Сыбызғы сыры
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов Сыбызғы сыры Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы
ТӨБЕМДЕ БҰЛТТАР ЖАРЫСТЫ…
Төбемде бұлттар жарысты, Төменде оттар жанады. Онан ұшқан әр ұшқын Көкірегіме қонады. Бұлақ-мезгіл сырғыса, Мен тамырға тараймын. Сынып түссе бір бұта, Қабырғама қараймын. Уа, туған жер шүкірсің! Топырағыңа киелі Бір есуас түкірсе, Ол – бетіме тиеді...
СУЫРТПАҚ
...Маңдайы оның өткен өмір қолжазбасы – бәрі мұң, Сол жазуға жетілік шам түсіретін жарығын. Сөнер сәуле қалтылдайтын, қалтылдайтын әжем де, Қалтылдаумен өткізіпті ол өмірінің жарымын. Қатқан шерін жібітуге қоятын ол су ұрттап, Су ұрттап ап әлсін-әлсін суыратын суыртпақ. Ала шыттың жыртындысы ала жіптер туатын, Бүкірейген саусақтардың сарқып барып қуатын. Кәрі қабақ бір жадырап, бір жадырап бір сынып, Кәрі кеуде тыныстайтын бір басылып, бір шығып. Ала жіптер көбейетін, сол ала шыт шетінде Отырғандай сезілетін тістескен бір тіршілік.
О, тіршілік... сол адамдар жүріп өткен жолдармен Жүрем мен де бетімде әзір әжімім аз болғанмен. Көңілімнен сол бір шыттай суыртпақтап тартам жыр, Қарттық емес, сараңдықтан қалтыраған қолдармен!..
СЕЗІМДЕР ҒАЖАБЫ…
Сезімдер ғажабы Қиялда құбылып; Ашудың азабы Алқымға тығылып. Сүрініп, жығылып, Қайтасың таси кеп. Ақыры ұғынып Көнесің бас изеп. Жаның– мас, ой-жалын Әлі де түңілме. Үндемей койғаның Жөн болар түбінде. Тіл жомарт, өлең бай Жоқ-барды амалдай; Алам деп бере алмай, Берем деп ала алмай; Қызық қой бұл адам – Көрінбей құтылды. Күн бата құлаған Көлеңке сықылды. Жо, жо, жоқ достарым, Бұл емес айтарым. Келмейді қостағың?– Мұны да байқадым. Тұрғам жоқ шағынып, Шағыну – бойға мін. Келеді ағылып Өзімнің ойларым. Ол ойым бүй дейді: «Барлық гәп намыста!» Шындықты сүйрейді Қиялдан да алысқа.
Ол ойым былай дер: «Өрмеле! Өрмелеп Құласаң – құлай бер, Құлауға да ер керек! ».. Мезгіл де бір керім, Сусиды сынаптай. Түк қылмай жүргенім Барады шыдатпай.
ОҢАШАДА
Жалғызбын, кетті үй ысып, Кеудемді ойлар кернейді. Ақыл мен сезім сүйісіп Жүрекке маза бермейді. Өршиді көңіл, жан қызып, Артықтау кетсем – ұялма. Қанатын отқа малғызып, Өртеніп ұшты қиял да. Отырмын жанып өзім де, Жалыннан ұшқын тарады. Сол қиялдың көзінде Үмітім кетіп барады. Бержағы жарық әйнектің, Аржағында түн жүзді. Шалқая тартып ай кетті, Шаңына тастап жұлдызды. Жалғызбын, тыныш маңайым – Әр бұрыш мүлгіп тұр үнсіз. Серікті іздеп табайын Тыныштығыма тынымсыз. Жалғыздық деген – сын нағыз, Жалғыз да болған жан емен. Тұрамыз үшеу мұнда біз: Тыныштық, арман және мен.
ОСЫ ЖЕРДЕ, ОСЫ ЖЕРДЕ, ӨТКЕН ЖЫЛ…
Осы жерде, осы жерде, өткен жыл Көріп едім тұңғыш күнін көктемнің – Осы жерде үйі бар-ды досымның, Мезгіл, мезгіл, оны қайда көшірдің? Кім қуды екен бөлме толы күлкіні, Сол күлкінің тиген маған бір түні. Сол орында – көк шөптер тұр, оянған Мына жерде – көктеменің шуағы, Қара жерде толқынды жел қуады. Шөптен ұшып үлгермепті бу әлі, Сол будай боп ой да бұлдыр туады. Ойлар, ойлар, бұлдырама – күн ашық, Дала жатыр көк-жиекпен ұласып. Одан әрі... жақын дейді келешек, (Келешекке беріп жатыр ел есеп), Келешекке қараймын мен бас изеп! Шеп сылдырап – қайтты толқын таси кеп. Кенет... Міне қарсы алдымда тұр досым, Сонау сайға аударыпты ол іргесін.
Өз қолымен бұзыпты да ескі үйін, Слыпты әкеп миллиардтың эскизін: Басым тұрса жаңалықтың салмағы «Бір ләззат табады екен жан-дағы!»– Дос пікірін қостай бердім бас изеп, Жасыл толқын қайтып жатты таси кеп. Сол толқынға бір батамын бір шығып, Нағыз егін – екен ғой деп тіршілік!
О, ҒАЖАЙЫП!...
О, ғажайып! Мына күннің қызуына жылынып, Көкірегімде көбейеді күннен-күнге бұл үміт. Сол бір үміт Отаныма сүйене кеп туады, Жылытқанда жердің төсін махаббаттың шуағы. Әрбір күні мезгілімнің туып жатса ту ала, Әрбір көңіл күй тумас па, жыр тумас па қуана. Сол қуаныш – бұл ғасырдың жүзіндегі алауы, Сол қуаныш – біздің қолдың көтеретін жалауы. Сол жалауды алып ұшты, ұшты кеме – жас арман, Біздің данқ-мұқитына көмілді жау күңкілі, Ол – Көкірек түкпірінде махаббаттан жасалған... Кремльдің оттарының қадалғанда кірпігі!..
МҰХТАР ҚАЙТҚАНДА
Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген, Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен. Жас ұялап қимас көздер қалды артта, Аспанының ақ иығын ілдірген. Енді... енді туа ма оған жан ұқсап, Қараңызшы көкжиекке анықтап: Күншығыс жақ арайланды, батысқа Бара жатыр қара табыт қалықтап... Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп! Топ ішінен ымырт шалған жүздері Көңіл байғұс сол ақынды іздеді. Көрінбеді ол, танылмады тынысы, Жиі соққан көп жүректен біздегі.
Қайда кетті ол бізді тастап – төзбеймін! Жүректерге тепті батпай сөз кейін. Ақын кетті, топас ажал қолында Асыл кетті бір жапырақ бөздейін. Қайда ғана, қайда ғана жол алдың? Көру үшін туып па едік молаңды. Ақыл-қиял сөресінен әлемдік Бір қалың том құлады да жоғалды. Жөнелді ақыл, бұл өмірде жұрты қап Жыр туады, жыр туады бұрқырап. Бір бәйтерек өсіріп ең, туған жер, Жел өшірді – жағып едің бір шырақ. Шер-мұң қалды у жұтынып безерген, Ернім қалды сусын аңсап кезерген. Бұл өлімге, бұл өлімге төзер де ем – Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен.
МЕНІҢ ӘЖЕМ
Міне, міне менің әжем қазан асып от қойды. Онда тағам аз ба, көп пе – ешкім оны сөкпейді. Жалғыз-ақ тек: «асқа қара»– деген сөзге жұрт ұйып Жата кетер құсжастықты шынтағымен бір түйіп. Сол қуаныш жетер еді бар ғаламға бөлсе де! Сонда әжем жүзі жайнап қалмас шаттық-түрге енбей, Бұл даланың барлық отын өзі жағып жүргендей. Сонда қайран көкіректе бір күн туар күлімдей, Басар жеңіл, тізесінің сарсуы да білінбей. «Үйде– қонақ..!»–деген сезім, көп қуаныш – өлшеме, Дастархан да жайылар тез, шегіндіріп қонақты, Жомарт қолдың елпілдеген алақаны сияқты... Қоңыр табақ босанады көп қолдардан кешікпей, Алғыс айтқан жұрттың сөзін тұрар әжем есітпей. «Рахмет!» керек емес, керек емес сірә оған, Онсыз да әжем бақытты ғой қонақ болса бір адам «Қарақтарым келе берсін, келсін дейді ол, бәрі де», Шыға беріп күлеміз-ау осынау бір кәріге!..
МЕНІКІ ҒОЙ, МЕНІКІ ҒОЙ БҰЛ АСПАН…
Менікі ғой, менікі ғой бұл аспан, Көкжиегі келешекпен ұласқан. Мына жаздың қызғалдағы – үмітім, Ұлы жердің кеудесінде гүл ашқан. Шың басына тұрсын мейлі қар құйып, Дүниеде нелер биік – Ар биік. Көк жалғызы – ай да менің арманым, Арманым ғой әлемдегі бар биік. Арман, арман! Ол да мендік, өзімдік, Көтерейін, кетерейін төзім ғып. Күн шыққанда – Күншығыс боп оянып, Күн батқанда – Күнбатыс боп көз ілдік. Көк жүзіне адам ізін салды, әне, Менікі ғой жақсы күндер алдағы. Жақсылықтың бәрі... бәрі – меншігім, Менікі емес, менікі емес қалғаны!
МАХАМБЕТКЕ
Дамылда, жыр, дамылда! Сондағы мұңды аймақта, Қараған бұлттар дауылға Қуасың деп қай жаққа. Қанды көз тағдыр – бір құнсыз Хандардың махаббаты ғой. Замана-түнек тұрды үнсіз, Жер жастанды ақыл-ой. Боталар боздап түзде өліп, Тапталды жауға жаралы ер. Қаһарлар қатты мұз болып, Қарманып жатты қара жер. Мақтанып айтпас жыр несін?– Жаңаның толқынды айбары, Ескінің мұзды іргесін Сең қылып бұзды, айдады. Соқты ғой сонда бір дауыл, Салмақтар кетті азайып. Қақты ғой сонда жыр дабыл, О, ғажайып, ғажайып!.. Шамданған жерден шаң шығып, Шашты бұлттар пұшпағын. Найзағайды қамшы ғып Айдады ақын дұшпанын. «Ереуіл атқа» белдеме Батырдың махаббаты ғой. Нарында – үлкен кеуде де Көтерді басын ақыл-ой...
ЛУМУМБАНЫҢ ӨЛІМІ
Кеудемді кек болып тіреген Сол өлім жәйлі бұл тірі өлең. Сен-дағы бір үлкен жүрек ең, Африка, түрегел! Құлама, туған жер емені, Жылама батырдың, ер елі. Дүние бәрін де береді Тек оған қайсарлық – керегі!.. Дүрсілін тоқтатқан жүректің Сен бе едің, қара түн, түнек түн. Алыпты атқанда бір ептің Сен нағып шошыдың, дір еттің?! Әр үміт ұмтылды, талпынды, Қорғауға батырды, даңқыңды. Дірілде, топырақ толқынды, Кеудеңе дірілдеп қан тұнды. Қан тұнды баланы жетім ғып, Ананы жесір ғып. Адамға қылды адам кесірлік – Не сұмдық! Әр тамыр сықылды, әр адам Тірліктің бойына тараған, Ақ адам атуға жараған, Ақ ниет ойлапты қара адам.
Сол үшін... сол үшін атты оны Әлдекім «әттеңі». Жаңқалап шапты оны – қатты еді! Осылай Лумумба жатты өлі...
КӨКЖИЕКТЕН КӨТЕРДІ КҮН КІРПІГІН.…
Көкжиектен көтерді күн кірпігін. Ерке сұлу күле оянды құрбысы-ау. Шәлі-бұлттың мойнына іліп жыртығын Күн сәулесін қабыл алып тұрды тау. Күн келеді, күн келеді, тысқа шық, Мезгіл келді сүйреп алтын шылбырын. Сағым жатты көк орманмен ұстасып, Арбасты олар әкетем деп бір-бірін. Күн солдаты, нұр солдаты – сәулелер Күзетіп тұр менің байтақ жерімді! Көтеріп тұр күмісімді-көгімді, Сәуле бұлтқа біздің туды байлады. Сәуле, сәуле, сәуле көктен төгілді, Сәуле мына жер-әлемді жайлады. Сол сәулені қызға теңеу – жарлы ұғым, Көтер, жүрек, дүниені шабыт қып. Құйып ап тұр сұлулықтың барлығын Көл шарасы жер төсінде ауытқып...
ТАУ ТҮНЕРДІ – МЕН ДЕ МІНЕ ТҮНЕРДІМ…
Тау түнерді – мен де міне түнердім, Су күледі – мен де қазір күлемін. Бұлт жылайды – мен де жылай білемін, Бұл мінезді өзгеге де тіледім. Тау қарайды – мен қараймын түк ойсыз, Сіз де қазір әлденені тілейсіз. Тілейсіз де күрсінесіз, жүдейсіз, Жүдемейді бірақ анау дүлей құз. Қандай кеуде жұтып тауса алады! Тау – көңілді, самал желпіп қалады, Қараңдайды түннің мақпал балағы, Балағында «құс жолының» жолағы. Тау сезбейді, қаламайды сезімді, Сезбеу үшін ол мәңгілік көз ілді. Тау төзеді – мен де ұнатам төзімді, Әйтпегенде жек көрер ем өзімді.
ТЕР
...Мөлтілдеп төгілер терім кіл, Шіркін-ай мөлдірлікті ұқса жан! Осынау сүйікті жерімнің Шығына ұқсаған. Желігі шықпаған, көңілге Тер ғажап, тер ыстық. Туысқан, тамшы тер қосайық өмірге – Келістік? Өмір бір – мұқиттар толғағы, Ұлы ғой ұлы өмір қашаннан. Тамшы тер қосайық, ол дағы Тамшыдан жасалған. Жеңіммен ғана оны сүртемін, Көзімнен моншақтар секірді. Маңдайда әжімдер, бір тердің Арнасы секілді. Тер – менің қуатым, бар тұлғам, Тер – менің бақытым, қолдағы. Терім тек қысылу, қорқудан Шықпаса болғаны!
ТҮН.ТЫМЫРСЫҚ, ТЫМЫҚ ТҮН…
Түн. Тымырсық, тымық түн, Сыбдырға – сырына құнықтым. Шайқаған талдың жас бұтағын, Самалын, самалын жұтамын. О, менің көкірек-көздерім, Қанша ауа жұттым мен – сезбедім. Дірілдеп алады түн демін, Түн демі – өз демім. Тымық түн, қалқыса ай көктен, Қарауды ұнатам әйнектен. Түн. Айлы түн, тымық түн, Өзіңе аз ұқсап туыппын! Ұнайды-ау, ұнайды түнгі ызғар, Түнгі ызғар туады жұлдыздар. Жұлдыздар аспанда жайылар, Ортада ақ марал айы бар. Түнгі аспан түр берер өлеңге, Тұр, солай тамылжып төбемде. Аспанға қызыққыш көңілдер Түспесін төменге.
Түн! Менде де жұлдыз бар, ол – үміт, Сәулелер қалады жолығып. Менде де арман бар, айым бар – Қараңғы атаулы, тайыңдар! Тайыңдар, тайыңдар, тайыңдар,– Менің де жұлдызым, айым бар! Ал, бірақ шынына келгенде, Жұлдызым көкте емес, кеудемде – (Ой-толқын, малтиды айым да,) Міне, осы біздегі айырма. Түн. Ашық түн, тымық түн, Өзіңе көп ұқсап туыппын. Туыппын сол түнде, ұқсаң, ал Мен саған бүтіндей ұқсағам. Түн! Сен менің тынысым – Туған жер түнісің!
ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ…
Міне, міне тірі гүлдер, тірі гүлдер тұр өсіп, Бұл далада бақыт шақтың баяны үшін күресіп... Өткен күндер дауылымен құмдар толқып шайқалған, Сол бір дауыл талай ізді кетті-ау көміп, майталман! Бірақ мында Махамбеттің қылышының бар табы, (Талай ойды табынтады, ол да өзіне тартады) Көп бытыра дақ салыпты туған жердің жүзіне – Көздің жасы көп тамыпты кірпіктерден үзіле. Керемет қой бүгінгі өмір – көктемі не, күзі не – Ана-торғай ұя сап жүр Құлагердің ізіне. Мына дала бар тынысын ішке жиып күтулі, Бұл ұрпақтың маңдайына ырыс болып бітуді. Ақырында ол біздің қолға тарих болып тұтылды, Сары құмы – сары кітаптың мұқабасы сықылды.
Ол айтады: осы жерде өлді дейді сан арман, Кеуделердің ыстығына – аптабына қамалған. Ол айтады: қара шаштар осы жерде ағарған! Осы жұртта құрттар қайнап бу атыпты қазаннан. Осы жұртта талай тірлік, талай басты оқ алған, Ол – өңірден үзілген бір түймеге ұсап жоғалған – Көп беріпті-ау өмірге олар – неге сонша аз алған? О, ғажайып, жаңа гүлдер ескі жұртта тұр өсіп, Бұл даланың рухы үшін мәңгі-бақи күресіп. Сол гүлдерді иіскеп, сүйіп жүрсе біреу далада Ұқсайды ол өз баласын жетектеген анаға. Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген – Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!
ТОЯ МА ЕКЕН БҰЛ ДҮНИЕДЕ СЫРҒА АДАМ…
Тоя ма екен бұл дүниеде сырға адам, Адам сырды адамдардан ұрлаған. Шіркін тұрмыс үйретпекші барлығын, Үйретпекші баяғы сол бір надан. Тағдыр – қыңыр, арты өкініш, алды үміт, Кетер ақыр баланы үміт шал қылып. Тірлік өзі заңын жасар, сол үшін Үйрету де, үйрену де – мәңгілік! Адам, адам, неткен ұлы жүрегің! – Осы ғана бұл өмірде білерім. Жаным менің жамап алды жүз «ауру», Табамын деп білместіктің бір емін – Міне, барым. Өз қырсығым, өз бағым: Өмір болып, өлең болып қоздадым. Жалғыз-ақ тек осын-ау бір «білемге» «Мен де»... деген қоса алмадым сөзді әзір.
Білем, білем, білем деген маған жат, Барлық «білем» «білмеймінге» қамалмақ. Жұмыр жерді шырқ үйірер бәрі бір Жұдырықтай басымен-ақ адамзат. Жаратты ғой бұл табиғат жан қылып, Өткеніме өкінбеймін санды ұрып. Күннен күнге жаңарды өмір, сол үшін Үйрету де, үйрену де – мәңгілік!
ӨТКЕРІП СЕЗІМДІ КҮН, ТӨЗІМДІ АЙДЫ…
Өткеріп сезімді күн, төзімді айды, Іздесем табар едім сөз ыңғайлы; Сөзді емес, отырып-ақ өз төсіңде, Туған жер, ойланамын өзің жәйлі. Баяғы жұбатам деп бір үмітті Жүректің жиып-терген жыры бітті. Біткен жоқ ойлар бірақ, Сірі-дала Көтеріп жатқаннан соң тірі жүкті: Ол жүгің... күліңіз Жер, жылаңыз, Жер, Ол жүгің – мына біздер, мына біздер; Үнімді, үкімімді тыңдатам деп, Басынан Алатаудың құлақ іздер. Бірақ та тыңда демен саған мені, Тек қана мені ұлым деп санар ма еді; Сонау бір Қошалақтың құм шағылы – Уа, менің көз жасымның тамар жері.
Бұлтты жәй айдағанда самал легі, Күн күлсе – ол мейрімің маған ба еді? Төбеңде тудым сонда нүктедей боп, Уа, менің бақытымның жанар жері! Бұл жерге көп қарайлап көз ұлғайды, Көңілге тездік қуат, төзім – қайғы. Албыртам, асығамын аз өмірде Туған жер, ойлайын деп өзің жәйлі. Кетсе де қайғы жығып, қырсық ұрып, Жырлаймын – жараттың ғой жыршы қылып. Жырларым сен туралы, о туған жер, Далаңның қыртысына жүр сүрініп...
ӨМІР
Өмір, өмір, өмір деген – бір ғажайып бәйтерек, Бәйтерекке түн де керек, күн де керек, ай керек. Сол теректі паналаған балапансың сары ауыз, Сол теректе өткен тірлік – әрі шындық, әрі аңыз. Сол Теректің күн жағында – көктеменің шуағы, Сол теректің көлеңкесі – қарлы боран қояды, Сол теректің бір басына екі тағдыр ұялап, Екі тағдыр – мәңгі-бақи адалдық пен қиянат.
Өмір, өмір, өмір деген – толып жатқан көк теңіз, Мөлдір теңіз ылайланар – күл әкеліп төкпеңіз! Тулайды ол, шулайды ол долы кеуде қара көк, Аспан ғана қылды иелік сол теңізге жаға боп. Сол теңізде аушылық қып адамдық пен пенделік, Сол теңізден алып жатыр несібесін тең бөліп. Ал, егерде ұрлық етсең бір басыңды қайғылап, Көп ұзамай көрінесің: қайық– қара, айдын – ақ. Сол теңізге келем мен де ақылымды сүңгітіп, Сүңгимен де қайта шығам, қайта шығам су жұтып.
Өмір, өмір өмір деген – жолаушы ғой шаналы, Өтер әлі-ақ үлпек қарда ізі ғана қалады. Күндер өтер, айлар өтер, өшер әлгі із жуылып, Сонда шындап қарайсың ғой өткеніңе үңіліп. Өмір, өмір, біздің өмір, біздің өмір – керемет! Өмір, өмір маған қайғы, маған шаттық бере кет. Әкел, өмір, бәрін әкел! Тойсын мына көз, көңіл, Бәрі – бақыт, қасың күліп, дос жылаудан өзгенің!
ӨЗ МҮЛКІМНІҢ БАР САЛМАҒЫН ҰҚСА ЖАН…
Өз мүлкімнің бар салмағын ұқса жан, Одан сайын ауырлата жүк салам. Ойхой, менің қанағатым тойымсыз Қайыршының дорбасына ұқсаған. Алу керек, алу керек, көп керек, Ақысына көкірегімнен от төлеп, Алдағымды арман қылам алғанша, Ал, алған соң, тағы қалам өкпелеп. Тағы жүрек... ақыл – қызу, ой – аптық, Талай ойды есік қағып ояттық. Тағы жүрем... сүйенермін шаршасам, Туған жердің әр бұтасын таяқ қып...
ҚҰРДАСЫМА
Жыр жазарсың – мықтасаң, Баурында туған төбенің, Өзіңді-өзің ұқпасаң Сені кім ұғар деп едің! Өзіңе-өзің таң қалдың, Өзгені сөктің «жасық» деп. Ақыры, міне, алдандың Қолдағы барға ғашық боп. Ғашықтық жақсы, о, бауыр, Ғашықтық жаман кей жерде. Ғашығың – алыс, жолы ауыр, Жеп-жеңіл өтем дей көрме. Сенбесең досым, жолға шық, Ғашықтық жатар көзде де; Алысқа қара, бол ғашық Өзіңе емес, өзгеге. Көтеріп соқпа көңілді Көпірте берсең – оңдалар. Сен жеңсең, ол жеңілді, Сенде жоқ желік – онда бар. Талабың ақ бас тау еді! Ағарған жоқ қой шаш әлі, Үйреніп бітсең әуелі, Үйрету кайда қашады?!
Ерте ғой әлі, төзіммен Ауруыңды емде, демші адам. Отырмын оқып өзіңнен, Не айтар деп ең мен саған! Ұшқынды алсаң беріп от, Сөнер ол самал ескенше. Алдыңа қарап кері кет, Артыңа қарап өскенше.
ҚЫЗЫҒАМ:…
Қызығам: тау үстінен алтын арай Түскенде көлге сырғып қалтырады-ай. Көтеріп көк етегін күн келеді, Тау қары қалай жатсың жалтырамай! Қызығам: төзбесе тас балқымасқа, Менімен жұрты бірге, салты басқа. Алдынан ақыл-ойдың шыға келді. Алатау ақ қасқа емес, алтын қасқа. Не шара сұлулыққа талпынбасқа, Кеудеде сұлулықсыз жан тұрмас та. Қара көз дөңбекшиді малтып жасқа, Көңілде – ой, алда – сурет, ән тұр баста. Қиялды қызықтырып құлақтағы үн, Өргіздім Алатаудың бұлақтарын. Дүниеде қанша сурет болса дағы Келеді дәл осыған тұрақтағым.
Қызығам: табиғаттың көркеміне, Осын-ау тірі тұрған ертегіге. Төсіне бала таудың бұлттан сырып, Өз қолым жапқандайын көрпені де. Қызығам: тұнық сурет бұзылар ма, Әлемде суретшінің ізі барда. ...Әр затқа көңіл шіркін қызығарда Көк бүршік – боп көрінер қызыл алма.
ҚЫЗЫЛ СӨЗ, НЕЛІКТЕН СҰЙЫҚСЫҢ…
Қызыл сөз, неліктен сұйықсың, Көзінен өткендей селдірдің. Қара көз, неліктен тұйықсың, Өзіңе кімдерді сендірдің? Сен-дағы от беріп, сыз алдың Жүректі мұздаққа шөгіріп; Ақ жүздер, неліктен қызардың, Кетті ме ұяттың тогі ұрып? Көк аспан, неліктен бозардың, Анау не, жұлдыз ба, көзің бе? Күп-күрең гүлді де соғар күн, Солар гүл, мұң салып сезімге. Қара шаш, бурыл боп .. оның нең, Мезгілдің топаны шайды ма? Әлде бір қарайған көңілден Ағарып кеп қонған қайғы ма? Жо, жо, жоқ бұл емес, әрине, Көп көңіл шаттыққа бұрады... Ақ, қызыл, қара да... бәрі де Өзінше салтанат құрады.
ҚАРТ ЖАУЫНГЕР СӨЗІ
...Қара дауыл, құлағымда тұр үнің, Қара түтін, көз алдымда бұрымың. Найзағайлар сермегенде сырығын, Тірі қалдым, тірі қалдым – тірімін! Жат өлкенің найзасынан андаған Қалды өмірім, қалды Отаным – калды аман. Алды бірақ көп досымды көр жұтып, Сол өлімдер шашыратты қан маған. Сөнді талай адам деген шын шырақ, Мезгіл тұрды сол адамға құн сұрап. Өшкен көздер жанарының түбінде Ақырғы үміт қатып қалды жылтырап. Қаһарлы күн, қаһарлы күн... өткенді Еске аламын, көрген сайын көктемді. Соғыс, соғыс! Керек емес мылтығың, Мылтық ұстар қолым да жоқ... жетті енді!
Мезгіл – жақсы... шын айтуға келгенде Жаман ойға орын қалмас кеудеңде. Құс атуға рұқсат етпен бұл күнде, Ол күндері адам атқан мергенге!..
ТЕРБЕТІЛІП ЖАТЫР ДАЛА АЛДЫМДА…
Тербетіліп жатыр дала алдымда, Толқын болып аунайды жел шалғынға. Жасыл жалын ұйтқып жанып өрмелеп, Бұтақтарын орап апты талдың да. Жасыл майса – жасыл жалын алаулап, Тұр тұтанып анау бұта, анау бақ. Тас төбеде қызыл сары күн жатты Өз отына өзі қызып манаурап. Пай, пай, анау шыңдар қандай, жар қандай, Бұл ілбиді бірін-бірі тарта алмай. Ал, төменде шұбатылып жол жатты Балаусаға батып қалған арқандай. Алатаудан бұлақ болып сүт ақты, Сүт аққанда «Боз інгенге» ұсапты. Көк жалынмен жанып жатыр туған жер, Көктем махаббатымен от тұтапты...
КӘРІ ШЫҢ РИЗА БОП ӨЗІНЕ-ӨЗІ…
Кәрі шың риза боп өзіне-өзі, Құшақтап қиял, мұңды көз іледі. Төсіне көтерілсе көлеңке-бұлт Тау оны түс көрдім деп сезінеді. Көңіл-ай, алданумен күн өткізген, Кезінде көп сезімді дір еткізген. (Қара тас үйретеді қайсарлыққа, Қайсарлық қашып кетер жүрексізден) Топырлап төмен қарай бұлақ-киік, Табаны тасқа әр жерден бір-ақ тиіп, Асығыс шыға келді ай далаға, Аяғын әр бұтаның құлап сүйіп. Дәм татып көп үміттен, аз арманнан, Туған жер, ол да керім базарланған. Мінгізді мың алғысын бір толқынға, Шаңдағы кеудесінің тазарған жан.
Сұлу ед Алатаудың бұлты неткен! Болса да менен жақын түн-түнекпен. Қараймын қарбаласта қабағына Өзім мен оған аян бір тілекпен. Бұлттай боп, қалың ағаш тұр кеңесіп, Ғажайып сыршылдықпен іргелесіп. Төсінен көп шоқының қоналқы іздер Көк бұлты жер бұлтымен бірге көшіп...
КҮНДЕР
...Осынау бір жер бетіне Қараймын ғой тербетіле. Қабатына ғасырлардың Жасырған ой, жасырған мұң, Барады өтіп күндер, күндер Сендер маған үн бердіңдер. Дауыл күнгі ақ айдынға Бұрқанамын қараймын да; Құйындай бір тозаң қуған Толқып, ойнап көз алдымнан Өтті күндер... өткен күндер, Сендер маған көп бердіңдер. Қайда, бірақ қайда алғаның? Кеудем – бүлік, ойран – жаным. Күйкі ғой деп дарымаған Күрсінді елдің бәрі маған. Көбейді тек бойда арманым, Кімге қажет ойланғаным! От шығарып толқынды ұрып, Жанарына толтырды жұрт. Шық боп қонды тамшылар да, Тер болса бұл – жан шыдар ма! О, туған жер, тер дегенің – Саған әлі бермегенім...
Бала дәурен қайда, қайда, Кетті ме еріп найзағайға? Жел боп жерді аймалай ма, Жапырақтан тайғанай ма – Күндер маған не бердіңдер? Бар дейсің тек келер күндер. Күндер күндер, жаралмаған Саған, саған барам, барам! Тынбай соғар бұл жүрекпен, Қылт етіп бір көкжиектен Пайда болып қалармын мен, Сонда ғана алармын дем.
КЕЛЕДІ АТЫП ТАҒЫ ДА…
Келеді атып тағы да, Ғажап кой дала таңдары. Ұялап жатыр жаныма Үміттің балапандары. Күтіп ап дала таңдарын, Жолды аңдып байқайын деп ем. Сол үміт балапандарын Арман ғып шайқайын деп ем! Сарғайма, шығыс сарғайма, Күтем деп сен де күн өңін. Бұтадан ұшқан торғайға Сапардың сәті – тілегім. Бір сапар бар ғой менде де, Жанымда ойлар жүр ізгі. Туған жер, сенің кеудеңе Салайын деп ем бір ізді...
ДОМБЫРА
Майысып қос шегіңнен күй өткенде, Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де. Домбырам қайран менің, қайран менің, Ризамын сені маған сый еткенге. Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды, Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы... Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып, Күлу мен үйреттің де күрсінуді. Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып, Жанымның жазығына күй ектіріп. Ой, арман – екі шегің болсын сенің. Берейін жүрегімді тиек қылып. ...Күй екен мынау аққан бұлақ десек, Бұлақтар таудан ғана туад десек, Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны, Төсіне туған жердің құлақ төсеп...
БҰЛ ЖЕРДІҢ ОЙҒА БӨККЕН ӘР БҰТАСЫ…
Бұл жердің ойға бөккен әр бұтасы, Бұл жердің гүлі ұялшақ, арлы тасы... (Ар көрмей жыра түгіл, жарды тағы Кей біреу мәстек мініп қарғытады. Сен бірақ қарғымай өт, секірме де, Зынданда жүрген жоқсың не түрмеде. Асықпа бұл өлкеден аттануға, Өлмейсің– мен берейін кепілдеме. Асықпа барыңды айдап жаратуға Көзің бар – туған жерге қара тура. Қалғыма, қара деймін, қарап үйрен Шаттыққа, қайғыға да қара киген.) Болсын деп аспан асты ала-құла Туған жер көл құйыпты табағына – Қос қолдап бір көтерші, дана-жердің Әжімі түссін сенің қабағыңа!
Сен ексең жер бетіне бір шыбықты, Ол өсіп бір бұлбұлды жыршы ғыпты. Әр бұта тамырлары жер астынан Сүйрелеп шығып жатыр тіршілікті. Ей, досым, ойлан ойлан! Ерлегенің Уақытты кұр мақтанға бермегенің. Ұяң бол – гүлін көріп бұл өлкенің, Қайсар бол – дауыл күнгі көр де еменін. Сүгіреттер тұрсын солай көңіліңде! Кетпесін табаныңның көні мүлде. Теріңмен жібіт жерді, сонда ғана Хақың бар туған жерге көмілуге.
БҰЙЫҒЫП ӨТПЕК КҮНДЕРГЕ …
Бұйығып өтпек күндерге, Түйіліп өтпек түндерге, Күрмеліп шықпақ тілдерге, Шешеннің көңлі бітпеді. Мұң болды сонда мұнартқан, Жылдардың мұңын күн артқан, Мұңсыз бір күнге құмартқан Көсемнің көңлі бітпеді. Өкініш етіп ай-күнін, Көтеріп жүгін қайғының, Көрсетпей мидың байлығын Дананың көңлі бітпеді. Келгенде мезгіл тағы алдай, Сараңдық берген тағамдай, Сұрағанын ала алмай Баланың көңлі бітпеді. Бір тауын бермей көне жыр, Сылтауын берді сол өмір, Желкенсіз, желсіз кеме жүр – Ақынның көлі бітпеді. Иріліп алдап жіп ұшы, Кеудеге симай тынысы, Қолына тимей қылышы Батырдың көңлі бітпеді.
Ол бір заман – заман-ды, Заманға бәрі қамалды, Қамалмаған адамды Табанға салып бүктеді. Қызғыш боп қорып көліңді, Қызық боп кезіп еліңді, Қаптатып қара селіңді Сенің де көңлің бітпеді...
БІР ӘНШІ
Бұл не өзі ән бе, әлде айқай ма?– Мен білмеймін, білсең туыс айт онда. Сахнада тұр ғой өзі, уақытын Босқа өткізіп сынамақ па бақытын? Деген ойдан: ойнап тұрған жоқ па бұл, Жұтқыншағ жүзін көріп тоқтадым: Алқымы іскен, қысып көрсе-ау аздап бір, Көз дегенің шығып кете жаздап тұр. Өзін-өзі қылғындырып, бір тілсіз Тұр алдымда. Тыңдап қапты жұрт үнсіз, Тыңдаса егер қол соқпай ма енді олар, Әлде олардың құлақтары кем болар? Қызық, қызық: жастары да, кәрі де Құлақтарын басып апты-бәрі де. Қол соқпаудың барлық сыры сондағы: Құлақтардан босамапты қолдары...
Оу, әнші дос, табиғатты зорлама, Кеудеңді жап, ол шабытқа толмаса. Біз риза болар едік қарғаға, Бұлбұл деген бір мықтымыз болмаса.
БІЛМЕЙМІН МЫҚТЫМЫН БА, ОСАЛМЫН БА…
Білмеймін мықтымын ба, осалмын ба, Барым сол – бір жүректі тосам мыңға. Оңаша тергесем де, терлесем де Өзімді жыққаным жоқ дос алдында. Айтқан соң нелер ақыл нелер пенде, Туған жер, әзір аман келем сенде. Секілді қуанғаным – шуақ жағым, Өзіме тартып туды көлеңкем де. Не істерсің, арман биік, аласа бой Биікке биік болсаң тамаша ғой. Күзгі күн аспанындай тымырайған Өзіме – өзім құсап жарасады ой. Ақыл боп ақындығын тергеді ақын; Мінбеймін мен ешкімнің берген атын. Ойлаймын: «аласалық – күштілік!» – деп, Бір табан болғаннан соң жерге жақын.
Бұл жерге келдім ақыл-есті мықтай, Қадалсын қаңғыған көз – өстім ұқпай, Отырам қызыл күннің отын ұрттап, Қанталап қайтатұғын кешкі бұлттай. Сыр құйып өлеңіме қатық қылып, Келемін ойларыма батып-шығып. Дейді жұрт: «өлең жазбау– бақыттылық». Аузыңды бұзайын ба атып тұрып!
БОЛСА ДА АЛАП – ОЙЛЫ АЛАП…
Болса да алап – ойлы алап, Ағады өзен аңқылдап. Қыздардың жолы қайдалап, Жәудіреп қарайд салқын бақ. Даланың жанын жылтқан күн Аспанда емес, мұнда тұр. Сабылып өткен бұлттардың Сарқыты құсап шық жатыр. Шығыңды, көктем бұлдама, Шыныңды ұғар жан қайда: Боразда салса, бұл дала Ұқсайды қатпар маңдайға. Әр бұта тынып жасырды үн, Жасыру мүмкін қиянат? Осын-ау жерде ғасырдың Ақылы жатыр ұялап. Не керек ақыл, ой маған, Өз басыма қонбаса ол. Табан ба кейде таймаған, Үзіліп қалса – жол ма сол!.. Қасиетіңді сезем, жер, Әр бұтаң болды баспана. Ылайсыз ақса өзендер Сәулесі түсер тасқа да.
Айналды тасқа кейбіреу, Мезгілін сезіп жығылар. Қолынан келсе елжіреу Тас болып не жыны бар?! ...Қоңырқай дала, баспалап Өседі гүлдер – салқын бақ. Құм жұтынып, тас жалап Ағады өзен аңқылдап. Келбейді аспан көзінде – Ойлану солай басталар. О, дала сенің өзіңде Тастар да бар, бас та бар...
БОЗ ТОРҒАЙ БҰТАҒА ПАНАЛАП…
Боз торғай бұтаға паналап – Майысып көтерді бір шыбық. Ішімнен етемін қанағат, Осын-ау көркіңе, тіршілік!
АҚЫН
Қарайды ол алыс түйіліп – Барады-ау, сірә, шалғайға. Арманшыл ойлар жиылып, Әжім боп қатты маңдайға. Махаббат, жастық, мас ақыл, Дүниені алға жайып сап; Айдынға желсіз тасатын Қарайды ол кейде айыптап: «Сапырып суды құлатты Жыра мен жартас қолтығы; Көбігі болса бұлақтың, Толқыны қайда, толқыны?! Еркің бар қайда бұрсаң да Толқынды тапсаң тауды ырғап. Ақса ғой деймін жыр сонда Ойларға бөгіп, ауырлап». Естиді құлақ бір үнді, Үлгермес ақыл оны екшеп. Қасықтап жиған жырыңды, Төгер ме ең, ақын, шелектеп! Келеді оймен күн кешіп, Жырына аздап жан кірді. Үміт пен сезім мінгесіп Қиялдың белін талдырды...
Ақыным қарап қалыпты, Қызықты ойлар жыр сала; Аңсар ма ол биік даңқты, Өзі одан биік тұрса да...
АҚША БҰЛТ АСПАН ҚАЙМАҒЫ…
Ақша бұлт аспан қаймағы, Тыныштық балқып тұрды ойда. Ойларды жиды қайдағы Көкірек деген бір қойма. Ақша бұлт аспан тасқыны, Өтеді ай, күн оны аттап. Өмірдің мынау жас күні Көкіректерге қонақтап. Ақша бұлт аспан түбіті Ұшады желмен бұрқырап. Осынау ғасыр жігіті, Құрығанда, болар бір шырақ. Ақша бұлт аспан қонағы, Нөсер боп өлең төгеді. Осынау жерге қонады Оның да көлеңкелері. Ақша бұлт аспан сеңдері, Көшеді күліп, күркіреп. Менікі деді... мен деді. Адамға біткен бір тілек. Ақша бұлт... атса таң егер Қып-қызыл болып боялар. Тағы да қара... және көр, Көз көрсе – басың ой алар. Боялса ақ бұл – әдемі, Үлгерді бар күн сүйіп те. Қарайды адам әлемі Біздің де туға – биікке. Ақша бұлт – аспан қабағы, (Қабағыңды бер маған.) Бір жадырап қалады Жақсылық қылса Жерде адам...
АҒАРҒАН ЖАЙЫҚҚА…
Ағарған Жайыққа Қонды аспан ағала. Анау не, қайық па, Қарайған жағада – Сұр бұлттан бөлінген Көлеңке сықылды: Жібек-су төгілген Бір сүйіп құтылды. Дір етіп ол тынды, Тынып-ақ тосады. Толқын мен толқынды Кім айдап қосады?– Әне олар келеді Тыныштықты үркітіп. Махаббат дегенді Қос ескек тұр күтіп. Қос ескек, өзі ем бе – Жастықтың ауды есі. Жылжыған өзенде Кетті гүл сәулесі. Ақты су, тасты қан Өз сайын қуалап; Жапырақ астынан Шық-көздер сығалап, Сыбдырын сырға ғып Жел есті бір өкпек. Қайықта – бір қалып, Ойнайды жүрек тек. Аз үміт – далбаса, Менде де сенде ме? Арманға толмаса Кеуде де – кеуде ме!
Сол үміт қолдаса Былай дер олар кеп: «Екі ескек болмаса Біз екеу болар ма ек!»
ДОСЫМНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІНЕН
Жарым-жайсыз, ұнатпаймын мен оны, Ұятым да бетке шығып келеді – Жұрт көзінше азабымды, жанымды Тілдейді кеп. Сүйтіп тірі көмеді. Сөзі де бар маған үйден кет деген, Менің үшін не қалып ед жетпеген. Мені «ит» қылып… Адам етті ол баламды. О, дариға, енді қайтып жек көрем! Қаһарыңды жібітем деп, үлбіреп Келді жаз. Ашулансаң шашушы едің күлді көп Күл жоқ енді... енді – газ! Тыңдатам ба бұқыраған даусыңды, Қонақ келсе көрсетеміз сый қалай?– Кеселер де сына-сына таусылды, Өзің жүрсің қирамай.
Сүймейтінімді айтар едім өзіне – Жылайды. Жас дөңгелеп келеді де көзіне Құлайды. Мен де құлап кетер едім, сезіммен бір балқып. Ол сезімді жеңем бірақ төзіммен Құрбан қып. Қорғамайды, қорғамайды долы жан Өз басын. Төгеді ол, бар келгені қолынан – Көз жасын. Отқа салсаң жарайды тек күюге – Обал-ау... Адамдарды жек көріп те сүюге Болады-ау. Көп нәрседен құралақан қалыппын, Амалдап барымды. Қешір, досым, уақытыңды алыппын «жамандап» жарымды. Өз жарыңды мақтап бер деп өлеңмен Қашан ғана айтып едің, ізгі адам? Дәл бейнесін, көздер, көздер, сенен мен қызғанам. Қызғанумен жазсам мұны ерсі не, От демдер! Ол да мені «жамандаса» көршіге Сөкпеңдер!
ДҮНИЕ НЕТКЕН КЕҢ ЕДІ…
Дүние неткен кең еді, Мұнда – көктем, анда – қыс. Дүние, дүние дегені – Махаббат, үміт – алданыш. Махаббат, үміт! Қыс, жазы Қонысын тапты кеудемнен – Өмірдің екі ұстазы, Шәкірт боп соған келем мен. Дүние неткен кең еді! Қарада – көктем, қарда – қыс. Айдайды өмір – кемені Адамға біткен ар-намыс. Ар, намыс аты – бір майдан, Бір майдан менің мекенім; Тынбайды жел, тынбайды ән, Сол әнмен еріп кетемін. Дүние неткен кең еді! Жаңа егілген жас шыбық Бәйтерек болып келеді, Бәйтерек – Бақыт, жақсылық. Жақсы ойға шомып жатыппын, Туған жер-ата мықты ғой. Көлеңке жағы бақыттың Қырсық деп аталыпты ғой.
Дүние неткен кең еді, Көрдім ғой кең екенін. Дүние неткен кең еді, Дүние – менің мекенім.
КЕЗЕКТЕСІП БІР ҚУАНЫШ, БІР ҚАЙҒЫ…
Кезектесіп бір қуаныш, бір қайғы, Бірі сипап, бірі жанды тырнайды. Бірі жыртып, бірі жамап кеудемді. Осы жасқа аман-есен келгем-ді...
ЖҮРЕК
Білемін: шаттық не, қайғы не, Шындықты жасаған елестен; Алқына сыр ашқан Ләйліге Мәжнүн сен жүрек емес пе ең! Көңілдің күмбезін көтерген Өмір ғой, берді о да үзім нан. Найзағай секілді от өрген Денемді шарлайды қызыл қан. Айтайын өмірде бармын деп, Бұ мезгіл жұқтырсын самайға ақ. Тірлік-ай! Әр сағат, әр минут Келеді жаңа бір қан айдап. Тұрса егер шын бақыт жүзімде Өмірдің тойына тоям ба. Тірлігім жүрсе тек тізімде Ей, жүрек соқпай-ақ қой онда!
ЖЫР КЕЛЕДІ ЖЫЛДЫ АТТАП…
Жыр келеді жылды аттап, Жырларға жыл жол ашқан. Ақылды арман құндақтап, Тербетіп тұр көк аспан! Тербеліп тұр шуақ жақ, Тербеледі көлеңке. Қызық қой өмір сыңар жақ – Жыры тірі, Ол өлсе Көрдің бе анау көдені, Жапырылған қоғаны; Махамбеттің өлеңі Зіл-зала боп соғады. Жата алмайды жыр текке, Жыр да жазда көктейді. Бұл аспаннан бұлт өтсе Бір жыламай өтпейді. Аңызы да көп жұрттың – Ескен желдің ермегі. Көз жасымен сол бұлттың Гүл жылайды жердегі.
ЖЫЛЖИДЫ ТҮНІМ, ЖЫЛЖИДЫ…
Жылжиды түнім, жылжиды, Бу-айдында гүл жүзді. Көкжиек-обыр қылғиды Төбемнен өткен жұлдызды; Батады жұлдыз, кәрі апан Батысқа аунап түсті бір. Қараңғы, жарық таласқан – Төменде оттар, үсте іңір... Кетеді ой кейде түңілтіп, Алдайды кейде арманмен. Бітірмесем бүгін түк, Ұяламын-ау таңнан мен...
ЖАР МАХАББАТЫ
(Цикл) Сәулешім, сонау кеште нұрлы аспанда Қос жұлдыз ұғысқанда, ымдасқанда, Жерде – біз, егіз жүрек жүздеп соқты, Еріншек аяғымыз бір басқанда. Ыстық қол, ыстық сезім оятқанда, Аттаудан жаңылмайтын аяқ бар ма. Махаббат бойды баурып... тамырларда Құтырып асау-топыр ой ақты онда. Алдымда тұрды сонда бір сын менің, Сондағы қуанғаным – күрсінгенім. Түк сезбей жатты жазық, туған дала Көтеріп қос жүректің дүрсілдерін. Сол дүрсіл армандарды іздеткізді, Сол дүрсіл жазды өткізді, күзді өткізді. Бозамық шық жамылған ай астында Сол дүрсіл туған жерге із боп түсті...
Қосты ғой «сүю» деген күшті бізді, Бастық біз енді жерге үш түрлі ізді – Үш өмір көтерілді көк жиектен Сәулешім, көрдің бе анау үш жұлдызды?
Рахмет, жазымды өмір күз қылмады, Сәби ғой бұл тіршілік – біз құндағы... Көбейсін жер бетіне түскен іздер, Көбейсін мына аспанның жұлдыздары! * Жан-жарым, түбінде сол көк теректің Өзіңді сүйдім алғаш, өкпелеттім. Сәл жүдеп үміт қайта бір тірілген Кезінде жас үзілді кірпігіңнен.
Сол бір жас домалап кеп жерге түсті, Жер-дағы сезімдерді тербетісті. Сол кеште гүл ұсынды дала-мықты, Біз бердік айырбасқа балалықты.
Балалық қалды солай жас боп тамып, Келеді кеудемізде басқа от жанып. Мен қазір жалғызыңмын – ая, жұбай, Жазғы кеш, болса да гүл баяғыдай. Бір тамған көз жастарың бетімді енді Дәл ондай күйдірмейтін секілденді. Сонда да ыстықсың сен – бір аптабы, Өз бейнең өміріме тұрақтады. Өзіңді аялатқан, өкпелеткен, Алыстап кеттік қой біз көк теректен. Терек тұр бояуымен баяғы көк Жастықтың адастырмас маягі боп. Барып жүр оған енді басқа жігіт, Басқа қыз тамшы жасын тастады үзіп… Мінезім жеңілдеу ғой кейде менің. Күлгенім, күрсінгенім, сөйлегенім – Бәрі де көрінген-ді саған жұмбақ, Екеуміз таныс болған сонау жылда-ақ.
Ұқсаңшы, серік ең ғой бала күннен, Білсеңші әзіл кімнен, жала кімнен, Бала боп іренжітсем сені кейде, Үлкен боп жұбатып та аламын мен.
Дейсің сен: «құлқың құрсын бала сын-ды», Деймін мен: «қалай табам жарасуды?» Әйтеуір әйел болып жоқ демейсің, Сүйесің, үйткені сен өкпелейсің.
Кеш, сәулем, балалыққа мәңгі ұқсадым, Кеш, сәулем, аңқау болдым, аңдыспадым. Кеш, сәулем, дей беремін, дей беремін... Мінезім осындай ғой кейде менің. * Жанарың, қалқа, жасырды Оянған ойды тезінен. Үзіліп түскен жасыңды Үмітім деп сезінем.
Жанарың, қалқа, жанарың Тұп-тұнық боп жатады. Сол тұнықтан қанамын, Сол тұныққа батамын.
Кірпікке көз бақтырып Қойған әлде жан ба едің. Көлеңкесін лақтырып Қарап тұр ма әлде кім?
Көлеңкем түсті бетіңе, Айдын болдың – айыбың. Сол айдынның шетіне Тоқтады менің қайығым. * Ұғыстық... тентек жүрек көнді саған, Көндім мен, болмасам да көнбіс адам, Жарасып қалды екі жан, екі көңіл Бірі – көк, бірі мынау көлге ұсаған.
Ұғыстық... жаным несін қалсын аяп? Ұғыстық ұзақ жүрер жолшыдай-ақ. Ұғыстық... тау бөктерлеп бір елікті Бірігіп қуатұғын аңшыдай-ақ.
Тартады күннен-күнге жүзің ыстық, Екеуміз бір бұлақтан жүзіп іштік. Бір бұтақ жемісіне қызығыстық... Әйтеуір біз ұғыстық, біз ұғыстық.
ЖАПЫРАҚТАР, ЖАПЫРАҚТА, САЯЛЫ…
Жапырақтар, жапырақта, саялы, Жапырақтың төсінде шық таяды. Бүкіл осы Алматыны – табиғат Жапырақтың бояуымен бояды. Жапырақтар, жапырақтар саялы, Таптамашы, адамдардың аяғы! Жастық шағым жапырағын жаяды Жастық шақтың бұтақтары баяғы, Қартайғанда болды ақынның таяғы. Ал, біреулер тым ертерек ақсады, Тағдыр онан таяғын да аяды... Жапырақтар, жапырақтар саялы! Сыңсиды орман сағада, Сағада құстар мекені. Шүйіліп көлге шағала Көтеріліп кетеді – Алғаны қайда, алғаны? Қылтитып қайық тұмсығын Қоғадан шығып асығыс; Кезейді мерген мылтығын, Жоламайды жақсы құс – Қарғаны қайтсын, қарғаны!
ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДА
Ақ Жайық жарға бас ұрып, Асығып кейін қайтады. Толқынды толқын асырып, Жасырып сырлар айтады. Мұнарлы арна ыңқылдап, Жабағы жалдар ұйысып; Күледі тағы сыңқылдап, Толқын мен толқын сүйісіп. Жүзінде көшіп жыл легі, Қарайып барып тұтылды. Жылағаны, күлгені – Бәрі жалған сықылды. «Мен – Жайықпын, тумаңмын, Жоқ шығар-ау, таласың. Тазартып қаннан жуғанмын Махамбет ердің жарасын. Немене? Таң қаласың! Деміңді ауыр аласың – Жалғыз сен бе жан ашыр? Баласың-ау, баласың!» Бір салмақ түсті сезімге, Аумады көзім елестен: «Жарасын жуып, өзін де Жұтқан өзің емес пе ең!–»
Дегім келді мен кенет, Жайыққа жардан үңіле. Тарих тұнды дөңгелеп Жанарымның түбіне. Ағады Жайық қарайлап. Көрінді қатпар бір маңдай,– Батырды еске ап бар аймақ Бөріксіз, үнсіз тұрғандай.
ЕСКЕРТКІШКЕ
Сен ғана үнсіз бұл аспанның астында, Үнсізсің сен, үнсізсің ғой, тас тұлға. Көп қараумен, жыл легіне – тасқынға Қартайдың ба, әлде әлі, жассың ба? Не қарайсың, нені ұғады өз басың, Өз өмірің, өз дәуренің озғасын. Сұп-суық тас жанарыңның ұшында Қайнап-қайнап қатып қапты-ау көз жасың. Екі-үш ғасыр беріледі пендеге Бұл заманда, тез өлмекші ер неге?! Бұзылар ед тас көңілің талқан боп, Бұл жүректі салып көрсең кеудеңе... Ажал сені әрі тартты – бермедік, Табаныңды жапсырдық та жерге нық. Осыған-ақ риза бол, тұлғаңды Туған жердің алақанымен тербедік!
ЕЙ, ТУҒАН ЖЕР! БІТКЕН ЕКЕН БАС МАҒАН…
Ей, туған жер! Біткен екен бас маған, Сол басыммен өз кеудеңді жастанам. Сар құмыңның бір мысқалын қос маған, Уақыттың дауылы айдап тастаған. Сол дауылың мені де алып өтсін де, Орта жатқан сай-жырыңа төксін де...
ЕЙ, ЖАС ӨМІР
Сенің үнің, сенің үнің бұл өктем, Сенің қолың тереземе гүл еккен; Сенің ойың жарып шыққан жүректен, Ей, жас өмір. Сенің күлкің – күлкісі де бұлақтың, Сенің күлкің, сенің күлкіңді ұнаттым. Тамшы болып сол бұлақпен бір ақтым, Ей, жас өмір. Сенікі ғой бас біткеннің қиялы, Сенікі ғой тұлпарлардың тұяғы, Сенің ғана маңдайыңа сыяды. Ей, жас өмір. Сенікі ғой аспандағы ай, күн де, Ай тұрғанда түндерді ойлап қайғым не?! Ай астында озып алған бәйгің не, Ей, жас өмір? Сенікі ғой менің ырыс-бағым да, Бағым болған мына жастық шағым да; Саған, саған бәрін берем – қабылда, Ей, жас өмір.
Ал, сен маған тірлік берші көзге ілер! (Көрінбесе көңілдегі сөз ділгер) Маған, маған ойланатын мезгіл бер, Ей, жас өмір. Тағы, тағы, (менің таңым тағы атты), Бер демеймін, құсқа біткен қанатты; Берме бірақ тоқтап қалар сағатты, Ей, жас өмір...
ЕГІН
Жер бетінде бүкіл адам еккенін «Егін!» дейді – бұл ғажайып неткен үн! Сары бауырдай топырағына өлкемнің Батырыпты әр заман өз кетпенін. Кетпен, Кетпен, тозды маркаң, тай алыс, Кетпен ісі өнімсіз іс – баяғы іс. Трактордың табанына тапталды Кетпен, Кетпен, саған деген аяныш!.. Осы жермен бабам көшкен, құм көшкен, Көшкен құмға үміт, арман мінгескен. Құм шөккенде бірге шөккен көп кеуде, Көп тіршілік үмітімен бірге өшкен. Өшкен жерден өсіп өмір қайтадан, Жер – бір ұя балапанын шайқаған. Әр төбеге ұялаған тарихты Бабам еккен егіні деп айта алам!..
Егін дейді қымбаттатып алтынды, Егін аты аспаныма даңқ ілді. Бір жылылық баурап алып салқынды, Күнге қарай, күнге қарай талпынды. Ей көк аспан, жердің даңқын паналат! Сөйлемейді жүрек жаңсақ, жан ағат: Тойымсыздық жасап жатса бақытты, Неге керек, неге керек қанағат! Аттандырып жәй қалмадық күн легін, Жалқау аяқ аса ала ма жыл белін – Аяқты адам қанат бітіп ұша алса, Ақыл-ойдан пісіп шыққан бұл да егін. О не деген жер бетінде көп еді із! Анау таулар, мынау біздің төбеміз. Теріп алсын келер күндер – келеміз, Туған жерге біз де бір дән себеміз!
Егін, егін, мандайыңа сиғыздың Құдіретін жыршы жігіт, күй-қыздың. Жер қатпары ми қатпарына ұқсайды, О, не деген құнарлы едің ми біздің!
АЛЫСТА МҰНАРЛАНҒАН ТАУ ШЫҢДАРЫ…
Алыста мұнарланған тау шыңдары, Ойларым сен туралы таусылмады... (Таусылмас арманыма, тауларыма Келемін естірте алмай даусымды әлі.) Сол тауға өрмелеген жол шұбалып, Өрмелеп сапар шекті ойшы халық. Бір ойдан бір ой биік, ей қырандар, Мен үшін ең биікке қоншы барып. Арман-ай!... Сол екен ғой биік деген, Биіктер еншісіне тиіпті өлең. Биіктеп шығып алған асқар шыңдар Қарайды қарлы басын иіп төмен. Не жетсін иықтасып теңескенге, Ырзамын: топырағыма сен өскенге. Төбемнен қарағанды сүймеймін мен, Еңкейме, мойның талар кеңескенде.
Әкетші екпінді жел, даусымды әрі! Ойларым тағы, тағы... таусылмады, Жолым да таусылмасын... тұршы солай, Алыстан мұнарытып тау шыңдары!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру