TELEGEI

Home

Әріптестер лебіздері

Ерман Жүрсін

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әріптестер лебіздері

Әріптестер лебіздері

ӘРІПТЕСТЕР ЛЕБІЗІ

ҰЛЫТАУ, ҰЛАРДЫ ЕМЕС, ҰЛЫҢДЫ ОЙЛА

Қазақта қасиетті жер көп. Олардың атауы құлаққа сіңіп, көңілге орнығып қалғаны сондай – бармасаң да барғандай, көрмесең де көргендей ғажайып күй кешесің. Солардың бірі – Ұлытау. Кешегі ханы қарашасымен табысқан, биі тәмам жұртымен тоғысқан мәйекті мекен. Ұлытаудың тарихы таңға таусылмас, жылға жеткізбес, ғасырға қол ұсындырмас. Елдің ел, жердің жер болып қалуы таразы басына түскен алмағайып заманда Үш жүздің басын үркінші жауға қарсы біріктірер бәтуәлі сөз, баталы байламның кіндігі кесілген киелі қоныс бұл. Біздің бүгінгі әңгімеміз сол Ұлытаудан түлеп ұшқан ұл – ақын Жүрсін Ерманов, оның жырлары жайында. Ол орта мектептен соң-ақ арман қала – Алматыға аттанды. Артта ақ жаулықты анасы мен ұлылығы ұлысқа жеткен Ұлытау қалып бара жатты. Көңіл толқып, жүрек елжіреді. Артына қарайқарай беймәлім сапарға аттанып бара жатқан бала ақынның көңіліне: Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, Ұлыңды ойла Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, – деп басталатын жыр шумақтары елес берген. Етек-жеңін жинап, іргелі өлең еткені – кейін. Жігіттің жақсы болмағы – алдымен өзінен, сонсоң туған топырағы мен жүрген ортасының шарапатынан. Алланың рақымымен Жүрсін осы екеуінің де мейрім-шафхатын тел емген жігіт. Қазақы қасиеттің құнарына жарыған Ұлытау өз алдына, балаң жігіттің Алматыда топ еткен ортасы да ойлы жасқа өріс бола алар өнеге өлкесі болып шықты. Өлең деп аласұрған өршіл жүрек өзінің орны өзге емес, осы Алматыда екенін бағамдаған. Бұл бір қазақ өлеңіндегі ғажайып жылдар еді. Тұс-тұстан аңыздай шапқан жас тұлпарлар – Жұмекен мен Қадыр, Тұманбай мен Мұқағали бастаған әлеуетті ақындар дәстүрлі қазақ поэзиясын түр мен мазмұн жағынан түкті кілем түгіндей түрленте бастаған. Сәтін салғанда жас Жүрсін өлеңдегі өз бағытын тез айқындады. Оған себеп – біреулер өзінен өлең іздесе, бұл өлеңнен өзін іздеуге кірісті. Өлеңдегі өзін, өзінің «менін» жер басып жүрген басқа да көптеген «мендермен» кіріктіргенде ғана оқырманға ұғынықты ақын бола алатынына кәміл сенді. Ол үшін ақынмын деп асқақтамай, жарық дүниенің барша азабы мен тозағын тартып жүрген жұмыр басты пенде атаулының қатарында қалуың керек екен. Солардың күлкісімен күлкің қабысып, олардың қайғысымен қайғың табысуы керек екен. Оқырман мен ақын арасындағы шынайы тазалықтың осы сатысына көтерілгенде ғана өлеңдегі «меннің» «гөй-гөйі» басқалардың да «гөйгөйіне» ұласпақ. Жүрсін ақынның феномені – осы гәпті әу басынан ұғынуында. Қуанбаймын бұл күні, Қосылды деп жасқа жас.

Мәңгіліктің мылтығы, Мені бейғам тастамас. Азайғандай аптығым, Басылғандай ыстығым. Шөлге айналып шаттығым, Көңіліме түсті мұң. … Қасіреттің көгенін, Қайратым жоқ елемес. Күліп тұрмын дегенім, Жылағаннан кем емес. Уыты бар көңілде, Жазылмайтын жараның. Неге келдім өмірге, Неге кетіп барамын. …Ұзап бара жатқандай, Келешектің кемесі. Удың дәмін татқандай, Уылжимын. О, несі?! «Дүние жалған», – деп термелейтін өмір мен өлім философиясын өз «менінің» кебімен осынша дәл, осынша айқын, осынша мұңлы суреттеу сол философияның қорғасындай ауыр салмағын мамықтай нәзік жүрегімен сезіне алатын ақынның қолынан ғана келсе керек. Бұл бір ауыз сөзімізді өлеңнің іші (мазмұн) дейік. Ал, сырты (түр) қандай? Ақын ойын оралымды және суытпай жедел жеткізу үшін өлшемі қысқа тармақты әдейі таңдап алған. Себебі, осы ойды он бір буынға салса жырдың сезімге тиер серпінділігі кеміп, етер әсері тармақтың өзіндей ұзақ сонар болып кетер еді. Хас ақынның жыры қашанда халықпен ортақ. Ақын ауылында Құлжанбай құмы деген жер бар екен. Сол құм бертін келе азып-тозып, кеудесі басылып, жайылып кетіпті. Көзіндейсің бұрынғының, Сұрар енді сырыңды кім? Жым-жылас боп жыйылыпсың Мен де өзгердім Жырындымын. Жүрегім бар жырым-жырым. Дәл осы шумақ кіндік қаным тамған менің Қарасуыма да қарата айтылғандай. Құлжанбай құмы секілді оның да азып-тозып кеткені қашан?! Елі көшкен, еңсесі түскен ауыл өзгергенде қауым өзгермей ме? Бір кездегі жақсысы жырындыға, жақсы ісі сырындыға айналған. Тозған төбенің тозағын ойлаған ақын жүрегі жырым-жырым болғанда, сіздікі де қайбір бүтін дейсіз. Егер «Құлжанбай құмынан» мен секілді басқалар да өз ауылын көріп жатса, ақын үшін бұдан асқан дәлдік, көрегендік бар ма?! Осынау тауды кесіп, көкті тесіп жатқан темір ғасыр заманында аспан асты, жер үстіндегі тұнығы шайқалған барша жаратылыстың қам-қарекетіне алаң болмас пенде баласы кем де кем шығар. Жұрт бір ойласа, ол екі ойлайтын Ақын жүрегінің

дүрсіліне құлақ түріп көрейік.
Бұландының жоқ бұланы,
Құландының жоқ құланы.
Бүркіттінің биігінде,

Қалқымайды көк қыраны.
Бұғылының бұғысы жоқ,
Тағылының тағысы жоқ.
Теңіздердің тереңі жоқ,

Өзендердің ағысы жоқ.
Сәуір нөсер төкпегелі,
Таңсық қырдың көктегені.
Құлындардың желісі жоқ,

Қозылардың жоқ көгені.
Атымыздың тұрманы жоқ,
Айтымыздың құрбаны жоқ.
Бәтуә жоқ ісімізде,

Сөзіміздің тұрлауы жоқ.
Бәрі жоқ боп жатқан ұдай,
Берекесіз шақта бұлай.
Иманы жоқ адамдарға

Иланудан сақта, құдай!

Түсінік-түсіндірмеге зәру емес осы өлеңнің астарынан не аңғардыңыз, ағайын. Барша қазақ болып жоқтау айтса көп болмайтын әлгі жоғалтулар туралы өлеңнің түп-түйінін ақынның имансыздыққа әкеліп тіреуі қалай?! Әлде басқа бір тоқтам таппағаны ма? Барлай қарап, бағдарлай сараласақ, олай емес екен. Бірақ бар пәленің басы дәл осы имансыздықта жатқан жоқ па?! Имансызды, жалпы, адам деуге бола ма өзі? Болмаса, имансыздық көбейген сайын Абай айтқан «толық адам» да азая бермес пе? Құлан, бұлан жайына қалып, жоғалтудың көкесі сонда болмас па?! Ойға мырза, сезімге шүлен жыр осындай болса керек-ті. Жүрсін – философ ақын. Оның ақындық болмысын бедерлеп тұратын – ойға келгенде сонылық, пікірге келгенде тапқырлық, қисынға келгенде мергендік, өлең архитектурасына фигураларды (теңеу, эпитет, метафора, градация, т.б.) қолданудағы шеберлік, әуезділікті арттырудағы (аллитерация, ассонанс) сезімталдық – сол философтығынан тамыр тартып жатыр. Ақындықтың да түрі көп қой. Әйтсе де, ойшыл болғанға не жетсін. Жүрсіннің ешкіммен енші бөліспес, дара қолтаңбасын айқындайтын ендігі бір өлеңі – оның «Құстың көлеңкесі» атты кітабына енген – «Қасым Аманжоловтың үйін қирату» Дегені қайда басылды құйын, Ақылым жетпей, ашиды миым. Виноградов көшесіндегі, Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін, Ажалдың сездім ақпандай лебін. Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды, Кеудемді бұзып жатқандай менің. Жырды қорғаудың кешікті ережесі, Қирады, сынды есік-терезесі. Сәби жырлардың бесігі еді, Бар еді сонша бесікте несі? Жүйрігім еді жыр көшіндегі, Бауырын жазып бір көсілмеді. Қиратып жатыр Қасымның үйін, Біздің үй соның іргесінде еді. Айналасы алты-ақ ауыздан тұратын қасіретнама. Көтерген мәселесі осынша өзекті, құрған өрмегі осынша өрнекті, айтар пікірі осынша салмақты, беру тәсілі осынша сіңімді осындай отыз өлеңнің өзі бір ақынның маңдайына олқы дәулет болмас еді-ау деген ойға қаласың. Жүрсін Ерман – тосын ойдың, қиғаш контрастың, қидаласқан пікірдің ақыны. Оның өлеңдерінің тақырыбы да, сол тақырыпты алып шығар кілті де – өмірдің қарапайым детальдарынан тұрады. Әрине, жыртылып, айырылар жай детальдар емес, жырдың жүгін артуға жарайтын – бірі жаныңды жадыратар, бірі жүйкеңді жұлқа тартар қарапайым пенде баласының басынан өтіп жатқан өмір өрнектері. Ол өрнек – ұсталықпен келер өрнек. Тақырып табиғатын, соған сай тіл құралын таңдап түйсінумен келетін ісі қиын жұмыс. Осыны жіті сезінген ақын «Абайға мұң шағу» атты шоғыр өлеңінде Абай заманынан бері титтей де өзгермеген қазақты ақын атаның өз лексикасымен «айыптайды»; …Қайдан болсын жыр өзге, Қазағың сол баяғы. Біреуі – қырт, бірі – езбе, Сөзінің жоқ баяны. …Таусылады амалың, Ойлап сор мен азабын. Өзгергенмен заманың, Өзгерген жоқ қазағың. Жалпақ орманның қасиетін зерттеу үшін оның қажетті бір ағашын кесетіні сияқты, жайқын көлдің дәмін білу үшін бір тамшысын таңдайға басатыны сияқты, торсық тола қымыздың қызуын сезіну үшін жалғыз ғана шарасын сіміретіні сияқты, Тұманбай мен Қадырдың қандай ақын екенін білу үшін олардың отыз томын қопармай-ақ ортасынан бір томын суырып алуға болатыны сияқты мен де Жүрсін Ерманның шығармашылығы туралы пікірімді оның бұрын-соңды шыққан жинақтарының бәрін ақтарыстырмай-ақ сұрыпталған бірнеше кітабы арқылы білдіруге бейіл болдым. Үшбу пікірімді түюге іші шелді үш кітабы еш олқылық еткен жоқ. Мәселе көлемде емес, өлеңде екен. Қасымның жалғыз томы бар, қандай қанағат. Ілиястың жалқы томы бар, қандай қанағат! Абайдың «жарты» томы

бар, қандай қанағат!!! Егер Абай атаның қарасөздері мен аудармаларын әрі қарай қоя тұрып, «таза өлеңін» түптесек, тоғыз баспа табақтан аспас еді. Бірақ содан кемдік көрдіңіз бе?! Қазған сайын ырысы ие бермейтін кеніш. Жүзген сайын жиегі жеткізбейтін телегей. Өлеңімен жиырма том шығарған замандасым бар. Шығарсын, көп демеймін. Жалғыз том жазған қаламдасым бар. Аз демеймін. Өйткені, жілігі майлы, жарағы сайлы. Әйткенмен, қазан үлкен болған сайын көже сұйық болатынын ескерген жөн. Таңсық үшін емес, тағылым үшін айта кетейін. Осы жолы өзімше бір эксперимент жасадым. «Құстың көлеңкесінің» қолым тиген кез келген жерін кездейсоқ ашып сол бетте тұрған өлеңді оқыдым. Осыны кемінде он-он бес мәрте қайталадым. Сонда барлық жағдайда да қанжығаға қызыл түлкі байладым десем, сізге өтірік, маған шын. Осы жұмысты дайындау барысында да осы тәсілді қолдандым. Қалыптасқан дағды бойынша тұздығы күшті ой орамдарын іздеп ой мен қырға шапқылағаным жоқ. Әрине, «жақсы өлеңді асырайтын» (Қасым) өлең Жүрсінде де бар болар. Бірақ кемел қолдан шыққан орта өлеңнің өзінен келелі кеңес табуға болатынына көзіміз жеткен пақырмыз. Міне, «антқа» берік әдетпен кітаптың тағы бір жерін ашып қалдым. «Қыстаудағы көктем» екен: Марғаусып кәрі төбет те, Шуақпен жүрек жалғайды. Шаңыраққа жайған көп етке, Көзінің қырын салмайды. Иә, алып-жұлып бара жатқан не бар дерсіз. Солай-ақ дейік. Бірақ алыста қалған сонау бір ауылдағы қыстағыңның көрінісі, сол бұйығы қыстауда өмір кешкен балапан кезіңнің бейнесі келмей ме көз алдыңа. Басынан аттап өтсең де мыңқ етпей, алдына ақ түйенің қарнын жарсаң да ашқарақтық танытпай көзін ашып-жұмып қалғып жататын қара төбетіңнің елесі тұрған жоқ па мұнда? Әлде іргесін көң мен сабан көмген шарбақтың түбіне құйылған көктемнің алғашқы алтын шуағын да ұмытқаның ба? Әр ақын өзінше бір құпиялы әлем десек, Жүрсіннің құпиясы неде деген сұрақ бой көтермек. Біз оның құпиясы жай көзге елеусіз көрінер құбылыстан елеулі ой түйіп, оны оқырманға әсерлі түрде жеткізе алуында дер едік. Мәселен, темекінің тұқылын тастайтын күлсалғыш сөз етуге тұрар нәрсе ме? Ал Чехов содан да әңгіме жасай аламын деген ғой. Қарасөздің хас шебері Жүсіпбек Аймауытов Чеховтан да асып түскен. Өйткені, Антон Павловичте тым болмаса қолға ұстар күлсалғыш болса, Жүсекең көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын елестен (!) «Елес» атты әңгіме жазғаны белгілі. Газет тапсырмасы бойынша аса шұғыл жазылғанына қарамастан, онысы алтын қасықтай жинақы, жұмыр дүние болып шыққан. Чехов атап көрсеткен «қысқалықтың» шартын Жүрсін де жақсы ұғынған сияқты. Оның етек-жеңі жинақы һәм ойлы өлеңдері шұбалаңқылыққа әсте жол бермейді. Ал техникасының тастай беріктігі ақындық стихиясының мықты екенін көрсетеді. Өлеңде «ойдың сыйымдылығы» деген ұғым бар. Бұл – шумаққа орналасқан ойдың салмағын, қоюлығын айқындауға байланысты

шыққан термин. Жүрсін Ерманов табиғатынан ойшыл ақын болғандықтан оның жырлары осы термин талабына сай келіп отырады. Бұдан ақын өлеңдерінің «ыдысы» кең екенін әрі ол шығымы мол ойға шүпілдеп толып тұратынын аңғарамыз. Жүрсін – нақтылықтың ақыны. Оның туындыларының бойы да, ойы да жаныңа жақын келіп, жанарыңа анық көрініп тұрады. Ол біреулер секілді бұлтпен араласып, бұлдырап жүретін аспанның ақыны емес, табанын төскейге тіреп тұрған Жердің ақыны. Бейнелей айтсақ, табаны топырақтан қуат алатын Антей сияқты. Мен хал-қадерімше Жүрсін ақынның өлеңдерін өзім қандай қызығушылықпен қабылдасам, өзгелер де сондай қызығушылықпен қабылдайтындай етіп түсіндіруге тырысқан-ақ едім. Шықпаған секілді. Қысқа қайырымның қауызына батыр бабаның мол пішілген ұрпағы сыймаған секілді. Көңілде мен жеткізе алмағанды оқырман өзі тауып алар деген үміт қалды. Жүрсін Ерманнның 2010 жылы жарық көрген «Ырғай» атты кітабында атақты Қасым ақынның монологы іспетті «Жыр – аманат» аты өлең бар екен. Сол монологта Қасым ақын рухы: Зираттың зыр қаққанмен іргесінде ел, Жан бар ма мені өзімен біргесің дер? Талайлар әлі мені күндесім дер. Ақынның хақын жеген ел оңбайды. Тірілер, өлеңімнің жүлдесін бер, – деп тебіреніпті. Иә, ұлы ақын Қасым да, оның ізін басқан інілері де аламан бәйгеде жүлделі болып жатса, қазақ өлеңінің өркені өсіп, абыройы асқақтады деген сол емес пе?!

Абзал БӨКЕН
ақын, халықаралық Алаш
сыйлығының лауреаты.

ҚАЛАМНЫҢ СЫРЫН ҚАЛАМ БІЛЕДІ

Ақындық болмыс – анау-мынау кәлләні місе тұтпайтын үлкен тақырып, үлкен дулыға. Дулығаны – батырдың батыры, оқымыстының оқымыстысы кисе ғана жараспақ. Мен Абай, Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағали сынды алыптардың ақындық болмысына толғайын деп, қол жетпес биікке құлшынып отырған жоқпын, қанша құлшынып, құлдық етсем де, ондай құдыреттердің қат-қабат тереңде жатқан қазынасын сусап отырған қалың оқырманға жеткізіп бере алмаған болар едім. Десек те, жоғардағы ұлылардың шәкіртінің шәкірті, өнер жолында бірге ойланып, біте қайнасып келе жатқан, амалы бөлек болғанымен заманы бір, атағы таудай болса да, қатары бір, көзге ыстық, көңілге жақын көрінетін ақын Жүрсін Ерманның ақындық болмысына бойламаққа талпынсам, былайғы жұртшылық мені олқысына қоймас деген ой маған үлкен жауапкершілік арқалатып отыр. Бүгінде алпыстың асқарына шығып, жыр тұлпарын қажымай, талмай қамшылап келе жатқан, ел таныған еңселі азаматтың биігін алу оңай еместігін, оның шығармашылығымен бетпе-бет келгенде ғана сезіндім. Аумалы-төкпелі мына заманда «Қартайдық, қайғы ойладық» деп еңіреп жүрген осы дәуірдің ақынын әзірше көре қойған жоқпын. Онында өз себеп-салдары бар. Біздің буын кешеден – бүгінге Тәуелсіздіктің арқасында үздікпей жетті. Тәуелсіздік – бізді рухани құлдықсұмдықтан, булықтырған бұғаудан, құлыпты кісеннен құтқарып қалды. Басымызға бостандық, қаламға еркіндік берді. Соның арқасында жоғымызды түгендеп, барымызға байыппен қарайтын күйге жеттік. Мұқағали ақынның «Ақыңды – ақын қолдамаса болмайды» деген ғажайып жыр жолдары естеріңізде болар, бұл аяулы азаматтың өзінен соңғы ақылды, саналы ұрпаққа қалдырған өсиеті еді. Осы өсиетті бұлжытпай орындап келе жатқан таланттар аз болса да бар, соның біреуі, біреуі ғана емес, бірегейі біздің Жүрсін. Тегеуріні темірдей қатал империяның азабы мен мазағына ұшырай, қорлықзомбылығына шыдай алмай құсалықпен көз жұмған, қазақтың айбарлы ақыны Қасым Аманжоловқа арналған әріптесіміздің «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» атты өлеңі Тәуелсіздіктің жемісі десек болғандай. Осы өлеңді оқығанда шынайы шамырқанған шабыттан туып, қаламмен кіндігі кесіліп, ақынның ыстық алақанымен бесікке салып тербеп өсірген ұлдай көркем туындының маңдайынан сүйіп, рахат күй кешесің, болмысы бөлек дүниеге әрі таңқаласың, әрі санаң оянып, іште жатқан шершеменнің зілдей ауыртпалығынан босанып, тынысың кеңіп, өзіңді бір сәт жеңіл сезінесің. Осы өлеңде – қатал заманға қаймықпай шабуылға өткен жауынгер қаламгердің қапысыз алынған кегі бар. Осы өлеңде – көк туын желбіреткен арқалы ақынның мерейі үстем жеңісі бар. Осы өлеңде – поэзия дегдарына деген бауырмалдық, жанашырлық, махаббат бар. Осы өлеңде – біріміз емес, бәріміз бармыз, бәріміздің көз жасымыз бар,

өзекті өртеген өкінішіміз бар. Осы өлеңде – көз арбайтын көркем сұлулық бар, алабөтен іздену бар. Алабөтен іздену бар болғасын, ақын қаламы өшпейтін өміршең жыр сыйлады. Орайы келіп тұрғанда айтпасақ, бізге – сын, іздену – тек Жүрсін сынды шынайы ақындардың ғана қолынан келеді. Өзін де, өзгені де алдап жүрген, жасандылыққа бой алдырған, жалтақ жарымжан, өзгенің құдай берген баянды бақытын қызғанатын, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ ақынсымақтан мұндай дүние тумайды, мықтағанда олардан із емес, сыз қалады, сыз табанынан өткенімен, жүрекке жетпейді, уақыт сынынан өтпейді, ыстық-суыққа шыдай алмай, бордай үгіліп, тозаңға айналып, кеңістікке сіңіп ұшты-күйлі жоғалып тынады. Бәрін айт та бірін айт. Қасымға арналған өлеңді бөліп-жармай, тұтас зерделеп оқу – бір ғанибет, біріміз емес бәріміз оқылық: Дегені қайда – басылды құйын? Ақылым жетпей, ашиды миым: Виноградов көшесіндегі Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді...

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді, жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
...Біздің үй соның іргесінде еді!

Ерманның туындыларын оқып отырғанда, түріктің ғұлама
ғалымы Фетхуллаһ Гүленнің төмендегідей философиялық ой-толғамы

тіл ұшыма оралды: – «Өлең – ақиқат пен махаббаты арқалаған жүрек пен сезімнің тілі; ғашықтық, құштарлық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үні; тіршілік пен тіршіліктің арғы жағын сезу, түйсіну және мұндай ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тікелей немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесі. Өлеңге ақиқаттың көзімен қарағанымызда, оған – көңілдің құбылыстарға өзінше әсерленуі; сезімнің өзінше түсінік беруі; өзінің хақ қызметіне қарамастан, әлгі сезу, түйсіктену және таразылап отыру үрдісі кейде әрқалай, әртүрлі оқиғалардың ағысына сәйкес, ал кей-кейде қиял мен елестердің жетегіне еріп, дыбыстандыруы деп те айта аламыз». Бұл түйінге аларым да жоқ, қосарым да жоқ, оған тек сенемін. Адамды жұмсағаннан гөрі, қолындағы қаламды жұмсау – қиынныңқиыны. Өзегіңді жарып шыққан балаңды жұмсау оңай. Бала ұялғаннан тіліңді алар болар: Ал, қалам ондай көңілшек емес. Өзің білмейтін күңгірт тақырыпқа қалам бара бермейді, тек жаныңа жақын, жүрегіңе ұялаған, санаңа салмақ түсірген айтулы тақырыпқа ғана барады. Мен қаламдасым Жүрсіннің шығармаларын көз жазбай оқып келе жатқаныма табаны күректей жиырма жыл болды. Сондықтан болар, оның «Құстың көлеңкесі» атты жыр жинағы қолыма тигенде әлгі тілалшақ калам аттай желіп кетпесі бар ма? Өйткені, қаламның сырын қалам біледі, бірін-бірі жазбай таниды, қапысыз мұңдасып, сырласады, кейде мұңайып, кейде рахатқа батады. Солайы-солай екен. Жүрсін – қаламдастарына адал азамат. Адалдық – кез келген пендеге жұғысты бола бермейтін таптырмас асыл қасиеттердің бірі. Нағыз талантты ақын өзінен бұрынғы, әсіресе, қатар жүрген қаламдастарының жақсы туындыларын оқығанда, көзі шырадай жанып, балаша қуанып, данаша пайымдап, өз бағасын бермек. Мен Жүрсін жүргізген мүшәйраларға екі рет қатысқан пендемін. Соңғы аламан бәйгеге қосқан бір жүйрігім өзім ойлаған межеге жетпей қалды. Ренжідім, «ішкі күйікті басамын» деп қызара бөртіп жүріп көзге түсіп қалғаным бар. Көп ұзамай, Жүрсіннің бір мақаласы жарық көрді. Осында «Мен Жәркеннің обалына қалғандай болдым, оның «Күрек» атты өлеңі шынымен өз бағасын ала алмай қалғанына қатты өкіндім», – деп жазыпты. Мұндай ағынан жарылған, адал сөзді дәл Жүрсіннің аузынан шыққанына дән риза болдым. Өзіне телефон шалып ризашылығымды білдірдім. Күні кеше болған осы жәйді ақынның мынадай бір өлеңі есіме салды: Қимайтын жанды қапа еттім, Жақындарымды жат еттім. Ортасында ылғи қаламын Ербеңдеп жанған екі оттың.

Мойындап өмір өкімін,
Берік болмақка бекідім.
...Сетінеп кете беремін,
Біреу емеспін.

Екімін.

Немесе Арбаса нәпсі-ыбылыс, Алаңдай берем ұлып іш. Көңілге неге сыймайсың Көзіме сыйған құбылыс?! Тамаша жыр, әрі қарай осы сарынмен жалғаса береді. Адам баласының ішкі жан-дүниесін ашудың осындай тәсілі әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар. Классик, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жармағын», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданын» оқысаңыз, есіңізге түседі... Бірдің екіге жарылуы – Жүрсіннің жоғарыдағы өлеңінде айқын көрініс тапқан. Көзсіз еліктеуден аулақ, өзгенің өзегінен өткен шындықты өзінше қорытып, өзінше бағамдау – осындай-ақ болар. «Құстың көлеңкесінде» Көзім шырақтай, Сөзім сынаптай. Қажай бергенді, Қаламын ұнатпай, – деген тағы бір шыншыл, шұрайлы шумақ бар. Бұнда Адамзат қоғамындағы дертке айналып бара жатқан жағымсыз құбылыстарды ақын осылайша жеріне жеткізіп сынайды, сынағанда да қалам ұшымен, қанын шығармай бауыздайды. Жанын шығармай арбайды. Осы күнде ел басқарып жүрген даңғой, надан кейбір әкім-қарылар қоластындағы адал еңбегімен бала-шағасын асырап, елге елеулі еңбек еткен адал жандарды көзіне ілмейді, жақсылығын көргісі келмейді. Жұмыс бабында болмай қоймайтын кемшіліктерін көргенде көкірегінен итеріп, Жүрсін ақын айтқандай, «қажай» береді, ақыры оны орға жығып, жұмыстан аластап, қиянат жасайды. Ж.Ерман қай тақырыпқа бармасын, жалаңаш бармайды, аймен-күннің аманында айқайлап бақан ала жүгірмейді, керісінше сабырлықпен, байсалды байыппен, иландырар имандылықпен, көркем тәсілмен – образымен барады. Жүрсін – ізденгіш, тапқыр ақын. Не жазса да нандырып, қандырып жазады. Мысалы: ...Мынау менің ардақты Абайым ба? Шытырлатып Абайды санайын ба? Сенің құның небәрі жиырма теңге, Менің құным көк тиын ағайынға!.. (Абайға мұң шағу) өлеңінен үзінді

Тағайын деп тұрғам жоқ
Жоқты кінә.
Бұл не дәстүр?
Заманның тоқтығы ма?

...Қуанасың
Қазақтар қағып алар
Қарағайдай мүйізің жоқтығына!..
(Мүйіз кесу) өлеңінен үзінді

Еліңнің қамын ойлай жүр – Қырандай көкке ұштың ба? Көлеңкесі жерде болады Аспанда жүрген құстың да!.. (Тұрмағамбеттен тәржіма) өлеңінен үзінді. ...Сонымен «Құстың көлеңкесі» ақынның өз парасат қалауынша талғап, қармап алған таңдаулы жетпіс өлеңнен тұрады. Осы жетпіс өлең Жүрсіннің ақындық болмысын паш еткен құнды дүние. Жетпіс өлең айдын көлге тұстұстан құйылып жатқан жетпіс мөлдір бұлақтай, маған әдемі әсер қалдырды. Жәркен БӨДЕШҰЛЫ.

Қараөлеңнің қарагері

Дардың алдында да ардың сөзін сөйлеп өткен бұрынғы бура мінез ақындардың өр рухына суарылып, «қара бұлтты жамылып, қара жолдың үстінде, қарасөзден жаңылып, қара өлеңге түскен» тұнық ойлы ақындар қаншама. Солардың бірі және бірегейі алпыс жасқа жаңа толып, алты асқардың биігіне көтеріліп, болашаққа ойлы көз жіберіп, дүбірлі дүниенің көзіне терең үңіліп, қабағын жіті бағып, екіталай күн туса қыпшақтың қайқы қылышын қынаптан суырғалы алабұртып, етек-жеңін жинақы ұстап, өжет өлеңдер жазып, өркештеніп жүретін Жүрсін Ерман.

Ұлытаудың жаратылыс-болмысын, тіршілік-тынысын, қадір-қасиетін, табиғат ерекшелігін, сұлу көрінісін бойына сіңіріп, ұлар мұңын жырлап, Алматыға келген бойда оның алдынан әдеби ортаның алтын есігі айқара ашылып тұрған еді. Базбіреулер секілді көше шаңын суырып көп сандалмады. Емендей еңкеймеген күйі әдеби ортаның ішіне енді де кетті. Сол кезде шалғай ауылдардан Алматыға үміт арқалап жеткен бір топ жастардың балауса өлеңдері «Жас керуен» деген атпен жарық көргелі жатқан. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, сол жинаққа Жүрсіннің жауһар жырлары да енген еді. Кейін осы кітап қолыма тигенде түгел оқып шығып, ондағы жас ақындардың туындыларын талдап, өз ой-пікірімді білдіріп, мақала жазғаным бар-ды. Сол сын мақаламда Жүрсіннің өлеңдеріне кеңінен тоқталып, оның көркем әлеміне терең бойлап, қазақ әдебиетіне қуатты ақын келе жатыр деп қуанып, қалың қауымға жар салғаным әлі есімде. Мүмкін Абай жаққан сәулені Жүрсіннің көзінен көргенде ағыл-тегіл ақтарылып кеткен шығармын, кім біледі. Алайда бұл оның бағын мен аштым деген сөз емес. Құрсағында жетілген құлын бәрібір тұлпар болмай тұрмайды. Сол секілді Жүрсін де талантын жылдар жаныған сайын қатқыл, қасаң дидактикадан арылып, сұлу сезімге құрылған, бояуы қанық, ойға толы, поэтикалық қуаты күшті өжет өлеңдер жазып, аз уақыттың беделінде көзінен от төгілген, аузынан ақ жалын

атқан адуынды ақынға айналып, қалың қауымға кеңінен таныла бастады. Ол бұрын көкірегінде сәулесі бар жұртты іздеп өлең оқып келсе, ендігі мезетте кеудесінде сәулесі бар жұрттың бәрі оның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болды. Жүрсіннің «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге» сияқты жыр кітаптары оқыған кісіге терең ой салмай, көңіл күйін қозғамай, намысын жанып, сілкіндірмей қоймайды. Оның кітапқа енген көп өлеңдері өзегіне ток жүгіртіп өрген бұзау тіс қамшы секілді өткір. Өйткені ақын асау ойдың ағысында алабұртып, шамырқанып, қайраттанып жыр жазса оны оқыған кісі де шамырқанып, тұла бойы күш-қуатқа толып, бүркітәруақтанып отырады. Ал, қайғы-мұңға құрылған жырды оқығанда көңіліңнің аспанын бұлт торлап, әлдеқайдан ызғар есіп, үлбіреген үмітіңді үсік шалып, суық желдің өтінде қалған жапырақтай қалтырайсың. Ж. Ерманның «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» деген өлеңі, міне, сондай қамкөңілден туған. Оны оқыған бойда кеудеңдегі бозторғай қанатын өрт шарпығандай шырқырап қоя береді. Неге? Себебі, бұл өтпелі кезеңде «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» деген Баласағұнның өсиеті адыра қалып, ақыл-ой кейін ысырылып, ақша үстемдік құрып, ел ішін тоғышарлық жайлаған. Ендеше рухани құндылықтар Аралдың жағаға шығып қалған кемесіндей қаусап, күйремей қайтеді. Дегені қайда – басылды құйын? Ақылым жетпей, ашиды миым: Виноградов көшесіндегі Қиратып жатыр Қасымның үйін. Өлең өлкесіне өртке тиген дауылдай боп келсе де, бірақ мына арсыз жалған дүниеден опа таппай тағдыры талқыға түсіп, көп теперіш көріп, емен есіктердің табалдырығын тоздырып жүріп әрең алған Қасымның үйін айкүннің аманында қиратқаны қалай?! Оралдың қарлы боранын майдан даласына алып барып, жауға ойран салған сардар ақынның көзі емес пе еді бұл қара шаңырақ?! Ойлап көрсең, темір қолдар жалғыз үйді ғана қиратып жатыр ма?! Қасымның қара шаңырағын, сол қара шаңырақтың астында өткен ақынның өмірін, жан-дүниесін, арман-мұңын, сезімін, рухын… жаншып, қиратып, молаға айналдырып жатқандай тұла бойың түршігеді. Ендеше жүрегі ізгіліктен жаралған Жүрсін күңіреніп жыр төкпей қайтеді. «Қиратып жатыр Қасымның үйін, қиналып тапқан баспанасы еді» деп күйзелмей қайтеді. «Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды Кеудемді бұзып жатқандай менің!» деп шырқырамай қайтеді. Жырды қорғаудың кешікті ережесі, Қирады, сынды есік-терезесі. Сәби жырлардың бесігі еді, Бар екен сонша бесікте несі? Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген. Сәби жырдың есік-терезесі сынып, бесігі қираған елдің болашағы ешқашанда жарқын болған емес. Ендеше бүгінгі адамдардың сана қумай сағым қуып, бақ қумай

байлық қуып адасып, тоғышарлыққа бой ұрғаны сәби жырдың бесігін тербете білмегендіктен туындап жатқан үрдістер. Өйткені жырдың сәулесі жүрегіне түспеген адамның бойында көп жағдайда ізгілік бола бермейді. Ал, ізгілік жоқ жерде шойын кеуде қараулық бас көтеріп, рухани құндылықтардың көзін жоймай тұрмайды. Жүйрігім еді жыр көшіндегі, Бауырын жазып бір көсілмеді. Қиратып жатыр Қасымның үйін, … Біздің үй соның іргесінде еді. Уа, опасыз жалған-ай! Көзден кеткен соң көңілден де кетеді деген осы. Бүгін Қасымның үйін қиратқан тоғышар күштер ертең соның іргесінде қалқайып тұрған Жүрсіннің қарашаңырағын күйретпесіне кім кепіл. Мына алашапқын, аласапыран заманның осындай сұмдығын көріп, наласын жұтып, ботадай боздағаннан басқа қолыңнан не келеді. Ақырып теңдік сұрасаң азу тісіңді қағып, қолыңа береді. Өйткені көз жасқа суарылып, жапырақ жайып жайқалған қазіргі қоғам сенің мұң-зарыңа аса зәру емес. Сен егіліп, боздаған сайын оның айызы қанып, суық сұр бетіне қан жүгіріп, нұрлана түседі. Мүмкін бұл қоғам ақындарын әдейі зар жылатып ұстайтын шығар. Ақын неғұрлым қамығып-қайғырса, соғұрлым қайраттанып, аузынан ақ жалын атып, өркештеніп өлең жазады емес пе. Сөйтіп, халықтың тілі, заманның үні бола білген ақын жырлары арқылы дүниенің қабағын бағып, өмірдің бағытбағдарын біліп отыратын секілді. Ж.Ерманның «Мүйіз кесу» деген өлеңі: Таудағы елдің таңсықтау салты білем: Таңертеңгі маусымның салқынымен Бұғыларды қораға қамап қойып, Мүйіздерін кеседі дәл түбінен, – деп бұғылы ауылдың маусым айындағы мүйіз кесу науқанын суреттеуден басталса да, келесі шумағында адам бойында бұғынып, бұрын байқала қоймаған қатыгездіктің ойда-жоқта атойлап шыға келгенін көріп, сұмдық шошынасың. «Зырқыраған арамен қинағанда Бейшараның кетеді көзі аларып» деген өлең жолдарын оқығанда сенің де көзің аларып, шарасынан шығып кете жаздайды. Сыздап шыққан бұғының сүйегінен Беу, қызыл қан! Соншама киелі ме ең? Қан шарапқа құныққан қазақтардың Қан сорғалап тұрады иегінен! Күнәсі көп жер бетінде өмір кешіп, иегінен қан сорғалаған қазақ шындығын Жүрсін қалай келістіріп айта білген. Қол соқпасқа шара қайсы?. Шеберлік деп, міне, осыны айт. Абай қазақты «бір ұрты – май, бір ұрты – қан» деп сынаса, Жүрсін «қан шарапқа құныққан қазақтың иегінен қан сорғалаған» бүгінгі кескін-келбетін бейнелеп, олардың қандықол қылмысын алдыңа жайып, ашына сөйлейді. Адамдар дерттен айыққалы қан ішпей тұра алмайтын болған ба деп түңіледі. Дүниені қанішер қатыгездік жайлап бара

жатқандай сезініп, көкірегін ыза кернейді. Тағайын деп тұрғам жоқ жоқты кінә. Бұл не дәстүр? Заманның тоқтығы ма? Мүмкін солай шығар. Заманның тоқтығынан дүниенің өзі еріккеннің ермегіне айналып бара жатқан жоқ па. Құдірет күші жетсе жұмыр жерді де теуіп, әрі-бері домалатып, қуып, допша қағып ойнар еді. Бұл адамдар күнненкүнге азғындап, ұсақталып бара ма, қалай? Бұрынғылар дүниенің бүтіндігін ойлап зыр жүгірсе, қазіргілер құлқынның қамын ойлап жанығатын болған жоқ па, тәйірі. Содан: … Қуанасың Қазақтар қағып алар Қарағайдай мүйізің жоқтығына! – деп тірі жүргеніңе тәубе айтпасқа шараң қалмайды. Ұлытаудың баурайында туып, ұлар тілін ұғып, жырын тыңдап өскен Жүрсін қай тақырыпқа қалам тартса да өжет мінез, өршіл қайсарлықтан танған емес. Шашқа түскен өткір ұстарадай жеңіл сырғып, ілгері жылжи береді. Бірақ көпірме көбік сөзге бой алдырмай мағыналы ой айтуға тырысып, терең сезіммен толғайды. Ол елдік пен ерлікті жырласа да, ақиқат пен жалғандықты жырласа да, жақсылық пен жамандықты жырласа да, сардарлық пен сатқындықты жырласа да, қысқасы көзі мен көңіліне сыйған қай құбылысты жырласа да өртеніп, лапылдаған отқа оранып отырып қалам тербейді. Оның қай жыры да қолға ұстаған алау секілді жүзіңді шарпып, қызыл-жалынға бөлеп, жаныңды жадыратып, нұрландырып тұрады. Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда? Ұлы қайғың уылжып тұрар бойда. Ұры тісің секілді у сезімің, Уын жайып уілдеп тұрар ма ойда… Арқары ауып, ұлары ұшып, қырынан қыдыр, ойынан ырыс қашып, бүкіл сұлулығын жоғалтып, құлазыған Ұлытаудың қайғы-мұңы, сайып келгенде, Жүрсінді туған ұлттың мұң-қайғысы емес пе. Ендеше ақынның бал сезімі уға айналып, тұла бойын жайлап алса, ол улы желдей уілдеп, көкірегінен запыран ақтарып, шерлі жыр төкпей қайтеді. «Кілең темір құрсанған құрбыларым Киігімен даланың жүр алысып» деп және күйінеді. Күйінбей қайтеді. «Темір құрсанған құрбылары» қараулықпен, жалғандықпен күресудің орнына тірі пендеге залалы жоқ, қайта даланың сұлу көркіне айналған киіктермен алысып, обал-сауапты ұмытып, азғындап жүрсе. Шыбын жаны шырқырап: «Құлағыңа жете ме үні таудың?» деп киік аулап, қызық қуған құрбыларына ой сала сөйлейді. Бірақ бұны ұғатын қуыс кеуде құрбылар бар ма? Сосын ұларын жоқтап қайғырған Ұлытауға мұң шағып әрі қайрат бере сөйлеп: Ұлытауым, ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.

Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің! – деп күркірейді. Бірақ қайда барсаң да, қайда қарасаң да ұларынан көз жазып, тұнжыраған Ұлытау секілді мына жарық жалғанда бауыры бүтін жұмыр басты пенде жоқ екеніне көзің жетіп, көңіліңді өксік қысып, көкірегің қыжылдап қоя береді. Бір кем дүние деген осы. Қазағым деп қабырғасы қайысып, далам деп жүрегі тілініп, Ұлытауым – ұлтым деп ұлар тілінде жыр төккен Жүрсін Ерманның жанары ешқашан мұңнан арылған емес. Адам болған соң онда мұң болмай тұрмайды. Мұңы жоқ адамды ешкім кісі санатына қоспайды. Ал, ақынның мұңсыз болуы тіпті мүмкін емес. Мұң оның жарық жалғандағы жалғыз жолсерігі. Туған жердің топырағында тамыр тартып, тұғырлы елдің рухына суарылып өспеген ақынды қалай үкілеп, қалай баптасаң да онда сардарлық мінез болмайды. Жаны жұмбақ Жұмекен кезінде: «Туған жердің бір бұтағы сынса, Қабырғама қараймын» деп жырлап, сардарлық мінез танытып еді. Осы азаматтық болмыс, осы сардарлық қасиет Жүрсіннің бойынан да айқын көрінді. Туған жердің бір тал шөбін жүрегінің дірілдеген бір талшығы сезінетін ақынның Қарқаралыда жайқалған қалың орман өртенгенде шырқыраған жан дауысы, көл қорыған қызғыш құстай шарқ ұрған үні қай қиырға жетпеді. Қарағай мен шыршасы қапсырмалы, Талайларға осы орман бақ сыйлады. Ақ балтырлы қайыңдар ажал құшып, Көрден шығып жатқандай ақ сирағы. Қара орманды қалың өрт жаусатқалы, Қаусап-қаусап қалғандай тау шатқалы. Көрсетеді шошайтып аспан жақты, Қарағайдың күйелеш саусақтары. Өртенген орманның қайғылы көрінісі өлеңге айналғанда тұнып тұрған тірі суретке айналып жүре берген. Жүрсіннің қиыннан қиыстырып, тірі сөзбен жанды сурет сала білетін шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Ж.Ерманның өзге тұстастарынан озық бір қасиеті: кеңес дәуірінде қолдау таппай уақыттың суырынды құмына көміліп, үні өшіп, құрдымға кеткен алаштың атамұра өнері – айтысты қайта тірілтіп, туын дара көтеріп, жарыққа – қалың қауымның алдына қастерлеп алып шыққан тектілігінде жатыр. Өзі де желкен көтеріп ағынға қарсы жүзген арқар кеуде арқалы ақындардың бірі еді. Төңірегіне азу тісі шығып, мүйізі қарағайдай боп өсіп келе жатқан жігерлі жастарды жинап, айтыс өнерін қыздырып, бүкіл даланы ұлан-асыр дүбірге бөлеп жіберді. Құрсағында жетілген құлагердің құлындары кісінеп сахнаға шықты. Алып ақ сарайдың ішіне сыймай тулаған асау жыр телегей теңіздей тысқа ақтарылып, қанатын кең жайып, жалпақ елге тарап жатты. Періште көңіл Жүрсін ақынның кеудесінде қызғаныштың қызыл иті ешқашан кісіге үріп көрген емес. Қайта балағында биті барларды өгіздей өрге

тартып, биікке шығарудан танбады. Осы орайда Ғалым ақынның: «…Тобықтыда Құнанбай тумаса егер – Құнанбайдан Абай да тумас еді» деген өлең жолдары еске түседі. Сол сияқты Жүрсін айтыс өнерінің туын дара көтермегенде Мұхаметжан, Шорабек, Аманжол, Айбек, Айнұр, Бекарыс, Балғынбек, Ринат, Жандарбек тәрізді ақберендер аламан бәйгенің алдынан көрініп, туған елге кеңінен танылмас еді. Ол, шынында, айтыс өнерінің бағына туған тұлға. Жүрсін мен айтыстың бір ұғымға, тұтас бір дүниеге айналып кеткелі қашан. Жүрсін десең – айтыстың, айтыс десең – Жүрсіннің еске түсетіні, міне, сондықтан. Жұрттың бәрі талантты Жүрсіндей бағалап, адамзат баласын Жүрсіндей ардақтап, қадір тұтса ел ішінде дау-дамай да, айтыс-тартыс та тумас еді. Бірақ мына бұрқасынды арсыз дүниеде тақ пен бақ таласы өршіп, Төлегендердің дәурені өтіп, ел ішін Бекежандық жайлаған тұста өмір сүрудің өзі қып-қызыл майданға айналып бара жатқан жоқ па?! Ендеше талантты тірісінде танымай табытқа түскенде табынатын ағайынға Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, арқалы ақын Жүрсін Ерманның азаматтық болмысын, ар-ұятын, ізгі тірлігін тілегеннен басқа не айтайын. …Қаланың тымырсық ауасы тынысымды тарылтқан соң Көктөбенің басына шығып, төңіректі байырқалап шолып тұрғам. Көз ұшында бір қарайған көрінді. Бұл – қараөлеңнің қарагері Жүрсін Ерман болатын. Абай шыңын бетке алып, болат тұяғынан жыр шаңытып, құйындатып шауып бара жатты. Қызғаныштың қызыл иттері абалап үріп, соңынан қуа жөнеліп еді. Қамау тері алынып, суытылып, бауырынан жараған қарагер қара үзіп, жеткізбей кетті.

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын

АЛАШТА АТ ОЗДЫРҒАН МӘШҺҮР ЖҮРСІН

«Ұлытауға іні тау» Бұл – Ерманов туралы бас басылым «Егеменге» шыққан мақаланың аты. Мұны сол газеттің бас редакторы жан жолдасымыз Жанболат қойды ма екен, әлде мақала авторы Ұлықбектің аузына түсті ме, яки Жүрсіннің жүйріктерінің бірінен шықты ма, әйтеуір ғажап тақырып! Азаматымыз дәл алпысқа толған күні бүкіл баспасөз жамырап жазды ғой. Осы бір ауыз сөз солардың бәрін жиып-теріп қорытындылап тұрғандай. Ал, енді өз тақырыбыма оралайын. Айтыстың аспандап, Жүрсіннің аты асқақтап тұрған кез. Екеуміз ол тұратын сол кездегі Ленин көшесімен әңгімелесіп жайбарақат келе жатқанбыз. – Ассалаумағалейкум, Жүке, – деп бір түрі-түсі келіскен егделеу кісі сәлем берді. – Ойпырым-ай, ақсақал-ай, бұрын сәлем беріп бір ұялттыңыз, есіміңізді есіме түсіре алмай екінші рет қысылайын деп тұрмын-ау енді, –

деді сасыңқырап қалған Жүрсін. – Қысылма, қарағым, сен мені білмейсің, ал сені бүгінде исі қазақ баласы қадірлейді. Бүгінде елімізге Тоқтардан кейінгі танымал өзіңсің. – Апырай, ә, мына кісі мені қыраннан да биік көкке көтерілген Тоқтармен салыстырды-ау, – деп Жүрсін сол жерде қарадай қысылды. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші, «Алашта ат оздырған» дегенге кейбіреу осқыра қарауы мүмкін. Алайда, құдайшылығына келсек, еңістен салсаң төске озған Жүрсіндей жүйрікке оны қимайтын түк те жоқ. Ол бұл теңеуге әбден лайық. Ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге ілесіп келе жатқан рухани дүниесінің, баға жетпес байлығының, ешбір елде жоқ ерекше өнерінің бірі – айтысты көрнеу ажалдан арашалап, халқымызға қайтарып әперген, жаңғыртқан, жаңартқан, тіпті оны бүкілхалықтық қозғалысқа айналдырған Жүрсін екендігі айдай анық қой. Айтысты ол елімізден де тысқары шығарып, көрші Қырғыз, Өзбек жұртына да апарып айбарақтатты. Оны айтасыз-ау, ер Еділ бабамыздың атының тұяғы тиген Европаны есінен тандырып, Әміре атамыздан кейін аспанын қазақ әнімен жаңғыртып, Парижді де бағындырған Жүрсіннің жүйріктері екендігі есімізде. «Казахское народное творчество вновь покорило Париж» деп орыс басылымдарына дейін жабыла жазып едіау сол кезде. Оған жалғыз Франциядағы ғана емес, бүкіл Европадағы қазақ диаспорасы жиналған ғой. Қазыбек Әдікенов деген әнші жігіт «Алтайдай жер қайда-ай» деп қобызбен қосылып зарлатқанда олардың жыламағаны қалмапты. Бұл жігітті кейіннен қазақ өнеріне талай өрендерін қосқан қасиетті Қарқаралы өңірінің азаматы деп естіп, бір көтеріліп қалғанбыз. Жүрсіннің айтысының бір ерекшелігі ол ақындардан басқа да талай өнерпаздың тұсауын кесіп, бағын ашты. Қазыбек бауырымыз сияқты талай талантты танымал етті. Жалпы, өзі де ер тұлғалы Ермановтың ерлігі бір басына жетерлік. Соның бірі атышулы 86 жылдың ызғарлы лебі бүкіл елді ықтырып тұрғанда Қарағандыға келіп айтыс ұйымдастыруы еді. Онда жұрт ақындардың аузымен шерін бір тарқатып, талай боздақтарының басына бұлт үйіріліп, еңкейіп отырған ел бір серпіліп, рухы қайта көтеріліп, бойын бір тіктеп қалғаны Арқа жұртының есінде. «Ленин десек партия дегеніміз» деп Маяковский айтпақшы, айтыс десек көз алдымызда алдымен Жүрсін тұрады. Қазақтың осы бір дара өнерінің кәтепті қара нарының тері оның жолында бұршақтап төгілді. Ол текке кеткен жоқ. Жүрсін бастаған азаматтардың және Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты ақылман ағаларымыздың арқасында бодандық бұғауында ұлт рухымен қоса жаншылған төл өнеріміз өшіңкіреп, өлеусіреп барып қайта жаңғырған. Бұл енді бүгінде көптің көкейіне әбден орныққан, көп айтылған белгілі жайт қой. Менің айтайын деп отырғаным, 90-шы жылдары айтыс көп жылғы үзілістен кейін қайта жанданып, халықпен қайта қауышқанда Сәниязбек Найманов деген азамат екеуміз Жүрсіннің қасында болып, қал-қадерімізше қолғабысымызды тигізгеніміз бар. Тіпті, оның шаруасына бүкіл бала-шағамызға дейін жапқанымыз есімізде. Әдетте, ақындар мен көрермен бәрі әбден дайын болғаннан соң барып келе қалады ғой, сонда көрдім, оның айтыс

өткізілетін орнын дайындау, жарнама жасау, ақындарды қарсы алып, орналастыру деген сияқты шаруалары шаш етектен көрінеді. Былайғы достық өмірде қанша жыл бірге жүргеніммен мен Жүкеңнің керемет алғырлығы мен сұңғылалығын, ұлағаты мол ұйымдастырушылығын осы жолы көрдім. Елдің маңдайына жазылған нәсібі ғой, Жүкең бұл жолы қатты кірісті. Сірә, айтысты өзі де сағынып қалған болуы керек. Ең алдымен айтысты қайда өткіземіз деген сұрақ бірінші тұрды. Ол бірден республикамыздағы ең үлкен Ленин сарайын таңдады. – Ойбай-ау, көрерменді қалай толтырамыз? – деп біз шошып кеттік. – Жығылсаң нардан жығыл деген, осы бас сарайымыз талай жыл небір шетелдік жын-шайтанның ойнағы болып бітті ғой, айтыспен аластайық оны, ұлтымыздың ұлы өнері онда өтпегенде қайда өтеді? – деп ол өзіне тән мінезімен зеңбірек атқандай дүрс еткізді. Халық, қалай дегенмен де, қанша жыл көз жазып қалғандықтан болар, айтысты жатырқап та, тосырқап та қалыпты. Оның үстіне бұрынғы қоғамымыздың астаң-кестеңі шығып, өз бетімізше елдік құрып жатқан аласапыран уақыт. Көп ұзамай күдігіміз расқа шығып, билетіміз өтпей, зал толмайын деді. Радио-телевизиядан жарнама жапырлап беріліп жатыр. Әсіресе, өлгені тіріліп, өшкені жанған айтыс ақындары мен шын жанашырларының қуанышында шек жоқ. – Залдың 300 мың теңге жылдық ақысын алақаныма әкеліп салмасаңдар, сарайдың есігі ашылмайды, – деп шарт қойды бір күні оның директоры. Ол кез үшін бұл дегеніңіз сұмдық ақша. Жабыла демеуші іздеудеміз. Қысылтаяң уақыт, ешкімнен ештеңе шығар емес. Сол кезде қаулап шыға бастаған байшыкештерге кірудің өзі бір қиямет. Күзет, оққағар дегенді әбден әуезе қылып алған, одан өтсең көмекші дегені бар, қат-қабат бір қамал. Айтыстың ашылар күні таяп-ақ қалды. Шынымен-ақ сасайық дедік. Осы арада Жүрсіннің сұңғылалығын тағы бір рет көрдім. – Осы Рымбекке неге бармайсың, нағыз жерлесің, талай өнерпаздар шыққан қазақы жердің тумасы, түсінуге тиіс. Бұл Күләш пен Манарбек, Шашубай сияқты өнердің шашасына шаң жұқтырмас талай дүлдүлдері шыққан Ақтоғай ауданының басшысы болған Рымбек Жүнісов еді. Алматыға келіп базарком болды, жағдайы жақсы екен деп еститінбіз. Өмірден ертерек кеткен досымыз, ақын Дәуітәлі Стамбековтің аузынан «нағашым еді» деп отырғанын сан рет естігем. Ол кісінің алдына барғанымда «жібітейін» деген оймен осы жағын баса айттым. Сол кездегі бас басылым саналатын «Қазақстан коммунисі» журналының іссапарымен Рекең райком болып тұрғанда алдына барған ептеп таныстығымда бар, осылар әсер етті ме, әйтеуір ол кісі жылы қарсы алды. Жүрсін айтысты қайта ашып жатыр, дегенді естігенде қатты елегізіп, айрықша пейіл білдірді. Қойшы әйтеуір, үлкен азаматтық білдіріп, бақандай жүз мың теңгені ұстатып-ақ жібергені ғой. Анығын Жүкеңнің өзі айтар, айтыстың мен білетін алғашқы демеушісі осы Рымбек Жүнісов еді. Ағамыз жақында жетпіске келді деп естідік, реті келіп тұрғанда алғысымызды тағы да бір білдіріп қойсақ артық болмас. Ұзамай

ақындарымыз да келе бастады. Шымкентен Әселхан Қалыбекова жетті. Жамбылдан Әзімбек Жанқұлиев пен Шорабек Айдаров, Қостанайдан Әсия Беркенова келді. Торғайдан келген Қонысбай Әбіловті аэропорттан мен тосып алдым. Оның сол кезде «Халық ақыны» атағын алып асқақтап тұрған кезі. Арнайы дайындаған қонақүймізге ертіп келгенімде неге екенін білмеймін, жеке куәлігінің орнына сол атағын айғақтап берген құжатын ұсынғаны. Тіркеуші дегенмен де паспортын сұрағанда Қонаңның: – Әй, шырағым, мен бұл куәлікпен сендер түгіл Мәскеудің бас қонақүйінің люкс нөмірінде де жатқанмын, – деп қоқиғаны есімде қалыпты. Жалғыз Қонысбай емес, басқа да айтыскерлердің де күндері қайта туып, көңілдері шартарапқа шарықтап, дүр сілкінісіп қалып еді-ау сол кезде. «Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді, ұлыңды да құлдай ғып көгендейді» деп Жүрсіннің өзі айтпақшы, жақсының артына сөз еретіні рас қой. «Айтыстың әділқазылары Жүрсіннің айтқанымен жүреді, ол қай ақынды ұйғарса, бәйгені сол алады» деген қаңқу сөздің басы қылтыя бастаған тұс еді ол. Айтыс басталарда Жүкеңе ақыл салдық. – Анау КВН-дегі Масляковты көрдің бе, жұрттан да, қазылардан да мүлдем бөлек, сахнада тұрады. Сен де сөйтсең қайтеді. Әрі басқаруыңа да жақсы, әрі қазылар алқасынан да аулақсың, жұрттың жел сөзінен де құтыласың, – дестік. Сөйтіп, ол сол айтыстан бастап өз бетінше бөлек, сахнада отыратын болды. Жұрттың әлгі өсегі де саябырсыды. «Айтыс үшін сайтанды да алдауға бармын» дейтін ол, кім бергені есімде жоқ, әйтеуір сахнаның төріне айтыстың алғашқы бәйге-машинасын жалтыратып шығарып қойды. Мұның әсері керемет болғаны айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын. Біреу үшін су кешіп, от оранып, Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық. Ат мінгізе алмадым бір адамға, Бір адамға бергем жоқ пәтер алып! – деп өзегі өртене жыр жазып жүрген Жүрсін кейіннен осы айтыстың арқасында ақындарға қаншама машина мінгізді, тіпті, олардың кейбіреулерінің пәтер де алуына да көмегі тигенін естіп жүрміз. – Жеңген ақынның өнеріне риза болып, шапан жауып, ат мінгізу бұрынғы заманда да болған. Халық ақынға деген ризашылығын осы арқылы білдірген. Ақынды риза етіп аттандырған. Айтысқа мәшине тігіп, қомақты қаржы беруді шығарған мен ғана. 1984 жылдан бері 150-ден астам көлік жүлдеге тігіліп, ақындардың алды кемі 14-15 көліктен алды. Соның ішінде үкіметтің берген бір тиыны жоқ. Оның бәрі осы отырған Ерманов деген қазақтың аннан-мыннан құрап-сұрап тапқан ақшасына келген дүние, – дегені бар бірде ағынан жарылып. Ойы арам, іші тар кейбіреулер: «жұртқа осынша көлік әпергенде өзі қаншасын басып қалды екен» деп оның бұл сөзін де сансаққа жүгіртті. Одан басқа біреу болса алдымен өзін ойлап, жұртқа қалған кәшегін беріп отырар еді. Бірақ ол Жүрсін ғой! Оның дүниеге алданбай, арын адал сақтап жүрген азамат екендігін маңайында жүргендердің бәрі біледі. Ол айтысқа деген адалдығына қай кездеде дақ түсірген емес. Мен білетін Жүрсін

он жылдан бері бір-ақ джип мініп жүр. Оның өзін күйеу баласы Дәулет сыйлаған көрінеді. Былай сырмінезділігіне салып білдірмегенімен, осындай жалалы сөздердің Жүрсіннің жанын талай күйзелткені анық қой. Әйтпесе оның: Даңдайсыған дәлдүріш данасыңдар, Жанып кетсең-жабатын жаласы бар. Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе, Жай табатын жалғыз жер-мола шығар... – деп ел аман, жұрт тиышта күңіренетін несі бар еді. Бір әке он баланы асырайды, ал он баланың бір әкені асырауы екі талай, дейді ғой бір тәмсіл. Сол айтпақшы, жақында Алматыда өткен 60 жылдығында әлгі алды он-ондап көлік мінген ақындардан бір мезіреті болды ма екен деген ой келеді екен осындайда. Әй, қайдам-ау!? Айпақшы әлгі өзім қатысқан алғашқы айтыста бәйге алған ақындардың бәріне жүлде жетпей қалғаны бар. Сонда Жүрсіннің бала-шағасының нәпақасы деп жинаған бар қаражатын әлгі ақындарға жүлде ретінде беріп жібергенін көзіміз көрді. Сондағы Бақытжамалдың шырылдаған даусы әлі құлағымнан кетпейді. Бақытжамал – Жүкеңнің құдай қосқан қосағы. Оны ауыл, ағайын туыстары жасынан еркелетіп Шәмкен деп атап кеткен сияқты. Жүрсін де, біз де солай айтамыз. Енді айтайын деп отырғаным, менің осы қарындасымның айтысқа сіңірген еңбегі үнемі қалыс қалып келеді. Жүрсін – айтыстың атасы болса, Бақытжамал анасы дер едім мен. Өзі де ел аузына іліккен теледиктор болған оның өмір бойы дерлік осы айтыстың оты мен кіріп, күлімен шығып келе жатқанын көпшілік біле бермейді. Мінезі көбіне алақұйындау болып келетін ақындарға талай сапарда ие болып, тамағына дейін мезгілімен ішкізіп, қамқор болып жүрген аяулы жанды ана демегенде не дейсің. Айтулы айтыскер Оразалы Досбо-сыновтың қазасы талайдың қабырғасын қайыстырды ғой. Оған Жүрсіннің азаланып та, назаланып та шығарған өлеңі де бар. Бірде осы Бақытжамалдың Оразалының қазасы жайлы көзінің жасын бұршақтатып төгіп отырып айтқан әңгімесін тыңдап, біздің де босағанымыз бар. Бақытжамал мен Жүрсін жиырма жастың маңайында ерте қосылған жандар. Алпысқа келгенше сол алғашқы сезімдерін аялап сақтап келе жатқандары ғажап енді. «Сыңарым» деген әнеу бір тамаша ән бар ғой. Былай деп келетін сөзі де қандай: Жастықтың қызығын бірге кешкен, Шығар ма шырайлы күндер естен. Жылуын сезініп махаббаттың, Бір асып келеміз мың белестен. Аяулы жыр әнімсің Сен менің шынарымсың Сен менің тағдырыма Балаған сыңарымсың Осы әннің сөзін жазған – Жүрсін. Әдетте әдебиетшілер «типтік образ, мұның ар жағында бүкіл қазақ әйелдерінің бейнесі тұр» десіп жатады ғой. Ал Жүрсіннің осы сөздерді тек қана Шәмкенге арнап жазғаны айдан анық еді. Қарындаштай көп жазған -

қысқарамын, Бір күн өмір легінен тыс қалармын, Сен аман бол-тірегі үш ғаламның, Ей, ардақты анасы үш баламның! – дейді одан әрі. Жаныңа балаған жарыңа бұдан артық қандай сөз табылуы мүмкін. Жүкеңнің бұл реттегі аяқ тастасы тіпті ерекше. «Поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес» деп марқұм Асқар Егеубаев досымыз айтпақшы, Жүкең қайраткерлігі мен ақындығын қатар алып келе жатқан азамат екендігі даусыз. Мен ақын да емеспін, әдебиетші де емеспін. Сондықтан, Ермановтың поэзиясын оқырман ретінде ғана бағалай аламын. Жүрсін жалпы бір қараған адамға түсі суық, батыр тұлғалы, жау қабақтау жан. Содан ба, маған оның өлеңдері қара жартастың түбінен қайнап шығып, мөлдіреп ағып жатқан бұлақ сияқты болып көрінеді. Әшейінде мінезі тік, кімге болса да бет қаратпайтын ол, өлең жазғанда өзгеріп сала береді. Барынша сыршыл, жаны ауырмайтын нәрсесі жоқ. Алматыда отыз жыл өмір сүргенімде онда Қасым ақын тұрған үй бар екенін де білмеппін. Ал Жүрсін оның бұзылғанына дейін көріпті. Жай ғана көрген жоқ, жан күйзелісін айтсаңшы: Дегені қайда-басылды құйын? Ақылым жетпей ашиды миым. Виноградов көшесіндегі, Қиратып жатыр Қасымның үйін,- деп шырқырайды ақын жаны. Қайдағы бір келімсек Виноградов дегеннің көшесі көсіліп жатыр, ал Қасым ақынымыздың соңғы белгісі тас-талқан болуда. Жаның қалай түршікпейді бұған. Шықпаған кез елдің әлі бүйірі, Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі. Кешке келсе, күтіп оны тұратын, Жанбаған от, сауылмаған сиыры. - деген жыр жолдарын оқығанда соғыстан кейінгі жоқшылық пен таршылықтың ызғары бойыңды қариды. Бұл Ермановтың «Ертегі» деген өлеңі. Осыны сонау алыстағы Нарынқолда бір әженің немересі жатқа оқып берген ғой. – Өлеңнің әсері сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үнсіз отырып қалды, – деп еске алатын нарынқолдық Бақыт Жағыпарұлы деген азамат, – Сәлден кейін ғана немересіне көңіл аударған әжесі: – Мынау әлгі ділебизордағы айтысты жүргізіп отыратын сақалды жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткенімізге қойылған мәңгілік ескерткіш қой, деп күбірлеп бетін сипады. «Мың ойланып, жүз толғанып» шыққан ақын шығармасының тамаша төлеуі бұл. Жүрсін 60-қа толғалы оның ақындығы мен азаматтығы туралы көп жазылды. Солардың ішінде айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлының мақаласы маған өзгеше болып көрінді. Ақын жанын ақындай түсіну қиын деген рас-ау, сірә. Серіктің өзі де «еменнің иір біткен бұтағындай» жұрт жүрген жолмен жүрмейтін, жұрт көнген нәрсеге көнбейтін, көнгеніңіз не, өзіңнің әп-сәтте ию-қиюыңды шығаратын алапат азамат. Біздің өмірден ертерек кеткен досымыз Дәуітәлі Стамбековпен барынша дос, барынша сыйлас болды.

Найзағайдай шартылдап тұрған екі ақынның қысқа күнде қырық төбелеспей қалай дос болып жүргеніне миым жетпейтін. Қазақ әсіресе, бірін-бірі сырттан жамандағанда алдына жан салмайды ғой. Ал бұл екеуі бірін-бірі мақтағанда сондай, тіпті бірінің талантына бірі табынатын. Ал біздің Жүрсіннің де қай заманның да ноқтасына басы сыймай жүрген жігіт екені бесенеден белгілі. Екі тарпаң, сірә, бірін-бірі таныса керек. Серіктің егіле, елжірей отырып жазған мақаласынан біз соны ұқтық. – Ақын дегеніміз – пенделерден әлдеқайда биік. Періштелерден сәл төмен. Тәңірінің тізесінен келетін тұлға болуға тиіс-ті. Ақындықтың адамзат қауымдастығындағы осынау тарихи миссиясын жан-тәнімен түйсініп, азабына көніп, ғажабына кенелгендердің бірі һәм бірегейі менің осы Жүрсін бауырым, – депті Серік осы мақаласында. Айналайын Ақсұңқарұлының бұл сырлы сөзінен кейін мен сияқты пенденің Жүрсіннің жүрегіне кіріп, жанын қытықтағаным жөнсіз болар. Мен үшін және мен сияқты талайлар үшін ол бір жатқан шешілмес жұмбақ, алынбас қамал. Оның талай жылғы қызметтес серігі Нұртілеу Иманғалиұлы да басы қатып, «Жүрсін сен кімсің?» деп миы ашып өлең жазған. Қысқасы, Жүрсін – бүгінгі қазақ поэзиясының қиясына тігілген «Жұмбақ жалау»! Ермановтың тағы бір қыры – оның табан астында тауып айтатын айтқыштығы. Жанпейісов деген әнші жігіт баяғы Ғарекең шырқайтын «16 қыз» әніндегі қыз аттарын 27-ге жеткізген ғой. Сонда Жүрсін: «Нұржан шырағым, біз білетін әнде қыздардың саны 16 еді, қалған 11-ін қайдан таптың, әлде оралмандар ма?», – деп жіберген ғой. Жүрсіннің өзінің арғы түп-тұқияны да осал емес. Абылай әскерінің қыпшақ қолын басқарған Тілеу батырдың ұрпағы ол. Менің ол бабам Ақтөбе жерінде жатыр дегенінде, онда жүрген қайдағы қыпшақ деп күлетінбіз. Ақыры Қара қыпшақ Қобыландының өзінің сүйегі Ырғыз жерінен табылды емес пе? Ал қазіргі Астананың бұрынғы аты Ақмола деп жүргеніміз сол Тілеу батырдың ұлы Нияз батырдың бейіті. – Елбасыдан бастап маған аренда ақысын төлеуге тиіссіңдер, менің жерімде отырсыңдар бәрің, – деп бізге талай күжілдеді ғой Жүрсін. Осыдан екі-үш жыл бұрын Америкаға барғаным бар. Вирджиния деген қаласында супермаркетке кіріп, мықшыңдап аяқ киім киіп көріп жатқам. Әлгісі сыймай ұзақ әурелендім. Бір кезде «Экскюзми,сэр» деген сыпайы дауысқа жалт қарасам, таудай-таудай екі ағылшын өткізіп жіберуді өтініп біраз тұрып қалыпты. Шіркіндердің сыпайысы-ай! Осыны елге келгенде Жүрсінге айтсам: «Арғын – аға баласы» деп сыйлаған ғой олар» деп бәрімізді күлдіргені бар. Тоқсаныншы жылдары мақтап жүрген қоғамымыздың тас-талқаны шығып, мен қызмет істеп жүрген сол кездегі бас басылым «Қазақстан коммунисі» журналының да берекесі кете бастады. Содан оның бас редакторы Камал аға Смайыловтың батасын алып, Қалтай ағамыздың айтуымен алғашқы шетелдік басылым «Заман-Қазақстанның» оңтүстік өңірінің тілшілер қосынының басшысы болып Шымкентке қоныс аударған бір кезім бар. Бір күні Алматыға келіп жүргенімде Жүрсінді кезіктіріп қалдым.

– Әй, сен көрінбейсің ғой, қайда жүрсің? – деді ол. –Жүке, екеуміз партшколды бітіріп ек, онымыз мынадай болды, енді Шымкентке барып сартшколда оқып жатырмын, – дедім мен әзілдеп. Сонда Жүкеңнің сұқ саусағын безеп тұрып: – Осы екінші школыңды жақсы оқы, түбі сені сол асырайды, – дегені ғой. Досымның сол ақылын орындаған да сияқтымын, қазір Астанада небір жүйріктердің ортасында қатарымнан қалмай жүріп жатқан жайым бар. Біз атақты Қазақ университетінің журналистика факультетінде алғаш 53 қыз бен жігіт оқыдық. Солардың ішінен Жүрсін сияқты небір жүйріктер шыққанын мақтан тұтамыз. Ғылым докторларын былай қойғанда, әр түрлі құқық қорғау органдарында қызмет істеген полковниктеріміздің өзі төртеу. Әлгі докторларымыздың екеуі Тұрсын Жұртбаев пен Намазалы Омашевтар бұл күнде академик. Өзіміз бітірген факультетте көп жыл декан болып,оны көкке көтерген Намазалы біздің елге күйеу. Жұбайы Клара Хамзина Шет ауданынан, әйгілі Жидебай батырдың жұрағаты. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы да біздің курстасымыз. Мұндай орындарға кейде шіренген шенеуніктер де қойылып жатады ғой. Ал біздің Жанболатымыздың таланты мен адамшылығы өзі отырған орынтағынан әлдеқайда биік. Бірде Жүкеңнің осы бір қаршығадай қара жігітімізге «Жанболат – біздің бәйтерегіміз» деп баға бергені бар. Жүрсін көгендеп қойсаң да көлгірсімейтін азамат қой, оның бұл сөзіне түгелдей қол қойып қосыламыз. Ал, енді ақындықтың айдынында желкенін желге керіп қойып көсіле жүзіп жүрген Айтовты білмейтін қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Оның кешегі қиссалардың сарынымен суарылған дастандарының өзі бір жатқан көл-көсір дүние. Несіпбек – қазағымыздың қанын ойнатып жүрген айтулы азаматымыздың бірі. Өмірдің базарында қатар жүріп, қосыла шауып келе жатқан жайымыз бар. Оның ішінде Жүрсіннің атының барлығып, шаң қапқан кезі болған емес. Болмайды да! Жүрсін ақындығы, қайраткерлігімен қатар, журналистиканың да шыңына шыққан адам. Әсіресе, қазақ телевизиясы мен радиосының майын ішіп, қаймағын қалқыған қас шебер. Жалпы, Жүрсіннің аты біздің курста «тұңғыш» деген сөзбен байланыстырыла айтылады. Ол 25-тен асар аспасында Жезқазған телевизиясының Бас редакторы болды. Яғни, курсымыздан шыққан тұңғыш бас редактор. Қызғалдақ деген қызын ұзатып, бізді бірінші рет құда қылып, құйрық-бауырдың дәмін татқызды. Тұрмыстық тақырыпқа көшсек, Жезқазғаннан келіп, Алматының ортасынан ойып тұрып, тұңғыш рет төрт бөлме үйге қол жеткізген де осы Жүрсін екен. Ал, енді үйлену жағына келсек, ол бұл жерде біріншілікті Несіпбек досымызбен бөлісуге тиіс. Жүкең бүгінде Астанаға ат басын бұрып тұрған сыңайлы. Оның қайда жүрсе де ел-жұртының бір жүгін арқалап жүретіні анық. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Ерманов Сарыарқаның саңлағы Сәкен Сейфуллин тақырыбына өткізілген мүшәйраның да бас жүлдегері ғой. Сол

Сәкен ағамыз оған: «Ей, Жүрсін, жүнжіме, жүрме бос!», – деп сыбырлап тұрғандай болып көрінеді маған үнемі. Қырық жаста тау мен тасқа басты ұрып, Елу жаста қолыма алдым таспиық, Алпыс жаста төрде отырдым қасқиып, – деген екен Түрікпеннің тұлпары Мақтымқұлы. Сол айтпақшы, туған елдің төрінде қасқиып отыра бер, Арқаның ай мүйізді құлжасы! Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ЖҰРТЫНА ЖАҚЫН ЖҮРСІН АҚЫН

Жезді ауданындағы сол кездегі «Октябрь туы» газетінде өткен ғасырдың 60-жылдарының бел ортасында Жүрсін Молдашұлының жырлары жарық көре бастады. Жырға құмар басымыз Жүрсін жырларын жылы қабылдап, газеттің әр санындағы әдебиет бетінен Молдашұлының жырларын іздедік. Бәлкім сол жырға құмарлық, осы бағытқа бастау алуымызға себепкер де болған шығар. Қатарласымыздың жазған жырындай жыр жазуға ұмытылғанымыз да жасырын емес. Жүрсіндей жыр жазуға құлшындық, осылайша жыр әлеміне ұмтылдық. Көз алдымызда сонда да Жүрсін жүрді. Оның жырлары тек қатарластарын ғана емес үлкенді де, кішіні де сол кездің өзінде-ақ бей-жай қалдырмайтын. Ал Жүрсіннің өзі жыр додасында сол кездің өзінде-ақ қамшы салдырмайтын. Осылайша Жүрсіннің өзінен бұрын оның жырымен танысып жүргенде: «Жүрсін Бақытжамалға (Шәмкен) үйленіпті» дегенді естідік. Бақытжамал дегеніміз 1966 жылы Ұлытау 11 жылдық мектебін бітірген қос сыныптың ішіндегі ақылына көркі сай, хас сұлудың өзі болатын. Бақытжамалға үйленгені бар, әдемі жақсы жыр жазатын Жүрсінмен кездесуді шыныменен ойға алдық. «Жақсы жыры бар, сұлу жары бар Жүрсін қандай бақытты» деп таңқалдық. Сөйтіп, Жүрсін Молдашұлы деген ақынды іздейтін болдық. Жылжып жылдар етіп жатты. Жезқазған облыс болып, таланттылары дараланып, дарабоздары айқындала бастағанда ауызға Жүрсіннің аты алына берді. Күндердің күнінде кенді қаланың көгілдір экранынан Жүрсін ақын жыр оқыды. Кәдімгі атын естіп, өзі қандай екен деп жүрген Жүрсініміз көңілге жылы ұшырады. Қою бұйра шашты балғын жігіттің жігерлі үні «құлақтан кіріп, бойды алды». Сырттай болса да таныстық, кейін ссы өңірдегі қалам ұстағандардың көбісінің ұстазы атанған Көбейсін Еңсебайұлының шаңырағында сәтін салып Жүрсінмен де кездестік. Кебекеңнің әрі шәкірті, әрі інісі болып шықты. «Жүрсін екеуміздің де ұстазымыз бір адам – Көбекең» деп қалжың айтар халге келдік. Әзіліміз де,

әңгімеміз де жараса берді. Кездесе қалсақ, бір-бірімізге «не жаздың, не жазып жүрсің?» деп сауалдаса амандасатын болдық. Орайлы сәттерде бірімізгебіріміз жаңа жазған жырларымызды оқып берген күндер де сағымдай сырғып артта қалды. Ойындағысын ашық, бүкпесіз дәл айтатын Жүрсіннің жүрісі мен тұрысы өзгелерден бөлек, қатарынан озық тұрғанын сол кездің өзінде-ақ өзгеге айтпасақ та, өз ішіміз сезіп жүретін-ді. Тұлғасы мен тұрқы бөлек жігіттің өз қатарын былай қойып, өзінен мүшел жас үлкен атпал азаматтармен құрдастай қалжыңдасатын. Сонда оның қалжыңы шынға бергісіз болып шығады. Әлі есімде, 70-жылдардың орта тұсында көктемнің бір бозала таңында сыртқы есік тарс-тұрс қағылды. Ұлытаудың таңы қандай? Таңғы ұйқы қандай тәтті? Алаңсыз жатқан жанды беймезгіл қағылған есік дүрсілі еріксіз сыртқа шығарды. Есіктің қарсы алдында есік пен төрдей болып жабық «УАЗ» дүрілдеп тұр. Ұйқылы көзді тырнай ашып: «Ой, бұл кім?» дегенімше болған жоқ, бейтаныс ұзын бойлы жігіт төсқалтасынан қызметтік куәлігін шығарып, бүктеуін ашқан бетте: «Батырбек Тыныштықбайұлы, машинаға жүріңіз, әңгіме бар» деп гүр ете қалды. Тәртіпке бағынып қалған жан емеспіз бе, әйшайға қарамастан көліктің есігін ашып, ентелеп ішке лып бердім. Ішке енгенім сол қарқылдаған күлкіге көміліп қалдым. Жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда ішегін басып, селкілдеп Жүрсін отыр. «Әй, қорқытпаңдар дедім мен» деп Шәмкен ішек-сілесе қатады. Екі көзін уқалап, селкілдей күліп, Нұрмұқан қолын созады. Сонда ғана есімді жиғандай болдым. Артымнан машинаға ере мінген куәлік иесі қос қолын созып сәлем береді. Таныса келе оның Жүрсіннің курстасы, журналшы досы Тұрсын Жұртбай екенін білдім. Кеше түнделетіп Ұлытаудың үстінен өтіп, Аманкелдіге қарай бармақ болады. Көктемнің жолы қандай, Тассайдың түбінде былқылдаққа батып, «буксовайттап» жатады. Дөңгелектің астына тас салып, ағаш салып әупірімдеп кейін қарай әрең шығады. «Қайда бару керек?» дегенде батырды бір сынайық деген болу керек, іштеріндегі танымайтын Тұрсынды жібергендері екен. Шай қойылды, қой сойылды дегендей, мәре-сәре болдық. «Әй, аңғалдығың-ай» дейді Жүрсін маған. «Оның куәлгі де, тура өзіңдікіңдей емес пе? Соған да зер салмадың ба?» деп сылқ-сылқ күледі. Күлкісі қандай? Көңіліңді көтеріп, жаныңды жадыратып жібереді. Күнделікті күйбең тірліктің ауанымен демалысты да ұмытып, тау қойнауына еніп кеткенмін. Себеп, кешеден бері жалғыз сиырдың қызыл бұзауы жоқ. Таудан-тауға асып, тоғай мен тоғайды аралап қызыл тананың қасқыр жеп кеткен қаңқасының үстінен шықтым. Қасқырға қаным қарайып қайтты. Көңіліме жыр шумақтап, үйге жеттім. Келсем, бір автобуспен Жүрсін келіп, Игіліктің үйіне атбасын тірепті. «Таудан келісімең бізге келсін» деген сәлемін тастап кетіпті. Салып ұрып, желпілдеп жетіп бардым. Ыңғай мен сығайлар. Кешігіп келген мені ортаға алып жатыр. Жүрсіннің шарты тіптен бөлек. Ол алғашқы сөздің басын бастайды, «ал, ұйқасын тап» деп түрткілейді. Осылайша әдемі бір таңды жақсы сөздерден ұйқас құрап, ұйқысыз бір таңды атырдық.

Жезқазған облысының ақындарының айтысы өтетін болды. Ұлытау ауданынан ақын дайындау тізгіні маған тиіп, комсомолдың хатшысы Жаңбырбай әншіге лайықтап сөз жазып, айтысқа дайындалдық. Әуезі әдемі, келбеті келісті Жаңбырбай 70 ауыз өлеңді өз жанынан шыққандай жаттап алды. Қай жерінен сұрасаң, сол жерінен жаңылыспай айтып береді. Сақадай сай болып, Ақадыр ауданымен айтысқа түстік. Сахнаның төрінде «айтысақыны» төгілтіп отыр. Оның қасында отырып, қарсыласының әр қимылының қайсыбір тұстарын шумақтап, Жаңбырбайдың алдына ірі әріппен жазып, дөңгелек столдың үстіне қисайта қоямын. Айтыс әсерлі шықты. Жаңбырбай төкпе ақын атанды. Үзілістің кезінде Жүрсін келіп, «сөз саптасын таныдым, сенің қолтаңбаң көрініп тұр» деп қолымды қысты. Келесі бір жолы кездескенде әңгімеміз тұтастай айтыс тақырыбына ауысты. «Кешегі Болман, Тайжандардың елінен төкпе ақын шықпауы мүмкін емес» деп Жүрсін жүрегін қолына алады. Дәл қазір көрініп тұрған ешкім болмағаннан кейін, оған былай деп сөз қоса алмадым. Ол болса, «Шынболат ақын шымыр ақын» деп Шыңкеңнің тамырын басып көргенін айтады. Қалай да олай, бұл өңірде айтыс ақыны болу керек дегенге өзін де, өзгені де сендіргісі келеді-ақ. Қайсыбір ретте «айтысқа сөз жазып бергенше, өзің неге шықпайсың, ойлан» деп мені де қайрап қояды. Бірақ, оны шын сөзден гөрі, әзілге балап «е, жарайды» деп күле саламын. Айтыс жайлы Жүрсіннің сол жылдардағы жарау аттай серпілісі, кейін де оның осы бір атамұрамызға дендеп кірісуіне бастау болғандай екен ғой деп бүгінде ойлай беремін. Былайғы жұрт Жүрсінді ең алғаш рет журналист, тележүргізуші ретінде танып білсе, бертін келе айтыстың ұйымдастырушысы «өліп қалған мұрамызды тірілтуші, жоқты іздеген Асанқайғы» деп танығанымен де, оның кең тынысты, кемел ойлы ақын екенін де жадынан еш шығарған жоқ. Жүрсін жырларын оқыған сайын мен басқа бір адамды, өзім танымайтын, өзім бұрын көрмегең білмеген адамыммен жолығып тұрғандай күй кешемін. Жырлары «мені оқы» деп өзі шақырып тұрғандай сезінемін. Әсілі, ақынды жақтай қоюы, ақынның жырының ақынға әсер ете қоюы әсерлі болады. Сондай әсерге Жүрсін жырларын оқыған сайын мен де бөленемін. Сонау бір жылдары жазған жырында Қасым ақынмен сырласқандай күй кешіп, мұң шағады. Дүлдүлім еді жыр кешіндегі, Бауырын жазып бір көсілмеді. Қиратып жатыр Қасымның үйін, Біздің үй соның іргесінде еді, – деп жыр толғайды Жүрсін. Шынында да, Қасымның үйін қиратып жатқандар кімнің үйіне қарасын? Әрине, бұл жерде Жүрсіннің айтып тұрғаны Қасым сияқты ақынды елемегендер, басқаны қайтедіге саяды. Жыр жолындағы дүлдүлдің жолын кесер әпербақандық пен әңгүдүктердің көбейіп бара жатқанына қиналады. Қиналады да, ортаға ой тастайды. Ақын жүрегі маңайдағыны былай қойып, алыстағыны сезеді. Ақын көзі көз алдындағыны ғана емес, қиядағыны шалады. Ал, көңілге көргеннің бәрі сия ма? Бұл жайлы Жүрсін не дейді?

Арбаса нәпсі Ібіліс Алаңдап қалам, ұлып іш. Көңілге неге сыймайсың, Көзіме сыйған құбылыс... Иә, шынында да көзбен көргеніңнің бәрін көңілің қабылдай бермейді. Әсіресе, ақын көңілі ақ пен қараның, жақсы мен жаманның таразысы іспеттес. Ақын көңіліне күнделікті тірліктегінің бәрі бірдей қона бермейтіні де содан. Содан да барып ақын қоғамдағы болып жатқан құбылыстың енді болатынының алдын болжап айтады. Және ақынның айтқаны әзірге қате кетіп көрген жоқ. Олай болатыны ақын Аллаһтың айт дегенін ауызға салғанын айтады. Бұл тұрғыдан келгенде Жүрсіннің жазған жырлары оқырман көңіліне қалықтай келіп қона береді, қона береді. «Жақсы жырлар жазу үшін іздену керек, ізденбесең болмайды» дегенді Жүрсін жиі-жиі айтады. Ол жұбату үшін емес, алға қарай жетелеу үшін айтады. «Ақбұлақ» шипажайында менің соңғы шыққан бір жыр жинағымды парақтай қарап, оқып отырған Жүрсін «Сен білесің бе? Менің бүгінгі жазып жүрген жырларымның ырғағы бір кезде екеуміздің де ұстазымыз Көбейсін үйреткен ырғақ. Мен осыны әрі қарай дамытып кеттім. Көбекең өзі бұған қайырылып соқпай кетті» дегені бар. Ойланып қалдым. Шынында да, «алға қарай жылжу үшін жаттығу керек, жазу керек» деген сөз жанашырдың сөзі емес пе?! Осыдан он шақты жыл бұрын Жүрсін ақын 50 жасқа толып, Қарағанды қаласында әдемі айтыспен аталып әтті. Әділ қазылар ортасында отырған күні кеше дүниеден озған Қадыр ақын сахна төріне көтеріліп: «Біз мына Тұманбай екеуміз Жүрсін ортамызға келгенде соңымыздан еріп, сөмкемізді көтеріп жүретін шығар деп едік. Сөйтсек, бүгінде біз екеуміз де осы Жүрсіннің соңынан өзіміз қалай еріп кеткенімізді аңғармай қалдық. Ақындығы да, азаматтығы да алға тартып барады» деген еді. Қадыр ақынның осы бір сөзі Жүрсін ақынға берілген шын баға ма дейміз. Шынында да, ақындығы ды, азаматтығы да тең тұрған Жүрсін ақын Ұлытаудан жыр оздырып, Алатаудан асырды. Бұрынғылар айтып жүрген «Алпыс деген талтүс» деген әдемі жасқа келіп қалды. Бұл Жүрсіннің мәуелі бақтай жайқалып, жемісін елге енді тіптен молынан беретін берекелі шағы дейміз. Ендеше, «мәуелі бақтың шуақты шағы шырайлана берсін» деп тілейік Тәңірден.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ.

АЙСБЕРГ

(Ақын Жүрсін Ерман шығармашылығы хақында)

Қазақ поэзиясының жазылмаған бір заңдылығы бар. Бір шайырлар мол жазылған, кең танылған ғажайып лирикалық жырларымен, көлемді дастандарымен тарихта қалады. Енді бір қаламгерлер қаншама көп кітап жазса да, бірте-бірте халық жадында қалмайды, уақыт өткен сайын ұмытылып кете барады. Ал тағы бір ақындар өзінің әрбір шығармасын он ойланып, жүз толғанып, оқырман таразысына ұсынатын аса талғампаздығынан әдебиеттегі өз орнын ойып тұрып алып, тұғырлы тұлғаға айналады. Қазақ өлең өлкесіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары нық басып, мығым келген ақын Жүрсін Ерман – аз жазса да, саз жазатын талғампаздығымен танылған қалам иесі. Оның есімін байтақ Қазақ елінің еңбектеген жасынан, еңкейген кәрісіне дейін біледі десек, артық айтқандық емес. Ол қазақтың төл өнері ақындар айтысын жаңғыртып, қайта жандандырған ерен еңбегі арқылы танылды дер біреу. Бұл сөзде де жан бар болғанымен, біз білетін Жүрсін Ерман, ең алдымен, қазақ жазба поэзиясының керуенін алға тартып, көшін ілгері сүйреген тегеуірінді жырларымен, сюжетті балладаларымен, поэмаларымен танылған талантты ақын. Бұл – қаламгердің көпшілік біле бермейтін көп қырының бірі, бірі болғанда да бастысы. Бірақ Жүрсін өз шығармашылығын насихаттауға жоқ адам. Өзінің баспасөз бетінде берген бір сұхбатында : «...Жыл сайын кірпіштей кітабын шығарып, дорбаларын тасып, өткізе алмай жүрген ағайындарды көріп жүрміз. Алланың нұры жауып, ықыласы түскен шақта жазылса, бір өлең аздық етпейді, он өлең де көптік етпейді. Құдайдың құтты күні, жоспарлы түрде өлең жазатын кісілерді де білеміз. Жазу қылмыс емес шығар. Жазғаныңның бәрін тасқа бастырып жариялата берсең – сол күнә. Жалпы, ақын адам айсберг тәрізденіп, бойын жасыра білгені жарасады... Алпыс-ақ өлеңімен адамзат ойының асқарына айналған Абай ағадан тәлім алсақ, несі айып?! Мен көп жазбайын демеймін, өз сөзіме өзім қойған қарауылым жылдан-жылға қырағыланып, қатайып барады...» – деп ағынан жарылған ақын сөзінен шынайы әдеби шығармаға деген талаптың күштілігі мен ел алдындағы қаламгер жауапкершілігінің айқындығын сезінуге болар. Әйтпесе Жүрсін Ерман «Құстың көлеңкесі» деген атпен таңдамалы 70 өлеңін жарыққа шығармас еді. Ішкі талғам, нағыз ақынға қойылар жоғары талаптың өзі әрбір қалам ұстаған жанның қадір-қасиетін арттырмаса, кемітпейтіндігіне әдеби процесте мысал жетіп артылады. Бір сәт шегініс жасайық. Қалың қазақ қауымының жүрегінен орын алған ақын Жүрсін Ерман әдебиетке қалай келді? Ең алдымен, ақынды ақын ететін оның туған жері, өскен ортасы. Алты Алаштың тарихында айрықша орын алатын сыр-шежіреге, аңыз-әңгімеге, қастерлі көне ескерткіштерге аса бай қасиетті Ұлытау өңірінде дүние есігін ашты ол. Арысы грек тарихшысы Геродоттың, орта ғасырлық саяхатшы Плано Карпинидің, берісі орыс, қытай

жазбаларында аталатын Ұлытау – бұл. Қаракеңгір өзенінің жағасындағы Дүзен кесенесіне жақын жердегі тас дәуірінен қалған шеберхана, тас ғасырынан, қола дәуірінен қалған елді мекендер, мазарлар мен Беғазы-Дәндібай мәдениеті кесенелері, ежелгі патша әулеттері жерленген обалар, ғұн, түркі, оғыз-қыпшақтар мәдениетінің белгілері, осыдан 3 мың жыл бұрынғы мыс, қалайы, алтын, күміс өңдеген адамдардан қалған жәдігерлер мен Теректі әулие, Зыңғыртас, Арғанаты таулары жартастарындағы петролифтер, Ұлы Жібек жолының «Сарысу» тармағы өткен жол – Ұлытауды тарихтың ашық аспан астындағы айқара ашылған Ұлы Дала Кітабына айналдырғалы қашан. Қазақ қазақ болғалы небір аумалы-төкпелі замандарды бастан кешіргенде, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана, Бату хан, Құтлық Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кетбұғы, Барақ, Көшім, Әбілхайыр, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары сияқты ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлардың өмірлері тікелей Ұлытаумен байланысты болғандығын көзіқарақты жұртымыз жақсы біледі. Сол киелі өлкедегі Байқоңыр ауылында өмірге келген Жүрсін ақын: «Ұлытауым, ұлығым ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім? Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің»,– деп киелі өңірді өлеңге қоса келді. Әкеден жастай жетім қалып, ана бауырында өскен Жүрсіннің сөз өнеріне ден қоюына тікелей себепші болып, жолын ашқан екі адамның есімін ол үнемі айтып жүреді. Оның бірі – тіл әдебиеті пәнінің мұғалімі Сапарғали Кентаев та, екіншісі – Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары, немере ағасы Көбейсін Еңсебаев болатын. Еңбек жолын Жезді ауданы газетінен бастайды. Әрі қарай 1968 жылдан Қазақстанның ірі орталығы – Қарағанды қаласында әдеби ғұмырбаяны басталады. Небәрі 17-дегі өрімдей жасты Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы бөлімшесін басқаратын, Алаш зиялысы Жайық Бектұров арнайы шақыртып, облыстық теледидар мен радиодан өлеңдерін оқытады. «Орталық Қазақстан» газетіне тұңғыш жарияланған өлеңдеріне Мақсұт Байсейітов алғысөз жазып, тұсауын кеседі. Бұл да бір белес. Арман қуып Алматыға келіп, КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Сол кездегі әдебиет әлеміне қадам басуы жайлы ақынның өзі былай дейді: «Үлкен өнерде арқамнан қаққан адамдар бар. Мен жоғары оқу орнына түсіп оқып жүргенде, 19 жасымда алғашқы өлеңдерім жинаққа кірді. Оған себепші болған филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин деген кісі бізге сабақ берді. Сол кісі соңымнан қуып жүріп, өлеңдерімді «Қазақ әдебиетіне» суретіммен бастырып шығарып, кітапқа енгізіп, үлкен өмірге, әдебиетке қадам басуыма үлкен көмек берді». Ол жас ақындардың «Жас керуен» жинағы болатын. Сол «Жас керуеннен» басталған

Жүрсін ақынның өлеңдегі жолы бүгінге дейін жалғасып келеді. Алғашқы жыр кітабы «Жанартау» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. «Жеңістің мәртебесін кім тілемес, Тынбайды, тыншымайды бір күн егес. Кеудемде күркіреген жанартаудың, Із-түзсіз жоғалуы мүмкін емес», – деп зор оптимистік дауыспен келген ақын жырлары қазақ оқырманының жүрегіне ұя сала берді. Уақыт өткен сайын ақынның талғампаз көңілі сонау бір жылдар түкпірінде жазылған балауса жырларға оралғысы келмеуі де мүмкін. Бірақ бәрі де сол бір мөлдір бұлақтай, сүттей таза жүректен туған сол өлеңдерден басталғанын сезінесің. Жүрсіннің сол алғашқы қадамалысындағы «Бидайгүл», «Ұлытау көктемдері», «Тұңғыш», «Зергер», «Ақырғы арман туралы аңыз», «Темірткен гүлі», «Орамал», «Бүлдірген тере барғанда», т.б. өлеңдерінің әрқайсысы туған жер, өскен орта, тарих пен дәстүр, махаббат пен сағыныш иірімдеріне тартып, туа біткен таланттың қаламынан туған шұрайлы шығармалар екендігіне көз жеткізесің. «Тарихтай сұсы қатты шежіре шал, Ұлыңды уақыттың тезіне сал. Елімнің кәдесіне жарамасам, Сен мені шежіреңнен өшіре сал!», – елім-жерім деп соққан ақын жүрегі өзі көрген өмір суреттерін жаңа туындыларына өзек ете берді. «Арайлы күн, армысың» (1985 жыл) атты екінші жыр кітабы Қазақстан Жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығына лайық деп саналды. 1990 жылы шыққан «Ұлытауға бардың ба?» атты жаңа кітабы да өлеңсүйер қауымды елең еткізді. «Бұлантының жоқ бұланы, Құландының жоқ құланы. Бүркіттінің биігінде Қалқымайды көк қыраны» немесе: «Ауылдың алсам дерегін, Кетеді шарлап ой алыс. Қайқаңдап қоя беремін, Арқама батып баялыш.

Табына оттың қақталып,
Албырап кешкен шақ қандай.
Жылуың бойда сақталып,
Қыздырып келе жатқандай.

Әкемнің көзі деп біліп,
Шешемнің өзі деп біліп.
Отырмын енді отыңа,
Көзімнің жасын кептіріп», –

(«Баялыш»).

секілді өлеңдері шын мәнінде бұрын қозғалмаған, бұрын айтылмаған жаңа сөз, соны дауыс нәтижесі еді. Оның өзіне ғана тән «Жерұшық», «Байғазы», «Гольфстрим», «Соңғы алма», «Макулатура туралы жыр», «Түс», «Бермуд ұштағанының үстінде» атты лирикалық жырларында тақырыпты өзінше жырлауы, бұрынғы айтылмаған ойды айтуға құштарлықтан туған риясыз сезім, Жүрсін ақынға ғана тән ұлттық бояу көзге ұрады. Осы кітабында-ақ ақын өзінің эпикалық қарым-қабілетін де айқын байқата алды. Әсіресе, жазықсыз жапа шеккен Сәкен Сейфуллин тағдыры туралы жазған «Ақын өлімі» поэмасы соншалықты шынайы, әрі жүрек тебірентерлік иірім, толқындармен тербейтін сәтті шығарма. Жалпы, Сәкен аға туралы неғұрлым кең көлемде жазылған бұл шығарма өз бағасын осы уақытқа дейін толық алмаған екен. Тек 1992 жылы жазған мақаласында кейінгі буын інілерінің қадам алысын қадағалап жүретін үлкен жүректі, кең пейілді Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) ғана былай деп дәл әрі жылы баға беріпті: «Дарынды, ақылды туған бір дарамыз Жүрсін бе деп ойлаймын. Сәкен аға тағдырына арнап жазылған поэмасын қазақ жырының соңғы табыстарына қосамын. Сүйсініп, сүйіп оқыдым бұл дастанды. «Ақын өлімі» оқуға ауыр болғанымен, Жүрсіннің ақындық тағдырын айқындап тұрған дүние. Өзіміз жақсы көрген ауыр тағдырлы Сәкен ағаны тағы бір көргендей, оның ажалына араша бола алмаған халықтың дәрменсіздігінен тағы бір дәріс алғандай болдық». Шын мәнінде бұл поэма бір тыныспен жазылғандықтан болар, бір деммен оқылады. Кешегі 37-нің ойранында опат болған, ел үшін, жер үшін жазықсыз жапа шеккен көп-көп есіл ерлердің типтік бейнесі бар бұл дастанда. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет бейнелері де көз алдыңнан өтіп, жанарға жас іркіледі. «Жақсылықтан жауыздық не ғып күшті, Жендет дүлей ашуын танытты ішкі. Зілдей ауыр жұдырық Сейфуллиннің, Аппақ күрек тістерін қағып түсті.

Әділеттен әбілет не ғып күшті, Байлаулы ақын гүрс етіп талып түсті. Керзі етіктің темірдей тепкісінен, Сейфуллиннің бір көзі ағып түсті!» – жүректі солқ еткізетін мұндай шумақтар поэманың тұтас архитектоникасы мен негізгі сюжет тіні арасындағы байланысты берік ұстап тұратын тіреу іспеттес. Оның әділетсіз Ауған соғысы тақырыбына қалам тербеген «Мұң» балладасы да, қазақ-қалмақ қырғынына қатысты «Тақбаланың діңі», сондай-ақ «Махаббаттың алмасы» балладалары ақынның бұл жанрда да еркін қалам тербейтіндігінің дәлелі бола алады. Мұнан кейін де әр жылдары жарық көрген «Құдіретке жүгіну» (2005), «Құстың көлеңкесі» (2008), «Ырғай» (2010) жыр кітаптарында да ақын Жүрсін Ерман үнемі ізденіс үстінде екендігінің, жыл өткен сайын талғам, ұстанымының биіктеген үстіне биіктей түскендігінің куәсі болып жүрміз. Оған дәлел:

«Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

...Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін,
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды,
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

...Жүйрігім еді жыр көшімдегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
...Біздің үй соның іргесінде еді».

(«Ақынның үйі»).
немесе:
«Қазағымның қақ жарып кең даласын,
«Терісаққан» аталып енді ағасың.

Бәлкім, барлық өзендер теріс ағып,
Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың».
(«Терісаққан»).

«Жексенбі. Түнгі он екі кезі,
Сәл тінте қарап мені екі көзі.
Таксидің ішінде бір ару отыр,
Бөлек жамалы. Бөлек мінезі.

...Ұмытар лезде азабыңды ішкі
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған,
Тарыдай меңге назарым түсті.

Атың кім? – деп ем, – Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін,
Телефон шалар деп сағынса мені...».

(«Түнгі такси»).
«Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды

Әйелге барып дәлелде!

...Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!» –
(«Әйелге ода»).

секілді ақынның кейінгі жылдары жазған жырлары. Бұл өлеңдер – таптаурын ізден алшақ, ақынның тек өз сүрлеуін табуынан туған, қазақ оқырманын ұзақ жылдар тербейтін, жарығы да жарқын болашаққа, түу алыстарға жететін өміршең сөз. Біз мысалға алған шығармалардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясының антологиясына еркін қосылатын ерекше жырлар. Жүрсін ақын бір ғана ырғақпен, біркелкі бунақпен жазудан қашады. Әр өлеңін жаңа бір сырлы әуезбен әрлеп, жаңаша нұрлы әуенмен өрнектейді. Бұл – оның өлең техникасын еркін меңгерген, басты ерекшеліктерінің бірі десек, қателеспейміз. Ол сонысымен де, қанша қайыра оқысаң да жалықтырмайды, қайта жан-дүниеңді желпіндіріп, көкірек-көзіңді сілкіндіріп отырады. Ақынның кейінгі жылдары жазған «Ырғай жыры», «Мүйіз кесу», «Дилемма», «Құлжанбай құмының жұртында», «Бас», т.б. көптеген жырлары жоғарыда айтқан ойымызды бекіте түседі. Дау жоқ, Жүрсін Ерман 70-ші жылдары қазақ поэзиясына келген толқынның ішіндегі өз қолтаңбасы, өз стилі қалыптасқан, ешкімге ұқсамайтын өз үні бар, біртуар тегеурінді ақын. Ақын сөзін жазған «Сыңарым», «Ұлыма», «Бақанас менің байтағым», «Ырғай», т.б. әндерді көпшіліктің сүйіп тыңдайтындығын да айта кету ләзім. Ж.Ерманның жұрт көзінен таса қалып жүрген тағы бір қыры – оның сыншылығы. Сыншы болғанда да қара қылды қақ жарып айтатын әділ сыншылығы. Сонау бір 80-ші жылдары ол жазған әдеби сын мақалалар бірінен соң бірі жарық көргенде, тіпті алдыңғы буын ағаларының өзі, алдымен, тосырқай қарап, сосын шын сын, ақиқат сөздің семсерін сілтегені үшін ерекше сыйлап жүргендігін көзіміз көрген. 1983 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Өлең сөздің обалы» сыни мақаласында: «Жазба сөз бір өңкей әскер легі емес, қой-сиыры аралас шұбаған көш те емес, теңіз толқыны да емес, жайнап тұрған бақша да емес, өмірге түгел ортақ ойсезімді дәлірек те толығырақ бере алатын тіл байлығы. Бұл байлықты қалай болса солай пайдалану болашақ үшін үлкен қиянат», – деген сөз зергері Ғабит Мүсірепов ойын түпқазық етіп алып, талантымен көрінген талай тарлан ақынның тілді қолданудағы селкеуліктерін, өлең техникасын бұзған кемшін тұстарын нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Ол бұл мақаланы әдебиетке шын жанашырлықпен жазды. Кейінгі жылдары мұндай тіліп айтатын, дәлелмен сөйлейтін сынның ауылы алыс қалды. Сондағы тілге тиек болған Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Исраил Сапарбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Несіпбек Айтов, Ұлықбек Есдәулетов сияқты кіл мықтылардың өлеңдері еді. Ал «Түпнұсқа болсын, төреші» («Жұлдыз» журналы, №3, 1987 жыл) атты сын мақаласы сол тұста көркем аудармадағы ең мықты саналып жүрген Қадыр Мырзалиевтің Сергей Есенин мен Олжас Сүлейменов өлеңдерін орысшадан тәржімалаған тұтас кітаптарына сарабдал да салиқалы баға берді. Сыншы Жүрсін Ерманның бұл мақаладағы нақты тұжырымдары мен батыл байламдары, әдеби білімдарлығы мен парасат пайымдары бас шайқатпай қоймайды. Сол

кездерде Жүрсін Ерманның мақаласы жарық көрсе, оны зерделеп оқымаған қаламгер сирек болар. Ж.Ерманның жұрт көзіне көбірек көрініп, көбірек бағаланған қыры – оның журналистік жолы. О баста аудандық, облыстық газет, облыстық теледидардан бастау алған сапары кейін Қазақ телевизиясының, әуелі Жастар хабарлары бас редакциясында, кейін Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында жалғасты. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті», «Қазақстан қанаты» газеттерінің бас редакторы, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болды. Қазақ теледидарының бас редакторы, бас директоры, Қазақ радиосының бас директоры қызметтерін де атқарды.Осы қызметтердің қай-қайсысында болса да ұлтына адал қызмет етті. Теледидарда істеп жүрген жылдарында «Айтыс», «Халық қазынасы», «Терме», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Мүшайра», «Дидар», «Сахна», «Жылдар. Ойлар», т.б. телехабарлардың тұсауын кесті. Өзі тікелей араласып, әр хабарға кімдерді шақыру керегіне дейін белгілеп беріп отыратын. Осының ішіндегі өзі жүргізген, әлі де тастамай келе жатқан жобасы, ол – «Айтыс» хабары. Жүрсіннің шындыққа ешқандай қиянат жасамайтындығының талай куәсі болдым. Ол алғашқы телеайтыс 1983 жылғы желтоқсан айында түсірілгендігін, телеайтыстың идеясын ұсынып, оны ұйымдастырғандардың бірі – ақын, тележурналист Темірше Сарыбаев, екіншісі – драматург, тележурналист Әділбек Тауасаров екендігін ылғи да айтып жүреді. Айтысқа өзінің 1984 жылдың ақпан айынан бастап араласқанын тәптіштеп көрсетеді. Бұл оның ақиқатқа қиянат жасамайтын азаматтық бейнесін аша түседі. Ж.Ерман тележүргізуші ретінде төл өнеріміз айтысты биікке алып шықты. Ертедегі классикалық ақындар айтысы бізге ауыз әдебиеті, қолжазбалар, кітаптар арқылы жетті. Ал кеңестік кезеңде болған айтыстардың ең ірісінің бірі – 1943 жылы сұрапыл соғыс жылдарында Қарағандыда өткен айтыс. Оған ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов мұрындық болған. Бұл кейін Алматыда жалғасқан кезде Жамбыл ашып, Нұрпейіс, Шашубай, Кенен, Нартай, Доскей, Маясарлар сөз сайысқа түскенде, ұлы Мұхтар Әуезов ұйымдастыру ісіне ерекше көңіл бөлген. Ал осыдан кейінгі қазақ айтысының жанданып, жаңғырып, түрленіп, бұрынғы дәстүрін сақтай отырып, жаңашылдықты бойына сіңіруіне бір кісі еңбек сіңірсе – ол Жүрсін Ерман екенін айтатын күн туды. Айтыс көрінген алғашқы жылдарда Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуовалар көгілдір экран төрінен орын алды. Олардың ізін Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Есенқұл Жақыпбеков, Қатимолла Бердіғалиев, Шымболат Ділдебаев, Егеухан Мұхамадиқызы, Мұхтар Құралов, Әбдікәрім Манапов, Шолпан Қыдырниязова лайықты жалғастырды, дамытты. Мұнан соң шыққан Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев, Мелс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Қуаныш Мақсұтов, Жадыра Құтжанова, Ақмарал Ілеубаева, Әбілқайыр Сыздықов, Айнұр Тұрсынбаевалардан бастап Оразалы, Балғынбек, Дәулеткерей,

Айбек, Карима, Құралай, Сара, Ринат, Рүстем, Серікзаттар түгел өздеріне Жүрсін Ерманды ұстаз санайды. Халық Жүрсінді жүргізуші ретінде ғана көреді, ал оның сыртында қаншама қыруар шаруалар атқарып тер төгетінін көпшілік біле бермейді. Өзінің осыдан 20 жыл бұрынғы сұхбатында ақын былай депті: «Менің жүргізушілігім – айсберг сияқты, айтысқа байланысты атқаратын сан-салалы жұмысымның бір ұшығы ғана. Ақындарды іздеу, табу, таңдап іріктеу, дайындап – баптау мен қонақ үй әзірлеу, қаржы табу, билет іздеудің арасындағы толып жатқан бітпейтін шаруаны былай қойғанда, теледидарға түсіретін творчестволық-техникалық топтарға тікелей басшылық жасау да оңай емес. Оның үстіне түсірілген материалды эфирге әзірлеу үшін теледидар технологиясы процесін де бес саусақтай біліп, күнді түнге ұластырып, қажымай еңбек ету керек. Ал жүргізушілікке келсек, халыққа ең керегі менің шешенсінгенім емес, ең керегі – айтыстың өзі. Сол себепті, көбіне көрермендерге керекті ақпаратты ғана жеткізіп, айтыстың тізгінін ғана ұстап отырғанды жөн көремін». Бұл айтысты ұйымдастырудағы істердің бір парасы ғана. Ал шынтуайтқа келсек, ата-бабамыздың ерекше қасиеті – ақындар айтысын халық жадында қайта жаңғыртуға Жүрсіннің отыз жылға жуық сіңірген жанқиярлық еңбегі өлшеусіз. Оны ел біледі, жұрт таниды. Дала демократиясының жарқын көрінісі – айтысты жаңа биікке алып шыққан ақын Жүрсін Ерман бүгінде алпыстың асқарына шығып, елінің алақанындағы қайраткер қаламгерге айналды. Ол – М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай өткен мүшәйраның бас жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы. Ғалымдардың зерттеуінше, Айсберг (Мұзтау) көлемінің 83-90 пайызы судың астында болады екен де, қалған азғантай бөлігі ғана су бетінде көрініп тұрады екен. Істеген істерінің көбі көрінбей, аз да болса саз мөлшері ғана халық көзіне түсетін Айсберг тұлғалы жандар болады. Ақын Жүрсін Ерман да қазақ жыр-мұхитының Айсбергі болып көрінеді маған.

Бауыржан ЖАҚЫП,
«Қазақ энциклопедиясы»

АҚ президенті, филология
ғылымдарының докторы, профессор.

ЖҮРСІН, СЕН КІМСІҢ?

Жүрсін дос! Сен туралы есілген жібектей эссе жазғым кеп, қолыма қалам алдым. Бірақ кідірдім. Мүдірдім. "Неге?" дейсің ғой. Замандасыңның, қаламдасыңның қадір-қасиетін тәспідей тізіп тәптіштегенмен, бүкіл болмысың бір мақалаға сия қоя ма? Сыймайды-ау. Сен сегіз қырлы жігітке жатпайсың. Қырың көп. Сырың көп. Қай қырыңнан келерімді білмей "тупикте" тұрған пойыздай жылжымай қойғаным рас. Әйгілі классик Марк Твеннен шәкірті "Сіз қалай жазасыз?" деп сұраса, ол ойланбастан "Жазудан оңай нәрсе жоқ. Қолыңа қалам, қағазыңды аласың да, ойыңа не түссе, соны сүйкей бересің. Бірақ сорақысы сол – сорғалаған ойды басыңа келтіру қиын" деп әзілдесе керек. Сен – тарау-тарау жолы бар талантты қаламгерсің. Менің қиналғаным – тоғыз тарау, тоқсан орау жолыңның қайсысына түсерімді білмей, із кескен аңшыдай аңырдым.

Он бестегі жасым-ай,
Жарда ойнаған лақтай.
Жиырмадағы жасым-ай,
Көлге біткен құрақтай.

Отыздағы жасым-ай,
Таудан аққан бұлақтай.
Қырық деген жасыңыз
Қырымдағыға көз салып,

Байлаулы тұрған құр аттай.

Елу деген жасыңыз, Қайта көшкен ел екен. Алпыс деген жасыңыз, Қоңыр салқын күн екен... Бұл – жеті ғасыр жырлап өткен аузы дуалы ата-бабаларымыздың артына қалдырған алқынды жырынан үзінді. Ата сақалың аузыңа түсіп, алпысқа келген сен де осы өлеңдегідей өмір сүріп, баянды ғұмырыңды бастан кешірдің. "Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда" (Мұқағали) дейтіндей, артыңа қарайлаған жеткіншектерге Ата болып анадайдан көрінесің. Қызғалдақ, Дархан, Ардақтай алақанға салып, аялап өсірген ошақтың үш бұтындай ұрпағыңнан он бір немере сүйіп отырсың. Құдай қаласа, шөберенің қолынан май жалайтын күн де таяу. Ата болмағанда нең қалды, Жүрсін-ау! "Неғұрлым ертерек ішсең, соғұрлым ертерек мас боласың" деп жарықтық Шәкең, Шәмші Қалдаяқов ағамыздың кекеп айтқан кердері сөзіне арқа сүйесек, сен махаббатқа ертерек мас болған жігітсің. Ажарына ақылы сай Бақытжамал аруды шашын тарап үлгермей шаңырағыңа келін қылып түсірдің. Сен сонда неше жастасың? "Жарда ойнаған лақтай" он жетіде едің. Мектептің "аттестатынан" бұрын Бақытжамалды алған жоқсың ба? Міне, махабббатқа мас болудың алғашқы нышаны. Бірақ мен сенің үйлену тойыңа қатысып, ақ тілегімді айта алмадым. Қалай айтам? Біз бір-бірімізді танымаймыз ғой. Сен

– Ұлытаудың Қарақұмындасың, мен – Қаратаудың күнгейіндегі Қызылқұмындамын.

"Ұлытауым, ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!, – деп кейіндеу жазған азаматтық поэзияның іргетасын құйып жүрген кезің. Алда-жалда отау құрған ордалы тойыңның үстінен шыға қалғанымда, кавказдықтар секілді сол дәуірдегі советтік салт бойынша шолақ орысшаммен былайша "тост" көтерер ем: "Ночь. Луна. Он. Она. Он сказал "Да!". Она сказала "Нет!". Прошли года. Ночь. Луна. Он. Она... Она сказала "Да!". Он сказал "Да!". Но возможности уже были не те. Поздно. Так выпьем же за своевременность! Выпьем за своевременную любовь молодого поэта Журсина Ерманова!" Бір қызығы, сенің ұлың да, қызың да Ата жолын қуып, он жеті жастарында отау құрды. "Азаматтың қосы оңбай, ісі оңбайды" дейді ғой. Қосың да оңып, ісің де оңып, Алматыдағы КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне кеп түстің. Мен сол жылы (1968 ж) КазГУ-дің журналистика факультетіне қабылдандым. Елп еткенге елеңдеп жүрген кезіміз емес пе! КазПИ-де "Мен мамандықты не үшін таңдадым?" деген тақырыпта диспут, пікір-сайыс өтетінін естіп, біраз студент соған ағылдық. Ағынан жарылып, сан-салалы жастардың арасынан саңылау тауып, мінбеге көтерілдім де, қыңыр сөйледім. "Мен әкемнің аты тасқа басылып, тарихта қалу үшін журналист мамандығын қаладым" дедім. Сен сол сәтте мінбеге атып шығып, менің быт-шытымды шығардың. Коммунизмнің моральдық кодексі шеңберінде теориялық ой-пікіріңді саралай келіп, "Осындай жігіттердің КазГУ-де оқып жүргеніне таң қалам!" дедің. Жұрт алдыңнан арқан керіп әрең тоқтатты. Кейін аңғардым, сөйтсем сен курсыңның "старостасы" яғни қоңыраулы қошқары болып, студенттер пікір-сайысын ұйымдастырған екенсің. Мен сияқты "осалдардың" орнын толтыру үшін маған ерегісіп, оқып жүрген оқуыңды тастадың да, келесі жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне артымнан қуып кеп түстің. Ал содан не ұттың? Бір курс кейін бітірдің. Оқуыңды тастағаныңа осы күнге дейін өкінесің. Бұдан төрт-бес жыл бұрын "Сенің сөзіңе жынданып, КазПИ-ден бекер кеттім. Оны бітіргенімде осы күні ғылым докторы, профессор, академик атанып, бір университеттің ректоры боп отыратын ем-ау!" – дедің жастық шақты еске алып. Сол кезде Елбасының пәрменімен Қазақстандағы алты-жеті жоғарғы оқу орындарының ректорларын бірден босатқан болатын. Мен айттым: – Ей, Жүрсін дос, сен маған рахмет айт. Ректор болуын боларсың-ау... Бірақ сол орнынан алынған ректорлардың ішінде сен де кететін ең ғой. Абыройың бар екен, атың шықпай аман қалдың. Қазір кімсің? Жүрсінсің! Ақындар университетінің ешқандай бұйрықсыз бекітілген ректорысың. Сені ешкім орныңнан алып тастай алмайды! – дедім әзілге жығып.

Күлдің. Риясыз күлдің. Мойындап күлдің. Расында да айтыс арқылы алты Алаштың аузына ілінген ақын жігіттеріміздің атын атап, түсін түстемегеннің өзінде, кешегі Сара мен Ұлбикенің үрдісін жалғастырған қаншама ақын қыздарымыз қауызын жарған гүлдей қаптап шықты. Бағын ашқан кім? Айтыс. "Босағада тұрғызбай, төрге ұмтылдырған" (Қасым Аманжолов) ақындар айтысы. Олар кімдер дейсіз ғой? Тәушен Әбуова, Надежда Лушникова, Әсия Беркенова, Шолпан Қыдырниязова, Әселхан Қалыбекова, Жамиға Қарасаева, Фапиза Мұштанова, Ханша Райсова, Лена Әбдіқалықова, Әлфия Орманшина, Жадыра Құтжанова, Айгүл Түсіпбекова, Алтынкүл Қасымбекова, Ақмарал Леубаева, Айнұр Тұрсынбаева, Карима Оралова, Құралай Камалиева, Анар Жаппарқұлова, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова, Жібек Болтанова, Назгүл Кәрімова, Жаңылсын Тәуішова, Қарлығаш Әубәкірова, Айсәуле Бейсенхан, Аякөз Серікқазы, Жансая, Күмісай, Салтанат... Көрдің бе, Жүрсін, сен ақындар университетінің ғана емес, ақын қыздардың, яғни "ЖенПИ"-дің де ректорысың. Айта қойшы, айналайын, "екі оқу орнын" бірдей басқарып тұрған сенен басқа қай ректор бар? "Жылы орнымнан жылжытты" деп, сен маған өкпелеме. Мақұл, КазПИ-ді бітірсең, диссертация қорғарсың. Филология ғылымының докторы боларсың! Одан елге не пайда? Орыстың бір жас ғалымы 1964 жылы "Н.С.Хрущевтің коммунизм құрудағы жетекшілік ролі" деген тақырыпта кандидаттық диссертация жаза бастағанда, жарықтық Никита Сергеевич күзге жетпей, орнынан босады. Тақтан тайды. Бейбақ ғалым қатты қамығып, қайтадан тақырып іздеген. Сен де тақырыптан тақырып іздеп жүріп, доктор болмай кетуің мүмкін ғой. Қазір шүкір, өзің диссертацияның тақырыбына айналдың. Бейнелі әңгімеге бетіңді бұр, Жүрсін-ау. Мемлекетті қалай басқаруға болады? Бұл сауалға ежелгі Қытай данышпаны Конфуций үш тұжырыммен жауап қайырған.

1. Мемлекетке жеткілікті азық-түлік болсын. 2. Қару-жарақпен қамтамасыз етілсін. 3. Халық өз патшасына сенетін болсын. – Егер осы үшеуінің біреуін қысқартуға тура келсе ше? – Онда қару-жарақты шектеу керек. – Ал қалған екеуінің біреуін қысқартуға мәжбүрлесе ше? – Ендеше азық-түлікті алып тастаған жөн. Себебі ас-ауқатсыз ашығып иналғаныңмен, патшаға сенім болмаса, ол ел мемлекет болып көгертпейді. Ақындар айтысы да айдарлы мемлекет сияқты. Неге? 1. Өзекті талдырмайтын өнер жанашырлары – Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Иманғали Тасмағамбетов, Серік Үмбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұртай Сабильянов, Дәулет Тұрлыханов секілді демеушілер айтыстың "азық-түлігін" қамтамасыз етіп жүр. 2. Айтыс ақындарының қаһарлы сөздері қару-жарақтан кем бе?!

3. Ақындар айтысындай айдарлы мемлекеттің айбарлы патшасы кім? Жүрсін Ерман! Ең бастысы – елдің сенімі мен ықыласына иесің. Ұрпақтан ұрпаққа мұра боп жалғасып келе жатқан айтыс өнерін өркендету үшін отқа да түстің – жанбадың, суға да түстің – батпадың. Баяғының батырындай күн кештің. Әу баста ақын ретінде танытқан поэзияңа да қайырылмай кеткен қайран күндерің аз болған жоқ. Бір күніңнен аумайды бір күніміз, Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз. Саңырауға беретін сәлемдей-ақ Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз? – деп теріс бұрылғанда өзіңді емес, әдебиетке әріден қараған оқырмандарға налыдың. Аз түскен жоқ шығармын отқа, сірә, Соғайын, болмас енді соқпасыма. Мен саған қайтып келдім, қалқам, Муза, Серідей қайта оралған отбасына! – деп, поэзия рухына басыңды идің. Бүгінгі заманда шөпті де, шөңгені де өлеңдетіп, том-том кітап шығару машинаға мініп-түскендей оңай шаруа. Абай атамның бүкіл өлеңін жиғанда, бір томнан аспайды. Мұқағалидың күллі дүниесі де сол көлемде. Ақын Қуандық Шаңғытбаевтың "Ар" деген алғашқы кітабынан кейін екінші жинағы 27 жылдан кейін жарық көрген. Өлең таппай қалғаннан ба? Жоқ! Поэзияға құдіреттей жүгінгеннен, сезім тазалығынан. Ақын құрдасым Серік Ақсұңқарұлының бірауыз пікіріне құлақ түрейікші. "Жүрсіннің өте талғампаз ақын екендігі соншалық – осыдан үш жыл бұрын "Таңдамалы 70 өлең" деген кітап шығарды. Мысалы осы 70 өлеңді мен халтурщиктердің 70 томына айырбастамас едім". Жүрсін досым-ау, сені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері" деп бағалады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин "Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері" деп құрметпен қарады. Ірілі-ұсақты атақ-даңқың мен атқа мінген абыройлы қызметтерің бір төбе. Осындайда еске түседі. Немістің ұлы ақыны Гете бес рет министр, оның ішінде екі мәрте Қорғаныс министрі болған. Әйгілі Сүлеймен Демирель алты рет Премьер-министрдің тағына отырып, ақыр соңында Түркия президентінің антын қабылдаған. Димаш аға Қонаев бір орынға екі рет келген. Сен ше? "Қазақстан" телерадио корпорациясының құзырындағы Бас директор, Бас редактор секілді уәзірлік жұмыстарға қанша рет келіп, қанша рет кеттің? "Қазақ радиосына" арнаған ақындық сезіміңді ақжарма өлеңмен ақтарғаның да есімде. Сен ғарышта, аспанда, ауадасың... Дауысыңа дүние дауаласын. Көктен үнің құйылған күндіз-түні, Көрінбес Адам ата, Хауа-Анасың.

Қай толқынды эфирде бұрады иең,
Сенсіз мылқау секілді, сірә дүниең.

Ата-анамның даусындай аяулысың Ей, менің қазақы ұлттық радиом! Профессор, академик Тұрсынбек Кәкішев "күні бүгінге дейін айтыстың отымен кіріп, күлімен шығып жүргеніңе" ризашылығын білдіріп, сенің төзімділігіңнің арқасында "ұлтымыздың ең бір қызық та өткір өнері өзінің шырқау биігіне көтеріліп келе жатқанына" қуанды. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Серік Қирабаев "Киіс көрген керзі етіктің шұлығындай тозып барам" секілді дүниелеріңе назар аударып, "Ақын қайғысы – халық қайғысы", – деді. Профессор, академик Рымғали Нұрғали "Ескі өнерді қалпына келтірген реставратор, жаңа дәуірге лайықталған реформатор екендігін бүгін айтпағанда қашан айтамыз?" десе, ақын ағамыз Сәкен Иманасов: "Әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр", – деді. Темірхан Медетбек "Тастақ жердегі тұлпардың тұяғындай – нақ, сағаттың соғысындай – дәл" деп көрсетті. Тұманбай ағам бұдан жиырма жыл бұрын "Өтірік күрсіну, өтірік мұңаю, өтірік шаттану, өтірік жылау – ақындық өнердің қас жауы", – деді. "Дарынды, ақылды туған бір дарамыз", – деп сені меңзеді. Білген ғой. Оралдық шәкіртің Бауыржан Халиолла сені "қыпшақтың қайқы қылышына" теңеді. Замандас досың Нұртілеу Иманғалиұлы "Жүрсін, сен кімсің?! Білмегендер білсін..." деп өлеңдетті. Ақын інің Ұлықбек Есдәулет секілді "достарың кейде көбейіп, кейде азайып" тұрды. Өмір ғой... Сәл-пәл шегініс жасайын. Елу жасқа толғаныңда мен де сен туралы себезгілеген жаңбырдай эпиграмма жазып, өз ойымды өлеңмен жеткізуге тырыстым. Сен 1945 жылдың сәуір айындағы Берлин секілді көріндің. Берлинді жаулап алу үшін Сталин соғыстың қандай "тактикасын" қолданғанын білесің ғой. Берлинге бержағынан емес, аржағынан яғни ту сыртынан тұтқиылдан шабуыл жасаған. Мен де сөйттім. Құдай қосқан қосағың Бақытжамалға деген ішкі сезімің мен иіріміңді өз тіліңмен өрнектедім. Саған түрік жұмбағын жасырайын: "Бәрімізде бар! Менде де бар, сенде де бар, бірақ әйелдер ғана күйеуінікін пайдалана алатын нәрсе не?" Ал тапқыш болсаң, тауып көр. Бас қатырып қайтесің, ойланбай-ақ қой, шешуін өзім айтайын. Бұл жұмбақтың шешуі – "Фамилия". Бақытжамал сенің фамилияңа дейін жаулап алған жоқ па? "Бабы күшті ақынның басына бақ боп қонған бәйбішесі Бақытжамал Ерманова туралы баллада немесе Жүрсін Ермановтың Жүрек сыры" деп аталатын салақұлаш өлеңімнен үзінді келтірейін.

Айналайын ақ құсым,
Балапандай баптадым.
Басқа қонған бақпысың,
Аққуымдай аппағым!..

Гитарадай мүсінді,
Пернедегі әнімсің.
Жанбай тұрған ісімді

Жандыратын жалынсың.

Аспандағы айымсың,
Кейде сені "Нұр!" десем...
Бірде – биші қайыңсың,
Бәйтерексің – бірде сен.

Ұйықтағанда – патшамсың,
Оянғанда – уәзірім.
Кассадағы – ақшамсың,
Картадағы – көзірім.

Өлеңдегі – лиригім,
Айтыстағы – ақыным.
Алынбаған сыйлығым,
Жарылмаған атомым.

Бақшадағы – өрігім,
Жұпар иісін жұтамын.
Ғасырдағы – қорығым,
Менің "Қызыл кітабым".

Берекедей сезінем,
Беделім мен бет-арым.
Жұртбаевтай – шежірем,
Омашевтай – деканым.

Таптың қыз бен ұлды да,
Ғұмырымсың жалғасқан.
Айтовтай сұңғыла,
Майтановтай – марғасқам.

Саясатта – тірегім,
Парламенттей сөзімсің.
Кандидаттың бірі едің,
Депутатым – өзіңсің.

Шығарасың заңыңды
Шыр-пыр болып ей, жаным.
Шығарады жанымды,
Шырылдатып кей заңың.

Шымырланып ширықтым,
Одан сайын ұштадың.
Аюындай цирктің

Мені үйретіп ұстадың.

Кәмпит беріп, қамшылап
"Алэ-оп!" деп билеттің.
Айналамыз – аншлаг,
Дос жиюды үйреттің...

Мен бұл өлеңді Тұрсын Жұртбай, Намазалы Омашұлы, Несіпбек Айтұлы, Бақытжан Майтанов секілді майталман курстастарыңның мерейін өсіре отырып, ердің жасы елуге толғаныңда жазған едім. Қазір ойласам, бір жерден қате кетіппін. "Қай тұстан?" дейсіз бе? "Жүрсін парктегі аю секілді. "Алэоп!" десең айтқаныңа көніп, билейді" деген өз пікіріме өзім қарсы шығам. Сірә, көпшік қойып көсілте салғанмын ғой. Жақында сенің мерейтойыңа байланысты "Алаш айнасы" газетіне берген сұхбатымда ағымнан жарылдым. Сол пікірім мынау: "Егер әдебиетті циркке теңесең, ондағы барлық хайуанаттар адамның айтқанына көнеді, айдағанына жүреді. Бүкіл жанжануардың ішінде тек қасқыр ғана циркке бағынбайды екен. Менің досым Жүрсін Ерманов әдебиеттегі қасқыр сияқты. Оны үйрете алмайсың, таяқтың үстінен секірте алмайсың. Ол – өзіндік мінезі, өзіндік қаны бар қаламгер". Осы пікірім – пікір. Енді айнымаймын. Жүрсін дос! Сен іскерсің. Мектепте оқып жүргенімізде "Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейді" деген қағиданы құлағымызға құйып өстік қой. Сен осы қағиданы жоққа шығарған жігітсің. Қалай? Сен – жоқ нәрсені жонып, бар жасайтын қабілетті қаламгерсің. Сол қасиетің туралы мынандай пародия жазғам: "Кәнігі кәсіпкер, әйгілі меценат Өмірзақ Сәрсенов демеушілер жөнінде күй шығарған өнерпаздарға бәйге жарияласа, қай өнерпаз қайтер еді? Бәлкім, қоңыр домбырасын қолына ұстап Қоразбайдың Алтынбегі елден бұрын жетер ме еді? Алда-жалда қара көрсетсе: – Өмеке, өзіңізге мәлім, алты Алаштың аузында жүрген "Үшқоңыр", "Сарыарқа" деген әндерімнің сөзін жазған Елбасының өзі! – дейді Алтекең арқаланып. – Одан бұрынырақ Заманбек Нұрқаділовтің "Өмір де өмір, өмірай!" деген өлеңіне ән шығардым. Мақпал орындады. Енді сіз туралы "Демеуқожа" деген күй шығарам, Өмеке! – Қанша сұрайсың? – Бес мың доллар! Бір мыңын өзім алам, бір мыңын бала-шағама берем, үш мыңын есеп-шотыма салып қоям. Серілердің соңғы тұяғындай Секен Тұрысбеков: – Өмеке, – дейді алыстан орағыта, – баяғыда біреу аққулардың қанатын қырқып жатса, "Әй, мұның не?" дейді көршісі көріп. Сөйтсе әлгі әпенді айтыпты: – Ұшып кетпесін деп қырқып жатырмын! Сонда көршісі:

– Айналайын-ау, қанатын қайшыламай-ақ, аққудың алдына жем шашып ұрсаң, өзі-ақ ұшпайды ғой! – деген екен. Сол айтқандай, Өмеке, сіз қаншама аққуға қанат қақтырдыңыз. Анаңызға арнап "Ақжүніс" деген күй шығарсам, енді сізге "Демеу толқыны" деген күй арнаймын. – Қанша сұрайсың? – Он мың доллар! Бес мыңын өзім алам, үш мыңын бала-шағама ұстатам. Екі мыңы – есеп-шотыма. Бітті! Домбырасын шертпей, жүйріктерін ертпей Жүрсін Ерман келеді де: – Өмеке, – дейді келтесінен кесіп сөйлеп, – сіздің туған жеріңізге арнап "Бақанас – елдің байтағы" деген әнге сөз жазғанымды білесіз. Дегеніме көнсеңіз, сізге шашетектен пайда әкелем, күйді де күмбірлетем. – Қанша сұрайсың? – Жүз мың доллар! Елу мыңын өзім алам! Маған демеуші болғаныңыз үшін қырық бес мыңын өзіңізге берем. Бес мыңы – Қоразбаевқа! Күйді солақ шығарсын!". Мысалы бір бөренені олақ ұстаға беріп, "Осыдан келі жаса!" деп тапсырайықшы. Ол "Ойбай, келі шықпайды, келсап жасаймын!" дейді. Келсапты жонып-жонып, "Ойбай, келсап шықпады, кетпен сап жасаймын" дейді. Ақыр аяғында келі де жоқ, келсап та жоқ, кетпен сап та жоқ... "Міне, мен тіс шұқығыш жасадым!" деп қуанады. Ал, сен бір бөренеден бір үй тұрғызасың. Қалай? Өзің білесің ғой... Дәлел керек пе? Айтыс ақындарына мінгізген машинаңның саны жүзден асады. Айтыс өнерін мемлекет өз қарамағына алып, тәуелсіздік күніне орай Астанада үлкен дүбір өтті. Айтыстың бас бапкері Мырзатай Жолдасбеков төрт доңғалақ тігіп еді, ойда жоқта Қайрат Сатыбалды үш ақынға үш машинаның кілтін ұстатты. Міне, бір бөренеден бір үй тұрғызу деген осы. Қазақтың төл мұрасы ақындар айтысын Мәскеу мен Париж сахнасында, Ташкент төрінде дәріптеуге мұрындық болдың. Өз сөзіңмен айтқанда "айтыс үшін сайтанмен де тіл табыса" білесің. Физика ғылымының негізін салған әйгілі ғалым Альберт Эйнштейннің жазған диссертациясы үш жарым-ақ бет екен. Қорғауға келгенде ғылыми кеңестің мүшелері: – Ей, мынауың не? – деп шуламай ма... Сонда жас ғалым: – Мен ашқан жаңалығымды ғана жаздым. Оның себеп-салдары мен дәйегін келтіріп, үш жүз бетке толтырғаннан не пайда? – деген екен. Ал өзіміздің Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов "Маркстің үш том "Капиталын" атам қазақ үш-ақ сөзбен баяғыда айтып қойған" дейтін. 1. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды" 2."Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" 3."Бай – байға құяды, сай – сайға құяды" "Мұнымен не айтпақшысың?" дейсің бе? Эйнштейн секілді төте жолға түсейін немесе Қалтай ағамдай қажетті ойымды іріктеп, тоқ етеріне тоқтайын.

1. Механика теориясы бойынша, үлкен шестерня бір айналғанда, кіші шестерня шыр айналады. Айтыс өнерінің механизмінде Жүрсін Ерман – үлкен шестерня. Ал айтыс ақындары – кіші шестерня. 2. Қасиетті хадиске зейін қойсақ, "Білімді бойына жинаған, бірақ оны айналасына таратпаған адам пайдаға асырылмай жатқан мол қазынаның сақтаушысына ұқсайды". Жүрсіннің табиғи таланты мен білікті білімі жасырын жатқан алтын көмбе секілді. Әсіресе поэзиядағы тотықпайтын қазынасы толық ашылмаған. 3. Ұлытаудағы Қарақұм ауылына күмбезден мешіт салдырды. Бұдан бес жыл бұрын 25 айтыс ақынының иманын толтырып, Мекке-Мединеге солармен бірге қажылық сапар шегіп қайтты. Енді міне, ақпан айының екінші жартысында Қайрат Сатыбалдының демеушілігімен 50 ақынды бастап, ғұмыра қажылығына бара жатыр. Жүрсін – жауапты да сауапты істің арасында жүрген атпал азамат. 4. Жүрсіннің бер жағы бетпақ болғанмен, ар жағы әппақ, жүрегі жұмсақ. Ақын – алмас қанжар, өлең – оның қайрағы. Дана қазақ алмас қанжарын жұмсақ қайраққа қайраған. ... Жүрсін-ау, қанжарыңды қайрай бер, қайрай бер!..

Көпен ӘМІР-БЕК

«О, ТӘҢІРІМ! ҚУАТ БЕРШІ ҚАЛАМҒА...»

«Біздің ауыл — жердің түбінде. Біздің ауылдың ар жағында жер де, ел де жоқ болуы мүмкін», – дейді Жүрсін Ерман «Алматы мен Қоскөлдің арасында» атты эссесінде. Біздің бәріміз де өркениеттен өте алыс қазақ ауылында туып, өстік. Ауыл – біздің Алаштың ғана емес, адамзат жырының алтын арнасы. Сергей Есениннің күллі өлеңдері қалың орыс орманының ақ қайыңдарынан тамыр тартады. Одан кейін туған Рубцовтың да музасы – орыс деревнясы. Біздің Қасым: «Шықшы тауға, қарашы кең далама» деген! Біреуі – Атырау, біреуі – Алатау, енді бірі – Алтайдан шыққан Фариза, Сәкен (Иманасов) сынды аға-әпкем, Ұлықбек бауырларымды айтпағанда... Он жеті-он сегіз жасында шулы қалаға келіп, алды – жетпіс, арты алпысты алқымдаса да, олардың бәрінің екі көзі – далада. Топырақтың киесі деген – осы. «Ей, Половецкий край! – дейді орысша жазатын Олжастың өзі, – Ты табунами славен...» Жүрсін – Сарыарқаның Ұлытауынан. Мен – Қызыларай-Ақсораңнан едім. Екеуіміздің өлеңдеріміз өрімдей жас кезімізде облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қатарласа, қапталдаса жарияланушы еді. Біз бір-бірімізді 13-14 жасымыздан білеміз. Бірде оның өлеңдері осы газетте Мақсұт Байсейітов деген арқалы ақынның алғысөзімен шықты. Енді бірде – Жайық Бектұровтың жылы лебізімен...

Жарыса өлең жазатын Бағдат Мекей екеуіміз Жүрсіннің қалам сілтесіне Қызыларайда жатып, мәз-мәйрам боламыз. Жайық ақсақалдың көзіне біздің бәрімізден гөрі ерте түсіп, қазақтың жақсы-жайсаңының қолын бәрімізден бұрын ұстаған Жүрсін Ерман келе-келе алшаң-алшаң басып жүретін болды. Оның мұрты көкке шаншылып, шалықтай сөйлейтін жөні бар екен. Шыр етіп түскен топырағы – қазақ хандарын ақ киізге орап, алтын таққа отырғызған Ұлытау. Осы Жүрсіннің аузы дуалы бір ағасы, академик Ғабдолла Құлқыбай марқұм: «Ұлытау – ұлттық ұлылығыңның кіндігі!» деуші еді. Мұндай топырақтан не Азамат, не Ақын болып тумау мүмкін емес те сияқты. Түйеге мінгені төрт ауыз, ат үстіндегісі алты ауыз өлең айтпаса көңілі көншімейтін қазақты. Ақын туралы ой-талғамы дүниеге Абай келгеннен кейін қатал тезге түскен. Пушкин оны Пайғамбар дәрежесіне көтерсе, сол Пушкинді қазақ сахарасына жетектеп әкелген Абайдын өзі де Алаштың піріне айналған. Ақын дегеніміз – пенделерден әлдеқайда биік, Періштеден сәл төмен, Тәңірінің тізесінен келетін тұлға болуы тиіс-ті. Ақындықтың адамзат қауымдастығындағы осынау тарихи миссиясын жан-тәнімен түйсініп, азабына көніп, ғажабына кенелгендердің бірі һәм бірегейі менің осы – Жүрсін бауырым. «Күтірлетіп белдеуді, Күнде тұлпар-жыр тарпып, Күмбір-күмбір кеудеден, Күбір-күбір сыр тартып; Құпиялы жыр-сезім, Құйылатын шақ қандай. Бір сөзіңнен бір сөзің, Асып түсіп жатқандай! Жүгіресің шапқылап, естіртуге даусыңды. Судың бәрі – ақ бұлақ, шудың бәрі – ән сынды. Жан көрінбей көзіңе, ой ойлайсың не түрлі, Қыздың бәрі өзіңе Құмартатын секілді. Өртесе өлең өзекті, Өзіңдікі бұл қалам, Өлеңің бар газетті Оқитындай күллі адам. Таң қалмасқа – таң қалдық, Көз сүзбеске – көз сүздік. Бұл не деген аңғалдық, бұл не деген – ессіздік! Биік ұста еңсені, тасымасқа тасатын; Сағындым-ау, мен сені, жайраңдаған жас ақын!». Бұл – Жүрсіннің «Деуші еді бізді жас ақын» деген өлеңі. Қандай шынайы! Ол – Ұлытауда, мен – Ақсораңда жүргенде тура осындай алып ұшқан асау сезімді бастан кешкенбіз. Қолына қалам ұстап, ала қағазға темірген күллі шайырдың басындағы тағдыр бұл! Ал мынау оның Ұлытауда жүріп, 13-14 жаста жазған өлеңі. «Орталық Қазақстанның» сол кездегі бір санынан көзімізге түсіп, көкейде жатталып қалған. Содан бері қырық жыл өтсе де, ұмытылмапты: «Қарлығашбалаң, қанаты талып құласа, Қуантпас, бірақ, жан анам, сені бұл аса; Қанатын созып құлайтын шығар сен жаққа, сонан соң ғана жылайтын шығар жыласа». Ұлытауда туған баланың Ұлытауға деген лебізі: «Ұлытаудың ұраны –ұлар, ұлар, Ұлары жоқ, бұл таудың мұнары бар. Ұлы таудың алдында ұяттымыз, Кім ауырар ұяттан, кім арылар?! Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда? Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда. Ұры тісің секілді у сезімің Уын жайып уілдеп тұрар ма ойда... Арқар ауып кеткен соң, ұлар ұшып, Қолға түспей қасқыр да қылар ішік, Кілең темір құрсанған құрбыларым, Киігімен даланың жүр алысып. Ұлытаудың ұлары-ау, Ұлытаудың, Құлағыңа жете ме үні таудың? Ұлар қашқан күндерді ұмыт, аулым, Ұнжырғасы түспесін ұлы таудың! Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!». Кіндік кесіп,

кір жуған жұртым менің демейді – Ұлтым менің дейді! Алақандай Ұлытауын Алашқа айналдырап жіберген! Мынау – «Кейкі»: «Ғасырлар өтер, бәлкім, кек суынар. Қылышын ұлдар «Кейкі» деп суырар. Ал менің жүзім қайдан жарқын болсын – кеудемде Кейкі ағамның өксігі бар...». «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан аттандыруды» оқығанда бүгінгі қазақ өлеңінің қандай биікке бет алып бара жатқанына көзің жеткендей болады: «Аттандырды соңғы рет елге сені, Өзің көрген Алматы сол кешегі. «Екі-ақ сағат ішінде Торғайыңа жетеді!» – деп біреулер жол кеседі. Сенің жолың кешеден кесілуде, Жатсың үнсіз табыттың бесігінде. Жібергісі келмей ме Алматыдан — Самолеті Торғайдың кешігуде. Самолеті Торғайдың кешігуде, Шешінуге шамаң жоқ, көсілуге. Мерт боп елге оралған жауынгердей, Сен жатырсың қу темір бесігіңде. Келмедің бе, келдің бе кемеріңе, Мін тағар ма мұндарлар өлеңіңе. Мәңгіліктің мерт болып майданында, Қайтып бара жатырсың Сен еліңе. Мақсатына жеттің бе, жетпедің бе, Күн түсіре алдың ба көп көңілге, Өміріміз бар еді өткенінде, Тағдырымыз жатыр ма кеткеніңде... Кейіме енді досқа да, жарыңа да, Бітер жері ғұмырдың бәрі – нала. Жаяу-жалпы жетіп ең Алматыға, Ұшайын деп жатырсың, Сары бала! Бір жұмбақ бар тағдырдың кесімінде, Ұшайын деп жатырсың бесігіңде, Құшайын деп жатырсын мәңгілікті... Самолеті ғайыптың кешігуде!». Адам баласының арқасын шымырлататын бұдан өткен азалы өлең болмайды! Осы бетте кете берсем, Жүрсіннің тандамалысындағы шебердің қолынан шыққандай жауһарларды шетінен тізе беруім мүмкін ғой. Соңғы өлеңімен тоқтайын: «Жақсы сөзін арнап жатыр жар маған, Жар дегенім — жар ғана емес —бар ғалам. Бүгін менің туған күнім, нешеге Келгенімді айтуға да арланам. Қыздың жолы секілденіп жіңішке, Өмір таяп келе жатыр финишке. Тұлпар едім — тұяғы жер тарпыған, Тұғыр болдым, жарамайтын мініске. Туған күнім... Қатерлі күн бұл күн шын, Демейді ешкім топ жаратын дүлдүлсің. Алғы сөзді жазған — Мақсұт Байсейіт, Соңғы сөзді кім жазарын кім білсін...». Оның қай өлеңін оқысаңыз да, қамшының сабындай өмірдің көз алдында қырық құбылған құбылысы атойлай жөнеледі. Қаймана қазақ түгілі, ормандай орысына да жақпаған Виссарион Белинскийдің құдайдың зары ғып айтатын поэзия дегені осы — көзінен аққан жас немесе көмейден шыққан күлкі, тізеңді дірілдеткен қорқыныш, сартап болған сағыныш; төскейден көрінген гүл, төбеңнен төгілген нұр, көкіректен шыққан өксік, көкейде қалған бейне ғой! Жүрсіннің «Таңдамалы 70 өлеңін» осындағы көзінен басқа ойы жоқ (Абай) көптеген қаламдастарымның 7 томына айырбастамас едім! Өлеңшіге бәрібір: шөп те — өлең, шөңге де – өлең. Бәрін ұйқасқа салып, ұрандата береді. Оларда жамыраған сөз, жарқ-жұрқ еткен теңеу, шап-шұп еткен ұйқас дейсің бе, «өлең техникасы» деген өліктей суық ұғымға керектің бәрі де бар. Бір-ақ нәрсе – Поэзия жоқ қой! Жүрсін – кеңес өкіметі кезінде қазан-ошақ, той-томалақтың қасында қалып бара жатқан Айтыс өнерін ажал аузынан арашалап алған адам! Айтыстың арқасына аруақ біткен кезең әлі есімде. Коммунист дейтін қызыл көздер төбеден тайраңдап, кеңес өкіметінің қайраңдап бара жатқан кезі. Төрде — қабағынан қар жауған Колбин, төменде — Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаров, Баянғали Әлім-

жанов, Әзімбек Жанқұлиев, келмеске кеткелі тұрған анти-адамзаттық формацияның ит терісін басына қаптап жатқан кезең еді-ау! Жүрсіннің Айтысының жұлдызды сәттері — бұл! Енді ол қайталана ма, қайталанбай ма?! Әй, қайдам... Жүрсін Ерман – Айтыс арқылы аяқ-қолы кісендеулі Алашын көкжиектен сұлбасы көріне бастаған тәуелсіздікті етек-жеңін жинап, еңселі ел боп қарсы алуға дайындаған кісі! Сол кездегі айтыс ел арасында ұлан-асыр ұлттық-қоғамдық пікір туғызды. Адольф Янушкевичтің ХІХ ғасырда айтқан айтыс туралы асқақ ойы сонда миымызға сарт ете түскен: «Айтыс басталды. Тылсым тыныштық қайтадан орнады. Олимп ойындарындағыдай-ақ екі ақын бір-бірімен сайысқа түсті. Бірі шумақпен атқылай бастаса, екіншісі дереу жауап қайтарады: біріншісі батыл шабуылдайды, екіншісі шебер қорғанады. Екеуі де қыза-қыза айтысты қатты шиеленістірді. Орынбай домбырасын қағып-қағып жіберіп, дүниенің басы — Адам Ата мен Хауа Анадан түсіп, мына отырған сұлтандарға тағзым еткендей, аты шыққан арғы аталардың әрқайсысын бір-бір көтеріп тастады. Содан Нұх кемесіне мініп, топан судан өтті де, Арараттың биігінен бүкіл Інжіл тарихын шолып өтті. Жолшыбай барлық оқиғаларды, тіпті Вавилонның Навуходоноссорын да, Египеттің перғауындарын да қалдырмай сүзіп шықты. Сағат бойы толассыз жырлап, Ниагара сарқырамасындай арындап келіп, ақыры ол аман-сау Мұхаммедтің өзіне де жетті-ау! Соңғы он ғасырды құшағына алып дауылдатқан бұл жыр ислам қаһармандарының басынан құйылып, бүкіл қазақ даласына толықси жайылар ма еді... Жоқ! Меккеден жаңа шыға берген кезде біздің жезтаңдай әншінің домбырасының ішегі үзілді. Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бір неше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есітпеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгін, оқи да жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен тәнті етті... Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласында аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады! Сормаңдай құл-құтандарды менсінбейтін Үндістанның жоғары касталары сықылды, өзіне жоғарыдан қарайтын халықтар арасынан бұл көшпелілердің де құрметті орын алатын кезі келеді!» (А.Янушкевич, «Күнделіктер мен хаттар», 82-85-беттер). Дәл осы Янушкевичті тәнті қылған қазақтың айтысын аман алып қалып, өркениет өріне алып шықса, Алла Алашты жарылқамай қоймайды! Өйткені, бүгінде кешегі дала демократиясының бізде қалған жар дегендегі жалғыз бөлшегі – осы. Өкінішке қарай – осы ғана! Айтыс өнері қайта атойлап теледидарға шыққанда Мұхамеджан Тазабековтың аузынан түсе қалған мына інжу-маржандар кімді бей-жай қалдырады:«Жарамас ізгі өнерді жандандырмай, Айтыстың ауылында шам

жандырмай. Ассалаумағалейкүм, абзал елім, артына сөз қалдырған — мал қалдырмай! Мейріміңді көріп мен иілемін, Меккеге жеті ай жүріп барған құлдай, Иманды сөзім сіңсін жүрегіңе, Әулиеге әуеден тамған нұрдай. Көптің көңілін қалдырған жан емеспін, Шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырдай; Салмақтап салиқалы сөз тастайын, сарымайдан суырып алған қылдай, Алладан жәрдем тілеп сөз бастадым, Намаздан жаңылмаған нар Жамбылдай!». Ақ қағазға алаңсыз телміретін біздің де қаламымызға іліге қоймайтын төгілген әуен,өрілген өрім, Әсеттің Кемпірбаймен бақылдасуымен үндесетін осынау ыршыған ырғақтар маған сол кезде өлеңдегі соны бір құбылыстай көрініп еді... Кейін Мұхамеджан дінді ұстанып кетті де, оның айтыстағы орны ойсырап қалды. Әлі үңірейіп тұр! Жүрсін халықаралық айтыс та өткізген. Дүниеге тарыдай тарап кеткен қазақ теңіздей бір тебіреніп еді сонда! Жүрсін Ерманның «Құлмамбеттің құлыны» деген бір толғауын осыдан біраз жыл бұрын егіліп оқығаным бүгін есіме түсіп отыр. Жүрсін онда бір айтыста сүрініп кеткен Оразалының аудиотаспасын тауып алып, одан небір маржан шумақтар көріп, мәз-мәйрам болғанын есіне алады. Ертеңіне қазылар алқасымен «айтысып», оны аламанға қайта қосады. Осы Оразалы опат болғанда жерлейтін жер таба алмай, тентіреп жүріп, оған туыс болып келетін бір кейуананың сол қаралы хабар келген күні қаннен қаперсіз кір жуып жатқанының үстінен түседі! Осыны оқып, «Жүрсіннің де көрмегені жоқ екен-ау!» – деп ойладым мен: «Оразалы! Қаңғыған оқтан болар бөрі ажалы. Сені де қинар ма екен көр азабы?! Сенің үйің үйлердің шеткісі еді, Түнгі мейман шеткі үйге кеп түседі. Домбыраңды әлдилеп жүргеніңде, Домбыраңның үзіліп кетті ішегі... Сөзден соғам деп жүріп зор мұнара, Сорың қайнап қалдың-ау, сорлы бала! Талантты өзі жаратып, Тәңіріміз, сол таланттың алдынан тор құра ма?! Тартып туса тегінен сұңқарға асыл, Тура келген тағдырдан бұлтармас ұл. Шаң қаптырып кетті ме қапияда, Тақымыңнан бұлт етіп тұлпар ғасыр?! Ай, Ораз-ай, Ораз-ай, Ораз ақын! Заманада бөрі арып, ер азатын, Тік көтеріп төбеңе талантынды, Түсірмеп ең төменге төре затын. Амандықпен, адаммен араз ғасыр, Айтпайтынын біліп ек Оразға сыр. Өзіме-өзім дұға оқып отырғандай, Көздің жасы тамады қағазға сұр... Айырықша естілген әуелде үні, Алты Алашқа танымал, әуенді іні. Қош бол енді, тәуелсіз қағанаттың, тауқыметке туғаннан тәуелді ұлы!». Мұндай жырды айтысты ғана емес, Алашын жан-тәнімен сүйетін Ақын ғана жаза алады! «Мерген уақыттың қарауылына іліккен айтыс сарбаздары саптан шығып қалып жатыр» – деп боздайды ақын Жүрсін, таудай азамат Жүрсін, – Ең әуелі «идигай-лап» келіп бір-ақ күнде бәрімізді тәнті еткен Жандарбек Бегімбетов кісі қолынан қаза тапты! Атаңа нәлет, қай қаныпезердің өлімге қиып жібергенін білген кісі жоқ. Сосын, Көкшетау мен Астананың арасындағы қара жолда Ерік Асқаровтың арбасы қирады. 80-жылдардың ортасында Алаш баласын ақиқатқа ұйытқан ақперен ақын сол еді. Одан соң Әзімбек Жанқұлиевтың туы жығылды...». Қасымның 90 жылдығында Жүрсін екеуміз Қарқаралыда бір бөлмеде құшақтасып жатып, түнді таңға ұрып, қазіргі қазақ жыры хақында сырласып едік. «Айтыскерлерге бір машина берсендер, біздің жинағымызға екі машина

беріңдер!» деген Қадыр Мырза-Әлінің қанатты сөзіне екеуміз де ішек-сілеміз қатып күлдік. Мен оған айтысқа қатысты өкпе-назымды төгіп салдым. Янушкевич айтатын айтыстың ажары солғындап бара жатқанын айтқам. – Осыдан Алматыға бара сала мүшәйра өткіземін! – деді Жүрсін мағымұрланып. Кейін менің сондағы Жүрсінге айтқан назым Нұртілеу Иманғалидың «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы республикалық теледидарға шықты. Әрине, Жүрсіннің қолқа салуымен. Содан «Ақсұңқарұлы – айтысқа қарсы» деген сөз тарап кетті. Оған да он жыл болып қалды... Былтыр Қарағандыдағы бір қонақасыда Қоялы Аяпбергенов деген профессор ағаммен жолығып қалдым. Ол кісімен де көріспегенімізге он шақты жылдың мұғдары болған екен. Алаш мұраты десе ішкен асын жерге қоятын адам. Өзі бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Қабағы салыңқы. Әңгімеміз жараспай, біраз үнсіз тұрдық. Бір сылтау айтып, сытылып кетіп бара жатыр едім: – Әй, Серік! – деді ағам. Түсі бұрынғыдан да суып барады, – Мен сені жақсы көруші едім, – деді сонан біраз күрсініп тұрып, – Осы сенің айтыста нең бар?! Соның түбіне жеткен сен деп жүр ғой жұрт?! Зәрем ұшып кетті: – Ақсақал-ау! – дедім жанұшырып, – Айтыста менің қандай хақым бар?! Алаштың айтулы өнеріне тыйым салатындай мен кім едім?!! Ағам теріс бұрылып кетіп қалды. Меніңше, мені кінәлап барады... Құдай-ау, қазаққа қатысы бар дүниеге қарсы бірдеңе айтуға мүлде болмайды екен ғой!!! Бұл сөзді айтыстың киесі барына көзі жеткен адам айтып отыр – имандай шыным! Сол жылдың күзінде Жүрсін уәдесінде тұрып, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған халықаралық мүшәйра өткізді. Оның шығынын да өзі көтеріп алды. Сол кезде оның өзінің де шекесі шылқып жүрген жоқ-ты. Жүрсіннің «Бір өлең – бір әлем» атты мүшәйрасы қазақ поэзиясының босағада қалып бара жатқан басын төрге бір шығарып кетті! Оған бірақ бәйге алатын ақындар ғана келіп, бәйгесін алып кеткен немесе одан күдерін үзген ақындар келмей қойды... Сонда Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев сынды меценаттардың біреуі: – Жүрсін-ау, ақындардың мұнысы несі?! Мен бұларға айлық төлеп жүргем жоқ. Бәйге беріп жатқан жоқпын ба?! – депті... Ел ерге қарайды. Жүрсін сол күні жерге қараған болуы керек! «Бір өлең – бір әлем» содан кейін «көрген түскі сағымдай» болды. Жүрсін Ерман – қазақ руханиятындағы саусақпен санарлықтай реформаторлардың бірі! Қара танымаған көшпелілердің көкірегінде сарқырап қайнап, өзегіне өрт боп түсіп, өмір сүру тәсіліне айналған Айтыс жаһандану заманында осы Жүрсін Ерманның шыр-пыр болуымен қайтадан атқа қонды! Орыстар мұндай тұлғаларды «Подвижник нации» дейді. Қазақша баламасын таба алмай отырмын. Образға орап айтқанда, өзінің қу қарақан басына қарамай, ұлты мен ұлысын ғана ойлайтын азамат дегенге келіңкірейді. Олар атақты Третьяков галереясын ашқан көпесінен бастап, сутегі бомбасын жасап, кейін өз ісіне өзі

өкінген диссидент, академик Сахаровты, тіпті, орыстың халық хорын құрған хормейстріне дейін осылай атайды. Айтысты аман алып қалған Жүрсін Ерманның есімі де қазақ үшін осындай тұлғалардың қатарында тұруға тиіс! Өткен ғасырдың 60-жылдары облыстық газетке Арқаның екі шоқысы Ұлытау мен Қызыларайдан жарыса өлең жіберіп, пошта таситын «Ан-2»-нің дүр өткен дауысына елеңдеп жүретін сол екі баланың біреуі, егіздің сыңары Жүрсін Ерман да бүгін алпысқа аяқ артып отыр. «О, Тәңірім! Қуат берші қаламға! – дейді ол көмейінен жыр төгерде Жаратқан Жалғыз Иеден медет сұрайтын Жамбыл бабасына ұқсап. Тәңірі оның сұрағанын берді. Жамбыл жүзге келген. Туасы соның мұңын – мұңдап, жырын – жырлап жүргендердің біреуі осы ғой. Қолына домбыра ұстаған жыраудың жасына қалам ұстағандардын біреуі жетер болса, осы Жүрсін жетуге тиіс!

Серік АҚСҰҢҚАР

ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАР АҚЫНЫ

Ақындық Тәңірдің сыйы деседі. Өнердің қай түрі болса да жаратушының жарылқауымен адам баласына берілетін көрінеді. Басқабасқа, қазақтың айтыс өнерін кім қалай түсінеді? Тоғыз ғасырлық тарихты тоғыз минутқа сыйдырып жырлау, жеті көк пен жетіқат жерді суырып салма сөз өнері арқылы өрнектеу қазақ жан-дүниесінің жұмбаққа толы сырлы бояуының бір қыры емес деп кім айтар?! Арыға бармай-ақ, Біржан – Сара, Кемпірбай – Шөже, Жамбыл, Құлмамбет, Сүйінбай – Қатаған секілді ақындардан өнеге алған төл өнердің керегесі кеңге жайылған тұс Жүрсін Ерманмен байланысты екеніне ешкім көз жұма қарамас. Ұлытаудың ұланы бола жүріп, айтыстың туын Алаш жұртына қайта қадаған, сан ғасырлық тарихы бар киелі өнерге реформаторлық деңгейде өзгеріс енгізген ұлар ақын туралы әңгіме газеттің бір бетіне сыймақ емес. Біз бүгін көгілдір экраннан көркем ой мен образдың терең қатпарын тебірене толғайтын айтыскерлердің Жүрсін Ерман жөніндегі пікірлеріне кезек беріп отырмыз. КЕЗІНДЕ АЙТЫСТЫҢ ТҮЛЕУ ДӘУІРІН ӘЗІЛҚОЙ АҚЫН ӘЗІМБЕКТЕРМЕН КӨТЕРІСІП, СОҢЫНАН ТҰТАС БУЫНДЫ ЕРТКЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВАНЫ БІЛМЕЙТІН ҚАУЫМ КЕМДЕ-КЕМ; ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ШЫРАЙЫН ШЫРЫНДЫ ТІЛІМЕН, ҰРЫМДЫ ДА УЫТТЫ ОЙЫМЕН КІРГІЗІП, ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН КӨГЕРШІН ҚИЯЛЫ АРҚЫЛЫ ОРЫН АЛҒАН ӘЗ АҚЫН ЗАМАНДАСЫ ЖҮРСІН ЕРМАНОВ ХАҚЫНДА ОЙЫН БЫЛАЙ ӨРБІТТІ:

– Әлі есімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас кезі қазақтың ұлт болып қалу-қалмауы таразыға түскен сәт еді. Сол кезде ұлтты ояту, рухани түлету кезек күттірмес мәселе болатын. Бірақ шеңгелі мықты қызыл үкіметтің сан-саланы шырмап алған торынан жол табу қиын еді. Міне, осы кезде, дәл уақытында қазақтың айтыс өнері қайта жандана бастады. Ал соның басы-қасында Жүрсін Ерман жүрді. Қазақ мәдениеті қос өкпесін қысқан идеологияның илеуіне түскенде соған жаңа леп әкелген, руханияттың мөлдір бұлағын, ұлттың жадын сусындатқан осы айтыс екенін ешкім жоққа шығармас. Астарлы ой, зілсіз әзіл, шұрайлы тіл ауыл-ауылды кезіп, бірін-бірі түсінуден қалып бара жатқан әр өңірдің қазақтарын қайтадан қауыштырды. Қауқылдасып, қазақ екеніне мақтанысып жүретін жастар легі өсті. Бұл бір қарағанға білінбегенімен, шын мәнінде әр қазақ отбасы сол кезде айтысты асыға күтуші еді. Қоңыр кештерде теледидар алдына жиналып алып, айтыскерлермен бірге алақызып отырған талай отбасын өз көзіммен көрдім. Жүрсін жұптаған екі ақынның айтысы күллі қазақ даласын әуенімен тербетіп отырғанын көргенде қазақтай бақытты ұлт екеніміз есімізге түсіп, көкірегімізді мақтаныш кернейтін. Жүрсін қай айтысқа шақырса да, асығып, аптығып жететінбіз. Қайым айтыс, жұмбақ айтыс, қыз бен жігіт айтысы дейсіз бе, сан тараулы, сан-салалы өнердің көшін өрге жүргіздік. Сол бір дүбірлі топтағы аламанды еске алған сайын Жүрсіннің ұлтқа өлшеусіз қосқан еңбегі ойға оралады. Айтыскерлердің қаншама буынын сахнаға үкілеп әкелмеді дейсіз. Бірінен бірі озған сол ақтангерлердің қызығы мен шыжығын қатар көріп келе жатқан азаматқа қандай мадақ айтсақ та лайықты. Ұлт жоқшысы, руханият жоқшысы бола білген нағыз ер. Ал ер үшін «алпыс – тал түс» қой. Жүрсін әлі талай жүйріктерін баптап, кермеден күтіп алатынына сенімдімін. ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕКОВ ҚАРА ДОМБЫРАСЫН ҚҰШАҚТАП САХНАҒА КӨТЕРІЛГЕНДЕ ЗАЛ ТОЛЫ ҚАУЫМ ШУЛАСЫП ҚОЯ БЕРЕТІН ЕДІ; БҰЛ АҚЫН ЕСІЛЕ СӨЙЛЕГЕНДЕ КӨРЕРМЕН ЕСІ КЕТЕ МӘЗ БОЛЫСЫП, ҚОПАҢДАСЫП ҚАЛАТЫНЫ ӘЛІ ЖАДЫМЫЗДА; АҚЫН АҚЫН ТУРАЛЫ ҺӘМ ТАҒДЫРЫ БҰРАЛАҢ АЙТЫС хақында БЫЛАЙ ТОЛҒАДЫ: – Ақындар айтысы дегенде, Жүрсін дегенде менің есіме сонау жетпіс тоғызыншы жылғы алғашқы телехабар түседі. Ол өзі тікелей эфир арқылы жүргізілген хабар еді. Ақындар айтысы туралы абайлап айтар заман еді, ақындар қорқа-қорқа айтысатын еді, аузымызда қақпақ, басымызда тоқпақ бар еді. Әруағынан айналайын Мәрден Байділдаев дейтін қағылез ғалым кісі шыр-пыр етіп жүріп жер-жерден суырып салма ақындарды жинап, қазақтың марқасқа фольклорист ғалымдары Рахманқұл Бердібаев, Мырзабек Дүйсеновтерді алдына салып алқалап, ағаларды қалқалап, амалын тауып айтысты телеэкранға шығарып жіберіп еді. Сол алғашқы телехабардың ұйымдастырушысы Мәрден Байділдаев есімді елгезек ғалымның қасында Темірше Сарыбаев, Жүрсін Ерманов сынды жас журналистер жүрді. Он бес минуттық шағын телехабарды ұйымдастырудың өзі біраз михнатты шаруа болғаны анық. Екі ақынның шағын ғана қайым айтысын тікелей хабар

арқылы жүргізу шынайы ерлік еді ол заманда. Міне, сол ерлікті Жүрсін Ерманов жасады. Ол кезде орта мектептің тоғызыншы сыныбында ғана оқитын талантты ақын қыз кегендік Райхан Нәкеевамен айтысып едім мен сонда. Сол заманның ақын Сарасы деп атайтын жұртшылық өрімдей Райханды. Әттең, кейін тағдыры ауыр болып кетті, қазір аурулы деп естимін. Тілдің астын тінтіген сол заманда да Жүрсін даусынан қоңыр самал есіп тұратын сабырлы қалпынан айныған жоқ. Салмақты, сенімді бола білді. Жүрсіннің сол сабыры біздің де бойымызға дарығандай…. қазір ойлап қарасам сонда өзімнен бар болғаны үш-ақ жас үлкен бала жігітті арқа тұтып отырыппын. Бірімізге біріміз сенім артқандықтан ба, әйтеуір содан кейін-ақ Жүрсін мені ылғи алғашқы жұпта сахнаға шығаратын болды. Отыз жыл бойы сөйтті. Жалпы Жүрсін туралы көп айтуға болады. Әрине, оның да бір реті келер. Ең басты айтарым: телевизиялық ақындар айтысының бастау кезінде Жүрсіннің болғаны айтыстың бағын жандырды, айтыс та Жүрсіннің бағын ашты. Бәзбіреулер Жүрсіннің орнына өзін қойып көрмек болды, ол әрекетінен түк шықпай күлкіге айналғандар да бар. Саусағына қарай сақинасы деген осы болса керек. МҰҚАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ, ОРАЗӘЛІ ДОСБОСЫНОВ, ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ, БАЛҒЫНБЕК ИМАШЕВТЕРДІҢ АЛҒАДАЙ ЖЫР ДОДАСЫНДА БАҚ СЫНАП, ТАЛАЙ БӘЙГЕДЕ ТОП ЖАРҒАН СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗИН ЖҮРСІН АҚЫНДЫ «АЙТЫСТЫҢ АТАСЫ» ДЕП ҚАЙЫРДЫ ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА; КӨСІЛЕ СӨЙЛЕГЕН СЕРІКЗАТТЫҢ АҚЫН АҒАСЫ ТУРАЛЫ ОЙЫНЫҢ ТҮЙІНІ ТӨМЕНДЕГІДЕЙ: – Күндердің күнінде сол кездегі айтыстың жас жұлдызына айналған Дәулеткерей Кәпұлына ілесіп Республика сарайындағы Жүрсін ағаның кабинетіне бардым. Бардым да айтысқым келетінін айттым. Жүкең қолыма домбыра берді де мықты болсаң суырып сап «қазіргі заманды» жырла деді. Мысы мыстан да ауыр, атағынан ат үркетін адамның алдында бірден төгілтіп айта қою маған қайдан оңай болсын? Қапелімде ойымды жинай алмай біраз терлегенімді несін жасырамын. Дегенмен берілген мүмкіндікті жіберіп алмайын деп намысқа тырысып бақтым. Сөйтіп отырғанда менің бағыма қарай есіктен сәлем беріп курстасым Мұхаметжан Тазабеков кіріп келмесі бар ма! Жүрсін аға маған қарсылассыз қиын болып отырғанын түсінген болса керек, «енді Мұхаметжанмен айтысасың» деді. Бес жыл бірге оқыған сыралғы доспен қағысу маған аса қиындық тудырған жоқ. Екеуміз қыза-қыза біраз жерге бардық-ау деймін, Жүкең қолын көтеріп «болды, келесі айтысқа қатысасың, дайындала бер» деді. ҚазМУ-ға оқуға түскенде бұлай қуанбаған шығармын. Өйткені мен үшін арманға айналған айтыстың «профессоры» Жүрсін Ерманның сынағынан сүрінбей өттім ғой. Сол алғашқы сынақ ағаның көңілінде жатталып қалса керек, сәтті шыққан айтыстарыма қуанып, талай сәтсіз айтыстарымда да арқамнан қағып, рухани дем беріп жүрді. Айтыс дегеннің өзі спорт сияқты өнер. Бабың келіссе бағың келіспей, бағың келіссе сөзің келіспей жататын сәттері аз емес. Жүкең қандай жағдай болмасын көтермелеп, мерейімізді өсіре білді. Оның «жақсы, айналайын» деген бір

ауыз сөзі айтыстың бас жүлдесінен кем емес еді. Қазіргі жас ақындар да Жүрсін аға бір шумақ өлеңін мақтаса біразға дейін марқайып жүреді. Ол бүгінгі айтыс ақындары үшін дәстүрге айналған қағида. Ағаның осы жақсылығын қалай ұмытармыз. Кейін Астана қаласына көшіп келген уақытымда бірнеше республикалық айтыстарды ұйымдастыру кезінде Жүрсін ағаға көмекші болдым. Сонда байқағаным, Жүкеңнің керемет үйлестіруші-менеджерлігі еді. Күллі ұжым бір-біріне соқтығысып ұйымдастыра алмай жатқан айтысты Жүрсін келсе жалғыз өзі-ақ жайғайды. Демеушілер табу, ақындарды іріктеу, олардың жатын орындарын шешу, ішетін тамағын реттеу, жүлде қорын белгілеу, сахнаны дайындау, қазыларды тағайындау, телетүсірілімді дайындау, айтысты жүргізу, оны монтаждап эфирге шығару, тағысын-тағылар сияқты толып жатқан жұмыстардың барлығына бір өзі жүреді. Мұның барлығы сырт көзге оңай сияқты көрінгенімен, машақаты мол жұмыс екенін тек ұйымдастырған адам ғана біледі. Оған үлкен қабілет, асқан сабыр мен күш-жігер қажет. Бұл тұрғыда Жүрсін аға жаңа заманға тез бейімделген мықты продюссер екеніне көзім жетті. Ағамыздың бұл қасиеті ұлттық өнерлердің арасындағы бірегейі – айтысты батыстан келген жастарды желіктіргіш заманауи өнерлермен бәсекеге түсе алатындай жағдайға жеткізді. Осы ретте қазақ өнеріне тер төгіп жүрген жас продюссерлердің Жүрсін ағадан үйренері көп болуы тиіс. Жүрсін ағаның тағы бір ерекшелігі – ол табан астынан тауып айтатын айтқыштығы. Ол шынымен қолға алып кіріссе мүмкін мықты айтыскер болуы да ғажап емес еді. Бір кездері баспасөз бетінде өзі ұйымдастырған жазба айтыстың кезінде біздің біраз азулы ақындармен жазып айтысып жүргенін көзім көрді. Бірақ оны еш жерде жариялаған жоқ. Қазақы қалжыңның да түбін түсіреді. Көп айтпайды, дөп айтады. Бірде Жүрсін аға мен Бақытжамал апай Астанаға келгенде досы, ақын Несіпбек Айтұлы үйіне қонаққа шақырды. Сол қонақасыда араларында біз де болдық. Екі құрдас дастархан басында әдемі әзілдесіп отырды. Бір кезде Несаға жақында немересі үйленетінін айтып, Жүкеңе «Мен енді Алла бұйырса шөбере сүйіп ата емес – баба болам, сен далада қалдың» деп қалжыңдады. Жүкең болса «Сен баба болсаң боларсың, ал сонда кемпірің кім болады?» деп сұрады. Несағаң «Кемпірім кейуана болады» деді. Жүрсін аға қулана күліп алды да, «Е, онда кейуананың күйеуі диуана болады ғой» деді. Досының тапқырлығына риза болған Несағаң бастап барлығымыз риясыз көңілмен күліп алдық. Тағы бірде Жүрсін аға жолаушылап келе жатып жанындағы адамдармен бір үйге құдайы қонақ болыпты. Көгілдір экраннан көріп жүрген адамды көзбен көргенде есі шығып кеткен үй иесі сасқалақтап «Жүке, қош келдіңіздер, сіздерге ет асайық па әлде қуырдақ қуырып жіберсін бе?» десе керек. Жүкең «Не үйлеріңде қазандарың біреу-ақ па еді?» депті. Мысалға келтіретін болсақ, Жүрсін ағаның мұндай жатыпатар әңгімелері толып жатыр. Мәймөңкелемей бетіңе тура айтатын тік мінезі тағы бар. Бірақ Жүкеңнің мінезін білетін адамдардың оған ренжігенін көргем жоқ. Әрине «турасын айтсаң туғаныңа да жақпайсың» деген. Қоғамның жат қылығын

мінеген айтыстың, соны ұйымдастырған Жүрсіннің талай опық жеген кездері болды. Бір айтыста ешкімнен жылы сөз естімей айтыстан жалғыз қайтқан кездері туралы жан тебірентерлік өлеңін оқыды. Тағы бірде атамұра өнерді «өшірем» деп алысқан қандастарымызға ренжіп «Айтыспен қоштасу» деген өлең жазды. Ол бәрімізге де ауыр тиді. Өзі отыз жыл өрге сүйреп, қазанында қайнаған өнерді әркімнің талауына тастап кете ме деп те қауіптеніп едік. Бірақ ағамыз айтыспен қайта табысты. Ұлытаудың қыран ұлы тұғырына қайта қонды. Алпыс деген асқар шыңға шыққанда тастүлектей түледі. Сұңқардай сілкінді. Енді қарап отырсам, бір кезде Жүкеңнің алдына баруға жүрексінген бозбала біз де қазіргі айтысып жүрген жігіттердің арасында Айтақын мен Аманжолдан кейінгі үлкенінің біріне айналыппыз. «Шет үй кетсе, ортаңғы үй шеткі үй болады» деген осы. Жүрсін ағаның жалпақ жұртқа таныс «Жалғыз ұлым» дейтін өлеңі бар. Меніңше ағамыздың ұлы жалғыз емес. Бүгінгі мен қатарлылардан бастап Ринат Зайытовқа дейінгі аралықтағы ақындардың барлығы Жүкеңнің өнегесін көрген, ақыл-кеңесімен өскен ұлдары. Енді Жандарбек Бұлғақов бастаған немерелері өсіп келе жатыр. Осылардың барлығының ақын болып қалыптасуына, танылуына ағамыздың сіңірген еңбегі есепсіз екеніне дау жоқ. Жүрсін Ерман ағамыз аман болса әлі айтыскерлердің тағы үш-төрт буынын тәрбиелеуге мүмкіндігі бар. Яғни, шөбере-шөпшек өсіруге жағдайы бар. Тек адал жары Бақытжамал апай екеуіне құдай қуат берсін деп тілейік. Сөз соңында, жетпістің ауылына қарай керуен тартқан көшіңіз көлікті болсын, айтыстың абызы Жүрсін аға демекпіз! АЛАМАН АЙТЫС ДЕСЕ, ЕСІМІЗГЕ БІРДЕН ОРАЛАТЫНЫ САХНАНЫҢ «ШАҢЫН» ШЫҒАРАТЫН АҚТАНГЕР АЙТАҚЫН БҰЛҒАҚОВ; «АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР» ДЕМЕКШІ, СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АҚЫНДАРДЫҢ ЖАСЫ БОЛСА ДА, БАСЫ БОЛАРЛЫҚ ӨРЕДЕ ОЙ ӨРГІЗІП ЖҮРГЕН ЖАС ПЕРІ ЖАНДАРБЕК КИЕЛІ ӨНЕРДІҢ ЕСІГІН ЕРКІН АШТЫ; КІШІ БҰЛҒАҚОВТЫ ҚОЛЫНАН ЖЕТЕЛЕП, АЛАМАНҒА ҚОСҚАН ЖҮРСІННІҢ ЕҢБЕГІ ЖАНБАДЫ ДЕП КІМ АЙТАР, «АҚЫЛ ЖАСТАН» ДЕГЕН ОСЫ; жүрсІн ақын жайлы ТОЛҚИ СӨЙЛЕГЕН БАЛА АҚЫН БҮЙ ДЕЙДІ: – Кейде ойыма Жүрсін аға түскенде қоңырау шылдырлататын әдетім бар. Баяғы қоңыр да жуан дауысымен гүр ете қалады. Тура сахнада аламан айтысты жүргізіп отырғандай. Мені ешқашан баласынған емес, телефонда да қайрап, жанып, жігер беріп сөйлейді. Міне, сол дауысты сағынғандығымнан болар, ештеңе айтпастан хал-жайын сұрап, тұтқаны қоямын. Бұл менің Жүрсін ағаға деген балалық сағынышым еді, маған әкелік қамқорлық көрсеткен кісінің бірі өз әкем Айтақын болса, екінші қанатымды қатайтып, сын сағаттардан сүрінбей өтуіме тілектес болып жүретін осы Жүсекең – Жүрсін Ерман. Ол кісінің даусын мен ғана емес, тұтас көрерменнің де сағынатынын талай рет ел арасында байқадым. Сұсы да, мысы да басым тұлғаның тұғырынан түсіп, ел алдында еңкіштегенін көрген емен. Турасын айтып, керек жерінде турап айтып жүретіні бар. Биліктің бишігінен бүгежектеп, жоғарыдағылар не дер екен деп абайлап сөйлейтін, аңдап сөйлейтін талай

ағаларымыз ық жақты сағалап кеткен кездерде де қазақ сөзін өзі, өзі болмаса жүйріктері арқылы сахна тілімен жеткізіп келеді. Қайбір айтулы кезең, даталы жылдар айтыс арқылы елдің жүрегіне жол таппады дейсіз?! Белгілі мерейтойларды газеттен оқып, жиын-тойларды көгілдір жәшіктің жаңалығынан көру – айтулы сәттің мәнін халыққа толықтай жеткізіп бере алуы күмәнді. Ал айтыстың артықшылығы – қалың бұқараның алдында сол мерекенің мәні мен маңызын бүгінгі қазақ қоғамымен байланыстыра отырып, жан-жақтылы қаузауға мүмкіндік беретіндігі. Қазақ ежелден жасандылықты сүймейтін халық. Айтыс – театр өнерінің ұлттық үлгідегі ежелгі формасы. Мұнда жасандылық дегеніңізге орын жоқ. Қалың жұртшылық бәрін көріпбіліп отыр. Сондай киелі өнерді жүргізу, ұйымдастыру, ақындарды баптаптүлету, тақырыптық ізденістерге жетелу жағынан Жүрсін ағаның ізденгіштігі, ұлтын шынайы сүйе білетін жампоздығы бірден көзге шалынады. Себебі, айтыс секілді, өзінде де, өмірінде де жасандылық жоқ… Бір білетінім, бұл кісі алалауды білмейді. Бақастыққа жаны қас. Әр ақынды ынталандырып, қанаттандырып отыратын кеңпейілділігін айтысқа қатысқан ақындардың бәрі айтары анық. Кейде кейбір өңірлерден айтысатын ақын шықпай қалғанда қарадай қынжылып, ел ішінен дарындылардың шықпауы мүмкін емес, іздестіру керек дегенін құлақпен естідік. Өнерге, ұлтқа сүйіспеншілік осындай-ақ болар. Өзімде ғана емес елде, бірімізде ғана емес бәрімізде болсын дейді. Мен Сізді қыранға теңеймін, аға! Қыран құс жартастың ұшар басындағы ұясынан балапандарының қанаты қатайып, топшысы бекігенде құзға қарай итереді екен. Еті тірі, ұшуға ұмтылысы күштілері зеңгір көкке самғап кетпек. Алғашқы ұшу – дүбірге толы жаһанды ұясынан көргеннен әлдеқайда әсерлі ғой… Өзіңіз тоғызыншы класта оқып жүрген жерімнен шашасына шаң жұқпас адуынгерлердің тобына қостыңыз да жібердіңіз. Мен содан бері самғап келемін… АЙТПАҚШЫ: ТАЛАЙ БЕЛЕСТЕР МЕН АДЫРЛАРДЫ АРТҚА ТАСТАҒАН АҚЫН ЗАМАНА КӨКЖИЕГІНЕН ҚАРАП ТҰР. АЗ ЖАЗАДЫ, БІРАҚ ӘР ЖЫРЫ ОҚЫРМАН КӨҢІЛІНІҢ ТӨРІНЕН ОРЫН ТАБАДЫ. АЗ СӨЙЛЕЙДІ, БІРАҚ ӘР СӨЗІ ҚИЯЛ ТҰҢҒИЫҒЫНА ШЫМЫРЛАП БАТАДЫ. ДУЛЫ-ШУЛЫ ОРТАДАН КӨП КӨРІНБЕЙДІ, ӘР КӨРІНГЕН САЙЫН СҮБЕЛІ ОЙЫН ОРТАҒА САЛАДЫ. ҚАНАТЫҢЫЗ ТАЛМАСЫН, ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАР АҚЫНЫ!

ЖОЛАЙЫРЫҚТА НЕМЕСЕ ЖАРЫЛМАҒАН ЖАНАРТАУ!

Жетпісінші жылдар.
Ақжүрек Жанболат Аупбаев келді жүрегін қолына алып. Жүрегімен
бірге қолында бір курстас досының жыр топтамасы. Жастар газетінің

Әдебиет және өнер бөлімі дайындайтын, дайындап талапты, талантты жастар өлең топтамасын жариялап отыратын «Қанат қақты» аталатын айдарымыз болатын. Баспасөздің қасқалдақтың қанындай аз кезі.Жаңа ашылған облыстың бірі – Жезқазғаннан жеткен өлеңдер болып шықты. Авторы – Жүрсін Ерманов! Өтінішін айтып, топтаманы қалдырып Жанболат Аупбаев өз бөліміне кетті. Әлгі ақ қанатты жыр топтамасымен оңаша мен қалдым. Оқып отырмын. Қанаттас дос мақтаса – мақтайтынындай бар екен. Өлеңдер сыршыл.Сыршылдық – ұзақ жыл сағындырып өлең көгіне кештеу шығып көтеріліп алып түспей тұрған кез. Ақ жібек желкеніндей ақ кеменің, Көңілім алаң болды-ау, әпке, менің. Тигізер саған мүлде жоқ көмегім, Қайтіп бұл жүрегімді қақ бөлемін! Сәби деп, жардың басын жағалаған, Сен де әлі боламысың маған алаң? Едік қой қоңыр қаздың балапаны Біріміз-бірімізді паналаған, – деп жырлайды жас өркен. Адам баласы бойындағы ең асыл қасиет – бауырмалдық. Адам бойындағы бар ізгіліктің қайнар бұлағы – бауырмалдық. Әпке ұғымы әсіресе, мен сияқты оңтүстіктің баласына соншалық жылылықтың шуағын шашары хақ. Жас таланттың өлеңі мейірім-шапағатқа толы өлеңдей көрінді. Кісіні,өлеңнің сыртқы пішімінен білінбегенімен, ішкі ағзасында бұғып жатқан мінсіз нәзік мұң баурап алып бара жатты. Жетім балалардың бірін-бірі іздеуі соншалықты табиғи берілген екен. Өлеңді ұнаттым.

Қарлығаш – балаң, қанаты талып құласа, (Қуантпас, бірақ, жан анам, сені бұл аса) Қанатын созып құлайтын шығар сен жаққа, Сонан соң ғана, жылайтын шығар…жыласа…– деп сөйлейтін екінші өлең әлгі сезімді одан әрмен тербеп, өзімен бірге әлдилеп, әкені ерте беріп, бірыңғай ананың бауырында өскен мені бірге жылата жаздады. Сарымайдай еріп тұрған өлеңнің ішінде өрге жүзгендей өрлік, тағдырға қасқайып қарсы тұрамын деген қайсарлық бұғып жатыр еді. Әй, сол сезім жылаудан аман алып қалған шығар. Алайда әпкеге деген сағыныштан басталған жыр-сезім, образды балама «қарлығаш-баланың» анаға деген борышкер перзенттік бейіліне ұласып жас ақынның тынысын кеңейте түскендей әсер етті. Жас ақын өлеңі бір өлеңнен екінші өлеңге табиғи ұласа жырланып ақындық тұтастыққа бастап келеді екен-ау деп сүйсіндім. Топтама, осылай жүрегімді жаулай бастады… Өлеңнің өн бойында шағын фабулада сөйлеп, фактурасын сұлу торы аттай жаратып, соңын бір тәтті оймен түю – тауып айту! Шамасы, Қадыр шарапаты… Ол да алдымыздан шықты. Тіпті екпіндеп батыл сөйлейтіні соншалық тауып айтумен бірге ойын қоғам бойындағы дерткен дерттерге тигізе «қауып-қауып» айтатынын аңғарып қалдым.

…Өзінің жасап солай бар амалын, Анашым айтушы еді жорамалын. «Таза бас туған жердің топырағын, Жете гөр қадіріне Жер-ананың!» Көңілді бастық бүгін өрепкіген, Білемін енді басқа деректі мен: Ұшынған ұлы дәуір сырқатымен, Ұшықтау Жердің өзін керек білем! Өлеңді оқып отырып ауырған адамды «жерұшық» жасап, жазып алып жататын ырымды ойнатып әкеліп, Жер-ана дерттеніп қатты сырқаттанып тұр, оны не істейміз?-ге ұластырады. Ол біздің «жерұшығымызға» көнер ме, шипа болар ма біздің «жерұшығымыз» Жер-Анаға?-деген үлкен сауалдар қояды. Жалқы сипат жалпыға айналған. Ритуальдық ұғым абстракцияланып, этнографиялық сипат көркемдік деталь болып сөйлеп тұр. «Адамға табын, Жер енді!»-деп ұрандатып жатқан жетпісінші жылдар! «Табиғатты бағындырамыз!», «Табиғаттың бермесін тартып аламыз!»-деген ұрыншақ ұран, дабыра, жалаңқай сөздер күндіз-түні радиодан саңқылдап, ағымдағы баспасөзде күнде – күнде жазылып, санамызға сіңіп кеткені соншалық «Табиғат» деп сыпайылап алып Құдайды мойындамай құдайсып, саясаттың солақайлығы һәм ұранқайлығы соншалық Жер – бізге ана емес, біз жерге Әке сияқты сезініп жүрген желбуаз кезең. Сондай сәтте уланған санаға мына Жүрсін баланың «Ұлы дәуірдің сырқатымен» ауырған Жерді ұшықтап жазып ала аламыз ба?»-деген сұраулы өлеңі алдымен қабылданбай ит қылады, содан соң барып қабылданған соң санаңды шайқап-шайқап жібереді екен.Топтама миымды солқылдатып алып бара жатты. Ол аз болса: Ұлытауым, ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!–деп ақындық дауысты тым жоғары алып та өлең жазады. «Ұ»-дан басталып ұлтсырап ұлып тұрған өлең. Жайшылықта өлеңнің ырғақбітіміне тұтқырлық келтірердей «Ұ» Жүрсіннің мына өлеңіне үндестік дарытып «Ұлытауым», «ұлығым», «ұраным», «ұларым», «ұлың», «ұлтым» менің болып ұласып, гармониялық үйлесімге түсіп сыңғырлап, тұтасып бара жатады. «Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім»-деп жан-дүниеңді мұңға батырып ішіңді уілдетіп ұлытып жібереді. Өлең болмысындағы поэтикалық гармония қайшыласқан сезімнен дисгармониялық сипатқа түскендей болады. Алайда ол туындының драмалық қуатын арттыру үшін жасалған шара. Өлеңнің өн бойындағы драматизм сені сілкіп-сілкіп алады. Шығармашылық істегі шын жақсыға жарылмай қуанатын бүтін кезіміз. Жүрсіннің өлеңдеріне ағымнан жарыла қуандым. Жас өркен өлеңдерін шөліркеп келіп қымыз жұтқандай сіміріп салуға

болмайды екен, содан да бойыма сіңіре оқып, ойымда қорытып, бойыма қондырып ұсынып кеп жіберейін басшылыққа! Өлең топтамасы басшылықтан шықпай қалды. Апта жатты, ай жатты, жыл жатты.. «Су аяғы құрдым…» Жанболат екеуміз әуел баста бір-бірімізден сұрағыштап жүріп ақыр аяғы бірімізді көрсек біріміз ұрлық қылып, екінішіміз үстінен түсіп қалған кісідей қызарақтай төмен қарап үнсіз жылыстап кететін халге жеттік. Өлең басылмады. Басылмайтын себебі – бізден емес (басшыдан емес) – өлеңнің өзінен! Көріп отырсыздар, өлең топтамасы жетпісінші жылдары жариялануы мүмкін емес, ылғи бір айтуға болмайтын жәйді айтқан, жазуға болмайтын жәйтті жазған – уақытқа қайшы тақырыпта туған қайсар өлеңдерден бас құраған. Ондай өлең топтамасы қайдан ғана жарық көрсін жетпісінші жылдары?! Сыпайы тілмен айтқанда мінезді тақырыптарда туған мінсіз өлеңдер еді деп ойлаймын. Жыр топтамасы жарық көрмеді. Есесіне Жүрсін Ерманов ақындық сапарға осындай асқақ сезімге құрылған, айбынбай ұлт есесін сұраған адам жетімдігін қоғамдық жетімсіздікке ұластыра айтатын тегеурінді ойды омарталаған ойлы, астарлы, мінезді өлеңдермен шыққан еді.Әлгі беті қайтқан бейбақ өлеңдердің ақын бақытына айналатын себебі де осыдан! Міне, осы сәттен бастап Жүрсін Ерман ақындық қадамын қадағалаумен келемін.Жүрсін өлеңнен өлеңге өсті. Бірақ, жинақтан жинаққа өскен жоқ. Поэзия көгінде жалт етіп көрініп, ұзақ-ұзақ көрінбей кетіп жүрді. Сыншы Дуганов небәрі жас қана жасаған, татар-монғолдың титулы «тархандықты» жырлаған, қыңыр-қисық ақын Велимир Хлебниковті «әдебиетке әлденеше рет келіп, әлденеше рет кеткен ақын»-деп бағалайды. Ақынның жасаған жасы небәрі 26 жас. Ол қалай ғана әдебиетке бірнеше дүркін келіп, қайта кетіп үлгереді десеңізші?! Алайда, сыншы пікірі дұпдұрыс. Ақындық ғұмыр – адамдық ғұмырмен өлшенбейді. Жыр –ғұмырмен өлшенеді.26 жас дегеннен шығады, дәл сондай жасында қазақ Сұлтанмахмұт, мадияр Шандор Петефи, жапон Исикава Такубаку дүниенің ойын айтып, әрқайсысы ұлт әдебиетінде бір-бір дәуірге айналып өтпеді ме жалғаннан?! Жүрсіннің поэзиясы туралы ойлағанда менің есіме адами ғұмыры өзімен кетсін, Хлебниковтың ақындық тағдыры жайында айтқан Дугановтың әлгіндей пікірі оралады әрдәйім. Жасырары жоқ, Жүрсін де қазақ поэзиясына осынау жылдарда сан рет келіп, сан рет өлең есігін тарс жауып, сырт айналып кеткен ақындай көрінеді маған. Өйткені, ізденісі біркелкі емес, әркелкі.Бірақ, ізденістен тыс ауа жайылып жүр деуден аулақпын. Ақын табиғатын өлеңдері арқылы бақылаған адам оның әрдайым өлеңге келгенде дәстүрден тыс тұрып сөйлей бастап қазақ поэзиясы дәстүріне айналып қайта келетінін аңғарады.Кейде дәстүрлі бастап дәстүр аясын кеңіте жырлап бара жатады. Ең бастысы сол ізденістерінің дені саналы. Алайда поэзиямен шындап шұғылдануы – стихиялы…Сондықтан да Жүрсін өлеңдерінде кездейсоқтық пен заңдылық телқабыс түсіп жатады. Ақшадағы Абайдың обалына қалған да Жүрсін… Бұғының мүйізін кестірмеймін деп жүрген де Жүрсін. «Мен игенмен жерге, Ол ұмтылады төрге»-деп басына ие бола алмай жүрген

де Жүрсін. Жүрсіннің осы өлеңдерінің бәрінен де Қоғам мен Адам үйлесімсіздігі қылаң береді. Өлеңдегі сөз, тіпті сөздің арғы жағындағы дыбыс, үн, сөзбен салған сурет бәрі де әдемі бір үйлесіммен жорғалап келеді, сен елітіп отырасың. Сол сәтте ол жалт береді. Жалт береді де сен күтпеген жерден солқ еткізіп бір оймауыт ойды айтады. Осыған қарап ойлаймын: Жүрсін үлкен әлеуметтік мәселелерді қозғап, өмірдегі елеусіз құбылыстарды жарылатын сыздауықтай сыздап, дертіп тұрған күрделі мәселелермен оңай қабыстырып,өлеңіне әлеуметтік үлкен жүк арқалата білетін ақын. Ақын сөзі заманаға тәуелді емес. (Жариялануы тәуелді). Ол өлеңінде орайын тауып айтамын деген ойын айтады. Өлең өзегіне қорғасындай ауыр ойлар құйылады. Сезімге орап берген соң, бірде қуаныш, бірде мұң аралас өлең формасы табалып жатса құйылып оқылады, құбылып сөйлейді, құлағыңа үн келеді, жүрегіңе саз құйылады. Мұның бәрі де дұрыс-ау, ең бастысы өлеңнің бірінші қабатындағы поэтикалық рең, бояу, сазды малданып отырғанда оңдырмастай ой айтып миыңа мина тастап кеп жібереді. Ақынның өлеңге арқалатар әлеуметтік жүгінің мәні міне осында! Жүрсін замана биігінде жүрген ойшыл ақын. Өлеңдері, сөздің жақсы мағынасында, қосқыртысты. Бір көріністі өлеңге арқау ете отырып қоғамдағы келеңсіз екінші бір мәселені айтып салып қарап отырады. Қайқаң белді қасқа жол жатыр бөліп, Бұрылыста тағы бір натюрморт: Ұйқылы-ояу киіктің құралайын, Ұйқылы-ояу қарағұс отыр қорып… Осы өлеңнің алғашқы беті – өлеңдегі сурет. Сөзбен сурет салу. «Натюрморттан» гөрі суретшінің қылқаламына ілінген табиғаттың бір сәті дерлік.Екінші бетін ашып қалсаңыз бірін-бірі аңдыған, бірін-бірі жемтікке айналдырған адамзат қоғамының жыртқыштығы келіп шығады. Абай ағамыз! «Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз: Қатыгездікке келгенде қарайып әлі Сабақ алатын жақсыны Сабай аламыз.-деп айта алады Абай рухымен сырласа отырып. Осындағы «сабай аламыз» көп мәнді емес пе? Абайға тиген таяқ қазақ зиялылары басынан қашан арылып еді? Сырт елден білім арқалап келіп Өз туғандары қолынан өлім табатын арғы баба – Анахарсистен тартып айтсақ қазақ зиялыларының көзі қашан ашылып еді? Ақын Жүрсін Абай атамызға мұң шақпағанда қайтеді?!

Ақын ізденіс өрісіне айналдырып алдына жүгінетін екі ақыны болса – бірі – Абай, бірі – Қасым болар асылы! Қасымның күні қандай? Жырды қорғаудың кешікті ережесі, Қирады, сынды есік-терезесі. Сәби жырлардың бесігі еді, Бар екен сонша бесікте несі? («Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату»)-деп зарлайды, тепсініп жарлайды ақын.

Ұлттық пішімде сөйлеу.Жыр жампозының тірісінде жылап жүріп алған үйін жыр баптайтын Бесікке балап отыр. Тапқырлық. Әрине Жыр-бесік. Бесік – қазақ үшін киенің бірі. Бала бөленіп, ұлт өсіп-өнетін алтын бесік. Ал, Қасым ақынның үйі адамзатқа жыр баптайтын – Жыр-бесік. Оны қиратып жатқан қоғамнан не күтуге болады? Ақын үйін қиратқанша, бір пәтерді емес, күллі үйді кеңестік қоғамнан көрмеген құқайы жоқ, сонда да рух туын жықпай өткен ақынға арналған музейге айналдырсайшы, шіркіндер! Сөйтіп өздері кеңестік империяны құлатуға бастамашы болған әдебиет пен өнер өкілдері дауылпаз ақын Жырбесігін жаңа қоғам қиратып жатқанда қорғауға, қорғануға дәрменсіз болды да шықты. Көгілдір экраннан жағасын ұстағандай болып сөйлеп тұрған Тахауй Ахтан еске түседі. Ал, Жүрсін болса жанталасып жыр жазыпты сол бір қасіретті күндері. Шын ақынның болмысы! Екімін, Екі бөлекпін. Есемді жатыр елеп кім? Біресе отпын маздаған, Біресе сулы көнекпін-дейді ақын лирикалық тұлғаның алай-түлей көңіл күйінен хабар беріп. Ақынның лирикалық кейіпкерінің мінезін қазақ қоғамы бойында өтіп жатқан қайшылықты қаракеттер белгілейді. Қоғам бойындағы дерт ақын ойынан жыр болып өріледі. Оның лирикалық кейіпкері ұлтын сүйеді, ұлты-жұрты үшін отқа күюге, суға түсуге бар қуатты қайраткер бейіл тұлға кейпінде көрінеді. «Итке ашамай салғаннан иман таппай, Сені іздедік – өлгенде сөз қадірі», «Ескі дерті қазақтың дерсің мұны, Түңілтеді тобасыз ер сұмдығы. Сарқытыңнан садаға кеткірлер-ай, Бірі – рушыл ағаның, Жершіл – бірі» – деп те жырлайды ақын. Ол, «Жалықпаймыз қашанғы жұртты алдаудан – Алданудан жалықты халық байғұс», «Ағайын да қатыбас – сол қалпында, Азамат жоқ Алашқа болған тұлға. Ешкіемердей еліңді теспей сорған, Алаяқтың қалтасы толды алтынға», «Бәтуа жоқ ісімізде, Сөзіміздің тұрлауы жоқ», «Өзгергенмен заманың, Өзгерген жоқ қазағың»-деп тағы да зарланады. Қазақ тағдырын арқау еткен қазақы өлең шумақтары. Ақын аузымен айтылып айбаттана түскен ақиқат, тепсіністі мінезге құрылған текті өлеңдер! Ақын қазақы образбен ойлайды. Ол бірде, «Қанасына сыйғанда бір ананың, Даласына қазақтың сиярсыңдар!» – деп далиып, енді бірде «Ішігінің астарын індетіп жүр, Інісіне сақалын бұлдағандар» –деп Абайша толғанады. Жарықтықтың «Сақалын сатқан кәрісі» бұлданатын болған бұл күнде. «Арқамнан ешкім қақпаған кезін ойласам – Бұл өмір маған болыпты талай абақты»-Мағжанша сұм өмірді абақтыға балайды.»Саяқ жүрген құландаймын, Жығылады жығам қай күн?»-деп Махамбетше, өзіне-өзі сұрау тастайды. «Төбеңменен қызмет етсең дағы, Ағайынға әйтеуір жақпайды

адам»-деп Шашубай ата дәстүрін ішке алып, «Сыңғырын естіп жүрейін – Сыңарын берші сырғаңның»-деп халық әнінің мақам-сазына іш тарта сөйлейді, «Тұтатсам, жетіп келерге – Шашыңның берші бір талын»-деп бағзының батырлары ізіне салып назданады. «Шаң қаптырып кетті ме қапияда, Тақымыңнан бұлт етіп тұлпар ғасыр.»-деп іздейді, Оразалыдай жүйрігін іздесе де Жүрсін!

Кейде дауыл тұрғызардай екпінмен сөйлесін, мейлі кейде мұңдана наздансын – соның баршасында шын ақындықтан туған қаптаған қазақы образдар самсап алдыңнан шығады.Жүрсін тапқан баламалы жолдар, Жүрсін соққан образды жырлар! Біреу үшін су кешіп, от оранып, Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық. Ат мінгізе алмадым бір адамға, Бір адамға бергем жоқ пәтер алып! (16 бет) Кісілік жайлы өлең. Есіңе қай-қайдағыны түсіреді. Әбділда ақынның Мұқағалиға пәтер алып бергені, Әбдіжәміл ағамыздың Сабырхан ақынға және Г.К.Белгерге пәтер алып бергені, Ю.Казаков есімін Алматы көшесіне шегелеткені еске түсіп отырғаны.Ал, бүгін әдебиетте соның бірі жоқ. Ақында күй жоқ. Ақындықты кісіліктің көкесі деп қарайтын заман өткен. Әдебиеттің Я.Смеляков айтпақшы, «культке» айналып тұрған кезі келмеске кеткен.. Бүгінгі муза мұңды. Жүрсін оны өз басының (лирикалық тұлғаның) мұңы райында айта отырып та кісіліктің өлшемі – айналаңдағы адам баласына жақсылық жасау деңгейіне көтере айтып отыр. Бірақ, ол – ақындықтың өлшемі емес, өмірде тұлғаға айнала алмадым деген кісілік өкініш. Алайда ол да ақындық мәнермен музаға қарата айтылып отыр. Оның жауабын, «Мініс аттаймын, Желем, шаппаймын. Көрге кіргенше Тыным таппаймын!»-деген өзіне налитын, нали отырып қайрайтын өлең шумағынан табамыз. « Бұрқылдайды сонан соң жыр қазаны, Осы дейміз сезімнің сырбаз әні. Өмірдегі сұлу қыз – жырымызда Сұлу болмай қалады бір ғажабы!»- секілді сырлардың, мөлдір мұңды жырлардың түйіні – «Таусылғанша демім Қуармын бір елес. …Тыныш жүрер едім: Басым екеу емес!»– парадоксты түйінге әкеледі. Бейғам сезім – оқыс түйінге жетелемесе ол Жүрсін емес… Парадоксты ойлар, түйіндер – өлеңнің драматизмін арттырады. Бұл орайда ол өліммен бетпе-бет келіп те жыр қашаудан тайсақтамайды: « Дандайсыған дәлдүріш данасынар, Жанап кетсең – жабатын жаласы бар. Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе – Жай табатын жалғыз жер – мола шығар…» Әйтпесе, «Қуанбаймын бұл күні Қосылды деп жасқа жас: Мәңгіліктің мылтығы Мені бейғам тастамас.» Немесе, «Шалшыққа басқан ізіме Қадайды сұғын сұңғыла Ай. Келе сап жалған жүзіне Кетіп барам ба? Сұмдық-ай!»-деп өмірдің өткіншілігіне зер салады. Осы қабилас өлеңдердің түйіні лирикалық тұлғаны: Қасіреттің көгенін,

Қайратым жоқ елемес. Күліп тұрмын дегенім, Жылағаннан кем емес» – деген кейіпке әкеледі. Тағы да тосын түйін. Бірақ, зорланып қолдан түйілген жасанды түйін емес, табиғи ағынмен келген өмірлік те, өлеңдік те ой-түйін. Қайшылықты сезімге құрылған драматизмі ширыққан өлең. Күлкісі жылағанға бергісіз. «Қасіреттің көгені» ұлттық таным. Тағдырға мойынсынуды «қасіреттің көгені» кейпінде қазақыландырып беруі қандай ұнамды?! «Қасіреттің көгені» – Жүрсін ақын ғана айтқан, айта алған, ақындық айналымға айналдырған ұғым. Ақынның ақындығы да осында болса керек?! Сондай-ақ, Ай жүзіне қарап отырып жалған жүзінен кетіп барам-деу де тек Жүрсіндік қолданыс, ақындық малданыс! «Люди совсем не одинаково чувствительны к смерти. Есть люди, что вес век живут под ее знаком, с младенчество имеют обостренное чувство смерти (чаще всего в силу столь же обостренного чувства жизни) …Вот к подобным людям принедлежу и Я»-деген орыстың тамаша жазушысы Иван Бунин. Жүрсін Ерман бала кезден өлімді өлеңнің түйініне айналдырып, оны өмірді безбендеу, есеп беру мәні, жалған тіршілікте із қалдыру сипатында жырлап келе жатқан ақын. Салыстырып көрсеңіз болады, оның көп өлеңі өмір сырына өлім табиғаты арқылы келу болып шығады. Өмірдің түйіні болғанда өлім шіркін, өлеңнің түйініне неге айналмасын?! Алайда, өлімге де дайындық керек. Бұл ақынның өмірдегі айналасына ойлана көз тастауынан, көз тастап сөзбен ойлы сурет салуынан да байқалады. Уақыттың қарасаңшы озбырын: Бел бүгілді, әлсіреді көз нұрың. Күннен күнге бара жатыр сұйылып Бөз жаулықтың астындағы боз бұрым.(«Апа»)-сынды «бөз» болып басталып, «боз бұрымға» әдемі үйлесіп кете баратын мұңды әуеннен осыны көремін. Өлең – Сурет пен мұңды ойдың одағы. Сезіміңді төзіміңе билетіп, Қиындықтың қабырғасын күйретіп, Сен әлі де жүрсің маған, аяулым, Өмір үшін күресуді үйретіп! («Апа»)-қандай әдемі айтылған салмақты жолдар. Қарындаштай көп жазған – қысқарамын, Бір күн өмір легінен тыс қалармын. Сен аман бол – тірегі үш ғаламның, Ей, ардақты анасы үш баламның!- секілді жыр шумағына тоқталмай сірә да өте алман. Өткінші өмірді көп жазған карандаш кейпінде көру, елестету – тек қана ақындық танымның жемісі. Үш перзентін – үш ғаламға балау – қандай тапқырлық болса, жарын сол үш ғаламның анасы деп білу – соншалық асқақ! Демек, лирикалық тұлға өлімнің өзіне күйреуік сезіммен емес, өршіл сезіммен қарап «дайындалады» екен. Жә, асқақ сезімнің алымды

ақыны, шеберлігі жетілген шалымды жүйрігі жайында сөйлеп отырып қайдағы бір сұрқия ажал, сұм өлім туралы айтып кеттік білем. Маған ол өлеңдерінен гөрі етістікті есімдікке айналдырған Жүрсіннің

Қыран-ғұмыр қиялдап жетілген ем – Қырандыққа жоқ әлі кепілдемем. Кешіп жүрген өмірім – әншейін де, Бәрін қайта бастайтын секілденем!»-секілді бейқанағат өлеңдері ұнайды. Өмірдегі қанағатсыздық – қасірет, ал өнер қанағатсыздық – қасиет! Ақынның мола мүңкіген өлімнен гөрі осы «тойымсыздығы» жөн-ау, сірә… Оның өлеңдері ішінен «Құлжанбай құмының жұртындағы» Құлын, құлын, құлын күнім, Құлағыма ілінді үнің. Кезікпейсің – кезіп кетсем Құлжанбайдың құмын бүгін. Құлын, құлын, құлын күнім, Жұлынды ма тұлым-гүлің. Кекілінен сипап енді Еркелетер ұлыңды кім?-деген ерке мұңды, еркелей отырып ойландыратын жолдар, «Ырғай жырындағы» Ырғай, ырғай, ырғайлы, Ырғай мойнын бұрмайды. Ғұмырыңды қысқартып Уақытың зырлайды. Ызыңына пенденің Мойнын бір сәт бұрмайды. Ырзығыңды берген боп Қызығыңды ұрлайды – болып басталатын ырғақты жолдар ұнайды.

Аталған кі өлеңге «Тұрмағамбеттен тәржіманы» қосар едім. Бұл үш өлеңдегі ырғақ құйылысының жөні бөлек. «Қарасаз. Қара шал. Қарғыбау.» да бірыңғай «Қ..» қарпінен бастап он шумақ бойына қайталанбайтын ой табуымен поэтикалық экспериментке баланар бәлкім. Мұқағали ақынның түсі – ақынның монологына айналып жырланып тұр. «Қ..» қарпінен бастап қара бояулы өлең жазуда экспериментке көп барған Жүсіп (Қыдыров) ақыннан соң Жүрсін болып тұр. Жүрсіннің өлеңін де мұңға малынған қара бояу көтеріп тұр. Алайда, арасына сүймен салсаң ажырамас тұтастық, ырғақтық бүтіндік бар деп айту – қиын. Алайда, осының бәрі ақынның қилықилы ізденісінің куәсі. Экспериментсіз ақын – ақын ба тәйірі? Ал, эксперимент – поэтикалық реформаға айналғанда ғана ақын бақытты. Жүрсіннің бақытсызбын деп жыр жазуы – бақытының бір парасы.

Прославленный не по программе
И вечный вне школ и сметен,
Он не изготовлен руками
И нам не навязан никем.

-деген Пастернактың өлеңі есіме түседі. Қай ел әдебиетінде болсын жүріс-тұрысын, тіпті тұтас өмірін бағдарламаға айналдырып қоятын ақындар болады.Оның жақсылығы мен жамандығы бара-бар. Өйткені, бәрібір адам – Құдай емес. Жүрсін ақындық несіпті мол алған, бірақ Борис Пастернак айтқандай, белгілі бір бағдарламасыз, алқам-салқам, өлеңді өзі іздемей, өлең өзі іздесе «келе ғоймен» келе жатқан ақын. Бірақ, өз оқырманы бар, күштеусіз, зорлаусыз оқылатын, оқысаң уақытың зая кетпейтін, оқып өмір сырына қаныға алатын ақыннан! Ол Абаймен де табиғи сырласа алады, Мағжанның абақтысына да түсе алады, Қасым ақынды азалап, Мұқағалиды жырымен мазалап келе жатқан ақын. Соның қай-қайсысында да Жүрсіннің өзіндігі бар. Мәселе сонда! Алда ізденістің сан-салалы тармағы жатуы керек. Дәстүр үзу бар. Дәстүр түзу бар.Арасы әрі жақын, әрі алыс ұғымдар. Жүрсін дәстүр үзген ақын. Дәстүр түзу жолында жүрген ақын. Жолайырықта! Сол жолда ақын арғымағының айыл-тартпасының мықты болмағына тілек қосамыз.

Осындай оймауыт ой айта алған, осындай қасіретті жырлауға ақындық қуат тапқан ақынға өлең жазба, айтыспен айналыс десек онымыз да дұрыс болмас абзалы. Айтыспен айналыспа деуге тағы да аузың бармайды. Жүрсін әңгіме болған жерде айтыстың қалыс қалуы тағы мүмкін емес. Обалы не, айтыс – бағзы түрік жұртында, бірді-екілі араб елінде өркендеген жанр. Қазіргі таңда қазақ, қырғыз арасында ғана қалды десе болады. 1943 жылы айтыстың қазақ арасына өркештеніп қайта оралуына Ғабит Мүсіреповтен бастап мұрындық болғанын білеміз. Кейін сүлесоқ тартты. Кеңестік кезеңде қайбір шындық айтсын ақындар? Міне, осы алдаспан жанрдың шарықтап биігіне шығуына Ерманның еңбегі ересен. Айтыс кеуделеп кеп бергенде жазба ақындар алдында елемеді, орта шенінде қорланғандай болды, ақырында өздері қазылар алқасына кіріп төреші болатынды шығарды. Айтыстың осылай халқымызбен қайта қауышуында, қауышып қана қоймай, сүйіктісіне айналуында – Жүрсін ерінбес еңбеккерлігімен бірге ақындық шексіз мол қуаты жұмсалды. Қалай? Ол айтыс ақындарын жәй бәйгеге қосушы ғана емес, әр талапкер айтыс ақынының бойындағы ақындық дәннің өсуіне ықпал етуші, соны ашып, тауып, жетілуіне барын жұмсап, бірде – біреуін, келесіде біреуін өзгелерден бөлектей назарға алып, оның бойындағы ақындықтың табиғатын танып, айтып-айтпай бәйгеде шауып бара жатқан жүйрікке қосымша ат қосқандай денесін қыздырып баптаушы ақын-бапкер Жүрсін Ерман! Оны кейбір желауыздар дұрыс түсінбей пендешілікке жоритыны бар. Өз басым төреші бола отырып екі ақынға «үштік» қойған кезде Жүрсіннің жүрек қылының қалай қалтырағанынан оның шынайы бапкерлігін аңғарғанмын, жақсы білемін.Әрине, айтысты өнер өресіне көтеремін деп Жүрсіннің қаншама қайран уақыты мен дүлей дарыны негізгі арнадан бұрылып кетіп жатыр. Алайда бір жай тағы да ақиқат: егер Жүрсін айтысты қолға алмағанда талай айтыскер ақын ақын райында ашылмай, ақындық бағы жанбай қалатын еді. Міне, сөйтіп, Жүрсіннің өз тағдыры да өлеңдеріндегі парадоксты түйіндерге ұқсап ширатылып тұр. Бірі Алланың

берген нәсібі, бірі көңілі қалаған кәсібі! Жүрсін Ерман Жолайырықта! әлі толық Жүрсін, ЖОЛАЙЫРЫҚТА тұрған, жарылмаған ЖАНАРТАУ!

Құлбек ЕРГӨБЕК

ӘКЕДЕЙ ҚАМҚОР, АҒАДАЙ ЖАНАШЫР...

Әлқисса. Кітапқұмар Ақнұр Жүрсін атасының таңдамалы 70 өлеңі жарияланған кітабын қолына алып, бір қарап шыққаннан кейін: – Бұл кісінің өлеңдері түсінікті, оқығанға жеңіл екен, – деп өзінше бағасын беріп қойды. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген сөз рас екен-ау. Төртінші сыныпқа енді аяқ басқан ерке қызымның ертесі күні мен жұмыстан келгенімде: «Әке, мен Жүрсін атаның екі өлеңін жаттап алдым» дегеніне аса мән бере қойған жоқ едім. Арада 2-3 күн өткен соң Нарынқол өңіріне жолға шықтық. Қолымыз қалт етсе аспан таулар аясындағы туған ауылымызға тартып отыратын әдетіміз. 90-ға таяп қалған нағашы әжесі әр барған сайын Ақнұрдың жаңа жаттаған өлең-жырларын тыңдап, бір серпіліп, тыңайып қалатын. Абай, Мұқағали мен Еркіннің, Қадыр мен Ұлықбектей ақындардың жырларын жатқа соғатын қағілез қызым бұл жолы арнасын басқа жаққа бұрды. Әжесіне өзіне тән балаң дауысымен Жүрсін ақынның «Ертегі» деп аталатын өлеңін бабына келтіріп, бастан-аяқ жатқа оқып берді. Өлеңнің әсері сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үн-түнсіз отырып қалды. Әжесінің ішкі күйзелісін түсінбеген қызым әлденені бүлдіріп алдым ба дегендей анасы екеумізге жалтақ-жалтақ қарай берді. Сәлден кейін ғана немересіне көңіл аударған әжесі: – Айналайын-ай, – деді құшағына қысып, маңдайынан иіскеп. – Мынау әлгі «ділебизордағы» айтыс жүргізіп отыратын сақалды жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткен өмірімізге мәңгілікке қойылған ескерткіш қой, – деп күбірлеп, бетін сипады. Сірә, ішінен ақынға деген аналық батасын берген болар! Сол өлең мынау ғой: Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді, Ертегіні тәуір көрем мен, тегі. Осы күні ойлап көрсем, жасымда Шешем маған айтпапты еш ертегі. Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін, Сәби көздің жасын өзің сүртесің. Таңсәріден кететін ол шығырға, Әкеміздің киіп солдат күртесін. Шықпаған кез елдің әлі бүйірі, Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.

Кешке келсе, күтіп оны тұратын Жанбаған от, сауылмаған сиыры. Парыз-бейнет босатпайды арқаны, Отын шауып, диірменін тартады. Су әкелу, тезек теру аз болса, Мүгедек боп оралған жар бар тағы. Қалай бәрін үлгерді екен, есепте! Қалай ғана тесілмеді қос өкпе? Ертегі боп ұйқыны бір қандыру, Әзер жетіп жығылатын төсекке! Ертегіде жібердің деп есені, Жазғыруға болмайды енді шешені. Апашымның азайғанда бейнеті, Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді! Қартайды ана, Көп арман бар ойында, Мазалайды ажал жайлы уайым да. Мен шешеме айтам енді ертегі, Жүз жасайтын кейуаналар жайында! «Бір өлеңі – бір әлем». Жүрсіндей жүйріктің жүрек қылын сызылта шертер өзге де өлең-жырларын, орыс классиктері мен Батыс-Шығыс әдебиетіндегі айтулы ақындардың шығармаларына жасаған талдауларын оқып, ой таразысынан өткізуді өзіңізге қалдырдық, көзі ашық, көкірегі ояу оқырман. Белгілі ақын, аудармашы, ұлағатты ұстаз Асқар Егеубайдың «поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес» деген сөзі бар еді. Иә, Ұлытау түлегінің тегеурінді жырлары жайында сөзтанушылар тарапынан аз жазылған жоқ. Бірақ журналист Жүрсін өлеңмен қоса өз мамандығын да өгейсіткен жоқ. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққандығын өмірінің өткелдері айғақтап тұр. Ж.Ерман 2006 жылы Қазақ радиосына бас директор боп келген бетте сөз өнерінің қазанында қайнаған қыздар мен жігіттерді қызметке шақырды. Жоғары оқу орнын енді бітіріп жатқан жас мамандарға да сол уақытта радиодан жұмыс табыла кетті. Айтыс ақындары да үлестен құр қалған жоқ. Әрісін Астанадан шақырса, берісі осы Алматының өзінде жұмыссыз жүрген айтыскерлердің біразына жұмыс берді. Жігерін жанып, намыстарын қайрап, алға жетелеп отырды. Сол жылдары тек қана ақындар емес, есімдері елге мәлім өзге де өнер иелерінің радиода қызмет атқаруына бас директор жол ашып берген еді. Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайыловтай сардарлардың сынынан өтіп, тәжірибесі толыққан Жүрсін Ерман бір кездері теле-радионы басқарған К.Смайыловтан қалған дәстүр – «апталық лездемені» қайта жаңғыртып, радио жұмысын жандандырды. «Сырт көз – сыншы» деп кей лездемелерге сырттан кісі қатыстырып, кем-кетігіміз бен жетістігімізді жіпке тізгендей талдататын. Осы үрдіс біз түгілі, сақа журналистердің өзіне едәуір

серпіліс әкелді. Жас мамандардың сауаты шыңдалды. Апта сайынғы лездемеде әр редакцияның хабарларына шолу жасайтын журналистер эфирден өткен барлық хабарды мұқият тыңдап, әр хабардың сапасына қатысты пікірін айтып, ой қорытатын. Жер мен жесір дауына төрелік айтатын би-шешендер секілді шолушы да бар күш-жігері мен жанын салып дайындалатын. Сәл тайып кетсең, Жүрсіннің қаһарына ұшырауың да ғажап емес. Орайы келіп жатса қисынсыз сынға іліккен хабардың авторына ара түсіп, төрелігін өзі айтып, қорғап алатын. Кей әріптестеріміз: – Хабардан қате кетсе құримыз, эфирді Жүкеңнің өзі тыңдап отырады екен, – деп естері шығып жүретін-ді. Осындай қатал талап пен шынайы жанашырлықтың нәтижесінде Қазақ радиосы хабарларының сапасы артпаса, кеміген жоқ. Жүрсін Молдашұлы өз әріптестерінің еңбегін бағалап, оларды үлгі тұтып отырды. Мәселен, кезекті лездемеде бір журналист «Бұрынғы директор Нұрлан Өнербаевтың әндерін эфирден неге бергізбей отырсыз?» деп сауал қойды. – Н.Өнербаев пен Р.Стамғазиев халық жауы емес, қазақ өнері мен мәдениетіне бір кісідей еңбектері сіңген Алаштың айтулы азаматтары. Бұрынғы басшылықтың «салқын самалы» сәл басылсын, Рамазан мен Нұрланның әндерін бергізбесек не үшін отырмыз?! – деп азаматтығынан айнымай, өз пікірін ашық айтқаны бәрімізге де ой салды. Көп уақыт өтпейақ, есімдері аталған әншілердің орындауындағы әсем әндер тыңдаушылар жүрегіне жол тартты. Радионың 85 жылдық мерейтойы кезіндегі баяндамасында Ә.Меңдеке, Т.Данияр, Н.Өнербай секілді бұрынғы басшылардың еңбектеріне тоқталып, олардың радиоға қосқан үлестерін ерекше атап өтіп, өз ілтипатын білдіргені де күні кешегідей есімізде. Басшы болғаннан кейін әртүрлі шаруалармен іссапарға жиі шығады. Айтыстың қыруар шаруасы тағы бар дегендей. Сондай сәттерде директор жоқ деп арқаңды кеңге салып, сайрандап жүрсең, ертесі келіп кемшілігіңді көзіңе шұқып, шаңыңды қағып, тәубеңе түсіретін. Жүкеңнің тағы бір ерекшелігі, тауып айтқан сөзіңе тоқтап, мерейіңді асыратын. Бір кездері қаражаттың тапшылығынан болар, радио мен алыс аймақтардың арасында өзара байланыс үзіліп қалған еді. Осы мәселені дұрыс жолға қойып, радио қызметкерлерінің іссапарға шығып, шалғайдағы облыс, ауылдардың тыныс-тіршілігі туралы хабарлар таратуына да жағдай жасап берді. «Атамекен аспаны» деген радиожоба соның жемісі еді. Бізге Жүрсін мырза атына заты сай, тек қана жүре беретін, өмірі ұйқы дегенді білмейтін пенде секілді көрінетін. Өйткені таңертең кабинетіне кірмей тұрып, әр редакцияны аралап, тәулігіне 24 сағат әуе толқынына шығатын хабарлардың мазмұнын тұтас айтып, әрбір журналиспен кеңесіп, пікірлесіп отыратын. Осы күнде ойлап қарасақ, радионы мұқият тыңдап, Жүкеңе кеңес беру жағынан Бақытжамал апайдың еңбегі де орасан зор сияқты. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болсақ, соның барлығы да Жүрсін ағаның бізді шыңдау мақсатындағы, жалпы, жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсілі

екенін енді ғана ұғындық. Әкедей қамқор, ағадай жанашыр, құрдасыңдай сырлас, турасын айтып, туғанына да жақпай қалатын батыр тұлғалы, баладай аңғал Жүрсін аға алпыстың асқар шыңына көтеріліп отыр. Бақыт Жағыпарұлы

Қыпшақтың қайқы
Қылышы немесе
Жүрсін Ерман жайлы аз сөз

Біздің қазақ атасын айтып мақтанып қоймаса бойына ас батпайды. Бірақ мақтануға тұрарлық бабаң болса, оны ауызға алғанның еш сөкеттігі жоқ шығар. Тек сол қасиетті қанның жұрнағы бойыңнан табылып тұрса кәне! Жүрсін көкемнің аузынан: – Арғы атам әйгілі қара қыпшақ Қобыланды, – дегенді әредік естіп қаламыз һәм жырларынан кездестіреміз. Болса болар. Түр-сипаты шынайы батырға келіңкірейді. Сірә, қазір суреттерін көріп жүрген бұрынғы шалдардың бәрі сақалды болғасын ба, ежелгі ақындар мен батырлар да Жүкең сияқты жарасымды сақал қойған шығар деп топшылаймын.Өткір жүзінде билетпейтін қылыштай қиып түсер мінезін адам түсініп болмайды. Ашуға мінсе арыстандай айбатты, алшаң басып келе жатқанда алыстан қарасаң Алатау болмағанмен төбе көшіп келе жатқандай, әзіл айтса тілінің ұшын кесіп итке тастасаң жемейтіндей «улы», сал-серілігі бір басына жетіп артылатын, сахнаға шықса елді үйіріп әкететін шешен, алпысты алқымдаса да өмір сүрудің бар амалын меңгеріп, уақыт, заман көшінен қалмай келе жатқан Жүрсін Ерманның қазақ өлеңіне сіңірген еңбегін әркім әрқалай айта жатар. Ал, айтыс ақындары үшін осы бір «пысық» шалдың (шал деуге ауыз бармаса да көз көріп, көңіл сеніп отыр) орыны ерекше екенін астын сызып атап өткім келеді. Бақытжамал апамыздың (зайыбы) ғана аздап билігі жүретін осы адуынды ағамыздың басында «бәленбай еврей қызмет жасап отырған шығар» деп таңқаламын. Әйтпесе сан салада қажырлы еңбек ете жүріп, қазақ халқының ақсүйек өнері – айтысты 26 жыл бойы өгіздей өрге сүйреп келе жатқан адамның ендігі есебінен жаңылып, «алжып» кететін кезі келді ғой. Осыншама жыл «перісі» мен «серісі» бар, «сауы» мен «жындысы» бар өнер адамдарымен алысып, арпалысып жүр. Қазақ деген халықтың кінәз көңілінен шықсам деп алғыс пен қарғысты қатар арқалап келе жатқан қайраткердің қайсарлығы еріксіз таңдай қақтырады.

Ертеректе бір өлеңінде: Тағдыр деген қағазы туалеттің, Жыртылмайтын жерінен жыртылады, – деп жазыпты. Алланың адамға берген асыл сыйын неге соншама мансұқ етіп, құнсыз нәрсеге теңеді деп басында қабылдай қоймағанмен, ойлана

келе, өмірдің шорт сынуы да, өткінші екені де шындық болғасын іштей келісесің. Жүкеңнің аз жазуын сөз құдіреті мен өлең деген сиқырлы да киелі нәрсеге аса бір жауапкершілікпен қарайтыны деп түсінгеніміз абзал шығар. Әйтпесе біраз қалталы азаматтардың тілін тауып айтысқа демеуші қылып жүргенде өзінің де жеке шаруасын тас түйін қылып, том-том кітаптарын шығарып алуға мүмкіндігі бар емес пе? ...Тағайын деп тұрғам жоқ Жоқты кінә Бұл не дәстүр? Заманның тоқтығы ма? ...Қуанасың Қазақтар қағып алар Қарағайдай мүйізің жоқтығына! – («Мүйіз кесу» деген өлеңінен) деп өмірге адам болып келгеніне бір тәубе десе: Алшы түспей асығым Ашқаннан соң қарыным, Арбакеш боп тасыдым Алматының жарымын...

...Тек көңілім кірленбе, Білем әзір бағамды. Жұрт сөз тасып жүргенде, Мен тасыдым Адамды! («Алматыдағы арбакеш» деген өлеңінен) – деген жыр жолдарынан маңдайы тасқа соғылған сәттерінде де мойымай, жасымай ақындықтың азапты жолына әбден көндіккен жанкештінің бейнесін көреміз. Сөйте келе арбакеш болған қиын күндері де, қайта өрмелеп бастық болған шағы да, айтыс үшін «сайтанмен де, сайқалмен де» арбасқан кездері де көзінен бұл-бұл ұшып жанында өлеңнен басқа сырласы қалмаған уақытта былайша күңірене түседі: Дос дейтін дос та қалмады, Санама түсті салмағы. Шын досты ажал жалмады, Алдамшылары алдады. Құлағанымды күтіп жүр, Қараңдап қасымда қалғаны. Оң жаққа мені салғалы, Үш жерден буып-таңғалы. Сүйегіме түсіп сол күні, Тонымды талап алғалы! Асан атамыз Жерұйық іздеп қайғы оранса, Жүрсін ағамыз адал дос іздеп көңілі құлазиды. Сырт пішініне қарап тұрсаң олай деуіне негіз жоқ сияқты, әлгінде айтқанымыздай өмір сүрудің бар амалын меңгерген, материалдық жағдайы біраз ақыннан көш ілгері адамның «жылай» беруіне болмайтын шығар деп ойлайсың. Бірақ біреудің ішінде не жатқанын қайдан

білейік. Дүниедегі бар құбылысты жүрегімен қабылдайтын ақын адамның сырты күліп жүргенімен, іші жылап жататыны заңды құбылыс қой. Әр айтыскерді өз баласындай қамқорлап, қанаттыға қақтырмай жүретін осы бір кейде қатал, кейде жұмсақ, кейде жомарт, кейде сараң, бірде көл, бірде шөл ағамызды айтысқа бола туған шығар деп қаламын. Қуатты қолымен құшақтап тұрып «бұл бала менің шәкіртім, жындылау» деп қояды кейде. Менің «жынды» ұстазым, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман алпысқа толады жақында... «Деуші еді бізді жас ақын» атты әдемі өлеңінде сарытап болған сағыныш бар. ...Жан көрінбей көзіңе, Ой ойлайсың не түрлі. Қыздың бәрі өзіңе, Құмартатын секілді.

Өртесе өлең өзекті,
Өзіңдікі – бұл ғалам.
Өлеңің бар газетті,
Оқитындай күллі адам.

Таң қалмасқа таң қалдық,
Көз сүзбеске көз сүздік.
Бұл не деген аңғалдық,
Бұл не деген ессіздік!

...Биік ұстап еңсені Тасымасқа тасатын, Сағындым-ау мен сені, Жайраңдаған жас ақын! – деп балаң күнін аңсайды, қызық адам... Болды, енді жасара алмайды ғой, алға тарта берсін, ағамыз кемпірін танымай қалғанша ғұмыр кешсе екен! Бауыржан ХАЛИОЛЛА. Батыс Қазақстан облысы.

ҰЛЫТАУҒА ІНІ ТАУ

Есімі елге елеулі

Ана бір жылы Аягөзде ұлттық эпосымыздың шоқтығы саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы ұйымдастырылып, ел-жұрт бір мәре-сәре болысты. ЮНЕСКО өзі атсалысқан торқалы тойда халықаралық ғылыми-практикалық конференция, дүрілдеген ақындар

айтысы өтіп жатқан бір әредікте қатар отырған қаламдастар ортасына: «Біз осы Қозыдан тараймыз ба, әлде Қодардың ұрпағымыз ба?» деген әзіл тастадым. Сол кезде айтыстан қолы қалт еткен Жүрсін Ерманов жұлып алғандай: «Басқаларыңды білмеймін, мен өзім Қодардың тұқымы болуым керек», деп жауап беріп, жұртты ду күлдірді. Шынында да, батыр тұлғалы, ер мінезді Жүрсінге бұлай айту жарасатын еді. Бірақ бұл бір қарағанда ғана. Әйтпесе дәл осы Ермановтың нәзік лирикаларын оқығанда ондай «қодарлық» қырларынан көз жазып қаласың. Кейде баяғының ақкөз батырларындай алшаң басып жүретін, белден басып сөйлейтін, тізеге басып қимылдайтын мінезі де кейде адыр-кедір-бұдырлау осы Жүрсіннің қай жерінен нәзік лирика туады екен деп таңырқаған да кезім болған. Сөйтсем, өзі алпамсадай Жүрсіннің жүрегі қобыздың қылындай нәзік екен. Үзеңгілес жүрген жылдарда бұған талай көзім жетті. Артық айтылған арсың-күрсің сөз бен одағай әзілді ауырлап, жүрегі жараланып қалғанына да куә болғанмын. Осындайда Лев Толстойдың жиырма тоғыз жасында отыз жеті жастағы Афанасий Фет туралы В.Боткинге: «Осы бір добалдай ақкөңіл офицерге ұлы ақындардың қасиеті, қайдағы бір түсініксіз нәзік сырлы өжеттік қайдан бітті екен?», деп таңырқай жазған хаты еске түседі. Фет өзінің «Естеліктерінде» Толстойдың бұл пікірі туралы: «..мен бұл кезде оның бір де бір жолын әлі оқи қойған жоқ едім, тіпті оны әдеби есім ретінде де естімеп едім… Дегенмен, тұңғыш танысқан сәттен бастап-ақ жас Толстойдың бойынан пікір-пайым саласындағы бүкіл қалыптасқан нәрсенің бәріне деген ымыраырықсыз оппозицияны байқадым», деп жазған. Жә, Жүрсін бар болмысымен Фет тектес нәзік лирик болса болар, бірақ біз Толстой емеспіз ғой, сөздің тұздығы ретінде мысал келтіріп жатқанымыз болмаса… Мен осы екі алыптың бір біріне баға берген өзара пікірлерінде айтылған нышандарды біздің Жүрсіннің ойы мен бойынан да, шығармаларынан да тапқандай боламын. Өмірдегі нендей құбылыс, қандай оқиғаға болса да оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік пікірі бары белгілі. Қисайған жағына жығылатын бірбеткейлігі кейде сыңарезулікке ұласып кете жаздайтыны да бар. Бірақ арғы түкпірінде сырт көзден қызғыштай қорғаштап жүрген нұрлы нәзік сезімі мөлдіреп жататынын «өлең деген өсекші» ғана жаймаса, былайғы жұрт біле бермес еді. Осы нәзіктік Жүрсін Ермановтың сонау алпысыншы жылдардың аяғында жарық көрген жастардың ұжымдық «Жас керуен» жинағына кірген тырнақалдысынан-ақ байқалған. Сол тұста ҚазМУ-дің журналистикасында оқитын жас ақын, болашақ сыншы-ғалым Асқар Егеубаев жазда ауылға каникулға келгенде шөп шауып, қой қырқып, велосипед теуіп, турникке асылып жүрген маған Алматыда өзімен бірге оқитын дарынды достары туралы жырдай қылып әңгімелейтін. Олар: «Бұрай тартқан арқанын, бурлактары Арқаның», деп Асқар Егеубаев жазған осы Жүрсін, Тұрсын, Несіпбек еді. Сондағы Асқардың: «Осылардың ішінде Жүрсіннің мінезі қиын. Асау. Өр. Анау-мынау ықты-жарыңа көнбейді. «Қазақ әдебиетіне» шығайын деп тұрған өлеңдерін поэзияны қарайтын газет қызметкерінің бір ауыз сөзіне шамданып, қайтарып алып, қайқайып жүре берді. Бір мұғалімнің сөзін көтере

алмай тіпті оқуды тастап, Жезқазғанына тартып отырды», деген сөздері жадымда. Мұны қазақ «бастан сөз асырмау» дейді. Ондай адамның жолы қашанда кедергіге толы, тағдыры қиын болатыны да аксиомадай ақиқат. Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым, Әр сөз өзі кеседі өз кіндігін. Көздің құнын сұрама-сұрамасаң Сұрау керек алайда сөздің құнын! Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам, Сөз бағасын қапысыз сезген бабаң. Аттан жығыл жығылсаң – оқасы жоқ, Жығылуға болмайды сөзден, балам! – деп жазады Жүрсін Ерманов «Құдіретке жүгіну» атты кітабындағы «Бәсіре сөз» атты өлеңінде. Міне, бұл – ақынның кредосы! Сөздің шынайы құнын түсінетін, жоғын жоқтайтын, сөз өнерін төбесіне көтеретін нағыз қазақ ақынының сөзі. Екеуміз, екеуміз ғана емес, Көкшетаудан бір мысқал өлеңімен келген Жәркен Бөдеш те бар, 1973 жылы Жазушылар одағында өткен жас жазушылардың республикалық кеңесінде Қадыр Мырзалиевтің секциясында кездесіп, таныстық. Бірден іштесе сөйлескенімізбен, жақын табысып, достаса кеттік деп айта алмаймын, бірақ тілектес, ниеттес болып қоштасқанымыз есімде. Ол сол жұмбақ күйінде жалы күдірейіп Жезқазғанына кете барды. Сондағы Қадыр аға бағалаған кесек мінезді, кемел өрнекті, кескекті ойға толы шұрайлы өлеңдері «Жанартау» атты тұңғыш кітап болып шығуы үшін өз жазу жозысында ма, баспалардың сөресінде ме, аттай он жыл сүрленіп жатуына тура келді. Сол бұрқ етіп атылған жанартау күні бүгінге дейін әлі сөнген жоқ, от-жалыны бұрынғыдан да үдей түскенімен аса талғампаз автор оны әлі күнге дейін өз ішінде өз қолымен тұншықтырып, күргейлеп, бүркемелеп келе жатыр. Жүрсін Ерманов саусағын сорып өлең туғызбайды, қайнаған өмірдің өзінен алады, бастан кешкенін, көзі көріп, көңіліне түйгенін жазады, жүрегін тербемеген, жанын қозғамаған тақырыпқа бармайды да баспайды. Өмірі – өлеңімен, өлеңі – өмірімен қабысқан, өрімдей өрілген санаулының бірі. Кезінде Цветаева Пастернакқа: «Сіздің тақырыбыңыз – Сіздің өзіңіз, Сіз оны Колумб Американы ашқандай үнемі күтпеген, ойламаған жерден ашасыз да жатасыз» деп жазған. Жүрсін Ерманов та дәл сондай ақын. Оның бүкіл ғұмырында жазған өлеңдері әлдеқайда көп болар, бірақ бізге бар ұсынғаны жүз жиырмадай-ақ жыр, оның да жетпісін ғана «Құстың көлеңкесі» атты таңдамалы жинағына енгізіпті. Үлкенімізге де, кішімізге де үйренерлік үрдіс! Осындайда орыстың әйгілі ақыны Михаил Светловтың: «Егер бір жинақтан тұщымды он бес өлең табылатын болса, оның мықты кітап болғаны», деген сөзі еріксіз еске түседі. «Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел – арбасады да жатады. Содан ба екен, қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетержетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де

қатал-ақ! Осылайша, бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі, тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!», деп жазады Жүрсін ақынның өзі. Жүрсін Ермановтың поэзиясында табиғат лирикасы жоқтың қасы, ол тіпті айналасындағы табиғат көріністеріне, тау, тас, орман, тоғай, жапырақ, бұлт, ай, жұлдыздарға зер салмайтын да сияқты, егер назар аудара қалса одан живописьтік картина емес, өз жанының, өз қоғамының ахуалын ғана көреді. Мысалға, ақынның «Терісаққан» атты жыры соның айғағы: Сағымымен даланың жарыса аққан, Жақсылықтың алдынан желі соққан, Кейінгі елге жылы сөз жеткізбекке, Хабаршыдай қуанып кері шапқан Арқада бір өзен бар – Терісаққан. Қазағымның қақ жарып кең даласын, «Терісаққан» атанып енді ағасың. Бәлкім барлық өзендер теріс ағып, Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың?! Бәлкім барлық өзеннен сен данасың… Ешкімге ұқсамау деген осы. Бұл – Жүрсіннің өзі туралы жазған автопортреті дер едім. Желмаямен жер шолған Асан атасындай, жиһан кезген жиһангердей өз жанының жаңа құрлығын ашып отыр. Біз Совет өкіметі тұсында стандартпен өмір сүріп, шаблонды ойлап, қалыптан аспай, сызды жерді баспай, «құндақтағы адамдай» өмір сүруге бейімделдік, дағдыландық. Ноқтаға басы сыймағандар көзтүрткі болды, немесе қапастағы құсқа айналды. Тоталитарлық жүйе үшін еркін ойлайтын, ерекше түйсінетіндер қашан да қауіпті элемент санатында. Біздің халық сол Совет өкіметі кезінде әлемдегі ең оқымпаз ел болды. Бірақ соның өзінде тек арнайы рұқсат етілген әдебиетті ғана оқуға мүмкіндік берілгені аян. Алаш алыптары мен арыстарымыздың әдебиеті көзден таса, көңілден тыс тұмшаланып ұсталды. Себебі ұйқыдағы сананы оятуға болмайтын еді. Міне, сол тұмылдырықты заманның өзінде осы «Терісаққан» тектес өлеңдерімен сызулы шеңберді бұзып, қалыптасқан қағиданы талқандай білген ақындар бізде көп емес. Бізде уақытқа қызмет ету, өз дәуірін жырлау дейтін мәртебелі ұғымдар бар. Мұның бәрі сол өткен болмысымыздың бейнесі, бастан кешкен қоғамымыздың көрінісі, қысқаша айтсақ, ескінің сарқыншақтары деп қайыра салсақ болар еді. Вахтангов ескінің сарқыншақтарын жақсы сақталған өлікке теңеген. Тәкаппар Цветаева: «Біз оған қол қусырып қызмет қылатындай уақыт деген соншама немене өзі?!» деген. Өз дәуірін мадақтай жырлаған ақынның ішіндегі ең жадағайы да, жағдайы жақсысы да Демьян Бедныйдайақ болар, ол Кремльде тұрып, наркомдармен қоңсы өмір сүрген жалғандағы жалғыз ақын. Нағыз сарай ақыны. Бүгінде әдебиеттен аты өшті. Алда-жалда аты атала қалса бүгінгі оқырмандар оған мүсіркеп, күле қарайды. Ең дарындысы Маяковскийдей-ақ болар, ол да ақыр соңында атылып өлді. Оған

ешкім күле алмайды. Бірақ аяныш білдіреді. Соның бәрін көріп-біле отырып, даталы күндерге, саяси-қоғамдық маңызы бар науқандарға неге өлең арнамадың деп Жүрсін Ермановқа қалай кінә артарсың? Ол көсемдердің туған күніне өлең арнамаса арнамаған шығар, бірақ өзінің туған күнін ұмытпаған, бір емес екі өлең арнаған. Бұл да болса ақынның өзіндік, максималистік ерекшелігіне жатады. Қуанбаймын бұл күні Қосылды деп жасқа жас. Мәңгіліктің мылтығы Мені бейғам тастамас. Қасіреттің көгенін Қайратым жоқ елемес. Күліп тұрмын дегенім, Жылағаннан кем емес. «Өміріңді жалмаймын», Деп сағатым зырлайды. Қуана да алмаймын, Ішті тесіп бір қайғы. Уыты бар көңілде, Жазылмайтын жараның: Неге келдім өмірге? Неге кетіп барамын? Неге? Неге? Міне, бұл – сұрақтың сұрағы. Өмірдің мәнін іздеген қаншама философтарды қинаған, буынсыз жерден пышақ ұрып тұрған ұрымтал сұрау. Өмірдің ақырында сауал бар, сауалдың соңында зауал бар. Жүрсін Ерманов ақырет алдында айтылар сауалды өз туған күнінде өзіне қояды. Бұл Омар Хайямның: «Мен кіммін? Қайдан шықтым? Қайда барамын?», Шекспирдің: «Бол, болмасаң бордай тоз», дейтін аталы сұрақтарымен тайталаса аларлық мәңгілік сұрау. Бұрынғы өткен мықтылардың: «Өлең жазсаң ақырғы өлеңіңді жазғандай жаз, өмір сүрсең ақырғы күн өмір сүргендей бол», дейтін қағидасы да қылаң береді. Бірақ бүгінгі күннің өз талабы бар емес пе? Жаңа қоғам, жаңа құрылыс, тәуелсіздік заманын көріп-біліп, бастан кешіп, жемісін тата отырып, ақын қалай үндемей қала алады? Егер ақын болса? «Егер Португалияда жер сілкініп, зілзаладан жер-дүние қирап жатса, гүл мен жапырақты жырлап отырып алған ақыннан не қайыр?» деген сөйлемді Ян Парандовскийден оқып едім. Мәселе дәуірді, қоғамды құр мадақтауда емес, мәселе заманның шындығын аша білуде. Бұл тұрғыдан алғанда: Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар, Ұлары жоқ, Бұл таудың мұнары бар. Ұлы тастың алдында ұяттымыз, Кім ауырар ұяттан, кім арылар?! Ұлытауға бардың ба?

Ұлар қайда? Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда. Ұры тісің секілді у сезімің, Уын жайып уілдеп туар ма ойда… Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім? Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің! «Ұры тісің секілді у сезімің», дегенді Жүрсіннен басқа қай ақын айта алды екен? «Ұлытауым-ау, ұларыңның тағдырын ұлдарың құшпасыншы» деп тұрған жоқ па? Ақыннан бұдан артық қандай азаматтық позиция талап етуге болады? Оның «Ақынның үйі», «Абайға мұң шағу», «Жамбылды қорғау», «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан аттандыру», «Гольфстрим», «Оразалы», «Екі сурет», «Әпке», «Мүйіз кесу», «Қара шашым ағарады», «Әйелге ода», «Макулатура», т.б. қадау-қадау өлеңдерінің әрқайсысы бір бөлек әлем, жырлап тұрған, қобыздың ішегіндей күңіреніп тұрған дүниелер. Айтыс өнерін тірілту арқылы өзіне өшпес ескерткіш орнатып үлгірген Жүрсін Ермановтың бұл өлмес еңбегін айтпағанның өзінде жазба поэзиямызға қосқан сүбелі үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды. Мұхтар Әуезовтің қойын дәптеріндегі жазбалардың ішінде мынадай тәмсіл бар: «Түлкі арыстанға: «Менің күшігім қандай көп. Жыл сайын табам және көп-көптен табам. Сенікі не, бәрі біреу-ақ?» – дегенде, Арыстан: «Біреу де болса ол арыстан ғой!» –депті. Біздің әдебиетімізде қазір асыра сілтеп, ақтара жазу, қопара қозғап, қотара төгу, көп кітап шығару етек алып тұрған кезде «жүрегімен арыстанның, қозыдайын көгенделдім» дейтін Жүрсіннің арыстан мінез, түйетолғағымен дүниеге ілуде бір келіп жататын ұстындай кітаптары туралы осылай айтсақ артық емес. Саны аз, көлемі шағын демесең, шынайы сезім, тұнық ой, еркіндікке суарылған ерке шабыт, қанатты көңіл, тереңнен бастау алатын тұмадай кәусар қайғы, бұлтқа қол созған биік парасат… қысқасы ақынның өз оқырманына тартар сыйы аз емес. Жүрсін таланты – жарқын, айрықша, ерекше, өзгеше талант. Адамзатта өнердің сызып бергенінен өзге болашақ жоқ, егер олай болмаған жағдайда біздер өткен шаққа қайта ораламыз деседі данышпандар. Абзалы, сол өткенге қайта оралмау шығар. Өнер сызып берген, өлең сілтеп көрсеткен болашақ бүгінгінің де, ұрпақтардың да еншісінде. Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы.

«ҚАЛҒЫП КЕТПЕ, ҚАЗАҚЫ ҚАНАҒАТЫМ»

Біз және бізден кейінгі ақындар – қаршадайымыздан социалистік қоғамның идеологиясын жанымызға сіңіріп, билік не айтса, соған «ләббәй, тақсыр» деп айқайламағанмен, бас изеп тәрбиеленгендерміз. Қанға сіңіп қалған қасиеттің қандай сұйықпен немесе қылықпен жусаң да кете қоюы екіталай. Өмірдің шындығын тұп-тура қаны сорғалаған күйінде жазуға көп ақынның батылы бармайды, батылы барғандар қоғамның көңілінен шықпайтындықтарын біледі де, биліктің алдында жаманатты болғылары келмейді. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осы жайдың шырқын бұзып, шеңберден шыққан, өзі өмір сүрген дәуірінің ақиқатын әртүрлі әдістермен айта білген бірен-сарандарды елеп, бағалап жатқан әдеби орта не зерделі оқырмандар жоқ. Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі күндері батыр да, батыл да көбейді. Кешегі темір тордың астында ақиқатты айту түгілі ауыздарын ашуға жарамағандар қазіргі күндері «өзім батыр, өзім бай – кімді аяйын» деп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандай адамсиды. Сол бірен-саран ақындардың арасында Жүрсін ініміз бар болатын. Жайдақталып кетсе де замана тым, өңмендеумен шықпасын жаман атым. Шұға жауып жатса да көктен жерге, қалғып кетпе, қазақы қанағатым! – деп, жастайынан жағаласып жүріп жұрттан озуды ар санайтын ақын бірнеше жыр жинақтарын шығарып, өлең түсінетін оқырманға әбден таныс болса да, оза шапқанды бағалап бәйге беретін орта болса, өздері тауып аларды қанағат етумен келеді. «Қой» дейтіғұн қожасы болмағасын, қызында сенім жоқ, ұлдары алаңдаған түлкі заманда шал шалдуар, кемпірі мыстан болуы да заңды секілді көрінеді. Сондықтан да Азабына қазақтың қосып азап, дұшпан таба қылады, досы – мазақ. Жауға алдырмас жарағын дауға алдырып, сормаңдай-ау шынымен осы қазақ. Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң, өксігімді көмейде құмықтырдым. Қайран Мұха, қадірің өткен күні басыңа кеп бөрідей ұлып тұрмын. Бұл – ақынның Мұхтар Әуезовке арнаған өлеңі. Өмірдің «тайғақ жолындағы киік-тағдыр» ақынның біресе «орман – қайғысы шуылдап», елдің ұлдары құлға айналса, ол халықтың көсегесін кім көгертер» деген ойлардан «бар мен жоқтың арасында» теңіз бетіндегі қалтылдаған желкенсіз қайықтай сенделсе, енді бірде

Қаламымды кезеніп мен осынау халқым үшін бәрібір майдандасам! – деп, шабытына жігерін жаныған күйі: Ақырып шыға келсем Қабанбайлап, Япыр-ай, бітер ме екен маған да айбат?! Жоқ, әлде бұғып тағы қалсам ба екен жұлқыссам жыртылатын жағамды ойлап? – деген шерменде күдікпен күн кешетініне де сенесің. Себебі «махаббат мұңсыз болмас» дегендей шын ақынның дерті де сол көңіліне ылғи күдікқұзғын ұялап, тылсым оймен тынымсыз тіршілік тауқыметін кешу ғой. Жүрсін ақынның «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба?», «Сізге арнадым», «Құдіретке жүгіну», «Құстың көлеңкесі» атты шығармалары сөз қадірін білетін, сөз патшасының тамырына дейін талдап, жүрегін баураған жолдардың астын сызатын қызыл қарындаш іздейтін, соңында сол шумақтарды дәл бір өзі жазғандай рахат сезімге оранатын оқырмандары, құдайға шүкір бар, шын мәніндегі жыр-толғамдар. Уайымсыз өлең – тойған қарынның кекірігі. Ал Жүрсіннің жырлары шерге буланған шындықтың шырынындай әрі нәрлі, әрі зарлы. Көрінгеннің бәрін қуаныш көріп қарсы алатын, айқайлағанның бәрін әнші, қол сермеп, бірдеңелерді оқығанды ақын, ақырғанды батыр көретін деңгейдегі оқырман мен тыңдарман. Заманым берер емес мүлде тыным, білмеймін түсетінін кімге күнім. Шошынып күнде көрген сұмдықтардан келеді кәлимаға күнде тілім. Шортанбай шал болжаған заманақыр жетті ме екен: әйел – би, бала – батыр. Ақылымның азабын тартып жүрсем, үйретеді үйде олар маған ақыл. немесе Басымды тәуекелге тағы байлап, шынымен көрсем бе екен Абылайлап? Соңымнан ерер ме екен жанкештілер, жырқылдап күлер ме екен ауыл-аймақ? – деген ойлы шумақтарды оқығасын ат-тонын ала қашып, «аспаны ашық, заманы жарқыраған мына дүниеде Жүрсіннің мұнысы несі» деп, кінә тағары әбден мүмкін. Өйткені біз – мадақтау мен қол шапалақтап, мәз болуға үйренген елміз. Қазақтың бырығы мен былығын, биліктің қылығы мен сығымын ғана емес, жалпы пенденің табиғи болмысын айнадан көрсеткендей өлеңдерімен әшкере еткен Абай атамыздың әлі күнге жұрттың аузынан түспей, әр сөйлемі халықтық мақалға айналуы тектен-тек емес. Немістің ұлы композиторы Рихард Штраус: – Қарапайым бір ән жазып, ол елу жылдан кейін халық әніне айналса, композитор үшін бұдан асқан бақытты мен білмеймін, – деген екен.

Бұл даналық сөзді ақынға да айтуға әбден болады. Біздің Жүрсін де біреуді жамандап не көңілі ұнатқанға көпшік қойып емес, керісінше, өз сезімі, өз болмысы арқылы ұлт табиғатын көрсетуге тырысады. Бұл – үлкен таланттың қолтаңбасы. Ақынның әр туындысынан қазақ тілінің нәрімен сусындап, баяғы бала шақтарда сары уызды тамсана талмағандағы тәтті сезімді басыңнан кешкендей күйге енесің. Сондай-ақ Жүрсін ақын «тәуелсіздік жасасын!» немесе «азаттықтың таңы атты» деп жар салып, ұрандамайды. «Елбасымызға дауыс берейік, ағайын!» деп те айтпайды. Айбар болар Алашқа таусылды ма ер, намыс оты жарқылдап, жансын жігер, көк байрақтың астында табысуға, Ата қазақ, сен бүгін дауысыңды бер! Ортағында ауа, су, Отын көпке Отанына болмасын ботаңда өкпе, Дауысыңды бер, ағайын, Абайыңа, Қасымыңа, Мағжан мен Махамбетке! Тәуелсіздік бақытының байрағын желбіреткен елдің азаматы қуанышын осылай шырқар болар, Елін, Жерін сүйетінін осылай жария етер! Жүрсін поэзиясы арқылы «аспанда қыран қалықтап барады, ал жерде жылан жорғалап жылжиды – сен жыландай жорғалама, қырандай қалықта» деп ешқашан оқырманға ақыл айтып, үгіт-насихат жүргізбейді. Мысалы, біз ана тіліміз туралы көп айтамыз, анасының тілін білмейді деп біреулерге өкпелеп, дымын қоймай сөгіп, кінәлаймыз. Ал Жүрсін болса бұл мәселеге мүлдем басқа жағынан келеді: Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым: әр сөз өзі кеседі өз кіндігін. Көздің құнын сұрама – сұрамасаң, сұрау керек алайда сөздің құнын. Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам, туған тілдің қадірін сезген бабаң. Аттан жығыл жығылсаң – уақасы жоқ, жығылуға болмайды сөзден, балам! Бұл да – ақындық шеберліктің белгісі. Әңгімем Жүрсін Ерман жайлы болғандықтан тағы бір мәселені айта кетсем деймін. Жүрсін Ерманның халқымыздың айтыс өнерін өрістетуге біраз жылдан бері күш-қуатын аямай жұмсап келе жатқанын ел біледі. Бұл жолдағы оның еңбегін де ерлік деп бағалауға болады. «Айтыскер ақындар Жүрсіннің құлақ кесті құлындай, айтысты өзінің жеке бизнесіне айналдырып алған» деген күңкіл айтушылар да бар дегенді кейде естіп қаламыз. Күңкілдің бәріне құлақ аса берсек, біздің елде бірде-бір тірі жан сүттен ақ, судан таза болмай шығары сөзсіз.

Киелі сөз өнеріне деген халқымыздың ықыласын қайда қоямыз? Айтысқа және жазба ақындар мүшәйрасына жас пен кәрісі, бала-шағасына дейін қазақ атаулы құлап-сүрініп, өтіп жатқан залдың есігін сындырса да, әйтеуір барып тыңдауға құмар. Яғни бұл – халқымен бірге жасайтын ұлттық өнерге деген елдің құштарлығы, «шындықты басқа айтпаса да, ақындар айтар-ау» деген дәме. Ал айтысты ұйымдастыруға, жан-жақтан ақындарды шақыруға, бәйге беруге Үкімет қаржы бермейді, демек, ұйымдастырушы әркімнен көмек сұрап, қалталы мырзалардың тілін табуға мәжбүр болады. Осындай шаралар кез келгеннің қолынан келе бермейді. Неше жылдан бері жақсы атын да, жаман атын да арқалап келе жатқан Жүрсін өлеңін жазып, тып-тыныш үйде отыруына болса да, ұлттың рухы мәселесіне келгенде арқасы шымырлап: Жеткізем деп жүректерге жыр үнін, жеткізем деп елге айтыстың дүбірін, бар ғұмырды осы айтысқа арнадым бар секілді менің артық ғұмырым. Түлетем деп дәстүрім мен салтымды, мысыңды – мыс, алтын дедім алтынды. Көрінгеннің күңкіліне түкірдім қуантуға жарап жүрсем халқымды, – деп жар салады Жүрсін. Мұнысы шындық па? Шындық. Жүрсін ақынның жырларының арасында арнау өлеңдер де бар. Бірақ олар қандай өлеңдер? Абайға, Қасымға, Мұхтар Әуезовке, Сабырхан Асановқа, Жамбылға, Ақселеуге деген тақырыппен жазылған өлеңдердің әрқайсысы – өмір жайлы толғаныс, өзекті өртейтін өкініш, әділетсіз дүниеден шындық іздеп шырқаған ақынның жан айқайы. Бұл – поэзия ма? Поэзия!

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын

ЖҮРСІННІҢ ЖЕЗКИІК ЖЫРЛАРЫ

Жүрсін Ерман – әдебиет әлемінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көрініп, ақындық талантын мойындатқан қаламгер. Содан бері ол баспасөз маңында қызмет істей жүріп, бірнеше жинақ шығарды. Халықтың көне мұрасы – айтысты жаңартып ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірді. Соңғы он шақты жылдың ішінде қазақ радиосы мен теледидары басшылығында

жемісті жұмыс істеп келеді. Жазғандарын жинап көлемді таңдамалы шығаруға ақындық қарымы да, мүмкіндігі де мол адамның бірі. Сөйте тұра, ол 70 қана өлеңін іріктеп алып, «Құстың көлеңкесі» атты шағын жинақ (2008) бастырыпты. «Шөп те өлең, шеңгел де өлең» болып жатқан заманда ақынның мұндай сараңдық жасағаны, жасыратыны жоқ, мені тіпті қайран қалдырды. Мен оның жинағын осындай екі ұдай сезіммен оқуға кірістім. Ең алдымен, тапқаным - ақынның тым талғампаздығы. Ол шашыла бермей, өлеңді де талғап, таңдап жазатынға ұқсайды. Саясат пен науқандық өлеңдерге, өлең түрінде жазылатын қолпаштауларға бара бермейтін сияқты. «Көзіне сыйған құбылыс көңіліне сыймаса», оған да елікпейтін түрі бар. «Ойдағы муза» мен «мидағы дыбыс» сиыса алмай, «иінім түсіп, исініп жүрмін» деп өзі айтқандай, көркем жырдың қисынын табу да оңай түспейді екен. Музадай мазаң сұлуға жағу да оңай емес. Бірақ оның көңілін табам деп, өз ойынан шықпаған, сезімінен тумаған өлең жазбауға да мықты ерік, тоқтам керек. Жүрсін – осы сезімді мықтап тұзақтаған тәрізді. Оның үстіне заман да ауырлап, өлеңнің өтімі азайғаны да ақын жанын қинайтыны көрінеді. Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып, Отырамын ішімнен өзім біліп, Базар баққан бәдіктер ортасында, Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып. Бір күніңнен аумайды бір күніңіз. Жамалатын түрі жоқ жыртығыңыз. Саңырауға беретін сәлемдей-ақ Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз? – дейді ақын. Бұл қазіргі ел күйі мен әдебиет жағдайы, оған деген көзқарасты танытады. Бұны тек ақын сезімінен туған деп ойлау жеткіліксіз. Бұл – заманға арнап айтылған сөз. Бұл заманда «базар баққан бәдіктер» көбейіп, халықтың рухани тіршілігі қоғам назарынан тыс қалғаны жасырын емес. Мұны, алдымен, ақын сезінеді. Өйткені ол оқырманынан айрылды. Кітап шығару ісі қиындады, оқырман базар жағалап кетті. Өлеңді де, өнер иелерін де қорғаушы болмады. Атам заманнан олардың күнкөріс көзі болған қаламақы төленбейтін болды. Сондықтан өнер адамдары бүгін қайыршының күнін кешуде. Жүрсіннің өлең жазуды «Саңырауға сәлем беруге» теңеуі де орынды әрі тапқыр көрінетіні де осыдан. Осы оқиғалар бірімен бірі жалғасып ақын бойында көңілсіз сезімдер тудырса, оны заманға артпағанда қайтеміз? Ақынның енжар көңілі қоғам үшін қажет сөздің жолы кесілгенін анық байқатады. Заман ауыртпашылығы мен одан туатын суреттер Жүрсін өлеңдерінін кішпіейіл, қанағатшыл кейіпкерінің қанағатсыздыққа қарсы күресін бейнелейді. Бүгінгі өмір тартысы дегеніме де нарық пен соның ырқында кеткен адамның тағдыры екенін көресің. Және ол нарық қайраткері емес, халықтың қарапайым өкілі. «Мойнына нарық тұзағын іліп, мініс атындай шаппай желетін, жанына тыныштық таба алмай, өзін өзі тонап жүрген

ұрыға» ұқсайды («Дейсің, хал қалай?»). Кейде ол жалғыз басына тіреу таба алмаған ұрыншақтың бейнеін елестетеді («Бас»). Тауға да оны ұрдым, Тасқа да соқтым. Есеңгіреп тұрдым, Есті болған жоқпын. Жарғақ басым қанын Сорғалатты кілең. Сірә, менің жаным Басымда емес білем, – деп толғанады. Тағдыр оны бәріне де көндірген сияқты («Терім қалыңдаған соң, терлемеуге төселдім»), Кейде «Айтылмаса ақиқат, кімге қалар обалы? деп сөйлеп қалса, жобалап айтқан сөзі өзіне тиіп жатады. Сондықтан «іштей күйіне жүріп» «жұдырықгай түйілуге, қоғадай жапырылып, адырнадай иілуге» үйренеді. Түсіп кетсем топқа кіл, Алтын басым – қақпақыл. Өзгермейді болмысым, Осы менде жоқ па ақыл? Жұртқа кінә тақпаймын, Өзіме өзім жақпаймын, Шырылдаған жанымды Қай сандыққа сақтаймын?! – деп күйінеді. Бұл жолдар біз көріп жүрген шындықтың көрінісі. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мәтел оның рухына сай келеді. Жүрсін осыны өткір сезінеді. Айналаң толған – алдамшы өмір. Шын достар өлген бүгінгі дос сенің өліміңді аңдып, «тоныңды қалап алудың» қамында жүр. «Жанашыр деп жалбақтаған туысың», «үлкен деп үздіккенің» ұры боп шығады. Қайда барсаң да тұлыпқа мөңіреу... «Ырғай жыры» атты өлең осы бүгінгі заман шындығы жайлы ақын ойы мен сезімін қорытындылайтын сияқты. Ырғай, ырғай, ырғайлы, Ырғай мойнын ырғайды. Баяны жоқ бұл дәурен Басында көп тұрмайды. Өкінішің өзеуреп, Өзегіңді тырнайды. Көздің жасы кептеліп, Көмейіңде құрғайды. Ырылдасып қайтеміз, Сенде де бар бір қайғы Менде де бар бір қайғы. Содан барып ақынның: Жүректің қаны тамшылап, Айтатын болсам ақталмай: Ит мініп, ирек қамшылап, Өмірім өтіп жатқандай, –

немесе Киіс көрген керзі етіктің Жұлығындай тозып барам, – деген сөзіне сенесіз. Ақын қайғысы – халық қайғысы. Оны ол өз басының күйінен ғана емес, ел-жұрты тіршілігі мен көңіл күйінен алады, содан ой түйеді. Әр адам өмірдің бір бөлшегі. Ақын да солай. Ол құбылысты, шындықты басқадан бұрын көреді, өзінше таниды, өзінше толғатады. Бірақ оның айтатыны жеке адамның емес, адамзаттың сөзі. Ақын сөзі қоғамды айыптауға емес, оның ауыртпалығын жеңілдетуге жұмсалады. Қоғам қайшылығын сынау екі жаққа да жеңілдік әкеледі. Ойындағысын айтып ақын көңілі жай тапса, сырын ішіне бүгіп мелшиіп жатқан қоғам да құпиясы ашылып, демін сыртқа шығарып бойына жеңілдік алады. Түптеп келгенде, шындықты бетке айту кім-кімге болса да зиянға шықпайды. Арамдық, тымырсықтық табиғат мінезіне жат. Ондай мінездер адам жанына жылылық сыйламайды. Сондықтан одан жеңілдеу кім-кімге болса да керек. Мезгіл-мезгіл тазарып отыру табиғатқа да, адамға да пайдалы. Абайдың өзіне өзің есеп беріп отыру қажет дейтіні осы оймен айтылған. Мұны Жүрсін де айтыпты. («Не бітіріп жүрген жанмын деп кейде, Шырт ұйқыдан оянатын шақтар бар»), Шындықты іздеудің өзі – қоғамды емдеуші дәрі. Поэзия шындық арқылы адам көңілін жұбатқаннан, оның жанына үміт отын жаққаннан басқа мақсат көздемейді. Астроном күндіз-түні аспанға қарап телміріп отырғанмен, оның табысы көбеймейді, бірақ ол аспан әлемінен жанына рахат алады. Поэзия да солай. Біз жақсылықты жек көрмейміз. Өмір әсемдігімен, көркімен қымбат. Бірақ сол әсемдікті бұзып, жалғандық тұманы басып тұрса, ақын оны көрмей, айтпай өтуге тиісті емес. Мұны түсіну керек. Жүрсіннің көңіл күйі арқылы заманға артар өкпесі түгелдей ақындықты, халық рухын көтеретін көркем сөзді қорғауға арналған. Ол қазақтың сөз бағалаған мінезін құрмет тұтады. «Бәсіре сөз» деген өлеңіңде әкесі баласына: «Аттан жығыл жығылсаң - оқасы жоқ, жығылуға болмайды сөзден, балам! Шашқың келсе - дүние, малыңды шаш, тек сөзіңді беталды бере көрме» дейді. Сөйтіп ақын сөз қадырын сақтау, оның бағасын көтеру туралы халықтық ойды жаңғыртады. Оның «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату», «Мұқтар Әуезов қабірінің басында жазылған жырлар», «Абайға мұң шағу», «Жамбылды қорғау», «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан аттандыру», «Сабырхан Асановтың қазасы», «Қарасөз. Қарашал. Қарғыбау» сияқты өлеңдері түгелдей ақын мен ақындықты бағалаудың бүгінгі ортадағы кемшілік тұстарын сынауға адамдықтың биік рухы тұрғысынан келе алғандығын көрсетеді. Қасым үйін қирату туралы өлең оқырманды ауыр сезімге бөлейді. Ақынның қабырғаларын біртіндеп сөгіп, кеудесін бұзып, сәби жырлардың бесігін сындырып жатқандай әсер қалдырады. Ол жырды қорғаудың кешігіп жатқан ережелерін алдан күтеді. Онсыз озбырлықтың созыла беретініне күмэн келтірмейді. Ендігі кезекте Жүрсіннің өз үйі тұрғанын «Қиратып жатыр Қасымның үйін, біздің үй соның іргесінде еді» дегенінен ұғамыз.

Жүрсін Мұқтар қабірінің басына барып та сөз қадыры өлгенін айтып шағынады. «Қой» дейгі ұғын қожасы болмаған соң» жөнсіздік ұлғайып кеткен орта шындығын ол «түлкі заманның» сыры мен адамдары арқылы ашады. Осы топтағы рушылдық пен жершілдікті күйттеп, ит өмірді тозаққа айналдырған казақ ағайындарын шенеп өтеді. Тіпті «ит тірліктен іргеңді білгің келсе, жай табатын жалғыз жер - мола шығар» деген ауыр сөздерге де барады. Жүрсін «Абайға мұң шағу» өлеңін де Абай заманы мен бүгінгі қазақ өмірін салыстыра отырып, солардан туған суреттерге өз көңіл күйін сыйғызады. Өзгермеген шындықты екі дүниенің сырын ашар бейнелі сөздермен тұтастыра суреттейді. Абайша толғап, Абайша сынайды. Жүз елуге сіз беттеп, Біз-елуге, Жал-құйрығы заманның күзелуде. Зәрін шашқан замана бұл қазаққа Мұрша берер түрі жоқ түзелуге. Батырар деп белшеден кімді ұйыққа, Тіксінеміз үңіліп тұңғиыққа. Атан түйе тарта алмас қасіретің Абай аға, Алаңсыз мінді иыққа. Күн өтпейді тіл тістеп, тіс қажалмай, Аяр заман алқымнан қысты ажалдай. «Ұстарасыз аузына мұрты түскен» Еліңді ойлап, қайнайды іш қазандай! Алдымыздан ақ боран жолықпай қыс, Өтіп жатқан және жоқ қамықпай түс. Жалықпаймыз қашанғы жұртты алдаудан – Алданудан жалықты халық байғұс. Шортанбай шал болжаған заманақыр Жетті ме екен: әйел-би, бала-батыр. Ақылымның азабын тартып жүрсем, Үйретеді үйде олар маған ақыл. Ағайын да қатыбас – сол қалпында. Азамат жоқ Алашқа болған тұлға. Ешкіемердей еліңді теспей сорған Алаяқтың қалтасы толды алтынға. Ит құтырар – тезегін дәрі десең, Бәрі – әулие қазақтың, бәрі – көсем. Шортан іздеп шалшыққа қармақ салған, Жарымес ем не деген-жарымесем. (өлеңнен ұзағырақ үзінді алғаныма кешірім сұраймын. Менің мазмұндауымды қажет етпей, ақын ойын өлеңнің өз сөздері толық танытатын болғандықтан солай еттім. В.Белинский өлеңнің бейнелілігін таныту үшін ақын сөзінің өзін пайдалану қажеттігі туралы көп айтатын еді. Ұлы сыншы

өзі де кейде 2-3 беттерге созылатын үзінділер келтіретін). Өлең заман сырын ашына айтқан бүгінгі ақынның ойлы талғамын айғақтайды. Оның кейінгі бөлімдерінде Абай бейнелеген «қырттардың» бүгінгі көрінісі, «бірін бірі алдаса, мәз болатын» қазақ мінезі, «хақтың адал жолымен жүрген» адамдардың жағасын жыртуға тырысатын пәлеқорлық қылықтар ашылады. Кеңшілік, Сабырхан, Мұкағали ақындарды да еске алуда да олардың тағдырына заман салмағының араласуы сөз болады. Ақын тойдан гөрі жаназаға жиі баратын дәуір ауыртпашылығын қинала мойындайды. Әрине, бұлардың бәрі ақынға өмірдің жақсылығынан күдер үзуге жол бермейді. Ол да, бәріміз сияқты, үмітті алдан күтеді. Оның: Үміт сөнбейді, Ісім өнбейді. Қажып жүрсем де, Өлгім келмейді, – дейтіні де осыдан. Жалпы өмірдің өзі үмітке, болашаққа ұмтылған адамның сенімі ғой. Сезім мен ой көбейген сайын, адам басында қайғыру мен қуану сезімдері өскен сайын - біз өмірге жақындай түсеміз. Оны түсінуте тырысамыз. Сонда ғана өмір біртіндеп ыстық құшағын ашады. Мұндай өмірдің бір сәті қалғыпмүлгіп тіршілік жасаудан, ұсақ-түйекке алданып өткен күндеріңнің жүз жылынан артық. Өмір шындығын рухпен түсіну, сезіммен тану керек. Өмір сонысымен қызықты. Сондықтан да ақын үнемі елегізумен жүреді. Өзгерісті алдан күтеді. Жұрт таңқаларлық іс істейтіндей, достарын сүйіндіретін ерлік жасайтындай сезінеді. «Кешіп жүрген өмірім әшейін де, бәрін қайта бастайтын секілденем» дейді. Адам өмірі жан-жақты, қызықты. Ол бірыңғай көңілсіздіктен, айналаңа риза емес сезімнен тумайды. Адамның жеке басының қу'анышы, оның көңілін бөлетін жар мен баланың қызықты өмірі, табиғатпен қауышқанда ту атын сезім сәттері болады. Күннің шығуы, шуағы мен жылуы, Ұлытаудың ұлылыгы, Көкшенің әсемдігі, Алтай мен Арқа, Орал мен Ертіс – бәрі де адамға қуанышты көңіл күй сыйлайды. Соны көре білу, сезе білу керек. Олардың ішінде ақын көңіліне жұбаныш болатындары да аз емес. Ол біркелкі сұрқылт бояу әсерімен өмір сүрмейді. Мағжан ақын өзінің көңілсіздігін сұлулардың күлкісімен, ынтық сезіммен, еліне, Алашына деген құрметімен, түркі жұртының ұлылығына сиынумен жеңген. Ескіні еске алып өзін жұбатқан. Осынысымен-ақ ол өмір сүйгіштігін танытқан. Өмірді зорлап сүйгізу ешкімнің қолынан келмейді. Оны көре, түсіне, сезіне білу ғана ақынды кең, жарық дүниеге алып шығады. Жарық дүние қанша дегенмен, қымбат. Жүрсін еске алатын балалық сезімдер, өскен ұясын сағыну, анасы мен әпкесінің мейірімді кейіптерін көз алдында елестету, даланың суреттері – оның ақындык кеңістігінің тар еместігінің белгісі. Туған жерімен, Отанымен байланысты естеліктерді ақындардың бәрі-ақ (тіпті ақын еместер де) айтады. Соның тағдыры үшін ауырады, жүрегін ауыртады, қуанады, қайғы тартады. Өйткені ол - ақынның рухы, жан жүйесі. Туған жер махаббаты кім-кімнің

болса да, жүйкесін билеп жүре береді. Оны ақын басқаларға қарағанда қаттырақ сезінеді. Ол, қайғырса да, куанса да, әдеттен тыс оқыс қимылдар жасайды. Табиғаты жағынан ақын - жай адамдардай емес, шындықтың қауіпті жиегіне таяу, не аспанға ұшута, не жарға құлауға дайын тұратын сезім иесі. Бұл - өмірге құштарлықтың белгісі. Осы сезімнің ұшқыны Жүрсін өлеңдерінде көбірек байқалады. Құлжантай кұмының жұртына барған ақынның құлын күйін еске түсіріп, балалық сезімін бүгінгі жырынды («Жырындымын. Жүрегім бар жырымжырым... Құмдай қалың мұңым бүгін») күйіне - қарсы қоя суреттеуі, даланың теміртікенін (гүл аты), «Жыңғылды көңін» көріп тебіренуі, баласына ертегі айтып беруге уақыты болмай, заман қиыншылығымен алысып еткен ананың «ошағына от тұтатып» жүретін қайраты мен «сақтай гөр жалғызымды» деп тәңірге жалбарынып өткен әпкенің бейнесі көңілін мұң шалып жүрген ақынның жұбанышы сияқты. Бірақ өмірдің аты - өмір. Оның кездейсоқ шешімі көп. Сөйткен әпкесін кездестіре алмай өтіп бара жатқан ақын жанын тек осы тұрғыдан түсіне білу керек («Мінекей өтіп барам тағы зулап, Тұсынан сен жолығар вокзалдардың»), Ұлытау, Сауран туралы өлеңдерін Жүрсін табиғат әсемдігін суреттеуден гөрі қазақтың ұлы мекендерінің халықтық рухын тануға құрған. Олардың бүгінгі күйін барлап, тарихты сыйлау, оны түсініп бағалай білудің мән-маңызын еске салады. Ұлытаудың үніне, ұйықтап жатқан көне қала Сауранның сырына құлақ тосады. Бірдеме еститін де сияқты. Сөйтіп ол арқар ауып, ұлан ұшып, қасқыр қолға түспей кеткен соң киікпен алысып жүрген ойсыз, темір құрсанган құрдастарының қылығына наразылық айтады. Ұлытаудың ұлдары-ау, Ұлытаудың, Кұшағыңа жете ме үні таудың Ұлан қашқан күңдері ұмыт, аулым, Ұнжырғасы түспесін Ұлытаудың. Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!

Өткенді еске алғанда ақын көңілі жүдеу тартып, өзін көне дәуір рухы алдында қарыздар сезінеді. Ешкімге мұң шағып, ұрпағына өкпе артпаған Сауран жұмбағын да ол жанымен сезінеді. Сөйтіп, оның тұсынан жапон сағызын шайнап өткен «арсыздығына» күйінеді. Бұл да бүгінгі ұрпақтың тарих тағлымдарына енжарлығын бейнелеудің жолы. Соның өкілі ретінде Жүрсін басқаны емес, алдымен өзін, «құрбан» етіп жүреді. «Теріс аққан» өлеңінде Арқадағы осы аттас өлеңнің сырын ұғуға тырысқан ақынның өзіндік ой түйіндері бар. Өз арнасын тастап теріс аққан

өзенді «шөліркеген даланы шыр айналып» «далаға нәр тамғызу үшін» бұрылып кеткен болар деп шамалайды. Оның теріс ағуының өзінен оң мінез таниды. «Терістердің бәрі сендей болса» деп армандайды. Кейкі батырды еске алған өлең де оқырманды осы ойға жетелейді. Ол бір кезде елін жаудан қорғаған атақты батырдың Торғайдың даласында бір шұқырда «үйелеп жатқанын» көріп күйінеді. Кейкінің батырлығын тарихта болмағандай сезінетін («Қазаққа қорған болып оқ қағардай, Асынып алмас қылыш тақпағандай, Қараусыз жатыр Кейкі сай түбінде, Аттанып жауға қарсы шаппағандай. Найзасын ойға сілтеп, қырға бұлғап, Дұшпанға ұрмағандай ырғап-ырғап, Жыртылған шекпенінің етегіндей, Басында бір қаңылтыр тұр қаңырап») жандарға өз сезімін қарсы қояды, Батыр аты ұмытылмайтынына, «қылышын Кейкі деп суырар ұлдар туатынына» сенсе де, әзірше «Ал менің жүзім қайдан жарқын болсын, кеудемде Кейкі ағамның өксуі бар» деп аяқтайды өлеңін. Жүрсін өлеңдерінде ойға тиек болар оқиға да, деталь да мол. Оларды ақын ойната біледі, суретке түсіріп, әдемі жеткізеді. Өмірдің күрделілігін суреттеуге арналған «Тұсаукесер» өлеңінде ол өзінің ылғи сүрініп, құлап жүретінін сөз ете отырып, апасына «қайтадан тұсаукесер жасашы!» деп жалынады. Оның сүрініпқабынып жүруі, құлауы - өмірдің қиындығын, оны жүріп өтудің оңай еместігін бейнелеуі. Соны тұсаукесер арқылы тұспалдап айтып, әдемі шешкен. «Абайға мұң шағуға» жалғастыра берілген тақырыбы басқашалау «Жиырма теңге» өлеңінде ұлы ақының бейнесін жиырма теңгелік ақша бетінен көрген Жүрсіннің оқшаулау сезімі көрінеді. «Оқулықтан көретін дидарын ақша бетінен жолықтырғанына» кейістікпен қарайды. Оқытып ең сен маған жыр шындығын, Саудагердің қолында жүрсің бүгін. Өлермендер заманы өлеңнің де Мойынына салыпты-ау қыл шылбырын. Түсінем ғой бәрін де, Бірақ, Аға! Не бетімді айтамын жыр-анаға! Енді сені жұмсаймыз шай-пұлға да, Араққа да жұмсаймыз, сыраға да. Бұл өлеңнің бір сәттік сезімге құрылғаны дау тудырмайды. Ақшаға ұлы адамдарының, Елбасшыларының суретін салу - көптеген мемлекеттердің дәстүрінде бар нәрсе. Олар сол арқылы ұлыларын ұмытпай әрқашан есте ұстауды көздеген. Қазақтар да алғашқы ақшаларына көп адамның суретін пайдаланса да, кейін іріктеліп келіп, жалғыз әл-Фарабиге тоқтады. Бұл - халық қалауынан туған деп түсінеміз. Ал Жүрсін ақша бетіндегі сурет сырын басқаша бажайлайды. Ол үшін ақынды айыптауға хақымыз жоқ. Оның оғаш сезімі - ақынға ғана тән. Және ол ойын тапқыр, бейнелі тілмен жеткізе алған. Мынау менің ардақты Абайым ба? Шытырлатып Абайды санайын ба? Сенің құның не бәрі - жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға! Сөйтіп мұнда әр сөздің басын шығарған көп мағыналы өлең туған. Бұлай айтпаса, тәп-тәуір жолмен жүре берсе, ол ақын бола ма? Шын ақындардың бәрі де «өзі жүрген төтемен омбылаған» (Қасым). «Екі сурет» деген өлеңде Жүрсін өзінің жас күнгі және бүгінгі суреттеріне екі түрлі көзбен қарайды. Оған екі өмір сырын сыйғызады. «Сұлу көрсе соңынан жүгіретін». «Қармағына ақ сазан ілінетін», «Жігіт едім жақсыға жүгінетін» деген бейнелі тіркестер қызықты жастығын еске түсірсе, оған қарсы қойылған бүгінгі сурет «Шарап берсең шалқатап сіміретін», «Аяғына жем түскен тұғыр құсап, етегіме болыппын сүрінетін», «Көн секілді тартылған сірі бетім» деген бейнелі тармақгарда жарқын суретке айналады. Сурет сыры өмір сабақтары болып түйінделеді. Жігіт едім жақсыға жүгінетін Жөнім бар-ау жалғаннан түңілетін. Сындыр барлық айнаны, Жырт альбомды, Көрінбесін көзіме сүгіретім. Сен не деген шеберсің, құдыретім! «Фломастермен жазылған жыр» өлеңінде ақын түн ортасында ел ұйқыда жатқанда ойына өлең жолдары түсіп, жазуға қалам таппай фломастермен өлең жазуға мәжбүр болғанын суреттейді. Сезім сырына қарай ол әр түсті бояу пайдаланады. Алау-жалау сезімін алқызыл бояумен ақ қағазға түсірсе, жасыл бояу «желмен ойнап желбіреген көйлегін» еске салады. Қызыл бояу «Қызыл тілі сүйреңдеп қызғаныштың қызу дертін хабарлайды» сары бояу сағынышын бейнелейді. Қара бояу қара түнде қара өлең боп құйылады. Өлең: Тереземнен қызғылт шұғыла түскенде Менің қара бояуым да таусылды, - деп аяқталады. Бұл - көңілінде әр қилы сезім ұйытқыған адамның өмір қуанышына бет бұруы. Қызғылт шұғыла - жарқын сурет сол өмірге құштарлықтың символы. Өлеңнің басында Жұмағали Саинның атақты «Шырт ұйқыда жатыр едім» атты өлеңіне ұқсастық байқалғанымен, Жүрсін, шешімі тіпті басқа арнада дамиды. Ол фломастер болса да өлеңін аяқтайды. Ал, Жұмағали ақын стол үстінде тұрған төрт қарындаш, төрт қаламын жоғалтып соны іздеп балаларының бөлмесіне кірген күйінде соларды қызықтап, ұйқыдағы кейпін аялап, ойға келген өлеңін ұмытып кетеді. Қандай кітап дәл осындай сымбатты, Қандай ақын бұдан артық жырлапты. Айтыңдаршы дүниеде не барын Төрт жүректің соғуынан қымбатты, - деп аяқтайды өлеңін. Жүрсін өлеңі менің есіме Жұмекең ағамды түсірді де, мен інісінің өлеңін дәстүрдің жалғасуы деп қарауға мүмкіндік алдым. «Гольфстрим» деген өлеңін Жүрсін Қазақстанның Оңтүстік өлкесіне арнапты. Мұнда сол өлкенің қазақтық, ұлттық пішіні суреттеледі. Ақын оны «Қазақстанның бауырын жылытып жатқан жылы ағыс -Гольфстримге»

теңейді. «Саған келем - анамды аңсағанда, саған келем - шалдарды сағынғанда», «Ата қазақ қалдырған дәстүрімнің біліп қайтам әлі де өлмегенін», «Тамырыма жүгіріп ып-ыстық қан, Бауырмал боп аттанам осы жақтан», «Шала қазақ болып кеп оңтүстікке, дана қазақ боп кетем кетерімде» деген бейнелі тіркестерде ақын ойы ап-анық көрініс табады. Оңтүстік Қазақстанның еліміздегі қазағы көп, ұлттық дәстүрі мен салтымыздың ең көп сақталған жері екені, оны мекендеген халықтың бауырмал, сыйлай да, сыйласа да білетін, дәм-тұзы мол, қонақжай кейпі көпке мәлім. Бәрімізге таныс осы мінез Жүрсін өлеңінде кең ашылған. «Ата жұртым» деген ұғымға алғашқы қазақ мемлекетінің негізі қаланған жұртқа деген ыстық ықлас бар. Бұл олардың бойында ертеден бүгінге дейін үзілмей келе жатқан дәстүрге, халық тағылымына деген құрметті аңдатады. Ойымызды қорыта келе, Жүрсін ақынның таңдамалысы кезектегі жинақ емес, шын таңдамалы өлеңдерінің топтамасы екенін айтуды дұрыс көрем. Мұнан өмірді байсалды, ойлы көзбен танып, өзінше түсініп толғай білетін, айтарын көркем бейнелі образдармен жеткізе алатын, талғамы зор, ойы терең, тілі бай және тапқыр ақынды танимыз. Ол өмірдің жайсыз керіністеріне өзін мысал ретінде ала отырып, көп нәрсені айтқан. Өзін аямаған басқаның бетін шидей қылады ғой. Ақынның сыны да өткір, ойлы, дәлелді. Бұл жинақпен Жүрсінді қос-қолдап құттықтауға әбден болады деп есептеймін. «Туған күн» өлеңі жинаққа соңғы сөз ретінде ұсынылыпты. Онда үлкен мақтаныш, өзіне деген қолпаш сөздер жоқ. Тек «Тұяғы жер тарпыған тұлпардың мініске жарамайтын тұғыр болғаны» айтылады. Ақындығына алғы сөз жазған Мақсұт Бәйсеитовті (Қарағандылық белгілі ақын) еске алып, соңғы сөзді кім жазатынына күмәнмен қараған. Ақынның біз сөз етіп отырған кітабы оқырманын табатынына, соңғы сөз жазатын адамның табыларына менің күмәнім жоқ. Тек әлі де айтары көп Жүрсінге оны жаздыруға асықпа дегіміз келеді.

Серік ҚИРАБАЕВ
Ұлттық ғылым академиясының
академигі

ЖҮРСІН ӨТКЕН ЖОЛ

«Құдіретке жүгіну» кітабы хақында бірер сөз.

Басқа да барлық үлкен-кіші замандастары сияқты мен де Жүрсін Ермановты ең алғаш ақын ретінде, ақын болғанда да баяғы Маяковскийге қарата: «Босағада тұрмады, төрге ұмтылды»- деп Қасым Аманжолов айтқандай, бірден-ақ буыны бекініп, бұғанасы қатайған қалпында өз үні, өз

әуенімен келіп қатарға қосылған талантты жастың бірі ретінде танығанмын. Әу дегеннен-ақ өз тұстастары арасынан суырыла алға шығып, ойлы да орнықты сыры, беделді де жырымен қазақ поэзиясы сарбаздарының сапына епкіндей келіп кірген дарынды жастың сол жылдарғы жүрдек те жүйрік қалам алысы мен қанат қағысын» қарағанмын. Сондай-ақ, оның оқта-текте бұрыла соғып, бұрқырата бір өтетін әдеби сын-пікірлері де алдыңғылар қатарындағы бізді елеңдетпей қойған жоқ. Алғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа сілтер кең тыныс, алқынбас демді аңғарған болатынбыз. Кесіп айтар, келістіріп айтар жастың кесімді байлам, өзіндік тұжырымдарын бас изей отырып, риясыз қабылдағанбыз. Сөйтіп біреулерді үркіте, біреулерді үміттендіре келген Жүрсіннен біз жыр сүйер қауым бірсыпыра жылдар бойына көз жазып та қалғандай едік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарын орталай ол біржола айтыс өнерін өрістету жағына қарай ойысты да, өз стихиясы - поэзия ауылына ат басын ғана бұратын дағды шығарған. Ауық-ауық болса да газет-журнал көңіліңді дүр еткізе елеңдете көрініп қоятын дәмді де нәрлі жырларын «Е, жазып жүр екен ғой!» - дейтінбіз де қоятынбыз. Менің өзімде. ағалығымды бет перде етіп, жолыққан жерде оған: «Әй, бала, сені әуелгіде ақын ретінде танып-біліп еді ғой, әлі де сол ойда, айтыс-айтыс деп жүріп асыл жырдан көз жазып қалып жүрме»- деп бірер ескерткенім бар-тұғын. дау айтуды қажет деп білмеген тұстардағы дағдысы бойынша ол жымия бір мырс ететін де, үнсіз қала беретін. Өткен жылдың аяғына таман Талдықорған қаласында тағы бір басымыз түйісе қалғанда Жүрсін маған сөзінін баспадан шыққан, әлі бояуы құргап та үлгермеген су жаңа «Құдіретке жүгіну» деп аталатын кітабын сыйға тартты. Әдемі мұқабамен көмкеріліп. безендірілген кітаптың сыртқы пішімі көз тартарлықтай-ақ көркем екен. Көз жауын алып тұр десе де болғандай. Баяғы үміт, кейінгі күдік бар, итжығыс түсе бере ме деп, оңаша бір қалған тұста кітап бетін парақтай бастадым. Біздің осы бір күйге душар болатынымызды алдын-ала сезгендей, автордың өзі де қысқа ғана беташар - бағыт сөзінде: «Ұят деген бір кіназ, нәпсі дейтін бір кесел - арбасады да жатады. Содан ба қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкеңнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал - ақ! Осылайша бар мен жоқтың, от пен судың арасында қампылған шамшыл шайырдың тым бір шумақ өлеңі, тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса жетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!» - деп күмәнді ойды сейілте отырып, ағынан жарылыпты. Адалын айтыпты. Өзіне де, сөзіне де ыждағат, әрбір лебізіне жоғарыдан қарап дағдыланған, жауапкершілік дегенді мейілінше жете сезінген адамның аузынан ғана шығатын сөз еді бұл. Біздің әлгіндегі бір пікіріміздің де алдын алғандай, ең алдымен: Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр,

Жаным төсеп жазғаным азайып жүр - деп алады да, одан әрі: Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып, Отырамын ішімнен бәрін біліп. Базар баққан бәдіктер ортасында Кісі де жоқ тұщынар сөзіңді ұғып. Бір күніңнен аумайды бір күніңіз, Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз. Саңырауға беретін сәлемдей-ақ, Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз?- деп, бар өмір, барша ғұмырын өлең жолына сарп етіп келе жатқан біразымыздың ішіміздегі удай бір ащы болмысты аяусыз ғана алдымызға ақтара салады. Көбіміздің көкейіміздегі күпті ойды дәл басып, өзара үндестік іздейді. Дәл осындай алағайы сезім ұшқыны ақынмын деп таныған әрбір екі адамның басынан ұшырасары күмәнсіз. Осы сарындас өлең менде де бар, біз тұрғылас біраз жақсы ақындар да көрініс беріп жатады. Жүрсін соны дәл меңзеп, қинала, қидалай отырып, сол бір іштегі арпалыс, алабұртқан ақындық халді шып-шырғасыз шырылдатып алдымызға тартыпты. «Кей топта сөз түсінер кісі аз-ақ, мұндайда өлең айтып бояма мазақ» - дейтін Абай ойымен үндес, ақ сөзіңді тақкөрмес айналаңа деген әлдебір реніш-күмән елес беріп өткендей. Кітапты әрі қарай парақтайық. Ойымызды ірікпей айта отырайық. Өз басым көкірегінді қақ жара буырқанып шығар бұрқақ таза сезімсіз жақсы өлеңді жазу мүмкін емес деп білемін. Өйткені сенің де бір сәтке бұйыға қалған көңіліңе қандай да бір қозғау салмайтын, тосыннан тербетіп, тебірентіп барып, толғаныс тудырмайтын, кеудеңе дүлей бір желік ұялатып, желпіндіріп әкетпейтін, сенің де өлең жазуға деген құштарлығыңды оятып, қағып-сілкіп құлшындыра түспейтін өлең-жырдың өз басым шынайы талантқа тели қоймаған едім. Қазақга не көп, өлең жазғыштар көп. Өлең жазғыштар көп болған соң өлеңтде болады. Солардың бәрін болмағанымен біразына көз тоқтатсаң, сүйсінбесең де, түйсінбесең де, кей-кейде оқып шығасың. Былайша қарағанда бәрі де өз орнында сияқты, техникалық тұрғыдан да төрт аяғын тең басып тұрғандай көрінеді, ойы да орнықты дерлік, судырта бір оқып шыққанда: «Иә, солай-ау» - дегізерлік қауқары да бар ондай өлеңдерге әлі де болса бұрқ етіп қайнар бір екпін, бет шарпыр бір жалын, отты рух, қысқасы, бәріміз болып айта беретін динамикалық уық жетіспей жатады. Оқисың, оқыған жерінде қала береді. Қайта қайырыла қоюға зауқың соға қоймайды. Елтіп, елікпейсің, «баяғы жартасбір жартас», самарқау, салқын күйде қала бересің. Ендігі жерде ондай өлеңге тарта қоюы да екі талай. Ақыры мақтаған соң айтып қалайын деп жатқан түгім жоқ, шындыққа ғана жүгінсем, мен Жүрсіннің өлеңдерін сол бір өзім күткен динамикалық қуатты, асау ойдың топшысымен қағып түсірер тегеурінді тұтастықты аңғардым. Мына кітапты үңіле оқып, ішіне дендей еніп қадағалай қараған адамның бәрі де көп ұзамай менің осы пікіріме қосыла кететініне көзім жетеді.

Осыдан біраз бұрын оның «Қасымның үйі» дейтін өлеңін оқығаным
бартұғын. Бір кезде:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын Астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытамын, Өзімді, әйелімді, жас баламды! - деп құдайдың зарын қылып жүріп әрең алған, бәріміз пір тұтып өскен Қасым ақынның үйін кезекті бір құрылыс ыңғайына орай талқанын шығара құлатып жатпай ма. Зілмауыр салмаққа шыдамай қақырай бастаған қабырғаларды көріп. іші қанжылаған шарасыз ақын бар күрсінісін «біздің үй - Қасым үйінің қасында еді!» - деп аяқтайды екен. Өлең дүниесіне өртке тиген дауылдай болып келіп, опасыз жалғанның біраз опығын жеп өткен сол Қасымға деген жабайы қылыққа күйіне тұрып, іштегі жалынын осылай бұрқ еткізген ақын «Өгізге туған күн бұзауға да туады-ау!» - дегендей болады да, сенің де төбеңнен түйіп калғандай жандүниеңді түршіктіре алақұйын күй кештіреді. Немесе осы сарындас Оралхан Бөкеевке арналған «Мүйіз кесу» өлеңін алайық. Таудағы елдің таңсықтау салты білем: Таңертеңгі салқынның самалымен. Бұғыларды қораға қамап қойып, Мүйіздерін кеседі дәл түбінен, - деп, бұғылы ауылдың маусым айындағы жаппай мүйіз кесу дәстүрін қалтқысыз суреттей келеді де: Бір ішкеннің екі ішу серті білем, Құныққандар келеді жер түбінен. Қаптап кеткен қанішер қазақтар бар, Ыстық қанмен айығар дерті кілең, - деп салып, әрі қарай: Тағайын деп тұрғам жоқ, Жоқты кінә. Бұл не дәстүр? Заманның тоқтығы ма? Қуанасың Қазақтар қағып алар, Қарағайдай мүйізің жоқтығына!- деп, өлең соңын ащы бір әжуамысқылмен тәмамдайды автор. Тағы да тұла бойың дір ете түседі. Қарағайдай мүйізің жоқ, қатардағы көптің бірі екенің еске түсіп, Құдайға шүкіршілік айтып, іштей ғана тәуба етесің. Осы бір екпінінен жаңылмаған қалпында Жүрсін ақын ерлікті айтып. елдік пен өрлікті жырлай ма, батыр кегін, ақын сертін сөз ете ме, жан-жағын тұтас қарманып, жанын ұғар жан таппай дағдарысын Абайға мұң шаға ма, Райымбек әулиенің басына тәу ете ме - әйтеуір сол бір көкірек жарған жалынмен, ыстық леп, бет шарпыр қызуын бәсеңдетпеген, іркілмеген арынымен ілгерілей береді. Айналаға асқақ қарап, төғіле сөйлесе де, кейде бір еңсеңді езе, егіле сөйлесе де өзіңнің ішкі әлеміндегі аласпыран, алмағайып құбылыстарды шиыршық атыра білетін шебер екенін әр өлеңі

сайын дәлелдей түсіп отырады. «Мұхтар Әуезовтьң қабірінің басында
жазылған жырлар» аталатын топтамасына құлақ түріп көрелік.
Теріс мініп тұғырын, тойсыраған,
Үмбетіңіз - тәубаға ой сұраған.

Күдірейтіп жүрсек те жанымызды,
Толар емес орныңыз ойсыраған.

Тұрқың асып тұрғанда көп тұғырдан, Келмеуші еді шоғылар шоқтығыңнан. Шыбындасақ соларға шұлғып басты, Бәрі, Мұха, өзіңнің жоқтығыңнан,- дей келіп, ол: Құрысыншы, бәрі де құрысыншы, Біріақылғөй қазақтың, бірі-сыншы. Бәрімізге жақсы атты көрінем деп, Арамтер боп арада жүр үшінші. Дандайсыған дәлдүріш данасыңдар, Жанан кетсе - жабатын жаласы бар. Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе – Жай табатын жалғыз жер - мола шығар,- деп тағы да бір оқыс бұрылыс жасайды. Сенің де жан-дүниең тағы да астаң-кестең болады. Өз жүрегінің әнін ыңылдап, өз көкірегінің күйін шерткен болып отырып-ақ, ол сені де енжар оқырман ретінде қалдырмай, ой иірімімен үйіріп, іштегі шеріне бір жола ортақтастырып жібергенін аңғармай да қаласың. Оқырманын ойға жетелейтін мұндай тартымдылық, көздемей айтпайтын мұндай нақтылық, ойына алған әрбір үлкен-кіші детальды ойната білу шеберлігі Жүрсіннің барша жақсы өлеңіне тән құбылыс. «Жақсы өлеңге» дегеннен шығады, осыдан бір жылдай бұрын «Жас қазақ» газетіне берген ақын Ерманның сұхбатына кездейсоқ тап болғаным бар еді. Сонда Жүрсін, өлеңді жақсы жазып кеттім, жаңа кітабымда 3-4 ортаңқол өлең болса болар, әйтседе бәрі де су төгілмес жорғадай суырылып тұрған жырлар» дегендей сөз айтып еді. Мен онысына кешіріммен қарап, ақындық шабыт үстіндегі лепірме көңіл-күйше балағам да қойғам. «Құдіретке жүгінуді» оқу үстінде байқадым, онда шынында үш-төрт ортаңқол өлең болса болып та қалар, бірақ бір қайнауы ішінде кеткен дүмілез жырлар, қосақ арасында бос жүрген өлендер, қысқасы, селкеулі жолдар жоқ екендігіне қалың қауымды әбден сендіре аламын. Және де мұның өзі көрінгенің де қолынан келе бермейтін, тек таланттыларға ғана бұйырар сыбаға екенін де еске сала кетпекпін. Кітаптың тақырып аясы да барынша кең. Сан түрлі ойға жетелейтін, сан алуан өрісті қамитын, тұжырымы да, қилы-қилы өлеңдер баршылық. Өйткені, өзі де сыншы Жүрсін өзіне келгенде де сол бір сын көзбен қарауды әсте ұмытпайтынға ұқсайды. Өйткені, қаншама бір көз жауын алып тұрар жауһар мен гауһар болғанның өзінде де кілең ғана бір түс, бірыңғай бояу оқыған адамды әйтеуір бір жалықтыра бастайтынын да ол барынша

ыждағаттықпен кеңінен ойластырғандай болып көрінеді. Суреткерлік палитрасының ауқымды болып келуі де ақын қолын ұзарта, тілін ұстарта түскен. «Қара бұлтты жамылып қара жолдың үстінде қарасөзден жаңылып, қара өлеңге түстім бе»,- дей отырып, «қаратүнек ойдың қарғыбауы мойнында» екенін әмісе естен шығармайды. Ақын үшін аса қауіпті дертгің бірі - өзін-өзі қайталау екенін де ол жақсы біледі. Сөйтсе де өзі жүріп өткен тар жол, тайғақ кешу мен өзгелер таптаурын еткен соқтықпалы соқпақтардың өзінен өзіндік сүрлеу тауып шығуға тырысады. Басқаның ізін баспасам дейді. Содан да ол кітабының әр беті сайын поэтикалық күйтабағын үнемі ауыстырып салып отыруды да ұмытпайды. Кұйтабағынан кезекті бір келісті күй ескенде өзі де көтеріліп, өзгенің де еңсесін биіктетіп: Әлемнің әміршісі секілденіп, Отырам билік құрып патшада деп бір түйіп тастап, одан әрі: Ішіне кіріп алып ойдың қалың, Еліккен, желіккеннің қойдым бәрін. Көтерген дүниенің төбесіне, Тарқама, жыр-жәрмеңке, той-думаным! – десе, сен де елегізіп, қосыла кеткің келеді. Өйткені, өзің де осындай жүргеніңді жақсы білесің. Ақындарды туыстыра түсер тылсым бір түйсік деуші еді, соның өзі осы болмағай! - деп қала бересің. Жүрсіннің «Алматыдағы арбакеш» аталатын жай ғана тұрмыстық тақырыптағы шағын ғана бір өлеңі бар. Оны оқи бастап, мұндайды екі бірінде кезіктіріп жүрміз, бізден асып не айта қояр деген де күдік қылан көлденеңдей кететінін байқайсың. Әйтсе де оқи бастасаң «асығы алшы ашқарын жүрген адамның арбакеш болып Алматының жарымын тасыған» күйкі тірлігі емес, арғы түбінде кісілік болмысты төмендетпей: Тек, көңілім, кірленбе, Білем әзір бағамды. Жұрт сөз тасып жүргенде, Мен тасыдым адамды,- дейтін қоғамдық астар жатқанын аңғарар едің. Болымсыздың өзінен боталы түйедей ой тапқан ақын көңіліне тағы риза болар едің. Осындай өлеңдердің бірі - «Абайға мұң шағу» топтамасындағы «Жиырма теңге». Абай аға, мен дел-сал болып тұрмын, Жанарыңа сенің де толып тұр мұң. Оқулықтан көретін дидарыңды, Енді ақшаның бетінен жолықтырдым,- дей келіп: Түсінем ғой бәрін де... Бірақ аға. Не бетімді айтамын жыр Анаға? Енді сені жұмсаймыз шай-пұлға да, Араққа да жұмсаймыз, сыраға да. Сенің құның болғанда жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға!.. - деген түйін жасайды. Тағы да денең дір ете түскенін аңғарасың. Осы сарындас төбе шымырлатар қуатымен, шымыр шындығымен» поэтикалық типтілігімен көкейге барып қона қалатын жырлар Жүрсінде аз емес. Ол бәрімізге белгілі тақырыптың өзінен найзағайдай жарқ етер ой тудырып әкетуге шеберленіп алыпты. Соған орай жыр қаһарманының жан сарайын іда еткізбей қапысыз сүзетін көркемдік құралдарды орынды қолдануға да машықтанып алған. Бұл кітаптағы қадау-қадау ой ұшқындары осы пікірімізді дәлелдеуге жарап-ақ жатыр. Кешегіні бүгінге сабақтап, бүгінгінің көзімен ертеңді ұқтырар тәсіл бар десек, сол кешегі мен бүгінгінің іштей ұғысар, ұласа түсер тамыры болашақты да меңзесе керек-ті. Соның бәрін тәптіштей тере білетін ақынның басты бір мақсаты - сенің көкірегіңе бұғып жатқан вулканды ояту болса, Жүрсін дәйім ғана соған ұмтыльш, ақындық қуат-күшін сол жолға жұмсап бағады. Адам бойындағы табиғи нышандарға оқушы зейінін аудару арқылы асыл мен жасықтың ара-жігін ашып, нарқы мен парқын саралайды. Өзі қатты қадірлеп сыйлайтын ақын ағасы Тұманбай Молдағалиевке арнаған «Ұлытаудан оралдым» дейтін өлеңінде ол: Бәйгеғе жалғыз атын қосып інің, Оралды Ұлытаудан осы бүгін. Көңілге қаяу түскен жағдайы бар, Айырып қасы кімін, досы кімін, - деп, күні кешелер өзінің халық депутаты болсам ба ден елге барып, тауы шағылып қайтқанын алға тартады да: Құлансың тауып жүрген жырақтан нәр, Деп едің алдыңда інім, бір апан бар. Шын екен. Мені қайтсін, Мен түгілі Шалқадан Шоқанды да құлатқандар! – деп бір тоқтайды. Кейбір пенделік қылықтарға нали отыра, тағы бір тұста кейбір кеуделердегі шайыр болып қалған татты шайып кетіріп, сананы сілкіп алып отыратын от қызулы орнықты ойларға, нұрлы сезімге қарай қайта ойысады. Калай етсе де көлеңке мен күңгейлердің тізгінін тең ұстап, жақсылықтың бәріне сүйсіндіре де біледі, өмір сәнін кетірер келеңсіз құбылыстарға жирене қарауға дағдыландырады. Жүрсін поэзиясындағы драмалық тартыстың терең идеялық қуат-күші осында. Мен білетін Жүрсін «көбік те болса көп болсын» деп, болсын болмасын, оң жамбасына келсін келмесін, оңды-солды қалам сілтеп, төпелеп ұрып жаза беретін «ақындар» санатынан емес. Әуел бастан-ақ «аз болса да саз болсын» деген қағиданы қадір тұтып, айтары болғанда ғана, лықсып келген ойды ірке алмай, шірей тартқан шабытына шамасы жетпеген тұста ғана барып қолына қалам алатынға ұқсайды. Содан да барып оның әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр келеді. Көз алдындағы нұрлы бояудың өз басы, өз көңіліне лайықтысын ғана

таңдап, тауып ала біледі. Сол таңдап алған бояуының өзін келістіріп қана орнымен жұмсап, қымбаттата жағуға автор дарыны бұл жолы да олқылық етпеген. Әлем-жәлем басы артық жамау да, бәрін қамтысам дерлік орынсыз жомарттық та сезілмейді. Ендеше қазіргідей кітап шығарғыштар көбейіп берген, газет-журнал беттерінен іліп алары шамалы, солғын да сүреңсіз өлеңдерді күн сайын дерлік көре-көре көңіл күпті болып жүрген осынау бір өлара тұста Жүрсін Ерманның «Құдіретке жүгіну» кітабын әлденеше рет оқып шығуым - соңғы кезде өзім тындырған бір ғанибет ісім болды дегенді айтьш, бүгінгі сөзді осымен тәмамдай тұрғаным жөн шығар.

Сәкен ИМАНАСОВ

ЖҰРТ КҮТЕТІН ЖҮРСІН

Жұмыр басты пенделердің сан қилы пиғылды, алуан мінезді болып келетіні белгілі жайт қой. Біреулер үлп еткен желдің лебі тисе де майысып, иіліп қалатыны бар. Ал енді кейбіреулер, керісінше ызғарға ықпайтын, ағынға қарсы жүзетін қаһарман тұлғалы болып келеді. Қазақы ұғыммен айтқанда, оларды «табанының бүрі бар жандар» дейді. Немесе «мінезді адам» деп те жатады. Бүгінгідей жақсыдан жаманды айыру қиын, жалт-жұлт еткен жарнаманың заманында мінезділердің саны да саусақпен санарлық қана болар, бәлкім. Солардың бірі – көрінбей қалса жұрты елеңдеп күтетін Жүрсін. Олай деуіміздің де өзіндік жөні бар. Алаш баласының Айтыс десе – Жүрсін, Жүрсін десе – айтыс деп қабылдайтын деңгейге жеткені қашан? Кеңестік кері саясаттың кесірінен келмеске кетуге шақ қалған киелі өнердің өркендеуіне, кемеліне келіп көркеюіне көп үлес қосқан да – осы Жүрсіннің өзі. Иә, өлең десе, ішкен асын жерге қоятын абыз елдің ақын ұл-қыздары – «Жүрсіннің жүйріктері» жер-жерден қайнап шығып, сөз өнерінің осынау қасиетті түрін түрлендіріп-ақ жіберді. Осылайша, тәуелсіздік жылдары айтыс керемет биік деңгейге жетті. Нар көтермес нарықтың ауыр жүгі айтыс ұйымдастыруға еш кедергі келтірмеді десек, үстірт кеткен болар едік, әрине. Дәл осы арада Жүрсіннің жігері, қабілет-қарымынсыз істің оңға басуы қиын еді. «Айтыс үшін шайтанмен де тілдесуге әзірмін» – деп өзі айтқандай, ол осы бір халықтық өнерді қатарға қосу жолында барын салды. Оның қанатын кеңге жаюы үшін Жүрсін білгір психологтың, іскер басшының қызметін атқарды. Айтыс үшін талай облыс, аудан әкімдерімен арбасып, тасада қалғысы келген шен-шекпенділерді шырқыратып, тығырыққа тірегенін көзбен көрдік. Сауданың ебін, кәсіптің тегін білетін іскер, елжанды азаматтардың тамырын басып, тілін тауып, демеушілікке көндіргенін де білеміз. Халық деген қазына емес пе?! Небір қолы ашық, жаны жомарт жандар бар екен жұрт ішінде. Солардың басында Өмірзақ Сәрсенов, Аманкелді Ермегияев сынды ағаларымыз тұрып, көпшіліктің орынды қошеметіне

бөленді. Сонымен, сөз майданы да қызынды, темір тұлпарлар жүзден жүйріктерді күтіп сахнада тізілді. Елеусіз жүрген айтыс ақындары сайдың тасындай іріктеліп, елге танылды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Мұның барлығы айтуға оңай болғанмен екінің бірі шырмауын шеше алмас қиын түйін екендігі өзінен-өзі түсінікті. Сөз басында айтқанымыздай, ондай істі табанының бүрі бар, жүрегінің түгі барлар ғана баянды етіп, елдің ілтипатына бөленсе керек. Сөзді кие тұтып, поэзия құдіретіне ерекше табынатын азаматтың ақындығы – өз алдына бөлек әңгіме. Оны өзгелердің үлесіне қалдырып, мен тек сөзге сараң, ойға бай ерекшеліктеріне ғана тоқталсам деймін. Жүрсіннің өлеңдерінде басы артық теңеулер, сәтсіз ұйқастар, үйлесімсіз оралымдар жоқтың қасы. Ел аузында жүрген бірнеше әнге де мөлдіретіп сөз жазғаны жұртқа жақсы таныс. Менің білуімше, ол өлең деген киелі өнерге мұқият жауапкершілікпен қарайды. Мұны өзінің «Құдіретке жүгіну» атты кітабында былай айтқан: «Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел – арбасады да жатады. Содан ба екен қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!» деген түйін сөзінен ұға беруге болады. Сондықтан оның таңдамалы өлеңдерін сығымдап, тек қана бір том етіп бастырғанын айтсақ та жетіп жатыр. Жүрсіннің о бастан үзбей тер төгіп, қаламының қарымын, жастығының алымын арнаған саласы – журналистика. Соның ішінде теле-радио саласы. Көгілдір экранның құпиясына, радионың сиқырына үңіліп жүріп, ол телерадионың майын ішкен майталман маманға айналды. Оған мысал жетерлік. Бәрін тізбелемей-ақ, кезінде көрерменнің көңілін жаулаған «Көктөбедегі кездесуін» айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ бір ескеретін мәселе, Жүрсіннің бұл саладағы қызметі де көбінде тартыспен өтті. Табиғатынан тура мінезді жаралған азамат кей кездері ұлт намысы мен ел мүддесі сынға түскенде тартынбай шындықтың көзіне тура қарап, сөйлей білді. Кейбір босбелбеу басшысымақтардың ұлттық намыстан жұрдай екенін шымбайына батыра баян ететін. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Ер болсаң, бопсаға шыда» деген қазақы қасиетті ұстанды. Бұл өз кезегінде оның біраз қызметпен қоштасуына да түрткі болып жататын. Бірақ бірбеткей, намысқой, еркін ойлы жігітті мұның бәрі жүнжіте алмады. Жұрт оны осы үшін де сыйлайтын сияқты. Сонау 1969 жылдан бері өмірдің небір қызығы мен қыжылын бірге бөлісіп, достығымыз жарасып келе жатқан Жүрсіннің табиғатын түсініп болудың өзі қиын. Бірде тарпаң, бірде жайсаң, бірде шарт та шұрт, қырсыққисық мінезімен талай таңғалдырғаны бар. Ал енді кейде жалғыз ұлы – Дарханға арнап жазған өлеңі секілді туындыларымен сай сүйегіңді

сырқыратса, енді бірде жан-жары – Бақытжамал сүйіктісіне арнаған нәзік лиризмге толы сыршыл ақындығымен тәнті етеді. Болмысы бөлек досыңа іштей риза боласың да қоясың. Кейде өзіне «мынауың бір жақсы дүние екен» дегенді айта бастасаң, «Сендер мені бағалай алмай жүрсіңдер ғой» деп балаша бұртаңдайтыны тағы бар. Әлі есімде екінші курстан соң жазғы семестрге шығып, Торғай даласына ауылшаруашылық жұмысына барғанбыз. Біз құрылыс басында қалып, Жүрсін бастаған бір топ студенттер кірпіш зауытына көмектесуге кеткен. Кешкісін жұмыстан қайтқан қыз-жігіттердің өңдері өрт сөндіргендей түнеріп кетіпті. Не болғанын сұрағанымызда: Жүрсіннің жігіттерге араша түсіп, бір баскесермен қатты ерегескенін айтты. Әлгі қанішер қолындағы балтасын сілтеп қалғанда, ажалы жоққа себеп екен, Құдайға қараған біреу қас пен көздің арасында қағып үлгерген көрінеді. Әйтпесе, балаң жігіттің басын қақ айырар еді дейді. Тайқып кетуді өлімнен артық санайтын сабазың қасқайып қарап тұрған ғой. Аз жазса да, саз жазатын Жүкеңнің қаламынан соңғы кездері төрт аяғын тең басқан очерктер де туа бастады. Бұл дүниелері өзгеше бір сәтті шыққан шығармалар деп батыл айтуға болады. Онда адамдардың бейнесі, қоғамның тыныс-тіршілігі, кейіпкерлерінің мінез-құлқы барынша айқын, ашып көрсетіледі. Туындыларының тілі де төгіліп тұр. Не жазса да қарапайым ұғынықты етіп, оқырмандарды бірден өзіне баурап алады. Мысалы, «Алматы мен Қоскөлдің арасында» деп аталатын жолсапар очеркінде туған жерді аяушылық сезіммен еске алады. Оның тұрмысын қалтқысыз көз алдыңа елестетеді. Қазақтың түп тамыры ауылдың тіршілігін сағына отырып, шешім таппаған көптеген мәселені оқырманға ақырын ғана тұспалдап жеткізеді. Ал анау «Аллах деген арымас» дейтін қажылық жолдан жазған очеркінде журналистік еркін де азатшыл көзқарас сезіліп тұр. Жүрсіннің бұдан басқа да очерктерін алып қарасақ, бітімі бөлек, жаңаша леппен жазылады екен. Бәлкім, азат ойлы, еркін көзқарасты, кең тынысты шығармашылық ағымның басы болуы да мүмкін ғой деп ой түйдік. Оның үстіне бір ғана туындысында қаншама мәселені көтере біледі. Әрі оны дабылдатып немесе ұрандатып емес, Жүрсінге ғана жарасатын сөзбен түйреп, орынды сынап өтеді. Сонымен қоса, оқырманға таңдау еркіндігін қалдырады. «Былай болу керек еді» деген насихат жүргізбейді. Осындай жаңаша стилімен де оның шығармашылығы өзгеше болар, бәлкім. Жазбаларында зілсіз әзіл мен жеңіл мысқыл да жарасым тапқан. Тілінде оқырманға жұғымды қазақы шұрайлылық та бар. Осы ерекшелікті алғаш марқұм Асқар Егеубаев байқап, жоғары баға берген еді. Ұлтымыздың сүйікті ұлына айналған Өзбекәлі Жәнібеков жайлы очеркінің жаңа түр, жаңаша пішінмен жазылғанына дән риза болған Ақселеу ағамыздың кезінде арнайы телефон шалып, құттықтағанына куә болғанбыз. Шығармашылығы да, азамат болып толысуы да көз алдымызда қалыптасқан Жүрсін жайлы бір жолғы шағын мақалада бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Оның үстіне ол сыртқа сырын аша бермейтін, сан қырлы күрделі болмыс иесі болса қайтпексің? Қалай десек те, атқарған ісі елдің көз алдында өтіп жатыр. Сөз қадірі мен бағасын бәрінен жоғары қоятынын да жұрт біледі. Ең бастысы – қалам ұстаған тұлғаның да іскерлік деген жаңаша ұғым-мен

қабыса жұмыс жасауға қабілетті екенін дәлелдеді ол. Айтулы алпысың құтты болсын. «Азаматым» деп алқалаған алашың аман болсын. Тасада тап беретін арамзаның айбалтасынан алтын басың аман жүрсін, Жүке!

Намазалы ОМАШҰЛЫ.

ТЕКТІ ТАЛАНТ

Бүгінгі қазақ поэзиясын шырқау биікке көтеріп, қара өлеңнің қасиетін ұғына білген біршоғыр жүйрік таланттар бар. Солардың арасында ұлттық тамырдан ажырамаған, қазақы бояуы қанық, көркемдік әлемі келісті – Жүрсін Ерманның да есімі айрықша аталады. Шежірелі Ұлытаудан қанат қаққан бір кездегі бала қыранның бүгінгі жеткен биігі де бас айналар ұшар шыңның басы секілді. Ақынның жыр жинақтарын құныға оқығанда, оның ішкі сыры мен қышқыл мұңын, буырқанған табиғатының барлық болмысын анық байқайсың.

Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,

Болжамасам халімді –халқым күлер.

Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді – өзінің шамасы мен шарқын білер.
Жайдақталып кеткенмен замана тым.

Өңмендеумен шықпасын жаман атым.

Шұға жауып жатса да көктен жерге

Қалғып кетпе қазақы қағанатым!- деп өзінің асыл өнерін халқының мұратына арнаған өлеңдері кім-кімді де толғандырып, ой салары хақ.

Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,

Отырамын ішімнен өзім біліп.
Базар баққан бәдіктер ортасында,
Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып.
Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,

Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.

Саңырауға беретін сәлемдей-ақ,

Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз? –деген өршіл жолдары сені сарсаңға салып, беймаза ойға жетелейді. Ақынның қай өлеңі болмасын сезім шынайлығымен, қалтқысыз айтар ақжарма көңілімен бірден баурап алады. Ол адамның көңіл пернесін тап басатын сезімдерді сөзбен суреттеуге өте шебер. Және дәлдікті дәл қояды. Жүрегіңді түйіп-түйіп жіберетін сәттер өте көп кездеседі.

Райы баяғыдан басқа күздің,

Дәмі де айнығандай ақ сағыздың.

Шөп тартып жүруші едік сонау белден,

Жабысып арқасына қасқа өгіздің.
Құм сағыз,

Қара сағыз,

Аққан сағыз,

Зыр қағып жүгіруші ек тапқанша біз.

Қырларын Құлжанбайдың кезуші едік,

Кірпікке қарашада қатқанша мұз.

Шал қайда –күрең атты борбайлаған?

Ел қайда – сырма айдаған, арба айдаған?

Есіңе бүгін ғана бәрі түсіп,

Несіне күрсіңесің, сорқайнаған!

Ұяға болушы еді торғай да алаң...

Бір сәт қиян түкпірде бұйығы жатқан туған ауылың есіңе түсіп, қалың ойға батасың. Онда өткен балалық шағың, ата-анаң, қимас таныстарың – бәрі - бәрі еске түседі. Және сол ауылдың бүгінгі жүдеп тұрған көңілсіз көрінісі де көз алдына келеді, сен де осындай күйді бастан кешіп жүргенің кәміл. Сондықтан адамның жүрегінің бір бүйірінде бұғынып жатқан алай-дүлей сезімдерді ақын оны өлеңмен сәтті өре білген. Ақынның қай жыры болмасын сіздің ішкі «меніңізбен» үйлесіп тұрады. Өз көңілінді тербетіп жүрген нәзік мұңмен бірге астасып, жігеріңді жанып, рухыңызды биіктетіп жібереді.

Уыты бар көңілде,

Жазылмайтын жараның.

Неге келдім өмірге,

Неге кетіп барамын.
...Ұзап бара жатқандай,

Келешектің кемесі.

Удың дәмін татқандай,

Уылжимын.

О, несі?!

Жалған дүниені дәл осынша мұңлы бейнелеу, анық суреттеу философ ақынның ғана ойлы қаламынан ғана туады. Өмірдің қилы-қилы сәттерін, мұңлы жүрегінен өткізіп, оны тылсым поэзия тілімен сезіміңізді тербетер, ойыңызды толғантарлықтай өрнектей білу – дара дарындардың ғана қолынан келеді. Ақынның «Абайға мұң шағу» өлеңін де:

Абай аға, мен дел-сал болып тұрмын.

Жанарыңда сенің де толып тұр мың.

Оқулықтан көретін дидарыңды,

Енді ақшаның бетінен жолықтырдым,- дей келіп:

...Сенің құның болғанда жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға! – деп түйін жасайды. Денең дір етіп, ойың сан-саққа бөлінеді. Шайырда осындай ойып түсер шымыр жазылған, қуатты өлеңдер өте көп. Ақынның ықшам ғана дос туралы жазған өлеңін оқыған жан-дүниен шымырлап, нәзік мұңға берілесің.

Дос дейтін дос та қалмады,

Санама түсті салмағы;

Шын досты ажал жалмады.

Алдамшылары алдады.

Құлағанымды күтіп жүр,

Қарақтап қасымда қалғаны.

Оң жаққа мені салғалы,

Үш жерден буып-таңғалы.

Cүйегіме түсіп сол күні,

Тонымды қалап алғалы!

Ақынның әр өлеңін оқи отырып, қазақы сөздің дәмін үйірер шеберлігіне, көркемдіктің көкжиегіне көз салған ақындық қуаттың арынды екпініне еріксіз таңырқайсыз. Оның жырларында тосын тіркес, бұрын-сонды айтылмаған образды оралымдар, қазақы кейіпте қона кетер бейнелі сөздер көп кездеседі. Көрнекті сөз зергері Сәкен Иманасов : «Мен білетін Жүрсін «көбікте болса көп болсын» деп, болсын-болмасын, оң жамбасына келсінкелмесін, оңды-солды қалам сілтеп, төпелеп ұрып жаза беретін «ақындар» санатынан емес. Әуел бастан-ақ «аз болса да саз болсын» деген қағиданы қадір тұтып, айтары болғанда ғана, лықсып келген ойды ірке алмай, шірей тартқан шабытына шамасы жетпеген тұста ғана барып қолына қалам алатынға ұқсайды. Содан да барып оның әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр келеді. Көз алдындағы нұрлы бояудың өз басы, өз көңіліне лайықтысын ғана таңдап, тауып ала біледі», - деп ағынан жарылған екен. Осы сөз - сөз. Бізде ақын ағадан асырып ештеңе айта алмаймыз. Қысқаша айтқанда, Жүрсін Ерман – намысты да қуатты, нәзік те сезімтал жырларымен, ерен талант, берен тұлғасымен қазақ поэзиясының жазира алқабында оқшау тұрған, қойнауында сан ғасырлық тарихтың таңбасы бар Ұлытау секілді алып шың. Ол шыңның басына терең тарихты көрем деген, түйсінем деген, поэзияны шын жүрегімен сезінем деген оқырмандар сан рет шығары хақ!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙