Әкелеріміз айтатын әңгіме
Ырысбек Дәбей
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Кітапқа ақын Ырысбек Дәбейдің қазақы өмірден ойып алған бір шоғыр эсселері еніп отыр. Әкеден, ақсақалдардан естіген, көңілге түйген танымды ойларды шым-шымдап отырып, сыпайы шерте білген автордың көркем дүниелері оқырманды жалықтырмайды. Кітаптың тілі де айшықты, көркем жазылғ ан.
Кітапқа ақын Ырысбек Дәбейдің қазақы өмірден ойып алған бір шоғыр эсселері еніп отыр. Әкеден, ақсақалдардан естіген, көңілге түйген танымды ойларды шым-шымдап отырып, сыпайы шерте білген автордың көркем дүниелері оқырманды жалықтырмайды. Кітаптың тілі де айшықты, көркем жазылған.
Ырысбек ДӘБЕЙ
Әкелеріміз айтатын әңгіме
(Эсселер)
Әлеуметтік зерде, ұлттық нақыш Ырысбек Дәбейдің жазу мәнерінің нақышында ұлттық бояу мол. Баяндау әдісінде автор әстінде үстемдік етпестен кішік қалпын сақтайды. Әңгімелеуші еленбей қалтарыста тұрса да айнала құбылысты қапысыз бағып, айнытпай жеткізуші міндетін мінсіз атқарды. Мұндай үрдіс бұрыннан бар. «Шұғаның белгісін» есіңізге алып көріңізші. Сөзге кірісіп, оқиғаны бастаудың кілтін қалай тапқан. «Жусанның иісінде» сарын басқаша өрбиді. Кейіпкер және көпшілік бәрін бір қазыққа байлаушы күш – ертегі. Мұны біреулер шеберлік десе, біреулер жазушы жаратылысының ерекшелігіне қиналмастан бағыттай салатыны бар. Ырысбек Дәбейдің әлеуметтік зердесі әлгі ұлттық нақыш арқылы өзгеше рең алып, өрбиді. Шымырлаған қариялық сарын автордың еркіне бағынбайтындай дербес. Көшпелі өмір салтының өзгешеліктерін көкіректе жаңғыртып, сезіне түсуге итермелейтін қуатқа ие. Жалпы жазудың мың-сан формасының арасынан қазаққа жақын түріне бейім Ырысбек Дәбей сезіну мен жеткізудің далалық табиғатының бояуын дәл тапқандай көрінеді. Ол бұл жағынан шиырлаған іздерден аулақ – қансонар мезгілдің тап-таза сәтін елестетеді.
Жаратқан ие осынау ерекшелікті көп көрмей, көркемдік олжаны
молынан сыйлауға жазсын.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ
Әкелеріміз айтатын әңгіме
Жастықтың жалыны ұрған, жарға ойнаған лақтай кезін еске алғанда, санаңды сарсаңға салып, көңілге мұң ұялай бастайтын кездері болып тұрады. Марк Твеннің «Менің Платон сынды ғашығымдағы» айынымай қайталанатын түстердің шырмауына шатылғандай, қашсаң құтылмас, қусаң жеткізбес беймазалық жаныңды жабырқатып, «ұмыту үшін еске алғаныңа» опық жейсің... Әкем қытайда басталған «мәдениет төңкерісінде» тауға қарап ұлыған бөрінің бөлтірігі саналып, оқудан шығарылып, жастайынан ауыр еңбекке жегіліпті. Көрген қорлығы мен шеккен азабын жыр қылып айтып отыратын. Ұшқан құс құтыла алмайтын құм арасындағы Тарым түрмесінде жиырма жыл өмірі өксіп келген атамыз (әкемнің әкесі) бұғаудан босап келген жылы мен туылыппын да, әулетімізге ырыс келген, құт келген жылдың құрметіне азан шақырылған Ырысбек деген есім пақырыңызға бұйырыпты. Түрменің азапты өмірі атамыздың жанына, тәніне салған жарасын аз жылдан соң ажалға айырбастапты. Қағаз бетіне атымызды қиқы-шойқы жазуға дәрежеміз жеткен шақта, мен аттас балаларға еліктеп есімімді Рысбек деп өрнектегенімде әкем қабағат ашуға басып: «кебенек киіп кеткен атаңның кебінге оралмай келгеніне ырымдап қойған атты дұрыс жазудан еріндің бе? Ырыс келді деп Ырысбек қойған жазған-ау», – деп томсарып қалатын. Атадан қалған дәулеттің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткеніне де онша іш жимайтын. Бүкіл әулеттің бас көтерер азаматтарын түрмеге тоғытып, малмүлкін қытай олжалаған кезден бұрынғы бір оқиғаны ылғыи да айтатын. «Жүкей ауылы (ауылымыз солай аталатын көрінеді) жайлаудың сонысын жеп, күзеулікке көшер алдында құстар да тізбек-тізбек ауыл үстінен ұшып өтетін. Киіз үйде мылтығын майлап, оғын сайлап отырған атаңның сенімді серігі түстікке бет түзеген тырналар керуені шаңырақтың тұсына келгенде, не сайтан түртті екен, алдыңғысын көздеп масаны басып қалады. Бастаушысы қанаты далбырап жерге құлағанда, қаз-қатар қалықтап бара жатқан тырналар ұйма-жұйма, бірінің үстіне бірі құлайды. Бүкіл ауыл шушұрқан болып, құстың шуылы зәремізді алды. Үлкендер жағы имандарын үйіріп, мылтық кезеген тентектің жағасына жармасты. Ақыры мал айтып сойып, Тәңірге тасаттық беріп құстарды әзер ұзатып салдық. Сол жылы қар қалың жауды. Көктем шыға үдіре көшкен ауылдың алдынан қытай әскері лап қойып, көш кері бұрылды. Өмірдің біз ойлап көрмеген тарғалаң жолы
басталды...». Әкеміз үнемі қайталап айтып отыратын осы әңгімені ести-ести есейген жүрек еді бұл. Шымырлап, сыздап қоятыны бар. Тым әсершіл. Құстарды жақсы көреді... Ауылдағы күйбең тіршілікке жегілген әкейдің жұмыстарына қолғабыс тигізуге жараған шақта, елбектеп сол кісінің қасында жүруші едік. Жұмахан дейтін досы бар. Егістігіміз бір жерде. Темекіні шеккенде барлық дүние есінен көтеріліп кететін. Бірде «Жұмахан, сен осы темекіні қалай шегіп кеттің» деп әкем де құтқыуырлап қоймап еді, Жүкең темекісін ширатып, ұзақ әңгімесін бастап кетті. «Жайлауда отырғанымызда қар суымен кеткен біреудің қыл құйрығы біздің үйірге қосылып, көздің құртын оятты. Бір күні екі кештің арасында жануарды ақыры алып соқтым. Басын кесіп, жәркемдеп жатқаным сол еді, тасырлаған ат тұяғының дүбірі естілді де, суыт жүрісті ақ сақал қасыма келді. Сәлем беріп, атын ұстап үйге түсірдім. Ұрлығымның үстінен түскен қарияны не деп алдаусыратарымды білмей аңтарылып тұрып қалдым. Шал да жеңіл қимылдап, қонышынан кездігін суырып, көмектесуге ниет танытты. Ақыры бірге жәркемдедік жануарды. Бәйбішем де өрістен қайтқан малды жайғап болып, қазан көтерді. Тамақ піскенше шалдың жөнжайымен таныстым. Жылқы жоғалтыпты. Бөгенайынан жаңағы өзі сойған қыл құйрық екендігін сезіп, қылпылдап отырмын. Шалым үндемейді, ештеме сезбегендей сыңай танытады. Сезбеді десем, жылқының басына, ентаңбасына сұқтана қараған қырағы көзді қалай ұмытам. Төре табақ жал мен жая алдымзға келіп, ықылас білдіргенде де жүзінен титтей өзгешелік байқалмады. Қиялай турап, құмайдай соғады. Тас шайнағандай боп мен отырмын. Түні бойы асқазанымды түйреген мазасыздықтан арыла алмай, тұрып кеттім. Шал да оянып намазын оқып, аттануға қам жасады. Кетерінде аты-жөнін, тұратын ауылын тағы бір қайталап айтып, кете барды. Аңырып мен қалдым. Жанымды иектеген беймазалықтан арыла алмаған соң, бір жорғаны жетекке алып, шалдың ауылына тарттым. Жетекті белдеуге байлап, сәлем беріп үйге кірдім. Ақ сақал ширақ қимылдап, бәйек боп жатыр. Шай ішілді, әңгіме айтылды. Бірақ сойылған жылқы туралы мен де, шал да жақкірісін ашпадық. Аттанып кеттім. Жол бойы кеңсірігім ашып, өмірі шекпеген темекі деген пәле ойымды бөле берді. Тауып шектім. Ішім кеңігендей сезіндім. Сол күйі қалтадан тастамайтын болдық қой бұл боқты. Әй, сол шалдың кісілігі есіме түссе өзімнен өзім ұялам...». Осыны жазып отырған мен де темекі шегіп отырмын. Қашан, қайда, не үшін шеккенімді есіме түсіре алмадым. Біздікі сол асқынған нәпсінің желігі билеген жаман ғадетімізге тиым сала алмайтын әлсіздік екенін мойындауға мойнымыз жар бермейтін құлықсыздық қой. Ортам да солай. Несін
жасырайын. Нәпсіні бағындыруға, кешірімге үйренбегенбіз. Шырылдаған қазақ жанының сұлулығы өмірге келіп-кеткенін ешкім сезбейтін қарапайым жандардың кеудесінде бұлқынып жүреді екен ғой. Мен оны атағы шыққан жазушы немесе ақын, басқа да тұлғаларда ғана болатын асыл қасиет шығар деп ойлайтынмын. Оңбай қателескенімді кейде сезем. Қазақтың тоң жүрмеген даласында бір-біріне қаламдарынан қарғыс жаудырып, кісілік танытуға жүректері дауаламайтын соларды қойшы дегің келеді. Олардікі де көркем шығармада ғана өмір сүретін, ойдан жасап алған әдемі кейіпкерлермен жұртты алдайтын сауатты қулық секілді. Шалдан тізерлеп тұрып кешірім сұрағым келеді. Кешіре алса...
«Құлағыңызға сыбырлайыншы...»
Анда-санда ауылдан келіп, әңгіменің майын тамызып айтып отыратын әкей лашығымызда көсіліп жатып, көп уақыт бөгеле бермейді. Ары кетсе үш-төрт күн қонады да, қайтуға асығады. Қаланың тірлігі сондай, алыстан сыйласатын әдетке көшкелі қашан. «Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатқанда, бөгелмегені де дұрыс болды ма», – деп ойлап үлгеретін бізден не үміт, не қайыр?.. Бізге сабақ болсын дей ме, әулетіміздің аяулы аналары, аталары туралы көбірек тоқталатын. Сондай әңгімелердің бірі қаламыңды алып қашып, қағаз бетіне төгіле жөнеледі... Алтайдың арғы бетінде Бағышай анамызға құдалық айттырған Арықбай шалдың (төртінші атамыз) құдасы Семей өңіріне қоныс аударады. Ол кез қазақтың даласы талан-таражға түспеген, шет-шекара жоқ, ары-бері көшіпқонып жүре беретін. Уағдаласқан сөзі бар, баласын ашамайға мінгізіп көшіп кеткен құдасын іздеп келген Арықбай ақсақалға Бағышайдың әкесі: «Балаң тым жас. Біздің қыз болса ержетіп қалды. Бақытын басқадан іздесем бе деп отырмын. Берген қалың малыңды алдыңа салып берейін, ыразы-қош боп қайт», – дейді. Атамыз оған көнбейді. Ақыры бұл дау-дамай елдің игі жақсылары бас қосатын үлкен жиында талқыланатын болып шешіледі. Бір айдай күткен ол жиынның да уақыты келеді. Елдің сорпа бетіне шығарлары бас қосып, кеңес құрған алты қанат ақ орданың сыртына келген Бағышай анамыз: «Мені іздеп келген кісілер қандай адамдар екен, көрейінші», – деп үйдің жабығынан сығалайды. Төрде қас-кірпігі көзін жапқан, аппақ сақалы кеудесіне түскен абыз тұлғалы ақсақалды көріп: «Мына кісінің кәріне ұшырасам, менің де жолым болмас», – деп іштей байламын да жасайды. Кеңес қыза-қыза келіп, қыздың өзіне жүгінуді жөн санап, ортаға шақырылады. Есіктен иіліп сәлем беріп кірген қызға сөз тізгіні беріледі. Қыз да бөгелместен байламын айтады. «Ақсақалдар, абыздар! Төлеген қалың малын алдына салып мына кісіні «итке қос артқандай» етіп ауылына қайтару жөн білетін адамның шаруасы емес. Әлпештеп, аялап өсірген ата-анамның алдында қарыздармын. Бірақ кез келген аттың басына сала беретін ноқтажүген емеспін ғой. Кімге атастырса, соған барайын. Баталарыңызды беріңіздер», – дейді. Шарт жүгініп отыра кеткен Арықбай ақсақал алдымен қолын жайып, көзінен аққан жас сақалын жуып, дауысы дірілдеп ұзақ бата береді. Жүйелі сөзге жығылатын халық жасау жабдығымен, салтанатымен Бағышай анамызды аттандырып салады...
«Арықбай атаңның талай батасын алған Бағышай анаңның бұл бір ғана әңгімесі ғой. Жатқан жері жарық болсын! Сол кісілерден өсіп-өнген біз де бір қауым ел болдық. Сендерге иманы мен ізгілігі, санасы мен салауаты жұғысты болсын», – деп бетін сипайтын әкеміз. Ізгілік пен иман, ар-ұятты ұрпағының ең ұлы қазынасы санайтын үлкен кісілердің аманатына адалдық пен қиянат – күнделікті тіршілігімізден менмұндалап көрініп тұратын қарапайым ісәрекеттеріміз екен... Біздің ауылдың үлкен кісілері нағашы деп атайтын (руы Төртуыл Найман, Бағышай анамыздың руынан болған соң, үлкендер нағашы дейді екен), жасы елулер шамасында, жолдасы ертерек марқұм боп кеткен Нұржамал деген кісі болды. Бір ұл, бір қызы бар-тұғын. Ұлы ертерек үйленген, балалы-шағалы. Қызы сәл кештеу, біз үшінші, төртінші сыныпқа барып жүргенде тұрмысқа шықты. Аты – Аққыз. Сол Аққыз ұзатылып, алты-жеті ай боп қалған кезде ғой деймін, үй ішіндегілеріне хат жазып, үкілі сәлемін жолдапты. Ол кезде хат жазу, хат алу деген бір керемет дүние. Мектептен келе жатып осы қуаныштың куәгері болғаным бар. Нағашымыз латынша қаріп таныған, кейінгі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын (қытай қазақтары басында латынша, жетпісінші жылдардың соңында төтеше жазуға көшкен) тани бермейтін. Мені жолшыбай көріп қалып: «Қызымнан хат кепті. Үйде ешкім жоқ еді, оқып берші, шырағым», – деген соң, апаның үйіне бұрылып кеттім. Конверттің аузын жыртып, оқып жатырмын. Аман-сәлемнен басталған Аққыздың хаты ауыл аймақ, бота тайлақтың хал жағдайын сұрап, өзінің елді қатты сағынғандығын айтып, бір күңіреніп алады екен. Барған жеріне тастай батып, судай сіңгендігін де жеткізіпті. Хаттың соңы «Жеңеше, құлағыңызға сыбырлайыншы», – деп тәмамдалғанда, апам жылап қоя берді. Көзінің жасын сүртіп, қолын жайып, іштей бірдеңелерді күбірлеп, бетін сипады. «Рахмет, құлыным, рахмет», – деп бетімнен сүйді. Ештеңе түсінбей мен отырмын. Әйтеуір, өз шаруамды атқардым. Қалтама толтырып кәмпит салып берген соң, үйге зыттым. Үйге кеп шешеме тындырған ісімді мақтанышпен баяндап жатырмын. Тек хаттың соңында Аққыздың жеңгесіне сәлем жолдап, «құлағыңызға сыбырлайыншы» дегенге апаның жылағанын, қолын жайып тілек тілегенін түсінбегенімді айттым. Шешем де елең ете қалды. «Тәңір жар болсын! Жеңілдігін берсін. Оны біліп не қыласың, түге», – деді де қойды. Кейін білдім. Сөйтсек, Аққыздың ішіне шикі ет бітіп, оны жеңгесіне ибалы ишарамен жеткізген түрі екен ғой. Қайдан білейік...
Қоғамдық көлікте келе жатып, бүкіл автобусты басына көтеріп сөйлескен ана мен қыздың әңгімесі осы оқиғаны ғайыптан еске түсірді. Тыңдайын деп тыңдамайсың, қатты айтылған сөздер құлағыңа кіріп-шығып жатады. Телефоны безек қаққан орта жастағы әйел біреумен сөйлесіп келе жатқан. Кенет: «Ой, қызым құтты болсын», – деп айқайлап жіберді. «Енді олардың отымен кіріп, күлімен шықпай өзіңді дұрыстап күт. Адамнан адам шығу оңай емес», – дегенде автобус толы адам өздері мүлде танымайтын бір әйел затының жағдайынан хабардар боп үлгерді. Ана мен қыздың сөзі күнделікті телесериалдардан көріп жүрген бөгде жұртта болатын мүлде жат қылықтар. Әлдеқашан ұмыт боп кеткен Аққыз сонда есіме түсті. Мен ғана емес, біраз жұрттың көп нәрсені естен шығарып алғаны тосын әңгімеден санамда салмақталып, аласапыран күй кештім. Ұлтқа тән ибалылық, нәзік құбылыстар бырт-бырт үзіліп, қарабайыр қатынасқа түскен сүреңсіз өмір кешуге мықтап кіріскен қоғамнан қашсақ құтылмас секем жайлады көңілді. Ол аз болғандай, радиоқабылдағыштың құлағына маза бермей келе жатқан ,жүргізуші жігіттің сорғалап төгілген халық әнінің үстінен түскенде «ой, шешеңнің...», – деп бір боқтанып алып, ары қарай қиқылдап-шиқылдаған музыкаға басын шұлғып, «көңілді күй кешкені» онан әрмен мазаны қашырды. «Қағынған жатырдан құтырған ұл туады». Біз онша қара аспанды төндіріп трагедия санамайтын дөрекі барыс-келістің «өнімі» емей не? Қағынан жеріген деген осы шығар. Әттең, бүгінгі егілген бір тал дәннің, ертеңгі қара орман екендігін сезіне алсақ, ұмытуға болмайтын заң-закон қаншама?..
Сорға біткен бақ
Алтайдың ту қиырындағы сол ауыл есіме түссе, жүрек құрғырдың сыздап ала жөнелетіні бар. Кейде түс көріп жатып оянған мезетте шәкене ауылды шарлап келгендей көңілім құлазып, самалдықта шылым шоғын мыжғылап бір мұнша уақыттың өткенін сезбей де қалам. Бұрын Муза деген пір бар дегенге онша мойындай бермейтінмін. Мойындасам да қыз кейпінде елестетуден ары аспаппын. Ұйықтап жатып көкірегім ашып оянғанда сол Муза дегеннің қанаттарым байланып, үстінен ұшып өтуге дәрменім қалмайтын түстегі ауыл екенін сезінем. Өмір туралы, өмірді қалай сүру туралы кісілік өлшемдерді санама шегелеп кеткен кішкене ауыл жыл өткен сайын аса ұлағатты ұстаз кейпінде елес береді. Опасыз шәкірт секілді анда-мұнда еске алғаным болмаса, көп ғұрыпәдетті бүгінгі тірлігімнің мәні деп санамайтын күйге де жеткем. Адамзаттың АБЭсінің «Құм құрсауындағы әйел» романындағы қазаншұңқырдан шыға алмаса да, шығу ниетінен еш қайтып көрмеген бейшара еркектің күйін кешкендей тыраштанып жүріп жатқан жайымыз бар. Кісілік мінез, адамдық қасиет жөніндегі толғаныстар мен болмыстарды айтқың келгенде, кино картиналарындай көз алдыңнан сырғып өтетін, ауыл өміріндегі бірер оқиғаны еске алып қойсаң да жеткілікті екен. Сондай зулап өткен өмірдің бір бетіндегі ұмытылмайтын, бала күнгі көрген-білгендер еді бұл да... Қасаңбай мен Әутәліп ақсақал төңірегінде ауылда көп әңгіме айтылатын. Алпыстан асып, жетпіске таяса да шыр еткенге зар болып өткен қос қарияны аяғаннан айта ма, әйтеу екі шал туралы жұрттың күңкіл-сүңкілі бітпейді. «Алла Тағала да қызық осы, екі бейбақты зарықтырмай бір шикі ет сыйлай салса несі кетеді? Пәленбайға он бала бергенше осы екеуіне берсеші! Әй, тұрлауы жоқ дүние-ай!» деп бір қоятын. «Бұ шалдар да қызық, бала көтермеген әйелді ту баста-ақ жолға салмай несіне айналып, үйіріледі екен? Тағдырдың ісіне не шара деп жүре берсе жүре береді ғой, әй, өздері де қырт...». Осындай алуан-алуан әңгіме айтылып жатса да, оған іш жиып жатқан қариялар жоқ. Мұңы да, сыры да ортақ болған соң ба, екі шалдың жұбы жазылып көрген емес. Астындағы қойторыларын ауыл сыртындағы дөңеске шалдырып, жамбастап жата кетіп, ұзақ күнді сонда өткізетін. Не айтатындарын бір Құдай білсін. Кейде адамның ішкі күйзелісі ортақ болса, айнымас, қимас жандарға айналатын секілді. Жұбы жазылмайтын қос
қарияның бір-бірін аса құрметтейтіні, сыйлайтыны жұртқа өнеге де болатын кейде. «Дос болсаң, осы екеуіндей бол. Шіркіндердің сыйластығының алдында бүкіл дүние неге тұрады. «Отыз ұлың болғанша осырақ шалың болсын» деген де дұрыс шығар». Қай қырыңнан болсын сөз тауып айтатын қазақ емеспіз бе?.. Бір жылы Алтайдың торғайбас қары толастамай, қытымыр қыстың қысқан кезінде Әутәліп ақсақалдың ұзақ жыл отасқан жары о дүниелік болды. Марқұм әйелінің жылы өткен соң туыстарының, Қасаңбай ақсақалдың қайтақайта қыстауымен Әбекең төсек жаңғыртты. Алғаны өзінен көп жас кіші, желек жамылып жесір қалған ауылдағы бір инабатты әйел еді. Дәм-тұзы жарасты. Бірер жыл өткен соң бала да сүйді. Сол кездегі Әбекеңнен гөрі Қасекеңнің қуанышын айтып сұрама. Біреудің қуанышы үшін басқа адамның соншалық шаттанғанын көрген де бақыт екен. Ол қасиеттен де айырылып барамыз. Адамдық құндылыққа үрке қарап, жатбауыр боп, махаббатсыз дүниені неге сүріп жүргенімізді түсінбейміз. Не керегі бар еді?.. Екі шалдың арасында еркетотай болып өскен (жаңағы Әутәліптің баласы) Серік үш жасқа толатын жылы ауылдағы суы тартылып қалған ескі құдыққа құлап, тіл тартпастан бақилық боп кетті. Әутәліп ақсақалдың сақалын жуған көз жасы күні бүгін көз алдымда. Шаш-сақалы қудай адамның егілгенін, әкелер қайғысының соншалықты ауыр болатынын тұңғыш рет сезіндім. Асыр салып ойнап жүрген ойын баласымыз ғой, жанымыз ашыған сыңай танытып жүргенімізбен Әбекеңді бізді қойып бүкіл жұрт жұбата алмаған. Асқар тау шөккендей ауыл күңіреніп тұрып алды. Жас мүрдені жер қойнына берген соң төрт-бес күн көрінбей кеткен Қасаңбай ақсақал торшолағын жетектеп, бүк түсіп жатқан Әутәліп шалдың белдеуіне ат байлады. Жөткірініп үйге кірді. Кіріп-шығып біз жүрміз. Теріс қарап, бүк түсіп жатқан Әбекеңде үн жоқ. Қасаңбай шал тағы бір жөткірініп алды да: «Ей, Әутәліп! Сені қойшы, мені айтсаңшы! Бірер жыл болса да бауыр етіңді иіскедің ғой. Мені айтшы, мені! Серік сенің ғана емес, менің де алданышым еді. Соны да көп көрді ғой бұл Тәңір! Басыңды көтер, меннен бақытсыз емессің!». Сөз сол болды. Ешкімнің жұбату сөзін құлағына ілмей жатқан Әутәліп ақсақал басын көтеріп, бір солқылдап жылап алды да, Қасаңбай досының соңынан сыртқа беттеді... Бұрынғысынша жұбы жазылмайтын екі шал... Ауыл... Көп өтпей екі ақсақал да өмірден озды. Жұрт жиналып ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмдардың бақыты, бақытсыздығы туралы еш талқы, талас болған жоқ. «Жақсы адамдар еді» дейді әйтеу бәрі. Жақсы адамдар еді шынымен...
Тау басындағы қардың дәмі
Мұстай Кәрімнің «Көкейден кетпес балғын шағын» оқыған кезде есеюдің – «кеше бала ең» кезеңге шаң баса бастаған терезеден ұзақ үңіліп, құлазу сезімін кешерін ол кезде ойлаған жоқ едік. «Керемет жазылған шығарма» екен деп, жаба салғанбыз. Уақыт мәңгілік басымызға тұрақтайтындай, бас қатырмайтын шақ емес пе, ол да бір дәурен екен. Бүгін ойласаң қызық, мүлде ондай дәуір болмаған секілді. Алып қаланың аласапыран тіршілігіне де бой үйренген. Толассыз ағылған машиналар тасқыны таптап өтердей, өрекпіген өмір. «Тасыған өзені гүрілдеген» Алтайдың сұлу түні, жазира жайлауы - балалық шақтың тұп-тұнық көзіндей мөлдіреп, алқымыңа ащы өксік болып тығылып тұрып алады... Алтайдың қытымыр қысы кетіп, кербез даланы жаймашуақ жаздың жасыл барқыты кежімдегенде үйіміз жайлауға көшетін. Азын-аулақ мал-сұлдың қамы дей ме, әлде шыбынсыз маусымды жаны қалайтындықтан ба әкейдің шешімі солай-тұғын. Көшуі көшесің ғой, қозы-лақ бағудың машақатын айтсаңшы. Кесілмейтін шөре – ол міндет бізге тиесілі. Жайлаудың күні тез-ақ өтіп кетеді. Кешкі азан-қазан уақытта тындырып тастағандай үйге қайтасың. Бір күні кербағып, марқа туған төлден көз жазып қалыппын. Оны да үйге келген соң, шешемнің айқайынан білдім. «Ай қарап жүрсің бе? Қара қозы жоқ қой. Басқа елдің малына қосылып кеткен шығар. Тез барып, тауып кел!», - деді шешем. «Бұйрық қатты, жан тәтті» өріске қарай жөнелдім. Ары-бері бос сенделіп, қас қарая үйге беттедім. «Қайда жүр екен қасқыр жегір, үйге қайтіп кірдім?». Үй сыртынан (киіз үй ғой) баспалай келіп, тың тыңдасам, әкем: «Соны өлтіресіңдер ме? Күні бойы қозы-лақ бағады, тамағын да ішкен жоқ. Аясаңдар қайтеді. Барыңдар, малы құрысын, өзін шақырып келіңдер», – деп тетелес іні-қарындастарыма ұрсып жатыр екен. Мына сөзден кейін «Мен шеккен өмірдің қорлығын айтқызбай білген қайран әкем-ай!» деп, аяғым алдыға қарай кетіп, үйге сүйеніп отыра кеттім. Көздің жасы кетіп жатыр. Інілерім сыртқа беттегенде жүгіріп барып, үйден бір-екі жүз метр қашықтықтағы жартастың үстіне шығып үлгердім. Олар қасыма таяп, атымды айтып, айқайлап шақырғанда барып «а... мұндамын» деп дерегімді тапқыздым...
Үй-ішімдегілер, туыс-туғандарды састырып, «керектігіме» тағы бір көзім жеткен кез – қара қозы табылып, қайтадан «Мені осылар онша жақсы көрмейді-ау!» деген ойға кеп жүрген кезде болды. Көрші-қолаң, туыс-қиысы бар бір топ жігіт маған: «Қал әрмен! Біз аң атып келеміз», – деп тауға сіңіп кеткен. Төрт-бес жастағы мені адам екен демейді. Соңдарынан біраз еріп ем, ұрсып-ұрсып қуып жіберді. Олар сәл ұзаған соң, соңдарынан ердім. Бағытым - басын қысы-жазы қырау шалып тұратын, біздиген қара шоқы. Маған сол кезде бүкіл аң-құс, тіпті Айдостың (бірге ойнайтын бала) қайтыс болған шешесі де сол биікке шықса көрінетіндей сезілетін. Қанша жүргенімді кім білсін, тілім аузыма симай, әбден шөлдегенде қасат боп қатқан қарға іліндім. Бетін таспен қырнап, ұсақ-ұсақ мұзды аузыма төсеймін. Етекке көз тастап, аңшыларды байқап қоям. Аңшы да, жыбырлаған тірі тышқан да көрінбейді. Үйге қыдырып келген сайын «Осы таудың ар жағында тұрамыз» дейтін Сейсен қарияның сөзі есіме түсе кетті. «Солай бармаймын ба» деп шештім. Біздиген шоқының күнгей бетіне астым да кеттім. Ымырт үйіріліп, ел орынға отырған шақта қара саным үзіліп, етекке зорға жеттім. Қалқиған үйдің қарасы көрінгенде жүректі қуаныш сезімі биледі. Үй маңына келгенде мал қоралап жүрген біреу «Не қылған бала» десе керек, аңтарылып қарады да қалды. «Сейсен атаның үйі қай жақта?», – дедім мен үнсіздікті бұзып. «Мына сайды өрлеп жүре берсең табасың», – деді ол да самарқау ғана. Қазір ойласам, жеті түнде тентіреп жүрген бала онша таңғалдырмаған, жөнжайымды сұрап та қоймаған тау халқының мінезі қызық осы... Сонымен не керек, әлгі кісі нұсқаған бағытпен Сейсен ақсақалдың үйін де таптым. Үйге кіріп барғанымда қария жамбастап жатыр екен, орнынан ұшып түрегелді. «Мынаның дені дұрыс па? Түн ішінде не ғып жүрсің? Біреумен еріп келдің бе, әлде?». Менің миыма келгені «ұрыспаса екен» деген ой болса да, жөпелдемеде жалтаратын сөз таппай, шынымды айттым. Қария иманын үйіріп, сосын: «Мынаған тамақ бер. Ертең үйіне жеткізіп салармын», - деп кемпіріне бұйыра сөйледі. Тамақ ішуге қайдағы шама, бір шара айранды жұттым да құладым. Ертесі айран берген апам түртіп оятты. Орнымнан әзерәзер қозғалып, тұрдым. Аяқ бастырмайды. Сыртта қариямен самбырлап сөйлескен дыбысты да анық құлағым шалды. «Бүкіл ауыл түнімен бұл баланы іздеп, тау-тасты кезіп кетті. Тез үйіне жеткізейік. Шешесі көз шырымын алмай, түнімен жылады». Дауысынан танып тұрмын, кеше мені ертпей кеткен мықтының бірі. Үйге кірген екі жігіт: «Әй, батырым-ай!», – деді де, аттың артына мінгестіріп ала жөнелді. Дүңк-дүңк желген аттың үстінде аяғым одан сайын мазамды қашырып келе жатса да, айыбымды біліп, қыңқ демедім. Үйге де жеттік-ау! Сүйінші сұрап, алдымен шауып кеткен бір жігіт бәрін жеткізсе керек, үйге кіргенде «Қайда бардың, қайда болдың?»
деген сауалдар сұралған жоқ. Шешем бауырына қысып, жылап жатыр. Ұрыспайтындарына көзім жетіп, бойымды еркіндік биледі. Бір күн, бір түн жоғалғанымда қадірім әбден артыпты. Жиылған жұрт тарап, ініммен сөйлесетін сәт те туды. Бірдеңе айтқысы кеп тұрғанын үйге кірген кезде сезгем. Қасыма келген інім: «Кеше қайда кетіп қалдың? Біз манты жедік. Ана қаладан келген апай істеді. Сен не тамақ іштің?», – деп мені қызықтырып-ақ жіберді. Ол кезде жайлауда болатын екі-үш айда манты жеу деген үлкен өркениет. Қап-ай, ә! Мен апаның берген айранын қанша мақтасам да, жаңалық болмады. «А-а-а... айран ба?!», – деп інім мән де берген жоқ...
Маған өкпелеңізші...
Осыдан дәл бір ғасыр бұрын «Айқап» журналында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ өкпесі» деген мақаласы жарияланған еді. Бұл жерде ол мақаланың мазмұнына емес, тақырыбына шұқшиып отырмыз. Мақаланың көтерген жүгі әркімге мағлұм болар. Тақырыпты айтыңызшы, «Қазақ өкпесі» деп, жауына да өзімсініп өкпелейтін қазақтың ақын жанды, аңқаулығы мінеледі. Өнер білім қумайтындығы, жалқаулығы сыналады. Өкпелейтін өкпесі бар қазақ барда өмір сүрген Ахаңдар бақытты екен. Біз өкпелей алмайтын ұрпақпыз. Жанарымыздан кек ұшқыны шашырап, жердүниені жалмайтындай көңіл-күймен өмір сүруге дағдыланғамыз... Алтайдың салбурын құруға табылмайтын күндерінің бірінде, ауылымызда бүркіт салып, тазы жүгіртетін сері шалы үйге келіп әкемізге қолқа салды. «Үйде жата бересің бе? Қасқа жүйрігіңе ер сал. Құдай бұйыртса қырмызы қызыл түлкіні қанжығаңа байлап қайтасың». Сөз сол боды. Қағушы-- мағушысы бар, ұзын саны алты-жеті адам қансонарда тауға сіңіп кеткен... Кешкі апақ-сапақта шешеміздің кеспесін үрлеп ішіп, мұрнымыз терши бастағанда үсті-басы ақ қырау әкеміз есік ашты. Өңі түтігіп, бір түрлі боп кеткен. Қалың киімдерін шешіп, белін босатқанша жуынатын жылы суын дайындап, құмған мен тегешті алдына апардым. Шешем де мына сүрепеттен тым оңды іс болмағанын сезіп, сұрап-ақ жатыр. «Әй, әкесі, айтпайсың ба? Мына түрің не? Не болған тегі?». Үйдің жылымығы жанын сергітті-ау, шалекеңе сәл де болса жан кірді. Айтып жатыр. «Халық айтса қалт айтпайды деушеді бұл ел. Ана Төке шалды түлкі дейтін жұрттың бағасы қағыс айтылмаған екен. Түлкі десе түлкі екен. Рулы елден өзге жан таппағандай астымдағы атымды пайдаланып, алдап соқты. Түс қайта түлкінің ізін кесіп, қасқамен қайырып ем, қыранның шеңгелінен құтылмады. Қызыл дүниені көзі қимайтын дүниеқоңыздығын қайтейін, жол-жоралғыны ұмытып өз қанжығасына өзі бөктеріп кетті, кәрит!». Төке шалдың әділетсіздігі ауылда біраз сөз болды. Әкеміз де көпке дейін өкпелеп жүрді. Торқалы той, топырақты өлімде бәрін ұмытатын қазақ емеспіз бе? Сондай Ұлы дүбірдің бірі әкеміздің өкпесін есінен шығарды. Төке шалмен баяғысынша араласып кетті. Сөйтсек сол кісілер бәрібір бірін-бірі жақсы көреді екен. Ары кетсе өкпелейді, бірақ кектеспейді. Ыстық қайратпен өмір сүріп, жүрегін қарайтатын кекке бой алдырудан қатты сақтанады екен...
Алтайдың күнгей бетін қара қытай қара құртша басып, атажұртқа бір жола қоныс аударуға қам жасап жатқанымызда күніге үйге келетін Төке шалдың құлазыған, қамыққан түрі еміс-еміс есіме түсетіні бар. Сонда да баяғы қылығы ойыма оралып, суқаным сүймеуші еді. Қоныс аударуға құжатымыз тас-түйін дайын болып, машинаға жүк-бүгімізді тиеп енді қозғала бастағанымызда, байғұс шал тақымынан тастамайтын торы атымен артымыздан қалмай далбақтап біраз ерді де, бұлдырап қала берген... Араға біраз уақыт салып, Алтайға ат басын бұрдым. Аттай желген он жылдың жүзі болыпты. Көп нәрсе өзгеріп кеткендей күй кештім. Бәлкім мен өзгеріп кеткен шығармын деп те ойладым. Алыс жолдан шалдығып жеткенде, ауылдағы қатынас бекетінде бір сыныпта оқыған, бала күнгі досым күтіп алды. Алтайдың аязы сорған жүзі түтігіп, шаршаңқы кейіпке енгені мүсіркейтіндей сезім тудырса да, сездірмеуге тырысып, жалпылдап амандасып жатырмын. Ол да жігі-жапар. Екі-үш күн тынығып, туыстуғандардың қуанышына құтты босын айтып, о дүниелік болғандарына иман тілеп досым екеуміз кіріп шықтық. Баяғы ауыл. Ауыл сыртындағы қорымның көбейгені сонша, қыстақпен тақаса түсіпті. Ескі құржаның біз шаңын аспанға шығарып ойнайтын көшелерінде адамға аңтарылып қарайтын бөгде жүргіншілер де көбейген. «Мынау кім» дегендей сыңай танытады. Досым аузы дамыл таппай сөйлеп келеді. «Сендер көшіп кеткен соң бұл ауыл өзгеріп кетті. Арттарыңнан іле-шала шекара асқандар да көп. Біразы аудан орталығына қоныс аударды. Көшкен елдің үйі мен жерін бұрын тау арасын мекендейтін малшылар мен қытайлар сатып ап жатыр. Қытай деген пәлені аудан орталығынан көрмесек, Алтайдың бұл қиырынан жолықтырмаушы едік. Енді қоңсы қонып жатырмыз. Аз жылда берекесі қашқан «Ламабұлақтың» (ауыл солай аталатын) жайы осылай, Дос! Қимылдауға шамасы жоқ, шабан-шалаңдар, әйтеу өлместің күнін көріп жүріп жатырмыз. «Есі барда елін тапқан» сендердікі де дұрыс бопты. Бізді айтшы, күніміз не боларын ойлауға да қорқасың. Өзіміз білім алған жалғыз қазақ мектебі өткен жылы жабылып қалды. Қараңғы қалдыратын емес, амалсыз балаларымызды сонда оқытып жатырмыз. Менің бір ауыз қытайша білмей өскенімді білесің, балам соның керісі. Тіл деген пәле оңай сынады екен. Ауылымыз шүлдіршүлдір кеңесетін боп алды. Бұны айтып кімге өкпелейсің?..». Он-он бес күн тұрып аттанып кеттім. Ештеңеге зауқым соқпайды. Жатсам-тұрсам бұрын өзім демалыстарда сағынып жететін сол ауылдың мына сиқы жанымды жүдетіп-ақ жібереді. Ауылдың не жазығы бар? Еске алсам азапқа түсетін табиғатымды, тарпаң мінезді жылқы ғұрлы көрсете алмайтын дәрменсіздігіме не дейін? Манағы әкемнің қарақасқасы туысқан жігітке
қалыңдық айттырғанда Алтайдан Боғдаға құдалықтың құрбаны боп кете барған. Барған жерін жерсінбей жем жеп, су ішпеген соң пышаққа ілініпті. Хайуан болса да қатты өкпелеген шығар. Өкпелеуге тұрмайтын пенденің опасыз мінезін қайдан білсін жануар?.. Бұл жолғы сапар тым көңілді болмады. Баяғы салбурын күнгі әкейдің көңіл күйі еске түсті ме, уақыттың тапшылығынан ба төсек тартып жатқан Төке шалдың үйіне бара алмай кеттім. Менің келіп кеткенімді елден естіп, шал байғұс қатты өкпелепті. Естуімше өзі науқас адам өңі қуарып-сазарып тіптен қиналған көрінеді. Мүмкін өзінің де пенделігі есіне түсіп, өкінген шығар. Әкем де сол шалға сәлем беріп қайтпағаным үшін «сыбағамды» берді. Қайтақайта айтып болмаған соң «Сізді ит қылған шал еді ғой, несіне көңіл ауыртып отырсыз» деп қалғаным сол еді, отқа май тамды. «Ой, енеңді ұрайын жүгірмек! Қырық жылдың алдындағыны қоңырсытып не айтып отырсың? Жоқ, сендерге солай өмір сүру ұнай ма? Маңайының бәрін жау санап адам қалай тірлік кешеді осы? Ауыр ғой. Онсызда қысқа өмірдің құтын қашырып. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» ағайындық бізбен кетсе, қазақ біткен екен...». Несін жасырайын қайран шал-ау! Біз өкпелей алмайтын, тек кеудесі кекке толы мейірімсіз ұрпақпыз. Қауқарсыз құр ашуды бойға жинап болдырған, бордай тозып бара жатқан буынбыз. Өкпелеудің өзі зор махаббат екен. Махаббаттың екінші беті «өкпе» десек те болатындай. Пайғампарымыздың хадисінде айтылатын «махаббат жоқ жерде ұрпақ азады» деген жолдар есіме түскенде алқымыма ащы өксік тығылатын боп алды. Кімнің азған заманның адамы болғысы келеді? Қан уыстап туған Шыңғыс Ханның кекшілдігі әдірам қалсын. Азу тісіміз ақсиғанда адам баласына тән көп қасиеттерді жерлеп тынғанымызды сезінуден қалдық. «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» дейтін қазақ даналығы бәрін меңзеп-ақ тұр. Бит екеш битке де өкпелеген дархан қазақ болған-ау шамасы жер бетінде. Не деген асыл сезімдер деші. Бірін бірі иттің етінен жек көретін, өкпелей алмайтын қоғамда өмір сүргеніңді сезінудің өзі зор қасірет екен. Құлың болайын, маған өкпелеңізші!..
Құрал қонған қыс Топырақтан жаралдық. Топыраққа тартасың да тұрасың. Қашан екенін білмейсің, бір оянғаныңда көкірегің ашып, жаның сыздай жөнеледі. «Мәңгі оралмас ақ кеме» – сол ауыл. Санада бұлдыраған елесі ғана қалған, келместің кемесінде кеткен тәп-тәтті балалық, жазира жастық... Бес-алты жыл бұрын Шағанғолға (ауылымыздың аты) барғанымда Құралды көрдім. Екі-үш баланың әкесі болыпты. Шабан-шалаң тіршілігі қолын байлап, атажұртқа ат басын бұруға жағдайы жар бермейтіндігін айтып, мұңын шақты. Бұрын біздің үй шекара асып, көшіп келмей тұрған кезде аралас-құралас болған, өздері қысы-жазы тау ішінде отыратын Мардан шалдың баласы еді. Әкесі саятшы, құсбегі адам. Құрекең бала кезден жүгенқұрық тимеген талай шу асауды жуасытқан мықтының өзі болатын. Бізден бір-екі жас кіші. Бала кезімізден бірге ойнап, бірге жүрдік. Мектепке бесалты шақырым жерден қатынап оқиды. Ол жүрісің жазда оңай болғанымен, Алтайдың аюдай ақырған қысы келгенде қаршадай баланы қойып, үлкендердің ары-бері жүріп-тұруының өзі қиынға соғады. Ешкімді жатсынбайтын Құралың қыстың күні ауыл үйді айнала қонып, демалыс күндері ғана үйіне қайтады. Қолғанаты жоқтар Құралдың үйіне қонуын асыға күтеді. Ол келген күні қора тазаланады, қар күреледі. Әйтеуір жұрттың бәрі дән риза, Қыдыр қыдырып келгендей күй кешеді. Аптаның бірінші күні Құрал біздің үйге қонатын болып, менімен еріп үйге келді. Кеш түсе бастаған мезгіл-тұғын. Үйдегілер ет асқан екен, сүрінің иісі есікті ашқан бетте мұрынға ұрды. Құрал жымың етіп маған қарады. Үнемі май шұрқанның үстінен түсіп жүретін өзінің аузының салымы зор неме. Қазан асқан үйді иіскеп таба ма деп таңқаласың, ет жемейтін күні кемде-кем. «Ой, Құрал бүгін біздің қонақ екенсің ғой», – деп шешем дастарханын жайып, шай құюға қамданды. Бірер кесе шай ішіліп, күбір-сыбыр сөйлесіп отырғанымызда кенет Құрал жын қаққандай, өңі боп-боз болып: «Қой, мен үйге қайтайын. Бір шаруа бар еді, ұмытып кетіппін ғой. Бұл үйге ертең қонам», – деп абың-күбің жинала бастады. Үйдегілердің бәрі өре түрегелді. Шешем: «Жын қақты ма сені! Екі кештің арасында қайда бармақшысың! Күн ерте болса бір сәрі, түн болды ғой. Оның үстіне ақ түтек боран басталып келеді. Қасқырға жем болмасаң да, боранға жем боларсың түге! Ешқайда бармайсың», – деп ұрысып та жіберді. Оған қарайын деп тұрған Құрал жоқ «Қайтам дедім ғой, қайтам!» деп бүкіл үйдің зықын алды. Әкеміз қорадағы қасқа атты мініп, көрші ауылға кеткен,
ақыры інім екеуміз Құралды орта жолға дейін шығарып салатын болдық. Айтқанынан қайтпайтын тентекті бізге қосып берген шешем: «Әй, сендер де абайлаңдар! Адасып кетпеңдер, мынаның қорлығын-ай, ә!», – деп күйіп, пісіп жүр. Сыртта шынымен боран басталыпты. Адам ұшыратындай айбатына мінбесе де, төбедегі қарды саулатып, ұшырып жатыр. Ауылдың сыртындағы жалғыз аяқ жолмен Құралды біраз жерге дейін шығарып салып, жол болсын айттық. Соңынан қарап тұрмыз. Елу, алпыс метрдей жүрген соң оның да сұлбасы ағараңдап, көрінбей кетті. Бізге де тұра берудің еш мәні қалмады, бұрылып жайымызға тарттық. Үйге келсек шешеміз бір кіріп, бір шығып бізді тосып жүр екен. Қомпылдап сөйлеп қояды. «Марданның жындысын-ай, мына! Жеті түнде желігіп, не сайтан түртті өзін. Байғұс бала аман-есен жетсе болды. Қап, жаңа байласақ та алып қалу керек еді! Әкелеріңнің болмағанын қарашы!..». Тамақ алдыға келген кезде әкеміз де келді. Бізге: «Ат терлеп келді. Сәл терін басқан соң, суарып, маяның түбіне қоя беріңдер», – деп бұйыра сөйледі. Күнде істеп жүрген шаруа, үнсіз бас изедік. Сосын шешем кетті Құралдың жырын айтып. «Е-е-е!.. ол Марданның баласы өлмейді. Бір шаруасы болған ғой онда», – деп сөзін салқын қайырды әкей... Таңертең сабаққа кеткелі жатқанда шешем: «Түнімен ана баладан алаңдап ұйықтай алмадым. Мектепке келсе, маған бір хабарын беріңдер», – деп ескертті інім екеумізге. Құрал ініммен бірге үшінші сыныпта оқиды, біз пақыр бесінші сыныптамыз. Құралдың келмегенін білсем де, алдымен сыныбына бас сұқтым. Оның заңы – үйіне кеткенде сабаққа бір-екі сағат кешігіп келеді. Мұғалімдері де үйренген оған. Бірақ ол еркіндік Құрал үшін дүйсенбі күнге жазылған, сейсенбі күнгі кешігіс біразын таңдандыратын болды, не болса да. Демалыс күні тау арасына жол шегетін оны қай мұғалім білмейді дейсің, «Қайда жүрсің» деп сұрамайды да. «Құрал келсе маған айт», – деп ініме тапсырдым да, өз сыныбыма кеттім. Екінші сабақ аралығында қасында Құралы бар, інім терезеден сығалап қарап тұр. Анау ыржың-ыржың күледі. Мен де күлдім. Сыртқа жүгіріп шығып Құралға: «Кешегі сөз – сөз ғой, бүгін біздің үйге қонасың», – дедім. Ол үнсіз ыржиып, басын изеді. Шешеме де Құралдың хабарын жеткіздік. Кешке таман сабақтан тараған соң, інім үшеуміз үйге қарай аяңдадық. Жол бойы Құралдың кешегі қылығын білгіміз келіп: «Неге үйіңе қаштың», – деп жаналқымға алдық. Ол күліп ештеңе айтқысы келмеді. Ақыры қоймаған соң ініме қарап: «Мынау сыныптағы балаларға айтып қояды, кете берсін», – деді. Інім көнбеді. «Саған мен айтып берем, алдымен кете бер», – деп оны алдап-
сулап жолға салып: «Ал, енді айт», – деп Құралға бұрылдым. Ол тағы бір ыржалаңдап алып, сөзін бастады. «Осы демалыста үйге бардым ғой, үйдегілерге көмектестім. Әкем бүркіт салып, тазы жүгіртетінін білесің. Жарты күн ол кісіге ілестім. Саятшылық дегенді айтпа, керемет! Солай, солай қысқа күн де өте шықты. Түнде ұйықтайын деп жатсам шешем: «Балам, бұтыңдағы кірлеп кетіпті, жуып қояйын. Таңға дейін кебеді», – деп бұттағы ақ матадан тігіп берген дамбалды сыпырып алды. Жуып, пешке жайып қойған. Таңертең тұрсам ол жарықтығың кеппек түгілі, сол күйі шылқа су. Сосын бұтқа ештеңе ілместен мақтадан сырып, тігіп берген шалбарды іле салып, сабаққа тайғам. Бұтта ештеңе жоғы тас есімнен шығып, сендердікіне бардым емес пе. Шай ішіп отырғанда сол есіме түспесі бар ма. Сосын масқарам шықпай тұрғанда безейін дедім. Қаудырлаған қара шалбармен жатқанымды көрсе шешең шешпесіме қойсын ба! Әйтпесе, есі дұрыс адам ет асулы тұрған үйден өлсе кете ме?! Қасқыр мен бораннан бұрын жалаңаштығың жаныңа батады екен. Шешем де қызық. Күні кешке дейін бүркіттің балақбау, биалайын, онан қалса елдің тұмағын істегенше маған бір артық ішкиім тігіп берсе қайтеді осы...», – деп Құрал кейісті пішінмен әңгімесін бітіргенде мен ішімді ұстап, қарға құладым. Ішек-сілем қатты. Құрекең ренжіп қалды-ау шамасы, анадайда көзі жасаурап қарап тұр. Күлкімді сап тиып, қасына барып: «Ренжіме, Құрал! Ондай-ондай болып тұрады. Ештеңе етпейді, ешкімге айтпаймын, алаңсыз бол», – деп арқасынан қақтым. Үйге жеткенше қысқан сайтан күлкінің қысасы арылсашы бойдан, өзімді әзер-әзер тежеп отырдым. Алдымыздан шыққан шешем: «Аманесенсің бе, құлыным?!», – деп Құралдың бетінен сүйіп әлек. «Кеше не болды, неге кеттің?» деген әңгіме де болған жоқ. Тек інім ғана «Айтты ма?» деп қоймаған соң: «Саят құрыпты, мұғалімдер біліп қоймасын», – дей салдым. Аузынан қағылған Құрекең азырақ картоп қосылған өкпе-бауырдың қуырдағын жеп, бойын кеңге салып, шешініп жатты... Арада жиырма қанша жыл өтсе де, Құралдың «құпиясын» ешкімге айтпағам. Бүгін сол сырды газеттің бір түзудің бойына дөп келген 3333 нөмірінде жұртқа жайдық. Құрал – Алтайдың арғы бетіндегі, бізге ұмыт бола бастаған қазақтың байырғы өмірінің ақыры, көшпендінің соңы. Бала кезімізде үлкендер: «Неге Құрал секілді асау үйрете алмайсыңдар? Неге Құрал секілді тау ішінде жалғыз жорта алмайсыңдар? Неге, неге?..» дей беруші еді. Оны соңғы рет көргенімде торыққан бейнесі, шүңірек көзінде қатқан кек пе, мұң ба, әйтеуір адам ұзақ тесіліп қарауға дәтің жетпейтін түрі – баяғы өлшемдердің келмеске кеткенін аңғартады. Жаз жайлау, қыс қыстауынан айырылған бейбақ сүлкіні түсіп, жиі-жиі күрсінетін болыпты...
Рух ұстазы
Неге бұлай боп кеткенін қайдан білейін, бұл ғасырдың толқынысы тым бөлек. Баяғы бабалардың рух тәрбиесі туралы қалыптастырған ілімі біртұтас, ортақ дүниетанымға қызмет жасайтын. Солай өмір сүретін. Қазір қазаншының еркі өзінде болған заман. Еркі өзінде болған соң қайдан құлақ шықпайды? Бізге жат түрлі мәдениет «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болғысы» келіпті. Түрлі ағымның жетегінде жүрген елдің Жарылқаушысын жаттан тапқаны да көп. Атам қазақтың адами болмысы сағынышпен еске алатын сағымға айналғаны қашан... Айтматов жарықтықтың «Шыңғыс ханның ақ бұлтын» оқыған шақта кір басқан жүректің Құдайдан алыстап, берген нығыметінен көз жаза бастайтынын «саусағын жайған жас жүрек» тым терең түйсініп қойған еді деп айтсақ, асылық болар. Балаң кезде оқыдық қой. Ер мен әйелдің жұптасуына қатаң шектеу қойған Ұлы Шыңғыс Қағанның қосынынан әйелдің жүктілігі байқалып, ол сорлы айуандықпен найзаға түйрелген сәтте Қағанға саясын түсіріп, бірге көшіп жүретін шөкімдей ақ бұлттың ғайып болғаны айтылушы еді ғой онда. Бізге ондай мұғжиза бұйырмаса да, ту бастағы тазалықтан қалай көз жазып қалғанымыз жайлы ойладық па екен деші. Адасқан тұсымызды дәп басып таппасақ та, жүрегіңді бір шымшып өтетін кезеңге мойын бұрдық па? Рухыңа ұстаз болар баяғыңнан ұлағатты не бар?.. «Ел басына күн туып, Алтайды тастап үдіре көшкен жұрттың Гималай асып, Үндістанды ендей өтіп, Түркияға табан тірегені - тарих бетінен қанмен жазылған қазақ тағдырының бір парасы. Қазақ өзіне сенгендей басқа жұртқа да солай сенгіш халық. Гималайды бетке алған ел, тілінде кәлима, қолында Құран бар деп дүңгенді пана тұтқан әу баста. «Бұтаны паналаған торғай да аман қалады». Қазақта түсінік солай-ды. Амал қанша?! Тілінде мұсылмандық болса да, ділінде мұсылмандық жоқ екен ол жазғандардың. Қытайдың қанды қылышынан әзер қашып құтылған елдің басына ақырзаманды сол дүңген деген пәле орнатып еді...». Көзі жасаурап, өткен күннен сыр шертіп отыратын атам Сәлім жарықтықтың үнемі қозғайтыны осы тақырып болатын. Алтайдан арып-ашып Тибетке барған елді бір түнде дүңген әскері басып, бүкіл ауылдың шаңырағын ортасына түсіріпті. Атам қасына екі жолдасымен тірі қалыпты. Қан сасыған далада рулы елінен айырылған үш жаяу бағытын
Алтайға бұрып, азғантай оқ-дәрісі бар жол шегеді. Неше күн, неше түн жүргенде азық-түлік те түгейді. Тек мылтықтың таңдайында бірнеше тал оқ қалады. Қоңыр аңы қойдай өріп жататын ен даланың да пейілі тарылып, тірі тышқан жолықпайды. Әл-дәрмені қалмаған үш бейбақ жығылып, сүрініп бір жерге келгенде біреуі сәл алға озады. Атаммен қасындағы жолдасы ақылдасып, алға озған кісіні атып, тірі қалудың қамын ойластырады. Соңғы оқты мылтықтың таңдайына басып, алға арқан бойы озған сорлының қосөкпесін көздейді. Жанарларынан қанды жастары сорғалап, енді масаны баса берген мезетте Құдайдың құдіретімен өздерінен сәл қиыс жерден қарақұйрықтың лағы жүгіре жөнеліпті. Мылтықтың ұңғысы бұрыла бере лақ та жер сүзе құлайды. Құмайша шүйліккен үшеуінің әп-сәтте асқазандары майланып, көздеріне үміттің шамы жанады. Біраз күнде ел шетіне де ілінеді... Атамнан талай рет: «қарақұйрықтың лағы кездеспегенде шынымен ана кісіні атып жейтін бе едіңдер?», – деп сұрағанымда, атам жарықтық: «Е, е,е.. балам! Ниеттеніп қойған соң жедің не, жемедің не бәрі бір емес пе?! Құдай кешірсін, сол күнәнің бұл дүниеде қайтарымы бола ма, болмай ма? Көзімді жұмсам болды аузынан қан сорғалап, адам етін жеп отырған үрейлі түстер көрем. Күні бүгін мазалайтыны сол мені! Елге оралып, есімізді жиған соң қасымдағы жолдасым екеуміз жетегімізді алып, оққа байлаған ана пақырдан кешірім сұрап бардық. Кешірдім деді. Әй, ол кешіргенмен Алла кешірер ме екен?..», – деп еңкілдеп жылап алушы еді. «Атып жемеген соң несіне таусыла береді екен?». Мен түсінбейтін сауалдың үлкені осы. Шынымен несіне таусылады сонша? Әлі түсінбеймін... Өмір болған соң санаңа талай нәрсе кіріп, шығады. Күнделікті қоғамдық көліктерде келе жатып мәлкілдеген шал-кемпірлерге амалсыз орныңды берген кезде де «жатпай ма екен үйінде. Осыларға не бар екен таң атпай қақшаңдап» деп, іштей бір қомпылдап алып, нарау қозғаласың. Біреудің жақсылығына да ішімізден қуанып кетпесек те, өтірік мәз болған сыңай танытуға мапандай боп алдық. Үйреншікті ғадет. Ниетті қойып, жасап жүрген іс-әрекетіміздің күнәлісіне үңілерге уақыт тапшы. Қашан, қайда адамшылыққа жат пиғылдарға орын бергеніміз туралы дерек атымен жоқ. Біздікі сол өмірге келіп қалған соң әйтеуір жүрген секілді...
Тоғыз қабат торқаға оралған шақша «Арықбай атаңның ауылының тұсынан ат ойнатып, есік пен төрдей бурыл ат мінген, сері мен сетер ерткен мырзаның күміс шақшасын ала қашудан басталыпты бұл әңгіме».Ауылға барған сайын, естімеген хикаяның шетін шығарып отыратын қара шалдың (әкейдің) кезекті кеңесі осылай басталғантұғын. Қадари халімізше қағазға түсіріп көрейік. Жылқысын жусатып, ауылға ағызып келе жатқан Жылқышыбайдың (Арықбайдың ұлы) көзіне, күре жолда әлде нені аспанға атып, күліскен, дабырласқан топтың қылығы оғаш көрінеді.«Ары-бері ағылған аттылыжаяудың Арықбай әкеме бұрылып, сәлем бермейтіні болмаушы еді. Сәлем бермегенімен қоймай, сонша есіргені несі», – деп ағызған бойы бурыл аттының аспанға атып, ойнап келе жатқан нәрсесін ала кеп қашады. Араларынан бір жігіт жалма-жан ілесіп қумақшы болғанда, жаңағы бурыл атты айқайлап тоқтатып, өз жөндеріне кете барады. Жылқышыбай ілген олжасының күмістен жасалған керемет шақша екенін көреді. Үйге келген бойы істеген ісін жары Бағышайға баяндайды. Сонау жылдары Арықбай ақсақал ұлын ашамайға мінгізіп, Семей өңіріне іздеп келген кезден-ақ көзге түскен Бағышай сауалды Жылқышыбайдың өзіне қояды. «Шақшасын алып қашып кеткен кісілерің қандай адамдар екен? Сені қуаламады ма?». Жылқышыбай неге алып қашқанын, артынан қуаламақшы болғанда, ортадағы бурыл аттының тоқтатқанын түгел баяндайды. Аз ойланып, ерінің жүзіне қараған Бағышай: «Жайыңа жүрмей, тапқан бәлеңді қара! Ол – алысжақынға әйгілі қара Оспан би ғой. Енді бізге тоғыз тарттыруға келеді. Ассуыңды дайындай бер», – деп өзі де сандық-пандығын ақтарып, шаруасына кіріседі. Ертеректе арғы бетте қара Оспан деген би өткен. Көп адам батыр Оспанмен шатыстырып жатады. Батыр Оспаннан бұрынырақ өмір сүрген. Кезінде Қытай үкіметі қазақтан әскер аламыз деп, би мен бекке қысас қылғанда, қара Оспан қарсы болып, көнбейді. Қытай үкіметі қара Оспанды көндіру үшін басына темір ноқта тағып, көшені аралатып, масқаралағанда да сөзінен танбайды. Ақыры түрмеде отырған қара Оспанның осал тұсын ұстап, шартқа көндірудің жолын таптық деп ойлайды қытайлар. Шошқаны сойып, басын жылмақтай қып үйтіп, матамен жабылған төре табақ етті бидің алдына тартады. Матасы ашылған соң, алдына тартылған харам асты көрген жарықтық аспай-саспай қолын жайып: «Құдіретті Жаратушы Ием! Сіз салдыңыз, мен көндім. Сізден түскен сөздің тазартпайтыны жоқ шығар.
Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим! Аумин Аллаһу әкбар!», – деп кездігін табаққа апара бергенде, күзетте тұрған солдаттар жалма-жан доңыздың етін алып кетеді. Ет желінсе, исі мұсылманның бас көтерері қытайға мәлім. Әсілінде қулығына құрық бойламайтын қытайдың күткені бұл емес-тұғын. Шошқаның етін жемек түгілі, атын ауызға алмайтын қазақтың ұтылар жері осы болар деп шамалаған-ды. Матаны ашып, шошқаның басын көргенде, табақты теуіп жіберсе, сыныққа сылтау болар деген арам ойдың бұғып жатқанын білмейтін Оспан дейсің бе! «Қазақтан әскер алмаймыз» деген келісімшарттың бір төбелеспен оңай шешілгелі тұрғаны марқұмның Құдайға қараған ұлылығынан аса алмапты... Қош, сонымен әуелгі әңгімемізге оралайық. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін бір топ нөкерлерімен қара Оспан жетеді. Ауылдың игі жақсылары жігіжапар күтіп, алдына ақсарбас әкелгенде де Оспан қырысып, бата жасамайды. «Менің шақшамды қолымнан іліп алып кеткен тентектің айыбы оңайға түспес», – деп, өкпесі қара қазандай болып, теріс қарап жатып алады. Ешкімнің сөзіне илікпеген соң, Бағышай анамыз көлбеген биге дүрсе қоя береді: «Ей, Оспан! Сені де би дейді ғой. Дастарханнан, астан үлкен емессің. Айыбымыз болса, жуармыз. Алдымен батаңды жаса!». Басын жастықтан жұлып алып, Бағышайға тесіле қараған Оспан қолын жайып, ақсарбасқа бата жасайды. Ет желініп, ар жаққа ел қонып, сары қымыз сапырылған соң, Бағышай жігіттерге төрде тұрған үлкен сандықты ортаға алып келуді бұйырады. Жұрттың көзі екі-үш жігіт әзер көтеріп әкелген сандыққа қадалады. Сандық ашылып, тоғыз қабат торғынның бүктеуі жазылған соң барып, ортасынан Оспанның шақшасы шығады. «Міне, шақшаңыз», – деп енді биге ұсына бергенде, Оспан орнынан ұшып тұрып: «Е, е, е... Бағышай! Жұрт бекер атыңды аңыз қып айтпайды ғой. Менің жаман шақшамды сонша қастерлеп, тоғыз қабат торғынға ораған кісілігіңе тәнтімін! Ойы барды ойлантар тұспалдың түйіншегін шешпесем, менің кім болғаным? Түкке тұрмайтын дауды қуалап келген кемістігімді кешір!». Осыны айтып, еш тарту-таралғыны қанжығасына бөктермей, би еліне қайтып кетеді. Арықбай шалдың алақаны аспанға жайылып, келініне тағы бір ұзақ батасын береді... Қазақ та Құдай деген халық еді ғой, ә...
Қазақ
«Ауыл жаққа бір барып қайтпасам» деп біраз жылдан бері ойлап жүрсек те, реті болмады. Ақыры шалқадан түсіп қиялдамасқа, ләж болсын ба, қиялға ерік бересің. Туған жердің шөбі де, шөңгесі де өлең болып, қурайы құбылған қу заманды сыбызғыдай сызылта жөнеледі. Көкірегің қобыздай күңіреніп, «бақсының моласындай жалғыздығыңды» еске салғанымен, «ескі заңымен жүрген еліңді» тау қозғалса, қозғалмас ұлы махаббатпен жақсы көретініңді сезінгеніңе де сансыз шүкір айтасың... «Қамзаның баласы...» Шағанғол деп аталатын ауыл орталығынан бес-алты шақырым, Кекжек тауының етегіндегі шағын қыстақ – туып-өскен топырағым. Көк дөненнен жүйрік көңіл қанат қаққанда, бұрын қалай жүріп өткеніңді сезбей де қалатын жолдың белі жазылды. Мың күннің бір күніне ғана жазылатын жалғыз Жаратушыны жүрекпен сезіне алатын, жан рахатына бөлейтін ғайып мезгіл де осы. Дәл осы. Қиялдап жатырмын дегеннен гөрі, қалқып жүрмін деген дұрыс шығар. Қара жолдың батыс жағында сарқырап ағып, жалаңаш Шағанғол жатыр. «Баяғыда осы өзеннің бойы ит тұмсығы өтпейтін жыныс орман болатын, «Мәдениет төңкерісінде» «шпион жасырынады» деп «белсенділер» түгел отап тастады». Үлкендер осылай айтатын. Сол зобалаңның куәсі болып, аспанға бой созған жалғыз терек біздің ауылда. Жұрт бір бұтағына да тиіспейді, «Киелі ағаш» атайды. Қажеті жетіп, қажыға барған тіркіс шал – Төкеннің үйі жалғыз теректің қасында. Біраз баланың сауатын ашқан мұғалім Нәсіпқан осы кісінің баласы. Одан кейінгі үй – Әусәпидікі. Емші, оташы, құсбегі. Үйінен алыс-жақыннан шұбырған кісі үзілмейді. Мертіккен, дертіне шипа таппаған бейбақтың бәрі осы үйден табылатын. Ескіше хат таныған, дәрігерлік мамандығы болмаса да, жазбайтын ауруы жоқ. Қисық біткен, күл-талқаны шыққан сүйекті саусағымен санап, орын-орынына салатын. Қазақ «Жіңішке ауру», «Құрт ауру», т.б атайтын дерт-дербездің бәрі жазылатын. Қаланың дәрігерлері: «Шанхайға апарып көрсетпесеңдер, басқа жер емдей алмайды», – деген науқасы да Әуеңнен жазылған-тұғын. Әйтпесе, Шанхай қайда, қазақ қайда? Шанхайды қойып, аудан орталығын жылына көрсе көрді, көрмесе ол да ертегідей елестейтін қарапайым шаруаның қалтасының жайын айтсаңшы. Әуең шал көрсеткен қызметі үшін ешқашан ешкімнен ақы дәметпейтін. Жұрт
өзі разылығымен сый-сияпатын жасап жатады. Кейін сол жарықтық сексенге келгенде: «Е, Құдай! Осынша жасқа келгенде келін-кешектің жалаңаш тәнін көрсетпей, тезірек алсаң екен», – деп дұға қылып отыратын еді. Сол сексенінде кетті. Ауруы жанға батып келген қыз-келіншекті шарасыз емдегенімен, іштей ұяттан өртенетін көрінеді... Ал, анау ауылдың қақ ортасындағы шатыры биік, еңселі үй – Қасаңбай ақсақалдыкі. Қасекең кезінде Оспан батырдың сенімді серігі, оққағары болған, жаужүрек батыр кісі деп естіп өстік. Тілінің мүкісі бар. Қара темірді қайысша илейтін ұста. Ашуланғанда үлкенге де, кішіге де «Ошпаннан жайныңың айтық па» дейтін жалғыз-ақ сөзі бар. Мүкіс тілімен Оспан батыр туралы талай әңгіменің басын қайырған. Атақ, медаль құмар заманның ұрпағы болған соң ба, соған қатысты айтқан хикаясы жадымнан өшпейді. «Оспан батырды алдап-сулап, кеудесіне медаль тағып, өз ырқына көндірмекші болғандарға баһадүр: «Мен кеудесіне әлпеншек-сәлпеншек тағатын қатын ғой деп пе ең! Құрыңдар, түге! Ұлтымның азаттығын атақ-абыройыңа сататын сатқының мен емес!», – деп жауар бұлттай түнерді батыр», – дейтін Қасекең. Өзі Тарым түрмесіне отырып келді. Банды атанып, жиырма жылға жазасы кесілген жарықтық мерзімінен бұрын босатылыпты. Қара қытайдың күні түсіпті. Құм арасындағы түрмені тексеруге келген қытайдың жоғары шенді әскери басшысы мінген көлік бұзылып, айдалада қалады. Машинаның алдыңғы екі доңғалағын ұстап тұрған оқ темір майысып, мысы құрыған шенді-шекпенді амал таппайды. Қасаңбайдың ұсталығын білетін біреуі: «Ана сақауды алып келіңдер. Әгәрәки мына машинаны жөндей алса, мерзімінен бұрын босатамыз», – деп уәдесін берсе керек. Қолында ешқандай құрал-жабдығы жоқ Қасекең оқ темірді шешкізіп алып, астына лаулатып от жағады. Темір әбден қызарып, балқиын дегенде екі-үш жігіт теп-тегіс қып жайып қойған құмның үстіне салмақтап тастай салғанда, қисық темірдің қырысы жазылады. Ауыздары ашылып, аңқиып қалған қытайлар уәдесі бойынша Қасаңбайды мерзімінен бұрын босатады... Тарым түрмесіне менің атам да жиырма жыл отырып келді. Қол-аяғын кісен қиған сол жарықтықтың бейнесі де еміс-еміс есімде. «Құдай салды, құл көнді» деген тәубесінен жаңылып, көрген қорлығын шағынған сәті жоқ еді. Дәрет алып, «Үш қиссаны» оқып отыратын. Пайғамбарымыз дәуірінен сыр шертетін ол аңыз-әңгімелер бізге де аса қызық. Дауыстап оқытып, жалықпай тыңдаймыз. Ол кісінің түрмеден шығып, үйге келгенін де ешкім білмей қалыпты. «Бөрінің бөлтіріктері» ауыр жұмысқа жегіліп, хат-хабарсыз, «үнсіздікке» шатылған. Айлап, жылдап ауылға жақындаған жарықтық атқа мініп, алдынан өтіп бара жатқан жас жігітті: «Әй, сен Қамзаның баласы
емессің бе, бұрыла кетші», – деп тоқтатады. Үсті-басы алба-жұлба бейтаныс шалдың өзін шырамытып тұрғанына таң қалған бозбала: «Иә, Қамзаның баласымын. Қайдан білдіңіз ақсақал? Сіз өзіңіз кім боласыз?», – деп таңданысын жасыра алмапты. «Мен Нұрсал деген боламын. Тарымнан келе жатырмын. Атқа отырысың, әкең Қамзаға ұқсайды екен», – деп жайбарақат тіл қатады. Аттан секіріп түскен жас жігіт көлігін көлденең тартып, өзі алақайлап ауылға жүгіре жөнеледі... Тәтті қиялдың шырқы бұзылатын тұсы осы. Қара жолды бойлап қайқайып бара жатқан қиял құсы кілт тоқтайды. Япыр-ай, жүргіншісі саябырламайтын сол жолдың бойынан сонша жат, сонша суық мен және менің сапарластарым өрлі-қырлы өтіп бара жатыр. Салқын бас изесіп, самарқау сәлемдескеніміз болмаса, жүректе көз. Әттең!.. «...Алла акбар дейтіндер ме?» Ертеректе Алтайдың түкпіріндегі Шағанғолға киім-кешек сатып, сомка көтерген қытайлар келе бастады. Жабайы адам көргендей артынан тас лақтырып, ит қосамыз. Кейде кеш түсе бастағанда жаңағы саудагер қытай амалсыз ауылға бас сұғады. Шешелеріміз біздің қылығымызды жақтырмай: «Қытай да болса адамның баласы ғой. Қойыңдар, болды бейшараның мазасын алмай», – деп қалған-құтқан тамақты беріп, сыртқа төсек салып беретін. Ал ертесі төсек-көрпені жуып-шайып, апталап күнге жаяды. Тамақ ішкен ыдысын күлмен жуып, оны да күн түсетін жерге қояды. Былғанған ыдысты сырттан келген біреудің қолынан таппасаң, одан кейін ешкім де, «адамзаттың бәрін сүйген» шешең де сылтауын тауып, сыртынан итереді. Кейін құжынаған қытайлары көп қалада оқып жүргенде ауылдан үлкен кісілер іздеп келіп қалады. «Бөрі арығын білдірмей» қазақ, ұйғыр немесе дұңған ашқан дәмханаларға апарсаң да: «Әй, мыналарың мал сойғанда Алла акпар дейтіндер ме? Жоқ, әлде, харам асты қылғыта беретін немелер ме?», – деп берген асыңның егжей-тегжейін сұрай бастайды. Қанша түсіндірсең де түшіркеніп ас ішпей, аш қайтады. Тамақтың табылғанына қуанып, жалмаң қағатын бізге ұзақ тесіліп қарайды... «Ауылда біреу арақ ішіпті» десе «адам өлтіріпті» дегендей, жұрт үрке қарайтын кез де сол шақ еді-ау!.. Қарын тойып болмаса қызара бөртіп отырып Отан, ұлт туралы әңгіме бола қалғанда байқамай лепіріп сөз айтып алып, артынша осының бәрі еске түскенде... ұят, ұят! Тұтас ағзаны тап-таза ұстайтын талғамды, көзге көрінбейтін қорған мен қоршауды сақтап қала алмай, ұзын-ұзын сөзге үйір сүрепет мынау...
Абай ауылында Қоңыздың Құрман атануы Ұлттың жоқшысы болған «Қазақ» газетін ақтарып отырып, Міржақып Дулатовтың Хазірет Сұлтан кесенесі туралы жазған мақаласы «ұйықтаған ойды түрткендей» сезім кештірді. «Көне қазан» мен «жаңа қазанның» (елу жылда – ел, жүз жылда – қазан жаңа) ернеуіне қатқан қақты жуып кетіретін ұлттың ішкі мәдениеті (иманы) туралы ойламайын десең де, ойландырады екен. «Қазақтар Хазірет Сұлтанның кесенесін жөндейміз деп елден жиған мал мен ақшаны қылғытып қойыпты». Аруақты сыйламаған елдің тірлігінен көңілі қалған Міржақыптың жүз жылдан кейінгі балалары – біз: «Бүгін кімбіз?» деп өзімізге-өзіміз үңілуге қақымыз бар шығар. Бірақ, айдың, күннің аманында қолды боп кеткен он миллиард долларға жарымаған жалақыдан ұсталатын бәжі-салық пен қуықтай бөлменің ай сайын үстемелеп келетін коммуналдық төлемақысы арқылы «бақа сисе көлге септей» үлесі бар бізді кім тыңдасын? Тым құрығанда «ешкінің сақалына қатқан мұздай» атақабыройың болса, бірсәрі. Әйтпесе, «мен де бір – жасын түскен терек те бір». Атаққа қарай іс қылып, дәрежеге қарай сөз тыңдайтын жүміле жұрт емеспіз бе?.. Кішкентай сөз айту үшін де (біздің түсінік бойынша) бірмұнша жұртты «қыраудан кешкен жылқыдай» атақ-абыроймен «састыратын» дәреже керекақ. «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері», болмаса «пәленбай сыйлықтың лауреаты». Түк жоқ дегенде күніне эфирден бір-екі жылтыңдап тұрмасаң, тамададай татымың болсын ба?! «Бес қаруың» сай болса, «сөйлеймін десең, өзің біл». Құдай бермегенді адамнан алғанның борышы көп, тілемсектік жолға түсіретінін ескеру қайда? Ал кеп дәлелдейсің «данышпандығыңды». Сандуғаштай сайрайсың. Газеттің табақтай беттерінде «ұлы еңбектерің» жөнінде заказбен мақала жаздырып, кеудеңе салбыратып орден тағуға тура келеді. Радио мен теледидардан түспе. Сонда барып «кісі болар баланың кісесі белгілі». Өтірік мақтау мен қолпаштау – Құдайға сенгендей қуыс кеудеңді қос жұдырығыңмен төмпештетеді-ай келіп. Сойыл ұстағандардың «иманын сатып, бөз алмағандарға» ойнатқан әңгіртаяғын шын мінез санаған соң, сөз ұстағандардың «ескі бише бос мақалдағанын» «кемел адам» көрмеске ләж де жоқ. Ал ол «бағындырған биік» ұлт ұстазының алдында да ештеңеден ықпайтын...
Осы деректі шалекеңнен естідік. Ол кісі бұ хикаяны марқұм Асқар Татанайұлының жазбаларынан оқығанын айтады. Қысқасы, әңгіме былай. Арғы бетті жайлаған Бұтабай болыс қажыға баратын сапарында Қоңыз деген азаматты шақырып алып, қажы сапарына бірге баруға қолқа салады. Қоңыз қаржысының жоғын айтқанда Бұтабай болыс: «Менің сомам жетеді. Маған жиналған сома бүкіл Байжігіттен құралған, екеумізге ортақ», – деп ертіп алады. Ол кезде қажыға бару үшін Мәскеуге хат жолдап, солардың рұхсатымен аттанады екен. Осы шаруаны бітіру үшін Бұтабай болысқа ілескен Байжігіт қажышылары Семейге келіп, Құнанбай қажыға сәлем беріп, сапардың жол-жоралғысын, қажылықтың парызы мен қарызын ұғысады. Қонақ болып жатқан Бұтабай болыс орыстың заң-зәкүнін жетік меңгерген Абайға Мәскеуге жолдама жаздырып алу үшін арнайы барып жолығады. Абай әкесінің қасында танысқан Байжігіт ақсақалдарына төсек үстінде кітап оқып жатып, самарқау амандасса керек. Сонда тілді-жақты Қоңыз: «Бұтаке, бұл мұсылман десем сәлемі жоқ, орыс десем әдебі жоқ. Соншалықты жалбырақтап жатқаның кім?», – деп тиісе сөйлейді. «Құнекеңнің Абайы емес пе?! Әкесінің қасында Құнекеңнің Абайымен амандастым, өз үйінде Ибраһимның өзімен таныспаймын ба», – дейді Бұтабай болыс. Қоңыз тағы қыжырта: «Тәйір-ай, Арғынның ақ тобық атының бәйгесіне келген Тобықтының Құнанбайының ұлына сонша жалбырақтайтындай несі бар?», – дейді. Абай аспай-саспай: «Қоңыз мырза, ойың ұшқыр, тілің өткір екен. Тынысың кең болғай. Тарихқа тап бергенде менің де айтарым бар айтсам. Жақсылардың алдында жағадан алысып қайтеміз? Алда талай жерді аралайсың, көп жұртты көресің. Әр түрлі ұлтпен танысасың. Олардың алдында сөзден ұтылмассың. Бірақ Қоңыз деген атың ұлттың атына емес, жердің құртына қойылады. Мен жолдамахатқа «Құрман» деп жазайын, қайта келгенде «Құрман қажы» атан», – дейді... Қоңызға сонша тіл бітірген, өзіне өте сенімді сөйлеткен қандай күш екен? Әй, ол жарықтықты да «шешенсің, көсемсің» деген жұрттың сөзі, таңған атағы құртқан ғой. Абай философиясының ұлылығы да осы – «сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап». Бұл құбылысты біздің қабылдауымыз тіптен қызық. «Ойбай, Абайға сөйткен бе? Қоңыздың жүрегінің түгі бар екен» дегендей. Өзіміз өмір сүрген қоғамның өкініші мен өксігін саралағаннан, өткен шаққа кіжініп қарағанның оңай жері осы. Тым ақылды бола саласың. «Жел сөзді сізден аяп» жатпайтын жалпақшешейліктің «жақсылығын» көрген соң, ауызды аяймыз ба? Баяғы өзгермеген «қазақы» өмір миымызға кіріпшықпайды. Кімнің кімге не айтқанын, кімнің кім болғанын уақыт өзі таразылар. Заман озғанда тұлғатанудан бағы жанбаған тайқы
маңдайымыздағы айқыш-ұйқыш әжім – «Абайды сабадық, сөзбен қағыттық. Біржанды арбаға байладық, Ақан серіні сенделттік» деп тебіреніп айтатын «ұлттық өкінішімізбен» қатпарын қалыңдата береді-ау. Қандай қызмет қылып, соған жарай бағасын алсақ та асып-тасып, аптығатын не жөніміз бар? Әкенің (ұлттың) алдындағы қарызымыздың қабырғасын да жаппайтын «күдірейген жал» – әлмисақтың бір нүктесіне де татымас... Бағана сөздің басында айтып қалған «ешкінің сақалына қатқан мұз» дегеннен шығады, көршіміз Шайзаттың бірінің аяғын бірі басып қалған төрт-бес ұлы болды. Бүкіл ауылды шулататын тентектер еді. Алтайда қыстың күні суаттан мал суару деген бір азап. Азын-аулақ мал-сұлды айдап барып, суарып қайту үшін қыстың қысқа күнінің біразын жоғалтасың. Мал айдап, ауыл шетіндегі омбы қарды таптап, доп қуалайтын балалардың қасынан өтіп бара жатқанда шаруаға жеккен әкеңді, әй, жеккөресің-ай келіп. Доп майданы түс ауа қызады. Сол қызық қызар сәтке ертерек ілінбекші болған Шайзаттың ұлы бір күні ертерек малын суатқа айдады. Тіпті, түс болмай жатып шаруаларын тындырып, «үйіріне» ерте қосылып алған. Қызықтың көкесі түс ауған соң болды. Бар дүние есінен шығып, кезекті голын соғатын орайы туа берген ана жазғанды (Шайзаттың ұлы, допты жақсы ойнайтын) әкесі артынан келіп, майқұйрықтан жуан етігімен бір-ақ тепті. Доп-побымен қақпадан өтіп барып құлады байғұс. Әкесі оған да қараған жоқ, жатқан жерінен тұрғызып алып, желкеден нұқып, алдына салып, үйіне қуды. «Малды неге суармайсың», – деп боқтап барады. Ана сорлы ақталып, шыр-шыр етеді. «Суарғам, ерте суарып келгем...». «Сонша ерте қимылдаған бейшара неге таяқ жеді екен» деп біраз күн талқыладық. Өйтсек, бәрін құртқан допқа ертпей, үйге әлімжеттікпен қалдырып кеткен інісі екен. Қызықтан құр қалған інісі (өз аты Әлім, інісінің аты Ғалым) бұл «қорлықтың» кегін қайтаруға кіріседі де, әкесіне барып: «Әке, бүгін Әлім малды суармай, доп теуіп кетті. Сенбесеңіз, шөптің түбінде тұрған ешкілердің сақалын көріңізші. Су ішкен ешкінің сақалына мұз қатады. Ал мына ешкілердің бір де бірінің сақалында қатқан мұз жоқ. Демек, су ішпеген», – деп әкесінің ашуын түртеді. Ашуға булыққан Шайзаттың ақ-қарасын айырмай, Әлімді допша тепкені сол екен. Қанша ақталса да бұлтартпас дәлелден құтылып көрсін Әлім, жеді-ау таяқты. Күн көтерілгенде ешкінің сақалындағы мұзды қойып, тоңның өзі жіпси бастайтын Алтайдың ғажап қысы туралы ойламаса керек бейбақ әке... Шайзат шал ебі келген өтірікке (біздің келетін, кететін атақ-абыройға сенгеніміздей, ешкінің сақалына қатқан мұзға) сеніп, бір рет қана құр ашуға бой алдырған жоқ-ты. Әке емес пе, ішіндегі бір қыжылы арылмайтын. Неге екенін кім білсін, ұлдарына көңілі толмайды. Балаға тән мақтанның өзін ол
кісі қабылдап көрген емес. Ұлдары тау қопарып, тас көтеріп келсе де: «Не болды сендерге шіреніп?!», – деп үйге отырғызбайды. Қашан көрсең күйіппісіп, балаларын боқтап бара жатады. «Бұлар адам болмайды. Неменеге көсіледі, ей, тындырып тастағандай! Өзіміз де жас болдық. Тап бұлардай міндетсіп көрмеппіз ешкімге. Қолы жыбырласа, маған бұлданғысы кеп тұрады, түге! Пәтуа бар ма бұларда?..». Тіпті, Әлімді қосып атайтын «атақты» да өзі қойып берген... Қыстың күні таудан ен қарағайды жығып, атпен сүйреп келу – жігіт сыны саналады Алтайда. Бір күні Шайзат көршіміз есейіп қалған Әлімді (7-8 сыныпта оқиды-ау сол кезде) жігіттермен қосып, отынға жіберді. Жігіттер жіңішкелеу екі қарағайды жығып, басын тесіп байлап, Әлімді атқа отырғызып, жолға салады. Өмірі әкесінің өзіне көңілі толмайтынын білетін Әлім бұл «ерлігіне» масаттанып, үйге жетуге асығады. Ел таңғы шайға отырған мезгілде Әлекең сүйреп келген ағашын дәл есіктің көзіне тақап, атын байлап, үйге кіреді. Төрде жамбастай шайды сораптап жатқан әкесіне қолын кеудесіне қоя: «Асса-а-алаумағалайку-у-ум!», – деп дауысын созып, тізесін ие сәлем береді. Ағаш сүйреп келгеніне кісімсініп, лапылдап тұрғанын жақтырмаған әкесі де дауысын созып: «Уа-а-ағалайкумассала-а-ам! Әй, Әлім, сәлеміңде де пәтуа жоқ қой», – деп теріс аунайды. Абыройыңды әке бермесе, шімірікпей шіренгенің шырқыңды алады екен. Кейін бүкіл ауыл Әлімді «пәтуа жоқ Әлім» атап кетті... «Әке балаға сыншы». Ұлт әкесінің «өздеріңді ел болар дей алмаймын...» дегені жеті түнде ұйқыны бұзар үрей ұялатады. «Бізді емес анау заманның адамдарын айтты» дейін десең де, әкенің «қалған көңіл – шыққан жанын» ұмытар, ұлылық ұйыған уақыт көші керегесін керген кербез дала көзіңізге түсті ме?.. Өзіңіз бен өзіңіз шынайы жалғыздығыңызды (Құдайды) сезінген кезде имандай расын айтыңызшы...
«Сары иттің ауылы» атанбас үшін... «Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, ақсақалдың алдын кеспеген халық» деп жатамыз. «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ». Бұл енді алғашқы айтқан сөзіміздің анықтауышы іспетті. Отыз тістен шыққан сөздің қандай бастан жария болғанына аса мән беретін болмысымыз осы тұстан мағұлым. Шалкиіз айтады: «Тебінгінің астынан Ала балта суырып, Тепсінісіп келгенде Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті». Өйтсек, аталы сөз айтар ауыздың Құдай жаратқан өзгеше болмыс-бітімі бар екен. «Мен ісімді Хаққа тапсырған» хакімдік болмаса «күйбеңдескен көп жаманнан» биік тұрар жаратылыс керек екен. Ол жаратылыс – «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» болмақ-дүр. Бірақ «сөзім бар да, көзім жоқ» қалпы қартайып барамыз… Баяғының жай адамын қойып, батырларының өзі өз орнын біліп, қаланар кетігін адаспай табар қасиетін аталарымыз айтып отырушы еді… Жоңғар шапқыншылары қазақ даласын жаулап, ата қонысымызға көз алартқан қиын күндер жадымызға жазылған. Бір жолы басым күшпен келген жоңғар әскеріне қарсы аттанған Абылай басқарған қазақ қолы қатты шайқасады. Сан жеңіліп, сан шегініп, ілгерілеудің бірінде қазақ қолы шайлығып, қаша соғысады. Алды жөңкіле қашқан сарбаздардың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады. Оның үстіне неше күндік сайыстан сарбаздарды қойып, тұлпарлар да бұрлығады. Шаршап, шалдықса да жоңғардың қалың әскерінен қайтпай Абылай хан толарсақтан қан кешіп, ұрыс даласынан шегінбейді. Осыны байқаған Жәнібек батыр (ол кезде Жәнібектің батыр атағы шығып, аса таныла қоймаған кезі екен) бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалып: – Алдияр тақсыр! Атыңыз болдырған екен, менің атыма мініп, сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Әйтпесе, қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып
жау алған жанды атам қазақтан көрген емеспін, – дейді. Бала жігіттің сөзін жөн санағанымен, ат ауыстыруды намыс көрген Абылай: – Тұлпарың шалымды көрінеді, менің атымнан сен барып тоқтат, – дейді. – Тақсыр-ай, – дейді оның қатарына келген бала жігіт, – мен сен бола алмаймын, ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ. Жаудың алдын бөгеп, соғысуға қайратым ғана бар! Мұқым қазаққа сөзі жүретін қасиет сізде ғана бар ғой, тақсыр! Жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей, жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып: – Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың, – дей бергенде ашуына мінген Жәнібек батыр қылышын суырып алып: – Басыңды қалмаққа кестіріп, қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін, – деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің екпіні есіп тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау жағадан алғанда жанжалдасып жатуды жайсыз көргенін немесе «қашқан қолды тоқтат» деген кеңесін орынды санағанын кім білсін әйтеуір, Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген қолдың алдын тосуға қамданады. Кейін Жәнібек батырға ырза болған хан Абылай батырға оң тізесінен орын беріпті... Осы бір әңгіме еске түскен сайын «дәрежесін артық етсе, Тәңірі еткен» тұлғаның қасиетін анық барлайтын бұрынғының адамдары-ай дейсің. Сәл орай болса эфирден болмаса халық көп жиналған жерде «ұлтшыл», «халық батыры» болып көрінгісі келетін бүгінгінің бейпілауыздарына не дейсің? Халық кейде бала, кейде ана секілді. Баланы әлпештеп, ананы ардақтайтын даналық бұйырған «жан көрінбес көзіңе». Мақсат, мұраттан гөрі, қулықсұмдық сауған заманда ет жақыныңның иманын пайдаланып, шіренгеніңе де жол табасың. Ұлдың мінезі ұсақталып, ұлылық орға жығылған сәтте бүкіл жұрағатқа кесел айналып, кесір иектейтінін естен шығарып алдық. Ақсақалдықтан адыра қалған тас жетім тағдырымызға налып, әркімді кінәлі санауға әуес бөтен жыныстың бойымызға сіңе бастаған бөгделігі – ұлтымыздың трагедиясы. Шіркін, Абылайлар, Жәнібектер... Бір студент айтып еді: «Біздің университетте пәленбай деген ғалым бар. «Ұлтым» деп күңіренеді-ау, шіркін! Сағаттап сөйлеген сөзі Жүсіпбек Аймауытовтың бір сөйлеміндей әсер етпейді», – деп. Неге солай екен? Аузының дуасы қашқан деген осы шығар. Ауылға сыйлы, ағайынға құрметі зор кісілікті адамның
реніштен туған сөзінің өзі бір әулеттің сүйегіне таңба болып кететін қазақ емес пе едік... Баяғыда әжем жарықтық Қытайда басталған «Мәдениет зор төңкерісінде» сын-тезіне алынып, күнде тергеледі екен. Тергейтін өзіміздің қазекеңдер, «күні туған қу кедейлер». Атпал азаматтары түрмеге кетіп, ауыр еңбекке жегілген әжеміз тау арасындағы ауылды солқылдатып тұрған «мықтының» туысының қорасын тазалайды екен. Бір күні сол жазғанның сары иті жоғалып кетіп, қос атты жетекке алып төңіректі шарлап кетеді. Сол күні әкемнің ағасы түрмеден босап, аудан орталығына келеді. Ауылға жетуге көлік жоқ, әжеміз кешкі жиналыста ана «мықтыдан» (аты Қали екен) көлік сұрайды. От алып қопаға түскен Қали әжемізге дүрсе қоя береді. «Бөлтіріктің түрмеден босағанына менен сүйінші сұрап тұрсың ба! Түрмеде шіруі керек еді, қайта босапты ғой. Оған жіберетін атымыз жоқ, үкіметтің шаруасы ақсап қалады. Келетін неме болса келер өзі бірдеңе ғып». Бұл сөзден кейін әжеміздің ашуы оянып, айтарын ірікпепті. «Ей, Қали! Не көкіп тұрсың! Дүниені ұстасаң мендей-ақ ұстарсың. Уызында жарымаған тексіз! Итің жоғалса да қос атпен дүниені шарлатасың. Қара басты адамға жаны ашымайтын сендейлерге зауал! Адамды құрт-құмырсқа ғұрлы көрмейтін тас жүрек! Сары иттің ауылы...». Дүйім елдің алдында кәрін төккен кейуананың бұл сөзі Қалидың жынын қағып алғандай сүмірейтіпті... Кейін солақай саясаттың ұйтқып соққан бораны да басылды. Қақыш әжеміз марқұм болды. Қали жазғанның сүйегіне түскен таңбаны бәрібір уақыт желі өшіре алмады. Еңкейген кәрі, еңбектеген балаға шейін күні бүгін Қали әулетін «сары иттің ауылы» атап кетті... P.S 86 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» кейін әлем назарында қазақ – Кеңестің қабырғасын қақыратқан, ерліктің, еркіндіктің елі ретінде танылып еді. Араға аттай желген 25 жылды салып тағы бір доң айбатымызға төрткүл дүниенің назарын бұрдық. «Жаңаөзендегі» қырғынға, адамгершілікті мансұқтап, Абыл мен Қабылдың трагедиясын топырағымызда тұтатқан жендеттік пиғылға өзге жұрт үнсіз қалмаған шығар...
Қазақ баласын… «Қарға баласын – әппағым», кірпі баласын – «жұмсағым» дер». Сүлеймен пайғамбар заманынан бізге жетті дейтін тәмсіл әңгіменің астарына үңіліп, айтпағын пайымдап отырғаныңызда ойың он саққа жүгіреді. Қазақ баласын – кім санап, кімім дер еді? Біздің халықтағы әке мен баланың суық қатынасы, тұйық байланысы есіңе түседі. Кейде сенің балалығыңды ескермей, тым қатал шешілетін әке үкімі әділетсіз болса да, үнсіз көнуің заң боп шегеленген барыс-келіс жайлы ойлайсың. «Біз осы қандаймыз?» демеске, шараң жоқ. Мүмкін айтпақ психологиямыз өткенге тән, біз соңғы әсерін сезінген ұрпақ шығармыз. Мүмкін олай емес те шығар… Жаздың күні еді. Ел жайлаудың төріне қонып, ойдағының шыбын-шіркеймен жағаласып, мазасы кеткен шағы-тұғын. Күн еңкейіп қалған кез, ауылдан сәл қиыстау жердегі шабындықты суарып жүр едім, әкей келіп: «Ана жайлаудағы Тәліп атаңның (әкемнің ағасы) үйінде ұн қалмапты, сәлем айтып жіберіпті. Ұн жеткізіп бер!», – деді. «Мақұл» деп күректі иыққа салып, әкейдің артынан еріп, ауылға қарай беттедім. Үйге кіріп, бір-екі кесе салқын шайды жұтып үлгергенше сырттан әкейдің: «Тезірек бол! Күн бататын болды» деген айқайы естілді. Атып шықтым. Есік алдына шығарып қойған бір қап ұнның жанында арық торы атты ұстап әкей күтіп тұр екен. Бір қап ұнды (шамасы 60 келіден астам) екі жақтап, екіге қақ жарып, торы атқа теңдедік. «Жолың болсын!», – деп аттың сауырына бір ұрған әкей артта қалды, мен жайлауды бетке алдым. Жайлауға дейін құр атпен төрт-бес сағат жүресің. Ауылдан біраз ұзап, Теректі аталатын сайдың аузына ілінгенде күн де батты. Батқан күнмен ілесіп ойға үрей де ұялай бастады. Үрей болғанда «жын-пері немесе Алтайдың жыртқыш аңдары кезігіп қалмаса екен» деген қорқыныш емес, басқа үрей. Бірер апта бұрын ғана ауылдағы Тасқын деген жігіт құтырып ауырып, осы Теректі жаққа қашып кетті деген сөз тараған. Сол кездесіп қалмаса екен деп келем. Кенет төмен жақтан айқайлап, бір-бірімен жарысқан екі-үш жігіттің қарасы көрінді. Ілезде екеуі жанымнан тасырлатып шауып өте шықты. Тек біреуі ғана: «Кімсің, ей!», – деп бетіме үңіліп, атын ойнатып алды-артымды орады. Танып тұрмын. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр. Ауылда үнемі ішіп, төбелес шығарып жүретін «қисық» аталып кеткен Мәден деген жігіт. Жұрттың бәрі «қисық Мәден» дейтін. «Сен мына жүрісіңмен
жайлауға бүгін жетпессің», – деп Қисығым атын бір салып, жаңағы жолдастарының артынан шаба жөнелді. Жан-жағыма алақтап қарап, аяңдап келем. «Тасқын жүреді екен» деген «қауіпті мекеннен» де өттім. Ендігі мәселе жын да, жынды да емес, шелектеп құя жөнелген жаңбыр болды. Орта жайлауға енді ілінген тұста артылған ұн мен мені әзер көтеріп келе жатқан торы аттың жағдайы қиын бола бастады. Сабалаған жаңбырға қарамай, аттан түсіп, жетектесем де жануардың алға аттайтын түрі жоқ, амалсыз аялдауға тура келді. Тері тұлыпқа қақ жарып бөлген ұнды жерге түсіріп, тастың үстіне қоюын қойсам да, «тынығып болған соң атқа қалай артар екенмін» деген ой мазалай бастады. «Бір жөні болар», – дедім де, қынасы былжырап езіле бастаған тастың шетіне отыра кеттім. «Арық атқа – қамшы ауыр». Үстіндегі жүгі түскен соң торы ат қайтақайта сілкініп қояды. Ел жоқ иен таудың арасында бұлай отыра берген де тиімсіз. Жаңбырға малшынып, қойын-қонышты суық аралай бастады. Орнымнан тұрып, ұнды атқа артайын деп тастың үстіне шықтым. Былжырап езілген қынаны басқан заман аяғым тайып , екбеттей құладым. Әйтеуір қол тіреп үлгеріп, бетті аман сақтап қалдым. Ес кетіп, жан шыққанда екі тең ұн орнын тапты. Атты жетектеп, алға ілгерледім. Біресе жыныс орманға кіріп, біресе тұйық жартасқа тіреліп жүріп, түннің бір уағында төр жайлауға асатын тік мойнаққа іліндім. Мойнақтың арғы жағында атамның ауылы. Әбден титықтаған торы аттың енді жүретін түрі жоқ, мойнақтың ортан беліне келгенде төрт аяқтап, тұрды да қалды. Тап сол кезде мойнақтың арғы жағынан бері асқан аттыны көріп, қуанып кеттім. Жаңбыр басылып, аспан шайдай ашылған. Сол күнгі айдың жарығы нұрландырған түндей ғажайып түнді қайтып көрген емеспін. Жердегі жорғалаған жәндік көрінетіндей жарық. Торы аттың шылбырын тасқа орадым да, жаңағы жолаушыға қарай беттедім. «Кімсіз? Бұрыла кетіңізші, көмектеспесеңіз, атым жүре алмай қалды!», – деп айқайлап тіл қатқаным сол еді, «құтқарушым» кері бұрылып, атын бір салып, қаша жөнелді. Мені жын-перінің бірі екен деп қалса керек. Амалсыз алдыңғы жолдағыдай арық торыны тынықтырдым. Бағанағыдай емес, жүк арту дегеніңіз мәселе болудан қалды. Бір демалып, мойнақтың үстіне шыққанда арық торы жата кетті. Амалсыз үстіндегі ұнды түсіріп, жаңбыр тимеген тастың қалқасына апарып қойдым.
Жануардың ер-тоқымын алып, басыма жастап, ішпегін аяғыма орап, құрғақ жерге өзім де қисая кеттім. Әбден қалжыраған, жаңбыр өткен тән рахаттана қалса керек, ұйықтап кетіппін. Бір-екі сағаттай уақыттан соң барып, ат аяғыма орай салған шылбырды тартқылай бастағанда ояндым. Шаршағаны басылған арық торы жайылғысы келіп, қозғалақтай бастапты. Жануардың үстіне ер салып, жүгін артып жолға түстім. Көп жүрмей-ақ қаз-қатар тігілген ақ үйлердің қатары молая бастады. Абалап үрген иттер алды-артты орап, түн тыныштығын қашырды. Тәліп атамыздың үйі жылда отыратын маңға таяғанымда адаспай келгенімді, бағытымның дұрыс екенін әйгілегендей желіге жақын жерде өзіміздің таудай қарала өгіз жатыр күйіс қайтарып. Атты белдеуге байлап, ұнды түсіргенше, Тәліп атам да сыртқа шықты. Сәлемнен кейін: «Енеңді ұрайын, не қып түнделетіп келгенсің? Ерте шықсаң қайтеді? Бейшара-ау, жаңбырдың астында қалдың ғой. Әкең өзі келмеді ме, сені сандалтпай! Тез, үйге кір!», – деді. Судан шыққан тышқандай түрімді көріп, аяп кетсе керек. Апамыз да ояныпты. Бетімнен сүйіп, бір шара айранды ұстатты. Салқын айранды демалмастан тартып жібердім де, отқа жақын салынған төсекке құлай кеттім. Сәске түсте оянғанымды «ұнның бет жағы ғана су болыпты, қатты су өтпепті. Тері тұлыптың қасиеті осы» деген ата мен апаның көңілді әңгімесін естіп, боймыды бір мақтаныш сезімі билеп, танауым шелектей болды… P.S. Он үш, он төрттегі бала үшін сол түнгі сарпалдаңның аса қауіптілігі қазір ойласам бойымды дірілдетіп, ойымды толқытады. Сол кездегі қорқыныштан мың есе артық үрей бойымды билейді. Не деген әкеміз! Не деген баламыз!..
Жарты шелек алма
Мал емшегін еміп, ата кәсібінен қол үзбегенімен шаңырағымызда әжептеуір егістік жер болды. Қардың шеті сөгілісімен егіс атызын тыңайту үшін қорақопсының көң-қоқырын арбаға тиеп, ауыл адамдары қарбалас тіршілігіне кірісіп те кететін. Ала жаздай суармалы егіс алқабының шаруасы өз алдына, күзгі жиым-терім кезінде біреуді біреу білмей, нақ мұрынға су жетпейтін жағдай туатын. Сондай күздің бірі еді. Ұлғаусар шаруаға жарай қоймаған, «алып кел, көріп келге» енді-енді ебіміз келе бастаған шақ-тұғын. Үйдегі ересектердің барлығы егіс басына кетіп, жалғыз өзім қалқиып қырман күзетіп қалдым. Ұрыдан емес, ауыл үйдің жемқор сиыры мен ешкісінен. Әредік топаны қалың бидайға топырлай қонатын торғайларды да үркітіп отыруың керек. Байқұстардың бөтегесінде кеткен бірнеше тал дәнді қызғанбайсың ғой, шашып кетеді. Тау боп үйілген бидайды ары-бері айналып жүгіріп жүргенде кенет үнемі өгіз арбасын жетектеп, көкөніс, алма-қауын сатып жүретін дұңған шалдың таныс дауысы естілді. «Қауын алыңыздар, алма алыңыздар!». Бидайды тастап, солай қарай тұра жүгірдім. Қазақшаға судай шалың күніне ауылды бір айналып, саудасын жасап кететін. Арбасына тиелген жеміс-жидегі сілекейді шұбыртып, саудаласуға тура келді. «Алмаңыз қанша тұрады?», – деп сұрап үлгіргенімше, менде ақша жоғын бірден білген әккі шал: «Екі шелек бидай әкеліп бер, жарты шелек алма берейін», – деді. Қуанып кеттім, жүгіріп барып жаман шелектің екеуін лықа толтырып, саудагердің қабына төктім. Жарты шелек алманы мүжілген тамның қалқасына апарып алып, күйседім-ай келіп. Шелектің түбі көрінгенде барып қырмандағы бидайға қаптаған қой-ешкілер мен торғайларды байқап, солай ұштым. Кеш бата көршілерге көмекке кеткен үлкендер оралды. Бәрі қара күйе (бидайға түсетін құрттың бір түрі) басып, өнім ала алмаған Шоңбайдың отбасын айта бастады. «Бала-шаға жас, оның үстіне анау қалада оқитын қыздың оқуына да аз ақша кетпейді. Жиған өнімнің жартысынан көбі өкіметтен алған қарыз-құрызға кетеді. Әйтпесе Шоңбай байқұсқа бірер қап бидай берсек, артық болмас еді. Десе де шамаша көмектесе жатармыз», – деп әкем иегін ұстады. «Менің алма жегенімді мыналар білсе, оңдыртпайды-ау. Қап, сол алманы жемей-ақ, екі шелек бидайды Шоңбайдікіне апарып бергенде, әлдеқайда жақсы болар еді», – деген ой мазалай бастады. Ертесі қалғып-мүлгіп отырғанда кешегі шалым тағы келді. Мұқыл тамнан басын қылтитып: «Ей, бала, алма алмайсың ба», –
деп қарап тұр. Басын көздеп, кесекті атып кеп жібердім. Шал баж-бұж етіп, тұра қашты... Пендеміз ғой, талай қиянатымыз болған шығар. Бірақ осы оқиға есімнен көтеріліп көрген емес. Күнде таңертең жұмысқа келе жатып Жазушылар одағының жанындағы аялдамада алма сатып отырған әйелді көрген сайын «әй, сол алманы жемей-ақ қою керек еді» деген баяғыдағы ойдың бір соғып, мазалап кететіні бар.
Жолаушы
«Жолдар, жолдар алысқа апарыңдар...». Отызға жетер-жетпесінде жарық жұлдыздай ағып кеткен ақын Төлеген Айбергеновтың арманы мен мұраты еді бұл. Адам пендесін адастырмай, барар бағытын көрсетіп, сайрап жатқан Ұлы сүрлеудің бойында «жол көрсеткіш сақшының таяғындай» ізгілікке талпынысты кім жек көрсін. Әсіресе Төлегендей бөлекше жаралымның Хаққа бастар суыртпақ жолдың бойынан, Прометей алауындай лаулап жанған жүрегінің ыстық қайратын сезуге құштарлығы тіптен басқаша болатыны екібастан мағлұм. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың төрт томдық эпопеясын «Абай жолы» атауы да – кешегі сұрқылтайының сұры жаман заманда бізге: «Жолың осы. Бұрлығып, титықтасам да сендерге қоңыраулы көштің бұйдасын ұстаттым», – дегені емес пе!.. Жол – сәл қиыс бассаң аса қатал үкім шығаратын Жаратушының жердегі талғам-таразысы тәрізді. Біз – жүргіншілер күнде күнә мен сауапқа бетекі ұшырасып жатамыз... Нәпақаңды айырып, құлқыныңды майлап отырған жұмысыңа қоғамдық көліктермен жетудің Алматыда екі-ақ жолы бар. Бірі – тым ерте ел қозғалмай қамдану да, екіншісі жайрақ болса да кешігіңкіреп шықаның абзалырақ (несі жақсы дейсің, шарасыздықтан айтқан ғой). Қалыпты, жұмыс ережесіне сай бекітілген уақытта, ақылдылық танытып, атқа мінгенің бекер. Ұзыннан ұзақа созылған көлік кептелісіне душар болдым дей бер. Жүйкесі жұқарып, үзілуге шақ тұрған жұрттың қатарын молайтып, салбырайсың да қаласың. Кептеліс аз боп тұрғандай, әр аялдама сайын жер жылжыса жылжымайтын жүргізушіні айтшы. Шыдамның да шегі бар, айқай басталады. «Тезірек жүрмейсің бе, жұмыстан кешігетін болдық қой!». Халықтың наразылығын бит шаққан құрлы көрмейтін жүргізушің, тіпті әкесінен қалған машинаның құлағында отырғандай арс ете қалады. «Асығып тұрсаң таксимен кетпейсің бе. Маған не қыл дейсің!». Қайтесің енді? Жұрттың бәрі ақылсыз да, өзі ғана ақылды. Ой, Алла! Әлеуметтік қызмет көрсету деген нәрсе миына да кіріп шықпайды. Біреу зорлап рөлге таңып қойғандай құлықсыз... Кептелістен ығырың шыққан соң, амалсыз кешірек шығуға да таңдауың түседі кейде. «Сәске түс» дей ме қазақ, сол мезгіл. Ышқынып кеп тоқтаған троллейбустың жалына жармастық. Бұрынғыдай билет сатушы жоқ. Темір тиыныңды жұтып, билет құсатын құрылғы жалпыласқан. Майда тиының болмаса, бұның да әуресі көп неме. Бір қызығы бұл уақытта сапар
шеккендердің дені кемпір-шалдар. Ежелгі «Верныйдың» байырғы тұрғындары. Қоғамдық көлікке аяғың ілінгеннен, діттеген жеріңе жеткенше жақтырмай отырады. Тап бір солардың қыр желкесіне мініп келе жатқандай, ұнатпай қарайды. Неге сөйтеді, ей?! Коммунизмның нұрына балқып тәтті түс көріп жатқанда, шырын ұйқысын бұзған заманға өкпелей ме екен? Шемен боп қатқан дерті арқалап жүрген соң кімді ұнатсын дейсің... Аялдама сайын жаңарып отыратын жолаушылардың қатарын бір жас жігіт толықтырды. Кірген бойы жүргізушіге барып, екі жүз теңгелік қағаз ақшасын майдалап беруін өтінді. Жүргізуші «майда жоқ» дегендей иығын қомдаған соң, жағалай бәрімізден сұрап шықты. Ешкімде майда тиын жоқ. Жас жігіт жүргізушіге қайта барып, қалтасынан қырық теңгесін шығарып: «Ешкімде майда ақша жоқ екен. «Он теңге жетпейді» демесеңіз, осыған ала кетсеңіз», – деді. Жүргізіуші келіссе де, жауапкершіліктен басын алып қашып тұр. «Қай жерге барасың? Отыра бер. Ақшаңды түскенде төлерсің. Билет тексерушілер мініп жатса, өзің жауап бересің ғой». Жігіт «иә» не «жоқ» деп те айтпады. Өзімен өзі. Тағы бір аялдамадан жас баласын қолтықтаған, қайыршы әйел мінді. Әркім азын-аулақ бірдемелерін ұстатып жатты. Жігіт те қырық теңгесін әйелдің жайылған алақанына төкті. Жететін жеріне жеткен шалдауыт кісі, троллейбустан түсіп бара жатып, қолындағы билетін жігітке ұсынып еді, ол кері қайтарып: «Рахмет! Бұны алғаным ұят болар. Түсетін жеріме жеткенше майда ақшасы бар біреу-міреу мініп қалар», – деп азар да безер болды. Жігіттің қарсы алдында отырған сарыкідір әйел қомпылдап сөйлеп кетті. «Ала салмайсың ба? Өтірік сүттен ақ, судан тұнық бола қалғандарыңды қойыңдаршы осы. Билетте аты жазылулы тұр ма екен!». Жігіт ләм демеді. Жаңадан троллейбусқа шыққан қыздан майда ақша сұрап еді, екі жүз теңгенің жыры шешілді. Елу теңгесін құрылғыға салып, билетін алды да, тағы бір-екі аялдамадан соң қарасын батырды. Әңгіменің көкесі жігіт кеткен соң басталды. Жаңағы әйелдің қасында отырған тағы бір келіншек отқа май тамызды. «Ана бала шынымен де бір Құдайға қараған бала секілді. Дайын билетті алмай, ұяттан бетінің мөрі төгіліп тұр ғой». Байғыздай бәленің бәрін болжайтын, жақсылық атаулының астарынан жамандық іздейтін адам екен сары апам. От алып, қопаға түсті. «Ой, не қылған ұят дейсің әкетіп бара жатқан? Істеген күнәсін жуып-шайғысы келетін біреу шығар. Қарамайсың ба, жүргізушімен келіскен қырық теңгесін де қайыршыға бере салды. Соған қарағанда күнәсі үлкен-ау. Кімнің ішіне кім кіріп шығыпты. Әркімнің ішінде бір өлген иттің басы. Қазіргі адамдарға сенім жоқ. Періште болғысы келетіндерге әсіресе...». Екі әйел өздеріне түк қатысы жоқ болса да, әлдеқашан түсіп қалған жігітті жерден ап, жерге салып
келеді. Екеуіне салса, жұрттың бәрін жазаға тартатын түрі бар. «Жер бетінде жақсылық жоқ» деп, өзі қысқа өмірдің қараңғы-қалтарысына ғана үңілетін көрсоқырдың әңгімесінің өзі сең соққандай шаршатады екен. Діттеген жерімнен мен де түсіп қалдым. Құрысын, ертерек шыққанда дұрыс болар ма еді...
Жұмақ жайлы аңыз Қазақта бір жақсы сөз бар «Құдайдан үміті бар» дейтін. Ұлттың болмысбітімі, этикалық өлшемдері, адам деген атқа ие тірлік кешудің бүкіл шарттары бұл сөздің төңірегінде жасалып жатады. «Үмітсіз шайтан» болудан аулақ, Құдайға жетудің қадірі қазақта әу бастан солай-тын. Қылдай қиянаты жоқ Пәруәрдигәрдің рахым-шапағатына бөленуді өмірлік философиясына айландырған бұл жұртқа бұл күндері «жөн сілтегіш» «пірәдарлар» да көп. Адасқан, алжасқан сәттерімізге қайрылып қарап қойғанымыздан абзал не бар?.. Әмірі аспан астын тітіреткен Шидәттің жерде соғылған жұмағы туралы аңызды естіп пе едіңіз? Жаратушының шексіз құдіреті мен мейіріміне шек келтірген пендешілік не істетпейді? Шидәт пақыр жұмақтың ауыздың суын құртар кескін-келбетін, миуалы бағын, жанның қалағанын табар қанағатын, алтын-күмісінің жетісінше жерден соғуға тырысады. Дүниенің түкпіртүкпіріндегі шеберлерді жинап, жердегі жұмақ құрлысын бастайды. Сонымен қойшы, Алладан сұрамай-ақ өзі жасап алған жұмаққа кіру салтанаты жеркөкті тітіретіп, патша ағзам асыға адымдап жұмақтың босағасын аттағанда жан тәсілім етеді. Жаратушы Ием алшаңдай басқан адамзаттың босағадан аттауына мұрсат бермей, жанын жаһаннамға алып келуге Әзірейілге бұйрық берген екен. Жұмақты ет пен сүйектен жаралған пенде баласы көре алмайтындай етіп перделеп, құпия күйінде қалдырыпты... Арабтың шөл-жазира даласында түйесін жоғалтқан біреу қаталап келіп, ғажайып шаһарға тап болады. «Жанға не керектің бәрі бар бұндай кереметті өзім ғана емес, туыс-туғаным тіпті бүкіл ауылыммен келіп тамашалап, мүмкін болса мекендеп қалуға болар» деген оймен екі етегі желбіреп ауылға шабады байғұс. Шулап, шұрқырап жеткен ауыл адамдары сағым көшкен құмды даладан басқа ештеңені көре алмай, елді дүрліктірген жігітті жазғырады. Ол бейшара Құдайдың құдіретімен Шидәттің жоғалған жұмағына тап болған міскін болуы мүмкін дейді екен кейінгілер. Қош делік, не болса да әйтеуір жұмақ дегенді армандамайтын адам баласы жоқ. Ібілістің азғыруына шатылып, күнәһар болып жерге қуылғаннан бергі адамзат тәубесінің қабыл болғанда қайта қауышары – сол әуелгі мекен деп саналады. Бағыт-бағдар нұсқап, келіп-кеткен Елшілер де көп. Жай келмеді, біраз кітаптар ала келді. Қаншасына ердік, қаншасына сендік. Ол енді үлкен әңгіме. Ең қасиеті – ізгілік туралы ілім адамзат санасының Ұлы мұраты
болып қала берді. Пайғамбарлық дәрежеге көтерілмесе де, Гомер, Данте, Шекспир, тағы да басқа адамзат алыптарының қастерлі жазбалары Құдайдан үміті бар ыстық жүректердің бағыт-бағдарына шамасынша қызмет етті. Яғни, жұмақ туралы шырын қиялдың зұлымдықпен от пен судай отаспайтын ара қашықтығына ескерткіштер қойды. Дантенің «Құдіретті комедиясының» бірінші бөлімінде тозақтың тоғызыншы қабаты «Кайн жылғасы» (өз туысына қастандық жасағандар), «Антенор жылғасы» (отан саудалаушылар), «Птолемей жылғасы» (меймандарға жасырын қастандық жасағандар), «Иуда жылғасы» (шапағатшысына опасыздық жасағандар) деп бөлініп, оны ертедегі Рим ақыны Вергилийдің әруәғының көмегімен аралап шығатыны суреттеледі. Адам мінезінің опасыздыққа басқан тұстары ауыр-жеңілдігіне қарай тоғыз қабат тозақта тоғыз түрлі ышқынатыны тәубеңді есіңе түсіреді. Шығарманы оқып отырғаныңда жұмаққа барар жолдың (анығында адамша өмір сүрудің) қалтарысында бұғып жатқан адам нәпсісінің айуандығы анағұрлым айқындала түседі. Ескірмес ескерткіштер деп отырғанымыз сол ғой... Өзімізге оралайықшы. Біз де «кештік ғұмырың болса, түстік мал жи» деп, екі дүниенің қызығын тең көруге талабымыз, талпынысымыз аса жоғары халықпыз. Әпенделігіміз де бар. Баяғыда ауылды жау шауып, бесін намазын өтеп жатқан сайлауыт азаматтар мылтығын алып, кермеде тұрған атқа жармасудың орнына сәждеден бастарын көтермей екпеттеген күйі қалыпты. Онысы «намаз үстінде өлсем жұмақтың төрі менікі, құлшылығыңды жасап жатып кеп қалдық. Ия, Құдай!» демекшісі көрінеді. Ашуға басқан ел ағасы тоңқаңдап жатқан жұртты қамшымен дыритып, әзер орындарынан тұруға көндіріпті. «Ел үшін шайқасып, шаһит кешсең сұраусыз барасың жұмаққа» деп біразымен саудаласқан да көрінеді. Абайдың жүрегі өртеніп, Хақ Тағаланы бақай қулықпен алдағысы келетін жұрттан өлердей жиренгені сол ғой. Жаратушысына сылтау айтып, міндетсінетін халықтан қандай дос табады жарықтық? «Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл» екенін айта-айта жағы суалған сол қарияны әлі тыңдамаған күйі ұлт қартайып барады... Анда-санда радиоқабылдағыштың құлағын бұрап қалғанда Ақан серінің «Құлагері» Жәнібек Кәрменовтың орындауында боздай жөнелетіні бар. «Жел болса қамыс басы майда-ау деймін, Ат қостым ат айдаушы айда деймін. Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды-ау,
Жығылмаса құлагер қайда деймін. Әй, Бөрібай, әйдәй Бөрібай-әй... Жүректі солқылдатып, жанарыңа жас үйірілтетін осы әнді естіген сайын жазықсызды қан-қақсатқан, асқан қаттыгездікті өзің жасағандай көңіл-күйге берілетінің шындық. Серіні есіркегендей мінез танытатынымыз өтірік емес. Қазақ аспанында «шырылдаған сәбидей мазамызды алған» мұңлы мақамның жүректің тыныштығын қашыра беретіні де, бүкіл ұлт болып жауап беруге тұрарлық күнәнің талайын жасаған, жасап та жатқандығымыздан ба деп те ойлайсың кейде. Ондай ұятты адал перезентіміз Мұқағалиша сезінсек «ол да менің сорақы ағаттығым». Өзімізге жасаған обалымыз аздай, мұсылмандықтың парызын әлдеқашан өтеп тастаған жан секілді «Толстой ислам дінін қабылдапты, өмірінің соңында мұсылман болыпты» деп мәзмәйрам болып жататынымыз бар. Несіне сүйіндік, несіне қуандық? «Адамзаттың бәрін сүйген» жүрекің көзі біз көрген нүктеден басқа қиырда. Әйтпесе Абайдың сілтеген жолынан адасып жүргенде, Толстойды дос тұтар хал нешік? Ізгі Сөзге иланар құлақ болса... Ізгі Сөз дегеннен шығады, кешегі Кеңестік заманның ізгілік туралы іліміне үңілгенде бүгінгідей «Аллаға ауызбен жол салған» догмалықтан анағұрлым биік ұлт руханиятының тұтастығы, имандылық тақырыбы бірден көзге шалынады. Ұлы классиктерді былай қойғанда, сол кезде ортанқол саналатын жазушы Зейтін Ақышты алайықшы. «Жаяу Муса» романы қандай көркем тілмен сұлулық жайлы сыр шертеді. Романда өліспей беріспейтін қарсыластарға айналған екі мырзаның (Шорманның Мұстафасы мен Жаяу Мұсаның) бастарының піспей кеткені жайында әңгіме өріледі. Ит көрмеген қорлықты көрсетіп, өзін ит жеккенге айдатқан Шорманның Мұстафасы қайтыс болды дегенді естігенде Жаяу күрсініп: «алысуға да, арпалысуға да тұратын, азуы алты қарыс арыстан еді. Иманы саламат болсын!» дегенді, жазушы өз ойынан жазсын яки естігенін жазса да кір түспеген кісіліктің кірпияз бейнесі оқырманды ойландырады. «Не деген еңіреген ерлер ей!» дейсің іштей. Далалық этикалық-эстетикалық өлшемнің бұндай үлгісі, көркем шеберлік ХХ ғасыр әдебиетінің өзекті тақырыбы болды. Пайғамбарымыздың хадисінен «тек қана жақсы сөйлеңдер» деген жолдарды ұшыратамыз. Бұндағы «жақсы Сөз» – қарақан бастың тілеуінен озбайтын жәй сөз емес, көркем сөз болса керек. Аға буын солай сөйлей алды. Мәселе бізде. Өмір сүрудің аразан қызыққа бет бұруының астарында да құлақтан азған құлықсыздығымыз жатуы әбден мүмкін. Сөзі көркем болмаған жанның, өмірі қара байыр. Өйткені Сөз заттанады...
Шидәттің қолдан тұрғызған жұмағы секілді, әлем-жәлем өтірікпен бой көтерген, ізгі Сөзден жүген ұстаған қоғамның ақырзаманға ұшырайтынын елестетудің өзі қорқынышты. Қызыл сөздің қырманы қызып-ақ жатыр...
Сірә, біз кімбіз?.. Бабалар мәнін болжаған дүние – жалғанның өнер атаулыға өзек болмаған кезі жоқ-ты. Әсіресе, әдебиет атты алып дария адамзаттың кермек жасымен бір толып, бір ортайып, өзінің мәңгілік ағысын қалыптастырғалы қашан. Далалар төсінде аспанға бой созған көк мәрмәр тасқа қашалған түркінің шерлі шежіресі немесе «он сан Ноғай бөлген, Ормамбет би өлген күннің», иә болмаса «мына заман қай заманның?..» «шырылдаған сәбидей мазамызды алатыны» – көз жаспен суарылған көркем тілдің кереметі емес дей ме?.. Мұнан кейінгі кестелі сөздегі бейнеміз айтатыны жоқ, онан бетер айқын. Бұл бізге тиесілі тағдыр-талайдың тасқа басылғаны. Қазіргі әдебиеттің халі қалай? Адам қалай? Кішкентай детальдарын меңгеру тәсіліміз ше? «Әдебиет айтарын айтып болған» деген пікірлерді жиі еститін болдық. Неге олай? Компьютерді шұқылап отырғанымызда бір сайтта жарияланған «Тәңір еркесі емеспін» атты шағын дүние өзіне тарта жөнелді. Кім Құдайдың еркесі дейсің, сіз де көз жүгіртіңіз... «Тәңірдің еркесі емеспін, өйткені кедей отбасым бар. Қыстың сол түнін мәңгі ұмыта алмаймын, әкем қарындасының үйіне барып, үйге аттап кірісімен маған қуана: «Апайың саған бір себет апельсин беріп жіберді, жеміс жейтін болдың», – деді. Барып себетті ашсам, жол бойы шайқалып, апельсин бұзылып кетіпті. Әкем сілейіп тұрып қалды. Мен сыртқа шығып кетуге ыңғайландым. «Абыржыма, сөзсіз бұзылмағандары болуы керек, әкең саған тауып береді». Әкемнің белі бүкірейіп, мүйізгек басып кеткен қос қолымен себеттегі апельсиндерді қотарыстыра бастады. Үстіндегі пальтосы Ай жарығымен онан бетер сүреңсіз көрінді. Мен шетте әкемнің себетті аударып-төңкергеніне қарап тұрдым. Әкем қанша іздесе де бір тәуір апельсин таппады. Күрсініп, тастай суық жерге отыра кетті. Жарлы әкенің мәз-мейрам болып, баласына бір себет жеміс әкелгенде, жемістің түкке жарамай бұзылып кеткенін көргендегі торыққан көңіл-күйін қиялыңа келтіріп көрші? Әкенің көңілі алып-ұшып, баласына ең болмағанда бір тал тәуір апельсин тауып беремін деген ниетін қиялыңа келтірші... Бұзылып кеткен апельсиннің мүңкіген иісінің ішінде жылап жібердім. «Балам, жылама, ертең саған бұзылмағанын сатып алып беремін», –деді әкем мені жұбатып. «Әке, апельсин жегім келмейді!», – дедім. Әрине, бұл шын сөзім емес, әкемде ақша жоғын білетінмін. Ертесі әкем кіп-кішкене екі тал апельсин әкеліп: «Балам, жей ғой!», – деді маған ұсынып жатып. Мен апельсинді ақырын аршып, жартысын әкеме беріп: « Әке, сіз де жеңіз», – дедім. Әкем менің мінезімді білетін, жарты апельсинді аузына салды. Сол сәтте әкемнің көзінен мөлдіреген жас тамшыларын көрдім.
Осыдан кейін әлгі бір себет апельсин есімнен шықпайды. Әр жолы есіме түскен сайын сүреңсіз Ай сәулесі мен апельсин¬нің қышқыл иісі көз жасыммен бірге араласып, тамып тұрғандай сезіледі. Осы оқиғадан соң мен титтей де бойкүйездікке салынуға батылдық ете алмадым. Өйткені, өзімнің Тәңірдің еркесі емес екенімді, сүреңсіз өмір сапарымда айқара ашылған қақпаның жоқ екенін білдім...». Бар-жоғы жиырма-отыз жолдан тұратын осы бір шағын дүниені оқып отырып, санаға талай нәрсе оралады. Жапыраққа тұнған тамшыдай дірілдеген адамның жаны, көк дөненнен жүйрік көңілі. Дөп бассаң сорғалап келіп, сораңды ағызатын – сөз, сиқыр картина. Күнделікті қарапайым қарымқатынастың қалтарысындағы нәзік құбылысты сезінуден қалып, романтикасы әлсіреген қауымға өнердің өлкесі жат, өрісі тар болғасын ба, «жазушыларымыз заманды, жазатын тақырыпты игере алмай жатыр. Әдебиет айтарын айтып болған» дегенді шығардық. Ең әуелі, «сәулесі суда дірілдеген» хұсни ғаламның таңы батыстан атып, жерден Мәді шыққан заманды сүрмегенімізді еске алған ләзім еді. Адам жаны – мәңгілік тақырып. Кім, қалай қолын дөп сермегенімен бүгінгі өмір қымбат. Бүгінгі өмір – әдебиет. Ақталуымызды күтіп тұрған өнер жоқ. Өзіміздің Бейімбет, ойдағы орыстың Чеховы мен Бунины, қырдағы қытайдың Лу Шинь салған картинаға қарасақ болды, тіл бітіп, тіріліп кететін дәуірдің бақыты – сұңғыла суреткерлерге кенде болмағандығы емес пе? Өмір сүру тәсілі, қоғамдық формациялар ауысқанмен тартысқа толы тіршілікті бүгін де өткізіп жатырмыз. Гәп бізді келешектің қалай еске алатынында. Әдебиеттің тағдырын кесіп-пішіп пікір айтып, терең қазып, тепкілеп көмуге асыққан жайымызбен келіп, кеткеніміз ешкімге беймағұлым қалыппен өте шықсақ та, өмірдің ештеңесі кетпес. Кеңістік пен уақыт тұлғалаған, бедерсіз, бедірейген кейіпке обал. Әйтпесе, жүрек мәңгілік тыныштыққа шомып, адамның әуелгі мекенінде жүргендей жағдайы қайда? Күніне жүйке сыр беріп, бырт-бырт үзілген талшықтарын санауға үлгермей де қалмадық па!.. Қайшылығы күрделенбесе, бәрі шешілген Жәннат жер бетінде жоқ. «Басы сайран, түбі ойран» дүрбелең дүние сол... Өткенде дос жігіттің үй алам деп банктен алған қарызын қайтаруға әкесінің алпыс-жетпіс жыл жиған табан ет, маңдай терін сатса да, үлкен соманың маң қарасын көрмейтінін айтып, кетеуі кеткен тіршілігіне налығаны Ги де Мопассанның «Бейшара Мадридының» халінен ауыр болмаса, жеңіл емес еді. Тағы бірде екі кештің арасында жүргіншілер шұбырып жатқан Алматының мәлім бір көшесінде келе жатып, көзімізде Күн, жүзімізде Ай тұтылды. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығындағы» мүк басқан қаланың соңғы тыныштығы ақырзаманды ұмыттырып, нәпсінің қызыл отына күйген азғындары секілді арпалысқан екеу... Буендя әулетінің құбыжығы – торай құймышақ баланың «ағайындары» енді өзінің тыныстіршілігін басқа құрлықтан, басқа елден тапқанын әйгілеп, Маркестей үлкен
суреткерін күткен көңілсіз көше азынап тұрды. Үнсіз бұрылып, ибалы жолаушыдай қылық танытқанымызбен «жол азабын» сейілтер жан жоқ... Сұмдығын ішіне бүккен алып қаланың тоқсан тоғыз томға жүк «тойы» бітсін бе? Таныс кісім еді, жолығып қалдық. «Қолың сынғыр, бақытсыз боп қал!» деп боқтадым дилер қызды», – дейді казино жағалап, құмарға басы кіріп кеткен ағам күйіп-пісіп: «Өзінің қолының сиқыры бар ғой деймін, таратқан картасынан маған бір ұтыс шықсашы». «Қыз ренжімеді ме, аға?» – деп сұрап үлгергенімше: «Ренжіді. Бірақ «сізден бақыттымын, мен құмар ойнамаймын», – деп өзі шыққалы тұрған шыбын жанды шырқыратып кетті», – дейді ағам төмен қарап, үсті-үстіне шылымын сорғылап. «Дүние-мүліктің бәрі кетті. Енді бас көтеріп, жұрт қатарлы өмір сүруім қиындау». Үлкен кісінің ұнжырғасы түсіп, көз алдыңда таусылғанын көргеннен артық азап бар ма?.. «Шіркін, жазушы болғанда осы қоғамның картинасын өзім салып берер ем» деп «кіжінген кедейдің күні» құрысын. Кенезесі кепсе Әуезов, Мүсірепов, Әлімқұлов, Нұрмағамбетовтермен шөлін қандырып, қазақ болмысының тамырын дәп басқан қаламгерлеріне ана кездің пенделері өкпелемес. Тарихи алмасулар мен тоғысулардың торабындағы біздің хал басқа. Чарльз Спенсер Чаплин киносындағыдай күлкі мен қасіретке толы. Қимыл бар, сөз жоқ. Неге қоғамдық көліктерде Кеңес батырларына жасалған жеңілдіктердің «Желтоқсан» боздақтарына бұйырмағаны үшін, жүргізушімен жанжалдасқан кем-салиқа келіншек жолда қалады? Неге отарлықтың отымен кіріп, күлімен шыққан ауыр психологиялық дертімізді Мигель Астуриасша «Жүгері адамға» жүктемей, жасқа шыланған жүзімізді жұрттан «жасырдық»? Неге атомның азабымен арпалысып, «Мәңгілік бала бейнеден» арылмаған атпал азаматты Кэндзабуро Оэше «Жапон жанына» жақындата алмадық? Неге демін ішіне тартқан алып ғимараттардың суық бөлмелеріндегі бюрократ «бекзаданың» бетпердесін Салтыков-Щедринше сыпырып алмадық?.. Жауабын бір күнде бір жасқа келетін Алпамыс жырындағыдай тарихи сана ерекшеліктеріне тән эмоциямыздан іздеген оң болар. Ол дәуірдің келмеске кеткенін өткен ғасырларда қазақтың қара шалы бағамдап, «ескі бише, бос мақалдамады». Қазақтың әлеуметтік портретін көкірегі қарс айырылып, қағазға төкті. Үлкен сілкініс инерциясы дедектетіп, жеткен жерімізден, келесі сапардың күртікке із тастар ұлы жорығы басталған. «...Бұрынғы жарапазан айтатын Төлепберген өліп, Октябрь төңкерісінен кейінгі жарапазан айтатындар: Қызыл туын сырлатқан, «Интернационал» жырлатқан, Ресейге нық орнатқан Қай кедейдің туы екен? Ей, жарлы-ау! Ей, жарлы-ау! …………………………………
Қоғамдас, жалаңаяқ жарлы жазған, Жасасын жаңа талап, жаңа заман!, – деп зулататын болды жаңа заманның жарапазаншылары». Шағын сюжетке құрылған Ілияс Жансүгіровтің бірер беттік «Жарапазанындағы» әлеуметтік ахуал қай дәуірде тұрып парақтасаң да, айқын сурет. Жеті түнде өлген торысының құлағының түбінен кісінеп, есі қалмаған Үкібайдың (Асқар Сүлейменовтың «Қара шалындағы» кейіпкер) «өзіне өріс, қабылан торысына әрі бесік, әрі қабыр болған Қанжуғанды көре алмай», сақалын тарам-тарам жас шайып күрсінгені – Абай, Ілиястардан кейінгі қазақтың халі, шырқырап, үзілерге жеткен жаны. Қобыздай күңіреніп, жылқыдай жылаған жазмыштың іңірге басын сүйеп, зікір айтқаны бір «Қара шал» емес-тұғын. «Кенезесі кепсе, шөлін басқан қаламгерлері бар еді» дейтінің сол. Қауымдық құрылымның жүз жылда жаңалаған қазанына қара шыбындай қаумалаған бүгінгі тіршілігін, күрделі психологиялық көрінісін мейлінше сәтті сомдаған туындылар тым аз. Керісінше, кешегі қоғамдық мінезге оралып соға береміз. Жақында оқыған тәуір шығармамыздың бірі Дидахмет Әшімханұлының «Құдайсыздарынан» да осы тенденция байқалады. Қайтыс болған әкесін қып-қызыл партбилетпен «арулаған» ұл үкімі – трагедия. «Ұядан не көрсе, соны алатын» ұрпақ мәселесі. Бұл дүбәра кезеңді Оралханнан бастап, біраз қаламгер көтерді. «Құдайсыздардағы» атасына жасалған «ізет, құрметті» ту сыртынан тамашалаған немеренің (салдардың) қандай шешім қабылдайтыны – бүгінгі өмір. Бұрын Құдайға, кейін партияға, енді «сүйенері кім, таңдауы қалай боларын» қалтарысында қалдырған әңгіме біткен тұста өкінішіміз оянды. Сірә, біз осы кімбіз? Қайда барамыз?..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру