Шығармалар Жинағы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Рафаэль Ниязбек
Рафаэль НИЯЗБЕК ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ КӨПТОМДЫҚ 1-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5 Н 65 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. НИЯЗБЕК Р. ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ: Өлеңдер/ Р. Ниязбек. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014.
ISBN 978-601-03-0225-9 Т.1. - 2014. - 380 б. ISBN 978-601-03-0226-6 Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің бұл томында қилы-қилы тағдыр кешкен қазақ халқының елдігі мен ерлігі, арғы-бергі тарлан тарихы, рухани құнды байлығы, таным-тіршілігі, адамгершілік қасиеті, жаратылыс-болмысы шымыр суреттелген. Ақынның сонымен бірге балалық шақ, махаббат, табиғат тақырыбына жазылған өлеңдері де сыршылдығымен ерекшеленеді, оқушы қауымды тазалыққа, сұлулыққа, адалдыққа үндейді. УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз) ISBN 978-601-03-0225-9 © «ҚАЗақпарат», 2014 Н 65 ISBN 978-601-03-0226-6
ІЗДЕНУ .Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі деген әңгіме бар. Тірлікте бұлай болмауы да мүмкін. Бірақ көркем шындық өмір шындығынан гөрі иланымдырақ қой қашан да. Сенесің. Ұсақ аңның күшігі өйтпес, жолбарыстың баласына сыйып – ақ тұр. Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара– бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін. Ол қазір «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен» атты алты өлең жинағы мен «Отағасы», «Жауатар», «Қаңтар», «Қызғыш құс» сияқты төрт– бес повестің авторы. Тұңғыш топтамасы 1969 жылы ғана жарық көрген жасаң ақын үшін мұның өзі аз еңбек болмаса керек. Бірінші кітабының бірінші бетінде: Бұл өмірде бір білгенім бар шығар Бірде төмен... бірде кетсем биіктеп, – деп сыр шерткен сәуегей талапкер, өзі айтқандай, сан рет төмендеп, сан рет биіктегенге ұқсайды. Төмендеген кезінде тап басып, биіктеген кезінде байқамаған болатын құлықсыз замандастар Рафаэль Ниязбековтың әдеби еңбегін үнемі әділ бағалап отырды деп айту өте қиын. Күнгейіне көз жұмып, көлеңкесін көбірек әңгіме қылған сәттер де жоқ емес. Содан да болса керек, ылғи
да көтеріңкі сөйлеп, қашан да көңілді жүретін ақ көңіл ақынның кейінгі жинағында, «Өркенде», минор–мұңды наз пайда болыпты. Тағдырды бұл салам деп жамбасыма, Шығам деп ем, Шықпадым тау басына. Өлең деген өрт болса, Тыңдашы, аға, От боп менің кім кепіл жанбасыма?! Талайды әлі бұл інің өткереді, Жетілмеген күндерін жеткереді. Бірақ та, аға, Жыр жазу қуанышын Ініңізге біреулер көп көреді. Арыз айту, шағыну емес. Бірақ шындық іздеп, әділет іздеп шарқ ұру бар. Бұл өлеңнің «Ағамен сырласу» деп аталуы да тегін болмаса керек. Мұндағы ағаны жәй жасы үлкен туыс қана, ауылы бір ағайындас қана ұғынсақ, қатты қателесер едік. Автордың аға деп отырғаны – әділ қазы, төре– би, әрине. Ақынның сүйенері де, сыйынары да – Адам. Бірақ адамның бәрі Адам ба?! «Малдың аласы сыртында, адам аласы ішінде», – дейді халық. Дос дегенің өліп қана азаймайды. Ажал алғанға амал жоқ. Оны қойшы! Кейде сол ажал ажыратпағанды басқа ажыратады. Демек, сені қинайтын өлім емес, көбіне – көп өмір құбылыстары. Адамдар арасындағы алауыздық, аярлық, ашкөздік, іштарлық, көре алмаушылық, қараулық, мансапқорлық, дүниеқоңыздық, дәнкеуделік, тасбауырлық... Ең жаманы – түсінбестік. Адам жас кезінде, негізінен, үмітпен және сеніммен ғана өмір сүреді. Үміт өле-өлгенше өшпейді. «Үмітсіз – шайтан», – дегенді ел бекерге айтпаса керек.
Үміт шырағы сөнген күні бәрі сөнеді. Иә, үміттің аты – үміт. Оның жөні бір бөлек. Ал, сенім ше? Сенімнің жағдайы бір басқа. Көп адам сенімді ерте жоғалтады. Оған, әрине, адамның өзінен гөрі өзгелер көбірек кінәлі. Айналасы айыпты. Өскендігім анадан жалғыз болып, Көңілімді жүргенде сансыз бөліп. Маңайынан үйіріліп шықпаушы едім. Біреулерді асқар тау, жал-құз көріп. Сөйтсем олар жүздері шат жайнаған, Мына мені тағдырын қақпайлаған Есігінде жүрген бір өздерінің, Бала көріп келіпті ат байлаған... Осы іспетті өлең жолдарын оқыған кезде, «ай, адамдар – ай, адамдар!» – дейсің ішіңнен. Басқа ештеңе айта алмайсың. Иә, солай! Сенбейін демейсің, сенесің. Жақын тұтпайын демейсің, жақын тұтасың. Бірақ: Аласарсаң сәл ғана Асқарланып Шыға – шыға келеді – ау кім көрінген! Өлең орынды басталып, орынды аяқталған. Алып – қосары, күл – білтесі жоқ, бедерлі жыр. Кәдімгі саған таныс, маған таныс, яки баршамызға аян өмір шындығы. Ешкімге арнап айтылмаған, бірақ бәрімізге қаратып жазылған көңіл назы. Әрине, бүкіл жинақ осындай бір өкпелі өлеңдерден ғана тұрса, оның қадір–қасиеті болмас еді. Абырой болғанда, ақын өзгемен қоса, өзіне де сын көзімен қарайды.
Шыңға шырқап кетерлік жатса мынау .Жүрмін бе әлде, білмеймін, қыр астында? – деп сезіктенеді. Тауды көрмей тұрғанда таумын дедім, Тау болуды оп – оңай бұйым көріп, – деп қинала мойындайды. Абайсызда жығылып қала берем, Біреулерден, амал не, басым тұрып, – деп мұңая өкінеді. Біреу жеткен биікке шыға алмадым Мүмкіндігім одан да асып тұрып, – деп қынжыла қайғырады. Иә, сезіктенеді, мойындайды, өкінеді, қайғырады. Бірақ оған бола ешкімді кінәламайды. Не болса да, бәрі өзінен екенін жақсы түсінеді лирикалық кейіпкер. Жалпы, «Өркенде», бұрынғы жинақтарымен салыстырғанда, парасат тоқтатқан салауатты һәм салиқалы. Дүниеде болып жатқан жағымды – жағымсыз құбылыстардың қай – қайсысына да ақыл асқарынан, кемел ой биігінен қарайды. Адамнан шыққан түлкіні Ақылмен соғу мүмкін бе? – деп қапа болады. Атылмаған жанар тау Білмегенге Жәй төбе боп, әрине, көрінеді, – деп сабыр тұтады. Затында үлкен кісі бола алмайды Адамдар бір – біріне кішірмеген, –
деп үлкен кісілік қорытындыға келеді. Бұл үзінділердің қай-қайсысында да жеке бастың ойынан гөрі көптің ойы, жалқының қамынан гөрі жалпының қамы басымырақ жатыр. Рафаэль Ниязбеков – соғыс жылдарының төлі. Ол тоқтықты да білген, жоқтықты да көрген. Аш та болған, жалаңаш та болған. Ыстыққа да күйген, суыққа да тоңған. Бір сөзбен айтқанда, от пен судан өткен жетім буынның өкілі. Оның алды Бақыт болғанымен, арты Сор. Бүгіні тыныштық болғанмен, өткені зобалаң. Соғысты ойласа, ол буынның төбе шашы тік тұрады. Ұшқан оқтың кеммін деп қандайынан, Зеңбіректің тебініп таңдайынан, Бір қорғасын жүр әлі арман етіп, Тыныштықтың тисем деп маңдайынан. Соғыстардың көз салып өлкесінен, Сипағанға мәз болып жел төсінен, Бір қылыш жүр әлі де арман етіп Тыныштықты қисам деп желкесінен. Ала құйын адуын желде есем көп, Өшіруге мен ерік бермесем деп... Бір шала жүр әлі де арман етіп Тыныштықтың орманын өртесем деп... Бұл да шындық. Осы замандағы ең актуальді тақырып. Нағыз көкейкесті мәселе. Кеше айтқан болса, ерте емес, бүгін айтса, кеш емес, әр уақытта естен екі елі шығармайтын қиын жайт. Бүкіл дүние жүзі болып бас қатыратын, дипломаттардың түн ұйқысын төрт бөліп, тәулік бойы таусыла толғанатын түбегейлі, түпкі шаруасы.
Жаз өтеді, Әлі де күз өтеді, Тарих өзі қатесін түзетеді. Соғыс енді болмас та... Дегенмен де, Қос шырағым бір – бірін күзетеді. .Автор немесе лирикалық кейіпкер бұл жолы да өз жағдайын, яки жеке бастық көңіл күйін, күйбең тіршілікті баяндап қана отырған жоқ. Бұл ой – ортақ ой. Бұл қауіп – ортақ қауіп. Халықаралық проблема. Халықаралық демекші, Рафаэль Ниязбеков бұл кітабында өзін елден, елін бүкіл планета тағдырынан бөліп қарамайды. Тақырып жағынан алғанда да, оны игеру тұрғысынан келгенде де, «Өркеннің» авторы әлдеқайда өскен, әлдеқайда есейген. Оған «Виктор Хара әндері» циклынан» атты тарау әбден дәлел бола алады. Өзі жазып жүрген көркем прозаның әсері ме әлде мойны қылтиып көріне бастаған қырық деген кемел жастың ақыл – парасаты ма, әйтеуір, Рафаэль Ниязбеков поэзиясының бет шарпыған жалыны өз арнасына түсіп, оның бүгінгі өлеңдеріне реализм үстемдік жүргізе бастапты. Бұрын кімнің атынан болса да Рафаэль сөйлейтін және Рафаэльше сөйлейтін. Қазір де Рафаэль сөйлейді. Бірақ Рафаэль аузымен әркім өзінше тіл қататын дәрежеге көтеріліпті. Дүбірге кеттім тағы араласып, Тағдырмен бетпе – бет кеп жағаласып. Даламның төсіндегі егін – мұхит Күн сайын кемерінен барады асып. Кеудемді толтырып ап таң нұрына, Кім – кімнің ара түстім тағдырына. Жалғадым тамырымды көгерсін деп, Қуарған өсімдіктің тамырына.
Жанымнан жалғыздықтың көші кетіп, Даланы алғам мен де бесік етіп. Табадан шыққан нанмын, Кеткен бар ма Ақ нанның алдын жөнсіз кесіп өтіп! Бұл жердің монологы. Сөз де жер-анаға лайық. Байсалды, сабырлы, салмақты. Сенімді. Келем, міне, өмірдің арбасында, Бір сілтеуден белгілі қалмасым да. Құлаймын ғой, Қашанғы тұра берем Жалғыз үйдей жарбиып жар басында?! Ұры – уақыт мені әлі дара тонар, Қажетіне сөйтіп ол жарата алар. Жел өтінде құламай тұра алар ма Түбін құрт жеп тауысқан қара томар?! Бұл – қарттың монологы. Көпті көрген, көпті білген, шаршаған, қажыған, енді өмірдің өзімен есеп айырысқысы келіп отырған Кенен қарияның сөзі. Нанымды. Баулымаған мені олай сыншыл атам, Егестің бе? Шыңғыртып шын жылатам. Бетін берген біреуге, сыртын берген Қаншық – өмір, Сені әлі қыңсылатам! Бұл – қарақшының монологы. Ашулы. Ызалы. Тура. Анайы. Тек бұзықтардың аузынан ғана шығатын тентек сөз.
Иланымды. Міне, өстіп өзгелердің сөздерін өздеріне ғана лайық айта білген автор кейде өз мәнерінен, өз мақамынан аяқ асты айырылып қалғанда, не дерге білмейсің. Жерден ғана аларсың аларыңды, Нұрға, Жырға толтырып жанарыңды, – деп басталған шырайлы шумақтың кейінгі екі тармағы: Жалғыз дән тастай салшы, Ертең өніп, Толтырып береді ылғи қанарыңды, – сияқты басқа мақамға ауысып жүре береді. Мақам деп отырғаным өлеңнің ішкі ырғағы. Үш бунақтан тұратын белгілі қара өлеңнің, ұйқаста тұрғандықтан, үшінші бунағы, әдетте, бұзылмайды және ауыспайды. Алайда тәжірибесіз авторлар мен жыр әуеніне көп құлақ түре қоймаған алаңғасар ақындар алғашқы екі бунақтың орындарын шатыстыра береді. Үш буынды сөзі ұйқаста тұрған он бір буынды қара өлең бұдан ештеңе жоғалтпайды. Бірақ түбірлі ұйқаста, яки, төрт буынды ұйқаста тұрған қара өлең ырғағы міндетті түрде бірдеңесін жоғалтады. Тіл күрмейді. Біз мысалға келтіріп отырған тұтас шумақты бөле – жармай, «Қаратаудың басынан көш келеді» әуенімен айтып көріңізші. Алғашқы екі тармақта қиналмайсыз. Ал, соңғы екі жолда музыкаңызды қоярға жер таппайсыз. Өйткені автор бунақ заңдылығын бұзып, жырдың саздылығына зақым келтіріп отыр. Көп емес, бірақ бұл кемістік Рафаэль Ниязбеков өлеңдерінде белгілі дәрежеде жолығып қалып отырады. Поэзияның жазылмаған беймәлім қағидалары толып жатыр. Соның бірі – бірегейлік, тұтастық. «Өркеннің» авторы бұған да аса көп мән бере бермейтін сияқты.
Ендеше мынаны ойла, жанашырым, Сенсің ғой бар қазына, бар асылым. Менен де биігірек шырқап, самғап, Ұшарсың менен де алыс, қарашығым! Ер жігіт – елдің ары, қасиеті, Қатыгез бола көрме, жан асылым! – деген алты тармақты бір шумақта «жан ашырым», «қарашығым», «жан асылым» сияқты үш қаратпа сөз бар. Үшеуі үш түрлі, сонықтан да үшеуі үш жаққа тартып, тұтас дүние шатынап, бүтін шумақ пышырап кеткен... Кейде өлеңнің тағдырын бір шумақ, бірақ тармақ емес, бір ғана сөз, бір ғана дыбыс шешеді. Шалыс басқан жалғыз шылаудың өзі төрт аяғын тең басқан жорға жырды жолдан шығарып жіберуі ғажап емес. Шығармаған күннің өзінде, көркемдікке көлеңкесін түсіреді. Әкем жаудан қайтпаған жігіт болса, Менің де әсте қайтуым мүмкін емес. Тәп-тәуір-ақ тармақтар. Сөйте тұра, сөзге ұқыптырақ қарағанда, бұдан да гөрі жұмыр, бұдан да гөрі ширақ болуына мүмкіндік бар еді. Бәрін болмағанмен біраз нәрсені бүлдіріп тұрған бірінші жолдағы «болса». Шартты рай автор сенімін де, оқырман сенімін де солқылдақ көрсетіп тұр. Алғашқы тармақтағы ой кесіліп айтылмаған соң, соңғы тармаққа күдіктене қарайсың. Бұл жерде «мүмкін еместің» дәрмені жоқ. Автордың аузынан «болса» түспей, «еді» сияқты әлдеқайда сенімдірек басқа бір сөз түссе: Әкем жаудан қайтпаған жігіт еді, Менің де әсте қайтуым мүмкін емес, – тәрізді күл – білтесіз, бұлтарыссыз, батыл айтылған батыр тармақ туар ма еді, қайтер еді!
Мұндай – мұндай мөлтек кемістік «Өркен» жинағында, менің байқауымша, өте аз. Алайда аздығына қарамай, әдейі тоқтап кеңірек сөз қылғанды жөн көрдік. .Бір ғажабы – Рафаэль Ниязбековтың жеке өлеңдердегі кем – кетігі қандай бозғылт болса, жалпы жырларындағы жетістігі сондай жарқын. Кейбір тұстарда орынсыз бір сөзбен оңды өлеңді ойсыратып ала жаздаса, кейбір тұстарда тауып қолданған жалғыз – жарым сөздің өзімен жұпыны жырдың өзін жайнатып, жадыратып жібереді. Кремплинді тасташы, Бұйым боп па?! Далаға шық, Далаға шуақ киіп! .Осындағы шуақтың орнын мақпалың да, мауытың да, жібегің де, паршаң да, тіпті, толып жатқан басқа да асыл маталардың бірде-бірі толтыра алмас еді! Немесе: Қарашы, Төмен түсіп кетпесін деп Аспанды жұлдыздармен шегелепті, – деген екінші бір шумақ өлеңге үңіліп көріңізші. Жұлдызды шегеге, тіпті, алтын шегенің өзіне теңеу бұрыннан бар. Бірақ олар өлеңде ешқандай қызмет атқармай, жәй әшекейдің бірі болып қала беретін. Ал, мына жолы ақын жұлдызды шегеге теңемейді, шегенің орнына шегелейді. Әдемілік үшін ғана шегелемейді. Аспан төмен түсіп кетпесін деп шегелейді. Демек, бұл жолғы образдың көркемдікпен қоса көтеріп тұрған басқа да жүгі бар. Ол – идея. .Сөздің тура мағынасы көркем әдебиетте оншалық үлкен роль атқармайды. Поэзияға керегі – оның қосымша,
яки жанама мағынасы. Ал, енді сол сөз әрі тура, әрі қосымша мағыналарында қабат пайдаланылса, – нағыз ғанибет! Бір шала жүр әлі де арман етіп Тыныштықтың орманын өртесем деп. Автордың айтып отырғаны қай «шала»? «Өрт» деген сөз айтылғаннан кейін, соған іштей байланыстырып, оны әлі жанып бітпеген, жартылай көмір, жартылай шоқ бірдеңе деп түсінеміз, әрине. Тура мағынасы дегеніміз осы. Бірақ өлеңнің мәні, көздеген мақсаты сөздің тек сол төте мағынасына ғана қарап қалса, автор да, оқырман қауым да ештеңе ұтып жарытпаған болар еді. Дәл осы жерде «шаланың» тура мағынасынан басқа да мәні бар. Сол басқа мағынаны ұққанда ғана өлең өзінің өлеңдік қасиетін таныта алады. Адам деген ардақты атқа әбден сай емес, басымен ойлап, жүрегімен әрекет етуге әлі үйрене қоймаған соғысқұмар бір шалағайдың қолына билік тисе, қайтер еді?! Нағыз «шала» сол емес пе? Қабілетті оқырман бірден осылай қабылдайды. Өлең неғұрлым мықты болған сайын, соғұрлым көп мағыналы болмақ. Бұдан да гөрі дәлірек айтсақ, керісінше. Яки, өлең неғұрлым көп мағыналы болған сайын, соғұрлым мықты! .Поэзия, негізінен, жастықтың және жас көңілдің жанры. Жалынды жырды жас кезінде жазсаң, жақсы жыр, әдетте, кейінірек кемелденген, толысқан, піскен кезінде туады. Жігіт шағында парасатты, жасамыс кезінде жалынды болу – сирек кездесетін бақыт. Рафаэль Ниязбеков – қазірдің өзінде жігіт ағасы. От пен ойдың ұстаханасында сезімге балқып, ақылға суарылып шығатын тұсы. «Өркен» жинағынан біз соны байқадық. Қадыр МЫРЗАЛИЕВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы.
*** Өнерді біз тауға теңеп балаймыз, Артта қалды талай асу, талай құз. Төмендерге төбесінен көз тастап, Биіктерге қол астынан қараймыз. Әзірге осы асу менде, төр менде. Боп жүргем жоқ өзгелердей шерменде. Жеткен жерге демалғым кеп тұрады, Менен төмен біреулерді көргенде. Тұнық біткен төгіледі шайқасаң, Шындық үшін әлі талай айқасам. Өзімді өзім менсінбей де қаламын, Менен биік кеткендерді байқасам. Көкіректе шабыт жатса киіп кеп, Тұратындай төбем көкке тиіп тек. Бұл өмірде бір білгенім бар шығар, Бірде төмен... бірде кетсем биіктеп.
БӘЙГЕ Жыңғылды жырасынан қарғып аттар, Көсіліп жатыр сонау жар құмақтар. Төсінде шаң тозаңды будақтатып, Келеді арындаған арғымақтар. Алдағы озған атпен қақтығысып, Кей біреу төтелейді қатты қызып. Бауыры жазылғанда жүйріктердің, Жұмыр жер артқа қарай жатты ығысып. Астында ат ойнаса жұмарланып, Көңілің көтерілер құмар қанып. Бәйгеден келмеген соң қосқан аты, Намыстан өлер біреу тым арланып. Әй, жігіт, жетер енді тыраштанба, Кең сілтеп әуреленбе құлашты алға. Бәрінен жеке кетті сыдырылып, Осынау құла қасқа қыр асқанда.
Қайқайып барады асып еңістікке, Ол барда озамын деп жеңіс күтпе. Не жетсін шын жүйрікті ел алдында Осылай саралаған кеңістікке.
ШАБАНДОЗДАР Ал, кетті! Көкпар кетті... қайтар басын! Дүйім жұрт осы жолы жай тарқасын... Қара жер сан тұяқтың дүбіріне Сүйсініп қыртыстанған жайды арқасын. Әйтеуір, шаң соңында арай қалсын, Несіне озған топтар қарайласын?! Жеткені оза шауып, жұлқа тартты, Асырып сол орайда бар айласын. Ұранды құлақ жарған тірек қылып, Тартысты шабандоздар білек түріп. Доданы талқан қылып жұлып шығу Үшін, дос, керек екен жүректілік. Құрайды кейде дода бұлқып тізбек, Осыны өршіл жігіт жұлқып үзбек. Астағы арғымақтар соқтығысты, Зеңгірдің еркесіндей бұлтын іздеп. Барады көкпар легі дүрілдетіп, Соңында бірі қалды, бірі жетіп. Ақ шаңға өздері кеп тоғытылды, Бойынан шалдардың да діріл кетіп. Мұны да кейін жыр ғып айтар халық, Ей, жігіт, өжет болсаң қайтар барып?
Анау да берілетін емес шіркін, Арынды жолбарыстай қайсарланып. Сол жолда қиын-қыстау көрсек мейлі, Әйтеуір, ат үстінде өлсек дейді. Е, олар тағдырға да қарсы шауып, Серкедей қолыңдағы бөлшектейді. КҮЙШІ Ол отыр. Жұрт жиналған төңірекке, Ащы күй бас сұғады темір - етке. Ұлыңды, сүйікті ел, Тілегім сол, Құйынды қу далаға тентіретпе. Ол отыр тас боп қатып құр мүсіндей, Бұл күнге жеткен жіптей бір үзілмей. Алдында сары қымыз сапырылды, Ол бірақ көз жасы боп тұр ішілмей. Барлығы күйші шалға қарап қапты, Ол байғұс өзін неге жарақтапты. Тағдырға бар байлығын тарту етіп, Зар заман... зарлы күйлі шанақты апты. Атылған снаряд боп зеңбіректен, Ащы күй жатыр өтіп темір - еттен. Күйші шал зар шанақпен адам түгіл Тасыңды тас жетімдей еңіреткен.
Шипа ғой мына күйі тұлдыр етке, Айтарым: қайран жұртым, қыбыр етпе. Күйшінің алдына кеп басыңды иші, Бас иер пенде болып құдіретке. Күстенген саусағынан бақ тарады, Киікті тұзақ - күймен ап қалады. Теңіздей кейде таудай толқын атып, Шанақтан кейде запыран ақтарады. Орман да қалғып кетті қарағайлы, Мына жұрт бүгін неге тарамайды. Қыз отыр оң жағында сол күйшінің, Қарайды мұңлы көзбен далаға айлы. Дүбірге бөлегендей жал - құзды аңшы, Сен де бір өз қолыңа алғыз қамшы. Тұрғанда күйін тыңдап, тамып кеткен Мына көл... Қыздан қалған жалғыз тамшы. *** Бабам менің жақсыны көп тізіпті, Желге төсін айқара өпкізіпті. Бір садақтың бір оғын егескенде, Он жүзіктің көзінен өткізіпті. Кәсіп етті білмедім өзге немен, Атағына өмірі сөз келмеген. Түсірсе ол түсірген бір-ақ атып, Өзгелердей екі рет көздемеген.
ЖЕЗ КИІК Қос ішек мекені ме ез күйіктің, Қайғысын жеткізіп тұр жез киіктің. Кім білген сырын мұның қақсаң қайғы, Он саусақ оқ тигендей ақсаңдайды. Күй кетті аспан астын жаңбырлатып, Жасымды жатыр лепті таң құрғатып. Шапқанда кірлі беті сүртілмепті, Мергеннің кірпігінде шаң тұр қатып. Көргенде бұзау өрім қамшы басын, Қалайша пәк жүректі жан шыдасын. Киікке пана болған бәйтерек те, Білдірмей сығып алды тамшы жасын. Дүние сол кез маған ұқсап қалып, Аңшыдан үзді сонау тұзақты алып. Кенеттен оқ атылып, тас дір етті, Тау тұрды кететіндей ұсақталып. Беткейді өрлей қашып киік кетті, Лағын да торға тастап күйікті етті. Көзінен ыршып түскен ыстық жасқа, Жанымның жапырағы күйіп кетті.
ПАЛУАНДАР Жататын адуынан құлап аспан, Жанарын палуандар жылап ашқан. Белдессе “Құдайды да” атып ұрып, Бұлар тек ата сөзге құлақ асқан. Екпіні ескек болып желді ескенде, Жігітім, солармен тек теңдес демде. Астына алып ұрып, қияға атқан, Әдетте палуандар белдескенде. Сөйлесе жүрегінен намыс тұрып, Жіберген кең әлемді қабыстырып. Атылса айды ақтарып бере салған, Қос тауды бір-біріне табыстырып. Көтерген бұрқыратып көкке демін, Ешкімге жібермейтін текке кегін, Күресте жеңіп кеткен палуанды, Анадан туған екен деп кетемін. *** Мен атамның қай жерін мақтамайын, Мақтамайын, мен неге жақтамайын. Сол кісінің ерлігін, сыңары жел, Шежіремен айтады бақта қайың. Басқан ізін мейлі мен бақ санайын, Күсті қолын сан сүйген жақсы ағайын.
Өр толқынның көбігі жағаны ұрған, Паш еткендей, көрдің бе, ақ самайын. Ол кісінің ерлігін құзар жақтар, Мұны көріп қалайша қыз аулақтар? Сен әуелі алдыңа лақ өңгерші, Атам менің тартыпты бұзау көкпар. Қазір көрсең айналаң құндызды алап, Жол таппайсың осыдан күндіз қарап. Кей адамдар өмірде жүрсе адасып, Атам көшті бастаған жұлдыз санап. Бертін келе сызылып жастық аты, Көңіл шіркін есейіп бастығады. Адам жанын біреулер түсінбесе, Атам менің сезімсіз тасты ұғады. Кейпін көрем тереңнен күлген оның, Жазу қайда барысты бүрген қолын. Сол бабаңның соқпағы салып кеткен, Сен адаспай қазіргі жүрген жолың.
ЖАЙЛАУ ҚАЗАҒЫ Жайлаудың күле көрме қазағына, Қаласың қайта оның мазағына. Үйіне шай ішуге түсе қалсаң, Сабазың қазы салар қазанына. Мейлі сен дана болмай бала болғын, Қайтсең де қазақ үйін ала қонғын.
Аулына аттың басын бұрмай кетсең, Тартады мына байтақ дала солғын. Қонағын бұлбұл болса сайратады, Жаныңды сазды әуенге қайратады. Соярға дым таппаса, ең ақыры Бәйге атын белдеудегі жайратады. Ертеңгі күніне ол қарамаған, Кедейі кедейге өзін санамаған. Ішкенде шөлдеп келіп саба қымыз, Таңдайын жібітуге жарамаған. Е, бұлар қашан көрсең тасып өткен, Жалғанды жалпағынан басып өктем. Сый көрген қонақ өзі айтып берсін, Қазағым сыйламаған жасық етпен. Жаз өтіп, әлі-ақ енді күз келеді, Жасылды жазық дала түске енеді. Бір сәтке қонақсыз боп қалса қазақ Өздері бір-біріне түстенеді. *** Тұлпарын алыс жолға баптағанда, Жігітке бата алмаса бақ қонар ма? Алдымен малдың бірін бауыздайды, Қазақтар атқа қонып аттанарда. Әдетте бұл қазақтың бір белгісі, Болғандай әзірге осы білген ісі. Мәнісін түсінгендер аттан түсіп, Жайымен кете берсін күлген кісі.
Не жетсін кезі келсе тасығанға, Жігіттің малынбасын басы қанға. Қарғысы жау қайтарып бұл қазақтың, Батасы қайрат берген жасығанға. Сол күйді тартады, әне, дала тынбай, Қос ішектен жұлдыз ағып жанатындай. Қазақтар аттанбаса ақ батамен, Жорығы сәтсіз болып қалатындай. *** Ата қазақ жанарыңда жатыр мұң, Сен үстіне сан құладың татырдың. Туырлықты жаулар түріп келмесе, Біз қадірін білмес едік батырдың. Мұндай шақта мықтысы абзал тақымның, Байқамасаң жанарыңа жақын мұң. Батырлардың ата ерлігі болмаса, Біз қадірін білмес едік ақынның. *** Қиындыққа төзеді жан ысыла, Ширығудан тасады қаны, сірә. Қан ұрыста сынады сынса семсер, Ер жігіттің өтпеуден намысына. Тірі жаннан ығып ол жыламайды, Көз жасын да көрсетіп бұламайды. Құласа ат құлайды қан ұрыста, Аттан бұрын ер жігіт құламайды.
БАБАЛАР Мен көрмедім тарихымнан өшкенін, Іске асырдық біз солардың шешкенін. Жүрміз әлі оқып тіпті тауыса алмай, Бабалардың бір басынан кешкенін. Осыларды көз алдымнан өткеріп, Мен отырмын жүрегіне от беріп. Сол секілді біраз жырды біз жазған, Бір осалдар жүрсе керек көп көріп. ҚАРТТАР Бермесем де кей ісін көп түсіне, Қайран қарттың сүйсінем епті ісіне. Оған салсаң мына бір Марсыңды, Салып әбден үйренген тепкісіне. Оралғандай тым алыс жолдан олжа ап, Көкірегі сырларға толған ғажап. Бұл қарттардың бетіне келу қиын, Құдайды да алды олар қолдан жасап. *** Қан майданда аңырап бір құлаған, Әрбір емен бір-бір адам сұлаған. Дала – ана, сол ананың көз жасы, Тау басынан бұлақ болып жылаған. Найзағайдың көкте жүзген шартылыАмангелді қылышының жарқылы.
Кейбір сәтте көк дауылды деп қалам, Құс жетпеген Құлагердің қарқыны. Мына таулар белді буған батырдай, Шын ұрысқа кірісетін тартынбай. Сағынышты жас арудай көк белдер Ұйықтаған боп төсегінде жатыр жай. Көк құрақпен киелі жер кекілді, Қызыл құмдар еске салар секпілді. Мына мұхит ашылып қалған ұрыста, Кең даланың омырауы секілді. *** Дала, дала бұлағы шындап ақты, Өмір отын осынау шыңда жақты. Кеңдігіндей өзінің пейілді етіп, Дала туған дәл мендей шын қазақты. Не көрмеді туғаннан батыр халық, Гүл де өсті төсінде шат ырғалып. Дала төсін қақ жарып туды олар, Өлген соң да осында жатыр қалып. *** Жүйріктердің туа салып білгені – Оза шауып таза ауаны тілгені. Бір тайпа елге бір ай азық болады, Қыран құстың күні бойы ілгені. Бұлбұл болсаң өз бағыңда күшті ән сал, Сендей жігіт аруларды құшқан сан.
Мың тұғырдың дүбіріне татиды, Бір тұлпардың тұяғынан ұшқан шаң. *** Болар болсаң арлы анаңнан туа сап, Келер ұрпақ арманыңды қуа шап. Ай астында отырмағын омалып, Мұратыңа жеткізбейді қу ошақ. Ал мен болсам, Ата жерді жасартам, Ол жасыса көңіліне жаза артам. Ақымақтар жүріп өткен жерлерді, Арғымақтың тұяғымен тазартам. *** Менің әзір дақ түскен жоқ жүзіме, Ізгілікпен жетем көктем, күзіме. Кей ақымақ түкіреді... ұят-ай! Арғымақтың ай боп қалған ізіне. Ата жердің бұған белі талады, Күйінгеннен дүр сілкініп қалады. Арғымақтың ай боп қалған ізіне, Киелі құс жұмыртқасын салады. *** Қыран құстар қағып өтсе қанатын, Арғымақтар көкке атылып қалатын. Шабыс тілеп қосылғанда бәйгеге, Теңіз – жаным толқып, тасып алатын. Ол көсілсе айыздарың қанады, Жанкүйерлер шулап естен танады.
Кей адамның жүрегіне бітпеген Алау оттар, Арғымақтың тұяғында жанады. *** Ұлы дүбір жоқта дала тұл айдын, Жанкүйер жер тұяқ тисе тулайтын. Қас жаманның мінетіні қой торы, Бір төбеден аса бере құлайтын. Жігіт біткен ата жолын қумаса, Көтерудің қажеті жоқ шуды аса. Жабы болып қалар ма еді кім білсін, Бір арғымақ маған бола тумаса. *** Адамдарды жақсы, жаман деп екіге бөлеміз, Өзімізді мақтағанды жанымыздай көреміз. Бұл кеудеме жиналыпты дүниедегі асқақтық, Кім біледі мен болам ба аңсап күткен төреңіз. Өлсем егер сүйегім де құзар құздан құлайды, Сыңарым боп мен қайғырсам күн де көзін бұлайды. Туысы өлген кей адамдар жоқтау айта білмесе, Маған біткен арғымақтар озбай қалса жылайды.
*** Көңіліме ұяласа қасіретті тастай мұң, Барқыт бұлттай қақ айырып табаныма тастаймын. Кей ақындар арақ ішіп жатса “шабыт шақырып”, Арғымаққа қарғып мініп жаңа әнімді бастаймын. Мен өзімше шығысымнан әр кез таң боп атамын, Батысқа да қызыл күрең нартай жанып батамын. Бағзы ақындар ішіп алып төсегінде қалғыса, Ат үстінде жазғанымды оқып келе жатамын. *** Ей, шабандоз, болдың күлкі, қалдың да, Менен бұрын жүлдені бір алдың ба. Сен қалайша тізгініңді тежейсің, Озып біреу бара жатса алдыңда. Дала шіркін шын жүйрікті қолдаса, Мен несіне қиналайын жолда аса. Шабысың да бәсеңдейді әдепкі, Түре қуған бір қуғыншы болмаса.
*** Жігіттердің он жетіге толғаны, Туған елдің ол жүрегі, ол жаны. Белдескенде амал тауып әйтеуір, Алысқанын алып ұрса болғаны.
Жігіттердің он жетіге толғаны, Туған елдің ол жүрегі, ол жаны. Салған кезде қыран құсы арланды, Көз алдында бүріп жатса болғаны. Жігіттердің он жетіге толғаны, Туған елдің ол жүрегі, ол жаны. Сілтегенде қолыңдағы ақ семсер, Қара нарды қақ айырса болғаны. Жігіттердің он жетіге толғаны, Туған елдің ол жүрегі, ол жаны. Мінген аты жабы болсын бәрібір, Жау қашқанда қуып жетсе болғаны... *** Тәкаппар қыз болсам, Мен айтайын шынымды: Әлемде жоқ бір қызықты бастаймын. Асқар құз болсам, Құзар биік шыңымды Қырандардың жанарына тастаймын. Жасалған табыт болсам, Жаманға көше кезген Қор болмастан отқа жанып кетер ем. Жасарған шабыт болсам, Өлеңнен неше безген Ақындарға күні бұрын жетер ем. Күмісті сауыт болсам, Қорқаққа орғып қашқан Киілместен тот басуды қалаймын. Арынды барыс болсам,
Бар сырын қор ғып ашқан Жігіттерді жүрегінен талаймын. Тасқынды дария болсам, Тисін деп баталы көз Жалғыз тамшы мен суымды сатпаймын. Көргенді қария болсам, Тілімде аталы сөз Тірлігімде ердің рухын сақтаймын. Жетілген бала болсам, Киелі Отанды Жігерімді отқа жанып көсеймін. Көсілген дала болсам, Ақ иық жотамды Арғымақтың тұяғына төсеймін. *** Бабама біткен мәңгі ұшты алмастар, Ол тисе жерді қауып құшқан бастар. Жаулардың жүрегіне қадалады, Тұлпардың тұяғынан ұшқан тастар. Қазақтың тазалығы қаны шықтан, Туыс ел ұлылығын танып ұққан. Тірлікті талқан қылмақ Темір ханның, Тұлпардың тұяғынан жаны шыққан. Қазақтар наркескенін дес көреді, Жау басын сілтегенде кескен еді. Жыланның жер бауырлап жылжитыны, Тұлпардың тұяғынан сескенеді. Қазақтар дәріптейді ер ісіңді, Бойыма содан тамшы тері сіңді.
Сондықтан мен іздеймін әрқашанда, Тұлпардың тұяғынан жеңісімді. *** Қазақтың көңілді өтер батыр – жазы, Сенбесең сенер жерден шақыр қазы. Мен жазар бір өлеңнің Шауып өткен Тұлпардың тұяғында жатыр сазы. Сеземін бұл өмірдің қияқ бәрі, Төсіне жазылардай күй аттары. Бір күйді төгілтеді дала – перне, Тұлпардың тиген кезде тұяқтары.
Қазақтың жазирасы күйкі өпкен бе? Төсінен бұлақ сынды күлкі өткенде. Бір әнін орындайды дала – бұлбұл, Тұлпардың тұяқтары күй төккенде. Жауын да түсірсе іліп түйреп көктен, Жаныңды ұмар-жұмар түйдектеткен. Сағымы пәрәнжә ғой, Дала-сахна Тұлпардың тұяқтары билеп кеткен. Кел бері көкіректен күй ағыл да, Шарықта, бұрқанып өт қиялымда. Бір маған осынша өнер қылса тарлық, Тұлпардың жатыр сыйып тұяғында. *** Менің жаным бұл шақта шат күледі, Аяғымнан шалмақ боп жат жүреді.
Кей достарым сезбеген қас-жауымды, Астымдағы қанатым, ат біледі. Көп елден мен жүремін артып алда, Жүрегімді барыс-күй шарпығанда. Жау келді деп ойлаймын, қара жерді Тұяғымен тұлпарым тарпығанда. Жасығаным, сарқырап сай жыласа, Елей бермей тау езген қайғыны аса,- Қарға жауға қарсы шап дегені ол, Қос құлағын тұлпарым қайшыласа. Жырынды жау ығады айбатты ерден, Мен жүзімді тұяққа қайрап келгем. Кей достарым жасытса жоқты соғып, Тұлпар бірақ жаныма қайрат берген. *** Таусылмас көңілімнің тасқынды әні, Жыр етіп, күйге қосқан жас тұлғаны. Біреудің маған семсер көтергені, Тұлпардың өміріне қас қылғаны. Сүрінсем, Дұшпан күлсе – тойлағаны, Туғандай сағыныштан ойдағы әні. Тұлпардың басын шаппақ болса ол кеп, Қастандық маған да оның ойлағаны. Арманың болса шыңды бір құлату, Қолыңнан келер түбін бұрғылату. Дұшпанның әдеті бұл қанға сіңген – Егіздің бірін шалып, бірін ату.
*** Шамырқанса қиын-ау асыл жігер, Кәрі құздың шаңқ етіп тасын тілер. Қиын-қыстау кезеңде отты өлеңмен Ауылда өскен кенжеңмін басын тігер. Қарсы келген дауылды жасқап түлер, Алға мені тартады бастап жігер. Уа, туған ел! Тайсам мен тұғырымнан Алатауды үстіме тастап жібер. *** Табиғат, жаратпапты жасық қылып, Шабыт жүр мені алысқа асықтырып. Әйтсе де кейін қалар жайларым бар, Біреуден мүмкіндігім асып тұрып. Табиғат, бесті бермей үшті бердің, Өзінше қыршын өсіп іс білер кім. Сонда да тәкаппар боп көрінемін Алдында лауазымды күштілердің. *** Ауырдың көтереді еңсе көбін, Өзіме, қайратыма тең сенемін. Дұшпаным сонда көрсе қуанады, Өйткені, құлайтындай теңселемін. Жас жаным шабыттанып өтер, білем, Дүние өз үнім боп кетер кілең. Достарым сонда көрсе қуанады, Өйткені, бір биікке көтерілем.
*** Досым, сен де арманыңды алға айда, Дұшпандарым шалар жерін біледі. Сеңсең киіп шығып едім шалғайға, Күннің ыстық болуын олар тіледі. Досым, сен де арманыңды алға айда, Дұшпандарым шалар жерін біледі. Киім желең. Жүріп едім шалғайда, Күннің суық болуын олар тіледі. *** Айдын көлдер мынау байтақ өңірге, Қанша толқып тасығанмен теңелмес. Адам бірдей келгенімен өмірге, Қолыңдағы бес саусақтай тең емес. Ұзындары қорынады жиында, Өзі болып көрінгендей тіреудің. Ал, қысқаның жүргендері қиын да, Қалып қойып тасасында біреудің. *** Керегі жоқ деймісің басқа үміттің, Қайран күш жаншып қалып тасты үгіттің. Сол қайрат ақ толқынды жетелейді, Күшіне мен болайын жас жігіттің. Өткен күн оралмайды айтқанменен, Мен шығам су түбіне батқанменен. Ақылы дариядан жатады асып, Қайраты қарт адамның қайтқанменен.
*** Баланың күні бойғы мол табысы, Атаға тигізген жай қолғабысы. Сондай-ақ достары көп қиналмайды, Біріне жетпесе де қолдағысы. Тағдырын адам өстіп бір бүктейді, Ісінен алғы жастың кір күтпейді. Өмірге ерте келіп, кеш кетсе де, Тірінің тіршілігі бір бітпейді. *** Шешіліп топ жиында тегі үндемен, Біреуге өшім кетсе кегім демен. Алдыма кімдер шығып, кім көріпті, Болармын жақсы жігіт тегінде мен. Әрине, күншіл сөзін бітірмейді, Сәл ғана ерік берсең түтіп жейді. Е, олар бүтінімді бөлшектесе, Достарым жыртығымды бүтіндейді. *** Көз алдымнан мына бір жай кетпейді, Аласаның көкке қолы жетпейді. Тұлпар аттың алдын орап Неліктен Тұғыр кесіп өтпейді. Айтпа, досым, тілді безеп ондайды, Шуақ күнмен көлеңке тең болмайды.
Қыран құстың тұғырына, Неліктен Қара қарға қонбайды. Бар жақсылық жамандық боп жүрмейді, Туырлықты жаулар болып түрмейді. Даналардың аяқ шешкен жеріне, Ақымақтар басын сұғып кірмейді. Сұңқар текке жыртқыш аңын бүрмейді, Шешен келсе даукес тілін күрмейді. Ақындар да сол секілді екен-ау, Бірі салған ізбен бірі жүрмейді. *** Қалсам мен өзгелерден қалыс тұрып, Тас жігер арындайды алысқа ұрып. Сол кезде ойхой, достар, көргейсіңдер, Таулармен мені де бір салыстырып. Алдына басын төмен иіпті кім, Төбемді сонау маңғаз сүйіпті күн. Бүгін де өмір өзі байқатып жүр Қаншалық, кімнің қандай биіктігін. Уа, шабыт, семсер шабыт жарқылдап қал, Әдетке айналмасын салқындап қан. Туған ел кенге толы шатқалымды Ақтарып өлең сынды алтын тапқан. Түйісіп найзағамен көк төрінде. Жанымның қызғалдағы көктер күнде. Таулардан биік жатыр асқақтығым, Жүргенім болмаса тек бөктерінде.
ТАУЛЫҚТАР Құлақ түріп тыңдай қалсаң сөздерін, Ата ерлігін қайталаудан бастайды. Найзағайға жанып алған өздерін, Жалыныңды өртеп, кейін жасқайды. Қасиеті болса егер жүректе, Жігіт біткен сол дәстүрді жақтайды. Олар жайлы жыр ет мейлі, жыр етпе Тауда туды... Таулық ғұрпын сақтайды. Маңдайына бар асқақтық тиіпті-ау, Өз таңдары жүрегінен атады. Кей адамға арман болған биік тау, Таулықтардың табанында жатады. АҚЫН ХАҚЫНДА
І. Жансүгіровке Айналдым, Ілиясыңнан, қайран бабам, Барады көгімде күй, сайрандап ән. Шарбы бұлт арасынан үнін естіп, Мен бүгін өзгеше жан, жайраң қағам. Көрген бе қиындықтан жасып тарлан, Алысқа жетелейді асыл арман. Мынау ел қасиетті әрбір сөзін, Мөр қылып жүрегіне басып алған.
Қазақтың жазирасы құндақтаған, Кәдімгі қара жігіт күн қақтаған. Өлеңі тебіренген теңіз болса, Демігіп сүйіп жатты құмдақ-далам. Өлеңі құдіретті ой тастаған, Дабылы дүрліктіріп той бастаған. Көгімде найзағаймен қауышса ол, Жерімде Құлагер боп ойқастаған. Кетеді мұндай сәтсіз толып қайғым, Көңілге басын сұғып тобықтай мұң. Арқалап құла түзден жел жетеді, Тартылған ащы күйін Молықбайдың. Сөз бар ма жақсылығын тізе берсең, Шалғынды даласында жүзеді еңсең. Мен түгіл құдіретің де бас иеді, Сөзімнен қателікті түзе көрсең. О, ақын, тау селіндей күркіреген, Үніңнен мына байтақ қыр түлеген. Ізіңді қуып жүрген ініңмін мен, Қасымның жүрегіндей жыр тілеген. Ой-киік үркіп қашып ұстатпаған, Кідірсем кететіндей мұздап табан. Ал өзім жас болсам да өзіңменен Әр жерде теңесуге ұқсап бағам.
ШЕБЕРЛІК ХАҚЫНДА Табиғатым қыранның даусын берген, Мен жігіт ем жасымнан тау, шың көрген. Ұнамай жүр сондықтан хас шеберлер Оқ жыланның тілінен қамшымды өрген. Маңдайына бақыт боп бітті білем, Жұртым оны қашаннан күтті кілең. Ұнамай жүр, амал не, сол шеберлер Түтініңнен тоқитын түкті кілем. Ұран болған өнерлі жасаққа ерген, Ер жігіттер елі үшін азап көрген. Ұнамай жүр шеберлер тау қарттарға Саз балшықтан құдайды жасап берген. Кей адамды амал жоқ көр қылғасын, Жүрек жанған соңында өртім қалсын. Сол шеберлер бүгінде жүрген жоқ па, Жасай алмай Мұхтардың өр тұлғасын. Құлап аққан бұлақтай тасадан дөп, Қара тасты мүсін ғып қашаған көп. Бір шеберлер жүр, әне, кең көшеде Өр тұлғасын Мұхтардың жасаған боп. Өміршең деп өнерді ел нық санайды, Кездескенде қиындық ықса қайғы – Ал мына қашалған мүсінді айтсақ, Ұлы Адамға... Мұхтарға ұқсамайды.
Арасында жарқ еткен қас қағымның, Қайда оның жалыны жас шағының. Байқап қара! Оу, шебер, сол мүсінде, Толқыны бар секілді басқа ағынның. Ұлан-ғайыр көсілген даласы алып, Сол бейнеге адамдар қараса анық. Бір кемшілік байқайды, Қайран Мұхтар Тас мүсінде кеткендей аласарып. Мін тақпас ем шебердің ісіне түк, Қалса-дағы бағынан құсы кетіп... Артық емес ақ басты Алатауды Қашаса да Мұхтардың мүсіні етіп. *** О, туған жер, балаң үшін төрсің тек, Жіберетін кездерім көп өр сілтеп. Ақ семсерді тұсыма ілем қашан да, Ата жауым кірген бойда көрсін деп. О, туған жер, жүрегің боп дүрсілдеп, Өр кеудеңде шыбын жаным жүрсін тек. Мен тұлпарды азынатып ұстаймын, Қашқан жауым құтылмасын білсін деп. БОРАН Күн батты көкжиекке құлап барып, Сарнатты сыбызғысын бұрап қалып. Соңынан қуғандай жау суырды қар, Барады үсік демі құлақ қарып.
Ышқынып бұрқай соқты дүлейленіп, Жұрт түгел қалды кенет үрейленіп. Жолдағы жолаушының сақалына, Мұздан моншақ тағылған білеуленіп. Жұлынып енді бірде күй іздейді, Басыңа қардан қалпақ кигіз дейді. Жиналған қорадағы көк шөпті де, Жынданып боран-өгіз мүйіздейді. Сүңгіпті бұлт ішіне ай сызданып, Қалыпты мұз айдыны айғыздалып. Қайыңдар шайқалақтап сабаланды, Асқар шың міз бақпады жайсызданып. Әзірге көрсетпеді аспанды көк, Жылаған тереземнен жас тамды көп. Қардан жал шатқалдарға қалап беріп, Ақыры тау етегін жастанды кеп. *** Туған жер, қажыдың ба күтім кетіп, Мен жайлы жатыр міне бітім жетіп. Төсіңе бір гүл екпей , Шылым шегіп, Жүрмін бе таза ауаңды түтіндетіп........ Cезінем, қысыламын мінім көптей, Жүрген жоқ және менің үнім жетпей. Мен қалай бір қызыңа үйленемін, Сол қызға ұсынатын гүлімді екпей.
Көгіңнен өкпелеттім жыр ап түспей, Анам да соны ойлаумен жылапты іштей. Шөлдесем сыраңды іштім. Дұрыс па осы?! Құзыңнан құлап аққан бұлақты ішпей. Алысқа жетелейді іштей сенім, Жанымның танып дауыл – күштей селін. Өзіңнен өтпейді ғой жолаушы да, Мөп-мөлдір бұлағыңнан ішпей сенің. *** Сазды әуенді тыңдауға жиылса бақ, Қайыратын мен бе екем күйін салақ. Қас жүйрікпен мекеңе барып қайтам, Үлгергенше бір сараң тиын санап. *** Сөйлеймін айға мініп сөзге ерінбей, Жерім жоқ қуаң тартқан өзге өңірдей. Қарайтын сынап мені ұлы көлдерБабамның сыншыл, өткір көздеріндей. Тұрған жоқ бұл ғасырда ерлік қайтып, Дауылдан құлап еді берік қай түп......... Даламды жайлап алған ұлы таулар – Бабамдай тұрады ылғи өрлікті айтып, Ерлікті айтып! *** Мен анамнан туғанда Шығысымнан нұрын шашып күн шықты.
Алты жаста ата жолын қуғанда, Жұрт қуанып, жау көрінде тұншықты. Сондықтан сен сөз етпе, Мен тұрғанда бұлбұлды, Білем оның таңдайын. Мен айтқан ән оның өзін құл қылды, Сан сүйдіріп маңдайын. Мақтамағын жігітіңді ең сері, Мен оларға жеті қырдан танылғам. Менім көзім – Махамбеттің семсері, Шапқан аттың тұяғына жанылған. Бұл ғасырда шырқай ұшқан қыран көп, Кейде олар қалықтайды төменде. Жүрем ылғи жігіттерге ұран боп, Бір ізгілік басталған соң менен де. Дүбірімен құлақ жарған тұлпарды Айтпа маған, Өкпесі оның тесілген. Артқа тастап талай ұлан жылдарды, Менің жаным көсілген. Көсемсіген көселерді сөз етпе, Құлақ түріп ал, тыңда, Көргем оның өресін. Әзір жоқ қой олар менің алдымда, Сен оларды соңғы топтан көресің. Солай, достым! Сен де өштің жандың да, Түтін қапты жүрегің.
Мен қашаннан жүйріктердің алдында Оқ бойы озып жүремін... Уа, шабыт! Семсер-қанат талды ма? Көкірекке ерте неге аза алдым. Мен түспесем жарар еді алдына Озып шығып ажалдың. ЖЫЛҚЫШЫ АТА Сүйсінерсің тұлғама көз жіберсең, Қарсы жүзем қаптаған селді көрсем. Жылқышы ата! Тілегім келгендегі, Асауын бер жылқының енші берсең. Бір тұғырды жауым да еншілейді, Көкірекке жыр болып енші дейді. Асау берсең аптығым басылар ма, Жуас берсең көңілім көншімейді. Бұл сөзіме түсіңді суытпағын, Тұғырымның кетсең де қуып бағын. Ең әуелі шылбырын ұстатуға, Ауылыңның жаманын жуытпағын. Көз ұшында көсілген тастақ далам, Ат үйреткен төсінде асқақ балаң. Төбе астынан дұшпаным бас көтерсе, Тұяғымен асаудың жасқап қалам...
Сүйсінерсің тұлғама көз жіберсең, Қарсы жүзем қаптаған селді көрсем. Жылқышы ата! Тілегім келгендегі, Асауын бер жылқының енші берсең. *** Бұл сөзімді айтпашы, дос, долбар деп, Ата аруақ әлі талай қолдар көп. Мен туғанда қос бұрымы анамның Құлап түскен мен жүретін жолдар боп. Әкемді ме... Пір тұтамын оны мен, Болашаққа келем салған жолымен. Мен туғанда жерден алған көтеріп, Жаугер әкем ту көтерген қолымен. Найза кірпік – ормандардан өтіп тым, Жанарыма сүрінеді жетіп күн. Мен биікті аңсайтыным сонан ба, Мен туа сап қолдан шығып кетіппін. *** Кім білмейді жақсы ғұмыр сүруді, Кірпігімен таң пердесін түруді. Бір адамдар арман етіп келеді, Даналарға көлеңке боп жүруді. Бұл бір қамал бұзып-жарып өт ерлік, Күшіңде бар шырқап, ұшып кетерлік. Баз біреуді көлеңке ғып қайтейін, Бір өзімнің көлеңкем де жетерлік.
*** Көгеретін кезіміз ед не біздің, Тағдыр қатал жұлды бірін егіздің. Бабалардың өксігенін естимін, Өксігінен теңіздің. Мен сенемін шын түйсіну арқылы, Сан мың дүбір тұлпарымның қарқыны. Қара бұлтты тіліп өтсе найзағай, Ол бабамның қылышының жарқылы. Мен сенемін иманымдай мынаған: Неден ұлы боп туады бұл адам. Көк аспаннан ағып түссе бір жұлдыз, Ол ер бабам тұлпарынан құлаған. Тобығынан сан қырқылып құм да аса, Шын өлгені жолын ешкім қумаса. Сол бабалар қалар еді ұрпақсыз, Ұлы дүние мына бізді тумаса. МЕНІҢ МАХАББАТЫМ Менің мөлдір махаббатым, Сұлулықтан жаралыпсың. Менің мөлдір махаббатым, Ұлылықтан нәр алыпсың. Менің мөлдір махаббатым, Шарықтаудан талмаған сен. Менің мөлдір махаббатым, Уақыттан қалмаған сен.
Өмір тұрды әр деміңде, Жердің өтін суырған сен. Ер еңбектің мартенінде Қорғасынды қуырған сен. Жауларыма қан сұраған, Оғым болып ұшқан да сен. Жараланып қансыраған Мені келіп құшқан да сен. Арайлы ақ таңдарды, Елім үшін атырған сен. Соғыс атты ақпандарды, Тұңғиыққа батырған сен. Менің мөлдір махаббатым, Сұлулықтан жаралыпсың. Менің мөлдір махаббаым, Ұлылықтан нәр алыпсың. *** Баршылық өзгелердей білім менде, Талпынам күнімен де, түнімен де. Жайшылық солай жүріп сөз естимін, Көремін мұны өзім тілімнен де. Әтсе де мен біреуге мойынсұнбан, Келер күн жарқын етіп ой ұсынған. Биікке тумай жатып таласамыз, Қиылып талай бастар, мойын сынған. Дәл өстіп жүрген қызық шыңды ақтарып, Бұрғыны жақпар тасқа шындап қарып.
Е, достым, тартпа мені етегімнен, Құласам мен құлаймын шырқап барып. *** ...Шабыттымын. Жүрген жоқ күйім жетпей, Жақындайды жүгірсем қиыр беткей. Жортуылдап алысқа бара қалсам, Көз алдымнан тұрады үйім кетпей. Төрде мүлгіп қарт баба бал ашады, Орындалса мейлі ғой бала шарты. Шабандоздар өрлігіп тартысқанда, Жыртылардай көрінді дала шаты. Бұлбұл қонып шырқайды таңдайынан, Жел қолы кеп сипайды маңдайынан. Қайран дала, төсіңде біз болмасақ, Қадіріңді біледі қандай ұлан. Ал, жолаушы, қарама айда бұған, Уақыт шын қуғыншы сайда қуған. Анам мені бір туып адам етсе, Осы дала ақын ғып қайта туған. *** Тәкаппар күн – биікке өрлегенім, Көлеңкесі жасымнан көрмегенім. Байтақ дала – көсіліп жатқаным ғой, Асқар таулар – шыққаным төрге менің. Бір сырыңды жасырсаң тулай кетем, Құйыныңа дүрлігіп қумай жетем. Өзің келіп кірмесең өр кеудеме, Ей, дүние, құшағыңа симайды екем.
*** Қайғыңды көкірекке қонақ еткем, Көңілім ортаяды тола кекпен. Өйткені кей ақсақал сыйластықтан Бір атым насыбайға бола кеткен. Ақылын ашу жеңген сұсты оңа ма, Қандай суық болса да құз тоңа ма. Кей жігіт шын достықтан кетіп жүрді, Шашын тарай алмайтын қызға бола. Ешкімнің қызықпаймын мен түгіне, Даламның құмартсам да кеңдігіне. Биікте тұғыры бар хас қырандар, Қарғаның көз сала ма жемтігіне... *** Шолақ көрсең жылатпа – жалғайтыны бар оның, Ақсақ көрсең құлатпа –талмайтыны бар оның. Өсекшіні ұнатпа – кезгіштігі бар оның, Соқыр көрсең мұқатпа – сезгіштігі бар оның. Қорқақта да жүрек бар – селт еткені болмаса, Батырлар да қорқақ қой серт етені болмаса. Бәрі жақсы тірлікте – ақымақтан басқаның, Бәрі шабан тірлікте – арғымақтан басқаның... *** Менің денем сан асылдан құралған, Сезім-күйлер қыз үніндей бұралған.
Жер осімен айналады. Ендеше Мен де үнсіз текке қарап тұра алман. Көк жиектің тесіп өтіп төрінен, Шырқай ұшқан корабль боп көрінем. Қара жер мен көк аспанның арасын Жалғайтұғын арқан болып өрілем. Алғы күнмен толысады бұл ағын, Тіршіліктің толықтырып құрамын. Әйтсе де мен кететіндей ауытқып, Батар күнді қадағалап тұрамын. ТОЛҚЫНДАР Бір толқынды бір толқын қуып әне барады, Озған толқын артына бір бұрылып қарады. Алдындағы алып шың - әділ қазы секілді, Ат жалындай толқынды екі жаққа жарады. Асау толқын кемердің атылады басына, Енді бірі жағаның соғылады тасына. Ертелі-кеш осылай ағады да жатады, Күндіз күнді серік қып, түнде айды қасына. Мына толқын шабандау жолды бөгеп жасқайды, Кейінгісі – жауынгер алға түзу бастайды. Жынды толқын жартасты құлатуға ұмтылса, Бірі келіп біреуін әрі итеріп тастайды.
ЖЕЛ Тентек жел ұйтқи соғып безілдеді, Тәңірі дүниенің “өзім” деді. Әр үйдің терезесін қағып өтіп, Кемпірдей қызын аңдып көз ілмеді... Тербетіп баяу әнмен бұл ағашты, Үрледі қобыраған бұла шашты. Ойнаған қайнысы боп жеңгесімен, Әжемнің ақ шәлісін жұла қашты. Ізінше найзағай от қасын қағып, Қалғанда үлгерді бұлт жасын жағып. Қанатын аруақтанып сілтегенде, Тамшысы жатты таудың тасында ағып. Дәл өстіп құйып, төгіп адағайлап, Сыпырды шатқал шаңын жадағайлап. Самарқау қартаң бүркіт көтерілді, Қойғандай қанатына қада байлап. Мына маң дүлейленді, алабұртты, Тоқынды бидайықпен дала мұртты. Әкетті болмаған соң ызақор жел, Қиянға куып айдап қара бұлтты. *** Кетерің бар, дүние-ай, шын қыздырып, Жүрекпен ат басындай шың, құзды ұрып. Бұзықта жұмысың жоқ...
Мыңмен жалғыз Абайды қоясың ба жұлқыстырып. Шер кеудең қателікке толып тұрған, Дүние-ай, туа салып жолықтырған. Балтадан бір тентектің қолындағы Махамбет кеткен жоқ па болып құрбан. Мезгілсіз солдырдың-ау ерте гүлін, Жоқ, әлде көп көрдің бе жердегі үнін. Дүние-ай, қайтсем сені, көтермедің Қасым сынды ақынның еркелігін. Төбеңнен келсе ажал төніп өктем, Дүние-ай, сен емес пе көніп өткен. Өзіңе талай ұлы тірі келіп, Неліктен кетерінде - өлі кеткен. Дүние, көркіңе сай еңсең дер ек, Табыт боп жарытпайды өлсең терек. Әдетте Мұхтарды емес... қара жерге, Осынау ұлылықты көмсең керек. Төнеді іздеп ұлын Ай далама, Өз әнін ол болмаса айта ала ма? Ұлылар өлу үшін тумайды әсте, Ей, дүние, енді мұны қайтала ма!.. *** Жасық жігіт сенеді тірегіне, Шын сұлулар сенеді түр-өңіне. Қынаптағы ақ алмас семсерге емес, Хас батырлар сенеді жүрегіне.
Сәйгүлік ат сенеді саяғына, Қара жаяу сенеді аяғына. Соқыр адам сенбейді кей досына, Соқыр адам сенеді таяғына. ХАТ Жанарым жарылып шашыпты от, Сонан ба мен жүрмін күйге енбей. Көп қыздар жүр маған ғашық боп, Мен жүрмін оларға үйленбей. Бар болса бар шығар менде екпін, Жүргем жоқ өмірге күшік боп. Әйтсе де тәп-тәуір тентекпін, Бөлмеңді қағатын ішіп кеп. Қонса да жанарға жақын мұң, Жырымды ұқпасаң – Айға ұсын. Ішетін кезі бар ақынның, Еске алып кей сәтте қайғысын. Сөйлейін, сөйлесем от тілмен, Жұлдызым жанған шақ бұл күнде. Өзіңді ұмытқан жоқпын мен, Жүректі жоғалту мүмкін бе?! Қараумен көгілдір елеске, Арада тағы бір жыл өтті. Түсінбеу күнә емес пе, Мендегі үлкен жүректі.
*** Көңілімнен бұлақ-өлең жиі ақты, Толқынымен көме салып қияқты. Жанарың бір ойнап тұрған ақ семсер, Назағайдың жарқ еткені сияқты. Жігіт едім, имей өттің басыңды, Бірақ мен де көрсетпедім жасымды. Дүние түгел жоқ болатын сықылды, Тәкаппар қыз, қағып қалсаң қасыңды. Тәкаппар қыз, күліп бақыт тоспайды, Бұл сөзімді барлық тірлік қостайды. Біз жүретін жолдар біреу болғанмен, Тағдыр қатал бірақ бізді қоспайды. Тәкаппар қыз, бұршы бері бетіңді, Бір сен жайлы ой ойлаймын не түрлі... Төмен қарай құлап түскен қос бұрым, Бізді қоспас қара жолдар секілді. СЕН СОНЫ БІЛМЕДІҢ БЕ? Гүлжанға Бұл сенің сөзің түгіл күлкің көсем, Көгіңде көбік бұлт боп дүркін көшем. Аямасаң, түсемін жерге үзіліп, Аяласаң, гүл болып бір күнде өсем. Сен соны білмедің бе? Бұлбұл ғып сырлы әуенін салғызды орман, Бірақ та кеудем шерге сансыз толған.
Досым аз, Топ ауылдан мен бөлінген Бір үймін сонау шетке жалғыз қонған. Сен соны білмедің бе? Кездер көп кезексіз-ақ сақ сынатын, Күнім бар досымды да жатсынатын. Мен сенен тұрсам да алыс, жүрсем де алыс Кеудеме жыр боп еніп жатсын атың. Арманым заңғар биік тұрды көктей, Бола ма жас жігітке тірлік етпей. Көп қыздың жүрегінде бола тұрып, Бір саған қолым менің жүрді жетпей. Сен соны білмедің бе? *** Той неге тойламаймын, Қасына кеп құздардың Мен сені ойламаймын, Бірі деп көп қыздардың. Шегі бар тізбектің де, Нұры бол от күндердің. Мен сені үзбекпін бе, Бірі деп көп гүлдердің. Мен сені іздеп күнде, Биіктен от құлаттым. Суыңды ішпекпін бе, Бірі деп көп бұлақтың. Сен маған киіктейсің, Тасадан шыға келген.
Шың, асқар биіктейсің, Кіл нұрдан шуақ өрген. От жүрек жатпайтындай, Шын арын көп керек пе. Аққуды атпайтындай, Қыранды өкпелетпе. Күлгенде сен деп күлем, Барында жыр ұранның. Аққуы сен деп білем, Тәкаппар бір қыранның. *** Ренжіте көрме ақынды, Ашулы ақын онсыз да. Түсінші, болсаң ақылды, Адасып жүрме жолсызда. Сөз естіп жақын досынан, Алдына барған дұшпанның. Күтпеген жерден, тосыннан Жадырап тұрып құшқан мұң. Жазады жырын ол тынбай, Сия ғып қара көз жасын. Оқыса, қалар жол тыңдай, Дүниені бір сәт қозғасын. Түсінші, болсаң ақылды, Бұрқанбас дейсің қай кісі. Ренжіте көрме ақынды, Жетерлік оның қайғысы.
Орынсыз текке терлеме, Бақытты жансың жерде сен. Ақынды тірі жерлеме, Өлген соң, мейлі, жерлесең. *** Қарайсың, қарындасым, бойға бөтен, Кім білсін: дейсің бе әлде тойға жетем. Қос қаздың қаңқылдаған даусын естіп, Сен жайлы... өзім жайлы ойға кетем. Жақсының нарқын білер бағасын көп, Көрсетіп мінді көзге тағасың кеп. Біздерді өмір өзі теңгереді, Қарындас, айта көрме ағасың деп. Сезерсің, күй шыға ма үзікті өрлей, Өткенді жайға отырсақ тізіп, термей. Жігіт көңіл ақ айдын, Тереңдігін Аққу қыздар білмейді жүзіп көрмей. Тым ерте: дей алмаймын ғұмыр үзем, Қаққанда ұшырады шымыр тізем. Мендегі сұңқар жүрек қонар болса, Көздеген шынар мақсат тұғыры сен. *** Жатағыңның тұрамын іргесінде, Көп қылығың көңілді жүрді есімде. Ойда жоқта әйтеуір танысып ек, Алматының көгілдір бір кешінде,
Жүрегімнен сен жайлы жыр атты деп, Жүргенім жоқ сағалап жырақты көп. Өлең жазсам теңеймін бұрымыңа, Тау басынан құлаған бұлақты кеп. Алматының тым биік терегіне, Қол жетпесе демеймін – керегі не. Жанарыңа сүңгимін көл деп ұғып, Мейлі тартып кетсе де тереңіне. *** Батырлар махаббатын Қанымен ұқтырған. Арулар махаббатын Жанымен ұқтырған. Ожарлар махаббатын Білекпен ұқтырған. Ақындар махаббатын Жүрекпен ұқтырған. Жасықтар махаббатын Жасымен ұқтырған. Ұлылар махаббатын Басымен ұқтырған. Ал, бір адамның Махаббатын көремін. Таңғы шықтардан, Жел қуған бұлттардан...
АНАЛАР ТУРАЛЫ Сарбаздық туған елге берік қорған, Батылдық бағымызға келіп қонған. Аналар жолбарыстың жүрегіне, Батыр ұл туу үшін жерік болған. Сол болса жазылғаны маңдайына, Жалғанды сан жіберген шалғайына. Аналар ақын, әнші туу үшін, Бұлбұлдың жерік болған таңдайына. Қашанғы күзетсін ол қу ошақты, Арманын бала жастан қуа шапты. Жау таптап туған елін жатқан соң ба, Аналар содан батыр туа сапты. Құлаған тауыңды да кеп тіреген, Ақындар туыпты ақын көп түлеген. Айдында теңіз болып буырқанса, Сілтесе семсер өлең көкті іреген. Тасқынға бола алмайды тірек терек, Толғатса сүйеп қалған білек дер ек. Әдетте ақын, батыр туу үшін, Анаға ат басындай жүрек керек. *** Әкемді көп күткенімен болмады, Ажал көңілі бірақ оған толмады. Қан майданға барысымен ұзамай, Хат орнына қара қағаз жолдады.
Содан анам қалса оқыс күрсініп, Қорғасын жер кететіндей сілкініп. Дүние тұрды тамшы жасқа малшынған, Кәрі емен қайта өнді бір сынып. Тоңғандарды жылытуға жарайтын, Күн орнына жат хабарлар тарайтын. Атқа мінсе көрші үйдің баласы, Мен анама... Анам жерге қарайтын. АНАМНЫҢ ХАТЫ Әкең де өз елінің күйін шерткен, Асырып жібермейтін сыйын шектен. Өмірге сен келген жыл, күтпеген ек, Өтем деп қайтты байғұс қиын шептен. Көңлінде кеткен болар мол арманы, Сені де ең әуелі көре алмады. Жармасып ақша бұлтқа келді жеңіс, Кеткеннен әкең бірақ оралмады. Кей жігіт әкесі бар тіреу көрген, Үйлерде төрлеп жүрді күйеу келген. Сен болсаң шақырусыз қалып сонда, Ақ сүйек ойнап кеттің біреулермен. Осылай өте берді ұзақ күндер, Алдыға шығар дейсің ұзап кімдер. Тұлпардан қалған жалғыз тұяқ едің, Кетпегей талғамыңды тұсап түндер.
Сыртыңда жүрді жұрттың көп өсегі, Ұшпаққа сан көтерді төбе сені. Ат мінген кей жігіттен сені оздырды, Атаңның саған берген көк есегі. Тағдырдың көрдің жауын, дауылын көп, Жығылсаң сүйеді тек бауырың кеп. Шығарып жалғыз салса анаң сені, Бұл күнде қарсы алады ауылың боп. ШАБЫНДЫҚТАҒЫ ОЙ Шалғы жүзін жанып қалсам қайраққа, Көңілденіп мінем қайта қайратқа. Дестеленіп сұлап жатыр жоңышқа, Маңдай терім сорғалайды қонышқа. Шалғы жүзін оңды-солды сілтесем, Өткен күннің тарихымен тілдесем. Соның бәрі көргендерге кіл кесел, Жанарыма құйылады күнде сел. Сол бір күннің тарихына қараңдар, Сонау жылы дәл осылай адамдар. Ұшқан оқтан аңырап бір құлады-ау, Ұшқан оқтан аңырап бір сұлады-ау. *** Қара көңіл ағарсын жаусын қар көп, Көрінесің көзіме тау сұңқар боп. Айтады ылғи үлкендер, асыл әке, Саңқылында қыранның даусың бар деп.
Көрген жоқтай сен барда бақ тарылып, Шын шырайлы тұратын шақтар күліп. Досқа деген көңілің жатушы еді, Таудан аққан бұлақтай ақтарылып. Әке, сенің мен үшін күлкің де әсем, Айға атылам созылып, бұлқын десең. Құм жасырған ізіңді таба алмадым, Қайда жүрсің, жан әке, бұл күнде сен. Мына біз ек өртеніп, жанатын да, Жігіттердің жүрген соң санатында. Кеттің бе әлде көгіне бірге ілесіп, Көлден ұщқан аққудың қанатында. Жұлдыздарын шашқанда жандырып көк, Жауларыңды есінен тандырып көп, Кеттің бе әлде сом балға соғылғанда, Қара төстен тараған жаңғырық боп. Сіздер барда ұшпаған алқынып оқ, Жүйріктердің жүрген соң қарқыны боп. Ел шетіне жау келіп шапқан күні, Кеттің бе әлде семсердің жарқылы боп... *** О, соғыс, талайды сен еңіреттің, Оғымен қырқып атып зеңбіректің. Жеңгемді қаралы етіп, орамал ғып, Жауыпсың қара бұлтын зеңгір көктің. Жүзінен қылышыңның қан таматын, Кеспекші болғаның шын таң қанатын.
Өмірді күйретсең де оқ боратып, Адам ба бүлігіңе таңданатын. Өртіңнен мұздар жанып, тас күйетін, Сақтадық Бауыржанның қасиетін. Әлемге тұндырып қан көл етсең де, Мен бе екен алдыңа кеп бас иетін. Арқалап әкем өлді мол арманын, Тұтқасын маған тастап қол арбаның. О, соғыс, жер бетіне енді қайтып, Әкемді тірілтсең де оралмағын. ҚАҺАРМАН МОНОЛОГЫ Болмайды мына менде тілек бөтен, Сәттілік бар әлемге тілеп кетем. Бір сәтке басын жерден көтерсін деп, Қорқақты жүректі етем. Сол күшпен мына арайлы алынды таң, Ұпайсыз... жарысқанда жабыңды ұтам. Көк аспан мына маған ожау болса, Найзағайлы жалын жұтам. Көгімде көк күмбезді дарқан аспан, Баурында бура бұлттар арқаласқан. Ұлы той, тірі жүрсем жер бетінде Өтеді тарқамастан. Болсам да табиғатқа тегін де өктем, Жанымның жайып салған көбін көктем.
Айыңа барлау жасап қайтқан жігіт, Жерімде егін еккен. Сұлулық жанарымда байланады, Жібек жел беттен сүйіп аймалады. Жер шары қасиетті табанымның Астында айналады. Үйреткен өршілдікті ғасыр маған, Жүрегім сан мың тұлпар тасырлаған. Ал, өзім қаһарманмын ажалға да, Егіліп бас ұрмаған. Кеуде ғып сонау заңғар құзды аламын, Өзімін білгендерге түз даланың. Маған да ұялаған сенсең, жұртым, Нәзіктігі қыз баланың. Құз-жастық менің басым жастанады, Қайғырсам көзден нөсер жас тамады. Білсеңдер, бір қайнары ұлылықтың Мына менен басталады. Туған жер жаулар үшін бата бөтен, Жер бізге кіндік кескен ата мекен. Көк аспан құлап кетсе, Сынбасын деп, Астына жата кетем. Қос қолым бейбіт тілеп күн ұстайды, Көгімде бомба түгіл қыл ұшпайды.
Аспанның бір жақ шетін ашып тастап, Менің жаным тыныстайды. Тастамай құлашты алға төселмейді, Сол сәтте көңіл аспан нөсерлейді. Көсілген кең далада тұлпар жаным, Алдыңды кесе өрлейді. Келемін, келем әлі қыранша ағып, Тілесе, керек етсе жыр, ән шабыт. Дүние сілкінсін деп қалғып кеткен, Көгіме көтерілем ұран салып. Қалғанда жанарымда қыстап қыран, Шарықтап көтерілген ұшпаққа ұран. Әлемді кеудеме сап орнықтырып, Жүрегіммен ұстап тұрам. Мені де осал етіп тумапты анам, Селіңді сіңіреді құмдақ далам. Құрсақта жатқанымда құлақ емес,........ Жүрегімен тыңдапты адам. Шындасам сонау көктен Айды ақтарып, Тастаймын тұғырына айдап барып....... Түнде де мына бізге жарық керек, Жататын аймақты алып. Жанымды кейбір тұста азапқа ұрам, Моп-момын қой көзден де жас ақтарам. Кей сәтте туып кеткен дауыл жырдай, Қайғыны мазақ қылам.
Жүргем жоқ қызық қуып сергелдеңде, Тыңдашы, туған елім, бермен кел де. Құмда өскен сексеуілмін, Жүзі кеткен Ақ семсер сермелгенде. Далада туып, өсіп Айға ілескем, Өтсін деп өнер үшін ай күреспен. Бұл өмір тек менімен қуанышты, Шығарман бірақ та мен қайғыны естен. Туған ел бейбіт тілеп күй ақтарып, Отырса күйші балаң қияқты алып. Бөлме іші кеңейеді, сонда өзім Көрінем кең дүние сияқтанып. Тамшыма таңдай тосар дүркін емен, Жай ғана жауын емен сіркіреген. Ашылсам, шығыс болып түрілемін, Бұлттансам, күн болып күркірегем. Мұңайсам мен таңды да атырмаймын, Кеудемде аспан толы жатыр қайғым. Көбесін қара аспанның қақ айырып, Найзағай боп шатырлаймын. Туа ма бұл адамда сезім тектен, Жаным – жаз, жанарым –от, көзім – көктем. Кер дала шанақ болса, өжет күйді Күйші боп безілдеткем. Білгенге жүгірмейді сан саққа өрен, Демеймін: мына мен де жаңсаққа ерем.
Даланың білсең егер бұлбұлымын, Қаласаң ән сап берем. Төсінде, қырқасында қой қаптаған, Жатсын деп қызығымды тойлап далам, Мен болсам, қос ішектен Болашаққа Күй болып ойнап барам. Күтпеймін уақытты алға асығам, Мен неге Айға асылмай талға асылам. Қаздардың қаңқылында барады әне, Мен болып жалғасып ән. Әлі де бұрқай соғар кезеңдер көп, Күдікті жасық жырын тез өңдер кеп. Мен болсам туған жерге тарап жатам, Күре тамыр өзендер боп. Жазықтың жатам тарап кең төсінде, Келсең кел, бақыт жатыр белдесуде. Жүрек боп сонда ғана дүрсілдеймін, Даланың кеудесінде. Жаралғам дүниенің таң нұры боп, Құйылам өлең бұлттың жаңбыры боп. Әйтсе де мен өлемін Құлагердей, Маңдайыма тисе егер қаңғырып оқ. Құйын боп жүргенім жоқ жер кезеңде, Толқын боп тулап жатам мен өзенде. Тарихым алтынменен жазулы тұр, Ай нұрын сүріндірген тереземде.
Шыға ма қайғысы көп күндер естен, Түнеріп аспай тұрған күн белестен. Бір кезде оқ қоймасы болған жерде, Мен еккен гүлдер өскен. Мен еккен қызыл гүлдер күнде өседі, Артыма шуақ біткен мінгеседі. Мен тартқан сыбызғы үні алғы күнмен, Мен болып тілдеседі. Гүлімді осында егем, шетте өндірмей, Жамандық жоғалады кеткен кірдей. Жау жарған атом күші, Салыстырсаң Мендегі жүрек жарған кекпен бірдей. Соғысты біреулер бар мұра көрген, Мақсатсыз адамзатты қыра берген. Өлімді менен біл деп, Төбе астынан Өлгендер аруағы тұра келген. Білемін, сондықтан да қайғырамын, Қайғырамын жүректі Айға ұрамын. Ал, соғыс қырқып атып азайтпақ па? Елімнің бай құрамын. Көтеріп сөйлегенде даусын Ана, Демеп пе еді: көктен нұр жаусын ғана... Мұхит суын қасықтап төккеніңмен, Мұхит суы оныңа таусыла ма?..
Ақ көңілге ақ шуақ толады тек, Айта алам бәрі мендей болады деп. Көгімнен ағып түссе жарық жұлдыз, Ол кеудеме қонады кеп. Өйткені, мен тірлікпен жасап келем, Демеймін: сауыт киген жасаққа ерем. Кір қолды ақ жағама жолатпаймын, Ар санап, ондайды өзім азап көрем. Баурымен ұшамыз біз зеңгір көктің, Мен өткен жерден бауырым сен бір өткін. Жау бізді жеңбейді әсте, жер шары Сия ма өңешіне зеңбіректің. Өлімнің көз жетпейді көлеміне, Біздерге бұл соғыстың керегі не. Әуелі көлеңкемді түсірмеймін Туған жердің терегіне. Қараймын дүниеге күн көзімен, Аулаққа ысырып сап түнді өзімнен. Әйтсе де оқтар тескен жапырақты,....... Көрген соң ба... жанарда мұң сезілген. Жо-жоқ, жанға ұранды тірек қылып, Қайғыны жоғалтамын білекке ұрып. Қызыл туды жоғары көтеремін, Табанды туған жерге тіреп тұрып. Жігіттің жүрсе де әкем кенжесі боп, Ұсынған төрден орын жеңгесі көп. Ал мынау қызыл тулар,
Қанды кешкен Әкемнің көрінеді жейдесі боп. Жатқандай мына жазық кең төсі боп, Даланың мен секілді кенжесі көп. Осынау ту тігілген биік төбе, Әкемнің көрінеді кеудесі боп. Мен бе екем кірпік ашпай шаршап тұрған, Жетемін жібек жел боп аңсап қырдан. Өзгелер жылап туса анасынан, Тек қана мына менмін ән сап туған. Мен алыс жолға аттанар қарсаңда Ай, Күн Жаманнан қасыма ертіп жаршы алмаймын. Жауларым оқ боратса, сол оқтарды Дауыл боп өздеріне қарсы айдаймын. Тұра сап таңғы шақта жар саламын, Бейбіт күн арманым да, аңсағаным. Тамырын күйдіруге бұл соғыстың Қып-қызыл от өзен боп қарсы ағамын. Еліммен қызғалдағым бірге өнеді, Сөнсе де бірге сөніп, бір өледі. Қарасам дүниеге кірпікті ашып, Жанарым күн көзіне тіреледі. Туған ел, өмір сүрем ғұмырың боп, Тереңнен нәр алатын шығырың боп. Шаршасаң кеудеме кеп қона қойшы, Топшым мықты. Тұрамын тұғырың боп.
АҚ ТАҢДА АЛАТАУ БОП ТҮРЕГЕЛЕМ Қуаныш, қайғысы бар жас парлаған, Бұл өмір тарау-тарау дастан маған... Белгісіз қайда барып құятыны, Мен жаңа тас бұлақпын басталмаған. Басталғам... бірақ та ешкім байқамаған, Самал жел шалғынымды жайқамаған. Алапат арынымды түсінбейді, Дауылдар айдынымды шайқамаған. Гүлімді солдырмайтын жаз бар қыстай, Бұл дәурен алаулы шақ – маздар тұстай. Ешкім де шулата алмас орманымды, Көліме көңілімнің қаздары ұшпай. Арнасы бір өзеннің омырауым, Сан күткен ағыстардың жамырауын. Ақ таңым оянады даң-дұң қағып, Көгіне ілген аспан қоңырауын. Жазамын сәуле тілмен жыр шумағын, Қыз төсек – құс сайратқан сыршыл бағым. Атылған жанар таудан құйылды ма, Кеудемде жүрген мынау бір шулы ағын. Жүгірмес бұл шулы ағын жаңсаққа ұйып, Жүрген жоқ және заңғар аңсап биік. Мен білсем басын таудан алған бұлақ Мұхитқа жатушы еді ән сап құйып.
Түндігін көк жиектің түреді өлең, Қозғалып жанарымда жүреді әлем. Дала боп түнге қарай қисайып мен, Ақ таңда Алатау боп түрегелем. *** Мен туғанда бар асылын сый еткен, Күйші далам жүрегіме күй еккен. Бұл табиғат мерген болып өссін деп, Маған садақ жасап берген сүйектен. Құба белдің көз жүгіртіп жонына, Сосын қарап тұрам жүрген жолыма. Серттен тайса басын шапсын дегендей, Бұл табиғат семсер берген қолыма. Тұяғымен таптайтындай тулақты, Бұл кеудемде құлын жүрек тулапты. Менің екі тумағаным секілді Тұлпарым да тумапты. САҒЫМ Жол ұзақ, шаршау маған емес көрік, Қозғалам тағы да алдан белес көріп. Тағы да сағым ойнап шығады алдан, Жүрген бір бақытымдай елес беріп. Отымның көргенім жоқ өшкен шағын, Гүлдейді қалмай осы кештен бағым. Кім кепіл бақытым боп келмесіне, Қырымда керуен-керуен көшкен сағым. Жететін ту алысқа тұяқ талып,
Көшеді бұла сағым қияқты алып. Көшеді бұла сағым, Еуропаны Бір кезде кезген елес сияқтанып. *** Көкте күн көк жиекке батар аңдап, Қайтқанда әкем шөпке ат арқандап. Қоғалы көлде жүзген қос аққуды, Жүріпті анам маған қатар таңдап. Кешкілік сол көлшіктен аулап балық, Бір өшіп, бір жанамын лаулап қалып. Көңілді түрткілеген қиял-сезім, Мені де әкетеді аулаққа алып. Қара жер қақ айрылып кетсін мейлі, Шабытым дауылдатып өтсін дейді. Отызда орда бұзу – ұран боп жүр, Сілкініп, неге жаным тепсінбейді. Осылай мазалайды жарқын ойлар, Әр адам өз ісінің нарқын тойлар. Биікке жанартаулы қайрат кетсе, Тереңге тебіренген қарқын бойлар. Арзанға мастанбайды ұйып денем, Өмірдің бар құдіретін жиып келем. Өзгеше өсем деймін, Қасиетін Басыма зергерлікпен құйыпты әлем. Қарама қайран, жұртым, жаңсақ бұған, Анамнан шұғыланы аңсап туғам.
Мен болам Құлагердей шын көсілген, Мен болам ата жолын жан сап қуған. Көңілде осы бір сөз жатпасын жай, Жанарда жұлдыз жанып, шаттансын Ай. Кешір, ел, серт беремін дәл осыған, Жүрегім бұған дәлел ат басындай. *** Қырандар саңқылдайды алыста әрі, Бұл өрлік ғұмырымның бақ ұстары. Бір менің арынымнан тұратындай, Көктемнің барлық асау ағыстары. Желдері - буырқанған мінезімдей, Шұғыла құяды ылғи күні өзімдей. Нұр сүйген қарлы шыңдар жарқырайды, Қолдағы менің алтын күмбезімдей. Көңілге құйылады күміс күй кеп, Еншіме енді қандай жұмыс тимек. Жаңбырдың әрбір мөлдір тамшылары, Жүрген бір қара көздер твист билеп. Жұлдыз боп қос шырағым жанатындай, Қараңғы түнде өршіген дала отындай. Аспанның астын бермей қалықтайды, Ақша бұлт – аққуымның қанатындай. Жүрген соң әр көктемнен сый ап қалып, Жанымды жайып салам жиі ақтарып. Бұлағы шапқылайды, Менің мынау Бәсіре құлыншағым сияқтанып...
Қырандар саңқылдайды алыста әрі, Бұл өрлік ғұмырымның бақ ұстары. Бір менің арынымнан тұр осылай, Көктемнің барлық асау ағыстары. *** Күркіреп найзағайы өктем үндей, Жауынмын тұрған әзер көп төгілмей. Мен жаусам кең даламды гүлге ораймын, Жаңа бір дүниенің көктеміндей. Көгеру – көктемнің бұл жарлығы да, Көңілдің білінбейді тарлығы да. Бір менің көктеміме қол созады, Он жеті жасар қыздың барлығы да. Жауым боп көрінбейді бір кісі де, Болғанмен қасқыры оның, түлкісі де. Бір менің көктеміме қол созады, Жаңа туған сәбидің күлкісі де. Мен жаңа қамалдар боп жасаламын, Мен сөйтіп асулардан аса аламын. Көктемім көсегесін көгертеді, Тұңғышын алғаш туған жас ананың. Қара нар – қарттарым бар көктеміне Қуанған аман-есен жеткеніне. Көктемін өздерінің ұзатып ап, Өкініп бұлттан шылым шеккені ме. Сенемін өз отымның маздарына, Бөленген сағыныштың саздарына.
Мен өстіп көгертіп ап көктемімді, Қол созам сосын жарқын жаздарыма. *** Табиғат бұл кеудемді жазықты еткен, Жауларым бір шетіне азып жеткен. Өлгені көмілсін деп, Моласын да Тұлпарым тұяғымен қазып кеткен. Жердегі жауыздыққа қалыптасқан, Көктегі найзағайлы қаныпты аспан. Жылжыған жер бауырлап жылан жауды, Тұлпарым тұяғымен танып басқан. Жаулардың көзіндегі жасқа нанып, Босаңсып тұрғанымда босқа налып, Кім білсін тұтқын болып қалар ма едім, Тұлпарым сезіп қойып қашқан алып. Әрине, мұндай шақта күшті арманым, Оғымның пір тұтамын ұшқандарын. Соншалық жаулары бар тұлпарымның, Қаншалық болса менің дұшпандарым. МЕНІҢ КҮЛКІМ Күлген жақсы кезегінде, Мұны өзім сеземін де. Қайғы, мұңды мазақ қылып, Өсіп келем өз елімде.
Бойға жиған бар асылды, Мінезім бар бала сынды. Қалқып өткен су бетінен, Күлкім қандай жарасымды. Күлкім сәуір желдетеді, Ойға шомып бел кетеді. Нали қалса анам менің, Күлкім – бесік тербетеді. *** Тастан ойып жазылған мүсінге де, Ұқсап кетсем, Күйінбе, ісінбе де. Күндіз кіммен ұстастым, Сол адаммен Тістелесіп жатамын түсімде де. Тастан ойып жасалған мүсінге де, Ұқсап кетсем, Күйінбе, ісінбе де. Күндіз кіммен сүйістім, Сол адаммен Құшақтасып жатамын түсімде де... *** Бүгінде дұшпаным аз, жолдасым көп, Сазды күй жүрегіме орнасын кеп. Әкем жүр: “Ата – баба аруағы Сүрінсең жебеп әр кез қолдасын” деп. Айтамын мен олардың жырын ұдай, Күшім бар шын жетерлік бұрынғыдай.
О, адам, болмас та еді ұлылығың, Болмасаң бірің – кіші, бірің – құдай. АҚ ДҮНИЕ – АРМАН ЖЫР ҚҰСЫМ І Ақ дүние – арман жыр құсым, Барасың қайда күнде ерте? Шырақ боп жанып жүрмісің Қалғыған қара түндерде. Тыңдағын мені жыр құсым – Ақ дүние маған мың арман. Тазартып шыңды жүрмісің Көгілдір тұман, мұнардан. Әуелі түсін дұрыстап, Қалмасын ренжіп бір кісің. Қолыңа мынау нұр ұстап Аралап елді жүрмісің. Көкірек көздің – дүрбісін, Бағалай білсең жыры көп. Айдынға қонып жүрмісің Көктегі Айдың нұры боп. Жақсыны қорғап өз басың, Алдынан шығып дананың, Жүрмісің сүртіп көз жасын Жалғызы өлген ананың. Жұлдызы сөніп, Өмірі,
Алдында көздің тізілген, Жүрмісің сондай әкенің Үмітін жалғап үзілген... ІІ Ақ дүние – арман жыр құсым, Барасың қайда күнде ерте? Шырақ боп жанып жүрмісің Қалғыған қара түндерде. Жаңадан туған баланың, Қол созып жарқын тойына, Өзен боп мынау даланың Тарадың қан боп бойына. Бусантып жонын мұз, қардың, Жанады сенің көзіңде от. Он алты жасар қыздардың Өртедің бойын сезім боп. Аялап жалғыз үмітті, Тартардай алға төтелеп, Он жеті жасар жігітті Баққа да кірдің жетелеп. Қызығын кешіп күндердің, Ешкімге жүрсің кектенбей. Қауызын ашып гүлдердің Келесің күліп көктемдей. Арайлы таң боп атасың Өмірдің нұрлы бағы үшін. Дала боп кейде жатасың Жұлдыздың санап ағысын.
Қағынан безген құланды Ап келдің қайта шөлдетіп. Көзді арбап жүрген жыланды Жібердің шөлге желдетіп. Қарайды кейде тау саған, Өсір деп жастың талғамын. Үйлерді жөндеп қаусаған Солқылы болдың балғаның. Адамды көрсең ерте өлген Тұрасың қара жамылып. Қасынан үйдің өртенген Жүресің ылғи табылып. Айқасып қалған қолдардың Қазы боп шешіп таласын, Жалғанбай жатқан жолдардың Соқпақ боп қостың арасын. Көгімде ұшқан жыр құсым, Әнім боп күнде шырқалған. Міз бақпай шыңдай тұрмысың Дауылды күтіп бұрқанған. Сарбаздың сертті сөзінде Көріндің тудай желбіреп. Қуанған жұрттың көзінде Жас болып тұрдың мөлдіреп. Алдағы күнге кім ие?.. Ол үшін жүрме қиналып. Жатқандай түгел Дүние Тыңдауға сені жиналып.
ІІІ Жорықта жаны қиналған Ұмтылар жауын жеңсе алға. Дүние түгел жиналған Кер дала дейтін кең залға. Өзгеге селқос көрінем, Ақ Дүние – сен боп бар арман. Орын ап залдың төрінен Тыңдап тұр сені қара орман. Жазығым жасыл жайды алап, Оқыдың жырды таң қылып. Даусыңды сенің қайталап Көк таулар тұрды жаңғырып. Ақ бұлақ шауып күлгенге, Күй тартып кетті жел біткен. Жыр құмар қауым... білгенге Шөл дала сынды сел күткен. Көк қырын шарлап жүрсе әуре Гүдер де кепті жиылып. Жанардан ұщқан нұр сәуле Аспаннан тұрды құйылып. Көгіңнен тағы жаусын ән Қуандың Ана туса алып. Көктем боп ескен даусыңнан Көк белдер жатты бусанып. Енгендей ғажап сәніңе, Келдің бе, құсым, жел беріп.
Кеткендей елтіп әніңе Кең дала тұрды тербеліп. Әр күнің жатыр мәнді өтіп, Ғұмырлы сені етердей. Жүрмесең құсым әндетіп Күллі әлем қалғып кетердей. Осынша құрмет, сыйменен Сөнбейді сені деп сенем. Осынша әнмен, күйменен Өлмейді сені деп сенем. Ақ дүние – арман жыр құсым! Ақ дүние – арман жыр құсым! *** Дүниені кезгем жоқ мен құралмай, Сөзімді елге жүргем жоқ сендіре алмай. Өлтірсе де әкемді... Кетіпті жау Ошағымнан отымды сөндіре алмай. Сонан ба әлі кеудемде жыр селдейді, Қаһарымнан жау қорқып бүрсеңдейді. Содан бері әкемнің көзіндей боп, Біздің үйдің шырағы бір сөнбейді. *** Жігіт едім барлап жүрген ертеңін, Қол соғады жанкүйер – жер, кең өлкем. Бар жақсыны соңыма мен ертемін, Ал, соңыма ермесе екен көлеңкем.
Буырқанып тау көшірген дүлеймін, Алатау да маған иген ақ басын. Менің кеудем... Табиғаттан тілеймін Суық көрде өлік болып жатпасын. Мен арыма билік айтар төремін, Биіктерде тұратын. Өз бағымнан көремін, Боламын ба, болмаймын ба ірі ақын. Е, досым-ау, жіберіппіз кімге есе, Айналамыз бейне жайған көк кілем. Бір адамдар бізді ішкіш деп күндесе, Мұның өзін ішмерездік деп білем. Семсер көктің жадау бұлтын тілсе ғой, Өкпек жел боп соқпас еді ызғар да. Бізді іздейтін ажал барын білсе ғой, Іздеп бізді әуре болмас қыздар да. Семсер – өлең тасыңды да тіледі, Күллі әлемді бір өзіне қаратып. Қатал тағдыр өлер жерін біледі, Бізді жүр ғой қажетіне жаратып. Бізге біткен тау тұлғалы өр кеуде, Дүниенің құшағына симапты. Өзгелерге күллі бақыт бергенде, Бұл табиғат ақындықты сыйлапты. *** Жанарымнан жыр деп менің жас тамған, Өлең үшін болғам талай тас-талқан.
Менің жолым болса мынау – ақындық, Ол анамның ақ сүтінен басталған. Білем, достың, қарсы алдымнан күтерін, Сезем және арынымның үдерін. Болашақта... Сол ақындық өмірдің, Білмей келем соңы немен бітерін. *** Тағдырын бір уыс қып бүріп өктем, Бабалар қасқа жолмен жүріп өткен. Олар да бал ашпай-ақ, осы жолмен Менің де жүрерімді біліп кеткен. Алайда, толғап қалар келді ретім, Қайрат бар бура бұлтты кең түретін. Бір минут аялдауға уақытым жоқ, Өйткені, жолдар көп қой мен жүретін. *** Асаудың ойнап өскен құлағында, Мен батыр жауынгермін тұрағында. Әйелім – алтын қынап, балам – семсер, Семсерім жатыр әзір қынабында. Жүргем жоқ әр тойымды сыңар тойлап, Жасымнан бой түзедім шынар ойлап. Жатпайды алтын кездік қап түбінде, Бір күні ақ семсерім шығар ойнап.
СВЕТОФОР Машиналар сағатына жүз өткен, Бұрылыстарды светофор күзеткен. Бұл болмаса бір-біріне соқтығып, Бақшаларды жайпар еді біз еккен. Осындайға тап келіп қап жас адам, Жер қойнында жатыр сондай қазадан. Кілт тоқтатты, Светофор жарқылы, Шыға келген машинаны тасадан. Командир – ол. Бұйрығынсыз жүрсін кім, Сол орайда емен болып бір сындым. Машинаға түсіп өлген інімді, Ойлағанда сілкінтіп жер күрсіндім. Қайсар қанат содан болар кетілді, Ал қазір мен ой ойлаймын не түрлі. Светофор... Световор сондықтан, Дүниенің көз жанары секілді. АУЫЛҒА БАРҒАНДА Талай жыл жүрдім ғой шалғайда, Ауылға келемін оралып. Әрине, жүремін ылғида Сағыныш сезімге оранып.
Арада жыл өтті айлармен, Жас шыбық өсіпті емен боп. Самайға ақ түсті ойлармен, Дуылдап жүгірмес денеңде от. Өзің де ойланып қаласың, Қарайтын үлкенге жасқана. Келінді етіпті анасын, Кешегі кішкене жас бала. Сондағы тентек қыз бірге өскен, Байсалды келін боп үлгерген. Сонан ба көңілге жыр көшкен, Осылай боларын кім көрген. Біреуге келін боп жүретін, Жеңгеміз біреудің енесі. Жеңеше, келтіріп бір ретін Өтінем бойдақсың демеші. Расында шал бопты ағай да, Маңдайда әжімі бар тағы. Бұлт жапса көктегі ақ Ай да, Білемін, бұлыңғыр тартады. Барлығын не пайда тізгеннен, Дүние өзгеріп жататын. Ауыл ғой өзіміз жүз келген, Қызықты шуына бататын. Талай жыл жүрдім рас шалғайда, Ауылға келемін оралып. Әрине, жүремін ылғи да Сағыныш сезімге оранып.
Мінеки, үйге де кеп түстім, Көршілер қалыпты жиналып. Қиыны сол екен жетпістің, Әжем тұр орнында қиналып. Шамасы келмейді жүруге, Жоғалтқан адамдай базарын. Дәрмен жоқ сөйлеуге, күлуге, Тек сұлық тастады назарын. Анам жүр жиналған адамға, Молынан шашып шашуын. Тас құртты қақ бөлді табанда, Көрші әйел алардай ашуын. Кішкене отырып тарады ел, Сүймеуші ем, амал не, жекені. Сол сәтте шақырды Қара бел – Қарауыл атайдың мекені. Сол сәтте көзіме елестеп, Кетті ғой қылығы атайдың. Кім айтар қаталдық емес деп, Несіне, қу өмір, қатайдың? Жоқ еді сол шалдың баласы, Қайтейін әйгілеп жоқ барды. Көсіліп жататын даласы, Тартқанда әлгі шал көкпарды. Шіркін-ай, білгенге даналық, Сөйлейтін келтіріп бір ретін. Өзінен шын туған бала ғып, Әкемді... мені де жүретін.
Мәнісі жоқ қой бұл күбірдің, Сырыңды бола ма тыңдатпай. Сол шалға бармақ боп жүгірдім, Жүгірдім жетуге күн батпай. Жүр екен қораның сыртында, Қолында ағаш сап күрегі. Оқушым, өтінем сыр тыңда, Көргенде қайтеді жүрегі. Жүгіріп мен бардым қасына, Жоқ олай ойымнан шықпады. Қол бердім... Ақын дос жасыма, Ойланып қабағын шытпады. Білемін, жақсыға жаны бай, Өр көңіл әп-сәтте басылды. Қарауыл атай тұр танымай, Ал иті мойныма асылды.
ЖЕСІР Табиғат, болармысың тастай жалған, Ол бірақ тіршілігін бастай алған. Жасынан жетім өсті, Айта берсең, Сол келін күйеуден де жастай қалған. Жалғыздың үні солай естілмейді, Ол үшін өткен күні ескірмейді. Қайғысын көтеріп ап кетер еді, Сәбиі әттең әзір ес білмейді.
МУЗЫКАНТ ҚЫЗ ...Астынан саусағыңның үн ыршиды, Желпіп қап қанатымен қыңыр шиді. Қабірде ата Құрман аунап түсіп, Білемін ол жатқан жер ыңырсиды. Мөлшерді білмей шабыт асқынады, Шыңғырып тау басынан тас құлады. Тілінде бұл аспаптың қайғы бар ма, Неліктен қара көзде жас тұнады. Бұл әуен қайғылы еді күн жылаған, Езіліп албырт әлем тұнжыраған. Жыр болып перне үстінде безектедің, Кигендей тас түрмеде шынжыр ағаң. Бұл әуен дауыл толы жігер дейді, Пернеден ыршып шығып, тік өрлейді. Үйіне сұлу қызды Сен тартқан саз Жігіт боп түн ауса да жібермейді. Астынан саусағыңның күш ағылған Адамды сүйіндірген, құса қылған. Тыңдаған сені жігіт сұлу қыздың Бұлқынып шығып кетті құшағынан. Өзіне қаратса күй тылсым көкті, Тоқтаған жүрек көрде дүрсілдепті. Бір сені тыңдап тұрған қаралы әйел Өксігін басыпты да, күрсінбепті.
Мұқалмас тұғырында жеңген сенім, Менің де от кеудеме енген селің. Әуенге көгенделген мені күтіп, Қалыпты тыста жаурап жеңгең сенің. Әр адам сертке таққан жұтпайды үнін, Ең соңын сен де жарқын күт бәйгенің. Ойнасаң пианино, ақ сары қыз, Білінбей кетеді екен титтәйлігің. *** Көзіңді жігіт болсаң жасауратпа, Мені де өмір ерте жасаулап па. Асауда жұмысым не, тыныш жүрмей, Мінуге жарасаң сен асау атқа. Өрмелеп шықтым биік құздарға да, Жастанып жата кеттім мұз-қарға да. Сен ерте келін алып келер болсаң, Жүгіріп нем бар еді қыздарға да. Ағаңды итерсін кім отқа күштеп, Салмайтын шығар айдап оққа да ұш, – деп. Намысты қолдан бермей жүрсең, інім, Кім айтар мына маған топқа түс, - деп. Соңымнан нұр-шұғыла көп ереді, Нөсерін күн бұлттанса төгер еді. Әйтсе де мына ағаңның көсегесі Тентек інім өзіңмен көгереді. *** Тыңдашы, көгімдегі жырақ аспан, Найзағай оттарынан бұлақ ашқан.
Көмбеме жетуге ерте жүгіремін Құйындай бұлт-шәліні жұла қашқан. Оу, шабыт, келші бермен бір бүктейін, Көргем жоқ арынымды іркіп кейін. Көмбеме жетуге ерте жүгіремін Көгіне көтерілген бүркіттейін. Қанымды толқынға ұрып тасытқан кім, Көп пе еді әлде мені жасытқан мұң. Көмбеме жетуге ерте жүгіремін Секілді көкжиекке асыққан күн. Жан емен жолдан шығып, қырын кеткен, Менің де сырым – көктем, жырым – көктем. Жүлдені сол алады Шын бәйгеден Көмбеге ұран салып бұрын жеткен. *** Күнім бар ма тыныштықты дос еткен, Ұйқы көрмей безіп жүрсек төсектен. Шабандық па, Шабандықты қойсаңшы, Кей адамдар келе жатыр есекпен. Болашаққа... қарай ұшқан құсты мен, Арғымақпен дей аламын түсті тең. Ессіздер де кетіп бара жатады Осы кезде Ұлы Жердің үстімен. *** Өр көңілің әр нәрсеге толмаса, Өмір осы. Қиналмағын жолда аса.
Ол да өзіңдей мал қайырған қазақ қой, Қарт кісінің көп көргені болмаса. Өр көңілің әр нәрсеге толмаса, Өмір осы. Қиналмағын жолда аса. Ол да өзіңдей мал қайырған қазақ қой, Ер жігіттің тәуекелі болмаса. *** Қызғалдақтар шешек атып жайқалған, Теңіз біткен сағасында шайқалған. Менен де бір дәстүрлі ерлік байқалған, Ақылдының жүріп өткен жерінде. *** Туа салып кім атылған Айға тік, Кетсең абзал теңізді де шайқатып. Бұл далада аш бөрілер өріпті, Жар астында жаудың барын байқатып. Дүниенің айқара ашып есігін, Батырлардың жыр ғып оқып есімін, Бұл далада ақ алмастай жарқылдап, Ақын өткен бір-ақ айтып кесімін. *** Шабыт, қайда барасың үркіп менен, Дүр сілкініп кетпесін бүркіт денем. Астымдағы атымды шоқақтатып, Өзімді-өзім әйтеуір іркіп келем. Қайран шабыт, келерсің достығыңда, Әр нәрсеге еліріп босқа ұрынба.
Өскен асау секілді құрық көрмей, Менен үркіп, бекерге осқырынба. Менен алыс кетпегін, ұзамағын, Ұзамағын бағымды тұсамағын. Қайран шабыт, сен жоқта тал бойымда Дуылдаған ақ берен қыза ма ағын. Жыр сонарға ой қуып жиі аттанам, Тозсын мейлі, тозбасын тұяқ-табан. Қайран шабыт, сен жоқта Сусыз, нұрсыз Құлазып жатқан дала сияқтанам. Келсең шабыт, алаулы ақ армандай, Сол бір шақта жанатын жанар қандай. Қайран шабыт, сен жоқта азалымын, Жаңғырықтан жалыққан қара ормандай... СЫРЛАСУ Қасым Аманжоловқа Қозғалып ағысымен ізгі арнаның, Шуына шулар қосам күзгі орманның. Жыр - өзен. Соның мұзды айдынында Кемедей толқын жарып жүзді арманым. Мен содан бармын асау сырлы ағында, Сағынған сазды әуеннің ырғағында. Білемін, аруақты ақынсың сен, Сайраймын бұлбұл болып жыр-бағыңда.
Сен болсаң ұлан-ғайыр атырап көк, Құйылам тау суындай арқырап кеп. Жерімде ерекше өскен Бәйтерексің, Байланам бұтағыңа жапырақ боп. Жауыма тұрам тас боп үгітілмей, Олардың мынау жарық күні түндей. Мен сенің қол созамын арманыңа Ақиық әкелердің үмітіндей. Сен менің кеттің болып сырласымдай, Шатырлап көктен түскен жыр-жасындай. Арыным бір басылмай барады осы, Ақ дауыл аласапыран бұрқасындай. Келемін сол тыныстың солқылымен, Танылған тарландай бір мол қырымен. Сен асау өзен болсаң арнасы кең, Арналы сол өзеннің толқыны мен. Жас жаным аңсағандай көк дүлейді, Кеудеме шбыт құсың кеп түнейді. Жүрегім: “Қасым орнын жоқтатпа” деп, Асаудай жерді тарпып тепкілейді. Даланың шұғылаға мас құмдарын, Сен жүрген жолмен шарлап астым бәрін. Тек әттең, ақындығың бұйырмады-ау, Өзеннің кері ағызған тасқындарын. Бірақ та сенем сергек бір өзіме, Жол тартам биік арман – күмбезіме. Тап қазір ақындығым тартпағанмен Ұқсайтын мінезім бар мінезіңе.
Сілкілеп қайыс жонын жарлы шымның, Жаралғам жүрегінен арлы шынның. Өнерде өзің құсап көрінсем ғой Жарқырап маңдайындай қарлы шыңның. О, ақын, өр кеудеңе енем түстей, Даусыңды – тау тербеткен көрем күштей. Сен шығып жырдың заңғар биігіне, Көз жұмдың сол биіктен төмен түспей. *** Өртенген өзегіме талшық арым, Кеудеме менің орнап қал шынарым. Қасеке, қалам мөлдір жасың ба деп, Бетіме тиген жаңбыр тамшыларын. Бұлтына бүркетпейді ел Ай, Күнін Адамның бермейді ғой кегі-ай тыным. Қасеке, сенсің бе деп тебіренем, Дауылды шайқап жүрген көл айдынын. Серпіліп сергіген шақ – күйі үстемде, Үйінде жата алмайды тиыш пенде. Қасеке, сенсің бе деп мың толғанам, Жанарым жасынменен түйіскенде. О, ақын, арманым ең қауышпаған, Сырым ең айтып әлі тауыспаған. Көгімнен күн күркіреп өтсе кейде Сен бе деп қалам маған дауыстаған...
*** Жігіттің ашылады бағы сында: Сен барсың жұлдыздардың ағысында. Сен барсың он бес жасар қыз арында, Қаһарман қарлы шыңның құздарында. Сен барсың ғашықтардың жүрегінде, Арқалы Алатаудың тірегінде. Сен барсың жұмысшының білегінде, Қара нар – Қарт Атаның тілегінде. Сен барсың толқынында жаңа арнаның, Құс тілді шуларында қара орманның. Сен барсың қалың орман нуларында, Жеңістің желбіреген туларында. Сен барсың бұлбұл толы ну бақтарда, Таңертең шашыраған шуақтарда. Ағысы қатты осынау бұлақтардай, Сен барсың топан да топан шумақтарда. Басымды сен болмасаң кімге иемін, Нұрына сан сүйдірген күнге иегін. Қасеке, сені іздейтін сияқтымын, Мен жалпы ағысынан дүниенің. *** Алады көкірегім еркін демін, Жүзеді щұғыладай көркінде күн. Мен бүгін суырылған ақ семсердей Ақ жүрек ақындықтың сертіндемін.
Ешқандай қиялымнан қалыспадым, Мен үшін қарға адым жер – алыстарың. Желдіртіп дарияны жетегімде, Өзеннің алға оздырам ағыстарын. Жүгірем самалы боп көктеменің, Бұлқынып тамырында от дененің. Ғұмырын адамдардың ұзартамын, Тұсында бітпеуі үшін Көктөбенің. Мен бе екем өскен сонау тасқын көрмей, Барады арынымды басқым келмей. Ағады жұлдыздарым ұран салып, Осынау кең аспанның астын бермей. Тумаса мені Ана өр еңселі, Оу, жұртым, қайтіп асқақ көрем сені. Бір гүріл күнде алыстан естіледі, Көшкендей көкірегімнен өлең селі. Бұл тасқын кемерімен шапсын жардың, Селіндей ағыл-тегіл ақсын қардың. Жүрегім ашкөзденіп арындайды, Біткендей бұлқынысы ақ сұңқардың. Осыдан кетпеймін мен басқаша ауып, Тұрамын көк нөсердей басқа жауып. Ақындық – Суырылған ақ семсер ғой, Оны ешкім майырмайды тасқа шауып.
МЕН ҰЛЫМДЫ РАСУЛ ДЕП НЕГЕ АТАДЫМ? Дауыл борап, жел соқсын қарсы беттен, Табанымен тағдырын жаншып өткен, Арлы әкенің мен де бір шыбығы едім, Құба дала жонына шаншып кеткен. Шам-шырағы әкенің қай күні өшкен... Шығара алам ба мен, сірә, қайғыны естен. Көк талға да қызыға көп қарадым, Жапырағын – Қанатын жайып өскен. Сонан ба әлде жанынан жасын өрген, Табысып ем сұлуға қасын керген. Көп ұзамай әке боп шыға келдім, Расул деген ұлым бар қасыма ерген. Ол туғанда жүгірдім тұрағыма, Қуаныштың шомылып бұлағына. Расул!.. Расул!!. Расул!!! – деп айқайладым, Айқайладым үш дүркін құлағына. Неге солай атадым – Әлі есімде, Жылағаным, күлгенім – Бәрі есімде. Бақытым ба кім білсін... Тұрған еді Жұлдыз жанып үйімнің төбесінде. Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда.
Шырқап асқан құлашы Айдан да әрі, Айдан да әрі, Асатын қайдан да әлі. Ғамзатовты, әрине, көп оқып ем Өлең-жырдың жүйрігі, Пайғамбары. Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда. Сезімге елтіп кей сәтте тербетіле, Көп қараймын ұлымның келбетіне. Құран айтса: бұл Расул бір Алланың Өкілі екен жіберген жер бетіне. Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда. “Жебей гөр деп тар арна, қолдап өрде”, Сыйынатын адамдар жол шегерде. Ойлап ем-ау Құдайдай болам ба деп, Расул сынды өкілім болса егерде. ТҰҢҒЫШЫМ – РАСУЛҒА Бітіп ең маңдайына шат жиынның, Кетпегей жетегінде жат құйынның. Қылығың сенің еске түсіреді Орманда жаңғақ шаққан ақ тиынның. Түседі төмен сенің қайдан бағаң, Көгіңде қалықтап ән, жайраңдаған. Кім білген тентектігін алғансың ба, Құлынның желіге әлі байланбаған. Тәңірім, өз отының маздауы үшін, Жалғанды маңдайыңа жазбауы шын.
Жыласаң даусың тауды жаңғыртады, Кім білген алғансың ба қаз дауысын. Сүймейді қызығы мол дүрмекті кім? Шын шешен тартына ма күрмеп тілін. Тілегің орындалмай жұбанбайсың, Әкеңнің алғансың ба бір беттігін. Жарқыным, жанарыңда шырақ бардай, Жанады тал бойдағы тұрақты ардай. Бір күні қолдан шығып кетесің бе, Бұлқынып бұлақтардай. Мазамды аласың-ау бекер менің, Тек биік болсын, жаным, жетер көгің. Биікке талпынғаның шығар, мүмкін Сен мені көтер деуің. *** Жанарымның кезі жоқ оты арылған, Ол құйылса сарқыла қотарылған. Вулкандардың аспанға атылғаны – Ол менің көкірегім – Таулар боп қопарылған. Көні кепкен шөлімді қандырыпты ән, Арманымды жалғаған жандырып таң. Қара тастан әлемге тараған үн Ол менің омырауым – Орман боп жаңғырыққан. Қарсы алады алдымнан жасаулы күн, Таудан мүсін білмейді қашауды кім? Қол тигізбей жаманға алып жердің
Көрдің бе сілкінгенін – Ол менің асаулығым. Алсам керек жаныма жырдан күйік, Додаңа да қосылам қырдан киіп. Шығыстағы алау күн нарттай жанған Ол менің болашағым – Оғыңнан тұрған биік. Жұлдыздардан менің бар сөз тізгенім, Құйылған нұр далама көз сүзгенім. Алға аптығып қоймады-ау құлын жүрек, Бір мұратқа жетуім сөзсіз менің. ҚАРАТАУ ЖЫРЫ Мен Қаратаумын, Қайыспас палуан қолдармын, Жазылмаған жағасынан жондардың. Қазынамды составтарға мол артып, Оң сапар тілеп шығарып салар жолдармын. Мен Қаратаумын, Кеудеммен соғып дауылдарды қарсы алған, Жаншылды менің табанымда бар жалған. Мен Қаратаумын, Шайқастарда шыңдалып, Қос самайын қар шалған. Шапса да жауым жыртқызғам жоқ жағамды, Қарсы алдында төмендетпей бағамды.
Құдайың да тайдыра алмас топшысы алтын тұғырдан Туған жерге тіреп тұрсам табанды. Мен ешкімге бермедім белді сайыспай, Жеңіліп және созылғам жоқ қайыстай. Қазынамды жасырып келген құт-береке босағам Ауыр составтарды Қара нардай көтереді қайыспай. Жалған сөйлеу жат маған, Тар жолдан да шындық жүрген бақ табам. Төсімде өскен талдарды – Басыма менің ту тігуге таласқан Ойлауың мүмкін жауынгерлер ме деп қаптаған. Жаралған сонау қызыл алау шақтардан, Көкірегімнен қыран құстай қақты арман. Бөктерім менің жеміске толы бұл күнде, Жатушы ем бұрын бу болып ұшып қақтардан. Сынық тастан да жауына түйір бермеген, Қаһарман таумын Байлығы тасып ерлеген. Шыңдарым менің айналып алтын тұғырға кетсе керек-ті, Құздарына қанаттылар өрлеген, Басына жылан әсте шығып көрмеген. ...Шыңдарым менің айналып алтын тұғырға кетсе керек-ті.
ҚАРАТАУДЫҢ ЕКІНШІ ЖЫРЫ Кеудемнен ұшады анау барлық қыран, Солардың жанарында жаныпты ұран. Найза шың жүрегім бар, Жауды көрсем Орнымнан жауынгер боп қарғып тұрам. Қызулы мұндай шақта күлсін өңім, Таста да жүрек барын білсін елім. Бір мерген атса менің маралымды Әттең-ай, неге атты деп күрсінемін. Мен таумын бөктерінде жалбызы өнген, Бауырын көк аспанның жал-құзы емген. Дауылдан құласа бір бәйтерегім Анадай аңыраймын жалғызы өлген. Мен содан жаратпаймын қадамды ұсақ, Кеудеме жайылатын далам құшақ. Кетсе егер бау-бағымды тасқын шайып, Тепсініп, күйінемін адам құсап. Сөйлесем құзарымның қозғап қарын, Арыға қан кешуден озбапты арым. Ақ табан шұбырынды да, Жер жастанды Менің де балапан тал – боздақтарым. Заманды аласапыран өткергенмен, Жұлдыздың жанарына от берген мен. О баста Қаратау боп аталуым Қаралы қазаларды көп көргеннен.
ҚАРАТАУДЫҢ ҮШІНШІ ЖЫРЫ Мен білсем барар жерім Ар алды тек, Самалмен тал-шаштарым таралды көп. Нар шыңым күн көзіне қол созады, Кім айтар мені тастан жаралды деп. Сан биік арманым бар жар құраған, Төсінен бұлақ ағып арқыраған. Осынау менің ұлы қарлы шыңым Самала күн нұрымен жарқыраған. Бұлбұлым дүр сілкініп бағына ұшқан, Құланым ақ айдынды қағын құшқан. Мен де өскен жеміс неге сарғаяды, Сарғайып жатпасам мен сағыныштан. Кей сәтте булығып бір күйінемін, Жанымның тыңдамаса күйін елім. Ну орман бөктерімде неге өседі, Жоқ болса тіршілігі дүниенің. Жайқалған бау-бағым бар бұл кеудемде, Болмайды өзге ағысты күндеу менде. Көлеңке бір-біріне түсірмейді, Шұғыла арасында гүлдеу демде. Жүрегім қаталдықты кешірмейді, Күн нұрын аймаламау кесір дейді. Жаралған қара тастан таулар ғана, Ешнәрсе бөктерінде өсірмейді.
ҚАРАТАУДЫҢ БҰЛАҒЫНА АЙТҚАН СӨЗІ Кеудемде менің болмаған әсте тұл ағын, Самала нұрмен астасқан мынау тұрағым. Асығып қайда барасың, жаным, босағаңды талақ қып, Бұлқынып аққан бұлағым. Көнбесең, жаным, өзіңмен бірге қоса ағам, Қырандай самғап тұтқыннан, тордан босаған. Сен кетсең, жаным, қаңырап босқа қалмай ма, Аяулы анаң ақ батамен аттап кірген босағаң. Асығып қайда бұрасың мынау ат басын, Ат басын бұрсаң бетіңнен ешкім қақпасын. Сен кетпе, жаным, желікпе желдей жүгіріп, Арқалы әкең күңіреніп үйде жатпасын. Дауылды күні шаңырағым бар ма шайқалған, Пайғамбар бар ма қолымнан күшті қайта алған. Сен кетсең, жаным, желге ұшып қурап кетпей ме, Жемісім менің бөктерімде мынау жайқалған. Құстар да сонау мекенін тастап кетпейді, Жеріне жетпей бұлттар да жасын төкпейді. Кетпесең, жаным, бұлқынып аққан бұлағым, Өлгенім қайта тіріліп, Солғаным қайтып көктейді. Кетпегін, жаным, бұлқынып аққан бұлағым.
БҰЛАҚТЫҢ ТАУҒА БЕРГЕН ЖАУАБЫ Бұлағың ем ілгері ойлы аттаған, Қызығымды жатсын деп тойлап далам. Сұсты мерген бармаған құзарында Жас киіктің лағындай ойнақтаған. Бұлағың ем жырым от, сырым мұңдай, Білуші ме ең жайымды бұрын мұндай. Ұзынынан көсіліп жатқандаймын Ару қыздың кесілген бұрымындай. Жанушы еді о кезде жанар қандай, Ұзатқанда толқынын жаңа армандай. Бастау тауым! Кеудеңде қалай жатам, Сені шандып тастаған ақ арқандай. Тыңда мені! Көрсетші тусаң алып, Аласа боп жаралған жусан нағып. Бұлақ дейді кім мені Өз арнамда Ағыл-тегіл жатпасам бусана ағып. Алда осынау білемін бақтар барын, Жаңғырығып жолымда жатты орманым. Жамыратып сол жаққа толқындарын Қос қанатын сұңқардай қақты арманым. Босағасын таулардың бұза ағыстай, Жігерімді түсемін ұзақ ұштай.
Қыран құс та білмейді құз қадірін Ұясынан өзінің ұзап ұшпай. Жастығымның жалыны маздауы үшін, Маңдайыма жалғанды жазбауы шын. Нұр боп көшіп кер дала дидарына, Көлдеріне жеткізем қаз дауысын. Жазықтарға шабындық жайқалмаған, Айдындарға тербеліп шайқалмаған, Өзгеше бір жетемін дүние боп, Ағысынан өзінің қайта алмаған. Бастау тауым! Құзыңа жеңіс туын, Қадайын ба хош көрсе келісті күн. Байқадың ба бұлақтар керек екен, Гүденуі үшін де жер үстінің. Бастау тауым! Аласа жусан нағып, Менен өзге кәнекей тусаң алып. Көсегесі тастың да көгереді, Мен осылай жатқанда бусана ағып. ҚАРАТАУ БҰЛАҒЫН ТЫҢДАП БОЛЫП БЫЛАЙ ДЕЙДІ Табиғат, берсе керек барын маған, Жақсы ғой жоқ болса да тарынбаған. Бұлағым – келе жатқан тізгін бермей Ақ берен ақ арғымақ арындаған.
Өзіне көрген жоқ ем қара тағып, Кетсем де бұл жаһаннан дара лағып. Аттанған жолға суыт жолаушыдай, Бұлағым менің, әне, барады ағып. Көрдің бе, барады ағып қыз қылықпен, Орманның шуылындай күзге іліккен. Бар нұрын жамыратып толқынына Қарайды көктегі күн ізгілікпен. Білгендей кемеңгерлік жайдың барын, Сілтейді алға оздырып айбынды арын. Кей сәтте жел –қамшысы үлгереді Аққудай сызып өтіп айдындарын. Жанарын нұрға бұрған күнбағыстың, Астым жер, бөктерім бау, бұлақ үстім. Сияқты заңғар таудың шөкпейтіні, Көргем жоқ ерте өлгенін ұлы ағыстың. Аңсаумен амандығын бар ұяның, Ұшында тұрмаса деп жар, қияның. Бұлағым қатты ағуын тоқтатпайды, Ол құймай айдынына дарияның. ТАЛАС Өрліктің мұрат көрем жоралғысын, Қолыма қайта айналып қонар құсым. Алатау – бой жеткен қыз, Бұла Талас, Сол қыздың тал бұрымы болармысың. Найзасын өз жауына салған танып,
Көрмеген шегініп бір жалғанда анық. Алатау – жаугер жігіт, Айдын Талас Жарылған шекесі оның алған таңып. Жанымның бұл бір шақта қимасы көп, Жететін жүрегіме күй тасып от. Алатау – боталы інген, Шулы Талас Байланған сол інгеннің бұйдасы боп. Найзағай оттарынан бұлақ ашқан, Жатады дүбірінен құлап аспан. Алатау – арғымақ ат Құла Талас Белдеуден шылбыры оның жұла қашқан. ТАЙТӨБЕ Сұңғыла ғасырлардың көзін көрген, Шежіре қарт шығарсың сөзің мерген. Төбеңе жай түссе де дір етпейсің, Табиғат саған қандай төзім берген. Тайтөбе, тоңдым бірге тоңғаныңда, Өзіңмен толдым бірге толғаныңда. Тайтөбе, қыранбысың Қалып қойған, Даланы бүрмек болып қонғаныңда. Қазандай қайғың бардай сезілмеген, Қарақшы сияқтысың көз ілмеген.
Нар қоспақ інгенсің бе Ботаңды іздеп, Жапанда жалғыз қалып безілдеген. Мінезің жоқ еді ғой ала қашпа, Сырыңды айтып желге далаға ашпа. Жел тисе сауырыныңа жер тарписың, Байлаулы тұрған аттай мама ағашта. Сол маңның табанға сап шайыр шымын, Қарайды көк жүзіне айыр шыңың. Тұрсың ба әлде өмірі тойынбаған, Дорбасы сияқтанып қайыршының. Шөктің бе көкірегіңе күйік толып, Үздің бе үмітіңді қиып толық. Бұл қалай Тайтөбе боп аталуың Тұрсаң да кей таулардан биік болып. ОЙЫҚ Құласам мен құлаймын құшып бір ән, Жараны несіне әлгі ұшықтырам. Биіктік бұл Туғалы көрмеді бір Төбемнен қарға түгіл ұшып қыран. Пырақтар әлі талай туады өрлей, Жұлдыздай ағады олар жыра көрмей. Жүйріктік бұл Туғалы мына менен Көрмеді озып тұлпарың құлагердей.
Кеткен сәт ұран салып, қайта қызып, Жетекке құлан сүйек тайды алғызып, Мергендік бұл Садақтың бір оғымен Көгіңнен бере салған Айды ағызып. Қай жаумен жұлқыстырар келер күнім, Оны да батар күннен көрем бүгін. Түбіме менің ешкім жете алмапты, Ол менің болса керек тереңдігім. Кеудемде бұрқанады алғыр ағын, Бұл барда келмейді әсте қалтырағым. Кең дала – Менің кілем төсенішім, Көк аспан – Менің қара шаңырағым. АТА МЕКЕНМЕН СЫРЛАСУ Жас едім, қыздан бұрын жыр, ән құштым, Тұрады көз алдымда ұранды ұшқын. Сағынсам, ата мекен, жетем саған Жармасып қанатына қыран құстың. Өрліктің мақсұт тұтпай құр атағын, Асудан асау сөзді құлатамын. Бұл менің шабытымды шақыруға Жетпейді аруағы бір атаның. Көз алдым кетті бүгін тұманданып, Жарамай жарысуға құлан қалып.
Сол сәтте шалғай жақтан даусымды естіп, Нәзік қыз жылап тұрып жұбанды анық. Табиғат боран шабыт кезін бермей, Ақ дауыл сүрінеді төсімде өрлей. Өлеңін жатқа айтып жүрген ұрпақ, Ақынның жүр ғой олар өзін көрмей. Жаралса ақын үшін жаралған мұң, Көз жетпей көлеміне бар арманның. Мен сенің бөлек біткен бәйтерегің, Тас жарып шетінде өскен қара орманның. Мен барда түспейді, әне, алға асып оқ, Жеріме салған оның таңбасы көп. Өзіңнен басталатын үлкен жолдың Бөлініп жатам ылғи жалғасы боп. САЙЫС Жүзінен жеңімпаздың өпсін гүлі, Қазақтың шын сайыспен өтсін күні... Ортаға шықты екеу тас түйін боп, Қадай сап қара жерге көк сүңгіні. Екеуі ат үстінде күш қылып тек, Жүрмеді, тартқыласты ышқынып кеп. Бұларға айқайласып дем берісті, Қырдағы жанкүйерлер ысқырып көп. Шіркін-ай, жаяу болса ол бір басқа, Сонда да жауыр етін қондыр тасқа.
Жанары қанға толып, от шашады, Бір-бірін жүр ғой олар оңдырмасқа. Бұларды қалған сонау өжет күннен, Жанкүйер ақын болып сөз еттім мен. Осында жыққанының бағы артады, Тоқтатып жығылғанын тежеп күлмен. Желкеден қалды анау бұға тартып, Айласын қолданбады бұ да жартып. Ақыры кескен терек сияқтанып, Иегін бір тұмсыққа құлады артып. Мұндайда ортаға олжа бөлінеді, Дала да бауырын жазып керіледі... Қазақтың ерекше бір қасиеті, Осылай ат үстінде көрінеді. *** Құймақ – дала дүбірден шайқалады, Тұяқ тиіп кейінге айналады. Бір айналды. Екінші айналымда-ақ Кімдер озып, кім қалар байқалады. Қалғандары еліріп кек тізбейді, Озғандары атылып көкті іздейді. Жабы мінген жігітке амал бар ма, Тұлпар мінген жігіттер жеткізбейді. *** Тау-тастың қия - құзын, төсін өрле, Жетеді етегі оның көсілерге.
Көрдің бе тұғырды анау мінгізгенін, Ынтығып жүрген қыздар есіл ерге. Мұндайда ширықпай ма есіл ер де, Хас тұлпар арындайды көсілерде. Біреудің аты озады артып бағы, Біреудің мұнда үміті кесілерде. Озғандар келеді, әне, тартып басын, Бас қамшы, Жүзіңді жел шарпып қалсын. Бетіне қалғандардың боратады, Тұяқтар құба белдің тарпып тасын. Жол шаңын өркеш-өркеш үзік етіп, Сағымды жанарымен сүзіп өтіп, Аттардың екі-үшеуі келеді алда, Айдаудың көмбесіне жүзі кетіп. Сорлы аттар ақ көбікті мекелеткен, Көмбеге жетуге ерте төтелеткен. Көп тұғыр шаң соңында қалып қойып, Хас жүйрік қашан көрсең жеке кеткен. *** Атам қазақ қиқулы ұлы атойлы, Нұрлы шағын ұрпаққа мұра атайды. Құлан сүтін емізіп, қаймақ берген, Тарта мініп жайлауда құла тайды. Қанға сіңген алаулы ұранында, Арғымақтың от ойнау құлағында. Құла тайды жазықта көсілтеді, Сөгу үшын қолтығын құнанында.
Ілестірмей соңына көлеңкесін, Дүбірлетіп даланың белең – төсін, Құнанында қинаған жүйрігінің Хан күткендей қарсы алар дөнен кезін. Тұлпар үшін тастаған өзге ісін де, Думандатып қалмақ боп естісінде. Жабу жауып арулап жүргені бір, Көк дөненді қайта ұстап бестісінде. Егер тұғыр болмаса жасып өскен, Шабыс тілеп бәйгеде жосып ескен. Тісегенше байқайды топқа салып, Ал озбаса? Онда оның басын кескен. *** Анамнан туғаным жоқ жау сағына, Күйреймін бірақ күнім ауса мына. Жанарда шел боп қаптап, Біткен жаман Күйшінің күбірткі боп саусағына. Қиынның қарсы тұрам қандайына, Бақ бітпей, бітсе де сор маңдайыма. Тұлпарды орға жығып, Жүрген жаман Бұлбұлдың құрт боп түсіп таңдайына. Адамның кір түсірмей атағына, Жұртымның айта салған мақалы ма. Ананың шашын жұлып, Күлген жаман Атаның өрт жіберіп сақалына.
Басымды сонау заңғар күнге иемін, Онымен бірге өртеніп, бір күйемін. Бәрінен жара болып түскен жаман, Тәніне мына сұлу дүниенің. ЖАРТАС ...Кетейін деген болып бас қатырмай, Көк тамшы сорғалайды тасқа тұрмай. Әйтеуір, осы жартас тым ызғарлы, Жауына шын өшіккен хас батырдай. Басынан соның көздеп құс атамын, Оғымды көмбесіне ұзатамын. Кейде оны кең даланы бағып тұрған, Бейне бір күзетшіге ұқсатамын. ТАСТЫҢ МОНОЛОГЫ Бұл ғасырда білемін озған бағам, Дүниеге мен бе екем көз салмаған. Қопарылып бомбадан кетпесе жер, Қара таспын орнымнан қозғалмаған. Ауыл үстін жайлаған желең кештей, Өз орнында жатады денем көшпей. Жауынгерден тамған қан сонау жылы, Әлі, достым, тәнімнен келеді өшпей. Осылай сан ұрынып жиі ағынға, Арлы адамдай қызарғам күй алдында.
Балға соқса шыңылдап жата бергем, Аударылып тұлпардың тұяғында. Жаңылғам жоқ әзірге жүрісімнен, Ақын адам менен де жыр түсінген. Атаса да мені жұрт қара тас деп, Көктегі Айдың жоныма нұры сіңген. Жұлдыз барын жүрсек те түнде көріп, Қараңғы түн қалғыған кімге көрік. Мен өмірдің жылуын сезінбесем, Мен жонымды жатпас ем күнге беріп. *** Мен сүрінсем демеп кетті барлық ән, Сол шақта әкем қасиетімді таныған. Сілтегенде жүзім кетпес үшін ол, Шапқан аттың тұяғына жаныған. Жанарымен жақындатқан жырақты, Бір сөзбенен жігіт кейде мұратты. Екі сөзді етпеу үшін өмірде, Әкем маған ерттейді әркез бір атты. Көк аспанның бір жақ шетін түргізген, Өз әкем де көп жемістен бірді үзген. Туған жердің көтерсін деп салмағын, Ол кеудемнен атты әскерін жүргізген. Тіршіліктің жүрегіндей дүрсілдеп, Өсіп келем қолды ажалға бір сілтеп. Бесікке емес... Асқар тауға бөледі ол, Туған жердің ұлылығын білсін деп.
ЦЫГАН ҚЫЗБЕН ӘҢГІМЕ Бес тиын бер бал ашамын, Дейді цыган өршелене. Сонда менің болашағым, Бес тиынмен өлшене ме? Жоқ, жоқ цыган өр кеудемде, Жалын жатыр от-жігердей. Сенсіз де елім өркендеуде, Жоғалшы өзің жоқты термей. Сенсіз де тозып келген – Миғұла ақымақтар. Сенсіз де озып берген – Құлагер арғымақтар. Сенсіз де көтерілген, Көгіне қыран шабыт. Қанатымда от өрілген Дауылпаз ұран салып. Сенсіз де күмбезіне, Қазағым Ай қондырған. Күнде ұшады күн көзіне Ұлы арманым Байқоңырдан. Өмір сүрген ортаға сын, Мынау ісің ғарып бізге. Адамдарға жол табасың, Жүрегімнен жарықты ізде.
Бес тиын бер бал ашамын, Дейсің, цыган, өршелене. Сонда менің болашағым, Бес тиынмен өлшене ме? *** Хас жүйрік қуғанына жетер демде, Сескенбей алдағы ордан, қатерден де. Жан әке, бәсіремді тізгіндеп бер, Ұл болып туған жоқпын бекер мен де. Тұрсың ба бір байламға тоқтап іштей, Бола ма қызыл-жалын отқа түспей. Ал әке, жылқы келді ұстап берші, Ашылмас жігіт бағы топқа түспей. Шабайын қара жердің төсін тіліп, Төсін тіліп шабайын көсілдіріп. Қолаң шаш... көрікті қыз көрші үйдегі, Шын жігіт екенімді қойсын біліп. *** Сен аңсап көксер едің, Кетсем мен бағытымнан басқаша ауып. Мен алмас семсер едім, Жүзімді майырмағын тасқа шауып. Қайнары ем бір бұлақтың, Жолымды байламағын жар сап биік. Жонымен қыр, құмақтың, Арнама жатпайын мен шаршап құйып. От едім жанып тұрған, Сөндірсең өкінерсің.
Серпілмеу – талай сені жалықтырған, Қайтадан өтінерсің. Күй едім түрегелген ереуіл сап, Жарықшақ үн қоспағын ұраныма. Желікпе желді мынау желеу қылсақ, Таң атып, күн шықпайды қыраныма. Жігіт ем нұр аңсаған, Сан түнде жыр жолдаған өзіңе арнап. Ғұмырым – ұран саған, Ойлама алыпты деп сезім арбап. Сен аңсап көксер едің, Кетсем мен бағытымнан басқаша ауып. Мен алмас семсер едім, Жүзімді майырмағын тасқа шауып. Мұратым: арыныңмен қайырсаң сел, Бермейсің езіле де. Жүзімді тасқа шауып майырсаң сен, Өзге түгіл өтпеймін өзіңе де. *** Мен неге тартынамын жоқтай бағам, Жұлдызын жанарымның шоқтай жағам. Жаныңды азапқа сап тұрған қайғы Кетуі мүмкін емес соқпай маған. Қиындық көрсең, жаным, жасыма тек, Көңілді шақтарыңда тасыма көп. Мүмкін ғой маған соқпай кетуі оның, Бір бақыт қонса сенің басыңа кеп.
*** Жұлдыз болып әр кеште жанамыз деп, Қайда кеткен жүрген қыз манағы іздеп. Ол да мені менсінбей қипақтай ма, Жүрсем оны ұнатпай бала қыз деп. Айтып едім ізетпен кел деп қана, Түнгі желмен жатқанда желдеп дала. Әттеген-ай, аузымды буып қойды-ау, Көрші үйде тұратын тентек бала. Күдер үзіп енді одан кетемін бе, Мақсатыма бәрібір жетемін де. Кино жаққа аяңдап барады олар, Келем деген әлгі қыз жетегінде. Айтып едім ізетпен кел деп қана, Түнгі желмен жатқанда желдеп дала. Ойхой, дәурен, аузымды буып қойды-ау, Көрші үйде тұратын тентек бала. *** Бұл сырды айтқан жоқ ем бұрын саған, Жүректің қырық жамау мұңын шағам. Өрлігің – заңғар таудың құзарындай, Мінезің – күміс жалды құлыншақ ән. Түнерсең қабағыңнан қысты көрем, Алпауыт, атан дауыс, сұсты, керең. Сен жалын, мен қорғасын... кетем балқып, Сен күлсең... гүл ерінің ыстық ерен. Өзі кеп қонса бақыт басыңа асыл, Көгіңнен щұғыла боп шашыласың.
Әр түрлі өнерің бар, Ашулансаң Құйындай тулап-тулап басыласың. Сені ойлап жаспен бірге жиі ақты мұң, Білмейді арға таңба ұятты кім? Биіксің, Түссем төмен Құзарыңа Мен қайтып шыға алмайтын сияқтымын. Жүрегім кейде саған жат шағындай, Бармайды өзіңді іздеп тап сағынбай. Өкпелеп сонда маған, жоғаласың Ғайып боп қырға сіңген ақ сағымдай. Суырылса қынабында тыныш жатпай, Қоймайды тасыңды да қылыш шаппай. Сен өстіп көз алдымнан ұзап кетіп, Келесің қайта шауып құлыншақтай. Сені ойлап жанарымнан жиі ақты мұң, Білмейді арға таңба ұятты кім? Жүйріксің, Ақ сәуле боп зымырайсың, Мен қусам жете алмайтын сияқтымын. Биіксің – түссем қайтып шыға алмаймын, Жүйріксің – қусам саған жете алмаймын. Бір жіппен мені өзіңе байладың ба, Мен сенен ұзап тағы кете алмаймын.
*** Балбыратып тастақ-құзды, Түн пердесін жайып құрды. Қараңғыға тастап бізді, Ай – жеңгеміз тайып тұрды. Жасырайын енді несін, Сүйісіппіз ұзақ талып. Басқа түссе көндігесің, Көрсін, кәне, қыз ақталып. Әжесі жүр жарлығы көп, Аңшыдай-ақ із кеседі. Машинаның жарығы кеп, Сайды тінтіп іздеседі... *** Нұр боп қонып даланың түр-өңіне, Шулы ормандай сыр айтып жыр еліме, Ару көктем келді де, Жігіттердің Шоқ түсіріп барады жүрегіне. Ғайып болған қырандай үйректі іліп, Осалдығын қыс кетті күйреп, біліп. Жігіт көктем ернінен құшады-ай кеп, Бақ ішіне бір қызды сүйреп кіріп. ...Тырналардай көктемім көп тізіліп, Көз алдымнан мені де өт түсініп. Сағағынан қиылған жапырақтай, Қыз көзінен бір тамшы кетті үзіліп.
*** Ат басын саған қарай бұрғанымда, Дауылдай сабаланып бұрқандың ба. Мен саған жақын бардым, Бақ ішінде Сүйеніп бір қайыңға тұрғаныңда. Өзің біл сөнген отты жағасың ба, Тентек қыз бұлданады бағы асылда. Мен саған жақын бардым, Тұрғаныңда Бұлақтың ойға шомып жағасында. Сағымдай көзді арбадың нұрға сіңіп, Айналып кетердей сен жырға асығып. Мен саған жақын бардым, Топ қыздармен Гүл теріп жүргеніңде қырға шығып. Сен сонда жылы жүзбен тіл қатпадың, Тіл қатпадың қайтейін, бұлғақтадың. Ақ Еділ көңіліме қаяу салып, Нұр сүйген жанарыма мұңды аптадың. Сол күндер енді менен барады ұзап, Кеңдікті білер ек қой даланы ұқсақ. Амал не жұрегімде қап барасың, Жүзіме түскен менің жара құсап.
МЕН СЕНІ ТАУЫП АЛАМ, АҚҚҰБА ҚЫЗ Секілді бір бөлігі бар арманның, Өзі ме ең бұлақ сынды жаңа арнаның. Мен сені тауып алам кетсең де, еркем, Ішінде адастырып қара орманның. Даланың құя салған жал, қырына Айналып кетші көктем жаңбырына. Мен сені тауып алам, аққұба қыз, Шуақ боп кетсең де еніп таң нұрына. Мен оның әрбір сәтін мақтаймын мың, Өзі артық қуаныштан бақтай мұңның. Мен сені тауып алам кетсең де, еркем, Айналып сыбдырына ақ қайыңның. Күйіңді маған арнап төксең сеніп, Не болам бұл өмірден өтсем семіп. Мен сені тауып алам, аққұба қыз, Ақ құмға тамшы жас боп кетсең де еніп. *** Қол созам жарқын көктем, күздеріме, Шуақ қып мені асырды құз төріне. Мен кейде барам туған ауылыма, Сұрау сап құм жасырған іздеріме. Соңымнан от-шілденің ыстығы еріп, Алдымнан қарсы алады қыс түнеріп.
Әлі ізім өшпепті деп сонда ойланам, Мен құмға жаңа түскен ізді көріп. Қос самай ағарды ма қырау шалып, Біткенім көңілімнен жыр ауса анық. Мен кейде бақ арасын аралаймын Жоғалған күндеріме сұрау салып. Жүрегім кейде өзіммен кеңеспейді, Оңтүстік жылы жақтан жел еспейді. Кей қыздың көзіндегі мөлдір жастар, Жоғалған күндерім боп елестейді... БОЙДАҚ ЖІГІТТІҢ ӘҢГІМЕСІ Бірге өскен дос кезігіп кешегі, Үйленгенін әңгіме ғып бөседі. Тойларында болғандар да солардың, Бақыттары шіркін жанған деседі. Жеңгем ол да ойнап бірде, ай тегі, Тұрмыс құрып етегіңді жай деді. Бізбен жасты құрбы қыздар тым ерте, Бізден бұрын үйленбесе қайтеді. Мен ұнатқан бір кездегі кекілдім, Қайда, кіммен кетуге сен бекіндің. Таласымның жары болып морығып, Ақ әжемнің иегі боп кетілдім... Әзірге осы жүрегімде күй тасып, Жүргенім жоқ сан қызықпен ұйқы ашып.
Мезгіл жетсін. Кетеміз ғой бір қызбен, Жақсы өлеңнің жолдарындай ұйқасып. ТЕМІРҚАЗЫҚ Сапарымның жасармын жоралғысын, Көрсетеді өзі де жол арғысын. Бастайтұғын құлшынып мені алысқа Темірқазық, жолбасшым болармысың. Туған жердің жазы мен қысына да, Бірдей қарап гүл ұсын қызына да. Темірқазық, жол нұсқап тұрғандайсың Ала қанат аспанның құсына да. Талқан болып тоғаны ағытылған, Жаралдың ба ақынның шбытынан. Бір қарап ап өзіңе жол табады, Адасқанда кемелер бағытынан. Тұрғандайсың көгімде сырға қанып, Жер бетінің тірлігін жырлап анық. Бір қарап ап өзіңе... Өзендер де Ағады екен айдынын нұрға малып. Жалғыз ғана жарығы көз ілгенде, Тастайды отқа ойланбай өзін пенде... Бір қарап ап өзіңе... Безген екен Жау қолынын босаған боз інген де.
Темірқазық, жүргем жоқ құсаланып, Өз жайлауын самалым құшады анық. Бір қарап ап өзіңе... Сағынғанда Елге қарай жүрегім ұшады алып. ...Бір-бірімен найза ұшы тоғыспасын, Деп ойласаң адамдар соғыспасын, Темірқазық, өзіңе бір қарап ап, Жаулар атқан тек қана оқ ұшпасын. ҚЫЗЫЛ САРБАЗ Ұшқан оқ сарбазына дара тиіп, Ыңырсып тарта ма екен дала күйік. Батыс жақ қызыл қанға боялады, Түнгі әлем шығар кезде қара киіп. Өмірдің сүйем содан дабылдысын, Көгіңе зымырандай ағыл құсым. Жеңіске жетпей тегі тастамайды, Түнгі әлем сыртқы қара жамылғысын. Есесін көптен бергі бір-ақ алып, Жеткендей сағасына бұлақ арып. Түнгі әлем шұрқ-шұрқ тесіледі, Садағын сарбаз тартса тұра қалып. Ол солай мінеді атқа құлшынарда, Дала боп дамылдайды тыншығарда. Шығыс жақ қызыл тудай алаулайды, Атойлап қызыл сарбаз – Күн шығарда.
ЖОЛАУШЫ Бір-бірін алма кезек жыға берген, Қос шыңның екі арасын жыра бөлген. Күн бейне салт ат мінген жолаушыдай Желдіртіп сол кезеңнен шыға келген. Аспанға қоймапты оны бекер іліп, Жатады омырауынан от өріліп. Ат басын жібереді Күн жолаушы Жоғары бір алған соң көтеріліп. Тұлпары жолдағы ордан үрікпейді, Кей кезде нөсер терін бүрікпейді. Көкжиек деген қырдан кеткенше асып, Ол содан аттың басын ірікпейді. ...Қирайды-ау, бұл өмірден кетсем кеудем, Жастық шақ өтті, кетті көп селдеумен. Мен де сол жолаушыдай келем суыт Көздеген жеріме ерте жетсем деумен. МАҚАУ Ол ойыңды біледі – жұлдыз жанған көзіңнен, Батылдықты таниды – семсер сынды сөзіңнен. Бір жылылық сезеді – мына қара тасыңнан, Тағдырыңды көреді – тамып түскен жасыңнан. Ақиқатты сүйеді – отқа шағып жақсаң да, Жоғалтпайды мәртікті – жерге енгізе қақсаң да.
Қылыш кескен білектен – байсалдықты түсінген, Жалын жұтқан жүректен – қайсарлықты түсінген. Шалыс басқан аяқты – масаңдау ма дейтін ол, Қалыс басқан аяқты – жасаңдау ма дейтін ол. Омырауы жатады – жаңғырыққан орман боп, Заңғар биік Алатау – көрінгендей арман боп. Мына жатқан даладан – дарқандықты көретін, Қаз-қаз басқан баладан – тарпаңдықты көретін. Сұлу қыздың күлкісін – естиді ол бұлақтан, Көздің мөлдір жасындай таңғы шықты ұнатқан. Салық етіп бетіне – тілі жоғын мың айтып, Ақымақтар тілі бар – кетеді оны мұңайтып. Құдайың да оңбайды – бұл сұмдықты кім көрген, Оған тарлық еткен де – ақымаққа тіл берген. *** Кел, қонағым, ақ таудың бөктеріне, Шаршадың ба... бересің текке еріне. Онда құтты қонағым жайғасасың Қалы кілем төселген көк төріне. Кел, қонағым, көңілің арындасын, Далам салып сыйлайды бар ынтасын. Емен – інім пальтоңды іліп сенің, Би билейді ақ қайың – қарындасым.
Қонақ жайын өтеді кім түсінбей, Көл – ваннама жуынсаң бір кісімдей, Ақша бұлттар тұр, әне, көкте ілулі, Жуып жайған жеңгемнің сүлгісіндей. Өзің, айтшы, желдеткіш желім қандай, Құлшынбайды ер жігіт сөніп, жанбай. Қанғаныңша беремін бұлақ суын, Газды суға жүрсе егер шөлің қанбай. Қарайсың ба өзің біл жарқын маған, Мінезім бар ақжарма аңқылдаған. Тартасың ба темекі... Тұтатамын Көкірегімнің отымен жарқылдаған. Сарқырамалар – жанымның той бастары, Жүрегімді жұлғылап қоймас бәрі. Сұлу салған төсектен кем түспейді Жата кетсең... ақ таудың қой тастары. Бола берме, қонағым, тұйық... босаң... Босқа өтеді ғұмырың күй ұқпасаң. Бұлбұл құсым сайрайды таң сәріден, Оянасың әнменен ұйықтасаң. Тиме бірақ, қонағым, ашуыма, Жол бермегін жаныңның жасуына. Келсең егер күтпеген қуаныш боп, Шұғыламды шашамын шашуыңа. Ей, қонағым, бермегін текке еріне, Жүргендер көп жете алмай көк төріне.
Өзің сынды қыз-жігіт түнеп жүр ғой, Мен шақырған ақ таудың бөктеріне. Шыңға өрмелеп тәніне тер сіңбеген, Тау көрмеген жан едің, көрсін деп ем. Өйткені мен ұлы елдің ұрпағы едім, Таулары жоқ мекенді жерсінбеген. Өз тауы жоқ жігітті менсінбеген. *** Жайлаудың қоңыр салқын кештеріндей, Шығардай биік-биік төске ерінбей. Қаратау ұбап-шұбап қозғалады, Шерулі бұрынғының көштеріндей. Кезеріп жата бермей татырлардай, Аспан боп бұлтты күні шатырлардай. Көремін Қаратаудың әрбір шыңын Қаз-қатар сап түзеген батырлардай. Бір өзін сырлап салған неше күндей, Бөктері сұлу қыздың төсегіндей. Қаратау қалың қолмен келе жатқан Қазақтың қаба сақал көсеміндей. АҒА А. Асқаровқа Көздің нұры шағылып қарыққанда, Қашып сізге барамын жарықтан да. Іні деген барады, Барады, аға, Ағасының алдына тарыққанда.
Асыл, аға! Жерім жоқ бекер күлген, Өткелінен өмірдің өтер білген. Іні деген – жас отау емес пе еді, Шаңырағы жаңадан көтерілген.
Намысы мен жігерін тең ұштаған, Қанаттыдан самғаса кем ұшпаған, Аға деген – үлкен үй емес пе еді, Етек-жеңін, маңайын кең ұстаған. Жалын сұрап ешкімге өтінбеген, Тұлпар тұяқ аға едің кетілмеген. Берсеңізші қол ұшын... Балапан ем, Қос қанаты қатайып жетілмеген. Бір беті ме ем тарихтың қаралмаған, Жалғыз сіңір тамыр ма ем нәр алмаған. Ызғар шашқан пәтерде қалай тұрам, Аға! Денем темірден жаралмаған. Кімдер қарғып мінбейді атқа тұрған... Дауыл күші жүз қабат қақпа опырған, Бәрі бірдей данышпан болған ба еді, Таққа отырған патшаның, таққа отырған. Сайып-қыран ағасыз бағы – көктем, Өмір нұрын жүресіз жағып, өктем. Әттең, сіздей азамат көп те емес-ау, Дүниенің қабағын бағып өткен.
*** Қызғалдақ толған өңірге, Бір бұлбұл ұшып жеткендей, Келіп ең, жаным, өмірге Кешігіп жеткен көктемдей. Кешігіп, жаным, жетсең де Бақытыңды шалып қиядан, Тауларды тесіп өтсең де Ертелеп ұшқын ұядан. Ертелеп ұшқын ұядан, Жетілген ерте қырандай. Саңқылдап жетші Қиядан Жанар тау атқан ұрандай. Жақсыға әуес, үйірсің, Боларсың мұрат – мұрагер. Саған да, жаным, бұйырсын Ақындар мінген құлагер. Ой салып кетті маған да, Жүректен ұшқан жылулар. Жүгірсін, жаным, саған да, Ақындар құшқан сұлулар. Айналған тасқа кей мүсін, Тірліктен мынау үміткер. Артық боп туды деймісің Айға ұшып жүрген жігіттер. Олар да осы өзіңдей, Түсінсең өскен бала боп.
Жайнаған сенің көзіңдей Жағады отын дала көп. Көз іліп жатқан даланың, Жыр – үні болсаң болғаны. Көсіліп жатқан даланың Бір ұлы болсаң болғаны. Құлын боп алға шабасың, Айналдым сендей баладан. Далада тудың... Табасың Керегіңді де даладан. *** Жолыңдағы бөгетті турап кектей, Бұлтты күні от өрген шулап көктей, Күре тамыр өзендер жүгіреді Жердің үсті тұрсын деп қурап кетпей. Төгеді аспан мұндайда көз жасын көп, Тоқтап қалған ағынды қозғасын деп. Қырларымда толассыз көк өседі Сұлу дүние көнеріп, тозбасын деп.
Солар-сынды бір жола кеңге кетіп, Жүгірмейді кең дала дөңнен өтіп. Таулар басып тұр әне... әлдеқалай... Дауыл айдап кетердей дөңгелетіп. Түсірердей сонаудан жалғанды атып, Табан тіреп орнында қалған қатып. Бұл кер дала дөңгелеп кететіндей Көк белдер де көлденең алған жатып.
Көктем болып көсегем көгерсін деп, Шарбы бұлттар шарлайды көк төсін көп. Қара ормандар шеге боп қағылғандай Жер ұлтаны қақырап кетпесін деп. *** Қырымда көп жүгірген бала тынбай, Сан қырлы болар ма еді дала мұндай. Соқаны кейде терең батырмаймын Сұлу жер тыртық болып қалатындай. Төсінде қызық қудым ат тебініп, Ұшардай құс боп алға қатты емініп. Семсерді кейде тіктеп қадамаймын Жұмыр жер кететіндей қақ бөлініп. Болғанмен алдым қамал бекетіндей, Көрінем бір мұратқа жететіндей. Мен кейде ту биіктен секірмеймін Даланың белі үзіліп кететіндей. *** Біздің жақта мылтықтар оқталмайды, Болса екен деп Тыныштық көп толғайды. Кете ме деп ойлай ма жүрек суып, Қара дауыл, бұрқасын көп болмайды. Биігіне жүгіріп күн өрлейді, Қиындықты жеңетін жігер дейді. Бір жас бала жабырқап қала ма деп, Заңғар таудың шыңдары түнермейді. Жақсы өтіп жүр халқымның жиыны да, Оңай болып барады қиыны да.
Бір нәрсесін бүлдіріп алам ба деп, Суырмайды онша көп құйыны да. Көз алдыма тізіліп гүл шоқтары, Аңсайтыным күрестің нұр шақтары. Бір өмірді тым ерте қиям ба деп, Жаумайтындай ажалдың бұршақтары. Содан жаным шұғыла жыр тілейді, Бермегін деп басыма бір дүлейді. Сәбилерді шошытып алам ба деп, Күн де сирек шатырлап күркірейді. Көп болса да жолдары қияқты асқан, Көп болса да тұяғы күй-от басқан, Қарт ананың жүрегі сыздайды-ау деп, Бұлттанудан қорқатын сияқты аспан. *** Асығыс атқан жаздың ақ таңындай, Жарқылдап найзағайдың шақпағындай. Кездейсоқ кеткен сонау көкке атылып, Көк аспан бейне көлдің қақпағындай. Қой тастар - қалың жылқы табынындай, Бұлағы сағыныштың ағынындай. Қаратау желе жортқан қоңыр інген Боз аспан сол інгеннің жабуындай. Шығыс жақ – нар ұстаның көрігіндей, Қызыл Күн – қолда ұстаған көлігіндей. Дөңгелек доп сияқты жер шарының Көк аспан соның жарты бөлігіндей.
Көргенмен кешкі алауды ғұмырлықтай, Сәлден соң жоғалады түнгі ұрлықтай. Көкжиек кереге боп жайылып тұр, Көк аспан үстін жапқан туырлықтай. Көк таулар – түйеге артқан дара жүктей, Рельстер – қайып тіккен қара жіптей. Жер шарын сәулелермен ұстап тұрған Боз аспан үлкен алып парашюттей. АҚША БҰЛТТАР Жарысуға дауылмен құлқы бардай, Тұрғаны ылғи тепсініп бұлқып ардай. Ақша бұлттар... жел тұрса жөңкіледі Ақ жал, ақ боз кілең жылқылардай. Заңғар таудың бұрқанған селдеріндей, Дауыл қуған даланың желдеріндей. Ақша бұлттар ағады соқтығысып, Долы өзеннің бұзылған сеңдеріндей. Ізі жатыр даланың сай-құмында, Жасырмаған бұл аспан айбынын да. Ақша бұлттар аққу құс қаптап жүзген Аспан көлдің ақжарма айдынында. ...Қызуымен алаулы от дененің, Сәулелердің бойымен ақты өлеңім. Ақша бұлттар – желкені арманым мен Сапарлардан қайтпаған ақ кеменің.
*** Бұлбұл емен ән ұшырған ақ таңдай, Бірақ таңым бір мені аңсап атқандай. Мен көмбеге жетуге ерте асығам, Жастық шағым өтіп бара жатқандай. Малшынған соң ақ сабынды теріме, Бірдей шабам жолдың ылди, өріне. Әлде осынау жетпей жүрген жанмын ба? Жұрттан бұрын жетем деген жеріме? Шынымды айтсам сарбаздардай тік тұрып, Найза ұшында ақ жанымды ұқтырып. Уәделі жерге осынау кеш барып, Қоям кейде еркемді де күттіріп. Өскен жандай бір жылы сөз есітпей, Үмітімді кімдер менің кесіпті-ей. Кешеуілдеп баратын боп жүрмін-ау, Барам деген жеріме де кешікпей. Солай, достым, жүрмін күйлі түрге енбей, Қулықты да қойдым тегі үйренбей. Маған деген сыбағаны кей пысық Содан, міне, қағып кетіп жүргендей. *** Секірген таудың биік жақпарынан, Жаралғам асау толқын – қатты арыннан. Мүмкін мен кен шығармын Табылатын Іздесең жердің терең қатпарынан.
Денемді сәуле – семсер кескілеген, Кезім жоқ бірақ менің кеш түлеген. Алтын бұлақ шығармын мүмкін осы Жердің терең қабатын тескілеген. Дауыл боп бедеу – шектен күй үрлегем, Күй үрлегем, доғалды сүйірлегем. Мүмкін мен тау шығармын Бұлттан асып Аспанның бір жақ шетін бүйірлеген. Сәт сайын қарт тыңдаған, жас тыңдаған Өлең ғой – менің дертім асқындаған. Мүмкін мен адам емес Ағыл-тегіл Ақ иық жыр шығармын тасқындаған. АТА ТІЛЕГІ Нұрғиса Тілендиевке Ата бура сықылды өрге шөккен, Жеткен шал ем сүйретіп төрге шекпен. Сұңқардан сұңқар қалса жараспай ма, Бір дәнім ең сен менің жерге сепкен. Жұрттан бөлек жырылып жырақтаған, Құйын болмай қиыршық қыр ақтаған. Жақсылықтың мекен-жай қонысы бол Ірге теуіп орнығып тұрақтаған. Домбыраның айналып пернесіне, Күй боп баршы еліңнің көрмесіне.
Бұл даланың ұлы бол, Тұлпар емес – Ән байлаған көк жібек кермесіне. Туған жердің ойнаған желдерімен, Құла түзді көгерткен селдерімен, Бұл даланың қоғалы көлі болғын, Дала сұлу болса егер көлдерімен. Бұлттан асқан құздары от күреген, Әрбір күні – тулаған өткір өлең. Дала батыр болса егер тауларымен, Тауы болғын даланың көк тіреген. Көкірегіңді дала ғып түн түнеген, Көктемінде жарқырап күн түлеген. Ел-жұртыңның нөсерлі аспаны бол Омырауын найзағай тілгілеген. *** Біздің үйге келсеңші күнде күліп, Жатады ылғи жүрегім түнде егіліп. Нұқып қалсам, Нұр-аға, кететіндей Саусақ тиген жеріңнен үн төгіліп. Туған жердің тұрғанда кеші жанып, Аға, бізді жүргейсің есіңе алып. Билеп жерде жатады тастаса егер, Бір кесек ет денеңнен кесіп алып. Қалады өзге сөйлесең тіл байланып, Отырады төрге де кім жайланып. Домбыраны қолға алсаң құйын-аға, Кетесің-ау өрт тілді күйге айналып.
Терең теңіз секілді кеме батқан, Көктемсің-ау қырымда шешек атқан. Жалт қарасам ғажайып әуенді естіп, Сен екен деп қаламын келе жатқан. Ұшпайтұғын көгіне қыран жасып, Алдыңызда жатады ұлан жазық. Өткенде ылғи тұсымнан көрінесің, Бара жатқан секілді бір ән жазып. *** Қоңыр кештің шырағын жаға беріп, Жіберетін төсінен самал өріп. Мына байтақ қазақтың даласы да Жүріп келе жатқандай саған еріп. Алмайын деп ақ арман – қырдан жығып, Қуаныштан көз жасын тұрған сығып. Аттан сені түсіріп жатқандай-ақ Заңғар таулар алдыңнан тұрған шығып. Тастайтындай түндігін кезең түріп, Аспан астын барасың безендіріп. Ән боп қайта тамылжып құйылады Көкірегіңе нар толғау өзен кіріп. Шырқап айтып жүректің ариясын, Сілкіндіріп сезімнің бар ұясын, Шындықтардай өсектің бетін тілген Әннің кешіп келесің дариясын. Өзіммен бірге сері селді ала кеп, Шалғайыңа жармассам мен бала боп.
Тұла бойын ән кернеп, ән жайлаған Көрінесің көзіме кең дала боп. *** Жаман боп жүрсең айтады жұртың күйік деп, Көк аспан-сынды жіберші тағы құйып кеп. Болмасаң өзің, Әкеден қалған шаңырақ Тұрмас еді биіктеп. Тазарып қалың көгілдір тұман – мұнардан, Бір бұтақ едің бүр жарып өскен шынардан. Болмасаң өзің, Толықсып жүрген бір сұлу Қанбас еді құмардан. Өмірі ылғи тұратын өжет термеден, Батыл боп сонша жаралды дейсің ер неден. Болмасаң өзің, Жел жетпес сыпа бір жүйрік Ақпас еді кермеден. Толқын боп ойнап жататын асау ағында, Желдер де күшті долданып соққан шағында. Болмасаң өзің, Көк аспан дауыс бір бұлбұл Сайрамас еді бағында. Қарсы алдыңда қалғандай қалың қол тұрып, Ұйқыңды талай шабытпен шауып өлтіріп. Өмірдің олқы,
Өмірдің солпы жерлерін Келесің әнмен толтырып. Думан боп жеттің жүр ме деп жұртым тойсырап, Келмедің бірақ өзгеден қайыр – ой сұрап. Болмасаң өзің, Тойымсыз мынау дүние Жатар еді ойсырап. ТОЙЫҢА КЕЛ, ЖӘКЕ, ТОЙЫҢА КЕЛ! Сен туғанда даусынан от өріліп, Аспанымды дегендей кетер іліп. Осы күнгі Алатау тұра қапты Бір төбенің астынан көтеріліп. Аулақ салып іргесін жырақ құйын, Сен туғанда бастапты бұлақ биін. Өзің едің далаға сыйға тартқан Домбыраның келтіріп құлақ күйін. Қалың топты озып ең талай жарып, Самайыңды ақ күміс – арай шалып. Сонда туып өстік қой мына біздер Жырдан биік кетіп ең сарай салып. Тәңірді де тәлкек қып дірілдеткен, Күнің қайта оралды дүрілдеткен. Тойың өтіп жатыр ғой, Жәке, бүгін Аспан асты, жер үсті дүбірлеткен.
Алма беті алаулап албыраған, Тұлымшағы басында жалбыраған, Сәбилер де өзіңді күтіп отыр Балғын түнде балауса балбыраған. Көгіңнен Ай туғанда қияқтанып, Жүруші едің алысқа жиі аттанып. Қызу – жиын тойларда отырушы ең, Таулардың жиынтығы сияқтанып. Тұлпар тұяқ тепсініп тасырласын, Топырақтар бұршақтай сатырласын. Келші, Жәке, тойыңа тағы да бір, Көк аспанда найзағай шатырласын. Тойыңа кел! Жалғанды шөкелетем, Сен келер деп қамданғам өте бекем. Алатауды астыңа мінгізем де, Қаратауды бұйдалап жетелетем. Маған да осы қалыпты ерік тиіп, Көңілге сыр келемін берік түйіп. Тойыңа кел! Орманнан ішік киіп, Зерлі аспаннан қайтасың бөрік киіп. Өзің қонған жайлауды жайлап келем, Тойыңа кел... Кең далаң жайнапты ерен. Жетісудың жүгірген бір өзенін Белбеу етіп беліңе байлап берем.
Омырауыңнан ақжарма күй ақтарып, Туыпты Айың көгіңнен қияқтанып. Бүгін тағы тойыңда отыршы сен Таулардың жиынтығы сияқтанып. АҒАЖАН Қасым Аманжоловқа І Кеттің бе, аға, тым ұзап, Жерім жоқ жүрген көз тікпей. Іздеймін сені күн ұзақ Сонда да қойдың кезікпей. Қойсаңшы осы бұйрықты, Жүрдің де ойнап пернеде, Жоғалдың мініп жүйрікті Байлаулы тұрған кермеде. Жалғасқан жонды үйіріп, Суарып термен түз гүлін,- Ағажан, әлде сол жүйрік Кетті ме бермей тізгінін. Көкжиек күліп жақындар Қуат ап кемел елінен,- Жалында туған ақындар Түспеген аттың белінен. Солардай сен де түспедің Ат жалын тартып мінгеннен. Жарқылдап ақтың...
Құс дедім Өзіңді жақсы білгеннен. Күндерде нөсер, жауынды Қиянға тарттың төтелеп. Оралдан соққан дауылды Майданға кірдің жетелеп. Қиынды кездің кесе өрлеп, Жеңістің желі есердей. Құйылдың көктен нөсерлеп Төбесін жаудың тесердей. Жанарың сұмдық жайнаған Жұлдызды түннің көгіндей. Атылдың тағы қайнаған Әлемнің ашу-кегіндей. Тұрғанда қалмай оралып Тізіліп ұшқан оқтарға,- Атылдың жауға оранып Шатырлап жанған оттарға. Сайратты құсын бауларың Арада біраз күн өтпей. Ақыры қашты жауларың Сәуледен безген түнектей. Өзіңмен бірге таулар да Боратып оғын атқандай. Жоқ болып жатты жаулар да Жалының жалмап жатқандай.
ІІ Нұрлысың, аға, айдан да Оралдың көзге тым ыстық,- Боранын беріп майданға Келіп ең алып Тыныштық. Жаралдың, айтшы, қай таңнан? Бәріне төзіп көніп ең. Сұрапыл соғыс, майданнан Ақсаңдай басып келіп ең. Тым ерте түскен амалдай Көктейді сенсіз қыр қайдан. Кезіккен тағы қамалдай Алдыңнан тосты жыр-майдан. Кірісіп кеттің сайран сап Аптығың тегі бастықпай. Келер ме сол бір қайран шақ Оралған қайта жастықтай. Тұлданып соққан құйындай Кезде де сонау дүрбелең,- Қоңыраулы күрең құлындай Соңыңнан қалмай жүрді өлең. Қырларда кезген ақ сағым Аққанда қолға ілінбей, Ағажан, сенің ақсағың Өлеңде кетті білінбей. Ақ айдын сондай кемерлі ең Ақын боп туған от-таңдай
Өзіңді туған өнерлі ел Өлеңнен сені соққандай. Даусыңнан мылқау тас түлеп Қызыққа кемел батқандай. Кейінгі талант – жас түлек Өзіңнен өрбіп жатқандай. ІІІ Тілімді неге күрмейін Жырларым – жалын жасыным. Ағажан, мен боп жүрмейін Келер деп кеткен Қасымың. Бұлқынған бұлақ – сырыңды Жаңғырта айтып құздарға. Көшіріп сенің жырыңды Жолдаушы ем ару қыздарға. Олар да маған жолдайтын Сен жазған жырды көшіріп. Өзің боп бізді қолдайтын Мұны да жүрдің кешіріп... Өмірге құштар жандары Көрмеген әсте қиналып. Ауылдың барлық шалдары Отырған кезде жиналып. Көңілге бір сыр тоқыдым Өзіме - өзім қырын кеп. Сен жазған жырды оқыдым Өзімнің жазған жырым деп.
Оқыдым сосын күркіреп Арқырап аққан өзендей. Жұрт отыр алда дүркіреп Арна ақтарған кезеңдей. Ер жігіт асу асқанда Қалған ба тегі еленбей, Тербеліп тұрдым аспанда Ауаға сіңген өлеңдей. Құдіреті-ай шіркін сезімнің, Қулығыма отыр ел сеніп. Дүние түгел көзімнің Алдында тұрды теңселіп. Тоқтадым содан бір кезде Терлеген сүртіп маңдайды. Жарқылдап кетті нұр көзде Қаққанда шалдар таңдайды. “Қарашы, кетпей ұшқары Бала екен өзі болғандай. Қасымның шабыт – құстары Ауысып бұған қонғандай. Бақытын тапқан даладан Біздерді кімдер басынды. Айналдым осы баладан Тірілткен қайта Қасымды.” Осылай шалдар дуылдап Дүрлігіп біраз кеткен-ді. Шежіре сөздер туындап Қарсы алып жаңа көктемді.
Серпілтіп сері сезімді Жалындап жазып өтты өлең,- Ағажан, содан өзіңді Жоқтатпай өтсем деп келем. ҚОС ТЕРЕК ЖӘНЕ СЫРЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА І Ұйқымды соғыс дейтін “содыр” бұзған, Кезім жоқ бірақ белді опырғызған. Сайран сап жүре бердім бақ ішінде Әкемнің өзі қолмен отырғызған. Көңілде ақпан желі жатар ескен, Ақ семсер кеспегенді бата кескен. Бар еді бақ ішінде қос көк терек Егіз туған қозыдай қатар өскен. Көзімнің мұң толса да шарасына, Жарлының жамалсам да жарасына, Мен талай айлы түнде тербетілгем, Жіп керіп қос теректің арасына. Сезініп оны көкем тербеткендей, Мен сонда ұялушы ем ер жеткендей. Көңілім және менің құлазитын Жазира жайлауынан ел кеткендей. Әкемді көп аламын кейде есіме, Аман-сау оралса деп өлкесіне. Ат қылып мінетінмін бір бұтағын Әкемнің мінгендей боп желкесіне.
Жерім жоқ қос теректен жерінетін, Мен бе екем күтпей оны ерінетін. Басына шықсам оның, Әкем мені Көтеріп тұрғандай боп көрінетін. ІІ Жанымды менің қайдан күй толғасын, Көк белден сән кетпей ме гүл солғасын. Жан анам кешегі күн көрші шалға – Бір сырық керек, – депті, – үй болғасын. Жан анам сырын солай ағытқасын, Көрші шал көшеді іске қағып қасын. Көзіне қос көк терек елестейді, Жүргендей көптен бері шағып басын. Абдыққан көңіл неге бәсеңдейді, Қос терек ғарышқа әлі өсем дейді. Балтасын сан қайраған шал күлімдеп: – ... Теректің бірін қазір кесем, – дейді. Көңілім әлденені шалықтады, Әйтсе де бір нәрсені анықтады. Әкемнің соңғы үміті – бұл қос терек! Амал не, бірақ мұны шал ұқпады. Ол бейне жаралғандай қара күштен, Картоптай дөң мұрыны шала піскен. – Теректі кесем, – дейді. Шырылдадым Торғайдай баласына ара түскен.
– .......Тұр әрі, – деді, жекіп кетісердей, Теректі кескені үшін жетісердей. Ол маған, мен де оған көз аларттым, Секілді қос қораз боп шекісердей. Ол содан біраз тұрды баптанғандай, Шапалақ алайын деп жақтан қандай. Теректі шаппақ болып... Балта жүзі Жарқ етті қызыл қанға апталғандай. Кеудемде азынады дауыл – керней, Ғұмыры өткен шөлдей жауын көрмей. Көк терек ыңыранып құлап түсті Оқ тиген майдандағы жауынгердей. Көзіме сол сәт әкем елестеді, Жүзінен жылы самал жел еспеді. – Бір өмір ерте үзілді, – деп күйініп - Жан ботам, мұның дұрыс емес, – деді. – .Көгінде ұшып жүрген көгершін көп, Тірлікті кім тілейді көнерсін деп. Теректі егіп едім, өз қолыммен Көсегең сенің де өстіп көгерсін деп. Болмады... бұл үмітім ақталмады, Бау-бағым күтім көріп бапталмады. Өзімнің қолмен еккен көк терегім Көзімдей болып о да сақталмады. Теректі бекер, ботам, кестірдің-ау, Болмады... бұл үмітім ақталмады.
Осылай күйінді әкем... Көп күйінді, Адамдай шеше алмаған от түйінді. Кесілген осы терек Кейін бірақ Қайтадан кетті жалғап көп күйімді. Өйткені келді өмірге сырық болып, Жатса да ұзын-ұзын құрық толып. Қойлы ауыл өріс таңдап жүреді ылғи Бір жазда қырық көшіп, қырық қонып. Сондағы біздің үйдің тірегіндей Көк терек келді өмірге сырық болып. ІІІ Жағалай қонып еді ауыл қырды, Қарсы алып таң сәріден жауын – нұрды. Үйлерді допша қағып , ұшырардай Бір күні көз аштырмас дауыл тұрды. Жүргендей жолды бұрын құйын бермей, Ол неге өз қамшысын күйінді өрмей. Жоқ, дауыл күшінде екен Дөңгелетіп Кетті алып екі-үш үйді бұйым көрмей. Кетті алып күрке-қосты дөңгелетіп, Бір жола бауыр жазып кеңге кетіп. Ал үйлер көрінеді Түйелердей Өзеннен келе жатқан желдеп өтіп. Жел кейде жүк түсіріп жүрген кісі Сияқты жүгіреді еңбек етіп. Бұл дауыл кейде өзінше күш қылады, Суырып жердің бетін ысқылады.
Көтеріп аумағымен топ ауылды Кетердей және қатты ышқынады. Төменге құйылса да қар асығып, Жатқандай қозғалмайды дала сұлық. Бұл дауыл қанатымен жер сабады Тордағы арыстандай аласұрып. Дауыл тұр атан даусын аңыратқан, Кешкілік қозыдайын жамыратқан. Құлатып үйді дауыл кетпесін деп, Сырықты тіреді анам шаңырақтан. Дауыл тұр үйді күшпен құлатам деп, Бір үйлі жанды сөйтіп жылатам деп. Сырық тұр мұныңды өзім ұнатпан деп, Соғыстан оралмаған азаматтың Қайтсем де шаңырағын құлатпан деп. *** Қорықпаған жылдардың дауылынан, Торықпаған көз жастың жауынынан. Соғыс жылы қан майдан даласына Аттаныпты көп боздақ ауылымнан. Аттанды олар... дауылдан жасқанбады, Жанбай сөніп төбені жастанбады. Бірі қалса жау жеңіп кететіндей Аттанды олар... Ауылда жас қалмады. Бұлбұл шошып ұшыпты өз бағынан, Құлан үркіп безіпті өз қағынан.
Келе жатқан кезінде күні шығып, Ауыл түгел айырылды боздағынан. Солар еді кейінгі – батыр ағын, Құшты барып амал не топырағын. Ауыл тұрды қу сіңір емен құсап Дауыл жұлып тауысқан жапырағын. Соғыс сонда бұлқынып құлшыныпты, Жер бетінен қойман деп бір шыбықты. Анам мені сол кезде туа сапты Болмайды деп үзуге тіршілікті. Сәби болдым кезінде уанбаған, Өздігінен өз бетін жуа алмаған. Әйтсе де мен туғанда ауылымда Адам әсте болмапты қуанбаған. Кезде сонау тусам да борандаған, Қасірет жөргегіне оранбағам. Көп боздақтың келіппін бодауына, Жеңістен соң ауылға оралмаған. Жылдар өтіп жатсын деп күй ақтарып, Жолға шығам жететін тұяқ талып. Көл бетінде сәуле боп дірілдедім, Көп боздақтың үміті сияқтанып. Шаң қондырмай жанымның күмбезіне, Сынға түстім... Үйрендім сын тезіне. Өсіп келе жаттым мен со бір жылы Қыр гүліндей қол созған күн көзіне.
ІІ Уақыт шіркін жатыр ма текке кетіп, Жыр жазбадым жайлауын көктеп өтіп. Өкпелетіп жүрсем де ауылды мен, Ауыл мені көрген жоқ өкпелетіп. Екі адамның жібермей егесіне, Тосады өзін садақтың жебесіне. Тентектігім жатса да бастан асып, Ауылым мені көтерді төбесіне. Мен секілді ойнама жігітпенен, Тасты бордай мен бе екем үгітпеген. Бір нәрсені бүлдіріп алсам-дағы, Қарайтұғын, әйтеуір, үмітпенен. Сүйіп менің жүзімнен таң самалы, Қайда барсам “сау бол” деп жар салады. Алыс кетсем ауыл боп шығарып сап, Ауыл болып қайтадан қарсы алады. Қарсы алады түнеріп келмесін деп, Соғыс бүлік қайтадан төнбесін тек. Суыққа да мені онша шығармайды Көп ошақтан қалған от сөнбесін деп. Қос жанарым менің де мерген тіптен, Азалымын өлімді көргендіктен. Ауылым мені, кім білсін, сыйлайды ма, Көп боздақтың бодауына келгендіктен.
БАС КИІМ Жердегі анау көргенде бас киімді, Әлденеге қабағым тас түйілді. Әлде нәрсе есіме түсіп менің, Жанарыма қорғасын жас құйылды. Туған жанмын десем де көктем құшып, Көз жасымды жүрмін-ау көптен ішіп. ...Бас киімі болар ма бір боздақтың Жауға атылған кезінде кеткен ұшып. Батылдықтың өзі артық жоқ жарақтан, Жүректерге алаулы от таратқан. Ағайымның болар ма бас киімі Осы тұстан ол жауға оқ боратқан. Бұл жайында айтпады күліп күнім, Сыр шертпеді жұлдыздар түріп түнін. Жерде жатыр бас киім... Бірақ оның Кімнен, қашан қалғанын біліпті кім. Біле алмадым қабағым тас түйілді, Біле алмадым... Көзіме жас құйылды. Жігіт басын жоғары ұстаған деп Ақ қайыңға ілдім мен бас киімді. Боздақ өлсе боламын несіне шат, Алысқа ұзап арманым көсіле шап. Бұл бас киім Белгісіз солдаттарды Тірілердің тұрғандай есіне сап.
ӘКЕ Шындығы көп білгенге қиялымның, Ағытылған арнасы күй-ағынмын. Табанында сан тағдыр ұшырасқан Әке, өзіңнен қалған мен тұяғыңмын. Ашулы әке! Керемет батыл ең сен, Күрең төбе болған ба батыр еңсең. Атқан адам өзіңді, дәл қасыңда Ұлы жердің қойнында жатыр, сенсең. Жүргеніңде жауыңа жиі аттанып, Жығылдың-ау қолыңа қияқты алып. Қайран әке, тұрғандай тас қабірің Бір қыранның тұғыры сияқтанып. Қайран әке, өмірде төріңіз көп, Мені айтады достарың көзіңіз деп. Түнде есікті ілместен жатып жүрдік Қамыққаннан қос жүрек өзіңді іздеп. Кеттің бірақ сен жауып жылы есікті, Қарсы алдыңнан азалы жыр есіпті. Кей адамның ізіне шықпаса шөп, Қабіріңнің түбіне гүл өсіпті. Айтсам батыл ойымның басқа бірін, Көргім келмес жауыңның қасқа түрін. Кейбір тірі адамның сау басынан Артық сенің қашанда тас қабірің.
Өзіңді іздеп шарқ ұрса шіркін кеуіл, Мүмкін емес сенің де күрсінбеуің. Естімек боп қабірге құлақ тосам, Мені іздеген жүректің дүрсілдеуін. Қайран әке, жаның жаз, көзің көктем, Шыдау үшін бәріне төзім жеткен. Жүрек сені табады... Бір күндері Мен де барам ізіңмен өзің кеткен. *** Шарықтай шырқап Шыңдардан шынар нәр алған, Тіршілік мынау қан тамырлар ма таралған. Өзіммен бірге өмірге біреу ап келмей, Жалғыз боп неге, Жалғыз боп неге жаралғам. Азалы үндер құлаққа жүйткіп жеткенде, Бір тамшы тамбай тұр еді бедеу – көктен де. Отанды қорғау шебінде жүріп қайтты әкем, Сұрапыл соғыс орманды жайпап өткенде. Сонан ба менің көп дақтар қалды жүзімде, Жүгіріп өткен өспеді гүлдер ізімде. Әкемді іздеп жолға анам шығып... кетті ұзап, Сол жылдың әлгі қаралы суық күзінде.
Мен де сол жерге темірдей балқып бір сіңем, Бойымда бірақ адалдық деген жүрсін ем. Ананы көрсем аймалап жатқан баласын, Анасыз өткен күнімді ойлап күрсінем. Жетпей ме сонау көктегі алыс Айға ұран, Атасыз қайдан жаралды осы қай қыран. Әкені көрсем жетектеп алған баласын, Әкесіз өткен күнімді ойлап қайғырам. Түсімде анам оралып алыс елдерден, Жүреді ылғи су алып мөлдір көлдерден. Аймалап жүрген баласын Ару – аналар, Өтердей алып шөлдетпей сансыз шөлдерден. Келсе егер әкем өшкен от қайта жанардай, Алпамса мені көтеріп жерден алардай. Баласын қолдан жетектеп алған әкелер, Баласын түзу жолдарға әкеп салардай.. Болмаса аспан... Көктегі күн де сөнердей, Бұлақсыз мынау жер гүлдеп қашан көгерді-ей. Шөлдедім деуге.... осынау жұрттан қаймықтым, Анасыз өскен арсыз деп мені сөгердей. Жүгірдім алға зулаған жүйрік күндердей, Кезім де болды түнерген қара түндердей.
Адастым деуге осынау жұрттан қорықтым, Әкесіз өскен аңғал деп тағы тілдердей. Көсіле шапқан озады екен түбінде, Еңкейем неге түп-түзу өскен тігімде. Жетесіз жетім болып ем бала кезімде, Жетілген жетім атанып жүрмін бүгінде. *** Айтқанынан танбаған, бұлтармаған, Көрегендей алдағы күн барлағам. Қызыл гүлдер бар әлі жер бетінде Көктемде де көгеріп гүл жармаған. Шалғын шашын кей сәтте жел өрмеген, Байтақ дала сонда да көнермеген. Қу теректер бар әлі жер бетінде Көктемде де бүр жарып көгермеген. Өрісінен жырақтап, шеттемеген Есті-тұяқ маңайлап беттемеген. Ақ татырлар бар әлі жер бетінде Көктемде де көк шашып көктемеген. Аман шығып сан өрттің арасынан, Асып-тасып төгілген щарасынан, Жаралылар бар әлі жер бетінде Жазылмаған әлі де жарасынан. Көкірегінен көк өзен дауыстаған, Алатауым менің де алыстаған. Жетім-жесір бар әлі жер бетінде Әкесімен, жарымен қауышпаған.
Кім бар мұны өзінше байыптаған, Мен де талай соғысты айыптағам. Содан дүние тұр міне адам құсап Сырқатынан әлі де айықпаған. ЖЫЛДАР ҚАНАТЫНДА (Дәрігер естелігі) Сыйламайды бақытын көктем кімге, Мен ырзамын әйтеуір өткен күнге. Ойын бала – бала ғой, Түсіне ме, Құлағына азынап жеткен күйге. Бала боп ем балауса жас ырғақты, Табиғат та берерін жасырмапты. Ат басындай жүрегім арғымақ боп Тар кеудемді дала ғып тасырлатты. Бәрі есімде, Болып ем ерке тіптен, Маңдайына кекілі келте біткен. Жатушы еді бір күштің арқасында Жүзеге асып арманым ерте күткен. Онда әкем бар еді қолдайтұғын, Көп нәрсені ойланып толғайтұғын. Алыстағы ағайын шешем барса, Сәлем-сауқат маған да жолдайтұғын.
Жүрді бәрі көтеріп төбесіне, Сүйреп жаңа өмірдің белесіне. Жұрт боп мені қорғайтын Кез болар деп, Ажал тартқан садақтың жебесіне. Ашып тастап кеудемді жаңбырына, Өстім содан шомылып таң нұрына. Әкем онда басқарма – бастық еді, Ара түскен колхоздың тағдырына. Қыран құстай қомданып көк қанатын, Туған елдің қамын жеп көп қағатын. Шаруаның шырғалаң әлегімен Кеңсесіне кісілер көп баратын. Безді ме әлде қағынан құлан жырақ, Жесір барған алдына жыламсырап. Соқыр барған алдына бере гөр деп, Қос көзіме қырағы қыран-шырақ. Құлағанда құзынан терең селі, Ата барған алдына өр еңселі... Қайран әке! Сол күнге көз жіберсем, Ақ алмастың жүзінен көрем сені. Бәріне де қараған құрметпенен, Сұрастырып тірлігін тірнектеген. Құрметпенен қараған жетімге де, Сары аязда торғайдай дірдектеген. Жетімдерге қол ұшын бергені шын, Көп тер төкті өмірдің өркені үшін.
Қарт болса да, бәрібір жас болса да, Жіберетін тындырып келген ісін. Содан міне еңбектің ақ табанын, Естіген ем көп жұрттың мақтағанын. Қиянатшыл болмаған екен сабаз Жүрсе де естіп өзгенің даттағанын. Елемеді тұрмыстың тапшылығын, Күтімге алып өсірді жас шыбығын. Ел-жұртынан тегі де аямайтын Келіп тұрған қолынан жақсылығын. Бозбаланың құмартпай жиынына, Өзін салған жұмыстың қиынына. Тиым салып ұрлыққа... Суық қолды Тигізбепті колхоздың бұйымына. Тілінен бал сөйлесе сорғалаған, Жылан-безді құртыпты жорғалаған. Айта берсек, әкемнің жері жоқ-тын Қиындықтан өз басын қорғалаған. Көкірегінен көк өзен гүрілдеген, Кезі бар ма еді оның дірілдеген Көзін жұмды, амал не, кезінде әкем Шаруаның жақсарып дүрілдеген. Жаралғандай бір өзі дара құздан, Ажал деген қатыгез – қара мыстан Алып кетті еңбектің ақ табанын, Ақ табанын кетті алып арамыздан.
Жаңбыр жаспен кірпігін шылағандай, Жел жүгірді ышқынып жылағандай,- Ақ дауылдан кіші үйлер аман қалып, Ауылдағы үлкен үй құлағандай. ‘Әкем өлді – ешкімге бас ұрмаған, Сырын, жырын жұртынан жасырмаған. Жанартаудай жойқынды жігіт еді, Басынан сөз ғұмыры асырмаған. Шоқ қалмады ошақта қоздамаған, Жансын, сөнсін ешбір жан қозғамаған. Азаматы арманда кеткен күні Жан қалмады ауылда боздамаған. Кімі қалды үйінде қаңыраған, Жетім лақтай мен қалдым маңыраған. Алма бетін қан жуып, Қаралы боп Анам қалды соңында аңыраған. Кімдер жасап өмірде, кім өлмеген, Биігіне қашанда күн өрлеген. Сол күнгі үлкен қайғыдан, қасіреттен Қалмады адам ауылда түнермеген. Жазылмады жусанды жон керіліп, Қанжығада кетердей өңгеріліп. Киіз үйдің төрінде бір туысым, Жатып алды төбедей төңкеріліп. Сағым ғана алыстан бұлғақтады, Бұлғақтады, көңілге мұң қаптады.
Жауар күндей түнерген әлгі ағайым Ешбір жанға түс беріп, тіл қатпады. Сау қояды сұм ажал кімді жықпай, Жанарымда мөлдір жас тұнды шықтай. Інісінің өлімін сылтауратып, Жұмысқа да туысым жүрді шықпай. Келген жұртқа бола ма тамақ аспай, Қатып қалды туысым ақ ағаштай. Жұрт көзіне түсуге көп тырысты Жүрген осы кезінде қабақ ашпай. Сол туысым сұм еді тәңірі атқан, Тас жүйеңді сөйлесе балбыратқан. Жұрт көрсін деп қаралы қалпымды осы Атан даусын алысқа аңыратқан. Жұрттың бұған шынымен сенгені ме? Жалған іске алданып келгені ме? Шын қайғырып жүр екен деп ойлады, Бауырының тым қыршын өлгеніне. Өткен-кеткен өмірден елес беріп, Жалған сөйлеу, әрине, емес көрік. Ақ арулап сүйегін жөнелтіпті Ер еңбегін әкемнің ел ескеріп. Содан бастап шықпады шаттық үнім, Қара бұлт шұғылалы жапты күнін. Тыным таппай тірлікте жүрген әкем Көз жұмды да біржола тапты тыным.
– ...Қиындық көрсең,інім, жасыма тек, Шығара берме өзгені басыңа көп. Туысым осылай ден көлгірсіді Бір күні менің мынау қасыма кеп. Кім білсін білдірген жәй кеуілі ме? Сыртымнан тілеулес боп өміріме. Әйтеір оның осы қамқор сөзі Нұр құйып кетті менің көңіліме. Көңілім – таудың селді тасқынындай, Бермейтін сияқты әлі тасты тыңдай. Асыр сап аула ішінде көп жүгірдім Уызға жаңа тойған жас құлындай. – .Айналдым тақылдаған таңдайыңнан, Қорықпа қиындықтың қандайынан. Деп бірде әлгі ағайым жік-жапар боп, Ақырын сипап тұрды маңдайымнан. Кетердей туып кенет күй табанда, Жасардай біреу маған сый табанда, Әкем кеп сипап тұрған сияқтанды Туысым маңдайымнан сипағанда... Мұң тұнып қос қарашық – көздерінде, Жүрдің бе жасып, достар, өздерің де. Ойлап ем көктем болып жетеді-ау деп, Көңілсіз жүрген мынау кездерімде. Құланым тұрақтамай қақтарында, Сайрамай бұлбұл құсым бақтарында.
Жарқылдап жете ме деп ойлаған ем Жалынсыз қалған мынау шақтарымда. Даламның келген күліп көктемінде, Сөнуге айналған шақ көкте күн де. Ойлағам күш шығар деп жебер мені Сүрініп абайсызда кеткенімде. Күн өтіп жатты осылай күй ақтарып, Көгінен туып айы қияқтанып. Туысым барда осы жүретінмін Сүрініп-жығылмайтын сияқтанып. Жан анам момын еді тумысынан, Бір күні жылап келді жұмысынан. Тілдепті маған көңіл қоспадың деп, Мұны естіп бездім мен де туысымнан. Байқасам, тағдыр бізге от қимапты, Бізге арнап нұрын аспан, көк кұймапты. Туысым бірде анамды оңашада Менімен көңіл қос деп көп қинапты. Көнбеген, көнбегесін көп тілдепті, Туысым әлгі менің секпіл бетті. Інімді қолыма алам... Ал, сен болсаң, Жылаумен өмір бойы өткін депті. Жан анам осыны айтып көп жылады, Тірліктің енді оңбасын топшылады. – Қолымнан сені гүлім, Қайным емес, Тек қана ажал атқан оқ жұлады,-
Деп мені отырды ерен еркелетіп, Өзегін ыза-мұңмен өртеп өтіп. Бір үйдің шаңырағын құлатпан деп, Жұмыстан кеш келетін, ерте кетіп. Жұлдызы жанған жандай ел көгінде, Туысым күле келіп ертеңінде: – .Боласың өз қолымда, – деп шіренді – Бермейді жатқа ұрпағын ер, тегінде! Ал шешең төркініне кетем дейді Өмірде сенсіз күліп өтем дейді. Кетсе, әне, жолы болсын... Бұл қылығын Бірақ та біздің әулет көтермейді. Мен бұған тіл қатпадым, үндемедім, Әуелі сөйлеп тұрған кім демедім. Ол мені балағаттап жатса-дағы Жүзіне қарсы келіп тілдемедім. – .Тұлпардан қалған, бала, тұяқпысың? Тартындың... Бар ма еді әлде ұятты ісің?! Дей келіп тиді менің намысыма: – Әкеңе сен тартпаған сияқтысың. Мен бұған, бұған тегі шыдамадым, Тістеніп тұрып алдым – Жыламадым. Басынан тасты көздеп жібердім-ай, Ол мені атпен қақты – Құламадым.
Жанардан қаштым сосын нұр құлатып, Жол шаңын аспанға ата бұрқыратып. Жантақтың арасына қуып тығып, Сабады, Сабады-ай кеп шырқыратып. Тигендей бар тіршілік үлесіне, Әкесін салайын деп бір есіне, Ұрғаны туысымның ұқсап тұрды Қызыл көз жандармның дүресіне. Қамшысын сілтеді кеп керілгендей, Көзіне бір жамандық көрінгендей. Арқамды осып түсіп жатты қамшы Тілінен оқ жыланның өрілгендей. Созылып жаттым дала жондарындай, Қайыспай қыстың қалың тоңдарындай. Жотама түскен сызық, Байқап тұрсам, Даланың айқыш-ұйқыш жолдарындай. Туысым арлан-иттей ырылдаған, Қамшымен жотамды көп жырымдаған. Тағы да тап берген ед, Анам жетті Даланың торғайындай шырылдаған. – ....Ей, найсап, жетер енді өлтірмесең, Бәрібір шайқалмайды мөлдір кесем. Балама не істедің?! Соның бәрін Алдыңа, ит болайын, келтірмесем!
Деді де ала түсті жағасынан, Ұстанған қолын жазбай ағашынан. Туысым сұмдық сасып тайсақтады Қос көзі шығып кетті шарасынан. Көктемде көк өзендей тасыған көп, Ұмтылды алға қарай жасыған топ. Туысым кете барды бұрылмастан, Әйелдің соққысынан басы қан боп. Ол кетті жасыра алмай күйінішін, Жұрт тұрды жасыра алмай сүйінішін. Анамның жанарынан жас ыршыды Тағдырдың жеңгендей боп қиын ісін. Біз үшін ел ішінде таң атпады, Күн ұзақ анам байғұс далақтады. Бір күні басыңды анау жұтамын деп, Туысым аш бөрідей жалақтады. Анамды кімдер менің жылатпады, Көзінен жасын қашан шұбатпады. Бұзауды мүйіздеген ала өгіздей Туысым мені де елде шыдатпады. Өкініп кім қарайды өткеніне, Жетсе егер өмірінің көктеміне. Шыдамай қыспағына туысымның Қуандым көрші ауылға кеткеніме. Өмірім туысыммен шабыстырған, Ал мұнда көп достармен қауыштырған. Анам да көп ұзамай келді көшіп, Аққудай айдын көлін ауыстырған.
Жері жоқ бізді бірақ алалаған, Күнде бір жақсылығын балалаған. Жетіліп келе жаттық сол ауылда Торғайдай бір бұтаны паналаған. Күн өтіп жатты осылай күй ақтарып, Көгінен туып айы қияқтанып. Достарым барда осы, Жүрдім солай Сүрініп-жығылмайтын сияқтанып. Оқуға келдім сосын астанаға, Құшағын жайды ол да жас балаға. Мұнда тек бар білерім оқу болды, Онша көп жүгірмедім асханаға. Қиындық жас болған соң кешесің де, Кейде жанып, кейде сен өшесің де. Қыз қуып, қызық қуып жүрмедім тек Алматы – астананың көшесінде. Көрінбей жыра-жықпыл аңғарынан, Өмірдің көз тастадым заңғарынан. Тау кезген геологтай керегімді Іздедім кітапхана залдарынан. Жүрген соң озаттардың санатында, Маздадым сөнбей нұрлы қала отында. Дауыл боп дабыл қақтым, жауындаттым Жылдардың қағып өткен қанатында. Сөйлесем артта қалған елестерден, Асқанмын талай асу, дөңестерден.
Мен жаңа арманыма қол созғанмын Әр жыл сайын жаңа бір белестерден. Өмірдің жаралғам жоқ күйігінен, Жарысып өстім дала киігімен. Көрінгем жарқылдаған жай оты боп Осынау биіктердің биігінен. Өзім де аулақ кетем тор маңынан, Тек жаным арылмасын ардағынан. Жасымнан арыла алмай келем әлі Қат-қабат армандардың орманынан. Жүзімнен тұрса-дағы желім өппей, Асудан жүрмін бірақ тегін өтпей. Арманым өмір егу еді менің Ажалдай жер-жаһанға өлім екпей. Осы еді менің арман, аңсағаным, Тек қана айтылмасын жаңсақ әнім. Арманым орындалып жатты әйтеуір Білінбей менің кейде шаршағаным. Кім кепіл өмір болып тұрмасыма, Шықсам да туған жердің қырқасына. Алты жыл асыққандай өте шықты Асылын үйе салып бір басыма. Мен бе екем үзім нанға дәнігер көп, Ауылға оралып ем дәрігер боп, – Алыстан қадірлісі оралғандай Ауылым қалды сұмдық әбігер боп.
Сапарда алданыш күн, жұбаныш таң Жол жүріп келем әлі туу алыстан. Мен бейне осы ауылдың бақытындай Тұрды ауыл жарылардай қуаныштан. Ауылым қуанышын жамыратқан, Бұл күні мен де әнімді аңыратқам. Отыр ем бірге шырқап қыз-жігітпен Бал түнді балаусадай балбыратқан. Кеп жетті суық хабар сумаңдаған, Басылып қалды жылпос жылмаңдаған. Бізге де келіп жетті суық хабар Жыланның тіліндей боп сумаңдаған. Сол болды өзегімде жанған аптап, Мені өмір қашан осы алған ақтап. Өлгелі жатыр біреу дегенді естіп Жүгіре жөнеліп ем қаңғалақтап. Жел сөзді алдымды орап шалып ескен, Жасымнан жігіт едім танып өскен. Жүгіріп келсем мен де... Әлгі кісі Төсекте жатыр екен танып естен. Жаманды қашан өмір даралаған, Осы ойды мен де талай саралағам. Таныдым туысымды... Улы сөзбен Бір кезде жүрегімді жаралаған.
Бейне бір сол болғандай қалағаны, Бар еді иттей мені талағаны. Осы сәт түсті есіме туысымның Атпенен қуып талай сабағаны. Көзімнен қорғасын жас тамшылады, Қорлыққа қашан арлы жан шыдады. Толғандай запыранға кеудем менің Жүрегім сонда мынау қанжылады. Көз алдым кетті сонда қарауытып, Тұрғандай жаным жанған алау күтіп. Соры бір арылмаған маңдайыма Өмірі көрмегендей жалау бітіп. Көз алдым кетті кенет қарауытып. Жүргем жоқ қатарымнан жиі қалып, Ойландым есімді тез жиып алып. Туысым ыңырсыған сайын осы Жанымның тұратындай иі қанып. Алқынып дәумен жалғыз алысқандай, Сол келіп жерге мұны жанышқандай. Ол жатты ыңыранып төсегінде Жамбасы сынған кәрі арыстандай. Болмады ешкім одан хал сұраған, Сорлы жан жатты солай қалжыраған. Не керек, жаным ашып қатты аядым Ағайдың түрін көріп қансыраған. Жатқандай жан жолдасы жыра құшып, Көз жасын сорғалаған бір-ақ ішіп.
– Емдеп жаз, тәуір жігіт,-деп әйелі Алдымда жүгіріп жүр құрақ ұшып. Туысым жатыр сұлық қырылдаған, Сақал, мұрты өсіпті – қырынбаған. Бір шетте тұр егіліп баласы да Табанын тастақ-құмға жырымдаған. Жылайды, іштен тынып егіледі, Көз жасы ақ жауындай төгіледі. Сол бала оқтын-оқтын күрсінгенде Көбесі көңілімнің сөгіледі. Жылайды, іштен тынып егіледі, Көз жасы ақ жауындай төгіледі. Ол кейде іштей мықты қайрат тауып, Жаман торы мінгендей тебінеді. Шымырлап кетті сонда бір кез денем, Үй ішін шолып тұр ем нұр көзбенен. “Сырқатты емдеп жазу борышым” деп, Ойымды кесіп айттым бір сөзбенен. Ажал оғы тіміскіп жиі ұшқанда, Сонда да адам бір-бірін қиысқан ба? Бір ағайым алдымда жатыр, міне, Мені талай сүйреткен құйысқанда. Жатыр, міне, аса алмай құз төріне, Шөп өспей жүріп өткен іздеріне. Қинала ма, кім білсін, оғаштықпен Сан істеген өзінің істеріне.
Қиналады, Кейде ауыр күрсінеді, Күрсінеді – өз қолын кірсінеді. Тумысында жақсылық қайтпапты одан Қайтіп оның тәніне нұр сіңеді. Қиын кезде мен өскем талқан татып, Су түбіне жүргем жоқ жалған батып. Жазылмайды... Ол салған бір жарам бар Көкіректе шер болып қалған қатып. Соғымына семіртіп қара шалған, Осы ағаймен кезім жоқ жараса алған. Осы туыс бір кеште сабап мені, Сабап менің жаныма жара салған. Сол ісіне енді кеп күйінеді, Қалың қабақ кей сәтте түйіледі. Жүруші ем оны қайтып көрмеспін деп, Көріп тұрмын... Өмір неткен қиын еді! Қатал тағдыр бір сәтте жүз түнеріп. Үлгергендей өрнегін үздік өріп. Қос самайын ақ қырау шырмап апты, Ойланамын жүзінен күзді көріп. Ол солай жатып, міне, түн азады, Түн азады ойлаудан, күн азады. Мен жазармын осының бір жарасын, Ал мендегі жараны кім жазады?!
*** Тасты әкеліп жігіт ем тасқа ұрмаған, Өсек-ғайбат жолдарға бас бұрмаған. Тірі жанға түйірдей залал түгіл, Қасқырға да пенде екем қас қылмаған. Жалғыз кінәм – Жүрек боп елжіреген, Көлге үнсіз телмірдім мөлдіреген. Көп қарадым орман боп ормандарға, Қарағайы қырқылып селдіреген. Жалғыз кінәм – Арна алып бастаулардан, Арманымды іздедім жас таулардан. Кеуделерден бұлақ боп сыңсып ақтым, Ақтарылып айдын көл – астаулардан. Алғаш биік асудан асқанымда, Заңғар таудың секіріп асқарында,- Жүрсем дедім жарқылдап найзағайдай, Туған елдің көгілдір аспанында. Бәрі жақсы! Көктен нұр жаусын қандай, Арман мені бір жолға қаусырғандай. Жалғыз кінәм! Жыр жазам. Ал жазбасам Көрінеді қызығым таусылғандай. Барамын-ау қатерге жасқанбай көп, Жығылармын бір күні аспандай кеп. Жүрем бірақ жаңа жыр жазған сайын, Жаңа әлемнің есігін ашқандай боп.
*** Ей, Қаратау, армысың пайғамбарым, Қасы алдыма дала боп жайған барын. Мына сенің дарыпты жүрегіңнен Бітті десем кеудеме қайдан дарын, Қайран менің пайғамбарым! Өкпе тұстан бораған құйын, дауыл Тілейтіндей жолымның қиындауын. Жүрсем де осы сыйынбай құдайларға, Саған менің мүмкін бе сыйынбауым, Түлетіп ең... Мен жалпы баққа иемін, Жетегінде кеткем жоқ жат күйенің. Бұрғы тиген жеріңнен Ей, Қаратау! Жарылады қарыны ақ түйенің. Ей, Қаратау, мезгілдің күйі жетіп, Туды сені табиғат биік етіп. Кетеді екен рельстер дүрсілімен Жүрегіңнің дүрсілін жиілетіп. Сәлем берем өзіңе күн ара кеп, Өз отыңнан маздадым нұр ала көп. Сым бойымен шыңдарың жүгіреді Аспан жолын сүйреген мұнара боп. Осы күні бөктерің тұрақ толық, Жұртың сенен жатқан жоқ жырақ қонып. Көкірегіңнен ұшқан от жүгіреді Көшелердің бойымен шырақ болып.
Тыңда мені! Бір сәтке тоқтай қалып, Арман-құсың шырқап жүр көкті айналып. Каналдардың бойымен жүгіреді Шойындарың қып-қызыл шоқтай жанып. Түнде ғана от денең салқындайды, Составтарың ентігіп, алқынбайды. Шар тарапқа тараған жарылыстар Даусың болып эфирден саңқылдайды. Жан азабын тұл болып жүрсің шекпей, Шойын жолды өтпейсің дүрсілдетпей. Қазынаңды қаншама жатсам да алып, Ей, Қаратау, тағандап тұрсың шөкпей. *** Болмады бұрын кезің жайраңдаған, Болмады кезің көкте сайрандаған. Жауларың саған нені көрсетпеді, Төсіңде тайлақ құсап тайраңдаған. Жұлдызың жүрді талай жанбай қалып, Самғаудан өзің сынды танбайды алып. Төсіңді жауың таптап жатқан кезде Ақ ордаң қирап жатты шаңға айналып. Батырсың ажал жетпей ерте өлмеген, Жусан да күні жетпей ерте өнбеген. Қай жақтың жері өртеніп жатса-дағы Болмады, Далам, кезің өртенбеген. Түбінде не боларын ойланбаған, Жауларың төбеңді сан ойрандаған.
Шайқаста жеңілсең де, жеңсең де ылғи Болмады кезің және тойланбаған Бусанып жатқаныңда түлеп, өніп, Жауларың шапты талай күле келіп. Тауларың Ару-Далам, Батырлардай Оқыстан кеткен сонда түрегеліп. *** Қасымдасың сен менің, жанымдасың Жанар отың жарқылдап жалындасын. Алпыс екі тамырда тулап аққан Қызыл күрең киелі қанымдасың. Тас қамал боп өзіңе қаланыппын, Белгілі ғой өзгеге алынбасым. Бала жүрек балауса шағымдасың. Шаң жұтпаған көк жасыл шабындасың. Жаратпаған жалғанның жапалағын Бұлбұл құсым сайраған бағымдасың. Белгілі енді өзгенің отауына Шалықтаған шырақ боп жағылмасым. Өзге жүрек өзіңді сағынбасын, Өзіңді іздеп сарылып сабылмасын. Көлгіруді сүймейді жаным менің, Жаның сенің жалғанға жағынбасын. Тас төбеме жай оты түсті екен деп, Білесің ғой таулардың шағылмасын. Жоқ құдайды әп-сәтте жасап та алған, Жаным шаңқан шабытпен жасақталған. Шатырлаған аспанның жасыны едім,
Сол жасынға өзіңсің қосақталған. Жанарыңнан нұр шашып тұра берші Алтын кірпік секілді масақталған. Туырлығын, түндігін жете түрген, Күнім сөнбес жүректің оты өрілген. Тек өзіңнен тілерім Сеніміме Сыпсың сөздер болмасын төте кірген. Сонда біздің шаңырақ шайқалмайды, Үлкен үйдің жанынан көтерілген. АСЫЛ Тұлпар тұяқ құланды құлан туған, Қара шұбар жыланды жылан туған. Шын асылдар асылдан туындайды, Көргенім жоқ қарғаны қыран туған. Ару ана асылсың – Жоқ күмәнім, Жанарыңды жарқылдап от қыламын. Тізгін бермей көп елге жүрген өмір – Құлағынан тұқыртқан көк құнаным. Кейде менің көңілім басылғанда, Болар, бәлкім, мәрт жаның ашынған да. Содан, міне, кетіппін өртке айналып, От-жанарың шуақ боп шашылғанда. Жаңа әлем боп алдымнан ашыласың, Неге арналы көңілім тасымасын.
Тағдырымды тау-тасқа бірдей салдың Сездің бе әлде жанымның жасымасын. Терең тартқан тамырдан нәр алғасын, Ару ана шуақ боп таралғасың. Қалмасыма кім кепіл мен де асыл боп, Өзің сынды асылдан жаралғасын. *** Нұрын алып, сан көзді қарықтырған, Кезім бар ма түнді де жарық қылған. Бір досымның дегені бар емес пе, “Жанып тұрған отсың-ау, жанып тұрған”. Бір сыр айтсам, ей, досым, нанасың ба? Тағдырдың жеңем айла-шарасында. От болуым – Мені анам туғандықтан Шатырлаған жасынның арасында. ҚАРТ АҚЫННЫҢ СЫРЫ Қиындық па? Қиындық келем көріп, Жүрмін бірақ гүлдерді белеңде өріп. Айналайын, ауылдан Алатауға Келіп едім көк өзен - өлеңге еріп. Құс тербеткен ормандай шуылдаған, Асау қаным тулайды дуылдаған. Шырқап ұшып көгімде шарықтайды, Жүрегімнен сұңқар-жыр туындаған.
Осы сәтті жан едім армандаған, Армандаған, Бірақ та арланбаған. Жалғаймын деп сарсаңға түсіп жүрмін Бір әулеттің үмітін жалғанбаған. Бұла шабыт түнімен жатпайды үдеп, Күдікті ойлар және де қаптайды кеп. Аққуды атқан көзсіздер, Кім айтады Сұңқар-жырды мен жазған атпайды деп. Ойлар, ойлар күн сайын тереңдеген... Мынау сұңқар-жырымды төрем деген, – Жүрмесіне кім кепіл жазым етіп, Сереңдеген біреулер, сереңдеген. ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ ОЙ Дүбірлі тойымсың сен бастамаған, Дүрмекті ойымсың сен жасқамаған. Біраз жыл жолдас боппыз... Орта жолға Жақсы дос жан серігін тастамаған. Қайырсам сөз төркінін келтесінен, Кім білсін танар ма еді жел де есінен. Сыннан да шығып жатыр Батыраштар Құнжитқан Құлагерді желкесінен. Олар да мені талай сілкілеген, Сілкілеп түндігімді тілгілеген. Сонда да тастамадым өлең, сені Жазымның жаңбырындай сіркіреген.
Сені қорғап арнаңда жосқылаған, Сүрінсем дұшпан күліп, дос жылаған. Қатыгез тас жүректің қамшысы да, Жотамды жол ғып талай осқылаған. Мінгескен көлеңкедей салақтаған, Бұл күнде аш көздер көп жалақтаған. Жол бике төрешілер бізін сұғып, Сан мәрте жүрегімді шабақтаған. Сонда да өлең, сені, тастамағам, Анадай өз перзентін жасқамаған,- Әлемнің тудырсам деп қозғалысын Еш адам бұрын-соңды бастамаған. Жұртыңның кетпей тегі күнде есінен, Жұлдыздай жымың қағып түн төсінен. Түспейтін кезің де көп болар, бәлкім, Болашақ күннің биік мінбесінен. Атақты кім жек көрсін дүркіреген, Ақ шаңқан шабыт болып жыр түлеген. Шатырлап шығар әлі найзағайың Көңілдің аспанынан күркіреген. Со кезде менен алыс асқақ кетіп, Келдің деп осы күнге жасқап, жетіп,- Өлеңім жүрмегін тек Айдалаға Мінезсіз жылқылардай тастап кетіп. *** Менде әлі бар екен-ау күйікті шақ, Өзіме келем өзім қиықты сап.
Төсімді желге беріп зымыраймын, Мен кейде жаралы, ақсақ киік құсап. Жанардың бір төбеден жарығы аспай, Қалған соң болмас сырдың барын ашпай. Мен кейде жәбір көріп шырылдаймын Қанаты өртке күйген қарлығаштай. Кемеңгер жүрекпен де жыр, әнді ұқсақ, Дуылдап кетер еді-ау ұранды шақ. Сындырған дауыл шайқап бар бұтағын Мен кейде бәйтерекке тұрам ұқсап. Менімен ойнайды ажал балдыздардай, Ақ шаштар басыма орнап қалды ызғардай. Мен кейде төрде мүлгіп отырамын Толқын соғып қажытқан жал-құздардай. Жасымда заулаушы едім күй ағындай, Таулардың шөлге асыққан бұлағындай... Кім білсін аз қалды ма бұл ғұмырым, Тұлпардың жол тоздырған тұяғындай. ШЫДА ЖҮРЕК, ЖАСА ЖҮРЕК Шыда, Жүрек, көңілге қауіп түйген, Жарым едің өз теңін тауып тиген. Шыда, жаным, азырақ... Жүрек ең ғой Кеуде дейтін керемет сауыт киген. Достар да аман, ел де аман жүрсің дейді, Қара жүрек тас қана күрсінбейді.
Бұлқынардай, жаным-ау, саған не жоқ, Өзге жүрек жай ғана дүрсілдейді. Шыда, Жүрек, қайда әлгі даналығың, Қалмапты әлі байқасам балалығың. Асықпағын... Өмірден үйрен деп пе ем Сайтандардың сабалақ шалалығын. Бір сөзімді менің де қабылдағын, Ағат кетсем бірақ та бағынбағын. Ұйқы қашқан адамда береке жоқ Шыда Жүрек... азырақ дамылдағын. Торда үнемі ойлама ұстайды деп, Кездерің көп ұшатын құстай түлеп. Сендей ұлы Жүрекпен кім айтады, Кең әлемді қапсырып құшпайды деп. Торда үнемі ойлама ұстайды деп. Алма бетін ұн жағып қылаңдаған, Сезімдерді тулатып ылаңдаған. Сені алуға бірінші ұмтылады, Түлкі құйрық қыздар да бұлаңдаған. Жүрсем сені мен әлі жандырам деп, Қияға сап сусынын қандырам деп, Ойлайды екен бұзықтар ұрып,соғып Талма тұстан Жүректі талдырам деп. Құбыланың соққанда желі тездеп, Қасіреттің аққанда селі тездеп, Капландар өмірде жоқ деймісің Сені ататын бірінші, сені көздеп.
Бәрі де бар... Бәрі де кездеседі, Шалмақ болып алдыңнан жел де еседі. Атам қазақ “сүйектен өтетұғын Таяқ емес мір оғы – сөз” деседі. Байқа, Жүрек, демегін мен тірі еді, Аяғыңды аспаннан келтіреді. Қаскөйлігі емес пе Етегіңді Абыройыңды ашсам деп жел түреді. Шыда, Жүрек, өмірмен ойнамағын, Жеңілем, жеңем деп те ойламағын. Өмір деген тұңғиық түпсіз теңіз Аяқ жетпес тереңге бойламағын. Шынығарсың сен әлі топқа түсіп, Арман құсың жүр әне топтап ұшып. Түнеу күні тынымсыз бір баланың Көрген жоқ па ең өлгенін отқа түсіп. Жан ұшыра шырылдап шырқыраған, Даусын естіп сәбидің қыр құлаған. Сонда деймін ей, Жүрек, білемісің Сай-сүйегің сенің де сырқыраған. Жер сілкінтіп, тау-тасты, жалды қозғап, Алпыс екі тамырдан қанды қозғап, “Шыныменен кеттің бе жалғызым” деп, Боз інгендей анасы қалды боздап. Сен деп қана, ей, Жүрек, сенделемін, Жанарыңнан қаптаған сел көремін.
Екеу болсаң қайтемін арпалысып, Жалғызым ең, ей, Жүрек, сен де менің. Жаса Жүрек! Өзіңмен ел көгерген, Қанатыңнан айналдым өрге керген. Боз інгендей қалмайын боздап, бірақ Ана құсап жалғызын жерге берген. ҰЛЫМА Сен менің бұлбұлымсың бағына ұшқан, Бораннан аман қалған, қарлы қыстан. Тентегім дүниеге келгенсің сен, Сан түнгі жүрек жарған сағыныштан. Көгіңнен айың тусын қияқтанып, Самғасын көкірегіңнен күй аттанып. Сол түні жарқ етіп ед найзағай да, Есігін саған ашқан сияқтанып. Анаң да сен туған соң тыным тапты, Ал әкең қуаныштан жымыңдапты, Сол түні сені жаяу қалмасын деп, Атаңның боз биесі құлындапты, Төменге құйылуға тамшы ерікті, Әкеңнен сен де сырбаз алшы өрлікті. Кім білсін өссін дей ме шабандоз боп, Сол атаң саған арнап қамшы өріпті. Үйренбе сұстылықты түнгі ызғардан, Арманың биік болсын шың-құздардан.
Кеудеңді нұрға бөлеп шырағыңды Сонда аспан жаққан жоқ па жұлдыздардан. Жұлдыз боп тудың ба әлде түнді жарып, От болсаң жояр ма едің мұңды қарып. Бір батыр ағаң сыйлап қос ауызын Тұсына бесігіңнің ілді барып. Сан жыртқыш өрген дала алабынан... Мылтығын сыйлағасын дана қыран,- Көрген жоқ қара шұбар жылан әлі Өрмелеп бесігіңнің балағынан. Бар әлі қасқыр тістер сақылдаған, Мадақтап зұлымдықты, мақұлдаған. Қос ауыз басып салып тұрғандай бір Тажалды саған жуық жақындаған. *** Кезі жоқтай жақсыға елеңдеген, Бөленбеген құрметке, еленбеген, Көп қазақты көрсең де, Ал бесікке Бір қазақты көрмейсің бөленбеген. Нұрға ұштаған сүңгісін, мұзға ұштаған, Бар ма кезі қиялдың құзға ұшпаған. Жер құшпаған қазақты көп көрсең де, Бір қазақты көрмейсің қыз құшпаған. “Ер үстінде өлсем де шатпын” деген, Ел-жұртымды менің де жат күндеген. Тақ мінбеген қазақты көп көрсең де, Бір қазақты көрмейсің ат мінбеген.
Кезі бар ма еліме жат тимеген, Кезі бар ма құйрығын ат түймеген. Тәж кимеген қазақты көп көрсең де, Бір қазақты көрмейсің ақ кимеген. Мына дала қазаққа ата-мекен, Олар мәңгі алман деп бата бөтен,- Көңілінің кіршіксіз пәктігіндей Өлгесін де аққа оранып жатады екен. ҚАЙРАН ӨМІР Өмірсің-ау тереңнен бұлақ алар, Тұлпар жүрек жақсыдан мұра қалар. Құлан жонды аланың тауларындай Көп емес-ау байқаймын Нұр-ағалар. Тартсам ба екен алысқа көсіле бір, Алсын мені құба жон, есіне өңір. Асылдарды көбірек жаратуға Несіне өмір тарылдың, несіне өмір. Алсам ба екен мен әлде есемді өрден, Қашан ғана көріп ең кеселді ерден. Көселерді көбірек жараттың-ау, Ақыл-ойдың атасы - көсемдерден. Қайран өмір! Өмірсің қасиетті, Кең арнаңда талайлар тасып өтті. Бар адамды жайсаң ғып жаратсаң ғой, Тартпас ең-ау өзің де қасіретті.
ЖАЛҒЫЗ ОҚ Мен құсап нұрлы таңды қарсы ал, қауым, Бола ма таң сәріден жар салмауым. Күс қолдар жалғыз оқ та жасамасын, Тілесек самай шаштың қар шалмауын. Кір түсіргің келмейді Ана атына, Сарбаздың қосылған соң санатына. Жалғыз оқ атылса егер Тиді дей бер Ақ сұңқар арманымның қанытына. Досыңды тар кезеңде жорта сына, Қаптырмай түтін бірақ қолқасына. Жалғыз оқ атылса егер Түсіреді Бір үйдің шаңырағын ортасына. Адамға келмейді ажал аласарып, Қырымнан тұрады әр кез дара шалып. Жалғыз оқ атылса егер Дүниенің Кетпей ме нұр тәніне жара салып. Бұл шындық, Тартынамын мен несіне, Жұртымның салам оны күнде есіне. Жалғыз оқ емес пе еді тиген барып, Әкемнің күміс күйлі кеудесіне.
Армандар жатса осылай теріс ағып, Аяқтан тұрмай ма онда кері шалып. Кейде осы жалғыз оққа байланысты Соғыстың кетуі де өріс алып. КӨК БАЙТАЛ Бала жұмсап өрістен алғызатын, Дүбірінен қарқа бел, қан қызатын,- Атам байғұс бір күні жіберген-ді Айырбастап байталға жалғыз атын. Жүрсем қайтіп бұл ісін кешірем деп, Ыза шоғын кеудемнен өшірем деп,- Атам байғұс күледі миығынан Жылқы малын мен енді өсірем деп. Жан жуытпай қасына, үйіріле Тигізбестен үзеңгі бүйіріне. Атам сосын байталды қосты әкеліп Ала айғырдың қырдағы үйіріне. Тұла бойы тепсінген жігер ме еді, Теуіп еді – Тұлданып түнермеді. Азынаған ала айғыр Қашпақ болған Көк байталды ырқына жібермеді. Таппағандай керегін өрістен көп, Алды екеуі сол сәтте тебіскен боп. Болмағасын көк байтал жүре берді, Дегеніне айғырдың келіскен боп.
Мұны көріп әз атам жымыңдайды, Көз алдында елестер бұлыңдайды. “Аман болса жарықтық,-деп қояды,- Келер жылдың жазында құлындайды”. Үш жыл өтті көк байтал тоқтамады, Ала айғыр да азынап оттамады. Қажыды ма кім білсін Қара жерге Жанарынан сірне боп жас тамады. Бірақ байтал ересен семіріпті, Осқырынып асаусып еліріпті. Көздің жауы – құрты боп құмарлықтың Ала айғырдың жілігін кеміріпті. Өмірі оның емес қой қысқа қалып, От-жігерін өткен-ді ұштап анық. Атам байғұс ақыры соймақ болды, Үйірінен байталды ұстап алып. Ауласына қаз-үйрек құс қамаған, Сойды әкеліп артсын деп қыста бағам... Қазақ қолға тумайтын ұрғашыны Ұстамаған екен-ау, ұстамаған. ЖАУАТАР БАТЫРДЫҢ АЙТҚАНЫ Сөйлеп кетсем, тартамын төтесінен, Тәңірдің де қорықпан көкесінен. Бұзау тісім сілтенсе... Қара нарды Қақ айырып тастайды шекесінен.
Халқым – садақ Атылар жебесі мен, Қорғандарды сөгетін көбесінен. Түстендім бе, зор құрмет көрсетеді, Пайғамбарлар жорғалап төбесімен. Көрсетсе егер жырынды жауызды анам, Қанын шашып табанда ауызданам. Тірі жүрсем, басымнан сөз асырман, Асырам ба табанда бауыздалам. Жасқа келдім немере “аталаған”, Көңілімді бұл емес қапалаған. Шөл даладай құлазып қалғаным жоқ Ала жаздай нәр тамбай қаталаған. Көкірегіме көк дауыл өлең кіріп, Көкжиектің іргесін келем түріп. Алам деген ажалы болмаған соң, Алшаң басып әлі де келем жүріп. Сірі жаным еліріп өктемдейді, Өктемдейді, жаманға кектенбейді. Жұрттың құдай дегені, Менен қорқып, Қашып шығып көгіне кеткен дейді. Сүйемесін сүрінсем біреу келіп, Жығылсам да кете алам түрегеліп. Мен қалайша сүйенем өзгелерге, Өзімді жұрт жүргенде тіреу көріп.
Дүбірі боп тұяқтың жол жырланған, Нар кескен боп жоталы жон қырланған. Тоға сынды төбелер Қос қарымның Бұлшық еті сияқты шоғырланған. Қара бұлтын арқалап аспан көшкен, Өмірімді қайталап бастан кешкен. Тұлан тұтқан ол менің кезім еді, Теңіз беті боп жатса астан-кестен. Көздің жасын сорап қып жосқылаған, Тауым бар ма дауылдан бос құлаған. Бұлтты күні жарқ-жұрқ еткен найзағайлар, Кезім еді аспанды осқылаған. Омырауын тұлпардың терге көміп, Көсілемін отырман төрге шөгіп. Мен осылай аспанды осқыласам, Жібереді нөсерін жерге төгіп. Шалып әлі көрген жоқ денемді үсік, Келем, міне, тұлпармен белеңде ұшып. Ойпаң жерлер – бұлқынып ышқынғанда Салмағымнан кеткен жер төмен түсіп. Түлеп, жайнап қаламын ақпанда іштей, Өн бойымда бұлқынып жатқан күштей. Аттан түссем... елімді жау шабардай Келем содан мен әлі аттан түспей.
ТҮС (элегия) Шықпақ боп биік таудың заңғарына, Жападан жалғыз түнде барғанымда, Кездестім құз кеуделі қос жыртқышпен Қос шыңның шатқалында, аңғарында. Айтпақ ем ата саған сыр ақтарып, Барады тау бораны құлақ қарып. Көргенде қос жыртқышты Қорықтым ба Тікейіп кеттім қайта құлап барып. Қос жыртқыш қарсы алдымда тоқтай қалып, Ұмтылды маған көзі шоқтай жанып. Шыңғырып айқайладым, Айналам тау, Дауысым шыға алмады көкті айналып. Білемін даусым саған естілмейді, Қайтесің бұл тентегің ес білмейді. Қарашы қос қолы аман тұрғанда ұлың, Көзіне балға менен төсті ілмейді. Тентегің жүрсең сені сес көрмейді, Сөйлесең және саған дес бермейді. Басына іс түскенде сені іздеп, Өзіңді жайшылықта ескермейді.
Қос жыртқыш таяп қалды ырылдаған, Алардай тамағымнан қырылдаған. Шақырдым, ата, сені Жетпеді ме Дауысым боз торғайдай шырылдаған. Көз алдым бара жатты қаймақтанып, Аспанда жарқылдайды ай мақтанып. Көгімді қара бұлтпен торлар ма екен, Қаптаған қара жойқын қайғы аттанып. Үйімнен шықтым ба әлде қырсықты алып, Біреуі кетіп еді қыршып қалып. Көк таудың бөктеріне көтерілді, Менің қоян жүрегім ыршып барып. Қос жыртқыш мені, әрине, жат көреді, Түстім бе – қабан тісі қақ бөледі. Ойпыр-ай, ата жауын көргендей-ақ, Еліріп қайта-қайта тап береді. Бөктерін таспа жолдар жолақтаған, Биікке жетпекші боп мол аттаған, Қаруым болмаған соң тас боратып, Маңыма қос жыртқышты жолатпағам. Қашып ем бірде балақ түріп алып, Бөктерде табанымның бүрі қалып. Тастады ортасына қос жыртқыштың Желкемнен бір қыран құс бүріп алып. Алдыма қашқанымды келтірердей, Күрек тісі құба жон желді ірердей,
Қос тажал екі жақтан келе жатты Мені бір қыса салып өлтірердей. Қысылшаң бұл бір шақ та тез өтпеді, Сүйегім қалар жері - өзек пе еді. Аузына баратқандай арыстанның Менің қоян жүрегім безектеді. Қос тажал мені жерден адалардай, Адалап көңілімді қапалардай, Жезтырнақ жебелері жүрегіме Шыңғырған күйі келіп қадалардай. Қол ұшын бермей тұрды арқалы шың, Бойына жинап алып бар табысын. Қос тажал қос өкпемнен қысқан кезде Түсіндім сонда өмірдің арпалысын. Жұтқалы жатыр мені көк төбет деп, Шақырдым ата, сені, көктеп өт деп. Білмеппін жауым барын жар астында, Тұрғаным осы шығар бетпе-бет кеп. Келмедің, Қос тажалға кет демедің, Жонынан таспа тіліп көктемедің. Мен бейне сені жұтар айдаһардай Асаудай үркіп, қашып, бетемедің. Оу, ата, солай ма еді, солай ма еді, Мені онда тудырмауың қолайлы еді. Қос тажал тап бергенде, жалт беремін Жан беру тірі адамға оңай ма еді.
Терім де қара жерге бір сіңбеді, Жыртылған көкірегім күрсінбеді. Жүрегім қанды қақпан ауыздарда Кетпеді – өмір болып дүрсілдеді. Мен өскен жігіт пе едім айран бағып, Жылғадай жылап жатқан қайраңда ағып. Ақырып қарсы ұмтылдым қос жыртқышқа Майданға кірген сынды жайраң қағып. Есімде сөйлегенім жасымда есіп, Өтердей таудың жақпар тасын тесіп. Міне, енді қас пен көздің арасында Тастадым қос жыртқыштың басын кесіп. Қарадым сосын алға шырақ алып, Көзіме көрінгендей жырақ анық. Ілгері жүрмек едім, Күлімдедің, Оу, ата, қарсы алдыма тұра қалып. Кетпепсің судай, ата, ағып, құрып, Жүріпсің жолдарыма бағыт бұрып. Қолдайтын аруағым ең қысылғанда Арқамнан дедің былай қағып тұрып. – .Бала едің жүзіңде анау айран қатқан, Жарайсың жігіт бопсың жайраң қаққан. Ел жауын жеңе алмайды батыр әсте, Өз жауын төбесінде тайраңдатқан. Қызықпа өзгенің ет-сорпасына, Қызықпа өзгенің тон-торқасына.
Сездің бе, әлгі алып құс мен едім ғой, Тастаған сені тажал ортасына. Өз жауын жеңе ала ма тақ тұрмаған, Атының омырауымен қақтырмаған. Болсын деп ұлым менің қоян жүрек Анаңа әкең сені таптырмаған. Таптырған жүрек жұтқан ер болсын деп, Жауына қанды қақпан көр болсын деп. Анаңа әкең сені таптырмаған – Киелі біздің әулет жер болсын деп, Таптырған жүрек жұтқан ер болсын деп, Жауына қанды қақпан көр болсын деп... Оянсам ғайып бопты пайғамбарым, Өзгенің бірге іздесіп тайған бағын. Ол кісі аруақты атам еді, Алдыма тосқан барын, жайған барын. Мен оны өскем биік белес көріп, Бұнымды жүрсе керек ел ескеріп. Жарықтық, түске енеді... Жебеп жүр ме? Әлгіндей кетеді ылғи кеңес беріп. Ит жоқ деп кім айтады көшке ілескен, Жерім жоқ жел боп бірақ ешбір ескен. Өңімде жауым әлі кездеспей жүр, Түсімде қырық пышақ боп кескілескен, Барады өткен күннің қыры қалып, Барады өткен күннің жыры қалып. Жердегі бар жауымды,
Шынымды айтсам, Түсімде жүрмін бе әлде қырып алып. ХИКАЯ Жас жаны шын қамалып тұрса мұңда, Қайтеді өзін сілтеп ұрса ағынға... Сол ана ішін жарып өлер ме еді, Білгенде кім жатқанын құрсағында. Білмеді құрсағында кім жатқанын, Әлемнің естіді тек тіл қатқанын. Ол сезді толғақ қысып қиналғанда Жанардан құлап барып күн батқанын. Шар етіп кенет сәби түсті жерге, Жиғандай қара жойқын күшті белге. Асқар тау аунап түсіп ыңырсыды, Даланың айналғандай үсті көрге. Ұл туды енді ананың тілегі не? Жылан боп оралды ма білегіне. Сәбидің ақсия бір күлгені де Ананың атылды оқ боп жүрегіне. Көрдің бе табиғаттың қас қылғанын, Байқамай қалдың ба әкеп тасқа ұрғанын. Дәл мұндай болатынын кім біліпті Жерік боп ішіп еді қасқыр қанын. Сол сәби қашушы еді құшақ көрсе, Қуанып бір тентектер тұзақты өрсе.
Сұмдық-ай, жылап тұрып жұбанатын Анасы емшек емес... пышақ берсе. Өлім, өмір арна іздеп тоғысқанда, Қай елге салмады, айтшы, соғыс таңба. Сол сәби қуанғаннан қол соғатын Көгінен қыран емес ... оқ ұшқанда. Білмедім қайғы-мұңның өлшемі не? Аттандық біз жау тисе ел шебіне. Ойнапты деседі жұрт ине сұғып, Сол сәби анасының емшегіне. Оны да кімдер сезіп, кім байқапты, Кезінде алдына сап мыңды айдапты. Әйтеуір Гитлерді туған ана Қорықты ма Содан қайтып тумай қапты. ЖАЛЫН КЕШКЕН (Революция туралы монолог-поэма) Жан емен жасып, семіп тірі егілген, Қара түн туырлығын түре білгем. Сөйлесем мен сөйлеймін Тілмен емес Ақиқат туындаған жүрегіммен. Сілкінем - қос шырағым күлсін күндей, Бұлқынбай бұла күшім іркілсін бе-ей. Қыран да тұғырынан ұшпайды екен Өзінің тұғырында бір сілкінбей.
Салмайды тереңге кім өз қармағын, Тепсінбей нар толқынын қозғар ма ағын. Мен айтсам шындықты айтам, Ұқтыра айтам, Келмейді әб жыландай көзді арбағым. Сәтім көп өре шауып ұрандаған, Тірлікте қоймау үшін – жыланды аман. Болған жоқ жұрт алдында кезім менің Түлкінің құйрығындай бұлаңдаған. Серпіліп жолатпағам түнді өзіме, Шаң-тозаң қондырмағам күмбезіме. Азулы аузым толы отты ұрандар, Сөйлеймін тура қарап күн көзіне. *** Тыңдағын ғұмырымның жырын, далам, Келмейді бір өзіңе қырын балаң. Өйткені мен де алғаш сүт ембеген Сәби боп бесігімде шырылдағам. Ол кезде бердім бе өжет жырды ұғына, Жетем деп бұл өмірдің шындығына,- Береке ғұмырымда бір таппадым Жамалып тозған шекпен жыртығына. Бұлақтай ақтарыла күлсем деп ем, Жұлдыз боп қараңғыда бір сөнбеген. Сары аяз суықтарда, Киім болмай Даланың торғайындай бүрсеңдегем. Ала құйын шабыттай жыр құраған, Ақ дауыл ашу шақырып бұрқыраған.
Мен сонда қарны аштардың құрсағында Аш-арық жылқылар боп шұрқырағам. Жайлады аштық кештің іңіріндей, Ажалдың хабар салған тірі үніндей. Үзіліп кетуге шақ тұрдым сонда, Тарамыс кәрі адамның сіңіріндей. Телміріп көлдерге үнсіз мөлдіреген, Орман боп күңірендім селдіреген. Мен сонда Россияны жаяу шарлап, Ел кезген қайыршыдай тентірегем. Ақпады менің сонда бұлағым да, Көңілді жүзе алмадым жылы ағында. Орыстың қалжыраған мұжығындай Жер жыртқан жүрдім соқа құлағында. Жерім жоқ басты жаудан қорғалаған, Сенбедім жылпостарға жорғалаған. Қара жер көгерсін деп Жерге төктім Терімді маңдайымнан сорғалаған. Үйренші ер жігіттің сертін менен, Келемін лапылдаған өртімменен. Бір түнде көкке атылған вулкандардай Сілкініп шықтым тасқын серпінменен. Жұртымның гүлденер ме бағы мұндай, Сарыны – тау селінің ағымындай. Бір жерге топтастырдым көшпелі елді Даланың көшіп жүрген сағымындай.
Ойымның заманадан озғаны шын, Қуанам ескі өмірдің тозғаны үшін. Жауларым баса алмады мен тудырған – Жұмысшы-шаруалар қозғалысын. Әлі де жауларымның егесі көп, Әлі де көрсетпеген төбесі көп. Солардың сан қадалдым жүрегіне Сарбаздың шірей тартқан жебесі боп. Асаумын таудың әлі өр селіндей, Несі мін мені өзгелер көрсе елімдей. Мен содан жарқылдаумен келем әлі Батырдың қолда ойнаған семсеріндей. Майысып тұрдым сынбай бір шіліктей, Тірлігін кімдер, айтшы, кірсініпті-ей! Қамауға алынсам да Шыға бердім Тас астын тесіп шыққан тіршіліктей. Шұғыла нұрдың бәрін уыстаған, Қос қолым қызыл жалқын ту ұстаған, - Жау басын допша қағып түсіреді Ақиқат атаулымен туыспаған. Жазықта өскен көктей тебіндеген, Қауладым... Асылмын-ау тегінде мен! Жарақты барыс жүрек батыр қолдай, Қаптаған жаудан қорқып шегінбегем. Сұрапыл шақтар еді анамды атқан, Мені де дүркін-дүркін алаңдатқан.
Бітірді мазамды алып ұрылар да Қанжарын қара түнде жалаңдатқан. Қорқытып көздерімен қанталаған, Иттердің кезі болды сан талаған. Мен сонда қалдым жаудың ортасында Тұс-тұстан аш қасқырдай анталаған. Тұрмадым сонда езіліп жамандардай, Сезіндім бабам бардай, далам бардай. Жау оғының өтінде тұрып алдым, Өмірі алынбайтын қамалдардай!.. Қалыпты көкірегім кекпен толып, Бұл күнге құрыш денем жеткен тоңып. Көк жусан қар астынан көтерілді Желегі желкілдеген көктем болып. Көктем боп сол кез мен де желкілдегем, Кезім жоқ бірақ құрдай елпілдеген. Таң атып келе жатқан кезді байқап, Еліме серпіл дегем, желпін дегем. Көп кездім сонда мынау нұр арасын, Сызғылап айқыш-ұйқыш жыр аласын. Қарадым ертеңіме биігінен Тұрғызып ақыл-ойдың мұнарасын. *** Көрмеді бетім қайтып қиындықтан, Кезім жоқ қара табан құйынды ұққан. Өлмеймін өлтірсе де Менің денем Тұрады небір асыл жиындықтан.
Жалығып көрдім бе алға зымыраудан, Бауырымда таңба қапты қыл бұраудан. Ертеңге... Болашаққа бет түзедім, Елімді алып шығып шыңыраудан. Болғасын дауыл қанат жеңіс күнде, Бау-бағым береді енді жеміс күнде. Елімді аман-есен келем алып, Жер шары дейтін алып кеме үстінде. Сонда елім талаптанды ел болам деп, Сонда ерім қанттанды ер болам деп. Көктем боп келе қап ем, Жер де күлді, Көсегені көгертер жер болам деп. *** Мен бе екен құлап түсер көрге түнде, Күш болып дарып жүрдім ерге күнде. Жалынан күрестердің қол жазбадым, Жауыздық құрысын деп жер бетінде. Мен сонсоң жандым жұлдыз шырақтардай, Көсілдім желден жүйрік пырақтардай. Құйылып жатты маған Әр бір халық – Алыстан жеткен ағып бұлақтардай. Бойында асау қаны дуылдаған, Құс тілді қара орманмын шуылдаған. Жер шарын қорғап өткен бар халықтың Шындықпын жүрегінен туындаған.
Сондықтан құламайды тағалы аспан, Мен оған, ол құшағын маған ашқан. Төсінде жарқылдаған найзағайлар Кезім ғой қара бұлтпен жағаласқан. Ол кезде жатты жаным жал-құздарда, Жалқын боп жетемін деп таңғы ызғарда. Шалмақ боп аяғымнан көп жүгірді, Ішіме кіріп алған жансыздар да. Мен өлсем ойлады елі жылайды деп, Көз жасын көлдей ғылып бұлайды деп. Туды да мен қадаған сан көздеді, Ту құласа – революция құлайды деп. Несі қалды, білмеймін несі кетіп, Қара нар қайсарлықты несібе етіп,- Байқасам осы күнге жетіппін-ау, Жалынын қалың өрттің кешіп өтіп. Бұл тұста жаңылмады ел есінен, Ертеңге арта берді кемесімен. Мен сонда көрініп бір отырушы ем, Жарқырап жаңа күннің белесінен. Қара бұлт қара құстай төнсе өріңе, Несі мін сыналар шақ келсе еріңе. Сол кезде асқақтаған батыр халқым, Қол салғын мендей асыл семсеріңе.
*** Даланың нұр боп ойнап түр-өңінде, Дүрсілдеп жатам адам жүрегінде. Келемін молшылықтың арнасы боп, Соқаның жер қопарған түренінде. Астына нұрдан кілем төсегесін, Бұл адам жібереді неге есесін. Мен сонау алтын күрек көктем болып, Тастың да көгерттім-ау көсегесін. Төсінде сан тарау жол тармақталған, Шөл дала құба төрім арнап барған. Көгілдір ГЭС – тер болып гүрілдедім, Тау-тасты бұзып-жарып арна ақтарған. Намыс бар ма өр рухым оятпаған, Сұрғұлт жүзін қызылға боятпаған. Сұқсыр боп ем бір кезде, Бертін келе – Сұңқар болдым күреске тояттаған. Дүркін-дүркін қожасы таяқтаған, Жалғыз ем бұрын қырда саяқтаған. Ереуіл боп басталып көшелерде, Соғыс өртін ерлер боп аяқтағам. Тұрамын содан елдің кермесінде, Самғауға, самғау үшін дер кезінде. Мен алғашқы орылған алтын дән боп, Отанның тұрам кербез көрмесінде.
Бағыма бұлақ түгіл өзен кірген, Құлпырды тозған жылдар – кезең бірден. Ғасырдың туған маңғаз зергеріндей Заманды шұғыламен безендіргем. Өмірде қалмауы үшін бала тоңып, Мұз жастап, қар жамылып дала қонып,- Мен айтсам тоқсан жолдың торабында Қол создым тоқсан түрлі қала болып. Самғасам қанатымда от өрілген, Бақытпын жаңа үйлерге төте кірген. Мен едім сонда мынау кең далада Зауыт боп қадау-қадау көтерілген. Есердей мінезім жоқ тоңқылдаған, Жүгірем қол баладай томпылдаған. Байлық боп жетудемін дос елдерге Үстімен шойын жолдың солқылдаған. Бұл жалған кете берсін желдесін де, Даланың тамыр жайып бел-төсінде,- Жүрек боп соғып тұрмын, Соғам әлі Дүрсілдеп Дүниенің кеудесінде. *** Сұмдықты шауып, жойып қылаңдаған, Көсілгем, өрге шауып ұрандағам. Сүрініп, жығылсам да алға ұмтылдым, Жол бермей құйындарға бұраңдаған.
Таулардың қармен басқан шатқалдарын, Жылдардың көрдім және ақпандарын. Жіберді мұны да ерітіп, Көктем болып, Кеудемде нұрға оранып жатқан дарын. Бұл жолда ер айырылды бауырынан, Даланың ақты қандар сауырынан. Әйтсе де мен елімді қалдым қорғап, Заманның аласапыран дауылынан. Құдірет! Мадақтауға сөз қалмаған, Құдірет! Қараудан бір көз қанбаған. Тарихтың дөңгелегі зымырады, Өмірі бұрын-соңды қозғалмаған. Төсіме бақыт құсым тұрақтаған, Келіндей босағамнан нұр аттаған. Бүйірден көз алартқан жаулар жоқ па, Ә, олар... менен алас жырақтаған. Ақ жарма арнасында нұр ағылған, Су алып ішесің бе бұлағымнан. Осынау ұлы бақыт – ұрпақтарға Жер шарының саулығын мұра қылғам. Айналам нұрға толы – көрікті өлең, Шаттықтан желдей есіп желікті өрен. Жер үсті, аспан асты не боп жатыр, Бәрінде көсем көзбен көріп келем.
Қаласаң тұғыр соғам шың-құздардан, Мен кейде сұстымын да түнгі ызғардан. Шығыстан аппақ таң боп атамын да, Түнімде шырақ жағам жұлдыздардан. Даланың қоңыр салқын кештерінде, Ілесіп жүрсем керуен – көштерінде, Ал бүгін құрыш болып қорытылам, Домнаның от боратқан пештерінде. Жайлаған бүкіл өңір – кеңістігін, Елімнің кім толтырар кемістігін. Бір менің көз алдымда боп жатады, Осынау қасіреті жер үстінің. Даланың жалғыз жайлап кеңістігін, Береді өз қолынан жеңісті кім? Бір менің көз алдымда боп жатады, Осынау бар бақыты жер үстінің. Бола ма оза шауып дара шықпай, Кетті, айтшы, қай жауыңды дала жықпай. Саулығын жер шарының келем қорғап, Осынау көзімдегі қарашықтай. Шығам деп жаңа күннің белесіне, Ғарыштың мінем әлі кемесіне. Қорған боп тұрам және дақ түсірмей, Отанның аппақ нұрлы денесіне. Шұғылам қалың селдей жайылмаған, Айтпағын со бір кездің жайын маған. Мен сонда көзсіз батыр атанып ем, Алдында көр тұрса да тайынбаған.
Әлі де қалған жоқ сол өжеттігім, Көрген жоқ және мені тежеп күнім. Алдымнан кімдер менің шығады, айтшы, Шыққан жоқ шешендер де безеп тілін. Сондықтан шыбын құсап ызыңдаған, Төбемнен ұшпайды оқтар ызылдаған. Ақ иық революцияны түсінбейді Ақ жалын алауыма қызынбаған. Жүргесін қызып, қозып денем көптен, Көгіме рухым толы өлең жеткен-, Құлағын түріп алған дүниені Тұлпардың дүбірі боп елеңдеткен. Мен бе екем алға ұмтылып қарманбаған, Үмітім көп пе еді әлде жалғанбаған. Әлі де жүзеге асып шырқай бермек Адамның ұлы істері армандаған. Жүйріктің түйдек-түйдек дүрмегінде, Осылай құстай самғап жүргенімде, Байқадым бір қара бұлт келе жатты Таулардан биік заңғар жыр көгімде. Көктемнің қабағандай түнермеген, Қаншама оқ тисе де Күн өлмеген. Жонымнан таспа тіліп алмақшы боп, Семсерден болат қамшы кім өрмеген? Әлгі бұлт бірі екен сол қара құстың, – .Келеді , – дейді, – әлемді дара құшқым. Сол кезде қорғайын деп нұрлы Отанды Жан-жаққа ақ сәуледей тарап ұштым.
Сол еді шамырқанып жарды асқаным, Қолыма қайта қонды алдаспаным. Құдай-ай, қалып қойды қара құстың Қанды қол шеңгелінде жарты аспаным. Қара құс тосты алдымнан жасқайтындай, Жасқайтындай, бір сұмдық бастайтындай. Алып жердің кіндігі – Кремльге Жүгірдім жаулар бомба тастайтындай. Даланың табан тіреп кең төсіне, Жарқылдап ақтым алмай желді есіме. Жүгірдім жаулар оғы тимесін деп, Лениннің тағы да алтын кеудесіне. Жүгірдім оқтан бұрын жететіндей, Қамалын бұзып-жарып өтетіндей. Жүгірдім сәл кешіксем – Мовзолейден Ленинді жаулар алып кететіндей. Серпіліп қоңыр салқын самалдардай, Сезіндім бабам бардай, далам бардай. Тағы да жау өтіне тұра қалдым Өмірі алынбайтын қамалдардай. Өйткені мықты менің түлектерім, Айқасып жатқан жолдар – білектерім. Туысқан халықтардың кеудесінде Тыңдашы, Дүрсілдейді жүректерім. Алаулап жанам содан жалқындардай, Жүзімнен ызғар шашпан салқын қардай.
Біздегі ұлы достық шірімейді, Тамырын терең салған алтындардай. Сондықтан алынбайды тас қамалым, Қарастыр болса, жаулар, басқа амалың. Арманым соғыс өртін болдырмау ғой, Батырып тереңге ылғи қас жаманын. Бұлақтар көбеймей ме тоғысудан, Бабалар тірілді ме оқ ұшудан. Наполеон, Ақсақ Темір, Шыңғыс хандар Көгеріп өсті ме өніп соғысудан. Өскен жоқ, Тек бұзды елдің тыныштығын, Жеріне кетті арқалап күл ұшқынын. Олар да бұза алмаған, Ей, Гитлер! Біздегі ұлы достық – құрыштығын. Өйткені батыл, батыр түлектерім, Айқасып жатқан жолдар – білектерім. Туысқан халықтардың кеудесінен Атылды дүрсілдеген жүректерім. Найзағай төнді оларға көк төрінен, Арманда кеткен баба кектерімен. Даламды жайлап жатқан заңғар таулар Жауларға ұшты қарсы бөктерімен. Асқынған дерттей асқан шектерінен, Қырылып жатты жаулар шеттерінен.
Әрине соғысудан түк өнбеген, Ал жаулар өліктерін түгендеген. Мұның да аптығын тез баса қойдым, Жігіттей өз асауын жүгендеген. Дос келсе – тартам алға шарап, тағам, Жау келсе – басын алар жарақ табам. Сондықтан менің нұрлы Отаныма Ту сырттан жау болмасын қарақтаған. Ажал боп қара түнде жалаңдаған, Құлқыны қырғын тілеп арандаған,- Көрмейін, ей, жауыздар, бұдан былай Біріңді құба жоннан қараңдаған. Елмін мен қыран салып, саяттаған, Ез емен елден жырақ саяқтаған. Берлиннен жолдама алған сол соғысты Берлиннің қақ төрінде аяқтағам. Қанды көз қарақшыдай қараулаған, Фашистер тізе бүкті танаулаған. Басына Рейстахтың ту қадалды Көктегі күн нұрымен алаулаған. Осындай ұлы бақыт – жеңісті күн, Толтырып кетті елімнің кемістігін. Жеңіс! Жеңіс! Осы сөз шарлап кетті Әлемнің бүкіл нұрлы кеңістігін. Күмбезін соққан сомдап қылаң қыштан, Ерім көп жаратылған ұлы ағыстан.
Жарылып кетпей қалай аман қалды Жер шары сол күнгі ұлы қуаныштан. *** Жеңіспен оралды елге түлектерім, Жол болып тартылды алға білектерім. Туысқан халықтардың кеудесінде Армысың, дүрсілдеген жүректерім. Армысың ақ арайлы таңды аспаным, Сол асқақ күйінде әлі қалды асқарым. Дауылдан кейін үлкен тыныштық қой, Түренге қайта айналды алдаспаным. Көгімді тұр көтеріп тең білектер, Асау арна сияқты сел-тілектер. Көрдің бе, музейлерге барады еніп, Автомат, пулеметтер, зеңбіректер. Тумасын кезең қолға қару алар, Қанға емес, сүтке толсын ару анар. Байқасаң бір Ғасырға жүк болғандай Соғыста қирап біткен шаруалар. Осынау кезеңде де аштан қатқан, Елімді мен емес пе ем аспандатқан. Шынымен жойқын күшім құрыды ма, Қопарып жанар тауды аспанға атқан. Жоқ, жаным, керек емес күлкілі елес, Болмасын көз алдымда дүркін егес. Тусырап жатқан кезде кең Дүние Бітуім менің және мүмкін емес.
Заңғарды жастық қылып жастанамын, Ұлылық атаулыға астанамын. Дүние бітсін мейлі жылан жалмап, Бәрібір мен қайтадан басталамын. Апайтөс омырауымды кеңдік деймін, Сөгілген жерлер бар ма – жер түптеймін. Дүние жаңғырды ма – жаңғырамын, Дүние бітсе мейлі – мен бітпеймін. Жарқылдап жанды, міне, жаңа оттарым, Серпіле қағып болат қанаттарын. Қайтадан будақтатты көк түтінін Соғыс жылы қираған заводтарым. Жолымды бөгеді тек бұрылыстар, Сынды тек бақыт үшін шыны ыдыстар. Қайтадан күн көзіне созды қолын Тоқтаған соғыс жылғы құрылыстар. Тастаған арқан сынды өте керіп, Түп-түзу жолмен жүрдім төте көріп. Көгілдір ГЭС-тер қайта гүрілдеді Тоқтаған шөл далаға жете беріп. Үзілген тамырларды жалғастырып, Ертеңгі күнге ұзатып, алға астырып, Төрінде отыр бүгін қариялар Өз орнын жас күштермен алмастырып. Қариялар – телегей дариялар, Оларға алғысым көп жариялар. Осынау қанды қырғын соғыс жылы
Тыл жүгін арқалап ед қариялар, Оларға алғысым көп жариялар. Мұз жастап, қар жамылған қыстап қырды, Олар талай жүрекке сыз қаптырды. Осынау соғыс жылы қариялар Құлатпай шаңырақты ұстап тұрды. Қариялар – телегей дариялар, Оларға алғысым көп жариялар... Таң сұлу көрінбей ме арайында, Шұғылам жатыр елдің бар айында. Сөз алып саңқылдадым, ұран салдым, Съездер сарайында. Даланың кең төсіне келе қаптар, Келмеске кеткен мәңгі жел-ағаттар. Сөзімді тыңдап, қостап отыр бүгін Съезге келген сан мың делегаттар. Олар, міне, келелі кеңеседі, Даусынан қоңыр самал жел еседі. Ай нұры сіңген алтын тереземе. Қай елдің терезесі теңеседі. Болған жоқ кезім және дамылдаған, Тәңірің бар ма маған табынбаған. Келеді жүзеге асып жоспарларым, Орталық Комитетте қабылдаған. Зергермін бұл заманды көркемдеген, Орманмын от салсаң да өртенбеген. Тірліктің тоқсан тарау саласымын, Толқынын топырлатып өркендеген.
*** Ғарышқа самғап, міне, келем бүгін, Көрсетіп қуатымның ерендігін. Мен шырқап шыққан заңғар биіктерім, Нұрлы ойдың танытады тереңдігін. Келемін шарлап әлем кеңістігін, Қарсы алып тұрмақшы алдан келісті Күн. Бар әлем құлақ түріп дабылыма, Бар көзі қадалады жер үстінің. Қашанғы жүремін деп түстей түнеп, Жазған-ай, шықтым жойқын – күштей түлеп. Жүруші ем көптен бері, О, Дариға-ай, Осындай бір самғауды іштей тілеп. Жанары аспан жаққа қаратылған, Білсеңіз сырым, жырым дала тұнған. Құспын мен жиырмасыншы ғасыр туған, Ал құстар самғау үшін жаратылған. Дүние дүбірлесін сүйінші алып, Көкте де өтем енді құйынша ағып,- Ғарышқа самғау үшін келдім, айтшы, Қаншама ғасырлардың миын шағып. Қойғасын еркімді алып төзімді аспан, Алдыңда санамадым өзімді асқан. Аршыған бұлақ көзін дауылдай боп, Ленин ғой... Ленин еді көзімді ашқан.
Самғадым, зымыраудан кім арланған, Көкжиек көрінеді мұнарланған. Жұмыр жер төменде анау қап барады, Түлкідей бауырымда жұмарланған. Қара нар қайыспайтын құрыш белім, Атыңнан айналайын ырысты елім. От шашқан найзағайлар – Танауымнан Ақ жалын лапылдаған тыныс-демім. Жол тартып бура бұлттар арасынан, Ғарышқа келем самғап... тарасын ән. Жер көзі – айдын көлдер қарап қапты Кеткенше көзі шығып шарасынан. Көк нөсер – ағыл-тегіл терлегенім, Ақ дауыл – қуат жиып, өрлегенім. Аспанды шарлап кеткен ақ армандар – Ғаламды жалғыз жайлап ерлегенім. Азапты алыс сапар бұл шеккенім, Түсінсең күрсінгенім – күрс еткенім. Жұлдызды түнгі аспандар секілді бір Шұрқ тесік бір кездегі сұр шекпенім. Самғаған ұранды ұрпақ - өрендерім, Көк аспан менің де ұлы ерен төрім,- Бірге алып ұшқан Ленин идеясын, Және Сергей Есенин өлеңдерін. Бармын мен осылай деп жар салуға, Таңданып жоқпын бірақ тамсануға.
Жұлдыздар қолдарына шырақ ұстап, Жиналып тұр ғой мені қарсы алуға. Батыр ем неден болсын қас қақпаған, Шынар боп өскен жерге тас қаптаған. Жерімді гүлге орадым, Енді, міне, Көкті де бағындырам асқақтаған. Жауыздың әлі де істер жаулығы шын, Сондықтан бірге ұшады таулы құсым. Ғарышқа самғағаным, Ей, дұшпандар, Түсінсең жер-шарының саулығы үшін. Өзің біл қадыр тұтып бағаласаң, Өзің біл үлкен тұтып ағаласаң. Мен әйтеуір адамзат бақыты үшін Құдай ма? Құдаймен де жағаласам. Туған ел сені ұшырып жеткергесін, Жанбасқа хақыңда жоқ от бергесін. Дариға-ай, келем бүгін, Келем, міне, Сыпырып көк аспанның бет-пердесін. Келмейді менің бірақ қырын басқым, Көзіме әкелердей жырым тасқын. Осынау көк аспанның Осы жолда Келеді бар құпия сырын ашқым.
Тарылмай жасыл жайлау жерде өрісім, Дүние түгел гүлмен көмкерілсін. Адамзат бақыты үшін Аспаннан да Жасаймын революция төңкерісін!.. Жауыздың әлі де істер жаулығы шын, Сондықтан бірге ұшады таулы құсым. Ғарышқа самғағаным, Ей, халайық! Осынау жер-шарының саулығы үшін. *** Ата жауын ажал боп аямаған, Күннің нұрын аймалап, аялаған. Революция дейтұғын бел балаңмын, Ордалы Отан, өзіңді саялаған. Топшысы бар сом білек есігінде, Баспасын деп жаулардың сесі күнде. Ленин мені түлетіп ұшырған-ды, Тұншықтырмай тербетіп бесігімде. Дауылдардың от шашқан көркін көріп, Қанатымды сермегем еркін керіп. Ленин мені түлетіп ұшырған-ды, Жүрегінің ғаламат өртін беріп. Байғұздардың шырқаған семеді әні, Қасіреттің шамдары сөнеді әлі. Ұлы көсем Лениннің шапағаты Жебеп мені өлтірмей келеді әлі.
Шығып тұрып қырқаның шоқтығына, Жауыма арнап атамын оқты мына. Сірі жаным сіресіп жанбаған-ды, Паравоздың салса да оттығына. Асау қаны бойында дуылдаған, Материкпін денесі суынбаған. Ару ана өмірмін арна ақтарып, Жүрегінен жақсылық туындаған. Шайқатылған шараптай шарасында, Жүрген кезім сияқты дара сында. Дүниеге сәби боп келіп жатам, Шатқалдардың сайран сап арасында. Сәби мұрам... құс тілді жыр бақтарым, Енді, міне, ақтарам сыр қатпарын. Жеке-жеке далиған планета Құрсағымда тепсінген ұрпақтарым. Демек, демек өлмеймін – көктеп өсем, Қайтсын енді бір кезде кеткен есем. Ей, күрескер нар қауым! Тұқым етіп, Сепкін мені – маған серт көктемесем. Сепкін мені Арабтың шөлдеріне, Құрыш білек негрдің белдеріне. Сепкін мені аяма, сепкін мені Шынжыр киген ерлердің елдеріне. Вьетнамның қылтанақ орманына, Сепкін мені жолдардың тармағына.
Көкірегін шер жуған үнді еліне, Үнді елінің сеп және арманына. Сепкін мені елдерге дос жылаған, Бұлақ болып жетейін жосқылаған,- Алабама жерінің алқабына Темір қамшы арқасын осқылаған. Сепкін мені тыныштық қасиетім, Қасиетім көп менің бас иетін. Сепкін мені Адамзат тартпауы үшін Хиросима қайғысын, қасіретін. Ару ана өмірмін – көктеп өсем, Қайтсын енді бір кезде кеткен есем. Ей, күрескер нар қауым! Тұқым етіп, Сепкін мені – маған серт көктемесем. Айдаһардың қақ жарам тұтам басын, Білем оның мені енді жұта алмасын, Мен революциямын! Ал революция Қалған елде деп пе еді тұтанбасын! Жүрек күйін келтіріп, сырлап көріп, Еңку-еңку жер шалған ырғаққа еріп. Жалын кешкен, оқ тескен жылдарымды Саған, міне, бітірдім жырлап беріп. Халқым айтсын қалғанын, ендігісін, Алып мені кетуге келді құсым.
Еңіреген ер болып өтем әлі, Өз жұртымның осынау елдігі үшін. Ата жауын ажал боп аямаған, Күннің нұрын аймалап, аялаған. Революция дейтұғын бел балаңмын, Ұлы Отаным, өзіңді саялаған. АҚ ҚАЙНАР Жаралды ма кім білсін сұсты күнде, Елең қылмай өткен бір қысты мүлде. Шұқыр бар-тын қазанның аумағындай, Мені туған ауылдың түстігінде. Ақпан-құйын ағылып шұбырғанда, Жер апшысын көк дауыл қуырғанда,- Бұрқасындар жататын қарын құйып, Ұйтқи соғып ышқынып суырғанда. Кетер кейде қосыңды суыт жығып, Өмір сырын қай перзент туыпты ұғып. Сол шұқырда тұтқындап ұстайтын-ды, Қара құйын құмдарын қуып тығып. Қуат-күші болар ма мұншама алып, Талай мәрте суытты-ау күн жаланып. Сол щұқырда булығып бір ақ қайнар Жылдар бойы жатыпты тұмшаланып. Құмдар жаншып кеудесін “аһ” ұрғанда, Қозғалысқа көшіпті батыл таңда.
Шұқанақтың ауызын ойран қыпты Жер астынан тепсініп атылғанда. Ақ қайнардың мөлдір-ау бәрі шықтай, Гаусарлығын сезбейсің барып жұтпай. Өлең де сол тепсінген қайнар құсап Жарып шықпай қоймайды-ау, жарып шықпай. АҚША БҰЛТ Көктем еді... Жүзінен нұр білініп, Дүние түгел жаңғырған қыр жылынып. Алатаудың көз жетпес бір құзында Бір ақша бұлт желбіреп тұрды ілініп. Көңіл ме екен кім білсін елжіреген, Жанар ма әлде телміріп мөлдіреген. Жел ұшырған анамның шәлісі ме, Құз басына ілініп желбіреген. Кең далаға көз сүзіп қарай қалған, Құзырының алдына талай барған. Ақ көгершін біреудің құсы ма әлде Шыр-шыр етіп құз басын сан айналған. Көк жүзінде жүрген бір салып сайран, Сұлулықтың сырына қанып, тойған,- Ақша бұлты әркімнің бар емес пе Көз ұшында қалықтап қалып қойған...
АНА Жүрмін, ана, өзіңді дана көріп, Дана көріп, көк жазық дала көріп. Жаның сенің кең жайлау болғасын ба, Бүкіл ауыл келіпті саған еріп. Төрге оздырсам біреуді дара көріп, Біреулерді сыйладым аға көріп. Сен келіп ең Қазақтың даласы да Үйіме еніп кеткендей саған еріп. Көңіліңді жүргесін бала бөліп, Кетесің-ау осылай қалаға еніп. Үлестіріп жатырсың ағайынға Бірге өзіңмен дала исін ала келіп. Айналайын арлы Өмір, Сезімді Ана, Жер бетінің ұлысы – өзің ғана. Болсам керек мен сенің көкжиегің, Көкжиекке қарайсың көзің тала. Қалам ба деп елімнің ертеңі боп, Араладым Ақжайық өлкені көп. Мені әйтеуір келеді өрге сүйреп, Ақ жаулығың жанымның желкені боп. *** Бұйым боп па тағдыр да тасын атқан, Бұйым боп па көтерген басын ақпан.
Нұрлы өмірім ғаламат өзен сынды Арнасында бұрқанып тасып аққан. Жанарымда тау көшіп, тас аунаған, Кезім содан болмапты жасаураған. Жер-су беріп, еншіме қайрат беріп... Өмір мені осылай жасаулаған. Іздеп таптым солардан керегімді, Көк жүзінде жайнатып төре-күнді. Жан саясы болсын деп жолаушының, Мәпелеймін күндіз-түн терегімді. Жылдам өтіп жатқасын күндер өктем, Ел-жұрт түгел жолаушы түнделеткен. Нұрлы өмірім ғаламат өзен болса, Ал өзеннен су ішпей кімдер өткен... ӨТКЕНГЕ СӘЛЕМ Жазы қалып өлкемде, Күзі кеткен, Көне тілін тарихтың тізіп өктем,- Армысыңдар, кемеңгер данышпандар, Ойдың терең теңізін жүзіп өткен. Өткірлейміз біз әлі семсерді де, Тасқа тиіп оқыста жүзі кеткен. Туған жердің кете ме құсы көктен, Боп тұрғанда күзі жаз, қысы көктем. Оқ тоздырған сауыт та шежіре ғой, Күн кемірген даладай тысы кеткен.
Серке мінез жандардың серті неткен Бекем еді – Жастықтың өртін ерткен. Армысыңдар, ағалар, жалын кешіп Шымылдығын дүниенің желпіп өткен. Менен де бір нар жұртым, алшы көктем, Қыс ызғарын ұмытып жаншып өткен. Осы күні аңғарып байқағаным – Зауал туып, жел соқсын қарсы беттен, Адамдардың өзегі талмайды екен Әділет пен шындықты талшық еткен. *** Жүрегім көк аспанға жыр ма атылған? Жоқ әлде тұңғиыққа сыр ма тұнған? Кеудемде аласұрып тулайды әлі Барыстай ну қамыста шырматылған. Даламның желі ескенде аңқылдаған, Мен талай төсінде оның салқындағам. Өр далам, елеңдеген жоқсың ба, айтшы, Сондағы даусымды естіп саңқылдаған. Төсіңнен, жасыл далам, шырақ табам, Жерім жоқ әзір сенен жырақтаған. Жел қуған қаңбағың да Сенің мынау – Бәрібір бір шетіңе тұрақтаған. Сағымыңды сағыныш көші ме деп, Кең далам, қарай берем төсіңе көп. Біле ме сенен ұзап кете алмасын Қонады құстарың да өзіңе кеп...
*** Менің екі жүрегім бар: Өмір боп дүрсілдеген. Дүрсілдеген, Бірақ та күрсінбеген. Бұл табиғат екеуін жаратқанда Қорғап, жебеп бір-бірін жүрсін деген. Менің екі жүрегім бар: Бірі өз кеудемде Жыр төгіп күркіреген, Ел-жұртымен қашанда бір түлеген. Шабыт деген дауылы борай соғып, Борай соғып тұлғамды сілкілеген. Жұлдыздарым тұр-ау деп көктен барлап, Талай мәрте жыр төктім көктемге арнап. Сол жырларым екінші жүрегім ед Кең даланың ой-қырын кеткен шарлап. Көңілімді кім айтты толмайды деп, Көкірегіме қасиет орнайды көп: Шабуылға шықса егер бір жүрегім, Екіншісі оны оқтан қорғайды кеп. Олар да Антей – Жүргенде жер төсінде, Тартып алар тәңірдің бермесін де. Бір жүрегім өлгенмен, Екіншісі Дүрсілдейді елімнің кеудесінде. *** Көз алдыма сан сурет тізілмеген, Кезім бар ма жанарым сүзілмеген.
Сапарларын ағады жалғастырып, Біткен істер – Ғұмыр боп үзілмеген. Тұрған кезде жүніңді түтпей жалған, Үміт, Тірлік кім-кімде күтпейді алдан. Ерте үзілген ғұмыр деп түсінемін Жұмыстарды кезінде бітпей қалған. КЕЛ, ДОСТАР! Өздерің сақадай-сай іріктеліп, Көңілдің туырлығын түріп беріп. Төрімде отырсаңдар жараспай ма, Сұраусыз ақ ордама кіріп келіп. Орынсыз өкпе-назды артып, теріп, Кей досым кетті үйімнен, шалқып келіп. Шарапты шарасында шайқатылған Бас жеуден жүрсіңдер ме артық көріп. Ақындарың емес пе ем жыр құраған, Келіңдер көңілмен де бұрқыраған. Жатайық сосын, достар, толқын құсап Теңіздің жағалауын ұрғылаған. *** Қайта жағып алтын нұрлы шырағын, Көңілімде тулап жатыр бір ағын. Алып-ұшып теңіздерге жол тартқан Осы болар – Менің асау бұлағым.
Қайда салсаң Саған жол ғой жер біткен, Шын қатерге басын жалғыз ер тіккен. Бермесін тек хас тұлпардың тағдырын Жол үстінде мертіккен. Жақсылықтың бәрін алып негізге Баста өмірге, Жетелеме көне ізге. Өр ағысты бұлақ болсаң... Күні ертең Қосылмауың мүмкін емес теңізге. ШЫРАҚ
І Көк жүзінде қанатын қағып өткен, Қырандардың ғұмырлы бағы неткен. Қара бұлттар көк жүзін торлағанда Шырағы едім әкемнің жағып кеткен. Келем әлі мен жанып – Бір сөнбедім, Шатырлаған жасын боп жүрсем дедім. Құндыз жаға ішігім - әкем мерт боп, Ақпандатқан боранда бүрсеңдедім. Бүрсеңдедім, Бірақ та үсімедім, Шойын кеуде әкемнің күші ме едім. Үсімеген тіршілік көктейді ғой, Махаббаттан соғылған мүсін едім...
ІІ Алып-ұшқан арманның жетегінде, Мұратыма жетіппін мекенімде. Қала сайын мен енді шырақ жағам, Дүрсілдеген өмір боп өтемін де. Маңайыма көбейсе жұрағаттар, Алтын орда – үйіме бұлақ аттар. Қала сайын ұл-қызым тұрса егерде, Сол емес пе мен жаққан шырақ-оттар. ҚАЙДАСЫҢ, БАУЫРЫМ? Әуелбекке Азамат жігіт сынайды топта өз бағын, Ұраның сенің болмасын бірақ өзге ағын. Жорықты жылы майданға жортып кетіп ең, Соңыңнан ертіп ауылдың бір топ боздағын. Өрен боп туып, жігіт ең өскен нұр аңсап, Көгіңде жалғыз шарықтап ұшқан қыран шат. Шабындық жерді жапырып өткен дауылдай, Қаптаған жаудың қайтардың бетін ұран сап. Қураған баудай көре алмай кеткен жемісін, Жеңілді жаулар суарып қанмен егісін. Бір өзің жоқсың Қырандай сонау саңқылдап, Ауылға жетті Берлинді алған жеңісің.
Сондықтан сені мүмкін бе жүру сағынбай, Сағынам әлі балалық нұрлы шағымдай. Оңай ма күту... Оралмай кеткен адамды Далаға сіңіп, жоқ болған бұлдыр сағымдай. Жүрегім менің сені іздеп, жаным, шөлдейді, Жылаудан анаң қаптады көзге шел дейді. Тірісің, жаным! Өзінің Отан-үйіне Жаны мен рухы өлгендер ғана келмейді. *** Сыбағам, Бақытым бар атқан таңда, Көзімде нұр ойнайды шаттанғанда. Қиынын қоштасудың кім біліпті, Мен білдім майданға әкем аттанғанда. Жатқанда есі шығып есіл жердің, Қарлыққан қараша қаз көшін көрдім. Енді-енді есім кірген Сол жылдары Мен білдім бар екенін жесірлердің. Жанардан атылғанда жыр шоқтанып, Жүрегім жүгіреді нұр шаққа алып. Қаһарлы сол күндердің көзіндей боп, Әкемнің мылтығы үйде тұр сақталып.
КӨЗІМ МЕНІҢ Төрелік күтіп келсеңдер, Сеніңдер әр кез сөзіме. Өтірік айтты десеңдер Қараңдар тура көзіме. Өтірік айтқан жоқ кезім, Қалса да кейде нұр қайтып. Жарқырап жанып от көзім, Шындықты ғана тұрды айтып. Әлемнің барлық шындығы, Сенсеңдер менің көзімде. Қарсы ұшам ажал мылтығы Атыла берген кезінде. Жұртқа сен, сенбе... өзің біл, Көзге сен, достым, бірақ та. Жататын таза сезім бұл Сылдырап айтар бұлақ та. Сезімге жалған беріліп, Ауытқып кетпен өзім де. Не айтсам, бәрі көрініп Тұрады менің көзімде. Сынымды жүрмен кетіріп, Төбемнен құдай ұрған ба. Айтамын қайтіп өтірік Қос көзім жанып тұрғанда.
ҚАРТ МІНЕЗІ Жасында саят құрып, қыран салған Менен де қалады-ау деп мына жалған. Азанда көшені өрлеп келе жатты Ақсақал қос самайын қырау шалған. Сықырлап табан асты шыны қардай, Әлгі шал тоқтай қалды тынығардай. Сәл ғана адымдаса көрінеді Сүрініп әлденеге жығылардай. Көз салған секілденіп саяғына, Ол бір сәт көз тастады аяғына. Ол сосын жерге еңкейді әлде неге Түсіріп бар салмағын таяғына. Жоқшылық, сараңдықтың күйін шалған, Алда ондай жоқ еді ғой қиын жалған. Алғаны екі тиын жерге еңкейіп, Кім білсін адам ба әлде тиын сауған. Қонғандай күлімдеген күн төсіме, Болмады менің сонда күлмесіме. Ол менің өн бойыма көз тастады, Тұрғандай қайранмын деп білмесіңе. – Шырағым, түсінбе сен терісінен, Бақыр деп бүгілмес ем ол үшін мен. Алғаным тиын емес жерге еңкейіп, Адамның еңбегі ғой тері сіңген...
АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫНДА Хамит Ерғалиевке Асу-асу белдерден бір-ақ асып, Ақ боз атың тізгінін жұла қашып,- Кең далаңа жыр болып тарап жаттың Өн бойыңнан ғаламат бұлақ ашып. Жүріп өткен жолыңа шашылды алау, Өзің асқан бар белес - Асылдар-ау. Өлең-жырдың биігі сен болмасаң Қар жата ма, ағажан, басыңда анау. Айды өзіңе аударып, күнді өзіңе, Шуақ болып құйылдың гүл көзіне. Кейде өзің де қызыға көп қарадың Өзің соққан өлеңнің күмбезіне. Ғаламат ед, ағажан, үнің неткен, Тұрғасын ба жарқырап күнің көктен,- Алпыс шыңға мені де жетелейді Жолдарыңа үңілсем жүріп өткен. Ұран салып жау жүрек ер деп кілең, Тебіреніп толқыдың ел деп кілең. Құрманғазы болғанда күй атасы Өлең-жырдың Құрманы сен деп білем. Жағаласып жалғанмен жат көрінген, Сардар ақын түскен бе ат белінен.
Ақбас шыңын күн шалған сені көрем Өлең дейтін өлкенің қақ төрінен. АҚЫН АПА Мәриям Хакімжановаға Дала кезіп, қырқадан сыр аулаған Көз алдыңда сол бір сәт тұр аумаған. Жылқылы ауыл өсірген ару қыз ең Құлын – жырын шақырып құраулаған. Ел-жұртына асылын жиып берген, Өлең дейтін өрмегін биікте өрген,- Абыз жүрек ақынсың бұл күндері Дүниенің бар сырын түйіп келген. Жазған жырың жаныңның бар әлемі, Жетелейді еліңнің дара өнері. Сен емес деп, жан ана, кім айтады Қарапайым қазақтың қара өлеңі. Сонан, сірә, кезің көп дабыл қаққан, Әр жырыңды тұрады қабылдап таң. Кең даланың сен де бір өзенісің Көкірегін қақ жарып сабырлы аққан. ҮШ ТӨБЕ Кеудесін жолдар тіліп жолақтаған, Маңына өзге дыбыс жолатпаған, Көзіме көрінеді бұл үш төбе, Үш құс боп бел төсіне қонақтаған.
Шадыман шаттыққа еркін кенелердей, Денесін аймалайды жел өлердей. Бұл күнге сонау өткен ғасырлардан Үш төбе жеткен жүзіп кемелердей. Қарауытқан таулардан жыр аңдаған, Таң да атып келеді, әне, қылаңдаған. Үш төбе сол бір шақта сейіл құрған Үш сұлу емес пе екен сылаңдаған. *** Төбені атқан аспанға, қораны атқан Қырдың жүзін жапса егер борап ақпан. Арна қуған өзендер – Қан тамырлар Жұмыр жерді айналып, орап аққан. Көрмепті әлі жұлдызы көктен өшіп, Ағады ерен жүзінен көктем есіп. Болмаса егер қан тамыр бұл өзендер Жатпас еді-ау жер беті көктеп өсіп. ...Уа, жер! Заңғар тауларың көк тірегім, Құлпырып ең – гүл жайнап кетті іреңім. Сені қозғау арқылы Арман бар ма Соғып тұрса дүрсілдеп от жүрегім. *** Ақ арманның ақ құсын қармап қалып, Бұлақтайын ағып ем арна ақтарып. Қарс алдымнан жосылып жолдар шықты Тарау-тарау тағдырдай тармақталып.
Тұра қалып көз салдым бар маңыма, Түспейін деп сұм жолдың қармағына. Бірі олай тартады, бірі былай... Жеткізеді қайсысы арманыма. Қалың ойға тұтқын боп, құндақталып Тұрмын әлі, Батты, әне, күн баптанып. “Адам мені тым терең түсінсін” деп, Өмір, сен де барасың жұмбақтанып. *** Өмір - айдын, Жол тартты Күнге кемем, Жүзіп келем тоқтаусыз түнде де мен. Таулы өлкеге ұқсаған тағдырым бар Бірде өрге сүйресе, бірде төмен. Тұла бойда тепсінген күш бар мығым, Туа қоймас бұл үшін ұшқары ұғым. Кейде төмен түспесем жоғалар ед Биікке өрлеп үйренген құштарлығым. *** Айналаңның барлығы құнарланып, Өмір! Өмір, тұрсың ба құмар қанып. Тағдырымды өзіңе беріп қойсам, Тақымыңда кетпей ме жұмарланып. Сенем саған! Кетпейді жұмарланып, Саяңда, айтшы, жүріпті кім арланып?
Сен тұрғызған жанымның жас таулары Бұлттан асып тұр, әне, мұнарланып. Қиынға әлі саларсың неше өрлетіп, Қойма бүгін ерлетпей, Кеше ерлетіп. Сен көтерген жанымның көк аспаны Көктем сайын өтеді нөсерлетіп. *** Тылсым әлем – тынысын тыңдай қалып, Көк желегін жамылды қыр жайланып. Сыбызғы әуен көктемім Сен келіп ең Жүре берді Дүние жырға айналып. Қуанышын, Құшағын далаға ашып, Думаныңнан бір думан барады асып. Айқай-шуға еліріп, Жер тарпиды Құлын көңіл тізгінін ала қашып. *** Өткірлік менде жоқ па әлде Жарқылдап жанып өтердей. Көгілдір кілем көк белде Көктемін қуып жетердей. Төкпесем шуақ жарытып, Гүлденер ме еді өңірім. Бойына асыл дарытып Жаңғырып жатты өмірім.
Бусанып аққан бұлақ та Түсіріп кетер сезімге от. Жанам деп жүріп, бірақ та Жана алмай қалған кезім көп. Тоқтаусыз ағып бұл күнде Арғымақ-арман жол шегер. Жанбауым әсте мүмкін бе Кеудемде ұшқын болса егер. Жарықтық жазған кең дала-ай, Шығарсың өзің көргенде. Ұшып та кеттім мен талай Көсілтіп тарта бергенде. Мұқалып қалмай дегенмен, Намыстың туын көтеріп,- Жұлдыздай ағып келем мен Ақ шаңнан алау от өріп. Көрінсем де қораш көзге тым, Ергем жоқ жалған елеске. Өмірде менің өз бетім Болуы керек емес пе? Қол бұлғап жатты шың-құзым, “Аман бол, ұлым” - деп қалып. Маңдайда – жарық жұлдызым Келемін соны бетке алып. Жолдарым жолға жалғасып Жатса егер жосып далада, Күндердей жылдам алмасып Қанша жыл өтті арада.
Жемісін қанша төкті алша, Жүйткумен әлі келемін. Түсінбеген достар көп қанша Түсінсе болды мені елім. *** Жігерің қайда тауға неше өрлеген, Сен әлде көктембісің кешеулеген. Ендеше біздің жаққа жетпейсің бе, Кезіңді көрейік те нөсерлеген. Көңілдің қалды ма, айтшы, күйі кетіп, Тұрсаңшы шөл далаға жиі жетіп. Жер-көкті жуындырып, Арман-бұлтым, Жүргенің жақсы әйтеуір құйып өтіп. *** Ізгілігін тұрған соң арнап маған, Жігіт болдым жақсыны ардақтаған. Айналама қараймын ізгі үмітпен Адам жоқтай мен үшін арды аттаған. Сонан, міне, аптығым жүр басылмай, Бәрі менің бейне бір құрдасымдай. Нені көріп, Не білдім – Бәрін айтам Түкпіріне көңілдің сыр жасырмай. ҚАЙДАСЫҢ, КӨГЕРШІНІМ? Қайдасың сен? Қайдасың көгершінім?
Күңіренуде сені іздеп нелер шыңым. Көз-құлағы бітелген сыбызғыдай Көнерсе үнім жазғырма, көнерсе үнім. Қайдасың сен? Қайдасың, көгершінім? Кеткен жоқ па келмеске кеселді күн, Қиыршық боп жолыңа төселді кім? Маған ғана болмаса, Көгершінім, Кімге керек аман-сау, есендігің. Қырға шықсам қаламын ұзақ тұрып, Сағынышымды сары жон жүз аттырып. Неге ғана кешіктің Әлде біреу Тастады ма жолыңа тұзақ құрып. Аулақ жүр деп қашанда қиянаттан, Ар тауына құсым ең қиялатқан. Айта берсем ақ шаңқан шабытым ең Ақсұңқар жыр кеудеме ұялатқан. Неге ендеше қайтпайсың мекеніңе Жоқ еді ғой кесегім ұяңа атқан. Ұяң да аман, Емес пе бала шырын, Сені іздеумен сүртпепті дала шығын. Өзге құстың, байқасам, бәрі кепті Жалғыз ғана сен жоқсың, жанашырым. Неге, неге ұмыттың, қарашығым!? Кім көрінген бере ме талапты ұға, Еріп кетпе бірақ та ала аттыға. Сөз болып па, тәйірі, қара тұзақ Көк төсінде самғаған қанаттыға.
БЕЙБІТШІЛІК ҚАМАЛЫ Бейбіт елдің қамалы алынбаған, Күн туса да оқ борап дабылдаған. Дүние түгел тыныштық құшағында Нұрлы әлемнің төсінде дамылдаған. Жауыз болса... Нар халқым алқымдайды, Сертті жолдан қай күні халқым тайды. Батыр ұлын мінгізіп шапқан кезде, Тұлпар далам ентігіп алқынбайды. Күні туса жауыздық қарқындайды, Оқ атудан қымсынып тартынбайды. Бейбіт күні жер жыртқан соқа жүзі Семсер болып қайтадан жарқылдайды. Сәуле жіптің бойымен тербетілген, Көктемдердің айналдым келбетінен. Бірте-бірте тартылған көлшік құсап, Жаулар құрып барады жер бетінен. Арайланып атуға ынтық ақ таң, Өлім келсін адамға мылтық атқан. Бұзылмайтын қамалым – Бейбітшілік! Ұста халқым соқты оны ынтымақтан. ЗАВОДТА Бір шетін қойыпты ерен қақпа қылып, Бір шеті жатыр қазан жаққа бұрып.
Қазылған топырақтар Жер астынан Бойымен каналдардың жатты ағылып. Бұларды жүйелер көп саралаған, Асылын және бөлек даралаған. От өзен – тулап аққан қан тамыры, Заводтың тұла бойын аралаған. Көгілдір түске бояп жасыл көгін, Тұрмақ ол будақтатып жасын-демін. Қаншама қазандардан өткізеді, Қорытып шығарарда асыл кенін. ...Түскендей жанарының ішіне күн, Келмейді ержеткесін күшіне кім. Өмірдің қазанында қорытылған Адамды шын асыл деп түсінемін. *** Көктегі күн бұйрат құм, жалды асқанда, Арман қанат құстарым жанды аспанда. Жарқылынан ұшқын боп жаралыппын, Ғасырлар мен ғасырлар алмасқанда. Бақастықтың Сондықтан жыры бөтен, Ай менен Күн – көзімнің нұры ма екен. Басып өтем жалғанды жалпағынан, Өйткені мен салтанат құрып өтем. Күнге созып қолымды дүркін өсем, Бұлтты қуып көшкенім – Дүркіресем.
Жалпақ елге орнаған көктеммін ғой, Қырлар түлеп жатады күркіресем. Тоқыраған ағысты тулатамын, Жетіп жатыр өйткені ұлы атағым. Тіршілікті тірілткен – құдіреттей Қара ормандар қалғыса – Шулатамын. ДАЛА ПЕРЗЕНТІ Ленин орденді Бағышбек Әміреевке ...Қаншама міндет жатыр иінінде, Асыл ой мазалайды жиі күнде. Қырымнан қыран көзі сыр тартады, Ол отыр құм төбенің биігінде. Жаралған жан ғой бұ да ұлы күштен, Жүрмейді сондықтан да тынып іштен. Жайлауға жайып салып құтты отарын Түнде ай, Күндіз күннің нұрын ішкен. Жүзіндей ақ алмастың жарқылдаған, Бағышбек еңбек десе – Тартынбаған. Жаныңа шипа болар мінезімен Даланың самалындай аңқылдаған. Бағышбек тұла бойын нұрға малып, Қалың ой құшағында тұр қамалып. Қаптаған отарының бір жақ шеті Тоқтапты сонау күрең қырға барып.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру