейде ішімдікке салынады. «Тәк-тәк!» деп, алдындағы ағаларының атаққа, тұрмыстылыққа жету жолындағы қиямет-қайымдарын ойлап бір кет­ кенде, дереу сабасына түседі... Қанша қор ете ұйқыға берілгенмен, бір жақ миы ұйықтамаған­дай, са­ насы сайрап, анау бұрышта бүрісіп, көрпесін қымтай түсіп ботадай ғана бұйығы жатқан жас қызға аңсары ауа берген... Еркек емес пе. Қыз болғанда қандай! Қаншама театр актрисала­ рымен араласа-құраласа жүріп, бір спектакльде ойнай жүріп, жүрек сыздатарлықтай нәзік бір сезімге түсіп көрмеп еді бұл. Онда да небір сұлулар, сен тұр да мен атарлар баршылық. Бұған иектегіштер тіптен көп-ақ! Түр десе түрі, бой десе бойы бар, сәнқой киінетін, үстіне қылпық жуытпай, қашанда мұнтаздай таза жүретін бұған – Мінуарға – қай-қай әйел заты қызықпас?! Атқаратын рөлдері де сүбелі – Қобыланды, Есен, Қодар батыр дегендер. Жас, талантты бір драматургтің жаңа дүниесі әзірленуде. Онда да басты рөл мұның сыбағасына тиген. Трагедиялық бейне, соғысқа қатысқан, Берлинде, Рейхстагқа Кантериялармен бірге қан кеше ту тіккен, бірақ еленбей, сырт қалған сормаңдай қазақтың ірі тұлғасы. Көзіне жас алмай ойнай алмайды. Режиссері де жас, талантты, өзімен курстас жігіт. «Мінеке, оу, Мінуар! Премьерасы ойналған кезге көз жасыңды сақта, әйтпесе, тауысып аласың ғой...» деп Сейітмамыт қатты риза бола тұра, әзілге де басатын еді. Дос қой қанша дегенмен. Оған да сүбелі дүниенің қолына тигені осы ғана. Ұсақ-түйек, қан-сөлсіз драмасымақты Бас режиссер өзі қоймайды әрине, бұған және өзге ре­ жиссерлерге аудара салатын. Бас режиссер ит қорыған шөптей, сабан, қиқым-сиқымға онша-мұнша жуи қоймайды. Тәуірін, сорпаға шығары кездесе қалса, бас салып өзі режиссерлік етеді. Өзіне ұнаған актер-ак­ трисаларын да жарылқап тастайды. Әділетсіздік қай-қайда да... * * * Таң атысымен жуынып, бұрымын өріп, желкесіне түйіп алған Шынаргүл ағасын оятуға бата алмаған. Сықырлатпай есікті ашты, зат­ тарын сенекке шығарып қойды. Одеялды басына бүркеп ап, қатты ұйқы ұйығына түскен ағатайын оятуға бата алмай, қоштаспай кете баруға және қимай тұрды. Кенет Мінуар басын жастықтан жұлып ала: «А-а, сен кімсің?» дегені. – Мен, мен – Құмырсқамын! Қоштасайын деп... – Қ-қай-дағы құрт-құмырсқа? – Қыз өзін әу баста-ақ «Құмырсқа­ мын» деп таныспағанына өкінді әрі күлді. «Мен ғой, аға, Шынаргүлмін, жолға шығуым керек».

– Ә-ә, сен бе? Құмырсқаң не? Ал онда мен тұрайын, сен сыртта күте тұрғын, киініп алайын. – Ол жартылай жалаңаш денесін қызға көрсетуге ұялған. Көп кешікпеді, шала-пала жуынып, сегізден жылтыңдай асып бара жатқан сағат тіліне кіжініп, сыртқа шыққан. Машинасының кілтін бұрап, ходқа келтірді де: «Ал, Шынаргүл, отырғын», – деп көшеге шыға, төмен зырлай жөнелді. «Жолай бір жерден шай-пай ішіп, оразамызды ашайық, жарай ма?» Қыз басын изеді, арт жақта отырған, ағатайының қыр желкесіне, су­ сылдай төгілген қоңыр талжібек шашына сүйсіне қараған. Ғұмырында еркекке еркек деп қарағаны осы шығар. Өз қылығынан ұялды, қызарды. Екі көзін алға қадап, рульге сіресе жармасқан ағатайы мұнысын байқамады. Алайда екеуінің ойын жалғастыратын тін пайда болды: «Көрермін бе енді қайтып, кетіп бара жатсың-ау, сүйікті қарындасым...» «Иә, ағатай, кетпеске амалым жоқ, ұшарымды жел, қонарымды сай білетін бір бейбақпын». «Менің де сені алып қалатын құдыретім жоқ, қайтейін, бұрын неге көрмегенмін сені?...» – Мынау «Аққу» кафесі, осында кейде әртістер рөл ойнап шыққасын, рәсімін қып жуатын, егер татымды бірдеңе ойнай қалса. Түсейік. – Екеуі оңашадан оңаша шеткері столда отырып, тамақтанып алды. Ағасының көз алдының көгістенгеніне, жағы қусырыла жүдең тартқанына Құмырсқа таң қалды. «Әртіс болу, сірә, қиын шығар, әлгі Үкітай әртіс болуға неге құштар?» деп ойланып қойды. «Саяхат» автотұрағына Құмырсқаны шығарып сап, жол белетін әперіп, кенет қызды аш белінен құшақтай, бетін кеудесіне баса, шашы­ нан сүйді. Қыз бойынан ыстық бұлақтай бір сезімнің жүгіріп өткенін, дір ете қалған қос анарынан сезгір жігіт байқамады емес... Өзі де өң мен түстің ортасында қалғандай. Мектеп баласы емес пе, бетіне жел тимесе, кім тимес деп өскен. Нұрбай дейтін бір ұл ғана бұған өзгеше қарайтын. Ән салатын, даусы қоңыр сазды, мұңды келетін, қай әнін де бұған – Құмырсқа қызға арнап айтатындай көрінетін. Бұл да әжептеуір толқитын, екеуін «Қозы Көрпеш – Баян» деп балалар «қосып» қойған. Болған-біткені сол ғана, ал құшақтап, құшырлана қысып, бетін кеудесіне баса құмарланған дардай еркектің алапат сезімін тұңғыш рет сезінген қыз өз-өзіне орын таппай: «Ағай, кетейінші, автобус жүріп кетеді ғой», – дей құшағынан сытылды. Мінуар: – Енді сені қашан көрем? Қарындасым-ау! Қарлығашым-ау... – Көзін көлегейлеген қос тамшыны сілкіп тастап, теріс қарап: – «Әй, қайдам, енді көріспеспіз. Маған не болған? Баланың көңлін бұзып. Тәк-тәк!»

* * * Елшібек ауылының тентек балалары тайға мініп жарыс ойнайды. Бірде өрге ентелеген асау тайдың тұяғы құмырсқалар илеуіне тие күлпаршасын, быт-шытын шығара жаздаған. Жаздағаны – илеудің бетін ғана тай тұяғы сыдырып өткен. Шөп-шалам, сабандар шашылды. Індете салынған илеудің дүмі мықты. Жеке-жеке ін-қуыс тармақтарындағы Ана құмырсқа мен шаруа құмырсқалар, олардың ұп-ұсақ жұмыртқалары аман, әзірге. Тек ат тұяғы дүбірінен үрке шыққандар тұяқ астында тап­ талды. Ата Құмырсқаға да ажал таянып, солардың кебін киер ме еді, егер илеуге тақай тігілген таяқ басына тырбана шықпаса. Өзге аман қалған жәндіктер де осы амалды ілдалдап, тірі қалды. Бас Құмырсқа ұяластарының өлгендерін көріп жылап жіберді. «Ал, илеуді қайта тұрғызамыз!» – деп жұмыскерлеріне бұйрық берген. Іле жаппай жұмысқа кіріскен мың-сан құмырсқалар күн бата өз тұрақтарын бұрынғысынан биіктеу қып орнатты. Кимешегінің етегі жер сызған, маңдайшасы кестелі, жақ тұсына зер­ мен өрнек салынған, мақпал шапанын жамыла бойшаң аққұба, көздері боталаған орта жастағы кейуана келді, келді дағы таяққа сүйене «уһ» деп тұра қалды. Жан-жағына қарады да, селкеу жүрген тірі жан жоғын баяр­ лай, зар еңіреп қоя берген: «Құлыным! Айнұрым – айдан жара­тылған, қайда кетіп қалдың. Бір түнде ізім-қайым... қоштаспастан. Жасты­ ғым­ның астына сақинаңды тастап кетіпсің. Бұ ненің белгісі, күнім, күнтайым-ау? Салиханы да қоса ертіп, бір үйір аққасқа жылқыларды айдап кетіп, үй-орманыңмен, – бәрін қалайша, қайтып әкеткенсің?! Кім жәрдемдескен? Жын ба, періште ме. Орныңды сипап, зар еңіреп, біз қалдық... Омарғазы көкең жер-көкті тіміскілеп, шарлаумен. Қасы­ на сойылдарын шошайта, жер тепсінген мықты еркеккіндіктіні ерте. Сенің қай жаққа, қай бағытқа кеткеніңді барлаумен Салиха мен көрші ауылдың бойжеткенін қоса әкеткенің... не ойларың бар, қарағым. Бір сойқан-содыр айдың, күннің аманында абыройыңды төкті екен деп, жым-жылас жоғалғандарың қалай, қарақтарым. Айтсаң болмас па? Тым құрыса, бағыт-бағдарларыңды білдіре. Елшіекең ызғарынан, айба­ры­нан қорықтыңдар, білем. Әйтсе де, емшек сүтін емізген, жөргегіңнен ая­ лаған ақ анаңа айтып кетсең болмас па, күнтайым-ау! Көкірегім қай­ғықасыреттен қарс айрылды ғой, қарағым, қарғашым, Айнұрым...» Талықсып, таяққа сүйенген бойда жүрелей отырып қалды. Құмырсқа жәндік «Бұ кісіге не болған? Неге сонша зарланады. Өзі қадап кеткен тобылғы таяғына сүйене отырып қалғаны несі? Жаны бар ма...» деу­ мен, күзетші құмырсқаларға әмір берді: «Су әкеліңдер!» Суды жабыла іздеген сан-мың жәндіктер ақыр тапты, ол – Елшібек бұлағы болатын. Әншейінде жапырылысқан жәндік атаулы жаңбыр тамшыларынан, шөп бетіне моншақтай тізіле қалған таңғы шықтан ішетін. Қазір күн

бесінге таянған мезет, шөптер құрғаған; Матриархат – Құмырсқаның бұйрығымен «солдаттары» тұмсықтарына «ұрттап» әкелген тамшыларын кейуананың бетіне, тамағына төге бастады. «Көп түкірсе – көл» дей ме, ылғал Ақкемпірдің есін жиғызды. Және бет-аузын, алқымын жыбырла­ тып, қаптаған құмырсқалар қытығын да келтіргендей. «Тәуба! Жәндік болса дағы адамға қайрымды екен, есімді жиғыздырды. Илеу адам аяғы мен мал тұяғы астында қалмауы үшін жан-жағын қоршаттырып тастатқызайын, құлдардың біріне айтып. Және балаларға «алысқа ойнаңдар!» деп әмір етейін...» – Ол осыны істеткізді де, бір дорба арпа мен бидайды илеу айналасына төктірді. Омарғазыға қарындасынан гөрі келіншегінің ұшты-күйлі жоғалғаны жанына батты, «сорлыны бекер-ақ таяқтадым, дәу жұдырығыммен де соққылап аямадым. Өшімді содан алғандай. Қанша дегенмен қыздай қосылған қосағым, басқа кімім бар. Апыр-ау, Айнұрмен бірге кетті ме, әлде...» деумен, күмән күдігін аша алмай миы шатылды. Бұрынғы шарлау ма, айнала тау-тасты, ауыл-аймақты аралады. Сұрау салды: «Қатыным қолды болды» деуден арланып, бір үйір жылқының жоғалғанын тілге тиек еткен. Салиха екеуі жеке тұратын отау үйіне сыймады. Айнұр отауының орнынан шине ізі табылды, «шине» қос сілегенді аттың қос сауырына бекітіп, шана мен арба орнына жұмсалатын тасымал құралы. Көбіне-көп кедейлер пайдаланады ондайды: отын тасиды, көшкен кезде де екі сілегеннің ортасына қатар-қатар тақтай бекітіп жүк артады. Айнұр отау үйі де осындай амалмен көшірілген. Бірақ, қайда? Бір түнде қалайша абыр-дабырсыз көшкен. Кім көмектескен? Ер адам болмаса, нәзік әйел қолынан келе қоятын шаруа емес. Ит үрмей ме. Әншейінде бөтен ауылдың мысығына жотасын күдірейтіп, ырылға ба­ сатын көп сабалақтар қай-да... Басы қатты. Ауылды бастарына көтере сүйекке, қан-жынға таласатын көп шәуілдектің неғып бұ жолы үндері өшкен. Улап тастаған десең, әне, шауып жүр ауылды айнала қорғаштап. Аттылы көрінсе, шаужайына жармасып, жаяудың шалғайына ораты­ лып, бай ауылдың күніге сойылатын ұсақ жандығының қан-жынына әбден тойынып, түктері тікірейген иттері бөтен-бастақты сірә да жола­ тар ма. Енді не болған? Не қара басты оларды. Жын ба, албасты ма, пері ме ғайыптан пайда болған. Өзінің төрт көз, құйрығы шолақ Алабайы­ на қаратып сөйлеп жүр. Ең азулы ит осы, көршілес қырғыз ағайыннан қалап алған, әрине, қарымтасыз емес. Қырғыз демекші, о жаққа да шабуылшы жіберген. Мүлдем хабар­ сыз екен о жақ, жаңағы ойына қайта оралды: «Біреу қол ұшын беріп, көмектеспесе, жалғыз Айнұр (жақсы, Салиха екеуі делік): қалайынша бір түнде үйді жығып, жүктерін артып кеткен...» Ол жылқы жоғалғанын дұшпандардың қолы деп есептеген. Ортаншы – Бижігіттен туған інісі со күні жылқы күзетінде еді, одан сұрап:

– Әй, антұрған неме, неғып қара басты бір үйір жылқыдан айрылып, ә? Осы жоныңа қамшы билетіп, жон-теріңнен таспа өргізейін бе, ә! – деп, дойырлана тап-тап бергенде Тоқсейіт: – Ағатай! Көкетай! Ұйықтап қалыппын, олар жай кетпей, қолаяғымды байлап кетіпті, мен қатты ұйықтап жатқанда... – деп безек қаққан. Өзі әдейі байлап қойған құйтырқылығын білгізбей. Жеңешесі – Салиханың аш белінен қыса, құшырлана қорыс ішінде тоят тапқанын қалайынша, қалайынша есінен шығарсын-ау!... Ала арқан анадайда жатыр, өзі кеп шешіп алған таң азанда, бауырының қол-аяғынан. Сенбеске амалы қалмаған. Енді жылқыны іздей ме, қарындасы мен келіншегін іздей ме. Әбден басы қатқан. Бұжыр беті одан сайын жауар бұлттай түнеріп кете бермек ойы, кенет әлденесін ұмытқандай соңына қайрылғанда, құйрығын бұлғаңдата ере берген көкқасқа қаншықты теуіп кеп қалған. Ол байқұстың шаңқылдаған даусы таудың тасына барып шағылғандай. * * * Беріктаста бекітіліп Айнұрлар үш күн жатты. Барар бағыттарын білмегендігі. Әлде өкініш пе, істеген істерінен үшеуі де жылай берген. Діні қатты, еркек тұрпатты Ұмсындық қана екеуін жұбатып: «Болар іс болды. Енді қайтып барсақ, үшеумізді де қара есекке теріс мінгізіп, ел алдында масқара етеді. Әсіресе, сені, Салиха!» – деген. «Неге? Не үшін?» дей қоймады келіншек, есіл-дерті өткендегі оқиғаның әсері буынын буып, таңдайынан тәтті дәмін әлі кетірер емес. «Айым, жеңеше-ай!...» – дегені әсіресе! Омарғазының соққысы мен қаһарынан қорықса дағы, сүйікті қайнысымен бірер сәттік ләззатқа бөленген ол бұлаң қаға, тана көздері жайнай, сұрлау, сүйектен қашағандай мінсіз жүзіне қан жүгірте: – Е, батыл болсаң, баста неге болмағансың, қыз-ау! Байыңа бара бермей, мейлі бір көзі соқыр, сойқан болса дағы, қалың малы төленген қайын жұртың емес пе еді? – деп шымшып алған бойжеткенді. – Әрине, бара берер едім, егер сендер мені айнытпасаңдар, – деп құрбысы Айнұрға қарап көзін қысты. – Бірге кетейік дедіңдер, кеттім, қайта басым бос, жолым ашық, күңсіген еркектің тепкісін көріп, көзім ашылмай, өкініштен у ішіп, ғұмырымды қор еткенше... Ол саңқылдай күліп алды, күлкісінде әлденеге мәз болғандық, «еркінмін! еркінмін» дегендей, көк бұлтпен таласқан тау қиялары үн қатқандай, айнала жаңғырықты. – Не болған сендерге! Ақырын! Із салушылар естіп қойса, сорладық қой! – деді Айнұр шытыңқы қабағын жазып. – Жеңеше, жейтін ас-су даярла, нәр татпадық, қоржындағы құрт-май, піскен қазы мен жамбасты шығар, – деп жеңгесіне бұйрық берді.

Салиха күлмең қаға шаруаға кірісті. Түнде өзі мініп келген құлынды биені сауып, саумалын ашытып қойған. Оған керекті заттар, соның ішінде тобылғыға ыстаған күбі мен піспегін, ожау, шыны, шәйнек, бірер салым аққұйрық шай, бауырсақ-шелпекті де ала шыққан, өзінің киімкешек, керек-жабдығымен қоса. Жеңгесінің ұқыптылығына, өзіне деген риясыз пейіліне Айнұр қыз дән риза. Құрбысына: – Сен, Ұмсындық, жеңешеме тиісе бермегін. Онсыз күніміз қараң, білдің бе? Қазір астан соң екеуміз жан-жаққа барлау жасайық. Бағытымыз қалай болмақ? Енді көмектесер бізге Тоқсейіт жоқ, оның күні не боп жатыр? Көкем оны қамшының астына алған шығар, қорқып, айтып қоймаса жарар-ды. Жан-жағымызда қандай ел-жұрт? Тезірек кетпесек болмас, Омарғазы бәрі-бір тауып алады бізді, тезірек табан жалтыратпасақ, – (Бірдеңені біліп айтып тұр, Омарғазы шолғыны осы тұсқа да таяп қалған-ды)... * * * Бала батыр Елшібек байдың қызы қолды болғанына бір қуанды, бір қуарды. Қуанғаны – «өзіме бұйырмағанды ит жесін...» Қуарғаны – қимағаны. Бір сәттік болса дағы сұлуды аймалап, сүтке шомылғандай ақ денесіне кір-сір, ғұмыры ыстық су тимеген, анда-санда бұлақ суына шай­ ынып, кір-қоңын жуып алғаны болмаса, – батпандай ауыр денесімен опырыла құлағанына мәз еді. Қыз байғұстың қалайынша есеңгіреп қалмағанына бір жағы таң. Жеңгесі сүйрелеп әкетпегенде, кім білсін, ажалы да таянып қалған болар қамығу мен торығудан, қорланудан. Айтпақшы, сол жас жеңгесі де қолды болыпты. Кім әкеткен оларды? Және бір бойжеткен, ол да... Айттырған жерінен кісі салып, шақыртып алмаса. Бірақ, шала кемірілген сүйектей тәтті кемік кімге керек енді. Әттең, құл деген аты, әйтпесе, байға қалыңмалын төлеп, өзі-ақ алып алар ма ед! Малы жетеді, бірде барымталап, бірде мал иесінің – о да шіріген бай, қылқұйрығының есебін де білмейді, жаңа құлындаған биелерін тау жықпылына жасырып, ит-құстан сақтап дегендей, біраз қылшықтыны жинап алғаны рас. Ол бұлаң қаққан байдың бары мен нары мұны қайдан менсіне қойсын-ау? Әрине, маңайлатпайды. Ал әгарда абыройын төккен өзі екенін білсе, Елшібек мұны, қалмақтың батырының бала­ сын беломыртқасын үзіп өлтірері айғақ. Бет-аузын бүркеп, білгізбегені қандай абырой десеңші! Әй түбінде білер, ендеше сақ болған жөн-ау... Осы ойымен ол Беріктасқа таяп қалғанын кеш аңғарды. Ойы – тағы олжалаған жирен түктілерінің біразын осы араға жасыру. Онда өзінен бұрын әлдебіреулер уақытша қоныс тепкенінен мүлдем хабарсыз-ды. Кенет қылтиып екі атты қияға көтеріле берді. Атқа отырыстары мығым, атан жілік жігіттер дейтіндей емес: сыпайы, салт міністі әйел заты, екеуі де үкісі желбіреген сәукелелі. Бет-жүзін көруге алысырақ. «Бұ кімдер болды екен...»

Кенет сойылдарын шошайтқан жеті-сегіз аттылы өрге қарай ентелей шауып келеді екен. Сірә, қуғыншылар. «Ә, мына екі жаулықтыны қуып келе жатқандар, онда бұлар Айнұрды және жеңгесін ұстауға келе жатыр. Естіген, Омарғазы – қыз ағасы шабуылдап, айналаны тіміскілеумен жүр дегенді. «Мен бұларға көрсетейін! Ол екі бейқам, бейкүнә әйелді текке қор етпейін ондай қандыауыздарға!» Со бойда құлын жарғақ тебетейінің астынан тер сіңсін деп байлап жүрген орамалымен бет-аузын таңсын, кішірек сығырайған көзі ғана көрінетіндей қып. Жеңіл жорғамен бейқам келе жатқан Омарғазы бастаған қуғыншыларға қарсы шауып, ал сілтесін шоқпарын! Шетінен домалатсын. Тұтқиылдан тап болған еңгезердей, бетін таңып алған дүлейге Омарғазы қосыны сойылдарын сілтеп те үлгере алмастан, аттарынан домаласын, құдды сабағынан үзілген күзгі алмалардай: «Ой, әкең! Кімсің? Ойбай, құрыдым, шонданайым...» десе, бірі: «Жын ба? Сайтан ба? Қайдан тап болған пәле, қап, үзеңгіден аяғымды ажырата алмай мертікпесем жарар ат сүйреп...» деп бебеулеу­ де. Есін жия бастағандары атқа қайта қонбақшы болғанда Бала батыр оларды ат сауырына ала дойыр қамшысымен төпелетсін кеп! Омарғазы соңында келе жатқан, мына сойқанды көрісімен, алға ұмтылды. Ұмтыла келе сойылын оған сілтеп кеп қалды. Самырсын сойылдың үшкір ұшы жауды кеудесінен соқты. Анау теңселіп барып, сар жорғасының жам­ басына қарай аударыла берген. Бірақ құламады. Жадағай тері жеңсіздің ішінен өнебойы киіп жүретін түйе жүн долман-жейде ұшы үшкір сой­ ылды дарытпады. «Әйтеуір жан қалды, о, жасаған, осылай сақта!» – дей, Бала батыр атының басын бұра еңіске ойысты. Со бойда көзден ғайып, жөнеді... – Қап-ай! Ананы ұстап алып, дүрелеу керек еді! – деп жанұшыра айқайлады Омарғазы. «Қой, кері қайтайық, жолымыз болмады. Ана ай­ ырда тағы біреулер шошаяды, әлде серіктестері болмасын. Қол жинап, тағы бірде келейік...» – дегесін қосын кері оралды. Жаралыларын ат са­ уырына өңгеріп, саулары сау қалғанына шүкір айтып ауылға жеткенше асыққан. Тау айрығында қылтиып тұрғандардың бірі – Айнұр, бірі – Ұмсындық. Айналаны шолуға шыққанда төмендегі қып-қызыл айқасқа тап бола жаздаған. Күрт бұрыла, тау жүлгесін қиялай, тасалау жер­ ден бәрін бақылады: анау шағын қолдың Омарғазы ағасының тобыры екенін, оларға бүйірден бүйідей тиіп, шетінен жайратқанды танымай: «Бұ кім екен? Кім де болса бізге жанашыр, ендеше, таю керек!» – деп құйындай шапқылап: – Ал жеңеше, жиналайық, қуғыншылар келіп қапты, бір еңгезердей шоқпарлы біреу олардың жолын бөгеп, шетінен қағып түсірмегенде... Бол! – деді жанұшыра. – Астапыралла! Ойбай, кетейік бұ жерден, – деп безек қаға Салиха шешілмеген теңдерді көтере, ыдыс-аяқты аяққапқа сала-мала, шинесі

ағыталмай, мал тұяғы тимеген тағы шүйгінге шүйіле жайылған аттар­ ды жетелеп әкеле, жүктерді – шандылған уықтар мен жабығы, керегесі, шаңырағы дегендей алты қанат қазақ үйдің мүліктерін Ұмсындық екеуі шинеге таңа бастаған. Артылғанын сары інгенге таңды. Айнұр болса, шапқылай, жайылып жүрген жиреннің үйірін ұйыстыра айрық жотаның арғы бетіне шығара берген. «Не де болса, осы бағыттан айрылмау, қайда бастайды? Оңға, солға, батысқа, шығысқа, Аллам жөн сілтер. Түнде Жеті қарақшы – шөміш жұлдыздың сабы осылай бағыт берген, тәуекел! Жазығымыз жоқ, бізді жәбірледі, қыз басымызды қорлады, енді қайтпекпіз? Қыз намысы осындайда ширықпаса, қозбаса...» Көздерінен жасы парлай Айнұр сырт жағына көз салды, аналар да қозғалып, мұның соңынан ерген екен. «Әйтеуір тез жиналыпты, әй, Ұмсындық, еркек пішіндес бет-жүзіңе күш-қайратың сапа-сай; жаман қар болып бекер-ақ туған екенсің, ә?! – деп құрбысына сүйсінді де. Ал Салиха жеңгесі өзінен екі жас үлкен, он тоғыздың оңтайында, аралары бірер жас қана, өзі десе, өзегін жұлып берерлік шын жанашыры ғой. Әйтпесе, қыздай қосылған қосағын қиып, мұның «жүр» дегеніне ерер ме еді? Бірер таяқ жер, таяқ жер де тар төсекте табысар... * * * Шынаргүл – Құмырсқа қыз автобусқа енді-енді отырайын деп, тепкішегіне табан ілдірген кезде! – Қарындасым, қайда баратын едің? Есікке ме, ендеше, даяр «Газигім» тұр, неғыласың көппен сығылысып, мен де Есікке барамын, со жерде тұрамын, – деп бір жігіт ағасы жабыса кеткені. Бұл состиып, та­ нымайтын жерлесіне көзін аудара қарады. «Жоқ, ағай, белетім қолымда, жүре берейін» деді дағы, ел еніп бара жатқан есікке ұмтылды. – Тоқта! Кімге айтып тұрмын, әкел белетіңді, – деді де қыз қолынан кері тартып, былай алып шықты. Бұл қорыққанынан оған бағжия қарады: алабажалақ жейделі, джинси шалбарлы, дудыраған шашын маңдайын бастыра қызыл орамалмен таңып тастаған, көзі сығырайған, шықшытты дардай еркек мұны дедектете әкете берді. Үні де қарлыға: «Ағай, ағай, қайда апарасыз? Мен мектеп баласымын, осында оқуға түсем деп келіп, түсе алмай қайтып барамын», – деп шырылдасын. Жұрт бұрылды, бір қызыл жағалы ысқырып қап, соңдарынан ұмтылды. Епті жігіт лезде «Газигіне» отыра, қызды артқы орындығына итере, көлігін тез оталдырды. «Қап, Мінуар ағаның тілін бекер-ақ алмадым. Ит-құсқа жем болған басым-ай. Алып қашып барады, қайда?» – Есікте кімің бар, әке-шешең, әлде жолаушылап? – Екі қолы руль­ де, артына бұрыла жөн сұрады. Қыз еңкілдеп жылап отырды.

– Қорықпа. Хайуан емеспін. Атым – Мәтиеш, Еңбекшіқазаққа таны­ мал бандитпін. Жә, жә, әзілім. Ел солай дейді, беталбаты жөнсіз ешкімге ұрынбаймын, әрине. Ал маған ұрынғанды аямаймын. Ұрлық-қарлық және жасамаймын. Қорықпа. Бұлар Талғар жолымен зымырап барады. «Бандитпін» дегесін Шынаргүлдің алдыңғы қорыққаны қорыққан ба, қалай көліктен түсіп қалудың амалын ойластыра бастаған. «Газик» Мичурин совхозының тұсына жете бере кілт төмен бұрылды. Қалың алмабақты жара бір жер­ ге барып тоқтады. «Бітті! Құрыдым!». «Сәл аялдайық, азықтанайық, қарындасым, түс!» Мәтиеш жүкқойнаушадан көрпеше, оны-мұны буынтық-буылтық заттарды шығара бастаған. Көкмайсаға көрпешені жайды, шағын да­ стархан жасап, азықтарды – шұжық, бөлке нан, бес-алты қызанақ, бір бөтелке ақ арақ шығарды. Арақты көргесін қыздың зәре-құты одан сай­ ын қашты. – Ішесің бе? Ә, жас баласың, татып алмайсың, сөзсіз? Басқасынан алып жей бергін. – Ол өткір бәкімен шұжықты лып-лып турап, қызанақтарды бөліп, нанды тілімдей бастаған. Қоса асай, бөтелкенің тығынын тісімен жұлып ала, аузынан лықылдата сіміріп салды. – Ой, ағай, сіз көлік айдайсыз, болмайды ғой, – деді Шынаргүл тамақтан ептеп қана алып. Жан-жағына қарады, қасқа жолға бір шығып алса, зытса, шабаданын қоса алып түскеніне риза, біреу-міреу арашала­ мас дейсің бе... – Ешқайда қашпайсың. Ал жөніңді айт, кімге бара жатырсың? Сені мен Есіктен көрген емеспін, сендей сұлу қыз көзге түспей және жүрмейді. Қай туысың, жақын-жұрағатың бар біздің жақта? – Қали нағашыларыма бара жатырмын. Ол кісі қазір жоқ қой. Күлімхан апама, туыстарыма жолығайын деп. Мамам айтқан, қолың тисе, барып амандасып қайт деп. – Е, Қали дейсің бе? Олар көл жақта тұрады емес пе. Марқұмның үйорманы орнында. Ал мен кішкене мызғып алайын, содан соң жүреміз, өзім апарып саламын. – Мәтиеш қыз тізесіне басын қойып, қор етті. Мұны күтпеген Құмырсқа қыз не істерін білмеген. Басын аудара сап, тайып тұрса ше. Айдала. Біреу-міреу өзі қызу, ұйқылы-ояуды өлтіріп кетсе ше. Қой, маған жамандық істемегенге мен қалайынша жамандық істейін... * * * Мінуар көп ойланды: «Есік жақта тұра ма? Дұрыстап адресін де сұрап алмаппын. «Не, іздеп барайын деп пе едің?» – деді ішкі дауыс. – Тұрағын да дұрыстап айтпады қу қыз. Салып-ұрып жетіп барады деді ме мені. Бірақ бір сөзінде: «Біз Кеген жақтанбыз» деген-ді. Сірә,

жерлес болып шықпайық. Ақ борықтай, «Құмырсқа бел, қиғаш қастың нақ өзі!» Қанша-мұнша сұлу қыздарды көріп жүріп, әсіресе жүрісін айтсаңшы, біздің театральный тілімізбен айтқанда – «нағыз пластич­ но!» Айдын көлде жүзген ақ қаздай құдды! Ауылым Кегеннен ондай көріктіні көрмеп едім де, Қалимашқа үйлене салып ем ғой, ол мұғалима қыз жүкті болып қалғасын. Шіркіннің аяқты тұсауға әдістенгені сон­ дай, бала соңынан бала ытқытып, екі-үш домалақты туып берді маған. Соларға қарайлаймын деп жүріп, уақытты оздырып, театр институты­ на кештеу келіп түсіп ем... – Мінуар «Жигулиін» жүйіткітіп, Сегізінші март көшесіне қалай келіп қалғанын да аңғармаған. Осының Комсомол көшесімен қиылысында «Қазақфильм» киностудиясы бар. Ескі ғимарат, кезінде (соғыс кезін айтады): Мәскеудің, Ленинградтың киностудияла­ ры көшіп келіп, уақытша тұрақтанған-ды. Небір озық туындылары осы­ нау қазақ жерінде жасалған. Солардың бірі – «Иван Грозный» көркем фильмі». «Небір ғажап әртістер десеңші... әттең, мен неге солардың ойынын «тірідей» сахнадан тамашаламадым...е, ол кезде мен дегенің дүниеге кел­ меп едім ғой. «Қожаның көңілі құрт сүйеді, көжесінің қатығы жоқ» деп Жүніс әкесінің айта беретін мақалын қайталап, мырс ете күліп алды. Осылайша ішкі «монологімен» толғанып келе жатқанда, студия кіреберісіне де таяп қалғанын білді. Көлігін кілт тоқтатып, кілтін бұрап түсті де, вахтер шалға: «Мені Алдамжарова шақыртып еді», – деді. – Олай болса, бара бергін, бірақ көлігіңді қарамаймын. Бірдеңесін ұрлап кетсе, мен жауап бермеймін, – деп шал қасарысты. Расы, көше бой­ ына тастағаны несі, Алдамжарова Ақтолқын неге мені шұғыл шақыртты? «Әй, шал, бір жартылығыңа жетерлік тиын-тебеніңді берейін, ішкі қораға кіргіз көлігімді», – деп шиша «Таласқа» жетерлік алпыс тиынды қолына ұстатқан. Қызыл кілемше жайылған кең кабинеттің төрінде домалақ жүз, бетінің оймышы бар, күлім көз, жасамыс әйелге сәлем берді қолын ұсынып. – Ә, келіңіз, отырыңыз, – деп сабырлы баяу даусымен мұны қарсы алдындағы креслоға орнықтырды. – Шақырған себеп, менің сценариім бойынша кино түсірілмекші еді, сондағы бас рөлді ойнауға театр Сізді – Мінуар – ұсынып отыр. Осыған қалай келісесіз бе? – деп Ақтолқын әңгімені тікесінен қойды. – Шылым шегесіз бе? – Бір қорап шет­елдік сигареттің ішінен өзі қыз саусағындай жіңішке біреуін от тұтат­қыш­ пен тамызықтап, қорабын күлсалғышпен Мінуардың алдына ысыр­ ды. Түтінін шиыршықтай керіле шегіп отырған, толқын шашы иығын жапқан келісті әйелге таңқала қарады жігіт. – Сенім артқан театрыма да, Сізге де рақмет, Ақтолқын апай, бірақ мені жаңа әзірленіп жатқан спектакльдің басты рөлін ойнауға тағайындап еді. Ол постановка қазір өндірісте, сондықтан қолым тие

қоя ма деген дүдамалдамын, кешіріңіз, мен шылым шекпеуші ем... – Ол сигаретті кері ысырып, орнынан тұра берді. Бір сөзге келмей, бірден нақты жауабын берген тік мінез жігітке не дерін білмей әйелдің тілі байлансын. Оның үстіне «апай» дегені қатты батты. Жігіт келісті-ақ. Сұлуша ақсұр өңді, екі иығы қақпақтай, тұла бойында бір сылым бунақ жоқ, нағыз атлеттерше шыныққан тұлғалы жігітке ол кіргеннен қызығуын өзінен де жасыра алмаған... – Тұра тұрыңыз! Әңгімеміз аяқталған жоқ, от алуға келгендей, неге сонша тызалақтадыңыз, ә? Мен жеп қоймаймын ғой. Жазығым фильміме ойнауға шақырғаным ба? Киноға түсуге қолы жете алмай жүрген, бойы, сойы келісті, бар фактурасы келіп тұрған ер актерлерді мен көрмей, білмей жүр дейсің бе?! Ақтолқынның бірден шаптыға, әйелдік күйгелек мінезге баса, лайықсыз шабаланғанына, театр институтын жаңадан түгескен шәкіртке ақыл айтқандай ділмәрсуына Мінуардың шабына шоқ басқандай болғаны сондай, тұрған бетінен қайрылмастан, «сөз осымен тәмам» де­ ген нойыс мінезін көрсете есікке беттеген. Жолда келе жатып: «Қап, анау алқаш шалдан әкесінің атын, яғни отчествосын сұрап алмағаным-ай. «Апай» дегенім шамына тиді білем, сондықтан бірден бет-аузы түтеп ашуға басқаны... Қап, бірден бетін неге тойтардым, сце­ нариймен танысып, оқып көрейін деуім керек-ті әуелі. Өзі не қызметте? Кабинеті атшаптырым, алдында шұнаңдаған секретарь қыз. Е, осы сту­ дия Бас редакторы демеп пе еді. «Қайтсең де келіскін, доң мінезіңді қоя тұр» – деді ғой Баяділ, театр директоры. Ақылын алсам нет-ті. Және ол фильмі қашан қойылмақ. Әзір емес қой, әлі әзірлік жұмысында. Оған шейін «Жалғыз батыр» постановкасының бас-аяғы жинақталып, сах­наға шығып та қалар...» * * * «Ағай, тұрыңыз, күн ауды, мен Күлімхан апамның үйіне жетіп алу­ ым керек» деп құлағында зарлаған қыз даусынан Мәтиеш оянып, бұған таңдана қараған: «Түу, тізең неткен жұмсақ, жата тұрайыншы, айт­ тым ғой, көл жаққа өзім жеткізіп саламын, апайды жақсы білем, мен тау жаққа соққан сайын бұрылып, қымыз ішем ол үйден. Асықпа...» – Мәтиеш қыз тізесіне шоқпардай дударбасын қайта сүйеді. Құмырсқа қыз не дерін біле алмай, сықсыңдап жылай бастаған. – Дүниеде әйелдің жылағанынан, мысықтың мияулағанынан жек көрерім жоқ, ал кеттік, ендеше! – Ой, рақмет, ағай. Бірақ сіз ұрттап... дегендей, жолда милиция ұстамай ма? – Милиция? Мені көрген жерден-ақ олардың тізелері қалтырай ба­ стайды, ұстамақ түгілі... Артына қарасын. Ал, кеттік!

Расы, Талғарға ене бастағаннан бір қызыл жағалы қойқаң-қойқаң қаға ызғытып келе жатқан көлікті тоқтатам деп ысқырып қалып еді, Мәтиеш оған жұдырығын көрсетті. Анау сасқалақтай, таяқшасын алға сілтей «жүре бергін» деген белгі берді. «Қой, қала ішінде біреу-міреуді қағып кетіп мертіктірермін...» деп Мәтиеш жылдамдық тетігін баяулат­ ты. Есік қаласына ене бергенде, тағы бір қызыл жағалы мұны көрісімен ыржалаң қаға бас изеп жүре берген. Құмырсқа қыз шынымен таң, бөгде біреу болса, штраф салып, талонын тесіп әлекке салар еді ғой, қойқаң қаға, жолдың ана бетіне бір шығып, мына бетіне бір шығып, итсигек ойнағандай көлігін жүргізіп келе жатқан масаң жүргізушіні... – Артта не бар, кел, қасыма отыр, – деген ағасының көңілін жықпай алдыға жайғасқан қызға қолын асыра құшақтап, иығынан тартты. Қолаңса иісі танауын жарды, сонда дағы сыр бермей тымпиып отыра берген-ді Шынар қыз. «Апама, ағаларыма аман жеткізсе болды...» – деу еді ойы. Жеткізді. Есік қаласының қақ ортасындағы көшеден кілт өрге бұрылған бұлар біраздан соң екі-үш үй ғана отырған, сарылдаған Есік өзенінің бойына жайғасқан жатағандау, шифер шатырлы жайға жақындай: – Күлімхан апа, қызыңды әкелдім, шүйіншіңді бергін, – деп айқайды гудогімен қоса басты. Үйінен жүгіріп шыққан, етегі шұбалған кәртаңдау әйел маңдайына күн сала қарап, жыға танымай: – Өйбү, Мәтиешпісің? Қызың кім? – дей бергенде Шынаргүл «Апа!» деп құшақтай алды. Сырықтай, шашы тірсегін соққан, аққұба уыздай қызды жырағытпай, даусынан барып танығасын: – Апыр­ май, Шынаргүлмісің? Қайдан жүрсің, қарағым? Нұрғаным аман ба? Әпкелерің... – деп хал-жай сұрай, айналасы айғыздалған қартаңдау жүзінен көз жасын тарам-тарам ағыза дауыс салғаны. Қыз абдырап, жігіт таңырқап: «Әлде біреуі қайтыс болып па еді бұлардың» дегенде, Күлімханның шалы, Шынаргүлдің нағашысы – Қалидың осыдан екі жыл бұрын көз жұмғанын есіне алғаны екен. Шынаргүл де боздай: «Аманбыз, апа, мен оқуға келіп ем, түсе алмағасын, және мамам сіздерге барып сәлем бергін дегесін, мына Мәтиеш ағаға еріп келгенім ғой, ертең жол жүрем Кегенге, мамам не болды деп алаңдап отырған шығар». – Келген себебін де түсіндіре: «Апа, Мәтиеш ағаға қымыз ішкізіңізші, жолдан шөлдеп келеді, мен де...» – деп бұл үйге бөтен еместігін аңғарта, зат-матын ішке енгізе берген. Қымызға қанған Мәтиеш: – Сен қыз ертең кетем дегенді айтпа, мен сені бір жерге жұмысқа тұрғызайын, келесі оқуға барғанша тиын-тебен тауып аларсың, – деді кенет. Күлімхан жымың ете: – Е, сөйтші, әкем, бұ қыз Кегенге барып не табады, мұнда қарап отырмас, тігіншілікке тұрса дағы, – деген.

– Апа-ау, менің қолымнан тігіншілік келе ме? Одан да аудандық га­ зетке орналассам, ақыр журналистка болуды армандағасын, мақала жазып, шыныға бергенім жақсы емес пе. Менің түсе алмаған себебім – менде басылымдарға шыққан даяр дүниелердің болмағандығы. Әуелі соны қарайды екен комиссия. – Ойым дөп шықты ма дегендей Шы­нар­ гүл Мәтиешке жаутаң-жаутаң қараған. – Дәп солай ойың болса, мен газет редакторымен сөйлесіп көрейін, танысым ғой, – деді мұны үміттендіріп. Дереу аттанды да. Нағашылары орналасқан жер – тау қолаты. Айнала тұнған қарағайшырша, самырсын. Етегі жабайы алма, өрік, жаңғақ талдары. Сарқыраған Есік өзені көбік шаша, тып-тынық тау ауасын жаңғырықтыра, тіпті небір сайраған сақ-сақ, сандуғаш, шымшық торғай әуездерін құмық­тыра жаздағандай. Бір жота асса, ернеуі шүпілдеген «Жасыл көл». Ал Есік көлі 1963-жылы тасып, бекітілген дамбасын бұзып, етегіндегі елді су алып кете жаздаған. Сұмдық тасқын еді, қаншама үйлер қирады, ақ жал су қара топан-лайға айналды. Қарағай-ағаш біткен тамырымен қопарыла, теңкие-теңкие ағып жатты. Адам шығыны да аз емес болған... «Оның бетін әрі қылсын!» деп, Құмырсқа қыз жабайы алма төгілген етекте біраз отырды. «Не де болса, бағым бар екен», – деп мейма­насы таси, «корректорлық жұмыс болса да мейлі ғой!» дегендей, бей­мәлім қуаныш тұла бойын кернеген. Есіне Мінуар ағасы түсті. Оның: «Енді сені көре алармын ба, көре алмаспын ба? Есік деген жерден мен сені қайтып табайын?» – деп шығарып салып тұрған сәтінде қынжыл­ғаны мұның да жүрегін шым дегізген. «Неге жөнін айтпаған ағасына: осылай да осылай», – деп, ә. * * * Уәдесінде тұрып, Мәтиеш төрт күннен соң «Газигін» есік алдына көлденеңдеткен-ді. Қыз қуана қасына жетіп барып: – Өй, ағатай, жақсы жаңалығыңыз бар ма? – деді. – Бар! Ал киін, редакторы сенімен сөйлеспекші... Құжаттарың өзіңде ме еді, әлде, тастай қаштың ба өткізген жеріңнен... – Е, жоға, алып келдім, бір жұмысқа тұрармын деп. – Ендеше, жүр! Апа, қымызыңыздан құйып беріңізші, үйдегі келі­ ніңіз сіздің қымызыңыз турасында айтып ем, сілекейі шұбырды. Жерікау, сірә. – Мәтиеш осыны айтуын айтқанмен, өрттей қызарған. Бұл алып отырғаны – үшінші әйелі. Алдыңғыларын сынықтан сылтау тауып шығарып жіберген, осындай да «өнері» бар Мәтекеңнің... Редактор Мұстақым тапал, мойны қыржық кісі. Күлгенде тістері ақсия қызыл жиегіне шейін аршылады екен. – Ә, келіңіз, қарындас. Мәке, осындай сұлуларға қармақты тәуір-ақ салады екенсіз...

– Қой, баланы ұялтпа. Мектеп шәкіртіне көз салып өле алмай жүргенім жоқ. Ал, жұмысқа алатын ойың болса, сөйлес. Бос орын бар ма? – Корректор келіншек декрет демалысына кеткен-ді. Соның орнына, уақытша. – Мұстақым осыны айтып, Құмырсқаға қарап еді, оның салы суға кеткендей, жадыраңқы өңіне мұң қонақтай қалған-ды. – Қалай, келісесіз бе? – Қыз жәутеңдей ағасына қарады: «Келісе бер, келесісін кейін көрерміз», – дегендей Мәтиеш көзін қысты. – Олай болса, қарындасым, бізге жұмысқа тұрдым дей бергін, мынау шұбалған ұзынша қағаздар гранка деген. Ертеңгі шығатын номердің ма­ териалдары. Ал ендеше, ана бұрышқа отырыңыз да, қатесін түзеп, оқи беріңіз, – деді редактор. – Әй, әуелі бұйрық шықпаушы ма еді, ә? – «Әрине, әрине» деп, қалбалақтай редактор секретаршасын шақырды. – Мына кісіге үш айға «бізге корректорлық қызметке тұрды» деп, бұйрық шығарғын, мен соңыра қол қоярмын... – Соңыраң қалай, дәп қазір қол қойғын, – деп Мәтиеш ақырды. САРЫ ҮЙСІННІҢ СҰЛУЫ Ақкемпірдің жылай-жылай көзі суалды. Жарық сәулені көреді, ал қалғандары қыбыр-қыбыр көлеңке. Күңі Күнімжан ғана қарайласып, сыртқа алып шығады, дәретін алдырып, жуындырып, шайындырып дастарқанын алдына жаяды. «Қыздан хабар жоқ па?» деп қылқылдай береді. Баласы Омарғазыдан сан сұрады. – Әй, апа-ау, әдейі таппай жүр дейсің бе? Аспанға ұшып кетпесе, табармыз! Маған қиыны – Салиханың қоса кеткені, қадірін білмеппін. Мені тастап қашатындай не жазыппын оған. Қыздай қосылған қосағым емес пе еді, ә? – Үлкен ұлының күңіренген даусы мұны да мұңға батыра­ ды, сөйтсе дағы: – Өй, қатыншыл неме, басынан таяқ кетірмей, төпелей беретін кім еді, ә? – десе де, баласына жаны ашиды. Омарғазы сыртқа атылады, құр кетпей, түр-басы тәп-тәуір Күнімжанның мықынынан мытып қалады... ... Балқаш бойынан Елшібек осы Ақкемпірді алып қашып еді баяғыда. Сауда-саттықпен айналысатын соқталдай жігіт шағы. Әкесі Тоқтар мыңғырған бай болмаса дағы, жылқы түлігінің күлігі мен құйрық-жалы төгілген ақбоздарын ұстайтын, шаруасы шап-шағын томаға тұйық кісі болатын. Елшібекті үйлендіріп, алдына азын-аулақ мал салып: – Ендігісін өзің білгейсің: мыңға айналдырасың ба, жоқ, тұқымын құртып, тақыр жерге отырып қаласың ба... Бірді екеу қылатын ептілігің

мен жұмыртқадан жүн қырқатын жымысқы пысықайлығыңа саламын. Менде өзге де балалар бар, соны ойға саларсың, шүкіршілік... – деген. Сөйтіп отау шығарған-ды. Әкесінің осы аманатын орындау жолында жанын салған Елшібек, ел ішінен арзанына мал сатып алып, сыртқа – отырықшы, орыс араласқан қала-қалашыққа әкеп, қымбатына сататын. Қайтарында, Түргеннің ба­ зарынан айна-тарақ, мата, шай-қант дегендерді базарлай, тау қолатында томаға тұйық отырған халқына қат заттарды тағы сататын ғой. Міне, бірді екі, екіні төрт еткен пысықай епті жігіт өстіп біраз пұл жинады. Енді түгі асыл жылқы малын баққан елден қыл құйрықтыны бағасына алып, өз жылқыларының санын көбейтпекке дәт қылған. Ести, ести Балқаш жаққа бет бұрған. Онда жабайы жылқыны жергілікті жылқымен шағылыстырып, шабаған, төзімді текті жылқы түлігін ұстайды дегенді естісімен, қасына қосын ертіп, со жаққа аттанады ғой. Жабайы жылқы аспаннан түскен жоқ, Балқаштың Күншығысқа қараған баурайы қалың қорыс, онда жыңғыл, жабайы алма, тікенекті төрін, жер құйқасын қайыстырған небір асыл жабайы шөптер шүйгіні тамыр жайған. Жылқыларын со қорысқа айдап салып, Сары үйсіндер жайбарақат отырады екен. Керек кезінде құрық сап ұстап, сойысқа арнаса; құрық ұстатпай, тарпаңға айналған жылқылар өз беттерінше, үйір-үйір боп жайылып, шетінен көбейіп, ен жайлап кететін көрінеді. Айғырлары үйірін ит-құсқа алдырмайды. Семіздіктен жоны күдірейе, сауырлары сары атанның санындай күжірейген олар аса мықты да, ша­ лымды боп келеді екен. Бақанастан ары асып, Іле өту керек, оған қайықшыны жалдап, әрліберлі біраз өткел жасап, бүлк-бүлк жайымен аққан Іленің қайраңына шыққан. Сұрастыра-сұрастыра Балқаштың шығыс бетінде отырған Сары үйсіндер жұртына барады. «Жылқы сатып алуға келдік» дегенді естіп олар есінен танады. Бұл елде жылқы сату деген мүттімге жоқ, сойысқа, сыйға, құдалыққа, өлім-жітімге, тағы басқа шығын-шығасыға арнамаса, сату дегенді естіген емес. Сонда дағы, қызыл көрсе, томағасынан сыдыры­ ла шүйілетін тұйғынша, ақшаны көргесін, шетінен жылқыларын сатып, саудаласа бастаған. Әрине, Елшіекең, таңдап дегендей, жүз қаралысын пұлына алады; «қона жатыңыз, алыстан арнайы келгесін, сый-сияпатқа бөленіп, сауық-сайранға қатысыңыз» деп қолқалағасын, ел ішінде біраз сайрандайды. Небір таңдайларына сандуғаш қонғандай әншілерін, дом­ быра құлағында ойнайтын күйшілерін, таңға шаршамай айтысқа түсетін ақындарын көреді. Таң қалады. Қыз-қырқындарының сұлулығына сұқтанады. Жамбасын төсеп, қашанғы жата берсін-ау. Аттанатын күні, жас қыз-желеңдер алтыбақан құрып, Елші­бекке соңғы сый көрсетуге қарманып, түнге қарай мұны да сауыққа шақыр­ ған. Бұл тартынған, мұрты тебіндеген, түбіт иек бозбала болсайшы, жел­ пініп жетіп баратын. Қайта қасына еріп келгендерден желіккен­де­ріне:

«жастар емес пе, шіркін, барыңдар» деген. Бірақ үйге сый­­маған, аяң­дап со жаққа, қасына үй иесі, өзі құралыптас Сапабекті ер­тіп, қайым ай­тыс­ тың қызығына түскен алтыбақаншыларды маңай­ла­ған бір сәті. Елшібектің делебесі қозды, әннен құралақан емес-ті. Керілген алтыбақанның бір басына ырғып шықты да: – Кәне, менімен қайым айтысқа түсетіндерің бар ма? – деді үні саңқылдай. Тартыншақтау кезегі енді Сары үйсіннің қыз-қырқынына ауысқандай, тәукелге бел байлап, «кәне, мен бармын!» деген ешкімді көре алмаған. Қыз жеңгесі қасындағы аққұба, нәзік қызды түрткілей: – Шырайлым-ау, есеңді жібермесеңші, кейін өкінесің ғой! – дейді. Қынама бел жасыл мақпал камзолды, сарғыш, етегі бүрмелі шәй көйлекті, кәмшат бөркінің қос үкісі қамыс қоғасындай үлпілдеген сұлу қыз бір ба­ сып, екі басып, құрулы алтыбақанның бір жағын аудара айқайға салған Елшібекке таянған. Екі жігіт дік еткізе, қызды алтыбақанның екінші жағына «мінгізді». Сонда байқады, тоқпақтай бұрымы бойжеткеннің тал шыбықтай нәп-нәзік белін орайды екен. Ол – ол ма, ал көркі... – Қарындас, ауылдың алты ауызын бастаңыз! – деп Елшіекең өктемдік жүргізді. «Апырым-ау, күннің көзінен, айдың нұрынан жаралған ба өзі...» Таңқалса дағы, сыр бермеді: – Сары үйсіннің қыздары жасық екен деп кетпейік, кәне, баста, қарындасым, мен де әл-әзір тұрайын, – деп ішінен қай әуенді айтаты­ нын жұптап қойды. Қыз айнадай көздері жалт ете: «Жақсы, ағатай, айтайын,» – деді. Үні майда, мамырдың кешкі самалындай естілгені сондай, анау-мынауға онша-мұнша селт ете қоймайтын жүрегі шым еткені Елшібектің... Кәдуілгі «Ертіс бойындағыны» бастай берді қыз: Аржағында Ертістің көрдім сені, Қайық қылып сырғаңды өткіз мені. Қайық қылып сырғаңды өткізбесең – Қордың қызы болсаң да көрмен сені. Жеңеше-ау, мінезің сенің өзгеше-ау. Елшібек аржағын іліп әкетті: Арғы жағы Іленің, бергі жағы, Аржағында шулайды тал-құрағы. Алған жары жігіттің болса жаман – Барымтаға кетеді малы-жаны. Жеңеше-ау, мінезің сенің өзгеше-ау. Ал қаракөк жаз жайлау, Шай орамал бір байлам, – дегенде қыз да қосыла: Сағынып, сәулем, келгенде... Қайда кеттің, ойпырмау, той той-лап?!

Алақан соғыла, «ой, өлме!» десіп, айнала шуылдап кетті. Осыны пай­ далана: «Атың кім, қарындасым?» – деп қалды. Қыз жауап қатпады. – Ендеше, мен бір өлеңнің алғашқы екі шумағын бастайын, сен қостағын: Сұрасаң, біздің ауыл қарағайлы, Қыздарға жаман қылық жарамайды. Қыз бірден: Күндіз-түні ойлаумен, қайран қалқа, Ішкен асым бойыма тарамайды. – Әрине бұл жігіт айтатын наз ғой, осы шет кеткенін қыз түзей: Бір келдім, екі келдім, түске дейін, Ер жігіт ұйықтай ма екен, кешке дейін? – Бұнысы жігіт ағасына мін тағу еді: Көңілің шыныменен менде болса, Әкелші, ақ тамақтан иіскелейін, – деп Елшібек те турасына көшкенді. Дуылдаған күлкі. Қыз ұяла, жайымен басып, жеңгесінің иығына сүйенді. Кішкене бала құсап, бетін басып, өз-өзінен ұялыс тапқаны нет­ кен келісті еді, апырмау! * * * Елшібек еліне жылқыларын аман-есен жеткізді, бір ғажабы, жа­ байы, тарпаң өссе дағы, жылқы малы табиғи ғадетінен танбай, Іленің терең, жағалауы шалғай суын малти жүзе өтті. Құлақтарын тік ұстап, пысқырына, алғы аяқтарын малти сермеп, жүз қаралы түлік түгелімен бер жаққа өтті. Қайықпен бұлар да соңдарынан сызған. Жағалауға тұяқтары тиісімен, жылқы жарықтық ыстық құмға аунап-аунап, еркінше құйқалы шүйгінге бас қойды. Ар жаққа өтерлерінде таныстарына қалдырған мініс аттарына жайғаса, екі жігіт үйірдің екі қапталынан, екі жігіт соңынан, өзі жол бастап, Жалағашқа жүріп берген. Араға екі қонып, аман-есен еліне, тұйықта отырған жұрт-жұрағатына жеткен. Кетерінде айы-күні жетіп отырған бәйбішесі Бижігіт босанып, тағы ұл туыпты. Қуаныштарында шек жоқ, ат шаптырмаса дағы, шашылып-төгіліп той жасаған. Сөйтіп жүріп, әлгі қайым айтыста, алтыбақандағы ұяң сұлуды ұмытқандай да болған еді. Кетерінде Сапабектен ептеп сұрастырғанда білгені – атастырылмаған, өйткені, әкесі Қазаннан оқып келген, сауатты, көзі ашық жан. Мек­ теп ашып, бала оқытады, қызын да оқытып, арабшаға сауатын ашып, әліпбиді танытқан. Жер-жерден: «Осындай оқымысты, сұлу бойжеткен әкесінің оң жағында бағын сынап отыр екен...» – дегенді естісімен, айт­ тырушылар да ат сабылтып келе бастайды. Әкесі оларды кері қайтарады. Қызына: «Қарағым, өз таңдауың білсін, ұнатсаң, бірінің болмаса, бірінің

етегінен ұста, ұнатпасаң, қинамаймын, малға сататын мал емеспін!» – деген. Осындай саналы елден ерек әкесіне қыз әбден риза, уақытының көбін кітап оқумен, кесте тігумен өткізеді. Елең-селеңге табиғатынан жоқ ол, «арсыздың айты алты күн» дегендей, көп қыдырыстамайтын да. Алда бір үміт сәулесінің жарқырауына иманындай сенетін. Ғайыптан тай­ ып бір ер-азаматтың тап боларына да үміт артатын. Айттырушылардың бірін де жақамады. Арманы – алысқа кету, неде болса, елден жырақтау. Қаршыға көз, құс мұрын, кең жауырынды, сыптығырдай жігіт ағасының аулына келіп, жылқы саудалап, ол аздай, алтыбақанға қатысып, өзімен қайым айтысқа түскен түнді көп ойлайтын болған. Не кереметі барын, ол жанарын қиғаштай еміне: – Атың кім, қарындасым? – дегенде, бұл – бұйығы, бірақ саңқылдаған үні құлағынан кетпеген. Қай атын айтсын-ау, «Сары үйсіннің сұлуы» десін бе, ел осылайша атандырып кеткен-ді қызды. «Ақнұрмын» десін бе, жеңгелері қойған атын. «Е, шын білгісі келсе, сұрап алар да...» – деп бәлсінген бір жағы. Бір жағынан айта қоймағанына өкінеді де. Жеңгесі де: «Дұрыс болған», – дей салды. «Айтпа, әгарәкім атыңды шын білгісі келсе, тағы бір келер...» деп және үміттендірген ғой, қайдан? Үйлі-баранды секілді ғой, қайдан бұған құсы түссін-ау... Үмітін қанша үзейін десе де, құрыққа сырық жалғағандай, бір ойды бір ой қуалай, өз әнінде айтқандай, күндіз күлкі, түнгі ұйқыдан қалып, күрсінумен күн ар­ тынан күн кешті. ...Қатты ойласа бір адамның ойы бір адамға алыстан беріледі дейді. Ғылыми тілде мұны телепатия деген. Осынау құдырет арқасы ма, Елшібектің көңіл күйі күрт бұзылды: есінен «Сары үйсіннің сұлуы» кет­ пей қойды. Таң әлетінде: «әкетпеңдер ол қызды!» деген өз даусынан шошып оянды. Бижігіт сезіктене: «Қайдағы қыз? Бойжеткен қызың жоқ еді ғой» деп, әрі өзінің ұлдан соң ұл табатынын мансұқтай, еріне ренжіді. «Жәйша, қайдағы қыз, түс қой» – деп адуын қатынын қанша алдартқанмен, ол енді мұның басқан ізін қадағалай аңдитынды шығарды. – Е, бұл қатын маған тағы тоқал алдыртпас-ты... Есіне сап ете Сапабек түсті, қыс кезі, Іленің мұзы қатқан, шанамен жүруге болады. Бижігітке жағдайын айтты: – Қанша тула, мен сенен жалықтым, түптің түбінде тағы бір тоқал аламын. Және де көңіліме ұнағанды... – Бижігітті әкесінің құда түсіп, ықтиярынсыз босағадан аттатқанын долы әйелдің бетіне басты: – Үш ұл таптың, рақмет, сүйікті бәйбішемсің, – деп қойды. Баяғы қосыннан екі жігітті таңдап алды, қос сеңсең ішік, мылтық, итқұстан қорғануға деп алған; аузынан ақ көбік атқан өз жылқыларынан таңдап-таңдап, шанаға парлап жекті, қалғанын бос жетекке алды. «Царский» алтын сөлкебайлардан уыстай күмәжнігіне тығындап, жолға аттанған. Сеңсең ішікке өзі оранды, бірін қапқа сап қойды. «Қалыңдығыңды осыған орап әкелесің ғой» десіп, жолсеріктері жымың

қаққан. Шөпті қалыңдап төсеп, үстіне өрнекті текеметтер, көрпеше, құс жастық – шаршаса тыныққанға дегендей; азық-түлік, қысырақты қақтап сауған шара қымыз, қысқасы алыс та қиян сапарға бұлар сақадай сай боп аттанған. Ілеге қарай зулаған шана жолы онша қиындыққа соқпаған, ылди, ал сексеуіл, тораңғы, жыңғыл біткенді қар басқан, жалғыз сара жол­ мен борпаң қардың ұшқынын бората жүйіткіп келеді. Ара-тұра дамыл­ дап, жүрек жалғайды, аттарды да тебінге босатады. Тоң қатқан Іледен де тоқтамай кашевой шанасымен зырғи өтіп алған. Қас қарая Сапабек қақпасын қаққан. Кешкі астарын ішіп, жатуға ыңғайланған екен, Сай­ раш қайта қазан көтеруге ұмтылғанда Елшібек: – Құрдас, онша әуре болмаңыз, бізде жарты тайдың асылған етінен біраз бар, одан басқасы да. Бізге тек тіл үйіретіндей қасқаршаға шай қайнатып берсеңіз болар... – деп қасындағыға: «Қапты әкел!» деп, ашық қабағын танытты. – Е, мұндай қонақтан айналып кетпеспісің! – Сапабек қарқ-қарқ күлді: – Суыт келістеріңе қарағанда, бір қауырт жұмыстарың да шыққан ғой, тәрізі. Кәне, – дей бергенде, Елшібек: «Оны жата-жастана айта жа­ тармыз...» Шай ішісімен екеуі оңашалана берген. – Бәсе, өзім де жорамалдадым, қыз айттырыла қойған жоқ, әлде кімді күткендей, сарыла отырысына қарағанда; көк етікті табылмай, көн етіктіні менсінбеген жағдайда ма деп қалатындай. Әуелі әкесі Нысакеңнің ау-жайын байқап барып, құда түсуге қарману керек болар... Сапабек сөзін шұбыртып айтатын әдетіне басып, «қыз әлі оң жағында» дегенге айрықша мән бере, өйткені, бас құда боп баратыны­ на, сый-сияпатқа кенелетініне көзі едәуір жеткендей-ақ, кәдімгідей желпінді. Құдды, баласына құда түсуге баратындай-ақ! Нысанбек қою қасты, шоқша сақал, шегір көз, сұсты адам. Оншамұншаға қопарыла қоймайтын сабырлы да. Есігінің алдына топырлай, белқазыққа шаналы атттарды тірей, сенсең тон, түлкі тымақты бейтаныс әлдекімдер түсе бастағанда, тағы құда түсуге келгендер болар дегендей, жиырыла түсті. Қаншасы келіп, қаншасы кетті. Жауыр болған аттай ығырлықтан жери, тіксіне қалған. Танығаны – тек Сапабек, ендеше, бұ жақтың адамдары емес, шошына бермей, үркінген мінез танытпай-ақ қонақтарын адам құсап қарсы алу керек. Өзімен жасы шамаластау Елшібекті жыға танымады, өткен жаз Іленің түстігінен бір саудагер келіп, жылқы сатып алған дегенді құлағы шалған, ал өзінің аз ғана малымен саудаласуға жағдайы да келмеген. Жалғыз ма­ лайы, атқосшысы да – Жағда жадағай тонымен жалпылдап, бейтаныс қонақтарды ішке енгізген. Қамыс шатырлы, шым кірпіштен салынған қонақжай бөлме аса ыстық па, тондарын да шешіп үлгермеген қонақтар пысынай бастаған. Жағда олардың сырт киімдерін шешісіп, адалбақанға

ілді. Кебістерін сенекте қалдырған. Төрге малдастарын құра жайғасты. Сапабек: – Ал, бәйбіше, Нысекең ауылда ма, болса, келіп сәлемдессін. Бұ кісілер түу Қарқара жақтан тон тоздырып, ат арытып, ат шанамен арнайы келгендер. Үлкен мәслихаты бар, тегін емес, түрлерінен-ақ байырқаған боларсыз, – деді терісіне сыймай, байпаң басқан аққұба, семіз отиесіне жағдайды түсіндіре. – Қалайсыздар, ауыл-аймақ, ел-жұрт аман болар, Нысекең біраздан соң келер, оған шейін шай-суан ішіп, тер басыңыздар, – деген әйел сөзінен, оның шырайлы жүзінен келгендердің терісі кеңігендей, ал­ дарына келген шыны-аяқтағы қаймақ қатылған күрең шайды сорап­ тай берген. «Қызы қай бөлмесінде? Біздің келгенімізді сезді, әрине, сарышұнақтай жылтыңдай бірер балалар есіктен әлсін-әлсін сығалаған. Шай құйып отырған – жаздағы қыз жеңгесі, сөзсіз, бірден-ақ таны­ дым», – Елшібектің көкейін тескен осы беймазалық, оны жай таптырар емес-ті. ...Перденің ар жағынан сығалай Сұлуқас бәрін байқады, жүрегі өрекпи бауырларын барлауға жіберген: «Неғылған кісілер, біл», – деген. Жеңгесі Әлиша дастарқан қамымен, апы кіріп, күпі шығуда. Бір шама­ да танауы желпілдей: «Шырайлым, шүйінші! Келді!...» – деді. Кімнің келгенін бойжеткен бағана-ақ білген, сонда да: – Неменеге сонша елпеңдей қалдың, кім олар? Тағы есекдәмелі біреулер шығар, әкем бәрібір кері қайтарады оларды. – Тілінің ұшына кеп қалған соңғы сөзінен өзі шошынған қыз күлмең ете күліп жіберді. – Міне, шүйіншің, өзім де өрекпи, ұша жаздап отырғаным, бәсе, келерін біліп ем, тым құрыса, өзің айтқандай, есімімді сұрауға!... – Сұлуқас құс қанатындай, қабағынан керіле біткен қастары діріл қаға, сұқ саусағындағы күміс сақинаны жеңгесіне ұсынды. – Бағың жансын, шырайлым! Тілегімізге Құдай жеткізді-ау, атам ай­ нып қалмаса тағы да... – Әлиша әлденені көңірсітті, қарап тұрмай. Айтқанындай-ақ, Нысанбек едәуір шіренді. Баста ойласа керек: «Ба­ ласына айттыра келген екен деп». Елшібекті өзімен тұстас, ата сақалы иегіне біткен, елуді алқымдап қалған орта жастағы кісі деп пайымдаған: еңселі тұлғасына, салмақты маңғаз түр-тұрпатына қарап. Бірақ Елшіекең «қырықта қамал алар» шағында, қорамсаға қол салса, көздегеніне дөп тигізер уағында, нағыз шарболаттай мығым да қуатты. Шай ар­ тынан жаңа бауыздалған кепенің іш-майы, өкпе-бауыры, бүйрегінен қуырылған қуырдақ әкелінді. Әңгіме төркіні бұ қонақтардың беталысы болғанда: – Дұрыс-ақ, балаңыз әлі үйленбеген екен ғой, жас шамасы қаншада еді? – деп Нысанбек сұрағын төтесінен қойды. Елшібек енді түсінді, түсінді де қарасұр өңі өрт шалғандай қызарды. Қипалақтай, бірер жөткіріне, Сапабекке қарады. Сапабек созбақтай:

– Нысеке, былай ғой, сонау Қарқарадан ат арытып, тон тоздырып, қыстың көзі қырауда, Іленің мұзынан ілдалдалап бір үйір жылқысын, жылқы болғанда қандай, тұяқтарымен жер тепкілеген ақбоз қасқа өңкей, алдына сап айдап, алдыңызға келгенде, бұл Елшібек мырзаң қызыңызды өзіне айттыруға келген. Былтырғы келісінде қызды ұнатып, іштей үкі тағып кеткен-ді. Екі жастың тілеуі бір сықылды көрінгесін де. Атам қазақ: теңі табылса, тегін бер деген. Ендеше... – Жә, жетер! Тоқалдыққа алмақшы дейсің ғой, ол болмайды. Тотыдай тарантып, мәпелеп айға балап өсірген балапанымды қатын үстіне беріп, өмірін өксіте алман. Болды... – Нысанбек Сапабек сөзін аяқтатпастан, беліне түрген бешпетінің етегін түсіре, көпе-көрінеу нойыс мінезін та­ ныта орнынан көтеріле берген. Бәйбішесінің: «Оу, саған не болған, істің байыбына барсаңшы...» – дегеніне құлақ түрмеді. Желінбеген қуырдақ та, түйіп әкелген «қыздың қырықбауына» деп, қос уыс алтын сөлкебай да жайына қалғандай. Жөнеуден басқа бұларда жол қалмағандай, үдере орындарынан тұрды. Бәйбіше састы: «Шалымның шатақ мінезіне бола дастарқанды аттамаңыздар, қазан көтеріп жатырмыз. Саябыр етулеріңізді сұраймын», – деп бәйектеді. Сапабек сөйтейік дегендей жалтақтай Елшібекке қарады. Ол түтеп, әлгіндегі нарттай өңінен түк қалмағандай, қиғаш көздері от шаша: – Ықыласыңызға ризамын, бәйбіше. Отағасы ыңғай бермеген жер­ ден аттап өте алмаймыз. «Анасын көріп қызын ал. Аяғын көріп асын іш», – деген, сізге көңілім толды. Ендеше, мынау қызыңыздың үкісіне деп әкелгенім, көл-көсір дүние болмаса да. Ал басқасын жүре-бара көре жа­ тармыз, – деді екіге бөліп шағын қапшыққа салынған алтын сөлкебейдың бір бумасын отиесіне ұсына. Тезінше шалт шықты, қалғандары ілесті. Әлиша еңірей қайынсіңлісінің оңашаланған бөлмесіне енген. Ол үйге сыймай, беймаза жанын қоярға жер таппағандай алақұйын күйде еді. Жылап келген жеңгесінің қалпын байқасымен: – Келіспеген ғой, сірә. Ал егер өзім ұнаттым десемші? Бордақыға қойған мал емеспін, кеудемде намыс пен кек қайнағалы қашан... Әлиша, сен мені қалайда ол кісімен табыстырғын, мақұл ма. Әйтпесе... – ар жағын айтуға шамасы келмей, қыз ағаш төсегіне қисая, басын жастыққа қоя ал егілсін. * * * – Алып қашайық, – деген Елшібекке: «Ойбай, ол тақуа енді қызына қырық кісен байлайды ғой! Бермес, айтты – біттінің нағыз қаныпезері» – деген еді Сапабек жолай.

* * * ...Міне, ғажап! Қызын туған анасы күйеуіне шығарып беріпті дегенді естіген қазақ бар ма! Естімесе, баяндап берейік: – Ене, қызыңыз жылап жатыр, – дей, өксігін баса алмаған күйде келіні Әлиша кірген. Құдды қарашығының түбінде тұма бардай, оның көз жасы құрғамайтын. – Неғыл дейсің, сен бейбақ? Мен неғылайын, қатқан көңдей қасарысқан әкесінен көрсін. Апырай, неткен мырза еді анау жігіт, ә? – Күнімжан ажарлы өңіне таңқалыс тұндыра: – Сен енді былай еткін, сәулешімді жұбат, тысқа алып шық, қыдырт, әуселесін бассын, бұйырса, барар... «Бидайдың барар жері диірмен, қыздың барар жері – тиермен!» Қол жалғап жібер, мақұл ма? – деді. – Ойбай, ене-ау, менің жолыма қақпан құрып қойды ғой, әне, екі көлеңке менің кірген, шыққанымды аңдуда. Қайтейін... – Е, бір бәле болса сенен болар деген жорамалдары ғой, тіптен жақсы. Аңди берсін, қырық жерден қақпан құрса да... – Не ойлағаныңыз бар? – «Бар, жылай бермесін де». Жақсы шеше қызының жасауын жастайынан-ақ даярлайды. Кү­міс­ пен айшықтатып, ұстаға соқтырған дәу кебежеде не жоқ дейсіз: шәйі шымылдық, мамық жастық, ақ бөз жайма, лағылдан көз салған жал­ пақ күміс белбеу, жіпке тізіле әртүсті боялған асық, шылдырмақ, сүйек түтік, тағы басқа толып жатқан ыдыс-аяқ, кесе қап, сақина, білезік, алқа дегендер... Қыз жүгі бір бөлек. Сұлуқас он үшке толғалы Күнім­ жан­ның тірнектеп жинай берген дүниесі осы. Қос қоржын да жасар еді, тек атын әйгілеп түсіп жатқан құдалардың төбесі көрінбейді. Сұлап түсіп, жы­лап жатқан қызының қасына келді де, теңкиген кебежеге көз тоқ­татып бір қарап: – Жылаған жақсы емес, балам. Бар, әкеңнің алдынан өткін, айт, «сүйгеніңе қосамын» дегеніңіз қайда деп. Саған тым болмаса, сірескен көңілі жібір. Жалын, осы жолғыдан қалсам, мәңгі қалдым деп... Қызының бетін сүртіп, қысқа тонын иығына жауып, әкесі жатқан бөлмеге жіберген. Айтқанына көне қалғанына риза. Өзі дәу кебежені ор­ нынан қозғай, терезеге жақындатты. Зілмауыр, мейлі, терезе жақтауынан өтсе болды... Ал оның қораға қарамай, сыртқа қарағаны – абырой! ...Әлишаны ғой о жаққа аяқ бастырмайды, өзінің баруы ыңғайсыз. Сапабектікін айтады. Бүгін түннен қалдырмау керек, кірпиаз Елшібек қайтып кетуі де ықтимал. Кімді хабарға жібере қойсын. Елеусіз біреуді... Әрі ойлап, бері ойлап, отымен кіріп, күлімен шығатын күңі Жәмиланы байқатпай жіберейін деді. Ол аузына берік, шай-пай ұстатсаң, соған мәз. Оның үстіне, Нысекең содан бірдеңе шығар-ау деп әсте ойламайды. Осыдан орайлысы да жоқ. Кешкілік апақ-сапақта, айтқанындай-ақ Жәмила Сапабектікіне сап ете қалған. Жымыңдап, оны сыртқа шақырды. Қолына қағаз ұстатты.

Шала сауатты Сапабек әрі қарады, бері қарады. Жазудың иесі де аса жүгіртіп оқи алатын кісі емес еді. Бір ауыз ғана сөз: «Түн ауа терезе тұсына келіңдер...» «Кім жазды?» – деп сұрады. Ол сөзін біреу естіп қоятындай жан-жағына жалтақтай: – Шешесі, Күнекең, – деп зыта бермекке ұмтылғанда: «Тоқта!» Осы дыбырды ести Елшібек те сыртқа шыққан-ды. Әйтеуір өз құлағына жылы тиер гәп екенін сезгендей: «Не хабар?» – деді. Сапабек: «Мына қатынның қолына ұсақ тиын-тебен ұстатшы, шешесі жазыпты, «Түн ауа терезе тұсына келіңдер», – депті. Жақсы хабар, құда қаласа, Күнекең қызын саған жетектетпекші. Ал құрдас, шүйінші!» – деді апалақтай. Елшібек қалтасына қолын салып, әлденені хабаршы әйелге ұстатты. – Ал өзіңе!!! Анау тықыршып тұрған қылқұйрықтының таңда біреуін. Тоғызын – біз Іледен өтті-ау деген мезетте қайын атамның қорасына енгіз. Шөбіңді де жеп тауысты. Ас-су ішейік, қамданайық. Жолға деп кешегі сойылғанның жартысын құрдас ассын, тағы басқалары... Дастархан үстінде Сайрашқа: – Құрдас, үстіңдегі бешпетіңнің өңірі қырқылыпты, Мынаны а­лғын, кешелі-бері еңбегің әрі. Алла жарылқасын, біз енді әзірленейік, ат­тарға жем шашылсын, – деп бірер алтын сөлкебайды әйелге ұсынды. Ол ту­ мысында жалтыраған алақандай теңгені көрмеп еді, есі ауа көздері алақ­ тап зайыбына қарағаны. Ол да екі езуі құлағында, игілігіңе жарат де­ген­ дей, құптай бас изеген. Күнімжан қызының басын сүйей: – Егіле бермегін. Жолға қамдан. Киімдеріңді жинап, мына қапшыққа сала бер. Қайтейін, қай бір қияйын деп тұрмын. Бағыңды байлап қайтемін. Тоқалдыққа жазса, талайыңнан көре жатарсың. Ал күйеуің нағыз сабаз! Сені қор ете алмас. Күндесіңе етегіңді бастыра қояр сен де осал емессің. Айтпақшы, Әлишаға сездірме. Ол байының қасында мысық құсап пырылдап ұйықтай берсін. Келгенде, қайғы жұтқандай күй таныт. Солай! – Рас па, күнім апа! – Қуаныштан анасын құшақтай, еңіреп жіберген Сұлуқас әлі де сенер-сенбесін білмегендей, сұлу өңіне сұрау ұялатты. – Жә, еңіреме, бәрі рас, тек, абай бол! Бірдеңені бүлдіріп алма, әсіресе, әкең сезіп қалмасын. Білте шамды ел жатты-ау деген кезде сығырайта жағып, терезе түбіне қойғын. Жылыланып, әлденеше қабаттан киінгін. Әсіресе, аяғың мен іш киіміңді құтта. Мен кеттім. Байпаң басып, күйеуінің от жағына барып жайғасқан. Өнебойы қызының қасында жататын зайыбының бұл қылығына онша мән бер­ меген Нысанбек «е, аяғын жылытуға келген ғой...» деп ойланғанды. Өйткені, Күнімжанның өмірі аяғы ысымайтын, жаз, күз, қыс, – тастай. Күйеуінің аяғына аяғын үйкелеп қана жылытатын. Отағасы соған мәз...

Шағын ауылдың жұрты шырттай ұйқыда. Иттердің әупілдегені ғана қар басқан меңіреу аймақтың бірер сәт тыныштығын бұзғандай. Түн ауа Сапабек бастаған топ терезесінің шамы көшеге қараған, әлсіз жарық шашқан шым үйге таянған. Аттарды ызғытып айдамай, көшір тізгінді тартыңқырай ұстайды. Шанада Елшібек қана, қалғандары аттылы. Са­ пабек біреуінің артына мінгескен. Елшібек құрдасы сыйлаған боз то­ рыны жеке қорада ұстап, алдына қамыс қияғын көпірте тастап, бап­ тауда. Бас білмеген асау бір жаққа алып қаша ма деген қаупі. Өзге үйір бөлек, олардың да жемі, суы түгел. Алла қош көрсе, ертең, түсте баласы Әбуге айдатып, қыз әкесінің қорасына үйіріп әкелтпек. Қапыда қалған Нысанбектің көңіл құрсауы осымен жамалар ма... кім білсін. Үш жылқы ауыл асы, екі жылқы бұлақ басы, бір жылқы – жоқтың қасы демейтін бе, бір үйірге көңілі толар, қызының «қазықбауы» десе... Онсыз дағы қорасы малға толып тұрмаған еді ғой. Атқосшыға Елшібек белгі берді: «Үй маңайынан қашықта, бізді күт...» деп. Сапабек екеуі қарды сықырлата шамы сығырайған терезеге жақындады. Со кезде қос жақтау айқара ашылды да, бөкебайға оранған қыз кеудесі қылаң берді. Елшібек еңгезердей тұлғасымен қызды дік көтере шанаға тартты. «Мы­ наны шығарғын» деп қыз шешесі зілмауыр затты терезе жақтауынан әрі ысырды. Сапабек оны ыңқия көтере бергенде: «Тоңып қалар, қайта айналып келгенде мыналарды ала кеткін!» – дей дәу бәйбіше бір құшақ көрпе, сырмақ, тағы бірдеңелерді лақтырды. «Апыр-ау, мына Күнекеңнің күші үш еркекке бергісіз екен-ау», – деп Сапабек кебеже сандықты қос қолдай ұстап, шанаға жылжытты. Тағы айнала бергенде: «Қайда барасың, қоштасайық» деген Елшібекке: «Тағы заттар бар» деп адымдай басты. «О не зат?» деумен тықырши тұрған жолсеріктеріне қараған. Бір ауқымнан соң зорға дегенде көтерген затта­ рын қос қанат шанаға тиеп: – Тоңып қалмасын деп Күнекеңнің беріп жатқаны. Ал, құрдас, қошаман болыңдар... Көріскенше. Айтпақшы, енеңнің саған сәлемі: «Жыл онекі айда қызымды көрсетіп тұрсын», – дегені. Қыз солқылдап жылап қоя берген. Елшібек: «Өле-өлгенше қа­ рыздармын алдыңда, Сапеке. Аман тұрыңдар, ал қозғал!» деп тар­тына кеп, атбекеттің қолынан қос тізгінін ала пар атқа қамшы басты. Өйт­кені, орта жастағы көшірдің үскірік шалған көкпеңбек бет-аузын тұм­шалай бастағанын аңғарған. Біраз озған соң: «Сен ана ораулы ішіктің бірін жамыл, ал екіншісімен қалыңдығымды қымтағын, сосын келіп орны­ңа отыр», – деді Елшіекең. Сұлуқас иығындағы қауқиған сеңсең ішікке өзі де күмп берді. – Кәне, атыңды айтшы, қарындас-келіншегім, бір ішік екеу­мізге жетпей ме, ә?» – деді қызды айқара құшақтап. Есі-түсі енді ене бас­та­ған қыз да күйеуінің ыстық құшағына жыл бойғы сағынышын лақ еткізе ақ­ тара салғандай, сықылықтай төсіне төс боп жабыса түсті...

Тымағын бастыра киіп, ішікке оранған ат айдаушы жылына бастаған, қос тізгінге қос қолдай жабыса: «Әттең, Іледен аман-есен өтсек екен, елге жетсек екен» – деумен, соңында не боп жатқанынан бейхабар-тын... Қалың қарды омбылай екі аттылы да шана ізімен құрық тастам арада жортып келеді. «БІР ДЕП БІЛЕГІҢНЕН, ЕКІ ДЕП ЕТЕГІҢНЕН...» БӘЙБІШЕ – ТОҚАЛ Тоқтардың тоқалы Нәсіп қыстауда шеткері отыратын. Өзі осы кемпірінің қолында қайтыс болған. Балаларына еншісін бөліп, «абы­ ройым барда, ел-жұртымның алдында алғын, Құдай!» деген көксеген мүддесіне жеткендей, сексеннен аса көзін жұмған-ды. Ал Елшібектің екінші алғаны – Ажаркүл де осында, кәрі енесімен бірге тұратын. Өзінде бала жоқ, Бижігіттің кенжесін, яғни Елшібектің баласын бауырына ба­ сып, атасы соқтырған жылы қыстауда отыратын. Елшібек жас тоқалы – Сұлуқасты да сол үйге түсірді. Жаз шыға жеке отау тігерміз деген ой­ мен. Және бәйбішесі – көнтек ауыз Бижігіттен іргесін аулағырақ сал­ сам деген долбары да. Оның сөзі көп, килікпейтін жерде киліге беретін әдеті және бар. Ал Ажаркүл – басқаша, тоқалдық қамытын ілді, әке тілін алмады, көндігуден өзге ештеме қалмағандай. Тек бір шаранаға зар болып келе жатқан өксікті өмірі ғана жанын жаралайтын. Қанасы қанамаған бедеулігін бетіне басып, күндесі Бижігіттен бастап әрқилы саққа жүгірте күңкілдесетіндер жетіп жығылады. Күні ертең-ақ жетіп келер, екі тоқалының да шаңырағының шаңын қағар. Одан да зорына барар ма еді, егер қарғадай Кенжеболаты болмаса... Осы үйдің еркесі де, серкесі. Елшібек те көздері баданадай, сүп-сүйкімді бес жастағы бала­ сын ерекше жақсы көретін. Көтеріп жүргенде «мынау не, мынау не?» деп қызыл-ала көбелек көрсе, қанат қаққан құс көрсе, тағы әлденәрселерді сұрай беретін әуесқойлығы-ақ әкесінің есінен тандыратын. Томпаңдай, жүгіре, тоқты көрсе: «Бұл – менікі!» деп әлден-ақ еншілей қалатын. «Әй, осы қарғам түбі менің қазына-байлығыма ие болатын шығар-ау» деп қиялдайтын. Бижігіт бұл баласын өлсе берер ме, тек Елшібек үстемдігі ғана оның мысын басатын. Енді ғой, ұлын көруді сылтауратып, қасына нөкер ертіп Ажаркүл отауына келгіш-ақ... «...Е, ол жас қатыны мен құсап ұлдан ұлды табар дейсің бе», – дей, қыстауға жеткенше көрмеген, білмеген жас күндесін күстаналап-ақ біткен. Шағын той жасауға бұлар қамданып жатқан. Жаз шыға, жер кеңи елелге сауын айтқызып, шалқытып бір той жасармын деген ойына Елшібек мығым еді. – Қайсы, бетін ашайын! – деп шымылдықтың бір шетін Бижігіт көтере бергенде: «Қойыңыз! Сіз бе едің абысынымның бетін ашатын?» –

Ажаркүл Бижігіттің қолынан шап бере ұстай алды. Қауқарлы қол шидей білегін мытып ұстай алғанда ол алара қарады. – Өйбү, бетім, әдірем қал, сен бе тоқалымды қорғаштайтын, ә? Байы бар емес пе? – Сабыр етіңіз, беташар салты әлі алда. Тынықсын. Алыс жолдан шаршап келді, – дегенде ғана беті қайтқанын сезіп тосылған... Қорғаштауын қорғаштады Ажаркүл. Алайда... Өзіне деген ыстық жа­ лын өзгеге ауғандай. ... Жас уыздай сұлу келіншегі – Сұлуқасқа Елшібектің ішіп-жеп қарайтынына, бейсаубат әлде кімнен қызғанатынына, үйден оздырғысы келмей, өзі де мал-жан қарап, шығандауын сирексітіп, тіпті шақыра беретін той-томалаққа аттана беретін әдетін де қойып, қасынан шықпай, айналшақтай беретініне қарап Ажаркүлде қызғаныш болмауы мүмкін емес дегенге жан баласы сене қоймас-ты. Әсіресе, жас тоқалының іші томпайғанда күйзелгені сондай, бадам көздерінен жасын моншақтатып, тау-тас кезіп жүре беретін болған. Аздан соң «апалап», арсалаңдай құшақтайтын Кенжеболаты да қызықтыра қоймады. Іш құсасын кімге айтып, кімге шағынарын білмеген сәтінде: – Елшеке, қанша ықыласымды аударып, күндесімнің асты-үстіне түсе оны сыйлағаныммен менің де кеудемде намыс пен қызғаныш барын сезсеңіз екен, жеке отау үй шықсаңыздар, осы дұрыс па деймін, – деді тура айтатын туа бітті мінезіне басып. – О не дегенің. Сені де ренжітіп жүргем жоқ, өзіңе де ықыласымды аударып жүрмін ғой... Халіңді түсінем, түсінбейтін не бар? Сәуір айы – тәуір айы, үй жасалынып бітсін; іргесі, жабығы, кереге, уық, күлдіреуіші, шаңырағы біткесін, қатын-қалашқа қойдың күзем жүнінен жабу, түңлік, киіз, сырмақ бастыртып, басқұрларын, тағы басқаларын жасатқан соң қоныс аударамыз ғой. Құдайы шайын өзің бергіздірерсің... – Елшіекең оның да көңілін қалдырмайын дегендей, қиғаш көздерін аудара ақылдасқан болып: – Қалауың білсін, қай жерге үйді қондырайын, – деді. Қоңырқай бүйрек бетін мұң кіреукелеген Ажаркүл: – Өзіңіз біліңіз, жас тоқалыммен оңаша отырам десеңіз, Жалағаш­ тың жалпақ төріне орналастырыңыз отауды. Айтпақшы, о жер атам марқұмның өзіңізге бәсірелеген шөбі шүйгін, топырағы құй­қалы, Шелектің суырма желінен ық ыңғайлы ара ғой, – деді қанша тығы­лып, іш құсадан жарыла жаздап отырса дағы. Және, отағасының ойын­­да­ ғысын дөп басты. – Осы кең-дария мінезің ғой, мені тәнті ететін өзіңе! Сұлуқасқа кезікпеген күндерде-ақ бір сені айналып, толғанып жүретінім есіңде ғой. Амал қанша, көнесің де... Кенжеболатымды бауырыңа сап бергіздіргенім де сондықтан ғой... Бетін басып Ажаркүл солқылдай жылады. Зайыбын құшақтап, ша­ шынан сипап, жұбатып отырғанда сырттан сылаң ете Сұлуқас кірген. Ол Кенжеболатты ойнатуға, әрі өзі де серуендеп, таудан рауғаш теру­

ге кеткен-ді. Қышқылтым білемдей рауғашты күрпілдетіп жей беретін. Оның нағыз піскен уақыты. Ал бала жабайы жуаны жақсы көреді. Кіргеннен қойны-қонышын толтыра теріп алған жабайы жуаны көрсетіп: – Апа, айранға турап берші, қарным ашты, – дей анасының етегіне төге салған. Ажаркүлдің кетуіне сылтау табылды: – Жақсы, күнім, қойдың айраны ұйыған шығар, жүр қазандық жаққа, – баласын сүйрей жөнеді. Елшібек: – Біз де ішейік, жуа туралған қойдың айранын бала күнімнен ұната­ тынымды білмеуші ме ең? – деп жас жарына қарап еді, құс қанатын­дай жібек қастарын ай маңдайына қондыра, алма бетінің қаны тепши: – Иә, мен де ішейін, әсіресе, тау жуа туралған айран дәмді болады екен, біздің жақта ондай өспейді ғой, біздің жақта – құмсәбіз өсетін, – деді тотықұстың үніндей әсем лебізімен. Қызғаныштың сүлбесі де көрінбеді өңінен. Ішкі толқынысын тоғыта, жан-жарына сыр бермеуге тырысты. Анасы Күнімжан: «Байқұс әйел – қапастағы құс. Ішің толып бара жатса дағы үндеме. Күйеуіңнің бетіне келуші болма. Жаратушымыздың тоқсан тоғыз атының бірі – Төзімділік дейді оқымысты әкең. Ендеше, төзе біл!» – деген со түнде, қызын шығарып салуға қайыра келгенінде. Санасына шегедей қағылған қағиданы Сұлуқас сүре-аятындай қабылдаған. Ана­ сын есіне алғанда ғана, білдірмей жылап алатыны болмаса... Күздің аяғын ала жас отаудың шаңырағын шырылдаған нәресте үні таңғы бозторғай үніндей бебеу қақтырған. Бижігіт: «Ол мен құсап ұлдан ұлды табар деймісің...» деп қанша қағытқанымен, ішіне тұзды суық суды құйып жібергендей бұл жайсыз хабар оны жер қаптыра жаздаған. Сұлуқас пен Елшібектің тұңғышы дүниеге келді, балпанақтай ұл бала. Шілдеханасыз бола ма, төртінші ұлы дүниеге келгесін Елшіекең неге шашылмасын. Айнала ел-жұртын шақыртып, ат шаптырып, ағыл-тегіл той жасаған. Нәрестенің есімін – Омарғазы қойған, жеті атасының ішінде осы есімді шешендігімен елді аузына қаратқан би әрі қазы болған екен дегенді жадына сақтай жүргендіктен. Емшек сүтімен көтерді ме, әлде пісіп тұрған әйел затының таза бол­мыс –жаратылысы ма. «Бір қыз бала болса...» деп армандайтын Елшібектің тілегіне Құдайы жеткізді ме, бұ жолғысы қыз еді. Атын Айнұр қойған, ай нұрының шуағы алты қанат ақ үйдің шаңырағына құйыла, айна­ланы сүттей жап-жарық қып тұрған шақта туылғасын да. Жүрегі қалайынша жарылмасын! Ал осынша ақтарылған қуаныштың арты қайғыға соғарын кім білген... * * * Ажаркүл Елшібектің көңілі құлап алған жары еді. Бейпіл ауыз Бижігіттен жеріген, тек балаларына ғана барып тұратыны болмаса. Кіші шешесі Нәсіптің шым үйінде тұрып жатты. Саудагершілігімен айналы­ сып, әрлі-берлі шапқылаумен жүріп, бұл дүниеде құшағыңды ысытар

әйел дейтін құдырет барын ұмытқандай да еді бір зәуім. Бижігіт әрі тула­ сын, бері туласын, құлағы тосаң енесіне кеп жұлынсын. Иә, осы көкбетке қалайынша үйленгеніне таңырқамайды Елшібек. Әкесі Тоқтар жеке бөліп, алдына мал-жан салғасын, тұңғышын үйлендіру қамымен, онша да көп ізденіп жатпады. Қарқара жайлауында отырғанда бір жекжатының бой жеткен қызына көзі түседі де, құдаласады. Бойжеткеннің түр-әлпеті келіспесе де, пысықтығын ұнатқан. Және мыңғырған бай қызы ғой. «Түрін езіп ішпейді ғой». Бала тауып берсе болды да. Бұла күші бойына сыймаған бұлаң бозбас тағы неге ұрынар деген қаупі де жоқ емес. Құдырет көретін Тоқтар әкесі айтты, бітті. Қалың­ды­ ғының көнтек аузына да, таңырайған – ат-арбасымен сыйып кетер тана­ уына да қараған жоқ. Қыржық мойын, бөксесі тегенедей, бірақ көз­дері жайнаған қыздың балауса жастығы баулыды ма, Елшіекең со бойда-ақ, ұрын барған кезінде, жеңгесі сайдың табанына шығарып берген шақта, жұмарлай салған-ды... Шымылдық ішіне еніп, он екіде бір гүлі ашылмағандай майысып, тізе бүгіп сәлем беріп, қайын-жұртын таң-тамаша еткен ғой. Со жаз­ да таудың қой бүлдіргені қалың өскен. Бармақтай-бармақтай қыпқызыл боп піскен жидектің тәттілігі сондай, жеп тоя алмайтындай бо­ латын. Сол ай қараңғысында, қалыңдығымен жолығысқан түнде екеуі бірталай үлбіреген жидекті тапап тастапты... Үстері қызыл-ала қына­дай болғандарын әуелі қыз жеңгесі байқап, «Өйбү, көтек, ана Мырза жігіт сені тегі аямаған екен-ау!» – десін үсті-басын сүрткілеп. Елшібек қасына ерген күйеужолдасқа: «Мына киімдерімді жуып тазартайық, сен аттарды әкелгін», – деп Шелектің тау аңғарынан арындай аққан өзеніне беттеген. Сол бір ыстық сәтті Елшібек, бәлкім, есінен баяғыда-ақ шығарған шығар, ал Бижігіт... САУДАГЕРДІҢ ҚЫЗЫ Саудагершілік сапарында кім-кімге жолықпайды, сөйлесіп, серіктесіп, бір атым насыбайды бөліспейді. Осындай бір сапарында ол Оразбен достасқан, яғни, тамыр болысқан. Әрлі-берлі сапарында Елшібек Евгеньевка дейтін орыс-қазақ аралас селенге тоқтап, Ораздың қорасына малын қамап, моншасына түсіп бір рахаттанатын ғой. Жұбайы Панар қайтыс болып, жалғыз қызы – Ажаркүлмен қалған қам-көңіл Ораздың көңілін табуға тырысып, әр келгенінде қазығына бір малын байлап кететін. Отағасы жары өлгелі саудагершілік ісінен жаңылғандай, есеп-шотқа еш зауқы жоқ еді. Есесіне, есеп-шоттың сыр-құпиясын тамырына үйретіп, бірталай нәрсеге қанықтырған-ды. Аз ғана сауа­

ты бар Елшібекке бұл ат басындай алтын берсе, таптырмайтын амал еді. Ораз кезінде туу «Тәшкен тартып, жолай Сайран, Таразға соға, та­ лай ел-жер аралай саудагершілік ұзақ сапардың қиыр-шиырына әбден машықтанған-ды. Жан бағып отырғаны – аз ғана малы, бау-бақшасы ғана. Бау-бақшаны баптайтын, өскен-піскен жеміс-жидек, бәдірен, қиярды базарға апарып сатып, тиын-тебен алмасып, ішім-жемнен кемдік келтірмеуге жанын салатын Ажаркүл ғой. Тәу баста бойжеткенге назар аудара қоймаған Елшібек оның тырсиған төсіне, қол-аяғы балғадай тұлғасына, қоңырқай жүзінің ашық-жарқындығына көңілі бөліне беретін болған. – Қызыңды ұзатпайсың ба, тамыр? Не, құсыңды қондыратын тұғыры табылмай тұр ма? – деген астарлы сөзін құрдасына құлаққағыс еткен. «Бижігіттен шаршадым, қылығы, түр-тұрпаты күн өткен сайын түршіктіріп барады. Атам қазақтың жол-жоралғысына салсақ, әлі де төсек жаңғыртуға болар-ды...» – деген ойдың да оны қамалай бастағаны қашан. – Неге табылмасын, табылып тұр ғой... Мені жалғыз тастағысы келмейді, оның үстіне құсы түсіп тұрған ешкімі жоқ-ау, сірә. – Е, қашанғы жаныңа тұсалған аттай ұстап тұрмақшысың? Қыз бала дер шағында ерге шықпаса, ұрғашы ұрғашылық талабын орындай алмаса, түбі құсадан түлкінің қаншырындай қатып-семіп қалмай ма. Осы жағын бір ойға салсаңшы, тамыр... – Әлденеге емексіткен ойының бір пара­ сын аңғартқандай еді... Ал Ажаркүл бұған қалай қарасын. Орыс мінезді, ашық-шашық жалаңбас жүретін, көйлегінің етегін таңқитып, шашасы­ на оздырмай, тізеден сәл жоғары киетін, ішкі ой-түйткілін ұлтабардың қатпарындай тұңғиықтата бермейтін жарқын мінезді қыздың не ойы ба­ рына бұл Елшіекең түсініп болмаған. «Аға, амансыз ба?» – дегеннен әрі аспайды. Баданадай ұялы көздерімен сынай қарап, болсын, болмасын, саңқылдай күле салатын, бірақ, мұңды жүзіне кей-кейде қайғы бұлтын қондыра, терең ойға да кететін тұсында оның тәйтік, жеңілтек еместігін де байқататын ғой. – Ажаркүл, қарағым, неге тұрмысқа шықпайсың, әлде... – деп бұл да оның құлағына сала төтесінен сұрақты қоймай ма. – Е, аға, тең-теңімен, тезек – қабымен демейтін бе еді? Бұл орысқазақ араласқан жерден «әй, неде болса осының етегінен ұстайыншы» дейтін ер мінез, тұлғалы, сөзге берік, іске мығым ер-жігітті кездестіре алмай жүргенім – жүрген. Қайтейін. Басқа салса, баспақшыл күнмен күндерімді күңсіте берем да... Сөзі үзікбаудай, ісіне ширақ, қазан-ошаққа да ісмер, түр-әлпеті де келісті қызды бұрын-соңды қазақы ортадан кезіктірмегендіктен бе, Елшіекең бойжеткенге құлай түсті. Ой-түйткілін қалайша білдірерін біле алмай, отыздың орда бұзар шағындағы жігіт ағасының арынынан қайта жаздаған тұсы осы. Ләм деместен ауылына аттана берген. Тайсақтағаны – қыз кеудесінен итере ме деген күдігі. Ораздың бір сөзінде, ол

Ажаркүлді 22 жасында көріпті. Сонда қалай, бүгінде үш мүшелден асқан отағасының тым кеш шаңырақ құрғаны ғой. Одан бұрын ай қарап жүріп пе. Ажар 17–18-дерде, балбырап тұрған жас құрақтай балауса шағы екенау... «Тең-теңімен» деді ме. Е, өз құралпы жігітте ойы бар да. Бірақ ой­ ына сай, қыздың өзі айтқандай, бір сөзді, табанды жігіт қайдан табыл­ сын, ол маңайда ондайды кезіктіре алмауы да осыдан шығар. Және де қыз ана тәрбиесін көріп өсті ме, күні ертең ақ босағадан аттағанда ұлтқа сай әдет-ғадет үдесінен шыға ала ма. Барған жерінде тасыраңдап, оқыс мінез көрсетіп жүрсе ше... Шешесі Панар әлде өзбек, әлде тараншы – қазақ емес екенін Ораз айтты кеңесіп отырғанда. Сол саудагершілік жол сапарының бірінде алып қашқан көрінеді. Бірақ аса ибалы, ер-азаматты сыйлайтын көргенді де өнегелі, тіпті ерінің аяғына шейін жуып, астыүстіне түсе әспеттейтін тумасы бөлек жан екен. Осыны естігенде: – Е, біздің Бижігіт құманға жылы су құйып қой, дәрет алғанға десең, тастай суық су құйып, ызамды келтіретін. Қамшының астына талай ал­ дым, бәрібір. Бетпақ, тек үш ұл туып бергені болмаса... – Астапыралла! Ондай бетпаққа қалайша үйленгенсіз? Не, қазақта жібі түзу қыз құрып қалып па, ондай әруақ атқырды мен болсам... – Сіз болсаңыз қуып жіберер едіңіз. Біз болсақ, қалыңын төлеп алғанды адақтай алмаймыз, босағадан аттады ма, сол босағада сіресіп қалсын. «Барған жеріңде тастай батып, судай сің!» дейді атам қазақ ұзатылған қыздарына. Айта беріп неғыламыз, әңгімесі көп... Елшібек тағы бір айналып соққанда, қыздың бақшада, қолында дәу кетпен, арықтағы суды жетелеп, жемістікке қарай бұрып жүргенін көзі шалды. Етегін беліне қыстырып алыпты, қара санына шейін жалаңаштанған жас қыздың тұлғасына қызыға қарап, аңтарылды да қалды. Кенет Ажаркүл жалт бұрылды, бұл көздерін тайқытты. Қыз да са­ сып, етегін түсіре қойды. – Ой, аға, сізді келеді деп ойламап едім, әкем жоқ, жолаушылап кетіп еді, – екі беті алабұртып қызарғанын байқатпауға барын салды. – Мына құрт саған, – деп Елшібек толы дорба ұсынды, қыздың қойдың сықпа құртын жеңсік көріп, құшырлана жейтінін байқағасын. – Рақмет, ендеше, үйге кіріңіз, тамақ жасап қойып ем, – деп Ажаркүл, еш именбестен, қонағын төрге оздырды. Тұшпара жасап қойған екен, Елшібектің жеңсік асы, өз жағында ғой, мұндай ас түстеріне де кірмейді. Ойлайды: «Осы қызға құда түссем қайтеді, ауыл қатындарына тұшпара жасауды үйретсін, былайынша тік мінезіне көңіл бөлмесек, елге барғасын көргенін істеп, көп нәрсені үйренер де...». Көзінің қиығына от ойната қызға қиыла қарады, ол болса дір ете, екі беті лыпып шыға келді. – Ұяла білген де жақсы, қарындасым, ол сенің ұяңдығыңды, ибалы сынық мінезіңді аңғартады. – Жүрегі шын елжіреді. Кесе ұсына берген қыздың қолын ұстап, ақырын өзіне тартты: «Әкеңе ескертіп, өзіңе құда түссем, қызыңды маған бересің бе?» – дегенге сен қалай қарайсың...

* * * Нойыс мінезіне сала Ораз қанша туласын, «қыз бала – жат жұрттық» дегенді білмейді емес қой... Күйеу баласының қорасын қыл құйрықтыға толтырғанына да, тең-тең дүние-пұл әкелгеніне де риза. Тек жалғыз қызын қатын үстіне тоқалдыққа беруге жаны күйзелді. Күні не болмақ, өзінің айтуынша ол бәйбішесі адуын көкбеттің өзі нағыз! Күң қып, жүндей жұлып, ерке еркін өскен еркетайына небір сұмдықты көрсетсе, Ажаркүл ажалынан бұрын өлмей ме. Көкайыл қатынға қор қылғанша, айнып, қызымды өз теңіне қоссам деген ниетім бар еді десе ше. – Әке, сіз жалғыз қала ма деп күйзелуші едім. Ойлаңызшы, қашанғы қасыңызда жүрмекпін. Егер анам тірі болғанда, жасауымды жасап, ырғап-жырғап өз қолынан аттандырар ма еді... – Қызының бұла көз жа­ сына да, «жасауымды жасап...» деген сөзіне де жығылып, өксіп қоя бер­ ген Ораз... Со жылы Ажаркүл ұзатылды. Арбаға қосағының көзі тірісінде жинаған түрлі кілем, көрпе-жастық, шыны-шәйнек, сар самаурын, күміс алқа, жүзіктерін бір тең қып орап, өзінің әрлі-берлі сапарлайтын су жаңа сыр­ лы қос қанат арбасына тиеп, пар атымен жегіп, бір дорба сөлкебай ал­ тын теңгелерді де қосып, Ажаркүлін Ораз сақалынан сорғалаған жасын сүрте, қимай-қимай ұзатқан. Ажаркүл қанша жыласадағы сыңсуды білмеген. Құр солқылдап, өксіп-өксіп, көз жасына ие бола алмай, талықси егілгені болмаса. «Жат-жұрттық» деген жат ұғым оның да санасын ұңғылаған ғой. Көбіне көп әжесі Назиланың қолында өскесін де, со кісінің уағызымен – басқа босағадан жаулықты боп аттағасын, аттың тағасындай сол босағада шегеленуің тиіс екендігі, мәңгі-бақи Ажаркүл есінде. Алла бір әйелге бір еркекті теліген қашанда. Оның жақсы мен жайсызына да, қорлығы мен зорлығына да көніп, айнала ағайын-тума, жекжат-жұрағат атаулының ыңғайына да жығыла білуге тиіс екендігін де немересінің құлағына құйған ғой Назила. Тек, келін болып түскенде беташар, отқа май құю, сәлем беру сықылдыларды әлде әжесі ұмытқан ба, әлде талай­ ына жазмышы бұйыртқан – қатын үстіне кіші қатын болып баратынын күні бұрын сезген бе, айтпаған... Ажаркүлді қарсы алған қошеметшіл топ бірден оны шымылдық ішіне топ еткізген де... Әуелде бадам көздері бақырая үні шықпай деген­деріне көнген де, ал шымылдыққа келгенде әңгіменің түрі өзгеріп салған: – Отырмаймын шымылдық ішіне, тұншығып барамын, шыға­ рыңыздар! – деп екі жағында отырған қыздарды итере сап, атып шыққан. «О, несі...» Жұрт аң-таң, беташарға енді кірісе берген әнші де, «Жар-жар» айтуға оқталған қыз-келіншектер де дағдарысты. Қырда ақсақал, көксақалдармен әңгіме-дүкен құрып, сары қымызды сапы­ рып ішіп отырған Елшібек елеңдей атып тұрып, жақындағанда, жас

келіншегінің жұлқынып, оны екі жағынан екі әйел тартқылай ішке енгізуге қарманғанын көрді де: «Тоқтаңдар! Не болды?» – деді дау­ сы өктем шығып. Түсіндірді. Ажарды былайырақ алып шыға: «Мұның қалай, бетіңді ашпай тұрып шымылдықтан шығуға бола ма? Әдепсіз екен деп қалмай ма қаймана жұрт, ә?» – Қыздың жасы сорғалаған аялы көздерінен сүйіп, шашынан сипады. «Аға, кешір, қасымдағы екі қыздың исі жаман екен... моншаға түспей ме. Тамақ бермеді, өздері жеп жатыр, жеп жатыр. Тым құрыса, шай берсе қайтеді. Шөлдеп өлдім, сұрауға ұялдым». – Ә, ендеше, жүр, отау үйіңе енгізейін, ас берсін, күтсін, той өзінше жалғаса берсін. Мен кешке қарай келемін, мақұл ма? – Өздеріне арнап, жеке тігілген ақшаңқаң алты қанат боз үйге бастады... Бижігіт Ажардың бұ қылығын ести, шалқалай да күлді, жатып та күлді. Күйеуін табалаудың реті табылды. Тойға ол шықырылмаған-ды. Ол да сылтау, өш алуға, кектене түсуге. Уақытты оздырмай-ақ тез-ақ жеткен... «Моншаға түспеген бе...» Қазақы ауылда монша қайдан болсын. Сонау скиф дәуірінен бастап-ақ көшпенділер қыста қазақ үйдің орта­ сына, немесе жеке үйге отты лаулата жағып, қазанға суды ысытып, бу­ лап, кезек-кезек құйынған ғой... Орыс арасында өскен қазақтар монша салдырған, міне, Ажаркүлдің келін боп түскен күнінен-ақ жоқта­ғаны осы монша. Апта сайын монша жағып, қайың шоғына су шашып, ыстық парына рақаттана түсетіні қайда. Әуелі әкесі түседі, сосын өзі, шашын жұпар сабынмен жуып, айранмен шайып, ағаш тақтайына керіле жатып, бөксесін кезек-кезек қыздырып, «жанба рахатына» бататын еді ғой. Кірқоңын да сонда жуатын. Ал әкесі бір шиша квас, кей-кейде самогонын да, тұзды қияр, тоңазыған етпен қоса ішке ала кіріп, екі-үш сағат бой­ ына шықпайтын моншадан. Қызы бұл кезде тауық сорпа немесе қуыр­ дақ жасап, шайды сары самаурынға бұрқырата қайнатып, ақ шәй­некке аққұйрық шайды бұқтырып, кілегеймен кәрлен кесеге орталай құйып, әкесіне бабымен ұсынатын. Елшібек келген сапарында Ораз оны да моншаға алып кіріп, өзіне жасаған жақсылық рақатын оған да көрсетіп бағатын. Елшіекең, міне, осыдан соң тұз жалаған сиырдай, әрлі-берлі өткенінде сол үйге соқпаса, құдды көңілі көншімейтіндей болатыны сондықтан. Екеуі тамыр болып, төс қағысып, серттескен. Ақыры, қызын алған күйеубаласы да болып шықты емес пе. * * * ... Уыз қатынының қойнына түнеп, мұртынан күле, мейірі қанған қалыппен, таңғы шай үстінде: – Ризамын! Енді не қалауың бар, келіншегім? – деп өтінішін білдір­се екен деп қиылғанда: – Аға, монша салдыртыңыз, біз тұратын селода орыс шеберлері бар, монша салатын, үй тұрғызатын, – деді Ажаркүл бірден ойын бүкпей,

қылымсып: «қайдан білейін» демей. Отағасы осысына тәнті боп қалғанымен, тоқалының алдында қалбалақтай бермей: – Ошақ құрып, от жағудың өз ережесі, ғұрпы бар. Сен осы ошағыңа ие бол, әй, бірақ келе салысымен төр менікі демегін. Мақұл ма. Ал мон­ ша ойда бар дүние, Ораз да айтқан-ды. Соған мойын жар бермей әр күн сайын бір іс табылып, шапқылаумен кетеміз. Саған көмекші, әрі қолыңды ұзартатын (жөн-жосық танытатын) демеді, жасы ұлғайған кей­ уананы алдыртамыз. Құсманғалиды жұмсадым. Тілін ал, ана орнына ана есептерсің келе-келе. Жақсы адам, біздің бір ағайынның жесірі бо­ латын, баласы жоқ, соқа басы. Саған серік, әрі осындағы кей керіауыз­ дардан қорғай алатын да азулы кісі. Мен бірер күнге шаруаммен аттанып барамын. Орнынан атып тұра, басына бөркін бастыра, бешпетін кие бергенде, өң-сөл жоқ, абдырай отырып қалған Ажаркүл: – Сонда қайда бармақшысыз, мен қайтем, жалғыз қалам ба? – деді алақандай бадам көзінен жасын тағы моншақтата. – Неге жалғыз қаласың? Ел ішіндесің. Шүйіркелес, тұйықтала бер­ ме. Бір ескертерім – еркектің «қайда барасың» деп әйел жолын кеспес болар... Ұқтың ба? – Ол бешпетінің сыртынан көнелеу бес елідей ғана, күміспен айшықтаған қайыс белбеуді таға бастағанда, кенет Ажаркүл: «Мынаны тағыңызшы, Назила әжемнің белбеуі еді,» – деді. Абдыраға кезінде марқұм анасы қызының жасауының басы деп сап қойған, қарысқа таяу қайысқа небір өрнек салынған, айылына лағылдан көз қадалған ауыр белбеуді ұсынды. Абдырау кезегі Елшібекке келгендей: – Апырмау, мынауың құлынды биенің құнынан да артық қой. Рақмет, тастамай беліме орап жүрейін. Саған да менің сыйым бар, – деді қиықша көздерінің ұшында от ойната ойнақылана жұбайына қарап. Қосағының өзіне дән риза екеніне көзі жеткендей, жас келіншек құлдыраң қаға сыртқа беттеген. Қарап отыра алмайтын әдеті, есігінің алдындағы жалшысын шақыра: – Маған ермек болар бір іс тапсырыңызшы, екі қолым алдыма сияр емес, – деді. Жалшысы таң қала: – Мен сізге ешқандай жұмыс тауып бере алмаймын, байекең не тап­ сырады, сол, – деп езуіне кекесін күлкі үйіріп, малшы-жалшылардың жағына аяңдады. Бара қызық қып айтып, оларды күлдірмек. Және, «сіз» деп сөйлегеніне де есі ауа шүйінші сұрардай олардан. Үкілі тақиясын тастатқызып, басына кигізген кимешекке үйрене алмай-ақ қойған: алқымын қысып, құлағын тұндыратындай. Ақыры шешіп тастады да, сандықтағы шашақты жібек салыны басына сәнмен орады. Жараса кетті, бүйрек бет, ұшы алмадай, томпақ жүзін аша түскендей. Бадам көздері нұр шаша, қол айнаға қарады. Түр-әлпетінде бір өзгеріс бардай. Сүйікті жарының әлеуетті құшағы қыз ынтық-зарын

тояттырған бір сәт еді бұл... Аңсайтын... ұялатын өз ойынан, тіпті соның сыр-мәнін сұрауға да бата алмайтын. Өйткені, сыр қып айта­ ры жоқ, әкесіне не десін. Анасы Панар болса бір сәрі-ау! Пана болар, қыз баланың балиғатқа толған кезінің куәсі болар шешесін Құдай алып кетті ғой. Жас еді, қайрымды еді, мұны үкідей үлпілдетіп өсірді емес пе. Со кезде анасының өзі де бүр шашқан райхандай құлпырып кетіп еді, көз тиді ме, кенет ішінен қан кетті, алдында моншаға түсіп шыққан. Таяу маңда емші жоқ, фельдшерді Түргеннен алдырғанша жүріп кетті... Сөйтсе, екіқабат екен. Шарана түтіктің сыртына бітіпті, жатырға емес. Моншада, ыстық парда отырып қалыпты. Түтік жарылған... Әкесі Ораздың күйзелгенін көрудің өзі қияметтің қияметі. «Ұлым қоса кетті ғой...» деп өкіргенде, көкірегі қарс айрылардай. Қайтсын. Ажаркүлдің қайғысы орасан, анасын ақ киізге орап, қорымға әкетіп бара жатқанда он үш жасар қыз бала шырқырай соңдарынан жүгірген. Қазылған молаға мүрдені сала бергенде, бұл – Ажаркүл шешесімен қоса молаға түсердей, «көмбеңдер, көмбеңдер...» дей ақымға қалай кіріп кеткенін аңғармаған. Кісілер оны шығарып алды, таңдайын ұстады, қайтқанда арбада талы­ стай боп талықсып жатты... Жар құшағынан бусанып шыққан ол қайыра күйзелді: «Егер мен күндердің күнінде екіқабат болып, бала көтерсем, анам құсап ішімнен қан кетіп өліп қалам ба...» дегенде жаны түршікті. «Ешуақытта! Ешуақытта...» деді. «Оны ойлаудан қазір қажеті шамалы, әуелі ана үйден қазан-ошақ алдырт, тамақ істейін, кешелі бері құр шаймен қамалып...» дегенінше, әлдебір көтерген заты бар, бір бойжеткен көрінді. Байқаса, басында өзінің үкілі тақиясы, «о, несі менің тақиямды киіп алып...» – дегенінше: – Жеңеше, сізге тамақ әкеле жатырмын, ана кісілер жұмсады, – деді әлгі қыз. Бұл мізбақпай оған қарады да қалды: – Мынау менің тақиям ғой, оны неге рұқсатсыз киіп алғансың? – Жеңге, біз кеше-ақ сіздің заттарыңызды үлестіріп алғамыз, бізде салт солай, сырғаңызды ана қайынсіңлің, білезігіңді тағы біреу... – дей бергенде, қатты түтігіп барып, әрең-әрең басыла: – Андағының ішінде не бар? – Қолындағысын ала-сала ішке кірді. Қыз селтиіп сыртта қалды. Әкелгені бауырсақ, піскен ет, жент, құрт. Әдетте түске салым қою тамақ пісіретін: пельмен, күріш ботқа, кейде мәнті. Қазан-ошақ болса, өзім-ақ пісіріп алар ем деп, сырттағы қызға: «Ана кісілерге айт, бұл үйге қазандық, аяқ-табақ, қасық, шикі ет, ұн, тұз әкелдірсін, қазір тай!» – деп ыза буған қалпын еш өзгерте алмайтын күйге түскені сондай, «осы мен осында неге келдім» дегендей өксіп-өксіп қалды. Абырой болғанда қыз ұзап кетіп еді. Айтып барады ғой, олар не­ шеме саққа жүгіртер. Елшібектің ертеңгі айтқаны есіне түсті: «Келмей жатып төр менікі деме...»

Сәлден соң қыз қасына ер адамды ілестіре сұраған заттарын алып келді. Ошақ қазылды, үстіне үшаяқты құрды, «Мен су әкелейін» деп ер адам елпең қағып, екі шелек су әкелді. «Жақсы болды ғой, кешке қарай су ысытып, басымды жуып алатын», – деп қуанды. Бала ғой әлі Ажаркүл. Бір күліп, бір жылап дегендей. Қыз ыдыс-аяқты жуды мұның жұмсауымен. Таралып қалған әп-әдемі бойжеткен екен. Тақия өзіне жа­ расып, пісте мұрын, оймақ ауыз, бидай өңін құлпыртып-ақ тұр. – Атың кім, – деді қуырдақ үстінде. Ана ер адам да: «Келіңіз, бізбен бірге отырып тамақ жеңіз» – дегесін қысыла-қысыла есік жаққа таяу да­ стархан шетіне кеп жайғасқан. – Менің қызым – Биғаным. Өзім – Жәмеңке. Біз Елшіекеңе жиен бо­ лып келеміз. Қуырдақты аса дәмді жасайды екенсіз, Биғаным, тәтеңнен үйреніп алғын, – деп отағасы жөней берген. «Е, картоп, пияз болса, бұдан да дәмдірек болар еді, әттең о жағы тапшы болып тұр...» деп ойға кеткен Ажаркүл қыздың ыдыс-яқты жиыстырып, айнала жуып, тазалап, енді кетуге рұқсат сұрағалы тұрғанын байқап: – Тұра тұр мен саған кәмпит берейін, інілеріңе апарғын, – деді әкесі арбаға салған жүк-қапшықтан бір уыс тәттіні алып, ұсынып. Көзі жай­ нап кеткен қыз: «Рақмет! Мен тағы келіп көмектесем сізге», – деді. «Кешке қалай жатам, қорықпаймын ба? Киіз үйден жел үйіріп тұрады екен, үйрене алсам жақсы-ақ, уақыт көрсетеді ғой», – деу­ мен кешті батырған. Май шамның жарығында суды ысытып, іргені тұйықтап, есіктің маңдайшасын түсіріп, қымтап, басын жуып, ептеп жуынып-шайынып алған. Дағдысы. Әкесі Ораз да қол-аяғын жумай жатпайтын. Құмғандағы су суып қалмасын деп, ошақтағы қозға қойды. Қазандағы қалған асты тұмшалап жауып, ит-құс арамдап кетпесін де­ гендей, ішке кіргізіп шидің аржағына орналастырды. Шелектегі судың бетін қақпақпен жауып, ертеңгі шайға тұрсын деп ыңғайластырған. Енді төсекті салуға кіріскенде, аттың дүбірі естілді. Елшібек кіріп кеп: – Не, қызыл іңірден жатпақшымысың? Шықшы сыртқа, – деді. Түсіне алмай далаға шыққанда көрді – ауыздығымен алыса, жер тарпып көк дөнен тұрды. – Саған сыйым бұл. Ерттеп, ертең мініп серуендейсің. Ішің пыспай­ ды, – деді жүзі алабұртқан жас келіншегіне сүйсіне қарап. – Рақмет, бірақ мен атқа мініп көрген емеспін. Өгізге мінгенім бол­ маса, әжемнің ауылында, – дегенде күйеуі қарқылдай күлді. ... Қуырдақты қайта ысытып, сар самаурынды божылдата дастар­ хан жайды. Өз үйінен әкелген шекер, кәмпит, мейізді салып, бауырсақ, жент, тағы басқаларымен дәмді шайға отырды екеуі. – Апырмау, тамақты өзің пісіргенбісің, әйтпесе, ана жаққа ба­ рып ас ішейік дейін деп едім, – Елшібек ризалықтан келіншегін өзіне қарай тартып, тамағынан құшырлана иіскеді. «Құмғанда жылы су,

жуыныңыз», – деп Ажаркүл легенді күйеуіне таяды. «Апырмау, рас па?... Әлгі антұрған Бижігіт жатарға су ысыт десең, тастай сумен құмғанды толтырып қоятын. Маған ерегіскені... көп бара бермейтінмін. Үсті-басы сауыс-сауыс боп жүргені қашанда. Намаз оқымасам дағы, күніге бес парыз – мұсылманшылықтың жолы дегендей, намазшамда аяқ-қолды жуып, ауызды шаю – өзіме міндет-ғұсыл санайтынмын ғой...» – Осы­ лайша ойланып-толғанып, «келіншегімнің ескертпесіне енді кірісермінау» деген. Онысы – монша салу ғой. «Оразбен ақылдасамын ғой...» – Айтпақшы, күміс белбеуге талайы қызықты. Кішкентай Кенже­ болатты сылтауратып, қалап алғысы келген құрдасым қояр да қояр бол­ мады... – Не дедіңіз? – Ат басындай алтын берсең де, бере қоймаспын. Баламның қалауына басқа қымбат зат қалағын, – дедім. – Дұрыс екен. Бермеңіз... – Түннің бір уағына шейін бұлар күбірсыбыр, күлкімен ұйықтай қоймады. * * * «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Қарға ең алдымен өлген адамның көзін шұқып, ойып алады екен, сонда шөлі қанады дейді... Ажаркүл Елшібектің етегінен ұстап, бұ жаққа ұзатылғанда, дау табам, жау табам деп әсте ойлаған емес. Тәуекелшілдік көз тұндырар, ұнатты, бөтен жұрт, басқа елге «келін» атанып, бауыр басуға келді. «Келін – келің» деп тұрған жоқ па түп мағынасы. Өзі білетін өзбек пен ұйғыр тілінде «кел» деген сөз келің-із деген ұғымды айтады. Қазақтың келіні де осыны аңғартса керек. Биғаным ентіге жүгіріп келді. Келе: «Тәте, ана ауылдың бір топ қариялары, ішінде абысыныңыз Бижігіт бар, осында келе жатыр...» деді. – Неге? Оларды кім шақырды? Соя қоятындай есігімнің алдында мал тұр ма? Сынағалы келет те... – Қатты күйгелектенгені сонша, аядай тар үйде ақтиындай айнала берген. «Тәте, сабыр етіңіз», – демесе неғылар еді... – Кел, кілемдерді жаялық екеулеп, – деді де теңді дереу шешті. Өзінің де ер жігітке бергісіз күш-қуаты бар, бау-бақша егіп, көкөніс суғарып дегендей қара жұмысқа әбден шыныққан, ал Биғаным да шына­ шақтай болғанымен – мық шеге – екеуі қос қолдап қос кілемді әреңмерең іргеге кере жайды. Жасауына әкелінген шәйі шымылдықты бір жағына құрып, ескі көрпелерді ар жағына лақтыра, су жаңа құрақ, атлас көрпелерді, кестелі жастықтарды жүкаяққа қатарластыра жиып қойды. Түндікті ашқанда, үй іші қызыл-ала қырмызы кілем мен атлас, бат­сайы көрпелермен құлпырып шыға келмесі бар ма! Үшінші кілем төрге жай­ ылды да, үстіне құрақ көрпешелер төселінді. Байқаған, дастархан кірлеу, көнетоз екенін, «мынаны сыртқа жай, ыдыс-аяқты соған апарғын» деді

де, тағы бір теңді шешкенде, салдыр-гүлдір шыны, тарелке, табақшалар, гүлді әсем мол дастарханға оралып шыға келген. Әкесіне ризашылығын ішінен айта, анамның жоқтығын білдірмеген саған мың тілеу тілегеннен өзге айтарым бар ма дегендей, қуана, енді жаңа патсайы көйлек, зерлі мақпал камзол, бөртпе шәлісін сандығынан алды, қараса, аналардың қарасы да көрініп қалыпты. Үйде киіне алмайтынын біліп, халатын жа­ мыла сыртқа беттеген. Биғанымға: – Самаурынды қайнат, қазанға су ысыт, етті сала бер, – дегендерді жолай айта, қалың қарағайға беттеді. Жүрегін басып, біраз отырды: «Үйде ағайдың жоқ екенін біле, әдейі мені масқара етпекке келет те... Жөнімен айтып келсе, осынша шабынар ма ем...» – Ал жыла, ал жыла. Киімдерін киіп, шашақты бөртпе шәлісін төгілте орап, кербез баса, бастарына шаңырақтай күндік ораған, кәртамысы, жасы бар әйелдерге тізе бүге сәлем салды. Олар қаздай тізіле төрде отыр, бұған сынай қарап, еріндерін сылп еткізе, сәлемін алған ниеттерін білдірген рай та­ нытты. Ишарадан соң сызыла гүлді дастарханын жайып, әкесі берген қоржынды ашты дағы мейіз, түрлі кәмпит, шекер-науаттарды шаш­ ты. Піскен бауырсақ, құрт-ірімшіктер де қатарынан орын алғанда, дәу дастарханның үсті толып кеткені. – Шай қайнады, жеңеше, әкеле берейін бе? – Биғаным да сы­ зыла қалыпты. «Иә, Бикеш, ақ құманды демдесең, күміс потнасқа шыны-аяқты рет-ретімен қойып, әкеліп шай құя бергін»! – деді. Үнін жұмсарта, құмықтыра сөйледі. Өзі шай құймаққа кіріспеді, қайын­сің­ лісінің қапталына бір тізерлей отыра, ол қыз құйған қызыл-күрең кесе­ лердегі шайды оң қолының білезігін сол қолымен ұстай, еппен қо­нақ­ тарына әпере берген. Мұндай рәсімді – оң қолының білезігінен еп­пен мытыңқырай ұстап шай құйылған кесе, шыны-аяқты ұсыну дегенді бұ жақтың қазақтары туасылы көрмеген-ді. Таңқалса да, іштерінен ты­нып, тымпиыса, шайды сораптай, дастархандағы өздеріне таңсық дәм­нен жапырласа алысып, жан-жақтарына таңдай қағыса қарауда. Қақ төрде отырған Бижігіт: – Иә, абысын келіп қапсың, аяғың құтты, жолың оң болсын! – Ты­ мырайысып отырғанша дегендей, сөз бастады. Сонда барып Ажаркүл оның бетіне қарады. Қоян көздерімен адырая қараған оның ұсқыны кісі түршігерліктей көрінгені сонша, бұл ернін жымқыра: «Рахмет!» – деуден өзгеге бара алмаған. – Әкең саудагер деп естуші едік, осынша жайнаған қымбат жиһаз сол әкеңнің арқасында келіп тұр-ау, ана кілемді кіші балам – Кенжеболатқа бәсірелейін деп тұрмын. (Бұған қалай қарайсың да деместен): – Құсманғалиға айтып, жеткіздіріп тастармын... – Алыңыз, бірақ ол ескілеу, көнетоз ғой, одан да мына тұстағы­ ны алыңыз, орауы жаңа ғана шешілген, – дегенде кілемді қимас­тық­ тан емес, анасының кілемі болғандықтан, ұстағанның қолында, тісте­

геннің аузында кетпестей сақтап жүрген әкесі Ораздың ең асыл мүлкі болғандықтан, өзге жаңасын ұсынғаны да сол. Осы екі арада сыртта арба дүбірі естілді, Елшіекең келгені айқын. Ажаркүл өзіне араша түсер қамқоршысының келе қалғанына өңі жарқ ете: – О, ортағым келді ғой! – деген. «Ортағы несі?» деп отырғандар бір-біріне қарасқан. «Ал, орта толсын!» дей Елшібек те кіріп келе, жас қосағының төр жағына өрлей берген. «Кел, мұнда отыр!» деп зірк ете қасынан орын ұсынған бәйбішесіне о да зілдене қарап: – «Түрікпен төрін бермес» дегендей өз төріме өзім өрлегенім бол­ мас, ал келген аяқтарыңа гүл бітсін, бұл – қай шаруа. Келіндеріңді кеше көрмеп пе едіңдер... – деді онша да жақтыра қоймаған рай таныта. – Келіннің жасауын көруге, бағасын беруге келдік, – деді тақ ете енді біреуі: – Бағамыз оңды, келін бар жерден келген екен, өзі де көргенді жерден шыққаны белгілі, ал – бағамыз... – дей ол отырғандарға жағалай қарады. Отағасының өзінің аузын жаптыра, меселін қайтарғанына ыза буған Бижігіт аузына құм толтырып алғандай тұншыға демалып, тымыраюда. – Жүз қой – бағасы! – демесі бар ма, әлде біреуінің, бұ жақта бағаның зорын жүз қоймен есептейтінін таныта, енді біреуі: «Жоқ, мың қой!» – деп таласа түсті бірі. Таласа, тартыса етті де жеп тауысқан. Елшіекең: – Дұрыс-ақ! Разымын. Баға қойғандарыңның әрқайсысына бір-бір қойдан мен де сый тартам, – деп алып қарқылдай күлген. – Онда біз де разымыз! – Күйбеңдей тысқа шыға берген бәрі. – Құсманғалиға айт, ана кілемді үйге әкеп тастасын! – деп Бижігіт сұрлана күйеуіне шатынай қарады. – Кілемі несі? – Дәнемеге түсінбеген Елшіекең жас тоқалына қараған. «Мен сізге әлтаман айтамын ғой, қолыңызды жуыңыз», – дей жез құмғанды ерінің алдына тоса берген. Аналар одан сайын таң, «бай­ ына жағынып өліп барады ғой!» деп Бижігіт тек кетпей, тілінің сұғын қадап алған-ды... Бәрі «ортағым» дегеннен шыққан. Әркім өзінше сыр түйді. Өткен түні: «Қашанғы «ағалай» бересің, бір жөндем атты тапшы, тым құрыса» деген Елшібекке: «Е, олай болса, ортағым дейін сізді» деп Ажаркүл оның құшағына тығыла түскен. Анасы Панар Ораз әкесін солай атайтын ғой сірә, өзбек сөзі болса керек. Бәрінен Биғаным қыз риза, оны Ажаркүлдің «Бикеш» дегеніне. Тағы бір жолы Құсманғали: – Жеңеше, жұрттың бәріне жағалай ат қойдыңыз, мен ғана атсыз жүрген, қашанғы жүген-тізгінім сыдырылып мен жүрмекпін, – деген әрі қалжыңы, әрі шыны. Сонда Ажаркүл қарасұр, бетінде шешек дағы бар еңгезердей жігітке аялы кең жанарымен наздана қарап: – Қайным, тегі өзің сұлу торы аттай сүйкімдісің, ендеше сол – Сұлу торы ат дейін сені! – дегенде, Құсманғали:

– Қайдан осыншама сұлу, құлаққа сонша жағымды есімдерді біле бергенсіз, әдемі жеңеше-ау! – деп жігіттің таңдайын қақпасы бар емес пе. Расы, қайдан білсін... анасы Панар қайтыс болғасын, мұны әжесі Назила Жарсуға алып кеткен. Жеті-сегіздерде еді, оң мен солын танып үлгермеген бала балауса шағы. Кілең қазақы, орыс дегенді қолына шырақ алып, күндіз іздесе таппайтын, дәстүр-салттың қаймағы бұзылмаған тұнық ара еді. Бір жеңгесі бұған: «Бикеш» деп ат қойғаны есінде-тін. * * * ... Содан бері де жеті жылдай уақыт зырғып өткен. Ал Ажаркүл бала көтермейді... қанша сарыла күткенмен. Қаралмаған бақсы-құшнаш қалған жоқ, Бижігіттің табасына қарай қанасы қанамады, бедеу қалпында қала берген... Елшібек те зарыға-зарыға «бұрынғылар неге көп қатын алған... ұрпақ үшін» деп ойлана, ақыр үмітін үзе, бәйбішесінің кіші ұлы Кенжеболатты мұның бауырына сап берген. Ол туласын, ертұрманын бауырына ала. Қанша тулағанмен, қосағынан қаймығатын, ара-тұра кеп, қона жататын зауыққан кезеңінен де, «кезегінен» де қол үзіп қалам ба деген үркініші басым болатын. Көнді. Кенжеболат арда ем­ ген лақтай секіріп, екі үйдің арасында өсті. Ажаркүл бұл ерекше зерек, түр-басы әкесінен аумайтын балатайға айрықша ықыласы ауған. Біруақ алданғандай да еді... ... Елшібек Сұлуқасты, үшінші әйелдікке алып келгелі, тұнық суы­ на тас лақтырылғандай, көңілі әлайым-талайым. Білгізбеуге, баяғы туа бітті кең парасаттылығына тулаған асау мінезін жеңдіріп бағуға тырысып баққан ғой. Тек, уыз да жас сұлу келіншектің іші томпайып, бірінен соң бірі – екі бірдей нәрестені өмірге келтіргелі, көңілі нілдей бұзылған. Өзіне орын таппаған. Тіпті: «Төркініме апарып салғын», – деп қосағына қолқа салған. Бір ретінде кетіп те қалған. Ораз басқа жастау әйелге үйленіп, одан ұл бала көріп, көңілі марқайып, қартайса дағы, қуаты бойында, шалқыған кезі. Қызының халіне о да күйзеледі... әрине. Бақсы-құшнашқа қарала-қарала, зікірде селкілдей-селкілдей сілікпесі шыққан Ажаркүл әкесінің үйіне келгесін, ежелгі көршісі – Тося кемпірге жүгінді. Оның қолының ем-домы бар, сонау Түргеннен тартып, талай әйелдер кеп, ем алатын. Көбінің меселі қайтпай, бедеулері бала көтеріп, ыңқыл-сыңқылы барлар құлан-таза айығып қайтатын еді. Ажаркүлге тәуіп, әуелі бүгінше айтқанда, массаж, ал оларша сылау-си­ пау әдісін қолданды. Шалқасынан жатқызып та, етпетінен жатқызып та, қолының күшіне сала, дұғасын күбірлей, тура жатырының тұсына айқыш-ұйқыш белгі салып, емдеп бақты. Етпетінен жатқызғанда қапқатты томпақ құйрығын шапақтай, мәз болатын. Қызығып, әрине...

«Попка как орех, наводит на грех» дейтін сылқылдай күліп. Аңызға жүгінсе, Хауа анамыз жұмақтан қуылып жерге түскен кезінде, әуелі құйрығымен түскен екен деседі. Сол себепті әйел затының құйрығы қашанда сап-салқын. Ал ғалымдардың ұйғарымынша, суретте дәйім жүректің екі ұшы доғаланып, етегі сүйірлене үшбұрыш болып бейнеленуі – әйел құйрығының сұлбасынан салынған деседі... Тося қария қанша айналдырса дағы, Ажаркүлге емі жүрмеді: – Болмады, қызым. Жатырың қисайған, жас кезіңде ауыр жұмыс істегеніңнен бәлкім, – деп шешімін бір-ақ кесті. Өкінсін, өкінбесін қайтсын енді... Ажаркүлді алып кетуге келген Елшібек те осы үкімді естігенде, салы суға кете, мұндай қиналмасын! «Арамызға дәнекер болар бір шикі өкпеге де зар қылғаны ма Құдайдың?» – деп қалып: «Шүкір, басқа балаларым­ нан жарылқасын, Аллам кешір!» деп тәубесіне келген. Бесігін тербетіп, «Сарыбидай» әніне сала тотыдай түрленіп отырған сұлу Сұлуқасы көз алдына келген. Жүрегі сыздады. Ораздың үйінде бір шама дамылдап жа­ тып алғанына өкінді де. Қайынатасының жас келіншегін көріп: «Құсың құтты болсын!» деп сый-сыбаға жоралғысын жасады. Ораз көңілденіп, «Біраз күн болсаңшы, Ажаркүлдің емі біткенше...» деп ескі тамырын қимай, қалуын қолқалаған. Баяғы монша, көпіршіген сары мейіздей сыра, ара-тұра самоганнан да ұрттап қойып, екеуі ыстық буға балқып, әңгіме-дүкен құрысып, ұзақ-ұзақ отырысатын. Сөз арасында: – Тамыр, маған монша салатын шеберлер тауып бергін, қызың барған күннің ертесіне-ақ «монша салдыртыңыз» деген. Арқамыз жар бермей, «татар моншасын» – әлгі үйде су ысытып құйынатын ше... – деп алып ал қарқылдай күлісіп, қара көлеңке моншаны бастарына көтерсін-ай! Көптен көңіл кірін аршып, жан сарайын кеңейткені де осы. Бірақ тоқалының мына жайы оны күрсіндірді. Кенжеболат мұның бауырында ғой. Әйткенмен, өз кіндігінен жараған бала жаулықты атаулыға қалайда жақын ғой. Құсаланып, мұңға батып, мінез-құлқы өзгеріп, өзгеше қалыпқа түспесе жарар-ды, Ажаркүл. Қанаты қайрылғандай, үміті біржолата үзіліп, өмірден түңіліп кетпесе жарар-ды. * * * Елшібектің есіне, боранды түнде Сұлуқасты алып қашарда, қыз анасы айтқан: «Жыл он екі айда қызымды әкеліп, көрсетіп тұрғын», – дейтін аманаты түсе беретін. Осыны құлағына жары да қыңқылдап салып қоятын. Тұңғыштары Омарғазы екіге шыққан, тілі қызық, бұлтыңдап жүгіргенде үйректің шүрегейіндей қос қанатын жайып, құдды қиқулағандай, әлдебір сөздерді айтып, шиқылдай шабатын. Таяу маңдағы көлшіктен көргені: үйрек, қаз, дуадақтың қан базары. Бірі қонып, бірі ұшып жақындаған бала-шағадан үркіп, ду көтеріледі.

Осындай күйінде ұлын әке-шешесіне көрсету – Сұлуқас арманы. Қыс түспей, жер аяғы кең кезде барсақ дейді күйеуіне. Ол әрі ойлап, бері ой­ лап арбамен барған дұрыс па, әлде, атпен, онда жас балаларды қалай апармақ... дегендерге басы қатып жүрген. Ат-арбамен барады, сөзсіз. Ендеше қамдану керек. Ұстаға талдан иіп арба үстіне күрке жасатты. Жусаны мен баялышы, жыңғылы мен сексеуілі қылаң беретін қуаң да­ лада балалары мен жарының бастарынан күн өтпесін деген ілдәлдасы. Сығандардың көшпелі күймесіндей сырлы кең қанат арбаға шабылған жас шөпті молынан төсетті. Өйткені, торсықтағы қымыз бен піскен ет, шелпек, тортасынан айырып қайырылған сары майды сақтауға оңтайлы. Оның үстіне, аңызақта, жаңа орылған шүйгіннің лебі салқындық әуесін сездірері сөзсіз. Жолға шығатынына қуанған сәби Омарғазыда жан жоқ, ал жеті айлық Айнұр айнадай көздерін ашып алып, айналасына таңырқай қарайды. Оны бесігімен, шылдырмақ-шүмегімен, түбек-тұмарымен қоса арбаға жайғастырды. Өзі кер жорғасының ер-тұрманын сайлап, көшіріне: – Мен атқа қонамын, сен жайлап, қос аттың тізгінін тартыңқырай, ылди, еңіс, өрде бірқалыпты, сар желіспен жүргізуге тырыс. Кешкі салқынмен жолға шығамыз, – деген. Сұлуқас кенет күйеуіне қолқа салды: – Биғанымды ерте шықсақ, ел көрсін, жер танысын. Оның бер жа­ ғында маған қолқанат, баланы қарап, қолымды босатады. – Қоса­ғы мұнысын жөн деп тауып, қыздың тек жеңіл-желпі шықпауын ескерт­кен. Жазы ыстық, қысы қатты қуаң даланың табиғаты да алмағайып. ... Бойжеткен елдің салтында жоқ мінез танытты: айттырған жеріне бармаймын деп үзілді-кесілді жауабын берген. Әке-шешесі, інілері жер­ ге қарап қалды. Елшібек жиен қарындасының қасқая қасарысқанына көңіл бөлмесе дағы, отырып қалғанына іштей қынжылатын. Ерке өскен қыздың жар таңдауға деген сергек іс-әрекетін қостаған Ажаркүл еді. Тәу баста өзіне жақын тартып, алғашқы күннен-ақ ауыл азулыларының айла-шарғысынан сақтандырмақ болған ниеті бұған аян. Сондықтан жақын тартты, қасынан шығармады, жақсы-жақсы көйлек, сырғабілезіктерін Биғанымға сыйлады. Қыз түрленіп шыға келген. Оның үстіне, Биғанымның орысша тілін сындыртты: өзі ашқан мектепте оны ұлдармен қоса оқытты. Араға жеті-сегіз жыл салып барып босаға аттаған уыз тоқал Сұлуқас та қайынсіңлісіне іш тартты. Екі жеңгесіне бірдей қызмет еткен қыздың іш қулығы да жоқ емес-ті... Сүйгеніме қосылсам егер, сол адамым тек Елшібек көкемдей болса... міне, қыз түйткілі осы-тын. Ал бірақ ондай ер мінез, тұлғалы, жігіттің сұлтаны бұ қызға ұшыраса қойған жоқ... әзірге!

* * * – Сенің жанторсығыңды ала кетті ғой аналар, не ойлағандары бар? – деп бүйрегіне біз сұққандай Ажаркүлді табалағанның бірі – Бижігіт қой баяғы. Әйтеуір-ау, әйтеуір, байқұс Ажаркүлдің соңына түсіп, шабақтауын қоймайды. Неғылған ешкіемер өзі. Жақсылы, жаманды Елшіекеңмен жиырма жыл қойындасып келеді... үш-төрт ұл тапты. Тұңғыштары өз түтінін түтетіп жеке отыр, отау шығарған ортаншысы ат тізгінін тартып, әкесіне қолғанат, жылқышы, малай-жалшылардың бас-көзі. Сүткенжесі – Кенжеболатын ері жас тоқалының бауырына салды, ал тұл қатын келгелі сыңар лақ та тумады. Ешкі де жылда лақтайды, егізден, семізден дегендей. Қаралып та жүрген түрі... сонда бұл қатын ұрпақсыз қалмақшы ма?! Әкесі Ораздың түп-тамырын солдырмақ па. Онда құрығаны ғой. ... Шумер дейтін халық болыпты, Қос өзеннің бойын жайлаған. Өркендеп өрлеген, жазуы болған. Осынау көреген ел жер бетінен жойы­ лып кеткен. Неге? Ұрпақ өрбіте алмағандықтан ба? Әлде, басқа сыры?... Тілінде қазіргі қазақ сөзімен дәлме-дәл ұғымдар бар: мәселен – ана, аруах, аспан, тағы басқа. Қалаларының аты Уық, (ғажап қой, қазақтың киіз үйі уық пен шаңырақсыз, керегесіз тігіле ме?!); ал Құдайларын «Ақ» дейді екен. Қазақтың екі сөзінің бірі – Құдай-ақ! аһ, Құдай емес пе. Тәңір сөзімен қатар жүретін Құдай («Құдай ағына»), «Алла хақ» сықылды ұлы ұғыммен қалайда өзектес. Ал, «қаз-ақ» ше? Университетте оқыған кезімізде ұстазымыз, ғалым аға бізге «қазақ сөзі ақ қаз, немесе қаз ақ» дегеннен шыққан дегенді санамызға сіңірген-ді. Бүгінде оны неше саққа жүгіртіп: «Қаз-сақ, немесе; «қассақ», тағы басқа десіп, әлі айтысып, қызыл кеңірдек боп келе жатқандарынға нүкте қоятын кезі келді емес пе. * * * Қош, Сұлуқас жарымен жайқатыла, нәрестелерімен байып, еліне, Сары үйсіндер ұлысына, Іледен паром жалдап өтіп, жетті емес пе. Бірден өз үйіне баса көктеп баруға бетінен басты. Ескі дос-құрдас Сапабек бар емес пе. Күртік қарды омбылай, Елшібек екеуі қызды терезе жақтауынан көтеріп алып, және кебеже-сандық, көрпе-жастық бар дегендей, қыз жасауын қоса алып шығатын со бір кез ше. Міне солардікіне түсті. Са­ пабек ұлын үйлендіріп, шашылып-шабынып той қып жатыр. Қуаныш үстіне келе қалған құрдасының бал-бұл жайнаған жүзінен-ақ жақсылық нышанын көрген Сапабек Нысанбек үйіне жуығырақпанда хабар сала қоймаған. Себеп, бұл күнде Дәупай атанған семіз бәйбішесі Күнімжан аурулы-сырқаулы еді. Қыздары көзден ғайып болғалы ма, әлде тым етшеңділік денесін ауырлатты ма, жүрегіне салмақ тастап, жүріс-тұры­ сын қиындатқан. Жүруінен жатуы көп, алқынып, екі иығынан тыны­ сын алатын күйге тап болып, халі нашарлаған. Отағасы Нысанбек­тің де көңілі пәс. «Ай мен күнге балаған қызымызды су тегін бір қаңғыбас

саудагерге қашырып жіберді деп», Нысанбек Сапабекпен дүрдараз. Ара­ ласпайды. Сол себепті тойға шақыртылмады. Сұлуқас үшін бұл күтпеген жағдай, мұндағы той-томалақ жадау жа­ нына жалау бола алмады: тезірек анасын көруге асыққан. Елшібек те: «Есігінен кіргізбесе мені кіргізбес, Сұлуқасты балалармен апарып салыңдар!» деген Сапабекке. Солай етті де. Өзі тымпиып жата берді. Биғаным жеңгесінен бөлініп қалғанға шала бүлінді: «Мен де со кісімен бірге боламын» деп. «Бұл қызды да апару керек болар...» деген ойда Елшібек толғанды. ... Шүйіншілеп Әлиша келіні есіктен кіріп келгенде Күнімжан басын көтере: «Не бопты, сонша желпілдеп?» – деп келініне зеки қарады. – Не болушы еді? Қуаныш, ене! Қызың келе жатыр, қос жиеніңді көтеріп...– Қыз шешесі не сенерін, не сенбесін білмей: – Құр далбаса ғой айтып тұрғаның. Не, Сұлуқас құс боп ұшып келіп пе... Күйеу қайда, қос жиенің не, бара салысымен қос бала туып па? – Тұла бойы дірілдеп, Дәупай есікке беттеді, жақсы лебіз де ауру кісіге әжептеуір әл. «О, Құдайым, қуат бер!» – деді. Рас екен, бірін жетелей, бірін көтеріп, шынымен Сұлуқас ауладан бас сұқты. Зат-матын өңгере аттылы да келеді соңында. – Әу, Күнім-Айым! Өзің бе?... – деп талықси бергенде, шалы іштен қалбалақтай шыға: – Мына байқұсты ұстаңдар! – деді. Бойшаң, әскери кительді, екі пагоны екі иығын керіп тұрған тұлғалы жас жігіт сүт анасының ауыр денесін сүйей тұрып қалған: – О, қарындасым, аман ба? Сені де көретін күн бар екен! Мынау жиендерім бе? – деп қарындасын құшақтап ұзақ тұрды. Со кезде сәби Омарғазы: «Аға, анау иығыңдағы жалтыраған не? Кәне, көрсетші...» – деп талпынды. Жігіт қарындасын анасының құшағына ендіре, баланы тік көтеріп алды: «О, өзің дәу жігіт болыпсың. Атың кім?» – деді. – Омай-ғажы, – ежіктей өз атын айтқан бала қолдарын пагонға апара: «Маған берші, әйбат екен», – дейді бетінен шөп-шөп сүйген Нұрқасым нағашысының мойнына тас боп жабыса. Бұл арада сыңсу басталған, Сұлуқас, әлде, Күнімжан, үздіккен сағыныштарын қара сөзбен термелей мұңлы әуенге басқанда, нәресте шошып шар етті. Әлиша жүгіріп келе баланы қолына алды. – Ата, қарашы, жиенің ғой! – Нысанбекке жақындата, сәбидің ора­ улы жаялығын шешті. Жас нәресте исі шалыңды балқытты, қолына ала ұзақ иіскеледі. Сақалынан жасы саулай... «шүкір, субыхан Алла, рахымшылығыңа разымын...» деген. Дереу жалшыларына: «Мал сой­ ыс болсын, қазан асыңдар!» – Жарлығын да беріп үлгерді. Қызымен бақылдаса: – Не, күйеу бала келмеген бе? Анау аттеріс қырсықтың үйіне түскен екенсіңдер, келсін деп айт, – деді әлдекімге бұйыра. Со кезде: – Сапабектің үйінде дедіңіз бе, аға, күйеубаламды алдымен өзім көрейін, рұқсат ет, көрімдігін өзім алайын, – Нұрқасым ағасына

жалтаңдай қараған. Жалғыз інісінен қалған немере баласының өтіні­ші­ не қарсы тұрар қауқар Нысанбекте жоқ еді, оның үстіне, ол да Томск қаласынан араға уақыт сап, ат басын бұрғаны осы. Тек әлі күнге үй­ ленбей, шылбырын ұзақ сүйретіп жүргеніне қынжылады да, «Осы жолы сағалдырығыңа бір күміс жүген салдырармыз...» деп күшеніп те қо­й­ған. «Жаяу бармағын, кер бесті сенің бәсірең, ер-тоқымын жайғастыр­сын!» – деп қалды ағасы. Елшібек Сапабек екеуі құс жастықты шынтақтай, күрең шайды со­ раптай, қайынатасына қалай көрінудің жолын қарастыра отырған. Сол екі арада, сыптай киінген, жалаңбас, хром етігі жалтыраған бойшаң жігіт босағадан көріне: «Аман-есен боларсыздар!» – деді. – Әлей болыңыз! Е, Нұрқасым, өзің бе? Қалай есейгенсің, – Са­ пабек ұшып тұра онымен төс қағыстырды. Шағын дастарханда үшеуі шүйіркелесе келе: – Елшіеке, танысып қойғын, бұл – Нұрқасым-мырза, киімінен, әскери адам екенін байқаған боларсың, Сұлуқас айтқан болар, – Сапа­ бек ұзынсонар сөзінің аяғында: – Нысекең әлі тырсыюда ма бізге, сені не үшін жіберді? – деді. – Жездемді өзім көрейін, көрімдігімді де өзім алайын деп әдейі келдім және, сіздерді шақыр, – дегесін, «ендеше көрімдігің міне,» – де­ гендей, Елшібек енді-енді есін жиғандай, қарқылдай күліп, жаңа көрген қайнысына көзі тойғандай, қойнынан күмәжнігін алып, бірер алтын теңгені оның сарыала күміс түймелі кителінің омырау қалтасына сал­ ған-ды. Сұлуқас пен Нұрқасым тете, сондықтан ғой, біресе «күйеу­бала», біресе «жезде» деп отырғаны Нұрқасымның. Мазасы кете, үкілі тақиясы бұлаңдай, балғын бойжеткен есіктен көріне бергенде, Нұрқасым таңырқай, тамсана қызға қараған. Өзіне көздерін қадаған бейтаныс, киім киісі өзгеше, шашы дудыраған сұлуша жігіттен тайсақтай Биғаным да босағада тұрып қалған. – Қарындасым, киіне бергін, қазір жеңгеңе барамыз, қайын-жұртым шақыртып жатыр екен бізді. – Елшібек сөз бастамаса, қыз қына­дай қызарып, босағада сілейіп тұра берер ме еді... Мазасының кеткені – жат жерді жатырқағаны, шүйіркелесетін ешкімді таппай, таудың тәкаппар қызы өзімен иықтас ешкімді көрмегендей. Қыздары да бүртүрлі ме, мұның киген киіміне, жалғыз үкісі бұлаңдаған зерлі тақиясына, шашын бұ жақтың қыздарындай жуан бір бұрым қылмай, қос бұрым, шашпаулы әрі қылтаға соққан сәнді­ лігіне бола ма, – осының бәріне әрі таңырқай, әрі сықсыңдай күлісіп әбден жынына тиген. Киім киісі де өзгеше: көйлек бүрмелі емес, қос етек, сөлеңдеген ұзын да емес, тылтиған қысқа да емес, тілерсекке же­ тер, жетпес, қызыл сақиян тақалы етігіне тиер-тимес қана. Сол етігіне түстес қызыл мақпал бешпет, көгілжім шәй көйлегі өзіне ерекше жара­ сым бергендей. Орта бойлы, талшыбықтай, жайтаң көз, аққұба бидай

өң, пісте мұрын, алмағаштың бүріндей, жаңа ашылған гүліндей – ерні, – қыздың ажарлы екендігінің айғағындай. Ажаркүл берген моншақ, сырға, білезіктерін түгел тағынған, барынша сәнді-ақ! Келісіп-ақ тұр! «Біздің бір сұлуымызды алып қашып кеткен бұларды біз де жер соқтыралық, сұлуымызға сұлуы – қарымта!» – десіп пасық ойға барып қалған бозбалалары да, кіжініп жүргендер де, бұ жақта бой көрсету­ де. Енді мына әскери жігіт қадалды, көздің құрты – әдемі қызға кім қызықпас. «Қой, Сұлуқастың қасына тезірек жеткізу керек екен бұл жиен қарындасымды...» – Осыған бекінген Елшібек асығыс аттарды әзірлетті. Сапабекке: «Жүр, сенсіз... дауласса – дауға, жауласса жауға қайрайтын жалғыз досымсың!» – деп оны бұрнағы күйеу жолдас қалпына сала, қоса ілестірген. * * * Болып-толып, шешесінің қасына жатып, туған жерінде аунап-қунап дегендей Сұлуқастың мейманасы тасыды. Күйеулерін де сыйлап, бұ жақ арқа-жарқа. «Күлшелі бала сүйкімді» дегендей, Елшіекең де тарты­нып қалмай, шақырған қайынжұртқа барынша шашылуда. Барлық деген абырой да, бедел де. Байыптап қарағанға, оның жас тоқалынан жиырма жас аралық үлкендігі де білінбегендей: Құс мұрын, қиғаштау өткір көз айнасы оны қыран кепиеттес етіп те көрсеткендей. Толысқан, апайтөс, күпшек кеуделі келген келісті тұлғасы оны нағыз балуанға ұқсат­қандай. Ақберен аңқылдақ мінез, жомарт та мәрт, бір сөзді, кейде шарт кетеді, бірақ зілсіз. Міне енді қайтуға бағыт алған бұлар. Бір түйткіл: Енесі Күнімжан қыңқылдап: «Омарғазыны бізге қалдыра тұрсаңдаршы, ата­ сына бауыр басып қалды, мен де ...» – дей беруі. Ерлі-зайып бір-біріне қарасады. Қортындыға келе алмайды, тентек, шәудірлекті өздері де қимайды: ал қалдырып кету деген... Қашан, қай шамада балала­рын қайыра алады. Жер болса қашық, бара салатын, келе салатын қолтық­ тағы жер болса ше. Ол да үйрене қойса жақсы, ал бұлардың соңы­нан қалмай, құлындағы даусы шыға жыласа ше. Сөйтті де... Ұзай бергенде, енесінің соңында қалып бара жатқан құлыншақтай шырқырай жү­гір­ген. Аттылы, арбалылар құмдақ топырақты бұрқырата қара үздірген. Бала жалп ете, шаң қапты. Өзегі өртене қарайлай-қарайлай бұлар да ұзай бер­ генде, құндақтаулы сәби – Айнұр – бауырының қалып бара жат­қанын сезгендей, қолды-аяққа тұрмай ал бебеу қақсын. ... Жалағашқа жеткенде, бұларды тағы бір жайсыз жағдай күтіп тұр еді. Ажаркүл өзін-өзі өлтірмекке, ыза-буып, қарағайдың бұжыр бұта­ ғы­на арқан асып, ұшын ілмектеп мойнына сала бергенде... Иә, бір ақ көбелек көлбеңдей айнала ұшты. Ұша берді, ұша берді. Келіншек әлгін­ дегі сұмдық ойынан тез тайқи, айнала қанаты дірілдей ұшқан көбелекке назар аударған: со сәт әлде бір күш арқанды қиып түсірген... тақыр жер­

ге оңбай құлады, бірақ есінен танды. Бір жақ жамбасы опырылған екен. Есін жиғанмен, орнынан қозғала алмады. Кімді көмекке шақырсын. Елшібек жас тоқалымен жайқатыла қайынжұртына кеткен. Екі бала­ сын екі жағына ала, артынып, тартына дегендей. Бижігіт те даяр тұратын осыны күткендей; жетіп келе табалайтын еді: – Көрдің ғой! Киітін арбаға тиеп, қатын-баласын алып кетті ырғатыла. Сен қалдың қу тізеңді құшақтап, қойныңды суытып... Қайсы нақ сүйер екенің? Мені қайтсын, ырдуан арбадай алқа-салқа. Басқа түссе – баспақшыл. Сен албыраған, алма бет жас тоқал боп келгенде, мен күйініп ем. Күйіктен у қорғасын іше жаздағам, тек ұлдарым ғана мені ұстап қалған, соларды бейіл көрдім, мият тұттым. Ал сенің кімің бар-ау арқаланар... – дегенде, бүйрегіне біз сұққандай, жанын жаншысын кеп! Қалайынша шыдасын осыншама күсталап, айызы қана айтқан абысынның дұшпан сөзіне? Таң бозында ояна, аттың қылшығынан өрген шылбырды ала тауға өрмелеген. «Бір деп білегінен, екі деп етегінен» ұстаған жары, нақсүйері осы ма. Неге ол үшінші рет төсек жаңғыртады. Илеуіне көнген, айдауына жүрген менің оған деген бар ықылассүйіспеншілігім тақиясына тар кеп пе. Егер оның өмірінде, тіршілігінде маған орын жоқ болса, осынау кең дүние маған тар»... Арқанды қарағайдың төменгі етегінен бөлініп өскен еңкіш бұтағына асты, ұшын ілмектей ал­ май біраз әуреленді. Ширақ шылбыр оның нәзік саусақтарының ырқына көнер емес... Иә, қыл шылбырды әлдебір әлеуетті күш қиып жібергенде, бұл жерге топ ете түскен... ар жағы есінде жоқ, өз отауында, бір жағында өкіре жы­ лап Құсманғали, бір жағында дауыс сап бақырған енесі Нәсіп отырған. Құсманғали тау жықпылына қамап тастаған жылқыларды босатып, суатқа ағытуға бара жатқан. Арқанға асыла берген әйел затын алыстан аңғарған. «Мұнысы кім? О, несі?» дей атын қамшылай жеткені де сол, Ажаркүлді таныды. Дереу дәу кездігімен шылбырды қиып түсірді. Домалап түскен келіншектің ыңырана қиналысынан жазым болғанын сезді. Көтерейін деп еді, қанға шыланған киімінің қай жерінен ұстап жабысарын білмеген. Және, егер бір жері сынса, зембілге салмаса, асқындырып та алуы. Бекітілген жылқыларды қоя салып, еңіске құлдилаған. Екі-үш жалшыны ертіп, зембіл көтеріп келгенде, Ажаркүлдің өңі құп-қу, көзжанары семіп бара жатты. Өйтіп-бүйтіп алып келген, тәуіпті алдыртқан. Тас керең Нәсіп жақсы көретін келінінің осы халін көргенде, бақырып айқайға басқанда, кенет, о, тәубе, құлағы шуылдап қоя берген. Қорқыныш пен үрей қоса қабаттасқанда, адам аңқасында беймәлім өзгеріс болары хақ. Міне, табиғат заңының тағы бір тамашасы: іштегі серпін сыртқа атылып, қатты қорыққан немесе қатты қуанған сәтінде адамда өзгеше өзгеріс пайда болады. Айнала тым дабылдап, бақа-шаянның, сақ-сақ құстың, қаз-үйректің шуылы мен сұңқылы Нәсіптің құлақ дабылын қаққаны

сондай, есінен танып о да Ажаркүлдің қасына сұлай кеткен. Тәуіптің ол кемпірмен ісі болмады, әуелі жамбастан саулаған қара қанды тоқтатуға жан салған. Киізді отқа қақтап, жамбасқа таңды. Қатын-қалашқа адыра­ спан шөбін жұлғыздырып, жарақатқа орап, сыртынан таза шүберекпен таңып тастады. – Сусын ішкізіңдер! – деп бұйырған. Қымызды қасарысып қалған тістерін қалайы қасықпен әрең-әрең ажыратып, Ажаркүлге жұтқызды. Ешкім бұған не болған демеді. Елшібек келе жатыр дегенді естіген, олар жеткенше, келіншекті сауықтырып үлгеру бәрінің есіл-дерті... Кім біліпті, егер Ажаркүл бір шикіөкпе тапқанда, Елшібектің көңіл ауаны басқаға ауар ма еді, аумас па еді... Әркім де осындай ойда. «Ажаркүл кімнен кем еді... Ақыл десе ақыл, түр десе – түр». Мектеп ашып, ауыл балаларына тіл ұстартты. Орыс школасын бітірген пысық келіншек әліпбиді танымайтын нақұрыс жал­ шы-малшы балаларына, тым құрыса, орысша тіл ұстартқызуға барын салған. Бай-маншап балалары да осы әрекетінің арқасында, қалалы жерге барғанда: «Что, почем?» деуге шамалары келген-ді. Ол ол ма, түгін тартса, майы шығатын құнарлы жерге бау-бақша ектіріп, картоп, сәбіз, қызанақ, жүгері, тағы басқа шөп-шалам өсіріп, асқа қалай қосуды көрсетіп, тамақтың дәмін кіргізуге үйреткен. Олақ-салақ қатындарды тазалыққа үйретті. Айналасы, келін боп түскен жеті-сегіз жыл шамасын­ да Ажаркүлдің атқарған еңбегі бұл атырапқа орасан. * * * «Оразға не деп айтам? Онсыздағы соңғы кезде қырын қарауда. Қойны жылып, жас әйел алғасын ба, бізден іргесін ажыратуға тырысқан». Ажаркүл анда-санда ат ізін салғанда аңғарғаны – әкесінің өліп-өшкен мінезін байқамағаны. Елшібек мұнысына қалай қынжылмасын. «Дос көңілі шарайна, қиратып алма, абайла!» «Достың көңілі бір атым насы­ байдан қалады...» Қызының мынадай харіп халге ұшырағанын көргесін қайтпек. Бір жақ жамбасы опырылған келіншекті ажал аузынан араша­ лап қалған тәуіпке керегін молынан берген. Қазір Нәсіп пен Биғаным қарауында. Сұлуқас та барып, көңілін сұрап, сұлқ жатқан абысыны­ на жанашырлық білгізгенмен, қызылшырайлы өңінің қаны қашып, бұған онша бейіл бермеуі – мұның да жанына батады. «Пұшпағың­ ның қанамауына мен кінәлімін бе...» деген уәж тілінің ұшында тұрса да, ләм демейді. Керең құлағы кенет ашылған Нәсіп кемпір самбырлап, аузы бір тиылмайды: әрнені бір айтып, науқастың көңілін сұрай келгендер­ ге түсіндіріп бағуда. Келушілер легі таусылмайды, андыздай, жержерден шапқындаушылар көп. Бұл үйдің қазаны оттан түспейді. Мал да сойылуда.

Орнынан көтеріліп, бір таяқпен шамалап жүруге жарағанда: – Мені бөлек шығарыңыз, Елшіеке, лажы болса, қалалы жерден үй сатып әперіңіз, Кенжеболат екеумізге. Баланы оқытайын, қарайып қалмасын. Бар балаңыз мал бағуға ғана тумаған болар... – Бұрынғы «Ортағым», «Бас ием» майда сөздері жайына қалғандай, құдды түйеден түскендей сылқ дегізгені. Басқа басқа, жат адамша сыздана сөйлеуі Елшібекті таңқалдырғаны сонша, тіл-ауыздан қалған. Алая қарап, өңі түтеп «қолқаң осы болса, бопты...» дегендей етегін қағып сыртқа бет­ теген. Қатуланғаны соншалық, Сұлуқаспен де ақылдаспастан, Құсман­ ғалиды шақырып, бұйрық етті: «Үш-төрт үйір жылқыны базарға шығар, қасыңа жалшылардың мықтысын ал, Верный атты әскери қала бар, естуің бар ма, соның түбіндегі мал базарына апарып сатыңдар!» Осының түбі не болар деп ойламады да. Нысанбек өткен жолы міңгірлеп: «Заман өзгергелі тұр. Керман Русейге соғыс ашқалы жатыр дей ме. Етек-жеңді жиып жинақы отырған оңды болар...» деген. Сірә, Нұрқасымнан естігені болар. Ол жігіт – әскери училище оқуында. Жас шамасы Сұлуқаспен қатар, жиырманың үстіндегі ұсынықты көркем жігіт. Қайыншылай барғанда, Елшібек осы жып-жинақы, ұстамды, са­ бырлы, түр-тұлғасы ерекше ер жігітке назар аударған. «Біздің қыздан көзін алмайды, сірә, ұнатқан-ау. Биғаным да оны көргенде екі беті лы­ пып, қызарып салады. Аулақ жүр дейім бе, жоқ, әлде...» деген екіұдай ойда қалғаны рас-ты. Бірақ Нұрқасым батып, қызға ештеңе дей алмаса керек. Оны Сұлуқастан сұрап білген. Тап қазір қыз бен жігіт жайын ойламақ түгіл, басына аспан ауда­ры­ лып түскендей, қиын халде. «Ажаркүлдің қағынан жеріген құландай: маған еркіндік беріңіз. Көшем...» деуінен бір жағы сүйіп қосылған тоқа­ лынан ажырағысы келмесе, бір жағы Бижігіттің табасына ұшыра­ры­на сенімі кәміл. О заманда, бұ заман, малға сатылып келген қатынның неке бұзғанын көргені де, естігені де осы: орысша мінез танытқаны бұл. Орыс арасында өскендіктен. Қайда, нәзік, ақжарқын Ажаркүл... Арманына жеткізейін деп буынған. Ал Кенжеболатты сіра да ол қатынға бермес. Адуын бәйбіше Бижігіт те сүт кенжесінен тіріде ажыра­ мас. Он жерден Ажаркүл кемеңгер болғанымен, оған төтеп тұра алмас... Ежелгі Алмалық, 1854 жылдан бергі Верный – Алатаудың айна­ ла біткен жасылкөк жотасының етегіне орналасқан шағын қалашық. Тұнған алмабақ, өрік, шие, алша, алқоры, алмұрт жеміс бұтақтарынан пісіп түскен нәсіптерімен-ақ тұрғын халқын тойындырып жатпай ма. Елшібек сауда-саттықпен мұнда талай болған, жайма базар, мал базар, қасапхана, тағы басқаларын бес саусақтай біледі. Ол қала ішіне ендеп кірмей-ақ, сырт – Татарка аталатын махалласынан үш-төрт ауызды, темір шатырлы үй-жай сатып алған, ауласы кең, шарбақты, әрі қорақопсылы дегендей. Міне, Ажаркүлді арманына жеткізіп, көшіріп алып

келген тұрағы осы. Келіншек болса, ойының тап төбесінен түскендей, айналасы көзді-ашып жұмғанша қоныс аударғанына әрі таңырқады, әрі тіксінді: – Сірә да менен құтылуға асыққаныңыз болар, бір жағы разылығым, бір жағы өкпе-араздығым да жоқ емес екенін несіне бүгейін... – Асыққан өзің, жазылмай жатып, осы күйіңе ши жүгіртіп, бәлені бастаған өзің. Қызғаныштың да шегі болмай ма. Арқанға асылып нең бар, айнала жұртқа мені таба қылып. Отыра берсең, орныңнан су шықпас еді ғой, басыңнан құс ұшырмай сыйлағаннан, аялағаннан басқа не жазығым. Тоқал алсам, ата-баба салты, өзің де тоқал боп босаға аттағансың... көнгенсің. Ал енді, Кенжеболат тұрасында – ол баланы бауырыңа бастың, туғаннан бетер аймаладың, аяладың. Бұл отыңның маздап жанған, шаңырағыңа ие болған шағыңда. Енді-енді саған етба­ уыр болған балаңды қоса алып кетем деген ойыңнан мүлде қайтасың! Бала саған жоқ... – Елшібек сұсты өңі шаңытып, көздерінен от шаша соңғы үкімін осылайша айтып, тоқетеріне тоқтаған. «Жалғыз отыр» дегені, басқа не десін. – Апыр-ау, Басием, тым қатты кеттіңіз ғой! Бала маған бауыр басқан жоқ па еді? Емшек сүтін бермесем де, елік сүтімен мәпелеп баптап баққан едім, қалайынша осыны жоққа шығарасыз... – Көз жасына етегі тола, ағыл-тегіл жыласын кеп. Елшібек ерімеді, міз бақпады. Сасқанынан ба: «Бір түніңізді қиыңыз...» деген еді қиылып Ажаркүл. Оған да қыңқ демеді. Көңілі қалған. Қимай тұрса да, сүйікті тоқалының бүлік шығарғанына жаны шыдамас-ты. Алайда... Ажал аузы­ нан қалғанына қайта шүкіршілік етудің орнына. Малға келген әйелдің осыншалық парықсыздық танытуына таң. «Зәнталақ!» деп тастаушы еді ғой мұндайларды атам қазақ!. «Тұрсын жалғыз! Үй-жайын жасадым, тиын-тебенін қалтасына салдым. Кенжеболаттың төбесін де көрмейді. Биғанымды да келтірмеймін». Жолай әкесі Оразға барып, бар жайды ай­ тамын. Тоңмойын қиқар түсіне қойса жақсы да. Кім білген? Сұлуқасқа қосылғалы бері оның мойны қисайды, сірә, бұ жерде Ажаркүлдің де сыпсың сөздерінің әсері болуы да...» «Сен де тоқалдыққа келгенсің!» Төбесінен қойып қалғандай ауыр сөз келіншекке: «Сенің олар­ дан артықшылығың, асып түсер не асылдылығың бар еді?!» дегендей көрінді. Өкіре жылады: «Не істедім? Бірбеткей бетбақтықтың салда­ ры да. Көніп жүре бергенде... ғой. Ал енді... көрешегің алда» Ара-тұра келіп қағындылығын бір көрсетіп, шаңын қағып кететін Бижігіттің өзін жоқтағандай-ма. Нәсіп енесі ше? Ел-жұрты ше көңілін сұрап шұбырып келіп жататын. Сұлуқас ше, майда мінезімен мұны аялайтын. Бәрінен, бәрінен бауырына басып, уілдеген сәби үніне құлағы үйренген Кенже­ болаты ше... Тентек мінезі, «апалап» мойнына асылатыны. Исі тұла бой­ ына сіңіп қапты, олай да, бұлай да Жалағаштың салқын лебіндей соғып,

жанына себезгілей құйылатыны... «Ортағым» дейтін Елшібек ше? Ондай ел ағасы, қайырымды да мейірімді, бойына ойы келіскен тұлғалы еразаматты қайдан табар енді... «Ажықам! дей, бауырына басып таңға ай­ малайтынын, бір сөзін қалт дегізбей орындайтынын қайтып ұмытсын, ер қайратты, жігіттің сұңқарын қайдан кезіктірсін енді... Қалай ұмытсын...» – Ал өкін, ал әлденеше бөлмелі аңырайған баспанасының күлін шашсын! Өзінің ұзатылғанда алып барған заттары: екі кілем, шәйі жібек шымылдық, жүкаяқ, кәрлен кесе, атлас көрпе, кестелі жастық – тағы басқаларын осында қоса көшіріп, сірестіре жинап қойған. Олардан жа­ нына сая таба алар ма, қасында ері, ер тұлғалы азаматы болмағасын. «Әдірем қалсын...» деп ал лақтырсын. «ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН...» Сары үйсін елінде Елшібектер жамбасын төсеп жататын ба еді... егер Сұлуқас түсінен шошып оянғандай: «Ажаркүл бірдемеге ұрынып қалмаса игі, қайтайық, мырзам», – дей бермесе. Бұлар енді дегбір таппаған. Сұлуқастың шешесі Күнімжанның арғы аталарында көріпкел атанған адам болса керек. Құтжол қожа дейді екен, әлде тұқым қуалай, сол қасиеті жиеншары – Сұлуқасқа қонған болар, бұл келіншектің жорама­ лы кей-кейде айнақатесіз келетін еді ғой. Өзінен жиырма жас үлкендігі бар Елшіекеңе көңілі құлай, әкесінің ырқынсыз қосылуында да бір сыр бар секілді ме. О жағына түптің түбінде өзінің де, өзгенің де көзі жетер, ақыры. Бұлар қайтуға жинала бастағанда, Нұрқасым, Нысанбектің неме­ ре баласы, «Асықпаңыздар, мен сіздерді суретке тартып алайын, тарихқа ескерткіш болсын», – дегенді шығарды. Томскі қаласында әскери учили­ щеде оқитын болашақ офицер жігіт со кезде тарала бастаған фотография өнерімен де таныс екен. Бұлар келісті, келіспеген Дәупай, семіздіктен осылай атанған Күнімжан: – Тарт әрі, түспеймін, өлген кісінің жаны тұрады дейді суретте, беті аулақ! – деген сөйтіп ойда жоқ мінез танытқан. – Ой, апа, онда тұрған не бар, кел, қатарласа шалыңызбен тұры­ңыз! – деген Нұрқасымға да, өзгелерге де көнбей безе қашты. Бұлар күліп, Нысанбек шамданып, ақыры суретке түскен бәрі. Уыздай әсем қыз Биғанымды жеке түсірді, өзіне алып кетуге... Екеуі со бір қас-қағым сәттегі көзқарастан соң-ақ араларында бір сезім жібі өрмек тартқанын түсінген-ді. – Выходи на ночь через окно! – деді қыздың орысшаға жетік екеніне көзі жеткен жігіт. Өйткені, күндіз серуендессе, орталарында Әлиша жүреді. Биғаным түсінді, қып-қызыл өрттей жанды. Әлиша: – Әй-әй, не деп шүлдірлеп кеттіңдер, ә? – дей екеуіне кезек-кезек жалтақ қақты. Қыздың қызарғанынан-ақ сезгір қатын бәрін ұқты...

Биғаным бір шықпады, екі шықпады, жігіттің сыртты торуылдап жүргенін сезеді, бұл баяғы Сұлуқастың, қыстың қырауында қашып шығатын, терезесі көше жаққа қарайтын бөлме-тұғын... Кезінде, қызы саудагер жігітпен қашып кеткелі, Нысанбектің осынау терезеге деген кегі тарқамаған еді: «Бітеп тастайын, аузыңды ұрайынды!» – деп нешеме оқталған-ды. Күнімжан бітеткізбеген: қараңғы болады деп. Ақыры шықты... Нұрқасым оны құшақтай бауырына тартты. Қыз кеудесінен итере: – Не, мені бір ұшқалақ деп қалдыңыз ба? Қойыңыз... – деген. – Неге ұшқалақ? Сен маған ұнадың, сөйлесуге шақырдым. – Не сөз, біз кетеміз, бір-бірімізді танымаймыз да. – Енді танысамыз... Ұялма, зиян жасамаймын, тек, тілдесуге ыңғай бергін. – Жақсы, ал сөйлесейік... – Мен де саған ұнайтын шығармын, әйтпесе, кездесуге шығар ма едің, бетіңнен сүйгізші, – Алмадай бетінен шөп-шөп сүйді де: – Не деген тәтті едің, Биғаным, егер мен саған құда түссем қалай қарайсың? – Қай уақытта құда түсіп үлгерерсің, жолға жиналып жатқанда? – Ертеңгісін, әкеме айтам, емшектесім Сұлуқасты көндірем... – Түс әлетінде, қара қойдың басын мүжіп отырған Елшібекке: – Күйеубала, тыңда, мен бір қолқа салайын сізге. Қарсы құда болсақ, қарсы емессіз бе? – дегені Нысанбектің тура түйеден түскендей. – Не дейсіз, қайыната, кімге құда түспекшісіз? – Мына қыздарыңа, біздің бала ұнатып қалыпты, қылқылдап қояр да қояр емес, – Нысанбек мәймөңкелемей сөйлейтін әдетімен төтесінен қойып қалған. Биғаным бетін баса сыртқа атып шықты, он алтыдағы бойжеткенге ұялудан басқа ештеме қалмағандай-ды... Бәрі аң-таң, тек Сұлуқас қана сыр бермеген, нұрлы көздерімен күйеуіне келіс дегендей сұрана қараған. – Мынау тосын екен, қыз қалай қарайды бұған, тым жас қой, оның үстіне, Нұрқасым тұсаулы аттай, оқуда ғой, қалай үйленеді. Биғанымды қалайша айдалаға, түу орыс арасына жібереміз, және елде менің қарындасым – Нұрила бар емес пе, күйеу Жәмеңке бар емес пе, олар­ мен келіспей, мен қалайынша жалғыз қыздарын әлдекімге жетектетіп жіберемін? – Елшібектің отты жанары сұстана түскен. – Әлдекім демеңіз, менің інімнің баласы, өлгесін, бауырымызға тарттық, Сұлуқаспен тетелес, бір емшекті емген сүт бауыры, одан да келіспейміз деңіз. Қыз қарсы емес сияқты, оның үстіне, әзірге қосыла қоймас, баламыз оқитын жеріне барып, командирінен рұқсат алмақшы, сонан кейін біз Жалағашқа барамыз, қыз әке-шешесімен құдаласамыз; сіз құсап, терезеден шығарып, алып қашпаймыз! Қазақтың жөнжоралғысымен дегендей.

– Биғанымға үкі тақпақшы, әгер әзірге келіссеңіз... – Сұлуқас қосағына жалына қараған: – «Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген: Биғанымның басы бос, құда түсе қойған ешкім жоқ қой, Нұрқасым да жігіттің сабазы, болашақ әскери адам, анау-мынау жерге ұзатып жатқанымыз жоқ қой қызымызды. – Ойланайын. «Бір жағы дұрыс та... мен Сұлуқасты алып қашқанда, бұлар маған теріс батасын берген жоқ, енді-енді райласа бастағанда, қырсық мінезіме баспайын, баталасайық», – іштей толғана: – Жақсы, – деді. – Бұл өзі өң мен түстің арасында болды ғой, – Елшібек емшек емізіп отырған жарына қарап: – Қалайша тез? – деді. – Сіз де мені өң мен түстің арасында өзіңізге ынтықтырғансыз... – Бұлар мені жіпсіз байлады, алып қашқанымды бетіме салық қылып, содан не жамандық көрді, қорасы қыл құйрыққа толды, өрісі кеңіді, міне, мына тентек, – дегенде ойынға тоймай, тағы біреуімен төбелесіп келген Омарғазы кіріп келе: – Әке, біз қашан қайтамыз, мына Сары үйсіндер көп екен, мені жалғыздады, – деп кемсеңдеді. – Неге жалғызсың, алдыңда үш ағаң, қарындасың – Айнұр, құдай бе­ рем десе, тағы береді... – Жоқ, тез қайтайықшы, бауырларымды сағындым... Тез қайтуға қанша қамданғандарымен, Нысанбек «құда-құдандалы болдық, жоралғысын жасайық, ел шақырайық» деп тағы бір сылтауды көлденең тартқан. Тағы екі-үш күн аялдап қалған, ал екі ғашыққа бұл – екеуінің емінеркін сөйлесуіне себеп болғандай. «Билібастау» атанған ежелгі көк тұма басына барып, көк майса-құраққа бауырларын төсей, мұңдаса: – Ты – моя любимая невеста, күтесің ғой, Биғаным, ә? – Күтемін, әрине, тым ұзақ болмас, «Уәде – Құдай сөзі» деген қанша тос десең де... – Саған сенемін, мынаны ескерткішке ал, – деп жігіт кителінің күміс түймесін жұлып қалыңдығына ұсынды. – Ал мынау серттескеніміздің белгісі! – Қыз шашбауының бір жа­ғын үзіп, сүйгеніне ұсынды. – Бойтұмардай сақтайын, енді құшақтасуға болар... Бұлар екі-үш күн тағы аялдағанда, Нұрқасым суреттерді шығарып, бәріне бір-бірден ұсынды. Жеке түскен көк жолақ пагонды, қоқырайған фуражкелі суретін Биғанымға берді. «На всю жизнь…» деп жазған қолтаңбасы жүрекке түскен өшпес ма­ хаббат таңбасы еді...

* * * Қанша асықса да, жеткізбесін жеткізбес. Елшіекеңдер отқа ора­ лып, суға сүрінгендей «әне кетеміз, міне кетеміз» деумен айдың неше­ ме күнін өткізген. Сұлуқастың мазасы кете бастаған: «Бір қауіп... осы Ажаркүл әлденеге ұрынды-ау...» Биғанымның қарғы бауына деп құда жақ қанжығаға қос қаракерді байлағалы, мырза да ойланулы: бұларды қыз әке-шешесінің қазығына байлауым ләзім. Әгарәкім, ризашылық бермей тоң-торыс мінез танытса ше. Жәмеңке жаратылысы момын жуас кісі. Бәле өз туысы Нұриладан шықпақ, «сыртымыздан әлдекімдермен құдаласып» деп дау шығармаса де. Ол адуын, Бижігіттен асып түспесе, кем соқпас. Омарғазының осы жұртқа қалдырылғаны да әжептеуір дау: қарғадай баланы өксітіп, еңіретіп, өзіне жатбауыр жұрт арасына тастап кету де­ ген не сұмдық! Бала түптің түбінде тасбауыр болып шықпаса де. Туған әке-шешесіне мұны кешпес. Рас, сүйікті жан-жарының ығына құлай, құлдыраңдай жүгіріп жүрген еш алаңсыз жас баланы кенет тастап кеткенінде, сол баланың шешесі Сұлуқас емес пе! Ол не, қанасынан жа­ рып шыққан тұңғышына іш бұрмады ма... Міне, бұлардың алдында осынша тосқауыл тұрар да, сүріндірмес жерден сүріндірер де. Ал Ажаркүлді анадай жағдайға бара қояр деп Елшібек те, күнібұрын бір бәлені сезген Сұлуқас та сезіктеніп, қаперіне еш ілмес пе еді... Келгенде көргендері – жамбасы опырылып, кіріптар боп жатқан Ажаркүл. Мән-жайды сұрағасын осынау ойранға бәйбішесі Бижігіттің тікелей қатысы барына еш күмән келтірмеген. Тек соның түртпектеуімен, қолтығына ши жүгірте өш алатын кезеңінен қапы қалмауға тырысқаны айғақ. Сонда не тапты? Сұлық түсіп, көздерінен жасы моншақтай Елшібектен кешірім сұрай, өз халіне өзі өкініш таны­ та «тек талақ етпеңіз, ортағым» дегенін іш қынжылысымен таныта қаріп күйде жатқан келіншегінің осы мүшкіл халі ме... Сонда не тапты, жапжас, ортекедей орғып жүрген ажарлы да қайратты келіншектің қайранға кетпес жастығының да, жанының да мұқалуы ма. Ойлап тұрса, ел ағасы, ел қадірлісі – Елшібектің ең-ең мұқалар да мүжілер де тұсы осы екен. Міне, сүрінбесті сүріндірген зауал. Осының аяғы Ажаркүлдің «мені босатыңыз, басқа жерден үй сатып әперіңіз... Кенжеболатты қоса алып кетуге рұқсатыңызды беріңіз...» деуімен, орынсыз кергуімен, ақыр соңында бұрынғы Алмалық, қазіргі Верный әскери қалашығынан үй сатып алып, тоқалын сонда көшіріп салуымен тиянақталған. Тиянақталды ма, жоқ па, кезінде көре жатармыз. ... Биғаным асыл жарын асыға күткенімен, әне келеді құдалыққа, міне келеді құдалыққа деумен сарыла тосқанымен күн артынан күн өтті. Керек десеңіз қыз әке-шешесі де күмандана бастаған: «... түбі шикі бол­ маса де, әйтпесе, айшылық жер емес, Іленің арғы бетінде әлем заман­нан

тұрып келе жатқан түпкілікті елден бір хабар жетпеуі деген қисынсыз бо­ лар. Қызды жіпсіз байлап, тосумен көзін төрт қып, Елшібектің те салы суға кеткендей: «Апырмау, бұл не деген түйткүл?» – деумен күдерін де үзе алмай сарсылуда. Осы түйткіл әрқайсысының көкірегін у қорғасындай тесіп барады. Әсіресе Сұлуқастың тостағандай көздерінде жас тосыла беруі ұлғайды. «Әлдебір жағдайға ұшырамаса, келетін көздері жетті емес пе. Қасым (Нұрқасымды қысқартып осылай дейтін әпкесі), бәлкім гарнизон бастығы – генералдан рұқсатын ала алмай, жіпсіз байланып жүрген шығар...» деген түпсіз ойларға бата беретін. Бір сұмдық болатынын сезе, секем ала, дертке ұшырағандай өзі. Тұруынан жатуы көп, күлгенінен үһілеуі көп, күзгі мұңдай бір халге тап болғаны. Бәрінен-бәрінен соңдарынан шырылдап жүгірген, шырқыраған даусын шаң қаба артта қалған баласының халі көз алдында. Ет бауыры езіле, осыны ойлағанда, сай сүйегі сырқырағандай. «Неге қалдырдық екен, расы, бізге өкпелеп, жатбауыр боп қалары сөзсіз ғой. Неге ғана қалдырдық...» – дегенде көкірегі қарс айрылғандай. – Қайыната, баланың еті сіздікі, сүйегі – біздікі, молда оқуына оқытыңыз, есейіп есі кіргенде, менің салдырған мешітіме бір имам ке­ рек те, ол өз баламнан болса, құт үстіне құт болар еді, – деген Елшібектің ұйғарымы мұның мысын басқан-ды... Ал қазақ әдетінде әйелдің күйеуіне қарсы келуі деген атымен жоқ қой, кей, орыс арасында тасыраңдап өскен Ажаркүлдер сықылдылар бол­маса. Бижігіт секілді: «Байдың қызымын, малдың басы менің қырық жетім­мен келген, сендей тақыр кедей, саудагердің қорасын толтырған...» – деп екі сөздің бірінде бетіне салық қылатын адуындар жетіп артылады ғой. Ал Елшібектің бірді екі қып, ел ішінен арзанына алып, қымбатына апа­рып сататын ұсақ жандық мал мен; және де сонау Сары үйсін елінен түгі асыл айғырлар мен сандары күпшектей ту биелерді сатып алып, өз жабыла­ рын асылдандырып, қарасын көбейткенін ол бейбастақ қатын есінен шығарған-ау, сірә! Не тапса да Елшібек өз еңбегімен, ақыл-айла­сымен тапқан. Бүгінде мыңғырған қой мен тегі асыл мол жылқы тұқымын қара табан, сор терімен тапқан еді ғой. Мұнысын кім жоққа шығарар. Мал­ шы-жалшыларына да қайырымды, жыл сайын мал өсімінен оларды құр қалдырмайды, есігінде жүрген күң-құтандарға да бейілді, ескілі-жаңа киімдерін береді, шай-қантынан да ажыратпайды. Мешіт салдырт­ ты, монша жасатты, енді мектеп ашамын ба, ауыл балаларын оқытып, орыс мұғалімін шақыртам ба деп жүргенінде ол міндетті Ажаркүлдің атқарғанын қайтып ұмытар. Сұлуқас та балаларының күтім-баптауы­нан қолы қалт еткенде, әкесі Нысанбектің оқытуымен ұққан арапша әліпбиге ел балаларының тілін сындыртуға барын салатын еді. Мінеки, – бай қатал, бай зорлықшыл да жауыз дейтін жаттанды, кеңестік уағыз­дардың, ұғымдардың онша да рас емес екендігінің айғақты куәсі.

* * * Әлмисақтан ақылды бастар болған: әлемдегі небір озық ой, жетістіктер солардан шыққан. Алайда тұрмыстың түймедей түйткіліне олардың ша­ малары келмеген. Соның бірі – Елшібек, жиен қарындасының жайын ойлап, бір таусылса, (ол Нұрқасымның қара үзгеніне қайғырып, құса болуда); жан-жары Сұлуқасының қас-қабағына қараумен екі таусы­ луда. Ол келіншектің болса қабағы қарс жабылып, баласын сағынып, әрі Ажаркүлдің қылығына күйініп, елдің ыбыр-сыбыр өсегінен жаны жарақаттанып бір гөй-гөйге түсуде. Емшегінің сүті тартылып, қысыр ақ ешкіні қақтап сауып, соның болар-болмас сүтін тамызықтауда. Алда тағы бір қайғы-қасырет қара бұлты төніп тұрғанын сезе ме, аһылапуһілеуден көз ашпады бір. Араға жыл жарым салып әкесі Нысанбек пен Омарғазы келе қалмаса де. Балқаш арқылы, жол-жөнекей жәмшік жалдап жеткендері осы. Әбден әлдері құри арып-ашыққан. Қуанбай қайтсын, малдарын сой­ ып, бие байлаттырып мәре-сәре. Әсіресе ұлдарын көріп, көзайым боп, сағыныштарын баса алмай, әжептеуір есейіп қалған оны кезек-кезек аймалауда. Ол болса шіреніп, шыттай киініп, әке-шешесіне шырай бер­ меуде: сендер мені шырылдатып тастап кеткенсіңдер деген кебін айтпа­ са да танытып, тұмсығын көкке көтеріп, көздері алаюда. Іштегі қатқан кек тоң мұздай, жуықпанда жібір еместей. Енді не істерлерін білмей таусылғанмен, Елшібек оны алдарқата: – Балам, бәсірең – кер тайлақ бүгінде құнан, мініп, әрлі-бері шапқылай, құмарыңды қандыр. Ат әбзелі даяр, – деп құйрық-жалы төгілген мініскерді кермеге байлап қойғызған. Бала: – Иә саған! Ат мінбей жүріп пе ем, ол маған таңсық емес... Елшібек: – Қой енді кергуді, Нысанбек атаң қалағасын, әжең де емешесі үзіле... «қалдыр» дегесін. Бала: – Иә саған, әжем өліп қалған... Елшібек: – Не дейд? Не айтып тұрсың, Күнімжан енемді айтасың ба? Жан-жағына қарап, Сұлуқас естіп қоймады ма дегендей, сақтық­пен Нысанбекті: «Тоқтар әкемнің басына апарып, құран оқытайын» деген сылтаумен боз үйден алып шыққан. Сұрады. – Рас, жылы өтті, жүректен қайтты, сіздерге хабарсала алмадық, қыс қатты, қар белуардан. Боран... – Ол өксіп қалды. – «Ла-ілаһа іллаллаһ», арты қайырлы болсын, жатқан жері жарық болып, қабіріне әр оқытылған, оқылатұғын құран сәулесі түссін, – дей көздерінен жасы парлап, «Сұлуқасқа қалайынша жеткізейік...» деген.

Күмбездеп салынған биік қабірге таяп, қоса ілесе шыққан Омарғазы екеуі тік тұра Құран хатімді заулатты. Баланың жіңішке үні қожыраған Нысанбек үнінен басым. Елшібек көзіне жас ала: – Рақмет балам! Ұлы атаңның басына құран сүресін оқуға жарағаның – ниетің түзу, ісің оңды болуының алғышарты екен, разымын... – Балаң зерек, тағы басқасын да жатқа біледі, әліп, би, ти, сиді оқи алмаса дағы, – Нысекең өксігін тия: «Қызыма қайтып айтайын...» деген сасқалақтай. – Мынау тағы тақ еткізе жеткізбесе... – Ақсақал, көксақалдарды шақыртып, соларға айтқызбасақ... – Балам, Омарғазы, естіп тұрсың ғой, анаңды аяғын, ол талып қалар, үлкендер жеткізсін, естиярсың ғой. Бала: – Иә саған, айтайын деп тұрған мен жоқ, құнаныма мініп, тау аралай­ мын, тауды сағындым ғой. – Ол құлдыраңдай төмен шапқылай жөнеген. ... Сұлуқаста дәрмен қалмаған, сұлық түсіп жатты да қойды. – Неге, неге айтпадыңдар! Жан анама топырақ сала алмадым-ау... – Айттық? Қайдан? Кім келе қояр, құс қанатына байлап жібермесек... Жә, буыныңды бекіт, арманда кеткен жоқ анаң, алды-арты толып, жиен-немерелерін сүйіп, ел-жұртының алдында кетті. Иманды болсын, қайтейік. Маған оңай болып па... – Иә, жер ортада атың өлмесін, жас ортада қатының өлмесін деген осы. Өздерің аман болыңдар, бала-шағаларыңның қызығын ұзағынан көруге жазсын... – Отырғандар қанша жұбатысқанмен, ана орны қызына айрықша-тын... Ал Нұрқасым жайында айтқаны: – Оны командирі, генерал – алыс сапарға, экспедиция дей ме, Саха­ стан, немесе, Алтай жаққа жіберіпті. Өткен жылы... Не үшін, неге, ке­ лешек кіші офицеріне сонша қадалатындай ол баламыз не істеп қойған, беймәлім. Хат жазыпты, мұны келінге тапсырыңдар, – деп Нысанбек ораулы қағазды Биғаным күтушісі – Ұлбикеге тапсырған. Ол жалма-жан бүктеулі қағазды со бойында қыз қолына ұстатқасын, қайта келіп: – Жылап жатыр, ішінде не жазу? – деп жалтақтады. * * * «Милая моя, бесценная...» Алыс сапарға кетіп барам, қашан, қай күні сенің ақ дидарыңды көріп, тал шыбықтай беліңді құшып, бауыры­ ма басам... Алла ұзақ күттірмеуге жазсын. Барып, құдаласармыз деген серттен тайып, сергелдеңге түскеніме, міне, жыл өтті. Кадеттің соңғы курсында командирім өшікті: несін жасырайын, оның қызы Надямен сенен бұрын дос едік, «аламын, үйленемін» деп айтпасам дағы, ол әдемі қыздың жүрегіне от тастағанымды әбден кеш ұқтым. «Елімде сүйген қызым бар, бізді атастырып қойыпты», – деп түсіндіріп баққаныммен

Надюша түсінер болмады. Генерал әкесіне айтып шағыстырды. Менің оқуымды аяқтаттырмады, Алтай, Якут дейтін қиыр шығыстағы ел­ дерге этнографиялық экспедицияға жинақталған топқа қосып, «көзін жоғалтайық» деген қиянпұрыстық оймен әдейі жіберді. Қайтейін, ама­ лым құрып кетіп барам... Мені сөкпе, қалқам, тағдыр екеумізді қоспауға жазса, амал нешік. Ал үш жылдан соң оралармын, сапар осы мерзімге негізделген. Сен мені осынша уақыт тосасың ба, жоқ па, бір есептен Бірінші дүниежүзілік соғыс басталайын деп тұр, егер бұл экспедицияға қоспаса, соғысқа жіберері сөзсіз. Қайда да болса, бір ажал. Алла жо­ лымызды оңғарсын, сәулеш, тілегіме тілек қос, жүрегіміздің бірге соққанына Билібастау куә. Айлы түн, сыбырлай соққан самал жел куә...» Осы жерге жеткенінде өкси жастығына құлаған Биғаным көз ал­ды­ на екеуінің бастау басында төске төс қағыстыра серттескендерін еске түсіре, «тоба-тоба, дұшпан көзден, қыңыр сөзден сақта, Тәңір!» де­ген­ дері алдын-ала сақтанғандары да сықылды ма еді-ау сонда. Сезгір сезім нені мегзеген сонда... Келешек атасына келіп жолыққан: – Ата, сіз қайтсаңыз, мені ала кетіңіз! Күйеуімді со жақта тосамын. Көкемді көндіріңіз осыған... – деген. – Балам, екеуміз осылай ұйғарғанмен, әке-шешең көне ме? Көрмеген, білмеген айдаладағы қаңғыбасқа қалайынша сеніп сені жіберсін? Шариғат сендерді қосқанымен, тағдыр қоспай тұр емес пе. Балам, ақ ниетіңе шүкіршілік, мен сені алып кете алмаймын, буын­ сыз жерге пышақ ұрып неге керек... – Тақуа Нысанбек кесіп айта­ тын ғадетімен қыз жүрегіне қанжар сұққаннан бетер қатты кеткенін аңғармаған. Өзі де қайтуға жиналып, мұндағы жұрттың сый-сияпатына әбден разы екендігін білдіре, бір айдан бері жамбасын төсеп жатқанына ыңғайсызданған кейіпте. Қызы Сұлуқас әкесін әлі де ұстай тұрар ма еді, егер Биғаным бүлік шығармаса. – Сіз алып кетпесеңіз, өзім-ақ жол табам! Верныйға жетсем болды, Ажаркүл жеңешеме, ол кісі жол табар, мені бір түсінсе, сол кісі түсінер... – Сені кім жіберейін деп отыр, Нұрқасым аман болса, өзі де жол табар. Ал Ажаркүлге сені барғыза қоймақпыз ба? О, несі, онсыз дағы, Нұрила шешең бүйрегіме біз сұққандай, екінің бірінде айтып, абырой­ ымды айрандай төгуде. Бармайсың ешқайда! – Елшібек қатулана, кер маңдайына қатыгездік табын орната, бұрын-соңды бойынан табылмаған мінез танытқан. Биғаным боздай отауына кетті, Ұлбике қанша жұбатқанмен, солығы басылмаған қыз со бойда бүрісіп, бүктесіп жатты да қойды. Асқа келмеді, сусын да татпады. Күтушісі сасып, үлкен үйге қайыра жүгірді: – Аштан өлтірмесеңдер, бірдеңе етсеңдерші, түге! Алдап-сулап бол­ са да, жиен қыз-ау, – деді Сұлуқасқа: – Ақылың бар емес пе, сен де Елші­екеңе қашып тигенсің, біз білмейді дейсің бе? Бір елдің адамы

болғасын да... – Ол – Ұлбике Ысты дейтін Іленің бергі жағында кең жайылып отырған ұлысқа осы жақтан айттырылып, күйеуі бертінде қайтыс болғасын, мият тұта, паналай, Елшібек ауылына келген беті еді. Қызылшырайлы, бүйрек бет, толықша, қырықтардағы қажырлы қатын. Өжет те. Сұлуқас қасын кере сәл-пәл жымың ете: – Мырзам тым қатал кетті ғой, менің де қынжылып отырғаным, әкеме айтып көндіріп көрейін, еркемді ала кетсін. Азар болса, бірер жыл со жақта тұра тұрар, Нұрқасымның жолын тосып, – Нысанбекке сөзі өтетініне көзі жетеді, анасы тірі болған кезде де, тілазар шалына осы қызын жұмсап, қыңыр бетінен қайтаратын ылайым. – Мені де қоса ала кетсін, бұ жақты жерсініп жүргенім жоқ, және де Биғанымды қалайша жалғыз жіберем, – демесі бар ма қайсар қатынның. Естіп отырған Елшібек те, Нысанбек те таңырқаса қараған оған. Сұлуқас жымың етті, бұл ұйғарымы тегін емес, бір айдан бері әкесін күтіп, суын әзірлеп, сусынын алдына қоя биапар боп жүргені – жүрген. Қайткенмен бір ойы бары белгілі. Әкесінің қанша өмірі қалды, қарақұйрықтың тұтам құйрығындай қысқа ғұмырында жасы жеткен кісіге жалғыз болу да қиын. Қызы осыны ұғады, ұғады да іштей жорамал­ дайды: «Әкем де кетәрі емес қой, Ұлбикеге деген назары бөлек. Келінбаланың қолына қараған күн – күн бе... Күнімжан анасының орны толмас-ты, әрине...» Бұл гәптің сырын өзі ғана суыртпақтап білмекке, тағы бір жолында: – Жеңге, Биғанымға мырзам ұлықсат етсе, сенің де қоса кеткенің дұрыс қой, ал бірақ о жерге кім болып барасың, айтшы,– деді қиылып. Бір жағы туған әкесі мен айдаладағы біреудің арасына дәнекер болғанына болдыра түссе дағы расын білмекке құштарлана Ұлбикені сөзге тартты: – Несін жасырайын, жиен қыз-ау, әкеңді ұнаттым, менің теңім! – деп қалғаны әй-шәй жоқ. Масқара, енді бұған Елшібек қалай қарайды, он­ сыз дағы шала күйіп отырғанда. Қолын бір сілтеп тысқа беттеген: «Беті ашылған ашынулы жанға дауа жоқ» – дегендей. Талай бетсізді көріп жүріп, қатынның «мен оны ұнатамын» деуі, ер­ кектен бұрын, естілмеген жайт. «Осы заман не боп барады»? Әйел за­ тынан иба, еркектен ұят кетсе – ақырзаман орнамақшы ма. Бұрынғылар айта беретін: «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған еркекке қыз артылар» деген тықырдың таянғаны ма шынымен...» – Қынжылса да, ендігі қиындық – Биғаным жайы. Қызының қарғыбауына келген кер жорғаның бірін тақымына басқан Жәмеңкенің дау-шармен шаруасы жоқ. Тізгінді Нұрилаға бергелі арқасы – қырат, жағасы – жайлау. Аз ғана мал-жандығын бағып, тау­ дан түспейді. Елшібекке оның үйінде болғаны да, болмағаны да бәрібір. Нұрила қарындасы екі иығын жұлып жеп, әйтеуір үйінде, шүкір. Тоқтар әкесі баяғыда енші бөлгенде, бұларды да құр қалдырмаған. Біраз мал,

дүние бөліп бөлек отау шығарғанмен, қырсыздық па, әйтеуір-ау әйтеуір шыр бітпеген. Мұны да бауырынан көреді, жұлынып кеп, қашанда сызбеттеніп саза­ рып жүргені: «Бай байға құяды, сай сайға құяды; шұқанаққа боқ та жоқ» деген аталы сөз дұрыс-ау, тым құрыса қызы – Биғаным бар жерге бар­ сашы. Келді атасы, өңкиген, қаранардай бітім-болмысы бөлек. Кемпірі қайтыс болды дей ме, соны сылтауратып құр қол келгені несі? Құдалыққа ырғалып, жырғалып келеді дейтіні қайсы? Нешеме айдың жүзі өтті. Әлгі пагон таққан сыриған әскери күйеуі қайда? Оның жылтыр, сұлу бетін езіп іше ме. Енді қайынатасына еріп кетем депті. Сұмдық-ай... – Жә, долырма. Биғаным – бірбеткей, бәрібір айтқанынан танбай­ ды. Қашып кетсе де кетеді түбі. Мұнда не абырой! Не әрі, не бері емес, тұсалған біреу. Ұнатыпты бірін-бірі. Серттескен, тосамыз дескен. Құдаң онша да тақыр кедей емес, мыңғыртып мал ұстамаса дағы, шаруасы мығым, өзі ел-жұртына абыройлы, татар-қазақ медресесін түгесіп, елінде мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеп, талайдың батасын алған жан. – Оның батасын мен шай қатық қып ішем бе, о, несі? Құрқол келгені несі осы жолы, ә? Жұрттан ұят-ай! Дәметіп, айнала ағайын ол отыр, құдаласып жатса, біз де несібемізден қағылмайық деп. Бата оқып келушілер қаншама, құдды менің құйрық май жесіп, құдаласқан құдағайым өлгендей. Оның бет-жүзін де көрмедім, енді кеп қызымды қайынатасына тектен-тек ертіп жіберетін ойың. Сұлу қатыныңның дегеніне майдай еріп, балдай езілуіңе жол болсын... – Нұрила шаптығып әлі де басылар емес-ті. Елшібек ойлады, айтқанының бәрі орынды, үкілеп баққан қызын танымаған айдаладағы қаңғыбасқа, ол қиыр-қиыр сапарға аттанды екен деп, жібере салу жөн емес қой. Олай болса, Биғанымды шідерлегендей үйде ұстау керек, келсін күйеуі, ата-салт жоралғысын жасап, құда-жегжат атанып, жұрт алдындағы бетімізді ашып, асар тойын жасап алсын алаты­ нын... Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе. Сұлуқас енді-енді жол жүрейін деп қамданған әкесіне: – Әке, осы сіздің Верный қаласында ескі досыңыз бар емес пе еді... Жол-жөнекей соғып, сәлемдеспеймісіз? Көптен ат ізін салыспады­ ңыздар, – деген айқабағына сұрау ұялатып. – Иә, жөн, ол неге керек? – Енді қайтып бұ жаққа ораласыз ба... жалғыз кеткенше, ана Ұлбикені ала кетіңіз, көніп отыр ғой. Мырзам да қарсы емес сықылды. – Оны кімім деп апарам, жамағат-жұртымнан ұят емес пе. Ендігі тек Алланың түзу жолын күтуден басқа менде не қалды... Сұлуқастың ойы: егер Ұлбикені ертер болса, Биғаным да қалмас... Нысанбек ойлана-толғана Ахметжан досына соға кетуді оңды санаған. Елшібекке айтып:

– Маған ергін, күйеубала, Верный қаласына баралық, ал анау жесір қатынды маған қосатын шын ниетің болса, осы арада некемізді қидырт, шүкір-шайыңды жаса, қызым да осыған райласады, – деді аспаннан түскендей, найқатылып жатпай. Ал Елшібек өзінше: «Сұлуқас та қызық, әкесіне әйелді өзі айттырып... Е, баяғыда енеміз Күнімжан марқұм да қызын маған өзі шығарып бермеп пе еді... Бір жағы арсыз қатыннан тезірек құтылғысы да келген, «сынықтан басқаның бәрі жұғын, келе-келе ауыл әйелдерін бұзып жүрер...» – деген. Некелестіру жағына ойланды: халқы қалай қарайды? Табалап мына жақтан Бижігіт, мына жақтан дос-дұшпан шықша ше... «Кәрі атасына бетінен әрі, белінен күші кетпеген тұл қатынды су тегін қосып», шындаса, осы атырапта да ол қатынға әукесі салбырағандар аз емес-ті. Арғы-бергі жағында шіреп, теке тіресер, дауласар ағайын-туғаны жоқ, соқа басты, бас бұйдасыз қатынға кім қызықпасын. Соның бірі – Құсманғали, өзінің атқосшысы, әрі қолғанаты. Қырыққа таянса да басына ноқта салынбай бойдақ жүргені – қалыңмалын матап, айттырып алар қолының қысқалығы. Апырау, мұны неге бұрын ойластырмаған... Тоқалымен ақылдасты: ол айтты «менің Верныйға баруға мегзегенім – әкемді сол арадағы мешітте Ұлбикемен некелестіру еді ойым». Келіншегінің тапқырлығына риза болған Елшібек өзі де, бір жағы атасының қолқалауымен Верныйға бармаққа ниет қойған. Ал Құсманғалиға осындағы жас, бойдақ қатындардың бірін өзі айттырып, отауын құрып отандастырар. Сұлуқас: «мен де барсам қайтеді, мырзам, ел-жер көрейін, Омарғазыны да ала шығайық. Биғанымды да», – дегенін жарына қайыра айтып еді. – Е, қарсылығым жоқ, анаң өліп, көңілің жабырқап жүрсің, жүр, сейіл, ал Биғанымды ала шықсақ, осындағы түлен түртіп, шаптығып отырғандарды қайтеміз. Онсыздағы басымыздан дау кетпей, жауды көбейтіп отырғанымызда. * * * Биғаным науқастанып, басын көтере алмай жатыр екен дегенді естісімен, Сұлуқас қасына нөкер ертіп, үйлеріне бас сұққан. Құрқол бар­ май, Нұрилаға шай-қантын, күміс жұмыр қос білезігін, басына төгілген жібек жаулықты тарту-таралғыға апарған. Әншейінде тырсия түсін жы­ лытпайтын қыз шешесінің жадырағанын көрсең. Сом күмістен соғылған қос күміс білезік Нұриланың түсіне де кірмейтін. Ал Сұлуқастың жо­ марттана қалуы – саясаты, қайтсе, Биғанымды үйінен алып шықпақ. Биғаным басын көтерді, шайға келді. Жүдең тартқан бидай өңінің құты қашыпты. Көздері кіртие, әлсіз үнімен жеңгесіне: – Мені осы тас қамаудан алып шығыңызшы, тәте. Құсадан өлетін шығармын, мыналар менің халімді қайдан ұқсын, жас боп көрмегендей

өздері. Тым құрыса, оқуға түсейін, Нұрқасым: «Оқы, әлемнің тұтқасы – оқуда, білімде», – деп еді. Верный қаласында қыздар гимназиясы бар екен дегенді еститінмін... соған апарып түсірсінші көкем. Көнді­ ріңізші, құлдығың болайын тәтетай... – Моншақ жасы төгіле жа­лынған қайынсіңілісіне жаны ашығаны сондай, өзі де жыларман Сұлуқас: – Еркем, онша егілме, жақсы ой салдың, оқу, әрине сылтауың ғой, ары қарай... кетесің ғой, иә? – деді. – Жоқ, тәте, ойымнан қайттым, онда не бар маған. Бауырыңыз аман келсе, қай-қайдан да таппай ма. – Ендеше, жиналып, тергеліп даяр отырғын. * * * «Балаларыңыздың барлығы қой бағып қалсын ба...» Ажаркүлдің осынау тіке айтқан сөзі Елшібек көкірегіне тікендей қадалса да, есінен әлі кетпеген. Расы, қой бағуға, жылқы күзетуге жалшы-жақыбай да жетпей ме? Жылаңқы байлар құсап өз кіндігінен тараған ұрпағын малға байлап қоймақ па. Әлде Жалағаш-Кегеннен кет­ се, адасып кете ме. Сонша малды мыңғыртып, жал-құйрығын төгілтіп топырлатқанда күндердің күнінде ұстағанның қолында, тістегеннің азу­ ында кетпесіне кепілің қайсы... Заман не болады, әйтеуір бір тықыр та­ янып келе жатқанын сезеді. Сезеді де шошынады: «Қашанғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш жәйлі күйі тұра бермек. Нұрқасым да әлдебір сұмдықтарды айтпап па еді. Көзі ашық, оқыған зерек жігіт. Аман-есен келер...» Алдымен Кенжеболатты орыс оқуына, Моловодное деген посел­кедегі жеті жылдық мектепке түсіру. Үй жалдап оқытса да. Ал қарында­сының Верный қаласындағы қыздар гимназиясына түсіп оқимын дегеніне бір жағы көнсе, бір жағы көнбейді: «қайда жатып оқиды? Қу қыз бізді тақыр жерге отырғызып кетпесе, Нысанбекке ілесе, Іленің арғы жағынан бірақ шықпаса...» Пар ат жегілген ырдуан арбаға әйелдер жағын отырғызып, өздері атқа қонған. Қайынатасына қаракер жорғаны сыйға тартса, Ұлбикені ала кет­ се, жаяуламасын дегендей, оған да жуастау торыны ұсынып: – Ұлбике, сен де біздің елдің қызысың, әкең бай болған кезінде, ырғап-жырғап ұзатқан сені. «Елім, жұртым» деп бізді паналап келгесін, тілегіңді орындап, Нысекеңе ертіп жіберіп отырмыз. ... «Қалыңсыз болғанмен, қадесіз қыз болмас» дегенді бетке ұстап, торы атты саған сый­ лап тұрмыз. Аздаған жасауың мына теңде, Сұлуқас бәрін ойластырған, – деді сақи-жомарт мінезіне баса. Ұлбике рақметін айтар деген, бірақ ол қатын тырсия теріс қараған. Не ойы барын өз білсін. Азырқанса дағы, мейлі... Тақуа Нысанбек әйелдің неге бұлданғанына ой жүгіртіп жатпады. Кер жорғаға мініп, тақымының тершігеніне мәз, Пайғамбар жасы­

на таянғанмен, әлі күш-қажыры бойында екенін таныта, жортақтай алға түсіп берді. Елшіекең қамшы салғызбас баяғы Сары үйсін елінен сатып әкелетін жабайы тарпаңның сілемі – Сандалкөгіне міне ата­ сымен қапталдасты. Әйелдер жағы арбада, бірі басына күндік тарт­ са, бірі – желеңі төгілген сәукелесімен, бірі – бөртпе шәлісін салына – күбір-сыбыр әңгіме үстінде. Омарғазы, құнанымен аталарына ілесе, бірде ұйытқи алға оза, бірде соң, бала көңілі алабұртып, шарқ ұруда. Сұлуқас тұңғышының ор текедей ойнақтаған қылығына мәз. Күтушісіне қалдырып кеткен Айнұрын бір сәт ойлай: – Емшектен шықпаған, алып жүріп ауыртып алармыз. Ақ ешкінің сүтін қайнатып, жылытып, тоңазыған қазының майын салып, аузына тосар, тек анасын жоқтап жыламаса болды да. Емешем езіліп, өзім де сағына бастадым қарғашымды... – деген қиял үстінде. Құмдауыт тақыр дала өзі туып өскен жерін есіне түсіре, ойды ой қуалай Билібастауға тірелген. Иә, бала күнгі ойнайтын қайнар су, жағалауы көгал, қамыс-қоға; серіктес жеңгесі Әлишамен барып, тастай суына жуына, қыз-қиялын төге: «Айтшы, бастау, мен сүйген жарыма қосылам ба? Ол қайда, ғайыптан тап болмаса, осы төңіректе мен армандаған ер де кербез сал жігітті кезіктіре алмадым. Жоқ қой... Кім менің жүрегімді жаулап алар, сондай адамыма мені тап келтірші, Билібастау...» – дейтін табына. Кезіктірді. Қылшылдаған жас болмаса да, қиықша көздерінің ұшында ұшқын ойнаған, орта жастағы, апайтөс жігіт ағасына. Бір көргеннен жүрегіне от түсірді. Екеуі алтыбақанда тербеле қайым айтысқа түскен, ол жеңді, бұл жеңілді... Сол жеңілгеннен қыстың қырауында те­ резеден қашып шығып, Елшіекеңнің жар жолдасы болған. Өкіне ме. Жоқ, қос құлыншағын туып берді. Бір ғана құшағына қыса: «Айым, күнім!» деп аймалауына мына кең дүниенің бір күнін де теңгермес ем...» Алқып, шалқып отырған қалпы. Ысқырынған бәйбішесін де жеңді. Ал Ажаркүл... Ар жағын ойламады. Ол қатынды есіне алса-ақ аһ ұрады. «Неге, неге сөйтті екен?» деп. Кең болсаң, кем болмассың. Бұл анасы Күнімжан нақылы. Екінің бірінде айтып отыратын. Со құсап, кей-кейде қасында айналшақтап, жүріп алатын жарына: – Ажақаңның жағдайын барып білмейсіз бе? Құсаланып жүрмесе, – дейтін ғой. Алдыңғы екі қосағы – бәйбішесі мен кексе тоқалы енді есіне түскендей, Елшібек екі айтқызбай кете баратын. Ажаркүлді сүйіп алмап па еді... Көп тосылып қалса о жақта... сарғая тосатын, қызғаныш дейтін су жыландай жіңішке бәле көкірегін кеміретін. Білгізбейтін Сұлуқас. Ба­ сына түскен тағдырына баспақшыл, мойынсұнады да. Ажаркүл болса, бойына да, ойына да сыйғыза алмады. Аяғы анау, қор боп, таяққа сүйеніп қалғаны. Жыл жарым уақытта жағдайы қалай болды екен... Мырзасы аяқ баспады, көңілі қалған. Көне алмады ғой Ажаркүл, түптің түбінде ол тоқалымен (кей-кейде бәйбішесімен де), бөлісе алмады жарын. Қазіргі хал-жайы не болды екен, ә?...

* * * Елшібектің Ұлбикеден тезірек құтылуға қарманғаны мына жайт. Бала күнде кім-кіммен ойнамайды. Тай мініп, бай балалары жарысса, шаң боратып, жаяулай жүгіріп кедей балалары борсалаңдайтын. Елшібек еншілеген тайына мініп жортаққа сала бергенде, қара құлынды бір бала мұның шаужайына жабыса кеткені. Басында малақай, қысы-жазы ба­ стырып киіп алатын әдеті. «Тазы бар шығар...» дейтін еді, десе де әкесі шалқыған бай, арғы аталарын Қаржау батырдан тараған дейтін және де. Бала аударып алмаққа күш салды, Елшібек тайын төпелете өрге озды. Анау қалыспады, екеуі жұлқыласты, кенет аударылды: жерге екеуі де топ ете түсті. Бірақ Елшібек оның астында, ол – үстінде. Күшене үстіндегіні аударып тастауға қанша мықшыңдаса да бала Елшібектің шамасы ке­ лер емес. Алды да оның басындағы малақайын жұлып, лақтырып кеп жіберген, қос қолаң шаш бұлаңдай мұның бетін жапты. Масқара, ер бала деп жүргендері қыз бала боп шықты! Бұрымды сілкіп тастап, бетіне қарады, қарақат көздері жәудірей қыз жәутең қақты. Бәсе, бәсе бет әлпетінің нәзіктігіне қарап оны ер бала деуге қимайтын әсте. – Өй, сен... кімсің? – Мен бе, мен Ұлбикемін... – Онда неғып ұл болып киінгенсің, бәрімізді алдап... Қыздың астына түскеніне намыстанғаны сондай, бала оны аудара атып тұрды. Үркіп шауып кеткен тайына ұмтылды. Қыз еңірей жылап қалған. Бұл да атасы – Дәулетбаққа жылап келе: – Мені қорлады, көпе көрінеу ер бала болып киініп, жұртты алдап, оның қыз екенін білгенде аударыспақ ойнамайтын едім... Мұның соңы үлкен дауға айнала, ақыры Ұлбикені әкесі кәмелет жа­ сына толар-толмасымен ұзатып, Іленің Балқашқа құятын Құйған дейтін жеріне аттандырған. Міне, содан бері Елшібек оны көрген емес, Ұлбике де бұ жаққа аяқ басқан емес. Алды-артын жұтып, сап ете пайда бола қалғанына Жалағаштықтар жатырқай, үдере қараған. «Е, қайткенмен жесіріміз ғой», – десіп кеңшілік те жасаған. Елшібек ішіне қатқан тоңмұздан айыға қоймаса дағы, сандалып босқа жүрмесін, ішім-жемнен тарықпасын деп жиен қарындасына күтушілікке қойып, жанашырлық көрсетіп баққан. Ал Ұлбике пейілі онымен кеңи қоймаған: «Неге мені кемсітті? Алқып-шалқып, асқақтап кеткені сондай, мені бір кездегі Асанның шалқақтаған қызын теңі санамады. «Әмеңгерім» деп иек артып келіп ем ғой... керек десең төртінші тоқалы болуға да...» ... Өрден түсіп Малыбайға да жеткендері сол, соңдарынан қуғын сап сойылдарын шошайтып жеті-сегіз аттылы келді. – Жесірімізді даулап келдік, қане, босатыңдар, алып кетеміз! – Не тантып тұрсыңдар, қайдағы жесір...

– Асан бай біздің елдің адамы еді, олай болса – Ұлбике бізден ұзатылған. Су тегін, ақылдаспастан да әкетіп барасыздар... – Жігіттер, қойыңдар жоқ жерден дау шығармай. Кімнің жетегіне еріп, кімнің қолшоқпары екендіктерің белгілі, арада отыз жыл өткенде ескіні жаңғыртып қызылкөз бола қалғандарыңа жол болсын, Қарабөріктің есерлері! – Елшібектің ашуы қайнап, қыран көздері жалтжұлт ете оларға тесіп жіберердей қадалған. Аналар тосылды. Ұлбике арбадан түсіп, торысына қонақтады. – Әй, оспадарсыздар, менің жоғымды жоқтай, дауымды қуда­лай­ тындай сендер кім едіңдер, ә?! Әкемнің сүйегін қозғап, жоқ жоқтай келетіндей... Байым өліп, одан балам суға ағып шейт болған қай­ғылы – қара жамылып отырғанымда қайсың басымды сүйеп ағайын­шы­лық көрсетуге жарап ең? Сүйекті жердің жесірі еді-ау деп, мен осында келгелі қай «туғаным» қазақтың рәсімшілдігімен есік-төрін көрсетіп еді... – Қай байыңның қашан өлгенін біз қайдан білейік... сауын айта жіберген кісің қайсы? Жер арқасы қашық, әйткенмен, елім-жұртым бар еді-ау деп ескерсең, бармай қайтер ек... Астындағы жорғасының тізгінін тарта Нысанбек ошарылған топқа жақындай бергенде: «қай байыңның қазасына...» дегенді анық естіді. Естіген бойда-ақ іш жиды, қызы Сұлуқас та сазарып салды. Елшібек екібастан басын кегжите, мұртының қылышы дірілдей: – Қайт жолдан, бар! – деді даусы тылсым ауаны тілгілей. – Қайтқаны несі? Неге қайтам, қайда барам... – Ұлбике өңі-түсі құбыла Елшібекті түтіп жіберердей. Ол: «Осының арты лаңға айналып кетпесе...» дей әліптің артын баға сабырлы тұрғанымен, «қай байыңның қазасына...» деген даукес жақтың сөзі қамшылай түсіп: «Аш бәледен қаш бәле...». Бұл қатынды қайтару керек... Нысанбек қайынатама түсіндірерміз, еліне жалғыз жіберу де қиын, әрине...» – деген. Сөйтті де: – Қайтсын, қайтасың сөзсіз, қуғын сала келгендер құр қол қайтпасын, бастан құлақ садаға! Сені біз шақырғанымыз жоқ-ты, бар! – деген үні нақты шешімін айтқандай болғаны сондай, ешкім ештеңе дей алмаған. Жауласа келгендердің де үні өшті. Қатынның торысының тізгінін біреуі ала кері шапқылай жөнеген. Қалғандары ере, қараларын бір-ақ үзген... Күйеуіне шаралы көздерін төңкере Сұлуқас: – Мырзам, дұрыс шешім жасадыңыз, әкемнің де басын жұта ма деп, зәрем қалмағаны. Әкем түсінеді ғой... – Атам қазақ әу бастан айтқан: «Даулы қатын – жаулы қатын, соңынан бәле ертпей жүрмейді». Бізге ол даудың керегі жоқ! – Елшібек шешімін бірақ түйе: – Шелекке иек артып қалдық, сол жерде түстеніп, тынығып, жолды жалғастырармыз – деді. «Нысанбек қайынатам енді жоспарын өзгерткен шығар, ол Ахметжан досына бармайтын болды ғой». Айтқанындай-ақ Нысанбек:

– Түстеніп те, тынығып та алмасақ болмас, мен енді тура Ілеге тарта­ мын, қиғаштай жүрсем, қайта жолды қысқартам... – Сіз бұ жақтың жолына қанық па едіңіз? – Қанықпын. Жалғыз сен ғана ма ең, ел кезіп, жер шалған... Атасының әлдебір түйінді ішіне бүккенін Елшібек аңғарды, ыңғай­ сыздана тоқалына қарады. Сұлуқас әкесінің нойыс мінезіне қанық. – Әке, дәу де болса, сол қатынға бола іш жиып бара жатсыз ба? Көрдіңіз ғой оның сойқанын, соңынан лаң ертпесе жүре алмайтынын? – «Қара бақ» деуге аузы бармаған: – қып-қызыл шоқ қой ол... бассаң табаның күлдіреп қалатын. Шелекте біраз аялдады, таныстары Елшібекті жібермей, кезек-кезек үйлеріне шақырып, дәмауыз тигізе, ескі көзкөргенін сағынған рай та­ нытысты. Бір ұйғыр тамыры қызын ұзатып жатыр екен, олардың да той жасау рәсімін көріп, таң-тамаша болды. Би мен әннен, даңғыраған әуен­ нен жалықпады, оның үстіне неше алуан тамақ, тандыр нан, кеуді­ретіп қуырылған санза мен неше алуан шелпек, майы сорғалаған палау – несін айтсын, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей бұлар небір қызыққа батқан-ды. Тағы бір қызығы – еркектері бір бөлек, әйелдері бір бөлек отырып, дәм татуы. Елшібек ер-азамат, ақсақалдар орта­сында. Ұйғыр тіліне қанық ол атасының түкке түсінбей мақрұм отыры­сына күлкісі келген. Құлағы «Түземдіктерге арналған мектеп» дегенді шалысымен, оңашада ол не деп сұраған. Шавай: – Шелекте мектеп ашылған, жергілікті халықтың – қазақ, ұйғыр, дүнген балаларын оқыту үшін, соған жер-жерден шәкірттер іздестірілуде. Қазақтар балаларын бергісі келмейді, – деді досы. – Оған түсіру үшін нендей жағдай керек? – Әркім хал-қадірінше... Мәселенки, мал беру, ақшалай да... Елшібекке бұл жағы қатты ұнады: шүкір малдан кенде емес, сауда­ гершілікпен айналысқан ат басындай отыз жылға жуық шамада мал­ дан өзге жүз мың сомға жететін қазына жинап үлгерген. Енді балаларын оқытудан басқа, білім-ілім беріп, көздерін ашып, көкірек­теріне саңлау түсіргеннен өзге мақсаты жоқтай көрінгені сондай, шалқи түсіп: – Шавай, мені кәмесия тізіміне қосып қой, бір айналып келем, қаражатын молынан әкелем, екі баламды (біреуі – Кенжеболат) және жалшы-жақыбай балаларын, әгәрәки оқуға құлқы барлары болса, әкеп оқытамын. Өзіңе де бір он шақты қойды кіргізіп қоямын, өйткені, менің екі балам сіздің үйде жатып оқиды. – Деген кезде ұйғыр досының көз­де­рі қалың қас-қабағының астынан шырақтай жайнап: – Құп, құп! Құзырыңа құлдық, хоп мәйлі, – дей берген, он шақты, құйрықтары тегенедей қойларды көз алдында өрістетіп. ... Ал Биғаным бұған қалай қарайды, онымен ісі болмады, атасын Ілені бойлай, өткелге жеткізіскен шамада қыз кенет бүлінді:

– Атамды қалайынша жалғыз жібересіздер, көке, мені ілестір­- ­се­ңізші... Нағашы ағасының бұған үзілді-кесілді қарсы екенін сезе тұра, көпекөрінеу ардың-гүрдің мінез танытты. Елшібектің мұртының қылышы қиғаштана: – Айтпап па ем, бармайсың деп! Не деген тілазарсың, Шелекте жергілікті ұлт балаларына арнайы мектеп ашылыпты, соған Кенжебо­ латты оқытамын! Ал өзіңді Верный қалашығындағы қыздар гимназия­ сына түсіріп қайтамын осы жолы. Тағы да қора-қопсылы бір үй сатып алуға қаражатым жетеді. Сен сонда тұрасың. Жарың саған шын жар бол­ са, қайдан да іздеп табар... «Жарың – шын жар болса...» қыздың меселін қайтарған аса ауыр сөз. Кім күмәнданады, мейлі, ал өзіне Нұрқасым ынты-шынтысымен берілген асыл жар. Күйеуі де...некелеспесе де, Құдай қосқан, өздері ұйғарысқан. Билібастау басында құшаққа құшақ айқаса серттескендері: «Мәңгілік сендікпін... тосамын, тура Билібастау басында...» Жорға қаракерімен паромда жүзіп бара жатқан атасына: – Сәлем де Сары үйсіннің самсаған қалың еліне! Билібастауға менің назымды, зарымды да жеткіз, ата! Балаңызды мәңгі-бақи тосамын, біз, Нұрқасым екуіміз сол жерде табысамыз... Шелектің жұлқынған желі қыз мұң-зарын ала қашып, төскейдің әр бұта, шөптесін қауына байлап, айдалаға ала қашпаса, Биғаным зарын, сағынышын, тебірене толқуын сонау мұз бен тоң құрсаулаған қиян­дағы (Күншығыстағы да) Саха еліне жеткізер де. Нұрқасымның құлағына Ұлы дала сахарасының сазындай құйылар да...

Екінші тарау МИУА – БӘЙТЕРЕК НЕМЕСЕ СЕЗІМ ТОЛҚЫНЫНДА М ұстақым тақымдап Шынаргүлдің мазасын әбден алды: «Темірханның үйіне барайық», – деп. Қыз қашқақтайды, өйткені Темірхан дегенді білмейді, танымаған жерге несіне барсын. Әу бастан анасы Нұрғаным құлағына құйған ғой: қыз баланың салаңдап қыдыра бергені дұрыс емес деп. – Аға, мен бармаймын, танымаймын ол Темірхан дегеніңізді. Оның бер жағында қолым тимейді. Гранкаларды оқып, типографияға апаруым керек. «Қызықсың, қонаққа шақырып жүр, жеп қоймас, барайық жұмыс аяғында», – Мұстақым да бет алғанынан қайта қоймас. ...Көптен төбе көрсетпей кеткен жақсы ағасы – Мәтиешті жоқтады. Ақылдасу керек, он жетіге жаңа толған жас өспірім қыздың алдында мұнар күздей таңдай қақтырар жақсылық та, жамандық та торын құрып тұрғанынан тым бейхабар-тын Шынаргүл... Иә, Темірхан дегенінің үйіне, бастығы қолқалап қоймағасын, ба­ рады ғой. Әке-шешесі құдды бір келіні табалдырығынан аттағандай бәйек те мәре-сәре. Енді түсінді, Темірханға қосу екен Мұстақымның мақ­саты. Бұларға туыс болып келетін оның неменеге сонша шыр-пыр болуы­ның себебі – қызды жиеніне алып беру екенін балаң жүрегі сезді. Сыр бермей, орта бойлы, дембелше, сұр жігітті бақылаумен болды. Бы­ лайынша салмақты, біртоға тұйық мінез жас жігіттің ішінде нелер қай­ нап жатқанын қайдан біле қойсын-ау. Ал тұрмыстары әлдекім­д­ермен салыстырғанда көш ілгері. Сол – сексенінші жылдары, күші келген­нің де қолы жете бермейтін жиһаз бұл үйде сіресіп тұр. Дастарханында да небір қат тағамдар – кәмпит, шекер, бал және сарымсақ пен түрлі шөп, бұрыш қосып ішекке бүрген үй шұжығы. Әке-шешесі де бір аңқылдап тұр­ған аузын ашса, көмекейі көрінер жайсаң жандар. Темірханның жұмысы

да осал емес, аудандық тұтынушылар одағында белді қызметкер. Міне, қымбат үй жабдығы, мол дастархан қайдан... Ас ішіліп болысымен Шынаргүл шеттеңкірей, әрі шығып кетсем деген оймен, ауыз үйдегі жәшікке отыра қалмай ма. Сол кезде жұқа беттақтай опырыла, ұн салған жәшікке күмп бермей ме қыз байқұс. Сасып, әрі ұяттан өртене жаздап, жазған басы далаға тұра жүгірсін. Үй ішіндегілер қарқылдай күлсін, әсіресе – Мұстақым. Ықылық ата, тұтамдай бойына сай шиық-шиық күлкісі күлместің күлкісін келтірердей. Енді қайтсын, аяқтары тырбаңдай жұқа жәшікке күмп берген қыз, бұрқ ете шашылған ұн – кино түсірсе, таптырмас кадр еді... Содан соң Шынаргүл Темірханның үйінен айналып өтетін болған, жұмысынан да маза кеткен: Мұстақым әлгі көріністі әркім-әркімге майын тамыза айтып, шықылықтай күліп берекесін алған. Кетуден басқа амалы қалмағасын, Шынаргүл күндердің күнінде аудандық ком­ сомол комитетіне барды да, бірінші хатшысының алдын тосып, ұзақ отырды. Шашы үрпиген тырнадай арық секретарь қыз: «Не жұмыспен келдіңіз?» – дегенді сан қайталап, бастығына кіргізбеудің амалын жасап баққан. Бұл дағы қасарысып отырып алған, «Сары үйсіннің сілемі» деп тегін аталмаған болар, қақшиып, міз бақпай отырғаны отырған. Кенет дөңгелек жүз, бойшаң, қараторы жігіт кіріп келе: – Анау-мынау хабарласты ма, аупартком екінші хатшысында төртте жиналыс, Оспановқа хабарлап қой, есепті тездетсін, – деп есігінің көзін күзеткен қызға бұйрық берді де, Шынаргүлге көз тоқтата: – А, сіз маған келіп пе едіңіз, не шаруамен? – деді көздері күлімдей. Ана қыз бұртиып дәлізге шығып кетті. – Иә, ағай, мен сізге бір шаруамен келіп ем. – Кіріңіз. Тек асығыспын, тоқ етерін? – Ол кеңсесіне енгізе, Шынаргүлге орындық ұсынды. – Ағай, отырмай-ақ айта берейінші, – дей есікке жалтақтаған. Жаңа­ ғы шанышқыдай қыз кіріп келе ме деген қаупі. – Жоқ, отырыңыз. Рұқсатымсыз үстіме ешкім кірмейді. – Ағай, маған бір жұмыс тауып беріңізші, мүмкін болса, алыстағы ау­ ылды жерлерге. – Ол өзінің оқуға түсе алмай, уақытша аудандық газетте корректор болып жүргенін қысқаша баяндады. Күлімкөз жігіт жымың етті де: – Алыстағы ауылда өзіңіздей жүзінен мөрі тамған сұлу қызға мен сияқты бойдақтар көзі түсіп, алып қашып жүрмей ме? – дегені. – Айтпақшы, атыңыз? Шынаргүл есімін де, ныспысын да айтты. – Менің Жұмашев екенімді білерсіз, атым – Құрман. Ал өзіңіз осы Есіктенсіз бе? – Негізі Кеген жақтанмын, осында нағашыларым тұрады, Қасым де­ ген, ол кісі осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған. Нағашы апам... – дей бергенде, әлгі шанышқы қыз басын сұғып:

– Оспанов келді, кірсін дейін бе? – деген аларған көзінің қиығынан бұл жаққа да зіл тастап үлгере. – Тоса тұрсын, сәл-пәл. Ал, Шынар, жұмыс дедіңіз, сонда қандай жұмыс, сауыншылық па, трактористік пе... – Мені кекетіп тұрсыз, қолымнан ондай жұмыстың келмейтінін біле тұра, онда сау тұрыңыз, – Есікке беттей берген оның қолын ұстай ала: – Түу, оттай ғой, иә, Есік қаласындағы жұмыстан қашқақтайсыз, себебін сұрамай-ақ қояйын, ауданда жаңа құрылған шаруашылықтар баршылық, тіпті болмаса, көрші аудандардың біріне болмаса, біріне жол түссе барарсыз. Мен сұрастырып көрейін, ертең тоғыздан қалмай келіңіз, мақұл ма? – Көздері күлмеңдей Шынаргүлдің иығынан құшақтады. Ыңғайсызданған қыз шегініп кетті. Оспанов та басын қылтита: – Ал, Құрмаш, кетпейміз бе? – деп аңқайып есік ергенегінде тұрды да қалды. «Басым бәлеге қалмаса де. Қашан болса да жабыса кететіндері-ай, осылардың...» – Мұңайып келеді. Ертең барсам ба, бармасам ба деген­ дей толғанып та келеді. * * * Мінуар тұсаулы аттай қанша жұлқынса да, жұмыстан босай алма­ ды. Кино деген мойынқұрықты мойнына ілгелі, театр мен киносту­ дия арасында шынжыр тартылған сымда байланған иттей әрлі-берлі борсалаңдаумен күні өтеді. «Шынаргүлдің соңынан барсам, халін білсем, бір іздеп табармын деген сөзімде тұрсам, өйтпесем ер жігіт деген атым қайсы? «Уәде – Құдай сөзі» дегенді анасы Балымша өнебойы құлағына құятын ғой. Ол қыз көзі төрт бола тосып жүр ме, әлде... Сағыныштан көкірегі сыздайды. «Енді сені көрем бе, көрмеймін бе...» деп қоштасар сәтте маңдайынан сүймеп пе еді. Қыздың айнадай көздерінен сорғалаған жасын қалтасынан беторамал алып сүртіп, оны бауырына балапанша қыса, дүрсілдей соққан жүрегіне баспап па еді... Әлі де тұра берер ме еді, анабір антұрған шопыр ма кім, құйындай құйғытып алып оны әкетпесе. Есік қаласын біледі, Сақ патшасы – Алтын киімді адамның қорғаннан табылған орны ғой. Бір ретінде шағын топ барып мәдениет үйінде кон­ церт қойып еді ғой. Тау қолатындағы, Шұбар дейтін етегі Құлжа жолға шейін жайылған сүп-сүйкімді қалашық. Ол антұрған жөлік секілді, кім білсін, аман-есен апарса жақсы-ақ... Мінуардың киноға түсіп жүрген жайы: Баяғы «Қазақфильм» студиясының бас редакторы – Алдамжарова ақыры өз сценарийі бой­ ынша түсірілетін киноға мұны бәрібір көндірген. Басты рөлді ой­ науға. Қанша қиқаңдаса дағы, ол қатынның құрығынан құтыла ал­ масы анық болғанда, көнген. Сахнада сом батырды, тұлғалы кейіп­ керді, нәзік сезімтал жандарды бейнелейтін бұған өмірден азғын­даған,

араққұмар, тиянақсыз бәзбіреуді ойнау көңіліне онша қонбайтын жайт еді. Әртіске бәрібір ғой кімді ойнаса да. Тек әсерлі шықса болды да. Ал мынау «геройынан» толыққанды образды шығару – құйрықсыз кесірткені ұстағандай. Кесірткелер қауіп төнгенде құйрығын үзіп жүре береді дейтін. Сценарийдің өзі болымсыз оқиғаға құрылған, схематизмі басым, «күштінің құйрығы диірмен тартадының» кері ғой. Авторы киностудияның бір тұтқасын ұстағасын ғана, әйтпесе, лақтырылып, қоқысқа тасталатын дүние сымақ. Қайтсын, жауапкершілігін түптің түбінде жазушы қатынның өзі өз мойнына алары хақ, ал Мінуарға «киноға түсіпті» деген дақпырт та жеткілікті. Аздаған тиын-тебені де қалта теспес. Түпкі ойы, сыртқа түн ішінде жүгірмейтін, ішінде бар жағдайы жасалған қымбатырақ бір бөлмелі пәтер жалдап тұру. Ал өзіне тиесілі үйдің әлі төбесі көрінбейді. Ендігі жолы, кезегі келгенде, қапы қалмау керек екендігін жадына мықтап түйген. Үлкен бастықтардың алдына барса дағы. Бұрын-соңды ешкімнің алдына телмеңдеп барып көрмеген басы, енді амалсыздан беттің арын белге түйіп дегендей бара­ ды да. Керек десең, сол Үлкен үйдің есігінің қай жаққа қарайтынын да білмейді ғой бұл сабазың... ... Тағдырдың өзі көмектесті. Жатпай, тұрмай даярланып, ащы терін шүмектеткен спектакль ақыры сахналанды. Аншлагтан аншлаг. Кезекті бір қойылымына Орталық комитеттен басшылар да келіп көретін болып­ ты. Директорда да, режиссер Сейітмамытта да жан жоқ. «Дос, жаныңды сал! Бұрынғы сомдағандарың – жайына» дей береді, қайтсын. Қайтсын, қолына ілуде бір іліккен жақсы драманы бұл да жанын сап қойды емес пе. Басты рөлге досы – Мінуарды қалады. Бас режиссер бұған қарсылық көрсеткен, егер талантты актер спектакльге тағайындалса, қай-қай қойылымың да құлпырып шығары айдан анық. Ішінен қылшық айнал­ майтын қызғаншақ Бас режиссер Мінуарды айнытуға барын салған, бас тартсын дегендей. «Ендігі жолы саған рөл бермеймін!» – дегендей бопсалауға да барып қалған. Ешкімнен сескене қоймайтын, Бала батыр ұрпағы – Мінекең оның үркіткенін шыбын шаққан құрлы көрмеді. Өз елінде мұны «батырдың ұрпағы, қалмақ» дейтінді құлағы ылғи да ша­ латын. Шалдан сұрап көріп еді, ол сиыр құйымшақтандырып, мәнтті дәнеме дей қоймаған. Әйтеуір Айсолтан дейтін ұлы атасы болғанын білетін. Одан бергісін түбінде бір сұрап білермін кәрі құлақтан деп түйген. Әкесінің, Жүністің әлдебір сырды суыртпақтап, еміс-еміс қана айтатынына құлақ құрышы қанбаған. «Батыры – батыр, ал қалмағы не...» осынау түйткіл сұрақ тұрса есінен, жатса – түсінен бір шықпай қойған. Кегенге де атізін салмағалы едәуір. Жаз шыға, гастрөл деп, ел-жер ара­ лап қаңғуда. Бір ай демалысы тазының тұтам құйрығындай, шолтаң ете өте шығады. Қатын-баласын сағынып баруын барады-ақ, Мінуарды да сағынып көріскендер күнде шақырыс жасап, аз уақытын жырымдап, әбігерге салатын ғой. Елдің іші – алтын кеніш! Шопан әкесінің де бақ-

беделі асқақтап, Социалистік Еңбек Ері деген зор атағы да Мінекеңе әжептеуір арқа. Қалимашының қасына бірер сәт жатуға да мұршасын келтірмейтін. Баяғы «Қызойнақ» жасайтын бозбалалық шағын есіне түсіріп, небір қыз-қырқын қамалайтын еді. Әй, бірақ соның біріне көз салуға Мінуардың еш құлқы жоқ, айналасындағы жыртылып айрылы­ сатын актрисалар, небір сұлулар мен сұрқиялар оны осы «мәселеден» жүрегін айнытқан әбден... Сұлулық – жұмбақ құбылыс. Бәзбіреу әйелдің іш-дүниесі сұлу болса дейді. Түр-басы албастыға ұқсап, мінезі қаншама көрікті болып келген әйел затының гармония – үйлесімі ұйыса тола қойсын ба. Хош, сонымен, батырымызды Үлкен кісінің алдына шақыртты ғой. Жүрексіне, баратын жұма күніне шейін дегбір таппаған. «Неге? Неге...» деумен. Сейітмамыт: – Тегін шақырыс емес, реті келгенде, үйіңнің жоқтығы жайлы, Ке­ генде әйел-балаң барын айтқын, жасқанбай! – деп қайрады. – Басыңа келсін, мені қанша қайрағанмен, өзіңді кенет ЦК-ға шақырта қойса, көрер ем қай тышқанның ініне кіре жаздағаныңды! * * * Алабұртқан көңілін басу үшін осыдан үш ай бұрын Шынаргүлді автобусқа шығарып салуға келген «Саяхат» автотұрағына барды. «Есік – Алматы» көлігі жаңа әзірде ғана жылжып кетіпті. Енді қайтпек. Со кезде құлағына: «Есікке баратын кім бар? Арзан аламын», – деген дау­ ыс естілді. Жалт қарады, о да бұған ежірейді. Иә, қызды әй-шай демей Газигіне отырғыза ызғыта жөнеген қаскөйі. Түлкі көрген қырандай құйыла түспекші еді... – Ағасы, Есікке мені де ала кетіңізші, тым асығыс ем, – деді ашу шақырудың орнына. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенге сайып. – Ал жақсы, отыр, інішегім. Жолақыңды алдын ала беріп қойғын. – Қанша? – Сендей атақты әртіске түк емес, тегін де апарар ем, қаражаттан қыжалат көріп тұрғаным... – Үш есе төлейін, мен де бүгін қайтып оралуым керек. «Мені қайдан біледі? Сірә, спектакльге келген-ау»... – Сол кездің көкала жиыр­ ма бес сомдығын жүргізушіге ұсына, «Театрға келетін ұсқыны да жоқ қой өзінің»... «Шопырының» алқам-салқам киіміне, шашы сабалақ, қырынбаған ұсқынына назар аудара, «Ал, ағай, танысып қоялық, жол қысқарсын, аты-жөніңізді айта отырыңыз», – деген. Елу шақырымға жолаушыны бес рет тасығанда әрең ажыратар мына қолындағы көкалаға көңілі толғаны сондай: – Мәтиеш деген ағаң болам, жүргінші тасып, ептеп күн көремін, тиянақты жұмысың болмағасын, оның үстіне келіншегім босанып, үйде отыр, ал өзің не шаруамен?...

– Бір қарындасымды іздеп шығып ем, бүгін театрдың демалысы, сондықтан жолға шыққаным ғой... – Ол қарындасыңның тұратын үйін білуші ме ең? – Білмегендіктен де тәуекелге жел қайығымды байлап шығып барам. – Есік әжептеуір қалашық, қай жағынан таппақшысың қарын­ дасыңды? – Бір кезегінде театрға звандап, «Ағайға айтыңыз, мен қазір аудандық газетте жұмыс істеймін», – депті. Редакциясын тапсам, оны да со жерден көрем ғой деген ой ғана. – Қарындасыңның аты – Шынаргүл ғой! – Екеуі тағы бір-біріне ежірейісті. Талай өтіп жүрген Құлжа жолдың қасқайған бағытымен зырғы­тып келе жатып, Мәтиеш жолсерігіне ажырая қарады: «Дәуде болса, сезім толқынымен келе жатқан боларсың, өзің де сүйектен қырнап ойған­дай, көркем жігіт екенсің, үсті дөңес ұзынша біткен қырлау тұмсығың­мен едәуір қыз-келіншектердің «батасын» алғансың-ау, а, боздағым...» Ішін қызғаныш алауы кенет жалап өтті. – Арамдыққа жорымаңыз, ағасы, Шынаргүл екеуіміз жерлеспіз, ағайындаспыз да. Жақсы көретін қарындасыңның халін білген, не, жа­ ман ба, сонша? – Мінуар «мынау сойқан мені жолға түсіріп кетер» деген қауіппен, өзінің көк тепенкөгінің бұзылып қалғанына бір жағы кіжіне, не де болса, Есікке жетіп алуға барын салып, тентек ағасының кенет оянған қызғанышын басуға тырысқан. – Ә, олай болса, жөн. Ол қарындасыңды аудандық газетке мен орналастырғамын. Соңғы айда көрмедік, айттым ғой, келіншегім бо­ санып, мұрынға су жетпеді. Әйтпесе, нағашы шешесінің үйіне барып, қыздың хал-жайын біліп тұратынмын. Әй, анау антұрған бастығы ренжітіп жүрмесе, былайынша, жұмысын істеп жүріп жатқан жайы бартын. – Ол неге ренжітеді? Ішінен: «Сұлу қызға кім қызықпас, құдай атып, бірдеңені көңірсітіп жүрмесе...» деген күмәнға барып-барып қалғанын өзі де аңғармаған. Қызғаныш алауы енді Мінуардың ішін жаласын... – Тиісіп көрсін! Мойнын бұрап алайын, бойы бір қарыс, ойы одан да қысқа ол ергежейліге мен көрсетермін! – Сонша мүскін бе? – Көңілі райлана, ақырын әндетті. – Е, сөйтші, үнтаспаға жазылған әндерің бар ма, болса бергін. Ра­ диодан естіп тұрам, даусың зор, үнің құмбыл, ал өзің жайлы кәзиттен оқығанмын. Ойыныңды бір көрсем деймін, қайда, қол тие ме... Қалаға тақап қалғанда: – Ең әуелі редакцияға соғалық, ағасы, – деген Мінуарға. – Түс кезі ғой. Онда ешкім жоқ, біздің үйге барып, шай ішелік, оның үстіне, нәрестеме ат қойғын, аузына түкіргін, сен құсаған керім әртіс бола ма екен... – деп әрі қазақылық қонақжай рәсім, әрі ырым жаса­­ғаны Мәтиештің.

– Жақсы, онда, балаға сыйлық алалық, жолай бір дүкенге тоқта­ңыз, – дегеніне Мәтиеш көнбеді: «Қай бір сіресіп тұрған магазин бар бізде. Тағы бірде келерсің, сыйлығыңды алып. Қарын шұрқырады, інішек, жүргін, Әсиат лағман созып қойған болар, көзі төрт бола мені күтуде ғой, айналайынның... – «Әсиат», «лағман» дегеніне қарап, келіншегінің ұйғыр екенін ұққан. Өйткені, Кеген – Ұйғыр ауданыман шектес, бірбіріне араласып жатқан тамырлас жұрт қой. * * * Жаудай көретін, көрсе болды кірпі шашы төбесінде тік тұратын – Мәтиештің қасына көркемше, бойшаң жігітті ертіп келе жатқанынанақ Мұстақым бұлардың қызды іздеп келе жатқанын ұққан. Ұққан бойда қайтарар жауабын да жұптай бастады: – Төрлетіңіздер, – деді өзінің жарбайып отыратын жалғыз кресло­ сын ұсына. – Мәтиештің Шынаргүл отыратын орнын іздеп сипалаң­дай бастағанынан-ақ: – Ол қыз жоқ, бізде істемейді, – деді «жөліктің» тура бас салаты­нын сезгендей-ақ қорғана. Мәтиеш бұ жолы «мәдениетті» бола қалған ба, әлде қасындағы кербез жігіттің алдында басбұзар тентек мінезін көрсеткісі келмегені ме, бәсең: – Неге жұмыс істемейді? Бар-жоғы үш айдың ішінде неге ол қыз ор­ нын суытты? – Жәй бір оқиға, – Мұстақым ыржалаңдап күле бастады. – Не, біреу алып қашты ма? – Бұл кезде сап-салмақты сыпайы тұр­ ған Мінуардың қарыс қабағында қара бұлт түнергендей болды, мұны ана екеуі де аңғарды. – Бір қонаққа барғамыз, Темірхандікіне, шақырып болмағасын, олар жақсы күтті. Кенет, Шынаргүл шай ішісімен, демалайын деді ме, ұн салған жәшікке қонақтай кеткені. Тақтайы жұқа жәшіктің фанер қақпағы опырылып, қыз ішіне күмп берді, ұн аспанға атылды. – Күлкі буған Мұстақым, ықылық ата өз креслосына өзі жалп ете, ал шықылықтасын. Ештеңенің мәнісіне түсінбеген екеудің ашуының апшығаны сондай, үнсіз тұрған Мінуар: – Қызық оқиға екен, Шынаргүл қайтты? – деді қанша дегенмен актер емес пе, оқиғаны ширықтыра түспекке. – Ұялып, бізден кетіп қалды, – Мұстақым күлкісін тия өзін­ше басал­ қалы кісіше жөн айтты: – Содан аудандық комсомол бастығына барып: «Мені сырт жер­ ге жұмысқа жіберіңіз», – депті. Құрмаш қулау жігіт қой, әдемі қызды көргесін көздері ойнақтап: – Қарындасым-ау, ол жақта мен құсаған бойдақтар жоқ деймісің-ау, бірі болмаса, бірі қызығып алып қашып кетсе қайтпексің? – дейді ғой.

Қыз ашу шақырып: «Сізбен қылжақтасуға келген жоқпын, «жұмыс тауып беріңіз» деп келдім. Қолыңыздан келмесе, күшенбей-ақ қойы­ ңыз», – дей сыртқа атылыпты. Жігіт қолынан тартып: «Жақсы, ертең ха­ барласыңыз», – десе керек. Ар жағын мен білмеймін... Ана екеуі аң-таң, неде болса аудандық комсомол комитеті жақтан жөн сұрайық дегендей, атыла шыққан. – Ақыр ештеңенің мәнісіне түсінбедік, Құрмашы құрып кетсін, Шынаргүлді қай жаққа жіберді? Өзі алып қашып кетпесе, орнын сипап қалдық қой, жүр нағашы шешесінікіне барып білейік, қыз тым бол­­маса, со кісіге жөнін айтар, – деген Мәтиешке ере Мінуар Есіктің жоғары ба­ сына қарай тартты. Күлімхан әуелі жат жігітті тосырқай, Мәтиешке құсы түсе: – Қымыз ішіңдер, – деді, келініне «дастарқан жай, қымыз әкелгін», – дей бұйрығын бере: – Күрті дейтін аудан бар ма, міне, Шынаргүл со жаққа жұмысқа ау­ ысты. Газеттің бас редакторының орынбасары дей ме, әйтеуір өзі риза. Қуанып, «бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе алсам, оқуға түсуіме де жол ашылар», деген. Оған шейін бір күнге туыстарына, шешесіне барып кел­ ген. – О жаққа кім жоғарылатыпты? – Мінуар шымыр қымыз құйылған кесені аударып тастап, екіншісіне қол соза: – Жәй корректорлықтан, Күрті аудандық газеті редакторының орынбасары бола қалуында нендей мән бар, – деді жолдасына қарап. Ол иығын қиқаң еткізді. «Не де бол­ са, сол – Жұмаштың жүгермегі!» – деді кіжіне іштей. Мінуарға дәнеме демеді, «мойнын бұрап алармын ол Құрмашыңның, қарашы, оңай жер­ ден жылы-жәукем таба қоюын...» ... Мәтиештің ескі Газигі ырсылдай енді Кегенге тартты. Үйден шығысымен Мінуар: – Көкесі, «жақсылық етсең – ақырына; сый қылсаң – сыпыра» де­ ген ғой ата қазақ, біз жолды жалғастырайық, Кегенге, менің әке-шешем тұрған жерге баралық, осы бетімізбен. Жол ақшаң, бензинің менің мой­ нымда. Бүгін – театрдың демалысы, ертең спектаклім жоқ, репитиция бүрсікүні. Туғандарымның халін біліп, балаларымның бетінен сүйіп де­ гендей. Көп болды ат ізін салмағалы... Небәрі үш жүз шақырымдай, ал екі арада Шарынның шың-құз жағалауына отырып, сәл-пәл тынығамыз, – дегеннен-ақ Мәтиештің кісі тесіп жіберердей өткір көздері нұр жайнай: – Бек жақсы, інішек, қайдам, осы сенен ажырағым келмегені ме, қайда жүр десең, сонда жүруге құмбұлмын. – Сөйтті де қорбаңдай Күлімхан үйіне қайта кіріп, қолдорбаға салынған әлдене ала шыққан: – Жолға, тіске басарға, тоңазыған ет, құрт-ірімшік, мана біздің үйде жартылықты аштырмадың, ала шыққан ем, бек жақсы! – Бек деген сөзің татардың «бик матур» дегеніне таяу, сірә, сөз сап­ тауыңа әрі, қызу қандылығыңа қарап тегін қазақ еместігіңді бағдар­­

лағандаймын, ағасы! – Сөйтті дағы, жан-жағына таңырқай қарап: «Қарағай мен самырсын баурайын тұскиіздей жапқан бұл Іле Ала­тауы­ ның бөктері неткен ғаламат! Швейцария дегенді жұрт алыстан із­деп әуре, нағыз Швейцария осы ғой! – деді. – Есік көл ағып кетпегенде, одан да керемет, керімсал еді. Көлдің жан-жағына қазақ үй тігіліп, небір сұлулар сар самаурынға шай қойып, қонақтарды күтетін ғой. Бірде, бір топ Мәскеулік жазушыларды ба­ стап, атақты Сәбит Мұқанов ағамыз да келді. Жардай кісі екен, кең-мол пішілген тұлабойы – Арқаның даңғайыр мінезін танытқандай. О, ол кезде мен аудандық тұтынушылар қоғамының дардай қызметкері ем... Ал Есік көлдің сұлудың көзіндей тұп-тұнық мөлдіреген кезі. Айна­ла­сын айтсай! Абақ орман-тоғай, елік, марал, сілеусін, тағы басқа құс-аңнан көз тұнатын еді ғой. Сіз қайта селдіреген шағында, аңдардың ауып, Қырғыз Алатауына жөңкілгенінен соң көріп тұрсыз ғой. Мың-сан қара­ ғайды тамырымен қопарып ағызды ғой сел жүріп, ойға еңіске опы­­рыла құлаған көл... – Кісі шығыны да болған шығар. – Иә, аз емес, – Ал мына кісілер сол көл орнының қақпасында неғып отыр? – Ата-кіндік қаны тамған жер. Арғы бабалары бағзы кезден қоныс тепкен. Ал апамның үлкен ұлы – Жәдігер, орман қарауылшысы. Келіні суды бақылап, мына көбік атқан Есік өзенінің ағысын тексеріп отырады. * * * Түнделетіп, қақпаны тоқпақтап алып бара жатқанға ұйқысы сергек Жүніс ақсаңдай дарбазаны ашқан. Өз баласын көргенде қуанышы жер жара: – Балымша, тұрғын, ұлың келіп тұр қонағымен, – дей тарғыл үнімен үй ішін түгел оятты. Балалары аяғына оратылып, шешесі еңірей ұлын құшақтап, ал келіншегі анадайда көзі жәутеңдей, жақындауға атаенесінен бата алмай, емініп тұр. «Өй, жау шапқырлар, болды түге, үйге енсін! – демесе, аталарының ақырғанына қынбай тұра берер ме еді үрпек бастар. Мәтиешке алғыстарын жаудыра, қазан көтеріп, жолда жартылай қалған «Московскийден» тата, таңға жуық әрең тарқасқан-ды. Мінуар таң бозалаңдана Қалимаштың қасына барды-ау ақыры... Жүнісекең бір тоқтыны бауыздаттырып, ақ мамық терісін сыдыр­тып жатыр екен. Мәтиеш жақындай: – Қол күші керек емес пе, отағасы. Көптен мал соймап ем, алақа­ным қышып тұрғаны, – деді нән пышақты қолына ала. – Онда, боршалуға көмектескін бауырым, Мінуар ұйықтасын, келін шай қоюда, шешең бауырсақ пісіруде, ал өзің қай туған боласың...

– Шапырашты деген елміз, ағасы, сіз менен онша да көп үлкен емес шығарсыз, елуді алқымдап қалған шығарсыз, ал мен қырықтамын. Он жас зордан құрдас демекші, сізді аға дегенім бек жақсы-ау деймін. – Мейлің. Сен Шапырашты, біз – Алжан, түптің түбінде Үйсін дейтін ұлан елдің сілеміміз. Құтты қонағым бол, бірер күн аялдап, балалар да мауқын бассын, – Шалың балалардан гөрі, келінінің жағдайын ойлап тұр еді. Мәтиеш айтқызбай-ақ түсінді. «Бұл серің мынау үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді, бадана көз келіншегін неге зарықтыра бер­ ген... Көшіріп алмай Алматыға», – деген ойын жинақтап та үлгермеді, мәйкішең, көк джинси шалбарлы Мінуар ақ сүлгіні мойнына орай жуынуға бет алған. Шымыр аппақ тұлғасы, білегінің бұлшық еттері бұлқынған, тұла бойынан тазалық пен тартымдылық сұлбасы танылған оған Мәтиеш сүйсіне қарап: «Осы мен неге спортпен шындап айна­ лыспаймын, ә, құр жұдырықты шыңдай, үйдегі тері-бүйен «алмұртты» ұрғылай бергенше...» – деді. Бірер күн аялдау қайда, ертесіне-ақ жолға шыққан. Жүніс бір тұсақты қол-аяғынан матап, мәшиненің артқы отырғышына сала: – Әттең, мал жайлауда, құнан қойды-ақ өңгертер ем, Мәтиеш бауы­ рым, келіннің қалжасы болсын, ал енді қолың қалт еткенде, әрлі-берлі өткенде, үйге соқпай кетпе... Жүністің көздері боталай, баласына қарап: «Мен бүгін жақсы түс көрдім. Бір жақсылыққа жорыдым, балам...». Ал баласымен әңгімелесе келе, үзіп-жұлқып баласының айтқанынан ұққаны: – Әке, мені Үлкен кісі алдына шақыртыпты! Түсі оң болсын, шалыңның... Жолай, Әсиатқа қалжалық мал ұсынылғанына риза болғаны да бар Мәтиеш: – Мінуар, сен ғой кеше нәрестемнің атын Елшібек қойдың. Ол қандай адам, әсілі? Батыр ма, балуан ба? Соны білгім келеді, – деді бір Мәкең екінші Мәкеңе сұрақ тастай. – Е, жөн, өзім де айтпақ ем... Елшібек батыр да, бай да болған кісі заманында. Маған төртінші атадан келіп қосылады, яғни, мен ол кісінің жалғыз қызынан туған жиеншарымын: Ұлы шешеміз бет біткеннің сұлуы болған деседі, атамыз аялап өсіріп, бетіне жел тигізбей мәпелеп отырған шағында Айсолтан алып қашып алады... – Ар жағын айтпады, «Батыр бала, қалмақ» деген құлағына түрпідей тиетін сөзден бұ жолы да қашқақтаған. Жүністен сұрап-ақ алатын еді, аттың жалы, түйенің қомында жүргендей мына қым-қуғын уақыты оған таршылық еткен. Тағы бір жөні болар деген-ді... – Інішек, өзіңнің тегін жерден шықпаған тектілігің, айбарлы­ғың маған әу бастан-ақ аңғарылған. Бірақ мөлдіреген жап-жас сұлу қыз­ды құшақтап тұрғаныңа жыным ұстап жұдырық ала жүгіргенім де рас... – Ойбай, мынауың жақсы көрініс қой, неге қызғандыңыз көкесі?

– Өзім де білмеймін. Қыз дегеннің талайын шемішкеше шаққамыз... Маған таңсық түгі жоқ, тек ана қызды аядым, шүрегейдей бүрісіп, бауырыңа тығылып, әлде... – Тым тамаша теңеу, ә, иә, содан соң? – Есікке барамын дегенін естіп қалғамын, өзім отырғызатын кісі тап­ пай, таусылып тұрғанда, түлен түртті ме, қызды қолыңнан жұлып алып, мәшинеме отырғыздым. Жолай жайын сұрап, бір бақта демалдық, аздап азықтандық. Қыз шырылдап: «ағатай, маған тиіспеңіз! Мектеп бала­ сымын», – деді. Оған тиісетін ойымда жоқ, кәмелетке толмаған қыз­ды зорлап, сотталып кетер жайым жоқ. Бір сотталғаным да жетер... – Е, мұныңыз тым-тамаша тапқырлық, иә, содан соң? – Содан соң қыздың тізесіне басымды қойып, көз шырымын ал­ дым, зәті, арақ ішпесем, көлікті жөндеп айдай алмаймын ғой... Мілица дегенің маған таныс, жол-жөнекей шыбжыңдап, ысқырып әлек болады да қалады. Жұдырығымды көрсетсем – бәрі жым... – Ішкенде жақсы жүргізетініңізді кеше түнде байқадым, анау Ша­ рыннан қиялай көтерілетін асудан өткенде. Ондайда талай айдаушы жа­ нын шүберекке түйгендей, «Аллалап!» әрең-мәрең өтетін ғой. Мына мен де... – Сөйтіп қызды аман-есен нағашы шешесінің үйіне жеткіздім. Екі арада, Күлімхан апам мені қатты ұнатып, барсам кеше өзің көргендей, дастарқанын жайып, қымыз толы шарасын алдыма қояды. Кеше сені онша жақтырмады, неге? – «Әртіс» дегендіктен. Жалпы қазақ әртіс дегенді жын-шайтан кө­ реді. Жеңілтек, сұйық адамдар деп есептейді. Өнерін ұнатады, ал өздерін серьезный адамдар демейді... * * * Сықайып киінбесе дағы, ұқыпты киініп Үлкен үйдің құжат қарап өткізетін терезесіне жақындаған. Түс ауа, төртке жиырма минут қалғанда өзімен хабарласқан Димекеңнің көмекшісінің алдында болуға тиіс. Қызыл жолақ жол кілемше төселінген жалтыр еденмен томпаңда­ ған толық жігіттің соңынан еріп бара жатып Мінуар нелер ойламады десеңші... Үлкен кісімен өнер турасында әңгімелесуі тиіс пе, жоқ әлде тұрмыс жағдайы турасында ма. Ол кісі сұрақ қояды, бұл қысқа да нұсқа жауап береді. Әкесі Жүніс туралы айтуы керек, өйткені ол қыстың көзі қырауда отар бөлініп кетіп, соны қуа беріп, қатты боран астында қалып, сол аяғын үсітіп алған-ды. Ауылдық дәрігер не қарасын, облыстық ауруханаға жіберттірген, онда: «Аяғыңды кесеміз, өйтпесе, гангрена боп, жүрекке шауып кетсе, өмірге қауіпті», – дегенде: Әкесі: «Өлсем де аяғымды кестірмеймін, әкем Досымбек қанды соғыстан бір аяғынан ай­ рылып балдақпен келген, сондағы оның қорланғаны, протезді киердегі

қиналғаны әлі көз алдымда. Қайтып ұмытайын. Елге жіберіңдер, өлсем, өз төсегімде өлейін», – деп үйіне қайта оралған. Шүкір, ақсаңдап қалса да Жүніс аяғын алдыртпады. Әлдекімнің айтуымен қарағайдың қыл­ қанын ұсақтап турап, езгілеп, сарымай араластырып, балтырына, таба­ нына жағып, қымтап орап тастап отырған. Ісік те қайтып, үсіктің орны қотыр, ойық боп бітсе де, жазылды, әйтеуір. ... Емен есікке таяп қалғанын, домалақ жігіт еппен ашып, мұны ба­ стап алып жүргенін байқағанда барып есі кірді. Төрдегі былғарымен қапталған орынтақта отырған еңсегей бойлы, атжақты, көздері шуақты адаммен қолдаса амандаса, ол ұсынған арқалығы жалтыраған жалпақ орындыққа қонақтады. – Иә, бала, хош келіпсіз, ал Жүнісекеңнің халі қалай? – деді созалаң­ қы қоңыр даусымен, Мінуарға барлай қарап, сәл жымың етті. Сасқаны ма, қызыл-жасыл, қаздай тізілген телефон аппаратына қарап, үнсіз сәлпәл отырды да жігіт жаңағы әкесі туралы ойлағандарын түгел ақтарған. – Әттегене-ай! Жүнісекеңнің Еңбек Ері деген зор атағы бола тұра, облыстық ауруханаға түскені қалай? Ол Совмин ауруханасында тіркелген еді, неге осыны пайдаланбаған? – Өз-өзінен қиналыс тауып ашуланғанда ақсары ашаң жүзіне қан тепшіп шыға келеді екен. Мінуар дірілдей, «соны кезінде ескермепті», – деді. Өзі кейіп: «Әй, қазақшылық, әкем соны бұрын айтқанда, мен де қиналмай, түшкіре қалсам, барып, емделіп шығар едім ғой...» «Пропискаң жоқ» деп қаладағы ең жаман емханаң да мұны талай әуре-сарсаңға салып еді ғой... – Семьяңыз да сонда тіркелген, біздегі Басқарма бастығына дереу тиісті қағаздарды өткізіңіз! – Әлі ашуы қайта қоймаған кейіпте: – Үйіңіз жоқ екен ғой, осы уақытқа шейін неғып бала-шағаңызды көшіріп ала алмағансыз? Не, театр сіздің тұрмыс жағдайыңызға қараспағаны ма, әлде өзіңіз әкеңіз құсап арқаны кеңге салып жүрсіз бе?... – Үй алудың кезегі келген, бірақ мен кезегімді тұрмысы нашар, күйеуі қайтыс болған балалы-шағалы актрисаға бергемін... – Жақсы. Енді мен көрген «Жаралы жауынгердегі» рөліңіз жайлы: анау монологты келістіре айтады екенсіз, кәне не деп? Қыспақтан шыққандай, актер енді өзіне етене тақырыпқа көшкеніне рақаттана қалып: «...Аспаннан шұға жауса да құлға ұлтарақ та жоқ; жау шауып қала алсақтағы аз халыққа теңдік жоқ, әйтпесе, мен солар­дан кем ерлік жасаппын ба?...» – дей даусын ән айтқандай соза « Жаралы жауын­ гер» спектакліндегі ұзақ монологын жартылай, отырған орнын­да айтып шықты. Қараса, Үлкен кісінің нұрлы көздерін жас қамалап, ба­сын кег­ жите бір бұлдыр нүктеге қадаған екен. Осы қалпын егер шебер мүсін­ші болса, мәрмәрдан қашап, бейнеге түсірер еді... де шіркін! Не болса, о болсын деді ме, Мінуар арқасы қыза, бас бермес асаудай, орнынан атып тұра, монологінен соң айтылар Біржанның «Жан­бота»

әнін ащы тенор даусымен шырқап қоя берген. Басын шұлғи, сүй­сіне тыңдаған Үлкен кісі: – Иә, Біржанның Жанботаға ашынғаны сол тұрлаулы системаға – қоғамға айтқан наласы ғой... Кімнің де жүрегінде кермекті өксік, ащы запыран болмады ғой дейсің, – деп күрсіне, кездесуінің біткенін бас изеуімен білдірген. Қанаттанып шыққан Мінуар көп кешікпей орталықтан үш бөлмелі, дүмбіреген пәтер алатынынан бейхабар. Әйтеуір Пайғамбар сынды ғажап адамның алдын көргеніне мәз! Жолай кітаптан оқыған бір жайды есіне ала: ...Шара апамыз, атақты биші апамыз, осы кісінің қабылдауында бол­ май ма. Кіріп барғаннан Димекең құшағын жая қарсы алып: – Әу, Шара, желкілдеп жетпіске сен де, мен де келіп қалыппыз ғой, – депті. – Кәне, хал-жай айтқын, нендей мәселемен келдің? Шара мен Димекең бір мектепте оқыған, бір жылдан төлі – екеуі бірге жасасып, жаңа заманның керегесін қаласып, уығын шан­шыс­қан қайталанбас ұлы тұлғалар ғой! Сонда Шара апамыз жаңадан қазақ биі­ нің ансамблін құру керектігін, соған байланысты қаражат, ғимарат, тағы басқа «керектілерін» айтып шыға: «Қап, жындымын-ау, Болатқа неге машина сұрамағанмын...» деп бармағын шайнапты ғой. Ал бұған, Мінуарға – айтқызбай-ақ, бар жайын көмекшілері арқы­ лы алдын-ала біліп, Социалистік Еңбек Ері – Досымбеков Жүністің ұлы екенін, Алматыда үйі жоқ екенін, тағы басқаларды алдын-ала анық­тап барып, қабылдауына шақырып отырғанының өзі-ақ ол кісінің кемел даналығының бір ғана ұшқыны екенін танытпай ма!... Аңғартпай ма, кейбір көрсоқыр, қызғаншақ түлейлерге... * * * Үйдің кілтін алысымен Мінуар театрдан бірер күнге рұқсатын ала ау­ ылына аттанған. Көк тепенкөгі де жөндеуден шығып, жүйткіп тұрғанды. Жүніс осынау қуанышты хабарды естігенде, ұлан-ғайыр той жасама­ са дағы, ауыл-аймаққа құдайылығын рәсімдеген еді. Сондай бір жиында баласын жын түртті ме: – Әке, одан да көрген түсіңді айтшы, – деп қолқалаған. Жүніс сәл кідіріңкірей, ілулі қалпағын басына бастыра, орнынан тұра: – «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген, менің сол көрген түсім әлі күнге есімде... – Мінуар болса, «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дейтін, әкесінің жайдақ отырыстарда айта беретін мәтелін дәп бұ жерде келтіргеніне ыңғайсыздана қалған. Сонда да түсі не туралы екен деумен тына қалған. – Түсімде үлкен көпірдің үстінде тұрмын, буырқанған өзеннің тамшы­ лары аспанға атады. Қарасам, көпірдің екінші басынан Димекең қарсы

келеді. Жақындайды. Қол алыстық. «Әй, Жүніс, сен мені білемісің, мен – Әулиемін!» – деді. – Апырым-ай! Тура сөйтіп айтты ма? – дескен сұрақтар жауды. – Тұп-тура солай деді. Бетіне қарауға тайсақтадым. Ішімнен дұғамды оқып, жан-жағыма қарасам, ол кісі көзден ғайып... Үні әлі құлағымда. – Жүніс басынан қалпағын шешіп, терден қатты малшынған сұйық ша­ шын беторамалмен сүрткіледі. Балымша ақ сүлгі әкеп қолына ұстатты. Әкесінің түсі оңға бұрғанына осы жолы Мінуардың анық көзі жетті: орталықтан, қалалық кеңестің су жаңа жайынан, төртінші қабаттан үш бөлмелі дүмбіреген пәтер тиді! Бала-шағасын, Қалимашын со жолы көшіріп әкелген... Біреудің ішіне сыйды, біреудің – сыймады; қызғаныш дейтін иттің бас көтерген тұсы да осы кез. Әкесінің арқасында үй алды, театрда ол жүрмеген қыз-қырқын қалмады, аяқастынан киноға неге түседі, ана қатынмен көңілдес екен... тағы, тағы лақап, өсек-аяң Мінуар төңірегінде өрттей қаулаған. Біріне ызаланды, біріне қол сілтеді. Тек мына бір сыбыс жай таптырмаған: үлбіреген жас қызды үйіне алып бар­ ды... Жас қызы кім сонда? Есіне сарт етті – Шынаргүл ғой! Иә, паркте жы­ лап отырған қызды аяғаны рас, қасына кеп жөн сұрап: «Қарындасым, не­ ден қапаландың? Кім тиді?» Қыз өксіп, жатақханадан қуылғанын, барар жер, басар тауы болмай, оның үстіне, Есікке баратын автобустың кетіп қалғанын баяндаған. Егер бақ ішінде қалдырса, қыздың бір сұмдыққа ұшырарын пайымдай – кімді кім аясын бүгінде... Осыларды ойлаған Мінуар ет-жүрегі езіле оны үйіне ертіп әкелгені рас еді. Со күні бұлар «Жетісу» мейрамханасынан бір спектакльдің сәтті қойылғанын жуып, бастары қазандай боп дабырласып шықпай ма. Сонда бір қуақы: «Апырау, осы Мінекеңнің не жыны? Қыз-қырқын мұны көрсе-ақ балға түскен шыбындай жабыса кететін, ә?» дегенде бұл – «Қарындасым» деген-ді. Үйіне келіп, шай-пай ішіп, қызға бөтен-бастақ арам ойының жоқтығын дәлелдей, жөн сұраса келгенде оның да Кеген маңынан екенін, руының Қызылбөрік екенін біле тұра: «Апыр-ау, жиен қарындасым бо­ лып шықпасын, шеше жағынан Алжан екен ғой», – деп таңырқағаны сонда. * * * ... Сазды әсерден арыла Үлкен кісінің қабағы тағы түйілді: «Басы ауырып, балтыры сыздаған еңбекқор қойшысына, малшы­сына немқұрайды қарайтын қандай аудан басшысы, ә? Не, олар ұлттық тәлім, жоғары білім алмаған надандар ма. Ондай болғанда, аудан хатшы­лығына неге қойған оларды...» Қарамағындағыларға дереу тапсырыс берді: 1964–1970-жылдар аралығында Кеген ауданының партия басшылығында кімдер болған?

Қазіргісі кім?... Дегбір таппай өзі Обком хатшысы Кеңесбаевқа телефон шалды: – Ертең жол жүреміз, «Қызыл жиде» жаққа, Иә, Қорыққа... Шаруа бар, хабарласып қой... Аудан активтері ғана шақырылған шағын мәслихат. Шопан Жүністі ала келіңдер, дегесін, бұл шақта жайлауға кеткен оны да алдырт­қ­ан. Жүрегі алқынып, не боп қалды деген бір күдік, бір қуаныш оны дегбір тапқызбаған. Балымшамен ақылдасып еді: «Кәзитке шығаратын шығар, әлгі орденіңді таға барғын», – деп тәуір көк габардин костюм-шал­ барын кигізді. Шілденің шіңілтір аптабында пысынаса да, көсемнің бет таң­басы басылған орден жапсырылған қалың костюмді иығына ілген. Сол екі арада сүліктей сұр «Волга» есігінің алдына көлденеңдей тұра қалған. «Ойбү, Жүніс, ұмытып барам, мына қойдың құртын ала бар­ ғын. Үлкен кісінің үйіндегі жеңгей құртты ұнатады екен деп еститінмін. Таза, дәке­мен бетін жауып, күнге жайылған...» – деп әйелі буыншақты қолына ұстатты. Шағын мәслихатта ауданның тұралаған шаруашылық жайы нысанаға алынды. Мал басы жылдан-жылға кемуде, астық жоспары орындалмаған, жаңа кешенелер салынбаған, тағы-тағылар. Аудан басшыларын шеге­ дей қаққан ауыр қатқыл сын «жауыр атқа қамшы ауыр» дегеннен бе­ тер, әр қайсысының шымбайына батып, жер шұқытты. Тек аудандық шаруашылық Басқармасының бастығы жастау жігіт қана суырыла: – Судан аусылмыз, байқаған шығарсыздар, Димаш Ахметұлы, жер кеберзіп, ақ сорға айналған. Еститінмін, осы аймаққа кезінде жайқатылып күріш егілген екен дегенді. Енді ше? Еккен бидайы­мызды да орып ала алмай, сары сабанға айналдырамыз. Жанар, жағармай да жеткіліксіз... – деді батыл. – Скважина қаздыру қажет, жер қойнауының гейзерін бетіне шы­ ғару керек. Онсыз шаруашылық жолға қойылмайды, халықтың да тұр­ мысы төмендейді. «Оған қаражат жоқ» – деп ауданның бірінші хат­шы­­сы ашынды. – Ойластырып көрерміз... – Үлкен кісі Кеңесбаевқа иек қақты. «Уһ» дегендей, үлпек майда самал да себезгілей қоя берген. Түстеніп алғасын аудан басшылары бет-бетімен тарады. Арқалары кеңіп, келелі әңгімеге айыздары қана, өзді-өзі міндеттеріне құлшына кіріскен. Аяғына саптама етік, басына қалпақ, үстіне етегі тізеден келер жеңіл бешпет киіп, аңшы мылтығын мойнына асынған Үлкен кісінің жүзі жай­ дары, анда-санда езуіне күлкі үйіріп, қасында томпаңдап келе жатқан қойшы Жүніске: – Есіңде болар, екеуміз Мәскеуден «Ту-104» самолетінің үпті сало­ нында елге ұшып келеміз. Со жолы екеуміз де Социалистік Еңбек Ері зор атағын иеленіп, әрине, мен оның алдында да алғамын, көңіліміз шарықтап, самұрық құстай ұшқыр қанаттың бәрімізді аман-есен

жеткізуін тілейміз. Сен менен төрт қатар шеттеусің, сонда да даусы­ мыз естіледі. Мен сенің семьяң, үй-жайың туралы сұрадым: «Үлкен балам жұлынып әртіс болам дейді. Маған салса, агрономның оқуын оқыса екен деймін», – дедің. Сонда мен: «Қандай оқу оқыса да, беталдынан жарылқасын. Талабын қақпа. Оқысын, зор мамандық алсын, халқымызға қызмет етер азамат болсын», – дегенмін. Сол әртіс балаңмен мен кездестім ғой, өзің білесің. Жанып тұр, ал даусы кәдімгі Манарбек Ержановтың үніндей әнші екен. Манекең Шегені шырқағанда, залдағы сутас люстралар сыңғырлайтын. Міне, көрдің бе, ұлың бүгінде атақты актер, менің сондағы оқысын деуім: – Қойшының баласы қой бағып қалуға тиіс емес! Қайта терең білім алып, еліміздің білікті маманы болып шығуына қол жалғау керек деген түпкі мүдде еді... Жүніс не дерін білмеді, рақметін жаудыра, «дәйім аман-сау тұрыңыз. Халқыңыздың бағына жаралған аса биік тұлғалы жансыз! Сіз – нағыз Әулиесіз», – дегенді әрең айтқан абдырай. Бірнешеме жыл өткесін, Үлкен кісінің түсіне еніп, аян берерін білмеген-ді. Және есіне тағы бір айтулы оқиғаны күрсіне ала ой толғаған... ... Ұмытпаса, 1970–1974-жылдар. Жүніс Үлкен кісінің зор мәртебеге ие болғанының тірі куәгері. Ол Республикалық ауылшаруашылық қызметкерлерінің слетіне делегат боп қатысты. Онда Қонаев – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы. Жап-жас, ажар­ лы, бойы теректей, мінберге шығып, екі сағатқа жуық қазақша баяндама жасады. Жиын Опера және балет театрының ғимаратында өткен. Лықа толған халық орындарынан тұрып, қошеметпен қол соқты. Ақсары өңі нұрлана, халқына ризашылығын білдіре, шешен орнына кеп отырды. Слетте со кездегі Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы – Бәйкен Әшімов та өз ана тілінде сөйлеген. Кезек жарыссөзге шығушыларға кел­ ген. Жүніс қыпылықтай бастады, оған да сөйлеу керек, аудан басшы­ сы Жаманқараев алдына шақырып, сөйлейтін сөзін жазып беріп, сан қайталатқан ғой... Балымша болса, костюм-шалбарының қырын сындыра, қылыштай қып, тәпелтек, қара домалақ жігітінің иығына кигізіп жатты. Екеуінің де отызға жаңа ілінген тұсы, комсомолдық жолдамамен екеуі бір бригадада бір отар қойды алдарына салған. Шопандықтың ыстық-суығына күйіп жүре, сүйіп қосылған. Шүкір, үш-төрт қара домалақ соңдарынан ерді. Жүніс алдыңғы қатарлы шопан, талай жүлделер иесі. Жаманқараевтың диктовкасы миынан ұшып кеткенін сонда аңғарды. Жұмарланған текст қалтасында, аты атала, тарсылдаған жүрегін оң қолымен баса, ол да мінбеге көтерілген. Президиум жаққа қырындай қарап, бас изеген. – Қазақ атам айтқан: «Қарамасаң қатын кетеді, бақпасаң мал кетеді» деп. Сол айтқандай, жүз қойдан жүз жиырма бес бас төл алу, тура осы қадағалау арқасында қол жеткен табыс! (Зал жақ дүрліге, қол соқты). Міне, алдарыңдағы қара домалақ қазақ өзінің отбасымен, туған-

туыстарымен қой соңынан еріп, көздің қарашығындай қарап, шығынға ұшыратпауға, әр төлдің салмағын асыруға жан салған. Ол үшін шөптің шүйгіні, судың тұнығы, жылы қора, көл-көсір жайылым керек екенін қай-қай малжанды қазақ білуге тиіс қой, – деп бір дем ала, шашын сипаған. Сөйлеген кезінде қалпағын кимесе, мәнісі келмейтіндейтін. Амал жоқ, дүйім халайық алдына қалпақсыз шығуға тура келген... – Ең жауапты кезең – мал төлдейтін көктеменің көкөзек шағы. Бірде қар, бірде жауын, біздің Кегеннің дауылы деген де бар. Әкем Досымбектің салған шым үйін мен төлқораға айналдырдым, өйтпесең, аузынан үрлеп емізік салған қозыларды сақтап қалу қиын. Үсіп өледі ғой әлжуаз, енесінің емшегін түртпектеп, әрең табатын соқыр күшіктей немелер. (Зал тағы дүрлікті, осыны пайдалана төралқа жаққа көзінің қырын салған); Үлкен кісі миығында мырза жымиыспен, басын шалқайта керіле отыр екен: – Міне, жамағат, сөзімнің артық кемі жоқ, мақтанайын деген және мен жоқ, Үкімет пен партия сеніп іс тапсырған екен, соны зор табыспен атқару – қай-қайсымызға зор жауапкершілік! – Жеті минут сөйлейсің деген Жаманқараевтың «регламентін» әрине бұзды. Оның қолдарын сермеп, шыж-быж болғанын көрді, көрсе дағы, қыңқ етпеді. Жайлап, қолшапалақтар астында мінберден түсті. Мұның сөзінен соң Целиноградтық атақты комбайыншы Ната­ лья Геллерт төрге озды. Күйеуі қазақ, қазақшаға ағып тұр. Республика жер-жерінен келген малшы, сауыншы, егіншілер кезегімен сөз алды. Солардың ішінде шиелілік шопан Жұмабек Әлиев те бар. Қортынды сөзді Димаш Ахметұлы өзі түйіндеп, алдағы нақты-нақты мәселелер жайында айта келе, қағаздан көзін ала, залға шабыттана қарап: – Құрметті халайық, байқап, зер салған шығарсыздар, нешеме слет, жиын, съезд өтсін, бастан аяқ орыс тілінде өтетіні Сіздерге аян. Бұл жолы бастан-аяқ қазақша сөйледік. Өзіміздің байтақ республикамызда нешеме халықтар тұратыны белгілі. Сөйте тұра, белді басып, қазақша, ана тілімізде сөйлеуге шақырғаным – өз ұлтымыздың мәртебесін көтеру мақсатым еді... Нашар әдет – жиындарда отыз қазақ отырып, орта­ сында жалғыз орыс ағайын отырса, орысша сөйлейтініміз анекдотқа да айналған-ды. Тілімізді бұрап, орысша сөйлегенше, сол орысты неге қазақша сөйлетпеске! – Орындарынан дүр көтеріле, алақандарын қызарғанша ұрғылаған дүйім жұрттың қуанышты әсерінен театр залы теңіздей шайқалған бір кезең еді бұл!... Сол әсермен Жүніс сыртқа шықты, қалпағын тауып киді, Жаманқараевтың қырына ілініп қалмауы үшін, ошарыла шыққандардан бөлініп, театр ғимаратының сол жақ қапталына қарай ойысты. Шылы­ мын шеге, Мәскеудің Үлкен театры үлгісінде салынған өз театрымызды қызықтап, басын шалқайтқан еді. Сол екі арада бүйірден Республика басшысы, алқа-қотан қаумалағандар ортасында, бойы бәрінен асқақ, нық баса келе жатыр еді. Жүніс толқи, Үлкен кісіні бетпе-бет тағы бір

көргеніне разы. Кенет өз көзіне өзі сенбеді: жарық нұр – көгілдір түсті – Үлкен кісінің басын торлай шалқып тұр екен! Бір кітаптан оқығаны есіне түсті: нағыз әулиелер басында нимп-нұр сәуле шашады дегенді. Әлі де ғажаптана таңырқай берер ме еді, иығынан сарт ете әлдекім қол соқпаса. Жалт қарады – Жаманқараев екен, түтіге жаман көздерімен мұны тесіп жіберердей... Сол екі арада мұнан да сорақысы шықты: Ақсары арықша бойшаң әйел кимелей алға шықты. Үлкен кісіні қоршаған күзетші-оққағарларды жара-мара ортаға ұмтылды. Аналар әйел адамға нендей қайрат көрсету керектігін біле алмай тосылуда. Әйел жұлқына тура Димаш Ахметұлы алдына жығылды: – Димеке, кешіріңіз... Менің осы жолы өлермендікке, керек десеңіз, өжеттікке де баруыма себеп: өзім ақынмын, шеттен келген. Үйім жоқ, кішкене қызыммен қаңғудамын. Маған үй бергіздірсеңізші, құрметті Димеке... – деді еңірей. Үлкен кісі аңырып, әрі абыржи: «Тұрыңыз», – дей әйелді иығ­ы­нан демеп сұлап жатқан жерінен тұрғызуға ұмтыла бергенде, қарауыл жі­гі­ті­ нің бірі қарулы қолымен әйелді дік еткізген. Димаш Ахметұлы сектор бастығы – орыс жігітіне иек қақты, ол блок­ нотына түртіп ақын әйелдің аты-жөнін сұрап алып, жазып жатты. Жаңа ғана шуақты көрікті жүзін мұң көлеңкесі баса Үлкен кісі алға оза берді. Жүніс те көңілі су сепкендей Жаманқараевқа: – Қарашы, бұ не сұмдық! Ал осыны басып, газетке шығарса не болар еді, ә?... – деді күрсіне. Ұзамай сол әйелге орталықтан екі бөлмелі пәтер тиіпті дегенді құла­ғы да шалған. Алдына келгеннің меселін қайтармайтын қайырымды да биік па­ра­сат иесі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бұл да алмастай көп қыры­­ның бір көрінісі болар, – деп толғанған еді Досымбеков Жүніс. САЗ – СЕЗІМ Мінуар шағын труппамен Қарақалпақстан еліне гастрөлге жүр­мек­ ші. Қуанды, туысқан елдің ән-өнеріне ынтық-тын. «Патсайы кө-й-леек» деп созыла, әсем ырғақпен айтылатын сазды әнін жанындай жақсы көретін. Қабылдағышын басына жастап, ұйып тыңдайтын. Үйреніп те алды. Сәл ырғағын ғана келтіре алмаса. Оның үстіне, өзі басты рөлде ойнайтын, халық сүйсінген «Жаралы жауынгер» постановкасымен ба­ рады. «Досымның үйленуі» – бұл да халық сүйсінген дүние. Өте-мөте өзі өлгенше сыйлайтын Әндірбай Молдашев ағасы мен атақты Сәлима Майтанова апайы ғажап партнёр болып ойнағанда, спектакль жа­ нып кететін ғой! Осылармен бірге бара жатқанына қуанышы қойны­на симағанда қайтсын! Тек Бас режиссер «Жаралы жауынгердің» бұ жолы бара жатқанына қарсы: «Шағын елге декорация сүйрелеп қайтеміз?

Пойыз да жүрсе, бір сәрі. Және Досымбековты Шүкен апайы қолқа­лап отыр: Қарағанды, Қызылжар, Өскемен қалаларына ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлумен» гастрөлге бара жатыр, Қодардың рөлін қосал­қы ойнатпақшы...» – деді мардымсып, кеудесін кере. Қойылым режиссері Сейтмамыт болса: – Шағын ел деп қарамау керек, оларға тілмаштың керегі жоқ, өнер­ ге сусаған дархан кең халық. Отан сүйгіштік пафос оларда басым бол­ маса, кем емес. Жауынгер, найзагер халық, бағзы заманда Иван Гроз­ ный патша қарақалпақ түменін құрып, қорғаныс шебін жасағаны тарих­ тан белгілі. Ал декорацияны шақтап, тек спектакльге фон беретін­­дей ғанасын аламыз... Қасарысып, алған бетінен қайтпайтын жігітке Бас режиссер көздерін сығырайта қарап, иығын қиқаң еткізген. Сонымен бұлар ұзақ жолға әзір шыға алмаған. «Декорацияны шақтап...» деуі Сейітмамытқа қолбайлау боп, кідірістеп қалғаны. Бас режиссер миығынан күледі. Актерлер тыпырши жолға қараумен, ал Мінуар жаңа көшкен үйдің кәкір-шүкірімен тұсаулы аттай тыпыраң қаға: – Тәтей, – деген Қалимашқа, үш-төрт жас үлкендігі бар, әрі мұға­ лимасы – келіншегін әзілмен «тәтей» дейтін. – Қаланың үйі дала үйі емес, қоқырсып жатса да білінбейтін. Бір қолыңда сыпыртқы, бір қолыңда – шүберек, тазалаумен боласың, шаң жуытпай! Туалетке онымұны ағызып жібермесін балалар, абай бол. Шұбырып көсіліп кеп жатып алатын төркіндеріңе айт: бас иеміз сапарлап кеткен, ол жоқта үйге кісі келе берген – болмайды. Саябыр етіңдер, керек десең, жиһаз да ала ал­ май отырмыз... деген сықылды. Біз жақтан ғой әкей әзір келе ал­май­ды, отар жайлаудан түспей. Тұрмыстағы қарындас-әпкелерім бала-шаға­сын шұбыртып әсте келе алмас, арнайы шақыртпасаң... Қатқыл айтса да, нық айтқан, Отардан қопарыла келіп жататын, үй алғалы, қайын жұртынан бір сәт шаршағандай да еді. Шешесі Балымша берген текемет, алаша, көрпе-жастық тозуға айналған. Қалимаш қанша көңіліне алса да, «рас-ау, өзіме де тыныштық керек біруақ» дегендей үнсіз келісе: – Ал інішек, сіз де тәртіп сақтап, тым еркелікке бой алдырмас­ сыз, қыз-қырқынға алаңдамай... – десе де, көңіліндегі түйткілін бүгіп қалмаған Қалимаш. Соноу бір кезде: бұл бұралып сабақ беретін, Мінуар аузы аңқайып, толықша, аяқтары балғадай, бой бітімі келісті қараторы әдемі қыздан көз алмайтын. Шынайы сезімге бірер жас үлкендік тосқауыл емес, онды бітіре сала екеуі бас құрап, үйленіп тынған. Атаанасының қуанышында шек жоқ, төгіліп, шашылып той жасаған. Есік қоңырауы шылдыр еткенге «тағы қордайлықтар болар...» деп, Мінуар жүгіре баса ашқанда, ар жағынан жымия Мәтиеш көрінген. – Өй, ағасы, қош келдің! Төрлет, төрлет, – десе де, анау тартыншақтай, аяқтарын сүрткілей, кідірістеумен болды. – Жоғарылат, иә, үйді тауып келдің ғой, рақмет...

– Ә, келін, қоныс құтты болсын, – дей Қалимашқа бір бума гүл, шампан ұсынды. Келіншек мәз, басқа туыстары шампан түгіл, шақпақ қантқа да жарымайтын. Лезде шай қойып, ас үйге дастарқан жайды. – Мынаны ашайық шапшытпай, – Мінуар қолақпандай құмыраны көлденең жатқыза, тығынын еппен бұрай бастаған. Әйелі әкелген кесе­ лерге көпіршіте құя бастаған. – Ал, Мәке, кәне, құттыаяқ болдыңыз, біз жол жүрейік деп отырмыз, амандыққа-саулыққа деп... – Мінуар, өзің білесің, қаланың сырты болмаса, қала ішінде аузы­ ма ішімдік алмаушы ем, оның үстіне, Күрті жаққа жол жүріп барамын. Саған соға кеткен себеп, біріншіден үйлеріңе құтты болсын айта кетейін, екіншіден, қолың бос болса, менімен бірге жүр, ел-жер көріп қайтқын дейін деп... – Мәтиеш мән-жайды түсіндіргенде, жігіт омырауы шымшым ете, дүрсілдей, әлде бір сағыныштың сазын шерте қоя бергені... Кеседегі шүпілдеген шарапты сіміріп салған. Қалимаш та қалыспады, көздері жайнаң ете: – Сен мені ағаңмен жөндеп таныстырмадың ғой, – деді наздана. – Ие, айтпақшы, – Мінуар сасқалақтап барып, Мәтиешпен ке­з­дей­ соқ танысқанын айтқан, «жолай, әрине» дей: – Е, Кегенге өткен жолы алып барған осы Мәкең ғой, ұмытып қалғанбысың? – деп абдыра­ған қал­пынан ептеп арылған. – Он да атүсті еді, бір күн түнеп, ертесіне жолға шықтық, әкей Жүніске ғана ағамды жөндеп таныстырғаным болмаса, – дегенді де әрең айтқан. Өйткені... Мінуарда қазір бір-ақ мұрат: қайтсе Мәтиешке ере, бір күнге болса дағы, Күртіге бару! Екеуі сыртқа шыға: – Жол алыс па? – деген. «Екі жүз шақырымдай» дегенді естігесін, «Біз қазір театрға баралық, сонда режиссерден бір-екі күнге рұқсат алайын, келіспесе...» Күдік пен үміт қатарласа, жүрегі алқына, Сейітмамытты жолықтырып, мән-жайды айта бастағаннан-ақ: – Қызықсың. Сәрсенбіге самолетке билет алып қойдық. Сен не, құс боп ұшып барып, ұшып келемісің? Білем Күртіні, құмның ортасында, даңғыраған жолы жоқ, зуылдап барып-келетін. Онда не, шұғыл шаруа ма, гастрөлден келгесін де, ұзын арқан, кең тұсау дегендей, барып ай­ лап жатсаң да... – Сейітмамыттың жүйкесі күйреуге шаққа тұр еді, шорт үзген үмітін... – Мәке, көрдіңіз, бара алмаспын, – деп отты көздерінің қиығында тұнған жасын сілке, ағасына мұң шаққан. – Былайынша... зорлық жоқ, мен Шынаргүл қарындасымның халжайын білейін деп шығып ем. Сенің тұсаулы аттай тыпырлайтыныңды қайдан білейін... – Өзіңіз-ақ... менен сәлем айтыңыз. Мазам жоқ еді, не болды о қызға? Неге хабарсыз деп... – Әй, Мінуар! Мүддеміз бір, кеттік, екі жүз шақырым деген не? Анау бастығың сандалыпты, жол көсіліп жатыр, асфальт болмасадағы, тастақ

теп-тегіс. Менің «вездеходыма» түк емес, құм, жал дегенің! Кеттік, нар тәуекел. Сәрсенбіге үш күн бар әлі, бүгін жексенбі, не тұрыс... Сонымен, Алматының солтүстік батысының бүйірінен шыға, Күртіге қарай ағызған. Ағасына дән риза. Амандық болса, бір күн қонып, ертесіне ертелете қайта аттанбақшы. Тек Шынаргүлді кезіктіре алса, дұрыстап сөйлесе алса... Түс қайта, жұрт жұмысына отыра бергенде жеткен бұлар ақылдаса келе, әуелі аудан басшысына барып, сәлем беріп, мән-жайды түсіндіру керектігін жөн көрді. Шағын село ортасындағы аупартком кеңсесіне бас тіреген. Сұрап білген, аудан басшысының есімі – Болатбек Тұрымжанов екенін. * * * – Иә, қарындасыңыз бізде, редакцияда, айналасы екі айда өзін көрсетті, ықтиятты әрі пысық екенін, – деп керіле, еңгезердей, сұрлау, сопақ бет аупартком басшысы қонақтарына ресми жауап қатты. – Дұрыс-ақ, енді қасымдағы інішегіммен таныстырайын, – Мәтиеш «қарындасыңыз» деп өзіне қаратып айтқасын, Мінуардың аты-жөнін атағаннан-ақ Тұрымжановтың жүзі жыли бастаған. – Атүстіміз, қарындасымызды көрсек, хал-жайын білсек, қайыра жолға шығамыз. – О не дегендеріңіз! Шақыртып алдыра алмайтын әртісіміз ойда жоқта Күртіге келе қалса, қалайынша сыйламай, қонақ етпей жібере саламыз, түстеніп, кешкісін аттанарсыздар. – Хатшы секретарын шақырып, «Белденбаевқа айт, бізге жаңадан келген журналист қызды жеткізсін», – деп жедел тапсырма берді де: «Ал, ағай, сіз менен едәуір үлкен шығарсыз, өзіңіз не жұмыс атқарасыз?» – Мұны ол әңгімені соза түсу үшін жәй сұрай салған. – Мен бе, темір-терсекпен айналысатын қарапайым механикпін... – Е, ендеше, әріптес болдық, Мәке, мен де жұмысымды механик бо­ лудан бастағанмын, өнер адамдары сөзшең деп естуші ем, Мінуар тымтырыс отырсыз ғой... – Мінуардың сөзден қалған себебі – есіл-дерті Шынаргүлді көрген сәтінде сыр беріп қалмасам етті деген сақтық пен сағыныш дерті аузын буған-ды. Шынаргүл кіріп келді, алақтай жан-жағына қарады да, «О, аға!» деп әуелі Мәтиешті құшақтап, одан соң Мінуарды құшақтап, еңірей жы­ лап, отырғандарды мәре-сәре күйге салды. «Жә-жә, міне, келдік қой, сағынған екенсің, сезіп тұрмыз...» – деп жатыр Мәтиеш. – Ал, үйге жүріңіздер, – деген Шынаргүлдің алдын орап хатшы: – Шынаргүл, егер жұмысыңыз болса, редакцияға бара беріңіз. Бұл адамдар біздің құрметті қонағымыз, ауданды аралатамыз, халықпен жүздестіріп таныстырамыз. Жаңадан құрылған аудан, шаруашы­лы­ ғымыздың етек-жеңі енді-енді жинақтала бастады, ал жұртқа атақты өнер адамдары таңсық...

– Бөке, жақсы айттыңыз, біз де халықпен қауышуға құштармыз, сол себепті, театр труппасы Қарақалпақстанға гастрольге жүріп бара­ ды. Біз есебі Шынаргүл қарындасымызды көріп, қалай орналасты екен, соны білуге келдік, аудан аралауға уақыт тар, түстенеміз дедіңіз, астан ешкім аттап кетпейді ғой. Баралық, сол жерде жиналған жұртпен аз ғана сұхбат өткізейік, ал Шынаргүл бізбен бірге жүрсін, байқап тұрсыз, бізді сағынып қалыпты... – Мінуар ағытыла, тұйықтық тұсауынан шешіле бастаған. «Сонда, бұл екеуінің қайсысын сағыныпты сұлу қарындас»... – деген күдік хатшының да кеңірдегін кептеген... ... Көздері ойнақшыған, қара домалақ бойшаң жас жігіт қызды осын­ да әкеп, жездесі, қазіргі газет редакторына табыстап кеткелі «болашақ қалыңдығы болар» деп түйген-ді Болатбек. «Қарындасын іздеп, екі ер адам тағы келіп тұр, сонда, Шынаргүлге шырындай жабысқан және біреу... анау сұлуша, жанары отты актер болмаса нет-ті...» – Тұрымжанов ойдан арыла: – Құп, қарындас бірге жүрсін, қазір Тоқаш Бокин атындағы совхозға баралық, – Болатбек телефонын шылдырлатып, әлденелерді нықтай бастағанда, Мәтиеш: – Ал, Шынаргүл, бұ жаққа, құм мен сексеуіл арасына аяқасты кетуіңе жол болсын... орныңды сипап қалдық, айтып кетсең болмас па?! – Ол қарындасын қысымға ала бастаған, қыз жәудір көзін төңкере: – Аға, рақмет, мені жоқтатпағандарыңызға! Себеп болды кетуге... Мұнда жұмысым жақсы, бөлім жүргізем, әрі орынбасар міндетін­демін. Аудан аралап, шаруашылықтармен танысамын, жазамын, басты­ғым маған пейілді... – Мінуарға қарап: – Гастрөлден қашан келесіздер, – деп қияқ қастарын кере ептеп тотыққан дөңгелек жүзіне сұрау ұялатты. Жай сұрақ емес екенін екі сұңғыла дәл түсінген. Халық құрамы едәуір, әртіс келіпті дегенге қашанда құлағы түрік жүретін жергілікті жұрт емес пе. Шатырдай боз үйге апарып тамақтандырғасын, қымыз бен шұбатқа қанғасын ескілеу клубқа табан тірей, төрге озған. Екі қонақты екі жағына ала, еңгезердей бойын тіктеп: – Құрметті халайық, алыстан емес, бүйіріміздегі Алматыдан арнайы келмесе де, сырттай атақ-даңқына қанық қонақтарымызбен аз ғана сұхбатты бастайық, – деді Тұрымжанов. Сөйтті де қайсыңыз әңгіме ба­ стайсыз дегендей, тікірек көздерін қадаған. – Мәкең бастасын, менен жасы да, жолы да үлкен, – деді Мінуар. Ол не деймін дегендей, сасқалақтай, сырғалығына саусағын апара ойланып қап: – Ал жақсы, мені әртіс деп қалмаңдар, ән айт деп қинамаңдар, мына атақты әртіс Досымбековке ілесе келген жайым бар. Ал айт десеңдер: мен бұл өмірдің ыстығын да, суығын да басымнан кешірген жанмын. Темір тордың да аржағын көрдім... ұрлықпен емес, әрине, жаламен. Аңқаулықпен бір қағазға қол қоя салыппын. Жеті жылға кесілдім...

Болатбектің сұп-сұр өңі қуарған жапырақтай солды. «Кіммен сөйлестім, кіммен сахнада отырмын...» Қозғалақтай, астынан су шыққандай тікірейе Мәтиешке қараған. – Орыста мынадай сөз бар: «Не зарекайся от сумы, и от тюрьмы», – Мәтиеш баппен сөйлей бастаған. – Бір жарым жыл отырдым, сау адам түсінде де көрмейтін азап пен қорлық. Ұйықтау жоқ, бір камерада отыз кісі, кезекпен кезек нарына қисаямыз... Зал жақтан күбір-сыбыр естілді. Бір қария кемпір орнынан тұра, көзіне күн сала алға жылжыды: – Балам, айта түс, менің немерем де нахақтан күйіп, сен отырған жерде... Бұғанасы бекімеген бала, өмірі не болады... не баукеспе ұры, не бандит болып шығары анық... – Қария солқылдай жылап, кимешегінің етегімен көзін сүртті. – Әділет жоқ, қайда шағынбадым? Кім құлақ салар менің зарыма... – Қария! Тоқтатыңыз! – Тұрымжанов түрегеле ақырып қалды... Мінуар орнынан тұра: – Ал, құрметті Күртіліктер, сәті түсіп сіздермен ойда жоқта кезде­ сіп тұрмыз. Мына Мәкең басынан өткен қиындықты айтты, ер жігіт­тің басына нелер келіп, нелер кетпес. Әсілі адал, таза адам. Менің осын­да келуіме себепкер де осы Мәкең. Айтпағым, біз әртіс деген халық сезім­ тал да күйреуікпіз, тез жылап, лезімде қуанамыз. Жұмысымыз осы­лай. Сіздерге бір ғажап жайды айтайын: жеті-сегіз жыл атақты театрда жұмыс істеп, үй ала алмадым. Кегендегі әйел-балаларымды көшіріп әкеле ал­ мадым. Кенет, – дегендей, Мәтиеш орнынан түрегеле: – Сіздер Досым­ беков Жүніс деген кісіні естулеріңіз бар ма, атақты шопан. Социалис­ тік Еңбек Ері, міне, осындайлық лауазым иесінің ұлы бола тұра, өзі де атақты әртіс, міне, кешегі уақытқа шейін үйсіз-күйсіз жүрген. – Мәке, отыра тұрыңыз, – деді Мінуар. Сөзін жалғастыра: – Бізде жаңа спектакль жүріп жатқан, «Жаралы жауынгер» деген. Ба­ сты рөлде ойнайтын едім, бірде спектакльге Республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаев жолдас келетін болған. Ондайда абыр-сабыр, режиссерларда ес жоқ. Сабыр сақтап ойнап шықтым. Ұзын монолог, соңында Біржанның «Жанботасын» айтамын... – Соны айтшы! – деді залдан. – Айтармын. Әуелі тура сол монологімді, әнімді де Үлкен кісінің кабинетінде жүрек жұтып айтып шыққанымды әңгімелейін... Қонаевтың аты аталғанда Болатбектің бетіне қан жүгірді. – Кенет мені сол кісінің қабылдауына шақыртты. – Ары қарай бол­ ған жайды Мінуар баппен баяндады. Өнер туралы, қоғам туралы айтқан келелі ойларын жерлестеріне жеткізді. Зал дүркіреді, соны басайын деді ме, шырқап қоя берген. Биіктен басталатын Қалқаның әнін сорға­латты. Аяқтай бергенде терезе сарт ете сынды. «Біз де естігіміз келеді», – десті сырттағы дуылдаған дауыс. Мінуар күліп:

– Димекең айтып еді, Манарбек Ержанов «Қыз Жібек» операсы­нан Шегенің ариясын шырқағанда, ілулі хрусталь шамдар сылдыр қағады, деп, сол сықылды, менің даусымнан терезе сынды ма?... – Дұрыс, бізге де естірт! Шық сыртқа! – Күмбірлеген қобыз бен дом­ быра сазы естілді сырттан. Шағын және әуесі қасаң залдан шығудан бөтен ештеңе қалмағандай... Жұрт сыртқа лықсыды. Тұрымжанов: «Тұра тұрыңдар!» дей алмаған. Өзіне де еңгезердей бойын теңселте қозғалуға тура келген. Шынаргүл Мінуарды тосып тұрып: – Аға, құттықтаймын, әніңіз ғажап, тағы айтасыз ғой, иә? – деген тау бұлағындай сыңғырлай. Оркестр күмпілдей ойнақы халық әнін бастап кеп жібергені! Делебесі қоза, Мінуар ортаға шыға «Бал қурайды» шырқап қоя берді. Ақ қурай, қызыл қурай, қурай, қурай, Құдайым қызды ауылға-ай, сыбай қылғай. Сол күні қыз әкесі үйде жоқ боп, Шешесін естімейтін-ай саңырау қылғай... Қайырмасын сан иіртіп, бірде аспандата, бірде шалқыта, таза қоңырау үнімен тағы бірнеше ән салғанда, Мәтиеш ортаға шыға: – Ән салмасам дағы билеймін, кәне, әй, балалар, орыстың құйқылжыған бір әуезіне басыңдар! – дегені. Оркестранттар тосылды, со кезде баяншы орыс жігіті ортаға шыға «Камаринскаяға» бассын. Мәкең жер тепкілей, бірде жүрелей, бірде түрегеле, қолдарын шапақтай, шыр иіріле жөнелді. Мінуар таң­қала: «Сірә, ана жақта үйренгені...» деп топшылаған. Мәтиешті ауылдас­тар қаумалай; «Аға, маладес! Кәне, мынадан ұрттап жібер де, тағы дөң­геле!» – дей стақанда шүпілдеген арақты ұсынды бірі. Мәтиеш қағып салды. «Қап!» деді Мінуар. – Ал, ағайындар, кеш қарайды, бізге қайту керек, рұқсат етіңіздер, сыйлап, құрмет көрсеткендеріңізге рақмет! – демесе, дырду қыза берер ме еді. Мәтиешті жігіттер қолқалай, өздерінің машинесіне отырғызды. Мінуар одан кілтті алып, Шынаргүлмен оның Газигіне жайғасқан. Екеуі қатар отыр. Үнсіз. Қараңғылықты тілгілей, машина фары алдыңғы жөңкілгендердің қарасын бірде көрсетіп, бірде көлегейлеуде. – Аға, Сізді сонша сағындым... – Қыз басын жігіттің иығына сүйей, күрсінді. Рульдегі жүргізушінің сірескен қолы тайып кете, бір аңғарға көлік күмп ете түсті, түсті де үні өшті. Басы дыңылдай, Мінуар қыздың үстіне сырғи аунай құлағанын сезген, сезсе дағы қозғалмады. Зілмауыр кеудесімен талшыбықтай Шынар қыз денесіне дене боп жабысқан­дай қалпы... ... Біршама уақыттан соң озып кеткендер қайрылды, бір жағына қисая, қос доңғалағы көтеріле қауқиған көлікті көрді. Ана екеуі «естері тана» екі жақта жатқан.

– Бәсе, бәсе, біліп ем, осы аруақ атқырдың басқа біреу айда­ са мөңкитінін, кілтіне жан баласын жуытпайды, – деп Мәтиеш шыр қаға әуелі қызды жатқан жерінен көтеріп, орнынан тұрғыза бермекке оңтала бергенде, қыз бір жамбасына қарай сылқ еткен. «Е, байқұс қыз әжептеуір жарақаттанған ғой...» десе дағы, күдікті ойдан көпке шейін арыла алмаған-ды. – Аға, Мәке! – десіп жігіттер Мінуарды дік көтеріп ор ернеуіне шығара: «Қайтеміз, дәрігер шақыртамыз ба?» – десті екі ойлы. – Әуре болмаңдар, өзім-ақ, – деп «есі кірген» Мінуар құр аттай ор­ нынан атып тұра: – Мәке, Шынаргүл сау ма? – деген шынымен әбігерлене. Расы, еш құйтырқысыз, өзінің не істеп, не қойғанын есіне ала, аққұба сүйектен ойғандай жүзін қызыл бояу жапқан. Тұла бойы ыси, анадайда күлімдеп тұрған қызға ұмтылды. – Аға, абыржымаңыз, саумын, ептеп жамбасымнан ауырсын­ған­ даймын, ал өзіңіз ше, қатты құладыңыз білем... – деді үнін құбылжыта. – Ал, жігіттер, мына қауқайған немені жолға шығарыңдар, қарайын, моторы сау ма, – деген Мәтиеш сипаңдай көлігінің әр жер, әр жерін шұқылай бастап: – Аман екен, ал, жүрейік, – деді ана екеуіне «отырыңдар» дегендей ым қаға. Олар арт жаққа жайғасқан, қолдарын шап бере ұстағаннан орталыққа жеткенше жазбаған. Ауыл адамдары, басшы, «бұларды қайда қондырамыз» дегендей әбіржіді, қонақ үй атымен жоқ, түн ортасында шұбатылып кімнің жайы­ на бара қалсын. Қиналғандарын байқаған Мінуар: – Еш қобалжымаңдар, біз осы бетімізбен аттанамыз, тек бензин жағын қарастырсаңыздар, – дегенде, бірі: «менің машинамдағы майды құйып ала қойыңдар!» – дегені. Солай болды да. «Аға, мен жатқан үйгеақ барып қонбайсыздар ма?» – Күрсіне айтқан Шынаргүлге: – Жоқ, қарындасым, сөз ілестірмейік, әйтпесе, бас сұғып шығуға бо­ лар еді, қонбасақтағы... – Мінуар сөзіне бәрі тоқтаған. * * * Таң сібірлей Алматыға да жетіп, Мінуар өз кілтімен есігін сықырлата аша бергенде: «Бұл кім? Сен бе?» – Қалимаш ішкөйлекшең дәлізге аптыға шыға: – Ойбү, таң атты, қайда жүрсіңдер? Режиссерің іздеп, жанталасуда, – деді көздері бақырая. – Мейлі, бүгін демалыс, бізге шай қойып бер, Қалимаш, үстіңе бірдеңе ілсеңші, ағадан ұят қой, – дегенде, Мәтиеш ұяла теріс қараған. Қызылкүрең қаймақ қатылған шайдан армансыз іше, екеуі жастыққа бас қойған. Ал Қалимаштың мектепте жұмысы бар-тын, енді ұйқы келе

қоймас деген оймен, жігіттеріне жұмыртқа қуырып, үстелге қойды да, киініп, сөмкесін арқалай сыртқа беттеген. Душқа түсіп, үлкен қызына шай қойдырып, жастықтан бас алмаған Мәтиешті оятты. – Ағасы, түс ауды, шайланып ап, сізді мен қала шетіне шейін апарып салайын, өйткені... – дей дастарқан шетіне қалқайтып «Московскийді» қойған. – Жуынып-шайынып алыңыз, мынаны киіңіз. – Су жаңа, сарғыш жолақты ақ жейдені ұсынып. – Ал, – деді Мінуар, жаңа жейдені киіп, тап-таза қалпында ванна­дан шыға берген ағасына сүйсіне: – Мынадан ұрттайық, саулыққа, амандыққа деп... жақсы өткізген кешелі-бергі сәтті, тәтті шақтар үшін. – «Тәттіге» Мінуар айрықша леп белгісін қойған-ды. Екеуі қарқылдай күліп, үйді бастарына көтерді. Мәз. Мінуардың өткір көзі одан әрмен ұшқындай: – Расы, ғажап кездесу болды, – Ал енді, – деп кең маңдайына мұң қондыра: – Осы мен бірнәрсені бүлдірдім білем... Өкінішті... – Е, анау ма, онда тұрған не бар? Пісіп тұрған балбыраған алманы дер кезінде үзіп жемесең, жерге түссе бәрібір жаншылады. Мәтиештің екіұшты сөзінен соң көңілге тоқшылық орнаған­дай, әйткенмен беймазалылық ұйытқыған борандай жанын жай тапты­рар емес-ті... «СЫР САНДЫҚТЫҢ» АШЫЛУЫ Сәрсенбінің сәтінде театр труппасы алыс сапарға аттанған. Қарақалпақ елі со жылы күріштен мол өнім алып, шалқуда екен. Обком хатшыларынан бастап, зиялы қауымы қазақ әртістерін Нөкіс аэропорты­ нан қарсы алды, қаздай тізілген «Волгалармен» алып жүрді. Қонақ үйде әрқайсысын жеке-жеке люкс бөлмеге орналастырып, түн ортасы ауса да ақпа-төк қонақасы берілген. Гастрөл шымылдығы «Жаралы жауынгер­ мен» ашылды, шағын драма театрының залына ел сыймай, билет алып кіре алмай қалғандар үшін сол спектакль ертесіне қайыра қойылған. Сөзсіз, Мінуар Досымбековтың образға терең бойлай, жаны күйген жа­ ралы жауынгердің трагедиялық халін психологиялық сарабдал дәлдікте атқаруында жатқан жоқ па бар құдырет! Ақырмай, бақырмай қоңырсаз мәнерде монолігін оқыса, үні қай бұрышқа да естілетін. Ол кезде тексті анық айту, сөз қадірін түсіне жеткізе айту жоғары талап еді, қазіргідей тілін шайнап, сөзін жұту деген сахнаның киесін сыйламаумен парапартын. Бүгінде орыс актрисалары тілін шайнап, керіле сөйлеп, орынсыз бақырып көрерменді мезі еткен, қазіргі қазақ актрисалары да соларға еліктейді білем.

Апарған үш постановка халық сұрауымен үш-үштен қайталай қойылғасын ел ішін аралауға шыққан. Ол кезде Арал кенересінен аса толқып, жал-жал толқындары жағалауды жалайтын; ақбалық, бекіре, са­ зан, қаяздары теңіз түбінде тұнса, шортаны аспанға ырғитын. Халық тоқ, қонақ десе құсша ұшатын аса меймандос ел екен қарақалпақтар, туған ағайыны – қазаққа дегенде бейілдерін айтып жеткізгіссіз! Сөздерінде бірер әріп қана дыбыс ұқсастығын бұзғанмен, түркі тектес тайпалардың ең-ең ішінен тіл жағынан қазақ тіліне жақыны – осы қарақалпақ тілі секілді. Сейітмамыт, Мінуар, суретші Мұқанов, тағы бір актер совхоз директорының үйінде қона жатты. Бұлардың дәстүрінде мейманға жеті түрлі тамақ пісірілмей тұрмайды екен. Әуелі әрине шай берілді. Одан ет, одан мәнті, одан палау, одан қарақалпақтың ұлттық тағамы... не керек, түн ауғанша бұлардың аузы құрғамады десе де. «Енді болдық қой» деп тұрып сыртта тоқ басып, төсек салынған шығар деп келсе, тағы дастар­ хан, тағы жаңа ас! Кеңірдектен келе желінген астан соң, тағы бір ас алда­ рына келсе, адам жей бере ме, көз көргесін қимайды екен және. Қысқасы, Мінуарлар қарындарын кептей-кептей орындарынан тұруға шамалары келмейтін шаққа жетті. Жалынды, ертең – спектакль, тоқжарау барма­ са болмайды дегенмен, үй иелері тыңдар емес. Ішімдік, қымыз, шұбат өз алдына. Ертеңгісін тұрса, майы шылқыған қуырдақ, кекірігі азды, қайтсын, сыйлап ас қойса, жемей кері ысырса, тағы болмас. Ән-күйсіз де бола ма, бір қауым әншілері ырғалта, дауыстарын соза таңға саз айт­ са, бұлар да қазақтың небір әні мен күйін төгілткен-ді. Әсіресе, Мінуар «Көк көйлек киген қалқам, суға баралық» деген қарақалпақ әнін иіре әндеткен. Сейітмамыт домбыра шанағында небір Сүгір күйлерін шертсе, ал жас актер қобызда небір сарынды сорғалатты. Суретші де қалыспай татар ырларын тамылжытқан. Міне, ақыры ел ішін аралап, постановка­ лардан шағын-шағын үзінділер ойнап, Мойнаққа табан тірей, спектакль қойып, соңын концертпен тиянақтаған. Қазіргі кездегідей, Арал тартылып, табанында ақ құм иіріліп, ақ құрт үйлерінің табантасын кемірген, жемірген құрыған кезең емес-ті. Мойнақ бір кезде портты қала, теңіз байлығынан табысы шалқыған елді мекентін... Соны ойласаң, бүгінде қарақалпақ ел-жұртына жаның ашиды, табиғат апаты оларды әбден ойсыратты, ел көшті, қаңырап үйлер қалды. Қайда барарларын білмей, туған жерді қия алмай, сенделіске түскен ең ауыр да қасіретті шағы. Біразы қазақ жұртын мекендеді, біразы – іргелес өзбек жерін. Онсыз дағы сығылысып, таяқ тастам жері қалмаған өзбектер оларға құшақ жая қояр ма. Кім білсін... * * * Көңіл – құйтақандай сутас шыны ғой, Мінуардың көңілі де сол. Қарақалпақстаннан абыроймен оралды, әртістерге сый-сияпат, ал екеуіне – Сейітмамыт пен өзіне автономиялық республиканың Еңбек

сіңірген әртісі деген биік атақ берілді. Құрбысының қуанышында шек жоқ, ал өзінің өз елінің еңбегі сіңген деген атақ алғанына да едәуір еді. Сонда бұл Мінуарыңда екі атақ! Әсте, қуанышы да, қайғысы да ішінде, аштығын да, тоқтығын да білдірмейтін құба даланың маң-маң басқан атан түйесіндей байсалды қалпын сақтайтын әдетімен, «құтты болсындарға» жәй бас изей, рақметін айта біртоға жүре берген. Демалысқа шыққалы жанында маза жоқ: со бір түн, Шынаргүл екеуінің айқара құшақтаса, көк майсада аунағандары, қыздың жұп-жұмыр алқымынан сүйіп, алмұрттай ұшы бүртік төсінен ұстай қос алақанын толтыра жұмарлай қысқаны, – бәрі-бәрі қаз-қалпында, әлсін-әлсін елес беріп, онсыз дағы беймаза жүрек шіркінді сыздата әуреге салғаны... Бір жағы – удай өкініш! Обалына қалдым-ау, ендігі тағдыры не бо­ лар... Алған еркегі бетіне баса қорламай ма. О, тоба! Несіне өзіне ерік берді екен, жәй ғана аймаласып қана қоймай. «Аға, мен Сізді сонша сағындым ғой...» дегені үзіле Шынаргүлдің. Одан орға қисая күмп бер­ ген машинаның есігі сарт ашылып, жерге аунай түскені екеуінің. «Ағата-ай-ай!» – Үздіге ышқынған жас қыздың үні сезім пернелерін тербей еркінен тыс әрекетке барғызғаны... – Мен балаларды қыдыртып қайтайын, сабақтары басталғанша... – Қайда? Кегенге ме, мен де барайын деп едім, кітаптарым, тағы басқа конспект жазған дәптерлерім қалып қойыпты, – Қалимаштың қара ағаштың діңгегіндей шып-ширақ денесін шалт қозғай, бұған ажы­ рая қарағанынан көзіндегі күдікті аңғарған. – Е, жоға, Есік қаласына барамын, Мәтиешке жолығамын, ол мені көл жаққа апарып, бірер күн демалдырамын деген. Бір есеп, балалар да аунап-қунап тынығып қайтсын... – Мейлің. Бірақ көп жүріп алмаңдар, – деген келіншегі. Ол күйеуіне қыспақ жасамай, «ұзын арқан, кең тұсаумен» ырқына жіберетін дәйім. Енесі Балымша: «Еркек дегенің есігіңнің алдындағы байлаулы баспағың емес, олар – азамат, жаратылысы бөлек, туа бітті еркін жүріп-тұру қасиеттері. Қадағалай берсең, қадірің кетеді,» – деп отыратын ғой. Он тоғыз жасында келін болып түскен Қалимаш ене қағидасын бойтұмардай жадына сіңірген. «Келін – ененің топырағынан» деген осы да. Осы шаққа дейін енелеріне тізе бүгіп, сәлем салатыны осыдан. Қазақ келіндерінің инабаттылық қасиеттерін жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа аманат етуінің бір көрінісі де бұл! Мінуар жөндеуден өтіп, құлыншақша құлдыраңдай «тыпыршып» тұрған көк тепеңкөгін гараждан шығарған. Гараж – үймен қоса берілген қосалқы сый, қалалық кеңес үйі болғасын осындай құрмет-үрметі бола­ тынына бұл тәнті. Іштей риза, Үлкен кісіге деген шексіз алғысын айта, оның ғұмыр жасының ұзақ болуына, дені сау, көңілі қашан да қошалақ болуына ынты-шынты ниетімен тілектес... Есік қаласына бара, кенет басқа ойға ойысты: Мәтиешке жолығудың бұ жолы еш қажеттігі жоқ. Ойы аяқасты өзгеріп, көлге емес, онда тұратын

Күлімхан атты Шынаргүлдің нағашы шешесіне де бармай, әй-шәй жоқ, Таутүргенге тартқан. Онда қызылбөріктер тұтаса тұратын, ендеше, рулас елге соға кету – діттеген арманы тұғын. Сіңлісі сонда тұрмыста екенін, балалы-шағалы екенін Балымша анда-санда есіне салатын, күрсініп, «халі қалай, Айымшаны көрмегелі не заман...» дейтін сағынышын саз­ дыра. Кегенге де соғады ғой, сонда шешесіне қуанып айтпай ма: «Апа, сенің туған сіңліңе бардым, бәрі аман-есен, қатты қуанып қалды», – деп. Түрген сайынан шыға кілт жоғары бұрылды. Айшарбақты мүрде тұр екен, іштей дұғасын оқып, бетін сипады: «Жалғыздан жалғыз, жалғыз қорымда жалғыз мола, кім болды екен...» дей, тау іргесімен жоғары өрлеген. Аспаннан әкеп қондыра салғандай алақандай ауылдың қарасын көргеннен Айнұр мен Айбарға түсіндіре: – Біз қазір нағашы апаларыңның үйіне барамыз. Әжелеріңнің бірге туған сіңілісі, екі ағайының бар, Рүстем және Райжан. Олар ере­ сек, қайда, үйлі-баранды. Сендер еркелеп, тентектік жасай көрмеңдер, ұқтыңдар ма... – Папа, біз мұнда қанша күн боламыз, – деді Айнұр, ол өзінен үлкен Айбарға қарағанда пысықтау еді. Түр-әлпеті тура шешесі – сойып қап­ тап қойғандай. – Неше күнің не? Қонамыз, ертең кетеміз, сендерді атаң мен әжелеріңе апаруым керек, сабақтарың басталғанша, оларды сағындыңдар ма. Ана қуыршақтай Айгүлді, ше... – Екеуі де үнсіз күрсінген. Толықша, ақселеу шашы басындағы орамалдан дудырай шашыраған, аққұбадан гөрі қоңырқай жүзді орта жастағы әйел бұларды танымай, «бейсеубет жүрген кім?» – дегендей, көліктен түсе келе жатқандарға онша шырай бермеген. Екі бала қанаттарын жая ұмтыла бергенде: – Күнім-ау, менің жиендерім ғой, неде болса, ойбү, сен – Мінуар? – деп құшағын жая о да ұмтылды. Қос жиендерін шөп-шөп сүйе, ал отыздың бел ортасын алқымдап қалған дәу жиенімен көрісе: – Күндерім, қарақтарым, сендерді көретін күн бар екен-ау! Амансаумысыңдар, Балымша, Жүсекеңдер аман ба... – Еңкілдей жылап, соқталдай жігітті құшағынан босата қоймады. – Жә, жә, тәте, бәрі аман-есен. Біз де сағынып әдейі ат басын бұрып тұрмыз. Өзіңіз күйлі-қуатты боларсыз, – дегенмен де, шау тартқан нағашы әпкесіне таңырқай қараған. Балымша бұ кісіден әлдеқайда ширақ та жасаңдау көрінетін. Сезігін сездіргісі келмесе дағы, Айымша ұққан, солығын баса: – Кәне, үйге кіріңдер, шай қояйын, – дей байпаңдай алға түсті. – Тәте, мынау сізге, жақында Қарақалпақстанға барғамыз, ойын қоя, со жақтан әкелген базарлығым, – Мінуар бес кез шәйі кездеме, жаңғақ, кәмпит, тағы басқа қомақты дүниені қолына ұстата: – Ағам мен тәтем қайда? Басқа жақта тұрады деп естігем. Қолыңызда кім бар қазір? – дегендерді алдарына шай мен тағамдар келе бастағанша бастырмалатқан.

* * * Ертесіне: «Айбар, балам, мынау сенің бәсірең ғой» – деп жүгендеулі қасқа құлынды баланың алдына тосты. Ересек ұлдың қуанғаннан көздері бадырайды, әкесінен айнымайтын ақ реңкті жүзіне қуаныш тепши: «Маған ба, әже? Қазір мінейін!» – деді де жайдақ құлыншаққа қарғып міне шаба жөнеген. – Өй, құлайсың, тоқта! – Әкесінің ышқына шыққан даусына құлақ аспады. Тауға қарай құйғытты. Аңырая тұрған Айнұр: «Маған ше?... – деді кемсеңдей. Айымша: – Анау бұзауды көрдің бе, жоңышқада жайылып жүрген, сенікі, – де­ генде, бұзауға талпына бере: «Папа, бұзауымды қашан әкетем?» – деп әкесіне жалтақтады. – Қазір емес, күзде, қазір оларды балконға қоямыз ба? – Айым­ ша сықылықтай күліп: «Дұрыс-ау, күзде келесіңдер, каникулға, алып кетесіңдер Кегенге, – деді жайдарылана, ажымдары жазыла: – Сен, Мінуар, үйге кірелік, саған бір қағаздарды көрсетейін,– деген екі бала бәсірелерімен алаңдай өзді-өзі болғанда. – Мынау – дәптер, ондағы жазу жартылай латынша, жартылай қазіргі қазақ қарпі. Кей жолдары көше бастаған. Кімдікі дейсің?... – Қайдам, әбден тозығы жеткен, – деп Мінуар қолын соза берген­ де, тұла бойын тоқ ұрғандай дір еткен. Жалтыр қапты қалың дәптердің сыртындағы жазуды әрең ажырата: «Айсолтанов Досымбектің күнделігі» дегенде, жазу көз алдында қозғалақ қаға билеп кеткендей. – Мен ұзатыларда әкең, менің жездем – Жүсекең жасау-жабдықпен қоса, ұсына: «Сен, балдызым, ептеп жазу, сызумен айналысасың, саған аманат, кезі келгенде пайдаңа жаратарсың, тек жоғалтып алмағын... біз көшіп-қонып жүреміз, бір жерде қалып қойса, қиын, кейінгі балаларға табыс етерсің реті келгенде», – деп табыстаған. Одан бері нешеме жыл? Сен оқуда болдың, үйлендің, театрға орналастың, бір келмедің... кімге тапсырайын сонда... – Айымша көзіне жас ала, тағы босаңсыды. – Мен қарап шығайын, бұл – зор сый! Көп жұмбақтың беті ашылар, рақмет, тәте! – Мінуар қолына құран ұстағандай, дәптерді ақтара бер­ генде, ішінен сусып екі-үш ескі сурет түсе бастаған... Қаракемердің далиған етегі Құлжа жолға шейін созылады. Осы екіараны – Қасқа дейді. Қасқамен ызғытып Мінуарымыз келеді. Алматыға құйындата жетсем деген ойы кілт бұзылған: бәріне себеп – сурет! – Бұл не сурет? – деген әпкесіне жалма-жан. – Дұрыстап қарағын, анау сусар бөрікті, дөңес танаулы, мұртының қылышы езуін жапқан келбетті еркекті кімге ұқсатасың, әсіресе қиғаш көздерінің ұшындағы отты, ескі сурет, сонда дағы тесіле қарағаны кімнің көзіне ұқсайды, ә? – Айымша да ойнақылана, өтіп кеткен жастығына қайыра оралғандай сықылықтай күліп алған.

– Білмей тұрмын, сонда бұл? – Бұл – Ел-ші-бек! Ұлы атаң... – Қойыңызшы. Шынымен? О, Құдырет... – Өткен, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде түсірілген сурет, сыртындағы арабша жазуы соны аңғартады. Міне – Елшібек, қасындағы балалы келіншек – Сұлуқас, сүйіп қосылған жары, қарашы, не деген сұлу! Киімін айт, қандай келісті. Мынау – Нысанбек, Елшіекеңнің қайын атасы. Зерлі тақияны бір шекелей басына ілген, етегі құндызбен көмкерілген кең камзолын иығына іле еркелей отырған әсем қызға қарашы, әсілі Сұлуқастың сіңлісі, не, Елшіекеңнің қарындасы, е, айтпақшы жиен қарындасы бар дейтін, кім айтты, есімде жоқ... – Сіз арабшаны қайдан білесіз? Ал Сұлуқас дедіңіз, ол қай елден, және бұл сурет қайда, қашан түсірілген, – Мінуар тағы ежіктей сұрақты жаудыртқан. – Институтта оқытты емес пе, қайта ұмытып қалыппын, әрең ажы­ раттым жазуын. Астында орысша жазу, оқышы, славянша, тани аласың ба?... Мінуар өткір жанарын қадалта сурет сыртындағы, арабша, жіпке тізілген маржандай жазулар астындағы орысшаға ептеп келетін қаріптерге тесілген. «... Снимал – Нысанбеков Нұрқасым, 1902 года, Х месяца, Билба­ стау». «А эта красавица – Биганым, моя любимая». – О, тоба! Осы қыз кімді ұқсатады, мөлдіреген жанар, топ-томпақ жүз, уыз ерін... Апырай, Шынаргүл ғой! Шынаргүл о жақта қайдан жүр... – Шынаргүлің кім... Жауапсыз қалды. – Тәте, мен кеттім! Ат мінгізгендей тура, өлсем ұмытпаспын, небір жұмбақ миымды мүжіп жүретін, әкейден сұрасам, міңгірлеп, дәнеме айтпайтын... Шүйінші сұраймын, той жасатам! – Оның міңгірлейтін себебі бар, біріншіден, күнделікті оқи алмаған, кей жазулары өшкен, көнерген, оның үстіне, мал соңында жүрген шаруа басты адам шұқшиып көне күнделікті қайдан оқып отырсын. Екіншіден... әй, осыны әкеңнен барып сұрағын: Айсолтанов Досымбек кімнің баласы?... – Осы сұрақ менің де санамда іркулі, талай сұрадым, айтпады. Бір жұмбағы бар неде болса. Ал мен аттандым, әлгі жиендерің қайда, шақыршы... «Е, сыр сандықтың беті ашылар кез таянды-ау, сірә. Көк тұман – жұмбақ шымылдығы да сырғыр», – деп екілене толғанды іштей. – Сен асықпа. Ат мінгізгендей болдың дедің. Жақсы, ат емес – тұлпар мінгізейін саған! Жүр, ана сарайға... – Есігінің аузына айқастыра құлып салынған кірпіштен қаланған сарайға алып жүрді Айымша. Сықырлатып ашқанда, ар жағында күрең қызыл түсті «Волга» автокөлігі тұр еді! – Бұл – саған! Жездеңе 70 жылдық мерейтойында обком сыйла­ғанды. Ол – Қаңлыбаев соғыс жылдарынан соңғы күйреген шаруашы­лықты

қалпына келтіру жолында өлшеусіз еңбек еткен. «Таутүрген» колхозын құрған сол! – О, тоба! Мен енді «Волга» мінетін болдым ба, тәте? Ал балаларың, немерелерің бар емес пе? Соларға... – ... Олар әуелі өсіп алсын, ұлым – Рүстем басқа жұрттың қызына үйленген, Жезқазғанда. Жалғыз немерем – Ержанның қазақ сөзі мұрнына келмейді. «Бабуля» дейді мені, «апа» деудің орнына, келіннің сөзі. Жыл он екі айда бір келеді, қоқиып ана келін шыбық басын сын­ дырмайды, сояу тырнағын сақтайды. Қайтейін... Ал қыз, Райжан болса, Ақтөбеде. Күйеуі со жақтан, «көшіп келіңдер» десем, енесі қатыгез кісі, баламды тіріде жібермеймін деп, шідерлегендей ұстауда. Алты-жеті ба­ лалы ғой. Айжаны менің қолымда, оған да шүкір... – Асыл тәте, не айтайын, рақмет, мына Жигулиді әкей әперген, жөндеуден шыққасын со кісіге қайтарайын деп ойлағамын ғой, аяғынан қиналатын болып барады... – Е, баяғы қой соңынан ере берем деп көз аштырмас боранда, сау аяғын үсітіп алғаны ғой, міне, кесел содан. – Айтпақшы, Айжан екеулеріңіз Алматыға келсеңіздер, біздің үйге соқпай кетпеңіздер. Адресі мынадай, телефон нөмірі де. – Барамыз ғой, енді машинаңды қашан өзіңе аударып алмақшысың? – Таяу арада, Мәтиеш деген мықтыны тапсам болды! Қаракемердің төменгі етегі – Қасқамен қасқия зулап келеді. Көңілі тасыған көлдей, бірде толып, бірде ортаяды. Шаттануы – Досымбек атасының күнделігі қолында. Талай жұмбақтың түйіні шешілері анық... Артқы орында қалғып-мүлгіп отырған балаларына бұрылып: – Ұйықтай беріңдер, жол ұзақ, құлындарым, – деді. ҚЫЗ – ҚҰМЫРСҚА Құмырсқа қыз деп атаушы еді Шынаргүлді мектепте құрбылары: бір уыс беліне, шағын тегенедей ғана төңкеріле біткен бөксесіне, қайқиған көгершін кеудесіне бола ғой деймін. Мойны ұзын, жұмыр. Бала кезінде осы көрінісі көзге тым оғаш-тын. Құмырсқа десе, құмырсқа. Өсе келе, толыса келе бұл бітім-болмысы өзгеше кейіп, өзгеріс танытқан. Тар мықын, суға салған талдай солқылдай, құс кеуде көтеріле түсіп, балтыр­ лары арша талдай. Өңі аққұба, қиғаш қас, қалыңдау – томпақ уыз ерін, балғын иек, жәудіреген бота көз, ай маңдай. Кертіштеу біткен сүп-сүйкімді танауы балалық еркелігінің куәсін­дей – «мені еркелетші, аялашы!» деп тұрғандай. Әйел сұлулығының сипаты­ на үйлеспеген, тұтастық гармониясына келіспеген бұл танау қыз сиқын бұзып тұрған жоқ, қайта шолжаң, еркелік кейіп таныта, кім-кімді де

бей-жай қалдырмастай еді. Міне, аудандық газетте істегеніне жыл асты, әжептеуір тәжірбие алды, өткір мақалаларымен жұртшы­лыққа қозғау салды. Тамыз айы да келіп қалды, оқуға түсем деген талпынысынан тан­ бай, құжаттарын жинап алып, арызын жазып тайып та тұрды. Сол баяғы бағы жанбай құлап қалған университеттің филология факультетіне құжат тапсырды. Тек дәрігерлік қағаз жетпегендіктен, Есік қаласының өзіне таныс дәрігерлік мекемесіне барды. Оның алдында Күлімхан апасының үйінде екі-үш күн демалып, қымыз ішіп, аунап-қунаған-ды. Төрдегі, шыны әйнектегі ескілеу көнерген суреттерге көз салғанда, тұла бойын тоқ ұрғандай оқыс бір сезімге бөленді: тура өзінен айнымай­ тын жастау, қазақы киінген кербез қыз бұған тесірейе қарағандай. Топ адамның ішінде, үкілі тақиясын бір шекелей киген, қос етек көйлегі мен зерлі камзолы төгіле отырған қыздың сән-салта­наты өзгеше-тұғын. «Бұл кім, қашан түсірілген сурет?» – деумен мазасы да кетіңкіреген. Бұрын неге байқамаған? Әлде жоқ па еді... Апасы­нан сұрауға кемшіл уақыты кеңшілік бермеді, тез-тез Алматыға, жолай көлік ұстап, кетіп қалды. Жол бойы құлағына бір сұмдық болып естілген гинеколог дәрігердің сөзі: – Милая, сен не күйеуге тигенбісің? – Ә, жоқ, әлі жаспын ғой, оқып алайын... – ...Күмәным бар. – Ол не күман? – Сіз екіқабатсыз! – Не, не? Екіқабаты несі!... – Жеті-сегіз апта, яғни, бір жарым айлық... – Қалайынша?! – Талып бара жатты. Нашатыр иіскетіп, есін жиғызған соң дәрігер әйел: – Енді қайтпексің, байқұс бала-ау, осылай енді жас қыздар, алдыартын ойламайды, бір күндік қызыққа алдана салады. – Ол әлдене деп жатты, Шынаргүл шайқалақтай есікке беттеген. «Енді не болам?» деп те жатпады, жүрегі бір сәт езіле: Мінуар ағайы екеуінің көліктен аударылып түсіп, оның батпандай кеудесімен кеудесі табыса аймаласқандары... «айым, жаным...» дей алқымынан өпкені... қаз қалпында – қайтып ұмытылсын. Есіне түскен сайын жүрегі балықша шорши дегбірін алмаушы ма еді. Ұмытпайды ғой. Бірақ мына тосын жайт... «Алдымен оқуға түсейін, Аллам бұйыртса... Қалғанын көре жатар­ мын. Ешкімге білдірмеу, оның өзіне де. Көзіне түспеу, үй-ішіме де, мамама да... айтпау. Текке қобалжытып қайтем. Мамам ылғи да айта­ тын: Алламыздың бұ да бір сыйы да, сыны да... «Солай болды. Алматыға тездетіп барайын...». Күлімхан апасына ақтарылмады, кетерінде: «Апа, мына тұстағы суретті алайыншы, рұқсат етіңіз», – дегенде Күлімхан қобалжи:

– Оны қайтпексің? Ескерткіш боп тұрсын, көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін кезеңдер болады, сондайдың бір ескерткіші ғой. – Мен көшіртіп оригиналын әкеліп берем, апа... қобалжымаңыз. Күлімхан қанша қиналса да, көнді. Жиен қызының бір сөзділігіне сенген. Үңірейіп қалған шыныдағы суреттер қатарына Шынаргүлдің ұлғайтылған, соңғы әлетте түскен, шуақты күндей жарқыраған әсем суретін орнына қойған. Бір сөзінде марқұм шалының: – Күлімхан, бұл суреттегі менің және Нұрғаным екеуміздің ана­мыз – Биғаным. Ал анау сусар бөрікті жүзі сұсты отағасы – Елшібек. Қасын­ дағы көрікті жары – Сұлуқас, ал анабір әкесінің қолтығына кіре, бір шекесі ғана көрініп түскен Омарғазы. Мына бір кең жауырынды, қа­ бағы түксиген тақиялы кісі молда болар... – дегенін есіне алған. Ұмы­тып қалмайын дегендей, аттарын өзінің айбақ-сайбақ жазуымен дәптерге түсірген еді. Анда-санда қарап: «Қандай қасиетті адамдар болған зама­ нында» – деп Елшібек туралы естігендерін де қағазға түртіп қоятын. – Апырмау! Осы мен Шынаргүлге ұлы әжесі Биғаным жайлы, оның нағашысы Елшібек жайлы неге айтпағанмын, ә? Жә, бір кезі келер, ал­ дымен оқуына түссінші... ... Жерігі де басталып, әптер-тәптері шыға жүріп Шынаргүл емтиха­ нын түгел тапсырды. Абыройына қарай, жоғары бал жинап, армандаған оқуына түсті де. Қуандырған жақсылыққа қалайынша жүрегі жарылма­ сын. Күлімхан апасы мен аға-жеңгесіне келіп, шүйінші сұраған. Оларда ес жоқ: «Біздің әулеттен де жоғары оқуға біреуі ілінді-ау» – десіп көршіқолаңға құдайы шай берген. Апасының іздегені – Мәтиеш. Осыны сезгендей-ақ, Газигімен салдыр-гүлдір жетіп келді ағасы. Ести салып: – Айтамын Мінуар ағатайыңа! Құтты болсын, қарындасым! – деп ол да қуаныштан жарыла жаздаған. Шынаргүл қорқып: «Ол ағатайым гастрөлде шығар, театр әлі жұмысын бастаған жоқ қой», – деп қалды. «Бұ кісіге де сездірмеу... Шыда, шыда, Шынаргүл!» Алматыға келе, оқуын сырттайғысына ауыстыру үшін университет ректорына арызын жазды. Таңырқаса да, студентканың қиылып отырып алғанына қарап, амалсыз рұқсат еткен-ді. Өйткені қыздың ән салаты­ нын, билейтінінен де хабардар: «Осындай әрлі де өжет қыздар біздерге керек-ақ, университет ажары ғой бұлар...» – деген ойға қалған-ды ректор... * * * Мінуар ойы алаңсыз, екі баласын Кегендегі әке-шешесіне жеткізе, көңіліне алған ойын іске асыру ниетінде Досымбек атасының кесенесіне барып, дұғасын оқып, даусы саңқ ете: – Ата, Айсолтан деген әкеңіз шынымен қалмақ па? Егер олай бол­ са... мен Алжан емеспін ғой, солай ма? Ал Айнұр атты әжеміздің

тағдыры қалай болды? Күнделікте жазбапсыз, білгім келеді. Кешір ата, тентегіңіз оқыс бір іс жасады, қайтем, оны мен өлердей сүйемін. Әу баста қарындасым ғой деп ойлағанмын, әрине, алыстағы, бір жерден болғасын да... Ол қыз айтқан, руым – Қызылбөрік деп... жаман састым, рақмет, ата, күдігімнен арылдым. Арғы атамыз да, руымыз да, бөлек екен. Жеті атаға шейін қыз алыспайтын бабалар заңына қайшы кеп қалдым ба де­ ген күдіктен сейілдім, ақыры, жаныңыз жаннәтта болсын, құран сәулесі қабырыңызға нұрын түсірсін... тағы келемін, кесенеңізді жаңғыртамын, ал күнделігіңізді жақсылап көшіртіп, кітап етіп шығартамын, разы болыңыз... Көз жасына ие бола алмай, қабір басында бүктісіп, көп отырды. Көз алдында: ... Томпаң қаға ойнап жүрген бала. Протезін шешіп, тізеден төмен жағы – қу молтағын күнге қыздырып, жалғыз сау аяғына сүйене, ойда отырған атасы – Досымбек. Келбетті, екі иығына екі кісі мінгендей тұлғалы. Анадайда ойнап жүрген немересіне: – Мінуар балам, ана жасанды аяғымды әкелші, киіп, шаруаға кірісейін, пішенді шауып аяқтау керек... – дейді. – Бала бойымен-бой, үюлі тезекке сүйеулі «бір аяғын» мықшыңдай әкеледі. – Ата, ауыра ма? – дейді, қанталаған, үзілген жіліншіктің жоғары ба­ сын алақанымен сипалай. «Түу, балам, жаным кірді ғой, тағы сипала­ шы», – дейтін күлімсірей атасы. – Ата, бір аяғың қайда?... – Курск түбінде, снаряд астында қалды. – Ата, Кулски деген алыс па? – Тым алыста. Кейін ержеткеніңде айтып берем. Күнделігінде Досымбек аз ғана әңгімелепті: «Рота командирі – Ай­ султанов Досымбек аз ғана тобымен жау шебін бұзып, ту сыртынан кеп шабуылға көшті. Сөйтіп Курск қаласын қоршап алып, құрсауға алған, тісіне шейін қаруланған жау дивизиясының бір қанатын шығынға ұшыратты. Көп шығынға өздері де ұшырады, Совет жауынгерлері Үкімет наградаларымен, ал аға сержант Айсултанов – бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды». «Известия» 1943 жыл. Қаңтар. Бұл – газеттен қиынды. Сарғайған, тозығы жеткен. Атасы одан кейін ештеңе айтпаған, соңыра білді: Досымбек кон­ тузияға ұшырап, ес-түссіз топырақ астында тірідей көміліп ұзақ жатқан. Қырғын майдан алаңынан санитарлар тауып, госпитальге жөнелтеді. Со бойда ұзақ емделеді, хабар-ошарсыз кеткен оны өлдіге санап, мұн­ дағы туған-туыс, балалары зар еңіреумен болады. Бала Жүністің есінде: қос балдаққа сүйене, түрілген бір балағының ішінде молтақ аяқ шол­ таң­дай Кегенге оны алып келгені... Әйтеуір тірі десіп, мұндағылардың жүзіне қан жүгіргені. «Батырымыз келді!» деп аудан жұрты оны баста­ рына көтере, соғыс жүріп жатса дағы, той-томалақ жасағандары. Атасы­

ның өңінен сұрқия соғыс таңбасы көпке шейін үзілмегені – бәрі-бәрі әке көкірегіне шер боп қатпады ма. Кенет Мінуар құлағына «күңгір-күңгір» дауыс естілді. Орнынан атып тұра жан-жағына қараған. Жүрегі суылдай, тұра қашпаққа да оқтала бергенде, моладан бір от сыздықтай шыға, айнала қозғалақ қақты. Кеш қарая түн түнегін басқан шақ. Мінуар болса күнделіктегі атасы тізбектеген оқиғалар ырғағында отыра беріпті. Шырақ-отқа тесіле қарап, қалшия тұрып қалған. Әл-дәрмені біткендей. «Пысмылда, пысмылда!» дей төбеден төмен құлдырады. Келе салып әкесіне: – Әке, атамның үнін естідім, аян берді жарықтық. Қорықтым, әрине. Не қыламыз? – деді. – Мал сойып, шүкір-шай берелік. «Адам сүйегінде фосфор бар, сол түнге қарай жанады...» Мұны оқулықтан оқыған, ал ел ішінде: «Моладан от көрдік» десіп айтылатын әңгімеге де құлағы қанық. Атасының күнделігі аяқталмаған, әйткенмен, бір нәрсеге көзі жетті: «Бұл өзі Алжан руынан емес екен, әже жағынан болмаса. Бала Батыр, соңыра өзін Айсолтан атандырған ұлы атасы Мінуарды көп күдік-күманнан арылтты-ау ақыры. – Мен Алжан емес екенмін ғой! – Үні саңқ еткенде әкесі де, шешесі де бұған аңырая қарады: «Ала қашатындай қандай қуаныш? Неменеге сонша мәз...» Жүніс өмір бойы жасырып: «Атасы қалмақ екен» дегеннен қашқақтап жүргенінде, өйткені «әкесі қалмақ екен» дегеннен Досымбек те талай қорлық-қаңқу, кемсіту көрген-ді кезінде. Баласының екі езуі құлағында, сонша мәз бола: «Мен – Алжан емес екенмін ғой!» – деуі өзін беймағлұм жайтқа тап қылды. Сұрауға да бата алмады. Баласы: – Әке, Жалағашта сіздің қандай туыстарыңыз бар? Елшіекеңнің ұрпағынан кімдер қалғанын естіп-білген жоқсыз ба? Барсақ қайтеді, мына «Жигули» енді бұдан былай сізде болады, аяғыңыздың сырқырауы мазаңызды алып жүрген жоқ па? – дегенде, Жүніс: – Балам, мені бүгін көп сұраудың астына алдың. Жалағашқа атізін салмағалы не заман... Ал көлігіңді маған қалдырамын деуіңе жол болсын... – Айтпақшы, кеше айтуға ұмытып кетіппін, мына екі бала Айымша әпкем бәсірелеген бұзау мен құлынға мәз боп, есімді танытты ғой. Ол әпкем маған «Волга» сыйлады ғой!... Болған жайтты түгелдей майын тамыза әңгімелегенде, шешесі көздерінен жасы парлай: – Әй, күнім, ол сондай, аңқылдаған, жомарт қой. Рақмет, өзі бұ жаққа келмей ме екен? Сағындық өзін... – деді. Ал әкесі мұртынан күле мәз, сол балдызын тым жақсы көретін, оқытты, қолынан ұзатты. Мінуардың көкейін тескен ой: суреттегі Шынаргүлден айнымайтын сұлу кім? Жалағашқа барып, Елшібектің ұрпақтарынан жөн сұрау. Және де Шынаргүл бір сөзінде: «Мамам сонда тұрады» демеп пе еді...

«Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзады» демекші, Мінуар­ дың кенет жоспары бұзылуына мына жайт себеп: «Тез қайт, театрда жаңа спектакль қолға алынды, басты рөлде...» деген жүрдек хат келе қалмаса Кегенге. Әрі толғанды, бері толғанды, «маған сол басты рөлінің керегі не? Не, менен басқа актер жоқ па. Оқып көрмесем, ол рөліне ойнауға қалай келісімімді берем?..» «Бармаймын!» деп түйді. Өздері даярлай бе­ рер, менің демалысым біткен жоқ, Есікке – Мәтиеш ағама соғып, ана машинаны өзіме аударып алу жағын қарастыру. Бұдан кейін мұрынға су жетпейді, екі күннің бірінде спектакль, киностудия жақтан да бұған тағы қолқа түскен-ді... Оған да келісімін берер бермесі неғайбыл. Атасының күнделігін оқығасын бұған бір ой келген: жақсы режиссер табылса, осы бойынша сценарий жазып, өзі әрине, деректі кино түсірту. Оған әрине қаражат керек. Қаражат демекші, Жүніс кетерінде қалтасына қомақты ақша салып: – Көлігіңнің көрімдігі, игілігіңе ұстарсың, – деген. Анасы Балымша да, «Мынаны Айымшаға бергін, жағдайы болғанда келсін, сағындық», – деп, – көзін шылаған. Ет бауырына, емшектесіне анасының да бауыры езіледі, сөзсіз. Адам қартайған сайын бір-біріне жақын болып, туыстық араға сызат түсірмеуге тырысу – уақыт үдесінде. «Жат – сыйласқанға, туыс – жыласқанға» деп бекерге айтылмаса керек. Ас піскенше деп, күнделікті тағы қарады, суреттерге тағы назар сал­ ды: үш сурет, біреуі тобымен, біреуі жеке түскен, жігіт ағасы кескіні: Сусар бөрікті, сұсты, кермиық күлкі езуінде, құдды үйірінен тай алдыр­ мас құтпан айғырдай әлеуетті. Сөзсіз бұл – Елшібек атасы. Мына бір ойнақшыған өткір көз сұлуша келіншектің кім екенін Айымша әпкесі айта алмаған. «Бір туыстары да» деп қойған. «Кімнен сұрасам екен, кім біледі, қайда барам...» Басын қатырып отырғанда, «Бірінші тізбек», «Екінші тізбек», үшінші – дегендерге көзі түсті. Тізбек десе тізбек. Атасының айбақ-сайбақ жазу­ ынан гөрі маржандай тізілген ұп-ұсақ қаріптер. Сірә, Досекең басқа бір, жазу емлесі келісті, хатқа жүйрік дейтіндей оқыған біреуге айтып оты­ рып жаздырса керек. Бұл «тізбектерге» неге жіті көз салмағанына өзі де қайран. «... Иә, сонымен бір взвод – үш әйел Елшібек ауылынан қашып шыққан. Жолай жүктері аударыла, қатты азап шеккен. Үшеудің бірі – менің анам – Айнұр». «Құдая, ұлы анамыздың аты Айнұр екен-ау!» де­ генде Мінуар көздері ұшқын шаша тамыздың тұнық ауасын тілердей қадалған. – Айнұр! Айнұр! Неткен әсем есім... Айдың нұрынан, күннің қызуынан жаратылған, сірә! Анасы мына суреттегі Сұлуқас сұлу бол­ са, әкесі – Елшібек болса ол қалайынша айрықша боп тумасқа! Мақтанамын, осындай перизат әйел затының сілемі, ұрпағы болғаныма. Ал бұлар неғып қашып жүр...

«... Озбыр да қатыгез Омарғазы, қыз ағасы, жер-көкті тінтіп, бұлардың соңына түскен. Со маңайда бай жылқысын бағып жүрген Бала-батыр оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, қосынын тас-талқан етті. Омарғазыны жаралады. «Беріктас» дейтін тау қолатына бекінген бұлар бір бәлені сезе, дереу атқа қонады: жүктері шинеде тиеулі, жеңіл-желпі, жиюлы үйлерін де жазбастан отырған. Қауыпті сезісімен бір үйір жылқыларын алға сап, бір-бір жорғаларына қарғып мініп, жолға шықты. Барар бағыттары беймәлім, ұшарын жел, қонарын сай білгендей, белгіссіз жаққа беталбаты көше берген. «Бұлар сонда қайда барады? – деп, Бала-батыр да соңдарынан жаяу желіспен ғана ерген. Қарасын көрсетпей. Затта­ ры жол-жөнекей көп аударылды, қос сілегенге көлденең тақтай салып, бекітілген итарқаға қанша жүк артылсын. Айнұрдың алты қанат ақ үйінің ағаштары жалғыз сары үлекке тиелген. Ол жазған азынап, қалған үйірі мен ботасын іздеп бұрыла береді. Іштеріндегі пысық та епті, түр-тұрпаты еркекке ұқсайтын қараторы қыз – Ұмсындық түйені жетегіне ала, үлектің астаудай басымен арпалысуда. Қары талды білем, бір кезде қыз: «Айнұр, Салиха, дамылдайықшы... Ас-су ішейік, малға да тыным беріп, суарып дегендей»,– деді даусы саңқ ете. «Сұлы ала шықпаппыз, оларды немен жемдейміз?» – деді Айнұр. Оның дағы шаршағаны біліне, айна­ дай көздері кіреукелене, әппақ жүзін мұң торлаған. Салиха, қыз жеңгесі, боз бестіден ырғып түсіп, айналаны шола әлде нәрсе қарастырған. Бір шамада: – Бері жүріңдер, мына жерде бастау бар екен, айналасы қамыс, қоға, ар жағы шалғынды, – деп айқайлаған. Қуанып, бәрі қунай, келіншек нұсқаған тұсқа ойысты. Қыр астында бұларды бақылап тұрған Бала-ба­ тыр: «Е, жөн, неде болса осы араға қоныс тебер. Әйтпесе, қайда барады. Түс ауды, мен жөнейін...» деп атына қамшы басты. Жолай күйзелуде: «Әгарәкім, қаннен-қаперсіз байдың сұлу қызына қызығып, шабуыл жа­ самасам, тыныш жатқан жерлерінен су шықпаған-ды болар... Нем бар еді, ауылда қыз-қырқын жоқтай. Әй, бірақ, бай қызының аты бай қызы! Неде болса, әуселемді бастым. Шыңғырғаны-ай бейшараның. Мені та­ нып қалмады ма? Қайдан танысын, тастай қараңғылық, бет-аузымды таңып алғанмын... Қой, жылқыларды қойнауға қамап кетіп ем... итқұсқа жем болар...» Осы жеріне жеткенде Мінуарды ыза буды: «Гәп сенде екен ғой, жаман құл! Әжемді зорлап-қорлап. Осы екен ғой бықпырт тигендей қашқандары. Обал-ай, әлпештеп аялаған біреудің аяулысын бүлдіріп... о, қанішер! Жүгенсіздік, зорлық-зомбылық о заманда да көп екен-ау...» – Балам, шайға жүр, тамақ дайын, – деп анасы шақырмаса, әлі де кіжініп отыра берер ме еді. Ас үстінде: – Әке, мен сонда Елшібек атамның жиеншарымын ба, әлде кімімін? – Кімі болсаң да мықтысысың! «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіт­­­тің жақсысы – нағашыдан» демейтін бе еді, Мінуар, тектілік қасиет сенің бойыңда жетерлік қой, балам...

– Рас айтасыз ба, әке! Рақмет. Көңілімді көтеріп тастадыңыз, әйтпесе, ашудан қарадай кімге тиісерімді білмей тұрғанмын... – Аржағын айт­ пады: «Алып қашып алған әжеңді» дегенді Жүніс бір-екі рет баяғыда айтқан-ды. Бала кезі ғой, қай әже, кім алып-қашқан, еш мән бермей, әке сөзіне ой жүгіртпепті ғой. * * * Ылаудан ылау жалдап Есік қаласына да жеткен. Мәтиештің үйіне соқса, ол жоқ, жолаушылап кеткен, келіншегі: – Талқар деген жерге кеткен, келеді ғой, үйге кіріңіз, – деді ілтипатпен. Маңырап тұрған қойға қараса, баяғы әкесі «қалжаға» деп берген бағланқозы. Құйрығы кішігірім тегенедей. – Ой, мынаны соймапсыңдар ғой, неге? – Елшіекеңмен ойнасын деп мен сойғызбадым, обал, етті хасаптанақ сатып аламыз. Асықпасаңыз ас істейін, асықсаңыз – шай етейін, жол­ дан келесіз ғой, иә? Ұйғыр халқының бір қызық әдеті – шайға асықпай, баппен кіріседі. Оның шайы да бөлек, тас шай. Кірпіш. Қорғасын қағазға ораулы емес. Қаймақ қатылып, жәнен кесемен, күлше қойып, ішіне құйрық турап сап, көжеше қоюлап береді. Күлшені турамшалап салады, ұрттап ішеді. Жапондықтар шайының дәстүрінен де сәптамасы көп. Бір жәнанын ішсең-ақ тойып қаласың. Ал «асықпасаң – аш етейін» деуі, қою тамақты әсте тез істейді. Бір шүйкедей еттен, шөп-шалам қосып, бұрыштап, тұздап аса дәмді кеспе, салма немесе лағман созып лезде дәмді ас жасай­ ды ұйғыр әйелдері. Мінуарға осысы-ақ ұнайды: бармағынан бал тамған тамақтың мәстүрі ғой бұлар. Құр етті бұрқыратып аса бергенше, дәмдеп жасаған тамақты ол қатты ұнататын. – Елшіекең ер жетіп қалған шығар... – Ол бесіктегі аузын томпай­ тып, бірдеңені борп-борп еміп жатқан сәби түріне қарап, «Шіркін, Шынаргүлден тап осындай ұл бала сүйсемші...» деп қалғаны өзінен-өзі... Үйдің іргесін ойып жіберердей салдыр-гүлдір Газигімен Мәтиеш те келгенін білдірген. – О, інішек, қош келдің! Әйтпесе, өзім де зарығып іздейін деп жүргем. Қалай, аман-есенбісіңдер... – Шүкір, аманбыз. Кегеннен келе жатырмын. Атүсті келісіме себеп... – деп мән-жайды айтқан. «Және қонағаға барамыз» деген. Түз кісісі ғой Мәтиеш, бұған қуанбаса, қабарған жоқ, қайта: – Онда шай ішісімен аттанайық, қанша шақырым жер? – деген. – Әрлі-берлі елу немесе одан да аздау. Байқаймын, езуіңізде күлкі, әлденеге қуанып тұрсыз. – Е, қуанбай ше, қарындасым оқуға түссе! – Қай қарындасыңыз? – Қанша қарындасым бар еді, Шынаргүл ше! – Әдейі қуақыланды.

– Қойыңызшы? Шынымен! Қай оқуға? – Мінуар ұшып кете жаз­ дағаны. – Өзінің армандаған филфагіне. Қайсы күні бара қалсам, мәресәре. Күлімхан апасы көрші-қолаңды шақырып шай беруде. Ал өзінің қабағында кірбің, маған мұнысы ұнамады. – Сонда не болды екен? Бармаймыз ба, жолай, ә, ағасы? – Кетіп те қалған болар, сессия басталады деді ме, әйтеуір. – Қайда жатып тұрады екен, білдіңіз бе? Жатақхана ма, қай­сы­ сында... – Мінуардың сұрағы таусылар емес. Жүрегі атқақтап, аузына тығы­лардай. Шын сағынған екен Шынаргүл қарындасын. Әсиат та сезе, жымың етті. Бала қыңқылдады, әйел тұрып төр үйге беттеді. * * * Расымен Таутүргенге қонарға жетті. Айымша да алағызи, қашан келіп көлікті алып кетер деп отырған. Енді-енді сатам ба деп жүрген-ді, себеп, салығы көбейіп, жылма-жыл төлемесе, қалтасын қиындатып ба­ рады. Сатуға да қимайды, шалының көзіндей боп тұрғасын. Мінуар­дың келе қалғаны мұндай оңды болар ма. Сыртта көлік гүр ете, қақпа ал­дына тоқтаған. Қолындағы жиен қызы жүгіріп шығып: – Апа, апа! Келді көкем, және бір кісі бар қасында, – дегенде қуанғаннан орнынан екі көтеріліп әрең тұрған. Байпаңдап шыға қоямын дегенше, олардың дәудірлескен даусы естілді. – О, тәте, міне, келдік. Танысып қой, ағам Мәтиеш, бүкіл ауданға белгілі кісі. Осы ағаның арқасында «Волганың» құжаттарын жасап, сөйтіп маған аудартамыз. Ал мынау – Балымша әпкеңізден... – Мінуар үсті-үстіне сөйлеп, тәтесін одан сайын әптер-тәптер еткен. – Төрлетіңдер, жақсы келдіңдер, әйтпесе, келе ме, жоқ па дегендей екі ойлы ем... – Е, неге келмейміз, айттым ғой, сізге сәлем айтып жатыр, сағындық, келіп-кетсін дейді. Қасқарайды ғой, сонда дағы, Мәке, жүр; сұлу қыздай сылаңдаған қызыл күрең «Волгамды» көргін... Ертесіне ерте тұра, шай-пай ішісімен бұлар жолға шыққан. Мінуар, неге екенін, «Волганың» руліне отыруға жүрексінді, білмеген нәрсенің сыры-қыры көп деді ме, кім білсін. Мәтиештің ескі Газигін бұл жүргізді, Мәтиеш оның бәсіре-көлігіне қонжиды. Жұмыс уақытысы басталмастан-ақ аудандық ГАИ бөлімшесінің алдына табан тіреді. Ондағы инспекторлардың көбі Мәтиешке таныс, қолдасып амандасып, келген шаруаларын реттеуге кіріскен. Сөйтіп, бір күнде-ақ, әншейінде аш ішекше созылар созбақ істің барлығын тындырып та үлгерген. Көліктің үш жылғы салығын төлеп, сақтандыру кеңсесінде оның да іс қағаздарын толтырып, төлемін төлеп, «уһ!» деп, рас па, өтірік пе де­ гендей, тындырылған шаруаға мәз; бір жерден жақсылап тамақтанып

алып, Алматы қайдасың деп зырлаған. Мәтиеш оны біраз жерге шейін шығарып салып: «Әпкең бір жақсы адам екен, қолың боста, тағы бір соғалық, әсіресе тұрған жері – жайлау ғой. Төрежайлаудың дәп бөктерінде, асықпай демалатын жәннат жер екен, иә, солай ма, Мәке?!» – дегенде, жігіт ағасының маңдайындағы қатпары жазыла қарқылдай күлгені бар-ды. Құлжа жолмен құйғыта жөнеген інісінің соңынан қимай қарап: – Ырысы бес елі жігіт! Әйтпесе, ойда жоқ, түсте жоқ кім мынадай қызыл күрең су жаңа «Волганы» тақымына басар, ә... – деді сүйсіне, әрі қызыға. Кім білсін, тіл-көз деген де бар, «дұшпанның сұғынан, достың жауығынан сақтасын!» – деу керек пе еді... * * * Театр ұжымы бұ кезде екіге бөлініп, талан-тартыста. Не жетпейді, баяғы атақ-даңқ та. Бір жақ – Бас режиссер, екінші жақ – елге кеңінен танымал атақты кино және театр актері жағында. Мінуар болса, екі жақта да жоқ. Әрлі-берлі тартқылағандарға айтары: – Мені қоя тұрыңдар, маған салса – сіз де жақсысыз, сіз де мен үшін кет әрі емессіз! Заман онсыз да қусырылып бара жатыр, неге текеше сүзісіп, бұқаша мүйіздесеміз... Басқа басқа, досы Сейітмамыттың тырсиюына жол болсын, бүйрегі бас режиссерға қарай бұрады, әрине. Қол жинау керек, «Жаралы жау­ ынгер» постановкасын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек деген гәп шыққан... Қанша дегенмен, театр басшысы, ырқына көнбегендердің өзін ол қамшыласа да көндірер. Айналып келгенде, туынды жоғары бағаланып жатса, ең әуелі театр абыройы емес пе? Сонша дау-дамайдың қайнаған қазанына түспейін дегендей, ба­ рынша сақ жүрген Мінуар. Керек десе, театрға жаяу қатынап, көлігін көрсетпеуге тырысқан-ды. Қалимаштың тілегін орындап, «Медеуге барайық десе» Медеуге, көлге барайық десе – көлге, көлкейтіп алып баратын. Жаңа спектакльдің даярлығына да кірісіп, киноға да түсіп, қауырт мезетте жүрген кезі. Бүйрегінің бір жағын бүріп анда-санда ау­ ырта беретін бір жайт: – Шынаргүлді барып неге құттықтамадым, қу тірліктен қол үзіп, бір уақ көңіл сазының әуенінде неге тербелмеске... Ол қыздың жағдайы не болды екен, барып білмедім-ау... – дегенде, жаны шын күйзе­летін ғой. Мәтиеш ағасының: «Қабағында бір кірбің бар, онысын ұнат­падым...» деуінің астарында не жатыр... Әлде... Секем ой кенет соққан дауылдай оны ұшырып жібере жазда­ған. Уақыт тауып, университеттің аудиториясын аралап, филология сту­ дент­тері оқитын залға тұмсық тіреген. У-шу студенттерден сұрап біл­­ ге­ні: «Ондай қыз бізде оқымайды!» – дегенді естуі. «О несі?» десе де;

мұны танып қойған қыздар: «Ағай, қолтаңба беріңізші...» десіп айнала қоршап алған тобырынан сытылып зорға шықса да, көкірегін ке­мірген жегі-ойдан бір сәт арыла алмады. Тағы бір күні деканатқа соғып біл­ гені: «Шыныбаева Шынаргүл сырттай оқитын бөлімге ауысты». Бұған оқыс соққы тигендей сұмдық әсер еткені! Теңселе басып үйіне әзер жет­ кен, келе төсегіне құлады. Биапар бола, «шай ішкін, тамаққа кел» де­ ген келіншегінің ықыласына да құлқы соқпаған. Қалимашқа театрға, ди­ректор орынбасарына телефон соғып: «ауырып қалды...» деуден өзге амал қалмағандай-ды. * * * Құмырсқа қыз – Шынаргүл бұл кезде Жалағашта, әке-шешесінің үйіне келіп, оларды көзайым ете қуантқан-ды. Сессиясын аяқтаған, екінші баспалдаққа ауысып, оның да программасын ала, конспекткітаптарын сандыққа толтыра, «бір демалайыншы, әбден қалжырадымау! деп, сейіл-серуен құрмаққа, Жалағаштың айнала қоршаған жотала­ рына шыға, кеуілін кеңейткен тұсы. Мінуар жан ағасы жайлы тәтті ой­ ларын өзінен қашқақтата, «нем бар, ойламайыншы» десе дағы, күннен күнге томпайып, өсіп келе жатқан мықын тұсына таңырқай қарайды. Қарайды да: – Қайтейін... Қайда барам... Әке-шешем біліп қалмай тұрғанда тайғаным дұрыс болар. Олар жер болады ғой... дұшпаны табалап, досы күліп дегендей. Қанша ойланып-толғанса да, қайда барарын білмей, сең соққан балықтай сансыраған-ды қыз. Есіне Күлімхан апасынан сұрап алған сурет түсті. – Апырым-ау, бұл сурет сенде қайдан жүр? Қасым марқұмның сандығында сақтаулы деуші еді, – Нұрғаным таң-тамаша бола, ескі көне суретке қадала көз жасын тамшылатқан... – Осының сырын сізден сұрайын деп едім, мама, бұлар – кімдер? Апам Елшібек деген кісінің атын атады, ол кім... Есті қазақ қалайда ата-тегін білуі тиіс қой, ендеше, Шынаргүл де шындап осынау жайларды біле түспекке анасына сұраулы көздерін қадады. – Е, есіме түсті, бұл – Нұрқасым түсірген сурет, жылы, міне, 1902, әрең-әрең танылады. Мына сәнді отырған қыз – Биғаным, Қасым екеуміздің анамыз, ал сенің – ұлы әжең! Нұрқасымның жан-жары, о, ол екеуінің өмір тарихы жырға пара-пар. Жазатын кісі болса, несі бар, сен де жаз, қаламың төселді. Ал Елшібек кім дедің, заманында бай да, бағлан да болған қасиетті адам. Қажылыққа барған. Мешіт салдырған, айтпақшы, қыстауы әлі сақтаулы, табан тасы шөге бастағанмен, үрімбұтағынан қалған шөбере-шөпшегі тұрады, ол қыстауда. – Мама, мен ол жерге кеше барғамын, рас тозыпты.

– Қол қысқа, әйтпесе, жөндеу жүргізіп, жаңалап қойса... ұрпағына ескерткіш қой. Сен де сол кісінің бір сілемісің ғой. – Қалайша, мама? – Әжеміз Биғаным Елшіекеңнің туған жиені, Елшіекеңнің әпкесі – Нұриланың жалғыз қызы, ерке ғып өсірген, айттырған жеріне бармай, бас бостандығын сақтау үшін талай қиындыққа да барған. – Бірбеткей десеңізші. – Десе де. Орысша сауатты, Шелектің түземдіктерге арналған жеті кластық мектебін тауысқан соң, Алматының қыздар гимназиясына түсіп, түгесіп, тұңғыш екі жылдық институттың педагогі, тұңғыш – қазақ қыздарынан шыққан профессор! Ұқтың ба? Сен осыларды жа­зуың керек, қызым. Мен де сол институтты түгестім, папаң екеуміз сонда табысқамыз. – Түу, мен неге білмегем... жазатын ем ғой, біраз мақалаларым, очерк, суреттемелерім облыстық, республикалық газеттерде жарияланды ғой, мама. – Білеміз, мақтанамыз, папаң екеуміз әр газетті қадағалап оқитынбыз, біздің қыздың мақаласы шықты ма деп. Жарайсың, қызым. – Ал сонда әжеміз атамызбен Алматының қай жерінде тұрған?... – Түу, соны айтпақшы ем, қаңғып пәтер жалдап тұрғанша, олардың үйі әлі сақтаулы, мен сонда жатып оқыдым ғой. Мәдениет паркінің ар жағында, Клеверная 37,екі қабатты жай, қазір тозығы жетіпті... – А, онда қазір кім тұрады? – Мен сені сол үйге алып барамын, Нұрқасым атаңның бір туыста­ ры тұрады дейтін. Бізді танымайды, әрине. Мына суретті маған жақсы әкелдің, Шынар, қарағым. Бізге – визитка, көрсетеміз. Атаңды сонау сұрқия кезеңде большевиктер алдына сап айдап алып кеткен... – Не үшін? Әңгіменің бәрі сізде екен ғой, мама. – Сұрапыл заманда не үшін деген сұрақ – жауапсыз сұрақ! Ал сен мы­ наны тыңда, Елшібектің сен де сілемісің, тағы бір о кісінің Айнұр атты қызынан тараған Досымбековтар бар, естіп пе ең ... Бұл шамада Шынаргүлдің жүрегі айнып, бұл тосын сөз мірдің оғындай қадала, жағдайы кете бастаған-ды... Сыртқа атыла шыға ал құс, ал еңіре. «Мен сонда жақын ағаммен жақындасқаным ба? О, Құдая... Сонда не болғаным. Бүйтіп ата-тегімді білгенім...». «Аруаққа шек келтірме! Әлі анықта. Сен тегін адамды құрсағыңда көтеріп жүрген жоқсың... Тек сабырлы бол. Тезірек тай...». – Құлағына әлдекім естірте осылай деген сықылды. Жан-жағына қарады, ешкім көзіне түспеді. Ертесіне шамаданын – жылы киім-кешегі толтырылған және кітап-конспектілерін ала, анасы берген әжептеуір сомды сөмкесіне және іш қалтаға тыға жолға шықты. «Мама, папа, мен оқуға кеттім. Еш алаңдамаңыздар, қыздарың Шынаргүл...» деген тілхатын қалдыра...

* * * «Жаралы жауынгер» постановкасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты деген хабарға театр жұртшылығы дүрліккенмен, Мінуар онша қозғала қоймаған. Миының ішіне тас сап қойғандай, зілмауыр, басын көтере алмас халге жетті. Күндердің күнінде «Түшкіре қалсам барып емделемін» ғой деп күліп жүретін Совмин емханасына жатып қаралды. Бұлар осында тіркеулі, Димекеңнің ақыл-кеңесінен соң, әйелінің құжатын, бала-шағасының туу куәлігін, әкесі мен шешесінің қағаздарын, Жүністің Еңбек Ері куәлігінің көшірмесін – қысқасы бар­ ша құжаттарды өткізіп, тіркеттіріп алған. Шүкір, әзірге ешкім ауырып, балалары да шікірттене қойған жоқ-ты. Әрлі-берлі тексеріліп, одан аурухананың невралогия бөліміне жатқызылды. Екі кісілік палатада жатыр, тыныш. Тамақ тасымақ болған Қалимашқа: «Ештеңе әкелме, бәрі бар, тек қағаз-қалам, кітап әкелгін», – деген. «Жүйкең тозған екен, шаршағансың ғой», – деген әйелінің жанашырлығына: – Шаршайтындай тас қашап, тау қопарғаным жоқ, ауыл жақ естімесін, текке әбігерленер, әкейдің де денсаулығы мәз емес, – деп тап­ сырды. Қалимаш қасында отыра бермекші еді, «Қазір обход, сен кете бергін, алаңдамаған, тәуір боп шығам ғой...» – деді. Ем-домын алады, бір уақ сыртқа, кең аулаға шығып отырады, бір уақ кітап оқиды, сөйтіп уақытты өткізе берген. Көңілін сұрай жора-жолдас, әртістер келіп, жаңалықтар айтып, сергітпекке тырысады. Зілмауыр бастағы тас кеткенмен, көкіректегі зілмауыр уайым – Шынаргүлдің обалына қалдым-ау деген ой жегідей жеуде. «Әлде... олай емес шығар, ауылдағы әке-шешесінің жағдайына орай сыртқы оқуға ауысқан болар...» дегендей өзін-өзі жұбатуға тырыса­ ды. Бір көрсем, білсем дейді. Қайда! «Тәуір болсам, Күлімхан апасына барам, сонда шығар, бәлкім»... Оған жағдайын келтіртпеген, Сейітмамыт келіп: «Шықсаңшы, спектакльді комиссия көрмекші... сенсіз қалай, тез шық, уақыт күттірмейді», – дегесін жамбасын төсеп жата бергенше, шығайын деп, бас дәрігерге ары­ зын айтқан. Ол: «Жүйке ауруы осал ауру емес, келіп қаралып тұрарсыз», – дегендей рұқсатын берген. Босқа обалы кәне, со күні, Мемлекеттік комиссия постановка­ ны қарайтын күні, Мінуар барын салды, құдыреттене, арқалана жа­ уынгер образын сомдағаны сондай, зал тік көтеріле ұзақ қол соқты. Бір шақырғанда, үш шақырды сахнаға. Гүлдер ұсынды. Бір шамада, айдындағы аққудай сызыла кеп бір бойшаң бойжеткен гүлдесте ұсынды. Толысқан, әппақ, қолаң шашы тірсегін соққан, өзі де барынша сәнді киінген... Әуелі танымады, өзіне жақындай: «Аға, жақсы ойнадыңыз! Құттықтаймын, мен сіздің шын қарындасыңызбын ғой...» – дегені

ақырын құлағына сыбырлай. Таныс иіс, әтір-май, жұпарың бұған тең келмес... бұл теңселіп кетті. Сахнадағы сыбайлас актерлердің бірі байқады, бірі – байқамаған, дуылдаған, шуылдасқан топ мұны қайбір байқаттырсын... Со бой­ да бойжеткен аққудай қалқып бүйірдегі есіктен шыға берген. Көз ал­ дында бұлаңдаған қос бұрым, қыз қайырыла бұған жалт қарады, сірә қоштасқаны... «Шынаргүл, тоқта, кетпе...» деуге шақ қалды. «Апырым-ау, қайдан жүр? Алдын-ала жолықса қайтеді? Ұялған ғой... Аман екен, тым сұлуланып, бойы таралып, сәл-пәл толысып, көз жауын алардай болғанын қара, қымбаттымның. Іздеп табам ғой, аспанға құс боп ұшсаң дағы...». Іздеп таба алмады...

Үшінші тарау ҚАРАҒАЙ БАСЫН ШОРТАН ШАЛСА... «ИМАШЕВТЫҢ АРАҒЫ» «А ға, мен сіздің шын қарындасыңыз екем...» – Құлағында Шынаргүл үні, жұпарға бергісіз исі – бәрі-бәрі тұла бойын балқытып, есінен тандырардай! Қалай келді, солай кетті: «...қабырғамның бір жағын сөгілдіріп» дегендей. Енді қызды іздемеуге шарасы жоқ. Қыздың нағашы шешесі тұратын Есік қаласына баруға қарманды. Базарлықсыз баруға және болмайды, шай-қант, шам­ пан дегендерді ала, қызыл күрең «Волгасын» гараждан шығарып жатқан. – О-о, малиновый цвет тұлпарың құтты болсын, құттықтаймын, дос! – Театр режиссері әрі жандосы – Сейітмамыт екенін дауысынан таныса да, бұрылмай: – Ал, сен қайдан жүрсің таң атпай, то-есть, сәске болмай, жол жүріп барамын, – деді ботасын қызғанған інгендей, көлігін ешкімге көрсетпей жүргенде, мұның тап бола қалғанына әжептеуір шамырқана. – Репетициядан шықтым, басым мең-зең, шай ішейін деп... – Ә, солай де. Қалимаш жұмыста, шайды саған жолай ішкі­зейін, отырғын, – деді тыпыршыған тұлпардай бұлаң қаққан «Волгасын» ау­ лаға шығара. Сейітмамыт наныңқырамаса да: – Өзің құдалыққа бара жатқандай... – деді Мінуардың ақ костюм, қызыл галстук, джинсилі сыптай тұла бойын сынай қарап. Қызыл жорға лыпып, Құлжа жолмен шығысты бетке ала зулаған. Біз қайда барамыз, Мінуар? – Айттым ғой – шай ішетін жерге. – Екеуі әзілдесе Есік қаласының бұрылыс жолына түскен. – Ана жота-төмпешіктерді көрші. – Бұлар Сақ қорғаны. Соның бірінен бұрынырақта сақ батыры – Алтын адам табылған. Естіген де боларсың.

Мінуар жолбасшы рөлін де атқара: – Ал осы тұстан Күнбатысқа қарай ежелгі Үйсін мемлекетінің астанасы – Шығудың орны жатыр. Өзің ойла: «Есік – Шығу» – не сыр бар осында... Есіктерінің алдына қайықша сырғи қызыл күрең қымбат машина тоқтағанда, кәкір-шүкір шаруамен жүрген Майра аңырай қарап қалды. – О, Мінуар, сіз бе едіңіз, – ол қанатын жая ұмтыла бергенде, және бейтаныс жігітке түйіле: – Ә, ә, үйге кіріңіздер, апам жоқ, моншаға кет­ кен, – деп аңқылдақ көңілімен бар жайды түсіндірді. – Біздің жұмысымыз сол кісіде еді, онда күте тұрайық, – Мінуар отиесінің үйде болмағанына едәуір қынжылған: «Текке келдік пе?» – Келеді ғой, төрлетіңіздер, – Майра лып-лып ете, топ-толық тұлғасымен жөңкеріле дастархан жайып, құрт-ірімшік төгіп, екі тостағанға шүпілдете қымыз құйып қонақтарының алдына тосты. Қолдарын шайып, жайғасып, шымыр қымыздан сіміре жұтып, екеуі енді не істейміз дегендей, шарасыздық танытты. Сол екі арада тағы бір машинаның гүрілі естілді. – Бұл неде болса, менің ағам – Мәтиеш! Газигінің жөтел қысқандай бық-бық гүрілінен-ақ танимын, – Мінуар қуанып, сыртқа атыла шыққан. Шынымен Мәтиеш және Күлімхан көліктен түсіп жатты. – Бек жақсы, қайдан жүрсіңдер? – Ағасы інісін құшақтап мәресәре. Күлімханға амандаса, «танысып қойыңыздар, менің досым әрі режиссерім – Сейітмамыт, қонақшылай келдік, сіздерге сәлем берейік». – Сөзін мәймөңкелей сөйлемесе, үсті-басын күздің жайма шуақ күніндеақ қымтанып-шымқанып алған кейуанаға жағына қоймасын сезген. Оның шытыңқы қабағына қарап: – Апа, қалай, денсаулығыңыз жақсы ма, мынау сізге менің Қарақалпақстаннан әкелген базарлығым, – деп портфелінен сусыл­д­а­ған гүлді кашимир шәліні ала оның иығына жапты. Қалған пакетті келі­ніне ұсына: – Майра, мынау балаларға, ал кездеме саған көйлектікке, және шампан – Шынаргүл қыздарыңның оқуға түскеніне шашу, – дегенінде кемпірдің жүзі жыли: – Рақмет, балам, ал, сен, не істедің? – деп келініне қараған. – Апа, қазанға ет сап қойдым, ал мен шай қояйын, – Майра қуанышын жасыра алмай самауырға жармасты. – Күлекеңді де, келінін де қарқ қылдың, ал маған – базарлық? – Саған базарлық – мен өзіммін! – Ағасы екеуі қарқылдай күле, тағы құшақтасып, арқаларынан қағыса төрге жайғасқан. Мәтиеш: – Мен Күлекеңнің личный шопырымын бүгінде. Басқа жұмыс жоқ, ал жалғыз шампан қайсысымызға жұғын, арнайы келген қонаққа коньяк ішкізбесе, бола ма? – Өзінің де ащылау әлденеге тәбеті тартқанын білгізе жаланып қойды.

– Сіздің мен мұнда келетініңізді қайдан білейін, Шынаргүл қарындасты құттықтайын деп әрі досымның басын сергітейін деп шыға қойып ем... – Апа, Жәдігердің арағы бар емес пе? – Майра таңқ ете, енесіне еміне қараған: «Рұқсат етіңізші...» дегендей. – Е, оны әкел! – Күлімхан қоңыр шайдан басыңқырай, әлі қабағының қыртысы жазылмай қатулы кейіпте еді. Майраға бұйрық тисе-ақ ракета­ дай зырылдайды. Сыртқа шығып, әлтаман уақыттан соң сопайған дәу құмыраны дастарханға қойды. Ішінде көкшіл сұйық нәрсе. – Е, болды, Жәдігер інімнің ащы суынан артық дәнеме жоқ, кәне Майра стақандарды әкелгін, өздеріңе мына шампаннан құяйын, – Мәтиеш көңілдене, екі әйелге шыныға шампанды бұрқырата құйды дағы, Майра әкелген қырлы стақанға ана жарықтықты тамызғылай бастағанда, кермек исі танауды қапты. – Өй, бұл не? – Мінуар таңырқай, қолына ұстатқан қолдан жасалған ішімдікті ішейін бе, ішпейін бе, дегендей тартынған. Сейітмамыттың жағдайы қалай екен дегендей, оған көзінің қиығын тастады. – Апырай, спирт қой, тұңғыш татуым! – Досының енді-енді тіл қатқанына риза, өзі де кермек ащы судан ептеп жұтыңқырады. – Түбіне шейін... – Мәтиеш стақандағыны қағып сала, әйелдерге: – Күлеке, кәне, моншадан шыққан кісіге бұл таптырмас сусын, алып қой, сен де – Майра! – дегенде Мінуар: – Аға, мені Алматыға жетпей-ақ ұстайды ғой, осымен тоқталайын, ал Сейітмамыт, сен тартынба, машина жүргізбейсің ғой... Бұл екі шамада ет пісіп, қамыры иленіп, алдарына буы бұрқырай ас келген-ді. Майра пысық шампаннан сіміре ішіп, тіптен көңілі шарқ ұра, зымырандай зырғи ас үй мен екі арада зыр жүгіруде. – Ендеше, – деді Сейітмамыт орнынан тұра: – Сіздерге мен бір әңгіме айтайын. Тақырыбы – «Имашевтің арағы» – оқиға осыдан бір оншақты жыл бұрын болған. Өткен жері – Арал теңізі. Мен онда театр факультетінің соңғы курсындамын. Елге барғамын демалысқа, ол кез­ де халықтың тұрмысы тоқ, көңілдері шат дегендей. Кенет, Қазақ ССР Компартиясының идеология хатшысы Имашев Арал қаласына келеді екен деген хабар жетті. Аудан басшылары алашапқын. Қалай, қайтіп қарсы аламыз... Сәкеңді күтіп алатын кісілердің ішінде мен бармын. Ка­ тер дайындалды, ал бөлек дастарханда сықап небір асыл тамақ – қазы, қарта, бауырсақ, бекіре, қара уылдырық дейсің бе... Арақ-шараптың небір қымбаты алынған алдын-ала. Құрметті, мәртебелі қонақты катерқайықпен теңіз аралатпақшы, ақ балық ерекше даярланып, қымыз, шұбат суытылып, саба-сабасымен тұр. Қызылорда аэропортынан Имашевті облыс басшылары, ауданның әкім-қаралары, белгілі атышулы адамдары жапырыла қарсы алды. Толық, кеуделі, мығым кісі екен Имашев. Ақ «Волгалар» қаздай тізіле

Арал қаласын бетке ала жүрді. Қаладағы жиыннан соң Саттар Имашевті шаруашылықтарды аралатып, балық совхозы – Қаратереңге шейін апарды да, содан теңіз айдынында шалқытып, дастархан жайылған ақ кемеге әкелді. Бәрі қонақтың аузына қарап, дәмнен ауыз тисе екен де­ уде. Самсаған астың әрқайсысынан бір-бір татып, коньяк құйылған оймақтай рюмкені ысырып, Сәкең: – Жігіттер, вино бар ма? – деді. Бастықтар аңтарылып, мұнысы несі дегендей бір-біріне қарасты. «Вино, міне, шетелдік», – деп бір пысықай сәнді құмыраны аша бастағанда: – Жоқ, өзіміздікі, «Талас» ше? – дегенде, ішімдіктің нешеме ата­ сы тұрғанда, ЦК секретарының жай қарапайым, ең арзан «Таласты» қалағанына көбі таң қалып, бірі талып түсті... десе де. – Көктен тап, жерден тап, тап – «Таласты!» – деп облыс басшысы ау­ дан басшысына зіркілдеді. О байғұс қара терге малшына, дереу рациямен Төретамға (Ленинскіге) хабар салды: «Тез жеткізіңдер...». Оларда жан қалсын ба, бір жиырма минөт өткенде ұшқыр катермен «Талас» шарабының бір жәшігі жеткізілді. Бір бөтелкесінің аузын ашып, «қайсысына құйсам екен» дегендей асаба аңтарылғанда, Сәкең: – Фужерге құйғын, інім, – деді. Со бойда бір фужер, айғырдай дәу ыдыстағыны қағып сала: «Рахмет, енді аттанайық, дәм-тұздарыңызға көп рақмет!» – деп Имашев жолдас аттанып кетті. Бастықтар да кетті, қалған жігіттер: – Ал ішейік Имашевтің арағын, бұ жарықтықтың не қасиеті бар екен... Ой, әкең! – десіп жәшіктен бір-бір шынысын ала ал қылғытсын. Небір асыл дәмді де жусатып салған еді... – Міне, «Имашевтің арағының» тарихи осы, – деп Сейітмамыт ор­ нына отырды. Бәрі күлсін. Мәтиеш: – Мынауың бек жақсы, таптырмайтын әңгіме ғой, мен де айтып жүрейінші, – деді. – Ол шарапты шетелде «Кальводос» дейді. Ішуге жеңіл әрі таза жүзімнен жасалатын портвейн ғой, – Мінуар да ішінен: «Барғасын мен де Қалимашқа алдыртып татып көрейінші...» деген. Сейітмамыт: – Ағасы, бұл әңгімені мен сізге жай бере салмаймын ғой, күй тартып берейін – деп, ілулі домбыраға қол соза бергенде, «мен әперейін», деп, Мінуар сырықтай бойы көтеріле бергенде, тұста ілінген әйнектегі шы­ ныдан көздері жайнай күлімдей қараған Шынаргүл суретін көре: – Апай, бұл суретті қызыңыз қашан әкеліп еді? – деді. – Шамасы, оқуға түсерінің алдында ғой, – деп Күлімхан қабағы жа­ дырай жөн айтты. Бәрі суретке қарап, «Сұлу екен» десті. – Күлеке, осы суретті бізге қишы, – Мәтиеш Мінуарға алып берейін дегендей қолқа салған. – Өйбү, орны тағы үңірейіп қалады ғой... – Апа, орнына Жәдігер екеуміз үйленгендегі суретті қоялық...

– Е, ол тұр ғой, әне, жарайды, Мәтиеш, ала ғой, орнына тағы бірін қоярмыз. Ескі сурет тұр еді орнында, ана жиен қыз алып кетті ғой, қоярда қоймай. О неге керек, қырық жылғы ескі сурет... – Ол қандай сурет еді? – Мінуар білгісі келе құштарланған. – Елшібектің суреті, жалғыз емес, қасында қатыны, қарындасы, тағы біреулер. Биғанымның суреті еді, Қалиға берілді, одан... – Биғаным деген кім... – Осыны сұрамай-ақ қоюы керек еді Мінуардың... – Биғаным – Елшібек байдың жиен қарындасы, Нұрғаным мен Қалидың, менің марқұм шалымның анасы. Ал Шынаргүл Нұрғаным қызы ғой, менің қайынбикемнің. Екі ортада ол қыз тең жүреді, өзі ер­ келеу, оқуға түскені бәрімізге абырой. Биғаным Құсанбекова – оқыған, профессор дәрежесіне шейін жоғарылаған, аса сұлу еді дейді, суретіненақ айтып тұрғандай. Қап, әлгі қыз әкелемін деп еді... – Елшіекеңді атадыңыз, сол қасиетті кісінің жатқан жерін білмейсіз бе, Күлеке? Оны сұрағаным – мен де... – Ар жағын айтқызбады, сыртта дабыр шықты: ана екі жігіт дәудірлесіп тұр еді: – Біз тайға мінгенде сен тумаған бала едің, маған жөн айтатындай кімсің... – Енді ше, айтпай... Ауызыңызға не келсе соны... мен Адаймын, «танысаң – Адаймын, танымасаң – Құдаймын!» дегенді естіп пе едіңіз. – Сен Адай болсаң, мен – Шапыраштымын, Шапыраштыдан кімдер шыққанын білемісің, о, шәртік... – Шекелесіп, әтешше қодырайысып тұра берер ме еді, Мінуар атып шыға екеуін екі жаққа лақтырмаса. Екеуі де қызу, «Имашевтің арағын» ішпесе де, «Жәдігердің арағына» тойған. – Ал, жүрейік, асқындырмай тұрғанда. Уақыт тықыршып, асықтырып тұр, болды! Естерін енді жиғандай, ана екеуі тәлтіректей ішке енді: – Қоштасайық... Күлімхан екіұдай ойда: «Мына әртіс жігіт Елшібектің мен де...» деп қалды, аяғын ана екі сойқан айтқызбады, қазір сұрап алайыншы. Шынаргүлді іздей осымен екі рет келді. Жәй жекжат болса, неге осынша құсы түседі. Биғаным жайын айтқанда сұрланып салды, неге...» – Күлеке, дәм-тұзыңызға рақмет, демалып, тынығып, қаланың у-шу дабырынан біраз құтылып, сергіп қалдық. Біз аттанамыз... – Қонсаңдаршы, Жәдігер келсе, көрмегеніне өкініп қалады ғой. Өзіңе де, Мінуар балам, көп рақмет. Көптен көңілденбей, серпіле алмай, көңіліміз қабарып жүретін... – Қонай-ық, – Мәтиеш ықылық ата Сейітмамыттың иығына қолын апарды, ол да мұны құшақтай: «А-ға, кеш-ір-ңізші», – деген. – Өй, сабаздар, келісіп тұрсыңдар! Кәне, аттандық, ағасы, сіз қалыңыз, тынығып ертең-ақ шығасыз, солай ма, Күлеке...

– Тағы бірдеңеге ұрынбай тұрғанда жата кет... Ал, Мінуар, мына қонақ бала, тағы келіңдер, қатын-балаларыңды ала келіңдер, көлге ба­ рып тынықсын, Қалидың есік-төрі қашанда сендерге ашық... – Жо-жоқ, мен сендерді шығарып салам, жол айрыққа шейін... – Ағасы, алда күн жақсы болсын, тағы кездесеміз... – Күл-е-ке... ана бөтелкені ала кетейін, по-со-шок жасауға... – деп Мәтиеш дәу көк шынының түбіне қарады: – Қонақтарды шығарып, салуға... – Мәке, біздің ішетін халіміз жоқ, мені Алексеевкаға жетпейақ ұстайды. Ал Сәкеңнің халі... онсыз да бөгіп тұр, оны үйіне жеткізіп, келіншегінің қолына табыстайын... – Мінуар ағасын қанша қалдырмаққа тырысса дағы, ол қалмады. Бөшкедей бөтелкені қолына ұстап, тәлтіректей көлігіне бет алған. – Әй, Мәтиеш, ана құмыраны алып келгін, Жәдігерге керек, – Күлімхан оның мына түріне қарап: «Қап!» деді. Майра бір жағынан сүйей Мәтиеш ағасын Газигіне мінгізді. Амал жоқ, аттанысты... * * * ...Жеткенше көкейін бір ой жегідей жеген: «Шынаргүл Биғанымның туған жиені болса, Биғаным – Елшібектің туған жиені, құдая, біз, Шынаргүл екеуіміз кімбіз сонда? Тәу баста-ақ, қарындасым болып шықпаса деп қауіптенгендей ем... Түбі айналып солай болғаны ма. Мен – Елшіекең жиеншарымын, о, тоба, екеуіміз алыс жиенбіз бе...» Артына мойнын бұрып, Сейітмамыттан: «Түбі бір, бірақ қыздан тараған туыстардың сілемін не деп айтады, сендер жақта не деп атайды мұндай алыс жиендерді?!» – деп сұрайын десе, ол сабазың мойны бір жағына қисая: – Әй, Мінуар, сен екеуіміз лауреат боламыз ба, жоқ па... – Қайдағы лауреат? Бізді кім өткізеді, онсыздағы театр ұжымы дайдай боп, екіге жарылып, жаға жыртысып жатқанда. Атакең ақсақал білегін сыбанып, «өткізбеймін, молокосостарды... қайтсем де» деу­ мен жан-жаққа шапқылап жүр дейді. Е... «Қожаның көңілі құрт сүйеді, көжесінің қатығы жоқтың» кері болмасын... ...Атабекпен қақтығыса сөзге кеп қалуына мына себеп: Театр ұжымы «Жаралы жауынгер» спектаклін Мемлекеттік комиссияға ұсынып, бірауыздан: «Егер лауреаттықты ала қалса, бұл – театр абыройы ғой», дескен. Сол кезде Атабек жұлқына сахнаға шығып: – Басқа ұсынатын таппадыңдар ма? «Кеше келген тоқалдар, шөміш ұстап қақаңдар» дегендей, театр табалдырығын кеше ғана аттағандар екеуі де... Ерте бұларға, біз алсақ, еңбегіміз сіңіп, халыққа кеңінен таны­ лып, театр корифейлерінен бата алып барып Мемлекеттік сыйлық иегері

атандық. Мен комиссия мүшесімін, мен тірі тұрғанда бұларға лауреаттық жоқ! – дегенде, Мінуар да сахнаға атыла шығып: – Атаке, сабаңызға түсіңіз. Бір сіз ғана емессіз Мемлекеттік комис­ сия мүшесі. Ал «кеше келіп қақаңдар» – тоқалдар мәселесін Сіз көбірек білерсіз... – деді тура жанды жеріне тие. Сол сол-ақ екен, ал кеп күлсін жұрт. Бас режиссер күлкісіне шашала: – Уақыт көрсетер, біз ұсындық, екеуі де талантты, жас та болса, ізденімпаз, честнейший жігіттер, театр абыройы бізге бәрінен артық, со­ лай емес пе, – деген аталық сөзін айтып. «Честнейший» дегені Атабектің шамына тиді білем, залдан ата шыққан. Оның соңынан іле жақтастары да сүмеңдей ілескен. Бұдан не шығады, сірә, театр Бас режиссерлігіне Атабек қона қалса, сүбелі рөлдер бұлардың да сыбағасы бола жататынынан дәмелі де... ... Мінуар театр факультетін түгесісімен жолдаманы «Жетісай» те­ атрына алған-ды. Бес жыл сонда, театр репертуарындағы барша спек­ такльдерде ойнады. Қалимашты ала барған, екі бала әке-шешелерінің қолында, бастары бос, қызықты бір дәурендерін бастарынан кешірген. «Кімнің тойы» дейтін комедияда Мінуар бойдақтың рөлін ойнай­ тын, халық бір көргенін, екі көріп, мәз. Әсіресе бойдақтың күлдіргі әнін бұған қайыра айтқызатын, құдды концертте отырғандай, айтпаса, жер тепкілеп отырып алатын, өзі де құлшына әнін айтып, образды құтырта ойнайтын. Бастан-аяқ комедиялық штрих-эпизодтарға толы шиырған драманы аса дарынды композитор мен сатирик ақын тіптен құлпырта, ойнақыландыра түскендей-тін. Е, о да бір дәурен, мұндағыдай театр ұжымы жақ-жақ болып, қызғаныш көздеріне қызыл қандай құйылып, айтыспайтын да, тартыспайтын. Сүттей ұйыған тату-тәтті жас әртістер тобы болатын. Соңыра театр тарап кетті. Себебі, орталықтан шеткері, әрі бір облыста екі театр ұжымы болғандықтан, үкімет жағынан дота­ ция – көмек аз түсетін бұл театрға. Қаражат жағы тұсап, ақыры тараған. Мінуарды қолқалап осы қазіргі театрға шақырған-ды. Міне, жеті-сегіз жыл қарашаңырақта басты-басты рөлдер атқарып несібесін теріп жеп жүргеніне. * * * Шынаргүл ағасына гүл табыстап, «мен сіздің шын қарында­сыңыз­ бын, аға!» деп құлағына сыбырлаған сәтінде, жүрегі өрекпи сах­надан шайқатыла түсе беріп, артына бұрылып бір қараған-ды. Қоштасу екенін, және соңғы рет – аңғармаған аңқау басы. Ал ағасының да іші қыж-қыж, қазандай қайнап: «Қарындасым-ау, қарлығашым-ау, Аман жүр замандасым-ау...» – деп іштей әндеткенін жігіт те, қыз да аңдамаған.

Нұрғаным берген ақшаның біразына мұздай киініп алды: сонау 85-жылдары сәндікке айнала бастаған – дубленка тон, және қысқы қазықтай етік, басына күзен бөрік сатып алған. Қалғанын пәтерақыға төлеп, жолға дегенін ғана жанқалтасына басып, «Енді Алматыда аял­ дар ештеңе жоқ, кету керек абыройым төгілмей тұрғанда» – деп түйген. Қайда барады, о жағы күзгі бұлттай бұлыңғыр. Заттары да ауыр, кітап-қағаздарын қалдырсам деп те ойлаған. Пәтер иесі мейірімді кейуана, соқабасты, Шынаргүлге қызындай қарап, ассуын даярлап, түпкі бөлмесін босатып беріп мәре-сәре тұғын. Ақысы да аса қымбат емес, Шынаргүл де ол кісіден еш аянбаған. Өз үйіндей боп кеткесін бе, кітаптарын, конспект-дәптерлерін қалдыра тұруға тура кел­ ген. Баяғы Саяхат автотұрағына мықшыңдай, екі шабадан, бір сөмкесін көтере жеткені де сол, «Жигули» иесі көлденеңдей: – Қарындас, алысқа барасыз ба? Қай бағыт, апарып салайын, – дей алдын орағаны. Қыз таңқала, қараторы, дембелше, танауының астына едірейтіп мұрт қойған жігіт ағасына барлай қарап: – Кеген жаққа, тым қымбат алмайтын шығарсыз, ағай, – деген әлі де сеніңкіремей. Сезікті қалпы көліктің арт жағына жайғасқан. – Ақысын алдын-ала төле, қарындасым, – Тақылдағанына қарағанда тиынның татын жалайтын «жмоттың» өзі ғой деп пайымдаған. – Шамадандарыңызды багажникке қоялық, – дегеніне бұл көнбеген: «Қасымда тұрсын, түсе қалғанға оңай», – деп. Күншығысқа бет алған «Жигули» теп-тегіс айнадай кең «Құлжа жолмен» зырғуда. Заманалар куәсіндей осынау ескі сүрлемде кім­ дердің ізі қалмаған. Сонау біздің дәуірден бұрынғы заманда Ғұн (Күн) көсемі – Аттила дүбірлетіп, ат тұяғының ізін қалдырып Батысқа, кәрі Еу­ро­паға бет алған. Шығыстың Шыңғысы да қазақы жабыларымен-ақ жер-көкті дүбірлете Көк теңіз жиегіне алтын самұрықты туын қада­ған. Алысқа бармай-ақ, бертінде, 1916-жылы патша жарлығына қарсы шы­ ғып, Албандар абыржи бір кісідей атқа қонған. 1986-жылы қызуқанды қылқандай бозбала мен өрімдей қыздардың алаңға шығып, ашу-ыза­ мен тоталитарлық жүйенің жүйкесі құрып, құрсауы үзілуіне бірден-бір себепші болғанын кім жоққа шығарар-ау... Олардың дүбіріне елең­ дей кейбір қазақ жастары көтеріле – Кеген, Шелек, Еңбекшіқазақ ау­ дандарынан ағылса; қырғыз ағайындар да дүр көтеріле Қордайға жете тосқауылға ұшырай, ошарыла тұрып қалған еді деседі. Осындай құр­ саулы шептен өте алмай тосыла қаны қайнап тұрғандар арасында Мінуар ағасы да бар-тұғын. Бұл – алдағы әңгіме... Енді міне қазақтың қаршадай қызы, бет біткеннің сұлуы, саналы да кербез Шынаргүл де тәуекелмен Құлжа жол бет алып кетіп бара жатыр. Оның алдағы тағдыры не болар, егер осы бетімен әке-шешесіне барғанда, олар қалай қарсы алар, не дер... Кәрі шежіре – Құлжа жол! Ғашығы – Мінуармен қосылуға тағдыр жазар ма...

Әлдебір сұмдықтың боларын сезгір жаны ұқты: тезірек көліктен түсіп қалу керек. Қауіп – айдаушының былай шыға бере-ақ өңі сұстана, қанын ішіне тарта сазарып салғанынан-ақ бұл шошынған. Нендей сұрқия ойы барын барлай алмай: «Алып қашып кетпек пе? Әлде шабадандағы киімкешек, заттарыма көз тікті ме. Әлде... өлтіріп кету. Басқа жүргіншіні жо­ лай алмауына қарағанда, бір мүттайымдықты қарастырып келе жатуы тегін емес...» Екі шабадан екі жағында, қолында сөмке, машина жол бойындағы село-ауылдарды басып өтіп зырлауда. – Ағай сәл тоқтаңызшы, басым айналып, шыға тұрайыншы, оның үстіне... – «дәрет сындырайын» дегенді айтпады. Бұл ойынан лезімде ай­ ныды: «Заттарын алып тайып тұрса...» – Шыда, қарындас, Шелекке жақын қалдық, сол жерде аялдармыз. – Оған шейін шыдамым жететін емес... – «Шелекке таядық» деген­ нен үміт ұшқыны жарқ етті, әйткенмен, Шелекке жеткізбей «құртса қайтем...» деген сезік те тынышын алып біткен. Жорамалдауынша «Те­ скенсу» ауылына жақындап қалды. Нұрғаным анасының айтуынша осы жерде бір құда-жекжаттары тұратын. Түсіп қалу керек, қайтсе де бір амалын тауып. Сөмкесі де зіл қара тас болатын, айна-тарақ, сүрмедалап, бір құты әтірмай және жол бойы оқырмын деген Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы. Сөмкемен шопырдың басына салып қалды. Көлік шатқалақтай кәрі, дүмді еменге соғылды. Соғылған бойы үні өшті. Айдаушының басы рульге ұрылды. Қыз есікті ашып, шабадандарын көтере атып шықты... * * * Атабек ақыр дегенінде тұрды: «Жаралы жауынгер» постановка­ сын Мемлекеттік сыйлыққа ұсындырмауға барын салды. Комиссия мүшелерінің біразын особняк хан-сарайына шақырып, аста-төк да­ стархан жайды. Кім мұндайға жайылып түспес, комиссияның кезекті отырысында-ақ толқынға ұшыраған кемедей, сахналық дүниенің бір жақ қанатын қисайтқан. Сәл-сәл төңкерілуге, шым батуға қалғанда: – Қонаевқа барсаңшы, кезінде спектакльді көріп, сүйсінбеп пе еді, бар, әйтпесе, еңбегіміз еш, тұзымыз – сор – ... деп жөн-жосық айтқандар да табылды. Мінуар міз бақпады: «Неде болса, бақ-талайымнан көрейін. Лауреат болмасақ тағы күнімізді көрерміз. Несібемізді теріп жерміз...» Комиссия мүшесінің бірі: – Бұл спектакльді Қонаев жолдас көрген, Досымбековты алдына шақырып, монологін айтқызып, тіпті ән де салдырған, – дегенде: – ЦК-аның бірінші хатшысының алдында, Саяси Бюро мүшесі ай­ бынды Димекең алдында ән салып, жынды ма, әлде жүрек жұтқан неме ме... – Осындай алып-қашты сөзге біреу иланды, иланбағандары:

– Еңбек Ері әкесі шіреп тұрса, Досымбековқа бәрі кешірімді... – Сонымен қандай қорытындыға келеміз? – Жабық дауысқа саламыз... – Дай-дай даудан бөлме даңғазаға-шуға бөкті. Комиссия төрағасы белгілі ғалым: – Мына бір хатты оқылық, түу Қарақалпақстаннан келген. – Бәрі құлақ түрді. «Құрметті қазақ ағайындар! Ежелден төсекте басымыз, төскейде ма­ лымыз қосылған түбі бір түрік ағайынбыз. Өткен жылы жазда бізге қазақ драма театры гастрөлге келіп, бірнеше қойылымдарымен өнерге сусаған халық жүрегінен жол тауып, зор қошеметке бөленген. Бірінен-бірі аса­ тын көркем спектакльдер ішінен «Жаралы жауынгерді» бөліп айтқымыз келеді», – дей хатта туындының отаншылдық асқақ сезімге бөлейтін идеялық тақырыбын да, терең мазмұнын да талдай келіп, ойнаған актерлерін қадау-қадау атап өтіп, Досымбеков Мінуардың образға бой­ лай, шеберлікпен сомдағанына айрықша тоқталады. – «Баспасөзден оқып білдік, бұл «Жаралы жауынгер» постановкасын ең жоғары атақ – Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын. Барша Қарақалпақстан жұртшылығының атынан осынау дүниенің сол мәреге жетуіне, сыйлықты алуына тілектестігімізді білдіре отырып, алдағы уақыттарда да қазақ өнері қайраткерлерінің бізге жиі-жиі келіп тұруларын қалар едік...» – Еліне белгілі адамдар қол қойған хатты оқып шығып Төраға: – Ал, не дейсіздер, осы хатты Досымбеков өзі барып жаздырған жоқ шығар, дау-дамайды қойып, жүрекжарды адал қортындыларыңызды айтуды сұраймын... – «Сұраймын» деуінде сұрағаннан гөрі ап-анық зіл жатқанын былайғылар ұқты... Әлде жоғарғы жақтан нұсқау болды ма, соншама талас-тартыстан мәнтті нәтиже шыққан: «Жаралы жауынгер» қойылымының режиссері мен басты рөл атқарушысының мәртебелі сыйлыққа ұсынылғаны, оны абыройымен алғаны жөнінде Үкімет қаулысы жарияланды. Те­ атр абыройына абырой қосқан бұл қуанышқа жүрегі жарыла қуанбаған жұрт қалмады десе де. Тек арызқой жұлынқұрттардың пысы басылып, құйрықтарын жымып, көрбеттеніп, кектеніп жүргендері болмаса... Драманы жазған жас талант иесі – қаламы қарымды жазушы жігіт күйініп, ақыры ішіп кетті. Сейітмамыттың жүрегі жарылуға шақ қалды, ал Мінуар сырбаз ұстамдылықпен тілеулестерінің қуанышын сабырлы қабылдап, Жүніс әкесі берген әжептеуір ақшаға «Алматы» мейрамханасының бесінші қабатында ұлан-ғайыр той жасады. Өйткені дүмбіретіп үй алғанда да, «Волга» мінгенде де, тағы басқа да Алла марха­ батымен отбасына келген қуаныш-сүйініштеріне дабыратып дастархан жая қоймаған-ды кезінде. Тек ара-тұра жора-жолдас «жусаңшы» дей қолқалағанда ғана үйінен шай-пай ішкізіп немесе кафе-барларда атүсті ақмамбетпен

ауыздандырғаны болмаса. Неге екенін, көңіліне беймазалық қонақтай бір түйткіл орнай бастаған. Бұған себеп: Мемлекеттік сыйлық белгісі мен конверттегісін Үлкен кісі өз рези­ денциясында құрметпен иегерлерге табыстаған. Мінуарға кезек келген­ де қолын қысыңқырай: – Қане, бала, алқынып-ұшып бұған да жеттің, ә? Ұзағынан дейік. Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек. Харакет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек. Заманға жаман күйлемек – Замана оны илемек. – Абай атаң айтпақшы, сен де міне, харакет қылып, бойыңа Алла сыйлаған өз дарыныңмен жеттің. Құтты болсын. Әкең қалай, тың ба? – деген қысқа ғана. Сонда байқады, Димаш Ахметұлы шау тартыпты, ақ селеу шашының бұйрасы иіріліп кең Сократ маңдайын жапқан, шаралы көздерін мұң торлаған. Мінуардың осы көргені соңғы көргеніндей болғаны сондай, көкірегін бір өксік билеген. Міне, ғұмырында бір жасап жатқан тойында да жары­ лып күле алмаған. Елінен әкесі ту биені төңкерілтіп сойып әкеліпті. Шешесі мен көршіқолаң жиырма төрт қабырғаны түгел тұздап, бұрыштап, сарымсақтап білем-білем қазыға айналдырыпты. Қыс кезі, үш балконға түгел жай­ малап, керіп тастаған. Той болардан бір күн бұрын мейрамхана асха­ насына жеткізіліп, ал үйде Майра мен Күлімхан апасы қазы-қарта мен жал-жаяны бабымен пісіріп, қойдың басын жеке әзірлегесін, барлығын, бауырсақ-шелпектерді де со жаққа тасыта берген. Қалимаш үй тола қонақтарға шай қойып, ас-суын әзірлеумен әуре. «Дұрыстап киініп, бетаузымды түзеп те ала алмадым-ау», – деп қынжылады, әрине. Жүрегі атқақтап өзіне орын таппағандай бір сәт. * * * Театрдың ақсақалы Қамкең батасын бергесін, той басталды, шағын ұлт-аспаптар оркестрі шалқытып күйлер тартты. Жүніс пен Балымша қақ төрде, екеуін тұрғызып, едәуір қошеметтер айтылып, мәртебесін көтерді. Мәтиешке Айымшаны құрметтеу ғана қалғандай; толықша, шашы қудай, бірақ бәз баяғы әдемілігі жүзінен тая қоймаған қалпы ол Мінуардың ағасының асты-үстіне түсе аялағанына мейманасы таси балқуда.

Әндер айтылып, күйлер тартылып, билеп дегендей той шырайы ене бастаған, Мінуарға да мақтау-қошемет аз айтылмаған. Алайда осын­ ша жүзден астам адамдар ортасында бір ғана қаршадай әдемі қыздың отырмағанына ол қынжылады сөзсіз... Ал Шынаргүл қайда, шынымен. Ол қыз өзіне төнген қауіпті алдынала сезді, машина иесінің ниеті бұзылғанын, әлде алып қашу, әлде зор­ лау... Өмірі бармаған қылыққа барды, кенет сөмкесімен жүргізушінің басынан перді. Байқұс өліп қалды ма, әлде талды ма, онымен шаруасы жоқ Шынаргүл көлік дәу еменге барып соғылғанда, есігін аша, қашқан зат, шабадандарын көтере. Мықшыңдай көше бойымен, кілең шифер шатырлы жатаған үйлердің ара-арасымен зыта берген. Бір қораға жетемете әлі құри, шөге, етпетінен түсе жалп етті. Сәлден соң иттің үргенінен орта жастағы әйел шыға: – Көтек-ай, бұл кім? – деді. – Жас әйелдің сұлап жатқанын көре: – Қалқам, сен кімсің? Қайдан жүрсің? – Тәте, су беріңізші... – Үйіне жүгіре кірген әйел кесемен аузына су тамызды: – Қайдан жүрсің, қарағым... – Кегеннен, осында бір туысқанымыз тұратын еді... – Онда үйге кір, өйбу, осынша затты өзің көтеріп келгенбісің... – Шынаргүлді орнынан тұрғыза, үйіне алып жүре бергенде, қыз ішінің қампайғанын көре: «Е, екіқабат екен ғой, байқұс, кімнен қашып жүр...» – деді. Сол арада көршісі – Күлдәрі де жеткен: – Күлшаруан-ау, мұның кім? Сонша затымен, көшіп келген бе? – Сампылдамай, заттарын алып жүр, жайын кейін айтам... – Кейіні несі, айт қазір, бұл кімің... – Өй қақылдаған байқұс, қызым, сонау Арал жақтан, о жақта тұз, қаңсық, қатындар балаларын туа алмай түсік тастап жатқан көрінеді. Содан осында босанайын деп келген ғой... – Өз өтірігіне өзі илана Күлшаруан кішірек көздерімен көршісін тесіп жібере жаздай, «тамақ пісіріп жатсың ба? Кеспе ме? Онда, әкелгін, қызым әлсіз, ас ішсін...» – деп бұйырған. Жалғыз басты, әлеуетті әйелдің үні саңқ ете: «Неғып тұрсың, аңқайып, қызым дедім ғой, Бота»... – Бота деген қызым бар деп қашан айтып ең, сен де сандалады екенсің... – Күлдәрі сонда дағы үйіне борсалаңдай жүгірген. Ыстық кеспе ішіп, соңынан қаймақ қатқан шай, Шынаргүл шыны­ мен әлденді. Кімнің үйіне келдім дегендей: – Тәте, рақмет, мен көп кешікпей кетемін, ал мынаны шай-суға жұмсай тұрарсыз... – Көк ала жиырма бес сомдықтың екеуін ұсына: – Шешем беріп еді жолға деп, жүрегім айнып, Алматыға жете алма­дым, – дей салды. «Оқуға баратын ем, қараңызшы, сіздің үйге тап бола­мын деп кім ойлаған. Мейірімді жан екенсіз, менен қайтпаса, Құдай­дан қайтсын... Ал мынаны үстіңізге киерсіз...» – Су жаңа костюм-юб­каны қол сандығынан шығарды: «Маған енді тар болар...» – деп.

...Шевиот маталы, сәнді киім бұл – Нұрғанымның бір киері-тұғын. Өткен жолы: – Жассың, маған тар, күннен күнге ет алып, қазым қабырғама бітіп толысып барамын. Жас та келді ғой, сен кигін, – деп бұған ұсынған еді ғой. Аяқ астынан түсіне кірмейтін қымбат киім мен әжептеуір мол ақшаға аса қуанған Күлшаруанда ес жоқ: «Ғайыптан пайда болған періште ме, осы үйдің киесі бар дейтін марқұм шалым, ә...» – Рахмет, қызым, қорадағы бес-алты ұсақ жандықпен, бір қоңыр си­ ырмен күн көріп келе жатыр ем... Зейнетақыға жасым жетпеген, 55-ке шейін әлі талай бар, – деп, – Ал енді сенің атың Бота ма, сандырақтап әлгі жынды қатынға айта салып ем? – Бота болсам, болайын... * * * Той да өтті. Туыстар елге қайтып, аңыз қып айтып жатты. Мінуар сол біртоға қалпында, тойға келгендерге сый-сиапат әпергеннен қалғанын Қалимашқа беріп: – Тәтей, мынау сенің еңбегің, үйге деген армандаған мебельді алғын, бәрінен дұрыстау кең төсек алшы, анабір сықырлаған диванды құрт, – деп күліп алып: «Есіңде ме, келген қонаққа сен ылғи «мебеліміз жоқ...» – деп бетіңнен басушы едің, сонда бір ағай: – Не, сенің мебеліңді жейміз бе?! – дегені, ә... – Е, есімде болмай, жақсы болды, үйімізді жарқыратайық бір! Лауреаттың үйінде жиһаз жоқ дегенге кім сенсін. Рақмет, інішегім, жарадың, – деп күйеуінің бетінен шөп дегізді. Театрда да дай-дай әңгіме: «Тойы ғажап өтті ғой...» десіп. – Шірік! Жетті, – деп Атабек ақырды. – Ондай тойдың талайын өткізгеміз. Елде елу жылдығыма ат шаптырып ұлан той жасаған кезінде. Не ол ресторандағы той деген. – Ол да тойға шақырылған, бірақ шақыру қағазын дар-дар жыртқан. Іші қыж-қыж қайнауда, атарға оғы жоқ. Осынша қызғаншақ болар ма, атақ-абырой өзінде де жеткілікті емес пе. Мінуар мұндай-мұндай кереғар сөзге мән бермей, рөлдерін ойнап, арасында киностудияға шапқылап, құр аттай кердең қағуда. Көңілі теңіз толқынындай: біресе жарға ұрып, біресе – қайтуда. Есіне Есіктегі Күлімхан апасы берген конверт түсті: сыртында мекен-жай бар. Шынаргүл хат жазып, «аман-есен оқуымды оқып, жүріп жатырмын, маған бола алаңдамаңыздар...» – депті. Алып-ұшып осы Алматыдағы мекенге бармай ма. – Ол қыз кетіп қалған, – деді бойшаң, ақ шашты орыс кемпірі. – Қайда кетті, айтпайсыз ба?

– Айтпады, чемодандарын көтеріп кетіп қалды. – «Чемодандарын» дегесін-ақ қыздың алысқа кеткенін ұқты. Асау көңілі су сепкендей ба­ сыла: «Оқуы қалай, көңіл күйі ше?» – деп еді: «Онша емес, біртүрлі жабығыңқы». – Кемпірден осыны естісімен: – Ал жақсы, мейіріміңізге көп рақмет, – Аттана берген оған: – Сынок, саған карта түсіп тұр, тоқта! – Ол қандай карта? – Кәдімгі бал ашу картасы, менің ондай өнерім бар, – деп қария ақ шүберекке Таро картасының тобын шашып кеп жіберген: – Үлкен тойың өтіпті... ел көп жиналыпта. Көбі разы, тек дұш­пан­ дарың көбейіпті... Сені «Казенный дом» күтіп тұр, абайла, бала. – Казенный домы несі, бір қазынадан бір үй алдым ғой... – Жоқ, бұл басқа қазына үйі ... – Мән бере қоймаған басы: – Ендеше, қызыңызға да карта ашыңызшы, ол қайда қазір? – Сынок, ол қызға карта салуға болмайды: ол – екіқабат, грех будет, егер екіқабат, аяғы ауыр әйелге карта ашсам... – дегені кемпірдің. Мұны естіген құлағы неге керең болып қалмады екен... – Қалайша?! Мүмкін емес! – Айқайлап жібергенін өзі де білмей, сыртқа атылды... Жаяу жүргені мұндай оңды болар ма, теңселе, шайқалақтай, құдды мас адам, өзен жиегіне жете, Есентай өзені ғой бұл. Ернеуіне басын сүйей ал еңіресін. «Сәулем!..» – Сәулем! Екеумізді Құдай қоспаған, сен екеумізді – жүрек қосқан... Сені азапқа салғанымды мен өзіме кешпеймін! Сен қандай азапқа түссең, одан жүз есе азап жазсын маңдайыма, маған. Қайдан іздеп табайын-ай... Жер қозғалып, аспан төңкерілгендей күйде үйіне ілбіп әрең жеткен. Қалимашқа жөн айтпады, не деп айтсын-ау. Кешке спектакль және бар, «ұйықтап алайын» деп төр үйге озған. Ұйқы қайда, кірпігіне тіреу тіреп қойғандай, ойдан – ой... «Есебі... сол мамыр айы, біз, Мәтиеш аға екеуміз Күртіге барғанда. Анау құрғыр Газигі аударылып...» – Іші білініп қалғасын... жеті ай, амандық болса, енді екі айдан аса босанып, қол-аяғын бауырына алар... – Жүрегі өрекпи: – Әлде ұл, әлде – қыз! О, Құдай, аман-есен қиналмай босануына жаз... ...Қиналмай-ақ босанған, тура тулақтың үстінде. Тегі толғағын да сезбеген. Күлшаруан сасқалақтай Күлдәріге келді: «...толғатып жатыр...» Ол апыл-ғұпыл жетті: таза мата, қайшы-жібін ала. Ол болса әйелді босандыруға әбден әдістенген. «Кішкене күшен, күшен, Бота...». – Бұл шаңырақта шарана даусы естілмегелі не заман, о, Ақсарбас, әулие... ұл, ұл екен... – Әй, бажылдамай қоя тұрғын, шай әзірлегін, сүлгі әкелсеңші, аб­ дырамай, қара терге түсті ғой, байғұс бала. Не деген шыдамды, үні шықпады ғой, талай толғақты көріп жүріп... – Күлдәрі шар ете тулаққа түскен сәбиді шүберекке орап, дереу кіндігін кесті.

– Кіндік шешесі болдың, құтты болсын, мынау – көйлектігің, басқасын қыз өзі бере жатар... – Тұра тұршы, Ботаны төсекке жатқызайық, қалайсың, ұл таптың, шүйінші... күйеуіңе қалай жеткіземіз... – Рақмет... Алладан қайтсын, кәне, көрсетіңізші... – Қызылшақа бақырауық сәби бұған кіреуке көзін аша: «Мама!» дегендей болған. Шы­ нымен естіп тұр ма, әлде елес... Талықсып кетті. * * * «Бота атанған қыз балпанақтай ұл тауыпты» – мұнысы ауылға жайылған. Жайыла-жайыла Жалағаштағы анасы – Нұрғанымға да жеткен. Оны жеткізуші – Тескенсуда тұратын жекжаттарының қызы – Нілхан. Төркіндей Жалағашқа бара, «біздің ауылда Бота атты сұлу қыз пайда болды. Байқұс екіқабат екен, күйеуінен қашып келіпті... ұл тапты», – дегенді қыз анасы Нұрғанымға да жеткізген. Ол небір ойға қала: «Шынымен Шынаргүл болар, осың... Сезіп ем... құса беретін. Қайтем, әкесіне не деп жеткізем, ел-жұртқа қалай қараймыз... «Жақсы ит өлімтігін көрсетпес» – деп қашып, ақыры сол Тескенсуға барған ғой... Оқуы қайда. Неде болса, аман-есен босанып, қол-аяғын бауыры­ на алғанын айт! Ұл дейді! Мен ылғи қыз туып ем, о, Тәңір, ұл келді ме шаңыраққа... Әкесі кім? Мейлі, ішіме сыйған бала, сыртыма да сыймақ! Барайын Күлімхан келінге...» – деп белді бекем байлап аттанған. Бағыты – Есік, бауыры Қалидың үйіне бармақ. Ал Шынаргүл болса, баланы емізе алмай азап: үрпісінен сүт шықпай, емшек күп боп ісіген. Не жағдай туғызарын біле алмай, амалы таусылып қалғып кеткен екен: Ақ киімді, қаба сақал қария есіктен кіре: – Балам емшегіңнің астынан екі тесік шығады, сүт саулайды, саспағын. Ұлың ер жетеді әлі... – деді де ғайып. Шынаргүл не сенерін, не сенбесін біле алмай, қасындағы сәбиіне қарады. Ерні бұлтиып, әлденені борп-борп сорып, маужырай ұйықтап қалыпты. Күлшаруан тәтесінің оған ешкісін сауып, пісіріп, аузына сүт тамызғаны қандай абы­ рой, әйтпесе, ұлы аштан өліп қалар ма еді... «Беті аулақ, аман болсын. Мінекеңнің баласы өзі құсаған ер жігіт болады, әлі!» Айтқанындай-ақ, емшегі өзінен-өзі астынан жарылып сүт саулаған. Сауып алып, бөбегін тойғызған. Осыны Күлшаруанға айтқанда: – Бота, еш таң қалма! Бұл үйдің иесі бар. Кие... анда-санда көрінеді. Және де анау-мынауға емес, сен тегін қыз емессің... Құтты болсын айтушылар арасында мектеп директоры Жанұзақ та бар-тын. Жас, бойшаңдау келген, қарасұр. Шай үстінде: – Қарындасым бізге жұмысқа тұрсаңшы, пионер вожатый орны бос тұр, жаз шыға балаларды лагерге даярлаймыз, соларға ән үйретіп,

пионерлер дружинасының ережесіне жаттықтыру керек. Сен оқыған баласың, келгін... – деді. Шынаргүл таң қала: – Оқуым біткен жоқ, және ол пионер жетекшілігінің жұмысын білмеймін ғой, – десе де ойлана: «Несі бар көрейін, бәрібір маған жұмыс керек, балаға киім-кешек, бесік дегендей. Әйтпесе, ақшаны маған кім берер, үйіме де төлеуге...» – «Үйім» деді, шешесіндей боп кеткен Күлшаруан тәтесіне разылығын білдіре. – Тұмса жан, ширасын, әлі нашар ғой, тоқты сойып қалжалап жатсам да... – деді директорға Күлшаруан. – Ой, тәте, қызың мықты секілді, бір ай өтті ғой, келсін жұмысқа, – Жанұзақ «күйеуі қайда» дегенді ішіне жұта. Босанғансын бұрынғы сұлулық сұлулық па, гүлдей жайнады қыз. Бұрымы бұлаңдай, қыпша белі қынала, тәуір киімін кие мектепке барды. Директор Жанұзақ жаны қалмай қызға мектептің пионерлер дружинасының шағын бөлмесіне бастап апарды. Апарғаны бар болсын, іші қоқсып, шаң-тозаң, шылау басқан бөлмеден ұялып, бетін басқан: – Алдыңғы пионер вожатый қызды алып қашып, ауыл қағындылары ше... Одан кейінгі өрімдей қызды да... – Ақталғандай сыңайда. – Не, пионер вожатый құтаймайтын қандай мектеп... – Кім білген, сізді де... – Жанұзақтың екі ойлы қаупін одан сайын өршіте Шынаргүл. – Е, алып қашатын адам – Алматыда, несі бар, шымылдығымыз желбіреп тұрса, – деп саңқылдай күлген. Бұрынғы тұйық, әр сөзін салмақтай сөйлейтін бұйығы қыздан жұрнақ та қалмағандай ма. Жанұзақ үй сыпырушы кәртаң әйелді шақырып, бөлмені тазартуға пәрмен берді: – Жалақыңыз қырық сом айына, азырқанбайсыз ба? – Жоқ, бар мәзірге – әзірміз... Уақытша ғой, жаз шыға оқуыма ке­ тем, – ойы: «Нәрестеге жаялық, оны-мұны алсам, қалғанын Күлшаруан тәтеме берсем, жақсы тамақтанбасам, емшегімнің сүті тартылып қалады ғой...». Сәбиін есіне ала, оған метрке – туу куәлігі керек екен-ау деумен ауылдық кеңес кеңсесіне келді. Ол жолдан өтіп барып, арғы беттегі ескілеу там үйге ене бере: «Апырмау, сәбиімнің атын да қоймаппын...» Бір ай толды, гуілдек аппақ бала қылық шығара бастады: емшегіне аузы тие бергенде, бірер борп-борп сорып, бұған қарап жымияды... «Әлден солай, ал алда... тіл-көзден сақтасын, маған тартты ма, әлде...» – Егер әкесіне тартып кетсе қайтем... – Күдігі өзін шошытқандай ма... Мейлі, «Тұлпардың тұяғы, асылдың – сынығы» деген, Мінуардай асыл ағадан балпанақтай ұл тапсам, несі бар, анау-мынау жаманнан тапқанша... – Кеңседегі қақшиған келіншек Шынаргүлге шұқшия қарады. Үсті-басын жіпсік көздерімен түгел шола: – Ал, жұмысыңызды айтыңыз, – деді сыздана.

– Балама метрке алуға... – Шашын желкесіне жұдырықтай ғып түй­ ген тайқы маңдай секретарь келіншек: – Ана жерге отырыңыз да, мынаны толтырыңыз, тегін емес, ақша төлейсіз. – Жақсы, – Шынаргүл анкета-қағазды ала орындыққа жайғасты. Өзіне тиісті сұрақтаманы толтыра, баланың аты-жөні, әкесі деген­ ге тоқтала ұзақ ойланды. Ана келіншек аңдып, бағуда: естіген – жапжас қыз екіқабат боп келіп, бала тапқан екен деп. Тышқан аңдыған мысықтай, жіпсік көздерімен тесіреюде. «Нұрұлан Мінуар-ұлы» деді кенет, әлдебір дауыс саңқ ете. Қыз жан-жағына қарады, ешкім жоқ, жүрегі дір ете, сұрақтаманың бесінші – «әкесі» деген тарауға бадырайтып: «Нұрұлан Мінуарұлы» деп жазды. Маңдайы тершіді, жүрегі алқынды... – «Ұлы» деуіңіз қате, «ов» болу керек. – Хатшы қатын қатайды. – Апай, онда тұрған не бар, білмейсіз бе: «Момышұлы», «Қыдырбекұлы», «Батыршаұлы», – тағы өзге аузына түскен «ұлыларды» тізбектей бастағанда, келіншек: – Мейлі... келе-келе өзіңізге қиын болып соқпаса... – Мұнысымен не айтты, әйтеуір сұлу қызды түйреп алу керек, оның үстіне, сәнді, бұ жақта әркім-әркім үстіне іле бермейтін қымбат киімдеріне қызыға, ішіне от түскендей боп отырған оған сынықтан сылтау іздеу керек болып еді. Шынаргүл жарна ақысын үстемелей төлеп, баласының туу куәлігін ала сыртқа беттеген. Көктемгі сыздау таза ауа танауына келіп, көкірек сарайын кеңейткендей, мамасын – Нұрғанымды ойлайды: «Не дер естігенде, қара жер қақ айрылса, түсіп кететіндей күйде болар, әлде...». Нұрұланның қырқынан шығару мерзімі келгенде, Күлшаруан, кіндік шешесі, тағы бір көршісі – үшеуі ырым-жырымын жасауға кірісіп кет­ кен. Есік бүйірін тесіп жіберердей жеңіл көлік дыр ете тоқтағанда, бұлар елеңдесе: «Бұл кім болды екен...» – дескен. Көп ұзамады, есік сарт ете ашыла аржағынан толықтау, басына салы салынған кескінді орта жастағы әйел мен бір ер жігіт созалаңдай еніп келе жатты. Шынаргүл көре салысымен, арғы бөлмеге лап қоя, теріс қарап жата қалды. – Шынаргүл, бұл мен ғой, анаң... – Қыз өксіп-өксіп қалды. – Ботам, басыңды көтергін, біз келіп тұрмыз... – Кімдер? Әкем бе? – Жоқ, ол келе алмады, мен ғой хабарыңды естіп... Төр үйдегі әңгіме осы-тын. Күлдәрі мен көрші әйел құлақтарын түре елеңдесті: «Анасы екен ғой, Шынаргүл деді ме?... Күлшаруан ыдысаяқпен әуре, әлгінде ғана тегешке жылымшы су құйып, қырық құмалақ сап, жұпар тамызып, бір шымшым тұз салып баланы шомылдыруға, со­ дан соң қарын шашын қырқуға даярлап жатқанында сау етіп бейтаныс

әйел, соңынан бір еркек кіріп келе салмасы бар ма. Кімдер дегенше болмады, әйел: «Біздің қыз осында ма?» – дей жан-жағына жалтақтады. Киімін де шешпестен аттап-бұттап төргі үйге озды. – Өз үйіне келгендей, тіпті, аман-сау жоқ, – Жақтырмады да, сұрағына қисая жауап қатты Күлшаруан: – Сіздің қыз ба, біздің қыз ба, бар, ана жақта... – Төр бөлмені иегімен нұсқады. – Әй, бұл кім ей? – Қатындар таңқалысты. – Ей, Күлшаруан, әлгі ұзатқан қызыңның шешесі осы ма, сонда сен кімісің, жарқыным? – «Өз өтірігінен өрт шықпасын» – деді ме: – Әрине сол, әйтпесе, баса-көктей үстімізден аттап өтпес еді ғой... – Десе де, бей-берекет кеткенін аңғартып алғаны. Нұрғаным қайта шыға: – Мені сөкпеңіздер, босаныпты деп естігелі ес жоқ менде. – Оны саған кім жеткізді? – Күлшаруан әдейі тіктей сөйлеген. – Нілхан ше, осы жаққа ұзатылған жекжатымыздың қызы ше? – Өсектен қолы босамай жүрген байқұс сендерге де жеткізген екен... Нұрғаным бұл қитұрқылық сырын ұқты, ұқты да: – Қане, көрсетіңіздер баламызды, міне, шүйіншісі! – Бүктеулі қызылала он сомдықтарды қатындардың алдына шашып жіберді. Үш әйел жапа-тармағай әжептеуір пұлға жармасты, қайсысына көп, қайсысына аз, сірә үй иесінің несібесінің есесі толмады білем. Күлшаруан еш ренжімеді, екі қатынның алдында абыройы төгілмегеніне разы. Оның үстіне, сыртқа лып берген ұзынтұра қонақ бір семіз ісекті есіктен кіргізіп жатты. Нұрғаным: – Тұмса неменің қалжасы ғой, қаяққа қоямыз? – дегендей бұларға жағалай қараған. «Қораға, қораға!» деді қуанған Күлшаруан. – Қырқынан шығарғалы жатқанбыз, тура үстінен түстің, абысы­ным, міне, ол батырың, аты – Нұрұлан! – Бұрышта көрпешеге ораулы сәби «мені айтып жатсыңдар ма?» дегендей ыңырси дауыс берді. Әрі еметін де кезегі. Нұрғаным ұшып барып көтеріп алды да бауырына баса: – О, атасының баласы сабырлы екен, барқырап жылап үйді басы­на көтеретін жаман балаға ұқсамайды, – деді. Көзін ашып алған нәресте оған бақырая қарады да жымың ете сәби күлкісін көрсетті. – О, күнім сол, әжесін танып амандасып жатыр! – Нұрғаным жасы парлай сәбиді бауырына басты. «Тезірек шалыма көрсетсем, жүрегі жа­ рылады ғой байқұстың, біздің тұқымға түбі ұл келгеніне!..» Сөйтті де төр үйге барды, қызына: «Қане, емізші, көрейін...» дегенде, ұялыс тапқан Шынаргүл бүктісіп бетін баса қойды. – Жә, болары болды, ұялма! Сені ешкім сөкпейді, сәйгүлік те бір басқан ізін үш басады. Тұрғын, жинал, сыртта машина, кетеміз... – Жоқ, мама, мен ешқайда бармаймын...

– Неге, ойбай-ау, әкең күтіп отыр ғой, ұл туыпты деп естігелі дегбір жоқ онда. Қырқынан көрші-қолаң шақырып, мал сойып, дұрыстап шығарамыз. Нұрғазы ағаңды қолқалап, көлігі болғасын, бір күнге ғана алып келдім. Қайтайық... – Мама! – Шынаргүл орнынан көтеріле: – Бармаймын, баланы да бермеймін, ол тек өз балам, сіздердің балаларыңыз емес! – Сәбиді құндағымен Нұрғаным қолынан жұлып ала: «Жүре беріңіздер» – деді. – Тек! Оның не, сен біздің баламыз болсаң, сенен туған бала да біздің бала емей не? Алдыңғы екі әпкеңнен өңкей қыздар, бір шүмекті Құттымбет екеуімізге қимайсың ба... Қой, бұл жерде екеуіміз кежіл­ деспейік, тұр жинал! Екеу-ара мәмле: Шынаргүл: Мен бара алмаймын, мама, осында жұмысқа тұрдым, мектепке, сессия басталғанша, істей тұрам. Мейлі, Нұрұланды әкете беріңіз... Нұрғаным: Рас па, ақылды тентегім! Қуанттың ғой... Шынаргүл: Күлшаруан тәтем мен баланың кіндік шешесі – Күлдәрі – бәрі қырқынан шығарсын, осында. Даярланып жатыр... Нұрғаным: Олай болса, келістім. Жаңа тәтең екеуіміз біраз «спек­ такль» ойнадық, ана екі әйелге осы оқиғаның жіп-шырғасын шығар­ майық деп. Әй, бірақ тікірек көз сұр қатын сұңғыла ма, онша сенің­кіре­ меді, ал Күлдәрі аңқылдаған, ниеті түзу, Күлшаруан боса айтары жоқ, мен оның алдында өмір бақи қарыздармын... Шынаргүл: Дұрыс бағалапсыз, мама. Әкем қалай, қуатты ма, мені сөкпеді ме? Нұрғаным: Алдында қалай айтарымды біле алмай біраз дағдардым ғой, өзі де сезіп: «Осы сен, бәйбіше, неге абдырап жүрсің? Жәй ма?» –деді. Айттым, қашанғы ішімде сақтайын. Әуелі сазарып, ләм деместен тысқа шығып, ұзақ уақыт жүріп алған. Мен ас-суын әзірлеп, дегбір таппай отыр ем: «Қайтейік, ішке сыйған бала, сыртқа да сыймай ма... Біз дұры­стап тәрбие бере алмадық па, Нұреке, екеуіміз де бала оқытқан педа­гогпіз. Әлде, тым еркінсітіп жібердік пе. «Басқа түссе – баспақшыл», көндік қайтейік. Тез жиналғын, қиналып жатқан болар», – дегенде, сақалынан жасы саулап, теріс қарап кеткен. Ұл екенін естігенде, беті бері қарады, райдан қайтты. «Алып кел, өзіміз бағайық, тұқымымызға ат ұстардың келгеніне – Аллама мың шүкірлік!..» дегесін де осылай ұштым ғой. Әуелі Күлімхан апаңа бармақшы ем, ол жол бастап, мен қоштап дегендей... бірақ Тескенсудың тұсынан өте беріп: «Солға бұрылғын, Нұрғазы, біздің жол осы арамен бітеді» – дедім. Қызы мен анасының сырласуы осымен тәмам. Кешке қарай құндақтаулы сәбиді алдына ала, қызының шабадан толы қыстық киімкешегін тағы ала, Күлшаруанға қолындағы күміс білезігін шешіп беріп:

– Рақмет, сіңлім, менен қайтпаса, Алладан қайтсын... жақсылығыңды ұмытпаспыз. Күн шыға, жер көктегенде Жалағашқа келгін. Бала – сенің де балаң... – дегенде, Күлшаруан сәбиді қимай кемсеңдеп: – Иісі үстіме сіңіп қалып еді... рақмет. Ақ ешкінің сүтін ішкізуші ек, бір уақ. Лағын ала кетіңдерші, бөрте – Нұрұланның бәсіресі. Әй, Шынаргүл, мамаңа баланың бар затын бердің бе? – Қыздың өз азан қойған атымен атай. – Оны біз жас кезінде «Бота» дейтінбіз. Туу куәлігін алып па еді? – Ой, мама, ұмытып барады екем, міне, метркесі! – деді қызы. – Онда дұрыс екен, қане, – ашып қарап, «Нұрұлан Мінуарұлы» де­ генге көздері бақырая: – Шынаргүл-ау, Мінуар деген ат құлағыма таныс сияқты, ол кім... Сұрағы жауапсыз қалған... * * * Мінуар үйіне келе: «Басым ауырып барады, дәрі бар ма?» дей төргі үйге өтті. Әйелі жиһаз алған, кең екі кісілік төсек төрді керіп тұр. Жамыл­ ғысы терезе пердемен түстес, ал жерде – қырмызы кілем. Қонақ бөл­ меге алғаны да шетелдік, қызыл ағаштан жасалған, алтын жиектермен айнала көмкерілген тіні қоңырқай түсіне келісе кеткендей. Алғаш­қы­да қызықтап, балалары, Қалимаш – қарап отырушы еді. Екі кісілік төсек те ойға әлденелерді сап, таңертеңгісін әйеліне қарай сырғитын... Ана кар­ ташы қария: «Она – беременна...» дегелі ойының ойран-ботқасы шық­ қан. «Қайдан іздеп тапсам...» болды бар есіл-дерті. «Қайғы түбі – дерт» дей ме. Сары жапырақтар төгіле, ағаштар сыйдия бастаған бір күнде Со­ вмин ауруханасына тағы түскен-ді. Жүйке-тамыр бүлінген. «Сірә, бұл аурухананың «құтты» қонағы бо­ лып біржолата орналасып қалмасам ет-ті...» – дегенде пірінен шоши: «Тепсе темір үзетін шағымда, не көрінді маған...» – деп қын­жылды. Әріптес Шүкен апайы да ауырып, осында, терапевт бөлімінде жатыр дегесін, кіші бесін кезінде со жаққа барды. Есігін қақты, «кіріңіз» деген дауысқа ентелей кіріп барды да қып-қызыл бола: – Шүке, кешіріңіз, сіз жалғыз екен деп... – Оқасы жоқ, отыр, халың қалай, жап-жас болып, неғып ауыра беретін болғансың. Келін, бала-шаға аман ба? – Апайы жүдеңкіреп, екі ұрты шүңірейіңкіреп қалған екен. Өзіне тесірейе қараған, ұрты оның да шүңірейген, пісте мұрын, шашы жайылған арық әйелге бұ да назар салған. Керілген болып, қолдарын жаймадан шығара, созыла бергенде, қос білегінде қос алтын білезік жарқ еткен. Мінуар шошып кете: «Апырай, мұнда адам жанын тілеп келуші еді... мұнысы несі тойға келгендей сонша сәндене?» – деген-ді ішінен. Сонысын сыртына шығарып алам ба дегендей:

– Шүке, сыртта ел серуендеуде, тәуір болсаңыз, жүріңіз, мен тыста күтем, – деп палатадан атыла шыққан. Ту сыртынан қадалған өткір жа­ нардан қашып шыққанша асыққан. Шүкен апайы көп күттірмеді. – Ол әйелге таңырқамай-ақ қойғын, тек өзін көрсетуге жан салатын өркөкірек өлермен бір. Құдай қас қылғандай, бір палатаға екеуімізді жатқызғанын қарашы... Бір он шақты күнге шыдармын, қайтейін, – Шүкен одан сайын палаталас көршісін күстаналай: – Облыста өткен үлкен ақынның жетпіс жылдық мерейтойына барсақ, құданың құдіреті, бұл да жүр. Білесің, иіліп жастық, төселіп төсек болып жергілікті халық жік-жапар. Қазақ үйлер қаз-қатар. Сол араға түнейміз. Мына журналист әйел мінез шығарды: «Мен киіз үйде жата алмаймын, бүйрегім ауырады, жылылау үй болса...» – деп тепсініп қоймады. Ауданның бірінші хатшысы амал жоқ өз үйіне апа­ рып қондырды. Көкпар тартылды, озып келгендеріне сый-сыйапат, астарына мәшине... Қызықты сонда көр: «Неге көлік мінгізбейсіңдер, жетпіс-сексен машина дегендерің тіреліп тұрғанда...» деп отырып алып­ ты. Біз жерге қарадық, со жолы темір тұлпар мінбесе де, сәйгүлік мініп қайтыпты. Міне... Халық әртісі деген дардай атағым бар, мен де тап өстіп шіренбес едім... – Шүке, ол әйелді қайтейік, орыстың: «Каждый по-своему с ума сходит» деген мақалы бар. Әне біздің актерлар келе жатыр, – Мінуар қақпа жаққа елеңдеген. Және әңгіме төркіні өзгерер деп үміттенген. Өзі құралпы, әрі жастары бар бес-алты актерлар. Келе, хал сұрасып, театрдағы жаңалықтарды айтып, екі науқастың көңіл күйін жылы леп бере өзгерткенмен, бір оқыс жай кеуілдерін нілдей бұзған. Есерсоқтау актер: – Мынадан анда-санда ұрттап қойыңдар, – деп ақ арақтың бөтелкесін Мінуарға ұстата салғаны. – Мынау – ауызбастырыққа... – газетке оралған тастай қатты әлденені қоса беріп. – Әй, антұрған, не, мұнда кабак ашып, арақ ішуге келіп пе ек! – Мінуар шарт кетті. – Балалар, бұларың жөн емес, Мінуар арақ ішуге келген жоқ, денсаулығына шарапат тілей келген... – Е, онда тұрған не бар, қайта көңіл көтеруге... – Жымың-жымың етісе бұлар келген жолдарымен кете барды, Мінуар алды да бөтелкені соңдарынан лақтырып кеп жіберді. Қайсысына сарт ете тиді, сынды ма, ол жағы белгісіз. Қитұрқылықпен келген, көңіл сұрауға емес, тәлкек қылуға, әрине. Жігіт күйіп кетті, апайына қиықша көздерінен ұшқын шаша қарап: – Қараңызшы, не деген әдепсіз, құдайын ұмытқандар, а?.. – Е, Атабектің қылығы, ол біреудің ізіне түссе, індетпей қоймайды. Сенің лауреат болғаныңды қызғанып, тиісерге қара таппаған жайы бұл. Әсте, сақ жүргенің керек, інім Мінуар...

– Бір қылғанын, екі қылсын, қына қояр мен емес! Оны жұлындырып жүрген, өткен жиналыстағы: «Тоқалдар жайын сіз білмегенде, кім білсін дегенім...». – Иә, шамына тиетіндей-ақ сөз, турасын айтқансың, Атабек отыз жыл отасқан әйелін тастап, жап-жас келіншекке үйленіп алды ғой... АҚЫЛДАН АЛЖАСУ Қыс көрпесін айқара жамылған, жер-көк, тау-жота ақ тонын киген керім бір кез. Шымыр аяз ертеңгілік, кешкілік бет шымшып, «менің қауқарымды көр!» дегендей, шамырыққанмен, түс әлетінде күн жылт ете, сәулесін шаша, қар қиыршықтарымен шағылыса қалады. Яғни Жетісу жерінің жаймашуақ қысы десе де. Құлан таза айықпаса да, тәуірленіп сергек күй кешкен Мінуарды жатса-тұрса бір ой қажауда: «...Она беременна...» деді қария, былтыр, тура осы уақ. Бір жыл асты, не хабар? Аман-есен босанды ма, есептеп қараса, биыл көктемде... Өзі қайда, із-түзсіз өстіп сынаптай сырғып өте бер­ мек пе. Менен қашқанда не табады. Таппайды ғой дей ме. Қызылкүрең «Волгасының» шікірттенген баладай, сәл жүрсе, бық-бық деп қалады. Карбюраторында бір кәдік. Қыстық шинасын кигізіп, әзірлеп-ақ еді, жолға шығамын ғой деп. Қайда барады, әрине, Есікке, Күлімхан апасының үйіне. Солай етті де. «Мені бүгін тоспағын, балалардың сабағын қара, жолға шықтым», – деді Қалимашқа. Жолын бөгеп, «қайда барасың» дейтін Қалимаш па, кейбір көкбет әйелдер қылығынан бойын аулақ салатын оның әдеті. Ене тәрбиесі, өзінің де туа біткен тектілігі. «Ат айналып қазығын, су айналып жазығын табар» дегенге сай, қосағының көп ұзамай келетініне сенімі кәміл. Үш бала тұрғанда қайда барады, әке-шешесі де ондайға мойын бұрғызбас-ты. Талай көрді: «Қайда барасың?» деп Балымша сұрай қалса, «Сен менің жолымды бөгедің...» деп Жүніс жарты жолдан оралатын-ды. Қалимаштың өзінің де мұрнына су жетпей, мектептегі бар қоғамдық істерді: «Жаңа жас мұғалимасың...» деп, қатын директор мойнына артып қойғалы бір қолын екеу ете алмайды. «Саяхат» автотұрағына жетпей-ақ жолдан бір «Жигулиді» ұстап, бірден Есіктің басына жетіп алған. Мәтиеш ағасына хабарласуға мұршасы келмеген. Кешке – премьера-қойылым. Бұл басты рөл ойна­ маса дағы, қатысуы тиіс. Өзі әдейі аттай қалап алған: «Жастарға да тәуір рөл беріп, шыңдау керек», – деп бас режиссерден өтінген-ді. Және бір ойы – қолының бостау болуы. Атасы Досымбектің күнделігін аудары­ стырып, әрі қарап, бері қарап, «Бала батыр» дегеннің кім екенін ұқпайақ қойған. Ол, кім? Өзін қалмақ дейді, қалмақ хонтайшысының қолға

түскен баласы дейді. Анасы – қазақ батырының қызы дейді... Ауқат атты қария төрт жасынан бағып, ақ сүтін беріп өсірген екен. Ауқат кім? «Бала батыр» атанғанында кіммен соғысып атанған... қазақпен бе, қалмақпен бе, қырғызбен бе. Егер қолынан жазу, көркем жазу келетін біреуге оқытса ғой атасының күнделігін... Жоқ, ол пайдаланып кетуі. Әттең, өзі неге жазбасқа, қолынан келер ме еді... Көңіл-күй төлежіп, бірде серпіліп, алмағайып күйде жүргенінде басты рөл ойнай қоюға құлқы да жоқ еді оның. Ескі спектакльдердегі өзіне етене рөлдерін ойнап жүре берсе, мұны қозғамаса, алакөздердің қызғанышын қоздырмай, қысқасы, тыныш жүру. Иә, «Сықырлауық арба ұзақ жүреді» дейтін Балымша анасы, сол айтпақшы дұшпанның көзіне сүйел болмай, тыныш баяу жүру... Көңілінің тұнығын лайлайтын бір-ақ нәрсе – Шынаргүл жайы. Ол қыз қайда. Не болды. Босанды ма, босанса, ұл, әлде қыз... Кімнен біледі, әрине, тек Күлімхан апасынан. Осы оймен Есік қаласының тіке тауға бұрылар Абай көшесімен келе жатқанын бір-ақ аңғарған. Әне-міне де­ генше жеті шақырымды жұмарлай «Жигули» жүйтки ол үйге де тұмсық тіреді. Жалдап келе жатқан көлік иесіне тиесілі ақшасын төлеп, таныс үйге екі аяғын алшаң тастай енгені де сол: – Ал Мінуар балам, құтты болсын, ұл тауыпты Шынаргүл! – демесі бар ма Күлімханның... – Рас па! Не дедіңіз? – Е, рас емей, барып қайттым Жалағашқа, қайынбикем шақыртты дегесін. Өзім де алағызып, не боп қалды екен деумен, барып ем... – Иә, сонымен? Шынаргүл үйде ғой... – Қайдан үйінде, жұмысында. – Не жұмыс? Ал бала... – Балаң балпанақтай. Міне, суреті. Қара, өзіңнен аумайды. Көз алды мұнарланып, өң мен түстің арасында қалғандай бір сәт еді. Апасы ұсынған алақандай суреттегі баланы қанша қараса дағы, кімге ұқсайтыны оған аңғарылмастай. Сыртына қарай аударды: «Нұрұлан Мінуарұлы» деген жазулар көз алдында ыршып, билеп кеткендей. – Рақмет, шүйіншіңіз мойнымда, ал енді ол қызыңызды қайдан та­ бам, әке-шешесінің үйінде болмаса... – Тескенсу деген кеңшарда, естіп пе ең ондай ауылды. Е, айтпақшы, Кегенге сан өтіп жүріп, тас жол бойындағы елеусіз ел-жұртты кім бай­ қаған. Түсіп қалайын деп едім, автобусы бар болғыр зу өте шыққаны. Қы­ зымды көруге, хал-жайын білуге мұрсатымды келтірмеді, қараңқалғыр... – Жә, апа, әбіржімеңіз. Барамыз. Алматыға тарттым, Мәтиеш ағама соғайын... Бір жолы ол ағаның көлігімен сый-сияпатымызды ала барар­ мыз, Шынаргүлді құттықтай... Ал бала суретін ол онша қолқаламады. Неге...

* * * «Көк дөнен жүйрік пе, көңіл жүйрік пе...» Болғызбасың болғызбас. Мәтиеш үйінде жоқ болып шықты, келіншегінің айтуы бойынша – төбелес ашуға жасақ құрып жүр. Төбе шашы тік тұра: – О не төбелес? Ата сақалы иегіне біткен, қырықтан асқан қырқылжың жігіт ағасына не төбелес енді... Көңілі тыныш таппай бір сұмдықтың боларын сезе, дереу Есіктің ав­ тобус станциясына келді. Ыңыранған дәу көлік те қозғала бастағанда, қарғып мінді. Автобус Талғар жолымен Алматыға бет алған. Тау сағалай, әр селенге бір-бір тоқтай баппен жүре Алматының кіре беріс – Развил­ ка дейтін жеріне жеткендері де сол, сойыл ұстаған құжынаған халықты көрді. Қызыл жолақ киімді милиция жігіттері бұларды тоқтата: – Түсіңдер! Тез, болыңдар! – деп дігерлеп алып барады. Таң қалыс, әрі үркініш, жапырлап түсе бастаған жүргіншілерде ес жоқ. – Бұ не сұмдық айдың, күннің аманында... Ешкім бұл сан сұраққа жауап қайтармады. Мінуар түнере топқа жақындады. Теңселген, айқайлаған толассыз дауыстан құлағы тұнды, қарақұсы шымырлады. Топқа ену мүмкін емес-ті. Бұл ентелей алға ене берсе, алдыңғы топ мұны кейін серпиді. Не болып, не қойғанынан ха­ барсыз. Кейін серпілген топтан Мәтиеш ағасының сұлбасын байқап: – Аға, Мәтиеш, бері кел, мен мұндамын, – деп бар дауысымен айқайлаған. Ағасы естімесе дағы, мұны байқай топты жара бұған таяй: – Сен неғып жүрсің мұнда? Қалада емеспісің... – Жоқ, Шынаргүл... – дегенінше, тағы бір толқын бұл екеуін анадай ұшырды. Мұрны қанаған Мінуар қалтасына жармаса бергенде бетора­ малын алайын деп, бала суреті сырғи жерге түсті. Жалма-жан жерден көтере: – Аға, көрдіңіз бе, ұлды болыппын, Шынаргүл... – дегенінше дойырдубинка ұстаған жастау милиция: – Бұл жерде тұрмаңыздар, ағалар! Кетіңіздер, тез, жазым боласыздар, – деді жөппелдете. Мәтиеш: – Қарағым, көргенді бала екенсің, сен мына актер Мінуар Досым­ бековты танып тұрсың, білем, олай болса, бізді қалаға қарай баста, енгіз өйтіп-бүйтіп, мына ағаңның спектаклі бар еді, – деп бозбала мили­ция­ны айналдыра бастағанда Мінуар: – Айналайын, інішек, бұ не дүрбелең? Көтеріліс пе? Не себеп? – Өй, сіз естімеген екенсіз ғой, Қонаевты орнынан түсіріпті, орны­на таққа орысты әкепті Мәскеуден, Колбин дей ме... халық дүркірей, үре көтеріліп, алаңға шыққан, қарсымыз деп... Қонаевты алғанына. Жастар көбі... – Жігіт түсіндіре бастағанда, «Қонаевты орнынан түсіріпті» деген тұста, Мінуар шайқалақтай естен тана бастаған-ды. Егер ағасы сүйей қалмаса, не боларын... Со бойда:

– Біздің де қанымыз қайнауда. Қол жинап, алаңға шығамыз деп қарсылығымызды көрсетуге... Мына тосқауылдан, балам, бізді ебін тау­ ып өткіз. Міне, Мінуар ағаң... Көрдің бе? – деді Мәтиеш қатты абыржи. – Алаңға шықпаңыздар, онда омон сарбаздары жастарды бастан, көзден соққылап, таяққа жығуда... Сұмдық ағай, рас болса танкі шығыпты деп естідік... – Бір қалтарыспен бұл екеуін қалаға қарай өткізіп, бозбала ескертуін де қадағалай айтты: – Ағалар, алаң жаққа бара көрмеңіздер... «Уһ» деді екеуі оңашалау жерге шыққасын. «Көлік ұстайық...» Қайда, қайсібір көлік те оқалақ тигендей оқыранып тоқтамайды. – Қап, әкең, тепеңкөгіме зар болдым, автобусқа отырайық, қарын ашты, жолай бір жерден тамақтанып, ...тамақ жібітетін бірдеңесі бол­ са, әдеп дұрыс болар еді. – Мәтиеш кіжінді, Мінуар қатты қобалжуда: «Қонаевты орнынан алғаны несі? Мемлекет басында қырық жылға жуық отырған, халық беделіне ие болған айбарлы кісіні...» Сығылыса, орталыққа жылжыған автобусқа, бұлар да жармаса, Көкбазарға жетті-ау ақыры. Бұ не, базарда жан баласы көрінбейді. «Түркістан» мейрамханасына кірді, тым-тырыс, тамақ алды, ал ішімдіктен ныспы... тағы бір ресторанға барса, жолататын емес, Мәтиеш жағаласып жатып, барға жақындады, бармен безек қақты: «Рұқсат жоқ!» Карл Маркс көшесімен тіке көтеріле, Абай даңғылына жеткендері де сол, көк темірмен құрсаулана қаруланған, дойыр ұстаған сойталдай немелер алаңға жуықтатпақ түгілі, маңайынан қашыруда. Айқай-сүрең, соққы, шыңғырған үрейлі дауыс... Бұ не сұмдық, айдың-күннің аманын­ да, тап қала ортасындағы қандай «қанбазар?» ...Түкке түсінбеді, тітіркене кері қайтты бұлар. Мәтиештің қалшылдап сазарғанын көрсең. Үйлеріне келсе, Қалимашта зәре жоқ, «қайда жүрсіңдер...» Ұсқындарын көрді де, даяр асты алдарына қойды, «бірдеңе бар ма?», «Бірдеңенің» не екенін білетін келіншек көк құмыраны екі рюмкемен алдарына қойды. «Үлкендеуі жоқ па?» Қырлы стақан да дастарқанға қонақтай қалған. Мәтиеш ал өкіріп жыла, Мінуар қанын ішіне тарта: – Ағасы, қой енді, ана боздақтарды айтсай... жайбарақат, шеруге шығамыз деп, шерлі болған, босқа ұрынған. Өлім-жітім бар сияқты, байқадыңыз ба, қорабы ашық көлікке әлдекімдерді сүйретіп әкеп, лақтырып жатқандарын... құдды, бір қап бидай лақтырғандай?! Сұмдық! Арты не болар... Қалимаш естіген бір әңгімесін айтты: ...Мұғалима құрбысының шешесі қайтыс болып, жылын өткізуге әзірленген. Бір де бір адам келмепті, көшеден өткізбеген. Соңына таман келген жездесі: «Сұмдық, милиция бөлімшесіне кілең жастарды қойша тоғытып әкеп жатыр. Бірінің аяғы, бірінің қолы жараланған. Өрімдей қыздар, шаштары ұйпа-тұйпа, зәрелері жоқ, «Мамалап жыла­ғанда­ рын көрсең...» Жүрек түршігеді... Бұл не, кеңес заманы қайда?» – деп мына Мәтиеш ағам құсап еңкілдей жылағанын айтқанда, ана мұғалима

телефон құлағынан еңірегенде, мен қоса еңіредім. Рас, қарусыз жастар­ ды соншама ұрғылап, соққыға жығатындай олар не істей қойып еді, айтыңдаршы... – Екі еркекке қаратқан Қалимаш сұрағы жауапсыз қалды. Ертесіне Мінуар театрға барса, онда да тыныштық жоқ, екі-үш актерді қамауға алған. Қызуқандылықпен алаңға барып, жастарға қосылыпты. Омоновшылар дүрелеп, шалажансар күйінде бір жаққа әкеткен. Бас­ шылар шарқ ұруда, ұжымда үрей, спектакль болмайтын боп өзгерген. Ұстап әкеткен әртістің бірі – Қайыржан, таяуда ғана еңбек сіңірген де­ ген атақ алған-ды. Мінуардың жақсы көретін інісі, егерде өзіне орынба­ сар даярлауға тиіс болса, Мінуар осы Қайыржанды діттейтін. Мәңгілік дәнеме жоқ, түптің түбінде сахнадан кетер болса, мұның көп рөлін сол жігіт атқаруға тиіс. «Жаралы жауынгер» қойылымында екінші құрамда басты рөлді де Сейітмамытпен келісіп, сол дарынды адал жігітке ой­ нататын ғой. Міне, сол кіршіксіз аңқылдаған даңғайыр мінезі­мен әлденеге ұрынды. Айтушылар, екі актерді де алаңға бастап барған Қайыржан деседі... Сезімтал жүрек сыр берді ме, кенет аударылып кететіндей солқсолқ ете, зәресін ұшырғаны. Қанша ауырып жүріп мұндайды тұңғыш ұшыратуы. Гримденетін бөлмесіне барып, спектакль ара-арасында көз шырымын алып, мызғып алатын тахтаға қисая біраз отырды. Қоластында жүректің дәрісі жоқ, ондайды бұрын-соңды қамдамаған екен. Отыз бес­ ке келмей жатып жүрек науқасының құрбаны болғаны ма, шынымен? Қиын екен, тепсе темір үзетін шомбал кезінде. Басы ауыратын, рас. Екі рет ауруханада жатып емделген, тәуір сияқты еді. – Жолай аптектен «Валидол» ала келгін, – деді Қалимашқа, театрда, кіре берістегі телефоннан. Ол: «Не болды, кешегі ішкендікі де...» – дейді, әйел жазғанның бәрі бар сылтауды ішкенге жабатын әдеті. Бұл өмірде басқа қайғы-қасірет, тақсірет жоқтай, көрдің бе, тұтқиылдан тап болған тауқыметті. Қайыржан мен ана екі жас актерді қайдан іздесін. Алаңға шыққан қыз-жігіттерді итше тепкілеп, қақаған қыста қала сыртына, қоқысқа тірі өлік қып апарып тастап жатыр дегенді естігенде, құйқа шашы шымырлаған. Шынымен солай ма, ол озбыр омоновшыларға нұсқауды кім берген. Кім – иттерді бордақылап, кісіге тікке шабатындай қып, шынжырынан босатып, бейкүнә жандарды та­ латып, шыбын жанын шырқырытап жатқан. Омоновшылар қазірде тура сол иттер... Ертесінде театр ұжымының жиналысы болған. Әркім әртүрлі сөйлеуде: бірі жастарды кінәлайды, бірі – жақтайды. Обал болды дейді. Мінуар шыдай алмады: – Егер алдыңғы күні Алматыда болғанда, мен де алаңға шығып «Қонаевты орнына қою керек!» – деп айқайлар едім. Жастардың талабы орынды: шындыққа қол жеткізу, әділдікті паш еткізу керек! Әттең, ана­ дай қырғынға ұшыратып, жазықсыз жастарды жазаға тартқандары – ба­ рып тұрған қатыгездік, жауыздық. Солардың өздерін жазаға тарту керек,

егер әділдік таразысы тең түсер күн туса... – Көзі шыланып, үні дірілдей залдан шығып кете барған. ...Түн ортасында есік дүрсілдеп қоя берген. Желеңмен жүгіре шыққан Қалимашты омыраулай екі-үш сұр киімді кісілер алға озды. – Ей, бұларың не, кімсіңдер, жоғалыңдар. Балалар ұйықтап қалған, мазасын алмаңдар... – Қалимашты біреуі өңменінен итеріп жіберді, ол шырылдай анадай ұшып түсті. Айқай-сүреңге қатты ұйқыдағы Мінуар жүгіре шыққан. «Ей, сволочь, әйел адамға неге қол жұмсайсың!» – деп жұдырығын ала періп жібергенде, біреуін омақа астырды. – Тоқта! Насырға шаптырма, киін, керек-жарағыңды ал да алға шық! – деді біреуі қазақша. – Алға шығуы қалай, не, мен кінаға тартылған солдатпын ба? Кімсіңдер өздерің, үйге баса-көктеп кіруге қандай құқыларың бар? Мен неден жазықтымын, ұрлық жасаппын ба... – Барған жерде тексерілер, тиісті орынға Сізді алып кетуге нұсқау берілген, – дегенше, анау, омақа асқан орнынан тұра, жан қалтасынан тапаншасын суыра Мінуарға көздеген: – Алаңға шығып айқайлауым керек еді дедің бе? Үніңді табанда өшірейін... – Заңсыз ешкімді атуға бұйрық жоқ, тоқтатыңыз! – Қазақ офицері, сұр, қаракөл жағалы қыс киімінің ішінен ол да қаруын суыра оған қарсы көздеді. Мінуар олар шарпысып тұрғанда, есі енді-енді ене бастаған әйелін тұрғызып, жатын бөлмеге алып жүрді: «Қысқы киім, жылы шөлкей, сақал қырғыш, біраз ақша, таза киім – тез әзірле!» – деді үні басқаша барқырай. Әйелде ес жоқ: – Мінуар-ау, бізді тастап... – Үндеме. Тез. Мәтиешке хабарла, – дегенінше, аналардың бірі ешбір рұқсатсыз, баса көктей еніп: – Бол! Шыққын, сыртта машина, – деді зіркілдеп. – Сабыр етіңіз, жиналайын, офицер мырза жинал деді, жиналып жатырмын: «Көп ұстамас, әкейге айта көрме, Мәтиешке қазір телефон соққын. Жылама. Балаларға басу айт, қайта. Театрға, Сейітмамытқа ха­ барла», – деуге әрең үлгертті. Екі опер екі жағынан ала есікке беттегенде, шырқырай ұлы мен қызы «папалап» соңдарынан ерді... * * * Ап-анық: театр ұжымының ішінде тіміскі жансыз бары. Жіпке тізгендей бәрін жеткізген, кім – не айтты. «Батыр – аңқау, аңдамай от басар...» Атам қазақ текке айтпаған болар. Қалайда бұл – қазаққа келген нәубет, зобалаң. Алдыңғы тартқандары аздай. Тұтам жерін жауға берме­ уге жағаласа арпалысқан, қасық қаны қалғанша күрескен ерлердің аза­

бы мен жаппай қырғынға ұшыраған қазақтың тақсіретін қара жер ғана көтерер. Енді-енді еңсесін көтере бастағанда бұл не сойқан, әлгі аты өшкір «37» деген тағы таяп, халық басына әңгір-таяқ ойнатар зұлмат тағы келіп қалған ба... «Беті аулақ...» Суық тас камерада итше таланып өлімші халде жатқан Мінуардың ақыл-зердесі азбаған: сұрақтың астына ала, зіркілдеген, дікеңдеген екі жендеттің алдында еш тайсақтамай: – Айттым, Қонаевты орнынан алған қате деп, айттым: мен де осы қалада болғанда жастарға қосылып, «жасасын демократия» дер едім... – Сонымен, осы кеңестік қоғамда демократия жоқ дейсіз ғой... – Тап өйтіп айтып тұрған мен емес. – Енді не сандырақ, театр ұжымының ішіне іріткі салғансыз, ана екіүш ақымақ актерді жазғыру орнына... – Неге жазғырамын, ә? Әділет тілеп шыққан ақ жүрек жастарды қайта қолдау керек, әр нәрсенің шегі бар, темір құрсауда қашанғы отырмақ халық... – Сіздіңше, Кеңес үкіметі – темір құрсау екен ғой... Ұсталған жері осы: «Халық жауының қатарына қосу керек, бұл –жау­ ызды!» «Жауыз болатындай кісі өлтіргемін жоқ, кісіге қиянатым жоқ, бір ғана еңбегіммен, соның жемісін татумен келе жатқан бетім...» Арғы жағын айтқызбады, жендеттің бірі тепкіге ала бергенде, орны­ нан атып тұра , оны жағасынан ала: – Ит жендет! Қанішер, менің тәніме анамның шапалағынан басқа таяқ тиген емес! Тарт қанды қолыңды, талайдың ажалына жеткендігің көрініп тұр, нахақтан нахақ мені соққыға алуыңа қарағанда. Кеңес үкіметінің ата жауы нағыз сендер... заңын бұзған, ақ-қарасына көз жеткізбей жатып, дүрелеп, азапқа салу деген не? Сот бар емес пе... – деді, көздерінен ұшқын шаша, қалш-қалш ете. Суық, тастай қараңғы камерада есін жиған. Жан-жағына қармана, аяқ-қолы орнында ма дегендей, сипаланды. Қозғауға келді, тек тұла бойы сіресе, соққыдан сау-тамтық қалмағандай, жанына бата ауырғанда, шыңғырып салған... * * * Мәтиеш со түнде-ақ үйлеріне жетті, не болғанына қанды, қонып, ертесіне театр маңайын жағалады. Көзіне Сейітмамытты ұшырату. Түс әлетінде топырлап әртістер шыға бастады, қалтарыста тұрып, іздеген адамын қадағалауда. Жоқ, көрінбеді, «қап, телефонын Қалимаштан сұрап алмай...» Ол кезде қалта телефон деген шыға қоймаған, көшедегі автоматқа екі тиындық қара бақырды тастай, нөмірін терді. Сәлден соң Қалимаш: – Не, жолыға алдыңыз ба, аға... – Үні қожырай, қалтыраңқы халде екенін танытады. Жылаған-ау, байқұс.

– Жоқ, әртістер шықты, ол көрінбеді. Үй телефонын берші, келін. – Қалимаш әлдебір дәптерді ақтарыстыра әрең: «Телефоны жоқ екен...» деген. – Мен түрме жаққа бара жатырмын... – Ол түрмеде емес шығар, тексеру орнында, неде болса... – Ол қай жақта? – Қайдан білейін. Сейітмамыт жөн айтар деп едім, көрінбеді. Енді кімнен сұрайын?! Тауаны тасқа шағыла Мәтиеш тұрған орнында шыр көбелек, есалаң болған адамдай айнала берген. Театр маңдайшасына жағалай ілінген жарнамаларға көз тастады: тап бүгін Сейітмамыттың спектаклі! Бір жерден тамақтанып алып, билетін сатып алып, залға енді. Көзі – сах­ нада, ойы – айдалада, оқиғаның не туралы екенін де ұқпады, «Қашан шымылдық жабылар...» Бітті-ау. Режиссерді шақырды, күліп шықты, жағалай әртістердің қолын алды. Мәтиеш те құттықтаушы жұртпен бірге сахнаға көтерілген, Сейітмамыттың қолын ала: «Сөйлесуіміз керек!» – деген. Ол ымдап, шыға тұрғын, дегенді білдірді. Көп тостырмады, домалаңдай, Мәтиеш тұрған қалтарысқа келді. – Аға, жүр былайырақ, оңашалау жерге... – Болған-біткенді баяндап бола берісімен: – Театр ішінде жансыз бар, сол ұстап берген, – деді. – Көрсет маған, жұлынын үзіп алайын! – Оған ондай күш көрсетуге болмас, оның да артында жіп қуыршақты «ойнатып» тұрғандай, қожайындары жеткілікті. Сақ болмасқа амал жоқ. «Әйтеуір маған ол сатқынды көрсетші, сырттай...» – Мақұл, ертең, түскі бірге таман сол қалтарысыңызда тұрыңыз, біз шығамыз, ол дәудірлеп маған әлденелер айтар. Мен белгі беремін... Дегбір таппаған, қашан үш әріптің құйыршығын көргенше, ізіне түскенше. Тұрағын біліп алғанша, аңдиды, қолына түсіреді. «Айт, До­ сымбековты қай жендеттің жемсауына апарып тықтың? Ол саған соншалық өшігетіндей не істеп еді...» Айтса жөнімен жібермек, айтпаса... өлтірмейді, сөз жоқ. Өлімші қылары сөзсіз... Мінуарға өз құтханасында тапанша сілтеген қанқұйлы оны енді қапаста жатқанында аясын ба, ұрып-соғып, азаптаған да, айтқызбасын айтқызып. Осыны ойлағанда жаны түршікті, кіршіксіз ақ жанын жаралап, асқақ кеудесін табанымен жаншыды-ау деп... Түс әлеті, әртістер театр бүйіріндегі есіктен топырлай шыға бастаған. Мәтиеш те алға озыңқырай тасалау жерде тұрды. Сейітмамытты қолтықтай ілмиген ұзынтұра келеді, аузы тиылмайды, өзі айтып, өзі күледі. Сейітмамыт оның қасында домаланған доп секілді, қосыла күледі, жеңінен тартып өзіне қаратады. Сондай бір әрекетінде, Мәтиештің тап тұсынан өте бергенде, қолын сәл сілтеді, «осы, аңды, сақ бол!» Мәкеңе керегі де сол, ол троллейбустың алдыңғы есігінен енгенде, бұл артқы есігінен қозғалып бара жатқан көлікке қарғып мінді. Анау отырды, Мәтиеш арт жақта түрегеп, бір көзі оқта, бір көзі – боқта, дегендей одан

көз жазбады. Әр аялдама сайын жүргіншілер топырлап енуде. «Қой, түскенін аңдамай қалып жүрмейін» – деп, ту сыртына барып, елеусіз тұра берген. Кенет ол қозғалды, бұл да... Соңынан ала ұмтыла бергенде, иығымен қағып қалғаны. Анау шақшиған көздерімен тесіле: «Кешірерсіз...» – деді үні құмығып. – Е, – деді Мәтиеш. Ішінен: «Мәдениетшілін, қайта мен кешірім сұрауым керек-ті». Сөйтті де: – Айып менен, інішек, мына ағаң ауылдан келген аңқау қазақ, жол тәртібіне жетік емес, маған жол сілтегін, Мәметов көшесі деген қай жер­ де? – Қарсы алдыңызда, ақсақал, қай мекеме керек еді? – Бір кафе дей ме, сол жерде шағын той-томалақ өтуші еді, құдамның баласын сүндеттеу тойы... – Жүріңіз, көрсетейін, – дей алға түсе берді, Мәтиеш «ақсақал» дегеніне намыстанса дағы, шын ауыл қазағына ұқсай, бір қолын ондысолды сағаттың маятнигінше сермей жүріп береді. – Осы ғимараттың астында, үстінде мен тұрамын, ал сау болыңыз... «Құдай берді, тұрағын өзі айтты, қанша жымысқы болғанымен, ол да, сірә, актер, әйтпесе театрда не істейді, үш әріптің қойған жансызы, бір жағы...» Мәтиеш маңдайшасы жарқыраған кафеге енді, Расы, онда даңғаза әуен құлақ тұндырған, секіріп билеген жастар. Өзі құралпы үлкендер үстел басында, қаужаңдауда. Шеткерек жайғасты, шанышқы, қасық алып, алдындағы астан ауыз тигендей болды. Асаба жақындай: – Тойға шақырылғандардың бірісіз, сірә, аты-жөніңіз... – Атүсті, шақырылмасам дағы келдім, жақын жекжаты бол­ған­ дықтан, ныспым, – дей бергенде, өз атын атау керек пе, әлде... сол екі арада асабаны біреуі шақыртып әкетті. «Қап, пәтерін, кіреберісін біліп алу керек еді. Енді неғылдым?» Сыртқа беттеп, ауладан шыны қапталған балкондарды көзбен сүзді. «Шылым­қор сияқты көрінген, үсті-басы түтін сасыған. Мәдениетті кісі үйінде темекі тартпас болар...» дегенінше, ана «сабазың» үй киім­шең, балкон­ның шынылы есігін сырғытып, құмарлана шылымын шекті. «Ә», – деді, көзге елеусіз балалар алаңшасының бір бұрышында: – «Бек жақсы! Төртін­ші подьезд, үшінші қабат, оң жақ қаптал», – «Нөмірін неғылам, түнде, театрдан қайтып, үйіне көтеріле бергенде, осы арадан табылам...». * * * Құзғын бір тоқтыны дік көтере шарықтай ұшты. Кенет – Мінуарға ұқсап кетті тоқты... Балымша түсінен шошып ояна: «Пысмылда, пыс­ мылда, Құдай сақта!» – деді төсегінде отырған қалпы. Түн. Шам жағайын десе, орнынан көтеріле бере қайта жалп етті. Тағы ұмтылды, тағы құлады.

– Жүніс, ә, Жүніс... – Қойдан шаршап келген шалы бас көтерер емес. Тағы дауыстағанда: «О не, неғып түн ортасында...» – Түс көрдім. Сұмдық! Мінуар бірдеңеге ұшырады білем... Тұр, теле­ фон соққын, мен тұра алатын емеспін. Тұралап қалдым білем. – Жай шығар, жаманға жорыма, оларды шошытып қайтеміз, таң ат­ сын... – Жоға, жайша емес, бол, – Балымша даусы үрейлі шыққаны сонша, Жүніс орнынан әрең қозғала, ыңырана шам жақты. Қараса, қосағының өңі қашқан, сұп-сұр. Еріндері дірілдеп, «жалғызым-ай, қандай бәлеге тап болдың. Бір құзғын іліп әкетті ғой сені...» – деген еңірей. – Тарт тіліңді, қандай құзғын? Түс – сандырақ қой, түн тыныштығын бұзбайық, ұйықта... – Қайдағы ұйқы, хабарласшы, телефон шалшы, шалым... – Таң атсын да. Қала тұрғындары кеш тұрады, Мінуар түнде театрдан қайтады, қатып ұйықтап жатқан болар... Мінуар қатып ұйықтамақ түгілі, тас камерада шыбын жаны шырқырап, «су, су беріңдерші...» – деп бір жұтым суға зар бола, өңмені ісіп-кеуіп жатқанын бұлар қайдан білсін-ау... Жүністің жаны бәрібір жай таппаған, таң қылаң бере телефон құлағына жармасқан: – Әлө, бұл Мінуардың үйі ме? Кімсің? Амансыңдар ма, қарақтарым... – Ата... ата... – Ар жағынан еңкілдеген дауыс естілді. – Әу, бұл қайсың? Айдана, Айбар... – Әу, ата, ... папамды түрмеге ап кетті... – Сұңқыл күшейе түсті, теле­ фон құлағын қолынан түсіре жаздай: – Түрмесі нес... Қайдағы сұмдықты айтып тұрсың, балам-ау? Мамаң қайда? – Ол, ол со жаққа... Кеше түнде, сұр киімді екі кісі сұсты... алып кетті. – Не үшін? Айтшы, ұлым, түсінбей тұрмыз. – Білмейміз. Папама револьвер көздеді, сосын папам оны жағасынан ала... ақыры айдап әкетті. – Қай түрмеде, білмейсіңдер ме. Біз – барамыз... жыламаңдар. Жүніс атым құрысын, егер Мінуарды босатып алмасам... Еңбектей Балымша да қасына жеткен еді. – Рас, сұмдық... Төбемізден жай түсірердей. Жиналайын. Шайыңды әзірлегін. Кешегі сойылған тоқтының етін түгелдей қапқа сал... – Ойбай-ау, менде әл-дәрмен жоқ, аналарды оятпасам... – Оят, жау шапқырларды, осындайда қандай ұйқы? – Жүніс шай­ ын ішісімен, көк «Жигулиін» шығарып, капотын ашып, радиаторын қарады. Қатпапты, кеше ғана жылы су құйып, әр-жерін шұқылай, құдды алыс жолға шығарын сезгендей, әзірлікте еді. Бірақ соңғы әлетте аяғы қан қақсап, тетіктерін басуға шамасын келтіртпейтін. Інісіндей көретін көршісін оятуға жиенін жіберген. Жиған-терген қаражатын жанқалтасына баса, жолға шыққан.

* * * Мәтиеш газигін бір қалтарысқа қойып, үй торуда: ана жансыздың театрдан оралуын аңдуда. Көше тым-тырыс, жүргіншілер дабыры да саябырлаған. Бұл бір жағы жақсы, бір жағы қауып, анау бақырып, ай­ наласын азан-қазан қымаса... Қолына қап, арқан, аузын тұмшалайтын шүберек – бәрін алған. Аты-жөні кім, Қаржау деді ме. Табылған ныспы өзіне! Қай жаққа апарарын да күні бұрын көздеген. Осында ескі досы – Вадим бар, түрменің су көжесін бірге татысқан. Ол заводқа жұмысқа тұрып, адал жолға түскен соңыра. Қаланың шетінде тұрады, қора-жайы, ұрасы, тағы басқа қуыс-қуыстары көп үй. Солардың біріне мұны апарып уақытша, Мінуарды неге қаматты, қайда, кімдер – айтқанынша да, тіпті айтпайынша да сонда ұстамақ. Үсітіп алмауы үшін киіз, көрпе, қапты да ала шыққан. ...Зыр ете қап-қара машина үй қорасына ене тоқтай қалған. Екеу түсті: бірі Қаржау да, бірі – бейтаныс. – Өлімші қып сабадыңдар, білем, тек өлтіріп алмағын, басымызға бәле жабыспай тұрғанда. Қанша дегенмен әріптесім... – Мен емес, анау... – Айтты ма, не деп? – Сол баяғы сөзі: мен де шығар едім алаңға, жастарға қосылып. Қонаевты қорғаштайды, ондай ірі қоғам қайраткері екі айналып келмейді, текке орнынан алған, тағы, тағылар. – Не, Қонаев оның екі туып бір қалғаны ма? Қолынан дүмбіреген үй, лауреаттық алғанға есіріп тұр да. Әкесі де мығым дейді ғой. – Гәп әкесінде, тезірек жындыханаға жөнелтіңдер, акт жасап, жын­ данды, бізге қарсы шығып, бет-аузымызды дал қылды деп... – Ойбай, сотсыз, дәнемесіз, ақ-қарасын тексермей тұрғанда... Бұл шыжбаңдаған – басына қар жауғыр – Қаржаудың сыбайласы, Мінуарды үйінде ұстап әкеткеннің бірі. Қайткенмен, кісілік кепиеті кете қоймаған. Әлгі тапанша көздеген орыс оперына қарсы қару ұсынған, дәу де болса... осы. Түн тыныштығында дауыстары саңқылдап, сөздері анық естілуде. «Үй артында кісі бар» деп сескенбестен, шалқақтауда. Мәтиеш бәрін естіді, неге, не үшін ұстап әкеткендерін, қай жаққа әкеткендерін еп­ пен болжап: «Қалалық түрмеде, неде болса. Енді жындыханаға әкетпек, Жүністен тайсақтайды, шығарып алар деп...». – Атаңа нәлеттер, тұра тұр, төбелеріңнен құй қазармын, інімнің кегін қайтармасам, атам Медетбектің аруағы атсын мені! Оның да үні саңқ еткен. «Қап, – деді, – анау сұмпайылар естіп қалмаса...» Қасындағысы кете бара ол жымысқы шынымен бір саңқ ет­ кен үнді ести, кіре беріске ұмтылған-ды. Мәтиеш те, үйіне кіріп алмай

тұрғанда, бас салайын деп ізіне түскен. Үшінші қабатқа ол да, бұл да көтерілді. – Ә, сіз бе едіңіз? – Иә, менмін, інімнің қудалаушысымын. Кәне, жүр, сөйлесейік. – Менің не шаруам бар, мен жәй көп әртістің бірімін, неге қыр соңымнан қалмайсың? – Қалмаймын, Досымбековты қайда, қай жерге апарып, қорлап жатсыңдар. Соны айтқызбайынша, – дегенде іштен тықыр естілген. Есік көзінен әлдекім сығалады, Мәтиеш ананың қыр желкесінен қолының қырымен салып қалды, сұлай бергенде, тоқтыша көтеріп ала жөнелген. Көлігінің артқы орындығына әкеп, лақтыра, тура зырғыған. Бір оңашалау жерде оның аузын тұмшалап, арқанмен қол-аяғын таңып тастады. Ыңырси қозғала берген немені жақтан аямай перді. * * * Жүнісекең де түс ауа жеткен. ҚАПТАҒЫ ҚАН ...Көнектей өңменінен аузы мен мұрнын әрең тапқан түрме күзетшісі кружкамен су ішкізді. Миы шалықтаған Мінуар өзін өзен бойында жүр екенмін деп ойлаған. Түрген бе, Шелек пе, Есік пе, сарқыраған сужылға. Қанып ішті. Шырқай ән салғысы кеп кетті. Қос күзетші көтеріп, зембілге салды. Түрменің көңірсіген дәлізімен алып барады. Сонда ойлады – «мені өлтіруге апара жатыр екен» деп. Жүрегі лобли, «тым құрыса қатын-баламмен де қоштасып қалмадым-ау» деп күйзелген. Қырылдай айқай салған: – Әкем Жүністі, анам Балымшаны әкеліңдерші... «Құлдығым-ау» дегендерін естіртші... – ешкім үн қатпаған. Ол бір кітаптан 1937-жылдың нәубетін жазған оқиғаны есіне түсірді: Джержинский көшесіндегі сұп-сұр үш қабат үйдің астыңғы қапа­ сынан қан-қан қаптарды дәу, үсті ашық көлікке түн қараңғысында тиеп жатты. Қаптың бірі қыбырлайды, тірі әлі, сөзсіз. Қаншама азап­ тана, соққының небір сұмдықтарына төтеп берген. Оның жаны кеу­ десінде әзірге. Қаланың Баум бағындағы апанға апарып лақт­ырып тастағанша... Қара топыраққа тірідей көмілгенше. Қан-қан қаптағы тірі өліктер есепсіз көп еді. Үш әріптің жаналғыштары тергеп-тергеп, «Иә, мен Жапония тыңшысымын...» дегізбейінше қинай берген. О дүниедегі жаналғыш Әзірейіл де бұлардан гөрі жұмсақтау шығар-ау... Гестапо тар қапасындағы фашист-жендеттер бұларға қарағанда кісілік гуманизм келбетінен онша да арыла қоймаған болар-ау? Кім біліпті, сол сұмдық

қан-қан қаптарда қазақтың небір ардагерлері – Сәкендер, Ілиястар, Бейімбеттер, Жүсіпбектер, Құдайбергендер – тағы-тағылардың бірі бол­ маса, бірі бар болуы да. Мінуар есі кіресілі-шығасылы, зембілде, тұла бойы зілмауыр күйде әкетіліп бара жатты. Қайда... Дайыр Тоқмурзин тергеушілерден: «Әлгі актердің жайы не болды?» деп сұрағанда, «жанын жаһаннамаға жібердік, ол саған неге керек?» – деп мұның өзін мысқылдай, мұртынан күлген-ді. Қаржаудың, әлгі әртіс «достың» айтуында: «Оны жындыханаға апармаса болмас, ақталып шыға келер де, басымызға зобалаң сонда туар», – дегені көкірегінде біздей қадалып тұрып алған. Қайтсе де ондай сұрқия мекемеге жіберт­тірмеу амалы. Сол себепті түрменің камераларын рұқсатсыз, өз беделін бетке ұстай түгел аралап шықты, Мінуарды тапты. Қансырап, шала­жансар қалпын көре: «Иттер, малғұндар! Сүңгіттей сұп-сұлу жігітті қандай күйге түсіргенсіңдер. Лағнет жеті аталарыңа!» – деп дереу жігітті түрме ауруха­ насына жеткізуге пәрмен бергізген-ді. Мәтиеш Мінуарды осы түрме ауруханасынан тапты. Оның алдында Қаржаудан аузындағы тығынды алып, қол-аяғы таңулы, бірақ тұрғызып, сұрап көрген: – Атың Қаржау ма, Құдай саған құйып қойған есім беріпті. Айт, Мінуар қайда қазір, тергеушілер сонша қинады ма, қай түрмеде, қалалық әлде... – Мен қайдан білейін, сен маған су ішкізгін, сосын айтам айтарым­ды. – Шүңірек көздері мұны тесіп жіберердей, сүлік сорғандай өңі сұп-сұр. – Суды мен қайдан таба қояйын, түн ортасында, дүкендер жабық. Айт, жаныңды жаһаннамаға жібермей тұрғанда. Қауіпсіздік комитеті қызметкерімен сөйлескендеріңді естіп қалдым, айт, тірі ме, қайда, жындыханаға апармай тұрғанда. – Атсаң ат, шапсаң – шап! Сенен қорқа қояр мен емеспін. Су бергін деп тұрмын, сендей бандиттердің талайын көргенмін. – Айтпақшы, Досымбековке сонша неге өшіктің? Әкеңнің құны бар ма еді оның мойнында. Қыр соңына неге түстің, айтқанының бәрін жіпке тізгендей жетер жерге жеткізіп, ә? Өзі шөліркегенде ішетін «Фантадан» Қаржауға бірер жұтқызды да дігерлей түсті: «Айт! Өткенде – өшің, кеткенде кегіңе қалатындай Мінуар саған не істеді?» – Неге өшікпейін, ол – менмен, мен сықылды анда-санда кіріп шығар рөл ойнайтын ұсақ әртістерді көзіне ілмейді. Досы Сейітма­ мыт­қа айтып маған рөл бергізбейді. Ол ол ма, ол асқақтап, бар мәр­ тебе-атақты алды, жасы отыздан аспай жатып. Қырықтың үстіндегі біз сықылды қақсалдарға дәнеме жоқ, сахнада жиырма бес жыл жүріп, театр табалдырығын тоздырғанымша...

– Сахнаның пірінен садаға кет, сендей сұрқияларды Киесі атпай жүргеніне әлі таңмын. «Ұсақ рөл жоқ, ұсақ әртістер бар» деген ұлы ре­ форматор нақылы сендейлерге айтылған. – Сен ол Станиславский сөзін қайдан білесің, өзің актерлік жолға түспесең, ә. – Түскенбіз кезінде, бірақ Асқар деген ағамыз желкелеп, қуып шыққан: «Сенен актер шықпайды, сенен клоун шығады» – деп. Ол ағай көреген, «қисынын тапса, табақтағы суға да адам ағып өлер» дейтін еді. Менен әртіс шықпайтын еді. – Досымбековпен жақындасуың содан екен ғой. – Содан да, басқа да себептер бар. Ондай талантқа табынбауға бола ма. Сендей-сендей көрсоқырлар ғана тірідей көрге тықпайынша көңілдері көншімейтін... – Жә, мақтауын жеткіздің, ал мені не қылмақсың, қайда апарасың, айтсам, қоя бересің бе? – Е-е, жөнге келдің, айт, қайда Мінуар? – Кеңес аудандық тергеу мекемесінде, яғни түрмеде, соның под­ валында. Ал жындыханаға жіберуге мен пәрмен бере алмаймын, оны қалалық прокуратура шешеді. – Сотсыз, сұрақсыз? – Жындыға сот жоқ дегенді білетін шығарсың. – Ол жындана қойған жоқ, ұрып-соғып жанын қинасаңдар да, ол – ақыл-есінен танбайтын да аумайтын қажыр иесі. – Мені апарып сал тұтқындаған жеріңе, яғни, үйіме. Айттым ғой, енді не керек? – Түгел айтқан жоқсың, ал әзірге сені сусын ішкізетін жерге апара­ мын, түгел айтпай: жендеттердің есімін, кім қандай мансапта, дәрежесі, отырған орны?.. – Айтпаймын, жанымды шығарсаң да! Ол – құпия, мен нан жейтін жерімді сатпаймын, ұқтың ба... – Жақсы, су ішетін жерге апарайын, – Мәтиеш Қаржауды тағы төмпештеп, қол-аяғын таңып, көзін байлап, көлігіне отырғыза газды ба­ сты. Алматының Большая станица деген жағымен, Гвардейский көшесін бойлай зырғи берген. Вадим досы осы аймақта тұратын. * * * Жүніс келгенмен жаны жай таппаған. Немерелері шырқырай, келіні еңірей онсыз дағы беймаза көңілін құлдыратқан. Онсыз дағы: «Қонаевты орнынан алып, небәрі 18 минутта тағдырын шешіпті Пленумда» деген дүңк етпе сұмдық хабарды естігелі жегені – желім, ішкені – ірің... Қырық жылға жуық ел тұтқасын ұстаған, халқы үшін бар күшқажырын сарп

еткен, ел құрметімен Үлкен кісі атанған ардагер адамның бар тағдыры Пленумда, бар-жоғы қас қағым сәтте шешілгені ме. Кім сенеді бұған... Қарамағындағы «ағалап, жағалап» жүретін қауым не бітірді сонда. Бар еңбегі күл-зая кеткені ме сонымен. Бір пенде қолдамағаны ма сонда. Көріп тұрса да көрмегендей болып. Нажағай биік дарақтың басын алды­ мен шалады, ендеше, өзі де бәйтерек, халқының басына түсер зауалды бір өзі көтергені емей не... Жүніс отқа күйіп, суға сүрініп дегендей, баласының үйіне жеткенде көрген, естігендерінен есінен тана жаздаған, келінін жұбатып, «балаларға бас-көз болғын» деуден басқа сөзі де түгесілген. Алдымен облыстық Партия комитетіне, кіргізсе бірінші хатшысына жолығып, жөн сұрап, жағдай айтайын деп, шай-пай ішісімен солай тартқан. Ол – Мәндібаев мұны жолатар емес-ті. Үйінен талай мәрте сусындап, төрінде қонақтап, сый-сияпат көрген оның енді кекірейіп, кішілікпен сәлемдесуге де жарамағанын неге жорырын білмеген. Амалы құрып, әлде кімнің жөн сілтеуімен қала прокурорына барды, жібі түзу жігіт екен. Барынша ілтипатпен қабылдап, бірақ қолынан келері жоқтығын түсіндіріп баққан. – Олар тым көп, қынадай қырылған жастарды айтам, қолымыз артымызға қайырулы, отағасы, жанымыз ашып, жүрегіміз езілгенмен, «тоқтат!» деп, нұсқау беруге пәрмен жоқ. Ал балаңыз, менімше, қалалық түрмеде, сұрастырып көрейін, – деп жан-жаққа телефон соққанымен, мәнтті дәнеме біле қоймаған. Салы суға кете үйге оралғанда, Мәтиешті көріп сол бірдеңе білетіндей көрініп, жүрегі атқақтап: – О, інім, қайдан жүрсің? Жақсы хабарың бар ма. Мінуар қарағым қайда... Көзі боталап ботам қайда жатыр, – дегенде, жүрегі түскір сыр бере, сұлқ түскен. Үйдегілерде зәре қалмады. Қалимаш телефонға жар­ маса бергенде Айдана: «Папамның ішетін волидолы бар ғой» – деді. Дәрінің бір талын тіліне бастыра, су ішкізгенде, басының айналғаны қойып, сәл саябыр тапқандай еді, сонда Мәтиеш: – Ағасы, сабыр сақтаңыз, көптің басына түскен нәубет бұл, Мінуар түрме ауруханасында... – деген ұрып-соққанын жұтып қап. – Аллама шүкір, құлдығым-ай, аман болсыншы, бас сынса – бөрік ішінде... Тек аман болсыншы... – Иә, аман, сізге айтпа депті ұсталған кезінде, қалайынша естіпбілгендеріңізге таңмын. – Мен айтқамын атама, – Айдана естияр балаша жөн айтты. – Ал, онда барайық, прокурор балаға телефон соғайын, түрмеге кіруге рұқсат қағазын берсін, – Жүніс елпең қаға телефон құлағына жармасты. – Мені түрме ауруханасына кіргізбеді, тек нақтылысын естідім... – Мәтиеш қандай жолмен және амал-айламен білгенінен хабардар етпе­ ген. Ол былай еді:

Жансызды ескі досы Вадимнің үйіне апара жатып, қараса, таң сілем бере, айнала бозамық тартқан. Енді айналсоқтаса, біреу-міреудің көзіне шалынуы кәдік. Ол дегенің Қаржаумен қоса өзі де бәленің апанына шым бату. Жағалай жар бар екен, көлігін тоқтатып, тұтқынды жетелей сол жар жағалауына әкелді. Таңулы көзін ашты, қолын тас қып тағы байлады. – Көрдің бе, ажалың жақын, жардан итере салсам, мүлдем қатасың. Айт, екі жендеттің аты-жөнін, қай түрмеде, ары қарай Досымбековтың тағдыры не болмақшы. Қалай, қайтіп біз оны босатып аламыз... – Айттым, қала түрмесінде, өлмелі халде, енді оның тек қана өлігін алмасаңдар... – О, қыршаңқы, оданда сені өлмелі етейін! – Ал тепсін, бір тісін опы­ ра жақтан перген. Анау жанұшыра: – Ағатай, менің де бала-шағам бар, күнім үшін ғой соған мәжбүр еткізген. Қайтейін, айтайын – дегенде, ашуын әрең-әрең тежей Мәтиеш: – Қазір, блокнотыма жазып алайын, өйбү, менде ондай жоқ екен, кейстің ішінде не бар қане, ашайық, – дей көлікке қайыра орала берген­ де, Қаржау: – Ашпа! Қақың жоқ бүреудің документін ақтаруға, не, сен прокурорсың ба? – Шыр қақты. «Тегін емес, бәрібір қолға түсірер­мін», – деп ойлаған Мәтиеш дереу: – Прокурорға таңсық болсаң, тура сол «көкеңе» апарайын, аққарасын әділ заң орны шешсін... – Осыны естісімен анау жардан дома­ лай шыңғыра: «Помогите! Помогите!» деп жанұшыра айқай салған. – Қап, қанішердің аузын неге босаттым, қайта тұмшалап, үнін қаптырайын, – Мәтиеш қалтасындағы орамалды қақ айырды, бірі­мен көзін таңып, бірімен аузын тұмшалауға ұмтыла бергенде, анау да жан­ таласа жақындай берген мұны теуіп қалды. Анадай ұшты. – Қап, әкеңді! Тепкенді көрсетейін, «Итше тепкіледік» деп мақ­тан­ ған екі жендетіңе сені де өлімші қып жеткізейін, – деді де, «Мінуар­дың кегі, мынау – менің!» деп тағы тепкілеген-ді аяусыз. – «Қой, өлтіріп алармын», – деді тағы. Тік көтере, қапқа салды да артқы жаққа сүңгіте салған. Оның сірескен қолынан кейс-сандықшаны ала, бір қалта­рысты жерге тығып тастаған. «Ал, қайда апарамын...» Біле алмай басы дал. Театр алдына апаруға бір оқталған: «Қой, күзетшілерінің көзі шалып қалса...», «Қалалық прокуратура қайда екен, сұрастырайын» деумен, таңды атырған. Онда да қаздиған сақшылар. «Екі ортада өзім ұсталып қалмайын, ақ-қарасын тергеп жата ма, ұрып-соғып айтқызбасыңды айтқызып, қорлап, қараңғы қапасына тыға салар». Сонда Мінуардың жоғын кім жоқтар? Вадиммен ақылдасайын деп бір жағы ойланды. Ол мұндайларға қаны қарайған, түрмеде өзін де ұрып, әбден қорлаған. Өлтіріп тастауы да ықтимал. Ол ойынан да қайтты, не болса, о болсын деді де, қалалық түрме осы болар-ау деп, темір дарбаза алдына кеп тоқтады да, Қаржауды

қабымен сүйреп шығарғанда байқады, қаптың сырты қып-қызыл қан. «Апыр-ай жаны бар ма, әлде...» дегенінше, анау қозғалақ қаға: – Босат, ағатай, өле-өлгенше құлың боп өтейін, – үні құмыға шықты. «Құрысын, тастай салайын да зытайын...» Солай етті де... Бұл «оқиғаны» тісінен шығармауға серт етті. Күндердің күнінде өзінің алдынан шығарын ойламады...

* * * Аузы кеберзіп Қалимаш жайын білуге келсе, ол үйде Жүніс отыр еді. – Мен де барайын, түрмеге, не хал, атамнан ыңғайсыз болса да, – Қалимаш шай-суынан ішкізген соң, ол екеуінің соңынан ерді. – Қалғын, – демеді бұлар да: – кіргізсе – жүр. Олай дейтіні, түрме ауруханасына кіруге екі-ақ рұқсат бар. Жүністің ала шыққан әжептеуір қаражаты іске асып, қарауыл басшыларының аузын тығындауға жарады. Қалимаш та әкеле жатқан азығының біразын тексеру кезінде аран ауыздарға қалдыра, жүрегі езіле екеу жатқан бөлмеге бұ да енген. Аңтарылып, қайсысы Мінуар, бұлар біле алмай тұрғанда: – Мен мұндамын ғой, – деді әлсіз дауыс. Жақындады, домбыққан жүзінен бір көзі ғана жылтырайды, әкесі бас сала: – Қуатым-ау, құлдығым-ау, қандай күйге ұшырағансың... – Ал солқылдай жыласын. Оған Қалимаш, оған Мәтиеш (тектен тек жыла­ майтын басы), қосыла көздерінен пора-пора жас ағызды. – Жарайды, тірімін, халдерің қалай? – Ақсарбас! О, Құдай, тірі екенсің... – Күнім-ау, балалардың бағына, әйтеуір, қу жаның қапты ғой... – Інішек, сонша қорлыққа шыдапсың, мықты бол, мен олардың са­ зайын тарттырам, тірі болсам! – Асықпа, ағасы, алдымен шығайын, қосыла көрсетеміз жазығы жоқ жанды қорлау дегеннің не екенін... Қалимаш термостағы, ыстық, қаймақ қатылған шайды шыныға құя бастағанда, палата ішін шығымды шайдың исі жайлаған. Бұрыштағы жатқан ыңырана: – Маған да бір кесе ішкізші, қарағым, – деген. Қалимаш тағы бір кесеге шай құйып, Мәтиешке: «Ана кісіге...» – деді. Атасы екеуі күйеуін сүйей тұрғыза, аузына нәр тамызғанда: – Құрттан салшы ауызыма, анамның асыл қолымен жасаған дәмі ғой... – Малжаңдай, ыстық шаймен қоса қылғыта бастағанда, домбыққан жүзінен ыстық жас та домалай бастаған. Жүніс шыдай алмай, жүрегін баса ыңырана: – Шығарамын, қайтсем де, – со бойда құнжия отырып қалған. Қалимаш жанұшыра қасына кеп, қалтасына сала келген валидолдың бір түймесін аузына салды, Мінуарға ішкізген шайдан оған да жұтқыза, әбігерге түскен шақта, осыны пайдалана Мәтиеш:

– Сазайын тарттырдым Қаржау сатқынның – сол екен... – деді. – Өзім де солай долбарлап ем, қазір қайда? – Итке – ит жаза! Сілікпесін шығара сабап, апаратын жеріне сүйреп апарып тастадым. Жалынды, қаншықша қыңсылаған даусы әлі құлағымда... – Қуантатын бір хабар айтайын деп: – Шынаргүл босанып­ ты, балпанақтай ұл тауыпты, құттықтаймын, Мінеке! – Шынаргүл? Ол кім? Қайдағы бала... – Басқаны күтсе дағы, тап осы­ ны күтпеген Мәтиеште ес қалмаған. Інісінің бетіне қарады, шыны, әлде құйтұрқылығы... – Иә, иә, жеңгең босанып... – дей салған, Қалимаштың құлағы әлденені естіп қалғандай, елеңдей қарағанын көріп. «Е, ұрып-соғып, қорлап, есінен жаңылдырған екен... Бәрін ұмытыпты. Қайтейін, енді қайтейін?..» – дегенде, өзінің жаны күйзеліс таба, құнжия бұ да оты­ рып қалған. Тықылдатып күзетші: «Уақыт бітті, шығыңдар», – деп зіркілдемесе, қашанға жаны күйзеле опырыла бермекші еді... Шығып бара жатып: – Батырдың ұрпағымын деуші ең, қарағай майысар, бірақ күрт сынбас-ты... – деген. Әкесі де: – Мықты болғын, құлдығым, мен тірі тұрсам, бұл қапастан шығарып алам, әйтпесе, Балымшаға не бетіммен барам. Күзетші қарағым, келін баламның қасында бірер мөнет тұра тұрсын, тамағын ішкізгенше, әрі қан-қан киімдерін ауыстырғанша, – деп еді, анау: – Бұл сіздерге қонақ үй емес, бұл – түрме! – деді дүңк ете. Жүніс жанқалтасынан қызыл-ала он сомдықтарды шығара баста­ ғанда: – Жарты сағат, одан бір секунд артық емес... Екеу қарайлай-қарайлай шыға берген.

* * * Жүністің ашпаған есігі, баспаған табалдырығы қалмағандай, тауаны шағыла, «арғы» жаққа өтіп кетудің аз-ақ алдына таянған кезде, Мәтиеш: – Ағасы, жалғыз ғана амал, Мінуарды жындыханаға ауыстыру керек, өйтіп-бүйтіп. Соты қашан, созыла бермек, өйткенше... – дегенде, Жүніс шошып: – Жындыханасы несі? Не айтып тұрсың, ол жынды емес қой, – деп көздері тас төбесіне шыға жаздаған. – Әрине... бірақ басқа амал жоқ, әзірге сонда бола тұрса... – Ол екі сыбайластың түнгі әңгімесін: «Жындыханаға қамату керек...» дегенін Жүністің құлағына салды. – Олардың алдын алу керек және де дәрігерден «есі ауған» деген анықтама алу керек. – Сонда, сонда, қайсысына, – Жүністің «жындыхана» деуге тілі бар­ май: – Иә, біздің жақтағы, лажы болса, «Сарыжаздағыға»...

– Бар ма еді, отағасы! Түу, табылған гәп, ол жақ – қандай дағы ауыл ғой, ол жерде сіздің беделіңіз күшті, әрі ас-суын, керек-жарағын жеткізіп тұруға. Қорлатпауға, дәрісін ішкізбеуге, «электрошок» деген бәлесіне түсіртпеуге... – Жүніс соңғы сөзді түсінбеді: – Шоқ, шоқ деп дұшпандар табаласа, табалай берсін! Баламның жа­ ны қалса болды. Одан арғысының керегі жоқ! – Жүніс кенет қажыр­лана: – Енді осыған тездетіп кіріселік, малымның бәрін сатсам да... – Сөз осы, мен әуелі олардың бір-екеуімен тілдесейін... аты-жөндерін біліп алғанмын. – Ар жағын айтпады, Қаржаудың атаған тергеушілерінің бірі қазақ екенін зердесіне түйген. Енді сол кісімен ебін тауып тілдесу керек екенін, бүйтіп сарсылтқанша, Мінуар Досымбековты бір жағына шығару керектігін оған қайтсе де түсіндіріп көрмекші. Жүністің де көңілі орныққандай, келініне: – Қарағым, моншаңды қамдашы, үсті-басымды шаң басып кетті, – деді. – Ана кастөмді шкафыңа іліп қойшы... Ол – Алтын Жұлдыз тағылған, баяғы қымбат матадан тігілген киімі. Қалимаш Айбарды дүкенге жүгіртті: сыра алдыруға. Атасы сыраны ұнататын. Ваннадан шыққасын ішер. Қажыды ғой әбден... БАСЫҢНАН БАҚ ТАЙСА НЕМЕСЕ «ӘУПІРІМ!» – ДЕГІН Жүністің алдымен естіген жаман хабары – мұның аудандық партия комитеті бюросынан шығарылғаны, «...баласының ереуілшілерді қолдап, істі болғаны себепті». Хош. Күйзелді, әрине. Коммунист адамға ауыр соққы. «Мейлі, бастан құлақ садақа. Мінуарымды темір тордан шығарып алсам, елге алып барып, тынықтырып, емдетіп дегендей. Басындағы қара бұлттан арылтсам болды...» Балымшаға не айтарын білмеген, өзін алып келген інісі тыпыраң қаға: «Қайтуым керек, жұмыс қалып бара­ ды» – дегесін, «Жигулиімен» оны қайтарып, жеңгеңе айта көрме деп табыстаған. Мінуардың «Волгасын» гараждан шығарып, Мәтиешке: – Енді сен жүргізгін, Есікке барып, көлікті тіркеген жерден менің атымнан доверенность алғын, – деп өзі сенім-хат жазып, машинаның правосын, техпаспортын, тағы басқаларын тапсырды. Мәтиеш те үйіне барып, әйеліне монша жақтырып, шайынып, таза­ рып алу ойы, өйткені түрме исі бойына сіңіп қалғандай түнеріңкі күйде болатын. «Жақсы, ағасы, екі күнде оралам, оған шейін сіз тиісті адам­ дармен сөйлесе беріңіз, сол баяғы... ауыстыру жөнінде» – Қалимаш естіп қоймасын дегендей, жұмбақтай сөйлеген. Іле қызыл күрең тұлпармен Есік қайдасың деген. Сәл-пәл тыныққасын Жүніс телефон құлағына жармаса: – Қызым, мені қала прокурорымен тілдестірші, – дегенде:

– Ол кісі жоқ, «ешкіммен мені жалғама деген және де...» – Шаңқ ет­ кен үннен есеңгірегендей, шоңқайып отырып қалған. – Иә, бастан бақ тайған екен, бұ да Алланың сыны, не де болса сын­ ба, шыдап бақ, жалғыздың жолында жан пида! – Оның даусын үйдегілер есітпеген, әркім өзімен, Қалимаш болса «Мінуарды тағы бір көрсем» деу­ мен ас қамында. Балалар сабағында, баяғыдай асыр салатын, арсалаңдап әке-шешесіне еркелейтін күндері көздерінен бал-бұл ұшқан... Сабақтан келеді, асын ішеді, анасы міндеттеп қойған үй шаруасына кіріседі. Бұлардың да армандары: «Әкелерін бір көру...» Ол кеткелі үйдің көркі кеткендей. Аура-шапағаты да ғажап еді әкелерінің: қай уақытта болсын, ол кіріп келгенде үйдің күңгірт көлеңкесі ыдырап, қабырғалары кеңіп салатындай. Үй ішіндегілердің көкірек сәулесі де жарқырай, айрықша шаттыққа бөленетін ғой! Қазіргі үйдің күңгір күйі бұларды тұнжырата, қабақтарына сары уайым мен сағыныш мұңын қондыра жүректерін шер­ ге толтыратын... Үйіне күрең қызыл «Волгамен» желпіне жеткен Мәтиеш Әсиатқа бірден монша жақтырды. Құдды Төлегенді өлтіріп, оның Ақбозына мініп желпініп келген Бекежанша, бұл келісі Әсиатты шошытқан: – Өз Газигіңіз қайда, Мәке, бұ қай көлік?.. – Шошыма, бұл – Мінуардың машинесі, менікі олардың гаражында, оны жөндеттіру керек, әзірге тұрсын. Ескірді әбден, қашанғы... – Ал Мінуар қайда? Қабағыңыздан бір сұмдықты байқап тұрмын... – Ол – түрмеде. Жағдай ауыр, көп қазымырланба, айтам кейін. Бала қалай? – Бесікте талпынып, гуілдей «әндетіп» жатқан Елшібегін құшырлана иіскегенде ғана көкірек тұсынан бір ауыр тас түскендей; алайда тағы бір қайғы кеудесін кемірді: – Бір уақ балаларына жұбанатын байқұс-ай, ендігі күні не болады, егер сотталып кетсе... Беті аулақ! Қайтсем де шығарып аламын, оның орнына өзім жатсам да... – Ол «жындыханаға орналастырып, Мінуарды жасыра тұру керек» деген ойдан тез жиренген: «Егер жындылар өлтіріп тастаса... Мәңгі сонда қалса... Шынымен-ақ ақыр соңында жынданса... Өткенде Шынаргүлді ұмытып, «Ол кім?» демеді ме... Әлден естен танса... Шынаргүлді ұмытқаны – үлкен қауіп!» * * * ...Түу, сонша құшып, қысып, өлтіре жаздадыңыз, аға! Сәл шыдаңызшы... – Шынаргүл шынымен Мінуардың құшағында, шағын төсекте жатқан сықылды, жан-жағын қарманған. Бір өзі. Апасы Күлшаруан сыртта, қымтанып-шымқанып, жалғыз сиыр, ешкі, қоймен арпалысуда: шөп салып, суарып, қара ешкіні қақтап сауып, шайтамызық етуге. Түнгі тоңазыған етті жылытып, шайын қайнатып, оянса, қызының алдына қою. Ол да тұрып, күпәйкесін жамылып дәретке шығып барады

екен. Амандасып: «Апа, тым ерте тұрғаныңыз... мен ұйықтап қалыппын, мектепке баруым керек. Лажы болса шайыңызды тездетіңізші...» – Даяр, сенің оянуыңды тосып отырмын. Малды ертерек қамдамаса, аяз қысып, мал түгіл адамды да үсітіп қатырар-ды. Әлгі нәресте не бол­ ды екен... Емшектен шығарды ма, шырылдаған дауысы құлағымнан кетпейді... – Күлшаруан әлдеқандай ойды көңірсітіп, қыздың онсыз да қасіретті күйін қозғай түскен. Ол да Нұрұланын сағынып, емшегінің сүті саулап, омырауын жуып, әптер-тәптерін шығарған. Шешесі Нұрғаным сәбиді алып кеткелі ну орманы қаңсығандай алаңдаулы күй кешкен... – Қысқы каникулда Жалағашқа барып, баламды көріп келемін ғой, аман шығар... – Тоқмейіл көңілге тамызық жаға, өзін-өзі сабырға шақырған сәті еді. – Мен де барар ем, қараң қалғыр малды кімге тастайын... – Көршілердің біріне қалдыра тұрсақ, о жақта көп болмаймыз ғой, мамам сізді де шақырып, аунап-қунап қайт деді емес пе. – Көргім келед те, қайтем, кім менің малымды қарай тұрар... * * * Мінуар күңкілдескен екеудің сыбырына құлақ түрген: – Қонаевты ереуілші жастар алдына шығарып сөйлеттірмепті. Үй қамауға алып, қарауыл қойған, ол кім, өз халқының жауы ма сонда... – Бәлкім өзі бас тартқан. Егер ел алдына шығып сөйлесе, қайта орны­ на келуін өтінген жастарға ақыл айтар еді, сабырға шақырар еді. О, несі? – Кім білсін. Заман асты-үстіне түсті, Соломенцов деген Мәскеу­ден келіп, дігірлей: «Осынша жауынгер қазақ қайдан келген», – деп үстелді тоқпақтай, ойран-топанды орнатып жатқан сол көрінеді. Ульянов облысының ешкім білмейтін басшысын әкеліп, атағы дардай Қонаев­тың орнына қонжитқандары аздай... Соққыға жығылып, қанға боялған кілең жастардың көз жасы алсын оларды! – Ақырын... тың тыңдайды, мына ауыр жарақат алған да естіп жа­ тыр білем. Осал жан емес, кеше омырауына Алтын Жұлдыз таққан әкесі және бір мығым қазақ келді. Әйелі шай ішкізді, маған да...құрт жеп, ауы­ лымды сағынып, көңілім босап... – Босама, сен босасаң, ана студенттерің не болар? Оларды сұраққа шақырып, тергеп-тәптіштеп зәрелерін алуда. Оқуларынан да шығаратын болар... – Апыр-ай! Енді қайттым, мені де босатар емес, соты қашан... – Жә, бұлқынғанмен еш шара жоқ, тек шыдам... – Шыдамдылық шеңбері де үзілетін шақ қой бұл! Мінуар басын көтерді: – Ағалар, сөздеріңіз менің де шыдамымды үзді, қайтсем бұл қапастан босануым керек, не ақыл айтасыздар? – Сіз, сіз?

– Досымбеков Мінуар, актермін, ұжым жиналысында сөйлеп, жа­ старды алаңға шыққан, қорғаймын деп, Қонаевты да... – Ақырын... – деді жатқан, – Сыртта тың тыңдайды. Сабыр ет, інішегім, әне, таяп та қалды жаналғыш... – Уақыт бітті, шық! – Жақсы, мен кетейін, байқап сөйлеңіздер. Қылмысқа қылмыс жабысқақ биттей, жұға береді. Байқаңыздар... * * * Шынаргүл балалардың қысқы каникулында үйіне емес, Алматыға тартты. Көңілі әлде неге алаң, әлдебір суық хабар суылдата береді жүрегін. «Жастар қозғалыпты, алаңға шыққандарын ұрып-соғып, шетінен жусатыпты... Көбін ұстап, қамап тастапты. Қыздарды шашынан жұлып, өлгендерін қала сыртындағы қоқысқа лақтырыпты...» Осы естіген, құлақ естімеген хабарға не сенерін, не сенбесін білмей апыл-ғұпыл киіне жолға шыққан.. Қар белуардан, омбылай келеді. Тас жолға шығып жол торыды. Автобус өтіп кеткен сықылды, ұзақ тұрды. Тоңа бастаған, дубленка тоны да осынау жаланған қызыл шұнақ аязға қамсау болар емес. Қызыл күрең «Волга» құйғыта өтіп барып, кері көткеншектей шегінді: «Не қып тұрсың қасқа жолда? Бұ жақта қайдан жүрсің, Шынаргүл, ә...» Мәтиеш ағасының қылқита басын шығарғаны да сол, бұл талпына: – Өй, ағатай, өзіңіз қайдан келесіз. Мені де ала кетіңізші... – Қайда? Алматыға? Отыр, ендеше. Мен Кегеннен келемін... – Онда не бар, – деді артқы жағына жайғаса. Қараса, ағасының да өңі қашып, бұрнағы маңғаз түр-кескінінен ныспы жоқ. – Аға, жүріңіз, менің тұрып жатқан үйіме. Ас ішіңіз. Апам жақсы кісі, жылынып, содан соң жолға шығамыз. Мен Алматыға бара жатырмын, бір сұмдық хабарды ести. Рас па? – Қай сұмдықты сұрайсың... – Мәтиеш: «Шынымен естіген екен...» – деп түнере: – «Мінуар ағаң түрмеде...» деп салғаны. Қыз шыңғыра: – Не дейсіз? Не үшін? – деген ағасының иығын сілкілей. – Жүр үйіңе. Жолай бәрін түсіндірем. Күлшаруан Алматыға кеттім деп, асығыс, пісіп тұрған асқа да қара­ май құйын ұрғандай кеткен қызының қайтып келгеніне, және көлік­пен оралғанына таңырқай қарап: – Көтек, мұнысы кім? Күйеуі осы ма, әкесіндей адам ғой, – деп орта бойлы, қараторы, кішірек көзді ер адамға таң қала қарап, оның сәлеміне ернін қыбырлатты. – Апа, бұл менің ағам Мәтиеш, жолда кездестік, қалаға бірге баратын болдық.

– А, ендеше, үйге кіріңдер, мына біреу бұзау-танасын есіктің ал­ дына байлап кетіпті, қараң қалғыр, өз малымды баға алмай жатқанда, – Күлшаруан бұлқан-талқан. «О, неге?» деп қызы сұрамады, шешініп тастап, дастархан жайып, қазанда буы бұрқырап даяр тұрған кәртөшке жәркөйді табаққа сала: – Ал, аға, мұздаған екенсіз, ыстықтай ас алыңыз, мен шай жағын қамдайын, – дей қазандыққа жүгірді. Мәтиеш ыстық жәркөйді көмекейлей асай: «Как они скромно жи­ вут...» деп, жалғыз төсек, бір-екі орындық, еденіне киіз-алаша төселген жұпыны бөлмені көзбен шолды. «Баласы қайда?» Шынаргүл өзі де асқа отырды, апасы да тулаққа қонжия қалған. Әңгімелері жараспай, Шынаргүл көзінің жасын сорғалата, мұңға бата: – Апа, Нұрұланның әкесін түрмеге қамапты, – деген өкси. – О несі, ұрлық істеген бе? – Күлшаруан қасықты аузына апара аңқая: – Біз оны көргеміз жоқ, сонда да аман болсын, тезірек босансын, қайтейік, тым құрыса, баласын көрмей... бір келіп кетсе... Ішке ел қонған Мәтиеш: – Қарындасым, жолға шығайық, кеш батпай тұрғанда, әлде сені Есікке, Күлекеңе апарайын ба? Өзім де асығыспын... – деп қызды асықтырған. Себебі, Жүністі үйіне апарып салғалы, өзі де қылыштың жүзінде тұрғандай күй кешкен-ді. Қарындасына: «Мінуар түрмеде» де­ генмен, оның ұшты-күйлі жоғалғанын айтпаған. Онсыз дағы пора-по­ расы шыға жылай берген Шынаргүлді қайғы тұңғиығына лақтырмақ емес... Оқиға былай! Жүніс екеуі түрме күзетшілерінің аузын майлай, Мінуардың халін білмекке барған ғой. Аурухана палатасына бас сұға, ол жатқан бос төсекті көре: – Досымбековты қайда әкеткен, қайыра тас камераға ма, – деп жай­ лап сұрағанда, күзетшісі: «Білмейміз, түн жарымында әлдекімдер ап кеткен...» – Болды. Басқа жауап жоқ. Зәр-имандары қалмаған бұлар түрме бастығына кіріп жөн сұраса: «Білмейміз. Алып кетті». – Бұдан өзге жартымды жауапты жер тепкілесе дағы ести алмаған бұлар сан соқты. Небір ойлар қамалай, әлде өкініш, әлде үміт дегендей, салы суға кете оралғанда, осыны естіген Қалимаш талықсып кеткен. Кімнен сұрайды, қайдан хабар білмек... – Елге оралайын бүйтіп ішті кептіріп жатқанша, со жақтан бір хабар келер де... – Жүністі қайткенмен жақсы ой ойландыра берген: – Адамның бәрі бірдей жауыз емес шығар, жақсылары, кісілік қасиетке иелері де бар шығар, кім біліпті, бір жанашыр босатып алам деп басын қауіп-қатерге тіге баламызды тас қамаудан әкетуге қарманған шығар. Әгәракім олай болмағанда... Дегенінше, телефон шар еткен:

– Әлө! Әлө, – ар жақтан құмыққан үн: – Бұл үйде Жүніс атты ақсақал бар ма? – деді. – Бар, бар, ата, сізді сұрайды... – Қалимаш жалма-жан телефон құлағын ұстатты. – Сіз бе? Бір жанашыр... Балаң аман, жабық мекемеге жөнелтіліпті, өз жағыңыздағы... – Болды, телефон құлағын тастай салды. – Не, не, жабық мекеме, ол не? – Жүніс сасқалақтай: «аман» деген жалғыз ауыз сөзге-ақ жүйе-жүйесі босаңси отырып қалған. – Аға, о кім? Не деді... – Мәтиеш қолбаң қаққан, әлдебір үмітпен. – Ата, жақсы хабар ма, оң қабағым тартқаны... – Жақсы да, жаман да... – Есін жия алмай отырған бойда: – Мінуар аман деді. Тірі! Ал, жабық мекемеге жөнелтілді деуі – тағы түрме ме, сонда, сот болғаны ма! Сотталғаны ма... – Ата-ау, жабық мекеме деген әртүрлі, оның бәрі түрме емес қой. Және де «өз жақтарыңызда» деді дейсіз... – Қалимаш қанша дегенмен білімді, атасы мен Мәтиешті бір тәтті үмітке жетелеген. – Біздің жақта түрме бар ма? Айтпақшы, – деп інісіне қарағанда, ол: – Сіз «Саржаз» жындыханасы бар деп едіңіз, бәлкім соған апарған болар... ал сотта бәрібір Мінуарды босатпайды. Соттап жатыр дейді ғой алаңға шыққандарды, – Мәтиештің кішірек өткір көздері ұшқын шаша: – Олай болса, шүкір етіңіз, ағасы! * * * Мінуарды түрме ауруханасынан алып шыққан кім, о жағы құпия... Тоқмурзин Дайыр қолшоқпары Қаржаудың ұшты-күйлі жоғалғанын неге жорырға біле алмай дал. Ол антұрғанның қолында досье, яғни, құжат, екеуінің жасаған «шаралары»... Егер, қолға түссе, құрдымға кете барасың: Қалалық прокуратураға, әлде жоғары сотқа... беті аулақ! Мой­ нына қыл бұраудың түскені!... Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің әжептеуір шенеунігі болу – бұған зор абырой, сол беделінен айрылмау ләзім. Қырық жылға жуық атқарған еңбегі тарыдай шашылады онда. Шынжырдағы азулы иттей арсылдап, кімнің балағынан тістеп, кімнің алқымынан алмады дейсің... бұл – Тоқмурзин, ә? Кінәлілер де, кінәсіздер де дегендей. Бәрінен, бәрінен алаңға шығып, лаң туғызғандардың қылығына қаны қайнайды: Қонаевтың жоғын жоқтап, жыртысын жыртып ұрандатқанда не тапты, текке өздері арандады. Кейбірі қыршынынан қиылып, есіл армандарын аяқ асты етті, ұлт-араздық туғызды қараптан қарап. Шеруде келе жатқан бір қазақ жігіті алдындағы келе жатқан орыстың арқасына айыр сұғып алған дейді. Орыс байқұс ереуілшілерге неге ілесті – әлде көршісі, әлде тамыры, қызуқандылықпен ол да лепке қосылды. Тірі шығар, әйтеуір аяқтың астында тапталмапты. Ондайлар қаншама, алаңдағыларға сес көрсете, омоновшылар алдымен су шашқан, ол су қақаған аязда мұзға

айналған, резеңке дойырмен бас-көзін сабалаған омонның озбырла­ рына қарсыласамын деумен талайлар көк мұз, ақ тайғақта тапталынып, аяқтың астында жан-тәсілім еткен... «Апырай десеңші, осыларды айдап салып, сорға айдағандар бас сауғалап қайда жүр қазір? Әйтпесе марғау жастар қайдан құлағдар, өз көкейлерін ғана көздегендерге көрсету керек еді жазаны». Міне, Тоқмурзиннің зығырданы қайнай ашынатыны осы тұс. Жазықсыздан жазықсыз жас өмірлерін қиғандардың, жапа шеккендердің, соттал­ ғандардың обал-сауабын солар арқаласын. Бірақ олар көрінбейді. Қаннен қаперсіз алаңға әндетіп шыққан қызба, ақ жүрек ұландарға қарсы қару жұмсап, соққыға жығар деп ойлап па екен. Сірә да. Жәй ғана шеру, бой көрсету. Ал мұны басқаша түсінген, сескенген қорқаулар алаңды қып-қызыл қанға бөктірді... ...Сұрақ үстінде Досымбековқа шүйілгенімен, соққыға жығып, итше тепкілетемін деп әсте ойламаған-ды Дайыр. Ол да бір қыңыр екен: «Шығар едім алаңға, жастармен бірге болар едім, олардан менің жа­ ным артық па. Ал Қонаевты, қырық жылға жуық халқына адал қызмет еткен ел ардагерін аяқасты, еш ескертпестен, себепсізден себепсіз неге орнынан алып тастаған. Адам жүрегі мұндайға қайтып шыдасын, ин­ фарк болып қалса, обал-сауабы кімге...» – деп әрбір жауапқа тартушыға тап осылай қасқайып тұрып алды. Анау орыс әріптесінің, – тергеушінің төзімі біткені сонша, тістері сақылдай Досымбековты жақтан перді кеп... Ол да қалыспады, жәпірейген немені жапырақтай жапсыра, жерге алып ұрды... «Міне, саған керегі! Қазақтың тегін тамағы мен тегін суына қарның қампайып, битше семірген сендейлерді аластап, еліміздің жерінен баяғыда-ақ қуу керек еді. Әттең, қазақтың кең шапан, далиған кең қолтықтығы-ай?!» – деп өкіріп жылағанда, Тоқмурзиннің де бүйрегі бүлк ете, жүзіне қан тепшіп, жердегі жатқанды бұ да бірер сыбап алып, ал тұтқынға: – Жігітім, жетер! Өлімге бас тікпегін. Алды-артыңа қара, ана соңыңда шырқырап жылап қалған балаларыңның, жарыңның, ата-анаңның қамын ойлағын, қызбалылыққа салына бермей. Текке өлесің өйтсең, – деп есік сыртындағы күзетшіні шақыртып, дереу Мінуарды тергеу изоляторының қамау түрмесіне жөнелткен-ді. ...Тас еденде, басы қазандай ісіп, өңмені домбығып, бір қабырғасы сынып жатқан Досымбековты ақыры түрме басшыларына бұйыртып, ауруханасына алдыртқан да өзі. Күні ертең сот болғанда, мұның, яғни айыпкердің бәрібір жазаланып, түбі сотталатынына көзі жетті. Өйткені, тергеушіге қол жұмсады, оның үстіне, мірдің оғындай жауап сөздері хатқа тіркелген. Қорғаушы жалдасын, бәрібір сотталудан аман қалары екіталай, ендеше, одан бұрын Досымбековтың көзін бір жаққа жөнелте тұру керек. Қайда... Қаржаудың: «Жындыханаға апарып көзден таса ет­ песе, әйтпесе түбі ақталады, әкесі де осал адам емес, кезінде Қонаевпен

жүзтаныс болған. Соның қолынан төсіне Алтын жұлдыз таққан...» – дегені көкірегінде сайрап тұр. Ал, жындыханаға жөнелтілді, онда жұмақ па...? Досымбековты қарап, қабырғасына операция жасаған түрме дәрігерінің айтуынша: «Есі шалыққан, әлденені айта береді, басқа тілде сөйлетінді шығарды...». «Ендеше, сен осыны медициналық тілде жазғын, астына қолыңды қойғын», – деді Дайыр. – Менің ондайға хақым жоқ, дәрігерлік қортынды шығару үшін комиссияға сарапқа салынуы тиіс, – деп қасарысқан неме тұрып алған ғой. «Апыр-ай, осы орыстардың аяқастынан принципиалды бола қалатынын-ай!» – деп бұл күйінсін. Досымбековтың сандырақтағанын көзбен көрейін деп Дайыр палатаға келмей ме. Домбыққан ісігі қайтып, жүріп-тұруға жараған қалпын көре: «Қалай жігітім, тәуір болдың ба! Жүріп-тұруға жарапсың, жақсы...» дегеніне ол: – Өзіңіздің кө-өп жақсылығыңыздың арқасы! Кекесінім емес, мені туған-туыстарыммен жүздестіріңіз, ағай, сотталып кетпей тұрғанша. Арғы атам Айсолтан түсіме ене береді, өткен жолы сіздің жаналғыш тергеушіңіз басымнан соққанда, сол шекемнен құлап, қансырап жатқанда: «Тұр, балам, басыңды көтергін, батырдың ұрпағы бұлай текке өлмес болар, жауыңның жағасынан ала жер жастандырып барып өлер болар...» – деп жігер бергенде, ұшып тұрып, бұл жауызыңды мен де итше тепкіге ала жаздағаным ғой. Ал үйімде, қару ұсынғанға қарсы қару кезегеніңізді қайтып ұмытармын. Бала-шағамның алдында жантәсілімге жеткізбей... Ағай, сол жақсылығыңызды ұмытармын ба... «Сый қылсаң – сыпыра» деген, әкем көзінің жасы саулап, осында екі келді. Мені тағы жүздестіріңіз...» Былай қараса, сол, сөзі мірдің оғындай, ақыл-есі дұрыс, ал дәрігері неге өйтіп айтқан. Ал арғы атам деп, әлденені айтып кеткеніне қарағанда, шалық соққаннан, әрине, тегін емес... Тоқмурзинге осы да жеткілікті, өзінің түбі сотталатынын біліп тұр, олай боп кетсе, күні не болмақ. Талантты, жанып тұрған жан, тепсе темір үзер қайратты да; қайтып қиярсың жамандыққа. «Көп жақсы­ лы­ғы­ңыздың арқасында» деуі өзін тұтқындап, қолына кісен салды­рып ап кеткенді айтады да. Қайтеді, заң қыспағы солай, оның бір тарма­ғын орында­мауға еш қақысы жоқ. Қыспақты тар заманның заңын бұзар әл-дәрмен бұған қайдан келсін. Қалайда, бұл – Тоқмурзин кеңестік замана құлы. * * * Жастық-мастық кімде болмады... Дайыр да ондай кезеңнің небір «хи­ каясын» бастан кешкен. Әсіресе, ... иә, театр десе ішкен асын қоятын жазған басы, бара қалмай ма бір жаңа қойылған дүниеге. Апыр-ай, ба­ сты рөлді ойнаушы жас актрисаның келістісі-ай! Бұралып тұр-ау жас

қайыңдай. Үні – бұлбұл, таңдайы тақылдап әр сөзін мірдің оғындай жеткізеді. Дүниеде тілін шайнап сөйлейтін әртістерден жек көретіні жоқ. Өңінің ақ па, қара ма – ажырату қиын, баттастырып жағылған грим­­нен қалай ажыратсын. Қойшы, со бойда-ақ спектакль соңынан қыздың жа­ санатын бөлмесін сұрап тапқан. – Өй, кідіре тұрыңыз, мен киініп алайын, ағай! – Несі бар, күте тұрайын, бірақ сол киінбеген бойда көргенім оңды болар... – Қойыңызшы, бейбастақ болмаңыз! – Біраз тосты, «кіріңіз» деген­де ішке енді. Енді байқады, аққұба келген, мойыл көз, оймақ ауыз, беті­нің сүйкімді оймышы бар аса көрікті қыз. – Құттықтаймын қарындасым, ғажап ойнадыңыз, көрімдігім – мы­ нау, – деп бірер қызылаланы қолына ұстатты. – Өй, рақмет, ағай, шынымен жақсы ойнадым ба? – Жақсы деу жай ғана, великолепно! Мен – Дайырмын, сіз? – Жайна! Сарымсақова, программадан көрмедіңіз бе? – Оны алуға мұрша келтіртпеді, сәл кешігіңкіреп келгенмін, қыз­мет жағдайы солай... Сол екі арада: – Жайна, Жайна, жүр астына, банкет залға, шақырып жатыр. – Еңгезердей жігіт өңмеңдей кіре, бұған ажырая қарады. – Ескен, танысып қойғын, Дайыр ағайым, – қыз апалақтай екеуіне кезек қараған. – Көріскенше... тағы келем кезекті спектакльге, бір құшақ гүлімді ала. Жайнаның жатақханасына да әлденеше барып, күндердің күнін­де оңаша кездесуге көндірген. Қайда, бір танысының үйіне. Кезінде оны құпия мекемеге сақшылыққа орналастырған сыбайлас адамы, ендеше несіне тартынсын, әй-шәй жоқ үйлеріне бара салды. – О, төрлетіңіз, Дәке, – дей, үй отағасында жан қалмаған десе де. Әйеліне: «Дастархан жай, қазанға ет сал!» – деді. – Ал, келін, мынаны да дастарханға қоярсыз. – Күңгірт құмыра­ны ұсынды. Әйел тыржың ете, онша да жақтырмаған рай танытқаны­­мен күйеуінен аса алмаған. Салаңдатып, уыздай жап-жас немені әкелге­ нін жақтырмады: «Дап-дардай... о несі. Бізді сауық-сайран, қыз­ойнақ құрғызатын желөкпе деді ме...» – Жайна, сахнадағы айтқан әніңді тыңдайық, – Дайыр қалың қастарының астындағы шегір жанарын қиғаштай қызға өтіне қараған. – Ә, несі бар, айтайын, тек орнымнан көтеріліп айтайын. – Бірер рюмка коньяктан ұрттағасын ба, қыз аса көңілденді, жүзі алабұрта, бұрала ән салған. Үй иесі де, келіншегі де жадырады. «Қоныңдар» деп жақауратқан болысты. Қонды. Оңаша төсекте қызды армансыз құша, таңға қамау

терлері алынғанша арпалысқан екеу: «Бұдан былай кездесіп тұрармыз», – десіп қимай қоштасқан-ды. Күндердің күнінде Жайна: «Аяғым ауыр, қайтем?» – деп өксіді. Тоқмурзиннің тығырыққа тірелген тұсы – осы! Қайтеді, ала қойсын ба. Әйелін, үш баласын қайтпек. Аршакүлге жұқалап айтса ше? Көне қойсын ба. Ер-тоқымын бауырына ала тулар. Ол аз болғандай: «Бастығыңа айтам, үстіңнен арыз жазып, ойран-топалаңыңды шығарам!» – десе ше. Одан шығады, нағыз тайсалмастың өзі, екі ұл тауып бергесін де. Кезінде әкесі құқық қорғау органының белді қызметкері болып, мұны, Тоқмурзинді, құлағынан тартқан күшіктей бұл әжетке жеткізгені үшін де. Айта берсе, сөз көп. Адуын қатынын жұрт алдында: «Аршеке! Аршеке!» – деп байпаң қақпаса аударылған түйедей түңкиіп тоң-торыс жүріп алары да таңсық емес бұған. Ал егер: «Басқа әйелден бала болады, маған ұлықсат бергін, азды-көпті отыз жылдай отастық, жарасты ғұмыр сүрдік, жақсы раймен ажырасайық, балалар өз қамқорымда болмақ...» – десе ше? Әй, қолп ете түсер, келісер Аршакүл ме. Баяғының еркектері, тоқал, бәйбішесін қатар ұстаған ғой. Алысқа бармай-ақ, өз жұрағатындағы атақты Елшібек бай үш пе, төрт пе әйел алыпты деседі. Шіркін-ай! Жайнамен некелессе. Сұлу әрі жас тоқалмен қалған өмірін өткізсе... Ондай отты күн қайда. Дайыр әрі ойланды, бері ойланды – тапқан ойы: «Біреуге қоссам, баласын туғанша, аржағын өзі білер...» Жайнаға: – Өзің білесің, менің қол-аяғым тұсаулы, ашығын айтсам – саған үйлене алмаймын, қанша қимасам дағы. Жақын жанасып жүрген біреуің бар шығар. Солардың біріне сені қоссам, абыройың төгілмей тұрғанда... Ол тікесінен тартты, мәймөңкелейтін түгі жоқ. Ерге шықпай бала табу деген – өліммен тең ол кезде. Ал қазіргі кезде қалыпты жайт. Екінің бірі дегендей... – Анау еді дейтін ешкімім жоқ, қырындап жүрген жігіттер бар, бірақ менің оларға көңілім еш құламайды. – Жайна «көңілім бір ғана жігітке құлайтын еді» деп қайтып айтсын. Ол – Мінуар ғой, облыстық театрдан шақырумен келген, арындаған аттай талантымен де, көрік-мінезімен де оқшау тұрған бір керім! Жайнадан бес жас кішілігі бар, «апай» дейді мұны. Есіл-дерті: «Бір спектакльде қатар көрініп, партнер болып ойнау!» Ол шақта жас жігіт Қаржаудың да әукесі салбырап, Жайнаға сілекейі шұбыра есі кете ғашық болып жүргендердің бірі. Қыз оны маңына жо­ латпайды, режиссерге: «Тек Қаржаумен бір қойылымда ойнатпа мені!» – деп тепсінетін. Белді актриса, көрікті, лирикалық кейіпкерді ғана ойнауға лайық әріптесінің қалауын қай-қай режиссер жерге тастасын. Сұңғыла Тоқмурзин: «Бір көнсе, осы жігіт көнер, көнек ауыз, жалпақ бет, тығыншықтай немені икемге қайтсем де көндіріп иін ағаштай май­ ыстыра алам ғой», – дегенді діттегелі қашан. Дегеніне ақыры жеткен, ол аз болғандай, иін ағаштай иілдіргені соншалық – театрдағы болған-біткенді жеткізіп тұрар «тыңшысы»

да болуға көндірген. Зор уәдемен, әрине: «Үй-жай, қомақты жалақы, көлік...». Көліктен басқасының бәрін орындатты, сүйген сұлуына да қосты... Қатты алаңдатар: «Қаржау ит ұшты-күйлі қайда жоғалды... Қолындағы құжат толы кейс қайда?.. Жаман айтпай жақсы жоқ, әгәракім ррокуратуроға түссе, қыл арқан мойнына ілінгені...» – Мырза, сізді бір тұтқын көргісі келеді, – деді түрме надзирателі сы­ бырлай. «Кім?» Досымбеков болар деп ойласа да, тез қайтып: «Мен сол тергеу изоляторының ауруханасынан келем, жаңа ғана тілдестім...» десе де... Өзінен шені төмен тергеуші алдында бет-аузы жара-жара, мұрны жапырылған ұсқынсыз сыбайласы – Қаржауды көргенде сұп-суық мұз ішек-ішегін аралап кеткендей бір сұмдық күй кешкен. – Бұ кісі сізге қалайша тап болған? – деді тергеушіге шүйіле. Та­ нымайтындай рай таныта, тұтқынның басынан аяғына шейін шегір көздерімен сүзе: – Сіз кімсіз, қалайынша, қайдан, кім соққыға жыққан? – дегенде, анау жырық көздерін қаққылай: «Не, танымай қалғанбысың? Екеуміз «табақтас» емес пе едік...», – дегенді анық байқатты. – Бұ кісіні қапқа салып түрме алдына әкелген, соққыға жыққан, өзінің құжаты жоқ, кім екенін білмейміз, қысқасы, қасарысып айтпау­ да... Сізге «жолықтыр» дегенді айта береді. – Онда оңаша қалдырыңыз, мен тілдесіп көрейін, – Тоқмурзин «қайтсем де тілін ашармын мұның» дегенді дөң қабағына қондыра сес көрсеткен. Анау: «Жақсы, онда менің басқа да тұтқындармен сөйлесуім керек», – дей лып бере жөнеген. – Иә, батыр, хал қалай? – Көріп тұрсың, мені шығарып алғын, сонан соң бәрін айтамын. – Алдымен досье қайда? Айт, жаның барда. Әйтпесе... – Менде жоқ, мені түнде, тап үйіме кіре берісте, біреу қыр жел­ кемнен ұрып, талдырып ай далаға әкетті. Кім екенін білмеймін, сірә, Досымбековтың адамы... қыр соңымнан қалмай, театрдан шыққалы аңдыпты. – Апырмай, бұлардың құрығы сондайлық ұзын болғаны ма... – Солай. Әйтпесе, мені неге ұстады? – Театрда сенің «жұмысыңды» білетін біреу болғаны ғой, – «тыңшылық» демеді. «Шығарып аламын да...» дегенінше: – Тезірек шығарғын, өлем әйтпесе, басқа салмасын түрме дегенді, дұшпаныма да тілемес ем. – Ол біздің құдірет емес! – Сенің қызыңды оқытып, тәрбиелеп адам еткенде «Құдыретсің!» деуші ең мені. Бұл – арамыздағы айтылмас сыр. Соған шейін барғанда, не, сасық қапастан мені босатып алуға енді құдіретің жетпегені ме...

«Қызым кімді «папалап» жүрген осы уаққа шейін!» – Дайыр талай опа­ сызды көріп жүріп, мұндай бүдірсіз тайғанақты көрген емес, Көктөбенің басына барып ант-су ішіскендері: «Бір ғана Құдайдың алдында ғана жау­ аптымыз!» – деп мейрам суын ішіскендей, серттеспеп пе еді екеуі... – Аузыңа берік бол, шығаруын шығарамын, алдымен құжатты тап, ол нағылет – алып кеткеннің түбіне жет! * * * Мәтиеш Шынаргүлді жатып жүрген кемпірдің үйіне апарып салып, «түрмені торуылдап босқа әуре болма!» – деді. – Неге, қайтсем де Мінуарды көруім керек. Мынадай жағдайда ағаның қасынан табылмасам... – Бірібір көре алмайсың, – аржағын айтпады, қыз да қазбаламаған. Ендігі мүдде – қолындағы құжат салынған пәпкені тапсыратын жеріне тапсырып, таза құтылу. Қайда, кімге? Біле алмады. Сейітмамытқа көрсетсе, ақылдасса... «Жоқ, ол болмайды, ашықауыз ғой, біреуге ай­ тады. Біреу-біреуге. Түбі мені табады, даяр орға түсе қалғын...» Ойла­ ды: «Әуелі Мінекеңнің өзімен ақылдасармын, шықсыншы...». Қайдан шықсын! Қайда апарды. «Жабық учреждение деген не? Жындыхана ма. Жүсекең барған шығар, жолыққан шығар...» * * * Жүніс Мінуарды таппаған. Саржаздың жындыханасына барды, бастығы: «Бізге әкелген жоқ ондай адамды», – деп аузын қу шөппен сүрткендей, әлде не дәметкендей, мойнын қылқаң еткізген. Құлқынын сезді, машиненің зат қуысынан аяқтары тұсаулы тоқтыны шығара: – Айтқын, інішек, балам осында ма? Мынау сорпа-суыңа, бір жам­ басынан біздің балаға тамақ жасап тұрсын аспазың, ол қалжырады ғой әбден. Басына соққы тиген, жақсы дәрігеріңе қаратқын, қаражаты мойнымда, сені де құр қалдырмаспын, – деді дардай басымен жалына, көздерінен жасы сорғалай. Жындыхана бастығы шыр-пыр бола: – Ағай, нан ұстайын, бізге әкелмеді балаңызды, әкелсе әрине жеке бөлмеге жатқызып, барынша күтіп, дәрігерге қаратар едік... – деді. Жүніс ауруларды түгел аралап, «Мінуарды мұнда әкелмегеніне мың үшкір!», – деді тәубесіне келе. Алым-жұлым, бірін-бірі түйгіштей, топалаң тигендей дамылсыз тыпырлағандарды көргенде. – Балаңыз, не, науқас па еді? – «Жынды» ма деуден сөзін алақашқан Жекебай директор, жасқана сұраған. – Ә, жоқ, уақытша ғой... Со кезде бір әйел:

– Жаным-ау, сен қайдан жүрсің, ә? Мені іздеп келгенбісің? – деп жабыспасын де. Жүніс зәресі ұша кейін серпілді, әйел етегіне жармаса: «Танымай қалғанбысың? Қадишамын ғой, сенің жеңгең...» Қай жеңгесі есінде тұрсын, түр-әлпеті аса ұсқынсыз, дудыраған әппақ шаш иығын жапқан, бойшаң сыриған әйелге көз тоқтата алмаған. Со бойда аттанып, жол бойына әлгі Қадиша аттас нақұрысты ойлаумен, бір жағы, «Мінуарды қайда әкетті екен...» деумен миы қатқан. Ал Қаржау қамаудан босай салысымен салып ұрып театрға бара: – Мені де ұшты-күйлі жоғалды-ау дейтін жан табылмағаны ма? – Е, сен қайда жоғалдың? Мына алба-далба түр-әлпетіңе қарағанда жөліктер тонаған іспетті. – Алаңға шықтың деп мұны да қамамаса... – деп ду күлгендермен қоса күліп... – Қаржауға керегі де осы: – Иә-иә! Дәп төбесінен түстіңдер! Көшеде келе жатыр ем спектакль­ ден шығып, бір қап-қара құзғын машина тап қасыма тоқтай: «Сіз, Сата­ ев, ереуілшілерді жақтап «жалынды» сөз сөйлепсіз. Фактіміз қолымызда, жүріңіз тиісті жерге!» – деп мойор киімді офицер қолымнан тартқылай көлігіне сүйрелегенде: «Жоқ, мен ешкімді жақтап сөйлеген емен, күнімді көре алмай жүріп, сойқаншыларды қорғаштап нем бар?» десем де, қара машинеге сүңгітті. Содан, тергеп, соққылап, түк таппағасын, қамап та­ стады тас камераға... – Ал көбік сөзді көпіртсін. Біреу илана аузына қарады, біреу жирена теріс қарады. Қастарынан өтіп бара жатқан Сейітмамытты көре: – Басқа, басқа, сен мені іздеуің керек еді... – Е, неге? Екі туып, бір қалғаным ба едің? – Белді актерің жоғалып кетсе, ұшты-күйлі, не, жаның күйзелмей ме. Білем, кімге жыныңды шашарыңды білмей; білем – Досымбековтың қамалғанына бола жаныңның опырылып жүргенің, оған со керек! – Сатаев сандырақтап кете барғанда, ту сыртынан өткір көз қадала, өңменінен өткендей күй кешкен сәтте бұл – Қаржау жалт қараған. Сол сәт жанарына Мінуар құсаған біреу ілінген...

* * * Шынаргүл Сейфуллин көшесінің бірінші Алматы жақтағы айры­ ғында қалалық түрмені іздеумен шарқ ұруда. Әлдекімнен сұрас­тыр­ ғанда, осы тұста деген. Қиқы-жиқы, бұлаң бұрылыстардан адаса, ақы­ры қайыра өрге көтерілді. Мақсаты, ағасы жатқан тар қапас қақпасының алдына болсын, таяу барып тұру. Оны ешкім ішке кіргізбесін түсінеді, сөзсіз. Пора-пора көз жасы бетін жуып, желтоқсан айының аязында жүзінен бұршақ боп домалауда. «Қалайша, неғып сүріндіңіз, ағатай? Мірдің оғындай өткір сөзіңіз әлдекімді түйреп кетті-ау. Таяқтың екі ұшы барын аңғармағансыз-ау, қайран аға. Тым болмаса балаларыңды,

жарыңды, дүниеге жаңа келген Нұрұланыңызды бір сәтке ойласаңыз болмас па еді... жан аға!» Жалға алған кемпірдің үйіне келгенінде, ол қария: – Знаешь, доченька, к вам приходил очень симпатичный импозант­ ный молодой человек, распрашивая все, по-подробному, – деген-ді. «Кто? Когда?» дегенде, қария: «Она беременна» деп қалғанына шейін айтты. «Біледі екен менің аяғым ауырлағанды, ал жүгімнен арылғанымды біле ме, жоқ па?» – деумен айран-асыр. Мәтиеш ағасы айтатын шығар оған деп те үмітіне шырақ жандырған-ды. * * * Шырт ұйқыда жатқандарды (түрме күзетшілері де ұйқыдан бас алмай, бірде қалғып, бірде мүлги отырғанда), сыртқы есік арсыл-гүрсіл ашы­ ла, сырттан сау ете төрт-бес адам кіріп келді. Бет-ауыздарын тұмшалап алған, келе: – Тұтқын Досымбековты басқа түрмеге ауыстыру туралы жарлық бар, қайда ол? – десімен, Мінуар емделіп жатқан лазаретке енген. Ол да меңзең, көзін ашып-жұмып жатқан-ды, өзін іздей келгендерді жақсылыққа жорыды ма: «О, Тәңірі! Босандым білем...» дей орнынан атып тұра, сыртқы киімдерін үстіне іле бастаған. Қалимаш тоқыма шолақ жең, қалың ішкиім, жүн нәскейін кигізіп кеткен-ді. Құлақшынын ал ізде, ұшты-күйлі жоқ, со бойда сау ете енгендердің адам шошыр ұсқынын көріп, есінен тана жаздаған. «Бұ кімдер? Неге...». – Тұтқынды ауыстыру туралы жарлықты көрсет, – деп ақырды күзетшілер бастығы. «Міне, неге әкіреңдейсің? Біз – Конституциялық Жоғары соттанбыз, бізге айқайлайтын кімсің?» – Бір қағазды қолына ұстата салған. – Ал, Досымбеков, алға түс, сені алып кетуге келдік басқа түрмеге! Өзің де жиналып отыр екенсің сезгендей, зат-матың қайда?.. – Әне... – Мінуар төсегінің астында жатқан сөмкені алды, дір-дір ете қалтырағаннан жүрелеген орнынан қозғала алмады. Келушілердің бірі сүйей, ақ жайманы дар еткізе айырып, қолын алдына қайыра матап та­ стады. «Қай-да, неге басқа түрмеге...». Үні құмыға әрең сұрады. – Бас киімің қайда, мынадай шұнақ аязда құлақтарың үсіп кет­ пей ме? – әлдебіреу жанашыр күй танытқан. «Қайдам, ауыр соққыға жығылғанда басымда болатын, сол құлақшын менің жанымды алып қалған, әйтпесе...». – Бастан құлақ садақа, жүр алға түс! – Ағалар-ау, айтсаңыздаршы, қайда апара жатсыңдар... Қылмыс жасағам жоқ қой, түрмеден түрмеге сүйрейтіндей. Дардай азаматпын, соттың ақ-қарасын білуге, құқығымды қорғауға еріктімін...

– Құқық қорғайтын «мекемеге» енді барасың, бас аяғыңды! – Қап, бас киімсіз... қалай енді. – Міне, табылды, – деді бір күзетші түлкі құлақшынды Мінуардың басына кигізе. – «Сендерде де кісілік болады екен?» деді келушілердің бірі ажырая. Жүніс әкесінің қолына ұстатқан әжептеуір ақшадан ба, әлде, шынымен кісілігі бар күзетші ме, кім білсін... «Түу, таза ауа, ақбас Алатау, армысың? Тар қапастан аз сәт болсын, құтқарған Тәңірге мың шүкір...». – Мінуар кеудесін кере тыныстай, то­ сып тұрған Пазик көлігінің артқы жағына жайғасты. – Көзін таңғын... – Ағатайлар, неге таңасыңдар, қарап алайыншы армансыз айнала­ ма. – Оның сөзіне құлақ түрмеді, орамалмен көздерін таңып тастаған. Көлік зырлай Шығысқа бет алды. Аналар көліктің алдыңғы орындығына жайғасқан, өзара күбірлесе-сабырласа, бұл жаққа көз қиығын сала, сақ отыр. Құдды «шпионды» ұстағандай, әсіресе шүңірек көз, шүңкигені жанқалтасынан қолын алмай, Мінуар егер тап берсе, тапаншасымен тарпа бас салатындай тура... «Сонша не істедім, кісі өлтірдім бе...» – деу­ мен тұтқын әрі-сәрі. Көзі таңулы болса да, ішкі түйсік – алтыншы сезім – бұған бағыт-бағдарды жеткізуде. «Неткен қорлық!» – дейді сарнауық көңіл босаңси: – Құмырсқа болсамшы бұдан да, дәнімді теріп, илеуіме еніп, кең дүниеде емін-еркін жүретін. Құс болсамшы – шарқ ұра көк күмбезін кезетін. Балық болсамшы, суда шоршып, қайықша жүзетін. Тағы, тағы...». Беталыстары – Шығыс екенін Шелектің бұрқасынды боранынан сезеді, жазда дауылы, қыста бораны бір басылмайтын қайран туған жер! Ар жағы – Кеген, өзінің кіндік қаны тамған ыстық топырағы. «...Шы­ нымен мұны елге апара жатыр ма?». Бәлкім бұлар – жанашырлар болар, әсіресе «құлағы үсіп қалады ғой мына шұнақ аязда» деп, құлақшынын іздестірген кісі. Дегдар адам сықылды, кім білсін...». – Көзін ашқын, қолдарын шеш, енді ешқайда қаша алмас, ми далада, омбы қарда қайда бармақ. Мынадан жесін, – дегесін, көлікті тоқтатып, бірі соның айтқанын істеді. Көздері шырадай жанып қоя берген, о, жарық дүние! Түн түнегі ауып, таң сібірлеген кез. Мінуар құштарлана қарады. Алдына газетпен ораулы азық, бір шөлмек сусын қойғасын, ашырқана тамаққа кіріскен. Түрменің көк сорпасы мен екі тілік наны оған талғажау емес-ті. Тамақты тартына, талғап-таңдап ішетін басы не­ шеме күннен бері бірде аш, бірде – болымсыз аспен ашқарын күйде келе жатқан ғой. – Ағатайлар, рахмет! Енді дәретке шығарыңыздаршы, – деді жалына. – Ендеше, өзіміз де... Пазиктің оң жағына үшеуі, сол жағына Мінуарды шүңірек көз шүңкиген қарауылға ала «тысқа» шыққан. Көп ұзамай-ақ екеуі қатарласа тауға қарай «шаптырсын»... Қараса, әлгінің қолы бос, қалтасынан сопай­ ып қаруы көрінеді. «Жауыңмен жанталаса өл!..». Бір қожыраңқы дауыс

саңқ етті. «Иә, солай, батыр ата. Міне, олай болса...». Әлгінің желкесінен жұдырығымен қойып қалған. Сылқ түсті, қар қаба. Бұл жалма-жан қалтасына қол жүгірте қаруын суырып ала, ал қашсын. – Қонаевтың құйыршығы қашып барады, атыңдар, тез! – жерде жатқан барқырай айғай салуда. Мінуар алды-артына қарамай, қарды ом­ былай зытуда. Аналар қуып кеп берген, оқ та атылды. Мінуарда жан жоқ, «О, пірім, аруақ, қолдай гөр!». Алқына, аттап-бұттап бір сайдың табаны­ на орай бір-ақ омақа асты. Құлақшынын тамағының астынан байлап алғаны қандай оңды, құласа да басы онша зақымданбапты... «Осымен екінші мәрте аман алып қалдың, алтайы түлкі тұмақ, әйтпесе шекем шағылар еді әлгі түрменің тас еденінде... Шүкір, аманмын, аналар кімдер? Дос па, қас па... Қайда апармақшы, әйтеуір түрмеге емес, біздің жақта түрме жоқ...». Қуғыншылар дабыры жақындай: «Қайда шым батты? Сергел­деңге салатынын білгенде... қап, әкеңді. Со жерде-ақ қатырар едік, жын­ды­ ха­наға сүйрелемей-ақ». «Ә, түсіндім, Саржаздың жындыханасына апара жатыр екен... біржолата тығып тастамақ екен ниеттері. Сондай­лық, не істедім? Қарақшы болып, кісі тонап немесе үкіметке қастандық жасай­ тын жансыз резидентпін бе? Апырмау, бұ неғылған қорлық, зом­былық? Қонаевты жақтап сөйлегенім үшін бе? Мен неге жақтамайын сон­дай өз ұлтының кемеңгерін, ә?..». – Қолын неге босаттық, оны аяп? – Сен ғой, бойбермей «босат» деген. Емешең неге қуырылды оған. – Е, неге босатпайық, үш жүз елу шақырымға қалай шыдасын, қолы ұйып, қанталап қалмай ма?! Ол да адам баласы, театрда ереуілшілерді жақтап сөйледі екен деп сонша азаптап, енді аз болғандай, қорлап, жындылардың ортасына апарамыз ба? Жындылармен есалаң болсын деп пе? – Ашынған үн оған таныс секілді. «Құлақшынын та­быңдар, құлақтары үсіп қалады ғой...». – Сол кісінің даусы, неде болса, жана­ шыр, о, Тәңір! Рахмет!..». – Болды, оны енді табу мүмкін емес, қасқырға таланар көп болса, кері қайталық, тек бұған ақталғанын жеткізу керек еді... «О, ақсарбас, ақталыппын ғой!». Жүрегі алқына, ақ қардан орыпорып асап алды. Сусыны қанғандай. Хош, аналардың қарасы үзілгендей, гүріл алыстап барады. Мен – босандым! О, нұр сәулеңді себезгілеген таңғы қызыл арай! Рахмет! Мың шүкір!». Әндеткісі де келді. * * * ...Есін бөтен үйде жиды. Үстіне бір кейуана төне: – Ас беріңдер, жылы сорпа, аш екен бейшара. – Әже-ау, тістері қабысып қалса, қалайша ас ішкіземіз? Қасқыр қамалап, енді болмаса талағалы жатқанда, қалайша қорықпасын. Қайта,

біреуін атып өлтірген. Біз оны ала келдік, қасқырдың терісі қымбат, пәлембай доллар тұрады. Бір жағынан олжалымыз... – Саңқылдаған ер адамның даусынан есін жия: «Е, мені қасқырлар қоршап алған екен ғой... Сондағы жылағаным... Қару болғаны дұр-рыс...». Тағы есінен танды. – Қасық әкелші, – деді қария, тісін ашайық ептеп, әйтпесе жағы қарысып қалар... Қария қасықпен Мінуардың тісін ашуға қарманғанда, қолдары бетжүзіне тие: «Тоба! Бұл – Елшіекең бет-жүзінің кескіні ғой, о, Құдірет, сонда бұ кім?» – деген ышқына. Мінуар бетін сипалаған сіңір қолдардан есіней оянды. Үстіне төне, жүзін әбден әжім айғыздаған, езуі салбыраған, көздері жұмулы кейуананы көрді. «Не дейді, Елшібектің бет-бейнесі деді ме? Елшібек? Ол кім?». Есіне ешнәрсе түсіре алмай, ыңырана бейтаныс кісілерге қараған: Қабағы түксиген мұртты жігіт ағасы, шынашақтай тәпелтек келіншек, балалар... «Қай-дамын...». – Мен – Салихамын, тоқсанның тұғырына шыққан қариямын, ал мынау – Нұрәлі, немерем, шөберелерім. Сен өзің кімсің, қарағым. Біздің «Қызыләскерге» қайдан тап болдың? Қашқынбысың? Қария тағы бет-жүзін сіңір-сіңір қолдарымен сипалай: – О, тоба! Тұп-тура Елшібек атакемнің бет-пішіні, мұрны, д­өңес кел­ ген, сопақша жүзі, иегі ұшы үшкір, құлақтарына шейін жымы­рыл­ған. Айтшы күнім, сен Елшіекеңнің елесі, әлде Пірі... – «О, Құдай, ке­шір­гін, атакемнің атын атағаныма... Алпыс жыл атамай...». Кемпір талып түсті. Мінуар басын көтерді. Келіншектің тостағандағысын сіміре жұтты. Жігіт ағасына: – Мына қарияға ем-дом жасау керек қой! Дәрігер шақыртыңыз! – Тау қойнауында жатқан жадау ауылға дәрігер қайдан келе қойсын. Інішек, мен өзім фельдшермін, ептеп-септеп ем-дом жасай алатын. Қазір, апамның есін кіргіземіз. Әкелші, нашатырды... – Ал, өзіңіз кім боласыз? Қайдан тап болдыңыз бұ жаққа. Бұ жаққа біз әкелдік қой, ал өзіңіз үсіп қала жаздадыңыз. Оның үстіне, қасқыр талап... бірін сұлатыпсыз, көкжалдар «қайсымыз бастаймыз...» дегендей, тосыла қалған шағында қиқулап біз жеттік. Мылтықпен атқыласақ тағы, біріне тигізе алмадық. Қайта сіз мерген екенсіз... Кімсіз, қайдан келдіңіз? Шет жатқан ауылға қалайша жол таптыңыз, інішек... «Қасқыр, қасқыр... Иә, ордан өрмелеп шыққанда, алыстан жалтжалт оттар көрінген. Көліктің фары болар, аналар қайтып оралып келе жатпаса. Со кезде ырылдаған, гүжілдеген үн келді құлағыма... Ит-құсқа жем болатын болдым, қош, әке, шеше, балалар, Қалимаш... Сүйегімді де таппай қалатын болдыңдар ғой. Сол жындыханасына апарғанда-ақ... тауып алар еді ғой, Мәтиеш ағам, әкем, достар...». Ал солқылда. Қанша соққыға жығылғанда, итше тепкіленгенде бір тал жасын сорғалатпаған сорлы басы... Қолы жалма-жан жанқалтасына сүңгіген, кольтті суырып алған. Ырыл жақыннан естіле бастағанда, тарс еткізді. Бірі қыңсылай сұлады. «Ә, тидім. Әскердегі мергендігім іске асты. Тәуба...». Бірақ

екінші рет ата алмаған. Саусағы қарысқандай, шүріппесін баса алмады. Не болған? Сөйтсе, үсіген екен... Кенет қиқулаған шаналылар көрінді. «Аман қалатын болдым, о, Құдай, шүкір...». Ар жағын білмейді, үйде жа­ тыр әйтеуір. Шөпшілер екен базардан келе жатқан, Нұрәлі де тіршілік қамымен шөп сатып, азық-асын ажыратып, қамдап жүретін көрінеді. Міне, осылай көкшұландарды үркітіп, есінен тана қар қапқан жап-жас жігітті көтере шанаға тиеп әкеліпті. «Тірі, – деген бірі – қарамаймысың, аузынан бу шығып қарды еріткенін?». Әйтпесе, өліп қалған екен десті... * * * Көп кешікпей, өзіне-өзі келген. Өз жайын айтты, бәрін емес, әрине. Жәй, достармен елік аулауға шығып, солардан кейіндей қалып қапты. Бір аяғын үсітіпті. Ере алмапты. Қисынсыз гәп бірін иландырды, ал бірін... Сонда дағы үсіген саусағына, аяғының башпайларына ем жа­ салды. Ептеп жүре бастаған. Рахметін айтып, қалтасындағы Қалимаш тыққылаған екі жүз сомдықтың жүзін ұсына: – Рахметтен басқа айтар алғысымды немен жеткізейін, мынаған балаларға кәмпит-сәмпит, қарияға жібі асыл кездеме көйлектікке, қалғанын өзіңіз жаратарсыз. Нұреке, мені қасқа жолға шанамен жеткізіп салыңыз, мұнда жата бергеннен не шығады? Жолдастарым іздеп жатқанда, – деді ынты-шынты көңілмен. Нұрәлі қаражатты алды, сөзсіз. Көрсеткен көмегіне емес, аман алып қалған қамқорлығына емес, шөптен мұншалық ақша түсе қоймас-ты... Сол кезде есін жиып, тілге келе бастаған қария: – Тоқта, балам! Асықпа. Аян келді аруақтардан: «Сен Елшібек жұрағатысың, кетпе! Тыңда, ұзын-сонар ұзақ тарихты. Мен айтайын... Мінуарға амалсыз тоқтауға, Салиха атанған кейуана хикаясын тыңдауға тура келген-ді. – Мен, қарағым, атың Мінуар дедің бе, Елшібек саудагер-байдың келінімін. Ерім Омарғазы – Елшіекеңнің Сұлуқас есімді тоқалынан туған есерсоқ баласы еді. «Есерсоқ» дегенде, жынды емес, ұрыншақ, ашушаң тым. Мыңғырған малды ұстау соның билігінде болғасын ба, тізгінді соған беріп қойғасын ба, шақарлау еді, марқұм... – Салиха тіссіз иегін ыржита күліп қойды: – Әсіресе, қарындасы Айнұрдың зорлану жағдайымен... Қойшы әкем, тынығайыншы. – Қария со бойда мүлгіп кеткен. «Дәрі ішкізіңдер», – дегенде: «Әжеміз дәрі ішпейді, түкіріп та­ стайды?», – Нұрәлі басына жастық қойып жантайтты. * * * ...Сақалынан жасы саулап Жүніс Алматыға, келініне хабарласты. Олар қуаныш үстінде, «Шүйінші! Ата, балаңыз ақталыпты, қағазы келді! – деді Қалимаш саңқ-саңқ ете. Жүніс – бір қуанышты, бір жұбанышты хабарға онша жүрегі алқына шалқымағанмен, көңілі қабарған күйде:

– Мен өздеріңе соғармын, амансыңдар ғой, – «әйтеуірден» өзге ләм демеген. Мінуарды Саржаздың жындыханасынан таппағанын айт­ пады. «Қуаныштарын басып қайтем, бара көрерміз» деумен, өзін де тәубашылыққа келтіре сабырға шақырған. Асыл ұлдың тірі екеніне қапысыз сенгенмен небір сұмдық ойларға барып-барып қалғанмен де, көңіл түкпіріндегі жылт еткен үміт отын өшіре алмаған. Тек, «қайда, бір білсе Мәтиеш білер... Оны тауып, тілдесейін» деген нысаналы ойлар­ мен қалаға жүріп кетті. Балымша да тәуірленіп, жүріп-тұруға әжептәуір жараған. «Балаң таяу маңда келеді, көп кешікпей көресің», – деп оны да желпінтіп қойған ғой... * * * Театр ұжымы да қуаныш үстінде, түрме алдынан Мінуарды қарсы алуға бір тобы топырлаған. Тегі Атабек те шампан, арағын ала қуанған рай та­ ныта, көлгірсуі болса да өзі білсін, келген-ді. Режиссер Сейітмамыттың шалқуы өз алдына: «Қаңтарылып қалған постановкалар, Мінуар анадай болғалы, қайта сахналанатын болды-ау», – дегенде өзінде жан жоқ. До­ сын да сағыныпты, тыпыршып, түрме есігі қашан ашылады, маңдайы жарқырап Мінекең қашан көрінеді деумен зарығуда. Бірақ қақпа айқара ашылғанмен, күзетшілер Мінуарды емес, басқаларды кезек-кезек шығарып жатқанмен, сарылта тостырған адамының төбесі көрінбеген. Аңтарыла: – Біздің актеріміз Досымбековты босатады деп естіп келіп ек, не, босанбағаны ма? – Түрме бастығына бір беделдісі кіріп сұрағанда, жауап қысқа: – Ол тұтқынды басқа түрмеге ауыстырған, сонда барыңыздар топыр­ ламай. Бізде қарбалас жеткілікті... – Қой, мүмкін емес... Жаңылыс шығар... Аң-таң, не болғанын түсіне алмай тұрғанда, қақпадан тағы бір тұтқын шығарылды, екі жағында екі жендет, дедектете, шеттеу тұрған қара құзғын машинаға сүңгітіп жіберген оны. Біреу танитын, біреу танымай­ тын: «Апырмау, бұл – Тоқмурзин ғой!» дегенде: – Қай Тоқмурзин, әлгі тергеуші ме? – Атаңа нәлет, талайдың түбіне жетіп еді... – Қарға қарғаның көзін шұқымайды десе де... Со кезде, қыстың кезінде-ақ, аспанда найзағай жарқ еткендей бір ерен құбылыс белең алған. «Астапыралла!» десті. Атабекте зәре-құт қалмаған. Алдымен зыта, «Нивасына» міне: «Мынаны өздерің...» деп, Сейітмамытқа қолындағы пакетін ұсына сып берген. «Е, дұшпаныңнан түк тартсаң да – олжа», – деген әртістер мәз бола. «Жүр, жолай бір жерге барып отырыс жасайық», – деді Сейітмамыт. Көңілінің қобалжуын бас­ сам ба деген ойы да.

«...Пендем! Менің саған артық берерім жоқ, біріңдікін біріңе алып бермесем...». Бұл күнде Алланың сөзін тыңдар құлақ қайда дерсің... * * * Мәтиеш ештеңеден хабары жоқ, Мінуардың көлігін автотұрағына қойып, өз көлігін алуға қарманып жатқан. Үйлеріне содан соң кіріп, хал сұрармын және мына сылаңдаған «Волга» теп-тегіс жолға ғана, ал өзінің көне тепеңкөгі қырға да, омбы қарға да ыңғайлы деген ойы да. Подъез­ ден шыға берген Жүністі көргенде аңтарыла: – Аға, сіз осында ма едіңіз? Қашан келдіңіз? – О, інішек, Мәтиеш, өзім де саған хабарласуға қамданып ем. – Жайма ма? Абыржулы сықылдысыз. Мінуарға бардыңыз ба... – Бардым... таппадым. Ол жерде жоқ. Ал сені қуантайын – інің бо­ сапты, ақталыпты. Үй-іші қуанып отыр, көздері төрт бола, келуін тосып сарғайған жайда. Оларға таппадым демедім. – Бек жақсы! Аман-есен болса... – Со жағын білмей тұрмын, індеткен дұшпан қойсын ба... – Ар жағын айта алмай, алқымына тығылған өксігінен ықылық атқандай, үні құмықты. Қайран Жүнісекең... қара мұрт, қара шаш – қураған қурайдай қазір. Еңсесі езіле, төменшік тартқан тұлғасы оны одан сайын кішірейткендей... – Қапаланбаңыз, бір жерде жүрген болар. Іздейік, міне, Газигім, кеттік. – Қайда? Тауым теңселіп, селебем тасқа шағылды ғой... Мәтиештің жаны қуырыла, шалыңды қалай жұбатарын біле алмай, о да босасын. Жолай бір поштаға тоқтай: – Ағасы, сіз отыра тұрыңыз, немесе сыртқа шығып шылым шегіңіз. Менің мынаған кіріп-шығатын аз шаруам бар еді, – деді пошта жақты мегзей. – Ақ қағаз, конверт болса, ала келгін. – Өзіме де керегі сол. – Оның «шаруасы» бөлек-тін. Былғары қара кейсті ала шығып, пошташы қыздардан дәу конверт сатып алды. Ішіндегі будыраған қағаздарды шығара, конвертке орап, сыртына айбақ-сайбақ жазуымен: «Қазақ Республикасы Жоғары сотына» деп жазды дағы: – Атаңа нәлеттер! Түптеріңе жетейін. ...Мінуар текке өлмеген бол­ сын... Ата жауын жамбасына ала жығылған болсын... Егер... Өксіп-өксіп қалды, қасындағылар дап-дардай еркектің егілгенін не­ге жорырға білмей таң. – Міне, керегіңіз, арызданайын деп пе едіңіз? – деді. – Иә. Конституциялық сотқа...

* * * Дайыр Тоқмурзин көптен нысаналы мүддесін іске асыруға тырысқан. Онысы – Досымбековтың ақ-қарасын анықтап, өйтіп-бүйтіп босатып ап, сыр тартып көру. Өйткені сотта алаңға шықпағандарға жеңілдік жасалынып, көбін босатып жатыр дегенді құлағы шалған. Мінуардың да ақталатынына сенімі кәміл. Бұған ең-ең керегі – Қаржауды түннің ішінде бас сап алып кеткен беймәлім кісінің, бәрінен-бәрінен соның қолында кеткен досье-құжаттың ізім-қайым жоғалуының мәнісіне көз жеткізу. Егер ол құжаттар баратын жеріне жетсе – құрдымға кеткені! Ен­ деше, ерте-жарықта қайтсе қолға түсіру. Осынау емексіткен ниетімен Мінуардың емделіп жатқан лазаретіне енсе, ол жоқ. Қайда? – Басқа түрмеге ауыстырылды. – «Неге? Прокурордың санкция­ сынсыз оны қалайша басқа түрмеге ауыстырады...». Басы мең-зең, бір кілтипанның барын зердесіне түйген. Ал Досымбековқа қаны қарайғандардың аз емес екеніне көзі осы жолы анық жеткен-ді. Көп ұзамай өзі тұтқындалды, түрме надзирателі қолын артына байлап, сүйрей, дедек қақтыра түрме ауласынан шыға­ рып бара жатқанда, бір топ актерлерді көрген. Көзін тайқыта қара­мауға тырысқанымен, олардың бәрі бұрыла: – ...түбіне жетіп еді, со керек! – деп табалағандарын сөздерінен де, көздерінен де жетеқабыл ұқты... «Мен Досымбековтың түбіне жеткен жоқпын, мен қайта...» деге­ нінше құзғын қап-қара машинаның артқы орындығына омақаса жалп етті. Тұла бойы дір ете: «Неткен қараңғы іші, көр деген осы да...» деді қалтырай. * * * Жолай азық, бір құмыра ақты ала, іші босап қусырылған қап-қара кейске нығарлай Мәтиеш: – Ағасы, әуелі, біздің үйді сіз көрген жоқсыз, жүріп, келініңізге сәлемдесіп, оның бер жағында, Елшібек балаңыздың тұсау кесер ыры­ мын жасайық, ол тентек тәй-тәй жүре бастаған. – Өңі шырайлана, Жүніске қолқа салды. «Елшібек балаңыз» дегені Жүніске соншалық жылы естілгені сондай, ол да жадырай: – Жақсы, барайық, бірақ балаға көрімдікке ештеңе ала қоймадым, – дей, келісе кеткені. – Мен сізді тағы бір шаңыраққа алып барамын, содан соң...

* * * Ертесіне, бір қона, ерте оянған Жүніс Мәтиешті асықтыра: – Бауырым, жолға шығайық, көңілім алағызып, жай таптырар емес, аттанайық. – Мәтиештің «тағы бір шаңыраққа алып барамын» дегені іске аспаған. Өзінің де көңілі бей-жай: «Бұл сойқандар Мінекеңді басқа түрмеге әдейі алып кетпесе де, босанатынын біліп...». Түрген сайынан шыға берісте: «Балдызыңызға барып сәлемдес­ пеймісіз, аға? – дегенде: «Жоқ, тағы бірде...». Жол жиегіндегі жалғыз моланы көргенде Жүніс: «Кім болды екен...». Іштей дұғасын оқып, бет сипасты. Мәтиеш: – Осынау Түрген өзенінің аңғарында Шапырашты руының баты­ры Медетбек мырза жерленген деп естиміз. Бірақ әрлі-берлі өткен сайын жан-жағыма қараймын, ұшырастыра алмай жүрмін мазарын. «Ол кім?» дегенге: – Біздің арғы атамыз, естуіңіз бар шығар – Саурық батыр, Сұраншы батыр болған дегенді. Сол батырлардың ізін жалғастырушы, кезінде Қоқан басқыншыларымен, қырғыздармен соғысып, туған жердің ұлтарақтай шетін де ұстатпай, қасық қаны қалғанша айқасқан. Өзі атақты Таңатар бидің немересі, ол кісі де айбынды, ел-жұртына аса сый­ лы қасиетті болған екен деп естиміз... «Батыр» дегенде, Жүніс өз атасы Бала батыр жайлы ойлап кеткенді. Ол да кезінде Шәлкөде жайлауы үшін қырғыздармен қанды айқасқа түсіп, бір батырын өлтіріп, басын қанжығасына байлап, солардың атақты манабының алдына қан-қан дорбаны лақтырып кеткен екен деседі. Мінуар Айсолтан атасы жайлы көп білгісі келетінін аңғартатын. «Қалмақ» дегенде, қантүнеріп отырып та қалған. «Әке, сонда біз Әлжан емеспіз бе?» – Саңқ еткен үні әлі құлағында. «Ұлы әжең жағынан, әрине, Әлжансың», – деуі керек пе еді кезінде. Әттең айта алмаған... Қобалжи: «Әй, Мінуар, құлыным, қайдасың? Көзің боталап, бала-шағаң, жарың, бізді ойлағанда жан-дүниең опырылып кеткен де шығар-ау. Қайтейін... Үйіп-төгіліп бақ келгенде, ердің ері-ақ көтерер болар. Бастан бақ тай­ са, бақа-шаянға мазақ боларсың дегенді атам қазақ тектен-тек айтпаған болар. Сен бірақ көтердің: мастанбадың, настанбадың да, сабырлы са­ баз қалпыңда текті атаның ұлы болып жүре бердің. Тіл-көз тиді-ау, жарығым...» – дегенде өксік тамағына тығылған. Осы азынаумен Кегенге де жеткен-ді. Үйіне таяғанда шарбақ сыр­ тында қаңтарулы ат-шананы көрді. Көре: – Бұл кімдер? Жақсылық хабармен, әлде, бір сұмдық хабармен... Жүрегі аунап, көліктен түсе бергенде буыны құрып жер қабар ма еді, сүйей қолтығынан демей ұстап қалған Мәтиеш болмаса... Шынымен олар – хабаршылар болатын.

САЛИХАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ АҚТЫҚ АЙҚАС Эпилог орнына Шынымен хабаршылар болатын – Нұрәлі және бейтаныс. Мінуар турасында айтуға және оның жазған сәлем хатын табыстауға келгендер. Балымша еңірей, тәлтіректей аяқ басқан шалын құшақтай: – Өшкеніміз жанды, шүйінші... Балаң аман-есен... – Дегенін­ше денелі қараторы мұртты жігіт ағасы оған қарсы жүріп: – Ассалаумәликөм, Жүнісеке, мен – Нұрәлі, Салиха атты қария­ның немересі болам, ал мына жігіт – Мырзаш, көмекшім. Жақсы хабар ала келдік сіздерге, міне, – дей бүктеулі қағаз ұсынды. – Әлей болсын, ал, төрлетіңдер! – Біз онсыз да төрде отырмыз, жеңгейдің қызыл күрең шайын ішіп, тынығып. Енді жол жүруіміз керек, қас қарайып барады. – Асықпаңдар. Жағдайды түсіндіріңдерші, өздерің қайдан бола­ сыңдар? Мына жігіт ағасы – Мәтиеш, Мінуарымның ең жана­шыр ағасы, әрі досы. Біз енді болмаса, баламызды іздейік деп... – Іздемей-ақ қойыңыздар. Ол біздің ауылда, қалай тап болды, осы­ ның бәрі мына хатта жазылған. Біз қайтайық, не айтасыздар Мінуарға? – Ал әгәракім біз сендермен еріп барсақ. Көлік тұр, бәрінен-бәрінен баланы көріп, көзайым болсақ. Ас-су ішіп, әлденіп алсақ, сіздер де тамақ жеп... – Жоқ, Жүнісеке, ол қиын, омбы қар, ешбір көлікке көнбейтін қия жол, оның үстіне, шанаға сыймайсыздар, жолай азық-түлік ала ба­ руымыз керек, «Қызыләскер» үлкен жолдан әжептеуір сырт, әрі тау қолатында. Ренжімеңіздер, март айы туа, көктем шыға тағы бір хабарла­ сармыз. – Олар тондарын киіп, тымақтарын төбесіне бастырып, қамдана бастағанда Мәтиеш: – Құрбым, сөз тыңдағын, от алуға келгендей, біз рақмет айтуға тиістіміз. Тұра тұрыңдаршы, әлі ештеменің байыбына бара алмай тұрмыз. Менің Газигім нағыз «вездеход» – омбы қарың оған түк емес, талай тауға шыққанбыз онымен. Ал өздеріңнің ауылдарыңа жақын қан­ дай қоныс бар? – Мәтиештің қанталаған көздерінен сескенді ме, Нұрәлі сәл саябырлай: – Ендеше, олай болса... көрелік, жолда қалып қойсаңдар, кінәлі өздеріңіз боласыздар. Сонда шана қалай ілеспекші? – деген. – Ат-шанамен жолдасың аяңдап келе берсін. Сіз – бізбен бірге, – Мәтиеш енді қараса: абдырай, қолындағы Мінуар жазуы көз алдын­да ыршып, оқи алмай тұрған отағасына: – Аға, бір қойды өңгертіңіз, бір қап ұн, қант-шай, бір жәшік арақ­ты менің көлігіме тиеңдер. Ал, біз шай ішелік!

«Енді отырыс жоқ!» – деп шай мен еттен шала-пұла қаужаңдасып жолға шыға бергенде, Балымша: – Таза киімдерін ала барғын және мынау қаражатқа, сәлем де: көп зарықтырмасын бізді. Келсін... – Еңірей піскен еттен, тағы басқа жолазыққа дегендер салынған дорбаны ұсынып жатты. Мінуардың таза дәптерге маржандай тізіп жазған хатын оқу үшін уа­ қыт керек, ал әзірге, ұзақ оқиға біз – хикаяның бас жағында әңгімеле­ген – «Қыз намысы – Тотықұс» дейтін тараудың баянына қайта оралайық... * * * ...Қарындасы Айнұрды әлде бір сотанақ зорлап, абыройын төккен сәттен Омарғазыға тыным болмаған. «Кім? Кім?» деумен белінен айбал­ тасын тастамай, тау мен қиыр-шиырды тінткілеумен күні-түні жосыл­ ған. «Сен білесің, қасында болдың, айт! О кім?!» – деп жас келін­шегі Салиханы сабап, өлтіре жаздаса дағы, тісінен дәнеме шығармай ол келіншек сірескен. «Білем, айтпаймын!» – деді бір шамада. «Құл екенін, бір байдың жылқышысы екенін айтып қойса, сонда сүйекке таңба. Үрім-бұтаққа айып емес пе?» – деп өзін-өзі әбден қайрағаны сонша, құпиясын ашпауға барынша бекінген. Ал өздері бір түнде дүние-мүлкін түйеге, шинеге тиеп, қашып кеткен. Бір үйір жылқыны да алдарына сала. Көмектескен Тоқсейіт қой, кіші қайнысы. Онсыз үш әйелзаты не бітіре қойсын-ау... Сол екі арада қажылыққа кеткен Елшібек бай да алты айшылық қиын да қатерлі жолдан оралмасын дегін. Бұл кезде «Ақкемпір» атанған Сұлуқас, Айнұр мен Омарғазының анасы, – Елшібектің тоқалы, жылайжылай көзі суалып, шала соқыр болған-ды. Шалының шау тартып, ұрты үңірейе жадап-жүдегенін көргесін, аман-есен оралғанын көңіліне тоқ санай, ал бірақ қыз жайында әзірге тіс жармаған. Ауыл ақсақалдарын шақырып, құдайылық жасап, мал таратып, Елшібек қажы өзі салдырған мешітте құран аудартып, Алласының алдындағы «шүкірлік» пары­ зын өтеумен едәуір уақыт та алдырған. Елшіекең сүйікті қызының көріне қоймағанына, «Аталап» мойнына асыла еркелік көрсетпегеніне таңырқай, әрі сезіктене Сұлуқастан: – Айнұржан көрінбейді ғой, дімкәстанып қалғаннан сау ма? – десе де, «дімкәстанған күнде де келіп, сәлемдесер халі болуға тиіс қой жалғыз қызының, көзінің ағы мен қарашығының...» – осы күдігі мен қаупі қатарласа шаршаған жүректі сыздатқан. – Е, ол қыз ба, жүр ғой... – Жүргені қалай, қайда? Отауы да жоқ, қашырып, менсіз ұзатқаннан саумысыңдар, өздерің! – Елшібек қалың қастары тікірейе, Сұлуқасқа сұстана қарағанда, жерге тығып жіберердей еді.

– Е, жоға, не көрініпті. – Сұлуқас наздана қарап, шалының көңілін орнықтыруға тырысқан. Сағынысып, түн бойына аймаласатын сонау бір ыстық күндер бүгінде екеуінің де көз алдарынан бұл-бұл ұшқандай... – Жарайды. Ине емес қой ұшты-күйлі жоғалып кететін. Келер. – Жа­ тар орынға ыңғайлана, тоқалына: «Келсеңші...» деген үздіге. * * * Түн ауа қалың қарды омбылай Мәтиештің Газигі бір мекен-жайға жеткізген. «Бұл қай селен, танитындарың бар ма?» – деп артқы орында, жүк, жәшік, тағы басқа жолға ала шыққан буыншақ-түйіншек ортасында омалып отырған Нұрәліге бұрылды. Ол қалғып кеткен-ді. – Не дейсіз? – Түсіне қоймаған халде. Екінші қайтара сұрағанда ба­ рып: – «Таушелек» қой, біздің ауылға әлі жиырма шақырымдай... – Танитының бар ма, ат басын бұрсақ, жақтырса, қона кетіп, жақтырмаса... – Әбден қалжырағаны соншалық, Мәтиешті ұйқы қы­сып, тас қып ұстаған рульге басын әлсін-әлсін соғып алатын. Жүніс те қал­ ғып, танауымен ол да алдындағы қорапшаны сүзе «сүрінетіндей»... – Інішегім тұратын, онда көлігіңді оңға бұр, ең шеткі көк шатырлы жатаған там. – Көк шатырын ит көрсін, мынау таңғы түнекте... – Алдында қызыл дәу машина тұрса... – Ол не, жеке көлігі ме? – Пожарный. Інішек соны айдайды, өрт шыққан жерге хабар жетісімен шыңғырта заулайды. – Құдайдың бергені! Бізге жол ашатын тап сондай доңғалақтары ірі көлік керек те. – Көнсе... – Бұл Нұрәлі мегзеген жайға жетті. Абырой болғанда қызыл машина өңкиіп тұр екен. Бұлар сигналды бассын! Құлағы түрік жас жігіт ішкі киімшең сыртқа жүгіріп шығысымен: – Қайда өрт? Қайда... – Өрт емес, біз... – А-а, сіздер қайдан жүрсіздер? – Көздері бақырая, қол ұсынған Нұрәліге қадала: – Бұ кісілер кім? – деген Мәтиешке сәл бас изей. Сол екі арада Жүніс те қолбаңдай көліктен түсе: – Танып тұрған боларсың, мен Жүніс Досымбековпын ғой, бала ау­ ырып амалсыз түнделете жолға шықтық, бетіміз – «Қызыләскер». Сен бала, есімің?.. – Таңатар, о, есенсіз бе, Жүніс аға? – Жігіт онымен қос қолдай амандаса: – Үйге кір дейін десем... үйдегілер қалың ұйқыда, ал, шаруа­ ларыңызды айтыңыздар. Не көмек?

– Алдымен бізді үйіңе ендір, шай-пай керек емес, қисая кететін жер болса. Қатты қалжырап тұрмыз, – Нұрәлі салмақ сала сөйледі. Таңатар көздерін жыпылықтата: «Апырмай ә, қалай болар екен...» деу­ мен әлі қипақтай: – Ал, онда, кіре беріңіздер, анам да оянған сықылды, келіншегімнің аяғы ауыр еді... Мәтиеш «мұнсыз жай болмас» дегендей, жәшіктен екі бөтелке ақтан ала жігітке ұсына: – «Қарағым, өзің соңыра таныстарыңмен... Бізге түктің керегі жоқ, тек, сәл көз шырымын алсақ, содан соң «пожарныйыңмен» жол ашып, бізді «Қызыләскерге» жеткізгін, мақұл ма? Жолақың және бөлек... – Жақсы, әне, анам да көрінді. – Апа, мына кісілер – қонақтар, шай қойыңыз, – деп бері ыңғайланған күй танытты. Маңдайы тар, кестелі жақ кимешектен бет-аузы бір уыс көрінген қария: – Қайдағы қонақ, қайдағы шай, – деді тегі жақтырмай. – О-о, бәйбіше, тарылмаңыз, біз сіздерге салмақ салмаймыз, түнеп шықсақ болды, амансыз ба, Әйімбүбі? – деген Жүністің жұмсақ үніне құлақ түре: – Ойбай-ау, сен Жүніспісің? Манадан айтпай, ал үйге кіріңдер, – деп өз аты аталғанға әжептеуір жайыла қалған кемпірдің ақыры жылы шы­ рай танытпасқа амалы қалмағандай: – Қайдан жүрсіңдер түнделетіп, ә? Құнан қойды көре: – Қойшының адал малы ғой, – дегендей, емекесіткен күй танытты. – Ә, бұл – құдайылыққа, со жақта балаға... – Ұйқы қысқан басы есіней, үйдің бір бұрышына аунай кеткен. Тап-тар бөлмеде аяқ басар орын жоқ, сұлай-сұлай балалар, солардың бір жағына қисая Мәтиеш те орын тепкен. Таң қылаң бере: – Қалай, келістік пе? – Нұрәлі Балымша берген еттен малжаңдай асап, екі ұртын толтыра: – Әзірміз, ал әзірге, бой жылытып дегендей, – деді Таңатар бір ақтың аузын аша, стақандарға құйғылай. – Бұл жақта қызыл жағалы жоқ шығар... – Емге табылмайды. – Жүніске шейін жұтқызып, жолға шыққан. Қия жол, омбы қар белуардан, өрт сөндіргіш жол аша ыңырана алға түсе, соның ізімен Мәтиештің Газигі де ілби қозғала «Қызыләскерге» түс ауа жолаушылар жетті-ау! Қопарыла шыққандардың алды – Мінуар, әкесін құшақтай ал еңкілдей еңіресін. Жүніс те көз жасын саулай: «Құлыным! Аман екенсің, тәуба!» – дей ұлын құшағынан босатпай, құшырлана маңдайынан иіскелеген. – Бізге де қалдыр, ағасы, сағынған жалғыз сіз емес қой, – Мәтиеш те інісін ту сыртынан құшақтай егілген. – Ал ағайындар, жылап-сықтау соңыра, үйге еніңдер, апам күтіп отыр, сәлемдесіңдер! – Нұрәлі малды қораға енгізе шөп тастап, су қойды. Қапты, зат-матты, жәшікті ауызғы үйге енгізе бастаған. «Мына құнан қойды сою – обал-ақ, бізде кішірек не бар?» – деумен біраз шаруаны

оңалтып тастаған. Үйге кірсе, келіншегі шай қамдап, Жүніс Салиханың қарсы алдында, ал қария оның бет-аузын сипалай: – Сипатың біздің тұқымға ұқсамайды, сен кімсің, қарағым? – Онша да алысың емеспін, әжей, бара-жата естірсіз. – Балаңа бола келдің, әйтпесе, жақын жегжат болсаң қыстақтағы бізді бір іздеп ат ізін салар ең-ау! – Міне, келдік, әжесі, асықпа, әңгіме алда, – Жүніс те дастарханға жақындай сүтсіз қызыл шайға бас қойған. – Сиырымыз қысыр, сойып аламыз ба деп отырмыз. – Ештеме етпес, шөлге қайта сүтсіз шай жақсы, – Жүніс баласының көздері шүңірейіп, маңдайына сусып түсе беретін қоңыр шаштарының арасынан күміс талдарды көре: «Е, балам, қажыпсың, үйге алып барып биылғы сойылған соғымнан сорпалатпаса болмас...». – Әке, хатта жазып ем ғой, ізіме түсушілер «Қонаевтың құйыршығынан» ұзаққа көз жазбас-ты. Мен осында бола тұрамын... – Олай болса, – деген Нұрәлі Жүніске иек қаға: – Ақылдасайық, жүріңіз, – деп тысқа алып кеткен. – Сиырды соялық, құдайы ас беруге молынан жетер, – деді. Мінуар да олардың соңынан шыға: – Әке, айтпақшы, үлкен жаңалық – Елшібек атамыз, Сұлуқас әжеміз және Айнұр шешеміз жерленген қорым бар екен, іздегеніміз – осында!» – Үні саңқылдай, көптен қуанбаған жүзіне қызыл реңк орнай қалғанын өзі де аңғара қоймаған. – Қойшы? О, ақсарбас, көктен іздегеніміз жерден табылғаны ма? Ен­ деше, не тұрыс, барып зиярат етелік! – Ас ішіп барыңыздар, әжептеуір қашықта, көлікпен бару керек. – Менің көлігім даяр, – Мәтиеш те ұртын сүрткілей құлшына Газигіне барып, о жер, бұ жерін шұқылай бастаған. Ешкімнің етке қарауға дәті жете қояр емес-ті... * * * Ахрамнан – Қажылықтан оралғалы Елшібек көңілі орныға қоймаған: есіл-дерті жалғыз қызы – Айнұр. Жөн айтар дегеннен сұрастыра қанықты жауабын таппағасын, бәйбішесі – Бижігітке аттанған. Барып, қона жату парызы, Омарғазыны ерте, ертерек атқа қонды. – Сен неге менен қашқақтайсың, келдің, сәлем бердің, ал бірақ әкеңнің жанында байыз тауып отыра алмадың, мұның сыры неде? – Зіркілдегенде, көптен мініс көрмеген кер жорғасы атырына алға шыға бүлкілге басқан. Омарғазы сәл шегіне атының тізгінін тарта: – Ата, саябырлаңыз, мен бәрін түсіндірем, – деді үні құмыға, бейпілауыз Бижігіт бәрібір жеткізер деген қауыппен. Ол кісі қартайса да, лақпа сөзден қалмаған әлі. Елшібек те бастырмалата: «Ал, айт!» – деп ақырды.

* * * ...Шинеге тиелген жүк аударылып, не істерлерін біле алмай аңтарылып тұрғанда алыстан шаңдатқан аттылы көрінді. Жақындай: – Қол күші керек емес пе, сұлулар? – деді. Тістері ақсия күлгенде қазанның түп күйесіндей кейпінен ерекше жанашырлық шұғыла төккендей. Ұмсындық шаңқ ете: – Көлденең көк атты, сенен көмек сұраған кім бар? Жолыңнан қалмағын. – Сен сұрша қыз, садағыңды сол жағыңа таққаның не, солақай болмасаң ет-ті. Қалқам, Сіз не дейсіз? – деп тұнжырай қалған Айнұрға жүзін бұрды. Ол тығыла, тұнжыр көздеріне жас қамала: «Не азап, жай­ лы мекен, пірлі отты тастап қашатындай... Тұнығымды лайлаған жа­ уыз, мені айдын-күннің аманында абыройымнан айырып, ата-анама, жұртыма қара бет қылатындай не жазып ем саған...» – деумен: «Атам да оралған шығар, қайда деп қамығумен отыр да. Анам не айтар...». Осынау гөй-гөймен бейтаныстың сұрағына жауап қатпаған. Ол да қыз жауабын күтпестен атынан қарғып түсе шашылып жатқан жүкті екі аттың төрт жағына байлаған сырғаулыға тией бастаған. – Шынында, сіз кімсіз? – Айнұр айна көздері жалт ете оған тіктей қараған. Жас жігіттің жүрегі атқақтай: «Міне, міне, сенің осы қарасың ғой маған ең керегі... Ырқыңнан тыс абыройыңды төгіп, зорлық көрсетсем, Құдай қылығымды кешсін. Сыртыңнан қызығушы ем...». – Мұнда бастау бар екен, мен нарды суарайын, – деп жер шолып кет­ кен Салиха орала, жігітке көзін сүзе қарап: – Әй, антұрған, неде болса, сенсің? Танымайды ғой дейсің бе, түн түнегінде қызды бас сала, сүйрелеп, оған көмекке келген мені ана­ дай ұшырған, ә? Қарабет, неғып қыр соңымыздан қалмай келесің, көлеңкеңді мана-ақ байқағамын, жоғал?! – деп даусы саңқ еткенде тау қолатында жаңғырықтай естіле, әр қияны қуалай барып тынған. – А, а, не дейсің, жеңеше... – Айнұр талықси шинеге сүйене отырып қалды. «Аттарды босат, сүйреп әкетер!» – Ұмсындық жебеге қол соза, оны нысанаға ала бергенде: – Тоқтат, оны жайратқанда не табамыз, біз осында қаламыз, жүкті түсіре беріңдер, – деді Айнұр есін жия. Жігіт кер төбел жорғасын үстіүстіне қамшылай шаба жөнеген. «Е, қыз ағасы – Омарғазының алдын кес-кестеп сендерді бір қорғасам, ауған жүктеріңді тиесіп екі қолқабыс етсем, сендерге жағар емеспін. Қалсын, айдалада, мен жылқыма оралайын, байдың малын шығынға ұшыратсам, о жердегі күнім одан әрмен қараң болар...». Бұл – Бала батыр, азан айтып қойылған аты – Айсолтан еді.

* * * Мәтиештің Газигі теп-тегіс айдындай қарда еркін зырлауда. Артқы орындықта отырған екеудің ауыздары тиылар емес, ал қатар отырған Мінуар ағасына қиықша көздерін аудара: – Неменеге жымыңдап келесің, әлде жасырған сырың бар ма менен? – деген, әлдебір сезім балқытар сәтке көңілін емексіте. – Бар, – деген Мәтиеш қойнынан сәби суретін суыра, ұсына: – Қарашы, бұ кім? – Аю-ойыншығын құшақтай барынша мәз сәби бейнесіне қадала жігіт: – Расында, сенің балаң ба? Ол ендігі жүре де бастаған болар, ал мынау... – Сенің балаң! – Қалай айтып қалғанын өзі де байқамай қалып, өңі қызарып салған. – Сыртындағы жазуын оқы! «Нұрұлан Мінуарұлы. Ағасы – Мәтиешке...». «Қойшы, ағасы, әзілің шығар...». «Неге әзіл, Мінуарұлы деп бақырайып тұрғанда». Енді қызару кезегі Мінуарға келгендей, жүзі өртенді. – Ал сонда... жеті-сегіз айлық. Естігем, бірақ сене де қоймап ем... Құтты болсын! – Сені құттықтау керек, бауырым! Өмірге төртінші балаң кеп жатса. Құттықтамай... – Ал өзі қайда? – Шынаргүл ме? Өткенде, түрмеде саған атын атағанда «ол кім?» демедің бе? Шынымен ұмытып қалғанбысың? – Оның аты түгілі, ойнаған рөлдерімді де есіме түсіре алмадым. Жа­ дымнан жаңылып, соққыға жыққалы... Ол ол ма, түсініксіз тілде сөйлеп кететін болғамын. Шекспирдің Гамлетінің монологін айтып... – Бек ғажап! Сену, не сенбеу! – Иә. Емдеуші дәрігердің айтуынша сол жақ ми шеңберіне зақым түскенде ми құрылысында өзгеріс болып, «жұмысынан» жаңылады екен, не жынды боп, не, басқаша тілде сөйлеп, не болмаса – жады-есінен құдды өшірілген үнтаспадай бәрі мүлдем жоғалып кететін көрінеді. – Астапыралла! Қазір қалайсың? Зәремді ұшырмашы, інішек! – Қазақ айтады: «Қорыққан да бір, қуанған да бір» деп. Қасқыр қамап, жан-жағымнан ұлып, көздері жасыл оттай таң қараңғысында қармауға алған сәтте қорыққанымнан зар еңіредім ғой... – Иә, содан? – Содан есіме бәр-бәрі қайта түсіп, әредік рөлдерімнің текстері жа­ дыма оралатын болған. Ал Шынаргүл... – Сөйтті де әндете: Ақ тотыдай еркеш-ай, Мінезіңнің еркесі-ай! Жарқын жүзді жан сәулем, Сағындырмай ай-ай, келші, кел-кел-ай... – Үні саңқылдай, ақ тымық даланы дір еткізді. Арттағылар елеңдей, қызу әңгімелерін тоқтата: – Музыкаңа қостың ба? – деді Нұрәлі: – Күйлер бар ма? – Иә, қостым, – деп Мәтиеш інісіне көзін қысты.

– Міне, жеттік, – деген соң Мәтиеш көлігін тоқтатты. Бәрі жерге түсе, қоршаулы қорымға таянған. Қарасы шағын, әр-әр жерде төмпешік. Кейбірінің айналасына төртқұлақ там орнатылған. Жүністің жүзіндегі әлгінде ғана ұлының әнінен соң пайда бола қалған мәмірежай сезім лез­ де ғайып, сұрланып салған. – Анау, бір жағы құлап жатқан кесенеде – Елшібек бабамыз, қасындағы шағын мазарда – Сұлуқас әжеміз, ал ана төмпешікте – Тоқсейіт атамыз жатқан көрінеді. Қалғандарын білмеймін. Әредік келіп құранымды бағыштайтынмын, тие берсін деп... – Нұрәлі отыра қап аятын зулатты. Беттерін сипап, орындарынан тұра бергенде Мінуар құлағына ызың жеткен. Құдды сым бағаналардағыдай. Жан-жағына қарады алаңдай. Ешкім көрінбеген. Осымен екінші рет: Жазда Досым­ бек атасының басына барғанда, міне, бүгін. Таңырқай: – Әке, естідіңіз бе, бабам аян берді, бірақ түсініксіз... – Ешнәрсе естігеміз жоқ, сірә, ниет-шүкірлігімізді қабыл алған бо­ лар. Жандары жәннәтта болсын, құран сәулесі мүрделеріне түссін, пыс­ сымылда, рақман рақым... – Жүніс бетін тағы сипап: – Кесененің бір жағы құлаған, жаңғырту керек екен, кімдер тұрғызған? – Әжеміз Айнұр мен атамыз Айсолтан. Бізде де жаңғырту ой болған, осындағы молдалар рұқсат етпеді: моланы қозғауға болмайды деп... – Әгәракім, етегі жерге тимейтіндей қып орнатса ше?.. – Онысын қайдам, – Нұрәлі қайтайық дегендей, ел жиналған болар дегенді алға тарта қозғалу керектігін білдіргенде, Мінуар: – Әке, қаражаттан не бар, мен үшін шапқылаумен бәрін тауыстың, сөзсіз. Қалайда ұлы бабамыздың басына кесене тұрғызуымыз керек! Биік қып... * * * Елшіекең қатуланған қалыпта Омарғазыға: «Айт? Кім? Қайда?» де­ генде, тау шыршалары бір-біріне сыбырлағандай: «Біз куә, біз куә!» дескендей ине жапырақтарын зорланған қыз көз жасындай төгіп-төгіп салған. Омарғазы сасқалақтай: – Түртінектеп нешеме күн іздеу салудамын, ізіне түстім, бірақ қашып кеткен. – О кім екен? – Ол – жылқышы, жас жігіт, естіп пе едіңіз, баяғыда Бала батыр атанған, бізге тісін қайрап жүреді екен. – Алты аласым, бес бересім жоқ, оған не істеппіз? – Білмеймін, қолыма түсірсем, екі аяғын екі бақанға байлап, «міне, қыз зорлаған!» деп көрсетер ем... бәтшағардың. – Мұныңмен жұртқа дабыра қылмақпысың? Біреу біліп, біреу білмеген тұста, өз қарындасыңның жайын жұртқа жария етіп.

– Енді не істеу керек... – Омарғазы сұр көздерін жыпылықтатып, әкесіне қараған. «Лажы, қашқан қыздарды табу, қайда жоғалады, кім оларға қол ұшын берген?». Бір жолы «Беріктаста» бекінген болар деп, қосынымен жете бергенде, тұтқиылдан тап бола кеткен қарақшы бұлардың тас-талқанын шы­ғарған. Шоқпарын оңды-солды сілтей, қаперсіз келе жатқандарды қапы­лыста жайрата жаздаған. Бір жігіті өлімші, өзі оған сойыл сілтегенде, екпінімен атынан аударылған. Сойыл ұшы ана сойқанның кеудесін теспесе дағы, еңсесін қайтарғаны сондай, жалт бере ылдиға құлдырай жө­нел­ген. Кері қайтпасқа амалдары қалмай, бұлар «Беріктасқа» жете алмай ақыры қуғындауды тоқтата тұрған. Бұл екі арада Елшіекең де сапардан оралып, ел-жұртымен, жұрағатымен қауышып, қажы атанғанына мерейі тасып, қызының көзге түсе қоймағанын ерсі санай қоймап еді. * * * Сойылған дөнежіннің жарты етін шикілей жұртқа таратып, жарты­ сына қазан көтеріп, көрші-қолаңға дастархан жайып, ас бергесін бұлар да қайтуға оқталған-ды. Мәтиеш: «Мен бұдан былай келе алмаспын, жұмысқа тұратын ойым бар, өйтпесем, қатын-баламды қайтып асырай­ мын», – десе, Жүніс: «Мал төлдейді, сақпаншылықта салпаңдап күндіз ұйқы, түнде күлкіден қалармыз, балам, сен мұнда не істейсің?..» деп Мінуарды өздерімен бірге ала кетпекке ой салған. – Барар ем, анамды, балаларды, Қалимашты сағындым. Амал қан­ша, із жасыруға тура келер... – Мінуардың мұнысы осы арада қала тұрар­мын дегені де. Мәтиеш: «Ол болмайды, біз келе алмаймыз. Жүр, бір ама­лын табармыз». – Ақыры көндірген. Сонымен түс ауа аттанған. Салиха, соқыр көзден жас шықпайды десе де, бет-жүзін тарам-тарам ылғал айғыздап: «Мені ала кетіңдерші, қарақтарым. Жалағашта туыстар­ дан кім бар, кім жоқ, барып білейін... Топырақ туған жерден бұйырсын, балаларым, маған рұхсат етіңдер» – дегенде, бәрі аңтарылған. Нұрәлі: «Апа-ау, төріңнен көрің жақын қалғанда енді не бар ел кезіп? Бізді кімге тастап кетпекшісіз?» – десе де кейуана: – Болды! Дап-дардай басыңмен «бізді қайда тастап кетесің?» деуің не? Алысқа бара жатқаным жоқ, келесің, Кегенге аяғың жетсе, Жалағаш ар жағында, тиіп тұр. Тап қазір өле қалатын мен бе? Қой әрі, кетем дедім, кетем. Әй, Жүніс, сені арқаланып қолқа салдым. Алып кет, меселімді қайтармағын.... Қарияны қымтап-шымтап алдыға, әкелі-балалы артқы орынға жайғасып, қиядан төмен құлдилай, қасқа жолға шыққандарынша-ақ қас қарая, қыс түні лезде-ақ айналаны мұнартып тастаған. – Әке, осы мен де қариямен Жалағашқа барсам, туыстар табылса, тұра тұрсам, қалай қарайсыз? – Үйге баралық, анаң зарығып отыр ғой, кенжең Айгүл де. Бара көрерміз. – Жүніске онша ұнай қоймаған Мінуар ойы.

Ол болса: «Кім білсін, шеткері бұйығы ауылға қуғыншы жете қоймасты. Бәлкім, Шынаргүлді сонда кездестірермін, ұлымды да... – Тәтті қиялына бөге, іштей әндетіп отыр еді, Жүніс: – Айтпақшы, Елшіекең қыстауы әлі аман тұр дегенді естігем. Қалған жұрт-жұрағатының бірі болмаса, бірі тұрып жатқан болар. Қария сонда тұра тұрар... – деп тың ойын жеткізгенде, Мәтиеш: – Бек жақсы! Манадан миым мың, ойым сан болып отыр еді. – Сен бізді, яғни, қарияны, мені алып барасың ба? – Көлігімнің әр тетігі шашылып түскенше сені өнебойы алып жүруге бекіндім. Екі қолға – бір жұмыс, табылар... – Екеуі де қарқылдай күлген. Көптен бері бұлай шаттанбаған еді бұлар. – Жигули бар емес пе, әгәракім, Газигің ескірсе, саған соны мінгізейін, бар істеген жақсылығың үшін де... – Әке, дұрыс шешім. Ағаның жақсылығы – өлшеусіз. Мінсін! – Әйтеуір мойнымыздан бір жүк түсті. Ендігі қам – бабамыздың ба­ сын көтеру, маңдайын жарқыратып күмбез орнату, солай емес пе, бала­ ларым! – Жүністің жігерлі сөзінен мүлгуде отырған Мінуар: – «Дұрыс, әке, тек қаражат табуымыз тиіс қой, мен жұмыссызбын. Болғанда да те­ атрдан тапқаным – жұқанама жұғын болмас...». Баласының мұңайғанына күйзелген Жүніс: – Қамықпа, бас аман болса мал табылар. Ал мал тұрғанда – қаражатсыз қалмаспыз, бәрін уақыт көрсетер... – Ол Елшіекеңнің қыстауында қазір кімдер тұрады екен?! Қалғып кеткен Салиха саңқ ете: – «Кім болушы еді, тұқым-жұра­ ғатынан тараған ұрпақтарының бірі болмаса, бірі тұрады да... Кеңес үкіметі Елшібек тұқым-тұяғының түбіне жеткенмен де, қалған шығар-ау шөбере-шөпшектерінен... – Қария сөзі әркімге әрқалай ой салған... * * * Осыдан тұп-тура жетпіс жыл бұрын Жалағашта қырғын оқиға өткен. «Жаңа заман келеді» дегенді Елшібектің құлағы еміс-еміс шалатын, ал тап мынадай жер аударылып түскендей «жаңа заманды» көргені осы. Әуелі бәлшебек дегендер келді: мылтық асынған, жергілікті жұртты басынған. Уағыздары: – Байлардың малын, байлығын кедей-кепшікке бөліп береміз, теңдік заман – кедейлердікі! Қандарыңды қандаладай сорып, титықтатқан, құл-күңі болып өмірлеріңді өксіткен шіріген байларды жер аудартып, итжеккенге жібертеміз, ендігі билік тізгіні – сендерде! – Қой, не тантып тұр? Біздің байымыз да, нарымыз да – Елшібек қажы. Ол өмірінде бір кедейге зорлық-зомбылық көрсеткен емес, еткен еңбегіне орай пұлын беріп, есігіне малын байлап, өзіне қараған жұрты­ на қашаннан әділ де тура билеуші болған иманжүзді адам. Неге босқа қаралайық...

– Е, сен, Құсманғали оның жандайшабы едің, сондықтан жақтап тұрсың ғой... – Айт, қай-қайсыңа тізесін батырып еді? – Әрұдай гәп, өсек-аяң ел арасына тарап кеткен: бірі – байды жақтайтын, бірі – байды қара­лап, мал-жанын талан-таражға салу керек дегендерді айтатын. Осының бәрін естіп қана қоймай, көзі көрген Елшібектің ұн-жұрғасы түсті: «Халқыма сонша не істедім? Ала-бөле жарып па ем бірін де. Не­ шеме жыл бойына әкем Тоқтардан қалған малдың тұқымын асылдан­ дырып, көбейтіп, өсімінен түскенді осыларға таратып тұрмап па едім...». – Қанша жылқы-қойыңыз? Қанша тыққан алтыныңыз бар, бәрін тәркіге салып, кедей-кепшікке бөліп үлестіреміз. – Бұл қасына өзінің малшысы – Жармағанбетті сүмеңдетіп ертіп алған сұр шинельді, шо­шақ телпекті жалаңдаған бәлшебек. Нешеме жыл есігінде, ас-суын, малын да бай қазынасынан ажыратып жүрген жалшының бүгін жұлдызы жанды, «таңы атты», желпілдетіп «теңдік сендердікі!» дегенге есіріп ес тап­пай тұрғаны, бәтшағардың. – Қарақтарым, малымның санын білмеймін, білуге тиісті де емес­пін. Балаларым біледі. Ал тыққан алтын деген не сандырақ?.. – Есебін білмесеңіз, қисапсыз мол болғаны да. Кедей-кеп­шікті қа­ нап, қанын сорып жиған есепсіз малыңыз ғой бұл, ендігі әрі оларға билі­ гіңіз жоқ, олар – халықтыкі, Кеңес өкіметінің жарлығы осы! * * * Көз алдында асыл да, түгі күнмен шағылысқан небір сәйгүліктер мылтық дүмінің астында айдалып бара жатқанын көргенде Елшібек­тің қаны қайнаған, тісін шақырлатып: – Бұларды қайда апара жатсыңдар, тым құрыса жөнін айтсаң­дар­шы? – деп: «Әттең, тарылған дүние-ай», – қаншама тұқымы мен тегін асыл­ дандырып, мыңғыртып баққан малының енді қорғасын оқтың құрбаны болатынына жүйке-жүйкесі босай іштей егілген, сақалы­нан көз жасы саулай. «Қызыл әскерге ат керек!» деген жауапты есті­ген­сін, қа­бырғасы қанша қайысса дағы сыр бермеуге тырысқан. «Малым – жаным­ның садақасы, жаным – бала-шағам, үрім-бұтақ садақасы!..». – Үні саңқ ет­ кенде тау жаңғырықтырған. Әкесі сабырға жүгініп, байыз тапқанмен, баласы – Омарғазы жай таппаған. Қол жинап, тұяқтары жердің қыртысын жарғандай жарамды жылқыларын қайтсе де қайтару амалында соңынан ерген. Мың қаралы жылқылар дүбірінен жер солқылдайды. Шаң аспанды қабады. Осыны пайдаланған Омарғазы тобы еңіспен қапталдай шауып отырған. Ай­ дауылдар қарасы жеті-сегіз. Өздері он-он бес, үшке бөлінді, бір тобы малдың алдын кес-кестей тоқтаса, екінші тобы тұтқиылдан тап бере, шошақ телпектілерді шоқпар, сойылдың астына алады. Осылай етті де: Бір тобы ат-матымен омақаса құлағандардың мылтығын олжалай

қалың нуға қойып кетті. Омарғазы ошарыла тоқтап қалған жылқыларды серіктерімен кері қайтара тау қиялай жалт берген. Қаруларынан айры­ лып, жер қапқандардың кері қайтуға жүректері дауаламай, сау аттардың шаужайына жабыса бет-албаты лаға берген. Бәле бәлені шақыра ма, жергілікті совдеп өкілдері мәжіліс құрып, халықты кеңес өкіметінің күн тәртібіндегі жұмыстарын іске асыру мақсатында артель құруға үгіттеп жатқан кезінде мына тосын оқиға жоспарларын бұзған-ды. Бұлардың да қаны қарая: – Қарақшының әкесінің көзін жою, – керек деген. Бұл хабарды алдымен жеткізген баласы – Тоқсейіт. – Әке, қашпасақ болмас, арбаны әзірлеп қойдым, мініскер аттар­ды «Беріктасқа» апарып қамадым, жинала беріңіздер, Сұлуқас апам, өзіңіз және мен. – Апырмау, Бижігітті, балаларын қайтемін? Оларды тастап, қалайын­ ша кетпекпіз? Қайта, Нұрила мен Кенжеболатты Алматыға, Биғанымға жөнелткенім мұнша оң болар ма... – Құсманғали ағам қайтпады, бәлкім, жолай оларды да ұстамаса... – Атама! Олар аман, көзім жеткен, тек бәйбішем, үлкен ұлым және балаларымен қоса айдап әкетсе, қара жер болмаймын ба, өзім қашып, не абырой таппақшымын, қой балам, сабыр сақтайық, жәй лақап сөз бо­ лар... – Әке, сеніңіз, өкілдердің бірі маған жанашыр, бала күнде тай мініп, талай жарысқан. Аса сақтықпен маған жеткізді: Сізді мешіт­ке қамап өрт қойып, ел алдында әшкерелеу екен мүдделері... – Сұмдық екен бұлары! Омарғазы не бопты, хабар бар ма? – ...қашып, Қытай асыпты дегенді ел гүмпілдетіп жүр ғой. – Аман болсын, қайтейік. – Сақалын жуған тамшылар омырауын жапты. ...Сенімді деген кісісін жіберіп, түн ортасында Бижігітке: «Маған ергін, балаларыңа ескерт, бассауғалап тығыла тұрсын бір таса жерге, қамдан, әйтпесе...». Адуын Бижігіттің жауабы мынау: – Сүйегімді сықырлатып саған ерер хал менде жоқ, кәрі адамға олар не қылсын. Өзің нақсүйеріңмен қаша бергін... Ал балалар ел не көрсе, соны... Қарасы батқыр балаң – Омарғазының әлегі осының бәрі. Тыптыныш бұйығы отырған бейқам жұртқа бүйідей тиетіндей... Егер сол жетпегір қалың жылқыны қайтарам деп өзін де, өзгені де әлекке салмаса. Қош, аман бол, қанша дегенмен де қырық жыл отасқан қосағымсың... * * * Өкілдердің көксегені болмай қалды: бай бір түнде қашып кетіпті. Жай қашпай, тығулы алтынын, асыл мүліктерін, екі үйір текті жылқыларын ала кетіпті тоқалы, баласы, бір-екі малшы-жалшысымен... Бұл хабарға қандары қызбай қайтсын, жан-жаққа шабармандар жіберткен. Бұдан

түк шықпаған. Ақыры тауы төңкерілгендей, өкімет шабармандары қантүнере, кегін қалған жұрағатынан алуға қарманған. Бижігіттен туған тұңғышы – Жансейіттің көзін жоймаққа тор құрған: үйінің айналасы­ на қарауыл қойып, кірген-шыққанның ізін аңдытты. Жансейіт томағатұйық күн кешетін, бағзы кезеңдегі 19 бен 31-дің тізіміне ілініп, солдатқа алынғалы, оның жалпы тіршілікке деген көз қарасы өзгерген. Аман-есен оралғанмен, патшалық саясаттың өздерін «бодан жұрт» деп есептейтін, менсінбей, «киргизи» деп жергілікті қазаққа қыр көрсетіп, қолдарына қару ұстатпай қара жұмысқа салып салпақтатқан астамшылдықтарына бұл төзбеген. Окоп қазып жатқанда үстінен аттай орғып өткен бір орыстың аяғынан ұстай, алып ұрып, өлтіре жаздағанынан соң, оны түрмеге қамап, ұрып-соғып әбден азаптаған еді. Есесін күтіп әйтеуір бір кезі келер деп жүргенде, Кеңес өкіметінің солақай саясатшылары олардан асып түспесе кем соқпаған-ды. Күн көрісі – бар малын айдап әкетіп, үй-ішін құстай түтіп, бар жақсысын тәркілеп алып кетті. Ол аз болғандай, қашқын байдың баласы деп, өзін, қатын-баласын арбаға тиеп көз көрмеске әкетіп бара жатқанда, анасы Бижігіт: «Құлындарым! Қайда апара жатсыңдар шырқыратып жандарымды?.. Тоқтаңдар, ей, қанішерлер...» деп қудай шашын жайып жіберіп, зарлай ұмтыла берген­ де бір оқ сарт ете көкірегіне қадала, жалп құлаған. Қайран Бижігіт, кең дүниені жалпағынан баса асқақтап жүретін өркөкірек те адуын мінез, асыл ана, міне, осылайша көз жұмған... Жансейіт арбадан қарғып түсе, мылтық атқан қызылдың өлерменін өңменінен итеріп сап, оқтаулы мылтығын ала арбаға қарғып шықты: – Ал, қараңдар! Ақ шашты ананы бір оқпен жайрата салу қалай екен: Міне – Анам үшін, міне – Әкем үшін, міне – бауырым Омарғазы үшін... – Ал сатырлатсын, оқтаулы қарудан айнала оқ жаудыра. Қызылдар есі кете тым-тырақай қашқан, өлгені – өлді, өлмегені – жерде тыпырлап жатты. Анасының қасына бара шыңғыра дауыс салған Күлбалаға: – Анамды ақ арулап, кебініне орап, жаназасын шығарып жерлеуді саған тапсырдым, жан-жарым. Қош, қимасым... Балаларыңа ие бол, мен – кеттім.. Тоқтар атамның қасына қойыңдар. – Соңынан андыздай құла түзге есі кете жүгіре еңіреген балаларына: – Тез! Табан тайдырыңдар! Тұрмаңдар, аналарыңа бас-көз болыңдар: Елшібек қажының немерелері бос белбеу болмауы керек... – деді дағы арбаға жегілген өздерінің ауыздықпен алысқан қос арғымағына қамшы басты. Лезде көзден ғайып... Елшібек Тоқсейіт даярлаған өзінің баяғы кең заман, алқыпшалқыған кезінде сапар шегетін қос қанат арбасымен Сұлуқасты, күңі – мылқау қызды, сандыққа салынған қымбат киім-кешек, асыл жүзік, сырға, білезік, тағы басқаларын тиеп, жол азығын молынан ала түн жамыла сырғыған-ды. Ауылдың сыртындағы күздікте отырғасын, анау-мынаудың көзіне түсе де қоймаған. «Батысқа қарай бет алыңыз» деген ортаншы баласының айтқанымен пар аттың тізгінінен қос уы­

стай ұстап, жайымен айдап отырды. Белгіленген арада тыныс ала су­ сын іше, «Беріктасқа» қамаған қылқұйрықтыларын әкелетінін күтті. Таң ақбоз түндігін түре бозамық сәулесін төккен кез. Ұзамай жер тана­ бын дүрсілдеткен аттар дүбірін естіп, түйдек-түйдек шаңды көзі шалды. Қуана: «Е, Тоқсейіт, балам, малды аман жеткіздің, жарайсың!» – деді. Енді ілгері оза, беталбаты жүре беретіндеріне көзі жеткендей: «Тыныста, шешең екеуің сусын ішіп, әлденіңдер» дегенінше Тоқсейіт өкіре атынан құлаған. Сұлуқас та, Елшібек те оған ұмтыла: «Не болды?» – дегенде, есін жия Тоқсейіт қарағай тасасында тұрып көрген сұмдықтарын еңірей жеткізген... Бір қатер боларын жүрегі суылдай алдын-ала сезгенмен, тап бұлай бо­ ларын қаперіне ілмеген-ді. Бижігіттің оққа ұшқанын, Жансейіттің ашы­ на, қызылдардың біразын жайратқанын, ізім-қайым құла дүзге арба­мен босып кеткенін естігенде, Елшібек қажы қаншама қайратты, са­бырлы, ел билеген ұстын кісі болғанмен, діңі шіріген кәрі емендей гүрс құ­лады... Жүрек шіркін шыдамады. Аманатын, өсиетін де айтуға үл­гертпей. Сұлуқас арбада отырған бойда шыңғырып есінен танды, мылқау қыз болмаса аузына су тамызған, ол да сүйіктісінің соңын ала жөнелер ме еді о дүниеге. Әкесінің басын сүйей, шақшия аспанға атыла бақырая қалған көздерін алақанымен сипай жанарын жұмдырған Тоқсейіт не өкіріп жыларын, не кіші шешесінің қасына барып, халін білерге дәрмені қалмай, селк-селк ете отырғанда, дүбірлеп жосылған жылқыларының шыңғырғаны құлағына келе, қараса, екі жалшы оларын құйғыта айдап барады екен. О, сұмдық, «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар...» – заманның келгенін енді ұққандай, олардың соңдарынан ала сойылын сүйрете жүгіре бергенде, екпінімен тасқа соғылып, жам­ басын опырып алған. Сол екі арада басынан зу-зу екі садақтың жебесі су жыланша өте шыққан. Шошып, басын бұға қалды. Екі садақтың бірі барымташының ту сыртына қадала, топалаң астырса, бірі – жалы сүйретілген ту жылқыны сұлатты. «Барымташының көкесі енді келді ғой...» – деген дауысқа сескене басын көтергенде қарсы алдында ыржия күліп, өзі қап-қара, тістері аппақ бозбала тұрды. «Сен кімсің?», «Сен кімсің?». «Елшіекеңнің жылқылары, мен білсем, ана екі жалшысын та­ нитынмын, басына күн туғанда қарашы, қарақшы боп, қажының адал малын айдап кеткендерін...». – Е, сен де жылқышымысың? Олай болса, қайыр әкемнің көзінің қарашығындай баққан малын... – Қайырғанмен болмас, алысқа да ұзамас, мал екеш мал да үйірін аңсайды, таяу жерде олары жайылып жүр... – Е, сен Айнұр әпкем айдап әкеткен жылқыларды айтамысың? – Тоқсейіт жүзі жылып, орнынан тұра берем дегенде, шыңғыра қайта құлады. «Қозғалма», – деді оған Айсолтан. Оның осы маңайды мекендеп қос тігіп, аздаған жылқысын бағып, ана үш әйелді торуылдай, ит-құстан сақтандыра жүрген беті.

– Қазаңның қайырын берсін, әттең, тарлан еді еш өлімге қимайтын. – Осы кезде есін жиған Сұлуқас: – Балаларым, мені сұңқарымның қасына апарыңдаршы, – деді әлсіз. * * * Айнұр аяғы ауырлағанын баста сезе қоймаған. Жүрегі айнып, бетаузын секпіл қаптап, беймәлім күйге түскелі кімнен қалай жөн сұрап білуді де біле алмай аласұрулы. Жеңгесі Салихаға айтсам қайтеді деп бір күні: – Жеңеше, осы мен науқастанып қалсам керек, жүрегім айни береді, жайсыз бір ас іштім бе? – Енді ше, Жалағаштағы балқаймақ пен бағланның етін жеп, тал түске шейін ұйықтап, түс ауа серуендеп сергитін күй қайда қазір? Күз де түсті, малға қамсау, өзімізге ықтын болсын деп қора тұрғызып жатыр­ мыз, жанталаса. Ұмсындық балшықты белуардан кеше шым құйса, мен таудан шинемен тал-бұтақ буып тасимын. Ал сенің де шаруаң аз емес, ас, шай-суан сенің мойныңда. Қайтейік... – Жеңеше, көкемді сағынғаннан саумысың? Көзіңді аштырмай ұрып-соқса да, ыстық құшағын аңсаған екенсің, ә? – Сықылықтай күле Айнұр Салиханы келеке етті. Өзі де іші пысып, зеріге отыр еді, көзіне көрінген жалғыз жан дегеннен жақыны – жеңгесін тәжікеге айналдыр­ маса енді қайтпек. Ұмсындықпен олай әзілдесе алмайтын: еркекшора, дүңк мінез ол қызға ойнақы әзілкеш мінез біте қоймаған ғой. Осы кез­ де Шығыс тұстан арба доңғалағының сықыры мен шұрқырасқан дауыс естілген. Елеңдей, көзіне күн сала бұлар со жаққа тесілген. Әлденеден секем ала, жүрегі зуылдай Салиха жүрелей отыра қалды. Кенет басы ай­ налып, буын-буыны құри құлай берген. Илеп жатқан саздан шығысымен Ұмсындық та жете: – Қыздар, о не, ана сықырлаған ненің даусы? Дәу де болса, арба ғой, о кімдер?.. Аттар да құлай келеді. – Салихаға су тамызшы, не болды оған? Әлгінде ғана саңқылдап отырған емен-жарқын... – Айнұр да елеңдей жолға қадалды, көз жана­ ры өткір оған алдымен жаулық салынған аттылы кейуана мен қаракер тұлпарын қамшылай, «ой, бауырымдай!» ұмтылған тұлғалы ер адам ша­ лынды. «Ойбай, не сұмдық?» – Қыз да шыңғыра қос қанатын жая қарсы жүгірді. Анасы Сұлуқасты таныды, аттылы – Айсолтанды және арбада сұлап жатқан әкесін, оның соңын ала аттылы екеу – Тоқсейіт пен мылқау қызды көргесін бір сұмдықтың болғанын бірден аңғарған. Ұмсындық та оның соңынан жүгіре: – Сабыр еткін, құрбым, тосайық, не болды екен... – Әкем... әкем... Атамнан айырылған екеміз... – Шыңғырып, бұ да есінен танды. Екі ортада не істерін біле алмай, қалт тұрып қалған

Ұмсындыққа аттылы жақындай: – «Қайран арысым, Елшіекеңнен айырылдық...» – дей атынан қарғып түсе, арбаны тоқтатты. Сұлуқасты аттан сүйей түсіргенде, ол қызын көре: – Жарығым-ау, сені де көретін күн бар екен-ау... Мың шүкір! Шалының өлгенін бір сәт естен шығарғандай, талықсыған Айнұрын аймалай, зар қып термелей жөнелгенде: тау қолатындағы тып-тыныш отырған жалғыз үйдің шаңырағын түсірердей ащы дауыстан айнала у да шу болды да кетті. Салиха есін жиғасын енесіне көрісе ол да: «Қайран атакем-ау, қапыда қалайынша айырылдық сенен, арманда кеттіңау, асқар тауым-ау, арысым-ау...» – деді дауыс сала. Қасына ақсаңдай Тоқсейіт кеп, құшаққа ала: «Сабыр ет, жеңеше, қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», – деп термелей жөнелген. Ыстық құшаққа малынған Салиха жүрегі осы сәт суда ойнаған сазандай шоршып, құрғыры есіне әлденені түсіргені... Жебесімен жайратқан семіз жылқыны со бойда-ақ Айсолтан бауыздап жатып: «Е, неде болса, құдіретті иеңнің жаназасына жығылған қасиетті жануарсың, енді қайтейік» – деп арбаның бір жағына Тоқсейіт, мылқау – үшеуі әрең өңгерген-ді. Енді арбадан Ұмсындық екеуі түсіріп, бір жағы ғана қаланған қораға енгізе: «Леген, өткір пышақ, су даярлағын!» – деді қыздың тұла бойына көз жүгірте. Шалбарлана, бешпетін қайысты белбе­ умен бунап, саптама етік киген қалпында оны әйел заты дей қою қиынды. Күш-қажырына таңғала: – Жарайсың, қарындасым, ер-азаматқа бергісіз күшің бар екен, неғып Алла тағала қателескенін... – Ақ тістерін ақсита күле Ұмсындыққа қарағанда ол: – Сандалмай, атқарар ісіңді істей бер, терісін сыдырып, борша­ лай бергін етін, қазысын айналдыру керек, мен жаңағыларды әке­- лейін... – Тұра жүгірген. Қайткенмен, нәзік әйел заты емес пе, жігіттің сүйсіне айтқан сөзіне көңілі марқайған. * * * ...Жерлеуге көрші аймақтардан қара-құрым ел жиналған. Тап осы­ лай боларын ешкім болжай қоймады, «Қажы, өзі батыр Елшібек атты бай көз жұмыпты» деген лақап ауылдан ауылға жеткен, естісімен жұрт жан-жақтан ағылсын. Аттылы-жаяулы, есек арбалы дегендей. Күйі бар­ лар бір-бір тоқты-торымын ала, ал күйі жоқтар дорбаға аз-мәз құртірімшігін сала топырақ салысуға жеткен беттері. Айсолтан қасына жер жағдайын білетін жергілікті қазақтардан нөкер ертіп, еңістегі ежелден орын тепкен орыс селеніне барып, жиырма екі кез ақтық – кебініне, жәшік-жәшік қант-шай, ұн, тағы өзгесін сатып алған. Қанша мал сойыл­ ды, қаншама жыртыс пен сауысқандай сақ отырар ақ сәлделі молдаларға нешеме пітір-садақа таратылды, – есеп жоқ. Ақ кебінге орап, жеті молда

азынап, жаназасын шығарып, құрым жұрт Елшібек мүрдесі қойылатын қорымға шұбырған. Жылай-жылай үні біткен, даусы қарлыққан қызы мен келінін, Сұлуқасты молаға апармаған. Әйел затынан тек Ұмсындық барып, топырақ салысқан. Марқұмның Сандалкөгін тұлдап, құйрық-жалын түйіп, асына шейін бос жіберттірді. * * * Айсолтан бірде оңашалықты пайдалана, Салихаға: – Жеңеше, жас-жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір» деген, осы сіз не ойлайсыз, қайынсіңліңіздің іші томпайыпты, сонда осылай жүре бер­ мек пе, айтпаймысыз, көндірмеймісіз... – деп екіұшты ойға жетелей: – Туатын нәрестеге әке керек емес пе... – деді турасына көше. – Буынсыз жерге пышақ ұрма, мен айтқанмен көне қояр қайынсіңлім бар ма? Іші томпайғанын көргелі анасы Сұлуқас та күрсіне береді. Ме­ нен суыртпақтай сұраған-ды, несін жасырайын, саған мегзегенмін. Сон­ да кіші енем: «Әй, өзі оп-оңды жігіт екен, қайырымдылығын айт, қиын шақта қол ұшын бермегенде, айдалада қалатын ба едік сұңқарымның жамбасын жерге тигізуге де шамамыз келмей... Е, осы дедің бе?..» – деген тамсана, ажары әлі қайта қоймаған жүзіне сұрау ұялата. Және аңғарғаным – саған ықыласы ауған... Сұлуқас та есін жиып, өзіне-өзі келген тұста қызына: – Не ойың бар? Құл болса – құл, қалмақ болса – қалмақ, анасы қазақ, ниеті түзу, қазақтың небір марқасқасына бергісіз, бізге сүйеу де, пана да болатын осындай ер-қаруы бойындағы азамат керек-ақ, қосылайын деген ойың жоқ па, аймаңдайлым-ау, ішіңдегі шаранаға әке керек қой, түптің түбінде: «Апа, менің әкем қайда?» десе, не дейсің... – дегенде Айнұр: – Еш көңілім жоқ, бірақ амалсыз... – деп екіойлылығын білдіре, солқылдай ал жыласын. – Қай қыз мойынсұнып, күйеуіне қосылып еді? – Десе де, өзі Елшібекті сүйіп, тоқал болып өз ырқымен етегінен ұстағанын есіне сағына ала, күрсініп салған-ды. Қанша туласын, Айнұрға көнуге, басын Айсолтанмен қайткенмен де қусыруға тура келген-ді, өйткені, көшіп кеп, айналасына қоныс тебе бастаған қаймана қазақтардың арасында сыбыр-қыбыр өсек тарай ба­ стап: «Пәлен жерде бақыр бар, барсаң – мыс та жоқ» дегендей, атақдаңқы дүркіреген Елшібек қажының жалғыз қызының бұнысы несі... оң жақта отырып бала тапқаны?» – дегенді ауыздан ауызға жеткізбей ме?! Намысшыл қыз шыдамады, оның үстіне Салихаға әзілдеп: «Ыстық құшақты сағынғансың ғой, жеңеше?!» деуі, өз сезімін қытықтағандай бір күйге тап боларын әу баста ойламағандай... «Жеңеше, ол көрінбейді

ғой...», деп тағатсыздық танытқаны бар-ды. «Е, шырайлым, ол боздақ жеке қос тігіп, таудың бір қуысында тұрып жатыр да...». «Ал егер өзім барсам қайтеді, жеңеше, ә?» – деді ойда жоқ, түсте жоқ жерден. – Әйтпесе, кешті қалай батырармын, таңды қалай атырармын... Ерте тұрып, кер төбел тор бестісін ерттеп, Шығысқа бет алды. Таза көрпе-жастық, жамылғы, орамал-сүлгі, қант-шай және ұсақ-түйектерді қоржынға салып, қанжығасына байлаған. Құндыз жағалы ши барқыт шапанының етегі ат сауырына төгіле сән бергендей. Қияда, белін таяна тұрған Айсолтанның қырағы көзі үкілі тақиясы желге ойнап, баяу желіспен келе жатқан қызды бірден таныды. Таны­ ды дағы, еңіске құлдилай, жер тарпыған тарланына қона, қарсы жүрген. Жақындай: «Жол болсын, аймаңдайлы аруым!». «Әлей болсын, Бала ба­ тырым!». «Жолы болар жігіттің жеңгесі...». «Жеңгесіз-ақ өзім келдім, бірақ үзеңгіге сүйене Салиха сыңсып жы­ лап: елде жоқ, жұртта жоқ ырым бастадың, шырайлым. Тек жақсылыққа болғай... «Ер жігітке сәлем айт, қорламасын, ақ некелі жарым деп қабылдасын...» – деген аманатын жеткізіп тұрмын саған», – деді со сәт Айнұр айна көздері жарқ-жұрқ ете. Атқақтай аузына тығылған жүрегін баса алмай Айсолтан қызды аты­ нан түсіре, белінен құшты. Бірақ ала-бөтен қимылға бара алмай, тек мы­ тып бауырына қысқан. Сонда қыз: – Сұлтаным, бетіме бетіңді тақамағын, етіме етіңді тигізбегін... – деп өзгеше бір шарт қойған. Бұл қандай жұмбақ, нендей сыр? Естіген құлақта жазық жоқ. Ал қыз жұмбағы бұл күнге шейін шешілмеген... Айы-күні жеткенше қоста екеуі егіз баладай бал жаласқан ғұмыр кешті. Ерінің тасқа қақтаған тай етін армансыз жеп, жерігі қанды. Күндердің күнінде таң алдында шырқыраған сәби үні тау-тасты жаңғырықтырған. Тас бұлақтың суына шомылдыра, кіндігін өзі кесіп, тай жарғағына ора­ улы балпанақтай баланы көтеріп: «Міне, Ілімжан баһадурдың немересі өмірге келді!..» – дегенде, онсыз мүлгулі тау мен тұнған қарағай-шырша, самырсын иіле бастарын игендей болған бір сәт еді. – Сенің атың Досымбек! Досымбек! – деп құлағына айғайлай, таңғы намазға бас қойғандай және қайталанбас сертті сәт-ті. Ертесіне Айнұр белін мықтап таңып, сәбиін өңгере, ал ері қалған жылқы-қойын өре, қосты жығып, бөктергіге бөліп-бөліп байлап, таяуда ғана «Қызыләскер» атанған ауылға тартты. Сұлуқас ше, жан қалсын ба, өпектей, тұңғыш жиен-немересін бауырына баса: – Әттең, Елшіекең көрмеді-ау! – деді аңырай. Бір қуаныш, бір жұбаныш деген осы да. Араға аз күн сала Салиха да босанып ұл тапқан. Талшыбықтай неменің іші білінбей жүретін. Атын – Тоқтарбек қойған, ұлы аталарының есіміне ұқсастыра. Омарғазының ізі өшпепті десе де... аса қатты қуанған Тоқсейіт болатын...

СӨЗ СОҢЫ... Мінуар Жалағашта көп тұрақтамай, жаз шыға Алматысына келді. Қалимашымен, балаларымен табысып, кең, тап-тұйнақтай таза үйінде керіле жатқаны да сол, телефон қоңырауы шыр-шыр етті. Келіншегі кәкір-шүкір шаруамен айналысып ас үйде, өзі тұтқаны алған. Ар жағынан әлдекім тың тыңдағандай, сырылдаған көкірегі ғана еміс-еміс естілгенмен, үн жоқ. «Әлө, әлө!». Ешкім дыбыс бермеді: Қателескен әлдекім болар деп ойлаған ол аздан соң тағы зырылдаған телефон құлағын көтерсе, тағы үнсіз. «Бұ не ғажап!». Әйелінен сұраса, «осындай «тыңшы» пайда болғанын айтқанда, көздері алақ-жұлақ... – Телефон станциясына хабарластың ба? – деді. – Нешеме рет, бірақ олар да шаршаған, ұстатпайды. – Е, мені аңдығандар, неде болса... – Үрей билеп, қыр соңынан қалмаған жансыздарды жеті атасынан сыбай, тек Сейітмамытпен оңаша бір жерде тілдесті де амалсыз қайыра із жасыруға тура келерін қынжыла айтқан. Сейітмамыт: – Сен кеткесін театрда да сән жоқ, сенсіз қойылатын спектакльдерге ел аяғы сиреді: сен сахнаға шыққаннан-ақ қол соғушы еді ғой зал... – «Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер...» десеңші: шүкір, абыройбедел кете қоймаған екен бастан. Құдай қуантсын сені... – Енді қашан көреміз сені, қайда кетпекшісің? – Барар жер, басар ізім қалмағандай. Жалағашта көп тұрақтай ал­ мадым. Жансейіт деген, Елшібек атамыздың үлкен ұлының немерешөберелері тұрады екен, шүпірлеген бала. Жайым болмады, асты-үстіме түсе күткенмен. Тоқсаннан асқан Салиха әжемізді сонда қалдырдым дағы, Кегенде біраз күн болып, Алматыға келсем... «тыңшыларым» «ә, келдің бе» дегендей, телефон күні-түні тынымсыз. Қайтем, білмеймін... – Мәтиеш ағаммен ақылдасып көрейін десем... – деді Мінуар сәлден соң. – Айтпақшы, ағаң үлкен ерлік жасапты: ана сұмпайыны ұстап әкетті, Қаржауды айтам. – Үнін бәсеңдете: – Документтері сол ағада болатын, тиісті жеріне жіберді-ау деймін. – Тоқмурзин не бопты, хабарың бар ма? Ол адам маған зор жақсылық жасады емес пе? – Білем... екіұдай адам ғой, естуімше түрмеден шығыпты, бірақ шенін сыпырып алған, қазір қаражаяу. Сен не болса да театрда Бене­

фис өткізіп барып кетсеңші. Қасыңда қарауыл боп жүреміз, үйіңе басакөктеп кіре алмас-ты, өйткені, ол жансыздардың да басқан-тұрған іздері аңдулы. Басбұқпантайлап жүрсе де, саған қоқан-лоққысын көрсетуден тайынбаған түрлері бұл. Қорықпа, қашанға барар, апандарына су құйылар түбінде. Сөйткін, Бенефисіңді өткізсек көрушілер сенің бар екендігіңе көз жеткізер, қуанар, әйтпесе неше түрлі лақап... Мінуар ойланып қалған. «Несі бар, өткізсем – өткізем де...». Сахнаны сағынып-ақ қалыпты, киелі орын ғой. Әр қойылымнан, өзі ойнаған, бір-бір кесек үзінді әзірлеген. «Жаралы жауынгер» трагедиясының соңғы актісін түгел ойнауға тура келген-ді. Халық соны көбірек қалап, театрға сұрау салуда болатын ғой. Ән салды, биледі, қысқасы, бар өнерін паш етті. Көрермен залға сыймай, жиегінде түрегеп тұрды десе де. Бенефис – ежелден театр өнерінде қалыптасқан дағды: актер театрмен қоштасарда, немесе, мерейтойы келгенде жасалар салтүлгі. Қаражаты түгелдей Бенефис иесіне берілуге тиіс-ті. Сонымен, үлкен абыройға ие болып, бір жағы – қалтасына мол қаражат түсіп, Мінуарың марқайған. Қарымтасына үйінде дастархан жайып, өнердегі достарын сыйлап, қауқылдасқан әзіл-әңгімелер толассыз ағытыла, көңілдері қайта көктегендей-ді. Шақырылғандардың арасында сөзсіз Бас режиссер және Атабек ағасы да болды. Ол өткен жолы Мінуарды түрмеден шығарып алуға барғанда, аспанда қыста ажағай жарқылдап, содан қорыққанын жыр ғып айтып, жұртты қыран-топан күлкіге бөріктірді. Кассада жатқан ақшаның біразын ала, оған Бенефистен түске­ нін қоса Мінуар қатын-баласын алып «Қызыләскер» қайдасың деген. Қызыл­күрең «Волгасына» отырмағалы да едәуір, рулін сығымдай, іштей әндете зулап барады. Әкесі Жүніс екеуі биыл Елшібек бабасының ма­ зарын жаңартып, жарқыратып көтеріп, ас бермекші. Уағдасында тұрға­ нына Алласына мың шүкірін айта, іштей Пірлеріне сыйына айна­дай жар­қыраған, қанаты кең Құлжа жолмен зырқырай ағызуда. Қасын­дағы ержетіп қалған Айбарына: – Қалайсың ұлым, атаң мен әжеңді сағынған боларсың, олар да сендерді, – дегенінше қызы Айнұр: – Мен де сағындым, қашан жетеміз? – дей қос қолын жая, құсша талпынып қояды. Қалимаш көздері жай­наң ете: «Жазғы каникулды өстіп ауылда өткізейікші жылда», – деді. Иә, бұлар оқу басталысымен қайыра Алматыға қайтады, ал Мінуар, сірә, әзірге сұлу қаламен де, театрмен де қоштаса тұрар... 2007-2009 жылдар.

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ Т үсіме әкем марқұм еніпті. Көкорай шалғынға ақбоз үйлерді тігіп тастап, желілеп бие байлап, мыңғырып отыр екен дейді. Қайдағы байлық? Жалғыз шиті мылтығы – сол байлығы да, малы да. Қоңырқай төрт қанат үйде өмірге мен, інім, екі қарындасым келіппіз. Әңгіме өрісі басқада. Бәлені біреу істейді, жаласына сен қаласың: Бекбосын дейтін жан досым ойламаған жерден бастық болды. Бір әйел, бес баласын асырап, қызметі дүрілдеп жүріп жатқан жайы бар еді. Кенет, иә, кенет... Айдарынана жел есіп, кезекті сайлауда құйысқаны көтеріліп, халық депутаты болып сайланып та кетті. Қуанышымызды білдіре үйіне құттықтай бардық, құр қол барамыз ба, бір тондық дүниесін де бөктергісіне байлағанбыз. Жағдайы жорға мінгендей, жайраңдап, қаумалаған алқалы топтың ортасында отыр. Жайтаң қағып Нұриша жүр: – О, Жәке, жақсы келдің. Ниетің түзу екен, шағын тойдың үстінен түстің! – деп мені ас үйге алып шыға: – Тоңазытқыштың түбі қағылды, ет жоқ, – деді құр қол келмейтінімді тап баса. «Терінің пұшпағын ұстаған адам аштан өле ме?» деп әкем марқұм айтатындай, бір совхоздың мүйізінен ұстаған кісі кемтарлық көрсін бе. Өзің түгіл, өзгені де жарылқап тастамаймысың. – Оу, Нүке, құрдасыңды білесің ғой, ана босағада жатқан қапты ашсаңшы, – дедім. Сол-ақ екен, Нұриша қастарын серпіп тастап, жүгіре басып, қапқа барды да, сыртқы нобайын байқай: – Білген адам дегенді қойсай, Жақа, мынауың бір соғымдық дүние ғой! – деді қуаныштан жарыла. Хикаяттар

Актіге шығарылған жылқының жарты еті болатын онысы. Бір пар­ тада он жылдай шынтақ түйістіре отырған жақын құрбымды, Бекташты айтам, қасаптың етіне қаратып жын қағып па. Ол да жаны қалмай, қолы қалт еткенде телефон қоңырауын қағып: – О, Жәкібас, неғып хабар үздің? Хал қалай? Ауыл-аймақ, ботатайлақ дегендей? – деп тұратын, босқа обалы кәне. (Әлдекімдер құсап, бір кездегі бірер күн дәмдестікті бұлдап, қыр соңына түтін салып, міндетсіп салмақ салатын біздер ме?); бір-бірімізге деген ықылас-тілек қалтқысыз-тын. Әйелдеріміз бен әйелдеріміз сыйласып дегендей. «арадан қыл өтпейтін тату едік» дей ме, осыған емексіген Нұриша менен бар сырын жасырмай: – Өткенде «Салтанат» дүкенінен қаракөл тон көрдім, бағасы бар ғой, Жәке, он екі мың! Сұмдық қой! Ала қояйын деп қызықтым, Бекеңе қыңқылдап: «Жұрттың қатыны баяғыда-ақ үстіне ілген тон маған әлі ар­ ман. Менің қолым қашан жетеді. Бұрын ғой таптырмайтын, ал енді...» Бекең миығынан жымиып күлді де, қызметіне кете барды. Көршіміз Зада, күйеуі үлкен жазушы, ақшаны күреп табады. Өйткені, жылда бір романы шығып жатады. Сол Зада ондай тонның екеуін тоздырды. Бұрынғы бағасы бар-жоғы мың жарым еді ғой. Аяғында қарағайдай фин етігі, жалтырақ жапон шәлісін жамылып, құндыз бөркін киіп, шалының қасында шалқақтай басып бара жатқанда, балконға шығып, көзіммен талай ұзатып салғам. Мен сонда кімнен кеммін?.. – деп, шағынғаннан жалынғаны басым әйел мұңын аңғартады. Қызылға қызыққыш әйелдің пиғылы белгілі. Маған да, өзгеге де бұйрығын жүргізіп үйренген әбден. Қит етсе: «Жәкеңе шап, қонақ шақырдық, бас ұстатпай болмас, сыйлы кісілер, қымыз да ала кел!» деп Бекташтың шопырына әмір етеді. Ол Таубай, бастығы мәжілісте, үлкен үйде, тағы бір жиында ұзақ шегеленгенін пайдалана, он сегіз шақырым, қала бүйіріндегі совхозға салып ұрып келіп тұрады. Жөппелдетуіне тағы бір себеп, ол шопырдың да қатын-баласы бар, келімді-кетімді кісісі бар. Тордағы аюдай теңселе басқан жуан әйелінің бір ақырғанынан-ақ жан таппайды, жазған. Телпектей жұп-жұқа неме елгезек-ақ. Құйындай ұшып келеді, құйындай кетеді, шаңын бір-ақ көрсетеді. Таубай деген атына қарамастан, жел көтерген түңліктей елп-желп етіп жүрген бір жан. Тағы «бастығым бір жесе, мен екі жейін» дегендей ылпылы мен көзінің жылтылы үйлескен, пысықайлығымен үй-жайын да әжептәуір құрап алған бозымның өзі. Әне, үрлеген бүйендей салкүрең – қоңыр «Уазиктің» артқы жағына тықпыштап жатыр. Бір қамбаны түгел көтеріп алып кет десең де, қыңбайтын сыңайда. Ханбүбіге соңыра мақтанбақ: «Бір министрден табысым кем бе? Ойбай-ау, оларың жалақыға қарап қалған, битін сығып, қанын жалаған қу тақыр жандар ғой. Жалтақтап, астындағы тағына табынғандар онша сырт пайдаға тұмсық батыра

қоймас-ты. Мына біздер – нағыз пролетариат, ештеңеден тайынбаймыз. Ештеңемізді жоғалтпаймыз және де...» Бекбосын ат айдаушысының жылпос мінезіне баяғыда-ақ қанық, шығарып жібермекке талай оқталған, Нұриша ғой, Таубайдан айырылса, тауы қисаятындай, без-без. Бүгінде кеңседегі бастықты үйдегі жамағаты билеген заман ғой. «Осы иттің кесірінен күндердің күнінде бір жылымға батамын ғой» дейтін. Батты да. Жо-жоқ, ол емес, батқан менмін. Ішімдікке қырғидай тиген бір кезеңде, Таубай «қонақ келіп қалды» деп біздің азық-түлік дүкеніндегі қоймадан бір жәшік арақ әкеткен еді. Жо­ лай қызыл жағалылар оның әлдебір ноқай жүрісінен секем алып ұстамай ма. Сөйтсе, бір құмырасын былай шыға бере сіміріп салыпты сабазың. Рульде отырғанда ішімдік ішкені (және де қанша мөлшерде!»), сөйтіп жол тәртібін бұзғаны, зат салатын қуыстан құс сүтіндей «Астаналықтың» мөлдіреп шыға келгені тағы бар, «қайдан алдың» деп жаналқымға алмай ма әлгілер. Тайынатын Таубай ма, айтып салады. ОБХСС-тың адам­ дары ашық күнде жауған қардай тап болып, сауда қоймасының астын үстіне шығарады. Ол кезде арақтың өзі түгіл, сервантта саудыраған әсем рюмкелерге дейін тығып тастайтын жұрт. Қорқатын. Ал біздің қоймадан жиырма жәшік арақ, он шақты коньяк, шампан, тағы басқалар табыл­ ды. Менің көзім алақ-жұлақ. «Құрымайтын жерде құртып...» Таубайдың жеті атасынан түк қалдырмасам керек. Қашан енді мені шақыртады деп жүрмін. Бірнеше күн өтті, тым-тырыс. Жүрегім орнына түскендей. «Е, Бекташ жауып тастаған ғой, достың қадірі осындайда. Апыр-ау, ол ит ішкірді мен соған бола қамбаға сықап қоймаушы ма ем? Өзім ондай пәлені аузыма алмаймын. Алса ол ақшасына алады. Біз дағы сатып ал­ дырып, былайғы көлденең көзден жырақтау ұстауға тырысамыз. Онда да Бекташтың келімді-кетімді кісілері үшін, Нұришаның жарлығы солай. Ендеше, неге тектен-тек күйем» деймін. Сөйтсем, Бекбосын бұдан бей­ хабар. Әлгі тінтіп кеткен тексерушілерің де тесік өңеш жандар емес пе, оларға қонақ келмей ме... Қысқасы, сол дүниелер құрдымға батты... «Үйіңе қонақ түгілі, патша келсе де мызғымаспын. Керегіңді тауып ал!» деп тонымды сыртқа салып тым-тырыс, совхоз шаруасымен жүре берген болам. Күндердің күнінде өзі телефон шалып: – Жақып-ау, неғып хабарласпай кеттің? Көкек айының он сегізі менің туған күнім емес пе еді. Соған бола Нұриша шала бүлініп, анау керек, мынау керек деп көп «керектің» тізімін жасап қойды. Дос-ау, бұрын-соңды алдымызды орап кетуші ең осындайда. Неғып хабар-ошар­ сыз кеттің? Сені сағынып та жүрмін. Әлгі тау серуенге қашан барамыз?.. Анау күлімкөзді көрмегелі не заман?..» – деп тұр. Күрсінеді. Бұған не дерсің? Қалай қантша еріп, танауына кергі байлаған тайлақтай ілесе кеткенімді өзім де білмеймін. Қандай сиқыры бар осы Бекташтың, ә? Еркек біткеннің көріктісі ғой! Сабаз! Бойына ойы сай де­ гендей, оның үстіне аса сақ, мысық табандап аңдытпай басатын қулығы

да жоқ емес,. Ал Нұриша болса, күйеуінің біреудің ала жібін аттамас адалдығына сенгендігі сондай: – Оны қойшы, хордың қызына да көз салмас. Білем ғой, Баяғыда, маған үйленген жылы, жолдастары қалжыңдап бір үйге оңаша жас құдашасымен тастап кеткен ғой, сөйтсе, терезеден қашып шығып кетіпті. – Нұриша өзінің мықтылығын, мығымдығын дәлелдеп, құрбылары­ның күдігін күл-парша етеді. – Қойшы, Нұриша, өзім өз болғалы етегіне намаз оқып жүрген еркекті көрген емен. Анау біздің үйдегі быртыққа шейін беті жылты­ра­ ған әйел көрсе, қылмың-жылмың ете қалады, түріне қарамай. Бойы тал теректей, көркіне қарап-ақ көңілің ішпей-жемей тоятын сенің сырбаз мырзаң қарап жүр дегенге кім сене қояр? – деп езеурейді бір құр­бысы. Тағы біреуі: – Ол тегі ешкімге қарамасын дейік. Әкем-ау, қай уақытта қарайды, мұрнына су жетпей жүріп?.. Креслоға шегеленіп тапжылмастан отыр­ ғаны отырған. «Үйден қырық адым шыққан еркектің бәрі бойдақ» дейтін бұрынғылар. Бәлкім, сыртта сайран салар сенің серің, ә, Нұриша? – деп көңілі тоқ, қайғысы жоқ әйелдің ойына қай-қайдағыны орнатып қояды. – Бекбосынның бұзылмасына әйел қауымы қойсын ба? Қайсы бір жас әйелдер, қыздарың дағы одан көз ала алмай қалады. Қайтып шы­ дап отырасың осындайда, Нұриша-ау?! – Байғұс әйел тағаты таусыла, қойнынан күйеуін бір сұғанақ қол суырып бара жатқандай күй кешеді. Сасқанынан жылап қоя беретін. Күйеусіз, Бекбосынсыз өмір сүру – оған екі дүниеде де күйік. * * * Күндізгі он екілерде Бекбосын телефон соғып тұр: – Оу, Жақып-Жәкібас, неғып тымырайып қалдың? Екеуміздің арамызға өкпе жүрмейтінін білмейтінбісің? Кей жамандар құсап, әр сөзге бола тоныңды отқа салма. Кім жетісіп, оңып отыр қазір. Жұрттың терісі жұқарған әбден. Оданда, отқа тамызық тастай бір ерлік істе. – Ол сырбаз күлкісіне баса, сылқылдай күліп алады. Оның ашаңдау қара сұр жүзін, мойыл көзін, бояу жағып жүретіндей өне бойы алқызыл сүйкімді ернін, күлгенде қызыл етіне шейін көмкерілетін ақ маржан тістерін көз алдыма елестетем. Келте қиылған, ешбір ұстараға бағынбайтын қалың қою шашын салалап сипап отыратын ғой: ол дағдысы да өзіне ұнасымды. Бала күнінде шерменде жалғыз шешесіне қарайлаумен жасықтау, тағдыр тоқпағы басына көп тигендіктен бе, момын боп өскен Бек­ ташты ержете келе танымай қалғандайсың. Университетте комсо­ мол комитетінің хатшысы, озат стипендиат, студенттік құрылыс бригадасының жетекшісі – бар билік тізгіні қолында. Жақсы киініп, жиналыстарда төрде отырып, көсіліп сөйлеп, ал қыз-қырқынның есін алып тасы өрге домалап тұрған жігітке кім үйір болмасын. Жолдас-жо­

ра, бақтілеулестері қасынан арылмайтын. Анда-санда кеп соғып кететін маған да: – Ойбай, Жәкібас, жол жүріп барамын. Тәшкенде Орта Азия және Қазақстан студенттерінің бас қосқан үлкен жиыны, делегацияны бастап алып баруым керек. Сен екеуміз соңыра бір бас қосармыз. Сержанға сәлем айт, анадағы айтқанды тастай қып қойсын, – дейді. Сержан – нағашым, аудандық тұтынушылар қоғамының бастығы. – Сен итті сағынып жүрмін, – дейді тағы сайқалсып. Қазір де: «Сенің жөнің бөлек, екі дүниеде де қарыздармын саған, аман жүрші...» – дейді. Қалай ерімессің! Жетегінде кетпессің!.. Оның тап қазір барша кейпін елестетіп, нені өтіне, қиыла не дейті­ ніне дейін білетіндеймін. – Біз қазір ана жаққа барып келейік, менің төртке шейін қолым бос, – деп «сенің қолың бос па, бос емес пе?» деп сұраған да жоқ. Біл­дей бір совхоздың дырдай директоры екенім Бекбосынның есіне де кел­ме­ гендей. – Бос, – дедім жан-жағыма жалтақтап. Товарлы сүт фермасы­ның адамдары қаумалап: «Қашан жем тасығышты орнатамыз, қыздарымыз сабылып бітті, малдың қиын қолмен шығарады, су тасиды, әрі сауады, нағыз автомат солар! Көрші «Каменка» совхозында әлдеқашан комму­ низм орнаған, біз әлі «баяғы жартас, бір жартас», десіп жағамнан алуда. Уәдемен жарылқап оларды шығарып салып едім. Қарой жақтан бір шо­ пан келіп: «Орталықтағы үйді бітіресің бе, жоқ па, онда малыңды өзіңе табыстаймын дағы бүтіндей көшіп келемін, балаларым жылда оқудан қалады, жетті, мен де ел құсап қаланың қолтығында, даярды дүкеннен сатып жеп, тыныш өмір сүрейін!» – дейді. Оған да «алдияр, осы күзден қалдырмаймын» деп, кассирді шақыртып, алдағы алашағы, бұрынғы ала алмай жүрген жалақысын қосып, қойны-қонышын пұлға толтырып қуантып аттандырғаным да сол, балабақшаның меңгерушісі бажылдай кірді: «Бөбектерге мармелад, пастилат қайда? Сенің балаларың жегенде, олар тоқалдан туған ба еді?..» – тағы-тағылар. Жұрттың жоғын түгендеумен-ақ таңды атырып, күнді батырасың. Бекташ та мына жақтан: «Ал мен шықтым, жолдан тосып ал» – дейді. Ол бұ жолы Таубайдың шоферлігіне зәру емес. Оны Нұришаның қарамағына қалдырады. Ерке келіншегі қала дүкендерін еркін аралай­ ды, қаласа Леңгір жақтан келген, қонақ үйде жатқан жақын құрбысына да кіріп шығады. Ал біз, менің көкжағал «Жигулиіммен» тау жүйелей ағызып барамыз. Бағытымыз – тау қолатындағы бір санаторий. Науан дейтін бөлем сонда шаруашылық жағынан директордың орынбасары. Біздің баратынымыздан бағана-ақ хабарланған. Оңашалау бір бөлмені ол Бекташқа арнап қойған-ды. Моншақ дейтін кербез сұлу – сондағы көп қызмет етуші жұмыскердің бірі. Ал мен – жаратқанның жұмыр бас пендесі Науанның үйіне кіріп, бала-шағаның хал-жайын сұрап, балпылдақ келіннің бірқыдыру өсек-аяңын тыңдаймын...

* * * Пәле қайдан деме, бүгінде ағайынға жақсылық істесең де жақпайсың. «Жақсылықты тек маған ғана істе» дейді, «сенен де басқа да бар ғой» десең, тағы пәлеге қаласың; үстіңнен арыз жаудырады: «ішіп қойды, жеп қойды, жершіл, рушыл», тағы-тағылар. Рушыл болайын деп болмайсың, бір қызметтің жалынан ұстадың болды, «нағашың», «жиеншарың», «жиеніңнің балдызы» дейтіндер қаумалап алады. Үйіне шақырғыштап, жеңгелерін құттықтап, сылтау тауып жақындасып, көрмесе тұра алмай­ тын ең жақын туысың, жанашырың (бұрын қайда жүргендерін...), екенін енді танығандайсың. Сөйте, сөйте он шақты туыс дегендерді совхоз­дың төңірегіне жинап алғамын ғой. Жинағаным құрысын, басым дауға, аяғы шуға айналды. Бір отар қойды алдына салып, шопан қойған бір туысым егізден төл алмақ түгілі, қасқырға, ит-құсқа жегізіп, келген-кеткеніне сойып, қып-қызыл шығынға батырды. Ісі сотқа түскесін, бала-шағасы шұрқырап есігімнің алдын бермегесін, тағы жаным ашып, елден жылу жинап, өйтіп-бүйтіп басын құтқардым. Бекташтың да септігі тимей қалған жоқ. Экономист қып алған бөлем бір қызыл көз неме екен, өзінен зорлармен кергілесіп, арызданып шауып, жұртқа тиыштық бермеді. Енді оны орнынан алып көр. Қит етсе Бекташқа барамын да, ол да мезі бо­ лып, сырт айналатын күйге түскендей. Бірде тегі каби­нетіне кіргізбей, телефонмен ғана сөйлесіп: – «Үй артында кісі бар», Жақа байқа, «жақының үшін жақсыңның жағасынан алма» деген тағы бар. Тым соларды иектетпе деп бір ескерткенім есіңде шығар. Кабинетке бірден шауып келмей, үйде айтсаңшы ондайыңды, – деді. «Жерлеу комиссиясының төрағасымын, ананы өйтуім керек, мына­ ны бүйтуім керек» деп күпініп қалыпты Бекбосын тағы бір соққанымда. Құйқа шашым шымыр етті. Біреу өліп жатса, бұл қолына билік тиген­ ге мәз. «Кабинетке келме» дегеніне қараймын ба, шаруам болып бара қойып ем. Қиюы қашқан шаруашылыққа қамшы үйіруден бір пәс ығыр болғандаймын, мерзімді сегіз сағат қызметін істеп, тып-тыныш кешкісін үйіңде отыратын жанға жайлы жұмыс болса, қарастыра жүр дегенді айтпақшымын. Оны айтқызуға шама келтіртті ме: «Әлгі әйел әлекті са­ лып жатыр», – дегені. – Қайсысы? – деппін ғой «сасқан үйрек құйрығыман сүңгидінің» керін келтіріп. – Моншақ ше? – деді көздерін аударып барлай қарап. – Екіқабатпын дегенді шығарыпты. Сонда мен ала қоям ба екен? Бастағы келісім олай емес сияқты-тын. «Қайдағы пәлені қайдан тауып бердің?» дегендей сұрлана: – Не болмаса, қаладан басыма үй алып берсін, бір бөлмелік болса да. Маған дүниенің керегі жоқ, жыланбасын, сірескен дүниесінің шеті кет­

се Нұришасының жаны шығар, төрт кереге болса, басқасы табылар деп кергитін көрінеді. Ауылдың қой аузынан шөп алмас момақан қызы ма десем... – деп тағы ауыр күрсінеді. «Баста қандай келісім болғанын мен қайдан білейін, орталарыңда жатқаным жоқ қой» дейін деп оқталсам дағы, аузыма ұтырлы бір сөз түспей сасқалақтағаным рас. Тезірек сытылып шықсам деген ойым да, әйтпесе: – Ол бәлекейді жүгенін сүйретіп жүрген көп шубастың біріне қосып көзін құртпаймыз ба? – десем керек-ті. – Қой, кергіме! Көрінген көк аттының етегінен ұстайтын Моншақ болса, ұрынып нем бар еді оған? – деп ыршып түсті. – Ендеше, өз мәселеңді өзің шеш, мұндайға ақыл жүрмейді, мұндайға тәуекел жүреді, – деп қайрай, салмақ ұшын өзіне тастадым да шықтым. Оған жағдай айтпақ түгілі, өз жөнімді жөндеп алайын, енді көрмеспін дегендей есігін қатты жауып шығып кетіп ем. Көп ұзамай Нұришамен көк базарда жолығып қалдым. Бұрынғы бипаз қалпы жоқ, ұйпа-тұйпасы шыға жүні жығылып қалғандай. «Оу, күйеуі дүркірей бүйірі қызып қиқуда жүргенде, мұның пәс болғаны несі?» десем де: – О, Нұреке, гүлдей жайнап базарда жүрсіз. Не, қонақтар келіп қалып па еді? – деймін. «Рас па?» дегендей бетіме мұңая қараған ол да сыр бермей: – Иә, ел жақтан бір ағайындар... Бекташтың депутаттыққа өткеніне қуаныш білдіре – деді де, жұтқыншағында әлдене бүлк ете, шыдамсыз әйел ботадай боздап қоя берсін. – Әу, Нұриша, есіңді жи, ел қарап тұр. – Қараса, қарай берсін. Мендей шерменде сорлы әйелді көріп жүргендері бұл ғана ма?! – Ойбай, қой! Жүр, былайырақ... – деп біздің совхоздың көкөніс са­ татын лавкесіне алып келдім. Сатушыға: «Шай әзірле» деп жарлықты да жүргізіп қойдым. – Жақа, сіз абзал жанды кісісіз. Қадіріңізді енді білдік. Бекташ сыр бермей сырбазданады. Үсті-үстіне үйіліп кеп жатқан қонақ-қопсы­ның керегін тауып беріп, үйге заказбен әкеп тұратын сізден қол үзгелі біздің жай да белгілі... Оны қойшы, бәрінен әлгі Моншақ деген бәлесі түбі­мізге жетіп болды... – Онысы кім? – дегенімді өзім де аңғармай қалдым. «Сіз шынымен білмейсіз, иә?» дегендей аялы көздерін төңкере, тесіле қарады маған. – Жә, сабыр ет, Нұриша, күйіп-піскеннен не түседі? Бір амалын ой­ лап табармыз да, – деп алдарқатпасам, тәмам жұрттың алдында жы­лап, әптер-тәптерімді шығаруы да мүмкін.

– Сөйтпесеңіз, жан аға, ана досыңыз Бекбосынның да мазасы кетіп болды әбден: не ісінде, не сөзінде береке жоқ. – Тау теңселсе, теңселмес сабазың сыр алдырып-ақ қалған ба?! – Менің бұл сөзімде табалау басым ба, әлде – таңырқау, қайсысы екенін ажырата алмай Нұриша шаршай қарады. Сол дел-сал күйінде ол қала берді, маған «мына жақта бір шаруа шығып қалды» дегесін, шұғыл кетіп қалуға тура келді. * * * «Ауылдың аңқау, шубас момын қызы» – Моншақтың мұншалық пысық бола қалуында: кісіге қарап күлгенде көзін төмен тастап, сөйлегенде тура қарамай бетін қырын бұра, даусы қатты шығып қалса, аузын баса қойып, кешірім сұрағандай табиғи бір жымиыспен қысыла қалатын нәзік ұяң қыздың кенет құбылып, есепшіл, бақайшыл бола қалғанында қандай сыр бар. Әйтеуір-ау, әйтеуір, ауылда – тау қолатындағы товарлы-сүт ферма­ сында байласа тұрғысы жоқ-тын. Есіл-дерті – оқу. Жас өмірі күңсіп, қор болып өтіп бара жатқандай, тұсалғандай тыпырлайтын. Ұзаса баратын жері – тұрмыс құру, осындағы көп малшы, шопыр, комбайншының біріне тие салады да. Оларды қорсынғаны емес, ауылды жерден қарыс адым шыға алмай, тұрмыстың батпағына батып, етегі шұбатылған әйдік әйелдің бірі болады да шығады. Әрі кетсе, сырттай оқуға тырнағы ілініп, мектепке мұғалім болып орнығар. Ол үшін үлкен шаһарға ұзап оқу керек. Оқу үшін оқуға түсу керек. Тәуекелге бел шешіп, шабаданды қолтықтап тайып тұру керек бұл арадан. Ол арманының іске асуына «Құланның қасуына – мылтықтың ба­ суы» дегендей, ойда-жоқта бір оқиға кимелегені: Алматыда жақын әпкесі аяқастынан апатқа ұшырап, жамбас сүйегі сынып, ауруханаға түсті. Екі ұл баласы ер жетіп қалса дағы, жалғыз шешелерінің жағдайын жасай алмай, көше кезіп, бұзақы болуға айналады. Жығылған үстіне жұды­ рық тиіп, Айнагүл жаман жапа шегеді. Бүгінде дәрігер, сестра, санитар деген­дерің қатыгез, ауруға жаны ашымайды. Жиіркеніп, қасына келіп көмек жасаудың өзін бұлдап, шатынап, ашу шақырып, науқасты жәбір­ леп бағады. Артынан ешкім келіп жатпаған Айнагүлге әісіресе қатулы. Бар, мол, жеткілікті кісіні қабағынан таниды: үйіріліп-төңке­ріліп, қымбат дәрілерін ішкізіп, сол адамның қасынан шықпайды. Өйткені, оның жанашырлары бұларға сый-сияпат жасап, ақша ұсы­ну­лары мүмкін. Дәрігер дегенің де қуыс көмей, тапқан табыстары басқа тарт­ са, аяққа жетпейді. Отбасы, бала-шаға, тұрмыс-жай дегенің мынау күн­ нен-күнге бағасы аспандап, жай қарапайым дүниелерге қол жетк­ізу­дің өзі қиындап бара жатқан кезеңде, жаман тұралап, өмір сүру қымбат­тап

кеткен жоқ па. Соғыс кезінде де мұншалық жұтау, кедейлену болған жоқ деседі көргендер. «Жаны күйзелген тәңірісін қарғайды» деп тап болған мүсәпір халіне кімді кінәлауға, күстәналауға білмей, Айнагүл көз жасқа ерік береді. «Қай қылығымнан таптым» деп қапаланады. Қарны ашып, ауруханының сұйық көжесі мен ертеңді-кеш ауызға тықпалайтын тары бөкпені оны әбден жалықтырған. «Шіркін, жас еттен буын бұрқыратып, бұрыштап, түрлі хош иісті шөптер турап пісірген кеспе-ай!» дегенде сілекейі шұбырады. Шайды аңсайды, аққұманға бұқтырып, сүт-қаймақ қатып шығарған ыстық шай түсіне кіріп, таңдайы кеберсіп оянады. Таң сілемнен көзін ашып алып, айналасындағы ыңырсып, күңіреніп, жан­ дары қыдырып қорлық көріп жатқан жеті науқас әйелдің күйзелістеріне бұл да қосыла: «Ауылға хабар айтатын да ешкім жоқ. Ана ұлдың үлкеніне ділгірам сал, немесе, машинамен бір күншілік жер, автобуспен бара сал, апама айт: Моншақ бәрібір қолын қусырып үйде отыр ғой, одан да маған қарассын, келсін деген» дегеніне ай асты. – Ақша жоқ, – деді Бөкентайы. – Сенің болничныйыңа алған ақша баяғыда-ақ таусылған. Ол неге жетеді. – Өзіңнің жалақың қайда? – Қарызыма бердім. – Неменеге қарызданып жүрсің? Қанттың талонын күйдірдіңдер, дер кезінде сатып алмай. Ал араққа ғой айдың басынан жүгіресіңдер. Ол аз­ дай коммерциялық дүкеннен отыз бес сом бағасына сойып аласың­дар. Не көрінді? Әке-шешең ішкіш пе еді, сонша салынатындай... Сөмпиіп, басын жерден алмай отырған дардай ұлға әрі қарай ұрыс­ пай, жалына: – Тым құрыса, ыстық шай әкелсеңші. Өлдім ғой әбден... – деді көзінен жасы парлап. – Заварка жоқ. Оны қайдан аларымызды білмейміз. – Көршілер тап бір осыларға шай беруге міндетті-ақтай. – Көршілер бермейді, – деді. Енді қайтейін, шұнақ құдай! – Менде шай бар, бәрібір шайға зауқым жоқ компот, су болмаса, – деп көрші науқас ашылмаған әшмөшкені бұған ұсынды. – Ой, мың болғыр, Полина, рақмет. Мә, шәугімге су қайнатып, мы­ надан екі қасық сап, үстіне сүт құйып тездетіп әкелгін. Әйтпесе, өлем, басым сынып барады, – деп еді, Бөкентайы: – Үйде сүт жоқ, – деді. – Сүтсіз-ақ қайнатып әкелші, күнім... Қаріп болып, баласына сөзі өтпей қор болып жатқан Айнагүл: – Бүйткенше, құдай, алып-ақ кетші! – деді жанұшыра.

* * * Өткен жылы оқуға түсем деп осы әпкесінің үйіне тоқтағанда, Айнагүл: – Моншақ-ау, біз жол жүріп барамыз. Екі ұл шетелдік сапармен Германияға кетті. Әкелері жолдамасын да, ақшасын да қалталарына ба­ сып, туристік сапарға аттандырды. Үйді құлыптап, милицияға уақытша табыстадық. Ендеше, сен жатақханаға шыға тұрғын, – деп қуып шыққандай, тықырыңдап, жарты ай тұрғанға бүлініп тулаған. Онда Айнагүл асқақтап, алдыма жаманшылық келер-ау деп еш ой­ ламайтын. Анда-санда түшкіріп, тымауратып қалғанда Совминнің дөкейлер ғана жататын, емделетін ауруханасына жатып, екі кісілік па­ латада шалқайып, көңілін сұрай келгендерге ернін ғана қыбырлата, әрең-әрең жөнін айтатын. Ұбап-шұбап, соңынан келушілер қарасы үзілмейтін. Әсіресе, жексенбі күні кешкілік бұл аулаға барын киіп, бақанын қолына ұстай, құдды курортта семіріп жатқандай-ақ, сыланып шыққанда, сыртта қауқылдаса, қоғадай жапырыласа көп достар, таны­ стар, жақын-жоралар қарсы алатын. Алшаңдап, солардың ортасында ау­ ланы айналып, күн батқанша әңгіме-дүкен құрып, сайрандап жүріп ала­ тын. Көбісі бұған көзін сатып қызыға қарайтын да. Бұғақты ақ келіншек, көздері жайнаңдап, топ-толық сыла бойын тік ұстап, кербезси өтетін қастарынан. Біріне бас изесе, біріне қабағын сәл қағып, амандықтың ырымын ғана ишаралайтын ғой... – Е-е, сол күнім қайда бүгін! – деп көп кісі иін тіресе, бәрі шетінен өзі құсаған сал ауру, ауа жетпей, иіс-қоңыс мүңкіген палатада көздері телмеңдеп, әуелі бір Алладан, содан соң емдеуші дәрігерден рахым күте сары тап бола, жамбастары ойыла жатқан мүшкіл қаріп күнін көргенде шынымен өліп кетуді тілінің ұшына алғаны рас-ты. Екі күн өте Моншақ – аса сұлу, ақжарқын бойшаң қыз кіріп келді. Ақ халатты, қолында қампиған сөмкесі бар. – Түу, тәте-ай, қайда кіріп кеткенсіз? Өткен жылғы жайнаған ауруха­ на ма деп барсам... – Иә, хал жақсы ма? Апамның, Қаншайымның халдері қалай? – Қуанса да, сол бойға біткен тәкаппарлық құрсауы жібермей керенаулана қалды. – Бәрі аман. Сізге сәлем айтып жатыр. Бұрынырақ неге айтпаған деп ренжулі. Әлгі Бөкентай, құдды от алуға келгендей: «Мама ауру, аварияға ұшыраған. Тамақ керек», – деді де, бір жолдасының машина­ сымен құйғытып келе, қайта көзден ғайып болды. Түкке түсінбей, мені жеделдетіп аттандырды. Әйтеуір, жарты қойдың етін ала келдім. Аздаған ақша бар. – Е, қарағым, хал осы. Несін айтасың? Сен болмасаң, немере әпкеңе қарайласар кім бар? Ұлдардың маған қарамақ түгіл... – Айнагүл кемсеңдеп, талықсып ұзақ уақыт өзіне-өзі келе алмады.

Дәрігерін шақыртып, ауруын жеңілдетер дәрісін ішкізіп, ине шан­ шып әрең жөнге түсіргені. Капуста сорпа, палау пісіріп әкелген. Бәрін шығарып, ыстықтай аузына құйды. Шай берді. – Уһ, жаным жаңа кірді-ау. Рақмет, жаным, бағың ашылсын. Енді ертең ерте кел, асты-үстімді тазалап бермесең, мына қыздары құрғыр қарамайды. Таза көйлек, орамал, дәке, мақта әкелші, – деп сіңлісіне риза болып, ұйықтап кетті Айнагүл. Моншақ ойланулы: ағадан ажырамай жатып, айналасы бір жылда осынша азып-тозып, қаріп күйге түсуіне не себеп? Аузын айға білеп, терісіне сыймай тырсылдап жүретін Айнаш тәтесінің қазіргі күйіне қарап, «солай болып еді-ау!» деу қиын. Адам сенбейді. Ағасы біртоға мо­ мын кісі. Қызметі – көп инженердің бірі. Түр-басы сүйкімді, қара торы, сылыңғыр, орта бойлы. Ақырын жаймен сөйлейтін. Жұмысынан ора­ лып, тамағын ішіп, теледидардың алдындағы көк диванда көлдене­ңі­нен сұлап, барлық бағдарламаны көріп шықпай көңілі көншімейтін. Тыны­ шы кеткен тәтесі айқайлап: – Осы теледидарды құшақтап жат, ендеше. Мезгіл болды ғой, жат­ паймыз ба? – дейтін. Айнаш тәтесін ЦК-да қызмет істейді дейтін. Ауылға бара қалса, төре келгендей бәрі төбесіне көтере, үй-үй шақырып, мал сойып, бас ұстатып мәре-сәре. Соны арқаланып Моншақ та бұлаңдады біраз, айттырған талай жерге пысқырып та қарамады. Есіл-дерті қала болды да тұрды. Бір жұмыстың басын ұстамады, шөп басын сындырмады бы­ лайша айтқанда. Не қалада жоқ, не ауылда жоқ былқ-сылқ жүргенде осы Айнаш тәтесі шақыртқан ғой. Мұның әкесі мен Айнагүлдің әкесі бірге туған. Немерелес. Сөйткенмен, Айнагүлдің қысқа күнде қырық құбылғыш тұрақсыз мінезі Моншақты да, басқаларын да шошытатын. Керек болғанда, Моншақты жер тепкілеп шақыртып алады, керексізде үйінен қуып, қаңғытып жібереді. Өткен жылы да «жол жүріп барамыз» деп, емтиханының жартысын тапсыртып, жартысын тапсыртпаған-ды. Жатақханада жайы болмай, шуылдақ, елең-селең қыз-қырқынға үйрене алмай, тау қойнындағы тыныш ауылына тайып тұрған. Со жолы ағасы мен тәтесінің арасында шу шықты. «Мойныма қойып бер!» деп шаптықты Айнаш тәтесі. Жездесі (аға дейтін), жайымен, кең ашық жанарын бұған қадай: – Прокурор емеспін, сені айыпқа тартып тұрғам жоқ, Елдің алыпқашты сөзі дейін десем, көрген көзде жазық жоқ. Бәсе, аурушыл, қыңқыл-сыңқылшыл болып кетіп ең соңғы уақытта, – деді. – Не, ауыртпаймысың енді? Машинаның терезесін аңқитып ашып тастап, жел тиді, содан арқам шаншып... – аузына өкпесі тығылған­дай, ентіге барып тоқтады тәтесі. Ар жағындағы өршіп-тынған жайға бұл онша қанық емес. Қанық болмайтын себебі – ағасы мен тәтесі кенет ажырады. Соттасты. Даула­

сты. Араға сөз тасып талай өткермелер жүрді. Ушықтырмаса, араларын қоспады. Мұның бәрі Моншақ ауылға «үйінен қуып шықты» деп неме­ ре әпкесін жерден алып, жерге салып жамандап барғасын болған деседі. Бұл түгілі, дардай әкесі мен шешесі де қанық емес. Жағаларын ұстады, жұртқа қарар беті болмады. Мұндағылар да әлі жеткенше өсектің отын көсеп, отқа май тамызып жатты... Келесі тамақ әкелгенінде Айнагүл әлденіп, әрі кіріп, кісі боп қалғандай. Жымиып күліп: – Жаным, сені берген құдайға мың да бір шүкір. Енді білдім: қазақтың «дос сыйласқанға, туыс жыласқанға» дейтінінің мәнін. Қайда сол жыртылып-айрылысқан дос-жора?.. Бірде-бірі келіп көңілімді сұрауға жарады ма. Анада бір доссымақ подругама телефон шалып: «Молдажанға звондашы, ана кіші баланы маған, тым құрыса апта­­сына немесе айына көрсетіп тұрсын. Өгей шешенің аты қашанда өгей ғой. Әрі сағындым Қанатымды...» десем, ол: «естіп жатырмыз, Қанаттың халі өте жақсы. Мамаң кім десе, Сананы көрсетеді екен. Ал сені есіне де ал­­май­ тын көрінеді. Қайтесің, байқұс жас баланың жүрегін тырмалап...» деп тұр. Естіп тұрған менің сорлы жүрегімнің қалайша тілінгенін көрсең... – деп біраз солқылдады. Палаталас әйелдер естіп жатыр-ау деп арланбады да. Сірә, мұның сырына да, «жырына» да бәрі қанық сықылды. Моншақ қанша айтпай­ ын десе де, ішіне сыймай шыдатпай бара жатқан келгелі үйден көрген сұмдық жайдың шетін шығарып: – Тәте, Болатқа айтып қойсаңызшы, үйге әркімді әкелмесін, – деді ептеп. – О, немене, жөліктерін әкеп, қыз-қырқын салып жүр ме? – деп Айнагүл шалқасынан жатқан жерінен тыпыраң қақты. – Иә, Жанатты да тыңдамайды. Оның сабағында береке жоқ. Сосын ол да үйде тұрмай көше кезеді. Ал Болаттың қыздары әлгі не деуші еді... – деп тосылып, тұрпайы сөзді айта алмай қиналды. – Түсіндім... Үйдегі жылтырақты шетінен тасып жатыр десеңші? Ойбу, құдай шұнақ, енді қайтейін?.. Қой, мен мұнда төсекке байланып жатқанда, ол анда... Әй, Бөкентай, ұлдың үлкені інілеріңе бас-көз бола ма десем... – Тағы солқылдап жылады. Көздері ілініп, түскі тамақтан соң «тихий час» дегенге бойкүйезденіп, бауыр басып қалған науқастар мау­ жырап ұйқыға кеткен-ді. Кейі басын көтеріп, мазасызданып: – Жарқыным, түнімен сарнағаның аздай, күндіз, тынығатын шақта тыным бергін, – десе: – Тезірек үйіне неге шығарып жібермейді, күтетін адамы бар ғой, – десті біреуі көзді бақырайтып қойып. Моншақ ұялды. Қоштасып шығып кетті. Әлгі тәтесіне айтамын дегенін ішінде әкетті. Ол былай: Әңгіредей-әңгіредей кең жайды, ванна бөлмесін, дәлізін, асханасын әрең жуып-шайып, паластарды сыртқа кергіге жайып, қағып,

шаңсорғышпен ауыр-ауыр кілемдерді тазалап, шаң басып, тозаңдан­ған хрусталь ыдыстарды сода қосылған жылы сумен шайып, құрғатып, дәу сервантқа жарқырата тізіп қойғаны да сол, сау ете Болат төрт-бес қызжігіттерімен кіріп келді. – Әлгі гипсте қатып-семіп жатқан кемпірге айтпа, біз қазір сайран саламыз! – деді зіркілдеп бұған. – Әй, жүгермек, қайдағы кемпір, қырықтан жаңа асқан. Ал сайраның не, мен үйді тазалап әрең біттім. Тым болмаса, ана қонақтарыңа айт, аяқкиімдерін шешсін, кілемде тайраңдамай... – десе де құлағына ілмеді. Төр үйдегі үлкен ас үстелін жылжытып бұрыш жаққа тықты. Түрлі сәуле шашатын магнитофонды бар даусына сала бақылдатты. Екеу-екеу былқсылқ билеп ала жөнелді. – Әй, тайраңдамай жоғалыңдар! Ананың үнін өшір, «жаман үйдің қонағы билейді» деп, о несі-ей! Күні бойғы есіл еңбегі-ай! Одан да сорақысын көрді. Бір қараса, тәтесінің бөлмесінен бір қыз, бір жігіт шығып келеді. Тағы бір жұп лып ете сол бөлмеге кіріп алып, көпке шейін шықпай қойды. Сәлден соң Бөкентай жартылығы қолында, қыз бен екеуі аузынан ұрттап, теңселе кетіп барады. Енді жігіттер қыздарын алмастыра бастады... Тумысында мұндай сорақылықты көрмеген басы, әуелде ұяттан өртене жаздаған. Ұят атты қасиеттің бетпердесі жыртылмаған жерден келгесін де, көз алдында дөрекіліктің, тұрпайылықтың не бір өрескел көрінісі өтіп жатқасын да, ас үйде отырып ал жыла, ал жыла. Көршілер де есіктің қоңырауын безілдетіп: – Милиция шақыртамыз. Түн ауды, не деген сұмдық! Тоқтат қыз ойнақты! – десіп, безек қағуда. Қыз ойнақ па, жын ойнақ па... еңгезердей жігіт Моншаққа тиісті: әй-шәй жоқ бас салып құшақтап, сасық демі ту желкесінен ит жала­ған­ дай, қолқасын ата, жаман жиіркендірді. Итере жібере сыртқа ата шықты. Көшеде сенделіп ұзақ жүрді. Барар жер, басар тау болсайшы осын­ дайда. Институттың жатақханасына орналаспағанына өкінген. Айнагүл тәтесіне қарайласам деді емес пе! Ақыры осы болды. Не деп айтады о кісіге? Бала деген мынау болса, «ұшпаққа» шығарады екен жаманғатты. Ар, ұят, сезім, кісілік, инабаттылық дегендер қайда бүгін... * * * «О, құдай, бұл бір сынағаның болар, бірақ сындырма!» деп Айнагүл ауруханада зарлап жата берсін. Оны осындай халге көпе-көрнеу түсірген бір оқиғаны еске салайық. Бастықтар және оның отбасы жатып емделетін айрықша ауруха­ нада әдеттегідей қаралып жатпай ма. Алып бара жатқан науқасы жоқ, «аурудың алдын алу» деген бар. Сол секілді сылтау да, әйтеуір. Екі әйел

кең тыныш жайлы палатада жатады. Төрт мезгіл тамақ, ресторандарда да ондай бап болмас: көкөніс, айран-сүт, жас еттен түрлі сорпа, тағы басқалар, сырттан әкелініп жатқан тағамдар бір төбе. Кекірігі азып, тайраңдап, ат шаптырым кең аулада қаумалаған дос-жар, туыстардың ортасында Айнагүл сияқты еріккен келіншектер жүреді. Саусақ толы ал­ тын, бриллиант сақина, сырға, салпыншақ, алқа – оларсыз мәні де, сәні де болмайтындай. Өздерінің ауруханада жатқандарын ұмытып, курортта сайраңдап жүргендей құдды. Бірде Моншақ тәтесінің көңілін сұрай барғанында палаталас, қасында жатқан әйелдің қос алтын білезік салып, бет-аузын опа-далаптап жыл­маң қаққанын көргенде жанынан шошыған. «Адам баласының асқақ­­­тауында шек болмайды екен-ау» деген. Содан кейін ол жаққа аяқ бас­пай­тын болған. Ал мына көпшілік ауруханасында хал де, жай да басқа. Алтын тақпақ түгілі, дәмді асқа зәру. Соңынан келетіні, күтіп, қарайтыны болса жақсы, болмаса – қаріп, мұңлық. Екі көзі телмеңдеп, онсыз да тұр­мыс ауыртпалығынан кежегесі кейін кетсе, жүйкесі жұқарған дәрігер­лерге жалынып: – Астымыздағы сейсепті ауыстырсыншы ... бір уақ шай берер ме екен... дәрі неге бермейді... – деумен таңын атырып, кешін батырады. Бүгінде адамның адамға жаны ашуы қалған. ...Айнагүл сөйтіп аулада серуен құрып жүргенінде бір бұйра бас, еңселі, орта жастағы жігіт ағасы бұған айрықша ілтипатпен иіліп сәлем еткен. Жыға танымады. Суретін бір жерден көрген секілді. «Әлде әртіс, әлде жазушы?..» – Сіз мені онша білмеуіңіз де, ал сіздің аты-жөніңізге қанықпын, Аяке, таныс болайық., Жарбол, –деді ол жабыса түсіп. – Өте жақсы, – деп бұл да жампаң ете қалған. Іші пысады. Мұндағы ер кісілердің дені шал-шауқан, өзі қатарлылардың қарасы аз. Қашанғы әйелдермен малжыңдассын, Молдаш (Молдажанды бәрі осылай атап кеткені), от алуға келгендей, қасында көп аялдамай: «Хал қалай? Қашан шығасың? Қанат сені сағынып жылап, кеше балабақшаға бармай қойды» деген тәріздес сөзден әрі өрістемей, қысқасы, әңгімелері жараспай, тезірек кетуге асығады. Бұл да оны қолқалай қоймайды, сәлден соң кикілжің-керіс туады араларында. Тәмам жұрт алдында абыройы төгіліп жатсын ба. Жұрт Айнагүлді ойлайлы: «Жоғары үйде дардай қызметте» деп. Ал бұл бар-жоғы инструктор ғана. Мектепте мұғалім еді бір кезде. Партия қатарына өтті, одан жалын атқан комсо­ мол қызметкері. Селкілдеп он жыл жүрді. Кімнің көзі түскені, аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы болып жүрген жерінен осында ал­ дыртты. Жаман емес, шүкір, үйін жаңалады, қарауындағы талай меке­ меге әмірі жүреді. Керекті нәрсесін қолма-қол ала қояды. Құтты пірхана ғой, несін айтсын.

– Ойға дендеп кеттіңіз-ау, Аяке, жүріңіз, былай ұзап серуендейік, күн тамаша екен, кешкі тамаққа әлі бір сағат мерзім бар, – деді әлгіндегі та­ нысы Жарбол. «Іш-бауырыңа кіріп тұрар илтипатты адам екен, сірә әйел затын қастерлеп асылындай ұстайтын жан болар...» дегенде қалай күрсініп салғанын өзі де аңғармай қалған. – Жақсы, серуендесек, серуендейік мен сізді бір жерден көргендей­ мін. Әлде суретіңізді. – Қайдан көрсеңіз де мейлі. Тек сыртқа теппесеңіз болды да. Күн­ ұзақ төсекке байланып, ой қажап адам жалығады. Ақ жамылғылы жан­ дардан шарапат тілеп келсек те, өзіңіздей көркем әрі білікті әйелмен аз тіл қатысудың өзі бізге мәртебе, – деп едәуір аспандатып тастағасын ба, келіншек елтіп, қол-аяғы маталғандай жаңа танысының қа­сынан кете алмай қалғаны. Тіпті оның «бір уақ серуендейік» дегенін өзін­ше бір нышанға жорып, екі беті ду-ду етті. Сөйтіп, күнде кешкісін, жеңілжелпі астан соң қастарына анау-мынауды үйірсектендірмей жеке-дара қыдыратын да, ұзақ-сонар сырласып, ішқырындыларын ақтары­сатын. Кейде теледидар көрудің орнына Жарболдың бөлмесіне тып береді. Түнгі он бірлерде палатасына келіп жата қалады. Қасындағы төсектес науқас налып: – Қайда жоғалып кеттіңіз, сестралар сабыла іздеп, укол салатын едік деп... Сізден бірер жас үлкендігім бар, сонысын да айтайын: «Бұл ара жалғыз жанға дару іздеп, жабысқан кеселден арылсам екен деп, әуелгі Құдай, содан соң дәрігерлерден шарапат сұрайтын, жалбары­ на саушылық тілейтін қасиетті орын, жігіт-желеңдік жасайтын орын емес...» – деді. Қанша шымбайына батса дағы, алып бара жатқан ауруы болмаға­сын ба, оның сөзін ертесінде-ақ ұмытқан. Жарболдың соңынан келушілер қазы-қарта, бір шиша коньяк әкеліпті. Соны екеулеп, жатар алдында ермек ете, әрі Жарболдың жеке, оңаша палатада жатқанын қызық көре, аз күн тірлікте ештеңеден қапы қалмайын дегендей, рахатқа белшесінен бата жүргендегі қалпы да. – Сіз жазушымысыз? – деп қалған Айнагүл үстел үстіндегі қобыра­ған қағазды, қолтоқпақтай машинканы көргенде. – Ептеп дегендей... – деп қасын кере Жарбол бұған ішіп-жеп қарады. Қарасындағы сойқан сезім келіншектің тұла-бойына шырпы шағып, дуылдатқандай құйын әсерге бөледі. Қалшылдап, отырған жерінен ұшып кете жаздағандай: ...Жақсы сөз де, жаман сөз де жерде қалмайтыны бар емес пе. Өсек-аяң сырғып аурухана ауласынан шығып, Айнагүл қызмет жасай­ тын құт мекенге де жеткен тәрізді. Сондықтан оның емделетін мерзімі бітер-бітпестен, екінің бірінің қолы жете бермейтін, сүттің бетіне шығар қаймағы – жоғары мәртебелілер ғана емделетін ірі ауруха­на­­дағы

тізімнен Айнагүл шығып қалды. Ол ол ма, күйеуі Молдажан естіп қойып, қиғылықты шығарады ғой: – Бұрын да сенің соңыңнан еретін ыбыр-сыбырға қанық ем. Балалар бар, айрылысқанда не табам деп ерен санамайтынмын бәрін. Енді, келіп, бір дем әрі, бір дем бері кілең ыңырсыған науқас, қаріп-мүсәпірлердің ортасында беттің арын белге байлап, жігітшілік құрғаныңды адам да, құдай да кешпейді. Сендей қарабетпен бір күн де тұра алмаймын! Он­ сыз да, кім көрінген мүштектеп: «ЦК-да істейтін әйеліңнің арқасында жоғарылап, цех бастығы болдың, ертең директор болып шыға келесің! Сенің мұртыңды балта шаппас!» деп көзтүрткі ете беруші еді. Сол іске сен бекер-ақ араластың. Керегі жоқ еді. Бастық болмасам, сенің басыңдағы бағың ұшып түсетіндей көрінгесін, қайдан білейін.... Ал, енді болары болды, бояуы сіңді... дүние мүлкімді алам, үйді бөлем, кенже ұл менде, ана екі үлкені – сенде! Басқа бұлталаң болмайды! Сөйтіп екеуі ірге бұзған ғой. Төрт бөлмелі, аса қымбат жобамен жасалынған, үлкен бір орамды алып жатқан тып-тыныш, асты – гараж, төрт қабат жайдан көшу әсіресе Айнагүлге қиынға түскен. Соның өзінде, үш бөлмелік, орталықтағы жақсы үй бұған, «Алмагүл» мөлтекауд­а­н­ын­ дағы бір бөлмелік, бірақ жаңа пәтер – Молдашқа бұйырып, Қанатпен көшіп алған-ды. Көп ұзамай күйеуі үйленіп те алған. Өзінің қара­ма­ғында істейтін, бұрын есік көрген жас әйелге үйленіпті деп естігенде, Айнагүл өкіріп жастыққа құлаған. «Өй, арамза! Сөз байласып, ым-жы­мыңды білдірмей жүргенсің де! Әйтпесе, көрмей-білмей біреуге үйлене салу оңай боп па бүгінде. Өңкей қитұрқы, тек дүние мен байлыққа, ақшаға қызыққыш қыз-қатынға сенім бар ма осы күні? Қарашы, ә?» * * * Түннің ішінде, ел аяғы басылған шақта сыртқа ата шығып, қаңғып жүрген Моншақтың күнін итке бермесін. Ана үйге қайта аяқ басуға, ба­ рып жылы төсегіне ұйықтауға жүрегі дауаламайды. Қазан айының басы, күні кешегі маужыраған күздің кенет қатқақ қара суыққа көшіп, соңы қарлы жаңбырға ұласуы кімге болса да жайлы тиіп тұрған жоқ. Керек десең, Моншақ плащ та ала шықпаған. Дірдектеп, аяғына іле салған жеңіл босоножкамен мұз кілегейленген қақ суды кеше, беталбаты зытып барады. Қайда? Кімді біледі? Қай есікті қағады. «Кто там?» демесе, есік ашпайтын шаһардың қатаң, қорқақ жұрты жарылқай қойсын ба түн ор­ тасында қаңғып, жалғыз-жарым қайыршыдай көше кезіп жүрген момын қызды. Айнагүл тәтесінен өзге жақын туысы да, танысы да жоқ мұнда. Бір машинаның жарығы қарсы алдын түгел айқындап, сирақтары сидаңдай, түн ортасында бір өзі жүрген қызды анық көрсеткендей. Қыз да, машина иесі де тоқтай қалды.

– Қарағым, неғып жүрсің қараңғыда? Қағынған ел көп, қорық­ паймысың? – Ағатай, қай бір жетіскенімнен өз үйімнен өрт шыққандай шо­шып жүрмін. Жағдай солай да. – Үйің қайда еді? – Үйім ауылда, мұнда әпкеме келіп ем... – Әп-әдемі қазақ қызының жатық та таза қазақша сөйлеуі машина иесін таңқалдырды. Әрі қызықтырды. – Мұздап кеткенсің. Отыр. Машина іші жылы, – деп ол көлігінің есігін ашып, қызды ішке енгізді. Рас, қалш-қалш етеді. – Рақмет, ағай. Жақсылығыңыз құдайдан қайтсын. – Дұрыс қой. Неғылған жансың? Ұры-қары тонап кеткеннен сау­ мысың? – Оған жете қоймадым. Бірақ үйімде бейбастақтар қиянат жасамақшы болып... осы үстімдегі барыммен қашып шыққаным ғой. – Ол кімдер? Милиция шақыртпадың ба? – Әпкемнің баласының жолдастары. Ішіп алған, тәртіпсіз қыздар, ұялмайды. Тәтем ауруханада, жамбасы сынып... – Қиын болған екен. Енді баратын жерің жоқ па? – Болса, түн ортасында қаңғып жүрем бе өстіп... – Түсінікті. Жатсынбасаң, біздің үйге жүр. Жеңгеңе жағдайыңды ай­ там ғой. Әйтпесе, көп қарақшының құрбаны боп кетерсің бүйте берсең. – Рақмет. – Өзің оқисың ба, не... – Оқуға түсемін деп келгем ғой. Бір емес, үш рет талпындым. Құйысқаным көтерілмей тұрғаны... – Ауылда не жұмыс істедің? – Маңдыған жұмыс жоқ қой онда, мамандығың болмағасын... – Ал енді қандай оқуға түспек ойың бар? – Қазір барлық жерде қабылданып болды ғой. Келесі жылы тағы бір талпынам, болмаса, күйеуге тием! – Жоспарың күшті екен, қарындасым. Алдымен күйеуге тию жағынан бастасаң, оқу қашпас. – Машина жүргізуші жымыңдай күліп қыздың бетіне қарады. – Не, сіз бойдақ па едіңіз? – Буынсыз жерден пышақ ұрған ауыл қызының сауалы оны састырғандай. Күрсініп алып: – Ата сақалым иегіме біткенше, бойдақпын дегенім келіспес. Бес ба­ лам бар, алды үйленді. Осы қалада тұрады, біз жамағатымыз, ұсақ бала­ лар – қала іргесіндегі совхоздамыз. Бұл – Жақып болатын, қаладағы балаларына соғып, ас-су ішіп оты­ рып қалғаны: одан жүйіткітіп жүйрігінің басын совхозға бұрған беті-тін. Осынша олжалы болам деп ойламады: қос бұрымы тобықты соққан, қос жанары – танадай, қасы-көзі қиылған, бойшаң, әппақ сұлу қызды ма­ шинасына салып алып түрлі ойға да қалады.

«Әттең, ұлым үйленіп кетті. Әйтпесе, ақуыз жас келін қып қолыма түсірер ем. Сөзі қандай! Айтпақшы, аты кім?» – Есімің кім, қалқам? – Моншақ. – Ә-ә? Моншақ деймісің? Неткен тауып қойылған ат, ә?! – Ата-анам жақсыға жорып, қыздан жалғыз болғасын мойны­мыз­ дағы моншақтай жарқырап жүрсін дегені де. – Сол моншақтай қастерлеп ұстайтын бір адам табылса, бағыңа орай. – Бұйырғанын көрерміз. – Жіп таққан ешкім жоқ па еді? – Оны бар деп дабырайтып айтудың өзі ыңғайсыз. – О, неге? Тым нашар ма? Иә, жақсы жігіт табу да – проблема. – Ендеше, көмектеспеймісіз... – Мәселені ашық қойғанына Жақып бір жағы таңырқады, бір жағы сүйсінді. Бұлтақтатпай, анық турасын айту, бұл да бүгінде көзден ғайып боп бара жатқан асыл мінездің бірі. Сондықтан: – Кезінде көрерміз, Моншақ қарындас, ал әзірге сен менің туған бөле қарындасым боласың. Әйеліне сөйтіп айтты: баяғыда ашаршылық жылы шешесінің сің­лісі жоғалып, қанша іздестіргенде ізі суып, табылмап еді. Оның есесіне мына қыз табылып, адресті біліп, балаларының үйіне келе жатқанда, түнде по­ ездан түскен жерінде жанбақылар тонап, қолсандығын, жүгін олжа­лап әкетіпті, тағы-тағы дегендейін... Әйелі Қалыш қапысыз сенеді, қызды аялап, туған қызынан кем ұстамайды. Бірақ ауылдың сұғанақ көзді жігіттерінің назарынан тыс қалмай, екі мәрте алып қашуға оқталған жерден ұсталып, Жақаң оларды, кеңес милициясының қолына тапсы­ рады ғой. «Қыз баққаннан да қысырақ бақ!» деген асыл аталарының сөзіне тұңғыш рет тәнті болады ғой Жақаң. Сосын ойланып-ойланып, осындайда жол тапқыш Бекташ досына жүгінбей ме, солай да солай дегендей... – Ол қызды әуелі көрсет! Суреттеуіңше, хор қызынан кем емес. – Хор қызы оның аяғын сүртуге жарамас! – Көргендей-ақ бөсесің, Жақа. Жақсы, біз қай жерде жолығамыз?.. Көше – ресторанда селтеңдеп жүру маған қол емес екенін білесің ғой. – Осы сенің біздің үйдің есік-төрін көрмегелі не заман, а? – Дұрыс қой. Онда бара қалсақ, Нұриша құрдасың қала ма? – Айтпақшы, біздің әйел де бірдеңені сезіп қалса... – Ендеше, таудағы, әлгі таяу әлетте қызметке қойған сенің туысың – немерең бе, бөлең бе, соған барайық, әрі демалайық. Сессия басталып кетсе, ертеден қара кешке шейін со жақта шегеленеміз де қаламыз. – Оған да сыр берме. Әйелі жайынауыз, көп сөзді біреу. Басты әңкітәңкі етіп жебереді. Моншақты түбі сол санаторийге орналастырып, бір жайлы жұмысқа қойған жөн-ау деймін.

– Жөн-ақ – деп Бекбосын өзінен-өзі қуанып, шарасы кең ойлы көздерінен от ұшқындады. Жақып уәдесін көп ұзартпай қызды «Таугүл» санаторийінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Науанның үйіне алып барады. Науанға расын айтуға тура келеді. Бекбосын десе ішкен асын жерге қоятын Науан оны күтіп алудың бар жол-жоралғысын ынты-шын­ тысымен жасап бағып: – Моншақ қарындасымды осында асханаға орналастырамын, ал жатып-тұтынатын бөлмесін жеке етуге тырысамын, – деді. Көппен бірге кіріп-шығып, шай құйып, дастарқанның мәзірін жасасуға көмектесіп жүрген даяшылардың қатарында қанша еленбеуге, көзге түспеуге тырысқанымен, Моншақты Бекбосын көз қырына салған жерден алған. Онша-мұнша әйел затына аударылып-төңкерілмейтін кербез кісінің кенет жел көтерген тулақтай елп-желп ете, шыдамсыз­дана қалуы әуелі сырмінез ескі досы Жақыпты ғажаптандырды. «Е-е, қызыл көрген бүркітше қомданып, орнынан қозғалақтай, тым тағатсыздық та­ нытуын қара. Сірә, сұлу әйелді жек көрмесең керек...» деп ішінен мырсмырс күледі. Моншақ та бір кез көзін қадай, сүзіле қарап, сәл езу тарта, бұлаң бір қылық тастағандай Бекташты ой тұңғиығына батырды. «Көз қарастары келісті, ар жағын бір тәңірімнің өзі білсін, әумин!» деп іштей бата қылғандай, жас алашақтықтарына қарамастан, осы екеуі – Бекбо­ сын мен Моншақ – бір-біріне жарасты адамдардай көрінген оған. Кейіннен Моншақтың аяғы ауырлапты деген сөзді естігенде Жақаң бір ыңғайсыз күй кешті: не ұят, не қызғаныш. Қайсысы екенін біле ал­ май, әрі қызды аяп, тағдыры енді не болады дегендей, Бекташ до­сына жалтақтай, осы жағдайға ұрындырған өзін де кінәлай, бір алуан хал­ де жүргенінде: «Ана әйел екіқабатпын деп жер тепсінеді, үйін бөлсін, не қолы жететін жеріне айтып, бір бөлмелі үй алып берсін...» деді деп Бекбосынның жаман налып отырғанының үстінен түскенде, одан әрмен айран-асыр күйге түсті. «Апырым-ау, Моншақты осындай деп кім ойлаған? Қой аузынан шөп алмас, ауылдың момақан, тұйық, ұятты ұяң қызы емес пе еді? Біреу қолтығынан дем бүркіп, бұзып қойған ғой, әйтпесе...» Осы қым-қиғаш ойда жүргенінде Науан бөлесі: «Әлгі қыз бізден кетіп қалды, қызық, декрет демалысын да алмады, сәл-сәл шыдап жүре тұрғанында, бәлкім сол бөлмені өзіне басы бүтін аударып та беретін бе едік...» деді. Сонымен қызды іздеп сабылсын. Ауылына кетті ме деп, Жақаң о жаққа да жортып, сондағы совхоз директоры Әбдіқайым деген жігіттің үйіне қонып: – Ептеп сыр тартып көріңдер, қыздың әке-шешесі не біледі деген­дей, тамырын басып, – деп өз келген жайын айтады. Әбдіқайымның келіншегі бүгінде толысып, қара торы әдемі мама әйелге айналған, ауыл фельдшері – Перизат күлмеңдей:

– Со қыз кеткелі ауылдың жігіттері мойындарынан су кете сүмірейіп қалып еді, онда Айнагүл дейтін мықты әпкесі бар, сонда болар, мүмкін, – деді. – Ол үйге кіріп шықтым, бармапты, – дей салды. Ар жағын көңірсіт­ кісі келген жоқ. – Мен бір адамды жіберейін, – деді Әбдіқайым, шашы ақ селеу­дей, бірақ сонысы өзінің ақсұр, әжім айғыздай қоймаған келісті кел­бе­тіне соншалық жарасымды, әрі жігіт ағасы болған кейпін анықтай түсе­тін- ­дей де. Жақаңның әлгінде тырнағының астына бүгіп қалған жайының мәнісі мынада: ...Айнагүл жазылып шығады, бірақ бір аяғынан ептеп сылтып басып, таяқпен, оған сүйенбесе жүре алмайды. «Уақытша, өнебойы жаттығу жасаңыз, суық душпен, түрлі дене қимыл-қозғалысымен достасыңыз. Ашуланбаңыз. Ішімдік пен шылымнан аулақ болыңыз», – деп дәрігері едәуір ақыл-кеңесін арқалатып жібереді. Оның кенет жылып, бұған іштарта, жаны аши қалуында себеп: Айнагүлдің соңынан бір сұлу қыздың келуі-тін. Жәй келмей, артынып-тартынып, науқасқа дәмді тамақ, небір тәттілер, уылжыған жеміс-жидектерін ала келеді. Ол аз болғандай, қасында күнұзаққа отырып, күтіп, шашын тарап, жиіркенбей, кәпкәдімгідей қамқорлық жасайды. Дәрігер Ерәлі таңырқап: «Бүгінде осыншалық қайырымды адамдар болады екен-ау?» деп өз қарамағындағы кіші дәрігер, медбике, санитар қыздарды, келіншектерді көз алдына әкеледі: «Анау Рима, аға сестра, аурудың қасына барса, Арктиканың мұзтоңын ала барғандай, сірә. Сілкініп, сызданып, содан басқа қолынан ша­ рапат келер жан жоқтай... қалған қыздарды қайтесің: науқастар арызда­ нып, дөрекі, қатыгез, жөнді жауап бермейді, деп жатады. Баста айқасып та, айтысып та көрді. Барша бөлім дәрігерлерін өзіне қарсы қойды. Ке­ туге болмас, мынау қалалық ауруханаға қолы әрең жеткенде. Қашанғы бір аудандағы ауруханада сөлпектейді... Жол тосып, таң сілемінен тұрып, табанынан сыз өтіп, маңдайынан күн өтіп жүрді емес пе жеті жыл?..» Моншақты ұнатып, әттең нағыз дәрігер болатын осындай жандар ғой деп, бірде сыр тартып: «Қалқам, қайда оқисың? Бізге уақытша жұмысқа тұрмас па екенсіз?» – деп, сызыла қалған. Ыздиған, қаршыға көз, құс мұрын, әдеміше жігіттің өзіне ілтипат білдіре, әрі палатада қанша оты­ рам десе де рұқсат беріп, қабақ шытпай, өзгелер құсап қуып шықпай қайырым көрсеткеніне Моншақ та иіп: – Оқымаймын, аға. Мына тәтем осындай қаріптікке түсті деп хабар келгесін ауылдан суыт шыққамын ғой. Ал мен адам дәрігері емес, мал дәрігері болуды қалаймын. Малды да емдеу керек қой. Әйтпесе сіздерге ет қайдан болады? – деген. – Жақсы айттың қарындасым. Қай дәрігер болсақ та адамшы­лық заңнан алшақ кетпесек болды да. Мына апайыңызды бір он шақты

күннен соң шығарамыз. Балдаққа сүйенуге жараса болды. Әй, мінезі де шатақ, бұрын үлкен қызметте болды дей ме... Моншақ томсырайып, ештеңе демей қойды. «Рақмет» деді де, «Ор­ динаторская» деген бөлмеден шығып кеткен. Ерәлі аң-таң. «Сұлулыққа қабақ шытқан да, томсырайып, сызданған да жарасымды. Құдай осын­ дай бір салауатты да көркем келісті жанға қол жеткізбеді-ау!» деп өзіненөзі назаланған да. «Қай есікті қақсам да – әділетсіздік» деп бір қойған. Соңғы уақытта көңілі алаңдаулы. Моншақ қыз көрінбейді. Тәтесінің де жағдайы кете бастады. Ыстығы көтеріліп, қотырланып бітіп келе жатқан жамбас жарақатының айналасы қабарып, ісіп барады. Жедел шара жаса­ маса болмас. Осындайда науқаспен тілге келіп: – Апай, дертке адам өзі алдымен көмектесуі керек. Ол үшін «қайтсем де жазылам!» деген кісіде сенім болуы шарт. Оның үстіне, әрине жүйкені тоздыра бермей, сабырлылық шыдам көрсеткен де едәуір шапағат. Енді жазылып шыға ма дегенде... – деп біраз тосылып: – Әлгі сіңліңіз көрінбей кетті, сол қыз келіп тұрғанда халіңіз біршама жақсы еді. Не, ауылына кетті ме? – деді бір жағы ішінде алау жанғандай қызарақтай. – Қайдам, қарағым, жоқтап жатырмын. Ауылына кетті ме, күйеуге тиіп кетті ме? Е, сұлу қыздарға сенім бар ма? – деп Ерәлінің зәресін бір ұшырған. – Жүрген жерінде бір шатаққа ілінбей жүрмейді. Кілкей қайдағы-жайдағы жабысып: «Саған үйленбесем, жер басып жүрмейақ қояйын» – деп қоқан-лоққы жасап, байқұс қызды әуреге салады да жүреді. Жо-жоқ, ол қыз тәртіпті, былай жеңілтексіп, кім-көрінгеннің жаулығы болар ол емес. Тәрбиелі жерден шыққан. – Ол жағы байқалды. Аса ибалы, қайырымды жан. Тезірек құтты ор­ нына қондырмасаңыз, қолды болуы да мүмкін. – Өзім де соны ойластырып жүрмін. Осыдан жазылып шықсам... Емдеуші хирургтың Моншаққа құсы түсіп жүргенін байқаған сұңғыла әйел ойына келгенін айтып, қарап жатпай, жігіттің ойран-топалаңын шығара жаздаған. Ерәлінің бір әйел жібергенін естіген ғой. Палаталас әйелдер көңілдері сәл қошалақ тапса, өсек айтады: «Ана беті ботқадай қара қызды ешкім алмас...» деп аға сестра Риманы біраз жерге апарып тастайды. «Әттең, қызым болса, емдеуші дәрігеріміз Ахмадиевке қосар едім, ғажап жігіт қой!..» Айнагүлдің шығар мерзімінде Ерәлі айрықша қамқорлық жасап, аурухананың «Жедел жәрдем» машинасымен үйіне жеткіздіріп тастаған. Басты себеп: тұрағын әрі Моншақтың бағдарын білу. Санитар қазақ жігітіне арнайы: «Бір әдемі қыз көзіңе түсе қалса, мынаны қолына тап­ сыра ғой» деп, егер осы тапсырмамды орындасаң, сенің де айтқан ана бір шаруаңды орындармын», – деді. Онысы бірер ауыз сөз ғана, хал-жай білу, өз телефоны, үй мекен-тұрағы болатын. Алда-жалда қыз хабарласа қалса, жағдайын толығымен, алдыңғы әйелден ажырасу себебін, бәрінбәрін жіпке тізгендей Моншаққа айтар да, жүгініп, өзіне адал жар бо­

луын өтінер де ме еді... Парасатты қыз ғой, түсінер, тілегін жерге таста­ мас, ол үшін мынау шайпау апайының аузын ала беру керек деп жоспар құрған ғой. Қайдан білсін, әпкесі айтқандай, «тағы бір шатаққа ілініп» Моншақтың «Таугүл» санаторийінен бір-ақ шығатынын. Бұйырмаған бағы да... Ал Айнагүл үйіне келісімен мән-жайды толық біледі: Бөкентайын жерге салып, жерден алып, жер-жебіріне жете ұрсып: «Қоймасаң, милицияның қолына өзім тапсырам!» деп; әкесі Молдажанды шақыртып, оны да жүндей түтіп: «бала маған ғана керек, саған керек емес пе!! Мен ауруханада ай аса жатқанда халің қалай деп бір келмедің. Мені қойшы, балалардың жағдайын біліп тұрсаң қайтер еді? Ана Сана қатының желімдеп қойған ба?» – Тағы-тағыларды айтып, қара аспанын басына төңкерді ғой. Молдажан сасып: – Жұмыстан қарыс адым шыға алмайсың. Бізде штат қысқарту жүріп жатқан науқан, қиын, бірімен-бірі арбасқан, жағаласқан, бәле аң­дыс­қан жұрт. Қит етсең, жиырма шақты жыл бауыр басқан жұмыс ор­ның­­нан сырғисың да кетесің. Тапжылмайсың сондықтан, – деп шы­нын айтып құтылмақ болғанымен, бұрынғы әйелінің бәлесінен жуы­ғы­рық­панда құтылар жайы болмады: «Моншақты тап, барлық аурухана, ми­ли­ция дегендерді тінті, тіпті мүрде сақтайтын орын – моргке де барғын!» – деп, зәресін ұшырды. Өзі аяғын жоғарыға асып қойып, диванда қасқайып жатып алды. Қасында телефон, ауызға тыным жоқ, бір жарым айдан бері еш жаңалық естімей, ішқұса болған басы таныстарына қоңырау соқты. Кейіне өкпелеп, «келіп халімді білмедің» десе, кейіне: – Е, ел ішіндеміз ғой, аштан өліп, көштен қалғанымыз жоқ, туыстар келіп жатты. Бәрінен де бар жақсы деген. Молдаш қасымда күні-түні күзетті десем де болады. Ойбай, оның менсіз күні жоқ. Моншақ дейтін немере сіңлім, айналайын... – деп жатқанында сыртқы қоңырау дыз етті. «Мұнысы кім? Моншақ болар келіп тұрған» деп қарсы бөлмедегі Жана­ тына айқайлап: «Есік аш!» – деді. Дәлізде гүрілдеген ер адам даусы: «Мамаң үйде ме?» деді. – Амансыз ба? Біз бір-бірімізді танымаймыз. Сіз Айнагүлсіз?,. Дұрыс. Жақып деген қазақ менмін. Мені осында Моншақ қарындас жіберді, – дегенінше болмады, басын көтере айқайлап: – Моншақ қайда? Мына сапсиған басыңмен алып қашып алғаннан саумысың? Сотқа берем, көзіңді көк темірдің ар жағында көкшитем! Қалған ғұмырыңды түрмеде шірітем... – деп Айнагүл үйді басына көтерсін де. – Сап-сап, Аяке. Қызды алып қашсам, жалғыз келем бе?.. – Дәлелін, айт. Қыз қайда?.. Талай долыны көріп жүріп мұнша бетбақты, көкті көрмеген Жақаң еш саспады, төрге шығып креслоға қонжиды.

– Мен көрші үйлеріңізге сан келдім. Есіктеріңіз ылғи құлыптаулы. Қоңырауға ешкім ашпайды. Телефон да соқтым... Моншақ үйде, аман. Өзі жіберді. – Ол неге өзі келмейді, беті күйгендей... – Мынау сізге жазған бір жапырақ қағазы... Моншақ басынан өткен бар жайды қағазға тізіп жазған екен. «Жақаңдай абзал адамның жақсылығын өмірі ұмытпаймын. Бұл кісі ғайыптан кездеспегенде со түні мен қайда барып бас сауғаларымды да білмедім. Балаңыз Бөкентай барып тұрған бұзақы, бауыр деген сондай бола ма, аш бөріге жиен әпкесін талатып... Араша түскен де жоқ, сақ-сақ күліп тұр... Арсыз! Екі дүниеде мен оны көрмеспін... Ал қош, тәте. Менің киім-кешегімді, қағаздарымды Жақаң ағайдан беріп жіберіңіз.... соңғы туысқандық өтінішім, Моншақ.» Қанша арсыз болса дағы, осы тұста Айнагүл өксіп жылады. – Қойыңыз. Мен асығыс ем. Жүрейін. – Айтпақшы, қайда тұрасыздар? Қызметіңіз? – Қаланың сыртында, қызметім – сондағы бір совхоздың дирек­ торымын. Машинада кісілер бар еді... «Совхоз директорымын» дегесін, Айнагүлдің іші жылып, оған жалтақжалтақ қарады. Небір дәмелі ойларға кетіп, жүзі алабұртты. – Шай ішіп кетіңіз. Қысырды қақтап ішкендей, сүт те, ет те болмай тұрғаны... Сонда да болса «қуыс үйден құр шықпа» деген... Әй, Жанат, шай қойшы, – деп айқайлады жатқан бойда. – Еш әуреленбеңіз. Тағы бірде келермін. Алда разы болсын. – Жақып шығып кеткенше асығып, қыздың жиюлы заттарын, шабаданын жалмажан ала сыртқа атылды. Екіншілей ол үйдің босағасынан аттамаған-ды. Мана әзірде Перизатқа: «ол үйге соққанмын, онда жоқ екен» деуі бекершілік. Моншақтың ол үйге аяғын аттап баспайтынын жақсы біледі. Және мы­ надай жағдайда... – Әке-шешесі еш хабарсыз, тек: «Алматыға кеткен, Айнагүл бәлнеске түскесін. Содан бері үш-төрт рет телефон соқты: «Аманбыз. Мен әзірге о жаққа бара алмаспын...» деп. Қысқасы, қыз бұ жаққа келмеген, – деді сәлден соң оралған Әбдіқайым. – Бәсе, шермиген түрімен не деп келсін?.. – деп қалғаны Жақып­тың. – Сонда, сонда... – деп тосылды, ерлі-зайыпты екеуі қосар­ла­на. – Тұрмысқа шығып па?! * * * Тұрмысқа шықпай ішіне бала жүктеді дегенді есту Моншақтың ау­ ылында үлкен айып. Оның үстіне, «алты аға қыз бәйшешек арасын­ да» дегендей, бес ағаның ортасындағы жалғыз «қылықты қыз бала» болғасын да, тіріде о жақта бет көрісу жоқ Моншаққа. Бекен ағайына

да салмақты сала бергісі жоқ еді, «Бекбосынды өзінен жиырма үш жас үлкендігі болғандықтан әлі Бекен аға дейтін ғой...», амалсыздың күнінен: «Үй алып бер!» деп тепсінгені рас-ты. «Таугүл» санаторийіне демалысқа кімдер келмейді? Сондай адамның бірі – Феруза, сыртынан атақ-даңқына қанық, халық артисі – Феруза Ысқақова-тын. Кезінде қара торының әдемісі, бүгінде ажары тайып, белі бүкшиіп, тұрмыс ауыртпалығы салмағын мықтап салған Феруза таңертеңгісін серуенге жалғыз шығады, жанына ешкімді ертпейді, әдеті болар, кім көрінгенге жабысып, лездің арасында әмпей бола қалатын ол емес. Сол жалғыздығы – жалғыздық. Ішінде небір мұң мен шердін, ойдың қазаны қайнап жатқандай, әредік бір ауыр күрсінетіні бар. Былайынша, демалысқа келгендердің бәрінің, мейлі кәрісі, мейлі жасы дейік, әрі таудың ғажап таза саумал ауасы әсерін тигізе ме, демде көңілі өсіп, аздан соң ермек іздейтін ғадеті де. Феруза олардан бөлек, өзіне табына сәлемдескендерге сыпайы аман­дасады да қояды. Моншақ осының бәрін сырт бақылай жүретін ғой. Осы кісіні сахнада әлденеше рет көрді. Өрбу, өсу, шыңдалу ғана сол тәте­сінің маңдайына жазғандай, әр рөлінде жаңаша танылып жатқаны. Театр өнерінен мүлде мақұрым емес Моншаққа аса ұнатқанын қайта-қайта көре бергісі келетін мінез бұрыннан әдеті. Ферузаның соңғы сахна­лаған дүниесі – жас драматургтің биші әйелдің өмірінен жазған эс­ се-драмасы. Жалпы бүгінде деректі материалға жазылған дүниелердің құны аспандап нарқы асып тұрған жоқ па. Дәуірмен бірге өсіп, бірге түлеп, анау деген атақ-абыройға жеткен бишінің өмір қатпарында ауыр қайғылы жылдар аз емес. Кезінде бір үйелменді, он сегіз бала жанды жақты әулет­тен жалғыз қалған ол кейде күйзелетін: Кеңестер елін – соның ішінде Қазақ­станды жайлаған неше түрлі науқаншылдық пен нәубет – артел­дестіру, жаңа экономикалық саясат, коллективтендіру, ашаршылық, 37-ші жыл, соғыс, тағы басқалардың бәрі-бәрі тек мұның – Шараның үйелменіне тура келгенін қарашы дәп. Содан айдала-ай­ дала, қырыла-қырыла соқа басы, жасы жетпіске таянғанда кәрілік дейтін сығыр екеуі ғана қал­ғанын ойлағанда, енді өзін де отқа өртеп жібере жаздайтындай... Осы бір тұстарды Феруза керім кульминациялы шырқаумен ойнай­ тын да, залдағыларды қоса күйзелтіп, күрсінтіп, әркімнің жеке басы­ның да трагедиясындай жеткізе білетін. Міне, Моншаққа да қатты әсер ет­ кен спектакльдің осынау шарықтау шегі. Он екіде бір гүлі ашылмаған жиырмадағы қыздың тағдыр түртпегіне, улы қасіретіне ұшырап көрмегенімен, жетесіне жеткізе, санасына сәулелендіре әкелерінің, шешелерінің, бабаларының басынан кешірген ауыр-ауыр ау-жайды ұғына, тебірене білгендігінің өзі-ақ бұл қыздың қаншалық ақылды, са­ налы екендігін айтқызбай-ақ білгізсе керек. Алайда, ойламаған жерден әкесіндей Бекбосынмен кездесуі, алды-арты ойламай оның көңілдесіне айналуы, одан екіқабат боп қалуы – қызға шын қайғы-қасіреттің не екенін ұқтырғандай. Жаңа ұққандай. Ішіне сыймайды, кімге айта­

рын білмейді, Айнагүл тәтесіне өлсе айтқысы жоқ, ол дегенің – шатақ, айқай-шу. Сондықтан өзін сахна төрінде де, кәдуілгі тұрмыстың ойы мен өрінде де ұнатып қалған Феруза Ысқақоваға қайтсе жақын болуды көкседі. Асханада тамақ тасушы болып істейтіндіктен, Феруза ас ішетін үстелдің айналасынан үйіріліп шықпайды. «Апай, анау керек пе, мы­ нау керек пе?» дегендей, сорпасын ыссылай, шайын қызылдай әкелуге, дәмді-тәттіні алдына қоюға жан салады. Жалпылдақ, үйірсек, әрлі, жүзі шапағатты жас қыздың өзіне сонша ықылас көрсеткеніне Феруза да немқұрайды қалған жоқ: орайын тауып екеуі шүйіркелесетін, бірге серу­ ен құрысатын болды. Өз өмірінен қысқа-қысқа мәлімет бергесін Моншақ қыз бір күні сөгілді... Сонда барып Феруза бұл қыздың тағдырына ынты-шынтысымен араласып, қолынан келсе, көмегін аямауға, қамқоршы, ақылшы үлкен апайы ретінде жәрдем жасауға бел буған. Оны демалыс уақыты бітісімен өз үйіне әкелді. Баяғы сыралғы ескі достары – Сырға мен Ақтеңгені шақырып, «осындай-осындай хал» деді. Үш ересек әйел жас қыздың қысылтаяң кезіндегі халіне қайтсек жөн айтып, дұрыс жолына саламыз деумен бастарын қатырған-ды. – Әлгі Жарбол «досың» бұл жерден де шықты-ау! Сол сумақайдың жүрмейтін жері жоқ екен, – деді Ақтеңге, Моншақтың тәтесі Айнагүл турасында әңгіме болғанда. – Қарап жүрмей, біреудің уыздай отбасын бұзып, екеуін ажыратып жіберуін... Әйелі қайтыс болды, енді үйленетін шығар Айнагүлге. – Сырға сөзге араласа: – Ол әлі талай әйелдің атын былғайды, – деген. Феруза, шындаса, асқа қылап, болар-болмас дәммен-ақ дастарқанды тоқ қылатын әйел. Бір жілік етпен-ақ екі қонағын разы етіп, шай беруге кірісті. Оның да керек-жарағын: шак-шағын, тәтті нанын, бауырсағын пісіріп үлгерген. Моншақ әдеп сақтап, үлкендермен бірге отырмай, апайына қолқабысын бере, ас үй мен кең үйдің арасында, өзі турасын­ да болып жатқан сөзге де құлақ түре, тыпыраң қаға жүрген-ді: «Жақсы адамдар, апам өне бойы айтатын: «өзіңді қоя тұр, қасыңдағы кісіңді айт» деп. Со құсап, Феруза апайдың қонақтары қандай ақжарқын, мейірбан жандар, ә! Құдды туған қыздарындай, маған соншалық іштартуын...» – деп те қояды. – Біздің жасымызға жетіп, сары қарын тартқан қатындардың өткен өмірлерін боямалап, әрлеп, бастарынан дым өтпегендей, ауыздарын қу шөппен сүртіп, мүләйімси қалатыны бар. Еркекке қанша тәлімсіп, жақсы аттанам дегенмен де, ол антұрғандардың өз топшылауы мен пайымда­ уы бір бастарына жетерлік. Мына Моншаққа менің сондайлық жаным ашып, басындағы күйзелісіне қоса күйреуіктеуіме басты себеп, өзімнің басымнан да кезінде осындай жағдайдың өтуі. Құсекеңе қосылмас бұрын болған жайт, – деп Феруза шай үстінде және бір әңгіменің желісін салды.

– Ол кісі менің өмірімнің ең қиын кезеңінде жолықты, қол ұшын берді, жебеді, демеді, жақсы атаққа ие етті. Сонысы үшін де ол кісінің әруағына бас ием, рухының алдында жетім-жақыбайға қолымның күші, әлімнің шамасы келгенінше рақымшылық көрсетемін деп ант еткенмін. – Феруза көзіне жас алып, үні дірілдеп сәл отырды. – Келіншектер, менің аузыма қарап аңқимай, шай ала отырыңдар. Моншақ-ей, шайды қыздырып әкелші, қалқам... – Өзіммен сахнада партнер, яғни, бір спектакльде өне бойы бірге: мәселен, мен – Еңлік, ол – Кебек, мен – Қарагөз, ол – Сырым деген­ дей, ғашық жігітім болып ойнайтын жігіт, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, өмірде де маған ғашық болды. Сөзіне елтіп, әне-міне әйелімді тастай­ мын деп жүргенінде, мен екіқабат болып қалғамын. Не істеймін. Бір күні әлгі жігіттің әйелі келіп, сахнаға шығуға әзірленіп, боянып-гримденіп отырған жерімде бас салып сабап, жүндей түтіп, шашымды жұлды. Ара түскен бір пенде болсайшы. Бәрі «шоқ-шоқ? Саған сол керек!» деп тұрғандай. Ешкімнің ала жібін аттамасам дағы, қазіргі бағым асып, атақ-даңқым дүркіреп тұрғанымды көбі көтере алмай, қызғаныш етіп, қай жағымнан кінәрат тауып, қай жағымнан шалыс басқанымды аңдып жүргендей-тін кей шуылдақ дұшпандарым. Оңтайларына келе қалды, ал шуылдассын. Жас та болсам, сахна гүліне айналып, ең тәуір рөлдер менің сыбағама тиіп, тасым өрлеп тұрған шағымда, өстіп, қыз балаға ең ауыр кінә болып саналатын – абыройынан айрылып, оң жақта екіқабат болуы – қандай қасірет!.. – ...Жер басып жүре алатын емеспін, ауылға баруға – бетте шіркеу, төрт ағам алдымда. Тірідей қара есекке теріс мінгізіп, жон терімді сыпы­ рары анық. Күндердің күнінде, ойлап-ойлап тапқаным осы, шабаданға киім-кешегімді салдым да, бас ауған жаққа кеттім де қалдым. Шамам кел­ генше, ауылымнан жыраққа кетуге тырыстым. Сол кеткеніме әлі күнге ризамын. Актрисалық өнер мені қайта тапты, балпанақтай ұл тудым. Ел іші кең ғой, «мұны қайдан таптың...» демеді. Тек аты-жөнімді өзгерттім. Ол оқиғаның бәрі мына көк дәптердің ішінде жазулы. Ермек болсыней, келіншектер, оқып шығыңдар. Күн демалыс, асығатын түрлерің жоқ, қонып қаламын десеңдер де үй кең – Феруза қалыңдау, ішінде қолмен жазылған ұзын-сонар оқиғасы бар, көк дәптерді екі құрбысына ұсынды дағы, Моншақты ертіп ас үйге, тағы бір тамақтың түрін әзірлеуге кетті. Ферузаның күнделігі «Қожаның көңілі құрт сүйер, көжесінің қатығы жоқ» дегендей, қайдағы жоқты мен де іздеймін-ау. Түсе сап жуынатын жылы су түгілі, мынау жаз – ыстық жел, қыс – боран суырған жерде таза табиғи су болса десеңші. Поезға отырдың да бет ауған жаққа жөней бердің. Жолай бір шағын станцияда түсіп қалдың. Жолсерік әйел сенің драма театрының

жас актрисасы екеніңді біліп алып, ал қасыңнан шықсыншы. Шайын әзірлеп, үйінен ала шыққан дәмін алдыңа қойып, жолай тоқтаған жер­ ден тағы бірдеңелерді үйіп-төгіп сатып алып, кеңірдектен шығатындай тойдыруда. Өзім асығыс шыққандықтан ештеңе алуға үгермеппін. Азынаулақ ақша бар, жол-жөнекей сатып алам ғой деппін. Қайда да болса, бұл актриса деген атақтан құтыла алмадым. «Сіздің бір-екі ойнағаныңызды көргем, сырттай консерваторияда оқиды дей ме? Ғажап-ау, ана уызы аузыңыздан кеппеген жап-жассыз, қаншадасыз?,,» деп қоймайды. Сөзуар тым. Менің әңгімеге құлқым жоқ. Қайда барам? Жындымын-ау, жатақханадан жанұшыра жүгіре шыққаным не? Рас, институт бітірмей мені театрға алды. Таңдаулы рөлдерді ойнатты. Қазақстан комсомолының сыйлығына ұсынды, бақ жанып іліндім. «Махаббат кадрилі» дейтін кіл жасөспірімдер туралы фильмнің бас қыз кейіпкері болып түсіп, экран­ нан да қалың көрерменге мәшһүр боп қалдым. Мақтанайын ба? Ал жол болсын, қайда бара жатырсың... Жолсерік әйелдің аты – Сәруар, тік қабақ, қыр мұрын, ақ сұр әйел, заманында келісті болғанға ұқсайды. Одан не сұрайын, мына әп-әдемі түріңізбен неге әртіс болмадыңыз деймін бе! Сұлу адамның бәрі әртіс болуы керек пе? Әртіс болып жеткен ұшпағым осы ма, әке-шешемнен жемеген таяқты жеп, айдың-күннің аманында әлдебіреуден соққыға жығылғаным. Жуаспын, оны неге сотқа бермедім?.. – Менен жасырған бір сырың бар секілді, сіңлім. Не көрмеген бас? Мен бірдеңені білсем, сіздің... – деп барып Сәруар демін алды. – Жолдасыңыз жоқ па еді? – Оны қайдан шығардыңыз? Жалпы менің атым – Айман, дәміңізге рахмет, – дедім де, купеме барып жатып қалдым. Айран-асыр қалған Сәруар көп қажамады, су ысытатын пешке сексеуіл тастап, кешкілік жолаушыларға шай қамдаудың әрекетіне кірісті. «Бүгін түннен қалмай түсіп қалуым керек» деп түйдім. Үстіңгі тапшанда жатып ойға қаламын: «Жалпы, екіқабат болған маған жара­ са ма? Шашым белуардан еді, құйымшаққа жетті. Тоқпақтай. Шешем­ нің шашы ұзын болған деуші еді, сірә сол кісіге тартсам керек. Әлі құрсағым біліне қойған жоқ, тек кілкитіп жүрек айныта бергендіктен, боп-боз болармын. Дем алысым ауырлап барады. Ана әйел сонымнан байқап қалды білем...» «Станция Майлысай. Екі-ақ минут аялдайды» деп самбырлады түн тыныштығын қақ тіле зор дауыс. Апыл-ғұпыл киіндім, тек сабын, сүлгі, айна-тарақ болмаса, қалғандарын жол сөмкемнен шығарған жоқ едім. Киімшең жатқамын ғой. Төсек-орын да алмағанмын. – Әу, сіңлім, қайда барасың? – деп жанұшыра айқайлады Сәруар, жерде, түсе берер басқыштың алдында тұрып. – Шалқарға бара жатыр­ мын демеп пе ең... – Жоқ, апай, келдім. Осында ағайым тұрады, – дедім.

Ағайым түгіл, сайтаным да жоқ, қап-қараңғы, желі азынаған айда­ ладағы елеусіз қалашықтың лас, суық вокзалына түсіппін сөйтсем: «Ыстық монша болса, жуынып-шайынып алсам, қонақ үй бар ма екен?» деуім сондықтан. Қайда? Сонымен сол вокзалға түнеуіме тура келді. Түнеу деген аты да. Сықырлаған орындықта ала таңды көзбен атырды десе болғандай. «Бұлт ала, жер шола» дейді, жидесі гүлдеп, исі көш жерді бұрқырата танауды атқан гүлжазира алқаптың енді лездің арасында қуарған сұп-сұр мекенге айналуы таң қаларлық. – Қарындас, сізді ешкім күтіп алмады ма? – Жалт қарасам, орта жастағы жігіт ағасы, жабырқаңқы жүдеу, өңі сынық. – Иә, аға, бір адам тосып алуы керек-ті. – Онда екеуміздің мұңымыз бір болды. – Сізді де күтіп алуы керек пе еді? – Жоқ, мен қарсы алуым керек еді... «Ал енді қайттік?» дегендей шарасыздық танытқан бейтанысы­ма барлай қарадым: мың жылдық қасірет тұрғандай бет-бедерінде. – Онда мейман екенсіз, Майлысайға келгеннің бәрі бізге қонақ. Үйге жүріңіз, мен Мұхамеджан боламын. – Есімім – Айман, – деп өтірік айта салдым. – Қонақ үй жоқ па, сізді әурелеп қайтейін... – Қазақ тұрған жерде қонақ үй бар ма деу әбестік, қарындасым. Жүріңіз шаршаған боларсыз. Ол бастап апарған үйде үш ересек балалардан басқа жаулықтыны көре алмадым. Көре алмағасын да ыңғайсыз болса да: – Жеңгей жұмыста ма? – дедім. – Сол жеңгейіңді ғой күтіп, көзіміз төрт болып жүргені... Онсыз дағы жанды жарасын тырнап алмайын дегендей жым болдым. Және де бұл үйде көп тұрғым келмеді. Оған басты себеп бұ кісінің салт бастылығы болса, «үйіне келіншек түсіріп алыпты» деген өсек-аяңнан қашқаным; одан соң мұндай жұпыны кедей тұрмысты көрмеген­дігім. Алпысыншы жылдары халықтың қоңданып, тұрмысы оңалып қалған кезі емес пе. Бұл отбасында артық төсек-орын да жоқ, ішіп отырған­­дары – қара шай, нан талғажаулары – баққан бес-алты тауықтың жұмырт­ қасы. Маған да отағасы жұмыртқа қуырып, шай берді. «Мына бөл­меге жатып тынық» деді. Еденіне өмірі су тимеген, шаң басып кірле­ген­нен төрт бұрышына шылаудан шымылдық құрылғандай ауасы тар бөлмеге аяқ бастым да, ытырлып шыға: – Ағай, шылапшын, су, еден жуатын шүберек болса... – деппін. Ондағым – тазалап шығайын дегенім. – Несіне әуреленесіз, балалар жуады ғой. – Ақыр тынығатын үй болғасын, тазалап шыққаным оңды ғой, ағай. – «балалар жуса қайда қалды?» дегенді ішімде бүге: – Әйел болмаған үй қашанда осылай... – дедім.

– Оның рас. Айшагүл кеткелі бұл үйдің сәні де, мәні де кеткен... – Ол кісі қайда кетіп еді? – Ақыры сұрадым. – Бізді тастап кеткен... Оның үнінде діріл байқалды, егер осал әйел заты болса, көз жасы көл болардай тура. – Ағай, ұлдың ересегі Арал ма, сол Аралға айтыңыз, маған көмектессін. Шашы сауыс-сауыс, тырнағы өсіп, бет-аузының кірінен көзі ғана жылтыраған сұңғақ бойлы, зәті аққұба, ұяң бозбала маған сызыла леген, су, сыпыртқы әкелді. Бұрқырата сыпыра бастап еді, мен: – Аралжан, тұра тұр, әуелі сыпыртқыны суға мал, жаймен сыпырғын, сосын мен жуып шығайын, ал сен алаша-киіздерді сыртқа шығар, жақсылап қаққын, – дегесін, қарасам, жігіттің көз жанары боталап, кіреуке мұң торлапты сүйкімді жүзін. «Неғылған сормаңдай еңдер, тірі жетім – тесік өкпе болатындай! «Шешесі жоқ шын жеттім» дей ме. Ол Айшагүл неғылған қатыгез? Безбүйрек? Үлпершектей үш баланы, үйі-жайын, күйеуін тастап кет­ кен...» деумен, бес-алты бөлмеден тұратын әңгіредей үйді түгел жуыптазаладық. Арал жаны қалмай, жұмсағаныма жүгіріп, айтқаныма қоғадай иілді. «Монша бар ма?» «Бар». «Жаға аласың ба?» «Әрине». Әуелі мен түсіп, рақаттана жуынып-шайынып алдым да, қалған жерде Мұқаң өзі бастап, балаларымен шомылып, шайынып шықты. Бір тауықты сойып, сорпаланып жетісіп қалдық. – Дүкендеріңіз қалай, азық-түлік жағы? – дегеніме Мұқаң: – Тым нашар! Нан, тұз, қатқан прәндіктен өзге дым болмайды. Түсіп тұрады ғой, бірақ өзді-өзі жымдасып-ымдасып пышақ үстінен бөліп алады да, былайғы жұртқа ауыздарын қу шөппен сүртеді. – Сонда азықты қайдан аласыздар! – Бұйырғаны да. Темір жолдың бойындамыз. Өткен-кеткендер үстеме бағасына болса да қат азық-түлік, киім-кешекті сатып, қыруар табыс та­ бады. Ал біз, алғанымызға шүкірміз, – деп жай-жапсардан хабардар етті. – Ағай, онда мына ақшаны алып, сол вокзал жаққа барып қайтыңыз. Бәріне тамақ алыңыз. – Ақша бар ғой... – деп сипақтады. Онысына қарамадым. – Өзіңіз баруға ерініп отырсаңыз... – Мен барайын, – деп Арал лып етті. Қарындасы Рауиәні ерте, үлкен сөмкені қолтықтай кетті. Соңыра ұқтым: ішетін кісі екен. Мен берген ақшаны алмау себебі сол. Ұялса керек. – Мұнда не жұмыс істейсіз? – деп сұрадым, ақыр білгесін бәрін біліп алайын деп. – Мәдениет үйін басқарам, әрі халық театрының режиссерімін. Ішім жылып салды. Өзімнің әртіс екенімді бүгіп қалдым. – Маған бір жұмыс табылмас па екен? – дедім. Қанша уақыт болам мұнда? Жеңілденіп алғасын қайта барамын Алматыға. Мені іздеп жатыр

ма екен? «Жұмыстан босатыңыз» деп директордың атына тілхат арызым­ ды тастап кеткенім қандай оңды болған. Әйтпесе, милицияға хабарлап дүниені улыған-шулыған етері кәдік қой...» – Мамандығың бар ма еді? – Мұғаліммін, – дей салдым. Бұ жаққа газет-журнал, радио жетпе­ генін сонда білдім. Қайта маған тәңірінің жәрдемдескені бұл деп ойладым. – Кітапханашының орны бос. Қыз күйеуге қашып кетті. Егер олқы­ сынбасаң... Өзің тұрмысқа шығып па ең? – Сірә, бұл да менің аяғым ауырлағанын сезетін болса керек. – Иә. Бірақ көп отаса алмадық. Ішімдікке жақын адам боп шықты, оның үстіне... – деп Мұқаңның бетіне назар аударсам, жанарымен жер шұқып, қуыстанғандай қалыпта отыр екен. – Мен сені кеше түнімен қарауылдадым... – деп қалды. – О неғып? Сіз мені танитын ба едіңіз? – Танимын. Талантты актрисамыз Феруза екеніңді кім білмейді. Әуелі күмәндандым, бірақ дауысыңнан тап бастым. Тек неге осын­ да жүргеніңді түсінбедім... қайта, ит байласа тұрғысыз құдайдың қу мекенінен қашып жатқанда. «Кім қашып жатқан?» демедім, онсыз дағы ұяттан құлап қала жаздап отырғамын ғой. «Дардай адамды алдап, шынымды-ақ айта салмадым ба?» – Жөлік балалар көп, тиісіп жүре ме деп бақылаумен болдым. Мен өзім болсам, жетінші поезды күнде кешкісін тосам... келіп қала ма деп. Жерсінбеді, «кетейікші, көшейікші» деп өне бойы қылқылдайтын. Туған жерден қол үзіп қайда барам?.. – Жеңгемізді айтасыз ғой. Қайда кеткенін білесіз бе? – Біреу Алматыда дейді. Біреу – Талдықорғанда, әсілі со жақтан. Ал қарындасым, Айман деп айттың өзіңді, басқалар үшін солай-ақ бол. Көршілер де, таныстар да елеңдесіп қалған. Ойлары белгілі, өзің білесің... Оларға туған балдызым, әпкесінің кетіп қалғанын білмей келіпті. Осын­ да қол-аяғын бауырына алғанша бола тұрар дедім. Дұрыс па! – Құлдығың болайын, жан аға! Бір туған бауырымнан кем жақсылық көрсетпедіңіз. Тірі болсам, он есе қайтарармын. – Осы үйге бас-көз бол. Әйел қолы деген бөлекше, әне, лездің ара­ сында жайнап салды. Бәрі орын-орнында. Балалар да жетісіп, құдды шешелері төркіндеп қайыра келгендей тапыраң қағуда. Әй, балаға ананың жөні бөлек-ақ! Көп кешікпей кітапханашы болып орналастым. Мұқаң жергілікті мәдениет үйінің жұмысына құлшына кірісіп, жаңа пьеса қоюды мақсат еткен-ді. Менімен ақылдаса: «Егер мен бүгінгі тақырыпқа арналған дүниені қойсам, көмектесер ме ең?» – деді. Ойын түсіндім қызды-қыздымен рөл де ойнап кетуім мүмкін.

– Сахна сиқырына арбалған кісі жуығырақта одан қол үзе алмас. Жақсы, үйде ақылдасармыз. Алаңсыз жұмысыңды атқара бер, тек жергілікті дәрігерге көрініп қойғаның артық болмас, – деді. – Оған қам жемеңіз. Үйде босанып қалмаспын, – дедім де. Сіз Алмас­ бек Абыроев деген актерді білесіз бе? Сахнадан көріп-көріп жүрге­ні­ңізді сұрамаймын, әрине... – Білмегенде ше? Шәкіртім емес пе? Жалындап тұрған жас талант, отты да ойлы өнер иесі. – Ішімдегі баламның әкесі жайлы жақсы сөз естігеніме қуандым, сағыныппын... Көз жасыма ие бола алмадым. * * * ...Бәрібір үйде босандым. Арал бала апалақтап фельдшерді ертіп әкелгенше, көрші кемпірдің көмегімен тұңғышымды өмірге келтірдім. Жастық қой, шіркін. Алды-артыңды ойлатпайтын парықсыздық та бір жағы. Аман-есен қол аяғымды бауырыма алдым, шүкір. Қазір ойла­ сам, жүрегім суылдайды, егер бала теріс келіп... немесе... Тұмса әйелдің дәрігерлердің көмегінсіз тез босануы екіталай ғой. Қайсыбір әйел­дердің ішінен нәрестесін кесіп алып жатады. Оның бетін әрі қылсын тәңірі!.. Бірақ әжептәуір жұмыс жасап жүрген жерімнен шу шықты: екіқабат әйелді неге жұмысқа алған деп аудандық партия және кеңес басшыларының арасында қолайсыз әңгіме тарайды. Оған бола, әрине, Мұхаметжанды күстаналандырады. Екі ай үйде баланы емізіп, шира­ ғанша жұмысқа шықпағаным рас. Қудаласам, заңды декрет демалы­ сымды да алатын ем. Неге екенін, оған арым жетпеді. Мұқаң­ның сырткері жақта мал бағатын інісі сауын сиыр берді. «қалжалығың» деп семіз ісекті сойып, терісіне орап әкеліпті. Сөйтіп, сиыр сауып, қазаношаққа шындап араласқан, баласын туа салысымен, белін таңып алып, шаруаға кірісетін қазақ атамыздың ежелгі шымыр да қаздаңдаған жас желең келіншектеріне ұқсап кеттім білем: – Қарағым, Айман, өзің ауылды жерде өскен жоқсың ба? – деп көрші-қолаң орталарына алады, әрнені білгісі келеді, ең бастысы: осы үйге мен кіммін? Тірсекті соққан қос бұрым бұлаңдап, ең сәнді киінген интелли­ гент келіншекті (қай босағадан аттап, отқа май тамызып келін ата­ нып ем десейші...), ауылдың салпы етек әйелдерінше сиыр сауып, мал қоралап, кір-қожалақ боп қазан-ошақтың маңынан шықпайтын күйбің көнтақа тірлігіне еш қимайтындай. Күніге бір уақ баланы бесікке бө­ леп, емізіп, ұйықтатып: «Ал сендер қарап тұрыңдар, жыласа, мынаны аузына тығып қойыңдар», – деп піскен құйрықтың титтейін ағашқа өт­ кізіп сәбиге еміздіретін қазақтың тағы бір әдісін үйреніп алғам, үйдегі ересек балаларға соны табыстаймын. Екінші үйренгенім – нәрес­тені қазақы бесікке бөлеу. Астында түбегі, кіш ететін сүйектен ойған шү­мегі

бар, жұмсақ таза жаялықтарға құнтитып орап, тырп еткізбей белден бір, аяқтан бір белбеуімен таңып тастап, қыңқылдап жыласа, әлгі піскен құйрықты сорғыздырып, күнұзаққа армансыз, алаңсыз өзге шаруа­ мен жүре беруге болатынын енді зерделегендеймін. «Бесікке бөленген баланың аяғы қисық болады» деп болжал құратындардың сөзі құр долбар екендігін мен дәлелдейін. Бостаным екі аяғы қазықтай, бойы дарақтай, сырықтай сұңғақ жігіт болып өсті. Күндердің күнінде мені аупарткомға шақыртты. Еститінмін, бірінші хатшы Хасан Оңқаев дейтін өткерме, пысықай, беті жылтыр қыз-қатынға әукесі салбырап емексиді де жүреді деп. Мені де тегін шақыртпағанын жорамалдаймын. Өткен бір жолы көшеде машинасын тоқтата: – Қарындас, біздің ауылдың қыз-келіншектеріне еш ұқсамайсыз, сірә, қонақ боларсыз. Сілтеген жағыңызға біз де жарап қалармыз, бағытыңызды айта отырыңыз, – деп қасына отырғызды дағы, кеңсесіне жеткенше әрнені мыжып ішті пыстырған. – Немене, өз ауылыңыздың қыз-келіншектеріне ен сап қойып па едіңіз? – дедім ананың оспадарсыз сөзіне бола қитығып. Ол ашуланудың орнына қарқылдай ұзақ күліп: – Қалтаңнан сөз іздеп жатпайтын бәле келіншек екенсің, одан да айт: осы Майлысайда ұзақ боласың ба? – деді. – Ұзақ болсам, не, ұрын келейін деп пе едіңіз?! – деген мен дағы әйшай жоқ «сенге» көшіп. Бұл – осыдан бір айдай бұрынғы Хасанмен алғаш жүздескендегі әңгіме. Одан бері менің кім екендігім, қайдан келгендігім, тағы басқа мәліметтер оның алдында жатқанына сенімім кәміл. Содан кейін ғой оның Мұқаметжанға тиісіп: «Бір жақтан қаңғып келген әйелге ортан жіліктей майлы да жайлы қызметті ұстата салып... бізбен ақылдаспай, оның үстіне аузы-мұрнынан шыққан екіқабат. Күні ертең декрет де­ малысын даулап, сотқа арызданып жүрсе қайтпекпіз?..» деп оның қыр желкесінен бүргені рас-ты. Абыройға орай мен декрет демалысты алғамын да, даулағаным да жоқ-ты. Өзі еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей, шарық табақтай беті қып-қызыл, шымшысаң шып-шып қан тамшылардай. Ал ауаткомның төрағасы дейтін кісі одан он шақты жас үлкен, о да толық, бірақ бойы ала­ са, ішкен-жегені қарнынан гөрі гүж желкесіне жиналып қордаланғандай. Киіз доптай домалаңдап, бір аудан жұмысын шыр көбелек иіріп жүрген о дағы пысық. Оны білетін себебім, осы кітапхана меңгерушілігіне орна­ ласарда алдынан өткенмін, арызыма бір сөзге келмей қол қоя: – Айман қалқам, өзіңіздей көзқарақты білімдар жастарға зәруміз. Тұрақтап, біржолата орнығып қалса деген тілек те жоқ емес, – деп көзін мөлите бір қарағанынан-ақ шошығам-ды... ...Енді ана бірінші хатшысы не деп әуендетеді?

Есігінің алдында сарылтып ұзақ тостырды. Секретарша әйел кер­ деңдеп қалған, кертіш танауын аспанға көтере, еріне жауап беретін жан екен: – Шақыртып па еді? Қазір, айтайын, – деп алып, іште күбірлесе сүт пісірім уақыт тұрып алды. – Ал кіріңіз, – деді бір шамадан соң. – А-а, Айман қарындас, төрлетіңіз. Біз шақырмасақ, ағаңа сәлем бе­ руге келетін қалпың жоқ, иә, хал қалай? – деп алып қарқылдап күліп кеп берсін! «О, Құдай, күлкім кеп тұрса неғыл дейсің» Сонда да сыпайылық үшін езу тартқан болам. – Хал, көріп тұрсыз, жаман емес. Кітапхана үйі тар, түрлі мәдени шара өткізуге жағдай жоқ, – деп мәселені тікесінен қойдым. – Мысалы, қандай шаралар? – Ол да шықия қалды. – Оқушылар конференциясын өткізсек, бір жақсы жаңа кітап­тың айналасында, мәселен авторларын, мүмкін болса шақырып кездесу өткізсек... – Оларды астанадан қайтып шақырасың? Астарына бір-бір ат мін­ гізіп, қойны-қонышын ақшаға толтырам десең ғана қозғалар. Әйтпесе, керенау халық қой... – Бәрі бірдей олай емес шығар. – Солардың ортасынан, дыр-думанның қасынан көшіп келдің емес пе? Сонан соң айтамын да. Біздің құлақ ондайға түрік жүреді. – Білеміз. Баяғыда бір жазушы ағай: «Өсек естімеген – қаламгер бол­ майды» деп отырушы еді, соны босқа шапан кигізіп: «Өсек естімеген се­ кретарь болмайды» деуге қисыны келіп тұр екен. Қараптан-қарап қуыстансам дағы, сыбағамды жібермейін, керек десе, қыл өңештен өтетін сөз болса қылғыта берсін деп: – Неге шақырдыңыз? Біздің де құлағымызға небір қаңқу, қаң­ ғыма әңгімелер жетіп жатыр. Кітапханашылық қызметті мен көтеріп кетпеймін. Уақытша, ал табылған адамыңыз болса, қазір-ақ босатып бе­ рем, – деп сілкініп орнымнан тұра бастап ем: – Тоқтаңыз! Қаладағы мінезіңізді ауылға әкеп бұрқыратпаңыз! Ба­ лабасты боп үйінде отырып қалған білімді, іскер әйелдер көп, со­лар­ дың біріне ыңғайлап жүрген жұмыс еді, сырттан келген сіздің қағып әкеткеніңізге ренжігенім рас. – Ол «сенен» енді қалай «сізге» көшке­нін аңғармай, шекесі торсиып, столды сұқ саусағымен соққылай ашуға мініп шыға келді. «Театрда мұндай текешіктердің талайын көргеміз. Жалғыз рөл үшін жанын беруге бар. Әншейінде аяғыңа отырғызбайтын пасық мансап­ қорлардың қашанда жолыңды кес-кестеп жүргені. Мені қой­шы, мен кетермін-ау, Мұқаңа зиянын тигізеді ғой!...»

– Біз әлі тіл табысармыз, Айман қарындас, – деді кенет сабасына түсе Хасан. Таңқалдым. Өмірдің әртістері нағыз осылар! – Жақсы. Сау болыңыз, баланы емізетін кез кеп қалды. Рақмет. Әрі-сәрі қалдырып кете бардым. Одан енді алдына барған ауатком төрағасы Сәрсенбі: – Айман қарындас, шопандарды аралап қайталық. Мықты оқушы­ лар солар; Егер бір қап кітап сатып алатын шопан керек болса, жүріңіз, көріңіз, – дейді. – Ағай-ау, жас балам бар ғой, қайтып шығайын? – деппін сасқа­ нымнан. Бұдан былай ол да маған қырын қарайтын болды. Осылай өмір. Әйелден сорлыны көргем жоқ. Ит тартқан тулақтай ша­ масы келгендер сүйретіп ала жөнелмекші...» * * * Алдарына келген асты да аңғармай Ақтеңге мен Сырға көк дәптерге құныға қапты. – Келіншектер, роман оқығаннан бір кем емессіңдер. Не, соншалық қызық па? Ал тамаққа қараңдар, – деп үй иесі оларды алаңдатпаса, жақсы дәмнің хош исі арандарын аша, асқа зауқын аудармаса, расы, роман оқығандай тамсана, ең бір қызық жерінен қағылғандай, өкінішті кейіпте екеуі де. – Тымырайып жүріп өзің талай сырды бізден жасырыпсың, қарашы, әй, жалғасы қайда?! – Әлі де жасыра берер ме ем, тек мына Моншақтың тағдыры өз тағдырымдай болғасын, сендер де бір нәрсені шет-жағалай біліп қойсын дегенім де. Ойбай, Ақтәке-ау, өзіңде де тарау-тарау, романға татыр талай дүниелер жатқан жоқ па? – Ойбай-ау, ішін ит алсын оның! Жұртқа жария болғалы не заман! Сырттың қоңырауы дыз етті. – Моншақжан, есік ашшы! – деді Феруза. Дәлізге жүгіре шыққан Моншақ есік ашысымен: «О, ағатай, қайдан жүрсіз?! Қалай таптыңыз!» деп апы-тапы бола қалды. – Таптым ғой. Өстіп хабарсыз кете ме екен, ә? – деп бейтаныс ер адам қызға кінә артты. – Ал төрлетіңіз. Жақаң боларсыз. Моншақ сізді көп айтады. Қысылмаңыз. Қатын бастаңғы деп қалмаңыз, менің ең жақын дос-құрбы әйелдерім. Мына кісі – Ақтеңге, ал анау ұяң отырған – Сырға, екеуі де қоғамға белгілі адамдар. Мені сырттай білерсіз, – деп Феруза жұқалап айта бастағанша, қауғалақтап, әрі үш мәшһүр әйелдің ортасына оқыстан түсіп қалғанына қысыла:

– Кешірім сұраймын. Баса-көктеп келе салатын үй емес бұл. Тек Моншақтың із-тозсыз кеткенінен қауіптеніп, ақыры осында деп естігесін келген бетім еді, айыпқа бұйырмаңыздар, – деді Жақып. Тап төрге қалай шығып алғанын өзі де білмей қалғандай. – Қысыла-қысыла қыз болдым депті ғой баяғыда біреу, со құсап төрге орнығып алғаныңызды білмей «айыпқа бұйырмаңыз» дейсіз. Ақтеңге бағанағы көңілді шырайлы бұзғысы келмегендей, замандас көріп, Жақыпқа әзіл құрығын лақтыра, тиісе сөйледі. – Өте орынды, Ақтәке, сізді көруге көптен құштар ем... Оның үстіне, бір адамның «сәлем айтыңыз» деген аманатын арқалап жүргеніме де едәуір. – Жақып қызыл күрең шайдан ұрттай, насаттана, жақсы ортаға лайық әңгіме көрігін баса түскендей. – О кім еді? – деп Ақтеңге алаңдап, өңі нұрлана, толған айдай то­ лықсыды. – Менімше, осы үшеулеріңіз бір-біріңізден сыр жасырмайсыздар. Айтайын. Әбдіқайым дейтін замандас. Өткен жолы ауылында болғам, Моншақты іздей барып. Сонда біраз жер шығарып салып, ақ дәмін дастарқанға орап, жол сияпатын көрсете: Жақа, миллионнан астам халқы бар астанада бізге де таңшолпандай ыстық бір жарық жұлдыз – бір әйел заты бар десем, иланармысыз, – дегені кенет ашыла. – Неге иланбайын? Дер шағың, – дей бергенімде: – Жо-оқ, бұл бұрынырақта, осыдан он жылдай бұрын болған оқиға, – деп, кең маңдайы жарқырай, сызатсыз аққұба сұлу жүзін әдемі мұң көлеңкелей бірқыдыру әңгіме айтқан. Соның бас кейіпкері – өзіңсіз, Ақтеңге! Бәрі таңырқай Ақтеңгеге қарасты. Ол болса, жүзін төмен салып, дастарқанның шашағын салалай берді. – Апырай, ә? Бұл өзі жуатын нәрсе екен, Жақа, алдыңыз­дағы қаңырайып бос тұрған рюмкелерді көрмейсіз бе? – Ферузаның өзім­ сінген сөзінен Жақып жадырай: – Ойбай, Фәке, айып менен! Кәне, сұлу келіншектер, сіздерге мен бір қызмет көрсетейін. Құлдығың боп кетейіндер, алыңдаршы, кәне! – деп дастарханды өзінің жалғыз еркеккіндікті екендігін аңғарта билептөстеп әкетті. Әйелдер мәз. Бір ұрттап, екі ұрттап қана отырған Сырға да ал­ дындағысын тауыса салды. Содан ба, былайынша салмақты, тұйық ол желпіне: – Апыр-ай, Ақтеңге, неткен бақытты адамсың! Біз байқұсқа егіле сәлем айтатын да жан жоқ, – деді күрсіне. Осы отырған құрбыларынан өзі көп есейген, алдымен қартайған, иегінің асты қатпарланып, (әсте әйел затының шау тартқанын айтқызбай аңғартар осынау «қас жауына» қанша қатайса да); денесі босап мүжіліп қалғанына жапа шеккен наза­ лануы да естілмей қалған жоқ-ты...

– Қапаланбаңыз, Сәке, үздіге сағынатын қайныңыз тап қасыңызда отырғанын неге байқамайсыз? – Бәсе деймін, манадан көз алмай ұрлана қарауында гәп бар, – деп Феруза сахнадағы рөлін ойнағандай сықылықтай күлді. – Жақсы хабарыңыз үшін көп рақмет, Жақа! Жан жадыратар жайт екен де оныңыз. Ұмытқан шығар деп едім... – Ақтеңге үстел басынан тұрып балконға шығып кетті. Моншақ ас үйде Феруза апайының «ананы алып кел, мынаны әкет» деуін қалт жібермей күтіп отырған. Ара-тұра ана жақта небір әңгіме дүкенін қыздыра дуылдасқан апайлары мен тумаса да туғандай боп кеткен ағасы – Жақаңның сөздеріне құлақ түреді. Бұлар лезде тіл табысқандай: назданған Ақтеңге апайының, сыңғырай күлген Феру­ за апайының, әредікте бір жымың ете сақ күлетін Сырға апайының – үш түрлі мінез, көрік, түр-келбет иелерінің ортасында аңқылдақ Жақаңның айдарынан жел ескендей. Ешуақытта ол әйел қауымының ортасында осыншалық әлуетті болмағандай. Неге? Үйіндегі жағдайы екібастан: рақат тауып отыра алмайтын, аяғына жел біткендей кезеді де жүреді. Өнебойы біреудің тіршілігіне бола жанығып, екі өкпесін қолына ала жанталасқаны жанталасқан. Үйлерінде төрт айдай тұрғанында Моншақтың ұққаны осы. – Моншақжан, еттің көбігін алдың ба? – деді Феруза, өңі нұр жай­ найды, көптен оның сергігені осы болар. – Алдым. Тәте, мен де дастарқан басына барсам, әңгімелеріңіз тым қызық, – деді батылдана Моншақ. – Жүре ғой. Өзің ұялып отыр ма деп... – Феруза сасып қалды. Өмірі кісі жұмсап, қолын ұзартпайтын, бәріне тырбанып өзі жүгіретін басы, неғып «байшыкеш» бола қалғанын. – Жүре ғой, шаршаған да боларсың. Үлкен тәтелеріңнің сөзі саған бір жағы сабақ та. «Құдай мені қызға да, келінге де жарытпаған. Құсекеңнің бұрынғы бәйбішесінен төрт қыз қалып еді, бәрін өсірдім, құтты орнына қондырдым дегендей. Әкелері марқұм болғасын төртеуі төрт жаққа тар­ тып, мүлік, дүние-пұл бөлісіп, арадай талады емес пе. Сол мені мүлдем тұралатып тастаған...» Бірақ залға енгенде жаңағы ауыр ойын сілкіп та­ стап, құлпырып: – Уа, Жақа. Сырғадан басқаға назар салмайсыз. Ақтеңгені ғой қай-қайдағының сәлемін жеткізіп, басын мәңгіртіп жібердіңіз. Мына Моншақтың жайын ойластыралық. Маған салса, осы үйден жібергім жоқ мүттімге. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, босансын... баладан жеритін біз емес, – деді үні айрықша саңқылдай. Оның осынша айрықша саңқылдай сөйлегенінен балконда өз-өзінен қиялға бата толқып тұрған Ақтеңге серпіліп: – Әй, әппақ келіншек, неңе мәз болдың? Келінің ұл тапты ма? – деді. – Аузыңа май, Ақтәке! Моншақ ұл табады екен!

– Ұялтпа баланы! Ұл тапса да, қыз тапса да мейлі ғой. – Сырға басын төмен сала: «қастарына келгенде естімегім осы ма еді...» дегендей мұңая қалған Моншаққа араша түспекші болды. – Үйде шешесі де жоқтап... жоға, біздің кемпірді айтам, – деді Жақып осы отырысқа ойда-жоқта тап болғанда бастағы келген мақсаты енді есіне түскендей, жөткіріне. – Туған қызымыздан кем емес. Жағдайы анадай болды дегеннен бері әсіресе біздің қатында маза жоқ. – Ой, Жақа, біресе кемпір, біресе қатын, құрттың ғой үйдегі қосағыңызды. Бізге көрсетесіз бе, әлде, қойынға тыққан ыстық күлшедей, бір өзіңіз-ақ рақатын көре бересіз бе?!. – Ендеше, – деп Жақып ұшып түрегеліп, басына шляпасын төңкере: – Ақтәкең дұрыс айтты: біздің де есік-төрді көріңіздер деуге сылтау тап­ пай отыр ем. Басыма қалпағымды киіп сөйлемесем, сөздің мәнісі бол­ майтындай. Міне енді дұрысталды: – Ал, Фәке, жақсы ықылас, тұз-дәміңе көп рақмет, сырттарынан ғана естіп, абырой-атағына қанық қадірлі Ақтәкең мен Сырғакеңмен жүзбежүз, бір дастарқаннан дәм тату деген мен үшін үлкен құрмет те, үрмет те! «Біреуден шеміршек жесең, өз үйіңнен атан жілік сақта» деген. Оның түпкі мәнісі – дәм жарасқан достармен қарым-қатынасыңды үзбе. Сон­ дай бір ниетті мен де білдіргім кеп тұр осы тұс, қалай қарайсыздар? – деп әйелдерге жағалай көз тастады. – Жұмырыңа жұқ болмайтын осы аз ғана дәмге бола бәрімізді шақырып шашылып-шабылып қайтесіз, Жақа? Менің мысалы кеш­ ке – спектаклім, одан да соны тамашалаңыздар. Тағы бірде барармыз совхозыңызға. Онша қашық емес көрінеді, – деді Феруза. – Айтпақшы, оныңды мен әлі көргем жоқ, – деп Ақтеңге елп-желп ете қалды. Сырға да: – Үйге шалыма телефон шалып қояйын, бәлкім, ол да барып қалар. Іші пысады, екі зейнеткер үйге сыймаймыз, қиын екен: қол-аяғың дыңдай, іссіз үйде қарап отырған. Менің ғой тіршілік-күйбеңім біт­пейді. Ең ақыры, немерелерімді балабақшаға апарып, алып келу де маған ер­ мек, – деп ауыр күрсінді. – Олай болса, әйбат келіншектер, маған рұқсат беріңдер, шаруа да шаш етектен дегендей. Ал Моншақжан, сен қайтесің? Жүреміз бе? – Жақып әр әйелдің бетіне жалтақтап отырған Моншақты қозғады. – Қайдам... – Екіұшты қыз жауабында қимастық та, сыйластық та қатар жегілгендей. – Моншақ, – деді Ақтеңге салмақпен, – түр-түсіңе қараса, мопмома­қансың, үріп ауызға салғандай сипатың қандай! Ал енді жастықмастық бәріміздің басымызда болды дегенмен де, ешкімге міндет артып, ішіме біткен шеміршек үшін «үй алып бер, басыма бақ-дәулет орнат!», тағы-тағы деп тепсінген емеспіз. Ол да қазақтың белгілі азаматы, елім деп еңіреп, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Бекбосын Серіковты бәріміз де білеміз. Оның басына тап болған қысылтаяң кезін пайдалана қайдағы жоқты әпер деп, ауызды айға білеуге бола ма; ойлашы, қалқам...

Осы тұста бәрінің тілінің ұшында тұрған, бірақ бала ғой, ыңғайсыз болар деп, әрі әдеп сақтап, дымдарын шығара алмай отырған апайлары «Уһ!» деп, батыл да тура сөйлейтін құрбысына ризалықпен қарасқан. Ал Жақып: – Өй, көп жаса, Ақтәке! Осың ғой бәрімізді тәнті ететін. Моншақ­ жанға осыны түсіндірер, қатты айтса да, нақты айтып көзін жеткізер нағыз ер адамның арамызда табылмағанына бір жағынан іштей қапа­ ла­нып та жүруші ем. Еркек деген атымыз болғанмен, тайсақтап, тай­ майтын жерден тайып жүретін дағдымыз,... – дегенде: – Соқыр түйедей әр әңгіменің басын бір шалып отырысымыз да сондықтан-ау, ә? – деп Сырға да тереңдемей, марғау отырыстарын бір жанап өткендей. «Қанша іш-қырындымыз ақтарыла тең құрбыдай сырласқанда, осы­ ны неге айтпағам? Батылсыздық байқатқаным ба? Әлде аядым ба шыны­ мен. Моншақтың осысы парықсыздық, әрине. Біреудің сүттей ұйыған жанұясын бұзуға әрекет жасау деген... Неде болса, Айнагүл тәтесінің ықпалы жоқ емес. Ауылдың момын, аңқау қызы, қалаға келіп көргенбаққаны сол Айнагүлдің төңірегіндегі қым-қуыт берекесіз жайт болғасын да, бұ байқұсқа тағар айыбың бар ма...» Феруза жұмсақ креслоға жайымен қонақтап, қонақтарын да бір сәтке естен шығарғандай терең ойға батқан. Осы мезетте сыртқы есік қоңырауы безектеп қоя берген. Отырғандар бір-біріне қарасты. Моншақ әлденені сезгендей орнынан үш ұмтылып, үш жалп етті. Буын-буыны босағандай, сірә. «Айнагүл деген бәлесі кеп қалды ма... мына қыздың қалтырауына қарағанда» Бұл – Ферузаның көңіліне енген күдік. «Бізді іздеп жүрген Бекташ болмаса ет-ті. «Ау, Жәкібас, неғып хабар­ сыз кеттің? Бізді ұмыттың, ә? Моншақ орнында жоқ, бір нәрсеге ұрынып жүрмесе де...» деп алдыңғы күн хабарласып еді маған. Үнінде үрей ме, мұң ба...» – Жақып та ойланып болмаған-ды; Феруза құсша ұшып ба­ рып есігін ашқанда, ар жағынан дембелше, көрікті келген жігіт ағасы созалаңдай енді. – Сәлеметсіз бе? Бұл Құсекеңнің шаңырағы болар. Өзіңіз... Феруза­ сыз ғой, – деп алға озды. – Оу, Беке-Бекташ! Келдің бе? Міне, Моншақ?! – Жақып қалбалақтай оған қарсы ұмтылды. – Сау-сәлемет боларсыздар? Үстеріңізге баса-көктеп, шырықты әңгімелеріңізді бұзсам, кешірім сұраймын... – Бекбосын диванға құйрық бастырғанмен, екі көзі Моншақта, ішіп-жеп: – Айналайын, Моншақжан, қайда жүрсің?.. Келші, қасыма отыр­ шы... – деп үздіге қарағанда, аялы кең мұң торлаған жанарынан мың жылдық сағыныш лықси төгілгендей еді... Үйдегілер күрсінді, әркім арқалай ой арқалап тұрғандай.

* * * Әкем марқұм мерген еді. Тау-тасты қиялай арқар ататын. Кейде тым ұшарлап, шың басына өрмелеп, адам аяғы жетпейтін биік құзарға көтеріле, күнұзаққа арқардың жолын аңдиды. Қойтастың ығында жа­ тып, тықырлаған тұяққа құлақ тігеді. Қарауылға ілінгенін басып салады. Оқ тиген арқар, әлде құлжасы, еңіске домалай құлағанда жолындағының бәрін жапыра, тасты тасқа ұра тау жаңғырықтырады. Әкем сүйсініп өзін Толағай батырдай сезінетін ғой. Өзі де дәмі таусылып, шыңнан ұшып кетіп быт-шыты шыққан... Сүйегін әрең жиып алады. Міне, ойлап тұрсаң, қазақтың «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегеннің жаны бар. Бекбосынды айтамын да. Табаламайсың, жан досымды жамандыққа қалай қияйын. Әйелін тастады дағы, Моншаққа үйленіп алды. Бір күні кеңсесіне барсам, әрине, басқа кеңсе, ыржалақ қағады: – Баста-ақ бел шешетін ем, қызыл белеттен айырылып, жүгенімді ба­ сымнан сыпырып қаңғытып жібереді екен деп қорықтым ғой... Жақсы болды, заманның өзгергені, әйтпесе кідіңдеп, біресе обкомы, біресе рай­ комы жан алғыш әзірейлше үрейіңді ұшырушы еді. Рақат. Бір ғана арұятыңнан қорықпасаң... – Қайда тұрып жатырсыңдар? – дегеніме: – Пәтер жалдап, қаланың шеті, бірақ от жағатын, су таситын. Ал Моншаққа қайта жақсы, отты маздатып жағып, тамақты пісіріп, үйді қуыршақтай қағындырып қояды. Бір тыным жоқ, тыпың-тыпың күні бойы, – дейді, онсыз дағы шырайлы жүзінде нұр ойнап, – Қашан?.. – Осы қарашаның аяғын ала. – Менен қандай көмек керек? – Бір қысқа жететін отын түсіріп бер. Айтпақшы, қазір бірге жүр, қарындасыңды көріп көзайым бол, сені көп айтады. – Құр қол барғаным... – Үйде бәрі бар: әке-шешесі үзбей керек-жарақты жеткізіп тұрады. Жылқының жарты етін өткенде әкеп тастаған. – Түу, бес жүз шақырым жерден бе? – Ағаларының бәрінде бір-бір жеңіл машина, күйлі жандар. «Бәйбішеңмен араласып, балаларыңды көріп тұрасың ба?» – дей ал­ мадым. Олардың жайы белгілі. Нұриша бәлнеске түсті деп естігем. Ба­ рып көңілін сұрауым керек-ті. Қол тие ме. * * * Ұлы Қазан төңкерісінің жаназасы шығарылды. Құрсау шынжыры үзілді, Империя құлады.

ЗАМАНА ЗАРЫ К өбіне өзімнің өзіме жаным ашиды. Елуден асып, алпыс бес­ ке аяқ басқан уақытта жақын-жұрағаттан, жан-жарың­нан бала­лардан жырақтап «Жалғыздық» атты жарыма жақын­ дай түсіппін. Екеуміздің ажырамайтынымыз сондай, әупиген кең тө­ секте түнде бірге «жатамыз», ертеңгілік шайды бірге «ішеміз». Ол «жанжарымның» бір жақсы жері – көп сөйлеп басты ауыртпайды, мыжың­ дап жүйкеңді тауыспайды: үндемейді, тек кейде бүйрегіңді бүріп, жүрек айналасын буып, тынысыңды тарылтып, кеуде тұсыңды алқынтқаны болмаса. Бойдан күш, көңілден желік кеткенде байдың да саған онша жылуы жоқ, қайта қарауыл құсап қасыңда қыдиып отыра бергеннен гөрі оның сыртта ұзақ жүргенін, көзіңе көбірек түспеуін қалайды екенсің. Бағзы бір кездегідей: «Қайда жүрсің?», «анауың кім телефонмен жампаң­ дасып жатқан?», «кіммен күлмеңдесе қалдың?» деген сияқты қадауқадау тексерістерді азайтып, тіпті оны «инопланетяндар» – жұмбақ ұшу аппаратымен келіп-кетіп жатқандар алып кетсе дағы жоқтамастай­сың. Иін тіресіп отыз бес жыл бірге өмір сүру де жалықтыра ма. Оның да тап менің күйімде екенін сеземін, зейнеттегі шал ешкімге сия да бермейді екен. Балаларға барса, бір-жар күннен соң оларға да жексұрын. Ауыл жаққа қонақшылайды, бірақ баяғыдағыдай қоғадай жапырыла күтіп, үйден үйге шақырғыштап, кезекке тұрып құрметтеп есік-төрін көрсетісе шабуылдайтын жұртты ол шал бүгінде көрмейді. Ол кез көзден бал-бұл ұшқан. Қызмет сұрап ауданның, облыстың басты мекемелеріне сан барсадағы, майлы сүйекті оған әлі ешкім ұстата қойған жоқ. Қызық болғанда, ол алпысқа зейнетке шыққаннан соң бір жылдан соң толған. Ойда жоқ, түсте жоқ орман шаруашылығы министрлігі бастығы­ның орынбасарлығынан сыпырылды да қалды. Өзі іссапарда жүрген-ді. Жоғары орыннан біреуді сырғытып, менің шалымның орнына қою ке­ рек пе еді (о жақта да қызметтегілердің штатын қысқарту жүріп жатқан); отыз­дың бел ортасындағы жылмағай жігітті әкеп қондырды. Шалға таққан кінәсі: қоластындағылармен ынтымақтаса жұмыс істесе алмауы:

нақты ше­шуші кезеңде іске белсенділік көрсете алмауы, тағы-тағылар. Ол кезеңде кім тайғанақтық жасамады. Белсенді болайын дегендердің талайының бел омыртқасы опырылмады ма. Жоғарыдан қандай нұсқау болады деп тек жалтақтаумен отырмады ма талайы. Менің шалым он­ дайлардан бөлек жаратылған жан ба еді. Қудаланған болып біраз табан тоздырған­мен нәтиже шықпағасын, дербес пенсиясын алды да тынды. Көрсет­кен қыры – Алматының ортасынан ойып алған төрт бөлме жай­ ды екіге бөлді де, үйленген екі ұлға бәсіреледі. Өзіміз қала іргесіндегі совхоздың бірінен жер кесіп алып, дача салған едік, міне соған көшіп алдық, немесе саяжай дей ме. Екі қабатты, астыңғы бөлмелерге жақын маңдағы теплицадан жылыту құбыры тартылған, қорада фин моншасы, ыстық-суық суы бар, жеті сотық жерге небір жеміс-жидек отырғызылған хош иісті тып-тыныш жай. Анадайда айдаһардың жонындай асфальт жол жалты­райды. Ерсілі-қарсылы автобус, көліктер қатынап тынбай­ ды. Расын айтқанда, бұл Орман шаруашылығы министрлік басшылары­ на тиесілі жер, қолда барда қоныштан басып дегендей, тау кемеріндегі шалғынды, нулы, ең құйқалы жерді таңдап алған ғой. Қолынан келгендер бір қабат, екі қабат үйлер салып алып, демалыс күндері отбасымен келіп тыныға­тын. Дәрежесі тең бастықтар біріне-бірі қонаққа барып, немесе, астана­ның дүмді мекемелерінде қызмет атқаратын тамыр-таныстарын осында шақырып, мәре-сәре болысып жатқандары ғой. Біз де бір кезде солай түңлігіміз желпілдеп, жақсы-жайсаңмен араласқанбыз. Шал қалай аттан сыпырылды, бәрі сап тиылды. Екеуден екеу ғана шыңға шыққан шы­нардай шошайып отырғанымыз. Төбеміз қарқарадай болғанмен ішіміз қуыс. Қыңқыл-сыңқыл аурулар да шықпай қалып жатқан жоқ, белі­нің құяңы ұстап шал күн бұлттанса жатып қалады. Қан қысымым басқа тепшіп мен де кей-кейде жанымды қоярға жер таппаймын. Мынау желкілдеген алма, өрік, алмұрт, шабдалы ағаштар мен уылжып піскен шие, алқоры, қарақаттарың бала-шаға барда ғана сәнді ме деп қалдым. Шал екеуміз қашанғы күйбеңдейміз, бұрын таныс-жақын шелек-ше­ лек қып теріп алып әкететін. Немерелеріміз келіп теріп жеп мәз бола­ тын. Олар келуін келеді, бірақ екі-ақ күн, одан соң тұзақтап қойсаң да тұрмайды. Бірінің сабағы, бірінің дискотекасы, қыз-қырқыны, театр-ки­ носы дей ме, қалалы жердің ду-думанына бауыр басып қалған олар тыптыныш, теледидардан басқа дәнеме жоқ құлаққа ұрған танадай саңырау, жым-жырт арадан не іздесін, тезірек табан тайдырғанша асығады да. Келін-балалардың, құданың құдыреті-ау, қонақтан қолдары бір боса­ майды. Әлде шақырады, әлде шақырылады. Жастау кезімде ғылым жо­ лына түсемін деп тыртыңдап, біраз уақытты оздырғаным бар. Аспиран­ турада біресе сырттай, біресе тікелей оқып жүріп зордың күшімен ғылым кандидаты деген лауазым алғанмын. Әжептәуір қызметке де ілінгемін. Шал мәнсабынан сыпырылған соң мені түртпектеп о жерден тайдырды. Институттың бірінде сабақ беремін, аптасына екі рет, одан басқа уақытта

менің ешкімге керегім жоқ. Қазір өкінемін, белде қуат барда баланы неге үсті-үстіне таппадым екен деп!.. Тым болмаса, қыздарым қолымда қалар еді, олар тұрмыс құрғанша қасымызда, шаруашы болып, ол-пұлды өздері-ақ атқарып кетпес пе еді. Қыз бала және де шешеге ұлдан гөрі жақын ғой, айналсоқтап жүрер, көңіліңе қарар. Ал ер бала ше? Қазірде асыл бала болса да алған қоса­ғы­ ның ығынан шыға алмайды. Ең иіс алмас жаман қатын болса дағы, бүгінде байына би, бір-екі бала тапты болды. Әйтпесе, «аташкілеп-мамаш­кілеп шапқылап, апта құрғатпай қатынап, қонақ шақырғанда бірі қазан ұстап, бірі дастарқан жайып аяқтарынан тік тұрып қызмет қылатын келін­дерім – Зура мен Мәрияштарым қайда? Ілтипатына, қайырымдылығына орай олар да несібесінен құр қалып жатпайтын. Кіші келін жанды-жақты жақтан. Жоқ-жұтаң кедейлеу де еді, әйтеуір «аташкісінің» арқа­сында іні-сіңлілерін түгел жетілдірді, шетінен көгендеген қозы-лақтай оқуға іліктірді, шетке кеткендері де әйтеуір сол жақтағылардың көз қырына ілінбей, жайлы үй-жай, жалды қызметке қолдары жетті. Зура келін бір үйде бұла өскен өркөкірек, менмендеу. Соның өзінің қай жағынан шығып қаламыз деп тұңғышымыз Елдар екеуміз безектеп бітетінбіз. Ол да адам болды, екі бала тапқасын саябырсып, басалқалы бәйбіше бүгінде. Қайта соным ақылды, орталық жинақ кассасының меңгерушісі бола тұра, қолы қалт еткенде келіп-кетіп, қарайласып, үйді жинап, тазалап тұрады. Ақылды тентек деген осы да. Әйткенмен-ау, әйткенмен, шал екеуміздің осынау меңіреу кең далаға, мүлгіген тыныштыққа өгейсіп құлазитын, ұлыған қасқырдай жер-көкті теңселтетін кезіміз аз емес-ті. Ол айы­ на бір рет қалаға қатынап зейнетақысын алады. Барар жер, басар тау таппағандай, әрі-беріден соң далаға – дачаға тартады. Мен қызметімде аптасына екі рет көрініп, базардан керек-жарақты арқалай, дүкен ара­ лай (онда қазір жылан жалағандай, түк жоқ), тектен-тек уақытты өлтіріп, айналшақтап үйіме қайта келем. Саяжай болғанмен, жанға да саябырлық табылмай, біресе бума-бума газет оқып, біресе көк экранға телміреміз. Қаладағы құрбы-құрдас, сырлас, дос әйелдерге телефон арқылы, онда дағы анда-санда, хабарласуды да сиретіп барамын. Бірінің көңіл хошы болмайды, бірі от алуға бара жатқандай асығып тұрады. Бұрындары қайқайсысы да телефон соқсаң-ақ жайраң қағып, үйі өртеніп жатса да, жай­ ылып кеңінен әңгімелесетінбіз ғой. Үйде қараптан-қарап қорқасың, кісіні қайдағы үрей билейді: бұзақылар екеуден-екеу қалғанымызды білсе, тонап, өлтіріп кете ме?.. Бүгінде ұры-қары көп, қалада үйге түсіп тонап жатқандар, жас қыздарды зорлап өлтіріп жатқандар, жекеменшік машиналарды айдап кетіп бөлшектеп сатып жатқандар дей ме – жаның шошиды. Әсіресе, жекеменшік автомобильдері барлардың жаны иненің ұшында тұрғандай, не ұйқы, не күлкі жоқ. Біз, әйтеуір ол азаптан құтылғамыз: ескі «Газ-24»

машинасын шал сатқызып жіберген, екі ұл сол мүлік үшін қырқысып, дүрдараз бола бергесін де. Ақшасын қаттап кассаға салып қойды: жаман айтпай жақсы жоқ, өмір барда, қаза бар дегендей. Осымен өмір өтті ме? Алда не күтіп тұр? Жылуы кетіп, оты өшкен ошақтай шал екеуміз екі жақта омырайып отырғанымыз отырған. Ол көзілдірігін танауының үстіне кептеп алып, ескі жазбаларын қарайды. Бір уақытта естелік жазбақ болып қолға қалам алған еді... Мен толып жатқан газет-журналдарды қараймын. Қазір газет кітаптан қызық: бәрін ашық жазады. Жасырын ештеңе жоқ. Қағаз жоқ деп оларды да киоскіге түсірмей қойды. Былтыр бәріне жазылғамыз, сол абырой. Оқып бас ала алмайсың. Мына жақта Арал теңізі тартылып, түбінен кісі денсаулығына аса зиянды ақ тұз ұшып, халықты үлкен трагедияға ұшыратуда. Ана жақта «Семей – Невада» қозғалысы: 1949-жылдан атом бомбасының полиго­ нын – жарылыс, сынау орны болып келе жатқан тозақ өртін тоқтатуға қазақтың маңдай алды ұлдары, азаматтары белсене кіріскен де. Өткенде айлық ақшамды екіге бөліп банкідегі есеп орына салғанмын. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей аз да болса халық қасіретін жеңілдетуге септік етсе дегенім. Жер дүмпуі де тоқтамайды, бір жерлерде жер жұтқан қалаларды, село-тұрғын жайларды оқығанда зәрең ұшады. Осы Алматы­ да да күшті жер сілкінісі болады деп жаз бойы үрейіңді алды. * * * Бұдан отыз жыл бұрын Ерекең екеуміздің жаңадан тұрмыс құрып, ел қатарлы тіршілік уығын қадап жатқан кезіміз болар. Жастықтың өзі – мастық та, ештеңені аңғартпайды: дүние жете ме, жетпей ме-ау, бар маау, жоқ па-ау... Өздерінше бақыт атты қайықтың желкенін желбіретіп шауып жүрген көп жастың біріміз. Ерекең менен әжептәуір ересек-тін, бұрын бір рет тұрмыс құрған, онысы ойындағысындай болмай көңілі қабарып жүргенде мен кез келіппін. Бір баласымен әйелін жіберіп алғанда қайбір төрт құбыласы тең бола қалды дейсің, менің де алды-ар­ тымда аузымен ай білеп, төбесімен көк тіреген ешкімім жоқ қой. Оны да «ал келе қал, майлы асқа бөге қал» дейтіндей жарылқап, жайлы орынға допша ыршытып қондыра салар көкесі көрінбеді. Үй ала алмай қаңғып жүргенімізді айтсам, қабырғаларым қайысады. Өйткені, Ерекең алдыңғы қосағына үй-жайын қалдырып, жалғыз бір киер костюм мен кітаптарын қолтықтап кеткен ғой. Назира оған да риза болмай көпке шейін некеден айрылмай, сотқа бармай әлек шығарған. Ол ол ма, жоғары орындарға арызданып Ерубайды партия қатарынан шығармаққа жан салды. Көңіл жықпас достары сүйемегенде, Ерекең мойнынан жүгені сыпы­ рылып үйсіз-күйсіз, қызметсіз, қызыл билетсіз қаңғып, ауыш болып кетер ме еді...

Сол жақсы адамдардың ақылымен, жебеуімен біз облысқа қоныс аудардық. Оған да, маған да әжептәуір қызмет тиді, тәп-тәуір үйге де кірдік. Сыйлас достар, жыртылып айрылысар таныс таптық. Тұңғыш ұлыма мен сонда босандым. Мәуелі жеміс-жидек, нәрі сыртына тебе уылжыған алма, алмұрт, қауын-қарбыз онда қайдан болсын, кім қай бір сүтті сиырын бере қояр дегендей, дүкендегі консерві-қалбырлардан басқа көкөністің дәмін де татпаймыз. Қу дала, азынаған жел, суырған құм. Міне, бар «пейзаж»! Жетісу жерінде өсіп, малынған бау-бақша, тұнған бақ, сарқырай аққан өзеннің ортасында ғұмыр бойы жүрген кісіге бұдан артық азап жоқ. Ал Ерекең Арқа жақтың адамы, оған да мұншалық аңызақта өмір сүру қиын. Қайтеміз, көндігеміз де. Ондағы атам заманнан тұрып жатқан халық – біз сықылды ет пен сүйектен жаратылған құдайдың пенделері. Ұрпақтан ұрпақ жалғастырып, егінін егіп, мыңғыртып малын баққан, тамырын атамекеніне тереңге жайған халық. Үйрендік, көндік. Қымызы бен қымыраны жанға шипа, ел пейілі көңілге дәру дегендей, он жыл бірге тұрған ғұмырымыздың ыстығы мен суығы сонда қалып, қалаға қайта оралдық. Ол жақта он шақты жыл Назираның әлегі мен шәлегінен құлағымыз тыныш еді, мұнда оның бәрі қайта жаңғырықты: қыздары Алмажан бой жетіпті, құтты орны­ на қондыру керек; күйеу баланы жақсы да жайлы тыныш қызметке қою керек сықылды өңкей «керектердің» шұбатылған тізімін даярлап қойыпты бұрынғы әйелі. Онымен де тыныш таппай, менің үстімнен жан-жаққа арыздар жаудырып, ата-тегімнен түк қоймай қозғап, қара тізімге іліктірмесе де, тырп етуге шамамды келтірместей, қайда барсам да қырсық тосқауылын мықтап құрыпты. Менің ар жақ, бер жақ жеті атамда әйтеуір ұрлық-қарлық жасаған, сотталған, «халық жауы» атанған, немесе сатқын болған ешкім жоқ екен сөйтсем. Нәзираның арқасында сөйтіп өзімнің кім екенімді біліп қалдым. Интернатта өскен адамның қай жақтан екендігің болмаса, қай ру, тайпа деп бөлініп жатпайтынымыз рас қой. Тіпті менің әкемнің Жетісу жерінде емес, Семей жақта туғандығын, 1933-жылғы ашаршылықта бірнеше үйелмен ауып келгендігін енді білдім ғой. Әкем Олжабек бес ағайынды – төрт ұл, бір қыз, бәрі Алматы төңірегінде орналасып, үйлі-баранды болып кеткендер. Шешем мен әкемнің қосылуы қызық, онда аудан орталығы қазіргі Есікте емес, Қаркемерде-тін. Атамыз қос қызы Нәписа мен Қайшаға білім беріп, алғашқы құрылған Ликбезде (сауатсыздықты жою мектебінде) оқытқан ғой. Үлкені Қайша дүкен ұстап, кішісі Нәписа машинка басу­ шы болып, аудандық комсомол комитетінде жұмыс атқарады. Шешем Нәписа бар-жоғы он алтыда, дембелше келген қызылшырайлы, қой көз, шашы белуарына түскен әдемі, ұяң қыз, Олжабек райкомда бірінші хатшы, үйленбеген, жиырманың үстіндегі өткір көзді, қарасұр пысық жігіт. Бетінің шешек дағы бар, бойшаң, бипаз. Қоластындағы жас се­ кретарьша қызға ғашық болғаны сондай, өмірі жазбаған өлеңін жазып,

өз қолынан беруге арланып, керегені тесіп, хат соңынан хатты тастай берген ғой. Бастығы Ахмадиев жолдастың бұл қылығынан әрі ұялып, әрі қорқып Нәписа бір күні әй-шәй жоқ жұмысты тастай қашады. Жар жағалауындағы, қос теректі оңаша үйде тұрып жатқан кемпір-шал, екі қыз – қаннен қаперсіз күндері есік алдына көлденеңдей пар ат жеккен жеңіл тарантас тоқтай қалады, үстінен шітірейе ақ қалпақ, ақ костюм киген Олжабек керіле түсе береді. Кіші бесін, қария намазын қайырып әбігер үстінде-тін. Үлкен қыздары жұмыстан келе қоймаған, кішісі ке­ сте тігіп отырған, арба дыбырын ести есі кетіп апасының артындағы жәшіктің үстіне отыра кетеді. Ол ұн салған жәшік, жұп-жұқа пәнер қақпағы қыз салмағынан қарс айрылып, күмп бере Нәписа ішіне түседі де кетеді. Қысқасы, Олжабек ішке ене бергенде аспанға ата бұрқ еткен ұн мен екі аяғы көктен келе тырбаңдап жатқан қыз сылқ-сылқ күле; оған: «О, қарабасқыр! Байқамаймысың..» деп ұрысқан шешесін көреді. Көреді де қоса күледі. Жайнамазына тоңқаңдай бұл «комедияны» байқап жатқан Тұмар қария дағы күлкісін езуінде қымқыра қалады. – Оу, өзіміз нағыз қызықтың үстінен шықтық қой! Амансыздар ма, қариялар? – деп Олжекең алшаңдай төрге озады. – Аманбыз, шүкір. Кел, кел, жоғары шық, – Сәлима қамырын тастай сала, қолдарын алжапқышына сүрте жүкке жүгіреді. Құрақ көрпені суырып алып, есі қалмай төсеп жатыр. Шал да нама­ зын шала-пұла оқып, ұсынған жігіт қолын қос қолдай алады. – Иә, қарағым, жәйша ма? Айтпай, дәнеңе етпей... малды да бақташыға қосып жіберіп едік... – Оу, ата, әуре боп қайтесіз? Бірер шыны аяқ шай болса, жетіп жатыр. Мына қашақ қыздарыңның соңынан қуып келгенім... – Е, бәсе. Райкөмге біздің керегімз не? – Тұмекеңе бәрі райком – комсомол комитеті де, партия комитеті де. «Райком» десе және жеті балл жел сілкінгендей үрейі ұша қалтырай жөнеледі. Оң жақта отырған екі бірдей бойжеткеннің біріне құрық сала келеді-ау деген ойда жоқ; сүт салығын кешіктіріп еді, құнажынның үшеуі де биыл қысыр қалып, өздері де шайға қатықтықты жұрттан сұрап отырған; сол лаңмен жетіп келді деп ойлаған да қойған. – Олай болса, әй, Сәлиман, кәне, шайыңды қамда! – Шай қайда қашар дейсің, нан кеспе жасағалы жатырмын, содан ауыз тиер... – Бойдақ күй таңдамайды, тамақтан өтетін бірдеңе болса болды да. Үйдің тамағын сағындым және де... – Е-е, біздің Сәлиманың кеспесі етке бергісіз. – Онда қол шаяйын. – Олжабек шошалаға шықты, Нәписа төмен қараған қалпы, жезқұманмен қолына су құйып тұр. – Сені бүгін түнде алып қашамын... Нәписа сасқанынан құманды тастай салып, сыртқа безе қашты.

Қанша қашқанмен кісі маңдайға жазғаннан құтыла алмайды ғой, ақыры Олжабекке, өзінен он үш жас үлкен адамға тұрмысқа шықты. «Сүйемін-ау, сүймеймін-ау» деген басына келмеді де. Әке-шешесі оның алдында қалбалақ қаққасын бұл дағы жөні сол екен деп үлкендердің ырқына көне салған. Жасын да ілгері екі жасқа ұлғайтып «кәмлетке толған» болды да шықты. Аудан орталығы Есік станицасына орын тепті, бұлар да көшті. Орталық көшеден көлге бұрыла берістегі жол бойында тұрған екі қабатты ағаш үйге кіріп алған. Тұрмыс оңалды, өмірге бірінен соң бірі – екі қыз – Айтжамал, Айша келген еді. * * * Жаман адамға қарғыс та, наза да, тіпті кісінің көз жасы да тимейді, менің осынау жасыма шейінгі түйгенім – осы. Қайта жамандық май­ дай жағатын да адамдар болады. Назира, менің күндесім, ата-тегімді түгендеп болғасын, өзіме қадалды. Расын айтсам, оның қойнынан күйеуін суырып алған мен емес. Өздерінің тұз-дәмі жараспады. На­ зира тым дүниеқоңыз. Ерубайдың алды-артында ешкім жоқ, баяғыда ашаршылық жылы ата-анасы, бауырлары түгел қырылып, бір үйлі жанды-жақты шаңырақтан сопиып жалғыз қалған өзі. Бұл – адам басына келмесін, ауыр қайғы. Ерекең оны сақалынан көз жасы сорғалап отырып әрең айтатын. Ерекең мен әкем Олжабек негізі бір ауылдан, ол да Семей жақтан. Жұлым-жұлым, жалаңаяқ, адырақ көз қара баланы вокзал ба­ сында қайыр тілеп жүрген жерінен әкемнің ағасы Арынбай жаны ашып үйіне алып келіпті. Ас беріп, жуындырып, ұйықтатып, жөн сұрасса – өз ауданынан. Содан Ерубай біздің жақын-жұрағатқа бауыр басып кеткен ғой. Әкеме іні, ағаларына бала болып жағалай жүріп әйтеуір тамақ пен киімнен тарықпапты. Назираға да өз қолдарынан қосқан, екеуінің ұрыскерістеріне де араласып, талай татуластырған да. Бұлардың бұл «драмасынан» бейхабар мен оқу қуалап Москва­ дан бір-ақ шыққанмын. Барғаным – Ленин атындағы Мемлекеттік педагогикалық институт. Соның орыс әдебиеті мен тілі факультетіне емтихан тапсырып түсуін түстім, бірақ әрі қарай оқуға қаражат жағы тапшылық етіп, (соғыс басталған жылы сіңлім Айша екеумізді әкеміз та­ стап, басқа бір актриса әйелге үйленіп кеткен...), не күші, не тоқуы жоқ жесір шешем байқұстың маған қаражат салып тұруға жағдайы болмай, ақыры оқуды тастауға тура келіп, ауылға қайтқамын ғой. Жолай поезда бір жігіт жата кеп жабысып, «тұрмыс құрайық, маған шыққын» дегенсін аңқау басым алды-артыма қарамай қосыла салыппын. Өйткені ол кез­ де оқуға түсе алмау деген тірі масқара-тын. Мен мектеп мұғалімдері мен бірге оқыған парталастарымды ұятқа қалдырдым. Маған олар сенім артып еді ғой, бәрі ұбап-шұбап поезға, перрон басына келген ғой. Мұғалімдер шама-шарқынша ақша жинап қалтама салған. Тіпті жеті

күнге жететін (ол кезде Алматы – Москва арасы поезбен жеті күншілдік жер), азық-түлік тамақ та жинап беріп еді ғой. Бәрімен қимай қоштасып, Отар станциясына шейін жылап барғаным қайда... Енді бәрі ұмыт бол­ ды, сары уайым жеңіп мәңгіріп қалған шешені де, бізден бөлініп, бөлек отбасын құрып жатқан әкені де өзің күйеуге тигесін керек етпейсің бе, әлде тұрмыс ауыртпалығы жаншып тастады ма, көпке шейін олардан ха­ бар-ошарсыз кетіп, ат ізін салыспағанмын. Қосылған күйеуім де мен сықылды тақыр кедей. Тіреп тұрған ал­ ды-артында ешкімі жоқ, үш-төрт іні-қарындастары, бауырын енді-енді көтерген күшіктей жармасып, басына тартқанын аяғына жеткізбеді. Жігіт жақсы, сабырлы, айтқаныңа көнгіш, бірақ соңынан шұбырғандары мазаны ала берді. Енеміз де жайсыз адам еді: «Ойбай, ауыздарыңнан ақ май ағып жетісіп жатсыңдар... біз мұнда...» деп ай сайын телеграмма са­ лып, баласын елге шақырып алады. Еліне барып келгенінше де: әуелі поезбен, одан он екі кісілік «Кукуризник» ұшақпен, одан атты-жаяу­ лы дегендей барғанша сілесі қататын. Жол-пұлдың өзіне қанша кетеді. Жұмыс жайымыз да шамалы, екеуміз де фабрикада жұмысшымыз. Мен университеттің кешкі оқуына түскемін, кірпік ілмей қалғып-мүлгіп кон­ спект жазып отырғаным. Ол болса, бір уақ дүкенде күзетшілік жұмыс істейді. Сөйтіп, ептесіп-септесіп тұрмыс атты ауыр арбаға қосақтай жегіліп, мықшыңдай өрге сүйреп, тапқан-таянғанымызды елге жіберіп жұрт қатарлы жүріп жаттық. Аядай бөлмеміз бар, үй иесі жайлы адам­ дар, ақшасын сұрап дігерлеп тұрып алмайды, олар да жастар, кешкілік күй табақ ойнатып, бір-біріне қарап жайраң қағып отырғаны. Бір уақ біз де барып тыңдаймыз. Сондағы есте қалған Батыр Закировтың орындауындағы араб тангосы! Ғажап. Қанша тыңдасаң да тоймайсың. Сызылған мұңды да терең әуез. Батырдың үні қандай! Жүрегіңнің жықпыл-жықпылын ақтарып, көңілдің нәзік пернесін басып тұрып алады. Көпке шейін сол әуез құлағыңның түбінде қобыз тартып кетпей қояды. Әлі күнге шейін... Аз уақыт бірге тұрмыс құрсақ тағы Сайран екеуміздің сол өміріміз бал дәурен екен! Неге аз? Оған себеп тағы – енеміз. Атамыз қайтыс болды деп хабар келгенде мен аяғым ауырлап, әрі бірінші курсты аяқтап, жазғы сессияға кірісіп қызыл танау болып жатқанмын. Сайран алақандай шуақты көздері жастан кіреукеленіп қарай береді маған. «Қаласың ба? Барасың ба?..» Халімнің ауыр екенін біліп тұрса дағы: мен ұшақты көтере алмаймын, өткен жолы барғанымда, басым айналып, құсып, өліп қала жаздағанмын. Ал әнебір инелік сияқты самолеті бар болсын, май шайқағандай теңселткенде... Әрі шерми­ ген түріммен мені алып жүрудің өзіне бір адам керек. Соны білсе де – қиылады. Сөйтсем, өзінің қайтып келуінің екіталай екендігін жүрегі сез­ гендей де екен-ау... Әкесінің үшін, жетісін, жүзін өткізеді, енді қайтуға жиналып-тергеле бергенінде шешесі: «Өлігімнің үстінен аттап кетпесең,

жібермеймін! Мынау әдіре қалған шаңыраққа кім ие? Бір шүйкебастың соңынан кетті деп мынау жұрт онсыз да жүндей түтті. Намыс қайда? Ақ сүтімді теріс сауам... бата емес, қарғыс айтам...» – деп ақ селеу шашын жайып, байының сүйегін енді шығарғандай шыңғырып, жер тырнап жа­ тып алады. Көрші-қолаң жиылып, туыстар бас қосып, басу айтқанмен Ақапа айтқанынан қайтпайды. Міне, сөйтіп, Сайраным еріксіз тұсалып қала береді... Жаздық сессияны да өткіздім, әйелдер ауруханасынан бір-ақ шықтым. Гинекологтың есебі бойынша босануыма екі ай бар. Нәресте жеті айлығында да өмірге келе береді екен, мұны шала туған дейді. Аманесен қол аяғымды бауырыма алдым, Дәурен дейтін қызылшақа (өзінің атына ұқсатып қойғаным...), екеуміз ауруханада ұзақ жаттық. Оны кіші дәрігерлер қарамағына алған, мен тек мезгілімен еміземін, торғайдың балапанындай, туғанда салмағы екі килограмм, жеті жүз грамм ғана-тын. Жұрттың баласына әкесі келіп, терезенің алдында екі көзі төрт болып тұрады. Бізге өйтіп телмеңдейтін ешкім жоқ. Басқа әйелдерге келушілер жыртылып айрылысады: айран, сүт, жеміс-жидек, қымбат конфеттер, гүл, шампан дегендеріңде есеп жоқ. Жас еттен тұшпара жасап әкеледі кейбіріне, сілекейім шұбырады, бәлнестің көксорпасы мен киселі, бөкпені мен қара шайы жалықтырды. Емшегімнен де сүт шықпайтын болды. Онсыз да үрпегі ашылмай бала үш күндей аш қалып еді, енді қайттім? Палаталас әйелдер қамқорлық жасап, бірі жеміс-жидегін, бірі ыстық сорпасын, тағы басқа артылған тамағынан қарайласады. Ұят болса да аламын. Жылайын десем, көзімнен жас та шықпайды, Сайран кеткелі онсыз да жылаудамын. Көрші әйел келді күйеуімен. Тамақ пісіріп әкеліпті, тағы не жейсің дейді. «Шай, сүт қатқан шай!» дедім қуанғаннан. Ертесіне алып келді. Бауырсақ та пісіріпті. Ой, мың болғырлар-ай! Бәлнестен шығарып алған да сол пәтер иесі – көршілерім. Өздерінде бала жоқ, бірақ сондай тату. Уылжыған жас, болар деп үміттенеді. Бол­ сын деп мен тілеймін. Әлденіп алғасын баланы құндақтап алып сыртқа шаруаларыма баратын болдым. Бірде почтаға кіріп: «Дәурен дейтін ұлың өмірге келді Құттықтаймын тосамыз» деп анаған телеграмма салдым. Еш хабар жоқ. Өліп те қалды ма деп қауіптенемін. Бірер айдан соң хат келді. Хатында бар жағдайын айтыпты, кешірім сұрайды... Кешірімін мен оның тұсыма жүк қып жиып қояйын! Бір күні есік алдына көлденеңдей көк «Победа» тоқтай қалды. «Мұнысы кім?» дегенімше болған жоқ: «Әй, Айтжамал, үйдемісің? Мен ізде­месем, сорлы қыз, сені кім іздейді. Бауырларың шетінен тіреп тұр, бірақ бірінің жаны ашымайды. Бір подругам сенің бала көтеріп жү­р­ге­ нің­ді көріп қалыпты: «Күйеуге тиіп пе еді?» дейді. «Тиген» дей салдым. Со­дан әрең таптым. Қалай, кішкентай ширақ па?...» деп салдырлай, жөр­гек­тегі баланы шешіп жіберіп, құшырлана иіскеп өліп бара жатқан жеңгем – Сұлуқас. Арынбай ағамның кіші тоқалы, «тоқал» болаты­ ны – ал­дыңғы шешеміз қайтыс болған, аға ұзақ уақыт үйленбей жүріп,

бертінде осы Сұлуқасқа қыздай қосылған. Қара бұжыр, төбесі жалты­ рап, қарны озған, өзінен кемі жиырма жас үлкен адамға неге шықты деп қайран қала­мын ғой. Сөйтсем, оның да бармақтың астына бүккен есебі бар екен. Ағамыз отставкаға шыққан полковник, соғыс ардагері. Пен­ сиясы мол, және бір белді қызметте. Ұл үйленген, қыз – тұрмыста де­ гендей. Жекеменшік машина, үй, жиһаз, сорпаның бетіне шығар жақсы орта. Осылар ғой оныншыны тәмамдап жоғары оқуға түсуге ниет қойып келген ауыл қызын магниттей тартып алған. Қади жеңгеміздің (Қадиша ғой, еркелетіп осы­лай деп кеткен), бөлелес сіңлісі екен де. Үркек тана көз, тік маңдай, шашы тірсегін соққан сұлу балдызына ағайдың да құрғыр көңілі құлай берсе керек. Қыз оқуға түсіп, жатақханаға бөстегін сүйрей жөнегенде ағай: «Не бар онда? Осы үйдің бір бұрышынан саған орын табылар. Оның үстіне тәтеңнің орнын жоқтатпай бар шаруа­ ны тынды­рымды етесің. ­Бүгін болмаса, ертең бір әйелді алып келемін, бәрібір сенен артық жорға шы­ғар деймісің?..» деп екіұшты уәж тастапты. Сұлу­қас­қа да керегі осы. Жалындырмай қала қойыпты. Үш бөлмені тілі­ м­ен жалағандай қып тазар­тып, кілем, алашаны сыртқа қағып, жиһаздар­ дың бетін айнадай қып сүртіп, өзі де мұнтаздай, ағаны да жұнттай киін­ діріп, шақырыс, той-ду­ман­да қаздиып әдепті ғана отырып – былайғы әйел затына үлгі болар­лық­тай жас келіншек бірден-ақ пысық, ширақ, көргенді қала әйел­де­рінің қалпына түсе қалыпты. «Мұны қайдан оқып-тоқып жүр? Ғұмыр бойы қалада тұрып келеміз, бір шаруамыз бітсе, екіншісі шұбаталып етекке оралып жата­ ды. Бәле ғой өзі?!» десіп, сан-саққа жүгірткендер де табылмай қалып жатқан жоқ. Олар – бет-аузын сылағаннан қолдары босамайтын, мода жарысының әдеп додасына түсіп алып, «анау ананы алыпты, біз неге құр қаламыз?!» десіп, байларының миын ашытатын сәнқойлар мен паңқой сылқымдар ғой. Ал Сұлуқас кедей жердің қызы, байлыққа, барлыққа мас болып, қонышынан басып, қақырай сөгіліп жүрген ол болсайшы. Аяққа тартса, басқа жетпейтін, қанша тырбаңдап колхоз малын бақса да бүйірі бір шықпайтын жарымаған жерден. Малынып киініп, тойы­ нып ішініп, әкесінің «Ақжорғаларында» шіреніп отырып, тұрмыстың шалқыған ортасында жүзіп, төгіп-шашып жүретін кей құрбыларына қатты қызығатын. Қызығып қана қоймай, іштей күндеп, түн баласына дөңбекшіп: «Қайтсем ғана байимын, ел қатарлы барды белшесінен ба­ сып жаримын...» дегенде таңды таңға ұра қансиіп шығатын. Шапақты нұрлы көздеріне мұң қонақтап, ақ сұр өңі күреңітіп бүкшиіп қалатын ондайда. Сорлы шешесі бәрін ұқса да іштей үгітілетін ол дағы. Ақыры бір күні жиналып-түйінді де: «Алматыға кеттім. Бағым жанса, оқуға түсем, түспесем, күйеуге тием. Әйтеуір үйі-жайы бар біреудің етегінен ұстаймын», – деп шынын айтып кетті де қалды. Анасы бірде сенсе, бірде сенбей: «Е, үйі-жайы бар күйеулер ол жақта шашылып жатыр, шама­ сы...» деп ернін тістелей қалған, тілеуін де іштей тілеген.

Сол Сұлуқас менің қол-аяғымды жерге тигізбей: – Бол, бол, киін, баланың жөргектерін, көр-жерді ұмытпа, түгел ал. Мына үйіңнің пәтер ақысын төлеп пе едің? Қанша төлеуің керек еді? – деп дігерлетіп барады. – Бол, сыртта машина күтіп қалды. Ағаңның ма­ шинасы емес, басқа... Бір түске ғана ұлықсат етіп еді... – Қайда барам! Менің ешқайда барғым келмейді. Сайран келіп қалса, қайдан іздеп табады... – Сайраның қайран болған. Одан да саған аспандағы бұлт жуық. Тез, әйбат қыз, әйтпесе екеумізге такси ұстауға тура келер... – Ағадан ұялам... – Балпиып бала тапқанда ұялмаған, енді жаман қатты ұялып қап­сың. Бет моншағың үзілмеген ұятты қыз болсаң, онда неғып көрінген көк етіктінің жемтігі болдың, ә? – Өйтіп табалайтын болсаңыз, жеңге, үйіңнің маңайына жоламай­ мын. Көр де тұр! – Шатынап шыға келген ұсқынымнан тіксініп қалса керек. – Өй, әйбат қыз, қалжыңым ғой. Жеңгесі мен қайынсіңлісі анда-сан­ да қағыспаушы ма еді? Сен де ойыңа келгенді іркіп қалмағын, мінездің турасын жақсы көрем өзім. – Лезде қайыңның қабығындай майыса қалды. – Айдаладағы біреу болсаң, төрге сүйреп нем бар? Олжабек не, Арғынбай не – бір анадан туып, бір емшектен емгесін бізге де бөтен емес. Ал, болдың ба? Болмайтындай дүнием тіреп тұр ма. Темір төсек пен ағаш стол, екі орындық – көршімдікі. Көрпе-жастық, екі чемодан – болды. Ыдысаяқты жинастыра бастап едім: – Неғыласың ыбырсытып? Ағаң ондайды ұнатпайды. Өзі де аядай үш бөлме. Жаңа жиһаз алып едік, ескілерді комиссионкоға алып кеткен­ше, бүйірің бүйіріңе соғысады. Жүр, көресің ғой... Лезде келдік. Дәурен машинаның ырғағында тарс ұйықтап қалды. Енді босағасынан аттай алсамшы! Бетіме темір күйдіріп басқандай күй­ де­мін. Қайтып қараймын әкемнің, былайынша үлкен ағамның жүзіне?.. Абырой болғанда, ол кісі іссапарда екен. Ас үймен іргелес бір бөлмені бала мен маған бөліп қойды. Расы, сірескен дүниеден аяқ баса алмайсың. Сонша жинай беріп қайтпек. Екі басқа басқасы да аздық ете ме. Керекжарақ болмаса, қалған артық-ауысты, он жерден қымбат болса дағы, сығылыстыра беріп қайтпек? – Жүр, Дәуренге бесік алайық, – деп Сұлуқас шай ішіп болғасын тағы дігерледі. Маған неғып құсы түсіп қалғанын? Бұрын онша-мұнша өсітпеуші еді. Шайын беретін, асын дәмдеп алдыма қоятын, әйтеуір анда-санда келіп кеткенімде бәзбір қытымыр жеңгейлердей шыты­ нып, сараңдық көрсетіп қағынбайтын. Маған ерекше еді, әйтеуір. Мен де ала-бөтен жақсы көретінмін өзін. Ал бұл жолы... Осысында не сыр бар? Жылмаң қағып, сұғанақ иттей ана жағыма бір, мына жағыма бір

шыққанда, не ұтпақ. Кешірсін жеңгем. Жамандыққа мен де қиятын емеспін оны. Емешесі езіле қалатындай менің қандай еңбегім сіңді? Мен түгіл, туған шешем осы үйдің босағасын аттап көріп пе? Рас, баяғыда, Қадиша шешеміз барда, қатынасып тұрады екен; ол кісі алды-арты кең, жарқын адам болыпты деседі айтушылар. Нәписа шешем де аузы­ нан тастамайды. Ал әкеміз Олжабек ірге бұзып басқаға үйленіп кеткелі ағайындар арасы суығандай да. Қардың үстінде қалған жетім күшіктей әлжуаз екі бала қалдық емес пе айдалада. Екі қабат ағаш үйден де бізді шығарып тастаған. Бірер түйіншегін қолтығына қысып, екі бала етегіне жармасып Нәкең әке-шешесінің үйіне барып паналайды. Шал-кемпір де қаусап, онсыз дағы бітіп отырған, жер шұқып қалмай ма. Тек үлкен қыздары Қайша қайрат көрсетіп, екі баланы бауырына салып, Нәписаға жұмыс тауып, сол бойынша бізді өмірбақи асырап-сақтап, оқытып, ел қатарына қосты емес пе сол Қайша апам, мың болғыр! Айта берсе, әңгіме көп. Оқиға жібін күрмей бермей, Сұлуқастың сиқырлығына тоқтайын. Расы, кей құрбылары оны «Түлкі» дейтін. Жылмаң қаққанда, түлкінің аузынан түскендей тура. Аға да жақтырмай кейде: «Болды, боқ жеме! Қайда барасың жылмаңдап? Жап-жас басыңмен мың орайсың бізді, Алып берем дедім ғой, сол етік аттың пұлы болса да...» – деп бетінен қайырып тастайтын. Жаңа ашылған «ЦУМ» дейтін дүкеннен таңдап жүріп бесік және «Манеж» дегенін сатып алдық. Бір машинаға өңгеріп ол әупиген неме­сін әрең жеткіздік. «Тозып кетіпсің. Шыт та болса сәнді тігілген екен», деп маған көйлек сатып әперді. Бас-аяғыма да қарап қойып: – Үйдегі босоножканы сен ки, аяғымыздың тұрқы бірдей ғой. Өзіме әнебір чехтың туфлиін алайын, – деп жұтынып тұрған биік өкшелі, қайық сықылды қайқиған бір аяқкиімді алды. Ол кезде, несін айтасың, дүние деген дүкендерде тұнып тұрушы еді ғой! Өзіміздің өнімдер, шетелдің заттары дей ме, тек саудыратып ақшаңды санай бер. Бүгін ғой – жылан жұтқандай, ақшаңа дәнеңе таппайсың, саудагерге жемсің, сөйтіп... Сұлуқас Дәуреннің төңірегінен шықпайды. Ішім қылп ете қалады онысын көргенде. Ұқтым. Неге екенін, пұшпағы қанамаған, ағамен бас қосқанына да үш жыл. Қайғырады, қан ішеді, қаралмаған дәрігері, бақсы-құшынасы қалмады. Бір шаранаға зар. – Дәуренді біз бала қып асырап алайық, сен аяғыңа оралғы қып қайтпексің? Басың жас, бақталайың ашылып міне деген жігітке қосыларсың да. Ұлды да, қызды да табарсың. Мен сықылды қуарған қу ағаш емессің.... Қай бір жетіскенімнен сол қызылға қызығамын. Құрт көңілге бір дем алданыш болсын деген далбасам дағы... – Ол еңкілдей жылап жатын бөлмесіне еніп кетті.

* * * – Жамалжан-ай ей, бері, басыңды бұр! – Бұл ауылдан келген Қайша апам мен Әлпеш атты нағашы жеңгем. Мен әдейі хабар бергізгем. Көкбазарға бардым дағы ет сатып тұрған Түргендік шешеннен: «Қайша апам тезірек жетсін. Дәуренді алып кетсін. Әйтпесе...» деп. Жалғыз затазық дүкенінің бас сатушысы Қайшаны танымайтын қаймана қазақ түгілі, шешен, түрік, кәріс, грек – бәрі біледі.! Ол қалбалақ қаға «хауа­ лай-хауалай!» деп кеткен. Міне, бір апта өтпей олар келіп тұр! – Жә, беліңді бекем бу! Ішіме сыйған бала сыртыма да сияды. Дәурен түгіл Дәуреннің шешесін де баққамыз. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген. Әкетеміз. Ұялма, – Теріс қарап жылап жатқан маған апам осылай­ ша дем береді. Сілкініп тұрдым. Нәрестені жақсылап құндақтап, емізігіне сүт құйып, қойнына ойыншығын тығып, екі апамды автобус аялдама­ сына шығарып салып, көлікке отырғызып жібердім. Маған да: «Жүргін. Шешең бір кепені ұстап отыр. Біраз қалжалан. Түргенде тұрғың кел­ месе, Қаракемерге, Әлпеш апаңдікіне барғын, Жылқышы атаң қуанып қалады, қайта», – деп жатыр апам. «Бір айналып барамын. Сабақтарым бар еді», – дей салдым. Өйткені, кеудем сыздап, көз жас моншақтап құйылып барады: баланы қимаймын. Иісі бойыма сіңіп, әкесіне тартқан ұялы көздерін кең ашып, қыбырлағанға таңырқай қарап, сықылық ата күлгені... жүрегімді баурап алыпты. Сәл-сәл болса, сүйектерім еріп кететіндей. Қайтем. Қиямын да. Қия алмадым. Емшекке сүт толып кептеп алып барады. «Сұлуқас «күл болмасаң, бұл болғын» дегендей тарс сөйлеспейді. Шайды бөлек ішеміз. Біреудің үйінде кірме боп қашанғы тұрайын, заттарымды қайта сүйретіп сол баяғы үйіме келсем, о, сормаңдай, Сайраннан хат дегенің қат-қат, көршіме, тым құрыса, барар жерімді де айтпаппын. Ақшасын төлеппін де, шала рақметімді айта жөнеппін. Сұлуқас қой дігерлеп, жанды алып... * * * Со бойында Сұлуқас жеңгеммен суысып кеттім. Ол мені ғайыптан кезіктірсе, танымағандай, теріс қарайды. Соңыра орталық кітапханаға кітапханашы болып орналасыпты, сол жерде Назира қызмет етеді ғой. екеуі қосылып мені армандарынан шыға жамандайтын көрінеді. Есекке теріс мінгізіп, басыма лағнет қабын кигізіп, жерден алып, жерге сала­ тын сықылды. Ол өсектің талай қабы маған да жетіп, бірде күйініп, бірде түйіліп, өмір сүріп кеттім ғой, әйтеуір. Аманбыз. Бала-шаға ер жетті, Дәурен соқталдай азамат. СХИ-ды бітіріп, сол Түргеннің Авторемонт заводында білдей бас инженер. Бес баласы, барсаң жаны қалмай күтетін кішіпейіл әп-әдемі келіншегі бар. Қалған-құтқаннан құрап-сұрап өзіне, алты кісілік «Газик» жеңіл машинасын жасап алды. Төгіліп-шашылып

жатқан дүниесі болмаса дағы, баяғы нағашы атамдардың жар басын­дағы жәпірейген тамын кеңейтіп, қора-қопсысын жөндеп, бау-бақшасын ма­ лындырып дегендей, тұрмыстары оп-оңды, біреуден кем, біреуден ілгері. Әйтеуір, кәрі нағашы атам мен апамның шаңырағын құлатқан жоқ, ол кісілер баяғыда-ақ о дүниелік болған, жарықтықтар. Топырағың торқа болғыр, жатқан жерің жарық болғыр нағашы атам мен апам: Сәлиман мен Тұмекең! ұлымыз жоқ деп қайыспаңыздар!.. Өйткені, Тұмаров Сайранұлы Дәурен бар. Мен Сайранды ақыры бір рет көрдім. Өйтіп көргенім құрысын! Ерубайдың жамағайыны біздікіне келіп, ұзақ емделіп, беті бері қарамайтын ауруға душар болып, соңынан көңіл сұрай қалалық онко­ логия емханасына әредік барып тұратынмын.. Уақыт шілде айы. Аспан айналып жерге түсетін ыстық, айнала қапырық. Көк пісіп, жеміс-жидек мәуелеп тұрған. Солардан бір сөмке қып алып, Ерубай екеуіміз арықтан айналып өте бергенімізде, сыртқа шығып демалып отырған алабажақ киімді көп науқастың бірі маған жалтақ-жалтақ қарай берді. Таныма­ сам керек, бірер көз жүгірттім де, арқасы шодырайып, мойын тамырла­ ры адырайып, еңкіш тартқан ер адамның кім екенін де байқамай, назар да салмай, құр бас изеп өте бердім. Әлгі кісі ұмсынып барып орнынан көтерілді, шарасы кең көзінің нұры әлі де таймаған, бірақ шүңірейіп, арығандық белгісін айтқызбай танытып тұрған әлгі кісі маған ілбіп жақындай бергендей. Көзінен таныдым: «Сайран!.. Сұмдық! Не боп кет­ кен. Ол да: Айтжамал...» – деп құрсүйек саусақтарын ұсынды. Саудыра­ ған құр сүйекті қыса: – Ойбай-ау Сайран, сенбісің? Күнім, қайдан жүрсің? Неге хабар­ ласпадың? – деп ышқынып айқай салыппын. Алда екі-үш адым кетіп бара жатқан Ерубай жалт бұрылып: – Айташ, о кім? – деді... * * * Сайранның халін адам басына бермесін. Досың түгіл дұшпаныңа тілемес ең... Ерубайды үйге «бара бергін» деп, оның палатасына еніп, әңгімесін тыңдадым. Жатаған үстелге қойған жүзімнен талғап, таңдайына татыра бірер талын жұтқыншақтан әрең өткізе, көздері боталай: – Қайран пейіштің дәмі... бұйырмаған екен... егер кетпегенде ғой, – деп өксіп-өксіп қалғанда өндіршегінен түйенің құмалағындай дөңгелек ілгерілі-кейінді жүгіріп өтті. – Бұйрық та, қайтесің... – деп жұбатқаныммен сөздің қиюы қаш­ ты. «Жалғыз арманым – Дәурен баламды әкеп жүздестір, арызда­сып қалайын» дегенін ол қадағалап, әлденеше айтты. – Жақсы, әкелемін. Құдай тағала жәрдем берсін, қош, – деп көп оты­ ра алмай шығып кеттім.

Дәурен сол шақта үйленген. Алдын-ала әзірлеп, сөзін жұптап ертіп әкелдім. Бұрын-соңды оған «пәлен-түген» деп ашылмағанмын. Әйтеуір Ерубайдан тумағанын біледі. Үлкендердің тәрбиесінде болғасын сәл ер­ келеу, өзімбілемдеу, бірақ есті жігіт қой, енді. Орта бойлы, мығым денелі, ұялы бота көз, өңді келген жас жігіт сәмбі талдай солқылдай палатаға енгенде Сайран жастықтан басын көтеріп алды. Айтпастан-ақ таныды, өйткені ол өзінің жастық кезімен қауы­шып тұрғандайды... – Ботам! Арманым, Дәуренжаным... – Әке, қапаланбаңыз, сізге қатты қынжылуға болмайды. – Болары болды ғой, ботам. «Әке!» деген бір ғана сөзіңе зармын. Ар­ ман жоқ дей алмаймын, ендігі тіршілікті сендерге берсін... – Қалайсыз, әке, ауыл жаққа барып аунап-қунап қайтуға? – Тәуір болсам, шыбыным, барам ғой... Қариялардың алдынан өту парыз еді. Қайтейін, білместік көп болды. Кеш, мені, ботам... – Ойбай, әке, барасыз. Тек тәуір болыңызшы. Мен күнде кеп тұрам ғой... – Шешеңді күт, шыбыным. Айтжамалды сыйлап өту – саған ама­нат! – О, не дегеніңіз, әке, тәтемді мен өмір-бақи құрметтеп, аялап, әлпештеп өтем. – Тәте деймісің?.. Топырақ сендерден бұйырсын... – Ар жағында ол әлсіреп, нашарлап қалғандай. Дереу емдеуші дәрігер еніп: – Бұл кісінің мазасын енді алмаңыздар, тынықсын, – деді. Әлгіге үміт арта жалтақ-жалтақ қараймыз. Ол не десін, ернін жымқыра, ақ сұр беті саз бере шығып кетті. Дәурен онымен жүре-бара танысып, өзі құралыптас жігітпен ете­ не жақындасып, әкесін ауылына әкетуіне рұқсат сұрапты. Ол дәрігеронкологтың аты Ералы екен: – Бізде не шара бар, тым кеш... елінен ешкім келіп жатқан жоқ, жақын маңдағы ең жақыны сіздер болсаңыздар, рұқсат, мен дәрігерлік шешімді жазып әзірлейін, – дейді. Келін екеуі Сайранды екі-үш ай күтеді, мен де бір-екі рет барып көңілін сұрап қайттым. Өңіне шырай кіріп, біршама әлденіп, беті бері қарағандай. Аулада құр сүйегі қауқайып жүріп-тұруға жарапты. Көңілге бұ да демеу, тәуір болып кете ме деген үміттеміз. Таң азанда «қош» деп ұзай беріпті... Хабар соңынан жетті. Келіні ау­ зына ақтық су тамызып, «атам-ай...» деп аңырап отыр екен. «Артыңда кім бар, хабар саламыз ба, әке?» – деп Дәурен бір орайда сұрағын әреңәрең жеткізгенде: «Ай, балам, аумалы-төкпелі заманда, ел қайда, жер қайда дегенмен, соның жауабы табылса жақсы. Табылмаса, тұрымтай – тұсына, балапан – басына болған қайғылы кезең ғой ол. Несін айтасың, әуреленбе, балам, топырақ өздеріңнен бұйырса, болар...» деген екен.

Тағы бір оңалғандай бойына әл-қуат бітіп, бір кесе сүтті шай ішіп, маңдайы жіпсіп, немерелерінің бетінен сүйіп сәл-пәл көңілден­ген­ дей сәтінде баласына ұзақ әңгіме толғап беріпті. Дәурен жазып алады. ...Сөйтсе бой жасағаны екен, марқұмның. * * * Кенет әскери киімді кісілер ауылдарына қаптап кетті. Ұлы Отан соғысынан кейін мұндайды көрмеген жұрт жаман түршігеді: «Тағы бір сұмдық болып жүрмесін!...» Дегендей-ақ: «Көшесіңдер, қоныс аудара­ сыздар. Оңтүстікке. Сіздер тұрған жерді үкімет халық шаруашылығына пайдаланады. Салынған үй, сатылған мал-мүліктің орны толады: ақшалай үстеме ақысы төленеді. Жиналып, тергелуге – жиырма төрт сағат, яғни, бір сөтке!..» Бұдан да үстерінен бір бомбаны тастап жіберіп, жермен жексен ет­ кен әлдеқайда жеңіл ме. Ықылым замандар бойы ата-бабасының кіндік қаны тамып, кір жуған, ұрпақтан-ұрпақ жалғасып мәңгілік қоныс теп­ кен туған жерден аударылу – бұдан артық қорлық пен қиындық, зор­лық пен зобалаңдық бар ма екен!... Оны кім ұғып жатыр, кім сыңсыған халық зарына құлақ тігіп жатыр. Кім қылышын қынабынан суырып: «Жоқ, атамекенді тастап кеткенше, осында жан тапсырамыз? Қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз!» – деп халық қорғаны болып, сол жерде жан тап­ сырып жатыр? Кім? Кім... Сайранның туған анасы Ақапа осындайда белсеніп: – Көшпейміз. О не дегендері? Қыстың көзі қырауда, бала-шағаны шулатып, мал-жанды ыңырсытып қайда апармыз. Заң-зәкүнін көрсетсін. Әділ заманда осынау жуас, момын халыққа бұл қай көрсеткен қысастығы? Не жаздық. Халық жауы ма едік?.. – деп шабаланған бола­ тын. Сөйтеді де көрпе-жастық, балалардың киімін, ыдыс-аяқты орап, бүктеп, төрт қанат жаман қараша үйді жыға береді. – Апа-ау, барған жағымызда дүмбіреген кең сарай үй күтіп тұрады деп жатыр үкімет адамдары, оны неғыласың, итарқадай алқа-салқа немені?.. – Келінінің тілі ұзын, енесін орайы келгенде шағып қалмаса, көңілі көншімейді. – Ибай, мына қар не дейді? Әруақ тапсын сені! Атадан қалған мұра­ны итарқадай деп... өзің итарқасың!.. – Мә-ә... мына кісі не дейді? Ене-ау, білсең өзің біл, мен алты қанат ақ отауда туғанмын. Ырғап-жырғап түскемін, күмістеткен ер-тоқым, алтындатқан адалбақан әкемесем дағы, бір тоғыздың бағасына толатын дүниемен келгемін. Солар қайда? Қу тақыр, берекесі ыдыраған жерге тап боларымды баста білсемші сормаңдай басым!.. – Сақила бебеулеп, отыра қалып, астындағы құрым киізді жұлқылап жұла бастады. Сайран тұнжырай қарағаны болмаса түк демей киінді де, кеңсе жаққа кетті. «Рас па, рас болса мұның мәнісі не?» деген ой дағы еді.

Ешкім бұған жөнді жауап бермеді: «Көш те көш!» Жолай ойлады: «Көшкенді мен көрсетейін. Болса да барар жеріміз Балқан тау емес, қай бір құйқалы жерін, шалқар көлін бере қойсын-ау? Орнығып қалған ел ығысып іргесінен орын бере қоя ма. Естуімше, емініп жерге табынып, соған еккенімен күн көрісін ажыратып отырған тақыл-тұқыл жұрт. Ұбапшұбап бара қойғанға емешесі езіле қуана қоятын нағашы жұртың тұр ма еді? Қысы қытымыр, жазы құрғақ болғанмен, жағасы жайлау, етегі – шалғын кең жазира далам-ай! Нарын құмың ол жатыр көсіліп, бауыры – құт, қойнауы – қазына, қашан көрсең де жібек жалды құлыншақтай құлдыраңдай кісінеп алдыңнан шығар. Оң жағым да – Нарын, сол жағым да Нарын, атажұрттың ежелгі майқонысы, күні кеше еңіреп өткен есіл ер – Махамбет бабамызға қорған болған, қасиетіңнен айналайын Нарынқұм, енді саған біз арман болып қалмайық, өлсек сүйегіміз өзіңде қалсын! Тарттық саған...» Келе шешесімен күбірлесіп ұзақ сөйлесті. Басын изеп, анасы құптағандай рай байқатты. Ат жақты, тік иық, әлі бойынан қауқары таймаған қарасұр кейуана «тс-с» деп Сақила жаққа көз жүгіртті. Келін болып түскелі енесі мен екеуінің өрелі оты бірге жанбаған, қияс, қиқар тілі орақтай Сақиладан ол соңғы әлетте жеңіліп те, түңіліп те тынғандайды. Аяққа тыным, ауызға саябыр болмай, ертелі-кеш екі әйел салғыласа, жағаласа, қит етсе көршілерге жүгірісе бергесін, тым құрыса, біреуі болмаса біреуі ит жығыспен қойыспаған да қиын екен. Бәрінен үйдегі жалғыз еркек (Сақила қыздан қызды туа бергендіктен де бір жағы); – біріне бала, біріне – жар, жүнжіп ері мойнына түсе тозып, азып кеткені жаман-ды. Күлсақилаға күл болмаса, бұл болсын. Қыз кезіндегі осынау кербез есімі де бояуын жоғалтып, құр Сақила атанып қалғанынан да өкінбейді. Өйткені, бұл жақты ол келіншек тіптен жерсініп жүрген жоқ. Тілеуіне құдайы қас болып, келе құрсақ көтергенмен, ұл тумады: үш қыз. Сайранға бір тойда өзі ғашық болып, танысуына, одан құйысқаны көтеріліп осы ауданға келін болып түсуіне өзі себепкер болғанмен, күйеуінің жүрегі жарылып қуғанғанын көрген жоқ. Түнеріңкі басыңқы жүретін оның ел құсап жайраң қаққанын, барға тоқ, жоққа баяпыр бола не асқынғанын, не тасынғанын байқаған емес. Бір жақта баласы бар дей ме, есінде де, түсінде де соны ойлайды, шамасы. Шешесі бармағын шайнап, балтасын тасқа шапқандай зор өкініш білдіре, түн баласына ау­ ыр-ауыр күрсініп, ертесіне көзі кіртиіп, қабағы кіржиіп, кегін келіннен алардай: «Өй жарымағыр, жалшымағырдан» бастайды, келіні де: «Сіздің де шылқып, ақ майға көлкіп шомылып отырғаныңыз шамалы. Сіздегі пұл – уыстаған құм, неғыл дейсіз маған?!» – деп ұпайын асыруға тыры­ сады. Мұндайға үйреншікті, еті өліп кетсе де, Сайран әйелінің үлкен кісімен салғыласа бергеніне налиды. Налиды да: «Өй, көргенсіз! Қанша бетпақ болсаң да қоятын уақыт жетті ғой. Үш бала тапсаң да басыңа ноқта түспегендей шапсисың кеп. «Заман тарылса, қатының қасқа шығар, балақтағы бит басқа шығар – осы болғаны ма...» – дейді таусыла.

Сайран мен Ақапа сол түні тас түйін бекінді: ішке қарай көшу ке­ рек! Ешкім мұны білмеуі тиіс. Ал Сақила ше? Байбалам салары сөзсіз. Одан соң көршілер естиді, ана жаққа хабарлайды, жоспарлары күлпая, көздерін төрт қылып темір тордың ар жағына қамап тастайды. Айтпай кетсе... балаларды қайтпек?.. Бастары қатты. Сонда дағы сыр тартып: «Сақила, ақылың бар еді ғой, кәне, жиылып-түйініп жатырмыз. Сонда, бас жоқ, аяқ жоқ, жел айдаған қаңбақша домалай бермекшіміз бе? Әлде, сенің төркін жағыңа, Құлсарыға кетеміз бе? Бізді кім қыстайды, ол жақта құда-жекжат бар десек?..» – деп көрді. Көздері жайнаңдап: – Түу, басыма келсеші, әрине, көшеміз. Қайда көшсек те бәрібір емес пе? Рас-ау, ендеше ертең ерте мен барып военкомға айтайын. Құлсарыға көшеміз, деп, – деді елпілдей. – Ойбай, даңғырама! Құлағыңа жетпей жатып жел көтерген түңліктей болмашы! Тоқта. Байыбына барайық, бәлкім, сен көшпей тұра тұрарсың?.. – Ондағысы, ықыласын пайымдау: «құм ішіне көшеміз» десе, өре түрегеліп, бәлені бастап жіберер, айналаны улыған-шулыған етуі екібастан да. – Ибай, көшпей не, сендерден қалып... Әлде, Алматыда қалған жарыңа, нақсүйеріңе тайып кетпекшімісің?.. Тек осы ғана жетпей тұр еді, шиін шығарып алғанына өзі де өкінді. Өкінішпен енді ештеңені орнына қайтып қоя алмасына көзі жеткен Сайранға үнін шығармаудан басқа амалы да қалмағандай. Жол ауыр, бұл Сақила соның бәріне көндіге алса. Тағдырдың аумалы-төкпелі заманын­ да, нендей бір ауыртпалықта да сыр бермей бәрін көтере беретін көнбіс, сабырлы әйелді мұның маңдайына тар келтіргенін енді ұққандай. Ол Айтжамалды сағынды, жаны құлазыды. Көңілсіз, еш жұбануға көнбейтін жыртық көңіл одан сайын азынап, зарлы қобызын тартып, тап қасында тұрып алғандай ма. Қайтсе осы күйден арылмақ? Арылмақ түгіл, ау­ ырлатып алды емес пе. Несіне Күлсақилаға со бір сырды айта қойып еді?.. Сұңғыла әйел жүрек зарын ұғып жүр ғой деймісің? Соны қайта со­ яудай тырнағымен тырнап-тырнап, қанжоса ететін қылықтар Сақилада жетерлік. Амал жоқ, оны тастауға болмайды, бағытты қайдан біле қояр түн ішінде. Жүк артылған түйенің бұйдасын қолына ұстатсақ болды емес пе. Тезірек іске кірісу керек болар... Ел ертең-бүрсікүні көтерілеміз, қопарыла көшемзі деген түні бұлар да үркер ауа жолға шықты. Айыр өркешті атанға қом салып, балаларды, Ақапаны отырғызып, өзі кер шолаққа мінді. Сақила – жаяу, тайлақ пен бота бос еруде. Азын-аулақ жүкті сол жетелеген інгенге артты, тамақ, азық-түлік, су толтырылған кісібойы құмыра, тағы басқа бөктеріншекті өз қанжығасына байлады. Әйтеуір ұзақ, белгісіз, қауіпті жолдың қамы. Тамыр жайған туған жерден шетқақпай болмау. Саз-бұйра шағыл құмды борпылдата суыт жүріп келеді. Бағыты – күн ұясына енген қызылшапақ көкжиек. Күндіз ыстық-аптапты құм қойнауы түнге қарай салқын, бой

тітіркендіреді. Тілерсегі талған мал қаңғалақтап, астындағы кер шолақ та сүрініп, бірер осқырынып, қылтиған тікенек-бұйырғаннан үркейін деді. Көздері мұнартты білем. Сақила да ілбіп-қалғып, беліне байлаған торсықтағы ашығаннан ұрттап қойып, жүрісі бәсең тартса да келе жатыр. «Әй, өлтірмесең, ат шалдырайық біраз. Жүре алмаймыз» – деді. Расау, арттарынан қуғын салған ешкім жоқ, сонша бездеңдегендері несі. Түйелерді шөктіріп, жүкті түсіріп, ұйықтап қалған қария мен балаларға сусын беріп, (бұлар жол бойы құрт жеп келе жатқасын қарындары онша ашпаған сыңайда, тек шөлден қаталапты); өздері жеңіл азықтанып, отырған жерінде жантая-жантая кетісті. Кер шолақты тұсап жіберген, «Құдық табылса, малдың шөлін қандыратын» деп ойлап, халі кете талау­ рап ұйықтап кеткенін Сайран сезбейді. Азанда қайта аттанды, басқа жаққа. Күн сәске, шыжып, тірі жәндік, жан-жануар құмның алып қазанында қуырылып жатқандай. Ашыған ала шыққандары қандай жақсы. Шетінен ұрттап қойып жан шақырады. Өзі шыдағанмен, кер шолақтың тер ақпаған тұтамдай жері қалмады. Басы­ нан бу атқылайды. Көзін әлме-әл таза орамалмен сүрткілеген болғанмен, жануар алқынып, омырауы сырылдады. «Қой, адасып кетпей тұрғанда тұрағымызға жетіп алайық» деп бұрыла бергенде, атының аяғының асты ойылып, құм сусылдап шұңқырға құйыла бастады. Шошынғаны сондай, айқайлап, шолақты жүгенінен тарта жұлқып-жұлқып қалды. Жанұшырған жануар да әлде бір кәдікті сезе, хайуандық түйсікпен қосаяқтап ырғыды. Өзі де қалпақтай ұшып түсті. Үзеңгіде сүйретіліп, едәуір жер барды. Бет-аузын тікенектер тырнап, үсті-басы дал-дұл. Шолақ есті жануар, иесіне бұрыла үйездегендей басын шұлғып тұр екен. Есін жиып, ерге қонды. Қас қарая құдықты тапты. Ақапа бетін жыртып ойбайды салып жылап отыр: жайылып, шеттеу кеткен тайлақты оппа құм жұтыпты... Бұрын-соңды құм ішінде осындай кенет қазаншұқыр пайда болып, жағасындағы құм сусылдай ортасына түсіп, ішін тарта ысқырған жа­ ман дыбыс шығарады дегенді ешкім – апасы да, Сақила да, өзі де естіп білмеген екен. Қайран қалысып, үшеуі көп шүйіркелеседі. Өз басынан өткерген жайды: қанды топырақ пен ойылған шұңқырды айтып берді. «Бұл не сұмдық» деп қайран қалысады. Сол түні жер астынан құлаққа еміс-еміс гүріл естіледі. Жер сілкінген екен деп, үрейлері ұшқан бұлар таңды әрең атырып, апыл-құпыл жүкті арта, қымыраннан бір-бір тостағанды аударып жолға шығады. Беталыс белгісіз... Сонымен құмда адасып, арып-ашып, бір мекенге жетеді ғой. Құдай сақтасын, елді мекеннен гөрі әскери казармаға ұқсайтын құж-құж сары ала киімді әскерилер, танкі, зеңбірек, көкала бажалақ адам ата-тегін ажы­ рата алмас түрлі техника. Бұларды полигонның шетіне де аяқ бастырмай, басқа бір жаққа алып кетеді. Малдарын – екі түйе, бота, кер шолақты, бұлардан еш рұқсат сұрамастан, радиациядан уланған деп атып тастайды.

Алдымен, тірсектері дірілдей енесіне барып тығылған ботасын... Оған соң... Обал-ай, сары інген боздап, ботасының көзінен жас парлап, кәрі атанның ыңырына қоштасқандай болған, кер шолақтың кенет шөмиіп, іші қусырылып, жағы қырланып, көзін тарс жұма құлай бергені – бәрібәрі көз алдында мәңгі бақи тұрды да қойды. Шырқырай ұмтылған кіші қыз өлген ботасын құшақтай шыңғыра жылағанда, айнала кеудесінде жаны бардың сай-сүйегі сырқырардай. Жоға, сүйегі сырқырай, дау­ ыс сап жылаған екі әйел мен бұл Сайран ғой... Аналардың – безбүйрек тасбауырлардың беті шіміркпейді. ...Түрлі тексеру өткелектерінен өткізіп бұларды «ауру емес» деп табады. Жаны ауырған Ақапа қайғыдан, құсадан, көз алдында баққан-қақ­ қан малын кескен теректей сұлатып салушыларға ашынудан ақыры сал боп ауырып, екі жылдан соң көз жұмады: «Туған жерден топырақ бұйыр­ мады-ау, шалымның қасына апарып қоймадыңдар-ау...» болады соңғы арманы. Үлкен қыздың шашы сыпырылып түсе бастайды. Ортаншы қыз да келе-келе қаны азайып, арып-ашып, «ақ қан» деген сұмдықтан ұзақ азап көріп қайтыс болады. Жалғыз кіші қызын ұстап қалған Сақила зар еңіреп: «Жерді асты-үстіне қопарып, бүкіл тіршіліктің тамырын жұлып жатқан жауыздардың әлегінен асқар таудай енемнен, қызғал­дақтай қызымнан айрылдым. Сенен де айрылып қалам ба деген күдігім жоқ емес. Ендеше, есіміз барда Құлсарыға, болмаса сол жаққа қарай қоныс аударайық. Осы екі қызды оқытып, құтты орнына қондырсақ, екеумізде арман жоқ. Әй, қайдам, ана қыз...» деп зарлап, біреулерді қарғап-сіледі. Содан көп кешікпей Құлсары қайдасың деп көшіп береді. Бірақ, онда да жетіскен жай жоқ: малынан-құтынан, жерінен айрылған кезбе қазаққа кім жәрдемін үйіп-төксін... Бір кәсіп орнына өзі жұмысқа тұрғанмен, Сақила келе-келе төсек тартып жатып қалатын болған. Тапқаны жұмы­ рығына жұқ болмай, бәрін – сүтті, нанды, етті, майды қымбат баға­сына сатып алатын кедей жұмыскерлердің күні күн емес болып шығады. Қалтқұлт тірлікпен өмір сүреді сөйтіп... Кіші қыз бой жетіп, жоғары оқу тәмамдап, құтты жеріне қонады, ұлды, қызды дегендей, күйеу бала да жалпылдаған ақкөңіл дұрыс адам. Бағы ашылмаған үлкен қыз сол кәсіпорында кассир болып, күйеу алмай, күнін сүйретіп ол қалады. Сақила да о дүниелік... Ал Сайран болса... ... Өзінің осындай қатерге ұшырағанын білген күннен-ақ Алматы­ ның онкологиялық ауруханасына сұранып, шамасы барда жан-жаққа қағаздана бастайды. Үміті – ем қона ма деу; Айтжамалды көріп, көзайым болу арманы. Дәуренжан қандай болды екен? Үйлі-баранды, соқтал­дай жігіт ағасы шығар-ау... Әлгі жамандарды бетінен бір-бір сүйіп, тап ор­ таларында жүріп кетсе... екі дүниеде де жеткен мұратым осы деп мұрты қисаймай армансыз аттанған болар еді... Айтжамал қартайды ма екен, өңді әйел еді, бәлкім әрін бермеген де болар. Өзінен көп үлкен, бірақ белді қызметкерге күйеуге тиіпті деп естіген. Одан да етегі құр емес

көрінеді. Кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылыми мекемеде дүмді бір қызметте деп естіген. Шүкір, ауыл арасы айшылық жол болғанмен де, бүгінгі құсқанат ұшақтың арқасында сағаттап жетуге болар, бірақ, о баста құдай қосқан ол екеуін – Сайран мен Айтжамалды бір-бірімен көрісуге жазбағандай. Шынын айтса, үйінің мекен-жайын да біледі, хат жазып жіберсе болар-ды... Астанаға үш келіп, үш қабат онкология ауруханасында жатты. Қасында – қолқабысын беріп жүретін үлкен қызы – Сәруар. Сол ай­ налайын қолтығынан демеп, соқырдың қолынан жетелегендей қусүйек әкесін алып келіп, әкетіп жүрген. Миллионнан астам құжынаған халқы бар шаһарда қай туғаны, ет жақыны, жұрағаты тұрсын-ау. Біреуді сағалайтын да жайы жоқ, «мен қазақпын, түу пәленбай жерден келдім, әкемнің науқасы осындай» дегенге кім есігін айқара ашар дейсің. Бір таныс құрбысының жатақханасына түнделетіп еніп, соның төсегінде сығылысып түнеп жүрген ғой, комендант әйел байқап қойып, бақырып кеп берсін! Оның үстіне, басындағы жасанды шашы түсіп қалып, түнде бөлмелес қыздар шу шығарсын: «Жұқпалы ауру құрбыңды бізбен неге бір бөлмеде жатқызасың...» – деп. Ешқандай жұқпалысы жоқ, құдай сақтасын, шашы түскені болмаса: қыз балаға одан артық қандай қасірет болсын-ау, соған бола именшіктеп, кісікиіктеніп, адамға жуымайтыны ғой, байғұс Сәруардың... Алматыға әрбір келіп-кеткеннің өзі зор күшке түседі, қаражат тапшы, сондықтан, ең соңғы, осы төртінші келісінде Сайран: – Жан балам, Сәруарым! Саған өкпем жоқ, тағатын, кінәм да жоқ. Тағдырдың, жазмыштың ісі осы болса, қайтейік. Бұл сапар жалғыз ке­ тем. Осы қара шаңырақ саған қалады енді... Анаңды, әжеңді, бауырың – Балымды ұмытпа; моласын жаңарт демеймін, әйткенмен, қолың қалт еткенде барып, дұғаңды оқып, үстінен топырақ алып таста, қарағым, ауырламасын, біздің бейнетіміз, көз жасымыз оларға аз салмақ емес, қызым. Бәрін сезіп, жеті шелпек берген үйді иектеп, жебеп-желеп жүреді дейді аруақтар. Кім біліпті, әкеміз марқұм солай дейтін. Мынау аумалытөкпелі заманда, әлгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды дейтін ми­ мырт тыныш заманды біз көрмедік қой, қызым, біздің шаңыраққа ғана түскен зобалаң ба, барша халқымыздың шеккен тауқыметі ме, кім білсін, тоз-тоз болып, сүйегіміз әр жерде қалатын сыңайдамыз, қызым... Жә, босама, осы отыз жасыңа шейін сенің де ақ жүзіңе, нұрлы шырайыңа қайғы-қасіреттің қара көлеңкесі таңбасын салды аямай. Бұғанаң қатпай жатып, «радиацияның зардабы» деген алапатқа, зұлмат тақсыретке душар болып, міне, қор болып, құрбыларың қатарлы тұрмыс құрып, етегіңнен өрген ұрпақты көруге жазбаған Тәңіріге ме, басқаға ма – кімге шағынарыңды, тарынарыңды, көз жасыңды көлдетеріңді, көкірегіңді аш итше тырмалап, ұлығандай халіңді кімге айтқызарыңды біле алмай бақытсыздыққа тап болған уағыңда мен де сені жалғыз қалдырып ба­

рам... Бақұл бол... – Бұл Сайранның қызымен ғана емес, ел-жұртпен, өмір сүрген өлкемен, ата-баба, әке-шеше аруағымен, рухымен қоштасуы да болғанға ұқсайды... Енді үміт үзіп, көзі төрт бола, ауруханаға келгендерге жалтақтай, жүздерінен бір таныс бейнені іздей: «Е, тәңір, соңғы тілегім... мені Айт­ жамалмен жүздестір, кінәмды арқалап кетпейін, айтып, арыздасып кетейін...» – деп күнде жатар алдында құдайына дұға қып, жалбары­ нып, қасындағы өзі құсаған кәріп-науқастарға сыр білдірмей көз жасын сығып алып жүргенінде көріпті... Айтжамалын да, Дәуренін де, немерелерін де. * * * Алматының салқын саялы көшесімен келемін. Үйге жаяу баруға бо­ лады, айнала – тамылжыған, тұнған табиғат; бұлақтар сылдырап, құстар дамылсыз сайрап, көңілге көркем саз орнатқандай. Асығып жүрген біреу жоқ, осынау мәміражай рақат шақтың қызығын ұзақ тамашалауға жаралған бақытты жандар бейне. Шынымен солай ма? Менің жаным неге беймаза, ішім алақұйын? Небір тынымсыз ойлар қу жанымды түртпектеп, күрсініске толы лепті сыртқа лықсыта береді. Неге, неге... Біздер, адамдар, неге қатыгезбіз сонша? Неге самарқаумыз?.. Қа­ расаң, адамдар зұлымдығынан, озбырлығынан, аяусыз қатыгезді­гінен мәң­гілік болып көрінетін табиғат та тозып, жер астының дүмпуі бел алды. Табиғат та адам баласына қастасады... Қаңсыған Арал, сазарған сар дала, жан түршіктірер Семей мен «Капяр» полигондары. Эколо­ гиялық апаттар аймағының жазылмас жарасы. Құйқалы қара жер­дің астын үстіне шығара тіршілік-тамырын қырқа, жер аптабын қуыра, он­ сыз да шақтаулы ғұмырды қысқарта, адамдарды айықпас ауру-дерттің тәжірибесіне айналдырғанда шығар ұшпағымыз – ақырзаман болар. Дінге сенбеуші едік, діншілміз. Соған орай бойымызда имантара­зы­лық қасиеттер бел алып, жүрегіміз жанашырлықтан, қамқорлықтан жан­ шылап жатса... ше! Қазақтың жері мен малы – Жаны десе де. Онсыз қазаққа тірлік жоқ.

ЖОЛ ОРТАДА А лматының тұман басқан түнгі мұнар көшесімен екеу келеді. Бірі – ер, бірі – әйел, орта жастан асқан, кәріліктің қыл­ бұрауы мойындарына түсе қоймаған. Ерлі-зайып, бірақ қолтықтаспай, бірінен бірі үдере үріккендей, аралары алшақ. Үнсіз. Шаһардан шеттеу, бірақ тыныш, тау жақ бөктеріндегі үйлеріне таян­ ғанда, бірден лап қоя есікке беттемей, аулада ұйлығысып тұрып қалысты. – Ал, мен кеттім, – деді ері. – Жолың болсын, бар! – деді әйелі шаптыға. * * * Жалғыз өзі үйге сыймады, газға шай қойды, барды дастарқанға сал­ ды, қаймақ қатылған қоңыр күрең ыстық шайдан тамағын күйдіре асы­ға ұрттады. Ішті жандырып бара жатқан күйікті басайын деп. * * * – Қызым бар басқа әйелден, рұқсат бер, барайын... – Ол қайдағы әйел, мен сонда ай қарап жүріппін бе, неге білмегем... – Білгенде не істейін деп едің, арамыздың алшақтап, жел кеуле­ген­дей бір-бірімізден ысырылып кеткенімізге не заман. Бір балалар үшін ғана жүрдік демесек... – Иә. Олар да ер жетті, қыз күйеуде, ұл – үйлі-жайлы. Ортада төрт немере-жиендер. Қалған өмірімізге тамызық болар солар емей кім, Жақыпжан-ау. – Бір кетеуі кеткен тұрмыстың туырлығын қанша жамасаң да... –Жамап-жасқап дейсің ғой, бүтін тұрмыс тапқан екенсің, бар, жолыңнан қалмағын... Екеуара әңгімені созбақтап қайтпекпіз. Қос шабаданға киім-кеше­гін, кітап-қағаздарын нығарлай, кете берем дегенде, есік қоңырауы тыз етті. Шақырған көлігі болар деп, Балқия дәлізге ұмтыла бергенде, сау ете ба­ лалары – түу Арқалықтан келіп тұр. – Есік ашық екен, не, көшкелі жатсыңдар ма? – Димаш әке-шеше­ сіне кезек қарады.

– Мен емес көшкелі жатқан, мына әкең ғой кеткелі жатқан, – тарс еткізе төбеден түскендей айта салатын мінезіне баса Балқия сарт еткізді. Димаш әлі түкке түсінбей, үрпиісе қалған балаларын бауырына тарта: – Су шықты ма, әкем қайда кетпекші... – Жақаң көздері жәутең­дей әйеліне: – Соңыра, жаймен түсіндірмей, әй, сен де... – Соңыра түсіндіретін дәнемесі жоқ, ерте айт, кеш айт, бәрібір емес пе, о не, созбақтайтындай, басқа әйел алғаныңды жасырып... – Ендеше, біз кетейік, ал, қош, – Димаш екі баласын, көздері алақ­ тай, есік ергенегіне сүйене қалған келіншегін сүйрелей-мүйрелей сыртқа беттеген, әй-шәй жоқ. Бұл алдыңғы күнгі болған ыңғайсыз жайт. Балқия енді есіне ала: – Осы менің бетің бар, жүзің бар деместен, айтып салатын қу мінезімай! Не таптым осымнан, балаларыма, түу алыстан арып-ашып келіп тұрғандарында: «Төрге шығыңдар, шай қояйын», деместен. Димаш та тік мінез, қатын-баласын сүйрелей жөнеп берді. Қайда барады, ата-енесіне де. Өстемір болса одан сайын қолтығына су бүркей: «Сауап, сол керек екеуіне, сол керек екеуіне. Ырың-жырыңнан бір көз ашпаушы еді...» – десе қайтем. Дейді, сөзсіз. Олардың тап-тар аядай үйлеріне қайтып сияр, өздері де келін-бала, немерелер – сығылысып әрең отырғанда. Күләйна келін басу айтса қайтеді. О да от алуға келгендей, тұра жүгірді. Ал бұлар түу Арқалықтан неге келіп тұр. Көшіп пе... Балқия миы ашып, олардың босағаға тастаған теңін де аңғар­мапты ғой. Ішке кіргізді, өздері жататын бөлмеге. Онда абажадай кең төсек бар, соңғы әлетте күйеуі жатып жүретін. Ал өзі қағынан жеріген құландай, ерінің суық жүрісін аңғарысысымен-ақ балалар бөлмесіне «қоныс аударған». Жақаңның «кетеуі кеткен тұрмыс» деуі сол да. «Сен кінәлі, мен кінәлі» дейтіндей бадырая көзге басылып тұрған да дәнеме жоқ. Жақан (Жақыпжанды өзі осылай атайтын) үйде бір күн қонса, түзде – екі күн... «Бір әйелмен шатасып жүр-ау» деген де ой қаперіне кел­мепті. Еркектің ісі түзде, жолдас-жора дегендер де бар деп, көңіліне кең­шілік орнататын ғой. «Қой, бұлар кешелі-бері тым-тырыс, тым құрыса телефон шалса қайтеді...» Балқия трубканы көтеріп, Өстемір үйінің телефон нөмірін терді: – Әллө, кім екен? Е, балам, Димаш өзің екенсің, қашан үйге келесіңдер? Кешегі абыр-сабырда жөн сұрасуға да мұршаны келтірмеді ғой анау... – Өзінің әй-шәй жоқ тарс еткізіп айта салғанымен ісі жоқ. Үйге кіргізіп, демдерін басып, шайын ішкізіп, басалқалы жан құсап, жайымен жеткізудің орнына: – Мама, сау-сәлеметсіз бе? Біз мұнда атамның үйінде... – Тап-тар аядай үйге қалай сыйып отырсыңдар, кәне, дереу, қайтыңдар. Неге көшіп келдіңдер, аяқ-асты. Қызметің не болды, енді

бұл Алматыңнан өз дәрежеңе сай қызмет табыла қалса, жақсы еді... Жә, Күләйнаға айт, тез зырлап келе қойыңдар. Сержан мен Ержанды сағындым, келіңдер! – Телефон құлағын тастай сала ал жыла. Онша да ұзақ тостырмады, балалары созалаңдай кеп тұрды. Дастархан жайып, жұмсақ еттен салма пісіріп қойып еді, ас үйде, кең үстелде битін сала ас ішті. Екі немересі жүдеп қапты. Келіннің қабағы шытыңқы. – Дүниелеріңді ана бөлмеге апарып қойдым, күшім жоқ, көрші­ нің баласын шақыртып, әрең кіргіздік. Күләйна, барып реті-реті­мен орналастырғын, енді бұдан былай сол жатын бөлме – сендердікі. – А, біз қайда жатамыз... – А сендер залда боласыңдар, сонда ойнайсыңдар, қанша тапырласаңдар дағы: «Төбемізді ойды балаларың!» – деп кіжінетін еш­ кім жоқ, өйткені біз бірінші қабатта тұрамыз. Жақсы ма... Келін жалма-жан іске кірісті, екі немере далиған зал бөлмеде ойын­ға ауған әдеп. Ұлы екеуі ғана. – Мама, Арқалықта біздің жағдайымыз болмады, қызмет дардай, халық соты дегенмен, мендей соттар онда көп. Үй бермеді. Күләйнаға да жұмыс табылмады. Кезінде дүркіреген облыс орталығы құлды­рап, құрдымға кеткен. – Солай ма, муздрама театры бар еді ғой. Мен баяғыда көргенде таптаза, жарқыраған қала еді. – Бүгінде қап-қараңғы, жарық жоқ, үйлері жылытылмайды. Бір қысты өткіздік әрең-мәрең. Атам айтты, көшіп келіңдер деп... – Пысығын-ай сол атаңның, бізбен ақылдаспай. Қарашы, сонда өз үйіне көшіріп алмақ па? – Е, жоға... – Димаш ұяла, екі беті қызара: – Әкейдің басқаға үйленгенінен құлағдар, содан бізге: «Ана үй қаңырап бос тұрады, тезде­ тіп көшіп, орнығып алыңдар, әйтпесе...» – Әйтпесе? – Әйтпесе, сізді айтады, есі кіресілі-шығасылы, үйін сатқы­зып жібе­ рер де Жақыпжанға ерегісіп, сосын өзі далада қалар... – Қарашы, бауыздар құдаң өстіп айтқанда, өзге ел есекке теріс мін­ гізер мына түрлерімен. Жақанның қағынан жеріген құландай бұзы­луы­ на мен себепкер емес, бір қатынды сүйіпті, «өз қалауымен өмір сүргім келеді, босат мені», дегесін, мейлі, бәрібір мен оған сүйіп қосылған жоқ едім, әу баста, әйтеуір сен екеуіңді жеткізсем, содан соңғысын көре жа­ тармыз деумен жыл артынан жыл өткен. Енді, міне, жасымыз жер ор­таға жеткенде... о, баста-ақ айрылысып кетпей... – Балқия солқылдай жы­ лап, бетін басып отырып қалды. Димаш жұбата: – Жә, мама, болар іс болды, босамаңыз, біз бармыз ғой. Жалғыз бол­ майсыз, мен жұмысқа тұрайын, ал әкем солай ұйғарса, «өзім үшін өмір сүргім келеді» десе, еркі білсін.

Сол арада салаң етіп әкесі де жетіп келген: – Сендер неғып аяқасты көшіп келдіңдер, соны білейін деп... қалай болды өзі? Айтпай, ескертпей? – Әке, қам жемеңіз, келгеніміз қайта жақсы, мамамыз жалғыз қала­ тын еді ғой. Ал сіз өз жайыңызбен жүре беріңіз, бізге бола шала бүлінбейақ. Өзіңіз үшін-ақ өмір сүре беріңіз. Ал, мама, мен қызмет іздеуге кеттім. – Қайда барасың, қызмет саған дайын тұр ма? – Жақыпжан жанұшы­ ра сұрап қалды, баласы жауап қайтармай, әйеліне әлде не деп, кетті. Балқия іштей табалап: «Қадірің кете бастаған екен сабазым, саған бұл аз, күндердің күнінде есік сыртында сүмелектеп тұрарсың-ау, қазір тайраңдап енгенмен...» Осыны сезген ол залдағы немерелеріне бар­ды. Әкелген ойыншық, конфет, тағы басқаларын бере: – Аталарыңды сағындыңдар ма, қане, келіңдер, – деп құшағына ала, шаштарынан сүйе бір ойға батқандай сілейе отырып қалған. Күләйна заттарын жиыстырып, көңілі жайлана атасына сәлем салды. – Рақмет қарағым, көп жаса, ал сендер неғып аяқ-асты көшіп келдіңдер, ә? Дұрыс қой, қой деген біз жоқ, тек алдын-ала ақылдаспай. – Ата, бізде ол жақта жай болмады, маған жұмыс жоқ, қыс тая­ нып қалды, о жақта үйлерін жылытпайды, жарық та жанбайды. Со­ сын балаларды ауыртып алмайық деп... Ал, ақылдасуға, өздеріңіз шәтшәлекейлеріңіз шығып... Папам көшіп келіңдер деді, көшіп келдік. «Келіннің де тілі шығайын деген екен, қош, жағдайлары бол­маса, көшіп келгендері де дұрыс. Ал құдамызға барша билікті кім беріпті, баса-көктей, бізге ескертпей, көшіп алыңдар дейтіндей». – Жақыпжан айналасының тарылып, «Е, етігің аяғыңды қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда...» дегенге сайып, тезірек жөнеуден басқа жөн таппағандай кете беріп: – Ақшадан қысылсаңдар, міне, адрес, – деді келінге ендігі мекенжайының бағдарын, телефон нөмірін қалдырып. – Ата, рақмет, әзірге біз... мен де жұмысқа тұрамын ғой. Димаш­қа мамам бір танысы арқылы бас мамандық қызмет тауып қойдым деген кеше. Ол соған кетті. Осыны естігенде атасы одан сайын тарылды. * * * Димашқа расы, енесі нотариус кеңсесінен жұмыс тапқан-ды, бірақ жалақысы аз, алыс, қатынауға қиын. Астында көлігі жоқ кісіге бір көліктен екіншісіне аударылып барудың өзі күш. Оның үстіне бас­тығы да жаланып тұрған әйел. Дүниеде әйелдің қоластында қызмет істе­генді жаны қаламайтын ол ең әуелі осыған қиналған. Бастығың ер адам бол­ са, созбұйдаға салынбай, ісіңді атқар, жөніңмен отыр. Ал бастық әйелге

жағынуың керек, комплимент айтып, жалпақтауың керек. Туған күніне, әр мейрам сайын сый-сияпат ұсынып тұруың тиіс, тағы тағылар... Қырықтан асқан кәрі қыздың бабын таппақ түгілі, өз отының түтінін қай жақтан шығарарын білмей жүргенде, бірде бие, бірде түйе әйел мінезін қайдан танып білсін-ау бұл Димашың?! Халық соты кезінде қарамағында әлденше адам бар-ды. Бастық айтты, бітті, қиыс мінез танытқан біреуі жоқ. Астында ақбоз «Ауди» – көлемі шақтау қаланың кең көшесімен құйғыта жүрудің өзі кісіге сес. Сотқа кімнің ісі түспейді, алшаң басып кеңсесіне кіре бергеннен-ақ алдын тосқан­дар жау жапырақтай жапырылыса сәлем етуде. Сүлесоқ қалпымен бас изей өте шығады. «Қабылдау күніне жазылсын!» дейді хатшыларына. Болды. «Сорлыға келгенде сот та қателеседі» деуден аулақ, әділдік таразысы­ ның тең түсуіне барын салады. Әй, әйткенмен... жаңсақ басқан кездері де аз емес-ті. Жемсауына параны әбден тығындап алған прокурордың амал-айласына құрық бойламайды. Бұл сықылды келімсек емес, жергілікті, тамыр-таныс жыртылып айрылысады. Тәжірибесі шамалы, әрі жас – бұл табандылық көрсеткенмен, айлакердің құрған ауынан шыға ал­май бұлқынған кездері аз болмайтын. Міне, осы есепті, дардай қызметінен босап, туып өскен ортасына тезірек оралуының сылтауы да тілінің ұшында. Шешесі қайта қуанды, қасына көшіп келгендеріне. Әкесі өз басы­ мен әлек: жасы жер ортаға жеткенде отбасын ірітіп, өзгеге үйленіп кету оңайға соқпас. Балаларын да қимайды, әсіресе үш-төрт қарадо­малақ немере-жиендерін. Димаш қанша ойланса да, әкесінің неге бүйтке­ніне көзін жеткізе алмайды. Шаң-шұң қай шаңырақта да. Ал соған бола басқа шаңыраққа қоныс тебе салу деген ақылға сыймас. Анасы Балқия да бұған дап-даяр жауап таба алмас-ты. «Сүйіп қосылмадым» деуі иланым­ сыз, олай болғанда, әуелде-ақ ажырасып кетулері керек те, жөн де еді. Қызық, ә, сонда кім кімде қалар еді! Әпшесі Майра сөзсіз анасы­ ның қолында қалады. Ал өзі? Папасы соттасса дағы өзіне қаратып ала­ ды. Сәби кезі ғой, таңдауды бұл қайдан білер. Өгей шешеге қараған күні құрысын! Өксумен өтер еді өмірі... Димашқа бұл қызметі орнықты емес, түптің түбінде басқа, орталыққа таяу әрі жалақысы молдау қызметті қамтуы керек екенін ұққаны екібастан. Қазіргі қатардағы заңгер жұмысы көңілін қоңылтақсытады. Әрлі-берлі жолының өзіне күніге төрт жүз теңге кетеді, шай-су ішетіні тағы бар. Темекі тартпайды, әйтеуір. Қонақта, тағы басқа отырыс­тарда ептеп ұрттайтыны бар, Арқалықта мұны орнынан мызғытпай, жылдан аса отыруына осы ішімдікке онша әуестігі жоқтығы себеп. Әйтпесе, қайда, арақты ішкізіп-ішкізіп, бәле жаба салатындар аз ба. Арқалықты ойласа іші күйеді. Бастықтың аты – бастық, саған көп жұрт тәуелді. Аузыңа қарайды, жалпаң қаға алдыңнан қия өтпейді. Халық соты оның

үстіне. Шыдай тұру керек пе еді. Жарық та орнар, үйлер де жылыты­ лар, үдере көшкен ешкім жоқ, тек бұлар, атасының үгіттеуімен. Ол қу адам, әке-шешесінің отбасына жарықшақ түсуін күткендей-ақ, «дереу жетіңдер, үйді басып қалыңдар!» деді. Ал өздері көптен тұрып жатқан кең үйлерін сатып, банкіден несиеге ақша алып, салынып жатқан жаңа үйлердің төлеуіне аударған. Ипотека деген талайды итшілетті. Банкілер қаңырап қалды, оларға тәуелді салынып жатқан үйлер де қабырға­лары ырсия тұрып қалды. Үйсіз-күйсіз қалғандар қаншама... Өстемір кезінде әжептәуір қызмет атқарған. Баласына екі бөлмелі су тегін үй алып бергені де сол дәрежесінің арқасы. Бүгінде осынау бедел­ ден жұрнақ та жоқ, қатардағы зейнеткер, қысылып-қымтырылып ұлы­на әперген үйде бәйбішесімен отырған жайда. Балқия күйеуімен ажырасқанына көпе-көрнеу мән бермеген­ дей салқын мінез аңғартқан. Балаларына, әсіресе, езіліп, мүжілгенін сездірмеу. «Әу баста оған сүймей қосылғамын...» дегеніне өзі сенбеу­ де. Неге әйтпесе, бір шаңырақтың астында нешеме жыл түтін түтеткен. Ұлды, қызды болды, тағы бір бала жастау кезінде шетінеген. Тұрмыстарын оңалтты, балаларын аяқтандырды. Ыдыс-аяқ сыл­дырламай тұратын үй жоқ дегенге сайса, Жақыпжанмен ұрыс, керіссіз өткізген күндері жоқ десе де. Талай-ақ Жақаң: – Тойдым сенен, кетем, – деп буынып-түйініп жолға шығатын. Кетпегін деп бұл етегіне оратылмайтын: «Мейлің, жақсы қатын тауып алсаң, қой деппін бе...» – дейтін де міз бақпай отыратын ғой. Бәрібір күндердің күнінде жадап, жүдеп отағасы қайтып келетін. – Қарным ашты, ащылау кеспе жасашы, – дейтін жымың қаға. Асқа қылап Балқия жұмсақ етті турамшалап, пиязбен қуырып, кеспесін қияқтай етіп, бұрыш, шөптер қосып, исін бұрқыратып салма жасайтын демде. Ақ шәйнекке бұқтырып, екі-үш тал қалампыр қосып, шайын әзірлейтін де алдына қоятын күйеуінің. Оның: «Әлгі...» деп иек қаққанынан-ақ серванттағы сақтаулы коньякты мөлтілдетіп әкеп қоятын. Күйеуінің көздері жайнап: «Әй, сен қатын ба, мықтысың-ау, тек қу мінезіңді қойсаң...» деп алдарқатып, жақсы шүйіркелесіп, соңы ыстық құшаққа ұласатын. Сонда қайсы «сүймей қосылғандары»...» Теке тірес сіреспе мінез екеуінде де жетіп артылатын. Бірі тым құрыса, иіле салса, «е, сенікі жөн» дей салса. Балаларынан да ұял­ майтын, қатты шаң-шұң шыққанда Майра кішкене Димашты қолынан ұстай тысқа ұмтылатын. Саябаққа ма, тағы бір жерге барып, кешті ба­ тыратын. Әке-шешесі іздеп келмей, міз бақпай отыра беретін. Әсіресе, қыстың ызғарында қиын. Димаштың сөйтіп ақыры соңында өкпесін суық ұстап, екі жақты қадақ болып, бәлнесте ұзақ емделгенін бұл екеуі қай­тып естерінен шығарар, ә.

* * * ...Бұ жолында Жақыпжан қайтып келмеді. Келер деп күткен Балқия да жоқ, балалары қасында, көңілі тоқ. Екеуінің де жұмыстарынан келер кезіне кешкілік асын даярлап, дастарханын жайып, тағатсыздана күтіп отырғаны. Жақыпжанның да келерін өстіп тосатын. Ол болса сарғайтып барып түннің бір уағында оралатын. «Қайда болдың осыншама?». Жа­ уапсыз қалған сұрағын әрі қарай қаузамайды. Екеуі екі төсекте теріс қарап жататын. Кең төсек те, кейінгі сатып алған, олардың арала­рын жақындатпаған. Қайта алшақтата түспесе. «Е, төсегіміз бөлінді, енді іргеміз бөлінер...» деп жүргенінде, міне, жерден жеті қоян тапқандай: «Кетемін, басқа әйелден қызым бар..». Күйеулері талақ қып тастанды атанған талайларын көріп те, аралас, құралас болып та жүр ғой. Әр әйел әрқалай – бірі сабыр қып сарғайса да отырар балаларымен іштей тынып; бірі қудалап, қуғындап, арызқұрыз жазып, бірі – есінен алжасуда. Балқия ойлайды: «Бұл еркек қасқа­ ларға не көрінген? Бүгінде от басын ойрандап, жылдар бойына қалып­ тасқан тірлігінің тінін үзіп, балаларын тастаған ұябұзар еркектер неден қағында, ә? Ал анау әйел ше. Біреудің шаңырағын шайқалтып тапқан бақыты баянды болмақ па. «Не строешь счастья на несчастье других!» деген орыстың сөзі дана ғой, ә». Іші удай ашиды, сөз жоқ, оңашада көз жасын сығып жылап алатыны өтірік пе. Келін-баласына сыр бер­мейді, немерелерімен алданады, қу тірлік қашанда тірлік! Байым тастап кетті екен деп буынып өле қалу керек пе. Көндігер, амал не. Алдымен Күләйна, бір сағатты оздырып Димаш төбе көрсетеді. Жу­ ынып-шайынып, балаларының бетінен сүйіп даяр асқа отыра-отыра қалысады. Күләйна күлегеш, бір сөз айтады да күледі. Димаш: – Күл-Әйда! Айтсаңшы, неге мәзсің, біз де күлейік? – Жәй, әшейін, жұмыста бір қызық... – Айтпаймысың? – Тамақ ішейік те, қарным ашты, мамам тамақты дәмді даярлайды екен. – Әлгі сорлы не тамақ ішіп жүр екен... – Балқия күрсінеді. – Сорлы демеңіз. Жамандамаңыз, одан да мына шамдалды, анау кілемді жамандайық. – Димаштың сөзіне Күләйна шашалып қала жаз­ дайды, Балқия езу тартады. Екі бала да бірін-бірі түрткілей мәз. Есікті өз кілтімен ашып, мәз-мейрам отырғандардың үстіне созалаңдай Жақыпжан келе қалмаса де. Күлкі тиылды, бәрі соған тесі­ реюде. «Кел, асқа отыр» демесе, состия тұра берер ме еді. Өз үйіне өзі бө­тен болғанды тұңғыш сезінді, не деген ауыр тауқымет. «Жәй, балалар қалай орнықты екен деп, қаражаттан қыжалат көр­ме­ді ме екен деп. Мына боқмұрындар, қалай, әжесінің мазасын тым алма­ды ма екен деп...»

– «Депті дептіні» көбейтпей, кілтті тастап кет! Бұл үйдің есігі бұ­ дан былай саған айқара ашылып тұрмас-ты, ұқтың ба? – Балқия төбе­ ден қойғандай айтып салар қияңқы мінезіне қайта басты. Балала­ры ыңғайсызданды. – Қой, мама, қатты кетпеңіз. Әкем сізбен әлі заң жүзінде ажырай қойған жоқ қой. Және де, бізден безбес-ті әкеміз... – Димаш, дұрыс айтасың, мен сендерден безбеймін, безу ойымда да жоқ! Сен тіліңе ие бола отырғын, шын дауласқың келсе, сотқа барармыз. Кілтіңді берейін деп келдім, бір жағы. Құжаттарым да қалып қапты... – Онсыз да ақсұр өңі шаңыта, дембелше кеудесі сыздана Жақыпжан орны­ нан тұра жатын бөлмеге бас қойды... – Сот керек болса, алдарыңда, қане, кімнен қорлық, кімнен – зорлық? – Димаш «мантиясын» кигендей қимыл жасап, басына қара­көл бөркін төңкере, креслоны сырғыта төр жақта қонжия қалды. – Сен, Күләйна – адвокатсың, яғни қорғаушы, ал екі бала – заседа­ тельдер». – Димаш үй ішінде «сот» құрды: «Сіз – әке – айыпкер, ана­ мыз – айыптаушы. Заң қуалаушы. Кәне, орындарыңнан тұрыңдар, сот басталды?» Оның бұйрығына ешкім қозғала қоймады, тек екі бала диванда се­ кіріп ойнақ салуда. «Отырыңдар!» деп әкесі ақырмаса, әлі де ескі диван­ ның бұрандасын үзіп, топсасын топалаң астырар ма еді. –Сені он бес жыл оқытқанда, мен қалайынша айыпкермін, айтшы, Димаш?.. – Балық басынан шіриді, отбасына іріткі салған сізсіз, әке. Сондық­ тан да жауапқа тартамыз. Ал, себебін айтыңыз? – Не себеп, шешеңнің мінезін өзің білесің, ұрыс-керіс шығармаса, көңілі көншімейді. Сендер ес білгелі, осы үйде ұрыс болмаған бір күн, бір түнді еске түсірші, кәне? – Өзі ғой бастайтын, жоқ жерден ши шығарып, бәле іздеп... – Айыптаушы, сізге сөз тиген жоқ, сабыр сақтаңыз. – Қорғаушы, сөз сізге! – Мен екі жаққа бірдей қорғаушымын ба? – Күләйна дөңге­лек көздерін аудара, төңкере күйеуіне қарады. – Иә. Ал айыпкер туралы не айтасыз? – Атам ба, атам жақсы адам. – Жақсы адам екенін немен дәлелдейсіз? – Ол, ол... – Айыптаушы, сізге сөз! Тек шындық, еш жаласыз. – Жала жабайын деп тұрған мен жоқ, отыз жыл отасқанда... – Сіз – айыптаушы, яғни, айыпталушы емес, ендеше сөз – жеке бас­ тың қам-харекеті емес. – Е, бәрібір емес пе? Жақсы. Бұл кісі қарабасының қамын ғана көздеген, осы жолы кетерінде де: «Өзім үшін бір күн болса да өмір

сүрейін»... деуінің астарында не жатыр. Бір ғана қарақан басын діт­те­гені... – Айта беріп қайтесің? – Сен өзің айтқыза беретін! – Тоқтатыңыздар! Бұл – отбасының ұрыс-керісі емес! – Димаш оқтаумен үстелді қойып қалды. – Өз рөліңізден шықпаңыз, айыптау­шы. Біраз үзілістен соң: – Қорғаушы, сіз не дейсіз жәбірленуші жайында? – Маманы айтасыз ба! Жалпы жақсы адам, бала десе жанын үзіп бе­ руге бар. Әттеген-ай, тек тіке айтып салатын тоңқ мінезі болмаса... Күләйна сықылықтай күліп алды. Балқия шамданды. Жақып­жан жымың ете: – Ақсарбас! Мені де түсінетін бір адамның табылғанына шүкір! – Тағы тақырыптан ауытқыдыңыздар, екеуің де шаңырақтың шайқалғанына жауаптысыздар. Теке тірестен, ерегістен не тапты­ңыз­­ дар? Бір-біріңе төзімділік жасамасаңыздар, «сен тұр, мен атар» деп қа­ шан­да қасқайып тұрсаңыздар, бірің кішірейіп, кешірімді болмасаңыз­ дар... ендеше, отыз жыл бойына ортақ қазан-ошақ болғанмен, ортақ тіл таба алмасаңыздар.. сот шешімі – ажырасу жағында! – Димаш оқтау­мен үстелді қойып қалып: – Ендігі шешім-вердикт заседательдер ұйғарымында... – Қараса, екі бала диванның екі басында тоңқайып ұйықтап қалыпты. Біреуі – «тарс» дегізді... – Қой, «заседательдер» ұйықтап қалыпты... – Мама, сіз демалыңыз, мен ыдыс-аяқты жуайын, балалардың кірқоңын да жуып тастайын. – Күләйна сықылықтай күліп үй шаруа­сына білек түре кірісті. Димаш газет қарауға жатын бөлмеге ойысты. Жақыпжан: – Иә, бәйбіше, көңілің орнықты білем, міне – кілт, ендігі келге­німде есікті өзің ашарсың, «күлімдеп». Ал сау тұрыңдар, – деп кілмік көз­дері жымың ете сыртқа беттеген. – Дұрыс қой. Қайтып келер есікті қатты жаппас болар... – деді дағы келіні Балқияға: – Мен жылауға кеттім... – деді.

АДАМ КҮНІ АДАММЕН Ж ұмыстан шыққан Нағиманың үйге қайтқысы келмеді. Ел буыншақ-түйіншегін арқалап апыл-ғұпыл есікке ұмтылғанда, бұл өйтпеді. Столдың үстін тағы бір қарап, артық-ауыс қағаздарын тартпаға салып, шәлісін қымтай бүркеніп есік­ке беттеді. Тегінде жұрт Нағимаға тым ықыласты. Жұмысқа келгенде де, көрген жерден «көңіл-күйіңіз қалай, балалардың дені сау ма?» – деп жапы­рыла амандасып, жай-жапсарды сұрасып жатады. Нағима шүкір деп, салқын раймен рахмет айтады. Салқын болайын демейді. Көңілі сол зілдей бо­ лып, қара тасты жіпке керіп байлап қойғандай төмен тартады да тұрады. Далада ақ қырбық қар себелеп жауып, бетке инедей қадалады. Ауа райы біртүрлі бұзылып, денені қорғасындай басып тұр. Қыс десе – қыс емес, көктем десе – көктем емес. Жер шылқылдақ, ал оның үстіне ағаш жаңқасындай үгітіліп ұсақ қар түйіршіктері түсіп жатыр. Айнала көк бу­ рыл, дымқыл тұман. Алқымнан баса түсіп, тынысты тарылтады. Онсыз да басыңқы көңілді құлдыратып мысын құртып тастағандай. Нағима одан әрмен езіліп, аяқты зорға басады. Денесі жерге тартып, келе жатқан бетінде етпеттей құлай кетіп, тырп етпей қатып қалар ма еді дегендей, бір кеудірек күй көңілін күйрете түседі. Көкіректегі құсаны адам көтере алмауы мүмкін, ал қара жер бәрін де көтерсе керек-ті. Сондықтан, жер бетінде қаншама адам, бірі – қуаныш арқалап, бірі – қайғы арқалап жүр. Қара жердің қойнына сүңгігенше қыбырлап жүре бермек. Үйге барғанда да осы ауыр жүгін арқалай жүреді. Балаларына жыбыр­ лап жүріп тамақ істейді. Бетіне жаутаңдай қарап, әлде бір жақсы үмітке телмірген оларын жұбата аларлық жылы сөзі болса – жақсы. Ал болма­ са, қам көңіл сорлыларының жанын жүдете түскені ғой. Телефон шар етсе де, есіктің қоңырауы щылдырласа да алаңдап, бәрі соған ұмтылады. Есіктен Ол кіріп келердей, жан-жақтан у-шу боп қаумалаған балала­ ры құшақтап, қойны-қонышынан бірдеңелерді алып беріп апыл-ғұпыл ас үйге ұмтылардай боп тұрады. «Түу, мамаларың бір тәтті ас істеген екен. кәне, Нағима, дастарқаныңды жайып жіберші», – деп аңқылдап тұрғандай. Үй бөлмелері қаңырап бос қалды. Ешқайсысы ол жаққа бас­

пайды да. Бәрі үйме-жүйме боп ас үйде отырады. «Мама, осында жата салайықшы» – дейді Гүлнәш. Түн азабы бәрінен де ауыр. Әрі аунап, бері аунап, қасірет уыты өршіп жүректі жырым-жырым тілгілейді кеп. Қинала зорға барып ұйықтағанда, түннің бір уағында шошып оянады. Бос жатқан қасын­дағы төсекті көргенде құлазып кетіп, еліріп дәлізге ұмтылады. Содан бір кезде балаларының қасына барып жан сақтайды. Осылар ғой – ендігі үмітім деп, медет тұтқан болып, тыныш тауып, көз шырымын алады. Ертеңгісін жұмысына барып, ішінен тынып, кеудесін сүйретіп жүрген болады. Үндемейді, шешілмейді, бұйығы, жабығыңқы. Бірге іс­тейтін қызметтестері шетінен сыйлап, қас-қабағына қарайды. Балала­рына мейрам сайын тарту жіберіп, өзінің жалақысының үстіне де сыйлық деп, анау деп, мынау деп, ақша қосып жатады. Мұның бәрі де жақсы-ақ. Бірақ адамның орнын толтыра алмай­ды, ойсыраған көңілдің де кем-кетігін толтыра алмайды. Оны барлық жерде жоқтайды: үйде де, түзде де. Ал үйге кірсе болды, күні бойғы төбесінен арылмаған көк тұман сүйретіліп қоса кіреді. Бұл жерде салма­ғын тереңірек батырады. Ащы өзектен көк запыранды құсқызардай, азап­ ты-ақ. Әр бөлменің төрт керегесі сұңқиып соны жоқтатады. Ақыр аяғы, радиодан бір жақсы ән естілсе де, тыңдаушысын жоқтап тұрғандай... Егер ол зәуде бір жоқ болса, үйдегілердің әрқайсысының басты бір нәрсесі жетпей тұрғандай болушы еді. Біреуіне әке, біреуіне жар болғаны өз алдына, бар үйелмен бір механизм болса, сол механизмді өзіне тән қозғалысқа келтіретін тетік-двигатель – қозғаушы күш сол сияқ­ты көрінетін. Онсыз бұл үйдің тіршілік тынысы тоқтап қалатындай. Со­ ған орай, ол отбасы тұрмысына килігіп, жөнсіз араласпайтын да. Үйішінің ыңғайынан әсте шықпайтын. Нағиманың дегені оған қашан да жөн. Кішкентай Гүлнәшқа дейін оны билеп-төстеп, айтқанын істет­кізіп отырғаны. Үй болғасын кісі кеп жатады. Кейбірде опыр-топыр, үсті-үстіне үйіліп келеді. Төсек-орын да жетпей қалатын кез болады. Сондайда: – Нағима, мен мұнда-ақ жата кетейін, қысылып қалмаңдаршы, – деп, өзі ас үйге ме, балконға ма жеңіл-желпі бірдеңені жастана сап қи­ сая кететін. Бір нәрсесі орнында тұрмаса, дігерлеп үй ішіндегілерді бір қуысқа қуып тығатын да ол емес еді: кең де көнбіс-тін. * * * Бүгін үйіне әдейілеп қайынсіңлісін шақыртқан, балалардың қа­сында бола тұрарсың деп. Нағима өзі жұмыстан шыққан бойда жақын маң­дағы кинотеатрға беттеді. Өзі өз боп бір жылдан бері бой сергіткені бұл. Бір сәтке болса да көңілді аулатып, жүріп жатқан фильмдердің біріне кіріп алдана тұрармын дегендей ойда-тұғын.

Кинотеатр алды ығы-жығы. Тап сеанс басталатын кез екен. Касса­ ның алдына барып болатын емес. Иін тіресіп, сығылысып жұрт алақандай терезеге ұмтылады. Кілең жастар болғансын бірін-бірі итеріп, жұлқыласып, тартысқандары өздеріне келісті. Ал Нағима сияқты егделеу басалқылары шеткерірек тұр. Нағима біраз аңтарылып тұрды да, ұзын құйрықтың соңына барып кезек күтті. Әрі тұрды, бері тұрды. Алды-артынан түймештеп, жұлмалап жұрт кассаға емес, басқа бір жаққа еңсеріп әкетіп барады. Төбесінен ырғи маау, аяғының астынан өте ме, бір түсініксіз жәйт. Әншейінде осының бәрі Нағимаға қызық көрінер еді. Жүрегі қысылып аузына тығылды. Басы айналып, үй керегелері бір жаққа қисайып бара жатқандай. Қой, шығайын деп, кері ұмтылды. Енді сыртқа шығуы бір мұң болды. Ел алға итереді, сәл аялдасаң, аяқтың астында қалғандайсың. Зорға сытылып шеткерірек шықты. Қайтып кетейін деді де, сол ана қараңғы залға кіріп, бір жарым сағат бойына экрандағы өзге дүниенің қызығына алдана тұрмаса, көкірегін жегідей те­ скен дертінен біржола опырылып қалатындай сезініп, аласұрып асықты. Бұрын билет табылмай қалғанда бәз біреудің администраторға кіріп, жәй-жосығын айтып, керегін алып шығып жатқанын талай көрген. Сондай бір ой сап етті де, «администратор» деп жазылған есікке беттеді. Ақырын есікті ашты. Табалдырықтан жасқана аттады. Әйел отыр екен. Басын кекжитіп, бұған алара қарады. Тегі жақтырмай қалғаны айқын. Қоңыр түбіт шәлісін маңдайына түсіре байлап, қаракөл жағалы пальтосының өңірін қусыра түймелеп, өңі жүдеп, өзіне жасқана қараған бейтаныс біреу бұған тым қораш көрінді ме, бірден сөзді: «Саған не ке­ ректен» бастады. Нағима айтар сөзі өңешінде тығылып сұлқ тұрып қалды. – Не керек деймін, сізге? – деді әйел бұйра басын сілкілеп. – Мен сізге... билет тауып бере ме деп, аңда кісі көп екен, – деп Нағима сөзін аяқтар-аяқтамастан бастық әйел орнынан ұшып тұрып одыраңдай жетіп келді де: – Билетті мұнда емес, кассада сатады, – деді. – Білем, ғой, сонда да. Әйел мұның бас-аяғын сүзе тағы бір қарап: – Куәлік документіңіз бар ма? – деді. – Қандай куәлік? – Осы кинофикация қарамағында істейді деген. – Жоға, мен жәй экономистпін. – А онда басты қатырып неғып тұрсыз. Шығыңыз! Нағима аңырайып, қалшиып тұрып қалған. Орнынан қозғала алсашы. Аяғы құдды жабысып қалғандай еденге. Бір сәтте өзіне-өзі келді. Ашу-ыза кернеп кетті өнбойын. «Әкіреңдеген неме, бас салып, түте-түтеңді шығарайын ба!» Бірақ, өйткенде не шығады. Мұныкі жөн. Бейтаныс біреудің бастықтың үстіне баса-көктеп кіруіне бола ма. Қой, кеткен жөн болар. Қап, мынау, шолақ байталдың қорлығы-ай!

Жолындағыларды итере-митере сыртқа ұмтылды. Кинотеатрдың ал­ дына шығып ап, енді қалай жүрерін білмей дағдарсын. Аласұрып тұр. На­ мысы өртеп барады. Бір жүзтаныс біреу кездессе, жабыса кетіп, мұңын шағып, ішіндегісін ақтарып алар еді-ау. Сонысына орай бір таныс адам кездессеші. Мұнымен ешкімнің жұмысы жоқ. Екеу-екеу қолтықтасып залға кіріп барады. Келе жатқандардың әрқайсысына тыпырши үңіліп тұрғандар бар. Біреуді тосушылар. Осылардың жанында Нағима да біреуді тосып тұрғандай. Несі бар, ондай да кезең өтіп еді-ау басынан. Сол тосқаны әлі есінде, тап осы арада. Онда осы кинотеатр үйінің орнында басқа ғимарат тұрған; жапырайған, ұзынша ағаш үй еді. Бір-ақ залы бар, төбесі аласа, алдында фойесі де жоқ, бірден залға кіретін. Бір түнде ол үй аяқ астынан өртенді. Түк қалған жоқ. Басқаларға өз алдына, ал Нағималарға оның өртенгені жаман батты. Қаланың ортасындағы екі кинотеатрдың бірі – осы еді. Ал­ дында парк бар, жастар үйіліп осы маңнан шықпайды. Өртенген үйдің орнына жаңа театр салынды. Биік, залдары кең, орындықтары ыңғайлы, фойесі, буфеті, концерт қоятын жері бар – қаладағы ең көзтартар сым­ батты үйдің бірі. Амал қанша, жаңа кино үйінің қызығын Нағима көп көре алмады. Бұл кезде ол балалы-шағалы; үй-жайы, тіршілік-қызметі, келімді-кетімді кісісі бар дегендей, тұрмысқа белшесінен батып, кино түгілі мезгілінде жатып-тұруға мұршасы келмейтін. Анда-санда балаларын біреуге та­ стап, екеуі соңғы сеанстардың біріне кіргенде де, фильмнің аяққы кадры бітер-бітпестен өкпелерін қолына алып үйлеріне жүгіретін. Әлде басқа сыры бар ма, кім білсін, Нағимаға сонау бұрынғы ағаш кинотеатр үйі әлдеқайда ыстық көрінеді. Киноға келген кездерін, парктың ішін аралап қыдырып жүргендерін, сондағы сыр ақтарысып әңгімелескендерін сағына еске алады. Бір бейқам еренсіз дәуір екен ғой ол. Енді қайталанбас, арманды сәттер боп қалғандай. Әлде, өткен кездің бәрі сондай ыстық бола ма? Бәлкім солай да шығар? Өйткені ол өткен күндерде жастық қалып барады ғой. Ал жастықтан, адамның жастық дәуренінен артық не бар дүниеде! Сондайдың қадірін адам неге өткізіп барып қана біледі екен. Бүгіннен ертең, ертеңнен одан арғы күн жақсы болардай адам күнін санап асығады. Сөйтіп жүріп көп нәрсені қолдан жіберіп алғанын байқамайды да. Сонда ол қайда асығады? Кәрілікке ме? Өлімге ме? Сол күні екеуінің алғаш танысқаны. Университеттің екінші курсын­ да оқитын. Сондағы өзінің түр-тұрпатын әлі ұмытпайды. Есіне алса, әлі ұялады. Қара сирақ, жалбыр кекіл, бадыраң көз, еліктің лағындай үркіп тұрған біреу. Қаланың қызы болам деп қос бұрымды қайшымен қиқалап кесіп түсірген. Онысын не дұрыстап сәнге келтіріп жөндеген де жоқ, жұлма тайлақ құсатып бет-аузын, иығын жаптырып бос жалбыратты да қойды. Өзі сырықтай ап-арық, сидиған аяғына биік өкше туфли киіп, онысымен қиқалаң-қиқалаң етіп жүре алмайды да.

Танысқан күні жігіт мұны киноға шақырды. Бұл дегенің біраз көнбей бәлсініп тұрып алды. Уақытым жоқ, сабақ қиын деп сылтауратады. Сөйтіп тұрып келісті. Кешкі алтыда кинотеатр алдында кездеспекші болды. Не де болса бір сағат тостырып әбден сілікпесін шығарайын деп, ал өзі кешті батыра алмай дегбірі қашып, аһлап-уһлеп, күні бойы әлекке түсіп, ақыры жарты сағат бұрын жүгіріп келгені Нағиманың әлі есінде. Әй, сондағы тосқаны-ай! Әбден жыларман болды. Енді-енді кетейін деп тұрғанда тамам жұрттың ішінен таныс бейне жарқ ете қалды. Сөйтсе жігіт оны бір сағат тостырған екен. Әдейі емес, бір шұғыл жұмыс боп қалыпты. «Әй, өлген шығармын, енді оны көруге жүзі шы­ дамас» деп қара жер боп келеді екен. Нағиманы көргенде қуанып кетіп: – Түу, мына алдыңғы жақ неғып жарқырап кеткен десем, өзің тұр екенсің ғой, – деп күліп білегінен ұстай алды. Сондағы Нағиманың тұла бойы ду етіп, жүрегі әткеншекте секіргендегідей сәл тынып қалып, есі де ауытқып кете жаздап, көзін жұма қойғаны, сасқанынан күле бергені – бәрі айна-қатесіз көз алдында. Қазір есіне түсірсе де, тап сол кездегі сияқты денесін ыстық бу шарпып өткендей тұла бойы дір ете қалады. Тұрмысқа шыққасын, егер Нағима күнделікті тірліктің ауырт­ палығын көтере алмай қажып, сонда өмірінен тарынып біреуге шағы­ нып айтқанда, ол: «өзің кінәлісің, бір көргенге ыршып шыға қой­дың. Тие алмай қалам дедің бе!», деп жат та табалар еді өзін. Бірақ, Нағима өйтіп тарынып та, ешкімге шағынып та көрген емес... Отбасы болғасын ұрыс-керіс, кикілжіңдер болмай тұрмайды. Жалғыз өзі бес баланы тәрбиеледі. Қызметі және бар. Күйеуі геолог, көбіне экс­ педицияда жүреді. Бір басына жетерлік-ақ қарекет. Әсте адам дүниеге келгенсін осындай қарекеттерді көтеруге жаратылғандай көрінетін Нағимаға. Адам тіршілігі осы толып жатқан қарекеттерден құралады. Алға ұмтылыс, бірдеңеге тырмысып жетем деушіліктің өзі де осы сияқты ұсақ-түйек тіршіліктің бірін аяқтап, тындырып, екіншісін бастағанның ара-арасында алғашқы тартылған бороздадай көсіліп жата ма, кім білсін. Осылардың өзі даланың бір гүлінен екіншісі сұлу боп көрінетіні сияқты, бірінен-бірі жақсы боп алдандырып қызықтырып әкете бере ме, кім білсін! Иә, өмірге бойлаған сайын осы «кім білсіндер» көбейе бере ме, кім білсін... Оның жақсы көріп айтатын бір әні болатын: Есік алды қарасу – бойламадым, Дүние өтеріңді ойламадым! Біздерде арман деген толып жатыр – Өзіңмен бал дәуренді тойламадым. Белдеуге қос ат ұстап байламадым, Дүние өтеріңді ойламадым. Біздегі армандардың ақ бастауы – Өзіңмен қол ұстасып ойнамадым...

Солайы солай да шығар-ау, кім білсін!.. Сүйген жары өз ойлаға­ны­ нан да артық, ақ жарқын, кеңпейіл, сабырлы жан боп шықты. Соған қарағанда деп ойлайтын кейде Нағима: бір кездескенге тұрмысқа шыға ма, әлде байқап, талайды сын көзінен өткізіп барып шыға ма, әйтеуір қыз пақырға адалынан кездестірсін де. Әйтпесе, осы күйеуіне Нағима тап бір данышпандығынан немесе кереметтей бір сұңғылалы­ ғынан ұшырасқан жоқ. Әйтеуір әйел затының жаратылысында жазыл­ маған, бірақ бұлжытпай орындалуға тиіс заң бар: адал болуы, кешірімді, қайырымды, кеңпейіл бола білуі – шаңырақтағы басты нәрсе. Нағима­­ ның өмірден тоқыған қағидасы осы. Бір күні екеуі балаларды ұйықтатып тастап жәй әңгімелесіп отырды. Үйде бөтен ешкім жоқ, қонақсыз өткізетін ілеуде бір сирек кештердің бірі еді. Сөз арасында күйеуі мұның бетіне күлімсірей қарай ұзағырақ тесіліп қалды. – Қойшы, Ереке, неге сонша қадалдың? – Күйеуі одан әрі қарады, тағы күлді. – Танымай отырмысың? – деп Нағима сәл шытынай қалды. – Осы оқыстан пайда болатын мінезің-ай сенің! Елдің өзі титықтап, өлейін десе, уақыт таппай жүргенде... – Әй, Нағима-ай! Мені неменеге мәз боп отыр дейсің. Сенің ша­шыңа ақ кіріпті, көз алдыңа, маңдайыңа әжім түсіпті. Соған қарап екеу­міз­дің елеусіз өтіп бара жатқан өмірімізге күліп отырмын да. Уақыт де­генің ұрланып өтіп, ұрымталдан оңдырмай бір-ақ соғады екен. Міне, сен де қартайдың... – Е, адам енді қартаймай жүре береді дейсің бе? – Ал мен бар ғой, сырттан қайтқан сайын сені сонау көзі бадырай­ған, ерке, шолжаң үркек қалпыңда елестетем де тұрам. Әй, біртүрлі қызық едің-ау. Ойлаушы ием, осы да басалқалы әйел бола ма екен деп... Ал сен болсаң, қартайып барасың... Оның бүйтіп өзді-өзінен ағытыла, қайдағы бір мұңды өкінішке бата сөйлейтінін көрмейтін Нағима. – Апыр-ау, Ереке, тап бір ертең өле қалатын адамдай-ақ ақтары­лып кеткенің не сонша? – деген. Бірақ ойында ешнәрсе жоқ еді. Сонда да: – Кім білсін, экспедицияда көп жүресің, уылжыған жас қыздар мен атырынған келіншектер ұшырасады жолдарыңда. Соларға көзің әбден үйреніп қап, үйдегі мен кемпір боп көрінетін шығармын саған, – дей салған. Содан көп кешікпей күйеуі геологиялық партиямен барлауға шығып кетті. Геологтың әйелі күйеуін ұзақ сапарға шығарып салуға да, оны ұзақ уақыт сарғайып тосуға да үйренген. Нағимаға да бұл сапар үйрен­шікті көп сапардың бірі боп көрінген. Ол жоқта келімді-кетімді кісі де саябыр­ лайды, қайта осыны пайдаланып үйін әктетіп, сырлатып, жинап-теріп алам ғой, ол келгенде дүмбіреп тұрсын деп жүрген. Мәңгі күтерін білген жоқ.

Күйеуінің осы сапары ақырғы сапар екенін білсе ғой Нағима. Оһ, дүние-ай... Тым болмаса, ең соңғы қарасын, соңғы сәттегі бетіндегі бір өзгерісін де сақтап қалмады-ау жадында... * * * Кинотеатрдың алдында тірі жан қалмапты. Нағима бағананың түбінде селтиіп жалғыз тұр екен. Өзінен-өзі селк етті. Әлгі администратор әйел есіне түсті. «Япырым-ау, сол әйелдің көңілі әрдайым бүтін бола бере ме екен... Өмір бірде олай, бірде бұлай емес пе? Жоқ, әлде қасірет бұлты бастарын торламайтын адамдар да бола ма екен өмірде?» Осы жерде ол әлдекімнің тоқжарау, бүтін көңіл, қамсыз тұрмысын күндеп тұрғандай ма, – қалай. Шошынып кетті. Тумысында бойын­ да жоқ қасиет. Ондайлық ұсақ, күйкілік күйден өзін жоғары ұстаушы еді. Марқұм күйеуі де жақтырмаушы еді ондайын. «Қойшы, Нағима, өзіміздегі жоқты елден қызғанамыз ба? Бас аман болсын да», – деп оты­ ратын. Тап осы сәтте өзінің соншалық жасып, тарынып, күйініп бейша­ ра боп қалған қалпын біреуге байқатпақ түгілі, өзінің де көргісі келмей кетті. Дереу еңсесін көтерді. Орамалын жөндеп байлап, бойын жазды. Жаңа әлгінде ғана тәтті елестің құшағында тұрмап па еді. Сол елестің өзі қаншалық ыстық. Азын-аулақ өмірдің ішінде тебірене еске алатын сәттердің болғаны да жақсы екен-ау! Ақ жауынның артындағы күндей, көңілі біртүрлі сергіп қалды. Бойы жеңілейіп, аяғын лып-лып басып үйге беттеді. Мұның келуін күтіп, әрбір қыбырға елеңдеп, дегбірсіздене тосып отырған жандар бар онда. Ыстық бірдеңе пісіріп, жуындырып жатқызу керек. Сәл күтімсіз болса, бабы келіспесе жүдеп қалады, бала емес пе. Дүние қызық құрылған өзі: адам өзінің біреуге керектігін сезінсе, өмір ауыртпалығы да жартылай жеңілейіп қалатын тәрізді. Ол баяғы қыз күніндегідей арбаң-құрбаң басып басқыштан жүгіре көтерілді. Қамау тері алынған аттай сергек-ақ. Үйде Ерекең тосып отырғандай: бұл андасанда құрбышылап кеткенде, ол теледидарын көріп, балаларымен дардар сөйлесіп отыра беретін. Расымен үйден гүжілдеп үн шықты. Соның үні, жоқ әні... Көзі қарауытып есік сыртында тұрып қалды. Енді сәл-пәлден соң жүрек кеудені теуіп шығарардай. Үрей мен қуаныш араласқан қасқағым сәт... Бірақ не екенін өзі де аңғарудан қалған. Ерекеңнің даусымен соның әнін айтып бір үн боздайды: Есік алды қарасу – бойламадым, Дүние өтеріңді ойламадым! Біздерде арман деген толып жатыр, Өзіңмен бал дәуренді тойламадым... Магнитофон лентасы сыр ете қалды да сәлден соң құйқылжытып бір эстрадалық әуезге басты.

МАХАББАТ ПЕН ЕРЛІК ИЕСІ (Әз-ағаң жайлы естелік) Бұл – бір жағынан аманат сықылды. Өткен жылдың ақпан айының басында Президент резиденция­ сында президенттік және мемлекеттік стипендиялар иегерлерімен Елбасымыздың кездесуі өткен еді. Қазақ үй бейнесіндегі шаңыра­ғы­ нан күн сәулесі құйылған ауқымды залға кірмес бұрын шақырылған­дар әр жер, әр жерде ошарылып отырған-ды. Әз-ағаңа және біздің атақты ғалымдарға жақындап, сәлемдестім. Шып-ширақ, қунақ Әзекең ұшып тұрып бетімнен сүйді. Сәлден соң қасыма келіп: «Шәрбану, біз екеуміз көп жыл бірге жұмыс істедік. Көп жылдан дәмдес-тұздаспыз да. Кітап әзірлеп жатыр едім, сенің естелігің ғана болмай тұр, қалғандарын жи­ надым», – деді. Мен келістім, бірақ қай мерзімге әзірлеу керектігін сұрамаппын. Әрі: «Аға, мен сіз туралы жазып жүрмін ғой, кітабыма да ен­ ген», – дедім. «Солардың басын құра дағы тездетіп қолыма тапсырғын». ...Арада бір-екі күн өтпей Роза Бағланова дүние салыпты деген суық хабар естідік. Қабырғамыз қайысса да, қайтейік, әлемнің жарты пат­ шасы да бақилыққа өтеді ғой. Қазақ ән дүниесінің жарты патшайымы еді ол... Теледидардың 31-арнасының «Инфорбюро» хабарын көріп отыр едім: «Памяти Азильхана Нуршайыхова...» деп ағаның кітаптарын көрсете бастады. Селт ете қағыс естіген болармын деп, хабар­дың қазақшасына да құлақ түрдім... Әз-ағаң жайлы көрсетілім де түсіріп үлгеріпті, келіні немересі еңіреп жылап тұр... Сұмдық! Күні кеше ғана сап-сау, тып-тың адамның кенет көз жұмғаны қалай? – деген өкініш пен қайғы алқымымды буғаны. Амал бар ма... * * * 1961 жылы мен университетті тәмамдап, комиссия мүшелерінен жол­ дамамен жұмысқа тың игеріліп жатқан өңірлерге жіберулерін өтін­дім. Олар таң қалса да, қалауыма онша қарсы болған жоқ. Сөйтіп, жолда­

маны Целиноград облысының бір мектебіне алғамын ғой. Дәм тарт­пады. Сол жылы «Қыз сыры» тұңғыш новеллалар жинағым жарық көрген бо­ латын. (Бұл кітаптың шығу тарихы өте қызық. Айбынды партизан ақын Жұмағали Саинның сол кездегі баспа директоры Дыхаңа теле­фонмен ха­ барласуы арқылы шыққан еді). Дихан Әбілев ағамыз дереу шақырды: – Сен қарындасым, не, тың игеріліп жатқан жерлерге кетпек­ші­місің, ә? Онда не бар, жоғалып кетесің ғой, аздан соң бір пысықай жігіт алып қашады да... – Алып қашса, несі бар? – дедім. – Енді ғана соқпақ салған, шығармашылық жолың үзіліп қалады дегенім ғой. Өзіңді-өзің жақсы таныттың, әрі қарай жалғастыру ойыңда жоқ па? – Қатты айтқаны сондай, үнсіз қалдым. Оның үстіне Мұхтар Әуезов мен туралы жақсы пікір жазып, дека­натқа белгілі ғалымдар – Темірғали Нұртазинге, Сармурзина апайға табыс­тап: «Бұл талантты қызды қайтсеңдер де аспирантураға қалдырыңдар», – деп Мәскеуге кетерінде қатты табыстап кеткен екен. Қайран ұлы Мұхаң, күншуақтай шапағатыңыз былайғы өмір жолыма да сәулесін түсіріп тұрарын со жолы ұға алсамшы... Бағыма орай, сондай шапағатын түсіргендер: Дыхаң, Жұмағали аға, және Әзілхан Нұршайықов еді. Әз-ағаң сол жолы бірден Дихан ағаға телефон шалып: «Осындай да осындай... қызметке алу керек!» – депті. Сөйтіп, «Социалистік Қазақстан» – аға газетке әдебиет қызмет­кері бо­ лып орналастым. Бұл жерде газеттің бас редакторы Кеңесбай Үсебаев­ тың да шарапаты мол. Егер: «тәжірибесі жоқ, жас адамды қызметке алуға болмайды!» – десе ше. Мамандығым филолог болғанымен журналистік қыр-сырға бірденақ төселіп, меңгере бастадым. Очерк, суреттеме, әңгімелерім газет бетіне шыға бастады. Әз-ағаңмен кейде газеттің кезекшілігіне бірге барамыз. Ол кезде нөмір таң ата шығады, материалдар қолмен теріледі. Кезекшілер оқып, түзеп, беттеп болған сон, «қырағы көз» – біздер оқимыз. Едәуір уақыт. Шаршаймыз. Сондайда Әз-ағаң жазған әңгімелерін қызықтап айта ба­ стайды. Есімде қалғаны «Қызыл көрпе». Бұл – белгілі жазушы Жекен Жұмахановтың атышулы «Қызыл етік» әңгімесіне Әзекеңнің еліктеп жазғаны. Жекен ағаның жазғанынан гөрі ағаның мәнерлеп айт­қаны әлдеқайда қызғылықты. Бар әңгімесін – жазғанын да, жаза баста­ғанын да алдымен әңгімелеп, майын тамызып айтатын. Жігіттер он­дайда қаумалап алатын. Тағы бір әңгімесі – Мұхтар Омарханұлына бай­ланысты еді. Мен кейінтінде сол әңгімесін жазушы мәнерін сақтай отыра жа­ зып, алдымен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журна­лына шығарып, кейіннен «Сезім патшалығы» кітабыма енгіздім.

Қазақтың Андронниковы атанған Жекен Жұмахановтың талай-талай қалам тартқандарға ұстаз болғаны мәлім. Солардың бірі – менмін. Ой­ лап отырсам, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі эротикалық жанрды бастаған Жекен де, содан соң – Әзекең деп түйемін. Міне, Әз-ағаң «Қызыл көрпе» әңгімесін бізге айта бастайды. Қалғып-мүлгіп отырғанда, ұйқы­ мыз шайдай ашылады. Сонда Әз-ағаң ақырын жымиып: «Шәрбану, сен жазушысың ғой,» – деп ашық кеткен тұстарының тігісін бастырғандай болатын. Ол кісі туралы кейде қызық оқиғалар да болатын: Бірде Нүрипа, хат бөлімінің қызметкері кабинетіне кірсе, Әз-ағаң түрегеп тұрған бойда сырт-сырт машинка басып тұр екен. Нүрипа аңқайып: «Өй, аға, сіз түрегеп тұрып та басады екенсіз ғой», – дейді де, бастыруға әкелген хаттарын тастап шығып кетеді. Тағы хатта­рын арқалап келіншек бір кабинетке енсе, ондағы қулар жымың-жымың ете бұған қарайды. Келесі кабинетке енгенінде, бір жігіт шыдай алмай: – Нүрипа, қалқам, Әзілхан ағаң қалай? – дейді де, ар жағын айта ал­ май күлкісіне шашалады. Сонда барып қаперіне іледі: Әз-ағасы бөлмебөлмеге бұл аралап болғанша «өй, аға, сіз түрегеп тұрып та машин­ ка басады екенсіз ғой» дегенін сан-саққа жүгіртіп, қызық қып айтып үлгерген екен... Әзілхан Нұршайықовтың жазушылық даңқын шығарған «Аңыз бен ақиқат» және «Махаббат, қызық мол жылдар» кітаптары екені ай­ дан анық. Алғашқысына Республика Мемлекеттік сыйлығын алса, соңғысының жастың да, кәрінің де жастығының астына жастанып жатып оқитын бесцеллер кітабына айналғаны рас. Сол кезде неге екенін, ақындардың жыр жинақтары дүкен сөрелерінде сіресіп өтпей тұратын. Бірде Әз-ағаңның кітабын Ғани Ормановтың бір томдық жина­ғына қосып сатып жатқанын көрдім. «Махаббат, қызық мол жыл­ дар» кітабы өзімде болса да сатып алып, ағаның өзіне қаттаулы қалпы­ мен апарып бердім. Ол кісі сол кезде инфаркт болып «Совминнің» ауру­ханасында жатқан кезі. Тілеуін тілеп, алдында палатасына кіріп шыққанмын. Тағы барсам, «карантин» деп кіргізбейді. Шарбақ­тың сыртында тұрмын, бір кезде медбике қыздан бір жапырақ қағаз жазып жіберіпті. Онда: «Шәрбану! Құйрықты кітабың құтты болсын!» депті. Күліп, тәуір болғанына да қуанып қайтқанмын. Соңыра сол жазғанын өзі сұратып алған, сірә, мемуарына керек болған шығар. Жеңгеміз Жәмила Егембердиеваның Бауыржан Момышұлы тура­ сында жазған деректі кітабына алғысөз жазып беруін өтініп ағаның үйіне барғанмын. Халима жеңгеміз жаны қалмай, шай жасап, қуырдақ қуы­ рып жүр. Ас үйде әңгімелесіп отырғанбыз. Әзекең: «Біздің үйдің астын­да әнші Гүлмира Рәзиева тұрады», – деп бір қойды. Сәлден соң жы­миып, «Иә, әнші келіншек біздің астымызда тұрады» деді. Мен де: – Әй, Әз-аға! Кімнің үстінде сіз де тұратынды біледі екенсіз! – деген­де, сылқ-сылқ күле: «Халима, Шәрбану не дейді?» – деп айтқа­

ным­ды кіріп-шығып жүрген жан-жарына әсірелеп жеткізгені бар. Бәріміз күлдік. Тағы-тағы қайталап, менің де қитұрқылына жауап бергеніме мәз ағаның мәңгілік махаббат музасы – Халимашына деген сүйіспен­шілік сезімін хатпен жазу еш мүмкін еместей!.. Өлді деуге қимайсың, әдебиет сүйер мыңдаған оқушылары қи­майды, әрине. Әттең-ау, табиғаттың селдіреп, түгі кетіп, тамыры қыр­қылып бара жатқанындай жақсылардың, нарқасқалардың да арамызда сиреп бара жатқаны сондай өкінішті-ақ... Өткен 2010 жылдың 15 желтоқсанында Елбасымыздың қолы­нан «Отан» орденін алып тұрып Әзілхан Нұршайықов қалтасын қар­мана беріпті. Нұрсұлтан Әбішұлы әзілдеп: «Әзеке, маған берер базарлы­ғыңыз бар ма?» – деді. Біз бұл әсерлі сәтті теледидардан көріп, ол базарлығы не екен деумен қайранбыз. Әз-ағаңды құттықтап, «Алтын аға, тоқсан­ның төріне оза беріңіз!» дегенде: «Шәрбану, даусыңды естіп қуанып қал­дым ғой. Рақмет», – деді. – Ол – «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымның шағын фор­матты нұсқасы болатын. Қалтама салып барған едім, сасқалақтап, қай қал­тама салғанымды таба алсамшы... – Әз-ағаның сұлу жымиысы көз ал­дымда тұрғандай: «Сіз ол кітапты бұрын да жібергенсіз, сізге Елбасы рақ­мет айтып, ризашылығын білдірген еді ғой». «Иә, жалпы 15 желтоқ­санда, менің туған күніммен қарбалас келетін сәттер аз емес еді... 2011 жылдың 15 ақпанында халықтың сүйікті жазушысының жамба­ сы жерге тиіп, мәңгілік сапарға аттанатынын кім білген. Жалпы 15 саны оның тағдырына телінген орысша айтқанда «роковой» сан ба екен!.. Әлде... Киелі Жасаған Иенің тылсым сырлы сұңғылалығын барлау қиын ғой...

«СӨЙЛЕСІП ЖҮРГЕН КІСІҢ БАР МА, КӨЗЖАҚСЫМ?..» О сыдан оншақты жыл бұрын Аралға қыдыра барған Ақжүніске жеңгесі осылай көлденең сұрақ тастады. Ақжүніс сасып, көзін төмен тастап, ләм-лим демеді. Өйткені, алдында ғана «сүйемкүйем, сенсіз өмір қараң...» деп жүрген жігіті басқамен көңіл қосып, бұдан іргесін аулақ салған-ды. Сондайлық Ақжүніс әрсіз, сұрықсыз, көзге толымсыз да емес: қараторы, бойшаң, мойны құрықтай нәзік жан. Жас болса, отызды алқымдап, «енді бір құтты орныма қонсам-ау, атаанамды қуантсам-ау!» деп арманның жел қайығына мініп, болашаққа сеніммен қарап жүрген шағы ғой. Әлде, дәм-тұз жазбады ма, Құсман ке­ нет айныды. Екеуі ауылдас қой, сосын да жеңгесі Бибісұлуға бар сырын ақтарған ғой. Ара-арасында көз жасын сығып, өксіп-өксіп алғаны да бар. Қайран ақ жеңгесі мұнымен қоса мұңайып, толқымасын де. Өзінің де үлпершектей қырық қатпар сыры-жыры бар Бибісұлу бұған пәлен деп ашыла қоймаған да. Бар есіне алғаны – осы қосағы, яғни, Ақжүністің туған ағасы Асқарбектің етегінен ұстап, түу қыр арқасы қашыққа ұзатыла келгенінде, әуелгі ғажаптанғаны – бұл елде әдет-ғұрып дегеннің қаймағы бұзылмай сақталғаны. Өзі орыс арасында өскендіктен онша-мұнша қысылу-қымтырылу дегенді ескермей, жігіттермен ашық жарқын қалжыңдасып, қысқа етек көйлек киіп, басына орамал салу дегенді білмей өсті. Ал мұндағы ақ босағаны аттап, келін болу дегеннің әліпбиі – сөлеңдеген ұзын көйлек киіп, басына шаршы тартып, шәй құюдан басталған-ды. Иә, кәп-кәдімгі сары самаурын түбінде тізерлей отырып, кең дастарқан басында қаздай тізіле отырған қырық шақты қария, кейуаналарға сызыла шай құю. Кеселерді шатастырмау, қасында көмектесіп, шыныларды алып-берісіп отырған қайнағаңның бетіне қарамау; қызылы мен сүтін бірдей қып, (бұл Арал жақта түйе сүтін шайға қатады екен); тілді үйіретіндей дәмді ете құя білу. Онымен құтыла қоймайды: қариялардың бір «партиясы» аттанғансын, тағы бір кезегі келеді, қаздай тізіле, шайды сыздықтай іше, келінге батасын беріп кетеді. Бибісұлудың белі бүгіліп, омыртқалары үзілердей. Түнде Асқарбекке шағына: «Кемпірлердің шай ішуі біте ме? Сендердің салттарың бөлек

екен», – деді. «Бұл келінді сынаудың алды, тағысын тағы бар...» деген жас күйеуі еш саспай. Қарқылдай күлді және. Бірде басы айналып құларман болғанда, абысыны Күләтай қасына отыра қап: «Өлтіресіңдер ме зорықтырып? Тұр, айналайын, бөлмеңе барып тынық, мен-ақ құяйын шайды», – деп мұны орнынан тұрғызып, самаурын түбінде өзі қалған. Бибісұлу ол сынақтан тәп-тәуір өтті, басқасынан да өтті, бүгіндері өзі жөн айтатын көшелі жеңге. Бірақ енді, жақсы қайынсіңлісіне жаны ашып, әлі күнге оң жақта салаң­дап жүргеніне қапалы. – Ендеше, – деді, – тізгініңді маған бергін, жөні түзу біреу болса, та­ мырын басып көрейін... – Жоқ, жеңеше әуре болмағын, маған күйеудің керегі жоқ, жүре бе­ рем де осылай, – деп Ақжүніс шыр-пыры шыға азар да безер болды. «Ойбай-ау, ол шілмиген сары Құсманға құса болатындай оның не зары өтті?» – деумен қала берген, Ақжүніс болса, Бибісұлуға ол жағын те­рең­ детпей, саялы саумал ауа Алматыға тартты. Арада бес жыл өтті. «Көзжақсымның ұзатылу тойына киіп бара­мын» деп сандықтың түбінде сақтаған көйлегі ескіріп, ондай атты күн­нен күдер үзіп, жеңгесі күнделік күйбің-сүйбіңмен уақытты өткізген­мен, кө­ ңілінде қалған бір ойды іске асырмай тынбайын дегендей, ол да Алма­ тыға тартпай ма. Қасына екі баласын қоса ертті. Онысы – ұзақ жа­тып қалсам, жүдеп қалмасын дегені. Астананы еркін аралату да бар ойын­ да. Төркін жұртына да қатынап, емін-еркін, аунап-қунап қайту дағы бір жағы. Пойыздан түсісімен такси ұстап тура Ақжүніс­тікіне келді, тез тап­ ты, өйткені, үйі орталықта, екі бөлмелі деп еститін. Есіктің қоңы­рауын безілдете дәлізде ұзақ тұрды. Бір шамада ар жақтан тыпыңдап біреу жетті-ау! «Кто там?» деді. – Тота емес, біз ғой, көзжақсым. Сен бе? Ойбай, аш, мына ұлдар су ішеміз деп, қаталап өлді... – Ақжүніс есікті айқара ашып, жеңгесін бас салды. Бода-бодасы шыға жылап алды. Төр бөлмеге енгізіп, екі балаға: «Су ішесіңдер ме? Шай ма?» деді. Олар иықтарын қиқаң еткізе, бал­конға шыға, төмен асыла жан-жаққа мойын созды. «Ойбай, ұшып кетеді ана­ лар!» – деп Бибісұлу қоса шықты. Оларын тартқылай үйге енгізгенше, қайынсіңлісі шай әзірлігіне кірісіпті. Лып-лып ете, әңгімесін де айта, ауыл-аймақтың амандығына да қана, үйі толып, көңілі өсіп, лезде түлеп, құлпырып салғандай ма. «Айналайын, көпшіл өзі! Үйі – ұядай. Дастарқанға төгіп салуына қарағанда табысты да. Ал неге жалғыз! Әлде бізден жасырған бәлесі бар да? Қала адамдары үндемей-түндемей тас үйлеріне біреуді кіргізіп ап тұра береді дейді ғой некелі ерлізайыптылардай...» Осы күмән оны ұйықтатпады. Тыпырлап, ас үй мен екі арада жүрді де қойды. «Жеңеше, не, шай ішесіз бе?» – деп Ақжүністің де ұйқысы сан бұзылды. Бибісұлу сұрайын десе, қайынсіңлісі торсаң­дап, ана жылғыдай тұра қаша ма дейді. Қайда қашса да, өз шаңырағы ғой.

Бәрібір ертесіне сұрады: «Осы бөлмеде, қутиып, жападан жалғыз отырысың ұнай ма, көзжақсым? Жалғыздық тек құдайға ғана жарасқан демей ме. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген және бар...» Қайынсіңлісі: «Ой, жеңешем-ай, ол кезден өттік. ...Енді құшағын жайып тұрған маған кім бар?..» Жеңгесі: «Құсманға қарап қалдың ба? Басқа еркек жоқ па?» Қайынсіңлісі: «Бар шығар... Мен Құсманнан бала көтергем, жеңеше. Бірақ ол нәрестеге жарық дүние жазбаған, бірер күннен соң қайтыс болды. Сірә, көкіректегі шер мен құса оны да іште буындырып тастаса керек...» Жеңгесі: «Не дейді? Оған тимей тұрып қалайша бардың ондай бетбақтыққа?!» Қайынсіңлісі: «...Қосыламыз деген әдемі сөзіне сеніп қалып...» Жеңгесі: «Қыздарды құртатын сол сеніп қалушылық!..» Одан әрі Бибісұлу ләм демеді. Ұзынқұлақтан еститін: Осы қайынсіңлісі Құсманнан бұрын да... оныншыны бітірер кезде абыройы төгіліп, мектепті аяқтамай, басқа қаладан барып оқып, әтістат алған екен деп. Өсек шығар дейтін. Былайынша қарасаң, ибалы, сынық мінез, атырынып тұратын бәлекейлердің беті аулақ! Осы ойын тап басқан­дай, Ақжүніс, ақыры айтқасын бәрін айтайын деп, жеңгесіне және бір сыр­ дың шетін шығарды: «Мен ол жағдайды Құсманнан жасырғамын жоқ, әрине... Ол бәрін түсінгендей еді. «Өз еркіңмен емес, қиянат жасаған бо­ лар» деп топшылап, «жә, жақсы жанұя құрсақ, балалар болса, сыйла­сып тұрсақ болды емес пе!» – деген. Неге екенін, алғашқы түннен кейін-ақ ол айнып салды... Екіқабат болғанымды біледі. Бала шетінеген соң бәл­ ніске келді де. Ол кезде үйленіп, келіншегі де аузы-мұрнынан шыға айы жетіп отыр екен...» «Бетбақ!» дегісі келді Бибісұлудың. Бірақ дей алмады. Өзі егер сон­ дай болса, Асқарбек қара есекке теріс мінгізіп баяғыда-ақ төркініне әкелттіріп тастар еді. Орыс арасында өссе дағы, «Арыңды жастай сақта!» деген қағидаға бекем-тін. Шешесі қатал, қазірдің өзінде екі аяғын бір етікке тығады... Бұған да бозбалалар қырындаған. Шешесі бастаңғы, туған күн, кеш дегендерге қия бастырмайтын мұны. Бірде мек­­тепте би кешіне қатысамын деп, сыныптас балалармен қолтықтасып билеп жүрген жерінен анасы дүйім жұрттың алдында шықпырта сабап, өкірте жылатып алып кеткен. – Тым құрыса, балам тірі болғанда, күйеу іздемес ем! – деп өксіп қалды қайынсіңлісі. Жаны ашиды, ашығанмен қайтпек, сөйтіп әрі-сәрі ойда бір жетідей қонақ болып, балаларын циркке, хайуанттар паркіне апа­ рып, балмұздаққа армансыз тойғызып, Алматыдан екі жүз шақырым жерде, ауданда тұратын төркініне тартты. Нешеме жылдардан бері аяқ баспаған ауылын, анасын, бауырларын, көрші-қолаңын сағына, жүрегі

сығымдалады. Өз ойымен өзі болып, автобустың ыңырана жүрісіне тер­ беле келе жатқанда, алдыңғы орындықта отырған біреу бұған мой­нын соза амандасты: «Амансың ба, Бибісұлу! Сені де көретін күн бар екен...» Көпке шейін жүзін шырамытқанымен, өзін жыға танымай әуре­ ленсін. Бірге оқыған жігіттердің бәрінің атын іштей түгендейді. – Даниярмын ғой. Міне, қыздардың бәрі осы. Әлгі жатжұрт­тық дегеннің көрінісі – ауылдан ұзай бере ауылдағылардың бәрін ұмы­тып қара басатын. – Қайтейік, барған жеріңе тастай батып, судай сіңгін деп нығар­лап жіберсе. Қайтып келсек, құдды, жұртқа қарай алмайтындай... – деп Бибісұлу да сөзден қалыспады. Данияр үйлі-баранды, екі-үш жаман-жәутіктері бар деп еститін. Мектепте бұдан бір сынып бұрын оқыған, содан Алматыға оқуға кетіп, сол жақта қызметке орналасып, атан жілік – атпал азамат болған шағы дейтін кезі, содан бері көріп тұрғаны осы. – Түу, Данияр-ай, әрең таныдым, өзгеріп кетіпсің. – Қартайып кетіпсің дейсің бе? – Жоға, еркектер бізге қарағанда кәрілікпен итжығыс түсіп, көпке шейін бой алдырмайды ғой. – Өйтіп, мүсіркемей-ақ қой, қайта сен көп өзгермепсің... Екеуі автобуста самбырласып жеткенше әңгімелесті. Көздері шүңейт­ теніп, азғын көрінуіне қарағанда Даниярдың қайғысы барын, онысы бетке тепшіп шыққаны байқалады. – ...Әйелім қайтыс боп, қиналып жүргенім... Балаларға қиын екен. Кім білген. Осылар үшін біреумен бас қусырып ем, түтініміз жарас­пады. Біреудің баласы кімге керек болсын... * * * Данияр ауылдан екі кішкене баласын алып Алматыға қайтарда Бибісұлу оны қонаққа шақырды. Сөз арасында Алматыда қайын­сіңлісі барын, жалғыз тұратынын, мінезінің кең, көпшіл, тек бағы жан­бай, етегінен ұстайтын жібі түзу біреуді кезіктіре алмай жүргенін сына­лай кетті. Данияр өңі құп-қу боп сүлесоқ отырды. Аузы күйген-ау. Сонда да болса Бибісұлу: – Осы қайтысыңда Ақжүністікіне соға кет, тоқты сойып ек, содан беріп жіберейін сенен. Жоға, біздің машина апарып салады, тек есіктен кіргізіп берсең болады да, – деген-ді екіұштылау. Айтқанындай-ақ, інісі «Жигулиімен» Даниярды балаларымен Ал­ маты апарып тастады. Сәлем-сауқаты және бар. Тілдей қағазға әлдене­ лерді жазып: «Ақжүністің өзіне ғана ұстатқын» деп бауырына ны­ғар­ лай тапсырды. Бауыры араға күн салып келді, екі езуі құлағында. «Әй,

айтпаймысың, жүгермек, не болды?» «Не болушы еді, Дәкең сол үйге қонып қалды...» «Қап!» деді Бибісұлу жауырынына ине сұққандай, мазасыздана ты­ пырши. Соңы не болар екен деумен тағатсызданып бір жағы. Төркінінде бір айдай аунап-қунады. Шешесі де балдай тәтті жиен­ дерінің бетінен сүйіп, бауырына басып жетісіп қалды. Жолай қайын­ сіңлісінің үйіне соқты. Пойызға билет алдыртты. Байқай­ды, Ақжүніс ажарланып, қараторы ашаң жүзіне қан жүгіріпті. – Көзжақсым, әрленіп кетіпсің өзің, қалай, бір жаңалықты айтып қуантпақшысың ба? – Ой, жеңеше, несін айтасыз! Мың да бір рақмет сізге! Тойға қам­да­на бергін... Бибісұлудың жүрегі атқақтап, аузына тығылардай. Тезірек Асқарбек­ ке жетсем дейді, ата-енемді қуантсам дейді. ...Содан бері де үш жыл өтті. Ақжүніс ақарлы-шақарлы, етегі жа­ рып торсық шеке ұл тауып берді Даниярға. Осындайда ойлай­сың, әттең Бибісұлудай алтын жеңгелер бар болса, талай шаңырақтың шамы жағылып, үй іші үпір-шүпір қара домалақтарға толар еді ғой...

БИ ӘЛЕМІ – ШАРА Сөз басы І Ө нер – махаббат! Махаббат – өнер... Қазақтың тұңғыш про­ фессионал биші қызы – Шара Жиенқұлова барша өмірінде осы екі қасиетті бойтұмардай қастерлей білді. Би құдіреті оған бала жастан дарыған, сондықтан әкесі Баймолда сүйікті қызының бойынан алғырлықпен қатар өнер ұшқынын байқап, қытай бишісін жал­ дап балапанына би өнерінің алғашқы нышандарын үйретеді. Сонымен қатар, діни медреседе оқытып, немере баласы Сұлтан Жиенқұловтың ақылымен орыс мектебіне береді. Ол жайында Шара «Өмірім менің – өнерім» атты өмірбаяндық кітабында былай деп жазады: «...таңертең шәлімді бүркеніп, кеудеме Құранды қыстырып Мешітке барамын. Атам мені (әкесі Баймолданы айтады) жаз – арбамен, қыс – шанамен өзі алып келеді. Тамақтандырып, шашыма лента байлаттырып, ұзын көйлек, қара бешпет киіндіріп, мектепке апарады. Сабақ біткенше атты қаңтарып, аулада күтіп отырады. Бірақ ең қиыны – түскі намаз. Атам мені мұғалімнен сұрап алып, жайнамаз жайып қойып, қатар тұрып намаз оқимыз. Оқушылар терезеден қарап, бізге күледі. Класқа кірсем, «молда қыз келді» десіп, екі алақанын жайып, беттерін сипап, бата жасайды». Анасы Тыныбала шашын тарағанда орындыққа шығарып қойып тарайды екен, ұзын қолаң шашы Шараның арқасын жауып, бейнебір қара пүліш шапан жамылғандай әсер береді. Сұлулық – Тәңірінің сыйы десек, Шараға ол сыйды молынан бере салғандай. 1926-жылы әуелде Қызылордада құрылған қазақтың драма театры Алматыға көшіп келеді. Шараның да бишілік жолы ашылғандай, алдында болашақтың қырмызы кілемі жайылғандай. Театр Карл Маркс пен Совет көшелерінің қиылысындағы «Орион» клубына қоныс тебеді. Саялы, тыныш, көкжиекті Алматыға думан керуені көшіп келгендей, қала тірлігінің шырайы ашылып, тың серпіліске түседі. Сондай дүрлігудің бір көрінісі: «1928-жылы бейсенбі күні марттың бірінде «Орион» клубында «Тілші»,

«Қамбағарлар ауазы», «Искра» газеттері тарапынан үлкен әдебиет, би кеші жарияланады. Түскен ақша Алматы баспахана жұмыскер­лерінің мәдени-ағарту шараларына ұсталады. Бұл кеште Алматы қаласын­ дағы қазақ, орыс, ұйғыр, татар сауықшыл жастарының қатыспай­ тыны болмайды. Әсіресе, атақты биші Шара қарындас Баймол­да­қызы тарапынан «Майрамхан», «Шамиль», «Кавказ билері» деген билер бейнеленеді. Ойынға келушілер «ашығармын, шөлдермін» деп қорқуға орын жоқ, өйткені, осы қонақтарға арнап, бөбет ашылған. Ойын артынан тілеушілерге жалпы би болады». «Билеттер «Тілші», «Искра», «Қамбағарлар ауазы» басқарма­сында сатылады. Ойын сағат сегіз жарымнан қалмай басталады». «Тілші» газетінде жарияланған осынау жарнаманың ұлттық өне­ рімізге қатынасты факты екендігінде дау жоқ, сондықтан да кітап бе­тін­ де көрінуін жөн көрдік... «Өнер жұлдызы жанды!» десек, Шараныңдағы өнер жұлдызы, бақ жұлдызы жанған сәт. Не бәрі он алты жасында ол атақты биші атанды. Сол жылы өзінің болашақ жары, дара махаббаты – Құрманбек Жандарбековпен танысып, көңіл қосады. Бұл – толып жатқан хикая. Ал әзірге Шара өмірге келген жылы даңқы әлемге мәшһүр Алматымыз­дың сүйкімді көрінісін көз алдымызға келтірейікші: «... Мен осы Алматыда 1912-жылы тамыз айында дүниеге келіппін. Тамыздың мәуелеген дүрия кезі болса керек. Есейе келе көз алдым­нан кетпейтін бір сурет – қала көшелерінде сыңғырлап бұлақтар ағатын да, арықтарда жұдырықтай-жұдырықтай қызыл алмалар жүзіп бара жатар еді. Сүзіп алып жей беретінбіз, жиіркенбейтінбіз; қарлы мұзарт­тан бастау алатын нәрлі су қандай тәтті!... Ағаштың дені – жеміс бақ­тары, жазғытұрым сарыөрік, қараөрік, шие, алхоры, шабдалы нөпір болып жатар еді аяқтың астында». «Қаланың тағы бір көрнекті орны – Титов көпестің моншасы. Ол кезде театр, кино-концерт залдары деген жоқтың қасы, сондықтан қаланың кербез әйелдері әдейі моншаға киімін көрсету үшін барады. Әсіресе, ішкі киімдерін сәндеп, кестелеп, түрлі желбіршектер салып тігеді». Астанамыз Алматының сол кездің өзінде-ақ халықаралық керуен – сауда орталығы болғандығын көзкөрген шежірешінің ай­туында топшылау қиын емес. Сауда демекші, Шараның әкесі де саудагер болған, әуелі керуеншілерге ілесіп, ағайынды үш жігіт Шұбартаудан Бал­қашқа келеді, келе-келе балық сатып, тұрмыс түзейді. Алматының Ташкент даңғылынан төменде, «Қазіргі сексеуіл базасы» маңайынан екі ауызды, бірақ қорасы кең үй сатып аладыдағы, тері-терсек даярлау жұмы­сымен айналысады. Терінің пұшпағын ұстаған адам тұрмыстан тары­қ­пайды. Байып, қазіргі Амангелді ескерткіші тұрған алаңда әлденеше бөлмелі кең үй салдырады. Он алты жастағы Шараны Құрманбек Жандарбеков

екі жолдасымен бірі – Қапан Бадыров, осы үйден алып қашады. Бүгінгі 28 панфиловшылар паркі ол кезде Пушкин атындағы қалалық бақ. Ал революция-төңкерістен бұрын осы парк қақпасында: «Ит пен киргизге кіруге болмайды», – деген ескерту тұрады екен... Халықтың мәдени сауық орталығы болған парк театр көшіп келгелі тіптен де думанға толып, көңілденіп кеткендей-ді... * * * Үстіміздегі – 2012-жыл – Шара Жиенқұлованың, Күләш Байсейіто­ ваның, Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың жылы! Соңғы екі тұлғаның мерейтойлары дүркірей өтті. Шара – 1912-жылы, тамыз айының 20-жұлдызында, Алматы шаһа­ рында, жасыл желек көмкерген әсем қаламыздың тамылжыған бір күнінде дүниеге келіпті. Әкесі Байбол (атам деп кеткен) бай-сауда­гер, анасы Тыныбала қазақтың кең сабадай мінезді де көрікті жан иесі болған екен. Қызы да шашы белуарынан асып, тірсегін соғатын, айдай сұлу ғажап, ажарлы бір перизат екен. Он сегіз ұл мен қыздың ортасын­дағы бауырларынан аман қалып, осынау уақытқа жеткеннің бірі – өзі, бірі – Хадиша, (Шәкен Аймановтың жары). Ұйытқыған замана зоба­ла­ңына тап болып, Байболдың қос әйелінен тараған ұрпағы орылған баудай қырыла беріпті. Әкесі қыздарын әлпештеп, бақшадағы гүлдей баулиды. Шара екі бірдей мектептен, орыс школасы және діни медреседен дәріс алған, құран аударған: имантаразылық пен кішіпейілділік, инабат­тылық пен нәзіктік қасиеттерін өн бойына осылайша еккен. Ал өнерге құш­ тарлық қызбала бойына айрықша дарыған-ды. Алматыда жылма-жыл жәрмеңке өткен, жер-жерден ағылып саудагерлер, оларға ілесе өнерпаздар келмей ме. Атасынан сұранып, он екі жасар Шара (Гүлшара) да солардың өнерін қызықтайды, таң-тамаша қалып, буындары былқылдаған бишілер биін үйреніп алуға тыры­сады. Зерек жан есейе келе, өз тарапынан да би элементтерін жетіл­діріп, өзінше тың өрнек, нақыш салып, жиылған ортада билеп шығады. Атасы осы талпынысын аңғарып, қызына қытай бишісін жалдайды. Ал қазақ биін қайдан үйренеді ол? Жалпы қазақта би өнері болған ба... Шара Жиенқұлова осы мәселе жайында көп толғанып былай дейді: «Бала күнімен қалған бір елес көз алдымнан кетпейді. «Көкайрық» жайлауында отырған кезіміз. «Сері» жасаймыз дейміз, яғни той, қыз ұзату, шілдехана дегендей. Әнші, күйші, айтыскерлер шақы­рылады, айтыс, сайыс өткізіледі. «Көкайрық» жайлауының құлама жағында – қырғыздар отыратын. Олар да серіге шақырылады. Домбырасын күмбірлетіп, қобызын сорғалатып қазақтың жампозы мен шешені шықса ортаға, қомызын безілдетіп, қияғын сорғалатып қырғыз ауан­пазы бүйірден қосыла кететін ғой! Ой, тамаша! Делебем қозып, үйіріле кеткім

бар: бүрмелі қан қызыл атлас көйлегім, қынама бел жасыл камзолым, оқалы тақиям – бәрі келісті. «Сүйретіліп, аяғыңды шалыстырмасын» – деп анам қос бұрымның ұшын дәміл-дәміл қиып тұратын еді. «Не болса, ол болсын, кәне, тәуекел!» – дей ұмтыла беріп ем, кенет, ортаға қап­сағай денелі, шүңет көздері от шашқан ер адам шықпаса де. Шапанының етегін қайыра белбеуіне қыстырған, басында қызыл барқытпен тысталған түлкі тымақ, аяғында ұзын қоныш етік, ол селтие сәл тұрды. Жұрт аң-таң, күйшілер де тына қалған. Домбырашыға иегін мегзей, «ал, сор­ғалат!» деді. Ол да қарап қалмады, бір желдірме күйді құйқылжыта жөнеді. Солақ екен әлгі адам қос қолын кере, мойнын қылқаң-қылқаң еткізе, тұрған бойы шыр айналды. Бір отырып, бір тұрады, тұла бойын қира­лаңдата, мықын, жауырын, білектерін мың бұралта, жылан ирегіндей көз ілеспес түрлі қимылдар жасайды. Күлмейді, сұсты өң, ал көз қарашығы біресе шүңірейе қалған бүркітше, біресе оқша атылған жыланша, не керек, сан құбылысты бейнелеуде...». «Сөйтсем, бұның аты би екен!».. Шараның осы суреттеген биі – бүгінгі дақпыртып, «Қазақтың төл биін біз таптық!» дегендей қытай қазақтарының айқайлатып жүрген биі – кәдуілгі «Қара жорға» емей не? «Қара жорғаны» біздің аймақта тойларда билеп шығатын және басқаша атайтын: «Ортеке биі», «Киіз басу», «Келіншек биі», «Аңшының биі», «Мерген биі», тағы басқалар. Шара суреттеген ер адам биін мен өзім «Қазатком» деген ауылда, бала күнімде көрген едім. Соңыра, Шара Жиенқұлованың «Өнерім менің – өмірім» атты мемуарлық кітабының әдеби жазбасын жазып шық­қа­ нымда, сол көргенімді Шара аузына салғаным бар еді. Халқымыздың би жанры ежелден болған. Тіпті, әу баста, біздің заманымыздан да бұрын өткен мыңжылдық ғасырларда ұлтымызда би болғанына мына жол­дар куә: Шыңжанның белгілі жазушы-ғалымы – Зейнолла Сәнік: «Қара жорға» – қазақтың халық биі» мақаласында мына бір тарихи фактіні келтіреді: «Жазушы Сұлтан Жанболатовтың «Үйсіннама» кітабында мына­дай деректер келтіріледі. «Лиу Юңның сықылды ғалымдар айтқандай, ұлы далада (әсіресе, үйсіндер өмір кешкен аумақтарда), ең алғашқы би – бұдан 2500 жыл бұрынғы жыныс ағзаларына табыну биі болған. Ол кезде өндіргіш күш өте төмен-ді. Тіршілік үшін адамдар тобының қара күшіне сүйеніп, орасан табиғатпен күресуі қажет болатын. Сондықтан алғашқы тұрғындар өз этносының көркеюін, халық санының артуын тілеп, ер мен әйел арасындағы байланысты дәріптейтін және оған тәу ететін болған. Ұлы даланың талай тұсында (көбінесе көш жолдарында) мұндай билер жартастарға да төркінделген. Кезінде жұрт сол петроглифтерге барып табынатын болған». Бұдан артық қазақ халқында ежелден би өнері болғандығын, оның тұрмыстық ахуал тіршіліктің ең бір айрықша көрінісін бейнелейтінін айтып жатудың қажеті шамалы. Шараның балаң кезінде Алатаудың бір

жотасындағы «Көкайрық» жайлауындағы көпшілік серісінде көргені, көкейге түйгені де қазақ биінің бір тармағы. Қалмақ биіндей жауы­рынды қозғап, бір орында дене құбылысын сан алуан қимыл-қозғалысқа түсіріп, буындарын сарт-сұрт үзіп, алуан көріністі музыка ырғағында бейнелеуі – әлемдік би өнері атаулының атасы деуге хақымыз бар! Қазақ биін тұңғыш рет шетелге шығарған, танытқан да Шара! 1928жылы алғашқы концерттік бағдарламасы жарияланып, онда ол өзбек, ұйғыр, үнді билерін орындаған. Қазақ биін билеуге жүрексінді ме, әлде... театр актрисасы болғандықтан бар ықыласы Мельпомена өнеріне ауғандықтан да, бәлкім. Құрманбек Жандарбековтың: «Шаражан, бір ғана тілеуімді жерге тастамай маған асыл жар болғаныңды өле-өлгенше ұмытпаймын! Сені артистікке баулимын, өнердегі жолыңа шамшы­ рағың болып жанамын!» – деген сертіне Шара да ұйиды. Театр тарланы, тұңғыш опера режиссері әрі асқақ үнді әнші – ер көңілді жарының ыңғайымен жүре бергені де сол еді. Би Шараның есіл-дерті. Ескендір Таңсықбаев — алғашқы ұстазы­ ның сөзі көкейінен кетпеді. Ол: «Би – дегенің ілім, оны терең игеру үшін зерделі білім, жатпай-тұрмай жаттығу керек», – дейтін де: «Сахнада ербеңдеп билеу аз, биде мазмұн, тіл, өрнек болуы керек», – дегенді баса айтатын. Шараның есіне «өрнек» ою-өрнек түседі, көз алдына текемет, бас­құр, алаша, тұскиіздегі қазақ өрнектері өрмек түсіріп, құбылжи небір қы­зылжасыл, көк-сары түстермен көз алдында ойнақ салады. «Таптым!» деді, құдды Архимедтің «Еврикосын!» қайталағандай. Ән салатын ол, шырқау биік құмбыл дауысты болмаса дағы. Бірден «Әпитөк» әні кө­мейінде күмбірледі, билеп қоя берген. «Әпитөк» биі осылайша туған. Жандарбекованың би өнеріндегі шағын миниатюра жасау, яғни, әндете жүріп билеу, оған мазмұн беру, күлдіргі элементтер қосу, тағы басқаларын жетілдіре өзіндік сахналық мәнерін бастауы осыдан туғанды. Шара сонысымен – Шара, есімі әлемге мәшһүр қазақ бишісі. Шағын ансамбль құрылады, ұлттық костюмдер тіктіртіп, әр ұлттың әуен-әніне сәйкес әшекей бұйым, сәнді киім дегендей: (түрленіп, әр нөмірінде жаңаша киініп шығуды қазақ сахнасында тұңғыш бас­таған да Шара!). Әлемдік сахнаға ол қазақ биімен (Хамидидің «Қазақ валь­сі­ мен» бастайтын); қоса, орыс, украин, үнді, жапон, корей, өзбек, испан, тағы басқа әр ұлт биімен, әнімен құлпыра өнер көрсететін. Сөз жоқ, әр ұлттың әніне, биіне, әдет-салтына байланысты түрлі атрибут – тұр­ мыстық ерекшеліктерді зерттеу, тілін үйрену – қиынның қиыны. Ең қиыны – қаражат, табанын тоздырып, үкімет, мемлекет басшылары­ның алдына сан мәрте барады ғой Шара. Бір ретінде Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың алдына, ән-би ан­ самблін құру мәселесімен барған ғой: онда есейіп қалған кезі. Екеуі

кезінде бір мектепте оқыған. «Бойшаң келген сыпайы сар бала еді», – деген­нен өзге, тағы бірде: «Бәтеңкесінің жұлығы жамаулы еді...» – деп қалғаны есім­де... Басқа дәнеме демеді. Мен де қаужай қоймадым. Ол мектеп – Гоголь мен 8-наурыз (қазіргі Қалдаяқов атын­дағы) көшелерінің қиылысында, Шара екеуміз барып көргенбіз. Иә, егде тартып, аппақ айдай жүзін әжім «әдемілеп» (қаншама сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес дегенмен де); Шәкең қатты қысылады ғой. («Не кием? Әйелдік проблема!) Қайткенмен барған ғой. Қонаев орнынан тұрып, қарсы алып: – Иә, Шара, жылмаңдап жетпіс дейтін де келіп қалды ғой, – дегені..! «Жәйша ма?» «Иә, Димеке, қазақ биінің шарықтаған кезі ғой, Әтте­генайы, осы күнге шейін ұлттық ән-би ансамблі жоқ, соны қолға ал­сам деймін...» Мемлекет басшысы құп көреді, көмекшісін шақырып, не керек­ тігінің бәрін – қаражат және ғимарат мәселелерін шешуін тапсырады. Шара былай шығысымен: – Қап, тым құрыса, Болатқа «Волга» машинасын сұратсам қайтер еді? – депті. ІІ «– ...Сөзімнің басында бірінші тағдырым – би, екінші тағдырым – Құрманбек Жандарбеков демеп пе едім. Рас, бұл екеуі, кей-кейде, деймін-ау, тұтас, бір нәрсе сықылды. Бірінсіз бірі жетім-тұл. Өнер атты Құдыреттің байтақ әлеміне мені алып шыққан да осы екеуі». (Біз Шәкең екеуміз үйінің балконында, ақ басты Алатау құза­ры­на сүйсіне көз салып қойып, әңгіме құрғанбыз). Үйі – Гоголь мен Абылай­ хан көшелерінің қиылысында. «Қарагөз» кафесінің үстінде. – Анау саябақ бар ғой, қызым, соның орнында кезінде Қытай е­л­ шілігі орналасқан. Соның Консулының баласына мені айттыр­мақшы. Атам көнбеді, сол үшін абақтыға қамалды. Сонда да қыр соңынан қал­ май Консул: «Қызыңды берсең – қолыңнан, бермесең – тартып аламыз!» – дегенде, тағдырым тарының қауызына сыйып кеткендей бір қы­с­­талаң шақты бастан кешірген бір сәт... Бүгінге шейін есіме алсам, тө­бе ша­шым тік тұрады. Әкеме бара берем: «Енді қайтем? Сізді қамаудан бо­сатса егер...» Сонда: – Мен үшін басыңды бәйгеге тікпе, жан балам, қызым! Туған жер­ден кетпе! – деді, әкем! Осындай шақта Құрекең талайыма тап келді. Екеуміз оңаша тілдес­ кенде айтқаны: «Шәкітай, саспа, атаңды кепілдікке алып, қамаудан босатып алам! Ал өзің маған жар боласың, келіскін, мақұл ма?»

Мен толқыдым, көңілім кет әрі емес, алайда анам Тыныбала келіспейді. Себеп, Құрманбекті бұрын әйел тастаған дегенді еміс-еміс еститіні. Құрекең Зуһра Атабаева дейтін әнші-актрисамен тұрмыс құрған, балалары болған, дәм-тұз жараспай, ажырасыпты... – Өйтіп қыршын жасыңды қатын тастаған өзіңнен үлкен еркекке қор еткенше, қытайға тигін, кәрі сүйегі түрмеде шіритін әкеңді де, ұбапшулап қалған бізді де ая, сен анау-мынауға қор болатын қыз ба ең! – Шешем бір сөйлемейді, сөйлесе, өзекке балта шаба сөйлейтін әдеті. – Жалаңаяқ әртісте нең бар-ау!.. Қысылғаннан жылап жібердім. Құрекеңнің қылшылдаған, алмас­ тай суырылған шағы. Қарасұрлау, қасы-көзі қияқтай, бойшаң. Үні зор. Қос қылыш ұстап, кавказдықтарша сахнада аяғының ұшымен жорғалай билегенде, есің кете жаздайтын. Мінезі күрт, найзағайдай сатыр-күтір, бірақ тез ашылады, кесек бітіміне сәйкес наркескендей мінезі қан­дай үйлесімді. Осы кісіні сүймегенде... – Шетел Консулының баласына зорлықпен алып бере қоятын­ дай сенің Отаның, қорғайтын мемлекетің жоқ па еді? Қой, ондай шатпырақты, анаң мені білмейді, жүре-бара білер... Шәкітай, бүгін түнде алып қашамыз, әзір бол... – деді, «айттым – бітті, кестім – үзілді!» дейтін мәрт мінезіне басып Құрекем...

* * * Біздің үй ол кезде қазіргі Панфилов пен Мәметова көшеле­рінің түйіскен тұсында-тын. Атам саудамен айналысады, үй-жайымыз да келісті, ауласы кең, еңселі. Сықырлауық биік дарбаза оңайлықпен ашылмайды, бүгін тас болып бекітілді, тышқан өте алмастай. Әлденені сезгендей анамның бұлан-талан болғаны ғой. Түн де тастай қараңғы. Бөртпе шәліге түйген біраз көйлек, камзол, шапан, сақина-сырға, білезіктерімді ел жатпай тұрып, қора сыртындағы тері жаятын шо­ шалаға апарып, тығып қойғамын. Тас-түйін бекініп отырмын, үрей­ лене бөлмемдегі дәу абдыраға қараймын: құдды албасты шығатындай іші­нен. Бұл – толы жасау-жабдық, түрлі асыл зат, асыл маталар салын­ ған, елшіліктен құдалыққа жіберілген дүние-мүлік. Тек енді айтты­рып әкетулері ғана қалған. Тезірек түн ауса, жұлдыздар батса... ...Сырттан белгі берілді. Сары төбет әупілдеп дарбазаға тап-тап береді. Олар – (Құрекең мен жолдасы) терезе жақтан келеміз деген. Қос қабат жақтауын әрең аша, асылдым, мені дік көтеріп алды төрт қол... «Өзіңді әртістікке баулимын!» деген сөзі есімде, со жолы Алматы­ға Қызылордадан 1926-жылы көшіп келген тұңғыш қазақ драма театры­на мен актрисалыққа қабылдандым. Бір жақсы күні атам Баймолда да қамаудан босатылды!

* * * 1929–1934-жылдар бойында мен театрда ірілі-ұсақты әлде­неше рөлдер атқарыппын. Есте қаларлықтай Бейімбет Майлиннің «Май­дан», «Шұға», Н.Погодиннің «Астық», М.Әуезовтың «Қаракөз», «Түнгі сарын» драмаларындағы басты рөлдер болмасадағы, характерлі өткір мінезді әйелдер образдарын бейнелегенім – мың мәртебе! Спектакльдерде ән айтып, би биледім. Бұл дегенім менің келешекте қазақ биі өнеріне жаңа сонылық қосуыма, яғни, әр нөмірімді миниатюра-драмаға айналдыруыма, шы­ нын айтқанда, шағын спектакль етіп ойнауыма бірден бір себеп­кер болғаны айдан анық. ...Өзбектің атақты бишісі, тегі – армянка, Тамара Ханумды дақ­ пыртып аспанға көтереді. КСРО халық әртісі атағын берді. Оның да басты ерекшелігі – сахнада ән айтып, би билеуі, әлем халық­тары­ ның әні мен биін өзінше нақышпен орындауы. Кей-кейде маған жала жабылып: «Шара әр нөміріне характер-мінез бере орындауды Тамара Ханумнан үйреніпті,» – дейтіндері. Өзбек бишісінің бір концертін де көрген емеспін, ол кезде теледидар, гастрөлдік сапарлар деген аты­мен жоқ-ты. Рас, Алматыда, 1934-жылы Қазақ музыка театры ашы­лып, соның сахнасына Құрманбек Жандарбеков бастаған бір құрам әр­тістер ауысқасын, мені нарком Т.Жүргенов Ташкентке, Тамара Ханумнан би үйренуге аттандырған ғой. Бірақ ол мені менсінбеді, алдап кетті. Салым суға кетіп қайтқанмын... Бағым жанып, барша музыкалы спектакльдерде балерина ретін­ де билер орындадым. Менің қатайып қалған ағзамды икемге келтіріп, түн демей, күн демей жаттықтырып, диета ұстатып, балериналыққа бой түзеткен атақты балерон А.Александров еді. Бұл – басқа әңгіме. «Қалқаман – Мамыр» атты тұңғыш балетте мына Шара Мамыр рөлін бейнеледі. Мына қызықты қараңыз! Балеттің либреттосын ұлы жазу­шы Мұхтар Әуезов жазған еді. Ол кісі – тұңғыш либреттошы, ал мен – қа­зақ музыка өнерінде алғашқы балерина! Мақтанбай қайтейін. * * * 1936-жылы мамыр айында Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өне­ рінің алғашқы онкүндігі өткені бәріңізге мәлім. Қазақтың муздра­ масы жөппелдете бірінен соң бірі қойылған «Қыз Жібек», «Жал­быр» операларын алып барды. Ұлтымыз мәдени өмірінде осынау айтулы оқиға қаншалықты зор белес болғаны тарихтан белгілі. Бұл – қазақ өне­рін­дегі Ренессанс дәуірі екендігі айдан анық! Өкінішке орай – осынау он­­күн­­дік келе-келе естен шықты, жүз жылдығында (2036-жылы) бәлкім кейін­гі ұрпақ еске алар, ескерілер де...

Өзге атақты жазушы-әртістер қатарында Шара Жандарбекова «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады со жолы. Ұлы Отан соғысы тұсында Шәкең өзге де белгілі әртістер қата­ рында майдангерлерге концерт қояды, оқ пен оттың астында, қыстың қаһарында жұп-жұқа костюммен жауынгерлер алдына өнер көрсету – оның азаматтық парызы. Жаңа ғана концерт болған жерде бомба түсіп, ор қазылып қалғанын көзбен көргенде, зәре-құты қалмаған әртіс­тер әйтеуір-ау әйтеуір аман қалғандарына шүкіршілік ететін ғой... Елге оралар сапарында бұлар Мәскеудегі қазақ Елшілік ғимаратына тоқтайды. Жақсы қарсы алады, бірақ кейбіреулер көз жанарындағы бұған деген үнсіз сұрақ сояудай көкірегіне қадалады. «Не болды, Болат аман ба екен? Құрекеңнің халі қалай екен...» – дей бергені Шараның ма­засын алып, жай таптырмаған ғой. Тезірек Алматыға жетуге, қанат байлап ұшардай болғаны сонша, «бірер күн аялдаңыз» дегендеріне де көн­беген. Мәскеудің бір концерт залында Шара Жандарбекованың және әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің құрметтеріне кездесу кеші жобаланған... ...Әуе жайда баласы Болат, анасы Тыныбала және жақынжақыбайлары қарсы алғанмен, Құрекең төбесі көріне қоймағанға дегбірсіздене: – Не, папаң ауырып қалған ба? – дейді. – Нет, папа наш женился! – Баласының әй-шәй жоқ қойып қал­ғаны. Мән бермеді, күлді де қойды. Соңыра өсек-аяң жылан­ның қордасындай қозсын: «Шара майданнан Құрекеңе «үйді босат!» деп ділгірам салыпты... «Басқа сүйген жарым бар депті»... Онысы – ұшқыш жас жігіт екен...» «Өмірім менің – өнерім» атты мемуарлық кітапты жазарда Шараға: – Айтыңызшы, телеграмма жібергеніңіз рас па, «үйді босат деп» – деген сауалды әлденеше қойдым, ол кісі еш нәрсе ашып айтпады. Құрманбектің жас драма актрисасына үйленгені де, келе-келе Шәкеңнің ұшқыш батыр атағы бар адамға қосылғаны да рас. Дәмтұз ұзақ тұруға жазбайды, туыстары, әсіресе анасы ұнатпайды, құдды қыранның ұясына күйкентай келіп қонақтағандай... Құрманбектің қадірін, қасиетін келе-келе ұққан, бағалауына жет­кен Тыныбала қария өле-өлгенше «жалаңаяқ күйеубаласын» әспеттеу­мен өтеді. Тіпті, өзінің жақын құрбылары – атақты Дина күйші, Айманкүл – халық ақыны – ақылдаса келе, дастарқан басында екеуін қайта қос­паққа ниет қылады. – Тәйірі, ұя бұзбайтын еркек бар ма, әлгі менің де томашадай байым менен көзін ала беріп, қыз-келіншекке қырындайтын. Бір күні той­дан келсем, көрпенің астынан біреу емес, екі бас көрінеді... ортала­рына жата қалдым, – деп Дина шешейдің ақтарылуынан үйдегі қыран-топан күлкіні айтсай! Кітаптағы ең-ең қызықты жері де осы тұс.

Кейінгі алғанынан балалары бола тұра Құрекең Болатын шексіз сүйеді, екеуінің Шарадан жасырынып, бір шатырдың астында, сорғалаған жаңбырда кездесуі, Тыныбала әжейдің көріп қалып, еңіреп жылауы да... ІІІ 1936-жылы Мәскеудегі онкүндік зор табыспен өтіп, «Қыз Жібек» операсын бір емес, екі рет Үлкен театр сахнасында қойдырып, Үкімет ложасында Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері көретін тұста бір ыңғайсыз жайт болған: Құрманбек Бекежан бейнесінде, қарақшы­лар­ мен қоса қылышын жарқ-жұрқ сермей билейді. Кенет, иә, кенет, биші жігіттің ышқыр бауы үзіліп, жартылай жалаңаш күйде қалады. Бишілер тобы оны қоршай, музыка ырғағында сахнадан сырғыта ұзата береді. Зал сілтідей тынуда, Мәскеудің мәдениетті талғампаз көрермендері мұны басқаша пайымдауда: «Қазақ халқы біздің дәуірімізге дейінгі зама­н­дарда жабайы ғұмыр кешкен. Мынау соның көрінісі...» – дегендей, газет­терге де солай жазылады. Ал Темірбек Жүргенов болса мұны тура қастандық деп шешеді. Сахна сыртынан шымылдығы түсірілер түсірілместен антракт кезінде ата шығып Құрманбекке: – Әдейі істедің провалды! Ұлы көсемнің көз алдында биші жігі­ті­ң­­- нің дамбалы сыпырылып...нағыз қаскөйсің! Ата-тегің нағыз бай-шон­­­ жар, совет өкіметінің жауысың, сен Жандарбеков! Үлкен театр сахнасы са­ған цирк пе? Жалпы, сен – Жандарбеков бүгіннен бастап бас ре­ жиссер­ліктен де, театр директорлығынан да босатылдың дей бергін. Жалпы Қазақтың муздрама театрының маңайынан қуыласың, естіп тұр­ сың ба, болыстың баласы! – деп бүкіл ұжымы алдында ақырады. Үнсіз тыңдаған Құрманбек көздері шатынай: «Мен кетемін, рас. Бірақ қайтып айналам! Тек бір жерде қателесіп тұрсыз, Темке! Арғы жағым бай-шонжар емес, бұл сіздің арғы атаңыз, шын шонжар, шірі­ген бай болғаны көпке аян. Әкем Жандарбек болыс болса, ол бертінде, кеңес үкіметі тұсында, ауыл-кеңес төрағасын халық болыс дейтін. Еліне адал қызмет жасағанынан өзге жазығы жоқ әкем жарықтықтың. Сіз, Темірбек Жүргенов жолдас! Сонша байлық арқасында шетел шаһарла­рында оқыдыңыз, әлем мәдениетін игердіңіз. Ал мен – Тәшкеннің Алай базары маңынан әрі аспадым, сондықтан білімім таяз, тек өнерді халықтан үйренгенім болмаса... Көкірегім зерек, көңіл көзім ашық, өнер менің жаным да, арым да, мені театрдан қуғанмен, өнерден қуа алмайсыз!» – деді дағы дырау қамшысын сарт еткізе ұзай береді. Со бойда (бөлмелеріне келгесін) Шараға: «Шәкітай, бұл тегін емес! Мені қаматады, көр де тұр. Кесірім сендерге тимесін, Болатжанды ал дағы, Алматыға тарт. Мен енді Алматыны көре алмаспын...

Еңірей жылаған Шара: «Не деп тұрсыз, Құреке, Сіз қайда барасыз сонда?! – Пішпекке, әу баста театрдағы жолымыз сол Қырғызстанда басталған-ды Зура Атабаева екеуміздің. Театр құрғамыз, көптеген спектакльдерде қатар ойнағамыз. Зура сен сықылды өнерлі де сұлу болатын... Ал, жинал, Шара! – Сұлулығы құрысын, сол сұлулықтан не таптым... – Шара жылап, күйеуінің шалғайына оратылады. «Мен де сізбен бірге кетем...» Әрине, Құрманбек театрдан қуылмайды, онкүндік абыроймен аяқталып, ордендермен, атақпен марапатталып, үстеме еңбекақы алып, қойны-қоныштары ақшаға да, қуанышқа тола актерлер мен актри­салар елге қайтады. Ол кезде Мәскеу – Алматы поезы жеті сөткеге жуық жол жүретін. Бұ жолғы сапар тіпті созылады, өйткені, керуен-поезд әр станса басына, қалаларға тоқтайды, жолаушыларды күтіп алып, «Құрманбек пен Қанабек шықсын, Күләш, Шара шықсын!» – деп жер тепкілей тұрып алады екен халайық. Сонда ғой әбден сілесі қатқан Күләштің жас опера әншісі Шәбал Бейсековаға: «Сен шықшы, кішкенем, сен де Жібексің ғой...» – дейтіні. Халыққа көріне, көріне әбден сілелері қатқан Құрекең мен Қанекең және біраз жігіттер пойыздың мейрамханасына кіріп алып, ақшаларын судай шашатыны, армансыз шалқитындары сол кез. ІV Сұлулық дегеннен де шығады, Шара, рас, елден асқан сұлу да көрікті, әрі сахна жұлдызы. Е, ол кезде микрофон деген қайдан болсын-ау... Бүгінгінің әншісымақтарындай әндерін фонограммаға жаздырып, компьютер арқасында әрлеп, беттеріне бес батпан грим жағып, сәнді киімдерге малына сахнада тауешкідей секіретін заман қайда. Қазақ­тың асқан әншілері, өнерпаздары Шара мен Күләш та, Жамал Омарова да, Рақия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжановалар да микрофон дегенмен ән айтпайтын. Ел-жер аралай, жел кеулеп, төбесінен тамшы таматын ескі клубтарда да өнер көрсетіп жүріп, кәдуілгі табиғи дауыспен ән шырқап, халықты риза ететін еді. Нағыз жезтаңдай, құмбыл үнді «Көмейінде бұлбұлдың ұясы бар» дейтіндей әнші мен жалған, үндері құмыққан на­шар әншілердің бүгінде кереғар, аралары жер мен көктей алшақ болатыны да сондықтан. Шара апамызға заманында кім қызықпады... Айтуынша, белгілі қоғам қайраткері Әліби Жангелдин сөз салған. Сырын айтам деп шы­ нын да айтып, ол қайран апамыздың кей-кейде ақтарылатын да сәті бо­ латын. Сол сыр – Мұхтар Әуезовқа байланысты. Мемуар кітаптың тағы бір әсерлі тұсы – Мұхаңның со кездегі Күләш пен Шараға деген құр­ меті, еркелетіп: «Екі ақмашқа қыз, мен бір шабадан ақша алдым, кәне, екеуіңді бір қыдыртайын!» – деп Мәскеуді аралатып, ресторан­датып,

қызыққа батқан шақтары. Екеуін екі жағына ала қолтықтап, алшаң­дай басып жүргенде, көшедегілердің бұрылмай кетпейтіндігі – Мұхаң­ның ғажап бір әсерге бөленген кезі! Былай шыға бере екі келіншек сонда: – Жындымыз-ау, сонша ақшаны суша шашып, кеңірдектей той­ ғызғанша, одан да неге бір-бір шуба алып беріңіз демедік екен?.. – деп өкінеді ғой. Сол беттерді оқығанда, қай-қайсымыз да: «Бұл Мұхаңның екі келін­ шектің қайсысында көңілі болған-ау?» – деп ойға қалуымыз орынды да. Осынау оқиға 1947-жылы Мұхтар Әуезовқа «Абай» романы­ның алғашқы екі томдығына І дәрежелі Мемлекеттік сыйлық тапсырыла­тын кезеңде еді. Сәл жымиып алды да Шәкең: «Рас, Мұхаң екеуміздің арамызда естен кетпейтіндей сүйіспеншілік болғанын мен жасыра алман. Ол кісі мені Қырымға алып баратын...» – деді. Көмейімде бүлкілдеп бір нәрсені сұрай алмай отырдым. Сонда Шәкең: «...Нағыз жігіт еді! Әйелді сонша­ лықты аялай білетін еркекті бірінші рет көруім...» «Сұлулықтан не таптым?» деп көп айтатын. Алла тағала бір адамға бәрін үйіп-төгіп берсін бе. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған ша­ғында жалғыздық оны әбден жаншыды. Үш ұлдан қалған Болаты араққа салынды. Әйелден әйел алды. Соның өзінде Болат Жандарбеков «Сақтар» дейтін екі томдық тарихи дилогия кітап жазып қалдыр­ды. Күндердің күнінде Шара апамды Панфиловшылар бағында жы­лап отырғанын көріп, қасына келдім. «Неге өйтесіз?» – дегенімде: – Құрекеңе налимын да: «Алқаш балаңды маған тастап кеткенің-ай! – деп... Қайтейін, мына алған келінім үйдегі хрусталь ыдыстар мен алтын жүзіктерімді тасып алып кетіпті. «Әй, қайран, Клара-ай!» деді, әлде наза, әлде өкініш. Клара Юсупова – балерина, Болаттың алғашқы жары. Екеуін Құрманбек пен Шара Ташкентте, бір махалланы түгел қоршатып, ұлан-асыр той жасатып үйлендірген еді. Дәм-тұздары жараспады ма, біраз жылдан соң-ақ ажырасып кетіпті. Араларындағы ұл анасы­мен бірге кеткен. Сол бала – Шора Жандарбеков өсе-келе дипломаттық ірі қызметкерлік жұмыстар атқарыпты. Шәкең қайтыс боларында әке­сінің жеңіл көлігін сол немересіне аманаттаған көрінеді. * * * Жұлдыздар да ағады. Тірілер аққан жұлдызды көріп қалса: «Мынау менің жұлдызым!» – деп келешегіне үміт артады. Әлде түсім, әлде өңім, Шара апаммен дәудірлесіп сөйлесіп жатыр екенмін. «Апа, деймін, Сіз жұмақтамысыз!...» «Иә, қызым, мен жұмақтамын. Мен халқыма көп қызмет еттім. Болатым да, Маратым да қасымда...»

Тағы бір баласын – Жәнібек дейтін – жастайынан шетінеп кеткен... атамады. Ол бала Шараның атасын айдауға жіберткенде, Құрманбек екеуі іздеп барып, қаңғып, қайыр тілеп жүрген жерінен тауып, бір мили­ ция жігіттің үйіне қондырып, жуындырып, киімін жаңалап Алма­тыға әкеле жатқандарында жолда тар вагонда тұншығып қайтыс болған екен. Құрекең Байбол атасын жетелеп «Қызыл вагонға» мінбекші болған жерінде, бір белсенді бәлшебек: – Байдың құйыршығын «Қызыл вагонға» мінгізбеймін!» – деп көлденеңдеп тұрып алғанда, Құрманбек елпектеген немені тамбурға алып ұрып, ішке енеді атасы екеуі. Ал Шара қалып қап, құндақтаулы баласымен кейінгі «товарный» дейтін жүк таситын, терезесі бітеу вагонға әрең дегенде ілігеді, іле күйеуі мен әкесінің соңынан Алматысына же­ теді. Әттең, нәрестесінің өлі денесін құшақтап... Ал сол бәлшебек Елубай Өмірзақов болатын. Халық әртісі, әнші. ...Заман өзгереді, тас та жылжиды, орнында тұрмай... 1938-жылы қазақтың тұңғыш дыбысты киносы «Амангелді» экранға шығады. Басты рөл Амангелдіні – Елубай Өмірзақов орындаса, оның жары Балымды Шара ойнайды, әрі билейді...

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы ШӘРБАННЫҢ ЖАЗҒАНДАРЫН ҚАЙТА ОҚЫДЫМ Жетпіс деген желді шыңға шықсақ деп құмартушылар аз емес екенін мен сеземін. Жетпістемін деп мақтанған ешкімді көрген де, естіген де емеспін. Бірақ өзіңнен кейінгі алпысқа аға болу үшін де, жетпіске желге мініп келудің түк те айыбы жоқ. Біреулер: «Шіркін, бұл кісі қартайып қалыпты-ау!» – деп есіркесе, «Жол білетін, жөн білетін жасқа жетіптіау!» – деп енді біреулер әжептәуір ардақтайды, құрметтейді. Тұлпар мініп ту алмасаң да, күндей күліп қуанбасаң да, атағың жер жармаса да, жетпіс деген үлкен атаның жасына, әженің жасына Аллам ұйғарып жатса, аман келгенге не жетсін! Алпысты көпсініп жүретін Шәрбан қыз да аман-есен мен келген жетпіске келді. Егер мені жалыны әлі күнге таусылмаған тар­ ланым десеңіздер, Шәрбану да сол тарлан. Ауылдасым, ақылды, сүйкімді қыз, Уақыт күтіп тұрмайды, ұйқыңды бұз. Екеуміз де тұнықпыз, тұмамыздай, Екеуміз де сынықпыз, біртүрліміз. Қатарыңнан озып сен бала кезден, Иесі едің қиялдың дала кезген. Кірген адам шыға алмай қалатұғын, Алтын сарай тұрғыздың қара сөзден. Лебіздер

Аштың мөлдір бұлақтың тұма көзін, Елдің бағы ер қайрат, мына төзім. Көркіңді алды аққан жыл, көңіл құсын,– Ұшырудан тынбадың бірақ өзің. Өмір өтті жарқырап, не мұңайып, Елдің сырын екеулеп кел ұғайық. Бір қалада тұрамыз жылына бір Кездесуге уақыт жоқ – не ғылайық. Көп қинады жоқтығы әкеміздің, Сүйеушіміз аз болды-ау екеуміздің. Жетпістің де шыңына шықтық аман, Бақытымыз бар екен, Шәке, біздің. Шықпаса да күніге жегі есебің, Жетеледі шыңдарға жеке сенің. Елің аман тұрғанда сен де барсың, Ел бақыты – бақытың, Шәке, сенің. Шәрбану Құмарова құлағыма өте сүйкімді естілетін есім. Оны менің жылдап да көрмеген, сөйлеспеген кездерім көп болады. Бірақ оның күлімдеген бейнесі, аңқау арманшыл тіршілігі менімен бірге өмір сапа­ рын кешіп жүргендей сезінемін. Көрсем қуанам, бейне бір жоғалтқан асылым табылғандай жақсы бір күй кешемін. Кездеспесем аман-есен жүре берсінші, сол сары қыз деп ойлаймын. Оның әдебиеттің ұлы са­ парына араласуына менің сәл-пәл әсерім болды. Біз бір ауылдың, бір ауданның түлегіміз. Алатау етегіндегі мөлдір тұманың суын мен де іштім, ол да ішті. Алатаудың ақ жаңбырына кеудемді мен де тостым, ол да тос­ты. Найзағай отына қуана қараған кездеріміз де бала күннен алысқа қарады. Соғысқа кеткен әкелерді күткен сол кездер әлі де ба­ тыс жақтан жақсылық арқалап, бізге қарай дүниедегі ең жақсы адам­ дар – біздің әкелеріміз, ағаларымыз келе жатқандай серіге біткен сергек үмітпен күн кешіп келеміз. Шәрбану жас жағынан менен бір жас қана кіші қарындасым. Қатар жүріп бір ретте ол менен, мен одан көмек сұрап көрген емеспіз. Тәкаппар таудың қызы өзі туған тауына ұқсайды. Иілуді, жасуды білмейді. Ол бала күнінен жарқырап жүруді қалады. Әнші де, биші де болды Шәрбан қыз. Сол бір лақша секіріп жүрген жас қыздың жүрегінде тек жазушыға бітетін арман жатқанын алғаш аңғарған ұлы Мұхтар Әуезов, ұлы Сәбит Мұқанов, поэзиямыздың қыран ақындары Жұмағали Саин, Дихан Әбілев ағалар не деген көреген жандар. Ешқашан көмескіленбейтін үмітпен қарады олар жұқа өңді,

көзінен көзілдірігі түспейтін ақсары, әсем қызға. Оның жүрегіндегі қазынаны қайран ағалар қалай көре білген деген бір шуақты ой мені биікке алып шығатындай. Шәрбану туралы сөз сөйлейтін болған соң, мен оның жазғандарын қайта оқыдым. Бұрынғы есте қалған, қалмаған ескі достарымды көргендей әсерлендім. Жиырмадағы жігіт кезіме кезіктім. Әдемі де әсерлі әңгімелер, адам жанын аялайтын повестер жазушы беделін менің көз алдымда биіктетіп жіберді. Әй, мына қыз қалай-қалай сілтейді деп таң қалдырған тұстары да аз емес. «Егер де еркектердің аузында құлып болса», «Бегімхан» әсіресе, «Киік оты» атты әңгімеге қатты әсерлендім. Мұндағы Арғынбек, Бәтима, Әсем атты кейіпкерлер біздің замандаста­ рымыз. Әңгімеде аз суреттелсе де маған Әсем қыздың өзі де, тағдыры да осындай қыздарды өзім де жігітке біткен қиялмен жақын барып, жақсы көріп қалғандаймын. Жазушының жазушылығы аз ғана сөзбен көп сурет салуында, көп айта білуінде. Адамның жүрегіне кіріп арман әнін шырқай білуінде: «Әсемгүлмен қоштасты. Сәлден соң вагонға беттеді. Жолай бір ойлағаны, жаралы киік тау-тасты кезіп өзінің дәру шөбін тауып жеп жа­ зылады екен. Ол шөптің аты – «Киік оты». Адам жанының да дауасы, өз киік оты болмай ма? «Болар, болар, ол біреуге табылар, біреуге та­ былмас», деп толғайды Шәрбану. Мен бұл әңгімені қазақ әңгімелерінің антологиясына үлкен сеніммен, үлкен махаббатпен кіргізер едім. Және оның авторына аса бір риза көңілмен, астына ат, иығына шапан жабар ем. «Жарайсың, сары қыз» – деп арқасынан қағар едім... Шәрбану Құмарованың «Буыршын мұзға тайған күн», «Айдың сүттей жарығында», «Құлжа жолы», «Мың жылдық сағыныш», «Жусан­ ның кермек исі» повестерінің қай-қайсысы да адам жанының нәзік пернелерін басады. Геройларының бәрі де өзіміз күнде көріп жүрген адамдар. Солардың қуаныш, күйініші, реніші, ұмытылып барып жет­ кен жақсылығы – бәрі де нәрлі, шұрайлы тілмен, қанық бояумен әдемі суреттеледі. Шәрбану өз құрбыларының жан жүрегін жақсы жыр­лайды. Аялайды. Ана көңілінің нұрын төгеді. Қай шығармасын оқысаңыз да көзге көп көріне бермейтін үміт сәулесіне ұзақ қарағандай, мөлдір­ден су ішкендей, жаздың кешкі самалына кеуде тосқандай күй кешесің. Артистер өмірі, әншілер тіршілігі соншалық бір әсем сезіммен, әсерлі күй­мен өріледі. Шәрбанудың өнердің ұлы жұлдыздары Күләш апасы мен Шара апа­ сы туралы жазған эсселерін де мен аса сүйсіне оқыдым. Егер ертең осы екі әпкелеріміз жөнінен Шәрбану повесть, роман жазып жатса, оны сүйіспеншілікпен қарсы алар оқушылары дайын тұр. Шәрбану драма­ тург. Оның бір пьесасын өзіміздің Мұхтар Әуезов атындағы акаде­мия­ лық драма театрынан көріп сүйінгендердің ішінде, жақсы құрбымның жақсы шығармасына ұзақ қол соққандардың ішінде мен де бар едім.

Жазушының соңғы кезде жазған үлкен шығармасы «Сезім патшалығы». Бұл Жәнібек атты тіс дәрігерінің өмірі арқылы, басы­ нан кешкен қызықты да ауыр жағдайлары арқылы кең толғаулы, көп оқиғалы роман. Бағана біз атаған әңгіме, повестер, эсселер Шәрбануды жазушы ретінде шеберлендіріп, осы үлкен романға әкелген екен. Бұл роман тұсында жазушы терең де тегеурінді. Әдебиеттің бұл үлкен жан­ рына жан-жақты дайындықпен келгенін Шәрбану тағы бір паш еткен­ дей. Көзі көреген, сөзі мерген, қалаған жеріне дәл тиеді. Жәнібек те, Гүлмира, Кәмештай, Қызғалдақ та, Сланбек отағасы да, Райхан апай да, кіші Жәнібек те романды оқып бітіргенде оқушыны аса бір жақсы сезімге бөлеп жаныңды есіркейді. Қызғаншақ, сұрқия ғып суреттелетін Ризатты да бір түрлі ішіңнен аяйсың. Бірақ жазушы қай геройын қалай суреттеймін десе өз еркі. Осы бір ұзақ прозалық жырды мен де ұзақ оқыдым. Жазушының үлкен еңбегін үлкен ризашылықпен оқып шықтым. Көп оқиғалы, күрделі дүниеге Шәрбану дер кезінде барған сияқты. Мен прозашы емеспін. Бірлі-жарым сәбилерге жазған әңгімем бол­ маса «Олар мені Тұмаш – деуші еді» дейтін естелік әңгімем болмаса, басқа көркем проза жазып көрген емеспін. Прозашы еңбегі жөнінен ба­ яндама жасап оңай абыройға ие бола қалсам деген ойдан да аулақпын. Кішкене күнімнен білетін, жақсы көретін жан құрбымның өнер жо­ лына аздаған шолу жасадым. Шәрбану – сөз жоқ, сөз өнерінің шебері. Оның әдебиетте өз жолы, өз соқпағы бар, ағалар айта беретін прозаға келген жалғыз бүгін бір шоқ жұлдызға айналған. Әңгіме жазған бір қыздың шығармасын оқи қалсам, бұ қыз да біздің Шәкеңнің жолына түскен екен, Шәрбануды сөз жоқ, ұстаз санайды деп ойлаймын. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш прозаик, тұңғыш драматург Шәрбануды мерейтойымен, салтанатты, салауатты, өнегелі, өміршең тіршілігімен құттықтаймын. Оның тойы – бүкіл республика тойы. Егемен еліміздің тойы. Бұл қыз – қазақтың Құмаровасы. Өзің жазыпсың, Шәке, «қартаю – әйел үшін ең бақытсыздық» деп. Олай бол­ са, қартайма, осы бір әсем қалпыңмен замандастарыңның көңілін де, көзін де қызықтырып, аман-есен жүре бер!

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ» 70-ке келген адамға жеті немесе жетпіс кітап шығарды деп жату, меніңше, мақтауға жата қоймайды. Себебі қолында қаламы, бойында та­ лабы бар кім де болса 70-ке келгенше азды-көпті бірдеме жазады. Мәселе нені және қалай жазғанында. Осы тұрғыдан алғанда Шәрбану Құмарова нені жазғаны жағынан да және қалай жазғаны жөнінен де оқырман ал­ дында ұялмайды. Оны жұртқа жазушы ретінде алғаш танытқан 1958-жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында жарық көрген «Бағираш» әңгімесі болатын. Әйел адамның жанын, қылығын нанымды, көкейге қонымды суреттеген ол әңгіме әдебиеттің қасиетті босағасын Шәрбанудың сеніммен аттау­ ына себепкер болды. 1961-жылы «Қыз сыры» деген атпен жарық көрген тұңғыш кітабы жазушылар қауымын елең еткізген дүние болды. Осы кітаптың әсерінен Сәбит Мұқанов: «Шәрбану Құмарова – қазақ әдебиеті тарихында көркем проза, яғни, әдебиеттің ауыр артиллериясына жүрек жұтып аяқ басқан тұңғыш әйел жазушы болар деген ойдамын», – десе; партизан ақын Жұмағали Саин: «Шәрбану Құмарова – қазақ әдебиетінің тарихында проза жазған алғашқы қазақ қызы», – деп қуаныпты. Бұл пікірлерден Шәрбанудың алғашқы шығармаларынан-ақ ағалар наза­ рына ілігіп, өз шығармашылығын сәтті бастағанын аңғарамыз. Құдайға шүкір, сол сәттілікті Шәрбану бірден-бірге жалғастырып, биіктенбиікке жалықпай көтеріліп келеді. Оның қаламынан қызықты-қызықты новеллалар мен әңгімелер, заман сыры мен адам жанын ашатын пове­ стер, шытырман оқиғалар мен қилы-қилы адам тағдырын талдайтын ро­ мандар, ұзақ жыл сахнадан түспеген пьеса да туғаны белгілі. Шәрбанудың бір қасиеті – үнемі өзі жақсы білетін жайларды ғана жазады. Ал оның ең жақсы білетіні – әйел жаны мен әйел қылығы. Қай жазушы да өзі жақсы білетін нәрсені жазады. Шәрбанудың жақсы жазуының бір сыры, сөз жоқ, осында. Әйелге тән нәзіктік, жұмбақтық, еркелік, сезімталдық, құпия қулық – бәрі Шәрбану шығармаларының тартымды әдістері. Шығармаларының аты да «Мен әйелге қатысты дүниемін» – деп, айғайлап тұрғандай әсер қалдырады. «Бағираш», «Әйел шырағы», «Әйелдер патшалығы», «Тағы да әйелдер туралы», «Мың жылдық сағыныш», «Махаббат формуласы», «Сезім патшалығы». Әйел жанын әйелдің өзінен артық кім түсінсін. Оның шығармасын жұртшылықтың сүйсініп іздеп оқитындығы да сол әйел жанын жақсы біліп, жақсы танып жатқандығынан болса керек.

Шәрбану ел алдындағы борышына елдің жағдайы қиын кезде де үлкен жауапкершілікпен қарады. Соның нәтижесінде «Ана тілі» баспасынан екі томдық «Сезім патшалығы» атты кітап шығарды. Бұл екі томдықта «Сезім патшалығы» атты екі кітаптан тұратын романы мен «Махаббаттар қайта жаңғырады» деген комедиясы, «Ұлылар ұлағаты» атты естеліктер топтастырылыпты. «Сезім патшалығы» – дәл қазіргі заманның қыр-сырын ашатын ро­ ман. Оның бас кейіпкері Жәнібек – заман талабына ілесе білген іскер адам, алайда періште емес. Жас қыз Гүлмирамен көңілдес екенін адам жалдап анықтаған оның әйелі Ризат – өте қызғаншақ, әрі қатыгез адам. Ол жас Гүлмираны қорқытып, жүкті күйінде қаладан қашып ке­ туге мәжбүр етеді. Содан романдағы оқиға оқыс шиеленіседі. Жәнібек мүгедек болып қалады, қашып-пысып жүріп Гүлмира таршылық та көреді, қиыншылықты да бастан кешеді. Ақырында бірін-бірі баяғыда «халық жауларын» қуғындаған заманда жоғалтып алған туыстары ойда жоқта бір-бірімен табысады. Бұл романында жазушы адалдық пен зұлымдықтың, мейірім мен қатыгездіктің бітіспес майданын адамдардың сезімі арқылы да, іс-әрекет, қылығы арқылы да жан-жақты суреттейді. Шытырман оқиғалар арқылы адам жанына үңіліп, адамдардың күнәға батқан, кінәлі болған, одан тазаруға тырысқан аласапыран жағдайын шеберлікпен көрсетеді. Шәрбанудың шығармаларында кемшілік жоқ, бәрі тамаша деп там­ санудан аулақпын. Алайда қандай жағдай болмасын қолынан қаламын тастамай қажетіне қайтсе де жаратуға ұмтылып, үнемі ізденіп, үнемі еңбек етіп жүрген жазушыға қалай сүйсінбессің?! Өмірдің қиындығы мен өнердің құнсыздануы әйел түгіл ер адамды да есеңгіретіп жіберген кезде Шәрбанудың сол өмірді өз көзқарасымен көркем шығармаға арқау етіп, жедел түрде роман жазуы, сөз жоқ, құптарлық жағдай. Әйел жазушы деп, Шәрбануға артықшылық немесе еркіншілік жасаудың түкке де қажеті жоқ. Оның жазушылығына, жігерлігіне сүйсіну керек. Биіктен биікке өрлей бер, Шәрбану Құмарова – Гүлшарбан Мұхитқызы!

Баян БЕКЕТОВА,
ақын, Халықаралық әдеби «Алаш»
сыйлығының иегері

...МЕН СІЗДІ ҚАСЫНАН КӨРГЕНМІН

ШӘМШІНІҢ

Сезімдердің тербеттіңіз ақ гүлін,
Аппақ ардың Сіз айттыңыз пәктігін.
Кең далаға танылды да есімің,
Шартарапқа тарап кетіп жатты үнің.

Ой кештіңіз тебірентіп теңізді,
Сіз істеген ерлік істер ең ізгі.
Сіз арқылы енді бәрін еске алам,
Көркем сөзге ғашық болған кезімді...

Далаңды дархан төгіліп тұрып
Жырладың,
Қара сөзіңмен жауқазын
жапқан қырларын,

Іздегендерін өзіңнен тауып қыздарың,
Ойы мен бойын түзеген
Сөйтіп сырғалың.
Шәрбану әпке, мен сізді

Қасынан көргем Шәмшінің,
Дауылпаз күйші дүлдүлдер менен әншінің.
Адамның жанын ақ қардай етіп аршыдың,
Сөйлеттіңіз де мөлдіретіп тұрып

Таң шығын.
Досымын дейсіз дарабоз тарлан Әкімнің,
Сырласысыз Сіз Мұқағалидай ақынның.
Достарың жайлы төгілген сырың бір төбе

Оқырмандарың жазғаныңды
оқып жатыр мың.
Биіне ғашық асқақ та сұлу Шараның
Өзің боп сөйлеп қазақ даласына тарадың.

Оқ бойы озып кетесіз кейде жігіттерден де
Қарымы мықты-ау қаламың.
Өмірдің өзі жеңіліс және жеңіс те,
Шалқаймаған шыңда да,

Еңкеймеген еңісте.
Кір шалмаған пәк арын,
Әпкем менің жаны қардай періште.
Қаламгер қыз арасында дарамыз,

Сіз туралы әңгіменің бәрі аңыз.
Соңыңыздан еріп шыққан өркен ек,
Қай тұстарда жүр екенбіз –
Биігіңізден қараңыз.

Парасатты пайымдаймыз сіз бе деп,
Сырты сұлу, іші – алтын Сіз бөлек,
Сізден таптық кісіліктің өлшемін,
Зәру болып, бұл өмірден іздеп ек...

Өмір берген Серігіңе анасыз,
Пейілі кең, байтақ дархан дала Сіз!
Мейірімді ана болып, дана боп,
Ертеңдерге еліңді ертіп барасыз.

Заман – қатал, әділдігі аз анық,
Күндеріміз көрінеді бозамық...
Сондай сәтте аққу-көңіл кір шалса,
Сізге қарап сілкінеміз, тазарып.

Сізді оқып, бой түзеген бұла қыз,
Сізге ұқсап сырға таққан Шұғамыз.
Жігіттерді мұңлық еткен арман қыз,
Сұлулықты Сіз екен деп ұғамыз.

Өмір – дария өтіп қатал сынынан,
Жалғыз ғана тамшысынан сыр ұғам.
Жетпіс пырақ ерттеп мініп Жан апа,
Қарап тұрсыз халқыңа

Алатаудың шыңынан.
Шыққан шыңың құтты болғай!

Заида ЕЛҒОНДИЕВА,
ақын, Халықаралық әдеби «Алаш»
сыйлығының лауреаты

БҮГІН, МІНЕ, ҚАЛАМЫҢ ДА БАБЫНДА

Ерекше сөз, еске түсер таңғы асы,
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің жалғасы.
Қаламымен бұл өмірге із салған –
Қара сөздің жарқылдаған алмасы!!!

Бақыттың да дәмін татқан, бақтың да,
Есте бәрі сонау ғажап шақтың да.
Шәрбанудай ханым қызын қазақтың,
Күтеді үнсіз – атақ, даңқ, тақ мұнда.

Жаса Шәке – ақ маралы арманның,
Бақыт болып, бақ боп және самғар күн.
«Сезім патшалығындағы» өмірге,
Соншама мен, соншама мен таңқалдым!..

Жарық күндей жаның Сіздің тазалық,
Сізді көрсем қалам мүлде тазарып.
Жүрегінде Алла нұры мәңгілік,
Адамгершілігін көрмеген ем қаза қып.

Әрі дана, әрі бала, әрі ізгі,
Асыл Шәке! Буыршын мінез, нар ізді.
Азияны Еуропамен жалғаған,
Хэмингуэй, Жорж Санд тәрізді!

Бүгін, міне, қаламың да бабында,
Жүрегің де ғашық болар шағында!..
Ақын сіңлің өлеңімен бас иді –
Тағзымымды тәрк етпей, қабылда!

МАЗМҰНЫ Роман. ҒАСЫР НҰРЫ Бірінші тарау. ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ – ТОТЫҚҰС.........................................................................................3 САРЫ ҮЙСІННІҢ СҰЛУЫ............................................................................................32 «БІР ДЕП БІЛЕГІҢНЕН, ЕКІ ДЕП ЕТЕГІҢНЕН...»...................................................43 БӘЙБІШЕ – ТОҚАЛ......................................................................................................43 САУДАГЕРДІҢ ҚЫЗЫ...................................................................................................46 «ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН...»......................................................................68 Екінші тарау. МИУА – БӘЙТЕРЕК НЕМЕСЕ СЕЗІМ ТОЛҚЫНЫНДА..........................................85 САЗ – СЕЗІМ................................................................................................................102 «СЫР САНДЫҚТЫҢ» АШЫЛУЫ..............................................................................110 ҚЫЗ – ҚҰМЫРСҚА.....................................................................................................116 Үшінші тарау. ҚАРАҒАЙ БАСЫН ШОРТАН ШАЛСА......................................................................130 «ИМАШЕВТЫҢ АРАҒЫ»............................................................................................130 АҚЫЛДАН АЛЖАСУ....................................................................................................151 ҚАПТАҒЫ ҚАН............................................................................................................162 БАСЫҢНАН БАҚ ТАЙСА НЕМЕСЕ, «ӘУПІРІМ!» – ДЕГІН...................................169 САЛИХАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ АҚТЫҚ АЙҚАС...........................................191 СӨЗ СОҢЫ....................................................................................................................209 ХИКАЯТТАР МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ....................................................................................211 ЗАМАНА ЗАРЫ.............................................................................................................250 ЖОЛ ОРТАДА...............................................................................................................272 АДАМ КҮНІ АДАММЕН.............................................................................................281 МАХАББАТ ПЕН ЕРЛІК ИЕСІ...................................................................................288 (ӘЗ-АҒАҢ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК)...................................................................................288 «СӨЙЛЕСІП ЖҮРГЕН КІСІҢ БАР МА, КӨЗЖАҚСЫМ?..»....................................292 БИ ӘЛЕМІ – ШАРА.....................................................................................................297 ЛЕБІЗДЕР Т. Молдағалиев. ШӘРБАННЫҢ ЖАЗҒАНДАРЫН ҚАЙТА ОҚЫДЫМ...................310 Б. Нұржекеұлы. «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ»...........................................................314 Б. Бекетова. ...МЕН СІЗДІ ҚАСЫНАН КӨРГЕНМІН ШӘМШІНІҢ......................316 З. Елғондиева. БҮГІН, МІНЕ, ҚАЛАМЫҢ ДА БАБЫНДА.........................................318

Бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы Редакторы Саттар Ерназаров Көркемдеуші редакторы Кенжеғазы Айтжұманұлы Суретші Нұрмұхамбет Наурызбаев Басуға 15.08.2012 ж. Қалыбы 60х901/16. Басылымы офсеттік. Қаріп түрі «DS Tіmes». Шартты баспа табағы 20,0 б.т. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № Роман, хикаяттар, лебіздер Шәрбану ҚҰМАРОВА (ГҮЛ-ШӘРБАН) «Ан Арыс» ЖШС, 050000, Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы, 105. Тел.: +7 (727) 272-51-84, 261-60-67, факс: +7 (727) 261-62-13. «Полиграфсервис» ЖШС. Алматы қаласы, Зеленая көшесі, 13 «А», тел.: +7 (727) 233-32-53

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙