Өлеңдер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ақтан Керейұлы
Ақтан Керейұлы Азғын тартар қаз бен қу Азғын тартар қаз бен қу, Суалса айдын көлдері. Өзеннің бойы құлазыр, Жайлаған кетсе елдері. Тиянақ кетер дариядан, Бұзылса шалқып сендері. Дарияға кеме жүзе алмас, Құрсаулы кетсе щеңбері. Айдынды туған ер жігіт, Кемшілік табар майданда, Семсері кетсе белдегі. Нұрқасым, Қорек заманда, Ниеті таза, көңілі хат, Жаралған абзал пенде еді. Айран болады екен ақылың, Қолыңнан кетсе сенгенің.
Айт, десеңіз, жарандар Айт, десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын. Айт дегенде іркіліп, Бойымды балап тартпайын. Парасатсыз жамандай Жүрексініп саспайын. Алысқа шапқан жүйріктей Аяқты жайлап тастайын. Қалағаның біз болсақ. Сұрағаның сөз болса. Қатты жауған жаңбырдай Алдарыңда қаптайын. Мәжіліске келген соң, Тәңірім жел сөз берген соң, Атасы арзан дегенмен, Сіздерге бұлдап сатпайын. Атасы арзан дегенмен, Өздеріңдей жақсы болмаса, Бостан -босқа айқайлап, Құр далаға шашпайын. Айт деп бізге үлкендер, Қаумалап қызық құралды - ай. Іркілейін несіне, Болған соң басым базарда - ай.
Мәжіліс құрған алқаны Жүрмесем де таба алмай, Осы отырған әлеумет, Басымды салып базарға - ай, Айт дегенде бұлдансам, Болам ба мұнан ажарлы - ай?! Жан барында жайнайын, Тіл барында сайрайын. Әзірейіл құрық салған күн, Қаумалаған ағайын, Қаларсың бір күн таба алмай.
Аққулар көркем көрінер Аққулар көркем көрінер Айдын шалқар көлдегі. Құралайдың балдары, Бұл да көркем көрінер Орғып қашқан шөлдегі. Қатарланған қалың көш, Бұл да көркем көрінер Сағым шалған белдегі. Қыз, жігіт көркем көрінер Қалың дара елдегі. Аруанадан туған кез өркеш, Бұл да көркем көрінер Айт - айт деген жердегі. Қыз бала көркем көрінер Беттегі нұрлы қанменен... Еділ көркем көрінер Жағалай біткен талменен. Арғымақ көркем көрінер Өкпе, бауыр, жалменен. Жиналып келген көпшілік, Аз айтты деп сөкпендер, Еркінше даусым шықпады, Осылай айттым жайменен
Аяғына қан түссе Аяғына қан түссе, Айрылар жүйрік ағыннан. Тұрасынан мертілсе, Тұлпар қалар қарғыннан. Көтермешің болмаса, Топта туың жығылған. Көмекшіңіз болмаса, Бәйгіден атың қалынған. Айдын көлден сән кетер, Айрылса қу мен қазынан. Аспанның нұры тамбаса, Көл қалады шабыннан. Қонысына бақпаса, Аруана қалар сауыннан. Денеден артық жүк артса, Нар да қашар ауырдан. Бағым болып қолға өссе, Нәндік қалар аюдан. Парақор болып құнықса, Әділдік қалар ханыңнан. Оғыда байлап сенбеңіз, Торығар көңілің залымнан. Жасы жетіп мендесе, Ер айрылар қарудан. Сәні болмас бұлбұлдың Саясыз жерге саз ұрған.
Біріншіден не жаман? Біріншіден не жаман? Білімсіз болған ұл жаман. Екіншіде не жаман? Ананың тілін алмаған, Қасарысқан қыз жаман. Үшіншіде не жаман? Үш жерінен буғызып, Көрге салған сол жаман. Төртіншіде не жаман? Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман. Алтыншыда не жаман? Алғашқы алған әйелің, Көп ішінде кеңкілдеп, Тіл алмаған сол жаман. Жетіншіде не жаман? Жеткіншекте оқ тиіп, Жетпей қалсаң, сол жаман. Сегізіншіде не жаман? Серке санды ат мініп, Сергелден болған жол жаман. Тоғызыншыда не жаман? Торғайдай болған бір басың Топқа түскен сол жаман.
Оныншыда не жаман? Оймақ ауыз, қиғаш қас, Бір перзенттің жоғынан, Мұңлық болған сол жаман. Бөкен тонын жамылса Бөкен тонын жамылса, Көкірегі қабынса, Теріс қабаққа бағынса, Ажалы жеткен майталман, Көп ұзамай табылса, Бұл - сұр мергеннің реті. Ер жігіт елін меңгерсе. Жетімдерге жем берсе. Жесірлерге жер берсе, Алдыңда тентек жөнделсе, Әділдігін ел көрсе, Бұл - азаматтың реті.
Жайық деген жанды су Жайық деген жанды су, Көзі қара қанды су. Біздің жүрген жеріміз Күнде базар, күнде су. Мен сүргіннің сойымын, Арқалы жерде шапқандай. Ойпаң жерде сортақ бар, Жабыдан туған қорқақ бар. «Сөйле!» десең, жыршыңыз Алдарында жортақтар. Туған айға ат берген. Ақ қағазға хат берген. Екі ерін, тіл, таңдай. Сөйлесін деп жақ берген. Шықпай отыр домбырам, Сырылдап мұның қақпағы. Айтқан сөзге түсінбес Адамның мисыз ақымағы. Домбырам отыр қағылып, Он екі перне, екі ішек Бауырына тағылып, Қоянға қосқан тазыдай Бүктетіліп жазылып. Тыңдасаңыз сөзімді
Осы араға келгенің, Әдептен құр қалмассың Үлкенге сәлем бергенің. Түрлі - түрлі өлең бар, Айта берсек, өнер бар. Түсінетін адамға Ретін айттым терменің. Ұядағы балапан Ұшатын күні болғанда, Қанаты әбден толғанда, Істейді о да көргенін. Жолдас болсаң жақсымен, Дұшпаныңды жеңгенің. Адамдықтың белгісі - Біріңе бірің сенгенің. Құлағынды сал, жігіттер, Жарлымын деп мұғайма, Жеті мүшең сау болса, Құдайдың сол бергені
Қалағандарың сөз болса Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен, дер күнім, Бұлдыраған таудаймын. Екі атысқан жау болса, Арасында панамын. Мен - ақбауыр кер жорға. Әдемі басқан аяғын. Қарасаң көзін жеткісіз Жылмиып жатқан даламын. Жортар атқа жеткісіз Ұзын бауыр саламын. Жоғарыдан аққан Жайықпын, Теңізге құйған аяғын. Күн шығыстың күшті желімен Ылайлатып ағамын. Сөйлемеймін мен неге, Қашаннан да мен өзім Заржақ туған баламын. Сөйлесем, сөзді табамын, Сөйлей - сөйлей аламын.
Көпшілік сөйле дегенде, Кідірмеймін жел сөзге, Кеудедегі білгенді Алдыңы төгіп саламын. Сөйлей - сөйлей берейін, Сөз жүйесін көрейін. Әрі - бері сөйлесем, Бұ да өзімнің мерейім. Сөз дегенің бұйым ба, Сөйлегенім қиын ба, Талай - талай сөйледім Сатырлаған жиында.
Мамығын төгіп қаз бен қу Мамығын төгіп қаз бен қу, Көлге мекен ете алмас Ақсұңқар құстың зарпынан. Азамат ердің баласы. Пәмді басын ете алмас, Шетке кетсе халқынан. Ер жігіт шауып шеп бұзбас, Айқайлап ұран шаппаса, Аламаны шулап артынан. Шешендер сөйлер топ жарып, Сары бір қолдың самсынан. Жақсылық алар әркімдер Жауаптың келген парқынан. Келтірер ұят бетіне, Сөйлесе күмән балшыдан. Адал жүріп, шын сөйле, Асығың түсер алшыдан. Мақтанғанмен аса алмас, Кем болса қатар, шарқынан. Сұрағанмен алмассың, Көп қазғанмен қанбассың Қайырсыз сараң таңқыдан. Мәжіліске келген соң, Тартпайым басым шаршыдан. Бұл мәжіліс белгісі - Жиналып басың құралмақ, Батырлықтың белгісі -
Жауға шапқан ұрандап. Палуандықтың белгісі - Алқаға түсіп сыбанбақ. Шешендіктің белгісі - Халық жиналған алқада Дұрыстап жауап шығармақ. Жүйріктіктің белгісі - Бәйгеге қосқан тұмарлап, Жігіттіктің белгісі - Бедеу мініп астына, Жиынға түскен бұлаңдап. Сұлулықтың белгісі - Жұрт жиналған алқада Көрініске шыққан қылаңдап. Кәріліктің белгісі - Көңілдің хошы келмеген. Жарлылықтың белгісі - Жанын қинап өлмеген. Жалғыздықтың белгісі - Өзіне өзі сенбеген. Палуандықтың белгісі - Өнермен өрге өрлеген, Сақилықтың белгісі - Халықтың қамын көздеген. Әкімдіктің белгісі - Тентекті жиып жөндеген. Қаттылықтың белгісі - Халықтың көңілің көрмеген.
Жамандықтың белгісі - Қаумаға басы енбеген. Төреліктің белгісі - Аяғын басып жүрмеген. Сұлулықтың белгісі - Көргендер аңсап шөлдеген. Жігіттіктің белгісі - Мезгілсіз жүрген көлденең. Екіталай болғанда, Айқын жүйрік терлеген. Кейбір жаман жыршылар Әншейінде ақтарып, Сатып жүр жырын теңгеден. Менің сөзім аяусыз Аға менен жеңгеден. Құлақ қойып тыңдасаң, Зейін қойып тыңбасаң. Менің сөзім қошемет, Көңіліңді делбеген. Билік пенен жыр басқа, Өнердің түрі әр басқа, Ортаға сөзді салайын, Сағыңыз бізден сынбасқа. Жігіттің қайтар базары, Өнерін білген бұлданып, Шығарып тұрса қымбатқа, Арзан сөзден ала бер, Дүния шіркін жолдас па?!
Мысал етіп толғайын, Жаманға айтсаң бір сөзді, Келмейді сөзің татымға. Жақсылығың жамандық, Үлкейіп шығады басымға. Жақсы сөзбен жай айтып, Мейманды үйден қашырма. Сөйлес десе қонағың, Үйде отырып айқайлап: «Не сұрайсың» айтынба. Барым деп берсең, ол қонақ Риза болад шай - суға. Түсінгенге сөздерім, Құлағына хат болар. Түсінбейтін жаманға, Мал қимайтын сараңға Айтқаның мен айтпаған Бәрі бірдей сап болар. Кейбір, кейбір жамандар, Мал қимайтын сараңдар Жыршыменен қас болар. Зәресі шығып жыршыдан, Үндеместен тас болар. Ақ, қараны айырған Қағазға жазған хат болар. Шешендерді сынаған Тізелескен дау болар. Ер жігітті сынаған
Қарсы шапқан жау болар. Кейбір, кейбір жамандар Тақылдатар таңдайын, Қыламын деп мал жайын. Қайдан білсін о қонақ Ол кісінің қандайын. Ер жігітті білгесін, Көп дәметер сауыр деп. Қонақ іздеп қонады, Аты шыққан ауыл деп. Көп аралап жүргесін, Сол мінезді білгесін, Сүйкенбейтін әркімге, Қарап жүрген тәуір деп.
Отырған қарсы алдымда әдемі қыз Отырған қарсы алдымда әдемі қыз, Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз. Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді - Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз. Сөз болса, қалқам, сізге бізден бұйым, Бұйымың біздей жанға болмас қиын. Өзіңдей пұл білерлік болмаса ару, Жаманның керегі жоқ жалғыз тиын. Көңілге медеу тұттық елде көріп. Зауық еттік ойын - күлкі пелде көріп. Жүргенде қыдырысып ойнап-күліп, Жылқыдай кеттің, досым, желдеп өріп. Сұңқылдап бір жар едің ұшқан қаздай, Сол күнде ләп көтерген айттық назды - ай. Бел байлап ашықтыққа жүрген едік, Айдында көл шайқаған дауылпаздай. Барасың күнім қапы көл шайқаған, Баянсыз, жалған, сені кім байқаған?! Дүние сіз кеткенде болар сағым, Көп жүріс ақбөкендей жер сойқаған. Жамандық жақсы болмас көнгенменен, Жақсыға мұрадың ғасыл ергенменен. Қаражан, көңілдесім, құрметтесім. Бейшара болдың бірдей өлгенменен.
Үдеріп елім көшті Барқыт құмға, Қаражан, қайда кеттің, халқың мұнда? Сен кеттің бір жат елге бауыр басып, Мен қалдым баулы құстай талпындым да. Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын, Өксіген айрыларда құлан қағын. Барасың қолдан кетіп, құрметтесім, Қош, аман, енді сау тұр, боз қаңбағым.
Той бастау Тұсыңа келдім, жараңдар, Тұрмаймын кейін бой балап. Халық әдеті болған соң, Сөйлеймін әуез созбалап. Тұяғым тайпақ сүргінмін, Түгескен топты жорғалап. Дидар болып сөзіме, Әлеумет тұрсын омбалап. Сөз әділін табармын, Жалқаулық етпей қорғалап. Екпіндесем, кетермін Ақ бөкендей ормалап. Мерекеңе кез келдік, Мен - байрақты жүйрік саңлағың. Сайқылықпен көп кездім Әлімұлы. Байұлы. Тама. Табын. Жеті ру - Кіші жүздің аймағын. Сол кезгеннен бері қарай. Мәжіліс -базар құрылса. Мереке - сауық ауладым. Той базарын құруға, Әлеумет, бізге бұйырдың. Сіздерден рұқсат болған соң,
Мен - ежелгі бәйгікер, Байрақты жерде жүгірдім. Алқа құрып, әлеумет, Тамашаға жиылдың. Бүгін емес, қашаннан Халықтан қалған қағида, Ерсілігі болар ма Қанша айтсам да мұнымның. Тойынды тұрмын бастарға - ай, Барқадар халше сөйлейін, Бойымды балап жасқанбай. Зайықатты баласың Толықтырып мақтарға - ай. Қыз-келіншек, кей құда, Жігіт, бала, қарттарға - ай, Көрініп топқа естірге, Қазақшылық дәстүрге, Кез келген шайыр айтпайды - ай Шуламай, үгіт етіңіз, Болған соң сауық кәсібіміз, Тыңдап алып жасқанбай. Сынауға тұрған сұрқыл көп, Келіп тұрған қапталда - ай. Запызым шырын тапқандай, Жадағай емес, астарлы - ай.
Несі жүйрік жүйріктің, Кезіне келсе, бас салмай. Еңбек етпей оза ма, Желікпей, арқа қоза ма, Алқаны көріп шаттанбай. Кеудеде жанның барында, Кетпей тұрып жазымға. Қимылдалық шақ барда – ай Айырған алтын реңді, Күміске меңзер өндерің. Әдемі, артық баласың, Майда бір нәзік сөздерің. Жүз тоқтатып қарасам, Лағыл, жауһар көздерің. Текеліктің атындай Көрінеді сұлу белдерің. Мойның піскен алмадай. Бұрымың жібек талмадай, Тісің меруерт, маржандай. Қасың бір қиғаш қаламдай, Деміңді алсаң, білінбес Майда бір шуақ самалдай. Бағдаттағы миуасың. Жапырағың құбылған. Ауада тұрған мен бұлбұл,
Тұсында сайрап үн ұрған. Реңіне қарасам, Құбылып тұрған мақпалдай. Қолаң шашты, қой көзді, Тұмар жүзді ақ маңдай. Кетемін деп, жарқыным, Уайым етіп өкінбе. Азалдан бұйрық болған соң, Әркімдер сендей аттанды - ай.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру