Күй және күйшілер туралы аңыздар
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының 84-томына ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында сақтаулы қолжазбалар мен түрлі жинақтардан алынған күй аңыздар енді.
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
КҮЙ АҢЫЗДАР
155. ҚОРҚЫТ /ІX ғасыр/
(І нұсқа) Қорқыттың кіндік қаны тамған ата мекені Қараспан тауы еді дейді. Ол дүниеге келерде анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бөбеу қаға қиналатын болған. Бірақ, бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл сол күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астан-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді.
Бұл жөнінде ел есінде сақталған мынандай сөз бар:
Қорқыт туған кезінде
Қара аспанды су алған,
Қара жерді құм алған
Ол туарда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған!
Шынында да, Қорқыт туысымен жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, дүние тіршілік маужыр күйге түседі. Жұртшылық мұны да жақсы ырымға балап: «Бұл бізді қорқытып дүниеге келген бала болды, есімі Қорқыт болсын!» – деп, құлағына үш рет айқайлап, атын Қорқыт қояды. Қорқыттың дүниеге келуі қандай бөлек болса, оның өмірі де сондай ерекше болады. Жастайынан ұшқан құс, жүгірген аңға, соққан жел, жауған жауынға ден қойып, табиғатпен тілдес болып өседі. Күндердің бір күнінде, бойы өсіп, бұғанасы қатқан Қорқыт түс көреді. Түсінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие қарт аян береді: «Уа, Қорқыт, тұр! – дейді әулие. – Сен бір аспап жаса. Аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қара бақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ор текенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын. Сол қобыз қиялыңа қанат, жолыңа шырақ, жаныңа араша болар!» Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянса, көкірегі күйге толып, көмейінен сөз саулағандай халде екен дейді. Сол бетінде қобыз жасауға кірісіп, әулиенің қойған барлық шарттарын орындайды. Сонан соң қобызды қолына алып, құлағын бұрап, қияғын шалып көрсе, сарнап қоя береді. Әлгі көкірегін кернеген күй қобызына көшіп, аспан асты сазды сарынға бөленеді. Ұшқан құс, жүгірген аң, ескен жел – бәрі сүттей ұйып, қобыз күйін тыңдайды.
Қорқыт тартқан көп күйдің бір қайырымы осы екен.
156. «Қорқыт»
(ІІ нұсқа) Қорқыттың қырық жыл ғана өмір сүретіні аян болады. Осыдан кейін Желмаясын желдей ұшырып өлімнен қашады ғой. Қашқанмен Жаналғыш алдын орап, қайда барса Қорқыттың көрін қаздырып жатады. Бірақ, көпке дейін Жаналғыш Қорқыттың жанын алуға бата алмай, құр босқа төңіректеумен болады. Ақыры бір күні Жаналғыш алтыннан сандық соқтырып, Қорқыттың жанын алуға бел буып, сайланып шығады. Мұны күні бұрын болжап білген Қорқыт ажалдың тұзағына түспеудің амалын ойлайды. Күндердің күнінде Жаналғыш ақыры Қорқытпен бетпе-бет келіп: «Кір мына сандыққа!» деп бұйырады. Қорқыт болса күні бұрын ойластырған амалына салып: «Кіруін кірер едім, бірақ мына қалпымда сандыққа қалай сиямын? Алдымен өзің кіріп көрсет, сонан соң дегенің болсын!» – дейді. Сол жерде Жаналғыш сандыққа кіріп көрсетпекші болғанда Қорқыт оны тарс жауып, аузын ашылмастай бекітеді де, дарияның суына ағызып жібереді. Жаналғыш сандыққа қамалған қалпы ағып кете барады. Сөйтіп, халық көпке дейін өлім дегенді білмей, шат-шадымен ғұмыр кешетін болады. Сол кезде дарияның аяғында ауы бос шықпайтын керемет бір ақжолтай балықшы болады екен. Бірде Жаналғыш қамалған сандық әлгі балықшының ауына түседі ғой. Балықшы «бұл неғылған сандық» деп аузын ашқанда, сандық ішінен долдана ақырып Жаналғыш шығады. Ашу үстінде көзіне көрінген балықшының жанын алады. Сонан соң, Қорқыттың жанын алу үшін кектенген қалпы іздеп кетеді. Ал, Қорқыт болса бұл кезде Жаналғыштың өкшесіне түскенін есіне алып, «аңдыған жау – алмай қоймас!» деп мұңайып, сол көңіл-күйін қоңырлатып қобызына салған екен.
157. «Қорқыт»
(ІІІ нұсқа) Жаналғыш Қорқыттың жанын алмақшы болып, өкшелей қуып қоймайды. Сонда Қорқыт тағы да бір амалын келтіріп, өзінен аумайтын қырық сурет салады да, қырық бірінші болып қатарына өзі отыра қалады. Сонан зәрін шашып, қаһарын төгіп, Қорқыттың жанын алмаққа Жаналғыш жетіп келеді ғой. Келсе, қаздай тізіліп бір-бірінен айнымайтын қырық бір Қорқыт отыр дейді. Жаналғыш әрі қарап, бері қарап қайсысының Қорқыт екенін айыра алмай амалы таусылады. Жаналғыш шын түйіліп келген бір жолғы қаһарынан Қорқыт осылай құтылып еді дейді. Осыдан кейін бұрынғыдан да жабырқап, қара қобызынан мұңды қоңыр күйлерді азыната төгетін болады. Қорқыттың қоңыр күйлерінің тартылу мәнісі осы болса керек.
158. «Қорқыт»
(ІҮ нұсқа) Қазақ халқы Қорқытты саз құдіреті, оның ішінде қобыздың атасы деп атайды. Адам жанының ең асыл сыры қобыз үнінде деп біледі. Сондықтан да, өз кезінде бойларындағы құпия қуаттың сипатын жұртқа жария ету ісінде ел ішіндегі бақсылар қобыз сарынын пайдаланып отырған. Қобызды дәріптеп, киелі саз құралы санатында жұрттың санасын ұйытып, жүрегін елжіреткен. Қобыздың сиқырлы қасиеті жалынды жырмен бейнеленген.
«Қарағайдың түбінен,
Қайырып алған қобызым.
Ақ қайыңның безінен,
Айырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен,
Үйіріп алған қобызым.
Өзегінен еменнің,
Ойып алған қобызым.
Ақ ырғайын қиянның,
Құлақ қылған қобызым.
Қыл құйрығын құланның,
Ішек қылған қобызым.
Тәутекенің мүйізін,
Тиек қылған қобызым.
Тобылғының шыбығын,
Қияқ қылған қобызым».
Осылайша бұрқырата жыр төгу арқылы қобызбен күңіренте күй шерте отырып, Қорқыт атаның жарық дүниеге құштарлығын, өмірде жақсылықты асыру жолындағы арманын, қажыр-қайратын аңыз қып айтады. Бабаның ұлы мұратының желісін қобыз сарынымен ел жүрегіне жеткізіп, ой-сананы тербейді, жанын елжіретеді. Сарнаған қобыз үні құдірет болып сезіледі. Ал, домбырада шертілетін «Қорқыт» күйінің ырғағы да, желісі де өзгешелеу. Мұңды күңіреніс сарыннан гөрі толғаныс, бұрқаныс бунағы басым. Қасиетті бабамыздың басынан кешкен уақиғалар мен көңіл-күйін ашып, адам ойына ұлылықтың ұрығын себуге арналған сыңайы бар. Осыған орай аңыздар да сол мұраттан тарамдалады. Қорқыт ата желдей жүйткіген желмаясымен қалың қатпарлы таулардың сай-саласын аралап, есілте жортып келе жатады. Жайқалған жасыл нуға бөленген таудың бір жотасына шықса, екі жағы жалама жартасты шұңғыл аңғардың ішінде қиян-кескі соғыс жүріп жатыр екен. қирай сұлаған адам өлігінен аяқ алып жүргісіз, әлі тірі қалғандары бірін-бірі найзалап, қылыштап, таласқан итше шайнасады. Біреуді-біреу парықтамайды. Көздерін қан жапқан, әкесі қарсы келіп қалған баласын, ағасы інісін соққылайды. Ақыл-есінен адасып, құтырғандай арпалысады. Тағы аңша жұлқысып, бірін-бірі жүндей түтеді. Осы арада Қорқыт ата төбенің басына отыра қалып, қобызын күңіренте сарнатады. Сиқырлы, зарлы сарын тау-тасты жаңғыртады. Зарлы үнге балқығандай тау шайқалып, жер теңселеді. Ес-түссіз алысып жатқан адамдар тәлтіректей теңселіп барып, сұлай-сүлай кетеді. Қан жоса боп жатқан өліктер қорғасындай балқып ериді де, әр қайсысы домалаған қой тастарға айналып кетеді. Күйін безілдете сарнатқан Қорқыт атаның жаны күйзеліп, ойы шалқиды. Мына тайпалардың адамдарына мына ұлы таудың құшағы тарлық етті ме? Туыстығынан бездірген обырлықтың кесірінен бір-бірінің жаулығы соның салдары ма? Неге түбін ойламайды бұлар? Мынандай қанды қырғын халықты құрдымға құлатпай ма? Жалпақ әлемнің құшағынан құлашты еркін жаятын жер табылар-ай. Ал, адам баласын ақылға келтіретін, өлімді тиятын шара бар ма? тәңір сормаңдай пенделеріңе өзің жар бола гөр!.. ендігі өмірімді, ақыл-ойымды осы жолға жұмсайын...
«Құлпырып тұрған қамқа тон,
Шүперек болар тозған соң.
Бүрлеп тұрған бәйшешек,
Қурай болар солған соң...»
Елінің қамын ойлаған Қорқыт атаның жүрегі қан жылайды. Тайпаның тағдыры жанын күйзелтеді. Жердің желінін ембей, желкесінде ойнақтаған асау тайпаның күйреуі – қайғысы болады. Осы қасіретті тебіреніспен Қорқыт ата желмаясына мінеді де, тынысы кең, тарпығы жоқ, өлімді білмейтін жер іздеу үшін дүниені шарлап кетеді. Ұзақ жол тартады. Бір күні қалың орманның шетіне шығып, жалпақ жазыққа көз салып тұрады. Айналасына қараса, орманның шетінде біреу жер қазып жатады. Бұл күннің батысына барған кезі екен. Әлгі жер қазып жатқан адамның қасына келсе, жас жігіт екен. қорқыт ата жөн сұрайды:
– Бір адамның өмірі өшкен екен-ау, бұл кімнің көрі? Жігіт жолаушыға қадала қарайды да:
– Бұл Қорқыттың көрі, – дейді.
Мұны естіген Қорқыт ата өзінің де қартая бастағанын сезеді. Бірақ, адам баласын өлімнен құтқарып, бақытқа кенелтемін деген ойы жебейді. «Мен әлі мұратыма жеткен жоқпын, арманымды орындамай өлмеймін». Осы оймен артына бұрылады. Қатпар-қатпар құм кешіп, аңызғақ ескен жол басып, асқар-асқар таулардан асады. Таудың етегіне түскен кезде жер қазып жатқан біреуді көреді. Дене бітімі шомбалдай жігіт ағасы екен. жөн сұрайды. Ол да сұсты көзбен қарап, Қорқытқа көр қазып жатқандығын айтады. Алдынан шырадай жайнап шығып келе жатқан күнді көреді де, солға бұрылады. Қалың орман, қатпар таулардан, адырлы өлке, батпақты саздардан өтіп, жайқын теңізге жетеді. Теңіз жағасында тасты ойып, жер қазып жатқан орта жастағы адамға кезігеді. Ол да Қорқытқа көр қазып жатқандығын айтады. Қорқыт ата өзінің қуаты қайта бастағанын сезеді. Тағы да бөгелместен жылжып оңға бұрылады. Көлдерді жағалап, айдынды өзендерден өтеді. Жалпақ даланы шарлайды. Алдынан айнадай жарқырап жатқан жалпақ өзен кезігеді. Өзеннің жар қабағында бір шал жер қазып жатады. Шаршап-шалдығып жеткен Қорқыт ата:
– О, қадірлі қария, бұл кімнің көрі? – деп сұрайды. Шал қамыға қарайды да:
– «Өзекті жанға бір өлім», одан қашып қайда барып құтылмақсың, Қорқыт? Бұл сенің көрің, енді осыған кір де, тыныс ал! – дейді.
Қайда барса да өзіне қазылған көрге тап болған Қорқыт атаның көзіне өлім нышаны елестейді. Аппақ қудай сақалы желбіреп, сол арада жүгіне отыра қалады. «О, жарық дүние, қадіріңді білмеген адам баласына ақыл бер, қамқор бол! Жердің көркі елмен, елімді емірентпек едім, ол ойымды асыруға уақытым жетер емес. Жалғыз өзімнің қолымнан келмейді екен, соны білмеппін. Көп біріксе көл емес пе, соны ойламаппын. Сол күйімді қолдай көр...». Қорқыт ата сол арада жарық дүниеге тілегін айтып, өзінің ақырғы қоштасу күйін шерткен екен... Осы арман домбыра үнімен берілетін «Қорқыт» күйі мұңды да, зарлы да емес, теңіздің толқынындай ширатыла бұралған дауылды бұрқаныс, домбыраның бунақты үні, күмбірлеген дүмбірлі сарынмен өне бойды шымырлатады. Жүректі тебірентіп, ғажайып сырлы ойларға батырады. Адамның санасын шайқап, жігерлі сенімге баурайды. Күй ырғағындағы тебіреніс ойға бөлеген толғаныспен құшағы кең әлемге жетелейді. Бауырмалдықтың, тіршіліктің сырын ұғуға баулиды. Жаныңды жайнатып, туыстық сезіміңді жетілдіреді. Қырқыс қиянаттан жирендіреді.
159. «Аққу»
(ІІІ нұсқа) Ажалдан қашқан Қорқыт дүниенің төрт бұрышын шарлағанда жанынан сауғаны өзінің кіндік жұрты Сырдың суынан тапқан ғой. Желмаясының жабуын су үстіне төсеп, оған жайғаса отырып алып, қара қобызын бебеулеткенде аңдыған ажал маңайына жолай алмаған. Қорқыт қобызды тынымсыз тартқан. Ол қобыз тартқанда су ағысын тоқтатып, жел тынып, жан-жануар анталап келіп ұйып тыңдайды екен. Бірде Қорқыт әдеттегідей күй сазын сарнатып отырса, көкте ұшып бара жатқан бір топ аққу естіп, айнала ұшып, ақыры қанат бүгіпті дейді. Аққулар мұңлы күйдің дауысына елтіп, қара қобызға үн қоса бірге сұңқылдасып, Қорқытпен бірге мұңайған екен. Көңіліндегісін күй етіп шалатын Қорқыт құстың төресі аққудың мейірімді қасиетін қобызына салады.
Ұрпақ есінде «Аққу» күйі болып сақталған күй сол еді дейді.
160. «Желмая»
(І нұсқа) Қорқыт есейіп, бәсіре байланар жасқа келгенде Қыпшақ еліндегі нағашыларына барыпты. Нағашылары Қорқытқа «таутайлақтың» тұқымынан өркені түскен бота сыйлайды. Қорқыт ботаны нәрестедей мәпелеп, тіл-көзден қорғаштап, сылап-сипап өсіреді. Тірсегі бекіп, табаны қата келе бота Қорқыттың соңынан қалмай ілесіп, бір сәт көз жазса боздап мазасы кетеді екен. Тайлақ болып, танауы тесілген соң да не келеге қосылмай, не бөтен адамды маңайына жолатпай, тек қана Қорқытқа бауыр басып өседі. Тайлақтан кейін құнанша, одан әрі буыршын болған шағында жүрісіне тұяқ біткен шыдамайтын, табаны мұздан таймайтын, жеті күн, жеті түн от оттап, су ішпесе мыңқ етпейтін, тықыр бұйра Желмая болып шыға келеді. Қорқыттың «Желмая» күйі осынау қанатты көлігіне, сенімді серігіне арналған екен.
161. «Желмая»
(ІІ нұсқа) Халықтың айтуына қарағанда, Қорқыт деген аттың қойылуы кездейсоқ емес көрінеді. Қорқыт туған кезде жиналған жұрт бала орнына пішінсіз «құбыжықты» көріп, қорқып қашады. Анасы бала туғанын сезіп, пішінсіз «құбыжықтың» қабығын жарып жібергенде, жылаған баланың даусы естіледі, әлгі қорқып қашқандар қайта келіп, бұл баланың атын «Қорқыт» қою керек деседі. Бір заманда біреулер түсінде Қорқытқа: «Қырық-ақ жыл жасайсың!» – деп аян беріп кетіпті, содан кейін Қорқыт желден жүйрік Желмаяны жазылап мініп, мәңгілік өмір іздеп шығады. Әлемнің бүкіл елдерін аралап, бәрінде де өлім бар екенін көрген соң, Сырдарияға қайтады. Желмаясын құрбандыққа шалып, өзі судың үстіне кілем төсеп отырып, Қорқыт қобызымен өмір әнін шығарыпты. Осы ән айтылып тұрған кезде өлім Қорқытқа жақындай алмайтын болыпты. Қалжыраған Қорқыт бір мезет қалғып кеткенде, ажал оны жылан болып шағып, өлтірген екен. Бірақ Қорқыт күйі ажалмен айқасын тоқтатқан емес. Күй тартылған жерге ажал бара алмайды-мыс. Сол заманнан бастап Қорқыт бейнесі өмір үшін өлімге қарсы күреспен байланысты.
162. «Елім-ай, халқым-ай!»
Қорқыт қолына қобызын алып, Желмаясын желдіртіп, дүниенің төрт бұрышын кезіп жүрген шағында елінің тағдырын қырық жыл бұрын болжап, неше түрлі сәуегейлік ойлар айтады екен. Халқының бақыты мен тыныштығын аңсап, қара қобызын аңырата толғайды дейді. Ел-жұрттың қолынан найзасы, иығынан сауыты түспейтін, аттың жалы, атанның қомында өмір өткеретін жаугершіл заманын елестетіп мұңға батса керек.
Осындайда қасиетті қара қобызын шамырқана толғап:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені қараң болар! –
дейді екен.
Қорқыт атаның сол сарындары ел ішінде «Елім-ай, халқым-ай!» деген күй болып тартылады.
163. «Сарын»
(І нұсқа) Қорқыт жиырма жасқа толғанда ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие келіп, тағы да түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, бұл жарық дүниеде саған қырық жыл ғұмыр маңдайыңа жазылған, одан артық жүрмейсің!» дейді. Ояна келсе түсі екен, әулиенің айтқан сөзі өңіндегідей құлағында қалып қояды. Осыдан кейін-ақ Қорқыт қатты тіксініп, өлмеудің амалын іздеп, Желмаясына мініп, дүниені кезіп кетеді. Күндердің бір күнінде Қорқыт дала кезіп келе жатса үпір-шүпір болып жер қазып жатқан бір топ адамға ұшырасады. «Ау, бұл қазып жатқандарың не?» – деп жөн сұраса, әлгілер: «Қорқыт әулиенің көрін қазып жатырмыз!» деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт Желмаясын бұрып, келесі бір қиырға бет түзейді. Бірақ, шаршап-шалдығып, енді бұйда тартып тынығам дегенде алдынан тағы да көр қазушылар ұшырасады. Жөн сұраса келсе, олар да Қорқыттың қабірін қазушылар болып шығады. Осылайша Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлағанымен, алдынан өзіне арнап көр қазушылар кездесе береді. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі!» деген ескі сөз осыдан қалыпты дейді. Содан әбден тарығып, титықтаған Қорқыт жер ортасына жетсем жаным қалар деп, өзінің туған жері Сырдың жағасына жетеді. Сол жерде Желмаясын сойып, оның терісімен қаңсыған қара қобызын қаптайды. Сонан соң судың бетінен көр қазылмас деп, Желмаяның жабуын Сырдың суына жаяды да, соның үстіне жайғасады. Сол жерде осындай халіне қамыға отырып, қара қобызын мұңды сарынға салған екен. Осы сарынның бір қайырымы ұрпақтардың есінде сақталған ғой. Қорқыт Сыр суының үстінде жүз жыл бойы өмір сүріпті дейді. Бұл уақыт ішінде қобызын тоқтаусыз сарнатып, ажалды маңайына жолатпапты дейді. Қорқыт қобыз тартқанда жел тынып, су ағысын тоқтатып, жан-жануар ұйып тыңдайтын болса керек.
164. «Сарын»
(ІІ нұсқа) Қорқыт өлімге мойын ұсынбай, Сыр суының үстіне Желмаясының жабуын төсеп, қобызын толассыз сарнатып отырады екен дейді. Қара қобызын сарнатып отырғанда ажал маңайына жолай алмапты. Қобыз дауысы жеті күндік жерге жетіп, дүниенің бәрін сүттей ұйытса керек. Күндердің күнінде қиян шалғайда жатқан Арқадағы бір ауылдың серуен құрып жүрген қырық қызы Қорқыт қобызының дауысын естиді. Естулері мұң екен, қырық қыздың тұла бойы қорғасындай балқып, қобыздың талып жеткен үніне ынтыға құлақ түріп, өзге дүниені ұмыта ынтығады. Сол халде жеті күндік жерден талып жеткен қобыз дауысын бетке алып жүріп кетеді. Жүрген сайын үні айқындалған қобыз сазы қырық қызды одан сайын баурап, үздіге шақырғандай болады. Қобыз дауысын ынтыға ұмтылған қырық қыз күн жүреді, түн жүреді. Жүрген сайын күйдің алапаты асқақтап, құдіреті артып, одан сайын баурай түседі. Қамсыз шыққан қырық қыз сол беттерінде Бетбақ деп аталатын елсіз-күнсіз шөлге тап болады. Табандары тілініп, еріндері кезеріп, жол азабынан гөрі шөл азабы жандарына батады. Бірақ, қыр астынан естілгендей сарнаған қобыз үні қыздардың сүлдерін сүйреп, сұңқылдай шақырады. Ақырында қырық қыздың отыз тоғызы Бетбақтың шөліне шыдамай, әбден титықтап, шөлден өледі. Тек бір қыз ғана таңдайы кеуіп, табанының ойылғанына қарамастан Сырдың жағасына жетіп, Қорқыттың қарасын көргенде ес-түссіз құлайды. Қорқыт ақсақ қыздың аузына су тамызып, басын сүйеп, мән-жайды сұрап біледі. Басқа қыздардың шөл азабын тартып, жолда қалғанын естіп пұшайман болады. Кейін жаңағы Арқадан арып-ашып жеткен ақсақ қызбен Қорқыт көңіл жарастырып, соған үйленген екен. Арқадағы қырық қызға талып жеткен Қорқыт қобызының сарыны ұрпақтан ұрпаққа «Сарын» деген күй болып жетеді. Күні бүгінге дейін Арқада, Ұлытаудың батысында, Дулығалы Жыланшық өзенінің сол жақ жағалауында «Сарын жеткен» деген шоқы бар. Жергілікті халық бұл шоқыны «Сарын тауы» деп те атайды. Ал, Қорқыт көңіл қосқан ақсақ қыздың бейіті Қорқыт бейітінің солтүстігінде, Арқа жағында күні бүгінге дейін бар. Жергілікті халық бұл бейітті «Ақсақ қыздың мұнарасы» деп атайды. Бұдан да өткен қызығы, Сарын тауынан шығып, Сырдың жағасындағы Қорқыт бейітіне тура жүргенде, Арыс құмының батыс жақ өкпе тұсынан «Қыз қалған» деген жерді кезіктіруге болады. Бұл жер шынында ұшқан құстың қанатын талдыратын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын қу медиен құла дүз. Міне, туған жердің төсінде ата-бабамыздың шежіре сыры осылай сақталып келеді.
165. «Тарғыл тана»
Қорқыттың Желмаясы астында, қара қобызы қолында үнемі ел аралап, адасқанға жөн сілтеп, аңырғанға ақыл беріп, сәуегейлік құрады екен. Төңірегіндегі көзі көріп, көңілі түскенді қобызына күй етіп қосып, алдағыны қырық жыл бұрын болжайтын болыпты. Күндердің бір күнінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген бір әулие Қорқытқа түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, сен өлімді аузыңа алмасаң, саған еш уақытта өлім жоқ!» – дейді. Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянады да, «Тәңірінің бұл да бір сыны болар» деп көкейіне түйіп алады. Содан жылжып жылдар, сырғып күндер өтеді. Ақ сақалды, ақ таяқты әулиенің айтқан өсиетін естен шығармай, өлім туралы сөзді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүріп жатады. Бірде Желмаясының бұйдасын тартып, бел жазып отырса бір ауылдың тайлы-таяғы қалмай жабылып қашаған өгізді қайыра алмай жүргенін көреді. Сол жерде Қорқыт Желмаясына міне салып, қашаған өгізді қайырып бермек болады. Бірақ, өгіз Қорқыттың Желмаясына да бой бермейді. Қуа-қуа әбден титықтап шаршайды. Сонда Қорқыт: «Қап, саған өлсем де жетпей қоймаспын!» – деп Желмаясын тебіне түседі. Осы сөзді айтуы мұң екен тарғыл тана тасқа айналып, қатып қалады. Тасқа айналар алдында тарғыл танаға тіл бітіп:
Менің өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім.
Туған жерім – Қазалым,
Мына тау болды-ау ажалым! –
деп дөңбекши ыңыранған екен.
Сол жерде өлім туралы сөздің аузынан шығып кеткеніне Қорқыт қатты өкініп, мұңға батады. Бірақ, болар іс болды, енді тағдырдың жазуынан қашып құтылудың амалын ойлайды. Сөйтіп, Желмаясын желдіріп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді.
Осы оқиға Қорқыттың қобызына «Тарғыл тана» деген күй болып шалынған екен.
166. «Ұшардың ұлуы»
Бір жесір кемпірдің жұрт аузына іліккен жалғыз баласы болыпты. Ол кездегі жақсының әдеті – жүйрік мініп, ит жүгіртіп, құс салатын. Кемпірдің баласының да бір жүйрік аты, Ұшар деген құмай тазысы бар екен. Әсіресе, Ұшары қара жерден із кесетін аңсақ, иесіне адал қағылез, қанжығаның қанын құрғатпайтын жолды ит болса керек. Астындағы аты, соңындағы тазысы келіскен соң, жігіт жиі-жиі аңға шығып, саятшылық құрады екен. Күндердің бір күнінде жалғыз жігіт тосын дертке шалдығып, дүние салады. Ел аза тұтып, арулап қояды. Сонан соң бұрынғы-соңғының дәстүрі бойынша, өлік шыққан жұртты ауыстырып, ауыл қонысын өзгертіп, жаңа жұртқа аунап қонады. Жаңа жұртқа келген соң, жесір кемпір «жалғызымның көзі ғой» деп, тазыны іздесе жоқ дейді. Содан көңілі алаң болып, тынши алмай ескі жұртқа келсе, Ұшар жас қабірдің басында иесін қимай ұлып отыр дейді. Үшкір тұмсығын көкке қаратып ұлып, иесін жоқтап сарнаған Ұшардың дауысын естігенде жесір кемпір:
Жалғызымнан айырылдым,
Қанатымнан қайрылдым!
Ұшар, Ұшар, кә-кә! –
деп дауыс қойып, аңырап қоя береді. Ескі жұртта жалғызынан айырылған сорлы ана мен иесінен айрылған жетім тазы қосыла күңіренеді.
Осы бір қайғылы халді Қорқыт қобызына күй етіп шалған екен.
167. «Әуппай»
(І нұсқа) Арқадан іздеп келген ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент көріпті дейді. Бірақ, күндіз-түні ажалды аластап, қобызын сарнатқан Қорқыт баласы мен зайыбына көңіл бөле алмайды. Ал, баласы мен зайыбы Сырдың жағасында өмірлерін өткеріп, Қорқыттың тілеуін тілеумен болады. Содан бала есейе бастағанда апасының бағып-қағып, алдандырғанын місе тұтпай, қобыз тартып отырған әкесіне талпынуды шығарады. Уыздай білегін созып, бұлқына ұмтылып, неше түрлі қылық көрсете бастайды. Бұған Қорқыттың да жүрегі елжіреп, бауыры аяғының басына түскендей күй кешеді. Бірақ, амал жоқ, қобызын тоқтатып, жағалауға шықса, ажал тұзағына ілігетінін біледі. Сонда Қорқыт баласына телміре қарап, көзі көріп тұрса да еміреніп иіскей алмай, бауырына қысып, мауқын баса алмай мұңаяды. Мұңая отырып, баласын алдандыра жұбататын «Әупбай-әупбай» деген күй тартады.
Осы көріністің куәсіндей болып, ұрпақ есінде «Әупбай» күйі сақталған.
168. «Әуппай»
(ІІ нұсқа) Бұл күйдің де өзіндік сыры бар. Қорқыт қасиетті кілемін төсеп, су бетінде отырғанда, Сырдарияның жағасына бала көтерген бір әйел келеді. Өзі арып-ашқан әйелдің емшегінен сүт шықпай, аш бала уанбай жылай береді. Ол дарияның ортасында ағып келе жатқан Қорқыттан көмек күткендей телміре қарап, баласын: «Әуппай, әуппай», – деп жұбатып тұрады. Сонда қолынан келер қауқары, жәрдем берер халі жоқ күйші:
Айналайын балам-ай,
Жас балаңа алаңдай,
Аш болсаң да ойыңда
Аман сақтау балаңды-ай, –
деп тебіреніп, ананың перзентіне деген ыстық махаббатын күй тілімен сөйлеткен екен.
169. «Башпай»
Атадан балаға жеткен қария сөздің айтуында «Башпай» Қорқыттың ең соңғы тартқан күйі еді дейді. Қырық жыл өлімнен қашқан Қорқыт ақырында Сырдың суынан сауға тауып, дарияның бетіне Желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде күндіз-түні қобызын сарнатып, ажалды аластап отырады ғой. Сол күндерде Қорқыттың Ақтамақ атты қарындасы дарияны кешіп, тамақ алып келіп тұрады екен. Бірде Қорқыт қарындасының алып келген дәмін татып отырғанда алай-дүлей дауыл соғып, толқын тұрып, бұлардың берекесін алады. Сол бір аласапыран шақта Қорқыттың башпайы қорындасына тиіп кетеді. Байқаусызда болған осы жағдай өле-өлгенше Қорқыттың есінен кетпей, өзін күнәлі сезініп, пұшайман болады екен. Күндердің күнінде, дарияның бетінде жүз жыл бойы ажалды жолатпай өмір сүрген Қорқытқа қапысын тауып ажал шіркін жетіпті дейді. Сол күні әдеттегідей Ақтамақ ағасына дарияны кешіп тамақ алып келеді. Тамақтан соң Қорқыт маужырап, қалғып кетеді. Дамылсыз сарнаған қобыз үні бір сәт толас тауып, қарындасы ағасының оянуын күтіп отырады. Осы кезде қобыз үнінің тынған сәтін пайдаланып, дәм салған қоржынмен бірге ілесіп келген сақиналы зәрлі жылан өрмелеп келіп Қорқытты шағып алады. Қорқытты жүз жыл бойы аңдыған ажал осылайша жылан болып келіп, қапысын тауып еді дейді. Айтқанша болмайды, Қорқыттың бойына ажал уы жайылып, өлімге бой ұсына бастайды Сонда, көз алдында дәрменсіз шырылдаған қарындасымен арыздасып, қоштасып, көптен көкейінде жүрген соңғы тілегін айтады. «Ажал шіркін қапыда тұзаққа түсірді. Бір өкінішім осы. Екінші өкінішім, баяғыда Сырдың бетін дауыл шалғанда өзіңе башпайым тиіп кетіп еді. Кешілмейтін күнәм сол. Қасиетті Сыр-ананың жағасында маған арналған мола қазулы тұрған болар. Мені жерлегенде екі башпайымды ашық қалдырыңдар. Өміріме серік болған қасиетті қара қобызымды өзіммен бірге көміңдер. Мен өлсем де, менің атымды атап, ұрпағымның есіне салып жатар. Хош жарығым! Жылама, жылама, жылағанмен бола ма?!» – дейді Қорқыт. Қарындасы: «Аға, ағатай, асқар тауым, алтыным!» – деп еңіреп қоя береді. Сол жерде Қорқыт соңғы күшін жиып, қобызын қолына алып, қарындасын жұбатқандай болып, бірер қайырым күй шалған екен. Қорқыттың осынау соңғы күйі «Башпай» деген атпен ұрпақтарының есінде қалыпты. Ал, қара қобызы болса, Қорқыт өлгеннен кейін моласының ішінен «Қорқыт, Қорқыт!» деп күңіренген дыбыс шығарып жататын болыпты.
170. «Байлаулы киіктің зары»
Қорқыт жер бетіндегі жан-жануарлардың барлығының тілін біледі екен. Бір күні Желмаясымен келе жатса, бір киіктің маңыраған даусы құлағына шалынады. Ол: «Қос лағым жетім қалады-ау, шөпке ауызданбаған сорлылардың күні не болмақ? Тым болмаса, соңғы рет емізіп, иіскеп, мауқымды басып та қала алмадым», – деп зарлайды. Қорқыт жан-жағына бағдарлап қараса, бел астында тігулі тұрған қараша үйді көреді. Киік сол үйдің алдында көгендеулі тұр екен. Киікке жаны ашыған Қорқыт үй иесіне: «Мына жазықсыз жануарды жібер, өз бетімен тамақ тауып жеуге ауызданбаған егіз лағы бар екен, обалына қалма», – дейді. Қорқыттың бұл сөзіне құлақ аспайды.
– Онда мен киікті босатқаның үшін ақысын төлейін, – десе, үй иесі:
– Жоқ, мен мұның сүтін сауып ішіп отырмын, кешке сойып жеймін, – деп оған да көнбейді. Басқа амалы қалмаған Қорқыт:
– Болмаса киіктің орнына мені кепілдікке ал, оны босат. Лақтарын тауып алып, емізгеннен кейін қайтып келеді. Егер сол кеткеннен оралмаса, менің Желмаямды сойып же, – дейді.
Үй иесі киікті босатып жібереді. Киік байлаудан босана салысымен, тау-тасты кезіп жүріп лақтарын тауып алады. Оларды емізгеннен кейін, қас қарая қайтып келеді. Осы оқиғадан кейін Қорқыттың «Байлаулы киіктің зары» күйі дүниеге келген екен. Бұл шығармасында күйші қаталдық пен мейірімділік, жауыздық пен қайырымдылық жайында толғанады.
КЕТБҰҒА /XІІІ ғасыр/
171. «Ақсақ құлан»
(ІІІ нұсқа) Атының тұяғы жеткен жерге әмірін жүргізген әйгілі Шыңғыс ханның Жошы деген ұлы болған. Жошы да хан боп өткен. Даңқты әкесінен тиген еншісі – Ұлытау мен Азау теңізінің арасында керліп жатқан байтақ далада алғаш Алтын Орда мемлекетінің шаңырағын көтерген. Құландай жөңкілген көшпелі елдің басын қосып, әмірін жүргізген. Шыңғыс ханның Қоңырат руының қызы Бөртеден көрген алғашқы перзенті осы Жошы хан екен. Бөртеден мұнан басқа Шағатай, Үгедей, Төле деген ұлдар көріп, оларға да өз алдына енші бөліп беріп, бөлек-бөлек ел еткісі келген келгені шежіреден белгілі. Бірақ, тақтың буы туғанына қарата ма, Шыңғыстың көзі жұмылысымен-ақ балаларының арасындағы иеліктері ара-дара болып, шілдің қиындай ыдырап кеткен ғой. Өз кіндігінен тараған баларының ішінде Шыңғыс ханға ертерек серік болып, талай-талай қанқасап соғыстарда жеңіс туын желбіреткен сүйеніші Жошы хан болса керек. Бірақ, Шыңғыс ханның жанын жегідей жеген бір түйткіл мәңгілік жүрек түкпірінде шемен болып жататын еді дейді. Онысы ертеректегі бір соғыста келіншегі Бөрте меркіттердің қолына тұтқынға түсіп, кейін Шыңғыс хан құтқарып алғанда осы Жошы хан іште келіп еді деген әңгіме. «Шешенікі – хақ, әкенікі – нәркүмән» деген емес пе, осы жағдай Шыңғыс ханды мәңгілік күмән құрсауында өткізген ғой. Алайда, Жошының қалтқысыз перзенттік көңілі мен жойқын ерлігі, әскери шалымды өнері мен адалдығы әкесінің әлгіндей күмәнді ойларын ұдайы сейілтіп отырады екен. Содан, әкелі-балалы Шыңғыс хан мен Жошы ханның арасына сызаттың түсетін кезі – Сыр мен Әму бойына шабуыл жасайтын тұс еді дейді. Оның себебі, Қызылқұм мен Қарақұмды қыстап, жазға қарай шашырай көшіп-қонып жүрген көшпелі елдің ішінде қоңырат тайпасы да болған ғой. Ал, қоңыраттардың Жошыға нағашы жұрт екені белгілі. Сонсоң да, Жошы нағашы жұртына іш тартып, аяусыз қан төгуден тартынады екен. Тіптен, қанша күші жетіп, құдіреті асып тұрса да Жошының Үргеніш қаласын алты ай қоршап, мәмілеге шақырып жатып алуының бір сыры осы екен. Әрине, мұндай нәуетек, жалпақшешейлік Шыңғыс ханның табиғатына жат, әрі бетіне шіркеу. Міне, әке мен баланың арасындағы қырбайлық осылай басталады. Тіптен, бара-бара Жошы хан әкесінің қанқұмар жорығынан жалыққандай шырай танытып, батыс пен оңтүстік елдеріне жасауға тиісті шабуылдан тартыншақтай береді. Оның орнына сахараның көк шалғынды самалды белдеріне ордасын қондырып, төңірегіне әнші, күйші, саятшы, батыр, балуан жігіттерді жинап, серілік құрып, сайран салуды әдетіне айналдырады. Сары қымызды сапырып, бір мезгіл жез таңдай әнші, айыр көмей ақындар мен дәулескер күйшілердің өнерін тамашаласа, енді бірде Сарыарқа мен Сырдың арасындағы сайын далада құлан аулап, оның айнадай жалтыраған өзен-көлдеріне қыран құстарын жабады екен. Жошы ханның тек қана томағалы бүркітінің, қоңыраулы қаршығасының, сақиналы сұңқарының өзі сегіз жүзден асушы еді дейді. Сонда, күз айларында Құланөтпес, Сарысу, Атасу өзендерінің бойында қыранның қияғы мен сұңқардың тұяғы жебедей суылдап, қылыштай жарқылдап, аспан астында қанды шайқас болып жатқандай әсер береді екен. Мұндайда Жошы хан ерекше мағұрланып: «Әкемнің жеңілуді білмейтін әскерінен гөрі менің қырандарымның соғысы қызық!» дейді екен. Әрине, арқасүйер ұлының бұл қылығы Шыңғыс ханға жетпей жата ма? Онда да, жай жетпейді, қырық құбылып, сан саққа жүгірген өсек сөз шындыққа бергісіз болып жетеді. Өзін аспан астының әміршісі санайтын Шыңғыс ханға мұндай қауесет ұнамайды. Жай ғана ұнатпау емес, баяғы іште шемен болып қатып жатқан күдік-күмәні қозып, алқымына запыран ашу болып кептеліп, аласұртады ғой. Оның үстіне Шыңғыс хан мән-жайды әбден білгісі келіп, Жошыны бір-екі рет шақыртқанда, қызық-думанмен жүріп құлақ аса қоймайды. Жошының бұл мінезі Шыңғыс ханды біржолата ширықтырып, ашу үстінде аяусыз жазаға әмір береді ғой. Шыңғыс әулетінің жазасы белгілі. Айыптының белін қайырып, омыртқасын үзіп өлтіру керек. Осы ниетпен Шыңғыс ханның жасырын жасағы Жошының аң аулап жүріп, оңашаланатын сәтін бағады. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген, күндердің бір күнінде аз ғана серігімен құлан аулап, шығандап жүрген Жошы хан аңдушылардың құрсауына тап болады. Талай қан майданда туы қисаймай шыққан Жошы хан оңайлықпен берілмейді. Бүкіл серіктері қырылған соң да жалғыз өзі жойқын ұрыс салады. Бірақ, сайланып шыққан күші басым қарсыласы шыдатпайды. Алдымен бір қолын қылышпен шауып түсіреді. Осыдан кейін қансырап, ат жалын құшқан Жошының омыртқасын қайырады. Сағымды далада Жошы ханның жаны кеудесінен шығар-шықпаста көкжиекті шаңдата жосылтқан хабаршы көрінеді. Бұл Шыңғыс ханның сауғасын, кешірімін жеткізуге асыққан хабаршы еді дейді. Жай ғана сауға емес, «Жошының өлімін ескерткеннің көмейіне балқыған қорғасын құйылсын!» деген қарғыстай жарлығы қоса жетеді. Енді қайтпек керек? Болар іс болып қойды. Қандай құдірет болса да қайтып Жошыны тірілте алар ма?! Сол жерде қанды қол тобыр «ханның ұлы құлан аулап жүріп мерт болды!» деген сылтауды желеу етіп, Жошы ханның жансыз денесін ордасына алып қайтады. Енді Шыңғыс ханға қалай естірту керек?! Жұрт қиналып, сендей соғылысады. Жанын қиып, суырылып шығар ешкім болмайды. Ал, жаман хабарды жасырып қоя ала ма?! Онда да, Шыңғыс ханнан мүмкін емес. Осылайша ел есеңгіреп, дал болады. Сол кезде Шыңғыс ханның оң тізесін баса отыратын, Найманнан шыққан Кетбұға деген жырау бер екен. Жұрт амал таппай қамалып тұрғанда, Кетбұға суырылып шығып хан ордасына беттейді ғой. Табалдырықтан аттай бере Кетбұға:
– Уа, хан ием, саған Тәңірінің рахметі жаусын һәм сенің қол астындағы барлық жанға тыныштық болсын! – дейді.
Өз жарлығы өзіне шаншудай қадалып отырған Шыңғыс хан түнерген қалпы:
– Саған не керек! – десе керек.
Сонда Кетбұға жырау:
– Хан ием, мен бүгін бір жаман түс көрдім. Сол түсімнен көкірегіме қайғы-шер толып, өзіңе ғана мұңымды шаққалы келдім! – дейді де, қолындағы домбырасын бебеулете жөнеледі.
Алғашқыда мың сан тұяқ дала төсін дүбірлетіп, делебені қоздыра еліктіргендей болады. Бұған бір сәт селт етіп, көңіл бөліп үлгермейді, домбыра шанағынан азынап өрген азалы үн Шыңғыс ханның еңсесін қайта басады. Сол азалы үн үдей өксіп, орны толмас өкініштің лебіндей шегін тарта сарнайды. Әлгінде ғана желдей жүйткіген мың сан тұяқтың дүбірі енді қаралы хабар жеткізген бейбақтың ширыққан зарындай жонын шымырлатады.
– Япыр-ай! – дейді Шыңғыс хан. – Бұл не ғажап! Тап Жошы өлгендей жүрегімнің егіліп қоя бергені қалай!
Шыңғыс ханның аузынан осы сөздің шығуы мұң екен, сыртта қамалып, дағдарып тұрған халық «Хан иемнің өзі айтты, Жошыдан айырылдық!» – деп ұлардай шулап, еңіреп қоя береді. Болған істің шындығына енді көзі жеткен Шыңғыс хан сол жерде бармағын шайнап, екі иіні селкілдей еңірейді. Осы кезде Кетбұға жырауға да тіл бітіп, домбырасын бебеулете қағып, былай дейді:
«Уа, иеміз, Шыңғыс хан!
Домбыра не деп жырлайды,
Сарнап бір дауысын қырнайды,
Құлағың сал осыған...
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан,
Қиырсыз құба далада,
Аңда жүрген балаңа
Кез болып бір қашыпты,
Белден белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Елсіз құба далада,
Қат-қат бұдыр салада,
Мекендеп өрген өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Мінгені тұлпар құнанды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған,
Өлім деген Тәңір ісі,
Желіккен құлан әңгісі,
Құлан мен тұлпар еліккен,
Жосыған құлан желіккен,
Балаңды шайнап өлтіріп,
Жұлмалап, жалмап кетіпті
Ордалы құлан шошыған.
Жұрттың аузы бармаған,
Сөзді айтып жырлап зарлаған
Домбыраның балаңды
Естірткені осы, хан!
Өзгеге артпа жалаңды,
Еліктірген балаңды
Сол қу құлан, ту құлан,
Балаң өлді – Жошы хан!
Нансайшы, ханым, осыған!»
Хан жарлығы екі болмайды, сол жерде Кетбұға қолындағы домбыраның қалақ бетін ойып, жаман хабарды естіртуші ретінде шанағына балқыған қорғасын құйылады. Домбыра бетінің ойық болуы содан қалып еді дейді. Қаралы хабар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уына белшесінен батып, үш күн, үш түн дөңбекшиді. Ешбір басу сөзге жұбанбай, қайғы өзегін өртеп, құмыға береді. Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі, ақылы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік танытып, күйеуіне былай деген екен:
– Хан ием, сен қайғырып жатқанда халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарғалы жатыр!
– Е, менің халқым бүлік шығаратындай не болыпты?! – дейді Шыңғысхан.
– Сенің халқыңды екі дай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді, – депті Бөрте, – оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті түсіп, орайы келгенде қарымтасын қайтарар деп ойлайды бай. Бірақ, арада біраз уақыт өтсе де тамыры қарымта қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бермей, дау болып, төрелету үшін биге жүгінсе, билер де әділдік қылмай, жартысы «бергенін қайтарсын» дейді, жатысы «қайтармауға тиісті» дейді. Осымен елдің арасы екі дай болып тұр.
Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:
– Ах, бұлары қалай! Билік әділ болмаған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе! – депті.
Бөртенің де күткені осы болса керек:
– Хан ием, сабыр қыл! Тәңірім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл! – деген екен.
Шыңғыс хан Бөрте бәйбішенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді. Сол кезде Шыңғыс ханның Домбауыл деген адал берілген құлы бар екен. Бала кезінен көз алдында өскен Жошыға деген Домбауылдың көңілі алабөтен болса керек. Жошының өлімінен кейін Домбауыл ант суын ішіп, жер бетінен құлан тұқымын құртпақ болады. Сөйтіп, байтақ даланың шығысын орап Тарбағатай тауынан Іле өзеніне дейін құлан өте алмайтын ор қазады. Батысында Құланөтпес, Терісаққан өзендерінің арнасын тереңдетеді. Сонан соң Қабанқұла, Әңкей, Бөкен деген үш тұлпарды баптап, құлан аулауға шығады ғой. Батысы мен шығысы орланған құландар үйір-үйірімен Бетпақтың шөліне жөңкіледі. Домбауылдың күткені де осы. Шөлге шығандатып, шалдыққан құландарды Домбауыл аяусыз қырады. Бетпақтың байтақ даласы қан сасиды. Содан, күндердің бір күнінде Домбауылдың салған сүргінінен бес құлан сытылып шығып, Шу өзенінен әрі өтіп кетеді. Шудың табанына жете бере Қабанқұла шөлден ұшып өледі. Әбден титығына жетсе керек, кешікпей-ақ Әңкей де зорығып өледі. Кейін, жаңағы аман қалған бес құланнан тұқым тарап, кең дала қайтадан құланға толған екен дейді.
172. «Ақсақ құлан»
(ІY нұсқа) Қылышынан қан тамған Шыңғыс хан шолғыншы ұстайды екен дейді. Дүниенің төрт тарабындағы жаңалықты сол шолғыншылар хан ордасына жеткізіп тұрады екен. Күндердің күнінде шолғыншылардың бірі әдеттегідей көргенін айтып келеді. «Осындай, «Саруалының арығы» деген жерде болдым. Ордалы құланның мекені екен. Маңайына ешкімді жолатпайды. Маңына келгенді теуіп, таптап, шайнап өлтірердей. Әйтеуір, атымның жүріктігінен әзер қашып құтылдым», – дейді. Сонда Шыңғыс ханның қасында отырған Жошы деген баласы: «Ой, ақсақал, адамды құлан теуіп өлтіреді дегенге сенбеймін», – депті де, өзінің сенімді деген қырық жігітін қамдап, құлан ордасына бармақшы болыпты. Қырық жігіт: «Бармай-ақ қойсаң қайтеді» деген екен, оған хан баласы көнбейді. Содан, Жошы қостанып қырық жігітін ертіп аттанып кетеді. Шолғыншының айтқанындай, Саруалының арығы құлан ойнағына айналған екен. Аң деген көздің құрты ғой, сол жерде Жошы жеңілдік үшін қызыл шекпенін киіп, қобылы садағын алып, құлан ордасына қарай қасқайып тура жүреді. Ал, қырық серігі болса жүрексініп, жабынды тасаны баспалай ілесіп отырады. Жошының қарасын көрген құлан ордасы шоқтай болып иіріледі де, ішінен бір ақсақ құлан бөлініп шығып қарсы жүреді. Сол бетінде осқырына одағайлап келіп, жерді тарпып жібергенде жер бетін сасық қара тұман басып кетеді. Осы кезде Жошының қырық серігі енді қайттік деп аңырып тұрғанда: «Қырық жігіттен қаша жүріңдер, қызыл шекпенді баса жүріңдер!» деген дауыс естіледі. Сөйткенше болмайды, аспан астын дүсірлеген көп тұяқ кернеп, алағай да бұлағай болып кетеді. Бір мезгілде тұман ашылады. Қырық жігіт андағайлап қараса, құлан да жоқ, хан баласы да жоқ. Тек қана, жердің астын үстіне шығарғандай болып, қалың құланның шұбырынды ізі жатыр. Қырық жігіт үш күн бойы сол шұбырынды ізді тінте қарап жүріп хан баласының шынашағын ғана тауып алады. Шынашақты жерлеп, хан баласына лайық күмбез тұрғызады. Содан, қырық жігіт қайғырып елге оралады. Болған істі айтуға ешқайсысының жүрегі дауалмайды. Шыңғыс хан болса жігіттердің келгенін естіп: «Менің балам аңнан оралғанда маған соғып өтуші еді ғой. Япыр-ай, балам жазым болған-ау!» – деп уайым шегеді. Жазғырар ешкімді білмей аласұрып: «Кімде-кім баламның жаман хабарын жеткезсе, көмейіне балқыған қорғасын құйылады!» – деп жар шашады. Бірақ, жарлық ханға бала бола ма, сол қалпы жүрегі жамандықты сезіп, қайғырып жатып алады. Ол кездің дәстүрінде қандай қаза болса да жетісіне дейін естірту қажет екен. Жошының жетісі тақалған сайын халық не істерін білмей ұйлығады. Сол кезде Найманнан шықққан ұлы жыршы Кетбұға деген домбырашы: «Қой, хан баласының өлімін естіртпей болмас, домбыраға тіл бітіргенім рас болса мен барайын!», – деп, Шыңғыс ханның ордасына келеді. Келсе, хан қайғыға қамалып, теріс қарап жатыр. Кетбұға орданың ортасына тізе бүгіп, домбырасын тарта бастайды. Бұл күй «Құлан ойнақ» деп аталады. Ел ішінде «Құланның жүрісі» деп тартатын домбырашылар да бар. Әп дегенде лепілдеп, екпіндеп естілген тың сарынға Шыңғыс хан елең етіп құлақ түреді. Домбыра одан сайын лепіріп, ұлы дүбірге ұласқан сәтте Шыңғыс ханның көзі жайнап, әлдебір үміт күші сілкіп тұрғызғандай басын көтеріп отырады. Домбыра үні оның көз алдына баласы Жошының арындап, құланды қойдай қайырып жүргенін елестетеді. /Осы кезде домбыра құлан үйірінің құйындай ұйтқып жөңкілгенін, мың сан тұяқтың дүбірін білдіргендей серпи қағылады/. Шыңғыс ханның басын көтеріп алған Кетбұға енді домбырасына шымшымдап бөлек сарын, бөтен дыбыс қосып екінші күйін бастайды. Бұл күйі «Естірту» деп аталады. Әлгінде ғана аңның апшысын қуырған елес әп-сәтте сейіліп, ханның құлағына бір хабар еміс-еміс жеткендей болады. Бір уақытта домбыраға тіл біткендей: «Уа, иеміз Шыңғыс хан балаң өлді – Жошы хан!» – деп сұңқылдай сарнап қоя береді. Сол кезде Шыңғыс ханның дауысы саңқ етіп: «Тоқтат, сенің тартар, менің естір күйім емес екен. «Балаң өлді – Жошы хан» деп тұр ғой!» – дейді. Кетбұға болса сабырмен: «Ай, тақсыр, балаңыздың өлімін өзіңіз естірткеніңіз не болғаны» – деп уәж айтады. Сонда Шыңғыс ханның мысы құрып: «Қап, мынау ауырлықты өзіме аударып кетті-ау!.. Жарайды өз жарлығымды өзім аттамай-ақ қояйын. Бірақ жаман хабардың аузымнан шығуына себепші болғаның үшін жазаланасың! Сені Айдаһарлы тауының алқымындағы айдаһар үңгірінің аузына алып барып тастайды!» – деп, нөкерлеріне әмір береді. Сол жерде хан бұйрығын қаза қылмайтын нөкерлер Кетбұғаны дедектетіп алып жүріп, айдаһар үңгірінің аузына топ еткізіп тастап кетеді. Айтқанша болмай, адам иісін сезген айдаһар ширатыла серпіліп үңгірден шығады да, лебімен тартып Кетбұғаны жұтуға оңтайланады. Сонда, басқа шарасы қалмаған Кетбұға жүрелеп отыра қалып, домбырасын көкелете сұңқылдатып, бір күйді тарта жөнеліпті дейді. Бұл күй «Айдаһарды арбау» деп аталады. Кейбір күйшілер домбыраға «көке-көке» деген сөздің ырғағын келтіре тартатын болғандықтан, бұл күйді «Көке-көке» деп те атайды. Күй сарыны естілуі мұң екен, айдаһар сұлық түсіп, иегін жартасқа сүйеп, қимылсыз қалады. Бір мезгілде күй бітеді. Сонда айдаһар манаурай қимылдап, ініне қайта кіреді де, кешікпей ат басындай алтын алып шығады. Алып шыққан алтынын «уф» деп үріп, Кетбұғаның алдына түсіреді. Осылайша, ханның қаһарынан, айдаһардың айбарынан аман қалған Кетбұға домбырашы мұратына жеткен екен. «Ақсақ құлан» күйіне қатысты үшінші аңыз Қазақстанның шығыс өңірінде айтылады. Күйдің сарын-сазы да бөлек. Бұл аңызда да баласы Жошының өлімін естіп Шыңғыс ханның ширығуы баяндалады. Ашу үстінде «қайтсеңдер де баламды өлтірген ақсақ құланды қолға түсіріңдер!» деп әмір етеді. Содан құланды қамалап ұстау үшін Тарбағатай тауынан бастап, Іле өзеніне дейін ор қазылады. Қалың әскер ақсақ құланды қаумалап, орға тықсырып келгенде, қазулы ордан қарғып өтіп, Бетпақтың даласына шығандай шығып кеткен екен дейді.
173. «Ақсақ құлан – Жошы хан»
(Y нұсқа) Ертеде Жошы деген ханның үлкен баласы аңға шығып, құлан атуға барғаннан қайтып оралмапты. Баласын біраз күндер күтіп, ақыры келмеген соң, оның тірі емес екенін сезсе де, жаман хабарды естігісі келмеген хан:
– Кімде-кім, менің баламның қайғылы хабарын естіртсе, соның көмейіне қорғасын ерітіп құямын, – деп халыққа жар салыпты. Халық ханның баласын құлан теуіп өлтіргенін біледі, бірақ әкесіне айтуға батылдары бармайды.
Күндердің күнінде ел аралап жүрген бір домбырашы бұл хабарды естіп, ханның ордасына барыпты. Бірақ күзетшілерінен асып ордаға кіре алмай далада, қақпа алдында отырып, домбырасынан бір күйді күңіренте тарта беріпті. Кешқұрым саңқылдап шыққан домбыра үні сол маңайды тегіс шарлап, орда ішіндегі ханнның да құлағына шалынады. Тақта мүлгіп отырған хан сәл басын көтеріп:
– Мынау ненің үні? Барып біліңдерші! Егер менде шаруасы бар адам болса, мында алып келіңдер! – деп уәзірлерінің біріне әмір етеді. Уәзір әлгі домбырашыны ханның алдына алып келеді. Хан оған:
– Қайдан жүрген адамсың, мында келу мақсатыңды айт! – дегенде домбырашы:
– Тақсыр! Көптен көңілімде жүрген бір күйім бар еді, соны сізге сынатқалы келіп едім, – депті.
– Е, олай болса домбыраңды тарт! – депті хан.
Бұл сөзді естуі-ақ мұң екен, күйші домбырасының бұрауын қоңыр дауысқа салып, әрбір қағысын салмақпен қағып, бір күйді тарта беріпті. Күйдің алғашқы дыбысынан басталған қатал үн, бірте-бірте қоюланып, «мені естідің бе хан ием, қайғылы хабар айтамын» дегендей, алдын ала негізгі тақырыбынан, айтпақ ойынан хабар береді. Домбыраның күңіренген үнінен сезіктенген уәзірлерінің бірі:
– Тақсыр! Мынау не дегелі отыр өзі? – дегенде, хан айнала отырғандарға, домбырашыға қарап:
– Мына бастағаның, сенің тартатын, менің еститін күйім емес екен. Бірақ, әдейлеп келген екенсің тарт, тарт! – депті. Ханнан ұлықсат алған домбырашы күйін боздата тартқанда, домбыраның көмейінен:
Ақсақ құлан шошыған,
Қырда еркін жосыған.
Тынышын бұзып құланның,
Оқ атты сіздің ұлыңыз,
Опат болды осыдан.
Хабарын соның айтуға,
Арып-ашып алыстан,
Келіп тұр мынау домбыра.
Болған істің барлығын,
Қалдырмай түгел баяндар.
Үніне оның құлақ сал,
Қаумалаған, халайық,
Хан бастаған жарандар,
– деген қайғылы үн күңіреніп естіледі. Әсіресе домбыраның әрбір буынында: «опат болды, опат болы», – деген сөздер адам айтқандай ап-анық естіліп, қайталанып тұрады. Мұны естігенде төрде отырған хан егіліп жылайды. Ханның шешесі мен әйелі, қызы қатты қапаланып зарлайды. Домбыраның «сиқырлы сазы» мен қайғылы үнінен есі кетіп әлсіреген хан:
– Ұстаңдар мына күйшіні! – деп, уәзірлеріне әмір етіпті. Сонда күйші ханға қарап:
– Уа, тақсыр! Мен аузымды ашып, ештеме де айтқаным жоқ еді ғой, жазығым мына домбыра емес пе? – депті. Хан осы жерде сөзден жығылып, берген жарлығын орындау үшін «кім болса да бәрі бір, қаралы хабар әкелгеннің үні өшіп, жазасын алсын», – деп домбыраның көмейіне қорғасын ерітіп құйдырыпты. Содан бастап домбыраның көмей тесігі пайда болған екен деседі.
БАЙЖІГІТ /XYІ-XYІІ ғғ./
174. «Қайың сауған»
Ол кезде иісі қазақтың қысқа қарай ірге түйістірер жері Сырдария, Шу өзендерінің бойы болса керек. Арналы өзендердің қос қапталы сыңсыған нар қамыс жиде, жыңғыл, сексеуілі ұйысқан тоғай, қыс бойы дым тисе болды оты бөртіп шыға беретін қалың қыртыс құмдауыт бұйраттар. Осынау құнарлы өңір көшпелі елді жаз шыға өргізіп, қысқа қарай кең қанатымен қымтайтын киелі мекен болған. Сол киелі мекенді керейлер де қыстап, жаз жылт етісімен Арқаның апайтөс даласын дендей өтіп, шырқай көшіп жайлайды екен. Сонда, көкірегі шежіре құйма құлақ қарттар: «Сырдың суы тәтті, Арқаның шөбі шүйгін. Бірақ, қалың керейдің кіндік жұрты Қара Ертістің бойы мен Алтай, Тарбағатайдың қолтық-қолаттары. Заман дауылы сол жерден іргемізді көтергенде бір дуалы ауыз батагөй дана айтқан екен «жеті ұрпақ алмасқанда ата қоныстарыңа қайтып ораласыңдар» деп сол дананың айтқаны келер болса, жетінші ұрпақтың да төбесі көрініп қалды-ау», – деп отырады екен. Дуалы ауыз дана айтса айтқандай, ата қоныстан кіндік үзген керейлердің жетінші ұрпағы төбе көрсеткен жылдарың бірі өзгеше болып басталады. Табиғат жарықтық ашөзек шақтан бастап-ақ апшыны қуырып, қырыс қабақ танытады. Көктем шуағы жер құйқасын жібіте алмай, тамыр біткен жер астына бұғып қалады. Шөп буыны ерте қатып, төрт түліктің бауыры тартылады. Бастау біткеннің көзі тарылып, суының дәмі бұзылады. Селдіреп жеткен жыл құстары балапандарын ерте өргізеді... Осының бәрін қалт жібермей бақылап жүрген есепші Байымбет іштей бір нәубеттің жақындағанын кезеді. Атар таңды үмітпен қарсы алғанымен, айналасынан көңілге жұбаныш болар нышан таппай дал болады. Жаз бойы көктен нәр тамбай, байтақ дала тері сүйреткендей бедеу тақырға айналады. Күнімен бүйір соғып шаң жұтқан жылқы шілденің күнінде ықтап жусайтын әдет шығарады. Байымбет бұрынғыдан бетер мазасызданып, төсегінен безінеді. Күндіз-түні табиғаттың қас-қабағына қарап, ақсүйек жұттың жақындап қалған демін сезгендей мазасызданады. Ел-жұртының ертеңгі қасірет шегер ауыр азапты күндерін елестетіп дал болады. Сөйтіп жүргенде күз демі білінеді. Бір күні Байымбет жолға қамданады. Жанына ат-көлігі сай алты жігіт ертіп, саркідір сіңірлі атанға қос артады да, жолға шығады. Ауыл-ел адамдары бар үмітін Байымбетке артып, оң сапар тілеседі. Байымбет ел шетіне ұзап шығып, ауыл-елден қара үзген шақта тізгін тартады. Атанды шөгеріп, қосын тіктіреді? Не ойлағаны бар? Байымбеттің жанындағы серіктері тықақтап жөн сұраса, жаман ырым болар деп бой тартып, мазаламайды. Күндер өтіп жатады. Байымбеттің бар бітірері ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді. Содан түс ауа қайтып оралады. Бұрынғыдан бетер тұйықталып, бұрынғыдан бетер мазаң күй кешкендей. Бір күні Байымбет әдеттегідей ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді де, көп кешікпей қайта оралады. Жүрісі суыт, жанарынан үміт сәулесі ұшқындап, өңіне өзгеріс енгендей. Келе қосты жықтырып, жолға қамдайды. Жанындағы серіктері аң-таң. Сөйтсе, қос тіккен жердің шығысында көлбеп жатқан қыр астында бір қасқа бұлақ болады екен. Бұл өңірдегі аяқты аңның таңдай жібітер жалғыз мекені осы қасқа бұлақ болса керек. Байымбет сол бұлақтан із кесіп, жұттан ауған аңның бетін білгісі келіп жүреді екен ғой. Ал, жалғыз аттанатыны, көп болып жүріп аңға иіс алдырса, түз тағысы шошынып, бағытын өзгертер деп сақтанғаны еді дейді. Байымбет жанындағы серіктеріне мән-жайды айтып, кешікпей-ақ қасқа бұлақтың басына келеді. Келсе, тұяқты аңның шұбырынды ізі жосылып жатыр. Ішінде саздауытқа тереңдеу батқан бір із мөрдей болып көзге түседі. Сол жерде Байымбет: «Мен іздеген қырдың қоңыр құлжасы осы еді, енді мұнан көз жазып қалмайық», – дейді. Содан, Байымбет бастаған жеті атты қоңыр құлжа бастаған түз тағысының шұбырынды ізіне түсіп, ілеседі де отырады. Аңды қуып жетіп үркітпейді де, қара үзіп кейін де қалмайды. Осы қалыппен күн жүреді, түн жүреді. Арада апталар өтеді. Қоңыр құлжа бастаған аңның ізі шығысты бетке алып, үдере тартып барады. «Иә, сәт!» деп қойып, Байымбет те қалыспай ілеседі. Күндердің бір күнінде қиырдан зорая көлбеп жатқан ақ бас тау көрінеді. Қоңыр құлжаның ізі осы ақ бастаудың теріскейіне қарай бөктерлей тартады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, кешікпей-ақ ақ бас тауды алқымдап, теріскейіне қарай Байымбеттер де өтеді. Сонда, қарсы беттен мұнарта көрінген көкшіл таудың баурайында керіліп жатқан кең алқап жолаушылардың көзін тұсағандай болады. Бір жағында көз қарықтыра жарқыраған Мұзтау. Қарсы бетте көгере мұнартқан Көксұн. Арасы керіле созылған ирек адырлы апайтөс алап. Апайтөс алаптың ащылы-тұщылы оты ұйыса біткен. Жерұйыққа тап болғандай сұқтанып келе жатқан жолаушылар бір бел асқанда, иек астында қоңыр құлжа бастаған тұяқты аңдарды көреді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, іздеген жерұйығымен сағынысып табысқандай, шөбі шүйгін алапқа кенедей қадалған. Неше күн бойы үдере тартқанда іздегені осы өңір сияқты. Енді бұл жерден дабыл қағып қусаң да кетер емес. Сонда есепші Байымбеттің ақ сақалы желбіреп, кәрі жүрегі елжіреп тұрып: «Міне, біздің жанымызға араша, малымызға пана болар құт мекеніміз осы!», – деген екен. Содан бері бұл өңір Сауыр атанып еді дейді. Сөйтіп, түздің қоңыр аңы бастап келген шүйгін өңірді көріп, көңілдері толып, Байымбет жанындағы серіктерімен елге қайтады. Елге келісімен ағайын-туғанның басын қосып, қабағы қату жұттың жақындап келе жатқанын ескеріп, жаңа жұртқа қоныс аударудың жайын ортаға салады. Әрине, күл төгіп үйренген мекеннен кіндік үзіп, қотарыла көшу қалың елге оңай емес. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде жаңа жұртқа тебін малын ғана қостап қыстатып шығуға пәтуаласады. Одан әрі тағдырдың бұйырған жазуы ретімен бола жатар дейді. Содан, Байымбет ақсақал өзі араласып жүріп, сайдың тасындай атпал азаматтарды іріктеп алады да, қарашаның қарлы-жаңбырына ұрынбай тұрып тебін малын айдап жөнеледі. Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен қалың ел ақсарбасын шалып, ақ тілеуін тілеп қала береді. Есепші Байымбеттің айтқаны айдай келіп, сол жылдың қысы қылышын сүрете келеді. Күздің соңын ала көк иық етіп жауған жауынның аяғы сақылдаған сары аязға ұласады, Жер бетін көк кіреуке тоң буып, қыс басталмай жатып-ақ қыспаққа алады. Мұнан әрі қаңтары қырланып, ақпаны ақырып, біресе ат құлағы көрінбес ақтүтегімен, біресе қарып түсер қызыл шұнақ аязымен апшыны қуырады. Әйтеуір ел-жұрт қамсыз емес, қолдағы малының қоңы қайтпай тұрғанда сойып алып, келер күннің бұйыртар сыбағасын күтумен болады. Бұл кезде Байымбет есепші бастаған ел азаматтары отар-отар қойын, табын-табын жылқысын, келелі түйелерін Сауырдың шүйгін қорығына салып, ащылы-тұщылы отын сары майдай кертіп жеп жатады. Өзі де бір аязы жұмсақ, қары күрпек, ықтасыны мол, шөбі жұғымды құт мекен екен. Тебін малы қуырған бидайдай бөртіп, табан аудармай құныға жайылып, құндыздай құлпырып алады. Барлық уайымдары артта қалған ағайын-туғанның жай-күйі ғана болады. Әсіресе, не боларын болжап біліп отырған есепші Байымбет ел-жұрттың жайын ойлағанда құмығып, уайымнан шөгіп кетеді. Жылт етіп шығар көктемді тықырши күтіп, қыс құрсауында қалған ағайын-туғанға тезірек қол ұшын бергісі келеді... Содан, аңсай күткен көктем де жетеді. Малдың алды төлдей бастайды. Қыстан дилы шыққан малдың төл төгіні де жеңіл болады. Аз күнде бауыр көтеріп, аяқтанып шыға келген төл өрісті толтырады. Байымбет есепшінің көңілі сонда да күпті. Енді тезірек елге бет бұрып, қыстан тарығып шыққан ағайынның аузын аққа тигізуді арман етеді. Кешікпей-ақ, мыңғырған малды жая айдап, елге жетуге асығады. ...Қарт есепші жаңылмапты. Сол жылдың қысында Сыр мен Арқа алабында ақсүйек жұт болады. «Бір үй ашықса бір ауылды жұтатады, бір ауыл ашықса бүкіл елді жұтады» деген емес пе, алты ай қыстың ауыр нәубеті тірі жанды тұралатып-ақ тастаса керек. Елдің алды ашығып, амалы таусылған соң, бүр жарған қайыңның бүйірін тіліп, шырынын іше бастаған екен. Бұл жұттың «Қайың сауған» атануының себебі де осы еді дейді. Ел-жұрт осындай халде жүргенде дала төсін ырысқа толтырып, бір басы екеу болып, жанындағы жігіттерімен есепші Байымбет те жетеді. Сөйтіп, үміт жібі енді үзіледі-ау деп отырған ағайынның айы оңынан туады. Осыдан кейін қалың керейдің алды қона жылжып, түп атасының кіндік қаны тамған киелі жұртына қоныс аударған екен.
175. «Көкбалақ»
Кербалақ пен Көкбалақ даңқы қатар шыққан тұлпарлар екен. Кербалағы сұлу мүсінді, ойнақтаған қызу қанды, мінезді ат болса керек. Ал, Көкбалақ ондай емес, селт етпес сабырлы, бірақ, ұлы дүбірде тегеурін танытатын лақпа жүйрік болыпты. Екеуі де иесіне екі түрлі қызық-қуаныш сыйлап, бірі сән-салтанатымен күйшінің көңілін өсірсе, екіншісі сенімін орнықтырып, жанын марқайтады екен. Бұл екеуін күйші де мәпелеп бағып, «бірінің бағын біріне байлатпайыншы» деп, бәйгеге қатар қоспайтын көрінеді.
176. «Қоңыр қаз»
Байжігіт күйші ер жетіп, бұғана бекітіп, оң-солын таныған кезде Ақсұңқар деген ақылына көркі сай қызға ғашық болады. Ақсұңқардың әкесі Ағиық ақсақал көпті көрген, өмірдің парқы мен нарқын бажайлаған, төңірегіне сыйлы, өзіндік дәулет иесі болса керек. Ел-жұртқа күйшілігімен даңқы жайылып кеткен Байжігіттің Ақсұңқарда көңілінің барын Ағиық ақсақал іштей сезіп, орайлы сәттерде дәмелі жігітті сынап жүреді. Ал, Ақсұңқар болса, «Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген емес пе, жұрт мақтаған жігітті қыз жақтайтын әдетке бағып, ол да Байжігіт күйшіні ұнатады. Бірақ, ол кезде қалыңсыз қыз, жабусыз нар болған ба, жеме-жемге келгенде жоқшылық Байжігіттің қолын байлап, шарасын тауысады. Содан күндердің бір күнінде өнерін тал бойына тірек еткен Байжігіт сүйген қызы Ақсұңқарға шарт қояды: «Егер қалыңмалыңның кесімін әкеңнің өзіне айттырып, кәдеге қанағат еткізсем, маған қосылар ма едің?!» – дейді. Ақсұңқар болса: «Әрине, әке көңіліне қарап, ата салтын аттай алмай жүр емеспін бе, ата-анамның мақұлдауын естісем мен сендікпін!» – деп, ағынан жарылады. Екеуі сол жерде қол алысып, төс қағысып, уәде байласады. Сонымен күндер өтіп жатады. Бірде, Байжігіт жолаушылап келе жатқандай болып Ақсұңқардың үйіне түседі. Қыз әкесі Ағиық ақсақал: «Иә, балам, ерден – ергенек, жерден – ебелек деген, сұқбат көңіл ашады, сұқбатсыз көңілді кір басады, атың жауыр болса да атағың тәуір, қарап отырмай көсеуіңді көсеп, отыңды маздата отыр», – дейді. Әке сөзіне іштей мағұрланған Ақсұңқар да Байжігітке сынай қарап, болар-болмас езу тартқандай болады. Сонда Байжігіт аз аяда арқаланып, мұндай орайлы сәттің кездесе бермейтінін көңіліне түйіп, томағасын сыпырған қырандай шабыт алып шыға келеді. Кешікпей-ақ, іргеге сүйей салған домбырасын алып, құлақ күйін баптайды да, бұрын-соңды шиырламаған тың сарынды сырғыта жөнеледі. Айдын көлге ақ төсін басып, сыза қалқыған қоңыр қаздың үніндей бір сыршыл әуен біресе сыбырлап, біресе сыңқылдап «әп» дегеннен буынға түсе баурайды. Бара-бара әлгі қоңыр қаздың көкірегінен мұң төгілгендей, сабыры сырға, сыңқылы мұңға ұласқандай болады. Сырын айтып, мұңын шаққан сайын тыңдаушысын өз тағдырына ортақтастырып, сол мұң мен сырға ілестіріп жөнелгендей. Сол бетінде қоңыр қаз сыбырлап-сыңқылдайды, мамырлап-мұңаяды, қамығып-қаңқылдайды, сарғайып-саңқылдайды. Естір құлақтың құрышын қандырғандай, сезер жүректің шерін тартқандай болады. Сөйтіп, қоңыр қаздың мұңы мен сырының төрешісі етіп тыңдаушы жұртты ұйытып тастаған күй мамырлап барып тынады. Ағиық ақсақал түйіле тұнжырап отыр. Бәйбіше дәрменсіз халге түсіп, шөгіп кеткендей. Ақсұңқар болса жанары боталап, жасқа толып қалған. Бәрі де күйдің тілін жазбай танып отыр. Үнсіздікті Ағиық ақсақал бұзып, Байжігітке оң шырай береді: «Шырағым-ай, мынауың қалыңсыз қыз беруге тұратын күй екен. Жұрттың сөзі рас болды, бармағыңа бақ қоныпты. Жалғызбын деп қамықпа, сенің өнеріңе көз қиығын салмас, көңіліне алмас, ниетін бермес қыз болмас!» – деп, еңсесін тіктегенде қызына көзі түседі. Сонда Ақсұңқар әкесінің ойын ұштап, «Сөзіңізге құлдық әке! Ата сөзі – парыз, ана сөзі – қарыз, байлауы шие сертім бар еді, түйінін өзіңіз шештіңіз. Мен бір қоңыр қаз едім, қияннан іліп, қияға қонатын қаршығаға олжа еттіңіз. Менің бағамның парқына бойлап, нарқын айттыңыз. Өзіңіз тонын пішіп, қалыңын бердіңіз. Енді тойыңызды қамдаңыз!» – деген екен. Болар іс болған соң, Ағиық сөзге келмепті, Тәңірдің жазуы осы шығар деп, өз қолымен той-томалағын атқарып, жасау-жабдығын қамдап, қызы Ақсұңқарды Байжігіт күйшіге қалыңсыз қосыпты дейді. Байжігіттің бұл күйі ел ішіне «Қоңыр қаз» деген атпен жайылған. Белгілі күйші Әшімтайдың да «Қоңыр қаз» атты күйі бар.
177. «Қосбасқан»
Халқымыздың салты бойынша, ең ауыр қылмыс, кешірімсіз күнә – қос басу. Салт бұзу жаман ырымға саналса да, қос басып, жылқы барымталау кездесіп тұрған. Бірде көршілес халықтың бір топ суық қол сұғанақтары ел тонап, қос басу емес, қыз басу, олжа салуға дейін барып, екі елдің арасын шиеленістірген қырғын болыпты. Шырық бұзып, ырық кетірген тоңмойындардың қылығы екі елдің де шыдамын тоздырып, төзімін тауысыпты. Шыдай алмаған екі жақтың көрегендері бас біріктіріп, күнәһарларды жазаға тартуға бекінеді. Төреліктің бір жақ тізгінін – Тума би, екіншісін Сона би ұстапты. Төреліктің төріне, топтың алдына құныкерлер мен күнәһарларды шығарады. «Шырақтарым кім еді, көзін тігіп, арыңа тиген, намысыңды жер еткен, жүрекке жара салып, ақ жүзіңді қорлаған. Тап басып таны да, дәл көздеп көзінен ат кіріптардың. Жебең тиіп көзі шықса, қолы сынып, басы жарылса, жүректен өтіп, демі бітсе – арыңның садағасы. Жаза басып мүлт кетсең – жаныңның садағасы. Күрмелген жіп, күйінген жүрек жарасының шешімі, төрелігі сол болар, шырақтарым, садағың берер жазасын...» – деп, Сона төреліктің төрінде тұрған он екі қызға қорамсақты ұсына берген кезде, кек кернеген ызалы қыз Гүлсана суырылып алға шығады. Болған жағдайды шұбыртып айта келіп, ашу қысып булыққан ол садағын шірене тартып, ұзын сойыл ұр да жық қара дойырды мұрттай ұшырып түсіріпті. Күй атасы атанған Бәжең осы оқиғаның желісін, оның күйініш-сүйінішін, төрелігін «Қосбасқан» деп ат қойып, домбыраның көмейінен осылайша күй сөйлетіпті.
УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙ ХАН /1711-1780/
178. «Жетім торы»
«Жауға барсаң, бәрің бар, дауға барсаң, бірің бар» дегендей, рулы елден шығатын батыр әдетте жалғыз-жарым болмаған. Алдағыға еліктеп, арттағыға үлгі-өнеге болатын үрдіс, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінде игі дәстүрге айналған. Сол дәстүрдің бір айғағындай болып, Қанжығалыдан қарт Бөгембай шыққанда, оның өкшесін басқан батырлар да аз болмаса керек. Қанжығалы руының Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батырының жойдасыз ерлігі кезінде иісі қазақтың қайратын жаныған. «Жолбарысты ердің ері алады, болмаса ағайынды екеу алады» деген рас сөз. Қанжығалының үш батыры тізе қосып ұрыс салғанда, қамалдай болып қарсы келген жауды қоғадай жапырушы еді дейді. Әсіресе, өңінің сұстылығына орай «Қарабұжыр» деген қосақ аты бар Жантай батырдың ерен ерлігі аңыз болып тараған. Жантайдың жойқын батырлығына Абылай хан ерекше сүйсініп: «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!» – деп отырады екен. Шынында да, Қанжығалы Қарабұжыр Жантай әлекедей жаланған бес жүз қолды бастап, үнемі алғы шепте, тоспада жүретін болыпты. Жаугершілік заманда жаудың алдын торып жүру оңай емес. Айламен алып, қайратпен жеңетін қатал міндет. Бірақ, Жантай жаудан жалтаруды білмесе керек. Қандай қиын-қыстау кезде де қалмақтың қарасынан көз жазбай, қопарыла қозғалар болса, алдымен Жантайдың қолы тоспаға шығып отырған. Жантай сияқты даңқты ағасын Үйсінбай мен Арқандар арқа тұтады. Арқа тұтқан соң да қалмақтың қосынын қорықпай торуылдап, шеттеп қонған күренінен олжа түсіріп қайтып жүреді екен. Сол әдетпен бір күні Үйсінбай батыр үш-төрт түйе олжамен оралыпты. Ауылға жете бергенде қарсы ұшырасқан інісі Арқандар еркелеп «Сауға» десе керек. Сонда інісін қайрағысы келген Үйсінбай: «Сауғам жоқ, қалмақта не көп – түйе көп, денің сау, қол-аяғың бүтін, өзің барып ал!» – деп жүре беріпті. Ағасының әзіл сөзін көңіліне алып, намысқа булыққан Арқандар жанына серігін ертіп, жауға аттанады. Сол бетінде, қалмақ күренінің қарасы көрінгенде тізгінді бірақ тартады ғой. Баспалап қараса, желдеп жайылып шыққан бір келе түйені көреді. Күреннен қара үзіп, ұзады-ау деген кезде түйе келесін сырғыта қақпалап айдап жөнеледі. Жаугершіл кездің көзі қырағы емес пе, қалмақтар түйесіне жаудың тигенін сезіп қалып, қуғыншы шығарады. Өкшелеп келіп қалған қуғыншыны көрген Арқандар серіктерін оздырып жіберіп, өзі тоспада қалады. Алғашқыда, жалғыз жарым қуғыншы болса бетін бір қайырып тастайын деп қарсы алған Арқандар жау қарасының көп екенін көреді. Арқандардың тәуекелге бел буып, қуғыншыны жалғыз қарсы алудан басқа айласы қалмайды. Сарт-сұрт ұрыс басталып кетеді. Бұл екі арада, қуғыншының күшінің басымдылығын байқап қалған Арқандардың жеті серігі түйелерді тастай салып, көмекке ұмтылады. Бірақ бұлар жеткенше, саны көп қалмақ Арқандарды қаумалап қоршап, найзамен шабақтап кетеді... Жақсы көретін інісінің ойламаған жерден мерт болуы Жантай мен Үйсінбайды қатты күйзелтеді. Морт мінезді Жантай: «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!» – деп бес жүз қолымен атқа қонады. Бұл жорыққа Жантайдың ер жетіп қалған баласы Тоқыш пен інісі Үйсінбай да қосылады. Жантай батырдың інісінің өлімі аяқсыз қалмайтынын білген қалмақтар да дүрлігіп, оң мың қолмен қарсы алады. Осы жолы, ашу үстінде шолғыншы серіктерінің бірі: «Жақа, жаудың қарасы көптеу екен, арттан келер күшті күтсек қайтеді», – десе керек. Сонда Жантай түнерген қалпы: «Жаумен санап соғыспас болар!» – деп, қынаптан қылышын суырған екен. Қалмақтың мұздай құрсанған он мың қолына Жантайдың бес жүз сарбазы жанынан түңіліп қарсы шабады. Бұл соғыс қазақ пен қалмақтың бірдей жанын түршіктірген, қан қақсап қырғын болған. Соғыстың дәмін татып жүрген Жантай батырдың сарбаздары ұрыс басталғаннан-ақ бас-басына жиырма қалмақтан келетінін бірден болжайды. Мұндайда, түйілген жұдырықтай болып, араға жауды кіргізбей соғысу қажет. Мұны жақсы білетін сарбаздар қоралана тұрып, құжынаған қалмақтың баса-көктеуіне мүмкіндік бермей, кезекке қойып соғысқандай діңкелетеді. Жан алып, жан берген соғыстың қанқызу бір сәтінде Үйсінбайдың қарнын қылыш сойып өтеді. Сонда тілінген қарнын шалғайымен басып, бір қолымен ұрыс салып жүрген Үйсінбай ағасына: «Жантай батыр, қарын жарылса, тірі қалуға бола ма?» – деп сұраған екен. Ұзақты күнге созылған шайқас Жантай батыр сегіз серігімен қалады. Оның біреуі Жантайдың баласы Тоқыш болса керек. Соғыстың аяқталуына көзі жеткен Жантай батыр астындағы торы тұлпарына баласы Тоқышты мінгізіп: «Тоқыш балам, мыналар болмады ғой, енді кегімді алар ешкім қалмас, бұзып шық та, елге жет!» – депті. Содан, қолынан қылышы түскенше қалың жаумен жалғыз арпалысқан Жантай жойдасыз ерлік көрсетсе керек. Осы соғыста әбден селдірей сиреген қалмақ жауынгерлері еліне жеткенде, «Қазақтардан жеңіліп қалдық!» деп келіп еді дейді. Қарабұжыр Жантай батырдың қалай мерт болғанын естігенде Абылай хан: «Тасқа шапса кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп күйіне қайғырған екен. Содан, Абылай ханның өзі бас болып, Жантай батырды арулап қояды. Батырдың әруағы риза болу үшін торы тұлпарын тұлдап, жал-құйрығын күзеп, жылында соятын етіп бос қоя береді. Қайғыны қайратқа жеңдіретін жаугершілік заман емес пе, аласапыран күндер бірінен соң бірі өтіп жатады. Талай рет дабыл қағылып, талай рет шаңды жорыққа шығып, талай ерлер шәйіт болып, талай рет жеңіс туы желбірейді. Күндердің бір күнінде Абылай хан ордасына қосын жиып, шеру тартып, кезекті бір жорыққа аттанбақшы болады. Жорық алдында әйгілі батырлар хан ордасына жиналып, пәтуаласқан сөздер айтылады. Ереуіл аттары кермені сүзе тартып, ерлерді қан майданға асықтырғандай тықыршиды. Осындай шақта орда сыртынан ат дүбірі шығып, іле күмбірлей кісінеген дауыс естіледі. Хан ордасына атпен келу рәсімде жоқ. Абылай хан бастаған батырлар мен билер елең етісіп, сөздерін тыяды. Сол екі арада, әлденеге елегізгендей үнмен тағы да кісінеген дауыс естіледі. Төлеңгіттердің бірі ордаға кіріп: «Хан ием, Жантай батырдың тұлданған аты ғой, жорық дүбірін сезіп, иесін іздеп жүрген сияқты», – деп тіл қатады. Осы кезде Жантай батырдың торы тұлпары құйрығы сабаудай болып, орданың алдынан ойқастай өтеді де, батырлардың аты байланған үйреншікті кермеге барып тоқтайды. Сонсоң ішін тартып тағы бір қоңыраудай күмбірлеп кісінейді. Күтпеген көрініс ордадағылардың есіне Жантай батырды түсіріп, мұңайтып тастайды. Сонда Абылай хан да көзі боталай мұңайып: «Қайран Жетім торы, иесін сағынған екен ғой... Бізге де керек ер еді-ау!» – деген екен. Абылай ханның «Жетім торы» атты күйінің дүниеге келуіне осы бір оқиға себепші болып еді дейді.
179. «Дүние қалды»
Абылай хан осынау фәни жалғаннан өзінің көшетінін білгендей, дүние салатын жылы қазақ даласының оңтүстігін аралап қайтуға шығады. Жалаң сейіл, жай серуен Абылай болмысын жат жолға шығар алдында үш жүздің батырларына хабар беріп, Түркістанда тоқайласуға пәтуаласады. Ондағы ойы, орыс пен қалмақтың бір жайлы болған толасын пайдаланып, оңтүстіктегі қалың қазақтың іргесін орнықтырып қайту болса керек. Әсіресе, Шымкент, Сайрам, Тәшкент, Қоқан, Бұхара, Үргеніш жағындағы қазақтарды сарттарға түрткілетпей, біртұтас елдік айбарын танытып қайтуға бел буады. Бұл кезде, кеше ғана қалмақтың қаһарлы қолын жайратып, қытай мен орыстың бетін бері қаратқан Абылай ханның айбары Орта Азияның ұсақ хандарын ықтырып отыратын. Абылай хан оңтүстікке келген соң Түркістанға өз баласы Садық сұлтанды, Талас пен Қызылкөл маңына баяғы Қытайға кепілдікке беретін баласы Әділді ие етіп қояды. Шымкент пен Сайрамға Ғабдырахман деген сартты, Тәшкентке Мырзахмет деген сартты әкім етеді. Сонсоң, қалың қосынына шеру тартқызып, Самарқанды бетке алады ғой. Жолда Жиренше шешеннің жеңгесінің атымен аталған Жұпар қорығына жеткенде, тізгін тартады. Әулиелі адам еді деп, бір қонып өтуді ниет етеді де, шатырын құрғызады. Сол күні Абылай хан батыр-билерімен түннің бір уақытына дейін әңгімелесіп отырып, жатар алдында Бұқар жырауға:
– Не тілеулі жолға аттанып барамыз, нысанаң бар еді ғой, бүгін сәуе көріп бер, – дейді. Сонда Бұқар жырау:
– Қарап жатпаспын, сен хансың ғой, өзің де болжай жатқайсың, – депті.
Оңтүстіктің қоңыр салқын түні қандай, бір мызғып кетсең, ұйқың қанып, құр атқа мінгендей боласың. Оның үстіне керіліп жататын уақыт па. Торғай шыр еткенде Бұқар жырау сыртқа шықса, Абылай хан да тұрып, шатырының маңында жүр екен. Бұқар жырау жақындап келіп, сәлем берген екен, Абылай хан:
– Иә не көрдің? – деп сұрайды.
– Ештеңе көріп-білмегендей болғанша, өзің көргеніңді айт! – депті Бұқар жырау.
Абылай ханның жыраудан жасырар сыры жоқ. Бірауық түнере толғанып отырып, көрген түсін бастайды:
– Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына сұлап жатып алды. Бұл не қылған жолбарыс деп көз тоқтатып қарап едім, жолбарыс дегенім аю болып шыға келді. Апырай, жаңа ғана жолбарыс еді ғой, аю болғаны қалай деп қайта қарағанымда, көкжал бөрі болды. Мұнан соң түлкіге айналды. Одан кейін қоян болып кетті. Осы кезде оянып кеттім, көрген түсім осы, – дейді.
Бұқар жырау да ханға тура сөйлеп, қадірін арттырған адам. Көп бөгелмей Абылай ханның түсін жориды:
– Шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс – өзіңсің. Жолбарыс болып көрінген сенің бақ талайың, алыс-жақынды ықтырған айбарың. Шатырыңның алдына келіп, бас көтермей сұлап жатып алғаны – сенің жетіп жығылған жеріңнің осы болғаны. Мұнан арғы көксегеніңді бақталайың көтермейді. Енді «есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, сарттан өліпті» дегізбей, аман-есеніңде осы жерден қайта ғой... Ақырыңның не боларын да айтайын. Көз алдындағы жолбарыстың аю болғаны, өкше басар ұрпағың аюша алысып өтетін заман туады екен. Аюдың көкжал бөріге айналғаны, келесі ұрпағың бір-бірімен ит-құсша ырылдасып өтер. Ит-құстың түлкі болғаны, одан кейінгі заман ұрпағыңды түлкіше бұлаңдатар. Сонсоң көргенің қоян болса, қоянша қорғалап, бас сауғалайтын заман да келер, – депті Бұқар жырау.
Абылай хан түйіліп отырып қалады. Әлден уақытта Бұқар жырауға қарай ошарыла бұрылып, әлденеден үміт еткендей:
– Енді өз көргеніңді айт! – дейді. Сонда Бұқар жырау іркілместкен:
– Мен көргенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер «Абылай хан өлді, соның жаназасын шығарысуға Түркістанға бара жатырмыз!» деп құмдай құйылып, жындай жиылып жүр екен. Енді аманыңда қайтқаннан басқа жол жоқ! – деген екен.
Абылай хан жыраудың болжамына құлақ асып, Самарқанға елші жөнелтіп, «соғыспақ ниетім жоқ еді, әулиелерге зиярат қыла келдім, елдің қадірлі қарттары қонаққа келсін» деп сәлем айтқызады. Онымен де тынбайды, Орта жүз бен Кіші жүздің батырлары бастаған қалың қосынды елдеріне қайтарады. Бірақ, Абылай ханның көрген түсі есінен кетпей, өзінен-өзі оңашаланып, іштей құмыға толғаумен болады. Осындай бір толғаныс кезінде домбырасын қолына алып «Дүние қалды», «Қайран елім» деп күй тартқан екен дейді.
180. «Абылай ханның Майдақоңыры»
Абылай ханның жорғасы болыпты. Әлгі бір жорғалағанда үш алуан – кейде арындап, кейде ақырындап, кейде аяңдап жорғалайды екен. Содан оның жорғасын «майдақоңыр» атап кетеді. Осы жүрісін домбыраға салады. Бірақ «тіл болады» деп ешкімге көрсетпей айдалаға барып тартады. Сонда қой жайып жүрген қойшы ғана көріп, күйді қолындағы таяғына түсіріп алады да, ауылға келгенде:
– Абылай хан жорғасының жүрісін былай салды, – деп таяғымен тартып көрсетіпті. Күй содан елге тарапты.
181. «Сары бура»
Қазақтың дәстүрлі наным-сенімінде, алапаты артық туған адамның желеп-жебеп жүретін киесі көмекке келіп, дұшпанның десін басып, көзге көрінеді екен дейді. Мәселен, қиын-қыстау сәттерде Қаз дауысты Қазыбек биді аузынан от шашқан аю жебеп жүреді екен. Тарақты Байғозы батырдың киесі ақиық бүркіт болса керек. Жарылқап батыр Алтайдың қызыл түлкісіне сенеді екен. Әйгілі Кемпірбай ақын өз бойының киесін көк үйрекке балайтын болған. Міне, осы сияқты қиын-қыстау кезінде желеп-жебеп жүретін кие хан Абылайда да болыпты. Ат үстінде өмірі өткен хан Абылай қиын сапарға, қанды жорыққа аттанарда, жолы болып, ойына алғаны сәтімен орындалар болса, сары бура жолға маңдайын беріп жатады екен. Егер жорық сәтсіз болатын болса, сары бура Абылайдың бұл сапарын теріс көргендей болып, сырт беріп жатады екен. Абылай ханның киесі болған сары бура алдымен Бұқар жыраудың түсіне енген екен. Бұқар жырау сары бураның жатысына қарап, болжау айтатын болған. Қиын-қыстау кезде желеп-жебеп жүретін сары бураға арнап Абылай хан күй шығарыпты дейді.
БОҒДА /шамамен 1765-1845 жж./
182. «Жем суының тасқыны»
Арқасында домбырасы бар Боғда Жем өзені тасып жатқан кезде, бергі беттегі ауылға өтейін деп, өткелге атын салады. Өзеннің ортасына жеткенде дарияның асау ағысы Боғданы атымен бірге ағызып әкетеді. Бір жарға соғылған аты суға кетеді де, өзі өлдім-талдым дегенде домбырасын арқалап, жиекке шығады. Боғда демін алып, киімін кептіріп отырып: «Япырмай, мынау табиғаттың күші керемет құдірет екен-ау. Бұл менің атымды ағызып алып кетті, өзім өлім аузынан қалдым. Өмірдің өзі де осы қатты ағыс сияқты емес пе?» – деп, Жем өзенінің тасқынын, оның дүлей күшін, күймен бейнелепті. Сол Жем суы былай ағады екен.
183. «Бозтөбе»
Өткен ғасырда Қазақстанның батысында бір жылы ашаршылық болып, мал көп қырылыпты. Ашыққан халық күнелтіс іздеп, жан-жаққа кете барады. Сол жылы Нарынның батыс жағындағы Боғда тауының етегіне қоныстанған ел де аралап жүрген домбырашы Боғда, осы бір уақиғаның куәсі болып, сол төбенің басында отырып, «Әдірә қалған Бозтөбе» деп күй шығарыпты. Сөйтіп, Боғданың бұл күйі кейіннен «Бозтөбе» аталып, халық арасына кеңінен таралыпты.
ЖАНТӨРЕ /XVІІІ-XІX ғғ./
184. «Шалқыма»
Ертеде, ел Жайық өзенінің күншығыс бетін қыста қоныс етсе, күн батыс бетін жаз жайлауы етіп пайдаланған кездері де болған. Осындай бір жылдары көктем ерте шығып, мыңғыраған төрт түлік малмен, қаптаған қалың ел жылдағы әдетінше Жайықтан өтіп жатады. Жылдың төрт мезгілі: қыстың аты – қыс, жаздың аты – жаз, күздің аты – күз, көктемнің аты – көктем. Әсіресе, көктем айларында: маңыраған қозы, кісінеген құлын, мөңіреген бұзау, боздаған бота – далада ұлы думан той жасап жатқандай көрінеді. Көктемде ауылға жан бітіп, жарқын-жарқын әзіл сөздер айтылып, қыз-келіншектердің сыңғырлаған әдемі күлкісі дала қызығына айналады. Ұлы дүрбелең. Айнала жасыл желек, көк майса шалғын шөп. Мазаңды алып, делебеңді қоздырады. Біреуді-біреу аңсап іздегендей күй сезімге түсесің. Мұндайды суреттеуге тек ақынның ғана сезімтал жүрегі, күйшінің күмбірлеген күйінің ғана құдыреті жетеді.
Қора, қора қой жатыр,
Қарын, қарын май жатыр.
Түйе, түйе жүк жатыр,
Ауыл, ауыл ел жатыр.
– десе ақындар, күйшілер небір әдемі күйлерді домбыраның көмейінен төгілткен.
Дәл осындай бір жылдары Жантөренің ауылы да көктемде Жайықтан өтіп, келесі жақтағы беткейге қонып жатады. Сол кездегі әдет-салт бойынша елдің игі-жақсылары бас қосып, Жайықтың арғы бетіне елден бұрынырақ шығып қарап тұратын. Жантөре де қасына жиналған төре ауылының игі жақсыларымен бірге арғы бетке өтіп алды. Айналасы тегіс көрінетін, биіктеу жар төбенің басына қалы кілемдер мен текеметтерді төсетті де, өзі төңірекке қырағы көзімен көңілі толып қарап тұрды. Сол кездегі дәстүр бойынша: Жантөре жастайынан өте зерек, сөзге ұста, әрі шешен, он саусағынан күй төгілген ақынжанды адам еді. Көз алдындағы көктемгі даланың ғажайып осындай көрінісі көңіл-күйін тасытаса керек. Төре жанында тұрған қаптаулы қарағай домбырасын қолына алып беті-жүзі алабұртып, бір керемет сазды әуенді құйқылжыта төгілтті дейді. Бұрын соңды мұндай сазды естімеген ағайындары, қасындағы ел жақсылары, домбыраның үніне елтіп, берілген күйі тым-тырыс отыр. Бір кезде Төре күйін бітіріп, домбыраны қасында жатқан көпшікке сүйей салды. Басын көтеріп жан-жағына жалт қарады. Айнала үнсіз. Қапелімде не болып қалғанын, алғашқы сәтте төренің өзі де түсінбей қалды. «Бұлары несі?» – деп ойлады сезіктеніп. Бір кезде көптің ішінен бір ағайыны: «Төре, жаңағы күйіңіз бұрын-соңды біз естімеген, керемет саз болды!» – дегенде ғана мән-жайды енді түсінген Жантөре: «Е, е, е! Ол мынау төгіліп Жайықтан өтіп жатқан еліме қарап, көңілімнің шалқып кеткені ғой!» – деген екен. Сөйтіп, «Шалқыма» күйі Жантөренің кеудесінен қарлығаштың балапанындай ұшып шығып, қазақтың кең даласын аралап кеткен дейді, айтушылар.
САРША /XVІІІ-XІX/
185. «Бозінген»
(ІҮ нұсқа) Бір кедейдің маңдайына бітіп, таңдайына талшық етіп отырған мал дегенде жалғыз «Бозінгені» бар екен. Жазғытұрым сол Бозінген боталайды. Бір айдан кейін Шу өзені тасыған кезде бота жардан құлап мерт болады. Ботасын іздеген Бозінген күндіз-түні боздап күңіренгенде, зарлы даусы бүкіл ауылды басына көтереді. Жануардың боздаған даусына қапа болып, көңілі босаған Сарша: «Жар басындағы жантақты жанынан кешкен нар жейді» дегендей, жануар, әбден қиналдың-ау», – деп, қолына домбырасын алып, «Бозінген» деген күйін шығарыпты.
БЕЙСЕНБІ ДӨНЕНБАЙҰЛЫ /1803-1872/
186. «Жеке батыр»
1817 жылы көктем, Бейсенбі ауылы қазіргі Қаба ауданына қарасты Қостай талдысы деп аталатын қоныста отырған еді. Рулық қақтығыстың жолын қуып жүздерін суыққа бұрған бөгде рудың бұлаңшы тобы талтүс кезінде қанаттас отырған дәрігер (байкісі) ауылының бір топ түйесін ауыл адамдарының қарсылығына алдына сап айдап жөнеледі. Ауылдағы бала-шаға «бұлаңшы» деп ұлардай шулады. Әсіресе малмен көз ашып, малды жанының тірегі еткен ауылдағы аналар зар иледі. Аналардың «ойбай, құрыдық, күнге қарап ұлыдық, жұртта қалып құрыдық, бұл не сұмдық, бұл не басынғандық, бізден ұл тумап па еді?» деген зар-заласы тау-тасты жаңғыртты. Ауылдан Дөненбай шаңырағын да шайқалтты. Ер жүрек Дөненбай мына қорлыққа шыдамай, атына дереу ер салды. Қатарлас отырған ауыл азаматтарын аттанысқа келтіріп, бұлаңшылардың өкше ізіне түсті. Бұлаңшылар жер түбіне барса да қуып жетіп, түйелерді қайтарып әкелмек. Осы мақсат-тілек мінген атына қамшы бастырды, бұлаңшыларды састырды. Тебінгі терге көміліп, тұлпар талыққан кезде басқалардан бұрын жеткен Дөненбай түйе бұлаушыларымен жалғыз айқасты. Апыр-топыр айқаста бұлаңшылардың алтауы аттан құлап, қалған екеуі қаша соғысты. Сойыл жетпес аралықтан Дөненбайға зуылдатып садақ жебесін жұмсады. Дөненбай сауыт-саймансыз от кеуделі жүрегін садақ оғына тосып, сол майданда жан үзді. Осы бір шайқас болашақ күйшіні сормаңдай жетім етті. Бекең әке арманына арман қосып, бір жаңа күйдің көзін ашты. 14 жасында «Жеке батыр» атты күйін әкесі Дөненбайға арнады. «Жеке батыр» күйінде әкесінің ел тілегі жолындағы ерлігіне, өзінің әкеден жас қалған жетімдік көңіл-күйі қосыла күмбірлеп, бізге жетті.
187. «Кербез сылқым»
Әйми сұлу басы Таласта тұрғанда, менің бұрынғы күйеуімнің руында мені әменгерлікке аларлықтай жігіт туған жоқ деп қарысады. Ал Бейсенбі ел намысын, өз намысым деп біледі. Ол кезде жесір кету ел-жұрт үшін үлкен қорлық саналады. «Осы ғұрлы өңмеңдейтін, жесірің кетті ме» дейтін сөздер де бар. Әймидің керейде мені алатын жігіт жоқ деуі білген адамға намыс қозғайтын іс еді. Бұған шыдамаған Бейсенбі: «он бірінен ассаң да, он екісінен аса алмайсың» деп қалады. Осыны аңдып отырған сұңғыла әйел: «он екі керейдің қай бегзатын танимын. Көз алдымда өзіңіз тұрсыз, сізге мақұлмын, сіз мақұлдық берсеңіз басымды ашам», – деп күшейді. Осы кезде қиналыста қалған Бейсенбі қасындағы жолдасы Мыңжанға: «Кербез сылқымға сөз ұстатып алғаным-ай!» деп өкінді. Мыңжан: «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды, он екі керей кеңесінде болады» деп ақыл берді. Кейін Әйми Бейсенбіге аяулы жар болып, ел қадіріне бөленген кезде, Мыңжан би: «әуелгі сөз рахым деген, кербез сылқым көңіліңізден, домбыраңыздан ұмыт қалмасын», – деп ескертті. Жақсы жардың жағымды қылығы, нәзік сезімі «Кербез сылқым» күйін тудырып, біздің заманға ұрпақ жалғады.
188. «Арман»
(ІІ нұсқа) Керей атаның келіні Әйми, күйеуі өліп, жесір қалған соң, төркініне отауымен көшіп барып қоныстасып қалады. Жесірді ерден кетсе де, елден кетірмеуді қарастырған жесір иелері бұл жұмысты Бейсенбіге тапсырады. Сол заманда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» жолы бойынша тұл әйелдің ер таңдау құқығы болады екен. Кеңеске қатысқан билер Әймиге ер таңдау құқығын береді. Билерді барлай қараған асқақ сұлу «Керейде мені алатын жігіт жоқ» деп қарысады. Билер кеңесі Әймиге: «Сен керей жесірісің, көзің түсер еріңе, аяғың жетер жеріңе тоқта, керейдің бірінен ассаң да, он екі керейдің біріне тоқтайсың» деп кесім жасайды. Ақша жүзінде нұр ойнаған сұлу Әйми: «тұл әйелдің ер таңдау құқығы өзінде болса, осы топтағы билер қауымына құлдық ұрайын, керей жесірі екенім рас, керей биі Бейсенбіні таңдадым», – деп қол қусырып, басын иеді. Мына қойылған орынсыз талап Бежеңе оңай болған жоқ. Абақтың бір жесірін дауға түсіп, ақырында өзі алса қандай әділет болмақ. Бұл іс билер кеңесінің сарабына салынып, «тұл әйелдің ер таңдау құқық заңы бойынша, әйелдің талап-пікірі орындалуы тиісті», – деп шешім жасалды. Әймидің талабы орындалмаса, «билер заң бұзды» деген халық наразылығына қалар еді. Осыдан соң билердің кесім жасауымен, жесір иелерімен ақылға келіп, тиісті қалыңмал бодауын төлеп, Бежең Әймиді әйел үстіне алып жар етті. Әйми ақыл-парасатты, ел-жұртқа жағымды, берекенің адамы болды. Әйми өзінің зерделі, ұнамды іс-әрекеті, ақжарқын, меймандос, сауықшыл өнерімен жұртқа да, Бежеңе де ерекше ұнады. Ол ұстаған үй түгел түсетін, белдеуінен ат кетпейтін, Бейсенбі бидің ардақты шаңырағына айналды. Осыны көре алмаған күндесі қызғаныш тудырды. Өзінің жақындарын, ырқына көнетін адамдарын Әймиге қастандық жасауға айдап салды. Осы қатігез, қараниет қайшылық жағдайында Әйми солардың қолынан қаза тапты. Бұл кезде Бейсенбі тағы бір съезге кеткен еді. Ұзақ жолдан ат соғып, суыт келген Бежең жар өліміне қатты күйзелді. Жүрегі тілініп, қабырғасы сөгілді. Ел-жұрт, ақсақалдар ақыл-кеңес бермесе, Бежең де құсаға булығып, тіршіліктен уаз кеше жаздады. Осы күйікті шер – «Арман» атты күй болып бізге жетті.
189. «Қара құлақ ат»
Бейсенбінің ұлы Оспан (Алтайда Қара Оспан аталады) атастырған қалыңдығы Рәбиғаны алар жолында өзінің тума аты қара құлақ атты мініп, күйеу жолдастыққа Байтарақ, Жақсыбай деген адамдарды ерте барған. Осы тойда ат бәйгесі болып, құдалардың арнаулы баптап әкелген жүйрігі болмағандықтан, күйеу жігіт Оспан қара құлақ атты баптамай бәйгеге қосқан. Бапсыз сәйгүлік қара құлақ ат бәйгеден келіп, Байтарақ балуандықта жығып, Жақсыбай Айжан деген қызбен айтысып жеңіп, құдалар жақ өнердің әр түрінен жеңістік алған. Сол замандағы Жақсыбай мен Айжанның айтысы, өзіндік айтыс салтын сақтаған қалпымен ауыздан-ауызға тарап, ел арасында қазірге дейін сақталуда. Осы келін түсіру барысындағы қуаныш Бежеңе шабыт қозғап, «Қара құлақ ат» күйін туғызған.
190. «Көк шыбар ат»
Бейсенбі билік басында болған жылдардың бірінде қазақ ортасында болған сьезге өзінің тума жылқысы ішінен шыққан таңдаулы көк шыбар атын мініп барады. Бежеңе есесі кеткен бір адамдардың айдап салуында, аттың сыртқы тұлғасына қызыққан екі жортуылшы ұры, көк шыбар атты оңашада бөгенайлап көреді. Сонда көк шыбар аттың тілінің астында дөңгелек қара қалы, ауыздығының тыртығы барын байқайды. Дәл осы белгілерді куә етіп, атқа таласу ойына келген жалақор шідерде тұрған аттың мойнына асылып жылайды: «Қайран жануарым-ай, дөненінде асаудан үйреткен едім, сонда езуін ауыздық қиған еді. Алты жасында жоғалған еді», – деп зарлайды. Сьездегілер: «Бұл Бейсенбінің аты еді, мұнысы қалай болды?» – деп тамсанады. Бежең өзінің тума малы екендігі шындық деп айтса да, ана екі ұры белгіміз бар дейді. Екі жақтан сұралып аттың ерекше белгісі сарапқа салынады. Бежең сыртқы тұлғасын, жасын айтқанымен нәзік белгілерін нақты айта алмай қалады. Ал екі жалақор көріп алған белгісін айтып, нақ шындықтай етіп сөйлеп, құстай қондырып, оқтай төндіреді. Ат тілінің астындағы қара қалы, езуінің жыртылуы сияқты белгілер бойынша ат жалақорларға тәуелді болады. Өз басының жалаға ұшырап, әділетті істің әділетсіз істің алдында жеңіліс тапқанын әрі аттың нәзік белгілерін біле алмағандығына Бежең қатты ызаланады. Атты ұрыларға жетектетіп жатып: «Жанаттың шыбарын жегеннің жаны желінеді» деген ел арасында тараған тәмсіл бар еді. Менің шыбар атым емес, елім жанаттың шыбар аты еді, жаның желінбесе болды, мен бір тайдан кедей болмаспын, сендерге бақ па, сор ма? оны болашақ белгілесін», – деп қалады. Айтушылар аңызына қарағанда осы сьез ақырласпай-ақ, әлгі екі ұрының бірі ауырып, өлім халіне келеді. Жан үзер алдында: «керейдің киелі биінің атын жаламен алған едім, жанаттың шыбарын жеймін деп жаным желінді, ол дүниеге алып кетпейін, атты иесіне тапсырыңдар, – деп өсиет айтыпты. Атты қолына алған соң, Бежең осы оқиғаға байланысты «Көк шыбар ат» деген күй жаратқан екен.
191. «Майдақоңыр»
Бейсенбінің әлеуметтік істерге арласып, өсіп-жетілуіне Маман би үлкен жебеуші болды. Сол дәуірде Маман би әділ, турашылығымен ел көзіне түскен. Айтса сөзі, қолқаласа бет-беделі өтетін үлкен билердің бірі еді. Жас болғанымен Бейсенбінің әділқазылығы мен ақылдылығына қызыққан көз қарақты қарт би Бейсенбіні өз жанына ертіп жүріп баулиды. Жас Бейсенбі Маманға еріп талай топты жиынға, думанды ас-тойға, қазақ ортасындағы толып жатқан келелі кеңестер мен дау-шарларға қатысады. Бұл сапарлар Бейсенбіні өмір тануға, қалың халықтың күйін байқап, әділет жолын қууға ұмтылдырады. Бейсенбі билік басына байлығымен не ру шонжарлығымен емес, қайта әділдігімен, сөзіне жұрт ұйыған шешендігімен халыққа іс көрсетуімен танылып шыққан адам. Оның әділділігі мен шешендігі, алымдылығы жөнінде ел аузында мадақталып келе жатқан талай аңыз-әңгімелер бар. Соның бірі «Көк бесті дауын» шешкен әділ билігі болып табылады. Бейсенбінің жастау кезіндегі бір аста өткізілген ошақ бәйгеде алдымен келіп, жүлделі болған көк бестісі үлкен бәйгеде қастандыққа ұшырап мерт болады. Көк бесті абақ керейдікі, уақ – жауапты жақ екен. Екі тайпа елдің арасында осыған бола үлкен дау туылып, ұзаққа дейін шешілмейді. Уақтың Еркөкше биі: «Ел арасын берекелестірсем, өлгенде артыма дау қалдырмай бітіріп кетсем», – деп ойлап, абақ керей мен уақтың сөз ұстар билерін кеңеске шақырса керек. Кеңеске абақтың жанат руы жағынан Маман би қатысады. Қасына жас Бейсенбіні ертіп барады. Ол Еркөкше биге амандаса барғанда, Еркөкше би:
– Мына балаң кім? – деп сұрайды. Санда Маман би:
– Інім, Дөненбай батырдың баласы, тізгін ұстатарым, – деп таныстырды.
Кеңес басталып, екі жақтың даугерлері дауын айтып, талабын білдіргеннен кейін, қарт Еркөкше би даудың төрелігін айтуға Бейсенбіні көрсетіп:
– «Кәрінің сөзі тәтті, ісі сәтті, жастың жалыны қатты» деген сөз бар. Жас биім, осы даудың билігін сен айтшы, – дейді.
Екі арыс елдің арасындағы ескі дауға тұңғыш рет кезіккен Бейсенбі:
– Бестінің құны – бес кесік, біткен жөн екі жақ елдесіп, жүрмелік қан кешіп, құн кесіп, бұл жолы бас бәйге – 500 қой көк бестінің сыбағасы еді. Бір кесік соған, бір кесік абақ елінің ұранына, ал қалған үш кесік ел ара берекелік ісің ғой, – деп тақпақтай жөнеледі.
Ұзаққа созылып білтеленген ескі даудың шиесі шешілгендей болады. Екі жақ Бейсенбінің билігіне айрандай ұйыйды. Абақ керей жағы 200 қой алып, 300 қойды кешірім етеді. Бұған дән разы болған Еркөкше би Бейсенбіге өзі мініп жүрген қоңыр жорға атын тарту етеді. Аттың түр-тұлғасы мен жүрісіне көңілі толған Бейсенбі домбыра шанағына «Майда қоңыр» атты әсерлі күй туындатады.
192. «Телқоңыр»
(ІІІ нұсқа) Бежең төменгі Алтайдың «Кешім қызыл үйеңкі» деген жерінде найман-керейдің бітім дауына қатысады. Жиын топ тарқамастан бұрын «бәйбішеңіз ауыр науқастанып қалды» деген хабар жетеді. Күн кешкірген шақ болса керек. бір бардам адамның телқоңыр деген атын мініп қатты жүріп, Буыршын өзенінің жағасындағы Шыбар тал деген жердегі үйіне түнделетіп жетеді. Әйелінің ауру беталысы оңалған соң, қайта жиынға барады. Телқоңырдың осы сапардағы алымды жүрісі, жолының жақсылығы Бежеңе әсер жасап, «Телқоңыр» күйін тудырады. Екінші бір аңыз дерек былай айтылады: Бежең алғашқы атқа міну сапарын жылқы қостарында бастаған. Өзіне қарасты жылқыдағы қоңыр биеден ылғи жақсы ат туады екен. Қоңыр бие құлындаған жылдардың бірінде бір қоңыр құлын туады. Енді бір биеден тағы да бір қоңыр құлын туылса да құлыны өліп қалады. Сонымен Бежеңнің қоңыр биесінен туған қоңыр құлын өз енесі мен құлыны өлген биені қатар емеді. Келесі жылы өз енесі қысыр қалып, қоңыр құлын тайынан құнанына дейін арда емеді. Бежең осы қоңыр құнанды жастай өсіріп, бас үйретіп, жуасыған соң, өз мінісіне алады. Осы қоңыр ат жарысса озатын, қуса жететін, неше түрлі әсем жүрісті, сурет тұлғалы ерекше жылқы болады. Телқоңырына ерекше разы болған Бежең «Телқоңыр» деген күйін арнайды.
193. «Көк иірім кеңес»
Айтушылардың аңызына қарағанда Бейсенбі Көк иірім кеңесіне екі рет барған. Бірінші рет барғанда найман-керей ортасындағы жер талас бітімін найман билерімен келісіп, бітіріп қайтқан екен. Келесі жылы жер талас қайта өршіп, үлкен төбелес шығып, екі жақтан адамдар сойылға жығылып, бас жарылып, көз шығып, қол-аяқ мертігіп, бұл істер бітімсіз дауға айнала бастаған. Әсіресе, керей жақтан бір жігіттің басы айырылып, өліп қала жаздаған. Наймандар жағы керейдің жаралы адамын қолына салсақ, ауыр жарақатын көрген ызақор туыстарының бірі көзін жойып, кісі құнына қалармыз. Онан да қолымызда бағып, өлсе де, тірілсе де көзбен көрелік дескен. Ал керей жағы адамымызды өлтіріп, тығып тастадыңдар деп жарғы жазып, мал қуып алған. Бұл ушыққан істі бітіруге найман жағы сьез ашуды талап еткен және керей биі Бейсенбіні шақыртқан. Бежең екінші рет барғанда, ол жердегі керей ауылдары қыс қатты болып, малы жұтаған. Аштық-жалаңаштық жайлаған. «Жұт жеті ағайынды» дегендейін сарысүзек ауру жүріп, адамдардан өлім-жітім көбейген. Бежең ауылдарды аралап көріп, барын жоғына теліп, ақыл-кеңес айтып жанашырлық жасаған. Әсіресе өткен жылы жер бөлісін мұқият істемей, екі жаққа да көңілшектік істегеніне қатты өкінді. Бұл жолы қатаң келіп, жерді әділ бөлді. Екі жақты жақсы келісімге келтірді. Керейдің сойылға жығылған жаралы адамын туған-туыстарын ертіп апарып, көзімен көрсетті. Қарсы жақпен ақылға келіп, дәрігер шақыртып, сойылға жығушылардың бағып-қағуына өткізді. Екі жақтың ерегесін тоқтатып, еліне қайтты. Алайда Бежең өзінің дәрменсіз күйде екенін сезіп, көп ой толқынына түскен. Өзара береке-бірлікте болып, ірге бөлмей, алтыбақан алауыз болмай, оқу-білімге ұмтылып, өнер үйренсек, мұндай ауыр жағдай тумас еді деп армандаған. Осы арман сапарында «Көк иірім кеңес» туған.
194. «Танысаңшы»
Бейсенбіге бұрыннан таныс бір домбырашы, нағашысының ауылына жолаушылай бара жатып, жол-жөнекей өрісте жатқан жылқыларды тамашалап, аралап жүрсе, сырттай күзетіп отырған ауыл адамдары одан сезіктеніп ұстап алады да, билердің алдына сұраққа апарады. Әсілі, жылқылы ауыл оның нағашыларының жамағайындары болса керек. бұл кезде Бейсенбі де осы ауылда екен. Сұрақ үстінде Бейсенбі ұрыға баланып отырған домбырашыны қиын жағдайдан құтқару үшін, шабыттана қолына домбыра алып, бір түрлі қоңыр ырғақты күй төгеді. Әлгі домбырашы күй әуенінен «танысаңшы» деген ырғақты айқын ұғынады. Сонымен ол жалт беріп: «нағашыларымның ауылына келіп отырмын, бұлардың әр қандай жақсы ісі менің мақтанышым, арғымақ жылқыларын көргенде қуанғаннан көз алмай қарай бердім. Менің жақсы ниетімді жаманға жору жарамас» дейді. Сонымен ол сөзден ұтып, құтылып кетеді. Осылайша ел ішіне Бейсенбінің «Танысаңшы» күйі тарап кетеді.
195. «Ой, дүние-ай!»
(І нұсқа) Бежеңнің Алтай тауындай абыройын көре алмаған күндес жаулары, керей ішінен Бежеңді жоғалтып, елін бодан етуді ерте ойластырған. Сонымен бір сьезде Бейсенбіге жасырын қастық жасалып, мекені Буыршынға әрең жетіпті дейтін аңыз бар. Хал үстінде жатқан күйші арғы-бергі жағдайды ойлап, сүйегін иенге, ешкім білмес жерге жасырып жерлеуді тапсырып өсиет айтқан. Ажал қармаған азапқа қайрат көрсетіп, күй шабытын бойға жинап, елі мен жеріне, қормал дос-жарандарына өткен өмір, тәтті армандарына, ұрпақтарына қош айтып, «Ой, дүние-ай» деген күйін шығарған. Осыдан соң пәни жалғанның жарығымен мәңгілік қош айтысқан.
196. «Ерке бұлан»
Ертеректе Алтай тауларында бұғы тектес аша тұяқты, күйіс қайыратын, тұр-тұлғасы көркем, шоқтығы биік, түсі кер қызыл бұлан деген аң болған. бір кезде Бежең ауылының жігіттері Қанас өзенінің бойынан осы аңның бір бұзауын ұстап алып қолға бағады. Аңның зәбірсіз момын, тұқым жақтан сирек, киелі қоңыр аң екендігіне көзі жеткен Бежең осы аңды үйіріне қосып қоя береді. Осының артынан ұзақ толғаныс арқылы «Ерке бұлан» күйін шығарады. Күй өте әсем болады. Бежеңнің өз ұрпағынан Мақаш деген домбырашы көп шертеді екен. Кейін ауылдастары оны Мақаш демей «Ерке бұлан» дейді екен.
197. «Құс қашқан»
Бейсенбінің тұсында керей атаның жантекейінен шыққан Тікен деген құсбегі адам болыпты. Алтайдың белгілі бір жерінен қансонарда қара құсынан айырылып қалады. Құсынан айырылған Тікен назаланып, көп күндер үйінен шықпай құсаланады. Мұны естіп-білген Бейсенбі Балбағайдағы Қожамжар төреге адам жіберіп, бір қыран құсты Тікенге алдырып береді. Қазақ ұлтының кең сахарадағы құсбегілік өнерін жоғары бағалаған Бежең осы туралы ойланыс жасайды. Аспандағы құстың тілін біліп, қолына қондырған адамның да қыран құстай қырағылығы бар-ау, бұл сахара мәдениетінің сайыпкер салты ғой. Қыран құс қуанышты да, қайғыны да иесіне сыйлайды екен, осыған да күй тудыру қажет деп тебіренеді. Осы деректен «Құс қашқан» күйі туындайды.
198. «Әйми»
Әйми керейдің шеруші руынан туған біреудің жалғыз ұлына айттырған, найман руының қызы екен. Қалың малы беріліп болып алғалы отырғанда, бақытқа қарсы күйеу жігіт қайтыс болады. Жігіттің жылы өткеннен кейін «қызға біреулер құдаласқалы жатыпты» деген хабар керей жағының құлағына тиеді. Керей жақ алатын жігітін қосып, қыз жаққа адам жібереді. Бірақ, қыз барған жігітті жаратпайды. Құда жақ: «Қалың малды қайтарамыз» деп жат ниет білдіреді. Жігіт жақ бұл ақуалды орыс жерінде сьезде жүрген Бейсенбіге хабарлайды. Сол дәуірдің ережесінде қызды айттырған жігіт өлсе, қыз сол елдегі өзінің таңдаған жігітіне барады. Егер, ол жігіт алмаса, яки алуға жағдайы жар бермесе, қалың мал салауат болады. Қыздың талабына лайықты жігіт шықпаса, қыз жақ қалың малын қайтарып беріп, қыздың бас еркіндігін алады екен. Бежең қайтар жолда келіп құдалармен сөйлессе, олар қалың малды қайтарамыздан басқаны айтпайды. Бейсенбі: «Қалың мал қайтару қашпас, мен қыз лебізін өз құлағыммен естісем, – деп Әймиді шақыртып алып, – құдаласқан жігітің бақытқа қарсы қайтыс болды. Бұл – тағдырдың ісі. Атамыз қазақта «жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген салт бар. Мына жігіттерден көңілің сүйгенін таңда, көңілің толмаса, бүкіл керейді таңдауыңа да болады» дейді. Ат-атағы елге әйгілі Бейсенбіні Әйми де сырттай білуші еді. Бұл рет Бейсенбінің көз тартарлық тұлғасы мен көңіл толарлық келбетін көргенде Әймидің іштей ғашықтық сезімі қозғалып, Бейсенбіге: «Керейден өзім таңдаған жігітіме баруыма бола ма?» – деп сұрайды. Бейсенбі: «Ел салған жол, жалғасып келе жатқан салт қой, неге болмайды? Болады!» дейді. Өжет Әйми: «Ондай болса, мен өзіңді таңдаймын, басқаңа бармаймын», – дейді. Бейсенбі бір жағынан өзі айтқан сөзінен бұлтара алмайды, енді бір жағынан Әйми сынды сымбатты, сұлу, өжет аруды өзі де шын жүрегінен сүйеді. Осылайша Әйми өзінің тамаша мінез-құлқы, ұнамды іс-әрекеті, ақ жарқын, меймандос, сауықшыл ерекшелігі және зейінді зерделілігімен жұртқа да, Бейсенбіге де ұнайды. Бежеңнің ақылына ақыл қосып, дау-шарларға билік айту, елді береке-бірлікке шақыру істеріне де араласады. Ел алдында зор беделге ие болады. Түсетін түсел, келетін қонақ Әйми отауына ауады. Әймидің осындай іс-әрекетіне сүйінген Бежең өзінің көңіл-күй, ой-өрнегін «Әйми» атты күй қылып қалдырады.
199. «Көш келді»
Бежең үлкен ұлы Қара Оспанға қалыңдық айттырып, келін түсірер кезде, ырым жасап баласын қайнына аттандырады. Құда жақ қыз ұзату тойын жасап келінді аттандырыпты деген хабар жетісімен, тұңғыш келінінің қуанышты тойын асыға күткен Бежең, келін келуге бір күн қалғанда, ауыл іргесіндегі төбеге кілем салдыртады да, ауыл ақсақалдарымен бірге ағылта әңгіме соғып, төгілте күй шертіп отырады. Келесі күні түстен кейін қыз ұзатқан құда-құдағилар көші ауылға жақындағанда ата салт бойынша келінді аттан түсіріп, ауылға жаяу бастайды. Кежімдеген келін атын мінген бойжеткен мен көш тосып жүрген балалар «көш келді!», – деп шүйінші сұрай ауылға келеді. Ауылдағы ақ самайлы әжелер мен Бежеңнің бәйбішесі салт бойынша келіннің атына шашу шашып, балаларға шүйінші беріп риза етеді. Қуанышқа бөленіп сезім шаттығы шалқыған Бежең көсілте күйге басады. Торқалы той, думанды қызықпен жалғасып таратады. Алыс жерден келіп, екшеліп қалған ерекше күтімдегі құда-жұрт, сыйлы қонақтар қош айтып, еліне қайту үшін Бежеңнің үйіне келеді. Бұлардың ішіндегі қадірменді қарт құдасы, қаратай руынан шыққан әйгілі би Мәметек те бар еді. Бежең алыс сапардан келген сыйлы қонақтарын жібермей, тағы бір неше күн жатқызып, дыр-думанды сауық-сайран ұйыстырып береді. Мәметек би: «Бежең құда, сен қатынасқан ұлы дүбірлі бас қосулардың бірде-бірі күйсіз басталып, күйсіз аяқталып көрген емес еді ғой! Қане балаңның торқалы тойына арнағаның болса, біз соны естісек» дейді. Қаумалай отырған қалың жұрт бұл пікірді құптай жөнеледі. Бежең домбыраның құлақ күйін келтіріп алады да: «тойға арнаған екі күйім бар еді. Бірі – шүйінші сұрай келген қуанышты хабар шабытымен туған «Көш келді» атты күй; енді бірі тұңғыш ұлымның думанды тойы басталғандағы қуанышты сезімнен туған «Той бастар» күйі дейді де, құйқылжыта күйге басады. Айшықты жасалып, айызды шертілген осы бір тәтті күйлерден жан семіртерлік ләззат алған Мәметек би: «шіркін, аты-затына сай ершімді-ақ күйлер екен қарағым, Тәңірім қол-аяғыңа дерт бермегей, отауың құтты, балаларың бақытты әрі ұрпақты болсын!» деп ақ батасын беріп, ақ тілегін білдіріп аттанады.
200. «Екеуім-екеуім»
Бежеңнің Әйнеп, Зәйнеп деген екі қызы болған екен. Арасы бір жасар тетелес өскен екі бала Бежең үйінде болса, қасынан шықпай еркелеп, әкелерінен екі елі айырылмайтын болыпты. Екі баласының мейірі Бежеңе ауған екен де, Бежеңнің жаны осы екі баласының үстінде екен. Белгілі бір жылы Бежең сапарға шығады. Бірде дем алып жатып ұйықтап кетеді де түс көреді. Түсінде өз үйінің төрінде отырса, үйінде баққан екі кептер бар екен, бір қаршыға киіз үйдің шаңырағынан ұшып кіреді де, әлгі екі кептерді тең іліп алып, есіктен шығып кетеді. Бежең орнынан тұрып кептерді арашалап алып қалайын деп қозғалғанда өзі оянып кетеді. Осыдан кейін көңілі қобалжып, үйіне қайтқысы келіп, жұмысын тез бітіріп үйіне қайтады. Бежең келгенше екі баласы жұқпалы қызылша ауруына шалдығып, екеуі де бір күнде тең қайтыс болады. Балаларды енді ғана оң жаққа жатқызып болған кезде, Бежең де үйіне келіп түседі. Балаларының ежелгі дағдысы бойынша алдынан жүгіріп шықпағанынан күмәнданады. Бежең үйіне кірумен зарлы көріс басталады да, шаңырақтан өлім шыққаны мәлім болады. Бежең тағат қыла алмай оң жақтағы шымылдықты ашып қараса, екі бала қатар жатқан. Ол шыдап тұра алмай екі баласын құшақтап бауырына басып, «қос жанарым, екеуім», «екеуім, екеуім» деп егіле еңірейді. Үй толы адам бірге жылап, бүкіл үй күңіренеді. Қатарға қосылып, көзге көрініп қалған екі бірдей баланың бір күнде тең қайтыс болып, оң жақта сұлап жатуы, Бежеңді ауыр қайғы теңізіне батырады. Қос балапанын өлімге қимаған ол, қараша айында киіз үйдің іргесін түргізіп тастап, балаларын шығартпайды. Өзі де нәр татпайды. Ақыры Құлбек бастаған ел ақсақалдары келіп Бежеңе жұбату айтып, иландырып балаларды қойдырған екен. балаларының өліміне қатты қайғырып назаланға Бежең «Қос жанарым, екеуім», «Екеуім, екеуім» атты қайғы-қасіретке толы зарлы күйді шертіп, шерін, мұңын тарқатады екен.
201. «Бодау кеңес»
Шыңжаң аймағында ғұмыр кешкен белгілі би, әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлының (1825-1898) «Бодау кеңес» деп аталатын күйі бар. Осы күйдің аңызын ақын Нүкеш Бәдіғұлұлы былай баяндайды: «Алтайдағы абақ-керей елінің бодаусыз кеткен дау-шарын бітіру үшін үлкен жиын болады. Қаба деген жердегі Алқабек өзенінің көкорай шалғынына ақшаңқан үйлер тігіледі. Бұл оқиға 1853 жылы болып еді дейді. Бодау кеңесіне арғын, найман, керей, уақтың тізгін ұстаған игі жақсылары шақырылады. Ең бір еңселі ақ ордаға арнайы шақырылған аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы келіп түседі... Керейдің Маман биі өзі баулып жүрген жас жігіт Бейсенбіні ертіп келеді. Мұндай бас қосуға Бейсенбінің енді-енді араласа бастаған жаңа талап кезі болса керек. Уәделі мерзім болғанда билікке араласатындар Құнанбай түскен үйге жиналып, еселі орындарына жайғаса бастайды. Жасы кіші Бейсенбіге босаға жақтан орын тиеді. Межелі кісілердің басы қосылды-ау дегенде, Құнанбай отырып:
– Кәне, дау-шарды неден бастаймыз? – деп сауал тастайды.
Керей жағынан дау иесі болып отырған Шау би айнала отырған билерге салмақ салып, «сөз бастаңдар», – дейді. Алайда, аға сұлтан Құнанбайдың мысы басып, ешкім суырылып шыға қоймайды. Сонда, босаға жақта отырған Бейсенбі еңсесін тіктеп, жүгіне отырып тіл қатады:
– Сұлтан аға, біз сөзді қалай бастаймыз? – дейді Бейсенбі, – арғын, найман біздің ағамыз еді. Алайда, әрідегі Сыр бойынан ауғанда арғын ағаның қамшысының жуандығынан, берідегі Қалбадан ауғанда найман ағаның қамшысының жуандығынан қоныс теппей келіп едік. Содан, ортамыз ойылғандай, ордамыз бұзылғандай болып, мекен қуып жүрген елміз. Қоныс аударып келген жеріміз қалың дүрбіт пен ұраңқайдың ортасы. Бұлардың бесік белгісі, төсек үлгісі жоқ ел, алса – бітім, берсе – итім дегенді ғана біледі екен. Сондықтан, кеуделеуді көріп, ортасы ойылмаған, саудалауды көріп ордасы бұзылмаған, жаны бір, заңы бір ағаның баласы өзі сөз бастамай ма?
Жаңа талап, жас жігіттің өр мінез, өжет сөзі, қиыннан қиыстырған орынды уәжі отырған жұртты өзіне ошарылата қаратады. Қос жастықты шынтақтаған әрі паң, әрі асқақ аға сұлтан Құнанбай да басын көтеріп, Бейсенбіге барлай бір қарап алады. Сонан соң сөйлеп кетеді:
– Болар, болар! – депті Құнанбай. – Өзі де болғалы тұр екен ғой! Аузының жұрт иланар киесі, көмейінің жау жасқанар дуасы бар жігіт екен... Ау, ағайын, жиын өзі де басталып кетті емес пе?! Бала жігіт жөн сөз айтып отыр: сендер білгелі жуандардан басымдық көріп елден шеттедіңдер, жерден айырылдыңдар. Оған мен қамықпасам, қуанбаймын. Керейден сендей баланың туғаны исі қазаққа мақтаныш. Бұл реттегі биліктің тізгінін осы балаға беріп, біз тыңдаушы ғана болайық!
Құнанбайдың оң шырайы отырғандарды жадыратып, тілеуқор ниеттерді тоғыстырғандай болады. Сол жолғы бодау кеңесте Бейсенбі төбе би болып, дау түйінін қалдырмай шешім айтады. Ағайын арасы келісімге келіп, жарасым табады. Мұның бәрін қалт жібермей сыннан өткізген Құнанбай жиын тарқар кезде Бейсенбіге «көмейінен бітімді сөз ақтарылған шешен, билігіне ел тоқтайтын көсем, аузы дуалы, ойы киелі жігіт екен» деп баға беріпті. Сонда, Бейсенбі осы бас қосудың ұрпаққа үлгі болар бір белгісі болсын деп, өзінің «Бодау кеңес» атты күйін шерткен екен».
ҚАЗАНҚАПҰЛЫ ТӘТТІМБЕТ /1815-1860/
202. «Нар шөккен»
1841 жылдың қысы қылышын сүйрете келіп, ақсүйек жұттың нышаны белгі бере бастайды. Мал сүмесімен күн көріп отырған Арқа қазақтары абыржыңқы күй кешеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, қардың қалыңдығына, малдың өлім-жітіміне, ит-құстың молаюына, ұры-қарының білінуіне қоса терістіктен тұрған үскірік жел жыландай ысқырып басылмай қояды. Мал мен жанның апшысын қуырған қарлы боран Алшымбайдың да көп жылқысын ықтырып, көрші рулардың қорық-теппесіне алып келеді ғой. Аштық атасын таныта ма, Алшынбайдың ыққан жылқысы қорықтарды талап, тақырлағаны былай тұрсын, ауыл-ауылдың үстін басып, арық-тұраққа деп жинаған көпен-шөмелелеріне ауыз салады. Алшынбайдың жылқысы екенін білсін-білмесін көз алдында бөтен малдың аяқасты болып отыра ма, ауыл адамдары ығып келген көп жылқының алдын жасқап, бұрып жібереді. Сол бетінде ыққан жылқы Қарасор көлінің бықылдап жататын сорына тіреліп, біразы шығын болады ғой. Мұны естіген Алшымбай «жылқыларымды әдейі бақастықпен сорға түсірді» деп, көрші ауылдардан өлген малын өндіртіп алу үшін төңіректің би-болыстарын жинап, салмақ салады. Берсе қолынан, бермесе жолынан алатын, өктемдігін жүргізіп қалған Алшымбайға ешкім қарсы келе алмай, қиналған көпшілік араша сұрағандай, елдің жаңа талап жас биі Тәттімбетке кісі жібереді. Көптің сәлеміне құлақ асқан Тәттімбет келгенде Алшымбай би елдің апшысын қуырып, би-болыстарды ықтыра сөйлеп отырса керек. Тәттімбет Алшымбайдың жасының үлкендігін сыйлап, сөзін бөлмей шеткерірек отыра кетеді.
Сонда Алшымбай дегенін арындататын үкім сөзін бітіре бергенде Тәттімбет:
– Дат, Алшеке! Үкіміңізге қосарым бар! – дейді.
– Айт датыңды! – деп Алшымбай ошарыла бұрылады.
Сонда Тәттімбет:
– Алшеке, жалғыз Айбике емес, жапсар жатқан Шаншар да, қала берді Қарқаралы, Қуды ен жайлаған иісі Қаракесек сізді төбесіне көтеріп, дуалы ауыз, тура би деп біледі. Дуалы ауыз, тура би деп танып, тағдырының тізгінін қолыңызға ұстатып отыр! Ол ол ма, ықпалыңызға жүргізем десеңіз, Қарқабат анасын ұрандас кеткен бір шоғыр Қаракесек былай тұрсын, қырық сегіз болыс Майқы-Бошанға, одан асып Арғынға айтқаныңыз өтеді. Япырау, деймін, осынша билікте отырып, неліктен терістіктен соғар үскірікті алдын-ала болжамадыңыз! Қалайша жұрттан асқан құдіретіңізбен болжап, өз малыңыз ғана емес, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынға қамқор бола алмадыңыз. Біле білсеңіз, мұндай үлкен міндет елдің сіздей үлкеніне лайық емес пе еді. «Тас түскен жеріне ауыр». сіз білмегенді сіздің панаңыздағы қара халық қайдан білсін?! Боранның соғарын, жылқының ығарын, ыққан жылқының сорға түсерін болжап, біліп отырудың жолы Сіздікі емес пе?! Менің қосарым, боранда ығып, сорға түскен жылқыны осы ел бөліп төлесін-ақ. Ал, осынау қалың елдің биылғы жұтта өлген жылқысын, жұттың боларын болжамағаныңыз үшін сіз төлеңіз. Ол болмаса үкім бұзылсын! – деген екен.
Алшымбай өзінің белден басып, артық кетіп отырғанын мойындап, Тәттімбеттен тосылған екен дейді. Бұл Тәттімбеттің жұт жылы басынан өткен бір сәттік қана оқиғасы. Ел басына түскен ауырлықта Тәттімбет мұнан басқа да көп қажыр көрсетеді. Ел атынан Омбыға барып, аштыққа ұрына бастаған елдің ес жиюына ерекше ықпал етеді. Кейін осы оқиғаны есіне алып, төрт түлік малдың төресі нарды шөктірген ауыр жұт туралы «Нар шөккен» деген күйін шығарып еді дейді.
203. «Көкейкесті»
(І нұсқа) Күйдің қалай туылғандығы туралы мынадай шежіре бар. Есімі ел көңілінде ұялаған күйші көрер тірлігін де ақырластырып қалады. Өмірінің соңғы кезінде ауру азабын шегіп, үзілер соңғы дәмін күтіп жатқан күйшіге күллі қазақтың бірталай жердегі игі жақсылары жиналып барады. Көңілін сұрап, жақсы жұбатуларын айтып отырған топқа әлден уақытта Тәттімбет, ауру төсегіне сүйеулі тұрған жан серігі – домбырасын алып, ғажайып бір күй шертеді. Күй аяқталай сала отырған топ бұл күйдің қайсы күй екендігін сұрап білгілері келеді. Сонда күйші, бұл күйімнің аты «Көкейтесті» болсын дейді. Күйшіні күзетіп, сусын беріп, ажалмен таласып отырған шәкірті әрі інісі Жақсымбет күйші табанда бұл күйді жатқа алады. Күй осылай туылып, кейін Жақсымет арқылы елге тарап, заманымызға жатады.
204. «Көкейкесті»
(ІІ нұсқа) Тәттімбет өмірінің соңғы жылдары болса керек. Бірде күйші қатты науқастанып қалады. Сонда ол өзінің басынан кешкен өмірін еске алып, халқының алдында өтелген-өтелмеген парызын ой таразысына салады да, өзінен өзі мұңға батады. «Көкейде жүрген арманымды толғай алмай кететін болдым-ау» деп ширығады, жанарына ыстық жас үйіріледі. Мұңдас-сырлас дос-жарандарының хал-жайын ойлайды. Сөйтіп, толғанып жатқанда елдің бір азаматы келіп көңілін серпілткісі келеді. Тәттімбет күйлерінің ел арасына кең таралғанын, мұрагер шәкірттерінің көбейіп келе жатқанын әңгімеге арқау етеді. Бірақ Тәттімбет өз арманының әлі орындалмағанын ойлап, іштей назаланады. Осы тұста күй толғағысы келіп, домбырасына қол созады. Отырғандар жүкке сүйеулі тұрған қоңыр домбырасын қолына ұстатады. Тәттімбет жастығын биіктетіп, домбыраны кеудесіне сүйеп, шалқалап жатып, сыры терең, толғанысты бір күй тартады. Күңіренген күй әуені отырғандардың сай-сүйегін сырқыратады.
– Бұл күйіңізді жаңа естіп отырмыз, қандай күй болды екен? – деп сұрайды. Сонда Тәттімбет «Көкейкесті» болсын, – деген екен.
205. «Бес төре»
(І нұсқа) Тәттімбет танымал күйші ғана емес, тұтас Қаракесекте сөз ұстаған сері, шежіре-шешен болған кісі екен. Сонысынан болса керек, бір жолы ол Қаракесектің белгілі бір биі – Алшынбай бидің атынан Омбыға жіберіледі. Тәттімбет бұл сапарында Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов, Ыбырай Жайықбаев сияқты бір талай би-төрелермен сапарлас болады. Би-төрелердің жол бойы байқатқан озбырлығына, местігіне, елге тантқан суық рай зорекерлігіне іштей ызасы түсіп, ұнатпай келе жатқан күйші төрелер бір ауылға түсіп, мәжіліс құрып отырғанда, тыңнан бір күй шертеді. Бөгенайы бөтен бұл күйді байқап қалған төрелер: «Мынау қайсы күй екен?» – деп сұрап қалады. Сонда Тәкең:
Күйдің аты «Бес төре»,
Бесеуі де мес төре.
Санаң болса кеудеңде,
Жұмбағымды шеш төре.
Өз еліне қасқырдай, Мұнша неге өш төре?» – деп жауап қатып, күйді тағы қайырып бір шертіп жіберген екен. сөйтіп, күйшінің әйгілі «Бес төре» күйі осы Омбы сапарынан туған екен.
206. «Бес төре»
(ІІ нұсқа) Тәттімбет Омбыға барған сапарында Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов, Ыбырай Жайықбаев, тағы басқа бірталай би, төрелермен сапарлас болады. Кейбір шонжарлардың жол-жөнекей елді қатты шығынға ұшыратып, қыспаққа алған озбырлық, зомбылығына төзбей «Бес төре» күйін шығарыпты. Іштен тынып жүрген күйші бір ауылда мәжіліс құрып отырған азулы төрелер арасында тыңнан бір күй тартады. Бұл күйдің жайын сұрағандарға:
Күйдің аты «Бес төре»,
Бесеуі де мес төре,
Санаң болса кеудеңде
Жұмбағымды шеш, төре.
Өз еліне қасқырдай,
Неге мұнша өш төре? –
деп жауап берген екен.
207. «Былқылдақ»
Есіл бойында күйшілік, әншілік өнерімен елге танылған, кедей де болса өз ортасында асау көктің тұқымындай сый-сыяпат, қошаметке бөленіп жүрген бір қыз бар деп естіген Тәттімбет, өнер десе өмешегі үзіліп, алтын қарағандай ентелеген күйші, сол қызды көруге аттанады. Айтса айтқандай, өнері мен бағы өрлеп тұрған қыздың күйшілік құдіретіне Тәттімбет айырықша сүйінеді әрі оған құмарлығы артып, оның әр қылығын күндіз-түні бақылайды. Оның кедей қызы болған соң үйіне көмектесіп, бастаудан су таситын жәйітін байқайды. Бардам бай балаларына кеудесін алдырғысы келмейтін кедей қызы әсем киініп, кербез басып, тәкәппар, паң мінезбен су көтерсе де әсем қылықпен басатынын көрген Тәттімбет қыз жүрісінен «Былқылдақ» деген күй шығарған екен.
208. «Жылқыда»
Арқа бойында бір жылдары қыс тым қатты болып, тұтас жатқан адырларды қасаттанған қар алып малға жайылым бермейді. Осындай жұт белгісін сезген жылқышы Тәттімбет көршілес найман елі отырған өңірге жылқы салып, өзі ел аралап сауық-сайранмен болады. Еліне осындай өнерлінің келіп, өнерімен мәз еткенін найман елі де теріс көрмепті. Жылқысын қумай, өзін қадірлі қонақ ретінде қарсы алады. Жылқысы жұт көрмей, өзі қысты сайранмен алған Тәттімбет ел мен жерге риза болып, «Жылқыда» атты күй шығарған екен.
ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ /1818-1889/
209. «От жалын»
Бір күні Махамбет Жәңгірдің он екі биімен бірге далада келе жатса керек. сонда астындағы қара қасқа аты алды аяңдап, арты желіп, билердің алдында оқ бойы озып отырыпты. Сонда бір би тұрып: «Ей, Махамбет! Қазақта атты адамдар қатар жүреді, сен немене, тазы итке ұқсап жұрттың алдын бермейсің!» десе керек. Сонда Махамбет артына қарап, екі бүктеп ұстаған бұзау тіс он алты өрме бөкейлік қамшысын тақымына тіреп, бір жағына қисайыңқырап отырып: «Е, неменесі бар, мен қарғылы қара тазы болып, алдарыңда оқ бойы шығып отырсам, артымнан он екі төбет дүңкілдеп ере алмай келе жатса, дүниенің қызығы сол емес пе!» деп билердің жағын қарыстырған екен дейді. «Қайран от ауызды, орақ тілді ақыным-ай», – деп Құрманғазы сол арада: «Исатай мен Махамбет, өкіне ме екен өлдім деп!» деген жолдармен басталатын өлеңін жайлап термелеп айтып келіп, аяғында бір күй тартып жіберген екен дейді. Күйдің аты «Жалын» болмасын, «От жалын» болсын деп отырғандар толықтаған екен.
210. «Маната»
Күндердің күнінде күйші Үстіртке келіп, оның жоғары көтерілер жердегі құз-қиясын көріп тамашалайды. Қарсы келе жатқан керуеннен асудың сырын сұрап, әңгімеге біраз қанады. Ақ сұр аттың айыл-тарпасын қатты тартып, өмілдірік-құйысқанын мықтап алып, «Қара түйе – Манатаның» шыңына көтеріледі. Бұл шың туралы ел ауызында небір қызықты аңыздар барын бұрыннан да білетін. Енді міне, ертегідей болып естілген асуды өз көзімен көріп, өз аяғымен басып келеді. «Қара түйе – Манатаның» жоғары қарасаң, бөркің түсетін, төмен қарасаң, басың айналатын үстірттің текше-тегіс үстіне шығады. Ақ сұр аттың айыл-тартпасын босатып, аз уақыт желге қаратып, қаңтарып қойып, шылбырынан ұстап отырып, біраз ойға кетеді. Бұл шыңның басына шықса да, төмен түссе де, аман-есен өткендіктеріне мал сойып, садақа беріп жататын керуеннің істегенін істейтін қауқары жоқтығын есіне алады. Дегенмен бұл да ел ауызында бар жер екен деп, асудың асқарларын домбыра дыбысымен жаңғырта «Маната» деп күй шығарады. Біреулер бұл күйді «Маната тау» деп те атайды. Сөйтіп, үстіртке асатын асу – «Қара түйе – Манатаның» басын жылдар бойы садақа шалған мал етінің исі мен жер ошақтың тұтіні ғана шалса, ол құздарды Құрманғазының қолынан шыққан күйдің сиқырлы толқыны да шалып өтіп, шың-шыңды қуалап кетті.
211. «Қайран шешем»
Құрманғазы Орал түрмесінде жатып қалады. Бұл түрменің Орда түрмесіндей емес, мықты екенін көріп, Құрманғазы біраз налиды. Бірнеше күн ешкіммен кеңеспей, өзімен өзі болып, қалың уайым теңізіне батады. Бір күні қысқа серуен кезінде Лавочкин деген орыс тұтқынымен танысады. Ол «ақ патшаға тілі тигені үшін» қамалған орыс жұмыскері болып шығады. Өзі қазақ арасында көп болып, қазақшаны судай білетін болады. Ол Құрманғазыны жұбатып, көптеген ақыл айтып, өзінің өмірінен біраз шежіре айтады. Екеуі енді айырылмас дос болып, сырласып, ақылдасып отыратын болады. Құрманғазы Лавочкинге өзінің осы жолға шығардағы басынан кешкен бір әңгімесін баяндап береді: «Ақбаевтің атарман-шабармандары ұстап алып, көк арбаға тіркеп, енді жүргізейін деп тұрғанда шешем Алқа келе жатқанын көрдім. Әлпештеп өсірген анама әлі күнге бір қызмет ете алмай, оны үнемі қауіп-қатерде, жоқшылықта ұстап келгенмін. Енді міне, көп жылдан соң келгенде тағы да оны пұшайман етіп, кетіп бара жатқаным ойыма түсіп, шыдай алмай көзімнен бір тамшы жас шығып кетті. Сонда қайран шешем менің қасыма келіп: «Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық неме екен ғой, туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып тұрсың?!» деп жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана мен антектік жасағанымды сездім. Анама күле қарап қош айтыстым», – дейді. Құрманғазының бұл әңгімесі Лавочкинге үлкен әсер етеді. Ол өзінің шешесінің талай мейірбанды істерін есіне алып, біраз әңгіме етеді. Құрманғазы болса шешесінің жас кезінде қандай сотқарлығы болса да кешіріп, қандай тентектігі болса да Сағырбайдан арашалап, қалай да Құрманғазыны қақпайламай, бірбеткей етіп өсіруге тырысқанын, ондай тәрбиенің Құрманғазы өмірінде үлкен рөл ойнағанын күйші қайта-қайта есіне түсіріп, небір еркеліктерін көз алдына елестетіп, көрер таңды көзімен атырады. Қатар жатқан Лавочкин де өзімен өзі сырласып, ол да аунақшып ұйықтай алмай шығады. Ертеңінде Құрманғазы ойланып-толғанып, қолына домбырасын алып, қолы хат білмесе де ардақты анасының айта қалғандай «жазасын» қағаз бетіне түсіретін мүмкіншілігі болмаса да, домбыраның қос ішегінде бір ескерткіш қалдырайын деп күй шертті. Оны Лавочкинге тартып бергенде екеуінің ерлігі де бір сәт кейінгі пыланға шыға тұрып, кішкене көз жастарын төгіп алды. Бірақ, өмірдің небір өткел бермес асуларын, асқар белдерінен өткен қайратты жігіттер тез өздерін-өздері жинап алып, күйді қайта-қайта орындап, тыңдап, оның ішінде тек сағыныш ноталары ғана емес, күш-қуат барын, тіпті сартылдап қашып бара жатқан аттың тұяғының сарыны барын естігенде, бірін-бірі тілсіз түсініп, ол сарынның арман даусы екенін біліп қойды. Ақылдасып келіп күйдің аты «Қайран шешем» болды.
212. «Түрмеден қашқан»
Қазақ музыкасымен жете таныс болмаса да, қазақтың әншілерін, күйшілерін көп тыңдап, біраз көзі ашылып қалған Лавочкин, күй тыңдап болғаннан кейін Құрманғазыға өзінің сезгенін, алған әсерін айтады. Досының өз ойынан шыққанына Құрманғазы да риза болады. Олай дейтініміз, күйдің ортасында келетін ат шабыс ырғағы күйшінің анасына деген барлық жылылығымен бірге, қашу да ойында барлығын меңзегендей болады. Екі тұтқын музыка тілінің мұндай өткірлігін тағы біраз әңгіме етіп, күлісіп те алады. Жаман домбыраның біраз қолқабысы тигенін де айтып, музыканың адамды рухтандырып жіберетін қасиетіне тоқталады. Осы кезде түрме қараушылардың бірі Лавочкинге оның шешесі келгендігін айтады. Ол түрме бастықтары рұқсат еткен бөлмеге барып шешесімен көріседі. Шешесі пісіріп алып келген тамақтарын баласына береді. Бір нанның ішінде болат ара барын ыммен білдіреді. Шешесі қоштасып кеткен соң, Лавочкин тамақтарды камераға алып келіп, болған жайды Құрманғазыға баяндайды. Екеуі қашу жоспарын жасап, ол ойларын өздерінше іштартып жүрген, баяғы домбыра алып келіп берген күзетшіге білдіреді. Ол бұларға жәрдемдесуге уәде береді. Бір түнде екеуі болат арамен кісендерін кесіп, қашуға дайындалады. Қашу жоспары әбден піскен соң, Құрманғазы көңілденіп: «Бұл оқиғаны да ескерусіз қалдырамыз ба?» – деп тағы күй шертеді. Бұл күйді тыңдаған Лавочкин Құрманғазыға: «Е, нағыз қашатын күй мынау ғой, әкімдердің біреуі естіп, ойымызды біліп қалар, жетер», – деп күліп тоқтатады. Сонымен күйдің аты «Түрмеден қашқан» болып кетеді. Шынында да «Түрмеден қашқан» күйінде басынан аяғына дейін тынымсыз ат шабыс ырғағы бар. Екпіні еш уақытта әлсіремейді. Баса қуғаннан аяғына бірақ шығады. Күйдің жылдамдығы сондай – жеке домбырада тартатын шеберлердің бәрі бірдей өз екпінінде «Түрмеден қашқан» күйін аяғына шейін тартып шыға алмайды. Ал, оркестрде өз екпінінде таза тарту тіпті қиын. Айтушылар Құрманғазы осы күйді тартып отырғанда, түрменің тұсынан бір шенеуник өтіп бара жатыр екен. ол тұра қалып күйді басынан аяғына дейін тыңдап болып, басын шайқап: «Мына бір қазақтың домбыра тартысы маған ұнамайды, қашып кетіп жүрмесін, мықты болыңдар!» – деп түрме бастықтарына айтып кеткен екен дейді. Осы хабарды әлгі достасып жүрген күзетші арқылы Лавочкин естіп барып, Құрманғазыға қалжыңдаған деседі. Ал «Түрмеден қашқан» күйінің қандай жағдайға арналып шығарылғанын айтпаса да, музыканы түсінетін адамдар оның дыбысынан тарсылдаған тұяқ дыбысын естиді.
213. «Лауішкен»
Құрманғазы мен Лавочкин сол түні түрмеден қашып кетеді. Айналаны шарлап тастаған. Күйші небір жыра-жықпылды тауып, сәтте-ақ қараларын көрсетпей алыстап кетеді. Оның үстіне жәрдемдескен күзетші де құғыншылардың маңдайын басқа жаққа бұрып жіберіп, бұларға біраз уақыт ұтқызады. Иен далаға шыққан соң, бұлар еркінірек жүреді. Бір күн, бір түн жүріп, таң ата Лавочкиннің бір таныс балықшысының үйіне келіп дем алып, тамақтанады. Бірнеше күн тыныққан соң, Құрманғазы түрме досына өзінің еліне қайту керектігін, онда қалған ата-ананың хал-жайын білу керектігін айтады. Лавочкин қимас досымен айырылудың керек екенін білсе де, біраз уақыт тағы отырып әңгімелеседі. Құрманғазы қолына домбырасын алып, тағы бір күй шертеді. Ол күйдің бұрынғы өзі естіп жүрген күйлерге ұқсамайтынын, күйшінің тағы бір шығармашылық жаңалығы екенін Лавочкин сезеді де ешнәрсе демей тыңдап, үлкен ойға батып отыра береді. Күйді аяқтаған соң, Құрманғазы Лавочкинге қарап: «Ананың бәрі де – ана, қай тілде сөйлесе де, олардың балаға деген мейірбандықтарының тілі әркімге де түсінікті, мына менің жалпыға тілі түсінікті күйімді сол орыс анаға – Лауішкенге арнаймын» дейді. Құрманғазының «в», «ч» дыбыстарына тілі келе бермейтін. Сондықтан күйшінің өзі айтқандай халық арасында бұл күй «Лауішкен» атанып тарап кетті. Досының мұндай сый тартқанына Лавочкин қатты риза болып, өзі домбыра тарта алмайтынына қынжылып, бірақ: «Сенің қолыңнан бұл күй халыққа жайылады ғой, шешеме көргенде айтармын» деп уәде беріп, құшақтасып қоштасып, екеуі екі жаққа жүріп кетеді.
214. «Ақбай»
Ақбайдың Әубәкірі Құрманғазының торы аты жөнінде хабар естиді. Торының құнан күнінде-ақ бәйге бермегенін жеткізушілер үлкейтіңкіреп аңызға айналдырады. Өзімшіл Әубәкір: «жалаң аяқ Құрманғазыға ондай ат қайдан бітті дейсің, біреуден ұрлап алған шығар, барып тартып алып келіңдер, іздеп келсе көресіні көрсетерміз ол қарақшыға», – деп екі кісі жібереді. Құрманғазы екеуін екі ұрып аттан түсіріп, босқа арам тер болып старшынның сойылын соғып жүргендерінің ұят екенін бетіне басып: «Көрген-білгендеріңді Әубәкірге айта барыңдар», – деп қоя береді. Құрманғазы Әубәкірдің өзіне өштесіп қалғанын, оның тағы да соңынан жарық алып түсетінін біледі. Дос-жарандарын шақырып алып, старшынның мына шексіз зорлығын әшкерлей, масқаралай шығарған жаңа күйін таратады. Күйдің басында біраз қайғылы хәлдер суреттеледі. Ол қайғы тереңдеп кеңейіп, ыза-ашу ноталарына айналады. Кенет Құрманғазыға тән тағы күн жапқан бұлттың ыдырағанындай жасық дыбыстар қала тұрып, күй көңілденіп, шырқап, домбыраның сағасына қарай сырылып, аттың дүрсілі естілгендей тыңдаушыға құлақ түргізеді. Осы бір күш, қажыр суретті қайталап тағы күшейеді. «Үмітсіз сайтан ісі» дегендей алдан жақсылық күнін күткендей жаймашуақтанады да, тағы кенет ауыр ой, терең қайғыға көшеді. Бұл ауыр жағдай да ұзаққа созылады. Домбыраның сағасына барып біраз «мұңын халқына шаққандай» тақырып пернелер арқылы өтіп, сол кейіп, сол үнінде жайлап асықпай кейін қайтады. Бастағы ауыр жайды суреттейтін шырқаған, зарлаған тақырып қайта бір көрініп, күй аяқталады. Жиналған жұрт көп уақытқа шейін томсарып отырып қалады. Біраздан кейін бастарын көтеріп, күйдің аса терең мазмұндылығын әңгіме етеді. Күйшінің анасы Алқа тұрып: «мұның аты – бізге күн көрсетпей қойған Әубәкірдің әкесі Ақбайдың атымен аталсын. Сенің әкеңнің көп жылдар бойы бермеген ақысы үшін, сені талай жәбірлегені үшін, халқыңа Ақбайдың арам атын әйгілеу үшін домбырада ғана өшіңді аларсың» дейді. Жиналған жұрт бір ауыздан күйдің атын «Ақбай» қоялық дейді.
215. «Аман бол, шешем, аман бол»
Көпшілік тараған соң, Алқа баласына өзінің көптен ойлап жүрген бір ойын оңашалап айтады. Ол Құрманғазының жасы болса келе жатқанын, енді Әубәкірдің әбден жауласып алғанын, күйшінің бұл арадан тағы біраз уақыт тасалана тұрмаса болмайтынын айта келіп, өткен жазда төркініне бара жатқанда Есенқұл беріш Игіліктің үйіне түсіп, қызы Әуесті Құрманғазыға атастыру жөнінде Игілікпен сөйлескенін, малдан жарлы болса да, баласының өнері бар екенін, халық ауызында тек жақсылық сөздерімен ғана айтылатынын, әкімдердің «ұры», «қарақшы» деп жүргенінің шын сырының неде екенін айтқанын баласына баяндайды. Әзірше қолда бар үш-төрт қарасын беріп, Құдай қосқан құда болатынын тұжырыңқырап айтып та салды. Әкесі Сағырбайдың жасы келіп қалғанын, енді өзінің де немере көретін кезінің жеткенін қосып қояды. Ардақтап, ақ сүтін беріп өсірген анасының сөзіне Құрманғазы «үндемеген – ризалықтың белгісі» дегендей пішін көрсетеді. Іштей бәрін түсінген Алқа жаз шыққандай жадырап табанда Сағырбайға айтты. Қарт әке де қуанып қалды. Бірақ баласының тағы да жиһан кезіп кететіні, әсіресе, анасының дегбірін қашырды. Соңғы бірнеше түн Алқа ұйықтай алмайды. Торы атты ерттеп жолға жиналған Құрманғазы үйден шығар алдында домбырасын қолына алып, қадірлі анасына қоштасып, бір күй тартады. Шығарып салуға жиналған достары күйдің атын сұрамай-ақ білді. Өйткені, бұл күйдің басындағы бірінші бастамасының өзі «аман бол, шешем, аман бол» деп қақсап тұр еді. Күйде жабығу кейпі атымен жоқ болатын. Құрманғазының бұл күйі жайбарақат басталып, тіпті қайнына аттанып бара жатқан күйеудің шабытындай көтеріңкілік жағдайда еді. Тек кейбір жерлерінде күйші аздап кідіріп қалып, дыбыстарды нақтағанда ата-анасын, алтын босағасын қимағандық кейпі дыбыстар ғана шығып, көп ұзамай баяғы «аман-есен оралармын, ешнәрсе ойламаңдар» деген сияқты болашағына сенім бар еді. Айтушылар Құрманғазы осы жүрер алдында «Ертең кетем» деген күй шығарған екен. «Ертең кетем» күйінде домбыра кәдігімгідей «ертең кетем» деп сөйлеп тұрғандай дейтін.
216. «Қыз Данайдың қырғыны»
1850 жылдардың басында Құрманғазы жоғары да айтылғандай күй арқылы қоштасып, тағы да Жайық өзенінің сол жақ бетіне қарай кетеді. (біреулердің айтуынша, Құрманғазы Игіліктің қызы Әуесті алып келіп, ауылда аз болып, үй ішін Жәлел дейтін жамағайынға тапсырып кетеді). Ол Жем өзенінің бойындағы Төремұрат, Нарынбай, Өтен деген батырларға барғысы келеді. Олар етжақын болмағанымен Құрманғазының үлкен әкесінің нағашыларының руынан шыққан болады екен. бірнеше күн жүріп, Жайықтан, Жемнен аман-есен өтіп Төремұрат, Нарынбай ауылына келеді. Батырлар үйде жоқ, басқа бір ауылда жиын болып, соған кеткен болып шығады. Құрманғазы батырлар кеткен ауылдың шамасын сұрап біліп, онша алыс емес дегесін солай қарай кете береді де, әлгі ауылды тауып келеді. Батырлар өздеріне арналып тігілген үйде екен. Аттарын белдеуден түйіп тастапты. Найзаларын үйге сүйеп қойыпты. Құрманғазы көп найзаның бірін алып, жерге шаншып, соған атын байлай сала үйге кіреді. Күйшінің берген сәлемін ешкім елең қылмайды. Үй ішіндегілер бір әңгіменің қызу жерінде отырса керек. Әлден уақытта Нарынбайдың көзі есік жақта әлі күнге түрегеліп тұрған Құрманғазыға түсіп кетіп: «Уа, жігіт, қайдан жүрсің? Төрге шық!» дейді. Құрманғазының шөлдеп, түтігіп ерні кезеріп тұрғанын көріп, саптаяқтан қымыз құйдырып береді. Құрманғазы бір зере қымызды көтеріп тастап, тамағын кенеп, домбырасын тақпақтап, өзін өлеңмен таныстыра сөз бастайды:
«Нарын еді жайлауым,
Қиқу салған құсы бар.
Қамысы қалың көлдерім –
Бәрі қалды артымда.
Бала жастан бір жүріп,
Асық ойнап алысқан,
Қатар өскен теңдерім.
Қайран туған топырақ,
Барлығынан уаз кешіп,
Маңдайға түскен тәуелмен,
Төремұрат, Нарынбай,
Іздеп келген ерлерім!» – дей бергенде, Төремұрат: «Сөзің жақсы екен, арғы жағын айтпай-ақ қой, таныса жатармыз, іздеп келсең, іні бол!» – деп Құрманғазының сөзін тоқтатып, шақырып қасына отырғызады. Сол кезде осы күйді шығарған екен.
217. «Алқа»
Құрманғазы жаяулап ел шетіне келіп, бірақ, ауылына баруға бата алмай, Жәлел деген досының үйіне келеді. Жәлел Құрманғазыны қойнын ашып қарсы алады. Бірақ, күйшінің үй ішінің аман-саулығын айтқанда аздаған әңгімесінің кірбіңін Құрманғазы сезіп қалады. «Ел аралаған сыншы болады» дегендей, Құрманғазының қырағы көзіне ол кірбең ілініп қалады. Сол жерде Құрманғазы тұрып: «Сенің әңгімеңнің түбінде айтылмай тұрған бір жай бар ғой. Несін жасырасың айт! Біздің үйде бірдеңе болып қалған ғой» дейді. Жәлел біраз уақыт кібіртіктеп, ақыры болған оқиғаны кезегімен баяндайды. Ол күйшінің әкесі Сағырбайдың осыдан екі ай бұрын қайтыс болғанын, осыдан үш күн бұрын Әуес пен емізулі баласы Қазиды Орынбордан солдаттар келіп, қашып кеткен күйшінің орнына «залеке» деп алып кеткенін айтады. Құрманғазы ұзақ уақыт басын көтере алмай, күрсініп отырып қалады. Басынан ауыртпалықтың кетпей қойғанына налиды. Бірақ, «уайым түбі – теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі – қайық, мінесің де өтесің» дегендей, әрең тамағынан өткен асты ішіп болғасын, тұжырымды шешімге келеді. Ол шешімін досына айтып, өзі сол түні шешесіне көңіл айтуға, аман-есен келгенін білдіруге, алған шешімін айтып естіртуге үйіне кетеді. Алқа аңырап қалғанын баласына шағып, қанша мықты болғанмен қапелімде бір үйлі жаннан жалғыз өзі ғана қалғанына қатты күңіренді. Бірақ, жақсы көрген баласы Құрманғазының төбесін көргесін көңілі біраз жұбанып, баласының Әуестің соңынан қуу жоспарын мақұлдайды. Тек Құрманғазының енді ешкімге қолын тигізбеуін , басқа қауіп төніп бара жатса, ешкімге ұрынбауын тілек етеді. Барлық өмірдегі қуанышы мен реніші, сүйінгені мен күйінгені күй арқылы сыртқа шығып барып көңілі бір жерге тоқтайтын Құрманғазы, осы арада тағы рухани жолдасы домбырасын алып, толғанады. Әкесінің өліміне, Алқадай анасының аңырап қалғанына арнап күй шертеді. Бұл күй кейін халық арасында «Алқа» атанып кетеді.
218. «Бұқтым-бұқтым»
Жәлел ауылына жалғас отыратын бір байдың жылқысынан екі атты ұстап алып, бірін мініп, бірін жетелеп, Құрманғазы Әуесті алып кеткен солдаттарды қуады. Көрген кісілердің айтуынша Құрманғазы төтелейді. Ал, солдаттар болса жолдан шықпай, бұраңдап жерден ұтылады. Үш күн өткеннен кейін Құрманғазы бір малшылардың айтуы бойынша отрядтың қоналқыға тоқтайтын жеріне жақындайды. Сайды, жыраны қуалап отырып, солдаттардың қонып жатқан жерінің үстінен шығады. Солдаттардың әбден ұйқыға кеткен кезін аңдып, қос атты ылдиға байлап тастап, өзі жаяулап, айдың астын ала солдаттарға келеді. Олар мылтықтарын ешкінің мүйізі сияқты етіп қалқайтып, бір-біріне сүйеп қойып, шырт ұйқыда қаннен-қаперсіз жатады. Әуес шетіректе алдына баласын алып, еңкейіңкіреп отыр екен. Құрманғазы абайлап ысқырып белгі береді. Әуес Құрманғазының белгісін танып, жыламасын деп Қазидың аузына емшегін салып, қара шапанды бүркеніп, еңкейіп жүріп отырып Құрманғазыға келеді. Құрманғазы Әуесті аттарын қалдырған жаққа жіберіп, өзі «керек болады» деп мылтықтың біреуін алып, аттарына келеді. Сонымен Құрманғазы Әуес пен Қазиды алып кетіп қалады. Солдаттар ертемен бір-ақ оянып, Әуестің жоғын көріп, айналадан іздейді. Таба алмағасын қолдарын бір сілтеп кете береді. Орынборға келіп: «Құрманғазының әйелі кішкене емізулі баласымен далада қонып жатқанымызда қашып кетіпті. Біраз жерді шарлап іздедік, таба алмадық, қасқыр жеп қойған болуы керек», – деп ақпар береді. Мылтықты бұл оқиғаға араластырудан қорқып: «бара жатқанда суға түсіріп алдық» дейді. Құрманғазы болса аман-есен ауылына келеді. Солдаттардан Қази мен Әуесті ұрлап алып келгенін айтып, Құрманғазы бір күй бағыштайды. Ол күйдің аты «Бұқтым-бұқтым» болады.
219. «Бұлбұлдың құрғыры»
1860 жылдардың басында қызылқұрт, ноғай руларын Дәулеткерей билейді. Әкесі Шығай болғанымен, Дәулеткерей ел билеу жұмысын жақсы көрмейді. Тек «ата заңы» бойынша аз уақыт бұл дәрежеге ие болады. Бірақ, Дәулеткерейдің бұл руларды билеуі Құрманғазыға жаман тимейді, өйткені, осы жылдарда екі күйші танысады. Бірі – Исатайға бүйрегі бұрған, қызылқұрттан шыққан Құрманғазы, бірі – Бөкейдің кіші інісі Шығайдан туған төре Дәулеткерей болып кездесіп, өмір жағдайында көзқарастары алшақ жатқанымен, оларды жақындастыратын үлкен күш пайда болады. Ол күш – өнер күші, күй күші болып шығады. Бірінші көріскенде бір-біріне қоңыр салқын болғанымен, аз уақытта-ақ бейтаныстық мұз еріп, екі күйші жалпы тілді тез тауып кетеді. Олай дейтініміз – Құрманғазы отырған, жүрген жерлерінде үнемі Исатайдың, Махамбеттің әңгімелерін көп айтады. Қалай дегенде ондай әңгімелер Дәулеткерейге ұнай бермейді. Бірақ кейін Дәулеткерейдің қитығына тие бермейін деп, Құрманғазы ол отырған жерде «бас жаққа» бара бермейді. Қызылқұрттың жер дауымен бір күні жақсы көретін шәкіртінің бірі Көкбаланы алып, Папастың ауылына келеді, Папас би күйшіні жақсы қарсы алады. Құрманғазының келген жұмысын бітіріп, қызылқұрттың пайдасына мәселені шешіп береді. Әуелі Папас бір күй тартады. Күй Құрманғазыға қатты ұнайды. «Мынау не деген күй еді, тым сайрап тұр екен?» дейді Құрманғазы. Папас күйдің атының «Бұлбұл» екенін айтады. Құрманғазы сол арада бір күй тартады. Енді күйдің атының не екенін Папас сұрайды. Құрманғазы: «Бұл менің бұлбұлым еді» дейді. Сонда Папас тұрып: «Жоқ, аға, мынау бұлбұл емес, бұлбұлдың құрғыры ғой», – дейді. Содан келіп бұл күй «Бұлбұлдың құрғыры» атанып кетеді.
220. «Айда бұлбұл, Айжан-ай»
Дәулеткерей өзінің әкімшілік жұмысын жиып қойып, енді біраз уақыт Құрманғазымен бірге ел аралап, күй тартып жүреді. Бір осындай сапарда екі алып сол өңірге атағы шыққан Айжан қыздың үйіне барады. Ол өзінің көпке жайылған «Айжан қыз» атанып кеткен күйін тартады. Құрманғазы Айжанның тартысына риза болып кетіп, қолына домбырасын алып, бір жаңа күй шертеді. Папас тұрып: «Құреке мынауыңыз бұрын-соңды естілмеген күй екен, аты не болады екен?» дейді. Құрманғазы: «Бұл мына Айжан бұлбұлға шығарғаным ғой!» – дейді. Сол арада Папас: «Онда бұл күйдің аты «Айда бұлбұл, Айжан-ай» болсын», – деп күйге ат қойса керек. Құрекеңнің күйіне риза болған Айжан сол арада домбыраға түсіріп алады. Осы жүргенде Құрманғазы Папастың «Жігер» күйін әлденеше рет естіп, аса риза болады. Бірақ, творчествалық кезеңнің ең бір көңілді тұсына келгеннен бе, Құрманғазы «Жігерге» еліктеп, өзі бір күй шығарады. Ырғақтық жағынан Құрманғазының «Жігері де» Папас вариантына ұқсайды. Бірақ күйдің динамикалық құрылымы мүлде басқа болады.
221. «Назым»
Құрманғазының соңғы жылдары табылған «Назым» атты бір күйі бар. Күйді бізге берген адам оның шығу тарихы жөнінде ештеме айтпады. Дина бір әңгімесінде былай баяндаған: «Құрекең Көкбаламен екеуі бір жақтан келе жатқанда бір моланың басына жиналған көп қараны көреді. Келсе, ол адам тобы екен. Ол адамдар осыдан бірнеше сағат бұрын ғана кенет өлген бір адамды көмгелі жатыр екен. Сұрастыра келгенде өлген қыз болып шығады. Ол күндіз бір асау аруананы сауамын деп, көнек қойған тізесін көтеріп, оң жақ қолын нардың артқы аяғынан орай бергенде, ол қызды тақ жүректен теуіп қалады. Қыз шалқасынан құлап, содан кейін есі кірмейді. Денесі суып, демалысы білінбейді. Ата-анасы зарлап «о, дүниеге кетті» деп көр қаздырып, жаназа оқып, бейіт басына алып келіп көмгелі жатқаны осы болып шығады. Құрманғазы түрмеде неше түрлі адамдармен кездесіп, «өлудің» неше алуан кезеңі болатындығынан хабары бәрі есіне түседі. Ол әсіресе қазақ ауылында талып қалған не қатты ұйқыға кететін жайларды білмей, күтпей көме салудың барын біледі. Сондықтан жиналған топқа қарап:
– Бір-екі сағат тоқтай тұрыңыздар, мүмкін бұл қыз өлмеген болуы керек, асығыстық дұрыс болмайды, – дейді. Тұрғандар бұл сияқты бұрын-соңды естімеген «сұмдыққа» сеніңкіремей бастарын шайқайды. Әсіресе, араларында тұрған молда:
– О, кештен, бұ кешке шейін өлген жанның қайта тірілгені жоқ, ондай сөз айтып күпір болмаңыз! – деп жолатпайды. Құрманғазы ашуланып молдаға:
– Сірә, сен бірдеме алып қойып, соны қайта құсамын ба деп қорқып тұрған шығарсың, амандық болып қыз тірілсе, сол бергенді қыздың садақасы деп сенен алмай-ақ қояйық! – деп молданы тоқтатады. Қыздың ата-аналары:
– Алыс сапардан келе жатқан жолаушылар екен. Көпті көрген адамдар шығар, аялдай тұрыңдаршы! – деп көздерінің жасын тағы бір төгіп алады.
Осылай көпшілік тоқырап тұрған кезінде кебін қозғалғандай болады. Құрманғазы жүгіріп барып жүрегін басып, тыңдап: «Шүйінші, жаны бар!» –деп айқайлап жібереді. өзі жанындағы торсығынан қыздың аузына су тамызады. Қыз біртіндеп дүниеге ене бастайды. Баяғы молда: «Астапыралла, Астапыралла!» – деп топты айнала жүгіріп, ақыры ауылға қарай қаша жөнеледі. Басы Құрманғазы мен Көкбала болып, молданың жағдайына біраз күліп алады. Бұл кезде қыз да әлсіз түрде көзін ашып, аң-таң болып айналаға қарайды. Әке-шешесі «қорыққан мен қуанған бірдей» дегендей, тағы да біраз жылап, тостағандарын жуып алады. Қызды ауылға алып келіп, туысқандары үлкен той қылып, ат шаптырып, балуан түсіріп бір жетідей мерейлейді. Қыздың әке-шешесі Құрманғазы мен Көкбаланы бірнеше күн қонақ етіп қатты сыйлайды. Көптеген күй тыңдап мәз болады. Кетерінде қыз Құрманғазыға: «Сіз менің екінші әкем болдыңыз, сіздің арқаңызда мен екінші рет дүниеге келдім, өмірбойы сізді ұмытпаймын», – деп құшақтап жылап жібереді. «Менің көзімдей көріп жүріңіз», – деп өзінің ең жақсы көретін сары ат деген арғымағын Құрманғазыға жетелетіп жібереді. Ал Құрманғазы оған арнап күй шығарады. Айтушылар сол қыздың аты Назым екен дейді. Мына қыз сол «Назым қыз» болып та аталатын еді дейді. Бір әңгімеде Құрманғазы қызды көміп кеткен бойда келіп, бейіттен бір дауыс шыққандай болып, жаңа салған топырақты күшті қолмен қазып, қызды көрден алып шығып тірілтеді делінеді. Әрине, бұл сияқты аңызға айналған әңгіменің бұтақтары көп болады емес пе, оның бәрін бірдей келтіріп жатпадық.
222. «Бозшолақ»
Құрманғазы алпысыншы жылдардың ортасы ауғанша Жиделіде жүріп қалады. Оған себеп болған күйшінің Папаспен достасуы болады. Уақытша советке қадірлі Папас үндемесе де оның төреден шыққан туысы, ақсүйектігі Әубәкір сияқтылар бата алмайтын қорған болады. Бірақ Құрманғазының соңынан қалмайтын Әубәкір күйшінің тағы бір жақсы атты болғанын естіп, адамдарын жіберіп бір түнде сары атты ұрлатып алдырады. Атын іздеп барған күйшіні Әубәкір сөгіп: «саған жақсы ат неге керек? әуелі анау құрым киіз жапқан үйіңді неге ағартып алмайсың, Құрымбай мырза!» – деп кемісітеді. Онымен қоймай қарсыласар ойы да жоқ тып-тыныш тұрған Құрманғазыны қапылыста жігіттеріне ұстатып, сілейтіп сабап, естен тандырып тастайды. Түн ортасында ғана көзін ашқан Құрманғазы үсті-басы көк ала қойдай болып үйіне келіп, қалай кегін алуды ойлайды. Әуелі бейбіт жолмен көрейін деп, Құрманғазы Әубәкірдің сыйласы дегенмен, Шыман төренің баласы Жаншаға барады. Құрманғазының ойынша Жанша өткен оқиғаны есіне алмас, бұл жасы келіп, дәрежесі көтеріліп тұрған кезінде мейірімі түсер дейді. Бірақ Жанша сау күніндегі әдетіне басып, Құрманғазыны балағаттап қуып жібереді. «Бай байға құяды» деген осы екен ғой деп, Құрманғазы қайтып бара жатып, Шыман әулетінің жылқысынан іріктеп елу атты қуып кетеді. Бұхараның ашуынан қорқып қалған, көлеңкеде өскен ақсүйектер Құрманғазының соңынан батып қуа да алмайды. Бірақ «Жараның ауызына тұз сеуіп қайтемін», – деп Құрманғазы Шыман тобының аттарын ауылының қасына алып келіп, қуып тастап, өзі біраз желпініп өшін алғандай болады. Кейін Әубәкірдің қойған аты «Құрымбай» есіне түсіп, «қанды ауыздан шыққан сөз екен, ізсіз қалмасын» деп өлең шығарып:
Сұрасаң менің атым Құрымбай-ды,
Жайықтың суы маған жұрындай-ды.
Шыманның елу атын бір айдадым,
Құрымбай жай адамға ұрынбайды» дейді.
Құрманғазының бұл өлеңі халық арасына кең таралып кетеді. Шыман әңгіме болған жерде осы өлең айтылмай қалмайды екен деседі. Әубәкір досы Жаншаны бір тізе бүктірген күйшінің бұл ісіне қатты ыза болады. Құрманғазыны қалайда тыныш жүргізбеуге уәде береді. Өзінің пікірлес бір старшынымен бірігіп: «Құрманғазы қоғамға қауіпті адам» деп сол кездің жек көретін адамына қолданатын қаруы – «бейбіт үкім» жасап, күйшіні Үркітке айдататын болады. Оны естіген Құрманғазы тағы амалсыз тасаланады. Әубәкір жиырма старшынға боблік шашып Құрманғазыны табылса ұстау керегін білдіреді. Бірақ старшын біткеннің бәрі де «Құрманғазы біздің қарауымызда жоқ» деп хабар береді. Олардың ішінде орта дыбысстанцияның депутаты Бердінов, Бекболат Ұстыбаев, Жантілесов, Наурызәлин тағы басқалардың аттары аталады. Күндердің күнінде Әубәкір Құрманғазыны ұстатып айдатады. Күйшіні Саратовқа дейін жай арбаға мінгізіп алып келеді. Арбаға шеккен Бозшолақтың еріксіздік жағдайын тақырып етіп алып, Құрманғазы күй шығарады. Күйдің аты «Бозшолақ атты боқ дүние» болады. Кейін күй «Бозшолақ» атанып кетеді. Құрманғазы бұл күйде Бозшолақтың жүрісінен бастап, өзінің еріксіздік халін суреттейді.
223. «Терезеден-есіктен»
Құрманғазы Үркіт түрмесінде біраз жатып қалады. Бұрын әлденеше рет қашып кеткені жазулы болғаннан ба, күйшіні мұнда тіпті қатты ұстайды. Басқасын былай қойғанда оның не істеп отырғаны үнемі аңдулы болады. Терезеден де, есіктен де сығалап қарап, мінез-құлқының бәрі қарауылшылардың алақанында болады. Құрманғазы күзетшінің біреуі әкеліп берген ескі домбырасын икемдеп алып, тағы күй шертеді. Өзін күндіз-түні терезеден-есіктен аңдыған адамдардың мінезіне арнап «Терезеден-есіктен» деген күй шығарады. Құрманғазының домбыра тартысы тұтқындарға ұнайды, бәрі жабылып түрме бастығымен сөйлесіп, Құрманғазының домбыра тартуына рұқсат алады. Осының бәріне жәрдемдескен Сергей деген орыс досы болады. Ол Құрманғазының өмірбаянын сұрап, күйшінің шатпақтап айтқанымен шет жағасын болса да түсінеді. Сергейдің іштартқаны бірден Құрманғазыға сезіледі. Сол күннен бастап Құрманғазы Сергейден сырын жасырмайды. Бір күні батылы жетіп, Сергейге өзінің қашуды ойлап жүргенін айтып, одан ақыл сұрайды. Даладан жұмыс істеп кешеуілдеп қайтып келе жатқанда серігі Құрманғазыны есебін тауып кейін қашырып жібереді.
224. «Қазижан»
Құрманғазыны тағы бір ауыр оқиға күтіп алады. Жалғыз баласы Қази қатты ауырып жатыр екен. Бұл жағдай күйшінің жанын қозғайды. Баланың уайымымен үйінде астың жоғын, тұрмысының қиындығын да елемейді. Бірақ Құрманғазының тілегі болып, Қази көп уақыт төсек тартып жатып, әйтеуір беті бері қарайды. Әбден арықтаған бала енді тез оңалып кету үшін жақсы тамақ керек болады. Оның үстіне көп уақыттан бері күйшісін сағынған ел адамдары, достары ағылып келе береді. Баласына да, келген-кеткен қонақтарына да Құрманғазы тамақ, қонақасы тауып бере алмайды. Өйткені, Алқа мен Байғазының жиған-терген қара-құрасын баяғы Әуесті қуғанда Құрманғазының мініп кеткен екі атының иесі, бай сыпырып алады. Сөйтіп, күйшінің үй-іші тек өлместің күні ғана болып күнелтіп отырады. Басқасынан бұрын Құрманғазыға қонақтарын, достарын разы қыла алмағаны батады. Пәлен жасқа келіп ақ-қараны, өмірдің небір соқпағын да, тоқпағын да көріп, қаншама ыстық-суыққа көмпісті болғанымен, мына бір жағдай күйшінің жанын қаттырақ тербетеді. Қонақтары кеткесін Қазидың жанына жайлап, ыңырсып:
– Сұрасаң менің атым Құрманғазы,
Құтқармас қашса қоян құмнан тазы.
Үйіңе досың келіп құры аттанар,
Қайтейін кедейшілік малдың азы.
Күреңнің тобығынан тарттым таңба,
Бай менен бас имедім биге, ханға.
Арықтап сары аурудан тұрғанында,
Ас тауып бере алмадым Қазижанға.
Айтайын айт дегенде өлеңімді,
Білемін бір күн барып өлерімді.
О да бір маған берген бақыт шығар,
Кетейін жайып жұртқа өнерімді.
Құрекең ұшқан құсқа мылтық атқан,
Жігітке жараспайды үйде жатқан.
Кешегі буырқанған кезеңімде,
Байларды қабан едім зар жылатқан, – деп домбырасына қосылып әндетеді. Күй тартады. Бұл күй ел арасында «Қазижан» атанып кетеді.
225. «Павескі»
Жетпісінші жылдардың аяғы жақындайды. Бұл кезде бұрынғы Құрманғазының соңына түсіп жүргендердің бір қатары өледі. «Біреулері Құрманғазы енді осы жолдан келер деймісің», – деп күдерлерін үзіп, жәйбарақаттанып қалады. Осындай жайлардың нәтижесінде Құрманғазы кәдігімгідей тыныштық дәрежеге енді шындап енгендей болады. Үй іші де тынышталып, жадыраңқы өмірге жаңа енгендей, «ұһ» деп демдерін алғандай болады. Қазидың дерті де әбден айығып, әке-шешесін қуантады. Өмір бойы бұл үйдің төбесін бүркеген бұлт ыдырап, күн көзі көріне бастағандай сезім үй іші адамдарының бәрінің де басында болады. Осындай жайма-шуақ күнде кенет тағы да дауыл тұрып, Сағырбайдың қараша үйін тағы да қобалжытады. Бір старшын ойда-жоқта Құрманғазыға бір қағаз алып келеді. Ол қағаз Астрахан генарал-губернаторы кеңесінің Құрманғазыны шақыртқан қағазы болады. Павескіні алып, бармай қоюға қорыққан кісідей болармын деп, Құрманғазы тағы жолға жиналады. Кетерінде әдетінше қолына домбырасын алып, күй тартады. Тыңдаушылар сұрауына Құрманғазы: «Бұл күйдің аты «Павескі» (повескі) болсын», – дейді.
226. «Саранжап»
Халық арасында әңгімелер бойынша Құрманғазыны генерал-губернатор түрмеге жауып тастайды. Түрмеде күйші қалмақтың батыры Саранжаппен танысады. Саранжап өзінің ру басыларына бір нәрседен жазып қалып, оны осы араға алып келген екен. Екеуі ақылдасып көп ұзамай есебін тауып, Астрахан түрмесінен қашып кетеді. Олар Астраханнан 50 шақырым жердегі Ерғали Есжанов деген адамның үйіне келіп паналап, екі айдай жатады. Ерғали аздап оқығаны бар, орысша білетін көзқарақты адам екен. Өзі дарынды домбырашы Ерғали Құрманғазыны бұрыннан сырттай-ақ ұстаз ететін. Бақытсыздық жағдайымен үйіне келген Құрманғазыны әкесіндей күтеді. Осы бір кезеңде шыққан көптеген күйлерін үйретеді. Саранжап та күйшімен бірге болып, аздап тыныққасын еліне кететінін айтады. Құрманғазы сол арада: «Мынау саған арнап шығарған күйім еді. Екеуміздің бірге болғанымыздың естелігі болсын», – деп бір күй тартады. Ел арасында ол күй «Саранжап» атанып кетеді.
227. «Төремұрат – Нарынбай»
Төремұрат айналаға қарауыл қойып, көптеген мал сойдырып «Қызданайды екінші рет алғанымның тойы» деп, үлкен той жасайды. Тойдың көптеген бәйгелерін тағы Құрманғазы алады. Кешке ойын басталғанда баяғы киік атыста, алтынқабақта жеңіліп жүрген батырлардың жігіттері қорлығы өткен Құрманғазыдан өш алмақ болып, Шөкен деген қызды азғырып, оған бір-екі ауыз өлең үйретіп, Құрманғазыға қарсы айттырады. Ойында ешнәрсе жоқ күйшіге қылымсып Шөкен қыз келіп: «Жиен аға, айтысайық!» – дейді. Құрманғазы қарсы алмауға арланып, «болсын» деуі-ақ мұң екен, кезек те сұрамай, Шөкен бастап кетеді:
Байлардан қазық қалады қонған жерде,
Түлкінің еті қалады сойған жерде.
Ішкен ас, сый-құрметті олжа көріп,
Жүресің төбет иттей тойған жерде.
Сен жүрген бір «боз қаңғыр» біздің елде,
Шет жерде әлін білмей әлек болған,
Сөзім шығын болады-ау сендей кемге», – деп өлеңдетеді.
Құрманғазы бұл әңгіменің түбінің қайдан шыққанын сезеді. Қыздың өз қара басынан мұндай ауыр сөз шығатынының ешбір реті жоғын біледі. «Жетім бала – кекшіл» дегендей, қыздың сөзі өңменінен өткендей болады. Домбыраға қосылып, қалайда жауап беру керектігін ойлап, шырқап кетеді:
«Шыға алмай жаман жүреді туған жерде,
Қайда да ер жүреді сыйған жерде.
Сайрандап сары даланы кетсем кезіп,
Өнерпаз атым шықты сіздің елде.
Теңедің кемітем деп мені итке,
Адасқанның өзіне алды жөн де.
Азғырған біреулердің тіліне еріп,
Құрбыжан тілім тисе, артық көрме.
Қонақ көрген көргенді елдің қызы, Ауылыңа келген жұртқа «тиістің» неге?» – дей бергенде Нарынбай сезіп қалып, айдап салып отырған жігіттерді алдына шақырып алып, қамшының астына алады. Ойынның қызығы бүлінеді. Төремұрат, Нарынбай, Қызданай үшеуі Құрманғазыны үш жағынан жұбатып, ақыл айтқанымен, күйшінің көңіліне бір түйін түсіп, ойынды қалай қыздырамын дегенімен, бұл кеште Құрманғазы сырттай ғана жарқылдап, іші түтін болады. Нарынбайдың ашуынан зәресі ұшып кеткен Шөкен қыз қаша жөнеліп, енді ойынның қарасын да көре алмайды. Ойын тараған соң, Құрманғазы жатқан үйіне келіп, көрер таңды көзімен атқызады. Ертеңінде батырлардың алдында тағы бір күй тартып, оның атын «Төремұрат – Нарынбай» атайды. Қоштасып, батырлар берген арғымақ атты жетекке алып, Бөкейге қарай жол тартады.
228. «Амандасар»
Құрманғазының Төремұрат–Нарынбайға баруын біреулер басқаша айтады. Ел ауызындағы нұсқа бойынша Құрманғазы жоғарыда айтылғандай басқа ауылдан батырлар тауып алып, сәлем беріп кіріп барғанда ешкім назар аудармаған соң, қолындағы домбырасын алып, тізерлеп отыра қалып, бір күй тартады. Домбыраның даусы шығып бастағанда-ақ, дуылдап отырған көп тына қалады. Құрманғазы да оларға қарамай, күйдің ырғағына жаны билегендей өзімен-өзі болып кетеді. Күйде неше алуан сыпайы үндер, оның арасында жалғыз атты жолаушының салған әні секілді дыбыстар кезектеседі. Құрманғазы күйді аяқтаған кезде Нарынбай тұрып: «ау, жаным, қайдан келдің? әңгімемен байқамаппыз ғой, жоғары шық», – депті дейді. Құрманғазының сол арада тартқан күйін көпшілік сұрап болмаған соң, қайта орындап, күйдің аты «Амандасар» еді десе керек.
229. «Боз қаңғыр»
Құрманғазы кенеттен кетіп қалғанымен жолшыбай батырларды сағынады. Олар жөнінде бала Ораз ақынның:
«Төремұрат, Нарынбай,
Өте дегдар ерлерім.
Сол ерлерім барында
Қолдан намыс бермедім,
Құлшылыққа көнбедім...» – деген толғауын айтып, біраз уақыт жақсы өткен күндерін есіне түсірді. Бірақ баяғы Шөкеннің «боз қаңғыр» дегені көкейінен кетпейді. Бір жерге тоқтап демалып, ойланып, домбырасын алып күй шертеді. Қаншама қадірлі болып жүргенімен бір шөпжелке сөзінің мұншама ауыр тигені деп, өзінше осы оқиғаны да ізсіз тастамайын дегендей тағы бір шытырманды дүниеге келтіреді. Ол күйдің атын өзі «Боз қаңғыр» қойды. Кейінгі кездерде бұл күйді ойнағанда күйдің туар тарихын айтып отырады екен.
230. «Арба соққан»
Осы кезде өздерінің жоғалған бір бөлек аттарының іздері Бөкейге қарай кеткені үшін, баяғы шыққан қызылқұрттың ұрылары алған болуы керек деп, елдің қазақ әскерлерінің жіберген қарулы отряды қызылқұрттың көп жылқысын қуып кетеді. Ондай бұзақылыққа шыдай алмаған Құрманғазы інісі Байғазы және басқа жеті-сегіз кісіні алып, Гилинин мешітінің азаншысы болып тұрған бұрынғы қазақ-орыс Сейтқұловтардың тоғыз жылқысын қуып кетеді. Бұл жөнінде Сотник Черноморсков рапорт түсіріп, Құрманғазының істері шекералық комиссия уақытша совет және Орынбор генерал-губернаторлығының араларында жүреді. Бұл 1857 жылы болатын. бірақ архивтік деректердің бірінде, бұл іс сол кездегі Орныбор генарал-губернаторы Перовскийдің бұйрығы бойынша қысқарады. Ауызша деректер бойынша Құрманғазыны осы сапарда тағы ұстап, айдап Орынбор түрмесіне салады. Жолда кетіп бара жатып Құрманғазы «Арба соққан» деген тағы бір күй шығарады. Бұл күйде сырттай аты «Арба соққан» болғанымен, онда арбаның салдыры, ат тұяғының тасырлы, дауысы, талған куердің дыбысын бермейді. Мұнда күндіз-түні ағаш арбаның үстінде шаршап, езіліп, ерксіз елінен айырылып, тағы айдауға кетіп бара жатқан адамның жан дүниесінің ауыр жайы бар.
231. «Қызыл қайың машина»
Халық ауызында Құрманғазының «Қызыл қайың» күйінің шығуы да осы кезеңге жатқызылады. Аңыз бойынша Құрманғазы осы қашып келе жатқан сапарында иен далада жалғыз өскен қызыл қайың бұтағын жамылып отырып, қуғыншылдардан аман қалыпты дейді. Кейін: «Менің елім де, жерім де, ағашым да, бұтағым да пана екен, анадай қойнын ашып жапырағын жауып паналатқан қызыл қайыңға арнап едім» деп орындаса керек.
Күйшінің осы сапарында туған шығармасының бірі – «Машина».
Қазақтың құлазыған кең даласымен салыстырғанда, қаланың өмірі ритмді қозғалысы, у-шуы, әрине, мүлде басқаша, міне, қыдырман Қазының «Машина» күйі осы айтылған қала өмірінің суретін береді. Арбаның доңғалағындай сырғып, тез өтіп жатқан қала өмірін, Құрманғазы машинаның доңғалағының айналуындай тез жүріс ырғағымен береді. Әрине, күйде біз айтқан турасынан-тура сурет жоқ. Бірақ кідіріссіз қозғалыстың кейпі бар. Даланың асқықпайтын баяу өмір сазына қарсы келетін, қозғалыс кейпі бар.
232. «Адай»
Құрманғазы жолаушылап келе жатып бір Адайдың үйіне түседі. Үй ішінде шал мен кемпір болады. Қай жерден, қай елден келе жатқанын, толық аты-жөнін Құрманғазы ашық айтып бере қоймай, қазақ әдетіндегі «сүйрей салмамен» жүрген жерінің иттен, құстан амандығын, басқа «алды-салдының» естілмегенін, ат-көлігінің аман екендігін, «Құдайы қонақ» екендігін айтумен тоқталады. Бір кезек үй иелері шаруалары болып далаға шығып кетеді. Осы кезде Құрманғазының көзі керегенің басында ілулі тұрған үкілі сары домбыраға түседі. Домбыраның үкісі – оның иесінің не қыз, не сал мен серінің бірі екенін ескертеді. Қаншама ұзақ жол жүріп шаршап келгенімен, домбыраны көргенсін, оны ұстап қарағысы келіп, қолына алып, бір-екі қағып, әдейі «теріс бұрап», бұрынғы орнына апарып қайтадан іліп қояды. Біраз уақыт өткеннен кейін кемпір мен шал, он жеті-он сегіз жас шамасындағы қыз кіреді. Қыздың аты Ақмаңдай екен. Ол келісімен-ақ, төрде отырған қонаққа көзінің қырын да салмай, бірден керегенің басындағы домбырасын алып, тартуға айналды. Бір-екі қаққансын-ақ, домбырасының бұрауының өзгергенін сезіп:
– Мынаған кім тиген? – деп әке-шешесіне қарайды. Олар не дерін білмей, «жазықты осы болар-ау!» дегендей төр алдындағы күйшіге қарайды. Ақмаңдай енді қайталап сұрамай домбырасын бұрынғы өз бұрауына түсіріп, бір күйге кірісіп кетеді. Ақмаңдай күйдің аяғына шыққан кезде Құрманғазы қызға қарап:
– Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой! Домбыраны бері берші! – дейді.
Күтпеген жерден мұндай әңгіме есіткен Ақмаңдай, екі көзі күйшіде болып, домбырасын Құрманғазыға қалай ұсынғанын сезбей де қалады. Кемпір мен шал аң-таң болып, «бұл өреде Ақмаңдайдың домбыра тартысы жөнінде ешкім бір ауыз сөз айтып көрген жоқ еді, бұл «жер астынан екі құлағы тік шыққан қандай жік» екен дегендей біріне-бірі қарай береді. Құрманғазы бір күйді тартып болған кезде үй адамдары біріне-бірі сыбырлап, бұрын-соңды бұл айналада Ақмаңдайды домбырадан сүріндірмей келгендерден емес-ау, тартыс шоқтығы тым биік екен дегендей, бір жағынан жұмбақ қонақты шырамытқандай, баяғы ашудан тыс жылышыраймен күле қарап:
– Шырағым, домбыра тартысың біздің бұл араның тартысына ұқсамайды. Қызылқұрт Құрманғазы деген бар деп еді, сен соның өзі емеспісің, «аяқ алысың» әләй екен тым, – дейді.
Құрманғазы мұртынан күліп:
– Болсақ, болармыз, – деген екен.
Енді үй-іші болып қолқалап, Құрманғазыға қайтадан домбыра тарттырып, бірнеше күн жатқызып қонақ етіп, сый-құрметпен аттандырады.
233. «Ақсақ киік»
Көпке белгілі Құрманғазының «Ақсақ киік» күйі де осы сапарда шығыпты деген аңыз бар. Төремұрат, Нарынбай ауылында жүріп киік атуға шыққанда үшінші киікке оқталарда Құрманғазы: «Киіктің қай жерінен тигізейін?» – деп сұрапты дейді. Сонда батырдың жолдастарының біреуі осы тигізе қояр деймісің дегендей: «Аяғынан» дей салыпты. Сонда Құрманғазы киіктің артқы аяғынан тигізіп, киік үш аяқтап ақсаңдап, қаша жөнелсе керек. Қожаңдап «қуамын» деген жігіттерге Құрманғазы ұлықсат етпейді. Өзі домбырасын алып сол арада бір күй шертеді. Құрманғазының сырына әбден қанған Төремұрат күйшінің қасына ешкімді жібермей, әбден домбырасын аяқтап болғанда ғана өзі барып: «Жиенжан, бұл арада тағы бір нәрсе туып қалды білем, атын қойдың ба?» – деп сұрайды. Сонда Құрманғазы біраз кідіріп, қуанған емес, күйінгендей келбетпен:
– Нағашыеке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей, өмір үшін күресте кімге оқ дарымайды? Біздің тұсымызда жаралы жан жалғыз киік пе? Атпайын-ақ деп едім, сіздің мына бір жігіттеріңіздің қыздырма сөзімен аттым. Анау ақсап кеткен киіктей жаралыларға арнадым бұл күйімді. Аты – «Ақсақ киік» депті дейді.
234. «Балқаймақ»
Құрманғазы Жем бойынан қайтып келе жатып бір қараша үйге түседі. Үй жапан далада жалғыз болады. Үйдің қасында бір саулы інген боздап жүреді. Құрманғазы үйге кіргенде, бір бойжеткен қыз ибамен сәлемдеседі. Күйші алыстан келе жатқан жолаушы екенін, қатты шөлдегенін айтады. Қыз жалма-жан мосыағашын көтеріп, күйе басқан қара шәйнекті асып, от жағады. Шайы қайнағанша далада жүрген інгенді көс-көстеп шақырып алып, сауады. Інген сүтін құйып қыздың берген шайы Құрманғазыға аса ұнайды. Шөлдеп келген жолаушы бір өзі бір шәйнек еңсереді. Әбден өзіне өзі келгенсін Құрманғазы қолына домбырасын алады. Қыз да қонағының тыныға бастағанын біліп, енді бір таза ауа жұтсын дегендей іргенің көлеңке жағын түреді. Құрманғазы күй шертеді. Аяқтап болған кезде қызға қарап: «Сіздің берген шайыңыз әншейін шай емес, маған балқаймақтай болды. Осы күйімді сізге арнадым. Балдан тәтті шай бергеніңіз үшін күйдің атын «Балқаймақ» қойдым», – дейді.
235. «Кедей зары»
Арқадан Жем-Сағыз арқылы еліне қайтқан Құрманғазы жолшыбай бір ауылға соғады. Ауыл шетіндегі қараша үйдің жанына келіп, сырттан дыбыс береді, бірақ іштен ешқандай жауап болмайды. Қайта қамығып, зарлап жылаған қайғылы үн естіледі. Бұл не жағдай екенін білмекші болған Құрманғазы үйге кірсе, егіліп жылап отырған кемпірді көреді.
Құрманғазы әлгі кемпірмен амандасып, хал-жағдайын сұрайды. Сонда кемпір:
– Жалғыз балам бар еді. Оған еліміздегі биіміз «атымды ұрладың» деп жала жауып, шабармандарына дүре соқтырып, сойылға жықты. Сол балам ақыры қамшының зардабынан қаза тапты. Енді осы үйде жалғыз қалып, зарлап отырған қу баспын, шырағым, – дейді. Ананың қайғысына ортақтасып:
– Жыламаңыз шеше, жылағанмен кеткен адам қайта келмейді. Ел, жұрт, ағайын аман тұрса, сіз де қиыншылық көрмессіз, – деп Құрманғазы оны жұбатады.
Қарт ананың қайғысын өз көзімен көрген күйші:
– Сорлы болған кедей, бәрінің де күйі осы ғой, – деп, «Кедей зары» атты күйін толғана тартыпты.
236. «Көбік шашқан»
Жаздың тамылжыған ыстық күндерінің бірі. Аңызақтан шөліркеген Құрманғазы бір ауылға кездесіп, ауыл ортасынан шеткері, көгалға тігілген ақбоз үйге қарай атының тізгінін бұрады. Үй сыртына жақын келіп, ішке дыбыс береді. Үйден осы ауылдың түйешісі Жиенәлі шығып, Құрманғазыға амандасады. Құрманғазы оның сөзінен бұл Әділеке төренің отауы екенін біледі де:
– Шөлдеп келе жатырмын, сусындап шығуға рұқсат болар ма екен? – дейді. Сонда Жиенәлі:
– Жарайды, ханымға барып айтайын, – деп үйге қайта кіргенде, төрде отырған ханым:
– Үйдің қожасы жоқ, түсуге болмайды! – дейді дауыстап.
Сыртта тұрған Құрманғазы бұл сөзді естігеннен кейін ауылдың батыс жағына жағалай қонған кедейдің қараша үйлеріне қарай жүре береді. Бір үйдің жанына келіп, «осы ауыл үйінің төрін бермесе де, көлеңкесін беретін шығар» деп атынан түсіп, киіз үйдің көлеңкесіне отырады. Үй иесі жарлы болса да, өзінің шамасына қарай күйшіні күтіп алады. Құрманғазы біраз тыныстап, енді кетпекші болып сыртқа шыққанда бие сауынынан қайтқан байдың қыз-келіндерін көреді. Қолдарында бір-бір шелек толы сүт, көбігі бұрқырап, теңселген жүрістен жерге төгіліп келеді. Мұны көзі шалған Құрманғазы домбырасын алып, бір күйді төгілте тартып жібереді. Домбыраның бұлбұлдай сайраған әсем сазын үй иесі де, шуылдасып келе жатқан қыз-келіншектер де ұйып тыңдай қалады. Құрманғазы күйін бітіргенде қасында тұрған үй иесі:
– Қонағым, бұл тартқаныңыз қандай күй? – деп сұрайды.
– Ой, ағатай-ай! Бұлар байлыққа белшесінен батып, иті май жемей отырса да сұрағандарға сүт түгіл, бір жұтым су да бермейді. Олар сүт пен қымызды сіз бен біз секілділердің ішкенінен көрі, жерге төгілгенін жақсы көреді. Анау, сүтті жерге төгіп келе жатқан байдың ақылсыз қыз-келіндерін мазақтап, қайран қор болған қымызға шығарған «Көбік шашқан» атты күйім, – депті Құрманғазы.
237. «Құрманғазы»
Құрманғазы бір байдың аулына қыдырып келіп, оның үйіне түспек екен. Байдың қызы Құрманғазы келгенде бие саууға шығып кетіп, келгенсін, Құрманғазы қолына домбырасын алып, «Бие сауған» деген күй тартқан екен. Қыз да домбырашы екен, түсініп қалады да, ол да домбырамен күй тартады. Екеуі де бірнеше рет күй тартып жеңісе алмай отырғанда, Құрманғазы жата қалып, башпайымен күй тартып қызды жеңеді. Бай Құрманғазыға жақсылап қонағасы беріп, ат-шапан беріп, сол ауылда бірнеше күн болып, домбыра тартып басқа ауылға аттанған екен.
238. «Қашқындық жолы»
Құрманғазы отыз орыс өлтіріп, хан оны «Құрманғазы жүрген жерінде ұсталсын» деп бұйрық берген екен. Құрманғазының руы қызылқұрт екен. Содан Құрманғазы қашып жүріп бір күні Төремұрат батырдың үйіне келіп, оған қызметке жүргісі келетінін айтқан. Төремұрат жүруге ұлықсат еткен. Сонда қызмет істеп жүре береді. Оның кім екенін білмейді. Төремұраттың жолдасы аңғарғыш адам екен, Құрманғазының тегін жүріспен жүрмеген адам екенін біліп бір күні Төлемұратқа:
– Батыр, осы қараңнан (Құрманғазы арық, ұзын қара кісі екен) қорқам, тегін адам емес, осының оңайын сұрап, ұлықсат бергенің мақұл, өйткені, бір кесірі тиер, – дейді. Төлемұрат бір күні Құрманғазыны шақырып алып:
– Ал, шырағым, сен қайдан жүрген кісісің, жөніңді айтшы? – дегенде: – Менің атым Құрманғазы. Отыз орысты өлтіріп, қылмысты болып қашып жүрмін. Хан «ұсталсын» деген еді, соған қашып жүрмін. Сізге паналап келдім, – дейді.
– Ол айтқаның дұрыс. Мен сені қолымнан келгенше паналатамын, бірақ, ханға күшім жетпейді. Сондықтан, сен Әлім деген руда екі батыр бар. ... Сол екеуі осы күнге дейін ханға дұрыс бағынған жоқ. Хан да оларға бата алмайды. Сол екі батырға бар, солар паналар, – дейді.
Құрманғазы күрең атына мініп, сол екі батырға келіп: – Сіздерге қызметке жүрейін деп едім, – дейді. Батырлар келісіп жылқы бағуға жұмысқа алады. Құрманғазыға «арық қара» деп ат қояды. Сөйтіп жүргенде Кіші жүзде бір той болып, соған сауын айтады. Соған екі батыр екі көк мойнақ ат жаратады. Және Құрманғазыға:
– Арық қара, мына күрең атыңның мүшесі тәуір екен, бәйгіге қоспайсың ба? – дейді. Сонда Құрманғазы:
– Қоссам қосармын, – дейді де жүре береді. Айтылған уақытында той болады. Екі батыр жаратқан екі атын алып барады. Хан да жүйрік екі-үш атын жаратып әкелген екен Құрманғазы да күрең атын келеді. Аттарды бәйгіге де жібергенде Құрманғазыға:
– Е, арық қара, атыңды бәйгіге қосасың ба? – дейді әзілдеп.
– Қосамын, – дейді.
– Е, қалай қоспақшысың, жаратқан жоқсың ғой, терін алған жоқсың. Тоқ ат шаба ма?
– Ой, терін ауырлаған ат бола ма? – дейді де, күреңнің үстіне қырық жастағы бір адамды мінгізіп, аттың сырын айтып, бәйгіге жібереді. Бәйгі он көштік жерден болады. Күрең ат бәйгінің алдында жалғыз, үстіндегі кісі басын тарта алмай өкпесі қысылып, әрең келеді. Күрең ат бірінші бас бәйгіні алады. Енді балуан күресі болғанда хан «түйе балуан» деген, денесі адамға бітпеген бір зор адамды шығарады. Бай екі батырға:
– Ал, батырлар, балуаныңды шығарың, – дейді. Батырдың балуандарынан бірі де шықпайды. Сөйтіп тұрғанда бір батыр Құрманғазыға:
– Қалай, арық қара, күресіп көресің бе мына балуанмен? – дейді. Құрманғазы:
– Жарайды, – деп ортаға қарай шығып, шешінбестен үстіндегі күпісімен жүре береді. Батырлар:
– Тоқта, қайда барасың? Шешінсейші, – дейді. Құрманғазы:
– Ей, киімін ауырлаған балуан балуан бола ма? – дейді де күреседі. Күресте ханның түйе балуанын жығады. Сол уақытта екі батыр қуанып «арық қараны» құшақтап:
– Әй, сен Құрманғазы емессің бе? – дегенде:
– Ай, ағайлар, мені өлтірдіңіз ғой, мына хан мені ұстап алады ғой, – дейді. Сонда екі батыр:
– Жоқ, шырағым, енді екеуіміздің біреуіміз өлмей сені ұстап бермейміз, – дегенше болмайды, ханның әскерлері қоршап алады. Екі батыр ұрысып алдыртпай кетеді. Артынан екі батырға кісі салады. «Құрманғазыны бізге ұрыссыз бер, егер ұстап бермесең ұрыс болады» деп келген кісіні кейін қайтарады.
– Беретін кісіміз жоқ, ұрысса ұрысқанша, төбелессе төбелескенше, – тұрамыз дейді. Артынан екі мыңға жуық әскерімен екі батыр ұрысып, тағы жеңеді. Бірақ, бірі ауыр жараланып қайтады. Содан кейін қалған бір батыр Құрманғазыға:
– Ал, шырақ, екеуіміздің біреуіміз өлмей ұстап бермеймін деп едім, әлде де өзім өлмей сені ұстап бермеймін. Бірақ, енді сен басқа жерге кеткенің тәуір болар еді. Жалғыз күшім жетпес, – дейді. Құрманғазы «мақұл» деп күрең атына мініп қашқындық жолмен кете барады. Сөйтіп, жүргенде көптеген жылдар өткесін, Құрманғазыны ұстап түрмеге салады. Артынан шешесі іздеп барғанда, ауыз-ауыз жолықтырмайды. Сонда жатып «Қайран шешем» деген күйді шығарады.
АБЫЛ ТАРАҚҰЛЫ /1820-1892/
239. «Абыл»
XVІІІ ғасырдың соңын ала Кіші жүздің көптеген рулары Жайықтан арғы алап пен Еділ бойы сияқты ата қонысына тұяқ тигізуге зар болады. Табын, тама, жағалбайлы сияқты рулардың біраз бөлігі орта жүздің ханы Абылайға салмақ салып, Сары Арқаға көшіп кетеді. Осы кезде үстірт үстіне қарай ығысқан қалың адай тайпасы ХІХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегіне деңдей орнығады. Мұндай қыспақты бір жағы Иран шахынан, екінші жағы Ресей патшалығынан түркімендер де көреді. Сөйтіп, тағдыр тауқыметі қазақтар мен түркімендерді үстірт үстінде тоқайластырады. Шыңырау құдықтың бір жұтым суы ағайын екі елді алакөз етеді. Осындай бір қырбай шақ болса керек. Бірде жоқ қарап жүрген Абыл күйші түркімендердің қолына түсіп қалады. Саны көп, күші басым түркімендер Абылды сөзге келтірмейді. Сарт-сұрт қағып, қолын артына байлап, атқа көлденең салады. Сол бетінде салақтатып алып келіп ауыл иесінің үйінің алдына сылық еткізіп тастай салады. Бұл кезде ауыл иесінің үйінде қонақтар бар екен. Қазақтың қолға түскенін естігенде даурыға гу-гулесіп, «алып кел, көрейік» дейді. Кешікпей-ақ қолы артына байланған Абылды келекелеп, қазақтарды бір ауыз қыжырта сөз етіп алады. Содан бірте-бірте басқа әңгімеге ойысып, тіптен орталарында тұтқын қазақтың отырғанын да ұмытып кетеді. Абыл көз қиығын салып қараса, төрде екі жағына ұстара жанығандай бір қара сұр жігіт ағасы есіп әңгіме соғып отыр дейді. Өзге жұрт «о, бақшы, о, бақшы» деп әлгі қара сұрды көтермелеп қойып, әңгімесіне құлақ түреді. Қара сұр одан сайын екілене есіп: «Бүйтіп тартып едім» деп дутарын бебеулете шертіп қояды дейді. Содан әлде уақытта қара сұр түркімендерді бір жайлы қылып, енді қазақ арасында болғанын, не бір дүлдүл күйшілермен сайысқа түскенін, тіптен қазақ-түркіменге аты жайылып кеткен Абыл күйшінің өзін көргенін айтады. Отырған жұрт: «Апыр-ай, Абылдың өзін көрдім дейсіз бе?» – деп таңырқаса, әлгі қара сұр одан сайын лепіріп: «Көргенің не, өз қолынан күй үйрендім», – деп соғады. Бір кезде әлгі қара сұр «Абылдың сондағы тартқан күйі еді», – деп бір күйді бастайды. «Аңқау елге арамза молда» деген, қайдағы бір ауыл арасынан естіген жыр-терменің сарынына салып, сүректете жөнелсе керек. Осы кезде босағада отырған Абыл күйші әбден төзімі таусылып, мінез көрсетеді. Күйдің біткеніне қарамайды. Дутарды төпеп отырған қара сұрға: «Әй, бақшы», – дейді, – «Абыл олай тартпайды, тоқтат басты ауыртпай!» – дейді. «Ұрының арты қуыс» дегендей, қара сұр сап тиылады. Үйдегілер ошарыла бұрыла Абылға қарайды. Содан соң, о жер, бұ жерден «е, сен қайдан білесің?», «Абылды танушы ма едің?», «осының өзі күйші болып жүрмесін?» деген дабыр сөз естіле бастайды. Сонда үй иесі өмір көрген, бір орнықты адам болса керек, «жә, шуламаңдар, бұл қазақтың қолын шешіңдер, Абылдың қалай тартатынын өзі көрсетсін!» дейді. Айтқанынша болмайды, бір жігіт лып етіп орнынан тұрып, Абыл күйшінің қолын шешеді. Екінші біреуі дутарға қол жалғайды. Абыл аз-кем қолын жазып, дутарды алады да, құлақ күйін келтіре бастайды. Дутардың ішегі шаңылтырланып шертіп тұр екен, босата бұрап, үйірінен адасқан сыңар қаздың үніндей қоңыраулатып алады да, қаға жөнеледі. Жаңағы бір даңғаза бопса желік әп-сәтте ғайып болғандай, үйдің ішін сабырлы саз жайлайды. Сабыр болғанда немкетті бейжай халық емес, сырты түйіліп, іші егілген, сырты бүтін, іші жалын бір сиқыр отырғандарды лебімен тартып, сол ішкі ағынға ілестіріп үйіріп әкеткендей дейді. Күй бітеді. Жай бітпейді, үйдегілердің еңсесін басып, тәубесіне келтіріп, мына дүние тіршіліктің алдын-артын алақанға салғандай көз алдына келтіріп тынады. Онымен де қоймайды, түйінін өзі шешіп, байлауын өзі айтып тастағандай. Түркімендер өзгеге тоқтамаса да күйге тоқтайды. Күй тілін түсініп, күйге күңіреніп, күйге жұбана алатын ел. Отырғандар тұғжыңдап төмен қарайды. Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін бір іс жасап алып, тығырыққа тірелгендей. Үнсіздікті үй иесі бұзады: «Жарқыным, осы сен Абылдың өзі болмасаң игі еді?» дейді. Абыл: «Болсақ болармыз», – деп сабырмен тіл қатады. Осыдан кейін-ақ, Абыл күйшінің иығына шапан жауып, жарылып төрден орын береді. Содан соң үй иесі: «Ал, шырағым Абыл, көңіл кірі айтса кетеді деген, сөйлет домбыраңды», – дейді. Сол күні шер тарқайтындай күй тартылады. Одан ары адайлар мен түрікмендер арасындағы кикілжің ұмыт болып, ағайын елдің дәм-тұы жарасады. «Абыл» күйі туралы осындай әңгіме адай мен түркімен арасында күні бүгінге дейін айтылады.
ШЫҒАЙҰЛЫ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ /1820-1887/
240. «Бұлбұл»
(І нұсқа) Әйгілі күйші Сағырбайұлы Құрманғазы бір даудың салдарынан істі болып, сол кездегі Бөкей Ордасының әкім сұлтаны Шығайұлы Дәулеткерейдің алдына келіпті дейді. Құрманғазының күйшілік даңқына Дәулеткерей сыртынан қанық екен, ықыласпен қарсы алады. Ауыл-елдің амандығы сұралып, сый-құрмет көрсетілген соң, Құрманғазы келген шаруасын айтады. Сонда Дәулеткерей: «Құрман аға, бір ғана базына шартым бар. Теріс дау болса да пайдасын сізге шешейін, тек бір-бірімізге айтар сөзімізді күймен жеткізіп көрсек қайтеді», – деп, ашық шыраймен күтпеген қолқа салады. Құрманғазы үшін көкірегін кернеп келген мұң-сырын күймен жеткізу жеңіл. Сондықтан да, іркілместен келісім береді. Дәулеткерей: «Олай болса, сіз қонақсыз ғой, күйді мен бастайын», – деп, бір күй тартады. Бірден сергек басталған күй Құрманғазының жүрегін баурап, іш-бауырына еніп, буын-буынына түскендей жанына жағады. Күй біткенде Құрманғазы: «Апырай, мынауың бұрын естімеген тамаша күй екен, бұл не күй?» – деп сұрайды. Дәулеткерей болса сәл жымиып алып, «Біз күй тілімен сөйлесуге тоқтадық емес пе, егер күйім шынымен-ақ сізге ұнаса, онда мұның аты «Бұлбұл» болсын», – дейді. Сонда Құрманғазы да домбыраға қол созып, аз-кем толғаныстан кейін бір күйді бастай жөнеледі. Әлгінде ғана жүрегін шарпыған ыстық сезімді өкшелей қуып, ізін суытқысы келмегендей домбыраны лекіте қағады. Тың сарын қат-қатымен түсіп, қыранның қауырсынындай жымдасып, мүдірмей төгіледі. Бір мезгілде домбыра сағағын қақтай сауып, таңдайы тақылдап, өліп-өшіп, әлденені қадалып айтқандай болады да, іле кері серпіліп, сабасына түскендей, сыбырлап-сыңқылдап барып тынады. Дәулеткерей де әсерін жасыра алмайды: «Тамаша екен, бұл не күй?!» – деп сұрайды. Енді Құрманғазы жымия күліп тіл қатады: «Тілдің емес, күйдің айтқышын бұлбұлға теңеген өзің емес пе, менің күйімнің де аты «Бұлбұл», – дейді.
241. «Ақжелең»
Дәулеткерейдің аулына жақын жерде домбыра тарту шеберлігімен де, көріктілігімен де көзге түсіп, жақсы атағымен ел аузына ілінген Ақбала атты қыз бар екен. Аң аулап жүріп, сусындауға түскенде сұлу қыздың өнеріне таң қалады. Ақбала бір Ноғайлының (Байұлы руының бір атасы) бұла өскен жалғыз қызы болса да, ата-баба жолынан аттап, әдепсіздік көрсете қойған жоқ. Бірақ өзін қашан да тәкаппар ұстайтын әдеті еді. Тіпті, көңілім жақын деп жүрген жігіттердің өзі жеме-жемге келгенде тайсақтап, қыз алдында тілі күрмеліп қала беретін. Ақбалаға Дәулеткерейдің жылы ұшырағаны – ол өзі «ежелден келе жатқан тәртіп бойынша ел билеу үшін жаратылған» ақсүйектер тұқымынан шыға тұрса да, өз домбырасын жанындай сүйетін күйші, өз ортасынан ғана емес, өзге ортадан асыққан өнерпаз әріптестерімен де тіл табысып, шүйіркелесіп жүре береді екен. Дәулеткерей де «Ақжелең» аттас күй шығарып, оны сол қызға арнапты.
242. «Ысқырма»
«Ысқырманың» шығу тарихы да айта қалғандай. Дәулеткерей төре тұқымына лайықсыз болса да, атын мінбей, ауыл сыртында жаяу серуендегенді тәуір көреді екен, сондай серуенге шыққан бір күні келе жатып бірдеңе деп күбірлегендей болады. Қасындағы серігі «о не?» деп елең ете қалып еді, күйші басын шайқай, «үндеме» дегендей ишарат білдірді. Дәулеткерей сосын балалар құсап ысқыра бастады. Бұл қылық әрине, «Шыңғыстың әулетіне» тым ерсі еді. Оның үстіне қазақтар ысқырған әдепсіздік белгісі деп санайды. Дәулеткерей қасындағы серігінің абдырап қалған түрін көріп жымиды да, бірдеңеге қуанып асыққан адамша үйіне қарай тез-тез адымдай жөнелді. Серігі ештеңеге түсінбеген қалпы иығын бір қомдады да, соңынан еріп жүре берді. Үйге келіп Дәулеткерей қолына домбырасын алды да, жаңа күйді шерте жөнелді. Музыканы жақсы түсінетін құймақұлақ жолдасы күй сарынынан бағана әдептен аттап, айдалада ысқырып салған үзік-үзік әуеннің сазын бірден айырған. Зердесіне келген күйден үйге жеткенінше айрылып қалмай пернеге түсіргеніне қуанған Дәулеткерей, бұл күйге «Ысқырма» деп ат қойдым дейді жолдасына.
243. «Жұмабике»
Масқар руынан шыққан Жұмабике деген қыз әсем дауысы сол атырапқа әйгілі, асқан әнші, ақындық өнері де бар адам екен. Малға сатылып, сүймеген адамына кетіп бара жатқанын Уақытша совет председателінің алдына кіріп өлеңге қосып, мұңын шаққан еді деседі. Сонда қыздың даусының да, әні мен сөзінің де кереметтігі сонша, отырғандар оның тағдырына қатты аяушылық білдіріп, көздеріне жас алған екен. Атастырған жігіті асып тұрған ақылды да, кісі сүйсінерлік көркі де жоқ көптің бірі еді дейді. Уақытша совет Жұмабикенің тілегін орындап, өзі қаламаған күйеудің құрығынан құтқарады.
244. «Топан»
Дәулеткерейдің Топан атты аңға салатын қыран бүркіті болыпты деседі. Бір күні сол құс ұшты күйлі жоғалып кетіпті. Дәулеткерей келеді деп, екі көзі төрт болып, күте-күте, келмеген соң, аяғы жеткен жердің бәріне де сұрау салады. Ешқайдан сыбысы шықпайды. Күндердің күнінде үйінде шалқалап жатқан күйі қолындағы домбырасына қапа көңілін қосып жатса, шаңырақтың ар жағында, шыңырау көкте қалықтап ұшып жүрген Топанды көреді. Қуанғаннан тап сол жерде «Топан» деген күйді тартқан екен.
245. «Көрұғлы»
(І нұсқа) Дәулеткерейдің Көрұғлы күйінің аңыз-әңгімесі Орта Азия халықтарының арасында кеңінен таралған әйгілі «Көрұғлы» дастанының оқиғасымен тамырлас болғанымен, күйдің шығу себебі күйші өмірінің бір сатысымен байланыстыра айтады. ... Бірде ауыл аралас, қой қоралас жатқан, төсекте малы, төскейде малы қосылған түркімен ағайынға Дәулеткерей қонақтап барып қайтыпты дейді. Сонда ауылдастары алдынан шығып, ел ағасының олжасын қызықтамақ ниет білдірсе керек. Бұған оң шырай танытқан Дәулеткерей: «Уа, ағайын, сөзіме құлақ сал! – депті, – түркімен ағайынның көңілінде көлеңке жоқ екен. мал беріп еді, өледі деп алмаған едім. Бірақ құр қол қайтқаным жоқ. Осы сапардан бір белгі болсын деп, өлмейтін, тозбайтын күй шығарып қайттым!» депті. Сондағы күйі осы «Көрұғлы» екен.
246. «Көрұғлы»
(ІІ нұсқа) Қазақта «Ақыл-ауыс, ырыс-жұғыс» деген әдемі сөз бар. Бұл көрші жатқан елдердің бір-біріне рухани ықпалының болып отыратынын, қоңсылық қайырымды меңзеген сөз. Қазақ пен түркімен жапсар жатқан елдер. Сондықтан да, рухани орталық, өнер жолындағы өзара ықпал етушілік қашаннан орныққан дәстүр. Бұл дәстүрден Дәулеткерей де шет қалмаған. Ол түркімен тақырыбына арнап «Нар иген», «Тәштит», «Көрұғлы» сияқты күйлер шығарған. Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйінің аңыз әңгімесі Орта Азия халықтарының арасында кеңінен тараған әйгілі «Көрұғлы» дастанының оқиғасымен тамырлас болғанымен, күйдің шығу себебі күйші өмірінің бір сәтімен байланыстырла айтылады. ...Бірде, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан, төсекте басы, төскейде малы қосылған түрікмен ағайынға Дәулеткерей қонақтап барып қайтыпты дейді. Сонда ауылдастары алдынан шығып, абыройлы ел ағасының олжасын қызықтамақ ниет білдірсе керек. Бұған оң шырай танытқан Дәулеткерей: «Уа, ағайын, сөзіме құлақ сал! – депті. – Түркімен ағайынның көңілінде көлеңке жоқ екен. Мал беріп еді – өледі деп алмадым, дүние беріп еді – тозады деп алмадым. Бірақ, құр қол қайтқаным жоқ. Осы сапардың бір белгісі болсын деп, өлмейтін, тозбайтын күй шығарып қайттым!» – деген екен.
Сондағысы, осы «Көрұғлы» күйі еді дейді.
ҚОЖЕКЕ НАЗАРҰЛЫ /1823-1881/
247. «Бұлбұл торғай»
(І нұсқа) Қожеке Мұқыр, Жырғалаң деген жерлерді мекендеп жүрген екен. Бір күні Қасымбай деген ұстамен бірге Мұқырдың қалың орманынан отын алуға барады. Таңертеңгілік мезгіл болса керек. Ағаш бұтағына қонып отырған бұлбұл торғай құйқылжытып сайрай жөнеледі. Бұлбұлдың сан құбылтып сайраған әсем үніне еліткен бұлар алатын отындарын ұмытып, әуенге қызыға тыңдап отырып қалады. Әлден уақытта Қасымбай:
– Шіркін, мына бұлбұл дауысының жағымдысын-ай. Үнін домбыраға салып алар ма еді? Түсіре аласың ба? – деп сұрайды Қожекеден.
– Домбыра болғанда, түсірмей несі бар? – дейді Қожеке.
– Ондай болса, домбыраны мен жасап берейін, – деп, Қасымбай орманнан қураған қарағай ала қайтады да, үйіне келген соң домбыра шауып жасайды. Қураған қарағайдан қақпақ салады. Тау ешкісінің ішегінен ішек есіп тағады. Қожеке сол домбыраны қолына алғанда, көкейіне таңдағы сайраған бұлбұл торғайдың құйқылжыған үні оралыпты.
248. «Қамбархан»
Баяғыда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Қамбархан деген бір аңшы жігіт болыпты. Қамбархан бір күні атып алған аңын сойып болып, ішегін ағаш басына қарай лақтырып жіберсе, шұбатылған күйі бір бұтақтан бір бұтаққа ілініп қалыпты. Күндердің күнінде Қамбархан әлгі жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн, үзілмейтін сарын естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішекті көреді. Жел соқса ішек ызыңдап қоя береді екен. Қамбархан әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасапты да күй шертіпті. Қамбарханның бұл жаңалығы бүкіл қазаққа аңыз болып таралыпты. Осы аңыз желісіне Қожеке «Қамбархан» атты күй шығарған. Оның бізге бірнеше нұсқасы жеткен.
249. «Шалқайма»
Ресей отарлаушыларының қысымына шыдамаған Қожеке қоныс аударуға мәжбүр болады. Қарқарада отырғанда ауылдастарын шақырып алып:
– Қотаныңнан шыққаның – Отаныңнан шыққаның емес. Іленің арғы жағы да біздің бабаларымыздың ата қонысы. Соған көшелік. Қытайдың көзі қысық болғанымен өзі пысық, сөзге түсінеді, – дегенде, бірсыпыра ағайын келіспей, шалқая тыңдап, теріс пікір білдіреді.
Сонда Қожеке жаңа бір күй тартады.
Тыңдап болғанның бірі:
– Көке, бұл қай күйіңіз? – дейді.
– «Еңкейгенге еңкей, ол – адамның құлы емес, шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес» , күйдің аты «Шалқайма» – депті.
Сонда барып біраз ағайын Қожекенің сөзіне тоқтаған екен.
250. «Кертолғау»
Өткен ғасырдың соңына қарай Шыңжаңдағы ұйғыр, дүңген, қырғыз халықтары сияқты қазақтар да жергілікті үкімет билеушілерінің езгісіне ұшырайды. Қашанда ел басындағы ауырлық тауқыметтің ел еңсесін көтерер азаматтардың иығына түсетін әдеті. Іле бойындағы Садыр палуан бастаған көтерілістен кейін, ел ішінде тыңшы молайып, бірін-бірі түрткілеген жағдай көбейді. Бұл билеуші өкімет орындарына ұнамайтын адамдардың көзін жою үшін қолданатын ежелден белгілі тәсіл. Міне, осындай аласапыран кезде орыс отаршылдығының қыспағына шыдамай Қарқара мен Нарынқол өңірінен Текес бойына көшіп барған қалың албанның бас иесі, әйгілі күйші Қожеке Назарұлына жала жабылады. Ол кезде өкімет орындарына ең қолайлы адал берілген қызметші және ел ішінен мол дерек сүзіп қайтатын тыңшы ел кезеген саудагерлер болған. Әсіресе, туысы бөлек, ұлты бөтен саудагерлер бас көтерер азаматтарды аяусыз көрсетіп отырған. Оған елдің өз ішіндегі көр кеуде, шолақ ойлы, ішітар пенделер қосылғанда, өсек пен жала өрттей қаулап елдің берекесін кетірген. Осы тұзақ Қожекенің де мойнына түседі. Текес бойына келген татар саудагерінің керуенін Дәркенбай деген көнтақым ұры тонайды. Ертеңінде өкімет адамдары елдің апшысын қуырып, ұрыға іздеу салады. Сол кезде өр албанның дадай деген болысы Қожекемен дәм-тұзы жараспай, қырбай болып жүреді екен. ұрымтал сәтті пайдаланып, үкімет адамдарына «керуенді тонатқан Қожеке» деген куәлік бере қояды. Өктемдік жүрген жерде кісілік бола ма? қожекенің ауызын ашуға шамасын келтірмей ала жөнеледі. Болған оқиғаны даланың «ұзын құлағы» әп-сәтте Текес бойына жайып жібереді. Сол кезде төңірегіне ықпалды Рабат төре мен Мамырбек төре дереу атқа қонып, өздерінің сыйлас-сыралғы досы Қожекені үкімет адамдарынан бір жылға кепілдікке сұрап алады. Бір жыл ішінде шын ұрыны тауып бермек болып уәде береді. Бірақ, ізін жасырып үлгірмеген ұры оңайлықпен таптыра ма. уәделі мерзім жақындайды. Нақақ жала Қожекенің жігерін құм етіп, шарасын тауысады. Қожекенің адалдығына шығар күндей сенетін ағайын-туыс та сеңдей соғылысып күйзеледі. Бір күні Рабат пен Мамырбек төрелердің ауылда жоқтығын пайдаланып, баяғы арыз қой Дадай болыс Қожекені тағы да қамауға алдыртады. Бұл жолы Қожекенің баласы молла Ыбырайым қоса тұтқындалады. Оларды алды-артына қаратпастан Күре қаласындағы түрмеге қамайды. Бұл, сол кездегі саяси тұтқындарды қамырдай илеп, азаптың небір сорақы түрлерін ойлап табумен даңқы шыққан зұлымдықтың ордасы сияқты орын болатын. Күре түрмесінде Қожеке небір азапты көреді. Азаптаудағы мақсат белгілі, жапқан жалаға мойындату. Бірақ, Қожеке шындықтан басқа ештеңке айтпайды. Бұл кезде Қожекеңнің қадірлес досы Рабат төре де қол қусырып отырмайды. Ақша жұмсап, адам салып, Қожекені босатып алу үшін жоғарғы жақты айландырады. Ақырында Қожекеге өлім жазасының кесіліп қойғандығын біледі. Оны бұзудың еш мүмкіндігі болмаған соң, Рабат төре өз басын кепілдікке тігіп, ел-жұртымен қоштастыру үшін бір аптаға сұрап алып шығады. Бірақ, бұл жағдайды Қожекенің өзіне білдірмейді. Содан, елге келіп, ағайын-туғанымен қауышып, сағынышын басқан соң, үлкендер оңаша үйге жайғасады. Сол кезде Рабат төре майдалап сөз бастайды: «Е, Қожеке, өмірге келген пенде бір-біріне қонақ деген рас екен. Өзіңнен көз жазғалы құлаққа ұрған танадай болып, қоңылтақсып қалдық. Домбыраңды ұста, сенің де көкірегіңе біраз сыр жиналған болар. Ертең не болары Тәңірдің еркіндегі заман ғой. Шығар көкірегіңдегіні, сөйлетші домбыраңды!» – дейді. Қожеке өзінің аз уақытқа кепілдікке шыққанын сонда ғана біледі. Біледі де, бір ауық түйіліп отырып тіл қатады: «Өлместі Құдай жаратпайды, тозбасты ұста соқпайды, өлімнен қашып жан сауғалар жайым жоқ. Тәңір алдында арым таза, бір ғана жағдай жанымды қинайды, Рабат! Өзің сияқты қадірлі азаматпен мәңгілік қоштасу қиын екен!» – депті. Бұл сөзді естігенде Рабаттың иығы бүлкілдеп, көзіне жас алады. Ал, Қожеке болса, түғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін түзеп, қолына домбырасын алады. Сонан соң көкірекке кептелген мұң-шері «Кертолғау» күйі болып ақтарылады. Қожекенің «Таскөмір шоғы алдында», «Тас көмір шоғына қарылу» күйлері де тартылады. Арада бір апта өткенде Қожекені қайтадан Күре түрмесіне қамап, көмір шоғына қақтап өлтіреді.
ҚАЙРАҚБАЙ ШӘЛЕКЕНҰЛЫ /1828-1877/
251. «Еміл толқыны»
Ертеректе Қара Ертісте мұз қатысымен, ел өтіп аржағына қыстайды екен. Бабақан би бастаған бір зәңгі ел, ежелгі әдеті бойынша көшіп, мұздан өтпек болады. Бабақан бірнеше адаммен мұздың аржағына өтіп, аттарынан түсіп, мұзға таңырқай қарап тұрады. Көшкен ел мұз ортасына келе бергенде, мұз ойылып, бір зәңгі ел мұз астына кетіпті. Бабақан – 80 жаста, он балалы адам екен. Бірнеше баласының отауы да бар екен. бұлар тұтас мұз астына кетіпті. Басқалар Бабақан биге тоқтау айтса да, елі-жұртын, бала-шағасын ойлап қайғы-зарға батып жүреді екен. Бұл хабарды естіген Қайрақбай бір сыбызғы күйін тартып, Бабақанға тоқтау айтыпты:
– Еменнің иілгені сынғанмен тең, сен еменсің, иілмейсің, қайғыға майысып сынасың, бірақ Еміл толқиды, иілмейді. Қайғы адамды толқытады, адам шыдамды болу керек, – деген екен. Сондықтан бұл күйдің атын «Еміл толқыны» деп қойған екен.
252. «Қоңыр жел»
Қайрақбай Тарбағатай жайлауынан ойға түсіп, бір мезгіл тұрып жайлауға қайтып бара жатқанында, қоңыр жел соғып рахаттандырған сықылды. Сонда Қайрақбай омырауын ашып қоңыр желге төсеп: «Оһ, шіркін, қоңыр жел-ай!» деп, жасыл жайлауды желпіген қоңыр желді сыбызғыға түсіріп бір күй тартып, атын «Қоңыр жел» қойған екен.
253. «Молқоңыр және Майдақоңыр»
Бұл екі күй ежелден елге таныс, Қайрақбайдың күйі. Дене салмағына байланысты Қайрақбайды төрт-бес ат ғана көтере алады екен. соның бірі – жал-құйрығы мол, денесі соған лайық қоңыр аты болған екен. Бұл қоңыр ат өрге келсе қайыспайтын, еңіске келсе қолтауламайтын ат екен. Тағы бірі – Майдақоңыр деген аты болыпты. Ол жүргенде шыныға құйған су шайқалмайтын майда жүрісті ат екен. Бұл күйлерді Заманбек топ ортасында көп шертіп, содан ел ішіне кең таралған.
254. «Бұтабайға арналған кеңес»
Қайрақбай заманында Бұтабай деген кісі аға сұлтандыққа сайланыпты. Бірақ, Бұтабай ағайынның қадірін, алаштың құрметін ұмыта бастаған кезінде, ауыл ақсақалдарымен бірге Қайрақбай да барып «құтты болсын» айтып, елдің береке-бірлігін, тілегін ұмытпауды түйін етіп, бір кеңес күйін тартқан екен. қазірге дейін Тарбағатай өңірінде осы күй «Бұтабайдың кеңес күйі» деп аталып кеткен. Ал Бұтабай домбыра тартқан адам емес, тек күй оған арналғандықтан осылай аталған.
255. «Ой толқыны»
Өз кезінде Қайрақбай орта жүздің бір жиынына барғанда, рулар арасындағы алауыздықтың салдарынан билердің басы қосылмауға айналыпты. Бұл жағдайды білген Қайракең көпшілікке ой тастау үшін табанда бір күй тартыпты. Осы күйдің әсерімен сьез сәтті ашылған екен. Үлкендер: «бәрімізге ой салған Қайрақбайдың осы күйі болды. Бұл күйдің аты – «Ой толқыны» болсын», – деп сол жерде-ақ күйдің атын тұрақтандырған екен.
ШОҢМАНҰЛЫ ТОҚА /1830-1914/
256. «Саржайлау»
Тоқаның «Саржайлауының» дүниеге келуіне қатысты ел ішінде екі-үш түрлі әңгіме айтылады. Біріншісі, қырғыз манабы Шәбденнің асымен байланысты айтылатын әңгіме. Алатаудың қазақ-қырғыз болып тең жайлаған апайтөс алқымында Шәбденнің әйдіңгер асы беріліп, оған қазақтың жеті уезінен игі жақсылар шақырылады. Арқаның Ақтау дуанынан Сайдалы Сары Тоқа бастаған бір топ адам келеді. Тоқа құр қол келмейді, Шәбденнің асының жөн-жоралғысы деп елу меңсіз қара жылқы айдап келеді. Бұған қоса әнші-күйшісін, сұңғыла шежірешісін, жауырыны жер иіскемес балуанын, үкілеген бәйге атын, қысқасы, тамақсау мешкейіне дейін жанына ертеді. Содан Алатауды теңселткендей айтулы ас беріледі. Аста Тоқаның Тайқасқа деген аты аламан бәйгеден бірінші келіп, Бақа деген балуаны белдескенін жығып, өзі қырғыз-қазақ домбырашыларын аузына қаратып, үш бірдей жеңіске ие болады. Сол жеңістердің жүлдесі ретінде мың сом ақша, үкілеп кілем жабылған жеті арғымақ, жеті тайтұяқ алтын Тоқаның алдына тартылады. Сонда Тоқа: «Бұл дүние мені пейішке енгізер деймісің, салдым ошаққа, жеті уезд елінің басы бүйтіп күнде қосыла бермес, қылдай етіп бөліп беріңдер!» – деген екен. Содан, Шәбденнің асы тарқап, абыройы аспандаған Тоқа серіктерімен елге қайтып келе жатқанда: «О, шіркін, біздің Арқа елі осы кезде бой жазып, жайлауға шашырап қонып жатыр-ау!» – деп, туған жеріне деген сағыныш сазындай бір күйді ат үстінде шертеді. Тоқаның әйгілі «Саржайлауы» осылай шығып еді дейді, ел ішіндегі әңгіменің бір парасы. Бұл дерек бойынша «Саржайлау» күйінің алғашқы тыңдаушылары Жетісу жұрты болған.
257. «Төрт толғау»
(І нұсқа) Тоқаның қартайған шағында ел-жұртқа қадірлі болып танылған Жалмағамбет дейтін үлкен ұлы қырық алты жасында дүние салыпты. Сол жылдың қары қалың түсіп, көктемде Жалмағамбеттің бейіті су астында қалса керек. Бұған Тоқаң қатты күйініп, ұлының сүйегін қайтадан дөңес жерге қоюды ниет етсе, ауылдың молдасымақ діндар адамдары: «Жаназа шығарарда «Аманат!» деп жерленбеген мұсылман баласының мүрдесін қазу күпірлік, кітап сөзінде орнынан қозғалған пенде о дүниеде бейіштің қарасын көре алмақ емес», – деп наразылық білдіріпті. Тоқаның әйгілі «Төрт толғау» дейтін күйі осы бір қасірет шектірген оқиғаға орай шыққан. Жай шықпаған, көкірекке кептелген шер тарқамай, қайта-қайта толқый лықсып, төрт күй болып шыққан. Ер жетіп, елге қадірлі болған баласының өлімі – бір қайғы, төңірегіндегі күйреп қалған ет жақындарының қасірет шегуі – екінші қайғы, күтпеген жерден Жалмағамбеттің деген топырғаның суға қарық болуы – үшінші қайғы... Қысқасы, әрбір күйзеліс сәтінде Тоқа домбырасына ғана мұңын шағып, домбырадан ғана күйзелген жанына жәрдем тілеп, «Төрт толғау» атты тізбекті күйін дүниеге әкелген. Бұл күй өз ішінде «Естірту», «Арнау», «Ана жүрегі», «Немере зары» деген бөлек-бөлек атауларымен белгілі. Осы жолы қожа-молданың қарсылық жасағанына қарамай, Тоқа Жалмағамбеттің сүйегін дөңес жерге қайта жерлеткен. Өзінің жанын түсінетін ел азаматтарына арқа сүйеп, соларға жүрек азабын шағым еткендей, сауға сұрағандай: «Дүниенің тұтқасы «Аманат» деген жалғыз ауыз сөзде тұрса, қылша мойным талша, көтердім бәрін де. Болмаса көктем шыққан сайын баламның су астында қалғанын көріп, пенде болып отырмай-ақ қояйын... Уа, ағайын, Жалмағамбетімнің басына барыңдар... жерді жырып су ағызыңдар... бесікшесін қайта ашыңдар... өлгеніне көнгенде, өзгесіне көнбейтін несі қалды, егер Жалмағамбетімнің денесі бұзылмаса, маған сүйінші сұрап хабар беріңдер!» – деген екен. Қыста жерлеген мәйіт бұзылмайды ғой, ұйықтағандай болып жатқан Жалмағамбетті Тоқа мен бәйбішесі Көрік келіп көреді. Сол жерде Көрік дауыс салып, былай деп жоқтау айтыпты дейді:
Айналайын Құдай-ау!
Қапалық салдың басыма,
Толтырып көзді жасыма,
Боздағымнан айырып,
Қабырғамды майырып,
Қамалдым қайғы қосына,
Көресім менің осы ма!
Қара бір таудың алқымы-ай,
Болғанда қаңтар салқыны-ай,
Жаннатқа жаның қонсын деп,
Жатағың жайлы болсын деп,
Жауып ед торқа топырақ.
Жылаулы болған халқың-ай!
Құданың ісі жөн болар,
Жылаусыз күнім кем болар,
Наурыздың туған айында
Сел ағып сала-сайында,
Жамбасыңа су тисе,
Көкірегіме шер толар!
Бұл істі салса Құдайым,
Ақсарбас тағы сояйын,
Көзімді жаспен ояйын,
Ағарған шашты жаяйын,
Торқа деп қойған жеріңнің,
Топан су алса маңайын
Қалай да ғана шыдайын!
Осы жоқтау өзінің ерекше сазды, мұңды сарынымен күні бүгінге дейін ел арасында айтылады. Көз көрген қарттардың айтуында, Тоқаның ақындық шалымы да ешкімнен кем болмаған. Жаңағы жоқтау мен оның мұңды сарынын бәйбішесіне Тоқаның өзі шығарып беріп еді деген сөз бар. «Төрт толғау» күйінің соңғы «Немере зары» деген бөлігі Тоқаның немересі, Жалмағамбеттің баласы Хамитке қатысты. Сол кезде Хамиттің есі кіріп қалған кезі екен, әкесінің суық тәнін мүрдеден шығарып, қайта жерлерде «көкелеп!» өліктің үстіне құлап, үлкен-кішінің сай сүйегін сырқыратып еді дейді. Бұған Тоқа да бейтарап қарай алмай, кейін «Немере зары» деп атап күй толғаған.
258. «Төрт толғау»
(ІІ нұсқа) Бір жылы Тоқа мал жайылатын құнарлы жер іздеп, Иманақ тауының етегендегі Исен дейтін шұрайлы жерге барыпты. Сол жерден ауылдың қонатын орнын белгілеп, жанындағы жігіттерге құдық қаздырып, оларға: «Елді көшіріп келіңдер, біз осында күтеміз», – деп, жанында жеті жасар баласы бар Тоқа әлгі жерде қалып қояды. Тоқа атының ерін алып жайылысқа жібереді де, көгалға тоқымды төсеп, айнала табиғаттың сұлу көркіне қызықтап қарап біраз отырады. Сәл тынығып, қолына домбырасын алып бір мезет күй тартады. Күйге берілгені сонша, тіпті, жанында жүрген баласын ұмытып кетеді. Домбырасын тартып болып, баласы есіне түсіп шақырса, бала көрінбейді. Айналаны шарқ ұрып іздейді, таппай, сілесі қатып шаршаған Тоқа тамағы кеуіп шөлдеп, су алып ішейін деп құдыққа келсе, судың бетінде қалқып жүрген баланы көреді. Баласын құдықтан шығарып, өзі отырған жерге әкеліп жатқызады да, бетін жауып қояды. Өзі қатты қапаланып, қайғырып, үкілі сары домбырасынан күңіренте бір күйді тарта береді. Сол мезетте ауыл да көшіп келіп, жаңа конысқа үйлерін тіге бастайды. Бірақ Тоқа баласының өлімі жайлы ешкімге тіс жарып ештеңе айтпайды, жұртқа сездірмейді. Ал сұрағандарға:
– Ойын баласы ғой, балам шаршаған шығар ұйықтасын, – дейді. Ел үйлерін тігіп, түгел орынға отырып жайғасады. Мал сойып, кешкі тамақ ішіліп, жұрт жата бастады-ау деген кезде, Тоқа домбырасын алып, күңіренген бір күйді тарта береді. Тоқаның күйлері құлағына қанық отбасы, мына тартқан күйінің бұрын естілмеген жаңа екенін бірден сезіп, әйелі:
– Мынау бұрын тартылмаған, естілмеген зарлы күй ғой, қайдан шықты? Не пәлеге бастадың? – деп сұрайды. Бірақ Тоқа бұларға ешқандай жауап қатпай күйін жалғастырып тарта береді. Күйдің тіліне түсінген Тоқаның әйелі:
– Құртқан екенсің ғой жалғызды. Домбыра қақсады ғой, жалғызым, – деп жылай бастайды. Сол кезде Тоқа:
– Тоқтатыңдар жылауды! Ел жаңа қонысқа келіп, қуанысып жатқанда, түн ішінде дауыстап жылап ауылды дүрліктірмеңдер. Кетер бала, кетті. Жылағанмен қайта келмейді. Бізге қазыр дауыстап жылауға болмайды. Домбырамен ғана жылайтын күніміз болды бүгін. Менің әлгі тартқаным «Естірту» күйім еді, – депті Тоқа.
Тоқа «Естірту» күйін тартып болып, енді мына тартатыным балама арнаған «Арнау» күйім, – деп бір күйді күңіренте тарта беріпті. «Арнау» күйдің бітуіне әрең шыдап отырған әйелі:
– Әкелші бермен домбыраңды! Ішім жанып барады, құлыныма мен де бір зарлап күй тартайын, – деп домбыраны алып «Зарлау» күйін тартып, күй аяқтала бергенде, талып жығылады. Бұл жағдайды естіп отырған Тоқаның шешесі күңірене келіп:
– Әкелші домбыраны! Мен де құлыным деп жоқтап жіберейін немеремді, – деп, «Жоқтау» күйін тебіренте тарта беріпті.
Сонымен Тоқаның «Төрт толғау» күйі өмірге осылай келген екен.
САРЫМАЛАЙ /1835-1885/
259. «Сансызбай»
Сарымалайдың сыбызғышылық өнері ауыл арасына ғана емес, төңірегіндегі Орда, Орынбор сияқты қалаларға да кеңінен мәлім болған. Мұндай орындарда Сарымалай қолдан қолға тимей, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленеді екен. Тіптен сыбызғышының асыл өнеріне тәнті болғандар астына ат мінгізіп, үстіне киіт кигізіп, зор құрмет көрсететін болған. Бірде Сарымалай ел аралап жүріп, Сансызбай деген байдың ауылына тап болады. Сансызбай өзінің кең ордасында әйгілі сыбызғышыны қолқалап отырып, ұзақ таңға күй тартқызады. Тіптен, күйшінің жол соғып шаршап келгеніне де қарамай, әр күйдің аңызын айтқызып, беріле тыңдайды. Содан, таң алдында дем алуға сыртқа шыққан Сарымалайға ауыл жігіттері: «Апырай, біздің байекең алуға жомарт, беруге сараңдығын сізге де көрсетіп, тұла бойыңыздағы күйді сауып алды-ау!» – деп әзіл айтады. Сансызбайдың сараңдығын Сарымалай үнсіз ғана ішіне түйіп алады. Ертеңінде Сарымалай жол жүрмекші болады. Ауыл жігіттері айтса айтқандай, Сансызбай мыңғырып мал айдаған байлығына қарамастан Сарымалайға ешқандай жөн-жоралғы жасамай, сұлу-сыпайы қоштасады. Сонда Сарымалай сыбызғысын алып, кешегі күйлерінен мүлде бөлек бір күйге салды дейді. Сол жерде күй тыңдап отырғандардың бірі: «Мынау бір тың сарын ғой, бұл күйіңіз не деп аталады?» – деп сұрайды. Оған Сарымалай: «Бұл күйімді басқаға сараң болса да, тыңдауға жомарт Сансызбайға арнадым», – дейді. Мұны естіген Сансызбай қызара ұялып, бір жағынан сараңдығын жұртқа жайып жіберер деп қысылып, сол жерде әйгілі күйшіге ықылас көрсетеді. Сарымалайды қолқалап отырып қайтадан төрге шығарып, «сыбағаң» деп қой сояды, «жолың» деп иығына шапан жабады. Бірақ, өнер шіркін өлетін мал, тозатын дүниенің шылауында жүрмейді ғой. Соның бір айғағындай болып, бүгінгі күнімізге «Сансызбай» күйі жеткен.
260. «Ақсақ құла»
(ІІ нұсқа) Кіші жүздегі он екі ата Байұлының бір бұтағы Адай болғанда, Адайдан тарайтын іргелі рулардың бірі Қырықмылтық деп аталады. Сол Қырықмылтықтың бір тармағы Мұқалдың ішінде Қарабас деген қадірлі адам өткен. Қарабас дүние салғанда үш жүздің бір-бірімен құлақтас адамдары тегіс күйзеліп еді дейді. Қарабас балалары әкесінің асын Алшынның жуан ортасы деп Құмауытта өткізіпті. Үш жүзге сауын айтып, бас бәйгеге елу түйе, екі жүз елу қой тігеді. Қарабастың асында үш жүздің небір нәнталап ығай-сығайларынан басқа, қатысам деген үміткерлердің де бетін қақпайды. Сондай үміткерлердің бірі Табын ата елінен келген Жұбан деген жігіт екен. Мініп келген құла қасқа атының қолдауы түсіп, сылти басып келгеніне қарамай бәйгеге қосатынын білдіреді. Жұрт ішінде Жұбанды қыжырта кемсітіп, әжуа етушілер де болады. Жұбан мұның бірін елемей, құла қасқасын тәуекел деп бәйгеге қосады. Ұзын саны алпысқа тарта бәйге аттарының ішінде Жұбанның Ақсақ құласы жалғыз қара болып бірінші келеді. Осы оқиғаны көзімен көріп, көңіліне тоқыған Сарымалай сыбызғысына күй етіп тартқан екен.
261. «Жорға аю»
(ІІІ нұсқа) Ертеде бір аңшы аю аулауға тауға кеткенде, кішкене баласы әкесінің артынан ілесіп қалмайды, әкесі ол баланы аңғармайды. Қалың тоғайға кірген соң, бала әкесінің қарасынан көз жазып, жолдан адасып, жалғыз өзі беті ауған жағына жүре береді. Осы уақытта ол балаға аю шабуыл жасап, өлтіреді де, оны жерге көміп жатады. Бір кезде осы аюдың ізіне түскен аңшы, баласын жайғастырып көмгелі жатқан азулы аңның үстінен шығады. Аңшы аюды атады, бірақ оқ аюдың бір аяғына тиеді. Жараланған аю үш аяғымен қашады. Аюдың сондағы шабысы жорғаның жүрісін елесетеді. Екінші рет атқанда аюды құлатады.
БАЙСЕРКЕ ҚҰЛЫШҰЛЫ /1841-1906/
262. «Жекпе-жек»
Мүйізді Өтеген батыр еліне жайлы қоныс, шұрайлы мекен іздеп көп нөкерімен жолға шығады. Шығысында Бежінге дейін барып, батысында Еділге дейін жол тартады. Талай азапты басынан кешіреді. Ақтөбе деген жерге бет алғанда таң бозында алдарынан алып айдаһар шығып, кес-кестеп тұра қалады. Нөкерлерінің бәрі жанынан шошып кейін шегінгенде, Өтеген өзі жеке шығып айдаһармен алысыпты дейді. Батырды жеңе алмаған айдаһар кейін шегініп, Өтегеннің керуеніне жол беріпті дейді. Осы жекпе-жекті Байсерке күй тілімен бейнелесе керек.
263. «Төрт қарға»
Шу өзенінің бас жағын мекендейтін Ұлы жүзден шыққан орта шаруасы бар бір адам мұқтажсыз өмір сүріпті. Ақкөңіл, қолы ашық болғандықтан ауылдастары оны «Жомарт» атап кетіпті. Бірақ баласы болмай, соған қатты ренжиді екен. Жасы елуге аяқ басқан соң мұрагерлерден де үміт үзіп, Құдай салғанды көріп, жата береді. Жұбайы да қарапайым, жолдасының айтқанын екі етпей, тату-тәтті өмір өткізеді. Қоян жылы келгенде үлкен жұт болып, елдегі мал біткеннің бәрі қырылып, халық ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшырайды. Мұндай жағдай Жомартқа да жақсылық әкелмейді. Көктемге салым оның да қысып ұстап отырған бірді-екілі тұяғы шөбі болмағандықтан опат болып кетеді. Ол бала орнына жас малды: бұзау, қозы, бота, құлындарды бағып-қағып күтеді екен. Енді мал орнында оның қыстауында әрнемені шұқып, қарқылдаған төрт қарға қалады. Қарғалар шалдың жалғыз екенін сезгендей, бір орыннан екінші орынға секіріп жүріп, бір уақытта онсыз да қайыр сұрауға, болмаса өлуге бел байлаған жалғыз шалдың қасына келеді. Тіпті, олар да жалғызсырады ма, кім білсін, шалдың артынан ілесіп қалмай қояды. Шал бір нәрсесін ұмытқан кісідей сәл ойланып тұрып, жүгіріп үйіне барып, домбырасын алып шығады. Көктем лебін әкелген самал желдің ызыңына қосылып тұрып домбыраның шегіне қол соғады. Шал ескі бір күйді ойнап кетті. Домбыра халық басына түскен ауыр қайғыны сезгендей боздай жөнеледі. Күйде көңілсіз әуен тақырыбы өтіп жатыр, бірде аттың желісін бейнелейтін саз да естіліп қояды. Сонан кейін басын төмен салып, бір кез өзін-өзі ұмытқандай шал күйді өте бір нәзік сезіммен шерте жөнеледі. Үздік-создық дыбыстары барған сайын баяулап, әлсіреп барып күй аяқталады. Жан-жағына байқап қарайды. Төңіректе ешкім көрінбейді. Тек жаңағы төрт қарға ғана дөңгеленген көздерімен қарап қалыпты. Барлық жерде өлген мал, жандардың қалдықтары көрінеді. Жомарт домбырасын қайта қолға алып қарғалардың қарқылдаған үніне еліктетіп бір күй тартты. Домбыра төрт қарғамен қарғаша сөйлесіп кетті. «Сендерден басқа менің ешкімім жоқ, мені тастап кетпей-ақ қойыңдар, маған ештеңе қалмаса да, сендер үшін жететін азық мол», – дейді.
ЕСБАЙ (1842-қ.ж.б.)
264. «Айда бұлбұл, сайра бұлбұл»
Ел әңгімесіне қарағанда Есбай бұл күйді бозбала шағында домбырамен алғаш әуей болған кезінде шығарған екен. Жетімдіктің тақсыретін ерте көрген, сынық көңіл бала жігіт оңашаға барып зираттардың арасында отырып күй тартатын әдет шығарады. Бірде, күй тартып отырған кезінде төбесіне бір жалғыз бұлбұл құс келіп үйіріліп тұрып алады. Келесі күні сол көрініс айна-қатесіз қайталанады. Үшінші күні де солай болады. Екеуі бір-біріне әбден үйреніседі. Бұлбұл көкте, Есбай жерде, әрқайсысы өзінің мұңлы жырын толғап жүре береді. Кейіннен өзінің жалғыз мұңдасына арнап бозбала Есбай осы күйін шығарған екен.
265. «Үш атаның тартысы»
(І нұсқа) Кіші жүздің төресі Қаналы үлкен бір мәжіліс ұйымдастырып оған дүйім жұртты шақырады. Мәжіліс үстінде көптеген ойындар көрсетіледі, өнер сайысы болады. Ақырында күй тартысы басталады. Тартысқа үш кісі түседі. Олар: Байұлынан – Есбай, Әлімнен – Тоғызбай, Жетірудан – Науша қыз екен. Бірінші кезек Науша қызға тиеді. Наушаның тартқаны «Шилеме, шегелеме» күйі. Аңызда Науша бұл күй жайында былай депті-міс: «Бірде далада «Ақсүйек» ойнап жүргенде, шоңқаймамды тасқа соғып, өкшесін сындырып алдым. Сонда бір құрбы жігіт, ұсталығы бар еді, айдың жарығында шоңқаймамның өкшесін кәдімгі шимен шегелеп берді. Сондағы құрбымның өнеріне разы болып шығарған күй еді». Қазақ өнері – Шығыс өнерінің бір саласы, мұнда астарлап айту, символ мен ырым көп орын алады. Мысалы, бұл күйде әңгіме мүлдем ұста жігіттің өнері жайлы емес екені аңғарылады. Немесе ашып айтсақ, Науша қыз көңілдестік жайын меңзеп, емеурінмен жеткізген. Келесі кезек ата жолы үлкен Тоғызбайға тиеді. Тоғызбай «Қызыл қайың – Мамыт» деген күйді тартады. Бұл күйдің әңгімесін Тоғызбай былай деп түйген екен: «Бір жігіт, бір қызбен көңілдес болады. Бірақ өзінің олақтығынан, келген сайын иттерді шулатып, елге жария болып қалады. Содан кейін бірде, әсіресе белсене шауып жүрген бір қайың-қаптал итті манағы жігіт айдалада қуып жүріп, әбден сабап, бір аяғын сындырып қоя береді. Міне, сонда, «итті алдай алмаған жігіт қызбен не сөйлеспек?» деп шығарған күйім еді», – депті. Науша мен Тоғызбайдың арасында әлденедей, келісім, ұғысымның барын байқау қиын емес. Науша, қыздың көңілін таба білген епті жігіт жайын айтса, Тоғызбай жұғымы жоқ олақ, ебедейсіз жігіт жайын айтып отыр. Сол жиында отырған қыз-бозбалаға өнеге ғой бұл. Үшінші кезек Есбайға тиеді. Есбай сол жерде отырған халыққа қарап: «Уа, жарандар, мына екі домбырашы бұрыннан дайындап келген күйлерін тартты. Ал мен осы арада, табан астында шығарған күйімді тартамын. Және бұлар оң қағып тартса, мен теріс қағып тартамын», – деп «Теріс қақпай» күйін тартады. Атырау өңірінде Есбайдың шертісіне тәнті болмайтын адам болмаған. Жұрт: «Па, Байұлының домбырашысындай күйді ешкім шала алмас. Тазбала жеңді», – десіп шуласып кетеді. Сол кезде Қаналы төре: «Халықтың аузына Байұлының атын Құдайдың өзі салды ма, әлде Есбайдың бағы ма, білмеймін. Қош! Байрақ Есбайдікі», – дейді. Сонда елде болмаған бір оқиға болыпты. Айрандай ұйыған жұртты селк еткізіп, Науша қыз: «Дат», – дейді. Қазақта тіл кеспек, сөзін жұтқызу деген жоқ. Қаналы төре: «Айт!» – дейді. Науша қыз былай дейді:
– Уа, алдияр! Мен бірінші кезек өзіме тигенде сасып қалып, қолыма ілінген күйді тарта салып едім. Ендігі тілек – осы жиынға арнап, әкелген күйімді тартсам деп едім. Маған байрақ керек емес. Жұрт күйімді тыңдаса болды.
Халық та, төре де құп көреді. Науша қыз өзінің «Бұлбұл» атты әйгілі күйін тартады. Жұрт Наушаның саусақ алысына қайран қалып: «Апырмай, Байұлы бізді қолын олай сермеп, былай сермеп алдап кеткен жоқ па осы? Мына Наушаның қолы ілме күйге шебер екен», – дейді. Біреулер тіпті «Байрақты Науша алсын!» – деп қалады. Қаналы төре: «Ау, халайық, төре екі сөйлемейді. Бір тойда екі жоралғы болмайды, өздерің Есбайды жақсы дедіңдер. Мен «хош» дедім. Ал енді мына сөзің қай сөз? Қысқасы, төре бір-ақ байрақ береді. Ауылдың атынан сый-құрмет берсеңдер – оны өздерің білесіңдер», – дейді.
Осы кезде Есбай сөз алады:
– Уа, халайық! Осы жасқа келгенше талай тартысқа түстім. Осы уақытқа дейін өзім білген домбырашы менің алдымды кеспеп еді. Ешкім менен кейін күй тартпап еді. Ал енді Науша қыздың мына тартуын менің заманымының өткені деп білдім, – дейді. Дейді де, мұңайып отырып: «Өттің дүние» күйін қозғайды.
266. «Үш ананың айтысы»
(ІІ нұсқа) Әйгілі күйші Есбай Балұстаұлы (1842-1910) тартқан «Үш ананың айтысы» атты тармақты күйдің аңызын толық қалпында келтіре кетудің артықтығы жоқ. «Кіші жүзге аты мәлім Қаналы деген төре 1903 жылы сарыала күзге қарай әкесіне ас береді. Шежіре сөздің қисыны бойынша Кіші жүздің он екі ата Байұлы, алты ата Әлім, жеті ата Жетіру тармақтарының түпкі аталары бір болғанымен аналары бөлек болған соң «Үш ананың балалары» деп атайтын дәстүр бар. Сол үш ананың балаларына Қаналы төре сауын айтып, үш арыс елдің кіндік ортасы деп, ас беру үшін Сағыз өзенінің «Терісаққан» деген сағасына киіз үй тіктіреді. Қапысыз таңдалған шымдауыт, қияқты алапқа тігілген үй саны 900 болыпты. Үй бас сайын Хорезмнен алдыртқан ұнды бір-бір қаптан үлестіріпті. Мұның сыртында, келген қонақтарға сыбағасы деп үй ара бір тайдан, жолы деп үй бас сайын бір қойдан сойылады. Ол кезде астың көркі – ат бәйгесі, балуан күресі, өнер сайыстары. Сол дәстүр бойынша, алдын ала сауын айтушылар ат жарысының бас бәйгесіне өңшең бір өңді елу айыр інгеннің тігілетінін, бас балуанға бір үйір қысырақтың бұйыратынын, сондай-ақ осы аста үш ананың күйші-домбырашылары өнер өрелестіретінін, жеңімпазға үш жасар бұқа беріліп, иығына оқалы жібек шапан жабылып, құрметіне ту көтерілетінін хабарлайды. Межелі уақытында Кіші жүздің жақсысы мен жайсаңы бас қосқан ас басталады. Асты Қаналы төренің өзі басқарады. Ат бәйгесінде, Адай, оның ішінде Мұңал, оның ішінде Әли атасынан Нұрымның Тауаны деген байдың шұбар аты бірінші келеді. Тауан бай Қаналы төреге әрі құда, әрі қайын болса керек, «маған атағы да жетеді» деп, бас бәйгеге тігілген елу айыр інгенді ошаққа қалдырып кетеді. Сөз арасында айта кетуге болады. Тауан бай 1926 жылы қайтыс болып, келесі 1927 жылы ас берілген. Бұл ас Адай арасындағы ең соңғы ірі ас дейді көз көргендер. Қаналы төре берген астағы балуан күресінде Жетірудың жігіті бас балуан атанып, бір үйір қысырақты еншілейді. Содан, түздегі қызықтың солығы басылып, шөліркеген жұрт бір-бір сусындап алған соң, кезек үш ана домбырашыларының күй сайысына жетеді. Нәнталап күйшілер Қаналы төренің он екі қанат сары ала ордасына шақыртылады. Байұлынан аттай алпыс мүшеліндегі Балұстаұлы Есбай келеді. Әлімнен қырық жастағы Тоғызбай күйші көрінеді. Ең соңында Жетірудан әйгілі Алтынай күйшінің шәкірті он сегіз жасар Науша қыз жетеді. Күйшілерге Қаналы төренің өзі сарапшы болады. «Уа, ағайын! – деп Қаналы төре сөз бастайды. – Үш ананың бетке шығар күйшілері алдымызда отыр. Бұрынғы-соңғының дәстүрімен бұларды қара тартысқа, қала берді түре тартысқа салсақ, онда апталап тыңдауға тура келеді. Сондықтан, бір-бірден күйлерін тыңдап, «Теңіз дәмі тамшысынан белгілі» дегендей, төрелігімізді айталық». Отырғандар Қаналы төренің уәжін қабыл алады. Сол жерде «жолы жіңішке» деп, бірінші күй тарту кезегі Науша қызға беріледі. Ол кезде тартар күйінің бөгернайын танытып, мән-жайын айтып алатын дәстүр бар. «Бұл күйдің шығуына себепші оқиға басымнан өтіп еді, – дейді Науша қыз. – Бірде, айлы түнде ауылдың қыз-бозбаламен бірге ақсүйек ойнап жүріп етігімнің өкшесін тайдырып алдым. Сонда ақсүйекті бірге іздесіп жүрген жанымдағы жігіт етігімнің өкшесін ай жарығына қаратып отырып, шимен шегелеп бергені. Сол жігіттің өнеріне риза болғаннан шығарған күйім еді».
Науша қыз осылай дейді де, «Шилеме-шегелеме» деген күйін тартып шығады. Келесі кезекті «атасының жолы үлкен» деп, Тоғызбайға береді. «Менің күйіме де өз басымнан өткен бір оқиға себепші болып еді, – дейді Тоғызбай. – Жапсар ауылда Мамыт деген қыз болды. Әзіліміз жарасып, сөзіміз үйлескен жандар едік, ертелі-кеш бара қалсам, Қызылқайың деген иті күрпілдеп үріп алдымнан шығады. Қабаған ит қызды ауылға жолатпай діңкемді құртты. Содан бір күні қолыма таяқ ұстап, сайланып шықтым. Әдеттегідей алдымнан үріп шыққан итті қатты жасқап едім, жайына кетті. Мен де мұратыма жеттім. Сонда көңілім өсіп қайтқан соң шығарған күйім еді». Тоғызбай жорғадай сыдыртып күйін тартып шығады. Мұнан әрі күйдің кезегі Есбайға тиеді. Сонда Есбай: «Бұлар күйді оң қақты ғой, қайталау болмасын, мен теріс қағайын» деп, сол жерде «Терісқақпай» деген күйді шығарып тартады. Күй біткен кезде тыңдаушылар ду ете қалады. «Ойпырм-ай, бұл Есбайға дауа жоқ екен... Түрткені де, шерткені де күй ғой... Табан астында тыңнан шығарып тартты-ау» деседі. Көптің қолдауына Қаналы төре де қосылып, «Бәйгенің иесі – Есбай» деп айтып салады. Сол жерде Науша қыз уәж айтады: «Қадірлі ағалар, – дейді, – кезек тосын тиген соң, қолым үйренген күйді тартқаным рас еді. Болмаса, шығарып тарту біздің де қолымыздан келеді. Маған бәйгенің де, байрақтың да керегі жоқ. Осынау асқа құр қол келмейін деп, құлағын шығарып келген жаңа күйімді тартып берейін». Науша қыздың уәжін Қаналы төре бастаған жұрт қабыл алады. Іле Науша сарыны тың, қағысы тосын бір күйді лекілдете жөнеледі. Отырғандар жаңа күйге сүттей ұйып, құлақ түреді. Әсіресе, Қаналы төренің Күнтай атты бәйбішесі ұмсына түсіп құлақ түргенде жаулығы сырылып, шашының көрініп қалғанын аңғармайды. Күй делебе қоздыра құлдыраңдап барып бітеді. Күнтай бәйбіше апыл-ғұпыл жаулығын түзейді. Мұны байқап қалған Науша қыз күліп: «Менің күйіме ең беріліп тыңдаған адам Күнтай апамыз сияқты, сондықтан бұл күйдің аты «Күнтай» болсын», – дейді. Ақылды қыздың қылығына риза болған Қаналы төре қабақ серпіп, Науша қыздың алдына «зер бұйымыңды салып жүр» деп күміс сандықша қойдыртады. Осы кезде Есбай отырып тіл қатады: «Апыр-ай, менен кейін күй тартылмаушы еді, дәуренім өтейін деген екен-ау!» деп, сол жерде «Өттің дүние» деген күйін тартады. Күй тереңнен толғап, күңірене дөңбекшіп, отырғандардың ойын сан саққа жүгіртеді. Сонда Тоғызбай күйші: «Сабыр, Есаға, сабыр! Өлмейтін өнердің алды-артында дүбірі қалың болмайтын ба еді. Мұндайда шүкірлік еткен жарасар», – деп, сол жерде «Әләйлім жалған» деген күйін шертеді. Күй біткен кезде аңтарылған жұрттың ішінен біреу сөз бастайды: «Ау, ағайын, осы біз мына Байұлының қолын олай-бұлай сермегеніне алданып қалған жоқпыз ба?» – дейді. Бірінен-бірі өткен күйдің әсері суымай отырған жұрт дабыр-дұбыр болып қалады. Бірі – «Наушаның қолы шебер екен», келесісі – «Жоқ, Тоғызбайдың сарыны сұңғыла болды» деседі. Өршіп бара жатқан дауға Қаналы төре басу айтады: «Жә, ағайын, дейді, – бұл бір айта жүретін өнер сайысы болды. Осы жерде тегін тартылған күй жоқ, бәрі де кісіліктің сойылын соғып, жөн-жобасымен тартылды. Олжаның үлкені сол болса керек. Дегенмен, кесім айтылып қойды. Енді мені екі сөйлетпей-ақ қойыңдар. Жеңіс Есбайдікі, құрмет туын көтеріңдер! Ал, Науша мен Тоғызбай болса, олар да сый-құрметке әбден лайық екен. Риза етіп аттандыру мойнымызда болсын».
267. «Жалды қара»
Тұржанның айтуы бойынша «Жалды қара» күйінің тууы былай болыпты: Домбырашы Есбайдың тұсында Таз руында Көпен деген халыққа беделі бар, ауқатты адам болыпты. Көпеннің отыз жылқысы, бес түйесі, 40-50 қойы болса керек. Бір жылы қыс қатты болып, мал түгел боранға ұшыраған. Сонда Көпеннің де малы өліп, жалғыз қара айғыры ғана тірі қалады. Жалы тізесіне төгілген қара айғыр, жазғытұрым үйірін іздеп, қолды-аяққа тұрмай, бекітсе бекітуге, байласа байлауға көнбей, кісінеп, ауылды айнала шауып жүреді. Мұны көрген Есбай:
– Шіркін, жануарым-ай, жалғыз қалып зарыққан екен, – деп күй шығарады. Содан халық арасына Есбайдың «Жалды қара» күйі болып таралып кетіпті.
ДҮКЕНҰЛЫ ЫҚЫЛАС /1843-1916/
268. «Айрауық»
Ықыластың бұл күйіне де өткен заман оқиғасы арқау болған.
Ертеректе Ақшахан деген хан болған екен. Айналада анталаған жауы көп, ат үстінде күн кешер жортуылы мол заман болса керек. Күндердің бір күнінде ел тағдыры сынға түскен, ердің басы бәйгіге тігілген ұлы сүргін, жаугершілік болыпты. Сонда жауды жеңіп, жалауы желбіреп қайтқан Ақшахан көзге түскен батырлардың басын қосып, той жасап, сый-сияпат көрсетеді. Осы бас қосуды Айрауыққа айрықша ықылас көрсеткен хан: «Айрауық сен – ел еркесісің, қашан көзім жұмылғанша бетіңнен қақпаймын», – деп, жұрт алдында жария етіп еді дейді. Сол кезде Ақшаханның бой жетіп, толықсып отырған жалғыз қызы болады екен. Айрауықтың осы қызға көңілі кетеді. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген емес пе, Айрауықты қыз да ұнатса керек. Сөйтіп, Айрауық пен хан қызы бір-бірімен көңіл жарастырған соң Ақшаханға сөз салады. Ақшахан болса: «Жалғыз қызымның ұнатқан адамы Айрауықтай батыр болса, Айрауықтың қалағаны менің қызым болса, екі жастың қалауы болсын!» – деп, ұлан-асыр той жасайды. Сонан соң, хан қызына лайық жасауын келістіріп, қырық нарға жүк артып, Ақшахан жалғыз қызын ұзатады. Содан, Айрауық батыр хан қызын алып, нөкерлерін ертіп, көшкен елдей болып, көңілдері тасып еліне қайтып келе жатады. Сол кезде, есесі кеткен жаудың ел шетін торып жүрген жасағы бар екен, бір күні аңдып жүріп Айрауықтың көшіне тұтқиылдан шабады. Айла тауып, ақыл тоғыстыруға мұрша болмайды, арсы-күрсі айқас басталып кетеді. Қапыда соққан жау қоя ма, аз сәтте Айрауықтың жанына ерген жігіттерін баудай түсіреді. Айрауық жалғыз өзі қаша ұрыс салып, жауға теңдік бермейді. Сөйтіп жүргенде садағының адырнасы үзіліп, бойында басқа қаруы қалмаған Айрауықтың амалы болмай бір төбенің басында тұрып қалады. Ақшаханның ару қызын мол жасауымен қолға түсірген жау мәз болып, көшті бұра тартпақ болады. Осы кезде Ақшаханның қызы сауға сұрайды: «Некелеп қосылған қосағым еді, бұйрық осы шығар, енді тым болмаса бір ауыз тілдесіп, қоштасып айырылысуға ұлықсат етіңдер», – дейді. Мерейі үстем болып тұрған жау ару қыздың тілегін қабыл алып, Айрауыққа қарай алып жүреді. Сонда, Айрауыққа жақындап келген Ақшаханның қызы: «Ей, Айрауық, мұнша неге есің шықты, тарыққанда талғасын деп, қанжығаңа мейіз түйіп едім ғой», – депті. Сөйтсе, алдын болжайтын ақылды қыз «заман қандай болады» деп, түйе сіңірінен ширатып жасаған садақтың тарамыс адырнасын ерінің қанжығасына байлаған ғой. Жаңағы «тарыққанда талғажау етсін деп, мейіз түйіп едім» деп тұрғаны сол адырнаны меңзегені еді дейді. Бұл емеурінді Айрауық түсініп, садағына адырнасын тағып алып, жауға «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп қайта шабады. Қаруы келіскен Айрауық дес бермейді, қапысыз атып, қынадай қырып шыдатпай, ақыры жауды түре қуады. Сөйтіп, сүйген жарына қайта қосылып, аман-есен еліне келіп, мұратына жетіпті дейді.
269. «Бозторғай»
Бір жылы ел жазылып жайлауға шығып, төрт түлік мал Арқаның апай төсіне тұяқ іліктірген кезде Түсіпбектің үйіне әдеттегідей Әупік пен Нақып бастаған Дәулеттің ағайындары келеді. Қадірлі қонақтарына Түсіпбектің үй іші жайылып жастық, иіліп төсек болып, жандары қалмай күтеді. Түсіпбек қобызын сирек ұстайтын адам екен. Бірақ, сыйлы қонақтарының көңілі үшін қобызын алдырып, әдеттегідей інісі Ақынбайға құлақ күйін келтіртеді, шайырын жаққызып баптатып алады. Түсіпбек қобыз алдыртқаннан-ақ үй төңірегіндегі бала-шағаның дабырын тыйып, үй ішіндегілер тиісті орындарына жайғасып тыныштық сақтайды. Тек қана босаға жақта тұғырда отырған бүркіт «қияқ-қияқ» деп шақырып, тыныштықты бұзғандай болады. Ақынбай кіржің етіп: «Қолбала емес, түзден алған құс еді, қайыруға көнбей қойды, қайсар екен», – деп, қонақтардың алдында ақталғандай шырай танытады. Үйдің ши жағында Түсіпбектің Шәмшиядан туған Шырын деген қызы ши түбіндегі қара сабаның сылдырмақты піспегін қызықтап тұрады. Жаңа қаз басуға жарап қалған Шырынның үстінде қызыл көйлегі болса керек. Содан, Түсіпбектің қобызды қолына алғаны сол екен, босағадағы бүркіт дүр сілкінгенде тұғыр басына орай салған балақ бауы босап кетеді. Аяғының босағанын сезген асау бүркіт тұяғымен сарт-сарт ұрып, томағасын сыпырып түсіреді. Томаға түсісімен жанары жарқ-жұрқ етіп, үйдің ішіндегілерді жұтып жіберердей бір шолып шығады да, көзін саба түбінде селтиіп тұрған қызыл көйлекті Шырынға қадайды. Іле лып етіп тұғырдан қарғып түскен бүркіт балпаң-балпаң басып теріс қарап сылдырмақпен ойнап тұрған Шырынға қарай жүреді. Үй ішіндегілер сілтідей тынып, аңырып қалады. Себебі, түз тағысының мінезі аян, дәл қазір тосын қимылды сезсе болды, көз алдындағы қызылды қызғанып тұяқ жұмсауы мүмкін. Бүркіттің шалт қимылы жай оғындай жылдам екенін, сол жерде жат қимылмен жарысып тұяқ жұмсаса, баланы майып қылатынын, әсіресе, құсбегі Түсіпбек жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де Түсіпбек тығырықтан шығар шешімді өзі табады. Үй ішіндегілер «енді қайттік!» деп булығып отырғанда Түсіпбек қолындағы қара қобызын сыза жөнеледі. Қиян дала, қиыр шеттен талып жеткендей бір тосын сарын үздіге сұңқылдап келіп, ширыға шырылдайды. Сонда, қызыл көйлекті баланың ту сыртына төніп келген бүркіт мойнын қылқыңдатып, ашық тұрған түндіктен зеңгір көкке көзін төңкере қадап тұрып қалып еді дейді. Бүркіттің қобыз үніне алаңдаған сәтін пайдаланған Ақынбай лып етіп орнынан тұрып, түз тағысын тік көтеріп әкеп тұғырына қондырады.
270. «Жалғыз аяқ»
Бағаналы Сандыбайдың Ерденінің баласы қайтыс болғанда Ықылас өзінің «Ерден» деп аталып кеткен жұбату күйін тартқан. Сол жолы Ықыластың арқалы өнеріне тәнті болған Ерден Тамалардың барымталанған жылқысының қайтарылуына себепші болған ғой. Оған қоса Ықыластың алғаш рет алыс-жақындағы бас көтерер білікті адамдарға танымал болатыны да осы кез. Тама руының игі жақсыларына олжа салып, өз ағайындарының арасында да зор беделге жеткен. Осы сапар Ықыластың қанатты өнеріне тәнті болған Ерден сый-құрмет көрсетіп, астына ат мінгізеді, иығына шапан жабады. Содан Ұлытаудағы Ерден ауылынан көңілдері көтеріңкі аттанған Тама елінің адамдары Сарысу бойындағы қонысына ертерек жетуге асығып, суыттау жүрсе керек. Сол суыт жүріске шыдамай, Ықыластың Ерден ауылынан сыйға мінген аты ақсап, қолдауы сөгіліп қалады. Бұл топтың ішіндегі ең жасы Ықылас болған соң үлкендер жағы әзілдеп: «Әй, Ықылас, осы сенің қобызыңның дауасы күшті болып тұр. Жалғызынан айырылып, жер бауырлап жатқан Ерденнің қайғысын сейілтіп, басын жерден көтерттің. Ол аз дегендей, Ерденнің көнтақым ұрылары әлдеқашан сіңіріп кеткен малымызды қайтарттың. Енді мына Ерденнен мінген пырағыңның жанын қинамай, сол қобызыңның өнерін тағы көрсетіп, бір шипа келтірмейсің бе», – дейді. Ұзын жолда ерігіп келе жатқандарға ермек керек, басқалары да әлгі сөзді қолдап, кеу-кеулеп кетеді. Сонда Ықылас жасы үлкен ағаларының сөзін әзіл де болса жерге тастамай, ат үстінде келе жатып қобыз тартады. Сарыны да, ырғағы да бөлек соны саз әлгінде ғана әзілдеп келе жатқан үзеңгілестерін елең еткізеді. Күй еркелей толқып, сырғи созылып барып аяқталғанда тыңдаушылары: «Өй, мынауың тың сарын болды ғой!» – деп таңданыс білдіреді. Сонда Ықылас бағанағы әзіл сөзге әзілмен жауап қайырып: «Енді қайтейін, иен далада ерімді арқалап жаяу қалар жайым жоқ. Мына ақсақ атыма шипа болсын деп тартқан күйім ғой!» деген екен.
Кейін бұл күйі ел ішіне «Жалғыз аяқ» деген атпен тарап еді дейді.
271. «Жезкиік»
Көктемнің шуақты күндері бел алып, Арқаның Бетпақдаламен жапсарындағы Ақтау, Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулары ерекше шұрайланған кез екен. Ел жазылып жайлауға шыққан, көңілдері көтеріңкі, мәре-сәре. Осындай бір табиғат пен адам қауышып, жайлаудың қызық күндері басталған шақта дәулескер күйші Сайдалы Сары Тоқаның үйінде Арқаға даңқы жайылған күйші-домбырашылардың басы қосылып қалса керек. Олар: «Сары Тоқаның інісіндей» болып кеткен қобызшы Ықылас, ән мен күйді тел меңгерген Дайрабай, домбыраға тіл бітіретін Қыздарбек. Бұлардың бәрінің де ауылдары Сары Тоқа ауылына жапсар. Сонсоң да, Тоқаның жасының үлкендігін сыйлап, ел жайлауға шыққан кезде арнайы келіп сәлем беруді әдет еткен. Орайы келген сәтте бас қосу, сырлы сұқбат, кезек-кезек тартылған әсем күйлер бұлардың көңілін көтеріп, шабыттарын шалқытады. Осындай бір шақ болса керек, көгалға сары ала сырмақ төсетіп, сары қымыз сапыртып, сұхбат құрып отырғанда ауыл іргесіндегі жоннан асып төгілген алтындай болып қалың киік көрінеді. Ғажайып көрініс әркімді-ақ қайран қалдырады. Сонда, қашаннан ұшқыр ойлы, шалт мінезді Тоқа отырып: «Мынау бір, көз алдыңнан кетпесе деп тілейтін сұлу сурет екен. Шыныменен сұлулықты дыбыс етіп саусақтарыңа ілгендерің рас болса, осы суретті күй етіп көріңдерші!» – дейді ғой. Табиғаттың еркін өсіп, желмен жарысқан ерке киігін тамашалап отырғандардың ішінде Тоқаның әлгі өтінішіне алдымен Ықылас елеңдеп, аз-кем абыржи толқып отырады да, қара қобызына қол созады. Іле қыл қияқты құшырлана шалып, әлгі бір сұлу суреттен бірде кем емес сырлы сазды құйқылжыта төгеді. Күй бір тыңдауға ойнақы болып көрінгенмен, осынау даланың мұң-сырын тұяғына ілестірген арман-киіктей болып, азаттықты дәріптейді. Күй де бітеді, қалың киік те қыр асып, көзден таса болады. Сонда, көкірекке қуаныш өксігі болып кептеліп, жанары жасаурап отырған Дайрабай алдымен тіл қатады. «Апыр-ай, Ықам-ай, адам жанын айтқызбай түсінетін жампоз екенсіз ғой! Тусаң ту! Әлгі сырлы саз қырдың қызыл киігін қиялдағы жез киікке айналдырып жіберді-ау!» – деген екен. Сол жерде «Жезкиік» деген атпен тұсауы кесілген күй кешікпей-ақ байтақ қазақ даласына тарайды... Бұл – қазіргі Жезқазған облысына қарасты Жаңаарқа ауданының жерінде қыз бұрымындай Көктал деп аталатын өзеннің бойында 1880 жылы жаз айларының бір мамыражай шағында болған оқиға. Ел ішінде «Жезкиік» күйіне қатысты мұнан басқа да бір аңыз айтылады. Ықыластың үлкен әкесі Алтын бармағы майысқан зергер болыпты дейді. Сол кезде тамалармен жапсар Қоңыр төренің ауылы отырады екен. Бұл – әйгілі Құдайменде төренің бел баласы. Құдаймендеден Қоңыр, одан Бегалы, Жаналы деген екі бала болған. Бегалыдан Жәңгір туған. Осылардың қай-қайсысы да төрелігіне қоса төңірегіне байлығымен де даңқы жайылған, жуансіңір шонжарлар болған. Бірде Қоңыр төре өзінің бой жетіп отырған қызының жасауын келістіру үшін Алтын зергерді арнайы шақыртып, жаз бойы зер бұйым жасатады. Алтынмен бірге ер жетіп қалған немересі Ықылас еріп келеді. Жай еріп келмейді, жасы ұлғайып қалған атасының бірде көрігін басып, бірде көмірін тасып, қолқабыс тигізеді. Қоңыр төренің қызы өзіне арнайы зергер бұйым жасалып жатқан соң, күн сайын ұстаханаға келіп, бірде саусағын, енді бірде білегін өлшетіп кетіп жүреді. Сөйтіп, жүріп Ықылас екеуі жақын танысып, сөздері жарасып, бір-біріне көңілдері құлайды. Әсіресе, Ықылас тұңғыш рет бозбала сезіммен құлай беріліп, жан дүниесі жалынға оранғандай күй кешеді. Оның үстіне Қоңыр төренің қызы атастырған жігітіне салқындау болса керек. Бұл да Ықыластың қабырғасын сөккендей жүрегін сыздатады. Аз уақытта танымастай өзгеріп, мұңая тұйықталып жалғыз ғана қобызымен сырласқандай ертелі-кеш күй шалады. Мұнің бәрін зерек атасы Алтекең сезіп жүреді. Немересінің уыз сезімін аяп, іштей күйзеледі. Бірақ, амал бар ма?! Содан, күндердің күнінде төре қызының зер бұйымдары да жасалып бітеді. Қоңыр төре мейлінше риза көңілмен: «Алтеке, қолың құтты болсын, мынау қол майың», – деп, алдына екі үйір жылқы салады. Сонда Алтын алғысын айта отырып: «Көңілің зерек, құлағың түрік төресің ғой, баламның күйін тыңда», – деген екен. Мұнысы, төремен сүйек боламын деп дәмесін зорайтпаса да, екі жастың бір-біріне ынтық сезімін емеурін еткені еді дейді. Қоңыр төре бұл емеурінді түсінеді. Түсінбегенде ше, атасы иек қағуы мұң екен Ықылас жаз бойы жас жүрегіне жұбаныш болған күйін лекіте шалып жөнеледі. Сырты сұлу тың сарын естір құлақты елең еткізіп, жүрдек ырғағына еліктіре үйіріп жөнелгенімен, күй астарындағы мұңлы сезім жүректі шымырлатып сығымдағандай болады. Сонда, Қоңыр төре де іштей мүжіліп, өзінен-өзі шөгіп, үн-түнсіз отырып қалған екен... Кейін, арада жылдар өткенде Ықылас жолаушылап келе жатып қалың қорым, моланың арасынан әлдекімнің мұңлы даусын естіп, ат басын бұрады. Жақындап келсе үсті-басы өрім-өрім, ағара бастаған шашы ұйысқан, есі кірерлі-шығарлы бір бейбақ әйелді көреді. Бұл баяғы Қоңыр төренің Ықылас ғашық болып, өзінің әйгілі «Жезкиік» күйін арнаған қызы еді дейді.
Ықыластың әйгілі «Қоңыр» күйі осы Қоңыр төреге арналып еді деген сөз бар.
272. «Ерден»
(І нұсқа) Бірде Ерден жапсар жатқан Таманың Қазы деген әлдісімен қырбай болып, қыр көрсету үшін алалы жылқысын ойсырата айдатып алады. Жылқышылар дереу із кесіп, ұрланған жылқылардың Бағаналы еліне тірелгенін анықтайды. Кешікпей-ақ, Ерубай би бастаған Байзақ қажы, Берден, Иманмырза, Есеншора батыр, Барлыбай, Тіленші, Құлтас қатарлы Таманың игі жақсылары Ерденнің алдына өту үшін атқа қонады. Берсе, ақадал малын айдап қайтып, бермесе бетін біліп қайтпақшы болады. Сол кезде Дүкенұлы Ықылас жиырмаға әлі тола қоймаған жігіт екен. Өз еліне қобызшылығымен танылып, тіптен өз жанынан күй шығарып, жұрт аузына іліге бастаған кезі болса керек. Ерденнің ауылын бетке алған Таманың игі жақсылары Ықыласты да атқосшы етіп ерте жүреді. Содан, Таманың жоқшылары Ерденнің ақ ордасына келіп ат басын тірейді. Сол жерде осыдан бір күн бұрын Ерденнің Әйменде деген ұлының қайтыс болып, қаралы күйде екенін естиді. Маманың игі жақсылары аза үстіне тап болған соң иба сақтап, Ерденге көңіл айтудан арыға бармайды. Ерден болса жұбату сөздердің бірде-біріне селт етіп мойын бұрмастан, ах ұрып теріс қарап жатып алады. Ерденнің бұл сияқты қайғы жұтып, қасірет шеккен халі тек қонақтарды ғана емес, бүкіл Бағаналы елін дағдартады. Сөз біледі, жөн біледі дегендердің көңіл білдіріп, басу айтуы Ерденнің басын жерден көтерте алмайды. Сонда Бағаналы елінің Шоқай /Құлжабай деп те айтады/ деген шешені келіп былайша басу айтаса керек:
Ассалаумағалейкүм Ерден!
Кеткенің бе кердең.
Мен Шоқай ағаң,
Алыстан көңіл айта келген,
Кел, кәне, көріселік,
Басыңды көтер жерден!
Басыңа бақыт құсы қонып,
Жасыңнан орын алдың төрден.
Жаратқан пұлсыз беріп, құнсыз алды,
Нең бар еді Құдайға берген?!
Сенің шикі өкпе балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны мына мен көзімнен көргем,
Қолымнан көмгем.
Өлген қайтып келмен!
Ауырды жер көтереді,
Жерді жел көтереді,
Қазаны ел көтереді,
Қайғыны ер көтереді.
Қарадан туған хан емес пе едің,
Айырдан туған нар емес пе едің?
Кеше әкең Сандыбай өлгенде,
Қасында мен бар емес пе едім?
Сен сонда жалаңаяқ бала емес пе едің?
Жаманның басына іс түссе бойлай береді,
Көтер басыңды,
Қарсы ал досыңды!
Босатпа беліңді,
Жасытпа еліңді! –
деп сөз тастайды ғой. Сонда ғана Ерден:
– Е-е, бастасым келген екен ғой! – деп, жастықтан басын көтеріп отырады. Бірақ, қайғыдан есеңгіреп, ешкімге назар салмастан еңсесі түсіп отырып қалады. Тек, анда-санда құмыға уһілеп, тұсында сүйеулі тұрған қара қобызын сипап қойып, шерін босатқысы келгендей шырай танытады дейді. Қобызды сипай отырып, «Жазғызым, құлыным!», – деп булыға күбірлейді.
Осылайша қара қобызына Ерден әлденеше рет қол созады. Кеудесін кернеген зарды сыртқа шығарар сарын тілегендей болады. Ерденнің басындағы осындай қайғылы халге босаға жаққа тізе бүккен Ықылас та куә болып отырады. Өлімнің жолы ауыр ғой, ол да іштей егіліп, Ерденнің басындағы қайғыны қобыз тілімен сарната сөйлеткісі келеді. Бірақ, осынау азалы шаққа қаншалықты араша түскісі келіп отырса да, төрге баса-көктеп шығып қобызға қол тигізуге батпайды. Осындай күйде үш күн, үш түн өтеді. Әймендені арулап қойып, өліктің үшін береді. Көңіл айтшылардың алды соңғы басу сөздерін айтып аттана бастайды. Ерден болса сол өзімен өзі болып, тіс жармаған қалпы қара қобызына мұңая қарап қойып отырған қалпынан танбайды. Ал, Таманың игі жақсылары болса үн-түнсіз аттанып кетуді жөн көрмей, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін ісейді» деген қисынды сөздерін айта отырып, келген шаруаларын емеурін етеді. Сол жерде Ерден бір-ақ ауыз сөз қайтарады:
– Өз малым иесіз қалып жатқанда өзгенің малын қайтемін! – деп келте қайырады да, орнынан тұрып, сыртқа шығып кетеді.
Ерденнің бетін білген соң Таманың ер-азаматтары қайтуға жиналады. Осы кезде неше күндей қобызға ынтық болып, бірақ мынандай қаралы шақта қол созуға батылы жетпей булығып отырған Ықылас төрдегі қара қобызды ала салады да шалып-шалып жібереді ғой. Жай шалмайды, үш күн бойғы Ерденнің «беу, жалғызым, құлыным!» деп күрсіне егілген сөзін сөйлете сызады. Сол қалпы Ерденнің көкірегіне кептелген зарды аңырата созып бір қайырады да қобызды іргеге сүйей салады. Осы кезде сырттан ентіге басып Ерден кіреді. Көзі жасаурап, иегі кемсеңдеп, омырау ашылып кеткен. Кірген бетте үй ішіндегі Таманың жоқшыларын бір шолып өтеді де:
– Апыр-ай, біреуің қобыз тарттыңдар ма, жоқ әлде, менің кеудемді кернеген қайғы сыртқа шыққысы келді ме?! Бір сарын сұңқылдап есімді алғандай болды-ау! – депті.
Сонда үй ішіндегілер Ерденнің толқып, бұзылып тұрған өңінен қаймығып, жерге кіріп кете жаздап еді дейді. Тек бір қарт отырып:
– Ау, Ерден, сабыр-сабыр! Мұнша неге боркемік болып кеткенсің. Мына бір бала балалық жасап, қобызыңа қол тигізіп қойды, – деп Ықыласты көрсетеді.
Осы кезде Ерден екі иығын басқан зіл батпан жүкті алғандай, еңсесін түзеп келіп орнына отырады. Сонан соң басын көтеріп, қабағын ашып, Таманың жоқшыларына мойын бұрып тіл қатады:
– Уа, Таманың жақсы-жайсаңдары! Тай-тайлақты екінің бірі ұрлайды. Рас, мен сендерден мал ұрлап едім. Ал, сендер менен адам ұрлапсыңдар! Неше күннен бері менің қайғымды қызықтағанша сол қайғыма араша түсер адамның барын айтсаңдар болмай ма?! Іздегендерің мал болса табылар, қайғымды сейілтер күй табылмас... Бел шешіп жайғасыңдар, қобыз тыңдайық! – деген екен.
Неше күн бойы азалы ортада толқумен болған Ықылас қолына қара қобыз тиісімен тың сарынды сыза жөнеліпті. Қобыздың қоңыр үні «бе-еу, жалғызым, жалғызым!» деген шерлі сөзді жоқтау айтқандай азынай созып бастап, «айналайын қарағым-ай, үйбай-ай!» деп күңірене толғап, күрсіне қайырады. Қыл қобыз ішегін тарта жылап, азалы жанның зарын төгеді. Өтпелі өмір, опасыз жалған туралы тұңғиық ойларға батырады...
Сонда Ерден:
– Пай-пай, мұндай да жорға болады екен ғой! Десе десін-ау, десе десін-ау! – деп, қайғыдан сейілгендей шырай танытқан екен.
Сөйтіп, осы жолы Таманың игі жақсылары Ықыластың қобызының арқасында ұрлаған малдардың көзі барына көзін алып, көзі жоғына төлеуін алып, ат-шапан айып үшін алдарына қосақ салып, арттарына тіркеу ертіп, абыроймен елге қайтады. Ал, Ықыласқа арнайы сый-сияпат жасап, иығына оқалы шапан жабады, астына ат мінгізеді. Ықыластың осы жолы Ерден алдында тартқан көңіл айту күйі ер арасына «Ерден» деген атпен тарап еді дейді.
273. «Ерден күйі»
(ІІ нұсқа) Ықыластың туған жері – Тама әкімшілік тұрғысынан ол кезде Ақмола уезіне бағынатын. Ояз бастығы, басқаша айтқанда «дуанбасы» Ерден деген біреу болады. Ол ешкімнен, ешнәрсемен санаспаған ниеті қара, қатал жан атанады. Ол әсіресе негізгі тұрғындары Арғын руы болып саналатын бұл жерге ауып келген Тама руына тым қыспақтық жасайды. Екі руды таластырып, Ерден өзінің бас қамын ойлайды. Бір күні Тама руының өкілі жинаған алым-салыққа мүсе тұтпаған Ерден, Арғындармен шектес отырған Тамалардың жылқысын қуып әкелуге өз шабармандарын жұмсайды. Таманың адамдары «абыройлы, беделді» Ерденге келіп ешбір жазықтарының жоқ екенін, тиісті алым-салықтарын тиісінше төлегендерін айтып, мал-мүліктерін қайтарып беруін өтінеді. Олардың сөздерін құлағына ілмеген Ерден, тіпті «түрмеге айдаймын» деп қорқытады. Тіпті, ол ол ма, Ерденнен көңілі қалған оның бір атшабарманы Ықыласты қамшымен сабалап бәлеғаттап оның жалғыз атын тартып алады, қобызын тағы сындырмақшы болады. Ашуға булыққан Ықылас жаяу болса да Ақмолаға барып «дуанбасына» өз көзімен көрген атшабарман әділетсіздігін айтуға бел буады. Бірақ ауылдастары Ықыластың бұл ойын мақұлдамайды. Ерден ол ойлағандай ақкөңіл емес, ол қайта біздің жылқымызды қайырып беруді өтінген ақылды азаматтарымызды дымсыз қуып жіберген, «ол, сені, Ықылас тіпті кісі құрлы көрмейді» дейді олар. Бірақ Ықылас ауылдастарының бұл ақылын тыңдамайды. Жолда ол «Жалғыз аяқ» күйін шығарады. «Егер би бір ауылды ғана билесе, – дейді Ықылас, – менде жүрегі таза, ар-ұяты бар адамдарды билейтін күш бар, менде, менің өтінішімді «жарым патшаның» өзін тыңдауға мәжбүр ететін қобыз бар». Жолда – Ақмолаға жақындағанда, Ықылас Ерденнің сүйікті ұлы Айменденің өліп, оның ауыр қазаға ұшырағанын, Ерденнің кеңсесінде сирек болатынын естиді. Қолтығына қобызын қысып, Ықылас Ерден үйіне келеді. Алдынан қарсы шыққан Ерденнің малайы «дуанбасының» үйде екенін, бақсыны қабылдауға құштар екенін айтады. Ол кезде қобыз ұстағанның бәрі бақсы атанатын. Басын төмен түсіріп, Ықылас төр үйге кіреді. Қайғысына ортақтасқандай болып, ол қысқаша дұға оқиды да, өзінің қобызын ала салып қайғылы-қазалы күйін ойнай бастайды. Күйдің музыкасына шыдай алмаған Ерден мен оның үй-іші ұзақ жыласады. Қайталап тағы және тағы ойна дегендей Ерден Ықыласқа басын изеп белгі береді. Көңілі толған Ерден Ықыласқа жақсылап қонағасын беріп, кетерінде: «Қандай өтінішің бар еді?» –деп сұрайды. «Менің бір ғана өтінішім бар, егер мүмкіндігі болса Тама руының жылқысын қайтарып бергізуіңізді сұраймын», – деді Ықылас. Ерден бұл өтінішін орындайтынына уәде береді, Ықыластың тағы бір неше үйінде жатып, өзінің қобыз ойнап, үй ішінің көңілін аулауын өтінеді. Ерденнің ұлы Айменде өліміне арнап шығарған Ықылас күйі халық арасына «Ерден күйі» атанып тарап кеткен.
274. «Қазан»
«Қазан» күйіне қатысты ел ішінде мынадай бір сөз бар. Ықылас өз кіндігінен Түсіпбек, Мақұлбай, Ақынбай деген үш ұл көрген. Үшеуі де әке өнерін шашау шығармай, бойларына дарытқан қобызшылар болған. Осылардың ішінде үлкені болған соң ертерек шаруаға араласып, ағайынға бас-көз болғаны Түсіпбек. Еті тірі Түсіпбектің қотанына мал бітіп, саудасы сәтімен жүріп, әжептәуір дәулет иесі болған адам. Бір жылы Арқа байлары мен серіктесіп Ірбіт жәрмеңкесіне кіре тартады. Өзімен бірге «әрі серік боласыңдар, әрі ел-жер көресіңдер» деп, әкесі Ықылас пен інісі Мақұлбайды ертіп алады. Ірбіт жәрмеңкесінде саудасы сәтімен жүрген Арқа байлары іргеде тиіп тұрған Қазан қаласының қазыналы дүкендеріне соға жүруді ниет етеді. Бірге келіп, бөлек қайтудың қисынын таппаған Түсіпбектер де амалсыз Қазандатып қайтпақ болады. Осы сапар Қазан қаласына жеткенде Мақұлбай тосын бір дертке шалдығып, дүние салады.
Сонда Ықылас:
«Қазанға мен барғаным,
Мақұлбайдан қалғаным!..» –
деп, өзінің жоқтау күйін тартып еді дейді.
Бұл күйі кейін ел ішіне «Қазан» деген атпен тарайды.
275. «Ханшайым»
Бір жылы Кенесары қалың қолымен Арқаның Бетпақдала жақ жапсарындағы Болат, Тайатқан, Шұнақ, Мұңлы, Қулы тауларын тұрақ етеді. Бұл жерлер Шұбыртпалы, Тарақты, Тама руларының іргелес қонып жайлайтын мекені. Сол жылы Кенесары інісі Наурызбайдың жанына қырық жігіт қосып, Кіші жүздің Тілеуқабақ деген ірі байына аттандырып, жасағына жұмсайтын мал алдырмақ болады. Наурызбайдың от пен судан қайтпай жалындап тұрған кезі. Оның үстіне қаһарлы ағасына арқа сүйейді. Сонсоң да батыл қимылдап, Үшбурыл өзенін қиып өтіп, Тілеуқабақтың үш қос жылқысын айдап, жөнелсе керек. Сол кезде Тілеуқабақтың ер жеткен Әлі, Мұса деген екі ұлы, Қаншайым атты ақылына көркі сай қызы болады екен. Қолды болған малының соңына түскен Әлі мен Мұсаны Наурызбай жалғыз өзі қарсы алып, екеуін де қуып тастайды. Сонда, намысқа шыдамай Қаншайым атқа мініп, Наурызбайды жекпе-жекке шақырады. Күш-қайратына сенімді Наурызбай қызға қол көтеруге намыстанып, Қаншайымды сөзге тартады. «Қол көтеріп қарсыласатын емес, құшақ ашып жар ететін жан екенсің», – депті Наурызбай. Сонда Қаншайым: «Құшақ ашып жар етсең, басыңа басым тең, Наурызбай! Бірақ, ата салтынан үлкен емессің, өлетін мал мен тозатын дүниенің жолында аруаққа шет болмағайсың!» деген екен. Сол жолы Наурызбай Қаншайымның ақыл-парасатына тәнті болып, көңілі құлай беріліп, жылқыны өз өрісіне кері айдатады. Сонан соң, Тілеуқабаққа кісі салып, құдалық сөйлесіп, ақыры Қаншайымды алып қайтады. Қаншайымның келін болып түскен жері Болат, Тайатқан, Шұнақ тауларының Бетпақдала жағындағы Майтөккен деген жер. Кенесары соңынан ерген жалғыз інісінің бас құрауына ұлан асыр той жасайды. Көп мал сойылып, ақ май ағып, майлы сорпа көп төгілген осы жұрт кейін Майтөккен аталып кеткен. Наурызбайдың үйлену тойы дүрілдеп өткен соң, екі жасқа арналып алтын үзікті ақ отау тігіледі. Ел-жұрт Наурызбай мен Қаншайымға ақ тілеу айтып, оң аяқпен босаға аттатады. Жортуылда жүрген елдің ұйқысы сергек, етек-жеңі жинақы болатын әдеті ғой. Бірде, Наурызбай ерте тұрып, жасақ қосын аралауға кетеді. Сонда, сыртта жүрген Кенесары отау үйдің жанынан өтіп бара жатып жабықтан қарап еді дейді. Бұл кезде Қаншайым отау ортасына қойылған жез леген үстінде суға түсіп тұрса керек. Кенесары өңі жылып, жымия күлген қалпы бұрылып кетеді. Ханның осынау тосын қылығын байқап тұрған бәйбішесі «мұның не?» деп сұрағанда, Кенесары: «Бір шүйкебасқа бола құр қол келгені қалай деп пұшайман болып жүр едім, Науанымның қосағы үш қос жылқыға тұрады екен!» – депті. Бұл сөзді естігенде ханның ырымшыл бәйбішесі: «Апыр-ай, көзің жаман еді, сұғың өтер ме екен, түкір, түкір!» – деп шыр-пыр болады. Айтқанындай, арада үш күн өткенде ару Қаншайым аз сәтте қарайып дүние салады. Ел-жұрт күні бүгінге дейін Қаншайым сұлуға Кене ханның көзі тиіп еді дейді... ...Осы оқиғаны бала кезінде жалықпай тыңдап өскен Ықылас есейген шағында күй етіп тартып, оны «Қаншайым» деп атаған. «Қаншайым» десе дегендей, күй мейлінше нәзік сырлы, сұлу бітімді. Қарапайым ғана қайырымдары тыңдаушы көкірегіне тез қонақтап, бірер толғамда тез жатталып, күй тынған соң да әсем сарыны қайта жаңғырығып соңынан қалмайды. Әсіресе, жалқы ішекпен сыза қайыратын тұстары Қаншайымдай арудың ойлы мұңға батқан парасатты тұлғасын санаңа ұялатқандай болады.
276. «Қасқыр»
Ықыластың жастау кезінде әкесі Дүкен өзімен бірге Қоянды жәрмеңкесіне ертіп барыпты дейді. Онысы, ел көріп, жер танысын деген әкелік қамқорлығы болса керек. Арқадағы Мұңлы, Қулы тауларын жайлап отырған тамалардан шыққан жолаушы Қоянды жәрмеңкесіне бару үшін жолай сайдалы, тоқа, тарақты, карсон, керней руларының жерін басып өтеді. Бұл жерлерді Желтау, Ақтау, Ортау, Қызылтау, Бұғылы, Тағылы деп аталатын Арқаның сиыртаңдай, қатпарлы таулары алып жатыр. Алыстан жатаған болып көрінгенімен, бұл таулардың қолтық-қойнауы аңғарлы, тал, терек, қайың, мойыл сияқты ағаштары ұйыса біткен, қалтарысы мол. Мұның өзі сол заманның жол торыған ұры-қарысына, барымта-сарымтасына таптырмайтын мекен болғандай. Содан, Дүкен мен Ықылас әкелі-балалы болып, Қоянды жәрмеңкесінен ырғалып-жырғалып қайтады ғой. Жолай Бұғылы, Тағылы тауларының терең шатқалды сайларын қуалап, «мұнан өтсек өзіміздің Қызылтау, Ақтаудың да сілемі көрінер» деп келе жатады. Бір мезгілде жалғыз ғана асуы бар кезеңнен өте бергенде сойылдары шошаңдаған бес-алты аттылы «Таста! Таста!» деп, тап береді. Ес жиып болмайды, Дүкен мен Ықыласты сойылмен жасқап, ат сауырындағы қоржындарын іліп әкетеді. Базаршылап баюды күйттеп жүрген Дүкен жоқ, бала-шаға қолға қарар деп алған болмашы қант-шайдың ұрыларға олжа болғанына өкінбейді де. Сөйтіп, карсон, кернейдің ұрыларына қоржындарын ғана алдырғанына риза болып, Дүкен мен Ықылас елге келеді. Елге келген соң, ағайын-туған, көрші-қолаңмен жүздесіп болған соң, Ықылас көптен ұстамай сағынып келген қара қобызын қолға алады. Шайырын жағып, құлақ күйін келтіріп болған соң, сарыны мүлде бөлек бір күйге салады. Күй деуге де келмейтін, қасқырдың ұлығаны, қаншықтың қыңсылағаны сияқты тосын дыбыстар шығады. Енді бірде, даланың бір үйір аш бөрісі қосылып ұлығандай ұзақ сарын азынап тұрып алады. Қобыздың көкжал бөрі болып ұлыған тосын үнінен ауыл үйдің иттері шошынып, шабалана үріп, азан-қазан болады. Сонда Дүкен: «Шырағым-ау, мұның не?» – дегенде, Ықылас: «Көке, танымай отырсыз ба, кешегі Бұғылы, Тағылының ішінде кездескен қасқырлар емес пе!» – деген екен. Ықыластың тырнақалды күйлерінің бірі болған осы сарын кейін ел ішінде «Қасқыр» деген атпен тараған.
277. «Саржан төре»
Оқиға 1833 жылдар шамасында Арқа тамаларының ру басы Итемген би мен Кенесарының ағасы Саржан төренің арасында болған. Абылай заманында Еділ, Жайық бойынан ығысып келген Таманың Жөгі, Шақа деп аталатын бұтақтары Бетпақдаланың Арқа жақ пұшпағынан қоныс алған. Шөбі сұйық, суы кермек қуаңдау жерден қоныс тигеннен бе екен, Тамалардан мыңды айдаған мыңғырған бай шыға қоймаған. Оның есесіне елінің есесін жібермейтін еңіреген ерлер мен дуалы ауыз билер, мінген атын шәйі жібекпен тұсаған сал-серілер мен біртуар өнерпаздар шығып баққан. Әсіресе, Таманың шеберлері соққан сырлы күмбездер күні бүгінге дейін сағымды белдерде суреттей болып көзіңді тұсайды. Міне, осынау қатал табиғат ортасында, қатал заманда өзін-өзі қағып оттатқандай болып отырған бейбіт руға бірде Саржан төре кісі салып, жасаққа жұмсар мал сұратыпты дейді. Сол кезде Тама жұртының ақыл сұрар ақсақалы Сеңгірбайұлы Итемгеннің жасы тоқсанды алқымдап, екі көзі көруден қалған кезі екен, Саржан төренің кісілерін құр қол қайтарыпты. Содан, күндердің бір күнінде Қарсыадыр мен Манадырдың арасындағы Ботақан көлін жайлап, ханнан қаперсіз отырған тамаларға «Саржан төре бастаған мың қол елді шапқалы келе жатыр» деген хабар жетеді. Суық хабардан үрпиісіп, не істерін білмей абдыраған ел Итемгеннен ақыл сұрайды ғой. Сонда Итемген мың түйе шығартып, олардың өркешіне тымақ кигізіп, бүйіріне сырық бойлатып, Манадырдың керме иық жазығына шығартады. Таманың Араб, Қоңырбай, Дүйсенбай деген үш батырына мың түйені қоғамдап иіріп тұруды тапсырады. Сонсоң жау келер беттегі еңселі шоқының басына сырмақ төсеттіріп, Итемгеннің өзі жайғасады да, «Енді тырп етпей күтіңдер» деп ақыл береді. Кешікпей-ақ даланың шаңын шүйкедей созып Саржан төренің қалың қолы көрінеді. Елеуреп, екпіндеп келе жатқан қалың қол Манадырдың қайқаңына іліккенде күтпеген көріністен тосылып, амалсыз тізгін тартады. Өркештеріне тымақ кигізіп, бүйіріне сырық байлаған мың түйе Саржан төре үшін жер қайысқан қолдай болып көрініп еді дейді. Сол жерде Саржан төре: «Мал ашуы – жан ашуы, Тамалардың қабағы қату екен, текке шығынға ұшырамайық», – деп, қалың қолымен кері қайтып кеткен екен.
Кейін осы оқиғаны Тама ішінің бір ақыны:
«Әз болған Итемгеннің екі көзі,
Кітаптан кейін емес айтқан сөзі,
Шапқалы мың кісімен Саржан келіп,
Қорқытқан кереметпен жалғыз өзі», –
деп өлең шығарады.
Ел ішінде жиі айтылатын бұл оқиғаны Ықылас қобыз тілінде сөйлетіп, «Саржан төре» атты күй тартылғанда ши жылаушы еді», – деп отыратын.
278. «Шыңырау»
(ІХ нұсқа) Ықыластың бұл күйінің шығуына да ел ішінде айтылатын аңыз әңгіме себепші болса керек. Сол аңыз әңгіменің бір нұсқасы былай айтылады. Ертеде қанаты туырлықтай Шыңырау деген самұрық құс болыпты. Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бәйтерекке ұя салады екен. Сол ұясында жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарып жүреді. Балапаны қара қанат болып, жетіле бастағанда төңіректің аң-құсы жанынан безіп жоғалып кетеді екен де, самұрық құс қомағай балапанына айшылық алыс жерлерден шеңгелдеп жем тасиды екен. Бірақ, амал қанша, айшылық алыс жерлерден таңын созып, топшысын талдырып, өліп-өшіп жеткенде балапаны ылғи ұяда жоқ болып шығады. Сөйтсе, сол төңіректі мекен еткен бір әбжылан Шыңырау жем іздеп кетісімен бәйтерекке өрмелеп шығып, балапанды лебімен тартып, жұтып кетіп жүріпті. Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан, Шыңырау әбден зәрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды екен. Сонда, Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады дейді. Енді бірде, туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады екен. Ондайда, жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді. Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып қартаяды. Бұл өмірден енді ұрпақсыз өтем-ау деп, уайымдап жүргенде тағы да бір жұмыртқа көріп, балапан басып шығарады. Кешікпей-ақ, балапаны басы бақырдай қара қанат құс болып, өсіп жетіледі. Көзіне көрінгенді алмап-жалмап, қақшып жұтып, төңіректің ұсақ-түйек аң-құсына тоймайтын болады. Сол кезде Шыңырау жалғыз балапанына жем іздеп, қинала-қинала тағы да алыс сапарға ұшып кетеді. Сол заманда елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, ел-жұртына қорған болған Айдос атты бір батыр болады екен. Бірде, Айдос батыр жол жүріп келе жатып, мидай далада елді торыған жаумен соғысып жүріп елсіз-күнсіз қиян шөлге шығып кетеді. Ай жүріп, апта жүріп, астындағы аты шөлге шыдамай ұшып өледі. Сонда Айдос батырдың өзегі талып, көзі қарауытып келе жатса мидай далада бір алып бәйтерек өсіп тұр дейді. Сол жерде батыр бәйтеректің көлеңкесін саялап, дем алуға тізе бүгеді. Дем алып отырса, бәйтеректің ұшар басынан шырылдаған балапан дауысы естіледі. «Бұл неғылған балапан?» деп қараса, бәйтеректі бірнеше сақина етіп ораған бір әбжылан ұядағы балапанды арбап, жұтуға оқталып тұрғанын көреді. Сол жерде, Айдос батыр селебесін қынынан суырып, әбжыланның басын шауып тастайды. Балапан болса, адамша сөйлеп, Айдос батырға алғысын айтады, жай-жапсарын түсіндіреді. Осы кезде, аяқ астынан дауыл тұрып, алып бәйтеректі сықырлата ырғайды. Бұған балапан қуанып, Айдос батырға бұл дауыл шешесі Шыңыраудың қанатынан ескен желдің екпіні екенін айтады. Әлден уақытта шүмектеп жаңбыр жауады. Балапан одан сайын қуанып, мына жаңбыр жақындап қалған шешесінің көз жасы екенін айтады. Сонан соң Айдос батырға: «Менің шешем алыс жолдан шаршап, уайым шегіп, ашуланып келе жатыр ғой. Келген бетте көзіне түссең жазым етуі мүмкін. Ашуын басқанша менің қанатымның астына жасырына тұр», – дейді. Айдос батыр балапанның айтқанын істейді. Айтқанындай, кешікпей-ақ самұрық құс та жетеді. Сықырлатып ағаш басына қонады. Балапанының амандығын көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына қысып мауқын басады. Сол кезде ғана секем алып, балапанынан: «Адам иісі шығады ғой!» – деп сұрайды. Балапан шындықты жасырмай, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Сонда самұрық құс балапанының қанатын көтеріп: «Ей, адам баласы, аспан астында менен күшті жоқ қой деуші едім. Қателеседі екенмін. Жер бетінде сенен ақылды, сенен күшті, сенен бақытты тіршілік иесі жоқ екен. Құдіретіңе құлдық, қолымнан келген жақсылығымды аямайын, қалауыңды айт», – дейді. Айдос батыр шөл далаға ұрынып, еліне жете алмай келе жатқанын айтады. Содан, самұрық құс Айдос батырды қанатына отырғызып алып, әп-сәтте еліне жеткізіп салған екен дейді. Ықылас күйші осы оқиғаға тебіреніп, қобызына салған ғой. Шынында да күйдің басы қанатынан дауыл есіп, көзінің жасы жаңбыр болып, балапанының амандығын ойлап, уайым етіп келе жатқан Шыңырау атты самұрық құстың шамырқанған мінезін білдіреді. Сонан соң, балапанын көргеннен кейін сабырлы қуаныш, шүкірлік сезім тәтті мұңға ұласып, қобыз тілінде жүрек шымырлата сарнайды. «Шыңырау» күйінің ел арасында мұнан басқа да аңыздары бар. Соның бірі, Шыңырау деген үлкендігі торғайдай ғана ақ құс екен деседі. Сол құс жылы жаққа ұшып келе жатып, жолай шет-шегі жоқ дарияға тап болады ғой. Алған бетінен қайтпай ұша берген екен, бірақ жағалау оңайлықпен жеткізбейді. Ақыры қанаты талып, титықтайды. Қанат бүгіп тыныс алар бұдыр болмай қалжырап, шыбын жанын қоярға жер таппай шырылдайды. Түпсіз дария мұны жұтатын ажалдай болып көрінеді. Содан, дәрмені бітіп, енді суға құлаймын-ау деп келе жатқанда дарияның бетінен жоны шығып жүзіп бара жатқан алып балықты көреді. Сол жерде қанатын бүгіп, балықтың жонына қонып тыныс алады да, дарияның келесі шетіне аман-есен ұшып жеткен екен дейді. Ал, дария үстіндегі Шыңыраудың қанаты талып, шырылдаған сәтін домбырашы күй етіп тартыпты дейді. «Шыңырау» күйінің келесі аңызы да құс туралы. Шыңырау деген бір құс биік шыңға ұя салса керек. Бірде, ұядағы аш балапандарына жем алып келе жатса, шыңның басын бұлт шалып тұрса керек. Ұяға тезірек жетсем деп заулай ұшып келе жатқан Шыңырау жартасқа соғылып, етекке құлайды. Қайта көтеріліп ұшайын десе топшысы сынған, дәрмені болмайды. Осы кезде құз жартастың басындағы аш балапандардың шырылдаған дауысы Шыңыраудың құлағына жетеді. Сонда, амалы таусылған Шыңыраудың көзінен шерлі жасы сорғалаған екен.
Осынау қайғылы оқиға күй тіліне түскен ғой.
279. «Шыңырау»
(Х нұсқа) Ықылас қобызшы жол жүріп келе жатып, бір өзеннің жағасындағы жалғыз ағаштың түбіне тоқтаған екен дейді. Астындағы атын отқа қоя беріп, ағаштың көлеңкесінде деп алмақ болған. Кенеттен шырылдап бәйек болып, ағашты айнала ұшып жүрген торғайға көзі түседі. Ықылас ағаштың басына көз жіберсе, әлгі ағаштың бұтағында ұя бар екен, содан бастары қылтиып-қылтиып тұрған балапандар көрінеді. Олар да жанұшыра шырылдайды. Сөйтсе, ағаштың бойымен ұяға қарай жылан өрмелеп бара жатыр екен. Балапандарға жаны ашып кеткен, Ықылас қамшымен жыланды ұрып өлтіріп, суға тастайды. Сол кезде құс та ұясына жетіпті. Сонда Ықылас: «Жыртқыштың аты жыртқыш деген осы-ау. Адам да, жылан да өзінен әлсізге зорлық қылады. Өмірдегі осындай қарау-қиянаттың қасіретін қобыз күйімен халыққа жеткізсем» деп ойлаған екен.
280. «Шыңырау»
(ХІ нұсқа) Бір батыр немесе жолаушы ұзақ жолдан шаршап келе жатып, күн ыстықта жапандағы бір өсіп тұрған алып бәйтеректің көлеңкесіне келіп демалады. Маужырап ұйықтап кеткен ол бір кезде тынымсыз шырылдаған дауыстан оянып кетеді. Бұл не екен деп басын көтеріп жоғары қараса, бәйтеректің жоғарғы жағында шырылдап зар қағып ұшып жүрген шыңырау құсты көреді және бәйтеректің басындағы шыңыраудың ұясында балапандардың шырылдаған даусын естиді. «Бұларға не болды» деп тағы да айналасына қараса, төменде оларды жеуге өрмелеп бара жатқан үлкен әбжыланды (немесе айдаһарды) көреді. Шыңырау құс оны ұясына жібермеу үшін арпалысып жүр екен. Жаңағы адам дереу қынабынан қылышын суырып алып жыланды шауып өлтіреді. Сөйтіп, құстың балапандарын ажалдан аман алып қалады. Осыдан кейін шыңырау құс батырмен мәңгі дос болуға уәде береді.
281. «Шыңдау күйі»
Ұлы жүздың бір тарауы Сиқым руынан шыққан батыр Тайлақ, тек күшімен емес, сондай-ақ асқан сыбызғышы ретінде танылған батыр болған. Бір күні Тайлақтың аулына мезгілсіз кезде шапқыншылар келіп, жылқысын айдап әкетеді. Тайлақтың Секер және Барақ атты екі ұлы шапқыншыларды қуып кетеді. Барақ соққыдан қаза табады, Секер жауын жеңіп, аулына оралады. Секердің қаза болған ағасын алып келе жатқанын алыстан көрген сексен жастағы әкесі сыбызғысын қолына алып ойнай бастайды, оның ойынынан:
«Секер менен Барағым,
Айналайын қарағым,
Біреуіңнен айрылып,
Бүгіле жерге қарадым», –
деген Тайлақтың зарлы жоқтауы естілгендей. Сыбызғының үнін естіген Барақтың әйелі бір жамандықтың болғанын сезеді. «Сыбызғы үні құлағыма келмесе екен» деп ол қапаланады. Сыбызғының жоқтауына жиналған жұрт, Тайлаққа көңіл айтады, бірақ ол ойнай береді, ойнай береді. Әлден уақыттан кейін қалжыраған Тайлақ, есінен айрылып, құлап түседі. Ықылас бұл күйді жаңа бояумен нақыштап қобызға салады.
МЕРГЕНБАЙ ЕРДЕНЕҰЛЫ /1843-1929/
282. «Арман»
(ІІІ нұсқа)
Мергенбай он алты жасында батыр атаныпты. Ол былай болған екен.
Текес өзенінің ар жағында отырған қалмақтар бер жағындағы қазақтардың малын шауып, қыздарын ұрлап, қайта-қайта мазасын ала беріпті.
Ердене асқан бай екен. Жылқысы Сырт жайлауда жататын көрінеді. Бес жүз кісі қол жинап, қалмаққа шабуыл жасамақ мақсатпен сол Сыртта ат үйретіп, ұрыс, шабыс, атысқа дайындалады. Солардың ішінде Мергенбай да бар екен. Әкесі оны сырт көзден тасада ұстапты. Тілден, көзден сақтағаны болса керек. Бірақ бала Мергенбай әкесінің рұқсатынсыз бес жүз адаммен бірге қалмаққа аттанады. Әуелі ежелгі ұрыс әдісі бойынша жекпе-жекке жол беріледі. Алғашқыда бес жүз кісіден қырық адам алға шығады. Соңында сол қырық адамнан екі-ақ адам суырылып жеке қалады. Екі адамның бірі Мергенбей, Екіншісі кіші әкесі Шыңғысбай батыр екен. Шыңғысбай батыр айтады:
– Балам, бірінші кезек кәпір қалмақтыкі. Босқа мерт боларсың. Жолды маған бер, – дейді.
– Жоқ, әке, – дейді Мергенбай, – шынымен ұл деп танысаңыз, жекпе-жекке мені жіберіңіз, – деп көнбей қояды.
Шыңғысбай амалсыз көнеді. Найзаның ұшында отырғандай дегбірі қашып, ұлының амандығын тілеп, әруаққа сыйынып, Құдайға жалбарына береді. Бірінші кезек қалмақтыкі екен. Алғашқыда білтелі қара мылтығымен атпақ болғанда, от алмай қалып, кезек Мергенбайға тиеді. Ақшолақ бірдеңке деген мылтығымен алып қалғанда, қалмақтың тұмағын ұшырып әкетіпті. Бұдан кейін семсерлесу басталады. Мергенбей жастық шапшаңдықпен а дегенде-ақ қарсы келе жатқан қалмақтың жарты басын жарып өтеді. Қалмақ ат жалын құшып құлайды. Мергенбей енді әрең дегенде аттан аунатып жерге сұлатып, семсерін көтеріп басын шабайын деп жатқанда, батыр қалмақ жарты басын көтеріп:
– Әй, батыр, жас екенсің. Сілтеуді білсең де, кесуді үйренбепсің. Шабуылды білсең де, шабуды білмепсің. Семсерің тағы қата тиер. Мә, кесер болсаң, өзімнің семсеріммен кес, – деп Мергенбейдың қолына ұстара жүзді семсерін беріпті.
– Сенің атың кім? – дейді Мергенбай.
– Бадыма, – дейді қалмақ батыры.
– Мен – Мергенбаймын! – деп көзі қанталаған Мергенбай семсерді көтере бергенде, Шыңғысбай:
– Балам, әлі жассың, мойныңа қан жүктеме. Нағыз ер екен. Өлсе, енді өз ажалымен өлсін, – деп тоқтатыпты. Сол жолы қазақтар қалмақты шауып, ендігәрі тиіспейтіндей етіп үлкен олжамен оралыпты.
Сонда Ердене ұлының ерлігін естіп, алдынан шығып:
– Сендей ұлды берген Алладан айналайын. Арманым орындалды. Құдайға мың да бір шүкір, – депті.
Сонда Мергенбай қалмақтың батырлығын айтып:
– Нағыз дос болатын-ақ жігіт екен, әттең... – деп арман қылыпты. Өмірінің соңына дейін сол арман көкейінен кетпей, ылғи «Арман» күйін тартады екен.
ШАЛ МЫРЗА /1850-1934/
283. «Жалтаң қарға»
Жапан далада өлексеге қонып, жемтік шоқыған қарға балапандарына ақыл айтыпты, – деп басталады аңыз. – Балапандарым, мен қартайдым! Үш жүз жасқа келдім. Өмірде көпті көрдім, көптеген нәрселерге куә болдым. Ал, енді сендерге айтар ақылым: әрдайым сақ болыңдар. Жейтін жемтіктеріңді екі шоқып, айналаға бір қараңдар, – дейді. Сонда анасына қосылып жемтік шоқыған қарға балапандарының бірі дереу басын көтеріп алыпты.
– Ләббай, қамқоршы ана! Айтқаныңның бәрі мақұл, қабыл алдық. Бірақ біз екі шоқып, айналаға бір қарағанша, бір шоқып, айналамызға екі қарасақ, қалай болар екен, – депті-міс.
284. «Мұңлы қыз»
(ІІІ нұсқа) Бұл күй халық арасында «Әуппәли, бөпем-ай», «Жетім қыз», «Мұңлы қыз» деген атауларға ие. Көп тараған аты – «Мұңлы қыз». Күйдің де, аңыздың да бірнеше нұсқалары бар. Сол аңыздардың бірінде былай делінеді: Бір жігіт әкеден жастай жетім қалып, шеше тәрбиесінде өседі. Тентек атанып өскен ол бетіне ешкімді келтірмепті. Шешесінің «мүмкін, тоқтар» деп үйлендірген ниетінен ештеңе шықпайды. Әйелі ұл бала туады, бірақ тоқтауына ол да септеспейді. Ақыры сол елдің ауқатты әулеттерімен сыйыспай, елден шеттеп кетеді. Маңайына адам топтап, байларға бөрідей тиеді. Бір күні өзі жоқта елін қарақшылар шауып, ауылды аяусыз масқаралап, қырып-жояды. Қан сасыған ауылда жігіттің қарындасы мен жалғыз баласы ғана тірі қалыпты. Ағасының жас баласын арқалаған қыз, жігіттің бекінген жеріне келіп, ағасына шешесі мен жеңгесінің, бүкіл ауыл азаматтарының қазасын естіртіпті. «Жігіт кек алу жолында атқа мінеді», – деп аяқталады шежіре-сөз. «Әуппәли, бөпем-ай» немесе «Мұңлы қыз» күйі өмірге осылай келіпті.
285. «Тәнтән қыз»
«Тәнтән қыз» тарихын айтушылар «Мырза бұл күйді бір үлкен тойда шығарған екен» деседі. Жаздың күні, ми қайнатқан шілде айы. Көрші ауылдың үлкен жиынында бас қосқан ел сауық құрды. Мырза ақ орданың туырлығын түргізіп тастап, күй дариясын тасытты. Кенет күйшінің көзі бөпесін жұбата алмай жүрген өрімдей қызға түседі. Мырза тани кетеді. «Жақында ғана шешесі өлген жетім қыз Жібек қой...» – деп іштей күбірлейді. Қыз қолындағы бөпесін жұбата алмай: «Әуппәли, бөпем-ай, әуппәли, бөпем-ай» деп, мұңлы әуен ырғағына қосылады. Мырзадан жанындағылардың бірі: «Бұл кіміңіз еді, танысыңыз ба?» – деп сұрайды.
– Ой шырақтарым-ай! Бұл бір шешесі өліп, қамкөңіл болған Жібек атты жетім қыз еді. Қолындағы көтерген бөпесі – анадан жастай қалған өзінен кейінгі сіңілісі. Мына – халық жиналған жиынға келейін десе, қолындағы бөпесінен келе алмай, келмейін десе, үйде жалғыз отыра алмай, енді міне, екі ортада тән-тән болып жүрген ғой, – деп, күрсінеді Мырза.
286. «Раздасу»
1925 жылдар шамасында «Ойынду» деген алқапта қыз ұзату тойы өтеді. Бұл – қазіргі Қазалы ауданы, Құмжиек елдімекенінен он шақырымдай жер. Шал Тілеубай деген кісі шобан төртқара Жәрішке Зада деген қызын ұзатады. Тойға әдейілеп Мырза шақыртылып, халыққа өнер көрсетеді. Ел-жұртын қимаған қыз аужар айтып, көңілі босайды. Осындай көріністерден көкірегіне ой түйген Мырза «Қыздың ел-жұртымен арыздасуы» деген күйін тартады.
287. «Ташауыз»
Мырза Ташауыз жерінде базар аралап келе жатады, – деп баян етеді күйдің ұзын-ырға тарихы. – Халық жиналған жаймада бір түркімен жігіті дутар тартып, өнер көрсетіп отырады. Түркімен жігітінің тартып отырған күйінің аты «Ташауыз» екен. Бұл қандай күй дегендерге: «Мына Ташауыз көпірін салған ерлердің құрметіне арнаған күйім», – деп, дутарын тарта береді. Азғантай уақыттан соң, жігіттің қасына бір қыз келіп, тиісе сөйлейді:
– Аға, күйді жақсы тартады екенсіз. Әйткенмен, мына тартқан күйіңнің бір қайырмасы қалыс қалғаны-ай, – деп, түркімен жігітінің тартқанын місе тұтпай, қыз бұл күйді қайта тартады.
Күн ұзақ жиналған халық арасында елеусіз тұрып, бір күйге таласқан екі өнерпаздың өнерін тамашалаған Мырза, қызға былай дейді:
– Шырағым-ай, күйді сен де әсерлі шертеді екенсің. Дегенмен, сенің де бір қайыруың қалыс болды ғой, – деп салалы саусақтарын домбыра шанағына созады. Осы жерде Мырза қыз бен жігіттің күйін қорыта келе өз жанынан жаңа бір әуен ырғағын төгілте жөнеледі. Кейін бұл күй халық аузында «Ташауыз» атанады.
288. «Қара жорға»
Байдың жылқысын бағып, шаруасын күйттеген жалшы жігіт байдың жалғыз қызына ғашық болыпты. Қыз көңілі жігітте болғанымен, жалшыға тиюіне қыздың ағайын-туыстары ырзашылық бермейді. Күндердің күнінде қыздан жігітке хабар келеді. «Әкем мені сүймеген адамыма атастырып, жақында тойымды жасап ұзатқалы жатыр. Егер уәдеңнен таймаған болсаң, ебін тауып, мені алып қаш», – депті. Не қыларын білмей, ақылы алпыс бөлінген жігіт ауылдың беделді ақсақалымен ақылдасып, жөн-жоба сұрапты. Жігіттің сөзін түгел тыңдап болып, ақсақал жауап қатады:
– Шырағым, талабың оңғарылсын! Бірақ біз ол байдың қызын байлықпен ала алмаймыз – дәулетіміз жетпейді. Батырлықпен де ала алмаймыз – күшіміз жетпейді. Тек, асқан ақыл-айла жұмсап қана ала аламыз депті. Сонда жігіт:
– Ақсақал, ол қандай айла? – деседі.
– Байдың Қаражорға деген атақты жорғасы бар. Егер сол жорғаны қапысын тауып қолға түсіре алсақ, жорғаның өзі де келеді, өзіне қоса қызды да әкеледі. Қыз өз еркімен келген болады. Біз сонда ғана бар жаласынан аулақ боламыз, – дейді.
– Мақұл, ақсақал. Айтқаныңызға көндім. Бірақ сол Қаражорғаны қолға түсірудің жолын айтыңыз. «Ер серігі – тәуекел», көрейін белді байлап, – дейді жігіт.
– Олай болса, қалыңдығыңа хабар айт. Ұзамай баратындығың жөнінен бір ауыз ишарат білдір. Бірақ ол сен барған күннен бастап төсек тартып жатып қалсын. Науқас адамның кейпінде болсын. Жағдайын сұраған жеңгесіне жауап бермей, тек шешесіне тілдесіп, бір ауыз тілек айтсын: «Мен жат жұртқа кетерімді біліп, құса болып жатырмын. Әкеме айт, кетерімнен бұрын туған-туыс аралап, қатар-құрбыммен көңіл көтеріп қалғым келеді. Маған, мінуге Қаражорғасын берсін», – десін. Және бұл әңгімені шешесі ауылдың қадірлі деген адамына айтқызсын. Әйтпесе, бай көнбес. Қаражорға әйел түгілі, ер адамның да тақымына берілмейтін қасиетті жануар еді, – деп қауіп айтады. – Ал, Қаражорға тақымға тигесін қыз аттың басын бірден ауылға бұрмасын. Әуелі аттың табанын қыздырып, әбден бусандырсын. Өзің ілгері жүре бер де, ақырын күт. Қалғаны тағдыр-талайыңнан белгілі болар, – деген екен.
Жігіт ақсақалдың айтқан ақыл-кеңестерін түгел орындайды. Қыздың шешесі де әкесін көндіріп, ақыры Қаражорға қыз тақымына тиеді. Әрі-беріден соң табаны қызып, бауырын жазған Қаражорға маңдайын Тасқұдыққа беріп, бағыт алып жөнеп отырады. Жолшыбай жігіт қалыңдығын тосып алып, елге сүйіншіге шабарман жібереді. Жігіттің тілеуін тілеп, жолын тосып тұрған ел-жұрт алыстан ала шаңның ішінен қарауытып ерекше көзге түскен Қаражорға ақыры бай қызының еншісі, дүниесінің басы болып, келген жеріне сіңіскен екен деседі.
ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ ҚАЗАНҒАП /1854-1927/
289. «Балжан қыз»
Балжан деген қыз қарақалпақтар ортасында туып-өскен қазақ қызы екен. Ақылына көркі сай, қылығына өнері сай, жұрт аузына іліккен ару бойжеткен болса керек. Қазанғап жер көріп, ел танып, өнер іздеп жүрген кезінде Балжан қызбен танысып, тұңғыш рет бозбала сезімі оянады. Ойын-тойда сөздері жарасып, өнерлері үндесіп, біраз күн жұптары жазылмай бірге болады. Содан Қазанғап қайтар кезде Балжан қыз арнайы қоштасуға келіп: «Ал, Қазанғап аға, тілеуі жолыңызда жүретін бір қарындасыңыздың барын ұмытпаңыз, қыз ғұмыры қызғалдақтай келте екенін білесіз ғой, жыл ұзатпай келіп тұрыңыз!», – деп ішкі сезімін емеурін етеді. Қазанғап та қимас көңілмен тіл қатып: «Уәде – Құдайдың аты, жыл ұзатпай арнайы келемін», – деп сөз береді. Қазанғап ұзақ жол жүріп, еліне келеді. Елдегі жағдай белгілі. Жоқшылықты серік еткен ата-ана қартайған. Баяғы қоңыр үйдегі тірлік. Қарт анасы Қазанғапқа мұңын шағып, қолқанат болар келін көргісі келетінін білдіреді. Тіптен, көрші ауылдағы көз көрген қатарларымен сөйлесіп, Жәми атты қызға құда түсіп қойғандарын айтады. Тіршіліктің темір қамыты дегеніне көндірмей қойсын ба, Қазанғап әрі-бері ойланып, ата-ананың тілегіне бас иеді. Жәми қыз да тәрбие көрген ару болса керек, Қазанғаптың көңілі толады. Ата салттың рәсімінде «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген жөн-жоралғы бар. Қазанғап бас құраудың қам-кереметіне кіріседі. Кедейдің ойға алғаны қай бір оңайлықпен орындала қойған, бірі кем дүниенің кетігін бүтіндейін деп жүргенде арада бірер жыл өтіп кетеді. Күндердің бір күнінде аяқ астынан Жәми қыз дүние салады. Қазанғап күйзеледі. Күйзелгенмен өлген қайтып тірілмейді. Тірі адам тірлігін жасау керек. Қазанғап тәуекелге бел буып, баяғы қарақалпақ арасындағы Балжан қыздың ауылын бетке алып, жолға шығады. Ойы Балжанды өмірлік жар етіп, алып қайтпақ. Бұл жазмыш дегенді қойсайшы, Қазанғап Балжан қыздың ұзатылу тойының үстіне түседі. Қыз көңілі өңі түгілі түсіндегіге сеніп, дұғадай ұйыйтын әдеті ғой. Балжан қыз Қазанғаптың баяғы уәдесінен көп үміттеніп, күтудей-ақ күткен екен. Бірақ, араға екі жылдың жүзі түскенде, амал жоқ күдер үзе бастайды. Күдер үзген соң да сөз салып жүрген бір жақсы жердің баласына келісім береді. Ақылды ару Балжан қыз бота көзі мөлт етіп, көзінің жасын ішіне жұтады. Сонан соң болған іске болаттай беріктік танытып, болашақ күйеуі мен жолдас-жорасына естіртіп ашық шыраймен тіл қатады: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Кінә өзіңізден, енді арамызда өкпе мен өкініш қалмасын. Ақ тілеулі тойымды өзіңіз басқарып, уәдеде тұра алмаған айып-шамаңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» – деген екен. Бұл сияқты ақ жүрек, адал көңілге көлеңке түсіруге бола ма, Қазанғап сол жерде Балжан қыздың кісілігі мен бүкпесіз ашық көңіліне риза болып: «Дегенің болсын!» деп бас иеді. Сөйтіп, Қазанғап өмір бойы Балжанға сұлулық пен ақыл-парасаттың тәңіріндей табынып, күй шығарып өтеді. Ол күйлері «Балжан қыз», «Қыз он бесте», «Балжанның он жетісі», «Балжанның келін болып түсуі», «Сен кеткенде, мен қайтем», «Балжанның екі мықынының бүлкілдеуі», «Балжан қатын» деген атпен күні бүгінге дейін тартылады. Міне, осыдан кейін өмірді өнердің мәңгілік ететініне күмән келтіріп көріңіз.
290. «Көкіл»
(І нұсқа) «Көкіл» күйіне қатысты ел ішінде аңыз-әңгіме көп. Соның бірі, Қазанғап пен Үсен төренің алғаш кездесуіне байланысты айтылады. Бірде Қазанғап ел аралап жүріп Қарақамыста отырған Үсен төренің үйіне түседі. Үсен төре үйінде жоқ екен. Қазанғап сусын ішіп, шөлін басқан соң, төрде сүйеулі тұрған төренің домбырасына қол созады. Үсен төренің дәулескер домбырашылығын сырттай еститін. Төренің даңқына домбырасы сай екен, Қазанғап қызығып кетіп бірер күй тартады. Осы кезде үйіне Үсен төренің өзі де келіп қалады. Төрінде домбырасын тартып отырған бейтаныс біреу. Төре бел шешіп жайғасқан соң, жақтырмаған шырай танытады.
– Құдайы қонақ екеніңе сөз жоқ, бөлінбеген еншің әзір. Бірақ, құдайы қонақтың еншісіне үй иесінің домбырасы да бұйырады дегенді естімеп едім. Домбырама ұлықсатсыз қол тигізген ендігі айып өзіңнен. Төрелігін тартқан күйің танытар, көрсет өнеріңді, – дейді Үсен төре.
Қолына домбыра жағып отырған Қазанғап «Көкіл» күйін сұңқылдатып қоя береді. Күй бітер-бітпестен Үсен төре еңсесін тіктеп, ошарыла бұрылып:
– Апырай, бұл төңіректе домбыраны бұлай сөйлететін ешкім жоқ сияқты еді. Күйің жан-жүрегімді баурап, буыныма түсіп кетті ғой. Осы Ұлықұмда жалғыз атты Қазанғап деген күйші бар деуші еді, жарқыным, сол сен емессің бе?! – дейді. Сонда Қазанғап:
– Болсақ болармыз! – деп жымиған екен.
Алғаш осылай танысқан Қазанғап пен Үсен төренің арасында үлкен кісілікті қарым-қатынас орнаған. Қазанғап Үсен төреден домбыра тартудың небір шеберлік шалымдарын үйренген. Кейін екеуі додалы күй сайысына түскен соң да бір-біріне деген сый-құрметінен айнымаған.
Міне, «Көкіл» күйінің адам танытар құдіреті осындай.
291. «Көкіл» (Көкейге түскен Көкілжан)
(ІІ нұсқа) Бірде Қазанғап оңтүстік өңірінен астық алып қайтпақшы болып, сауда керуеніне ілесіп жолға шығады. Қарақамыс аулының тұсынан өтіп бара жатып, белгілі күйші Үсен төремен танысып, сәлем бере кетпек оймен ат басын бұрады. Үсен төре жол жүріп кеткен екен. Қазанғап сусын ішіп тыныққан соң, Үсен төренің домбырасын келінінен алдырып, тарта бастайды. Әлден уақытта сырттан үйге кірген Үсен төре домбырасын тартып отырған бейтаныс адамды көріп:
– Домбырамды менің рұқсатымсыз алып тартуға батылы жеткен неткен жансың? Ал енді көрсет өнеріңді, егер дұрыс тарта алмасаң, осы жерде айыбыңды төлейсің? – дейді.
Қазанғап өзін таныстыру үшін «Көкейге түскен Көкілжан» атты жаңа бір күйін шертеді. Күйші домбырасы басынан уайым-қайғы арылмаған кедей қауымның ауыр өмірі, жанына батқан мұқтаждығы жайында күңірене жөнеледі. Сай-сүйекті сырқыратқан күй сазы Үсен төрені қатты толқытады. Қазанғаптың домбырашылық шеберлігіне таң-тамаша қалған ол орнынан еріксіз ұшып түрегеліп:
– Япырым-ай, түр-тұлғаңа қарасам, алыстан келе жатқан адам тәріздісің, шырағым. Бұл өңірде мен көрмеген, домбырасының үнін естімеген күйші жоқ еді. Сенің домбыраңнан төгілен мына күй жан-жүйемді босатты ғой. Өмірдің талай қиындығын басыңнан өткеріп, мұқтаждықты көп көрген жан екенсің. Ұлықұмның бойында Қазанғап деген кедей, жалғыз атты тамаша домбырашы бар деп естуші едім, сол сен боларсың. Қазанғап болсаң, жоғары шық, төрге оз, – дейді.
– Болсақ, болармыз, – деп Қазанғап төрге шыға берген екен.
Белгілі күйші Үсен төре мен Қазанғап осылайша танысады.
292. «Торы жорғаның бөгелек қақпайы»
Қазанғаппен сыйлас, қадірлес Бүркітбай деген бай болған. Мал тегін адамға бітпейді ғой, Бүркітбай төрт түліктің тілін білетін, шаруаның ығын тапқыш, табиғат сырын танығыш зерек жан болса керек. Бір жылы жаз ортасы ауғаннан-ақ шөп буыны ерте қатып, құс ерте қайтып, жылқы малы ішін тартып, алдағы қыстың қолайсыз болатын сыңайы байқалады. Табиғат сырына зерек Бүркітбай ширақ қимылдап жүріп, ұсақ малы мен қара малын базар шығарып, ақшаға айналдырып үлгереді. Ал, жылқысын сенімді жігіттерге тапсырып, Аралдың Құланды деп аталатын құрақты, қамысты қорығына айдатады. Бүркітбай қателеспеген екен, қылышын сүйретіп қыс келеді. Қара күзден бастап көк иық етіп ұзақ жауған қара жауынның аяғы сақылдаған сары аязға ұласады. Дала төсін көк сауыт мұз құрсайды. Жерден қылтанақ теріп жей алмаған төрт түліктің аз күнде жілік майы үзіліп, ақсүйек жұт болады. Әбден, күйзеліп көктемге «шықпа, жаным, шықпа!» деп әзер жеткен ел бар үмітін Құландыдағы жылқыға артады. Содан, көктем жылт етіп шығып, ел-жұрт біріне-бірі сүйеніп, жайлауға тұяқ іліктіргенде Бүркітбайдың қалың жылқысы да көрінеді. Жай көрінбейді, бір басы екеу болған көп жылқы шұрқырап, сұлық жатқан дала төсіне жан бітіреді. Жер қайысқан жылқының алдында Бүркітбайдың малының басы Торы жорға айғыр, жал-құйрығы жер сызып, кекілін сілки шұлғып, үйреншікті жайлауын бетке алып келе жатса керек. Осынау көрініске сүйсініп, іштей шүкірлік еткен Қазанғаптың қолындағы домбырасынан тың сарын лекілдей төгіліп қоя берген екен. Сонда жаңа күйге елең ете қалған Бүркітбай да қуанышын жасыра алмай: «Қазанғап-ау, мына күйің сонау көрінген торы жорғаның бөгелек қақпайы сияқты ғой!» – депсе керек. Қазанғап болар-болмас жымиып қойып: «Болса болар!» – деген екен. Ел қуанышын өз бағына балайтын Қазанғаптың бұл күйі кешікпей-ақ «Торы жорғаның бөгелек қақпайы» деген атпен дүйім жұртқа тарап еді дейді.
293. «Домалатпай»
Бір жылы Қазанғап ел аралап жүргенде Адай ауылындағы Ботақара деген байдың үйіне барады. Үйде бойжеткен қыз ұршық иіріп отырады. Жанында сүйеулі домбырасы тұрады. Ол – Ботқара байдың жалғыз қызы және сол жерге аты шыққан белгілі домбырашы екен. Қазанқап үйге кіріп, жайғасып отырғаннан кейін, үнсіз отырған қызы сөзге шақыру үшін, өзінің киіз қаптағы домбырасын алып күй тартады. Қыз домбыраның көмейінен шыққан күй сазына еріксіз мойын бұрып, күйді зейін қоя тыңдайды. Қазанғаптың орындаушылық шеберлігін көрген қыз, күйшіні сынау үшін:
– Сіз мықты домбырашы болсаңыз, мына ұршыққа күй шығарыңызшы? – деп қолындағы ұршығын кілем үстіне домалатып жібереді...
Мұндай тосыннан қойылған сұраққа сезімтал күйші жақсылап жауап беру үшін, сәл ойланады да, ұршық домалап барып тоқтаған жерге көз тастап, бір күйді тарта жөнеледі. Баяу, бірқалыпты дамыған күй үні, оның әсем сазы қыздың сезімін оятады. Қазанғап тартқан күйдің «сиқырлы» үніне шырмалған қыз, бір сәт басқа дүниені ұмытқандай, екі көзі күйшінің саусақтарында, құлағы күйде болып, біраз ұйып қалады. Күй самғап, шарықтап барып біткенде демін ішіне тартып, үнсіз отырған қыз күйшіге қарап:
– Мына тартқан күйіңіздің аты не болды? – деп сұрайды. Сонда Қазанғап:
– Шырағым, қазақта «жастың талабын қайтарған күнәға батады» деген сөз бар, сондықтан сенің талабыңды қайтармайын деп айтқан сауалыңа арнап шығардым, бұл күйдің аты «Домалатпай» болсын, – депті.
294. «Бұраңдама, келіншек!»
Қазанғап күйшінің өнері шартарапқа тарап белгілі бола бастаған шағы болса керек. Қайда барса да елі құрметтеп қарсы алған ғой. Жылда жазғытұрым ауыл-елді аралап, күмбірлетіп күйін тартып, майын тамыза, әңгімесін айтқанда, күйді ұйып тыңдап отырған жұрт, өздерін таңғажайып сырлы дүниенің ішінде жүргендей сезінетін еді. Күйші әрбір ауылды жылда осылайша аралап шығатын. Әр сапарында сол ауылға жаңа күй, жаңа саз әкелетін. Бір жылы бұрынғы әдетінше аралап жүргенде ел шетінен алыстап, өзге өңірге шығыңқырап кетеді. Алда ел шығар, не де болса жүре көрейін деп ойлайды. Асытындағы Бозжорға да өндіре аяңдап, жер апшысын қуырып келеді. Бір мезгілде, күн сәске түс болғанда алдындағы төбенің баурайынан екі-үш ақ шаңқан киіз үй көрінеді. Өзі де, астындағы Бозжорға да шөліркеп шаршай бастаған еді. Сол ауылға түстенуді ұйғарды. Ортадағы әдеміше келген киіз үйдің сыртына тоқтап, қазықбауға атын байлай бергенде үйден алты-жеті жасар бала жүгіріп шығады. Қазанғаптың қасына келіп аман-саулықтан кейін, үйге қарай бастап ала жөнелді. Қазанғап ашық тұрған киіз үйдің есігінен «Ассалаумағаликум!» деп кіріп келді. Үйде отыздар шамасындағы келіншек бар екен. Сәл жымиып, «төрге шығыңыз» дегендей ишарат білдірді. Қазанғап төрге жайғасып отырғаннан кейін, таңдайы құрғап тұрғанын сезді де, келіншекке қарап: «Жүргінші жолаушы едім, сусыныңыз болмас па екен?» – деді. Келіншек сәл-пәл жымиды, сол жақта тұрған қоңыр күбінің бетін ашып, пісіп-пісіп жіберді де, ағаш аяқты толтыра құйып Қазанғапқа ұсынды. Күйші сіміріп жіберді де, кесені бірақ төңкерді. Шөлдеп келгендікі ме қымыз керемет тәтті болып көрінді. Келіншек кесені алды да тағы құйды, бұл жолы бағанағы кішкене балаға қарап, «Мына қымызды ағаға апарып бер», – деді. Бейтаныс жолаушыға қызықтай қарап отырған бала ұшып тұрып, қымызды алып берді. Балаға «рахмет» деді де, қымызды бір-екі ұрттады. Келіншекке қарады да: «Қарындасым, қымызың балдай тәтті екен, шөлімді су сепкендей басты. Рахмет!» – деді. Келіншек сәл жымиды да: «Жолаушы болсаңыз, хош келдіңіз! Жолдан шаршаған шығарсыз. Демалыңыз. Мен шай дайындайын», – деді де сыртқа шығып кетті. Қазанғап тысқа шығып, Бозжорғаны суытты да үйге қайтып келді. Көпшікке қисайып еді, ұйықтап кетіпті. «Аға, шайға тұрыңыз» деген дауыстан оянды. Алдында құман ұстап қолға су құяйын деп бағанағы бала тұр. Сонда білді, ұйқысы қанып, тынығып қалыпты. Қонақ демалсын деп шайды әдейі кешуілдеткенін түсінді. Үш-төрт кесе шай ішіп, маңдайы жіпсіп, көңіл хошы келіп, рахаттанған Қазанғап, жөн сұрасты: қай ауыл, қай ел екенін білді. «Шайыңыз бағана берген қымызыңыздан да дәмді екен, қарындасым», – деп Қазанғап өзін таныстырып өтті. Бұл келген қонағының әйгілі Қазанғап күйші екенін келіншек бағана-ақ білген. Көрші елде Қазанғап күй тартып, өнер көрсетіп жүр екен деп естігенді. Ел аңыз етіп айтатын осындай атақты күйшінің өзінің ақ дастарханында қонақ болып отырғанына дән риза, келіншек өзі де өнерден құралақан емес-ті. Қазанғап өз халқының тұрмыс-салтын өте терең білетін сұңғыла зерек кісі еді. Айнала, көз тастады, үй-іші аса бай болмаса да жып-жинақы сәнді екен. Керегеде екі домбыра ілулі тұр. Біреуі кішірек домбыра. Осы үйде жүгіріп жүрген, сүп-сүйкімді мына баланың домбырасы боларсың-ау деп ойлады. Байқайды, дастарханда әжептәуір сыйлы қонақ келгенде беретін тағамдар қойылған екен. Мұндай сый-құрметке көңілі толған Қазанғап, енді назарын келіншектің өзіне аударды, нағыз қас сұлудың өзі десе де болады екен. Өзінің әлі үйленбей жүргені есіне түсті. «Шіркін, осындай жарым болса», деп ойлады. Тап бір осы шақта ішкі сырды біліп қойғандай Қазанғаптың ойын келіншектің сөзі бөлді.
– Күйші аға, сіздің ел аралап жүргеніңізді естіп едік. Біздің жаққа келмейсіз. Жақсы өнерге біз де құмармыз. Айып етпесеңіз мына кішкентей да сіздің күйіңізді тыңдағысы келіп отыр, біз де өнеріңізді тыңдалық, – деді. Күлімсірей жымиып, наздана қарап, қолқа салды.
Көңілі толып, әбден риза болып отырған күйші қолына домбырасын алып, күй толқынын бірінен кейін бірін ал кеп ағытты дерсің. Ақжелеңдердің небір сұлулары бұлақ суындай асып, төгіліп жатты. Тұла бойын шабыт кернеген Қазанғап қанша уақыт күй тартқанын өзі де сезбеді. Бір сәт күй толастағанда келіншек: «Ой-бой! Шоғым сөніп қалған екен ғой!» – деп сыртқа қарай бет алды. Шығып бара жатып, артына күлімсірей қарап: «Пай-па-ай, шіркін, дүние-ай! Осындай да саусақтар болады екен-ау!» – деді. Киіз үйдің сықырлауығы екі жаққа айқара ашылып қалды. Келіншек ошақ басына қарай бұрала басып кетіп барады. «Былқ-сылқ еткен жүрісі қандай әдемі еді», – деп ойлады Қазанғап. Сіз он саусақтан өнер тамған күйші болсаңыз, мен осы ауылдың қас сұлуымын, күйші болсаң, суретте осыны деп тұрғандай. Келіншек ошақ басында әр нәрсені түрткілеп, күйшінің көз алдында көлбеңдеп жүріп алды. Біраздан кейін қып-қызыл шоғын алып, қайтып келді. Сонда күйші қапелімде төгілген шабыт толқынын тоқтата алмай сол көрініске арнап: «Қарындас, мынау: «Бұраңдама келіншек» деген күйім болсын», – деп сол бойда әдемі бір сұлу күй шығарып тартқан екен дейді.
295. Қыз Ақжелең мен Қазанғап
Қарашаның үйіре соққан бораны айналаны ақтүтек етіп жіберген.
– Қарашада соққан боранды алғаш көруім. Сірә, биыл жұт болмаса игі еді, – деді екі аттылының егделеу келгені.
Жолаушылар бұйрат құмның желкесіне шыққанда, таяқ тастам жерден жылтыраған от көрінді. Іңір қараңғылығы жаңа түсе бастаған шақ еді. Екі жолаушы қазақ дәстүрі бойынша сәлем беріп, киіз үйге кіріп келеді.
– Жем бойын бетке алып шығып едік, мына құтырына соққан бораннан жүрісіміз өнбеді, жолай алдымыздан көрінген соң, осы үйге түсіп, қонып шығайық деп келдік, ныспым Қазанқап, мына қасымдағы қосшым Ержанның Кәдіралысы, – деді жолаушылардың үлкендеуі бойлары жылынып, алдарына шай келген кезде.
Үй иесінің кесесі қолынан түсіп кете жаздайды.
– Апыр-ау, сенейін бе, сенбейін бе? Кәдімгі домбырашы Қазанғап па? Апыр-ау, емшегі беріш боп қатып қалған бесті нарды күйімен идірген Қазанғап па бұл?
– Жолыңыз құтты болғай, лайым! – Қазанғаптың көзі кішкене терезе алдына сүйеп қойылған тоғыз пернелі қара домбыраға түсіпті. Орнынан тұрып, әлгі домбыраны алады да, түрегеп тұрған күйі қағып-қағып жібереді.
– Тартыңыз, Қазеке, – деп үй иесі домбырашының кідіріп қалғанын көріп.
– Жоқ, бұл домбыраның иесі бар екен, оның рұқсатынсыз тартуға болмайды. Құлақ бұрауынан иесінің өнерпаз екенін көріп тұрмын.
– Апыр-ай, Қазеке, тегін емессіз-ау! Оның иесі өзіміздің Ақжелең ғой. Жан дегенде көрген жалғыз балам. Ұлым да, қызым да сол. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, бозбалаша киінген, жасы он төрт-он бестердегі жас өспірім қыз сәлем беріп, үйге кіріп келеді. Ақжелең осы еді.
Шай ішіліп, дастарқан жиылған соң, кезек домыбарға келді. Ақжелең қос бұрымын арқасына қарай серпіп тастайды да, домбыраның ішегін бір-екі қағып жібереді.
– Көке, мына домбыраны біреу ұстапты ғой, – деді ол сосын жұлып алғандай.
– Күнім, әлгінде мынау Қазанғап ағаң байқап көріп еді. Қазанғап сонда байқады – қыз солақай екен, домбыра теріс бұралыпты.
– Балам, жасым үлкен болғанмен, әуелі өзің тарт, домбыраның бабын бұзбайын, – дейді Қазанғап қыз өзіне домбыра ұсынған кезде, Ақжелең домбыраның сағақ пернесін басып тұрады да, безілдете жөнеледі. Сүйріктей саусақтары бірте-бірте жоғарылап, біресе бәйгеге қосылған аттың шабысы, біресе жорға бүлкілдің жүрісі естілгендей болды. Енді бірде сол қолдың аты жоқ саусағы ортаңғы пернелердің бірінде дірілдеп тұрып алып, екпіндеп келген күй кілт үзіліп еді.
– Бәрекелде, талабың таудай болсын! Бұл күйің не деп аталады? – дейді мына тартысқа арқасы қоза бастаған Қазанғап.
– Сізге жайылған ақ дастарқанның үстінде туып отыр, бұл күйдің атын әзір өзім де білмеймін, – дейді қыз.
– Ата өнерін қадір тұтқан өнерпаз қыздың өзінің атымен аталсын, «Ақжелең» болсын, – дейді күйшінің серігі Кәдіралы.
Күй кезегі Қазанқапға келгенде, Кәдіралы денесімен күйшіге бұрыла қарады. Құдіретті саусақтардың ізін аңдып, көкейіне тоқып отырғандай. Қазанғап күйін кейінгі ұрпаққа жеткізсем деп құштарлық тұла бойын билеп алған... Өте бір аянышты, зарлы әуен отырғандардың еңсесін түсіріп жібереді. Күйші саусағы сағаға барған кезде Ақжелеңнің көзінен бір тамшы жас тамып кетіп еді.
– Ойпыр-ай, Қазеке, сіз тартқанда домбыра сөйлейді деуші еді, рас екен, елді тағы бір аласапыран оқиға күтіп тұрмаса болар еді?.. – дейді отырғандар.
– Биылғы жылдың бастауы жаман. Айтуға аузым бармай, осы домбыраға ғана ерік беріп отырмын, бұл көптен көкейімде жүрген «Көкіл» еді, – деп Қазанғап төмен қараған күйі ләм-мим деместен едәуір уақыт отырып қалады.
Сол жылы елде жалпақ жұт болыпты деседі.
296. «Кіші Қаратөс»
Ел арасында Қаратөс атанған Аймағамбет деген атақты домбырашы болыпты. Қаратөстің жасы Қазанғаптан үлкен екен. Қазанғап Қаратөспен кездесіп, күй тартысады. Бірақ бірін-бірі жеңе алмайды. Қазанғаптың домбырашылық өнерін көрген Қаратөс оған:
– Мен ауылда домбырашы Қаратөс атанған едім, енді сені көріп, ізімді басар іні барына қуанып отырмын. Сен әлі жассың, талабың алда. Менен кейін сені көрген адамдар «мынау екінді Қаратөс» екен дейтіні анық. Мен саған шын ниеттен батамды бердім, өнерің өрлеп, өсе берсін, – деп риза болыпты.
Қаратөстің өнерін бағалағанына, ағалық тілегіне разы болған Қазанғап сол жерде бір күй тартып, «атын өзіңіз қойыңыз» деп Қаратөске қолқа салыпты. Сонда ол аз ойланып:
– «Ізіңді басар іні болса, еңбегіңнің жанғаны» деген екен бұрынғылар. Бұл күйдің аты «Кіші Қаратөс» болсын, – дейді.
– Ал, жарайды, бұл тартқаным «Кіші Қаратөс» болса, мына күйдің аты «Үлкен Қаратөс» болсын, – деп Қазанғап Қаратөске арнап күй тартады. Інісінің мұндай құрметіне аса разы болған Қаратөс домбырасын жас күйшіге сыйлапты.
ЕРАЛЫҰЛЫ МӘМЕН /1859-1931/
297. «Ақшолпан»
(І нұсқа) Мәмен «Ақшолпан» күйін өткен заманның атадан балаға жеткен бір аңыз әңгімесін естігенде шығарып еді дейді. Қазақтың бүйіріне шаншудай қадалған қалмақ заманы болса керек. Ол кезде әйгілі Төле, Әйтеке билер тірі екен. Күндердің бір күнінде Ұлы жүз бен Кіші жүздің жапсарындағы ауылдардың арасында кикілжің болып, Кіші жүз жағының жігіті жазым болады. Содан, адрада біраз уақыт өтсе де Ұлы жүздің ауылы теңдік бермей, өлген жігіттің арты «бір арысымыздың құны сұраусыз қалды-ау» деп, пұшайман болып жүреді екен. Осы жағдай Кіші жүздің Әйтеке биінің құлағына шалынады да, «қой, ағайын елдің арасында көлеңке болмасын, бітістіріп қайтайын» деп жолға шығады. «Тура бидің дүбірі күншілік жерден естіледі» деген сөз рас болу керек, бір күні Ұлы жүздің Төле биіне, «Әйтеке би құн даулап келе жатыр» деген хабар жетеді. Биге деген құрмет – елге деген құрмет. Төле би ауылы жұртын жаңғыртып, көк майсаға арнайы үй тіктіріп, Әйтеке биді құрметпен қарсы алады. Әйтеке би әбден жайғасып, бірер күн тыныққан соң, сөз орайы келгенде Төле би: «Иә, Әйтеке, жолаушының көргені көп болады, көргені көптің айтары көп болады, сөйлеп отыр», – дейді. Сонда Әйтеке де осы сөзді күткендей: «Е, Төке, иісі қазақтың қамын жеген ағасысың, еліңе алтын тонның жағасысың. Көпті көргеннің айтарының да көп болатыны рас. Көргенімізді айту бізден болсын. Көргеннің бәрін айту шарт емес, түйгенді ғана айтқанға не жетсін. Менің түйгенім, ел болудың кепілі – тірімен танысып, өліге болысып отыру екен», – депті. Қашанда жөн сөздің жағында болатын Төле би ризалық білдіріп: «Уа, Әйтеке, біздің басымыз бір жағаның, білегіміз бір жеңнің ішінде емес пе?! Қызметіңе дайынбыз, артық-ауыс іс болса оған да қайылымыз. Қолыңды қағып, жолыңды шалар ешкім жоқ. Қылышың болса мойын басық, құшағың болса қойын ашық», – дейді. Би ағасының ұлағат сөзіне риза болған Әйтеке де жадырап, жылы шыраймен: «Би аға, сөзіңізден садаға, бұйрық сізден болса, жабдық бізден болсын!» – деп сөзін түйіндейді. Осымен әңгіме бітеді. Әйтеке бидің жанындағылар ештеңе түсінбей аңтарылып қалады. Содан бой жазуға сыртқа шыққан бір сәтте Әйтеке биден жанындағылардың біреуі: «Келген шаруамыздың сөз болмағаны қалай?» деп сұраса керек. Сонда Әйтеке би: «Келген шаруамыз сөз болып қана қойған жоқ, шешімі де айтылды. Төле би бізге жасаулы қыз беретін болады», – дейді. Айтса айтқандай, Әйтеке би осы жолы Ұлы жүзге қадірі артқан Назар деген кісінің Ақшолпан есімді қызын жасауымен алып қайтады. Кейін осы Ақшолпаннан әйгілі Өтебас би туыпты дейді. Міне, ілгері буынның осы сияқты ірі істерін естіген Мәмен қатты тебіреніп отырып «Ақшолпан» күйін шығарған екен.
298. «Ақшолпан»
(ІІ нұсқа) Бірде Мәмен күйші жолаушылап келе жатып, Шолпан атты қыздың ұзатылу тойына тап болады. Шолпан атына заты сай, төңірегіне ақыл көркімен ұнаған аяулы ару болса керек. Сонсоң да ел-жұртқа еркін, ерке болып бой жетіп еді дейді. Той үстінде, бір жағы сол еркелігі бар, бір жағы қимастық сезімі бар, Шолпан қыз төңірегіндегі құрбы-құрдастарына бір базына айтады: «Қадірлі көз көрген құрбы-құрдастарым, қыз дәурені қызғалдақтай келте екен, бауыр басып, бой жеткен ел-жұртымды қимай, көңілім алабұртып отыр. Менің осы бір көңіл-күйімді күй тілінде сөйлетер кім бар?!» – депті. Ойын-тойдың өнерпазсыз болмайтыны қашанғы әдеті емес пе, сол жерде аққу мойын домбыра қолдан-қолға көшіп, небір әсем күй күмбірлей тартылады. Бірақ бұл күйлердің ешқайсысы Шолпанның көңілінен шықпайды. Бәрі де бұрын талай тартылып, талай естіліп жүрген күй болса керек. Шолпанның нәзік жүрегі жаңа саз, тың сарын тілеп, қазіргі көңіл-күйіне үндесер күй іздейді. Осы кезде домбыраға Мәмен қол созады. Отырғандар алғашқыда көлденеңді көк аттының үйреншікті қонақкәдесі болар деп мән бере қоймайды. Бірақ, Мәмен домбыраны баптап алып, лекіте қағып жөнелгенде үйдің іші сілтідей тынады. Күй сұлу сазына қоса мұңды сырымен жан тербейді. Сол қалпында қызуы басылмастан лекілдеп келіп тынады. Шолпан қыздың жанарына таңғы шықтай мөлдіреп жас іркіледі. Ризашылығының белгісіндей, Шолпан орыннан тұрып, өз қолымен Мәменнің иығына шапан жабады.
Осы жолы тартылған күй ел ішіне «Ақшолпан» деген атпен тараған екен.
ЕРНАЗАРҰЛЫ ДАЙРАБАЙ /1860-1937/
299. «Дайрабай»
(І нұсқа) Дайрабайдың жамағайыны Көбен деген бай жалғыз ұлына Қанжығалы жағынан қыз айттырса керек. Ата салтында құда мен құданың бастары сай келіп, сөздері жарасқан соң, болашақ күйеу бала жөн-жоралғысымен қыз көруге барады. Сол салтпен Көбен байдың баласы да қыз көруге шығады ғой. Бұл өзі, ата дәулетімен алшаңдап өскен, өмірдің ыстық-суығын көрмеген бос белбеу, боркемік жігіт болса керек. Сонсоң да, Көбен бай сырмінез баласының жанына сол кездің өзінде-ақ өнерімен ел-жұртқа мойын бұрғызып, сал-серілігімен танылған Дайрабайды қосады. Көбен байдың баласы мен Дайрабай Ереймен тауын ен жайлаған Қанжығалы еліне келіп түседі. Көруге келген қызы сол елдің қадірлі бір байының мәпелеп өсірген жалғызы екен. Есімі Ажар болса керек. Ажар десе дегендей, атына заты сай ару еді дейді. Мұндайда қыз беруші жақтың да, қыз алушы жақтың да бір-біріне сын көзбен қарайтын әдеті. «Қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл» дегендей, Көбен байдың баласын алғаш көргеннен-ақ Ажардың көңілі толмайды. Бас қосқан отырыстарда әрі-бері сөйлесіп, қылық-қасиеттерін байқаған соң, тіптен түңіле түседі. Оның есесіне, күйеу жолдас болып келген Дайрабай өзінің түр-тұлғасымен, ақыл-парасатымен Ажардың ықыласын аударады. Әсіресе, аста-төк арқалы өнерін көргенде Ажардың нәзік жүрегі бұлқына соғып, жастық сезімнің жалынына шарпылады. Дайрабайға қарап жүзі нұрланса, Көбен байдың баласына қарап мұңаяды. Іштей тағдырына налып, оңашада көз жасына ерік береді. Ажар қыздың жан бұлқынысын Дайрабай жазбай таниды. Жай танып қана қоймайды, бұл да Ажардың ақыл-көркіне сүйсініп, сұлу сезімге бой алдырады. Әсіресе, Ажар қыздың жан жадыратар әзіл-назы, жүрек елжіретер ерке қылығы, енді бірдегі қиялға қанат бітірер сыршыл сұхбаты Дайрабайды айрықша арқаландырып, шабыт тұғырына қондырғандай болады. Міне, осындай бір шақта Дайрабай өзінің сезім күйі мен Ажар қыздың қылық-қасиетін домбыраға салып еді дейді. Бұл күйі ел ішінде «Дайрабай» деген атпен тарайды.
300. «Дайрабай»
(ІІ нұсқа) Дайрабай мен Көбен деген жамағайын байдың арасы жақсы болмапты дейді. Мұндай қырбайлыққа себепші, Көбеннің шолжың болып өскен жалғыз баласы болса керек. Көбен бай өзімен иықтас Қанжығалы байының Ажар дейтін қызын баласына алып берген. Қыз аларда болатын жөн-жоралғыда Дайрабай күйеу жолдас болып барады. Көбен байдың бос белбеу, болбыр ұлындай емес, еті тірі Дайрабайдың Ажар қызбен әзіл-қалжыңы жарасса керек. Оның үстіне Ажар өнерге іңкәр, сезімтал қыз екен. Дайрабайдың әсем сазды күйлеріне ынтығып, жанынан шықпай қояды. Кейін, келін болып түскен соң да, Дайрабайды аузынан тастамай, орайы келсе арнайы шақыртып, өнерін тамашалап жүреді. Осының бәріне Көбен байдың баласы іштей қызғаныш жасап жүреді екен, бір күні Дайрабайдың көзінше Ажарды таяққа жығады. Мұндайға шыдайтын Дайрабай ма, әрі-бері ара түсіп, басу айтқан екен, болмаған соң мытып-мытып жібереді ғой. Бұған қорланған бай баласы байбалам салып, «өз үйімде сабап кетті» деп даурығып, онымен қоймай, «Ажар мен Дайрабай ашына екен» дегендей қауесет таратады. Көбен бай баласының жайын біледі. Бірақ, өз қолын өзі кессін бе, ашу үстінде заң орындарына жүгініп, іс жүргізіп, қаттатып-шоттатып дегендей, ұлықтарға малын шашып, Дайрабайды Ақмоланың түрмесіне түсіреді. Мұнымен де тынбайды, Дайрабайдың өзі баптап, құлын кезінен бауыр басқан жүйрік көк аты болады екен, Көбен бай оны да иемденеді. Дайрабайдың інісі Шақабай ағасының көк атына таласып, қарсылық көрсеткен екен, Көбен бай кеудемен қағып, жеңістік бермейді. «Айыбын жуып, түрмеден шыққан соң, өз қолымнан алады» дейді. Сөйтіп жүргенде Нұра бойында үш жүздің басы қосылған бір әйдіңгер ас болып, Дайрабайдың көк аты бірінші келеді. Бірақ, Дайрабайдың есімі ауызға алынбайды. Жұрт «Бәйгеден Көбеннің көк аты келді» деп біледі. Шақабай «жарайды, атағы ауылға ортақ қой» деп, дау шығармайды. Мұның қадірін білетін Көбен бай бар ма, көк аттың бәйгесіне алған қыруар сый-сияпаттан Шақабайға сабақты жіп бұйырмайды. Міне, осы оқиғаның бәрі жіп-шырғасы шықпастан түрмедегі Дайрабайға жетіп жатады. Дайрабай болса ызаға булығып, шыдай алмай, ақыры есебін тауып түрмеден қашып шығады. Сол бетінде бой тасалап інісі Шақабайдың үйіне жетеді. Сонсоң, ес жиып, өзіне-өзі келіп алған соң, Көбен байдың иелігіне айналған көк атын түнделетіп ұрланып барып мінеді де, Тоқырауын бойында Тобықты Құбылтай деген үлкен нағашысы /Дайрабайдың әкесінің нағашы жұрты/ болады екен, солай қарай тартып отырады ғой. Жолай қалың Қаракесекке қоныс болған Қызылтаудың сай-саласын қуалап жүріп отырып, бір бұлақты алқапқа келгенде тізгін тартады. Сол жерде Қызылтаудың қалың қыртыс сай-саласында жол баққан ұрыларға тап болып, Дайрабай аяулы көк атынан айырылады. Содан шыбын жанын олжа көріп, жүдеп-жадап, нағашысы Құбылтайдың ауылына жетеді. Нағашы жұрттың көңілінде көлеңке бола ма, бейнет шегіп, қорлық көріп жеткен Дайрабайды алақандарына салып қарсы алады. Есін жиып, өзіне-өзі келген Дайрабай кешікпей-ақ өнерімен төңірегіне жағып, Тоқырауын бойындағы елдің қадірлі қонағына айналады. Оның үстіне бұл өңірдегі Қыздарбек, Итаяқ бастаған дәулескер күйшілермен танысып, небір шер тарқатар сұлу сұхбаттар құрады. Қанатты өнерлерін ортаға салып, күйқұмар қауымның құлақ құрышын қандырады. Осындай бір, шабытқа тұғыр болған бас қосуда Дайрабай өзінің арттағы өмірін есіне алып, іштей шамырқана толғанып бір күй тартады. Бұрын естімеген, әсем сазды тың сарынға елең еткен тыңдаушы жұрт «Бұл не күй?» дегенде, Дайрабай: «Бұл менің басымдағы гәп қой, күйдің атын «Дайрабай» десе де болар», – депті. Тоқырауынның құйма құлақ домбырашылары сол жерде «Дайрабай» күйін қағып алып, қолдан-қолға тарата тартып кетіп еді дейді. Дайрабай осы жолы Тобықты ішіндегі Кәмшат деген қобызшы қызбен көңіл жарастырып, бас құрайды. Содан ауылы іргелес жатқан Көбен байдан сескеніп, бой тасалау үшін оңтүстікке қарай кеткен. Дайрабайдың қалған өмірінің Қаратау өңірінде, Шу алабы мен Сыр бойына өтуінің себебі осы еді дейді көне көз қарттар.
301. «Дайрабай»
(ІІІ нұсқа) Көбен байдың қиянат-зорлығымен түрмеге түскен Дайрабай бір күні орайын тауып, қашып шығады ғой. Сол бетінде, бой тасалау үшін Қорғалжын көлінің қалың қамысын паналайды. Ну қамысқа бойлай еніп, аралап келе жатып, бір қасқалдақтың ұясына тап болады. Ұяға үңіліп қараса, екі-үш сары үрпек балапан аузын ашады дейді. Дайрабай осынау қорғансыз тіршілік иесін ес көріп, сол жердің құрағына тізе бүгеді. Суылдаған қамыс, шырылдаған балапан үні, шет-шегі жоқ кең дүние, алды-артының ұшығы жеткізбес уақыт... Балапандар үстін көлеңке шалса болды, шырылдап аузын ашады. Анасынан жем күтеді... Ал, көкте жалпылдап жапалақ ұшады, жалтылдап тұрымтай қалықтайды. Қарайғанның бәрінен қайырым күткен балапандардың кез келген сәтте жапалақ пен тұрымтайға жем болуы оңай... Сонда бұл балапандар осынау жарық жалған, кең дүниеге не үшін келді?! Не көрді?! Не тындырды?! Дайрабай өз өмірін ұядағы сары үрпек балапандармен салғастырады. Панасыз бейбақ балапандарға мұңдасындай елжіреп қарап, жан дүниесі құлази толғанады... Кейін осы көрініс, осы бір сезім Дайрабайдың есіне қайта-қайта оралып, ақыры күй тіліне түсіп еді дейді.
302. «Дайрабай»
(ІҮ нұсқа) Дайрабай – әңгімеге шебер, әзілге ұста, ашық-жарқын адам болыпты. Өзі әнші, күйші, сері атанған, жалғыз атты кедей екен. Бір күні Дайрабайды Алтайдағы Тобықты Құбылтай деген нағашысы шақырады. Бірақ ел арасына өзінің өнерімен аты шыққан Дайрабай, қолы тимей, бұл шақыруға бара алмайды. Сөйтіп жүргенде елде үлкен той болып, сол жердегі Көбен деген бай ағайыншылап, Дайрабайдың жалғыз Көкбесті атын өзімсініп, бәйгіге қосады. Ал Дайрабайды күреске шығарады. Досбай, Көлбай еліндегі тойдың осы ат шыбыс жарысында Дайрабайдың көкбестісі бірінші болып келеді. Дайрабай белдескенін жығады. Бірақ бұл бәйгінің бәрін Көбен бай өзі алып, Дайрабайға ештеңе бермейді. Той бітіп, ауылға келген соң, Көбен Дайрабайдың көкбестісін тартып алып, өзін елден қууға әмір етеді. Көбен Көкбестіні кісендеп, қасына төрт кісі қарауыл қояды. Дайрабай – өз атын қалай да қайтарып алу үшін күнде кісенде тұрған атты аңдумен болады. Ақыры сәті түсіп, бір күні Дайрабай ат күзеткен қарауылдардың үшеуін ұрып жығып, атқа ұмтылғанда басқа адамдар келіп қалып, ол өз басы зорға қашып құтылады. Мұнан кейін Дайрабайдың соңына қуғыншылар түсіп, жан-жақтан іздейді. Олар қанша іздегенімен, халық өздері сүйген өнер иесін ұстап бермейді, қайта жасыра түседі. Аттан айырылып қаламын ба деп қорыққан Көбен бай енді көкбестіні қараңғы түнекке құлыптап ұстайды. Сол ауылдағы Дайрабайдың тілеулестері Көбен байдың атты жасырған жерін Дайрабайға хабарлап, оған көмектесуге әзір екендіктерін білдіреді. Бір күні Дайрабай жігіттердің жәрдемімен үйдің төбесінен түсіп, аттың аяғындағы кісенді сындырып, үйдің қабырғасын бұзып, көкбестіні алып қашып кетеді. Дайрабай сол кеткеннен Алтайға асып, баяғы өзін шақырып жүрген Құбылтай нағашысына бет алады. Жолшыбай бір ауылда болып жатқан тойдың үстінен шығып, осы тойда Кәмшат деген қобызшы қызбен танысады. Ол қыз да Тобықтыға жиен екен. Тойда Кәмшат қобызбен, Дайрабай домбырамен өз мұңдарын шертеді. Бұлардың тартысын халық қызыға тыңдайды. Бірақ не айтып, қандай сыр шертіп отырғандарын жете түсінбейді. Сол күні Дайрабай – өзінің жалғыз екендігін, кедейліктің салдарынан байлардың қысымына шыдамай осы жаққа кетіп қалғанын баяндаса, Кәмшат – өз әкесінің жоқтығын, жетімдік өмірін айтады. Осылайша екеуі музыка тілімен бір-бірін ұғысып отырғанда, бозарып таң да атады. Ертемен Кәмшаттың өгей әкесі сауда істеуге базарға кетеді. Сол күні Дайрабай Кәмшатты алып нағашысының ауылына қарай қашады. Бұлардың артынан қуғыншылар шығады. Алтай жеріне жете бергенде Дайрабай мен Кәмшатты қарақшылар ұстап алады. Ұрылар бәрі жабылып Дайрабайды ұрып-соғып, үлкен қара тасқа матап байлап, Кәмшатты алып кетеді. Дайрабай сол жерде екі күндей байлаулы жатып, әрең дегенде ретін тауып босанып, жаяулап нағашысының үйіне жетеді. Нағашысы жиенін көріп қуанып, елін жинап той жасайды. Осы жиында Дайрабай бастан кешкен оқиғасын түгел баяндай отырып, домбырамен бір күйді екпіндете тарта беріпті. Күйді беріле тыңдаған Алтай елінің адамдарының ішінен бір қарт:
– Шырағым-ай! Адамның жан-дүниесін қозғаған мына тартқан сазыңның аты не еді? – дегенде, Дайрабай:
– Өздеріңіз де сезіп отырсыздар ғой Дайрабайдың жайын, бұл күйді «Дайрабай» десеңдер де болады, – депті.
Сөйтіп «Дайрабай» күйі дүниеге осылай келген екен деседі.
303. Дайрабай
(V нұсқа) ...Дайрабай Алтай руынан Сармантай елінен екені рас, ол аса мықты балуан жігіт болған. Әрі әнші, әрі домбырашы, бірақ өте кедей болған. Оның жамағайыны Көбен деген бай кісі болады. Ол әрі мақтаншақ, атқұмар сараң да болады. Дайрабайдың жалғыз биесінен туған Қара көк бестісі аса жүйрік болады. Оны Көбен толық құнын бермей алып бәйгеге қосады. Көк бесті алдына жылқы салмаған жүйрік болып, бүкіл Арқа елін адақтағандай, үздік аты шыққан жүйрік болады. Арқада бір үлкен ас болып, көк ат бәйге алады. Сол жолы Дайрабай бас балуанға түсіп жығады. Бар бәйгені Көбен жиып алады. Дайрабайға түк бермейді де, Дайрабай алыс бір елде нағашысы бар екен, соған барамын деп Көбеннен ат сұрайды. Көбен бермейді, соған өкпелеп Дайрабай бір күні көк атты ұрлап алып шөлге қашады. Алтай ішінен шығып Қаракесек ішінде Карсон, Керней ауылдарына келеді. Сонда бірнеше күн жатып, аса бір жақсы күй тартады. Бұл күй ер жігіт елімен, туысы өскен жерімен қоштасуындай өте мұңды да, өршеленген ерлікте түйдектеліп айтылып жатқандай болады.
ӨСКЕНБАЙ ҚАЛМАМБЕТҰЛЫ /1860-1925/
304. «Жаңылтпаш»
Өскенбайдың өскен ортасы қашаннан түркімен ағайындармен жапсар жатқан соң да, дос көңілді аралас-құраластық үзілмеген. Әсіресе, ер азаматтар арасында біліштік-тамырластық қарым-қатынас орнығып, оның өзі алыс-берісі, әзіл-қалжыңы жарасқан дәстүрге айналған. Ер жігіт елдің елдік дәстүрінен шет бола ма, Өскенбай күйшінің де түркімендер ішінде Құлыбай, Сапар-Мәмбет, Өдеулі сияқты күйші достары, Сейіт-Мұрат, Қош-Мұрат деген ағайынды біліш-тамыры бар екен. бірде жанына ерткен бір топ жолдастары бар Өскенбай аң аулап жүріп, жолы болып, екі құлан атып алады. Құлан атқан жері біліш-тамырлары қоныс еткен Ұлықұдық, Сауқұдық деген жерлерден алыс болмаса керек. Өскенбай «неде болса тамырларымды бір қуантайын» деп қос құланды жетегіндегі атына теңдеп Сейіт-Мұрат пен Қош-Мұраттың ауылына ат басын бұрады. Сол бетінде ауылға келсе, үй сыртында сіресіп бірнеше ат кермеде тұр. Үй ішінен гу-гу дауыс естіледі дейді. Өскенбай дыбыс берген екен, ішінен Қош-Мұрат тамыры жүгіріп шығып, шұрқыраса амандасады. Сылқ еткізіп құланды түсіріп мәз болып қалады.
– Ау, неғып дуылдасып жатырсыңдар? Мына аттыларың кімдер? – деп Өскенбай жөн сұрайды.
– Пай-пай несін сұрайсың! өзіңнің жездең Мәмбет-Пана болыс, Нәубет старшын, Үдімбет-Салық бастаған игі жақсылар бүкіл Хиуаны ауызына қаратқан Құлыбай бақшының өнерін тамашалап, ду-ду болып жатыр! – дейді Қош Мұрат тамыры.
Өскенбай сыртынан даңқын білетін Құлыбай-бақшының атын естігенде «апыр-ай, қалай болар екен!» – деп сәл бөгеледі де, тамырынан:
– Құлыбайды сырттай естігенім болмаса, көрмеп едім, домбыра тартысы қалай екен? – деп сұрайды.
– Ойбой, несін айтасың! Оның жанында сен домбыра ұстауға ұяласың! – деп Қош-Мұрат тамыры Өскенбайдың намысына шоқ тастап жібереді.
Айтқандай үйге кірсе, Мәмбет-Пана бастаған жақсы-жайсаңдар төрге жайғасқан. Орталарында Құлыбай-бақшы ұзын мойын домбырасының пернелерін құлаштай қуалап, күй төгіп отыр дейді.
– Ә, балдыз екен ғой, кел төрлет! – деп Мәмбет-Пана басын көтеріп отырады, – Кел балдыз, сенің де бірдеңе тыңқылдататының бар еді ғой, мына, Құлыбай-бақшыдан өнеге үйренетін болдың!
Мәмбет-Пананың жездесініп айтқан әзіл сөздері Өскенбайдың жаңағы сырттағы сезімін одан сайын қоздырып, намыс буа түскендей болады. Бірақ, сабыр сақтаған қалпы төрге озып жайғасқан соң:
– Біздің қазақ «жақсы күй – жан азығы», «жақсыны көрмек үшін» дейді. Құлыбай-бақшының даңқын сыртынан естуші едім, енді, міне, көз көргенге қуаныштамын! – деп сұлу, сыпайы тіл қатады.
Бірақ жездесініп отырған Мәмбет-Пана иықтап қоймайды:
– Ау, балдыз, сен өйтіп сынықсыма, бұл жерде саған бұйыратындай қыз жоқ, онан да Құлыбай-бақшының мысы басып, жауыр аттай маймаңдап отырмын десейші! – деп қусыра түседі. Сонда Өскенбай, мұнан ары шыдай алмай:
– Апыр-ай, жездеке-ай, болмадыңыз ғой! Тәуекел, қазақ пен түркіменге бірде жеңіп, бірде жеңіліп, бірде жығып, бірде жығылып жүрген қашаннан жарасушы еді. Азар болса, Құлыбай-бақшы Хиуаны ауызына қаратқан шығар. Ал Кіші жүздің үш тақтасын ауызына қаратқан алты науайының бірі мен боламын! Бері бер дутарыңды! – дегенде Өскенбайдың жоны шымырлап, арқасы қозып, өңі алабұртып кетсе керек. Құлыбай-бақшы дутарын ұстата берген екен. Сол жерде дутардың үнін де құбылтып, өзінің қимылын да құбылтып, бұрын-соңды қазақ, түркімен естімеген ойнақы сазды құйқылжыта тартып шығады да дутарды Құлыбай-бақшыға тастай салады. Өскенбай да іркілмейді, тура алғашқы өз күйінің сыңарындай, қитұрқы қағысы мол екінші күйін бұлаңдата қағып шығады. Осы кезде Мәмбет-Пана:
– Ал, ағайын менен бір сауға болсын! Бұл жолы біреудің жеңуін көруді мұрат тұтпай-ақ қоялық. Екеуі де шалғыш екен, төрелік тең болсын! – деп күй айтысын тоқтатқан екен.
Өскенбайдың осы жолы тартқан екі күйі де ел ішіне «Жаңылтпаш» деген атпен тараған.
БӘЗҒАЛАМ /1860-1932/
305. «Молқоңыр»
Өткен XІX ғасырдың соңғы жылдары болса керек, арғын, найман, керей, уақ елдеріне сауын айтқан төре Мамырбек Үкірдайұлы Тұрысбекке және көзінің тірісінде өзінің асын қосып беріп, Майлының Қоңыроба сазы жайлауында айға жуық сән-салтанат құрады. Сол асқа арғы бет қазақтары да топ-тобымен келіп, әсіресе, сол жақтан Сары төре бастап келгендердің сән-салтанаты, күтімі айырықша болады. Жорға, жүйрік, балуан, шешен, шежіре, әнші, күйші өнер саңлақтары арқылы өзінің атақ даңқын шығарып, Сары төреден асып түсуді ойластырған Мамырбек төре Жайырдағы уақ еліне қос атпен кісі жіберіп, Бәзғаламды алдырады. Күйшілер кезекпен күй тартып отырғанда Сары төренің домбырашысы домбыраның құлағын оң бұрауға өзгертіп, өзгеше бір күй шертеді. Күй аяқтай бергенде Бәзғалам сол құлақ күйімен әлгі өзгеше күйді өз әйеліне қайта шертіп береді. Сонымен күй сайысы басталып, шет елден келген сыйлы қонақ болғандықтан алдыңғы кезек Сары төре жақтан болып, Бәзғалам сол шерткен күйлерді үстінде қайта шертіп отырады. Осылай күй шертісу бір күнге жалғасады да, бір мезетте Бәзғалам қисынын тауып, кезек алып күй бастайды. Сары төренің домбырашысы да Бәзғалам шерткен күйлерді қайта шертіп беріп отырады. Бір сарынмен кете берсе, өзгеше өнер парқы болмайтындықтан, тың бір өнер арқылы көзге түспекші болған Бәзғалам домбыраның құлағын оң бұрауға өзгертіп алып, оң аяғындағы мәсіні шешіп тастап, бақайымен шертіп, қолымен перне басып, ерекше айыз қандырар бір күй орындайды. Дәл осы кезде қос жастықта шынтақтап жатқан Мамырбек басын жұлып алып: «Ау, Бәзғалам, бұл не күй? Ағаштан басқа баққаның бар ма сенің?» дегенде, Бәзғалам: «Төре тақсыр Жайырдың жоны – Қызыл жон, Қара жон болып екіге бөлінеді. Қату тауынан басталып, етегі Шөгей мен Орқыға тірелетін өңірді Молқоңыр дейді. Біздің елдің көктеу, күзеу, жайлау, қыстауы сол Молқоңырдың қойнауында екенін өзіңіз білесіз. Бұл күйдің аты сол киелі мекеніміз – «Молқоңыр». Арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылмай ағаш бақтым десем де болады», – деп жауап қайтарыпты. Сонымен Сары төренің домбырашысын жеңіп, Мамырбек Үкірдай оған төтенше разы болып, жаға-жеңі зерлі шапан жауып, ат мінгізіп қайтарған екен.
306. «Жолаушы»
Бәзғаламның әкесі Айқынбаймен бірге туысқан Қажыке молланың кенже ұлы Ергенбай оқытқан дін сабағына қанағат етпей, 1919 жылы үлкенірек ғұламадан дін оқуын оқымақ болып Дөрбілжін ауданына барады да, сұрастырып жүріп Мүсейінбай деген ұйғыр молланы тауып соған жалданады. Оқып жүргенде Тұрпаннан бір топ саудагерлер келеді. Ергенбай олардан «Тұрпанда жеті әулие» деген үлкен медіресе бар екендігін ұғады да, қожайынымен келісіп, сол медіреседен оқу үшін соларға ілесіп жолға шығады. Туыстарының жібермей қоюынан алаңдап, елден ұзап кеткен соң, Дәм өңірінен өткенде кезіккен бір ел адамынан ағасы Ерданға хат жазып, өзінің оқу іздеп Тұрпанға кеткенін хабарлайды. Содан үш жыл өткенде оқуы бітіп, сол жерге мұғалім болып қалғандығын хабарлап хат жазады. Өтеп руынан шыққан Лақ рубасы бұдан хабар тауып, игі жақсылар бас қосқан бір жиында бұл жайды айтып, уақ елінің зәңгісі Темірхан бастаған ел ағалары Ергенбайды елге алып келуге ағасы Ердан молланы аттандырады. Ол наурызда айында аттанып, үш-бес күн дегенде Тұрпанға жетеді. Інісі атын Омар қариға өзгертіп, үйленіп алған екен. Сол медіресені басқаратын Нияз деген шаңяға жалынып жүріп, әйелінен ажыратып алып қайтады. Жолай Сауан ауданына жеткенде оларға Нұрпай батыр кезігеді. Батыр таныса келе екеуіне екі ат мінгізіп қайтарады. Екеуі Шөгей өңірінде Рақадыл деген ауқатты ауылдың қорасында етік тігіп, өрімшілік істеп отырған немере туысы Бәзғаламның үйіне келеді. Бәзғалам әңгіме үстінде: «Біздің туыстардың ішінде сен екеуіңдей ұзақ әрі киелі жол басқан жолаушы жоқ, сондықтан көптен бері ойлаған бір күйім бар еді», – деп «Жолаушы» күйін арнайы шертіп берген екен.
307. «Сабазым-ай»
1917 жылдар уақ елі екі зәңгі ел болып, Дөрбілжін ауданына қарайды екен. Қату тауындағы Дәрбіті өзенінің бойындағы Кеңтүбек деген қойнауға біреулер апиын егіп кеткендігі байқалып, сол кездегі өкімет адамдары Шәуешектегі дутыңға мәлімдейді. Дутың: «сол өңірге жауапты мәнсаптыны ұстап әкеліңдер» деп бұйрық түсіреді. Ол уақ алты қасымның бірі Өтептің бес ұлының Қожаннан тараған Бөрібайдың немересі ел ауызына ілініп жүрген Жайырбай Ботақанұлы еді. Үкімет адамдары бұйрық бойынша Жайырбайды Шәуешекке апарып қамап тастайды. Бұл істен хабар тапқан мәмбет елінің үкірдайы Жалбағай, дөртуілдің үкірдайы Көксеген, мәметек қошқарбай елінің үкірдайы Еңселер ел жиып кеңес құрып, дутыңға арызданады. Жайырбайдың күнәсіз екеніне елден факт жияды. Сонымен бұған мойынсал болған дутың Жайырбайға ақ зоң шапан кигізіп, қасына жеті шерік ертіп жақын туысы Ергенбайды хатшылыққа тағайындап, төрт үкірдай елді аралатады. Жайырбайдың аталмыш қылмысын естіген жамағат оның ақ зоң шапанына «жазықсыз адам жазаланбасын» деп қолдарын қояды. Сонымен, ол ақталып аман қалады. Бәзғалам Жайырбайға арнап «Сабазым-ай» деген күйін шығарады.
НҰРПЕЙІС КЕЛІНІ ДИНА /1861-1955/
308. «Бұлбұл»
(ІІ нұсқа) Ел іші ойын-тойдан, қызықты бас қосудан құр алақан болмайтын әдеті. Ерулік, сыбаға, соғым басы, қымызмұрындық, шашыратқы, сіргежияр, уызқағанақ, ұйқы ашар, бастанғы, сірне, ұлыстың ұлы күні, асар, шілдехана, бесікке салар, тұсау кесер, сүндет тойы, тоқым қағар, қыз ұзату, келін түсіру, ас беру, міне, мұның бәрі де адам өмірі, тек қана адамның мейір шуағына бөлену арқылы бақытты болатынын білген елдің өмір салты. Осындай бас қосулардың бірінде Дина өзі қатарлы Балым атты бір қызбен танысады. Табиғаттың жомарттығында шек бар ма, Балымның ақылына көркі сай, аяулы ару болса керек. Әсіресе, сызылтып айтқан әндері, сылқылдатып тартқан күйлері Динаға ерекше әсер етеді. «Япырай, бір адамның бойына осынша қасиет біте береді екен-ау!» деп қайран қалады. Осы бір, жалғыз сәт қана бас қосып, дәмдес болған Балым қыз көпке дейін Динаның есінен кетпей жүреді. Қыз баланың өрісі алыстан бұйырған соң ба, жоқ әлде жыл құсындай шашырай көшіп-қонып жүрген ел болған соң ба, әйтеуір, Балым қызға Дина қайтып кездесе алмай жүреді. Уақыт сырғып өтіп жатады. Бұл кезде толықсып бой жеткен Балым қыз бір төреге тұрмысқа шығады. Балым болашақ күйеуіне құлықсыздау болған екен, бірақ төре төрелік мысымен, малының күшімен алса керек. «Жібекті түте алмаған жүн етеді, аруды күте алмаған күң етеді» дегендей, төре Балымға жайсыз болады. Балымды бұлттың көлеңкесінен қызғанып, басынан таяқ айырмайды. Әсіресе, ән айтып, күй тартуына тыйым салады. Өнерді өміріне серік етіп өскен Балымды мұндай жағдай құсалыққа ұрындырады. Бір күні күйеуі үйде жоқта Балым көршіден домбыра алдырып, күй тартады. Көптен аңсаған сырласына іштегі шерін ақтарғандай, домбыраны беріле тартып отырады. Қас қылғандай, осы жағдайдың үстіне күйеуі кіріп келеді. Мұндайға төзетін төре ме, шаңырағымды жынның ұясына айналдырдың деп, Балымды оңдырмай сабайды. Осы оқиғадан кейін булығып жылаудан болды ма, жоқ әлде, төренің шолтаңдаған қамшысы тиді ме, әйтеуір Балымның екі көзіне бірдей ақ түседі. Жалғанның шырағындай жанарынан айырылып, аяқ жолын тауып жүру мұң болады. Балымды ару кезінде қадірлей алмаған төре, енді көзіне ақ түсіп, кіріптар болғанда тіптен керексіз етеді. Ақыры, күндердің бір күнінде, тотыдай тарантып алып келген Балымды тоқымдай сүйретіп төркініне апарып тастайды. Осыдан кейін Балым өмір бойы тағдырына налып, Тәңіріге мұңын шағып өтеді. Көкірегінен небір зарлы әндер ақтарылып, төңірегіне «Соқыр қыздың әні» деп таралып жатады. Бұл өнердің сарыны, ән мен күйге құлағы түрік жүретін Динаға да жетіп жатады. Бірақ «Соқыр қыздың» бір кездегі, ауыл-аймақты аузына қаратқан Балым екенін білмейді. «Япыр-ай, әні қандай мұңды еді, сазы қандай есті еді» деп, таң қалып жүреді. Бір күні ауыл-аймақтың әдеттегідей бас қосуында Дина сырттай ынтығып жүрген «Соқыр қыздың» өзін көреді. Мұндайда сырттай мүсіркеп қоя салатын Дина ма, бақытсыз бейбақтың көңілін аулау үшін жанына барып, қолын алып, күйін тартып, сырласады. Әңгіме үстінде «Соқыр қыздың» баяғы Балым қыз екенін біледі. Мұнан соң Дина тіптен тебіреніп, өз басына түскен нәубеттей күйзеледі. Әрине, қанша тебіреніп, күйзелгенмен күйректікке салыну Динаның табиғатында жоқ. Сол жерде есін жиып, бойын бекітіп, замандас құрбысы Балымға тіл қатады: «Балым, шүкірлік еткенің жөн, ата-анаңның әлпештеген бұлбұлы болып өсіп едің, енді, міне халқыңның ардақтаған бұлбұлы болып жүрсің», – дейді. Жай ғана сөзбен жұбатып қоймайды, кейін Балымға арнап «Бұлбұл» атты күй шығарады.
309. «Кербез»
Бұл күйді Дина «Кербез» деп атайды. Динаның абысыны шынында да сұлу, өткір, ашық адам болғандықтан туысқандар арасында беделді болады. Дина сияқты ол да феодалдық ауылдың салт-санасынан жоғары адам екен, оның даусы күшті болмаса да, нәзік, құлаққа жағымды болыпты. Жаздың кешкі майдақоңыр самалында, ауылдың у-шуы басылған кезде, абысыны Динаға келіп, оның тамаша тартатын домбырасын, ұлы ұстазы Құрманғазының өмір оқиғаларын, анасы Алқа жөніндегі әңгімелерін тыңдайды. Ал Кербез қазақ қыздарының малға сатылатыны, бақытсыздығы жөніндегі қайғылы әндерді ақырын сызылта айтады. Ол өлеңмен Динаға мұңын шағып, шерін тарқатады, ал соңында жастықтың, ғашықтықтың серпілінді әндерін айтып, Динаның көңілін көтереді. Кербездің күйеуі ол келіншек болып атасының босағасын аттаған соң, бірнеше айдан кейін өледі. Жесір қалған Кербез екінші күйеуге шыққысы келмейді. Кербездің едәуір малы болады. Бірақ ол мал-дүниеге жанын салмай, күн көруге жетерлік мөлшерінде ғана шаруасына қарайды.
310. «Көгентүн»
Ауылда қозыны алғаш рет көгендегенде балаларға енші береді, соны көгентүн дейтін. «Менің Бапас абысыным – Кербездің бір қора қойы болатын, ол қозылардың ізінде жылқышының кішкентай баласы жүретін. Бірде, көктемде қой жаңа қоздап, қозыны жаңа ғана көгендеп жатқан кезде, салт бойынша Кербез жас балалардың біреуіне арнап бір қозыға ен салуы керек еді, қозышы бала үнемейін сызылтып, бір мұңды әнді айтып жүреді дегенді естігенмін. Кербез менің айтқанымды істейді. Бала менің айтқанымды сезгендей, алдымен маған, сонан кейін барып Кербезге алғыс айтты. Баладан мен жалғыз жүргенде айтатын өлеңін айтып беруді өтіндім. Аз ғана уақыт ұялып тұрды да бала өлеңін айтуға кірісті. Ол бала жақында қайтыс болған шешесінен өткен жылы естіген «Ақ қозы» деген әнді айтып жүреді екен. Өлеңнің аты мазмұнымен жымдасып жатыр. Бұл өлеңде шешесін қасқыр жеген жетім қозы жайлы айтылады екен. Бала өзін сол ақ қозыдай, ал байларды қасқырдай көріп, өлеңді ерекше сезіммен айтты. Баланың әні көкейімде қалды. Мен кедей балаға арнаған «Көгентүн» деген күй шығардым».
311. «Қара қасқа ат»
Кенже сүйікті қызы Динаны ұзатқанда қызының басқа жасауларына қоса, үш болысқа аты шыққан, «Қарақасқа» деген жүйрік ат береді. Кенже сияқты Нұралының атқа құмарлығы болмаса да атасының берген киітін құрметтеп, баптап бағады. Ал Динаға Қарақасқа ат өзінің жас кезін, бақытты шағын еске түсіретін ескерткіш сияқты болады. Кенже Динаны Нұрпейістің үйіне ұзатқан соң, бірнеше жылдан кейін қайтыс болады. Динаға Қарақасқа ат та тұтқынға түскендей, өз ауылын сағынып тұрғандай болып көрінеді. Ат Динаға сүйікті әкесінің көзіндей көрінетін. Кенже қызының ерлердің ісін істегенін (домбырашы болғанын) қуаттаушы еді. Бірде Қарақасқа ат ауырады да өліп қалады. Дина өзінің бақытты жастығының тілсіз куәсіндей Қарақасқа аттан айырылғанына қайғырып, оған арнап күй шығарады. Күйдің басынан аяғына дейін ерекше жақсы көргендік, жан жылылығы айқын суреттеледі...
312. Композитор Дина мен өнерпаздар
Ертеректе белгілі ақын, өнер иесі Динаның үйіне екі-үш жас жігіттер келіпті. Ойлары Динаның алдында күй тартып, өнер сайыспақ. Аман-саулықтан кейін Динаның ілулі тұрған домбырасын алып тартуға лұқсат сұрапты. Дина:
– Алыңыз, жаным, тартыңыз! – деп ризашылық білдіріпті. Қайткенде де, өнер адамының жаңалыққа жаны құмар емес пе? Сонда жігіттер бар өнерін салып екі-үш күй тартыпты. Кезек Динаға келгенде Дина сол күйлерді қайта тартып беріпті. Шамасы орындау техникасы шебер болса керек, жігіттер Динадан: – Не күй тарттыңыз? – деп сұрапты. Сонда Дина:
– Ал, сендердің тартқандарың қандай күй? – деп қайтара сұрағанда жігіттер:
– Біздің тартқанымыз «Бозмұнай», «Бозшолақ» деген күйлер! – депті. Дина:
– Сендердің тартқандарың «Бозшолақ» болса, менің тартқаным «Өз шолағым» деген екен.
СЫБАНҚҰЛ ҚАЛБАСҰЛЫ /1865-1945/
313. «Аққу»
(ІY нұсқа) Баяғы өткен заманда Қазығұрт тауының етегінде айдын көл болыпты. Сол көлге бір аққу келіп амалсыз тұрақтап қалады да, жыл сайын балапандайды. Балапандарының қанаты қатая бастағанда ерінбей-жалықпай сонау аспанмен таласқан Қазығұрт тауының басына шығарып, аққуларды өздерінің атамекеніне қарай ұшырып жібере береді екен. Жас аққулар сөйтіп атамекеніне қайтатын көрінеді. Балапандарын ұшырып жіберген аққу Қазығұртта біраз әл жинау үшін аялдап қалады. Көп ұзамай атамекенін, балапандарын сағынады. Сол сағынышпен елге оралып ұшып келе жатқанда, жол торып жүрген бидайық құс қуа жөнеледі. Бірақ бидайық құс қанша қуса да, аққуға жете алмапты. Жолда бар қиыншылықты көріп, арып-ашып еліне оралып, өз балапандарын аймалапты.
314. «Қос келіншек»
(ІІІ нұсқа) Ел жайлауға шыққанда бір өзеннің екі жағында екі келіншек өмір сүріпті. Екеуінің де аты Шәрипа, екеуі де домбырашы екен. Екеуі өзеннің екі жағында отырып күйімен амандасып, сырласады екен. Содан біреуі «Күнгей Шәрипа», біреуі «Теріскей Шәрипа» аталып кетіпті. Бір жылы жайлаудан түскенде екеуі де бір мезгілде қайтыс болыпты. Сол оқиғаға орай, қос келіншекке арнап домбыраны тел бұрауға салып тартқаны.
315. «Тәжінің Бозайғыры»
Бекмырзаның Тәжісі жылқылы бай екен. Желісінен құлын, кермесінен тұлпар, қысы-жазы сабасынан қымыз арылмайтын көрінеді. Сол жылқылардың төлбасы Бозайғыр екен. Өзі бай, өзі жомарт, саятшы, құсбегі, мәрт, елге істеген жақсылығы көп, мектеп, медресе аштырған парасатты Тәжі бір күні Сыбанқұлды арнайы ат жіберіп алдыртады. Неше күн күй тартқызып, сый-сияпат көрсетеді. Замандасының көңілін тапқан Сыбанқұлды ауыл адамдары бірінен соң бірі шақыртып қонақ етеді. Тәжі қасына ертіп аң, құс аулауға апарады. Аңшылықта жүріп те Сыбанқұлға неше түрлі сиқырлы күй тартқызады.
Сондай көңілді бір сәттерде Тәжі:
– Сыбанқұл, сенің атыңды күй шығарады, ал менің атымды не шығарады? – дейді.
Сонда Сыбанқұл:
– Сенің атыңды мың жылқының басы Бозайғыр шығарады, – депті. Шындығында, мойнына құрық салдырмай өткен Бозайғырдан мың құлын тарайды. Кәртайғанда алжып, үйірінен айырылып, көрінген жылқы сай-сайға қуалап тастаса, ашынған Бозайғыр айдалада тұрып азынайды екен.
Соны көрген Сыбанқұл Тәжінің алдында тұрып күй тартады.
– Мұның атын аташы, – дейді Тәжі.
– Бұл – «Тәжінің Бозайғыры», – депті Сыбанқұл.
316. «Саңдық ашты Сарыөзен»
Бір күні күйші Сарыөзен деген өзенді бойлай өрлеп келе жатады. Өзен тасып, толқындары төңкеріліп, тынбай тулап, тасқа тигенде қайта қайырылып, сандықтың аузын ашқандай ақтарылып жатады. Осы көрініске қызыға қарап келе жатқанда, артынан атпен бір жігіт жақындап:
– Ассалаумағалейкүм! – дейді.
Сыбанқұл үндемей жүре-жүре бір кезеңді асқанда барып жігітке бұрылып:
– Уәликсалам, – депті.
– Ой, ата мен сізге сайдың аяғында сәлем беріп едім, басына келгенде жауап қатқаныңыз қалай? – деп сұрайды жігіт.
Сонда Сыбанқұл күйші:
– Сен, балам, ренжіме. Мен бағанадан бері «Сандық ашты Сарыөзен» деген күй тартып келе жатыр едім, – деп домбырасын қоржынынан алып, сол жерде әлгі күйін тартқан екен.
ТАУДАНБЕКҰЛЫ ДӘУІТБАЙ /1873-1937/
317. «Арна»
Қиын кезде ел қамын ойлап, түрлі амалын қарастырып, ат үстінен түспейтін азаматтың бірі күйші Тауданбекұлы Дәуітбай болған. Бір жылы ерте көктемде Боғда үкіметінің жандайшаптары қимылын ширатып, елді дүрліктіре бастайды. Осындай қиын шақта Дәуітбай күйші жанына бір жолдасын ертіп, Қобда сыртындағы елге хабар беруге келе жатса, өзеннің қызыл суы жүріп, сең бұзыла бастапты дейді. Қамсыз отырған елге қалайда хабар беру шарт. Сәт сайын сарқырап-күркіреп ағасын күшейтіп бара жатқан Қобданың асау мінезі тіптен асықтыра түскендей болады. Сонда Дәуітбай: «Әй, мұндайда аяған жан кімге шікірә!» – дейді де, астындағы атты тартып-тартып жіберіп өзенге қойып кетеді. «Дәуітбайдан жаным ардақты ма!» деп, жанындағы жолдасы да күмп береді. Содан Қобданың ақ көбік шашқан асау ағысы екі жігітті жанқадай қалтылдатып ала жөнеледі. Тақымға басқан аттары иектерін көтеріп, парылдай жүзіп жан таласады. Бірақ, дүлей күш туырлықтай сеңдерімен соғып, келесі жағалауға маңайлатпай қояды. Дәуітбайдың аты бір-екі рет су қауып, өзінің де бойынан қауқар кеткендей көзі қарауытады... ...Әлден уақытта, ес кетіп, жан шықты дегенде бірдеңе сарт етіп иығына тигендей болады. Сөйтсе, жағалауға бұрын шыққан жолдасы қыл арқан лақтырған екен. «Суға кеткен тал қармайды» деген, жан-дәрмен арқанға қолы тиіп, аман-есен Дәуітбай да жағалауға шығады-ау. Сол күні ауылға келіп, ағайынның ықыласына бөленіп отырып, Дәуітбай әлгінде ғана көрген азабын күй тіліне түсіріп еді дейді.
Бұл күй ел ішіне «Арна» деген атпен тараған.
СОҚЫР ЕСЖАН /XІX ғ. ІІ жартысы/
318. «Соқыр Есжан»
Өткен ғасырда Есжан деген атақты күйші болыпты. Есжан бала жасынан әділетті, бірбеткей болып өскен. Кішкентайынан өзінің еңбегімен күн көріп, азаптың ауыр жүгін арқалайды. Бірақ, он саусағынан өнері тамған домбырашы-жігіт халық алдында қадірлі болады. Бір күні Есжан байдың ауылына келіп, одан еңбегінің ақысын сұрайды. Әңгімеге құлақ қою былай тұрсын, бай сөзге келместен, нөкерлерін шақырып, Есжанды қызыл жон етіп сабатады. Таяқ етінен өтіп, салы суға кетіп қайтқан Есжан қалайда кегін қайтаруға бел байлайды. Араға біраз айлар салып, бір күні жаңағы байдың жылқысынан бір жақсы атты ұстап мініп кетеді. Бұл қылығы үшін бай Есжанды ұстатып, екі жылға соттатады. Екі жылдан соң Есжан еліне қайтады. Жаздың аңызағында тілі аузына сыймай, сусап келе жатқан жаяудың алдынан бір ауыл кездеседі. Бір ақ үйдің есігін ашып кіріп келсе, үйде жан жоқ екен, сабадан өзі бір зерең қымызды құйып алып ішеді. Кепкен таңдай жұмсап, көзі шырадай ашылған кезде жан-жағына қараса, керегенің басында ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Есжан домбыраны алып бірнеше күй шертеді. «Би келіп қалған екен» деп даладан асып-сасып үйге бәйбіше мен бикеш келсе, нашар киімді бөгде адамның домбыра тартып отырғанын көреді...
– Бидің домбырасын рұқсатсыз неге аласыз, қандай адам едіңіз, енді ол мына бізді де, сізді де жазалайды, – деп екі әйел зар қағады. Есжан үнсіз ғана «жаздым-жаңылдым» дегендей ишарат білдіріп, үйден шығып кетеді. Көп ұзамай үйіне оралған би домбырасының бұрынғы орнынан қозғалғанын сезіп, қолына алып қағып көреді де:
– Мына домбыраны кім ұстады, әлде бөтен біреу келді ме? – дейді.
Бәйбіше мен қыз оқиғаның шынын айтады. Би дереу шауыпкелдерін жіберіп, ауыл шетіндегі қараша үйде отырған Есжанды сүйрелеп алып келеді. Жолшыбай Есжанды қамшының асытна алып сабаумен болады. Бірге бір келгенде есесін жібермейтін Есжан, бұл жолы да шабарманның біреуін қағып жібереді. Бірақ осы арпалыстың кезінде бидің екі сойыл соғарының сілтеген қамшыларының ұшы Есжанның бір көзіне тиіп, содан көрмей қалады. Би де кәріне мініп отыр екен, Есжанды көрген соң бұрынғыдан жаман қатуланады. Есжан өзінің белгілі домбырашы екенін, бір жаламен екі жыл түрмеде болып, содан күні бітіп шығып келе жатқанын, онда домбыраны, әнді, күйді сағынғанын айтып, бидің домбырасын байқаусыз ұстағанына кешірім сұрайды. Би бұрынғысынан босағандай болып:
– Осы айтқандарың бәрі рас болса, маған бірнеше күй тартып бер, сонда ғана сенемін, – деп домбырасын Есжанға ұсынады...
Домбыраны сағынған саусақтар перне бойлап жорғалайды. Қаншама қатулы болғанымен, күйді түсінетін би, мына домбырашының тартысының ерекше екенін сезеді. Домбырашы жаңа күйге көшкен сайын ол екі көзі Есжанда, құлағы күйде болып, басқа дүниені ұмытқандай болады. Есжан өнер иесі адам екенін би білген соң, оған өзінің істеген озбырлығы үшін кешірім сұрайды. Есжанды қонақ етіп сый көрсетеді. Оны өз қарауына қалдырғысы келеді. Бірақ би қаншама жалынғанмен, күйші байдың ауылында қалғысы келмейді. Қанша жібиін дегенімен, мына бір түскен өмірлік таңба, оны келісімге келтірмейді, бидің құл домбырашысы болып жүруді ар көреді. Есжан соқыр көзін бидің қызының берген жібек орамалымен таңып, қош айтысып, Жайыққа қарай жол тартады... Есжан сол жүргеннен жүріп отырып Жайыққа жетіп, ардақты анасы, сүйікті қарындасымен көріседі. Күйшінің еліне оралуы бұл аймаққа тез тарайды. Халық бұрынғысындай жиналып, оның күйін тыңдайды. Алыс сапардан, ауыр жолдан қайтқан Есжан енді бұрынғы күйінің үстіне күй қосады. Айдау, түрме, байдан жеген таяқ, биден көрген қорлық, туған жер, ұшқан ұяны сағынған жүрек – бәрі қосылып, домбыраның көмейінен күй болып төгіледі. Қаумалап отырған әлеуметіне Есжан:
– Елге аман-есен оралғаныма қуанамын, сендерді көріп, алдарыңа күй тартқаныма мақтанамын, өмірдің талай тас өткелін кештім, талай ауыртпалықты да бастан өткіздім, сендерден кеткенде Есжан едім, енді бір көзді бидің ашуы алып, «Соқыр Есжан» болдым, оған налымаймын, халқым тұрғанда, он саусақтың өнері тұрғанда Есжан әлі де Сіздермен бірге болады, болаттай бір күй шығып та қалып еді, соны тыңдаңыздар, – деп домбырасын тарта жөнеледі. Сондағы Есжанның сол сапарда шығарғаны – «Соқыр Есжан» күйі екен деседі.
319. «Айнам қалды»
Күйші Соқыр Есжан жас кезінде көрші ауылдағы бір байдың Ақбикеш деген қызына ғашық болады. Ақбикеш те Есжанды ұнатқанымен екі жастың қосылуына әлеуметтік жағдай кеселін тигізеді. Ақбикеш – өнер иесі, өз ауылындағы белгілі домбырашылардың бірі. Ол Есжанмен ойын-тойда кездескенде бір-біріне домбырамен ғана сыр шертіседі екен. Арада екі жыл өтіп, түрменің уақытын бітіріп, еліне қайтқан Есжан жолшыбай Ақбикештің ауылына соғады. Онда үлкен той болып жатады. Бұл Ақбикештің ұзатылар тойы екенін Есжан білмейді. Есжан бір үйде жиналып отырған ауыл жастары мен қарттарының үстіне барады. Бұлар – «Ақбикеш аулымыздағы он саусағынан өнері төгілген домбырашымыз еді, енді ол бізден кетіп, сіздерге барғалы отыр, ең болмаса, соңғы рет Ақбикештің тартқан күйін тыңдап қалалық, қызымызға рұқсат етіңіз», – деп, құдалардан рұқсат алып, оңаша үйде Ақбикешке күй тарттыру үшін жиналып отырғандар екен. Ақбикеш біраз күй тартып, домбырасын тізесіне сүйеп, қол орамалымен маңдай терін сүртеді. Осы кезде Есжан да үйге кіріп, босағадан отыра кетеді. Ақбикеш тағы да күй тартуға ыңғайланып, үйдегілерді көзбен бір шолып өткенде есік алдында отырған Есжанға көзі түседі. Есжанның жүдеу сиқына қапаланып, мұңайған Ақбикеш:
– Келесі күй «Айнам қалды» аталады, – деп домбырасын тарта беріпті. Күйді беріле тыңдап отырғандардың бірі:
– Мына домбыраның үні шынында да «айнам қалды, айнам қалды» деп қақсап тұрған сияқты. Осыншама көп жасау дайындағанда қол ұшындай айнаны сандықтың бұрышына тастай салуға болмады ма екен? – дейді жанында отырған екінші бір кісінің құлағына сыбырлап. Сонда Ақбикештің әлгіндегі қимылын сезіп қалған екінші қарт:
– Жоқ, олай болмас. Менімше, осы отырғандардың ішінде Ақбикештің ұнатқан жігіті, айнасы қалып бара жатқан болар. Қыздың соған арнап, домбырамен айтып отырған назы шығар, – дейді.
Шынында да бұл күй Ақбикештің Есжанды көріп мұңайып тартқан, ескерткіш есебіндегі «Айнам қалды» атты күйі екен дейді халық арасында.
СЕЙТЕК /XІX ғ. ІІ жартысы/
320. «Бұлбұл Айша»
(І нұсқа) Сейтек Элиста маңындағы қалмақ ауылдарында да болып, күйшінің өзі айтпақшы, бірнеше би күйлерін үйреніп қайтады. Астрахань губерниясынан қайтар жолда екеуі бір ауылға тап болады. Төбелері көрінгеннен алдарынан шығып, бұларды аттан түсіріп, аяқтарын жерге тигізбей оқшау тігілген айдынды ақ отауға алып келеді. Жұрт абыр-сабыр, гу-гу, қошемет. Сақаман күліп Сейтекке: «Әй, осылар дәу де болса бізді біреумен шатастырды» деп еді, ол жайбарақат: «Саспа, әліптің артын бағайық, біздің неміз кетіп барады?» деп жауап береді. Әлден уақытта ең үлкен ақ отаудың иесі Құмар келеді. Ат үстінен түспей жатып, ауылдастарынан: «Не болды, құда мен күйеу бала келді ме?» деп сұрап жатыр. «Қайдам, екі кісі келді, жік-жапар боп қарсы алдық. Бірақ қайсысы күйеу екенін біле алмай отырмыз», – десті жұрт. Бұлардың айтуына қарағанда, ауылға әкеп түсіргендері кездейсоқ бір жолаушылар боп шықты. Шамалы уақыт өткен соң шын қонақтардың өздері де келді. Оларды қол қусырып күтіп ап, Сейтек пен Сақаманнан жоғары отырғызады. Құмар енді Сейтек пен оның серігіне көңіл аударуды қойып, біресе құдасымен, біресе күйеу баласымен әжін-гүжің әңгімелесіп кеткен еді. Мұнысын көңіліне дық алған Сейтек өзін танытудың бір орайын іздеп отырды. Күн кешкіріп ойын-сауық басталды. Сейтек домбырасын алып, бірнеше күй тартып өтті. Жұрт назары енді бұған ауды. Үй иесі менсінбеген сыңаймен: «Сейтек деген осы сен емессің бе? Домбыра тартуың аз-мұз соған ұқсайды екен», – деп ернінің ұшымен сұрай салды. Сейтек «менмін» деп басын изеді де қойды. Құмар әуелі сыр білдірмесе де, «өзі бір тентек деуші еді, қара басымды қадірлемедің деп сойқан салып жүрер» деп артынан сескеніп қалды. Сол арада қалыңдықтың домбырашы екені де анықталды. Қыз домбырасын алып күй тарта жөнелді. Сейтек оның домбыра шертісін ұнатып қалды да, «қарағым, домбыраң бұлбұлдай сайрайды екен» деп сол Айша атты қызға арнап табанда бір күй тартады. Ел арасына ол күй «Бұлбұл Айша» деген атпен тарап кетеді.
321. «Бұлбұл Айша»
(ІІ нұсқа) Жайық бойында отыратын дәулеті шалқып, ырысы артқан Байғұмар деген кісінің домбыра шертіп, күй шығарып аты шыққан ақылы мен сымбаты сәйкескен Айша деген өзі зерек өзі сұлу қызы болған екен. Айшаның атын естіген күйші Сейітбек деген жігіт оны іздеп барып, қызбен өнер сынасып көңіл береді, бірақ, Байғұмар қолында қу домбырасынан басқа ештеңесі жоқ Сейітбекті жақтырмайды. Бұл қорлықпен өртенген Сейітбек қос ішектен мың түрлі құбылтып сайраған бұлбұлдың әуенін шығарып, «Бұлбұл Айша» деп атап күй шерткен екен.
322. «Бес қыз»
(І нұсқа) Сейтек қалмақ елін аралап жүріп, бір үйге түседі. Үй ішінде бес қыз үйді басына көтеріп, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Келген қонақтың домбырасы бар екенін көргенде: «Сіз күй тартыңыз, біз билейік» деп қолқа салады. Сейтек бұл кезде қалмақ жұртының музыкасымен недәуір танысып қалған еді. Сол жерде би ырғағына келтіріп бір күйді тарта жөнеледі. «Бұл қандай музыка?» деп қалмақ қыздары таңқалады. Сонда Сейтек бұл күйді сендерге арнағаным болсын, аты «Бес қыз» деп жауап айтады.
323. «Бес қыз»
(ІІ нұсқа) ...Сейтек нағашысы Дәулетиярдың сыйға берген іңгеншесіне мініп ауылына қайтқанда, жолшыбай жанында бір топ шабармандары бар Арсыланкерей кездесіп, Сейтектің астындағы іңгеншені тартып алады. Соны кек сақтап қалған Сейтек жанына Сахаманды ертіп барымтаға аттанады. Төре Арсыланкерейдің жайылыста жүрген бір үйір жылқысынан екі семіз атты алып келеді де, іңгеншенің құны үшін деп кедейлерге сойып береді. Осыны сылтау еткен төрелер енді Сейтектің соңына шырақ алып түседі. «Аңдушыны алушы жеңеді» деп халық айтқандай, ізге түскен төрелер ақыры қалмай жүріп, Сейтекті қапылыста ұстап, Орданың түрмесіне жабады. Бірақ Сейтек түрмеде көп жатпай қашып шығады... Осы бетімен үйіне соқпастан Нарын құмына кетеді. Еділ бойын, Қалмақ қырын түгел аралайды, – делінген еді. Сейтек қалмақ жерінде жүргенде бір үйге келсе, үйде бес қыз іс тігіп отыр екен. Бірақ Сейтек бұларға шөлдеп, сусын ішуге келгенін айтады. Сол кезде, отырған қыздардың біреуі орнынан тұрып, шалап бермекші болып жүре бергенде Сейтектің қолындағы домбырасын көріп: «Сіз бізге саз тартып бермесеңіз, үйден шығармаймыз», – деп қалжыңдайды. Мұндай қалжыңның талайын көрген Сейтек, сусынға қанып алғаннан кейін, тамағын кенеп: «Егер сендер билейтін болсаңдар, мен саз тартайын», – дейді. Осыны естуі-ақ мұң екен, қыздар орындарынан ұшып тұрып, билеуге дайындалады. Бұл жағдайды көрген Сейтек, киіз қаптан домбыраны шығарып алып, бір күйді тартып жібереді. Күйдің әсем сазына бес қыз ұршықтай үйіріліп билей жөнеледі. Күйдің музыкалық үнінде қалмақ сазына жақын келетін элементтер мол болғандықта ба, әйтеуір, осы бір күйдің сазы қыздарға қатты ұнап қалады. Сейтек домбырасын құйқылжытып, біраз тартып-тартып тоқтаған кезде қыздар Сейтекті ортаға алып: «Бұл не деген күй, аты қалай?» – деп сұрайды. Аяқ астынан қойылған мұндай сауалға бірден не дерін білмей қалған Сейтек, сәл кідіреді де: «Осы отырған бесеуіңе арнаған «Бес қыз» атты күйім болсын», – деп үйден шығып кетеді...
324. «Шәрипа»
Қанша қиындық көріп, тауқымет тартса да Сейтек салы суға кететін жан емес-тін. Жасы алпысқа таянса да бойында күші мол, қайратты, әжуалағысы келгендерге ақысын жібере қоймайтын. Осы сөзімді тірілтейік. Бір күндері Сейтектің аулына аузында бейпіл сөз, қолында жалаңдаған пышағы бар, елді үркітіп, қорқытып бір есерсоқ жас жігіт келе қалады. Сейтек бір досының үйінде шай ішіп отырған. Бабымен шай ішіп, балқып отырғанда біреу-міреу келіп мазасын алса, ондай адамның сыбағасын беретін. Әлгі жігіт те үйге дәл осындай сәтте баса көктеп кіріп келіп еді. Көзінің еті өскен көргенсіз, келе «алжыған қақбас» деп Сейтекті жерден алып, жерге салды. Сейтек әуелі үндемей, жайбарақат шайын ұрттап отыра берген. Жігіттің одан сайын жыны келеді. Енді үйдегілерді түгел сыпыртып шығып, шай құйып отырған осы үйдің келіні Шәрипаға тиісе бергенде, Сейтек ақырын ғана оған: «Қарағым, шайыңды іш, суып қалды. Шамасы жоқ шалдар мен әлжуаз әйелдерге ұрынып не қыласың, өзің қайратты бала көрінесің, шырағым», – дейді. Ұр да жық, алаңғасар жігіт сөз астарын түсіне ме, орнынан атып тұрып, «ә, сайтан шал, сен маған ақыл үйретпекшімісің?!» деп атасындай Сейтекке дүрсе қоя беріп, пышақ ала ұмтылған. Сейтек көз ілеспес шапшаңдықпен пышақ ұстаған қолын шап беріп, қайырып жібереді де пышағын жұлып алады. Сосын әкіреңдеген немені аяғының астына басып отырып, асықпай шайын іше береді. Шайын ішіп болған соң Сейтек әлгі жігітті тұрғызып, бір нұқып қалып еді, қаңбақтай ұшып барып есіктің аржағына топ ете түсті. Сол жатқаннан ол тырп етпей біраз жатты. Жүрген жерінде жұрттың берекесін қашырып, зәресін ұшыратын жетесіздің бұл үйге де кіріп келіп сойқан салмақ болған түрін көргенде жүрегі тас төбесіне шыққан Шәрипа оның ақ сайтанын қағып алған Сейтектің ерлігіне қайран қап, алғысын білдіреді. Әйтсе де, «дастарханның шырқы бұзылмасын, тентек те болса қонақ қой, шай ішсін, рұқсат етіңіз», – деп келіншек Сейтекке қиыла тілек айтты. Шәрипаның мына ақылдығы мен қайырымдылығына риза болған күйші сол жерде Шәрипаға арнап бір күй тартады. Ел арасына да сол атпен тарап кеткен.
325. «Сексен ер»
Ордада құралған атты әскер полкінің қатары күн санап көбейе берді. Полкке жаңа келген қазақ жастарынан құралған жүз отыз адамнан тұратын бөлімшені Бейсен Жәнекешев басқарған болатын. Осы бөлімше 1919 жылы 15 желтоқсанда Ордаға келіп аялдайды. Ал бұл кезде ішкі жаулар мен бандылардың жасырын әрекеттері әлі де тоқталмаған кезі еді. Қолдарында қаруы жетіспеген, әрі әскери тәжірибесі жоқ, жаңадан ұйымдасқан осы бөлімшенің Ордаға келгенін елін сатқан жексұрын Мылқайдар деген біліп қойып, Анохиннің бастауындағы бандыларға хабарлайды. Түн ортасы ауа Анохиннің бандылары бейқам жатқан жүз отыз жігітті қоршап алады. Тірідей жау қолына түсуді ар көрген қызыл әскерлер қарулы жаумен арпалысады. Осы соғыста елу адам тірі қалады да, сексен жігіт қаза болады. Осындай халықтың азаттығы мен бостандығы жолында құрбан болған сексен жігіттің өліміне Бейсен Жәнекешев:
Аттанып Нарынқұмға баралық та,
Қылышты қызыл қанға малалық та.
Кешегі құрбан болған сексен жігіт
Жолына Мылқайдарды шалалық та! –
деп, қалған сарбаздарын ертіп Нарын құмына аттанады. Құмдағы шағыл арасында жасырынып, қашып жүрген Мылқайдардың басын кесіп алады.
Сексен жігіттің өліміне қатты қайғырған Сейтек: «Қайран, қапыда кеткен ерлерім-ай!» – деп, «Сексен ер» атты күйін тебірене отырып шығарды.
КӘДІРӘЛІ ЕРЖАНОВ/1885-1968/
326. «Қасқа-ау, ана арада – қасқа-ау, мына арада»
Кәдірәлінің ұстазы атақты күйші Қазанғап, қасына ерген шәкірттеріне тек күй үйретіп қана қоймайды, оларды басқа ауылдың домбырашыларымен тартысқа шығарып, қандай жағдайларда қарсыласын жеңуге болатынын айтып, үнемі баулып отырады. Бір жылы Кәдірәлі Қазанғаптың қасында жүргенде Табын руының Тасыбай, Қонақбай сияқты белгілі домбырашыларымен тартысып оларды жеңеді. Кәдірәлінің оларды жеңу себептері былай болыпты: Тасыбай мен Қонақбай ауылындағы жасы жетпістер шамасындағы бір бай төрт әйелдің үстіне бесінші етіп, көрші ауылдағы бір кедейдің жас қызын малға сатып алыпты. Қыз байдың үйінде бір жұма болғанда, елде қалған сүйген жігіті артынан іздеп келіп, бір түнде алып қашып кетеді. Түн ортасында бай жас «жұбайын» іздеп, шырт ұйқыда жатқан ауылды бөрліктіріп оятады. Қыздың қашуына көмектескен сол ауылдың қу жігіттері байды мазақтап, қыз бен жігіт ауылдан ұзағанша оны алдарқатып ауыл маңындағы қарабарақтың арасынан іздеген болып, «ана арада, мына арада» деп, түн ішінде қарауытып көрінген қарабарақтың арасын байға аралатып, әбден сілесін қатырыпты. Осы оқиғаны естіген Кәдірәлі Тасыбай, Қонақбай ауылының байларын мазақтап, «Қасқа-ау, ана арада – қасқа-ау, мына арада» деп күй шығарғанда, Тасыбай мен Қонақбай: «Сараң байдың қырсығы бүкіл елге, ел намысына тиді», – деп, өздерінің жеңілгендіктерін мойындапты. Сөйтіп, Кәдірәлінің «Қасқа-ау, ана арада – қасқа-ау, мына арада» деген күйі, осы оқиғаға байланысты шыққан екен.
МҮКЕЙ ӘБІЛҚАЙЫРҰЛЫ /1884-1916/
327. «Қосбасқан»
(ІІ нұсқа) Мүкей мен Жайыр жортуылда жүріп бір байдың қыз ұзату тойына қатынасып қалады. Олар өздерінің атын-жөнін құпия сақтап, отау үйінде болып жатқан жастардың сауығына кіреді. Олар жастар арасында біреулердің Мүкейдің «Телқоңыр» күйін бұзып шертіп отырғанын көреді де, оның домбырасын сұрап алып, «бұл күй менің білуімде былай еді», – деп шертіп береді. Құрбыларының қалауынша күйші жалғасты бір қауым күйлерді орындайды. Қыза түскен домбыра сауығының бұл салты үлкендердің де құлағына шалынып, той иесі оларды ауыл ақсақалдары отырған шаңыраққа шақыртып күй шерткізеді. Топ арасында отырған орта жастардан асқан бір тақыс саудагер сауда істеп жүріп Мүкей ауылдарына қонып кеткені есіне түсіп, Мүкейді таниды да:
– Ой, інім, сен әлгі жортуылшы, күйші Мүкей екенсің ғой! Ауыл-аймағың аман ба? – деп суырыла амандасады. Мүкей шарасыздан саудагердің тануын мойындайды. Той иесі Мүкейді құрметтеп қонақ етеді. Ертеңінде аттанар алдында Мүкейге ел ақсақалдары ақыл айтып:
– Алаштың өнерлі азаматы екенсің, мұныңа жұрт риза. Атыңды сырттай естушы едік, бүгін көзімізбен көрдік. Ал жортып жүріп жылқы қуатын өнерің де бар екен, мұныңа жанымыз қас. Екі аяғыңды егіз баспа, алдыңғы өнеріңді алға сүйре, соңғыңды су түбіне таста, – деп шапан кигізіп, ақ тілекпен аттандырыпты. Мүкей осыдан соң ел тілегін жөн көріп, жортуылын да қойыпты. Еліне оралғаннан кейін «Қос басқан» күйін жасапты.
328. «Терісқақпай»
Айсыз түн, қызыл іңір. Үштас жайлауының төрінде отырған Қара Оспан бидің сегіз қанат ордасының жанынан жалғыз өтіп бара жатқан Мүкей, үй ішінде шертіліп жатқан күйді құлағы шалады да, атын қалтарысқа бекітіп қойып үй іргесіне таяу келіп күй тыңдайды. Оны сай тазанына ат қойып келе жатқан екі жігіт шалып қалады да, «баспалап жүрген ұры», – деп ұстап алып, Қара Оспанның алдына апарады. Өзінің үй іргесіне не үшін келгендігін сендіре алмаған Мүкей Қара Оспанды мойындату үшін, өнерін паш етіп күй шертеді. Қара Оспан да күмәннан айығып, оның күйшілік өнерін қадір тұтады. Қара Оспанның өзі де Мүкеймен күй шертіседі, қонақ етеді. Ертеңінде Мүкей мал дауымен Қара Оспанға келген екі адамның әңгімесін тыңдайды. Оның біреуі жоқ-жітік еді. Бұл дауға Қара Оспанның дұрыс қазылық етпей, бардамға жан басып, кедейді айыпты еткенін көреді де, бидің әділетсіздігіне төзе алмаған Мүкей, Қара Оспанның үйінде отырып қолма-қол «Теріс қақпай» күйін шығарып шертеді. Күйдің сол кездегі аты «Қақпай» болып, кейін «Теріс қақпай» деп аталып кеткен.
329. «Күзетші қыз»
Көгілдір ай сәулесі түсіп тұр. Жайлаудың жалпақ беткейіндегі ұйқыға батқан ауылдың солтүстік астырты теріскейлі бүргені қалың болып, осы шытырманның арасын жарып өткен жан жолмен екі жүргінші келе жатты. Олар күзеттегі қыздардың «Екі-ай жирен» әнін құмарта тыңдап, Шоқпар тас түбегіндегі самырсынға аттарын бекітті де, ойға алып келген байекеңнің ақбоз жүйрігін алып кетуді ойлайды. Күзетші қыздар бір мезет айтқан әндерін тоқтатып, күй шертеді. Бұл күй Мүкейдің «Жетім торы ат» күйі еді. Қыздардың күйдің ырғағын толық түсіре алмай отырғанын аңғарған Мүкей, қасындағы жолдасына: «Мен жолаушы бейнесімен қыздарға барып, күй шертіп айналдыра тұрайын, сен осы орайда ақбоз жүйрікті алып кет», – дейді. Кәперсіз аттан түсіп жатқан жігітті көрген қыздар үркердей боп орындарынан тұрды. Олар жігіттің аман-сәлемін қымсына алғандай болды. Мүкей қыздарға:
– Жолаушы едім, шерткен күйлеріңізді тыңдап сауық бар екен деп әдейі бұрылдым. Мен де өздеріңіз сияқты күйқұмар жан едім. Қане шертіңіздер, күйлеріңізді тыңдап көрелік, – дейді. Үш қыздың екеуі бұйығылау болса керек, бірін-бірі құшақтап, сұңғақтау, ересек қыздың артын ала ығыстап тұр.
Үкілі құндыз бөрік, қос етек көйлек, шынтақ жең камзол киген қыз тіл қатты:
– Ағай, біз сізден «қараңғыда не қылған кісі?» деп қорқып қалсақ, онда жақсы болды ғой. Келіңіз, отырыңыз, – деп үстіне алаша жабылып, ішіне сырмақ төселген күркені нұсқады. Әлгі сұңғақтау қыз наздана сөйлеп:
– Ағай, сіз Мүкей деген күйшінің «Жетім торы ат» деген күйін білесіз бе? – деді. Тұнық құлын даусына күміс шолпысы да үн қосқандай сыңғыр етті. Оның ай нұрына шағылған ақша бетінен еркелік пен өткірліктің, талап пен талғамның таңғы самалы есіп тұрғандай. Қыздың қылықты сипатына жүрегі жылыған жігіт:
– Қарындас Мүкей дегеніңізді танымасам да, «Жетім торы ат» деген күйінен хабарым бар еді. Домбыраңызды беріңіз, шертіп көрейін, – деп еді, қыз домбыраны ұсынды. Майысқан, күміс сақиналы, сүйрік саусақтардың салалы уысынан сүйкімді қыздың үкілі домбырасын алды да, Мүкей «Жетім торы ат» күйін бебеулетіп жіберді. Жалынды күйшінің саусағынан күй сезімінің саф алтыны төгілгендей болып, балауса қыздың балғын көңілін балбыратып бара жатқан сияқты.
– Бәсе, осылай шертілетін сияқты еді, – деп қайта-қайта шерткізіп тыңдай береді.
Ақшарбы бұлттардың арасынан ақ сәулесін шашыратып, сұлу Шолпан да сығалай бастады. Жігіт күйді тоқтатып, аттануға ыңғайланып еді, күзетші қыз қиыла сөйлеп:
– Ағай, сізге рахмет! Біз үшін жолыңыздан бөгелдіңіз. Ауылыңыз шалғай болмаса бұдан кейін де өнеріңізге ортақ болғым келеді, – деп қимас досынан айырылғандай мұңайып орнынан тұрды.
– Ақжарқын қарындас, сіз де сау болыңыз! Өнер құмар жаныңыздан айналдым! Тәлейым болса тағы да көрісерміз...
Жігітті қолтықтап аттандырған қыздың қызулы алақаны, оның жүрегіне сөнбестей от ұшқынын тұтатып жібергендей еді. «Осындай бір кінәдан пәк періштені қалайша алдауға қидым» дейтін өкінішті ой жігіт жүрегінде кете берді... Сәресіден тұрған байекең жүйрікті жоқтайды. Күзетші қыздар ешкімді көрмегенін айтып, болған істі жасырып қалады. Ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып жүрген жалғыз еркесінің сырын білетін байекең онан ары қузап айттыруға бата алмайды. Күндер өтіп жатты... Қыз үйінен ұрланып, қалың қарағайдың арасында домбыра шертіп отырған жерінде әкесі абайсыздан үстінен түсіп қалады. Қыздың шертіп отырғаны Мүкейдің «Жетім торы ат» күйі еді. «Қалқам-ау, сол жоғалған хайуан сенің үйренген өнеріңнен садаға, Мүкейдің күйін үйреніпсің ғой», – деп әкесі қызының маңдайынан искейді. Аттың жоғалуы Мүкейден екендігі деректен еді. Қызы да болған істі жасырмай айта салады. Бірнеше жылдан соң, ат иесі бір үлкен аста күй шертіп отырған Мүкейге кезігіп: «Менің жүйрік көгімді алғандығың шүбәсіз. Бірақ, қайтармай-ақ қой, сен оның бодауына, менің балама «Жетім торыңды» ерттеп мінгізіп кетіпсің. Менің ақбозым сол «Жетім торыңның» ауыздығына байлаған баламның тілашары болсын», – деп кешіріпті. Күйші аталы сөз алдында басын иіп, сол ас үстінде «сіздің балаңызға арнауым» деп «Күзетші қыз» күйін шығарыпты.
330. «Телқоңыр»
(ІҮ нұсқа) Мүкей бас болған он бес жортуылшы солтүстік Алтай сілемдерін мекендейтін дөртуыл елінен 300 жылқы айдап келіп, Қаба ауданының батысындағы Қара жиде, Бүркеу дейтін жерде жылқыны бөліске салады. Мүкей жолдастарына талап қойып:
– Маған осы жылқыдан көп бөлістің керегі жоқ, небары ойға алған үш жылқым бар, соны беріңдер? – депті. Ондағысы екі қара биені тел еміп келе жатқан қоңыр құнаншығарға көзі түседі. Оның қолмен жасап қойғандай жұп-жұмыр сүйек бітімі, су төгілмес майталман жорғасы мен ат шаптыратын желісі ерекше көзге түседі. Қоңыр құнан екі енесінің белінен елікше секіріп түсіп ойнайды екен. жолдастары сұрағанын беріп, Мүкей арманына жетеді. Қоңыр құнан екі енені кезек-кезек тел еміп келгендігінен «Телқоңыр» деп аталады. Ол не үшін екі енені емгендігін жылқының түпкі иесі болмаса, кім білсін? Мүкей қоңыр құнанды дөненінде үйретіп қолға бағады. Оны ат ағашқа байласа, жұлып тоқтатпайды. Үйге байласа, төбеге шапшиды. Сондықтан ұзын шылбыр тағып, түскен жерінде бос қойып үйретеді екен. Жануар шылбырды тартып, түлкі құсап бұлаңдап ойнап тұрады екен. Телқоңыр қуса құсты тістеп жететін, қашса шаңын да көрсетпей құтылатын «айтақалсын» ат болыпты.
Телқоңырдың екі енесі екі жылдан соң, мекеніне қашып кетіпті. Бір күні Мүкей мал көздемек боп, биік құмның басына шығып, екінті намазын оқып жатады. Жанында дағдысы бойынша бос тұрған Телқоңыр тегі енесі есіне түсті ме екен, кенет кісінеп, ішін тартып аунайды да, сілкініп ап, бұрынғы келген жағын бетке алып қаша жөнеледі. Намаздың қаза болмауына әрең шыдаған ат иесі қара тер боп түтігіп жақын маңдағы ауылдарға барып аттан сап, адам топтап, үш күн, үш түн қуса да телқоңыр жеткізбей, қарасын үзеді. Сөйтіп, орны толмас өкінішке батқан Мүкей «Телқоңыр» күйін жасайды.
331. «Бұлбұл торғай»
(ІІ нұсқа) Тамылжыған көктемнің май айы еді. Құлын жарғақпен қапталған домбырасын мойнына асып алған Мүкей, Білезік өзенін құлдап, Кеңтөренің ауылын бетке алып бара жатты. Жыландай жосылып аққан Білезік өзенінің бойы бүрлеген орман. Күйші көңілін табиғат дүниесінің осы бір көрікті шағы баурайды. Оның құлағына қайыңның бұтағына қонып сайраған бұлбұлдың әсем сазы шалынады. Мүкей атынан түсіп, байыздап әлгі сайраған бұлбұл құстың әнін қызыға тыңдайды. Секемшіл, сезімшіл әнші бұлбұл бұтақтан-бұтаққа қонып құйқылжиды, тамылжыған сыр шертеді.... Күйші домбыра тілімен бұлбұл торғайдың артынан еріп жүріп әуеніне әуен қосып, жол бойында ет асым ерулеп «Бұлбұл торғай» күйін жасап шығады да, қоналқыда Кеңтөренің үйіне келеді. Күй ырғағын ұмытып қалмау үшін шай соңынан кейін қайталай шертіп отырады.
Қазақ тұрмысы мен өнеріне қанық Кеңтөре:
– Мынау күйіңізді бұрын-соңды естімеген екем, аты не? – деп сұрайды. Мүкей күйдің бүгін жол бойында шығарылғандығын айта келіп, күйдің аты «Бұлбұл торғай» деп еді, Кетөре:
– Онда сенің ұстап алғаның менің түбегімнің бұлбұл торғайы болды ғой, – деп қағытпалы қалжың айтады. Мүкей:
– Оныңыз рас төрем, Қабаның елі де, жері де сенікі ғой, «төресіз ел, төбесіз жер жоқ». Төреміз жарлық берсе немізді аяйық... Өзіңізге бір арызым болып шыққан бетім еді, көктемнің жаршысы тіл қатты. Жолым болар деп ойладым, – дейді. Кетөре мақтаныңқырап, қарқылдап күледі де:
– Арызыңды айт, – дейді.
– Тақсыр, бірнеше жылдың алдында немере қарындасым Нұрғайшаны Сауыр тауының арғы бетіндегі Жайыр дейтін өнерлі азаматқа қалыңсыз үйлендірген едім. Жайыр өткен қыста «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген ауыл кәрілерінің пікірі бойынша екі ат, екі бие әкеп беріп кеткен. Жуықта осы малдың артынан торғауыттан екі жоқшы келіп екі атының көзін танып қайтарып алды. Қалған екі биесіне екі құнажын байтал қайтарсам, олар: «сендер биелерімді құлындатып, тығып отырсыңдар, малымның көзін аламын», – деп жанжал тудырып отыр. Оның биесін қыста соғымға жығып алған едік, осыны бітім қып берсеңіз, – дейді. Кетөре:
– Жегенің рас болса, айып тоғызсыз-ақ екі байталды орнына салып бітіруге болар. Ертең даугерді маған алып кел, – деп кесімді жауап айтады. Риза болған Мүкей тағы да күйін шертіп отырады да:
– Жолым болды, күй сіздікі болсын, – деп аттанып кетеді. Сөйтіп, «Бұлбұл торғай» күйі «Кетөренің бұлбұл торғайы» деп те жұрт арасына тараған екен.
332. «Ой, дүние-ай!»
(ІІ нұсқа)
Қыраулы күз. Ән салып, қош айтып жыл құстары да қайтып жатты.
...Қазалы болғандарды жаназаласып, жерлескен Мүкей Шұңқыршидегі киіз үйімен отырған семиясына келіп салғырттау аттан түсті. Оның денесі жер тартып, желке жүйесі шаққылап, көңілі айнып ауырғанына бірнеше күн болған. ол бір сәт төр алдында шынтақтай жатып, қоңырқай киіз үйдің жартылай ашылған шаңырағынан алыс биікке көз тігіп, аспан әлеміне үңіліп еді, бір топ тізбекті тырналар тыраулап төбесінен бір айналып ұшқандай болды да, аздан соң көзден қарасы үзіліп, құлақтан даусы тынды. Көктен естілген осы бір тырналар әні оның құлағынан көпке шейін кетпеді... Күйші ауыр күрсінді де басын көтерді. Кешкі шай қамымен жүрген соңғы – жас жұбайы Көкежанға қарап:
– Ажалдың жер қармағы маған да ілінгелі тұрған сияқты. Халыққа келген зобалаңнан кім қашып құтылар дейсің! Кімнен артықпын! Бірақ, амал не, ұрпақсыз кеткеніме өкінем! Көкежан, домбырамды әперші? – деді. Көптен бері қазалы болғандардың батақор қайғысымен қам көңілді жүрген Көкежанның әжімсіз сары қызыл жүзіне алауы өшкен әлдебір күңгірт көлеңке қонақтаған сияқты. Жарының әлгі айтқан сөзінен оның жүрегі зу етіп төбесіне шыққандай болды.
Көкежан көзіне жас іркіп, үлкен абдыраның қақпағын ашып, домбырасын алып берді де:
– Қайдағыны айтпаңызшы, қорқам, «жақсы лепес – жарым ырыс» қой! Кеңшілігі бар Құдайым сақтар өзі, – деді кейісті үнмен тіл қатып.
Мүкей домбырасының құлақ күйін теңшеп алды да, бір сазды ырғақты қоңыраулата қағып келіп, сәл тыныстағандай күбірлеп:
– Ой, дүние-ай десеңші! Қайран өмір зымырап өттің ғой!... Сайранды шағым – ұстаспас сағым, – деп ауыр күрсінді. Оның жын буған бақсыдай дірілдеп, қалтырап тұрған тұла бойын өз еркінен тыс бір қысым күш кернеп тұрған тәрізді. Соңғы сазды ырғақты қайталап шерте береді. Бұл осы бір тұңғиық түннің соңғы толғанысынан туған күй – «Ой, дүние-ай» еді. Жарық дүниені – тіршілік күресін қимастықтан туған асқақ армандарға толы күйші жүрегі осылайша ақырғы рет өмірімен қош айтысты. Күйші өмірден кетті. Онан ұрпақ қалмады. Бірақ, оның артында өлмейтін күй мұрасы қалды.
333. «Үш күйдің аңызы»
Алқабекте деген бір бай болған екен. Байдың мәпелеп баққан екі енеге телі бір қоңыр құлыны болыпты. Оның жүрісі жайлы, жалы майда, өзі суреттей көркем екен. Байдың осындай әдемі тағы да бір аты бар екен. Бай аттарды ұрыдан қорқып түнде киіз үйде бағатын бопты. Бұл аттарды байдың Сәулем деген қызы күзетеді екен. Сәулем домбырашы әрі әнші болыпты да, домбыра мен әнге қатты құмар екен. Күндердің бірінде Боғданың Қаратауын мекендеген Мүкей деген ұры байдың аттарын торып, жанына екі адамды ертіп, осы ауылға келеді. Бірақ олар қанша торыуылдаса да, лажын таба алмай бірнеше күн өтеді. Ақыры маңайдағы елден аттарды түнде байдың қызы күзететінін, Сәулемнің домбырашы әрі әнші екенін, домбыра шертілсе құлақ түріп қалатынын естиді. Сонымен қыздың қапысын таптым деп есептеген Мүкей жолдастарына:
– Қызды мен домбыра шертіп айналдырам, сендер сол орайда аттарды қайтсеңдер де алып шығыңдар! – дейді де, кеште қыз отырған киіз үйге барып:
– Бикеш, күйіңді шерт, естиін деп келдім, – дейді. Бұл ұсынысты қабылдаған қыз домбырасын шертеді. Бірақ бейтаныс кісіден тартынып, шабыттанып шерте алмайды. Сонда Мүкей қыздың домбырасын сұрап алып, «Қос қағу» деген күйді безілдетіп ала жөнеледі. Ершіммен еркін шертілген күй сазы қызды бірден баурап, өзінің ат күзетіп отырғаны мүлде есінен шығып кетеді. Күйді бір ауық шертіп серіктері аттарды шығарып болды-ау дегенде, Мүкей қызға қош айтып жөніне кете береді. Қыз күйші жігіттің аты-жөнін сұрап қалмағанына өкініп қалыпты. Бір кезде аттың жоғалғанын білген қыз, ата-анасына айтудан қорқып, қасынағы қыздарға да: «Адам келді деп айтпайық, ұйықтап қалыппыз деңдер», – деп үйретіп қояды. Көр заман жер-көкті шарлап таба алмай күдерін үзген бай торығып отырғанда, қыз баяғыда жігіт шерткен күйді шертеді екен. әкесі бұрын қызының мұндай күйді шерткенін естіп көрмегендіктен таңырқап: «Мұны қайдан үйрендің?» деп қузай бастайды. Қыз шынын айтады. Сонда бай:
– Балам ау, бұрын неге айтпайсың, аттар табылды емес пе?! – дейді қуанып. Сонан ол Ертісті өрлей біткен домбырашыны іздепті. Күйін тыңдайды. Бір күні Шақабай Мақатжан дегеннің үйінен әлгі қызы шерткен күйді естиді. Бай бұл күйдің жайын сұрағанда, ол:
– Қаратаудағы Мүкей дегеннің «Қос қағуы» осы, – депті. Сонан бай Мүкейді іздеп Еренқабырғаға барса, екі аты кермесінде байлаулы тұр екен. келген адамның бұйымтайын сезген Мүкей алдынан шығып қарсы алып, қонақ қылыпты, қонақ әбден тыныққан соң, Мүкей домбырасын алып:
Телқоңырыңызды міндім, жүрісі мынау екен, Майдажалыңызды міндім, жүрісі мынау екен, сізді осында алып келген қос қағуым мынау, – деп үш күйді шертіп берген екен.
334. «Әттең, жалған, тұл дүние»
Қараңғылық пен надандық жайлаған өткен заманда күн сайын үдеген сары ауру, елді өрттей шарпып, өлім көбейіп, ауыл адамдары көмуге үлгермей қарбаластаныпты. Бұл дерт Мүкейдің де бауырын жалап, үрім-бұтағын жалмапты. Сонда қасіретті күйші, дауылды күні зәр күйіне келген қыран құстай шарқ ұрып, «әттең, жалған, тұл дүние-ай» деп домбырада күй төгіпті.
ӘШІМ ДҮҢШЕҰЛЫ /1896-1962/
335. «Ақ ерке, Ақ толқын, Жай толқын»
Халық ішінде мынадай бір аңыз бар екен: ертеде атақты бір домбырашы жігіт жолдастарымен жолаушылап келе жатып, сусындап алу үшін жол-жөнекей бір үйге түседі. Бұлардың алдынан бір қабаған ит шығып үйге кіргізбейді. Сонда үйден бір бойжеткен қыз шығады. Жігіт қасындағы жолдасына: «Мынау неткен көргенсіз еді, келген қонақтың атын байламақ түгіл, итті де қорымады-ау!» дейді. Жігіттер үйге кірсе, қыз оларға көз салмай, төсек үстінде кесте тігіп отырады. Домбырашы жігіт төсектің бас жағында тұрған күмістеулі домбыраны алып, шертпекші бола бергенде қыз:
– Домбыраны бері әкеліңіз, бұзып қоясыз, – дейді. Жігіт ашумен домбыраны қызға лақтырады. Қыз домбыраның құлақ күйін бұзып тастап:
– Шерткіш болсаңыз енді шертіңіз, – деп жігітке қайта береді. Жігіт құлақ күйі бұзылған домбырамен ұзақ бір күй шерте бастайды. Жігіт күйі қыздың көңіл-күйін тебірентіп жібереді.
Қыз кергішті сүйеп қойып, жігітке қарай жылжи түседі. Жігіт:
– Ауылымызға айта барайық, сізде бір күй шертіп беріңіз, – деп домбыраны қызға береді. Қыз да бір күй шертіп, домбыраны жігітке қайта ұсынады. Жігіт тағы ағытылып бір күй шерте жөнеледі. Жігіттің өнеріне риза болған қыз қымыз құюға ыңғайлана бергенде, қолында саумал құйған көнегі бар шешесі үйге кіріп:
– Бұларың кім, иен үйде дүрілдеген? – деп ашуланады. Қыз:
– Апа, жолаушы екен, сусын ішкелі келіпті, – деп ана ашуына басу айтып, қымыз құя бастайды. Қыз домбырашы жігітке бір кесе қымыз ұсынып: «Күйіңіздің аты не?» – деп сұрайды. Сонда жігіт: Бұл – «Ақ ерке» деген күй, ал мынау «Ақ толқын», мынау «Жай толқын», – деп оған қоса тағы екі күй шерткен екен.
Әшім осы әңгімені естігеннен кейін, бұл күйдің дерегін көп іздеп таба алмайды, ақыры сол әңгіме желісі бойынша өз алдына қызға арнап, «Ақ ерке», «Ақ толқын» деген екі күй, кешігіп ойланатын шешесіне арнап, «Жай толқын» деп бір күй шертеді.
336. «Қазақ-қырғыз достығы»
Бір жолы Әшімнің Құлжадағы қазақ-қырғыз ұйымшасында тұрған кезі екен. Әшімнің жақын досы, қырғыздың атақты күйшісі Асанәлі екеуі бір қырғыз семясында қонақ болса керек. Бозаға қызған соң Әшім мен Асанәлі жұрт тілегі бойынша күй шертеді. Сонда Әшім өзіне деген қырғыз халқының дос пейілін бейнелеп осы күйді шертеді. Жұрт: «Бұл не күй?» – деп сұрағанда, Әшім: «Бұл – «Қазақ-қырғыз достығы» деген күй» дейді.
337. «Бөктергі»
Ел ішінде мынадай аңыз бар: тегінде бөктергі деген аса қыран құс болыпты. Ол көзіне көрінген құстың бәрін алып жей беріп, құс тұқымы азайып кетіпті. Құстар жиналып құс патшасына арыз қылыпты. Құс патшасы да бөктергіге шара таба алмай, барлық құсты жиып, оған қарғыс жаудырыпты. Бөктергіге қарғыс тиіп, күніне жүзді қағып, бірді ілетін болып қалыпты. Әшім осы аңыз бойынша «Бөктергі» күйін шығарған.
338. «Самұрықтың зары»
Ертеде самұрық атты құс болыпты. Оның жан-жануар біткенге қастығы жоқ екен. Бұл өңірге жазда келіп балапандап, балапанын ұшырғаннан кейін, басқа бір өңірге қыстап келуге кетіп қалады екен. зәулім ағаш басына немесе жақпар тасқа ұялап, әр жылы екі жұмыртқа табады екен. Ол бір жылы шыңырау құздың басына ұя салып екі жұмыртқа басып, онысы балапан болады. Бір күні ұрғашысы да, еркегі де жем іздеп шығып кетіп қайтып келсе, жыртқыш құстың бір балапанын өлтіріп шоқып жеп отырғанын көреді. «Әттеген-ай, уағында жем әкеліп бере алмағанымыздан болды-ау!» – деп қайғыланған самұрық енді жалғызының тілеуін тілеп, оны бағып-қағып ұшатын күйге жеткізеді. Бір күні балапанын ұядан ұшырып шықса, балапаны шыңырау құзға түсіп кетеді. «Енді жалғызым да қарамай кетті-ау!» – деп зарлап, налып мекеніне кетіп қалады. Келесі жылы және келіп ұялап, екі жұмыртқа табады. Бір күні ұрғашысы жұмыртқаны шайнап ұядан ұшып шығып, қасындағы ағаштың саясына қонақтап, ұяға қарап отырса, аспаннан бір қара құс екі аяғын салбыратып ұшып келіп ұяға түседі де, қайта тік ұшып шығып кетеді. Самұрық құс бұған таң қалып «бұл тегін емес, мұнда бір сыр бар», – деп түйеді. Сөйтсе, айтқандай, аспаннан ұшып түскен құс жыртқыш, қасыкөй құс екен. Өзінің бір жұмыртқасын әкеліп, самұрықтың бір жұмыртқасын алып кетеді екен. Мұны білген самұрық балапанына зар жылап қысқы мекеніне қайтады екен. Сол момын құстың зарына зар қосып «Самұрықтың зары» деп шерткен күй еді.
339. «Желмаяның желісі»
Ерте заманда бір батыр болыпты, ол елі десе жанын үзеді екен. бір күні елін ұры шауып кетіпті. Ол қасына қалың қол ертіп жауын қуалап, шауып кеткен малын қайтарып әкелуге жол тартыпты. Батыр желмаяны баптап мінеді екен. Жау ұзап кеткендіктен тізгін үшімен жүруге тура келіпті. Осы кезде қасындағылар желмаяның желісіне жете алмай кейіндеп қала беріпті. Оларға қарайын десе, жау ұзап кететін болыпты. Сонымен батыр жалғыз өзі желмаяның бар желісімен ағытылып келе жатса, Іле өзені сияқты өзеннің Жаманты сияқты бір білек жеріне кез болыпты. Батыр желмаяның екпінімен келіп іркілмей өзеннен аттағанда, желмаяның артқы аяғының өкшесі суды шалып еткізіп қалыпты. Сонда әлгі батыр «бізден кейінгі балалар ойлай-ойлай өтетін бұлақ екен», – деп артына бұрылып бір қарап қойып, желмаяға қамшы басып жүріп кеткен екен. Ертеден қалған осы әңгімеде жүйрікті таңғаларлық етіп суреттеумен бірге, үлкен өзеннен өткеннен кейінгі батырдың сөзі, кейінгілер үшін бірер іске кезіккенде алдымен ойлану жөн екенін ескертеді. Мен желмая сияқты жүйріктің желісінен шабыт ала отырып Әшім «Желмаяның желісі», «Сұр толғау», «Өрелі шабдар» т.б. күйлерді шерткен екен.
340. «Таң бұлбұлы»
Күй қуалап, ізденіп жүрген жас Әшім, бір жылы Көкқамыр баурайын аралай келіп Қайшы, Шірке жайлауында болады. Барған жегжатының Әшіммен шамалас бір ұлы бар екен. Екеуі кешқұрым сауындағы биені өрістетіп жіберіп, кешкі айтыс өлеңге барып, таңға жақын қайтады да, өрістегі жылқының маңына, бұлақ бойындағы бітік бозтал арасына келіп көз шырымын алады. Таң рауандап келе жатқанда Әшім ояна кетеді. Тал арасынан бір бұлбұлдың сайрап тұрған үні құлағына шалынады. Әшім сан әуенді бұлбұл үніне қатты қызығып ұйып тыңдайды. Бұлбұл үні тоқтаған кезде Әшім домбырасын қолына ала салып, әсем саз шығарып, бұлбұлға дыбыс береді де қайтадан тоқтата қояды. Бұлбұл қайта сайрай жөнеледі. Бұл тұста Әшім домбыра үнін көтеріп әсем күйге басады. Мұны естіген бұлбұл сайрауын тоқтата қояды. Жайлаудың жайлы таңы, табиғаттың ерке, шешен құсы мен өнер қуған жас домбырашы Әшім әрі өнер жарысында отырғандай әрі тәтті әуенмен сырласқандай болады.
– Мен бұл іске қатты таңырқадым, – деуші еді Әшім, осы жайлы сөйлегенде, – бұлбұлдың сайрағанына назар аударғаным да сол екен. Бұлбұл ұшып жақындап келеді де, тағы сайрайды. Бұлбұлдың әсем әніне берілгендігімнен қасымдағы жігітті де оятпаппын, күн қыза келе бұлбұл ғайып болды, қалың бозтал ішінен оның бойын да көре алмадым. Табиғаттың осы бір еркесімен «сырласып» отырып, биені де кеш жиып қайттық. Адам сезіміне осындай ерекше ықпал жасалмаса шабыт қайдан келсін! Мен «Таң бұлбұлы» деген күйді осылай шығардым.
ҮСЕН ТӨРЕ /шамамен XІX-XX ғ.ғ./
341. «Шамшырақ тас»
Ол заманда, жазда, қазақ ауылдары мал жайлымын өзгертіп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып отырған. Сондай бір көште Тананың әкесі Тілеміс би үлкен ұлы Тананың киіз үйін ең алдымен көшіріп, жайлауға апарып қондырып қояды. Қалған ауылдар біртіндеп, өз кезегімен соңынан көшетін болады. Тананың отауы тігілген жасыл жайлау Ертіс өзенінің дәл жағасына таяу екен. Тана мырза күндіз киіз үйдің ішінде дем алып ұйықтап жатса керек. Әлден уақыттан соң бір нәрсенің ыңылдаған дауысынан оянып кетіп, көзін ашып қараса, киіз үйдің ішінде есіктен төрге дейін қаптап, толып отырған бір түрлі мақұлықтарды көреді, не екенін біле алмайды. Бұрын мұндайды көрмеген жас жігіт есікті сырттан жауып, далаға шығып, біреуді «келесі ауылдағы Ертісбай қарияны тез ертіп әкел» деп аттандырып жібереді. Ертісбай қария Ертіс өзені бойында туып-өскен кемеңгер қарт болса керек. Қария келіп ғажапты көзімен көреді.
– Бұл дарияны мекендейтін терісі аса қымбат ақ бас құндыздар. Бұлардың сенің үйіңе өздерінің келіп кіруі ғажап, өте сирек кездесетін құбылыс. Шырағым, саған Алла рахым етіп бақ-дәулет қонады екен, – депті Ертісбай. Жас жігіт Тана:
– Бұларды енді қайтеміз? – деп сұрапты қариядан.
Бұлар дарияның жоғарғы ағысына қарай серуендеп кетіп бара жатыр екен. Күн ыстықта көлеңкелеп, сенің үйіңе келіп кірген көрінеді. Бұлар да даланың аңдары, сойып, терілерін сыпырып алу керек. Бұл ақ бас құндыздардың терісі аса қымбат саналады. Бір ғана жаға болатын төрт елі құндыз терісінің құны қос ат тұрады немесе екі ту бие болады. Сонда бұлар қанша байлық екенін өздерің ойлап көріңдер. Ала жаздай дарияны кезген балықшы осының біреуін ұстап алса, үлкен олжа көреді, – деп Ертісбай қария төрде отырған үлкен құндызды өзі соғып өлтіріп, Тана мырзадан рұқсат сұрап, осының ұртындағы нәрсені мен алсам депті. Оның не нәрсе екенін Ертісбай өзі айтқан соң ғана басқалары біліпті. Ол – «Шамшырақ тас» екен. Құндыздар тобын басқарушы қараңғы түнде шамшырақты тісіне тістеп алып, маңайын жарқыратып басқаларына жол көрсетеді екен. Сол тасты түнде қағаздың үстіне қойса, соның жарығымен қағазды оқуға да, оған жазуға да болады. Кейіннен ел біліпті: Ертісбай сұрап алған сол шамшырақ тастың құны он екі атқа бағаланыпты дейді.
ТҮРКЕШ
342. «Қоңыр ала»
Түркештің тұсында Жолдыбай деген кедей болыпты. Жолдыбайдың мал дегенде, маңдайына біткен жалғыз қоңыр ала аты бар екен. Ол шапса, алдына қара салмайтын жүйрік болса керек. Талай ат шабыс бәйгісінің жүлдесін жеңіп алыпты. Бұған іштері күйген байлар мен билер, қалай да осы атты өздерінің қолдарына түсіруге, тіпті болмаған күнде Қоңыр аланың көзін құртуға тырысады. Жолдыбайдан қолқа салып Қоңыр аланы сұрайды. Бірақ Жолдыбай оған көнбейді. Ақыры болмайтынын білген соң би өзінің шабармандарына:
– Қоңыр аланы ұстап алып келіңдер! – деп бұйырады. Шабармандар жайылыста жүрген Қоңыр аланы жан-жақтан қоршап ұстамақшы болады. Бұл келгендердің бөтен адамдар екенін сезген Қоңыр ала қоршаудың бір шетінен бұзып өтіп, ауылға қарай қашады...
Қуғанмен ұстатпайтынын сезген шабармандар Қоңыр аланы атып мертіктіреді. Жануар жаралы жанын қинай-қинай қуғыншылардың қолына түспей, үйіне жетеді. Атының аянышты халін көрген Жолдыбай маңдайына біткен қимас жалғыз атының мерт болғанына қатты қайғырады. Өзіне қастандық ойлаған билерге лағынет айтады. Жолдыбайдың осы жағдайын көрген Түркеш «Қапыда кеткен қайран, қоңырым-ай» деп, «Қоңыр ала» атты күй шығарады.
ХАНЫМ
343. «Айнам қалды»
(ІІ нұсқа) Өткен ғасырда, Батыс Қазақстандағы төрелердің ауылында елге қадірлі, шебер домбыаршы атанған Ханым деген қыз болыпты. Сол ауылда Ханымның жасынан сүйген Оспан атты жігіті бар екен. Оспан сіңірі шыққан кедей болады. Бір ауылда жүрсе де бұл екі жас ата заңынан аттап, бір-біріне қосыла алмайды. Сөйтіп жүргенде Ханымды бір байдың баласына ұзатады. Оспан болса, елдегі бір кедейдің қызына үйленеді. Жалшылықта жүрген Оспан Орынбор, Ойыл жәрмеңкелеріне байдың малын айдап жиі барады екен. Сондай сапарларының бірінде Оспан Орынбордан Ханымға арнап ескерткіш ретінде бір әдемі айна әкеліп, көзімдей көріп жүр деп сыйға тартыпты. Арада бірнеше жыл өтіп, Ханым елде қалған Оспанды ойлап, есіне түсіру үшін айнаға қарайын десе, айна жоқ болып шығады. Сонда Ханым домбырасын алып, «Көшкен жұртта айнам қалды» деп күй тартыпты. Сөйтіп, халық арасында Ханымның бұл күйі «Айнам қалды» атанып кеткен.
БАЛБИКЕ
344. «Бал бұрауың»
Ертеде Маңғыстау түбегінде бір байдың Балбике деген әйелі болыпты. Балбике – әрі ақылды, әрі ел-жұртына беделді болған екен. Бірақ ол бала көтермей, бай Балбикенің үстіне жас әйел алыпты. Екінші әйелден бір бала болып, байдың көңілі жас әйелі мен балаға ауады. Баланың жоқтығы Балбикенің жанына қатты батады. Ол қамығып, қайғырып домбырасын алып күй тартып өзін-өзі жұбатады. Бір күні ауылда той болып, тойда Балбике домбыра тартады. Ол тартқан күйлерді халық құмарта тыңдайды. Әсіресе, Балбикенің соңғы тартқан күйіндегі мұңды сазды сезген бір қарт:
– Е, шырағым-ай! Он саусақтан шыққан екі шекті бал бұрауың, болып тұр ғой сайраған мұңды жырауың, – деп күрсініпті. Сол жерде отырған басқа тыңдаушылар да:
– Я, бұл жәй бұрау емес, бал бұраудан шыққан зарлы күй болды, – десіпті. Сөйтіп Балбике тартқан осы күй ел арасында «Бал бұрауың» аталып кетіпті.
ЖАҢҒАРА
345. «Жанғара күйші»
Бір күні мастанған бай атақты Жанғара күйшіні шақырып алып:
– Менің кіші тоқалымды күйіңмен ұйытып, ісінен жаңылдырсаң, астыңа ат мінгіземін, жетегіңе түйе беремін. Бұл шартымды орындай алмасаң бұдан былай домбыраны қолыңа ұстауды қоясың, – дейді.
– Мақұл, – дейді күйші.
– Ендеше, қазір ол үйге келіп қамыр илейді. Сол кезде күйіңді бастайсың.
Сөйтіп, келіншек қамыр илеуге кірісе бергенде, Жаңғара да бір күйді тарта жөнеледі. Бір күйден соң екінші күйге басады. Бір кезде күйге ұйыған келіншектің қолы керсеннен шығып кетіп, жер сипап отырғанын байқайды. Қараса, байдың қабағы түсіп кетіпті. Жаңғара домбыраны қасына сүйеп қойып:
– Байеке, енді кезек сіздікі, – дейді.
Бай лажсыздан орнынан тұрып, әлгі айтқан уәдесін орындау үшін, етегін бір қағып, тысқа шығып кетеді.
346. «Аллам жар»
Аспантайда ұрпақ болмаған екен. Әулие-әмбиелердің басына қонып, ел аралап, Алла Тағаладан нәресте тілейді. «Ұрпақсыз қаламын ба?» деп қатты қиналады. Бір күні Аспантай биік төбеге барып түнейді. Түсінде ақ киімді ақсақал: «Алла Тағала ниетіңізді қабыл етті, көп ұзамай нәрестелі боласыз, атағы жер тарапқа тарайды», – дейді. Көп ұзамай дүниеге ұл бала келеді. Алладан тілеп алған баласына Тілеп деген есім беріледі. Бала жыламай, емшек ембей, денесінде құр жаны бар болып ерекше туылады. «Иә, Алла, тілеуімізді бердің, бірақ баламыз аштан өледі ғой» деп зарлап отырған кезде, Марал Ишан деген көріпкел-бақсы баласына дем салып: «Балаларың бұл өмірге әулие болып, туылған бесігінде Алланың жіберген көмекшілері жанашыр болады», – дейді.
ЫБЫРАЙ
347. «Делдал күйі»
Өткен ғасырда арғы бет керейдегі төрт тайжының бірі – Жайырдың асы болып, асқа сауыр, Сайқан, Қаба, Алтайдан, Бұл жағы Еренқабырға, Боғдадан адам шақырылады. Аты жер жарған асқа игі жақсылар, өз елінің не бір өнер иесі болған әнші-күйшілерін, атан жілік арыс азаматтарын алып келеді. Біріне-бірі жалғанып айтылып жатқан ән, жығысып жатқан палуан, шертіліп жатқан күй ішінде жалпақ жұрттың жүрек пернесін басқан «Делдал» күйі болады. Он саусағынан өнер тамған қарт Ыбырай қолына домбырасын алысымен өзінің күй орындау өнерінің ерекшелігін танытып, бірінің артынан бірін шерте отырып, әлден уақытта белгісіз бір күйді мың түрлендіре жөнелгенде, көзінің жасы салалы сақалынан сорғалайды. Бұған отырған елдің де сай сүйегі сырқырайды. Қарт бұл күйін өзінің үлкен келіні қаза болғанда «Делдал» атты күйі екенін айтады. әңгіме былай екен: Ұлы Наумел жайлауға көшерде қалыңдығының сырқат қалғанын көріп, ел жайлауға барған соң көңілі орнықпай делсал жүреді. Жайын біліп келейін десе, қырық көш төр жайлаудан ойға түсу оңай болмай, күндері өте береді. Ұлының бұл халін ұғып, түсінген Ыбырай, ақыры ұлын барып хабарласуға жөнелтеді. Наумел күн жүріп, түн жүріп қайын жұртына таяғанда тобыр адамның зиратқа беттеп бара жатқанын көріп, жүрегі аласатып, ат басын тарта қалады. Жігіт ең соңында кетіп бара жатқан жалғыз адамнан жай ұғысса, жерлегелі әкетіп бара жатқан өз қалыңдығы болып шығады. Сонда Наумел төбесінен жасыл түскендей аттан құлап қалады. Ел де күйеу баланы таниды, ес жидырып топырақ салуын айтады. Көз жасын көл еткен Наумел, күзде алғалы отырған қалыңдығын жерге көміп, сүлдерсіз жайлаудағы үйіне оралады. Неше күн нәр татпай, әкесінің ақылымен әрең есін жияды. Ақыры әкесі: «Ал, балам, өтер адам өтті ғой, сонда осы өлімде саған қатты батқаны қандай іс болды, айтшы?!» – дегенде, Наумел: «Маған бәрінен батқаны, зиратқа беттеп бара жатқан адамдарды көргенде, алуан түрлі оймен, делдал күйге түскенім» дейді. Әкесі Ыбырай осы бір аянышты халден тудырып, «Делдал» күйін жаратқан екен. Күйді тыңдаған тамам жұрт: «Ойпырым-ай, нағыз өнер ғой, осындай өнерлі қолдар да кәртейіп, бір күні топырақ астында саудырап қалады-ау», – деп қимастық аңғартқан екен.
САЙМАҚ
348. «Сары өзен»
(ІІ нұсқа) Ертеде, қалмақтардың жаугершілік заманында, қалмақтар қазақ ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын тұтқындап, малдарын айдап кетіпті. Сол тұтқынның ішінде жылқышы Саймақ та бар екен. Қалмақ елінде Саймақ үш жыл тұтқында болып, олардың малын бағады. Бір күні қалмақтың ханы үлкен той жасап, елдегі барлық өнерпаздарды жинайды. Той қызып, әншілер, күйшілер, жыршылар өз білгендерін сыншыға сынатып алдынан өтіп жатқанда, орда сыртынан сайраған сыбызғының үні естіледі. Хан да, сыншылар да, халық та елең етіп, бәрі де мына бір тосыннан естілген сыбызғы үніне таңырқай құлақтарын түре қалады. Сыбызғышы бір сазын аяқтап, жаңа күйге көшкен кезде, хан уәзірлерінің бірін шақырып:
– Бұл кім болды екен? Барып біл де, осында алып кел! – дейді. Ханның айтқанын екі етпейтін уәзір, ордадан шығып айнала іздеп жүрсе, бір үйдің көлеңкесінде екі көзін тас жұмып, сыбызғының сазына әбден беріле тартып отырған, өздерінде тұтқында жүрген Саймақты көреді. Уәзір Саймақтың қасына келіп:
– Жүр, соңымнен ер! – деп, ханның алдына алып келеді. Хан Саймақты қарсы алдына отырғызып:
– Сенің мұндай өнерің бар ма еді? Мына тойға неге келмедің? – дейді. Сонда Саймақ қолын кеудесіне апарып:
– Тақсыр! Ел-жұртынан айырылып, қаңғып жүрген менде той тойлайтын не көңіл бар, оған қоса мені ешкім тойға шақырған жоқ, – депті. Саймақтың бұл сөзін естіген хан:
– Жә! Арызыңды кейін айтарсың! Кәзір өнеріңді көрсет! – дейді.
Саймақ сыбызғысымен бір күйді күңіренте тартқанда халық ұйып тыңдайды. Ол сыбызғысын той біткенше тартады. Халық Саймаққа дән разы болып, алғысын айтыпты. Хан да Саймақтың өнеріне бас иіп:
– Сен өнерің бар адам екенсің, мұнан былай менің құлшылығымда жүрмей-ақ қой, еліңе барып өнеріңді шыңда, рұқсат етемін, – депті.
Бұл сөзге Саймақ қуанып, ауылына қайтуға әзірленіп жатқанда қасында уәзірлері бар хан келіп:
Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын тебінер.
Ер ел-жұртын сағынса,
Ер-тұрманын тағынар, –
дегендей, елге жүруге даярланып жатыр екенсің, жаяу қайтпа, анау жылқыдан өзіңе ұнаған бір атты ұстап мін, – депті. Хан ат мінуге рұқсат берген соң Саймақтың есіне – өзінің құлынынан үйретіп өсірген Саржорға аты түседі. Осыдан үш жыл бұрын Саржорғаны Саймақтан қалмақтар тартып алған екен, енді топ жылқының ішінен Саймақ Саржорғаны ұстап мініп, еліне тартады. Ауылға жақындағанда Сары өзеннен өтіп, ат шалдырып, біраз тынығып, туған жердің топырағына бір аунап алуды армандаған Саймақ өзеннен өткенде астындағы Саржорға аты, алдыңғы аяғын тарпып, оқыранып, кісінеп қоя береді. Мұны көрген Саймақ:
– Шіркін, жануарым-ай! Елін, жерін, суын бұл да сағынған екен ғой. Пысқырынып амандасып жатқанын қарашы, – деп, біраз айналаға қарап тұрды да, «қой, жануар ат та өз жеріне келгенін білдіріп, қуанышты үнін шығарғанда, менің үнсіз қалғаным жарамас», – деп сыбызғыдан бір күйді тебіренте тарта беріпті. Күйін ойнап біткен соң, аман-есен ауылына келіпті. Ел-жұрты Саймақты көріп қуанып, оны ортаға алып, көрген-білгендерін сұрайды. Саймақ қалмақ ханының құлшылығында болғанын, одан сыбызғы тартып босағанын, елге жақындағанда Саржорғаның пысқырғанын айта келіп: «Сары өзеннен өткенде мен де сыбызғыдан бір күй шығарып едім, енді сол сазымды домбыраға салып тартайын, оның аты «Сары өзен» болсын», – деген екен.
НАУМЕЛ
349. «Төрт жаяу күйі»
Кешегі үкіметтен зорлық, жаулық көрген аласапыран заманда Алтайдан ауып босқан ел қайда тыныштық, қайда бостандық бар деп, Мори, Баркөл, Гансуға ағылған. Осындай босқан елдің соңынан қуған үкімет әскері жазықсыз елді қырғындап, қазақ көшінің соңын мал мен адамның сүйегіне толтырады. Осындай астаң-кестеңде он бір жігіт елден бөлініп кетіп, жаудан қуғын көреді. Басы ауған жаққа қашқан жігіттер, өздерінің елсіз құмды далаға шығып кеткенін бір-ақ біліп, аштық пен шөлден астындағы аттарын сойып жеп жаяу қалады. Ақыры күн сайын қатары азайып, Баркөл маңында отырған елдің үстіне төрт жігіт қана келеді. Төрттің бірі Ыбырайұлы Наумел екен, неше күн ел-жұртпен амандасып, сағыныш мауқын басқан соң, Наумел ертелі-кеш белгісіз әуенмен, қолына домбыра алып толғанып, ақыры» Төрт жаяу» күйін шығарған екен.
ЖАНЖІГІТ
350. «Салкүрең»
Ертеде өнері елге таңсық, өлеңіне қауым ғашық, күйімен ессізге ес бітіріп, естінің делебесін қоздыратын атақты Жанжігіт дейтін сал болған екен. Жанжігіттің бір күрең, бір қоңыр аты болған екен. Осы күреңнің жүрісі, жорғасы, шабысы, сұлу тұлғасы Жанжігіт салға жарасымды болғандықтан «Салкүрең» десе, қоңыр аттың сүйек бітімінің ірілігіне қарап «Молқоңыр» дейді екен. Осы екі атының жүрісін Жанжігіт домбыраға салып күй ғып шертеді екен. Бара-бара ол «Салкүрең», «Молқоңыр» деген халық күйіне айналыпты.
РАҚЫМ
351. «Рақымның өмір толғауы»
Еренқабырға өңірінде он саусағы түгел өнер Рақым деген шебер өткен. Ол қазақ халқының мәдени өмірі мен заттық тұрмысына қажетті бұйымдарды өнер өресіне көтерген, өнермен қалың қауымға танылған шебер еді. Рақым тіккен саптама етікті, көксауыр кебісті, ою басқан мәсі мен күміс белбеуді жұрт қадыр тұтқан. Рақымның тау текенің мүйізінен жезбен оюлап жасаған сары ала шақшасы, сол заманның қолы жеткендері мақтанышпен алып жүретін зіннат бұйымы болған, десе де Рақымнаң шеберлігін елге айырықша танытқан өнері, оның жасаған домбырасының көркемдігі мен шешендігі екен. Рақым шеберлік өнерінің сыртында, асқан домбырашы да болған кісі. Оның мұндай қасиетіне өз қолымен жасаған домбырасының ойдағыдай шешен де, көркем болуы негіз болатын. Сондықтан, ол домбыраның құлағынан тиегіне дейін өзі орналастырып, әрбір пернені орнын тауып байлап қолынан бір-ақ шығарған. Домбыра алуға келгендерге Рақым алдымен өз күйі «Өмір толғауын» тартады екен. «Әзір аттанамын» деп отырған жүргіншілер Рақымның күйін қимай, ақыры атының ерін алуға мәжбүр болады екен. Міне, осылай «Өмір толғауы» жұрттың жүрек қылын тербететін күйге айналған. Рақымның көптеген шәкірті, немесе Рақым қолынан шыққан домбыраны ұстайтын домбырашылар қашан, қай жерде болсын өздерінің күйін Рақымның «Өмір толғауымен» бастайтын болған.
ӘМІРЕ
352. «Әміренің арманы»
Әміре – Алтайда туып, кейінірек Еренқабырғаға көшіп келіп мекендеген. Күйші, қолөнершілікпен жан бағып, етікші, ағашшы, темірші болған. Жас ортасында әйелі қайтыс болып, жалғыз ұлынан басқасын ауру жалмап кетеді. Бұл соққы оған қатты батады. Уайым-қайғы бұлты басынан айналып шықпайды. Жалғыз ұлы азамат болып қалса да, аяғын қол қысқалықтан шырмай алмайды. Өстіп жүргенде сол жалғызы да өліп, қу басы ғана қалады. Жалғызының қызығын көре алмай, одан айырылып қалғанына қатты назаланып, есінен тана жаздайды. Халық жиылып, қабір басынан қайта оралғаннан кейін, ел ішіндегі тілді, жақты адамдар Әміренің көңілін аулап жақсы сөздерін айтып оны жұбатады. Осы кезде домбырашы Әміре, ашада ілулі домбырасын қолына алып, бір мұңлы күйді:
Ой, жалған, жалған ай!
Жалғаннан көңіл қалған ай!
Жалбарынып өткен Алламның,
Жалғызымды да алғаны-ай!
Көкірегіме шер боп байланды, Таусылмайтын мына арман-ай! – деп күңірентіп шерте жөнелген екен. Содан бастап қалған өмірінің әр күні намазын өтегеннен кейін қолына домбырасын алып, баласының өліміне арнаған осы «Арман» күйін шертіп өткізген екен.
АҚЫМЖАН
353. «Ақымжанның қоңыр күйі»
Ақымжан – Алтай өңіріндежасаған атақты күйші, сыбызғышы өнерімен елге танылған адам екен. Сол тұста оның өнеріне таңдай қаққан үкірдай, билер қайда барса да, Ақымжанды қастарынан тастамай ертіп жүріп, сыбызғы тарттырып қызықтайтын болған. Ақымжанның «Қоңыр күйі» сол кезде Еренқабырғаға дейін кең таралған күй басы еді. Ақымжан сыбызғы тартқанда басындағы кепеші бірде желкесіне кетсе, бірде маңайына келіп жүріп тұрады екен. Күйші өзі жылқы бағуды ұнатыпты, Естіген құлаққа қарағанда, Ақымжан жылқыны сыбызғымен жусатады екен. Ол сыбызғы тартқанда, жылқы құлағын қайшылап, еріні жыбырлап, мүлігіп тыңдап қалады екен. Бір де бір байдың жылқысын жортуылшылар қуа қашып бара жатқанда Ақымжан сыбызғы тартқан екен. Сонда айдаудағы жылқы тоқтап, қайта желісіне оралыпты. Қазақтың көптеген сыбызғы күйін Ақжамал ақсақал кейінгі ұрпаққа жалғастырып, танытып, мұра етіп қалдырып кеткен. Қай жерде ойын-сауық, топ болса той басын «Ақымжанның қоңыр күйімен» бастау әдетке айналған.
ОРАЗБАЙ
354. «Оразбайдың ақ белбеу аты»
Еренқабырғада аты шыққан атақты сыбызғышы Құрыш деген адам өткен. Оның «Оразбайдың ақ белбеуі аты» деген өз туындысын көп тартып, халық күйі етіп қалдырған. Ақ белбеу бір кедейдің жүйріктігімен, жорғасы мен аяңына ат желіп ілесе алмайтын, топпен жүргенде қырындай ойнақтап, әсем басатын көркімен елді таңқалтқан ат болыпты. Сондықтан, өнерпаздар оны күй етіп, аттың әсем жүрісін күй тілі арқылы бейнелеген. Қысы-жазы арқасынан ер кетпейтін кедейдің жалғыз керігі болғандықтан ат айыл қиып, ақ айыл болып қалады. Сондықтан, ел оны ақ белбеу ат деп атап кеткен.
МҰХИТ БИТЕНОВ
355. «Үш балам»
Мұхит Битеновтың күйі. «Үш балам» күйін 1962 жылы автордың өзі орындап, оның шығу тарихын да айтып берді. 1941 жылы Битенов Мұхит Отан соғысына аттанғанда оның үйінде Марат, Мар, Майдан деген үш ұл баласы қалған еді. 1945 жылы совет Армиясы фашистерді өз жерінде талқандады. Жеңіспен елге оралған Мұхит үйіне оралғанда алдынан шығатын үш баласының бірі де болмай, бәрінің де қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырады. Ол өзіне жұбаныш болар ештеңе таппай, төрде ілулі тұрған домбырасын алып көзден жасын ағыза, толғана, тебірене отырып бір күй тартады. Күйді тыңдап отырғандардың бірі:
– Мұхит, мына тартқаныңыз бұрын естілмеген саз ғой, аты қалай? – дегенде:
– Я, дұрыс айтасыз! Бұл үш баланың қайғысына арнаған «Үш балам» атты күйім, – депті, әрі күйші, әрі жауынгер Мұхит Битенов.
МЕРУЕРТ МЕРХАДИН
356. «Аққу»
(Y нұсқа) Меруерт Мерхадиннің күйі. Бұл күйді 1962 жылы Меруерт өзі орындап, шығу тарихын да әңгімелеп берген еді. 1930 жылы жаздың бір шуақ күнінде Меруерт Сарытау етегіндегі көлге құс аулауға барыпты. Көлдің ортасындағы шағын аралды айналып төрт аққудың жүзіп жүргенін көреді. Толқыны тербеліп, жартасқа соғып жатқан судың жағасына киімдерін тастап, мылтығын алып, Меруерт әлгі аралға малтып өтеді. Онда аққулардың ұясы бар екен. Ұядағы сегіз жұмыртаның алтауын алып, екеуін қалдырады. Меруерттен бір пәленің келгенін сезген аққулар, судан көтеріліп, ұясының үстінен айналып шығады да, жағада тұрған Меруертке қарай жалынышты үнмен сұңқылдап ұшады. Мұны көрген Меруерт:
– Осы жерден алып кете алар ма екен, соны көрейінші, – деп, әкелген жұмыртқаларын жағаға қойып, өзі бұғып, тасадан қарап отырады. Аққулар жұмыртқаға әлденеше рет жақындап, қанатымен қағып, аяғымен іліп кетпекші болды да, ала алмай төрт-бес дүркін айналып ұшып, мұңды үнмен көлді жаңғыртып кетіп қалады. Меруерт сол аққулардың жұмыртқасын іздеп ұшқанын көріп, олардың жалынышты үнмен сыңқылдағанын естиді...
Үйіне келген соң далада көрген оқиғасын, табиғат көріністерін көз алдына елестетіп, аққулардың сыңқылдаған дыбысын домбыраға салып, Меруерт «Аққу» деп күй шығарады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру