TELEGEI

Home

Аққан сынап

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аққан сынап

"Бабалар сөзі" сериясының 30-томына "Нұрғазарын", "Сағаттың хикаясы", "Патша мен әйел", "Сырлы қобди", "Тотай сал", "Өлген қыз", "Ұлар мен құзғын", "Нұх және наурыз", "Аққан сынап", "Алтын балта", "Ғалым қыз Буадат", "Жүніс жетім", "Қараторғай" т.б. хикаялық дастандар енді.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ТАРИХИ ЖЫР

Қазақтың мекені екен Сыр жағасы,
Ырысты ұлан-байтақ кең даласы.
Мың сегіз жүз жиырма екінші жыл,
Қазақтың қор боп өлген бір баласы.

Мүгілсін, Қайса деген кемпір мен шал,
Кембағал, жас күнінен бітпеген мал.
Жоқтыққа мойындамай жүрген екен,
Жалғыз-ақ бір балаға болыпты зар.

Жүріпті байдың талай малын бағып, 10. Күн үшін бүрсең қағып отын жағып.

Алғаны айлығына жалғыз серкеш,
Бұны да береді бай қалжауратып.
Елуде тапты бір ұл Мүгілсін,
Бір ұл деп зарлық еткен бұдан бұрын.

Бір серкеш байдан алып той таратты,
Қуанып жүрек жарған жалғыз ұлын.
Баланың атын қойды Нұрланған деп,
Сол нұрдан бақыт, байлық жиналған деп.

Асығып шал мен кемпір арпалысты, 20. Нұрланым тез ержетсе қиналман деп.

Асықты “үйімізге келін түссе,
Көңілде мақсатымның бәрін шешсе.
Келінім етегінен бағы жанып,
Көтеріп немеремді көңілім өссе”.

Сонымен бала келді он жасына,
Қой жайса ертіп жүрген шал қасына.
Кемпір-шал уақыт бітіп дүние салды,
Қара жер мекен етіп ордасына.

Он жаста қайғы жұтып қалды бала, 30. Жүрегі жылауменен болды пара.

Қолында мал, үйінде ішер дән жоқ,
Жетелер кімдер болып ата-ана.
Жас бала мал бағуға жарамаған,
Бай дағы бұл жетімге қарамаған.

Сонымен тамақ үшін қаңғып кетті,
Қарасар жақын туыс жан болмаған.
Панасыз қаңғып кетті Нұрлан бала,
Амал жоқ, қаңғымасқа бар ма шара.

Жамаулы киім тозды, бүтіні жоқ, 40. Жарылып аяқ-қолы жара-жара.

Үстінде шапан тозды жүрген киіп,
Құрт берсе жанқалта жоқ салар жиып.
Шапан сұрап алуға ебін таппай,
Тыр жалаңаш болыпты кісі киік.

Таң атса тамақ іздеп жортаңдайды,
Жатам деп кеште қайда жалтаңдайды.
Үстінде жыртық киім жалбыр-жұлбыр,
Ашылып шүметайы шолтаңдайды.

Кей кемпір қуанады ұл саба піссе, 50. Кәсіп қой сабасына бойы жетсе.

Ол кемпір бір күн қарнын тойғызады,
Дегендей сабасының майы түссе.
Көрді ол жетімдікпен осындайды,
Ойнап жүрген балаға қосылмайды.

Барғанда әр ауылға ит жүгірсе,
Шырылдап қабады-ау деп зар жылайды.
Жетімдік жас балаға қиын екен,
Әдісі жан табудың бір мұң екен.

Адасқанға жар болар жан болмаса, 60. Өмірдің қатпары көп қиыр екен.

Келеді күнделікті ол да ержетіп,
Көзінен іздеріне жас селдетіп.
Бір шеберден домбыра сатып алып,
Жүреді кей кездері ән гулетіп.

Бұлбұл құстай кетеді ән салғанда,
Кім өтпес дүниеден күн толғанда.
Бұл жетім осылайша өсе тұрсын,
Саусағы әрбір күйге бұлтарғанда.

Сол кезде малы бұлттай жауып дала, 70. Бір бай бар Қабыл деген жеке дара.

Сол байдың он бес жаста бір қызы бар,
Ат қойған Айгүлім деп туа сала.
Әрі істі, әрі сұлу хор қызындай,
Болыпты бұған құмар сан бозбала.

Олардың бірін де қыз сүймейді екен,
Жігітке іздеп келген тимейді екен.
Ғашықпыз деп қаншалық қақсаса да,
Ішін жарып ғашық от күймейді екен.

Сондықтан кербез қыз деп аты шыққан, 80. Түшіркенер құлақ сап сөзімді ұққан.

Күндер өте осындай қыздың барын,
Нұрланған да естиді алыс жұрттан.
Сол байға тұрайын деп жүріп кетті,
Әлгі әңгіме ішіне кіріп кетті.

Домбырасын беліне қыстырып ап,
Ауылына Қабыл байдың барып жетті.
Үйіне Қабыл байдың кіріп келді,
Қабылға төрде отырған сәлем берді.

Қабыл бай балаға жалт қарады да, 90. – Уағаләйкум ассалам, балам, – деді.

Бәйбіше қымыз берді бір тостаған,
Көп емес қалтырған жоқ құр тастаған.
Қымызбен сусыны оның қанған шақта,
Қабыл бай жөнін сұрап сөз бастаған.

– Ей, бала, жөніңді айт, келдің қайдан?

Мен сені көрмеп едім бұл маңайдан.
Қолыңда ұстап жүрген домбыраң бар,
Әнді кәсіп етіп пе ең бірталайдан?

– Ата-анадан айрылған жетім едім,

100. Жан бағып жетімдікпен кетіп едім.

Әрбіреу әңгіме етсем менсінбейді,
Қу ағашты әңгіме етіп едім.
Күй де жоқ тартатұғын, әнім де жоқ,
Көңілді көтеретін халім де жоқ.

Ата-ана бар жігітке ән жарасар,
Шаттанатын ата-анам жанымда жоқ.

– Дәм тартып біздің үйге келдің, балам,

Еңбек етпей ішкеннің бәрі де арам.
Аз еді қолды-аяғым, мал жағы бар,

110. Келеді маған тұрсаң неге шамаң?

– Құлын тартып берейін, бие байлап,

Сондай еңбек бар болса берем жайлап.
Жылқыны жігіт үшін жаратқан ғой,
Түнде күзет десең де кетем айдап.
Қысырақтың үйірін қайырамын,

Қулықтың да құлынын жағызамын.
Буыршын мен бураны таластырмай,
Түйе бағып, шұбатын ағызамын.

– Келінім кешке шекті бие сауад,

120. Ана отырған бойжеткен құлын салад.

Екеуі кешке шекті бие сауып,
Үй шаруасы аяқсыз қалып қалад.
Егерде сен сауғызсаң қызым саусын,
Келінім қонақ күтіп үйде қалсын.

Осыны мақұл көрсең еңбек істе,
Осымен бұл қызмет орындалсын.
“Мақұл” деп Қабыл байға тұрып қалды,
Қуаныштың шетіне кіріп қалды.

Айгүлім ертеңінде бие сауды, 130. Нұрланған ноқта тартып құлын салды.

Талай жыл сыр айта алмай жүреді екен,
Ішіне ғашық оты кіреді екен.
Аңдушыны алушы жеңер деген,
Бұл бала бұдан былай қайтер екен?

Сол байға іздеп барып жалға тұрды,
Жоғарғы әңгімеге мойнын бұрды.
Сол байға бір қыз үшін еңбек сатып,
Аямай ашты терін істеп жүрді.

“Әттең, кербез!” дегенде жалын шықты, 140. Ішіне ғашық оты жарып кірді.

Шілденің күні қандай қайнап тұрған,
Ағаштың жапырағы жайнап тұрған.
Сылдырап бұраң қағып аққан бұлақ,
Жас ағаш жағасында бойлап тұрған.

Самалы жас ағаштың қандай салқын,
Самалға Қабыл бие байлап тұрған.
Төніп тұр биебауға қалың терек,
Бұлбұл құс бұтағында сайрап тұрған.

Қыз-келіншек бұраңдап бие сауса, 150. Аңдып кеп бозбалалар ойнап тұрған.

Кербез қыз жүреді екен бие сауып,
Жүріпті ешнәрседен қылмай қауіп.
Ол келіп бие сауса, құлын тартып,
Қуалап құлын ұстар ебін тауып.

Осындай еңбек етіп амалдады,
Кербез қыз бұдан бір мін таба алмады.
Бір күні бие байлап болғаннан соң,
Екеуі көлеңкеге самалдады.

Ағаштың әңгіме еткен саясында, 160. Өнерін қолдан келген аясын ба.

Биебаудың жағасы қалың орман,
Самалдап әңгіме еткен арасында.
Көлеңкеде қолына домбыра алды,
Түрлентіп неше алуан күйге салды.

Бір күйді былқылдатып тартып еді,
Айгүлім: “Бұл не күй?” деп сұрай қалды.

– Қолға алдым сізге арнап домбыраны,

Сұрасаңыз айтайын күйдің мәні:
“Сылқылдақ” сіздің жүріс шертіп едім,

170. Күйіне домбыраның келді-ау сәні.

Және де бір күй шертті үш қайырып,
Айгүлім таң боп қалды құлақ түріп.

– Күйіңіздің аты не, атап шерт, – деп,

Айгүлім сұрайды екен мұны айырып.

– Бұл күйім “Жетім зары” зыр жүгірген,

Сізді іздеп осы арада ойға кірген.
Жапалы жүрісімді шертіп едім,
Берейін айтып мұны бірден-бірден.
Және де тыңқылдатты ол домбыраны,

180. Ұқсайды бұлбұл, торғай сайрағаны.

Тартқандай қызға бір тың ой салғалы,
Айгүлім таң боп қалды сұрағалы.
Айгүлім бұл не күй деп сұрайды екен,
Маңызын мына күйдің былай деген:

– Бұл күйім ағаштағы бұлбұл, торғай,

Құттықтап екеумізді жырлайды екен.

– Ән салшы домбыраңмен болсын ермек,

Аз ғана ермек болсын, сөйлеп көр, – деп.
Тіршілікте қалайық күліп-ойнап,

190. Шамшырақ жанып тұрған бір күн сөнбек.

– Ендеше сізге арнап ән салайын,

Басында биебаудың болсын ойын.
Жарым жоқ, жәрдемшім жоқ, мен бір жетім,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын.
Талабым таудан биік, судан терең,

Соңынан талабымның ере берем.
Болғанда таудай талап, бармақтай бақ,
Тайынсын шіркін талап неменеден.
Ерік жоқ бір басымда жалшымын ғой!

200. Болмаса талабым бар кімнен төмен.

Басасың аяғыңды былқ-сылқ етіп,
Күн шағып теңге-моншақ жарқ-жұрқ еткен.
Жалшы ғой, жетім ғой деп кемсітпеңіз,
Жүр едім дидарыңнан үміт етіп.

Кетпейсің күндіз естен, түнде түстен,
Көңілдің қандай жақсы кірін шешкен.
Ішім шоқ, сыртым жалын, отқа күйіп,
Жүр едім сөндіре алмай үндеместен.

Ішім шоқ, сыртым қаулап жалындаған, 210. Осындай бейнетім бар қалыңдаған.

Сен үшін жанған өртке түсіп жүрмін,
Бұл өртті сөндіруге бар ма шараң?
Сен үшін жанған өртке түсіп жүрмін,
Күйзеліп ғашық отқа пысып жүрмін.

Сөндірші ғашық отты мехнат қып,
Күл болып ер сүйегім жасып жүрмін.
Сен едің заманымда туған айым,
Ғашық дерт өртеп барад барған сайын.

Ғашық дертке кезіктім сізді көріп, 220. Дауалап құтқаруға бар ма жайың?

– Ей, Нұрлан, мен айтайын сөздің шынын,

Жастығың маған батты сына сырың.
Жетім деп, жалдамшы деп кемітпеймін,
Айтылмаған сыр еді мұнан бұрын.
Су сеуіп сөндірейін жанған отты,

Махаббат су сөндірер күйген шоқты.
Есте жоқ, ойымда жоқ жүрген кезде,
Ескертіп еске салдың ойда жоқты.
Сен едің көмекшің жоқ жалғыз бала,

230. Туыс жоқ, көмекшің жоқ жеке дара.

Көмекшің жоқ жабысса басқа жала,
Сол күнде құтылатын бар ма шара?
Егерде сені сүйсем болар еді,
Айтқан сөзің ішіме қонар еді.

Бұл күнде мал сөйлейді, заң жеменгер,
Мал берсең патша арыз алар еді.
Басыңа пәле келсе көретұғын,
Малың жоқ падишаға беретұғын.

Жақын жоқ, жанашыр жоқ, көмекшің жоқ, 240. Ру жоқ сені жоқтап еретұғын.

– Іздеп кеп жалға тұрған мен емес пе,

Сондағы іздегенім сен емес пе.
“Талапты ерге нұр жауар” дегендейін,
Талапты орындауың жөн емес пе.
Сені мен іздеп келдім талап етіп,

Жүруші ем сыртыңыздан арман етіп.
Сен үшін жанды сатып жалға тұрдым,
Барасың мені тастап қайда кетіп?
Мұрасы ер жігіттің талап етер,

250. Талабы тап бергенде қызға жетер.

Тартынбай талабымды орындасаң,
Сен қалайы боласың, мен дәнекер.
Сен үшін еңбек еттім ерінбестен,
Елемей еңбегімді қойма бекер.

Қайран қап Айгүлім қыз қарап тұрды,
Ішіне ғашық оты жарып кірді.
Нұрланды іздеп келген көзбен көріп,
Нұрланның ғашықтығын сонда білді.

Нұрланның ғашықтығын білгеннен соң, 260. Айгүлім Нұрланғанға жауап берді.

– Ей, Нұрлан, іздеп келдің мені сүйіп,

Кетті ғой қылығыңа ішім күйіп.
Кедейшілік, жетімге мойындамай,
Жүріпсің бар қайратты бойға жиып.
Ей, Нұрлан, әңгіме еттің биебауда,

Талапты көмек білер орындауға.
Туыс жоқ, көмекшің жоқ сен бір жетім,
Арманда қалмаймысың үлкен дауға.
Басың дауға ұрынса көмекшің жоқ,

270. Көмекші бар жігіттің көңілі тоқ.

“Жаяудың шаңы шықпас” дегендейін,
Ешкім көмек бермейді-ау қасыңа кеп.
Басыңа пәле келсе құтылмайсың,
Ешкімнің жаны ашымас қасыңа кеп.

– Айгүлім, олай деме, жөніңе көш,

Жалғыз ғой деп ойланып қайғы жеме еш.
Көп ойланып отырма, жауап берші,
Барады уақыт өтіп болады кеш.
Сен үшін әкеңізг,е жалға тұрдым,

280. Маңдай терді еске алып мақсатым шеш.

– Шіркін-ай, разымын, Нұрланым-ай,

Жаутаңдап көз алдымда тұрғаның-ай.
Кезіктің қиюсыздан іздеп келіп,
Жолыңа құрбан болсын бір жаным-ай.
Сол жерде екі ғашық амандасты,

Кімде-кім іздемей ме замандасты.
Мойнынан ақ білекті арта салып,
Ғашықтар биебауда құшақтасты.
Кез болған хор қызы мен хор жігіттей,

290. Сыбырласып, сырласып мауқын басты.

Шайқаған жұмыртқасын лашындай,
Төсеніп көк шалғынға баурын басты.
Осындай разы болды бірге жүріп,
Жеткендей арманына ойнап-күліп.

Көзіне бие сауым көрінбесе,
Іздейді бірін-бірі мойын бұрып.
Құмардан екі ғашық әбден шықты,
Біреуінің жағдайын біреуі ұқты.

Өлсек те уағдадан таймайық деп, 300. Серттесті екеуі де сондай мықты.

Сол кезде Ерболат бай жүрген еркін,
Байлығымен асырған дүние-мүлкін.
Айгүлімге құдалық сөйлесіпті,
Мыңнан қой беремін деп, жүзден жылқы.

“Екі ердің ерегескен бірі өледі”,
Алтын жұмсап жоғалтар мұның ұрқын.
Құда боп аламын деп Айгүлімді,
Әкелді жорға-жүйрік сәйгүлікті.

Бай байға құятұғын сол заманда, 310. Әкесі ықтияр боп құда болды.

Айгүлім разы емес осы байға,
Кетеді сел соққандай әрбір ойға.
Екі ғашық арман қып қайғыланды,
Кедергі кез болған соң осындайда.

Екеуі ақылдасты қашайық деп,
Таулардан биік-биік асайық деп.
“Жалғыздың жары Құдай” дегендейін,
Қайтсек те тәуекелге басайық деп.

Айуан да тауда жүрген жанын бақты, 320. Соларша қаңғып жүріп жасайық деп.

Екеуміз екі жақсы ат мініп кетсек,
Садағын осы байдың іліп кетсек.
Шақпағын от жағатын ұрлап алып,
Жан бағып иен тауға кіріп кетсек.

Десті олар: “Осы ақыл оңды емес пе,
Садағы мен шақпағы қолда емес пе.
Не де болса тезірек кетсек қашып,
Күйеудің келер күні болды емес пе.

Шақпақ пен садақ болса талықпаймыз, 330. Ер менен бөрі азығы жолда емес пе?”

Осындай екі ғашық ойға кірген,
Көрді олар дайындығын бірден-бірден.
Жасынан Айгүлімге ғашық болған,
Тағы бір жігіт бар ед сезіп жүрген.

Сол жігіт біліп қалды мына сырды,
Бақылап бұл екеуін торып жүрді.
“Айгүлім Нұрланғанмен қашпақшы” деп,
Астыртын Ерболатқа хабар берді.

Ерболат ашуланды жаман қатты, 340. Деді ол: “Айгүлімді Тәңір атты”.

Нұрланның көзін қалай жоғалтам деп,
Ойланып айла-шарғы ойға батты.
Ұлығы сол заманның бәрі жемқор,
Кімде байлық бар болса кеудесі зор.

Падишаға барайын арыз қылып,
Алдынан екеуінің жаяйын тор.
Артып ап алтын-күміс жүріп кетті,
Шәріге кеш батқанда барып жетті.

Түлкіше жалбызбалап ордаға кеп, 350. Патшаға алтын-күміс тарту етті.

Иіліп патшаға “Дат” депті екен,

– Ей, мырза, датың болса айт, – депті екен.

– Аздырды әйелімді Нұрлан шайтан,

Сұрап бер арызым жоқ бұдан бөтен.

– Айдап кел Нұрлан деген жалғыз ұлды, –

Деп патша жасауылға бұйрық қылды.
Тартуға алған алтынның буыменен,
Ерболатқа тіреу боп мойын бұрды.
Жасауылдар барды да айдап келді,

360. Жеткенше Нұрланғанға қайнап келді.

Бейшара қапияда қолға түсіп,
Айтарын падишаға ойлап келді.
Нұрланды дат айтқызбай арманда қып,
Апарып абақтыға қойды жауып.

Айтпақ боп күзетшіге өз арманын,
Қалды ол қасіретпен ойға батып.

– Ей, бауыр, мен бір жетім залалым жоқ,

Айгүлім артты қалды, арманым көп.
Жас едің жасқа жәрдем қылмаймысың,

370. Жетімге падишаның қайраны жоқ.

Айгүлім өз ғашығым, сүйген жарым,
Әйелін Ерболаттың алғаным жоқ.
Арманым саған айтар осы еді,
Айгүлім айрылмайтын досым еді.

Жәрдем қып шығар мені шамаң келсе,
Ұмытылмас шапағатың болсын енді.

– Ей, Нұрлан, шығарғанды жөн көремін,

Шығарсам падишадан мен де өлемін.
Егерде өлтірмесе азап қылар,

380. Патшаға күнәлі боп сенделемін.

– Бір көрсет Айгүлімді олай болса,

Өзіңе зияны жоқ қолай болса.
Көзіме Айгүлімді бір көрсетсең,
Айтармын мал-басты бол, мың-мың жаса.

– Ендеше Айгүлімді көрсетейін,

Егерде шарт-жағдайым келсе бейім.
Бір жолға Айгүлімді кезіктірсем,
Екінші арман етпе бұдан кейін.

– Кім сендей разы болмас жолдасына,

390. Тар жерде ер талабын қолдасына.

Әкесі Айгүлімді сатпақ болды,
Қызығып Ерболаттың жорғасына.
Бағың жанып өмірің ұзын болсын,
Келтірші Айгүлімді бір қасыма.

– Сабыр қыл көрсетейін ғашығыңды,

Құдайым қолға берсе келер түнді.
Деді де уағда беріп ол күзетші,
Ойланды талапты іске асыруды.
Күзетші таң атқанша тұрады екен,

400. Мойынын Нұрлан үшін бұрады екен.

Таң атқан соң аралап шәріге барып,
Әңгіме әрбіреумен құрады екен.
Айгүлімнің жеңгесі шайға келген,
Нұрланды сұрайын деп ойға келген.

Аралап базар ішін жүрген кезде,
Жай жүрген күзетшіні көзі көрген.

– Нұрланған жетім тоқты бөрі алдында,

Ерболат шалқып жатыр төр алдында.
Айгүлім Нұрланғанды біл деп еді,

410. Күзетшім, өз көзіңмен көре алдың ба?

– Нұрланған сәлем айтты Айгүлімге,

Айгүлім келсін деді бүгін түнде.
Жастықты көп айтқан соң мақұл көрдім,
Жатыр ғой абақтының дәл түбінде.
Жеңгесі ашық екен емен-жарқын,

Бұл дағы білуші еді сөздің нарқын.
“Мен кешке жіберейін Айгүлімді,
Бір көрсетіп құтылшы жолдас қақын”.
Жеңгесі кешке үйіне қайтып келді,

420. Хабарын Нұрланғанның айтып келді.

Қуанғаннан Айгүлім тағат қылмай,
Бір күнді әзер зорға батырды енді.
Айгүлім тұра алмады сабыр етіп,
Жүруші ед Нұрланды ойлап арман етіп.

Міне сап әкесінің бір жорға атын,
Сыдыртып кеш болғанда келді жетіп.
Күзетші көрістірді ебін тауып,
Тұрса да әр бұлыңнан қауіп төніп.

Ашты да абақтының терезесін, 430. Қақпағын сыртындағы қойды жауып.

– Ей, Нұрлан, аманбысың, айналайын,

Ғашық дерт ішті жарды барған сайын.
Бер таман терезеге жақын келші,
Бір көріп қайғы шерді шығарайын.
Терезеден сөйлес деп рұқсат етті,

Алдында терезенің тұрмын дайын.
Сен дағы арманыңды бір шығарып,
Ғашығың Айгүлімнің ұқшы жайын.
Ей, Нұрлан, жатырмысың ұйқың қанбай,

440. Мен дағы сорлы болдым бағым жанбай.

Арманды көңілімдегі шығарайын,
Еркінше сөйлеп қалсын тіл мен таңдай.
Жүр едім, Нұрлан, саған кезіге алмай,
Ерік жоқ кезігудің шарты болмай.

Төнсе де басқа қауіп келдім бүгін,
Екі сорлы кез боппыз тайқы маңдай.
Ей, Нұрлан, жатырмысың азап тартып,
Мен үшін бар азапты мойныңа артып.

Ол жалғанда кезігу болар ма екен, 450. Әр түрлі арман етем ойға шарпып.

Мен үшін мехнат тарттың абақтыда,
Байлық құрғыр басты ғой талапты да.
Ерболат падишаға алтын тасып,
Бүрге мен қандалаға талатты ма.

Осынша ізімізге шөп салатын,
Сорлы қып Құдай бізді жаратты ма?!

– Айгүлім, айналайын, денің сау ма,

Ойнаушы ең сайран салып биебауда.
Зар болдым бір көре алмай, ғашық жарым,

460. Сен дария, мен балық түстім ауға.

Айгүлім, айналайын, алтын сарым,
Жаратса бір өзіңдей жанның бәрін.
Сен мені іздеп келсең қош айтамын,
Жанымды жаның сүйген ғашық жарым.

Зар болып абақтының тарттым зарын,
Сені ойласам аузымнан шығар жалын.
Тым болмаса екі жыл бірге жүріп,
Шіркін-ай, тарқамады-ау сыр құмарым.

Зар болып абақтыда салған әнім, 470. Сен үшін құрбан болсын шыбын жаным.

Өзіңді ап қашуға үлгере алмай,
Кетті ғой жүрегімде бір арманым.
Шіркін-ай, жаным сүйген мөлдір көзім,
Мінеки, арман етіп айтқан сөзім.

Дөңбектей су аударған аударылып,
Қаңбақтай жел ұшырған келді-ау кезім.
Зар болдым мехнат тартып сені қалап,
Жастықпен сені алам деп қылдым талап.

Бет аузым ісіп кетті-ау көзім жауып, 480. Жатырмын қандала мен бүрге талап.

Батып ек ойнап-күліп рияға,
Жатқандай болып едік бір ұяға.
“Өкінбе өткен іске” дегендейін,
Қусақ та жете алмадық дүнияға.

Мен сені бір тесіктен көріп тұрмын,
Езіліп Ерболаттан келіп тұрмын.
Қолда малым бар болса бүйтер ме едім,
Жетімдік, кедейліктен өліп тұрмын.

Ғадылдық бұл патшадан көре алмадым, 490. Ерболаттай сары алтын бере алмадым.

Қолда жоқтың дауасы өлген екен,
Жанымнан үмітім жоқ, сене алмадым.
Артымда туысым жоқ жоқтайтұғын,
Патшаға жарлы арызын топтайтұғын.

Ұлығым заманымда болды жемқор,
Жем бермесе ғадылдық айтпайтұғын.
Сен үшін шыбын жанды құрбан еттім,
Ер жігіт бір сертінен қайтпайтұғын.

Мен өлсем сен қайтесің, мақсатың не, 500. Ерболат па, көңілің әлде кімде?

Айтып кет көз алдымда мақсатыңды,
Естиін өлмей тұрып тірі күнде.

– Сен өлсең артыңнан-ақ мен өлемін,

Тірі жүрсем сені ойлап сенделемін.
Жоғарғы айтқан сертке хилап етпей,
Артыңнан кеткенімді жөн көремін.
Ерболаттың тоқалы деген сайын,

Қайғы мен қасіретті теңденемін.
Егерде абақтыда өліп қалсаң,

510. Кешікпен мен соңыңнан жан беремін.

– Айгүлім мұны ойлап не қыласың,

Қор болар өліп қалсаң ғазиз басың.
Қор қылма жас жаныңды бір мен үшін,
Күн үшін Ерболатқа бағынасың.
Хақ көңілің, шын пейілің менде болса,

Ғарасат майданында табыласың.
Мен үшін жас жаныңды азап етпе,
Артымнан өлейін деп ойға кетпе.
Өле ме деп сұрап ем сені қимай,

520. Жас жаныңды қор қылып босқа кетпе.

Тірі қалсаң артымда разымын,
Егерде босқа өлсең наразымын.
Атадан егіз туса жаны басқа,
Демеп пе ед бұрынғылар “бір күн де – күн”.

Өзім өлсем қимаймын сен шіркінді,
Пайдасыз өліп қалсаң қараңғы түн.
Ден сауда өлім деген оңай емес,
Өз жанына қас қылу қолай емес.

Өмірде жаныңды бақ, тіршілік ет, 530. Мен үшін өлемін деп қайғы жеме еш.

Айгүлім, жарым едің жаным сүйген,
Сені ойлап сыртым жалын, ішім күйген.
Ерболат мылтық болды алтын оғы,
Алғанда қарауылға дәл кеп тиген.

Оқ тиген аңдай болдым мен жаралы,
Зар болдым абақтыда бас қаралы.
Қош, аман бол, Айгүлім, сүйген жарым,
Екеуміздің бұл соңғы ажырары.

Екеуі қош айтысып қол ұстасты, 540. Ажары беттерінің өңіп қашты.

Ерболат падишаға алтын төгіп,
Қорлады нәпсі үшін екі жасты.
Айгүлім қош айтысып қайтып кетті,
Таң ата ауылына барып жетті.

Бір көріп Нұрланғанды күдер үзіп,
Ұйқы жоқ денесінен әлі кетті.
Ерболат тағы да көп алтын алды,
Патшасына баруды ойлап қалды.

“Нұрлан тірі тұрғанда Айгүлім жоқ”, 550. Демекші боп патшаға осы жайды.

– Дат! – деді падишаға келе салып,

Қалыңдық тұр Нұрланға күйіп-жанып.
Орай тауып Нұрланған қашып шықса,
Әкетер Айгүлімді, мені жарып.

– Қайғырдың күмәнді боп неменесін,

Нұрланған мұнан ары қайғы жесін.
Егерде шығады деп күмәндансаң,
Шықпастай жас теріге шегеленсін.
Деп патша шегелеуге бұйрық етті,

560. Мақұлдап екі жендет жүріп кетті.

Нұрланған шықпастай қып тұлып жасап,
Ішіне жас терінің шегелепті.
Нұрланған шыңғырады тері қысып,
Тырсиып тұла бойы кеткен ісіп.

Дауысын естіген жан қайғыланды,
Кеткендей бұл азапқа бірге түсіп.
Шылғи түйе терісі қыса-қыса,
Ақыры кетті жаны құстай ұшып.

Нұрланған бұл өмірден сөйтіп өтті, 570. Залымның зұлымдығы басқа жетті.

Белгі жоқ, бейіті жоқ Нұрланғанның,
Сіріде шіріді ме қайда кетті?!
Бір жігіт Айгүлімге ғашық еді,
Жасынан ғашықтығы тасып еді.

Базардан келе жатқан шалды көріп,
Алдына көлденеңдей басып еді.
Хал-жайын Нұрланғанның сұрап еді,

– Сірімен шегеленіп өлді, – деді.

Ол жігіт тұра шапты ұзақ жерден, 580. Айгүлім шаң-тозаңды көзі көрген.

Қауіппен қадағалап қарап тұрса,
Ауылына Ерболаттың жетіп келген.

– Ей, мырзам, шүйінші бер жүрек жарды,

Естісем Нұрлан өлген, қош жарар-ды, –
Дегенде Ерболат та шүйіншіге,
Теңге алтын хабаршыға бере салды.
Айгүлім қайғыланды мұны көріп,

Опасыз дүниеден кетті жеріп.
“Қу жанды Нұрлан үшін тарту етпей,

590. Боламын тірі жүріп кімге серік?!”

Бар екен әкесінде қожат пышақ,
Ұрлап алып кетіпті қолына ұстап.
Бас жағы биебаудың терең шатқал,
Бұл жерге жетті зорға қадам тастап.

Келді де тасқа отырып қалам алды,
Бетіне ақ қағаздың шимай салды:
“Бермедің, ата-анам, сүйгеніме,
Өлтірттің азаппенен Нұрланғанды.

Балаңды іштен шыққан малға саттың, 600. Қырмызыңды қу түбір шалға саттың.

Өз малың бір басыңа жетпейтіндей,
Алданып алтын берген жанға саттың.
Алғаның шалға сатып алал емес,
Мен ықтияр болғанда залал емес.

Мен үшін жанын сатып жалға тұрған,
Нұрланның маңдай тері оңай емес.
Ал енді қош, аман бол, әке-шешем,
Сияды сендерге өкпе қалай десем.

Мен кеттім дүниеден Нұрлан үшін, 610. Хабарсыз қаларсыздар сөйлемесем.

Біреуің қара көңіл әкем едің,
Біреуің жарып шыққан шешем едің.
Ішің жарған балаңды малға сатып,
Арамын Ерболаттың қайтіп жедің?!

Мен кеттім, сіздер-ақ қал бұл дүниеде,
Болмаймын мен разы ол дүниеде.
Жетімді жас құлындай шырқыраттың,
Жауапты берерсіңдер сол дүниеде.

Ерболат, еңіреп өт дұшпаным-ай, 620. Нұрланды теріге сап қысқаның-ай.

Дүниеден ағып кеткен мен бір сынап,
Қолыңа тоқтамадым тосқаныңа-ай.
Зорлықпен тұзақ салып жас жаныма,
Болдың ғой шұбар жылан қас жаныма.

Сүйген жарым Нұрланмен бірге кетсем,
Мен күнәлі болмас ем қашқаныма.
Міне, артынан Нұрланның бірге кеттім,
Өлді деп Нұрланғанды тастармын ба?

Махаббаттың қас жауы зорлық еттің, 630. Көнбедім балапандай басқаныңа.

Нұрланған, шоғым едің қайнап тұрған,
Асыл ең жай тасындай жайнап тұрған.
Көргенде биебауды күнде өлемін,
Қуалап жас құлынды байлап тұрған.

Қайтемін өлмегенде күнде көрсем,
Арта сап ақ білекті ойнап тұрғам.
Ерболатқа жүрегім жылымайды,
Байлықпен дүниені алдап тұрған.

Әкеге де разылық білдірмеймін, 640. Арам жеп дүниені жалмап тұрған”.

Сол жерде қожат пышақ қолына алды,
“Нұрланған! Нұрланған!” деп айғай салды.
Дауысымен тау жаңғырып шуылдаса,
“Нұрланның дауысы ма?” деп ойлай қалды.

“Өлсе де маған әуез берді ғой” деп,
Пышақпен өз жүрегін жайғай салды.
Ағарып ақша жүзден қаны кетті,
Үсіген бәйшешектей сәні кетті.

Тамырынан қиылған ақ қайыңдай, 650. Жығылды, денесінен жаны кетті.

Әкесі қызын сатып, малын жепті,
Ерболат екі жастың қанын төкті.
Парақор падишаның зұлымымен,
Ғашықтар еңіресіп арманда өтті.

Айгүлім, Нұрланғандар сөйтіп өлді,
Қиссамыз аяқтайтын шақ та келді.
Әке ме, Ерболат па, падиша ма,
Олардың қан қарызы кімде болды?

Азырақ ми жүгіртіп бұлар жайын, 660. Талқы етіп сынаса жұрт болар жөнді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙