TELEGEI

Home

Балауыз шам

Исраил Сапарбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Балауыз шам

Көрнекті ақын Исраил Сапарбайдың өлеңдері халық арасына кең тарап, өз оқырманын тапқан шығармалар. Автордың «Өлең» атты туындысы ақынға көңілдің қай күйінде де серік болған өлеңнің құдіретін танытар болса, «Анаңнан асыл бар ма екен?» өлеңі ананың қадірін танытып, адам баласы үшін ең асыл жан ана ...

ІІ ТОМ

ШИРЫҒУ

Сыпырмай томағасын Лашын-жырдың,
Жанымды аш қасқырша ашындырдым!
Бағымды базбіреуше базарламай,
Барымды оңды-солды шашып жүрмін.

Ауасы алқындырып тар бөлменің,
Ауады алты қырдан əрмен көңіл...
Кетерге қанат қағып,
Қамал бұзып

Жетер ме жеме-жемде əл-дəрменім?
Желіккен жеңілтектей жел өкпелі
Уақытқа артып қайтем мен өкпені?
Бақтағы Сандуғаш та,

Бұлбұл да емес,
Сайраған Бөденемін себеттегі.
Құп алса құзырымды құт, мерейім,
Қалайша бұл күнімді құп көрейін?!

...Бар ма екен Бозторғайда арман, сірə,
Аспанның бетіндегі нүктедейін?!
* * *
Қапылып,

Қандай болып барады күн?
Жадыңды жаулар ма екен жаңа жырым?
Жауырын жауырланып кетті білем
Тірліктің тарта-тарта қара жүгін?

Өлеңсіз өмір өңі бозаңданар,
Шаң жұғып,
Шарайнаға тозаң қонар.
Мойынсал,

Можантопай,
Момақан күн
Кетіріп мəнісіңді, мазаңды алар.
Қазыққа қаңтарылып,

Тұсауланып,
Жүрер жол қылкөпірдей қысаңданып,
Қыдырып,
Қыз-қырқынмен қызық қуып,

Қызынып қымызды да іше алмадық.
Тоң-торыс тірлік торын бұзбау қатер,
Онсыз да бір жүрекке сыздау жетер.
Желпініп жыр оқыған сəттерінде,

Ақынды жақсы көрем қыздан бетер!
Сері дос!
Аяп қалам сенен несін?!
Алдыңнан өткізейін өлең көшін!

У-шудан мезі болған мең-зең дүние
Бір мезгіл біз жаққа да елеңдесін.
Көзге нұр,
Көкірекке бейіл қонсын,

Зер сөзді зердеге ілер зейін болсын.
Бөпесін өбектеген жас анадай
Бір мезгіл бізге Өмір мейірленсін!

СӨЗ ҚҰНЫ

Білесің бе қанша екенін сөз құны?
Көрінгеннен көрген жоқ па Ол езгіні?
Қандай күйде,
Қара қылды қақ жарған

Ата-бабам алдаспаны, кездігі?
Алдаспанды тот баспасы белгілі,
Оңды сөзден от қашпасы белгілі.
Терін алсаң..,

Текті Ақалтекенің
Айдалаға ап қашпасы белгілі.
Зергер білер алтын менен жез құнын.
Кез келгенге сілтенбейді кездігім.

Ерегес пен егес емес,
Жігіттің
Майдан білер ерлігі мен ездігін!
...Базбіреулер жасап алып сөзден оқ,

Сөз оғымен жүрегімді көздемек.
Не амал бар?
Түспей қойса мінбеден
Көкімылжың көк малтасын езбелеп?

Сөз оғымен жүрегімді көздегіш
Сұр мергенше түсірмейді көзге күш.
Заманнан да,
Қоғамнан да,

Адамнан
Тілемейді түбегейлі өзгеріс.
Ол байғұстың бар арманы,
Бар мұңы:

Басындағы тақияның тарлығы.
Жүрегінде жатпайды оның жар мұңы,
Арқасына батпайды оның нар жүгі.
Оған көктен жай түсірер тəңір жоқ!

Отырғаны көбік сөзден шар үрлеп –
Жақсылықтың жағасына жармасып,
Тоқшылықтың нарттай қызыл нанын жеп.
Сөз бағасын бөз құнына түсіріп,

Біздің бастан ұшты ма, əлде, құс-үміт...
Қайда, ағайын, Қазыбектен қалған сөз?
Қайда, ағайын, қасиетті кісілік?
Заман басқа,

Жүректегі жүк басқа.
Мұңымды ұрпақ айналды ма ұқпасқа?
Салқын сезім кімге керек салбөксе?
Алтын сөзім жезтаңдайдан шықпас па?!

ТЫНЫШТЫҚ ТАҢЫ

/панорама/
Бұлаққа құлақ тостым күліп аққан,
Жеткендей бұлбұлдың да үні бақтан.
Оянды шымылдықтың аржағынан

Ажары перизаттай тұнық ақ таң.
Жиектен көтерілді Күн жəй ғана,
Күнбағыс бұрылды оған ыңғайлана.
Қабырдың айқұлағы елең қағып,

Тынысын тіршіліктің тыңдайды о да...
Бүршігін жаңа жарған жалаң етті
Емініп,
Есі шығып самал өпті.

Бауыры ақша бұлттың айқарады
Сауыры жалтыраған самолетті.
Нəркес көз,
Нəзік жаны нұрға ашыла

Жас қайың жас іліпті сырғасына.
Шыршалар жасыл тонын жамылып aп
Өрмелеп бара жатыр шың басына.
Көлеңдеп ақша бұлты көктің көлге,

Тамшы тұр тама жаздап шоқ гүлдерде.
...Əлден соң көшедегі адамдардың
Ішіне шым-шым батып кеттім мен де...

ҚЫСЫР БҰЛТ

Байқатып бір сұмдықты басы қатты,
Жай ойнап,
Жарым түнде жасын ақты.
Бозарып шүңіт көзі шүберектей,

Таңым да ұйқысынан шошып атты.
Арыстан ішін тартып ақырды ма?
Айдаһар алау шашып аһ ұрды ма?
Бір түйір жаңбыры жоқ,

Жарым түнде
Жай ойнап неге, апырай, жатыр мына?
Жаңылып мінезінен жар қылықты,
Түнгі ызғар заһар шашып, зəр бүрікті.

Ас толы алтын астау жарылғандай,
Аспан, жер алабөтен жаңғырықты.
Тоба айтып,
Тоқтау салар тосын жайға

Қайда екен қариялар осындайда?..
Бұзылса түнгі ұйқысы,
Біз түгілі,
Шар етіп шақалақ та шошынбай ма?

«Тəйірі, – дерсің-ау сен, – сөз бе осы да,
Тірліктің Тəңір куə тозбасына!»
...Оятқан шырт ұйқыдан қара түнді
Қарғадым: «Көрінсін, – деп, – өз басыңа!..»

* * *
Қарағым,
Жолым ауыр, қайда барсам,
Халімнен кім хабардар қайғы орансам?

Анашым ақ сүт берген қайдан кешсін,
Алдында көрінгеннің майдалансам.
Жоғалтқан ұпайымды санай түсіп,
Келемін кещелікпен əлі айтысып.

Жолымды орағытты талай пысық,
Балақтан тартқылады талай күшік...
Бəрінен жаман екен сөздің оғы,
Ежелден –

Ер жыласа,
Ез күледі.
Жантықтың айта салған жалғыз сөзі
Жанымды жарым түнде езгіледі...

Жүрсем де төрге оздырып босағадан,
Тоңмойын тосты мені Қособадан.
Махаббат көктей солып көкейдегі,
Шапағат, шафхат күттім дос, ағадан...

Ойлаған жаннан безіп бас пайдасын,
Жадыдан жапа шекті жастай басым.
Адалдың ауызынан асы кетпей,
Сараңның қазанында тас қайнасын!

Сырғақтар кімнен шошып, сірə, жаным?
Ту сыртым,
Қорғанышсыз құба жоным.
Кей-кейде секем алам,

Алла емес-ау,
Адамнан бола ма деп сұм ажалым!..
* * *
Кімге сенем?

Сенетін дос қалмады.
Құлазыды көңілдің бостан бағы.
Жұлдыздарды жыбырқай көзіне ілмей,
Жабырқап тұр Ай да анау аспандағы.

Кімге сенем?
Жан-жағым – жапа-жалғыз.
Бірімізге-біріміз жат адамбыз.
Ағайынның ауылы аулақтады,

Əкеден ұл,
Алыстап атадан қыз...
Кімге сенем?
Қинады-ау сауал мына?

Дұшпан жайлап,
Іргемді жау алды ма?
Өлшеп кейде жатамын əуреленіп,
Бөлшектеуге келмейтін ауамды да.

Кімге сенем?
Жан бар ма серік болар?
Жон-жосығын айтпай ма беріп хабар?
...Күбірлейді бір үміт ту сыртымнан:

«Келіп қалар,
Сəл шыда,
Келіп қалар...»
* * *

Заман зауқы сəт сайын құбылады...
Кім түсініп біздерді,
Кім ұғады?
Көз алдымыз мұнардан көрінбейді,

Көкіректе мың арман құмығады.
Тозбасына толайым көзің жеткен
Беріш еді біздегі төзім неткен?!
Ықыластар өлген жоқ!

Қыл қобызын
Құлағыңның тұсында безілдеткен!
Дала мұңын ұғатын құс тілінен
Дархан дəуір Ұрымға ұшты білем...

Аунап түсті Алатау ұйқысынан,
Аңдаусызда «əпші!..» деп түшкіріп ем.
Қайрағандай кездікті кезек-кезек
Қайран, тілді аламыз безеп-безеп!

Оныменен көшпейді көңілден мұң,
Оныменен өшпейді өзектегі от.
Көкіректе мың бір құс құмығады,
Сан құбылтып сайрайтын күні кəні?

Қай тұйыққа жолымыз тіреледі?
Қай жартасқа кемеміз ұрынады?..

«ИТ ӨМІР»

«Тапанша қазір,
Тапанша қазір тарс етпек!
Аңдыған ажал атанша қазір «арс!» етпек.
Куə бол бұған қарқара киген қара орман,

Куə бол бұған алқара аспан, кəмшат көк.
Тапанша қазір,
Тапанша қазір от алмақ,
Адыра қалып опасыз өмір,

Отан, бақ...
Серігім едің...
Сен де енді бақыл болғайсың,
Егілген Муза,

Төгілген əуен топандап!..
Құрыды діңкем,
Естімей сазды дір еткен.
Жарықты тастап,

Табылсам етті түнектен...
Атсам ба екен маңдайдан, əлде, шекеден?
Атсам ба екен дір еткен, əлде, жүректен?
Ботана татып,

Болғанша бұлай тірі өлік,
Тəуекел деген – тау екен,
Қарғып мінелік!»
...Тамыры шектей тартылған шандыр шекеге

Тас кене түстес тапанша тұрды тіреліп.
Бармақты басса...
Шүріппе мынау қармақтай
Айтқызбай зарын,

Ауыртпай жанын алмақ қой?..
Бергі өмір жəйі белгілі болды, белгілі,
Арғы өмір...
Бəлкім, көрінер жанға Жəннаттай...

Сабырын сарқып,
Санасын жаулап күйкі өлім,
Орманға келген,
Оңаша тастап үй төрін.

Ажалдың оғы кезелген кезде...
Кенеттен
Аяғына келіп орала кетті Иті оның.
Қарайды күшік:

«Атпағын, – дей ме, – атпағын!»
«Бұл неме қалай саңлауын тапты қақпаның?
Ит-өмір деген осы ғой, осы...»
Сонан соң

Қаруын тастап,
Қалаға қайтты Бетховен...
* * *
Қанға біткен қараулық қайдан қалсын?

Адал болсаң,
Ақ болсаң – Пайғамбарсың!
Боз басыңмен,
Жуылмас көз жасыңмен

Жан хауызың бір рет лайланғасын.
Қызыл көрсең,
Құнығып қымбат көрсең,
Кім болмақсың күнəға бір батқан соң?

Тазарады дегенге мен сенбеймін
Көңіл кірі көз жасын құрғатқан соң.
Жапа шегер жан гүлі у сепкенде,
Өрттің тілі басылар су сепкенде.

Жүрек өртін,
Жан дертін жазбақ үшін
Дəрі-дəрмек жасалар қу шөптен де.
Қолдан қалай түспейді күрең кесе,

Бірі у беріп,
Досыңның бірі емдесе?..
Жерді басып жүргенің кімге керек,
Жүріп өткен ізіңнен гүл өнбесе?!

АБАЙ

Тауыса алмай күйін тозды-ау талай шанақ...
Қайбірін түгендерсің қалай санап?
Алдында алқалының сөз алғанда
Айтуға асығамыз Абайшалап.

Шығыстан айнам жүзі арайланып,
Əлемді келген кезде таң айналып,
Бір тілек тіршілікке білдірерде
Сөйлейміз тағы ойланып

Абай болып!
Қозғанда көкірегімде ата қайғым,
Боздаған боз далада ботадаймын.
Қазаға қайырлы сөз айтарда да

Алдымен түседі еске аты Абайдың.
Ботасы боз даланың боздамағай,
Кездескей ақ түбітін созған арай...
Тоғжандай тотыңа сыр ашарда да

Қасыңда қатар тұрар бозбала Абай!
Айрылған ажарынан боз даладай
Қоңыр күз көңіл шерін қозғамағай...
Шығады əлі талай алдымыздан

Біз түгіл,
Уақыттан озған Абай!

ӨМІР

Өмір – мəңгі толғақ қысқан жас ана.
Ақ тілектің көзайымы – Күн, Айым.
Əр сəби – Күн аттап кірер босаға
Аман болғай алапаттан ылайым.

Өмір – мəңгі толғақ қысқан жас ана.
Жан толғағын тоқтатпағай тосын үн.
Бекежандар бұғып жатқан Қособа,
Сенің суық сілеміңнен шошыдым.

Өмір – мəңгі толғақ қысқан жас ана.
Ойлайтыным – сенің есен-саулығың.
Тағдырыңды аңдып тұрған тасада
Бекежаннан қауіптірек жау бүгін!..

Өмір – мəңгі толғақ қысқан жас ана.
Тілегімде, жүрегімде тынысың...
Əр сəби-Күн аттап кірер босаға,
Шайқалмағай шараңдағы ырысың!

* * *
Бір өкініш өртей-өртей өзекті,
Тəтті тірлік мені мүлдем мезі етті.
Өзім қалып,

Бас бəйгеден баз кешіп,
Бір жүйрікке бергендеймін кезекті.
Жүйріктерге бере берсем жүлдені,
Ақтай алар,

Мақтай алар кім мені?
Өмірімнің жүзі ауғанда өрмектей,
Көңілімнің табылар ма күнде емі?
Бел буғалы белгісіз бір майданға,

Безіп жүрмін берекесіз тойдан да.
Қапылыста қанатыма оқ тиіп,
Қалар екен қауырсыным қай маңда?.
Қауырсынның бір талымен ал əзір

Таң атқанша жазайыншы жаңа жыр.
Таң атқан соң,
Той-думаншыл дүние,
Тамашаңа мені ертіп ала жүр.

ӨЛАРА

Менен жыр,
Сенен жаңбыр тоқтағалы
Көңілім көк жүзіне көп қарады.
Көзінде көк аспанның шөкім бұлт жоқ,

Кірпігі Күннің ғана шоқтанады.
Маған жыр,
Саған жаңбыр таңсық болып,
Іриміз ішімізден қамсүттеніп.

Көнетоз көкірегім қақырайды
Күн қаққан қаңылтырдай қаңсып қалып.
Сəулеті,
Салтанаты,

Сəні кеткен
Даладан дəмегөйлі əлі Көктем.
Көп болды көрмегелі көк нөсерді
Сауырын сардаланың салып өткен.

Айрылған домбырадай тілден, жақтан
Күндердің қайыры жоқ жүрген, жатқан..
Аузынан айдаһардың шыққан лептей
Аңызақ жел еседі Күнгей жақтан.

Арасы Көктем, Жаздың үзілместен
Дүние өтіп жатыр ұзын көшпен.
Маған жыр,
Жерге жаңбыр бермесең де,

Батар күн,
Қия алмаймын жүзіңді өшкен...

ҚОШТАСА БІЛ...

Жарқын жүзін бұлт шалады Күннің де,
Жартыкештеу ғұмыры бар гүлдің де.
Жүрек сыздап,
Жаның жылап тұрса да,

Қоштаса біл,
Көз жасыңды білдірме.
Аппақ жүзін бұлт бүркейді Айдың да,
Аққуынан айрылады айдын да.

Қандай ауыр күн туса да басыңа,
Қоштаса біл,
Қамықпа да қайғырма.
Оңай соқпас мықтыға да,

Осалға
Қоштасу сəт – ең қиын сəт қашанда.
Енді қайтып көрмесіңді білсең де,
Қоштаса біл,

Жанарыңа жас алма.
Айыруға шамаң келмей оң-солды,
Жүректегі сөзіңді айтып ең соңғы
Қимасыңды шығарып сап тұрсаң да,

Қоштаса біл,
Еңкейтпестен еңсеңді!..

ҚЫСҚЫ КӨҢІЛ

Үміттің у мен зəрдей ішіп көлін,
Қиялдың қияндағы құшып көгін,
Аялсыз тіршілікке айла таппай
Ұлиды ақ боранда күшік-көңіл...

* * *
Тəтті күннің тауысып талай дəмін,
Өтті білем басымнан бал айларым?..
Ерте күздің нұрымен енді, міне,

Еріте алмай отырмын самай қарын.
Шаштағы қар,
Мазалап бастағы мұң,
Қарлығуға айналды асқақ үнім.

Қалай ғана өткізіп алдым екен
Қайта келмес күндердің қас қағымын?
Қайран, күндер қайда əлгі қастерлеген?
Қырау мынау,

Самайдан басқа өрлеген!
Жастығымды бір түнде əлдекім кеп
Жаулап алып кеткендей лəшкерменен...
* * *

Көңіл шіркін күптігөй,
Күзге бейім,
Көктемімді мен енді іздемейін.
Көкте көшкен тырнадай

Көз жасымды
Кірпігіме несіне тізбелейін?
Күн оралмас...
Оралар тырналарым,

Тіршіліктің білдіріп бір хабарын.
Көк сүмбесі көңілдің үзілер-ау,
Жүрегімді жібітіп жылғаларым...
Қуанышын жеткізіп байтақ елге

Құс та қонар əуенін айта көлге.
Аруана-дүние аман болса,
Қайта туып,
Түлермін қайта мен де!..

* * *
Өмір-өзен арна керіп ақса да,
Түн кезегін таңға беріп жатса да,
Қызығы мен қызуы кем кей күндер

Көңіліңді ауламайды пəксана.
Тарыққанда демеу болар,
Дем берер
Достың жаны кемел келер,

Кең келер.
Қамыққанда табылмайтын қасыңнан
Қадіріңді қайдан білсін пенделер?!
Қайрылмасқа бастан бағың ауса да,

Қайғырма да,
Қамықпа да,
Қаусама!
Əрбір өткен күндеріңе өкін де,

Əрбір жеткен биігіңді тау сана!

ЕСКІ ƏУЕН

Жетпісің жер екен ғой мына тұрған,
Жол десем жоннан аса шұбатылған.
Ойдағың арман болып қалады екен,
Бойдағы айрылған соң қуатыңнан.

Жепіс бес жер екен ғой таяқ тастам,
Адымың кері кетер, аяқ бассаң.
Басыңнан шіркін дəурен өтер бір күн,
Жеріңнен ұйықтап жатқан оятпастан.

Сексенің жасым ба еді жетем деген,
Бойдағы борыш қанша өтелмеген?..
Жантайып жатыс мынау төрді бермей,
Жар басын жапалақтай мекендеген.

Сексен бес жасым ба еді көрем деген,
Не қалды ескірмеген, көнермеген?
Қуарған қу ағаштай түрім мынау,
Көктем мен жаз келсе де көгермеген.

Тоқсанда тозады екен бордай бойың,
Басыңнан бал-бұл ұшып орда ойларың.
Айналып үй ішінен шыға алмайсың,
Топ етіп торға түскен торғайдайын.

Тоқсан бес төбе екен ғой тобықтайын,
Қалайша төбе екен деп қорықпайын?
Құрдымға құз басынан құлайтындай
Қарадай қалтырайды тоңып бойың.

Қол жетпес құзар шың ғой Жүз дегенің,
Қат-қабат мұзартындай мұз дененің!
Аңыз ба,
Ақиқат па,

Арғысының
Білмейміз, Хақ болмаса, біз дерегін...

НАЛА

Қайда барсам, қалмады қырсық ұдай,
Мына түннің тымығы-ай, тылсымын-ай...
Ұйқы іздейтін сияқты,
Ұйпа-тұйпа

Қара бұлтқа тығып ап тұмсығын Ай.
Қайда барам?
Баратын жер қалмады.
Епсіз, ессіз жүрекке ем қонбады.

Періште ме?
Жоқ, əлде Пейіште ме
Пешенеге жазылған пенде арманы?..
Өтер ме екем əуремен?

Əбігермен?
Жан бар ма екен жаяудың жанына ерген?
Күнім қашан шығады күлім қағып?
Таңым қашан атады сары белден?

Болмысыма нем қалды бойсынбаған?
Оңашадан қорқамын ой шырмаған.
Түз даланың гүліндей жел жемірген
Қыз баланың көз жасы қойсын ба аман...

ӨМІР ӨТІП БАРА МА?..

Жылдар салып араға
Өмір өтіп бара ма?:
Көңіл шіркін күздегі
Жапырақтай сарала.

Ұйқы қашып далаға,
Салқын кірді санаға.
Түбі шикі тіршілік
Түс көргендей бола ма?..

Қамала, ой, қамала,
Хал-жайыма қарама.
Бізден де өмір қала ма
Балалардан балаға?..

Жан жете алмас жағада
Жалғыз шырақ жана ма?
Сыңар құсым – Шағала,
Қанатыңды сабала!

Бұлт ала, жер шола ма?
Көкейге шер тола ма?
Қызығы көп қызық Күн
Көкжиекке қона ма?

Жапырақ та сарала,
Атырап та сарала.
Ерікті алған бұл өмір
Келіп қалды-ау жобаға...

Зымыстанға жоғала
Гүлстан да сола ма?
Айналамыз қалай біз
Момақан бір молаға?..

* * *
Мен суықпын...
Түсі суық көрдеймін.
Көрінгенге бейілімді бермеймін.

Бəйшешегін бауырында əлдилеп
Алты ай қыста ақ жамылған жердеймін.
Мен суықпын.
Мұз құрсанған көлдеймін.

Көрінгенге көңілімді бөлмеймін.
Құлыпталып құлықсызға құпиям,
Бұлт болып көз аяңда көлбеймін.
Мен суықпын.

Қар жамылған таудаймын.
Өз көңілімді өзім ғана аулаймын.
Жақсыларға – жасыл барқын баураймын,
Жамандарға – зауал сыйлар жаудаймын.

Мен суықпын.
Суық болып көрінем.
Еміренсе, кез келгенге ерір ем...
Қаусамай ма қасат-қасат қар да анау

Алқын желмен – Алтынкүрек лебімен!
Мен суықпын.
Суық болып көрінем...
* * *

Адамға Ар – таразы əлімсақтан.
Жазадан жалт бере алмас жанын сатқан.
Нəмəртқа,
Не айла бар намақұлға,

Адалдың асын ішіп, нанын соққан?
Не пайда қаусырғаннан қамыс көлді,
Жасырса Жолбарысты, Арыстанды?
Арсыздың ауызынан шыққан бір сөз

Ажалсыз өлтірмей ме намысты ерді?
Қасиет бойдан қашып,
Ырық кеміп,
Ұртоқпақ үнімізден үрікті Елік...

Керісіп,
Кері кетіп жүрміз неге
Келісіп,
Күнде кеңес құрып келіп?

Дей жүріп: «Бірлік түбі ынтымақта»
Саламыз жанды неге күн-түн отқа?
Əу баста алтын сандық – ел емес пе ек,
Алқаның сандықты ашар кілті жоқ па?

Ел қайда?
Аға қайда ақыл қосар?
Жең қайда?
Жаға қайда жақындасар?

Өз қамы,
Өз бағына ие болмай,
Азғаны ағайынның – Ақынға сор!..

ДƏМ ЖАЗСА...

Дəм жазса,
Көрерміз-ау бəрін-бəрін:
Жаһанның жақсылыққа малынғанын.
Тағдыры алмағайып тіршіліктің

Тарының қауызындай тарылғанын.
Дəм жазса,
Көрерміз-ау бəрін-бəрін:
Аспанның ала бұлттан арылғанын.

Аймаққа «Алтынкүрек» ағысы кеп,
Ақпанның қаусатқанын қалың қарын.
Дəм жазса,
Көрерміз-ау бəрін-бəрін:

Жорғаның жүрісінен жаңылғанын.
Адасып ақылынан «ақылманның»,
Тасырдың таққа мініп қағынғанын!
Дəм жазса,

Көрерміз-ау бəрін-бəрін:
Жүректің қуаныштан жарылғанын.
Көзден жас,
Көкіректен қан сорғалап,

Қайғыдан қайысқанын қабырғаның.
Дəм жазса,
Көрерміз-ау бəрін-бəрін:
Бақиға ғазиз жанның дамылдарын...

Бабаның ақыреттік аманатын
Баланың қасиеттеп қабылдарын.
Дəм жазса..,
Көрерміз-ау, бəрін, бəрін...

* * *
Қартаю, өмір...
Ортаю көңіл...
Өзімнен өзім қорқайын дедім.

Кетті ме екен желге ұшып желік,
Өтті ме екен бар тойым менің?..
Жүректі неге уайым басты?
Жүзімнен неге шырайым қашты?

Тағынан Тəңір таймаса егер,
Тағы да бірер сұрайын жасты.
Жүрегім, жаным...
Кезек емделе,

Тартады кейін кежегем неге?
Жетпек пе бір күн түбіме менің
Жебесін улы кезеген неме?..
Қанатым талып,

Сынғандай қарым,
Қалғандай қаңсып тұнған қайнарым...
Жалғанын күннің,
Солмағын гүлдің

Жатқанда ойладым,
Тұрғанда ойладым...
Көзімнің алды көртұманданып,
Көкейге шерді толтырам нағып?

Ау-жайын күннің кеш білдім бе, əлде,
Əуелі күліп,
Артынан налып?
Қартаю...Өмір...

Ортаю көңіл...
Өзімнен-өзім қорқайын дедім...

ДҮНИЕ ЖАЛҒАН

Жо-жо-жоқ!
Болмайды екен ерте өлуге!
Онсыз да кескелдектей келте өмірде.
Сүйіп қал сұлуларды сүлейіңде!

Көріп қал дүниені көркемінде!
Көңілің көншімесін көргеніңе,
Айналсын алтын, күміс ермегіңе!
Қонбасын қай-қайдағы қарға, құзғын

Тірнектеп тірліктегі тергеніңе.
Кеудеңнен шыбын жаның ұшқанынша
Ажалмен алысып бақ дұшпаныңша!
Арамдық аннан-мұннан бас көтерер,

Адымы адалдықтың қысқарылса.
Жарық күн – көзіңдегі жанған жанар.
Көз жазып жарығынан қалған да бар...
Өткен күн өзегіңе у тамызып,

Келер күн, кеш оянсаң, арман болар.
Дүниенің тылсымын да,
Қыр-сырын да
Көріп қал қылша мойын қыршыныңда!

Бар байлық жатпай-тұрмай жиған-терген
Тұрмайды кеудеңдегі бір шыбынға!..

КӨКТЕМ

Кірпікке бұлт қонғандай кілкіп келіп..,
Балауса бақ қалыпты бүртіктеніп.
Шайдай ашып жіберер көңіліңді
Шыны-аспанды мақта-бұлт сүртіп беріп!

Қайтқан құстың байқалып бір дерегі,
Арып-талып алыстан үн келеді...
Көгенінен ағытқан қозыдайын
Моп-момақан тіршілік нұрды емеді.

Жазық белдің жазылып кірбең өңі,
Тау етегін бау-бақша бүрмеледі.
Белін шешкен бесіктен бал бөбектей
Былдырлайды бұлақ та бірдеңені...

Көктесіннің жалауын жалбыратып,
Шөптесіннің көзінде жанды жақұт!
...Өзегінен бал тамған бір Тіршілік
Өнебойды барады балбыратып!..

ЖАҢБЫРСЫЗ КӨКТЕМ

Жанары Күннің лаулады көктен,
Жарықтық, жаңбыр жаумады көптен.
Айқабақ көлдің арнасы азып,
Жалаңқай жаздан аумады көктем.

Ай бойы тамшы тамбады көктен,
Тамсанды тақыр тандайы кепкен.
Мамырдың майда еспеді лебі,
Масаты маңның маңдайын өпкен.

Бозамықтанып ажары белдің,
Басталмай жатыр базары көлдің.
Əлдебір үміт,
Əлдебір күдік

Намақұлдайды назарын елдің.
Сарғайған жұртты сағынбай жеткен
Биылғы көктем – Қарымбай көктем!
Талайдан бері талдырды-ау көзді

Бір шөкім бұлт табылмай көктен.
Алланың үнсіз хабарын алып,
Тасаттық берген тарады халық.
...Ұяттан жүзі қызарған қыздай

Батысқа Күн де барады лағып.
* * *
Бұйығып,
Бұлт ішінде ұйыған Ай...

Кенеттен мына күннің суығаны-ай.
Сарғайып үлгірмеген жапырақтың
Болмақшы сары аязда күйі қалай?
Көзіне қоңыр кеште шер құйылып,

Қарайды құла дүзге жол қиылып.
Ақ қарды əзер-əзер көтеріп тұр
Жас қайың,
Жапырағы жерге иіліп.

Аулада шуақтайтын шеше, бала
Жып-жылы емес пе еді кеше ғана?
Адамның алақолдау көңіліндей
Тау ала,

Дала да ала,
Көше де ала...
Арасын жалғайтын түс жоқ болғасын,
Жарасым таба алмай тұр ақ пен жасыл.

Алдында кəрі қыстың жас келіндей
Иеді ақ жамылған бақтар басын.
Жазалап жасыл менен жезді бірге,
Қытымыр қыс қаһарын сездіруде.

Қалғанша қар астында көктей солып,
Сарғайған жақсы екен-ау мезгілінде...

ҚАМАЖАЙ

Жүйріктің мініп алып ұшқырына,
Елемей қытымырлау қысты мына,
Құтылып қу тірліктің құрсауынан
Тартып бір кетсем бе екен «Үшқырыма»?!

Білмейтін қауметі көп қала жайын
Ауылда – жақыным мен жамағайын.
Асаудай арыны əлі басылмаған,
Тұрады алып қашып далаға ойым...

Хал-жайы қартайғанда баладайын
Мен емей кім ойлайды ана жайын?..
Қимаған құтты ұясын қарлығаштай
Қасында қалып қойған Қамажайым.

Қалқа қыз – Қамажайдың жөні басқа.
Соқпайды соны ойласам көңіл асқа.
... «Үшқырым» – ұжымағыма ұшқым келер,
Гүл өңір,

Бұл өмірдің өңі қашса...

БІЗДІҢ АУЫЛ ОТТАРЫ

Күн бұлттанса – тартады дала сұрғылт.
Ашылса деп қабағы аласұрдық.
Басылса деп күтумен күзгі жауын,
Арғы бетке Күнді де əрі асырдық.

Қоңыр барқын,
Қойнаулы тау іргесі.
Көлеңкесі көзбайлам ауыл кеші.
Түнереді тұтасып,

Бұлттардың
Қонаға кеп қонардай ауыр көші.
Сұрғылт дала...
Батқан Күн...

Күзгі жауын..,
Үмітімнің қылнəзік үзді бауын.
Əр үйде əлсіз от жанар,
Тұңғиыққа

Батып бара жатқандай біздің ауыл.
Харекетсіз,
Қаперсіз,
Қамсыз,

Көне –
Біздің ауыл оттары əлсіз неге?
Ауыл-үйді аралап аруақтар
Қайта ма екен қабірге таң сыз бере?..

Мүмкін бе екен тірліктің тоқтамағы?! –
Қара түнде қабірде от жанады.
Түн дегенім – телегей теңіз білем,
Батып-шығып... бір кеме жоқ болады.

Тағдырына тəн берген Ауыл-кеме
Таң бозында тыншиды бауырға ене...
Heге тыным алмайды аруақтар?
Ыбылжуын қоймайды жауын неге?

Көрер күннің көндіксе ырқына адам,
Ішін алаң,
Ұстайды сыртын аман.
Тəңір оты артқанда тауға иегін,

Қабыр оты сөнеді жылтыраған...
Ақ шабақша ойнайтын түртіп Айды
Қайран, жазым, қайдасың мұрты майлы?
Жүрегіней Даланың бүлкіл қағып,

Біздің ауыл оттары жылтырайды...

МƏҢГІЛІК ЖЫРЫ

«Ай дидарлы адамдар, күн көрікті»
Бір-ақ күнде өзгеріп үлгеріпті!
Əр кеудеде – бір қамал,
Ішінде оның

Қандай «құдай» жатқанын кім көріпті?.
Ұнжырғаңды түсірме!
Жығылма!
Тұр!

Өз күшің мен ісіңе жүгін, батыр!!!
Əр кеудеде – бір «құдай»,
Əлі күнге
Құдайлардың айқасы жүріп жатыр!

Бітпейді айқас,
Болсын бұл қаперіңде.
Қасіретің де,
Сол қауіп-қатерің де.

«Құдайға» да жан керек –
Қорыққанда,
Кеуде деген зып беріп кетер інге!
Мен де ажалдан қорқамын,

Сен де ажалдан.
Абайланар аққу да көлге қонған.
Мыңмен жалғыз алысса...
Амал қанша,

Абайың да Алла емес,
Пенде болған!..
* * *
Ериді қашан қар мына қалың?

Елеусіз,
Елсіз қалды ма бағым?..
Сағындым салқын сабатын қырдың,
Сағындым бақтың балғын ажарын.

Жариды қашан көңілім жазға?
Білмеймін, көп пе,
Өмірім аз ба...
Өткеннің қайтып

Келмесін айтып,
Кеудемнің шерін, қоңыр үн, қозға!
Қоңыр үн,
Қобыз сарыны ма едің?

Жадырар ма екен жабығулы өңім:
Сауытын шешші,
Қызыл жел, қыстың,
Сарқылар болды сабырым менің!!!

АРЫС БОЙЫ ЖИДЕЛІ...

Торғын тоғай,
Көкорай,
Жиделі жай...
Жалғызаяқ соқпақтың иреңін-ай!..

Жалғызаяқ соқпақпен келе жаттың
Уағдалы жеріңе, сүйгенім-ай.
Жұпарына жиденің еліттің бе? –
Құшағымда барасың еріп мүлде.

Жағалауы Арыстың жиделі екен,
Жиделіге тұрайық келіп күнде.
Жиделі жай келіпті-ау кемеліне,
Көктоғайдың енейік тереңіне.

Қалып қойсақ қайтеді осы арада,
Бүгін үйге қайтудың керегі не?..

46

ҚАЙТҚАН ҚҰСТАР ƏУЕНІ

Сыңси ма, əлде, сарнай ма-ау?
Қанаттары да талмайды-ау,
Қапыда келіп килікті
Қарақтарыма қандай жау?..

Сыңси ма, əлде, сарнай ма-ау?
Қанаттары да талмайды-ау.
Көк моншақ көзден үзілген
Көгілдір көлге тамбайды-ау...

Сыңси ма, əлде, сарнай ма-ау?
Қанаттары да талмайды-ау.
Аспан мен жердің арасын
Музамен мұңды жалғайды-ау...

Сыңси ма, əлде, сарнай ма-ау?
Қанаттары да талмайды-ау.
Баратын жері шалғайлау..,
Құстарға, бəлкім, сол қайғы-ау?.

...Легін-ай!
Шіркін, шебін-ай!..
Үзік те созық шерін-ай...
Есіңе түсер еріксіз

«Елім-ай» əні,
«Елім-ай»...

ЖАЛҒЫЗ ЖАПЫРАҚ...

Күз желі...
Жапырақтар ұшып жатыр.
Ұшып жатыр,
Қалықтап түсіп жатыр.

Сарғайған санадағы соңғы үміттей
Бір жапырақ бұтақтың ұшында тұр.
Қара құс қараталға қонды бөтен.
Сол бұтақ,

Сорайған түп,
Соңғы мекен...
Безектеп,
Безгегі ұстап қалтырайды –

Тосырқап күз райын тоңды ма екен?..
Ішқұста, үнсіз зарын тыңдайды кім?
Кəнеки, итке берсе мұндай күнін?!
Қош айтып,

Қолын бұлғап қайтқан қазбен
Өтеді,
Тоқтамайды,
Зырлайды күн...

Жас дəурен,
Жаймашуақ,
Құт, несібе –
Көктемі күн кешегі түсті есіне:

«Оғынан Күз-мергеннің
Өзінің де
Кім кепіл, жерге үзіліп түспесіне?!.»
Көзінен бал-бұл ұшып жасыл аймақ,

Жапырақ жабырқай ма осыны ойлап?..
Жарқын жаз,
Жайдары əлем қайда бүгін
Жататын нөпір нөсер, жасыны ойнап?.

Күз желі...
Жапырақтар ұшып жатыр.
Ұшып жатыр,
Қалықтап түсіп жатыр.

Сарғайған санадағы соңғы үміттей,
Бір жапырақ бұтақтың ұшында тұр...
* * *
Көңіл күйім еленбей көгендегі,

Дос өз жайын ойлайды менен гөрі.
Телегейдің тұңғиық түбі терең,
Көрінбейді маржаным тереңдегі...
Мадақ сөзді қайтемін май татыған?

Шертетін сыр,
Əлі алда айтатын əн!..
Дауыл тұрса – сабамнан асып-тасып,
Дауыл тынса – шарамда қайта тұнам.

Муза менен Көңілді мұң жайлайды...
Түбі шикі тіршілік тіл байлайды.
Мен тұйықпын –
Түбі ұйық тұңғиықпын,

Тұңғиықтың түбіне кім бойлайды?..
Секем алар жайым жоқ,
Сезем бəрін:
Телегейге кеп құяр өзен барын.

Үнсіз, тілсіз жүргенім іштен тынып
Елгезектің ерқашты езер жанын.
Өзен суы лайсаң, тым ағынды,
Таси қалса, тарс бітер құлағыңды!

Бұла мінез,
Құла тай,
Құба таңдай
Бүлкілдеген сағындым бұлағымды...

Өзен суы өзімшіл,
Сабасы кем,
Телегейдің саласы, сағасы кең.
Алып ұшқан жүректің өртін басып,

Жан ұғысқан жарасар жағасымен...
* * *
Тағдыр,
Мені жасытпа, ашындырма,

Кез келгенді кеудемсоқ басындырма.
Бөлек етпе елімнің еншісінен,
Бөле деп те айтпаймын жасыл нұрға.
Тас төбемнен өнісі түскен құлап

Керек емес жемісі піскен Жұмақ.
Көп пенденің бірімін,
Айқай-шусыз
Іштен тынып жүретін, іштен жылап...

Көп пенденің бірімін жерде жүрген,
Өксіп-өксіп өтермін мен де өмірден...
Пенде деген не, тəйірі,
Мың-мың жылдық

Мұз құрсанған құзды да жел жемірген!
Іштен балқып,
Жүргенде іштен еріп,
Жұмақ шіркін жатпайды түске де еніп.

Ұлылықтың ұғымы ұланғайыр,
Кісілікке жарасар – Кішкенелік.
Кішкенемін,
Кішілік мін демелік,

Ұлы болар ұл туса, күндемелік.
...Тал ағашы жанында жайқалса да
Бал арасы қонады гүлге келіп...

МƏҢГІ МАЙДАН

Еңкіш тартып барады еңсем неден?
Өмір – күйік,
Жол тұйық,
Дел-сал денем...

Ойрандалған бір кезгі Отырардай,
Тас-талқан ғып өзімді жеңсем деп ем!..
Азамат па азамат белсенбеген?!
Барсам деп ерлікке ел сенбеген.

Қу тірліктің құтқарып құрсауынан
Өзіме-өзім бостандық берсем деп ем.
Жол қанша əлі жүрмеген, еңсермеген?..
Тəуекелге бел байлап ерсем деп ем.

Тура келген ажалды
Туырлықтай
Турасам ба деп едім семсерменен!
Сергімей жүр неліктен еңсем, денем?

Кезім қайда құлашты кең сермеген?
Қамалымның қақпасын қарс айырып,
Емін-еркін өзіме енсем деп ем!
Күйкі, күйбең тірлікке күнделікті

Құлақкесті талайлар құл болыпты...
Бассам деп ем аяқты алға батыл,
Ашсам деп ем өзіме бір жорықты!..
Ойрандамай тұрғанда ордамды жау,

Шықсам деп ем босанып тордан мынау…
Өзімді-өзім жеңе алмай жер болдым-ау!
Өзімді-өзім ала алмай қор болдым-ау!..

ЖАҢАРУ

Болайын адамдардың бəрімен дос,
Сайраннан босамасын сəрі мен кеш!
Жаманның жанына кім үңіліпті?
Жақсыға ажалдың да əлі келмес!

Салайын құлашымды кеңге бүгін:
Кешейін кещенің де пенделігін!
Алланы аузыма алып күбірлейін
Басқаша басталғай деп енді өмірім...

Кестесін Келешектің гүлден өріп,
Жүрейін Хақ дидарын күнде көріп.
Бейілім Бейіш бағын араласын,
Мейірім, шапағатты Күннен еміп.

Айласын асырса да тірлік епті,
Айымдай аялайын бір жүректі.
Дүние гүл жайнасын жанарымда,
Жамылған жас келіндей үлбіректі!

Тамылжып тұрған шақта тəмəм əлем,
Жазбайын əлдекімше жаман өлең.
Кеңдіктен кемдік көрген жерім бар ма,
Ұқсайын ұланғайыр Далама мен!

Түнімен түсіме еніп Арша, Қайың..,
Тілінен тіршіліктің бал сорайын!
Адамша өмір сүру мүмкін бе екен,
Тазартып алмайынша жан Сарайын!

* * *
Ешкімнің де мақтауы мастандырмас,
Ешкімнің де даттауы жасқандырмас.
Жылап келіп,

Өмірден жылап өтер
Жетімегін Жер-ана аш қалдырмас.
Ешкімнің де үлгісін керек етпен,
Абай барда алдымда өнеге еткен.

Жұлдыз басып құтылмас жүзін жерден,
Жарық қашып құтылмас көбелектен.
Жарықпын мен!
Сөнермін барып-барып,

Арманыма жеткенде арып-талып.
Ақ-қарасын жаныңның анықталық:
Шық, жарқыным, жаныңды жарыққа алып!
Жарықпын мен!

Белгілі бір сөнерім...
Сөнгенімше жаныңа нұр себемін!
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ»,
Қолдан шығып кеткенше білсең едің...

Жолын жалғап жалғанда жақсылардың,
Бақ сынармын,
Кім білсін, шарт сынармын!..
Ұзатылған қыздайын өлеңімнің

Кімге сеніп тағдырын тапсырармын?

ЖҮРЕГІМ...

Дей жүріп қыз-қырқынға: «жаным, жаным...»
Қайткенің қапылыста қабынғаның?
Жазбаушы ең жайшылықта жүрісіңнен,
Апырай, жаңылғаның нағылғаның?

Жалғызым жалғандағы,
Жазғаным-ау,
Қайдағы-жайдағыны қозғадың-ау...
Тау шөгіп,

Көл көшсе де таусылмайтын
Тірліктің тауқыметі аз ба мынау?
Сен де бір жауға жалғыз шапқан ерсің!
Жарылсаң – қара жерді қақ бөлерсің!

Өмірі ақындардың – мəңгі майдан,
Көңілі ақындардың – ақ көгершін.
Көрініп,
Көзге ұрынып тұрмағасын,

Тордағы Тоты құсқа кім қарасын...
Қаймана бір ақынның тағдыры үшін
Қайтесің, хан боласың, құл боласың...
Жеткенше жер түбіне жыр-керуенім

Сыр берме!
Сөгілмесін іргем менің.
Пенде емес,
Жарылқаушы Алла берген

Өзіңсің басыбайлы жүлдем менің!!!

КӨКШЕ ДƏПТЕРІНЕН

Келімсек келген-кеткен қоныстанып,
Бейіштің қасиетті төрі ысталып..,
Көксеуі бабалардың көзден ұшып,
Көкше елі, кетіпсің ғой орыстанып?

Заманда қас-қабағы қатал мына
Кім білсін, Ібілістен бата алды ма:
Сайрайды жат тілінде жағы тынбай
Сарыуыз балапан да, сақалды да.

«Емес, – деп, – сайрағанның бəрі бұлбұл»
Ішімнен əрі жылап, əрі күлдім.
Зар мен зəр жайлап бара жатса қайтем
Талшығын алпыс екі тамырымның?

...Бұл жерге бұрын келгем – ұрын келгем,
Сұлудың сілеусін көз сұрын көргем.
Кəуірдің «дəуіріне» дауа таппай,
Жүрегім талай мəрте тілімделген.

Мен оны бүгін емес, бұрын көргем,
Несіне жасырайын сырымды елден:
Екі етпей «кеселім» мен меселімді,
Балым қыз балқаймақтай тілін берген.

Балым қыз қона бермес қолға дəйім,
Опалы оғыланға ол да – қайың.
Қол бұлғап қош айтқанда Қорлығайын,
Қалайша қайдағыға қор болайын?!

Ал бүгін...
Ал бүгін бе?
Ал бүгін бе?
Айтарсың арманда сол əнді кімге?

Басымнан бақиға ұшқан бақ сияқты
Балым да,
Бал айым да,
Бал күнім де...

* * *
Мен неге қайғылымын, қайғылымын?
Жақпай жүр Жаратқанға қай қылығым?
Кең етек шекпен емес, кебін киіп

Келмеске кеткені ме айбын-үнім?
Жайымды кім бар, кім жоқ түсінетін?
Көрместей не істеп ем кісі бетін?
Қашанғы жасырынбақ ойнап жатпақ

Аузымның кіріп алып ішіне Тіл?
Таба алмай өз тілімді өз ділімнен
Берекем безерленіп безді кімнен?
Құлдайын құлақкесті үнім шықпас,

Шалсаң да кеңірдектен кездігіңмен!
Қай құлақ тыңдап жатыр Мылқау мұңын,
Саязбын,
Саржамбаспын,

Сырқаулымын.
Толымы Толағайдай ұл тумаса,
Қопарып, қозғай қойсын бұл тауды кім?
Үркекпін,

Үргедекпін,
Үрейлімін,
Тартамын таразыға бір ойды мың.
Ұға алмай қамсыз, мұңсыз хал-жайымды

Маңдайын көкжиекке тірейді Күн...
Төркінім, төрім, жерім жатқа дайын,
Жанына жата кетем жаппадайын.
Алакөз ағайынның арасына

Құятын əзір-мəзір отқа майым.
Талайсыз тағдырым бар тəңір атқан,
Жан-жаққа жай түскендей жамыратқан.
Шаң-тозаң бұрқырайды,

Түтін емес,
Шалқайған шаңқай түсте Шаңырақтан...
* * *
Ашыса ішім іріп айрандайын,

Қалайша қамсыз-мұңсыз сайрандайын?!
Қалың ну қарағайдың қалқасынан
Қарайды қамкөңілмен, қайран, Қайың.
Қайың-қыз, сен жалғыз да, мен жекемін,

Жел өті, жер шетінде ел-мекенім.
Қош айтқан көгілдірі көңілімді
Көзіңнен аққан жаспен емдетемін.
Көз жасың – кермек емес, шырын сөлің

Ежелден ем екенін білуші едім...
Анадан егіз туған періштедей
Айнамнан айнымайды-ау түрің сенің!
Сол Айнам...

Қылығы ерке, сыры қанық
Əкеткен жүрегімді жұлып алып.
Өзімді жылатам да жұбатамын,
Кеудемде қос жүректің жүгі қалып...

Сол Айнам...
Кірпігіне жас тұндырып,
Дертімді кете барған асқындырып.
Жоқтаймын жүрегімді...

Көктем сайын
Көкеділ көкірегімде тасқын жүріп!..
Жүрек жоқ...
Қуыс кеуде,

Құр сүлдерім.
Құлазып, кімге керек күрсінгенім.
Бар болса жер бетінде сол бір мұңлық,
Жетектеп жетімімді жүрсін менің...

НӨСЕР

Төгіп тұр нөпір нөсер, қара жаңбыр,
Дабысы – дауылпаз-дүр, барабан-дүр!
Жердегі Баһадүрдің бəрі көкте,
Қақпайлап қас дұшпанын қамалап жүр.

Садақтан сансыз жебе атылғандай,
Қара жер қызыл қанға жатыр қанбай.
Бурадай буырқанып кілең батыр,
Бір-бірін жекпе-жекке шақырғандай!

Қаптаған қалың қолға жұрт ілесіп,
Түксиіп,
Түгі үрпиіп,
Тұр тіресіп!

Алыспай берісетін түрлері жоқ
Дүрлігіп,
Дүркіресіп,
Күркіресіп!!!

Өкіртіп өгіздейін өр немені,
Ерді ер ат үстіне өңгереді.
Қылыштан ұшқан ұшқын оттай шарпып,
Жай оғы жеті қабат жерге енеді!

Көк найза ақсауытты шаншылайды,
Қаракер ауыздығын қаршылайды!
Оқжылан анда атылып, мұнда атылып,
Сауырын қара бұлттың қамшылайды!

Желөкпе жерде қалып өшпенділер,
Көкке ауып кеткен білем Көшпенділер!
...Дауыл мен қара нөсер жауын жайын
Ауылда емін-еркін өскен білер!

ШІЛДЕДЕГІ АҚ ЖАУЫН

Бурабай,
Аршылады бұлтың қашан?
Мінезің бір күн босаң, бір күн масаң.
Қамыстай қаулап өскен қарағайдың

Қай күні ұстарамен мұртын басам?
Қабарып қаба сақал – қара тасың,
Аңсарды аспан жаққа қаратасың.
Тал түсте талағыңнан тарс айрылып,

Ішіне тар кепештің қаматасың.
Көретін көк аспанды күнде көзім
Үлде мен қайда, апыр-ау, бүлде кезің?
Ұрымнан ұрын келіп үр қызына

Құмартып құшағыңа кірген өзім!
Есің жи,
Ебіл-дебіл жылай берме,
Еркін-шат еркелігің ұнайды елге.

Есіктен енбей жатып төрге озатын
Еріккен, желіккенге құлай берме.
Сөзіме Алла куə, аспан айғақ:
«Қоңсыға» тағдыр бізді қосқаны айғақ.

Жағасын жасыл жұмақ Шортанкөлдің
Кетпесін кешегідей шошқа жайлап!..
Тегіміз болғаннан соң түрік біздің,
Келмейді шырт мінезбен шырық бұзғым.

Көшірген көк жұлдызын тұнығына
Сексенкөл көзі емес пе қырық қыздың?!
Ай, күн мен айыра алмай жыл арасын,
Қай жаққа қаңғымады мына басым...

Көз жасы Қырық қыздың аз болғандай,
Бурабай, неге сонша жыланасың?

ШЫМҚАЛАНЫ САҒЫНУ

Елде қалып жатаған үй, жалғыз жар,
Түсіме енді балауса гүл, бал қыздар...
Тал түбінде талықсыған тəнімді
Тас кенеше сорды-ау талай таңғы ызғар.

Жарлығына көндіге алмай жазмыштың
Көңіліммен көктем сүйдім, жаз құштым.
Шымқаладан Күнқалаға аттанған
Жайы осылай жаһанкезбе жазғыштың.

Арғымақтай айтақырды айналған,
Ақылына ақыреті сай болған,
Ей, Шымқала!
Құлдығыңмын мен сенің

Күндігіңе кіндігінен байланған!
Қызғалдақтай алаулаған қырдағы
Ақын əркез заман, зауал құрбаны...
Тілегіме жеткізсе екен тірімде

Жүрегіме өзің еккен жыр дəні.
Бақ пен сордай сол қасиет, сол қайғы
Анда сүйреп, мында сүйреп болмайды.
Ақындарын қадірлеген ел құтты,

Ақын жанын зəбірлеген оңбайды!
Жанарында мəймілдеген мұздай мұң
Аспандағы мұңдасымын күзгі Айдың.
Мен жыласам –

бой-бойыммен боздаймын,
Мен сағынсам –
жүрегіммен сыздаймын.
Сезімге еріп,

Серік болған Ақылға
Қыз баланың тағдыры бар ақында.
Жүз көріспей жүз жыл өтіп кетсе де,
Сен жатсынба,

Жатырқама,
Мақұл ма?!

МЕНТАЛИТЕТ

...Иə, біз шымкенттікпіз,
Шымкенттенбіз!
Жарқын жаз,
Жаймашуақ гүл көктембіз!

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» –
Тыңдаңыз,
Бас шұлғыңыз,
Шұрқ етпеңіз!

Бастаймыз сөздің басын «шешеңізден»,
Көз көргек,
Көңіл көлпар,
Көшеміз кең!

Атымтай ат шалдырып аулымызға,
Дос болған Əзəзіл де кеше бізбен.
Майысқақ, мінезіміз – майда шыбық,
Кетеміз Ажалдан да айла асырып!

Жатамыз бақырдан да бақыт тауып,
Тарыдай табысты да пайдасынып.
Қағілез түрімізбен қарасақал
Боламыз болмашыға балаша таң.

Баталас бапкеріміз – Алдаркөсе,
Əпенді – атбегіміз алашапан.
Ұлықтап,
Үй сыртына ат байлатып,

Қонақты қарсы аламыз «лəппайлатып».
Тойға да қам жасаймыз елден бұрын
Тоқал ұл, бəйбіше қыз таппай жатып.
Біздегі той – ертегі,

Базар – аңыз...
Шаң басса, шалшықпен де тазарамыз.
Ішіңді уəдемен кептіреміз,
Өзбекше мұның аты – «бажарамыз»!

Мейілі, таласыңыз,
Бал ашыңыз:
Қазақтың қаймағы мен сарасы біз!
Əйгілі Асан қайғы – түп атамыз,

Жиренше шешен – біздің нағашымыз!
Құдайдың күнде келсін құт қонағы –
Басады «жоқтың» орнын «құп, болады!».
...Тағы бір мейман, міне, аттан түсті

Сөзімді мына менің құптағалы!
...Иə, біз шымкенттікпіз,
Шымкенттенбіз!
Іргесін шымнан өрген шын кенттенбіз.

Халықтың «қазақ» деген қаймағымыз,
Қаймақтан дəм татыңыз, сырт кетпеңіз.
...Иə, біз шымкенттікпіз,
Шымкенттенбіз!

АЛМАТЫ АПОРТЫН АҢСАУ

(Ғалымдар Үйінің сахнасына қарап тұрып...)
Мына күз мені тағы тоңдырар ма? –
Талтүсте тал басына қонды қарға.
...Төрінде сахнаның көз тартады

Қызарған қыз өңіндей онбір алма.
Сол ғана – онбір алма бар болғаны,
Сол ғана алма əулеті жалғандағы.
Қатындай түлен түрткен қара басын

Қарға да қарқылдаудан арланбады.
Жаз өтті көктемді ертіп жетегіне,
Жармасып жайдақы жел етегіне.
Тамыры тұзға айналған Апорттайын

Арманда мен де өмірден өтемін бе?..
Аздан соң қар жауады, қыс келеді,
Қаңғыбас тағдырына құс көнеді.
Түн ұзақ. Өмір қысқа. Таң алдында

Апорты Алматының түске енеді.
Түске енеді алма бақ баурайдағы,
Буға бөгіп бусанған тау қойнауы.
Бұлың жалған, бұлыңғыр бұл дүние

Жанарымнан қаншама аунайды əлі...
Түске енеді ақүрпек алма бағы,
Алма бақта айнамның салған əні.
Қыл шылбырда жаныңды қинайды екен

Ен бақтан емге бір тал қалмағаны.
Кім көрсін көзден жасым мөлт еткенін,
Əлде, əлде... керек пе еді селт етпеуім?
Өсіп тұр алма орнына, амалым не,

«Алмалы», «Алмагүлдей» мөлтектерім.
Оңтайлап күз райын омбы қарға,
Қалбаңдап қараталға қонды қарға.
... Төрінде сахнаның көз тартады

Қызарған қыз өңіндей Онбір алма...

ЖАР МЕН ЖЫР

Сен де бір бойжеткен ең бұла көңіл,
Бозтайлақ болмысыңмен ұнап едің.
Мен де бір боз даланың бозымы едім,
Жанына жақын тұтқан жыр əлемін.

Егіздей енші еткелі жар мен жырды
Жаз, көктем жайлауымды əрлендірді.
Жалғыздық жаутаң қағып есік жақта,
Əзəзіл арамыздан əрмен жүрді.

Бірде жар,
Есімді алып бірде өлеңім,
Өмірдің кештім талай дүрбелеңін...
Екі елдің қас-қабағын қатар баққан

Елшідей алмағайып күн көремін.
Қол созған ақ жаулықты арманына
Ақынның тағдырында бар ма кінə?
Жер болған, жеке қалған аз ба күнім

Жете алмай жеті түнде жар жанына...
Алмасып жататұғын түні күнмен
Ақынның тағдырына кім үңілген?
Жанына жатса-тұрса жай таптырмас

Жалғанда жар мен жырдың құлымын мен!
...Сен де бір бойжеткен ең сұңғақ бойлы,
Мен емей сол күндерді кім жоқтайды?
Көк тоғай қолын бұлғап баяғыдай,

Көктегі Ай неге көлге шым батпайды,
Қайран-ай...

АҚЫЛ МЕН СЕЗІМ

Қала ішінде қыз бала адасады,
Шалт қимылға келмейді-ау шамасы əлі?
Таразының еншілеп екі басын
Ақыл, Сезім екіұдай таласады.

Бірі көкке тартады, бірі жерге,
Майдай еріп жүрегі жібігенде.
Түнде көңіл айтады көмілгенге,
Күндіз сенім артады тірілерге.

Бір жүрекке сыймайды Қала, Дала,
Қаршадай қыз қалалық бола ала ма?
Есік алды – жер ошақ, қора-қопсы..,
Есіне алды ауылын жаңа ғана.

Бір жүректі қинайды Қала, Дала,
Бала да бір ұқсайды-ау бал араға...
Ауыл естен шығады
Көзін салса

Көшедегі самсаған самалаға.
Далаңызды қайдам-ау, қала қиын,
Дəргүмəндау хал кешсе дара күйің.
Ақыл естен шығады,

Сезім шіркін
Ала қашса еркіне алақұйын!..
Болсын, мейлі, болмасын құп тілегі,
Қыз көзінде қашанда құрт жүреді...

Ақыл қалғып кеткенде,
Таныс неме
Тағы, міне, тал бойын түрткіледі.
Қалғып-мүлгіп көрген бе Сезім, сірə!

Аралыққа Төбе би – Төзім сына.
«Қырық үйден қызға сын» деген сөз бар,
Ол аз болса, өзіңді өзің сына!..
* * *

Аға рухына
Сен бізден озып кеттің, озып кеттің,
Азаны мен ғазалын созып көктің.
Кеңпейіл кеңістікті кезіп кеттің,

Тар құрсақ қара жерден безіп кеттің.
Сен бізден ұшып кеттің Алла жаққа,
Деместен Жұмақ жұрты бар ма, жоқ па.
Қондырып таң намазын таңдайыңа

Арасын жер мен көктің жалғамаққа.
Сен бізден ұшып кеттің Алла жаққа,
Салмайын дедің бе екен жанды азапқа.
Қанағат айтып кеттің қалғандарға,

Аманат артып кеттің əр қазаққа...
Сен бізден алыстадың, алыстадың,
Қара жер екен ғой деп қарыс қадым.
Ақ қанатты періште кейпіне еніп

Көрдік біз көкке қарай жан ұшқанын.
Көрдік біз көкке ұша алмай тəн қалғанын,
Жалп етіп өшкен шамдай жалғанда бұл.
Көндік біз, көнбегенде қайтуші едік,

Біздерге бұйырғай деп қалған дəмің...
Көндік біз көзден жасты бұлап тұрып,
Азан мен ғазалыңа құлақ түріп.
Кірпікке көгенделген көз жасында

Тұрған соң күнəсіз, пəк Шуақ күліп!..

МЕН ШЫҚҚАН ТАУ

«Тауға барып таза ayа жұтқым келді...»
Асанəлі Əшімов.
Күнделік беттерінен.
Таза ауа тауға барып жұтқым келді,

Еске алып елсіз жерде құт күндерді...
Мап-мамық майса белге масаң қалпы
Өзімді алып ұрып жыққым келді.
Көкірек көнек емес, көрік сынды,

Бүркіттей бүлінді ішім көріп шыңды.
Жетпіске келгеніме мың шүкір деп,
Жерледім жер түбіне желік сұмды.
О, менің не өтпеді бұл басымнан...

Талайдың мысын бастым тұлғасынған.
Көңілдің қалған кезі бар ма, сірə,
Үркердей үкі көзді ұрғашыңнан!?
Ығыма, ындыныма ыңғайлана

Қылығын көрсетпеді кім, қай бала...
Көкке анау ұшып кеткен Көкемайым –
Жетпеді-ау соның бəрі бір Майраға.
Майрам жоқ...

Маңайымда – мамыр майса.
Майрашым, ет тураушы ем, қамыр жайса.
...Ұшармын мен де ол жаққа ерте ме кеш,
Құшағын «құлыным!» деп Тəңір жайса.

Ал əзір...
Мен – халықпын,
Халық аман.
Адам жоқ айналамда танымаған.

Алладан нағашымдай нəсіп қылған –
Бəсіре көңіл шіркін бəріне алаң!..
Демеймін: «мынауың не, осының кім?»
Тауымның төбесі қар, төсі гүл-гүл.

Қосығын замананың айтып қойып,
Қосынын түгендеймін қос ұлымның...
Жеткенше тыным тауып, тыншығар күн
Тəңір мен тауға қарай ұмсынармын!

Шіркін-ай, қолға іліксе, арман бар ма,
Бір талы шыңдағы анау бір Шынардың!..

АЛПЫСҚА КЕЛГЕН АҚЫНДАР

Алпысқа келген ақындар, алпысқа келген,
Алау Күн ауып барады талтүстен əрмен.
Алқалы жұрттың алдында айғайшы болып,
Алғыс та алған сендерсің, тартыс та көрген..,

Алпысқа келген ақындар, алпысқа келген.
Махаббат деген мекеннің мəңгі шөлінде
Бақиға көшем зар илеп, зəрді ішемін де...
Ақыннан өзге ажалмен ойнаған кім бар

Зəнталақ мынау заманның алғы шебінде?!
Жеміссіз желең ағаштың неге ұзын бəрі?
Кешегі кескек ерлер-ау, негізің кəні?
Батыр мен Ақын ежелден ерке де серке –

Ақ сүті кəміл ананың егіз ұлдары!
Бақилық сапар,
Сақилық шаһардан келемін,
Ажалым жетсе зəуіде... заһардан көремін!

Қаламдас қатарластары селдіреп қалған
Алпысқа келген ақынды Қаһарман дер едім!
Жақыннан керегін таптырмас,
Ақылдан дерегін

Шаңырағы күнде шайқалар шатылған неменің.
Қара мен ханға айбыны ауадай қажет
Алпысқа келген ақынды Ақылман дер едім!
Шындыққа, шындап үңілсең, Шарайнаң болған,

Тау-тастан қайтпас таланы талайларға арман,
Аталы сөзге тоқтасаң тобаңа келіп,
Абайдан қалған тұяқ бұл, Абайдан қалған!
Жалт етіп өшті қаншама Қасымдай ғұмыр...

Қан жұтар іштен қашанғы ашылмай гүлің?
Алтын мен күміс жолына садаға, сауға
Алпысқа келген ақындар – асыл байлығың!!!

АҚПАН

Көңілімнен беймаза арылмады-ау мəңгі мұң,
Қайырлаған кемедей, қайран, менің тағдырым...
Көксүңгіге ілінбей,
Көктеменің күніндей

Нөсерлетіп өтсе екен төгіп-төгіп жаңбырым!
Мен аптапты аңсадым ақ қар, көк мұз ақпанда,
Мамыражай маңайым малынғанда мақпалға.
Алашұнақ аязда аласұрсам, қайтейін,

Алақ-жұлақ қасқырдай түсіп қалған қақпанға?..
Ұйқы сергек,
Көз көргек,
Көңілге ермек табылмай,

Қараңдайды қалың ой Қарымбайдың малындай.
Көз ұшында – көктем, жаз,
Өмір – аяң,
Күз – аян...

Аржағы ма, аржағы... айтпасаң да мəлім ғой...
Ашылса екен аспаным қабағыма бұлт қонбай,
Құдайыма құлдығым ылайым да құп болғай.
Ақ қанатты Періштем желеп-жебеп жүрсе екен,

Жұмырына ажалдың жұтылғанша жұқ болмай...

ҚАРАША

«Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?..»

Абай
Басқан ізім сықырлы,
Көңіл – көктем, жүрек – күз.
Күз келгенде Сыпырғы,

Қар жауғанда Күрекпіз.
Үйрек ұшты төмендеп,
Қоғалы көл толы қаз.
Қорамсада жебем жоқ,

Оқшантайда оғым аз.
Себеп іздер серуенге
Жаз қайда əлгі шыбынсыз?..
Көңіл шіркін – шерменде,

Көз тойымсыз, тіл үнсіз.
Сөз шіркінді оқсатам
Кіре тартып көнеден
«Көке» дейді көксақал

«Ата» дейді немерем.
Қаншеңгелім бүрмейді
Қансонарда түлкіні.
Түсіме де кірмейді

Көк көрпенің бүлкілі.
Тақыр таздың мұртындай
Жан жайлауым кешегі.
Көшкен елдің жұртындай

Бəйбішенің төсегі.
Сылап-сипар «емші» жоқ
Еті қашқан денені.
Келін кетті еншілеп

Кемақылдау немені.
Түн түңіліп түрімнен,
Еңсені зіл басқанда,
Түндігімнен түрілген

Телміремін аспанға.
Сезімімнің серігі –
Себездейді Ай көктен.
Есімді алған Елігі

Есте қалсын қай көктем...
Көктің көшіп Үркері,
Сөнгенше түн шырағы
Кіл періште, кіл пері

Түсіме еніп шығады.
Дүниенің сырт өңі –
Жағада өскен жалбыздай!
Ажал шіркін түртеді

Аш бүйірден балдыздай.
Ойға қашса оймақ бас,
Оған да ешкім таң қалмас!
Сайға қашса сайғақ бас,

Оған да ешкім таң қалмас!
Алатаудың бөктері
Ақ тұманнан киді ішік.
Кешегі атым – Көкбөрі,

Бүгінгі атым – Үйкүшік.
Қайшыласса қас-қабақ,
Қайтіп қонсын басқа бақ?!
Көңіл бүгін ашқарақ,

Өмір бүгін басқарақ...
Ақпен жамап қараны,
Айта берем несін мен:
Күн де еңкейіп барады

Намазшамға бесіннен...

ӨЛЕҢ

Көлге бауырын төсеген
Аққуым да – осы Өлең.
Көгергенде көсегем,
Шаттығым да – осы Өлең.

Алтынменен апталған
Байлығым да – осы Өлең.
Тағдырыма тап болған
Қайғы-мұң да – осы Өлең.

Тасынғанға Тəңірдің
Мазағы да – осы Өлең.
Зəнталақ пен залымның
Ажалы да – осы Өлең!

Абай менен Мағжаннан
Жалғасқан да – осы Өлең.
Қара қылды қақ жарған
Алдаспан да – осы Өлең!

Ынтымақ пен бірліктің
Елшісі де – осы Өлең.
Ертелі-кеш тірліктің
Емшісі де – осы Өлең.

Ғашық-машық жандардың
Ғазалы да – осы Өлең.
Мынау бес күн жалғанның
Базары да – осы Өлең.

Əділдік пен шындықтың
Қамалы да – осы Өлең.
Сұрқия мен сұмдықтың
Зауалы да – осы Өлең!

Таудан биік тағымның
Тұғыры да – осы Өлең!
Менің ақын жанымның
Ғұмыры да – осы Өлең.

* * *
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!
Сенбегендер өзі білсін, сенбесе.

Өзге түгіл Аллаға аян ақиқат
Өмір сүре алмайтыным пендеше.
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!

Көнбегендер өзі білсін, көнбесе.
Көкірегімді көнтерідей қысады
Ано-оу дала,
Мынау қала, кең көше...

Мен ақынмын!
Жерде жүрмін уақытша.
Жақын тартсаң –
жарқыраймын жақұтша!

Алыс тартсаң – қасыңнан да басыңнан
Ұшып кетем баяны жоқ Бақытша.
Мен ақынмын –
Алла аузынан сөз күткен,

Еншім бөлек есерліктен, ездіктен.
Кез келгенді кесіп өтер кездікпін,
Ойнамаған жөн ендеше кездікпен!
Мен ақынмын –

Жаратқанның жұмбағы,
Жай оғындай жазатайым жырлары!
Мəңгі-бақи бітіспейтін қас жауым –
Саясаттың сатқын, сайқал құлдары!

Мен ақынмын –
Сырты сау да, іші ойран,
Бұл өмірге келгеніне пұшайман.
Асқазаным іріп кеткен індеттен,

Бас қабағым шіріп кеткен құса, ойдан...
Мен ақынмын елге еншісін тең бөлер,
Қараша үйін хан тағымен тең көрер!
Қара бастың харекетін қаузаған

Қадірімді қайдан білсін пенделер?
Мен ақынмын –
Алла жүгін көтерген,
Көнбістерді көре-көре еті өлген.

Ібіліс пен жын жайлаған мекеннен
Көп ұзамай көгіме ұшып кетем мен...
Мен ақынмын –
Періштемін ендеше!

Сенбегендер өзі білсін, сенбесе.
Өзге түгіл Аллаға аян ақиқат –
Өмір сүре алмайтыным пендеше!

БІР КҮН ОЗЫП БАРА ЖАТЫР БІР КҮННЕН...

Бір күн озып бара жатыр бір күннен
Жылатып та, жұбатып та, күлдірген...
Шер түбіне жете алмадым сүңгумен,
Жер түбіне жете алмадым дүлдүлмен.

Бір күн озып бара жатыр бір күннен,
Көкжиекке көз саламын дүрбіммен.
Өмір қашан жарылады ағынан?
Көңіл қашан арылады кірбіңнен?

Бір күн озып бара жатыр бір күннен,
Керуеніне кім ілесіп үлгірген?..
Бұлыңғыр бақ қош айтысып бұлбұлмен,
Мұңлықтардай мұңдасады гүл гүлмен.

Бір күн озып бара жатыр бір күннен,
Етек-жеңін тікенекке ілдірген.
Ақ пердемен жасырады Ай бетін,
Көк жүзіне шашылады мың бір мең...

Бір күн озып бара жатыр бір күннен,
Енді қайтып оралмасын білдірген.
Қабірімді қаусырады-ау қара жер,
Талып барып таусылады-ау құрғыр дем...

Бір күн озып бара жатыр бір күннен,
Қайда барып аялдарын кім білген...
Келе жатқан бір күн артық екен ғой
Өтіп, кетіп бара жатқан мың күннен!

Бір күн озып бара жатыр бір күннен...

КӨКЕЙТЕСКЕН

Далам анау етек-жеңі далиған,
Жалғыз соның соңында жүр ар-иман.
Ата-баба аманатын кіршіксіз
Ақтау, сақтау – қасиетті қағидам!

Тауым анау – табынарым, киелім,
Өркешіндей өрге тартқан түйенің.
Өле-өлгенше сол өлкені сүйемін,
Өле-өлгенше сол өлкеге иемін!

Дала – менің көңілім де, тау – еңсем,
Алда-жалда ақ ордама, жау, енсең:
Тақ – төріме тағзым етіп еріксіз,
Есік жақтан еңкейерсің əуел сен!

Шалқақ кеуде, апайтөстер небір дөй
Əуре болған не кете алмай, не кірмей...
Қазыналы құтты мекен қайда бар
Қазағымның қасиетті жеріндей?!

Қазынаға сұғын салған сұм қанша?
Қазанымнан қайыр қанша, уланса?
Қайран менің қазағыма дəл қазір
Абылайдай арда туған ұл болса?!

* * *
Туралықтан қалайша тұра қашам?
Жаза басып, жасадым күнə қашан?
Ғұмырымнан не хабар-ошар қалар,

Тұғырымнан құласам, тұраласам?
Өлі менен тірінің арасында
Өмір кешсем, кімменен кінəласам?
Жер шектелер теңізбен, құрлықпенен...

Емшек берер кім маған, жыламасам?!
Қырық құрау, жүз жамау жүрегім-ау,
Сəл нəрсеге алданып, жұбана сал...
Несібемнен тиесі құр қалармын,

Құдайға да құлқыммен құламасам.
Төрдегі орным көрінер тұманданып,
Сыртта тұрып, есіктен сығаласам.
Елдегі орным көрінер, ерте есейіп,

Егделердің ішіне сыналасам.
«Адам ұлы бол» деген ата сөзге
Енді қашан, құдай-ау, құлақ асам?
Бүгін өмір сүрудің керегі не,

Ұрпағыма ертеңгі ұнамасам?!
* * *
Жылаған жүрек жұбанар,
Қуарған көңіл қуанар.

Жылы орнын қайтып қия алар
Жығылған жанға жыра, жар?
Құбылған мынау қу дүние
Кімдердің құлқын құп алар?

Құлқынға құрдым кетпесе,
Қалаған тұстан су ағар.
Кімдерде қандай кінə бар,
Кімдерде қандай күнə бар? –

Күндердің күні болғанда
Үлкен де кіші сыналар.
Бергенің менен алғаның,
Келгенің менен барғаның...

Бəрі де бəрі сұралар.
Ұрығы өскен далаға,
Ұрпағы ілескен балаға
Атадан қалған аманат,

Бабадан қалған мұра бар...
* * *
Ұшқыр еді, ғұмыр,
Қанатың қандай ?!

Жанның бəрі бүгін
Жаңа туғандай.
Жанарында лағыл
Шам жанатындай.

Жақсылыққа жаның
Жалғанатындай.
Есік ашып əр үй
«Мұндалайтындай».

Ақ бесікте сəби
«Іңгəлайтындай».
Ақ көрпесін көгім
Ашып түнімен,

Бал татқандай көңіл
Ғашық тілінен.
Жарасқандай күлкім
Жамағатпенен.

Осы екен ғой, шіркін,
Қанағат деген!
Көгерсін деп елім
Көп тілеп едім...

Жыл басына қолым
Жетті ме менің?!
Сілкін, көңіл, сілкін,
Қайғыңды қашыр.

Бұзылмасын шырқың,
Айбынды ғасыр.
Қайдан Өмір тусын
Екі рет мені,

Қалғыма арман – құсым
Көкіректегі.
Қар астында қалған
Қара жердейін

Жазмыш аузын жарған
Жараны емдейін...
Шапағатыңмен ізгі
Шашыра, таңым.

Жақсы үмітпен бізді
Асыра, Тəңір!..

ОЙТОЛҒАУ

Көргенің көрге енгенше сəттік қана,
Асықпа, масықпа да, аптықпа да.
Тағдырдың тəлкегіне тап келгенде,
Қай пақыр, қай пендеден таптық пана?

Тəубесін талақ етіп тасқанда кім,
Алам деп əуре болар аспандағын.
Молаңа күңіреніп енсең-дағы,
Қораңа қайтып кірмес қашқан бағың.

Жəдігөй, жазатайым жалғанда бұл
Жаңылып, кімге керек алданғаның?
Тапқаным, татқаным деп талшық етер
Келгендер өлгендердің қалған дəмін.

Ажалдан адам қашып құтыла ма? –
Еткейсің ебі келсе шүкірана.
Ғұмырын ұзартатын адамзаттың
Пейіштің періштесі – бүкіл ана!

Шығатын тұңғиығын жарып түннің
Қадірін кім біліпті жарық күннің.
Үйіңе шақырылмай келген қонақ
Тұрады есігіңді қағып бір күн...

Қадірін бұл жалғанның жаңа ұққандай
Жүрерсің қызығына қанып-қанбай.
Жатарсың дем шығарда жанталасып
Байқаусыз торға түскен балықтардай.

Жаратқан пендесіне дамыл берер,
Ғайыпты сен көрмеген жаның көрер.
Тіршілік ұясына дəн салғандай,
Тірілер қара жерге тəніңді егер...

ШАҒАЛА ҚАЙДА, ШАҒАЛА?

Шағала қайда, шағала
Жақындап ұшар жағаға?
Ah ұрған айдын ұқсайды
Баласыз қалған анаға.

Аққуы қайда, апырмай,
Қонатын көлге жапырлай?
Қайтқан соң бағы басынан
Қайтсін-ау айдын аһ ұрмай.

Аһ ұрмай қайтсін байғұсым,
Қайғысын ұғар қай кісің?
...Қасірет шеккен жоқ па еді
Мəжнүн де жоқтап Лəйлісін?

Шағала қайда ақтамақ,
Жалт беретұғын жалт қарап?
Қай жаққа алып кетті екен
Қанатын дауыл қақпалап?..

Əу бастан асыл сүйегі
Аққуым қайда киелі?
Аһ ұрып кімді жоқтайды
Айдынның ақжем жиегі?

Көкала үйрек, қаз қайда?
Көруге тағдыр жазбай ма?
Көз сүзген көкке көл мынау
Көңілдің шерін қозғай ма?

Көркіне көзім арбалар
Көл неге десем зар қағар,
Жағаны жаулап алыпты-ау
Жарбиған жаман қарғалар!

Көкмұнар көлдің етегі
Жел тұрса, желбір етеді.
Қайғысыз, қамсыз, қаперсіз
Қарғаның айдын не теңі?!

Толқыны сөгіп қолтығын,
Ала алмай жатыр көл тыным.
Қарғаны қайтсін, жағада
Шұқылап жүрген жемтігін.

Аймалап алтын жағаны,
Көл жатыр жалтылдап əлі.
Қарадай тиер жыныңа
Қарғаның қарқылдағаны!

Шағала қайда ақтамақ,
Көрінбей қойған апталап?
...Қасиетті мынау мекенді
Қашанғы қарға қаптамақ!

* * *
Аяғын басар кердеңдеп
Аспани жақтан келгем жоқ.
Ақикөз, апайтөстерге

Тегімді бермен телмеңдеп!
Жақсыға еріп марқайдым,
Жаманды көріп қартайдым.
Еңкейсем, деме «еңкейдің»,

Шалқайсам, деме «шалқайдың».
Көңілім менің – əппақ ай,
Əппақай бұлтқа батпағай...
Сабырым менің – сары алтын,

Мінезім менің мақтадай.
Олжаға оңай түсетін,
Өзін жеп, өзін ішетін,
Жеміске жеңсік ұқсаймын.

Уылжып іштен пісетін.
Үркектің көрсем үйірін,
Бүлкілдей бастар бүйірім...
Сыртына сырын алдырмас

Ішімде жатыр иірім.
Көрінсем, кешір, кейде асқақ,
Бейіл жоқ менде бейбастақ.
Тілімді тістей қоямын

«Ірімін мен де!..» дей бастап.
Опасыз жерде ой қозғап,
Опат та болған кей боздақ...
Ұятымды алам оятып,

«Ұлымын мен де!» – дей жаздап.
* * *
Аурудан айық, емге көш,
Айналсаң мұздай мүсінге:

Адамның бəрі пенде емес,
Ібілісі де бар ішінде!
Болмасын десең еңбек еш,
Еңсеңді жерге түсірме:

Адамның бəрі пенде емес,
Періштесі де бар ішінде!
Еркіңмен көн де жөнге көш,
Елірмей егде, кішің де:

Адамның бəрі пенде емес,
Пайғамбары да бар ішінде!
* * *
Ей, Арман!

Арман, арман, қайран арман,
Күн құшқан, аспанға ұшқан, Айға барған...
Аунайды-ау көңіл шіркін көк шалғынға,
Аумайды-ау өмір шіркін айдаһардан.

Ей, Арман!
Арман, арман, қайран арман,
Құшағын құмар қыздай жайған алдан.
Төсегі жиылмайтын келіншектей

Кешегі кербез күндер қайда қалған?
Ей, Арман!
Арман, арман, қайран арман,
Тəтті у ма ең тəнді, жанды жайлап алған..,

Не шықты көңіл буын көпсіткеннен?
Не шықты көсемсініп сайрағаннан?
Ей, Арман!
Арман, арман, қайран арман,

Тағы бір шықсаң етті жайнап алдан?!
Бүгінде құл болдың-ау қу құлқынға
Бүгінде пұл болдың-ау майдаланған.
Ей, Арман!

Арман, арман, қайран арман,
Жел де жоқ, желік те жоқ бойда қалған.
Кермиық дүниенің кең сарайы
Кеткен бе аулақ көшіп айналамнан?

Ей, Арман!
Арман, арман, қайран арман...

АЙ СƏУЛЕСІ

Адыра қап адырлар атан кеуде,
Көкжиекке Күн байып батар демде.
Ақ төсекте өртенген арудайын
Ай сəулесі шомылып жатар көлде.

Сылқымын-ай, сұлудың суда ойнаған!
Бүлкілін-ай жүректің гүл жайнаған!
Табиғаттай айналдым суретшіден
Айдың бетін алтынмен шимайлаған!

Оңашаны жандай бір олқысынған
Желпінеді желемік оң тұсымнан.
Су бетінде ойнаған мың-сан теңге
Тоғжан қыздың аумайды-ау шолпысынан!

Осыншама ғажайып жарасымға
Қанасың ба қас қағым арасында?!
Қолды-аяққа тұрмайтын жас баладай
Қойып кеткің келеді қара суға!

Селк ете ғап секемшіл атырабы,
Тігісінен қара су қақырады!
...Əлімсақтың əуесек əуізінде
Ай сəулесі шомылып жатыр əлі...

* * *
Қараспанға қар жаудырдым шілдеде.
Қараша күз қарайлап тұр іргеде.
Жар басында жаңғырығып жан дауысым,

Жаратқанға айтпақ болдым бірдеңе...
Жаратқанға жете алмады дауысым.
Жаңғырығым кезіп кетті тау ішін.
...Жаһаннамға жанын қиған жан аз ба

Жарық күнгі жалғыз жұтым ауа үшін?
Жағалаудан жарық іздеп бір кеме
Жарым түнде жанталасып жүр неге?
Мен туғалы менің ғазиз жүрегім

Тұрып жатыр түннен бетер түрмеде.
Бөлеп қойып үлде менен бүлдеге,
Қызығымды қияр ма едім гүлге де, –
Көңілімді жықпай жатыр түн неге?

Көкжиектен шықпай жатыр Күн неге?
* * *
Мені қалап, мені ұғатын жан бар ма?
Мейіріме қанығатын жан бар ма?

Оңашада қалғанда бұл жалғанда,
Сағынатын, қамығатын жан бар ма?
Қолтығымнан демейтұғын жан бар ма?
Есіркейтін, елейтұғын жан бар ма?

Періштедей пері соққан пендесін
Желейтұғын, жебейтұғын жан бар ма?
Мені сүйіп, ұнататын жан бар ма?
Жылататын, жұбататын жан бар ма?

Құдайына құлдық ұрып, құзырын
Құбылаға құлататын жан бар ма?
Қолтықтағы қос қанатым талғанда,
«Қош, дəурен...» деп Қорымжайға қонғанда,

Екі кештің арасында елжіреп
Еске алатын,
Кеш қалатын жан бар ма?..

АҢСАУ

Кімге керек мұңды өлең, қайғылы өлең?
Көк жүзіне көз салсам, Айды көрем.
Ол да бүгін бүркеніп бозғыл бұлтын,
Жасырғандай бір тылсым жайды менен...

Қарап едім жұлдызға ақшамдағы –
Жанарынан тұр екен жас тамғалы.
Көкіректі барады күрсін кеулеп,
Көңілімнің тұнығы ласталғалы.

Тастаған ба түтін мен тұман ыстап,
Көкжиек те көшкендей тым алыстап...
Жанарыма кім қарап жайымды ұқпақ?
Қабағыма кім қарап құрақ ұшпақ?

Қар боратып келгелі қараша күз,
Халімізді бажайлап бал ашамыз.
Енді қашан жүреміз алшаң басып?
Енді қашан күлеміз балаша біз?

Аш қасқырдай жаланып мына қысың,
Жұт кезіп жүр жұтынып жұмақ ішін...
Енді қашан жер өңі қайта кіріп,
Енді қашан келеді Жылы ағысым?!

* * *
Қандай кінə бар дейсіз құба таңда?
Күліп шыққан күн бізді жұбатар ма?..
Құлдық ұрам Құдайдың құзырына,

Құбылаға құлқымды құлатам да.
Қандай кінə бар дейсіз мына бізде,
Көзін сүзсе қу көңіл құла дүзге.
Мединелі баз кешіп мекенінен

Мезгіл ауып барады-ау, сірə, күзге...
Қандай кінə бар дейсіз батқан күнде?
Қуандың не,
Күлдің не,

Шаттандың не?..
Жас шылаған жанарым жаутаңдайды
Жас қабірді жастанып жатқан гүлге.
Қандай кінə бар дейсіз бұл жалғанда? –

Жазған құлы Құдайдың күнде арманда.
...Тағдырыма мың мəрте тəуба айтамын,
Қайта түлеп табиғат бүр жарғанда.
* * *

«Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма...»
Абай.
Жаралмаған темірден тегім менің,
Кімге керек күлгенім, егілгенім?

Көңілімнің жаңбыры жауар кейде
Көктемдегі бұлттай ебіл-дебіл.
Бауырынан сөгіліп бар болмысым,
Босана алмай жатады тордан құсым.

Жан-дүниемнің қалауын айтпай ұғып,
Қабағыма қарайлар жан, бармысың?
Керемін деп кеудесін əр тасқынға
Үні өшіп қалғандай жартастың да.

Айдан Лəйлам түспесе Мəжнүнді іздеп,
Қайдан келсін қаңғырып қалқаш мұнда.
Жапан түзде жаңғырып дауысым қалар,
Жапырақта жаудырап тамшым қалар.

Ақ мұнарда адасып қайың қалқа,
Көк мұнарға көміліп тау, шың қалар.
Көп ұзамай көктемім күзге айналар,
Көзді арбаған көк көлім мұзға айналар.

Жапырақтай сарғайған шақта мынау
Жан бар ма екен жалғанда бізді ойланар?..
* * *
Жел тұрмаса қимылдай ма шөп басы –

Неге бүгін көңілімнің жоқ хошы?
Көлден безіп көкала үйрек, қасқалдақ,
Шыныменен ауғаны ма бастан бақ?
Көз жасыма, боз басыма боздаған

Мұздап қаны, міз бақпады көзқаман.
«Əпендіден айнымайды кейде Ақын,
Мінезіңіз беймақұлдау...» – дейді əкім.
«Өлеңіңді жүр-əй бүгін кім жаттап?» –

дейді маған бір доссымақ қылжақтап.
«Жазғаныңды кім оқиды, жазған-ау» –
Қатынның да бар тапқаны – қазбалау.
Неғылсын-ау мендей кезбе немесін,

Жинай алмай жатқан шақта ел есін.
Сенен өзге сенетін жан қалмады-ау,
Сен не дейсің Ақыныңа, Аллам-ау?..
* * *

Ең кемінде екі Исраил бар менде.
Ат басындай жүрегіме тар кеуде.
Тəй-тəй басып жүргеніммен бөбектей,
Əй-шайласып қалам кейде жармен де.

Екі аяғым бір-бірімен шалысар,
Екі иығым қан ұйыса, қарысар.
Екі қолым бір жағаға жармасып,
Екі Исраил бір-бірімен алысар.

Көмейіне қылғытқанша терең көр
Жарық күнде мені жалғыз демеңдер.
Екі бұлақ көзден көлге құйылып,
Екі құлақ екі жаққа елеңдер.

Хал-жайымнан хабар алсын қайдан қырт,
Маңмаңгер ек...
Мама ағашқа байландық.
Атқораның ақырдағы жемін жеп,

Айтақырда арғымақтай айналдық.
Дегбірсіздеу дертке дауа дарымай,
Ой да бүгін шашылып тұр тарыдай.
Жаны мұңнан жаралған ғой оның да –

Жабығымнан сығалайды жарық Ай.
Бөрімін деп бөтенсіген бөрік бас
Өле-өлгенше өгейсініп мені ұқпас.
Жөгі болмай, жөні түзу жан болсаң,

Жүрегіме жүрегіңді келіп қос.
Ісім түсіп көрген емес менменге,
Жазылмайтын ауруым бар ем-демге.
«Қап» дер ме екен қадірімді білгендер,

Тым болмаса қара жерге енгенде...

ТҮНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Көнілім алай-дүлей, ала-құла,
Ит құмар болып алды балағыма.
Қадалып ақ қағазға отырғанда
Қан ұйып қалмас па екен қаламыма?..

Күндердің бірі ақпан да, бірі шілде,
Төрт мезгіл төбелесіп жүр ішімде.
Алаңсыз бала кездер, қара көздер
Есіме түседі ылғи түн ішінде.

Сұрама басқа жайды күндіз менен,
Күн барда көріне ме жұлдыз деген?..
Жасай бер, жарық дүние,
ақындарын

Жылатқан,
Жұбатпаған,
Күлгізбеген!!!

КӨШЕДЕ ҚАЛҒАН ИТКЕ

Құйрығыңды қысып ап қыңсылайсың,
Кімге налып, кімдерден құн сұрайсың?
Əрі өткенге телміріп, бері өткенге,
Жүрегімді аяусыз шымшылайсың.

Көп қарауға көзіңе дəтім бармай,
Көлге өзімді боламын батырғандай...
Бір «қаңқ» етіп қоясың анда-санда,
Қос бүйірің қабысып, аһ ұрғандай.

Талшықтан да айырып, қоректен де,
Тағдыр шіркін сені де қор еткен бе?
Қарайғанға қол жайған қайыршыдай
Əрі өткенге қарайсың, бері өткенге.

Жібергелі қаңғытып иең сені,
Түсіңе енер жылы орын, үй еңселі...
Қуарып тұр түр-өңі тіршіліктің,
Суалып тұр заманның жиі емшегі.

Күннен-күнге барады құрып əлің,
Хал-жайыңды білмейсің кім ұғарын.
Аспандағы жартыкеш айға қарап
Жарым түнде жақпайды ұлығаның.

Балпан-балпаң басушы ең бағаң барда
Үй ішінде, көшеде, алаңдарда...
Сен адамға сенуші ең өлердейін,
Ал, адамдар...

Адамдар...
Адамдар ма?..

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

«Қазақтың жігітінен дос таба алмай...»
Ажалын торға түсіп, тосқан аңдай,
Қарайды екі көзім қарайғанға
У қосқан шарап толы тостағандай.

У қосқан тостағандай шарап толы
Қасірет, қажетіңе жарат мені!
Күйікті баса алмаған шарап па еді?
Биікті аса алмаған қанат па еді?!

Қазақтың дос таба алмай жігітінен
Несіне бордай босап үгітілем?
Тəңірден тəубе тапқан тағдырыммен
Талайдың тас жүрегін жібітіп ем...

У қосқан тостағаным, төгілмеші,
Қабырғам, қайыспашы, сөгілмеші.
Қайтейін, қарға адымым қарға малтып,
Қайтейін келмей қойса көңіл хошы.

Ай жалғыз,
Құдай жалғыз,
Мен де жалғыз...
Жақсыға жарымаған кембағалмыз.

Жалғыздың жауы да көп, сауы да жоқ,
Құдай-ай, енді қашан ел болармыз?..

ƏКЕ ҚАБІРІН ІЗДЕУ

Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Қанатынан қайрылды-ау тағы арманым.
Алыс-жақын маңайға жаутаң қағып,
Жас ірікті кірпікке жанарларым.

Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Енді маған кім айтар не амал барын?
Жамыратып жасымды қозыдайын
Алыс-жақын жерлерге алаңдадым.

Алыс-жақын жерлерді шалды көзім.
Жадау-жүдеу жапанда – жалғыз өзім.
Батар күннің қанқызыл жалқынына
Жабағы бұлт көнетоз малды бөзін...

Алыс-жақын маңайдың бəрі – ғайып!
Қорымжайдың қойыны – жарық, ойық.
Жан əкейдің қабірін таппаған соң
Жапан түзде жыламай нағылайық.

Жапан түзде жыладым ебіл-дебіл,
Орындалмай ойдағым, көңілдегім.
Тиянақсыз, тынымсыз тіршіліктен
Жерінгенім бұл, бəлкім, жеңілгенім...

Қоңыр желең жамылып кеш келеді.
Қоңырайып төңірек сестенеді.
Жер көрпесін жамылып жатыр үнсіз
Төмпешіктер елемей ештеңені.

Қорымжайда кім қалар түнемелге?
Түңілгенде не дермін түмен елге?
«Əкесі жоқ жетім, – деп, – жер бетінде»
Мойыныма, ей, тағдыр, міне берме!..

* * *
Үстіне жамылғысын жаба алмай қыс
Жабырқап жатыр ма екен анам байғұс?..
Көл жақта көкала үйрек көрінбейді,

Жүр ме əлде көне жұртын таба алмай құс?
Қыр маңын қыдырыстап Күн шуағы,
Тырнаның қашан жетер сыңсып əні?
Күн батса, алқаракөк аясында

Тынымсыз жымыңдайды түн шырағы.
Көңіл де, көк те кір-кір, ала-құла,
Жас келді үйіріліп жанарыма...
Жатыр-ау, қайран анам жербесікте

Жете алмай қаладағы қарағына.
Қалғиды қарауытып Қабір маңы...
Көктемнің көн жібітер кəне ырғағы?
...Соққан жел Құбыладан,

қармен қоса,
Сөгеді, сөгеді-ай кеп қабырғаны!..
* * *
Өтеміз...

Мен де өтемін,
Сен де өтесің,
Жылайды бұлт та сауып жерге төсін.
Өртіңді уақытша үрлеп жағып,

Дертіңді уақытша емдетесің.
Өтеміз...
Сен де өтесің,
Ол да өтеді.

Бейітке белден асып жол кетеді...
Бөленген Жербесікке бөпетайын
Жер-ана өзі əлдилеп, тербетеді.
Өтеміз...

Сен де өтесің,
Мен де өтемін.
Жазулы пешенеңе пенде екенің,
Қалады көз ұшында дүние жалған

Жесірдей желбіретіп желге етегін...
Өтеміз...
Сен де өтесің,
Мен де өтемін...

МІНƏЖАТ

Сарқылмағай мейірімің,
Айналайын, Алла.
Бізге деген бейіліңнің
Шегі, шеті барма?..

Жететіндей несібе бер
Ақыреттік жолға.
Күнəм болса, кешіре гөр,
Кешіре гөр, Алла.

Тəңірім деп табынайын,
Талабымды оңда.
Жарылқа деп жалынайын,
Құран ұстап қолға.

Жаза бассам құрығыңды
Мойыныма салма.
Жарық жалған – ғұмырымды
Жақсылыққа жалға.

Сақта дəйім бəлекеттен,
Тыныштық бер жанға.
Адамға тəн əрекетпен
Асығайын алға.

* * *
Сиынарым, сүйінерім – бір Алла,
Тылсым бар-ау,
Бір сыр бар-ay, сірə, онда?

Шоқ-шоқ болып өспейді ғой шынар да!
Топ-топ болып ұшпайды ғой қыран да!
«Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» дегенмен,
Бала кезден талай таяқ жегем мен.

Дара туған кім бар дейсің дəуірден,
Жаратылған кім бар дейсің еменнен?!
Тірі түгіл өлі əруақ мақұлдар
Əлімсақтан Ақын деген атым бар.

Насаттанса – нəрестедей мəз болып,
Назаланса – найзағайдай шатырлар!
Ес білгеннен еншімді үзіп ептіңмен,
Жыр жолына жүрегімді жектім мен.

Ақыл-есі бүтін жандар əманда
«Ақын сөзі – құдай сөзі» – деп білген!
Базбіреулер «Басқа пəле, – деп – тілден»,
Ауыл-елден қиыр жайлап, шет жүрген.

Біліп айтам, тіліп айтам деп жүріп
Тірлігімде қанша зардап шектім мен?..
Тура айтам деп туғаныма жақпастан,
Тағдырым бар табанымен шоқ басқан.

Көзсіз ерлік кімге керек бүгінде
Көре-біле көкірегін оққа ашқан?!
Ақын тілін айтшы бірақ, кім кесер?!
Көппен бірге ол да адамша күн кешер.

Хан, патшаңа бас иместен, керексе,
Тəңірінің тек өзімен тілдесер!
...Сиынарым, сүйінерім – бір Алла,
Тылсым бар-ay, бір сыр бар-ay, сірə, онда?..

Шоқ-шоқ болып өспейді ғой шынар да!
Топ-топ болып ұшпайды ғой қыран да!

ҰЛЫ ТОЙҒА ҮШ ӨЛЕҢ

І

«ТІЛІМ» ДЕЙМІН...

«Тілім» деймін...
Ішімнен іріңдеймін.
Атой салып, атылып шықпаған соң
Жұрт көзіне іріше ілінбеймін.

«Тілім!» деймін дауыстап анығырақ,
Оңала ма онымен халі бірақ.
Көрінгенге көксорпа көкпар болған
Көз алдыма келеді арық лақ...

Дүзде жүрсем – дүңкиіп дүрсінемін,
Үйге кірсем – күмілжіп, күрсінемін.
Қырты қыңбай қыртынан қыңырайған,
Тымырайған не деген тылсым едім?

Қаңқу ма еді қаңсыған – қалайтыным?
Тантуменен таусылды талай түнім...
Абай тойын тойлауым қай тойғаным,
Ауызыма алмасам Абай тілін?!

Ұлылықты осы ма ұққан түрім?
(Арқамызда бірталай жүк бар-тұғын...)
Қай балама міндірем «Мерседесті»?
Қай санама сіндірем Мұхтар тілін?

...Жайғастырып тастадық Жамбылды да.
Жабырқай ма, қайтеді жан-діл мына?..
Мұхтар мұңы ұялап көкірекке,
Абай əні жаңадан жаңғырды ма?

Бүгінгінің жарылқар байы кімді? –
Сахарамды сағындым – сайынымды...
Енді қашан жуамын айыбымды?
Енді қашан жиямын айылымды?

Қамал бұзып қай ұлым топқа кірер?
Қан-жыныңда жоқ əлде жоқ па жігер?
Енді қашан Абайым ақыл айтып,
Енді қашан Мұхтарым таққа мінер?!

«Тілім» деймін...
Жүректі тілімдеймін.
Тілімделген жүрекке ем таппасам,
Тірілмеймін!

Індеттей іріңдеймін!..

ІІ

МҰХТАР МҰҢЫ

(Райханға)
Кешіремісің, мұңлығым, кешіремісің?
Өшіремісің – көңілден көшіремісің?
Қайрылып келіп,

Қапыда айрылып қалып..,
Қайта бір жапқан есікті Несібемісің?..
Жек көремісің,
Жоқ əлде кектенемісің?

Көгершін пішін, көріктім, көктеме мүсін?
Далаға сыймай дал болған дəргүмəн едім,
Дауысың жетпей, шерлім-ау, шектелемісің?
Саған да маған мəлімсіз арғы жəйлары

Қалаға сонау қайдағы тағдыр айдады.
Даланың еркін ұлына қаңғалақ ұрған
Қаланың ерке бір қызы қарғы байлады.
Рухым демеп, денемнен биік тұр еді...

(Кім оған бірақ кезінде иық тіреді?)
Сүйкімді ме еді, кім білсін, сүйікті ме еді –
Сарғалдақ қыздың қылығы иітті мені.
«Сөкпегін мені, – дей алман, – сөкпегін мені»,

Кеудеңде жатқан шығар-ау өкпенің кені.
Өліп те өшіп, өртеніп, өзеуреп, өбіп
Еріте алмаса не істейін от демің мені?
Алдыңда, жаным, дей алман кінəмді жеңіл,

Алла ма, Сен бе –
Кім кешер күнəмді менің?
Жай ұқса кəні еркімен езілмей жүрек,
Айықса кəні дертінен тұманды көңіл?!

Үндемей мені өлтірдің... тілің қайда еді?
Құлқына қамап қойдың ғой құлындай мені.
Қуарған гүлдей болмашы, суалған көлдей,
Құбақан жүздің неліктен құбылмайды өңі?

Əлсін де əлсін дір қағар кірпігің ғана,
Ынтызар көңіл, қайда еді ынтығың дара?
Көнбей де сенбей, келіспей жүректің мынау
Кеудемді кеулеп, төсімді түртуін қара!

Ішіңнен іріп... илігіп иегің, демің,
Сүйемін дегің келе ме, киелім менің?
Көз жасың көлге айналып, көкем-ау, бір күн
Жағада жайрап жатпағай сүйегім менің!

Аллаға аян – қылығым теріс пе менің,
Тағдырдан озып мен пақыр не істеп едім?
Кеудеме басып,
Қоштасып,

Көріспек едім..,
Шоқан мен Мұғаш – қайда жүр періштелерім?
Даусымнан мына менің де дірілім басым,
Қолыңнан келсе, қор етпе ұрығымды асыл.

Солармен ғана жұбанар жүрегім менің,
Солармен ғана ұзарар ғұмырың, жасың...
Кешірші мені...

ІІІ

ЕЛЕС

Жарты əлемге жар салғанша жоқты аңсап,
Жақсылармен жарасады мақтансақ.
Шаңырақты шайқалтады шайпау сөз,
Əруақты шақырмайды аттан сап.

Əруақты шошытады шолақ үн.
Əруақ – Елес,
Елес – ғайып қонағың.
Есігіңді –

Есінен бір шығармай
Елес торып жүргеніне тоба қыл.
Заман-жүйрік жеткізбесе Айқасқа,
Тəмам билік табаныңнан таймас па...

Қайтер едің,
Түн ішінде сол Елес
Түңлікті ашып, босағаңнан жəй басса?..
Батыр басқа,

Пақыр басқа,
Бай басқа –
Бақыт келіп қонар екен қай басқа?
Қайтер едің,

Түн ішінде сол Елес
Тебе бидей төріңе кеп жайғасса?
...Жайғасты да,
Жайды ұққандай біртүрлі

Жан-жағына жəймен қарап іркілді.
Маңғаз, мұнтаз, мамыражай қалпымен
Маңдай терін, мəйін жүзін сүртінді.
Ал, маңдайы...

Сізге өтірік, маған шын:
Қапелімде қайдан теңеу табарсың?!
Аспандағы Күн осылай жарқырап,
Ақшамдағы Ай осылай жаңарсын!

Амалы жоқ адамдайын созбасқа –
Əуезінде əуен басқа, саз басқа:

– Жазым басып, жаза кешіп жазбасқа

Əруаққа атағайсың бозқасқа.

– Сабыр сақта,

Сауал салма неге деп,
Көңіліңе көзім түсті көбелек.
Жігеріңді жеңген екен тілегің,
Жүрегіңе енген екен көне дерт.

Оны емдейтін əуел бастан жоқ айла,
Тамыршының тап баспасын тағы ойла.
Жаратқанға жан бергенше жай таппай
Ол аурудан жапа шеккен Абай да...

Ол аурудан мен де айықпас хал кешкем,
(Бір кісідей жазықсыз ем, жанкешті ем)
Жарығымды жалп еткізіп бір дауыл,
Тамырымды қиып түсті наркескен.

Жаным төрде,
Тəнім көрде...
Жер мен Көк
Алма кезек ақ бесіктей тербелмек.

Ал, қарағым, екінші рет енді мен
Терезеңнен телмірмеймін телмеңдеп.
Күн жиекке,
Енді екен деп Ай бұлтқа

Күні бұрын қамықпа да қаймықпа.
Жан дертіңе жаратушы жар болғай,
Ал, қарағым, жақсы жат та жайлы ұйықта..

– Мұқа, Мұқа!.. Ділгір, білгір Дүрдана?..

– Пəлі, пəлі... «білгір» дей ме-ау бұл бала?.

...Үй ішіне жарық кірді ұрлана,
Балауыз шам жанып тұрды мұңдана...

ТҮН ЖАРЫМДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Құбылады дүние, құбылады.
Шырай беріп Шығысқа шыққан Күнім
Неге беттеп барады құбыланы?

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Суынады тіршілік, жылынады.
Теріскейден жел соқса тентексұрлау,
Терегің де теңкиіп жығылады.

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қу құлқынға неге адам құнығады?
Құрық салмас тағдырмен тайталасып
Құла дүзде дауысым құмығады.

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қашан көңілім тыншиды, тынығады?
Күмəн жұтып қойғандай үмітімді,
Тұман жұтып қойғандай шұғыланы.

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Айы қайда аспанның, Күні кəні?
Кімге ұнайды –
Құдайдың құтты үні

Көкке қарап көңілдің ұлығаны?!
Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қайда əлемдік ағынның ұлы мəні?
Сезім қашан қалғиды сезіктенбей,

Көзім қашан ұйқыға жұмылады?
Бұл өмірдің кыр-сырын кім ұғады?..
* * *
Бір шырқасам деп едім даусым барда,

Жаңғырығым жамырап тау, шыңдарға.
Үнім шықпай қалды ғой, үнім шықпай,
Құдай берген қуатым таусылған ба?..
Бір желпінсем деп едім өлеңменен,

Жан көрмедім жанымда елеңдеген.
Қоңсы қонсам қолымнан не келеді
«Самарқаумен»,
«Мылқаумен»,

«Кереңменен»?
Бір қуансам деп едім шын көңілмен,
Кісімсініп кіржиді кім көрінген.
Ұстатпай-ақ қойдың-ау дүміңді бір

Сұм дүние-ай, суырдай інге кірген.
Бір шалқысам деп едім жас шағыммен,
Армандаудан əріге аспадым мен.
Қайран күнім, қайрылмай кетіпсің-ау

Қайырласып тұрғанда қас-қағыммен...
Бір мұңдассам деп едім сүйгеніммен,
Аса алмадым абыржып, именуден.
Төңірегін сыбыр мен күбір жайлап,

Еңіреді елесі үйде жүрген...
Бір қауышсам деп едім жан досыммен,
Жібермеді қасиет қанға сіңген.
Біреуге кең, біреуге кем дүние

Келе жатыр осылай жалғасумен.
Бір марқайсам деп едім жырым барда,
Құлагердей құрыққа ілінді ол да.
Өтеміз бе шынымен бұл фəниден

Бір шипагер таба алмай шыбын жанға?.
* * *
Өмір, өтіп барасың қайрылмастан,
Өкпелідей заманға қайырым қашқан.

Жетегіңе ерем де жетімектей,
Етегіңе жармасам айрылмастан.
Қарай ма деп бірауық хал-жайыма
Шамам келмей жабысам шалғайыңа.

Талықсыған кезімде, талаураған
Су тамызсаң қайтеді таңдайыма?
Шабысыңнан жазбайсың жорғасымақ,
Жанұшырам жалыңа жармасып ап,

Құлқынына құзғынның құм құйылып,
Қалып жатыр қапталда қарға шулап...
Бірде ұғып өзіңді, бірде ұға алмай,
Өтемін бе ештеңе тындыра алмай?

Əй-шəйіме қаратпай ажал шіркін
Алмаса етті алқымнан бір күні, Алла-ай.
Өмір, өтіп барасың бұрылмастан,
Қызық қуып қыздайын қырым қашқан

Ашу басу айтатын шамаң бар ма
Адамдарға иттейтін ырылдасқан?
Қырық құрау, жүректі қырық жамау
Түңілтетін түбінде түрің бар-ау!..

Қабағың бір, қайтейін, ашылмады-ау,
Назарың бір, қайтейін, бұрылмады-ау.
Қара жердің түскенше қорабына
Көз қырыңды салсаңшы «қонағыңа»

Жалғыз аяқ жолымды жалғармысың
Жаһан кезген бабалар сорабына?..
* * *
Кейде менің кеудемде жын ойнайды,

Мені момын, жуас деп кім ойлайды?
Қарынбайдың қалтасын қағып-сілкіп,
Шыбыртқылап аламын Шығайбайды!
Кейде менің кеудемді жел кереді,

Жел кергенде жетім де ер келеді:
Қаратауды байлап ап қанжығаға,
Алатауды алдына өңгереді!
Кейде менің кеудемде сел жүреді,

Сел жүргені көзге үрей ендіреді:
Жұмақ жұртын жұқ көрмей жұмырына,
Тозақ отын топан су сөндіреді!
Кейде менің кеудемде мұң түнейді,

Қу тірлікті құлқынның құрты жейді.
Жағадан ап жарымес дүниені
Құрбан болған күндерім құн тілейді!
Кейде менің кеудемде...

ІНДЕТ

Қазақта кім ішпеген бұл арақты..,
Қайтеміз жаттан іздеп кінəратты?
Шөлмегін қолындағы шошаңдатып,
Бір тойда бір қария «уралапты».

Ақаңа қанып алып көл-дария,
«Алға!» деп аттандапты сол қария.
...Жыландар жықпылына айналған ба,
Қырандар бір кездегі салған ұя?..

Көргендер көнекөздің өнегесін,
Немере, неменеге не демесін...
Құдай-ау, қашан, қазақ, көгересің?
Құдай-ау, қашан, қазақ, көбейесің?

МІНБЕГЕР

Ер үстінде не демейді бұл көңіл!
Жер бетінде жекірмейді кімге кім?
Талайлардың кеудесіне жел үрген
Ерден кемі жоқ екен ғой мінбенің.

Көкіректі керіп тұрған сол желді,
Кеңірдекке келіп тұрған сол желді
Отыз тістің ар жағынан армансыз
Ағыл-тегіл ақтаратын кез келді.

Аузын буған қаптай едік кеше біз,
Бар болсақ та жоқтай едік кеше біз.
Ерге лайық берілмепті-ау еншіміз,
Елге лайық бөлінбепті-ау есеміз.

Ішімізді кеткен екен жел кернеп,
Желімізді етейікші енді ермек:
Мінберлерге шығайықшы «Мен, мен!» деп,
Мінберлерден түсейікші кердеңдеп!

Ал, ақтарыл, тіл мен көмей, ақтарыл!
Мінбеге шық –
«Ерге» қонжи,
«Атқа» мін!

Қайда əлгі... ақиқатың, ақпарың?
Қайда əлгі... қара пəпкің қап-қалың?
Аттан артық зат екен ғой мінбеңіз,
Ол жоқ жердің маңайынан жүрмеңіз!

Сандуғаштай сайраймыз-ау, сайраймыз
Мінбелерге шығып алып күнде біз.
Сөз оғынан талай қазақ жайрамақ!
Бұлтартпасыз бұл – ақиқат айдан ақ!

...Пайғамбардың Бұрағы да пырағы –
Қадіріңнен айналайын, қайран, Ат!

АҚША ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Күндізде де,
Түнде де,
Ақшамда да
Алла ақшаға,

Айналды ақша Аллаға.
Алла аузыма түседі, алда-жалда,
Тамағыма талғажау тапсам ғана.
Түнемелде жалғасып түс пен өңім,

Құдай жақтан ғажайып Құс көремін.
Қанатына сол құстың мініп алып
Тістенемін,
Өзіме күш беремін!

Қанатына сол құстың жармасамын,
Айды аймалап,
Жұлдызбен жандасамын.
Самұрықпен аспанда самғап жүріп,

Айдаһармен алпауыт арбасамын.
Қанатында сол құстың қалықтаймын,
Жаһан жүзін шарлаудан жалықпаймын:
Жерде жүрген апайтөс алыптаймын!

Суда жүзген нақ нəһан балықтаймын!
Қанатына сол құстың жабысамын,
Қалмаймын да талмаймын, тағы ұшамын!
Періштемен қанатты қағысамын,

Алла аулында Алламен табысамын.
Аллам ғана тыңдайды зар-мұңымды,
Аллам ғана билейді бар ғұмырды!
Жаратқанға жете алмай жүрген шығар

Мен сияқты талайлар жарлы, мұңды...
Алла аулына мен жеттім! –
Жаратқанға!
Қажымайтын, талмайтын қанат барда.

Сарайыңды таста да, ей, сабазым,
Самұрыққа сен де мін, қарап қалма!
Қолым жетті Аллаға,
Ақшаға да,

Ішің күйсе, тұз жала, Бəтша-бала!
...Айналамда ұшып жүр періштелер,
Айналамда ұшып жүр ақ шағала...
* * *

Аққуы аспанға ұшып айдынымның,
Жаңылдым есебінен ай-күнімнің.
Сарнадым cap қамыстай желді күнгі,
Қанбадым шəрбатына Лəйлі-мұңның.

Көзіме екі көлді мəймілдеттім.
Көрінбей көкжиекке, ай-күн, кеттің...
Көңілден көкала үйрек ұшқаннан соң
Көрінген көк түйнекті Лəйлім деппін.

Қамалдым қаңғып келіп торға құстай,
Аққуым көлден ұшты-ау, қолдан ұшпай.
Тілегім тіл ұшында тұтқындалып,
Жүрегім ыңырсыды жолбарыстай.

Айрылып аққуынан – алқасынан
Айдыным жатыр түсіп шалқасынан.
Мен жүрмін аспан-жердің арасында
Арадай арлы-берлі бал тасыған...

* * *
Айға арзу айтып ем аспандағы,
Аспанның да көзінен жас тамбады.
Бұлбұлдардың амалы біткен білем,

Қарғалардың заманы басталғалы.
Қайда, қайда гүлзардың таңғы ажары?
Бастан ауып кеткен бе бар ғажабы?
Қан сасытып маңайды жіберді ғой

Қарға менен құзғынның қанбазары!
Қайда құсым сайрайтын таңда ғана?
Жалған əуен жарай ма жандауаға?
Бұзылған үй қайтадан қалқая ма?

Үзілген жіп қайтадан жалғана ма?
Ұясынан ұшуға талаптанған
Балапанды аяймын балақтанған...
Қайран менің сайрауық құстарым-ай,

Қайдағының қолына қарап қалған!..
Жұмырыңа жұқ болмай шоқығаның,
Орманды аңсап, бауды аңсап оты қалың,
Сарайшықта сайраған боласыңдар,

Top ішінде торыққан тотыларым.
Шамам кемде,
He істейін шарам кемде?
Жайымды ұқсаң, жаратқан, жарамды емде.

Замананың амалын табамын деп
Зарлауыққа айналып барам мен де.

ШЫДА, ШЫДА...

Шыда, шыда, сəл шыда, шыда, жаным,
Аман болсақ табармыз бір амалын.
Ағылады аузыңнан əлі-ақ ақ май,
Табылады тəңірден сұрағаның.

Шыда, шыда, сəл шыда, шыда, жаным,
Сонша неге түңілдің, тұраладың?
Есі бүтін перзенті емес пе едік
Екеуміз де Жер атты ұлы ананың?!

Шыда, шыда, сəл шыда, шыда, жаным,
Жұбанарың, əлі алда қуанарың.
О заманда бұ заман көріп пе едің
Жер-ананың емшегі суаларын?

Шыда, шыда, сəл шыда, шыда, жаным,
Сырт беретін кезі көп сыбағаның...
«Шыдам – құлдың құны» деп таусылғанда
Тауып айтқан сөзі бар ғұламаның.

Шыда, шыда, сəл шыда, шыда, жаным,
Шырқын кетіп сонша не жылағаның?
«Заман» деген əлі біз қу түлкінің
Қуып жүріп терерміз құмалағын...

* * *
Құдай берген ауруды емдетпедім,
Адам деген атымды пенде етпедім.
Көбелекше елігіп көп қызыққа,

Ебелекше еркімді желдетпедім.
Бір мінезбен өтуді мақұл көрдім,
Ауызынан сөз аңдып ақылды елдің.
Бас бола ма ертең деп бір қауымға

Жас балаға жақсының атын бердім.
Алданса да сан рет аңғал басым,
Сенім болды серігім, жан жолдасым.
Жалған ауып,

Жарық күн түн болғанша
Аруақ қолдап,
Жолымды Алла оңдасын!..

ƏЛДЕКІМ

Азарланып, безерленіп əл-демім,
Өзімді-өзім танымастай халдемін.
Кеудем ішін емін-еркін еншілеп,
Ен жайлаған сияқты ма əлдекім?..

Еніп алған – не қарақұс, не құзғын,
Енді қайттім? Не бүлдіріп, не бұздым?
Жүрегімді –
Кеудемдегі керімсал

келгені ме жебір құсқа жегізгім?
Енген екен – жесін,
жұтсын,
қылғытсын

Кеуде кеулеп, көкіректі ұңғып шын!
Онсыз-дағы жүдеу, жадау, жүз жамау
Бұл байғұсты кімдер ұқсын, кім күтсін?!
Жүректі жеп,

Жанға ауыссын, жалмасын,
Қанға ауыссын,
Көні кепсін, қанбасын!
...Мен қарға мен құрбанымын құзғынның

Тақтан жеріп, мекендеген тал басын...
* * *
Уақыт өтеді,
Ай, күн қалады.

Бақыт кетеді,
Қайғым қалады.
Аққу ұшады,
Айдын қалады.

Бұлт көшеді,
Тауым қалады.
Күнім батады,
Таңым қалады.

Жаным ұшады,
Тəнім қалады.
Түтін ұшады,
Қазан қалады.

Адам өледі,
Ажал қалады.
Мəңгі тіршілік
Мазамды алады...

* * *
Қамап қойып ішіне тас қамалдың,
Тағдырымды табанға тастаған кім?
Енді кімге айтамын арманымды? –

Мен өзімнен бүгінде басқа адаммын!
Екі тумақ пендеге ылайық па?
Оны кімнен –
Тəңірден сұрайық па?

Өз болмысын жоғалтқан бейшараны
Хақтан өзге бұйырмақ кім айыпқа?!
Таққа бола,
Таласқан баққа бола

Кімнің жаны жібиді жат балаға?
Кешіре гөр ұлыңды, Аппақ Ана,
Кешіре гөр құлыңды, Хақ тағала...
* * *

Бұзбақ па кеуде – құлпымды,
Жүрегім неге бұлқынды?
Атымыз адам болғанмен,
Аяп та жатыр кім-кімді?..

Жүрегім – менің бунтарым,
Білмей де жүр ме жұрт əлін?
Несібең сенің қайда деп
Несіне ауыз жыртамын?!

Өртіңді өшір, бас, қалқам,
Жайыңды қайтсін жас, қартаң...
Онсыз да өмір сергелдең,
Онсыз да көңіл тас-талқан!..

* * *
Күле қарап заман тұр миығынан.
Елес көрдім ертеңнің қиырынан...
Ұршықтайын үйірген иірімнің

Шыға алатын емеспін ұйығынан.
Салып алып салбауыр түнді иыққа
Тірі болсақ, ілгері жылжиық та.
...Түсіп бара жатырмын шыңырауға,

Батып бара жатырмын тұңғиыққа.
Зар қақсаған не қайыр тіл-жағымнан,
Жұмағымды кім жұтты гүл жамылған?
Кім құтқарар ажалдың құрығынан?

Кім босатар заманның зынданынан?..
* * *
Табылар ма тағдырдан тілегенім?
Тəңірім-ау, кім жазар жүрек емін?

Қармап жүріп қайғыны құшамын да,
Таңдап жүріп тақырға гүл егемін.
Осы ма еді ендігі жетпегені? –
Шер жетелеп барады шетке мені.

Күздің күйкі күйіне күмп беремін,
Күтіп жүріп жыл бойы көктемені.
...Таудан түсіп келеді тұман бері.
Көңіл шіркін онсыз да күмəнді еді.

Елес қуып кетейін ел жағалап..,
Қу дүние, қуыстан шығар мені!
* * *
Өмірдің арты – өкініш, басы – қайғы,

Өзен де өмір бойы тасымайды.
Боз бие – қу нəпсіге бой алдырған
Арқасын боз айғырдың қасылайды...
Өмірдің арты – өкініш, басы – қайғы,

Алмадай құрт кеулейді асыл ойды.
Баладай тəттіқұмар алаңдатып,
Адамды алдамшы үміт асырайды.
Өмірдін арты – өкініш, басы – қайғы,

Күннен нұр, Айдан күміс шашырайды.
Жақұт та көп алдайды көздің жауын,
Бақыт та бола алмайды басыбайлы.
Өмірдін арты өкініш, басы – қайғы...

МЕН БІР ОҢЫП ТҰРҒАНДАЙ...

Көктің көзі нұрланбай,
Суық қарап сұрланды Ай.
Мелшиеді дүние,
Мен бір оңып тұрғандай.

Кім түсінер мəн-жайды?
Кім алдымды болжайды?
Қарекетім қамығып,
Берекетім қол жайды.

Жазылмастан жан қайғы,
Санамда ой сарғайды.
Тəнім жасыл жамылып,
Жаным бүршік жармайды.

Жұрттан таппай жұратын,
Мұңға теліп мұратын –
Тоғыз жолдың тұсында
Томсырайып тұр Ақын.

* * *
«Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші...»
Зауалың бастан асты ғой,

Заманым, соны күтсейші?
Еменнің тегі – Емен де,
Қарағай тегі – Бəйтерек.
Шерлінің шегі шеменге

Айналып кетсе қайтер ек?
Иірдің аты иір ғой,
Қиынның аты қиын ғой.
Кешігіп келген бір бақыт

Кетер ме бізге бұйырмай?..
Соны ойлап басты зеңіттім,
Заңымен арғы затымның –
Шідерлеп атын Желіктің,

Күдерілеп атын Ақылдың.

«ШЕҢБЕРДЕН ШЫҚ!» НЕМЕСЕ МҰҚАҒАЛИ МҰРАТЫ

Шеңберден шық! –
Дүние шеңберінен!
Жараспайды ақынға жерде жүрген.
Екі бірдей аяғын ербеңдетіп,

Босанбай ма бөбек те жөргегінен?!
Шеңберден шық!
Сөзімді намыс көрме.
Запыран жұтып,

Қайтесің зар ішкенде?
Кіндігінен байланған Жер-анаға
Шеңберінен шығады Ғарышкер де!
Шеңберден шық! –

Шебінен өрмекшінің.
Кімге керек шерменде шерлі өксігің?
Мен көксеген көкте бір Құдірет бар,
Сол киеден өзіңді көрмекшімін.

Шеңберден шық!
Тентек қыз, текті құрбым!
Беймəлім бір əлемге бетті бұрғын.
Оңашамен дос болмай, көрмеймісің,

Тамашамен тағы да өтті бір күн.
Шеңберден шық!
Шығып кет шектен былай!
Əдірем қалсын өлеңсіз өткен күн, ай!

Батырлардың дəу пірі – Дию болса,
Ақындардың əупірі – Көк пен Құдай!
Шеңберден шық!
Фариза, шеңберден шық!

Серік іздеп қайтесің сергелдеңсіп?
Түу биікке шарықта!
Ал сонан соң...
Екі кездей табарсың жерден меншік...

Шеңберден шық,
Фариза, шеңберден шық!

ТАҒДЫР

Жадымнан шықпай жарлы күндерім,
Жабықсам, жылап жолығар.
Қайран да қайран тағдырым менің,
Қалың да қалың соры бар.

Жүрегім көнбей ақылға кей күн
Жүзімен ойнар семсердің.
Арманы бұлдыр ақын ба деймін
Əлемде мынау ең шерлің?

Өңімде – ойран, түсімде – бүлік
Өрттейін өршіп бел алған.
Қырық жыл қырғын ішінде жүріп
Бір күнім бар ма демалған?

Қасарып баққан халі бар меңде
Қақпанға түскен қасқырдың.
Тағдырды тəркі танығанмен де
Басымды тау мен тасқа ұрдым.

Кім керек етер мендейді бүгін,
Қашқалы қашан қадірім.
Білмеймін...
Жəне келмейді білгім –

Қалады қайда қабірім...
* * *
Тағдырым-ай,
Тағдырым-ай,

Тағдырым,
Таңдайыма тамызсаңшы таң нұрын.
Тəңір сыйын талшық етсем деп едім,
Жақсылыққа, амал қанша, жарлымын.

Тағдырым-ай,
Тағдырым-ай,
Тағдырым,
Жаратқанның тəн алып па ең жарлығын?

Қара жүгін көтерсем де қайғының,
Ала жібін аттамадым арлының.
Тағдырым-ай,
Тағдырым-ай,

Тағдырым,
Тақуаның тыңдармысың зар-мұңын?
Енді қашан басылады жаңбырым?
Енді қашан ашылады жан гүлім?

Тағдырым-ай,
Тағдырым-ай,
Тағдырым,
Қайда қалды қамсыз, мұңсыз бал күнім?..

Тапқан бағым аялсыз да баянсыз,
Татқан дəмім, қайтейін-ай, қанжылым.
Тағдырым-ай,
Тағдырым-ай,

Тағдырым,
Айта беріп неғылайын барлығын:
Тағы қанша келетұғын қалды күн?
Тағы қанша көретұғын қалды мұң?..

Тағдырым-ай, тағдырым-ай, тағдырым.

СЕНІМ

Сен жоғалма, Сенімім, сен жоғалма,
Сен жоғалсаң бойыма ем қонар ма?
Анау-мынау демейін, алдыменен
Кедей менен керексің кембағалға.

Көлігім мен қосарда көшімді елге
Көнбей, қонбай кеудеме кесірленбе.
Анау-мынау демейін, алдыменен
Жетімдер мен керексің жесірлерге.

Дерт алғанда,
Өзекті өрт алғанда
Ермей қойып... кетпейін ерте арманда...
Анау-мынау демейін, алдыменен

Ғаріптер мен керексің кемтарларға.
Сен жоғалсаң – жоғалам мен де бірге,
Жоғалам деп келмейді пенде өмірге.
Сенен артық сенімді серігім жоқ

Жеме-жемге келгенде Жерде, Күнде!
* * *
Ақынның қай кезде де ауыр жолы.
Қинайды қияметтік бауыр жоғы.

Арманда ақыл-ойдың азабынан
Жалғанда арқасы мен жауыр жоны.
Ақынның қай кезде де алыс жолы.
Қинайды тағдырлас дос, таныс жоғы.

Жолақ жон жолбарысқа жолықпаса,
Қайтсін ол қояныңды қамыс толы!
Ақынның қай кезде де ауыр жүгі.
Қаймана қайдан ұқсын қауым мұны.

Жарасын жүрегінің жалап жазар
Жалт ойнап жанарында жауын күні!..
Ақынның қай кезде де жаны жалғыз,
Көшпейді көзінен мұң, маңынан күз.

Тірлікте тірі екенін нағылармыз,
Өлген соң сағынармыз, табынармыз...
...Ақынның қай кезде де жаны жалғыз.

НОСТАЛЬГИЯ

Бірден-бірге азайып отты өлеңім,
Көз мұңымен қарайды көпке көңілім.
Өткені ме шынымен жазғы наздың,
Өткені ме шынымен көктемемнің?

Бірте-бірте барамын салқынданып,
Бар қызуым біткен бе балқып, жанып...
Əншейінде ойнайтын жалтыл қағып
Түсіме де кірмейді алтын балық.

Жылауық та емес-тін жырым бұлай,
Шіркін, сылқым көктемнің шырын күні-ай!..
Жұртқа жымын білдірмес жырындыдай
Адасқақ та емеспін бұрынғыдай.

Бірден-бірге барады күйім келмей,
Шоң желкеме шөмеле үйілгендей.
Қайда кеткен гүлдерім қызыл-жасыл?
Қайда кеткен күндерім құйын-желдей?

Серілігім азайып, сергелдеңім,
Өлең болып барады енді ермегім.
Енжар тартқан еңсемді, беу, дүние-ай,
Ерінімен еркенің емдер ме едім...

Өңешінен өте алмай өткелеңнің
Көз мұңымен қарайды көпке көңілім.
Шыныменен жеткені-ау қоңыр күздің,
Шыныменен өткені-ау көктемемнің.

ПАҚЫР

Бірін берсе құдайым бірін бермес.
Дүние дəмі дəйімі шырын келмес.
Қайтсем ғана халімді түзеймін деп
Тірлігінде тірі жан тыным көрмес.

Сол тірінің бірімін қатардағы
Тағдыры бір халықпен, татар дəмі.
Дəуірімнің емеспін дарабозы,
Қауымымның емеспін қаһарманы.

Санатынан табылар сан егестің
Елден шыққан ерекше жан емеспін.
Көсегелі көсемсөз – жыр емеспін,
Көшедегі əсемсаз – əн емеспін.

Аттылы емен,
Жаяумын,
Жəй ғанамын,
Жамалдағыр бес ешкі айдағаным.

Киіз үйдің ішінен Күн аулаймын,
Ақбоз үйдің сыртынан Ай бағамын.
Телегейдің түбіне шым батамын,
Қу медиен құрдымға тіл қатамын.

Құба белге басымды байлап беріп,
Құла желге жасымды құрғатамын.
Екі кеме құйрығы ұстатпайды,
Қара нанды қаужасам, тіс батпайды.

Көңілімде жатады көктем күліп,
Көкірегімде жатады қыстап қайғы.
Қайманаға беймəлім халім, əлім,
Қарайғанға ұрынып нағыламын?

Алда-жалда азуын қайрай қалса,
Айдаһардың аузынан табыламын!
Аспан елін аралап ақын көңілім,
Ауылына Алланың жақын келдім.

Қамкөңілдің дəрі іздеп дəрменіне,
Қара жерге сыймаған Пақыр – менмін!

АЙВАЗОВСКИЙ КАРТИНАСЫ АЛДЫНДА

Телегей теңіз бүгін долыланып,
Жағаға жатыр сойқан салып анық.
Қара күш қайырылады, майырылады
Қанатын қара тасқа соғып алып!

Толқындар жайдақ мініп қайратына
Жағаны келе жатыр жайратуға.
Жерде ме, аспанда ма,
Бір бұла күш

Теңізді тайқазандай қайнатуда!
Түсініп болмайтұғын құлқын адам
Теңіздің сұсы суық, сұрқы жаман.
Не деген жабайы күш, анайы күш

Жағаны жағадан ап жұлқылаған?!
Толағай толқындарға тола батып
Тапқандай жантəсілім жаралы уақыт...
Əй-шəйге қаратпастан бір Алпауыт

Теңізді келе жатыр домалатып!
Мұндайда қайтіп аман жан қалады?
Бетіне қара судың қан тарады.
...Кеменің опат болған жарым-жалғыз

Жағада жайрап жатыр жаңқалары.

ТЕҢІЗГЕ ТІЛЕК

Басыл, теңіз, өзеуреп, өрекпімей,
Өнебойы кімдерге керек дүлей?
Тағы да бір тулайтын кезің келер,
Терістіктен Түстікке жел өтті ғой,

Басыл, теңіз, өзеуреп, өрекпімей.
Өзгереді бұл өмір, өзгереді –
Дауылды да аңсайтын кез келеді.
Тілсіздерге Уақыт тіл береді,

Үнсіздерге Уақыт сөз береді,
Өзгереді бұл өмір, өзгереді!
Алқынбағын, жарқыным, алқынбағын,
Сабаңа түс,

Сабыр тап,
Салқындағын.
Толқындарың ұқсайды арғымаққа,
Арғымақтың сипайын алтын жалын,

Алқынбағын, жарқыным, алқынбағын.
Сойыл тиген сотқардай нақ басынан
Дауыл тынып,
Жел де ертең сап басылар.

Дүниеде дəл мына өзімшілдеу
Басылмайтын ештеңе жоқ та шығар...
Көкке бір кез жетуді мақсат тұтқан
Айырылады таулар да асқақтықтан.

Əмір Темір əлемді атышулы
Ала алмады деймісің ақсақтықтан?..
Бас білмейтін асау да құрықталар,
Ыңғайына жығылып, ырық табар.

Басылмайтын өмірде ештеңе жоқ –
Құрғай-құрғай өзен де құрып қалар,
Ұмыт болар бəрі де, ұмыт болар...
Кім қалады, кім кетіп – Хақ та білер.

Қасат-қасат қар еріп, бақ та күлер.
Бүгін атқа мінгендер – жаяу қалар,
Бүгін жаяу жүргендер атқа мінер!
Кім қалады, кім кетіп – Хақ та білер...

Басыл сен де ендеше бағаң барда,
Басылмасқа, байғұс-ау, шараң бар ма?
Алдыменен керексің өзіңе-өзің,
Ал сонан соң керексің адамдарға,

Басыл, теңіз, ендеше шамаң барда!

«ІҢГІЛ-АЙ»

Жамырасқан, жайнасқан
Жұлдызды аспан, айлы аспан,
Қызық-думан үй іші
Қыз-бозбала жайғасқан.

Ойынымыз – «Іңгіл-ай»,
Көңіліміз – гүлгүл-ай.
Ай сəулесін аулаған
Ақбоз үйдің түндігі-ай!

Сағынысқан, сарғайған
Жан-жүректі жалғайды əн,
Ай тамады аспаннан,
Бал тамады таңдайдан.

Ойынымыз – «Іңгіл-ай»,
Тұра бермес түн бұлай...
Мойыл көзді құрбым-ай,
Мойыныңды бұр былай...

Сыбырласқан, сырласқан,
Жымыңдасқан, мұңдасқан
Мұндай шақты, шіркін-ай,
Өткізбеді кім бастан?!

Ойынымыз – «Іңгіл-ай»,
Бері отыршы, жылжымай –
Құбылмалы екен ғой
Қыз мінезі, құрғыр-ай!

Өбектескен, өбіскен,
Көзін сүзген, көніскен
Сенің қайда Бекзатың?
Менің қайда Періштем?

Ойынымыз – «Іңгіл-ай»,
Бұла қыздың бұлбұлы-ай!
Мың күніне татиды-ау
Осы отырған бір күн-ай!

ЛЕБІЗДЕР

«Жақсы сөз – жарым ырыс».
Халық мақалы

САРДАР

Сырбай Мəуленовке
Ажал – аяз,
Тəн емес, жан қарыған,
Қарсы амал қапелімде бар ма бұған?

Қазақ деген ежелден ақын ел ғой,
Айрылып қалдың, қазақ, Сардарыңнан!..
Айрылдың Сардарыңнан – ардағыңнан,
Жүргенде жан бағумен, қарманумен.

Ананың құрсағындай қайдан болсын
«Кеңсайдың» арғы беті қар жамылған...
Сұңқылдап суық күнде жардан байғыз,
Сүйеніп көк сүңгіге қалғандаймыз.

Алдымен оққа ілігер, адым басса,
Біз неткен, ей, ақындар, сормаңдаймыз?!
...Қош, аға,
Қош, Сыраға,

Сардар аға...
Көзімнен сен де, сорам, сорғалама.
Біреуі ем соңыңа ерген сарбазыңның,
Сала бер салмағыңды Сары балаңа...

16.02.1993

АРЫСТАН

Хамит Ерғалиевке
Қапыда оқ тигендей қарақұстан
Қан-сөлсіз жатырмысың, кəрі арыстан?!
Жапан түз,

Жайнақы жаз,
Ойнақы қыз...
Қол бұлғап қоштасқандай бəрі алыстан.
Тарпаң ең тамырында қан тасыған,

Асау ең сипатпайтын арқасынан.
Ажалға айла бар ма, айқасқанын
Шалып қап, түсіретін шалқасынан?..
Ақ көбік, асау толқын – шаш таралмай,

Жатырсың кірпік қозғап, қас қаға алмай.
Жасындай бір жарқ етіп көктен қыран
Жартасқа өзін-өзі тастағандай!..
Ешкімге иліктенбей, билік бермей,

Тобырға тосыннан кеп киліккендей –
Тоғытып топан суды, тоған бұзып,
Арнадан асып барып күй біткендей!..
Бурадай буырқанған біртуарым,

Өзіңдей жыр оқиды жұртыңа кім?
Сарайдың сарқытына сұғын салған
Талайдың іші жұмбақ, сырты мəлім...
Алланың өзі құйған мүсінді асыл

Арулап періштелер ғұсылдасын...
Арыстан атып тұрып кететіндей
Əлі де сұсың суық, мысың басым!..
Табылып таланыңа таныс, табын,

Алдыңнан шығар ма екен арыстарым?..
Мəңгілік сапарыңа сайланыпсың,
Қош, Хама...
Қош, ақ жалды Арыстаным!..

17 желтоқсан, 1997 жыл.
* * *
Шəмші Қалдаяқовқа
Аспанға ұштың...

Жерде едің.
Қай жаққа қанат сермедің?
Белес пе, əлде көргенің?
Елес пе, əлде ергенің?

Ұшқан құс көлге қонбай ма,
Ұясыз, үйсіз тоңбай ма?
Қыдыр да болып бір күні
Қыдырып келсең болмай ма?

Жарығын іздеп жалғанның
Қара түн ішін қармандым.
Жол жаққа күнде қарайлап,
Сен жаққа мен де қамдандым.

Дертіме қандай дару бар?
Дегбірім қашан дамылдар?
Адасып қалды-ау аққулар,
Аһ ұрып қалды-ау арулар...

Айларға жылдар жалғанар,
Ай туар,
Көкте шам жанар.
Аспан мен Жердің арасын

Арманға бөлеп əн қалар...
* * *
Зейнолла Қабдоловқа
Зейнолла ағамыз жетпіске толған торқалы

той, мерекелі мезетте толассыз құттық тау лар-
дан соң: «Жетпіске келгім келген жоқ» деп қалып
еді. Осы бір ауыз сөз ойға оралғы болып, есімнен
шық пай қойды.

Жетпіске келгім келген жоқ –
Желкеме мінді жер мен көк.
Серқайрат күндер, қайдасың
Серілік құрған серуендеп?..

Жетпіске келгім келген жоқ,
Есікке төрден телмеңдеп.
Ернінің балын ұсынып,
Енді кім бізге ем бермек?

Жетпіске келгім келген жоқ,
Өзгеден озып, өңмендеп.
Желігіп жүрдім қанша жыл
Кеудемді желпіп, жел кернеп.

Жетпіске келгім келген жоқ,
Кім енді бізді тең көрмек?
Суатым қалды-ау суалып,
Қуатым кетті-ау белден көп...

Жетпіске келгім келген жоқ,
Көлденең көзге көлбеңдеп.
Немере менен шөбере
Ететін шығар енді ермек...

Жетпіске келгім келген жоқ,
Барады ішті шер кернеп.
Төменге түскім келеді
Төбедей биік төрден кеп.

Жетпіске келгім келген жоқ...
12 желтоқсан, 1997 жыл.

АҚСАҚАЛ

Рахманқұл Бердібаевқа
Ақиқатты мына бір аңғаршы, жұрт:
Ақсақал аз біздерде, шал баршылық.
Əлімсақтың əйгілі əлқиссасы:

Кəрі ағаштың ғұмырын жалғар шыбық.
Жас шыбықты – шаншылған қара жерге
Жалмауызға жалматып ала көрме...
Дуалы ауыз ақсақал керек бүгін

Жаны жапа, жүрегі жаралы елге.
Қыран қарар төменге шоқтығынан,
Қарға қалмас қарайған боқтығынан.
Ауыл азса,

Жер тозса,
Ау, ағайын,
Арамызда абыздың жоқтығынан!
Елге шығып кеңсенің бөлмесінен

Енді қашан, құдай-ау, кең көсілем?
Алтын қазып алатын заман қайда
Көне көздің көкірек көмбесінен?..
Қу далаға кісінеп құлын-сенім,

Құлазимын құрыққа ілінсе Күн.
Тоқсанға кел,
Жүзге кел..,
Кім елейді,

Тоқты ғұрлы болмаса құның сенің!
Ақыр-тақыр қағылған қаптағы ұндай
Өтіп жатыр аялсыз апта, күн, ай...
Шабағы жоқ шалжиған шалшық судай

Шал-шауқан боп қалудан сақта, құдай!
Əулиедей жамылған ақ шапанын
Жалғасы едім мен де бір жақсы атаның:
Жетпісіңнің желкенін көтеріпсің,

Аман болғай ақ кемең, Ақсақалым...
31 қазан, 1997 жыл.

«ДАРАГӨЙ»

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке
Асыққаннан алды-артына қарамай
Бұлт ішінде дөңгеленіп барады Ай...
Қаскең оған жан-жүрегін жаралай:

«Қайда бара жатсың, – дейді, – дарагөй?»
Қастыққа да, достыққа да жарамай
Қайсыбіреу ханға ұрынса қарадай,
Қабағынан қар жаудырып Қаһарман:

«Шаңыраққа қара, – дейді, – дарагөй!»
Ішкен уы тамырына тарамай
Əлдекімдер мазаны алса арадай,
Қаскең оның қағып қойып арқасын:

«Əй, дарагөй, – дейді, – үйіңе бара ғой...»
Шаруаға шамасы жоқ шалағай
Шала қазақ,
Билік айтса шала бай,

Қаскең кенет шамырқана шарт сынып:
«Не оттап тұрсың, – дейді оған, –
əй, дарагөй?!»
Дəріс берсе данышпан мен данагөй,

Жардың басын жүрмес пе едік жағалай...
«Əй, енеңді... –
дейді əкімге Қасекем, –
Елді қашан асырайсың, дарагөй?»

Қара орманға қалқан болған қарағай –
Қаскең біздің қайталанбас дара ғой.
Өлеңіңе көңілі босап баладай,
«Тағы да оқы, – дейді елжіреп, – дарагөй...»

ҚАДЫР ОСЫ...

Қадыр Мырза Əлиге
Жайшылықта көп көзіне ілікпей,
Алпысында жасап жатқан ұлық той,
Қаба сақал қадірменді Қария,

Қадыр балаң осы міне,
Біліп қой!
Мансапқа да, моншаққа да құнықпай,
Үлкенді де, кішіні де ұмытпай

Жамағатқа жасап жатқан ұлық той
Қадыр інің осы, Ағасы,
Біліп қой!
Шымыр бойы шыңға біткен шыбықтай,

Алған жасы алпыс емес, қырықтай,
Құрық ұстап, құр ат мінген Құрдасы,
Қадыр досың осы міне,
Біліп қой!

Алтын кілтсіз ашылмайтын құлыптай
Ақын жанын кім ұғынар, кім ұқпай?..
Қылықты қыз, қызық қуған бозбала,
Қадыр ағаң осы міне,

Біліп қой!
Қадыр осы:
Aт шалдырып Алпысқа,
Ой жүгірткен əр тарапқа, əр тұсқа.

Қадыр осы:
Қара сөзден ғажайып
Қара өлеңді мүсіндеуге мəрт, ұста!
Қадыр осы:

Əрі тапқыр,
əрі ұтқыр,
Тиген жерін тілі шоқтай қарып тұр!
Қадыр осы:

Мен білетін, ал енді
Басқа десең, ал дəлелде, ал ұқтыр?
Қадыр осы:
Үлкен-кіші сыйлайтын,

Жиһаз емес, үйге кітап жинайтын.
Қадыр осы:
Қыдыруға бір сəтін
Қинасаң да, қиылсаң да қимайтын!

Қадыр осы:
Қадір тұтып əр күнін,
Талайларға мойындатқан тəртібін.
Қадыр осы:

Бес саусақтай білетін
Қасиетін, қасіретін халқының.
Қадыр осы:
Қашан көрсең нақпа-нақ,

Қауметі де қауырт əрі қат-қабат.
Өзін-өзі ең қауіпті тұтқындай
Үйде ұстайтын айлап, жылдап, апталап.
Қадыр осы:

Көпке жұмбақ, бізге айқын,
Бос болмайтын,
мас болмайтын,
қызбайтын.

Қадыр осы:
Қалыпқа сап қойғандай
Қашан қөрсең осы қалпын бұзбайтын.
Қадыр осы:

Алмас қылыш, ақберен,
Таласы жоқ тақуамен, тақпенен!..
Қадыр осы:
Қосылсын деп қатарға

Қазекемді бауыздайтын мақтамен!
Қадыр осы:
(Өзі айтқан соң қорқам ба?!)
«Алдырмайтын алабұға, шортанға!»

Қоғам атты қоңыр үйге – құт-қонақ,
Заман атты шежіреге – қолтаңба.
Қадыр осы:
Қалмасын деп жыр жетім

Қара өлеңге құлша жеккен құрметін.
Көсем де емес, шешен де емес,
Төріне
Іліп қойған Құмырсқаның суретін!

Қадыр осы:
Ақылманың, ардағың,
Қадырға ұқсап бақсаң кəні бəр-бəрің!
Қадыр осы:

Ал, ағайын, қалғанын,
Алла жазса, жетпісінде жалғармын...
10 қаңтар, 1995 жыл.

ШАҚПАҚТАС

Қаныбек Сарыбаевқа
Сөйлеуді білмей абайлап,
Ар санап ақыл айтуды,
Көзіңде шарт-шұрт жай ойнап,

Найзағай шатынайтын-ды.
Кей-кейде бір мұң мөлдіреп,
Кеудеңде сенім сөнгенмен..,
Өрттейін өршіп сол бір от

Өтетін еді-ау өңменнен!
Дүмбілез, дүмше, дүмдімен
Қырғи да қабақ, қыңбайтын,
От ауыз, орақ тілдім ең,

Айтарын айтпай тынбайтын!
Кейпіңнен кетпей кекесін,
Кескекті ер, кемелдікке ендің.
Шерттің-ау талай шекесін

Шегіртке–шенеуніктердің...
Тағдырдың бассақ тамырын,
Ақынмен күндес күллі азап!
...Қаныбектердің қадірін

Қайдан да білген бұл қазақ?..
Ертелеу жанып жұлдызың,
Жанарда тулап жай тынбай..,
Ішіңде кетті-ау бір қыжыл

Əлдекімдерге айтылмай...
Еңсесін бұрған бірлікке
Есті жұрт арын жоқтатпас.
Бықсыған біздің тірлікке

Керек-ау сендей Шақпақтас...
* * *
Кеңшілік Мырзабековке
Торғайдан ұшқан,

Соры қайнап ұшқан Ителгі,
Болмысқа мынау бола алмадың-ау икемді.
Қауыштың ерте қаланың қақ-соқ салтымен,
Тауыстың ерте жүгендей алмай жүйкеңді...

Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Қасқалдақ,
Құладың жерге əуелеп барып, аспандап...
Құйрығын мың-сан құбылтып мекер түлкідей

Мезгілсіз шақта мерт етті-ау сені қашқан бақ...
Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Қаршыға,
Аламан жырда атыңды бастың қамшыға!

Анаңдай қымбат,
Əкеңдей жұмбақ болғанмен,
Алдияр Өмір шалдуар жанға шамшыл, ə?..
Торғайдан ұшқан,

Соры қайнап ұшқан Лашын-ау,
Жайратқан сені жазмыштың жайдақ жасыны-ау.
Қимай да кеттің қылықты қыздай жалғанды,
Сыймай да кеттің ортаға біздің осынау!..

Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан, жас Қыран,
Қайтқалы өзің..,
Қамқалы белден қашты раң...

Құрғатармысың құрақты көлдің көз жасын,
Тіл қатармысың қара бір жердің астынан?..
* * *
Əшірбек Сығайға

Қазымыр қарашада қабарса күн,
Қырмызын қырау шалар балаусаның...
Отызға жетпей жатып орда бұзды
Қолынан тастамастан қаламсабын.

Қырықта тұла бойын жыр қысқандай,
Немесе бойында бір тың күш бардай
Маңынан театрдың шықпай қойды
Қамаған Отырарды Шыңғысхандай.

Тумысы Турабиден бата алғандай
Қасына, досына да қатал қандай?!
Заматта заманақыр күй кешесің
Тамаққа өткір кездік тақалғандай.

Азат күн ару қыздай аңсатты ма,
Шалағай шарлатандар шаршатты ма,
Кенеттен...
Қырық беске келген кезде

Тақты да, талақ етті мансапты да!
Заман ба,
Бұл залалға кім айыпты?
Кім бүгін ауруынан шын айықты?

Күніне мың бір сұрақ мазалайды
Сырты сау, іші сырқау Сығаевты.
Сал кəні?
Сардар кəні?

Сақы кəні?
Қалайша бəрі ақшаға сатылады?
Кездейсоқ келімсектен, еріншектен
Қызғыштай қорғаштайды сахнаны.

Жанына жабыққанда ем болып жыр,
Жақсымен несібесін тең бөліп жүр.
Тоңмойын тоғышар мен топастарға
«Тоқпағы» Тоқпановтың кем болып жүр.

Құтылып шенеуніктің шекпенінен
Шынында, жақсы екен-ау шетте жүрген.
Шəкіртке дəріс беріп жүр бүгінде
Шендессіз Шекспирдің мектебінен!

* * *
Серік Тұрғынбековке
Бізден көшіп кеткен бе бұрын айлар,
Қыз-қырқынмен күн қайда күліп-ойнар?

Шымырлайды кеудеңде жылы қайнар,
Тұнжырайды көзінде тұнық ойлар.
Ұстазыңды ұмытпа деп тұрғандай
Анау Ахмет, Міржақып, Ыбырайлар...

Сан соқтырған сан-алуан сапарларда
Сыр бермеген Сырағаң, Ғафаңдар да.
Салғанында сан түрлі мақамдарға,
Сен солардан ұқсайсың бата алғанға.

Шаңқай түсте қонғанмен шашына қар,
Ақын жаны тамырда тасып ағар!
«Сіз жетпеген елуге біз жеттік» деп
Жолың түссе, Мұқаңның басына бар.

«Мен елуге келдім – деп, – рас, бала...»
Жол-жөнекей соға кет Жұмашқа да.
Аман болса, сау болса, əлі талай
Ақынынан айрылар бұл астана...

Сейіліне шақырса сезім бағы,
Сері болсаң, селт етпес кезің кəні?!
«Сен келмеген елуге мен келдім» деп
Кеңшілікке жетерсің өзің-дағы.

Елу деген елі емес еріккеннің,
Сəн-сəулетін, сенбесең, келіп көргін.
Жиһазыңмен – жырыңмен көшіп келіп,
Сен де сол бір Сарайға көрік бергін!

* * *
Нармахан Бегалиевке
Аттадым мен де елуге, сен де елуге,
Елумен неге асықтық «емделуге»?

Елесі егделіктің көлденеңдеп,
Төбесі көрінгендей көмбенің де...
Құлық жоқ бұрынғыдай құрық ұстап
Соңынан қыз-қырқынның сенделуге.

Ерігіп бара жатсаң алда-жалда,
Шығасың олай-былай ел көруге.
Желігіп бара жатсаң, ау салғанмен,
Түспейді «алтын балық» жемге күнде.

Селк етіп, сезіктеніп сергек үнге
Елудің есігінен енгенінде –
Дерегі қалмайды екен Жиырма бестің,
Керегі болмайды екен жеңгенің де...

Кеш қалар құрбанынан шау бүркіттей
Еш болар кей кездері еңбегің де.
Шамаң жоқ бұрынғыдай кек серкені
Көлденең ер үстіне өңгеруге.

Мекенін көңіліннің бір мұң басып,
Етегін желбегейдің жел керуде.
Өрмелеп босағадан төргі өмірге
Тірліктен оны-мұны тергенінде –

Тап басып танып болмас тағдырыңның
Татарсың тəттісін де, кермегін де...
Керегең келер күнге кең жайылып,
Немерең тулап жатар жөргегінде.

Тəңірім лайық қылғай ылайымда
Ел-жұртпен еншімізді тең бөлуге!..
1992 жыл
* * *

Мұхтар Құл-Мұхаммедке
Əу бастан тілегі адал, арманы ұлық
Тектіден тегін болмас қалған ұрық.
Қылаусыз қызғылт рауан шырайыңнан

Тұрады адалдығың аңғарылып.
Алланың назарына түскендейсің,
Алмұртша алабұртып піскендейсің.
Жəмшидтің нұр жалатқан кесесімен

Һайамның бал шарабын ішкендейсің.
Кіл жаңа кілеміндей түрікпеннің
Өзіңсін бітімдісі білікті ердің.
Айбозым ұрпағысың Атымтайдың,

Сұржекей сұлтанысың жігіттердің!
Шығады жүзден дара, мыңнан дана,
Екшелер дəн мен қабық қырманда да...
Түбінде берекені белден кешер

Бейілін бермен қарай бұрған ғана.
Салмақтап сан сабаздың санасына ой,
Жүре бер жұрт алдында дəл осылай.
Есін кілт жиып алып есінеуден

Десін жұрт: «Абай жақтың баласын-ай!»
Хан басы айналмаса – таққа күнə,
Бап көріп бəйге алмаса – атта кінə.
Қазақтың сендей ұлы көбейсе ғой

Шарқ ұрған шамадан тыс шақта мына!.
Айында, жүздессек те жылында бір,
Келесің жеңілдетіп жүгімді ауыр.
...Емгендей ана сүтін құлдыраңдап

Қунайды көкірегімде құлын-дəуір.
* * *
Қуаныш Төлеметке
Қайда бүгін бүршігін жарған қайың?

Кім түсініп, кім ұғар жалған жайын?
Көкіректе бір үміт жылтырайды
Көл түбіне малтыған маржандайын.
Тауға басты соғамыз, тасқа басты,

Тағдыр салған тауқымет бастан асты.
Торыққанға тор екен тоз-тоз дүние,
Тарыққанға тар екен аспан асты.
Қапаланып, қайғырып қайманаға

Қайран көңіл ауады айдалаға...
Жалғыз жүрген жалғанда біз ғана ма,
Жалғыз жүзген аспанда Ай ғана ма?..
Ұсқынсыздар ұрда-жық, ұрты майлы

Жұмған аузын ашпайды жұрты жайлы.
Жарым түнде жай таппай бір беймаза ой
Өзің жаққа жүр дейді, жұлқылайды.
Мың бір жарық дүние, жүз күн жалған

Құламадан аумайды құзғын қонған.
Жан басына бір Жұмақ сыйлар ек-ау,
Сіздің қолдан келсе егер, біздің қолдан!
Көңіл кеше көк дөнен – дүлдүл еді,

Күздің бүгін күрсінтті күлгін өңі.
Күлдір-күлдір кісінеп көкте Көктем,
Бізге қашан кіршіксіз Күн күледі?..

БҰЛБҰЛ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Роза Рымбаеваға
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде,
Көмейінен бал аққан,

Елді аузына қаратқан,
Жанға жайлы əуенін
Жер-жаһанға таратқан
Бұлбұл өмір сүріпті.

Қос қанаты қалықтап,
Қонар жерін анықтап,
Көкте ұшып жүріпті.
Құс болған соң ардақты

Шартарапты шарлапты.
Адамдарға жердегі
Сөз тастапты салмақты:
«Кім əнімді тыңдаса,

Игілікке жұмсаса,
Бесігіне сəбидің
Бақыт болып даримын.
Ізетіне қараймын,

Қызметіне жараймын».
Таққа мініп қағынған,
Сый-құрметке малынған,
Құлдық ұрып құл-құтан

Құзырына бағынған,
Жарамсақты жарылқап,
Елге пейілі тарылған,
Аламанды азарлап,

Алпауытқа жағынған
Мұны естіп залым Хан
Алдына іздеп барыпты,
Бұлбұлға мұң шағыпты:

«Мойнына ілген қамытты
Мынау қара халықты
Есіркейтін əн емес,
Есіртетін əн керек.

Уланған соң санасы
Ішпей-жемей мас болар.
Əкесіне баласы
Қара ниет қас болар.

Жан баға алмай жаманы
Азып-тозып, аш қалар.
Жанына кеп жақсысы
Жəй айтуға жасқанар.

Мұндай елді мендей Хан
Оп-оңай-ақ басқарар...
Кел, қолыма қона ғой,
Менің құсым бола ғой?!» –

дегенде,
Бұлбұл:

– Болмадың, Хан, болмадың,

Көңіліме толмадың, – деп пыр етіп ұшып кетіпті де,
бір биік те еңселі үйдің алдындағы ағашқа барып
қоныпты. Мұны көрген үй иесі – Байдың жүрегі
қуанғаннан жарыла жаздапты.

Бай:

– Іздегенім табылды,

Жарылқай гөр жанымды.
Айналайын, Бұлбұлым,
Шырқап жібер əніңді?!
Сайрап тұрсаң бағымда,

Болар еді-ау бабың да.
Қазына мен алтынға
Толар еді-ау қабым да.
Кел, қолыма қона ғой,

Менің құсым бола ғой, –
деп ұмтыла бергенде,
Бұлбұл:

– Болмадың, Бай, болмадың, Көңіліме толмадың, –

депті де одан əрі ұша жөнеліпті. Əрлі-берлі шарлап,
биіктен қараса – киімі алба-жұлба бір Қайыршы қара
жолда жаяу келе жатыр екен. Жанына жақындап:

– Көктемеген пəлегі,

Аз болмаған əлегі,
Ей, пəруана, қайыршы,
Не арызың бар еді? –
деп сұрапты.

Қайыршы:

– Жаратқанның жан емі,

Періштенің сəлемі –
Аңсағаным əн еді...
Сен қолыма қона алсаң,
Маған серік бола алсаң,

Қамыққанда қасыма
Қайта-қайта оралсаң, –
Елді – еңсесі езілген
Жұбатар ем өзіңмен.

Ардақтар ем сезіммен
Аруақтарды көз ілген...
Көктеп өтіп тау ішін,
Көкке жетіп дауысым,

Қайта оянып арысым,
Болашақтың қамы үшін
Қалың елдің қаймана
Қайрар едім намысын!

Бұлбұл:

– О, жарадың, жарадың!

Тамаша екен талабың.
Болсын онда қалауың:
Ханға да емес, Байға емес,
Саған ғана барамын,

Саған ғана қонамын! –
депті де қалықтап кеп Қайыршының қолына қо-
ныпты.

АЛЫПТАРДЫ АҢСАУ

...Кеудемде менің бір шам бар
Мың өшіп, күнде мың жанған.
Жанымда менің жүр шалдар
Құлқына ары құлданған.

Мақтауға кімді лайықтап,
Даттауға кімді шамам бар?! –
Алыптар көзден ғайып боп,
Ақылға қалса сараңдар.

Жұлдызды көктің заңғары
Жұртым-ау, қалай жұтаңдар?
Сары алтын сөздің сардары –
Қайдасың, қайран, Мұқаңдар?!

Балтəтті тұмам тартылып,
Басымнан бақыт ауғасын,
Бабамның салты сарқылып,
Саудаға түсті-ау сау басым.

Көңілімді қайтем шүкіршіл,
Көк түтін жұтса қос өкпем?
Құлагер қайдан құтылсын
Батыраш – бақай есептен?!

...Жалғанда мынау мінəйім
Мен күткен жарық осы ма?
Құдіреті күшті Құдайым,
Нысап бер кəрі-жасыңа...

* * *
Орынымыздан оянбай, тұрмай,
Айласыз ажал тіл күрмеп,
Жекпе-жектегі ноян батырдай

Кетіп жатырмыз бір-бірлеп.
Шебіміз сиреп, сетінеді ме,
Қаусырып шебін қара түн?
Кім қарар өлең – жетімегіме

Соңымда сорлап қалатын?..
Айтамын жылап ақырғы əнімді
Ажалға налып ұрты май:
Аясандаршы ақындарыңды –

Батырларыңды, жұртым-ай?!
* * *
Адал достық жүрмейді айырбасқа,
Қайта айналып келместей қайырласпа.

Өткен есте қалады, кеткен есте...
Өзім деген жандармен өкпелеспе.
Көгерсін деп адамға, көңіл берген,
Көбейсін деп адамға өмір берген!

Кеңейтпейді кеңсеңді пендешілік,
Көрсетіп қайт еңсеңді елге шығып.
Естен танып жүрмегін ел мақтаса,
Сылып таста – көзіңді шел қаптаса!

Ауру алар еркіңді, ем көрмесе,
Қуып таста – кеудеңді жел кернесе!
Кірпияздау келеді тақ та, бақ та,
Кім табылмақ қасыңнан қат-қабатта?..

Құлдығы бар жандарға құлаққағыс:
Қас пен достың арасы бір-ақ қарыс.
Кері айналса дүние дөңгелегі,
Тəңірдің де тарылар кең көлемі.

Арыз айтпас көп жұлдыз Айға шұбап,
Жарық күнге не жетсін жаймашуақ!

АБАЙША

Өмірдің гүлі ашылса,
Көңілдің нұры шашылса!
Жаһанның жүзі жадырап,
Жақсыға жақсы қосылса!

Жарқ етіп жұлдыз жасынша
Ажарын айдан асырса.
Қырмызы қызық осынша
Көзіңнен ұйқы қашырса.

Жиектен күліп Күн туса,
Жайлауы жанның құлпырса!
Зағиптың көзі ашылып,
Зəлімнің жолы қырқылса!

Бесікте бала бұлқынса,
Қуанса əркім құлқынша.
Ұяға жылан жете алмай,
Қияға қыран ұмтылса!

Жауқазын қауыз жайғанша
Қара жер түгі майланса.
Жеміне бүркіт желпініп,
Желіге құлын байланса.

Шалғынға шалғы сай болса,
Жалт та жұлт жүзі қайралса!
Көргенге шүкір көп айтып,
Көңілің көншіп, жайланса.

Ақ жүзін ақшам жаққанша
Жарық күн жанын ақтарса.
Өмірдің əні бітпесе
Тəңірдің таңы атқанша.

Бəйгеге жүйрік бапталса,
Басына жанның бақ қонса.
Қаралар ханға теңеліп,
Қара жер үсті тақ болса!

Баланың көңілі шаттанса,
Ананың жаны ақ болса.
Əлем де жəлем əлемге
Əмірші жалғыз хақ болса!..

ҚИЯЛ БƏЙТЕРЕГІ

Аспан жақтан алғызған,
Жер қойнына салғызған,
Жүре келе көктеді
Жүрегімде жалғыз дəн.

Дарағым сол дəріптер,
Көңілің соқса, барып көр.
Қабағыңмен жылу бер,
Жанарыңмен жарық бер.

Найқалсын да тербелсін,
Етек-жеңін жел керсін.
Тамырлары жетіліп,
Жеті қабат жерге енсін.

Көкке бойы шаншылсын,
Атырабы аршылсын.
...Аяғыңның астында
Жапырағы жаншылсын.

Кеңге салып іргесін
Көктем сайын бүрлесін.
Ұшарына құзғындар
Ұя салып жүрмесін!..

* * *
Аузына түсе салмай, мақтаса кім,
Абайлап аламанға ат қосамын.
Тəлімін Тəңірімнің таныған соң

Тамырын тіршіліктің тап басамын.
Аужайын аңдаған соң əккілердің,
Қалайша қамсыз ұйықтап, шат күлермін?
Қайрылған қанатынан құсты көрдім,

Айрылған санатынан тақты көрдім...
Ішінде жүргендейін жат бір елдің
Түбіне тұңғиықтың батты көңілім.
Қолынан Құран қашқан қартты көрдім,

Тұнжырап, тұман басқан бақты көрдім...
Соққанмен қызыл сөзден қызыл қамал,
Қамалды көргенім жоқ бұзылмаған.
Жерідім сайқал, сайтан саясаттан

Желкемнен күні-түні ызыңдаған!
Жүйрігін Батыраштар баптағалы
Адыра қалды Аққудың əппақ əні!
...«Бай-байлап» аза шегіп айдалада

Ақан жүр Құлагерін жоқтап əлі...
Ақанның Арқаны асқан əні – қайғы,
Ақынның жанталасқан жаны – қайғы.
Пақырға аспандағы наны – қайғы,

Патшаға астындағы тағы – қайғы.
Жамылып жатамын да қалың ойды
Аңсаймын кешегі өткен Абылайды...
Көктегі Құдайсың ба, Күн, Айсың ба,

Бүгінде ешкімді ешкім танымайды!
* * *
Өмір емес, өмірім – өлермендік,
Талай күнді тепкілеп терең көмдік...

Ештеңе жоқ алдымда алаңдарлық,
Ештеңе жоқ артымда елеңдерлік.
Өмір емес, өмірім – өлермендіқ,
Көп алдында жайым жоқ көлеңдерлік.

Көретұғын көз болса, өлмейтұғын
Бірлі-жарым біз де елге өлең бердік.
Отқа, суға салғалы шыбын жанды
Қайталаудан аспадым бұрынғы əнді.

Көз аяңа ала жүр, айналайын,
Өзім кетіп, соңымда жырым қалды.
Түзге беттеп барамын, үйге кірмей,
Өмір қалды өгіздің бүйрегіндей.

«Өлеңі де, өзі де жақсы еді» деп
Мен өлген соң шуларсың шибөрідей...
* * *
«Кеңсайға» кеткім келді, кеткім келді,

Жанына жақсылардың жеткім келді.
Көктемнен үзіп қайтем көңілімді,
Көгенге тізіп қайтем көп күндерді?..
«Кеңсайға» кеткім келді, кеткім келді.

Жарық күн жалықтырды, жалықтырды,
Күн де анау ұясына барып кірді.
Білмеймін, өңімде ме, түсімде ме,
Бір шырақ бас жағымда жанып тұрды...

Жарық күн жалықтырды, жалықтырды.
Өмірден безгім келді, безгім келді,
Онсыз да қоймас Ажал көзге ілгенді.
Қайтеді кете барсам, Келешекке

Қалдырып қоңыраулы жез күндерді?..
Өмірден безгім келді, безгім келді.
Қаладан қашқым келді, қашқым келді,
Қайтемін мас күндерді, лас күндерді?!.

Тып-тыныш өмірімді өксік буып,
Тұп-тұнық көңілімді тасқын көмді.
Қаладан қашқым келді, қашқым келді.
Даурығып жатушы еді дауыл бойда,

Дем жетпей, денем бүгін ауырлай ма?..
Қашқанға, босқанға да пана болар
Құдай-ау, ауыл қайда, ауыл қайда?
...Əлде ешкім мен сияқты «ауырмай» ма?

ДАЛАМЕН ДИДАРЛАСУ

«Мен – Шыңғысханның ұрпағымын, Əлихан Бөкейхановтың немересімін. Атамыз мен туғаннан бір жыл бұрын – 1937 жылы атылыпты. Ал əкем геолог болатын. Содан да бір жерден екінші жерге кө шіп-қонып жүруші едік. Əр жерде, əр мектепте оқып, орысша тəрбие алдым. Əлихан атамыз турасында əке-шешем мен туған-туыстардан арагідік əңгіме естіп қалатынмын. Оның пешенесіне бұйырған тағдырдың аса қайғылы да қасіретті екенін кейін бір-ақ білдім емес пе. Өстіп жүргенде... 1992 жылдың тамызында Қазақстаннан хат алдым – Əлихан атамның туғанына 125 жыл толу мерекесіне шақырыпты! ...Мəскеуге қайтып келген соң да мен көп уа қыт бойы алай-түлей сезім құшағында жүрдім. Көр генде рім көз алдымнан, алған əсерім көңілімнен кетпеді. Көкірек тұсымды бір тəтті сағыныш сыздатып, шырын сезім қытықтай беретін тəрізді. Даңғайыр дала, дархан туыстарым жайында өлең жолдары өзінен-өзі өріле берді, өріле берді. Солардың екі-үшеуін жолдап отырмын. Өлеңді əркім əр дең гей де жазады. Ал менің өлең өлкесіндегі əрекетімнің қанша лық ты берекеті бар екенін қайдан білейін, бірақ бұлар дың қай-қайсысында да ата-баба жері мен еліне деген менің ыстық ілтипатым мен сəруəр сезі мім нің жатқаны анық».

(Е.С. Бөкейхановтың хатынан)

АТАМЕКЕН

Апайтөс тау – қар қомында,
Баурайында – ауылдар.
Сол бір таудың ар жағында
Ағайын бар, бауыр бар.

Бұл даламен Батый өткен,
Шыңғыс та өткен айбарлы.
Ақын өткен, батыр өткен
Ақиықты, айдарлы...

Хақ болмаса, күні бұрын
Болжап білген кім алдын?..
Мен де бір тал шыбығымын
Дала деген Шынардың!

Қолын бұлғап бозаң қырда,
Түсіме енді қаншама ол...
Көсіледі көз алдымда
Сол бір өңір аңсаған.

Арқалаған заман жүгін
Тағдыр да бір – тарамыс.
Мына адамдар маған бүгін
Əрі жақын, əрі алыс.

Тілім неге күрмеледі,
Дірілдейді үнім де.
Атам болып түрмедегі
Күбірле, жел, күбірле!..

Гүлі оралып балағыма,
Бал-бұл жанып реңі,
Жүрген сайын Дала мына
Құшағыма кіреді.

Көркіне оның тіл жетер ме,
Кім болжайды өлшемін?!
Бар ғой, бар ғой бұл мекенде
Менің де бір бөлшегім!

Алдымды орай су ағады
Елік қыздай еркелеп.
Қысып, құшып, қуанады
Елім, жұртым ентелеп.

«Сүй, қарағым, сүй Даланы...»
Деп тұрғандай Ұлы атам.
Туыстарым қиналады,
Қимай мен де жұбатам.

Қалай сүйдім құба таңын,
Неткен Дала – дарқан, алып!
Кетіп барам Ұлы атамның
Аманатын арқаланып...

ƏЛИХАН АТА

«Атаң жəйлі не білесің,
Айтшы, кəне?» десе Дала,
«Кірді емес пе менің есім, –
Дермін оған, – кеше ғана».

Өтсе өтер, өлмейді Уақыт,
Көрдің бе – Күн тағы шықты!
...Мен өмірге келмей жатып
Ол ажалмен алысыпты.

Бөктері көк, өткелі жоқ
Кешіп өтті өзендерді.
Өкпегі көп, көктемі жоқ
Кешті бастан кезеңдерді...

Дейді бір ой: «Уайымдама,
Жүдей берсек, не боламыз?»
Қабірі оның – сайын дала,
Мекені оның – Жер анамыз!

Түзер заман көш-көлігін,
Көңіл көкке тояды əлі.
...Кеудемдегі естелігім
Ұйқысынан оянады.

Мен де іздермін көңіл емін,
Көкке тігіп жанарымды.
Қайтпас қайсар өмірі оның –
Өле-өлгенше маған үлгі!

Қайдағымен ашына боп,
Қайда жүргем бұрындары?
Қарт Қаратал қасыма кеп
Құлағыма сыбырлады:

«Ұрпақты ұрпақ алмастырар,
Бұдан былай біл, қарағым:
Ата жолын жалғастырар
Сен де ұлысың бұл Даланың...»

Көңіл көптен алаң еді,
Қайтіп тағат табам енді?:
«Құлыным» деп Дала мені
Құшағына ала берді!..

ƏН

Көрпесінде көсіліп
Тыншығанда түз дала,
Домбыраға қосылып
Əн шырқады Қыз бала.

Асау, албырт, аса өңді
Неткен мынау ғажап əн?!
Əннен алған əсерді
Жырмен қалай жаза алам?

Тағдырыммен жалғасып
Тамылжиды таныс əн.
Арманыммен арбасып,
Қиялыммен жарысам.

Албырт сезім бұлқынып
Алдым екен нені еске?
Көкжиекке ынтығып,
Көз саламын белеске.

Сиқыр саз бен тəтті ағын
Тамыр бойлап аққандай.
Желкілдеген шақтарым
Жез қоңырау таққандай!

Əуен сыртта, мен іште,
Құдайым-ау, түс пе, өң бе?
Көк қанатты Періште
Көктен бері түскен бе?!

Жалап жанның жарасын
Жел жеткендей бола ма?
Ақ бесікті анашым
Тербеткендей бола ма?..

Табысқандай жер мен көк –
Жұлдыз жылап, Ай тыңдап.
Жан осылай тербелмек!
Əн осылай айтылмақ!

Жас сұлудың жанары
Жанды ерітіп жүрмей ме? –
Жақын тартып барады
Жаутаң қағып бір бейне...

Қазақшалап, хатқа түсірген – Исраил.

«ЖАПЫРАҚ КЕШЕР КҮН КЕЛДІ...»

(Күз этюдтері)
Шаңқай бір шақта шағынып
Айтарсың арзу кімге енді:
Жабырқау тұман жамылып,

Жапырақ кешер күн келді.
Бағынан ұшып Бал айы,
Басынан бағы ауған-ау:
Ағарып шашы, самайы

Қартайды қапсал тау да анау.
Болар деп ойлап па едім мен
Жанымның жұрты мұнша ойран? –
Таңдайдан əні төгілген

Таң құсы қайда мыңсайрам?
Қамығып қайың қыз дене,
Терекке не сəн тербелген?
Үйге де сыймай, түзге де

Серіңнің халі сергелдең.
Құйқалы, қонды, құнарлы
Қимылсыз жатыр қыр да анау.
Сейілтіп күмəн, тұманды

Сергітер бізді кім-бар-ау?..
* * *
Жұт келгендей жұтадым ба,
Кім үптеген үр даланы?

Жас қайыңның бұтағында
Жалғыз жапырақ дір қағады.
Жалт берген соң жалған-жарық,
Қайдан келсін енді шама –

Қауырсындай қалбаң қағып
Желге ұша ма, Жер құша ма...
Жай таба алмай тұрағыңда
Жаурап, тоңып, қалтырайды.

...Кəрі қыздың құлағында
Жалғыз сырға жалтырайды.
* * *
Туса да мезгіл дəргүмəн,

Түледі қайта тал, қайың, –
Бақиға кетер алдынан
Бой жазған байғұс жандайын.
Тігісі жердің қақырап,

Айналып ұшты құс көлді.
Кешегі жасыл жапырақ
Кербездеу бүгін түске енді.
Базары ауған қаладан

Баз кешсең, бақты арала.
Сағатын, сəтін санаған
Жапырақ біткен сарыала.
Ажары солғын алма бақ

Адыра қалған мұңлықтай.
Жалба да жұлба жарғабақ
Жартылай жапқан түндіктей.
Жайлады бұлт жабағы,

Жаз көркі көшіп ніл – көктен.
Төбеден ауып барады
Жылжи да жылжи Күн де еппен.
* * *

Мына қала мұңыма міз бақпайды!
Жүрегімді жаулады... сыздап қайғы.
Салқын бір леп –
Сағымның сирағындай

Сайран көлдің сауырын сызбақтайды.
Жадау, жүдеу, жабырқау көл де мендей,
Жағалауға қойған-ау ел де келмей...
Көрбілте Күн жарығы көмескілеу,

Көкіректі көне дерт меңдегендей.
Сайран көлдің сайраны біткен білем –
Түнеріңкі түр-өңі тіптен күрең.
Дірілдеген үнімді өзім жұтып,

Күлімдеген Күнімді бұлтқа ендірем.
Көкіректе көне дерт асқынады.
Көңілімнің тас керең қос құлағы.
Суға кеткен үніндей үмітімнің –

Бар ішінде барлыққан мастың əні...
* * *
Күз келгені байқалды:
Жұлдыз жаурап, Ай тоңды.

Сабаға Ақыл көндірді
Сезім деген сайқалды.
Күз келгені білінді:
Күн сыңайы құбылды.

Көзге күмəн тығылды,
Көлге тұман жығылды.
Күз келгені көрінді:
Бұлт бауыры сөгілді.

Түн байлады көзімді,
Мұң жайлады көңілді.
Күз келгені сезілді:
Көлден құстар безінді.

Қайыс жолда қақ тұнып,
Қара жолдар езілді.
Күз келгені күмəнсіз,
Иланыңыз бұған Сіз.

Жүрісі оның ұнамсыз,
Тынысы оның – тұман, сыз.

ЭЛЕГИЯ

Қараағаш, құсың қайда, ұяң қайда?
Кетті ме жан сауғалап қиян жайға?
Күніне мың құбылған мына мезгіл
Тонаудан торғыныңды ұялмай ма?

Торғының толымды еді көз көрікті,
Тоналған деген осы-ay – өзгеріпті.
Реңің бір-ақ күнде күреңденіп,
Жібегің бір-ақ күнде бөз болыпты.

Көйлегің жасыл еді, бүрмелі еді,
Жасырып тұратұғын үр денені.
Суық жел бəйек боп жүр байыз таппай
Бүлдіріп алған жандай бірдеңені.

Кім екен сені аяусыз шешіндірген,
Кезіңде енді ғана есің кірген?
Қош айтқан құсыңа да обал болды-ау,
Оңай ма əрлі-берлі көшіп жүрген?..

Қараағаш, қамықпашы, қайғырмашы,
Қараша – қар қалқытқан айдың басы.
Жұрт емес, құрт жайлаған өне-бойын
Келіп тұр бұл өмірдін қайбір нəші...

Қараағаш, жапырағы жалба-жұлба,
Суық жел сумаңдап жүр жан-жағында.
Қайран-ай, кім бар, кім жоқ бұл дүниеде,
Қар кетіп, қайта бүршік жарғанында?..

* * *
Бір жапырақ қалмапты-ау тал басында!
Қалбаң қаққан не дерсің қарға сұмға?
Қайран көктем, қайран жаз, сайраны өтіп,

Қара жердің шіріген жамбасында!..
Тəңірінің тəрізді тас қамалы
Қабарып тұр бұлттың қас-қабағы.
Сəні кетті-ау сəусілдек сəмбінің де

Сары лыпасын сыпырып тастағалы.
Алды-артына алаңдап қарамастан
Сары лыпаны кім екен ала қашқан?
Бұлдырланып Күн көзі бұлт ішінде,

Дір-дір қағып жаурап тұр жалаңаш тал.
Жалаңаш тал – жас сұлу,
Күлкілі өңі...
Тəңір атқан тал түсте бұл кім еді?

Жамыратқан күн кеше жапырағын
Жан-денесін Жантық-жел тінтінеді.
Бір жапырақ қалмапты-ау тал ұшында!
Жас денеге Жантық-жел жабысуда.

Дəрмені жоқ, əлі жоқ алысуға,
Амал қанша, кетіп тұр салы суға...

ЖАС ҚАРАҒАЙ

Қамыққан қара күзде, жас қарағай,
(Қалып ең қайдан жалғыз қасқа бала-ай?..)
Қайыстай қатып қалған қара жерге
Тамады кірпігіңнен жас домалай.

Көргенде көгеннен жас ыршығанын
Көңілім босап, мен де тұншығамын.
Қойынға қолы жүйрік жезөкшедей
Желекем, сен де езулеп тыншымадың.

Жабықпа,
Жапа шекпе,
Уайымдама,
Салқын күз,

Саған серік сайын дала.
Мұңыңды мұншалықты шақпас ең-ау,
Қасыңда қатар тұрса қайын бала.
Сен де бір,

Жеке қалған жетім де бір.
Бес елі бетің де кір, етің де кір.
Елп етіп егілгенге ерімейтін
Безбүйрек өгей шеше секілді Өмір.

Шыға алсаң қыстан аман алдыңдағы,
Басталар жаз, көктемнің жаңбырлары.
Жүгірер тамыр бойлап құлын-тайдай
Тірліктің тыншымайтын мəңгі ырғағы!..

ҚАРАША

Жаңбыршаң бұлт жабағыланды,
Жабылып Күннің қабағы қалды.
Көзайым көктем, жайдарман жаздың
Жапырағы көшіп, сабағы қалды.

Өзгерткен өңір өңі-келбетін
Көріне көзге көрінер жетім.
Үзіп те жұлып шымшиды жаңбыр
Өңсіз де үнсіз өлі көл бетін.

Жəутеңдеп көкке жанары құрғыр,
Қағілездене қағады дір-дір.
Таусылған сəні, жаншылған жаны
Балауса бақтың балағы кір-кір.

Жылымшы көңіл жыланып тағы,
Былғаныш көше быламықтанды.
Бораннан байыз тапқан табындай
Бауырына таудың тұман ықтады.

...Көрініп көктің көгілдір кеші,
Көрбілте күннің сөгілді іргесі.
Келеді деумен көңілдің қошы
Өтеді-ау өстіп өмірдің көші.

* * *
Сарыала күз салқындады,
Сағындырған қалпың кəні?
Жалған жақұт сияқтанып

Жерде жамбы жалтылдады.
Жамбы жерде, жамбы көкте.
Тəн түршікті таңғы лепке.
Жалғыз үміт ем болар ма

Жабырқаған жан-жүрекке?..
Түсіп кетті-ау араға айлар,
Жан қинайды жаман ойлар...
Қасіретіме қайың сыңсып,

Теңселеді қарағайлар.
Сен екенсің өмір теңім,
Мекендеші көңіл төрін.
Көлге қарап жабырқадым,

Шөлге қарап шөліркедім.
Сарыала күз салқындады,
Сағындырған салтың кəні?
Осы ма, əлде, сары алтындай

Сабыр түбі сарқылғаны?
* * *
Күрсіндірді мына күз,
Желек көркін жел үптеп.

Желпілдейді құла дүз
Желмаяға еліктеп.
Елжіреп те елбіреп
Тұратұғын далам-ай...

Селеу басы селдіреп
Қалыпты ғой, обал-ай...
Жаның құлай жығылып
Сыбызғыға, сырнайға,

Жусан исін құнығып
Жұтатұғын күн қайда?
Жез қанаты желпілдек
Жер құшқан ба көбелек?..

Неге сонша еңкілдеп
Жүгіреді ебелек?
Мынау ызғар, мына сыз
Өпті дей ме бетімнен, –

Жан-жағына күнəсіз
Жаутаңдайды жетім көл.
Ойыны ма, шыны ма –
Бұлт қабағын шытынды,

Əкесінің ұлына
Ұрысқаны сықылды.
* * *
Сағым жоқ,

Сарқанатты сағым ұшқан.
Көкжиек көзден көшкен, əрі ығысқан.
Жаз бен наз – жанға жалау жалт берген соң
Сыздайды жазған жүрек сағыныштан.

Сыздайды жазған жүрек түрмесінде,
Ыңырсып ызғарлы күз іргесінде.
Тарғыл түс, торғын көкті тастай қашып
Талтүстен барады ауып күн бесінге.

Салмағы əрі кетсе – жарты мысқал
Сағым жоқ, мизам да жоқ қалқып ұшқан.
...Илһам шақ қайта келер күн болар ма
Ішінде ақ төсектің алқынысқан?..

Əй, қайдам... буалдыр мұң, бұлдыр маңай,
Күлгін бұлт тыншымайды-ау Күнді ұрламай.
Шолпан да, Ай да, Үркер де... кеткен білем
Бір-бірлеп көзден ұшып, құрғырлар-ай...

Сағым жоқ,
Сағым орнын тұман басқан.
Ай жылжып,
Мезгіл ауып,

Күн алмасқан.
Ақ төсек, қызыл алау өрт ішінде
Қайран-ай, қайда күндер жұмарласқан?!.
* * *

Өртен, жапырақ, күлге айнал!
Өмір мынау – мың майдан.
Керім, кербез кешегі
Келе қойсын күн қайдан...

Көктем мен жаз қалды артта,
Көнді көңіл бар-жоққа...
Қоңыр барқын аспаннан
Қонып жатыр қар баққа.

Сарыуайым меңдеген
Санамды енді емдемен.
Меңіреуге айналдым
Мезгіл жетпей мен деген.

Арзу айттым Айға да
Көз іңірге байлана...
Көксегенім – көкжиек,
Аңсағаным – айдала.

Өртен, жапырақ, сарғайған,
Өртенбеске бар ма айлаң?
Құдайым-ау, қай заман
Құс келгенше шалғайдан?..

Өртен, бықсы, түтінде,
Өткеніңе шүкір де.
...Жылай бермей сен де, Ақын,
Жыртығыңды бүтінде.

* * *
Ешкімді,
Керек етпен ештеңені.
Көңілім – көне қобыз, көшкен өңі.

Бұт қысып бұралқы иттей қыңсылаған
Жалғанның жалықтырды ескі əуені.
Ешкімді,
Керек етпен ештеңені.

Өмірім өзімшілге өш келеді:
Ертпесең ертпей-ақ қой көшке мені!
Алмасаң алмай-ақ қой еске мені!
Жетімдей ертелі-кеш еңіреген

Жек көріп кетсем кешір, сені де, Өлең.
Қазымыр қарашаға жұртын тастап
Қаз-тырна қайтып жатыр легіменен.
Қаз-тырна қайтып жатыр лек-легімен,

Қаймығып қара күздің өкпегінен.
Өзеуреп, өле жаздап тұрмаған соң
Өзім де кейбіреуге жек көрінем.
...Ешкімді,

Ештеңені керек етпен!
Енші алғам керегімше кереметтен...
Көңілді елеңдетер ештеңе жоқ,
Бəрі де маған келіп, менен өткен.

...Ешкімді,
Ештеңені керек етпен!

ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҢ

Жел өтінде сыңсыған жалғыз қайың,
Жалғыздығың жаныма салғызды уайым.
Еркелесең болмай ма есімді алып
Ентелеген қойныма балдыздайын?

Тарылды ма тағдырдың тас қамалы,
Жанарыңнан неге, еркем, жас тамады?
Көңілің жүдеп тұрсың-ау, көргенсіз жел
Көйлегіңді сыпырып тастағалы.

Сен сияқты менің де халім мүшкіл,
Өртке салып өзімді, жалын құштым.
Кісімсінген немелер кішірмейді,
Түсінбейді, қайтейін, жанымды ешкім.

Аман болсақ, шығармыз қыстан əлі,
Құлағыма келеді құстар əні...
Бұл өмірдің ауаны айнымалы,
Бұл өмірдің ауруы ұстамалы.

Көктем келсе көзді арбап мүсін-денең,
Көрісерсің сен де, еркем, құсыңменен.
Көз жасыңды мен сенің қайтсем екен
Көзедегі шараптай ішілмеген?..

Жел өтінде сыңсыған жалғыз қайың.
* * *
Қар жауып тұр... Перінің қанатындай,
Көкке көзін сатады қала тынбай:

Тапшылықтан тауқымет тартқан жұртқа
Жақсылықтан бір хабар алатындай.
Ауға түсіп аңдаусыз қалған аңдай
Қала халқы қарайды қарға нанбай.

Жас баладай жылауық пенделерін
Кəмпит беріп Алла да алдағандай.
Қар жауып тұр мақтадай мамық қана,
Қайғырма да, дегендей қамықпа да.

...Біз күдікпен келерміз дүниеге,
Біз үмітпен енерміз табытқа да...
Қар жауып тұр...
* * *

Қар қонып жапыраққа қалыпты шын,
Қар жауса, келгені ғой анық қысым.
Құп-құйттай кеудемдегі ғаріп құсым,
Жабықсаң, жанарыңды жарыққа ұсын.

Жайыңды мен болмасам, кім ойлайды?
Ешкім де бізше күліп, мұңаймайды!
Ат қосып көлденеңнен əлдекімдер
Көзмоншақ – көңілімді лайлайды.

Қаталдық – өмір заңы, амал қанша,
Тым жайлы болмай тұр-ау маған да онша.
Дір қаққан қар астында жапырақтай
Жүрегім... жарар еді-ау аман қалса.

* * *
Қабіріңді, ана, қар басып қалды,
Қар басып қалды – əппақ қар.
Өлім мен Өмір арбасып мəңгі,

Алдыңнан шығар соқпақтар...
Мамығыменен, мақпалыменен
Жапқаныменен қалың қар,
Балауса гүлдей бақта бүрлеген

Көкте ұшып жүрген жаның бар.
Ұшып жүр жаның...
Қауырсының ба
Қалқыған мынау ұлпа қар?

Тағдыры жазса,
Тəңір шыңы да
Қамқа емес, ұлпа қымтанар...
Ұшып жүр жаның періштелермен

Алты қат аспан жақта анау.
Кещелер кейбір келіспегенмен,
Кеңістікте бір гəп бар-ау...
Бұлбұлдың естіп жұмақтағы əнін,

Елесің түске енгенде –
Жападан-жалғыз жылап қаламын,
Жамылып түнді шерменде.
...Өлім мен Өмір арбасып мəңгі

Сені алып кетті қиырға.
Қабіріңді, ана, қар басып қалды,
Қар басып қалды биыл да...
* * *

Жамбасы шірігенше жатқан қар-ау,
Демейсің алдымда жаз, көктем бар-ау.
Айрылған ажарынан, базарынан
Бірауық аясаңшы бақтарды анау.

Жатқаның жайбарақат кімге ұнайды,
Алтын нұр қашан сені «бұрғылайды»?
Жұмағы жерге көшіп келсе екен деп,
Аузыма ала берем бір Құдайды.

Алтын нұр, «Алтынкүрек» – жылы ағысым,
Қайда əлгі... алқын-жұлқын бұла күшің?
Қамалын қардан соққан бəтшағарды
Ойдан да қырдан қуып шығамысың?

Сөйтші енді,
Сөйте қойшы тездеп кел де,
Бояу жақ бозаң дала, боз бөктерге.
...Жауып тұр жапалақтап қар маңайға,

Ауып тұр көңіл жазға, көз көктемге...
* * *
Көрсем екен тезірек Көктем басын,
Көзіме оттай басылып бөктер жасыл.

Оңды-солды бишігін сілтеп қалып,
Көкорайға түссе екен көктен жасын.
Құласа екен құлқымен егінге Күн,
Жыласа екен дүние ебіл-дебіл.

Көрінсе екен мұнартып көгім менің,
Емінсе екен құмартып ерінге ерін...
Қыс қылышын сүңгітіп қынабына,
Тіл бітсе екен қайтадан бұлағыма.

Құба таңнан ұйқымды шайдай ашып
Құстың əні келсе екен құлағыма.
Көкжиектен керуен көшіп бері,
Ашылса екен əлемнің есік, төрі.

Кенейсе екен пейілі тіршіліқтің,
Көбейсе екен балақан бесіктегі.
Ауруы бар адамдай ұстамалы
Амал қанша, əрқалай қыс қабағы.

Көңірсіген қаланың ауасына
Көкірегім қашанғы ысталады?
Алқындыдан арылып аула мына,
Қашан жетем самалдың саумалына?

Қарғалардың заманы қараң қалып,
Қашан қонар бұлбұлым бау-бағына?.
* * *
Ғажапсың, Өмір, ғажапсың!

Қайғыдан қалай азатсың?
Таңғы ауаңменен талдыршы,
Тамырда қаным таза ақсын.
Көкіректен мəңгі шер кетсін,

Еркетай көңілім ержетсін.
Табиғат – ана əлдилеп,
Талбесігінде тербетсін.
Аптыққан көңіл басылсын,

Аспанның көзі ашылсын.
Əлемнің күллі ағыны
Кеудеме келіп бас ұрсын!
Тылсымның түріп түнегін

Алдымнан шықсын Жібегім.
Жанарым тұрсын жасаурап
Жарыла жаздап жүрегім.
Айықсын дерттен өн-бойым,

Ажалым жетпей өлмейін.
Көкірегім тұрсын шымырлап
Көгілдір қонған көлдейін...

ЖҮРЕГІМ БҮРШІК ЖАРДЫ...

Қайтемін күндерімді жылап өткен,
Көңілден көшіп жатыр тұман еппен...
Жас қайың – Жаратқанның жалғыз қызы,
Жасауы – жайма-шуақ мына Көктем!

Жүрегім – бүршік жарды қайың бала,
Енді сен, ей, Көңілім, уайымдама!
Арудың ауызынан шыққан сөздей
Маңайдан леп еседі мəйін ғана.

Жүрегім бүршік жарды...
Гүл ашқалы!
Бу мен бұлт ніл-аспанға ұласты əні.
Құс біткен құрақ ұшып қуанып жүр

Сүйінші бір-бірінен сұрасқалы.
Жүрегім бүршік жарды – Гүлдегелі!
Амалдың білінгелі бірдерегі.
Босанып дүниенің құрсауынан

Дөңгелеп дөңнен асып Күн келеді!..

САМАРҚАННЫҢ КӨК ТАСЫ

Ішпей-жемей ақынның мас көңілі,
Желіктірді жеңсік ас жас-кəріні.
Тілек бүгін тамады тіл ұшынан,
Жүрек түгіл, көрдің бе, тас та еріді!

Тас та еріді! –
Көк тасы Самарқанның!
Қалды адыра салбөксе, самарқау күн.
Көңілімнің көліне аққу қонып,

Алқынады кеудесі Жанартаудың!
Жайлап алып бір сезім жан-денені,
Маңайына мəжнүнтал сəн береді.
Бозбаланың бойжеткен есін алып,

Ұмсынғанда қымсынып, бəлденеді.
Қыздың демі,
Балқытып балдың емі,
Бал-бұл жанып ақынның қалды реңі.

Шекесіне қыстырып бір тал гүлін
Таңдай қағып, тамсанып таң күледі.
Таң дегенім – биші қыз күлімқабақ,
Шашына алған райхан гүлін қадап.

Райханға сыр айтам дейді ұмтылып
Көк көбелек-көңілім дірілқанат.
Көк көбелек – көңіл-ай алып ұшқан,
Жазым болып кетпеші жаңылыстан.

Сарғаярсың, сазарсың сағыныштан
Саратанға жеткенше сағымы ұшқан...

КӨКТЕМНІҢ БҰЛА БҰЛТТАРЫ-АЙ!

Желіп те желіп жететін,
Жаяуды баяу құптамай,
Төгіп те төгіп өтетін
Көктемнің бұла бұлттары-ай!

Омырауын кере ойқастап,
Қара бір жерді қапталдай,
Аспани жақтан айқасқа ат
Арқырап келе жатқандай!

Үйірді көрсе қиырдан
Кететін көзі шатынап,
Сауырынан тері құйылған
Қайтеді-ай мынау ақымақ?

Түрінен қаһан қаймығып,
Үнінен жаһан шошынар –
Елірген ерке сəйгүлік
Еркімен кімге басылар?

Осы бір күйлі күйінде
Қарамай кəрі, жасы бар –
Дүркірей қашқан үйірге
Күркірей келіп қосылар!

Кешіксең, кезек тие ме?
Асауды ашу асырар:
Ерсілеу тұрған биеге
Екпіндей келіп асылар.

...Бірімен бірі алысып,
Тебісе келе шайнасар.
Бірімен бірі табысып,
Өбісе келе ойнасар.

Осының бəрі жерде емес –
Аллауһи əлем төрінде.
Көңілің соқса, сен де көш,
Сол болар елің, тегінде!..

...Желіп те желіп жететін,
Жаяуды баяу құптамай,
Төгіп те төгіп өтетін
Көктемнің бұла бұлттары-ай!

* * *
Таң көзінен тамды мұң,
Күнді күтіп қалды ма?..
Жау, жарықтық жаңбырым,

Ұқсап алтын жамбыға.
Жақсы болды-ау жауғаның –
Жастығымды ойға алдым...
Дала да – мұң, тау да – мұң,

Мен де мұңға айналдым.
Тіршіліктен түңілмей
Жабылмасын түндігім.
Табиғаттың күніндей

Көңіл, сен де мың құбыл.
Тағдырыма не дермін? –
Жарық күн жоқ жайнаған.
Аспаннан бұлт, менен мұң

Ауғанынша қай заман?..
* * *
Бағдаттың ұқсай қалып сайқалына
Туыпты-ау шалқасынан Ай тағы да.

Жалынып, жалбарынып жаратқанға,
Жасайтын қара басып қайта күнə.
Құдай-ау, қайда менің «Ай» дегенім?
Салмағы сары алтынға сай дегенім?

Балаған арманыма «алтын балық»
Ілінді қармағына қай неменің?
Ай қайда?
Алқаракөк аспан қайда?

Бəлекет тас төбемнен басқандай ма?
Қалқамды қара түнде қапқа салып
Қарақшы Қап тауына қашқандай ма?.
Жо-жо-жоқ!

Қарақшы емес, қашқан – бұлт,
Қайтесің, қамкөңілім, аспанға ұлып.
Одан да шалқасынан туған Айды
Ұйқыдан оятсаңшы шаштан бүріп!

ЖЕЗӨКШЕ

Отқа барған қатындай
Өзі екенсің кезбенің.
Түнгі сайтан отындай
Ойнақшиды көздерің.

Өзегіңді өртеп түн,
Өле жаздап тұр төсің.
Тұла бойын еркектің
Тұра қалып тінтесің.

Жаны қандай екен деп
Жай тастағың келе ме?
Бабы қандай екен деп
Байқастағың келе ме?

Қалталыны жыландай
Арбайсың-ау, арбайсың!
Алқалыны сығандай
Алдайсың-ау, алдайсың!

Тықылдатып өкшеңді
Тынбайсың-ау, тынбайсың.
Мықыныңды, бөксеңді
Бұлдайсың-ау, бұлдайсың!

«Ат аунаған жерінде, –
Дегендейін, – түк қалар».
Сайқалдығың, кемінде
Жүз есекке жүк болар!

Талма түннен базарың
Таң атқанша тарқамай,
Азып қапты-ау ажарың
Ауыздағы малтадай.

Езіп ішкен сынаптай
Еріккеннің емісің.
Жұмыр дүние жұмақтай
Жұтынып тұр сен үшін!

Жүрген жерің той-думан,
Шақырмасын, шақырсын.
...Тағы кімнің қойнынан
Шығып келе жатырсың?

* * *
Ұятың – ақ бетіңнің қызылы еді,
Қызығып енді кімдер сүзіледі?
Үзілген жаңа əлгінде алмадайын

Қызылмен əрлі екен-ау қыз реңі!
Ұрыны түн жамылып баққа кірген
Із кесіп іздегенмен таппадым мен.
Қызығың қыз күніндей қайдан болсын,

Бетіңе опа-далап жаққаныңмен.
Жүзіңе ұялғанда қан тебетін,
Нəпсінің ауыздықтап нəн төбетін.
Ақындар марапаттап махаббатты,

Ғашықтар əуелетіп əн төгетін.
Жүзіңнен қызарғанда, қан таматын,
Сездіріп сезімсарай салтанатын.
Қауышып қалатұғын кірпіктерің

Тауысып талайлардың жан тағатын.
Ұрыға ұятыңды алдырғалы
Жаныңда жастық əні жаңғырмады.
Бөз болды ілездемде шырайлы өңің,

Өзгерді ерніңдегі балдың дəмі.
Бетіңе опа-далап жағынасың,
Жасанды сол құрғырды нағыласың?
...Қызғыштай қыз ұятын қорғаймын деп

Қу жүреқ, сонша неге жанығасың?!.

КҮНƏҺАР

Асылдың арзандауы мүмкін бе екен? –
Байқаймын, бүгін құлқың, күлкің бөтен.
Қасқырды көргендейін қойға шапқан
Жүрегім неге сонша жұлқынды екен?..

Сатылған сезім салты салқын ба екен? –
Байқаймын, бұрынғыдан қалпың бөтен.
Қарадай қарап тұрып, қас қағымда
Неліктен қаным ішке тартылды екен?

Түріңнен секем алдым түлкідейін...
Құлқыма құрбан болған күн тілейін!
Намысты наркескендей жарқ еткізіп,
Ұятты жағадан ап сілкілейін!

Ожданның оятайын түртіп шабын,
Алайын Абыройдың сілкіп шаңын!
Көзімнің шарасына қан құйылып,
Жиылсын кірпігіме кілкіп сағым!

Аярдың қақ айырсын кебенегін –
Ұшына у жағайын селебенің!
Қасірет таңбасындай һарам тəнге
Қадалсын көзден ұшқан жебелерім!

Айрылып бас еркінен,
Бақсыға еріп,
Аранын ашқан екен нəпсі-желік.
Аһ ұрған,

Ажал тапқан аяр неме
Астында аяғымның жатсын өліп!!!
* * *
Қыз-қырқынның қып-қызыл ішіндемін,

Өңіндемін,
Біреудің түсіндемін...
Бұтағына Өмірдің қонып алып
Əр жүректе сайрайды құсым менің.

Сайрамайды –
Жылайды, мұң шағады,
Қыршынынан қиылса гүл сабағы.
Гүлді көрсе,

Гүл терген қызды көрсе,
Жұмыр жердің жүрегі жұмсарады.
Жібек қайда бүгінде, Баян қайда?
(Құшағымды, құдай-ау, жаям қайда?)

Қалғып кеткен жерінен оралмай ма?
Ұйықтап кеткен жерінен оянбай ма?
Қайта туып, дүние жаңарар ма?
Заман мынау жарай ма жамағанға...

Қыз Жібек пен аяулы Баянымды
Қыз-қырқынның ішінен таба алам ба?..
* * *
Жазда жаным жаурады, қалтырап тəн,

Əлсіз сəуле жанады əр тұрақтан.
Тəуба айтатын сыңайым байқалмайды
Таңға мынау –
Маңдайын жарқыратқан.

Түн көлгірді таң мөлдір жалғағанмен,
Алмағайып күн кешіп, жан бағам мен.
Уақыттың құлағы тыншымайды
Жалған айтыс,

Залалсыз заржақ əннен...
Селт етпеген сезімі таңғы Азанға
Бұл қалаға бəрібір даңғазаң да.
Қаңғып кеткен қиялды ой қайтарып,

Қалғып кеткен жүректі əн жазар ма?..
Таң түрткілеп ұятсыз түн етегін,
Тағы да бір аңғартты күн өтерін.
Бүгін барлық күнəні жасап алып,

Ертең тегін өсекті гулетемін.
Əлден кейін Күн батып, кеш келеді,
Түн емшегін түрткілеп ешкі емеді.
Tapс бүркеніп алам да тас көрпені

Көрмеген боп жатамын ештеңені,
Білмеген боп жатамын ештеңені...
* * *
Көрінсе əзірейілдей ақ самайым,

Мен неге зарламайын, қақсамайын?
Қалуым қалтарыста жиіледі
Таусылған насыбайы шақшадайын.
Сезімді төзім тежеп, қарғыбаулап,

Жатқандай бас жақта да қар қылаулап...
Баулыған тастүлектей күні кеше
Аулынан көп қызықтың қалдым аулақ.
Арбайтын алдарқатып мұқым жанды

Дүние сылқым сайтан сықылданды.
Қып-қызыл шоғы сөніп темекінің,
Орнында түкке алғысыз тұқыл қалды.
Құдайым қай тілекті қабыл алды?

Жүйріктің қай бəйгеде бағы жанды?
Апталған ай нұрымен алдаспанның
Бүгінде сарғыш тартқан сабы қалды.
Тал түстен ауған шақта күн бесінге

Жүрегім сонша неге мұң кешуде?
Жабыны жарылқағыш жандайшаптар
Жүйріктің қызғанып жүр жүлдесін де.
Ақ жүзі жарқылдаған алмас едік...

Енді не болар екен жанға серік?
Кеудемнің жалғыз ғана жарық шамы,
Жалп етіп сен де бір күн қалма сөніп...
* * *

Қаланың түні – қара орман,
Қаланың түні қоп-қою.
Қап-қара түнге қабарған
Өрт қою керек, өрт қою!

Өртенсін, жансын қара түн,
Жарыққа жарып бар маңай. –
Қапыда жарғақ қанатын
Қаға алмай қалған қарғадай.

Жалынның тілі жаланған
Шарпысын жанды, жараны.
Қасіреттен шашы ағарған
Қаралы сұлу – қаланы

Біз емес, бəлкім, хақ таныр,
Тіршілік тыным тапқанда.
Аспаннан саулап аппақ нұр
Жарасын жалап жатқанда...

* * *
Қабірі қайда Шəмшінің, білесіңдер ме?
Басына барып, бата оқып жүресіңдер ме?
Отыр ма əлде қасында қарақұс қалғып,

Жатыр ма əлде көміліп күресіндерге?
Қабірі қайда Шəмшінің, білесіндер ме?
«Кеңсайды» көзге, жұртым-ау, ілесіңдер ме?
Құрдымға қашқан судайын жоғалып, өшіп,

Жоқ, əлде оған барар жол түгесілген бе?
Қабірі қайда Шəмшінің, білесіңдер ме?
Басына шыбық барғанда тігесіңдер ме?
Жұмақтың жұмсақ жұпарын жататын бүркіп

Жанына əсем не жетсін гүл өсіргенге!
Қабірі қайда Шəмшінің, білесіңдер ме?
Тірлігі барда кім бүкпес тізесін жерге...
Қамыңды жаса, бауырым, қадірің барда,

Қашанғы қалт-құлт күн кешіп жүресің жерде.
Қабірі қайда Шəмшінің, іздедіңдер ме,
Үйде жүргенде ұмытпай, түзде жүргенде?
«Кеңсайға» Шəмші кеткелі ұқсаймыз біздер

Ұзаққа құсын ұзатқан күздегі көлге...

ӨТКІНШІ ЖАЛҒАН

Көңілім қамсау –
Əлдекімді аңсау.
Жаңбырым жауса-ау,
Жұлдызым жанса-ау..

Қимаймын күнді,
Қинаймын кімді?
Жаныма неге
Жинаймын мұңды?

Көңілім қамсау,
Өмірім – шаршау.
Əзірге тəн сау,
Əзірге жан сау...

Жылағым келер...
Мына күн не дер?
Құрағым семер,
Шырағым сөнер.

Көңілім қамсау,
Сезімім самсау.
Жарты өмір өтті,
Қалғаны қаншау?

Жарығым өшер,
Жалыным көшер.
Тағдырым кешпес,
Тəңірім кешер...

* * *
Ағызып өткен аттай даламенен,
Мен кетем...
Қайғы кешіп қалады өлең.

Қара түн қара шашын қобыратып,
Жесірдей мені жоқтап салады əуен:
«Сапарға шықса – саңлағым,
Қатарда жүрсе – Сардарым.

Тірлікте мынау қарға адым
Аз емес еді-ау арманың...
Сана мен сабыр сарасы –
Сары алтын еді-ау салмағың.

«Жазмыштан озмыш жоқ» деген,
Жарқ етіп жанып жалғаның,
Жалп етіп сөнді-ау шамдалың.
Көрдік те көндік, амал не,

Тағдырдың басқа салғанын...»
Қосылар оған иттің ұлығаны,
Ит мұңын ит тірлікте кім ұғады?
Жамалы жадау-жүдеу дүниенің

Жанары жарым түнде жұмылады.
Сонан сон сұңқылдайды байғыз жардан,
Байғұс-ай, байғыз болып қай қыз қалған?..
Аһ ұрып Ай да құлар жер қойнына

Ақ жүзі ащы жаспен айғыздалған.
Мөлтілдеп Көк жүзінде күллі жанар
Кімді іздеп, түн ішінде кімді бағар?
Арудың ғайыптағы көз жасындай

Аспаннан анда-санда жұлдыз ағар.
Қашанғы қара түнге тұншығады? –
Əрлейді аспан жүзін Күн шуағы.
Қолымен əлдекімнің отырғызған

Басына қабірімнің гүл шығады.
Басына қабірімнің гүл шығады –
Тіршілік қайта түлеп, құлшынады!
Ашылған қауызынан қырмызы гүл

Сүйгенде Күн шуағы қымсынады.
Ағызып өткен аттай даламенен,
Мен кетем...
Қайғы кешіп қалады өлең.

Жамылып қара түнді кеп тұрармын
Сағынып, сарғайғанға санаменен...

АРМАН

Мен саған жете алмадым, жете алмадым,
Алыстап сен де менен кете алмадың.
Ебім жоқ, қу тірлікке есебім жоқ,
Есімде сол есептен екі алғаным...

Жете алмай келем саған əлі де мен,
Ей, арман, зарықтырмай жаныма кел!
Ізіңді көрсетпейді Темірқазық,
Жүзіңді көрсетпейді жарық əлем.

Жақсыға жайдақ өмір жарасқан ба? –
Созып тұр көкке қолын ағаштар да.
Қара үзіп қара жерден кете алмадым,
Қайтейін, қанаттының бəрі аспанда.

Көркіңе көрші ме еді Көктем гүлі?
Көп еді көкіректің неткен мұңы:
Көзімнен бір жалт етіп көшер жалған
Мен саған жеткен күні, жеткен күні...

ТƏУБЕ

Түскен сайын есіме бала кезім,
Тұнжыр мұңға тұншығар қара көзім.
Құла дүзді бетке алып құрыр ма едім,
Құбыладай болмасаң, Далам, өзің.

Қалмай жүріп қайдағы тамашадан
Не жақсылық жасадым, Ана, саған?
...Бар-жоғымды жоқтатпай, бас жағыңа
Барып жүрсе жарар-ау бала-шағам...

Сөз ауанын аңғарсам арғылардың,
Сенсіз, Əке, жетіммін, жарлы жанмын.
Қара жердің үстінен əлі күнге
Қабіріңді таба алмай дəргүмəнмін.

Кімге шертіп шерімді таратайын?
Тарыққанда демейді-ау таң атайын.
Əлсін-əлсін түсіме ене бердің,
Айтпақ па едің əлдене, ағатайым?..

Саңылаудан сығалап жарық ене
Жадырайды ақынның жаны неге?
Қабір де сау, төбеде Тəңір де сау,
Шүкір, шүкір, мың тəубе бəріне де!..

БЕСІК

Баршаға бұл фəнидің бəсі қымбат,
Бақыттың қойған қайғы басын улап.
Ойлауға уақыт көп оңашада,
Ойнауға уақыт жоқ жасырынбақ.

Өлген соң жұмақ болса баратының,
Қаңғырып қайда қалмақ қара түнің?
Тамұқта, ұмытпайық, Тайқазанның
Астына лаулатып от жағатынын.

Жұмағың жұмбақ болса, несі жұмақ?
Одан да жарық күннің есігін қақ.
Жанары сөнбеуі үшін бұл жаһанның
Барамын тозаққа да бесігімді ап!

* * *
Апырай, мен бұл күнге қалай келдім?
Тағдырдың тауқыметін талай көрдім...
Тірсегін қақпан қиған қасқырдайын

Жарасын жүрегімнің жалай бердім.
Апырай, мен бұл күнге қалай келдім? –
Самсаған шамдалдары Сарайға ендім.
Сарбаздай сап түзеген сансыз күнді

Сардардай саусақ бүгіп санай бердім.
Санда бар, санатта жоқ сол күндерді
Көңілден қайта өткізіп көргім келді.
Желігін жел кеулеген жезөкшедей

Дүние көрген сайын көлгірленді.
Басы ма, кім біледі, егделіктің,
Жасы ма жоқ əлде бұл пенделіктің.
Жапаннан жан сауғалар жай таппаған

Жай-күйін сезгендеймін енді Еліктің.
Апырай, мен бұл күнге қалай жеткем?
Өтіпті-ау талай жаз бен талай көктем...
Түндігін көңілімнің түріп қойдым

Қиылып қарай ма деп жаңа Ай көктен.
Апырай, мен бұл күнге қалай жеткем?
Ақ қырау қонып жатыр самайға еппен...
Пердесін тереземнің айқара аштым

Таң күліп қарай ма деп тағы əйнектен.

БОЗТОРҒАЙ

Алтын шапақ шашқан шақта Күн тауға,
Бір Бозторғай шығып алып шырқауға,
Таң бозынан тамылжытып тəтті əнін
Тағдырына айтады екен мың тəуба.

Сол Бозторғай көкке жіпсіз байланған
Тағдырыма, таланыма айналған:
Көкірегімді əуез тербеп, саз кернеп,
Қалықтаймын,

Жалықпаймын сайраудан.
Бозторғайы болған соң да даланың
Бозаң белде боздатып əн саламын.
Жан əкемнің мейірінен жаралып,

Ақ сүтіне жарығанмын ананың.
Бұтағына қонып алып ырғайдың
Жарық күнді жағым талмай жырлаймын.
Əнмен тербеп бейбіт күннің бесігін,

Шыбын жаным шырылдап бір тынбаймын.
Əнмен жалғап аралығын жер, көктің,
Тіршіліктің талбесігін тербеттім.
Омырауын қоңыр əуен иіткен

Боз даланың қоңырауы – мен деп біл!
Алтын шапақ аптағанда тау шыңын,
Баурайында балбырайды бау шырын.
Мен – бабаның сынығымын бір асыл,

Мен – даланың сыңғырлаған даусымын!
Алақанға салып алып жүрегін,
Арда өскен арлы ұлыңның бірі едім –
Алдыңда тұр Бозторғайың шырылдап,

Амандығын сол құсыңның тіле, Елім!
* * *
«Поэзия!
Менімен егіз бе едің?

Мен сені, сезесің бе, неге іздедім?..»
Мұқағали
О, Құдірет!
О, Өлең!

Қалай қиып кетем сені өлгенде?
Шыныменен жан екем ғой шерменде.
Сенің үнің естіледі желден де,
Сенің мұңың естіледі көлден де.

Қайың жылап сала берер теңселіп
Қара аспаннан қара бұлт төнгенде,
Кірбіңденіп Күн ұяға енгенде.
Дауыл тұрса, сенің ғана тіліңмен

Телегей де тебіренер өркеуде!
О, Құдірет!
О, Өлең!
Саған ғана санам сазып сиындым,

Əлемге ашып мың қатпарын миымның.
Көктем гүлдеп, дүние дүрлеп жатқанда
Көктен нұр боп көкірегіме құйылдың.
Құйылдың да қыздай күліп қиылдың,

Жамалыңды жат көзіне қия алмай,
Сүмбіл сұлу сиқырыңа сүйіндім.
Қырда жүрген қызыл көйлек қыздайын
Ырғағыңмен ырқымды алдың, үйірдің...

О, Құдірет!
О, Өлең!
Сен екенсің ақ қанатты Пырағым!
Тұла бойға құйылғанда бір ағын,

Білмей қалам: аспанда ма, жерде ме,
Қайда екенін тұрағым.
Сен екенсің жəне де
Алтын шамдал – шырағым.

Көк қанатты көбелектей көзіңше
Құзырыңа күйіп-жанып құладым.
Құладым да жыладым.
Жылап жатып шапағатшыл Құдайдан

Шабыт, шафқат сұрадым...
О, Құдірет!
О, Өлең!
Сенсіз өмір өмір емес – жəй ғана.

Құшағыңа ал,
құшырлан,
сүй,
аймала!

Қараңдаршы, қандай ғажап Дүние?!
Қараңдаршы, қандай ғажап айнала?!
Жұлдыздармен жұмақжайда жүздесіп,
Созсам, қолым жететіндей Айға да!

Аспан жаққа ұшып кеткен екен-ау
Қыз Жібек те, Лаура, Баян, Лəйла да!..
Жұлдыздарға қызықпайды қай дана,
Жұлдыздарға қызықпайды қай бала?

Қолдан келсе, арғымақты байлама,
Арғымақтың атажұрты – айдала!..
О, Құдірет!
О, Өлең!

Құйыла бер өнбойыма төбеден!
Сен көмбесің келе жатқан көнеден,
Сен көрмесің сөйлеп тұрған сөреден.
Ендеше мен неге өлем?:

Кетпеймін де,
Көктеймін де,
Көгерем!
...О, Құдірет!

О, Өлең!..

Балауыз шам…
Ымыртта өшіп-жанған,
Бір тал гүлім қара жер төсін жарған.
Жазға ілескен көктемім күзге ұласып,

Көз алдымнан барады көшіп жалған.
Көк түтінге тұншығып түйдектелген,
Үркіп ұшып барады үйрек көлден.
Қай тұйыққа бір күні тірелерсің,

Қайран менің жолдарым иректелген?..
Күрең, күлгін құп көрмей күз іреңін,
Тырналардың соңынан тізілемін.
Бір түнінен бір түні түнеріңкі

Кірпігінен мұңлықтың үзілемін.
Қаперге алмай ілкі үміт, ізгі арманды
Қарашаның қабағы ызғарланды.
Қолаң шашы қобырап қош иісті

Қыр астында қырмызы қыздар қалды…
Бəрі қалды: көктем де, жаз да, қыз да…
Тайғанайды табаным сазда, мұзда.
Қара күйе қазанның қаспағындай

Кім қарайлар қақпақсыз қазбамызға?
Өткірменен өзегім тілінгендей,
Өттім, кеттім өмірден тыным көрмей, -
Сəби ғана күнəсіз бұл жалғанда

«Калимаға» бір ауыз тілім келмей.
Балауыз шам –
Балауса талдай гүлім,
Ғұмырыңды таң атса жалғайды кім?

Еріп бара жатқаның қандай қиын,
Сөніп бара жатқаның қандай қиын…

АВТОПОРТРЕТ

Көкейімде – мың арман,
Көкірегімде – Шырағдан.
Тағдырыма тəнтімін
Жоқтан-бардан құралған.

Жоқ демеймін, бар деймін:
«Су ішемін, қар жеймін»
Түрлі-түсті бояумен
Арманымды əрлеймін.

Ел жайлауға көшкенде,
Ой бағамын төскейде.
Қиялымды тұсаулап
Көрген емес еш пенде!

Күн нұрынан жаралдым,
Таң нұрымен таралдым.
Аңыз бенен Ақиқат –
Қос анары анамның.

Желмен бірге есемін,
Бұлтпен бірге көшемін.
Мынау байтақ, ұлы өлке –
Өз үй, өлең төсегім!

Қауметі үшін аз күннің,
Қай пендені жазғырдым?
Көп ішінде – жалғызбын,
Жалқы ішінде – Мəжнүнмін.

Мəжнүндіктің азабын
Жеткізе алса ғазалым:
Пенде алдында адалмын,
Алла алдында тазамын.

* * *
Ілуде бір көгінен Күн шығатын
Мен боламын қазақта мұңшыл ақын.
Төңірегін түн қамап, түнек торлап,

Тұншығатын,
Жарыққа құлшынатын!
Өлең өксіп,
Аққудай əнім жылап,

Жаратқаннан тілейді жаным жұмақ.
Қараша үйде қан жұтып жатсам-дағы
Хан, сұлтаннан кем емес халім, бірақ!
* * *

Жараспаған дəм-тұзы жердегімен,
Жарым көңіл ақынның менде бірі ем.
Қара түннің қойнына еніп кетсем,
Ертегіден аумаған елде жүрем…

Қара түнде қалғыған ертегі елі,
Алып кетсең қайтеді ерте мені?
Хақ жолына тəрк етіп хан сарайын,
Жан сарайым қалайды жертөлені.

Жертөледе шомылып шам нұрына,
Шайхыларша тəубе айтсам тағдырыма…
Жан-ділімді алдына жайып салып,
Жаратқанның тəн берсем жарлығына.

Қайта туып,
Кім қайта жаңғыра алды?
Арты өкініш, өмірдің, алды мəңгі.
Жарым түнде жас алып жанарыма,

Жуып-шайсам дəргүмəн бар күнəмді.
Мінəжəтім жалғанып жерден көкке,
Ай астында бесігім тербелмек пе?!
Жазмышынан озмышын жаңылдырып,

Я, Жаратқан, пендеңді шерменде етпе!..
Əкем жоқ деп несіне шер төгемін?
Ана алдында аз ғана еркеледім.
Жаратқанға дауысым жетер, бəлкім,

Жалбарынсам ішінде жертөленің…
* * *
Бұл өмірде бəрі жаңа, бəрі ескі!
Адамдардың бəрі дана, бəрі есті!

Қайтқан қаз ба, кеткен қыз ба, кім білсін,
Алты қырдан асып барып əн өшті…
Қара жерді езіп-жаншып қара аспан,
Қалта түбі - ұн қағылды шанаштан…

Наным қайда бұрқыраған иісі?
Əнім қайда алты қырдан əрі асқан?
Оралмаса оралмасын кеткен қыз,
Тауқыметі таусылмайтын неткен күз?

Өткенді айтса, көзге ұялап көлгір жас,
Көктем қайтса, қайта түлеп көктерміз.
Əр қабірдің аясында – Айқұлақ,
Бізден гөрі онда тыныш, жайлырақ.

Өне бойын дерт жайлаған қоғамда
Жаным жара,
Бағым қара,
Қайғым ақ…

Иə, иə, кейде қара, кейде ақпын,
Қоңыр мініп қорымда ұйықтап,
Қой бақтым…
Өне бойын құрт жайлаған қоғамда

Бейбіт күнде бейнет шеккен бейбақпын.
Ақыр-тақыр,
Заманақыр,
Күн ғайып…

Көлеңкеміз келе жатыр ұлғайып.
…Өткен күннің мөлдір кешін еске алып,
Жеткен күннің «желдірмесін» тыңдайық.
* * *

Тағдырымның тəтті уын таттым мен де –
Таң алдында талаурап баттым көлге.
Бармағымды шайнаған күнім қанша,
Арманымды айта алмай ақ түндерге?..

Батқан көлдің тұншығып түбінде мен
Күндеріме қош айттым күлімдеген.
Айналамда қаптап жүр алтын балық
Қармағыма кешегі ілінбеген.

Көл түбіне баттым мен оралмасқа,
Енді маған өмір жоқ одан басқа.
Фəни көркі көңілден көшеді екен,
Көз алдымда «бар» менен «жоқ» алмасса.

Көштім мен де көп кеме шөккен көлге…
Мен көшті деп дүние шектелген бе?:
Сарала күз,
Сары аяз,

Сарша тамыз,
Бізден сəлем айтқайсың көктемдерге…
* * *
Өлсем – елеспін,

Көмсең – дөңеспін.
Келсем, неге өлдім?
Өнсем, неге өштім?
Ұрық салдырдым,

Ұрпақ қалдырдым.
Қыршын пендемін,
Тылсым тағдырмын.
Жаным сапарда,

Тəнім қатарда.
Бағым баһарда,
Балым заһарда.
Түзде өрісім,

Күзде жемісім.
Бойда салмағым,
Ойда кенішім.
Жерде мүсінмін,

Көкте құсыңмын.
Күндіз – көлеңкең,
Түнде – түсіңмін.
Өмір – базарым,

Өлім –ажалым.
Қағба – бағытым,
Алла – назарым.
* * *

Көрген түсі жақсылыққа жорамал,
Таңнан тұрып оятатын жоқ анам…
Жалғыз аяқ қара жолға түсіп ап
Мен де бір күн көкке сіңіп жоғалам.

Періште емен,
Пендеңіз де емеспін –
Еміс-еміс еске түсер Елеспін.
Көктемеде қызыл-жасыл гүлдермен

Қырқасына өніп шығам белестің.
Мен анамның,
Анам менің аңсарым.
Арман, мұңы осы шығар баршаның.

Қайтқан құспен қайта келіп қалар деп,
Қарай-қарай көкжиекке шаршадым.
Болмашыға қуанған да жұбанған,
Баламын ғой ана алдында тым аңғал.

Қайтер едім,
Толған айдай толықсып
Түн ішінде шыға келсе тұманнан?!
«Анам, – дер ме ем, –

жаным, анам, жан анам,
Жай- күйіме Сіздей кім бар қараған?
Сізбен бірге бұл жалғаннан жоғалам,
Сізбен бірге бұл жалғанға оралам!..»

О, Жаратқан!
О, Құдірет!
О, Алла-ай!
Ақ жаулығын қалдым тағы көре алмай,

Анашымның ақ жүзіндей дөңгелеп
Ақ тұманға қайта сүңгіп жоғалды Ай.
Жүрегімді жөргегіндей ораған
Əлдеқайда қалқып ұшты орамал.

Жан-ділімде қалып қойды жалғыз үн:
«Айналайын, айбозымым, бол аман…»
…Көрген түсі жақсылыққа жорамал
Таңнан тұрып оятатын жоқ анам.

Жалғыз аяқ қара жолға түсіп ап
Мен де бір күн көкке сіңіп жоғалам…
* * *
Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?

Құбылады дүние, құбылады.
Шырай беріп Шығысқа шыққан Күнім
Неге беттеп барады құбыланы?
Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?

Суынады,
Тіршілік жылынады…
Теріскейден жел соқса тентексұрлау,
Терегің де теңкиіп жығылады!

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қу құлқынға неге адам құнығады?
Құрық салмас тағдырмен тайталасып,
Құла дүзде дауысым құмығады.

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қашан көңілім тыншиды, тынығады?
Күмəн жұтып қойғандай үмітімді,
Тұман жұтып қойғандай шұғыланы…

Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Айы қайда аспанның?
Күні кəні?
Кімге ұнайды –

Құдайдың құтты күні
Көкке қарап көңілдің ұлығаны?
Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
Қайда əлемдік ағынның ұлы мəні?

Сезім қашан қалғиды сезіктенбей?
Көзім қашан ұйқыға жұмылады?
…Бұл өмірдің қыр-сырын кім ұғады?
* * *

Жасымнан кешкен,
Басымнан көшкен, дəуренім,
Көгілдір кештен
Көкейді тескен сəуле едің.

Өттің де кеттің…
Өңінде көктің саң қалды.
Қайтейін мынау
Қадірсіз, құнсыз жалғанды?!

Жанары сүттей,
Жарығы жіптей Ай қайда?
Өңірді тұман,
Көңілді күмəн жайлай ма?..

Жаным дір етті,
Жарым түн өтті… Таң ұзақ.
Көгімде-сағым,
Лебімде-жалын, аңызақ.

Халімді хатқа,
Жайымды жатқа білдірмей,
Жазмышқа көніп,
Озмышқа сеніп жүрмін ғой.

Жасым ба аққан? –
Аспани жақтан сырғыды Ай.
Көгенде – көзім,
Медет бер өзің, бір Құдай…

ЕКІ БАЙЛЫҚ

Бір басыма екі байлық бұйырмай,
Қашқан Бақыт қанды ойнатты-ау құйындай!
Тұнығыма түкірем де түңілем,
Тұлыбына мөңіреген сиырдай.

Пенделіктің пейілінен аса алмай,
Кенделіктің қалыбынан қаша алмай,
Əлденеге алаңдаймын абыржып,
Əлдекімнің əбілеті басардай.

Ібілістің жетегіне ергендей
Шеке тұсты шерткілейді шерменде ой.
Желігімді баса алатын түрім жоқ,
Желке үзіліп, жеті қабат жерге енбей!

Тəңір көзі түссе екен деп бір маған
Тыным таппай тырбанам да…
Құр қалам.
Кім болды екен қызылымды қылғытқан?

Кім болды екен қызығымды ұрлаған?
Екі байлық: бірің - өгей, бірің - жат,
Екі жақтан есімді алдың ырылдап.
Ертелі-кеш арасында екеудің

Жазған басым жай таппай жүр шырылдап!..
* * *
Күмəнім жоқ –
Асады күнə бастан!

Кімді көрдің Құдайға құлақ асқан?
Өзегіме өрімтал құрт түскелі
Өзіме-өзім келемін ұнамастан.
Өзімді-өзім тап басып, танығалы

Қамкөңілім Қараспан жамылады.
Жаратқанның алдында жазған басым
Қашан, қай күн ағынан жарылады?
Жанды жегі,

Кеулейді ішімді ірің.
Ұясынан үркітті құсымды кім?
Жұртта қалған немедей жұтқа ұшырап,
Қыңсылайды кеудемде қысыр мұңым.

Жұмбақ арман жылатқан жесірдеймін,
Құмда қалған керуеннің көшіндеймін.
Жаратқанның дауа іздеп дəргейінен
Қай күнəмді кеш деймін, кешір деймін?

Күнəм қалың,
Титтей де күмəнім жоқ!
Жайлап алған ішімді ылаң, індет!
Көк жүзіне көз сүзіп, телміремін

Жаратқаннан кешірім сұрағым кеп…
Сатып алған аурудан кім айықты?
Өзімді-өзім жек көрсем, кім айыпты?
Қара басын хан қылған қайманаға

Қандай жаза, Құдай-ау, ылайықты?
Күмəнім жоқ –
Асады күнə бастан!
Кімді көрдің Құдайға құлақ асқан?

…Жаратқанның көзіндей,
қайда барсам,
Кірпік қақпай, міз бақпай тұрады аспан.

ТЕРІСҚАҚПАЙ

Шатпағы шатты-бұтты, шала-бұла,
Шаруам жоқ шарлатанда ала-құла.
Қанша ақын қайтып кетті дүниеден
Қайғы мен қан ұйытып қаламына…

Қанша ақын қабірінде ұмыт қалды,
Қанша асау қу мойыннан құрықталды?..
Қай шортан қарағайдың басын шалып,
Қай заман қайта туды Ұлықпанды?

Көзге атса Ажал-мерген құралайды,
Құлжаңыз құздан қалай құламайды?!
Қай қазақ бұлдап жатыр бұл өлеңді?
Қай қазақ тыңдап жатыр ұлы Абайды?

Ханнан да,
Қайыр қашып қарадан да,
Құлагер құт болмай тұр аламанға.
Балталы Батырашың сөз бе, тəйірі,

Қалталы қазымырға қарағанда!
Аунақшып төсегінде ақын дара,
Төрде отыр төс кеміріп əкім-қара.
Салмағы сары алтындай қара сөздің

Қадірін қайдан білсін қатын, бала…
Иə, солай,
Солай, солай, тасбауырым,
Мазамды майқандады-ау мас кəуірің!..

Қайтесің «қу ағашты» тыңқылдатып,
Одан да Батыстың бір баста əуірін!!!

САЯСАТСЫМАҚТАРҒА

Бұра тартып,
Бұлдаған бірдемесін
Кісімсінген немелер кімді елесін.
Саясаттың сары езу сабаздары,

Бір сөзіме тати ма күллі егесің?!
Тікенектей қылтиған тірі Елесім,
Сонша неге шалқайып, шіренесің?
Білмейсің-ау, білмейсің,

Тəж бен тақтың
Алла сыйы алдында түк емесін!
Сайлы сая,
Жайлы орын,

Жүйрік көлік..,
Құзырыңнан түспейсің құйрық көміп.
Тас төбеңнен, қайтесің, тау құласа
Жаратқаннан бір күні бұйрық келіп?

Айтөбелім,
Болмаса Бəйтерегім,
Қабағына қараймын қай «төренің»?
Осы отырған бойыңда ұрмай-соқпай

Қағып алсам жыныңды, қайтер едің?!

МЕРЕЗ

Апырай, тəубең қайда, тəубең қайда?
Алла емес,
Алтынға есің ауғандай ма?
Ынсапсыз ындыныңа ырық берсең,

Ауылы адалдықтың жауланбай ма?!
Апырай, сотың қайда, сотың қайда?
Төріңде Төбе биің отырмай ма?!
Қара бұлт - Қарымбайға қалың мал ма,

Қара жер - қағынғанға тоқымдай ма?!
Апырай, сыртың Хандай,
Ішің қандай?
Қаймана қарап тұрып қысылғандай!

Құлқыңа құлай сенсем жазығым не,
Құдайын құлша сүйген мұсылмандай?
Жастыққа тимей жүрген жар құлағы
Жапагер жарлы көңіл қан жылады.

Қанішер көз алдымнан кетпей қойды
Қандатқан аққу-қазбен қанжығаны.
Жан менен жайлап алып шер денені,
Мерт етер мені де ертең мерген оғы…

Жүре бер жұп жазбастан көлеңкеңмен,
Тірідей көміп тастап көрге мені!

СЫЗДАУЫҚ

Құдай құстай ұшырғасын,
Құлын мүше қыздайсың.
Сыздауықтың ұшындасың –
Сыздайсың-ау, сыздайсың.

Кейде «Алайдың» өзбегіндей
Қармақ тастап тұрасың.
Кейде адайдың сөздеріндей
Қақ маңдайдан ұрасың!

Қарап тұрып қағынасың,
Су шыққандай астыңнан.
Қашан, қай күн жарыласың,
Бітеу жарам, асқынған?

Аз болғандай мекерлігің,
Таусылмады-ау шолжаңың.
…Сыздауықтан бетер бүгін
Солқылдайды сол жағым.

МІСКІН

Сыртыңнан ептелесің,
Ішіңнен жек көресің.
Тесіктен сығалайсың,
Есікке кептелесің.

Сыналап жұрт арасын,
Сыбырлап мін тағасың.
Тұманмен тұмшаланып,
Бұлтпен қымтанасың.

Күдік пен күмəн ішің,
Бүлік пен ылаң ісің.
Сайтанның сапалағы,
Сайқалдың сыңарысың!

Сырықтың сынығысың,
Қулықтың құрығысың.
Жансыздың ұрпағысың,
Жантықтың ұрығысың!

Бетпе-бет келе алмайсың,
Келсең де жеңе алмайсың.
Өзгені былай қойып,
Өзіңді неге алдайсың?

* * *
Аттан түскен мырзадай,
Құздан түскен құлжадай,
Құзырына Құдайдың

Құлдық ұрған қу жан-ай!..
Ойға шомған шоқыдай
Ғұмыр кешкен екіұдай
Тор ішінде торыққан

Қайран, менің Тотым-ай!..
Жарық күнге жарымай,
Тас түнегін танымай,
Тар қапаста қамыққан

Қайран, менің жаным-ай!..
* * *
Күннен күдер үзбедім,
Үмітімді үйірлеп.

Түннен қайыр іздедім,
Омырауы иір деп.
Таң бозынан оянған,
Бозторғайдың шырылы-ай.

Сары түске боялған
Сарғалдақтың түрін-ай…
Үр жамалы Үркердей
Аққу жəйі көлге аян.

Жабығыңды бүркенбей,
Жазған жүрек сен де оян!..

ТҮРМЕ

«Бұл өмір абақты ғой саналыға»
Мағжан
Мен күнде түрмедемін, түрмедемін,
Ұқсайды күзгі күлгін гүлге реңім.

Үміттің Үркеріне иек сүйеп,
Күдіктің үйшігінде күн көремін.
Сыныққа сына қақсам сыр жасырмай,
Бір емес, халім менің күнде осындай.

Қара түн қара киген мұңдасымдай,
Қара орман қасіреттің сұлбасындай.
Ішіне құйылғасын ақ қорғасын
Ілбиді иығымда батпан басым.

Жұмағын жұт жайлаған мына жұртта
Сыр, Аму – екі көзден аққан жасым.
Түтіні түңлігінен бұрқыраған
Түрменің іші-қапас, сырты - қамал.

Жайлайды көкіректі жəдігөй мұң
Жетімдей жеті түнде шырқыраған.
Өтпейді досқа ақылым, жатқа амалым,
Жетпейді жерде тұрып Хаққа зарым.

Ақпанның аязында үсіп-тоңып,
Аптаптың алауында қақталамын!
Пенденің құны жоқта, мұңы көпте
Үміттің ұшады екен күлі көкке!

Шіркін-ай, арман бар ма, əзіз басым
Түрмеден түсер болса қылуетке…
* * *
Мен Тазы бола алмадым жылмаңдаған,

Жылдарға жете алмадым жылдамдаған.
Соңынан қу түлкінің қуамын деп
Несіне құла дүзде құрбан болам?
Бүгінде Тазы қайда?

Түлкі қайда?
Заманның,
Адамның да құлқы майда.
Қашқанды, қуғанды да құтқармайтын

Тазыңыз жел қанатты жылқыдай ма?
Жылқысыз бұл қазаққа ұйқы қайда,
Өңгесі – өнбес қиял, қиқым ой ма?
Тазының баптағаны – төрт аяғы,

Түлкінің оққағары – сиқыр, айла.
Сиқырға сеніп келдік,
Айлаға да.
Сенбесек сергек көңіл жайлана ма.

Шіркін-ай, бір жүйрікке мініп алып
Кəнеки, тартып кетсең айдалаға!..
Шығарып қансорпасын сол күліктің,
Ішіне еніп кетсем мəңгіліктің…

Жан даусы жапандағы жарықтықтың
Жадында қайталанса Жаңғырықтың!
…Тазы ертіп,
Жүйрік мінген шағым қайда?

Зар болып қалдым ба, əлде, Қарымбайға?
Алдыңа қарай жүрші, ей, қарағым,
Көзіңе Түлкі – заман шалынбай ма?..
* * *

Ай қараңғы, күн бұлт кешесі мен
Сайтан көрдім Саинның көшесінен.
Сайтан көрдім би билеп отты айналған,
Қара түнде көздері шоқтай жанған!

Сайтан көрдім сандарын сабалаған,
Əр дарақтың түбінде балалаған.
Көзді арбайды,
Ымдайды,

Қас қағады,
Жанарымен жадылап тастағалы!
«Көрсең, осы, – дегендей, – мүсін, денем»
Көздерін-ай сайқалдың ішіп-жеген!

Тар лыпадан шыға алмай бөксе, белі,
Тақылдайды тас жолда өкшелері.
Ерінінде емексіп мысқыл, мазақ,
Жанарынан ұшады ұшқын ғажап!

Жетегіне көндіріп небір дөйді,
Желіккірдің етегін жел үрлейді.
Серісінген Серкені Ешкі алдайды,
Есекдəме еркекте ес болмайды:

Қалқаларға – бояған шаш, тырнағын
Түсіп жатыр топырлап Қасқырларың!
Азған азбан несі айып Сайтанға ерсе?
Азынайды айғыр да байтал көрсе…

Адыра ғап күндіздің күллі азабы,
Таң атқанша қызады түн базары!
…Ай қараңғы, күн бұлт кешесі мен
Сайтан көрдім Саинның көшесінен.

АҚЫРЗАМАН

«Кім еді осы, əкесі ме еді:
«Аяғы дүниенің ырың-жырың» деген?..»
Ə.Нұрпейісов, «Соңғы парыз» –
Жəдігердің монологы.

«Аяғы дүниенің ырың-жырың…»
Бұл өзі айтқан сөзі бұрынғының.
Ай, Күнді қоса жұтқан айдаһардай
Аспанның көрмеймісің бұлыңғырын?

Көктегі жұлдыз қайда жамыраған?
Қой да жоқ,
Қозы да жоқ маңыраған.
Мың шүкір,

Мың бір мəрте тəуба делік –
Көктегі Тəңір алаң,
Өмір аман…
«Аяғы дүниенің ақыр-тақыр…»

Басыңды, бармын десең, қатыр батыр!
Астында аяғыңның ақыл жатыр!
Астында аяғыңның пақыр жатыр!
Басың ба?

Боз басың ба? – дəніз қалбыр.
Жасың ба?
Көз жасың ба? – əлсіз жаңбыр.
Ішінде Жансарайдың Ібіліс жүр!

Ішінде Хансарайдың жансыздар жүр!
«Аяғы дүниенің опыр-топыр…»
Сот та отыр,
Содыр да отыр,

«Соқыр» да отыр.
Алқасы кəрі ананың – кəкір-шүкір,
Арқасы замананың қотыр-қотыр.
«Аяғы дүниенің астаң-кестең…»

Сыймай жүр қара жерге қашқан, көшкен…
Бақилық жалмап, қармап жұтып жатыр
Фəнидің қас қағымын бастан кешкен!
«Аяғы дүниенің…» – қап-қара түн!

Сəріге сəуле қайда ап баратын?
Аққудай жанталасып жатыр Дүние
Жайып ап қара суға ақ қанатын…
Жарықты ала алмаспын Айдан сұрап,

Апыр-ай, жанар екен қайдан шырақ?
Өңімде өңешіме оқтау тығып,
Түсімде атып тұрам майдансырап!!!

ҒҰМЫР САЗЫ

Той да өтер,
Қызық та өтер,
Думан да өтер…
Арқырап ағар Уақыт судан бетер.

Құбылған дүниенің қыр соңынан
Құс салып,
Құрық алып қуған жетер.
Зулайды жел де, жыл да зымырандай,

Қозғалса қозатұғын жыны бардай!
Кемең де кемерінен шайқатылып,
Емен де екпінінен жығылардай!
Бəрі өтер:

Сауық та өтер,
Сайран да өтер…
Бақ-дəулет баяны жоқ байдан кетер.
Жыртығы көңіліңнің қырық жамау,

Білмейсің келетінін қайдан қатер.
Демейсің: «Сайран бекер, сауық бекер»,
Қарасын көрсетсе де қауіп-қатер.
Танымай тəңіріңді жүргеніңде

Тал түстен Күн бесінге ауып кетер.
Тал түстен ауатынын Күн бесінге
Тəңірін танитындар білмесін бе.
Атқан таң, батқан күннің іргесінде

Күндерге күн ілесіп, жыл көшуде.
Көшуде бəрі, бəрі…
Ел де, жел де.
Көшеміз бұл жалғаннан сен де, мен де.

Көрінер Жер пейіш боп періштеге,
Көрінер көк жұмақ боп пенделерге.
…Көшеміз бұл дүниеден сен де, мен де…

ӨТТІ ӨМІР…

«Өмір дегенің – бір күндік сəуле екен ғой…»
Мұқағали
Өтті өмір нөсерлетіп, жауындатып,
Селдетіп,

Борандатып,
Дауылдатып, –
Күнімді күркіретіп, дүркіретіп,
Жүгімді жүрген сайын ауырлатып.

Өтті өмір алай-дүлей қас қағымда,
Жай ойнап жазатайым аспанымда.
Ажалым аңдып отыр аяқ жақта,
Кемпірім қалғып отыр бас жағымда.

Жанарым жасаурайды əлденеге…
Жаратқан жан-денеге əл бере ме?
Шапағын шашыратып шартарапқа
Құдай-ау, тағы да бір таң келе ме?!

Құдай-ау, тағы да бір күн келе ме?!
Күн көзі зіл денеге нұр бере ме?
Тұншығып кеудемдегі сəби сəуле,
Тіршілік келмей жатыр тілге неге?

…Өтті өмір,
Амал қанша,
Шарам қанша.
Қай заман қайта туып, жаралғанша?..

Келмеске бетім бұрдым,
Не тындырдым?
«Той тарқар, – деген бар, – таз таранғанша».
Өтті өмір…

ƏУЕЛЕП ҰШҚАН АЛТЫ ҚАЗ…

Өрмектің жүзін аудардым,
Өрмектің жүзін…
Көзімнен ұшты көктем, жаз,
Төрлетті күзім,

Əуелеп ұшты алты қаз,
Əуені мұңлы,
Əлдиін айтып тентегін тербетті қызым.
Шақырмай келген Қонағым татардан жаман,

«Шаршадым, – дейді, – шалдығып», –
Отарбам маған.
Халімді қайтсін, құдай-ау, қарашадағы
Жанымды жалмап,

Қанымды қотарған заман.
Əуелеп ұшқан алты қаз,
Қайда беттедің?
Көзіңнен бал-бұл ұшты ма Лəйлə-Көктемің?

Өмір дегенің осы да –
Өлшемді сəтте
Ойға кеткенің белгісіз, сайға кеткенің…
Əуелеп ұшқан алты қаз –

Алты мұңлығым.
Самарқау күздің сездің-ау салқынын бүгін.
Өзім де төрден қуа алмай жайсыз Қонақты,
Өзім де өрге шыға алмай… алқынулымын.

Əуелеп ұшқан алты қаз…
* * *
Жігіттің жалқау келер жамбасшылы.
Алтын мен күміске аян алмас құны.

Өзектен өніп шыққан өрімталдай
Жақсының қандай жақсы жалғастығы?!
Жігіттің сертке серік сергектігі.
Көрінер көзге көркем жер көктігі.

Бабаның аруағы аунап түсер,
Баланың уілдесе жөргекте үні.
Жалғанда жамандар көп, жақсылар аз.
Аулада тауық көп те, тапшы қораз…

Жетпейді миғұлаға айтқан сөзің,
Өтпейді байшікеш пен бақсыға наз.
Жігітті көш бастаған Серке делік,
Жанында жары жүрер еркеленіп.

…Атар таң, батар күннің арасында
Не жетсін кеш кеткенге, ерте келіп…
* * *
Тағы бір гүлім солды ғой,

Тағы бір күнім өлді ғой.
Баяғы қазақ - сол қазақ,
Баяғы Құдай – сол Құдай!
Қанша жыл салдым араға…

Жаңарған – жалғыз замана.
«Ананың көңілі балада,
Баланың көңілі далада».
Алтын ба,

Жез бе,
Қола ма –
Көргенге көңіл тола ма?
Əурелі күндер қала ма?

Сəулелі күндер бола ма?
Қанаты сынық, Шағала,
Сабала көлді, сабала!
Шағала – менің көңілім,

Түсесің қашан сабаңа?
Көз сатпай арғы жағаға,
Жағадан арғы Далаға,
Барыңды сен де бағала,

Жоғыңды сен де шамала.
Сарайдың іші самала,
Маңайдың түсі сарала.
Салбауыр бұлт, салқын күз

Санаға салмақ сала ма?..
Тұз сеуіп жанды жараға
Жағадан жауым ала ма?
Кəззəптің кəсіп, нəсібі

Азаптың алды ғана ма?
Саламын сауал данаға,
Саламын сауал санама:
Біздің де жүйрік шаба ма?

Біздің де жұлдыз жана ма?
Маңайды маңғаз шолғымай,
Қарайды көктен солғын Ай.
Баяғы қазақ - сол қазақ,

Баяғы Құдай – сол Құдай!
* * *
Күрсініп салдық…
Неліктен, неге күрсіндік?

Түбіне түннің түсіп кетті ме бір Шындық?
Селк ете қалып неліктен, неге қымсындық?
Елп ете қалып Елеске қолды ұмсындық.
Түбінде түннің тұншықса қайтем Шындығым?

Жындының кейпін кешетін, бəлкім, күн бүгін?
Ағарып таңым… ашылса екен түндігім,
Омалып барып оңалса екен тірлігім.
Күрсініп салдық…

Жатыр ма екен іште мұң,
Еңіреп тұрып ернімді неге тістедім?
Су екен десем…
У ма еді ұрттап ішкенім,

Апыр-ай, Алла-ай, қандай бір күйге түскемін?
Не болып жатыр Адамда?
Мынау ғаламда?
Тайғанап кетсем табанға тіреу табам ба?

Тар жолда, əлде, тағдырым түсіп талауға,
Шындықпен бірге жұтылып кете барам ба?..
* * *
Денем – шоқ,

Дегбірім жоқ,
Дертім – Өлең.
Кезім көп көше кезіп тентіреген.
Антымен алдаспанның Ажал келсе,

Семсердің өмір сүрем сертіменен!
Өрт тамған өнбойына өзегінен
Ақындар келіп-кетер кезегімен…
Қамалды қабағыммен бұзып-жарып,

Жаманды жазалаймын сөз оғымен!
Кездейсоқ кез болғандар сөз оғына,
Аттанар ақыреттің тозағына.
Жан-ділін жаһаннамға жөнелтерде

Жаһил де көз салмайды жазалыға.
Айналып өлең – дертке,
Дерт – өлеңге,
Арманда шермендеше шер төгем де.

…Жалғанға жалғыз ауыз тіл қата алмай
Жатармын мен де бір күн Жертөлемде…
* * *
«Кеңсай» мен Кент арасы таяқ тастам,

Алдыңнан аруақ шығар, аяқ бассаң.
Асырып айла-амалын Ажал шіркін
Бір күні ап кете ме оятпастан…
«Кеңсай» мен Кент арасы көк пен жердей,

Көк пен жер көкжиекпен шектелгендей.
Арада Өмір деген өр өзен бар
Жататын жаз, көктемде өткел бермей.
«Кеңсай» мен Кент арасы бір-ақ адым,

Сен оның жөн-жосығын сұрамағын.
Тағы да аяқталды ай, аптаңыз,
Тағы да таяп қалды Жұмаға күн…
Келмейді «Кеңсайлықтар» қала жаққа,

Қимайды жарық күнді жаманатқа.
Жұп жазбай жұмағында жатыр олар
Жұмбағын тастап қойып жамағатқа.
«Кеңсай» мен Кент арасы таяқ тастам,

Алдыңнан аруақ шығар, аяқ бассаң.
Сайдан да, сағымнан да сая таппас
Саннан да, санаттан да саяқ қашқан.
«Кеңсай» мен Кент арасы таяқ тастам…

АЙНАЛАЙЫН, ҚАРАСАЗ!

Қайыл қалып тыңдайтын қарындастар қаракөз
Саған арнап келіп ем дақпырты жоқ дара сөз:
Мұқым елдің тұқымы түтініңе еліткен
Айналайын, жұпыны аманбысың, Қарасаз?!

Хан бар ма екен өмірде салмағы кем, санасы аз?
Жан бар ма екен өмірде жүрегінің жарасы аз?..
Аламанға бітімі алабөтен ат қосқан
Аманбысың үкілі, айналайын, Қарасаз?!

Сол аламан-аламан жаңғырыққан жаңадан,
Опа-далап жағынған қашып шықтым қаладан:
Ақиықты көрсем деп дəріс алған данадан,
Сəйгүлікті көрсем деп бауырынан жараған.

Шырайланып Шығыс жақ – шымқай күрең,
шым-шым көк,
Шарт буынған шабандоз шаңқанбозға мінсін кеп!
Тұрайын деп ұмтылған Райымбек бабаның

Соғып тұрсын жүрегі сом балғадай дүрсілдеп!
Елік-көңіл елге аян, желік-көңіл желге аян.
Келбетіңді көрейін, кел, Қыз Жібек, кел, Баян!
Ертегіге алданған, ертеңіне жалданған

Ел еңсесін көтерді, ей, Ақыным, сен де оян!
Бойлат мынау жұртыңды жүрегіңнің түбіне,
Назарыңнан қалмасын намыссыздың бірі де!
Судан шыққан суырдай, ел апшысын қуырмай

Байшыкеш пен бишікеш қайта кірсін ініне!..

ҚАЙРАН, ШƏМШІ!..

Аққуменен тілдескен,
Гəккуменен үндескен.
Пенделікті білместен
Періштедей күн кешкен –

Қайран, Шəмші.
Мұз жүректі жібіткен,
Тас жүректі үгіткен.
Шаңырақты əлдилеп,

Аруақты тірілткен –
Қайран, Шəмші.
Арқадағы Ақаннан
Айлап жүріп бата алған.

Ханнан да асып атағы,
«Əн патшасы» атанған –
Қайран, Шəмші!
Мынау жарық жалғанда

Арманда емес жан бар ма?!
Есі кетіп Естайдай
Ғашық болған «Қорланға»–
Қайран, Шəмші.

Жұмақ іздеп жырақтан
Жан-жүрегін жұбатқан.
Тұран қызын аялап,
Сыған қызын ұнатқан –

Қайран, Шəмші.
Езді таптап табанға,
Ерді мақтап əманда,
Желтоқсанда жастарды

Алып шыққан алаңға –
Қайран, Шəмші!
* * *
Алқара көк қандай əсем, айшықты?!:

Анам көмген таба нандай Ай шықты.
Ақ шабақтай шоршып қашқан қармақтан
Жұлдыздар да жамырады жан-жақтан.
Көкжиектің жонын сипап көмескі,

Əлдеқайдан əбеқоңыр леп есті.
Күміс теңге төгілгенде науадан,
Əтір исі аңқиды екен ауадан!
Сарықарын самауырда шəй қайнап,

Дастарқанға келіп қонды Ай жəйлап.
Толған Айға не жетеді күздегі?! –
Қонған Айға қолым создым үзгелі.
Көкте де Ай,

Жерде де Ай,
Екі Айға
Кезек-кезек қарағанмен не пайда?
Ай сəулесі жайлағалы жер үйді,

Көңіл шіркін сары майдай ериді.
…Алқара көк қандай əсем, айшықты?!.
Анам көмген таба нандай Ай шықты.

АҚҚУЛАР БИЛЕГЕНДЕ

Аққулар билегенде:
Күлімдеп Күн жанары,
Дүние нұрланады.
Сыңғырлап сырғалары

Ақ қайың ырғалады.
Аққулар билегенде:
Ақ маржан шашылады,
Əппақ гүл ашылады.

Құрақтар майысады,
Бұлақтар асығады.
Аққулар билегенде;
Мамырлап таң самалы,

Тамырда қан соғады.
Айлы түн аясында
Ғашықтар əн салады.
Аққулар билегенде:

Жадырап жас та кəрі,
Жан біткен мас болады.
Елжіреп ет-жүрегің,
Жанардан жас тамады…

Аққулар билегенде:
Адыра қалып қайғы,
Аналар қамықпайды.
Аяулы бесігінде

Албырап бала ұйқтайды.
Аққулар билегенде:
Əн жаулап жан-денені,
Сұлулар сəнденеді.

Алқынып, алабұртып
Аңсайсың əлденені…
Аққулар билегенде:
Айдынға Ай қонады.

Тамаша той болады.
Жер үсті бірер сəтке
Жұмаққа айналады!
* * *

Мені қалап, мені ұғатын жан бар ма?
Мейіріме қанығатын жан бар ма?
Оңашада қалғанда бұл жалғанда,
Сағынатын, қамығатын жан бар ма?

Қолтығымнан демейтұғын жан бар ма?
Есіркейтін, елейтұғын жан бар ма?
Періштедей пері соққан пендесін
Желейтұғын, жебейтұғын жан бар ма?

Мені сүйіп ұнататын жан бар ма?
Жылататын, жұбататын жан бар ма?
Құдайына құлдық ұрып, құзырын
Құбылаға құлататын жан бар ма?

Қолтықтағы қос қанатым талғанда,
«Қош дəурен…»деп қорымжайға қонғанда,
Екі кештің арасында елжіреп
Еске алатын,

Кеш қалатын жан бар ма?
* * *
Қандай кінə бар дейсіз құба таңда?
Күліп шыққан күн бізді жұбатар ма?..

Құлдық ұрам Құдайдың құзырына,
Құбылаға құлқымды құлатам да.
Қандай кінə бар дейсіз мына бізде?
Көзін сүзсе қу көңіл құла дүзге.

Мединелі баз кешіп мекенінен
Мезгіл ауып барады-ау, сірə, күзге…
Қандай кінə бар дейсіз батқан күнде?
Қуандың не,

Күлдің не,
Шаттандың не?..
Жас шылаған жанарым жаутаңдайды
Жас қабірді жастанып жатқан гүлге.

Қандай кінə бар дейсіз бұл жалғанда?-
Жазған құлы құдайдың күнде арманда.
…Тағдырыма мың мəрте тəубе айтамын,
Қайта түлеп табиғат бүр жарғанда.

* * *
Үстіне жамылғысын жаба алмай қыс
Жабырқап жатыр ма екен анам байғұс?..
Көл жақта көкала үйрек көрінбейді,

Жүр ме əлде көне жұртын таба алмай құс?
Қыр маңын қыдырыстап Күн шуағы,
Тырнаның қашан жетер сыңсып əні?
Күн батса, алқаракөк аясында

Тынымыз жымыңдайды түн шырағы
Көңіл де, көк те кір-кір, ала-құла,
Жас келді үйіріліп жанарыма…
Жатыр-ау, қайран анам жербесікте

Жете алмай қаладағы қарағына.
Қалғиды қарауытып қабір маңы…
Көктемнің көн жібітер кəне ырғағы?
…Соққан жел Құбыладан,

қармен қоса,
Сөгеді,сөгеді-ай кеп қабырғаны!..
* * *
Көкірегінде көлдей тұнық мұңы бар

Ақын жанын сен ұқпасаң кім ұғар?
Аспанда емес,
Алты қаздың əуені
Алты қырдың ар жағынан құмығар.

Көздеріңде көлдей мөлдір мұңы бар
Ақын жанын сен ұқпасаң, кім ұғар?
Қара аспанның қарс айрылып қабағы,
Жаратқанның күні қашан жылынар?

Көмбесінде көпке жұмбақ сыры бар
Ақын жанын сен ұқпасаң кім ұғар?
Жан жұртымнан
(Жатып алмай ен жайлап)

Енді қашан ерір екен сүрі қар?..
* * *
Сезім сергек,
Көз көргек,

Санам ояу,
Бұлағай-ау бұл өмір,
Алағай-ау…
Жанарымның ішінде –жарық жаһан,

Қабағымның астында –қара бояу.
Бері қара,
Бəрібір, ары қара:
Қарабайыр тірліктің бəрі қара!

Қара орманның ішінде адасып жүр
Сарғалдақтай сарғайған сары бала…
Қара орманнан, өртенсе, күл қалмай ма?!
Қам-қаперсіз кешегі күндер қайда?

Қара аспанға қалықтап ұшып кетсем,
Қара жерге оралу мұң болмай ма?…

ШАҢҚАЙ ТҮС

Діңкесін қорқақ қоян белде құртып,
Көз салды көктен сонау көлге бүркіт.
Көбелек қонатұғын гүл таба алмай,
Ебелек сайға қашты желден үркіп.

Манағы шөмеле бұлт шөкімденіп,
Шегінді бір бүліктің шетін көріп.
Адырда аласұрды алақұйын
Құйрығы қу шұнақтың секілденіп.

Ақша бұлт айна-көктің сүртіп шаңын,
Кірпікке қона алмай тұр кілкіп сағым.
Сылқым көл сылқ-сылқ күліп еркелейді
Жағаның жарлауыттау түртіп шабын.

Ежелден етек-жеңі жыртық дала…
Борсыққа бола алмай тұр бір түп пана.
Қылыштай қыннан шыққан қызылсырап,
Аспанда қалқып жүрген – бүркіт қана!

Құратын сауық-сайран құспен кілең
Əсіре айрылыпты түстен кілем.
Құлаққа бірер мысқал үн келмейді,
Бозторғай көктен жерге түскен білем…

Ұсқыны үйітілген қой басындай
Ебелек қырдан асты сайға сыймай.
Көл жатыр –
Кешегі ызғын Қызойнақта

Арудың ұмыт қалған айнасындай.
Ұшқан құс,
Жайын ойлап жатқан аңның,
Жаһанға əлі талай жалт қарармын…

…Тапжылмай тас төбеде тұрып алды
Шыққалы кірпігін бір қақпаған Күн.

ӨТКІНШІ ЖАЛҒАН

Көңілім қамсау –
Əлдекімді аңсау.
Жаңбырым жауса-ау,
Жұлдызым жанса-ау…

Қимаймын күнді,
Қинаймын кімді?
Жаныма неге
Жинаймын мұңды?

Көңілім қамсау,
Өмірім-шаршау.
Əзірге тəн сау,
Əзірге жан сау…

Жылағым келер…
Мына күн не дер?
Құрағым семер,
Шырағым сөнер.

Көңілім қамсау,
Сезімім самсау.
Жарты өмір өтті,
Қалғаны қаншау?

Жарығым өшер,
Жалыным көшер.
Тағдырым кешпес,
Тəңірім кешер…

АРЗУ

Жалғанда мынау мінəйім
Адамның бəрі арманда…
Қор қылма мені, Құдайым,
Құлқыны құдық жандарға.

Көзіне алтын жалатқан
Жан едім қызды жар тұтқан –
Сақтай гөр мені, Жаратқан,
Жалмауыз көмей Жантықтан!

Жанығып тұрса жалыным,
Сабырым қашан сап тынған?!
Сақтай гөр мені, Тəңірім,
Сабындай жылпос Сатқыннан!

Тəнімнен жаным шығарда
Өзіңе сапар шексін дем…
Сақтай гөр мені, бір Алла,
Есебі түгел Епшілден!

Мезгілі жетсе, мейлі,
Саудырап қалсын сүйегім!
Анамның ыстық мейірі
Аузыңда жүрсін, киелім!..

…Жапанды ымырт жапты ғой,
Жұлдызсыз, айсыз түн-түнек.
Дүниені мынау, Хақ-Құдай,
Алсаң бір етті сілкілеп!!!

БҮГІНГІНІҢ ƏКІМІ

Орныңда отырып қал,
Омалып қал..,
Алдыңды орқояндай орағытпан.
Жердегі жыбырлаған құмырсқа артық,

Төрдегі қозғалмайтын қола алыптан!
Саусақпен ай санайсың,
Күн санайсың,
Тұманмен өзіңді-өзің тұмшалайсың.

Сыртыңнан сылап, сырлап қойғанымен,
Ішінен үгітілген құмсарайсың.
Өзіңше – пайғамбарсың,
Пірғауынсың,

Əзірге аз емессің,
Бір қауымсың.
Əлсізге – алқын-жұлқын құм дауылсың,
Əлдіге – қызыл құйрық қырғауылсың.

Тəлімсіз,
Тəрбиесіз тəңіратқыр
Жан жақтан телефоның жамырап тұр.
Ауасы қорғасындай ауыр-ақ тым

Осынау оқшауланған шаңырақтың.
Сұр сурет,
Сұр қабырға,
Сұр кабинет

Секілді сенімсарай бір ғанибет.
Қонақтап отыратын тоты құстар
«Қорапта» дəл осындай жұмбақ үй көп...
Сенікі жұмбақ үйдің бір бөлмесі –

Желбуаз замананың үрген месі.
Атадан əкім болып туған сабаз,
Келгенге, кеткенге де сыр бермеші.
Тұлғаңа сай келіп тұр тақ, тұғырың.

Суық көз,
Сүлесоқ сөз,
Қатқыл үнің...
Кісімсіп кіргенге де, шыққанға да

«Ұнайды» қаспен қармақ лақтыруың.
Қоғамым беріп қойған саған ырық,
Қабағың – ашылмайтын қара құлып.
Ұлысың шекпенқұмар шенеуніктің,

Құлысың саясаттың алакүлік.
Бірісің келген, кеткен «бірдеңенің»,
(Кімдердің біліп жатыр кім дерегін?..)
Сенсіз де жамап-жасқап жыртығымды,

Сенсіз де ептеп-септеп күн көремін!
* * *
Ақылымнан болса егер айлам басым,
Жағдайымның сезер ме ем жəй болмасын.

Қалтылдаған қайықтай күй кештің-ау
Қалталының қасында, қайран, басым?
Бағым құнсыз,
Болғанда бағам бақыр,

Бар болмысын ақтарып заман жатыр.
Жалмауыздың аспаны еңсемді езіп,
Жəдігөйдің қос қолы жағамда тұр.
Залал қылық болмаса затында елдің

Ақ кіреуке шалар ма ақын көңілін?
Құдай сөзін құп алмай қу дүние
Ауызына қарап тұр əкімдердің.
Əрқайсысы орнатып сарайшығын,

Сарайшықтың келтірер бар айшығын.
Аралықта ақын жүр аласұрып
Ақиқаттың ашам деп қалай сырын.
Жайым бар ма жан баққан,

Дамыл тапқан?
Өлеңші мен
Ери қоймас жəй сөзге қаным қатқан.
Өлеңші мен сақтасын өлерменнен

Өле өлгенше Сарайдың сəнін баққан!

МҰҚАҒАЛИ

Алтын нұрын шаша бермес күнде аспан,
Нелер келіп,
Нелер кетпес бұл бастан...
Қайда барсам, қарсы алдымнан шығады

Мұқағали,
Мұңлықтармен мұңдасқан.
Мəйін мақам,
Мақпал дауыс,

Батсайы үн..,
Оң жағыңнан туды-ау бүгін жақсы айың:
Өзі өлгенмен, өлеңі өлмей өміршең,
Аруағы аунап жатыр сəт сайын.

Ақын адал туғаны үшін жазалы:
Елден бұрын емексиді ажалы!
Айналайын, қырдың қамсыз қазағы
Алтын шыққан жерді белден қазады.

Жырмен жаулап жəми жұрттың жүрегін,
Тылсым тағдыр түгесе алмай тілегін,
Ол да өксіп өтті емес пе өмірден
Өзектіге болғаннан соң бір өлім...

«Барсакелмес» баурайына үдеп көш,
Баяны жоқ бұл жалғаннан кім өтпес?..
Азды күнге араздасқан ағайын,
Кемді күнге болса кəні тілектес?

Мың мəртебе соқсын, мейілі, сұрапыл,
Мұқаңдардың мұқата алмас мұратын!
Қалай тыншып жатыр екен қабірде
Күн астында күркіреген ұлы ақын?!

БАСПАГЕРГЕ БАЗЫНА

Дейсің-ау: «Өлең – шығын,
өлең – шығын»
Осы ма өзекжарды өрең, шының?
Көзіме елестеді,

Сені көріп,
Ызыңдап құлақ-миды жеген шыбын...
Қашанғы қамың болса қара бақыр,
Өлеңге туғаны да заманақыр!..

Тозақтың тоғытпақ па ең қазанына
Қазақтың қара өлеңін балаң оқыр?
Өңінде өрттей қызыл қаны ойнаған
Өлеңім құнсыз десе,

Қалай нанам?!
Апырай, тірі болса,
Бұл сөзіңе
Қалайша қарар еді Абай бабаң?

Замана жаңарғалы, көнергелі
Ақын мен Өлең шіркін не көрмеді?..
Естісе бұл сөзіңді Мұқағали,
Кім білсін,

«Қызталақ...» деп сөгер ме еді.
Өзіңдей бал бөбегін жөргектегі
Көз ілмей талбесікте тербеткелі..,
Бұл Өлең алғаш рет құлағыңа

Анаңның «Əлдиімен» енбеп пе еді?!
Амал не,
Ағайынды баспадағы
Аздырса бақыр қамы, ақша қамы.

Тақпағын аузындағы тартып алсаң,
Балаңа бағаң қанша бақшадағы?!
Тұрғанда астыңда жер,
Төбеңде көк

Өмірге Өлең керек!
Өлең керек!
Атадан қалған асыл мұра болса,
Қалайша қадірі оның төмендемек?

Адамның əлімсақтан азық, əні
Өлмейді!
Өлең əлі жазылады!
Қорламай,

Қолдан келсе қорғау лазым
Бабадан қалған асыл қазынаны!

КӨКТЕМДІ АҢСАУ

Қаңтар...
Ақпан...
Қарауылдап отбасын,
Түнді ұрладым,

Сындырмадым шөп басын.
Əншейінде «əу» деспеген ағайын
Бар-жоғымды қайдан менің жоқтасын?!
Қыз бен Жігіт тəрізді екен Қыс пен Мұң,

Құжырамда құлазиды құс-көңлім.
Қоңыраулы күміс үнге елітіп,
Түн ішінде түрлі түсті түс көрдім.
Түн ішінде қасқыр ұлып Ай жаққа,

Аштық жырын əйгіледі аймаққа.
Жанталаспай,
Жаным менің жай тауып,
Таңым менің атар екен қай уақта?

Қыспағынан босана алмай қыс, қардың,
Көкті көрмей,
Көк түтінге ысталдым.
Төрт құбылам құздан бетер құрысып,

Қыздан бетер қызығымнан тыс қалдым.
Аяз сорып,
Арықтады үш айым.
Қанатым жоқ,

Қалай самғап ұшайын?
Аман болсаң, бір көрінші, Аруым,
Айналайын,
Аймалайын,

Құшайын!!!

АҚЫН ГҮЛІ

Қызарады қызды айтсам жүзің неге?
Қинай ма əлде қыпша бел, қызу дене?
Ақын гүлін, ағайын, аялай гөр,
Болмайды оны таптауға, үзуге де!

Ақын гүлі...
Бірі ару, бірі керім.
Түсіңде де түстейсің түрін, өңін...
Уылжыған дəмімен дəрменді алар

Үлбіреген, үздіккен шырын ерін.
Қылығына,
Көз тояр тұнығына
Бірі құла,

Бұл гүлдің бірі бұла.
Қозға айналып кетеді тұлабойың,
Қол тигізсең болғаны бұрымына!
Жасырған боп төсіне екі алманы

Бермен қарай қызық-ау бет алғаны.
Ермін деген жігіттің жəне қызық
Екі алмаға ұмсынып жете алмауы.
Көзақы алмай ғайыптан көрген ізге

Көктен емес, сен оны жерден ізде!
Ақын гүл шоқ-шоқ боп келе жатса
Көше айналып кетеді көрмеңізге!
Келсе болды көктемнен тілдей хабар,

Бүр ашқанын бір күнде білмей қалар.
Құшағында жігіттің қауыз ашып,
Құшағында жігіттің гүлдейді олар!

ЖЫЛ БАСЫ

Ақүрпек əлем,
Аққудай неткен əппақ ең?!
Дегбірсіз жүрек дерттенсе,
Кімнен таппақ ем?

Жалғыздан-жалғыз
қалдың-ау,
жаным, бөлмеңде,
Бармақты қыршып,

Жаныңды шымшып тəтті əуен?
Жалғыздан-жалғыз
қалдың-ау,
жаным, бөлмеңде,

Жаңа жыл кеші жапанды кезіп келгенде.
Шаншып бір кетті-ау мендегі жүрек шерменде,
Бөлмеңде шамың таң алды талып сөнгенде...
Үмітің сөнді,

Сенімің сөнді шамменен,
Сабырын сарқып,
Саябыр тартып жан денең.
Қала тұр қалғып,

Мен болсам қаңғып көшеде,
Қарайлай берем қалғандай үйде əлденем.
Қарайлай берем,
Қалғандай ұмыт əлденем...

Қалғып тұр қала,
Қалғып тұр терек талменен.
Жүрегің менен жаныңды жаулап жəйменен
Бұл өмір деген у қосып берер балменен...

Ақүрпек əлем,
Аққудай неткен əппақ ең?!
Дегбірсіз жүрек дерттенсе,
Кімнен таппақ ем?

Жалғыздан-жалғыз
қалдың-ау,
жаным, бөлмеңде,
Бармақты қыршып,

Жаныңды шымшып тəтті əуен,
Əттеген...
* * *
«Өлгендер жақсы...»

Ол рас, тірілер жаман...
Бірінен бірі, əйтпесе, түңілер ме адам?
Құбылстанға ұқсайды дүние мынау,
Ібілістанға ұқсайды «ірілер» маған.

Өлгендер анау «Кеңсайда»
Қабырстанда,
Алдырған жанын Ажалға –
Кəрі мыстанға.

Ұқтырады олар біздерге үн-түнсіз жатып
Жарық күн жалған екенін жаның ұшқанда.
Мен ұқтым оны бұлтсыз бозарғанда аспан,
Сатқындық жасар алдында сазарған достан...

Жеті қат Нілдің астынан жертөле қазып,
Біз тұрмақ, Арастұлың1 да Ажалдан қашқан!
Тірілер жаман...
Мен болам жаманның бірі,

Сабындап жусам кетпейді санамның кірі.
Өлген соң жақсы болармын,
Əлдекімге емес,
Аллаға қарап қалғанда адамның күні!..

ЖАЛҒАН-АЙ

Аяғыңды шалыс бассаң аңдамай,
Қасыңа кеп демейді ешкім «хал қалай?»
Жамау жүрек,
Жадау көңіл жандарға

Шынымен-ақ мейірсіз бе ең, жалған-ай?
Алды-артыңды жүргеніңде қамдамай,
Өмір соңы өкініште қалмағай.
Жалмауыздай жұлып жатыр қара жер

Жасыңды да, кəріңді де талғамай.
Жалғыз жүрсең,
Жабырқамас жан қалай?
Басқа түскен бəлекеттің салмағы-ай!..

Еншісі жоқ жетім менен жесірге
Ежелден-ақ тасбауыр ма ең, жалған-ай?
Аңқауды қу тұра ала ма алдамай?
Ақша жанды құрала ма жалдамай?

Мүгедекке арман болып көрінер
Адамдардың аяқ-қолы балғадай.
Сау кезіңде самұрықша самғамай,
Байқаусызда бастан бақтың ауғаны-ай...

Ес жиғанша өте шығар зымырап,
Елік пе едің,
Елес пе едің, жалған-ай?..

ДОМБЫРА

Домбыра,
Жылатасың,
Жұбатасың...
Көңілді жардан, құздан құлатасың.

Жанымды жас баладай еркелетіп,
Əлдилеп, аялауды ұнатасың.
Даусыма қоңыр үнің дөп келеді,
Өзекті, сен болмасаң, дерт көмеді.

Көмейге көк қорғасын құйған күндер
Тыншытпай..,
Түн ұйқымды төрт бөледі...
Тағдырым тар кешуде не көрмеді?..

Тəңірім айырмағай сенен мені.
Əнімді əудем жерге əуелетсем,
Құлағың құр аттайын елеңдеді.
Ұқсастық бола қоймас, сірə, мұндай:

Егіздің біз екенбіз сыңарындай.
Қоймаспыз зарлауды да, сарнауды да,
Көзден мұң,
Көкіректен мұң арылмай!..

АЛЛАҒА АРЗУ

Қайтсем екен?
Қайтсем екен, Аллам-ау?
Сенен өзге сенетін жан қалмады-ау...
Таңғы ырзығым,

Тарыдайын шашылған,
Тағдырыма бола алар ма талғажау?
Жан даусыма құлақ асар жан бар ма?
Жарық дүние, əлде, əншейін жалған ба?

Бар ғұмырым өтер ме екен арманда?
Жаңғырығым жетер ме екен заңғарға?..
Қайтсем екен?
Қайтсем екен, Жаратқан?

Алабөтен айрылдым ғой тағаттан.
Қайда қаңғып бара жатыр күндерім
Қасқырдайын тірсегінен қан аққан?
Жалын қайда?

Жарық қайда?
От қайда?
Аман болса, қайта айналып соқпай ма?
Есер ұрпақ есірікке елтіген

Ертең бізді жоқтай ма, əлде, соттай ма?
Дана қайда?
Дəріс қайда?
Дəн қайда?

Сана қайда?
Намыс қайда?
Нам қайда?
Заман мынау оңала ма, оңбай ма?

Ішкен уым тарап кетті-ау өнбойға...
Сан сауалдың жауабына жарамай
Шақшадай бас болып кетті-ау шарадай!
Атымтайдың тоны тозып, аты арып,

Қаптап кетті-ау Қарымбай мен Қарабай!
Өкініш пен мұң жайлаған жаһанды,
Қорқынышы тіл байлаған жапанды
Тастай қашып,

Тас түнектен табылып,
Əміріңді құп алсам ба қаһарлы?..
Сенен өзге сенетін жан қалмады-ау,
Қайтсем екен?

Қайтсем екен, Аллам-ау?!

«МҰЗ АСТЫНДА ӨКСІГЕН ӨЗЕНДЕЙІН...»

ДҮНИЕ

Түпнұсқаң – бір мысқал,
Көзімнің аясы сенен кең,
Кеңдікке кенелген.
Көктегі Күн анау

Сарыуыз сəбидей
Бесікке бөленген.
Айдың төсінен аңқыған ақ сəуле
Анамның əппақ сүті ғой мен емген!..

АНА

Ана,
Тағы түсіме аян бердің,
Таң алдында күбірлеп оянды ернім:
Жамыратып жасыңды жүр екенсің,

Қозыңды іздеп түбінен Баянкөлдің.
Баянда үн жоқ,
Жан ана, Қозыңда да,
Су түбіне түскенмен көзің қара.

...Жалаңаяқ кезіп жүр жағалауды
Бота, тайлақ – Бойжеткен, Бозым бала...
* * *
Анда-санда...

Есімнен танбасам да,
Татып қоям əзəзіл қу арақтан,
Алдымдағы ағалар дуалатқан...
Жаба тоқып жауырды неғылайын,

Күндік жерге жетеді күнəм артқан...
Басы айналған бəңгіден бəдəуидей
Батқан күннің соңынан қуады ақ таң.
Қырық құрау, жүз жамау жүрегіме

Жұп іздеймін Қырық бір құмалақтан.
Бұлың жалған бір күнге тұрмайды екен,
Бұлбұл безіп кеткелі бұл алаптан!
Мұз астында өксіген өзендейін

Өмірім-ай,
Өмірім, жылап аққан...

КҮЗ

Жанымды жейді жабағы бір мұң...
Ашылмай қойды-ау қабағы күннің
Бір тамшы жасты салмағы зілдей
Сарғайған гүлдің сабағына ілдім.

Түсінер дейсің мені кім бірақ,
Өлімім жақын, өмірім жырақ...
Жаратқан ием жалғызын қимай
Қоштасып жатыр егіліп, жылап,

Қоштасып жатыр егіліп, жылап...
* * *
Түсінбей өтерсің сен мені...
Адамның қайғысы –

Наданның менмені.
Ізгілік шетінер,
Шер буса кеудені.
Періште неғылсын

Жердегі
Пендені.
Түр-өңім перделі,
Жүрегім енді өлі.

Тірліктен түңілген
Тірілей көм мені!
...Кім іздеп, кім көрер
Көрдегі көмбені...

ТАҚ

Ұшқым келмейді көкке де,
Түскім келмейді көпке де.
Мен ғана емес,
Бұл таққа

Жабысып өлген көп кене...
Тақ барда Хаққа бас ұрман,
Басымнан сөз де асырман!

АШЫНА

Үстіңді өзің шеш,
Көрқау көз сезімге өш.
Көркіңе көңілім
Көншімей көз ілмес.

Əрі азап,
Əрі емшім –
Əлдебір əлемсің...
Тамұқта тəн жанып,

Жұмаққа жан енсін!!!
Кезіңде көрпелес
Көз ілме,
өртен!

өш!

Қинарсың...
Жинарсың
Есіңді ерте-кеш...

ХАН

Сен бірінші емессің
Қазақы хан тағына.
Назалансаң,
Назар сал

«Абылайдың алқабына»,
Арқаны да,
Билеген алқаны да,
Данасы да,

Даланың дарқаны да!
Біз де...
Соңы емеспіз,
Соры емеспіз қара халықтың.

Ұрын барған,
Ұрымды алған
Ұрпағымыз тəмəм алыптың!
Талай мəрте қамал қаусатып,

Қаланы алыппын,
Жаңаланыппын...
Ал бүгін...
Көлгірдің көзімен,

«Білгірдің» сөзімен
«Борша езіліп,
Боркемік бола қалыппын...»
Жо-жо-жоқ!!!

Көне алмаймын
Қиянат – қылмысқа бұл:
Қайта түлеп түбі бір Түркістаным,
Қайта туған шағында Шыңғысханым!

Туған жерге Түркінің Туын тіккен
Тұңғыш патшам сол менің,
Тұңғыш ханым!!!

АЛАКҮЛІК

Хақтан да қаймықпайтын Алакүлік,
Қақпаңда – қабаған ит, қара құлып.
Сен жүрсің ойнастан да олжа тауып,
Мен жүрмін Айлы аспанға қарап ұлып.

Амал не жүріп тұрса сенің құның,
Амал не құрып тұрса менің күнім.
Түркі емес,
Түлкілердің заманында

Түсініп жатыр дейсің кебімді кім?..
Халыққа да,
Жақпақсың ханыңа да,
Əрі дара,

Болғансып əрі дана.
Жер-жаһанды,
Шайтанға мініп алып,
Жеті айналсам, сендей жан табыла ма?!

КӨКТЕМ

Көктем келіп қалады-ау бүгін, ертең –
Таңғы ұйқыңнан ояндың күліп, еркем.
Сағым қуған баланың қиялындай
Сағындырған даланың гүлі көркем.

Таңғы ұйқыңнан ояндың, айым, күнім,
Жаман болмас менің де жайым бүгін.
Сен сияқты айналар кім сəбиін?
Мен сияқты аймалар қайыңды кім?..

Көктем келіп қалар-ау «Ұлы көшпен»,
Қайта көктеп, қайта еніп ғұмыр өшкен!
Жамыраған қозы-лақ көз алдымда,
Құлап-тұрған кетпейді құлын естен...

Құлыны едім мен де бір сол даланың,
Қонбады ма, қонды ма қолға бағым...
...Көктем келіп қалады-ау бүгін, ертең –
Көптен бері тартып жүр оң қабағым.

ҚАБІР

Өлді...
Көмді...
Келді...
Кетті...

«Қайыр-қош!..»
Ажал шіркін кімді кімнен айырмас?
Қорымжайға келгенімен, қонбайды
Қосағың да – күн кешегі қойындас.

Қу тірлік-ай...
Несіне оның дəндедің,
Таусылған соң талқаның мен əл-демің?
Тас молаңда тыншығанмен тіршілік,

Баспанаңда қыңсылайды Қанденің.
Бітпей, күтпей «үйте жүр мен бүйте жүр»
Жібек еді...
Жүнге айналды жүйке – жыр.

Барда даттап,
Жоқта жоқтап қинайтын
Ит өмір-ай,
Ит өмір-ай,

Ит өмір!..

ҚҰС

Өлгеннен соң мың сұңқылда, мың қайғыр,
Енді қайтып тумайды ғой мұндай жыр:
Қыстыгүні қауырсыны түлеген
Құстың үнін құба таңнан тыңдай жүр.

Сөйлейтұғын жер бетінде жоқ тілмен
Қанаттыға кім қызықпас көк тілген?!
Түс болмасам –
Жүрмес пе едім өңіңде,

Құс болмасам –
Қай жаққа ұшып кеттім мен?
Ары аунасам –
Қабырғама сол жақ тар,

Бері аунасам –
Омыртқама оң жақ тар.
Қам-қаперсіз қайманадан не қайыр
Бір жоқтаса, түбі, мені сол жоқтар!

* * *
Доп аунатқан ісім не пендеменен,
Теңдігімді теңгермен теңгеменен.
Өлең шіркін – жүректің жүзігі ғой,

Жүрегімнің жүзігін емге берем.
Бейопа ма?
Алланың бұйрығы не?
Сүйе-сүйе жүрегім күйді, міне...

Ақық па, əлде, жақұт па,
Сол жүзікті
Саусағыңа тағып ал – сүйрігіңе.

ƏКІМ

Ақынды айтса, əкімдер
«Ит көрген ешкі көзденер».
Жатсынбай бері жақын кел,
Өнеге тұтсын өзгелер.

Жақсы көр, мейлің, жаман көр,
Ұмытпа елдік кəдеңді.
Атыңнан түсіп сəлем бер,
Билеп тұрсаң да əлемді!

БҰЛ ҚАЗАҚТА...

Бұл қазақта екі сөздің бірі өлең,
Қайсыбірін таңдайды ел?
Аяққаптай кеудемізді шіреген
Апыр-ау, бұл қандай жел?

Бұл қазақта екі ақынның бірі ұлы,
Екі қайтып келмейтін.
Көкіректе көктемесе ұрығы,
Топырақта өнбейтін.

Бұл қазақта екі көздің бірі сау,
Ал біреуі...сəл зағип.
Үңгірдегі жүрегіңе, дұрыс-ау
Үңілгенің шам жағып.

Бұл қазақта екі достың бірі қас,
Жеме-жемге келгенде.
...Қасқыр қалай Айға қарап ұлымас,
Кеудесін шер кергенде?!

* * *
Қасіреттің қаншығы
Əуселемді əуір ғып,
Жүрегімді жаншыды

Қорғасындай ауыр жүк.
Сонда-дағы, сорлым-ай,
Сені аяйтын халде емен.
Көз алдымда – солғын Ай,

Көр ішінде – жан-денем.
Алдым да артым – мұнар мұң,
Алмағайып жол – қатер.
Көрден қашан шығармын?

Айға қашан қол жетер?..
* * *
Өксікті естіп өрекпіген өзеннен,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен.

Бұлтты көріп Күн астында безерген,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен.
Елді көріп құт орнына сөз емген,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен.

Шөлді көріп ерні қақ-қақ кезерген,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен!
Көкті көріп көктем шыға тез өнген,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен.

Жайды көріп жерге оттығын кезенген,
Бір өзгеріс болатынын сезем мен!..
* * *
Ел еңсесі есті ұлды

Езетіні қинайды.
Тіршіліктен бес күнгі
Безетіні қинайды.
Не өлі емес, тірі емес

Көкіректі бір Елес
Кезетіні қинайды.
Қуыс жерге қу жүрек
Қуып тықсаң, симайды.

Сөйте жүріп өмірді
Қимайтыны қинайды.
* * *
Аттан түскен мырзадай,

Құздан ұшқан құлжадай,
Құзырына Құдайдың
Құлдық ұрған қу жан-ай!
Ойға шомған шоқыдай

Ғұмыр кешкен екіұдай
Top ішінде торыққан
Қайран, менің Тотым-ай!.
Жарық күнге жарымай,

Тас түнегін танымай,
Tap қапаста қамыққан
Қайран, менің жаным-ай!..
* * *

Күннен күдер үзбедім,
Үмітімді үйірлеп.
Түннен қайыр іздедім,
Омырауы иір деп.

Таң бозынан оянған
Бозторғайдың шырылы-ай!
Сары түске боялған
Сарғалдақтың түрін-ай!..

Үр жамалы Үркердей
Аққу жайы көлге аян.
Жабығыңды бүркенбей
Жазған, жүрек, сен де оян!

* * *
«Қу шанақтың» құлақ күйін келтірдім,
Желігімді қоздырмаққа жең түрдім.
Көзімдегі көк шыбынды қашырып,

Өзектегі өксігімді өлтірдім.
Серілерше келіп еді серпілгім,
Көзден ақты удай ащы ертіндім.
Дара қалдым,

Жараландым,
Дал болдым
Дауа таппай дəргейіне дертімнің.
Күлге айналған ошағында өртімнің

Кемірілдім, кездіксіз-ақ кертілдім.
Емексітпей,
Елес құрлы, ең құрса,
Есігімнен енсең етті, Еркін күн?!

* * *
Махаббат деген мекеннің мəңгі шөлінде
Бақиға көшем,
Зар илеп зəрді ішемін де.

Ақыннан өзге Ажалмен ойнаған кім бар
Зəнталақ мынау заманның алғы шебінде?!
Жеміссіз желең ағаштың неге ұзын бəрі?
Кешегі кескек ерлер-ау, негізің кəні?

Батыр мен Ақын ежелден ерке де серке –
Ақ сүті арда Ананың егіз ұлдары!

КЕШЕГІ КЕРБЕЗ ЖИЫРМАБЕС...

Кешегі кербез мəз емес жігіттің жайы –
Тақырдай қаңсып таусылды жіліктің майы.
Төзімді жалап-жұқтаған төсекке ене
Өзеуреп өшіп қалады қос өкпе неге?

Шіреніп тұрып тартатын адырна кəні?
Қауқарсыз неге, құдай-ау, қазіргі амалы?
Белдегі қуат, бойдағы бесатар қайда?
Тимеді атқан бытырам кеше торғайға...

Желөкпе қызды жетектеп желпінетін едік,
Жетпегір жүрек неге ерте ентігеді келіп?
Опалы тұста оталмай білтелі мылтық,
Күн өткен сайын барады діңкені құртып.

Қолыммен сипап қоямын қорамса сыртын,
Кешегі кербез Жиырмабес оралса, шіркін!..

ЖҮРЕК

Бір жүрекке жабысады мың қайғы,
Бұрын-соңды кім көріпті мұндайды?
Бір жүректі шымшылайды мың бір дерт,
Шыбын жанды шырқыратып, тіл күрмеп.

Бір жүрекке ұялайды мың бір мұң,
Сырлас, мұңдас бола қалып шын құрбың.
Бір жүректе балалайды мың арман,
Көз ұшында өшіп-жанып шырағдан...

Бір жүректе тұншығады мың бір əн,
Сұлулықтан сыр тартқанда сұңғылаң.
Бір жүректе қыңсылайды мың қаншық,
Көңіл шерін көз жасымен жуғансып.

Бір жүрекке бұйырса етті бір бақыт,
Пейіштегі періштедей үн қатып...

ЕЛЕС

Сен келдің де...
Ғайып болдың ілездем,
Үр қызындай үні, тілі, түрі өзгем!
Алтын шашып жүрген, əлде, жан ба едің

Айналаңа арқын-жарқын мінезбен?!
Сен келдің де...
Ішіме ендің жатсынбай
Елден ерек,

Жаннан əзіз жақсымдай.
Əлдекімше əлем-жəлем киініп,
Əлдекімді жамбасыңа жапсырмай.
Сен келдің де...

Салып кеттің сан күйге:
Сиқыр саз ба,
Біле алмадым «Əлди» ме...
Бір Исраил етегіңе жармасып,

Бір Исраил есеңгіреп қалды үйде!..
* * *
Қарағым – Қайың қалтырап тоңды,
Үзіліп үні таңдайдан.

Өртемеңдерші жапырақтарды,
Сағынышымдай сарғайған.
Көгілдір мұнар көзімде көлкіп,
Барады солып іреңім.

Айықпайтұғын аурудай дертіп,
Сыздайсың неге, жүрегім?
Қараша қаздың қауырсынындай
Қалқиды жерге жапырақ.

Шырқырайсың-ау, жаным, шыбындай,
Не керек саған, ақымақ?
Күледі өмір сайтан – Елестей,
Күндерді ессіз парақтап.

Қоштасар едім қайта келместей,
Қайтейін, менде қанат жоқ...
* * *
Бұлбұл барда –

Хақ тағала көмейіне бал құйған,
Қалай мүлгіп-қалғиды əн?!
Тəркі дүние таңдайына татымай
Талай мұңлық музаға елтіп жан қиған...

Соның бірі Шəмші еді –
Тағдырымның тамшы емі,
Өнерімнің өлшемі,
Өмірімнің бөлшегі.

Жүрегімді жүргізген,
Іреңімді кіргізген
Алпыс екі тамырымның қан-сөлі.
Шəмші де жоқ,

Тамшы да жоқ,
Ем де жоқ...
«Жоқ» көбейсе көреді екен пенде азап.
«Əлдиіңнен»,

Əн-күйіңнен жаңылсаң,
Жаратқанға неңді айтасың, сен, қазақ?
* * *
Жер – мекенім болғанда, көк – тұрағым,

Денем дімкес,
Дегбірсіз дертті жаным.
Айқұлағы қабырдың – аруақ туы,
Ту астында туыс бар..,

Keп тұрамын.
Түңгі Елеспін,
Тілім жоқ,
Үндемеспін.

Аспандамын,
Мұңлықпын,
Мұңда емеспін.
Жерден безіп, көкке ұшып кетті екен деп

Енді мені жатпайды күндеп ешкім!..
* * *
Қанар-қанбас қаным бар,
Шығар-шықпас жаным бар.

Қонар-қонбас бағым бар,
Болар-болмас халім бар.
Батар-батпас күнім бар,
Атар-атпас таңым бар.

Таудан биік тағым бар,
Тақ үстінде ханым бар.
Тар қауызда тарыққан
Тағдырымды таныңдар...

ҰЙҚАС

Күндіз қайда?
Жұлдыз қайда?
Ай қайда?
Ай қайда деп бассам ба екен айғайға?

Шамам құрып,
Самал да ұлып санамда,
Қараңғылық жан-жағымды жайлай ма?
Жан жарығым...

Бар ма бүгін?
Қайда? – деп,
Арманымды айтсам ба екен Айға кеп?
Жəйлап еппен..,

Майда леппен мазалы
Айна-көктен жарылқар ма Лəйла кеп?..
* * *
Жек көремін мен сені, жек көремін!

Бізден гөрі көкке анау көп керегің...
Тырнағынан ғайыптың майып болсаң,
Тырнап ашып көзімді көктер едім!
Көктер еді жас өскін өртеңінде,

Бүгінім де,
Ертегім – ертеңім де!
Үр қызына ұқсаған ұрғашым да,
Елден, белден айрылған еркегім де!

Көктер еді құбақан мына халык,
Жұрты жұттан қалмаса жұдаланып...
...Бала көңіл байғұстың айыбы не,
Ойыншықпен ойнайтын жылап алып?

* * *
Қайғысыз, мұңсыз қайда бақ,
Жылай да жүріп күлерсің.
Ақ шəлі ару Айды орап,

Ақшамым, мейлі, түнерсін, –
Қос өкпе қунап,
Төсекке
Құлшынып енгім келеді.

Өлеңге,
Өртке,
Өсекке
Тұншығып өлгім келеді!

* * *
Қазақтың Есенині бола алам ба,
Тағдырын түйіп алған орамалға?
Құйрықты жұлдыздайын құрдымға еніп,

Жоқ, əлде, ізім-қайым жоғалам ба?
Тəйірі!
Сол мақсат па,
Сол арман ба:

Айналсам мен Далама,
Ол орманға?!
Не жетсін өткен күнмен қайырласып,
Не жетсін қайтқан құспен оралғанға!

ЕЛЕС

Бəрі де кеш!
Дүние – қаратүнек,
Жарық емес.
Есіктен жарым түнде сығаламай

Келсе екен
Жарым емес,
Жаныма Елес.
Сол Елес –

Есі-дертім,
Шын ғашығым...
Мен оның мың ғасырлық мұңдасымын.
Сенбесең, сергелдеңге ұшыраған

Жүректің жарыместеу тыңдашы үнін?
Сол Елес –
Бір жоғалып, бір көрінген,
Жұп жазбай көлеңкеммен бірге жүрген...

Жалғаннан жаным қашан жай таппақшы?
Жаратқан,
Сен білмесең,
Білмедім мен...

* * *
Айтылмай қалса, сөз – қайғы,
Болмысқа нəзік наз да – мұң.
Жүректің қылын қозғайды

Сəуірдей сəруəр сазды əнім.
Жан-тəнді өртеген күнде
Уыты бөлек кешкі удың...
Мен неге ерте келдім де,

Сен неге, қалқам, кеш тудың?
Аралық шалғай, не амал,
Жол түспей қойды-ау жайлауға...
Өзімді қалай жеңе алам,

Өзіңді былай қойғанда?..
* * *
Күн жылайды,
Тұнжырайды қас-қабақ.

Кеще өмірім кешегімнен басқарақ:
Сөздің мəні – жалаң,
желең,
желбуаз,

Көздің бəрі алабажақ, ашқарақ!
Күн жылап тұр,
Тұнжырап тұр бар аймақ.
Мен мезімін,

Сенің халің қалай, бақ?
Əлдекімге кіжінемін əйлеңкес,
Алпыс екі тамырымда қан ойнап!
Күн жылайды,

Бұлжымайды бұл мəніс,
Тəн тақуа,
Жан-дүние былғаныш.
Ерінгеннің етегіне жармасып,

Көрінгеннің жетегінде жүр НАМЫС.
Күн жылап тұр,
Былжырап тұр бар маңай.
Өмірім-ай...

Өгіз жеккен арбадай.
Ұлы жұртта Айға ұлыған ҰЯТ-ай,
Бақыр ғұрлы бағасы жоқ АРМАН-ай!..
...Күн жылап тұр,

Тұнжырап тұр бар маңай.

ТҮРМЕ

Аша алмай өле-өлгенше түрме есігін,
Тербеймін таң атқанша түн бесігін.
Мен де бір,
Гүлзардағы бұлбұл да бір

Айта алмай мақтұм болған гүлге сырын.
Гүлзардың кімге керек жайнағаны?
Бұлбұлдың кімге керек сайрағаны?
Жұтынған сырты Жұмақ,

Іші Тамұқ
Түрмеден шығатұғын айла кəні?
Көңілім бір күн босаң,
Бір күн масаң,

Түн мені тұтқындайды,
Күнді ұрласам.
Аяқты адым сайын құрсаулаған
Алқаға айналады шынжыр қашан?

* * *
Иə, мен тұтқындамын, тұтқындамын,
Тордағы Тоты құстың ұқтым халін.
Кімге мен мезгілімді ұрлатпадым,

Кімге мен мерезімді жұқтырмадым?..
Мезгілім – аққан жұлдыз,
Ақын жасы.
Мерезім – өлі ұйқының жатырласы.

Айрылған жалғызынан жесірдейін
Жүрегім, аһ ұрмашы, аһ ұрмашы?..
* * *
Хан, мақтанба,

Адасқан ел жөн сұрар қаңбақтан да.
Қара түнге айналар дүйім дүние,
Қара көздің ішіне қан қатқанда!
Хан, мастанба,

Айырма сол: сен жерде, Алла аспанда.
Тақтың табыт болмағы айдан анық,
Ажал келіп жағаңа жармасқанда!..

ДҮНИЕЖАЛҒАН

Өлінің көңілін тірі аулар,
Тірінің көңілін кім аулар?
Өткен бір күнде өксік бар,
Кеткен бір күнде жылау бар...

Бейопа күннен белгі жоқ,
Бесінге қарай күн аунар.
Табақтағы асқа тəбет жоқ,
Қабақта, қаста қырау бар...

Маңайды көзбен ішіп-жеп,
Самайды сипап-сылау бар.
Қаңтардан келсе бір хабар,
Қайтқан құс көкте тыраулар.

Қақсатпай тілді тынбайтын
Қақаған қыста тымау бар.
Қилы да қилы пендеге
Қиямет күні сұрау бар...

* * *
Беу, бейкүнə Жəннатым,
Жақынсың-ау жанға тым.
Сан соқтырды сан рет

«Өмір» деген салдақың...
Салдақыдан кете алмай,
Жəннатыма жете алмай,
Жарты жолда қалды атым.

КӨКСЕУ

Ей, қара түн!
Жұлдыздарды қылғытқан,
Құтқарсаңшы қу тірлікті құлдықтан?
Алтын айдар ұл туса екен деп едім

Ақиқаттан,
Шырылдаған Шындықтан!
Қайғы қақтап,
Қара жерде мұң қаптап,

Құным емес, күнім кетті қымбаттап.
Шығыс жақтан шығар ма екен Таң-ана,
Алтын айдар бір Сəбиді құндақтап!..

ТІРШІЛІК

Күнмен бірге көз ашады мың-сан гүл.
Мəңгіліктен,
Жаңғырықтан тымсал бұл!
Қаңсып қалған тамырыма қан жүріп,

Жұлынымнан,
Жұмырымнан жұмсардым!
Гүлге қолын ұмсынады бөбек те,
Көрсеқызар Көбелек те желөкпе.

Көкнəр егіп неғыласың көне етке?
Өбектесең,
Тіршілікті өбекте!

ҚИЯЛ

Көзіме көк аспанды көгендедім.
Жердемін.
Одан өзге жоқ ермегім.
Ғайыптың кемесіне мініп алып,

Ғарыштың қабатына енер ме едім.
Адамның қалыбынан қашып шығып,
Алланың нұр сипатын көрер ме едім,
Өзге емес,

Өзімді іздеп өлер ме едім,
Өлген соң...
Қайта көктеп өнер ме едім!..
* * *

Маңдайының тері ащы, тұзы қалың
Мен Ертеңнің еліне қызығамын.
Бүгініме бүйрегім бүлк етпейді:
Ақпаны айқын,

Жазы мəз,
Күзі мəлім...
Бүгін – Өзім,
Ал Ертең – естелігім,

Аралықта қаншама өшпеді күн...
Түн кірпігін күзетем,
Атар таңға
Аман-есен жетсе деп көш-көлігім.

КҮРКЕ

Бұл қоғамның қорқағы мен үркегі
Жан сауғалап жайлап алған күркені.
Қатын болып қаралайды бір-бірін,
Батыр болып көрінгенмен сырт өңі.

Жырақ қонып...
Жұмақ көріп күрке ішін,
Жарық күннен жасырады түр-түсін.
Арыстан деп алқалайды Қоянын,

Данышпан деп дəріптейді Түлкісін.
Қайтсін енді арыстаны жоқ болса?
Қайтсін енді данышпаны жоқ болса?
Күрке ішінде күңкілдейді кілең қырт,

Аслан жақта күн күркіреп, от жанса!..
* * *
Өткен өтті,
Кеткен кетті қайрылмай,

Қамықпай да,
Қапаланбай,
Қайғырмай.
Еншің де емес,

Емшің де емес ол сенің
Етегінен жармасатын айрылмай.
Есіңді жи,
Есікті ашқан жас қонақ

Кешегіден батылырақ, басқарақ.
Сол ашады көңіліңнің шырайын,
Сол басады араныңды ашқарақ.
Өткен күнді –

Кім кешірер, ұмытсаң?
Ол – мұрағат,
Мұрағатқа құлып сал.
Əр жаңа күн – түн толғағы, таң ұлы,

Ол – Қыдырың,
Ол – ғұмырың, шын ұқсаң!..

ТАҒДЫР

Өлім менен өмірдің арасында
Тыным көрмес тіршілік тола сырға...
«Қорымда да бір қауым ел бар-ay...» деп
Қаңғып келіп молаға қонасың ба?..

Алтынсың ба,
Мыссың ба,
Қоласың ба..,
Кімдер сұғын салмайды сол асылға.

Жылтырақта жымы бар жымысқының,
Топырақ та жетеді тобашылға.

ҚОРҚЫНЫШ

Қарашықсыз тұңғиыққа қарадым:
Жалп етті де өшіп қалды жанарым.
Сұғын қадап, суыратын қолқаңды
Кім көріпті Айдаһардың аранын?

Қарашықсыз тұңғиыққа үңілдім,
Үңілдім де тағдырымнан түңілдім:
Қарақшының қаһарына ұрындым,
Қараңғының қармағына іліндім.

Жарық қайда?
Жаратқан-ау, Күн қайда?
Жұлдыз да жоқ,
Көрінбейді түнгі Ай да.

...Шынымен-ақ, жеті түнде бір жендет
Шырылдаған Шындығымды ұрлай ма?

АБАЙША

Мəз болады қазекең
Арқаға орыс қаққанға.
Шікірейген шегір көз
Шен-шекпенін жапқанға.

Қарауылға қалқайған
Қаңылтырын таққанға.
Іздегенге сұраған
Бірін-бірі тапқанға!

«Қаңғып келген шүрегей...»
Қас-қабағын баққанға.
Шала байға Шалапай
Шаң жұқтырмай жаққанға.

Майдай еріп мақтанға,
Малынғанға мақпалға.
Таң атқанша таусылмай,
Тау суындай аққанға!

...Өткен-кеткен хал сұрап,
Түсіп қалып қақпанға,
Қасқырдайын қансырап,
Өлімші боп жатқанға!..

АРУ

Бұрала басып ырғал да,
Бұрымға байла еркімді.
Қозғала алмай тұрғанда,
Қоздырып кетші дертімді!

Күн нұры сырғып сырғаңда,
Көлденең тартшы көркіңді?!
Көзінді ашып-жұмғанда –
Көңілде кəусар көл тұнды.

Тоқ бұрым мықынды ұрғанда,
Толықсып тəнің серпілді.
Жүзіңді бері бұрғанда,
Жұмақтан жұпар жел тұрды.

Нəп-нəзік белің қылдан да
Нəпсімнің құртын өлтірді.
Сезімім сейіл құрғанда,
Желігім құстай желпінді!

* * *
Анашым!
Ақ сүт беріп асырадың,
Жазмыштың жазғанына жасымадың.

Жарық күн жанарымнан сөнген сəтте,
Барады, мен болмасам, қасыңа кім?
Тағдырым!
Тарыдайын шашырадың...

Толқындай жарға соққан асығамын.
Ақырет сарайынан жай алғанда,
Гүлтəжін қояр екен басыма кім?..
* * *

Қайғы емес,
Жанды жейді жəй ғана мұң,
Қалайша тəрк етпекпін Лəйла бағын?..
Қаусырып бара жатыр қапас дүние,

Таусылып бара жатыр айла-амалым.
Пақырға қайдан ашсын Ай қабағын?
Тақырда тағалы аттай тайғанадым.
Оза алмай босағадан...

Бордай босап,
Шығарып саласың-ау, қайран, əнім...
* * *
Тəнім өледі –

Қабір қалады.
Талым өнеді –
Тамыр қалады.
Талым дегенім – еңселі Еменім,

Тамыр дегенім – өлсем, өнемін!

ҚАЗАҚ

Бір-біріңнің артыңа шала байлап,
Үлкеніңді саласың балаға айдап.
Тəңіріңді танымай,
Тайқазанда

Шала пісіп жатасың,
Шала қайнап.
Сауысқанның салтындай ала қанат,
Бір-біріңді жатасың жағадан ап.

Берекең жоқ болған соң бейіл бұрар,
Ел екен деп кім сені бағаламақ?
* * *
Əттең-ай,

Өкінішті,
Өкінішті-ақ,
Қалғаным Шексіздіктің шетін ұстап.
Желкемнен жекіреді жендеттейін

Аптаның жеті күні – жеті қыспақ.
Жеті күн өте шықты желден жүйрік,
Бұл өзі қай тараптан келген бұйрық?
Жайдақы жабы мінген Жаманбайдай

Жалқаулық жатып алды-ау кеудемді үй ғып.
Күз дедім – жер де, көк те алабажақ,
Қыс дедім – сары аязы санаға жат.
Көк тасы Самарқанның ерісе де,

Сен неге селт етпейсің, қара қазақ?
Жеті күн өте шықты тағы, тағы...
Өмірім өтіп жатыр əбі-тəбі.
Жеті атам жеті жақтан жетіп келіп,

Əкемді, əй, бір күні танытады!!!
* * *
Жамыратса толқынын Өмір – теңіз,
Жабайыдай жағада неге үркеміз?

Бордақыға байланған арам тəнді
Өтірікпен, өсекпен семіртеміз.
Іркіт іштен,
Іриді балық бастан...

Арманыңды қайтейін алып қашқан?
«Бас-басына би болған өңкей қиқым...»
Абай сөзін жүрсің-ау əлі ұқпастан.
* * *

Іштен балқып жүргенде,
Іштен еріп,
Жұмақ шіркін жатпайды түске де еніп.
Ұлылықтың ұғымы ұланғайыр!

Кісілікке жарасар Кішкенелік.
Кішкенемін,
«Кішілік – мін...» демелік,
Үлгі болар ұл туса, күндемелік.

Тал ағашы жанында жайқалса да,
Бал арасы қонбай ма гүлге келіп?!

ҚАСІРЕТ

Қазақтың қаусады ма күз-қамалы,
Көбейді көрсеқызар түз қонағы.
Күзеткен қыз кірпігін күні-түні
Жігіттің қайда бүгін Мұзбалағы?

Қасқырлар түсіп жатса қақпанға ұдай,
Қайтеміз жасап алып жоқтан «құдай»?
Зор етпей, хордың қызын қор еткендер
Домалап түспей ме екен тақтан былай!!!

ҚАСИЕТ

Сенде қандай мəн қалды, айқын ғалам?
Менде қандай əн қалды айтылмаған?
Бостанымды сұрайын қай заманнан?
Астарыңды сұрайын қай «тұлғадан»?

Екі аяқты пенденің бəрі ақылды,
Дəлдүріш пен көргем жоқ дарақыңды.
...Қашан үшар екенмін саған, Алла,
Қанатыммен қақ жарып қара түнді?..

НАЛА

Ұрпаққа үлгім дарымай,
Жақсыға жұртым жарымай,
Барымнан жоғым көбейіп,
Тарылған пейілі, тəңір-ай!..

Арымай қайтем,
Налымай,
Шашылып кетсем тарыдай?
Ардағың қайда, аяулы ел?

Аруағың қайда, Абылай?
* * *
Қорқытты көрдім түсімде:
Қобызсыз,

Қоңсыз пішінде...
Дүміне жалау байлаған
Дүниеқоңызда ісім не?!
Қобызсыз Қорқыт кім еді?

Тілсіз бір жан ғой тірі-өлі.
...Қобызсыз мынау қоғамда
Қорқаулар өмір сүреді!

АРМАН

Қырық жамау жүрегім
Емделетін күн қайда?
Барлы менен жарлыны
Теңгеретін күн қайда?

Жақсылықтың желкенін
Жел керетін күн қайда?
Зұлымдық пен Жұлынқұрт
Жерге енетін күн қайда?

Қамсыз күнін қазақтың
Мен көретін күн қайда?..

ТЕК

Аурудан айық!
Емге көш!
Айналсаң мұздай мүсінге.
Адамның бəрі пенде емес,

Ібілісі де бар ішінде!
Болмасын десең еңбек еш,
Еңсеңді төмен түсірме.
Адамның бəрі пенде емес,

Періштесі де бар ішінде...

ТƏУБЕ

Алланың бір есімі – Халық болар,
Халықта ғаріп те бар,
Алып та бар...
Көнеге көзін салған көсем жігіт

Өнеге өткен күннен алып қалар.
Санаға Сайтан келіп əлек салса,
Арада Ар мен Намыс набыт болар.
Тəж бен тақ,

Aт пен бақтың тасасында
Пенденің бір нəсібі – Табыт та бар...

ҰРПАҚ

Бір ұлыңның болғаны –
Шығар-шықпас жаның.
Екі ұлыңның болғаны –
Жарқыраған шамың.

Үш ұлыңның болғаны –
Басыңдағы бағың.
Төрт ұлыңның болғаны –
Астыңдағы тағың.

Бес ұлыңның болғаны –
Асқар Алатауың.
Алты ұлыңның болғаны –
Баурайдағы бауың.

Ханым емей немене,
Соны тапқан жарың?!

АҚЫН

Жай ұстап туған жатырдан!
Ашынса – ашу шақырған!
Шалдуарларға шарт сынба,
Алдиярларға – ақылман.

Бəндəуи мынау тіршілік
Бəдəуи-басын қатырған.
Залалсыз, зілсіз Ақынға
Қай заман балын татырған?..

ШЕНЕУНІК

Қарайсың сонша неге осқырынып,
Қонғандай қолтығыңа қос Құрылық?
Өзгені көзге ілмейтін,
Біз білмейтін

Бар ма еді болмысыңда басқа ірілік?
Қарайсың сонша неге осқырынып,
Қолтыққа қондырғандай қос Құрылық
Сенсіз де көншімей жүр көңіл шіркін,

Ішімде Көкжал өліп, Қасқыр ұлып!..
Қарайсың сонша неге осқырынып,
Қонғандай қолтығыңа қос Құрылық?
Ішімде бұғып жатқан қас дүлей бар,

Қайтесің қас дүлейге босқа ұрынып?!

ДИСКОМФОРТ

Көңілім алай-дүлей,
Ала-құла...
Ит құмар балтырыма, балағыма.
Қаңтарып қалың ойды отырғанда,

Қан ұйып қалмас па екен қаламыма?..
Күндердің бірі қаңтар,
Бірі шілде...
Төрт мезгіл төбелесіп жүр ішімде!

Қағілез бала кездер,
Қара көздер
Қағады есігімді түн ішінде...
Құдай-ау, не жетпейді?

Не жетпейді?
Қу жаным неге сонша безектейді?
Жаһанды жамбасына басып алған
Мына түн неге ғана тез өтпейді?

Сұрама сұрқай кешті күндіз менен,
Күн барда көріне ме жұлдыз деген?
Жасай бер жалған дүние,
Ақындарын

Жылатқан,
Жұбатпаған,
Күлгізбеген!!!

ТАҢАЛАГУІМ...

Қасқыр қапқан қақпан сынды қала тар.
Етек-жеңі далақтаған Дала қар.
Жанарыңнан Күн шуағы жамырап,
Кірпігіңді көтергенше таң атар.

Тіршіліктің талақ тастап қамытын,
Қас-қабағын ашар емес əлі түн.
Ай бетінде ұйып қалған ақ сүттей
Тəтті ұйқының тəтті білем дəмі тым?..

Ұйықта, Ұйықта,
Алаң болма, тағы ұйықта,
Қара түннің қанатында қалықта!
...Ертең біздер,

Ұйқың қансын-қанбасын,
Екі бөлек жатамыз ғой табытта...

ОЙҚАМАУ

Жатсам ұйқым келмейді таң атқанша,
Таң шапағы тауға нұр таратқанша.
Қайдан көңіл көншісін,
Өткен күнмен

Өмірімнің кітабы парақталса...
Өмірімнің кітабы...
Сазды, мұңды
Жылатар да жұбатар базбіріңді.

Қай ұрпаққа үлгі етіп қалдырмақпын,
Бейнеті көп, зейнеті аз ғұмырды?
Өмірімнің кітабы – сырлы, мұңлы.
Түңілумен түгестім тірлігімді.

Халқым, сенің қайтейін көз жасыңды?
Алтын, сенің қайтейін сыңғырынды?!
Жатсам ұйқым келмейді таң атқанша,
Таң шапағы тауға нұр жалатқанша.

Рухымның көзімен, кəне, шіркін,
Қарап тұрсам жаһанға Жаратқанша!

ЖЕЗӨКШЕ

Қайқаңдама, жас сұлу, қайқаңдама,
Күйеуге шық күйліңде бай таңда да.
Махаббаттың мазасы осы екен деп
Майса көгін біреудің майқандама.

Қайқаңдама, жас сұлу, қайқаңдама,
Күйеуге шық күйліңде бай таңда да.
Күйі келген кезінде,
Күндік жерден

Айғыр исін сезінер байтал ғана.
Қайқаңдама, жас сұлу, қайқаңдама,
Күйеуге шық күйліңде бай таңда да.
Cay басына сақина сатып алып,

Саяқ жүрер көшеде сайқал ғана.

ҚАЗАН

Бұлт маңады тау жаққа көктен көлбей,
Өрекпиді өзен де өткел бермей.
Уақыт шіркін барады қайда асығып,
Су бетімен жүгіріп өткен желдей?

Шөмелелер шөмиіп қырқадағы,
Етек-жеңін көкжиек қымтанады.
Ұзатылған мұңлықтай жер түбіне
Жұлдыздардың көзінен мұң тамады.

Көкте ме, əлде, жерде ме?
Айым қайда?..
Жаңғырығым жапанға жайылмай ма?!
Əрі қарай қамығып қайтқан құсты

Бері қарай құдайым қайырмай ма?..

ҚАРАША

Желігі – Жаз,
Елігі – Наз,
Дерті – Өлең,
Еркі, көркі елден ерек еркем ең...

Жас тамбасын кірпігімнен десем де,
Аспандасың,
Амал қанша,
Жер төмен.

Аспандасың...
Ақша бұлтта мекенің.
Аллаға аян жете алмасым, жетерім.
Желікпейді баяғыдай көңілім,

Жел үптейді желбегейдің етегін.
Алатаудың ұшарына сəлде орап,
Алматыда енді өспейді алма бақ.
Аспан мен жер ауырсынбай салмағын,

Қауырсындай қалықтайды қар-қонақ.
Алатаудың ұшар басы заңғар-ау,
Алма бағы Алматыға арман-ау...
Қауырсынның жалғыз талын қарманып

Қара жерге қайтсаң етті, қарғам-ау?..

ЖЕЛТОҚСАН

Қызға сыр бұрынғыдай ақтармадық,
Қарайды, мен қамықсам, бақтар налып.
Қызылдың құйын кезген құмдағындай
Қалыпты-ау қайран бетім қатпарланып.

Қызға əзіл бұрынғыдай айта алмадық,
Өтеді ол шіркін де қайқаң қағып.
«Қарайған от басында мынау кім?» деп
Қарайды түндігімнен Ай таңданып.

Сұрама бурыл тартқан бастың жайын...
Еңсені ес жидырмай бастың ба, уайым?
Кеудемде бір қысыр мұң қыңсылайды
Қақпанға түсіп қалған қасқырдайын...

ТҮНГІ ҚОНАҚ

Жанымды түртіп жəй жатқан
Келіп бір қалдың қай жақтан?
Жəннаттың Періштесі ме ең,
Жанарын нұрмен жайнатқан?!

Келсең, кел, мейілің, кет демен,
Есігімді ашшы еппенен.
Жете алмай таңға,
Талaypaп..,

Өзім де азап шеккен ем!
Үркінбе,
Бізден жұрт қашық.
Именбе,

Төрге оз нық басып.
Тарқатшы алтын шашыңды,
Нəр татсын жүрек жұптасып.
Келе ғой, жаным...

Кел бері?..
Кірпігің қандай зерлі еді?!
«Перінің шалығы ұрған...» деп
Сөз етсін, мейілі, ел мені!..

* * *
Сені мен біз
Егілерміз, жылармыз,
Басымызды тау мен тасқа ұрармыз.

Таң атқаннан Тəңіріге тəуба айтып,
Жаратқаннан жанға медет сұрармыз.
Сені мен біз
Егілерміз, жылармыз,

Жылай жүріп жұбанармыз, шыдармыз.
Толағайдың толқынына жармасып,
Жағалауға жанды жалдап шығармыз.
Сені мен біз

Егілерміз, жылармыз,
Өксіп жүріп өмір мəнін ұғармыз.
Батар күнге батамызды бағыштап,
Атар таңнан аман-саулық сұрармыз!..

ШЕР

Бұрау салды бұқпалап тақымға кім?
Бұлқына алмай булықты ақырғы əнім.
Мен қасида жазар ем хатунға мың,
Батыр болып туса егер жатырдағы ұл!

Тамшы тамса, өнеді тақырға гүл,
Жаңбыр қойса, өледі шатырдағы үн.
Мен лағынет айтар ем хатунға мың,
Ақын болып туса егер жатырдағы ұл!

Батырға – ерлік,
Ақынға – азап енші.
Қара сөзге келгенде қазақ емші.
Құрбақадай шуламай құлқын сəрі,

Құлазыған көңілге маза берші?!
Таң айырып,
Келсе де тақымға əлі,
Еркек қалай білмекші хатун халін?

Шерге айналып жер мен көк кетер еді-ау,
Жер бетінің тыңдасаң ақындарын!

ЖАЛҒЫЗДЫҚ. ЖАБЫРҚАУ

Дуылдап думан өтті.
Құдайсынған неме де,
Қу да кетті...
Санам саяқсып,

Салым суға кетті.
Жарқанаттай жармасып,
Жалаң қабырғада жаңғырық қалды.
Жарасымды наз,

Жаймашуақ жаз
Иесін іздеп,
Қуыс үйде қаңғырып қалды.
Не жыларымды,

Не күлерімді білмей далмын.
Түтініне тұншығып түнгі ойлардың,
Тұқылынан төгілген күлге айналдым.
/Беу, менің күндерім-ай, гүлдей балғын!../

...Құдайым-ай, кеше ғана құлың едім,
Енді мен кімге айналдым?
* * *
Жан-жүрегім – жаралы өлең.

Жан баспаған арал емен.
Телегейде тереңдігім,
Дарияда дара кемем.
Қарияда даналығым,

Əр ұяда бала күнім.
Өткен күнде өкінішім,
Келер күнде жаңалығым.
* * *

Түн тербеген тылсым өңін
Жас қайыңның бүршігі едім.
Күн шыққанда күлім қағып,
Күз келгенде күрсінемін.

Кім біліпті ақпан жайын,
Ақ боранға тап болмайын.
Жаумай жатып еріп кетер
Жаным мақпал ақ қардайын.

Түсіме еніп қаралы емен..,
Ішіме еніп барады əлем.
Сен қартайсаң қартая бер,
Мен жас болып қала берем!..

* * *
Хабарымды ел емес, жел біледі,
Секемшілді сезіксіз сендіреді.
Құба жоннан асырып қу дүние,

Желмаяның өзін де желдіреді!
Хабарымды жел емес, ел біледі,
Жер түбіне жерік ас ендіреді.
Жегілердің айналып жемтігіне

Серілердің қатары селдіреді.
Хабарымды білмейді ел де, жел де!
Келе қояр жайым жоқ «кел» дегенге
Өлең құрлы бəсім бар, бұлдағанға,

Емен құрлы жасым бар кем дегенде!
* * *
Көбейіп тұр көзі үңгір барымташы,
Бару, алу, ішу, жеу... бар ынтасы.

Жаны игіге жалғанда жазығым жоқ,
Жаппар ием, мені де жарылқашы!?
Көзім – өзім,
Ешкімге аларғам жоқ,

Алмағайып өмірде əлі арман көп...
Алданышым таусылар,
Алып кетсе,
Алла жақтан бір күні Шабарман кеп.

Ала беріп, құдай-ау, не көрінді?
Беріп кетсем деп едім берерімді...
Алла жақтың елшісі, ей, Шабарман,
Мені алсаң ал,

Аяшы көк өрімді?..
* * *
Əлдекімге
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,

Терезеңе ешкімді теңгермедім.
Қара жерде қаңбақтай қаңғып жүрсем,
Хал-жайымды сұрарсың желден менің.
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,

Елсіз, емсіз елесің енді ермегім.
Көкбөрімен алысып арлан басым,
Шетте жүрген шенеусіз шерменде едім.
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,

Қыр соңымнан қыддиып ерген менің.
Қу басымда əкеңнің құны бардай
Неге сонша елірдің, ербеңдедің?
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,

Көрді қайдам, қалып тұр төрден көңіл...
Хабарыма зар болсаң алда-жалда,
Хал-жайымды сұрарсың елден менің.
...Сен екенсің серігім, сергелдеңім.

* * *
Бұрала басып,
Бұлқына қашып, балтəттім,
Бұрыла беріп бұрымыңды еппен тарқаттың.

Жамалы гүлден,
Қамалы түннен аумаған,
Жаратқан ием /жар бола гөрсе/, жар таптым
«Жар таптым!» дедім...

Күбірлеп қана мен іштен,
Естіді мұны Елігім,
Қайтқан өрістен.
Айна алдындағы керілген кербез келісті өң

Естіді мұны Пейіштің қызы – Періштем!
Төгілген бұрым жастыққа келіп жайылды,
Биқасам кеште білмекке менің жайымды.
Қап-қара жаңбыр,

Қап-қалың бұлттың ішінде
Аялай сүйіп, аймалай бердім Айымды!..
Өрілген бұрым төгілген кезде төскейге,
Көмілген көмбе көрінбей көкей теспей ме?

Тұнжыр көз түннің жұтынып тұрған Жұмағы
Жұғыса кеткен жұмбағын жұптың шешпей ме?
* * *
Кетпейді көзден көктем,

Милықтан күз,
Ұйқыға шаш етектен ұйлыққанбыз!
Мал жиса ата-баба..,
Мына біздер –

Қонжиған креслоға құйрықтармыз!
Кетпейді көзден көктем,
Милықтан күз,
Ұйқыға шаш етектен ұйлыққанбыз!

Қол жиса ата-баба..,
Мына біздер –
Қонжиған креслоға құйрықтармыз!
Дегенде батпан құйрық, батпан құйрық,

Бұл неткен айдалада жатқан құйрық?
Баянсыз бақта қалар,
Тақ та қалар,
Келгенде Тəңірия жақтан бұйрық!..

* * *
Сұм заман сұрқия өңді бейбеттенген
Тосады «тобаңды айт» деп кейде өткелден.
Арты өніс,

Ақын бар ма алды кеніш,
Көзінің тірісінде зейнет көрген?
Зейнет пе?
Зейнетің не?

Оттама оны!
Жаным қас жалған сөзге жаттамалы!
Қанша ақын «Қособадан» қоныс тауып,
Қанша ақын босағадан аттамады?,,

Жұмыр бас табылса егер жұртым дерлік,
Жетеді мың ғұмырға бір күнгі ерлік.
Қанша ақын отызында опат болып,
Қырқында қанша ақынның «қырқын» бердік?..

Кей кейіс дейді маған: «жасың қанша?»
Ми жоқ-ау басыбайлы басында онша...
Таусылмас таңдайда зар,
Маңдайда сор,

Тарыдай тағдырымыз шашылғанша...

КҮЗ

Базары құстың тарқады
Бадана көзді Балқаштан.
Бақсының күйін тартады
Жалаңқай өлке,

Жарты аспан.
Аспанды бұлт бүркеді,
Жұлдыз да, Ай да ұрланып.
Бүйірін түннің түртеді

Бүйректей бір гүл бүр жарып.
Тарыдай емін еп көрген,
Талғажау, тірлік, таңға ұлас!
Өмірдің күні өткенмен,

Көңілдің гүлі қалғымас!..

ҚАМШЫ

Араны көріп тұрып гүлді кезген
Қарадым қазағыма мұңды көзбен:
«Құдайдың ен даласын жайлап жатқан
Сен қашан ел боласың бұл мінезбен?»

Икемдеп илеуіне қырманжайды
Тынымсыз Құмырсқа да тырбаңдайды.
Ұйыққа милығынан батқан аттай
Ұйқысы «ұлы жұрттың» бір қанбайды.

Жатқан соң күн тізбегі парақталмай,
Тағынан түнді қуып Таң атқандай!
Қоңыз да қоңыз екеш,
Дөңге қарай

Жер шарын дөңгелетіп баратқандай!..
Бақ қонған барқыт мекен, баршын жайда
Қамсеміз қара терге малшынбай ма?
Киесі қараша үйдің, қайран Баба,

Иесі игіліктің – Қамшың қайда?!

АМАНАТ

Айықпас дерттен қайғым бар,
Көзімде ащы айдын бар...
Ай, күннен емес,
Лəйлімнен

Айырған мені қай мұндар?
Махаббат өлді...
Лəйлі өлді...
Аққу да өлді...

Ай да өлді...
Жазыңдар бейнебелгіме
Жалғыз-ақ мына сөйлемді:
«Айта алмай елге мұратын

Арманда кетті бір ақын...
Алдынан шалқып Пейіші,
Алладан болғай рахым»...
* * *

Көлдегі қоңыр қаз едім,
Көздегі тұнжыр наз едім.
Шертілмей жүрген күй едім,
Айтылмай жүрген саз едім...

Көзіме қарап мөлдіршең
Көліме келіп қондың сен.
Əніме жаның жарасып,
Бəріне ие болдың сен!

Көл едім... шөлге айналдым,
Көркіңе жіпсіз байландым.
Көл де бар,
Наз да,

Саз да бар
Көзіңнен, жаным, айналдым!
* * *
Менімен ерегеспе, ерегеспе,

Ерегес есерсоқтау жел емес пе?
Майданнан запы болған зағиптайын
Айналғам ел еместі елемеске.
Керісіп,

Кезек берсең тіл мен жаққа,
Мүкамал айналуың мүлдем жатқа.
Адамды аздырмаққа Ібіліс те
Жұмақтың есігінен кірген жоқ па?

Байқамай Ібілістің ішке енгенін,
Тіл безеп, кімге керек тістенгенің?
Жүрмесін сан соқтырып түстен кейін
Сарқылып сабасына түскен көңіл...

МЕЗГІЛ

Өтеді күн, ай тағы,
Келеді күн, ай тағы...
Бір күнің қуантады,
Бір күнің мұңайтады.

Мезгілдің құбылмағы –
Мəңгілік ғұмыр мəні.
Ажалдың арбауында
Адамның шыбын жаны.

Таңдайда қымыз дəмі,
Маңдайда күн ызғары.
Сəн қайда?
Сайран қайда?

Шалғайда сыбызғы əні...

КЕРЕМЕТ

Аспантөрден Ай сəулесі себелеп:

– Нені іздедің, – деді маған, – не керек?

– Іздегенім – көктен, жерден КЕРЕМЕТ.

– Е, солай де... жүрсің оны неге іздеп?

– Ой-санама алмақ едім негіздеп...

– Сонда қалай, бар ма сенде ой-сана?

– Қатынға ұқсап қазбалауды қойсаң, ə?!

– Өзінді-өзің танымасаң, білмесең,

Онда... онда сеніп жүрсің кімге сен?

– Бір Аллаға!!!

Өңгесінің бəрі бос!

– О, жарымес!

О, жарымес!
Жарымес!

– Мезі болдым... менен аулақ, əрі көш!?

– Адам шіркін шынымен-ақ азған-ау,

Сол Алла ғой КЕРЕМЕТІҢ, жазған-ау?!
* * *
Кеш түледім,
Кеш тудым,

Кеш жетілдім...
Бейнеті көп бірімін бес жетімнің.
Бес жетімнің біреуі – Далам жетім,
Арнасынан айрылған Арал жетім.

Бес жетімнің біреуі – Көлім жетім,
Аққуынан айрылған келім-кетім.
Бақыр құрлы құны жоқ күнім жетім,
Пақыр құрлы үні жоқ түнім жетім.

Бес жетімін жетелеп Тағдыр-Ана,
Келешекке аманат қалдыра ма?..
* * *
Өмір мені қағып жатыр шөміштен,

Көп жеген мен
Жарып жатыр көп ішкен.
Тағы, міне, тата алмадым бір түйір
Өзім баптап,

Өзім еккен жемістен.
Біліп жатыр,
Ұғып жатыр жұрт нені:
Қыз бетіндей қызарса да сыртқы өңі,

Бір алмамды жазға жетпей жел жұлып,
Бір алмамды күзге жетпей құрт жеді.
Қабағыма қарайлайды кім менің?
Кімге керек жылағаным, күлгенім?

Жар дегенде, жалғыз алма – Жүрегім,
Саған да ертең құрт түсе ме?
Білмедім...
* * *

Ілуде бір көгінен Күн шығатын
Мен болармын қазақта мұңшыл ақын:
Төңірегін түн қамап,
Түнек торлап,

Тұншығатын,
Жарыққа құлшынатын!
Өлең өксіп,
Аққудай əнім жылап,

Жаратқаннан тілейді жаным Жұмақ.
Қараша үйде қан жұтып отырсам да
Хан, сұлтаннан кем емес халім, бірақ!
* * *

Өмір емес,
Өмірім – өлермендік,
Өткен күнді тепкілеп терең көмдік...
Ештеңе жоқ алдымда алаңдарлық,

Ештеңе жоқ артымда елеңдерлік.
Өмір емес,
Өмірім – елермендік,
Көп алдында жайым жоқ көлеңдерлік.

Көретұғын көз болса,
Өлмейтұғын
Бірлі-жарым біз де елге өлең бердік...
* * *

«Ақын бай..» дейді əлдекім,
Жоқ, кедеймін.
Мұң шағам сырымды айтып көпке кей күн.
Өлеңді сауын сиыр ете алмасам,

Кінə артып,
Кімге налып, өкпелеймін?
«Ақын бай...» дейді əлдекім,
«Жоқ» демеймін,

Бірімін көңілі бай көп кедейдің.
Бермейтін ханға сəлем қалпымменен
Алдында тек Тəңірдің шөккелеймін!
Төріме төселген жоқ қалы кілем,

Бұлжымас бұл да өмірдің заңы білем...
Тағдырын ақындардың,
Амал қанша,
Танымай келе жатыр əлі бір ел!

БОСАҒА

Мен жыласам,
Қуанып досым күлер.
Жан таппадым көңілдің хошын білер.
«Үндеместе жатыр, – деп, – үйдей пəле»

Жауым да жоқ сыртымнан шошып жүрер.
Кез келген жан іркілмей ішіме енер
Аужайымды, ағайын, түсіне бер.
Жақұтындай жүзіктің мың құбылған

Жалықтырды түлкі өмір, мысық «өнер».
Айналайын, киелі Ақ босаға,
Қашан кірер жақынға ес,
Жатқа сана?

Төрге озатын немелер сені елемей,
Ойнап жүріп бір күні от баса ма?..

ПЕРІШТЕ

Алып кетші көгіңе жерден мені,
Жалықтырды жаһанның сергелдеңі.
Кеңістіктің лебі ыстық керімсалы
Емдер ме еді

Мендей бір шермендені?..
Қайда барам қара үзіп сенделгенде?
Періштеге айналмас пенде өлгенде...
Қарашығым айналып қара түнге,

Қалғып кетіп жүрмейін сен келгенде.
Алып кетші көгіңе ертең, бүгін...
Еркім,
Сертім өзіңде, еркем, гүлім.

Көз ұшынан көшейін көкжиекке,
Көл түбіне батқандай желкенді Күн...
* * *
Отқа, суға салғалы шыбын жанды

Қайталаудан аспадым бұрынғы əнді.
Көз аяңа ала жүр, айналайын,
Өзім кетіп..,
Соңымда жырым қалды.

Түзге беттеп барамын,
Үйге кірмей...
Өмір қалды өгіздің бүйрегіндей.
«Өлеңі де, өзі де жақсы еді...» деп

Мен өлген соң шуларсың шибөрідей!..
* * *
Сезім сергек,
Көз көргек,

Санам ояу.
Бұлағай-ау бұл өмір,
Алағай-ау...
Жанарымның ішінде – жарық Жаһан,

Қабағымның астында – қара бояу.
Бері қара,
Бəрібір, ары қара,
Қарабайыр тірліктің бəрі қара!

Қара орманның ішінде адасып жүр
Сарғалдақтай сарғайған Сары бала...
Қара орманда, өртенсе, гүл қалмай ма?
Қам-қаперсіз кешегі күндер қайда?

Қара аспанға қалықтап ұшып кетсем,
Қара жерге оралу мұң болмай ма?..

ӨМІРБАЯН

Сен менің тағдырыма таңырқама:
Ақпанда айналамын ақ ұлпаға.
Тарылып Күздікүні жайлау-жайым,
Кеземін тұман болып тау қойнауын.

Аспанның алтын алау Шамын жағып,
Кілкимін Жазғытұры сағым болып.
Көктемде бүршік жарып, тамыр жаям...
Сұрасаң, мендегі осы Өмірбаян.

* * *
Азу тісі – көкала, қатқан сүңгі,
Алдым да артым ақтүтек Ақпан сынды.
Аяғыма оралып ақ Қаншығы

Арлан қасқыр мені аңдып жатқан сынды.
Ажал атты аяр, сұм алар бір күн
Қособаның басында аңдып жатып
Төлегенді Бекежан атқан сынды...

* * *
Төрдегі орным көрінер тұманданып,
Сыртта тұрып есіктен сығаласам.
Елдегі орным көрінер, ерте есейіп,

Егделердің ішіне сыналасам.
«Адам ұлы бол» деген атасөзге
Енді қашан, құдай-ау, құлақ асам?
Бүгін өмір сүрудің керегі не,

Ұрпағыма ертеңгі ұнамасам?!

КЕҢСАЙ

Қаланың ту сыртында қала жатыр,
Бала жатыр,
Онда əзіз ана жатыр...
Ақ тер, көк тер қарбалас тіршіліктің

Ол қала үшін құны жоқ қара бақыр.
Қаланың ту сыртында қала жатыр.
Дана жатыр,
Онда əзіз баба жатыр...

Қабір сайын қарайған құлпытастар
Қара ормандай көбейіп бара жатыр!..
Қаланың ту сыртында қала жатыр.
Қабір емес,

Аты оның – Заманақыр!
...Табыттың соңына еріп тауға қарай
Тағы бір қаралы топ бара жатыр.
Қаланың ту сыртында қала жатыр...

* * *
Естімегелі көп болды тырнаның үнін,
Құрмады бүгін
Сауығын қырдағы күнім.

Сызылып күлген шағына қызығушы едім,
Хабарсыз қайда кетті екен сырғалы Гүлім?
Тырналар қайтсін қаланың сасық ауасын?
Пəрəнжі киген арудай жасыл ағашым.

Гүлдеймін деумен күндерім солатын болды-ау.
Білмеймін, қашан, қай жаққа, басым, ауасың...
Естігенім жоқ күннің де күркірегенін,
Күркірей қалса,

Дүние-ай, дүркірер едің!
Тұншығып тұрып,
Ішімнен күрсініп, тынып..,
Көктемдей мына мен-дағы бір күні өлермін...

ҚЫС

Қайыстырып қабырғамды
Қар астында қабір қалды.
Қайғы мүлгіп,
Тал ырғалды...

Қайран, үміт, тағы ұрланды.
Қар астында мола қалды,
Қорым қалды,
Қора қалды...

Арша, Шырша шымқай түбіт
Орамалды
Орап алды.
Тау қойнауы обырланды,

Жұлдыз көкте шоғырланды.
Қар астында:
Лүп-лүп соққан
Тамыр қалды – Өмір қалды!

* * *
Аямай-ақ қой мені, аямай-ақ
Бірі екен деп ақынның жалаңаяқ.
Сенің құлқың – құныкер қу дүние,

Менің мүлкім – тар кепеш, табақ, аяқ...
Жүрген жан деп ойлама Жұмақ іздеп,
Жұмақ бізді нағылсын,
Күнəміз көп...

Талқанымыз таусылып қалғандай ма,
Ана қыз деп,
Жүргенде мына қыз деп.
Қалды дейсің қай қызық қыздан басқа,

«Өлсем, орным – қара жер мұз болмас па»?
Ауызға алып Алла атын ант етемін,
Қыздан басқа «олжаны» қызғанбасқа!

ҚАЙДА ЖҮР ЕДІҢ?

Дарқан даланың
Гүліндей өңің.
Қалқам, қарағым,
Бүгінге дейін

Жайнап іреңің
Қайда жүр едің?
Əппақ Ай балқып
Тұнық аспанда,

Ақтоғай аңқып
Бүрін ашқанда,
Жайнап іреңің
Қайда жүр едің?

Желегін жасыл
Жамылған бақта
Керегімді асыл
Сағынған шақта,

Жайнап іреңің
Қайда жүр едің?

КӨКТЕМ

Тағы да Күн жадырады
Төбемде.
Тағы да гүл жамырады
Көгенде.

Тағы да күн күркіреді
Аулақта.
Тағы да гүл дүркіреді
Бау-бақта.

Тағы сүттей дірілдеді
Ай көктен.
Күміс сəуле күлімдеді
Əйнектен.

Жан-жағымды Жұмақ еткен,
Лəйлі еткен,
Құдайым-ау, мына көктем
Қай көктем?!

* * *
Алшаң-алшаң аттармыз,
Арғымақты баптармыз.
Қара жердің қойыны кең,

Қайда барып тоқтармыз?..
Баба салтын сақтармыз,
Ана сүтін ақтармыз.
Əлдеқандай күн туса:

Алдаспанды қолға алып,
Айбалтаны саптармыз!

БАҚ ПЕН БАП

Бақ шаппады,
Тұлпарым ақсап тағы.
Озан салып Ордаға кіретұғын
Қайран, шабыт, қайдасың жас шақтағы?

Ат келмеді...
Ұмытты бапкер нені?
Тайдағылар мəреге машықтанып,
Қайдағылар қағынып таққа өрледі...

Құлагерім!
Үміттің сыңары едің...
У сепкендей ашылды-ау жан жарасы,
Су сепкендей басылды-ау мына көңіл.

Батыраштар,
Байбатша,
Қотыраштар...
Менменсіген мейірсіз мединеде

Мен білмейтін қаншама жатыр астар?..
* * *
Өтеміз...
Мен де өтемін,

Сен де өтесің.
Жылайды бұлт та сауып жерге төсін.
Өртіңді уақытша үрлеп жағып,
Дертіңді уақытша емдетесің.

Өтеміз...
Сен де өтесің,
Ол да өтеді.
Бейітке белден асып жол кетеді.

Бөленген Жербесікке бөпетайын
Жер-ана қайта əлдилеп тербетеді.
Өтеміз...
Сен де өтесің,

Мен де өтемін.
Жазулы пешенеңе пенде екенің.
Қалады көз ұшында Дүниежалған
Жесірдей желбіретіп желге етегін.

...Өтеміз,
Сен де өтесің,
Мен де өтемін...
* * *

Алғанша Ажал – сұр мерген
Ақынға Алла тіл берген!
Талайды көрдім түрленген,
Талайды көрдім сыр берген...

Ірісе ішің, не қайыр,
Сыртыңды сылап жүргенмен,
Алшаңдап атқа мінгенмен,
Талтаңдап таққа мінгенмен!

* * *
Қар жауып тұр...
Перінің қанатындай.
Көкке көзін сатады қала тынбай.

Тапшылықтан тауқымет тартқан жұртқа
Жақсылықтан бір хабар алатындай.
Қар жауып тұр...
Мақтадай мамық қана,

Қайғырма да,
Дегендей қамықпа да.
...Біз күдікпен келерміз дүниеге,
Біз үмітпен енерміз табытқа да.

Қар жауып тұр...
* * *
Ериді қашан қар мына қалың?
Елеусіз, елсіз қалды ма бағым?

Сағындым салқын сабатын қырдың,
Сағындым бақтың балғын ажарын.
Жариды қашан көңілім жазға?
Білмеймін, көп пе, өмірім аз ба...

Өткеннің қайтып Келмесін айтып,
Кеудемнің шерін, қоңыр үн, қозға.
Қоңыр үн...
Қобыз сарыны ма едің?

Жадырар қашан жабығулы өңім?
Сауытын сөкші, Қызыл жел, қыстың,
Сарқылар болды сабырым менің!
* * *

Жүрісінен жаңылған жорғадайын
Қона бермес бақ құсы қолға дəйім.
Бұлбұл ұшып кетті деп гүлзарынан
Борша егіліп несіне қорланайын.

Бұлбұл ұшса,
Басқа бір бағы бар да.
Ғазиз жүрек арманнан арылар ма...
Жалғыз қалған сəттерде,

Жарап жатыр
Жалғыз адам табылса жан ұғарға.
* * *
Бақыт қолда сусиды сынаптайын,

Сынаптайын сырғиды күн, апта, айың...
Ай, жұлдызды əпер деп аспандағы
Артық-ауыс жүрекке жүк артпайын.
Шүкіршілік етейін қолда барға,

Мезгілінде медеу ғой ол да адамға.
Жарық күнді көрсем деп жанарыммен
Жанталасып жатпай ма тордағы аң да!

НАЛА

Бұл заман кімнің соры?
Кімнің бағы?
Жаңылды жүрісінен дүлдүл-дағы.
Қайғы жеп, мұң жұтқан соң қайдан оңсын,

Барады уға айналып тілдің балы.
Ғайыпқа өзі кетпей,
Сөзі жетпей,
Ақынның аласұрған кезі көп қой.

Өзі хан,
Өзі сұлтан,
Өзі бектей
Қор болдым ағайынға сөзім өтпей.

Алда деп жұбатқанмен жүлдең əлі,
Алқызыл бояуынан гүл де оңады.
Аз күндік аманында ауызға алмай,
Өлген соң өкінгенің кімге дəрі?

* * *
Таң көзінен тамды мұң,
Күнді күтіп қалды ма?
Жау, жарықтық, жаңбырым,

Ұқсап алтын жамбыға.
Жақсы болды-ау жауғаның?!
Жастығымды ойға алдым.
Дала да мұң,

Тау да мұң...
Мен де мұңға айналдым.
Тіршіліктен түңілмей
Жабылмасын түндігім.

Табиғаттың күніндей
Көңіл, сен де мың құбыл.
Тағдырыма не дермін?
Жарық күн жоқ жайнаған.

Аспаннан бұлт,
Менен мұң
Ауғанынша қай заман?..

ЭКСПРОМТ

Біріміз бірімізді шерменде ғып,
Несіне керілдестік, кердеңдедік?
Періште пейілің болса пешенеңде,
Жанымнан жай алсаңшы бермен келіп.

Басынан бағы тайса, елден көріп,
Кетпей ме кей кездері ерден де ерік...
Опалы оғылан болсаң,
Жүрмес пе едім

Орнынды босаға емес, төрден беріп?
Алланы аузыңа алшы,
Жығылайын
Алдыңа алты айшылық жерден келіп!

* * *
Ойнама менің жүйкеммен,
Сүймеймін жанды сүйкенген.
Кеудеңнен кері итермен,

Ішіме енсең икеммен.
Тартылған тамыр сымдай-ды,
Тарс кетпей бір күн тынбайды.
Жадыңда сақтау бұл жайды

Саған да болар ыңғайлы,
Маған да болар ыңғайлы.
* * *
Мамырыммен марқайдым,

Тамызыммен ортайдым.
Тамырымнан таусылып,
Қауызымнан қартайдым.
Қартаймасқа бола ма,

Өңімді алса Өлара?
Ұрығымды жел төкті,
Шырынымды бал ара...
* * *

Қол жетпес əлем-жəлемге
Көзімді саттым, телмірдім.
Жезөкше мынау əлемге
Жетім көзімді емдірдім.

Қалмаған құйттай қадірі
Наданға сөзден бөз қымбат.
Азғындап алтын тамыры,
Бара ма ұрпақ тозғындап?

Мойынға мінген мінəжіп
Ұйқымды шəйдай аштырды.
Атымтай – көңіл құлазып,
Қарабай – пейіл асқынды.

Үмітті өлген азалап,
Күдікпен қайта туамын.
Жанымды жаспен жазалап,
Тəнімді таспен қуамын!

КӨКЕЙТЕСКЕН

Дала – менің көңілім де,
Тау – еңсем!
Алда-жалда Ақ ордама, жау, енсең:
Тақ – төріме тағзым жасап,

Еріксіз
Есік жақтан еңкейерсің əуел сен.
Шалқақ кеуде,
Апайтөстер небір дөй

Əуреленген не кете алмай, не кірмей.
Қазыналы құтты мекен қайда бар
Қазағымның қасиетті жеріндей?!
Қазынама сұғын салған сұм қанша?..

Қазанымнан қайыр қанша, уланса?
Қайран менің қазағыма дəл қазір
Абылайдай арда туған ұл болса?!
* * *

Өмір!
Өтіп барасың бұрылмастан,
Қызық қуып қыздайын Қырым қашқан.
Ашу, басу айтатын шамаң бар ма

Ағайынға иттейін ырылдасқан?
Қырық құрау жүректі,
Қырық жамау
Түңілтетін түбінде түрің бар-ау.

Қабағың бір, қайтейін, ашылмады-ау,
Назарың бір, қайтейін, бұрылмады-ау.
Қара жердің түскенше қорабына
Көз қырыңды салсаңшы «қонағыңа».

Жалғызаяқ жолымды жалғармысың
Жаһан кезген бабалар сорабына...
* * *
Жан-жүрегім – жаралы өлең,

Жан баспаған арал емен.
Телегейде тереңдігім,
Дарияда дара кемем.
Қарияда даналығым,

Əр ұяда бала күнім...
Өткен күнде өкінішім,
Келер күнде жаңалығым.

ЖЕЛТОҚСАН

Құстар көшіп барады түзде шұбап...
Көшпей, қонбай келеміз біз де шыдап.
Саусағыңды тарбиған көкке жайып,
Көз жасыңды көзімше үзбеші, бақ.

Бұлыңғыр бұлт, булығып кемсеңдеме,
Түсіп кетті соншама еңсең неге?
Көкке құмар көңілім, сен де өрекпіп,
Көшкен жұрттың соңынан ерсем деме.

Ере алмайсың!
Қаласың қыстауыңда.
Қыспағың да сол сенің, ұшпағың да.
«Үсті-басы ақ қырау, түсі суық

Кəрі құдаң» – Қыс келіп түсті ауылға.
* * *
Мезі мезгіл меңдеп мені бір өңшең,
Көптен бері көтерілмей жүр еңсем.

Аллаға мың шүкіршілік айтар ем,
Ауруымнан айықтырып жіберсең.
Көңілімде – көбік көшкін, күрең сел...
Бүгін тағы көтерілмей тұр еңсем.

Жүзің жылып,
Жібір ме еді жүрегің,
Жібек жіптен өлең тоқып, жыр өрсем?
Жырың жұмбақ,

Түрің қымбат,
Кім ең сен?
Тілегімнен табылар ма ең, тіленсем?..
Қара жолда қаңғып жүріп,

Қайтер ең,
Қасың менен қабағыңа тірелсем?

ҚОБЫЗ

Сенің үнің секілді менің үнім,
Елжіреуін қарашы, егілуін?
Жан баласын жанына ертпейтұғын
Жалғыздықта ақынның көңілі мұң...

Сенің үнің секілді бұлақ үні,
Бал тұмадан, сенбесең, сұра мұны?
Таңғы Азан да аулақтау даңғаза əннен
Жұрт жүрегін ұйытқан жұма күні.

Сенің үнің секілді аспан үні,
Жан мен рухқа жаназық қас қағымы.
Құдіреттің иесі – Хақ болмаса,
Хас өнердің бар дейсің басқа кімі?..

* * *
Күн шығады күлімдеп,
Күн батады күбірлеп...
Келер-кезек дүние-ай,

Кешегі бар – бүгін жоқ.
Əкем жатыр қорымда,
Шешем жатыр қорымда:
«Ойна да күл, – десек те, –

Оралыңның барында»...
Бақытым да, сорым да
Оңым менен солымда.
Шырылдайды шыбын жан

Шырмауықтың торында.
Ажал шіркін құрған ау –
Бірде əзəзіл, бірде жау...
«Əуеніме» қосылып

«Əу» дейтұғын кім бар-ау?

АРМАН

Алып таудың
Басында қалықтау – мұң.
Алып тауға шығамын деп жүргенде
Екіндіге таялып қалыпты-ау Күн.

Енді неттім?
Ұясы ем мен жүректің...
Енді қашан туады Айым көктен?
Енді қашан шығады елжіреп Күн?..

...Ұясына барады Күнім батып,
Жан-жүректі жайсыздау шымырлатып.
Қыр астынан қылтиды Қызыл іңір,
Құлазыған көңілді құлындатып...

* * *
Күйдірдің-ау, құба қыз, қу жүректі,
Жарым түнде жамылып үлбіректі?..
Көлден ұшып кетті ме көкала үйрек,

Көзімдегі тұп-тұнжыр су дір етті.
Су дір етті...
Сен оны байқамадың,
Ақ білегің айқарған Айқамарым.

Жалғыз сəтін жанымның жалт-жұлт еткен
Енді кімге, құдай-ау, айта аламын?
Жалғыз сəті жанымның – үміт, сезім...
Ұқпадың-ау, қайтейін, жігіт сөзін?

...Саусағыңа сүп-сүйрік қона қалған
Сипай бердім жұтынған жүзік көзін...
* * *
Не қайыр көктегі айды көксегеннен?

Өзіңді өкпем өшті өкшелеумен...
Ажарын ақ жүзіңнің айтпағанда,
Айналып кетпеймін бе бөксе, белден?!
Сабаздай саратанның салқыны ұрған

Асырдым əннің сазын алты қырдан.
Бейіштің самалындай хош иісті
Айналдым əтір сепкен алқымыңнан!
Дəм татсам тұнығыңнан, шырыныңнан..,

Құтылып кете алмассың құрығымнан.
Тотының тоқсан тоғыз тарауындай
Айналдым мың бұралған бұрымыңнан!
* * *

Саусағыма ілінді бұрым-бұлақ...
Үнің де ұнап барады, түрің де ұнап.
Құрдымыңа, құдай-ау, қашан жетем?
Ұрым алыс болғанда, Қырым жырақ.

Үкі көздің көргенде үркінгенін,
Шыбын жанын үйірер, шіркін, көңіл.
Найсап нəпсі...мазалы мəйшат көңіл...
Аз емес пе?

Жете ме бір түнге бұл?
Төсек анау – құс жастық, мамық көрпе.
Түн тұңғиық,
Таң ұзақ,

Жарық та ерте.
Мезі қылған мезгілге керегім не?
Мен осында қаламын!
Қамықпа, ерке...

МАЗА

Ұрлықы ұйқы дəметіп ұрғашыдан,
Қызыл-жасыл гүл тердім қыр басынан.
Күн дидары көрінді жанарынан,
Ай сəулесі себілді сырғасынан.

Ойға түстік,
Саялы сайда жаттық.
Ойнап-күлдік,
Опалы ойға баттық...

Онсегіз мың ғаламды шарлап шығып,
Алпыс екі тамырды бойлап ақтық.
Көзімізге көрінбей қала, тіпті,
Балаусаға көмілдік бала түкті.

...Көзімізді ашқанда:
Аспан, жерде
Жұлдыз тарап,
Ай сөніп,

Таң атыпты...

ҚАРА МЫСЫҚ

Тағы өттің-ау алдымнан, қара мысық?
Сенен гөрі жақсы еді бала күшік.
Мен барғанша төрінде қу сайқалдың
Отырмасын бір сабаз шарап ішіп?..

Қараң қалғыр, қайдасың, тұйық көше?
Сүрінсем де құласам, иық төсе.
...Қоламтасын қоздырып,
Қозын кеулеп,

Қол бұлғасып, қоштасқам сүйіп кеше.
Қара мысық...
Не сездім?
Не бүлінді?

Есігінің ілмегі неге ілулі?
Терезеден телмірген қу басым-ай,
Ептеп-сүптеп жатқан кім Елігімді?
Қара мысық...

Қара түн...
Мылқау қала...
Жындануға болады,
Шырқауға да!..

Махаббат жоқ!
Мəйшат бар!
Мəйхана бар!
Сүймек, күймек, өртенбек – сылтау ғана.

ҚЫЗҒЫШ ҚҰС

Естен неге шықпайсың, естен неге,
Күн түбіне күнə артып көшкен неме?!
Ұқсамайтын түріңнен айналдым-ау,
«Судан таза, сүттен ақ» еш пендеге!

Күнə артқаның бекер-ау, күнə артқаның,
Аржағынан Мұзтаудың мұнартқаным.
Мінсізбін деп ойлайды-ау, мұңсызбын деп
Жүндей түткен жүйкеңді жұраттарың?..

Сені көлден айырған қай қара құс?
Мекенің-ай, мекенің Айдан алыс...
Айтар едім «келші» деп,
Амал қанша,

Арамызда елші жоқ,
Айнала қыс...

САҒАН БОЛА...

Саған бола таң ататын сияқты,
Тауға нұрын жалататын сияқты.
Барша əлемнің базары мен назарын
Бір өзіңе қарататын сияқты!

Саған бола Күн шығатын сияқты,
Ұмсынатын, құлшынатын сияқты!
Құмарлықтың құшағында өртеніп,
Тұншығатын, тыншығатын сияқты..

Саған бола Күн бататын сияқты,
Тұңғиыққа шым бататын сияқты.
Жер бетіне сия алмай да қия алмай,
Үзіріңе үн қататын сияқты.

Саған бола Ай туатын сияқты,
Сəулетіңе сай туатын сияқты.
Айнамкөлде арманыммен тілдесіп,
Əнім менің айтылатын сияқты...

ЖОЛАУШЫ

Бұл өмірге кім келіп, кім кетпейді...
Қанатты құс, қар жауса, дірдектейді
Қанжығасын қандаған жолаушыдай
Белден асып бесінге Күн беттейді.

Көз ұшында Жолаушы бұлдырайды...
Тілден қалған сағатты кім бұрайды?
Жүресінен жүгімен шөккен Нардай
Көкжиекке күрсініп Күн құлайды.

Күн құлады,
Жо-жо-жоқ!
Күн жылады!..
Сағат тілі тоқтады, жылжымады.

Жұлдыз жетім,
Ай жесір,
Аспан мұңлық...
Төбе мүлгіп,

Тау қалғып, тұнжырады.
Көп жылайсың, көз жасым,
Көп құрғайсың...
Көл түбіне шым батты-ау өткір қайшым.

...Қадыр болып кетіп ең жолаушылап,
Қыдыр болып...
Қыдырып кеп тұрғайсың!..
22.01.2011.

КЕЙДЕ МЕНІҢ КЕУДЕМДЕ...

Кейде менің кеудемде жын ойнайды...
Мені момын, жуас деп кім ойлайды?
Қарымбайдың қалтасын қағып-сілкіп,
Шыбыртқылап аламын Шығайбайды!

Кейде менің кеудемді жел кереді,
Жел кергенде жетім де өр келеді!
Қаратаудың қалжасын қанжығалап,
Алатауды алдына өңгереді!

Кейде менің кеудемде сел жүреді,
Сел жүргені көзге үрей ендіреді!:
Жұмақ жұртын жұқ көрмей жұмырына,
Тозақ отын топан су сөндіреді!

Кейде менің кеудемде мұң түнейді,
Қу тірлікті құлқынның құрты жейді.
Жағадан ап жарымес дүниені,
Құрбан болған күндерім күн тілейді!

Кейде менің кеудемде...
* * *
Күннен күдер үзбедім,
Үмітімді үйірлеп.

Түннен мейір іздедім,
Омырауы иір деп.
Таң бозынан оянған
Бозторғайдың шырылы-ай!

Сары түске боялған
Сарғалдақтың түрін-ай!
Үр жамалы Үркердей
Аққу жайы көлге аян.

Жамылғыңды бүркенбей,
Жазған, жүрек, сен де оян!

БЕЙШАРА

Қамап қойып ішіне тас қамалдың,
Тағдырымды табанға тастаған кім?
Денесін дерт,
Өзегін өрт жайлаған

Өзім емес,
Өзгемін,
Басқа адаммын!
Екі тумақ,

Екі өлмек лайық па?
Үнсіз, тілсіз əлде іштен тынайық па?!
Өз болмысын жоғалтқан бейшараны
Хақтан өзге бұйырмақ кім айыпқа?

ЖҰМБАҚ

Бір жүректің табамын деп мың бабын,
Күн деп, түн деп тыншымадым, тынбадым.
«Тағдырыңа қылша мойным талша» деп
Қырдың қызыл қызғалдағын ұрладым.

Шықпен шайып, нұрмен жуып гүл бағын,
Құба таңда құстың үнін тыңдадым.
Жалт-жұлттанған жанарында жылғаның
Қозы-лақтай жамырады жырларым!

Қызығына, құзырына құлдадым
Мың бір түннің мың бір мақам ырғағын!
...Мен өмірден өтер ме екем арманда,
Шерменденің шеше алмастан жұмбағын?..

* * *
Ағашқа қаққан сынадай
Арамызға еніп нең бар, Қыз?
Жай білгің келсе сұрамай:

Жаратқан жалғыз,
Мен жалғыз.
«Қайтатын жол жоқ райдан,
Көнемін» десең, өзің біл.

Құдайдың құлын Құдайдан
Бөлемін десең, өзің біл.
Алқара аспан,
Маң дала –

Үйі ғой біздей пенденің.
Адамға емес, Аллаға
Боласың енді сен Келін!

МЕНІҢ ƏНІМ...

Менің əнім Алланың алғысындай,
Бау-бақшада сайраған таң құсындай!
Тамылжытып таң құсы сайрағанда,
Қапастағы ой қалайша қалғысын жəй?!

Менің əнім Алланың өз үніндей,
Айдан түскен арудың лебізіндей.
Тыңда, тыңда,
Сен оны тыңда, жаным,

Тіршіліктің тұрғанда көзі ілінбей!..
* * *
Мен Құдайдың құлымын, ұлы емеспін,
Ұл болуды /құл емес/ тілемес кім?..

Құрсағынан шыққалы жан анамның
Қыр соңынан қалмаймын ұлы Елестің!
Елес қуып келгенмін дүниеге,
Құл ие ме?

Өмірге ұл ие ме?..
Шыбын жаным шыққанша шыңыраудан
Шын иеме – табынам Ұлы иеме!
Жарылқар деп жарлысын құтыменен,

Жаратқанның жарлығын күтіп өлем.
Ақыретте жуылар күнəм менің
Қанмен емес,
Ананың сүтіменен!

* * *
Өлген қайтып келе ме?
Тіріле ме?
Келер болса тірліктің құны неде?!

Жерде қанша «қуыршақ құдайлар» жүр..,
Құлдық ұрып көргем жоқ біріне де!
«Құдайларға» жердегі құлақ аспан,
Құлақ ассам – асады күнə бастан.

...Улы жеміс уылжып піспесе екен
«Өмір» дейтін өнімтал ұлы ағаштан.
Ұлы ағаштың у сеуіп ұрығына,
Шыбын қонып жүрмегей шырынына...

Мен Құдайдың құлымын қу тірлікте,
Тек өлген соң айналам шын ұлына!
* * *
Құдайға құлдық ұрып, құлша нандым.

Кімге, айтшы, одан өзге мұң шағармын?
Күмəнмен күлдібадам күнді өткізіп,
Тұманмен түн баласы тұмшаландым.
Көңілім көні кепкен түз даладай.

Жүректің түз далада сыздағаны-ай!..
Өнбойын өртке алдырып өксиді Өлең
Алданған жігітінен қыз баладай.
Тарайды тамыр бойлап шер-шеменім,

Таба алмай жанға тыным теңселемін.
Не болмақ көгімдегі сөнсе Күнім?
Не болмақ кеудемдегі өлсе Өлеңім?..
* * *

Бұл өмірден –
Тұл өмірден жалықтым.
Жарық күннің жалғандығын жаңа ұқтым.
Шыбын жанды шығара алмай кеудемнен,

Жарым түнде жанталасқан ғаріппін!..
Бұл өмірден –
Тұл өмірден жалықтым,
Қыр-сырына қияметтің қанықтым...

Ойсыз, мұңсыз,
Айсыз, Күнсіз,
Тас түнек
Тылсымында тұншығайын табыттың!

* * *
Бұлбұл құс қонбайды екен бақшаға ұдай,
Қор болған жамандарға жақсы əнім-ай...
Айналдым ақын емес, əйлеңкеске,

Əмірін жүргізгелі Ақша-құдай.
Мен де бір –
Торғай да бір терген дəнін,
Төменге сырғанайды төрден бағым.

Құмайын қу түлкіге құлдағанша
Құдайым өзі алсайшы берген жанын!

КҮДІК

Қызығы бұл дүниенің қалмағандай,
Көңілді мұң қамайды əлдеқандай...
Атып сап ұясына қонған Күнді,
Əлдекім қанжығасын қандағандай.

Қара бұлт лездемде қанға айналып,
Көкжиек көзден ұшты шалғайланып.
Түн жайлап мынау дүйім дүниені,
Шынымен қалар ма екен жанбай жарық?..

АҚЫРҒЫ АМАНАТ

(поэма)
Ə.Марғұлан рухына арналады
Жалғыз өмір бұйырған бұл адамға,
Несібең де, сол сыйың, сыбағаң да.

Сезінгенің жөн мұны дін аманда:
Көз ілмегің қас қағым... құлағанда...
Көз ілмегің қас қағым ертелі-кеш,
Өмір, Өлім... Ұқсамас ертегіге еш.

Көңіл күйің таңға ауып тұрғанымен
Қоңыр күйін қобыздай шертеді кеш.
Жалғыз өмір – сенің де, менің де еншім.
Артық күнді кім қайдан тегін берсін?!

Ең арғысы, аяулы анаңды да
Қара жерге арулап кебіндерсің...
Жалғыз өмір бұйырған бұл адамға,
Несібең де, сол сыйың, сыбағаң да.

Артық дəм-тұз дүниеден дəметпейді
Ұлы адам да, ұлықпан – ғұламаң да.
Мен де жалғыз жалғанда, сен де жалғыз,
Періште емес, пері емес, пенде адамбыз.

Аңдып басқан аяр жау алмай қоймас,
Ажалға да аңдаусыз жем болармыз.
Жапа-жалғыз қалғанда ажалменен
У-шуымен алмайды мазаңды əлем.

Дүниені қарбалас, қапылыста
дүрліктіре алмайсың қазаңменен.
Тірілердің өліден өзге есебі,
Селт еттірмес қаралы сөз де сені.

Бұйдалы бұлт, бұлыңғыр тұмандайын
бұлың дəурен басыңнан тез көшеді...
Тірілердің өліден өзге амалы –
Өсек аңдып, өзеуреп сөз бағады.

Жақсы кетіп, жанкешті жаман қалып,
Жібек іріп, тон тозып, бөз қалады.
Бөз қалады,
Жер көміп жез, қоланы...

Боз інгендей бетке алып боз даланы
Өмір көші ілбиді, қозғалады.
Өмір көші ілбиді керуенімен,
Өзімшілдей жазбаған көргенінен.

Ажыратып əкетер ажал сені
Аз уақыттық адамзат серуенінен...
Анадан да, айрылып данадан да,
Індегі ұқсап жатарсың жаралы аңға.

Сұр мергеннің оғындай жаза баспай
Тура келген қазаға шара бар ма?!
Үлкеннен де, айрылып кішіден де
У жалаған ұқсарсың күшігенге.

Болып-болмай жүрерсің,
қонып-қонбай
көңіліңнің үркектеп құсы көлге.
Жақыннан да, айрылып жараннан да

Алды-артыңа абыржып қаранғанда, –
Арман ба, əлде,
Зарлы əн бе... бір құйттай құс
қаға алмастан қанатын қалар жанда..

* * *
Назарсыз көз, азаң бет, бозарған өң
Бақиласып жатқандай базарменен, –
Ғұламаның жүзіне сыртын беріп,

Таң саз бере салқынсып, сазарды əлем.
Таң сыз бере əлсіреп, бозарды өңі.
Əлсін-əлсін, білініп азар демі.
Ұлықпандай ұлы емші ғайыптан кеп

жазар ма еді,
ғұмырын созар ма еді...
Кім араша айта алар сұм ажалға?
Өтінгенге, көнбейді-ау сұрағанға.

Ай маңдайын ағаның сəуле сүйіп,
Таң иектеп келеді құба жонға.
Жеме-жемде не деген жан сірі еді?! –
Кірпіктегі байқатты тамшы нені?..

Талмаураған таң алды жұлдыздайын
Ай маңдайлы Əлекем əлсіреді.
Əлсіреді кірпігін қағып əрең,
Бал-бұл ұшып жанардан жарық əлем.

Бет-бейілін тəңірім бері бұрса,
Тəніне де жанына табылар ем!..
Əй, бұрмайды-ау тəңірім бетін бері,
Шүберектей күн жеген секілді өңі.

Жаутаң-жаутаң қарайды жатқан жанға
Дос-жоранын, дəрменсіз жетім көңілі.
Жанар солып, жақ еті қашып, жүдеп,
Ұйысыпты бұп-бұйра шашы үлбірек.

Өрге тартқан тағдырын ғұламаның
Қалай тоқтап қалмақшы асыл жүрек?!
Кеуде деген ішінде абақтының
Ертелі-кеш таппаған тағат, тыным,

Жаяулыға үлгі еткен қанаттыны
Қалай тоқтап қалмақшы сағат тілі?!
Еміс-еміс естіліп құлаққа əні
Жарық жалған жанардан жырақтады.

Бойдан қашып біржола баратқандай
Бұлықсыған бір кезгі бұлақ – қаны.
Үй ауасы тарылып, аула лебі,
Ақ дəкеден жуылған аумады өңі.

Башпайларын мұздатып, байқатпастан
жан-дүниені жайлап бір жау келеді.
Көзден бала, бау-бақша, ұшып қайың...
Жау бұғынып келеді мысықтайын.

Күбірлейді дəрменсіз данагөйім,
дегендейін: «Барады ысып бойым...»
«Əуселемнен кімің бар қорықпаған?
Аңдып бағам, – дейді ажал, – торып бағам!»

Күбірлейді ерні əлсіз Əлекемнің
дегендейін: «Тон бар ма, тоңып барам...»
Жан-денесін əлден соң жау жайламақ,
Алдын ала кім мұны аужайламақ?

Дүние шіркін дөңгелеп жанарында,
Қабағында қас кағым аунайды алап:
«Аяқ неге барады жансызданып?
Қара басты-ау, қауметсіз, қамсыз қалып.

Тағдырласын танымай тұрғандайын
Неменеге қарайды таң сызданып?
Башпай неге қимылсыз?
Ұйыған ба?

Қияметің екен ғой қиын, алла...
«Бастан құлақ садаға», – тым құрыса,
тіл берсеңші сөйлерге, сыйынарға?
Тіл берсеңші пендеңе, тіл берсеңші,

Сөзімді айтып ең соңғы үлгерсемші...
Толықсыған айдайын дүниені
Толқып тұрып, қайран-ай, бір көрсемші.
Күн керуенін, өткізіп жыл дүрмегін,

Кілкіп сағым, кірпікті ілдірмедің...
Көксегенім көп еді көкейімде,
Үлгірмедім, қайтейін, үлгірмедім.
Көкейімде көп еді көксегенім, –

Өмір мені өгіздей жексе дедім.
Келер күннің қамы үшін, қауметі үшін
Өткен күннің соңынан өкшеледім.
Көкейімде көп еді көксегенім, –

Елегенім алдыңда, екшегенім.
Назарына өзгенің ілігерсің,
Қадіріңді өзіңнің жетсең, елім.
Көңіл шіркін көреген, ілгір еді,

Мірдің оғы тиді ме, кім біледі...
Көз алдымда бозарып гүлдің өңі,
Құшағына алғандай құрдым елі...
Ұйығаны аяқтың – жан кеткені,

Қоштаспаққа харекет-қам жеткені.
Күн мен түннің əлдилеп аясында,
Өң мен түстің аялап, тербеткені.
Тілімде айып бар ма еді, тілімде айып?

Тірлік түлер тіл барда, ғылым байып.
Тербеп келген дүние-ай бесігіңде,
Мен кеткенмен болмағай ғұмыр ғайып.
Тербеп келген дүние-ай бесігінде,

Келермісің, өтінсем, кешірімге?
Əй-шəйіме қаратпай ап кетем деп
Ажал шіркін аңдып тұр есігімде.
Есік жақта ажал тұр ап кетем деп,

Мен жатырмын: «Тіршілік тəтті екен», – деп.
Жан-жағымда жұртым тұр жаутаң қағып,
«Айтар сөзі ағаның жоқ па екен?» – деп.
Айтар сөзім болмасын неге менің,

Көзден ұшып баратса көбелегім?
Қимай жатыр көңілім жарық күнді,
Сыймай жатыр маңдайға кең əлемің.
Тас маңдай да соншалық емес едім,

Өтелді ме, білмеймін, берешегім.
Шамам барда шарқ ұрдым шартарапқа,
«Халқым, қандай болар, – деп,– келешегің?»
«Халқым», – дедім елжіреп, жылап іштен,

Тағдырыңда нала көп, жұбаныш кем...
Аз ба əлі күн жетілмей жатқан жағың,
Өз тамағын жетімдей сұрап ішкен?..
«Халқым», – дедім езіліп ет-жүрегім,

Тентегің де, аз емес тектілерің...
Елдігің де, аз емес кемдігің де,
Ел ішінде осыған жетті көңілім!
Жаба тоқу жауырды ойымда жоқ,

(Жалған сөзге о бастан бой ұрмап ек...)
Жадыгөй де,
жансыз да,
жандайшап та,

Жауың да бар тығылған қойынға кеп...
Аңғармай қап, білмей қап анғал басың,
Қайғы кешіп, қапыда қан болғасын...
Жарты жолда жалт беріп жалған досың,

Сахарада сан соғып сандалғансың...
Түзу жолдың бойына түскенше анық
Өзіңді өзің іріттін іштен шалып.
Зақымданып, зар қақты миың, жүйкең,

«Тағдыр» деген жаңғақты тіспен шағып...
Ойға түсіп іздедім жоқ-барыңды,
Сайға түсіп іздедім қатпарыңды.
Қанша-қанша жұмбағың шынға айналып,

Қанша-қанша сырларың ақтарылды...
Отырмадым омалып от басында,
Талап қылдым жақсыға жақтасуға, –
Бар ғаламды келтіріп көз алдыма,

Таңбаларды тастағы тап басуға.
Иығымен аспанды тіреп келген
Тіл табыстым ежелгі гректермен...
Маған тəңірім өлмейтін жүрек берген,

Маған тəңірім бөлмейтін тілек берген!
Қияндарға, көз салып қырымдарға,
Сапар шектім сан ғасыр Румдарға... –
Сөзім менің қалсын деп ұрпағыма,

Көзім менің зəуіде жұмылғанда.
Талап қылдым бəрін де үлгергелі,
Өтіп жатты дамылсыз күндер легі.
Жер астының жеті қат шаңын жұттым,

Қатпар-қатпар қағазға тіл бергелі.
Дастанға да кезіктім – жырдың кені,
(Өтті-ау небір заманның дүлдүлдері...)
Мен тарихқа айналдым естіп жүріп,

Тарих маған айналды бір күндері!
Көрінгенге көз тікпес текті ғылым,
Көрбілтеге жақпады көп қылығым...
Құлдан бетер «инемен құдық қазып»,

Құмнан алтын сүзумен өтті күнім.
Жиғанымды, тірнектеп тергенімді
Жер жасырып, демеймін жел кемірді.
Қадірімді білерсің қабірімде,

Халқым менің енжар да ер көңілді...»
Күбірлей ме, еріні дірілдей ме,
«Күрмеледі неліктен тілім», – дей ме?
Көкірегі сыр шертіп жатқанымен,

Алқым тұсын ащы жас тілімдей ме?..
Торыққаны, сезіліп толқығаны
Қоңыр көзде мəймілдеп көл тұнады...
Ауа жетпей кеудесі алқынады,

Сөгілмеген тұлпардай қолтығы əлі.
Өңі қашып, жүзінде ірең қалмай,
Шып-шып терге түсіпті күрең маңдай.
Көзін ашты Əлекең əлден кейін

Ақ сапарға бел шешіп, жүрер жандай.
Көзін ашып, қаранды жан-жағына,
Жолаушыдай кіріскен жол қамына.
Бақилықтың алдында бақұлдасып,

Баз кешпегі тірліктен аңғарыла.
Əлсіздігі əлгі бір былай қалып,
Күрең жүзі Күндейін шырайланып,
Қас-қабағы жазылып, ерні ашылып,

сөйлейтұғын байқатты сыңай, қалып.
Үміт шамы жанғандай өшіп барып,
Қозғалақтап қалды жұрт есік бағып.
Үзік-созық айтылған аманатты

Үйіріле қалған жұрт есітті анық:

– Өмір көшіп барады, бақсам, менен,

Ақбоз мініп, енем-ау ақшамға мен.
Жалғыз ғана арманым, ағайындар, –
Шоқанымның жанында жатсам деп ем.
Іздегенім сол еді, тапқаным да,

Көргенім де сол еді, баққаным да.
Жанға айтпаған осы сыр, осы аманат
Сары алтындай санамда сақталуда.
Ұшып кетпей тұрғанда шыбын жаным

Көкіректе айтайын сырым барын.
Жаннан жылу, жанардан жарық көшіп,
Көңіл сезді көзімнің жұмылмағын...
Аралауға шыққанда Түнек елін

Алтын емел болса игі түнемегім.
Жалт еткен де жоқ болған жайсаңымның
Жалғызсырап жатпауын тілеп едім...
Көнбей жатыр ұстауға халім, күшім...

Көкіректен ұшқанда жаным – құсым,
Жаны...на кеп жантайы...п Шоқанымны...ң,
Қара жерді...ң, жамылса...м жамылғы...сы...н.
Үзілді дем, созылды үн талып барып.

Түнекке енді Əлекем, жарық қалып.
...Ертесіне ел-жұрты ұбап-шұбап
Бара жатты тау жаққа табытты алып.
Көзден, сөзден сезіліп қаза құны,

Қабіріне қойылды аза гүлі.
Ғұмыр-ғайып ғұрпымен Ғұламаның
Даналығы, айтылды тазалығы....
Үлгісі мен айтылды өнегесі...

«Ел ес жияр, ер кетсе» деген осы.
Аяқталып жатады-ау көбіне өстіп
Өлім менен Өмірдін ерегесі.
Бəрі айтылған сыңайлы, бəрі сөйлеп,

Əрі жұптап сөздерін əрі сайлап.
Жамырасып жатқанмен жан дəрменде
жалғандығын жазмыштың жарыса ойлап.
Бітті рəсім. Оралды ел қалаға.

Қойнын ашты қорымжай жер Данаға.
Қара түнде қарманып, шашын жайып,
Қала берді жесірдей жел далада...
Қала жаққа қарайды қорым, қабір,

Кім-кімге де сездіріп орын барын.
...Алтынкүрек ертерек лебі ессе екен
Көкіректің ерітіп тоңын, қарын...
Көкірекке Күн қайда күліп қарар?

Тоң барында қара жер тұлып болар.
Қар ерімей қалса егер, тоң жібімей, –
Ант бұзылып, Аманат ұмыт қалар!
Азаматқа əмəнда аманат – сын!

Кім жанына жазықсыз қара жақсын?!
Əлекемдей барында жанашыры
Қайран Шоқан, қалайша дара жатсын?!
Ежелгі үлгі, ел таныр дəріс кəні?

Қайран, тағдыр, тағы да тоғыспады!
Ақ сағымға айналған армандайын
Алтынемел айшығы алыстады...
Онда Шоқан,

Ал мұнда Ғұлама бар.
Аралықта жатқандай құлама жар.
Осындайда жаныңды ой қинайды:

– Қосылмай ма, шынында, сірə да олар?.

БАРСАКЕЛМЕС

(поэма)
«Жас кезде болушы еді бəрі де оңай..,
Азғаны-ай,
Қу тірліктің арығаны-ай».

Көрші Əжей шығады үйден,
Жас шамасы
Алпыстан ауып кеткен ары қарай.
Көрші Əжей шығады үйден маймаң басып,

Тіл-жағы тіршілікпен майдандасып.
Бүркіттей тырнағымен бүре келген
Құтылсын кəріліктен қайдан қашып.
Түседі баспалдақтан еппен басып,

Көнетоз көкірегін көктемге ашып.
Күшіктің жетектегі шəуілінен
Дəн терген үркектейді кептер қашып.
Үй іші кеткеннен соң қоңырсып-ақ,

Көксейді көше жақты көңілсымақ.
Сəуірдің сəскедегі самалы есіп,
Сарайын шəйдай ашты Өмір-шуақ.
Сəуірдің самалы өбіп саумал абат,

Сəнденіп келеді екен аулада бақ.
Кейуана бір күрсініп алды ішінен
Жасымық жанарымен тауға қарап.
Тау шіркін тү-у алыстан мұнарта ма,

Көңілге мұнартқаны мұң арта ма?..
Балбырап өнебойы бара жатыр
Шымырлап енген сайын Күн арқаға.
Ауаға əтір бүркіп таңғы жауын,

Қарай гөр жан-дененің балбырауын!
Қыңсылап əрлі-берлі болмаған соң
Босатып жіберді иттің қарғыбауын.
Калған-ау бұл шіркін де шала мас боп:

Қаздандап,
Жан-жағына қарап асқақ,
Əжейдін ақ таяғын тістеп ойнап,
Болады арсалаңдап ала қашпақ.

Оралып енді бірде етегіне,
Дейтіндей:
«Енді ермеймін жетегіңе».
Кемпірдің көзі жетіп отыр білем

Жəдігөй бұл жалғанның бекеріне.
Жалғанның бекеріне кім сенбейді?
Ит екеш ит те еркімше жүрсем дейді.
Жылтырап көз ұшында шоқтай жанып,

Жалт етпе алдамшы Үміт – нұр сөнбейді.
Былтырғы ұясына кеп қонған-ау,
Дəлізден дəн іздейді кептер де анау.
Ажалға көнген бар-ау,

Жеңген бар-ау,
Өмірге келген бар-ау,
Кеткен бар-ау...
Жанында жүргенімен күшік неме,

Жайыңды адамша ұғып, түсіне ме?
Оңаша қалса болды,
Қайдағыны
Қамығып ойлайды екен кісі неге?

Ал, неге бас сұқпай жүр ана Күшік?
Жүр ме екен əлде, лəйліп, арақ ішіп?
Аттатпай қойды ма, əлде бері қарай
Қатыны – қойнындағы қара мысық?

Жалғыз ұл,
Жалғыз бала – жалғыз қара,
Қалғаны – қадам бассаң, жар-құз ғана...
Сорайып соқа басы қалған жанға

Қарайды түн сыздана, таң мұздана.
«Жалғыздың жібіте алмай тас жүрегін
Түнде ұйқым, күндіз күлкім қашты менің.
Шикі өкпе шірік неме əлі күнге

Парықсыз, парасатсыз жас білемін.
Бұйымдай базардағы бағасы кем
Байғұсты қайдан таптым дəл осы мен?
Келмесе əдірем қалсын!

Кердең келін
Бас сұғып кетпей ме үйге баласымен?
Сиырдай тұлға-түрі, сымбаты ірі
Сыймайды дүниеге бір қатыны.

Əжелеп ұмтылатын көрген бойда
Əлгінің... келді ме екен «Р»-ға тілі?
«Болғандай бала езі...» – деген осы,
Keп тұрса кетер еді неменесі?»

...Бірауық былдырлаған тілі тəтті
Оралды көз алдына немересі:
«Қызығып қылығына, тұлымына
Қанбайды шыбын жаным шырынына.

Соңымда сол қалар ма,
Сұм ажалдың
Ілініп кете барсам құрығына?..
Бақ пен сор кейде қатар қонар басқа,

Кімім бар кіп-кішкентай онан басқа?
Тілі жоқ мынау иттей тым болмаса
Еркелеп етегіме оралмас па?!
Сағындым əбден өзін,

Иісін де.
Иісе, соған көңілім иісін де.
Есіктен төрге шашып қуыршағын
Жүрмей ме құлдыраңдап үй ішінде?..»

Байқамай ауладағы басқа жанды,
Шүпілдеп шүңіт көзге жас қамалды.
Көңілі əлем-жəлем күй кешулі,
Тұтқындай тастап шыққан тас қамалды.

Əлдекім əкеткендей тыншын ұрлап,
Тербейді тіршілікті тылсым ырғақ.
Салқын ой санадағы саябырсып,
Балқытты бал татқандай Күн шымырлап.

Баптаған бəйге атындай таң асырып,
Бөртіп тұр бала шыбық бағы ашылып.
Əл-демін аулада Əжей жинап отыр,
Қанденін қарғыбаулап ала шығып.

Беймезгіл кеулегенде шер кеудені,
Жалғыз сол жан жұбанар енді ермегі.
Алысқа ұзамайды аула ішінен
Күшік пен екеуінің серуендері.

Қос қолы ажырамай қос балдақтан
Əрең деп түсті емес пе баспалдақтан?
Көлденең көзге ілінбес алтын жіптей
Ақ саумал себездеп тұр аспан жақтан.

Қымыздың маза алғандай бал дəмінен
Шып-шымыр қонып жатыр жанға бір ем.
Ермегі одан өзге таусылғандай
Қанден де əуре боп жүр балдағымен.

Кім ұғып, кім біліпті басқа амалын,
Тауып жүр əзірше адал ас-тамағын.
Кемпірдің үйде болсын, түзде болсын,
Басқа емес, бағатын сол қас-қабағын!

Құйрығын қыса қояр ұрысқанда,
«Бұйрығын» екі етпейді, ұғысқанда.
Қаншама қандасы жүр көше қаңғып...
Жоқ əлі біреуімен жұғысқан да.

Қу басын қуып тастап қуыс тамға
Кетті, əне, келін мен ұл зымыстанға!..
Жанына жалау болған жалғыз қанден
Бергісіз ағайынға, туысқанға.

Қамықса – бірге жатып қамығады,
Жабықса – бірге жасып, жабығады.
Ананың жатырынан көз ашқалы
Жалғанда жалғыз Кемпір танығаны!

Қиналып, ол ауырса, қыңсылайды,
Тыпыршып, тызақтайды, тыншымайды.
Жағдайын одан өзге кім жасайды?
Хал-жайын одан өзге кім сұрайды?

Түрілмей, тұмшаланса түн тұманы,
Жасаурап, жанарына мұң тұнады.
Күрсінсе – көкірегі жыртылады,
Қуанса – қутың қағып ұмтылады!

Түйгенін, көзбен айтып түсінгенін,
Сезеді өңі түгіл түсіндегін.
Аз емес, алты ай болды келмегелі
Кемпірге бір қаланың ішіндегі ұл...

Пенденің қайда түспес қай ұрығы...
Осы ғой жақсы, жаман айырымы.
Тəңірден тілеп алған жалғыз ұлдың
Болмады-ау қанден ғұрлы қайырымы!

* * *
Сыртекі байқай қалсаң даладан кеп,
Иттері бұл қаланың баладан көп.
Еденді таңертеңнен тасырлатып,

Жүргені үй ішінде абалаңдап.
Төбеттің төркін жұрты – төрдегі орын,
Түк емес алдында оның кер дөненің!
Бас қосқан неше түрлі элитасы

Иттердің көріп пе едің көрмелерін?!
Көрмесең, айналайын, келіп көргін,
Ішіне ен еріккен мен зеріккеннің.
Ата сөз, баба салты əдірем қап,

Туып тұр əлдекімге еліктер күн...
Қой қорып, қасқыр алар сырттан, арлан
Бүгінде көзге ілікпей сыртта қалған.
Заттары бұл иттердің – асыл, текті,

Аттары бұл иттердің – «Мұхтар», «Арман»!..
Құтжол мен Бөрібасар қайда деме,
Бүгінде Күн де көне, Ай да көне.
Іріңдеп онсыз да оңбай тұрған ішке

Бір індет келе жатыр жайлап ене...
Ірің мен енгеннен соң індет ішке,
Кірмей ме кірпияз күн күнде түске.
Биттерге ұйығыңнан ұя сайлап,

Иттерге құлдық ұрып құрмет істе!
Өзің біл нанбайсың ба, нанасың ба,
Айғақсыз бір шындық бар дəл осында:
«Құдайым сауысқанға билік берсе,

Самұрық қызмет етер панасында...»
...Жел қуып, жетім бұлт сұрқайланды,
Күн де анау бетін бұрып сырт айналды.
Зəнталақ зəңгілердің заманында

«Сұрқылтай – сұлу, сұңқар – сұмпай» болды.
Бірауық көңіліңді ауламаққа
Кешкілік бара қалсаң бауға, баққа –
Алқалы кілең кербез апайтөстер

Алады қоршалап та, қаумалап та.
Кім білген, шіркіндердің түрі қанша..,
Өздері-ақ айтар еді-ау тілі болса.
Иесі мəз болады –

Лақтырған
Наныңды əбжіл қақшып, іліп алса.
Жез жетон,
Медалына орден қосып,

Кес-кестеп,
Көлденеңдеп,
Кердеңдесіп,
Алдыңды босатпайды,

Кешкі ауаға
Жүрейін десең аздап кеудеңді ашып.
Моськасы,
Қос-қосымен бульдогы бар,

Көрмеде көзге іліккен «жүлделі» бар...
Түп-тамыр, ата тегін түстеп танып,
Қадірін бұл иттердің білген ұғар.
Сиырдай тектісі бар – нəні білем,

Мысықтай ептісі бар, бағымы кем.
Бір-бірден шал-кемпірді ертіп алып
Жүргені бау ішінде қалы кілем.
Бұларда «күйіс» бөлек, «сүйіс» бөлек,

Бір-бірін тез табады иіскелеп.
Қалады ит болған соң итіңдесіп,
Қаншама тежесең де тиіспе деп.
Тек басқа,

Тентек басқа,
Телі басқа...
Бəрі де даяр тұрар тегін асқа.
Қойыпты келістіре алқа тағып

Кең қолтық,
Келтек мойын,
Келі басқа.
Болса да қанша қандас, қанша ағайын,

Қауметін көріп қалай шаршамайын:
Сор болды-ау самсаған ит жас шалғынға,
Қор болды-ау қоламсаға Арша, Қайың...
Қыңсылап,

Қыбын тауып мауқын басып,
Ырылға əулекілеу əупіл қосып
Жатқанын көрген соң ба,
Кемпір-шал да

Қалады бір-бірімен қауқылдасып.
Қанден де қарап қалмас қаншық көрсе,
Қайран-ай, балшыққа өзін жаншып көрсе!
Табанда танып шығар қожайыннан,

Тəттілеу тағы біреу талшық берсе.
Бұтында бір тыным жоқ бұта көрсе,
Əлсізге,
Бой бермейді жұқаға ерсе.

Наныңды лақтырған қақшып алып
Қылғытып жұта берсе, жұта берсе...
Ит көп пе?
Бұл қалада адам көп пе?

Санап көр сабырың мен шамаң жетсе.
Бау жаққа бет алды деп есептей бер
Үйіңнен итін ертіп балаң кетсе...
* * *

Иттердің құсығымен, «түсігімен»
Аршадан ажар қашты түсі – кілем.
Осынау əудемжерге ауық-ауық
Əжей де кеп тұратын күшігімен.

Құрақ бой, құрбақа бет, құс денелі
Құдай-ау, кім елесін кішкенені:
Күпсінер бір ит келіп күштегелі,
Тіксінер бір ит келіп тістегелі.

Əжейдің адым сайын құрып əлі,
Іреңі қуаң тартып құбылады.
Ойдағы, сайдағы иттер,
Қайдағы иттер

Қанденге қарадай кеп ұрынады.
Елпеңдеп соңдарынан ерсін, мейлі,
Елжіреу былай тұрсын, менсінбейді.
Біреуі кежірленіп «кемсің» дейді,

Біреуі «сен кімге өзі теңсің?» дейді.
Əлсіздің таусылған ба «əттегені»,
Біреуі таламақ боп тап береді.
Əйтеуір алқалы иттер – тақ, төрелі

Жанына жуытпайды, жат көреді!
Тағына таласа да, жаласа да,
Мəз болар бала-шаға тамашаға.
Əр итке ақ таяғын шошаңдатар

Əжейдің əлі жетпей арашаға.
Əлден соң əупірімдеп Күшік бала
Құйрығын шетке шығар қысып қана.
...Иттерді жұлмалайтын Аю ғана!

Иттерді тырналайтын – Мысық қана!
Құйрығын бұтқа қысқан құйттай неме
Жүр екен заман заңын ұқпай неге?
Аузымен құс тістеген ат орнына,

Баптап жүр бір-бір итін жұрт бəйгеге...
Көңілге байланысты-ау бəрі-бəрі,
Адамның нарқы кеміп, налымағы.
Қанденнен басқа ешкім байқар емес

Əжейдің қан жылаған халін əлі.
Мықтылар неге сонша қағынады?
Момындар неге сонша қамығады?
Апыр-ау, көңіл қайда мамыралы?

Апыр-ау, өмір қайда мағыналы?
...Шалынан қалған мынау қараша үйдің
Шайқалып кетпесе екен шаңырағы?..
* * *

...Түс көрді,
Түс емес-ау – мұнар көрді:
Қураған қу медиен, құбаң белді
Тұмшалап, тұншықтырып тұман көмді.

Сусаған құныс кілең құлан көрді,
Сусыған құм үстімен жылан көрді.
Көзіне еміс-еміс көрініп қыр,
Көбесі көкжиектің сөгіліп тұр.

Апшысы қуырылып айналаның,
Желкеден жел ұлып тұр,
Еліріп тұр!
Су іздеп құба шелге құлан көшті,

Сумаңдап, суси жылжып жылан көшті.
Қорқыттың қобызымен қу медиен
Ызыңдап қайталайды бір əнді ескі...
Ай келбет бір кездегі армандай қыз –

Жалп етіп ол да ұшты жардан байғыз.
Əлдекім сыбырлайды құлағына:
«Біз неге үй жығуға қамданбаймыз?»
Құлан да құлап түсті қырдан əрі,

Жылан да жылап түсті қырдан əрі.
Бұлақтың сонда білем қайнар көзі,
Жұмақтың сонда білем нұр жамалы...

– Қыр асып кеткен жоқ, – деп, – босқа құлан,

Ұласып кеткен жоқ, – деп босқа жылан, –
Əлдекім көтереді бас жағынан,
Əлдекім жетелейді қос қолынан.
Қайтадан жел күшейіп құтырды, əні,

Уығы қараша үйдің сықырлады.
Айдаһар аузын ашты жалын бүркіп,
Жер-көкті жалап-жұқтап, сыпырғалы!
Етегін желік үрлеп, жел түргелі

Ес-түссіз ебелек те елпілдеді.
Мұңлығы бұл жалғанның бір өзіндей
Түндігі қараша үйдің желпілдеді.
...Түс емес!

Түс дегені шынға айналды!
Көрмепті бұрын-соңды мұндай халді:
Көзіне (жарық өшіп) түн жайланды,
Жабысып таңдайына тіл байланды.

Жақ ашпай жан баласы зар-мұңына,
Алланың көне берді жарлығына.
Бала да, немере де «əу» дей алмай
Астында алты қырдың қалды мына...

Ал өзі...
Етек-жеңін жел кергендей,
Періште қолтығынан дем бергендей,
Ғажайып кеңістікте келеді ұшып,

Арқаға ақша бұлтты өңгергендей.
Балбырап, тұла бойы балқып, ысып,
Жанары жұлдыздармен шарпылысып,
Кең байтақ кеңістіктің құшағында

Келеді ақ мақтадай қалқып ұшып.
Түргендей шымылдығын Шығыс төрі,
Бір ғажап əлемге енді ырыс толы.
Ауаны əтір сепкен жұтқан сайын

Ашылып сала берді тыныс-демі.
Жамырап жұлдыз біткен жан-жағында,
Ұшып жүр періштелер анда-мында.
Бір ауық есіне алды,

Қараша үйде
Қап қойған қанденін де, балдағын да...
Қандені –
Қағілездеу қара күшік

Жүр ме екен дөй иттермен əлі алысып?..
Бұл болса...
Бұлың-бұлың дүниенің
Дүрия əлемінде барады ұшып...

Есіне түскенімен ел елесі,
Елеусіз пенделерге керегі осы.
Қандені қалып қойды-ау қара жерде,
Сонан соң... əлгі, анау немересі...

Қалғаны...
Қалғаны ма?
Қалғаны ма?
Тарыдай татымайды талғамына!

Жалғанның қамында екен бар қасірет!
Алланың жолында екен бар мағына!
Өңгесі...
Бəрі жалған!

Бəрі жалған!
Адамды көргенім жоқ бағы жанған.
«Құдайы», былайы да жанталасып
Құрдымға құлап жатыр бəрі жардан.

Шалшығын айналаға шашып доңыз,
Тулайды ту биедей тасып теңіз.
«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы...»
Адам – бір көң тасыған сасық қоңыз!

Ұмытып тозақ барын, жұмақ барын,
Мəз-майрам өткеніне күн, аптаның.
Қоңыздар домалатқан Қара Жердің
Кім білсін, қайда барып тұрақтарын...

* * *
Қара жер,
Қазбауыр бұлт қалды астында,
Қанатың қанша ұшсаң да талмас мұнда.

Жəдігөй, анау жалған тіршілікпен
Жаратқан, енді қайтып жалғастырма!..
Сақталған сары алтындай сайға терең
Қамығып қала берді Ай да төмен.

Жүзіне нұр жалатқан жүзіктейін
Алдынан шыға келді əйбат əлем!
Салмағы сияқтанып жарты мысқал,
Мастанды мамыражай бал тыныстан.

Аумайды көк қанатты көбелектен
Көктегі періштелер қалқып ұшқан.
Сиқырлы əуен жайлап сыбызғылы,
Тірліктің тіл тұшынтар қымыздығы.

Аулайды көңіліңді көрмедейін
Көгілдір дүниенің ырыздығы.
Апырай, осы ма екен жəннат төрі?..
Əлде бір əлуеттің арбап демі,

Аялы алақаннан ұшқан құстай
Алысқа барады ғой самғап тегі?!
Қанатын кағып еді тағы ұшқалы –
Əп-сəтте əудем жерге алыстады.

О, ғажап!
Қарсы алдынан шыға келді
Кешегі жақын туыс, таныстары!..
Ғазиздер, ғаріп жандар кешегі өткен

Алдынан шығып жатыр қошеметпен.
Көздерін көрмегелі, құдайым-ау,
Неше жаз,
Өтіп кетті неше көктем?..

Өздері... ым қаққанмен үн қатпайды,
Сөздерін ішке жұтып, жұмбақтайды.
Ерекше көзіне ыстық көрінеді
Əне бір сұлу жігіт сұңғақ бойлы.

Құдай-ау, қыр соңынан қалмай жүрген
Іңкəрі... сұңқары ғой таңдай білген?!
Қаншама соның күтіп ораларын,
Қаншама жолын күтіп сарғайдым мен...

Ол болса...
Серілікпен сол баяғы
Тотыға көзі түскен тор жаяды.
Есінде ме екен сонау толысқан қыз,

Тобылғы...
Торғын тоғай...
Торғай əні?..
Дүние – пар ат жеккен сырлы күйме

Жалт берді-ау тағы алдынан мұңды күйде...
Кеудесі шаншып-шаншып кетті кенет
Кіргендей жүрегіне мың бір ине.
Таусылып, талыққандай əлі, демі...

Құдай-ай, қайдан көріп, танып еді?!
Анасын көзі шалды анадайдан,
Жігіттен жүзін бұрып қалып еді.
Анасын көзі шалды анадайдан,

Қанатын қарлығаштай жаңа жайған.
Шағала дəл осылай көкке ұшатын,
Жанына жай таппаған жағажайдан.
Анасы келеді ұшып!

Қайран, Ана!
Ала гөр құшағыңа, аймала да.
Аңырап, өзінді аңсап айдалада
Айтушы ем арзуымды Айға ғана...

Анасы келеді ұшып бермен қарай.
Аумайды ашық күнгі көлден маңай.
Аспаның ажарланып кетеді екен
Қастарын қас сұлудай кергенде арай!

Тəңірім төсегендей төрге кілем,
Төңірек көзді арбайды өрнегімен.
Анасы келе жатыр құстай ұшып,
Желбіреп ақ жаулығы жел лебімен.

Анасы жақындады, жақындады,
Белгісіз шақырғаны, аһ ұрғаны.
Келсеңші өзіңе-өзің, Құдайым-ау,
Енсеңші құшағына батыл, кəні!

Саусағы саусағына тигендей ме,
Өртеніп өне-бойы күйгендей ме?..
Жайланып жан-жүрегі жарықтықтың,
Айналып та толғанып сүйгендей ме?..

Талдырып түнде түсі, таңда елесі
Кей кезде шығатұғын əбден есі...
Көмілген қоламтаға қорғасындай
Балбырап бара жатыр жан-денесі.

Арудай айна-көктен жайнаң еткен
Апырау, Ай мен жұлдыз қайда кеткен?
Анасы əлден кейін алға ұмсынып,
Қолынан жетектеді жайлап, еппен.

Қоңыр жел қолдан демеп, қолтыққа ала
Екеуі барады ұшып қалқып қана.
Қол бұлғап соңдарынан қала берді
Көлкіп көл,

Толқып теңіз,
Аңқып Дала...
* * *
Аз өтпей Ай, жұлдызды түн жұтқалы,

Таң атты –
Тағы да бір тірлік таңы.
Кешегі итойнақтан есін жиып,
Қаланың қайта оянды күңгірт бағы.

Деген жоқ Күн шықпайын, Ай батпайын,
Ақ тұман сайға үдерді сайғақтайын.
Есінеп-құсынады марғау маңай
Қазақы керенаулық жайлап бойын.

Құдайдың көзін ашып жым-жырт көгі,
Өрмектей тарқатылды Күн жіптері.
Аумағы адырланып-бұдырланып,
Алатау қалғандай ма жылжып бері?..

Əруақты қуып шығып,
Далаға айдап,
Санада сайтан-сайран салады ойнақ.
Қаралы қараша үйдің түндігіндей

Кілкиді қала үстінде қара қаймақ.
Қозғалып пенделердің қол-аяғы,
Жалғасты жаңа күнге жол аяңы.
Қамкөңіл қаңқасынан хабар беріп

Мешіттің мұнарасы сораяды.
Адамның Аллаға аян қай қылығы? –
Əркімнің өз ішінде қайғы-мұңы.
...Есікті тырнап ашып,

Жарым түнде
Қан жұтып Қанден байғұс Айға ұлыды...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙