TELEGEI

Home

Дос - Бедел дос

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дос - Бедел дос

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

ДОС- БЕДЕЛ ДОС

Пьеса, жоспары

Октябрьдің 40 жылдығына арнаймын

Үш акт, бес сурет, прологты пьеса

Адамдары

Бедел Бегенович Бегенов - тарих ғалымы, профессор.
Сана - әйелі.
Гүлжан - қызы.
Жаппас - Беделдің құрбысы, тарихшы, журналист.

Күлпаш - әйелі.
Xажен - гуманитар институтының директоры.
Жекен - декан.
Орман - обком хатшысы.

Шәріп - ғылым кеңесінің бастығы.
Шарапат - ғылым қызметкері.
Делдал - аралық жас.

- аралық адамдар.

Тарих - ұзын, ақ шашты, ақ сақалды, келбетті адам.
Мұстафа - студент.

ПРОЛОГ

Бедел кабинетіне сөйлей кіреді. Сана мен Гүлжан оның сөзін шала
тыңдап, өздерінше қарбаласады.

Бедел. Ойпыр - ау, әлгі баяндамашы қандай қызық жайды айтты мен туралы. Сана, Гүлжан, түсіндіңдер ме? Қандай ғажайып? Мен, Бедел Бегенович Бегенов, тарих ғылымының профессоры, ол баяндамашының айтуынша, үш бірдей қоғамдық, тарихтық формациядан өтіп кеп тұрған адам боламын. Ал бір жағынан қарасам, өзі шынға да ұқсайды. Түсіндің бе, Сана, сен? Сенің басыңа сондай ой келгені бар ма, сірә?

Сана. Басыма келді. Иә, менің де басыма бір ой кеп тұр...
Бедел. Не дейсің? Е, онда сен айтшы?

Сана. Менің басыма сенің ол баяндамашыңнан да бөлек, оқшау қиын түйін келіп тұр, Бедел.

Гүлжан. Бәсе, шын қиын осында, қасыңда, папа!
Бедел. Е, ол қалай? Екеуің боп бірігіп тапқан ойың бар ма?
Сана. "Тапқаным..."
Гүлжан. Тапқан емес, папа, таппай тұрған десеңші!

Сана. Тіпті ақылым жетпей тұр...
Бедел. Не дейсің? О неменең?!
Сана. Ойбай-ау, орындық жетпейтін боп жатқан жоқ па?
Бедел. Не дейді? Қандай, қайдағы орындық?

Гүлжан. Қонақ отыратын орындық ше? Қазір сенің тойыңа қонақ келмей ме?
Сана. Бәріне жетерлік орындық таппай жатқанымыз жоқ па?

Гүлжан. Мама, қырық бес кісі болса, пышақ, шанышқы, тәрелкең де жетпейді ғой!

Сана. Бар ыдыс - аяқ о да жетпей жатыр.
Бедел (өзінің ойымен). Апырай, ә? Мен... үш формация...
Гүлжан. Папа, құдай ақыңа, қоя тұршы формацияңды!
Бедел. Е, неге қоям... Бәрінен қызықта, қиын да сол емес пе?

Гүлжан. Ну, папа, қиын болса да сен солардан өтіп, аман жетіп отырсың той қасымызда. Олар артта қапты ғой!..

Бедел. Немене қапты?

Гүлжан. Ну, әлгі, сол... Мучительная стадия капитализма сияқты формацияларың дейім.

Бедел. Ә, міне - міне, сен де қызық айтасың.

Сана. Қырық бес кісі дейді. Анау үйге сыймайды. Осы үйге де стол тасу керек қой. Бірдеме айтарың, көмегің бар ма, Бедел? Бедел. Ой, өзің таба берші есебін! (Күледі.) Бәрінен де жаңағыны айтсаңдаршы! (Қарбаласқан Санамен Гүлжанды қайта шақырып алады.) Уай, бері, келіңдер деймін!

- Е, не айтасың?

Бедел. Сендер неге түсінбейсіңдер осы?

Сана. Бедел - ай, қоя тұршы, тәңірі!.. Бұ не өзі? Әлде юбилейі болған адам жеңілейіп кете ме екен? Бедел. Өздерің жеңілейген. О несі екен? (Хажен, Жекен, Шәріптер кіреді. Жақын достарына амандасады.) Ә, міне, сендер де келіңдер. Мен бір оқыс ойға қамалып тұрмын. Соны мынау Сана мен Гүлжанға айтып сырласайын десем, соңыра келетін қонақты, өздеріңізді тосқан әбігері мол екен, тіпті ақпа құлақтанып алыпты. Мысалы, терезе десем, тегене дейді екеуі бірдей. (Күлкі.)

Xажен. Оныңыз қандай ой, бізге айтыңызшы ендеше, Бедел Бегенович!
Сана. Бәсе, тілеулеріңізді берсін, сол ойын ғана тыңдап, алаң етіңіздерші!

Жекен. Қонақты қарсы алу, әлбетте, бар ойдан басым болсын, Сана! Сіз сөйтіп әзірлене беріңіз! Шәріп. Бәрекелді. Асыңыз мол, арақ-шарабыңыз көл болсын, көп болсын. Бұндағы міндетті біз алдық. Құп алдық, Сана. (Күліседі.)

Бедел. Жә, мен енді сол ойымды айтайын ба?
Xажен. Әлбетте, айтыңыз, соны тосып отырмыз ғой.

Бедел. Менің бұл ойым бүгін өздерің де естіген, анау үш формация жөнінде. Елуге келген мені баяндамашы: "Бұл адам азиялық орта ғасырдан бүгінгі жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін елу-ақ жыл өмір ішінде өтіп жеткен жан" — деді. Сонда мен шұғыл бір ойлар ойлап қалдым. Бұл үш формацияның феодализм мен капитализмін алсақ, Англия, Франция және тағы бірталай Батыс Европа елдері мың жылдай жүріп, әлі түгел өте алмай да келеді. Ал сондай ғасырлар бойларына созылған тарихтарды мен, Бедел Бегенович Бегенов, қазақ тарихшысы, жарым ғасыр шамасында толық бастан кешіп өтіппін. Бұл өзі не деген оқшау жай? Xажен. Рас-ау! Сіз өзіңіз туралы ойланып қалдым дейсіз. Ал сізбен жасы құрбы замандас мен туралы, мына бүгінгі декан Жекен туралы, бүгінгі оқымысты досыңыз Шәріп туралы және неге қоса ойламайсыз? Шәріп. Әрине, бәсе... Сол үш формацияны біздің бәріміз де бастан кештік - ау! Бедел. Рас, рас... Әрине, осы отырған төртеуміз де түгел кештік. Ал егер сол үш формациядан өтпеген болсақ ше? Мысалы, баяғы патриархалды - феодалдық, көшпелі рушылдық ауыл жағдайында қалсақ? Сол кездегі қол жетті дейтін оқуымыз -мұсылманша ғана, ескіше ғана оқу болса, осы төртеуміз осындай елу жасымызға келген күнімізде кімдер болып отырар едік, ә? Мен сондай ойға оқыс шұғылданып қалыппын. Жекен. Бәсе, оқта-текте шынайы ой шындық екен - ау! Мысалы, мен кім болар ем сонда? Xажен. Сол заманның оқу - білімі тек қана ескі арабша схоластикалық медресе болған шақта, айтайық, мысалы, мен кім болар ем? Шәріп. Кім білсін, әлде тантып құдай жолына қызмет етіп, әһли ислам, әһли тариқат жолы деп жүрер ме ек? Жекен. Әлде тағы бір формацияда капитализм жағдайына бейімделіп, чиновник боп, патшаға қызмет етіп жүрер ме ек?

Бедел. Со да мүмкін дейсіздер - ау, ә?

Жекен. Мүмкіні былай тұрсын, тіпті залалды теріс жол билеп кетпесін кім біледі?

Бедел. Жаман адамдар да боп кетер ме ек?

Шәріп. Кім білсін, әлде осы бүгінгі достар - өзіміз, антагонистік қоғамдардың әр тобында болысып, бірімізге біріміз жабылып, түтіп жеп жүрер ме ек? (Күледі.)

Бедел. Япырау, бүгінгі досың - қасың болса да ғажап емес-ау! Шәріп. Қырқысып, біріміздің етімізді біріміз жеп жүретін заман болмасына кім кепіл!

Жекен. Абай айтпады ма: "Әркімді заман билемек, заманы оны илемек" деп. Xажен. Рас-ау, анадан туып, жарық дүниеге келген соң, қолың жетсе, сол заманыңның оқуын оқисың, әлің жетсе, заманыңның көрнекті бір тұрғысын алмаққа талпынасың! Сол жолда, құдай білсін, біріміз сәлделі хазірет боп кетер ме ек, әлде біріміз патшалық қызметінде болыс, тілмаш болып, шәлдіріктеп жүрер ме ек! Бедел. Міне, осы бүгінгі болмыс шындығынан елу жыл бұрынғыны болжай қалсаң, ой-қиял сондай бірінен бірі шалғай - шанжау жатқан, аралары кереғар, аспан мен жердей айырмыстар аңғартады. (Сана мен Гүлжан кіреді). Міне, осы жайды әйелім мен мына балама айтайын десем, екеуінің де есіл-дерті тек тамақ. Бүгінгі тамақ! (Күледі.)

Сана. Тамақ екені рас. Бірақ Гүлжан мен ішетін тамақ емес, оны да ескер.
Xажен. Ойпыр - ау, осы сөз бізге де ой салу керек - ау деймін, тегі.

Жекен. Бәсе, Сана мен Гүлжанның әбігері мол көрінеді. Біз де үйді босатып, шақырған уақытында келейік тағы.

Шәріп (күліп). Мезгілсіз қонақ... (Күлісіп қозғалыса береді.) Xажен. Мезгілсіз шақырған тауықтың жүнін жұлар болар. Қой кеттік. Уақытында келейік. (Бұларды Бедел шығарып салады. Сана мен Гүлжанға қайта оралады.)

Бедел. Әне, көрдіңдер ме екеуің. Қандай түсінді олар. (Күледі.) Гүлжан (жүгіріп, качалканы сүйреп әкеледі де, әкесін соған отырғызып). Папа, сен кеше де, бүгін түнде де көп алаң боп ұйықтамадың. Қонақтар келуге сағат жарымдай уақыт бар. Тура мызғып алшы! Әкесін тербетеді. Аздан соң Санамен екеуі кетеді. Паузадан (жымнан) соң Бедел ұйқыға кеткен. Ендігі оқиғалар соның түсі болып кетеді. Кабинет қабырғасында ілулі тұрған ақ шашты, ақ сақалды адамның портреті қазір алакөлеңке арасынан көрініс беріп, Беделге үн қатады.

Ол- Тарих.

Тарих. Я, тарих ғылымының профессоры, сізбен мен көптен бері оңаша ұшырассам деуші едім.

Бедел. Осы сіз кім болдыңыз екен?
Тарих. Мен Тарих боламын.

Бедел. Бәрекелді... Бірақ маған қалай келдіңіз? Неғып маған ұшырасуды тіледіңіз екен? Тарих. Сіз тарих ғылымының ғалымысыз. Сөйлеген сөз, жазған жайда, әр халде сіз "Тарих солай айтады. Тарих былай бағалайды. Тарих онша шешеді, мұнша кеседі"- деп, менің атымнан көп сөйледіңіз де, көп жаздыңыз да. Осы бекер ме еді?

Бедел. Әлбетте, рас! Бекер емес.

Тарих. Құп, мойындағаныңыз - әділдігіңіз. Ендеше, мен, Тарих, бүгін бір кезек сіздің өз тарихыңызды да болжап, баяндап көрсем деп ем.

Бедел. Менің тарихым?!. Қалайша, қандай тарихым?
Тарих. Мен сіздің өміріңізді шолып суреттеп өткім келеді.

Бедел. Сіз Тарих болғандықтан ол жайды өзіңіз де жақсы білесіз. Ал мен болсам, өзім сол үш формацияны кешіп өткендіктен, өзім де жақсы білем ғой. Менің өмірімді екеуміз боп шолуымыздан не мән шығады? Тарих. Сіз өз өміріңізді үш формациядан толық өткен өмір деп жаңсақ ойлайсыз.

Бедел. Қалайша? Мен сол үш формацияны да бастан кештім ғой.

Тарих. Жоқ, сіз бұрынғы екі дәуірдің шеттерін ғана көрдіңіз. Балалық, жастық шақтарыңыз ол дәуірлердің шет жағасын ғана жағалап өтті. Ал егер сіз жеке феодализм дәуірінде ғана осы елу жасқа шейін өмір кешсеңіз, кім болар едіңіз? Оны сіз өзіңіз де білмейсіз. Сіздің жақыныңыз, айналаңыз, бар ортаңыз және білмейді. Солай емес пе?

Бедел. Солай екені рас.

Тарих. Міне, сонымен, сіздің кейінгі өміріңіз соқпай өткен бірнеше кез - кезеңдер, бел -белестерді өзіңізбен ере жүре шолып қайтқым келеді. Ал, тарихшы, сөйтіп жүріңіз! Сіздің өміріңізге сапар шегіп қайталық! Ердіңіз бе осыған? Бедел. Қызық екен... Қиял ма екен? Ердім, еркімді сізге бердім. Бастаңыз, Тарих!

Бедел (төмен үңіле түсіп). Бұлар кім?

ШЫМЫЛДЫҚ

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет

Сахнаның жоғарғы жағында Тарих пен Бедел кеуделеріне шейін
көрінеді. Төменде алакөлеңке. Онда екі кісі отырғаны байқалады.
Бедел (төмен үңіле түсіп). Бұлар кім?
Тарих. Бұның біреуі сіз - Беделсіз.

Бедел. Қалайша? Бұл қай шақ? Мен сәлде кигем жоқ - ты.

Тарих. Біз кигенді... болғанды көрмейміз. Киюге мүмкін, болуға мүмкін болған хал-жайларды көреміз. Сонымен... мынау сіздің жиырма бес жаста Жәмали хазірет медресесін бітіріп болған күніңіз, сағатыңыз. Сондай бір өмірге бет бұрыңыз, бағыңыз? Бұлар шамы өшеді. Төменде, аласа үстел жанында, жерде Бедел мен Орман. Киімдері татарша. Беделдің басында сәлде. Орман. Сіз енді, әлбетте, махалла халқы сүйетін дәмолла боларсыз. Ғауамға файдалы қызмет бастауыңызды тәбірик етемін, Бедел әфәнді. Бедел. Хайыр дұғаңызда, Орман әфәнді! Алла нәсіп етсін. Бәрәкәллә, тәшшәһкур! Мың сан рахмәт сізге, әфәндім. Орман. Сіз бала тәрбиесін қолға аласыз. Махалла нәрестелерінің тағдыры қолыңызда болады. Зинһәр бір жайды есте тұтыңыз. Бұдан былай жалғыз иманшартты, хафтиекті оқытумен, ежік пен сүрені жылдар бойы қажалаумен қанағаттануға болмайды. Бедел (таңырқап). Біз хақ дініміз исламның шариғаттарын оқытудан қалайша тыйыламыз? Орман. Олай түсінбеңіз мені. Ендігі мұсылман медресесінде дүниелік ғылым да оқылу қажет.

Бедел. Оны біз өзіміз оқымадық қой, қайтіп дәріс бере аламыз? Орман. Өзіңіз сол ғылымдар жөніндегі ки таптарды оқыңыз да, өз тәрбиеңізді асыра беріңіз. Мысалы, ғылым сапты медресе шәкірттері білсе - залал ма? Білмесе - масқара ұят емес пе?

Сана кіреді.

Бедел. Қазіргі күннің қамы үшін болса да, әлбетте, ғылым хисап, тарих ғұмуми, жағрафия керек фәндер екенін мен сізден көп естіп жүрмін. Мен ғана емес, мына Санаға да, қыз балаларды оқытатын Санаға да сол өсиетіңізді айтыңыз. Орман. Хұп, бәрәкәллә. Мен білген өсиетімді, әлбәттә, екеуіңізге бірдей айтамын. Сана ханым, сіз менің қаны жақын қарындасымсыз, бауырымсыз. Өзіңіз оқытатын қыздарға дүнияуи ғылымдарды, фән атаулыны дін сабақтарымен қатар оқыту шарт. Қауым, халық ағарғанда үйдегі ана, жар - жолдас ашық фиғылды, жаңа білімді мағлұматты болса, сонда ғана балалық, аналық жарасады, ұқтыңыз ба? Сана. Орман аға, сіз біз білмейтін, әсіресе мен білмейтін фәндер жайын айтып, менің мәсулиятимды артпақ боласыз.

Орман. Бір ғана нәрсе тапсырайын. Қазір шығып жатқан мәтбуғатты оқыңыздар.
Сана. Ол қайсы нәрселер дейсіз?

Орман. Ол, әне, өздеріңіз фәһәмлайтын тілдерде шығып жатқан журналлар, газиталар, көп китаплар. Бәс бастаңыздар осылардан.

Бедел. Ол китапларны біз қайдан табар екенбіз, Орман әфәнді? Орман. Ең әууәл сіздер оқып танысуға бір топ китапларны мен өзім тауып берейін. Сонан соң шәһәріңізде мұсылманша китапхана бар ғой. Китапханаға сіздерді өзім алып барып таныс етейін. Осы уағда ма?

Бедел. Уағда болсын, Орман әфәнді.
Орман (Санаға). Сіз де уағда беріңіз. Қарындасым Сана, уағда ма?

Жаппас кіреді. Әйелі бұнда еркек барын көріп, бетін қара шапанымен бүркей қалып, ауыз бөлмеде іркіліп тоқтап қалады. Орман әңгімені тез өзгертеді. Қарындасым Сана, солай ғой... Ел - аулыңыз сіздерді сағынады. Туған ұяңызды, туысқан іні - бауырларыңызды көріп қайтыңыз. Ағаңыздың сізге беретін мәслихаты сол. Жаппас. Я, Бедел әфәндім, құтты мүбәрәк болсын, құтты болсын! Сондайлық ойда жоқ жақсылықты хазірет сізден аямады. Тек ұзақ қызығын көріңіз. Сізге де қайырлы болсын, Сана!

Бедел. Рақмет, илаһи омин! Айтқаныңыз келсін.

Жаппас. Соншалық зор мырзалық істеді хазірет сізге. Кеше ғана медресені тамам еткен өзіңізге бүгін әрі фатихасын беріп, әрі махалла балаларын, әлбетте, бай махалланың балаларын тәрбиелеуді сіздің қолыңызға берді.

Сана. Әлбәттә, мың шүкір, тәшшәһкур!
Бедел. Хазіретке барлық алғысымызды айтамыз.

Жаппас. Әлбәттә, айтасыз. Ал біздің хазірет кім? Жанаб ғалинендей кәйф сафа, уа қадірден зат! Шаһардағы он үш мәсжидтің он үш имамы, ұстазының ішіндегі ең инабатлы, карамәтли, ең зор абырой дәрежелі хазірет дәмолла біздің ғана хазірет емес пе? Орман. Ең сүйікті болғанда, бар хасиет тек қана тақуалықта деп біледі екенсіз ғой? Ендігі ғауам тіршілігі әлі де тасбих пен таһлил соңындағы дүмше моллалар қолында болу қажет дейсіз ғой? Жаппас (ашулана түседі). Әлбәттә! Сіз, тегі, олай емес деп білесіз бе деймін, ә?

Орман. Әрине, мен олай ғана демеймін.

Жаппас. Солай соғыңыз. Сөйтіп, мені тағат- ғибадатым үшін дәмолла болуға да лайық емес дейсіз, ә? Онда сіз өзіңіз кімсіз осы? Ахлі мұсылман қауымынанбысыз, жоқ ғақсулхаракат, қарсы қайрат тобынансыз ба? Бедел. Жаппас, о не дегеніңіз, бұл кісі Орман әфәнді өзі де ұстаз, мұғалім! Уфадан оқып қайтқан көзі ашық, зиялы азамат емес пе! Жаппас. А, жақсы екен. Уфадан оқыған дейді. Жаңашыл... мұғалім... деп аталады екен ғой. Ендеше, сіздейлер шығар осы күнде "жер домалақ"- деп, "дін кітабын оқу ғана жетпейді"- деп сапсата сататындар. Солай ма? Орман. "Жер - көк өгіздің мүйізінде тұрады"- дейтін надандардың бірі мен емеспін, әлбәттә.

Жаппас. "Жер домалақ"- дейді екенсіз ғой сөйтіп?
Орман Әлбәттә, домалақ деймін.

Жаппас. А, табылған екен инабатты мұсылман! Жер домалақ болса (тақиясын қолға алып), сіздер айтқандай, былайша айналатын болса, домалақ жер былай төңкерілгенде, сізге ұқсаған жал жандар неғып құлап кетпей жүр екен жаһаннамға, ә?

Орман. Жаһаннамға сізден бұрын кетуге тәңір бұйырмаған сол, көресіз бе?
Жаппас. Иншалла, бұйырар да, сіз барарсыз сол жаһаннамға!

Орман. Тек көк өгіз үшін соншалық рақымсыздық барасыз, сіз өзіңіз қандай мұсылмансыз? Жаппас. Иншалла, мұсылманмын. Қасиетті көк өгіз үшін, әлбәттә, мұсылманшылық ұжданым түршігер, өзіңізден көріңіз!

Орман. Сіздің атыңыз кім осы?
Жаппас. Жаппас, неғып дейсіз?
Орман. Сіз, ендеше Жаппас емес, саппас екенсіз!
Жаппас. Ал сіз мүжтаһид, мұсылман емессіз.

Бедел. Жаппас, қой, немене сен? Қандай сөздер сөйлейсің?

Күлпаш (бетін бүркеген күйде ұрысқа араласады). Сөйлесе несі бар екен? Әуелі өзі тартсын тілін.

Сана. Қой, Күлпаш, ұят емес пе!.. Сен қойшы ең болмаса!
Бедел. Сен неге сонша ашу шақырасың, Жаппас?

Жаппас. Шақырмасқа не ғилаж!?. Мен бұны біздің медресеге бахасқа шақырамын! Жүзіңді айдай қыламын сен мұғалымның. Шық бахасқа! Бедел. Бахас болса, құранда: "уәшшәмсү тәжрии ли мұстахаррен ләһә" - дегені кәне? Тым құрыса соны айтпаймысың, бар болғыр!

Жаппас. Иә, ол не дегені екен сонда?
Бедел. Білмейсің бе, түсінбеймісің?

Орман. Үй жығатын соқыр атанша кимелегенше, тым құрыса соны білсең етті. Ол аят: "Күн айналады, бірақ орнында тұрып айналады"- деген дәлел емес пе еді? Жаппас. Білемін, бәрәкәллә, естігемін. Көк өгіз- ол көк өгіз, мәңгі - бақи тәңір - құдірет сондай қуат берген өгіз. Шарафатлі көк өгізден садаға кетіңіз сіз мұжтаһид. Орман. Өгіз- өгіз деп өзеуреп қалған екенсіз. Сол өгізге егіз болыңыз ендеше! Жат, сол сыйыңызбен! Сізбен ми шірітетін надан жоқ мұнда!

Шұғыл бұрылып кете барады.

Жаппас (айғайлап). Бахас! Бахасқа шақырамын, жүзіңді айдай қыламын! (Орман шығып кетеді.)

Беделге. Астағфиралла, мынау неткен дін дұшпаны, зұлым?

Бедел. Жә, жетті, Жаппас! Саған не боп кетті? Қандай сөздер, лағынет сөздер ақтарасың аузыңнан? Жаппас. Не дейсің сен?.. Сен менің пікірімді тәкірарлау орнына соншалық гүнәһкәр, кеудесі күпірлікке толы залымды үйіңе келтіресің! Оның сөзін жақтайсың, өзін қорғайсың. Ендеше, бетіңе тура айтайын, сен өзің де сол дәрежелі ғайыплы, пұшайман, жаман жансың! О- о, мен айтпап па едім... Білдім, көрдім, көзім жетті ғой жаңа сенің кім екеніңе! Менің орным... хазіреттің... оң фатихасымен менің алатын орным... саған бекерге, зор қателікпен берілген деп ойлаушы едім. Міне, қазір бетіңе айтайын, иманым кәміл, сен бұл орынға лайық емессің. Сен жауыз жаһил жандармен өзіңнің қараңғы ішіңді қосқан ғайыпты, зор ғайыпты инсансың. Бедел. А- а... сен де ішінде жүрген барлық қияпатсыз лас, нас шыныңды шығардың ба?!

Жаппас (айқайлап). Хақ, таза шынымды шығардым!

Бедел. Жалған! Сен қызғаныш, күншілдік пиғылыңның қара жүзін аштың. Шыннан да Жаппас емес, саппассың сен! Не деген пәле іздеген ар - имансыз, инсапсыз жансың?! Жаппас. Солай ма? Осыған жеттік пе? Хұп - хұп, жетсін, болсын солай! Мен қазір естіген сөздердің бәрін дәрхал хазіретке барып айтайын. Сені бар махалла халқы алдында масқара етіп беру менің ұжданым талап етер арманым болсын! Сана. Мағлұм, сіз көптен қызғанышпен, жаман ниет соңында жүрген адамсыз. һәмәнда сіз солайсыз. Күлпаш. Әй, Сана, сен көзіңді ашып қара! Мен күні ертең хазіреттің үйіндегі үлкен абыстайдан бастап сенің өзіңді де қыздар тәрбиесінен қуып түсіртейін бе осы? Сана. Сенің қолында тұрса... Сендей надан, өсекші, ұрысқақ әйел қолында менің тағдырым тұрса, орнымнан ғана түсірме, басыма аспанды да түсір, білдің бе! Шық үйімнен! Күлпаш. Әпкел қолыңды, ендеше! Жүр, Жаппас, жүр, сен - хазіретке, мен - абыстайға барамыз. (Екеуі жөнеліп кетеді.) Орман. Хұдая тәубе, басында сәлде, үстінде сопияна киімдер, қолында тасбих... Бірақ қандайлық қасқырдай жыртқыш, қаскөй адамдар! Сана. Сіз, Орман аға, оның күйеуін Жаппас емес, саппас дедіңіз ғой. Әйелінің шын құлқын білсеңіз, онысы да оңған жоқ. Ол сарамас. (Жылаған кішкене бала даусы естіледі.) Бедел. Сана, ана жакта кішкене қызың Гүлжан жылап жатыр. Сонда бар. Және де өздері жоқта, адамның сыртынан сөйлеген сөз ғайбат сияқты болмасын. Олардың құлқы туралы айтпа ешнәрсені. Сана (кетуге айналып). Қашан ғана осындай надан, сұм жандардан біздің қауым құтылар екен?

Бедел. Неғып қана оңай құтылсын...
Орман. Соны айтыңыз.

Бедел. Біздің заман болмаса да, тым құрыса анау жылап жатқан кішкене нәрестеміз, үш жасар Гүлжанның тұсында осы зұлымдық, қараңғылық сейілсе екен - ау!.. Қараңғылық. Жарық жоғары жайға ауысып, онда алғашқыдай, Тарих пен Бедел көрінеді.

Анау Бедел мен бол сам, әлі түк әрекет еткен жоқ қой.
Тарих. Қандай әрекет күтер едіңіз?
Бедел. Жиырма бес жаста екен. Өмірді сонша кеш бастағалы тұр ғой.
Тарих. Әрине, кеш бастайды. Ол медреседе көп оқитыны мәлім емес пе?

Бедел. Алда да көп өндіре қояр ма екен?

Тарих. Мүмкін, сол күдігіңіз дұрыс та болар. Қазір, міне, сол алға қарай ауысып түсеміз.

Осы кезде төменде алакөлеңке сахна бойынша кітаптың, аударылған бетіндей, қағаз сыбдыры естіліп, сол сахнадай үлкен кітаптың бір қағазы ауысып түскендей болады.

Бедел. Не болғалы тұр, бұл не?
Тарих. Бұл тарихтың бір парағы ауысып түскені.
Бедел. Заман өткен бола ма?

Тарих. Я, қазір он бес жыл өтіп кетті де, сіздің қырық жастағы шағыңызға ауыстық.

Бедел. Бұл шақта да мен молла ма екем?

Тарих. Әрине... Біз әзір сіздің мұсылманша молла болған өміріңізді кезудеміз. Байқаңыз, бағыңыз! Қараңғылық. Төменде бұрынғы көрініс. Көбейген, өзгерген мүлік, жиһаз көрінбейді. Сана мен Гүлжан отырады. Сана. Ғайыптаушы, ғайбаттаушы рақымсыз жандар сөздері атаңның басын әлекке сала ма деп қорқамын, қызым. Гүлжан. Не нәрселерді ғайып санайды? Менен жасырасыз. Мен сіздің күрсінген жалыныңыздан, жүдеген қабағыңыздан кеп нәрсені аңғармай жүр дейсіз бе?

Сана. Тірлік, тағдыр қатал. Мен жасырғанмен, сені ол аямас.
Гүлжан. Айтыңызшы, анажан?

Сана. Дұшпандар атанды "шәкірттерін аздырады, діннен кетіреді" деп ғайыптайды. Гүлжан. Не дейді, жалған емес пе? Атам бес уақыт намазын өзі де тастамайды ғой.

Сана. Онысын риялық, жұрт көзін алдау дейді.
Гүлжан. Атам не дейді?

Сана. Атаң фақыр ашуланады. Зәһәрленіп қатты ашулы жауаптар айтады, дұшпандарына.

Гүлжан. Достары бар ма, әлде бар жұрт дұшпан ба?
Сана. Дос дерлік дос қайдан коп болсын бұндай заманда біздей жанға!
Гүлжан. Дұшпандары көп пе, кімдер?
Сана. Дұшпандар сол көп, балам...

Гүлжан. Атам махалла халқының жас нәсілдерін он бес жылдан бері тәрбиелеп, көздерін ашып, адам етіп шығарыпты. Солар үшін ата - аналары болыспай ма? Сана. Әлбәттә, солай деп үміт етеміз. Бірақ жаулар сөзі көбейіп, күшейіп барады. Көп қауіп ойлаймын, зар тұтамын, Гүлжаным! Бедел кіреді. Қасында Делдал, Асан. Отырған әйелдер бөтен еркектерден беттерін бүркеп, ауыз үйге шыға береді. Онда Шарапат, Бибі оралып өзара сөйлеседі.

Бедел (Делдалға). Менен не тілейді қалфе?
Делдал. "Бізді тоссын, жауап аламыз" дейді.
Бедел. Халфе жалғыз ба?
Асан. Қасында Шәріп қази де бар.

Гүлжан (Санаға ұмтылып). Ана, не дейді бұлар?
Сана. Жан балам, сабыр...

Үйге сәлде ораған Жекен қалфе, Шәріп қази, Жаппас және Күлпаш кіреді. Күлпаш әйелдер арасында қалады. Еркектер төрге шығады. Жекен. Бедел әфәнді, бүгін масжидте мұнбар түбінде махалла ғұламалары сөйлей бастаған сөзге сіз жауап бермей кеттіңіз. Қашып құтылам деп ойладыңыз ба? Қазір, міне, бізді сол махалла қауымы жіберді, тез жауап алып келіңіз деп тапсырды. Бедел. Мен жауапқа әзірмін. Күндіз де мен қашқам жоқ. Намазға жиналған махалла халқынан ұялғаннан кеттім. Жаппас. Ұяларсың, бәсе, сенің ісің өзің түгіл, барлық махалла жақсыларын ұялтса, қашарсың ұятынан! Бедел. Сен мені теріс түсіндің, Жаппас. Мен өз ұятым емес, Жаппас дәмолла, сенің инабатсыз, тыйымсыз ұят сөзіңнен ұялып кеттім.

Жекен. Бедел өфәнді, біз сізден жауап алмаққа келдік.
Бедел. Жауапты хазірет өзі алса екен деп талап етемін.
Шәріп. Жауап алу хазірет уазифасы емес, білмейсіз бе?

Бедел. Білемін. Бірақ шын хұкімді әммәміздің ең зор ұстазымыз хазіреттің өз аузынан естімек болам десем, мені кім ғайыплы дер еді? Жекен. Бәлки, бұл талабыңыз дұрыс та болар. Олай болса, Делдал, сізден біз өтініш етейік, хазіретке барып, Бедел әфәндінің талабын уә өтінішін жеткізіңіз. Ал біз әзірше хазіреттің өзі тапсырған жайларды, Бедел әфәнді, сізден де, гуәләрдән да тексере береміз.

Бедел (Делдал кеткен соң). Мейліңіз, тексеріңіз.

Жекен. Олай болса, Жаппас дәмолла, махалла халқы дәмолла Беделді қандай істерде айыпты деп санайды? Айтып беріңіз! Жаппас. Бас үстіне, мен әзірмін! Әу - уәләнки, Бедел дәмолла өз тәрбиесіне алған махалла жастарының көбін ислам шариятлары рухында тәрбиелемеген. Хатта, бәлки, исламиятқа жат болар, қастан фиғылда тәрбиелеген.

Бедел. Дәлелі... дәлелін айта сөйлесеңіз!

Жаппас. Дәлелі... әлбәттә, әфәндім, дәлелі, Беделден оқыған шәкірті Уәли ұғлы Мұстафа биыл, міне, алты ай болды руслардың школа - мышколына кеткен. Яки мүжтаһид болып, дін дұшманларының қауымына барып қосылған. Дәлел... және дәлел, соңғы бір жұмға ішінде ұлығ ұстазымыз хасиетлі Хажен хазірет медресесінің инабатлы қалфе, қарилары емтихан етіп тексергенде мағлұм болды ки: Бедел дәмолладан алты-жеті жыл оқыған шәкіртлері Әлімхан ұғлы Қасымхан, Семейбай ұғлы Бидайбай, Жаңбыршы ұғлы Садуақас - һәммәсі де ғылыми фарыздан ешбір сауат ашпаған, "Мұхтасарулғ Уақаяның қитабү таһарат, уә китабүззәкат, салат бабларынан" бірде -бірлісін білмеген. Оның орнына әлләнинди жағрафия, демек, "жер домалақ" деген, кәләм шарифқа хилаф гүнәһлі сөздерді сіңірген көңілге. Пайғамбарымыз хадислерінен, құранның аятларынан жатқа еш нәрсе білмеген шәкіртлерге биуафа шағир дімишларының әллә ниндей Хафиз, Сағди, Ғұмар Хаямларының мәй уә шарап, ғишқы уа ғишрат, яш йүрәкләргә заһар төгіп, шәрәфәтлі дінімізден жыракдататын уәсиетләр, бәйітләр үйрәткән иміш. Бедел. Соған қарамай, осы куәлікті айтып отырған Жаппас дәмолланың өзі оқытып жүрген мектебінен жыл сайын бес - он, - он бес бала Бедел дәмолланың мектебіне қашып келіп, оқуға түсіп жүр дегенді және неге қосып айтпайсыз? Жаппас. Қосамыз, бек жақсы айттыңыз. Әлбәттә, қосамыз! Сіздің азғыруыңыз, махалла халқын шайтан фиғылымен азғыруыңыз сондай харекетке келтірген. Саф исламият жолындағы итағатлы медреселерден жас талабаларды Бедел дәмолланың ғауамды улатқан заһәрлі харекетлері қашыра бастаған. Мен, Жаппас дәмолла, көп заманнан бері көп жаман құлқын білгендіктен, ғұмыр бойына бұл инсаппен жауласуды өзімнің асыл уазифам деп санаймын. Әһлі ислам қауымында саф таза жүрегім, иманым кәміл болған себепті ғайыптаймын.

Хазірет кіреді, төрден орын алады.
Xажен. Мен не үшін керек болдым, әфәндиләр!

Жекен. Хазірет, ғайыпкер Бедел әфәнді өз аузыңыздан хүкім - шариғат сөздерін естуге өтініш етті.

Xажен. Сіздер тергеу жүргіздіңіздер ме?
Шәріп. Біз сіз тапсырған міндетті ада қылдық, хазірет.
Xажен. Яғни?

Жекен. Үш күннен бері медреседе, масжид ішінде, кәрәмәтлі мүнбар жанында, жұмға күнгі хұтпа соңында барша дәмолла, қалфелер, қарилер, қазилер және хазірет, өзіңіздің алдыңызда сөйлеген ғайыплау қарарлар - һәммәсі де Бедел әфәндіге Жаппас дәмолланың ғаділ әуезімен айылып шықты.

Xажен. Бас ғайыпкер дамолла Бедел нелер айтты?
Жекен. Жауабын қазір өзіңізге айтар уақыт жеткен еді.

Бедел. Тақсыр хазірет, бір заманда мен де сіздің медресеңізде сіздің ұстаздығыңыздан, алдыңыздан өткен едім. Мені өзіңіз тыңдасаңыз... Xажен. Шәріп әфәнді, мен сізден өтініп едім, шақырттыңыз ба гүнәһкәр бәңдә Уәли ұғлы Мұстафаны?

Шәріп. Шақырттым, хұзырыңызға қазір!
Шығып, Мұстафаны ертіп келеді.

Xажен. Мұстафа ұғлым, сіз ғибратлы мұсылман медресесінің инабатлы шәкірті едіңіз, тұғры гуах шахид олуңуз бір сафар. Сіз өз ихтиярыңызбен, өз фиғылыңыз тартып кеттіңіз бе руслар тәрбиесіне? Әллә мұғалім дәмолла Бедел сізге мәслихат берді ме? Мұстафа. Мұғаліммен ақылдасқам жоқ... Өз мектебінен өзі кет деп қай дәмолла айтады? Xажен. Ендеше, неге дін дұшманыңыз, рус попларына не үшін кеттіңіз? Орыс тілін де сіз білмес едіңіз ғой. Мұстафа. Орыс тілін мен көшеде орыс балаларымен ойнап жүріп үйрендім де, солармен бірге... алдым да кеттім.

Жекен. Онда не табам дедің? Несіне қызықтың?

Мұстафа. О- о, онда бәрі қызық. Оқу сондай жақсы... Тағлимуссалаттан емес, өзі арабша бар сөзін бала түсінбейтін... Орысша кітап сөзін тегіс, түсінеміз. Жаппас. Дені, иманы ауған ғой... Бары соған кеткен инсафсыздың. Не үйретті орыс бобы... айтшы кәне!

Мұстафа (тоқталмастан).
Дети, б школу собирайтесь,
Фетушок пропел дауно.
Попрборней адивайтесь,

Солнешко кледит акно.
Рыбаки уш тащат сети,
На лугу коса звенит.
Памалася за книгу, дети,

Бох ленится не белит...

Моллалар (қатарынан дабырлап қожырасады). Иә, малғұн, бох... бох... дейді. Орыс намазын үйреткен. О- о, сұмдық, астагфиралла, астагфиралла. Я гаусул, ағзам!

─ Я раббым... Қожан баһауддин!
─ Ғаусул ағзам!

Xажен (жарыса). Ля хауля уаля куатия илля билләһи ғалиульғазим! Бар... бар, махлұқ намард, махлұқ!

Мұстафа. Мен махлұқ емеспін... баламын. Махлұқ емеспін.
Қаша жөнеледі.

Xажен. Астағфиролла, астафиролла, мына - мына шул, мінә нигә жеткенсіз сіз, Бедел? Я.... Я шул. Мен сізді тыңлағамын, көп тыңдап болғамын. Хәзір тыңдамаймын, бәс жауап тілеймін. Айтыңыз, бекер болды ма орыс мектебіне Мұстафа нам шәкіртіңіз кеткені, бекер емес? Рас па, бес үлкен шәкіртіңіз исламият фар ызынан еш нәрсе білмей, хисап - мисап, тауарих, әллә ниндей кәфірлер өсиетін тарататын китаплар оқып жүргені? Рас, жақын махаллалардағы мектеплердің ұғланлары өз мектеплерін тастап, сіздің зарарлы өсиетіңізге, тәрбиеңізге қашып келіп жатқаны рас па? Рас. Өзіңіз ғана емес, сіздің жүфтіңіз һәм қызлар тәрбиесін жүргізуші Сана ханымның һәм дә қызларны сізше тәрбиелеп жүргені рас па? Рас. һәммәсі де рас! Жаппас. Рас. Уаллаһи рас, хазірет. Бас үстіне, керек болса осы басыммен сол куәліктерімнің шындығына, тақсыр хазірет, тақсыр халфе, қази, басыммен жауап берем. Xажен. Бітті... Халас. Мен бәддұға ғана беруге қалған хал бар, басқа жоқ. (Жекен, Шәріп, Жаппа - үшеуі бұл тұста тез өзгеріп, кабак, танысады. Халфе, Жекен хазіретке бұрылады.) Жекен. Біз сізді ғазапқа салдық, ғайыплымыз. Бірақ сіз енді өзіңізді ғазапламаңыз, хазірет. Шәріп. Хазірет, сіз енді жүре беріңіз, жүріңіз. Ғайыплар анықталды. Енді сіз қалған жұмысты бізге беріңіз!

Хазіретті бұлар қоршап шығарып салады.

Жекен (қайта келеді). Енді тек сізге айтылатын хүкім қалды, Бедел әфәндім. Білдіңіз бе, бағаладыңыз ба, хазіреттің бәддұғасынан сізді біз әзірше арашалап алдық. Бедел. Не қасиетім үшін солай еттіңіз? Әлде қаралығыма көзіңіз жетпегендік тоқтатты ма екен? Жекен. Жоқ, қаралығыңызға көз мейлінше жеткен, адаспаңыз. Бәлки, бірақ сіз біздің қауым айтатын бір талапқа табылсаңыз, сол уақытта сіз, бәлки, біздің қауымнан қуылмай да тұра тұрарсыз!

Бедел. Бұл сауда ма, ұждан саудасы ма?

Жекен (қатаң). Тоқтаңыз, тартыңыз тіліңізді! Мен сізді құтқарғанымызды айттым. Бірақ сіз орындайтын бір шарт бар. Соған табылсаңыз - құтыласыз. Болмаса, көрдіңіз ғойжаңа, су түбіне кеткеніңіз... ғарық болғаныңыз. Себебі, кәрәмәтлі хазірет сізді ұстаздық хақысы бойынша бүгін малғұн десе, бәддұға оқыса, не болмақ! Махалла халқы сіз бен Сана ханымды таспен атып өлтірсе, не дейсіз? Сіздер отырған осы мекенді жаһиллер тұрған жай деп күлін көкке ұшыруға бар. Айтар сертке, шартқа қазір көнбес болсаңыз, енді сіз шәһардан қуыласыз. Хүкім де, жаза да сол ғана деп біліңіз. Жүріңіз, Жаппас әфәнді.

Делдал Асанды ертіп шыға береді. Ауыз үйде әйелдер арасында Күлпаш
Санаға сөйлейді.

Күлпаш. Әне, естідіңдер ғой естір сөзіңді! Көр аузындағы сөз осы. Айттым ба жаңа? Әлгі шартымды орындасаң - тірі қаласың, орындамасаң - құрыдың, өртендің, күлің көкке ұшты - деді ғой. Айттым мен, міне, сол шартты саған. Сана (күйініп, өртенгендей). Тоқтат... Тоқтал, жауыз, аулақ кет! Аулақ жүр, лағынет! Жоғал көзімнен, еріңмен қоса, қос лағынет! Әйелдер шығып кетеді. Ауыз үйде Гүлжан мен Сана қалады. Төрде соққы жегендей Бедел. Сана мен Бедел бір- біріне ұмтылысып келеді.

Бедел. Естідің бе сұмдық сөздерін?!
Сана. Сен естідің бе сұмдық шарттарын?
Бедел. Немене еді шарты? Әлде саған айтысты ма?
Сана. Айтпады ма жаңа! Асан, Биби, анау Шарапат айтпады ма?

Бедел. Не дейсің? Шартын айтты ма?
Сана. Сол емес пе сұмдығы?
Бедел. Айт, ендеше, не деді?
Сана. Гүлжан, жаным Гүлжан... Жалғыз гүліміз Гүлжанды сұрамады ма?

Гүлжан. Ана, сіз не дейсіз?
Бедел. Кімге? Қандай итке?

Сана. Итке, бәсе... Жаңағы Шәріпке. Үшінші тоқалдыққа. Бер деп соны шарт етпеді ме? Ей, сорлы жар!

Гүлжан. Ах, бақытсыз атам, анам...
Талып жығылады. Қараңғылық. Жарық жоғарыда. Тарих пен Бедел.

Бедел. Бұл адам тәуір талап, тәуір еңбек соңында жапа шеккен жан екен. Бірақ қайраты, өнері, ой - сана, қуаты жағынан алғанда орташа ғана адам тәрізді.

Тaрих. Сіз одан нені күткен едіңіз?
Бедел. Мен қатаң қайратпен алысар деп едім.
Тарих. Ал сізше қазір не болды?

Бедел. Қазір ол бір ғана қамауда. Тар ұятас қапада аз әлектен аса алмаған орташа ғана адам тәрізді. Тарих. Оны солай еткен заманы, заманының қорғасындай ауыр салмақ қырсықтары демейсіз бе?

Бедел. Себебін түсінемін.

Осы кезде төменде және де тарихтың екінші бір беті мол қағаз шымылдықтай бүкіл сахна бойында аударылып түседі.

Тағы да жаңа заман келе ме?

Тарих. Және де жылдар өтті. Беделдің ендігі күні мен күйі көрінеді. Байқаңыз, бағыңыз!

Жарық төменге ауысады. Көп өзгерісі жоқ бұрынғы үй. Сана мен Гүлжан отыр. Гүлжан (жылаулар көзінен орамалын алады). Көнбеймін деп еді атам - көнді. Жылатып бермеймін деп еді...- берді. Бердіңдер ғой, анажан! Кеткенім бе шынымен?!

Сана. Жан балам, қайтейін!

Гүлжан. Әлдебіреулерді баласын жылатқанда надандықтан, қараңғылықтан зарлатты деп келдік. Енді не? Атам басқаша қасиеті бар ата деп өспеп пе ем? Өзіңіз солай деп өсірмеп пе едіңіз? Сана. Қайтеді жалғыз атаң? Көп надан, көп жауыз жандар арасында не істей алады? Гүлжан. Не істеп жүр өзге көзі ашық басқа аталар? Қыздарын орысша да оқытып, беттерін ашық ұстап, қалада магазиндерге, тіпті театрға да жіберіп жүр ғой. Менің болса, бүгінгі тағдырым осы ғана болғаны ма? Сана. Айтар дәлелім, дауым жоқ, қызым. Сенің кішкентай күнінде "ең болмаса, Гүлжан жастығы гүл жайнаса - ау?" - деп қиял етуші едім. Ойласам, ішім оттай өртенеді.

Жылап шығып кетеді. Делдал кіреді.
Делдал. Гүлжан, жалғыз ғана... жалғызбысың?
Гүлжан. Жалғыздық менің тағдырым болмады ма?!

Делдал. Сол тағдырдан, қырсық қатал тағдырдан зар шеккен, зәр жұтқан басқа да жоқ дейсің бе?

Гүлжан. Қандай жанды менің жарам, налам күйзелтер дейсің?
Делдал. Күйзелтіп те, күңірентіп те жүр ғой сол, Гүлжан...
Гүлжан. Сен бір жаңалық айтпақ болғанбысың? Кім күйзелуші еді сондай?
Делдал. Жаны құрбы жаным деп мен... мен емес пе ем құпия қайғы шегетін?

Гүлжан. Тілеулес құрбы едің, жаның ашығаныңа алғыс айтам, қарғыс айтам ба?
Делдал. Кешіктім бе, Гүлжан? Ол- момындығым, қорғаншақтығым еді...
Гүлжан. Ендеше, бүгін неге айттың?

Делдал. Кетер болса, шын дос жүрегі, шер жүрегі бар жақын бір жанды біле кетсін деп едім. Гүлжан. "Біле кетсін"... Тек біле кетсін деген бе?.. (Жылайды. Бедел мен Сана кіреді.)

Бедел. Немене, не сөз бар? Тағы да жаулардың жаманатын әкелдің бе?
Сана. Әкелген көрінеді. Айтқызып тыңдаңызшы!
Бедел. Айт, ендеше. Білдіргенің де себің болар.

Делдал. Шәріп қазиге Жаппастар - өсекшілер Гүлжан туралы жаман сөздер жеткізіпті. "Бедел мен Сана қызын театрға жіберетін болыпты". "Онда көңіл қосқан жігітімен кездесіп, сөз байласып жүр". "Енді біразда Гүлжан сол театр арқылы қашпақшы". "Сағат санап бағып отырып, Гүлжанды қолға алмасақ - айрыламыз" - десіпті. Сақ бол деп білдіргелі келдім. Гүлжан. Шынымен көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа бірде - біреу апарып тастаса, не.етуші еді? Сана. Айтты - айтпады, басқа бір қаладағы, не елдегі дос - жарлардың біріне жіберсеңіз, не етер еді, атасы?

Бедел. Қайда жіберем, кімге жіберем жетіп отырған баланы? Кіммен жіберем? Сана. Мына Делдал бекіне алса... құрбылық достық етсе, алып барса не етеді менің төркініме? Делдал (бөгеледі). Мен бе? Қолымнан келер ме еді? Бұнда махалланың хазірет, халфесі, сәудегерлері мен байлары, қазилері үйдегі кәрі әке - шешемді үйтіп жейді ғой. Бірақ Гүлжан мен өздеріңіз бекінсеңіздер, шынымен Гүлжан бекінсе, әкетсем не етеді?

Гүлжан. Жоқ, жоқ... қиналма, Делдал. Онымен табылар жол жоқ, ата - ана... Бедел. Тірімін... денім де сау. Ал қол - аяғым бек байлаулы. Айналам тас қамау... Бар шара таусылып барады. Саулап кеп адам кіреді. Адда Жекен, қалфе, Жаппас, Асан және әйелдерден Күлпаш, Шарапат, Биби бар. Жекен. Жә, Бедел, Сана! Берсеңдер - қолыңнан, бермесеңдер - жолыңнан. Біз қазір махалла қауымының тұтас ұйғаруымен инабатты Шәріп қазиге шариғат хүкімі бойынша жүфті аталған қызыңыз Гүлжанды алуға келдік.

Сана. О, қасірет заман!.. Жоғалсаңыз етті сіздер!
Күлпаш. Шығарма үніңді сен, бүлік шеше!

Бедел. Қызым Гүлжанды мен, ағасы, ихтиярыммен берем деген емеспін. Мен махалладан кетуге бекіндім. Мектепті өздеріңіз алыңыздар. Бірақ көзімнің қарашығы жалғыз Гүлжанымды мен жылатпауға бекіндім, бермеймін!

Гүлжан. Садағаң болайын, ғазиз атам!

Жаппас. Жә, тыйындар ол сөзді! Сауда біткен. Төрт жыл бойында хазірет бастаған қауымды, қауымның ең инабатты қазысы Шәріші алдаған қиянатың үшін де енді мойын бұра алмайсың. Қауым бұрғызбайды, біз бұрғызбаймыз мойныңды. Бедел. Бұл жасыма шейін қиянаткер болып көрген емеспін, Жаппас! Өз басындағы жауыздық, зұлымдықты жаппа жала қып, жақпа күйе қып маған!

Сана. Уәде берген емеспіз, ықтияр Гүлжанда дегеміз.

Жекен. Иә, Гүлжанда дегенсіздер де... астыртын түндерде қашырып жібергелі жүрсіздер!

Бедел. Жалған!..
Гүлжан. Жауыздар сөзі, жала!
Сана. Талаушы қасқырлар тапқан ғайбат жалған өсектер!

Күлпаш. Ой, не тұрыс бар? Қайдасың, еркектер? Тапсырды ғой, ұстаңдар анау әкесін. Мынау қызды мен әкеттім, мінекей. Шарапат, Асан, ұстаңдар! Сүйре!

Бедел. Тоқтат, лағынет!.. (Ұмтыла бергенде Жаппас пен Асан Беделді ұрып жығып кетеді. Сананы Жекен итеріп құлатады да, барлығы Гүлжанды жылаған, зарлаған бойында сүйреп алып кетіседі.) Лағынет!.. Лағынет болсын бастығы хазіретіңе!.. Барлық халфе, қази қасқырларға, лағынет бәріне. (Зорлықшылар жөнеле бере Шәріп пен Жекенді қасына ертіп, Хажен хазірет кіреді.) Xажен. Ә, Бедел әфәндім, жетер масқара жеріңе жеттің бе? Мен сені ойланар, тәубеге келер, инабатлы мұсылман ата болып қызын өз қолынан ықтиярмен берер деп ем! Енді неғылсам, не десем рауа саған, кешегі менің шәкіртім!? Бедел. Ә, кешегі менің ұстазым!.. Бұл шаққа шейін нелер сұмдық көрсем де, нендей сұм жыртқыштар қасымда толып жүрсе де, сіз қиянаттан таза шығар деп сенумен келіп ем, сорлы басым. Көзім жетті, бүгін бауырым жара... Әне, жүрегімді қақ жара жыртып, қанын сорғалатып, бір парасын алып кетті. Сізден күш алған, сізден рұқсат алған бөрілер. Сіздің күшіктеріңіз екен солар! Хазірет емес, лағынет екенсіз сіз өзіңіз! Уаз кештім мен сізден... Мен үшін қап - қара болған жүзіңізден!.. Жекен. Тоқтат, доғар, өшір үніңді! (Келіп, екі жағынан хазіретті ұстай алысады. Қоршайды.) Xажен. Мен төрт жыл бұрын беретін бәддұғамды сені аяғаннан бермей келген едім, үміттеніп едім. Сен төрт жыл емес, он төрт жыл менің бәддұғама ұшырап, атырафымнан малғұн аталып қуылатын айыпкер қара жүзді жазалы жан екенсің. Міне, бердім мен енді сол теріс батамды. Білсін, уә ағаһ болсын махалладағы, шәһәрдегі Мұхаммед - Мұстафа жолын күткен аһлі ислам қарындас! (Қолын теріс жайып.) Бәддұға,, жоғалсын көзі, қарайсын жүзі, жәһәннәм отына күйсін, гүнәһкәр тілі бұл бәдбахт зұлымның, аллаһу әкбар! (Теріс батаны бәрі бірігіп істейді. Жекенге.) Көрдіңіздер, гуәһ болыңыздар! Білдіріңіздер ғауамға! Қуылсын қазір бұл шәһәрдан, жауыз Бедел, жауыз хатыны! Шәріп және Жекен Уәллаһу ағзам биссауаб! Уәлалаһу ағзам биссауа. Қуылсын, жойылсын, аты өшсін, бұл шәһәр халқы арасынан Беделдің хатынының.

Сана талып құлап түседі. Бедел шөгіп отырып қалады.

ШЫМЫЛДЫҚ

ЕКІНШІ АКТ

Екінші сурет

Жарық жоғарыда. Тарих пен Бедел кеуде тұстарынан көрінеді. Төменде
алакөлеңке.
Бедел. Енді қай шақ, қай дәуірді көреміз?
Тарих. Бұл тұста біз сіздің өміріңіздің басынан қайта түсеміз.

Бедел. Қай өмір, қалайша?

Тарих. Сіз Хажен хазірет медресесінде бала күніңізде оқыдыңыз да, шығып кеттіңіз. Орысша мектепке ауыстыңыз. Енді біз сіздің Учительская семинарияны бітіріп, содан кейін кешкен өміріңізді шоламыз.

Бедел. Сонда қазір қай шақ көрінбек?

Тарих. Сіз Учительская семинарияны бітіріп, Сарыадыр болысына орысша - қазақша школға учитель болып барғалы отырған кезіңіз, бағыңыз! Жарық, төменге ауысады. Орташа жиылған қалалық үй. Жерде дөңгелек үстел жөне биік жазу столы бар. Бөлмеде Орман, Сана. Орман орысша оқымысты адамша киінген. Сана екеуі биік стол жанында. Орман. Сарыадыр школы- бұл уездегі ең тәуір школдың бірі. Бірақ, барлық қазақ ортасындағы сияқты, бұл школда және де қазақ қыздары оқи алмай жүр. Сіз сол Сарыадыр школының жанында, бесті - онды болса да, қазақ қыздарын жиып алып, өз бетіңізбен оқытуға бекініңіз.

Сана. Маған оны тапсыратын кім?

Орман. Өзіңіз бастаңыз. Азаматтық міндетім, халқым үшін қызметім деп бастаңыз. Бедел соған көмекші болсын. Сана. Ойыма қонатын мәслихат айтасыз, Орман аға! Осы ақылыңызды Беделге де айтыңыз!

Орман. Құп, оныңыз дұрыс.
Бедел кіреді.

Бедел. Ә, Орман аға, қарындасыңыз Санаға ақыл айтып, қарыз артпақ едіңіз. Айтып үлгірдіңіз бе?

Сана. Саған мәлім екен ғой, Бедел!
Орман. Ал екеуіңізге бірдей менің .тағы айтатыным бар.
Бедел. Айтыңыз!

Орман. Орысша оқитын қазақ баласынан жемқор тілмаш, парақор песір, жалақор закүншік, арызқор шығара көрмеңдер!

Бедел. Балалардың шамасына шақтап нені танытып, неден жиренту керек? Орман. Мысалы, елді болыс, тілмаш, пристав, урядник, би - старшын дегендер жағалай жеп жүр. Соларға қаладағы крестьянский начальниктер, соттар, ояздар, округ соты, жандарал кеңсесі әрі пана, әрі көмекші. Міне, балалар осы орындардың ісінен жиреніп өссін. Екі - үш жыл оқи сала, арыз, донос жазуды, жалған приговор жасауды, жасырын тыңшылық етуді сұмдық бұзық әдет деп тәрбиелеу керек. Алдағы кезде осындай мұрат ұстауға серт бересіңдер ме?

Бедел. Мен серт бердім, Орман аға!
Сана. Мен де бердім! Білмекке, танымаққа құмармыз.

Жаппас кіреді. Орман әңгімесін шұғыл өзгертіп, сөйлеп отырған желісін бұзбайды. Орман. Абай қазақтың орысша оқитын жастарына қызық сөздер тастаған емес пе?!

Бедел. Қандай сөздерін айтасыз?

Орман. Тіпті осы русско - киргизская школада оқып жүрген интернат балаларына да арнаған сөздері бар ғой. Жаппас. Немене, сіз сонда Абай жақсы айтты дейсіз бе?

Орман. Жаман айтып па еді? Естерінде ме:
"Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта

Ерінбей оқып көруге!
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге,
Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге. (Бедел мен Сана күледі.)
Қалай сабыр қыласың (Бедел мен Сана күледі)

Жазықсыз күйде сөгуге!..
Өнерсіздің қылығы -
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге;
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге. (Даусын қатайтып.)

Алыс та болса, іздеп тап,
Кореннойға кіруге.
Талапты ерге нұр жауар
Жүріп өмір сүруге!"-

деген жоқ па еді? Осында талай жайлар бар емес пе? (Жаппас тікірейіп ашулана түседі. Бедел, Сана күледі.)

Орман. Неге күлесіңдер?

Бедел. Біз мына Жаппасқа күлеміз. Сіз білмейді екенсіз ғой. "Қызмет қылма оязға, жанбай жатып сөнуге"- дегенде, Абай айтқан "жанбай сөнгелі" отырған, алдыңызда бақырайып тұрған мынау Жаппастың өзі емес пе?

Жаппас. Абай мұнда жақсы айтқан жоқ, жаман айтқан.
Орман. Немене, Абай абыройды төгіп қойды деп жақтырмайсыз - ау, ә?
Жаппас. Сендердің Абайларың патшалыққа қарсы адам.

Бедел. Бәсе, тағы бір арызды сүйкекте тіп көсіп қалатын кез келіп қалған екен, ә? Жаппас. Көрсетсем көрсетіп те салам. Не деп отыр Абайың? Офицер болма дейді, ояз кеңсесінде істеме дейді, бар орыннан қашырмақ қой! Ал патшалықтан қазақ жақсылықтан басқа жаманшылық көрген емес, керек болса!

Орман. А, наныңды ақта, шеніңді сақта!

Жаппас. А, сен патшалыққа тіл тигізіп, ояз, жандаралдың жауларын мақтап, жақтауың жаман. Тегі, сенен онан да арғы пәлелер шыға ма деп отырмын. Деміңіз сасық көрінеді, мырзам! Айта түсіңізші тағы да! Орман. Сіздей жалақор тілмаштармен сырласар ниетім жоқ. Халықтың сорына сатылған тілмаштар аз емес қой. Соны айтсаңшы. Жаппас. Мен оны айтпаймын. Әуелі мынау шынды айтайын. Мырзам, тегі, сен өзің жөн жүретін жан емес, поднадзор полиция жүрген кісі болмағай едің? Сенің орныңды, қазақша айтқанда, анау Итжеккен, Темірқан - Шора, Жерсібір немесе сонау Үркіттегі Александровский централ маңынан іздеу керек болмасын! Орман. Тізіп отырған жерлерің талай жанды жіберіскеніңді танытты - ау, жігітім! Сендейлермен итшілесіп жүргенше, сондай жерлердегі адамдармен адамшылап жүргенім артық дермін!

Шығып кетеді.
Бедел. Жаппас, сен неғылған тілің шайпау, ұрыншақ адамсың?

Жаппас. Мені танығаның жаңа ма? Жо, бірақ ол сөзді қой! Мен сені мен мына Санаға қазір үлкен айып таққалы отырмын.

Сана. Бәсе, сен оязға тілмаш болғалы айып таққыш болмасаң, жүре аласың ба? Күлпаш. Сана, оқыған - тоқыған болып сен де бір осы киліге береді екенсің еркектердің арасына. Немене, еселі сөзін сөйлетпей, аузынан қағасың? Айт, Жаппас, жаны шығып кетсе де, айтшы! Сана. Бәсе, байың Жаппас болмай, саппас болсын да! Сен осылай шапшып сөйлемесең, тына алмайтын сарамас болсаңшы! Жаппас. Сендер үйлерінде поднадзор жүрген, патшалыққа қарсы дұшпан адамды сақтайсың. Онымен болса, ауыз жаласасыңдар. Ал бізбен аңдысып, кекесіп, жауласпақ боласыңдар ма, әлде?

Күлпаш. Қолдарынан келсе, мүйіздегелі отыр ғой екеумізді.
Бедел. Жаппас, сенің cay жерден жау таппай жүретін күнің бола ма?

Жаппас. Жоқ, олай жағалатқан, емексіткен сөздің керегі жоқ маған. Мен біліп отырмын бәрін де. Керек десе, ініңе су құйып отырмын, білдің бе? Кеше сені его высокоблагородие господин уездный начальник, полковник Скопцов Сарыадыр болысындағы жақсы школға бастық қып сайлап еді. Мен өзім барсам деп те ойлап едім. Соған мені жібермей, сені таңдап алды. Ал сенің... ақтағаның осы ма? Патшалық өзіңе әкеңнен бетер жақсылық, қамқорлық панасын көрсеткенде, сенің бермегің не боп отыр? Есіңде болсын, мен мұны тек қалдырмаймын. Жаңағы жау қонағыңнан естігенім жетеді. Енді маған өкпелемегейсің, тегінде! Бедел. Сенің қолыңнан тірлік, тыныс алатын болсам, ол өмірді мен қуантар өмір демеспін. Жаппас. Сен Сарыадыр болысына бара жатқанда менің қолым жетпейтін жыраққа барам, ұзаққа кетем деп ойлайтын шығарсың, шырақай. Жоқ, оған да жететін кәріміз табылады. Тіпті, енді біразда сол Сарыадырға сен учитель - мучитель болып жүргенде, мен бір-ақ күнде болыс боп барсам, қайтесің? Қысқасы, шайқасу әлі бұл ғана болып қоймас - ақ! Жүр, Күлпаш, кеттік бұлардан. Күлпаш. Бәсе, бер солай сыбағасын, өл де маған! Болмай жатып, асуларын бұлардың.

Екеуі жөнеледі. Жылаған баланың даусы естіледі.
Бедел. Сана, балаң жылап жатыр. (Гүлжан жылайды.)
Сана. Жаңағылардың айтайынан шошып оянды - ау, жаным.

Бедел. Шошытар бұл сұмдар. Үш жасар бала Гүлжанды ғана шошытып қоймас сұмдығымен, арды да, барды да шошытар. Тек Гүлжандай жаңа гүл, жас ұрпақтар көзі ашылар заман, болса десеңші! (Қараңғылық. Жоғарыда Тарих пен Бедел). Енді қай шақ көрінеді? Тарих. Және де он бес жыл өткеннен соңғы шақ. Сарыадыр болысында сіз көп жылдар еңбек етіп, көп шәкірттер өсіріп шығарған боласыз.

Бедел. Бұл кезде де менің дос - қастарым ере жүре ме?

Тарих. Мейлінше... Сіз бұнда да солардан қас пен дос тапқан боласыз. (Сахнада тарихтың мерзімді бір беті аударылып түскендей болды.) Көз салыңыз, бағыңыз! Жарық сөнеді. Оқиға төменге ауысады. Төменде жартылай европаша жиылған бөлмеде Сана мен Гүлжан. Сананың биік прическасы бар, шілтерлі шәлі жамылған. Киімі жартылай орысша, жартылай қазақша, Гүлжан киімі орысша, татарша аралас.

Гүлжан. Мама, не боп жатыр? Келген кімдер? Неге келген?
Сана. Атама, қызым. Тінтумен келген.
Гүлжан. Тағы да анау Жаппас бар дей ме?
Сана. Бар.

Гүлжан. Қасындағы кімдер?

Сана. Болыс Хажен. Осы елдің атқамінер биі Жекен. Және ең қатерлі, кесірлі пристав -Шәріп деген приставты алып келісіпті.

Гүлжан. Жаппас па соларды жиып әкеп жүрген?

Сана. Анығын білмедім... Ол осы болыстағы тілмаш, писарь. Астыртын доноста соның қолы жоқ дейсің бе?

Гүлжан. Қандай донос болады?

Сана. Білмейсің бе, патшалыққа қарсы, зиянды әрекет етіп жүрген ескі учитель десе, оңай жала ма?

Гүлжан. Ол жаланың арты не болуға мүмкін, мама?
Сана. Не болушы еді? Қайда кетті Орман ағаң?
Гүлжан. Абақты... каторға... Мама, не дейсіз?

Сана. Жүрегім жаман шошиды. Құдая, сақтай гөр тек! (Бедел кіреді.) Немене, Бедел? Бедел. Не ниеттері барын андай алмадым. Бар школды астан - кестен тінтіп жүр. Ересек шәкірттерді қайта - қайта шақырып, тергеулер жасап жатыр анау пристав пен құдай ұрған Жаппас!

Сана. Сен неге қастарында болмадың?
Гүлжан. Бәсе... Папа, неге кеттіңіз?

Бедел. Мені орталарына кіргізбей: "Барып тұрыңыз, үйде тосыңыз" деген жоқ па? Хажен, Жекен, Жаппас, Шәріп, Асан, Делдал кіреді. Тағы бір топ әйелдер: Күлпаш, Шарапат, Биби. Бұлар Сана мен Гүлжанның айналасына оралады. Жаппас (Беделге). Мен саған ертеде айтып едім, Бедел. Орға жығылып барасың демеп пе ем?

Бедел. Сенің есіркеп - мүсіркеуіңе мен бүгін де құштар емеспін. Жаппас. Сен өз бетіңмен кім болсаң о бол. Орға жыққанда патшалық ашқан школаны өзіңмен қоса құлатып отырған жоқсың ба? Бедел. Ол жалған, жала... Он бес жылдан бері мен бұл школдан қазақтың жас буынынан адам шығардым. Арам сирақтар, қан сорғыштар шығарғам жоқ. Шәріп. Адам шығарғаныңыз - ұлық атаулыға, болыс - билердей елдегі инабатты адамдарға қарсы, бұзық жастар тәрбиелегеніңіз бе?

Бедел. Бұзықтық деген не өзі? Әуелі соны дұрыс түсініңіз!

Xажен. Е, ұрысы күшті болса, мал иесі өледі деп тұрсың ғой. Пристав - қасқыр, тілмаш - түлкі, болыс - борсық дегізесің. Оны және түсінбейсің деп, тағы айып таққалы тұрсың ба? Аллаңнан ойбайым тиыш дегендей... Жекен. Елдің болысын, игі жақсысын "қарашығын алады, пара жейді, жұрттың жерін, малын тартып алып, аюдай талап, пәле салады" деген сөздерді сенің шәкірттерің жазып отырған жоқ па? Бедел. Шәкірттердің не жазғанын өздерінен сұраңдар. Бұл сөздеріңді мен білмеймін.

Жаппас. Өтірік айтасың. Олар сенің ақылыңмен жазған.

Шәріп. Бұл арада саудаласатын ештеңе де жоқ. Қағаз, арыз қолымызда. Мінекей -қолымызда, мырза Бедел Бегенов. Жаппас. Қағаз қаладағы губернаторға, одан қала берді корпусқа жіберілген приговорлар. Сол орындардан мына пристав мырза Шәріпке тексеруге жіберіліп, қайтып кеп отыр. Ініңе су құйған деген осы ма, жоқ па? Бедел. Келсін! Бұнда елдің сорын қайнатып жатқан жемқорлықты, парақорлықты, қазына талағыштықты, надан, залым жауыздықты жазған екен. Ол ойдан шығарылған өтірік болмас. Ал рас болса, қылмысты істегенді жазаламай, ұлыққа айтып жылағанды, пана тілеп, көмек сұрағанды жазалай ма екен?

Xажен. Пана тілеу, көмек сұрау сенің міндетің бе екен?
Бедел. Оны мен жазғаным жоқ.
Жаппас. Сен жазбасаң, сенің шәкірттерің жазды. Сенің үйретуіңмен жазды.

Бедел. Мен емей, жылаған әкелері жаздырса, не дейсіндер? Тіпті сол арызды өздеріңнен зорлық көрген, жапа шеккен жылаулар жұрт басқа адвокатқа жазғызса, қайтесіңдер? Шәріп. Өзге сөздің керегі не? Бұл салғыласатын жер емес, а соттасатын жер. Әңгіме кім жазғанында ғой. Арызды жазған балалардың қолдарын таптық біз қазір. Бұны жазған сіздің үлкен шәкіртіңіз Уәлиев Мұстафа. Бекер деңізші кәне осыны? (Бедел үндемейді.)

Бедел. Бала... жас баланы тергеп, шатастырып ұяттарың кәне?
Шәріп. Шақыр, келтір баланы - Уәлиевті.
Стражник Мұстафаны ертіп кіреді.

Жаппас (орысша Шәріпке). Давай говорить с ним по - русски... (Мұстафаға.) Ты давно учишься в этой школе?

Мұстафа. Я?.. Штыре... штыры год!
Шәріп. Aha... ну, какие ты книги читаешь?

Мұстафа. Какой?.. Псяки кнега... много кнега. Учитель Бедел ага дабал, ми читал.

Жаппас. Хорошо. А ну - ка скажи, как зовут нашего царя государя?
Мұстафа. Сарь? Сарь император... Николай Раманып.

Жаппас. Разве так надо величать? Ты не знаешь? И тебя не учили этому? Ну вспомни! (Түрегеп.) Его императорское высочество государь император Николай Александрович самодержавец всероссийский, царь польский, великий князь финляндский, эстляндский, лифляндский, курляндский и прочая и прочая и проч - ч - ая! Вот как! А тебя не научили даже своего государя императора величать. Разве научит? Ну а ты сам написал это прошение?

Мұстафа. Сам, я сам.
Шәріп. Но ведь ты не знаешь так хорошо по- русски.
Мұстафа. Пошему не писать? Знаю, псе знаю.
Шәріп. Разве не видно, что ты плохо говоришь по- русски.

Мұстафа. Говорю не хорошо, а шитаю, писаю. А- а, пишу хорошо.
Жаппас. Жә, болды... Бара берсін.
Шәріп. Бар, жетті!

Жаппас. Мына бала тек қана көшіруші екенін көрдің бе? Арыздағы сөздерді жазарлық орысша тілді білмейді. (Беделге.) Осы арыздың шорновайын жазып беріп отырған сен емей, кім ғой дейсің? Xажен. Бәрекелді, сөз бітті, ендеше! Балық басынан шіриді. Айып ат мініп, түйе жетелеп келмейді, ұсталған деген осы. Патшалықтың дұшпаны деп жасаңдар қазір приговорды! Жекен. Міне, байлау кеп осыған соқты, мырза Бедел. Енді суға кеткен тал қармайдыны ойламасаң, бас кеткен деген осы! Жаппас. Емексітпе, Жекен би! Бұның тілегені осы болатын. Баяғыда, дәл он бес жыл бұрын айтқамын. Сандырақтамай, аппақ кісімсіп әулиесімей, өзіміздей жұрт жүрген жөнмен жүр дегем. Қиқандасаң, өмір бойы сыртыңнан ізіңді бағамын да, ініңе су құямын да отырам дегем. Осы сөздер кезінде Күлпаш пен Сана, Шарапат, Биби арасында сыбырмен ұрысқандай бүлініскен оңаша күбір, қимылдар жүріп жатады. Бедел (Жаппасқа). Рас айтасың, өмір бойға қара ниетпен, менің қара көлеңкемдей еріп жүрген жауыз жан сен болатынсың. Сыбағаңа соны ал да, жетісе бер! Шәріп. Бітті шаруа! Жектіріңдер атты! Алып кетеміз учительді қалаға, тергеуге! (Хажен, Жаппас, Шәріп қозғала береді. Жекен Беделдің қасында, Делдал, Асан - үшеуі оны қоршап қалады.) Жекен (Беделге). Азамат Бедел, күн райы бұзылды ғой, көріп тұрсың. Мен жаңағылардың бетінен шошып қалдым.

Асан. Бәсе, биеке, дұрыс айтасың. Аямасқа кетті ғой әлгілер. Делдал. Кімді аяйды дейсіз! Талайлардың осылай үнін өшіріп, көзін жойып келе жатқан ұялас бөрідей топ емес пе! Жекен. Аямайды. Бірақ бір тұстан аңғарын байқағаным, аужайын түйгенім бар еді, Бедел. Балта шапқанша дөңбек жал табат та. Жаппас аузына келгенін көки береді ғой. Тегі, сөздің тетігі пристав Шәріп пен жаңағы Хажен болыста емес пе? Қиын да болса, осыларды тоқтатар пара тапсам, болар ма? Асан. Ойпыр - ау, айтсаңызшы! Азамат жанын тым құрыса сіз қорғасаңызшы, биеке! Делдал. Бәсе, ел емес пе? Елдің намысы, ары деген бар еді ғой. Тым құрыса аралық, арашашы сөз айтып көрсеңізші! Жекен. Жер тығыз, күн бұзылды. Іркіп айтар, баптап сөйлер кез емес, Бедел мырза! Көсеу ұзын болса, қол күймейді. Пристав тоқтаймын десе, жаңағы қағаздарды ұстап қаларлық құдіреті бар көрінеді ғой.

Асан. Немен қалдырар еді?
Делдал. Не деп қалдырар екен?

Жекен. Аужайын түйіп қалдым, Бедел мырза. Мынау пристав өзі соншалық мосқал тартқан кісі емес қой. Биыл әйелі өліп, үйі қаңырап тұрған көрінеді. Ұзын арқан - кең тұсау осының өзі бола ма деп тұрмын. Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма дегендей ұйғарғанды айтайын. Бедел мырза, жетіп отырған балапаныңыз бар. Басы бос екен мынау Гүлжан балаңның. Пристав болса, о да жеткен адам, оқыған жігіт, осымен іштей табыс та ұғыс дер едім. Бедел (үндемей, отырған жерінен атқып тұрады). Тоқтат, шығарма бұдан әрі үніңді, Жекен би! Бұл қорлыққа көнгенше, өлсемші бұл сұмдықты естігенше! Шық! Бар, жөнел! Жөнеліңдер сұмдарыңның ізімен! Шық үйімнен!

Билер кетеді.

Күлпаш (Санаға). Сорлы Сана, неғыласың, шабыңа от түскендей шапшысаң да, шаптықсаң да көнесің! Айттым ғой: не өлесің, не көнесің осыған! Сана. Аулақ бол, аулақ жүр! Құрып кетсін сенің ақылың! Қор болған басым. Асыл жаным, Гүлжаным!.. Аулақ қана жүрші менен, Күлпаш!

Биби. Ойлансаңызшы бірақ, Сана - ау!..

Шарапат. Кімнің басынан кешпеген? Қайсынымыз әуелде ерге барамыз деп сұранып едік? Береміз дейтін де, беріп жіберетін емес пе еді, аталар мен аналар? Биби. Жыласаңыз да, күйіп - өртенсеңіз де, өлмеймін десеңіздер, көнесіз ғой, байғұс Сана!

Сана. Құрып кетсін ақылдарың! Жөнеліңдер, көнерім жоқ, ырзалығым жоқ менің!
Күлпаш. Сорың қайнағанда көресің ақылымның артығын.
Әйелдер кетеді. Сана екінші бөлмеден Беделге қарай ұмтылады.
Сана. Естідің бе, білдің бе сұмдық ниеттерін?!

Бедел. Білдің бе, сен де білдің бе, сорлы жарым?.. Сорға біткен балам! Кімнің басы кімнің саудасына түскен сұм заман еді... мынау сұмдық заман?! Сана. Өлсем еттім, тірідей қара жерге кірсем еттім, мұндай қорлық күнге жеткенше! Екеуі екі жерде жылап отырысып қалады. Қараңғылық. Жарық жоғарыда. Тарих пен Бедел.

Бедел. Жаңағы көрген жайға мен бастан - аяқ дау айтар едім.
Тарих. Не деп айтар едіңіз?

Бедел. Сауаты бар, ерте оянған адам өзін соншалық тұсауға салғызып, қорлық қамауға алғызбау керек. Тарих. Рас, ол тек қана дәреже, шен, жалақы дегендерге құл болған адам болса, сіздің айтқаныңыз дұрыс болады. Бедел. Өзі ғана емес, әйелі, қызына шейін соншалық қорлыққа, зорлыққа қамалуы ұшқары тәрізденеді. Тарих. Бұрынғы уақытта өзі де, әйелі де, тіпті әке - шешесі, іні - қарындастары да абақты кететін, каторгіге айдалатын бір туған жандар аз болып па еді? Солар өз бастарының кемдігінен, ақылы жетпегендігінен сондай болып па еді? Бедел. Бедел басынан кешіп тұрған жаңағы халге мен көп жағынан көне алмай тұрмын. Тарих. Сіз "Тарих осылай ойлайды, Тарих солай байлайды, осылай үкім етеді" деп жазған шақтарыңызда, мен сіздің қаламыңызға жармастым ба? Қолыңызды бөгедім бе? Бөгет болғам жоқ - ты! Рас емес пе еді?

Бедел (көніп). Рас, бөгегеніңізді сезген емеспін.

Тарих. Бәсе... Енді аз жылдан сон, Бедел басынан сол бағытта не кешті, соны көреміз. Бағыңыз!

Шам төменге ауысады. Онда Гүлжан мен Делдал.
Делдал. Басында қалай, қайтіп қана түсіп қалғансың осы адамдар торына?
Гүлжан. Папам үшін түспедім бе?
Делдал. Бәсе, сол күнде көніп пе едің?

Гүлжан. Сол күні несі? Бір күн де көнген емеспін ішімнен. Тек әкемді абақтыдан, анамды қорлық азаптан құтқарам деп, жаманшылықты солар басынан тайдырам ба деп, уақытша "сөйлессін, көрейік" деген едім ғой. Делдал. Сол күнде сені "көніпті", "Шәріп алатын болыпты" деген сөз шықты ғой. Мен содан үркіп кетпедім бе? Гүлжан. Ол Жаппас пен Күлпаштың әдейі шығарған лақабы. Әрі соған бізді мойындата берем, көндірем деген ұйғаруы емес пе еді? Делдал. Менің саған деген көңілім... Гүлжан... жай ғана құрбының, замандастың тілеулестік көңілі емес. Мен сол күндерде сен үшін басым кетсе - бармын деп жүрген жан едім ғой...

Гүлжан. Неге кешіктің, ендеше? Неге сол күнде сездірмедің маған? Делдал. Мен сездіргенше, өзгелер жолымды кескен жоқ па? Бүгін, міне, жаңа естіп келдім, болыс бар, Жаппас пен анау айлакер би Жекен бар - барлығы Шәріпті ортаға алып, сені алып кеткелі келе жатыр. Соны хабарлай келдім. Сезгендерің бар ма? Гүлжан. Анам естіпті. Қазір папам екеуі өлердей ауыр қуса да, өртенгендей күйде отыр. Мен де жеттім жетер шегіне!.. Делдал. Күйді не, жанды не! Оқыған әке - шешенің оқыған қызы бола тура, сенің осындай болып кеткеніңнен де өлген артық еді! Гүлжан. Шын айттың... Удай болса да, барлық дұрыс, шынды айттың. Менің сол күйге жетіп тұрған жайым бар. Жаның құрбы жас едің. Ең соңғы байлау алдында жалғыз ғана өтінішім болсын, өмірлік тілегім, зарым болсын, алып кетші мені бір жаққа! Екеуміздің де аз да болса оқуымыз бар. Қырдың қараңғы жасы емеспіз ғой. Әкпетші мені өмір қорлығынан, ар қорлығынан!

Делдал. Ой, жаным - ай, Гүлжан - ай... Бүгін айтатын сөз емес еді ғой бұл! Гүлжан. Не дейсің, мен осы сөзді оңайлықпен айтты деп пе ең? Сенен де естіген жауабым осы болды ма?

Делдал. Бұндайдың заманы ма? Менде не күш, не құдірет бар?

Гүлжан. А, рас... Жаңылыппын ғой. Суға кеткен тал қармайды дегенде, тал құтқармайды, бәрібір су түбіне кетеді деген мазақпен айтады екен ғой. Болды, бар ендеше... Қош, жастық, қош мәңгіге қор болған жастық!.. (Айнала беріп у ішеді. Делдал өз бетімен теріс бұрылып тұрып, Гүлжанның кінәлағанын байқамайды.) Тек қорлықтан, ар қорлығынан сендер ғана аман қал, адал, ақжандар... Әлсіз, шарасыз ғазиз ата - анам... папам... (Ауырлап, қиналып құлай береді.) Делдал. Не болды, Гүлжан - ау, не болды, жаным?! О, сұмдық, асыл жан, алтын сәуле! Не болды саған? (Ұмтыла береді.) Гүлжан (жығылған күйде). Қош, дүние!.. Қош, өгей өмір!.. Уу... Уу... (Үзіледі.) Делдал (жүгіріп). Гүлжан! Қайран сәуле, асыл жан! Қор болған мен... Көз алдымда айрылдым ба аққуымнан?.. Айыпсыз, аппақ аққуымнан... Қор... неткен қормын мен! Сана, Бедел аға!

Сана мен Бедел шығады. Бедел сауытты көреді.
Бедел. У... у... ішкен.
Делдал. Есіл асыл жар! Аққудай аппақ таза жан! (Жылайды.)
Сана. Сорлы балапаным... Ғазиз жаным, осыған жеттің бе?

Бедел. Осыған жетіп пе едің. Осы ма еді тосқаның, жауыз дүние, өгей өмір! Сұм дүние!..

Делдал шығып кетеді. Алдан соң Жаппас, Хажен, Шәріп шығады.

Делдалды ертіп Жекен келеді. Кейін Күлпаш, Шарапат, Асан, Биби дабырласып түршігіп, қатаң сөйлей жүгірісе келеді.

Дауыстар. У ішкен! Өлген?
─ Өзін өзі өлтірген дейді.
─ Неғылған сұмдық!..
─ У ішкізген шешесі де...

─ Уды тауып берген кім дейсің, әкесі емей?

Бедел. Үзілді... Бітті, кетті ұшып асыл жаным, жарығым! Жарадан да, сұм мазақ, қорлықтан да құтылдың!

Жаппас. Құтылдың дейсің бе, құтқардым демей ме екенсің?

Шәріп. Гүлжанды құтылдың дедің ғой. Ендеше, мырза Бедел Бегенов, патшалық әділ заңы бойынша ел бүлдіруші подпольщик социалист, ақ патшаның жауы - Бегенов Бедел, сен өзің тұтылдың! Xажен. Жаңа школ ішінде күзетшінің подвалына тығылған патшаға қарсы қара кітабыңның бәрі табылды. Індеріне су құйып, протоколын жасап келіп отыр мынау Шәріп пен Жаппас. Мен де екеуінің қолындағы протоколына мөрім бастым. Мінекей, қызыңның сенің ақылыңмен жеткені сол болса, өзіңнің ез қылығыңнан тапқаның мынау. Шәріп (жаңа кірген стражниктерге). Алыңдар, тұтқынға мынау Бегенов қылмыстыны!.. (Беделді ареске алады.)

ШЫМЫЛДЫҚ

ҮШІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Жоғарыда Тарих пен Бедел.
Бедел. Енді қай дәуірге ауыстық?
Тарих. Енді сіздің Октябрьден бергі шынға жақын өміріңізге ауыстық.
Бедел. Қай шақтан бастап, қай кезді шоламыз?

Тарих. Қазір сіз де, Сана да Москва университетін бітіргенсіздер. Мүмкін, сізге қазір көмескі бұлдыр тартқан, ұмытылған жайлар да, ойлар да болар. Бағыңыз. Қараңғылық. Төменде желісті, көркем мәдениет сарайының көп колонналы фойесі. Әріректе кітапхана. Оқушылар. Зал ішінде Орман мен Сана сөйлесіп келе жатады. Орман. Мына мақалада мол еңбек, білім сезіледі. Мен кешеден бері кітапханаға әдейі осы еңбектеріңізді оқуға келіп, бүгін бітірдім. Екеуіңізге де қатты ырзамын. Сана. Орман аға, бұндағы еңбектің көбі Беделдікі. Оз жақыным дегендік емес, Бедел шын мағынасында ғылым адамы болып келеді. Бұны осы Москвадағы біздің саладағы ірі оқымысты орыс адамдары да айта бастады.

Бедел кіреді.

Орман. Мен сіздің екеуіңізге де енді сіздер ірі мақсат етіп, соңына түсерлік бір өнімді өpіc, ойлар бар екенін ескертер едім.

Бедел. Айтыңыз, Орман аға!

Орман. Сіздер Россия тарихының арнаулы дәуірлерін зерттеп, мол білім алдыңыздар. Ғылымдық осы тәжірибе әдісті бұдан былай қалай, қайда қолданбақсыздар?

Сана. Әрине, біз ез мамандығымыз бойынша шұғылданамыз да.
Орман. Рас, ол дұрыс. Бірақ отандық кең ғылым сіздерге артар міндет бар.
Бедел. Ол қандай міндет?

Орман. Біздің бар халықтар туысқан, тең күйде социалистік жаңа мәдениетін жасап келеді, солай ма?

Сана. Әрине, солай!

Орман. Бар салада халықтар, тарихтар алтын дәуір - возрождениесін бастағалы отыр. Бастап та жатыр. Солай болса, сіздер өз біліміңізді енді оз халқыңыздың, туған өлкеңіздің өткен шағы мен бүгінгі жайын зерттеуге арнауыңыз қажет емес пе?

Жаппас пен Күлпаш келеді.
Жаппас. А, мен Беделді іздеп ем. Бұнда бір үйір туыстар отыр екен ғой...
Орман. Сіз де келіп сол үйірге қосылыңыз.

Жаппас. Айта беріңіз. Сіз бір келелі кеңес сөйлеп отырған тәрізді едіңіз ғой.

Күлпаш. Біз әлде оңаша сөздеріне бөгет болармыз.

Орман. Оңаша емес, сіздер де еститін сөз. Отырыңыздар. Естуімше, сіз де биыл оку бітірдіңіз ғой.

Жаппас. Иә, мына Бедел оқыған факультетте мен де оқыдым
Орман. Келін де... Жолдасыңыз да солай оқып па еді?

Күлпаш. Жоқ, ағай. Мені ондай көп оқыған шығар деп сезіктенбей - ақ қойыңыз. Біз оқымай, тоқыған дейтін кісі боламыз. (Күледі.)

Сана (әзілмен). Бұл кісі кеудесіне тоқыған.
Күлпаш. Иә, біз сол кеудеге жиған кісіміз.

Орман (күліп). Түу... барша адамзат ақыл - есті басқа жиюшы еді. Сіздің ақылыңыз кеудеңізде болғаны керемет екен, ә?

Жаппас. Ал, ағай, жаңағы сөзіңізді айта беріңіз!

Орман. Айтсам, мына тарихшы бола бастаған достарға мен совет ғалымы боп, өз халқыңыз қазақтың тарихын жазыңыз деймін. Қазақстан аталған өлкенің бағы замандардан бергі шаруашылық тарихын, қоғамдық тарихтық өсу жолдарын, рухани мәдениетін, өзінше өнер дегенін және есею тарихын кең зерттеңіз деймін. Жаппас. Қызық ой екен... Бірақ біздің революция үшін, большевик партиясының бүгінгі міндеттері үшін бұның қандай қажеті болды екен? Бедел. Қажеті неге болмасын? Біз қазір революцияның алғашқы жылдарында өмір кешеміз. Жақын уақыттың өзінде Россия тарихы енді революциялық ғылымның тұрғысынан қайта жазылатын болады. Сонда орыс тарихы ғана болып жазылмайды, бүкіл советтік көп ұлтты, көп өлкелі мемлекеттің кең тарихы деп жазылатын болады. Орман. Міне, дұрыс айтасыз. Менің де айтпағым осы жайлы. Сол бүкіл советтің, бүкіл отандық болашақ тарихтың Қазақстанға арналған саласын, зор бөлімін сіздер жазатын болуларыңыз керек. Соны және осы күннен бастау шарт. Не дейсіз, Бедел?

Бедел. Бұл жөнде Сана екеуміз екі жақтап аса коп деректер жидық. Орман. Міне, ендеше бар күшіңіз, уақыт пен қуат, біліміңіз осыған жұмсалу қажет. Бұны және революциялық советтік ғылымның ең асыл міндеті деп түсіну шарт!

Жаппас. Апыр - ау, солай деңіздер... Тыңдаймын, да аң - таң қаламын!..
Сана. Иә, неліктен?

Жаппас. Осы сөзді сөйлеп отырған кісілер де өздерін большевикпіз дейді- ау, ә?

Бедел. Ал, не боп қапты? Большевикпіз демейтін несі бар екен? Жаппас. Көріп отырмын, танып тұрмын. Бұл сөздің түбі қайда апара жатыр? Қандай тон жамылып келіп, айлалы зиянға соғатын жол екенін жазбай әшкерелегелі тұрмын. Орман. Сіз немене өзіңіз, арзаннан, оңайдан олжа тауып жүрген кісісіз бе, не демексіз? Жаппас. Сіз де шалмай сөйлеңіз. Мен, тегі, сынымды ірікпейтін, кімге болсын сорақысын бетіне бірден басатын кісімін... Орман. Е, тік басып жүрген таразымын деңіз. Сорақыны таптыңыз. Бәлки, қылмысты да қосарсыз. Айтып көріңізші. Жаппас. Айтсам, большевиктік революцияның бірден - бір міндеті: ұлттық өзгешеліктерді айқындай беруге, сүйреп сала беруге бағытталмақ емес. Жақында халықтар бәрі табысады. Ұлттық тарихта рухани анау - мынау дегендерге ақыл жұмсау, күш болу арам. Осының түбі өзге емес, кеше ғана Қазақстанға, қазақ халқына бар кесірін тигізген, бүгін де арылып болмаған оңбаған ұлтшылдыққа апарып соғады. Білдіңіз бе, контрреволюциялық ұлтшылдыққа апарып соғады. Орман. Е - е, сонда Қазақстанда, Украинада, Грузияда ашылып жатқан ұлт тіліндегі мектептер, баспасөздер, барлық жаңа социалистік мәдениет керексіз, теріс істеліп жатыр демексіз бе? Үкімет шараларын, партия қарарларын ревизияға алып, қайта бұздырмақ боласыз ба? Жаппас. Қорқытпаңыз. Ондай демагогияңыздан ықтайтын кісі Жаппас емес. Тура тұрыңыз, мен бәрін айтып берейін. Сіз қазақтың тарихын жазу керек дейсіз ғой мына Беделге?

Орман. Әрине, жазу керек. Ол қасиетті міндет деймін.

Жаппас. Қасиет емес, залалға соғатын, біздердей жас адамдарды партия жолынан анық теріске бұрып әкететін бет нұсқап отырсыз. Бедел. Әй, Жаппас, сен осы... адамды жалаламай, қараламай, ылғи жел жағына шығып алып күл шашпай - ақ сөйлесең болмай ма? Жаппас. Ә, сен солай дейсің бе? Сенің де мүйізің неден сырқырап тұрғанын көріп отырмын. Айтайын кәне, тұра тұр!

Сана. Айтқызыңдаршы, бәсе.
Күлпаш. Әй, Жаппас, немене, мыналар саған жабыла түскені несі жан- жағынан?
Орман. Айтсын. Айтыңызшы кәне, жігітім?

Жаппас. Айтсам, қазақтай түк қасиеті, тарихы болмаған елдің тарихын жазам деп әлдеқандай қоқсығы - бықсығын бұлдайтын боласың. Қазақтай халықтардың тарихында мақтауға, мадақтауға тұрарлық түк те жоқ. Біздің тарихымыз Октябрьден кейін, коммунистік сананың, партиялық жолдың бойында ғана жасалады. Сол болады. Өткеннің бізге түкке керегі жоқ. Біздің революцияның қолдауына тұрарлық адамдар қазақ сияқты азиялық, патриархалдық надан елде болған емес. Қарасы өшкір, хандықты мақтайсың ба, қара күш, қара тоқпақ биді ақтайсың ба? Әлде өнерсіз, білімсіз оқымаған көрбала небір домбырашыны, өлеңшіні әй, пәлі - ай деп езеурейсің бе? Ондайды мадақтаймын деп жүріп, барып тұрған ұлтшылдық, идеализацияға жетесің. Партияға, советке залалды дәріптеушілікке жетесің. Орман. Е- е... сіздің сөзіңізді естіп қалдық. Бұған дау айту арам шығын. Уақыты болса, мына Бедел сөйлессін. Мен сізбен сөйлеспеймін де!

Кете береді.

Бедел. Сен өзің ғылымдық жайда жай ойласу, сөйлесу орнына төбелеске бергісіз жанжалды ғана жақтап жүресің - ау. Не деген ұрыншақсың! Жаппас. Ә, сен менімен құрбылас, қатар оқығаныңды сылтау ғып осылайша тұрпайы түрде жаманат жаққың келеді ғой маған. Мен болсам шынды айтам. Сенімен бірге оқуын оқығамын, бірақ идеялық, негізгі жайда, партиялық қарызымызды ойлағанда мен сенің оны - мұныңа қарамаймын. Тек жаңағы айтқан жолға басып көр, соңыңнан қалмайтын сыншың да, қарсы адамың да мен өзім боламын. Сана. Сен ғылымда айтысып, қатар іздену, зерттеу орнына Беделдің соңына ғана түсуді кәсіп етем деймісің? Жетіскенің біреудің соңында жүріп жем іздеу ме? Жаппас. Соңында дейсің ғой, жоқ соңында емес, сенің Беделің жүрмейтін жоғары жерден-ақ сол айтқанымды орындармын. Сертіме жетермін. Ұйыстырушы, басшы қызметте болсам не дейсің? Ер болсаң, осыған қарсылық айтып көрші. Бедел. Мен сенің әлдебір орынға сайланғаныңнан жасқанып, ғылымдық зерттеуден қорғанады деп пе ең? Серт десең серт болсын. Ойыма алған, дұрыс деген ғылымдық жолға кәміл санаммен кірісермін де, ілгері басармын. Тек бөгет болып қор. Сен де біліп қой осыны!

Жаппас. Білдім... Қай жерден қалай тосқанымды көріп ал енді! Жүр, Күлпаш!
Олар кетеді.

Сана. Сен де жүр, Бедел. Детсадқа барып, Гүлжанды алып үйге қайталық. Жаладан тыс, бақытты бала буын дәуренін күтіп, соған қарай басайық. Татымсыздың тастаған жамандық тасынан жалтарамыз деп түскеміз жоқ бұл ғылымның жолына. Жүр, көріп алдық, серт болса серт болсын! Әкпел білекке сүйе білекті. (Кетісе беріседі).

ШЫМЫJІДЫҚ

Төртінші сурет
Жоғарғы жарық ішінде Тарих пен Бедел.
Бедел. Енді қай шақ? Тағы нелер көреміз?

Тарих. Он бес жыл өткеннен кейін сіздің басыңызға түскен бір қысылшаң шақты шолып өтеміз.

Бедел. Тағы да шытырман ба? Оның заманы емес қой!
Тарих. Оның заманы емес. Барлық жай басқа күй, басқа сипатта болады.
Бедел. Ескінің қалдығы сипатында ма?

Тарих. Ол аяқтан алған шағында "қалдық" деп аталса да, талай жанды азапқа да, бейнет пен қазаға да ұшыратуға жараған қырсық. Соны ескеріңіз, бағыңыз! Жарық төменге түседі. Төмендегі декорация - екі буын. Бәрі де мол залдың кіре беріс қылуары. Бұл тұстан арыға қарай өтіп жатқандар байқалады. Арғы төрде мол жарықты үлкен зал. Кулуарда Санаға, Жаппасқа, Күлпашқа ұшырасады. Сана. Жаппас, өмір бойғы көкейіңді тескені Беделге мол қастық жасау еді. Тек арманыңнан шығып қал! Күлпаш. Е, осы не қып жүр, Сана? Мен қасында жүргенмен, көп кілтипанын андамай қалам, айтшы осы маған да? Сана. Бедел еңбек етіп, кітаптан соң кітап шығарып, ғылым ізерлеп, қажып - талып жүрсе, Жаппас Беделдің әр шақтағы еңбегіне жармасып, жала жабумен қажып - талып жүрген жоқ па? Сол жайын ұққанымды айтып тұрғам жоқ па? Жаппас. Сана, сенің де өйтіп еркінситін, кекеп, мұқайтын шағың емес. Әуелі өз басың бүгін Беделдің қатесінен арылып, бірге кінәлап шығасың ба, соны айт!

Сана. Менің не дейтінімді естисің ғой. Асыққаның не?
Жаппас. Асыққан емес, арылғаным! Сақтандырғаным, білдің бе?

Күлпаш. Сонда ерінен жарын айыра сөйлемексің, осының да достығым демексің бе?

Сана. Арылғаным деп тұр ғой! Айтқаныңды ақтамасам, қайтпексің? Жаппас. Онда бір айдан соң буржуаздық ұлтшылдың көмекшісі боп өзің де талқыға түсесің!

Сана. Мені қорқады, жасып ықтайды деп зәрің мен кәріңді қадап тұрсың ба?
Жаппас. Қорықпасаң, егесіп көр! Шығаршы қазір үніңді!

Сана. Жалақормен жарасып күн көргенше, ақтық жолда өлісіп бағармыз. Аулақ бол менен! Тыңдамаймын сөзіңді! (Залға кетеді.)

Күлпаш. Ал керек болса! Тілеуің бергір, Сана, айызымды қандырды - ау. Жаппас. Сен немене? Азғалы жүрсің бе, сен де! Буржуаздық ұлтшылдарға қимаң қышып неғып барасың өзің... байқа, бәлем! Күлпаш. Е, мені де халық жауына жаз сөйтіп... Торымаған, жалаламаған жан қалдырма маңында.

Жаппас. Байқа, байқап сөйле, қатын! Ұлтшыл тек тарихшыдан шықпайды. Күлпаш. Қойшы әрі, жалмауыз деген жақсы атақ емес деп жалмай бермей жан біткенді.

Хажен, Жекен, Шәріп шығады.

Жаппас. Ректор жолдас, зиянды профессорды қорғаштап, бүркемелеп созып - созып келуіңіз жетті. Енді бүгін бет ашып, ашық сынға толық жол бересіз. Бұл сөзді мен, декан жолдас Жекен сізге және бүгінгі ғылымдық кеңес бастығы, құрметті жолдас Шәріп, сізге де жолдап тұрмын. Не дейсіздер? Xажен. Ең әуелі біз жиылыс ашқалы тұрмыз. Оны білесіз. Одан әрі "бет ашып, жол бересіз" деп алдын ала бұқтырып, ықтырмай - ақ қоя тұрыңыз, Жаппас жолдас. Жекен. Бәсе, осы жиылысты сіздің мақалаңыз жөнінен шақырып отырмыз. Алдын ала одан әрі не тілемексіз? Шәріп. Күн тәртібіндегі мәселенің өзі сол - ақ, біреу - ақ. Мақалаңыз шыққалы бір ай өткелі жар құлағыңыз жастыққа тимей, сіздің тілегеніңіз сол еді ғой. Ал, міне, мақалаңыз талқыланады. Жаппас. "Талқыланады" дейсіз бе? Оныңызды қалай ұғынайық? Әлде біреулерге қарсы пікір айтуды да ұйыстырып жүрген боларсыздар?

Xажен. Сіз немене, жиылыстың аузын буғыңыз келе ме?

Жаппас. Ректор жолдас, ашық айтайын, сіздің көмейіңіз күлкілдеп күмілжи беретініңіз бар екен. Менің мақалам шыққалы табан бір ай болса да, содан бері үн қатпай залалды лекцияларын оқудан Бегеновты тыймай келгеніңіз тегін болмас, сірә! Бүгін осы жайлы әшкерелеп отырған мақаламды және талқылауға, тартқыға салғызбақ боласыз ба? Xажен. Сіз домбытбалап, қара борандатып, бүкіл институт коллективін үркітіп, ықтырып алмақ боласыз ба? Жекен. Мақалаңызды бұнда ойласып, салғастырып ұғынсын ба, жоқ, тек қана директива деп қабыл алмақ па? Қылмыс заңының белгілі статьясын қабылдататындай дігір саласыз. Өзіңіз бізбен әмірші, бұйрық беруші тәрізді сөйлесетініңіз қалай осы. Жаппас. Бәсе... мен осы тұрған үшеуіңіздің де осылай қыңыр жайылатындарыңызды сезіп тұр ем бағанадан. Білемін, Бегенов жалғыз емес, оны әшкерелетпей, қанат астында паналатып, оның үстінен бәйек болып, жабыла бүр кесіп, жабыла қорғаштап жүргендер бар екені де айқын. Олар кімдер екені маған тағы да айқын. Мен қазір кесер сөзімді айтам. Мақалам талқыланбайды! Жиылысты осы айтқан бағытта өткізу үшеуіңіздің міндетіңіз. Маған осы жөннен жауап айтыңыздар. Xажен. Менің де кесер сөзім сол. Жиылыс өзінің дағдылы, заңды еркін жолымен жүреді. Сынайтынды сынайды, мінейтінді мінейді. Сіздің тізеңізден, қоқан -лоқыңыздан ықпайды. Жаппас. Ал мен тағы да соңғы рет есіңізге салайын, дәл бүгін не Бегеновты әшкерелеп шығасыздар, не осы ғылым кеңесінің дәл осы арада абыройын төгесіздер. Жекен. Біздің басымызға аспанды тастап жіберетіндей күш - құдіретті кім берген осы сізге? Әлек сала сөйлейтін ерекше күшіңізді айта түссеңіз қайтеді? Жаппас. Әлек - сәлегім сол болсын, біліп алыңыздар, жаңағы айтқаным орындалмайтын болса, енді бір айдан соң буржуаздық ұлтшылға, қаны шыққан қаскөйге, зиянкес ғалымсымаққа көмектес болғандықтан әрқайсыңыз жеке - жеке де сол Бегеновше жауапқа тартылатын боласыз. Сөзім сол - ақ! Бастаңыз ана жиылысыңызды. Жүр, Күлпаш, залға жүр!

Әйелімен кетеді. Асан, Биби, Шарапат келеді.
Асан. Немене, жиналыс бір ауыр, ұнамсыз жиналыс болғалы тұр ма, қалай?

Xажен. Қатты сотқар тәтті жиналысты тілемес. Бірақ алдын ала үрікпеңдер де жапырылмаңдар.

Жекен. Жаңағының өзі әр жерден шаң тастайды, қорқытады - ау, ә? Шәріп. Кеудесін ұрып тұрған жоқ па? Күш алып тұрған шағым деп күпініп тұр ғой!

Асан. Немене, өзі біздің коллектив осы іске қалай қарау керек тегі? Жекен. Қалай қараушы ек, Бедел Бегеновичке? Оннан аса шынайы үлкен ғылымдық еңбектер жазыпты. Осы институтпен бірге туып, бірге өсіпті. Тынымсыз еңбек етіп, бұрын жазылмаған қазақ тарихын сан кітап етіп жазып, жариялап келіпті. Рас, қатесі, кемшілігі жоқ емес шығар. Бірақ жалғыз, үздік ғалым адамымызды бүгін оп - оңай бауыздатып, Жаппастар тілімен айтқанда "сойғызып" қояйық па? Xажен. Қатесі жоқ емес шығар. Оны Бедел Бегенович өзі де айтпай қояды деп ойламаймын. Ал біз сын мен жаланың, қателік пен адал асыл еңбектің парқын айыра білейік. Бұндай жиналыстар біреуге ғана сын емес, жиналысқа да, жұртшылыққа да, ғылым, сапаға да сын екенін есте тұтайық. Мен институт абыройы мен беделі жөніндегі ең қымбат сыр сонда деп білемін. Бәріңнің де өз иығыңда өз ойлы бастарың бар, ар -намысты жан - жағынан түгел ойлау жол болар. Ал мен бүгін осы жиылысқа обком хатшысы, жолдас Орманды да шақырдым. Не пікірі барын алдын ала айтқан жоқ, бірақ келмек болды. Көмек күтеміз.

Шәріп. Түсінікті, жолдас директор. Жауапты ойды ескерттіңіз. Биби (Асан мен Шарапатқа). Бұл кісілер жұмбақтау сөздер айтысты ғой, біз қалай етуіміз керек екен? Асан. Түсінікті деседі. Мешкей деген жақсы атақ емес деп, үлкен газет бетінде жаманат алып жатқанның өзі де оп - оңай пәле бола қоймас. Өзім білсем, сонау нервыға тиерлік жайттардан сақтана тұрған дұрыс болар ма, қалай болар екен? Биби. Ә, сіздің аужайыңызды түйдік. Тілге ие болу керек. Ақырын, кішкентай... бұқпантайлау керек деп тұрсыз ғой. Шарапат. Үндемеген озады дейді ғой бұл кісі. Шиеленіскені құрсын, пәлесі құрсын дейтін шығар. Ал біз өзіміз жаңағы директор жолдастың бетімен берекелі қауымның біркелкі тұтас бағытымен болсақ керек. Солай емес пе, Биби? Биби. Мен Асан ағадай жасаң ағадан гөрі Шарапаттай керемет апаға ергенді мақұл көрсем керек. Әйда, кеттік!

Шарапатпен екеуі Асаннан бөліне кетіседі. Сахнада Шәріп қалған.
Делдал мен Гүлжан шығады.
Шәріп. Гүлжан, немене, сіз бүгін осында келу қажет деп білдіңіз бе?

Гүлжан. Оны қалай айттыңыз, Шәріп аға? Туған әкемнің намысы, өмірлік еңбегі сарапқа түсіп жатса, мен мұнда келмей, қайда келем? Келін боп қашып жүріп күн көрем бе? Шәріп. Жоға... айналайын! Осындай сәттердегі кейбір сәтсіз сөздер, үндерден сіздің құлағыңызды қорғағым ғана келгені. Әлде бұным жөн де емес шығар? Ағат айтсам, айып етпеңіз. Гүлжан. Әрине, бұныңыз ағат шығар, Шәріп аға. Себебі мен оранжереяда өскен үлпілдек гүл емеспін де, ондай болсам оңбаспын да. Шәріп. Жақсы айттыңыз, айналайын Гүлжан. Ал, Делдал, сіз де іштей бекінгеннің бірі боларсыз?

Делдал. Әлбетте, бос келген болмаспын.
Шәріп. Әлде, Бедел Бегеновичті қорғап, айтысқа да батыл қатысарсыз?

Делдал. Әрине, қатысамыз. Қажет болса, қорғаймыз да. Ал, сіз ғылымдық кеңес бастығы, өзіңіз қай ниетпен сұрақ салып тұр екенсіз? Шәріп. Ай, жігітім, сіз мені енді Гүлжанның көзінше өйтіп, онша торымаңыз, жолдас Бедел Бегенович пен біздің сырымыз сіз тараптан торуды, топшылауды керек етпейтін болар. Делдал (күліп). Ендеше, өзіңіз айтқандай, Гүлжанның көзінше мені сіз де Бедел Бегеновичтің пайдасына қарай шүйлемей - ақ қойыңыз.

Шәріп. Бәлі, жігіт, сіз мені түсінбепсіз.
Делдал. Ендеше, тілегеніңізді айтыңыз.

Шәріп. Бәрекелде, тілейтінім: менің мына Гүлжанмен бір ауыз ғана оңаша сөзім бар еді.

Делдал (күліп). Е, бәсе, бағанадан соны айтсаңыз етті. Мен кете берейін!
Гүлжан. Делдал, кете берсең де, мүлде кетпе менің қасымнан.
Делдал. Өйтер болсам, мені тәңір атсын да...

Гүлжан. Ендеше, дәл қасыңнан маған орын ал. Қазір жетем. (Шәріпке.) Иә, маған не айтпақ едіңіз, Шәріп аға? Шәріп (қысылғандай). Гүлжан... қымбатты асыл! Сондай сұлу, сондай нәзік, ақылды Гүлжан.. Гүлжан (тіксініп). Сіз немене, мені көз алдыңызда ұстап өлең шығарғалы тұрсыз ба? Ақындықты неғып көксей қалдыңыз! Әлде осы шақ шабыттың сәті дейсіз бе? Не айтпақсыз? Ш ә р і п. Айтпағым: алдыңғы күні конвертке салып хат жіберіп едім. Өзімнен басқа ешкімге мәлім емес - ті. Ал соның... соның жауабы. Көңіліңіз... Гүлжан... жауабыңыз не болды десем екен? Гүлжан. Сіз осындай күнде менің әкемнің басына жала, жара атаулы төніп тұрған шақты андып кеп, маған хат жазасыз. Менің жүрегімді жібітпек боласыз. Бұл не, сауда ма? Ар саудасы ма, жан саудасы ма? Шәріп. Ойпыр - ай, Гүлжан - ай, айналайын - ай, соншалық сұмдық па еді, менің өзіме сондай жазықсыз көрінген, сені жандай көрген жақсы ғана ниетім сондай сұмдық па еді? Неге соншалық қаттырақ, тұрпайырақ деп білдіңіз. Гүлжан. Тұрпайырақ дейсіз бе... Ендеше, мен сізге кесіп айтайын, бұндайлық мені қорлайтын, әсіресе осындай мезгілде, өрттей күйдіретін беймезгіл, бейпіл мінезіңізден қазір тыйылыңыз! Шәріп. Түу, Гүлжан айналайын, тек өз басынды сүйгенімнен басқа жазығым бар ма еді? Гүлжан. Айттым ғой, дәл осы арадан аяғыңызды қия баспай тұрып, бұл бөтен ниетіңізден тыйышыңыз! Болмаса, үлкен болсаңыз, үлкен бола біліңіз. Бола білмесеңіз, үлкен болмақ түгіл, бұдан көрі, лақса кәрі болыңыз да... (сақылдап күледі) мен мына алақаныммен жағыңыздан бір- ақтартамын. Өкпелемей, осыны жадыңызда сақтаңыз. Шәріп (бетін баса беріп). А - о, сақтай гөр, масқара боппын - тау. Айналайын, Гүлжантай... кеше гөр, қап - қап, кеше гөр! Залға кіреді. Паузадан соң арғы зал бері қарай айналып келеді. Онда президиум столы. Ортада Хажен, Жекен, Жаппас, бастық боп Шәріп отыр. Трибуналы сөйлеп тұрған Беделдің үні естіледі. Кейін өзі көрінеді. Жақындай береді. Бедел. Өздеріңізге мәлім, қазақ тарихы туралы менің алғаш жазған еңбегім, күрделі еңбегім бұл емес. Ұзақ көтерілісі туралы осы кітапты әзірлеу ретінде менің жазған үлкен мақалаларым одақтық журналдар бетінде әлденеше бөлімдерімен басылып келген. Оны бес жылдан бері өздеріңіз қазақ тілімен қатар орыс тілінде де оқытып келесіз. Жә, жөн емес, жалған деп қайсыңыз айттыңыз? Керек десе, мектеп ісітабына да кіргіздіңіздер. Қазақтың ақын - жазушылары болса бұл тақырыпта өлеңдер, поэмалар, повесть, пьесалар да жазып келді. Мен жаздырдым ба солардың бәріне? Ол ғана емес, Қазақстандағы көп басшы адамдар да Ұзақ оқиғасын зор бағалап, әлденеше үлкен тарихтық документтерге де жазған жоқ па еді? Жаппас. Несін айтасың оның бәрін? Олар да адасты, қателесті деп айта алмайды дейсің бе? Жоқ, соларға тығылып қорғанбақ боласың ба? Бедел. Мен ешқайда да тығылмаймын. Жазған сөзім, берген бағам қате болса, оны дұрыстап көрсеткен сындарды түсіне аламын. Бірақ менің айтпағым: бұл жөнде мен адассам, жалғыз адасқам жоқ. Қауыммен, бар жұртшылықпен бірге адастым. Жаппас. Бірге адасқан жоқсың! Сен алдымен адастың. Сен бастап адастың да, өзгелерді коса адастырдың. Қарсы шығып, әшкерелеп келе жатқан жалғыз мен емес пе ем? Сен жағаласқаннан басқа көнгенің бар ма, сірә? Қашан мойындап ең? Бедел. Сенің сыныңды мен алған емеспін. Себебі сенің сыныңның сын сиқы жоқ - ты, әрдайым советтік ғылым талабынан тыс, құрғақ жала, дәлелсіз дақпырт қана болатын. Жаппас. Сен, міне, қауымды адастырғанда осындай қыңыр, теріс, марксизмге жат, совет ғылымының партиялық міндетіне жат, бөтен мінезбен біздің қауымға әдейі қастан, залал етіп келгенсің.

Бедел. Мен мойныма алмаймын мұндай сұмдық жаланы!
Жаппас. Баспа орны сені әйгілеп, әшкерелеп отырса да алмайсың ба?
Бедел. Алмаймын! Ол баспа орнына жазып отырған сендей ғылымға жат, жалақор!

Жаппас (айғайлап). Жазыңдар мына сөзін протоколға! Авторитетті баспа орнын және жалақор дегенін жаз протоколға! Бедел. Саған ергеннің бәрі адасады, маған иланған ғылым жолымен ізденеді. Өсу -іздену деген сөз. Бір тұстағы жетпегенге келесі сатыда іздене барып жетеміз. Бір шақтағы қателік - келесі кезекте түзеледі. Біздей елдің, өлкенің маркстік - лениндік тұрақты тарихы әлі жазылып болған жоқ. Сондықтан біз кейде амалсыз адаса жүрсек те түзейміз, ізденіп өсеміз, үдеп өсеміз!.. Ал менің адал, ұзақ еңбегім - сенің кәсіп еткен күн көргішің! Сонымен өзіңнің жеміссіз, ғылымға қас, күмәнді басыңды бұлдамақ боласың. Ақтамақ боласың, жалақор басың мен жалғаншы жасынды!.. Жаппас. Тарт! Тый жыландай зәрлі тілінді! Председатель жолдас, мен осында айыпкер боп келіп пе ем, мынау қой терісін жамылған қасқыр прокурорым болмақ па еді менің? Директор жолдас, кімге қарсы, қалай сөйлетіп отырсыңдар? (Залда шу.) Мұстафа (залдан). Уа, сіз өзіңіз кімсіз осы? Бәсе, сіз кім болып, қалай - қалай сөйлейсіз осынша тыйымсыз? Жаппас. Әй, студент, тоқта сен! Сен студентсің ғой, сірә, солай ма? Айтыңыздаршы, солай ма? Мұстафа. Солай, ия, мен студент! Мен төрт жыл Бедел Бегеновичтің лекцияларын тыңдап, тәрбие алған совет студентімін. Ол адамнан біз білім алдық. Ал сізден не алмақпыз? Жалақорлық пен пәлеқорлық па? Шәріп. Тоқтат, Мұстафа Уәлиев мен сізге сөз бергем жоқ! (Қоңырау қағады. Мұстафа өз сөзін айтып болып қана тоқтайды.) Жаппас. Студент... aha... әне, көріңдер, Бегенов еккен удың жемісін! Шантаж жасатпақ, шу көтертпек болған! Танып тұрмын сен студенттің сырыңды. Басшың Бедел болса -саған не сорым. "Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көрерсің" деген осы да! Бірақ тоқтат, түге, тәртіпсіздікті.

Делдал (айғайлап). Ең әуелі сіз өзіңіз тәртіпсіздік жасамаңыз.
Биби. Айтқызыңыз Беделге, өз дәлелін!
Дауыстар. Бөлмесін Беделді! Айтсын, айтпақ дәлелдерін!

Жаппас (залға айғайлайды). Ең алдымен сендер өшіріңдер үндеріңді. Білемін, Беделдің адастырғандары аз емес. Осылай шулайсың ғой, тегі. Өрт салмақсың ғой шетіңнен?

Делдал. Өрттің бәрі бір емес. Орынды өрт те болады.
Жаппас. Не дейді? Не дедің? Жаз протоколға!
Делдал. Бәсе, жаз протоколға. Зиянды өртті өртпен өшірер болар.
Жаппас. Мен сонда... мен сонда зиянды өрт болғаным ғой, ә?

Делдал. Көкек өз атын өзі шақырады. Біз, жастар, қарсымыз Жаппас мінезіне! Жаппас. Жас... жас... жастар... Жас сенбісің? Қарғайын десем, жалғыз, қарғамайын десем, жалмауыз...

Мұстафа. Сіздің бар мораліңіз мақал екен, тегін емес қой, тегі, сол да.
Жаппас. Ә, несі бар? "Сөздің көркі - мақал, жүздің көркі - сақал!"

Мұстафа. Бәсе, "жаман сиыр соқпақшыл, жаман кісі тақпақшыл" деңіз. Әлдеқашан жүзден жойылған сақалдан, әлдеқашан тозған мақалдан мораль жиыңыз!

Жаппас. Жиса қайтеді екен?

Мұстафа. Қайтсін, сіз ескі жұртта қалған ескі мораль адамысыз. Ал біз... біз, сіз емеспіз, ескі феодалдық ауыл қалдығындай!..

Жаппас. Доғар, оскорблять... жоғал, бас бұзар!

Делдал. Бастық жолдас, біз Жаппас жолдастың сөзін оқыдық та, естіп те болдық қой. Енді Бедел Бегеновичтің сөзін аяқтауға мүмкіндік берілсе екен. Тыйылса екен бөгеттер. Болмаса осы мәжіліске обкомнан келген бәрімізге беделді, белгілі Орман жолдас отыр ортамызда. Екі күннен бері айтылар сөздер айтылды ғой. Мен осы залдағы барлық қауым атынан сол Орман жолдас сөйлесе екен деп ұсыныс айтар ем.

Дауыстаp. Дұрыс, қостаймыз.
─ Орман жолдас сөйлесін.
─ Ендігі байлау сөз сол кісіге берілсін.

Бедел. Орман жолдас сөйлейтін болса, мен де сөзімді тыйдым. Сол кісі сөйлесе, не десе мен сол байлауға тұрдым да көндім. (Трибунадан түсе береді.) Жаппас. Көнбей көр. Көнбегеніңді көрермін. Мойның астынан кеп, көріңе бірқұлақ құларсың. Шәріп (Хаженмен сыбырласып алып). Біз енді осы жиналысты басқарған тобымызбен жаңағы залдың, жұрттың даусына қосыламыз. Енді ортамызға келген қонағымыз, әдейі осы жөнде көп жайды ойласып, ізерлеп, пікір айтуға келген Орман жолдасқа сөз берсек дейміз.

Қол шапалақтау. Орман мінбеге шығады.

Орман. Жолдастар! Мен бұл жөнде бүгінгі жиналыс қана емес, ертең, я бүрсігүні болатын бұдан гөрі молырақ жиналыста кеңірек баяндама жасаймын. Ал, тегінде, ғылым мәселесін ғылымдық жоғары сапада сөйлеуіміз керек. Ол үшін дертті, індетті, зиянды қоспалардан ең алдымен осы мәжілісті де, осы мәселені де арылтып алуымыз қажет! Сөйтіп, менің айтатыным: Бедел Бегенович Ұзақ мәселесінде қандай кемшілік, қателіктер жасады деуден бұрын, бұл кісінің жиырма жылдан бергі еңбегінің бәрін біз тегіс шолып,танып шықтық! Бір осы мәселе болмаса, өзге жайлардың бәріңде ол маркстік - лениндік ғылымға Қазақстан өлкесі мен халқы туралы көп деректер берген адам. Бірақ кемшілігі, қатесі бар. Оны ертеңгі жиналыста кеңінен молайта сөйлеп, айтысамыз. Ал ғылымдық тұрғыдан кең ойланып, шешілетін осы әңгімеге бүгін өршелене жабысып, қадалып тұрған залалды бір дерт бар. Дәлелдеп айтқанда, дертті адам бар, осы залда оз аузымен жалақордың анық өштігін, қастығын танытып отырған мынау Жаппас бар! Біз Бедел Бегеновтың зор - зор құнарлы еңбектеріне әр кезде Жаппастың жабысып жала жауып, айыптаушы болып, жалған дырду жасап келгенін түгел таныдық. Бұл кісінің аты - даусыз анық, айқын жалақор. Бал адам біздің ортаның бояуын сыртына жағынып, іші ұдайы өте ескі феодалдық, ескі ауылдық пәлеқорлар дағдыларын түгел сақтаған жан!

Сахна айнала береді.

Күлпаш. Е- е, Жаппас, жұртқа пәле шақырам деп жүріп, өз басыңа өз сорыңды шақырып жүр ме ең солай... Қандай жайды ашып барады мына кісі? Сана. Жұрттың көзін ашып барады. Жаппастағы қараңғы надан қаскөйлікке нұсқап "көздеріңді ашыңдар", "таныңдар" деп тұр. Жаппас емес, саппас анау!.. Айналып бара жатқан сахнаның мінберінде Орманның соңғы қатты байлау сөзі естіліп бара жатады. Орман. Жаппас емес бұл адамның аты, қарасы батқан қас ескілік феодалдық ауыл індеті мен мерезі. Жаппас емес, жалғаншы, жалақор!..

Зал дуылдатып қол соғады. Сахна баяу айналып, қараңғылыққа қарай
ауыса береді.

ШЫМЫЛДЫҚ

Бесінші сурет

Жоғарыда жарық ішінде Тарих пен Бедел.
Бедел. Сіз тыңдар болсаңыз, менің енді бірталай дауларым бар.
Тарих. Қай жөнде?
Бедел. Осы соңғы дәуірдегі халдер мен жандар жөнінде.

Тарих. Қандай дау айтасыз?

Бедел. Бір дәуірдегі хазірет Хажен, қазір институт директоры болғаны қалай? Қисыны ма осы? Шәріп пен Жекен жайы да сондай! Ол замандағы хазіреттен бұл күнде не қылса да директор ғалым шығуы шарт па? Тарих. Ең әуелі сіз жаңсақ айтасыз. Директор бұрынғы хазіреттен шыққан жоқ, декан халфе де болған емес. Профессор Бедел, сіз өзіңіз де молла болған жоқ едіңіз ғой... болмағансыз. Ал бірақ Ұлы Октябрь болмаса, кім біледі, бәлки, болар да едіңіз. Сіз бен біз болғанды ғана емес, болуға мүмкінді де болжамақ емес пе ек? Бедел. Түсінікті. Рас, болған тағдыр емес. Өзге бір қоғамдық шартта басқа түсерлік тағдырлар көрінеді дейік. Бірақ сонда да осындайлық оқшау, шалғай күйлерді неге алдық? Соншалық жат, бөтен жау жеміт хазірет, болыс, жалаң қылыш пристав не қажет? Солардың сорлы күйкі күнә, сұмдығы кімге дәрі? Тарих. Оларды біз әдейі алдық. Адамзатты социалистік тәрбиемен түзеудің құдіреті қандайлық зор екенін аңдау үшін алдық. Октябрьдің ғажап сыры сонда емес пе? Феодализм, капитализм дәуірінде халыққа жау, жат боларлық жандарды да Октябрь социализм орнатысуға қатарға қосқан жоқ па? Бұл адамдар да соны танытады. Ерді қанаттандырып, ел қуатын жамырата өрбітіп отырып, революция адам ішіндегі аз жақсылықты алып жақсылыққа жеткізді, ал барлық ерсі мен қарсыны жеңді де, жойды емес пе? Тарих диалектикасы осылай. Адам мінезі мен тағдырының диалектикасы осында. Бұны бүркеп, ірку қатты қыстың артынан аяулы жаз келерін жасырудай. Революцияның нұр күні тоңдарды жібітіп, мұздарды еріте отырып адамзат көктемін әкелгені кәне!.. Жарық сөнеді. Төменде алдыңғы фойе мен зал. Хажен, Жекен, Шәріп, Шарапат, Күлпаш, Биби шығысады. Әрқайсылары топ телеграмма ұстап келеді. Жекен. Қандай көп құттықтау телеграмдар келген! Бедел Бегеновичтің еңбегі молдығын қасында жүрген біздер ғана білеміз десек, ұлы Отанның қаншалық қалың жұрт, көп орталары білген? Xажен. Әр қаланың телеграмдарын жеке жіктедіңіздер ме? Қазір салтанатты мәжілісте, ең болмаса, қай қаладан қанша құттықтаулар келгенін айтатын болайық деп ем ғой! Декан жолдас, тапсырып па едіңіз, бұл жұмысты?

Жекен. Тапсырғам, директор жолдас, қазір!
Хажен. Кәне, кімде қай қалалар бар?

Шәріп. Менде, міне, қалың бір топ Москва телеграмдары. Мына қолымда Ленинград телеграмдары.

Декан. Менің өзімде де, міне, Киевтен, Ташкенттен!
Биби. Менде Тбилиси, Ереваннан.
Асан. Менде Ашхабад, Сталинабад, Фрунзеден!
Шарапат. Менде Қазаннан, Уфадан.

Хажен. Осының бәрі Бедел Бегеновичтің талай том кітаптарын орыс тілінде оқып, құрметпен құттықтаулар жібергелі отырған тарихшылардың телеграмдары. Тарихтық институттардан, академиялардан, университеттер мен педагогтік институттардан! Тарихты зерттейтін баспа орындарынан - шартараптан да көптен келіп жатыр. Жекен. Бәсе, бұ не деген жақсы белгі? Біздегі ғылымның өскені, сол ғылымды тудырып өсіруші қазақ оқымыстыларының аттары, еңбектері шынымен Одақ көлемінде даусыз танығаны, бағаланғаны ғой!

Шәріп. Бұл бір кісінің құрметі емес!
Сана шығады.
Xажен. Бір адамның мақтаны емес.
Шәріп. Бар ғылым майданымыздың түгел мақтаны.

Биби (Санаға). Сіз осы қуанышты кеудеңізге қалай ғана тып- тыныш сыйғызып жүрсіз!..

Сана. Неге олай дедіңіз, Биби! Менің қайтуім керек еді?
Асан. Тіпті біздің де қуанышымыз қойнымызға сыймайды.
Шарапат. Тыным таппай рақатта жүргеміз жоқ па?

Хажен. Өзіміздің алдыңғы қатар саналы жұртшылықтың және жас атаулының, тіпті жалпы халыктың қуанышы қандай десеңізші! Әне, анау зал іші шат - шадыман шулаған жұртқа толып келеді! Қаптаған гүлдер, сыйлар!

Жүріңіздер, Бедел Бегеновичті ортаға алайық, солай шығайық!
Олар қозғала береді. Делдал мен Гүлжан шығады.

Гүлжан. Сіз, міне, қорғап та болдыңыз, кұттықтаймын! Қандай тамаша болған. Бүгінге дәлдеп қорғағаныңыз қаңдай жақсы. Делдал. Несін айтасыз! Өзім де осы Бедел Бегеновичтің аса құрметті мерекесі күнінде сол кісінің қуанышына, табысына еңбек үлесімді қосқандай болғаныма соншалық қуанам! (Сана келеді.) Сана. Қайырлы болсын, Делдал. Жақсы қорғадыңыз диссертацияны! Құттықтаймын. Үлкен жеңіс, табысыңызбен құттықтаймын.

Делдал. Сіздің де кітабыңыз бүгін баспадан шықты. Өзіңізді де құттықтаймын. Гүлжан. Тек жалғыз мен ғана, осындай тамаша күнге табыссыз құр қол келген мен ғана!

Делдал. Сіздің де диссертацияңыз бітті ғой!
Сана. Оппоненттерінен жақсы баға да алды.

Гүлжан. Керегі не, бірақ сіздердің бәрлеріңіз табыс, абырой, еңбек жемістерін ортаға салған шақта мен ғана кешігіп, кейіндеп қалыппын! (Алақандарын жазып.) Міне, құр алақан! Делдал. Құр қолмын демеңіз. Бар табысыммен, бар - барыммен мені алыңыз. (Сана күледі.) Сана. Дұрыс! Делдал мезгілін тауып айтты. Сенің ортаға, көпке әкелетін қуанышың Делдалмен екеуіңнің бақыт, рақат тойың болсын. Гүлжан. Болсын, мама. Қабыл алдық. Бірақ осы рұқсатыңызды мен диссертация қорғаған соң, бір жұмадан соң ада қылуға серт етейік! Сана Гүлжан мен Делдалдың маңдайларынан сүйеді. Енді зал бері айналып шыға береді. Сөйлеп тұрған Бедел келе жатады. Бедел. Отан мен халықтың осынша қадірлі құрметін көріп тұрған шағымда мен аспайын, есімнен жаңылмайын! Сол жөнде бір ғана салқын ойдың шыншыл, әділ жайын айтайын. Жаратылыста... мен орташа ғана адам едім. Орта шамалы ақылым, орта күйде талантым, орташа жүрек тазалығы, адамшылығы бар дейтін, талап, қайраты да қоңыр, момын орташа кепке сай адам едім. Октябрьден кейінгі біздің ғана тарих болмаса, мысалы, бұрынғы қазақ ауылының жағдайы, бұрынғы патшалық заманы болса, сондай ескі жағдайларда мен жұпыны ғана, орташа ғана көпшіліктің бірі болып күн кешер едім. Орташаның орташасы дейтін ғана жан болар едім. Біздің тарихтың, коммунистік тәрбиенің ең зор қасиеті, мен сияқты орташа көпшіліктің, көптен көбінен орташа емес, көрнекті адам өсіріп шығарды. Мендей сан миллиондардың өзге замандарда іштерінде бүгіліп, шөгіп - сөніп, мәлімсіз боп көрге бірге кететін нелер мүмкіндіктерін, үнсіз қалғыған мүмкіндіктерін тек Октябрь соншалық асырып өсірді! Бірді айтсам да, барды айтсам да, мен әсіресе алғыспен ауызға алатыным - осы шындық! Жалғыз мен ғана емес, осында отырған бәр - бәріңіз өз жайларыңызды ойға алыңыздаршы! Тарихтық өгей заман бастарында болса, кімдер болар едің әрқайсың! Беймезгіл заманда өгей ұл мен қыздың күндерін кешсеңдер, әлдене күйде, әлдекімдер боп кетер ендер! (Залға бұрылып.) Бар совет адамы, сіздер, бауырлар, социалистік дәуірдің ұл - қызы. Алпыс ұлтты Одақтың екі жүз миллион адамы, бір ғана сәтте өз тағдырларыңа көз тастап, болжап өтіңдер! Болжағанда: "Менің буыныма, менің оз басыма Октябрь не берді?" деген сұраққа ғана өз іштеріңе үңіліп, шыншыл жауап беріңдер! Бәріңіз де бар дүние шынын, сырын сонымен өлшеңдер! Өмір, тағдыр, адам дегеннің ең бір терең мәні осы өзіміздің ішімізде, басымызда. Тарих философиясының ең терең сыры мен сымбаты - біз өзіміз социалистік адам екенбіз! Таныңдар, бағыңдар! Сахна әрі қарай айналады. Қол шапалақтау, у - шу болады. Шымылдық жабыла береді. Сәлден соң шымылдық қайта ашылады. Ендігі сахна пьесаның басындағы прологтың жалғасын көрсетеді. Сахнаға жарық берілгенде бағанағы качалкада әлі ұйықтап отырған Бедел Бегенович көрінеді. Сәлден соң қасында Гүлжан, Сана асыға келіп, үркітіп оята береді.

Сана. Бедел, туғаным, ойбай, қонақтар келіп қалды.
Гүлжан. Папа, сені жоқтап сұрастырып жатыр!
Сана. Түу, мынауың не, костюмің ұқаланып қапты ғой! Бәлі, арқасын қара!
Гүлжан. Оны айтасыз, мама, жүзін де ұйқы басқан!

Сана. Бедел жаным, тезірек бетіңді жу. Тез қонақтардың алдынан шықшы! Бедел. Ойпырай, түсім бе еді! Апыр - ай, қандай жақсы болды! Жаным Сана - ай, сен бір шақ жылап едің, ой, сен қандай қайғылар кешіп едің! Қызым, сен үшін менің жаным шыға жаздамады ма, әуелі?

Сана (.күліп). Оның барлығы сенің қиялың, досым!

Гүлжан. Папа, сенің қиялында болмаса, біздің кездерде той қуанышынан өзге жайлар болған емес, болмақ емес! Күледі. Бұлар Беделді әрі қарай алып шыға беріседі. Әр жақтан қонақтар дабыры

Қонақтар, қонақтар!
─ Біз қонақтар, құтты қайырлы болсын!..
─ Жасаңыз, Бедел Бегенович!..
Хажен. Көп - көп жасаңыз, Бедел Бегенович!

Жексен. Еңбектеріңіз молая берсін!
Шәріп. Жасасын, жасасын!

Куаныш сөздермен шат жүзді қалың шұбар топ бері қарай баса береді. Дабырлап сөйлеп, күлісіп келе жатқан әр жастағы оқымысты ерлер, әйелдер жүздері көріне бастайды. Жарық молайып, музыка ойнай береді. Шымылдық жабыла бастайды.

СОҢЫ

ДОС- БЕДЕЛ ДОС

Бірінші актының жоспары

Бұл акт үш буын мезгілдерді суреттейді. Тарих пен Бедел әуелі көлденең жандар есебінде сахнада отырған екі- үш адам туралы сахна үстінен сөйлегендей мезгіл жайын айтысады. Сахнада жас жігіт Бедел, одан гөрі ересегірек мұғалім Орман және кейінірек бұларға Жаппас келеді. Тарихтың Беделге мәлім етуі бойынша бұл шақ Беделдің Жәмәли хазірет медресесінен 15 жыл оқып, тамамдап болған шағын аңғартады. Қазір Бедел 25 жаста. Үш буын оқиғаның екінші буыны осыдан 15 жылдан соң, Беделдің 40 жасында болады. Үшінші буын оқиға содан 5 жыл кейін, Беделдің 45 жасында болады. Бірінші оқиға Орман мен Беделдің әңгімесін баяндайды. Орман Беделге: "Сіз енді бала тәрбиесіне ауысасыз. Махалла нәрселерінің тағдыры сіздің қолыңызда болады. Тек қана иманшартты оқытпай, дүниелік ғылым оқытуыңыз керек. Айнала әлем өзгерісте, бұрынғыша өмір сүруге болмайды",- деп, Беделмен кейде дауласа отырады. Ендігі мұсылман медресесіне дүниелік ғылымның, тәрбиенің, фән дейтін ғылымдардың кіруі керек екенін айтады. Бедел бұл жайларды оқымаған. Сәл дауласады. Бірақ көбінше Орманның сөзін іштей дұрыс көріп, ұғынбақ болады. Орман өз ойларын, ағайын болғандықтан "ұялма" деп, өздерінің қастарына шақырып алып, Данаға да айта отырады. "Сен, Дана, маған қарындас боласың, сен де осы махалланың қыздарын оқытасың. Менің мынау Беделге айтып отырған ақылым сенің де есінде болсын. Сен де солай оқыт. Жас сіңлілеріңнің дүниеге көзін ашуға талап ет. Тек қана намазбен, оразамен, уәжіп, суннәт, фарызды тәкірәрлаумен өмір кешкен аналар заманы емес",- дейді. Дана Беделден де бетер күдік айтады. Білмейтінін, бұндайға әзір еместігін ескертеді. Орман бұның екеуіне де ақын айтады. "Қираһәтханаға барып жазылыңдар. Мұсылманша газет, журнал оқыңдар. Мұсылман ғалым ғұламаларының, зиялыларының мен айтқан сөздерді әлдеқайда бағалы етіп ұғындырып таратып, жазып жатқандары бар, соны оқыңдар. Ұдайы газетке жазылып тұрындар"- деген сияқты нақтылы мәслихаттар айтады. Бедел бұның көбіне үрке, тартына отырады. Кейін Жаппас келгенде Орман бұл сөздерді тыяды. Жаппас әңгімені Беделдің бүгін хазіреттен фатиха алғанын, дәріс тамам қылғанын, өзінің ондай ілтифатқа 17 жыл оқыса да ілінбегенін анық, ашық наразылық ретінде сөйлейді. Қызғаныш та етеді. Орман бұның жайын біледі. Оның дүмше, надан фанатик екенін ескерте, мысқыл етеді. Екеуі дауласып кетеді. Жаппас Орманды кінәлайды. "Сен әлі жерді домалақ дейтіндерден боларсың. Осы күнде мұсылмандар арасынан да сондай кәләм - шариф сөзіне хилаф келетін күпірлік айтушылар шыққан",- дей бастайды. Беделге өзінің Орманды жақтырмауын, кекетуін құптатпақ болады. Схоластик медресенің фанатик шәкірті бұл шылғи қыңыр, мүлде соқыр, саңылаусыз надан. Ғылым, фән дегендерге өш. Бедел оның Орманмен айтысқан дауына сөз қосады. "Кәләм шарифтің өзінде де айтылған аят бар. Сонда: "уәшшәмсү тәжрии ли мүстахаррен ләһә", яғни "күн айналады, бірақ орнында тұрып айналады"-деген. Жаппас бұған ашуланады. "Күн жерді айналады. Жер домалақ болса" деп, тақиясын алып аударып көрсетіп: "былай аунаған уақытында мынау Ормандар құлап кетпей ме жаһаннәмға, қайтып тұрады" дегендей даулар айтады. Орман ұрсысып кетіп қалады. Жаппас Беделді айыптайды. "Сен осы Ормандардан жамандық үйреніп жүрсің. Сені хазірет білмей махалла балаларына дамолла етіп отыр. Сен Орманның сөздерінен басынды тарт, уәз кеш, тәубеңе кел. Болмаса мен қазір хазіретке сені ертең махалла халқына ұстаз етіп әзірлер алдында "тоқталыңыз, бұл ынсафы таза емес жан" деп білдіремін дейді. " Бедел бұнымен ұрысады. Араға түскен Дананы Жаппас және де айыптап ұрсады. Жаппастың әйелі де сөзге араласып, Данамен, Беделмен жамандасып ұрысқа басады. Дана, Бедел екеуі оңаша қалып, жөргектегі баласы жас Гүлиярды қолдарына алып, уайым айтысады. "Сенің заманың болмаса, біздің заманда Жаппастар үнді шығармас, хазіретті де білеміз, бұдан аспас"- дейді. Екінші буын оқиға осыдан кейін болады. Сахнада сәл қараңғылық пауза болып, сахна үстінде оқшау жарық ішінде Тарих пен Бедел көрінеді. Тарих мезгілдің екінші парасын аударады дегенде, бүкіл сахна кітап беті сияқты болады, бүкіл сахнадан жеңіл шымылдық үлкен кітаптың бір қағазы аударылып түскендей, жаңағы жұқа шымылдық аударылып түседі. Жаңағы үйде 15 жылдан соң сақалы молая түскен, бұрынғыша тақия, бешпент киген, сақал - мұрты мұсылманша алынған Бедел отырады, Беделге айып тағылған. Өзі де, әйелі де дін шарттарын жақсылап тұтпайды. Мешіт намазына әр уақыт барып жүрмейді. Оқытып жүрген балалары шариғат хүкімінен аз біледі. Әдейі тексеру жасалған. Сонда бұның оқытып жүрген балалары құранның аяттарын жатқа айта алмаған. Пайғамбардың хадистерін он жыл оқытқан ересек балалары ұғындырып бере алмаған. Мұхтасардың салат, зәкәт, ғұсыл, таһарат баптарының өзін де білмейді. Оның орнына әлдеқандай мүжгаһид, шағир болмыстардың бәйіттерін жырлайды. Молдаларды, қалфелерді, исламият қағидаларын жамандайды. Инабатсыз шиғырлар шығарады. Бірнеше шәкірттері мұсылманшылықтан кеткен бұзық. Ерлер мен қатындар инсапсыз, ұятсыз түрде театр деген адам аздырушы мәжілістер жасалған жерлерге барған. Шариғат хүкімін оқыту орнына Бедел өзі ұлдарға, оның қатыны Дана қыздарға тарих, фән деген бірдемелерді бастарын матастырып, дәріс қып беретін болған. Жігіттері, қыздары бір- біріне, құдай сақтасын, хаттар жазыса бастаған. Махалла халықтары Беделді зор кінәға, жазаға ұшыратуды хазіреттен, қалфелерден талап етеді. Бедел қатты алысады. Ол Жаппасты, қазиды әшкерелейді. Халықтың кеше сүзек ауруда қаза болуына, ауруды көп таратуына себепші болған осы молдалардың жаназа, хатым, көп аралас жүрістері екенін айтқан. Сол үшін олар жауыққан. Бұл хазірет әділет айтады деп соған жүгінеді. Хазірет, қалфелер жиылып махалла атынан Беделге, әйеліне бәддұға оқымақ болады. Сонда Жаппас сиқырлықпен аярланып, енді 15 жасқа келген Гүлиярды қазиға тоқалдыққа бересің деп, "әйтпесе құтылмайсың" деген қатты қысым, пәле, ылаң салады. Бұл жайды естіген жас қыз Гүлияр анасы мен атасына жылап шағып, зарлар айтады. Әке - шеше қайғы налада. Өмір қасірет бас тұрмысы, азамат еңбегі, тәрбиешілік арманы бәрі ойран болған, я болғалы тұрған шаққа жетіп, оқиға үзіледі. Сахнада қараңғылық үстінде пауза болады. Мезгілдің тағы бір парасы ауысып келгенін Тарих пен Бедел екеуінің сахна үстіндегі, бөлек сәуле ішіндегі кеуде тұстарынан ғана көрінген жүздері баян етіседі және де үлкен кітаптың бір беті ауысып түскендей мол сахна бойында жұқа шымылдық үлкен тарих кітабының бір қағазы тәрізді ауысып түседі. Енді тағы сол үйде жүдей түскен, көне тарта түскен үй мүлік арасында сақал - шашына мол бурыл араласқан Бедел, қартая түскен әйелі отырады. Хазірет бастап қазиды жақтаған сөздер бүгін шырқау шегіне жеткен. Гүлиярды ата -ана болып қолдарынан алпыс жастағы қазиға тоқалдыққа жөнелтеді. Жаппас пен оның қатыны қатал жаушы және жау боп келген. Балсары, Салсары аралық болған боп Жаппасты қостайды. Қатал қайратқа бекінем деген Беделді лоблытып, әртүрлі жаман - сұмдық қауіптер айтып, етектен тартады. Жылаған Гүлиярды Делдал уатқысы келеді. Бірақ онда қайрат та, ажар да жоқ. Ол қазидан да, хазіреттен де қорқады. Шынға келгенде "мені бір жаққа алып кетсең де, мынау жаһаннамнан құтқар" деген Гүлиярға жәрдемге жарамай қашады. Тығылып қалады. Қази, қалфе, Жаппастар болып Гүлиярды байлап тартып әкетеді. Хазірет келіп қалады. Лағынет айтқан, қарсылық білдірген хазіреттің өзіне де жүзбе - жүз бар зарын, наразылығын айтып ашынған Бедел мен Дананы бар жұрт жүзінде хазірет қарғайды. Екеуін де ғауамның бұзық жандары, бұл махаллада бала оқыту ғана емес, "бұл орында тұрмасын, көздері жойылсын" - деп үкім етеді. Үйлерінен айдалып, егіліп жылап бара жатқан Бедел, Дана сахнаның соңғы қайғылы хал суретін аңғартады. Бірінші акт осымен бітеді.

Екінші актының жоспары

Сахна үстінде жарық, ішінде және де Тарих пен Бедел бейнелері сәулеленіп көрінеді. Тарих және де Бедел өмірінің екінші сападағы капиталистік дәуірдегі болуға мүмкін жайын баян етпек болады. "Бұл уақытта сіз орысша орта мектеп учительдік семинариясын бітіргенсіз және үйленгенсіз. Қазір оқу бітіріп, қызметке белгіленіп тұрған шағыңыз"-дейді. Осыдан соң сахна ашылғанда, үстінде жылтыр сары түймелі сюртугі бар, сақал - мұрты жаңа шыққан жас учитель Бедел, әйелі Дана отырады. Бұлардың қасында жасы ересегірек, өңі - жүзі оймен, оқумен интеллигентше өзгере түскен Орман бар. Орман Беделге Россияның мектептері оқытатын ресми программа оқуынан басқа ұлы ойбайлығы барын айтады. Ол озат ойдың басшылары, ойшылдары, қайраткерлері тудырған, тудырып таратып жатқан кітаптар, баспасөздер барын баяндайды. Бедел көп нәрсені көрмеген, оқымаған болады. Орман бүгінгі патшалық тәртібіне қарсы әрекет етуші күштер барын айтумен бірге, ауылға баратын учительдің халқына әсер етер міндеттерін айтады. "Елді тілмаш, болыс, пристав, урядник, би, старшын дегендер жеп жүр. Соларға қаладағы ояз, соттар, крестьян начальниктері, облыс соты, губернатор кеңсесі пана да көмекші. Халықтың қорғаны болу керек, жоғын жоқтайтын жоқшысы болатын жас қауым өсіру міндет. Балаларды арыз, удостоверение жазатын, елдің зиянды қансорғыш күштеріне қастаны және бір жемқор топ етіп өсірмеу керек. Азамат боларлық әлеуметтік сананы үйрету керек",- деп отырғанда осы әңгіме соңына Жаппас келіп араласады. Ол ұлықтарды жақтайды: "патшалық өкіметі жазықты емес, ол осы отырған сендерді, мені оқытып адам етті. Оқымаса қазақ, қара қазақтың халқы өзі бейнауат" деп, Беделмен таласады. Орманмен ұрысады. Орман оны: "ояз кеңсесінде тілмаш болған сіздей адамдар халықтың бойындағы қансорғыш паразит болушылар",-дейді. Жаппаспен ұрыс үстінде Бедел мен Дана Орман жағын сәл сүйегендей болады. Орман кішкене Гүлиярды алдына алып: "Сенің заманыңда жақсылық болмаса, біз осындай сатылған чиновниктер қорлығы жеңген, езген өмірден басқа сәуле көрер ме екеміз", -деп кетеді. Жаппас Бедел мен Данаға елге учитель боп барғанда жақсы чиновник болу, чиндер алу, қызмет бабында осу, өрлеу жайын айтады. Өзінің планы бар, ол оқытушы болмақ емес. Қазір оязға тілмаш, кейін елге барып болыс болғысы келеді. "Сонда мал табасың, бедел аласың. Елдегі жақсы шұрайлы жерден қыстау салғызып, бір жағынан сауда жүргізіп, оқығандықты солай пайдаланбақ, байымақ, бақ, дәреже таппақ болады. Ол үшін ұлықтармен келісіп істеу керек. Учитель болғанда елде патшалыққа теріс жандар болса, ол туралы жандарм бөліміне, қала берсе, его превосходительство полицмейстердің кеңсесіне жасырын хат түсіріп тұру керек"- дегенді де айтады. Бедел бұны мысқыл ете сөйлейді. Ол "бар ұлықтардың дәрежесін баптап айтудан бастала ма жағынушылық?"- дейді. Жаппас бұған жала, талап қоя бастайды. "Сен елде балаларды оқытасың. Ал әр бала патша ағзамды қалай величать етуді білуге міндетті. Ал сен, учитель, өзің де білмейтін болуың керек",- деп, содан әрі Беделді табалап, өзінің жүйріктігін көрсетіп, оязға жазатын қағаздың, окружной сотқа жазатын, облыстық қаланың губернаторына жазатын, генерал-губернаторға қалай жазатын лауазымдарды шұбырта санап өтеді. Содан патшаны қалай величать етуді айтуды Беделден талап етеді. Бедел білмей мүдіреді. Сонда ол сұмдық естігендей болып екі көзін жұмып, дұға оқыған сопылардай басын шұлғып сусылдатып: "Его императорский величество" - деп бастап шұбыртады. Бедел мен әйелін өзі мен әйелі болып сақтандырады да кінәлайды: "Мен сені осы жерден үлкен дәреже алдың деп есептеймін де, сыртыңнан бағамын. Сенің жаның менің қолымда. Әлгі диюдың жаны бір сандықта жасырын жататын жұмыртқа болушы еді ғой. Соны ертегінің ері тауып алып, жұмыртқаны қысып қалса, дию жалынып жетіп келетін еді ғой. Орманыңмен қосып бар дәрменіңді құртқанда мен құртамын. Көзіңді ашып жүр!" - дейді. "Байың аяғын андап бассын!"- деп, Жаппастың қатыны Қызғана және де Данаға доқ көрсетеді. Бедел мен Дана бірінші актының соңында Жаппасты Саппас деп, Қызғананы Сарамас деп сынап, жиреніп атақ берген еді. Мынау актыда осы бірінші буында сол атақты береді. Сахнада сәл қараңғылық орнап, пауза болады. Бұл кезде Тарих пен Бедел әңгімесі айтылады. Енді он бес жыл өткеннен соңғы бір дәуір өмір көрінбек. Сахна ашылғанда Бедел, Дана орта жасқа келген. Беделдің мұртына ақ кіре бастаған. Қызы Гүлияр 15- 16 жаста. Жаппастың жаласы дегеніне жетіп, мектепке болыс Қажен, бай Жекен, пристав Жалау және Шәріпжандар келген болады. Бұлар тінту салмақшы. Мектеп балалары "Марсельезаны" жаттап алған. Осы мектепке жалған адрестен жасырын зиянды кітаптар келіп тұратыны сөз болады. Сонымен қатар жандарм Шәріп Гүлиярды тоқалдыққа сұрағанын айтады. Болыс пен Жаппас бұған болысады. Үлкен пәле Беделдің басына орнағалы отыр деп, Гүлиярды Жалау, Шарапат, Салсары, Белсары -бәрі де қамауға алады. Гүлияр өмірінде көнбейтіндігін айтады. Дана олардың: "қызыңа әсер ет, көндір, тоқтат" дегеніне аналық мейірімді жүрек андатып, қызына зорлық ете алмайды. Бірақ ері мен қызының екеуінің дерті бір араға ұштасқанына қасірет қайғыда. "Тым құрыса ойланайық, қызым ойлансын, уақыт беріңдер" - дейді. Қысталаңда, әмір торының шырмауында тірлігіне лағынет айтқан күйде Бедел қалады. Сахнада сәл қараңғылық кайта орнап, тағы пауза болады. Тарих пен Бедел тағы оқшау жарық ішінде көрінгенде, тарих парағы ашылып аунап түскендей, сахнада шымылдық үлкен кітаптың бір қағаз бетіндей аударылып ауыса береді. Бедел бұл сәтте Тарихпен дауласады. Жаңағы болған сахна дәл емес деп таласады. Тарих күле мысқылдай тыңдайды. Ол сабырлы және өзіне сенімді үн, ой танытады. "Осылай болмақ керек"- дейді. Бедел дауласқанда ол: учитель болмау керек. Учитель болса, бұндай ауыр күйге жетпеу керек немесе бойсұнбай, көнбей, биіктеп шығуға жарау керек дейді. Тарих күледі. "Сіз мен туралы сан рет "Тарих осылай ойлайды, солайша байлайды" деген шақтарыңызда мен сіздің қолыңызға жармасқам жоқ болатын",- дейді. Соңғы сахна ашылғанда Гүлияр у ішіп өледі. Бұл сурет алдында Делдал алдыңғы сахнадай қызға қызығып, жаны ашитын, жақсы көретін күйлерін айтпақ болады да, енді болыс пен жандарм, әкімдер жасаған ізеттен ықтап қорқады. Қашып кетпек болған Гүлиярды осы сәтте алып қашамын деп келген мақсатынан айниды. Кешірім тілеп, жалтара береді. Сол үшін шығар жол таппаған Гүлияр у ішіп өледі. Осыны білген жаулар Беделдің бөлмесінде тінту жасап, Балсары, Салсарыдан куәлік алып, оның жасырын сақтап жүрген революциялық кітапханасынан табады. Сөйтіп, бар жауы жиналып Беделдің қолын көлеткімен буады. Сөйтіп, Бедел ұсталып абақтыға кетіп жатады. Қыз у ішіп өліп қалған. Дана қасірет үстінде талып жығылады. Бұлардың соңында Саппас пен Сарамас тұрып жауыздықтың игілікті жеңіп, құлатып, табанына таптап басып тұрған шақтағы шарқ ұрған зұлмат жаманшылығын танытады.

Үшінші актының жоспары

Бұл акт жеке - жеке үш сурет болады. Бірінші суреттің басында және де Тарих пен Бедел сахна үстінде, оқшау жарық ішінде бұрынғы әңгімелерден басқарақ болса да, Беделдің университет бітіріп, ғылымдық еңбекке ауысқалы жүрген шағын байқатады. Тарих айтуынша, бұл да Беделдің өзінің басынан кешкен дәл жайы емес, бірақ сол жастағы, сол белгілі жылдардағы жаңа бастаған жас ғалымның өмірінде болған ғана емес, болуға мүмкін жайлардың кейбір жиын суреті болатынын еске алады. Жалпы бұл акт Беделдің өз өміріне, өмірбаянына жақын жайларды баяндамақ. Бірақ бұның өмірін дәл фотографиядай қайталамақ та емес. Осы себепті Тарих Беделге бұл өмірдің кей шағын да шақ шолып өтейік дейді. Сахна ашылғанда Бедел, Дана тұратын үйде бұлардың қасында жасы ересегірек, салмақты да келбетті, білікті ұстаз бейнелі Орман отырады. Ол Беделге марксистік -лениндік ғылымды және әлеуметтік саясаттық негіздер бойынша ұлт мәдениеті мәселелерін міндет етіп, қадірлі азаматтық борыш етіп сөйлейді. Бедел өз халқының жасалмаған ғылымдық тарихын жазуға, құрауға күш сарп етпекші. Осы жолдағы болуға мүмкін қиыншылықтар мен асыл мұраттарды екеуі ғана сөйлемейді, енді Дана да қосыла әңгіме етеді. Жаппас пен әйелі кейін келіп, осы әңгімеге араласады да, қыңыр - қияс сөйлейді. Ол ортодокс революция міндеті ұлттық өзгешеліктерді айтуға бағытталу керек емес, қайта халықтар бәрі табысады, ұлттық айырмастарға ақыл, күш жұмсау арам, ол әрбірден соң Орманмен, Беделмен дауласа отырып, осының түбі ұлтшылдыққа апарып соғады дейді. "Қазақтай халықтардың тарихында мадақтауға, мақтауға тұрарлық, Октябрьден кейінгі коммунистік сананың, партиялық тәрбиенің қолдауына тұрарлық адамдар қазақ сияқты азиялық патриархалдық надан елде болмаған, ханды мақтайсың ба, қарапайым биді мақтайсың ба? Көрбала, өнерсіз оқымаған домбырашыны, өлеңшіні мақтайсың ба? Ондайды мақтаймын деп жүріп идеализацияға, орынсыз дәріптеушілікке кетесің!"-дейді. Дауласа келе, "сенімен бірге оқығамын, бірақ идеялық негіздік жайларда мен сенің сыншың да, қарсы адамың да боламын"- дейді. Бұл жайда Беделдің зерттей бастаған тарих салаларын жамандауға, қатал сынауға айналады. Әйелі мұны қостайды. Дана мен Бедел, Орман үшеуі Жаппастармен қатты ұрыса айтысады. Орман Гүлиярды сөз етіп: "сенің уақытында анық ғылым бойға сіңген, сүйегі ағарған оқымысты буын туып - өспесе, біздің уақытымызда әлі бірталай Жаппастар саппастық ете тұрар"- дейді. Бедел ғылымға кеткенде, Жаппас ғылым, мәдениет істерін ұйыстырушы әкімшілік, басшылық орынға кетеді.

Екінші сурет

Тарих кітабының және бір беті аударылып түскендей халден соң, Тарих пен Бедел арада 15 жыл өткен соң болатын қиын - қысталаң бір шақты қызыға қыза сөйлесіп, ентелей қарап қалған болады. Сахна ашылғанда университет ректоры болған Хажен, декан Жекен, министрлік өкілі Жалау және сот адамы Шәріп Беделді Жаппастармен қосыла қатты қысып, ортаға алып, кергіге салып жатқан шақ болады. Баспа жүзінде үлкен газетте Жаппас Беделдің еңбегін, қалың бір соңғы кітабын қатты сынап, айыптап шыққан болады. Соның ішінде хан тұқымы Қабыланды халықта тарихтың қамы үшін алысқан адамы етіп Бедел мадақтапты, ол теріс боп шығыпты. Бедел халықты, советтік буындарды көп жылдардан бері адастырушы болады. Университеттен шығару, көп жерлерде, қоғамдық орталарда Беделді айыптай әшкерелеу жайы қатарға қойылған. Салсары, Белсары, Шарапат сияқтылар Беделден сырт айналып, Беделді жазалаушыларға қосыла бастаған шақ болады. Сонда партиялық жоғарғы орынның үлкен саналы өкілі болып Орман келеді. Ол Беделді ақтайды, болысады. Онымен ғана қоймай Жаппасқа үкім айта¬ды. "Сендей адамдар біздің тарихта күні біткен, заманы өткен ескілік қалдығы деп танылатын мезгіл жетті. Сенің атың - жалақор, жалғаншы пәлеқор, ғылымда, ойда мезгілі өткен демагог" - дейді. Беделдің еңбегі Москвада ғылымдық және партиялық үлкен беделді ортада зор баға алған ең соңғы күндер хабарын алып келеді. Бұның алдында ғана қысқа ғана сөйлеген сөзінің Бедел Қабышан туралы "мен адассам қауыммен бірге, жалпы қазақ жұртшылығы революция басынан бері сынсыз қабылдап, құптап жүрген адам болғандықтан, сол жұртшылықпен бірге адасқан боламын. Ол мен тудырған тарихтың, мен қолдан жасаған адамы емес", - деген болатын. Бұл жөнде де Орман партиялық әділ бағаны айтады. Екінші сурет сонымен жаман жандардың жеңіліп, әшкереленуіне жақын шақты көрсетеді. Бірақ осының алғашқы тұсында Шәріп Гүлиярды өзіне әйелі өлгеннен кейін жас әйел ретінде күйеуге тиюге ойыстырмақ болады. Бүл сахнада Делдал бұрынғы актылардағыдай емес, әлдеқайда белсенді, жігерлі, Гүлиярға шынайы тең жақсы жас болған. Гүлияр соған сүйеніп, әкесі Беделдің қысылып тұрған шағының өзінде де Шәріпті бетке соққандай қатты мысқыл жаза жауап береді. Шәріпті күлкі, масқара етуге жарайды. Бұл суреттің соңғы шағында шындық, коммунистік шындық социалистік дәуір тарих шындығы есебінде ескінің қалдығын жеңе бастаған жайға ауысады.

Үшінші сурет

Бұл суретте Киевтен, Ленинград, Қазан, Ереван, Ташкент, бастығы Москва өзінен Беделдің еңбегін көтеріп бағалап, танып жатқан деректер келіп жатады. Бұнда Дана, Гүлияр өздері де ғылым адамдары болған. Ғылымдық баяндамалар, кітаптар әзірлеп жүрген өскелең совет әйелі болады. Делдал, Гүлияр көп уақыт білісіп, бір- бірін жақсы тану нәтижесінде ұғынысу қалпына жеткендіктен енді некелеспек болған кез. Жаппастар мүлде бардан айрылып, жүні жығылып жай ғана күн көру халіне түсіп кеткен. Директор Хажен, Жекен, Жалау, Шарапат, Салсары, Балсары - бәрі де Беделді үлкен еңбек нәтижесімен өзгеше бағалап, оның ұзақ өмір еңбегін той ету де керек дескен сәттер болады. Бұл сурет тегі қысқа, бұндағы ең тиімді жай Беделдің соңғы сөзі болады. Ол өзі туралы: "мен орташа таланты, орташа ақылы, орташа жүрек тазалығы, адамгершілігі, талап - қайраты орташа адам едім. Өзге жағдайлар болса, мен аса жұпыны орта көпшіліктің орташаның орташасы дейтін бірі болар едім. Өзге емес, мен өзімнің социалистік дәуірдің, Октябрьден бергі тарихтың, коммунистік тәрбиенің ең зор қасиеті, әр адамның ішіндегі барлық мүмкіншіліктерді сонша өзгеше өсіріп асырған, асыра қанат бітірген тарихтық жағдайды әсіресе алғыспен ауызға аламын. Мен ғана емес, осындағы бәрлерің өздерің де ойлаңдаршы, тарихтық өзге замандарда сендер кімдер болар едіңдер? Әлдекімнің әлдеқалай қалпын, болмысын, тағдырын кешер едіңдер? Бар совет адамы, социалистік дәуір ұл - қызы, өзіңе қарашы, өзіңе қара да, менің буыныма, менің өз басыма Октябрь не берді?- дегенді ғана ойлашы. Бар дүниенің шынын, сырын сол тұрғыдан қарап аңғаршы. Өмір, тағдыр, адам дегеннің менің білуімде ең бір терең мәнді түйіні мен тетігі осы жайда екенін ұғынып көрші" -дейді. Осымен пьеса спектакль біте бергенде, Тарих пен Беделдің оқшау жарық ішіндегі суреті де объектив жай жабылғандай ақырындап, бәсеңдеп өше береді. Енді сахна пьеса басындағы интермедияның жалғасына ауысады. Сахнаға жарық берілгенде качалкада әлі ұйықтап отырған Бедел Бегенович көрінеді. Енді қызы Гүлияр, әйелі Дана жүгіріп асығып келіп, алғашқыдай қарбалас үстінде бұны үркітіп оята береді. "Ойбай, қонақтар кеп қалды, сені жоқтап, сұрастырып жатыр. Сенің костюмің ұқаланып қалған, жүзінді де ұйқы басқан. Тез бетіңді жу, тез қонақтарды қарсы алуға шық" - десіп, есін шығарғандай болады. Бедел қызына, әйеліне жаңағы түсінде көрген олардың қайғылы шақтарын, көз жастарын әлдебір сандырақ түрінде: "сен жылап едің, айпыр - ай, Дана, сен қандай қайғылы болып едің. Қызым, сен үшін менің жаным шыға жаздап еді",- деп, әр нәрсені ұғымсыз түрде термелей береді. Қызы мен әйелі екі жағынан қолтықтап, бұған күліп: "Оның бәрі сенің қиялың, досым, сенің қиялында болмаса, біздің кездерде жас қиял, уайым болған емес" деп мәз күлісіп, сахнадан Беделді алып шыға беріседі. Ар жағынан: "Қонақтар! Қонақтар! Құтты болсын, құтты болсын! Жасаңыз, Бедел, көп жасаңыз!" деген қуаныш сөздермен, шат жүздермен ашық сөйлесіп, күліп, жадырай жайнап келе жатқан жақсы киінген әр жастағы оқымысты ерлер, әйелдер жүздері көріне береді.

Жарық молайып, музыка ойнай береді. Шымылдық жабыла бастайды.

ЕЛУ ЖЫЛДАН СОҢ

План №1

Дологиялық екінші пьесасы. "Елу жылдан соң", "Жарым ғасыр соңында", "Екі мың оныншы жылы", "Жарым ғасыр өткен соң" (ат варианттары)

Адамдары

1.Бедел Бегенович
2.Сана
3.Гүлжан
4.Жаппас

5.Күлпаш
6.Орман
7.Хажен
8.Жекен

9.Шәріп
10.Делдал
11.Мұстафа
12.Биби

13.Асан
14.Тарих
15.Бастық - ұлы ғалым, совет бастығы.

ПРОЛОГ

Бедел мен Тарих. Енді Бедел шақырады тағы бір саяхатқа. Тарих таңырқайды. Қандай саяхатқа, бұл білмес заман бар, қандай соны болуы мүмкін? Әсіресе тарих білмей, адам білетін қандай сырлы сала тарих бар? Бедел сенімді. Мен сізге мәлімді сіздің өзіңізге баяндамақ болсам, ол өрескел болар еді. Әлін білмеу, даңдайсу десе де сыйғандай. Бірақ мен сізді өзіңіз кешірген шақтарға шақырмаймын. Мен болашаққа шақырамын дейді. Тарих тартынады. Ол менің бармайтын... әдетте бармайтын, бармаған сапарым. Бедел - сіз адамзат қауымы халқының өткенін зерттеген ғылымсыз, зерттегеніңіз - адам. Ендеше, сол адам қауымы, халқы, қалыстары болып тарихты жасапты. Тарихты жасаушы адам. Рас па? - Рас!- Олай болса, алдағы болашақты да өткеннен бүгінгі тудырғандай (бүгінгіні бұрынғыдан, өткеннен туғызып отырғаны хаққой). Тағы сол болашақты да тудырады. Болашақ тарихты бүгін жасай бастайды. Осы адамды артқа емес, бүгін ғана емес, болашаққа басқан адамды, заманды бір сапар бірге шегіп көріп қайтуға шақырар ем.

Тарих. Мен болашақты болжамаймын.
Б. Мен болжайын.
Тарих. Болжап көріңіз.
Б. Ендеше, жүріңіз, алға бастық.

Сахнада тарих беті аударылып, ашылып түседі. Тарих пен Бедел жерде, түстері мүлде жаңа, киімдері басқаша, жеңіл, көркем, көп бояулы сәнді күйде.

І АКТ

Тарих. Көп заман өтті ме? Біз қай болашаққа кеп кезіктік!
Бедел. Біз елу жылды, жарым ғасырды аттап түстік.

І сурет

Бедел, Сана, Жаппас жоғарғы ғылым советінде (Ұлан - белде). Мәжіліс - бастықтар Хажен, Жекендер. Москва - телеқабырғада Хажен міндетті айтқан - ды. Енді жауап керек. Бедел, Сана, Жаппастар міндет алады. Бұрынғыны бүгінмен салыстыру үшін... Бүгінгі соңғы ұлы табыстар... Астық, аспапты меңгеру. Делдал тобы да алған.

ІІ сурет

Бедел үйінде. Еңбек үстіндегі кеңес. Бедел, Сана, Жаппас, Асан, Шарапат, Күлпаш. Бұл топ өз міндеті үстінде, Сана, Гүлжан, Делдал, Мұстафа, Биби - бұларда да зор талап бар, табыс та зор. Олар физика, инженер, автоматика табыскерлері. Ойда қуаныш, бірақ Сана байқайды, Гүлжанда мұң бар. Ол жасырады.

ІІІ сурет

Делдал, Гүлжан, Биби. Делдал Бибиді аса құрмет етеді... Г. да сондай, бірақ өз іші ауыр, мұң тәрізді. Делдал аса зор ғалым жас. Москва ірі көтерген. Үшеуі бір табыс соңында. Соны жаңа тапқан. Гүлжан, Биби сыр сөздері, іштері толық тегіс ашылыспайды.

ІV сурет

Сана, Бедел іс үстінде, көңіл алаң. Гүлжанда уайым бар дейді Сана, Гүлжан ата -анасынан жасырып көреді. Бірақ бір үлкен түйткіл бар. Ол үлкен жара... Не тірі болмақ, не қаза. Бедел, Сана қорқыныш пен қапада. Гүлжан жалғыз... уайымда... Биби сыр сұрайды, шеше алмайды. Делдал қоса жабысып сұрайды, сезбейді. Айта алмасаң ойла, сөзбен айтпа дейді. Өзі тапқан аппаратты береді. Биби екеуіне береді. Биби кие сала Делдалды сүйгенін білдіреді Гүлжанға. Гүлжан күдігі анықталды. Гүлжан кимейді. Делдал ойын білгісі келеді. Ол ғалым, ғылым арманын айтады. Талап зор, тартынған, тұйық. Гүлжан екеуіне бөгет болуға болмайды. Мен жолдарынан сырт болуым керек дейді. Бекінбек, аспанға ұшпақ, өз сезіміне бағыттаған құрбандық өз өмірі болмақ. Ұшуға бекінеді. Делдал қайран, бірақ құрмет зор. Өздері жасаған жаңа аппаратты сынамақ керек. Айдан ауылға кеп түсу. Гүлжанға алғысы... Бедел, Сана қорқыныш әбігерде. Іс ауыр, жаңа міндет зор, көңілі болса жарым екеуінің де.

V сурет

Ұлы ғылым советі. Хажен, Жекен, Шәріп. Орталықтан хабар алған, асықтырады. Жаңбыр, жел, күншуақ беріп жатады бар құм - шөлге. Беделді, Жаппасты шақырады. Есеп - егіс қоры биыл 100 миллиард болмақ, анықтамақ. Бедел, Сана көңілі алаң. Жаппас дос - соны шын ашып айтады... Бәрі біледі. Гүлжан ұшқалы жатыр. Тегіс солай ұмтылады. Телевидение... Анау үшеуі Гүлжанды ұшуға әзірлеуде.

VІ сурет

Делдал, Гүлжан. Делдал аппаратты кимегенді наз етеді. Ішін біле алмай қалғаны мұның арманы екенін айтады. Гүлжан аспанда, космоста кимек болады. Өздерінің шифры... Сонда әкеткен бір сыр бар. Биби тамаша күншуақ ашып Гүлжанды сүйіп жылайды. Үшеуі бір- бірінен ажырай алмай, ынтығысып айрылысады, айқайласып тайталасқан жақсылық, нәзік тазалық мінез, достық, махаббат балқиды. Гүлжан ұшады. Делдал Бибиді аймалап, еркелетіп, уатып, бірге аһ ұрып қапада қалады. Бұл екеуі сүйте ме, жоқ тек достар ма, белгісіз. "Гүлжан, Гүлжан!" дескен аһ ұрысқан көңіл нәзік, биязы, аппақ, кіршіксіз, мінсіз ақ сезімдері бар, жұмбақ жастар, жандар жүр.

VІІ сурет

Делдал бір жерде, Сана, Бедел бір жерде аһ ұруда... Не болды, Гүлжан? Не күйде? Хабар бір болып барып үзілген, енді не күйде? Сигналдар аппараттардан бар, жүрегі де соғады, демі де білінеді, бірақ санасы, ойы, жүрек күйі қандай... Жаппас іс жөнінен асығады, Бедел, Сана жауап айтпайды. Делдал Жаппасты кінәлайды. Асан, Шарапат, Күлпаштар тегіс қиналып асығуда. Мәскеу советі, бұндағы совет қатты тығыз керек қып жатыр. Хажен, Жекен асығады. Бедел бірақ уайымда... 10 күн. 10 күн тыным, тыныштық ұйқы жоқ. Гүлжан не күйде? Көңіл алаң. Сана екеуі де жұмыс істей алмайды. Биби жылайды. Делдал оны уатады. Беделді, Сананы уатпақ болады. Қапа -қамырық бәрлерің басқан. Жаппас есеп айтады бүгінгі. 1957 жыл урожайын есептеген - аз. Сол адам не деген қызық дейді. Аспан, жер, су қолында емес, ал өздері план жасайды. Және алам дегенін алады дейді. 1956 жыл алды. 1957 жылы және алды дейді. Беген(ов) алған жоқ дейді. Дәлелдеуге дәрмен жоқ. Жаппас "ұры бар ол кезде"- дейді. "Потеря" деген сол дейді. Бедел "не деген жалақор болар ең, баяғы заман болса" деп, сәл әзілмен қабақ ашысады. Тағы да хабар жоқ. Өзі ме, тірі ме?

VІІІ сурет

Орталық ұлы совет мәжілісі Ұланбел жауабын, ісін тосады. Тбилиси, Киев, Ташкент советтері өз бөлімдері бітірген, түсірген. Ұланбел ұстап отыр. Бар істі ұстап отыр. Бедел Бегеновке не болды? Хажен жайды айтады. Қызы Гүлжан космоста, хабарынан шошиды. Күн - түн ұйқы жоқ. Уайым, қауіп алма - кезек. Анасы Сана да үлкен деректер иесі. Ол да дертті. Ұлы Совет мүшелері Беделді түсінеді. Бәрі де ден қояды. Хабар сұрасады. Лондон, Париж, Мадрид, Рим, Пекин хабарлар(ы)- ұшып бара жатқанын айтады. Хабар, хабарлар. Бір сөз, бір ,ана сөз бар - мәлімсіз шифр.Ұстаған жер шарында бір- ақ станция, ол- Киев, бірақ сөз не екенін түсінбейді. Бір-ақ сөз, соны жерде білген, түсінген бір- ақ жан. Ол- Делдал. "Мен сүйем" деген сөз. Өзі мен Гүлжанға ғана мәлім шифр. Делдал ғажап өзгеріске түседі. Қиналғаны ма, рахаты ма, сор ма, бақыт па. Биби түсіне алмайды. Жаңылдым, адастым сізден дейді. Сәл ғана шындықты аңғарғандай сезіне бастаса, Гүлжанға сол дәрежеде қызғаныш айта бастағандай. Делдал түсінеді... Айтқызбайды ол сөзді. Бірақ екеуінің екі жерде ойлары сөйлейді. Оңаша Бибимен сахнада жоқ Делдалдың дауыстап сөйлеген ішкі ойлары, сөздері ашылады. Биби Делдалға сезігін айта бастап, өзі Гүлжанға әрі тамашалайды, әрі қызғанады, қызғанғанын өзі кінәлайды. Бұл көңіл, жүрек арпалысы. Делдал оңаша, оған Биби ойы естіледі, сөйлеседі, жүз көрісе алмайды. Оған шыдаса алмайды. Сана, Бедел хабар тосуда. Қорқыныш, қайғыда. Делдал мен Сана, кейін Бедел, Делдал бұл ар да ауыр құпия қайғы ішінде тағы да зор қуанышпен іштей қанағаттанғандай. Сана оны түсінбейді. Тек Бедел ғана түсінген тәрізденеді. Зор үнсіз аңыру, пауза арасында сәл ғана бір елес, еміс хабар бәрі ұмтыла 17 күн десіп аласұруда.

ІX сурет

Бедел амандық хабардан соң іске басады. Сана екеуі көңілі құлағымен аспанға қадала түсіп, асығыс жоспарды орындасады. Асан, Жаппастар тек асығыс, бір ғана талап үшін алысуда. Бұрынғының ең зор табысын бүгінмен салыстыру керек. Сол себепті биылғы, екі мың оныншы жыл егісі, табысы қажет. Әлі орылмаған. Жаңбыр жіберуді бір мол учаскеге Қызылқұм сұрайды. Соған жаңбыр жібертеді. Үш күндік, екі күндік жаңбырды Мойынқұмға жібертеді. Арада талас. Жаппас 1957 жыл есебін теріс шығарған. Және соны құптайды. Астық шыққан, бірақ потеря бәрін жоқ қылған дейді. Ол кезде ұрлық бар... Талас... Мәскеу асығыс деректер сұрайды. Бұлар өзі кешігуі бүкіл дүние есебін бөгеп жатыр. Дүниелік кітап жазылады. Қытай бітіруге жақын, Орта Европа бітірген. Союз(да) Қазақстаннан басқа бөлімде бітірген. Бұл жайды телевизияда Хажен, Жекен айтады. Бұл да дау. Цифрлар аяқталмай тұр. Қызылқұм, Мойынқұм цифрларын береді. Бедел өз есебін береді. Жаппас пікірі особое мнение - талас, достар тартысы. Жаулық жоқ, бірақ келіспеу бар. Куаныш хабар.

X сурет

Жерге Гүлжан қайтқан. Ұдайы бір сигналды, өзгеден бөлек шифр сигналды Делдал ғана есітеді. Мұстафа қызығып, жабысып сұрайды. Өзі білмек болады. Биби оған серік. Биби, Мұстафа бірдей Делдалдан Гүлжан хабарын сұрайды. Аспан телевизорда. Дүние станцияларының хабарлары. Мексика үстінен Родезия, тағы сондай көп станциялар хабарлары... келе - келе жатыр... Аспанда жерді үш айналып ұшып жүр Гүлжан. Телевизорда Ұланбел үстінен ұшып өтіп бара жатқаны тағы білінеді, көрінеді залға. Гүлжан хабары, өз хабары бірінші рет аман... тағы да шифр "Мен сүйем". Мұстафа сезік айтады Делдалға. Ештеңені андамайтын көңілмен қатты поэзиялық терең сырлы қасиетті айтады, махаббат қасиеті егер Гүлжан осы ғажайып сапарды махаббат энергиясымен істеген болса, не деген зор қыран самғауы. Адамзат, махаббат сенің ең алғыр қырғын қанатың болған дейді. Делдал "айт, тағы айт" деп ынтығады. Биби "айтпа!" деп тоқтатқысы келеді. Ол кішірейе береді. Мұстафа бұл жерді түсінбей, Бибінің өтінішін жүрек толған асыл сезімінен дейді, өзі Бибиге ынтығады. Биби де бұған бейім, бірақ ол шын - шынымен Делдалға ынтызар, тек түсінбейді. Делдалға не болды, не болды?.. Делдал. Хабар - Гүлжан келіп түскен. Қызылқұмға түскен. Бұндағы бәрі геликоптер мініп, ұшып жөнеліседі.

XІ сурет

Гүлжан келген. Қайтыс сапарды управлять ететін Делдал аспабы ойдағыдай сыналды. Әңгіме осы аспап болатын. Гүлжан келе алмай, қайта жерге жете алмай қалуы мүмкін еді. Москва, дүние хабар сұрайды. Хажен, Жекен "жоғары ғылым советінде Гүлжандар, Делдал табысы ақталды, сынаған Гүлжан. Ырзалығым, алғысым ретінде осы жиын ортасында сүйемін Делдалды" дейді. "Мен де сені Космосқа шыққаннан бастап "Жұлдызым, бақ жұлдызым болдың" дегемін" дейді.

Беделдер ең соңғы табыс - дерек итогтарын аяқтайды.

Елу жыл бұрын спутниктер болған. Қатынас ретінде Ұланбелде түйе, жылқы көлік еді. Бүгін сол Ұланбел қызы ракетамен айды айналып ұшып қайтты. Алдынан шыққандар геликоптермен ұшып барыпты. Елу жыл бұрын ұрлық, жалақорлық, қызғаныш дегендермен қатар түйе, арба, есек көлік еді бұл құмда. Бұрын қалыңмал болған, малға сатылған, үш әйелдің бірі болған қыз бар еді. Қазір қыз атағы қанат қыз; жарға жоғары мегзер жұлдыз жар болды. (М.О. Әуезов архиві, п. № 138, 81- 87-бб.).

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙