TELEGEI

Home

Досым Омаров. Еркетай Иманбаев. Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі

Досым Омаров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Досым Омаров. Еркетай Иманбаев. Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі

Досым Омаров — «Досым Омаров. Еркетай Иманбаев. Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» (Көркем әдебиет).

Досым Омаров
Еркетай Иманбаев

Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі

Шымкент 2015 жыл

Омаров Д., Иманбаев Е. Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі – Шымкент, 2015. – 64 бет.

ІSBN

Кітапта тоғызқұмалақ ойыны қазақтың ұлттық салт-дәстүрі ғана емес, ол бүкіладамзаттық құндылықтар қатарына жататыны дәлелденеді. Археологиялық мәліметтерге сүйене отырып көшпенді дәуірден дәлелдер келтіріледі. Тоғызқұмалақ қазақ халқының көшпенді өмірінің және оның мінезқұлқының қалыптасуының көрінісі және оны рухани жетілу үшін және спорт ойыны ретінде де қолдануға болатынына ден қойылады. Тоғызқұмалақтың басқа спорт ойындары арасындағы алатын орны, оның ерекшеліктері сөз болады.

Кітап мектеп оқушыларына, тәрбиешілерге және тоғызқұмалақ ойынына
қызығатын жалпы көпшілікке арналған.

Тоғызқұмалақ
Мұхтар Сәлмен Ержан

Тарихы куә болған сан егеске,
Халқымның ой өнері әлі есте
Есеппен қамал соғып, шеп құраған,
Тоғызқұмалақ ойынның нары емес пе?!

Бойыңа қуат берер нәрі ішінде,
Ғаламат құдірет бар жүрісінде.
Жанына келе жатыр серік етіп,
Елдегі орысым мен кәрісім де.

Кезінде Абай сүйген өнер еді,
Ойласам көңілім нұрға бөленеді.
Қазақтың рухы менен көзі барда,
Тоғызқұмалақ қалайша көнереді.

Жас ұрпақ өнегеңмен көгереді,
Дәстүрсіз жалаң қолдан не келеді?!
Артыңа өшпес мұра сыйлап кеткен,
Бабам-ай, ойың неткен кемел еді!

Алғы сөз

Қолдарыңыздағы кітап – біздің тамырын тереңнен алатын ұлттық мұрамыз тоғызқұмалақтың философиясына арналған ең алғашқы туындының бірі.

Шынында да, зияткерлік ойындардың адамның ой-санасына әсері, яғни бүкіл адамзаттың дамуына тигізетін әсері зор болды. Оны біз барлығымыз білеміз.

Бірақ осы әсердің негізінде қандай заңдылықтар тұр? Зияткерлік ойындарды туындатқан халық оны өзінің тұрмыс-тіршілігінде қандай ерекшеліктермен байланыстырып туғызды және бұл ойындардың адам ойсанасын жетілдіруге әсер ететін тетіктері қандай? – деген сұрақ біздің бәрімізді де толғандырады. Осы бағыттағы ізденістер тоғызқұмалақтың спорт ретінде ғана емес, әлеуметтік құбылыс ретінде, мәдени мұра ретінде, ойлау жүйесіне әсер ететін феномен ретінде, адам болмысын тереңірек ашуға да сөзсіз көмектеседі. Сол себептен де мен бұл кітапты тоғызқұмалақ сүйер көпшілікке, жалпы ізденушілерге пайдалы туынды деп есептеймін.

Әрине, бұл тұжырымдар, ой қорытулар философиялық ізденіс болған соң, бұған балама ақиқаттар бола береді. Бұл философияның заңдылығы, нақты жаратылыстану ғылымдарынан бұның айырмашылығы – жаратылыстану ғылымдарында сұрақтың бір ғана шешімі болса, ал философияда бірнеше бағыттағы ойлар бірін-бірі толықтырып тұрады.

Кезінде Нильс Бор «Ақиқаттың тереңі мен саязы болады» дей келе, «Саяз ақиқатта, ақиқатқа қарсы тұратын жалғандық болса, терең ақиқатта екінші ақиқат оған қарсы тұра алады» деген. Сол сияқты бұл терең ақиқат төңірегіндегі алғашқы тырнақ алды ізденіспен құттықтай отырып, осы еңбек бұл бағытта жаңа пікірталас туындатады деген ойдамын. Түрлі қызығушылықтың арқасында пікір-талас туғызылып жаңа ізденістерге себепкер болады деп үміттенемін. Сондықтан, іске сәт. Тырнақ алды туындыларыңызға баянды ғұмыр тілеймін!

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов

Тоғызқұмалақ ойыны – адамзаттық рухани мұра

Көшпенді дәуірден келе жатқан қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері бүкіладамзаттық рухани мұраға жатады. Себебі, олар адамзат қоғамының алғашқы құндылықтары.

Ежелгі адамзат тіршілігі көшпенді өмірден басталып, көптеген жылдардан кейін жер шарының кейбір жерлерінде отырықшылыққа өте бастағаны тарихтан белгілі. Біздің халқымыз бүгінгі отырықшы өмірге ХХ ғасырдың басында ғана Кеңес дәуірінің ықпалымен ауысты. Осылай тағдыр халқымызды отырықшылыққа өткен соңғы халықтардың бірі етіп, көшпенді өмір салтының мұрагеріне айналдырды. Қазақ халқының дүниетанымы, ежелден келе жатқан көптеген әдет-ғұрпы, мейрамдары, табиғат пен әлемге қатысты түсінік-пайымдары мен ұлттық ойындары адамзаттың өткен өмірін еске салып, бүгінгі күндері ежелгі адамның тұрпайын бергендей болады. Осы себептен қазақ халқының кейбір ұлттық ерекшеліктерін бүгінгі күндерге дейін сақталып келе жатқан бүкіладамзаттық құндылықтардың қатарына жатқызуға болады. Ол құндылықтардың арасында қазақ халқының өзіндік мәдениеті және салт-дәстүрлерімен бірге, қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың алатын орны ерекше. Себебі, қазақтың киіз үйі тәрізді, тоғызқұмалақ та көшпенді өмір көрінісі. Тоғызқұмалақ ойыны бойынша ұмытылып бара жатқан ежелгі адамзат құндылықтарын еске түсіріп, бүгінгі өмірдің кейбір дағдарыс, қиыншылықтарының себебін түсініп, олардан шығу жолын табуға болады.

Осы құнды мұраның пайда болу жағдайын және оның ежелгі адам өмірімен сәйкестігіне көз жеткізу үшін әлем өмірімен байланыстыра отырып адамзат тіршілігінің өзгерістеріне көз жіберейік. Әлемдер үйлесімділігі. Бүкіл әлем энерго-ақпараттық кеңістік көрінісі болып табылады. Бүгінгі күндердегі ғылым тіпті әрбір заттың өзін энергияның бір түрі деп қабылдайды. Әрбір жан иесі түрлі энергияларды қабылдап, оларды өзгертіп өзінен қайта шығарып отырады. Осылай алыс-беріс арқылы қуат алмасуы болып, қуат бір түрден екінші түрге айналып, әлемнің түрлі ағымдарын, қабаттарын құрайды. Түрлі қабаттар бір-бірімен тығыз байланыста және үнемі қозғалыста. Материалдық әлемнің бұл үйлесімді болмысын адамзат өміріне байланысты теология ілімі бойынша былай суреттеуге болады. Бір Абсолюттен шыққан рухани қуатты әуелі Күн алып, өзінен жылу мен жарық ретінде Жерге береді. Жер бетінде ол жылу мен жарықты өсімдіктер алады, ал өсімдіктермен жануарлар қоректеніп, өздерінің денесін құрастырады. Олардың денесіндегі сүтін, жүнін, күшін тағы басқадай қажеттіліктерін алып адам өзінің пайдасына жаратады. Адамдар аруақтарға, жоғарғы Күшке олардың көмегі үшін тасаттық беріп, дұға оқып, оларға өздерінің ризашылықтарын бағыштайды. Адамдардың жіберген жақсы ой-өріс, ризашылықтарын жоғары әлемдердегі жан иелері қабылдайды. Адамдардың жақсы тілек-ниеттері, ой-өрістері олар үшін қорек және алатын қуат көзі болып табылады. Жерден қорек алған аруақтар мен рухтар өздерінен жоғары тұрған періштелерге қызмет етіп, жоғарылай береді. Ал періштелер ол алған қуатты Ең Жоғарғы Жаратушыға бағыштап, Оған қызмет етеді. Осылай түрлі қуаттардың үздіксіз айналымы арқылы бүкіл болмыстың мақсаты орындалады. Ал болмыс мақсаты – жан иелерін жетілдіру арқылы Жоғары Жаратушыға қайтару. Түптеп келгенде барлық жан иелерінің қуаты айналып келіп өзінің шыққан көзіне – Жоғарғы Жаратушыға келіп тоғысады. «Түбінде барлығы да Алла тағалаға қайтады» [Құран, 21-93] деген Қасиетті Құран сөзі осыны білдіреді. Қысқаша айтқанда, бүкіл болмыстың мақсаты барлық жан иелерін, оның ішінде адамдарды да, Жаратушыға қайтару. Бұл үрдіс әрбір жан иесінің қуат алмастыруы арқылы болатындықтан, ол қуаттар түрлі қабаттар жасап, бүкіл әлем айналымын құрайды. Түрлі қабаттардың байланысы мен олардың үздіксіз үйлесімді қозғалысы – әлем көрінісі. Үйлесімді қозғалыс бұзылғанда ортақ Күш оны қалпына келтіріп отырады.

Көшпенді өмір сол үйлесімді бүкіләлемдік айналыстың бір бөлігі, ал адамзат өмірі сол айналыстың құрамында ерекше орын алады. Үйлесімді өмірде ешқандай кемшілік жоқ, сондықтан бұл әлемде адам тіршілігі үшін барлық жағдай бар. Бірақ заттық әлемнің әсерімен адамдар ұлы жалпы мақсаттан ауытқып, өздерінің тек тіршілік қамымен кеткенде, адамзат қоғамы іріп-шіріп, өзінің табиғи міндетін орындай алмайтын қалыпқа келеді. Адамдар өздерінің негізгі міндеттерін ұмытып, жоғарғы әлемдермен байланысын үзіп алады. Байланыс үзілсе әлемдер үйлесімділігіне нұқсан келеді. Сол кезде

үзілген байланысты қайта қалпына келтіру үшін жоғарғы әлемдер түрлі жолдармен адамдар өміріне араласып, оны жөнге салуға мәжбүр болады. Соның бір көрінісі ежелгі адамды отырықшылыққа көшіруі. Осылай Жоғарғы Күш аруақтармен үзілген байланысты қалпына келтіріп, адамзатқа түрлі діни ағымдар беріп, әлемдер үйлесімділігін қайта келтірді. Ежелгі көшпелі адамдарға бүгінгідей діннің қажеті жоқ еді, себебі олардың жетілуі үйлесімді өмірде табиғи түрде болды, яғни олардың өмірінің өзі дін көрінісі болып табылады. Бірақ отырықшы өмірде адам табиғат ықпалынан алыстап, одан бөлектене бастайды. Сол кезде адамның бүкіл болмыс өмірінен бөлініп, әлем үйлесімділігі аясында қалуы үшін оған дін беріледі. Уақыт оза отырықшы адам ғана емес, көшпенді адам үшін де діннің қажеттілігі арта түсті. Адамзат өмірінің эволюциясын түсіну үшін алғашқы көшпенді өмірдің тарихына, адам баласының отырықшылықа өту себебіне және соған байланысты оның мінез-құлықтарының өзгеруімен танысайық.

ХХХ

Көшпенді өмір салты. ХХ ғасырда пайда болған ежелгі адамдар өмірін зерттейтін палеоантропология ғылымы бойынша адамзат өмірі жүздеген мың жылдарға созылған көшпенділіктен басталып, алғашқы отырықшы өмір Таяу Шығыста 10-13 мың жылдай, ал Еуропада тек қана 4-5 мың жыл бұрын ғана басталған. Бұл адамзат тарихының негізі көшпенді өмірде жатқанын көрсетеді. Адамзат тарихының көпшілік бөлігін көшпенді өмір тарихы алатынын бізге көрші елдер Ресей мен Украина тарихынан да көруге болады. Бұл елдердің тарихы «алғашқы» адамдардан кейінгі 5000 жылдан артыққа созылған көшпенділер тарихы болып табылады Көшпенді қоғамның беріктігі және оның бүгінгі күндерге дейін отырықшы елдердің қысымына шыдап, төтеп берген осындай ұзақ өмір құпиясы неде? Оның құпиясы көшпенді адам өмірінің табиғатпен ішінара біріккен, болмыс үйлесімділігінде жатыр. Отырықшылық тек қана адам өмірінің табиғат үйлесімділігінен ауытқи бастаған кезінде ғана пайда болды. Әлем болмысы сырттан қосымша ештеңені қажет етпейтін үйлесімді біртұтас болып табылады. Ол тұтастықты сақтаған өмірге сырттан қосымша ешқандай қажеттілік керек емес. Көшпенділік өмір осы біртұтастың бір бөлігі. Адам баласы көшпенді өмірде толық табиғат аясында болғандықтан, ол өзінің қарабас қамын көп ойламайды. Табиғат не берсе соған қанағат. Ол заттық дүниені керегінен артық жинамайды, сондықтан оған байланбай еркін өмір сүрген. Көшпенділердің затқа көп байланбаған. Олар табиғат құбылыстарына төзімді, қиындықтан тайсалмайтын, өзіне керегін еркін тауып алатын ер мінезді, қайратты болған. Бірақ табиғи апаттар болса, онда отырған жерін тез ауыстырып, көшіп жүре береді. Отырықшы елдерді оңай жаулап алып, олардың іріп-шіріп бара жатқан қоғамдарын қайтадан қалпына келтіріп отырған. Адамзат өмірінің құлдырауына мүмкіндік бермей, оған үнемі осындай серпіліс беру өте қажет еді. ХІІ ғасырда Вильгелм Руйсбрукский деген саяхатшы

көшпенділер туралы «бұл өмірдің дүниесіне аз көңіл бөледі, олар жер өңдемейді, үй салмайды, олардың өзіндік ішкі болмысы жер кезіп, ұзақ жол жүруге мүмкіндік жасайды» деп жазады.

Көшпенділердің отырықшы халықтардан артықшылығын көру үшін Евразия тарихын қысқаша шолып өтелік. Түркі тектес Ғұн тайпалары, оның ішінде қазіргі қазақ, қырғыз халықтарының бабалары, б.д.д. ІҮ ғасырдан бастап Алтай өңірінен Батысқа қарай көшкені тарихтан белгілі. Адамзат тарихында б.д. ІҮ ғасырында аяқталып, 800 жылға созылған бұл көш Ұлы Көш деп аталады. Олардың көші сонау Еуропаға дейін жетіп, осы үлкен кеңістікте өзіндік сипат алды. Түркі тектес халықтар алғашқы евразиялық мемлекет құрды. Түрік Қағанаты ҮІ-ҮІІ ғасырларда Сары теңізден Қара теңізге дейінгі үлкен аумақты алып жатты. Оларға сол кездегі ең бай және жетілген мемлекеттер Византия, Иран, Қытай салық төлеп тұрғаны тарихтан белгілі. Түріктерде өздерінің жазулары болды. Олар мал шаруашылығымен бірге егін де еккен және темір рудасын өңдеп, құрал-саймандар жасай білген. Бүгінгі түркі тектес халықтар Орталық Азия кеңістігінде, Кавказда, Жерортатеңіз маңында, Оңтүстік-Шығыс Еуропада және әрі қарай Шығыс Сібірге дейін орналасқан. Сонымен бірге олардың топтары Батыс Еуропада, Америкада және Қытайда да бар. Сонан кейінгі көшпенділер қозғалысы ХІІІ ғасырда басталған монғол жорығы болды. Монғолдар саны бір миллиондай ғана болса да, өздерінен жүз есе артық халқы бар елдерді бағындырып, бүкіл Евразия кеңістігіне билігін жүргізді. Шыңғысхан ұрпақтары құрған Индиядағы Ұлы Могол империясы тек ХҮІІ ғасырдың аяғында ғана ағылшын басқыншылығы ықпалымен ыдырады. ҮІ ғасырдан бастап ХҮІІ ғасырға дейін арабтардың ықпалы өсіп, олар батыста Франциядан шығыста Индияға дейінгі аумақта билігін жүргізді. Олар құрған Ислам Халифаты осы кең аумақты бір ортаға бағындырып, бүкіл адамзаттың мәдени ошағына айналды. Евразияның үлкен кеңістігінде билігін жүргізіп, империялық мемлекеттер құрған халықтардың барлығы да көшпенділер еді. Олар осылай жершарындағы халықтарға бейбіт өмір берді. Осы қысқа шолудың өзінен адамзаттың негізгі өмірі көшпенділікпен байланысты болғанын көреміз. Адамның көшпенді өмірден отырықшылыққа өту себебі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап палеоантропология ғылымында «неолитикалық революция» деген термин пайда болды. Бұл термин көшпенді өмірдің отырықшылыққа ауыса бастаған кезін, яғни адамзат тіршілігінде аңшылық пен жабайы өсімдік өнімдерін жинауды жер өңдеу мен мал шаруашылығына ауыстыруды білдіреді. Басқаша айтқанда, неолитикалық революциядан кейін әлемнің бірсыпыра жерлерінде адамдар өмірін күрт өзгертіп, көшпенді өмірден отырықшы өмірге ауысты. Бұл ауысу адамзат тарихы бойынша есептегенде өте қысқа мерзімде, бар жоғы 200-300 жылдың ішінде болып өткен екен. Бұл өзгеріс не себептен болды? Не себептен бір мезгілде және тарихи қысқа мерзімде ата-бабалардың аруақтарына табыну басталып және соның

әсерінен адамның өмірге көзқарасы өзгеріп, жер кезіп көшуді қойып ол отырықшы өмірге ауысты? Бұл сұрақтарға палеоантропологи ғылымы жауап бере алмайды. Дінтанушы-тарихшы Зубов А.Б. адамзаттың отырықшы өмірге өтуіне олардың діни көзқарасы әсер етті деген ой тастайды /7/. Оның ойы бойынша адамдар мен аруақтардың байланысы адамдардың өмір салтына үлкен әсер еткен. Ата-бабалардың аруақтарын тірі адамға жақындатып, оларды ұмытпай үнемі есте ұстап, тіршіліктің бір бөлігі ету керек болды. Сондықтан оларды өздері отыратын, не болмаса ұйықтайтын балшықтан жасалған орындықтардың, төсектердің астына жерлеген. Адам жерленген бейіт тұрғын үйден алыс болмау керек болғандықтан, көшуді қойып, енді бір жерде орныққан.

Бірақ кейбір ғалымдар бұл ойға үлкен күмән келтіреді. Олардың ойынша – ештеңеге байланбай еркін өмірге үйренген тиімді көшпенді өмірден тиімсіз басқа өмірге ешкім де өз ықтиярымен ауыспайды.

Жаңа өмір адамға ешқандай артықшылық бермегендіктен, адамға отырықшылыққа өз еркімен ауысуға ешқандай себеп те болған жоқ. Ол кезде жер бетінде адам саны өте аз, ал қоршаған орта өте бай болды. Жабайы аңдар мен өсімдіктер, көптеген өзен-көлдердегі мол балық көшпелі адамға өзіне керегін еркін табуға мүмкіндік берді. Ендеше өмірін өзгертуге адамды зорлықпен мәжбүр еткен. Адамның осындай тиімді өмірді тастауына сырттан келген үлкен себеп болған. Ол қандай себеп? Бұл сұраққа ешқандай заттық ғылым жауап бере алмайды. Себебі, бұл сұрақтың жауабы қатар нәзік әлемдерде жатыр. Ал заттық ғылым тек қана көрнеу әлемді ғана зерттей алады. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын табуға ол әлсіз. Бұл сұраққа аруақтар әлемін зерттейтін спиритуализм ғылымынан жауап табуға болады. Спиритуализм ілімі бойынша адамның отырықшы өмірге ауысу себебін іздеп көрелік. Әлем біртұтас дедік. Біртұтас әлемде оның әрбір бөлігі бір-бірімен тығыз байланыста болады. Бұл туралы мәліметті Шәкәрім ілімі бойынша толық бергенбіз /4/. Байланыс үйлесімділігін жоғарғы әлемдер қадағалап, бұзылған үйлесімділікті кезінде қайтадан қалпына келтіріп отырады. Жоғарыда айтқанымыздай, әлем үйлесімділігі жан иелерінің ниеті жалпы біртұтастықтан ауып, тек өзінің тіршілік қамына ауысқан кезде бұзылады. Сол кезде жоғарғы әлемдер адамзат өміріне араласып, оны жөнге салады. Неолитикалық революцияның алдында кейбір көшпенділер арасында осындай жағдай болса керек. Адамдар өлген ата-бабаларының аруақтарын ұмытып, өз қамдарымен кеткен. Қатар әлемдегі аруақтар артындағы қалған ұрпағынан ешбір көмек алмаған соң, рухани ашығып қиналысқа түскен. Өткен өмірден байланысын үзген аруақтар әрі қарай көтеріле алмайды. Осылай әлемдер байланысы үзіле бастаған. Қиналысқа түскен аруақтарға өздерінің ұрпақтарын жөнге салу керек болды. Оны қалай жасау керек? Ол үшін адамды көшпенді өмірден

отырықшылыққа ауыстыру керек. Бірақ отырықшылық адам өмірі үшін қолайсыз. Сондықтан отырықшы өмірге еріксіз ауыстыру керек. Еріксіз деген сөз зорлықты білдіреді. Яғни аруақтар адамды отырықшылыққа зорлықпен ауыстырған. Бүгінгі қазақ халқын отырықшылыққа Кеңес Үкіметі де зорлықпен ауыстырғаны белгілі. Себебі, жаңа қоғамға егін егу, малды шоғырландырып, оның өнімін арттыру керек болды. Осы зорлық саясаты кесірінен ежелгі адамдар тәрізді қазақ халқы да аштыққа ұшырағаны белгілі. Сонымен, адамды көшпенді табиғатпен үйлесімді еркін өмірден отырықшы шектеулі өмірге зорлықпен өтті. Зорлықтың түбінде агрессия жатыр. Сондықтан отырықшы өмірдің негізі агрессия болып табылады. Агрессия жасау үшін қару керек. Осылай бүгінгі адамзат қоғамы қару-жарақ қоймасына айналып, бұрынғы бейбіт өмір енді қақтығыс-соғыс алаңына айналып отыр. Адамзат қоғамын отырықшылыққа зорлықпен өткізген аруақтар болды. Әрине, шексіз мейірімді және рахымды Жаратушыда зорлық деген болмайды. Сондықтан бұл істі жасаған Ұлы Жаратушы емес, төменгі аруақтар болуы керек. Спиритуализм ілімі бойынша, аруақтар нәзік қатар әлемдегі жан иелерінің әлі толық жетілмеген төменгі сатысында орналасқан. Қарапайым өмір сүрген адамның аруағы қатар әлемдерге өткен кезде оның болмысы жердегі қалпынан көп ауытқымай, өзінің бұрынғы қажеттіліктерін сақтайды. Ол қажеттіліктерді өзінің ұрпақтары арқылы алады. Сондықтан ондай аруақтар ата-бабасын ұмытқан ұрпақтарына өздерін олардың есіне салып, ал түсінбей, не болмаса қарсыласқандарды жазалап, жөнге салуы да мүмкін /5/. Сонымен бірге, жауын жаудыратын, желді басқаратын табиғат күштерін басқаратын жоғарғы рухтарға (періштелерге) да адамдардың көмегі керек. Жаңбыр жаудырып, жылу беру арқылы өздеріне керекті өмір қажеттіліктерін беріп отырған жоғарғы рухтарға адамдар кезінде тасаттық жасап, ризашылығын білдіріп, өздерінің рухани қуаттарын бағыштап отырады. Рухани қуат ұрықта, соның арасында өсімдіктердің дәндерінде шоғырланған. Дәндегі рухани күш жерге түскен соң өсімдік болып, тағы көптеген дәндер береді. Ол дәндерді адамдар рухтарға бағыштайды, ал риза болған олар жаңбыр беріп, өсімдіктерге жағдай жасайды. Осылай жер бетіндегі өмір сақталып, әлемдер байланысы үзілмейді. Бұл үрдіс бұзылғанда жоғарғы рухтар жаңбыр бермейді, сондықтан жер бетінде аштық басталып, адамдар мен басқа жан иелері зардап шегеді. Осындай қиын кездерде тасаттық беріп, жоғары күштерден жаңбыр тілейтін салт қазақта бұрыннан бар. Егер тасаттық тәртібі дұрыс орындалса, жаңбыр жауады. Әлемдер байланысының, міне, осындай маңызы бар. Бұл байланыс үзілгенде тіршілік үйлесімділігін қалпына келтіру үшін жоғарғы рухтар қоғам өміріне араласып, адамдардың өмір салтын да өзгертуі мүмкін. Ең жоғары тұрған рухтар бұған араласпайды. Себебі олар өздеріне қажетті рухани күшті жоғарғы әлемдерден алып, өздерінен төменгі адамдар әлеміне тәуелді болмайды. Отырықшы өмірдің аруақтардың ықпалымен болғанын қазба жұмыстары да дәлелдейді.

Археологтар алғашқы отырықшы адамдардың мекенін көп жерлерде тапқан. Қазба жұмыстарына қарағанда алғашқы отырықшылар өлген адамдарды сүйекті еттен тазартқан соң үйдің ішіне, еденнің астына, тіпті өздері ұйықтайтын балшықтан жасалған төсектерінің астына жерлейтін болған. Кейде өлген адамдарды жерлейтін арнайы үйлер салған. Олар өздері тұратын үйлердің қасында орналасқан. Өлген адамның басын жерлемей, оны арнайы балшықтан жасалған мүсінге орналастырып, оған табынған. Оларға тамақ беріп, шомылдырып, өздерінше күтім жасаған. Қазба кезінде тұқым сақтайтын қойма табылған. Зерттеушілердің тұжырымы бойынша, ол кезде әлі егіншілік жоқ еді, сондықтан бұл қоймалар жабайы өсімдіктердің тұқымын сақтауға арналған. Осы көріністердің барлығы аруақтардың адамға ықпалын білдіреді. Аруақтар алғашқы отырықшыларды өздеріне өсімдік дәндерін ұсынуға мәжбүр еткен, ал өздерін ұмытпай үнемі естерінде сақтау үшін үйдің ішіне көмдіріп, бас сүйегін табыну бейнесіне айналдырған. Аруақтардың адамға әсері үлкен болады. Неолитикалық революция құпиясын осылай түсіндіруге болады. Енді тағы бір маңызды сұраққа келейік. Жер бетіндегі қоғамдардың отырықшы өмірге өте қысқа мерзімде бір-бірімен байланысы жоқ болса да қалай өте алды? Бұл сұраққа былай жауап беруге болады. Аруақтар үшін заттық әлемнің бөгеті болмайды /5/. Оларға ешбір зат және қашықтық бөгет емес, сондықтан олар өте қысқа уақыт ішінде бірден көптеген жерге әсер ете алады. Осылай жер бетінде көптеген қоғам өздері де түсінбей отырықшы өмірге ауысқан. Себебі, өсімдіктер дәндерін жинап оларды бір жерде ұзақ уақыт сақтау, кейіннен жабайы өсімдіктерді қолда өсіруге үйреніп, дәнді көбейту тек қана бір жерде отырғанда ғана мүмкін еді. Сонымен бірге, ата-бабаның қабырлары да үнемі жақында болып, оларды ұмытпай есте сақтап отыруға жағдай болды. Осылай ұрпақтар мен ата-бабалардың байланысы қайта қалыптасып, әлемдер байланысы қалпына келді. Бірақ отырықшы өмірге бүкіл адамзат түгелдей өткен жоқ. Жер бетінің Африка, Азия және Америка құрылықтарының көптеген аумақтарында көшпелі өмір сақталып қалды, олардың ішінде біздің қазақ және қырғыз халықтарының ата-бабалары бар. Бұның құпиясы неде? Оны да түсіндіруге болады. Жоғарғы әлемдер аруақтармен байланысын үзбеген қоғамдардың жағдайын өзгертпеген. Көшпелі қоғамдарда өздерінің ата-бабасын, жоғары аруақтарды үнемі есте сақтап отыратын салт-дәстүр, діни ұғымдары болған. Мысалы, түркі халықтары Тәңірге бағынған. Тәңір бір жаратушы күшті білдіреді, сонымен бірге, Ол Көк Тәңірі болып табиғат күштерін басқаратын жоғары рухтарды да қамтиды. Сонымен бірге, қазақ салтында әлі де келе жатқан түркілік ұғым аруақтарға бағыштау болған. Қазақ адам о дүниеге өткеннен бастап, оның аруағын ұмытпай үнемі тасаттық беріп, құран бағыштап отырады. Осылай ұрпақтар байланысы үзілмей, бір-біріне әсерін беріп отырады. Жауға шапқанда «Аруақ!» деп ата-бабасының көмегіне жүгіну де осының бір көрінісі. Үлкен істі бастағанда да аруақтың көмегін сұрайды. Сондықтан, аруақтармен байланысын үзбеген қоғамдарды отырықшылыққа ауыстырудың қажеті болмай, олар

өздерінің бұрынғы салтымен өмір сүре берген деп пайымдауға болады. Қазақ халқының табиғи өмірін бұзбай, соңғы дәуірге дейін өздерінің үйреншікті өмірін сақтау құпиясы, міне, осында жатса керек. Ескертетін жағдай. Аруаққа табынудың да үлкен зияндылығы болады. Діндер арасында көптеген түсініспеушіліктер, талас тудыратын бұл үлкен мәселе. Сондықтан бұл мәселені дұрыс түсінудің маңызы өте зор. Аруақтар Алла тағаланың ықпалымен өмір сүретін, мұсылманша айтқанда, Оның бұйрығын орындайтын қатар әлемдердегі жан иелері. Егер тек қана аруақтарды еске алып, солардың ықпалымен ғана өмір сүргенде, бүкіл әлем Жаратушысы, барлық діндердің негізгі мақсаты болып табылатын Алла тағаланы естен шығарып, ұмытып кетуге болады. Ондай жағдайда аруақтар ешқандай көмек бере алмайды, себебі олар Алла тағаланың бұйырығынсыз ештеңе де жасамайды. Сөйтіп қоғам құлдыру жолына түседі. Адамзат тарихында бұған арабтар өмірі жақсы мысал бола алады. Исламға дейін арабтар ата-бабаларының аруағына ғана табынған. Әрбір тайпа өздерінің аруақтарына мүсін жасап табынып, Бір Жаратушыны ұмыта бастаған. Сөйтіп, Жоғарғы Күшпен байланысын үзіп, рухани қуаттан айырылған елде бірлік болмай, тайпалар бір-бірімен үнемі соғысып, адамдардың өмірі бейберекетке айналған. Адамгершілік қасиет аяққа басылғаны сонша, тіршілік өз бағасынан айырылып, жаңа туған қыз баланы тұрмысқа шыққанша босқа асырамау үшін тірідей жерге көмген жағдайлар болған. Сол кезде Алла тағала ұмытылған діни қағиданы қалпына келтіру үшін Өзінің елшісі Мұхаммед пайғамбарды арабтарға жіберді. Осылай ислам діні пайда болып, бытыраған елді жинап, арабтар күш алып, жаңа дін әлемнің көптеген аумағына тарады да, адамзатты құлдырау жолынан алып шықты. Арабтар өздерінің көшпенді салтын сақтап қалды. Себебі, Бір Жаратушыға табыну Оның жаратқандарын да қамтиды. Сөйтіп Алла тағаланың жаратқандары болып табылатын аруақтар да риза болып, өздерінің ұрпақтарына көмегін аямайды. Діннің аруақтар арқылы тарайтынына христианда да, исламда да көптеген дәлелдер бар. Бір мысал келтірейік. Исламның жаңа тарай бастаған кезінде бірде Мұхаммед пайғамбар қуғыншылардан құтылу үшін үңгірдің ішіне кіреді, сол кезде қуғыншылар да келіп жеткен. Бірақ үңгірдің кіреберісі өрмекшінің торымен жабылғанын көрген. Қайран қалған қуғыншылар үңгірде ешкім жоқ деп ойлап әрі қарай жүріп кеткен екен. Сонда үңгірді өрмекшінің торымен кім жапты? Әрине, аруақтар. Бірақ аруақтар Алла тағаланың бұйырығын орындайтын болғандықтан, бұл Алла тағаланың ісі деумен бірдей. Ислам дінінің көптеген елдерге су тасқынындай тез жайылуы Алла тағаланың бұйрығымен аруақтардың жасаған әрекеттерінен болса керек. Осылай әлемдер байланысы қалпына келтірілді. Кейбір аумақта заттық өмірдің әсерімен адам аруақтарды ғана емес, Жоғарғы Жаратушыны да ұмытқан. Сол кезде адамдарға аруақтарды үнемі естерінде сақтауға және Жоғарғы Күшке табынуға жағдай жасау үшін олардың өмірі отырықшылыққа ауыстырылған. Бұл істі, әрине, аруақтар орындады.

Осылай көшпелі адамның дүниетанымы, ой-өрісі, мінез-құлқы, салт-дәсүрі толық өзгеріске түсті. Отырықшы өмір салты. Дәнді дақылдарды егуді адам отырықшылыққа көшкен соң 1-3 мың жылдан кейін ғана үйренген, ал малдарды қолға үйрету одан да кеш болған. Көптеген палеоантропологтар отырықшылар шектеулі жерде қоныстанғандықтан бастапқы кездерде өмір өте нашар болды, тамақ жетіспеді деп есептейді және өмірлері де қысқа болған. Отырықшылық көшпелі өмірге қарағанда адам өмірі үшін тиімсіз болды. Отырықшы өмір салты мен жабайы аңдарды қолға үйрету адамның өмірін ғана емес, оның дүниетанымын да өзгертті. Жер барлығына ортақ тегін емес, енді ол егін егетін бір, не болмаса топ адамның меншігіне айналды. Осылай жерге бұрын болмаған жеке меншік пайда болды. Баспана, адамдардың жерленуі, егін егу әрекеті адамды жерге байлады. Жеке меншік сезімі күшейіп адам енді қоршаған ортаға бейімделуден, керісінше, оны өзіне бейімдеуге ұмтылды. Жер бетінде адамдар саны күрт көбейе бастады. Осылай адамның көңілі бұрынғыдай қоршаған табиғатқа емес, өзінің күнделікті тіршілігіне ауысты. Олар террастар, каналдар мен су тасқынынан қорғандар салып қоршаған ортаға әсерін ұлғайтып, оны өзгеріске түсіре бастады. Сонан соң алғашқы қалалар, алғашқы мемлекеттер пайда болып, адамдардың бір-бірін қанауы, жоюы, патшалар мен саясаткерлердің дінді бұрмалап жеке қарабас қамына пайдалану тәрізді бүгінгі күнге дейін созылып келе жатқан көріністер өріс алды. Әлемнің бүгінгі жағдайы адамның сол кезден бастап көшпенді өмірден отырықшы өмір салтына ауысу салдары. Отырықшы адам егін егіп оның өнімін алу үшін, оның өзі жер тырмалап жұмыс істеуі керек. Егін өнімі оның өзінің еңбегіне байланысты. Сондықтан ол өзіне ғана сенеді. Қалай жұмыс жасаса – солай еңбегі өнеді. Енді оның табынатыны табиғат емес, адамның өзі болды. Енді адамға барынша жақсы жағдай жасау керек болды. Сол үшін қолдан көптеген жаңа материалдар, технология, құралдар жасала бастады. Осылай бүгінгі күндердегі техникалық өркениет өріс алды. Ал оның нәтижесі – жер бетіндегі ауаның температурасы жоғарылап Мұзды мұхиттың мұздарының еруі, табиғат апаттарының көбеюі, ауа райының өзгеруі тәрізді құбылыстар. Осының барлығы жүздеген мың жылдарға созылған адамзат тарихындағы отырықшылық өмір тудырған небәрі 400-500 жыл қамтитын техникалық өркениет жемісі. Жоғарғы Жаратушының бір көрінісі табиғат. Табиғаттан бөлінген адам енді Жоғарғы Жаратушыны да ұмыта бастады. Осылай енді өзіне ғана сенетін қоғамда Құдайды жоққа шығаратын атеизм күшейді. Атеизмнің күшейген кезі техникалық өркениеттің тез қарқынмен дами бастаған ХІХ ғасыр еді. Осылай «адам маймылдан жаратылған» дейтін дарвинизм тәрізді атеистік ағымдар пайда болды. Адам көшпенді дәуірде өмір көріністерін жүрек арқылы қабылдаса, енді отырықшылыққа ауысқан соң мимен қабылдай бастады. Оның өмірін бұрынғыдай жүрек емес, енді ақыл басқарды. Ақыл болмыстың тек қана сыртқы сымбатын қабылдай алады. Сондықтан, енді адамның көңілі өмірдің сыры емес, оның сымбатына ауды. Өмір құбылыстарының ішкі мәнін түсінбей,

оның сыртқы көрінісіне үңіліп, әр нәрсенің сырына емес, оның сымбатына құштарлану адамды ішкі рухани байлықтан айырды. Осылай қазіргі техникалық өркениет өріс алып, адамның жүрегі тастай қатты, ал адам өзі жасап шығарған құрылымдарының бөлігіне айналды. Талас-тартыс ұлғайды. Адамдар адамгершілік қасиеттерінен айырылып, жансыз механизмге ұқсай бастады. Жоғарғы Жаратушыны ұмытып әлемнің үздіксіз үйлесімді өмірінен алшақтаған адамның ішкі дүниесі тоған суындай лайланып, бүліне бастады. Отырықшы өмірге өтудің салдары, міне, осындай. Осы қысқаша шолудың өзінен отырықшылық – адамгершілік қасиеттерді қорлау болса, ал көшпенділік еркіндік пен жетілу кепілі екенін көруге болады.

2. Тоғызқұмалақ ойыны адамды жетілдіру құралы

Көшпенді өмір әлем болмысымен толық үйлесімді болғандықтан, адамның дамып, жетілуі табиғи түрде болды. Сол өмір тудырған тоғызқұмалақ ойыны өзінің шыққан ортасы тәрізді адамды жетілдіру құралының бірі болып табылады. Көшпенді өмірде пайда болған тоғызқұмалақ ойынының мақсатын дұрыс түсініп, оның басқа спорт ойындарының арасындағы алатын орнын көру үшін, әуелі оның пайда болу ортасын, соған байланысты өзіндік ерекшелерін түсініп алуымыз керек. Басқа ойындармен салыстырғанда тоғызқұмалақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер бұл ойынның бұрынғы қазақ халқының ойөріс, салт-дәстүрімен, яғни оның табиғи болмысымен ішінара бірлесіп пайда болуына байланысты. Табиғи болмыстың не екеніне келетін болсақ, бүкіл тіршілік рухани және дүниелік болмыстардан құралады. Осы екі болмыстың бір-біріне әсері мен олардың өзара байланысы – бүкіл әлем өмірінің көрінісі. Әлемнің әрбір бөлігінің, оның ішінде қазақ халқының да өзіндік рухани және дүниелік болмыстары бар. Бұл екі болмыстың қасиеттері мен құндылықтары екі бөлек. Рухани болмыс адамды жан құмарына билетіп, жоғары мақсатқа бағыттаса, ал дүниелік болмыс тән құмарына билетіп, төмен тартады, сондықтан екеуінің арасындағы тартыс пен қайшылықтар үздіксіз. Жетілу үшін рухани және дүниелік болмыстар өзара үйлесімді және тепе-тең қалыпта болуы керек. Яғни, екі болмысты да қатар жетілдіру керек. Рухани жетілу әрбір тіршілік иесіне оның әлемдегі алатын орнына байланысты оған даму жолын көрсетіп, өз болмысын тану арқылы өмірдің түпкі мақсатына жетелейді. Рухани болмыста тартыс, қарама-қайшылық деген болмайды, керісінше, ол тепе-теңділік пен толық үйлесімділікке негізделген. Ол үздіксіз, эволюция жолымен болады. Секіру деген жоқ. Ал дүниелік болмысқа келетін болсақ, оның өмірі, рухани болмысқа керісінше, тек қана тартыс пен қайшылыққа негізделген. Дүниелік болмыс

рухани болмыстың жетілу жолындағы құралы ғана болып табылады. Екіұдайылықтан шығатын қарама-қарсылықтар күресі – оның өмір сүру заңдылығы. Талас пен тартыс ынта-жігер мен күш-қайратты өсіретін заттық дүниенің өмір көрінісі, негізгі тәсілі. Тартыс болмаған жерде қандай тіршілік түрі болса да іріп-шіру, құлдырау, ақыры толық жойылу бар. Сондықтан, дүниеде тартыссыз өмір жоқ. Бұл материалдық өмір заңдылығы. Қазақ халқының ұлттық ойыны тоғызқұмалақ өмірдің осындай екі болмысын да қамтиды, сондықтан, оны рухани болмысты жетілдіруге де, дүниелік болмысты жетілдіруге, не болмаса екеуін қатар жетілдіруге пайдалануға болады. Бұл тоғызқұмалақтың басқа ойындармен салыстырғанда негізгі ерекшелігі. Рухани болмыс үшін пайдалану дегеніміз, ойынды халықтың ой-өрісі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, адамгершілік қасиеттері тағы сол сияқты ұлттық және өзіндік ерекшелерін жетілдіруге пайдалану болып табылады. Ол үшін тоғызқұмалақ ойыны беретін болмыс үйлесімділігін бойға сіңіре білу керек. Рухани болмыстың негізі үйлесімділікте жатыр. Үйлесімді табиғатта тартыс жоқ, ендеше сол табиғатпен ішінара бірігіп жатқан халық өмірінде де тартыс болмауға тиісті. Тартыс табиғаттың екіұдайылық көрінісін қарамақарсылық деп түсініп, оның бір жағын ғана қабылдап, екінші жағымен күреске шыққанда пайда болады. Күндіз-түн, ыстық-суық, жақсы-жаман, қуанышқайғы, жұп-тақ тәрізді екіұдайылық көріністер екі бөлек емес – олар біртұтас дүниенің екі жағы. Олардың бірі болмаса – екіншісі де жоқ. Ендеше біртұтас дүниенің екі көрінісі болғандықтан, оларды бөліп қарастыруға болмайды. Қазақ халқы табиғат екіұдайылығын бір-бірінен бөлмей, оны толық қабылдаған. Сондықтан олардың өмір салтында табиғатпен тартыс та болмаған. Бұл оларға қоршаған ортаның төл баласы ретінде табиғатпен үйлесімді, өмірде қандай құбылыс болса да оны тартыссыз қабылдап, болмыспен бірбүтін болып өмір сүруге мүмкіндік берді. Осындай келісімді өмірден пайда болған тоғызқұмалақта да алыс-беріс арқылы болатын үйлесімділік басым. Берген жерде тартыс болмауға тиісті емес пе?! Сондықтан қазақ халқының өмір салты және оның өмір көрінісі болып табылатын тоғызқұмалақ ойыны заттық әлемнің тартысын ғана емес, оның үйлесімділігін де көрсетеді деуге болады. Тоғызқұмалақтың алғашқы нұсқасы басқа кейбір ойындар тәрізді адамның ойлап шығарғаны емес, халықтың тұрмыс-салтынан табиғи пайда болған, оның толық көрінісі болып табылады. Тоғызқұмалақты материалдық байлық жинауға да пайдалануға болады. Кейде бұл ойынды «Жүп сандар мен тақ сандардың тартысы» деп атайды. Бұл да орынды. Себебі, бұл атау тоғызқұмалақтың дүниелік көрінісін береді. Сонымен, қолдану әдісіне байланысты тоғызқұмалақты рухани жетілуге, не болмаса дүниелік байлық үшін пайдалануға болады. Енді тоғызқұмалақты қолдану әдістерінің әрқайсысына жеке тоқталайық.

3. Тоғызқұмалақты рухани жетілу жолында пайдалану

Әуелі тоғызқұмалақ ойынының халық болмысымен сәйкестігіне көз жеткізейік. Халық болмысымен біртұтас болып, бірлесе біткен тоғызқұмалақ ойыны оның тұрмыс-салт айнасы тәрізді, оның ой-өріс, әдет-дәстүріне сәйкес келеді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін әуелі халқымыздың мінез-құлқы, салтсанасының қалыптасу барысына көз жіберейік. Б.д.д. төртінші ғасырдағы Ұлы Көш кезінде Евразияның шексіз кеңістігінде еркін көшкен көшпенді халық жер тіршілігінің бөлінбес бір бөлігі ретінде табиғат аясында еркін өмір сүрген. Табиғат қалай өзгерсе, олар да солай өзгеріп, олардың тұрмыс-тіршілігі әлемдік болмыстың үйлесімділігін бұзбай, онымен ішінара біртұтас болып отырды. Табиғат өзгерістері халық өміріне байланысты емес. Олар әлемдегі планеталар қоғалысының жерге әсерінен болады. Табиғат өзгеріп, көшпенділердің өмір сүру ортасы нашарлағаннан кейін, тағдырдың ықпалымен халық өздерінің үйренген жерлерінен көтеріліп, болмыс ағынымен батысқа қарай жылжи бастады. Егер болмысқа көнбей, тағдырға қарсы шығып, тартысқа түссе сол кездегі түркі халқы жолындағы қоныстанған басқа халықтарға сіңісе де алмас еді, сонымен бірге, ұлы ағыннан шет қалып, сонау Батыс елдеріне дейін жете алмас та еді. Осының өзі көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының ой-өрісі тартысқа негізделмегенін көрсетеді. Қазақ халқында тартыстан гөрі сабырлылық, төзімділік басым. Бір сөзбен айтқанда мұны халық даналығы деуге де болады. Ұлы Көштен бергі қазақ халқының тұрмысы да жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, табиғатпен тартыспай, керісінше, оның толық ықпалында және үнемі үздіксіз қозғалыста болды. Қазақ салтында тартыстан гөрі алыс-беріс басым. Алыс-беріс пен тартыс ұқсас емес, тіпті, екеуі қарама-қарсы әрекетті білдіреді. Алыс-беріс бар жерде тартыс жоқ, ал тартыс бар жерде алыс-беріс жоқ болғандықтан олар бір-бірін жоққа шығарады. Алыс-беріс дәстүрі. Қоғам өмірі адамның жетілуіне арналған. Адамды жетілу жолына салатын өмір дұрыс қарым-қатынас арқылы болады, ал ондай қатынас адамдар арасындағы алыс-беріс арқылы ғана орнамақ. «Адамның күні адаммен» деген халық даналығы бар. Алыс-беріске мал-мүлік қана емес, жақсы сөз, адал ниет, өзара қамқорлық тәрізді адамгершілік қасиеттер де кіреді. Сөйтіп, алыс-беріске дүниелік қана емес, рухани байлық та жатады. Мұндай қоғамда өзара сыйластық, жан тыныштығы, жақсы көңіл-күй мен бейбіт өмір орнығады. Жоғарыда айтқанымыздай, рухани байлықтың дүниелікке қарағанда үлкен айырмашылығы бар. Ол берген сайын азаймайды, керісінше, молая түседі. Әлемдік тепе-теңдік заңы бойынша босаған орын бос қалмайды, басқа жолдармен қайта толады, яғни бір нәрсе орын ауыстырса, оның орнын басқа басады. Егер орын ауыстыруды беру дейтін болсақ, онда қайта толтыруды алу деуге болады. Бұл тәртіп адамның алуы үшін әуелі беруі керек екенін білдіреді. Берген нәрсе түрлі жолдармен қайта келіп, адам өзіне керегін әрқашан да таба

алады. «Береген қолым алаған» деген сөз тегін айтылмаған. Осындай табиғи заңдылықты өмірден жиі көруге болады. Берген адамға оның керегі өмір ағымымен өздігінен келіп жатады. Бұл әлемдік тартылыс заңына байланысты: ұқсастар бір-біріне тартылады. Адамның қасиеті жоғары болса, оған ниетқалауына байланысты соған сәйкес байлық келеді. Алыс-берістің тек қана пайдасы емес, зияны да бар. Пайдалы болуы үшін оның мәні мен мәнісін білу керек. Мәні – тепе-теңдікті сақтай отырып, әлем тіршілігінің үйлесімділігін сақтау. Тіршілік тек алыс-беріс арқылы ғана болады, дедік. Мәнісі – кімге, қандай жерде, қай уақытта және қанша беруде. Берудің үлкен мәнісі бар. Беру принциптерін бұзған кезде, не болмаса оларды білмеген кезде, ондай әрекет тек қана зияндық әкеледі. Әуелі кімге беру керегін білу керек. Өзінің адамгершілік қасиеті сәйкес адамға берілсе, ол беру тек қана пайдалы. Ал адамгершілігі сәйкес келмейтін адамға берілген нәрсе алғанға да, бергенге де, үлкен зиянды. Мысалы, «шық бермес сараң» байға берген нәрсе оның сараңдығын одан сайын өсіріп, көкірегін көтерсе, ал маскүнемге берілген нәрсе оның маскүнемдігін ұлғайтып, оның жағдайын мүлде нашарлатып жіберуі мүмкін. Екі жағдайда берген адам байлығын босқа шашып қана қоймайды, кінәлі болып, тағдыр алдында оның жауабын тартады. Осылай ол дүниелік байлығын ғана емес, рухани байлығын да жоғалтады. Ал шын мұқтаж адамға берудің маңызы өте зор. Ол кедей болып, бірден қайтара алмауы да мүмкін, бірақ ол бергені түбінде қайтады. Қазақта «Құдайдан қайтсын» деген жақсы сөз бар. Кедей-мүсәпір адам алған жақсылықты бірден өзі қайтара алмайтынын біледі, сондықтан Құдайдан көмек сұрайды. Оның шын ниетімен жалбарынып сұрағанын Құдай міндетті түрде қабыл етіп, оның тілегін орындайды. Берген адамға Құдайдан қайтады. Құдай Жоғары Рух болғандықтан, Оның бергендерінің барлығы рухани. Ондай байлықты дүниелік жолмен табу мүмкін емес. Осылай, берудің мәнісін білген адам ең жоғары байлыққа – рухани байлыққа ие болады. Беретін жерді де білу керек. Ең жақсы жер – Құдайға құлшылық жасайтын жерлер. Ал Құдайға құлшылық жасайтын адамға берсе, оның әсері тіпті ұлғая түседі. Қалай беру керек? Берген кезде адамның көңілі ашық, таза болуы керек. Егер өзін зорлап, не болмаса берген адамды менсінбей, өзін жоғары көрсетіп берсе, оның сауабы аз болады. Қанша беруді білудің маңызы да зор. Артық берілген дүние әрқашан да «ауызынан шығатыны» белгілі. Артық берген нәрсе адамға тек қана зиянын тигізеді. Қазіргі заманнан мысал келтірейк. Біздің заманымызда бала тәрбиесін дұрыс түсінбеудің кесірінен, оған керегінен артық беру жиі кездеседі. Бұл оның алу ниетін өсіріп, баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Осылай әрбір жылтырақ нәрсені алғызып, өзінің ниет-мінезін бұзады. Мектеп жасындағы балалар арасындағы керек-керексізіне қарамай түрлі қымбат ұялы телефон, планшет тәрізді электронды құралдарға бәсекелестің пайда болуы осының салдары. Келешекте беруді үйренбей, тек қана алуға дағдыланған осындай балалардан дүниені бағалай білмейтін, өз еңбектерімен өмір сүруге

дағдыланбаған, тек басқаның аузына қарап отыратын әлсіз адамдар шығады. Ал берудің мәнісін білмеген әке қалтасын жұқартып қана қоймай, өзінің баласының келешегін бұзады. Парақорлық, мансапқорлық, басқаның арқасында өмір сүруге ұмтылушылық, міне, осындай адамдардың арасынан шығады. Берудің мәнісін білудің маңызы, міне, осындай. Алудың да өз мәнісі бар. Алғаннан кейін беру керек. Бұл әлемнің тепетеңдігінен шығатын әділет заңдылығы. Алынған байлық жинала берсе, ол тоған судың сасығаны тәрізді бүліне бастайды. Су бөгелмей аға берсе – ол әрқашан да тазалығын сақтайды. Сол сияқты, алғаннан кейін беру болса, адамның көңілі тазарып отырады. Алғанда да кімнен алу керек екенін білу керек. Егер артындағы пайдасын ойлап, арамдықпен берілген нәрсе болса, ондай бергенді алуға болмайды. Ондай алған жүректі былғайды, пайдасынан зияны көп болады. Сонымен, алыс-беріс өте керек дәстүр. Бірақ, оның қолдану мәнісін жақсы білуіміз керек, сонда ғана оның зияны емес, пайдасын көреміз. Тоғызқұмалақ ойыны осыны үйретеді. Оған төменде көзімізді жеткіземіз. Ал тартыс болған жерде барлығы керісінше – адамның көңіл-күйі төмендеп, жүрек кірленетін болғандықтан, жетілудің орнына адам азады. Себебі, оған керегін алуы үшін күресуі керек және ол өзіне болмыстың тек қана төменгі қуатын тартады. Алыс-беріс дәстүрі қазақ халқының мінез-құлықынының қалыптасуында да үлкен орын алған. Оның қонақжайлық, ашық мінезділік, сыйластық, адамды құрметтей білу тәрізді өзіндік ұлттық мінез-құлықтары осы алыс-беріс дәсүрінен деуге болады. Түрлі жорықтарға қатысып, алыстан қыз алып, не болмаса қыз беріп, құда-құдандалы болып, не болмаса мал бағу барысындағы көшіп-қону тәрізді әрекеттер кезінде халық үлкен қоғалыста болды. Әсіресе, қазақ халқының қонақжайлық қасиетін осымен түсіндіруге болады. Алыс сапарында әркімге де жолшыбай біреудің үйіне түсіп, қонақ болуға тура келеді, яғни сый-құрмет көреді. Қонақ күткен адам сый-құрметті өзінің барын беру арқылы көрсетеді. Осындай таза ниетті сый-құрметті алған адам енді өз кезегінде де үйіне келген қонаққа сондай сый көрсетуге ұмтылатыны табиғи қасиет. Алыс жолдан келген күтпеген қонақты қазақ «құдайы қонақ» деп аса зор ылтипатпен қарсы алған. «Біреу келіп қалар» деп асының құндысын сақтап отырған. Келген қонақтан жөн сұрасып, оның көрген-білгенін естіп, өзі де қонаққа білгенін айтып, өзара алыс-беріс қатынас орныққан. Осылай, кейде өзі барып, кейде оған келіп, адамдар барыс-келіс арқылы бітеқайнасып араласып жатқан. Осының нәтижесінде бүкіл көшпелі түркі әлемінде түрлі халықтардың мәдениеттері бір-бірімен араласа сіңісіп, бір-бірін байыта отырып, өзара ұқсас бір мәдени орта пайда болған. Алыс-беріс дәстүрі көшпенділердің үздіксіз қозғалысындағы барыс-келісі арқылы болды. Барыс-келіс қозғалысымен болған алыс-беріс дәстүрі қазақ халқының тілі және дінін қалыптастыруда да үлкен орын алған. Түркі халықтары қазіргі уақытқа дейін бір-бірін тілмашсыз-ақ түсіне береді. Ал қазақ жерінен көп кішкене Германияда бір аймақтың немісі екінші аймақтың адамын түсіне алмай

жатады. Оларда әрбір аймақтың өз диалектісі бар. Қазақтың кең байтақ даласында диалект деген жоқ, сондықтан, қазақ тілі еліміздің барлық түкпірінде де бірдей. Қазақ тілінің негізі үш тілден құралады. Олар – ежелгі түркі, араб және парсы тілдері. Түркі тілі қазақ тілінің алғашқы негізін құраса, ал араб тілі ислам діні арқылы кірген. Сондықтан дінге байланысты сөздердің көпшілігінің негізі араб сөздері. Ал қазақтың поэзияға, ғылымға, мәдениетке байланысты сөздері парсы тілінен енген. Бұл жағдай халықтың өзге мәдениетті еркін қабылдай білгенінің айғағы. Қазақ тілінде Жоғары Жаратушыны білдіретін үш сөз бар. Олар: Тәңір – түркі тілінен, Алла – араб тілінен, ал Құдай – парсы тілінен. Үш тілден өзіне ең шұрайлы сөздерді қабылдай отырып, қазақ тілі әлемдегі бай тілдің біріне айналған деуге болады. Қазақ жерінде ислам діні басқа елдердегідей күшпен енгізілген жоқ, бейбіт жолмен келді. Арабтармен соғыс еліміздің оңтүстігінде біраз жерде ғана болды. Бірақ ол соғыс исламның тарауында шешуші роль атқарған жоқ. Ислам негізінен сопылар ықпалымен тарады. Олар рухани жолда ел кезіп, өздерінің рухани күші арқылы халықты ислам жолына тарта білді. Көкірек көзі ашық ел кезген сопы ағымындағы адамдарды ел құмарта тыңдап, рухани бұлақтан сусындағандай болған. Сопылар көбіне парсылар болып, терең рухани білімді парсы тілінде көркем поэзия арқылы таратты. Осылай парсы поэзиясы қазақ жеріне енді. Олармен қатар араб елдерінен қожалар келді. Сопылар халықты бір Аллаға сендірсе, ал қожалар ол сенімді нығайту үшін діннің салт-дәстүрін енгізді. Мысалы, қазақ даласында соңғы кезге дейін баланы сүндетке отырғызуды қожалар жасайтын еді. Сопылармен қатар қожалар да халық арасында үлкен сый-құрметте болды. Әдетте жаңа дін күшпен еріксіз енгізіледі, мысалы, Ресейде христиан дінін князь Владимир халыққа зорлықпен таратқан. Ал қазақ халқы исламды өз еркімен, ешқандай қарсылықсыз, табиғи түрде қабылдаған. Алыс-беріс дәстүрін қазақтың көптеген салт-дәстүрінен көруге болады. Мысалы, соғым сойғанда, түрлі той-домалақ кезінде, тіпті адам өлімінде де қазақтар елді жинап қолындағы барын беріп, халықты риза етуге ұмтылады. Наурыз мейрамында бір-бірін жеті тағамнан құралатын «наурыз көжемен» сыйлайтын салт бар. Алыс-беріс нәтижесінде қонақжайлық қасиет нығайып, әдет-ғұрыпқа айналды. Осылай қазақ халқының өзіндік рухани болмысы қалыптасты. Ал енді қазіргі қазақтың жағдайына келетін болсақ, оның көптеген қиыншылықтары отырықшылыққа ауысудан болып отыр. Отырықшылыққа басқа қоғамдар 200-300 жылда өтіп, сонан бері сол тұрмыспен жүздеген жылдар өмір сүріп жатса, ал біз отырықшылыққа өте қысқа мерзімде (мөлшермен 1920-1930 жж. арасында) өтіп, бүгінгі күнге дейін өмір сүріп жатырмыз. Яғни, отырықшылықтағы өмірімізге әлі 100 жыл да толған жоқ. Сондықтан біз жаңа өмірге әлі бейімделе алмай жатыр. Адамның мінезінің күрт нашарлауы, қазақтың «қой мінезді» атанып өзінің ежелгі қайраттылығынан

айырылуы, соның салдарынан елдегі өріс алған коррупция, парақоршылық, қағазбастылық сияқты келеңсіздіктен қоғамның құлдырауы, міне, осының салдары деуге болады. Егер қазақ бұрын да «қой мінезді» болса, онда Шыңғысхан тұқымдарымен бірігіп Евразияның жартысын жаулап алуы мүмкін болмас еді. Ол кезде қазақ «нағыз жігіт», басқа сөзбен айтқанда «жауанмәрт» болған. Жаңа өмірге бейімделуге уақыт керек. Көшпелі өмірдің тамаша алыс-беріс дәстүрі қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақта жақсы көрінеді және оның негізін құрайды. Енді тоғызқұмалақтың ұлттық салт-дәстүрмен байланысына келейік.

4. Ойындағы салт-дәстүр көріністері

Тоғызқұмалақты «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі бұл ойынды алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған. Бұл ойын осыдан 4-5 мың жылдар бұрын пайда болған деген деректер бар /1,2/, бірақ одан әрі дәуірде пайда болуы да мүмкін. Енді тоғызқұмалақ ойынын талдай отырып, оның халықтың рухани болмысымен өзара байланысына көз жіберейік. Қазіргі ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Жүріс жасау үшін өз жағымыздағы отаулардың бірінен құмалақтардың біреуін орнында қалдырып, қалған сегізін қолға алып, солдан оңға қарай бірбірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Мақсат – өз қазанына мол құмалақ жинау. Ол үшін отауларды байыту керек. Бай отаудың қарсы жаққа шығу мүмкіндігі мол. Көріп отырғанымыздай, ойын элементтері қазан, отау, құмалақ аттары қазақ тұрмысынан алынған. Тіпті, ойыншылар да қарсыластар емес бастаушықостаушы болып табылады. Енді тоғызқұмалақтың осылай аталу және отаулар мен құмалақтардың неге тоғыз болған сырына келейік. «Құмалақ» деген сөз қойдың құмалағынан басқа ұғымдарды да білдіреді. Мысалы, «құмалақ салу», не болмаса «құмалақ ашу» деген сөздер бар. Ал құмалақ салатын адамды «құмалақшы» деп атайды. Бұл сөздер қазақ арасында кеңінен тараған адамның тағдырына үңілуге мүмкіндік беретін ежелгі дәстүрді және сол дәстүрді орындайтын адамды білдіреді. Тағы «құмалақ тас» деген сөз бар. Бұл «домалақ» деген ұғымды білдіріп, «домалақ тастың» бейнесін береді. Осылай «құмалақ» сөзінің көп мағыналы екенін көреміз. Сондықтан, қазақтың ұлттық ойынының «Тоғызқұмалақ» деп аталуы ешқандай да әбестікті білдірмесе керек.

Тоғызқұмалақтың саны мен отаулардың саны басқа сан емес, тоғыз болуының да өзіндік заңдылығы болуға тиісті. Әлемде қандай құбылыс болса да, оны үш нәрсе белгілейді. Олар – дыбыс, бейне (форма) және сан. Яғни, қандай құбылыс болса да, оны сөзбен жеткізіп, бейнесі арқылы көрсетіп қана қоймай, сан арқылы да өрнектеуге болады. Әлем заңдылықтарын математикалық формулалармен көрсетуге болатынын осы ғылыммен шұғылданатын ғалымдар жақсы біледі. Мысалы, әлем құбылысының бірі адам. «Адам» мағынасына оны білдіретін дыбыс, соған сәйкес келетін сөз бейнесі мен адамның бейнесі және соған сәйкес келетін 45 саны жатады. Жан иелері қандай құбылысты болса да, оны үш қабілетімен қабылдайды. Дыбысты есту органдары қабылдаса, бейнені – көру органдары қабылдайды, ал санды – есту және көру органдары арқылы ақыл қабылдайды. Осылай, түрлі қабілеттер адам баласына болмыстың қандай құбылысы болса, оны толығырақ қабылдауына мүмкіндік береді. Дыбыс, бейне және сан бір-бірімен тығыз байланыста болып, болмыс көріністерінің өзара байланысын көрсетеді. Мысалы, адамның туған күнін, айын, жылын білдіретін сандар арқылы, оның келешек дағдырын болжауға болады. Сандар байланысы әлем құбылыстарының тылсымдық көріністерімен тығыз байланысты. Бірақ, қазіргі заманда сандардың тылсымдық қасиеттерінің көпшілігі ұмытылған. Сандардың өзара байланысын арнайы ғылым зерттейді. Бұл ғылымды араб тілінде абжад (қазақша – әбжад) деп атаса, ал қазіргі ғылымда нумерология деп атайды. Нумерология сандардың байланысы арқылы табиғат көріністерін береді. Мысалы, әрбір араб әрпі белгілі бір санды білдіреді. А-1, Б-2, Ж3…т.с.с.мыңға дейінгі сандар қамтылған. Бұдан басқа да әріптер осы реттік сандармен беріледі. Мұны әбжадтық әліпби дейді. Және әрбір араб сөздері де бір санға эквивалентті болады. Сондықтан Қасиетті Құранның сөздерінде олардың әрқайсысына арналған өзіне сәйкес сандар бар. Әбжат екі түрлі болып бөлінеді. Үлкен әбжад және кіші әбжад. Үлкен әбжадта бірліктер, ондықтар, жүздіктер және мың болса, кіші әбжадта барлық 28 әріп 1-ден 10-ға дейінгі сандарды ғана қамтиды. Енді тоғызқұмалақтағы 9 санына келейік. 9 саны көптеген тылсымдық қасиеттерді білдіреді. Әбжад бойынша «адам» деген мағынаға 45 саны сәйкес келеді. Ал 4 пен 5 қосындысы 9 болады. Сонымен, 45 «адам» деген сөздің сан мәні. Бұл әріптер бірікпесе, яғни ала болса, онда «адам» сөзі шықпайды. Ал, адам сөзінің сандық мәнінің шықпауы адами бейненің толымсыздығын ишаралайды. «Адами дәрежеге жете алмайды» деген ойды көрсетеді. Данышпан Абайдың оны біліп, адамдық қасиеттерді толықтыруға арналған 45 қара сөз жазуы да тегін болмаса керек. Тоғыз санының қасиетіне тоқталсақ, ана құрсағында нәресте тоғыз ай, тоғыз күнде өсіп жетіледі. Бұл сан адамның пайда болып, жарық дүниеге келетінге дейінгі уақыт өлшемі. Тоғыз саны өмірге адам әкеледі. Көшпенділер тоғыз санын болмыстың шыңы деп санаған, олардың салт-дәстүрлері мен

наным-сенімдерінде тоғыз саны қасиетті болып есептелінген. Тоғыс санының омонимі – «ұзақ өмір». Сонымен бірге, жер бетіндегі тіршілікке және адам өміріне әсер ететін негізгі тоғыз планета бар. Олардың қозғалысы жер бетіндегі бүкіл тіршілікке ықпал жасайды. Көшпенді халық оны жақсы білген. Мүмкін тоғызқұмалақ ойыны сол планеталар қозғалысымен байланысты шығар. Бұл мәселені астрология ғылымы қарастыруы керек. Осы айтылғандардан тоғызқұмалақтағы 9 санының халық ділімен тығыз байланысын және оның үлкен мәні барын көруге болады. Тоғызқұмалақ ойыны қазақ өмірінің көрінісі. Бұған көзімізді жеткізу үшін екеуін салыстырып көрелік. Бұрынға заманда көп балалы үй бір әкеге, ал бүкіл ру рубасы ақсақалға қатаң бағынған. Бала кәмелетке жеткен соң әкесі оны үйлендіріп отау құрады. Тоғызқұмалақтағы отауда тоғыз құмалақ болғандықтан, ол отаудың басы адам деген ишара береді. Сөйтіп, балалар өскен сайын отаулар көбейіп, ұлғая береді. Әке байлығы өзінің жиғанымен ғана емес, балаларының, яғни отаулардың байлығымен де құралады. Тоғызқұмалақ тақтасын осындай қазақ ортасы деп қарастыратын болсақ, онда ойнаушыны әкемен, ал отауларды оның балаларының отбасымен салыстыруға болады. Әкенің мақсаты өзінің қазанындағы байлығын көбейту. Байлыққа мал саны тәрізді дүниелік қана емес, адамның адамгершілігін өсіретін сабырлылық, мейірімділік, сый-құрмет, жақсы көңіл, ақыл сөз тәрізді рухани байлық та жатады. Тоғызқұмалақта екі түрлі байлық бар. Бірі – қазандағы құмалақтар. Кім өзінің қазанында көп құмалақ жинаса – сол жеңіске жетеді. Сондықтан бұлар ойыншыны жеңіске жеткізетін құмалақтар – негізгі байлық болып табылады. Екіншісі – отаулардағы құмалақтар. Бұлар қазандағы құмалақтарды көбейту үшін пайдаланады, яғни жеңіске жету құралы ғана. Адам өмірінде де екі түрлі байлық болады. Бірі – адамның сүйіспеншілігін, мейірімділігін, сабырлылығын, даналығын, шыдамдылығын және басқа да адами қасиеттерін көрсететін рухани байлық, ал екіншісі оның денсаулығын, сұлулығын, күш-қуатын, қалтасындағы ақшасын және басқа да тәндік артықшылығын көрсететін дүниелік байлық. Дүниелік байлық мәңгілікті емес, өзгеріп отырады, ал өлген кезде адам одан мүлде айырылады. Рухани байлық, керісінше, мәңгілікті, ешуақытта кемімейді, өлгеннен кейін о дүниеде адамның азығы болады. Өмір мақсатына жеткізетін байлық та, осы рухани байлық. Бұл дүниеде адам рухани байлығын көбейту үшін өзінің дүниелік байлығын пайдаланады. Бұл тоғызқұмалақта қазандағы байлықты молайту үшін отаудағы байлықты қолдану тәрізді, Осылай өмір көріністерін тоғызқұмалақпен салыстыратын болсақ, отаудағы байлық дүниелік байлық тәрізді бірде көбейіп, бірде азайып отырады, сондықтан ол өзгергіш дүниелік байлық болып табылады да, ал қазандағы байлық азаймайды, тек қана ұлғайып отырады және жеңіске жеткізетін тек қана

осы байлық, сондықтан ол өмірдегі рухани байлық тәрізді. Тоғызқұмалақ дәстүрі мен тіршілік дәстүрі ұқсас – адам өзінің рухани байлығын ұлғайту жолында дүниелік байлығын пайдаланатыны тәрізді, ойыншы да қазандағы құмалақтарын көбейту үшін отаудағы құмалақтарды пайдаланады. Енді әрі қарай салыстырып көрелік. Баю үшін алу керек. Ал алу үшін әуелі беру керек. Сөйтіп, бастаушы болған ойыншы өзінің бірінші жүрісінде әке тәрізді бір отауынан бастап сол отаудағы байлықты үлестіріп бере бастайды. Ол отауға да өмір сүру керек болғандықтан, ол отаудағы байлықтың бір бөлігін қалдырады, яғни бір құмалақты қалдырады да, басқаларын үлестіреді. Үлестіргенде әуелі ең жақын отаудан бастайды. Себебі жақсылық жасауды ең жақыныңнан бастау керек. Жақсылықты жақыныңа жасай алмасаң, басқаға да жасай алмайсың. Бұл өмір заңдылығы. Сөйтіп, байлық жинау үшін ол біртіндеп ең жақынынан бастап үлестіреді де, алыстағыларға, тіпті, тақтадағы өзінің қарсы жағындағы отауларға көшеді. Соңғы тасы түскен қарсы жақтағы отаудағы барлық байлықты (құмалақтарды) алып өзінің қазанына салады. Осылай ол рухани байлық жинайды. Құмалағын берген отау қазір бос қалғанымен, ол одан азып кетпейді – ойын барысында оған байлық қайтадан жиналады. Себебі ол берді, ендеше берген қайта алады. Қарсы жақтан қостаушы жүрген кезде, ол да осылай өз қалауынша екінші жақтан бір отаудың байлығын түгелдей алуға мүмкіндігі бар. Тақ санды отау ашық, ал жұп санды отау жабық деп аталады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылсақ (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Мұндай жүріс табысты жүріс болып табылады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Мұндай жүріс жай жүріс деп аталады. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде, орны бос қалады. Ойын барысында жүруші алыс-беріс тәртібі бойынша бір отаудан алынған байлықты барлық отауларға бірдей салып шығады, яғни ол әуелі өзінің маңындағыларына беріп, қоршаған ортасын байытады. Егер одан асып кетсе, онда ол келесі жақтың отауларына береді. Берген сайын отаудағы адамдардың ризашылығын алып, байлық жинау арқылы өзінің рухани болмысын өсіреді. Мақсат – қарсы жақтағы соңғы берген отаудың байлығын өзінің қазанына салу. Ол үшін жүрістің алдында әуелі алатын отаудың жағдайын біліп алып, оны жұп санды ету керек. Сонда ғана ол отаудағы құмалақтарды өз қазанына салады. Өмірде де түрлі жағдайлармен әркім беруге дайын бола бермейді. Мысалы, ол отаудың өзінің алда жоспары болуы мүмкін, не болмаса отау иесі әлі рухани жетілмеген сараң шығар. Осындай отаудан жүруші құмалақ ала алмайтын болғандықтан оның жүрісі жай жүріс болады. Ал егер ол өзінің жүрісін алдын ала жоспарлап, соңғы отаудың жағдайын жақсы біліп алып, оған беру арқылы оның көңілін ашып, бере алатындай жағдайын жасаса, онда оның жүрісі табысты болып, алу арқылы өзінің рухани байлығын молайтады.

Тоғызқұмалақта бұл жағдай қарсыластың отауындағы құмалақтарды тақ сан етіп, яғни ашып алып, сонан кейін өзі жүріп, сол отаудағыны жұп етіп, өзінің қазанына салумен бірдей. Не себептен отаудағы байлықты тақ сан емес, жұп сан болғанда ғана алуға болады? Мұны өмірдегі төмендегідей психологиялық сәтпен түсіндіруге болатын тәрізді. Жұп саны толықтықты білдіреді. Ондай отау сырттан қосымша дүние керек қылмайды, сондықтан жабық. Ал тақ саны толық емес. Ол қозғалысты, толығу барысын білдіреді. Сондықтан ол ашылып толық болуға ұмтылады. Жүруші өзінің құмалағын салып, ол санды жұп қылғанда отау толығып, өмір бір қалыпты үйлесімділікке келеді. Сол кезде жүрушіге разы болған отау иесінің көңілі толығып, өзінің байлығын оған оңай сыйлап береді. Осылай ол өзінің дүниелік байлығын беріп, рухани байлық алады. Ал рухани байлық келесі жүрістерде оған дүниелік байлықты, яғни құмалақтарды тартады. Осылай алыс-беріс дәстүрінде рухани байлық пен дүниелік байлық өзара алмасуда тығыз байланыста болып, бір-бірін толықтырып отырады. Тіршілікте өмір соңында адамның тәжірибесі молайып, ол кімге қалай беріп, қалай алу керектігін жақсы біледі. Сондықтан оған көп нәрсе кедергісіз оңай келетіні белгілі. Сонымен бірге, ол бала-шағасын өсіріп жеткізіп, енді оны солар асырайтын болады, не болмаса, қазіргі замандағыдай өзінің қоғамдық міндетін атқарғаннан кейін, зейнеткер болып, зейнет ақысын алып отырады. Енді ол тек қана рухани байлық жинауға мүмкіндік алып, оған жетілу жолы кеңінен ашылады. Тоғызқұмалақта да солай. Ойынның соңында құмалақтар мен жүріс азайып, кейбір отаулар бос қалады. Тәжірибелі ойыншыға қарсыласының құмалағын пайдаланбай-ақ, тек қана өзінің отауындағы құмалақтарды қарсыласының бос қалған отауларына салып, яғни тек қана өзінің құмалақтарымен өзінің қазанындағы байлығын молайтатын тәсіл (комбинация) бар. Осы тәсіл арқылы тақтадағы жағдайға байланысты ол, мысалы, өзінің 5 құмалақтан қарсыластың бос қалған отауына құмалақ салып, оның 2-ін, 8 құмалақтан, оның 4-ін, 10 құмалақтан, оның 6-ын ұтып өз қазанына салып алуына болады. Осылай ол қарсыласының отауындағы (дүниелік) байлығын көбейтіп, оған жүріс беріп, бірақ өзінің қазандағы (рухани) байлығын көбейтеді. Бұл тәсілді пайдалану үшін ойыншы өзінің отауларындағы байлығы өзіне керекті жүрісті қамтамасыз ететініне, сондықтан атсырауға түспейтініне сенімді болуы керек. Бұл арада алыс-беріс заңдылығы да сақталады. Тіршілік өмірде бұл өзінің дүниелік байлығын кедейлерге беріп, олардан рухани байлық алуымен бірдей. Осылай ол кедейлердің дүниелік өміріне көмектесіп, өзіне рухани байлық жинайды. Осылай ол өзінің дүниелік байлығын рухани байлыққа айналдырады. Мысалы, исламдағы зекет беру, яғни малдың, не болмаса дүниенің 1/40 бөлігін кедейлерге беру, яғни рухани жолға беру дәстүрі осының бір көрінісі. Бұл өмірде жинаған дүниелік байлықты келесі өмір үшін рухани байлыққа айналдырудың тағы бір мысалын келтірейік. Көңіліне көп тоқыған даналы адам өзінің рухани байлығын көбейту үшін қартайған шағында сыртқы

өмірге көп жүгінбейді. Ол енді өзінің ішкі дүниесіне үңіледі. Өмірден дұрыс сабақ ала білген адамның ішінде мол байлық бар. Ол сол байлықты рухани байлыққа айналдырып, өмірдің түпкі мақсатына жете алады. Кәртейген кезде ой-өрісін бір Құдайға шоғырландырып, дұға не болмаса, пікірмен (мұсылманша фікірмен) шұғылданатын жетілген адамдар осылардың қатарына жатады. Бұрын ондай даналы адамдар көп болған. Тоғызқұмалақта бір отаудағы құмалақ саны ойын кезінде басқа отауларға қарағанда едәуір көбейіп кеткен жағдайда ол отау ойыншының ең бай отауы болғандықтан, оны қысқаша «бай» деп атайды. «Байлар» бар ойын қызықты және тартымды болады. Екі ойыншы да өзінің барлық жүрісін осындай «байларға» түсу мақсатында құрады. Сондықтан ойын үстінде белгілі бір мақсатсыз уақытта байларды екі айналымға дейін ұстау өте қауіпті. Айналым дегеніміз бір отаудан жүрілген құмалақтың солдан оңға қарай барлық онсегіз отауға қатар түсіп, өз орнына қайта келуі. Байлық кімге болса да үлкен сын. Өмірде бай болған адам басқалардан өзін бөлектеп, көкірегі көтеріліп, өзгені менсінбей кетуі мүмкін. Ал оған қараған басқа отауларда қызғаншақтық, көреалмаушылық пайда болып, даужанжалды көбейтіп, түбінде бүкіл ортаға зияны келеді. Осыны түсінген әке барлық отаулардың жағдайын бірдей ұстауға ұмтылады. Кейде түрлі жағдайлармен белгілі бір отау дараланып байып кетеді. Бай отауға келімсектер де көбейіп, оңай олжаға құмар адамдардың нысанасына айналады. Алыс-беріс дәстүрін толық меңгермеген, әлі рухани толып жетілмеген отаулар байлығын дұрыс пайдалана алмай, орынсыз реніш тудырады. Сөйтіп бұл үлкен сын болып, рухани жетілуіне бөгет болады. Сондықтан, ақылды әке бір отаудың оқшауланып кетуінен сақ болып, ол отаудың байлығын басқаларға таратып отырады. Бұл өмір заңдылығы. Бұл заңдылық тоғызқұмалаққа да енген. Ойын күшті болу үшін «байлардың» саны бір айналымнан аса бастағаннан-ақ, оларды отауларға таратудың пайдалы жағын қарастырады. Себебі қарсы жақтың көздегені де сол отауға түсіп, оның байлығын алу болып табылады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе екі-үш құмалақ бөліп алып жүруге болмайды. Бұдан кейін жүріс кезегі қарсы жаққа көшеді. Қарсы жақтың да мақсаты сіздің тақ санды бір отауыңызға өзінің соңғы құмалағын салып, ол отаудағы құмалақтарды өз қазанына салу болып табылады. Екі жақтың жасаған жүрістері бір жүріс болып саналады. Осы тәртіппен жүріс алма-кезек ауыстырылып отырады. Қоғамның дұрыс жетілуі үшін тәртіп және әділет керек. Сондықтан әке ешкімді дараламай, барлығына бірдей қарап, байлықты барлығына бірдей үлестіреді және бір отаудан тек қана байлықтың бір бөлігін ғана алмай, тәртіп бойынша басқа отаулардай етіп түгел алады. Алған адам беру керек. Осылай алыс-берісте тепе-теңдік орнайды. Сондықтан, тоғызқұмалақта да екі жақ бірдей жүріс жасап, алыс-беріс толық орындалған соң ғана бұл жүрістер бір жүріс болып есептеледі.

Ойыншылар құмалақтарды шахмат, дойбыдағы сияқты пайдаланбайды. Құмалақтарды қарсы жаққа да өткізе алады. Жеке құмалақтар екі жақтың отауларына ауыса түсіп, оларда бұрыннан жатқан құмалақтардың санына өзгеріс енгізеді. Осылай отаулардың сапасы өзгеріп, олар байырақ, не болмаса жұп-таққа айналып жатады. Отаулардың жақынға не болмаса алысқа жетуі өзінің ішінде жатқан құмалақтардың санына байланысты. Мысалы, жүрілетін отаудың ішінде бір ғана құмалақ жатса, ол оңға қарай бір-ақ отауға қарғи алады. Келесі жүрісте болмаса, оның бірден екі-үш отау қарғуға күші жетпейді. Ол үшін көбірек құмалақ керек. Егер ойыншы өзінің бір отауы арқылы қарсы жақтың екінші бір отауын шабуылдағысы келсе, сол жүрілетін отауға құмалақ жинай бастайды. Осылай отаулардағы құмалақтардың азайып, көбеюі олардың әсерлік күшін арттырады, не кемітеді. Басқа ойын түрлерінде әрбір ойыншының өздерінің ақ, не қара тастары болып, ол тастар екінші жақтың меншігіне өте алмайды. Тоғызқұмалақта олай емес. Екі жақтың құмалақтары (тастары) да бір түсті, сондықтар олар бір жақтан екінші жаққа араласа береді. Яғни, әрбір құмалақ қазір бір жақта болса, келесі жүрісте ол екінші жаққа шығып кетуі мүмкін. Құмалақтар ешкімнің меншігінде емес, олар айналымдағы ақша байлығы тәрізді еркін қозғалады. Қазір біреуді байытса, келесі жолы басқаны байытады. Осылай бір қолдан екінші қолға өтіп, оңай қозғалады. Бұл көшпелі өмір көрінісі. Үздіксіз қозғалыс көшпенді адамға қандай еркіндік берсе, тоғызқұмалақтың бұл ерекшелігі де ойыншының байлық жинауына сондай еркіндік береді. Өмірде кімнің ақшасы көп болса – сол адам бай. Баю үшін әркім өзінің ақшасын көбейтеді. Тоғызқұмалақта да солай. Отауларда неғұрлым құмалақтар көп болса, солғұрлым ойыншының байлығы көп болып, жүрісі молаяды, әрі шабуыл күші артады. Осылай ол жеңіске еркін жетеді. Егер ойыншы қарсы жақтың бір отауын алғысы келсе, ол өзінің соған сәйкес отауына байлық жинауы керек. Отаудың байлығы неғұрлым көп болса, ол солғұрлым алысқа түсе алады. Өмірде де бай адам өзі тәрізді ауқатты адамның үйіне еркін барып, онымен өз қалауынша алыс-беріс жасай алады. Ал кедей адам біреудің үйіне барғысы келсе, әуелі ойлануы керек – барған жер оны көңілдегідей қабылдай ма, жоқ па. Бай адамға қарағанда оның мүмкіндігі шектеулі, сондықтан ол баратын жеріне еркін бара алмайды. Көшпелі адамның өмірі табиғат байлығын жинауға байланысты. Тоғызқұмалақ ойыны да осының көрінісі. Қазіргі спорт ойындары жеңу үшін қарсыластың күшін азайтып, оны құртуға негізделген. Яғни ойыншы қарсыластың тастарын жеп, азайтуға ұмтылады. Тоғызқұмалақта олай емес. Тоғызқұмалақтың мақсаты қарсыластың тасын жеу емес, өзіне байлық жинау. Байлық жинау көшпелі дәуірден келе жатқан әдіс, соның көрінісінің бірі. Ежелгі адам жеміс-жидек, жабайы өсімдіктердің дәндерін, тамырларын жинап және аңшылықпен шұғылданып, аңдардың терісін, жүнін жинап өз қажетіне жаратып дағдыланған. Кейіннен малды қолға үйреткеннен кейін оны табиғат байлығын жинауға пайдаланды. Мал далада жайылып, күн қуатынан пайда болған шөпті жеп, өзінің жүні, сүті тәрізді денесінің физиологиялық

құбылыстарына айналдырды. Адам малдың жинап әкелген сол байлықтарын пайдаланды. Сөйтіп мал адам үшін табиғат байлығын жинайтын құралға айналып, өмір тірегі болды. Мал табиғаттың бір бөлігі болғандықтан, бұл адамды табиғаттан бөлген жоқ, керісінше, жақындата түсті. Осылай көшпелі адам табиғаттан бөлінбей, үнемі оның бір бөлігі сезініп отырды. Табиғаттан өзіне керегін мал арқылы жинайды. Адамға ештеңе жасап керегі жоқ, тек қана малдың жайылымына жағдай жасаса болды. Мал адамға керектілерді өзі даладан жинап әкеледі. Сондықтан көшпендінің өмірі мал санына байланысты болды, ал мал саны табиғат құбылыстарына байланысты. Осылай түбінде адамның өмірі табиғат құбылыстарына тікелей тәуелді болып, адамды табиғатқа көңілін көп аударып, онымен тығыз байланыста болуға мәжбүр етті. Адам табиғат құбылысын барлап, оның сырларын түсіне біліп, өмірін байланыстырып отырды. Мысалы, көшкен құстар мінезі бойынша, жанжануардардың әрекеттеріне қарап табиғат өзгерістерін барлады. Табиғат құбылыстарын білу жайлауға шығу, қыстауға қайту мерзімдерін анықтауға мүмкіндік берді. Табиғат Жоғары Жаратушының бір көрінісі болғандықтан, адам үнемі Соның ықпалында болып, өмірдің әрбір сәтінде Оның шапағатын сезініп отырды. Осылай адам өзін әлемнің бір мүшесі ретінде сезініп, оның рухани дамуы эволюция жолымен табиғи түрде болды. Көшпендінің өмірі мал санына байланысты болса, тоғызқұмалақшының да жеңісі жинаған құмалақ санына (байлығына) байланысты. Тоғызқұмалақ жүректі тазартып қана қоймай, сонымен бірге ақылды да жетілдіреді. Өзіне ұқсас басқа ойындарға қарағанда тоғызқұмалақ күрделірек және үлкен еске сақтау қабылетін талап етеді. Шахмат тәрізді басқа ойындарда тақтадағы жағдайдың өзгеруі бір жүрісте бір тастың орын ауыстыруымен ғана шектелетін болса, ал тоғызқұмалақта бір жүрісте бір емес, бірнеше құмалақ бірден орын ауыстырады. Сөйтіп, бір жүрістің өзінде бүкіл тақтадағы жағдай толық өзгеріп кетуі мүмкін. Тақтадағы жағдай жүріс сайын өзгеріп, ойынды қызығырақ ете түседі. Бұл ойыншының ақылын жетілдіріп, есте сақтау қабілетін шыңдайды, ойлау қабілетін өсіреді. Әрбір жүрісте ойыншы өзінің шеберлігіне байланысты өзіне тиімді жағдай жасауға тырысады. Тоғызқұмалақ ойынында адамның ақылы мен жан дүниесі қатар пайдаланылады. Адам өмірді ақылымен және жан дүниесімен қабылдайды. Ақыл адамның көңілін өмірдің сыртқы құбылысына, оның сымбатына бағыттаса, ал жан – ішкі сырына, түпкі мәніне бағыттайды. Ақыл миды пайдаланса, ал жан жүректі пайдаланады. Осылай, адам баласында өмірді қабылдайтын екі орта болғандықтан, екі түрлі – Батыс және Шығыс – мәдениеттері қалыптасты. Бұл мәдениеттердің ерекшеліктері көшпенді және отырықшы өмір айырмашылығынан да пайда болады. Екі мәдениет адамдарының өмір құбылыстарын қабылдаулары екі түрлі. Батыс адамы өмірді ақылмен қабылдайды, ал шығыс адамы жүрекпен қабылдайды. Бұл екі мәдениет өкілдерінің өмір түсініктері, ойлау жүйелері, мінез-құлықтары әртүрлі болғандықтан, олар кейде бір-бірін түсінбей жатады.

Батыс мәдениеті ақыл-ойды шыңдап, адамның көңілін өзінің ішкі дүниесінен сыртқы денесіне бұрды. Ол өзінің ақыл-есін, психикасын шыңдады. Осылай техникалық өркениет пайда болды. Бірақ бұл адамның жан дүниесін суалтты. Батыс мәдениеті өркөкіректік, көре алмаушылық, агрессия, сабырсыздық тәрізді қасиеттерді тәрбиелесе, ал шығыс мәдениеті мейірімділік, шыдамдылық, сабырлылық тағы с.с. адамгершілік қасиеттерді тәрбиелейді. Сондықтан Шығыс пен Батыс дәстүрінде тәрбиеленген адамдардың мінезқұлықтары екі бөлек. Ежелгі қазақтар өзінің ішкі өміріне көбірек көңіл бөлген. «Ұят болады» деген сөздің халық арасында үлкен маңызы бар. Бұл сөз адамды жаман істерден алшақ ұстайтын тәртіп, оның межесі тәрізді. Бірақ Шығыс мәдениеті жан-дүниесі жетілген болса да, ақыл-ойды шыңдай алмағандықтан, дүниелік жетілуде артта қалса, ал Батыс мәдениеті рухани суалды. Осылай бір қанаты әлсіреген құстай, жетілу бағытынан ауытқып, екі мәдениет те тоқырауға түсті. Соның нәтижесінде қазіргі заманда адамзат қоғамы көптеген қиыншылықтар көріп отыр. Ендігі мақсат – екі мәдениеттің жетістіктерін біріктіру. Тоғызқұмалақ ойыны осындай мәселенің шешімін табудың бір жолы деуге болады. Өйткені, ол адамның ой-өрісін дамытып қана қоймайды, сонымен бірге, оны дұрыс түсініп ойнаса, жан дүниесін жетілдіруге де мүмкіндік береді. Сөйтіп, техникалық өркениет күш алып, бүкіл әлемге жайылудың әсерінен адамның жан дүниесі рухани суалып, оның орнын дүниелік құндылықтар басқан біздің дәуірде бұл мәселенің үлкен маңызы бар. Тоғызқұмалақты рухани жетілу үшін ойнаған адамның қатарлас нәзік әлемдерге кіруге мүмкіндігі мол. Мұндай жағдайда жүрек нәзік әлемдермен байланысып, барлық хабар жоғарғы әлемдерден (қазақша айтқанда тылсым дүниеден) келеді. Табиғатпен тығыз байланыстағы көшпелі халықтар арасында ондай адамдар көп болған. Оның бір дәлелі – «суырып-салма» ақындар мен ақындар айтысы. Ақындар айтысы тек көшпелі халықтар арасында ғана тараған. Европа халықтарының арасында бұл жоқ. Себебі олардың сөз және ойлау жүйелері ақыл арқылы болып, логикаға негізделген. Мысалы, қазіргі заманда әлемдік тілге айналған ағылшын тілі толығымен логикалық негізде. Батыс өмірін ақыл басқарады. Ал Шығыста бөлек – өмірді жүрек басқарады. Айтыс кезінде ақылмен ойлау мүмкін емес, себебі уақыт аз, сондықтан, тек қана жүрекке келген сөз ғана айтылады. Бұрынғы заманда жүрек қабілеті жоғары болғандықтан әрбір қазақ ауылдың алты ауыз өлеңін құрастыра алатын. Той-жиында соған негізделген түрлі жарыс-ойындар болатын. Тоғызқұмалақта да ойынға толық берілген кезде тек ақылмен ғана емес, тылсым дүниеге кіріп жүрек арқылы ойнауға мүмкіндік мол. Ми көп жұмыс жасамайды. Бұндай жағдайда адам шаршамай, ұзақ уақыт ойнай береді. Оған мысалды Абай өмірінен табуға болады. Тоғызқұмалақты Абай да сүйіп ойнаған. Данышпан ақынның шабыт келгенде тылсым дүниеге кіретін кездері болатынын зерттеушілер жақсы біледі. Соның бір көрінісі – оның тоғызқұмалақты ойнау сәті. Деректерге қарағанда, ел ішінде Құду деген өте білгір тоғызқұмалақшы болған екен. Сол Құду мен Абай бір ойында екі күн, екі

түн тапжылмай ойнапты. Бұл деген үлкен тәжірбиені ғана емес, сонымен бірге тоғызқұмалақтың рухани қасиетін де көрсетеді емес пе! Егер ойын адамның ойлау қабілеті арқылы болатын болса, екі күн, екі түн ойлауға ешкімнің миы шыдамас еді. Бұлай ойнау тек қана үлкен шабыт үстінде тылсым дүниелермен байланыста, тек жүрек арқылы болғанда ғана мүмкін екені белгілі. Осының өзі тоғызқұмалақтың адамды жасампаз шығармашылықтың (творчествоның) биік шыңына жетелейтін ойын екенін көрсетеді. Табиғатынан даналы, ақылды адамдар өздерінің болмысын тек қана дүниелік байлықпен жетілдірмейді – оларға табиғат өзі басқа жолдармен де береді. Ондай адамдар өздері де беріп, өзгелерден де еркін алады. Қайда жүрсе де, қандай отауда болса да олар қадірлі қонақ болып, әркім қолындағысын аямай береді. Абайдың өзі сондай адамдардың бірі болғандықтан, оның үйіне де қонақ жиі келіп, кісіден арылмайды екен. Ел ішінде талай-талай жетілген шебер ойыншылар болған. Солар жиі келген. Өмір сырларын жақсы білген Абай тоғызқұмалақты да жақсы көретін, шебер ойыншылардың бірі болған. Және ел ішіндегі тоғызқұмалақшылардың бас қосып, сайысқа түсетін жері де Абай ауылы болған екен. Жарысты ұйымдастырушы Абайдың өзі болған. Тұздық алу. Тоғызқұмалақта бір рет қарсыластың отауын түгелдей ұтып алуға да болады. Оны ежелде «тұзды үй» деп атаған. Бүгінде «тұздық» дейді. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына сіз таратқан құмалақтардың соңғысы түсуі керек. Сонда сол отауда қалыптасқан үш құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, сол отау ойынның соңына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Яғни жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Тұздық ойында бір рет алынады және № 9 отаудан ешқашан алынбайды. Сондай-ақ тұздық аттас отаулардан алынбайды. Мәселен, егер бастаушы сіздің № 2 отауыңызға тұздық қойса, сіз оның № 2 отауына тұздық сала алмайсыз. Тұздық тамақтың дәмін келтіріп, құнарын арттырады. Сондықтан қазақ асында тұздықтың аса маңызды орны бар. Тоғызқұмалақта да тұздық алған адамның ойыны құнарлы болып, оған ойын барысында үлкен артықшылық беріледі. Себебі, тұздық алынған отау ойыншының меншігіне айналып, оған түскен байлықтың барлығы оның қазанына түсіп отырады. Қазақ өмірінде бұл сәтті қыз берумен салыстыруға болады. Қазақ «Құда мың жылдық» деп құдасын қатты сыйлаған. Қыз алған жақ қалыңмал берген. Тоғызқұмалақта бұл отаудағы үш құмалақ. Қазір үш құмалақ қана болғанымен (қалыңмал) ойын барысында ол отауға түскен әрбір құмалақ (әрбір байлық) сенікі болып, бұл отау баюдың нағыз бұлағына айналуы мүмкін. Қазақ қызының күйеуін «күйеу бала» деп атап, оны өзінің баласымен теңеген. Ендеше отаудың иелері өзінің қызы мен күйеу баласы болса, ондағы түскен байлық та әкеден алыс кетпеуге тиісті. Тоғызқұмалақ ойыны осыны меңзеп отауға түскен байлықтың барлығын әкеге беруі содан да болуы мүмкін. Екінші жақ та құралақан болмайды – ол қыз алып, өзінің отауын көбейтіп, рухани байлығын молайтады деуге болады.

Дәстүр бойынша қыз алған үй құдасына үлкен сый-құрмет көрсетіп, күтіп, қайтарда қалағанын беріп, риза етіп, шығарып салады. Енді қыздың әкесі алдағы уақыттарда да қызының үйіне еркін барып, қонақ болып, керегін ала алады. Осылай екі жақтың арасында өзара сыйластық қарым-қатынас орнайды. Бұрынғы заманда қыз беру салты, жеке адамдар ғана емес, тайпалар, мемлекеттер арасында да алыс-беріс орнатуда үлкен орын алған. Құда болып, туыстасқаннан кейін екі жақта өзара келісушілік, сыйластық болып, бейбіт өмір орнаған. Ата-бабамыздың осы маңызды әдет-ғұрыпы тоғызқұмалаққа да кіріп, «тұздық» деп аталып, ойында маңызды орын алуы осындай себептерден болса керек. Айырбас. Кейде байлыққа ойнағанда тұздықты құмалаққа айырбастайды. Ойын барысында байлықты байлыққа, тұздықты тұздыққа айырбастайтын кездер болады. Бұның барлығы ойынның тактикасы мен ойыншының қалауына байланысты болады. Осылай ойын күрделене беріп, адамның ойлау қабілетін, ынтасын, ой-өрісін өсіріп отырады. Күнделікті өмірде де түрлі айырбастар болып жататыны белгілі. Ат. «Ат» деп ойын барысында жүрілетін құмалақтарды атайды. Мәселен, бір отауда сегіз құмалақ жатыр делік. Оның арты, яғни соңғы құмалақтың түсер жері – әлгі отаудан солдан оңға қарай санағанда сегізінші отауда жатыр. Сонда ойыншы: сегізінші отауға менің құмалағым жетіп тұр дегеннің орнына: «атым жетіп тұр» деп сөйлейді. Бұрынғы қазақ халқының тұрмысында аттың маңызы үлкен болған. «Ат – ер қанаты» деген сөз бар. Ат көшпенді қазақ үшін ұшқан құстың қанатындай болып, Евразияның кең даласында еркін қозғалуға мүмкіндік берді. Өзінің сыйлаған, жақсы көрген адамына қазақ ат міндіреді. Тоғызқұмалақ ойынында атпен байланысты екі атау бар. Олар «атсырау» және «ат». Бұл атаулардың өзі тоғызқұмалақ ойыны қазақ өмірінің бір көрінісі екенін дәлелдей түседі. Ерте кездерде қазақ халқы алыс жолдарға сапар шеккенде, қосағына ат алып жүретін болған немесе айшылық сапарға шыққанда әрбір бекет сайын ат ауыстырып мінетін болған. Тоғызқұмалақ ойынында да осыған ұқсас жайлар кездеседі. Мысалы, бір отауда жиналға «байды» алу үшін кәдімгідей-ақ ат жинау керек. Ол аттарды «байға» жеткенше әрбір отауға тастап отырасыз. Сонда соңғы атыңыз байға жеткенде оны аласыз. «Атсырау» ережесі. Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ кеми бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері азая береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірі өз отауларында жүріс жасай алмай қалатын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы «атсырау» деп аталады. Мәселен, қостаушы атсырауға ұшыраса, бұл жағдайда бастаушы қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Егер сол кезде қазандағы жиналған құмалақтар саны 81-ден көп болса, онда бастаушы жеңімпаз атанады. Сөйтіп атсырауға түскен қостаушы ұтылады.

Егер «атсырау» жағдайында қосымша жүріс жүрілген кезде, құмалақтар амалсыздан, не болмаса, өзара келісім бойынша қарсыластың отауларының біріне түсіп, жүріс беретін болса, ойын әрі қарай жалғаса береді. Сонымен қатар ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса да, нәтиженің дәлдігі үшін ойынды соңына дейін ойнауы тиіс. «Атсырау» тәрізді тәртіп зияткерлік ойындардың басқа түрінде кездеспейді. Тоғызқұмалақтағы бұл тәртіп қазақ халқының өзіндік дүниетаным ерекшелігі болуға тиісті. «Атсырауға» түскеннен кейін екінші жақ бір жүріс жасауы керек, яғни беруі керек. Ал қалай беруі оның өзіне байланысты. Сондықтан бұл жүрістің үлкен мәні бар. Табиғатпен үйлесімді өмірдегі адам басқа жандарға зорлық-қиянат жасамайды, керісінше қолынан келген көмегін беріп, одан аямайды. Жоғары рухани жетілген адам сұрап келген пендені қумай, керісінше, оған өзінің соңғы тілім нанын беретіні тәрізді, ат сұрап келген адамға қазақ тіпті өзінің соңғы атын беруге даяр болған. Осылай ол өзі қиындықта қалса да, басқаны құтқарады. Тоғызқұмалақта халықтың осындай дүниетанымы орын алған. Тоғызқұмалақта атсырау, оның ішінде соңғы жүріс жасау дәстүрі ойынды қызықты етіп, оның құнарын арттыра түседі. Атсырауға түскен адам бірден «жеңілді» деп есептелмейді. Егер екі жақ келіссе, екінші жақтағы ойыншы тағы бір жүріс жүріп, қарсы жаққа өзінің құмалағын салып, оған қосымша жүріс береді. Осылай екі жақтың қалауы бойынша ойын әрі қарай жалғаса береді. Себебі тоғызқұмалақта негізгі мақсат жеңіске жету емес, ойынның барысы. Осылай тоғызқұмалақтан атсырау дәстүрі арқылы қазақ халқының мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін көре аламыз. Ал егер ойыншы ойынды жалғастырғысы келмесе, онда басқа жүріс жасап, отаудағы құмалақтарды өз қазанына салып жеңіске жетеді. Осылай ойын аяқталады. Ойыншылардың еркіне шек қойылмайды. Сонымен, атсырауда үш жағдай болуы мүмкін. 1. Егер жеңіп отырған адам ойынды жалғастырғысы келмесе, онда бір жүріс жасап құмалақтарды өз отауына салады, ал атсырауға түскен адам жеңіледі. 2. Егер жеңіп отырған адам ойынды әрі қарай жалғастырғысы келсе, онда ол өзінің жүрісінде келесі жаққа тасын беріп, оған жүріс береді. Осылай ойын әрі қарай жалғаса береді. Бірақ ойын барысында жүріс берген адам өзі атсырауға түсіп қалуы мүмкін. Ондай жағдайда қарсы жақ та өзінің құмалағын оның отауына салып, оған жүріс беріп, ойынды әрі қарай тағы да жалғастыруға болады. Тоғызқұмалақта ұтыстан гөрі ойын барысы маңыздырақ болғандықтан, ойынды аяқтамай ұзақ ойнай беруге болады. Абай мен Құду екі күн, екі түн тапжылмай ойнағанда осындай тәсіл қолданулары мүмкін. Екі тәжірибелі ойыншыға жеңіс емес, ойын барысы қызығырақ болған. Басқа ойындарда мұндай мүмкіндік жоқ. Мысалы, шахматта «мат» болған соң, ойын бірден тоқтатылады. Дойбыда да қарсыластың тасы біткен соң ойын аяқталады. 3. Қарсылас атсырауға түскен кезде жеңіп отырған ойыншының құмалақтары соңғы тоғызыншы отауда. Бұл кезде ол еріксізден ол

құмалақтарды қарсы жаққа салып, оған жүріс береді. Келесі жүрісте соңғы бір тасын қарсыластың бірінші отауына салып, өзі атсырауға түседі. Осылай жеңіп отырған ойыншы өзі ұтылып қалады. Бұл соңғы тілім нанын сұрап келген аш адамға беріп, өзі аш қалу тәрізді өмір көрінісі. Басқа дәстүрлер тәрізді атсырау да өмір көріністерімен тығыз байланысты. Өмірде де дұрыс алыс-беріс жасай алмай, қоғам дәстүрін бұзған адамның тіршілігі де соған сәйкес бейберекет болатыны белгілі. Берудің мәнісін білмей, қолдағы барын орынсыз шашып, байлығынан айырылған адамдар ерте кезде де болған. Өзін елге көрсету мақсатымен орынсыз малды ысырап жасап, не болмаса қолда барын ешкімге бермей сараңдық жасап, жұрттан шеттеп, сыртта қалған адамдар елдің қолдауынан айырылады, байлығы да саусақтың арасынан аққан су сияқты азая береді. Осылай, ойыншының аты біткендей – оның өмірдегі жинаған байлығы бітіп, жүретін жүрісі біткендей – оның өмірі бітеді. Қазақтың байлығы ат болатын болса, ол атсыз, қанатынан айырылған құс тәрізді қозғалыссыз қалады. Көшіп-қону кезінде оған басқалардан ат сұрауға тура келеді. Бұл көшпелі қазақ үшін өліммен тең болған. Тоғызқұмалақтағы «атсырауды» қазақ өміріндегі «ат сұрау» деп түсінетін болсақ, екі сөз бір мағынаны білдіретінін көреміз. Қазіргі замандағы түрлі ойын-сауыққа қолдағы барын босқа шашып, оған жетпей жатса банктен кредит алып, қарызға белшесінен батып жатқандарды осымен салыстыруға болады. Бір қарызды екінші қарызбен жабуға ұмтылып жатқандар да аз емес. Бұл құбылыс қазіргі кезде ондай өмірдің босқа өткенін, адамның өз мақсатына жете алмай, «өмірде атсырағанын» білдіреді. Осылай, тоғызқұмалақтағы «атсырау» ережесі өмірдің өте маңызды құбылысын көрсетіп, күнделікті тіршілікті дұрыс өткізуге үйретеді. Тіршілік өмірде өзінің байлығын молайтуы үшін адамға есеп пен ақыл-парасат керек. Сонда ғана алыс-беріс дәстүрін дұрыс қолдануға болады. Жыл өткен сайын қуат кетіп, өмір қысқара береді. Әсіресе жасың ұлғайған сайын «ақырын жүріп, анық басу» керек. Қолдағы байлығыңды ысырап етпей, дұрыс алыс-беріс жасап, әдет-ғұрып үйлесімділігін бұзбай, жұртпен бірге болсаң, өмір де құнарлы және ұзақ болып, рухани байлық та арта түседі. Яғни, өмірде де қолдағы барыңды дұрыс пайдаланып, денсаулығыңды сақтай білу керек. Сонымен, ежелгі тоғызқұмалақ ойыны қазақ өмір-салтының көрінісі болып табылады. Бірақ бүгінгі таң талабы бойынша оны спорт ойыны ретінде де қолдануға болады.

5. Тоғызқұмалақты спорт ойыны ретінде қолдану

Тоғызқұмалақты қазіргі заман талабы бойынша спорт түрі ретінде
қолдануға да болады.

Жабайы аңдарға спорттың қажеті жоқ. Ал адамзат қоғамында спорт үлкен орын алады. Оның себебі неде? Ерте заманда үйлесімді болмыс аясында жабайы аңдар ғана емес, адамдар да табиғатпен біте қайнасып, табиғи түрде өмір сүрді. Олар өздерінің өмір сүру орталарынан бөлінбей, біртұтас болғандықтан, олар табиғи түрде эволюциялы дамыды. Сондықтан, ол кезде бүгінгі замандағыдай спорттың да қажеті жоқ болды. Әрине, мейрам күндері түрлі сайыстар, жекпе-жек күрестер болған. Бірақ олар өзінің өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтеретін ойын ретінде ғана. Мақсат – тіршілікті толық сезініп, өмірдің қызығын көру. Мысалы, көшпенді өмірден туындаған қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты сонымен қатар байсалдылықты, мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдылығын, білек күшін көрсетеді. Соған сәйкес қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату, асық тәрізді ойын түрлері болды. Бұлардың тәрбиелік маңызы үлкен еді. Міне, осындай ерте заманнан келе жатқан, терең ойды талап ететін, халық даналығымен қалыптасқан, ежелгі ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ. Қазір заман өзгерді. Адам табиғаттан бөлініп, оның ықпалынан шығып қана қойған жоқ, тіпті оның өзімен күресе бастады. Әсіресе қалалық жерде адам өзін үйдің төрт қабырғасымен қоршады да, бұрынғы үйлесімді өмір салтынан айырылды. Адам өмірі мен табиғат арасы алшақтап, олардың арасында жік пайда болды. Сөйтіп, үйлесімді өмірден айырылған соң адам өміріне көптеген зардаптар келді. Дене қозғалысы азайып көптеген ауру түрі пайда болды және адамның ақыл-есі тек қана біржақты жұмыс істеген соң оның психикасына нұқсан келді. Бүгінгі күндердегі материалдық тұрғыдан қалыптасқан түсінік – адамның анатомиялық және физиологиялық жетістігі деп жүргеніміз – шын мәнінде оның құлдырауы болып табылады. Себебі табиғи тұрғыдан алғанда ол өмірге бейімделмеген. Оның осылай жетілуінің (шын мәнінде құлдырауының) себебі оның табиғатты өзгертіп өзіне қолдан жасаған ыңғайлы жағдайы оны табиғи өмірден алыстатты. Осылай ол табиғат ықпалынан шығып, өзінің алғашқы табиғи қасиеттері мен күш-қуатынан айырыла бастады. Мысалы, бүгінгі адамды өзінің алғашқы шыққан табиғи ортасына орналастырса ол бұл жағдайда ұзақ өмір сүре алмас еді. Ол бірден «тұмау тиіп» ауырып, не болмаса жабайы аңдардың біре жем болады. Адамға жасанды өмір әкелген кемшіліктерден құтылу үшін қосымша әрекеттер керек болды. Мектепте бала бес күн табжылмай отырып сабақ оқыса, алтыншы күні оған денесін қозғап, қимыл жасау керек. Осылай денешынықтыру (физкультура) пайда болды. Егер адам денешынықтырумен белгілі бір мақсатқа жету үшін, мысалы, өзінің денесінің бір мүшесін жетілдіруге пайдаланса, онда ол денешынықтыру емес, спорт болып табылады. Осылай неше түрлі спорт ойындары шықты. Кейбір адамдар спортқа толық беріліп, оны өзіне өмір мақсаты етті. Осылай Үлкен Спорт, не болмаса Кәсіпқой Спорт пайда болды.

Қазіргі заманда мұндай спортшылар адамның көңіл-күйін көтеріп, өмірге жігерлендіретін болғандықтан көпшіліктің құмарына айналды. Сонымен, спорт түрлері адамның белгілі бір мүмкіндігін қалпына келтіру үшін, не болмаса нығайтуға арналған. Спорт талас-тартыс, күреске негізделеді. Адамның дүниелік болмысы тек қана сайыста ғана нығайып, шынығады. Сондықтан табиғи өмірден айырылған бүгінгі адамзатқа өзінің адамдық қалпын сақтауға спорт өте қажет. Спорттың денені шынықтырып, күш-қайратты шыңдайтын штанга, күрес, бокс, жүгіру тәрізді түрлері бар. Сонымен бірге, адамның ой-өрісін өсіретін, жан дүниесін жетілдіретін шахмат, дойбы, го тәрізді зияткерлік (интеллектуалдық) түрлері бар. Тоғызқұмалақ спорттың осы зияткерлік түріне жатады. Барлық спорт түрлерінде де қарсыластар екі жаққа бөлініп, жеңіс үшін күрес жүргізіледі. Сайыстың негізгі тактикасы – қорғаныс пен шабуыл. Мақсат – жеңіске жету. Тоғызқұмалақ адамның ойынан емес, өмірдің табиғи көрінісінен пайда болғандықтан, адам жетілуіне барынша сәйкес келеді. Ал оны спорт түрі ретінде пайдаланғанда адам енді тоғызқұмалақты өмір көрінісі емес, шабуыл мен қорғаныс құралы ретінде пайдаланып, оған көзқарасы өзгереді. Ойыншылар бастаушы мен қостаушы емес, қарсыластар болып табылады. Ойын мақсаты да өзгереді. Бұрын ойыншылар екінші жақтың отауына түсіп, алыс-беріс ниетінде оның құмалағын өзінің қазанына салып байлық жинауға ұмтылса, енді бұл әрекет алыс-беріс емес, шабуыл мен қорғаныс болып табылады. Мақсат – байлық жинау емес, қарсыласын жеп, жою. Қарсыластар бермеуге ұмтылғандықтан, олар өздерінің отауларын қорғап отырулары керек. Осылай, беріс қорғанысқа ауысады. Әркім өзіне көбірек алуға күш салады. Осылай алыс шабуылға ауысады. Алыс-берістің орнына осылай талас-тартыс туады. Тоғызқұмалақ ойынын әуесқой деңгейде үйрену үшін бір-ақ күн жеткілікті. Бірақ кәсіпқой дәрежеде үйренгіңіз келсе, ойынның күрделене беретінін түсінесіз. Кімнің қабілеті жоғары болса, сол жеңеді. Бұл қай спорттың болса да бұлжымас заңдылығы. Әрбір спортта шабуыл мен қорғаныстың түрлі әдістері бар екені белгілі. Тоғызқұмалақта да өзіндік тәртіптер бар. Қорғаныстың кейбір әдістерін келтірейік. Қорғану үшін қарсыластар өз отауларындағы құмалақтарды жұп қылып отыруға тиісті, ал қарсы жақтағы құмалақтарды, керісінше, тақ қылуға тырысады. Сонда келесі жүрісінде отаудағы құмалақтарды жұп қылып өзінің қазанына салып алуына болады, ал жұптан тақ қылса, онда оны ала алмайды. Ойыншы қарсылас жаққа тұздық бермеуге тырысады, ал берсе оның ойынына ыңғайсыз отаудан беру керек. Отауға көп құмалақ жинамай, оны таратып отырады. Себебі қарсылас жағы отауға бір құмалақ салып, оны алып қойса, көп байлықтан айырылып қалуы мүмкін. Ойыншы өзінің жүрісін көбейтіп, қарсыласының жүрісін қысқартып отыруы керек. Осылай ойын соңына қарай қарсы жақты атсырауға түсіруге ұмтылады.

Тоғызқұмалақ ойыны есеп ойыны болғандықтан, отаудағы құмалақтарды мақсатсыз жүре беруге болмайды. Оларды тарату мен тиімді пайдаланудың өзіндік заңдылықтары бар. Отаудағы құмалақтар саны арқылы қанша жүріс барын біліп отыру ойыншыны ұтылудан сақтандырады. Жүріс санын есептейтін түрлі әдістер бар. Шабуылдың кейбір әдістері мынандай: қарсыластың жүрісін қысқарту, оның комбинациясын болдырмау, немесе оның жүріс және құмалақ санын азайту және т.с.с. тәсілдер. Сонымен, тоғызқұмалақты спорт ойыны ретінде қолданғанда жеңіске екі жағдайда жетуге болады. Біріншісі – ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса, ойын бірден тоқтатылып, сол ойыншы жеңімпаз болып танылады. Бұл жағдайда алға шыққан спортшы сайыс тәртібін мүлтіксіз орындап, өзінің құмалақтарын көбейте алды, яғни ол дұрыс ойнады деген сөз. Екіншісі – қарсылас ойыншы атсырауға ұшырағанда. Спорт сайысында жеңіп отырған спортшының ойынды әрі қарай жалғаструға құлқы болмайды, себебі бір қателік жіберіп алса, өзі жеңіліп қалуы мүмкін. Осылай тоғызқұмалақты қандай мақсатпен ойнауға байланысты әртүрлі нәтижеге жетуге болады. Бірінші жағдай жеңіске жеткен ойыншының дұрыс ойнағанын білдірсе, ал екінші жағдай жеңілген адамның дұрыс ойнамағанын білдіреді. Атсырау – ойыншының қателігінің нәтижесі.

6. Тоғызқұмалақтың басқа ойындар арасында алатын орны Әрбір спорт ойынының адамға әртүрлі әсері болатыны белгілі. Соған байланысты адамның жетілуі үшін алатын орны да әртүрлі. Ойындардың адам өміріндегі алатын орнын анықтау үшін әуелі олардың жалпы мақсаты мен адамға ықпалын бағалап алу керек. Неғұрлым спорт ойыны жалпы мақсатқа сай және ықпалы үлкен болса, оның бағасы да солғұрлым жоғары болады. Осылай ойын түрлерінің алатын орнын анықтауға болады. Ойын түрлерінің мақсаты. Жоғарыда айтылғандай, әрбір халық болмыстың өзіндік бір мүшесі, ал бүкіл болмыс Жоғарғы Күшпен жаратылып, мінсіз келісіммен өмір сүріп жатыр. Бүкіл болмыстың мақсаты адамның ойөрісін өсіріп, жетілдіру. Ендеше сол болмыстың бір бөлігі болғандықтан, халықтың өмірі, сонымен бірге, оның ойындары да сол ортақ мақсатпен байланысты. Әрбір ойын түрінің міндеті сол ортақ мақсаттан шығуға тиісті. Сонымен, әрбір ойын түрінің мақсаты – адамды жетілдіру. Спорт неғұрлым адамның жанжақты жетілуіне толық сәйкес келсе, оның адам өміріндегі алатын орны да солғұрлым жоғары болмақ. Бұл спорт ойындарының негізгі мәні мен мақсаты. Адам болмысын оның тәні ғана емес, сезімдері, ақылы, есі және рухани болмысы – жан мен рухы құрайды. Сондықтан әрбір спорт ойыны адамның ақыл-есін, күш-қуатын өсіріп, психикасы мен мінез-құлқын түзеп, қайратын

шыңдау арқылы өз болмысын тануға ықпал жасауға тиісті. Бұл қасиеттер тіршілік өмірде адамға өзінің мақсатына оңай жетуге мүмкіндік береді. Жалпы спорт ойыны, оның ішінде тоғызқұмалақ, адамның жетілуіне қалай көмектеседі? Енді осы сұрақтың жауабына келейік. Ол үшін адамға тіршіліктің әсерін түсініп алуымыз керек, сонда бұл сұрақтың жауабын оңай табамыз. Табиғаттың екіұдайылық (орысша – двойственность материальной природы) қасиеті адамға тыныштық бермей, оны үнемі қозғалыста болуға мәжбүр етеді. Ол өмір барысында үнемі жақсылық-жамандық, ыстық-суық, қуаныш-қайғы тәрізді болмыстың екіұдайылық қасиеті ықпалында болып, жанталас қозғалыста. Ал қозғалыс – бүкіл өмір көрінісі, қозғалыс болмаса өмір де жоқ. Табиғаттың бір бөлігі адам болмысы да осы әлемдік қозғалыста табиғаттың осы екіұдайылық көрінісімен біте қайнасады. Соның нәтижесінде ол өмірден сабақ алып, өзін және қоршаған ортаның әсерін дұрыс түсініп, өзінің жетілуіне мүмкіндік алады. Жетілу дегеніміз оның болмысының өзгеруі. Спорт ойыны да өмір көрінісі ретінде адамның жетілуіне мүмкіндік берді. Спорт ойынының түпкі мәні жеңіс, не болмаса жеңілісте емес – оның ойын барысындағы адамға әсерінде. Бұл заңдылық әсіресе тоғызқұмалақ ойынында толық көрінеді. Ойын барысындағы адам болмысының қозғалыстары оның өзіндік қасиеттерін өзгертіп, жетілуіне жағдай жасайды. Ойын барысы адамға әсер беріп, оның өзіндік болмысын өзгертеді. Оның денесі шынығады, ой-өрісі кеңейеді, төзімділікке үйренеді, жады күшейеді деген сияқты өзгерістер тек қана ойын барысында мүмкіндік алады. Яғни, ойынның нәтижесінен гөрі оны ойнау барысы маңыздырақ. Тоғызқұмалақ ойыны осының дәлелі. Бұған тоғызқұмалақ ойынын талдау кезінде көзіміз жетті. Адамға ойын нәтижесінің әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Жеңіс оған қуаныш әкеліп, қанат бітірсе, ал жеңіліс шыдамдылыққа үйретіп, қайрат береді. Жеңіс пен жеңіліс адамның сезімін ұштап, оның ынтасын күшейту үшін керек. Бұл оның жүрек көзін ашып, өмірге құштарлығын оятады. Өмірде кейбір кездерде адам қуаныштан емес, үлкен ауыртпашылықтан көбірек тәжірибе алатыны тәрізді, кейде адам өзіне жеңістен гөрі жеңілістен көп сабақ алады. Әрбір істің пайдасы ғана емес, егер дұрыс орындамаса, оның зияны да болатыны тәрізді, спорт ойындарының да зияндылығы бар. Ол зияндылық қайдан және қалай пайда болады? Зияндылық спорт ойындарының негізгі мақсаты ұмытылып, оларды тек қана адамның дүниелік болмысын жетілдіруге пайдаланғанда шығады. Бұл кезде олардың пайдасынан зияны көп болып кетеді. Себебі, адамның рухани болмысы ұмытылып, ойын дене болмысын жетілдіруге арналады. Дене болмысы тән құмарын өсіріп, адамды тәнге байлайды. Осылай тән құмары (нәпсі) күш алып кетіп, жан құмарын тұншықтырады. Сөйтіп, Абай сөзімен айтқанда, жан құмарын тән құмары жеңіп кетеді. Нәпсіқұмарлық жеңген кезде спорт ойындары адамды жетілуге емес, қайта оны құлдырау жолына түсіруі мүмкін. Ондай жағдайда биік Олимпиадалық тұғырға көтерілгеннің өзінде де, оған екінші рет қол жеткізу мүмкін емес. Осылай ойынның негізгі мақсаты ұмытылып, тек қана жеңіс үшін

ойналғанда, оның пайдасынан зияны көп болады. Бұған спортшылар өмірінен мысалдар жеткілікті. Кейбір спортшылардың рухани құлдыраудың әсерінен қылмысты істердің құралына айналып, не болмаса маскүнемдікке салынып, өмірден түңілулері осының көріністері. Кейбір кездерде Үлкен Спортпен шұғылданатын адамдар түрлі ауруға шалдығып, не болмаса рухани азып кетеді. Сондықтан ойынның мақсатын дұрыс түсініп, оны естен шығармаудың үлкен маңызы бар. Ойынның түпкі мәнін үнемі есте ұстау керек. Жеңіс пен жеңіліс ойынның мәнісі, оның сыртқы көрінісі ғана – оның стимулы, ойынға құштарлықты арттыру әдісі ғана. Ал оның ішкі мәні мүлде басқада жатыр. Ойынның ішкі мәні – адамның өзін-өзі танып, сезінуінде. Яғни, мәселе жеңуде, не болмаса жеңілуде емес, ойынның әсерінен қандай сезім, тәжірибе алуда. Ойын түрлерінің адамға ықпалы. Әрбір ойын адамның белгілі бір қасиетін өзгертуге арналғандықтан, оның ықпалы да адамға әртүрлі болады. Сондықтан әркім өзінің ой-өрісіне байланысты әртүрлі ойын түрлерін ұнатады. Ойынның әсері адамның өзінің жетілу деңгейіне байланысты. Адамның табиғи болмысы физикалық денеден, сезімдерден, ақылдан және естен құралатыны белгілі. Осыған байланысты оларды жетілдіру үшін түрлі ойындар керек. Денеге (физикалық денеге) жүгіретін, көтеретін, лақтыратын және сол сияқты дене қимылымен жасалатын ойын түрлері жатады. Сезімдер үшін оларды құмарландыратын ойын түрлері керек. Алты қарта, рулетка, тиын лақтыру тәрізді ойын түрлері адамның құмарлығын өршітіп, оны соған ынталандыруға арналған. Бұл ойындардың нәтижесі ойын барысындағы кездейсоқ жағдайларға байланысты болғандықтан адамның ойөрісіне көп байланысты емес. Мысалы карта ойынының нәтижесі үлестірген кездегі қолға тиген қарта түріне байланысты болуы ықтимал. Яғни, қолға тиген қарта тиімді, не болмаса тиімсіз болуы мүмкін. Бұл сенімсіздік адамның сезімдерін оятып, ойынға құштарлығын арттыра түседі. Осылай қарта ойынына деген ынта пайда болып, егер ақша салып ойнаса ол тіпті ұлғайып, адамды байлап тастайды. Осылай қартаға құштарлық пайда болады. Сезім құштарлығы ой-өрісті жоғары мақсаттан бұрып, адамды денеге байлайды, яғни жан құмарын тән құмарына, яғни нәпсіге жеңдіретін негізгі құрал болып табылады. Осылай қартаға құштар болған адам өмірден бөлектеніп, оны өзінің жетілуіне пайдалана алмай қалады. Мұндай адам уақыт өткен сайын құлдырап, өзінің сезім тұтқынына қалай түскенін де сезбей қалады. Сондықтан таза діннің қайсысы болса да, адамды дұрыс жолдан бұратын болғандықтан, құмарлық ойындарын қолдамай, одан сақтандырып отырады. Ақылды жетілдіруге арналған ойындарға тек қана логикалық оймен ойналатын ойындарды жатқызуға болады. Мұндай ойындар ықтималдан таза. Мысалы, дойбы ойыны адамның ойлау қабілетін өсіреді, ал нәтижесі адамның жетілу деңгейіне байланысты. Бірақ бұл ойын түрінің жүріс түрлері мен

тастардың комбинациясы шектеулі, сондықтан ересек адамды жалықтырып, көбінесе балаларды қызықтырады. Есті жетілдіретін ойынның бірі – шахмат. Шахматты ойын төресі деуге болады. Шахмат адамның зияткерлік болмысын толық қамтиды. Бұл ойынның жүріс тәсілдері өте кең болғандықтан ол логикалық ойға бейім жоғары интеллектуалды адамдарды қызықтырады. Шахмат ой-өрісті жетілдірудің жақсы құралы болғандықтан, оның жеңімпазы атану бүкіл әлем бойынша құрметті атақ болып табылады. Енді осы ойындардың арасында тоғызқұмалақтың алатын орнына келейік. Қазақтың ұлттық ойыны Тоғызқұмалақты адамды жетілдіру жолында шахматпен ғана салыстыруға болады. Оның адамға пайдасы шахматтан артық болмаса, кем түспейді. Оған көз жеткізу үшін екі ойынды салыстырып көрелік. Шахмат та тоғызқұмалақ тәрізді 4-5 мың жыл бұрын пайда болған өте көне ойындардың бірі. Ол әуел баста ежелгі Индияда ойлап табылған. Әскери адамдарға соғыстан бос уақыттарында өздерінің әскери қабілетін жаттықтыру үшін осындай ойын керек еді. Сондықтан барлық тастарды қойғанда шахмат тақтасы соғыс алаңы тәрізді. Тақта үстіндегі фигура, пешкаларды, тастарды қозғап оларға жақсы позиция алып беріп, сол арқылы күрес жүргізіледі. Сіздің қолыңызда жүріс ерекшелері, бағасы белгілі кәдімгі әскери күштер шоғырланады. Сіз қорғанасыз, қауырт шабуылға шығасыз, нағыз соғысқа қатысасыз. Барлық оқиға көз алдыңызда өтіп жатады. Тоғызқұмалақ ойдан шығарылған ойын емес, көшпелі халықтың өмір көрінісі ретінде табиғи түрде пайда болғандықтан, шахмат тәрізді адам өмірінің бір ғана көрінісін емес, халық тұрмысының ерекшеліктерін түгелдей қамтиды. Сондықтан салт-дәстүр ұмытылып бара жатқан біздің дәуірде өскелең ұрпақтың ой-өрісін қалыптастыруда өте үлкен маңызы бар.

Индияда шахматпен жаппай халық түгел шұғылданды деуге болмайды. Мысалы, басқа топтарға қызметпен шұғылданатын төменгі топ адамдарының төмен ой-өрісі бұл ойынға қызықтырмайды. Ал тән құмарлығынан бас тартып, тек жан құмарлығына берілген жоғары рухани жетілгендер үшін шахмат керек емес. Сондықтан Индияда шахматпен жоғары интеллектуалды әскери адамдар мен патшалар ғана ойнаған. Шахмат олардың ой-өрісін кеңейтіп, жеңіске деген құмарлықтарын арттыра түсуге арналған.

Тоғызқұмалақта ойын қарапайым жүрістен басталып, күрделене беретіндіктен, адамның сезімінен бастап ой-өрісін толық қамтиды. Сондықтан бұл ойын жас балаларға да, ересек адамдарға да бірдей қызықты. Бұл ойын терең ішкі мәнін түсініп ойнаған адамның имандылығын өсіріп, рухани жетілу береді.

Әдіс-айлалар, түрлі комбинацияның саны ойынға қатынасатын тастың санына байланысты. Көп тас көбірек әдіс қолдануға мүмкіндік береді. Шахмат барлығы 32 таспен ойналса, ал тоғызқұмалақ – 162 таспен ойналады. Осының өзі шахматпен салыстырғанда тоғызқұмалақта ойын әдістерінің қаншалықты көп екенін көрсетеді. Тоғызқұмалақта ойын еркіндігі жоғары.

Тоғызқұмалақ ойыны есеп ойыны. Мұнда есепке жүйрік адамдар ғана жеңеді. Бұл ойын да шахмат тәрізді тапқырлықты, мол фантазияны талап етеді. Бұл ойын шахматқа қарағанда күрделірек. Оның басты себебі – ойынды немесе оның кейбір жеке позицияларын тақтаға қарамай, абстракты түрде ойлау өте қиын. Шахматта тақтаға қарамай-ақ бір кісі бірнеше адаммен ойнай береді.

Тоғызқұмалақтың өзіндік ерекшеліктері. Басқа ойындардың арасында өзін даралап көрсететін тоғызқұмалақтың төмендегідей ерекшеліктері бар: 1. Отаулардағы құмалақтар санына байланысты құмалақтарды таратқан кезде соңғы құмалақтың түсетін жерін тез анықтап отыруға болады. Осындай жүріс дәлдігін анықтайтын математикалық және логикалық есептеу жолдары бар. Басқа ойындарда жүрісті осындай дәл анықтап отыратын әдіс жоқ. 2. Тоғызқұмалақта атсыраған адамның жеңілу қаупі бар. Бірақ тоғызқұмалақ ойынының негізгі мақсаты жеңіс емес, ойынның барысы болғандықтан, екі жақ келісе отырып ойынды әрі қарай жалғастыра алады. Бұл тоғызқұмалақтың тағы бір өзіндік ерекшелігі. 3. Ойынның барысын бір ғана қате жүріс шешіп кетуі мүмкін. Бір жаңылыс жүріс жеңіп отырған адамның өзін атсырауға түсіріп, ойын нәтижесін түгел өзгерте алады. Сондықтан ойын соңы жақындаған сайын мұқият болу керек. Мысалы, егер ойыншы дұрыс ойланбай, жүріс кезегінде байлығын шашып қарсыласының жүрістерін көбейтіп жіберсе, өзі атсырауға түсіп, ұтылуы мүмкін. 4. Кері байланыс бар. Ойыншы өзінің қазанындағы құмалақтарының санына байланысты жүрісін жоспарлай алады. Осылай тұздықты байлыққа, байлықты тұздыққа, не болмаса басқа жүрістер жасап, өзіне тиімді әдісті қолдана алады. Ұтып алынған байлық тақтадағы құмалақтар санымен тығыз байланыста болып, ойын тактикасына белсенді әсерін тигізіп отырады. Адамның өткен өмірі мен келешегі тығыз байланыста. Бұл байланысты тоғызқұмалақта да көреміз. Басқа ойындарда ондай байланыс жоқ, мысалы, шахматта ұтып алынған тастар ойыннан шығып, оған әрі қарай әсер ете алмайды. 5. Тоғызқұмалақ спорт түрі ғана емес, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі болғандықтан, ойын барысында сол салт-дәстүрлерді тереңірек сезінуге болады. 6. Басқа зияткерлік ойындарда шабуыл кезінде ойыншының назары бір тасқа, яғни бір нүктеге ғана шоғырланады. Тоғызқұмалақта бір жүрісте бірнеше отаудағы жағдай өзгеретіндіктен, ойыншының назары бірден көп отауды қамтиды. Осылай ол өзінің ойлау қабілетін шынықтыруға үлкен мүмкіндік алады. 7. Тақтадағы позициялар өзгерісі өте шапшаң. Бұл адамның есте сақтау және басқа да мүмкіндіктерін жетілдіреді. 8. Тоғызқұмалақ тақтасы өмір макеті тәрізді. Бұл ойын дұрыс өмір сүруге үйретеді. 9. Ойын барысында барлық отаулардағы жағдайды бақылап, назардан шығармау керек. Бұл ойлау жылдамдығын өсіреді.

10. Ерекше жағдайды, не болмаса арнайы спорт құралын керек қылмайды. Жерден шұңқыр қазып ойнай беруге болады. 11. Бұл ойында басқа ойындағылардай міндетті жеңіліс жоқ. Екі ойыншы келісіп отырып ойынды жалғастыра береді. Жеңістен гөрі ойын барысының әсері жоғары бағаланады. 12. Агрессия жоқ, тек қана адамгершілікке тәрбиелейді. 13. Қазіргі спорт ойындары жеңу үшін қарсыластың күшін азайтып, оны құртуға негізделген. Яғни ойыншы қарсыластың тастарын жеп, азайтуға ұмтылады. Тоғызқұмалақта олай емес. Тоғызқұмалақтың мақсаты қарсыластың тасын жеу емес, өзіне байлық жинау. Байлық жинау көшпелі дәуірден келе жатқан әдіс, соның көрінісінің бірі.

Қорытынды

Отырықшылық өмір тудырған технологиялық өркениеттің өріс алуына бар жоғы 300 жылдай болса да, бүкіл жер бетіндегі тіршілікке оның салдары қандай үлкен қатер тудырып отырғаны баршамызға мәлім. Бұл қатердің түпкі себебін түсініп-сезіну үшін адамзаттың ежелгі үйлесімді өміріне көз салуымыз керек. Адамзаттың рухани мұрасын қайта қарап, оны түсіне білу бүгінгі өмір талабы. Ежелгі өмір салты тудырған тоғызқұмалақ ойыны сол адамзат құндылықтарының бірі. Көшпенді өмірден келе жатқан көптеген құндылықтарымыз ұмытылып олардың орнын басқа жаңа құндылықтар ала бастады. Сондықтан, қазақ халқы үшін де бұрыннан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды жандандырып, сақтап қалу маңызды мәселе. Түсініп ойнаған адамға тоғызқұмалақ өмірден сабақ алғанмен бірдей әсер етеді. Спортсмен үшін тренажердің маңызы үлкен екені белгілі. Өзінің ұлттық болмысын түсіну үшін қазақ халқына да тоғызқұмалақтың маңызы сондай деуге болады. Себебі, бұл ойын қазақ үшін өмір тренажері. Оған ежелгі салтдәстүрлерді есіне түсіріп, бүгінгі тіршілігін дұрыстауға үйретеді. Ұлттық құндылықтарды ұмыту өзіңнің шыққан болмысыңды ұмытумен пара-пар, яғни өзіңді ұмыту деген сөз. Бүгінгі құбылмалы заманда ұлттық болмысымыздан айырылмай, оны қайта өрістете отырып, әлем халықтары арасында өзіндік орнымызды ала білуіміз керек. Тоғызқұмалақ ұлттық болмысымызды сақтау құралының бірі, сонымен бірге, адамның ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін өсіретін әдіс.

Адамзаттың рухани мұрасына жататын қазақтың ұлттық мұрасының бірі тоғызқұмалақты елде кеңінен таратып, мектеп қабырғасында жүрген жастарды бұл ойынға кеңінен тарта білу қазіргі өмір талабы болып табылады.

Тоғызқұмалақ пен домбыра

Сәлмен Мұхтар Ержанұлы

Тоғызқұмалақ пен домбыра,
Рухани қос қанатым.
Бабамнан қалған сол мұра,
Ұлтымның ашқан санатын

Он сегіз отау, қос қазан
Даналық көзін зерлеген.
Өрісін ойдың ұзартып,
Тереңге құлаш сермеген.

Он сегіз перне, қос ішек,
Әуені сезім тербеткен
Ұлым мен қызым бой түзеп,
Сазды үнімен ер жеткен.

Табиғат берген ұқсастық
Бойлары қалай үйлескен?!
Зерделеп келген ойлы жан,
Таңданасты күй кешкен.

Осындай баба мұрасы
Сусасам мейірім қанатын.
Қазақтың әрбір баласы,
Мақтанып айта алатын.

Дәйек көздері

1.Аманжолов С. Тоғызқұмалақ. – 1936. 2. Ақшораев А.С. Тоғызқұмалақ. Алматы. – 1979. 3. Ақшораев А.С. 60 сабақтық тоғызқұмалақ ойынының оқулығы. Тараз. – 2014. 4. Омаров Д. Шәкәрімнің «Үш анығы» (ұлы ойшылдың «Үш анық» шығармасына түсініктемелер). Дүниетаным. – Алматы, 2008. – 224 бет. 5. Омаров Д. Единая основа мировых религий. Астана. 2014. – 352 с. 6. Шотаев М. Тоғызқұмалақ есептері мен этюдтері. Астана. – 2014. 7. Зубов А.Б. История религии. Доисторические и внеисторические религии. М. 2012. – 350 с.

Мазмұны

Алғы сөз...........................................................................................4 1. Тоғызқұмалақ ойыны – адамзаттық рухани мұра...................6 2. Тоғызқұмалақ ойыны адамды жетілдіру құралы..................17 3. Тоғызқұмалақты рухани жетілу жолында пайдалану...........19 4. Ойындағы салт-дәстүр көріністері.........................................24 5. Тоғызқұмалақты спорт ойыны ретінде қолдану....................41 6. Тоғызқұмалақтың басқа ойындар арасында алатын орны....44 Қорытынды................................................................................51 Дәйек көздері..............................................................................53

«DCP» санды баспа үйі
«Dіgіtal Copy Professіonal» ЖШС
ОҚО, Шымкент қ, А.Байтұрсынов көш,85 Б
+7-701-25-25-115

таралымы – 500 дана

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙