Мазмұнға өту
Home

Қалаубек Тұрсынқұловтың шығармалары І том

Қалаубек Тұрсынқұлов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қалаубек Тұрсынқұловтың шығармалары І том

Авторы: Қалаубек Тұрсынқұлов

Тұрсынқұлов Қ. Шығармалары. Бес томдық / Қ. Тұрсынқұлов. – Астана: Фолиант, 2014. ISBN 978-601-7568-52-8 Т.1: ҚАЗЫҒҰРТ: аңыз бен ақиқат / Әдеби-танымдық эссе, повесть-аңыз және новеллалар. – 416 бет. ISBN 978-601-7568-51-1 Бұл кітапқа қазақтың белгiлi жазушысы, Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби сыйлықтың, Саха Республикасы А. Кулаковский атындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, Саха Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, көптеген шығармалары қазақ, орыс, өзбек, саха, қытай, чех, т. б. тiлдерде жарық көрген Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» әдеби-танымдық эссесі, «Анды – Қарақыз» повесть-аңызы және новеллалары енгізіліп отыр. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған. ISBN 978-601-7568-52-8 (Т.1) ISBN 978-601-7568-51-1 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-4 Т 86 Т 86 © Тұрсынқұлов Қ., 2014 © «Фолиант» баспасы, 2014 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-4 Қалаубек Тұрсынқұловтың туғанына 80 жыл толуына арналады Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді

ҚАЗЫҒҰРТ – КИЕЛI БЕСIК Көк Тәңiрi адам баласын жаратуын жаратып алып, кейiн адамдардың тәубасынан жаңылып, әбден шектен шыға имансыз болып кеткенiн көрiп, қаһарланып, топан суын қаптатып жiберген екен. Жаңа бiр пәк дүние жасау үшiн Нұх пайғамбардың кемесiне адамзат, жан-жануар, ұшқан құстан, өсiмдiктен жұп-жұбымен отырғызып, таза тұқым сақтап қалмақ болған. Топан тартылып, су қайтқанда, Нұх пайғамбардың кемесi Қазығұрт тауының басына қайырлапты. Сол кеме Синай тауының басында қалған деп еврейлер айтады. Арарат тауының басында қалған деп армяндар айтады. Және олар сол Синай мен Араратты өте-мөте қадiрлеп, құдайдай қасиет тұтады. Синай мен Араратқа арналған халық туындысы бар ма, жоқ па, бiлмеймiн. Ал қазақтар осыдан мыңдаған жыл бұрын Қазығұртты кие тұтып, дүниенiң тұтқасы тұтып: Басында Қазығұрттың кеме қалған, Болмаса кереметi неге қалған?! – деп басталатын ғажайып дастан тудырған. Қазығұрт туралы жыр да, аңыз да көп. Не көп – тау көп. Солардың бәрiне халықтың ықыласы мен махаббаты мұншалықты түсе бермеген.

Қазығұрт – қазiр де көптеген түрлi көркем туындылардың тақырыбы. Заты – мұның бәрi тектен-текке емес. Халық бiлмей айтпайды. Қазығұрттың жасы – мың-миллион. Ал Қазығұрт ауданы жетпiс жасқа толды. Ел-жұрт Қазығұрттың қадiрiне жетiп, киесiне табынып, ауданның жетпiс жылдығын атап өте ала ма, жоқ па? Заман қысталаң, той не керек деушiлер табылады. Бiрақ барлап қарап тұрсаң, бiреу жетпiске толса да той, баланы сүндетке отырғызса да той. Мешiт ашылса да той. Құдай тойдан айырмасын. Ал ендi Қазығұрттың жөнi бөлек. Ол Ұлы Жiбек жолының бойында тұр. Шет елге шықсаң, жай бiр тарғыл тасына дейiн туристердi апарып, түймедейiн түйедей етiп көрсетедi. Жiбек жолы бойын жайнатқанға не жетсiн! Мiне, бiздiң Жерiмiз! Бiз кiмнен сорлымыз? – деп ауыз толтырып айтарға басқа жәдiгерлермен бiрге, Қазығұрт әсiресе лайықты. Асылы, Қазығұрт маңайын ұлттық үлкен қорыққа айналдырса, кәнекей. Айналасы – Төле би ауданы, атақты Ақсу-Жабағылы. Шетелдiк меймандарға ұялмай-қызармай көрсететiн кереметтер. Ауданның жетпiс жылдығын атау – Қазығұрттың мерейiн асыра түсу. Қазығұрт арқылы халық рухтанады. Мына заманда анау жоқ, мынау жоқ деп жүнi жығыла бермей, адамдардың еңсесiн көтерiп, елiн, жерiн сүюге, сол арқылы кең байтақ Отанды сүюге шапағат болады. Аудан, облыс басшылары бұл тiлектi ескерер деп үмiттiмiз. Баршаңызды Қазығұрттың киесi қолдасын! Шерхан МҰРТАЗА, («Егемен Қазақстан» газетi, 03.12.1997 жыл)

ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА КЕМЕ ТҰРСА... «Қазығұрттың басында кеме қалған...» Бұл – сонау көне заманнан келе жатқан жыр жолдары. Ал Қазығұрт тауы – бiздiң көне дәуiрiмiздiң алып ескерткiштерiнiң бiрi. Жалпы қазақ даласының тарихы ұшан-теңiз. Оны бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз бiлмей келдiк. Әйтеуiр, абырой болғанда, соңғы кездерi сол мүлдем жоғалтып ала жаздаған асыл қазынамызды бiртiндеп болса да түгендей бастаған сияқтымыз, ең болмағанда, iздеу сала бастадық. Дәл осы бiр орайда Елбасының үстiмiздегi жылды Халық бiрлiгi және ұлттык тарих жылы деп жариялауы сол ұмытылып бара жатқан тарихымызға қайта бiр көз жүгiртiп, қирап бара жатқан асыл қазыналарымызды қайта саралап алуымызға үлкен септiгiн тигiзетiнi ақиқат. Қазақтың Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Жетiсуға дейiн жайылып жатқан кең даласында талай-талай тарихи орындар бар. Тек қана Ұлытау мен Қаратаудағы, Қозыбасы мен Аңырақайдағы, Ерейментау мен Маңғыстаудағы тарихи орындардың өзi неге тұрады. Осылардың бәрiнiң тарихын бiр iзге түсiрiп, жүйелей келсең, бүкiл қазақ даласының да, қазақ халқының да тарихы жарқырап шыға келедi емес пе. Осындай қасиеттi орынның бiрi – Қазығұрт тауы. Оның қасиеттiлiгiн, ел тарихындағы орнын дәл бүгiн жеке-даралап айтып жатудың қажетi бола қоймас. Өйткенi Қазығұрт жөнiндегi аңыз-әңгiмелер халық арасында кең тараған. Оның үстiне жақында ғана «Егемен Қазақстанның» бетiнде қалың көпшiлiкке жар салған Шерхан Мұртазаның мақаласы жарық көрдi. Дегенмен Қазығұрттың аты аталғанда оның жалғыз өзiн ғана емес, аумағындағы тарихи аймақтарды еске бiр салып кеткен жөн секiлдi. Iргесiнде жатқан Карт Сайрам (көптеген тарихи еңбектерде нақ осылай «Кәрi Сайрам» деп жазылады) мен оның солтүстiк шығысына қарай жалғасып кеткен Манкент пен Майлыкент, Түркiбасы мен Тараз жатса, батысында Ордабасы мен Қараспан, Отырар мен Түркiстан жатыр. Оңтүстiгiне

қарай Тұрбат асуы арқылы өткен «Жiбек жолы» Қытай жылнамашыларының жазып кеткенiндей, Темiр қақпадан өтiп, Ташкент, Самарқан, Хиуа, Бұқараға жол тартады. Қазығұрт маңы – бiр кездегi Түрiк қағанаты құрылғанда Батыс орданың орныққан жерi, «Қорқыт ата» мен «Оғыз намада» жырға қосылып, Тәуке хан мен Төле бидiң жайлауы болған тау. Бәйдiбектiң шоқысы Қазығұрттың оңтүстiгiнде, «Орда қонған» деп аталатын мекенi Шығыс сiлемiнде болса, сол ұлы бабамыздың бейiтi солтүстiгiнде жатыр. Ал шығысындағы Батыс Тянь-Шань тауларынын етегi саналатын тiзбек таулардағы Өгем, Қаржан, Шымған қыраттары мен табиғаттың тамаша тартулары Ақсу-Жабағылы, Шатқал, Шарбақ қорықтары өз алдына бiр төбе. Мiне, осы табиғат байлықтарын аман сақтап, келесi ұрпақтың иелiгiне тапсыру мақсатында бастама көтерген Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Елбасыларының ниеттерi қабыл болып, өткен жылдың соңында Батыс Тянь-Шань табиғи аймағын сақтап қалу жөнiнде шешiм қабылданып, оған Халықаралық даму банкi қаржы бөлетiн болды. Мiне, қасиеттi Қазығұрт тауы дәл осы аймақтың орта белiнде тұр. Бiздiң Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жоғарыда айтылған Жарлығының төртiншi тармағы былай жазылған: «...Жаңа мемориалдар салу және тарихи маңызы бар мемориалдарды тиiстi қалыпқа келтiру жөнiнде шаралар қолдансын». Мiне, бiздiң ұсынысымыз да осыған байланысты. Ендiгi ашылатын жаңа мемориалдың бiрi осы Қазығұрт тауында орнатылуға тиiс. Оның негiзi – тау басына қайырлаған кеменiң бейнесi болу керек. Әрине, мемориалды бiр күнде, тiптен бiр жылдың өзiнде де оп-оңай орната салу оңай емес екенi белгiлi. Сондықтан бұл жұмыс кезең-кезеңге бөлiнiп атқарылатыны да айдан анық. Бiздiң ұсынысымыз – Президент Жарлығына сәйкес алғашқы шаралар атқарыла бастаса деген тiлек. Мәселен, биылғы наурыз мерекесi күнi Қазығұрт тауының басына шығып, болашақ мемориал салынатын жерге белгi орнату үшiн

көпшiлiк қатынасатын альпинистiк жорық ұйымдастырылса. Сонымен қатар «Ұлы Жiбек жолының» өтетiн тұстарындағы негiзгi елдi мекендерге арнайы белгiлер қойылса, бiздiң елiмiздiң сонау Қазығұрттан басталатын тарихына бағышталған ақындар айтысы өткiзiлсе. Тiптен спорттың ұлттық түрi ретiнде өтiп жататын көкпар мен сайыс жарыстарының бiрiн де осы Қазығұрт баурайында өткiзiп жiберуге болады. Мұндай шараларға қатынасатын спортшылар негiзiнен Қырғызстан мен Өзбекстанның өкiлдерi екенiн еске алсақ, тiптен оңынан келiп тұр. Қысқасы, Қазығұртқа байланысты өткiзiлетiн шаралардың бәрiн де елдi азан-қазан қылып шулатпай-ақ, кәдiмгi күнделiктi өтiп жатқан шаралар қатарында-ақ өткiзе беруге болады. Оның үстiне осындай шаралар өткiзу Президент Жарлығында саласаланың өзiне жүктелген ғой. Мерзiмдi баспасөздiң хабарына қарағанда, Қазығұрт ауданының тұрғындары биылғы жылы аудандарының құрылғанына жетпiс жыл толуын атап өтсек деген шешiм қабылдаған көрiнедi. Бұл да Президент Жарлығына сәйкестенiп жатыр. Жүз жылдық, мың жылдық, екi мың жылдық деген мерекелер өткiзу – бүкiл әлемге тараған дәстүр. Олар өтiп те жатыр. Тiптен соңғы кезде мекемелерiнiң бес-он жылдығын өткiзiп жатқан азаматтар да аз емес. Бәрi өткiзiлiп жатады, ал Қазығұрт болса қасқая қарап тұра бередi. Оны елеп жатқан ешкiм жоқ. Ендi Қазығұрттың да күнi туған сияқты. Сондықтан бiздiң ұсынысымыз: Қазығұрттың басында кеме тұрса! Әбдуәлi ХАЙДАРИ, академик, Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының президентi, Қилыбай МЕДЕУБЕКОВ, академик, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Әбдез СТАМҚҰЛОВ, профессор, заң ғылымының докторы, Қалихан ЫСҚАҚОВ, жазушы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты,

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қадыр МЫРЗАЛИЕВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қалаубек ТҰРСЫНҚҰЛОВ, жазушы, Саха Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты («Егемен Қазақстан» газетi, 17 қаңтар, 1998 ж.) Қазығұрт тауының аймағында өмiр сүрген ата-бабалардың аруағына бас ие отырып, немерелерiм Арман, Бегiмжан, Ербол, Гүлдана, Алуа, Қуаныш, Дәулеттер мен шөберелерiме, Аңсарға арнадым. ҚАЗЫҒҰРТ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ (Әдеби-танымдық эссе)

БАСЫНДА ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ КЕМЕ ҚАЛҒАН ЕЖЕЛГI АҢЫЗДАР НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛЕМДIК ӨРКЕНИЕТПЕН ЖАПСАРЛАСАТЫН ТҰСЫ Қазығұрт тауы жөнiндегi ең көне мәлiмет әйгiлi Нұх пайғамбардың кемесiнiң әлемдi топан су басқанда бiр таудың басына қайырлап, аман қалуы туралы аңызда айтылады. Бұл жөнiндегi жыр – қазақ арасына кең тараған, көне дүние. Осы ұзақ жырдың ең болмаса алғашқы екi жолы: Қазығұрттың басында кеме қалған, Болмаса ол әулие неге қалған, – деген сөздердi есiтпеген қазақ азаматы кемде-кем шығар. Осы бiр аңыз сарыны қолына қалам ұстаған көптеген азаматтардың шығармаларына арқау болған. Тiптен арыға бармай-ақ, берiден қайтарғанның өзiнде Валерий Брюсов «Қазақтың Пушкинi» деп атаған Мағжан Жұмабаевтың көне Тұран өңiрi мен Түркiстан туралы жазған ұзақ ода-жырында түркi әлемiндегi атақты жерлердiң бәрiн тiзiп келiп, былай дейдi: Балқашты бауырына алған Тарбағатай, Жоталы жер кiндiгi – Памир, Алай, Қазығұрт қасиеттi тау болмаса, Топанда Нұх кемесi тоқтар қалай? Ежелден жер емес ол қарапайым Бiлесiң тарихты ашсаң Тұран жайын. Тұранға қасиеттi құмар болған, Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.

Мағжан ақын осы толғауында түркi жерi мен елiн мадақтай келiп, Афрасиаф пен Фарабидi, Сыр мен Әмуды мадақтайды. Жоғарыда келтiрiлген осы үзiндiдегi Кей-Қысырау мен Зұлқарнайынға бiз соңырақ тоқталармыз. Қазiрше Нұх пайғамбар мен Қазығұртқа оралайық. Айтпақшы, Қазығұрт туралы бiздiң мезгiлiмiзде кiтап жазған қаламгер Сәуiрбек Бақбергенов ағамыз болатын. Ол кiсiнiң «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген кiтабы көпшiлiкке кеңiнен таныс. Ал осы ғасырдың басында көбiрек қалам тартқан ғалым – әйгiлi шығыстанушы, академик Әбубәкiр Диваев болатын. Ол кiсiнiң еңбектерi сол кездегi Ресей басылымдарында жиi жарияланған. Иә, сонымен, әуелi Нұх пайғамбар туралы. Нұх пайғамбар туралы аңыздар – әлемге ең көп тараған аңыз. Дүниенiң төрт түкпiрiнде бұл аңызды бiлмейтiн ел жоқ. Әсiресе осындай аңыздар өзен арналары мен теңiз жағалауын жайлаған елдерде кең тараған (Вавилония, Мексика, Греция, Индия, Австралия, Меланезия, Океания аралдары, т. б.). Бұл жерде бiз топан су туралы айтып отырмыз. Немесе Нұхты (Нойды) есiтпеген ел көп болуы мүмкiн, ал топан су туралы аңыз көпшiлiк елде бар. Ал өздерiн өркениеттi санайтын елдердiң бәрi Нұхтың атын бiледi. Әрине, дiнi мен дүниетанымына байланысты әркiм өзiнше атайды, өзiне тартады. Осы жерде еркениеттi елдiң ең алғашқы тасын қалаған Нұх пайғамбар жөнiндегi мәселенi бiрде Нұх деп, бiрде Ной деп қосарластырып жатпай, басын ашып алайық. Библия аңыздары бойынша бұл пайғамбардың есiмi – Ной. Ол қырық күн, қырық түн толассыз жауған жауыннан жер жүзiн топан су басқанда өз кемесiнде әйелi және Сим, Хам, Иафет деген үш баласымен аман қалып, су тартылғанда кемесi бiр тауда қайырлап, содан барып кейiнгi жан-жануар мен өсiмдiк әлемi пайда болады. Мiне, осы тауды иуда дiнiндегi ағайындар Синай тауы десе, Христиан дiнiндегi ағайындар Арарат тауы деп болжамдайды. Дегенмен осы библиялық аңыздың өзi бұрыннан келе жатқан көне аңыздың қайталамасы ғана екенiн де еске салып кеткен жөн. Ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша Библияға енген бұл аңыз көне Вавилонияның Гильгамеш туралы эпосындағы сарынның қайталамасы. Мiне, Ной пайғамбар

туралы аңыздағы деректер осылай. Осы аңыз дүние жүзiне көп тарап, әлемдiк өркениеттi дәуiрдiң (мировая цивилизация) басталуын осылардың есiмiмен байланыстырады. Ендi Нұх пайғамбар туралы аңызға келейiк. Бiрiншiден, Библиядағы Ной қазақ аңыздарында Нұх деп аталған. Екiншiден, Нойдың үш ұлы болса, Нұхтың да үш ұлы бар. Тек сол үш ұлдың кенжесiнiң есiмi ғана өзгешелеу – Иафес. Ал кемедегi жағдай өзгешелеу. Бұл жерде қазақтың көне аңызына ислам дiнiнiң жасаған ықпалы да нышан берiп қалады. Дегенмен әлемдiк өркениеттi өмiр осы тұстан басталды деп есептейтiн болсақ, қазақ дүниетанымы дәл сол тұсқа барып жапсарласып жатыр. Соңғы бiрер ғасырда қазақ немесе жалпы түркi халықтарын бұрын мәдениеттен мақрұм қалған, тек Еуропаның әсерiмен ғана мәдениет пен өркениетке жанаса бастады деп белден басып, теориясымақтарды алға көлденең тартатын ғалымдар осы бiр көне дәуiрге неге көңiл бөлмейтiнi белгiсiз. Әрине, олардың қазақты тек бұратана ел етiп көрсеткiсi келген ниетiн бiлемiз, тек кезiнде соған қарсы тұра алмадық. Әрине, зиялы қазақ азаматтары бұған қарсы үн көтердi-ау, тек олардың дауысы өз айналасынан ары көтерiле алмады. Әйтпесе әлемдiк өркениеттi осы тұстан нәр алды дейтiн болсақ, басқа түркi халықтарын қайдам, қазақтар өзiнiң Қазығұртымен бой жарыстырып, тайталасып тұрған жоқ па? Иә, солай. Қазақ халқының әлемдiк өркениетке қосылатын жерi осы тұста. Ендi қазақ арасында тараған аңызға тоқталайық. Мұнда да топан су, мұнда да кеме, мұнда да үш баласы бар бiр жанұя. Тек кеменiң тоқтаған жерi Синай да емес, Арарат та емес. Кеме аласа ғана тау Қазығұртқа қайырлаған. Осы жерде бiз Нұх пайғамбар жөнiнде шығыстағы араб-парсылар арасында тараған нұсқасына да тоқтала кетейiк. Сол аңыздардың жиынтығы Бурһанеддин ұлы Қазы Насреддин Рабғұзидiң «Рабғұзи қиссалары» («Қисса Рабғұзи») атты 1310 жылы жазылған кiтабында топтастырылған. Осы кiтаптың баяндауы бойынша Нұх пайғамбар топан суды Алладан өзi тiлеп алған. Оны мұсылман дiнiне енiңдер деп үгiтнасихат таратқаны үшiн кәпiрлер тас пен кесек атып зәбiрлеген. Осыдан (кәпiрлерден) құтылу үшiн ол Аллаға жалбарынып,

топан су жiберуiн өтiнедi. Осы топан судың басы таңсәрiде нан жауып тұрған бiр кемпiрдiң тандырынан басталап, соңынан барлық жерден су шыға бастайды. Аспаннан жауын жауады. Кәпiрлердiң бәрi судан қашып, тауға өрмелейдi. Тек судың деңгейi сол ең биiк деген таулардан қырық кез жоғары көтерiледi. Кәпiрлер опат болады. Солардың iшiнде Нұхтың үлкен ұлы Канан да кетедi. Өйткенi ол кәпiр болатын. Шыныдан сандық соғып, соның iшiнде аман қалуды қарастырғанмен, одан ешнәрсе шықпайды. Кеме тоқтаған соң жаңа өмiр басталады. Рабғұзидiң жазбаларында Нұхпен бiрге кемеге мұсылман дiнiн қабылдаған сексен кiсi қосыла мiнген. Бұдан әрi кiтапта Нұхтың қызы туралы, тағы басқа әңгiмелер бар. Топан су жайлы аңызды Әбiлғазы өзiнiң «Түрiк шежiресi» атты кiтабында да келтiредi. Бұл автор өз баянын Адам атаның топырақтан жаралғанынан бастап, оның ұлдарының билiк жүргiзген мезгiлдерiне тоқталады. Өзi мың жыл жасаған Адам ұрпағының ең көбейген мезгiлi Мәһлайыл билiк жүргiзген тұс едi дей келiп, сол тұста Бабыл жұртында (Вавилония) Сос атты қала салдырғанын, кенттердiң көбейгенiн айтады. Осы Адамның ұрпақтарының бiрi Нұх екi жүз елу жасқа келгенде құдай тағала оны пайғамбар етiп, ел арасына жiбердi. Нұх халықты мұсылмандыққа жетi жүз жыл үгiттегенде ерi бар, әйелi бар баржоғы сексен адам ғана мұсылмандыққа бас иедi. Осыған ренжiген Нұх құдайдан әлгi адамнан басқаның бәрiн жоқ қылуын өтiнiп, дұға оқиды. Осы дұғасы қабыл болып, Нұхқа құдайдың атынан Жәбрәйл елшi болып келiп, топан су басатынын, сондықтан әлгi сексен адаммен қоса барлық жануарлар мен өсiмдiктерден бiрбiр жұптан кемеге отырғызып, аман қалуына әрекет жасауын тапсырады. Нұх пайғамбар осылай еттi. Кемеге раджаб айының алғашқы күнi мiнген топ алты ай он күн су үстiнде болып, мүхаррам айының оны күнi жағаға шығады. Кеменiң қайырлаған жерi – Шам жұртындағы Мүсiл шаһарының Жудда тауы. Кемеде көпшiлiк адам ауруға шалдығады. Ақыры Нұхтың үш ұлы мен үш келiнi ғана сау қалып, қалған адамдардың бәрi қайтыс болады. Нұх пайғамбар үш ұлын үш жаққа: Хам атты ұлын Үндiстан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын

Солтүстiк жаққа жiбередi. Осы үшеуiнiң кенжесi Иафестен Түрiк, Хазар, Саклап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегiз ұл ербидi. Иафес өлерiнде өз орнына Түрiктi отырғызып, патша деп жариялайды. Ол өзiне аса ұнаған Ыстық көл деген жердi мекен етiп, тұрып қалады. Мiне, осы Түрiктен Түтiк, Хакал, Барсажар, Амлақ атты төрт ұл қалады. Түркi тұқымдас халық осы Түрiктен тарайды. Мiне, Батыс пен Шығыс елдерiндегi Нұх-Ной пайғамбар мен Топан су туралы аңыздар осылай өрбiген. Мұның бәрiнде де сол халықтардың өздерi ұстанған дiннiң әсерi бары тайға таңба басқандай бiлiнiп тұр. Ал Қазығұрт туралы аңызда керiсiнше, өмiрге деген ынтықтық басым келедi. Айтпақшы, Әбiлғазы нұсқасындағы Бабыл жерiнде қала соқты деген тұсқа көне Вавилонияның Гильгамеш туралы эпосының жаңғырығы деп ескерте кеткенбiз. Әбiлғазы нұсқасында да дiнге қанша матастырғанмен, сол Вавилонияның аты және аталып тұр. Осының өзiненақ бұл аңыздың ислам дiнi пайда болудан әлдеқашан бұрын шыққанын байқауға болады. Көне аңызды әрбiр дiн өз ыңғайына икемдестiрiп алғаны көрiнiп тұр. Осы топан судың Қазығұртқа байланысты нұсқасындағы ерекшелiктерге тоқталудан бұрын, барлық нұсқаларда айтылатын жайларды жиынтықтап, бiр iзбен баяндап өткен жөн секiлдi. Сонымен, Нұх пайғамбар кемесiне барлық жануар мен жәндiктi, тал мен шөптi немесе солардың дәнiн (ұрығын) жұптап жайғастырғанда кемеден орын берiлмей қалғандары да болған. Соның бiрi – шайтан. Бiрақ шайтан кемеге кiрудiң жолын табады. Кемеге жануарларды айдап кiрерде шайтан есектiң құйрығынан ұстап, керi тартып жiбермей тұрған. Осыны көрген Нұх: «Әй, малғұн, неге тұрсың? Кiр кемеге!» деп айқай салады. Осы сөзден кейiн шайтан зып берiп кемеге кiрiп кетедi. Нұх пайғамбардың: «Сен неге кiрдiң?» деген сұрағына «Өзiңiз «кiр малғұн!» деп менiң атымды атап бұйырдыңыз ғой» деп жауап бередi. Пайғамбар қарсы келе алмай қалады. Ал шайтанды кiргiзбеудiң мынадай себебi бар едi. Нұх пайғамбар барлық өсiмдiктiң ұрығын жинастырғанда жүзiмнiң ұрығын таба алмай қояды (Оны шайтан ұрлап алған болатын). Барлық хайуанаттардан сұрап, еш нәрсе өнбеген соң шайтаннан сұрайды.

«Жүзiмнiң ұрығына үш мәрте су құюды маған тапсырсаңыз, тауып берейiн» деп жауап қатады шайтан. Нұх келiсiм бередi. Ал кемеден шығып, ұрықтарды жерге шашып, өсiмдiк пен жемiс өсiрер кезде шайтан уәде бойынша жүзiмдi үш рет суғарды. Тек алғаш рет түлкi қанымен, екiншi рет жолбарыстың қанымен, үшiншi рет доңыздың (шошқаның) қанымен суғарды. Осының әсерiнен арақ-шарап пайда болды. Оны iшкен адам алдымен түлкi болып, өмiрiнде көрмеген адаммен ауыз жаласады, одан соң жолбарыс болып бар дүниесiн оңды-солды шашады, ал соңынан доңыз болып, ешнәрсемен iсi болмай, адамгершiлiк қасиеттерден жұрдай болады. Соңынан Нұх пайғамбар көп азаптанып жүрiп, жүзiмдi және екi рет суғарады. Оның бiрi – пейiштегi Ранжбибил бұлағының суы едi де, екiншiсi Салсабил бұлағының суы болатын. Осыдан барып шырын (сусын) мен мейiз пайда болады. Мiне, шайтанның осындай шайтандық жасайтынын бiлiп, оны кемеге отырғызбаудың амалын қарастырғанда, ол өзiнше айла жасап, «малғұн есектiң емес, менiң атым» деп кемеге кiрiп алған болатын. Айтпақшы, кемеге алғаш кiрген шегiртке (кейбiр деректерде құмырсқа) дейдi. Кеменiң iшiнде үш түрлi хайуанат жоқ болыпты: доңыз, мысық, тышқан. Ұзақ жүрген кеменiң iшi әбден ыласталғанда Нұх пайғамбар жаратқанға және жалбарынады. Ол «пiлдiң арқасын сипа» деп нұскау бередi. Осы нұсқауды орындағанда пiлдiң тұмсығынан доңыз түседi. Ол хайуандардың нәжiсiн жеп, кеменi тазартады. Кемеден орын алып алған шайтан шайтандығын жасамай жүрсiн бе? Барып доңыздың арқасын сипаса мұрнынан тышқан түсiп, ол қашып жүрiп кеменiң ағашын кемiрiп, еденiн теседi. Осы жерден су атқылай бастағанда Нұх пайғамбар және жоғарыға жалбарынады. Жоғарыдан: «Бұл – тышқанның iсi. Жолбарыстың арқасын сипала» деген нұсқау келедi. Жол-барыстың арқасын сипалағанда оның мұрнынан мысық түседi. Түсе сала-ақ тап берiп, тышқанның көзiн жойып, сазайын тартқызады. Бiрақ атқылаған су тоқтамайды. Ендi Нұх пайғамбар айналасындағылармен ақылдасады. Сонда жылан: – Мен тесiктi бекiтiп, суды тоқтатсам, не берер едiңiз? – деп сұрайды. – Не тiлесең, соны беремiн, – деп жауап қылады Нұх пайғамбар.

– Кiмнiң қаны тәттi болса, соны берiңiз. – Құп болады, – дейдi әбден амалы таусылған Нұх пайғамбар. Жылан суға сүңгiп кетедi де кеменiң тесiлген жерiн тауып, тығын болып жата қалады. Қалғандары кеме iшiне жиылған суды сыртқа төгiп, кеменi судан тазартады. Сонан соң тесiктi мықтап бекiтедi. Ал кеме тоқтап, бәрi жерге түскенде жылан Нұх пайғамбардан өз уәдесiн орындауды талап етедi. Нұх пайғамбар қай мақұлықтың қаны тәттi екенiн анықтау үшiн масаға бұйрық берiптi. Маса бәрiнiң қанын татып көрiп, адам қанынан тәттi қан жоқ екенiн байқап, осыны баяндауға келе жатқанда, алдынан қарлығаш кездесiп қалады. Ол масаның адам қаны тәттi екен деп жауап беруге келе жатқанын бiлген соң айла жасап: – Онда мен де бiр жалап көрейiн, тiлiңдi шығаршы, – дептi масаға. Маса тiлiн шығара бергенде қарлығаш оны тұмсығымен үзiп алып, маса сөйлей алмай дүңгене болып қалады. Ол Нұх пайғамбарға келгенде, қарлығаш та соңынан келiп тұрған екен. Нұх пайғамбар масаның қырылдап тұрғанына қарап: – Ей, саған не болған? Кiмнiң қаны тәттi екен? – деп сұрағанда, қарлығаш жұлып алғандай: – Әлгiнде ғана маған «бақаның қанынан тәттi қан жоқ екен» деп келе жатқан. Кешiгiп келгенi үшiн сiздiң сұсыңыздан қаймығып, сөйлей алмай тұр ғой, – деп жауап берiптi маса үшiн. Нұх пайғамбар жыланға бақаны соруды бұйырады. Ал жылан болса қарлығаштың адамға болысып, өзiне қастандық жасағанын сезiп, оған тап бергенде, тек құйрығының ортасын тiстеп қалған екен дейдi. Қарлығаштың құйрығының айыр болуының себебi осы екен. Сол заманнан берi қарлығаш өз ұясын үйге салып, адаммен бiрге тұруға үйiр болған екен. Ал жыланның үйдiң боғаты мен төбесiне өрмелеп жүретiнi – сол баяғыда қарлығашта кеткен кегiнiң есесiн қайтармақ болған әрекетi. Ұзақ уақыт жүзiп, кеме тау басына қайырлағанда, ендi айналадағы судың қаншалықты тартылып, жердiң құрғауын байқау үшiн барлаушы жiберетiн мезгiл келедi. Сол кезде қарға: «Мен барайын», – деп тiлек бiлдiредi. – Онда саған бiреу кепiл болсын, – дейдi Нұх пайғамбар. 2-268

– Мен кепiлдiк беремiн, – дейдi қораз. Қарға ұшып кетедi. Су тартылған, тек айналада сасып жатқан өлексе көп. Қарға осыларға мәз болып, келген жұмысын мүлде ұмытып кетедi. Кепiлдiк берген қораз кеменiң басына шығып, қанша айқай салғанмен, қарға қайта оралмайды. Осыған ренжiген Нұх пайғамбар қарғаны қарғайды, ал қораздың қанатын қысқартып, ұша алмайтын етедi. Қораздың әлi күнге дейiн биiкке шығып шақыруы – сол баяғы өзi кепiл болатын қарғаны iздеп жүргенi болса керек. Нұх пайғамбар бұдан соң барлауға көгершiндi жiберiп, тек жерге қонбауын ескертедi. Бұл көгершiн де өлексе қуып кетпесiн деген сақтық болса керек. Кеуiп қалған жер ғой деп қонған жерi батпақ болып шыққан соң, ол тез қайтып келгенде тырнақтарындағы батпақты көрген Нұх көгершiндi де жазалайды: оның аяғының түктi болуы осы алған жазасы дейдi жұрт. Ендi барлауға ақ кептер ұшады. Ол жерге қонбайды, айналаны түгел шолып, ақыры құрғақ жерге барып қонады да, қайтарда бiр тал жапырақты тiстей қайтады. Ақ көгершiннiң аяғының қызыл болуын азап суының сасығынан болған дейдi. Нұх пайғамбар ақ көгершiнге риза болып: «Сенiң өмiрiң адамдармен бiрге болсын, адамдар саған үйiнен орын берсiн», – деп бата бередi. Мiне, осыдан кейiн барып Нұх пайғамбар мен оның серiктестерi жерге түсiп, жайғасады. Аңыздың осы бөлiгiнде араб-парсы аңыздарымен салыстырғанда, мынадай өзгешелiктер бар. Рабғұзида масаның қызметiн атқарған ара, адам қанын емес, етiн жеудi талап етедi жылан. Оның үстiне қарлығаштың қызметiн айтқанмен, құйрығының неге айыр екенiн айтпайды (ең болмағанда бiздiң қолымызға түскен нұсқада бұл жоқ). Әрине, кеменiң тоқтаған тауы жоғарыда айтқандай, аласа болғанмен, басқа тау – Жудда тауы. Ал ендi Нұх пайғамбардың кемесiнiң Қазығұртқа қайырлағаннан кейiнгi уақиғасы қазақ аңыздары бойынша былай өрбидi. Кеме тоқтаған соң Нұх пайғамбар қасындағы серiктестерiмен жерге түсiп, өздерiмен бiрге аман сақтап қалған хайуандар мен жануарларды өрiске жiберiп, алып келген тұқымдарын жерге

сеуiп, жаңа өмiрдi бастайды. Бұл ендi рухани арылудан (тазарудан) кейiнгi жаңа өмiр. Осы өмiрдiң өркендеуi туралы халық арасында сақталып қалған талай-талай жырлар бар. Белгiлi жазушы Шерхан Мұртаза өзiнiң «Егемен Қазақстан» газетiнде жазған мақаласында Нұх пайғамбардың кемесi қайырладыау деген өзге таулар туралы поэма бар-жоғын бiлмейтiнiн, ал Қазығұрт туралы поэма бар екенiн айтады. Рас, өзге таулар туралы поэма (халық жаратқан көне туынды мағынасында) бар-жоғы бiзге де белгiсiз, тек Арараттың арғы-бергi бетiне барып жүргенде ешкiмнен есiте қоймадық, ал Синай тауына байланысты эпос бола қойса, оны еврей ағайындар әлдеқашанақ бүкiл әлемге таратып үлгiретiн едi. Қазығұрт тауы туралы поэма (Шәкеңнiң сөзiмен алып отырмыз) бiреу емес, екеу. Оның екеуi де ешжақтан келген емес, нақ осы таудың өз баурайында өмiрге келген. Өйткенi оларды қанша балталасаң да Қазығұрттан бөлiп әкете алмайсың. Соның бiрi – төрт түлiк туралы. Әрi ол – ешқандай дiни немесе қияли қоспасы жоқ таза халықтық ұғымдағы өмiрдiң өз талабымен, өмiрдiң өзiне бағышталған туынды. Бұл жырда қоғамдық дамудың (общественное развитие) нышаны жатыр, қазақ дүниетанымының негiзгi темiрқазығы қағылған. Қазығұрттың басында кеме қалған, Болмаса ол әулие неге қалған. Топан суда бiр бота жатып қалып, Ойсыл қара деген сөз содан қалған. ...Топан суда бiр құлын жатып қалып, Қамбар ата деген сөз содан қалған. ...Топан суда бiр бұзау жатып қалып, Зеңгi баба деген сөз содан қалған. ...Топан суда бiр қозы жатып қалып, Шопан ата деген сөз содан қалған. Мiне, жыр осылай жалғасып кете бередi. Ең алдымен, қазақ халқына етене жақын төлдер аталады. Әрi осы төлдердiң ең

алғашқы ұрпақтары аталады. Қазақ арасында, тiптен, осы жырларды есiтiп-бiлмеген кiсiлердiң өзi халық арасына кең тараған «Жылқының пiрi – Қамбар ата», «Түйенiң пiрi – Ойсылқара», «Қара малдың пiрi – Зеңгi баба» деген нақылдарды жақсы бiледi. Ондағы Қамбар ата, Ойсылқара, Зеңгi баба, Шопан ата деген сөздердi құрметпен, iлтипатпен атап, қағазға түскенде үлкен әрiппен жазады. Осы жерде егер төрт түлiк малдың пiрлерi, атасы (родоначальники) осылар болса, неге сол аттарымен аталмай, басқаша аталады деген сұрақ тууы мүмкiн. Мiне, бұл жырлардың өте ертеден келе жатқанын да дәлелдейтiнi – осы тұс. Дәл осы жерде бiз халық ұғымындағы ислам дiнi келуден әлдеқайда бұрын пайда болған тотемизм мен шаманизм нышандарын байқаймыз. Ерте кездегi адамдардың өздерi қасиеттi санайтын заттар мен мүлiктерiнiң атын атамайтынын еске аламыз. Мысалы, қазақ iшiнде қасқырды көбiне «ит-құс» деп атайтын әдет бар. Өйткенi қасқырды қасиеттi жануар деп түсiнедi. Бұған көне аңыздардағы «Көкбөрi» туралы ұғым әсер еткен болуы мүмкiн. Тiптен қасқырды түркi халқының ата-тегiне байланыстырады емес пе сол аңыздар. Осындай ұғым өзге халықтарда да бар. Сонау Қиыр Солтүстiкте жатқан Саха халқы аюдың атын атамайды. Кiм бiледi, бiздiң қазақ әйелдерiнiң күйеулерiнiң туыстарының атын атамайтын әдеттерi де сол заманнан қатар келе жатқан ғұрып шығар. Басқа жақты анық бiле бермеймiн, ал осы Қазығұрт маңында соңғы кездерге дейiн әйелдер осы төрт түлiктiң аталарының атын тiке атамайтын. Мұнда да үлкен сыр жатса керек. Ал Қазығұртқа байланысты екiншi жыр – таулар соғысы. Бұл тiптен де Қазығұрттың өзiне ғана тән дүние. Оның үстiне оның өмiрге келуiнiң өзi де заңды құбылыс. Өйткенi Қазығұрт – батыс Тянь-Шань тауларының батысында жекеленiп жатқан тау. Шығысында төбесiнен қар кетсе де мұз кетпейтiн Қаржан мен Өгем тауларының шыңдары желкесiнен қарап тұр. Нұх пайғамбардың кемесi осы шыңдардың бiрiне тоқтамай, неге аласа ғана тауға тоқтады деген заңды сұрақ туатыны айдан анық. Себебi Қазығұртты әлгi шыңдардан Өгем қойнауы ғана бөлiп тұр. Мiне, дана халық мұның да жауабын тауып, үйлестiре қойған. Бұл туралы да жыр бар.

Нұх пайғамбардың кемесi «ендi бiздiң төбемiзге тоқтайды» деп көкiректерiн керiп, масаттанып тұрған биiк шыңдарға тоқтамай, Қазығұртқа келiп тоқтағанда, әлгi алып таулар Қазығұртқа қарсы соғыс жарияламақ болыпты. Осыны есiткен Қазығұрт бар әлемге жар салып: Ордабасы ұлыма айт, Қызылсеңгiр қызыма айт, – деп бастаған өлеңiнде Қазығұрт тауының батыс жағындағы кең далада нақ өзi сияқты жекеленiп тұрған таулардың бәрiнiң атын атап барып, ең соңында «Қыңыраққа бар да қайт» деп бiтiрiп, жетi тауға елшi жұмсайды. Осыны есiткен әлгi соғысқұмар таулар тез-ақ ниетiнен қайта қояды. Ал Қазығұрттың осы көмекке шақырған ұл-қыздары мен бауырлары атанған таулардың бәрi – аласа таулар. Оның үстiне сол аймаққа қасиеттi саналатын таулар. Мысалы, қазiр Ордабасы тауын бiлмейтiн адам жоқ бiздiң елiмiзде. Тiптен бiздiң елiмiз түгiлi, көршi елдердiң президенттерi де келiп, тағзым етiп кеткен қасиеттi орын. Ал Мансары тауын жергiлiктi тұрғындар осы күнге дейiн «Мансар әулие» деп құрмет тұтады. Сол жердiң бiр қасиеттi сыры бар деп жаңбырлыбұлтты күндерi қасына көп жолай да қоймайды. Тiптен соңғы жылдары бiр жаңбырлы күнi сол таудың бауырына өрмелемек болған әскерилердiң машинасының таңғажайып оқиғаға ұшырағанын әлi айтып жүредi. Осылардың iшiнде шеткерiрек жатқаны – Қыңырақ. Әлгi жырдың бiр нұсқасында «Қыңыраққа бар да қайт» деп айтылса, екiншi нұсқасына «қайтарыңда Қыңыраққа бар да қайт» деп айтылады. Аңыз бойынша өз аты ең соңында айтылғандықтан, әрi көзге iлмегендей болып «бар да қайт» дегенiне шамданып Қыңырақ қыңырайып, шеткерiрекке барып орналасыпты дейдi. Дегенмен осы Қыңырақ тауының басқа да бiр сыры бар. Бұрынғысын бiз бiле бермеймiз, кешегi фашистермен болған соғыс жылдары мен соның алды-артында ауыл-ауылдың бәрiнде су диiрмен болатын. Сол диiрмендердiң негiзгi құралы – диiрментас. Осы диiрментастар тек Қыңырақ тауының тасынан жасалатын. Ауыл қанша алыс болса да күндепапталап жол жүрiп барып, диiрментасты сол таудың тастарынан

қиып әкелетiн. Кезiнде бiз iргедегi таудан қимай, сонау ит арқасы қияннан (әрине, қашықтық өлшемi балалық шақтағы түсiнiк қой) барып тас қиятынына таңғалатынбыз. Қазiргi ұғыммен бұл онша қашық жер емес. Бiрақ қазiр бiздi ойландыратын таудың аты. Әрине, оны қыңырату деген сөзден шықты деу шындыққа жанаса бермейдi. Ал тарихқа жүгiнсек, көне түркi тiлiнде «қыңырақ» деген атау бар. Ол әрi қарудың атауы. Осыны көптеген ғалымдар әр түрлi жорамалдап жүр. Академик Радлов түркiлердiң жалпақ қылышы деген түсiнiк берген. Осы тұжырым дұрыс болса, таудың аты осы қарудың атына байланысты шығуы әбден мүмкiн. Өйткенi қаруды жанығанда (қайрағанда) кез келген тасты қайрақ ету – көңiлге қонбайтын нәрсе. Ол үшiн тас әбден қатты, нығыз (плотный) болуы қажет қой. Мiне, таудың аты тасының осы қасиетiне байланысты «қыңырақты жанатын тасы бар тау» деген мағынада Қыңырақ аталып кетуi әбден мүмкiн. Осы арада кейiн қайта оралып жатпау үшiн халық аңыздарының негiзiнде жазылған «Оғызнама» кiтабына да бiр тоқтала кетейiк. «Оғызнама» кiтабының айтуынша, Иафеске түрiктердiң әдет-ғұрпы бойынша лақаб ат берiледi. Лақабы – Олджай хан (Олжа хан). Оның иелiгiндегi жерлердiң шекарасын Түркiстан аймағында дей келiп, жаз жайлауын Инант-шахардың (кейбiр әзербайжан ғалымдары осы қаланы қазiргi Аягөздiң маңында болу керек дейдi) маңындағы Ортаг пен Куртаг, ал қыс қыстауын Барсук (Борсық) пен Қарақұм деп көрсетедi. Оның үстiне осы аймақта Талас және Кәрi (көне) Сайрам дейтiн екi қала бар екенiн айта келiп, Олджай хан өз астанасы етiп әрi үлкен, әрi алтынмен апталған қырық қақпасы бар Сайрам қаласын таңдағанын айтады. Ал сол көне Сайрам Қазығұрттың етегiне жайғасқан. Осы Иафестен тараған ұрпақтан Оғыз хан туылғанда, оның жерi Талас пен Сайрамнан бастап Бұхараға дейiнгi жерлердi алып жатты дейдi осы көне кiтаптар. Ал Қазығұрт тауы болса осы аймақтың дәл ортасында. Әрi ерекшеленiп тұр. Ендi осы әлемдiк топан су мен Нұх пайғамбардың кемесiне байланысты аңыздардың басқа елдердегi нұсқалары мен соңғы жылдары соған байланысты жасалған әрекеттер мен

зерттеулерге де бiр зер салып өткен жөн секiлдi. Ең алдымен, осы Топан су дегеннiң өзi болған ба, жоқ па? Ғалымдар болған дейдi. Болғанда бiздiң жыл санауымыздан бұрынғы 2369 жылы болған дейдi. Кейде тiптен, соны тура сәуiр айының 2-сі күнi болған деп керсетедi. Бұл ғалымдардың Топан су жөнiндегi болжамы, ал онда Нұх пайғамбардың кемесi болған-болмағанын анықтау үшiн дәлел керек. Мiне, сондықтан да ғалымдардың Нұх пайғамбардың кемесiн iздегендегi негiзгi мақсаттары – сол Топан судың болғанын дәлелдей түсу. Егер Нұхтың кемесi сол кезбен сәйкес келетiн болса, онда ол қазiргi жыл санауға шаққанда бұдан 4367 жыл бұрын болған оқиға (бiз 1998 жылдың есебiмен алып отырмыз). Осы жерде айта кететiн бiр мәселе – осы Топан судан аман қалған кеме жөнiндегi аңыздар өте ерте заманда-ақ хатқа түскен. Бұл жөнiнде бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi үшiншi ғасырда өмiр сүрген вавилон оқымыстысы Беросус (кейде Берос деп жазады) алғаш рет жазған болса, соңынан төрт ғасыр өткен соң белгiлi көне дүние тарихшысы Иосиф Флавий жазып кеткен. Осы ғалымдардың екеуi де кеменiң қайда жасалып, қайда тоқтағанын өздерiнше дәл көрсеткен. Соларды салыстырып көрсек, Араратқа сәйкес келедi-мыс. Нұх пайғамбардың кемесi мен Топан су туралы аныз Христиан дiнiн ұстаушылардың дiни кiтабы «Библияда» айтылған. Соның «Ветхий завет» дейтiн бөлiмiнде құдайдың бұйрығымен әрi тiкелей жоспарымен жасалған кемеге Нұх пайғамбар үй-iшiмен жайғасады. Бiз жоғарыда – осы тараудың алғашқы жолдарында кеменiң қалай жасалып, қалай жүзiп, қалай тоқтағанын баяндап өткенбiз. Тек сол баяндауда өзiмiзге тән шығыстық вариантын айтып едiк, ал «Библияда» бұл мәселе өзгешелеу айтылады: кемеге Нұх пайғамбар әйелiмен және оның үш баласы әйелдерiмен ғана отырған. Кемеге артылған жануарлар мен жәндiктердiң жетi жұбы «таза» («чистый»), жетi жұбы ыпылас («нечистых») болған. Кеменiң өзi үш қабатқа бөлiнiп, төменгi қабатында жануарлар жайғасып, ортадағы қабатқа азық-түлiк пен жем-шөп жайғастырылып, ал жоғарғы – үшiншi қабатына Нұх пайғамбардың отбасы жайғасқан. «Библияда» кеменiң көлемi де дәл көрсетiлген: ұзындығы – 157 метр, көлденеңi – 26

метр, биiктiгi – 16 метр (осы бiр ұзындығы футбол алаңынан да ұзақтау сандарды еске сақтаңыз. Өйткенi кейiнгi келтiрiлген өлшемдердi салыстыруға қажет болады). Мұнда да қырық күн жаңбыр жауады, судың деңгейi жүз елу күн бойы бiрқалыпты болып тұрып, содан соң ғана тартыла бастайды. Ақыры жетiншi айдың 17-жұлдызы күнi кеме бiр тауға тоқтайды. Христиан дiнiндегiлердiң қасиеттi кiтабы осы тауды Арарат тауы деп көрсетедi. Мiне, осы оқиғаға байланысты, әсiресе Арарат тауына байланысты соңғы кездерi мерзiмдi баспасөзде кең етек алған хабарлар мен болжамдардың бiрқатарына тоқталып өтейiк. Жұрттың айтуына қарағанда, Арараттың төбесiнде жатқан кеменiң қалдығын тұңғыш көрген адамдар орыс ұшқыштары Заболоцкий мен Лесин екен. 1916 жылы осы екi ұшқышлейтенанттар барлау жасап жүрiп, таудың үстiндегi бiр белгiсiз нәрсеге көңiл аударады. Әрi ол кемеге ұқсас зат көлдiң iшiнде жатады. Осы хабарды есiткен бөлiм командирi (сол кезде бұл маңда, яғни Арарат тауынан қырық шақырым жерде Ресейдiң 3-авиация полкiнiң әскери-барлау базасы орналасқан екен). Александр Коор Ресей патшасы Николай II-ге арнайы хабар жiбередi. Патша (ол да бала кезiнен Нұх пайғамбар туралы аңыздар есiтiп өскен ғой, тiптен осы кеменi iздеушiлердiң бәрi де бала кезiнен осы аңыздарды құлағына құйып өскен, сондықтан да кеме туралы сыбыс шықса, елең ете қалатын жандар екенi анық қой) тез арада арнаулы топ құрып, зерттеушiлер жiберудi мiндеттептi. Сол 1916 жылдың жазында бiр тобында 50 солдат, екiншi тобында 100 солдат бар отряд Арараттың екi тұсынан жорыққа аттанған. Ақыры олар алғашқы 4800 метрлiк биiктiкте жатқан кеменi тауыпты-мыс. Тек тауып қана қоймай, оның iшісыртын өлшеп, жасалған құрылыс материалдарын да тексерiп шыққан. Кемеге пайдаланылған ұстындардың диаметрi 60 см жететiн олеандр ағашынан жасалып, қазiргi лак сияқты бiр қоспалармен бояп тасталған болып шығады. Солдаттар кеменiң қабырғасын бұзып, iшiне кiргенде үлкендi-кiшiлi көптеген бөлмелердi көредi. Бұл топтың адамдары жылдың он бiр ай бойы мұзға құрсалып жатқандықтан, кеме шiрiмей аман

сақталған деп топшылап, жорықтан қайтқан күнi-ақ патшаға хабар жiбередi. Николай патша кеменi қалайда төменге түсiрiп, астанаға алып кету үшiн экспедиция ұйымдастырмақ болып шешiм қабылдапты, тек басталып кеткен революция бұл ойын iске асыруға мүмкiншiлiк бермеген. Ал ендi екiншi хабарға тоқталайық. Бұл да орыс ұшқышы, бұл да лейтенант. Тек фамилиясы өзге – Росковицкий. Осы ұшқышпен жасалған интервью 1939 жылы Американың Калифорния қаласында шығатын «Нью Эден Мэгэзин» журналында жарияланған. Сол интервьюде былай жазылған: «Мен оның үстiнен бiрнеше рет айналып ұшып өттiм. Ол көлемi жөнiнен қаланың бiр орамындай (квартал) немесе қазiргi әскери крейсер секiлдi едi. Ол көлдiң жағасында төрттен бiр бөлiгi суға батып жатты. Оның корпусының бiр жағында бiртiндеп алынып тасталған ағаштардың орны бiлiнiп тұрды, ал бортында көлемi алты метр келетiн төрт бұрышты есiктiң орны үңiрейiп тұрды. Бұл менi ерекше таңғалдырды. Өйткенi қазiргi кемелердiң өзiнiң мұндай үлкен есiктерi болмайды ғой» («Комсомольская правда», 20 ақпан, 1998 жыл). Бұдан ары оқиға былай суреттеледi. Росковицкий көргендерiн капитанына айтады, ал ол «бұл Нұх пайғамбардың кемесi болар» деп тұжырым жасап, патшаға рапорт жiбередi де, тауға Росковицкийдiң өзiн қосып, инженерлiк ротаны аттандырады. Бiр айдан кейiн бұлар кеменi табады. Бәрiн зерттеп шығып, қорытындыларын Петербургке жiбередi. Росковицкий өз интервьюiнде есте қалғандарын былай деп айтады: «Кеменiң iшi көптеген бөлшектерден тұрады. Кейбiрi ұсақ болғанмен, екiншi бiреулерi төбесi биiк әрi кең болатын. Ағаштары воск секiлдi затпен майланып тасталған, ал кеме құрылысы аса жоғары бiлiктiлiкпен жасалған. Мамандардың анықтауы бойынша, кеме кипарис тобына жататын, суға шiрiмейтiн олеандр ағашынан жасалған екен». Мiне, бұл жолы да кейбiр ғана қосымшасы болмаса, жоғарыдағы мәлiметтер түгел қайталанған, тек мұнда бәрiн тындырған Росковицкий болып шыққан. Оның үстiне бұл болжам бойынша Петербургке аттанған хабаршылар тек қана революцияның үстiнен шығып қана қоймай, тура барып Лев Троцкийдiң қолына түскен. Ол

хабаршылардың (курьеры) өзiн атып тастап, бүкiл жасалған қорытындылар мен алып келген айғақтарды жойып жiберген. Осы жерде барлық документтi жойып жiберген Ленин-Сталин немесе солардың басқа бiр серiгi болмай, Троцкийдiң дәл өзi болуында да бiр сыр жатқан секiлдi. Троцкий – еврей, демек иуда дiнiнiң өкiлi. Ал орыстар бұл кеменi христиан дiніндегiлерден басқаларға жолатқысы жок. Сондықтан да дәл қазiргi кезде «бiздi христиан дiнiнiң қасиеттi мүлкi – Нұх пайғамбардың кемесiне әдейi жолатпай отыр» деп ислам дiнiн ұстанатын түрiктерге қарсы байбалам салып жүр (Түркия бұл аймақты қазiргi кезде курд қозғалысына байланысты бөтен жұртты жiберуге болмайды деп жауып тастаған. Бұл – адамдардың өмiрiне қауiп төнетiн жағдай. Ол туралы бiз соңырақ айтамыз). Нұх пайғамбардың кемесiн көзiмен көргендердiң бiрi деп куәге тартылып жүргендердiң бiрi – Джордж Хагопиан. Бұл куәнiң айтуы бойынша, 1905 жылы он жасар немересi Джорджды ертiп, атасы Арарат тауына көтерiлген екен. «Ол кезде мен таудың етегiндегi ауылда тұратынмын, – деп еске алады Хагопиан. – Бiз атам екеумiз жоғары қарай ұзақ көтерiлдiк. Бiр кезде сол қол жағымызда төменде жатқан түрi үлкен кемеге ұқсайтын бiрдеңе көрiндi. Оның бүкiл денесiн қар көмiп жатыр, ал төбесiнде ұзынша тесiк көрiнедi. Атам менi демеп бiр мұз жартасының үстiне шығарды, сол жерден секiрiп кеменiң үстiне түстiм. – Атамның маған: «Бұл қасиеттi кеме, ал адамдар мен жануарлар әлдеқашан шығып кеткен мұның iшiнен», – деген сөздерi әлi есiмде. Бiз ауылға қайта оралғанда, мен балаларға көргенiмдi айтып мақтана бастап едiм, олар келемеждей жөнелдi. Сөйтсем, олар мен барған жерге әлдеқашан-ақ барып, көрiп қойған екен». Хагопиан 1972 жылы қайтыс болған. Өкiнiшке орай, ол топографиядан сауаты шамалы болғандықтан, картадан қай жерге барғанын көрсетiп бере алмаған, ал оның өзiн қатыстырып экспедиция ұйымдастыруға қаржы тапшылығы қолбайлау болыпты. Бiрдеңенi бастаса түбiне жетпей қоймайтын ғалымдар осы Хагопиан айтқан әнгiмелердi жазып алған таспаны «алдағанды айқындайтын» (детектор лжи) машинаға салып, анализ жасап көргенде детектор: Хагопианның айтқанының бәрi рас деп тұжырым жасапты-мыс.

Нұх пайғамбардың кемесi туралы және бiр хабарды жұртқа жария еткендер – Түркия әскерилерi дейдi кейбiр жазбаларда. 1959 жылдың жазында барлау мақсатымен Араратты айналып ұшып жүрген Түркия ұшқышы А. Куртис таудың бауырында жатқан кеменiң қаңқасын көредi. Бiрақ түсiрiлген сурет бойынша (фотография) өлшегенде, бұл кеменiң көлемi «Библиядағы» кемеден әлдеқайда үлкен болып шығады: ұзындығы – 167 метр, енi – 50 метрден кеңдеу, ал биiктiгi «Библиядағы» сияқты 16 метр. Келесi жылы 428-звеноның ұшқышы капитан Грегор Шаингхаммер Арараттың үстiнен ұшып бара жатып жерге мынадай хабар бередi: «Үлкен жүк вагонын немесе баржаны көрiп тұрмын...» (Вижу огромный товарный вагон или баржу...»). Сол жылы-ақ түрiк әскерилерi экспедиция аттандырып, жартылай мұзға батып кеткен кеменi тауыпты. Сол экспедицияға қатысқан бiреудiң айтуынша, кеменiң қабырғасына солдаттар динамит қойып, қопарылыс жасапты. Осы арқылы пайда болған тесiктен iшке кiргенде, онда үйiлiп жатқан шiрiген ағаштан басқа ешнәрсе таппапты. Мiне, осы кезден бастап мерзiмдi баспасөзде түрiк үкiметi христиандардың қасиеттi мүлкiн жұрттан жасырып келедi деген қауесет қаулап жүре бередi. Осыған ерегiскен кейбiр жандар Арараттың төбесiне қалайда шығып, кеменi көруге барынша әрекет жасай бастады. Солардын бiрқатары Араратқа көтерiлiп те жүр. Мысалы, 1984 жылы Рон Вьят Араратқа шығып, кеменi тауып, тасқа айналған ағаштың бiрнеше кило үгiндiсiн сындырып алып, контрабанда жолымен Нью-Йоркке апарып, жұрттың көңiлiн аудару үшiн көрмеге қояды. Түркия үкiметi мұны ұлттық заңдылықты бұзудың өрескел әрекетi деп жариялап, Араратқа жасалатын ресми экспедицияның бәрiне тыйым салып тастайды. Дегенмен Вьят 1985 жылы Дэвид Фесолдпен бiрге Араратқа және көтерiледi. Бұл жолы экспедиция ара қашықтықтары бiрдей етiп қағылған темiр құрсауларды көрiп, мұның Нұх кемесi екенiне анық көзiмiз жеттi деп есептейдi. Сол жолы кеменiң көзге көрiнбейтiн астыңғы жағын радиолокация әдiсiмен тексергенде, радардың экранында бес қатар киль анық байқалады. Бұл – шторм кезiнде кеме дауылдан қорықпайды деген сөз. Осы әдiспен кеменiң iшкi жағын да тексерiп, макетiн сызады. Бiрақ бұлар

түрiк ұшқыштары келтiрген көрсеткiштермен сәйкес келмейдi. Сондықтан да түрiк ұшқыштарының тапқан нәрсесi туралы батыс баспасөзi: «Олардың 1960 жылы не тапқаны әлi күнге дейiн жұмбақ күйiнде қалып отыр», – дегеннен басқа ешнәрсе айта алмайды. Нұх кемесiн табу үшiн он бес жыл бойы тынбай әрекет жасап жүрген және бiр азамат – итальяндық химик Анджело Палего. Ол 1985 жылы тамыз айында алғаш рет Араратқа келiп, бiрден кеменi көре қоймақ болған. Бiрақ қасиеттi саналатын кеме бiрден көзге оп-оңай көрiне қойсын ба – химиктi жиһанкезге айналдырып, бес жыл сарсаңға түсiрген. Осы аралықта Палего бес рет экспедиция ұйымдастырған. Солардың бiрiнiң қатарында Эверестке тұңғыш шыққаны үшiн ұлы альпинист деп аталып кеткен Рейнхольд Месснер болыпты. Ақыры, 1989 жылы 11 шiлде күнi 4300 метр биiктiкте Палего бiрiмен бiрi қатар жатқан (параллельно) екi мұз жарығына (трещина) кез болады. Әрi олар түзу төртбұрыш жасап жатыр екен. Бұл табылған олжа мұзартта (ледник) жатқандықтан, оған жетiп, ұстап көруге мүмкiншiлiк болмайды. Дегенмен мұздың iшiнен анық байқалған секiлдi (сковь льда). Дұрыс төртбұрышты өлшегенде 100x25 метр болып шығады. Тапқан заттарының алып көлемi жөнiнде осыдан қорытынды жасайды. Палего өз болжамдарын былай жасаған: 1848 жылы қар еруiнiң салдарынан мұзда жылым пайда болып, өзi де сейсмикалық қауiптi өңiрде тұрған Арараттың бойына су құйылып, қопарылыс болған. Соның салдарынан кеменi құрсап тұрған мұзарт екi айырылып, 100 және 55 метрлiк бөлшектерге бөлiнiп кеткен. Үлкен бөлшек 4300 метрлiк биiкте қалып қойған да, кiшi бөлшек жылжып, дәл сондай биiктiкте тоқтаған. Палего өзi көрген бөлшектi 100 метрлiк үлкен бөлшек деп есептейдi. Соңынан 55 метрлiк кiшi бөлшек және екiге бөлiнiп, төмен жылжып, 4065 метрлiк биiктiктегi Паррау шыңына тұрақтаған. Палего Нұх пен балаларының каютасы осы кiшi бөлiкте деп есептейдi. Бiрақ осы жұмбақты шешуге басқа бiр себеп кедергi болды. Ол тау массивiнiң шығыс бөлiгiн өз ықпалында ұстап отырған курд қозғалысшыларының әрекетi едi. Курдтар итальяндық ғалым мен оның серiктерiн кепiлдiкке алып, жиырма жетi күн

бойы ұстап отырған. Дегенмен Палего курд жасақтарының командирiн үгiтiне көндiрiп, қарулы адамдарын қосып берiп, қарауылдап жүргенiне көнiп, Агора қойнауына (ущелье) рұқсат алады. Осы жолы түсiрiлген кинопленка соңынан сенсация жасайды – пленкадағы көрiнген денелердi ғалымдар Палего айтқан екi кiшi бөлшек деп бағалапты. Бар қалған өмiрiн осы кеменi тауып зерттеуге бағыштаған Палего қалайда Араратқа қайта баратынын айтатын көрiнедi. Ендi соңғы кезде осы кеме жөнiндегi әңгiмелердiң қайта қозғалып, өрши түскенiне себеп болған жағдайға тоқталайық. Бұл – АҚШ барлаушыларының әрекетiне байланысты болған оқиға. 1949 жылы Түркия үстiнде ұшып жүрген американдық шпионсамолет көзiнiң бiр қиығын салып, сол кездегi КСРО аумағын зерттеумен болады. Солардың бiрi Арараттың батыс ылдиында жатқан белгiсiз бiр затты байқап ұзақ тексередi. Ақыры оның Америкаға қауiп төндiретiндей қауқары жоқ екенiне көздерi жетiп, мүмкiн, мұз бен қар үйiндiсi және белгiсiз бiр көлеңкелер екенiне күмән келтiрмей, жайына қалдырады. Бiрақ жетпiсiншi жылдардағы жетiле түскен самолет-шпиондардың аса қуатты фотоаппараттармен түсiрген суреттерiнде әлгi құпия бейне қайта көрiне бастайды. Сол суреттерге қарап, белгiсiз бейненiң ағаш бұйымдарын анықтап, оның өзiнiң алып кашалоттың қаңқасына немесе кемеге ұқсайтынын байқаған. Осы белгiсiз бейненi «арарат аномалиясы» деп атап, ендi жердегi кетiп бара жатқан машинаның номерiн анық көрсете алатын КН-9 және КН11 жер серiктерi арқылы бақылап отырған. Ал осы бақылаудың қорытындысы – әскери құпия. Белгiсiз бейнеге қайта көңiл бөлiнудiң себебi – 1978 жылғы жер сiлкiнiсi болса керек. Осыдан соң кеменiң денесi мұз құрсаудан әжептеуiр деңгейiне дейiн босанып, көзге анық көрiне бастаған көрiнедi. АҚШ әскерилерi қанша құпия ұстағанмен, емiс-емiс хабар ғалымдардың құлағына шалынған соң олар үкiметтен осы суреттердi жария етудi талап ете бастаған көрiнедi. Ақыры АҚШ Қорғаныс министрлiгiнiң барлау бөлiмшелерi ғалымдарға бiрнеше суреттердi берген (Бұл суреттер 1949 жылы американ самолетiнен түсiрiлген және 1987 жылы Түркия әуе күштерiнiң түсiрген суреттерi). Оған қоса

эксперттер жазған мынадай қорытынды қосыла жiберiлiптi: «Аномалияның координаттары: 3942#10»С04416’130»В. Теңiз бетiнен деңгейi 4000 метрдей. Аномалия Арарат биiктiгiн құрсап жатқан мұзарттың (ледник) шетiне орналасқан. Мүмкiн, бұл көп жылдан берi әбден нығыздалып қалған қар мен мұз үгiндiлерi болуы». Ең соңғы түсiрiлген суреттердi беруден американ әскери орындары бас тартқан. Дегенмен 1997 жылы «Вашингтон пост» газетi ЦРУ қызметкерлерiнiң өз көздерiмен көрген суреттер туралы айтқандарын жазған. Мұнда және де белгiсiз бейненi кемеге балайды. Белгiлi зерттеушi әрi жазушы Чарльз Берлиц соңғы кезде Араратқа жасалған экспедицияға жол нұсқаушылық қызмет көрсеткен (проводник) Арслан дейтiн мырзадан интервью алыпты. «Мен соңғы 50-60 жыл төңірегiнде Нұх кемесiн көргендердiң саны өте көп екенiне сенiмдiмiн, – дейдi Арслан мырза. – Ол шынында да жұрт болжамдап жүрген мөлшерде – Ахора қойнауының оң қол жағында екi мың метр биiктiкте жатыр». Мiне, соңғы кездерде шет елдерде Нұх пайғамбардың кемесi туралы у-ду туғызған әңгiмелер осылар. Осылардың қайсысы шындыққа жанасатынын, қайсысының ойдан шығарылған қисын екенiн сол әңгiмелердiң авторларының арына салудан басқа амал жоқ. Дегенмен шет елдiктердiң осы әрекеттерiне ризашылық бiлдiрмеуге да амалың жоқ. Өйткенi олар әрекет жасап жатыр, болмаса да болдыруға тырысуда. Ал бiз болсақ барымыздың өзiн қадiрлемей, iзденудiң орнына басқа бiреулерге апарып жабыстырамыз. Мысалы, «Жас алаш» газетi 1998 жылғы ақпан айындағы бiр санында Нұх пайғамбардың кемесi туралы мақала жариялап, тiке апарып христиан дiнiн ұстаушылар мен Араратқа таңып қоя салған. Келтiрген дәлелдерiнiң өзi де кiсiнiң күлкiсiн келтiредi. Бiз дiни кiтаптарға сүйендiк дейдi. Қай кiтап сонда? «Библия» ма? «Библия» мұны атам замандаақ айтып, кесiп-пiшiп қойған едi ғой. Содан бергi ғалымдардың әрекетi сол догманы шындық деп бағаламай, мәселенiң түбiрiн табу емес пе едi? Тiптен мақаланы оқып қарасаң, дiни кiтаптар да былай қалып, Ресейдiң мерзiмдi баспасөзiндегi деректердi келтiрген де койған. Келтiре берсiн, құптайық, тек таяз тұжырым

жасауға болмайды ғой. Басқаның бәрiн былай қойғанда, бiздiң ата-бабамыздың аруағын сыйлап, «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген сөздердi еске алу керек емес пе едi? Ал Ресей болса бұл мәселенi көптен-ақ айналдырып жүр. Осыдан он-он бес жыл бұрын «Вокруг света» журналы Нұх кемесiн тәптiштей жазып, тiптен сол кемеге артылған адам мен жануарлардың салмағы мен бойын өлшеп, талай схема жасаған. Соның бәрi – аңызды да, кеменi де бiржола иелiктерiне алып, әлемдiк өркениеттiң бiрденбiр бастаушысы бiзбiз деген қағиданы тұжырымдап алу. Және бiр айта кетер жай – өткен жылы «Аргументы және факты» апталығында жарияланған бiр мақала жөнiнде. Нұх пайғамбардың кемесi туралы мәселе ду көтерiлгенде бiр оқырман хат жазып, осы мәселелердiң рас-өтiрiгiнiң арасын ажыратып берудi өтiнген. Сол сұраққа байланысты бiр ғалымның жауабы жарияланды. (Өкiнiшке орай, газеттiң қай күнгi саны екенi есiмiзде қалмапты). Ғалым өз жауабында Арараттағы белгiсiз заттың тексерiлгенiн, оның кеме емес, керiсiнше зат сақтау үшiн бе, қорғаныс жасау үшiн бе соғылған құрылыс екенiн айтады. Талай өзгерiп жатқан табиғатта мұндайдың бола беруi мүмкiн екенiн айтқан. Ал жалпы кеме туралы аңыздың көптеген елдерде бар екенiн, тек оның қайда тоқтағанын дәлелдейтiн ғылыми айғақ немесе нақтылай зат жоқ екенiн ескерткен. Осы жерде баспасөзде жарияланған және бiр хабарға көңiл аудара кетейiк. 1997 жылы бiрқатар баспасөзде Қазығұрт тауының оңтүстiк жағында үлкен тастардан құрастырылған крест суретi бейнеленген орын бары жазылды. Осы оқиға «Караван» газетiнде былай жазылған: «Қыраттың оңтүстiк ылдиындағы елеусiздеу бiр қойнауда жер бетiне тастан өрнектелген қос тiлдi тiк крест (двойной прямой крест) бейнеленген. Оның қанаттарының ұзындығы (длина лучей) – 40 метр. Крест екi қатарлап жасалған, диаметрi 100 метр тас қорғанмен қоршалған. Крест пен қоршау жақын келген адамға байқалмайды, ал айналадағы төбелердiң бауырына көтерiлсең анық көрiнедi. Ғалымдардың арасында бұл туралы әлiге дейiн тiптен болжам да жоқ» (Хабардың авторы – А. Гончаров). Қазақ тiлiндегi газеттерде бұл хабар жарияланбады. Дәл осы жерде осы крестен бойды аулақ салудың қажетi жоқ. Өйткенi крест христиан дiнiнiң төл туындысы емес, екiншiден,

сондай деп есептегеннiң өзiнде ислам дiнi пайда болғанға дейiн қазақ даласын мекендеген халықтар түрлi-түрлi дiн ұстанған. Тiптен ғалымдар арасында найман тайпасы христиан дiнiн ұстанды деген болжам жиi айтылады. Ал зароостризм мен несторианизм қазақ даласына кең тарағаны белгiлi. Сондықтан осы бiр белгiге көне тарихтан қалған үлес деп қарап, оны зерттей түсу керек. Мүмкiн, ол ескерткiш Қазығұрт маңын және бiр өркениетке (цивилизация) апарып жалғастыруы мүмкiн. Жалпы, Қазығұрт маңында осындай жұмбақ жерлер көп. Соларды мұқият зерттеу абзал жұмыс болар едi. Нұх пайғамбардың кемесiнiң Арарат тауына тоқтағаны жөнiнде тiлге тиек етiлiп жүрген және бiр мәлiмет авторлары, әйгiлi жиһанкездер – Марко Поло мен Гильом де Рубрук. Марко Поло өзiнiң «Миллион» деген еңбегiнде Араратқа келiп, тау төбесiн сәукеледей боп басып жатқан ақ мұздың iшiндегi «қара дақты» көрiп, соны суреттеп жазған дейдi. Ал Гильом де Рубрук Арараттың үстiне шықпаған, тек етегiне келiп, сондағы тұрғындардың әңгiмесiн есiткен. Бұл – саяхатшы-елшiнiң Монғол хандығына барып, қайтар жолында Нахичевань қаласына келгендегi есiткен әңгiмелерiнiң негiзiнде жазылған жазбалары. Рубрук осыны былай баяндайды: «жоғарыда аты аталған қалаға (Наксуа) жақын жерде Ной (Нұх) кемесi мәңгiге орын тепкен тау бар. Ол тау бiреу емес – екеу, екiншiсi үлкендеу, сол таулардың етегiнде Аракс өзенi ағып жатыр. Сол жерде Цеманум дейтiн қала бар. Бұл «Сегiз» деген мағына бередi екен. Оның бұлай аталуына себеп болған нәрсе – кемеден шыққан сегiз адам әлгi екi таудың үлкенiнде қала орнатқандықтан. Осы тауға көп адамдар шығамыз деп әрекет жасапты, тек одан ешнәрсе шықпаған. Маған кездескен бiр эпископтың айтуы бойынша, тау басына қалайда шығамын деп әрекет жасаған бiр монахқа кеменiң ағашының бiр түйiрiн әдейi әкелiп берген перiште бұл әрекетiн қайтып жалғастырмауын тапсырыпты. Бiр қарағанда бұл тау онша биiк емес, ниет қылған адамның оп-оңай-ақ шығуына болады. Тек маған бiр қарт кiсi бұл тауға ешкiмнiң шықпайтыны жөнiнде салиқалы әңгiме айтып бердi де, мұндай әрекет жасауға болмайтынын дәлелдедi. Таудың аты Массис, әрi бұл сөз олардың

тiлiнде женский родқа (бiз қазақ тiлiнде сөздердiң мужской және женский род деп салаланбайтынына байланысты әдейi орыс тiлiнде келтiрiп отырмыз – автор) жататын сөз екен. «Массиске, – дедi ол, – ешкiмнiң көтерiлуге құқы жоқ, өйткенi ол – әлемнiң анасы» («Путешествия в Восточные страны», Алма-Ата, «Ғылым», 1993, стр. 168). Мiне, Рубруктың кiтабындағы жазылған сөздер осылар. Рубрук жазбаларындағы атауларға түсiнiк бере кетпесек, оқырманды шатастырып алуымыз мүмкiн. Бiрiншiден, Рубрук өзi алғаш келген қаланы Наксуа деп атайды. Бұл – қазiргi Нахичевань. Ол кездерде Нахичевань, ал араб географтарының жазбаларында Нашева деп аталған көне қала. Ал таудың Үлкен бөлiгiндегi Цеманум деп атаған қала Рубруктың қолжазбаларының түрлiтүрлi көшiрмелерiнде әрқилы жазылған. Семенрум, Семеним, Семаиурум. Бұл сөздер, әсiресе соңғы атау араб тiлiндегi Темаiн деген атауға жақын. Арараттың етегiндегi бiр қаланы орта ғасырлық парсы авторлары (Ибн Хаукал, Масуди) осылай атаған. Ал Массис деген атау – Арараттың армянша аталуы. Армяндардың да, жалпы христиандардың да көне дәуiрлерден келе жатқан сенiмдерi бойынша бұл таудың басына шығуға болмайды – ол адам баласы өрбiген қасиеттi тау деп есептеледi. Рубруктың осы таудың етегiне келген мезгiлiн анықтау үшiн оның өзiнiң Нахичевань қаласынан 1255 жылдың 13 қаңтарында жолға шықтым деген сөздерiне көз жүгiртiп өтудiң өзi-ақ жеткiлiктi. Жалпы, әңгiме Рубрукқа байланысты болғандықтан, осы жерде сол дәуiрдiң географтарының бiр қатесi жөнiнде айта кеткен жөн. Оның үстiне Рубрук Қазығұрт тауын да көрген, тек оны Кавказ тауы деп есептеген. Сол заманның географтарының көбi Қазығұрт тауын (немесе Батыс Тянь-Шань таулары деп түсiне беру керек) Кавказ тауына дейiн тұтас созылып жатқан бiр-ақ тау, яғни теңiзден теңiзге дейiн созылып жатқан тау деп есептеген (Үндi мұхитынан Қара теңiзге дейiн). Тiптен Орал тауларының өзiн осы алып тауға бiр бүйiрiнен келiп қосылып жатқан үлкен таудың тармағы деп түсiнген. Сондықтан Рубрук: «Жетiншi күн дегенде бiздiң Оңтүстiк жағымызда өте биiк таулар көрiне бастады, әрi бiз бау-бақша сияқты егiн салу үшiн 3-268

өңделетiн суармалы жерi мол жазықтыққа келiп жеттiк... бiз Сарациндардың Кинчат деп аталатын бiр қаласына тоқтадық... Келесi күнi бiз тауға тiптен жақын басқа бiр кентке келдiк. Мен тау жөнiнде сұрастырып, мұның Кавказ таулары екенiн бiлдiм». Әрине, жергiлiктi халық бұл тауларды Кавказ деп түсiндiруi мүмкiн емес. Олар Қазығұрт немесе Қаржан деп айтуы мүмкiн, тек өзiнiң географиялық тұжырымдары бойынша, әсiресе Исидор Севильскийдiң анықтамаларына құдайдай сенген Рубрук бұл тауларды Кавказ деп атайды. Рубрук осы жерде бастауын таудан алып, бүкiл даланы суландырып барып, құмға сiңiп жатқан бiр үлкен өзен туралы да айтады. Әрi жергiлiктi тұрғындар осы өзеннiң суын қалай бұрғысы келсе солай бұрып, арық шығарып алып, егiстiкке пайдаланып жатқанын жазады. Нақ осы жерде жүзiм өсiмдiктерiн көрiп, екi рет шарап iштiм дейдi. Сонымен қатар осы маңдағы далаларда үйiр-үйiрiмен жүрген есектердi көрдiм, тек оларды жергiлiктi халық «құлам» деп атайды екен, ал сырт пiшiнi қашырларға (мулы) ұқсас дейдi. Ғалымдар Рубруктың атаған Кинчат дейтiн қаласының орнын әлi анықтай алған жоқ, тек ол басқа авторлардың жазуындағы Кенжид қаласы болар деп тұжырымдайды. Ал сол Кенжид (мұның басқаша да атаулары бар) қаласының орнының өзi де анықталмаған – бiрде Арыстың бойына әкелсе, бiрде Бадамға орналастырып, ал кейде Боралдай мен Бөгеннiң бойына апарады. Осы жолы Рубрук өзi қалайда көрмек болған Тараз қаласына соға алмаған. Ол өз жазбаларында Таласты сұрағанымда ол жоғарыда айтылған таулардың етегiнде екенiн, бұл жолдан әжептәуiр қашық екенiн айтты дейдi. Осыған қарағанда Рубруктың жолы Құмкент, Байқадам арқылы өтсе керек. Содан Iлеге барған. Мiне, егер Рубруктың жазғандарына сенетiн болсақ, онда Нұх пайғамбардың кемесi туралы аңыз Арарат тауының етегiнде тұратын халық үшiн сол кезде-ақ белгiлi болған, бiрақ оған ешкiм көтерiлiп, көзiмен көрмеген. Өйткенi тау – қасиеттi тау, киелi тау деп есептелген. Осыған байланысты екi мәселенiң басы ашық: бiрiншiден – кеме қалсын-қалмасын, әйтеуiр, сол Нұх кемесi мәңгiге аялдады деген орынды сонау ерте замандаақ христиан дiнiндегiлердiң қасиеттi орын санап, қастерлеуi;

екiншiден – тауға шығып, кеменiң қалдығын көзбен көруге ислам дiнiндегiлер кесiр жасады дейтiн тұжырымның Рубрук жазуына (демек, көне замандардағы ұғымға) сәйкес келе бермейтiндiгi. Ал бiз болсақ ешқандай кедергiсi жоқ Қазығұрт тауының баурайына баруға ерiнемiз. Тiптен өзiмiздiң Қазығұрт тұрғанда, басқалардың тауына барып жармасқымыз келедi. Шамасы, бұл да бiздiң өз тарихымызға деген енжарлығымыздың әсерi болса керек. Тарихты шетке сүйрегенше әуелi өз ортамызда анықтап, қастерлеп алайық та, ағайын. ҚОРҚЫТ АТА, ОҒЫЗ ҚАҒАНЫ ЖӘНЕ ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ Қорқыт ата жөнiндегi аңыз-әңгiмелер – түркi тiлдес халықтардың бәрiне ортақ үлеске айналған асыл мұра. Осы ұлы бабамыз жөнiндегi әңгiмелерге негiзгi тiрек болатын дүние – Ватикан мен Дрезденде сақталып қалған, көпшiлiк арасына «Қорқыт ата кiтабы» деген атпен мәлiм болып кеткен екi қолжазба. Осы екi қолжазбаның арасында да ептеген айырмашылық болғанмен, (жырларды орналастыру, т. б.) екеуiнiң түп негiзi бiр дүние. «Қорқыт ата кiтабы» шығыстану ғылымында көп зерттелгенмен, солардың денi – Батыс Еуропа мен Ресей ғалымдары. Соңырақ Түркия мен Кавказдан шыққан ғалымдар болды. Қазақ окымыстыларының арасынан көбiрек ден қоя зерттегендер сонау бiр кезде Шоқан Уәлиханов болса, соңғы кезде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев секiлдi ғалымдар. Дегенмен осы ғалымдардың да алғашқы пайдаланған еңбектерi жоғарыда айтылған, өздерiнен бұрынырақ зерттеген ғалымдардың еңбектерi болғандықтан, Қазақстан мен Орталық Азия тарихына байланысты қарастыру кенжелеп қалды. Көбiне бұрынғы сарынмен баяндалды. Сондықтан да тұңғыш рет жарияланған қазақша нұсқасында жырда көбiрек аталатын тау Бартольд нұсқасы бойынша Кавказ деп аталып, оқиға желiсi Қаратауда басталса да, бiрден Кавказ тауымен жалғасып жататын нұсқасы пайда болды.

«Қорқыт ата кiтабын» тұңғыш рет қазақ тiлiне аударған ғалым ағамыз Әуелбек Қоңыратбаев кезiнде Қызылорда педагогикалық институтында оқыған лекцияларында бiзге: «Бiрқатар ғалымдардың, әсiресе Әлекеңнiң (Әлкей Марғұлан) ескертпесiне қарамай, мен кiтаптағы жер аттарын Бартольдтың аудармасындағы атауымен алдым. Өйткенi мен шығарманы түпнұсқадан емес, негiзiнен Бартольд аудармасы бойынша жасадым. Сондықтан үлкен өзгерiстер енгiзуге сол кiсiнiң аруағынан қорықтым» деген болатын. Мiне, сондықтан осы басылымда жер-су аттары көбiне Баку басылымындағы нұсқасымен аталып кеттi. Шығармада өте көп аталатын екi таудың бiрi Қаратау болса, екiншiсi Кавказ болып жүре бередi. Ол кезде жер-су, адам мен ел аттарын жеке саралап, оқиғаның өтiп жатқан орнына жақындатып зерттеу мәселесiнiң өзi қиындау болатын. Батыл пiкiр айтуға қаймығатын да тұстардың болғаны белгiлi. Сондықтан бiз «барымен базар» деп, осы қалыптасқан ой-пiкiрдiң өзiнiң қазақ оқырмандарына жеткенiне мәз болдық. Дәл осы жағдай жоғарыда аты аталған ғалым ағаларымызға да қолбайлау болғаны рас. Соңғы кездерi Қорқыт ата туралы еңбектер молая түстi, жаңа аудармалары да жасалды. Соның бiрi – 1994 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Балтабек Ысқақовтың түрiк тiлiнен жасаған аудармасы. Мiне, осы кiтапта Әуелбек Қоңыратбаев ағамыздың аудармасындағы «Кавказ» сөзi «Қазылық» деген атаумен алмастырылған. 1991 жылы «Ана тiлi» баспасынан жарық көрген «Ежелгi дәуiр әдебиетi» атты жинақта да осы атаумен аталған. Ендi бiз негiзгi әңгiмемiз Қазығұрт тауы болғандықтан, осы мәселеге көшейiк. Ең алдымен Қорқыт атаның өзi жөнiнде. Бұл кiсiнiң өмiрi мен қызметi туралы түрлi-түрлi болжам бар. Мәселенiң басы ашық болу үшiн солардың бiрқатарына арнайы тоқтап өтуге тура келедi. «Қазақ совет энциклопедиясы»: «Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, ал әкесi Қарақожа оғыздардың Қамы (Қайыспас) деген атасынан шыққан... Ватикан архивында Қорқыт туралы «Расул пайғамбар заманына жақын кезде (7-8 ғғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бiр ер болыпты. Оғыз iшiнде барлық уәлайатты ол өзiне қаратып, неше түрлi ғажайып сөз-

дер сөйлеушi едi. Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкiл халiн сөйлер едi. Әрине, iс болса, бәрi оның алдына келiп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер едi» деген дерек бар. Жазба ескерткiштердегi деректер бойынша Қорқыт – 95 (кей деректе 195) жыл жасаған қарт данышпан. Қорқыт өз өмiрiнде үш хан тұсында уәзiрлiк қызмет атқарған. Тарихта Қорқыт ықпалында болған Инал, Көл-Еркен, Қаңлықожа деген хан аттары аталады. Ал бұл хандардың Жетiсу (Алматы, Ыстықкөл), Талас, Сайрам, Қазығұрт, Қаратау, Сыр бойы, Орталық Қазақстан (Ұлытау, Кiшiтау, Есiл, Нұра, Сарысу), Торғай өлкесi, Ертiс бойы мен Алтайда әкiмшiлiк құрғандығы тарихтан белгiлi». Ал «Жазушы» баспасынан шыққан (1994 ж.) нұсқада: «Қорқыттың әкесi Қарақожа оғыз тайпасына жататын Баят дейтiн рудан шыққан, ал шешесi қазақ құрамына кiретiн қыпшақ қызы, оның туған жерi – қазiргi Қостанай облысының Аят өзенi». Тек бұл кiтапта да Қоркыттың өмiр сүрген ортасын «Жаңакент» (Иеникент) қаласында (VIII-IX ғ.ғ) өмiр сүрген» деп көрсетедi. Ал «Түрiк шежiресi» дейтiн атақты еңбектiң авторы, түркiлер тарихы туралы мол мәлiмет қалдырған Әбiлғазы ханның айтуынша: «Собрался весь огузский Иль во главе с Коркут-ата – сыном Караходжи (из Иля) Кайы, с Энкеш-ходжой (из Иля) Салор и Авашан-ходжой и подняли государем Инала – Иавы, из народа Кайы. Везиром у него был Коркут-ата. И что бы ни сказал Коркутата, Инал-Иавы не отступал от его слов. Много необыкновенных дел совершил Коркут-ата. Он прожил двести девяносто пят лет и был везиром при трех государях» (Абул-л-Гази Бахадур-хан. Родословня туркмен. Ашхабад, 1897 г. стр. 57). Қорқыт ата туралы бұдан басқа да пiкiрлер бар. Соның бiрi – Қорқыт атаны екiншi Шығыс түрiк қағанатының негiзiн қаласқан, әйгiлi Орхон-Енисей тас жазуларында аты қашалған Тоныкөкпен салыстыра келiп, екеуiн бiр адам деген болжам. Осы болжамды ұсынушының бiрi Қойшығара Салғарин де («Жалын» журналы, № 5-6, 1997 жыл) Қорқыт атаны Қайы тайпасынан шыққан деп тұжырымдайды да, Тоныкөктi оғыз тайпасының теле бiрлестiгiнен шыққан деп, туған жылын 646 жыл, жас кезiнде Қытайда өсiп тәрбиеленгенiн айтады.

Мiне, осы деректердiң бәрiнен шығатын негiзгi тұжырым Қорқыт атаның негiзгi ортасын қалай қарай сүйресек те, айналып Қаратау мен Сыр бойына орала беретiндiгi. Елiне жасаған қызметiнiң денi осы өлкемен байланысты. «Қорқыт ата кiтабындағы» барлық жырдың да қаққан қазығы – осы өлке. Оқиға қайда қарап өркендесе де, осы қазыққа бекем байлаған желi үзiлмейдi, қайта айналып соға бередi. Ал ендi Қорқыт ата туралы қазақтың аңыз-ертегiлерiнде, қазақ этнографиясының аса үлкен бiлгiрi Әлкей Марғұланның жазба деректер мен өзiнiң ғылыми еңбектерiне сүйенiп жасаған мәлiмдеулерiнде ұлы бабамыздың өмiрге келуi мен өмiрге келген ортасы жөнiнде өзгелерден ерекше қызғылықты мәлiметтер келтiрiлген. Мысалы, қазақ аңыз-ертегiлерi Қорқыттың туған күнiн өте қорқынышты етiп суреттейдi. Ол күндерi аспанды қара бұлт торлап, алай-дүлей дауыл соғып, нөсерлi жауын құяды. Үш күнге дейiн аспан ашылмай қояды. Бұл оқиға жұрттың зәресiн ұшырады. Әлекеңнiң айтуы бойынша, Қорқытты анасы тоғыз күн толғатып, ғаламат қорқынышты жағдайда өмiрге әкелген. Бұл күндерi Сырдарияның жағасы мен Қаратаудың айналасын қара тұман бұлт басып, күн тұтылады. Үрейi ұшқан халық осы Қорқыт туған күндердi «Қараспан» деп атаған. Сұрапыл дүлейден, қара түнектен қорыққан халық өздерiнiң осы сезiмiн бiлдiрiп, жаңа туған балаға «Қорқыт» деген есiм берген. Махмұд Қашқаридың айтуынша, халық өлеңдерiнде, «Оғызнама» жырында Қорқыттың туғаны ерекше сипатталады. Әлгiдей үрейдiң үстiне Қорқыт туғанда сөйлеп туыпты дейдi. Оның өмiрге келген елiн Сырдарияға жақын Қаратау маңы деп көрсеткен. Ол тауды Қарашық (Қаратау) немесе «Қараспан» деп атаған. Бұл жөнiнде халық аузында сақталған мынадай жыр жолдары бар: Қорқыт туар кезiнде, Қараспанды су алған, Қара жердi құм алған. Ол туарда ел қорқып, Туған соң әбден қуанған. Осы бiр жерде жоғарыда аты аталған жерлердi еске бiр түсiрiп өткен жөн секiлдi. Сыр мен Қаратауды қазақтың бәрi бiледi.

Ал сол Қаратаудың Қарашық аталғанын (тiптен кейбiр тарихи жазбаларда Түркiстанның өзiн де Қарашық деп көрсетедi), Қараспанның Қаратау мен Қазығұрттың арасындағы Арыс өзенiнiң бойында жатқанын бiле бермеуi мүмкiн. Осы Қараспанда тарихшылардың айтуынша, көне қала Арсынубикет орналасқан. Жергiлiктi халық осы жердi айналасындағы далалы жерге қарағанда тек дөңес қана болып жатқанына қарамай, Қараспан тауы деп атайды. Осы жерде айта кететiн бiр нәрсе, Түркияда шыққан «Түркi ел кiтабы» атты үш томдық ғылыми-танымдық еңбекте Қаратау Қарашық тауы деп аталып, Қазығұрт соның бiр бүйiрiнде жеке тұрған қасиеттi тау деп көрсетiлген. Бiз жоғарыда Қорқыт ата туралы деректемелердiң бәрiн дәл келтiргенiмiздiң себебi, ондағы кейбiр өзгешелiктердi оқырман қауым да тұспалдап алсын деген ниет болатын. Өйткенi ендi өз ойымыз бен тұжырымдарымызды ұсынарда сол деректердi салыстыру мен қорытынды жасау жиi кездесетiн болады. Қорқыт ата оғыз тайпасының өкiлi деген тұжырым қазiр берiк қағидаға айналды. Дегенмен осы «Қорқыт ата» кiтабындағы өрiстейтiн оқиғаның бәрiнен таза көшпелi өмiр суреттерi, тотемизм, шаманизм сарындары анық көрiнiп тұр. Табиғат суреттерi қанша Кавказға сүйрегенмен, ну орманды немесе заңғар таулардан гөрi кең жазық әрi ойлы-қырлы болып келетiн қазақ даласына, бiрiнде ну қарағай өскенмен, бiрiнде жақпар жартастар иелiк етiп жатқан қазақ даласының таулары көз алдыңда тұрады. Бұл жағынан жырдың алғаш өмiрге келген тұсы Сырдарияның орта ағысы мен Қаратау маңы болу керек деген тұжырымды қазiргi кезде ешкiм жоққа шығара алмайды. Табиғатқа байланысты ой-пiкiрге соңырақ тоқталатындықтан, қазiр оғыздардың өздерi жөнiнде бiрер сөз айта кетейiк. Оғыздардың өркендеген дәуiрi – Сырдария бойында өмiр сүрген мезгiлi екенi барлық тарихи еңбектерде айтылады. Ал «Қазақстан тарихының» I томында («Атамұра», 1996 ж.) мынадай жолдар бар: «В VII в. в области между Аральским морем и Средней Сырдарьей шел процесс формирования этнической общности Кангарских племен. Река Сырдарья в арабских и китайских источниках носит название Кангар. Кенгересы

орхонских древнетюркских надписей, кангары византийского автора Константина Багрянородного (X в.) и хангикаши арабского географа ал-Идриси (XII в.) – разные варианты одного племенного названия кангар, сохраняющая кангюйскую этнонимическую традицию. Очевидно, кангары были элитарной правящей группой. По всей вероятности, на рубеже VII–VIII в.в. старое имя кангар уступает место новому этнониму – печенег. Реминисценции этой трансформации явно усматриваются в сведениях Константина Багрянородного: «печенеги также называются кангар, как храбрейшие и благороднейшие из других». Бiздiң осы ұзақтау үзiндiнi қаз-қалпында келтiруiмiздiң себебi – соңынан оғыз тайпаларының осы печенегтермен ұзақ уақыт жүргiзген күресiн айғақтау. Жартылай көшпелi, жартылай отырықшыл кангар-печенег қауымдастығы IШ-ғасырдың екiншi жартысында Жетiсу жақтан ығысқан оғыздармен кескiлескен күрес жүргiздi. Бiрақ кимектер және карлуктармен одақтасқан оғыздар IX ғасырдың орта шамасында кангар-печенег тайпаларын талқандап, осы далада өз үстемдiгiн орнатты. Мiне, «Қорқыт ата кiтабындағы» бiрқатар оқиғалар осы кескiлескен айқастың көрiнiсi болуы әбден ықтимал. Бұл туралы Әуелбек Қоңыратбаев Қорқыт жырларын үш топқа жiктегенде соның екiншi тобына жататын жырларды оғыздардың «түрiкмендер мен пешене (печенег) тайпалары арасындағы 34 жылға созылған алалықты суреттейтiн жырлар» деп дәл тауып айтқан болатын. Ал оғыздардың өздерiнiң Сыр бойына Жетiсудан ығысқаны жөнiнде Араб тiлiндегi дерекнамаларда олардың бұл маңды жаулап алмай тұрғанда, өздерiнiң Ескi оғыз (Старая Гузия) дейтiн астаналары мен тұрақты мекендерi болғаны айтылады. Тарихшылар бұл мекендi Тянь-Шань тауларының сiлемдерi, Шу өзенi мен Қаратаудың аралығында болған деп шамалайды. Сондықтан да жаңа мекендерi Жаңа оғыз (Новая Гузия) немесе Жаңакент деп аталған. Оғыз тайпаларының конфедерациясы ығысып келген тайпалар мен Оңтүстiк және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарының араласуынан құралған. Оның құрамына кангар-

печенег және басқа далалық тайпалардың Сырдария бойындағы, Арал маңындағы, Каспийдiң солтүстiгiндегi топтары қосылды. Олардың қатарында алаңдар мен астар да болатын. Ғалымдардың болжауынша, оғыздар елiнiң қалыптасуына Шығыстан ығысқан кимек, имек және басқа тайпалардың өкiлдерi – баяндурлар, имурлар мен кайылар да әсер еткен. Оғыздардың қазақ даласы мен Орталық Азиядағы мекенжайлары туралы Ибн Хаукал, Истахри, т. б. айтады. Осының iшiнде бiздiң әңгiмемiзге қатысты бiр деректi Ибн Хаукал келтiрген. Осы ғалымның айтуы бойынша, оғыздардың бiр тобы Бискент қаласын (Шаш облысы) мекендеген. Осы туралы дерек келтiрген жоғарыда айтылған «Қазақстан тарихы» атты ғылыми еңбекте Бискенттi қазiргi Пiскент маңы деп дәл атағанмен, орналасқан жерiн Арыс аңғары деп қате жiберген. Пiскем өзенi Өгем тауларының арғы бетiндегi Шымған тауының етегiндегi қазiргi Шарбақ су қоймасына келiп құйып жатқан Пiскем өзенiнiң бойында (Бiз мұны алдағы ойларымызға тиек болатындықтан әдейi келтiрiп отырмыз). ИбнХаукал осы оғыздар туралы: «Бұл жерде ислам дiнiн қабылдаған түрiк-оғыздар мен қарлуқтар жиналады» деп жазған. Истахридың парсы тiлiндегi еңбегiнде Келес еңiрiндегi «Оғыздар ауылы» («Дех-и гузз») аталады. Бұл жерде, Келес өңiрiнде, Ангрен мен Шыршық бойында, Шатқал мен Өгем қыраттарында оғыздар қарлуқтар және басқа түркi тайпалармен аралас-iргелес тұрды. Мiне, оғыздардың тұрған, өмiр сүрген, жауласқанмен жауласып, дауласқанмен дауласып, достық ниет бiлдiргендермен тату-тәттi өмiр сүрген аймақтары – осы жерлер. Демек, «Қорқыт ата кiтабындағы» әнгiмелердiң бәрiне де арқау болған оқиғалар осы маңда өткен. Әрине, оғыздардың соңынан Кавказға да барғаны, тiптен одан да ары өткенi тарихи шындық. Тек «Қорқыт ата кiтабы» деп аталған жинақтағы шығармалардың түгелге жуығы оғыздардың қазақ даласын мекендеген кезде өмiрге келгенi де шындық. Көпшiлiк ғалымдардың болжауы бойынша, қағазға түскен мезгiлi – оғыздардың Кавказды мекендеген мезгiлi болуы ықтимал. Сондықтан да бiрен-саран болмаса (Дербент секiлдi iрi тұлғалы атаулар) жырдағы тұрмыс пен табиғат суреттерiне

көп өзгерiс енгiзiле қоймаған. Олай ету мүмкiн де емес едi. Онда жырды түгелiмен қайта жазу керек едi. Дегенмен хатқа түскен мезгiлi мен ортасы басқа орта болғандықтан, алғашқы нұсқалардағы (ауызша нұсқалар) жер-су аттары көптеген өзгерiстерге ұшыраған, көпшiлiгi мүлдем ұмытылып кеткен. Осындай өзгерiске ұшыраған атаудың бiрi – Қазығұрт (түрiкше текстерде: Қазылық). Әрине, кавказдықтар үшiн бұл атау әрi тосын, әрi жат болып естiлетiнi белгiлi. Сондықтан ол Кавказ деген таныс атаумен алмастыра салынған. Дәл осы жерде салыстырма үшiн түркi әлемiндегi мына бiр жағдайды айта кетуге болады. Түркi халықтарының Қиыр Солтүстiкте жатқан бiр бұтағы – сахалар. Осы саха халқының «Олонхо» дейтiн жырлары бар. Оны әрбiр жыршы-автор өзiнше жырлайды (Қырғыздың «Манас эпосын еске ала берiңiз!). Сол «Олонходағы» табиғат қазiр сахалар жайлап отырған жердiң табиғатына мүлдем қабыспайды. Мәселен, эпоста «ұшы-қиырсыз кең далада жайылған жылқының саны аспандағы жұлдыздың санындай болатын» деген ұғым бар. Ал қазiргi саха жерiнде ұшықиырсыз түгiлi, кiшiгiрiм бiр ауыл орналасатын кең жазықты таба алмайсыз. Демек, эпос – саха халқының бiр кездегi қазақ даласын ба, Алтай аймағын ба жайлаған кезiнде өмiрге келген туынды. Оқиғаның негiзгi желiсi мен табиғат суретi осылай сақталып қалғанмен, бiздiң далаға (мүмкiн, Алтай даласы немесе монғол даласы) тән атаулар мүлдем жойылып кеткен. Қорқыт ата кiтабындағы жырлар да дәл осындай өзгерiстерге түсуi әбден мүмкiн. Ендi, ең алдымен, Қазылық тауының (немесе Кавказ тауының) Қазығұрт екенiн пайымдау үшiн бiрнеше мәселелердi жiктеп алайық. Алдымен «Қазығұрт» атауынын өзi жөнiнде. Осы атаудың этимологиясын зерттеген ғалымдар мен оқырмандардың көптеген болжамы бар. Солардың бiрi әрi көңiлге қонымдысы «қазы» және «құрт» деген екi сөзден шыққан деген болжам. «Қазы» деген атаудың лауазымды кiсiге ғана қолданылатыны соңғы кездерге дейiн қазақ тiлiнде жиi қолданылып келдi. Тiптен қазiр де қолданылады (Мысалы: әдiлқазылар алқасы). Ал «құрт» атауы көне түрiк тiлiнде «қасқыр» деген мағынаны бiлдiрген деп

тұжырымдайды шығыстанушы ғалымдар (мысалы, осы мағына қазiргi кезде де түрiк тiлiндегi кейбiр тiркестерде сол мағынасында қолданылып жүр. Түркиядағы бiр саяси партияның аты – «Боз құрттар – Серые волки»). Егер осы тоқтамға жүгiнер болсақ, «Қазықұрт» деген сөз «Киелi қасқыр» немесе «Билiк жүргiзушi, басшылық жасаушы қасқыр» деген мағынаға жақындайды. Ал көне түркi халқындағы төтемдiк ұғымдардың iшiнде ең алдымен қасқыр аталатынын еске алсақ, осы ойымыз бұдан да нақтылана түсетiн сияқты (тiптен бүкiл түрiк әлемi қасқырдан тараған дейтiн ескi сөздi де естен шығармайық. «Ашина тайпасы» деген тiркестегi Ашина сөзi де қасқыр деген ұғым екенiн сонау көне қытай жазбаларынан бастап, бүгiнгi ғалымдардың бәрi айтып жүр емес пе?). Осы жерде салыстыру үшiн және бiр мысал келтiре кетейiк. Башқұрт халқы өздерiн «Башкорт» деп атайды. Ал осы сөздi қазiргi башқұрт тiлiмен жiктеп жiберсең, «Бас – главный» және «бал ара» деген сөздер болып шығады. Кейбiр башқұрт ғалымдары осы атауды қанша жiктегенмен, қазiрше мардымды ешнәрсе шыққан жоқ. Сондықтан да көзi ашық башқұрт ғалымдары осы бiр этнонимнiң түпнұсқасын башқұрт халқының сонау түбi бiр түркi халқы болып тұрған мезгiлiнен iздеу керек деген болжам айтып, нақ осылай аталатын тау Сырдың жоғарғы ағысы мен Зеравшан маңында бар екенiне сiлтеме жасайды. Сонда да (егер Башқұрт этноатауы осы тауға байланысты болғанның өзiнде) оның өзiнiң не мағынаға ие болатынын анық нақтылай алмайды. Сондықтан Қазығұртты атағанда осы «Башқұрт» атауының өзi «Бас қасқыр» деген мағынаға сайымай ма деген ой көкейге орала бередi. Оның үстiне Башқұрт халқының құрамында қаңлы, табын, қыфсак (қыпшақ) секiлдi қазақ руларына тән атаулар кездеседi. Қазақтың басқа руларының аты башқұрт халқының құрамында кездеспейдi. Демек, «Қазығұрт», «Башқұрт» атаулары – бiр кездегi көне түрiк жұртына тән атаулар. Ал жырдың Түркияда басылған нұсқасындағы «Қазылық» деген атаудың өзi де «қазы» деген атауды қайталап, «Қазығұртқа» үндесiп жатыр емес пе? (Тiптен анайы түрде айтқанда, «Қазының тауы, Қазы жерi» деген мағынаға икемдесетiн сияқты).

«Қазығұрт» дейтiн атау дәл осы күйiнде көне жазбаларда кездеседi. Тек бiз оны соңырақ айтуды жөн көрiп отырмыз. Алдымен, Қорқыт атаға байланысты ой-пiкiрдi тұжырымдап алайық. Сонымен, жырдағы оқиғаның көбiнде Қаратау бiр аталмай қалмайтынын негiзге ала отырып, жыр нұсқасы осы Қаратау маңында өмiрге келгенiне ешкiмнiң күмән келтiрмейтiнiне толық сенемiз. Ал ендi осы Қаратаудың етегiнде өрбiген оқиға күн сайын болмаса да, оқиға сайын Кавказға барып аяқталып жатады дегенге кiм сенедi? Оған географиядан ең болмаса бастауыш кластың көлемiнде хабары бар адам сене қоймас. Қаратау мен Кавказдың арасында табиғаттың қанша дүлейi жатыр. Жыр желiсiне соның ең болмаса бiр-екеуi енуi қажет емес пе? Олай емес. Аралықта жатқан екi теңiз де, Үстiрт пен Маңғыстаудың құмды даласы да, Кавказдың алып биiк таулары мен ну орманы да, субтропикалық климаты мен сонда өсетiн өсiмдiктер де жырда жоқ. Тiптен бiр-ақ рет теңiзден өту үшiн тауға шығып қайық шапты деген ұғым кездеседi (Таңғаларлығы: егер теңiзден өтетiн қайық жасаса, тауға шығып қайық шаппайды ғой. Жағада құрастырылмай ма қайық, қайық емес-ау, кеме – теңiзден өту үшiн қайық қол бола қоймас. Ал тауға шығып тал кессе, онда өзеннен өтетiн, әсiресе тау өзендерiнен өтетiн өткел жасау үшiн жасаған әрекетi деп түсiнуiмiз керек). Рас, өзен суы, тiптен қанды су деген ұғым жиi айтылады. Ал ондай өзендер кез келген таулы аймақта бар. Қорқыт жырларына байланысты айтылса, ол тек қана Қазығұрт маңына тән. Өйткенi Қаратауда қар жатпайды, ал сарқыраған суы бар өзендер төбесiнен қар кетпейтiн Қазығұрт маңындағы Тянь-Шань тауының батыс сiлемдерi. Олар – көлемi шағын болғанмен, табиғаттың дүлей күшi. Жырда бiр-ақ рет «төбесiнен қар кетпейтiн Қазылық тауы» дейтiн тiркес бар. Бұл ұғымды Қазылық (Қазығұрт) тауымен жалғасып жатқан Қаржан мен Өгем таулары деп түсiнген мақұл секiлдi. Жырда суреттелетiн табиғаттың осы Қазығұрт маңының болмысына жымдасып жатқанын тұжырымдау үшiн алдымен «Қорқыт ата кiтабының» өзiне жүгiнейiк. Кiтаптың «Қазылық Қожаұлы Икенек-бек әңгiмесiнiң баяны» дейтiн тарауында мынадай жолдар бар:

Оңаша жабылған ақ отауын Атласпен жабылған көлеңкелi. Қаптаған қора толы жiгiттерiң, Шақырсам серiктiкке берер ме едiң? Бiз сорлының үмiтi, Толы құстың түлегi, Түркiстанның тiрегi. Анит судың арыстаны Қарашықтың қабыланы, Дәулеттi хан, Медет. Бұл – Икенек-бектiң хандардың ханы, Баяндур ханға келгенде айтқан өтiнiшi (Үзiндi Түркияда шыққан нұсқадан алынды. Салыстыру үшiн Бартольд аудармасынан Әуелбек Қоңыратбаев қазақшалаған нұсқасындағы осы жолдардың баламасын келтiре кетейiк: «О, Баяндур хан, таңертең жол шетiне ақ шатырыңды тiгесiң, үстiне атлас жабасың... Сен барлық оғыз батырларының тiрегiсiң... Сенi ел кем-кетiктiң қамқоры, Түркiстанның ұстыны, Төле құстың баласы, арыстан тайпасы мен руының көсемi, қара ағаштай қаптаған қалың тобырдың жолбарысы, бақыты асқан хан дейдi»). Осы үзiндiде бiз жоғарыда айтқан жер аттарының бiрқатары аталған. Тек аудармашылар «Амит су» деген атаудың бiздiң заманымыздағы баламасын дәл келтiре алмайды. Тiптен осы атауды Салор қазан туралы әңгiмеде «Амид» деген сөзге «Қала аты» деп түсiнiк берген. Ол қай қала? Неге оған «су» деген сөз тiркесiп жүр деген сауалдарға жауап бермеген. Кiтаптың «Дiрсе хан ұлы Бұқаш хан әңгiмесiнiң баяны» дейтiн тарауларындағы сөз тiркестерiнен бiз осы Қазығұрт маңына тән атауларды жиi кездестiремiз. Мысалы: Үйден шыға ырғалған, сұңғақ бойлым, Тiлерсегiне түскен қолаң шаштым, Құрулы садақтай иiлген имек қастым, Қос пiсте сыймайтын оймақ ауыздым, Балдай тәттi тiл үйiрген қауыным, Күзгi алмадай алқызыл жемiсiм...

Осы тарауда «шудалы бозторғайлар шырылдаған» деген тiркес, Баяндур ханға байланысты айтылған тұста «көсiлiп жатқан Алатаудан хабар келер» деген сөздер бар. Осы жерде шығарманың өн бойында Қаратау мен Алатау қабат айтылып жататынын, ал Алатаудың Қаратау жағынан қарағанда көрiнiсi шынында да көсiлiп жатқанын еске алсақ және Қазығұрттың айналасынан шығамыз. Оның үстiне Бұқаш ханның анасы ұлын iздеп Қазылық тауына аттанарда Дiрсе ханға «Қарсы жатқан Алатаудан құлады ма айт маған!» деп талап етедi. Осы жердегi «Қарсы жатқан» деген сөз Қаратауға қарсы жатқан деген ұғым бередi. Ұлын iздеген ана үстi-басын қан басып жатқан ұлын көргенде бар ыза-ашу қарғысын тауына үйiп-төгедi: Қазылық, таудың көп суы Ағар екен, ақпасын! Қазылық таудың көк шөбi, Шүйгiн екен, тапталсын! Жүйрiк сенiң киiгiң, Жортпасын ендi, тас болсын!..

Осы қарғысты есiткен Бұқаш хан анасына басу айтып, өтiнiш жасайды. ...Аққан суды, анашым, қарғамағын, Қазылық таудың бұл жерде күнәсi жоқ. Шүйгiн шөптi, анашым, қарғамағын, Қазылық таудың бұл арада кесiрi жоқ. Желдей жортқан киiктi қарғамағын, Қазылық таудың мұнда да жазығы жоқ. Арыстан мен Қабыланды қарғамағын, Қазылық таудың бұл арада айыбы жоқ... Оғыздардың осы қарсы жатқан Алатаудан жиi асатынына (жорыққа болсын, басқа қажеттiлiк болсын, мейлi) мына бiр жыр жолдары куә секiлдi:

Қарсы жатқан Ала тау, Аса алмай ұлым ұшты ма? Мiне, осы бiр мысалдарды байыппен қараған адам табиғат суреттерi мен тұрмыстық болмыстың Қаратаудан онша ұзап кете қоймайтынын, Қазығұрт тауының маңы мен соның шығыс бетiне қарай өрбитiнiн оп-оңай-ақ түсiнедi. Ендiгi бiр мәселе, осы Қорқыт ата кiтабындағы бiрқатар төл есiмдер мен атаулардың Қазығұрт маңына байланыстылығы. Кiтапта тiкелей Қазығұртқа байланысты аталатын үш әңгiме бар. Олар: «Қазылық қожа ұлы Икенек-Бек әңгiмесiнiң баяны», «Үшiн Қожа ұлы Секiрек әңгiмесiнiң баяны» және «Қаңлы Қожаұлы Төралы әңгiмесiнiң баяны». Осы жерде бiр мәселенiң басын ашып алу керек секiлдi. Ол – «Қожа» деген атау. Қазiргi кезде бұл атау қазақ тiлiнде қазақтың үш жүзiне кiрмейтiн, түбi арабтардан келген дiн иелерiнiң ұрпағы деген ұғым беретiн жеке рудың аты деп түсiнiлiп жүр. Дәл қазiргi кезде руға байланысты айтылғанда осылай екенi рас. Дегенмен қазақ тiлiнде «мүлiктiң қожасы», «үйдiң қожасы», «өз мүлкiңе өзiң қожа болмасаң не бiтiрiп жүрсiң», «елдiң қожасы» деген сияқты сөз тiркестерi мен ұғымдар жеткiлiктi. Сондықтан бұрын кең мағынада қолданылған сөздiң ауқымын тарылтып, бiр руға ғана апарып тiркеп қою әбестiк секiлдi. Түбi, бұрын түркi тiлiнде кең қолданылған сөздi ислам дiнi тарай бастаған кезде дiн иелерi меншiктене бастаған болу керек. Мысалы, казiр де айтылып жүрген «ауылдың имамы» деген секiлдi ұғым кезiнде «қожа» деген сөздi өзiне қосып алып, «ауылдың қожасы» деген секiлдi ұғымға айналған болу керек. Ал бұл сөздiң көне түрiк тiлiнде атам заманнан берi бар екенi рас. Мұны көптеген ғалымдар осылай түсiндiредi. Соның бiр дәлелi – «Қорқыт ата» кiтабының әлгi бiз келтiрген үш тарауы. Сол әңгiмелердегi «қожа» деген сөз лауазымдық ұғымды бiлдiрiп тұр. Осы ойымызды айқындай түсу үшiн бiр сiлтеме жасай кетейiк. Әйгiлi шығыс тарихының бiлгiрi, ғұлама ғалым Фазлал-лах Рашид ад-диннiң «Оғызнама» атты еңбегiнде осы сөзге былай түсiнiк берiлген: «Среди этих стариков был один весьма дальновидный, умный, бывалый, постигший все житейские премудрости,

которого звали һуши Ходжа (что на тюркском языке означает «пожилой человек», а на монгольском языке Калсынку. На тюркском языке пожилых называют ходжа. Ибо слово ходжа в действительности тюркское, но не персидское или арабское» («Огуз-наме», Баку, «Элм», 1987 г. стр. 32). Демек, Қорқыт ата кiтабындағы әлгi есiмдерi аталған кiсiлерге қосақталған «қожа» деген сөз «иесi, басшы» деген мағынада қолданылған. Мысалы: Қазылық елiнiң басшысы, Қаңлы елiнiң иесi (Ескерту: Әуелбек Қоңыратбаев осы тiркестердi «оғыз қаңлы», «оғыз қазылық» деп аударып, оны оқырманның «қожа» сөзiнiң қазiргi мағынасымен шатастырып алмауы үшiн әдейi iстегенiн өзi ескертiп кеткен). Демек, жырдың бiр тарауының атының өзi-ақ оның Қазылық (Қазығұрт) тауына байланысты екенiн дәлелдеп тұр. Осы тарауда Қаратау да, Қазылық тауда да, Алатау да бiрде-бiр рет аталмайды. Керiсiнше, дәл осы тарауда «Тәңiрi» деген сөз бен Тәңiрге табыну өте жиi аталады. Оның үстiне Қазылық қожаның басына бәле тiлеп алатын әрекетi былай басталады: «Баяндур ханның Казылық қожа дейтiн уәзiрiнiң iшкен шарабы басына шығып, тiзерлеп отыра кетiптi де, Баяндур ханнан рұқсат сұрапты». Қаңлы қожа туралы әңгiмедегi бiздiң көңiл бөлетiн мәселемiз – «Қаңлы» атауы. Бұл бiр кезде өз алдына мемлекет құрған (бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы II ғасырынан бастап) тайпаның атауы. Осы тайпаның қоныстанған жерлерi Ташкент оазисi мен Орта Сыр бойы, Қаратау мен төменгi Сыр аймағы екенiн жоғарыда әдейi айтып кеткенбiз. Сол замандардан бастап, дәл қазiргi күнге дейiн осы тайпаның ұрпақтары Қазығұрт маңын жайлайтынының өзi-ақ Қорқыт ата өмiрiнiң Қазығұртқа соқпай кетпейтiнiне куә болса керек. Оның үстiне, бiз Қорқыт атаның өзi туралы айтқанда сол заманда оғыздар мен кангарлардың (қаңлылардың) аралас-құралас тұрғанын айтып, кейбiр дерекнамаларда (әсiресе Әбiлғазының «Түрiк шежiресi») Қорқыттың қайы тайпасынан шыққанын дәлелдейтiнiн көрсеттiк. Ал қайы тайпасы Шәкәрiм Құдайбердиевтiң шежiресi бойынша Қаңлы тайпасының бiр бөлiгi. Шәкәрiм бұл тұжырымды Осман түрiктерiне (қазiргi Түркия) жiктеу жасағанда көрсетiп, сол Осман империясының негiзiн құрғандар осы Қайылар едi деп дәлелдейдi. Дәл осы тұжырымды өткен ғасырда өмiр сүрген

француз ғалымы К.Д.’Оссон да жасап, көптеген көне қолжазба еңбектерге сiлтеме жасаған. Бiздiң бұл жерде айтайын деген ойымыз – Қорқытты қазақтың бiр руына апарып тели қою емес, керiсiнше, оның бүкiл түрiк әлемiне ортақ екенiн айта түсiп, тек Қазығұртқа байланысты мәселелердi айқындай түсу. Жалпы, «Қорқыт ата кiтабының» қай нұсқасын алып қарасаң да қазiргi қазақ руларының iшiнен екi-ақ рудың аты аталады. Олар – қаңлы мен үйсiн. Басқа рулардың аты жоқ. Ал бұл екi тайпа қазақтың ең көне тайпалары. Осының өзi де тегiннен-тегiн кездейсоқ жазыла салған мәселе болмаса керек. Үңiле қарасақ, мұның да астарында терең сыр жатқан секiлдi. Рас, кiтаптың қазақ тiлiне аударылған екi нұсқасында да «үйсiн» деген сөз тiкелей колданылмаған. Ә. Қоңыратбаев өз аудармасында «оғыз Ұшан» деп алса, Балтабек Ысқаков «Үшiн Қожа» деп алады. Бұл екi автордың да «Үйсiн» деген сөзден неге қашқаны белгiсiз. Көптеген орыс тiлiндегi еңбектерде «Усун» деп аталған (Үйсiн тарихына байланысты еңбектердiң көбiнде Гумилевтiң өзiнен бастап, осы «Усуни» деген терминдi пайдаланған). Бұл жерде бiз ғылыми тұжырым жасайтын ағайындармен айтысудан аулақпыз, тек барлық логика осы терминнiң «Үйсiн» деген түсiнiктi дәлелдеп тұрғанын және бiр айта кетпекпiз. Жоғарыда бiз көптеген дерекнамалардан үзiндi келтiрiп, әлемге аты әйгiлi ғалымдарға сiлтеме жасағанда оқырманға бар деректi жайып салып, өзiнiң де тұжырым жасауына мүмкiншiлiк беру болатын. Ендi сол дерекнамалардан шығатын қорытындыны және бiр-екi мысалмен дәлелдеп көрейiк. Көне түркi тарихында Ташкент оазисiн мекендеген халықтардың негiзгi құрамы қаңлылар болғаны белгiлi. Ал солардың оңтүстiктегi көршiлерi соғдылар болды. Ғылымда соғдыларды түркi тiлдi болды ма, әлде парсы тiлдi ел ме едi деген таласқа әлi нүкте қойылған жоқ. Бiз де бұл мәселеге араласудан аулақпыз. Бiзге қажетi сол кездегi түркi халықтары (қаңлылар, оғыздар, қарлұқтар, т. б.) мен соғдылардың ара қатынасы мен шекарасы. Жоғарыда бiз оғыздар тайпасының кейбiр топтары Келес, Шыршық, Ангрен, Пiскем өзендерiнiң бойында тұрғанын айттық. Мiне, солардың көршiлерi соғдылар мен парсылар болатын. 4-268

Көршi тұрған ел болған соң алыс-берiспен қатар атыс-шабыс та болып тұратыны белгiлi. Мiне, осындай қақтығыстардың көбiрек болып, әрi қорғаныс шебiнiң де көзге көбiрек түскен тұсы осы маң – Шатқал, Өгем, Шымған таулары мен осы таулардың етегiндегi елдер. Қорқыт ата кiтабындағы оқиғалардың көбi осы тұста, қысқасы, Қазығұрт маңында өткен. Өйткенi сол кездегi дәуiрмен есептегенде сонау Кавказға барып жау iздемей-ақ қақтығыс-соқтығысқа жететiн қарсылыстар осы маңның өзiндеақ болатын. Оның үстiне бүкiл армиясы мен бала-шағасын ала көшiп жүретiн ел үшiн тау арасы онша қолайлы орын емес. Бұл жердегi соғыс пен күрес те бiрде анаусы жеңсе, бiрде мынаусы жеңiп, итжығыс болып жататын. Ол үшiн екi жағына да тау мен өзен пана. Мiне, осыдан барып «Темiр қақпа» деген ұғым пайда болған. Ал сол «Темiр қақпа» қайда едi? Бұл мәселенiң басын ашып алу үшiн тек қана Қорқыт ата жырларындағы «Темiр қақпаны» ғана iздемей, жалпы түркi болмысында аталатын, тiптен бүкiл Азия құрлығында кездесетiн темiр қақпалардың сырын ашып, орнын белгiлеп алу керек сияқты. «Темiр қақпа» дейтiн ұғым негiзiнен ғылыми еңбектерде Шығыс пен Орталық Азия халықтарына байланысты айтылады. Осы бiр термин көне түркi жазбаларына да тән. Соның бiрi – Орхон-Енесей тас жазулары. Осы тас жазулардың «Күлтегiн» (VII ғасыр) деп аталатын нұсқасында: Батыста – Iнжу өзенiн кеше Темiр қақпаға дейiн жауладым... – деген жолдар бар. Iнжу (кей еңбектерде Инчу деп жазады) Сырдария өзенi, ал «Темiр қақпа» қай тұста екенi айтылмайды. Ал осы «Күлтегiн» деп аталатын үлкен жазуда: Түргеш халқының бәрi бағынды. Ол халықты табарға қалдырдық. Тағы жылжып, соғдыны халық етпек боп, Iнжу өзенiн кешiп, Темiр қақпаға дейiн аттандық.

Одан соң бүкiл түргеш халқы жау болды. Кеңерестерге қарай барды, – деген сөздер бар. Осы жырда айтылатын халықтар мен тайпалардың iшiнде қазiргi Қазақстан территориясынан тыс жерлерде тұрған тайпалардан тек оғыз бен соғдылар ғана аталады да, «Үзгентi, Соғды, Бершекер, Бұхар» деген атаулар аталады. Басқа аты аталған тайпалардың бәрi – Сырдарияның шығыс жағында орналасқан елдер. Ал «Тоныкөк» (VIII ғасыр) жырында көбiнесе айтылатындар – оғыздар. Ал «Темiр қақпаға» байланысты мынадай жолдар бар: Iнжу өзенiн кеше, Тiнесi ұлының мекенi Мәңгiкөк тауынан (асырып) Темiр қақпаға дейiн қудық. Сол жерден қайтардық. Үнел қағанға сол кезде. Сүң бастаған Соғда халқы тегiс келдi. Ол кезде түрік халқы Темiр қақпаға Тiнесi ұлының мекен тауына жеткен едi. (Тау) иесiз екен. Мiне, осы жолдарды мұқият қараған адам бұл жазбалардан сонау Каспийдiң арғы жағында жатқан Дербент маңына шабуыл жасаған екен деген қорытындыға келуi мүмкiн емес. Рас, түркiлердiң Каспий тұрмақ одан да ары кеткенi тарихтан белгiлi. Тек ол оқиғалар мына тас жазуларға енбеген. Мұндағы айтылып тұрған «Темiр қақпа» – ары кеткенде кезiнде Испанияның Самарқанға келген елшiсi Руи Гонсалес де Клавихо әйгiлi қолбасшы Темiрланның «Темiр қақпасы» деп атап кеткен Байсын тауындағы ұзындығы үш шақырымдай, енi жиырма метрлiк тау арасындағы өткел (ущелье) де немесе Батыс Тянь-Шань сiлемдерiндегi әлi де орны нақты анықталмаған бiр қойнау.

Оғыздар да өз мемлекеттерiнiң әбден күшейген мезгiлiнде Кавказ асып, Қара теңiзден өтiп, қазiргi Түркия жерiне жеткенi рас. Тiптен сол оғыздардың тiкелей ұрпағы саналып жүрген гагауздар қазiр Молдова мемлекетiнiң бiр шетiнде өз алдына аудан болып отыр. Өз қандастарынан қол үзiп, жыраққа кетiп қалса да өздерiнiң мәдениетi мен өнерiн, тарихы мен әдебиетiн қайта жаңғырту үшiн талайдан берi талмай күресiп келедi. Дәл қазiр бiздердiң оларға «iске сәт» деп тiлек айтудан басқа қолдан келер дәрменiмiз жоқ. Иә, сонымен оғыздардың да талай жердi шарлағаны рас. Бiрақ Қорқыт ата жырларындағы аталатын «Темiр қақпаны» тым батыстан iздеу әбестiк сияқты. Оған негiз жоқ. Сондықтан Қорқыт ата жырларындағы «Темiр қақпаны» Қазығұрт тауы маңынан iздеу керек секiлдi. Оған жалпы «Темiр қақпалар» жөнiндегi басқа да жазба деректер сүйеу болатын сияқты. Оның үстiне сол заманда Оңтүстiк Қазақстанның Соғды жерiмен шектесiп жатқанын да естен шығармау керек. Сонау Алтайдан келiп түркiлер арпалысып жүргенде Қаратаудың бауырынан аттанған оғыздарға да соғдылар оңай жау бола қоймаса керек. Сондықтан «Темiр қақпа» жөнiндегi дерекнамаларды түгелдей келтiрiп барып, сонан соң тұжырым жасауды жөн көрдiк. Оның үстiне Қорқыт ата жырларының ауызша нұсқасы VII-VIII ғасырларда пайда болғанын, ал Орхон жазулары да осы шамада тасқа қашалғанын әрi сол түркiлер оғыздардың өзiмен талай рет жауласқанын ұмытпау керек. Ал Батыстың классикалық тарихи әдебиетiнде «Темiр қақпа» туралы аңыз тiптен әрiге кетедi. Әйгiлi тарихшы Плиний («Естественная история», кн. VII 23) бұл жөнiнде Александр Македонскийге байланысты аңызды келтiрген. Сол бойынша «Темiр қақпаның» өмiрге келген тарихы былай болыпты-мыс. Александр Македонский шығыс жорығы кезiнде бiр аймақта Иафет әулетiнен тараған күнәкәр жандарға кездесiп, оларды тауға қуып тығыпты. Осы айналасы биiк құздардан құрылған тау тiзбектерiнiң екi шетi бiрiне-бiрi жақындап, тек тар ғана өткел қалған екен. Дәл осы жерге Александр Македонский темiр қақпа орната қойыпты. Мiне, көне дүниеден келе жатқан «Темiр қақпа»

туралы аңыз осылай тараған. Осы жерде екi мәселеге көңiл бөле кеткен жөн. Бiрiншiден, Александр Македонскийдiң Шығысқа шабуыл жасап, Орталық Азияның бiраз жерiн басып алғаны рас. Тарихи дерекнамаларда ол казiргi Ходженттiң орнына қала орнатып, Самарқанды (Мараконда) астана жасап, Сырдариядан өтiп, көшпендiлермен соғысқан. Осында жараланып, ақыры кейiн қайтқан. Бiр айта кететiн жай, ол кейiн қайтудың жолын карастыруға мәжбүр болған. Өйткенi өмiр бойы бетi қайтып көрмеген жас қолбасшы көшпендiлерден бетiм қайтты деудi намыс көрiп, өзiнше айла жасаған. Сондағы тапқаны: Орталық Азияны жаулап алдық, ендi өзеннiң арғы бетiндегi Сары далада ештеме жоқ, ал бетiмiздi оңтүстiкке бұрсақ, Индияның қыруар қазынасына ие боламыз деген уәж. Сонда Македонскийдiң соңғы соғысқан жерi қай тұс? Қай жерден керi қайтты? Егер Махмұд Қашқариға сенетiн болсақ, бұл жердiң аты – Алтункан. Оның баурайында көшпендi түркi халықтары өмiр сүредi. Осы бiр атаудан Қазығұрттың Оңтүстiгiндегi Алтынтөбе дейтiн жердiң аты сезiлетiн секiлдi. Оның үстiне Византия елшiсi Земарх Батыс түрiк қағандығына келгенде Эктагтың етегiндегi Алтынтауда болғанын да ұмытпаған жөн. Екiншiден, Плинийдiң Иафет әулетi деп отырғандары – қазақ шежiрелерiндегi Нұх пайғамбардың ұлы Иафес (Әбiлғазы осылай транскрипциялаған). Ал бүкiл түркi әулетi осы ИафесИафеттен тараған. Сондықтан да олар гректер үшiн күнәкәр әулет саналатыны айқын. Мiне, осы мәселенiң басын ашып алған соң, әлгi Александр Македонский қуып тығатын Иафет әулетiнiң күнәкәрлары баспана жасаған таулар Батыс Тянь-Шань тауларының сiлемдерi, яғни Қазығұрттың оңтүстiгiнде жатқан Шымған таулары емес пе деген қорытынды жасауға болады. Ал мұны әйгiлi Бұзғал қақпасы деуге келтiрмейтiн дәлел – Александр Македонский Индияға жорық жасағанда өзi осы қақпадан керi қарай өткен. Сондықтан оны жауып тастаса, о басында Самарқанға да келе алмас едi. Осы Плиний айтқан аңыздың бiр нұсқасы славяндардың «Повесть временных лет» деген шежiресiнде де бар. Тек бұл

шығармада автор осы дәйектi Византия дерекнамаларынан алғанын ашық жазады. Мiне, Батыс-Шығыс дерекнамаларындағы «Темiр қақпалардың» сыры осындай. Дегенмен «Темiр қақпа» жөнiнде дерек қалдырған және бiр топ адам бар. Олар – қытайлар. Профессор Марат Барманқұлов өзiнiң «Түркi әлемi» деп аталатын кiтабында («Бiлiм» баспасы, 1996 ж.) Н.В. Кюннердiң «Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока» деген кiтабынан мынадай мысал келтiредi: «... в разделе «Повествование о Кангюи»... записано о железных воротах следующее: «Государство Шы, иные называют Гйеша или Гиешуанна, находится на юге от реки Дулюшидей. (Это) прежде земля города Суие кангюйского малого князя. Имеет железные ворота, горы слева и справа обрывисты, камень походит на железо (стр. 179)». М. Барманқұлов бұл үзiндiнi Н.Б. Кюннерден келтiрсе, дәл осы кiтабында Түркiстандағы (қала емес, ел мағынасында) қаңлы темiр қақпасы туралы Қытайдың «Сиюйцзи» жылнамасынан мына бiр үзiндiнi және келтiрген: «Если на юго-восток по горам пройти более 300 ли, то вступаешь в железные ворота. Железные ворота слева и справа опоясаны горами. Горы крайне обрывисты, хотя есть узкая тропа; она увеличивает опасности и преграды. С обеих сторон скалистые стены. Их цвет подобен железу. Здесь устроены половинки ворот, скреплены железом. Имеется много железных колокольчиков, навешанных на половинках. Вследствие недоступности и крепости считают их прославленными железными воротами вплоть до государства Тухоло. По справке это находится по крайней южной дороге» (с. 178). М. Барманқұлов осы кiтабында дүние жүзiндегi барлық «Темiр қақпаларды» тiзiп шыққанмен, әлгi Түркiстандағы қаңлылық «темiр қақпаның» қайда екенiн анық болжай алмайды. Бұл жерде автор өзi келтiрген үзiндiдегi Тухоло елiне көңiл бөлмесе керек. Басқа атауларды да есепке алмаған. Ендi дәл осы үзiндiнi айқындай түсу үшiн Н.Я. Бичуриннiң «Средняя Азия и Восточный Туркестан» (Алматы, «Санат»,

1997 ж.) атты кiтабына көз жүгiртiп көрейiк. Мұнда былай жазылған: «Шы, иначе Кюйша-Гиешуанна, лежит на южной стороне реки Думо... 400 ли до Тухоло. Есть горы, называемые Железные ворота. По обеим сторонам высокие утесы. Цвет камней походит на железо. Это место служит пограничным укреплением для двух владений. Город заперт золотым замком. Есть храм, в котором при каждом жертвоприношении закалывают до тысячи баранов. Перед каждым походом на войну совершают здесь моление. Во всем владении находится 500 городов... Владение Шы простирается на несколько тысячи ли... владетель Хубидо прислал танцовщиц и полосатого леопарда». Осы елдiң Қытай елiмен байланысы алғаш рет 605 жылы басталып, әлгi бишi бикештердi Кюйша округі деп аталған соң 727 жылы жiберген екен. Дәл осы кiтаптың 191-бетiнде мынадай да сөздер бар: «В резиденции храм предкам, в котором приносят жертвы в шестой луне. Прочие владетели (Әңгiме аса күштi мемлекет деп есептелген Кангюйлер туралы. Оларға осы аймақтағы сегiз иелiк бағынған. Ел иесiнiң атадан балаға ауысып келе жатқан лауазымы – Фуби, жұбайы – түрiк ханының қызы. Тұратын мекенi – Сабао өзенiнiң бойындағы Алуди қаласы – Қ.Т.) приезжают помогать в жертвоприношении. Поклоняются Будде. Употребляют тюркское письмо. Климат теплый, способный для произращения всякого хлеба. Жители прилежат к садоводству и огородничеству. Деревья роскошно растут. Есть лошади, верблюды, ослы, зубры, золото, нашатырь, разные благовония, белый жемчуг, каброжья замша, камка, полотна. Много виноградного вина». Мiне, осының бәрi әлгi «Темiр қақпаға» байланысты ойға тұжырым жасауға көмектеседi ғой деймiз. Айтпақшы, осы елдiң әлгi қасиеттi орнында (Храм) сақталатын Заң жүйелерi болған. Төрелiк айтатын немесе жазаға тартатын жағдай бола қалса, сол Заң ережелерiн негiзге алып үкiм шығарған. Мысалы, аса ауыр қылмыс жасаса, үй-iшiмен қоса түгел қырып жiберген, одан жеңiлдеу қылмыс үшiн қылмыскердi өлiм жазасына кескен, ал ұрлық жасаған адамның аяғын шауып тастайтын болған.

Сонымен осы «Темiр қақпаның» оңтүстiгiнде 400 ли, яғни 200 шақырымдай жерде Тухоло елi орналасқан. Олар Кангюйлерден (түркiлерден деп түсiне беру керек!) бөтен ел. Олардың аумағы туралы және бiр анықтаманы сол Бичурин кiтабындағы Қытайдың «Бейши» жылнамасының 9-тарауынан көруге болады. Мұнда Тухоло Сарымсақты таудың (Памир) батысында 500 ли жерде, резиденцияның аумағы 2 ли, сапқа жарайтын жауынгерi 100 000 адам, өздерi идандармен (Эфталиттер) араласып кеткен деп көрсетiлген. Дәл осы кiтапта көрсетiлген және бiр анықтама бар. Мұны бiз кiтаптың өзiнде қалай берiлсе, солай келтiрейiк. «Упомянутые три рода живут на древних тухолоских землях и зависят от тукюесцев. Владетель их так же из рода тукюесцев; он господствует от Железных ворот на юг. Постоянной оседлости не имеют. Еще на восток через семь родов есть трудный узкий проход с запада на восток». Демек, «Темiр қақпа» түркiлер жерiнде де, ал мына айтылып тұрған «Узкий проход» (Бұл да «Темiр қақпа» ғой!) Тухоло жерiнде. Бiздiң шамалауымызша, осы қақпаның алғашқысы Батыс Тянь-Шаньның сiлемдерiнде де, екiншiсi Байсын тауындағы Бозғал қақпасы. Сонымен, осы кезге дейiн географиялық орны белгiсiз болып келген түркiстандық кангюйлiк «Темiр қақпа» Қазығұрттың маңында – Өгем, Шатқал, Шымғанның арасындағы өткелдердiң бiрi. Жоғарыдағы айтылған құрбандық шалатын орын Қазығұрттың маңы, Заңдар жүйесi сақталатын жер де осы шамада. Ал түркiлердiң жауласып жүретiн қарсыластары осы таулардың арғы бетiнде немесе тiптен тау шатқалдарының iшiнде-ақ қоныстанып жүр. Бұл оқиғаның бәрiнiң өткен кезi (Қытай жылнамалары бойынша) I-IV ғасырдан бастап VII-VIII ғасырға дейiнгi мезгiл (Бичурин сызған карталарда Тухоло елi тек осы тұстарда ғана көрсетiлген). Осы тұста еске сала кететiн бiр жай, әлгi бiз айтқан таулардың осы бiздiң заманымызда өмiр сүрiп жатқан тұрғындары жайында. Шарбақ су қоймасының етегiндегi екi жағын жартасты таулар қысып келген қойнаудан шығысқа қарай өтсең, Пiскем өзенiнiң бойы мен арғы жағында тәжiк ағайындар тұрады. Солтүстiк-шығысын мекендейтiн туыстар – қырғыздар, ал оңтүстiгiнде – өзбектер. Тiптен Шарбақ

су қоймасынан Пiскем өзенiн бойлай тiке тартсаң Таласқа дейiн сексен-ақ шақырым жер. Ал осы қойнаудың қазiргi Қазақстан жағындағы тауды ел атам заманнан берi Қақпақтауы деп атайды. Ол жөнiнде өздерiнiң талай аңыздары бар. Ел де Қақпақ елi деп аталады. Мiне, осы деректердiң бәрiн келтiргеннен соң ой тұжырымы өзiнен-өзi қорытындыланса керек. Бiз бiр-екi мысалдан соң-ақ ой түйiнiн бiр-ақ қайырып тастамай, деректерге қайта-қайта жүгiнгенiмiз – негiзгi қорытындыны оқушының өзi жасасын деген ой. Дегенмен осы жерде Қорқыт ата жырларындағы оғыздардың жаумен соғысқан жерлерi жоғарыда келтiрiлген тау тiзбектерiнiң шығысы екенiн, ал Қаратаудан осылай қарай аттанған кiсi Қазығұртқа соқпай кете алмайтынын еске сала кеткен де жөн. Тiптен сол таулардың арғы бетiнен жаудың өзi ұмтылса да Қазығұрт алғаш кездесетiн қарауыл төбе сияқты болып тұр. Өйткенi Қазығұрттың төбесiне шыққан жан айналасына көз тастап жiберсе, алды-арты түгiлi, оңы мен солы да талай жерге дейiн анық көрiнедi. Немесе қазiргi тiлмен айтсақ, Қазығұрттың үстiне орналасқан гарнизон Сайрамды да, Қараспан – Арусбаникеттi де, Ордабасы, Отырар, Сүткент, Түркiстан, Құмкент, Баба Аталарды да қорғап, Ташкентке қол ұшын бере алады. Өйткенi бұл осындай географиялық қолайлы жерге орналасқан. Ендi бiз «Қорқыт ата кiтабының» оғыздардың төл туындысы екенiн ескере отырып, сол оғыздардың өз тарихы саналатын «Оғызнаманың» өзiне де жүгiнiп көрейiк. «Оғызнаманың» айтуы бойынша, Нұх пайғамбардың бiр ұлы Иафеттiң (Иафес) жайлаған жерi – Талас пен Қары Сайрам (Ескерту: «Оғызнамада» осы екi қалаға «қары» деген сөз бiрде қосылып айтылса, бiрде қосылмай айтылады). Рашиддиннiң кiтабының алғашқы бiсмiлласының өзiнде былай жазылған: «В этой местности было два города: один – Талас, а другой Кары Сайрам. Причем последний имел сорок больших и золотых ворот. Столица Олджай-хана находилась в этой местности» (Олджай-ханды Иафет деп түсiне берiңiз). Оғыз осы далада өмiрге келiп, жорыққа осы даладан аттанып, елу жылдан кейiн елiне қайта оралады. Бұл туралы «Оғызнамада» мынадай

сөздер бар: «Огуз думал: ради завоевания мира мы обойдем всю Вселенную, а наш юрт – Талас и Сайрам остался позади. Если враги, воспользовавшись нашим отсутствием, захватят эти места, то для нас это будет позор, а для врагов – слава». И он возложил на племена уйгуров обязанность по защите этих мест. Эти племена вернулись в область Таласа и Алмалыка и расселились там для защиты этих юртов» («Огуз-наме», Баку, «Элм», 1987 г. стр. 33). Оның үстiне оғыз Батысқа жасаған жорығында Дербенд маңына жақындағанда артында қалған елiне хабар беру мақсатында (негiзгi мақсаты ел тыныштығын сақтау мен өзiнiң әлi де жеңiстен жеңiске жетiп, тұғырынан таймағанын сездiру мақсатымен) Бармақлук Джосун Биллик дейтiн адамды бас қылып, қаңлылардан тұратын жүз жауынгерге бар жиған-терген қазынасын берiп, керi аттандырады. Ол кезде қазiргiдей қағаз жазып, мөр басатын заман емесi белгiлi, сондықтан хандардың алтын жебелерi болған. Оғыз сол жебелердiң екеуiн әлгi қаңлы жiгiттерiне бередi. Осы жебелердi көрген жолдағы ел бұл жолаушылардың барлық жағдайын жасап отырған. Елу жылдан кейiн елiне қайта оралғанда алдынан баяғы өзi жолдан қайтарған қаңлылар мен ұйғырлар тоғыз күндiк жерден қарсы алып, сыйсияпатын тапсырады. Оғыз жұртының орналасқан жерi туралы шығыстану ғылымының екiншi бiр бiлгiрi Әбiлғазының «Түрiк шежiресiнде» былай жазылған: «На восток юрты огузского иля простирались до Иссык-Куля и Алмалыка, на юг – до Сайрама и гор Казыкурт-таг и Караджык-таг, на север – до гор Улу-таг и Кичи-таг, в которых добывают медь, на запад – до города Иангикент, что при устье реки Сыр, и до Каракумов. В этих названных местах они жили четыре-пять тысячи лет» (Абул гази Бахадур-хан. «Родословня туркмен», Ашхабад, 1897 г.). Осы жерде екi-ақ нәрсеге көңiл бөлу керек. Бiрiншiсi: «Караджык-таг» деген сөз. Оңтүстiк Қазақстанның географиясын бiлмейтiн адамға бұл атау тосын көрiнуi мүмкiн, ал түстiктiң азаматтары мұның кәдiмгi «Қаржан таулары» екенiн бiрден түсiнедi (Ескерту: осы «Қаржан» деген сөздiң де этимологиясын түрлi-түрлi жiктеп жүргендер бар. Бiреулер мұны «Қарлы жон» деп жiктейдi. Бұған осы таудың географиялық карталарға түскен

«Каржанское нагорье» деген орысша атауы әсер етуi мүмкiн. Ал көне Қытай жазбаларында әйгiлi Батыс ғұн ханы Шөженiң Талас өзенiнiң бойынан салған қаласына байланысты «Қар жауған таудың» етегiнде деген түсiнiк бар. Бiз осы атауды дұрыс-ау деп топшылаймыз. Өйткенi ол қарсы бетiндегi Қаратауға қарағанда, төбесiнен мұз кетпейтiн қар жауған тау). Кейде, тiптен бiздiң ғалымдарымыз нақтылы орнын болжай алмағанында бiр қиырды бiр қиырға апарып қосып жiберетiн кездерi де болады. Мысалы, оғыз ұрпақтарының бiрi Арыслан хан астанасын Құлан (Кiтапта Кюленг) қаласына орналастырып, бiрде «Кюйюкю-Хисар» деген жерге аңға шығады. Осы атауды кейбiреулер Сырдарияның төменгi ағысынан iздеп жүр, ал ол әйгiлi Күйiк асуы ғой. Айтпақшы, географиялық атаулардың көбiне қате немесе бұрмаланып жазылатыны туралы Әбiлғазының өзi сол кiтабында мынадай ой айтқан: – Шежiрелердегi таулардың, өзен-сулардың, адамдардың аттары моңғол не түрiк тiлiнде. Ал көшiрмешiлер көбiнесе парсылық не тәжiк болғандықтан, не моңғол тiлiн, не түрiк тiлiн бiлмейдi. Тәжiктi он күн үйретсең де моңғол сөзiн айтуға тiлi келмес едi» (Әбiлғазы, «Түрiк шежiресi», Алматы, 1992 ж. 30-бет). Екiншiсi, төрт-бес мың жыл деген сөз. Бұл оғыздардың өз тарихын алсаң, шындыққа жанаса қоймайды, ал Иафеттен басталған ұрпақтан бастаса, жөн басқалау. Дегенмен бұлай деп кесiп айту әбестiк секiлдi. Оғыз әлемдiк соғыс жорығын аяқтап, елiне қайта оралған соң өз иелiктерiн ұлдарына бөлiп бередi. Сонда Бозоқтарға тиген жайлауды «от границ Сайрама и гор Башгурд до самого Карабага» деп анықтайды. Ал кейiнгi хандардың бiрi алым-салық жинау үшiн әкелерiн аманат ретiнде ұстап қалып, балаларын елдерiне аттандырады. Сондағы аймақтардың аттары мыналар: Шам, К.р.л., Башгурд, Фарс, Керман, Исфахан, Багдад, Басыра. Осындағы «Башгурд» деген сөздi кейбiр ғалымдар Орал тауына апарып телiмек болады. Бұған себеп, алғашқы тiзiмдегi «Карабаг» деген атау болу керек. Сонда оның дәл қазiргi замандағы Қарабах екенiн қалай дәлелдемек? Оның үстiне, екiншi тiзiмдегi атаулардың «Башғұрттан» басқасының бәрi – оңтүстiктегi аймақтар. Сондықтан бұл жер де оңтүстiкте болуы заңды сияқты.

Демек, бiз жоғарыда айтып кеткен Башқұрт ағайындардың өздерiнiң этнонимикалық атауы жөнiндегi болжамдарын – оңтүстiктегi тауға сiлтеме жасағандарын және еске аламыз. Тiптен бiз осы жердегi «Башгурд» атауы Қазығұрттың өзiн меңзеп тұрған жоқ па деген болжам ұсынғымыз келедi. Өйткенi басқаша түсiндiру мүмкiн емес секiлдi. Ал өзгеше есебiн тапқан ағайындар болса ойларын айта жатар. Ендi бiз осы Қазығұрт атауының Фазлалах Рашиддин («Оғыз-наме») мен Әбiлғазының («Түрiк шежiресi») өз еңбектерiнде аталу мәселесiне келейiк. Әбiлғазының шежiресiнде Оғыз ханның алты ұлын (Күн хан, Ай хан, Жұлдыз хан, Көк хан, Тау хан, Теңiз хан), осылардың әрқайсысынан төрттен немере көргенiн айтып, солардың есiмдерiн келтiредi. Осындағы Теңiз ханның төртiншi ұлының есiмi – Қанық. Әбiлғазының айтуы бойынша, бұлар – ұлдарының некелi әйелдерiнен туылған немерелерi. Бұлардан басқа некесiз әйелдерiнен туған және жиырма төрт немересi болған. Олардың қайсысының қайсысынан екенiн анық бiлмейтiнiн мойындайды автор. Сол некесiз жиырма төрт баланың iшiнде Қазығұрт есiмдi ұл бар. Әбiлғазы кiтабында бұл ұлдың кейiнгi өмiрi жөнiнде мәлiмет жоқ. Ал Рашиддиннiң енбегiнде аз-кем ғана өзгерiстерi болмаса (мүмкiн, транскрипция жасағанда кеткен ағаттық болар) Оғыздың алты ұлы мен жиырма төрт немересi түгел қайталанып, әрқайсысына мiнездеме берiледi. Мұнда Теңiз ханның төртiншi ұлын Қынық деп атайды да, «қай жерде жүрсе де құрметке бөленушi» деген мiнездеме бередi. Ал некесiз әйелдерден туған немерелерi туралы ешқандай мәлiмет келтiрiлмеген. Бiз бұл жерде Қынықты басқаларынан бөлекше атап отырғанымыздың себебi – осы атаудың соңынан жиi кездесетiндiгiнде. Әбiлғазы бұл есiмдi «Қанық» деп келтiредi де, мағынасы «асыл» деген ұғым дейдi. Махмұд Қашқари осы жиырма төрттiң жиырма екiсiнiң тiзiмiн берiп, Қынықты солардың iшiндегi «жетекшi руы» деп көрсетедi. Соңынан ру атына айналғанын Рашиддиннiң «Оғызнамасынан» да байқауға болады: Қынық Селчук (Селжүк болу керек), қынық Қазығұрт, т. б. Мiне, осы «Оғызнамадағы» Қынық Қазығұрт деген есiмiмен жүрген бектердiң бiрi оғыздардың ыдырау кезiне жақындаған

мезгiлден бастап атала бастайды. Оқиға былай өркендейдi. Әлиханның ұлы Шах Мәлiктi әкесi Хорасанда билiк жүргiзуге жiбередi. Бiрақ Шах Мәлiк өзiнiң есерсоқ мiнезiмен халықты өзiне қарсы қойып алады. Осыны есiткен әкесi ұлын шақырып алып, қол-аяғын кiсендеп, жазасын хорасандықтардың өздерi берсiн деп аттандырып жатқанда, жағымпазданып жүрген Бюлдюз Кардыча деген уәзiрi ханды бұл ойынан қайтарып, керiсiнше Хорасан бектерiн жазалауға кеңес бередi. Осы жағдайдан хабардар болып қалған Мары, Серахс, Фарамурзан бектерi жиналып, егер Әлихан өз ұлын өлтiрмейтiн болса, бiз оған бағынудан бас тартып, алым-салық төлеймiз. Көшiпқонатын жайлау да бермеймiз, елге өзiмiз де қайтпаймыз деп қасарысып отырып алады. Өздерiн қолдауын өтiнiп, Хорасан, Бушендж, Мары қалаларына елшiлер жiбередi. Мiне, қыр көрсетудi бастап, бектерге басшылық жасап жүрген – Қынық Қазығұрт. Ол осы күрестi жалғастырып, ақыры жеңiске жетедi. Оқиға былай болған. Қынық Қазығұрттың айналасындағы бектердiң iшiнде Тоқсұрмыш деген кiсi болыпты. Соның Тоғырул деген ұлы аса ақылды, жауынгер жiгiт екен. Сол Қынық Қазығұрттан мың жауынгер алып, қарсыластарына шабуыл жасайды. Осы шабуылда ол көптеген әскери қулық жасап, жауын әбден шатастырады. Соңынан Шах Мәлiктiң жиырма мыңдық әскерiн талқандап, өзiн тұтқынға алады. Осыны есiткен Әлихан екi жыл ауырып жатып, өмiрден өтедi. Елi сұлтан қылып сайлаған Тоғырул ақыры бүкiл елiне басшы болады. Осылайша оғыз елiнiң iргесi ыдырайды. Сол ыдырауға мұрындық болған – Қынық Қазығұрт. «Оғызнамада» ол кiсi жөнiнде басқа дерек жоқ. Бiрақ шежiре текстiне қарап отырып, оның Қынық руынан шыққан азамат екенiне, ал Қазығұрт өз есiмi екенiне көз жеткiзе аласың. Ал «Қазығұрт» деген есiмнiң, яғни атаудың этимологиясын талдамаған, түсiнiк бермеген. Мiне, Қазығұрт тауына байланысты осы атау аталған екi шежiредегi жағдай осылай. «Қорқыт ата» жырындағы бiрде Кавказ, бiрде Қазылық тауы деп аталған таудың Қазығұрт екенiне және бiр дәлелдi бiз сол туындыны алғаш рет орыс тiлiне аударып бастырып, таудың атын Кавказ деп қойып жүрген Бартольдтың өзiнен iздейiк. Ол өзiнiң

«Турецкий эпос и Кавказ» деген еңбектерiнде «Коркуд немесе Коркут (басқаша аталуы да мүмкiн) жайлы аңыздар бұрынғы терминология бойынша «Киргизы» деп аталған Түркiстан даласында сақталған. Ол жерлерде бұрын оғыздар тұрған және сол аңыздарды өздерiмен бiрге Кавказға ала келген. Осы аңыздар сол далалардың бүгiнгi тұрғындары – қазақтарда да сақталып отыр». Осы бiр сөздер – Бартольдтың өз сөзi. Оның үстiне ұлы ғалым өзiнiң алғашқы қадамдарында байқаусызда жасап алған әбестiгiн мына бiр сөздерiмен де сездiредi: «1865 жылы қайтыс болған Сiбiр киргиздарынан (қазақтарынан) шыққан ориенталист Шоқан Уәлихановтың мен байқамаған: «Оларды (Қырғыз шамандарын) алғаш қобыз тартуға, сарын айтуға үйреткен бiрiншi бақсы – «Қорқыт» деген сөздерi аса маңызды». (Жоғарыда аты аталған еңбектiң 113-бетi). Мiне, бiздiң Қорқыт жырларындағы Кавказ деп аталған тауды Қазығұрт деп атау керек деген тұжырымымыздың дәлелi осылар. Және бiр айта кететiн косымша: жырдағы Төбекөз тығылатын үңгiр. Дәл осындай үңгiр Қазығұртта бар. «Салаһана қиясы» деп аталатын жердi де осыннан iздеу керек. Бiрнеше рет бiрде қала, бiрде дала деп аталатын Хисар, бiздiңше, сол таудың оңтүстiк-шығыс жағындағы әйгiлi Хисар жазықтығы болу керек. Осы пiкiрiмiзге дәлел ретiнде ғалым Немат Келiмбетовтің «Ежелгi дәуiр әдебиетi» (Алматы, «Ана тiлi», 1991 ж.) деп аталатын жоғары оқу орындарының студенттерiне арналған оқулығына да жүгiне кетейiк. Автор осы еңбегiнде «Қорқыт ата кiтабын» кеңiнен талдап, оның көркемдiк ерекшелiктерiне көп көңiл бөледi. Бiздiң мақсатымыз – жырға талдау жасау емес, оның Қазығұртқа байланысты тұстарын ғана атап өту болғандықтан, осы кiтаптан ұзақтау болса да бiр үзiндi келтiре кетейiк. Ол мына жолдар: «Белгiлi тарихшы Әбiлғазының айтуынша, Қазанбектiң жақсы көретiн, әрi ордасының көп тұрған жерi, батырдың сиынып, ас-садақа беретiн орны – Қазығұрт тауы болған. Ескi аңыздар бойынша, осы тауда ерте кезде ұлы адамдар тұрған киелi үңгiр болған екен. Батырлар осында «Алтын қабақ» атысқан. Ақындар домбыра, қобыз тартып, жыр шығарған. Қорқыт ата осы Қазығұрт тауына жиi келiп, Қазанбектi мақтап өлең айтқан:

Қазығұрт тауындағы үңгiр тасты Салор Қазан барып көркейттi. Онда ата-бабасына садақа таратты. Ит Бешене оны көрiп, есi кеттi. Бiр қазанға қырық бiр аттың етiн салды. Ол қазанды сол қолымен көтередi, Оң қолымен елге жүрiп үлестiредi Алыптар, билер, көремiсiң Қазанбектiң кiм екенiн. Осы үзiндiде аты аталған Қазанбек оғыздардың ең белдi батыры Салор Қазан, ал Бешене – печенег. Осы батырдың көркейткен үңгiрi Қазығұртта әлi де бар. Төбекөздiң барып тығылатын үңгiрi де осы үңгiр болса керек. Не болғанда да тауда ел қадiр тұтатын бiр үңгiрдiң бары рас. Өйткенi жырда әр түрлi жағдайда айтылғанмен, үңгiрдiң аты бiрнеше рет аталады. Оның үстiне Қытай жылнамашылары жазған қасиеттi тау мен садақа жасайтын орын мына үзiндiде анық көрiнiп тұр. Кiтаптың келесi бiр беттерiнде Қазығұрт тауы Қазылық тауымен қатар аталады. Автордың неге бұлай еткенi бiзге беймәлiм. Тау екеу емес, бiреу-ақ. Оның үстiне Қазылық емес – Қазығұрт. ҚАЗЫҒҰРТ ЖӘНЕ ӘЛЕМ АЛЫПТАРЫ Ежелгi дүние тарихында бүкiл әлемдi билемек болған алыптар болған. Олардың мақсаты, әрине, өз елiнен басқа елдi езгiсiне салып, өз билiгiне бiржола бағындыру болатын. Осы тұрғыдан алғанда оларға «Тиран», «Қанiшер», «Басқыншы» дейтiн бейнелi атаулар тағылатыны рас. Дегенмен ежелгi дүние тарихын зерделеуде олардың есiмiн атамай өту мүмкiн емес. Тiптен солардың есiмi мен әрекеттерiнiң өзi тарих сырларына үңiлуге мол мүмкiндiк бередi. Ендi Қазығұртқа байланысты көне замандарда хатқа түскен тарихи кейiпкерлерге көңiл бөлейiк. Қазығұрттың айнала-

сындағы қазақтың кең даласын (Бүкiл Түркiстан өлкесi деп түсiне берiңiз) жайлаған халықты бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы мезгiлдерде түрлi-түрлi атайды. Батыс елдерiнiң авторлары оларды скифтер деп атаса, араб-парсы тiлдi авторлар сақтар деп атаған. Осы сақтарды жiктей келгенде массагеттер, тигрохаудлар, дайлар, хамоваргылар деген атаулармен тайпаларға бөледi. Дәл қазiргi танда ғылым бұлардың қайсысының шекарасы қай тұста болғанын анық көрсетiп, картаға түсiрiп бере алмайды. Тек солардың жалпы отаны Каспийден бастап Алтайға дейiн созылып жатқанына күмән да келтiрмейдi. Мiне, көне дүние тарихында осы маңда да талай қантөгiс болған. Жергiлiктi тұрғындар өз отанын қасиет санап қорғанса, шет жұрттықтар жаулап алу үшiн жанталасқан. Әлемдiк тарихта қағазға көбiрек түсiп, аты жиi аталатын патшалардың бiрi Кир (Куруш) патша. Бұл – парсылардың ең қаһарлы, ең жауынгер әрi әлемдiк билiкке барынша ұмтылған, қазақша бейнелеп айтқанда, ең қанiшер патшасы. Ол айналасындағы елдi түгел жаулап алған соң Солтүстiгi мен батысындағы кең даланы еркiн жайлап жатқан сақтарға көз аларта бастаған. Сондағы армандаған өлкесiнiң бiрi Томирис ханым билiк жүргiзген сақтар елi болатын. Тарихта осы әйел патшаның есiмiн әр түрлi атайды. Көне грек авторлары Томирис десе, кейбiр ғалымдар (А.И. Левшин, т. б.) Томир деп көрсетедi. Ал соңғы кездерi қазақ қаламгерлерi Тұмар ханым деп атап жүр. Тұмар ханым бастаған скифтер тайпасын массагеттер едi дейдi. Өткен ғасырдан басталған ғылыми болжамдардың көпшiлiгi дәл бүгiнге дейiн осы екi патша – Кир мен Тұмардың қанды шайқасы қай тұста өткендiгiне нүкте қоя алмай жүр. Оның негiзгi себебi – сонау көне дәуiр тарихшылары көрсетiп кеткен географиялық атаулардың қазiргi орнын дәл анықтай қоюдың қиындығы. Қазақстандық көптеген ғалымдар мен әдебиетшiлер осы шайқастың өткен жерiн қазiргi Қазақстанның аумағы, яғни Сыр бойы едi деп болжайды. Ал кейбiр әдебиетшiлер мен журналистер мәселенiң байыбына бару үшiн тарихқа терең үңiлуден бойларын аулақ салып, айтылған әңгiмелер мен

атаулардың сырт бейнесiне ғана көз жүгiртiп, өздерiнше байлам жасайды. Сондықтан алдымен осы мәселенiң басын ашып алған абзал секiлдi. Кир патша туралы алғаш ауызға алынатын дерек, әрине, тарихтың атасы деп аталатын грек ғалымы Геродоттың жазбалары. Ұлы ғалым массагеттер туралы былай деп жазған екен: «Массагеттер өте көп әрi жауынгер ел екен. Олар тура күншығыстағы Аракс өзенiнiң арғы бетiнде, Исседондарға қапталдаса мекен етедi. Бұлар да скиф тайпаларының кұрамына жатады деген мәлiмет бар...» Мiне, мәселенiң бәрi осы сөздердегi Аракс деп аталатын өзенге байланысты. Бұл қай өзен? Шынымен Аракс па, әлде Аму мен Сырдың бiрi ме? Тек осы жерде есте сақтайтын бiр мәселе – Геродот Аракс өзенiнiң атын соғыс болған жерге байланысты емес, тек географиялық анықтама ретiнде ғана келтiргенi. Көптеген ғалымдар осы жұмбақты шешкенде өзеннiң орналасу мен массагеттердiң орналасу жағдайын жанжақты тексере келiп, Геродоттың Аракс деп отырғаны Сыр деген тұжырым жасайды. Ал кейбiр ғалымдар тек «Аракс» деген атауды бетке ұстап, массагеттердiң отанын қазақ даласының көлемiнен басқа жаққа алып кетедi. Солардың iшiнде Араксты сонау Еуропадағы Дон өзенiмен алмастыратындары да бар. Мысалы, Плиний осылай тұжырым жасаған. Бiр жақсысы, ол ғалым жергiлiктi скифтер өз өзендерiн Силин (Cilin) деп атайды деп, ең болмаса Силин деген атауды қалдырып кеткен. Ғалымдардың iшiнде «Аракс» деген атауды Едiл өзенi деп түсiндiрушiлер де бар екенiн еске сала кетейiк. Осы бiр мәселенi Тұмар ханымға бүйрегi бұра қоймаса да тарих пен географияның алдында күнәкәр болмау үшiн көбiрек зерттеген ғалым А.И. Левшин. Сондықтан да болар, осы ғалымды «қазақ даласының көне энциклопедиясын жасаушы» деп тегiн айтып жүрген жоқ жұрт. Левшиннiң дәлелдеуi бойынша Геродоттың айтып отырған массагеттерi – Сыр өзенiнiң шығыс жағында орналасқан тайпалар. Сондықтан Кир мен Тұмар шайқасы да осы маңда өткен. Ендi бiз сол шайқастың Сырдың шығыс жағында болғанын анықтау үшiн тарихтың өзiне жүгiнiп, географияға тереңiрек үңiлiп, бiрнеше дәлел келтiрiп керейiк. Геродот өз еңбегiнде: «Кас5-268

пий теңiзiнiң шығыс жағында ұшы-қиырсыз дала жатыр. Кир жорыққа аттанған массагеттер осы даланың басым көпшiлiгiн иемденедi» (Геродот, «Тарих», бiрiншi кiтап, 204-б.) – деп жазған. Ендi белгiлi деректерге жүгiнiп, осы бiр мәселенi талдап керейiк. Бiрiншiден, Арал теңiзiнiң өз алдына жатқан теңiз екенiн көне дәуiр тарихшылары түгiлi, тарихи өлшеммен алғанда кеше ғана өмiр сүрген XIV-XV ғасырдағы ғалымдар мен саяхатшылар да бiлмеген. Каспий мен Аралды бiр-ақ теңiз деп есептеген. Ал осы екi теңiздiн арасы бiр кезде шынында да қосылып жатқанын қазiргi геолог-ғалымдар дәлелдеп жүр. Бұл мәселе бiздiң негiзгi тақырыбымыз болмағандықтан, оған назар аударып, талдап жатуды артық көрiп отырмыз. Егер осы тұжырым дұрыс болса, массагеттердiң елi шынында да Сырдың шығысы – қазақ даласы. Екiншiден, осы Аракс деген атаудың төл атау емес, жалпылама атау екендiгi. Осы түсiнiктi алғаш ұсынған француз ғалымы Д’Анбил (Данбил) Жан Батист Боргильон (1722-1755). Тек осы ғалым Геродоттың жұмбағын алғаш рет шешуiн шешкенмен, Араксты Сыр деп емес, Аму деп түсiндiредi. Ал осы ғалымның болжамын ұстанған немiс ғалымы Арнольд Геерен (1760-1842), араб ғалымы Киятиб Челеби немесе Хаджи Халифа (еуропалықтар Кефалидес деп атаған, шамамен 1600-1658 жж.) «Аракс» деген атауды Аракс деп те, немесе Аму, Сыр, Едiл деп те түсiне беруге болады деген дәлел келтiрiп, «Аракстың» жалпы атау екенiн айтады. Оның себебi көне замандарда бiрнеше өзен «Аракс» деп аталған екен. Мысалы, әйгiлi Ксенофонт айтатын Аракс Меспотомияда, екiншiсi Персияда (Александр Македонский Персополиске жасаған жорығында осы өзеннен өткен), ал үшiншiсi әйгiлi географ Страбонның айтуынша, соңынан Пеней деп аталған Фессалиядағы Аракс. Оның үстiне А. Левшиннiң айтуы бойынша XVIII-XIX ғасырлардағы саяхатшылардың байқағаны – Персиядағы ағысы жылдам өзендердiң бәрiн Аракс деп атайды екен. А. Левшин өз еңбегiнде немiс ориенталисi, түрiк тiлiнiң сөздiгi мен грамматикасын жазған Франциск Менчинскийдiң (1623-1698) еңбегiнде «Аракс» немесе «Эррес» деген сөздердi суы мол, жылдам ағатын өзендерге берiлетiн анықтауыш екенiн келтiредi.

Үшiншiден, көне грек ақыны әрi географы Дионисий Александрийский массагеттердiң тұрағын Аракс өзенiнiң бойы мен арғы жағы деп көрсетедi де, тек бұл өзеннiң Амударияға ешқандай қатысы жоқ екенiн үзiлдi-кесiлдi айтады. Төртiншiден, көне грек географы Страбон өзiнiң 11-кiтабында Каспий теңiзiне ең жақын орналасқан скифтердi дайлар деп атап, олардың шығысында жатқандарды массагеттер деп атайды. Әрi осы массагеттер мен соғдылардың арасын Яксарт (Сырдария) өзенi бөлiп жатқанын айтады. Ал Страбонның өмiр сүрген кезеңi бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 64 жыл мен бiздiң дәуiрiмiздiң 24 жылы. Осы Страбонның замандасы көне грек астрономы әрi географы Клавдий Птоломей массагеттерге Сырдың жағасын қимаса да, олардың Яксарттың шығыс жағында тұратынын айтып кеткен. Ал Александр Македонский заманынан кейiн Сырдарияның Яксарт деген көне атын кез келген географиялық еңбектерден кездестiремiз. Бесiншiден, Геродоттың өзi сақтарды (скифтердi) жiк-жiкке бөлгенде, қай тайпаның қай тұста тұратынын айтып кеткен. Сол тайпалардың орналасу жүйесi мен әлеуметтiк, географиялық мiнездемелерiн жасағанда Геродот массагеттердi Исседондардың қарсысында жапсарлас тұрады деп көрсетiп, одан ары аргипейлер тұратынын айтады. Ал аргипейлердiң арғы жағы Тұңғиық (Страна мрака). Бұл – Орал таулары мен оның Солтүстiк жағы. Сонымен, осы болжамдарды қорытындылай келгенде, Геродоттың анық болмаса да Сыр жөнiнде көмескi хабары болғаны сезiледi. Тек оның атын анық атамаған. Аракс деген жалпы атаумен атап жiберген. Дәл осы әдiстi Аристотель де қолданған. Оның Аракс деп атаған өзенiнен Сырдың да, Едiлдiң де, Донның да бейнесiн көруге болады. Осы жерде жоғарыда аты аталған Страбонның мына бiр сөздерiн және келтiрiп кету жөн секiлдi: «Массагеттер туралы мынадай мәлiметтер айтылады: олардың бiразы таулы жердi, бiразы жазық даланы, өзгелерi өзеннiң ағысындағы саздауыт жерлердi, бiразы сол саздың ортасындағы аралды мекендейдi екен. Олардың жерiнен Аракс өзенi ағып өтедi; ол жердi ылғалдандыратын сансыз айрықтарға бөлiнiп, солтүстiктегi теңiзге құяды; оның тек бiр тармағы ғана Гиркан бұғазына құя-

ды. «Осы жердегi Гиркан бұғазы – Амударияның ескi сағасы. Ал Страбонның меңзеп отырғаны – Аракстың Солтүстiк теңiзге, яғни Арал теңiзiне құятын саласы. Сонда массагеттердiң Ұлы ордасы – сол өзеннiң арғы бетiнде, яғни Сырдың шығыс жағында (анығы: солтүстiк-шығыс). Айтпақшы, осы «Ұлы орда» деген ұғым да сол ежелгi дүние ғалымдарының жазбаларында айтылған. Және бiр табан тiрейтiн дәлел – Кир патшаның кегiн алу үшiн массагеттер елiне жорық жасаған Дарий патшаның Пераспол мен Экватандағы сарайында сақталып қалған мына бiр жазулар: «Бұл патшалықты – соғдылардың арғы жағындағы сақтардан бастап Кушитке дейiнгi, Индиядан бастап Сардқа дейiнгi аралықты құдайлардың құдайы Ахрамазданың жебеуiмен мен билеп отырмын». Бұл жазудың авторы массагеттердiң елiне өз аяғымен барған Дарий патша, ал соғдылар мен массагеттердiң арасын бөлiп тұрған Сырдария өзенi екенiн, әсiресе оның жоғарғы ағысы екенiн, тарихтан ептеп хабары бар жанның бәрi бiледi. Мiне, сонымен Кир патшаның келiп массагеттермен соғысқан жерi – қазiргi Оңтүстiк Қазақстанның жерi. Бiздiң бұл мәселеге осынша көңiл бөлiп, тәптiштеп жатқанымыздың себебi – осы бiр оқиғаларды әркiм әр саққа жүгiртiп келдi. Массагеттердiң елiн қазiргi тәжiк жерiне, түрiкмен жерiне, өзбек жерiне, тiптен Қытай мен Кавказ жерiне де апарып орналастырушылар болды. Солардың көбi Тұмар ханымды өз тарихының төл қаһарманына айналдырғысы келдi. Бiз ондай ойдан аулақпыз. Тұмар ханым – түбi бiр түркi халықтарының бәрiнiң ортақ мақтанышы. Тек табан тiрейтiн дерекнамалар болған соң, сол бiр тарихи кезеңнiң алдында күнәкәр болмай, ақиқаттың бетiн аша түскендi абзал көрдiк. Кир патшаның массагеттер патшасы Тұмар ханыммен шайқасатын тұсын бүкiл Орталық Азия даласынан iздеп, ақыры Сыр бойына әкелiп орналастырып, соған көптеген дәлел келтiрiп, су терге түсiп жүрген азаматтың бiрi – белгiлi жазушы Тұрсын Жұртбаев. Оның көпшiлiкке кеңiнен таныс «Дулыға» атты екi томдық көркем-танымдық кiтабында осы шайқас мәселесi бiршама айтылады. Бiз Тұрсынның ойын негiзiнен құптай отырып, оқиғаның желiсiн бiр шолып өтейiк.

Кир патша Вавилонияны жаулап алған соң көзiн солтүстiктегi көршiлерi сақтарға аларта бастайды. Осы бiр кең дүниенi опоңай-ақ иелiгiне өткiзiп алу үшiн Кир алдымен айлаға көшкен – Тұмар ханым маған тұрмысқа шықсын деп елшi аттандырған. Ал өз елiнiң тағдырын өз басынан жоғары санаған Тұмар Кирдiң ойын бiрден-ақ түсiнiп, мысқылмен жауап берген. Мiне, осыдан соң барып Кир мәселенiң оңай шешiле қоймайтынын, массагеттердiң қан төгiспей берiлмейтiнiн сезiп, соғысқа дайындалып, алдындағы ең үлкен кедергi – Сыр өзенiне өткел жасауға кiрiседi. Әрине, арғы бетiнде сақадай сай қарсыластары тұрған үлкен өзенге өткел жасау оңай шаруа емес. Қардай бораған жебеден бой тасалап жүрiп, өткел жасап көр. Осы кезде Тұмар патша Кирге және ұсыныс жасап, өз елiне қайтуға кеңес бередi. Ал Кир бұған көнбейтiн болса, өткел жасап арамтер болмай-ақ, екi ұсыныстың бiрiн қабылдауды айтады. Тұмардың ұсынысы: Кир шын соғысқысы келсе, өзеннен үш күндiк жерге кейiн шегiнiп, массагеттердiң өзеннен өтуiне мүмкiншiлiк берсiн немесе массагеттер үш күншiлiк жерге кейiн шегiнедi де, Кир әскерiнiң өзеннен өтуiне мүмкiншiлiк жасайды. Кир өз қолбасшыларымен келiсiп, өзеннен өтiп соғысуға бел байлайды. Өз шешiмiне тоқтаған Тұмар патша үш күншiлiк жерге шегiнiп кетедi. Өзеннен өтiп алған соң Кир және қулыққа көшкен: әскерiнiң алдына әбден қалжыраған әлсiздерi мен жаралыларын салып, солардың аялдаған қосынына барынша мол етiп шарап апарып қойып, өзi негiзгi күшiмен кейiн шегiнiп кеткен. Массагеттер әскерiнiң бiр тобы осы қулыққа алданып, жаралы жауынгерлердi қырып салып, солардың тұрағындағы мол ассуға мәз болып, әсiресе шарапты керегiнше iшiп, бойларындағы бар қайратынан айырылып, бейқамдыққа түскен. Осы кезде Кир қайта оралып келiп, массагет жауынгерлерiн қырып салған. Тұтқынға түскендердiң арасында Тұмар патшаның ұлы Спаргапис бар болатын. Соңынан Спаргапис мастығы жазылып, есiн жиған соң өз қателiгiн түсiнiп, елiнiң алдындағы кешiрiлмес күнәсiнен бiржола арылу үшiн қапысын тауып, өз жүрегiне өзi қанжар салып қайтыс болады. Алғашқы сәтсiздiкке қанша күйiнгенмен, Тұмар патша Кирдi және келiсiмге шақырады. Дегенмен ол әлсiзбiн деп мойымайды,

қайта сес көрсетедi. Геродот осыны былай жазып қалдырған: «Томирис падиша: Қанiшер Кир!.. Сен ендi менiң ақылымды тыңда. Тұтқынға түскен ұлымды өзiме қайырып бер де, аманесенiңде ата жұртымнан табаныңды жылтырат. Массагеттердiң әскерiнiң үштен бiрiн алдап арандатқаның да жетедi. Егер сен менiң бұл айтқанымды iстемесең, Күн Тәңiрiмнiң атынан ант етемiн: қанша қомағай болсаң да мен сенi қанға тұншықтырамын», – дедi (Геродот, Тарих, 1-кiтап, 212-бет). Кир патша Тұмардың бұл ақылына құлақ аспаған. Сонымен, бүкiл даланы күңiретiп, сай-саланы қанға бөктiрген соғыс басталып та кетедi. Шайқастың қалай өткенi жөнiнде бiр-бiрiне сәйкес келе бермейтiн болжамдар бар. Тек бәрiнiң түйiнi бiр – массагеттер жеңiске жеткен. Осы ақтық шайқаста майданға Тұмардың өзi де шығып, оның әйел-қыздардан тұратын жасағы Кир әскерiнiң бүйiрiнен тиiскен. Геродот осыларды «эропаталар» деп атайды (Тұрсын Жұртбаев осы сөздi «ер апа» деп қазақшалап, бұған дәлел ретiнде оңтүстiк қазақтарының, яғни дәл сол шайқас өткен аймақты қазiргi кезде мекендейтiн тұрғындардың әпкесiн «қыз апа» деп атайтынын көлденең тартады. Бiз бұл болжамға үзiлдi-кесiлдi тұжырым айта алмаймыз, тек ертеде, тiптен кешегi заманға дейiн қазақ қыздарының қысылтаяң тұстарда қолына қару алып, ел қорғағаны рас. Ортағасырлық тарихшылардың жазуынша, қазақтарда «қыз бөрi» – қазiргi «қыз қуу» дейтiн ойынның бары да бiраз нәрсенi аңғартса керек. Мiне, осыдан кейiн массагеттердiң мәртебесi артып, ақыры жеңiске жеткен. Осы шайқаста Кир де жер жастанған. Тұмар патша Кирдiң денесiн тауып, басын кесiп әкелудi бұйырады да, нөкерлерiне бiр меске қан толтырып қоюды тапсырады. Кирдiң басын әкелгенде әйел патша: «Iздегенiң қан едi ғой, ендi тойып iшiп ал!» – деп меске салып жiберiптi дейдi. Осы болжамның көбi Геродоттың жазбаларына негiзделiп жасалып отыр. Тек сол «тарихтың атасының» өзi айтып кеткен шындыққа да сенбейтiндер бар. Солардың кейбiрi Кир патшаны массагеттердiң жерiне мүлдем жолатпайды, денесiнiң өз елiнде көмулi жатқанын тiлге тиек етедi. Осы бiр мәселенiң басын ашып алмақшы болып, соңғы кездерi Кир патшаның қабiрiн ашып көргенде, шынында да оның басы жоқ болып шыққан. Бұған

артық дәлелдiң керегi жоқ шығар. Ал патшасының денесiн өз елiне апарып жерлеу салты көпшiлiк елде бар. Тiптен бiздiң қазақ зиялыларының көпшiлiгiнiң денесi Түркiстанға әкелiп жерленгенiн еске алсақ та жетiп жатқан сияқты. Ендiгi бiр мәселе – Кир әскерiнiң Сырдариядан қай тұстан өткендiгi. Тұрсын Жұртбаев жоғарыда айтылған кiтабында бұл маңды қазiргi Түркiстан мен көне Отырардың маңы болар деп шамалайды. Оның үстiне жазушы Вавилонның әулие уағызшасы Беростың жазбаларындағы «Даас» деген атауды келтiрiп, бұл Талас даласы болар деп қорытындылайды. Берос селевкивтердiң алғашқы билiгi тұсында Александр Македонскийге дейiнгi тарихын жазып қалдырыпты. Ол: «Кир нашел свою смерть в долине Даас» деген. Осы жерде бiз Тұрсын Жұртбаевтың кеңiрек мағынада қолданған Түркiстан деген болжамын толық құптай отырып, шайқас болған маңайды нақтылай түсу үшiн өз ойымызды айтпақпыз. Бiр жағында екi-үш жүз мың (Кир әскерi), екiншi жағында жүз мың (Тұмар әскерi) жауынгерi бар екi жақтың шайқасы өтетiн орынның ауқымы кең болуы қажет екенiн Тұрсын дәл тауып айтып, сол әскердiң шөлейт жерлермен жүруi мүмкiн емес екенiн де анық айтады. Демек, екi жақ та өз қамын қарастыру керек. Кир әскерiне ең болмаса ауыз су болатын Сырдан басқа да өзендер қажет болса, Тұмар жасағы жер жағдайын жақсы бiлгенiмен, тактикалық әдiс қолданатын мезгiл қажет бола қалса, паналай қоятын жердiң болғаны да жақсы. Ол кездегi әскер қазiргi кездегiдей емес – қарғып мiнiп жетiп баратын машинасы да, БТР-ы да, танкiсi де жоқ – қосынымен артынып-тартынып жүретiн заман. Сондықтан Кир әскерiнiң қазiргi Түркiстан қаласының тұсынан өтетiндей мүмкiншiлiгi жоқ – айналаның бәрi ұшықиырсыз құм дала. Тiптен соңғы кезге дейiн сол маңайдағы аудан Қызылқұм аталып келдi емес пе? Өзеннен өтетiн ең ыңғайлы бiр-ақ жер бар. Ол қазiр Шыназ деп аталатын (соңғы кезде Ақсақ Темiр қойған Шахрухия атынан қайта ие болса керек), кезiнде Шыңғысхан әскерi талқандап кеткен Бенакент қаласының тұсы. Осы шамада Аққорған өзенiнiң жағасында кейiннен Арқұқ (Аркөк) деп аталған қорған-қала да бар. Осы қала Сырдариядан

өтетiн өткелден 5-6 шақырым жерде тұр. Арғы беттен келген көп жауынгердiң бергi солтүстiк жағына өтетiн өткелi осы тұс болу керек. Өйткенi осы жер кейiнгi дәуiрлерде де көптеген шайқастың куәсi болған. Себебi ол – Сырдың өткел берер тұсындағы аса қолайлы орын. Осы жерден өткен әскер соңынан Шыназ өзенiн, одан Келес өзенiн, одан әрi Шыршық өзендерiн жағалап iлгерi жылжи беруiне болады. Мұнда шығысындағы Батыс Тянь-Шань тауларының сiлемдерi – Шымған, Өгем, Қаржан қыраттарынан бастау алатын көптеген кiшi өзендер мен бұлақтар бар. Ташкент қаласы Шыршық өзенiнiң аңғарына орналасқан. Қазiргi Шардара су қоймасының астында көне Ақтөбе қаласы суға көмiлiп қалды. Асан қайғы атамыз «екi Келес» деп атаған Келес өзенiнiң аңғары – кең жазықтық. Осы Келес өзенiн құрайтын тау өзендерiнiң бiреуi тура Қазығұрт тауының етегiнен басталады. Мiне, жойқын қолмен өзеннен өтiп, соғыс салуды ойластырған қолбасшы тек осы бағытты ғана таңдайды. Ал елiн қорғамақ болған қолбасшыға да осы өңiрден қолайлы орын жоқ. Сондықтан Кир патшаның Сырдан өткен жерi – осы тұс. Ендi үш күншiлiк жол деген ұғымды талдап көрейiк. Ол кездегi әскери топтың бiр күншiлiк жолы отыз-қырық шақырымнан аспағанын көптеген ғалымдар мен әдебиетшiлер болжалдап жүр. Демек, шайқас өткен дала өткелден ары кеткенде жүз-жүз елу шақырым жер болуға тиiс. Ал Қазығұрт тауы мен Сырдарияның арасы ана нүктеден мына нүктеге дейiн деп санағанда екi жүз шақырымға жуықтап қалады. Демек, шайқас бастауын Қазығұрт тауынан алатын Келес өзенiнiң аңғарында, қазiр Келес өңiрi деп аталатын далада болған. Осы өңiрдiң жер жағдайы жасырыну, паналау сияқты, iлгерi-кейiндi шауып жалған әдiс жасауға да қолайлы. Бұл жерде массагет жауынгерлерiнiң бiр тобы тiкелей Қазығұрт жақтан келсе, панада тұрған екiншi тобы Шыршық өзенi жақтан атой салуы әбден мүмкiн. Қиян-кескi соғыс болатын күннiң алдындағы түнде массагет жауынгерлерiнiң қасиеттi тауларына сиынып, ата-баба мазарына тағзым етiп жүрген жерлерi де нақ осы Қазығұрт болуы керек, немесе Шымған, Қақпақ, Тұрбат маңының бiрi. Тiптен көне заман тарихшыларының сақтардың «Ұлы ордасы» деп атаған ордасы да осы Қазығұрттың маңында

болуы ғажап емес. Бiз жоғарыда Тұрсын Жұртбаев өз кiтабында вавилондық әулие-уағызшы Беростың Кир патша «Даас даласында өлiм тапты» деген сөздерiндегi «Даас» сөзiн «Талас даласы» болар деп қорытындылағанын айтып едiк. Ендi соған келейiк. Егер осы «Даас» деген ұғымды «Таласқа» балайтын болсақ, онда шайқас болған жер Сыр бойынан үш күндiк жер емес, кемiнде он үш күндiк жер болып шығады. Онда Кир әскерi көне Жiбек жолының бағытымен жүрдi дегеннiң өзiнде үш-төрт қиын асу (сол заманғы түсiнiкпен есептегенде) бар. Олар – Қазығұрт асуы, Құлан асуы, Күйiк асуы. Сондықтан бiз осы «Даас даласы» деген ұғымды «Келес даласы» деп түсiнемiз. Оның үстiне сол заман тұрмақ, XVIII ғасырда қазақ даласын зерттеп, кiтап жазған А. Левшиннiң өзi Келес өзенiн Талаш деп жазады. Ташкент маңынан бастап Сырға құятын өзендердi тiзiп шыққанда «Талашь, Бодам, Арсь или Арышь» деп жазады да, өзi сызған картаға дәл осылай түсiредi. Ал бұл өзендер – шын мәнiнде, Қазығұрттан бастау алатын Келес, Шымкент қаласының iргесiнде ағып жатқан Бадам және Құлан асуының қасынан өтiп, көне Қараспан арқылы Отырар қаласының маңынан барып Сырдарияға құятын Арыс өзендерi. Сондықтан Беростың айтқанына бiз де сенемiз, тек оның «Даас» деп отырғаны Талас емес Келес. Тұрсын өз жазбасында үндестiк пен транскрипцияға сiлтеу жасайды. Солай еткеннiң өзiнде де Келес шындыққа әлдеқайда жақын. Сонымен, өте ерте заманда тарихтың атасы Геродоттың өзi аса үлкен қиян-кескi соғыс деп бағалаған осы шайқас Қазығұрттың етегiндегi Келес даласында өткен. Қасиеттi Қазығұрт көне дәуiрдегi бiздiң ата-бабаларымыздың өз елiн жаудан қалай қорғағанына, намысын аяққа таптатпағанына куә болған тау. Соңынан Кир патшаның кегiн алуға келген Дарий патшаның әскерiн адастырып, құмға бастап апарып, қарусыз-ақ жалғыз өзi қан қақсатқан Ширақ бабамыздың ерлiгi әлгi Отырар мен Түркiстан маңындағы құмды далада болғаны рас. Оған куә болған Қазақ даласының Қызылқұмы мен Қарақұмы, Бетпақдаласы мен Мойынқұмның бiрi болса керек. Өйткенi Дарий патшаның Сырдан өткенi анық. Осы жерде бiз Тұмар ханым жөнiнде тарихи роман жазған, бiрақ оны толық аяқтай алмай кеткен Болат Жандарбековтің

есiмiн атай кеткендi жөн көрдiк. Марқұм Болаттың кiтабы – көркем шығарма. Сондықтан онда көркем шығармаға тән бiрсыпыра әсiрелеу мен әлсiрету бар, тарихи шындықтың жiпке тiзген моншақтай болып дәл түспеуi де заңдылық. Әдебиет заңдылығы. Ал шын мәнiнде Болат үлкен iс тындырып едi. Әттең, өмiрi қысқа болды. Ендi келiп бiздiң кейбiр ғалымдарымыз бен әдебиетшiлерiмiздiң Болаттың романына ревизия жасауы әбестiк. Шыңғыс хан жөнiндегi романдарында осы сияқты әдеби әдiстi Ян да қолданған. Өзiмiздiң Iлияс Есенберлиннiң «Көшпендiлерiнде» де осындай көрiнiстер бар. Сол үшiн бұлардың бәрiн күстаналай беруге бола қоймас. Ал Болат Жандарбековтің азаматтығы – Томирис патша жөнiнде тұңғыш рет қалам тартып, сол бiр ертеде өткен апамызды өзiмiзге қарай жақындатып, басқалардың қолына қалам алуына түрткi болуы. Осы жерде бiрден ескерте кететiн бiр мәселе – скифтердiң (сақтардың) тайпа-тайпаға қалай бөлiнiп, қайсысының қай жерге орналасқанына бiздiң көп көңiл бөлiп жатпағанымыз. Өйткенi бiздiң мақсатымыз – олардың тарихы мен әлеуметтiк тұрмысын зерттеу емес. Бiз тарихи оқиғалардың Қазығұрт тауына қатысты тұстарына ғана көңiл бөлдiк. Сондықтан бiрде скиф деп жазсақ, бiрде сақ деп жазып, көбiне массагеттер деуiмiз осыған байланысты. Бiз осы тараудың басында Мағжан Жұмабаев өлеңiнен үзiндi келтiргенде, ақиық ақынның одасында Зұлқарнайын деген есiм бар екенiн айтқанбыз. Жалғыз ғана қазақ арасында емес, бүкiл Шығыс әлемiнде Ескендiр Зұлқарнайын деп аталып кеткен кiсi – македониялықтардың әйгiлi қолбасшысы Александр Македонский. Александр – шын мәнiнде Филипп патшаның ұлы, «Македонский» деген қосымша есiмi, ал Шығыс халықтарының арасында осы қолбасшыны қос мүйiзi бар екен деген лақап тарап кеткен. Сондықтан ол Зу-ль-Карнейн деп («Қос мүйiздi») аталыпты. Осы Зұлқарнайын, яғни Македонский патша да қазақ даласын жаулап алуға құмар болған көрiнедi. Ол өз қол астындағы жауынгерлерге қарағанда, әлденеше есе көп әскерi бар Дарий патшаны күйрете жеңгеннен соң өзi жаулап алған жерлердiң көбiнде қала тұрғызып, грек-эллин мәдениетiн енгiзе бастайды.

Оның күл-талқан етiп жойып жiберген қаласының бiрi Кир қаласы – Кирополис. Осы қаланың қай тұста екенi, яғни нақтылы орны қайда екенi ғалымдардың арасында әлi күнге дейiн дау туғызып келедi. Дегенмен көпшiлiк ғалымдар оны қазiргi Қоқан қаласының маңында немесе Ходжент қаласының орнында болған деген тұжырымға тоқтайды. Қазiргi кездегi көпшiлiк анықтама деректерде (энциклопедия) осылай көрсетiлген. Александр Македонский осы өзi жаулап алған Азия аймағында тез арада-ақ өз есiмi берiлген онға жуық қала тұрғызыпты. Соның бiрi – Александро-полис немесе Александрия-эсхата (шеткi Александрия). Осы қаланы да Ходжент қаласының маңынан немесе дәл орнынан iздейдi ғалымдар. Археологтар қазба жұмысын жүргiзiп көргенде, жер қыртысынан Александр заманынан бұрынғы дәуiр мәдениетiнiң де бұйымдары кездескен. Мүмкiн, ол бұрынғы Кирополистың қалдығы болар. Бiздiң осы бiр Сырдария өзенiнiң бойына салынған Александр қаласының тарихын тәптiштеп жатқанымыздың да сыры бар. Өйткенi Александр Македонский жорығының қазақ даласына қарай жасаған бағыты осы маңнан онша қашыққа бармаған. Бұл ең шеткi қаласы едi. Ал басқалары Александрия Арийская (Герат), Окс өзенiндегi Александрия (Термез немесе Куляб маңында), Александрия Маргиланская (қазiргi Байрам Али), Бактра қаласының маңындағы Александрия, т. б. Ендi Александр Македонскийдiң жорығына байланысты тарихи таласқа тоқталайық. Баяғы Кир патша жорығы сияқты, Александр Македонскийдiң соңғы рет өтiп, тауы қайтқан соң кейiн шегiнген өзенi жөнiнде талай саққа жүгiртетiн тарихи жазбалар бар. Солардың үшеуiнiң авторлары Арриан (бiздiң дәуiрлерiмiздiң I ғасырында өмiр сүрген грек ғалымы), Аммиан Марцелин (330-400 жылдар шамасында өмiр сүрген Рим тарихшысы) мен Квинт Курций (бiздiң дәуiрiмiздiң бiрiншi ғасырында өмiр сүрген Рим жазушысы). Александр жорығының бағытын күрт өзгертiп, Орталық Азиядан Кавказға қарай сүйреп жүрген – осы Квинт Курций. Ол Александр Македонскийдiң өткен өзенiн Танаис (Дон) деп жазады да, Парапамизусты Кавказ деп көрсетiп, Каспийдi Азов теңiзiмен шатастырады. Курцийдiң осы қателiгiн (сол сияқты Александр Македонский

тарихшыларының да қателiгiн) кезiнде Стробон дәл айтып берген болатын. Бiрiншiден, Квинт Курций еңбегi – ақыл-уағыз айтуға бағышталған көркем шығарма. Александр Македонский жорығы мұнда мысал үшiн келтiрiлiп отырады. Екiншiден, ол Македонскийдiң бейнесiн өз деңгейiнен әлдеқайда жоғары көтеру үшiн Донға апарып, Еуропаны да жаулап алып едi деген ұғым туғызғысы келедi. Оның үстiне Кавказды атап отырғаны баяғы ежелгi дүние тарихында от иесi Прометейдiң сол заманда жердiң шетi саналатын Кавказ тауында құрсауланып тасталғанын есте сақтау керек. Осылайша, Македонскийдiң абыройын арттыра түспек болған. Дәл осылай қатенi Македонский тарихын жазған тарихшылардың iшiнде дәлелдiгiмен ерекшеленетiн Арриан да жiберген. Ол өз еңбегiнде бұл өзеннiң Дон емес екенiн дәлелдей отырып, атын Танаис деп жазып, бастау алатын жерiн Кавказ таулары деген. Дегенмен кей жерлерiнде өзеннiң атын бiрде Орксантес, бiрде Оксиартес деп те атаған. Страбон осы жазушының қасақана жасаған қателiгiн анық дәлелдеп берумен қатар, Сырдария өзенiн Яксарт деген атаумен атап, оның Индия жерiнен бастау алып, соғдылықтар мен көшпендi скифтердiң шекарасы болып ағып жатқанын, бұл өзен Персия елiнiң қиыр шетi екенiн әрi Македонский күйреткен Кирополис қаласының осы өзеннiң бойында болғанын айтқан. Страбон өз еңбегiнде көшпендi скифтердiң негiзгi тайпалары ретiнде сақтарды, дайларды, массагеттердi атайды. Ал Птолемей Сырдарияны Яксарт деп атап, ол үш иелiктiң – сақтар, соғдылықтар және скифтер жерiн суландырып жатқанын дәлелдеп, Сырдарияның солтүстiк бетiн жайлағандар саны көп халық яксарттар едi дейдi. Осы бiр дауларды шешуге өз үлесiн қосқан, Сырдарияның намысын қызғыштай қорғаған орыс ориенталисi, «Қазақ тарихының Геродоты» аталып жүрген Алексей Ираклиевич Левшин осы жұмбақтарға мынадай үлес қосқан: 1. Бактрия мен Соғдыны жаулап алған Александр Македонскийдiң қадамын ендi Сырдарияның бойына апарып бастырмай, сонау Еуропада жатқан Донның жағасына апарып бастыру ешбiр ақылға сыймайды.

  1. Аррианның жазбалары бойынша жеңiстен жеңiске жеткен Александр Македонский сол даңқтың буына мас болып, тек қана даңққа даңқ қосу үшiн сақтарға (скифтер, массагеттер деп түсiне берiңiз) жасаған жорығын Мараканда (Самарқан) қаласынан бастаған. 3. Квинт Курций өз жазбаларында жарақат алған Александр Македонскийдiң өзен бойынан аттанып, Самарқан қаласына төртiншi күнде жеткенiн айтады (осы қашықтық Сырдарияның Шыназ төңiрегiндегi өткелiнен Самарқанға дейiнгi қашықтықты меңзеп тұр). 4. Нақ осы Квинт Курцийдiң тарихи поэмасындағы скиф елшiлерiнiң (Левшин атауы) Александр Македонскийге айтқан тамаша сөздерiнен олардың елдерiнiң де, ұлы Ордасының да қайда жатқанын анық меңзеуге болады. Әрине, А.И. Левшин дәл осылай етiп, нақтылы тұжырым жасамаған. Ол өз еңбегiнде («Описание киргиз-казахских или киргиз-кайсацких орд и степей». Алматы, «Санат», 1996 ж.) Сырдарияның тарихына шолу жасағанда ежелгi және көне дәуiр тарихшыларының еңбектерiне талдау жасап, әркiм әр саққа жүгiртiп жүрген өзеннiң Сырдария өзенi екенiн дәлелдеудi мақсат еткен. Ал сол жазбаларға тереңiрек үңiлiп, сол кiсi атаған еңбектердiң бiрқатарына бiр көз жүгiртiп өтсең, дәл осындай тұжырым жасауға келесiң. Бiз Александр Македонскийдiң Орталық Азияға келiп мықтап орныққанын айттық. Осы жерде айта кететiн бiр мәселе мынада. Македонский бiр кеңесшiсiнiң «жаулап алып, жаңа жерге орныға беру жақсы ғой, тек өз елiмiздi де ұмытып кетпейiк те» деген сияқты кеңесiне: «Мен қай жерде жүрсем, менiң жауынгерiм қай жерде болса сол жер менiң елiм», – деп жауап берген екен. Ал Сырдария бойындағы шайқастан соң ендi Индияға бет бұрсақ қайтедi деген ұсынысына әскербасыларының бiреуi «демек, скифтерден бетiмiз қайтты ғой, Индияға бет бұрсақ бет бұрайық» деп жауап бергенде, даңғой қолбасшы бiрден басын шауып тастаған. Мiне, Македонскийдiң Сырдария маңы мен Орталық Азияда көрсеткен мiнезi осындай. Сондықтан да ежелгi дүние тарихшыларының оның көптеген әрекетiн тек даңқтың

сағымын қуған әрекет едi деп бағалайтыны – дұрыс тұжырым. Бiр-ақ нәрсенi еске алып көрiңiзшi: Орталық Азияда тұрған кезiнде оннан артық қала салдырып, соның бәрiне өз есiмiн берген әрi осы қалаларға өз отандастарын әкеп жайғастыра бастаған. Соңынан дала көшпендiлерiн жеңе алмайтынына көзi жетiп, бұл да Кир сияқты айлаға көшiп, солардың бiрiнiң қызына үйленiп, қайын атасын бүкiл дала көшпендiлерiнiң билеушiсi етiп жариялаған. Осы дала қызы Роксана (кейбiр деректерде Рокшана деп транскрипция жасалады) жөнiндегi деректер мен аңыздар көп тараған. Ол өз туған елiнiң қамы үшiн бiраз қызмет атқарған. Осы дала қыздарының ерлiгi, өжеттiгi, отансүйгiштiгi туралы деректердi атақты Низами ақынның XII ғасырда жазған жырларынан кездестiруге болады. Ол кiсi Александр Македонский жөнiнде екi дастан жазған. Соның бiрi «Шадафнамада» («Даңқ туралы кiтап») Ескендiр Зұлқарнайын (Александр Македонский) орыстардың даласына келiп соғыс салғанда ерлермен қатар қылыш ұстап, жауларының зәресiн алған Нистандаржихан есiмдi қыздың бейнесiн (соңынан Ескендiрдiң жұбайы) жасаған. Осы қыз соңынан өзiнiң орнын батыл анықтап, өз қайраты мен қауқарын паш ете бiлген. Егер патша бағындырса бар халықты жүйемен Билеушiге сол әлемдi бола аламын ие мен. Буындырам бұрымымды арқандайын асам да Шахиншақтың паң мойынын қашан да. Патша жауын қансыратса гүрзiсiнiң күшiмен Мен ерлердi қансыратам қызу қылық мысыммен. Егер патша жиi ойнатса сұсы суық қылышын, Ойнатам мен сұлу сөздi қанар құлақ құрышын. Мiне, Низами жазған дастандағы түрiк қызының бейнесi. Түрiк қызы болғанда – Қыпшақ қызы (Низами өз дастандарында тарихи қағиданы ұстанбаған, тiптен атам заманда сүйегi қурап кеткен Александр Македонскийдi өз заманына жақындатып, X-XI ғасырдағы Қазақ даласының өмiрiне еркiн қосып жiберген).

Низамидiң осы дастандарындағы жасалған дала қыздарының бейнесi – жоғарыда бiз айтқан Роксана апамыздың бейнесi. Нистандаржихан (Единственная) ойдан құрастырылған бейне болса, Роксана – тарихи тұлға, Низамидiң әдеби қаһарманына прототип болған тұлға. Осы жерде бiздiң тақырыбымыздан ойыс болса да айта кететiн бiр нәрсе – Низамидiң өз жұбайы Аппақ туралы дерек. Аппақ апамыз қыпшақ қызы, осы кiсiге арнаған өлең жолдары Низамидiң дастандарының бәрiнде бар. Ол өмiрден ертерек өтiп кеткен Аппақты өмiр бойы жырлап өткен. Ендiгi мәселе Александр Македонскийдiң Сырдариядан өтiп соғыс салуы мен сақтар жерiне тұңғыш рет әрi соңғы рет аяқ басуы туралы. Әрi осы соғыс қай жерде өттi? Бiз жоғарыда Арриан мен Квинт Курцийдiң дәлелдерiн келтiрдiк. Оның бiрiншiсi Александр Македонскийдiң сақтар даласына Самарқаннан аттанып барып, Сырдан өткенiн айтса, екiншiсi шайқастан соң жараланған қолбасшының Самарқанға төртiншi күн дегенде жеткенiн айтады. Демек, Сырдариядағы өткел Самарқаннан қашық емес. Кейбiр авторлардың осы өткелдi, тiптен Александрия қаласының өзiн де Сырдарияның Арал теңiзiне құяр сағасына апарып орналастыруын кезiнде А. Левшин батыл сынап, Сырдариядан өту үшiн бұлай қарай бағыт алған болса, құм даламен жарты айлық немесе бiр айлық жол екенiн айтады. Александр Македонский, әрине, өз әскерiн құмға айдамайды, керiсiнше, елдi мекенi көп, сулы жермен жүруге тырысатыны белгiлi. Сондықтан бұл қолбасшының да Сырдариядан өткен жерi баяғы Кир патшаның өткен өткелi болса керек. Тек бұл жолы сақтар үш күндiк жерге шегiнiп кеткен жоқ, жауына алғашқы соққыны тура өзеннiң жағасында бердi. Өзеннен өтiп жатқан македониялықтарға садақ оғын қардай боратты, сонан соң жер жағдайы өздерiне әбден танымал болғандықтан, бiрде шегiнiп, бiрде ұмтылып, кейбiр кезде бүйiрiнен тиiсiп отырды. Дегенмен осы шайқас дәл өзеннiң жағасынан ары жылжымады деу әбестiк болар едi. Өзеннен өткен македониялықтар iлгерi ұмтылуға тырысатыны анық. Өйткенi соңдарынан келе жатқан қосындары сол өзеннен жайбарақат өтуi керек. Артынып-тартынып келе жатқан қосымша лектiң сақадай сай тұрған жауынгерлер секiлдi

қардай бораған жебенiң астында өзеннен өтуi мүмкiн емес. Ал сақтар болса бұл шайқастың тек өзен жағасында ғана аяқтала қоймайтынын жақсы түсiнедi. Олар үшiн жер ыңғайына қарай шегiне соғыс салу тиiмдi. Оның үстiне осы жерде бiз жоғарыда аталған Тұрсын Жұртбаевтың кiтабында келтiрiлген бiр-екi дерекке сiлтеме жасап көрейiк. Автор өз кiтабында Александр Македонский өзiнiң әскери ордасын Ванкент қаласында орналастырды дейдi де, оны қазiргi Ходжент қаласының маңынан iздеудi меңзейдi. Бiздiңше, осы меңзеу дұрыс емес. Автордың Ванкент деп отырғаны Бенакент (кейбiр деректерде Бинакент, Фенакент) қаласы болу керек. Бұл – Сырдариядан өткеннен кейiн әудем жерге орналасқан қазiргi Шыназ (Шахрухия) қаласы. Александр Македонский өзеннен өткеннен кейiн қол астындағы қыруар әскердi басқару үшiн әскери орда (штаб) құруы қажет қой. Оның үстiне македондықтар өзеннен берi өте салып, сол замат ары өтiп, кейiн кетпеген. «Сақ жерiне келдiк, елi мен жерiн көрдiк, бұдан әрi мына сары далада бiз қызығатындай ештеме жоқ. Ендi Индияға қарай аттың басын кейiн бұрсақ қайтедi» деп жария етедi ғой өз шешiмiн жауынгерлерiне. Дәл осылай демеген шығар, бiрақ сақтар тегеурiнiнен бетi қайтқан қолбасшының алдында жатқан кең далаға ендi бойлап кiрмей, керi бұрылу жөнiндегi шешiмiн осылайша тұспалдап айтқаны анық. Оның үстiне Александр Македонский нақ осы шайқаста бiрiншi рет жарақаттанып, бiрнеше күн шатырынан шықпай жатып алған. Шатырдан шыққанда жаралы Александр Македонскийдi алып жүру бақытына кiм лайықты деп атты әскер мен жаяу әскердiң арасында өрбiген кикiлжiңдi Квинт Курций өз шығармасында әдемi бейнелеген. Ең негiзгiсi, шайқас бiржола аяқталмаған: Александр өзiн өзеннен өтiп, сақ даласына аяқ басуын жеңiсiм деп есептесе, сақтар өздерi берген соққыны өздерiнiң жеңiсi санап, кең даласын қорғап қалғанына мәз болған. Осы жерде және бiр көрсете кететiн мәселе, Тұрсын Жұртбаев кiтабындағы Шаш (Ташкент) қаласының бiрнеше рет аталуы. Бiрде ол сақ басшыларының аузынан шықса, бiрде Александр Македонский атайды. Атағанда егер Спитамендi (Сыпатай) тауып бермесеңдер, астаналарың – Шаш қаласын талқандаймын деп зәр шашады.

Демек, Александрдың өзеннен өткендегi мақсаты бiрден Шаш қаласын алу болмаған (Егер ол кезде шынында да Шаш қаласы бар болса!). Немесе сақтар қаланы аман сақтап қалу үшiн шайқастың бетiн далалы жерге қарай бұра берген. Ал бұл кезде сақтардың тек қана көшпендi өмiр сүрмей, отырықшылықпен де айналысатын тобы болғанын жоғарыдағы Квинт Курций шығармасындағы мына бiр жолдар айқындайды. «Сақтар аспандағы сұңқар сияқты. Яксартты күнiне жүз рет ары-берi кесiп өтсе де өз еркi. Өйткенi бұл бiздiң отанымыз! Сенiң отаныңа бiз қиянат жасағанымыз жоқ. Бiлiп қой: Тәңiрiм бiзге өгiздiң мойынтұрығын, соқаны, найзаны, жебенi және тостағанды сыйлады. Өгiздiң күшiмен еккен дәнiмiздi достарымызбен бөлiсемiз, тәңiрiмiзге мiнажат етiп, тостағанымыздағы шарапты соларға құйып беремiз. Ал жебемен жауымызды жайратамыз, жақындаса – найзамызды шаншимыз». Демек, сақтар егiншiлiкпен де айналысқан. Ал егiншiлiкпен айналысатын жер – негiзiнен Қазақстанның оңтүстiгi, ал мына айтылып отырған оқиғаларға икемдестiретiн болсақ және де Келес өңiрi, Шыршық, Өгем, Бадам, Арыс өзендерiнiң аңғарлары. Отырықшылық болған соң қаланың да жұрнағы болуы әбден ықтимал. Ал осы Александр Македонский заманынан екi жүз жылдан кейiн осы аймаққа келген Қытай жиһанкездерi мұнда егiншiлiгi де, көшпендiлiгi де, қалалары мен кенттерi де бар, қолөнерi де өркендеген Кангюй мемлекетi болғанын көздерiмен көрген. Александр Македонскиймен шайқасқан сақ көсемдерi мен қолбасшыларының есiмдерiн бiз Жұртбаев кiтабынан келтiрейiк: Ұлы кеңестiң биi Тамыр, қолбасшы Ботақан, Құдiре батыр, Садырық батыр, жау тылында әрекет жасаған Сыпатай батыр (Спитамен). Спитамен жөнiнде бiрер сөз айту үшiн бiр сiлтеме жасап алған жөн секiлдi. Осы бiр аяулы азамат туралы, осы айтылып жатқан оқиғалар туралы көп мәлiмет В. Янның «Отқа оранған қорған» атты повесiнде кең айтылған. Тек бұл да көркем шығарма, ал көркем шығарманың өз заңдылықтары бары белгiлi. Оның үстiне В. Ян кiтабында тарих пен географияға қиянат жасаушылық та бар. Әсiресе қазақ даласы үшiн. Мүмкiн, бұған бiр кезде бар тарихтан бойымызды аулақ салған өзiмiз айыпты 6-268

шығармыз. Өйткенi осындай шығармалар жазылып жатқанда бiз ежелгi тарих пен көне тарих тұрмақ, ауылдарымызда күнде айтылып жүрген «Қыз Жiбек», «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты эпостарымыздың тамырына балта шабамыз деп арпалысып жаттық қой. Сондықтан кейбiр кiтаптарды қарастырғанда осы бiр ағат кеткен тұстарына абай болғанымыз абзал. Осыған бiрақ мысал: дәл осы кезге дейiн «соғдылар кiм?» деген сұраққа жан-жақты қарастырылып, ғылыми дәлелденген үзiлдi-кесiлдi тұжырым жоқ. Сондықтан кезiнде бiз «ұлтшыл» деген шекпен жамылып қалмайық деген үреймен, тарихи тұлғаның бәрiн апарып осы соғдыларға тели бердiк. Ендi осы мәселенiң де басын ашып алатын мезгiл жеткен сияқты. Мiне, солардың бiрi – Спитамен. В. Ян кiтабы бойынша оның әкесi соғды да, шешесi – сақ қызы. Өмiр талқысымен әкесiн iздеп Афинаға да барған, Александр Македонскийдiң соғыс тактикасын да жақсы меңгерген. Соңынан елiнiң азаттығы үшiн күрескен батыр. Александр Македонский қолы Сырдариядан өтiп, сақтармен шайқасып жатқанда Спитамен (қазақ жазушылары Сыпатай деп атап жүр) қол жинап, Самарқанға шабуыл жасайды. Осындағы македониялықтарды қаладан қуып шығып, өзендегi аралды паналауды мақсат етiп барған жерлерiнде жойып жiберген (Шамасы, Зеревшан өзенiнде болса керек). Ол жауларымен үш жыл бойы шайқасқан. Шайқасқанда, қазiргi тiлмен айтқанда, партизан соғысын ұйымдастырған. Солай бола тұрса да ол Александр Македонскийдiң ең таңдаулы әскербасы Фарнухтың жасағының күл-талқанын шығарған. Осы бiр елiн қорғаған патриот жөнiнде тарихи деректерге жүгiнетiн болсақ, академик В. Струбе «Кавказ бен Орта Азия жөнiндегi дерекнамалар» деген кiтабында былай деп жазған екен: «Александр Македонскийге қарсы соғыста Орта Азия халқының бостандығын сақтап қалған Спитаменнiң соңғы жорығы туралы Аррианның әңгiмесiндегi оқиға сақтардың Ұлы ордасы орналасқан кең даланың құпия сырын толық ашып бередi. Спитамен Соғдианаға жасырын өтiп кетiп, македониялықтарға соққы бергiсi келдi, ал Спитаменнiң шабуылынан сескенген Александр Соғдианада қыстап қалды» (65-бет).

Мiне, дүниенi түгел билесем деген және бiр қолбасшының сақ жерiне келiп қайтуының сыры осылай. Ал сол шайқас қай тұста өттi деген сұраққа жоғарыда айтылған әңгiмелердiң бәрiн жүйелеп көрген зерделi оқырманның өзi-ақ тұжырым жасауына болады. Бұл тұс және де Келес өңiрi, қасиеттi Қазығұрттың маңы. Қазығұртты айтқанда бiз барлық оқиғаны сол бiр таудың iргесiне апарып тiреп қой деген ойдан аулақпыз – бүкiл Қазығұрт өңiрiн қоса айтып отырмыз. Осылайша қазақ даласының және бiр жойқын апаттан аман қалғанына қасиеттi Қазығұрт куә. Осы жерде және бiр айта кететiн нәрсе – Қазығұрт аймағындағы Ескендiрдiң (Александр Македонский ғой) атына байланысты айтылатын «Ескендiр төбесi», «Ескендiр көпiрi» сияқты атаумен аталатын орындардың барлығы. Ескендiр деп аталатын ауыл да бар Шымған тауының маңында. Белгiлi ғалым қазақ мәдениетi мен әдебиетiнiң аса бiлгiрлерiнiң бiрi Мекемтас Мырзахметов ағамыздың бiр еңбегiнде келтiрiлген Оңтүстiк Қазақстан аймағында қыздардың жiгiттердi сынағанда айтатын «Ескендiр тауға шықтың ба?» деп басталатын жыр үлгiлерiнiң сақталғанын мысалға келтiредi. Тереңiрек ойланған адамға бұл да бiр тұжырымдардың нышанын еске түсiретiн мәселе екенi анық. Ал сол көне дәуiрде сақтардың «Ұлы Ордасы» деп аталатын орын Қазығұрт төбесiндегi жазықтағы әлi күнге дейiн «Орда қонған» деп аталатын орын болуы әбден мүмкiн. Қамалға айналдырған қорғаныс орындары – Өгем шатқалындағы ескi қаланың орны. ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫ ҚАЗЫҒҰРТ АРҚЫЛЫ ӨТКЕН Қазақ даласын сонау көне замандардан бастап өз отанына айналдырған халықтар мен тайпалардың бәрi үшiн Ұлы Жiбек жолының атқарған қызметi ерекше болды. Түптеп келгенде, осы өлкенiң өркендеуiне де көп әсерiн тигiзген Жiбек жолы болса, осы өлкенi жайлаған халықтар мен тайпаларды бiрiмен-бiрiн атыстырып-шабыстырып қойған да нақ осы Жiбек жолы едi. Бұл қазiргi терминмен айтсақ, тайпалардың экономикалық өркендеуi

мен халықаралық қатынасының күре тамыры болатын Қытайдан шығып, Византияға дейiн жалғасып жатқан сауда жолы. Оның негiзгi тармағының бiрi – Қазығұрт тауын басып өтетiн де, сол тармақтардың жан-жаққа қарай көсiлiп жататын соқпақтарының жiктелетiн жерi – Қазығұрт тауының iргесiнде жатқан (осы аймақтың сол замандағы бейнесiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiз) Испиджаб (Сайрам) қаласы едi. Сондықтан Жiбек жолы туралы сөз болғанда Испиджаб атаусыз қалуы мүмкiн емес. Бұл көне қазақ ұғымымен айтсақ, «Тоғыз жолдың торабы», ал соңғы кездерi қолданып жүрген (темiр жолға байланысты) терминмен айтсақ – узловая станция. Сондықтан Испиджаб қаласының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Бiз осы жазбалардың жоғарыдағы тарауларында айтып кеткенiмiздей, Сайрам (бұдан ары осы атымен атауды жөн көрдiк) қаласын «Оғызнаме» жырында бүкiл түркi ғана емес, жалпы евроазиялық халықтардың бiр тобынын түпкi атасы саналатын Иафес (Иафет) бабаның, яғни Олжайханның астанасы деп атайды. Осы «Оғызнамеде» Сайрам мен Талас жерi оғыздардың елiнiң ұйытқысы екенi қайта-қайта айтылып отырады. Оғыз қаған өзiнiң Батысқа жасаған елу жылдық жорығында Сайрам мен Таласты еш уақытта есiнен шығармаған. Жорықтың жарты жолынан ұйғырларды керi қайтаруы да, iлгерiлеп барғанда қаңлы қосынының басшысы Бармаклу Жосын Билгенi бас етiп, бiр топ жауынгерiн керi қайтарғанда да қары Сайрамды қорғаңдар деп қайтарған. Сол заманнан бастап Сайрам қаласы түркi әлемiнiң әрi экономикалық, әрi рухани, әрi халықаралық қатынастары үшiн үлкен маңызға ие болған. Бұл қаланың сауда орындарында түркiлер мен соғдылықтардан басқа алыс-жақын елдердiң бiразының сауда орындары болған. Осы жөнiнде араб тарихшысы ал-Макдиси: «Исфиджаб – үлкен, көлемдi қала. Жабық базарлары, шыт (мата) базары, азан шақыратын үлкен мешiтi бар. Қалада 1700 рабат (сауда орны немесе керуен сарай) бар деп айтады. Бұл – шекарадағы аса мықты бекiнiс. Қала таптаза, қаладағы өмiр жанға жайлы», – деп жазады. Көп уақытқа дейiн қытай жазбаларындағы осы қаланың орнын анықтай алмай бiраз ғалымдар сарсаңға түстi. Ақыры Махмұд

Қашқаридың еңбегiне жүгiнген соң барып «Ақ өзен», «Ақ қала» деп жүрген атаудың Сайрам екенiн анықтаған. Оны бiз жоғарыда айтып кеттiк. Ерте кездерде қазақ даласын жайлаған түркi тайпалары бiрiнен соң бiрi қабылдап (әрине, дәуiр талабына сай) келген дiндердiң де негiзгi уағыздаушы орталығы осы Сайрам болатын. Кезiнде будда дiнiн уағыздаушы орталық болса, арабтардың жаулап алу дәуiрiнде қараханидтер әулетiнiң ислам дiнiн қабылдап, өз отандастарын ислам дiнiне енгiзуде табан тiреген орталығы да осы Сайрам. Ал экономикалык өмiрге келсек, тарихшылардың айтуынша, Сайрам бiр мезгiл бүкiл аймақтың бас қаласы болған, ал осы аймаққа кiретiн Будихкет, Арсунабекет, Отырар, Яссы қалалары өз төңiректерiне ғана билiк жүргiзiп, халықаралық қатынастарда Сайрамға жүгiнiп отырған. Сол заманның өзiне лайық өндiрiсi бар қала жауынгерлердi қару-жарақпен қамтамасыз етуге де көп әсерiн тигiзген. Ол тарихи оқиғаларға байланысты жазылған еңбектерде анық көрсетiлiп, сол жауынгер топтардың есiмдерi де аталған. Сол өндiрiс орындарында теңге де соғылған. Мысалы, осы аймақта XI ғасырдың екiншi жарымында Сайрам мен Таразда соғылған теңгелердi археологтар көптеп кездестiрiп жүр. Осынша оқиғаларға куә болған Сайрамның талай рет отқа оранғаны да тарихтан белгiлi. Бiрақ Сайрам әркез өз бостандығы үшiн күресiп баққан. Уақытша бас игенмен, көп өтпей-ақ еңсесiн көтерiп ала берген. Осыған байланысты мына бiр жағдайды айтып кетуге болады. Мысалы, қазiр Шыңжаң өлкесiнде Сайрамкөл дейтiн көл бар, Сайрам дейтiн ауыл бар. Ол да табиғаты тамаша жерге орналасқан мекен. Бұл қалай? Бiрiнен бiрi сонша қашықта жатқан елдi мекендердiң атауының сәйкес келуi қалай? Бұл былай болған екен. Жоңғар қалмақтары Оңтүстiк Қазақстанның бiраз жерiн жаулап алған соң, Сайрам қаласына өзiнiң сенiмдi адамын бастық етiп тағайындап, өзi керi оралады. Бiрақ Сайрам тұрғындары бұл қорлыққа шыдай алмай, қалмақ коңтайшысы қойып кеткен әкiмдi қасындағы нөкерлерiмен бiрге қырып салады да, қайтадан өз билiктерiн жүргiзе бастайды. Осыны есiткен қалмақ хонтайшысы Iлеге жеткен жерiнен шұғыл қайта

оралып, Сайрамды қайта жаулап алып, көптеген адамды қырып салады. Қалмақтың қылышынан қорықпай, еркiндiгi үшiн қайыспай күрескен халықты өз еркiне бағындыру үшiн қалмақ қоңтайшысы басқа амалға көшкен – ол қала тұрғындарының iшiнен ең беделдi деген 60 отбасыны терiп алады да, үй iшi, бала-шағасымен өзiмен бiрге Iле бойына ала кетедi. Бұлардың жиырмасы қожалар әулетiнен, жиырмасы шахтар әулетiнен, жиырмасы әмiрлер әулетiнен деп жазады осы туралы еңбек жазған автор. Осылардың шахтар әулетiнен дейтiндерi өздерiнiң тегiн тәжiк шахтарына яғни Кей-Хуат шахқа апарып тiрейтiнiн, ал әмiрлер әулетiмiз дейтiндерi тегiн бұрын билiк жүргiзген әмiрлер мен уәзiрлерге апарып тiрейтiнiн, қожамыз дейтiндер өз тегiн мұсылман дiнiндегi Әлиге апарып тiрейтiнiн айтады бұдан ары автор өз шығармасының кiрiспесiнде. Осы алпыс отбасын алғаш Турпан жерiне, кейiн одан басқа бiр аймақтарға ауыстырады. Қалмақ хонтайшысы өмiрден өтiп, Қытай әскерi келгенде осы отансүйгiш алпыс отбасы елдерiне қайтуға әрекет жасап, Мұзтауға қарай жолға шыққан. Бiрақ үш-төрт жыл азапты өмiр көрген бұл сорлыларды «ел арасы тыныш емес» деген себеппен қытайлар жiбермей қояды да, Иақа-Арық (тексте осылай, мүмкiн, Жаңа арық немесе Жалғыз арық болуы, орналасқан жерi Ақсудың жолында) деген жерге қайтарып жiберген. Бұдан осы топ және бiр жерге ауысып, ақыры жайдақ далада күнкөрiстерi қиынға соққан соң, тау iргесi өмiрге қолайлы болар деп дәл қазiргi кезде Сайрам деп аталатын жерге көлiгi орналасқан екен. Қанша сарсаңға түссе де өз елiн ұмытпаған сайрамдықтар отандарына қайта оралуға мүмкiншiлiк бермейтiнiне көздерi жеткен соң, ең болмаса аты қалсын деп жаңа қоныстарын да, сол маңдағы көлдi де Сайрам деп атаған. Осы сайрамдықтардың ұрпағы, ата-бабасы Қазығұрт маңындағы Сайрамнан көшiп келгеннен кейiн, екi жүз жылдай уақыт өткенде өмiрге келген Муса Молла «Та’рих-и Амнийа» («Әминге арналған тарих» немесе «тыныштық пен қауiпсiздiк тарихы» деп аударуға болады. Автор араб әрiптерiнiң транскрипциясына байланысты әдейi екi түрлi аударуға болатын етiп атаған) деген тарихи еңбек жазған. Бұл еңбек кiрiспеден, екi дастаннан және қорытынды бөлiмнен тұрады. Кiрiспеде

автор Нұх пайғамбардан XIX ғасырға дейiнгi Шығыс Түркiстан тарихына тоқталады. Кiтаптағы екi дастан Шығыс Түркiстанның XIX ғасырдағы өмiрiне арналған, ал қорытынды бөлiмдегi негiзгi мәселелер – Қашқар, Яркенд, Хотан, Үш Турфан, Ақсу, Куча және Турпан (яғни Жетi шар) қалаларының сол кездегi әлеуметтiк жағдайы. Дiни орындарға көбiрек көңiл бөлген. Атадан балаға мұра болып айтылып келе жатқан шежiренi көңiлiне мықтап түйген Молла Муса өзiнiң лақабы (псевдоним) етiп Сайрами деген есiмдi алған. Сонымен, ол кiсiнiң толық аты-жөнi – Молла Муса бен Молла Айса (Иса)-ходжа Сайрами. Өз шығармасын 1903 жылғы 31 желтоқсан күнi аяқтапты, өмiрден 1916-1917 жылдары өткен. Шыңжаң өлкесiнде баяғы Сайрам ауылының аты ауысса ауысқан шығар, ал көл әлi де сол баяғыдай Сайрамкөл аталады. Ол жердiң тамаша табиғаты туралы қазiргi қазақтың белдi ақындарының бiрi, сол көлдiң жағасында өмiрге келiп, жастық шағын өткiзген Марфуға Айтхожина талай-талай тамаша өлеңдер жазды. Кейде осы ақынның немесе басқа да жазушылар мен ақындардың жазған шығармаларында кездесетiн Сайрам атауын оқырмандар осылай аталатын жердiң екi аймақта да бар екенiн бiлмегендiктен, Оңтүстiктегi Сайрамға апарып байланыстырып жүр. Жоқ, Сайрам екеу, тек олардың атауының шығу тегi бiр. Сайрам қаласын атағанда оның ең атақты ұлдарының бiрi – Қожа Ахмет Яссауидi айтпай кету кешiрiлмес күнә болар едi. Тек бұл кiсiнiң даңқы бiзсiз-ақ бүкiл әлемде көлбеп жүр. Түркiстандағы Қазақ-түрiк университетiнiң қабырғасында тәрбиеленiп жатқан шәкiрттер әлi талай-талай трактаттар мен еңбектер жазатынына күмәнiмiз жоқ. Көне Сайрамға барған кiсi Яссауидiң ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың зиратына бiр сыйынбай кетпейдi. Яссауи әулиенiң қазiргi ұрпақтарының iшiнде де аса талантты азаматтар көп. Мысалы, осы жолдардың авторы Ташкен қаласына жолы түсiп бара қалса, сайрамдық аса талантты өзбек ақыны Мирпулат Мирзоевқа Сайрам жөнiндегi бiрнеше өлеңiн оқытпай қоштаспайды. Ол Сайрамның аты үшiн ғана емес, Мирпулат жырларының аса поэтикалық асқақтығын мойындаудың әсерi. Дегенмен, әрине, бiр кезде бүкiл Оңтүстiкке сәуле шашқан қасиеттi кәрi Сайрамның өзiне де бас июi ғой.

Көне жазбаларда Сайрам (Испиджаб) туралы жазылған тарихи дерекнамаларда оның төңiрегiндегi елдi мекендер жайында X ғасырда ал-Истархи былай деп жазған: «Оның құрылысы саз балшықтан жасалған, оның базарлары жемiс-жидекке тұнып тұр, онда түрлi өнiм көл-көсiр және сан-алуан пайдалы заттар да көп. Оның айналасы толған қалалар мен қыстақтар». Мiне, осы қалалар мен қыстақтар көне жазбаларда былай көрсетiлген: Манкет (Манкент), Джумишлаг, Газгерт, Харлуг. Бiз осы жерде сәл шегiнiп, Испиджабтың XII ғасырға дейiн гүлденген дәуiрiнiң тағдыр тәлкегiне түсуiне бiр тоқталып кетсек деймiз. Осы тәлкектiң басы Хорезмшахтың солақайлау саясатынан басталады. XII ғасырдың орта шенiнде Қарақытайлар мемлекетi ыдырай түсiп, феодалдық өзара қырқысулар басталды. XIII ғасырдың басында Хорезмшах пен Қарақытайлардың шайқасы, соңынан Хорезмшах пен сонау бiр қиырдағы монғолдармен шайқасудан ығыса-ығыса Мавреннахр, Хорасан және Оңтүстiк Қазақстанға иелiк жасай бастаған жергiлiктi наймандармен күресi Хорезмшах Текештiң оқыс шешiм қабылдап, «өзiме де жоқ, өзгеге де қалмасын» деген саясат жүргiзiп, Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанды тып-типыл ету жөнiндегi бұйрықты шығаруына әкелiп соқты. Бұл жөнiнде сол заманның куәгерi, атақты «Муджам әл-Булдан» (географиялық сөздiк) еңбегiнiң авторы Якут әл-Хамави Испиджаб пен Тараздың, Сауран мен Усбаникеттiң, Фараб пен басқа да қалалардың басына түскен трагедияны былай деп жазды: «...Тағдыр тәлкегi ең алдымен Хорезмшах Мухаммед ибн Текештен жабысты. Ол Мавреннахрды жаулап алып, ханидтер (караханидтер) патшалығын жойды, ал ондай хандар көп болатын әрi әрқайсысы өз өлкесiн қорғайтын. Олардан ешкiм қалмаған кезде мұның өзi ол облыстардың етек-жеңi кеңдiктен бұл қалаларды қорғай алмады да, шекаралық бекiнiстердiң көпшiлiгiн өз қолымен қиратып, оларды өз әскерiнiң талауына салды. Бекiнiстердiң тұрғындары ол жерлерден үдере көшiп, мықтыға мойны бұрылған, басы иiлген күйiнде бәрiн тастап кеттi. Қираған қамалдар мен қаңырап қалған үй-жайлар көзден жас сорғалатып, жүректi зар қақсатты, ал анау бақтар айдалада қаңсып адыра қалды. Арналардың мұраптары

адасып, ағын сулар бағыт-бағдардан айырылып, бейберекет ағып жатты. Содан соң 616 жылы (1218-1219) көк пен жер жаратылғалы берi құлақ естiп, көз көрмеген алапат сұмдықтар жалғасты. Бұл татарлардың (монғолдар) келуi... Олар сол жерде өлiлер мен тiрiлердiң жалғастырушы буыны болып қалғандарды да өлтiрдi. Сөйтiп, тамаша бақтар мен даңқты қамалдардан күйреген қабырғалар мен жоғалған халықтардың iздерiнен басқа ештеңе де қалған жок». Мiне, көне заманның көзi ашық зиялысының бiрiнiң сырт көзбен қарағанда жазғанының өзi осы. Осы үзiндiден-ақ сол бiр дәуiрде Оңтүстiк Қазақстан халқының басына қара түнек қалай орнағанын байқай беруге болады. Оның үстiне Монғол шапқыншылығы тұсында оларға алғаш бас көтерiп, қарсылық көрсеткен қалалар да осы өлкенiң қалалары. Бұдан кейiн барынша қарсылық көрсеткен Орта Азиялық қалалар – Самарқан, Үргенiш, Бұхара. Тек, осы қалаларды қорғаушылар да негiзiнен Оңтүстiкқазақстандықтардың қандас туыстары болатын. Мұның себебi, осы кезде Хорезмшахпен тайталасып жүрген найман ханы Күшлiк Жетiсу халқын қатты езгiге түсiрген едi. Сондықтан олар қорғаныш iздегендей болып, монғолдарға соғыссыз берiле салды. Монғолдарға қарсы бас көтерген қалалардың ту ұстаушысы Отырар болса, дәл солай қорғана бiлген Сауран, Сығанақ, Сүткент, Өзгент, Бенекент, Ашнас, т. б. қалалар болатын. Әрине, бұл ерлiктерi үшiн монғолдар оларды аяған жоқ. Мысалы, араб және парсы деректерiнде монғолдар бүкiл халқын жусатып кеткен әр түрлi елдердегi отызға жуық қалалардың атын келтiредi. Солардың iшiнде Отырар, Сығанақ, Ашнас бар. Осы қалалардың санатында Испиджаб та бар. Тек осы қаланың еңбекқор тұрғындары өз мекендерiн тез-ақ қалпына келтiрiп алса керек. Өйткенi Шыңғыс ханның шақыруымен сонау Қытайдан Самарқанға сапар шеккен даос сопысы Чань-Чунь 1221 жылы Испиджаб арқылы өткенде шәкiрттерiмен бiрге осында бiрнеше күн аялдаған. Сонда байқағаны, қаланың көп қирағаны көзге түспейдi. Ол 1223 жылы керi қарай қайтар сапарында мұнда және аялдап, өзi берген бағасында Испиджабты «Үлкен қала» деп атайды.

Бiз жоғарыда Испиджабтың айналасындағы елдi мекендердiң тiзiмiн көрсеттiк. Соның iшiндегi Манкент қазiр де солай аталады, Джумишлаг Испиджабтың iргесiнде. Ал Газгерт пен Харлуг қайда? Бiз қазiрше Харлугты қоя тұрайық. Өйткенi ғалымдар бұл қаланың қай жерде екенiне әлi болжам айтқан жоқ. (Бiздiң болжауымыз бойынша, Сайрамның оңтүстiкшығыс жағындағы тау етегiнен iздеу керек секiлдi. Жiбек жолы солай қарай асады.) Газгерт жөнiнде айтылған болжам бар. Бұрынырақ оны Қазығұрт тауының тура етегiндегi Рабат ауылы деп жүретiн, қазiр Шымкент – Ташкент трассасының үстiнде жатқан, Қазығұрттан оңтүстiкке қарай он бес-жиырма шақырым жерге орналасқан Шарапхана селосындағы ескi қаланың орнында деп айтып жүр. Осы ескi қаланың орнын қазған археологтар оның гүлденген шағын VII-X ғғ. мезгiлдерiне теңестiредi. Бiрақ Газгерт деп аталған қаланың дәл осы Шарапхана екенiне үзiлдi-кесiлдi нүкте қоюға болмайтын сияқты. Өйткенi бұл мекен дерекнамаларда көрсеткен «Шаш – Турбат – Қазығұрт – Испиджаб» бағытынан аз да болса шетiректе жатыр. Дегенмен ибн Хордадбектiң 846-847 жылдары жазған географиялық еңбегiндегi «даламен жүргенде» деген сөздерге қарап, Шаш пен Испиджаб арасындағы жол бiреу емес, бiрнешеу екенiн шамалауға болады. Ендi осы Ибн Хордадбектiң өз сөздерiне жүгiнiп көрейiк. «Шаштан Темiр қақпаға дейiн екi миль, одан Құбалға дейiн екi фарсах, одан Қазығұртқа дейiн 6 фарсах. Одан Испиджабқа дейiн даламен жүргенде 4 фарсах. Шаш пен Испиджабтың арасы 13 фарсах». Егер фарсах өлшемi қазiргi шақырым (километр) өлшемiмен есептегенде бiр фарсах 6,24 шақырым мөлшерiне тең екенiн еске алсақ, осы аралық 80 шақырымнан асып жығылады. Шамамен мұны дұрыс дейiк. Сонда Құбал қай тұста? Қай елдi мекен? Берiлген өлшем есебiмен шамаласақ, қазiргi Жiбек жолы, Ақжар елдi мекендерiнiң орны ма, әлде Қызылтаң немесе Тұрбат ауылының маңы ма? Дәл қазiр мұны анықтаудың мүмкiншiлiгi жоқ. Ол – тарихтың үлесi. Тек осындағы Құбал атауының этимологиясын анықтау аса қажет сияқты. Өйткенi осы географтың еңбегiнде дәл осындай атау және кездеседi. Негiзiнен сәл өзгерiстерi болмаса, дәл осы тiзiмдi

қайталаған екiншi географ Кудама ибн Жафар еңбегiнде мынадай сөздер бар: «Суяб – екi ауыл, оның бiрiнiң аты – Құбал; ал екiншiсi – Сағур Құбал». Демек, Құбал деген сөздiң этимологиясын анықтай алсақ, сонау Шу бойындағы ауылдың да атын анықтар едiк. Осы аралық сөз болған соң Испиджаб – Тараз бағытындағы елдi мекендердi де атап кетейiк. Испиджабтан шыққан соң Шавав пен Бедуккет аталады. Осы елдi мекендер (немесе қалалар) қазiргi Төрткүл, Балықшы және Азатлы ауылының орнындағы қалаға сәйкес келедi. Мұны 985 жылы жазған еңбегiнде Әл-Макдиси де дәл осылай көрсетiп, Тантадж бен Абаружажды пошта бекеттерi болса керек деп шамалайды. «Ұлы Жiбек жолы» жөнiнде жазылған көптеген еңбектерде Испиджаб пен Шаш арасындағы үзiктi айтқанда, «Турбат асуы» деген сөздi қосып айтады. Кейде оны «Қазығұрт асуы» деп те көрсетедi. Бiрақ осы Турбаттың өзi – Қосмола мен Бәйдiбек шоқыларының етегiндегi қырат-қырат болып жатқан таулы өлкедегi бiр қойнауға орналасқан ауыл. Осы ауылдан бағытты сәл Батысқа қарай алып, Солтүстiкке тiке жүрсең, Қазығұрт тауына дейiн 20-30 шақырым жер болуы мүмкiн. Оңтүстiк Шығысында нақ осынша жерде Шымған таулы қыраттары, ал одан Батысоңтүстiкке қарай 30 шақырымдай жерде Ташкент. Турбаттың орналасқан жерi – көне дәуiрлер мен ортағасырлық мезгiл үшiн аса қолайлы орын: таудың етегi, жайлау жеткiлiктi, суы мол, қорғаныс шебiн жасай салу үшiн де қолайлы орын. Тiптен жылға-жылғаны қуалап қайда қарай қашып кетемiн десең де мүмкiншiлiк мол. Тарих қатпарларында осы ауылдың атының өзi талай өзгерген. Бiр кезде Хузнен (Хузьян деп те атайды), Шаңтөбе, Шуқұрлық деп те аталыпты. Әубәкiр Диваев өз түсiнiгiнде, тiптен Қаржан тауын Хозьян тауы деп көрсетедi. Ал «Турбат» деген сөздiң этимологиясын iздеушiлер оның араб тiлiнде «мазар» деген мағына беретiнiне де сiлтеме жасайды. (Бiз мұның қаншалықты дұрыс екенiн бiлмеймiз, тек Орталық Азия елдерiнде дәл осылай Турбат деп аталатын басқа да жер барын айта кетудi жөн көрдiк). Ал жергiлiктi тұрғындар бұл атауды мүлде басқаша түсiндiредi. Олардың айтуынша, бiрде жаудан қорғанып соғыс жүргiзгенде қолбасшылары жер жастанып

жатқан жауынгерлерiне «тұрып ат!» деп бұйрық берсе керек. Ал бұл өңiрде соғыстың өте көп болғаны анық. Содан барып жердiң аты «Турбат» аталып кетiптi дейдi (Тұрып ат – Турбат). Ендi осы елдi мекен туралы қағазға түскен деректерге тоқталайық. Авторының кiм екенiн әлi күнге дейiн ғалымдар анықтай алмай келе жатқан бiр шығарма – «Таварих-и Гузидайн Нусрат-наме» («Книга избранных дат победы»). Осы еңбектiң авторын бiреулер Мухамед Салых (бұл кiсiнiң «Шайбани-наме» дейтiн өлеңмен жазылған басқа еңбегi бар) десе, бiреулер Шайбани ханның өзi дейдi. Шығарма 1504-1510 жылдардың арасында жазылып бiткен, кiрiспесiнде сонау Оғыз хан заманынан басталғанмен, негiзiнен Шайбани ханның жеңiстерiн мадақтаумен аяқталады. Осы еңбектегi бiр соғыста араба-тура дейтiн қорғаныс құралы пайдаланылады. Бұл кәдiмгi араба, тек оның үстiне адам бойынан сәл асатындай етiп айнала тақта қағып, жоғарғы жағының арасын ашып қояды. Садақ тартқан жауынгерлер осы тақталарды өздерiне қалқан ретiнде пайдаланады. Ал түн мезгiлiнде осы араба-туралармен қосынның айналасын қоршай қояды. Сөйтiп, теп-тегiс жазық жерде-ақ қамал пайда болады. Осыны ғалым А.К. Боровков («Словарь Тали Имани Гератского к сочинениям Алишера Навои». ИНА АН СССР, ИВЛ. М., 1961 г.) былай түсiндiредi: «Араба» дейтiн сөз өзiнiң көлiк деген мағынасымен бiрге және «Орданың (қосынның) айналасын қорғаныс мақсатында айналдыра қазып тастаған ор» деген мағына бередi екен. Ал «Тура» деген сөз «адам бойымен бiрдей қалқан», «тақтай етiп кескен бөрене мен темiр келтектердi бiрiмен бiрiн байланыстырып, шайқастың алдында қамал жасай қояды да, соны паналап соғыс жүргiзедi» деген түсiнiк берген. Сонымен осы «араба-тура» – қазiргi терминмен айтқанда, ортағасырлықтардың қорғаныс кезiндегi Доты мен Дзоты, ал шабуыл кезiндегi танкiсi. Ал Шуқырлық деген атау қамал ретiнде көрсетiлген. Шайбани хан монғолдармен соғысуға аттанғанда Самарқаннан шығып, Жыланоты, Жизақ, Хавас дейтiн жерлерден өтiп, Шахрухиядан (Шыназ) өткен соң iлгерi жылжып, Шұқырлық дейтiн қамалға келедi. Осының алдында Моғолстан елiн талау мақсатымен (соғысып жеңуi емес) шабуыл-жорық жасап жүрген Шайбани

ханның бiр топ әскерiне кездескен қаңылы Хаджи Бахадурдың баласы Шах-Будағ Бахадур жойқын соғыс жүргiзедi. Жалпы осы Шах-Будағ – шайбанилар мен моғолдардың арасындағы (қазiргi түсiнiкпен айтқанда, өзбек-тәжiк пен қазақ-қырғыздың арасындағы) кикiлжiңдердi болдырмау үшiн үлкен әрекет жасаған азамат. Ол бiрқатар тайпаларды тез-тез көшiрiп, орнын ауыстырып, өлiмнен аман алып қалған. Шах Будағтың аса ержүрек, қайтпас батыр болғанын, Шайбани хан жөнiнде мадақтау дастанын жазған Мухамед Салық мойындап, оны дала жолбарысы ретiнде көрсетедi. Дегенмен, әрине, мадақтау дастаны өз ханына арналғандықтан, жекпе-жекте Шайбани жеңiп, Шах Будағты өлтiредi. Бiрақ басқа деректерге қарағанда Шах Будағ өлмейдi, өз мақсатына жете алмайтынына көзi жеткен соң бiр кезде өзi өлiмнен құтқарып қалған түрiкмен тайпаларының арасына кетiп қалған. Бұған оның жерлестерi – Арқұқ қамал-қаласының тұрғындарының дәл осы тұста Шайбани жағына берiлiп кеткенi де әсер еткен. Жалпы осы дәуiрде Арқұқтың атқарған қызметi өте күрделi. Ол жауласып жүрген екi елдiң шекарасындағы күштi қорғаныс болатын. Бiз бұл жөнiнде соңынан тоқталамыз. Мiне, Шайбани Шуқұрлық қамалына келiп жеткенде, сапында төрт мың жауынгерi бар Ахмед бекке кездесiп, оның мойынсұнуын қабылдап, Ташкендi қоршауға аттанады. Шайбанидың Ташкент ханы Сұлтан Махмудпен жүргiзген астыртын келiссөзiн сезiп калған Ахмет мырзаның әскерлерi бүлiк шығарып, Шыршық бойына келедi. Осы жерде Шайбани хан бұларға шабуыл жасап, Мырза әскерiнiң сапы соғысу емес, өзеннен өтумен әлек болып, көпшiлiгi суға батып кеткен. Мiне, осы жерде аталған елдi мекендердiң бәрiнiң орналасу жағдайын еске алған оқушы Шуқырлықтың Турбат екенiн оңай-ақ болжай қояды. Турбаттың осы атауын Шарфид-дин аль-Иазды өз еңбегiнде Әмiр Темiрдiң жете (Моғолстан) елiне шабуыл жасаған кезiнде де бiр рет еске алады. Турбатқа байланысты дерек Захириддин Мухамед Бабырдың «Бабырнама» кiтабында да бар. Тек бұл еңбекте Турбат аты бұлай аталмайды, басқаша аталады. Осы жерде бiз кiшкене ғана үзiндiнi Бабырдың өзi қалай жазып кетсе, дәл солай берудi жөн

көрдiк. Өйткенi кейбiр аудармаларда осы сөйлемдер белгiсiз себептермен терiс аударылып жүр. Сонымен, Бабырдың өз текстi (өзбек алфавитiнiң негiзiнде): «Тошканд била Сайрамнинг оросида Яғо деган кент ва яна бир неча кентгиналар бор. Иброқим ота ва Исқоқ отанинг қабри андадур бу кентларгача борилди». Ал дәл осы үзiндiнi Байзақ Қожабеков өз аудармасында былай бередi: «Ташкент пен Самарқанның аралығында Жаға деген мекен, тағы басқа да елдi мекендер көп, сонда Ибрагим ата мен Ысқақ атаның бейiтi бар. Бiз сол мекенге ат басын тiредiк». Мiне, осы жерде аудармашы Сайрамның атын нелiктен Самарқанға ауыстырғаны белгiсiз. Рас, қазiр бұл маңда Яғо дейтiн жер жоқ, бiрақ Бабырдың барған кентiн бiр қиырдан бiр қиырға апарып орналастыра салуға болмайды ғой. Ташкент пен Самарқанның арасында мұндай жер жоқ. Оның үстiне, Бабыр кiтабында осы атаудың қалай жазылғанының өзi көмескi ғой. Өйткенi кiтаптың екi нұсқасы сақталған, бiрi – Лондонда, бiрi – Қазанда, яғни тұңғыш рет осы екi қалада екi түрлi қолжазба басылып шыққан. Соңынан Ташкенде екi баспадан шыққан кiтаптың текстерi қайта сараланып, бiр кiтап болып басылды. Бiз үзiндi келтiрген кiтапта (Ташкент, «Юлдузча», 1989 ж.) Лондон басылымы бойынша берiлген нұсқадағы «Яғо» атауы алынса, Казан басылымында «Яғмон» деп берiлген. Бұл атаудың мағынасы қазiр бiзге белгiсiз, тек оның Турбат екенi айдан анық – Ибрагим ата мен Ысқақ атаның бейiттерi осында. Осы жерде бiз мына бiр жағдайды да айта кеткендi жөн көрiп отырмыз. Ең алдымен Махмуд Қашқариға жүгiнiп көрейiк. Сол ұлы баба түркi халықтарының тiлдерiн жiктегенде: «қырғыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, чiгiл, оғрак, жаруқ тайпалары тек түркi тiлiмен ғана сөйлейдi», – деп жазады. «Иағма» деген атауға «Тиразға жақын ауыл» деп түсiнiк бередi. Бабыр жазбаларындағы «Яғо», «Яғмон» атауларына Қашқаридiң осы түсiнiктерi ептеп дәлел болатын секiлдi. Оның үстiне «Қазақстан тарихы» атты кiтапта (Алматы, «Дәуiр», 1994 ж.) қарлық, шiгiл, яғма тайпаларының Қараханидтер мемлекетiн құруда көшпендiлер мен отырықшылардың араласуына үлкен әсер еткенiн айта келiп, соңынан олар Орта Азия халықтарымен араласа келiп, өзбек, ұйғыр ұлттарының қалыптасуына ықпал

жасағанын айтады. Жоғарыда айтылған Турбат мекенiнде көптеген замандардан берi өзбек пен қазақ халқы аралас тұрады. Оның үстiне осы ауыл Ташкент, яғни Өзбекстан жерiнен едәуiр қашықтықта, араларында көптеген қазақ ауылдары жатыр. Турбаттық өзбектер үлкен теңiздiң ортасындағы аралда өмiр сүрiп жатқан тайпаны еске түсiредi. Мiне, осының бәрiн жинақтай келiп, Бабыр дәуiрiнде аз уақытқа болса да Яғо (Яғмо) аталған ауылдың атауына Яғма тайпасының әсерi болған жоқ па екен деген ой қорытып, тұжырым жасауға болады. Тарихта мұндаймұндай жағдайлар жиi болып тұрғаны белгiлi ғой. Турбат – табиғаты өте әсем жер. Осы маңайда тау мен орман да, бау-бақша мен жазық дала да бар. Мал жайып, егiн салуға әбден қолайлы. Тау баурайынан сала-сала болып ағып келiп жатқан тау өзендерi дәл Турбаттың iргесiне келгенде қосылып, суы мол үлкен өзенге айналады. Алыс жолдан келе жатқан керуен болсын, немесе жалғыз атты жолаушы болсын, бәрi де Турбат қыстағына келгенде ат шалдырып, дем алатын сая таба алады. Көне жазулардағы деректер көрсеткендей, Жiбек жолымен жүрген керуен осы араға бiр тоқтамай өте алмайды. Өйткенi солтүстiктегi Испиджабтан келетiн керуен де, немесе оңтүстiктегi Шаштан шығатын керуен де дәл осы араға шаршап-шалдықпай жете алмайды – жолдың екi жағындағы үзiгi де қырқа-қырқаны асып келедi. Сондықтан бұл ара – сонау көне заманнан берi жолаушылары ығы-жығы, өз тұрғындары у-ду болып жататын орын. Бiр сөзбен әсiрелеп айтқанда, «күнде базар, күнде той». Мiне, осындай орындар өз заманының мәдениетi мен идеологиясына да үлкен ықпалын тигiзетiнi белгiлi. Соның бiр белгiсi – осы маңдағы көптеген әулие саналатын орындар. Турбат ауылының дәл ортасында Ысмаил атаның күмбезi тұр. Бұдан екi-үш шақырымдай жерде – өзеннiң оңтүстiк бетiнде Ысқақ атаның күмбезi орнатылған. Шығыс жағында қазiретi Имам атаның мазары, солтүстiгiнде – Пәрпi ата, батысында – Қайып ата. Мiне, Турбат – осындай қасиеттi мекен. Ендi бiз алдымен осы аймақ туралы әңгiмелердi хатқа алғашқы түсiргендердiң бiрi – Әбубәкiр Диваев ақсақалдың келтiрген деректерiн айта кетейiк. Осы кiсiнiң айтуы бойынша, Ысмаил ата Әмiр Темiрден бiр ғасырдан артық уақыт бұрын өмiр сүрген.

Өмiр сүрген жерi – Ташкент пен Сарьямның арасындағы Хозьян деген кент. Ол кезде бұл жердiң басқарушысы – «Бога Джиль» руының (Бөгежiл), «Жақсықұл» бөлiмiнен тарайтын Құтан батыр дейтiн кiсi. Ол өз мөрiн Қазiрет Ысмаил атаның атына шығарылған вакуфтық құжаттарға басқан. Қазiрет Ысмаил Ата жөнiнде Қазiрет Ишан Убайдулла (Қожа Ахрор, кейбiр деректер бойынша Ысмаил Атаның жиенi) ол кiсiнiң өзiнiң көзi тiрi кезiнде сыртынан өсек айтқан адамдар жөнiнде: олар мен үшiн сабынмен тең, олардың өсегi менiң денемдегi кiрдi тазалайды дейдi екен деп еске алған. Ал Қазiрет Ишан Убайдулла Ысмаил Атаның өз жолын қуушыларға айтатын уағызы төмендегiдей болғанын айтқан: адамдарға күн аптабынан көлеңке болыңдар, суықта киiм болыңдар, аштықта нан болыңдар. Мiне, осы деректердiң бәрi – Ә. Диваев түсiнiктемесi. Ал Диваевтiң өзi осы деректердiң дәлелi ретiнде «Рашахат» (?) деген парсы кiтабына сiлтеме жасайды. Кейiн қайталап жатпау үшiн Ә. Диваевтың Қазiрет Ысқақ Ата туралы берген түсiнiгiне де тоқтала кетейiк (Ысқақ Ата Ысмаил Атаның ұлы әрi дiни мұрагерi): «Қазiрет Ысқақ Ата «Санджаб» жерiнде, Сарьям мен Ташкенттiң арасында өмiр сүрген». Сонда қалай болды? Ысмаил Атаға байланысты түсiнiкте бұл орынды «Хозьян» деп атаса, Ысқақ Атаға байланысты «Санджаб» деп атайды. Бұлар әкелi-балалы кiсiлер, әрi мазарларының арасы үш-ақ шақырым жер. Егер осы дерекке сенер болсақ, онда Турбаттағы өзеннiң оңтүстiгiндегi аймақ басқаша аталған болды, немесе Ысқақ Ата қызметiн осы маңдағы басқа бiр елдi мекенде атқарған, ал денесiн жерлеуге Турбатты қасиеттi жер санап, осында әкелген. Дегенмен осы түсiнiктерiн де Диваев және де әлгi «Рашахат» деп аталатын кiтабын қараңыз деп тұжырымдайды. Бiз бұл кiтапты көргенiмiз жоқ, сондықтан ашып ештеңе айта алмаймыз. Мұны кiтапты оқып көрген кiсiлер немесе болашақ ұрпақ өкiлдерi айта жатар. Сол кiтапта бiраз тарих бар көрiнедi. Бiз осы жерде өз жазбаларымызда Әбубәкiр Диваевтың есiмiн жиi атайтын болғандықтан, сол кiсiнiң өзi туралы бiрер сөз айта кетейiк. Қазақ мәдениетi мен әдебиетi үшiн үлкен қызмет атқарған аса қадiрлi азамат «Әбубәкiр ақсақал – Диваев» (Мағжан Жұмабаевтың берген атауы) 1856 жылы Орынбор қаласында

өмiрге келiп, осындағы Неплюев кадет корпусын бiтiрген соң, Ташкент қаласына әскери қызметке жiберiлген. Осыдан бастап ол қазақ тарихы мен мәдениетi үшiн талмай iзденiстер жасап, артына үлкен мұра қалдырған. Жас кезiнен өз ана тiлi башқұрт тiлiмен қатар, қазақ тiлiн жетiк бiлген Әбубәкiр ақсақал соңынан өзбек, тәжiк-парсы тiлдерiн терең зерттеп, ағылшын тiлiн меңгерген. Ол Ташкентте ұйымдасқан Университеттiң түркология бөлiмiн құрушылардың бiрi, Қазақстанның көптеген мәдени қоғамдарының мүшесi болған. Этнограф-ғалымның өмiрден өткен күнi – 1933 жылғы 5 ақпан. Осы ғалымның қыруар енбегi әлi де толық зерттелмей, қазақ зерттеушiлерi мен оқырмандарының игiлiгiне айналмай келедi. Өкiнiштi-ақ жағдай. Сонымен Ысмаил Ата кiм? Ол кiсiнiң басына осындай алып күмбез неге орнатылған? Оның ұрпақтары кiмдер? «Ибрагим Атаның ұлы Қазiрет Ысмаил Ата... «Қосмола» деген үлкен таудың батыс жағында, қазiргi Ташкент уезiнiң Ақжар болысында өмiр сүрдi... «Ибрагим Ата» деп аталатын әулиелердiң бейiттерiн көп кездестiруге болғанымен, бiз бұл жерде «Турбат» деп аталып жүрген Ибрагим Ата туралы айтамыз, өйткенi ол «Турбат» деген жерде тұрған» – мiне, Әбубәкiр Диваевтың Ысмаил Ата туралы келтiрген нақты деректерi осындай. Оның үстiне ол Турбат дейтiн жердiң Қосмола тауын тiлге тиек еткен. Ендi бiз Ысмаил Ата туралы басқа бiлгiрлердiң де сөзiн келтiре кетейiк. Атақты ақын Әлiшер Науаи өзiнiң «Насоим ул-мухаббат» атты еңбегiнде: «Исмоил ата Хужа Ахмад Яссавийнинг Иброхим ота отлик инисиниг уғлидир ва хұжанинг муриди ва назар килганидир ва унга мурид, асхоб (сухбатдош) бұлибдүр», – деп жазады Ысмаил Атаның өзi туралы. Ал оның ұлы Хусеин туралы дәл осы еңбекте «Хусеин Шаих Исмоил ата фарзандларидандир. Ұұзал муомалалик киши эрди» деп жазады. Ал екiншi бiр «Мажилис ал-Нафис» («Ғұламалардың мәжiлiсi») деген шығармасында: «Мавлоно Отоий Балхта булур эди. Исмоил ота фарзандидир. Дарвешваш ва хушхулк, мунбаситочик кұнгилли, нуроний киши эрди. Турки гуй эрди. Уз заманида шьери қодимий узбеклар оросида шухрат топди», – деп жазады Ысмаил Атаның атақты ақын ұлы туралы. Оның есiмi Хусеин, ал «Мавлоно» деген сөз 7-268

аса бiлiмдар деген мағына берген атақ (қазiргi ұғыммен айтсақ, ғұлама немесе академик), Отоий – өзiне алған әдеби лақабы (псевдоним). Ал көне еңбектерге түскен толық есiмiн келтiрсек, былай болып шығар едi: Мавлоно Хусеин Шаих Отоий. Ал әдебиетте қалып қойған аты – Отоий. Ал Ибрагим Ата мен Ысқақ Ата жөнiнде Захриддин Бабурдың айтқан сөздерiн бiз жоғарыда келтiрiп кеткенбiз. Бабур сол кiтабында Отоий туралы да айтып кеткен, тек есiмiн «Мавлоно Шаих Хусеин» деп көрсеткен. Ендi Ысмаил Атаның өзi мен әулетi жөнiнде жазба деректерде қалып қойған мәселелерге келейiк. Сол деректердiң мәлiмдеуi бойынша Ысмаил Ата Хожа Ахмед Яссавидiн немересi болып шығады (Науаи дерегi). Бұлар Ысмаил және Жәбiрейл деген екi ағайынды болыпты. Бiр кезде осы өлкенi қалмақтар жаулап алғанда (Қазақ ауыз әдебиетiнде жаудың бәрi бiр-ақ атаумен «қалмақ» деп аталғанын еске ала берiңiз. Сондықтан бұл жердегi «қалмақ» деген сөздi «жау» деп түсiну керек. Немесе қалмақтың өзi тарих сахнасына Ысмаил ата дәуiрiнен әлдеқайда кейiн шыққан) Жәбiрейiлдi әке-шешесiмен қоса қырып салады да, сол кезде жиырма жасқа келген Ысмаилды тұтқын етiп ала кетедi. Өз елдерiне келген соң олар тұтқын жiгiтке қой баққызып қойған. Ысмаил алдындағы қоралы қойды төбенiң бауырына иiрiп тастап, өзiнiң еш нәрсемен iсi болмай, тек Аллахқа жалбарынып, зiкiр салумен болады екен. Осыны байқаған бақталастары Ысмаилдың үстiнен мал иесiне арыз айтады. «Мал ашуы – жан ашуы» деген емес пе, ол қой иiрiлген төбеге жетiп келсе, шынында да қойшы бала Аллахқа мiнәжәт етiп, зiкiрiн салып отыр, ал қойлар қанненқаперсiз иiрiлiп жатыр. Шағым айтушының сөзiнiң бәрi дұрыс, жалғыз ғана түсiнiксiз нәрсе – иiрiлiп жатқан қойлардың бәрi шетiнен семiз. Мал иесi осыған таңғалып, алғашқы жазаламақ болған ниетiнен қайтып, Ысмаилды әңгiмеге тартады. Ол өзiнiң бiр ғана аллаға сыйынып, мiнәжәт етуден басқа ешнәрсе де iстемейтiнiн, ал қойлар сол құдiреттiң әсерiнен өздерi-ақ семiре беретiнiн айтады. Осылай бiрте-бiрте мал иесi Ысмаилдың дiнiне бiржолата көшiп, оны өзiне пiр санай бастайды. Ақыры оны елiне қайтаруды мақсат еткен мал иесi бар қойын Ысмаилдың жолына құрбандыққа шалуға белiн бекем байлап, бар малын Ысмаилдың

алдына салып берiп, елiне қайтуына рұқсат етедi. Бұл ниеттiң ақ көңiлден шыққан ниет екенiн сезген Ысмаил: «Мен бұл малды сiздерден шын ниетпен қабылдап алдым, ал ендi менiң сыйым ретiнде осы малды өздерiңiз қайтып алыңыздар да, игiлiктерiңiзге жарата берiңiздер», – деп оны өз иелерiне қайтарып бередi. Осылайша көптеген кәпiрлердi мұсылман дiнiне енгiзген Ысмаил ақыры елiне қайтады. Бiрақ ол елiне тiке келмей, жолай Бұхар-иШарифке (қасиеттi Бұхара) соғып, сондағы ғұламалардан тәлiм алады. Ақыры пiрi Сеид Ахмедтiң батасын алып, өз елiне барып, Ибрагим атаның орнын алып, жұртты түзу жолға сал деген тапсырмамен Турбатқа қайтып келген. Бұл кезде Ысмаил 60 жасқа толған екен (кейбiреулер 58 жас дейдi). Жақын-жұртынан қалған жалғыз жеңгесi – Жәбiрейiлдiң әйелi мұны танып, үйiне кiргiзедi. Бұл кезде Ысмаилдың әкесi Ибрагим атаның орнын сол елде тұратын «Мандуд» деп аталатын топтың имамы иемденiп алған екен. Ол Ысмаил атаны танымайды, таныса да танығысы келмей, әкесiнiң орнын сұраған Ысмаилға: «Сен жалған айтып тұрсың, Ысмаилды қалмақтар әлдеқашан өлтiрiп тастаған» деп керiсiнше өзiн Ибрагим Атаның ұлымын деп әкiреңдейдi Мандуд Шейх. Табиғатынан биязы Ысмаил бұдан ары бармай, өзiмен-өзi болып жүре бередi. Күндердiң күнiнде қайнысының осы сырын сезген жеңгесi қамыр жайып отырғанда орнынан тұрып барып, пышақты қазанның ернеуiне жанып-жанып қайрап алып: «Пышақты қазанның ернеуiне жанып-жанып алсаң өткiрлене түседi, ал Ысмаил Атаны қанша қайрасаң да ешқандай әсер болмайды, мұның көн терiсiнен ештеме өтпейдi», – деп күңкiлдейдi. Осыдан соң қайраттанған Ысмаил Мандудка келiп: «О, Мандуд! Маған әкемнiң орнын бер!», – деп талап етедi. Оған Мандуд: «Сен суайттың суайты екенсiң, өтiрiгiңдi әлi қоймадың ба? Онда кiм Жарылқаушысын жәбiрлеп өтiрiк айтса, соның iшi жарылсын!» – деп жауап бередi. Дәл осы сәтте Мандудтың iшi жарылып, өмiрден өтiп кетiптi. Ысмаил өз әкесiнiң орнын алып, ендi муридтерiне өз уағызын жүргiзедi. Бұл кезде Ысмаил атаның төрт әйелi болған екен. Солардан туған үлкен ұлының атын Ысқақ, ал екiншiсiнiң атын Имам қояды (Әбубәкiр Диваев жинаған деректерде Ысмаил Атаның 18 ұл және 17 қызы болған,

өзi жүз жиырма жыл жасаған деп көрсетiлсе, Әлiшер Навои былай жазып кеткен: «Ёши юзга яқин ва Отаниң үз авлоди 17 ё 18 бор эди ва оломдан уларда авлоди орасидан Исхак. Отани макони қилиб оламдан утибдур»). Ысмаил Атаның абыройы бiрте-бiрте арта берген. Оның ұлдары да әке жолын қуып, сәуегейлiкке бейiм болса керек. Үлкен ұлдары Ысқақ пен Имам бiрде бiр мәселеге келiспей қалады. Мұның мәнiсiн сұрағанда, Имам: – Мен ана буаз сиырдың iшiндегi бұзаудың маңдайы қасқа десем, мына кiсi көнбей тұр, – деп жауап бередi. – Жоқ, ол бұзаудың маңдайы қасқа емес, құйрығы ақ. Енесiнiң қарнындағы жатқан бұзаудың құйрығы оралып, маңдайына жабысып тұр. Соны бұл жiгiт қате түсiнiп тұр, – деп өз уәжiн айтады Ысқақ. – Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды, – дептi Ысмаил ата төрелiк айтудың орнына. Мiне, сондықтан да Ысқақ пен Имамның бейiттерi Ысмаил Ата күмбезiнiң қасына жерленбей, жырақтау жерге жерленген екен. Басқа әулетiнiң бәрi Ысмаил Ата күмбезiнiң айналасында. (Мавлана Хусейн Отоий туралы соңырақ арнайы тоқталамыз). Ысмаил Атаның құдiреттiлiгi туралы келесi бiр аңыз осы Турбат селосының оңтүстiгiнде сегiз шақырым жерге орналасқан Шарбұлақ (Шарболат) ауылы туралы. Бiрде Ысмаил Ата өзiнiң диқандарына осы маңнан тегiстеу жер тауып, қауын егудi тапсырады. Дихандар пiрлерiнiң айтқанын екi етпей, етектен жазықтық жер тауып, қауын еккен. Еккен егiн түгел көктеп шығады. Бiрақ аздан кейiн су тапшылығын тарта бастайды. Осыны есiткен Ысмаил Ата дихандарға ерiп, қауындыққа барған. Жер құнарлы, егiн тегiс шыққан, тек су жоқ. Сол кезде Ысмаил Ата қолындағы Аса таяғымен төрт жердi түртiп қалады. Сол төрт тесiктен атқылап бұлақ шығып, бiр құлақ суға айналып, айналаны ылғалға айналдырады. Осы төрт бұлақтан (Шар бұлақ) шыққан су бүкiл алқапты суландыруға жетедi. Ысмаил Ата ендi бұл бұлақтардың суы қанша атқыласа да еш уақытта таусылмайтынын айтып, Турбатына қайтып кетедi. Сол заманнан берi осы ауыл Шарбұлақ аталып кеткен (өткен ғасырдың аяғынан бастап үстiмiздегi ғасырдың жетпiсiншi жылдарына дейiн «Шарболат»

деп аталып келдi). Сол су дәл бүгiнгi күнге дейiн таусылған жоқ. Қазiр де ауылдың аты Шарбұлақ деп аталады. Бiрде қосылып, бiрде ажыратылып жатқан ауылдарды жетпiсiншi жылы және бiр рет жеке бөлгенде, сол кездегi Аудандық атқару комитетiнiң төрағасы марқұм Қаражан Әбләзiмов осы ауылдық советтiң атын Шарбұлақ деп өзгертiп, қайта ататты. Сол кезде қуанышты хабарды жеткiзу үшiн Алматыға арнайы телефон соққан Қаражан: «Аға, ауылыңызды қайта бөлдiк, атын өзiңiз қайтақайта айта беретiн тарихи атауына үйлестiрiп, Шарбұлақ деп қойдық», – деген болатын осы жолдардың авторына. Ауыл содан берi қайтадан Шарбұлақ аталды. Мiне, Ысмаил Ата жөнiндегi қазiрше қолда бар деректер осылар. Бiр айта кететiн жай, осы аймақ туралы да, басқа да бүкiл оңтүстiк өңiрiне байланысты мәселелердi Әбубәкiр Диваев молда Көбей Тоқболатов дейтiн азаматтың деректерiне сүйенiп жазған, тiптен көбiнше сол кiсiнiң жазған еңбектерiн орыс тiлiне аударып қана отырған. Мысалы, «Азиялық Ташкент қаласының пайда болуы жөнiндегi аңыз», «Өзбектер тегiнiң шығуы жөнiндегi аңыз», «Қырғыздардың (қазақтардың) шығу тегi жөнiндегі аңыз», «Түстiң баяны», «Қазақ жастарының ежелгi ойындары» сияқты т. б. жарияланымдар тiкелей Көбей Тоқболатовтың қолжазбасынан аударылған. Осы Көбей ақсақал кезiнде аса бiлiмдар азамат болса керек. Оның қалдырып кеткен мұрасы аса мол, тек әлiге дейiн зерттеусiз жатыр. (Шамасы, Ташкент архивтерiнде болса керек.) Осы кiсiнiң өзi – жоғарыда айтылған Шарбұлақ ауылының азаматы. Тегi қаңлы тайпасының Омыртқа руынан болғандықтан, қаңлы тайпасының шежiресi жөнiнде де көп зерттеу жүргiзiп, шежiре түзген. Мұны да Әбубәкiр Диваев өз еңбектерiнде пайдаланған. Сол кездегi Сырдария губерниясының генерал-губернаторы Н.И. Гродеков те өз еңбектерiнде осы Көбей Тоқболатовтың жазбаларының кейбiр тұстарын пайдаланған (Гродеков Н.И. Киргизы и Каракиргизы Сыр.Дарьинской области, том I, Ташкент, 1889 г.). Көбей Тоқболатов қаңлылардың (Шарбұлақтағы) бұл аймаққа келуiн өз дәуiрiнен төрт жүз жыл бұрын (қазiр бес-алты жүз жыл) болған оқиға едi деп көрсетедi де, Ибрагим Атаның пiр болған тұсына сәйкестендiредi. Ол кiсi қазақтың үш жүзге бөлiнуi жөнiнде де

ой айтып, еңбек жазып, оны Әмiр Темiр дәуiрiмен шендестiрген. Оның еңбектерiнiң iшiндегi, әсiресе көңiл бөлетiнi – қаңлы тайпасының сонау көне дәуiрден бергi тарихына шолу жасағаны әрi сол болжамдардың қазiргi айтылып жүрген қағидаларға сәйкестiгi. Тоқболатов жазбаларындағы бiр ерекшелiк – қаңлы тайпасының Келдiбектен бастап Хиуа жерiн жайлағанын, кезiнде олардың ұрпағы Қараман мен Сарыбай деген ағайынды жiгiт Хиуаны кезек билейдi. Бiрақ Қараман уәдесiнде тұрмай Сарыбайды өлтiредi де, Қарахан деген атпен Хиуаның ханы болды, ал Сарыбайдың әулетi мен туыстары Қазығұрт тауы мен Ташкент маңына (Ә. Диваев кезiнде Ақжар болысы атанған, осы маңда кезiнде орыстар Степное деп атаған қыстақты қазақтар әлi де Ақжар деп атайды) келiп қоныстанған. Көбей Тоқболатов өз руы Омыртқалардың төрт жүз үйi Шарбұлақта екенiн, ал қалғандары Ташкент маңында көшiп жүретiнiн айтқан. Осы жерде Ысмаил Ата туралы жергiлiктi халықтың айтатын пiкiрiне де зер сала кетейiк. Қазiргi кезде осы аймақты мекендейтiн қазақтар екi-ақ рудың адамдары – Бөгежiлдер мен қаңлылар, ал үшiншi топ – өзбектер. Осы Бөгежiлдер Ибрагим Ата тұсында ел билеген Құтан батырдың ұрпақтары, ертеден келе жатқан осы жердiң аборигендерi, қаңлыларды да сол дәуiрге апарып шендестiредi, ал өзбектердiң қай мезгiлде келгенiн ешкiм анықтап айта алмайды. Мiне, осы тұрғындардың атадан балаға жалғасып келе жатқан ауызша деректерiнде Ысмаил Атаны қаңлы тайпасының Омыртқа руынан шыққан азамат деп түсiндiредi (бұл тұжырымға осы маңды мекендейтiн қаңлы тайпасының басқа рулары да таласпайды). Ысмаил Атаның хатқа түскен тарихы да табылған екен осыдан он бес-жиырма жыл бұрын, тек оны сол кезде мешiтке имам болып келген молда уақытша деп алып, соңынан өзiмен бiрге Тәжiкстанға алып кетiптi. Алғашында «ендi сатып алыңдар» деп жүрген молда ел адамдары сатып алу ниетiмен және барғанда «жоғалтып алдым» деген сылтаумен мүлде бермей қойған. Соңғы төрт-бес жыл көлемiнде табылған және бiр белгiсiз қолжазбаны бiр пысықай ешкiмге айтпай (өзi де мағынасын түсiне алмай), Ташкент институттарының ба, архивтерiнiң бе – бiрiне өткiзiп жiберген. Сонымен жазба

дерек жоқ, ал ел аузындағы аңыз әлгiндей. Тiптен соңғы кезде Шарбұлақ ауылында тұратын бiрер азамат Турбатқа қайта көшiп келiп, өз атамыздың мазарын өзiмiз күзетемiз деп осы айналаға орнығып та алған... «Сенiкi дұрыс емес» деп оларға да қарсылық бiлдiрген ешкiм жоқ. Бiз бұл жерде Ысмаил Атаны бiр руға апарып таңа салу ниетiнен аулақпыз. Бiзге салса, қашан бiр дәйектi жазба дерек табылғанша, бұл кiсiнi ешбiр руға да, тайпаға да, ұлтқа да телiмей қоя тұрған мақұл. Бiздiң мұны тәптiштеп айтып жатқанымыздың сыры басқада. Ол – Ысмаил Атаның Қожа Ахмед Яссавиге қатысы туралы мәселе. Егер Ысмаил Ата қаңлы тайпасының өкiлi болса, онда Яссави де қаңлы болып шықпай ма? Қожа Ахмед Яссави кесенесiн, оның мұрасын алғаш зерттеген әрi терең зерттеген ғалым академик М.Е. Массон өз еңбектерiнде (көбi Ташкентте басылған) Яссавидi қаңлы тайпасының қарапайым шаруасының отбасында өмiрге келген дейдi. Оның атағы мен бiлiмi шыққан тегiне байланысты емес, өзiнiң зеректiгiне байланысты дейдi. Осындай деректi басқа да бiрқатар ғалымдар айтады. Мысалы, Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, М. Томановтардың «Көне түркi жазба ескерткiштерiнiң тiлi» деген оқулығында (Алматы, «Мектеп», 1971 ж.): «Қожа Ахметтiң әкесi Ибрагим дин Махмуд бин Ифтихар жергiлiктi түрiк тұқымдас халықтардың iшiнен шыққан қарапайым дихан болған» (28-бет), – деп жазады. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған бiр мақаласында А. Нысаналин де осы ойларды қайталады. Бiрақ соңғы кезде Яссавидi насихаттаушылар мен зерттеушiлер ұлы ойшылдың түп-тамырын Мұхаммед пайғамбарға апарып бiр-ақ тiрейтiн бағытты ұстанып алды. Сайрам селосындағы тарихи музейдiң қызметкерлерi Яссави әулетiнiң кестесiн жасап, арнайы плакат етiп шығарды. Солардың соңғы кезде бiртабан тiрейтiн дәлелi – жаңадан табылған Яссави мөрi мен соған ойып жазылған есiмдер. Осыған байланысты бiз мына бiр жайды еске сала кеткiмiз келедi. 1895 жылы Әбубәкiр Диваев Қазан қаласына бiр көне мөрдiң көшiрмесiн алып барған. Мөр жазуларын оқыған П.Н. Ахмеров мынадай түсiнiктеме бередi: мөрдiң ортасындағы шеңбердi айнала Орта Азия ойшылы

Қожа Ахмед Яссавидiң аты, Хижра бойынша жыл санағы (1212), ал шеткi шеңберде мөрдi жасаған ұстаның есiмi – Қожахан деп жазылған. Тоғыз сантиметрлiк шеңбер 10 радиусқа бөлiнген де, әрқайсысына Мұхаммед пайғамбардың барлық муридтерiнiң және Ахмедтiң өзiнiң есiмi жазылған (Ахмеров П.А. Надписи на Мечети Ахмеда Яссави. Известия общ-ва археологии, истории и этнографии при Казанском Императорском университете, т. XIII, вып. 6. Казань, 1896 г., стр. 538-551). Мiне, осы мөрдiң өзi мен ондағы жазулар бiрқатар сұрақтар тудырады. Оның не үшiн жасалғаны және кiмге тиесiлi екенi де белгiсiз. Әрине, жазуларға қарап, Ахмед Яссави қолданған мөр деп жобалауға болар едi; тек онда жыл санағы тiптен алшақ жатыр ғой. Демек, мөрдiң мақсаты басқа. Онда осындай мөрлер көптеп жасалуы да мүмкiн ғой. Сондықтан мұндай нәрсеге де абай болу керек. Ендiгi бiр мәселе барлық бұрынғы-кейiнгi зерттеушiлер Ысмаил Атаның ұлы Отоийдiң Ахмед Яссавидiң туысы екенiн айтады да, ары қарай бармайды. Тiптен айтып отырған ақындарының (Отоий) аса көрнектi ойшыл екенiн табан астында ұмыта салатындай мiнез көрсетедi. Ал Сайрамдағы музейдiң қызметкерлерi iргелерiнде тұрған Ысмаил Ата мазарына (5060 шақырым) бiрде-бiр рет бармаған. Олар жасаған генеологиялық тiзiмде бұл тармақ мүлдем көрсетiлмеген. Осы жұмбақтың сыры неде екенiн ешкiм бiлмейдi. Тiптен кейбiр еңбектерде Яссавидiң өзiн де Сайрамнан сүйреп апарып, Түркiстанда өмiрге келтiре салады («Ежелгi дәуiр әдебиетi», Алматы, «Ана тiлi», 1991 ж.). Бiздiң осы бiр, мүмкiн, әдебиет тарихы үшiн көп маңызы да бола қоймайтын мәселеге көбiрек тоқталғанымыздың негiзгi себебi – ендiгi айтпақ болған әңгiмемiз Отоий жөнiнде болғандықтан, бiздiң Қазақстанда осы көрнектi ақынға көңiл бөлiнбей келе жатқаны. Жоғарыда айтқанымыздай, Отоий Ысмаил Атаның ұлы, ұлы болғанда кенже ұлы, аса талантты ұлы. Отоийдiң әкесi Ысмаил Ата екенiн, оның әкесi Ибрагим Атаның Қожа Ахмед Яссавидiң iнiсi екенiн жазба деректерде қалдырып кеткен Әлiшер Навои екенiн жоғарыда айтып кеткенбiз. Отоийдiң Сайрам мен Ташкент арасындағы Турбат қыстағында өмiрге келiп, соңынан

Балхта тұрғанын жазып кеткен де Навои. Шағатай тiлiндегi жазба әдебиеттiң негiзiн салушы деп бағалаған осы ұлы ақын, ойшыл өзiнен бұрын өткен, шығармаларын түркi тiлiнде жазған ақындардың iшiнен бiрнешеуiн өзiне ұстаз санаған. Навоидың ең алдымен ауызға алатын адамы – Лутфи. Оған берген бағасы – «Мүлк ал-Калами» («Сөз патшасы»). Одан соң атағаны – Отоий. Отоийдiң сақталып қалған 260 өлеңi бар. Олар Санкт-Петербургте сақтаулы. Сол шығармаларының бiр тобы Ташкентте бiрнеше рет басылып шықты, ал Қазақстанда бiр жолы да аударылған да жоқ, басылған да жоқ. Отоий жөнiнде жазылып жүрген еңбектердiң iшiнде бiр үйлеспейтiн жерi бар. Бiрiншiден, оның туған жылы мен өлген жылы туралы нақты дерек жок.. Екiншiден, Навои оны Яссавидiң iнiсiнiң немересi (Ибрагим – Ысмаил – Отоий) десе, Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, М. Томанов оқулығында «Қожа Ахмет Яссавидiң орнын басқан Сайд Атаның немересi (Ысмаил Атаның баласы)» деп жазады. Ал Әбубәкiр Диваев түсiндiруi бойынша, «Қазiрет Ысмаил Атаның пiрi Сеид Ахмет Ата болған». Демек, ол Сеид Атаның немересi болуы мүмкiн емес. Ал және бiр деректе Отоийдi Яссавидiн жиенi деп те көрсетедi. Ал X. Сүйiншәлиевтiң «Қазақ әдебиетiнiң тарихы» атты 1998 жылы жарық көрген еңбегiнде Отоий (автор Атайы деп алады – Қ.Т.) туралы: «Ол Сайрамда туып өскен. Иассауидiң аталас ағайыны. Исмаил тұқымынан. Самарқанда қызмет еткен», – деп жазылған. Дегенмен автор Ғафур Ғұлам мен Э. Рустамовтардың дерегiне сүйенiп, өз қорытындысын: «Иассауи да, Атаий да Сыр бойын мекендеген қаңлы-қыпшақ тiлiнде қызмет еткен түрiктердiң орта ғасырлық ортақ жырауы екенi күмәнсiз» (200-бет), – деп тұжырымдайды. Бiз осылардың бәрi-нен гөрi, Навоидың айтқандарына тоқталу жөн ғой деп бiлемiз. Отоий туралы және бiр ғұлама ерекше тоқталып кеткен. Ол – Захреддин Бабур. «Бабырнаме» кiтабында: «Яна Мавлоно Шайх Хусаин эди... ул жихаттин мазкур бүлди. Хикамиет ва ақлиет ва калом ихимини хұб билур эди», – деген сөздер бар. Мiне, осы ұлы ақынның өмiр жолы туралы әлi де шешiлмей келе жатқан бiр мәселе бар. Ол – Отоийдiң қайда жерленгенi туралы. Халық арасында Отоий егде тартқан кезiнде елiне

қайтуды ойлап, Балхтан кетiп қалады. Осы кетудiң жалғыз ғана сағыныш емес, басқа да бiр сыры болса керек. Өйткенi ақын жасырын кеткен, елiне де жасырын келген. Мүмкiн, осының сырын Бабурдың мына бiр сөздерi ашып тұр ма деген ойға келуге де болады: «Сұлтан Әбу Саид мырзаның кезiнде Маулана Шайх Хусайын оның етене жақын адамы әрi билiгi жүрiп тұрған жан болды... елдегi барлық маңызды iс оның назарынан тыс қалмады... Султан Әбу Саид мырзаға етене жақындығы үшiн осындай беделдi адам Сұлтан Хусаин мырзаның кезiнде қақпай көрiп, қорлыққа душар болды». Егер осы дұрыс болса, Отоийдiң елiне жасырын кетуiнiң де жөнi келедi. Турбат қыстағындағы Ысқақ Ата күмбезiнiң iшiнде екi мүрде қатар жатыр. Жұрт осының бiрiн Отоийдың денесi жерленген орын дейдi, ал оған қарсы пiкiр айтушылар «неге ағасының қасына қойылған» деп уәж айтады. Не болғанда да бұл – қазiрше жұмбақ мәселе. Ташкент баспасөзiнде жиi-жиi «Отоий Турбатта ма, әлде Балхта ма?» деген тақырыппен мақалалар жарияланып жатады, бiрақ нүкте әлi қойылған жоқ. Осы туралы кезiнде өзi турбаттық Өзбекстанның халық жазушысы Тураб Төле «Жетi зағара» дейтiн повесть жазды. Автор бұл шығармасында Отоийдiң неге оралғанын өзiнше дәлелдейдi. Бұл ғалымдар шешетiн мәселе ғой, ал осы аса көрнектi ақынның мұрасының әлi кезге дейiн елге оралмай жүргенi өкiнiштi-ақ. Мезгiл жеткен сияқты. Бiр өкiнiштiсi, осыны жерлестерi де көп ойлай бермейтiн секiлдi, өмiрден өткенiне бес жүз жылдай болып қалған ақынның атын бiр рет болса да кеңiнен атап өтетiн уақыт әлдеқашан-ақ болып едi. Бұл жерде қазақ фольклорына тән «Айтыс», «Жар-жар» секiлдi жанрлардың Отоий творчествосына ықпал еткенiн де еске алу керек. Осы Турбат төңiрегi жөнiнде әңгiме болғандықтан, соңына қайтып оралмау үшiн бiрқатар мәселелердi айта кетейiк. Бұл өңiрдiң әулиелер өңiрi екенiн жоғарыда айттық. Сол әулиелердiң жалпы санын жетеу дейдi, оның әрқайсысының өзiндiк тарихы мен сыры бар. Жоғарыда аты аталған Тураб Төле ағамыз өз кiтабында («Етти зоғора қиссоси», Ташкент, «Еш гвардия», 1981 ж.) бiраз қасиеттi саналатын жерлердiң тарихына тоқталып, көркем

сөз әдiсiмен баяндап кеткен. Соның бiрi Қақпақтағы үңгiрден басталатын жерасты жолы болса (Қытай саяхатшыларының жазбаларындағы Темiр қақпа мен қасиеттi кiтаптарын сақтайтын кангюйлердiң үңгiрiн еске ала берiңiз), екiншiсi – Пәрпi ата. Мұның алғашқысын Тураб аға Отоий Балхтан қашып келе жатқанда қуғыншылардан жасырыну үшiн осы үңгiр жолымен жүрiп, Турбаттан бiр-ақ шыққан жерасты жолы едi деп суреттесе, екiншiсiн өзiнiң туған нағашысының қызына зорлап үйлендiрмек болған жас жiгiттiң елiнен қашып кетуi мен соған қалыңдық деп аталастырылып қойған қыздың намысқа шыдай алмай, өзiн-өзi өлтiруi, ақыры мұны есiткенде жас қыздың өлiмiне себеп болған айыбын өз бойына ар санап, бұл да өзiн-өзi өлтiруi жөнiндегi оқиғаға байланыстыра айтуы. Осы кiтапта Қотырбұлақ, Көкжаңғақ, Шарбұлақ жөнiнде де тартымды суреттелген. Әсiресе сол ертеректегi дәуiрде қатынастың қиындығын бейнелейтiн мына бiр әзiл әңгiменi жарасымды пайдаланған. Бiрде турбаттық бiр жiгiт шарбұлақтық жiгiтке кездесiп қалғанда былай деп сұрапты дейдi: – Сендер дүниенiң арғы бетiнде өмiр сүресiңдер-ау деймiн, шамасы. Мен қай төбеге шығып қарасам да аспан сендердiң ауылдарыңа жақындағанда, төмендей-төмендей жермен қабысып қалады. – Иә, – деп жауап берiптi шарбұлақтық жiгiт. – Бiз өз үйлерiмiзге кiрiп-шыққанда төбемiз аспанға тиiп кетпесiн деп еңкейiп жүремiз. Мiне, осы әңгiмелескен екi жiгiттiң ауылдарының арасы сегiзақ шақырым жер. Ал бұл әзiл-әңгiме, шамасы, сонау ертеден келе жатқан қазақ пен өзбектiң арасындағы зiлсiз мысқыл мен достықтың да куәсi болса керек. Дегенмен осы жерде Қақпақ аталатын әлгi Үңгiр мен осындағы Заңғар деп аталатын биiктiк туралы да айта кетейiк. Бұл шоқы онша биiк емес, оңтүстiгiнен келсе, оп-оңай-ақ көтерiлiп кетесiң. Ал осы Заңғардың солтүстiк бетiнде қар жатпайды. Қазығұрт маңының қай жерiнен қарасаң да қыстың күнi қапқара боп жатқаны. Ал халық арасына тараған аңыз бойынша осы заңғардың астында (немесе қарсы беттегi үңгiрдiң iшiнде) алып

айдаһар жылан жатады-мыс. Жауған қар соның демiмен бiрден ерiп кетедi екен. Бұл – халық аңызы, ал ғылыми түсiнiктi әлi ешкiм айтқан емес. Пәрпi ата деп аталатын әулие – жазық жерде жалғыз тұрған үлкен тас. Айналасында өзге тас жоқ. Осы тастың ортасында тесiк бар. Осы тесiктен жалғыз адам ары-берi өтiп кететiндей мүмкiншiлiк бар. Аңыз бойынша, осы тастан тек күнәдан пәк, таза адамдар ғана өте алады екен де, күнәлiлердi тас қысып қалатын көрiнедi. Тураб ағаның әңгiмесiндегi оқиға жаңа отау құратын жас жұбайлардың күнәдан таза екенiн ел алдында жария ету үшiн осы тесiк тастан өткiзу рәсiмiн жасауға арналған оқиғаға байланысты. Мақұл, мұның бәрi аңыз-ақ болсын, ал осы алып тасты елден ерек жазық жерге қалайша алып келгенiнiң өзi бiр жұмбақ. Ал тастың мұнда басқа жерден алып келгендiгi ақиқат. Өйткенi ең жақын тасты тау бұл арадан он бес-жиырма шақырымдай жерде. Нақ осы жердегi және бiр ерекше құбылыс – осы жазықтықтың етегiне таман шығыстан батысқа қарай созылып жатқан үлкен жыра. Сол жыраның iшiнде бiр құлақ су ағып жатыр. Осы суды жағалап жүре берсең, Турбат ауылының жоғарғы жағындағы Аққұм ауылына жақын барғанда өзен үлкен үңгiрдiң iшiнен шығып жатқанын көресiң. Осы жолдың авторы бала кезiнде осы үңгiрдiң iшiне бiрнеше рет кiргенi бар-тын. Үңгiр iшi бiрде биiктеп, бiрде еңбектеп өтетiндей-ақ тар қуысқа айналып, жүз метрдей жерге баратын. Содан ары жырымданып барып бiтедi. Сол тұстан бұлақ сулары жылымданып басталып барып, үңгiрден шыққанда әжептәуiр ағынды суға айналады. Нақ осындай өзендердiң бiрi – Шымкент темiр жол бекетiнiң астынан шығып, қаланы қақ жарып өтiп жатқан Қошқар ата өзенi болса, екiншiсi – Қазығұрт тауының етегiнен (батыс жағы) шығып, төмендегi Рабат ауылын суландырып жатқан Ақбұра суы). Осы жердiң тұрғындары ғана емес, бүкiл аймаққа қызмет атқарған осы Мұңал (мүмкiн, Мұғал шығар) суының қасиетi – сол таудан аққан судың екпiнiн пайдаланып, өзен бойына бiрiнен кейiн бiрi орналасқан оннан астам су диiрменнiң жұмыс iстеп тұрғаны болатын. Айналасы төрт-бес шақырым жерге орналасқан осы диiрмендер сол өңiрдiң барлық тұрғындары-

ның ұнға қажеттiгiн толық өтейтiн. Осы диiрмендердiң қызмет атқаруына ешқандай шығын шықпайтын. Өйткенi негiзгi қуат – тау суының екпiнi. Бiз әлгiнде Аққұм ауылын айттық. Осы ауылдың арасынан өтiп жатқан өзен – басқа өзен. Егер сол өзендi бойлап кете берсең, табиғаттың және бiр тамашасына кездесесiң. Ол – Қырық қыз деп аталатын жердегi су құламасы мен тас мүсiндер. Әлгi Аққұмнан шыққан өзеннiң екi жағасы бiрте-бiрте биiк жарға айналып барады да, бiр кезде батыс жағындағы көлбеңкiреп жатқан жардың беткейi түгелiмен ұзынынан тiк тұрған тас мүсiндерге айналып кетедi, ал шығыс жағы – шөп өскен тiк қия. Қарсы алдында – алғашында тiке аспаннан төгiлiп жатқандай боп әсер қалдыратын су сарқырамасы. Сарқырама – бiр белдеуден бiр белдеуге (террасы) қайта құйылып жатқан үш үзiк. Судың алғашқы түскен жерi үлкен тас, одан шоршып қайта түскен жерi және тас содан барып етекке түседi. Осы жердегi тас табиғи ванна сияқты. Жалпы сарқыраманың биiктiгi жүз елу-екi жүз метрден кем емес. Ал әлгi жар беткейiндегi тас мүсiндердi жергiлiктi халық Қырық қыз деп атайды. Ол тас мүсiндер сәукеле жамылған науша бойлы адамдарға ұқсайды. Ел әсемдiгiн аңғарып, қыздарға балаған болу керек. Аңыз бойынша осы қыздар тұтқиылдан жау келiп қалғанда «бiздi жау қолына түсiрiп, қор қылғанша тасқа айналдыра гөр» деп жаратқанға шын жалбарынғанда, күнәдан таза перiштедей пәк жандардың өтiнiшi қабылданыпты дейдi. Ал бұл қыздардың құлама судың бойына неге келгенi – әлде суға түсуге келдi ме, әлде қасиеттi жермен соңғы рет қоштасуға келдi ме немесе табиғаттың өзi осы қыздардың пәктiгi мен елiне деген сүйiспеншiлiгiн құрметтеп, сарқыраманы содан соң жасады ма деген сұрақтарға аңызды ары қарай өрбiтушiлер әр түрлi жауап бередi. Не болғанда да бұл жер – көпшiлiктiң назарынан тыс қалып келе жатқан аса көркем қасиеттi жер. Қосмола аталған таудың етегiнде. (Айта кетейiк: дәл осындай Қырық қыз дейтiн тас мүсiндер Қазығұрт тауының Өгем шатқалына түсе берiсiндегi ылдида да бар). «Кереметтi көргiң келсе, тауға бар» деп қазақ тегiн айтпаса керек. Осы тауларда талай-талай керемет жерлер бар. Жоғарғы

Турбаттан тiке көтерiле берген жерде кетiп бара жатқан керуен мен шөгiп жатқан түйе бейнесi болса, одан сәл iлгерiлегенде Кәтiреңкi деген жер бар (Кәтiреңкi сирек кездесетiн қасиеттi ағаштың аты дейдi). Осындағы алып ағаштың түбiнде жатқан тастағы бедердi жергiлiктi халық пайғамбарлардың бiрiнiң колының iзi дейдi. Осы тұстан Шымғанға қарай таудың белдеулерiн басып жүре берсең, Көкжаңғаққа жетесiң. Осы тұста аппақ тастан жасалған адамның бейнесi бар дейдi. Ары қарай Азат башы мен Шарбақ. Осы Жоғарғы Турбаттағы Қара тас деп аталатын қырат туралы бiз жоғарыда айтып кеткенбiз. Ал Орта Турбатта Ақ тас дейтiн қырат және бар. Айналасы екi-үш шақырым жердегi екi қыраттың аты екi түрлi, тастарының түсi де екi бөлек – бiрiнде тек қара тастар, ал екiншiсiнде тек ақ тастар. Неге бұлай? Бұл, әрине, табиғат құпиясы. Мұнда тұрған керемет ештеңе де жоқ болар, дегенмен ол талай-талай халық аңызына арқау болғаны рас. Сол сияқты осы маңдағы Бәдiрқожа деген жер мен Пәрпi атаға барар тұста жылан өте көп болатын. Сол маңға жазда бара қалсаң, ең болмағанда күнде бiрнешеуiн көруге болатын. Бұл туралы да халық аңызы жеткiлiктi. Соның бiрi – ордалы жылан жүрген жерде алтын кенi болады екен дейтiн аңыз. Турбат ауылынан жиырма шақырымдай жерде қазiргi ау-дан орталығы – Қазығұрт селосы жатыр. Осы селоның батыс жағында шөл дала басталатын қыраттардың бiрiнiң бауыры-нан бұлақ атқылап жататын. Сол бұлақтың суы айналасын көгалдандырып, шөл даладағы кiшкентай оазиске айналдырып тұратын. Осы бұлақты жергiлiктi халық көзiн жау бiтеп кеткен үлкен ағынды су беретiн бастау болған деп топшылайтын. Сондағы жаудың әрекетi – бұлақ көзiн құрма кiлем төсеп, үстiнен қорғасын құйып тастапты-мыс. Соны ашса, бұлақ көзi ашылмақ. Осы су мен жаудың шайқасуы аңыз шығар, ал соңғы жиырма шақты жыл көлемiнде көзiн аршыған осы Молалы бұлағының суы селоны ауыз сумен толық қамтамасыз етiп тұрғаны анық. Оның үстiне осы бұлақ суы терiс ағатын, яғни батыстан шығысқа қарай ағып барып, он шақты шақырым жердегi Келес өзенiнiң суына құятын. Мүмкiн, өзi шөлден басталып, терiс ағып жатқаны үшiн

де қасиеттi саналған шығар. Ал осы Молалыдан батысқа қарай шөл дала. Бiр кезде сол шамада Келiтас дейтiн жер болатын, сонда түрлi-түрлi бейнедегi тастар көптеп жатушы едi. Соңынан олардың бәрiн цивилизацияға ұмтылған кезеңдерде жойып жiбердi. Батысқа қарай және жылжығанда Жылға деп аталатын дала басталады. Ал бұл жерде тастан ойып жасалған неше түрлi үңгiрлер мен бейнелер бар. Бұл – өз алдына бiр дүние. Қазығұрт ауылының төменгi (солтүстiк) жағында Жанкел әулие дейтiн орын бар. Бұл бiр атақты ақынның бейiтi дейтiн. Кешегi сұрапыл соғыс кезiне дейiн осы ауылдың домбыра тартуды үйренемiн деген жастары осы әулиенiң басына барып түнесең, домбыра тарту таланты бiрден қона кетедi екен деп гуiлдесiп жүретiн, тек сол жерге барып түнеуге жүрексiнетiн. Өйткенi ол жерге жастар түгiлi, қараңғы түскен мезгiлде ересектер де бармайтын, күндiздiң өзiнде аяғын тартып басатын. Сонда осы Жанкел кiм? Оны ешкiм жөндеп бiлмейдi, немесе бiлсе де айтпайды. Ал бұл ақынның Сыр бойындағы Шардара маңындағы мазарда жатқан Жанкел ақынға қатысы бар ма, жоқ па, оны да ешкiм бiлмейдi. Бұл – құнтсыздықтың кесiрi. Әйтпесе сонау көне дүние емес, тарих үшiн кеше ғана өткен ақынның есiмiн еске сақтар едi ғой. ҚАЗЫҒҰРТ – ХАНДАР МЕН БИЛЕР ЖАЙЛАУЫ Қасиеттi Қазығұрт тауына сиынып, тағзым етпеген қазақ зиялысы жоқ. Оны жұрттың бәрi бiледi – бәрi айтылып, бәрi жазылып жүр. Сәуiрбек ағамыз өз кiтабында осы таудың етегiне Қорқыт баба, Аяз ата, Әл-Фарабидiң бәрiн бiр-ақ жинаған болатын. Осының бәрi бет бұлтартпас шындық ретiнде көпшiлiктiң арасына кең тарағанын бiле тұра, бiз тарихи еңбектерге де сiлтеме жасай кетудi жөн кердiк. Қазақ арасына кең тараған шежiрелердiң бәрiнде дерлiк Майқы би есiмi кездеседi. Әрине, шежiрелердiң де бiр кезде

алғаш қағазға түсiрген (немесе ауызша жүйелеген) авторлары бар. Солардың әрқайсысы өз өресiнiң жеткенiнше еңбек еткен. Сондықтан шежiрелердiң iшiнде көптеген қайшылықтар да болуы ғажап емес. Ал сол шежiрелердi мұқият зерттеп, ғылыми тұрғыдан қарап, бiр жүйеге түсiру қазiрше бiздiң елiмiзде қолға алынған мәселе емес. Соңғы жылдары көбейiп кеткен шежiре кiтаптар – әркiмнiң өзiнше iзденуiнiң арқасында қолға түскен дүниелер. Шынын айтсақ, осы әрекеттерiмiз шежiретарихымызды саралап алудың орнына, ары тарт, берi тарт болып, жымдастырудың орнына ыдыратуға әсер етiп кетпес пе екен деген де қауiп жоқ емес. Сонау Қиыр Солтүстiкте өмiр сүрiп жатқан саха (якут) бауырларымыздың елiн он шақты рет аралағанда бiр байқағанымыз, әрбiр ауылда өздерiнiң музейi бар. Бұл – сол аймақтың тарихы. Ал бiзде ол жоқ. Ендi соның орнына әрбiр ауыл басшысының төрiне ойдан тоқып алған шежiре iлiп қойып жүрмесек болғаны. Мейлi, бұл – басқа мәселе. Оны ғалымдар өз қағидаларына салып шешiп жатыр. Бiздiң айтпағымыз басқа мәселе. Майқы би атамызға қайта оралайық. Ол кiсiнiң өмiрге келуiн бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы кезеңге апарып, бiраз тайпаны содан тарататын қазақ тiлiнде қағазға түскен ең көне жазба – Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлының «Тұп-тұқияннан өзiме шейiн» деп аталатын кiтабы. Бұл кiтапты 1993 жылы «Жалын» баспасы басып шығарды. Қазақ шежiресi осы кiтапта да бiршама айтылған. Майқы би де бар. Ол кiсiнiң Аяз би, Құмырсқа би деген екi би-көмекшiсi болғаны жазылып, қазақ арасына кең тарап кеткен: «Аяз би, әлiңдi бiл, Құмырсқа, жолыңды бiл» деген нақыл сөздердiң авторы да Майқы екенi айтылған. Осы кiтаптың айтуы бойынша, Майқы би өмiрге бiздiң жыл санауымыздан он екi жыл бұрын келiптi, яғни дәл биыл ол кiсiнiң жасы екi мың он жасқа толады екен. Ол туралы кiтапта: «Айса пайғамбар тумастан он екi жыл бұрын немесе Мұхаммед пайғамбарға дейiнгi алты жүз отыз төрт жыл бұрын таққа Мән баласы Майқы отырды (45-бет)», – деп жазылған. Майқы атамыз аса көреген, алдын ала дөп болжайтын, сәуегей кiсi болса керек. Бiр күнi сол атамыз таң алакеуiмде әлi орнынан тұрып үлгермеген Аяз бидi тез шақыртып алып, шұғыл жарлық бередi:

– Кешке дейiн осы төңiректiң бұтын атқа арта алатын бар адамын атқа қондырыңдар. Бәрiнiң қолында ұзын-ұзын сырық болатын болсын. Ертең таңертең сол атқа қонған топ Шымбастың Қазығұрт бауырында тұратын болсын. Алдыңғы сапқа әскерлердi қойыңдар! Аяз би тапсырманы орындауға аттанып кетедi. Түс қайта шекарадан шапқыншы келген. Ол Өр тауда жасағында жиырма мың әскерi бар парсылардың шабуыл жасауға дайын тұрғанын айтады. Кешкiлiк жүздей жасағы бар Қызылбас (парсы) елшiсi Нөшiр келедi. Оны жiберген – Сасан патшасы Зиядин. Ол кезде қазақ елi Абыл және Азық деген атпен екi бөлiнiп биленедi екен. Майқы би Абылдың басшысы деп есептелiнгенмен, түптеп келгенде, екеуiнiң де билеушiсi осы кiсi болған. Нөшiрдi Майқы түнi бойы қонақ етедi. Елшiнiң жеткiзген хабарын әбден ұға тыңдаған болады. Таңертең тұрған елшiге: «Қазығұрттың төбесiне шығып, бiздiң елдiң жайын көре кетiңiздер, ақыр бағындыратын болсаңыздар, көргенiңiз жөн ғой», – дейдi. Майқы мен елшi Нөшiр Қазығұрттың төбесiне шығады. Нақ төбеге шыққанда Нөшiрдiң түсi қашып кетедi. Қазығұрттың арғы жағында, шығыс бауырында көз жетер жердiң бәрiнде қаптаған қол. Бәрi қару асынған, соғысуға дайын, қолдарында қарағай найза. Майқы елшiге: «Патшаңызға сәлем айта барыңыз», – дегеннен басқа тiл қатпайды. Мiне, Майқы атамыз осындай тапқырлығының арқасында елдi қырғын қантөгiстен аман алып қалған екен. Ал бiздiң осы бiр оқиғаны кең көлемде байыптап баяндап отырғанымыз, оқиғаның Қазығұрт тауында болғаны. Бұл тау сол заманда да қасиеттi саналған. Осы жерде бiр-екi мәселеге түсiнiк бере кеткен жөн секiлдi. Бiрiншiден, Шымбас деген атау. Қазыбек кiтабында жиi аталатын осы тауды қазiргi ұғыммен Қазығұрт, Қаржан, Өгем деп түсiне беру керек. Кiтаптың басқа тарауларында да (жоңғарлармен соғыс кезi, Ордабасы жиынының тұсы, т. б.) осы таулар Шымбас атауымен аталады. «Өр тауы» дейтiн атау бiрақ рет аталатындықтан, дәл қай жер екенiн анықтап айту қиын. Дегенмен кикiлжiңнiң қызылбастармен (парсылар) болғанын еске алып, шекара деп отырған жерi Шымған мен Алай таулары 8-268

болса керек деп болжауға болады. Оның үстiне осы оқиғада аталып өткен бiр-екi мәселе тарихта болған оқиғаларды еске түсiредi. Мысалы, түрiк қағанаты. Ол Батыс және Шығыс болып екiге бөлiнген. Батыс қағанатты билеген Истеми (қазақ қаламгерлерi Естемес деп жүр). Бiрақ iс жүзiнде екi қағанаттың да тағдырын шешiп отырған – осы хан. Оның үстiне Зиядиндi Сасан патшасы дейдi, ал Истемидiң шынында да парсылармен жауласып жүретiнi рас болатын. Оның үстiне Истеми ханның ордасы мен жайлауы дәл осы Қазығұрттың маңында болатын. Византия елшiсi Земархты осында қабылдаған. (Бұл жөнiнде бiз соңырақ кеңiнен тоқталамыз). Мiне, Қазыбек би кiтабындағы Майқы биге байланысты оқиғаларды ел арасындағы аңыз дегеннiң өзiнде Батыс пен Қытай жылнамашыларының жазуындағы деректер сәйкес келiп тұр. Бiр сәйкес келмейтiнi – уақыт өлшемi. Бiрақ байыппен қарасаң (қазақ деген сөздiң өзiнiң қашан шыққанын еске алып көрiңiзшi!) мұнда тұрған көп ағаттық жоқ сияқты. Түптеп келгенде, Майқы би жөнiндегi әңгiмелердi аңыз деп есептегеннiң өзiнде, сол аңыз тарихи шындықты қайталап тұр. Қазыбек бек кiтабының көрсетуi бойынша «Майқы би сексен тоғыз жасында өмiрден өткен... Ғұмырын Алатаудың бауырында – Лабаста, Шуаста, Таласта, Шымбаста өткiзiптi. Өлерiнде Қазығұртты мекендептi. Аныт-қабыр қалмаған» (58-бет), – деп жазылған кiтапта. Әрине, қабырының қайда екенi белгiсiз болғаны өкiнiштi, дегенмен өзi қорғаған қасиеттi Қазығұртты өмiрмен қоштасар шағындағы мекенi етiп таңдауында да сыр жатыр емес пе? Ал бүкiл қазаққа аты белгiлi ұлы бабаның ескерткiшi деп Қазығұртты атай берудiң ешбiр сөкеттiгi жоқ. Айта кететiн бiр мәселе – Майқы би бабамыздың Шыңғыс хан дәуiрiмен байланысты айтылып жүрген өмiр жолы. Онда Майқы би Шыңғысты хан көтерген он екi бидiң бiрi болды дейдi. Тiптен сол ханның оң қолы, әрi әскербасыларының бiрi болды деп те жазады. Бұл монғол деректерiнде бар. Олай болса, Майқы бидiң өмiр сүрген кезi – кейiнгi кезең. Егер ғалымдар мұны дәлелдеп жатса, уақыт көрсетер, тек ол Майқы бидi бәрiбiр Қазығұрттан бөлiп әкете алмайды.

Қазығұрт тауының қазақтың даңқты ұлдарының көбiнiң ең болмаса бiр рет тұрақтаған жерi екенi тарихтан да, шежiреден де, аңыздан да белгiлi. Қазығұрт Тәуке ханнан бастап қазақ хандарының көбiнiң жайлауы болған. Абылай хан балалық шағында Сабалақ деген есiммен осы таудың бауырында Төле бидiң малын жайған, ал бұл тау – Төле бидiң төл жайлауы. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би үшеуi ел тағдырын ойлап, талай-талай кеңес құрғанда осы таудың баурайында отырған. Бiз жоғарыдағы әңгiмелерге нақтылы дерек ретiнде Қазыбек бектiң кiтабына шолу жасағандықтан, қазiрше Түрiк хандығы мен Шыңғыс хан дәуiрiн қоя тұрып және осы кiтапқа бiр-екi сiлтеме жасауды жөн көрдiк. Қазақ тарихында есiмi көбiрек аталатын абзал адамдардың бiрi – Бәйдiбек. Қазақ шежiресiне сенсең, қазiргi қазақ азаматтарының өздерiн албан, суан, дулаттан тарадық деп жүрген тобының қасиеттi атасы. Көптеген жазбалар мен әңгiмелерде Бәйдiбектiң мекенiн Қаратау деп көрсетедi. Дәл сол Қаратаудың етегiнде қабыры жатыр. Қостұра тауының iргесiнде Бәйдiбектiң жұбайы, қасиеттi ана – Домалақ ананың зираты бар. Дегенмен соңғы кезге дейiн көпшiлiк бiрнәрсеге көңiл бөлмей келдi. Ол – Бәйдiбек шоқысы. Қазығұрттың маңындағы ең биiк шоқы – Қосмола. Ол Қаржан тауында. Сол Қосмоланың оңтүстiк жағында биiктiгi жөнiнен Қосмоладан кейiнгi орынды алатын «Бәйдiбектiң шоқысы» дейтiн тау бар. Шоқы деген сөз оның сырт бейнесiне қарап қойылған болу керек. Жергiлiктi тұрғындар бiрде «Бәйдiбектiң шоқысы» десе, бiрде «Бәйдiбектiң жайлауы» дейдi. Бұдан оңтүстiкке қарай жүрсең – Шымған тауы, қазiргi Шарбақ су қоймасы мен Шыршық қаласы, яғни Ташкенттiң маңы. Мiне, осы шоқы Бәйдiбекке қатысы болмаса, неге аталды? Бұл жайлаудың ауқымы да кең. Соңғы жылдарға дейiн осы жайлауға жаз кезiнде бiр ауданның малы молынан сыйып жүрдi. Тiптен көршi Өзбекстан шаруашылықтарының малшылары да келiп жайлап кететiн. Ал осындай жайлау Бәйдiбек атамызға әбден лайық. Қазiр Бәйдiбек ата жерленген жер деп ескерткiш орнатылып жатқан орын мен осы шоқының арасы ескi Жiбек жолының соқпағымен жүрсең, жүз елу-екi жүз шақырымнан аспайды. Дәл ортада Қазығұрт тауы тұр. Рас, соңғы кездерi кейбiр

қалам иелерi Бәйдiбек атамыздың ата-бабасы Ташкент маңында болған екен дегендi айтып жүр. Осы пiкiрдi сол өңiрдiң тарихын жақсы бiлетiн белгiлi жазушы Еркiнбек Тұрысов та өзiнiң соңғы «Бәйдiбек» деп аталатын кiтабында айтыпты. Бiздiңше, бұл шоқыны елемеудiң бiр-ақ себебi болды. Оны сол таудың етегiн жайлаған ел өкiлдерiнен басқа ешкiм жөндi бiле бермедi, ал кешегi кезде көпшiлiк Бәйдiбекке байланысты тарихты зерттемек түгiлi, оның атын ауызға алудың өзiнен қаймығып жүрдi. Қазыбек бек өз кiтабында Бәйдiбек жөнiнде бiраз хабар бередi, тек географиялық атауды атағанда Қаратауды ғана атайды. Бiздiңше, Бәйдiбек шоқысына өзiне лайық сыйын беру керек – ол да Қазығұрт сияқты қасиеттi орын, Бәйдiбек атаның жайлауы. Ал Қазығұрттың төбесiндегi «Орда қонған» – бiр кезде қаңлы хандарының, одан соң түркi хандарының, соңынан Бәйдiбектiң Орда жайлауы болған орын. Қазыбек бек кiтабында мынадай да жолдар бар: «Қазасынан жетi жыл бұрын Жолбарыс хан Қаржақты жайлады. Бұл Шымбастың бiр әдемi жерi болатын. Бұл жерге қоныс сұрап алып Қаз дауысты Қазбек би Асадан көшiп келiп, екi ай жайлап отырды. Сол жайлаудағы жаздың жақсы күндерiнде мен отырған алты қанат үйге Төле аға мен Қазыбек аға екеуi бiрге келдi» (295бет). Осындағы Қаржақ деп аталған тау – қазiргi Қаржан тауы. Бұл Қазығұрттың шығыс-оңтүстiгiнде. Аралары қосылып жатыр. Мiне, бұл таудағы жайлау дәл жоғарыдағы бiз айтқан Қосмола мен Бәйдiбек шоқысының етегi болу керек. Қазыбек бек кiтабында өзiнiң аса бiр күрделi мәселе жөнiнде Әбiлхайырмен болған ұзақ әңгiмесiн Қазығұрт тауында өткiзгенiн жазса, ендi бiрде Төле бидiң Ташкенттен Қаратасқа – Қазығұртқа кетiп қалғанын жазады. Ал осындағы Қаратас қазiргi Тұрбат ауылы. Тiптен, осы төңiрек алғаш аудан боп құрылғанда, орталығы осы Тұрбат ауылы болған. Ауданның аты – Қаратас. Сол Қаратас деп аталатын тасты төбе әлi де бар. Сол қалпы. Кезiнде оның не қасиетi болғанын қазiргi тұрғындар бiлмейдi. Ал дәл қазiр бiр қасиетi бар. Ауылдың осы қара тасты жотадан жоғары орналасқан үйлерiнiң телевизорлары iстемейдi. Халық оның да сырын бiлмейдi.

Жоңғарлармен болған соғыс кезiнде Қазақстанның оңтүстiгiне жиналған қазақ қолбасыларының көпшiлiгiнiң Қазығұртта болғаны анық. Оған дәлел – хандар мен билердiң өздерiнiң жайлауға осы тауға шығуы. Қазақ жүздерiнiң сарбаздары мен басшылары Ордабасыға жиналып, бiр түйiнге келiп, шешiм жасағанында, шығыстарындағы Қазығұрттың басына ең болмаса бiр қарамау мүмкiн емес. Қазығұрт Төле бидiң төл жайлауы дедiк. Соңынан Төле би ұзақ уақыт Ташкент қаласында тұрған. Сол қалада қайтыс болған. Бейiтi қаланың ортасындағы Шайхантауыр деп аталатын орамда. Төле Әлiбекұлы (1663-1758 жж.) – қазақ тарихында ерекше орны бар, аса құрметтi азаматтардың бiрi. Осы асыл ата туралы қолына қалам ұстаған азаматтардың бәрi де игiлiктi сөздер айтқанын еске сақтай отырып, қазақ әдебиетi туралы ең соңғы шыққан оқулықтағы бiр тұжырымды келтiрейiк. «Қазақтың төрешi, әрқашан әдiл Төбе биi. Тәуке ханның тұсында лауазымы ханнан кем түспеген, ал Тәуке өлгеннен кейiн (1715 ж.) бар билiктi өз қолында ұстаған сенiмдi ел басшысы. Зор ақыл иесi, дана адам» (X. Сүйiншәлиев, «Қазақ әдебиетiнiң тарихы», Алматы, «Санат», 1997 ж.), – деп жазылған сөздер Төле бабамызға берiлген әдiл баға болса керек. Шежiре деректерi бойынша Төле би қазақ халқының қамын ойлағанда, сол өз бойындағы асыл қасиеттерiн айнала төңiрегiндегi азаматтарға да сiңдiре бiлсе керек. Мысалы, Iзтұрған Сариевтің бұдан бiр ғасырдай бұрын жинақталған шежiрелердiң негiзiнде құрастырған «Үш жүздiң шежiресi» (Алматы, «Өлке» баспасы, 1997 жыл) дейтiн кiтабында Дулаттың Жаныстан тараған тармағындағы Жанту тұқымынан шыққан Қыбырай батырды (кейде Қысырай деп атайды) Төле бидiң замандасы деп көрсетедi (жасы үлкендеу болған). Ал сол Қыбырай батырдың мекенi қазiр де Ташкент iргесiнде Қыбырай деп аталады. Дәл осы тұқымнан Қонысбай би, одан Ақжейде батыр шыққан. Ал Ташкенттiң жоғарғы жағындағы Ниязбек деп аталатын жер Төле бидiң баласы Ниязбек батырдың мекенi болған дейдi. Төле би жөнiнде, әрине, ең жетiк бiлген кiсiлер оның өз қасында болған сенiмдi серiктерi – Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке би. Сол Қазыбек би өз ағасы Төле би туралы былай деген екен:

Шыққан күндей бұлттан, Баршамызды жылытқан, Ел десе өзiн ұмытқан, Қадiрлi кiм бар Төледен? Жүгiңдi алған иықтан, Жол тапқан тұман тұйықтан, Қадiрлi кiм бар Төледен? Жау келсе қашып саспаған, Сауға сұрап қайтпаған, Үш жүздiң қолын бастаған Қадiрлi кiм бар Төледен? Мiне, бұл жоғарыдағы бағалаумен айтсақ, сол дәуiрдегi екiншi ұстаздың сөздерi. Ал Төле бидiң өзiнiң Қазыбекке берген бiр жолғы батасы мынадай екен: Атасызға ата бол, Батасызға бата бол. Арып-ашқан қарiптiң, Жел жағына жота бол. Панасызға пана бол, Кек сақтамас бала бол. Дос сүйiнiп, қас сыйлар Асу бермес дана бол. Төле би бабамыздың сол кезде айтып кеткен мына бiр сөздерi өз тұстастарына айтқан ақылы болса, кейiнгi ұрпақтарына қалдырған өсиетi, ал болашақ ұрпаққа жарық жұлдыздай жол сiлтейтiн шамшырағы секiлдi: «Жаңбыр жаумаса – жер жетiм, басшысы болмаса – ел жетiм, ұқпаса – айтқан сөз жетiм; Атың жақсы болса – ер жiгiттiң пырағы, балаң жақсы болса – жан мен тәннiң шырағы. Қатының жақсы болса, бiрiншi – иманың, екiншi – жиғаның, үшiншi – ырысыңның тұрағы». Төле би жөнiнде айтылатын деректер көпшiлiкке кеңiнен таныс болғандықтан, бiз бұдан ары көп тоқталмадық. Ал кезiнде ол кiсi жөнiнде Қазығұрт аңыздарының бiрiнiң негiзiнде жазылған повесiмiзде айтқан

болатынбыз. Ықылас бiлдiрген оқырман болса, сол кiтапқа сiлтеймiз («Анды – Қарақыз», Алматы. 1982 ж.). Ендi ептеп кейiн шегiнiп, сонау көне дәуiрдегi түркiлер заманына оралайық. Түркiлер туралы алғашқы дерек қытай жазбаларында 542 жылдан бастап кездеседi. Түркiлердiң шығу тарихы мен өркендеп, жарты әлемдi билеп тұрған кездерi туралы әйгiлi түркiтану ғылымының корифейi аталған Л. Гумилевтiң «Көне түркiлер» атты және басқа еңбектерiнде кеңiнен айтылған. Бiз оған тоқтап жатпаймыз. Бiр ғана еске сала кететiн мәселе – тарихтағы түрiктердiң өздерi туралы өздерi қалдырып кеткен тас жазулар, яғни ғылымдағы Орхон-Енисей жазулары деп аталып кеткен ескерткiштер. Бұлардың негiзгiлерi – VI-VIII ғасырларда түрiк қағаны Могилан (Бiлге қаған) мен оның бауыры Күлтегiннiң және Тоныкөктерге арналып қойылған құлпытастар. Осындағы жазуларды оқудың кiлтiн алғаш ашқан ғалым – Томсон (Дания) мен Радлов. Қазiр оның текстерiн қазақ ғалымдары тiкелей қазақ тiлiне аударып жүр. Бұл да түбi бiр түркiлiктiң айғағының бiрi болса керек. Бiздiң тоқталмағымыз, осы түркi қағандығының Мұқан қаған тұсындағы қолбасшысы Истеми. Ол – Мұқан қағанның әкесiнiң iнiсi болатын. Өзi өжет, алғыр, әскери әдiстi жетiк меңгерген, ел мүддесiн өз мүддесiнен жоғары ұстанған Истеми өз кезiнде Түркi қағанатының шекарасын аса кеңейтiп, құдiреттi ел қатарына қосты. Ол 554 жылы Батысқа қарай жорық жасап, 555 жылы Батыс теңiзiне жеттi. Осы туралы Л. Гумилев өз кiтабында: «Олардың әскерi 555 жылы Батыс Теңiзiне жеттi. Мұны Каспий емес Арал теңiзi деп түсiнген дұрыс, өйткенi Фирдоуси Истеми билеген елдiң шекарасын Шыннан (Қытай) Жайхунның (Амудария) жағасына дейiн және Гүлзарунның (Сырдария) арғы бетiндегi Шаш (Ташкент) қаласына дейiн деп анық көрсеткен», – деп жазады. Осы деректерге қарап Л. Гумилев түркiлердiң 555 жылғы шекарасын былай көрсетедi: «Она шла севернее Ташкента, затем пересекала Сырдарию на повороте к северу и в широтном направлении шла до низовье Амударии и южного берега Аральского моря. Согдиана и Бухара в то время подчинялись эфталитам» (Л. Гумилев «Древние тюрки», М., 1993 г., стр. 34).

Мiне, тас жазулардағы «артымызда (Батыс) Темiр қақпаға дейiн» деп жазылған жолдар – осы жорықтың көрiнiсi. Сол Темiр қақпа Байсын тауындағы Бұзғал асуы (Өткелi) немесе Қытай жылнамаларындағы қаңлы жерiндегi Темiр қақпа деп түсiнсек – Өгем тауларында. Истеми осы жорығында «Орталық Қазақстанды, Жетiсу мен Хорезмдi өзiне бағындырып алды» (Л. Гумилев) да, ат басын Орал тауы мен Едiл өзенiне тiреген соң керi бұрылды. Өйткенi бұл кезде ол өз тылында қалып бара жатқан эфталиттерден (соңғы кездерi «абдалдар» деп аталып жүрсе де, бiз оқырманды шатастырмау үшiн бұрынғы атауын алдық) секем алған болатын. Бұл кезде отырықшы ғұндар деп аталатын эфталиттер Тұрпан ойпаты мен Соғдыны өз ерiктерiне қаратып алған едi. Түркiлердiң оңтүстiк бөлiгiн билеген Истеми осы кезде Парсы (Иран) елiмен қатынас жасауды ойластырды. Дәл осы кезде өздерi эфталиттермен қырғи-қабақ болып жүрген Парсы шахы Хосрав I Ануишрван 564 жылы түркiлерге одақ болуды ұсынып, елшi жiбердi. Истемиге керегi де осы болатын. Ақыры ол өз қызын парсы шахы Хосравқа әйелдiкке бердi. Мiне, ендi Истеми эфталиттермен тiкелей шайқасуға бар жағдайын жасап алып, эфталит жерiне шығыстан басып кiрдi. Бұған себеп болған эфталиттердiң Соғды жерi арқылы өтiп бара жатқан Истемидiң елшiлерiн қырып салғаны едi. Истеми мен Хосрав әскерлерi екi бүйiрiнен тиiскен эфталит патшасы Гатифара күл-талқан болып жеңiлдi. Айта кететiн нәрсе, парсы әскерлерi Батыста қыр көрсеткенi болмаса, соғысқа онша араласпаған. Гатифара Соғды жерiне қарай қашқан болатын. Кескiлескен шайқастар Шаш қаласында, Шыршық өзенiнде, Қаршы даласында өттi. Шешушi шайқас Бұхара маңында болды. Осыдан бастап эфталиттер мемлекетi бiржола жойылды. Әмударияның оңтүстiгiндегi эфталит жерлерiн Хосрав өзiне қосып алды. Дәл осы жер бөлiсу мәселесi түркiлер мен парсылардың арасында қырғиқабақтық туғызды. Бұған кейбiр экономикалық жағдай да әсер еттi. Ендi түркiлердiң билiгiне бiржола өткен Соғды жерi арқылы сонау Батыста жатқан Византия елiмен сауда жасау аса тиiмдi болатын. Ол үшiн парсылардың жерiнен өту керек. Бұл парсыларға тиiмдi емес. Оның үстiне дәл осы кезде парсылар

жiбек құртын өсiрудiң сырын жасырын өз елдерiне жеткiзiп, ендi Ұлы Жiбек жолы арқылы сонау Қытайдан келе жатқан Жiбек маталарын өз елiнiң үстiнен Византияға өткiзiп жiберуге мүдделi емес едi. Сондықтан парсы патшасы 566-567 жылдары өз елiне алып келiнген Түркi қағанатының керуенiндегi жiбек маталарды түгел сатып алып, керуеншiлердiң көзiнше өртеп жiбередi. Екiншi керуен де сәтсiз оралды. Бұл парсылардың өздерiнше жiбек матаға зәру еместiгiн сездiргенi болатын әрi Византияға өткiзбеу үшiн әдейi сатып алып, ертеп жiберген. Мiне, осы кезде Соғдылық, соңынан әлемдiк тарихта аты қалған, Маниах дейтiн кiсi Истеми қағанға кеңес бердi: ендi Византиямен байланысты басқа жолмен жүргiзу керек. Ол жол – Каспий теңiзi мен Кавказ тауы арқылы Византияға тiкелей жол ашу, ол үшiн барлаушы ретiнде Батысқа елшiлiк жiберу керек. Ақыры осы елшiлiктi Манихаттың өзi басқарып, 568 жылы Константинопольге жетедi. Түркi елiнiң елшiсiн сол кездегi Византия императоры Юстин II өзi қабылдаған. Осы туралы тарихи дерекнама былай дейдi: «Император скиф тiлiнде жазылған хатпен (грамотамен) танысып, елшiнi ықыласпен қабылдады. Ол елшiлерден келген патшалықтары мен түркi елi туралы мәлiметтер сұрады. Олар өз елiнде төрт патшалық (грек тiлiнде: гегемония) бар екенiн, тек ең жоғарғы басшылық Дизабұлдың (Батыс тарихында Истемидiң аты осылай аталған) ғана қолында екенiн айтты... Бұрын сақтар деп аталған түркiлер Юстинге елшi жiбергендiктен, ендi бұл да осылай етiп елшi жiберудi шештi. Ол шығыс қалаларының губернаторы Земарх Киликиялыққа (Киликиец) осы сапарға дайындалуға бұйрық бердi». Айта кететiн бiр нәрсе – Дизабұл есiмi. Осыны соңғы кездерi тарихшылар Азубол деп атап, «Азу бол» деген тiркестен шыққан деп жүр. Осы үзiндi Түркi қағанаты туралы қалам тартқан барлық тарихшылардың табан тiреп жүрген дерегi, әйгiлi Византия тарихшысы Менандр Протектордың жазбаларынан алынған. Оның тарихи еңбегiнiң үзiндiлерi Византия императоры Константин Порфирородныйдың (X ғасыр) шығармаларында сақталған. Ал түркi әлемiн зерттеуде бұл автордың еңбегiнiң де

көп қолданылатынын айта кеткен жөн. Ол – аса бiлiмдар, тарих пен мәдениетке көп көңiл бөлген император. Сонымен, Менандр жазбалары мен Истеми (Дизабұл) қағанның тарихына келейiк. Түркi қағандығының елшiсi Маниах пен iлесе шыққан Земарх тобы Каспий, Хорезм арқылы Согдианаға келгенде алдарынан шыққан бiр топ түркi саудагерлерi елшiлiк адамдарына темiр сатып алуды ұсынады. Менандр мұны түркiлер өз елiнде темiр өндiретiн орындар бар екенiн көрсету үшiн әдейi iстеген әрекеттерi болу керек деп түсiндiредi. Мұнан соң түркiлердiң бақсылары Земарх тобын Ордаға жақындаған жерде жанып тұрған оттың арасынан өткiзедi (қазақтың отпен аластауын еске ала беру керек). Осыдан соң барып бұларды Истемиге алып келедi. Осы жерде бiз Менандр жазуын орыс тiлiнде пайдаланғандықтан, сол еңбектен келтiрiлген үзiндiнi қазқалпында келтiрудi жөн көрдiк. Өйткенi барлық мәселе осы бiр айтылған атауларға байланысты шатастырылып жүр. Сонымен Менандр жазуы: «После этого их повели туда, где был хаган к горе Эктаг, т. е. «Золотой горе». В долине этой горы жил тогда Дизабул. Сейчас позвали послов к хагану. Тот сидел в своем шатре на стуле с двумя колесами, который в случае надобности могла тянуть одна лошадь. Шатер был украшен пестрыми шелковыми коврами. Предлагалось им вино, но не виноградное» («Прошлое Казахстана в источниках и материалах», Казахское краевое издательство, Алма-Ата, 1935, ст. 17). Осы үзiндiдегi (бұдан кейiнгi жазбалардағы атаулар мен мәлiметтердi де) көпшiлiк бiр iзбен түсiндiрiп келедi де, тау жөнiндегi екi атауға келгенде (шындығында, бiр-ақ атау) әркiм әр түрлi ой айтып, өзiнше тұжырым жасайды. Осы Эктаг немесе «Алтын тау» қайда? Бiз үзiндi келтiрген кiтаптың құрастырушылары қазақ тарихын көп зерттеген ардақты азаматтар профессор С. Аспандияров пен профессор П.А. Кунте өз түсiндiрмелерiнде: «Шамасы Құлжа қаласының оңтүстiк шығысындағы Ақтау болса керек» дейдi де, «Золотой» деген сөзге «светлый» деп түсiнiк бередi. Бұл екi профессордың өз сөздерiмен айтқанда, тек шамалап болжауы ғана. Үзiлдi-кесiлдi осы деп тұрған жоқ. «Түркi халықтарының тарихы» деп аталатын оқу құралының (Алматы,

«Бiлiм», 1996 ж.) авторы К. Аманжолов пен Қ. Рахметов бұл орынды «Тянь-Шаньдағы «Алтын тауға» жақын жерден өз қонысында» деп көрсетедi де, оның қай тұста екенiн нақтыламайды. Тұрсын Жұртбаев өз кiтабында осы Земархты қабылдаған қағанды шығыстанушы әйгiлi ғалымдар Л. Гумилев пен С. Кляшторный екi қағанға (алғашқысы Истеми десе, соңғысы Мұқан қаған дейдi) балағанын айта келiп, бұл кездесу «Екiтаудағы ордада» өттi дейдi. Соңынан Земархтың Талас даласында парсы елшiсiмен кездескенiн айтады. Осы таудың қай тұста орналасқанын анықтап жатуды мақсат тұтпаған автор өз тұжырымдарын дұрыс жасаған. Земархтың парсы елшiсiмен кездескенi рас. Бiз оған соңынан тоқталамыз. Геология-минерология ғалымдарының докторы Әдiлхан Байбатша 1997 жылы «Егемен Қазақстан» газетiнiң бiрнеше санында жарияланған қазақ тарихы туралы ұзақ зерттеуiнде осы мәселеге арнайы тоқтайды. Бұл ғалымның айтуы бойынша, Эктаг қазiргi Құлан асуы деп аталатын Шымкент пен Тараздың арасындағы тау. Негiзгi дәлел – алыстан қарағанда екi тау боп көрiнетiнi рас. Ескерте кететiн жай: Тараз жағынан қарағанда солай көрiнетiн болу керек. Алматыдан шығып Таразға жақындағанда алдында екi таудың ерекшелеу көрiнетiнi рас, тек ол Құлан емес. Екiншiден, Земарх Алматы жағынан емес, Шымкент жағынан келген. Ал «Алтын тау» деген ұғымды осы Құлан тауының өзiнiң тастары алтын сияқты көрiнедi деумен ғана дәлелдейдi. Көбiне тiлге тиек ететiн мәселелерi Талас қаласы мен «Мың бұлақ» деп аталатын орын («Мың бұлақ» жайына бiз соңырақ тоқталамыз, өйткенi ол Менандр жазуында жоқ, тек қытай жазуларында бар). Түркi тарихын жазғанда Истеми қағанға соқпай кетпейтiн авторлардың бәрi де осы Эктаг терминiне кездескенмен, оны әр қилы түсiндiрiп, Қазақстанның оңтүстiгiнен шығысына дейiнгi жерлерге апарып орналастырып жүр. Тек соның көбiнде нақты дәлел болатын дәйек келтiрiлмейдi. Ендi бiз осы мәселеде өз ойымызды айтып көрейiк. Бiрiншiден, Земархтың Истеми ордасына Каспий жағасын жағалап, Хорезм жерiн басып өтiп, Соғды елi арқылы келгендiгi. Талас

өзенiне сонан соң келген. Осы жолмен келе тұрып, ол Құлжа маңына баратын болса, Талас өзенiн Земархқа кездеспей тұрыпақ кешiп өткен болар едi. Олай етпегенi, Менандр жазуында тасқа басқандай болып бадырайып тұр. Өйткенi Земарх алғаш кездескен түркiлер (саудаласу ниетiнде) Соғдиана жерiнде кездеседi. Соғдиана жерi де, елi де Талас бойында емес Шаш (Сырдария) бойына жайғасқан. Тiптен Сырдарияның жағасынан бiраз қашықтықтағы оңтүстiгiнде. Егер Земархты Хорезмге келген соң бағытын күрт өзгертiп, оңтүстiкке бұрылып кетiп, қазiргi Ош қаласы жақтан келдi дейiн десек, бұл жақты билеп отырған парсы шахы Земарх елшiлiгi тұрмақ, Истемидiң өз елшiлерiн (керуенiн) қырып салғаны белгiлi. Сондықтан Земархтың келген жалғыз жолы – Ташкент тұсы (жалпы бағыт ретiнде түсiнiңiз). Екiншiден, Земарх келе сала-ақ, Истеми оған өзiмен бiрге парсыларға қарсы жорыққа аттануды ұсынады. Кейбiр авторлардың айтуынша, әскерге қолбасшылық жаса деген көрiнедi, тек Земарх өзiнiң елшiлiк дәрежесi мен мiндетiн айтып бас тартса керек. Бұл кезде Истемидiң Батыста жатқан Византиямен қатынас жасай бастаған әрекетiнен секем алған парсы шахы қалайда түркiлермен қатынасын түзеп алудың жолын iздеп, сарсаңға түсуде болатын. Истеми өз айтқанын iстеп, парсыларға қарсы баратын ниетiн сездiрiп, Земархты ертiп Талас бойына аттанған. Мұны сезген парсы шахы дереу елшi аттандырған. Олар Истемиге Талас бойында кездескен. Мiне, екi елшiнiң кездесуi деп айтылып жүрген әңгiме осыған байланысты. Осы жолы Истеми парсы елшiсiн Земархтан төмен отырғызады. Бұл ұлы қолбасшының парсыларға қыр көрсеткенi болатын. Оның үстiне, Земархқа әскерге қолбасшылық жаса деп ұсыныс айтқаны рас болса, бұл да стратегиялық әдiс екенi айдан анық. Немесе сонау Едiл жағасына дейiн аварларды қуып барып қайта оралғанда эфталиттердiң күл-талқанын шығарып жүрген қаған өз әскерiн жат жерлiкке басқартып қоюы екiталай. Осы кездесуден кейiн Истеми екi елшiнi де кейiн қайтарған. Земархқа достық ықыласын бiлдiрсе, парсы елшiсi ендi соғыстың басталатынына көзi жетiп қайтқан. Мiне, Земархтың Талас жағасына келгенi осы тұс. Ол бұдан ары еш жаққа бармаған.

Үшiншiден, дәл сол Менандр Земархтың қайтар жолын хатқа былай түсiрген: «С ними совместно Дизабул (Истеми) послал нового посла, ибо Маниах умер. Имя нового посла было Тагма, его звание – Тархан... Римляне перешли реку Оих (Сырдария) и после долгого пути приехали к огромному широкому озеру (Арал). Там Земарх остался три дня и послал Георгия... сообщить в Константинополь о своем возвращении. Тот возвратился туда с 12 турками, проехав безводную пустыню по более короткому пути. Земарх ехал 12 дней через пески... и доехал до реки Их (Эмба) и Даих (Яйк) и мимо других озер до Атила (Едiл)». Демек, Земархтың келген жолы да осы жол. Басқа жол жоқ. Бар болғанмен оңтүстiктегi жолмен бұл елшiлiк жүре алмайды – түркiлермен байланысқаны үшiн өмiрлерiне қауiп төнiп тұр. Оның үстiне Земарх аттанып кеткен соң Истеми жорыққа шығып, Әмудариядан өтiп, Журжан қаласын және бiрнеше қаланы жаулап алған. Тек тез арада-ақ – 569 жылы түркi әскерлерi Соғдианаға қайта оралды. Өйткенi Истеми парсы шахымен келiсiмге келiп, бүкiл Соғдиана жерiн өзiне бiржолата қаратып алуға қол жеткiзген болатын. Ендi Истеми қаған ат басын Батысқа бұрып, 571 жылы Солтүстiк Кавказды жаулап алып, көп ұзамай Босфордан (Керчь) бiр-ақ шықты. Төртiншiден, «Эктаг» деген атаудың мән-жайына оралайық. Бұл атаудың «екi тау» деген балама беретiнi ап-анық. Егер «Ақтау» деген мағынаға ие болатын болса, ол ең болмағанда «Актаг» деп транскрипциялануы керек едi. Бұл жерде көпшiлiктi адастырып жүрген мәселе – жоғарыда аттары аталған екi профессордың «Золотой» деген сөздiң артына өз түсiнiктерi ретiнде «Светлый» деген сөздi жақшаның iшiнде қосып жазуы. Егер «Ақтау» деген атауға тоқталатын болсақ, онда «Золотой» деген сөздi несiне қосақтап жазған? Неге «Эктаг» дегендi «Золотая гора» деп түсiндiрiп жатпай-ақ, «Белая гора» деп түсiндiре қоймайды? Менандр олай етпеген. «Золотая гора» дегендi «Эктаг»-тың баламасы ретiнде «яғни» деген сөздi қосып барып келтiрген. Демек, таудың аты шынында «Екi тау» немесе осы мағынаны беретiн басқа сөз болғандықтан Менандр оны аударып жатпай, түркiлердiң өз тiлiнде транскрипциялаған. Қазақ тiлiнде әдетте

бiр түрлi екi бөлiктен тұратын нәрсе болса «қос» деген ұғымды қолданады. Егер үшеу, төртеу болса, бұл сандарды басқаша атамай, сол қалпында қолданады да, екеу болса оны көбiне «қос» деп ауыстыра салады (мысалы: қосаяқ, қосөзен, қосуыс, т. б.). Осы жағдай көптеген географиялық атауларда да кездеседi. Мысалы, дәл осы Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнде Қосмола, Қостұра деген таулар, Қостөбе, Қосқұдық деген жер аттары бар. Демек, «Эктаг» Қостау деген мағына бередi. Ал сол Қостау қайда? Оңтүстiк Қазақстандағы Қаржан қыраттарындағы биiк шың – Қосмола шыңы. Бұл – осы өңiрдегi ең биiк шың. Шымкент облысының кез келген нүктесiнен қарасаң да, алдымен көзге түсетiн биiк тау осы Қосмола шыңы (жергiлiктi тұрғындар оны «Қосмола тауы» деп атайды да, одан сәл аласа оңтүстiгiнде қатар тұрған шыңды «Бәйдiбек шоқысы» деп атайды). Егер Ташкенттен Шымкентке қарай жол жүрсең, алдымен көзге түсетiн осы шың. Оның үстiне ол бүкiл жол бойы көзден таса қалмайды. Өзi шамамен Ташкент пен Шымкенттiң дәл ортасында тұр. Жалпы тау сiлемдерiнен бөлiнiп, iлгерiрек тұрған Қазығұрт тауы Қосмоланың Шымкент жағында. Ал осы Қазығұрт пен Қосмоланың арасында (тiптен Қосмоланың етегiнде) Алтынтөбе дейтiн жер бар. Ол да тау сiлемдерi, нағыз жайлау. Жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, осы жерден бағы замандарда алтын өндiрiптi. Тiптен алтын шыққан жер болса, косыла жүретiн ордалы жыландар да болыпты, әлi де бар дейдi. Әрине, бұл аңыз. Ал шындығы – дәл қазiргi кезде геолог ағайындар осы маңда, Қосмола тауының етегiнде, жердiң қыртысын аспанға шығарып, қазба жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Қолдарында осындай жұмыстар жүргiзуге құқылы екендiктерi туралы арнайы лицензиялары бар. Тiптен бұл жұмысқа шетелдiк әлдеқандай фирмалар да араласып жатқан көрiнедi. Мiне, бiздiңше Истеми қағанның Земархты қабылдайтын жерi осы маң, яғни Қазығұрттағы «Орда қонған». Эктаг – Қосмола, ал Алтын тау – Алтынтөбе. Қосмоланың неге бұлай аталғанын сонау Византиядан келген Земарх тұрмақ, ауылда жүрген бiз де бiлмеймiз. Сондықтан Византия елшiсi түркiлердiң түсiндiруi бойынша «Екi тау» деп транскрипциялап алып, қосымша

«Алтын тау» деп түсiнiк бере кеткен. Оның отпен аластанып барып, табалдырығын аттаған хан ордасы Қазығұртта болған. Және бiр айта кететiн жай – Қазығұрттың шығыс жағында Өгем шатқалы деп аталатын үлкен қойнау бар. Ол Өгем өзенiнiң бойында жатыр. Бұл – мал жайылымы үшiн таптырмайтын орын әрi табиғи тау қоршаған қамал. Дәл қазiргi темiр жүректi техникасы толып жатқан заманның өзiнде осы Өгем жайлауына (жергiлiктi тұрғындар осылай атайды) қыркүйек айынан бастап мамыр айына дейiн қатынас жасау мүмкiн емес. Жаяу жүретiн болсаңыз, бес-алты шақырым тiк ылдиға түсесiз. Қазақ мұндайда құзға түстiк деп жатады. Қырғыз жерiнен басталатын осы кен жайлау Өзбекстан жерiне барып бiр-ақ бiтедi. (Бостандық ауданы мен Шыршық қаласы). Кiм бiледi, бiздiң аталарымыз ұшы-қиырсыз осы табиғи бекiнiстi де пайдаланған болар. Тiптен осы шатқал-қойнауда ескi қаланың орны бар деген сөз бар. Оның үстiне, Истемиден кейiн де түрiк қағанатын басқарған бiрқатар қағандар өз ордасы етiп Ташкент маңын таңдағаны белгiлi, ал Ташкент маңы деген сөз – Қазығұрт пен Қосмоланың етегi. Қазығұртты сонау Майқы биден бастап қазақ хандары – Тәуке мен Жолбарыс, қазақ билерi – Төле би мен Қазыбек би жайлау еткенi жазба деректерден белгiлi. Оны жоғарыда егжейтегжейлi айттық. Сонымен, Истеми қағанның ордасы Қазығұртта болған, сонау Батыс өлкеден келген тұңғыш елшi де ең алдымен Қазығұртқа келiп, түркiлер салты бойынша отпен аласталған. Қазығұрт – бiр кезде Нұх пайғамбардың кемесiн қайырлатып, Қазақ халқын әлемдiк өркениетпен (цивилизациямен) жапсарластырса, VI ғасырда өздерiн өркениеттi елмiз деп санаған Рим империясының елшiсiн тұңғыш рет қабылдаған қасиеттi орын. Истеми хан қайтыс болған соң (576 жыл) оның орнына ұлы Қара Шор отырды (Л. Гумилев кiтабында: Кара-Чурин – означает «черная напасть»). Ол батыс өлкенiң бас билеушiсi ретiнде Тардуш хан деген шенге ие едi. Қара Шор 555 жылдан бастап көптеген жорықтарға қатысып, Батыс пен Шығыстың түркi әскерлерi барған тұстарының бәрiн шарлаған аса батыл,

тапқыр жан болатын. Оған кезiнде Боке (батыр) деген ат берiлген. Дегенмен осы түркi билеушiлерiнiң iшiндегi ең беделдi басшының жолы болмады. Оның мақсаты – Батыс түрiк және Шығыс түрiк қағанаттарының басын бiрiктiру едi. Бұл ниетi iске асудың орнына, түркi әлемiнiң күйреуiне әкелiп соқты. 584 жылы түркiлердiң ұлы ханы Арслан Тобо хан өлiмнiң жақындағанын сезiп, өз орнына түркiлердiң салты бойынша өз ұлы Амрақ емес, ағасының ұлы Төремендi қоймақ болды. Мiне, шатақ осыдан басталды да, ақыры иi жұмсақ Амрақ хан деп жарияланды. Мұны жақтырмаған Төременнiң жақтастары өзi жуас Амрақты жәбiрлеп, кемсiте бердi. Ақыры, Амрақ өз орнын кезiнде өзiн қолдаған Шетуге бердi. Төремен болса Або хан (Ағахан) деген атақ алып, мемлекеттiң солтүстiгiне кеттi. Шету өзiне Ышбар хан деген атақ алғанмен, қытай жазуларында Шаболио деп жазылып кеттi де, тарихқа осы есiммен кiрдi. Оның ордасы Бас хан ретiнде Өтiкен тауларында болды. Амрақ бәрiбiр сыбағадан құры қалған жоқ – ол да хан деген атаққа ие болып, ордасын Толы өзенiнiң жағасына орналастырды. Ал Қара Шор бұрын да батыс өлкесiнiң басшысы болатын. Бұл ханның ордасы әкесiнiң ордасының орнында Қазығұрт пен Қосмоланың етегiнде болды. Дәл осы тұста бiздiң түрiк хандарының кикiлжiңiн тәптiштей баяндап жатқанымыз да осы Қара Шор ханның мекенiне байланысты болатын. Л. Гумилев «Көне түркiлер» атты кiтабында «Ставка Кара-Чурина распологалось у горы Актаг» деп жазады да, оған «Актаг – Белая гора (в Северном ТяньШане)» деп түсiнiк берiп, Шаваненiң еңбегiне сiлтеме жасайды («Сборник трудов Орхонской экспедиции», СПб., 1903 г. Вып. IV). Осы «Актаг» деген атауды бiздiң Қазығұрт пен Қосмола деп отырғанымыздың себебi, жоғарыда келтiрiлген «Эктаг» деген атауға жасаған талдау. Немесе Л. Гумилевтің Солтүстiк Тяньшан деп отырған бағытында Ақтау деп аталатын тау жоқ. Оның үстiне ғалымның өзi келесi бiр берген түсiнiктемесiнде бұл орынның Ташкент маңынан қашық емес екенiн айтады. Оның үстiне осы жаппай ыдырау кезiнде өз хандарына көңiлi толмаған көптеген қауымның өз елiнен көтерiле көшiп, осы Қара Шордың айналасын паналағаны тарихтан белгiлi. Оның үстiне

Пайкентке барып паналаған Або хан жергiлiктi тұрғындарды әбден қалжыратады. Осы қанауға шыдай алмаған саудагерлер мен елге бас ие бола алатын азаматтар Бұхара өлкесiн тастап, Түркiстан мен Тараз жаққа ауып барып, онда Хамукат дейтiн жаңа мекен салып алады. Або хан әскерлерi қалың бұқараны талан-таражға түсiрiп, тонаудың шегiне жеткенде, ел өздерiн тастап кеткен бас көтерер азаматтарына хабар жiберiп, арадай талаған мына бәледен құтқаруды айтып жалынады. Олар Қара Шорға барып бас иедi. Түркi ханы бұхаралықтарды қорғау үшiн өз ұлы Шири Кишварды (Л. Гумилевтiң түсiндiруi бойынша «Тайпа арыстаны» деген түркi сөзiнiң калькасы) жiбередi. Осы қолбасшы келiп, Або ханның әскерiн талқандап, өзiн iшiне қызыл ара толтырылған қапқа салып өлтiредi (Осы әңгiме Наршахидың «Бұхара тарихы» дейтiн кiтабында толық айтылған. Академик С. Толстовтың «Смерть Абруя» дейтiн тарихи көркем-танымдық еңбегiнiң негiзгi тақырыбы). Осы жерде Қытай елiнiң Бас министрiнiң мына бiр сөздерiн де келтiре кеткен жөн секiлдi: «Бауырлас адамдар бiрiн-бiрi көмейiнен у шашқан жәндiктерше қырып жатқанда қолдау көрсеткен жан сияқты болып оларға аяушылық жасау керек». Мiне, Қытай елiнiң негiзгi саясаты. Дәл осы саясат Қара Шордың түркi елiнiң басын түгел қоссам деген әрекетiнен нәтиже шығартпады. Қара Шор жауымен де, бауырымен де арпалысып жүрiп, ниетiне жете алмай өмiрден өттi. Бұдан соң Батыс түркi қағандары дулулар мен нушибилер болып екiге бөлiнiп кеттi. Алғашында билiк дулулардың қолында болғанмен, соңынан Нушибилерге көштi. Осы кезде сахнаға шыққан хан Шаш қаласының билеушiсi Қара Шордың немересi Шегуй болатын. Осы жөнiнде Л. Гумилев: «Летовка его, Минбулак (Тысячи ключей), находилось к югу от р. Талас, в землях Нушиби, с которыми этот князь, очевидно, поддерживал добрососедские отношения», – деп жазған. Дегенмен ұлы ғалым өзi жасаған анықтаманың нақтылығына сенбесе керек, өйткенi нақ сол жерде: «Пельо пишет Бинг-юл», – деп түсiнiк бере кетедi. Осыған байланысты мына атаудың «Мың бұлақ» немесе «Мың жол» деген ұғым беретiнi көмескiленiп қалған. Егер «Мың

бұлақ» болса, бiз оған соңырақ тоқталамыз, ал «мың жол» болса Қазығұрт пен Қосмола маңында (Сайрам, Шымкент, Түркiстан бағыттары деп түсiне берiңiз) осылай атауға келетiн орын толып жатыр. Мұны ғұлама ғалым бiздiң тоқталмақ болған келесi бiр тарихи тұлғамыз Тон жабғы жөнiнде айтылған сөздерiнде өзi анықтаңқырап берген: «Тун джабгу-хан расположил свою ставку в благословенной зеленой степи к северу от Оазиса Чача. Это был центр его обширных владений. Здесь он принимал посольства от императоров Восточного (Китайского) и Западного (Византийского). Но любопытно и существенно, что не дипломаты оставили для нас описание двора тюркютского владыки, а буддийские монахи, находившие у хана теплый прием и внимание. В 626 г. к хану прибыл индийский проповедник Прабхакарамитра с десятью спутниками и нашел в орде полный порядок и образцовую дисциплину. Хан ласково беседовал с гостями, и они ни в чем не испытывали нужды. Им только не разрешили проехать в Китай, куда Прабхакараматру приглашал китайский дипломат, познакомившийся с ним в ханской ставке» (163-бет). Мiне, осы бiр үзiндiдегi «жасыл дала» талай-талай тарихи уақиғаларға куә болған Келес өңiрiн еске түсiредi. Әрi Тон жабғы қағанның өзiнiң де, елiне орнатқан тәртiбiнiң де, сәнi мен салтының да суретiн көз алдыңызға елестете қоятын секiлдi. Оның үстiне Индия елшiлерiнiң келетiн бағыты – Самарқанд жақ екенiн еске ұстаған жөн. Осы Тон жабғы қаған тұсында әлгi бiз келтiрген үзiндiдегi сипатталған әлеуметтiк-мәдениеттiк өркендеу бiраз iлгерi басқан. Бұл жағдайды шет жұрттық саяхатшылар, уағызшылар, елшiлер өздерi мойындаған, өздерi жазып қалдырған. Мойындағандар амалсыз мойындаған. Немесе олар үшiн кең даланы билеген түркiлер тек тағылар ғана болатын. Амалсыз, қанша жасырғанмен, бiлiнiп қалатын жағдайларды ағынан жарылып айтқанмен, жазбаларының жалпы сарыны өз елдерiн мадақтап, басқаларды аяқ астына таптап жататын. Дәл осындай әдiстi батыстық Менандр, Марцеллианы, қытайлық көптеген

тақуалардың жазуынан көремiз. Осы жағдайды Л. Гумилев қатты ескертiп отырады. Мысалы, ол «Қытай әскерi кейiн шегiндi» деп жазылған сөздi «Қытай әскерi күл-талқан болып жеңiлдi» деп түсiне берiңiз деп ескертедi. Қытай авторы басқаша жазбайды. Сондықтан Қытай жылнамаларына енген көптеген деректердегi басы ашық мәселе – жер атаулары мен ел атаулары, тұрмыс-салт мәселелерi, экономикалық және әскери барлауға септiгiн тигiзетiн айғақтар. Дегенмен сол авторларға – бiздiң тарихымыз үшiн мол мұра қалдырған жандарға – тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал орынсыз жағылған қара күйеден сүртiнiп алу – өз мiндетiмiз. Осы тұста қытай жақтан келген кезбелердiң (түрлi мәселелермен келген саяхатшылар немесе арнайы тапсырмамен келген өкiмет адамдары) түркi елiнiң жерiн аралауы жиiлей түскен. Өйткенi дәл осы кезеңде Қытайдың Тан династиясы тұсында өнер мен мәдениетке, әсiресе түркi мәдениетiне көп көңiл бөлiне бастады. Осы кезде, өкiнiшке қарай, сақталмай қалған «Қытай-түркi сөздiгi» құрастырылды. Түркi халықтардың музыкасы Тан әулетiнен бұрынғы Бэй-Чжоу дәуiрiнен бастап-ақ император оркестрiнiң репертуарына ендi, ал бұл тұста ол өнер қытайлықтардың бәрiн мойындатқан болатын. Қалың бұқара арасында да аралас-құралас басталды. Осы туралы Л. Гумилев былай деп жазады: «Чанъанда VII ғасырдың 20 жылдары он мың түркi отбасы тұрды. Олардың әдет-ғұрпы мен киiм салтанаты қытай билеушiлерi мен шонжарларының көңiлiн аударып, бүкiл Қытайда түркiлiк бұйымдар сәнге (мода) айнала бастады. Бұл туралы римдiктердiң II ғасырда германдықтарға елiктеуi мен византиялықтардың VIII ғасырда хазарларға елiктеуiн еске түсiредi». Бұдан соң ғалым сол түркi әдет-ғұрпы мен сәнсалтанатының жылдан-жылға кең жайылып, ақыры патша ордасының айналасындағылар мен шонжарлардың салтына енiп кеткенiн, үлкен жиындарда шет жұрттықтардың тағамы тартылып, солардың музыкасы ойналатын болғанын айта келiп: «Тан дәуiрiнде жасыл немесе қоңыр матадан тiгiлген жағалы шапан киiп, оны солға қарай қаусырып, белiне белбеу байлайтын түркi киiмi кәдiмгi жұрттың бәрi киетiн

киiмге айналып кеттi», – деп тұжырымдайды. Осы кезде қытайлықтарға, әсiресе ұнаған нәрсе – киiз үй болатын. Бұл қыс кезiнде қытайлықтардың өз үйiне қарағанда, әлдеқайда қолайлы көрiнген. Қытай шонжарлары киiз үйдi өз әулiлерiне тiгiп, қыста сонда отыратын. Бұл туралы қытай ақыны Боизюй «Киiз үймен коштасу», «Қоңыр киiз үй» деген өлеңдерiнде өте жақсы айтқан. Ақын киiз үйдi «көк» (голубой) түстi деп атайды. Бұл да түркiлердiң көк түстi ерекше құрметтейтiнiн әдейi баса көрсеткендiгi болу керек. Өйткенi көк түс түркiлердiң баламасы болатын. Дәл қазiргi кездiң өзiнде бiздiң жастарымыздың киiз үйдi бiрi бiлсе бiрi бiлмей жатқан заманда сонау көне заманда қытайлықтардың өзi киiз үйге қалай бас игенiн көрсету үшiн өлең нұсқасын Аманхан Әлiмов аудармасы бойынша толық келтiрiп кетудi жөн көрiп отырмыз. ОТБАСЫ НЕМЕСЕ КИIЗ ҮЙМЕН ҚОШТАСУ Тынысы қыстың есiмде, Есiмде ұшқан қар үнi. Жат емес, лептi, кешiң де, Суықтай өлi қарымы. Киiз үй менiң бақытым, Көгiлдiр түстiк күнiндей. Ұшқындап оттай жақұтым, Тұр жел де бiр сәт бiлiнбей. Балықтай суда ойнаған, Жылынған iнде қояндай. Қалам деп қалай ойлағам, Суықтан аман, ой, Алла-ай! Өтедi қарлы түн-дағы, Табиғат көктем шағында. Киiз үй, жылу мұндағы, Баяғы сынды, бағым ба?

Киiздiң түрiк iргесi, Қоштасып шоқтай көктеммен. Өртемес жаздың нұр кешi, Қауышу сәтке жеткенмен. Үйiммен киiз, iздеген Кездесем қоңыр күзде мен. ҚОҢЫР КИIЗ ҮЙ Жүнiнен қойдың жиылып, Көрiппең, сiрә, мұндайды. Жасалған талдан иiлiп, Шаңырақ сұлу, ыңғайлы. Көгiлдiр көктен аумаған, Жауынгер тiккен үй, мынау. Шалғында тұрып қаулаған, Көңiлге нелер түйдiм-ау. Көк нөсер шайып iргесiн, Құлата алмас құйын да. Көрмейсiң бұрыш, бүрмесiн, Жып-жылы, тағдыр сыйың ба? Киiз үй, қыста састым ба, Алыста қалып тау, дала. Сұп-сұлу Айдың астында, Тiгiлдi келiп аулама. Қабырғасы бар киiзден, Қауiптi емес қысың да. Атлас төсеп, күй үзген Көзi жоқ, тiптi қысылма.

От – бишi, әншi шақырғын, Ерек бiр күйге түстiң бе? Мас болып шала жатырмын, Құп-құрғақ киiз үстiнде. Ошақта жанған алау да, Көлеңке болып ойнайды. Жаралған таңғы қырауға, Гүл ме деп бiреу ойлайды. Қызық па қызық бұрынғы, Түтiнiн кешкi созады. Ет иісi жарып мұрынды, Ақынның жыры қозады. Төселген жерге гүл бiлем, Арбайды адам бiткендi. Таңданған бәрi түр кiлең, Өзге не халық күттi ендi. Үйiме монах таң қалып, Қонақтар не бiр ағама. Үйiмдi сүйген сан халық, Қалдырам бала-шағама. Болмаса көңiл күтiмi, Қоңыр үй мәңгi жарай ма? Үйiмдi князь тұқымы, Бермеспiн алтын сарайға. Ендi осы Қазығұрт тауы орналасқан өлкенiң өте ертедегi тарихына бiр көз жүгiртiп алған жөн секiлдi. Өйткенi әлгiнде айтылған түркi мәдениетiнiң қытайларға жасаған әсерiне нақ осы өңiрдi билеген түркiлердiң көп әсерi болды. Солардың бiрi – көне қаңлы тайпасы. Барлық тарихи деректер бойынша қаңлылардың Қазақстан аймағындағы ең алғашқы мемлекет дәрежесiне көтерiлген ел

екенiне қазiргi кезде барлық ғұламалардың көзi жеттi. Бұл жөнiнде Ұлттық ғылым академиясы дайындап шығарған «Қазақстан тарихында» былай жазылған: «В результате исторических событий второй половины II века до н. э., получивших название «Великого переселения народов», в Центральной Азии складываются новые государственные объединения, среди них – Усунь, Янцай, Кангюй. Последнее сыграло существенную роль в истории Казахстана» (стр. 272). Осы қаңлы елiнiң орналасқан аймағы туралы ғалымдардың арасында бiраз талас болғанмен, бәрiн жинақтап келгенде бiр түйiнге тiреледi. Ол – Сырдария өзенiнiң орта ағысы мен Қаратау аймағы деген жалпы атау. С.П. Толстов Қаңлы елiнiң шекарасын шығыста Ферғанаға дейiн, оңтүстiкте Парфия мен Бактрияға дейiн жетедi дейдi де, батысында Бұхара оазисi мен Хорезмдi де иелiк еттi дейдi. Бұл пiкiрге қарсы дәлел айтушылар Қаңлының шығыстағы шекарасын Сарысу, Шу өзендерi мен Ұлытауға дейiн апарады. Осы пiкiрталастың бәрiнде де Қаңлының бес аймағы болғанына ешкiм дауласпайды, тек солардың орналасу мәселесiнде түрлiтүрлi болжам бар. С. Толстов былай жiктейдi: Сусе – Шахрисябз аймағы, Фуму – Зеравшан өзенiндегi Кушан аймағы, Юени – Ташкен оазисi, Чи – Бұхара, Юагань – Хорезм; А. Бернштамның жiктеуi: Юегань-Хорезм, Ги-Сырдарияның төменгi ағысы, Фуму – Жаңақорған мен Қазалының арасы, Сусе – Арыс өзенiнiң бойы мен Қаратау, Юени – Ташкен оазисi. Үшiншi пiкiр айтқан ғалым Ю.Ф. Буряков: Юеани – Ташкен оазисi, Сусе – Суяб, Фуму – Гуйшуанның кiшi аймағы, Ги – Самарқан, Юегань – Хорезм. Осы пiкiрлердiң бәрiн қосып тұжырымдасаңыз, әрi Қаңлы тарихы жөнiндегi басқа деректердiң бәрiн сараптап көрсеңiз, әлгi бес иелiктiң қайсысының қай жерге орналасқанын уақытша iздемей қоя тұрсаң, жоғарыдағы пiкiр айтқан ғалымдардың бәрiнiң ойы дұп-дұрыс болады да шығады. Өйткенi шеткi шекарасын бәрi де шамамен дұрыс болжалдайды, яғни тарихи жазбалардың дәлелiмен сәйкес келедi. Мысалы, Қаңлы елi туралы ең алғаш сонау бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы XIV ғасырдан басталған ежелгi дүние тарихына байланысты еңбектерде («Авеста», «Махабхарата», т. б.) аталып, орналасқан жерi Сыр-

дарияның орта ағысы деп айтылса (сол заманда Сырдарияның орта ағысын Канка деп атаған) кейiнiректегi дәуiрлерде көне деректерде көп кездеспейдi. Сондықтан Қаңлы мемлекетiнiң дәуiрлеген кезеңiн бiздiң заманымыздан бұрынғы III-II ғасырлар деп тұжырымдайды ғалымдар. Мысалы, қаңлылар Селевкидтер әулетiн (кезiнде Александр құрған Бреко-Бактрия мемлекетiнiң жалғастырушысы, сол қолбасшының әскербасы Селевктiң әулетi жалғастырған мемлекет) бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы 170 жылы Хорезм мен (Оксус – Әмудария өзенiнiң төменгi ағысы) Соғдыдан (Оксус пен Сидистiң, яғни Әмудария мен Сырдарияның аралығы) қуып шыққан. (Маханбет Хакимов, «Айқын тарих», Атырау, 1997 ж.). Мiне, осыдан-ақ жоғарыда айтылған шекара жөнiндегi пiкiрталастың айналып келгенде бiр iзге түсетiнi көрiнiп тұр. Бiр айта кететiн жай, осы автор Қаңлыларды Хорезм мен Сырдария бойында отырықшыл өмiр сүрдi деп келедi де, олардың астанасы Битянь қаласын Сырдария мен Талас өзенiнiң аралығында болды дейдi (С. Толстов Хорезмде десе, А. Бернштам Кангу-Тарбан, яғни Отырар қаласы деп болжаған). Бiздiң негiзгi айтпақ болған ойымыз Қаңлы мемлекетiнiң тарихы емес, тек сол елдiң Қазығұрт маңына қандай қатысы барлығы ғана болғандықтан, мәселенiң тереңiне бара бермей осыған байланысты мәселеге көшейiк. Қытай жазбаларында осы Қаңлы елiне алғаш келген елшi (Жалпы Орталық Азияға тұңғыш келген Қытай елшiсi) Чжан Цян (Чан-Чунь) бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы 138 жылы елiнен аттанып, 126 жылы елiне қайта оралған. Мiне, осы елшi өз жазбаларында Үйсiн елi мен Қаңлы елiне көп көңiл бөлген. Жалпы осы елшiнiң жазуы бойынша, қазiргi Қазақстан аймағын төрт тайпа – Үйсiн, Қаңлы, Янцай және Янцы тайпалары жайлаған (әрине, бұл елшiнiң жүрген бағытындағы елдер екенi есте болу керек). Мiне, осы кезден бастап Қаңлы елi мен Қытайдың арасында қатынас (ең болмағанда ұзынқұлақ хабарлар) басталады. Кейiнгi кездерде бұл көрiс-бiлiс алыс-берiске жалғасып, тiптен елшiлiктер алмасу да болған. Тек сол қытай жылнамашылары өз жазбаларында Қаңлы елiнiң Қытайға бас имегенiн, өздерiн жоғары ұстап, еркөкiректiк көрсеткендiктерiн баса жазады. Үйсiн мен Қытай

елшiлерi келгенде төрге үйсiн елшiлерiн отырғызып, қытайларға онша көңiлдерi жатпайтынын сездiрiп те кояды. Тiптен бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы I ғасырдың орта тұсында ғұндар елi екi жарылып, бiреуi Қытайлардың қолтығына кiргенде, екiншi тобына өз елiнiң шығыс бөлiгiнен (Талас бойынан) орын берiп, солармен бiрге барып қытайшылдау болып бара жатқан өз бауырлары үйсiндермен де соғысып қайтқан. Дегенмен сол көне дәуiрдiң 11 жылы Қаңлы ханы Хан патшалығының астанасына өз баласын жiберiп, сыйлық ұсынған. Жин әулетi билiк құрған кезде қаңлының ханы Най би елшi жiберiп, императорға тарту ұсынған. 626 жылы қаңлы ханы Тан әулетiнiң патшасы У-диге тұлпар сыйлаған. 635 жылы барған елшiлiк барыс, алтын, күмiспен қатар сабдалы жемiсiн алып барыпты. Жазбаларға қарағанда осы сабдалы (персики) арнаулы бақта өсiрiлсе керек. Айта кететiн нәрсе, 568 жылы келген византиялық Земарх Каспий мен Аралдың арасындағы жолда қаңлылардың жерiнен өткен. Қытайдың Шыңжаң өлкесiндегi Үрiмшi қаласында тұрып, қызмет атқарған атақты ғалым, академик Нығмет Мыңжан ағамыз өзiнiң «Қазақтың көне тарихы» атты аса құнды еңбегiнде Қаңлы елiнiң тарихына кеңiнен тоқталыпты. Сол кiтапта мынадай жолдар бар: «Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлi қыш ыдыстар iстеген. Қоладан және темiрден өндiрiс құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. Алтын мен күмiстен сақина, сырға, бiлезiк, алқа, тағы басқа да алуан түрлi әшекейлi сән-салтанат бұйымдарын жасаған. Отырған үйлерiнiң қабырғалары әшекей ою-өрнектермен безендiрiлген». Мiне, осы жерде византиялық Земарх Истеми қағанның ордасына жетпей-ақ, жақын келген кезде оған темiр сатып алуды ұсынған түркiлердi, соңынан түркiлiк дүниеге құмар болған қытайлықтарды еске алып, қорытынды жасай беруге болады. Осыған қоса қаңлы елiнiң өз жазуы болғанын, өз заңдары болғанын да ұмытпау керек. Мұның бәрiн тарихи деректер дәлелдеп отыр. Қытай жазбаларында қаңлылардың ән-күй, музыка, би сияқты көркемөнерiнiң гүлденiп, өнер жайғанын және солардың Орта жазыққа дейiн (Қытай) өрiстеп, даңққа бөленгенi туралы

кең деректер бар. Осы деректердiң көрсетуiнше, қаңлылардың қос шектi және бес шектi музыкалық аспаптары, дап-дабыл, сыбызғы-сырнайлары болған («Суй патшалығы тарихы, Батыс өңiр шежiресi»). Осы тарихи кiтаптың «Суй патшалығы тарихы, музыка аспаптары» тарауында Жу патшалығының патшасы той жасағанда қаңлы елiнiң және Құшардың музыка аспаптарын алдырды деп жазады. «Таң дәуiрiнiң естелiктерi» атты кiтаптың 33-тарауында: «Жу Уди түркi қызын ханымдыққа алды. Батыс өңiрдегi елден оны құттықтап, Құшар, Сұлы, Қаңлы елдерiнiң музыка аспаптарын тойға әкелдi», – дейдi. Таң патшалығы билiк жүргiзген уақытта (618-907 жж.) Орта жазықта қаңлы билерi салтанат санатына көтерiлген болатын. Осы дәуiрдiң атақты ақыны Бәй Жүий өзiнiң «Бишi бикеш» дейтiн өлеңiнде қаңлы биiн тамаша суреттеген. Сол өлең мынау: Бишi бикеш ойқастап, Оңға, солға бой тастап, Жауған қардай қалықтап, Құйындай құйғып шарықтап, Мүдiрудi бiлмеген, Бұрала толқып билеген Келiптi бикеш қаңлыдан. Алты айшылық арадан, Жарыса зырлап күймемен, Көңiлi толқып күйменен, Бидiң биiк сарасы, Әлемде жоқ бағасы, Қол жеткiсiз асылға, Әркiмнiң бар таласы. Алқа-қотан айналды Жұрттың төре-қарасы. Нығмет Мыңжан ағамыз қытай дерекнамаларына сүйенiп: «Ерте замандағы қаңлылардың жазу мәдениетi болған. «Солтүстiк патшалықтар тарихы, Батыс өңiр тарауында»: «Қаңлылардың жазуы көлденеңiнен жазылады, олардың өздерi

жазған кiтаптары бар», – дейдi. Қаңлылардың ол кезде қолданған жазуы қандай жазу – соғды жазуы ма, көне түркi жазуы ма, әлде бұлардан басқа түрлi жазу ма – онысы бiзге беймәлiм», – деп жазады. Ол жазудың қандай жазу екенiн әлi ешкiм бiлмейтiнiн, мүмкiн бiлмей де кететiнiн еске ала отырып, Нығмет ағаның деректерiнiң бiр-екеуiн және келтiре кетейiк. Өйткенi дәл бүгiн осы кейiн келтiрiлген деректердiң өзi де көмескiленiп барады. XIII ғасырда «Қаңлы тiлiнiң сөздiгi» жасалыпты («Тиббион әллұғат ат-түрiкi әла лисан әл-қаңлы»). Түркия ғалымы М.Ф. Көпiроғлының айтуынша, осы сөздiктiң авторы – Мұхаммед ибн Қайыс деген оқымысты. Өкiнiшке орай, бұл сөздiк әлi күнге дейiн таптырмай келедi. Ғалымдар өз еңбектерiнде сол заманда осы сөздiктi пайдаланып, үзiндiлер келтiрiп, талдау жасаған басқа ғалымдардың еңбегiн ғана пайдаланып жүр. Екiншi кiтап жөнiнде Нығмет аға былай жазады: «Осы қаңлы тайпасынан шыққан және Iле өңiрiндегi Алмалықта туып-өскен әйгiлi тарихшы Жамал Қарши (1230-1315) өзiнiң «Мүлхакат ассурх» («Сөздiкке қосымша») атты шығармасында: «XII ғасырдың басынан XIII ғасырдың аяғына дейiн қаңлылар Жетiсудағы ең мықты ұлыс болып, бұл өлкенi Алмалықта отырып билеген. Қарақытайлар шабуылы кезiнде қаңлылар қарлық елiмен бiрiгiп, ол кездегi сәулеттi астана Баласағүн қаласын жаудан қорғауға көмектестi – деп жазды». Өкiнiшке орай, қазақ тарихынан мол мағлұмат беретiн осы кiтап та бiздiң ғалымдарымыз бен оқырмандардың қолына тиген жоқ. Бiз қаңлылар елiнiң өмiрiне осы бiр шолуды жасағандағы мақсатымыз – бiздiң ата-бабаларымыздың тек қана атқа қонжиып мiнiп алып, ары-берi шаба бермегенiн, шет жұрттық авторлардың айтқанындай, дала тағысы да болмағанын, керiсiнше, әлемдiк өркениетке өз үлестерiн қосқанын, керек болса, өз мәдениетiне өзгелердi (тiптен өзiн ұлы санайтын қытайларды) елiктеткенiн айту болатын. Ал бұл өңiрдегi басқа ру-тайпалардың тарихын көне деректерден (бiздiң заманымыздың алғашқы жылдары) кездестiре алмадық. Олар, әрине, бар. Тек оларға ден қойып iздестiру керек. Ал үйсiн, дулат, жалайыр, найман, қоңырат, қыпшақ, ра-

мадан т.б. тайпалары туралы деректердiң денi Қазығұртқа байланысты емес, Қазақстанның басқа өңiрлерiне байланысты айтылады. Ал шанышқылы жөнiндегi деректердiң көбi осы өңiрге байланысты болғанмен, қазақ шежiрелерiнде оларды қаңлыдан бөлмей қосып қарастырады. Сондықтан бiз де жеке тоқталмадық. Оның үстiне, бiздiң негiзгi тақырыбымыз – Қазығұрт өңiрi екенiн естен шығармау керек. Ал осы еңiрде сол көне заманда қаңлылар мекен еттi. Ол заманда Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан Жiбек жолы Қазығұрттың дәл бауырынан өтетiн (Ташкент – Тұрбат – Сайрам – Қазатлық – Тараз). Сондықтан осы байланыстың бәрiне қасиеттi Қазығұрт куә болып тұрды, жолаушының бәрi соған сыйынып өтетiн. Қазығұрттың келесi мезгiлдердегi тарихқа куә болғанын келесi тарауда айтамыз. СЮЯНЬ-ЦЗЯНЬ САПАРЫ. ШЫҢҒЫС ХАН МЕН ӘМIР ТЕМIР Әлем тарихында Шыңғыс ханның алатын орны жөнiнде жазылған ғылыми, әдеби-көркем, тарихи, публицистикалық еңбектер аса мол. Сол еңбектерде заманына қарай Шыңғыс хан дәуiрiне талай-талай бiр-бiрiне қарама-қайшы пiкiрлер айтылып келдi. Мәселен, кейбiр ғалымдар татар-монғолдар (тарихқа осы атпен енiп кеткен) Ресей жерiн үш жүз жыл езгiде ұстады деп тұжырым жасаса, екiншi бiр ғалымдар керiсiнше, осы үш жүз жылдық дәуiр Ресейдi Батыстан қорғап, тыныштық орнатып, орыстардың iргелi ел болып, есiн жинап алуы үшiн үлкен әсерiн тигiздi дейдi. Әсiресе осындай шындыққа негiзделiп жазылған еңбектер соңғы кездерде қайта басылып, көпшiлiк арасына кеңiнен тарала бастады. Соның бiрi – тұңғыш рет сонау 1925 жылы алғаш рет Белградта басылып шыққан профессор Хара Даванның «Чингисхан – как полководец и его наследие» атты кiтабы. Дегенмен Шыңғыс хан жорығының еркiндiкке ұмтылған елдердiң бәрiнiң еңсесiн түсiрiп, өнерi мен мәдениетiн күл-талқан

етiп, ойранын шығарғаны рас. Шыңғыс ханның бiр саясаты ғана көптеген тайпаларды өз қатарына оп-оңай-ақ қосып алуына көп ықпал жасады. Ол – дiн мәселесi болатын. Мысалы, Шыңғыс ханның қазақ даласының ен шетiне басып кiруiнiң басталуында наймандармен қатты шайқасқаны белгiлi. Бiр сөзбен айтқанда, наймандар Шыңғыстың ата жауы болды. Тек бiр өкiнiшiтiсi, сонау түпкi отанында Шыңғыстан жеңiлiс тапқан наймандар Жетiсу өлкесiне келгенде, ең алдымен жергiлiктi тұрғындар ұстанған ислам дiнiне тиiстi. Найман ханы Күшлiк жергiлiктi тұрғындардың ислам дiнiне негiзделген әдет-ғұрпын аяққа басып, дiни басшыларын өз мешiттерi мен медреселерiнiң дарбазасында дарға асып қойды. Мiне, сондықтан да Жетiсуда тұрған түркiлер дiндерi мен әдет-ғұрыптарына, тiптен ел басқару жүйелерiне де тиiспеген Шыңғыс ханға өз ерiктерiмен берiле бастады. Осылайша монғол қолдарына Тұрпандағы ұйғыр идiқұты Бартұқ ең алдымен өз еркiмен қосылса, сонынан қарлұқтардың Қаялықтағы ханы Арыстан (бұған Шыңғыс өз қызы Алқа бикенi атастырған), «Iле алқабында Алмалық қаласында тұрып, Жетiсуды билеген қаңлы тайпасының ұлыс бегi Тұғырыл мен оның баласы Сұқнақ Тегiн өздерiнiң барлық әскерiмен Шыңғыс ханға қосылғанда Шыңғыс хан Жошының үлкен қызы Бикенi Сұқнақ Тегiнге қосты» (Нығмет Мыңжани, «Қазақтың көне тарихы», 195-бет). Осы жерде бiр айта кететiн жай, осы бiр деректердi барлық тарихшылар растайды, тек Алмалық билеушiсiнiң есiмi кей деректерде Бұзыр деп берiледi, ал және бiр деректерде оның есiмi Озар, өзiн Найман ханы аң аулап жүрген жерiнде қолға түсiрiп өлтiрген). Бұдан кейiнгi Шыңғыс хан әскерiмен кескiлескен ұрыс жүргiзген Отырар қаласы едi. Мұның алдында Шу бойындағы Баласағұн соғыссыз берiлгендiктен, монғолдар қаланың атын Бұбалық (жақсы қала) деп өзгертiптi. Отырардың негiзгi қорғаушылары Мұхаммед Хорезмшахтың нағашылары – қаңлылар тайпасы едi. Қаланың басшысы да, қорғанысты ұйымдастырушы да Мұхаммед Хорезмшахтың анасы Түркен хатунның (ханымның) бауыры Қайыр хан болатын. Осыдан бастап Шыңғыс хан әскерлерiмен бүкiл Орта Азия қалаларында қатты қарсылық көрсеткен – осы қаңлылар тайпасы. Өйткенi олар Хорезмшахтың намысын

өз намысымыз деп есептедi, соның сойылын соқты. Мысалы, Бенекеттi қорғаған қаңлы тайпасының басшысы Илеткю Мәлiк (Жубейни дерегi), Бұхараны қорғаған әскерлердiң басшысы Инайдж хан (Ан-Насави дерегi), Самарқанды қорғап, жер жастанған отыз мың қаңлы сарбаздарының басшысы Тоған хан (Ан-Насави, Саратори деректерi), Хорезмнiң астанасын қорғауды ұйымдастырған Құмар (К. Д’Оссон дерегi). Шыңғыс шапқыншылығы кезiндегi бұл тарих – ұзақ тарих, әрi бiздiң тақырыбымыздан басқа тарих. Дегенмен осы соғысқа қатынасқан қаңлы азаматтары Қазығұрт маңы мен Келес өңiрiн өз елiмiз, өз жерiмiз деп қорғағаны анық. Ал Отырар ойраны туралы Шыңғыс хан дәуiрi жөнiнде қалам тартқан азаматтардың бұл шайқасқа тоқталмағаны жоқ. Сондықтан бiз оған тоқталмаймыз және ол жөнiнде басқа бiр жазбаларымызда айтуды мақсат тұтқанбыз. Жалғыз айтарымыз, Шыңғыс хан әскерлерiнiң Сырдариядан өтiп, Орта Азияны жаулап алатын сапарында және де қатты қарсылық көрсеткен қала – Бенекет (кейде Бинекет, Фенекет деп те жазылады. Соңынан Шахрухия деген атпен Темiр қайта қалпына келтiрген. Кейiн Шыназ аталып жүрдi де, қазiр және Шахрухия атына ие болды). Бұл қала да Келес өңiрiнiң көрiктi қалаларының бiрi болатын. Орта Азияны жаулап алғаннан кейiн Шыңғыс хан өз туған елiне қайтпақ болып, Индия жерiмен Тибет арқылы өтемiз деп жарлық берiп, әскерлерiнiң азық-түлiкпен қамтамасыз етiлуiн қарастырады. Бұл ниет iске аса да бастайды, тек көп өтпей-ақ бұл бағытты тастап, бұрынғы келген iзiмiзбен керi қайтамыз деген жаңа жарлық шығады. Мұны ғалымдар Шыңғыс хан алдағы таулы жолдың қауiп-қатерiн сезген соң, әскерiн босқа шығын жасап алмау үшiн (оның әлi танғұттармен соғысып, Қытайды жаулап алмақ болған ойы бар едi әрi мұны iске де асырған) ескi сүрлеумен қайтуды жөн көргендiктен, жасаған бетбұрысы едi деп бағалайды. Мiне, осы жолында ол Қазығұрт маңайына соғып, сонда бiраз уақытын өткiзген. Осы жерде бiз қытай тарихында кездесетiн бiр аңызға тоқтала кетейiк. Осы аңыз бойынша Шыңғыс хан Үндi жерiндегi Темiр қақпа деп аталатын бекiнiстiң маңына келгенде, оның сақшылары (телохранители) өзi бұғыға ұқсаған, құйрығы

жылқының құйрығы секiлдi, жүнi жасыл, басында мүйiзi бар бiр аңды байқап қалады. Ол аң кәдiмгi адамдарша тiл қатып: «Сендердiң патшаларыңның кейiн қайтатын мезгiлi жеттi», – дейдi сақшыларға. Мұны есiткен Шыңғыс хан бiрден қобалжып, мұның не екенiн Иелуй-чуңаудан сұрайды. Ол: «Бұл аңның аты Го-дуань (ко-tоиап), ол бүкiл әлем тiлiн бiледi. Мұның көрiнуi – жазықсыз төгiлген қанның қасiретi. Мiне, бiздiң ұлы жасағымыз төрт жылдан берi Батыс өлкелерiн ойрандап жүр. Осы жазықсыз қырылып жатқан елдiң өлiмiн қолдамайтынын Тәңiрдiң өзi осы Го-дуань арқылы сездiрiп тұр. Тәңiрдiң талабына бас иiп, мына елдердiң халқына рақым жаса. Сенiң жасаған рақымың өзiңе таусылмас бақыт болып оралады», – деп жауап бередi. Мына ескертуге таңғалған Шыңғыс хан кейiн шегiнуге бұйрық бередi. Дегенмен бұдан кейiн де үндiнiң бiраз жерi мен елiн жерменжексен етiп қиратып, тонап кетедi. Бұл – аңыз. Ал тарихи шындыққа жүгiнсек, Шыңғыс ханды таңдандырған оқиға – Қазығұрттың етегiнде Шыршық өзенiнiң бойында, Өгем тауларында өткен. Алдымен бiз Шыңғыс ханның Өгем тауларына неге келгенiн түсiндiру үшiн сол замандағы «Аңды қоршай аулау» (облавная охота) дейтiн аңшылық түрiнiң не екенiн түсiндiре кетейiк. Бұл бiздiң қазiргi мылтық асынып, орман мен тауға барып, кең даланың андарын атуға вертолет мiнiп жасайтын саяхатымызға мүлде ұқсамайды. Аң қоршау жорығына шыққан сарбаздар сапқа тұрып апталық-айлық жолға шығып, бүкiл даланы қоршап алып, бiр бүйiрге қарай жабайы аңдарды ығыстыра бередi. Оның бiрде-бiрiн қоршаудан шығармау керек. Көзге түскенiне қару жұмсап, шетiнен қырып сала беруге де рұқсат жоқ. Ал егер алдындағы аңды өз тұсыңнан керi қарай қашырып жiберсең, жазаның көкесi – басыңнан айырыласың. Мiне, осылай ығыстыра-ығыстыра бiр маңға жеткенде, шеңбер қабыспаса да ықшамдалғанда аңшылар сол аңдарды аулайды. Ең алдымен, әрине, Шыңғыс ханның өзi аулайды. Аңшылық бiр күнде бiтпейдi – ұзаққа созылады. Соңынан әбден арықтаған аң түрлерiн аңшылардың өздерi-ақ шеңберден шығарып, босатып жiбередi. Шамасы, бұл бiздiң дәуiрiмiздегi ел басшыларының заказниктер мен заповедниктерге барып аң аулауының ежелгi

жабайы (дегенмен ол кезде дәл қазiргi сияқты патшаның алдына әкелiп байлап қоймаған) түрi болса керек. Бiздiкiн цивилизация деп жүрмiз, ал шындап келгенде, осының қайсысы цивилизация екенi бiр құдайға мәлiм. Мiне, Шыңғыс ханның осылай аң қоршауы жөнiнде арнайы зерттеу жүргiзген бурят ғалымы Дамба Жарғалов өзiнiң «Шыңғыс ханның аң қоршауы» (Иркутск, 1996 ж.) деген кiтабында кеңiнен жазған. Осы еңбекте Шыңғыс ханның түбiне жеткен де осы аңшылық деген тұжырым бар. Бiз оған соңыра тоқталамыз. Қазiрше Қазығұрт маңына қайта оралайық. Шыңғыс хан 1223 жылы жазда керi қарай оралып, Бамиан асуынан асып, жазғы жайлауға Бакалан маңында қалады. Содан соң Бұхараға келiп, сол жердiң имамдарына азан шақыртқан. Бұдан соң Самарқанға келiп, қысты сонда өткiзедi. Көктем шыға Самарқаннан сапарға шығарда Хорезмшахтың анасы Түркен хатун бастаған шах әулетiнiң барлық әйелдерiн жинап, жолдың жағасында тұрып Шыңғыс әскерi өтiп болғанша Хорезм елiнiң күйрегенiн мойындап, жоқтау айтуды бұйырған. Бұл кезде оның екi ұлы – Шағатай мен Ұғадай Зерафшан өзенiнiң сағасында қыстап жатқан болатын. Осы әкелi-балалылардың кездесуi туралы Евгений Кычанов өзiнiң «Бүкiл әлемге билiк жүргiзбек болған Тәмучжиннiң өмiрi» (Москва, «Наука», 1973 г.) атты кiтабында мынадай сөздер жазған: «Сырдариядан өткен соң, шамасы, Шыршықтың жағасында, Шыңғыс ұлдары Шағатай мен Ұғадайға кездесiп, кезектi құрылтайын өткiзген болу керек». Осының алдында Шыңғыс ұлдары келгенше ермек етудi ойлап, аңға шығады. Бұл 1223 жылдың 10 наурыз күнi. Саят Шыршық, Өгем өзендерiнiң бойында Өгем тауының қойнауында өтедi. Осы саятта жабайы шошқаны жаралап, соңынан қуып бара жатқан Шыңғыс хан атынан құлап қалады. Бiрақ ат үстiнде отырған Шыңғысқа ызалана ұмтылған жабайы шошқа алдына өзi домалап түскен Шыңғысқа бiраз қарап тұрады да, ешқандай залал жасамай керi бұрылып жүре бередi. Жабайы шошқаның бұлай жасауы – табиғатына тән мiнез емес. Ол мiндеттi түрде ханды жарып тастау керек едi, тек олай етпеген. Мiне, осы жерде барып жоғарыда келтiрiлген аңызды еске ала берiңiз. Ол «Темiр

қақпа» деген бекiнiстiң маңында болған едi, ал бұл жерде де «Темiр қақпа» барын бiз осы кiтаптың алдыңғы тарауларында айтып кеткенбiз (Түркiстандық қаңлы темiр қақпасы). Және бiр сәйкестiктi айта кетейiк. Осы жылдары жасы ұлғая бастаған Шыңғыс хан өз өмiрiнiң әйтеуiр таусылатынына көзi жетiп, Тибет даостарының адам өмiрiн ұзарту жөнiнде әрекеттерi бар екенiн есiте салып, соның бiрiн алып келудi бұйырады. Осындай даос сонау қиырдағы Қытайдан Самарқанға азапты сапар шегiп, ақыры өз шәкiрттерiмен бiрге Шыңғыс ханмен кездескен. Тақуа Чан Чунь Шыңғыс ханмен үш рет кездесiп, әңгiмелескен. Тек ол мәселенiң шынына көшiп, адам өмiрiн мәңгi жасайтын дәрi жоқ екенiн, ал аз да болса ұзартатын дәрiлер барын ашық айтқан. Осы тақуа Шыршық жағасындағы оқиғаны есiткенде, ханның аттан құлауы Тәңiрдiң бұйрығы, ал жабайы шошқаның тиiспей кетуi сол Тәңiрдiң жебегенi екенiн айтып, Шыңғысқа бұдан былай аңға шығуды азайтуға кеңес бередi. Шыңғыс хан: «Мен мұны өзiм де түсiндiм, кеңесiң дұрыс. Тек бiздер, монғолдар, балалық шағымыздан бастап атқа мiнiп, садақ тартуды салт еткенбiз – бiрден тастай қою оңай емес. Дегенмен сенiң сөзiң жүрегiме ұялады», – деп жауап бередi. Шынында да Шыңғыс ханның түбiне ақыры осы аң аулауға әуестiгi жеткен. Монғолдардың «Құпия шежiре» атты кiтабының көрсетуi бойынша 1226 жылы күзде Шыңғыс хан Таңғұт елiне жорыққа аттанғанда, далада жүрген жабайы жылқыларды қоршауға алған кезде ханның астындағы бозғыл күрең аты алдыңғы аяқтарын аспанға көтерiп, ханды аударып тастайды. Осыдан жарақат алған Шыңғыс хан ыстығы шығып, жатып қалады. Не iстерiн бiлмей сарсаңға түскен әскербасылар мен нояндар өзара кеңесiп, жорықты тоқтатып, керi қайту қажет деп шешедi. Бiрақ Шыңғыс бұған келiспей, жорықты жалғастырып, ақыры Таңғұрттарды жеңiп, қайта оралған соң, 1227 жылы өмiрден өтедi. Бұл жөнiнде де екi түрлi аңыз бар: бiрiншiсi, Шыңғыс хан аттан құлаған жердi нұсқап: «Мен өлген соң осында жерлеңдер», – дептi дейдi. Екiншiсi, Таңғұт патшасы жеңiлген соң, сол кездегi салт бойынша патшаның ең сүйiктi әйелiн Шыңғыс хан иемденуi қажет. Таңғұт патшасы өзiн жартастан тастап, өмiрден өтпек болып шешкен сүйiктi жарына 10-268

басқаша кеңес бередi. Ол ақыры өлетiн болған соң Шыңғыс ханды жастығына ала кету керек екенiн айтады. Сонда кек қайтады. Осы ақыл көңiлiне қонған Таңғұт сұлуы Шыңғыс ханның қойнына жатып шыққан көрiнедi. Сол Таңғұт сұлуы Шыңғыс ханның денесiне жарақат түсiрген. Қалайша, қай жерiне? Бұл – ешкiм бiлмейтiн жұмбақ. Шынында да оқиға осылай өрiстеген болса, оны әлемдi түгел биледiм деп жүрген Шыңғыс ханның жан баласына тiс жарып айтуы мүмкiн емес. «Ердi намыс өлтiредi, қоянды қамыс өлтiредi», деген мақал тегiн айтылмаса керек. Шыңғыс хан осыдан кейiн атқа мiнiп, әлгi өзi «менi көмiңдер» деген жерiн нұсқаса керек. Мақұл, бұл бiздiң тақырыбымыз емес – тарихшылардың еншiсi. Анық-қанығын солар ажыратар. Тек айта кететiн жай – көне жазбаларда сол өжет сұлудың есiмi анық сақталған – Гүрбелжiн. Шыңғыс хан Келес бойында, Қазығұртта бiраз аялдаған соң жаз шыға Құлан тауына келген. Бүкiл жазды ол осында саят құрумен өткiзедi. Сырдарияның сырт жағындағы қазақ даласында қанмайдан қырғыннан бойын аулақ салып жүрген ұлы Жошыға даланың бүкiл аңын Құлан тауының бауырына айдап келудi бұйырған. Жошы әкесiнiң жарлығын орындапты. Оның үстiне әкесiне жиырма мың ақ боз атты сыйға тартқан дейдi. Бiрақ даулы мәселе – Жошының өзiнiң келген-келмегенi. Бiр тарихшылар келдi десе, екiншiлерi келмеген дейдi. Нақтысы белгiсiз. Екiншi бiр жұртты шатастырып жүрген мәселе – Құлан тауы. Осы атауды әркiм әр түрлi атайды. Евгений Кычанов: «Кулан-Баши, к северу от Александровского хребта» деп көрсетсе, Дамба Жаргалов «На равнину Кулан-Баши» дегеннен басқа анықтама бермейдi. Осы Шыңғыс хан жазғы жайлау еткен жер қазiр «Құлан тауы, Құлан асу» деп аталып жүрген Жамбыл мен Шымкент облыстарының шекарасына жақын жердегi тау екенiне ешкiм шәк келтiрмесе керек. Оның үстiне көне дәуiрдегi көптеген қала да осы маңда болған. Соның бiрi – Будахкет (Қазатлық). Тек осы атаудың әр еңбекте әр түрлi жазылып жүргенi есте болғаны жөн. Өйткенi кейбiр авторлар «Құлан-Таши» деп жазса, бiр еңбектерде «Каспий теңiзiндегi түбек» деп көрсетiлiптi. Ал дәл сол шамада самолеті болмаса, Шыңғыс хан Каспийге жете

алмайды. Тiптен Шыңғыс хан тарихының бiлгiрi саналып жүрген ғалым Евгений Кычанов Қырғыз Алатауын орыс патшасымен бiрге баяғыда жойылып кеткен «Александровский хребет» деген атауымен атайды. Мiне, Шыңғыс ханның Қазығұрт өңiрiне байланысты кейбiр әрекеттерi осылай. Ал оның кейiнгi ұрпақтарының бiрi және Талас маңында құрылтай өткiзген деген дерек бар. Тiптен сол құрылтай Құлан тауынан сәл шығыста жатқан Мыңбұлақ деген жерде өткен дейдi. Шыңғыс ханның өзi өткiзген құрылтайды да Шыршық пен Келес өңiрi емес, осы Мыңбұлақ деген жорамал бар. Шамасы, Шыңғыстың аты аталған соң бәрiн соның есiмiне байланыстыру үшiн екi құрылтайдың басын қосып жiберiп жүрген болуымыз да мүмкiн. Өйткенi Шыңғыс ханның наурыз айындағы аттан құлауы барлық сенiмдi деген деректе жазылған. Ал «Мыңбұлақ» мәселесiне бiз соңырақ арнайы тоқталамыз. Көне түркiлер тарихын зерттегенде ғалымдардың көпшiлiгiақ бiр атаудан аттап өте алмайды. Ол – Мыңбұлақ. Осы Мыңбұлақ деп аталған жердiң қай маңда екенiн тұспалдап көрсеткенмен, дәл қай жер екенiн бұрынғы тарихшылар мен саяхатшылар анықтап көрсетпеген. Оның да, әрине, өзiндiк сыры бар. Өйткенi қазақ даласында бiртүрлi атаумен аталып, тек орналасу жағынан Қазақстанның әр түрлi қиырында жатқан жерлер жетерлiк. Сондай атаудың бiрi – Мыңбұлақ. Дегенмен осы толып жатқан Мыңбұлақтың iшiнен ерекше аталатыны бiреу. Ол қайда? Әлде бiрнешеу ме? Онда олар қайда? Егер осы сұрақтарға жауапты дұрыс бере алмасақ, онда түркi хандарын да өз ордасына отырғыза алмаймыз. Немесе бiрiнiң ордасына бiрiн кiргiзiп жiберiп, әбден бастарын қатырамыз. Сондықтан осы Мыңбұлақ жұмбағына бiр тоқталып өтейiк. Сонымен, ғалымдардың бәрi негiзге алып жүрген Қазақстанның Оңтүстiк өлкелерiне (түркiлер деген ұғым қағазға кейiнiрек түскенiн есте ұстау керек) келген екi куәгердiң екеуi де қытайлық. Тұңғыш рет қазақ даласына келген де солар, жазба дерек қалдырған да солар. Оның бiрi бiздiң жыл санауымыздан бұрынғы 138 жылы өз елiнен аттанып, өз отанына тек қана 126 жылы оралған қытай елшiсi Чжан-Цзянь (кейде Чан-Чун, Чжан-

Цянь деп те жазылып жүр). Осы елшi өздерiнiң Батыс жағында тұратын көршiлерiн Усунь (Iйсiн), Кангюй (Қаңлы), Янцай және янцылар деп төрт елге бөледi. Елшi осылардың iшiнен алғашқы екеуiне егжей-тегжейлi тоқталса, соңғы екеуiне көп тоқталмайды, жартымды мәлiмет бере қоймайды. Тек бiзге қажетi, осы елдердiң тiлi мен өмiр салттары бiр тектi екендiгiн айтып кеткендiгi. Елшi жазбаларының құндылығы да осында. Ал бiз болсақ қазiр бұлардың бәрiнiң де түркi тектес екенiн жақсы бiлемiз. Демек, олар басқа түркiлердiң қатарында қазақтардың да ата-бабасы. Аса құнды екiншi еңбек – қытай тақуасы (паломник) СюяньЦзянның жазбалары. Ол өз саяхатын бiздiң ғасырымыздың 625649 жылдары жасаған. Ол осы сапарында Қазақстанның түстiгiн түгел басып өткен: Ыстықкөл маңынан бастап Тоқмақ, Тараз, Сайрам, Ташкент, Оратөбе, т. б. Осы жерде айта кететiн нәрсе осы тақуаның жазбаларын түгелiмен француз тiлiне аударып, 18571858 жылдары екi томдық кiтап етiп басып шығарған француз ғалымы Станислав Жюльеннiң қыруар еңбек еткенi. Бұған дейiн Батыс зерттеушiлерi тек жұлма-жұлма болған үзiндiлердi ғана пайдаланып келген болатын. Көпшiлiгiнiң нақты деректi келтiре алмағаны да содан болуы мүмкiн. Сонымен бiз, ең алдымен Сюянь-Цзянның өз жазбаларына жүгiнiп көрейiк. Осы тақуа Тсинг-Чи көлiнен (Ыстықкөл) 500 ли жол жүрiп, Су-Е (Шу) өзенiндегi бiр қалаға келедi. Бұл қаланың халқы ауа райының қаталдығына байланысты жұқа киiзден жасалған киiм киiп жүредi. Осы өзеннiң батыс жағында бiрiне-бiрi қосылмай жеке-жеке орналасқан оншақты қала бар. Олардың басшылары бiр-бiрiне бағынышты емес, тек бәрi де түркiлерге бағынышты. Осыдан кейiн тақуа осы Су-Е қаласы мен Кио-Шанг-На (Кассанна) корольдiгiнiң арасында жатқан елдi Су-ли елi деп атайтынын айта келiп, бұл елдiң халқын да, жазуын да, тiлiн де осылай атайтынын, ал алфавитiнiң әрiп саны 32-ақ екенiн айтып, сөйлемдi соларды бiрiне-бiрiн түрлi мақамға салып, түйiстiрiп барып құратынын айтады. Бұл жерде тақуаның әрiп санын азсынып отырғаны қытай иероглифтерiмен салыстыруы болса керек. Өйткенi түркi тiлдерiнде сол 32-ақ әрiп бәрiне жетiп жатса, қытай тiлiндегi иероглифтердiң саны мыңдап

саналады. Тақуа осы ел тұрғындарының әдебиетi бiрнеше ғана мемуарлық шығармадан тұратынын, олар жоғарыдан төмен қарай оқылатынын айта келiп, осы әдебиет атадан балаға ауысып жататынын меңзейдi (Осы жерде ең болмағанда жетi атасына дейiнгi буынды бiлудi мiндеттейтiн қазақтың шежiресiн еске ала берiңiз). Бұл аймақтың тұрғындары мақтадан және жүннен тоқылған немесе терiден тiгiлген киiм киетiнiн әрi ол киiмдер жинақы болатынын айта келiп, өздерiн науша бойлы дейдi. Осы жерде, әсiресе есте ұстайтын бiр мәселе – халқының бiр тобы егiн шаруашылығымен әрi саудамен айналысатынын айта кеткенi. Мiне осы аралық – қазiргi географиялық ұғыммен айтқанда, Қордай мен Шу маңынан басталып, Өзбекстанның Самарқан-Жизақ облыстары аймағындағы Зерефшан өзенiнiң бойына орналасқан басқа бiр елдiң аумағына дейiнгi жер. Яғни қазiргi Меркi, Құлан, Тараз, Шымкент – бәрi осы аумақтағы Су-ли елiнiң қарамағында. Суреттелген көрiнiстер – осы аймақ тұрғындарының өмiр бейнесi. Ендi Сюянь-Цзянь осы Су-Е (Шу) өзенiнен батысқа қарап төрт жүз ли жол жүргенде Мыңбұлаққа жетедi. Бұл елдiң аумағы – 200 шаршы ли, оңтүстiгiн қар басқан таулар қоршап жатыр, ал қалған үш тұсы – бiркелкi жазықтық. Барлық жерiнде суы мол, орманы тамаша. Көктемнiң соңғы айында даланың гүлге оранып кететiнi сондай, кең далаға түрлi түске боялған алып кiлем жауып қойған секiлдi әсер етедi. Мұнда суы жылдам ағатын өзендер өте мол. Аймақтың Мыңбұлақ аталуы осыдан болса керек дейдi автор. Жаз кезiндегi аптап ыстықтан қашқан Түркi ханы жылда осы араға келiп жайлайтын көрiнедi. Осы маңда мойындарына қоңырау, құлақтарына сырға таққан бұғылар қаптап жүредi екен, әрi олар адамдардан үрiкпейдi. Өйткенi Түркi ханы осы бұғылардың еркiн жүрiсiн қызықтап, көңiл көтередi. Сол бұғылардың бiреуiн өлтiрген адам болса, басы кесiлетiнi туралы бұйрық та шығарып қойған екен. Қазiргi ұғыммен салыстырып көрсеңiз, бұл Түркi ханының бұғы фермасы секiлдi. Мiне, саяхатшы тақуаның Мыңбұлақ туралы жазып кеткенi осы. Бұдан соң ол жүз қырық-жүз елу ли жол жүрiп, Талас қаласына келген. Бұл қаланың айнала көлемi – сегiз-тоғыз ли.

Мұнда көптеген елдерден келген саудагерлер түрлi бұйымдар сатып, сауда жасайды. Табиғи байлығы мен климаты жағынан Су-Е елiне ұқсас. Осы жерден оңтүстiкке қарай бары-жоғы он ли жол жүргенде, айналасында отырықшы елдi мекен жоқ бiр қалаға келедi. Бұл қаланың тұрғындары денi – қытайлықтар. Барлығы – 300 отбасы. Кезiнде олар қытай жерiнен ерiксiз айдалып келiп, соңынан өздерi бас бiрiктiрiп, осы қаланы жаулап алып, бiржола қалып қойған. Олар түркiлердiң әдет-ғұрпы мен киiм үлгiсiне бiрден-ақ елiктеп, түркiлерше киiнгенiмен, өз отандарындағы салты мен тiлiн сақтап қалған. Осы қытайлар қаласынан оңтүстiк-батысқа қарай екi жүз ли шамасында жол басып өткен соң Пе-Шуи, яғни «Ақсу» қаласына келедi. Мұның да аумағы 6-7 ли, тек табиғи байлығы мен климаты жөнiнен Талас қаласынан әлдеқайда бай әрi көркем. Осы жерден және оңтүстiк-батысқа қарай екi жүз ли жүрген соң Конг-Ю қаласына келген. Бұл қаланың көлемi де 6-7 ли. Бұл елдiң жерi егiншiлiк үшiн аса құнарлы, бау-бақша мен орман тамаша өседi. Ендi оңтүстiкке қарай қырық-елу ли жол жүрген соң тақуа Ну-ЧиКиен корольдiгiне жетедi («Корольдiгi» деген терминдi бiз әдейi Н. Бичуриннiң анықтамасы бойынша алып отырмыз. Ол кiсi, шамасы, екi елдiң арасындағы бiр айырмашылықты көрсету үшiн әдейi осы терминдi қолданған болу керек). Бұл корольдiктiң аумағы мың ли шамасында. Жерi құнарлы, егiнi мол өнiм бередi. Табиғаты тамаша, өсiмдiк әлемi аса бай, гүл мен жемiс жетiлiпартылады. Аса жоғары бағаланатын жүзiмдi өте мол өндiредi. Бұл корольдiкте жүздеген қала бар (шамасы, түркi ұғымындағы кенттер болу керек немесе ауыл). Олардың әрқайсысының өз басшылары бар, барлық әрекетiнде өз ерiктерi өздерiнде, бiрбiрiне бағынбайды. Бұлардың шекаралары анық белгiленiп қойғанмен, бәрi бiрiгiп Ну-Чи-Киен-Ку деп аталады. Осы елден шыққан соң, ол батысқа қарай екi жүз ли жол жүрiп, Че-Ши (Шаш) корольдiгiне келедi. Мiне, Ыстықкөлден бастап Ташкентке дейiн жүрiп өткен тақуаның жолы осындай. Егер осы жолды қазiргi Алматы – Ташкент трассасымен салыстырсаң (әрине, саяхатшының өз жол мөлшерiн еске ала отырып), көптеген қайшылыққа кездесесiң.

Мұнда бiраз жерде ара қашықтық та, жол бағыты да сәйкес келмейтiн сияқты. Тек ол кезде мұндай трассаның жоқ екенiн естен шығаруға болмайды. Бiз алдымен осы жерде «Мыңбұлақ» атауына нүкте қойып алайық. Маршрутты жан-жақты байыптап қарап алған кiсi Сюянь-Цзянның «Мыңбұлағын» қанша сүйресең де Таласқа жеткiзе алмайтынына көзi жетедi. Ол тақуа Таласқа Мыңбұлақтан кейiн келген (қай тұсына келсе де бәрiбiр). Оның үстiне Шу өзенi мен Мыңбұлақтың арасы – 400 ли. Осыған тоқтайтын болсақ, Сюянь-Цзяннiң Мыңбұлағын Бiшкек маңында деп жүрген ғалымдардың болжамы епке келедi. Өйткенi олар мың болмаса да соған жете бұлақтары бар қазiргi Меркi мен Құлан аудандарын бiз (Оңтүстiк тұрғындары) сияқты ұңғылшұңғылына дейiн бiле бермейдi. Осы тұстағы үлкен қала – Бiшкек. Сондықтан «Бiшкек маңы» деп жалпылама сiлтеме жасайды. Ал Меркi мен Құлан ауданының, ондағы жаз кезiнде гүлге оранған дала мен тау аңғарларын көрген кiсi Түркi хандарының жазғы жайлауы нақ осы тұс екенiне ешбiр күмән келтiрмейдi. Осы жерде ерекше еске ұстайтын мәселе – бұл Мыңбұлақтың СюяньЦзянь белгiлеп берiп кеткен хан жайлауы әрi оның Талас өзенiнiң шығыс жағында екендiгi. Себебi ендi бiздiң тоқталмақ болып отырған Мыңбұлақтарымыз мүлдем басқа жерге орналасқан. Көпшiлiгi Таластың батысы мен солтүстiгiнде. Ол мәселеге келмей тұрып, бiз осы Сюянь-Цзянның жолсапарында кездескен елдер мен елдi мекендерге бiр көз жүгiртiп өтейiк. Өйткенi бiздiң негiзгi тақырыбымыз – Қазығұрт болғандықтан, бұл аса қажет. Талас пен Пе-Шуи немесе «Ақсу» қаласына жүрген бағыты мен ара қашықтығы дұрыс секiлдi. Осы Пе-Шуи – көне Сайрам қаласы. Оны тұңғыш рет анықтап берген – Махмұд Қашқари. Ол кiсi: «Сайрам – Исфиджаб аталатын Байза шаһарының қосымша аты. Сариам деп те аталады (Ал-Мединет ал-Байда)», – деп анық көрсеткен. Ал осыдан кейiнгi жүрген бағыты мен ара қашықтық Қазығұрт өңiрiнiң жер жағдайын жақсы бiлетiн адам үшiн көңiлге күдiк туғызады. Сюянь-Цзянь Сайрамнан шығып, оңтүстiк-батысқа (?) қарай екi жүз ли (?) жүрiп барып, Конг-Ю қаласына келедi. Сонда осы қаланың орны қай тұста? Оның үстiне саяхатшы оңтүстiкке қарай (?) және қырық-елу ли жүрген соң

барып Ку-Чи-Киенге келедi. Кезiнде осы қаланы профессорлар С. Асфендияров пен П. Кунте Шымкент қаласынан 6-7 шақырым жердегi Бадам өзенiнiң жағасындағы ескi қаланың орны деп көрсеткен екен. Бұл болжамды ұстанайын десең, бағыт сәйкес келе бермейдi, ал ара қашықтық мүлдем сәйкес емес. Оның үстiне саяхатшы ендi Батысқа қарай (?) және екi жүз ли жол жүрiп, Че-Ши (Ташкент) қаласына келiп жеткен. Егер саяхатшының осы мөлшерiн және бағытын ұстанып отырсаң, Қызылқұмның Отырар немесе Түркiстан тұсынан бiр-ақ шығар едiң. Ал оның келген жерi – Ташкент. Мiне, осы арада бiз тақуа саяхатшының жазбаларына күмән келтiрудiң орнына (олай етуге болмайды – ол Ташкенттiң арғы жағындағы елдерге де барған ғой!), ол кiсiге көмектесiп, осы жұмбақтың шешуiн басқаша болжауды ұсынбақпыз. Ол үшiн басқа да көне жазулардың деректерiне сүйене отырып, Ұлы Жiбек жолының Сайрамнан кейiнгi бағыты тек таудың етегiмен, көбiне сол таулардағы асуларды асып жүргенiн еске алу керек. Жiбек жолының қазақстандық бөлiгi туралы арнайы кiтап жазған К. Байпақов пен А. Нұржанов («Ұлы Жiбек жолы және Орта ғасырлық Қазақстан», Алматы, «Қазақстан», 1992 ж.) жолдың осы бiр тұсы туралы: «Жол Шаштан (Ташкенттен) Турбат асуы арқылы Испиджабқа өтетiн» (2-бет), – деп жазады. Кейбiр жазбаларда «Турбат» деген атаудың орнына, тарихи жазбалардан белгiлi «Газгерд» қаласын атайды (Бұл қаланың орны тарихшылардың болжамынша, қазiргi Шарапхана елдi мекенiнiң орнында болған). Мiне, осы асудан асуға өтiп, оның үстiне сол асуларға жету үшiн бiрде оңға бұрылсаң, бiрде солға бұрылып жүруiң керек. Оның үстiне тау қойнауымен жүрген адам бағытты да дәл болжай алмайды (қарай салатын қолыңда компас жоқ, астында спидометрiн қоса салатын машинасы жоқ!), қашықтықты да оймен-қырмен жүргенде дәл мөлшерлеу мүмкiн емес. Оның үстiне осы тұста тау ылғи Шығыс жағында, ал Батыс жағы – мидай дала (Оңтүстiктiң даласын қаптап жататын төбелердi бiз тауға санап отырғанымыз жоқ). Сонда саяхатшының Ну-ЧиКиен елi деп атап отырғаны қазiргi Төле би ауданынан басталып,

бүкiл Қазығұрт ауданының жерiн қамтып, бiр кездегi қазақтың ең қасиеттi жерiнiң бiрi – қазiргi Өзбекстанның Бостандық ауданымен шектелетiн секiлдi. Конг-Ю қаласын (Кангю, Қаңлы деген сөздiң өзi-ақ естiлiп тұрған жоқ па!) қазiргi Турбат маңынан iздеу керек. Одан кейiнгi елдi мекен бiз бұрынғы тарауларда айтып кеткен «Темiр қақпаның» маңындағы ел (осы жерде кейiнгi араб-парсы географтары Ташкенттен шығып Таразға қарай тартатын жолдың бағытын сiлтегенде, ең алдымен осы Темiр қақпаға жететiнiңдi анық жазып кеткенiн еске сала кетейiк). Сонда ғана Ташкентке қарай жүретiнiң батыс бағыт болып саналады. Демек, Сюянь-Цзянь Ташкент арқылы Оратөбеге өткенде осы Қазығұрт, Қосмола, Бәйдiбек, Шымған тауларының етектерiмен жүрiп отырған. Дегенмен осы жерде жоғарыда аты аталған екi профессордың болжамын да естен шығаруға болмайды, әсiресе қазақ тарихының аса бiлгiрi С. Асфендияровтың пайымдауы құнды. Ол кiсi Конг-Ю қаласын Шымкенттiң батысынан iздеу керек деген. Ал соңғы кездерi археологтардың Ордабасы маңында жүргiзген қазба жұмыстарының нәтижесi ғалымдардың өздерiн есеңгiретiп тастағандай. Мысалы, 1996 жылы республикалық баспасөзде бiрнеше хабар жарияланды. Соның бiрiнде былай жазылған: «Ордабасы қорығының маңынан табылған жаңалық... бомба жарылғандай әсер етуi мүмкiн. Бiздiң дәуiрiмiздiң басында өмiр сүрген әйелдiң денесi көмiлген мүрденi ашқанда, оның мойнына таққан моншақтары янтарьдан жасалған болып шықты. Оңтүстiк Қазақстан облысының аймағында аса күштi Кангюй мемлекетi өмiр сүрген тұсқа сәйкес келетiн осы янтарь моншақтардың Балтық бойынан мұндай қашықтыққа қалай келгенi тарихшыларды таң қалдыруда». Демек, бұл маңдағы түркiлердiң сауда-саттық жасауы түркi атауының өзi хатқа түспей тұрғанда басталған, басталғанда сонау Балтық бойындағы елдермен болған. Демек, қытай саяхатшысының осындай үлкен қалаға келдiм деуi де рас. Мүмкiн, сол Конг-Ю қаласы осы маңда болған шығар, ал саяхатшы қалаға соға өткен. Осыған байланысты айтпағымыз: мүмкiн, Жiбек жолының бағыты түрлi-түрлi болуы, ал бiз тек осы бағытты ұстанып

жүрмiз. Сондықтан С. Асфендияров болжамдарымен де мықтап санасу керек. Жоғарыда бiз тек өз болжамымызды ғана айттық. Бiз ендi «Мыңбұлақ» мәселесiне қайта оралайық. Осы атауды атағанда көпшiлiк ғалымдар Шоқан Уәлихановқа сiлтеме жасайды. Рас, Шоқан Уәлиханов өз еңбектерiнде осы түркi хандарының жайлауы болған Мыңбұлаққа бiрнеше рет тоқталады («Қытай империясының Батыс өлкесi туралы»). Бiрақ ол «Мыңбұлактың» дәл қай жерде екенiн көрсетпейдi. Тек бiр-ақ рет Туи Шеху хан жөнiнде айта келiп, «Орданы Шигодан Мыңбұлақ қойнауына көшiрдi» деп жазса, Шабало хан жөнiнде айтқанда «Осы жылы (651) батысқа барып, Мыңбұлақтың қасынан орда тiктi» дейдi. Және бiр жерiнде былай деп жазады (Бiз цитатаны әдейi орысша келтiрiп, Шоқанның өз сөзiмен берiп отырмыз); «Китайцы напали, разбили орду, взяли несколько десятков тысячи человек в плен и захватили литавру, ханское знамя и оружие. Хэлу бежал за реку Или. Сы-йе, помощник, занял «Тысячу ключей». Хэлу укрепился полисадом, но, разбитый, бежал. Су Динфан, преследовавший его до Суй-е (реки), взял все войско. Хан бежал в Ши к городу Суду и за дорогую цену был впущен в него». Осы үзiндiдегi Или-Iле, Суй-е-Шу, Ши-Ташкент, Суду-Ташкент маңындағы тарихшылар әлi де анықтай алмай келе жатқан қала. Осы үзiндiге ден қоя назар аударсаңыз, Мыңбұлақтың орнын анықтау оңайға соқпайды. Оқиға бiр қиырдан бiр қиырға өтiп жатыр. Шоқан өз еңбектерiнде Қытай деректерiне сүйенген, ал сол деректердi орыс тiлiне аударып, түсiнiк жазып кеткен атақты Н. Бичуриннiң өзi былай көрсеткен: «Тысяча ключей, название страны в Чжуньгарии в Илииском округе. По удобности сей страны к землепашеству и изобилию в воде, это должен быть правый берег реки Или, от соединения рек Хаша и Гунгиса (Кугнеса) вниз по течению Или-гола до Тургынь-гола. По кит. Цянь-Цюань» (Н. Бичурин «Средняя Азия и Восточный Туркестан», Алматы, «Санат», 1997, стр. 313. Бiз цитатаны әдейi орыс тiлiнде Бичуриннiң өз транскрипциясымен бердiк). Осы пiкiрлерiне қарағанда, Мыңбұлақтың қайда екенiн анықтауға Шоқан да, Бичурин де көмектесе алмаса керек. Ендi осы Мыңбұлақ туралы басқа авторлар не дейдi? Соған келейiк.

«Қазақстан тарихы» (орыс тiлiнде, «Атамұра» баспасы, 1-том, 1996 ж.): «Қағанаттың астанасы мен қағанның қысқы мекенi Шу аңғарындағы Суяб қаласы болған. Саяхатшылардың көрсетуi бойынша, Суяб қаласына жақын жерде қағанның жазғы ордасы (ставка) болған».«Қазақстан тарихы» (қазақ тiлiнде, «Дәуiр» баспасы, 1994 ж., 59-бет): «Суяб қаласы (Қырғызстандағы Токмак қаласы маңында) елдiң астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы Мыңбұлақ (Түркiстан қаласы жанында) едi». Л. Гумилев Ышбарханға байланысты айта келiп: «Жеке басы мен жеке дружинасына арнап «Мыңбұлақ» жазықтығында қорғаныс қамалы бар қала соқты», – деп жазады да, оны Пельенiң еңбегiне сүйенiп, «Талас өзенiнiң оңтүстiгiнде» деп көрсетедi. Қара Шордың немересi Шегуi туралы айтқанда, оның еншiсiне шағын ғана Чач (Ташкент) княздiгi тигенiн айтып келiп: «Оның жазғы жайлауы Минбулак (Мыңбұлақ) Талас өзенiнiң оңтүстiгiнде нушибилер жерiнде едi», – дейдi. Әрi осы атауды Пелье өз еңбегiнде «Бинг-Юл» деп көрсететiнiн атап кетедi. Тон Жабғы қаған жөнiндегi әнгiмесiнде ол өз ордасын Ташкенттiң солтүстiк жағындағы жасыл алқапқа орнатқанын айтады (Келес немесе Шыршық өңiрi болса керек). К. Аманжолов, Қ. Рахметов: («Түркi халықтарының тарихы», Алматы, «Бiлiм», 1996 ж., 93-бет): Тон Жабғы қаған туралы айта келiп: «...әкiмшiлiк орталығын сол кездегi қолөнер мен сауданың маңызды орталығы болған Шу алқабындағы Суяб (Тоқмаққа жақын жерде) қаласына көшiрдi, жазғы қонысы Мыңбұлақта болды (Испиджабқа жақын жер, Исфиджаб – Түркiстан қаласы)», – деп жазады. М. Барманқұлов («Тюркская вселенная», Алматы, «Бiлiм», 1996, 94-96-беттерде): өзiнiң «Темiр қақпа» жөнiндегi ойларына қосымша дәлел ретiнде ғалым Л.А. Боровикованың мына бiр сөздерiн келтiредi. «Өкiнiшке орай, аса биiк әрi сусыз шөл дала арқылы, яғни тау соқпақтарымен 300 ли немесе кемiнде 150 шақырым жол жүргенiн айтқанына ешкiм көңiл бөлмедi. Ал мұны Самарқанның оңтүстiгiмен өтетiн Өзбек соқпағымен (тракт) салыстырудың ешбiр қисыны жоқ. Оның үстiне мамандарға Орта Азияда бiрнеше өзен Ақсу аталатынын, бiрнеше

Мыңбұлақ барын, жергiлiктi тұрғындар тек қана Байсынтаудағы Қақпаны емес, Жизақ маңындағы тау өткелiн де Темiр қақпа деп атайтынын жақсы бiлуi тиiс, – деп жазған Боровикова мамандардың Азиядағы Темiр қақпаның бәрiн бiр қақпаға апарып жапсыра бергенiне өкiнiш бiлдiрiп. М. Барманқұлов та осы ғалымның ойын құптап, Сюянь-Цзяннiң жазып кеткен (өз көзiмен көрген) Темiр қақпасы Ташкенге жеткенге дейiнгi маңда екенiн болжаса да, нақ қай жерде екенiн анық көрсете алмаған. Бұл үшiн Қазығұрт пен Шымған тауларының жер жағдайын, мұнда әлi де Қақпақ деп аталатын жер бар екенiн көзбен көру керек. Ал «Мыңбұлақ» жөнiндегi бұл автордың тұжырымдамасы да Бiшкек қаласының маңына алып барады, яғни Сюянь-Цзянь көрген Мыңбұлақтың Таластың Батыс жағында емес, Шығыс жағында екенiн дәлелдейдi. Нығмет Мыңжани («Қазақтың көне тарихы», Алматы, «Жалын», 1993 жыл, 118-бет): «649 жылы Тайзуң патша қайтыс болды. Батыс түрiк қағандығындағы Ашынақойлы (Қойлұқ) өзiн Шыбар қаған деп жариялап, қаған ордасын Шу өзенi мен Талас өзенi аралығындағы Мыңбұлаққа (бын башқа) қондырды да, Таң патшалығының әскерлерiне шабуыл жасады... Бұл оқиға Жұңғо жылнамаларында «Ашынақойлының бүлiгiн басу» деп аталды». Тұрсын Жұртбаев өз кiтабында («Дулыға», 2-том) Мыңбұлақ атауына көп тоқталмайды. Шыбара хан туралы жазбаларында Мыңбұлақты Шу мен Таластың аралығы деп көрсетсе, Тон Жабғы, Шегуй хандардың ордасын Ташкент маңындағы жасыл жайлаулардан қашық қоныстандырмайды. Тек «Эктаг» терминiне талдау жасамай (мұның авторға қажетi де жоқ едi, өйткенi оның тақырыбы – басқа мәселелер) Истемиге байланысты «Екiтау» деп алса, Тон Жабғыға байланысты «Ақтау» деп алады. Б.Қ. Албани («Тарихи таным», Алматы, «Ататек», 1994 ж., 300-бет): «Естеми қағанның бiр ордасы – көне Құяс (қазiргi Алматы облысы, Кеген ауданының немесе Шелектiң Iлеге құяр сағасы) маңында, ал бас ордасы Шу бойындағы Суяб қаласында (қазiргi Тоқмақ маңы), жазғы ордасы – Түркiстан қаласына таяу Мыңбұлақ деген жерде болды».

Мiне, бiз Мыңбұлақ жөнiнде қалам тартқан бiраз авторлардың пiкiрiн ортаға салдық. Осы пiкiрлерге қарасаң, Мыңбұлақты сонау Алтайдан бастап Қазығұрттың арасының кез келген жерiне апарып орналастыра беруге болады. Тек осы атаудың алғашқы авторы Сюянь-Цзянь екенiн еске алсақ, сол тақуаның сөзiне тұру керек сияқты. Өйткенi кейiнгi авторлардың бәрi сол тақуаның комментаторлары ғана, өзi барып көрiп келген ешкiм жоқ. Дегенмен әсiресе Боровикованың айтқан уәжiн есте ұстау керек. Бiз ендi осы Мыңбұлақ туралы көбiрек айтып, бiр жерге қазығын мықтап қаққысы келетiн автордың ойына тоқталмақпыз. Ол автор – Әдiлхан Байбатша. Еңбегi 1997 жылғы күзде «Егемен Қазақстан» газетiнде «Қазақ даласының ежелгi тарихы» деген атпен он шақты санында жарияланды. Осы еңбегiнде ғалым кейбiр тұста ғылыми дәлел айтудың орнына, өз көкiрегiндегi мүддесiн дәлелдеу үшiн сонау көне заманға ай-шайсыз кiрiп барып, тарихты белiнен басып жүре бередi. Кейбiр тұжырымдары басқа ғалымдардың ойына келу түгiлi, ызыңын есiтсе жағасын ұстап, шоршып түсетiндей тұжырымдар. Ғылымда қалыптасқан терминдер мен атауларды өз еркiнше бұрып алып жүре бередi. Кейбiр тұста тарихта бұлжымас болып жазылып қалған дәлелдердi ысырып тастап, қайта қарауға әрекет жасағаны байқалып-ақ тұр. Мысалы, екi мың жылдан берi бүкiл әлемдегi ғалымдар пайдаланып келген қытай жылнамаларындағы үйсiн тарихына байланысты деректердi белiнен бiр-ақ сызып, өз ойын ешбiр дәлелге сүйенбей-ақ аксиомаға айналдырғысы келедi. Сол сияқты түркi тарихындағы дулулар мен нушибилердiң тарихын барынша еркiн пайдаланып, қалыптасқан тарихи атауларды өзiнше атап, мүлде басқаша түсiндiредi. Мысалы, әлем тарихы мойындаған юечжи немесе шыңжандық Нығмет Мыңжани ағамыз қолданған Иозы атауларын өшiрiп тастай салып, кезiнде екi бөлiнiп кеткен (оның себебiн тарихшылар әлi анықтап бiткен жоқ қой!) тайпаның Батысқа кеткенiн Ұлы жүз, шығыста қалып қойған тобын Кiшi жүз деп атай бередi. Оның үстiне сол Ұлы жүздiң өзiн тек қана Үйсiннен тараған деп түсiндiруге тырысады. Ал сол атауларды дәл бүгiнгi заманға әкелiп қабыстыра салуға әрекет етедi. Әрине, ғалымның түрлi iзденiстер жасап, өзiнше тұжырым

жасауға талпынуы – нағыз құптайтын мәселе. Тек алдымен дәлел келтiрiп алу керек қой. Немесе қазақ тарихын, әсiресе қазақ руларының шамына тиiп, ары-берi жұлмалай берсек, баяғы екi бөлiнiп кеткен хандар, екi бөлiнiп кеткен юечжилер, бiрiмен бiрi жауласып кеткен Дулулар мен Нушибилер сияқты бiтпес дауды бастап алуымыз мүмкiн. Мұның бетi аулақ. Тәңiр бiрлiктен айырмасын. Мақұл, бұл ғалымдардың жұмысы. Оның үстiне көне тарихты қымыз ашытқандай етiп қайта сапырып жату бiздiң ниетiмiзде жоқ. Ол қолымыздан да келмейдi. Бiз осы ғалымның бiздiң көтерген мәселемiзге байланысты бiрер ойына ғана тоқталып кетейiк. Әдiлхан Байбатша мырза Истеми қағанның (өзi Естемес деп алады) ордасын Алтайдан да, Iле бойынан да, Қаратаудың Солтүстiгiнен де iздеудiң қажетi жоқ екенiн айтады. Дұрыс, бұған қосыламыз. Өйткенi барлық дерекнамалар (негiзiнен Земарх елшiлiгi жөнiндегi Менандр жазбалары) ол Орданың Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас түстiгiнде болғанын айтады. Ал ендi осы орданы Екiтаудың (Құлан тауын меңзеп отырса керек) етегiне әкелiп орната салуына жол болсын? Дәлел қайда? Автордың өзi бұл таудың атын Менандрдың аудармашысы «Эктаг» деп аударған дейдi. Жоқ аудармашы, Менандр басқаша жазса, бұлай етiп аудара салатын қазақ (ең болмаса түрiк, өзбек, әзербайжан) емес қой. Ол қазақтың сөзiн қайдан бiле қойды екен? Түбi «Эктаг» деген сөздi Менандрдың өзi әдейi жазған, географиялық атау болған соң грек тiлiне аударып жатпаған, қайта «алтын тау» деген ұғымды қосып жазған түсiнiктiлеу болсын деп. Бiз мұны жоғарыда айтқанбыз. Өзiмiзше дәлелдеп көргенбiз. Ендi оны қайталап жатпайық. Қайтадан Мыңбұлақ мәселесiне келейiк. Автор бұл туралы былай жазады: «СюаньЦзян қазiргi Жамбыл облысының Батыс шетiндегi Мыңбұлақ өңiрiнiң жанға жайлы екендiгiн тәптiштеп жазып, оны ыстық айларда Түркi хандары (Түркiбасыдан келiп) жазғы мекенi ететiндерiн баяндаған. Хан ордасы орналасқан Түркiбасы мен оның Шығыс жағындағы Мыңбұлақ жалғасып жатқан мекендер, арасы 30-40 шақырым ғана». Автордың осы жолдарды жазғанда сүйенген деректерi басқа бiр тарихнамада бар шығар дейiн

десең, ол бадырайтып тұрып кәдiмгi Сюань-Цзянның атын атап отыр. Ал сол қытай тақуасы болса Н. Бичуриннiң жазуынша, «проехав около четырехсот ли на запад от реки Су-Е, он достиг Мын-Булака... Сделав от сорока до ста пятидесяти ли на запад от Мын-Булака, он приехал в город Талас». Сонда қалай болды? Әдiлхан мырза Талас өзенiнiң сағасын бұрып, Ақсу-Жабағалы арқылы ағызып, Машаттың бойынан бiр-ақ шығарып, Тараз қаласын Манкенттiң маңына көшiрiп әкеле салған болып шыға ма? Жоқ, автор мұның бәрiн бiледi. Қателескен-ау дейiн десең, Сюянь-Цзяннан басқа Мыңбұлақты мақтап жазған автор жоқ. Әдiлханның мақсаты – Истемидi қалайда өзi шешiп-пiшiп қойған Түркiбасына қондырып, қасындағы Мыңбұлақты жайлау жасап берiп, қолына паспорт ұстата салу. Рас, осы маңда Мыңбұлақ дейтiн жер бар. Ол Жуалы ауданында, тек Сюянь-Цзянь айтқан Мыңбұлақ емес, басқа Мыңбұлақ. Көптен берi басқаша аталып келсе де, соңғы кезде Түркiбасы атала бастаған жер де бар. Ол туралы айтылатын әңгiмелер де басқаша. Сайрамдағы тарихи музейде мұны күнде айтып отырады. Соған бiр көз сала қою керек едi. Ал тарихқа апарып тiреу қажет болса, Құлан тауы мен Мыңбұлақ мұндай зорлау-зомбылауға зәру емес. Тарихтың бел ортасынан орын алған жерлер. Тек ол берi таманғы дәуiр – Шыңғыс хан дәуiрi. 1223 жылы осы қолбасшы бүкiл жаз бойын Құлан тауының маңайында өткiзген. Мыңбұлақта да, АқсуЖабағылыда да аң аулаған. Монғолдардың үйiрiп айдап әкелiп, аң аулайтын әдiсi (облавная охота) екi-үш айға созылады. Нақ сол жолы Жошы құландарды өте көп үйiрiп әкелiптi. Әбден құмарлары қанған соң бiр қойнауда үйiрiлiп жайыла беруден әлсiреген құландардың қалғанын монғол жауынгерлерi босатып жiберген дейдi тарихи жазбалар. Осылардың бәрiн терең зерттеген К. Д’Оссон, Е. Кычанов, Д. Жаргаловтар осы айғақты дәлелдей түседi. Тек қана К. Д’Оссон 1224 жыл деп жазып, жердiң атын Кулан-Таш деп көрсеткен. Бiз Құлан тауының неге бұлай аталғанын бiлмеймiз. Тек осы Шыңғыс хан ордасының осында бүкiл жаз бойы жайлап, аң аулауына (әсiресе құландарды) байланысты емес пе екен деген ой келедi. Мұны бiлетiн азаматтар зерттей жатар.

Ал Мыңбұлақ мәселесiне келсек, бiр шындықтан бет бұруға болмайды. Ол – қазақ даласында дәл осылай аталатын жерлердiң көп екенi. Қазақ «бiр, екi» деп шұбыртып жатпай-ақ, саны мол нәрсенi «мың» деп бiр-ақ қайыра салатын әдетке бейiмделген. Осы тұрғыдан қарасақ, Қазығұрттың маңында да толып жатқан бұлақ бар. Ол жөнiнде бiз жоғарыда айтқанбыз, қайталап жатпаймыз. Өйткенi Истеми Қағанның ордасына байланысты айтылатын Мыңбұлақ атауы бiз көрген тарихи жазбаларда жоқ. Ол – кейiнгi хандарға байланысты айтылған орын. Ал бiздiң кейбiр авторлар Истеми ханның аты аталса болды, тарихта аталған орынның бәрiн соған апарып жапсыра берудi әдетке айналдырып барады. Қызақыза келгенде олар осы оқиғалардың арасын ондаған-жүздеген жылдар бөлiп жатқанын ұмытып та кетедi. Ал Истемиге байланысты аталған орын – «Эктаг» пен «Алтын төбе» (тау). Ал хан ордасы тұрған жерде судың да, бұлақтың да, жайылымның да мол болуы қажет екенi белгiлi. Осы тұрғыдан алғанда хан жайлауына лайық орын – нақ осы Қазығұрт, Қосмола, Шымған тауларының етектерi мен бiр шетi Сырдарияға барып тiрелiп жатқан кең дала. Сондықтан да Истеми хан өз ордасы үшiн осы орынды таңдаса керек. Иә, Қазығұрт Истеми ханның да жайлауы болған. Қазығұрт өңiрi – әлемдiк тарихта Тамерлан, қазақ арасында Әмiр Темiр Көреген деген атпен кең тарап кеткен Темiр дәуiрiнiң де талай шайқасына куә болған өңiр. Бүкiл түркi әлемiне қасиеттi саналатын, ал бар әлемге түркiлер жерiнiң кiндiгi сияқты боп көрiнетiн Түркiстан қаласында Ахмед Яссавиге арнап салынған зәулiм күмбез тұр. Сол Түркiстанның iргесiнде Яссавидiң ұстазы саналған Арыстанбабқа арнап орнатылған және ескерткiш тұр. Қазығұрт тауының оңтүстiгiнде, Қосмола тауының етегiне орналасқан Турбат ауылында Қазырет Ысмайыл ата мен оның бауыры Жәбiрейіл атаға, ұлы Ысқақ атаға арнап орнатылған күмбездер бар (Бұлар туралы бiз басқа тарауда кеңiрек тоқталдық). Осылардың бәрiн орнатқан Әмiр Темiр. Ең болмағанда Яссави мавзолейiн салдырған – осы ұлы қолбасшы. Кейiнгiлерi туралы сол кезде жазылып қалған нақты дерек жоқ болғанмен, ел аузында сақталған ауызша тарих осылай

деп тұжырымдайды. Өткен ғасырда жазылған кейбiр еңбектерде де осылай көрсетiлген. Самарқан қаласында Гур-Эмир деген атпен бүкiл әлемге әйгiлi болған күмбез тұр. Осы күмбездiң iшiнде Әмiр Темiрдiң денесi жатыр. Тек осы күмбездi орнатқан да Темiрдiң өзi. Ал Ташкент қаласының дәл ортасында соңғы жылдары салынған және бiр күмбез-ғимарат бар. Бұл – Әмiр Темiрдiң ескерткiш-мұражайы. Мұны орнатқан – Ұлы қолбасшыға деген iлтипатын бiлдiрген өзбек халқы. Кезiнде де, қазiр де Батыс Еуропа ғалымдары Әмiр Темiрдi арғы-бергi дәуiрде өткен ұлы қолбасшылардың iшiнде Александр Македонский, Атилла мен Шыңғыс ханның қатарына қойып бағалайды (Ж. Сандерс, Р. Хандерсон, X. Марлоу, X. Хуккэм). Тiптен керек болса, сонау ХII ғасырдың сексенiншi жылдары королева Елизаветаның сарай ақыны Христофор Марлоу «Теңдесi жоқ Темiрлан» («Тамерлан Великий») деген атпен-ақ өлеңмен драма жазып шыққан. Осы пьеса Еуропа сахналарында ХIII ғасырдың орта тұсына дейiн үзiлiссiз қойылып келген де, пуритан революциясы кезiнде тоқтап қалып, 1953 жылы сахнаға қайта шығарылды. Рас, 1724 жылы Гендель өзiнiң «Темiрлан» операсын жазған болатын. Мiне, осы бiрнеше мысалдың өзi-ақ Әмiр Темiрдiң кiм екенiн, тарихта алатын орнын айқындап берсе керек. Дегенмен осы жерде және бiр-екi мәселеге тоқтала кеткен жөн секiлдi. Оның бiрiншiсi, әлгi Батыс Еуропа ғалымдары Әмiр Темiрдi Александр Македонскиймен салыстырғанда былай бағалайды: Әмiр Темiр Македонский жаулап алған жердiң бәрiн қарамақарсы бағытпен жүрiп жаулап алды. Оның үстiне Македонский Сырдариядан өткенмен, кең далаға қарай ұзап ене алмаса, Темiр бүкiл қазақ даласын Сiбiрге дейiн аралап өтiп, Орал тауының етегiмен Едiл бойына барып, соңынан Кавказ бен Кiшi Азияны жаулап алды. Екiншiсi, X. Марлоу драмасында суреттелетiн көрiнiс – баспалдақ орнына пайдаланылған темiр торға қамалған Сұлтан Баязидтiң, Темiр мiнген әскери арбаға ат орнына жегiлген ханзадалардың мүшкiл халi мен мыңдаған адамдардың оңды-солды бауыздалып жатқанын – тiптен әсiрелеп жiберген 11-268

тұстары деп бағалайды. Кейбiр араб-парсы авторларының Темiр өз жеңiсiн тойлағанда Баязидтiң қолбасшылары мен жақынжұратын қара жерге етпетiнен жатқызып тастап, солардың үстiне тақта төсеп, жеңiмпаздар соған шығып отырып той-томалақ жасапты, ал осыларға қызмет етудi тек қана Баязидтiң әйелдерi мен қыздарына мiндеттептi деген жазбаларына үлкен күмән келтiредi. Әмiр Темiрдiң өмiрiн жан-жақты тереңiнен зерттеп, ол жаулап алған елдердiң бәрiн дерлiк аралап шыққан ағылшын зерттеушiсi, әрi әдебиетшiсi Хильда Хуккэм өзiнiң еңбектерiнде (Ағылшын энциклопедиясындағы Орта Азия туралы көптеген мақалалардың авторы) осы бiр әсiрелеп жiберген суреткерлердiң дерекке жүгiнудiң орнына, қиял шылбырына iлесiп кеткендiгiн дәлелдейдi. Осы автордың айтуынша, Темiр Баязидтi алдына алып келгенде жымиып күлiптi-мыс. Өзi тұтқын болған адамға күлмес болар деп Баязид мұның мәнiн сұрағанда: «Жаратқанның әмiрiн көрмейсiң бе? Әлемдi билеу үшiн басқа жөнi түзу адам табылмағандай, бiр ақсақ пен бiр соқырға берiп қойғанын карашы», – деп жауап берiптi. Оның үстiне осы автор Темiр мен Баязидтi қалайда қарсы қою үшiн Еуропа билеушiлерi мен христиан дiнiнiң уағыздаушыларының астыртын әрекетiн көптеген дәлелдер келтiрiп, анық көрсеткен. Бүкiл Еуропаға қауiп төндiрген Баязидке қарсы жасалған крест жорықтарының қолдаушысы табан астында табыла кеткенiне барынша қуанған христиан дiндарлары талай қулық әрекет жасаған. Олар тiптен Баязидтi қолдағансып та әрекет жасаған. Мұны Темiр кеш түсiнген. Мiне, Темiрдiң әлемдiк тарихтағы орны осындай. Ол өзi қайдан шығып, қалай жеттi бұл мансапқа деген сауалға да бiрауыз жауап бере кетейiк. Шыңғыс хан еншiлiкке бөлiп берген Шағатай әулетiнiң iргесi сөгiлiп, бiрте-бiрте тарих сахнасынан кете бастаған тұсы Темiрдi билiк тiзгiнiн берiк ұстауға итермелей түстi. Шағатай ұлысы бiрте-бiрте екiге бөлiнiп, бiрiн-бiрi кемсiту мақсатында «жете» және «құрама» деп атай бастады. Мұның алғашқысы «Дала кезбелерi, қарақшылар» деген ұғым берсе, екiншiсi: «таза тұқым емессiңдер, әр тайпадан құрылған құрамасыңдар» деген мағына беретiн де, соңынан бүкiл аймақ халқына берiлген лақап-есiм

қалыптасып кеттi (Хильда Хуккэм «Властитель семи созвездий», Ташкент, изд-во «Адолат», 1995 г., стр. 43-44). Алғашында Шағатай хандары аса бай өлке деп Мавераннахрға қызыға қарап жүрдi де, соңынан осылай қарай жылжи бастады. Алғый ханның iзбасары Мүбәрак ислам дiнiн қабылдады (1266 ж.). Бұл жаққа Мүбәракпен бiрге жылжыған Шағатай әулетiне тәуелдi етiп жарияланған әскери тайпалардың iшiнде жалайырлар мен барластар бар болатын. Мүбәракқа iлесiп келген жалайырлар өздерiне мекен етiп Ангрен бойын таңдаса, барластар Қашқадарияны таңдады. Айта кететiн бiр мәселе, осы екi тайпа өмiр бойы бақталастықта болды – олардың достасқан да, қастасқан да тұстары аса мол. Темiр билiк тiзгiнiн қолына бiржола алған кезде жалайырлар оған амалсыз көнгенмен, көбiнесе есесiн қайыруға әрекет жасаумен жүрдi. Олардың басшысы Ахмед Жалайыр соңында Темiрдiң қас жауына айналып, өмiрiнiң соңына дейiн күресумен болды. Сол үшiн Бағдатқа да барды, Кавказда да болды, Түркияда да Темiрге қарсы шайқасты. Осы әрекетiнде оны толығымен қолдап, ылғи қасында қару ұстап жүрген екiншi адам – түрiкпендердiң қарақоюнлы тайпасының басшысы Қара Жүсiп болатын. Ақыры Ахмед Жалайыр мен Қара Жүсiп Сұлтан Баязид тiзе бүккен соң Египетте тұтқындалды. Егер жалайырлардың тарих сахнасына шыққан тұсы осы мезгiл екенiн еске алып, осы тайпаны бiздiң ғалымдарымыздың әлi де монғол тобынан жiгiн ажырата алмай жүргенiн ескерiп, Темiрдiң таққа отырар тұсы мен билiктi қолына алған кезеңiнде әлеуметтiк мәселелерге барынша араласқанын ой елегiнен өткiзiп барып, бiр болжам жасауға әрекет жасап көруге болатын сияқты. Қазақта жалайырды ноқта басы деп құрмет тұтатын салт бар. Ал дәл осы кезеңде бүкiл Мавераннахр мен Моғолстан өңiрiнде барластардан кейiн батыл қимыл жасап, бой көрсеткен – осы жалайырлар. Тiптен олар Темiр жорыққа аттанып кеткен соң оның астанасы Самарқанды басып алып, өздерiнше билiк те жүргiзген. Ақыры Темiр олардың қозғалысын бiржола басып, өздерiн бөлiп-бөлiп, өлке-өлкеге айдап жiберген. Ахмед Жалайыр мен оның ұлы Тахирдың бүкiл Орта Азия мен Кiшi Азияны, Кавказ бен Жерорта теңiзiн жағалап кеткенi де сондықтан. Демек, қазақтардың жалайырды ноқта бауы дейтiн

салты осы кезде шыққан жоқ па екен? Жалайырлар қазiргi кезде де Қазығұрт маңы мен Өзбекстан аймағында жиi тұрады. Ал Темiр – Қашқадария бойын қоныс еткен барлас тайпасынан шыққан, монғолдардың хан тұқымына қатынасы жоқ адам. Сондықтан да өзiнiң лауазымын хан деп атамаған. Тек қана хан тұқымының күйеу баласы екенiн көрсету үшiн (егер ол солай болған болса) «гураган» деген қосымша лақаб-есiмдi қосып айтқан (Әмiр Темiр көреген деп қазақша айтылып жүрген лауазымдағы соңғы сөз қазақтың «көреген» деген сөзiне ешбiр қатысы жоқ, тек қана сырттай ұқсап тұрған үндестiк). Темiр алғашкы кезде Қаршы (Орда деп түсiну керек) аймағына әмiр жүргiзген кезiнде Балх әмiршiсi Хұсайынмен достасып, бүкiл Мавераннахр аймағына билiк жүргiзуге әрекет жасай бастаған. Сондықтан да ол Моғолстаннан келген шағатайлықтарға қарсы күрес жүргiзген. Мiне, соңынан талай рет келiп, өз ордасын (ставка) тiккен Келес өңiрiмен Темiрдiң танысуы осы тұстан басталады. Шағатай хандары алғашында өздерiнiң негiзгi орталықтарын Iле бойынан алдымен Сырдарияның шығысындағы Әнгiрен жазықтығына (ойпатына) көшiредi де, соңынан Қашқадария маңына ауыстырады. Кебек хан бұл жерге әскери ордасын ғана орнатып қоймай, арнайы сарай салғызады. Бұл жер осыдан бастап Қаршы атала бастаған. Кебек қайтыс болған соң дала аристократтары 1269 жылғы Талас құрылтайының шешiмiне лайық өз саясаттарын жүргiзуге әрекеттенедi. Кебектiң орнына отырған iнiсi Тармашiрiн (1326-1334 жж.) ислам дiнiне кiрiп, өз ордасын Бұхарға көшiрген. Бiрақ көшпендiлердiң көсемдерi оны Шыңғыс хан салтын бұздың деп орнынан ығыстырады. Осыдан кейiн кикiлжiң бiразға созылып, ақыры бұл аймақтың билiгi әмiрлердiң билiгiне көшедi. Бiрақ Моғолстан ханы Тұғлұқ-Темiр Мавераннахрды қайта басып алып, билеушi етiп өз ұлы Ильяс Хожаны бекiтедi. Алғашында Қаршы аймағына басшылыққа бекiтiлген Темiр ендi бұған келiспей, Хусейндi жақтап күреске шыққан. Ақыры олар Ильяс Хожа әскерлерiн Сырдариядан өткiзiп, Ташкент маңынан ары асырып (Қазығұрттан асырып деп түсiне берiңiз) қуып тастап, ендi Мавераннахр аймағында жетелер қалған жоқ, мүлде тазардық деп Келес пен Шыршық бойында

серуен құрып, аң аулап, көңiл көтерген. Ильяс Хожа тұтқынға түсу қаупiнен әрең құтылып, Iле бойына қашып кеткен. Бiрақ Тұғылық Темiр қайтыс болған соң таққа отырған Ильяс Хожа Мавераннахрды қайта бағындыру ниетiмен және қайта оралады. Осы 1365 жылы болған шайқас Қазығұрт маңында Келес өңiрiнде өткен. Тарихта «Батпақтағы шайқас» деген атпен қалған осы оқиғаны сол кездегi көне жазбаларда былай суреттейдi: Шайқастың қиян-кескi болғаны өз алдына, нақ сол кезде аспанды бұлт торлап, нөсер жауын жауып, бүкiл даланың миын шығарып жiбердi. Аспанда жарқылдаған найзағай ең батыл деген жауынгерлердiң өзiнiң зәресiн ұшырады. Аспан қақ айырылғандай боп күн күркiрегенде, жауынгерлер ат үстiнен қарғып түсiп, қара киiзге оранып жата-жата қалады. Осы кезде бұған қосымша қатты дауыл соғады. Жер мен көктi ажырату мүмкiн болмай кетедi. Айналаның бәрi – аласұрып ағып жатқан тасқын су. Жауынгерлердiң астындағы сәйгүлiктерi мен айдалған мал сол суда жүзiп жүр. «Жер жаңа ғана жаратылғандай боп, астан-кестеңi шығып жатты» деп жазады сол кездегi жылнамашылар Бұл күнi жеңiске жетпек түгiлi, екi жақ та басымен қайғы болып кетедi. Таңертең шайқас қайта басталған. Осы кезде Темiр әскербасылық мiндеттi өз мойнына алған Хусейнге жаппай шабуылға шығуды ұсынған. Бiрақ Хусейн мұны қолдамайды. Ақырында екi әмiр өмiрiмен қоштасқан өз жауынгерлерiнiң денелерiн батпаққа тастап, кейiн қашады. Бұлардың шығыны он мың жауынгерден асқан. Өздерi қалған жауынгерлермен Сырдариядан әрең өтiп, Самарқанның жолын қарсыластарына ашық қалдырып, бетi ауған жаққа қарай қашады. Соңынан Темiрдi жақтаушылар жiгерсiздiк көрсеттi деп Хусейндi айыптаса, көпшiлiк жұрт қарсыластары «жада» тасын пайдаланып, әдейi табиғат дүлейiн туғызды деп уәж айтады. Мiне, Темiрдiң бұл даламен, бұл таулармен алғашқы кездесуi осылай басталған. Соңынан ол шығысқа немесе солтүстiкке қарай аяқ басса-ақ өз ордасын осы далаға орнатуының да сыры осында болса керек. Темiр бүкiл Мавераннахрды иемденiп алған соң жетелерге (Моғолстан) қарсы аттанған сайын алдымен бағытын анықтап алу үшiн, соңынан басшылық жасау үшiн ордасын осында тiгiп,

ұзақ-ұзақ уақыт осы маңда аялдаған. Бұл кезде Темiрдiң астанасы Самарқан каласы болатын. Дегенмен сонау ата-бабасынан берi қанына сiңген далақұмарлық оның өмiрiнiң соңына дейiн жалғасты. Ол өмiрiнiң көпшiлiк мезгiлiн дала қосында өткiздi. Әмiр Темiрдiң қазақ даласына жасаған жорықтарының көпшiлiгiн хатқа түсiрген негiзiнен үш автор. Олар – Низамиддин Шами («Зафар-наме»), Шарафеддин әл-Иазди («Зафар-наме») және Ибн Арабшах («Ажайбуль макдур фи ахбари Тимур»). Осы авторлардың бәрiнiң де жазғаны кейбiр уақиғалар мен жер аттары, кiсi есiмдерi болмаса, бiр iзбен жүредi. Әсiресе ерекшелеу келетiнi, Темiрдiң кейбiр әрекетiне көңiлi толмайтынын бiлдiрiп алатын автор – кезiнде тұтқынға түсiп, кейiн парсы мен түрiк тiлiн үйренiп, еңбек жазған Ибн Арабшах. Темiр Моғолстанға қарсы әлденеше рет жорық жасаған. Осының алғашқысы және де Сырдариядан өтiп, Келес өңiрiнде болған. Осы өңiрде және де Темiрдi бiрде қолдаса, бiрде оның саясатына келiспеушiлiк бiлдiрiп жүрген – жалайырлар тайпасы мен оның жетекшiсi Бахрам Жалайыр. Соңынан 13751390 жылдары бiрнеше жорық жасайды. Осы жорықтың бәрiн ұйымдастырғанда оның ордасы Келес өңiрiнде болды, Ташкент қаласына барып-келiп жүргенi болмаса, тұрақты аялдамаған. Осы кезде заманында Шыңғыс хан талқандап кеткен Шыназ маңындағы Сырдариядағы өткелдi қалпына келтiредi. Оның екiншi, үшiншi жорығында әскердiң Сайрам мен Янги (Тараз) қаласы арқылы өткенiн анық жазған жылнамашылар. Осы жерде сәйкес келмейтiн бiр нәрсе бар. Низамиддин: Темiр жасақтарын Моғолстанға аттандырып, өзi ордасында қалды деп айтады да, сол мерзiмдi елу үш күн деп көрсетедi. Қайтар жолында Ат башы мен Арпа Йазы арқылы Самарқанға оралды дейдi. Оның үстiне ол әлгi ордасы тiгiлген жерден жеңiспен оралып келе жатқан ұлдарының алдынан шығу үшiн Қара-қасмаққа дейiн iлгерiледi деп жазады. Ал дәл осы оқиғаларды қайталаған Шарафеддин әлИазди жер атауларын осылай келтiредi де, тек уақытты елу үш күн емес, «бес ай үш күн» деп көрсетедi. Осы жазбаларға түсiнiк жазған кейбiр ғалымдар Ат башы мен Арпа Йазы өзендерiн Ош қаласының маңына апарыпты. Бiздiңше, бұл дұрыс емес. Мұны

Өгем тауы мен өзенiнiң етегiндегi қазiргi Азат башы мен Арпа пая деп аталатын жер деп түсiну керек. Атаудың кейбiр өзгерiске ұшырауы – өткен уақыттың әсерi. Оның үстiне «История Казахстана» кiтабының 1-томында көне дәуiр тарихын айтып келген жерiнде Онтүстiк Қазақстан облысындағы «Арпаөзен» деп аталатын жердi көрсеткен. (Қазiр Арпа пая Өзбекстан жерiнде, кезiнде Оңтүстiк Қазақстанда болған). Ал «Қара-қасмаққа» ешқандай түсiнiк бермейдi. Бiз сiлтемемiз дәлелдi болу үшiн Шарафеддин әл-Иаздидің өз сөздерiн дәл келтiрейiк. Тек текст түсiнiктi болу үшiн алдымен мынаны айта кету керек. Әмiрзада Жиһангер жетелердi талқандап, олардың басшысы Камаредин қашып кеткен соң Әмiр Шамсаддиннiң бәйбiшесi Түйай-ага (Низамиддин Шәмиде: Буйан-ага) мен қызы Дилшад-аганы алып келе жатқанын әкесiне хабарлайды. Ендi үзiндiнi келтiрейiк: «Темiр осы орынды өзiне бес ай үш күнге Ордасын тiгетiн қонысы етiп белгiледi. Әлгi қуанышты хабар құлағына тиген соң Темiр бұл орыннан көшiп, Қара-қасмақтан жоғары көтерiлдi, ал әмiрзада аман-есен оралып, әкесiнiң аяғына тағзым етуге қолы жеттi... Темiр бұл жерден аттанып, Ат башида аялдады, сонан соң Арпа-Иазы жазықтығына (долина) көшiп барып, бiрнеше күн сайран салды» («Из истории казахов», Алматы, «Жалын», 1997 г., стр. 264). Ал осы екi автордың «Қара-қасмақ» деген атауын ибн Арабшах өз еңбегiнде «Қара-Сман» деп берген. Осы жерде және бiр автордың пайдаланған атауын айта кетейiк: «Матла Ас-Садайн ва Маджма» атты еңбегiнде Әл Бахрайн бұл жердi «Қара Қайман» деп көрсетiп, Темiрдiң бұл хабарды елу күннен соң есiткенiн айтады. (Кезiнде Санжар Аспендияров осы атауды Арыс өзенiнiң бойындағы Қараспан болу керек деп болжаған екен. Өйткенi Темiр дәуiрiнен кейiнгi мезгiл – қазақ хандығы тұсында жазылған көптеген шығармаларда «Қарасман» деген атау жиi кездеседi. Бiз дәл осы болжамды мақұл көремiз. Сонда барлық атау өз орындарына келiп, Қазығұрт пен Келестiң маңына топтаса кетедi. Өйткенi 1397 жылы Моғолстан билеушiсi Қызыр Хожа жеңiске жете алмайтынына көзi жеткен соң мәмiлеге келiп, өз қарындасы Тоқал ханымды (неге Тоқал аталғаны белгiсiз,

шамасы, Түзел болса керек) Темiрге әйелдiкке бередi. Бiрақ ол соңынан хан тұқымы болғандықтан, Кiшi ханым аталып, Темiр от басында бәйбiшесi Сарай Мүлiк ханымнан кейiнгi орынды иемденедi. Мiне, осы кезде артынып-тартынып келе жатқан қалыңдығын күткен Темiр және де ордасын Қазығұрт бауыры мен Келес өңiрiне тiгiп, сайран салған, алдағы жоспарларын осында жасаған. Бұл кезде Темiрдiң бар арманы Қытайды жаулап алу болатын. Оның үстiне Түркiстанда салынып жатқан Қожа Ахмед Яссави кесенесiнiң құрылысын бақылап отырған. Темiрдiң бiрнеше рет соғысып, ақыры Едiлдiң бойында күлталқанын шығарған Тоқтамысқа қарсы жорығы да дәл осы маңнан басталған болатын. 1389 жылы өзi осыннан аттандырған ұлы Омар Шайх Отырардың iргесiнде Тоқтамыстан жеңiлiп, тұтқынға түсiп қала жаздаған. 1390 жылы күзде Темiр бар әскерiн жинап осы маңға келiп, дайындық жасайды. Жаяу әскердiң бәрiн атқа қондырады. Сапарының сәттi болуы үшiн осы маңдағы әулиелерге сиынып қайтады (Мұның iшiнде Ысмайыл ата мазары мен Зеңгi атаға мiндеттi түрде барған деп шамалаймыз). Жетiм-жесiрлер мен әулиелерге деп он мың кебек динарын үлестiредi. Бiрақ осы әрекетiнiң бәрiне қарамай, өзi қатты науқастанып бiр айдай жатып қалады. Темiрдiң айналасы ғана емес, және қырғын-сүргiн басталып, дүниенiң астаң-кестеңi шығып жүре ме деген қарапайым халық қатты үрейленiп, Әмiрлерiнiң саулығын тiлеп, тәңiрге жалбарынады. Қырық күннен соң Әмiр бiржола сауықты деген хабар жеткен соң барып Мавераннахр халқы тынышталған. Темiр өзi жоқ кезiнде елдi басқару үшiн ұлы Шахрұх пен немересi Пiр-Мұхаммед Жаһангердi қасына бiр топ кеңесшiлерiн қосып Самарқанға қайтарған. Ордадағы әйелдердiң бәрiн де керi қайтарып, жорыққа шыққанда ылғи сапарлас болып жүретiн Шолпан Мүлiктi ғана алып қалған. Сонан соң барып, 1391 жылғы қаңтар айында қатарында екi жүз мың әскер бар жасағымен Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанады. Бағыты – Түркiстан, Сауран, Бетпақдала арқылы Солтүстiкке жол тартып, Тоқтамыстың iзiне түсу болған. Бұл жолы да Тоқтамыс елшiлерiне Қара-Спанда кездескен.

Бұл жорық пен жеңiстiң бiздiң тақырыбымызға қатысы болмағандықтан тоқталмаймыз. Бiздiң айтпағымыз, жорықтан оралғандағы жағдай. Темiр қайтар жолда қолға түскен бар олжаны ордаға жеткiзудi Хаджа Сейфуддин Әмiрге жүктеп, өзi салт жүрiп кетедi. Ол Саураннан Отырарға, одан Сырдариядан өтiп Самарқанға жетедi. Осында екi-үш күн сайран салып, мауқын басқан соң бiрден Ташкент маңындағы жайлауға оралады. Осы кезде қосынды бастап Хаджа Сейфуддин де келiп жетiп, бүкiл жазықтық сарбаздарға, тұтқындарға, мал-мүлiкке толып кетедi. Темiр осы жерде қолға түскен олжадан өз ордасының жорыққа қатынаса алмаған мүшелерi мен елдiң белгiлi ақсүйектерiне үлес берген. 1391-1392 жылғы қысты осында өткiзген. Көңiл көтеру үшiн деп үлкен саят (охота) ұйымдастырылған. Әрине, бұл саят баяғы Шыңғыс хан дәуiрiндегi секiлдi Қазығұрт өнiрiндегi Өгем мен Шымған тауларының баурайында, Келес пен Шыршық, Өгем мен Пiскем өзендерiнiң бойында өткенi анық. Өйткенi құлашты кең сермеп аңшылық ұйымдастыратын басқа орын мұнда жоқ. Егер iлгерiлеп кетсе, Ақсу-Жабағылы мен Құлан тауларының маңы болар. Одан ары емес. Айтпақшы, дәл осы жерде Темiр 1398 жылы қытай елшiсi Ан Чидi қабылдаған. Оның әкелген сәлем-саухатын ықыласпен қабылдаса да, елшiнiң өзiн елiне қайтармай Самарқан, Харасан жаққа жiберiп, 12 жыл ұстаған. Соңынан осы елшi көптеген көркем шығармалар (поэмалар) жазған. Осы жерде, өз елiне дәл осылай оншақты жылдан соң ғана әрең қашып барған, бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы кезеңде тұңғыш рет келген қытай елшiсi Цзян-Цзянның өмiрi еске түседi. Әмiр Темiр де әккi бабалары сияқты, өз елiн кеңiнен насихаттау мақсатында елшiнi ұзақ ұстаған. Ендi Темiрдiң Моғолстанды бiржола жойып жiбермек болып, құрылтай өткiзiп, бар әскерiн топ-топқа бөлiп, Моғолстанның жан-жағынан тиiсудi мақсат тұтып, жорық аяқталғанда Жұлдыз деген жерге жиналуды тапсыратын тұсындағы бiрер атауға тоқтала кетейiк. Осы жолы ол әмiрзада Омар Шейхты қасына жол көрсеткiш етiп бекшiк (қаңлы) жетенiң ұлы Баян Темiрдi қосып, Әндiжан қосынына жiбередi. Әмiр Жаһан шах пен Шейх

Әли Баһадүр бастаған 30-мыңдық екiншi қосын Сұңқар деген қолбастаушысының нұсқауымен Қара-Арт пен Шугурлуктан асқан соң, бiрден кездескен елдi қырып-жойып, дүние-мүлкiн тонауға кiрiседi. Осындағы Қара-Арт атауының қай тұс екенiн бiз анық бiлмеймiз, ал Шугурлук – қазiргi Тұрбат ауылы. Дерекнамада «асқан соң» деген сөзге қарап, әйтеуiр бiр асу бар екенi белгiлi болып тұр. Сонда бұл дәл Тұрбаттың iргесiндегi Қаратас деген бел емес пе екен деген ой келедi. Өйткенi Шугурлуктың Тұрбат екенi анық (Ол туралы бiз Ұлы Жiбек жолы туралы тарауда кеңiнен айтамыз). Мұнда Темiр талай келген. Осындағы Ысмайыл атаның күмбезiн де орнатқан сол кiсi деген әңгiме бар. Не болғанда да Тұрбат Темiр тұлпарының тұяғы талай тиген жер. Ендi бiз жоғарыда айтылған Қара-Қаспақ пен Қара-Сманға немесе Қара-Қайманға қайта оралсақ, қазiргi Қараспанның дәл iргесiндегi ауылды осы кезге дейiн Темiрлан деп атайтынын еске алуымыз керек. Ол неге Темiрлан аталды? Ел арасындағы аңыз бойынша дәл осы жерден өткенде Темiр Арыстың суына түсiптi дейдi, ал екiншi бiреулер жағадағы жардың басында отырып, шашын алғызған дейдi. Осы аңыздың қайсысы рас болса да оңай мәселе емес. Жорыққа аттанардың алдында Самарқандағы Қани Гилде құрылтай өткiзген мезгiл қыркүйек, одан соң Мұхаммед Сұлтанның мавзолейiне тағзым ету (освящение), Келестiң жағасына келiп әскерiнiң дайындығын тексеру – осының бәрi бiраз уақыт алады. Не дегенде де Отырарға келген кезi қаңтардың ортасы, ал өмiрмен қоштасқан күнi – 18 ақпан. Сонда Арыстың бойында қыстың қақап тұрған кезiнде болған. Қолбасшы бұрын жағаласып көрмеген жаңа қарсыласы – қытайларға қарсы аттанған жауынгерлерiнiң көңiлдегi күдiгiн басып, рухын көтеру үшiн дәл осындай әрекетке (далада отырып, мұздай сумен жiбiтiп, шаш алдыру) баруы әбден ықтимал. Кеселдiң осы аязды күн мен мұзды судан жұғуы күмән туғызбайды. Не десе де Темiрдiң осы жерден өткенi анық (өту ғана емес, бұрын да талай келген жерi ғой). Ал ауылдың тектен-текке Темiрлан аталмайтыны да белгiлi. Темiрдiң есiмiне, соның бiр оқиғасына байланысты аталғаны рас. Ал Шәуiлдiр маңындағы Темiр станциясының неге бұлай аталғаны және бiр жұмбақ. Ал Темiр әрекетiнiң бiраз шамасы

Оңтүстiк Қазақстан өңiрiне байланысты екенi тарихи шындық. Темiрдiң өзi қасиеттi санаған жердiң қатарына Түркiстан, Отырармен қатар Қазығұрт пен Тұрбат та жатады. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗЫҒҰРТ ӨҢIРI Шыңғыс хан өзiнен қалған бар иелiктi үш ұлына бөлiп берген соң, құрылған үш хандықтың үшеуiнiң де iргесi сөгiлiп, ыдырай бастағанда тарих сахнасына Қазақ хандығы келiп шықты. Бұл барлық тарихтан белгiлi. Дегенмен «жайдан-жай жан бере салу оңай ма?» дейтiн қанатты сөзде айтылатындай, Шыңғыс мұрагерлерi де билiктен айырылғысы келмей жанталасып жатты. Әсiресе Моғолстан мен Шайбанилер арасындағы кикiлжiң көпке созылды. Бұдан кейiнгi дәуiрде Қазақ хандығы Жоңғар шапқыншыларымен шайқасып жатты. Мiне, осы оқиғалардың көбi Оңтүстiк өңiрiнде өткендiктен, солардың бiрқатарына Қазығұрт тауы куә болып тұрады. Кейбiр кездерде мәселенiң түйiнi нақ Қазығұрттың етегiнде немесе сол маңдағы таулы жайлаулар мен жазықтықта шешiлiп жатты. Осы оқиғалардың көбi сол кездегi қағазға түскен жазба деректерде көрсетiлген. Сондықтан бiз сол дәуiрдегi тарихи-әлеуметтiк мәселелерге көп тоқталмай, Қазығұрт өңiрiне байланысты оқиғаларды терiптерiп айтуды жөн көрдiк. Әбiлхайыр ханнан iргесiн аулақ салып, Керей мен Жәнiбек оңтүстiкке қарай жөңкiле көшкенде оларға орын берген Монғолстан ханы Есенбұғы, ал орналасқан жерлерi – Талас пен Шу бойы, Қозыбасы дейтiн жер. Қазiр ғалымдар осы Қозыбасының қай тұста екенiн анықтай алмай сарсаңға түсiп жүр. Бiреулер Қордайдан iздесе, екiншiлерi Алматы маңынан iздеп жүр. Бұл ғалымдардың мiндетi ғой, ал жалпы көпшiлiк үшiн оңтүстiк өңiрге орналасқаны шындық. Осы кезде табиғаты жанға да, малға да жайлы, әрi жерi шұрайлы да құнарлы оңтүстiк өлкесi үшiн қиян-кескi арпалыс басталды. Өз елiне өздерi ие болуды

армандаған Қазақ хандығы осы атыс-шабыстың бел ортасында жүрдi. Әрине, аяғынан жаңа тұрған Қазақ хандығы бұл тұста талай дипломатиялық (iшке бүккен сыры) әдiстi қолданып, өз жерiнде өз үстемдiгiн орнату үшiн келiсiмге де, керiсуге де барғаны рас. Бұл – өмiр заңы едi. Алтын Орда өз алдына хандық құрып, төңiрегiндегi хандықтар құрылып, әсiресе оңтүстiк өлкесi астанкестен болып жатты. Осынша ойранның себебiн iздеуден гөрi, сол заманның авторларының бiрi, Шайбани ханның жорықтары кезiнде қасында болған, өз еңбегiн көзiмен көрген оқиғалардың негiзiнде жазған Рузбаханидiң осы өлке жөнiндегi жазбаларынан ұзақтау болса да бiр үзiндiнi келтiре кетейiк. Сонда әлгi атысшабыстың сыры өзiнен-өзi анықталады да қалады. Сонымен Рузбаханидiң өз сөздерi («Мехнама-наме-и-Бухара»): «Түркiстан-табиғи байлығы жөнiнен әлемдегi теңдесi жоқ ел деп есептелетiн, Қытайдың гүлденген өлкелерiнiң бiрi (орта ғасырлардағы араб-парсы оқымыстылары қазақ даласының тарихын көбiне осылай жазады. Мұның себебi, бiр кездегi қазақ даласындағы түрлi-түрлi билеушi топтардың Қытай елiмен жасап тұрған қатынасының түпкi сырын дөп баса алмаудың кесiрi. Ал ондай қатынас қазақ хандығында тiптен Абылай заманында да болған. Сондықтан Қытай экстремистерiнiң алпысыншы жылдары шығарып, әлi де кейбiр оқулықтары мен карталарында осылай көрсетiп жүргендерiнiң себебi осы араб-парсы жазбалары – Қ.Т.). Ғалымдар мен данышпандар бұл өлкенi сонау атам заманнан берi адамның басына теңесе, қалған өлкелердi адамның денесiне теңейдi. Шынында да, осы теңеу – дұрыс табылған теңеу. Түркiстанның қалалары Сырдария бойындағы Артук (басқа жазбаларда Архух), Сайрам, Яссы, т.б. Сейхун өзенi әлемдегi ұлы төрт өзеннiң бiрi, өз тұрғындары бұл өзендi Ходжент-Дария деп атайды, ал монғолдар (моғолдар болса керек – Қ.Т.) мен өзбектер Сырдария деп атайды. Сырдарияның жоғарғы ағысында Ходжент қаласы мен басқа да қалалар орналасқан. Бұл өзен үш жүз таш бойы өзбек қыстақтарының арасынан ағып өтiп, Қарақұрым (Қарақұм болса керек) құмдарына барып сiңiп кетедi. Осы ендiктiң бәрiнде малға азық болатын шөп пен қамыс мол өседi. Егiстiктi

суландыру үшiн Дариядан басталатын көптеген арықтар қазылған. Егер қазақтар жағының жорықтары тоқтаса, өзiнiң географиялық жағдайына байланысты бұл өлке әлемдегi ең көркем әрi жерi сапалы игерiлген жер болар едi. Әлемнiң ешбiр жерiнде Сырдариядай халыққа жан-жақты қызмет ететiн өзен жоқ; оның жағасында өсетiн шұрайлы шалғыны мен жабайы құстары жөнiнен бұған теңесетiн өзен жоқ; ол мал мен аңның жайылуына өте қолайлы. Тек таңғаларлық жағдай – осындай өмiр бұлағы бастау алып тұрған өлкенiң қарақшылыққа бейiм тұрған халық – қазақтардың еншiсiнде болғандығы. Түрлi-түстi гүлге оранып тұрған өзеннiң жағалауында әр түрлi құстар, жабайы есектер (құландар деп түсiну керек – Қ.Т.), сайгактар (киiктер) және басқа аңдар жайлайды; тiптен ысқырған жел мен орман перiсiнiң өзi де арасынан өте алмайтын ну тоғайлар мен жемiс-жидектi шатқалдар бар. Сырдария биiк ағаштар секiлдi бойын көкке созып тұрған Түркiстан қалаларының арасынан өтедi. Ерте көктемде Түркiстан өлкесi жұмақтың үлгiсiне айналады, бүкiл даланы жауып тұрған хош иiстi гүлдер, жемiс ағаштар мен ағынды сулар оны теңдесi жоқ өлкеге айналдырады. Бұл өлкеде холера, чума, безгек сияқты аурудың түрi мүлде кездеспейдi, жергiлiктi тұрғындар оның не екенiн бiлмейдi. Кең даланы үйiр-үйiр болып жайылып жүрген сайгактардың семiздiгi соншалықты, жылдам жүгiре алмайды. Бұл жерде мынандай ғұрып бар: үйге қонақ келе қалса, үй иесi садағын алып аңға шығады да, тез арада сайгакты атып алып келе қояды. Ерте көктемде мен денсаулығыма байланысты Сығанақтан Сайрамға сапар шектiм. Сонда көрген бiр жағдай менi әбден таңғалдырды: жол жағасындағы шеңгелдер мен шөптiң арасында топ-топ болып сайгактар жүр. Алғашында мен оларды қойлар ма, әлде ауылдың иттерi болар деп ойлағанмын. Жақын келгенде олардың жабайы сайгактар екенiн көргенде жағымды ұстадым». Мiне, Рузбаханидiң көзiмен қарағандағы оңтүстiк өлкесiнiң сол кездегi бейнесi осындай. Бiз бұл жерде кейбiр атауларды әдейi қазақшаламай, орыс тiлiндегi нұсқасын алып отырмыз. Бұл үшiн кешiрiм өтiнемiз, әрi сол еңбектердiң әлi күнге қазақ

тiлiне аударылмағанын, сондықтан көбiне орысша аудармаларды пайдалануға тура келетiнiн де ескерте кетейiк. Осы тұста бұл ғалымның және бiр iзгiлiктi әрекетiн айта кетейiк. Өйткенi бұл тұс Шайбани ханның қазақ даласына қарай қайта-қайта көз тiгiп, қалайда жаулап алуды армандап, арсылдап тұрған кезi. Себебi ол бұдан бұрын бiрнеше рет жорық жасап, талай рет жеңiлiп, бас сауғалап, ана жақты да паналап, мына жақты да паналап, ең ақыры сонау Маңғышлаққа дейiн қашып кеткен болатын. Жалпы, Шайбани жөнiнде жазылған шығармалардың көбiнде оның бейнесi тiптен әсiреленiп кеткен. Авторы әлi күнге дейiн белгiсiз бiр шығарманы қазiргi ғалымдар Шайбанидiң өзiне апарып телiсе, екiншiсiнiң авторы Мұхамед Салық – ханның сарай ақыны, ал Рузбаханидың өзi де ханға iлесiп жүрген жылнамашы. Немесе Шайбани хан үлкен шайқастарға түсiп, аса iрi жеңiске жеткен қолбасшы емес. Ол – бiрiмен-бiрi жағаласып жүрген дала билеушiлерiнiң осал тұстарын дәл басып, соны көбiрек пайдаланған саясаткер. Осы тұста ол Персияға жасамақ болған шабуылын тоқтатып қоя салып, Бұхараға қайта оралып, Қысырық-Арифан сарайында қазақтарға қарсы «қасиеттi жорық» (священная война) жасау жөнiнде кеңес өткiзiп, дiнбасыларының батасын алған. Мiне, осы жиынға қатынасқан Рузбахани мынандай сөздер жазып қалдырған: «Мен де хорасандық ғалымдардың бiрiмiн. Арифандағы өткен кеңестiң бiр жиынында қазақтарға қарсы қасиеттi жорық (священная война) жасау туралы мәселе көтерiлдi. Мен мұсылман дiнiнiң негiзгi қағидаларын ұстанып жүрген қазақтарға карсы соғысудан гөрi, қызылбастарға қарсы соғысу әлдеқайда қасиеттi болатынын ескерттiм. Менiң бар мақсатым – қазақтарға қарсы соғысты тоқтату едi, бiрақ менiң келтiрген дәлелдерiм құлаққа iлiнбедi. Сондықтан бұл мәселе жөнiнде адам баласы ең алдымен өзiне жақын жандарға қамқорлық жасау керек қой деген қағиданы бетке ұстап, ендi Убайдулла сұлтан арқылы әсер еткiм келдi. «Қазақтар сiздерге жақын (өз туыстарыңыз), шыққан тектерiңiз бiр, олар қазiр сiздердiң ата-бабаларыңыздан мұра болып қалған иелiктерiн жайлап отыр; парсылармен

күрестi тоқтата салып, бiздiң елiмiзге басып кiрiп немесе исламға ешбiр нұқсан келтiрiп жатпаған қазақтарға қарсы соғыс ашу – ешбiр ақылға сыймайтын нәрсе, ал дiнсiз парсыларды жайына қалдырып, ешбiр жаулығы жоқ өз туысқандарыңызбен соғысу – орны толмайтын өкiнiш» – дедiм мен. Убайдулла сұлтан былай деп жауап бердi: «Менiң парсыларға деген өшпендiлiгiм өштi екен деп ойламаңыз; әр мәселенiң өз кезегi бар; осы қазақтарға қарсы жорық парсылармен болатын соғыстың дайындығы емес екенiн сiз қайдан бiлесiз?.. Бiз бен қазақтардың арасындағы бұрынғы болған соғыстар бауырмалдықтың iзiн де қалдырған жоқ, ендi бiз бiр-бiрiмiзге жаумыз». Мiне, осы жазбалар – шайбанилар мен қазақтардың арасындағы алауыздықтың дайындығы мен сол жорықтың өзiне қатынасқан ғалымның өз сөздерi. Осыдан кейiн Рузбахани өз жазбаларында жорықтың басталуын былай суреттейдi: «Артүк қаласы Түркiстан өлкесiнiң шекарасында тұр. Бұхара мен Самарқаннан шыққан жол бұл қалаға соқпай өте алмайды... Артүк Сырдарияның батыс бетiнде одан 8 шақырым жерде тұр. Ол арқылы Сайрамға, Түркiстан қаласына, өлкедегi және басқа жерлерге барады... Мұнда базар мен дүкен дегендер болмайды, азық-түлiктi үйлерiнде сатады». Бiз бұл жерде кейбiр жазбаларда Архұх немесе Аргук қазiргi ғалымдар көбiнесе Аркөк деп жазып жүрген, ал Рузбахани жазбаларында Артук деп аталған осы бiр қала-бекiнiске арнайы тоқтап жатқанымыздың себебi, Моғолстан тарихында, өзбектер мен қазақтардың арасында болған талай кикiлжiңге куә болған мекенжай болғандықтан, көп мәселенiң түйiнi осы қалада шешiлген. Мысалы, Түркiстан өлкесiнде Шайбаниға ең алғаш берiлген қала – осы Артук. Оның үстiне жорыққа жиналған әскер (бәрi осында топтасқан) осында тез арада-ақ жолына қажеттi азық-түлiктi жинап алған. Сондықтан Бұхара мен Самарқаннан келген әскери топтар мұнда жоспарланғандай, бiр айға аялдамай, үш-төрт күнде-ақ дайын болған. Сондықтан да Шайбани хан бiрде Рузбаханиге Артук қаласының өзiне, бiр кезде Медина Мухамед пайғамбарға қалай қызмет атқарса, дәл солай қызмет атқарғанын айтқан екен. Бұл 1509 жылдың қыс айлары болатын.

Бiз жоғарыда Шайбани ханның талай рет жорық жасағанын айтқанбыз. Тарихшылар сол жорықтар жөнiндегi жазбалардан; әсiре бейнелеудi алып тастасаң, қалғандары көп көңiл аударуға тұра қоймайтын авантюралық жорықтар едi деп бағалайды. Дәл осы жолғы Шайбанидiң Аркөкке (ендi бiз осы атауын қолданамыз) келуi, қазақ хандарының өзiнiң осының алдында жасаған басбұзарлығы үшiн, кек қайтару мақсатымен Самарқан мен Бұхараға жасаған шабуылының қарымтасын қайтару үшiн жасаған әрекетi едi. Сонымен ол Аркөкке келдi, ал бұл қалабекiнiс сол кездегi тарихты қағазға түсiрген барлық авторда аталады. Шекаралық қала ретiнде аталады. Демек, ол – қазақ хандығына қараған қала. Шайбани хан келгенде қаланың кiлтiн қолына ұстатқан адам – осы аймақтағы ел басыларының арасында өзiн беделдi санайтын Бикчик қазы болатын (Осы адамнын толық атын былай жазады: Мавлана Шамс ад-дин Мухаммед Бикчик қази, ал кейде Қазы Мухаммад Бикчик деп те көрсетедi. Осы атаудың iшiндегi «қазы» деген сөз лауазым да, «бикчик» деген сөз – тайпа, ру аты. Сол кезде қаңлылардың Моғолстанда болған тобын осылай атаған). Ал осы Қазы бикчик Мухаммад Шайбанидi қолдап жүрсе, осы өлкенiң екiншi бiр азаматы Шах-Будағ Баһадур – барынша қарсылық көрсеткен адам. Бұл жөнiнде Камалиддин ал-Бинаи өзiнiң «Шайбани-наме» деген еңбегiнде былай деп жазады: «Шах-Будағ Баһадур Ходжа Баһадурдың ұлы болатын, лақаб аты Суфи, өзi қаңлы омағынан едi. Ол маңғыттардан бой тасалап жүрген. Оның себебi бiр кезде Шахибек-хан (Мухаммад Шайбани деп түсiне берiңiз) Береке сұлтанның ордасын талқандап, өзiн өлтiрiп, төңiрегiн тоздырып жiбергенде, Шах Будағ Суфи ханның қамын ойлап Береке сұлтанның ордасын Жаңбыршы мырзадан (маңғыттардың басшысы) бөлiп алып кетiп, жақсылық жасаған болатын. Сол үшiн өзi бас сауғалауға мәжбүр болып, түрiкмендерге келiп паналаған. Мiне, ендi соның үлкен ұлы Мансур Суфи осы сұлтандарға кезiгiп қалды» («Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков», Алма-Ата, «Наука», 1969 г. стр. 101-102). Әбiлғазы өзiнiң «Түрiкмен шежiресiнде» осы жағдайды былай түсiндiредi. Әбiлхайыр хан өлген соң оның мұрагерлерiнiң

арасында қырқыс басталады. Осы кезде Әбiлхайырдың немересi Мұхаммад Шайбани өз ата жұртына келiп, шашырап жүрген жұртын жинастыра бастайды. Тек ол iшкi сырын сездiрмей Береке сұлтанмен жақындаса түсiп, iзет көрсетумен болады. Бiр қыста ол Сырдарияның төменгi ағысында қыстап отырған Береке сұлтанның қосынына iргелес бiр тоғайға қыстайды да, байқаусызда Береке сұлтанның ордасына шабуыл жасап, оның өзiн өлтiредi. Мiне, Шах Будағтың бұл шатаққа араласып жүрген тұсы – осы мезгiл. Ал Бинаи кiтабындағы Мансұр Суфидiң кездесiп қалған сұлтандары – Шайбанидiң қазақ даласын шауып келуге жiберген жауынгерлерi. Мансур Суфи елiн қорғау үшiн бар күшiн салып арпалысқан, тек бұл ел мен жердi жаулап алу үшiн емес, тек байи түсу мақсатымен жасалған қарақшылық шабуыл болғандықтан, Шайбани жауынгерлерi қолға түскен олжасын алып, тайсақтап кетедi. Жалпы осы Шах-Будағ әулетi қазақтар мен өзбектердiң арасындағы соғысты болдырмау үшiн бар әрекетiн жасаған. Мансур Суфидiң әкесi Шах Будағ талай рет Шайбани қолымен алысқан. Ол туралы Махмуд бен Әмiр Уәли өзiнiң «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» атты еңбегiнде былай жазады: «Көктем бастала сала-ақ Шахибек хан (Шайбани хан) мен Алике сұлтан ел тонау мен олжа түсiрудiң жолын қарастырып, өзара ақылдаса келiп, қарақшылық жорық жасайтын топтың басына Хамза сұлтан, Махмуд сұлтан және Сүйiншi Хожа ханды сайлап, бiрқатар елдердi тонап келуге аттандырды. Осы жорықта олардың қолына аса көп мүлiк пен мал iлiндi. Бiрақ қайтар жолда осы өңiрдiң ең атақты батырларының бiрi Шах Будағ баһадур бұлардың жолын кестi. Табан астында кескiлескен ұрыс басталды. Ақырында әдетте жолы болғыш Махмуд сұлтан ол батырды өмiр аталатын аттан аударып тастады» (Жоғарыда аталған кiтаптың 365-бетi). Осы Шах Будағ Баһадур туралы деректi бiз Молла Шадидiң «Фатихнаме» дастанынан да кездестiремiз. Бұл дастанда да дала қыраны Мухаммад Шайбанидiң iнiсi Махмуд сұлтанның қолынан қаза табады. Осы жәдiгер жазбадан тағы да бiр аңғаратынымыз, Мухаммад Шайбанидiң сол шайқастан кейiнгi жорығы Отырар мен Иассыға 12-268

қарай жалғасады. Демек, шайқас болған аймақ Келес, Арыс өңiрi мен Қазығұрт маңы. Және бiр айта кететiн нәрсе – осы туған елiн қызғыштай қорғаған батырдың әкесi Ходжа Баһадур да жауымен алысып өткен батыр болған екен. Осы бiр азаматтар жөнiндегi деректер сол заманда жазылған және екi шығармада кездеседi. Бiз жоғарыда қазақ тарихының осы бiр тұсы талас-тартысқа толы, шыт-шытырман тұсы екенiн айтқанбыз. Сондықтан бұл тарихты түгел талдап жатпай, өз тақырыбымызға тiкелей қатысы бар жерлерге көшейiк. Осы дәуiрдегi тарих сахнасында көп көрiнетiн қаланың бiрi – Сайрам. Авторы белгiсiз, көптеген ғалымдар Мухаммад Шайбанидiң өзiне таңып жүрген «Таварих-и Гузида-ин Нусрат-наме» («Книга избранных дат победы») атты еңбекте Сайрам жөнiнде былай жазылған: «Сонан соң Бұрындық хан және Жәнiбек ханның ұлдары Қасым сұлтан мен Әдiк сұлтан моғолдармен бiрге Алатаудағы Сайрамды паналап отырғанда, Мұхаммед Шайбани аздаған топпен барып, соларды шауып қайтты». Осы жолдардағы «Алатау» деген атауды көпшiлiк ғалымдар Сайрамның қасындағы Тянь-Шань сiлемдерi деп жалпы түсiндiредi. Ал сол тау – Қазығұрт тауы. Өйткенi қала мен тауды паналаған адам Қазығұрттан ары асып, Өгем қыраттарына шығып кете алмайды. Онда ол қорғану емес, қашып кету болар едi. Оның үстiне «Шайбани наме» кiтабында осы мәселе анығырақ түсiндiрiледi. Бинаи өз еңбегiнде жоғарыдағы аты аталған хан мен сұлтандардың Сұлтан Махмуд ханмен бейбiт келiсiмге келген соң барып Ташкент уалайатына тәуелдi Сайрам уалайатына келiп, осындағы Алатауды мекендегенiн айтады. Ал Шах Махмуд биен Мирза Фазыл Чарос өзiнiң «Тарих» деп аталатын еңбегiнде соңынан Қасым ханның қыс мезгiлiнде Сырдария маңындағы Алатауда көшiп жүретiнiн айтып, Мұхамед Хайдар Дулатидiң «Тарихи-Рашиди» атты еңбегiнде жiберiлген көшiрушiлердiң қателiгiн түзеген. («Тарихи-Рашиди» кiтабында Қасым ханды Үбайра-Сүбайраға қарай кеттi деп көрсетiлген). Осы жерде бiз Мұхамед Хайдардың және бiр сөздерiн еске ала кетейiк. Рас, ол Бабурға байланысты. 1511 жылы Бабур Мавреннахрды жаулап алған соң, Ташкенттiң билiгiн Әмiр Ахмед-Қасым Кугберге

тапсырады да, Сайрамның билiгiн соның iнiсi Кате-бикке мiндеттейдi (Бiз әдейi Мухамед Хайдардың өз транскрипциясын берiп отырмыз, немесе екiншi есiм – Кеттебек). Соңынан Бабур Хисарға кеткенде, Ахмед Қасым Әндiжанға қашып барады да, Кеттебек қыс бойы Сайрамнан шыға алмай отырып, көктем шыға қаланың кiлтiн Қасым ханға өзi берiп, қаланы соның қолына тапсырады. Кезiнде Әбiлхайыр ханның Моғолстанға жасамақ болған жорығында оның Алатаудың маңынан өтiп, Қызыл-Надир (шамасы, «Қызыладыр» болса керек) жайлауы арқылы жүргенiн, одан соң ордасын Жетi құдық дейтiн жерге тiккенiн, осы кезде күн суып, боран соққан, одан соң қосын Ақ кишлак деген жерге тiгiлгенiн айтатын Махмуд бен Әмiр Уәлидiң «Бахр ал-Асрар фи манакиб ал-Ахиар» («Море тайн относительно благородных») атты еңбегi бар. Осы жерде Әбiлхайыр ауырады да өмiрден өтедi. Ал «Тарихи Кипчаки» атты қолжазбада «Оның денесiн ТакХанның қасындағы Созақ қаласында жерледi», – деп жазылған (Бұл еңбек 1725 жылы жазылған). Осындағы атаулардың көбiн «Материалы по истории казахских ханств XV– XVIII веков» деп аталатын жинақта анық көрсете алмайды. Бiздiңше, оңтүстiк өлкесiнiң географиясы мен топонимикасынан хабары бар адамға бұл онша қиын мәселе емес. Мысалы, Алатау – Қазығұрт маңы, Қызыл адыр – осы Қазығұрттың батысындағы Қызыл дала деп аталатын жер. Ақ-кышлак – Алғабас ауданындағы Ақтас деп аталатын жер, Таг Хан тауы – Қаратаудағы Хантағы, ал Созақ – кәдiмгi Созақ. Мiне, бiз осылайша деректi келтiргендегi мақсатымыз, сол замандағы жазба еңбектерде аталатын Алатау деген атауды ТяньШанның батыс сiлемдерi деп жалпылама түсiнбей, Қазығұрттың маңы деп түсiнген дұрыс. Өйткенi ол авторлардың бәрi жабайы аң жайылатын алыстағы тауларды емес, керiсiнше iргесiндегi қалаларда адамдар өмiр сүрiп жатқан жақын маңдағы тауларды меңзеген. «Бадаи ал-Вакаи» («Удивительные события») атты еңбегiнде белгiлi қалам шеберi, кезiнде Әлiшер Навоимен кездесiп, ұлы ақын туралы нақтылы деректер қалдырған Васифи

(Ансари) оңтүстiк өңiрi туралы бiраз мәлiмет қалдырған. Оның жазбаларында Фаркат, Жар жайлау, Лягляган, Шарапхана, Шыршық, Қазығұрт, Түлкiбас сияқты атаулар кездеседi. Ол 1537 жылы қазақтарға қарсы жорыққа шыққан өзбек ханы Убайдуллах ханмен iлесiп, Ыстықкөлге дейiн барған. Васифи 1537 жылдың 10 июнь күнi Убайдуллах хан Қазығұрт тауының етегiне ордасын тiгiп, тәңiрге жалбарынды дейдi. Осы жерде оған Абд ар-Рашид ханның елшiсi келiп, жорықтың сәтi түскенiн хабарлаған. Бұл кезде өзбек хандары Моғолстан ханымен келiсiм жасап, қазақ хандарымен соғысуды мақсат тұтқан болатын. Осы жердегi Ақ Буғаз асуының етегiндегi маңда келiсiмге келген соң Убайдуллах хан жиырма алты күннен соң Сайрам өзенiнiң бойынан жорығын бастайды. Бағыт – Қазақстан, Никин дейтiн ескi қираған қаланың орнына аспандағы жұлдыздай шашырап жатқан мол шатырлар тiгiледi. Осы жерде жер бетiндегi пейiш секiлдi Үзүн Ахмад чахарбағы (тексте осылай) бар. Осы жерде жау тобы қасиеттi Қошқарата мазарының маңына жақындап, СугунСумр жайлауына келiптi деген хабар жетедi. Бұлардан барған барлаушылар олардың Қошқарата асуы арқылы Ыстықкөл жаққа жылжып кеткенiн айтып келедi. Мiне, осында келтiрiлген атауларға берiлген түсiнiктер мүлдем жер жағдайына сәйкес келмейдi. («Материалы по истории казахских ханств XV–XVIII веков»). Мысалы, Сайрамды «Арыс өзенiнiң сол жақ саласы дей келiп, «Қазақстан» деген терминдi мұсылман дерекнамаларында бiрiншi аталуы деп тұжырымдап, Никин деген атауды Моңғол шапқыншылығы дәуiрiнен кейiн атала бастаған Тараздың Ианги деген атауы деп түсiндiредi. Үзүн Ахмад чахарбағын Нарын өзенiнiң оң саласының бойына орналасқан мазар маңындағы арасынан су ағып жатқан үлкен бақ деп түсiндiредi. Кочкар Атаны Сугун-Сумр жазықтығындағы мазар деп атайды да, жазықтықтың өзiн Қырғызстандағы Сусамыр деп түсiндiредi. Сунгак тау өткелi мен қазақ ханы Тахир соққан Джатан бекiнiсiн «анықтау мүмкiн емес» деп түсiндiрген. Бiздiңше, осының бәрi – оңтүстiктiң географиясын бiлмеудiң кесiрi. Немесе Никин деген қаланы Тараз деп түсiнсек, онда Қошқаратаға жақындаған жау алда емес, артта қалып қояды ғой.

Оның үстiне осы маңда деп көрсетiлген Узун Ахмад бағы сонау жақтағы Нарыннан бiр-ақ шығуына жол болсын? Егер байыппен қарап, жер жағдайымен салыстырсаң, осы атаудың бәрi орынорнына келетiн секiлдi. Ең алдымен Қазығұрттағы Ақ бұғаз асуы туралы. Бұл – кәдiмгi бұлағынан бiр кұлақ су атқылап жатқан Ақбура. Ханның Қазығұрттың етегiне ордасын тiгiп, жиырма алты күн осында аялдағанын еске алсақ, бұдан қолайлы орын жоқ бұл маңда. Ал Сайрам атауы ешқандай дау тудырмайды, ал Никиндi Таразға апарудың қажетi жоқ. Сайрам мен Құлан тауының арасында қирап қалған ескi қаланың орны толып жатыр, ал Ұзын Ахмед дейтiн бақты осы Құлан тауының етегiнен немесе Ақсу-Жабағылының етегiнен iздеу керек. Қошқарата – дәл қазiр де Қошқарата аталып (бiраз уақыт Кантемировка болды) тұрған Құлан тауының Солтүстiгiндегi қасиеттi орын. Кiтапта аталатын Амансай да осы маңда. Мiне, осыларды өткеннен соң барып Сусамырға жақын барасың. Әрине, бұл жерде бiзге негiзгi мәселе топонимикалык атаулар емес, тарихи уақиғалар ғой деп уәж айтып, ел мен жердiң атын көбiрек қазбалағанымыз үшiн айып тағуы да мүмкiн ғалым ағайындар. Дегенмен сол тарихтағы жер аттарының да дұрыс болғаны қажет секiлдi. Немесе, бiз осы кiтаптың басқа бiр тарауында айтып кеткенiмiздей, Құлан тауын Каспий теңiзiнiң жағасына апарып жапсырғаннан не ұтамыз? Мiне, сондықтан да бiз дәл осы кезге дейiн талай тарихтың куәсi болған Қазығұртты ауызға да алмай келдiк қой. Қазақстан тарихына байланысты ең көрнектi еңбектiң бiрi – Мухаммед Хайдар Дулатидiң «Тарихи Рашиди» атты кiтабы. Бұл еңбекте сол кездегi тарихи-әлеуметтiк жағдай ғана емес, қазақ даласының географиялық атаулары мен топономикасына да көп көңiл бөлiнген. Еңбектiң авторының шыққан тегi атыжөнiне қосылып жазылған «Дулати» деген сөздiң өзiнен-ақ көрiнiп тұр. Оның үстiне тарихта есiмi көп аталатын әйгiлi Бабур «Бабырнама» атты кiтабында өзiнiң бөлесi туралы мынадай сөздер жазған: «Үшiншi қызы (Жүнiс ханның) Хүб Нигар ханум болатын. Оны Дулаттан шыққан Мұхаммад Хусаин Гурганга ұзатты... Хайдар мырза Хуб Нигар ханымның ұлы болатын. Ол әкесiн өзбектер өлтiрген соң, бас паналап келiп, үш-төрт жыл

менiң қасымда болды. Сонан соң рұқсат сұрап Қашқардағы ханға кеттi». Мухаммед Хайдар 1499-1500 ж. Ташкентте туылған. Өмiрiнiң соңғы кезеңiнде моғолдардың атынан Кашмирдiң билеушiсi болып жүрген кезiнде, тау тұрғындарымен болған бiр қақтығыста байқаусызда өз атқыштарының бiрiнiң жебесi тиiп қайтыс болған. Мүмкiн, бұл байқаусызда болған оқиға да емес шығар – ол тарих құпиясы. Мухаммед Хайдар өз кiтабының бас жағында Моғолстанның сол кездегi (өз дәуiрiнен бұрынғы) тарихына тоқталып келiп, Есенбұға хан кезiндегi Жәнiбек пен Керейдiң қазақ хандығының негiзiн қалау үшiн Шу бойына көшiп келуiн айтады. «Есенбұға хан оларды ықыласпен қабылдап, Моғолстанның батыс шекарасын құрайтын Шу аймағы мен Қозы басын бердi», – деп жазады тарихшы. Есенбұға ханның билiк жүргiзген тұсында көптеген тайпалар бiр-бiрiне бағынбай, өздерiне өздерi би болып та өмiр сүрген кезеңдерi бар. Мысалы, Мiр Мұхамед Шах Ат Башы дейтiн жердi жайлап отырса, дулаттан шыққан Мiр Кәрiмбердi Моғолстанның Әндiжан мен Ферғанаға шекаралас жатқан жерiндегi Алабұға дейтiн төбеге қамал орнатып, Әндiжан аймағына жиi-жиi шабуыл жасап отырған. Ал Мiр Хақбердi (Ақбердi болу керек) бикчiк (қаңлы) Ыстықкөлдiң бойындағы Қой суы дейтiн жерге бекiнiс салған. Өзiнiң отбасын Ыстықкөлдiң ортасындағы аралға орналастырып (қалмақтардан сақтану мақсатымен), өзi Түркiстан мен Сайрам маңына жиi-жиi жорық жасап отырған. Чорос және барын тайпаларының әмiрлерi қалмақтардың қолтығына барып тығылса, калучи тайпалары Өзбекстанға – Әбiлхайыр ханға көшiп кеткен. Дегенмен Есенбұға хан алғашында жiберiп алған қателiктерiн түзеп, бiрте-бiрте күш жинай бастайды. Әбден iргесiн бекiтiп алған соң ол тұңғыш рет Сайрам, Түркiстан мен Ташкентке шабуыл жасап, дүниенi ойрандап, көп олжа түсiрiп қайтады. Дәл осындай жорығын екiншi рет қайталағанда, бұл жерде Мавреннахрдың билеушiсi болып алған Сұлтан Әбусейiт мырза Есенбұғаның соңына түсiп, Ианги (Тараз) қаласына дейiн қуып барады, бiрақ моғолдар қарсы соғыспай қашып кетедi.

Мұхаммед Хайдар өз еңбегiнде осы кезде дала шонжарларының негiзгi таласы – Ташкент қаласы мен сол өңiр болғанын айтып келiп, соңынан Сұлтан Махмуд хан мен Сұлтан Ахмед мырзаның арасында болған жанжалда Әбiлхайырдың немересi Шахыбек ханның (Шайбани) атқарған рөлiн көрсетедi. Сұлтан Ахмед мырза өзiнiң жақтастарынан жүз елу мың (Мұхаммед Хайдардың келтiрген саны) әскер жасақтап, Ташкент маңына келген. Ташкент билеушiсi Сұлтан Махмуд хан өз жасағын iлестiрiп, қарсы аттанған. Қарама-қарсы келген екi лектiң арасын бөлiп тұрған кедергi – Шыршық өзенi. Осы кезде дала кезуден әбден мезi болған Шахыбек хан өзiнiң үш жүз нөкерiмен Сұлтан Ахмед мырзаның қолына келiп қосылған болатын. Өзеннiң жағасында судан өтуге бармай, үш күн тұрған соң Шахыбек хан бiр сенiмдi адамын жiберiп, Сұлтан Махмуд ханмен кездесуге ұсыныс жасаған. Осы кездесудiң ақыры өзара келiсiмге айналып, келесi күнi басталатын шайқаста Шахыбек хан өзiнше айла жасап, өзi iлесiп келген Сұлтан Ахмед мырзаның жауынгерлерiне iрiткi салатынын айтады. Келесi күнi судан әуелi Сұлтан Ахмед мырзаның Әбдел Әлi басқарған жауынгерлерiнен жаяу әскерлер өтедi, сонан соң атты әскерлер де өтедi. Сұлтан Махмуд ханның жауынгерлерi iлгерi жылжып, шайқас басталады. Дәл осы кезде Шахыбек хан өзiнiң үш жүз нөкерiмен айқай-сүрең салып, кейiн қарай қаша жөнелген. Олар тегiн қашпай Сұлтан Ахмед мырзаның әскердi жабдықтайтын тобы мен солардың мүлкiн тонап, өздерiн жайрата қашады. Мұны көрген моғол жауынгерлерi кейiн қарай қашып, әлгiнде ғана өздерi абайлап өткенмен, ендi абыр-сабырда өтемiз деп көпшiлiгi суға батып кеткен. Сұлтан Ахмед мырза сол қашқаннан Самарқаннан барып бiр-ақ шықса, Сұлтан Махмуд хан мына жасаған қолғабысы үшiн Шахыбек ханға Түркiстанды бередi. Бұған Жәнiбек хан мен Керей ханның мұрагерлерi «Сен бiздiң ата жауымызды Түркiстанға билiк басына қалай қоймақшысың деп?» – бұлқан-талқан болған. Ақыры осы шатақтың аяғы Сұлтан Махмуд хан мен қазақ хандарының арасында соғыс отының тұтануына әкелiп соққан. Екi рет болған шайқастың екеуiнде де Сұлтан Махмуд хан жеңiлген. Осының

ақыры Шахыбек ханның Самарқан мен Бұхараны алып, ақыры ол Сұлтан Махмуд хан мен оған көмекке келген (Моғолстаннан) Сұлтан Ахмед хандардың бiрiккен күшiн талқандап, олардың екеуiн де Моғолстанға қуып жiберген. Келес жағасы мен Қазығұрт маңында болған және бiр қантөгiс Абдаллах хан билiк жүргiзiп тұрған мезгiлде өткен болатын. Абдаллах Әбiлхайырдың шөбересi, 1538 жылы дүниеге келген. Әуелi өзбектердiң жоғарғы (верховный) ханы етiп өз әкесi Искандердi жариялаған (1561 ж.) Абдаллах ол өлген соң 1583 жылдан бастап хан тағына отырып, Орта Азия мен Хорасандағы барлық билiктi өз қолына алып, өмiрiнiң соңғы жағында Хорезмге де үстемдiгiн жүргiзедi (1598 жылы өлген, шамасы, өз ұлы Әбдалмомын у берген деп жорамалдайды тарихшылар). Мiне, осы ханның өмiрi туралы Хафиз Таныштың (Тыныш деп те атайды) «Шараф-наме-йи Шахи» («Книга Шахской славы») дейтiн еңбегi бар. Бұл еңбектiң екiншi аты – «Абдаллахнаме». Осы еңбегiнде Таныш сол кездегi оқиғалардың көбiнiң Келес бойы мен Қазығұрттың етегiнде, Сайрам мен Қараспанда өткенiн жазады. Ханның көптеген әрекеттерiнде негiзгi табан тiрер жерлерi болған тұстар – осы төрт аймақтың маңы. «Өзiнiң тамаша табиғаты мен өмiрге нәр беретiн таза ауасымен ерекшеленетiн Келес өзенiнiң жағасы пейiштiң өзiмен бәсекеге түсiп тұрғанда... аспан күмбезiндей көкке көтерiлiп тұрған салтанатты ордаға қазақ сұлтандарының елшiсi келдi», – деп жазады Таныш соңы қазақ хандары үшiн қайғылы жағдайға апарып соғатын оқиғаның басталуын айта келiп. Осының алдында ғана осы бiр кезеңде ел мен елдi қырқыстырып, талай жазасыз адамның қанын төгуге себепкер болған Баба сұлтан Самарқан билеушiсi Абдаллах ханға өтiрiк хабар жеткiзу үшiн адам жұмсайды. Ол келген адам өзiн Баба сұлтанның жауы ретiнде көрсетiп, былай деп хабар жеткiзедi: «Баба Сұлтан мен Бузахур сұлтан Хорезмшах сұлтанның балаларымен бiрге қазақтарға бас иiп барып, Талаш бойында (Талас) келiсiмге келдi. Баба Сұлтан өзiнiң бұрынғы айыптарын мойындап, тiзесi дiрiлдеп, солардың аяғына жығылды... Олар ендi көптеген әскер мен сансыз адам ертiп осы жаққа қарай бет бұрмақ». Абдаллах хан бұл хабарға сене

қоймайды да, тез арада хабар бiлу үшiн шағын топты Сайрамға аттандырады. Дәл осы кезде Әли Мардан Бахадурдан келген хабаршы қазақ билеушiлерi Хақназар хан, Жалым Сұлтан, Шығай сұлтан, Достай сұлтандар шынында да Таластың жағасында жиналғанын, ал Хорезмшах сұлтанның балалары тауға қашып кеткенiн, Баба сұлтан мен Бүзахұр сұлтан туралы ешқандай хабары жоғын айтады. Осылайша жалған хабар әкелген адамның басы кесiлiп, қазақ билеушiлерiне Түркiстан аймағындағы төрт қаланы сыйға тарту туралы шешiм қабылданады. Өйткенi Талас маңындағы шайқаста қазақтардың қолына Баба сұлтанның ұлы Убайдуллах сұлтан, әмiрлерi Жанмұхаммад аталық пен Шахғазы би дүрмен тұтқынға түскен болатын. Оның үстiне осы жерде Ондан сұлтан Баба сұлтанның жиенi, Хорезмшах сұлтанның ұлы Әбдiлкәрiм сұлтанның әйелi мен қарындасы да қолға түскен едi. Қазақ хандары осы тұтқындардың арасындағы ер адамдардың тағдырын шешудi Абдаллах ханның өзiне салған болатын. Дәл осы кездерде (1579 жылдың 14 маусым күнi) Абдаллах ханға және бiр хабар келедi: «Қасында сегiз сұлтан серiктерi бар Әбсаттар сұлтан (Баба сұлтанның ұлы) бiр топ бұзықтарды ертiп Пiскентке келiп, бүлiк шығармақшы». Абдаллах хан бауыры Достым сұлтанды Ташкентке жiберiп, Хисарға хабар берiп, әскерiн Сайрамға топтастырады. Осылайша Баба сұлтан бiрде бағынса, бiрде бүлiк шығарып жүргенмен, Абдаллах ханнан көп уақытқа дейiн жазасын тартпаған едi. Оның себебi мынадай болатын. Баба сұлтан Абдаллах ханға қарсы аттану үшiн қазақ хандарымен жасырын бiтiм жасап, солардың әскерiн қосып алып, Абдаллах ханға қарсы шабуыл жасау үшiн елшi жiбередi. Хақназар хан, Жалым сұлтан және басқа елбасылары келiсiп, осы ылғи араға от тастап, жоқ жерден шайқас тудырып жүретiн Баба сұлтаннан бiржола құтылу үшiн оның елшiсiн өлтiрiп, бiрақ Баба сұлтанға ұсынысын қабылдаған сынай көрсетiп, келiссөз жүргiзу үшiн бiр топ адам жiбермек болады. Осы топты Жалым сұлтан (Баба сұлтанның қайын атасы) бастап аттанған. Топ iшiнде өзiнiң екi ұлы мен Хақназардың екi ұлы да болған. Бұлар есебiн тауып Баба сұлтанның да көзiн жоймақ. Бiрақ Баба сұлтанның хабаршысының көзiн жоюға тиiс болған жауынгер оны аяп,

босатып жiберген. Ол Баба сұлтанға Жалым сұлтандардан бұрын жетiп, бар құпияны ашып қойған. Баба сұлтанның аялдаған жерi Шарапхана (Хафиз Таныш Шарапхананы ауыл деп емес, өзен деп көрсеткен. Шынында, ол – Келес өзенiнiң жағасындағы кент. Кейбiр болжам бойынша көне Газгерд қаласы осы). Ол осында қазақтардан келген елшiлiктi ықыласпен қабылдап, бiр келiсiмге келген соң бiрге аттанбақ болып, жол қамына кiрiскенсидi. Жалым сұлтан мен ханзадаларды атына мiнгiзедi. Осы әрекеттерiмен қазақ елшiлерiн әбден бейқамдыққа түсiрiп барып, олар атқа қонғанда, Жалым сұлтанның атының шылбырын ұстап тұрып: «Бастарын алыңдар!» деп бұйрық берген. Дайын тұрған жендеттер қазақ елшiлерiнiң басшыларының басын бiрден шауып тастаған. Мiне, осыдан кейiн ата жауларының жазасын тартқызған Баба сұлтанды Абдаллах хан жазалаудың орнына қолпаштай түскен. Ал Баба сұлтан болса, бұдан кейiн де талай ылаң салған. Ол ең соңында маңғыттарға барып, солармен бiрiгiп бүкiл Дештiнi билемек болған (Таныш жазуында дәл осылай тек Дештi деп жазылған). Ақыры Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтiрiп, басын кесiп әкелген. Абдаллах ханның осы жорықтары кезiнде ордасын тiгiп, баспана жасаған жерi – осы Келес өңiрi мен Шыршық бойы, Ташкент пен Шыршықтың арасы. Таныш жазбаларында Келес өңiрiндегi Баш-Иагаш дейтiн жер, Курма дейтiн өзен, Қаратал дейтiн жер, Куган дейтiн қала (Аркөкпен қатар аталады) қай тұста екенiн дәл басып айту қиын. Тiптен бiр жерiнде «Келес өзенiнiң Рабат-и Чагат маңындағы жағасында» деп көрсеткен. «Рабат» деген атаудың «Керуен сарай» деген мағына беретiнi көп айтылып жүр, ал сонда сол сарай орналасқан Чагат қай қала немесе қай ауыл? Қазiрше бұл мәселенi анықтаудың мүмкiншiлiгi жоқ. Бiрақ осылардың бәрiнiң Келес өңiрiнде екенi жазба тексiнен бiлiнiп тұр. Таныш жазбаларында көп айтылатын қала – Сайрам, ал Дештiге жорыққа аттанғанда Келес пен Қазығұрт маңынан өтiп, Сайрамға келген, ал одан соң Кумач-Чапар (Күмiс жақпар ма?) деген жерге, Боралдай өзенiнiң Арысқа құяр жерiндегi Иаканкент дейтiн жерге тоқтайды. Осы екi атаудың екеуi де бiзге белгiсiз.

Бұдан соң Халадж-Қарасманға келедi (Қараспан). Осы Қараспан Абдаллах ханның бас штабы орналасқан жер болса керек – Ұлытау жаққа жорыққа аттанғанда, мұнда арнайы топ қалдырып кеткен. Жорықтан қайтар жолында да осы Қараспан арқылы қайтқан. Таныш жазбаларында Абдаллах хан Келес өңiрi мен Ташкент аймағында қырғидай тиiп, қанын судай ағызған халықты «куранк» деп атайды. Бұл осы маңда бiрiне-бiрi араласып кеткен елдi құрама деп атайтынын сездiрсе керек. Таныш мұны тайпа немесе ру аты сияқты емес, жалпылама атау сияқты пайдаланады. Бұл – ол кезде Ташкент оазисiндегi халықты аралас-құралассыңдар деп кемсiтiп айтқан атауы. Ал кейiннен осы «кұрама» атын сақтап қалған рулар қазақтың да, өзбектiң де құрамында орын алды. Дәл осы кездiң өзiнде осылай аталатын рулар Шыршық бойы мен сол өңiрден кездеседi. Бiр ескерте кететiн жай – 1534-1723 жылдардың арасында Ташкент қазақ хандарының астанасы болған. Қазақ хандығы құрылғанға дейiн қазақ даласының көлемiндегi төрт хандық – Әбiлхайыр хандығына, Моғолстан хандығына, Ноғай одағына және Сiбiр хандығына қараған қазақ тайпалары ендi жаңадан құрылған Қазақ хандығына бiрiктi. Қазақтардың этникалық территориясын да бiрiктiрген осы, қазiргi Қазақстан территориясының көпшiлiгiне жуығын қамтыған Қазақ хандығы едi. Қазақ хандығының аса мол ауқымды қамтыған, күшейген тұсы Қасым ханның тұсы болатын. Одан кейiнгi атақты хандардың бiрi – Хақназар. Ол өз дәуiрiнде өзбек хандарының өзара қырқысын пайдаланып, Қазақ хандығының iргесiн нығайта түсуге күш жұмсады. Ақыры оның өзi Баба сұлтан жендеттерiнiң астыртын әрекетiнiң арқасында мерт болған деген сөз бар кейбiр тарихи болжамдарда. Соңынан өзбек хандықтарымен болған шайқастарды тоқтатып, Бұхара мен Самарқан билеушiсi – Мұхаммед сұлтанмен бiтiм жасасқан Есiм хан болатын (1598 жыл). Осы шарттың негiзiнде Ташкент қаласы екi жүз жыл бойы Қазақ хандығының билiгiнде болды. Осы кезде Қазақ хандығын екiге бөлiп, орталығы Түркiстан болған аймағын Есiм хан, ал орталығы Ташкент қаласы болған аймағын Жәнiбек ханның немересi, Келес бойында (Шарапхана) Баба сұлтанның қолынан қаза тапқан Жалым сұлтанның баласы

Тұрсын Мұхаммед сұлтан билеген едi. Бiрақ осы екi орталықтың өзiнiң де кикiлжiңi көбейе түстi. Осы iрiткiнi Яркенд пен Тұрпан билеушiлерi де қыздыра түсiп, ұйғыр, қырғыз және қарақалпақ билеушiлерi де өз әсерлерiн тигiзумен болды. Ақыры Есiмхан Тұрсын ханды өлтiрiп, Қазақ хандығын өз қоластына бiрiктiрдi. Осы ақтық шайқас туралы Есiм ханның қасында болған Төлеген (Марқасқа) жыраудың мынадай сөздерi бар: Ей, қатаған хан Тұрсын! Кiм арамды ант ұрсын. Жазықсыз елдi жылатып, Жер тәңiрiсiп жатырсың. Хан емессiң қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Осы жолдардағы мынадай екi мәселеге көңiл аудару қажет. Бiрiншiсi, Тұрсын хан қарамағындағы елге аса қатыгездiк көрсетсе керек, екiншiсi – Тұрсынды қатағанның ханы деп атауы. Осы тұста да, бұдан бұрын да, кейiн де Ташкент маңын негiзiнен қазақтың қаңлы, шанышқылы, қатаған, рамадан, құрама тайпалары мекендеген. Дәл бүгiнгi күннiң өзiнде Ташкент қаласының аумағына кiретiн Дархан, Түзел, Қыбырай, Дүрмен, Арғын, Сiргелi сияқты көптеген ауыл аттарының бiрқатары – осы тайпалардың руларының аттары. Өзбек ағайындар осылардың өзiн негiзге алып, әсiресе қаңлы тайпасының тарихына сiлтеме жасап, өзбектер тарихын екi мың жылдан ары созып жүр, ал бiз болсақ iргемiздегi ағайыннан бойымызды аулақ саламыз. Қатаған кейбiр шежiреде шанышқылының бiр атасы деп есептелсе, екiншiлерiнде жеке тайпа деп көрсетiледi, ал үшiншi бiреулерiнде, тiптен шанышқылыны қатағанның өзiнен бiрақ апарып таратады. Бұл мәселе бiздiң негiзгi тақырыбымыз болмағандықтан, тереңдей түсудi жөн көрмей, жалпы тарихи жазбалардағы дерекнамаларға ғана сүйендiк. Есiм ханнан кейiн таққа Жәңгiр хан отырды. Мiне, қазақ-жоңғар қарсыластығы осы кезде басталады. Осы шатақтың басталуын әркiм әрқилы түсiндiруге тырысқан. Жоңғарлар: «Қазақтар

бiздiң еркiн жүрiп-тұруымызға қысым жасады», – дейтiн болмашы желеудi көлденең тартқысы келедi (орыс дерекнамалары). Ал шын мәнiсiнде, бұл өздерi де көшпендi елдiң жер көлемiн көбейту үшiн әрi Сыр бойындағы бай қалалар мен сауда орталықтарын басып алғысы келген ниеттен туындаған жағдай едi. Сол жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестi алғаш ұйымдастырушылардың бiрi – осы Жәңгiр хан. Оның шағын ғана топпен жоңғарлардың қыруар әскерiн талқандаған «Ор шайқасы» деп аталған жеңiсi тарих беттерiнде қалған. Рас, шайқастың шешушi кезеңiнде Самарқан қаласындағы тарихи ғимараттардың көбiн тұрғызған Жалаңтөс Баһадүр қолының келiп жеткенi көп септiгiн тигiзген. Бiр айта кететiн мәселе, осы Жалаңтөс бабамыздың есiмi Өзбекстанда қанша қастерлеп айтылғанына қарамай, бiздiң елiмiзде тарихшылар мен тарих әуесқойларынан басқалардың бiлмейтiндiгi – өкiнiштi-ақ нәрсе. Дегенмен Қазақ хандығының бiрлiк-берекесiнiң күшейе түскен тұсы – Жәңгiрдiң баласы Тәукенiң хандық құрған мезгiлi. Тәуке хан Қазақ хандығынын өз iшiнде асқынған феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бiр орталыққа бағынатын хандық құруға қажырлы қайрат жұмсады. Хандық билiгiн күшейтуге бағытталған реформалар жүргiздi, «Хандық кеңестiң» және «Билер кеңесiнiң» рөлiн арттырды. Осы кезде тарих сахнасына қазақ тарихында аса үлкен қызмет атқарған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер шықты. Көптеген iшкi даулар мен кикiлжiңдердi шешудi осы билер кеңесiне жүктедi. Осы кеңесшiлерiнiң ойпiкiрлерiне сүйенiп, әйгiлi «Жетi жарғы» заңдарын түздi. (Ол орыс тарихында «Тәуке хан заңдары» деп аталады). Ол жыл сайын Ташкент түбiндегi Күлтөбе деген жерде үш жүздiң басын қосқан жиынын (қазiргi терминология бойынша – құрылтайын) өткiзiп отырды. Қазақ арасында «Күлтөбенiң басында күнде жиын» деген мақалға айналған сөз тiркестерi – осы жиындардың бiзге жеткен үнi. Сол Күлтөбе қазiргi Сарыағаш қаласының маңында деп болжайды ғалымдар. Ал Тәуке ханның жайлауы Қазығұрттың бөктерi болған. Ал Төле бидiң төл жайлауы – Қазығұрт екенiн еске алсақ, жоғарыда айтылған көптеген шешiмдердiң дәл осы қасиеттi Қазығұртта өмiрге келгенiне шек келтiруге болмайды.

Жылдағы жиын iргесiнде өтiп жатқанына қарағанда, Ташкент қаласының да үлкен рөл атқарғанына күмән жоқ. Тәуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерiнiң және шежiрешiлерiнiң басын қосып, қазақтың мақал-мәтел, шежiре-аңыздарын жинаған. Қазақ арасында бұрыннан қолданылып келе жатқан рутайпа ұрандары мен таңбаларын анықтай түсу мәселелерiне де көңiл аударған. «Әз Тәуке» аталған осы ханның және бiр әрекетi – елге тыныштық орнату болса керек. Ол сол кезде өзiне тәуелдi болған едәуiр қырғыз бен қарақалпақ тайпаларын олардың өз билерi Қоқым Қарашор мен Сасық би арқылы басқарып отырған. Жағаласа берген жоңғарлармен татулық орнату мақсатымен оларға Қазыбек би басқарған елшiлiк жiберген. Осы туралы шыңжандық ғалым ағамыз Нығмет Мыңжани жоңғар ханына Қазыбек би айтыпты деген мына бiр сөздердi келтiредi өз кiтабында: Сен темiр де мен көмiр Ерiткелi келгенмiн. Екi елiктiң баласын Телiткелi келгенмiн. ...Танымайтын жаттарға Танысқалы келгенмiн. Қазақ-қалмақ баласы Табысқалы келгенмiн. Табысуға келмесең Тұрысатын жерiңдi айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгенмiн, – деген өлең жолдарын келтiредi. Тәуке хан өз отанын қорғауда, тiптен азулылардың өзiнен қаймықпаған. Ол 1694 жылы өз ордасына келген орыс елшiлерi Скибин мен Трошинге: «Түрiк сұлтанының немесе Қызылбас (парсы) шаһының менен, Тәуке ханнан, несi артық», – деп сес көрсеткен. Мiне, осы Тәуке хан тұсындағы тарихи оқиғалардың көбiне қасиеттi Қазығұрт тауы куә болып, көп мәселелер соның

баурайында шешiлген. Оған ханның өз жайлауы мен Төле би жайлауының осында болғаны, Қазыбек бидiң осы жайлауға жиi келiп (Қаржан тауының етегi) сейiл құратыны, Ташкенттiң iргеде жатқанының өзi-ақ куә болса керек. Қазақ-жоңғар қарсыластығы Тәуке хан қанша күш жұмсағанмен, басыла қоймайтын ылаңға айналып кеткен болатын. Жоңғарлар қазақ жерiне XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы ширегiнде жетi рет басып кiрiп, ойран салды (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдар). Осы басқыншылықтың ең ауыр тұсы 1724-1725 жылдардағы шапқыншылық болатын. Олар Түркiстан, Ташкент, Сайрам қалаларын басып алып, талантаражға салып, қиратты. Жетiсу мен Сырдария өңiрiндегi егiстiк жерлер құлазып, қалалар қаңырап бос қалып, сауда-саттық пен қолөнер мүлдем жым-жылас болды. Тұтқиылдан келген жаудан бас сауғалаған қазақ ауылдарының бiр тобы Шыршық өзенiнен ары өтiп кеттi, бiр тобы Алакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай кеттi, ал кiшi жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, Шиелi, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттедi. Мiне, бүкiл қазақтың әуенiн есiте қалса жүрегi шымырлайтын әйгiлi «Қаратаудың басынан көш келедi» деп басталатын зарлы «Елiм-ай» әуенi осы тұста шықты. «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» дейтiн, «Сауран айналған» дейтiн ұғымдар осы кезде пайда болды. Бұл мәселелердiң бәрiнiң тарихы – басқа әңгiмелерде айтылуы тиiс нәрсе, бiздiң тақырыбымызға көп қатысы жоқ. Тек, айта кететiн бiр жай – осы босқындық кезiнде қазақ тайпаларының Қоқан, Бұхар, Хиуа билеушiлерiне тәуелдi болып қалғандығы. Осы тәуелдiк кейiнгi дәуiрлерге де әсер еттi. Ақыры барып, қазақ хандығының негiзгi ұйытқысы болған Оңтүстiк Қазақстанның (қазiргi Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары) Қоқан хандығының әмiрiне бас иiп, тәуелдi болып қалғандығына соқтырды. Осы кезден бастап Ташкент оазисi бiрте-бiрте көршiлердiң иелiгiне көше бастады. Ең ақыры Совет үкiметi тұсында жер жаннаты саналатын Шымған тауының айналасы Шыршық өзенiнiң өңiрiмен қоса, жер қойнауында асыл тастар тұнып тұрған Нурата тауы мен Үшқұдық өңiрi, қазiргi Сырдария және Жизақ облыстарындағы бiрқатар

аймақтар малы-мүлкi ғана емес, байырғы тұрғындарымен қосы көршi елдiң иелiгiне өтiп кеттi. Осы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ақтық шайқасқа шығудың жоспары жасалып, уәде байласқан жер де Қазығұрт маңы – Ордабасы. 1728 жылы осы Ордабасы биiктiгiнде Үш жүздiң өкiлдерi жиналып, қазақ деген ұлттың мүлде жоғалып кетпеуi үшiн ақтық шайқасқа шығуға уағдаласты. Осы жылдан бастап қазақ жауынгерлерi жоңғарларға күйрете соққы берудi бастады. Ақыры қазақ даласын қан сасытқан жоңғарлар өздерi бiржола жойылып, тарих беттерiнен өшiрiлiп тасталды. Бұл кейiнгi жылдардың – Абылай заманының үлесiне тидi. Осы Ордабасы биiктiгi, тiптен төбесi деп атаса да географиялық атау үшiн олқы соқпайды, ал тарихи маңызы – қазақ халқының тарихындағы ең бiр елеулi кезең, алтын әрiппен жазылатын кезең. Ордабасы биiк тау емес, бiрақ сол төбеге шықсаң, айнала түгел көрiнедi. Осы маңдағы жылғалар мен қойнаулар қанша жасақ болса да көзден таса болмай орналаса алатын ыңғайлы орын. Шығысында еңсесi биiк көрiнiп Қазығұрт тауы тұр. Шамасы, сол бабаларымыз осы жердiң стратегиялық қолайлылығын жақсы аңғарса керек. Оның үстiне Ташкент пен Сайрам, Түркiстан мен Отырар, Қаратау мен Қаржан таулары да осы арадан ең арысы жүз шақырымнан сәл-ақ асатын маңайда. Мiне, шешiм осында қабылданған. Қазiр осы жерде ата-бабаларының рухына Нурата тауы риза болған егемендi Қазақстан халқының атынан орнатылған алып ескерткiш-обелиск тұр. Сол ескерткiштi ашуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Президенттерi Нұрсұлтан Назарбаевтың, Асқар Ақаевтың, Ислам Каримовтың арнайы келгендерi-ақ көп сырды аңғартса керек. Осы Ордабасыдағы кеңестiң ұйымдастырушысының бiрi әрi дана ақылгөйi Төле би болғанын ешкiм терiске шығара алмайды. Төле бидiң жайлауы Қазығұрт болғанын да, осы дананың көп жылдар ел билiгiне Ташкентте тұрып араласқанына да ешкiм күмән келтiрмейдi. Ол туралы Хы Чиутаудың «Қазақтардың бағынуы жайындағы сипаттама» дейтiн еңбегiнде осы кездегi хан Әблез Ташкентте отырып жалпы басшылық жасағаны болмаса, нақтылы үкiмет билiгi Төле бидiң қолында болды деп

атап көрсетедi (Нығмет Мыңжани). Бiздiң айтпағымыз, осы Төле бабаның Қазығұртты таңдауының мәнiсi не деген сұрақ төңiрегiндегi ой. Тарихтан белгiлi – ол кiсiнiң туып-өскен жерi Шу өңiрi, ал билiк құрып, өмiрiнiң соңына дейiн қастерлеп өткен жерi – Қазығұрт тауы. Демек, дана баба осы таудың қасиеттi тау екенiн есте ұстап, қазақ халқын бiр орталыққа ұйымдастыру бағытында да үлкен әсер ететiнiн сезiне бiлген. Бiр сөзбен айтқанда, Қазығұрт Төле бидiң алтын бесiгi болумен қатар, қасиеттi ту етiп көтерген жалауы мен ұраны да болған. Бiз осы тарауда Қазақ хандығы тұсындағы Қазығұрт өңiрiн әңгiме еткендiктен, кейбiр деректерге қарағанда, хандықтың iргесi қалана бастаған кезде Әз Жәнiбектiң қасында болыпты деген болжам айтылып жүрген Жиренше мен Асан туралы да кейбiр тұжырымды айта кетудi жөн көрдiк. Қазақ ауыз әдебиетiнде ең алдымен аталатын осы екi данышпанның екеуiнiң де қосарланып айтылатын қосымша аты бар: бiрi – шешен, екiншiсi – қайғы. «Шешен» деген анықтауыш сөздiң Жиреншенiң әрекетiне байланысты өз тұлғасына бiрден қабысып кететiнiн оп-оңай-ақ байқауға болғанмен, «Қайғы» дейтiн анықтауыштың Асан есiмiне неге қосақталғаны көмескiлеу көрiнедi. Шамасы, оның Жерұйықты iздеп, азапты өмiр кешкенiне дәлел ретiнде айтылса керек. Сәуiрбек Бақбергенов ағамыз осы екi тұлғаны да Қазығұртта болған деп жазады өз шығармасында. Жиренше шешен туралы аңыздардың iшiнде дәл осылай дөп басып айтылған әңгiме жоқ болғанмен, Асан Қайғы туралы нақты дерек бар. Ол – Асан Қайғының өзi айтыпты деген жыр жолдары. Екi Келес, бiр Талас, Бал татыған жерiң-ай – Ағайының аралас, Тату екен елiң-ай Желмаяға өңгерiп, Алып кетер едiм-ай. Сыймаған соң алдыма, «Қап, дүние-ай» дедiм-ай. 13-268

Осы жолдарды Келес өңiрiне келмеген, Қазығұрт баурайын көрмеген адам жаза алмайды. Демек, Асан Қайғы осы өңiрге келген, болған. Ал қай мезгiл, қай дәуiр – бұл басқа мәселе. Кейбiр болжамдарда Асан Қайғыны Шыңғыс ханның тұстасы Майқы бидiң алтыншы ұрпағы деп көрсетедi (Құрманғали Халиди, «Тауарих Хамса»). Ал Майқы би – қазақтың «Түгел сөздiң түбi – бiр, түп атасы – Майқы би» дейтiн қанатты сөзiндегi Майқы би. Осы жерде бiз екi мәселеге ерекше назар аударуды қалар едiк. Оның бiрiншiсi – Майқы бидiң өзi жөнiндегi тұжырым. Бүкiл қазаққа әйгiлi осы данышпанды Шыңғыс ханмен тұстастыру орашолақтық сияқты көрiнедi. Бұл – тым бергi дәуiр. Егер осы мерзiмдi негiзге алсақ, Майқы би туралы көптеген аңыз-әңгiмелер тарих шеңберiне сыймай қалады. Сондықтан, шамасы, Шыңғыс ханды қолдаса да, қорықса да пiр тұтқан халық Майқы бидi сол ханның деңгейiнде көрсету үшiн тұстастыра қойған болу керек. Бiз осы жазбалардың бас жағында Майқы би туралы Қазыбек бек Тауасарұлының жазбаларынан дерек келтiргенбiз. Сол деректердi тарих таразысына салып салыстырсақ, мезгiл екi есе ары жылжып, VII-VIII ғасыр шамасына барады. Бiздiңше, Майқы бидiң заманын ең болмағанда сол тұстан iздеген жөн секiлдi. Екiншiсi, Асан Қайғының қосымша есiмi туралы. Егер осы бабамыздың ел үшiн қолайлы жер iздеп (Жерұйық), сарсаңға түскенi рас болса, оның үстiне Әз Жәнiбектiң ақылгөй кеңесшiсi болса, неге «Қайғы» деген сөздi сол замандағы тарихи оқиғаларға (яғни әлеуметтiк жағдайға) байланысты зерттеп көрмеймiз. Жәнiбек пен Керей Есенбұға жер бердi екен деп бiрден бейтаныс аймаққа жөңкiле кешiп кетуi мүмкiн емес кой. Олар екi-ақ әулет емес, тiптен бiр рулы топ болса да тәуекелге бел байлап осылай етуi мүмкiн, ал соңынан ерткен қыруар елi бар басшылар бұлай жасамайды. Ең болмағанда сол баратын аймақтың ыстық-суығын байқап алу үшiн де шолғыншы топ жiберуi мүмкiн ғой. Сол шолғыншы топты басқарған кiсi Асан Қайғы болған деп неге ойламаймыз? Тiптен қу дала болса да өзi туып-өскен, қыс қыстап, жаз жайлаған жерiн қастерлемейтiн адам болмайды. Қай жаққа барса да көрген жерiн сол өз аймағымен салыстырып барып бағалайды ғой. Демек, Асан Қайғы да қыруар елдi қоныстандыру

үшiн осындай жан-жақты қолайлы жер iздеп сарсаңға түсуi мүмкiн. Өйткенi Асан Қайғы айтыпты деген сөздердiң iшiнде осындай бiр қыры ұнаса да, екiншi қыры ұнамайтын аймақтар көп аталады. Мүмкiн, ұлы бабамызға «Қайғы» дейтiн қосымша анықтауыш ат осыған байланысты берiлген болар? Шамасы, мәселенiң осы тұсына да бiр ой жүгiртiп қойған дұрыс секiлдi. Бұл болжам ғана, ал анығын әдебиет зерттеушiлерi мен тарихшылар анықтай жатар. Ал бiздiң айтпағымыз – Асан Қайғы – Келес, Ақсу, Арыс, Бадам, Шыршық өңiрлерiн аралап, Қазығұртқа көтерiлгенi анық. Ал мұны дұрыс емес дейтiн адам – халық аузында сақталып қалған Асан Қайғынын өз сөздерiн көпшiлiктiң санасынан өшiрiп тастау керек. Бұлай ету ешкiмнiң қолынан келе коймас. Бiз осы жазбаларымызда қазақ даласында құрылып, бiраз уақыт өмiр сүрген Қарлұқ, Қарақытай, Қарахандар хандықтарына көп көңiл бөлгенiмiз жоқ. Осы хандықтар тұсында да Қазығұрт маңы бiраз тарихи оқиғалардың куәсi болған. Әсiресе араб жаулап алушыларына қарсы күресте еселi қайсарлық көрсеткен өңiр де осы өңiр. Арабтар ислам дiнiн бiртiндеп енгiзе бастағанда соған тiрек болған да осы өңiр. Ибн Хаукал өз жазбаларында X ғасырдың бас жағында Испиджаб пен Шаш арасында ислам дiнiн қабылдаған мың отбасы көшiп жүргенiн жазады. Ал тарихтан белгiлi нәрсе – 940-950 жылдары Қараханидтар ислам дiнiн қабылдаған, ал 960 жылы Жетiсуда екi жүз мыңдай отбасы ислам дiнiне көшкен. Мiне, сөйтiп кейiннен Қожа Ахмед Яссави сияқты перзенттi дүниеге келтiрген Сайрам ислам дiнiнiң тарауына да ұйытқы болған. ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ, РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ ЖӘНЕ ҚАЗЫҒҰРТ АЙМАҒЫ XVIII ғасырдың алғашқы жылдары Қазақ хандығы бiржола жойылды. Бұл кезде Орыс империясы Батыс пен Солтүстiк Қазақстанды бiрте-бiрте жаулап ала бастаған болатын. Қазақ хандығының жұрнағы болып қалған топ оңтүстiкте Қоқан

хандығымен жауласып жатты. Осы кезде бұл аймақта үлкен маңызға ие болған мекен Ташкент қаласы болатын. 1787 жылдан бастап Ташкент қаласын ұлы жүз тайпаларымен келiсiмге келген Жүнiс қожа билей бастады. Осы кездегi Бұхара мен Қоқан билеушiлерiнiң қазақ даласында жасаған ойрандарын А.И. Левшин өз кiтабында айқын көрсетiп кеткен. Ол Жүнiс қожа Ташкентте билiк басына келген соң өзiнен бұрынғы билеушiлердiң қазақтармен жасаған қарым-қатынастарына көңiлi толмай, аса қатыгездiк жасай бастады деп жазады. Айналасындағы елдi уысында сығымдап ұстау үшiн адам баласы көрiп-бiлмеген зұлымдыққа барған. Әйгiлi орыс суретшiсi В. Верещагиннiң «Соғыс шыңы» («Апофеоз войны») атты суретiн көрген адам соғыс пен қатыгездiк дегеннiң не екенiн бар болмысымен сезе қояды. Өйткенi сол суретте бейнеленген оқиға – айдалада адам басынан үйiлген төбешiк (пирамида). Осы суретiн В. Верещагин өзi аралап көрген жер мен елде есiткен еңбегiнiң негiзiнде салған. Ұлы суретшi Түркiстан өлкесiнде екi рет (1867-1868 және 1869-1970 жж.) келiп, «Түркiстан сериясы» деген атпен көптеген суреттер салған. Сол суреттердiң көбiнде қазақтар мен қырғыздардың өмiрi бейнеленген. Мүмкiн, В. Верещагиннiң жоғарыда аталған картинасын салуда А. Левшиннiң жазбалары әсер етуi мүмкiн. Өйткенi А. Левшин кiтабы әлдеқайда ертерек – 1832 жылы жарық көрген болатын. Осы кiтапта мынандай сөздер бар: «Ол барлық тұтқындардың басын алып, қарсыластары көретiн жерге төбешiк (пирамида) етiп үйiп қоюды бұйырды. Осы бiр жан түршiгетiн көрiнiс қазақтардың зәресiн ұшырды... сондықтан олар қолға түсуден қорқып, Жүнiс қожаға бас идi («Описание киргиз-казацских или киргиз-кайсацских орд и степей», стр. 176). Жүнiс қожа 1798 жылы бастаған жорығында Сайрам, Шымкент, Түркiстан қалаларын басып алды. Ол өзi басып алған жерлердiң тұрғындарына әлгiндей үрей туғызып, болашақта бiржола бағынышты болуын ғана талап етiп қоймай, өткен дәуiрлердегi жасаған «айыптары» үшiн де алым-салық төлеудi мiндеттедi. Бiрте-бiрте асқындап алған Жүнiс қожа ендi Қоқан хандығының өзiмен иық теңестiрiп, 1799 жылы сол хандыққа қарсы шабуыл жасады. Бiрақ күйрей жеңiлiп қалды да, ендi Ташкент пен

Шымкент Қоқан хандығының иелiгiне өттi, ал Түркiстанда бұқаралықтар орнығып алды. Осы кездегi Қоқанның ханы Әлiм өз билiгi тұсында (1801-1809) жаулап алған жерлерiнiң көлемiн ұлғайтып, Талас бойы мен Жетiсудың Ұзынағаш тұсына дейiнгi аймақты бағындырды. Әлiм ханның мұрагерi (хандық құрған дәуiрi 1809-1822 жылдар) Омар хан 1815 жылы Түркiстанды жаулап алып, Сырдария бойын жағалай қазiргi Қызылорданың тұсына дейiн барып, өзiнiң ендiгi шекарасы етiп Ақмешiт бекiнiсiн орнатты. Мiне, осылай Қазығұрт маңы ендi Қоқан хандарына тәуелдi аймаққа айналды. Ал бұл кезде Қазақстанның басқа аймақтарының бәрi Ресей империясының тәуелдiлiгiне кiрiптар болып қалған едi. Дегенмен Қазығұрт өңiрi мен Оңтүстiк Қазақстан өз еркiндiгiн барынша ұзақ мерзiмге сақтап келiп едi. Дәл осы жағдай Қазақстан аймағын Ресей империясы бiржола бағындырған кезде де қайталанды. Ресей қоластына қазақ жерiнiң ең соңғы болып қараған аймағы да Қазығұрт маңы. 1864 жылы көктемде Ресей әскери отрядтары Меркенi, Әулиеатаны, Түркiстанды басып алған соң, Шымкент түбiнде жеңiлiске ұшырап, кейiн шегiнуге мәжбүр болды, бiрақ сол жылы қыркүйек айында екi тұстан (Түркiстан жағынан полковник Черняев бастаған отряд, Әулиеата жағынан подполковник Лерх бастаған топ) шабуылға шыққан әскерлер бiраз қоршаудан кейiн Шымкент қаласын басып алды. Осылайша қазақ халқының еркiндiк үшiн жасаған азаматтық қозғалысы жеңiлiске ұшырап, Қазақстан аумағы түгелдей Ресей империясының билiгiне өттi. Қазығұрт маңында осы Қоқан хандығы мен Ресей империясы билiк жүргiзген тұстарда да талай-талай тарихи оқиғалар өтiп жатты. Соның бiрi – Ақпан батырға байланысты айтылатын аңыздар мен ел арасында сақталып қалған ежелгi әңгiмелер. Қазiр Қазығұрт тауының етегiнде орналаскан Рабат ауылының маңында орнатылған ескерткiш тұр. Бұл – Ақпан батырға ұрпақтарының атынан қойылған ескерткiш. Ақпан батыр жөнiнде жазылып қалған толық мәлiмет жоқ, негiзгi мәлiмет елдiң аузында қалған әңгiмелер. Сол әңгiмелердiң айтуы бойынша Ақпан батыр Шегiр тайпасынан шыққан батыр, туған елi мен халқы үшiн жауларымен жан аямай күрескен азамат. Бұған ешкiмнiң дауы жоқ, ұрпақтарының көрсетiп жүрген

құрметi – нағыз құптарлық әрекет. Тек сол Ақпан батырдың соғысқан жауларын бiреулер Жоңғар басқыншылары десе, екiншi бiреулер Қоқан хандығы дейдi. Хамза Амандықов өзiнiң «Ақпан батыр» деп аталатын халықтық жыр үлгiсiмен жазылған ұзақ шығармасында негiзiнен жоңғарлармен соғысқан батыр етiп көрсетсе, Ақпан батырға байланысты нақты деректердi жинап жүрген бiр автор Қоқан хандығымен жауласқанын тiлге тиек етедi. Бiздiңше, осы батыр бабамыздың өмiрi мен iс-әрекетi жөнiндегi деректердi тереңiрек зерттеп, айтылып жүрген қайшы пiкiрлердi бiр iзге түсiру керек, батырлық бейнесiн сомдай түсу керек. Бұл жөнiнде бiраз еңбек еткен Уәлихан Сүлейменов сол игiлiктi жұмысын жалғастыра түссе, құба-құп болар едi. Себебi бiз батыр бабаның есiмiн тарихтың ана тұсына да, мына тұсына да апарып тықпалай бергеннен ештеңе ұтпаймыз, керiсiнше оның тарихи оқиғалардағы орнын анықтап, бейнесiн сомдай түсу керек. Елдiң ерi елдiң есiнде мәңгi қалатындай ету керек. Ендi бiр есiмiн өзiнiң туған елi де ұмытып кеткен асыл азамат – Қалыбай Мәмбетов. Бұл кiсi ақын, ақын болғанда қазақ әдебиетiн зерттеушiлердiң еңбектерiнде аты айтылып жүрген, тiптен орыс шығыстанушылары өткен ғасырдың аяғы мен осы ғасырдың басында шығармаларын аттың құны алтынға балап, жұрттан сұрап алып, сол тұстағы шығыстану ғылымының орталығы болған Петербургке алып кетiп жүрген ақын. Бiздiң қолымызда ол кiсiнiң өмiр жолы туралы нақтылы дерек жоқ болғандықтан, сол кiсi жөнiндегi құжаттарды көзiмен көрген, мазмұнымен танысқан ғалымның дерегiне жүгiнбекпiз. Кезiнде Қазығұрт ауданының Қазығұрт селосындағы орта мектепте директор болып Рсымбет Бекназаров деген ағамыз қызмет атқарды. Осы жазбалардың авторы алғашында сол ұстаздың оқушы шәкiртi, соңынан қызметтес шәкiртi болған. Рсымбет аға соңынан Шымкент педагогикалық институтына қызметке ауысып, Оңтүстiк Қазақстанның Қоқан хандығы тұсындағы кезеңiн негiзгi тақырып етiп алып, ғылыми еңбек жазып, диссертация қорғады. Осы диссертацияны дайындау кезеңiнде Петербург архивтерiнен деректер қарап жүргенде қолына Қалыбай Мәмбетов жөнiндегi деректер түседi. Бұл деректер

әйгiлi шығыстанушы, кезiнде Шоқан Уәлихановты «шығыстану ғылымының аққан жұлдызына» теңеген Н. Веселовскийдiң архивiнен табылған. Сол архивте ақынның екi дастанының (поэма деп көрсетiлген) қолжазбасы сақталған. Веселовский ақын жөнiндегi деректi былай келтiрген: «Ташкентский уезд, Акжарский волость, аул Шарбулак, род шанышкылы, колено аганай». Мiне, ақынның туып-өскен жерi осылай анық айтылған. Бұл, қазiргi атаумен атасақ, Оңтүстiк Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы Қарабау бөлiмшесi (соңғы жылдарға дейiн «Ленин жолы» аталып келген). Ал мекендейтiн халық – әлi күнге дейiн сол Шанышқылы тайпасының ағанай руы. Ендi қолжазбаның Н. Веселовскийдiң қолына қалай түскенiне көңiл бөлейiк. Ғалым Ташкентке келiп, бiраз уақыт болып, елiне ораларда өзi дос-жаран тұтып кеткен бiраз жұртпен қоштасады. Солардың көпшiлiгi жол болсын айтып, кейбiрi тарту-таралғы да бередi. Сонда өзiне етене жақын болып кеткен Асқар Әкiрамов немесе Әкiрам Асқаров (Рсымбет ағаның жадында анық сақталмаған. Ол кiсi ақын жөнiндегi деректi нақтылай көшiрiп алғанмен, бұл кiсi жөнiндегi деректi қағазға түсiрiп алмаған екен) дейтiн тiлмаш болып жүрген азамат қандай тарту жасасам екен деген ойын бiр түйiнге тоқтата алмай, ғалымның өзiне төрелiкке жүгiнген. Сонда Веселовский өзiне ең қымбат тарту деп жоғарыда аты аталған ақынның екi дастанының қолжазбасын атаған екен. Бiр қой берiп көшiртiп алған тiлмаш сол қолжазбаны Веселовскийге берген. Мұнда қолжазбаны ақынның өзiнен алғаны немесе басқа бiр азаматтан алғаны анық жазылған емес. «Бiр қазақ досынан» дейтiн ғана ұғым бар. Осы тiлмаштың кiм екенi жөнiнде бiз басқа деректерге жүгiнудi жөн көрдiк. Әйгiлi «Дала уәлайаты» газетiнiң 1892 жылғы 1-санында некролог iспеттес «Орта Азия» деген шағын мақала жарияланған. Сол мақала: «Жақын арада Ташкент шаһарында сарт Әкрам Асқарұғлы дүниеден көштi», – деп басталады да, ары қарай осы бiр абыройлы азаматтың көптеген игiлiктi iстерi жөнiнде хабар берiледi. Нақтылап айтқанда, ол мақта шаруашылығында қыруар жұмыс iстеп, оның америкалық сорттарын өсiргенiн, жiбек құрттарының талай түрiн өсiргенiн,

өзi ежелгi дәуiр теңгелерiн жинап, соларға салыстырмалы сипаттама (нумузматика) жасайтынын, көне бұйымдарды жинап, көрме ұйымдастырғаны туралы, орталық аймақтарда өткiзiлетiн көрмелерге жиi қатысатыны жазылған. Мақаланың орысша текстiнде «местный житель сарт Акрам Аскаров» деп берiлген. Осы хабарларға қарағанда, Веселовскийге қолжазбаны берген азамат осы Әкрам Асқаров болса керек. Өйткенi Н.Н. Веселовскийдiң Орта Азияға келгендегi мақсатының өзi көне дүниенi зерттеу болатын. Ал мұндай мақсатпен жүрген адам көзi ашық өзбек азаматымен таныс болмауы мүмкiн емес. Ендiгi мәселе – сол Веселовский архивындағы қолжазбалардың мазмұны. Бұл жөнiнде Рсымбет аға ашық ештеңе жазбаған. Қысқаша ғана аннотацияда дастанның бiрi Ресей әскерлерiнiң Оңтүстiк Қазақстанды жаулап алу кезеңiмен тұстас келетiнiн көрсетiп, ақын Қоқан хандығы тұсындағы адам төзбес озбырлықты орыстар келгеннен кейiнгi дәуiрмен салыстырып, кейiнгiсiнiң ептеп болса да еркiндеу дем алуға мүмкiншiлiк бергенiне көңiл бөлгенi көрсетiлген. Ал екiншi дастанның мазмұны лироэпикалық немесе батырлар жыры сарынында болса керек (Айта кететiн нәрсе – Рсымбет ағамыз мамандығы бойынша тарихшы, әдебиет мәселесi ол кiсiнiң ғылыми жұмысына қатысты болмаған. Сондықтан баспа жүзiн көрген ғылыми еңбектерiнде ақының аты аталмайды. Тезистер ретiнде қағазға түсiрген қолжазбасы бiздiн қолымызда). Осы ақын жөнiнде жазған автор – белгiлi ғалым, орыс-қазақ әдебиетiнiң байланысын терең зерттеген кiсi КирееваКанафиева. Бұл кiсi ақын дастанының бiрiнiң қазақтың батырлық жырларына ұқсастығын, қайсыбiр тұстарда әйгiлi «Ер Тарғын» жырының кейбiр тұстарын қайталайтынын айтып, үзiндiлер келтiрген. Мiне, Қалыбай Мәмбетов жөнiнде бар дерек осы ғана. Ол кiсiнiң қолжазбасын кезiнде Н. Веселовский аударып, баспа жүзiнде жарық көрген-көрмегенi белгiсiз. Басқа шығармаларының қайда екенi де белгiсiз. Тек қана әлгi екi дастанның қолжазбасы Петербургтегi Н.Е. Салтыков-Щедрин атындағы кiтапхананың архивінің Н.И. Веселовский (1848-1918 жж.) қорында жатыр. Оны қазiрше арнайы зерттеген ешкiм жоқ.

Ендiгi мәселе – ақынның өзi туралы Веселовскийдiң қолымен жазылып, дәл көрсетiлiп кеткен осы ақының өз елiнде белгiсiз болып қалуы. Осы жолдардың авторы бiрнеше рет сұрау салғанымен, мардымды ешқандай хабар болмады. Тек қана бiр жас жiгiт өзiнiң сол кiсiнiң ата-бабасының ұрпағынан тарайтынын, ал Қалыбай ақынның жас шағында ауыл үстiнен өткен керуенге iлесiп Ташкент, Бұхара жаққа кеткенiнен басқа елде ешқандай мәлiмет бiлмейтiнiн айтқаны ғана. Ел аузындағы әңгiмеге қарағанда, жасынан зерек жiгiттiң мiнезi ауылдастарының арасында онша қолдау таба қоймаса да керек. Ал соңынан ол елiне қайтып оралмаған. Мiне, осылайша тарих өлшемiмен қарасаң, кеше ғана, ең ары кеткенде бiр ғасырдай бұрын, өмiрден өткен ақынның аты өзi туған елiнде ұмытылып кеткен. Бiз осы кiтаптың алдыңғы тарауларының бiрiнде екiншi бiр ғұлама – молда Көбей Тоқболатов туралы айтқан болатынбыз. Бiр қызығы, осы екi кiсiнiң туып-өскен ауылдарының арасы алты-ақ шақырым, өмiр сүрген мезгiлдерi де бiр кезеңге сәйкес келедi, тек анық дерек жоқ, бiр-бiрiн бiлген-бiлмегенi де белгiсiз. Тек Көбей Тоқболатов өз жазбаларында жасы қырықтар шамасына келгенде Ташкентте тұратын бiр өзбек қарттарымен әңгiмелескенiн айтады. Сол кезде ол қарттардың жасы жетпiссексеннен асып кеткен. Мiне, сол қарттар жастық шағында Жүнiс қожаның билiк жүргiзген дәуiрiн көргендерiн айтқан. Демек, бұл мезгiл – XVIII ғасырдың аяғы. Осыған қарап Көбей бабаның қай тұста өмiр сүргенiн шамалауға болады. Артында өте мол жазба мұра қалдырған осы Көбей атамыздың есiмiн туған ауылында көпшiлiк бiле бермейдi. Бiлгеннiң өзiнде «молда» деген сөзден басқа қосып айтары жоқ. Ал егер Көбей атамыз дiн жолын қуған, сол қағидадан хабары мол адам болса, мына бiр тұжырымдарын еске алмай болмайды. Ол өзiнiң «Өзбектер тегiнiң шығуы туралы» дейтiн еңбегiнде бiр тұжырым айтады. Мысалы, ол кiсi сол тұстағы әулие-әмбиелердiң бәрiнiң өз пiрлерi болғанын, сол арқылы ру-тайпалардың да пiрлерi болғанын тiзiп көрсеткен. Демек, сол ру-тайпадан шыққан дiн басылары пiр деп аталған. Осыған орай берiлген тiзiм бойынша, Қазығұрт өңiрiнен шыққан

пiрлер мына ру-тайпалардың өкiлдерi: Әзiрет Шеих Маслахатдин Ходжент – Қатаған руынан, Қадiр Бердi Шеих – Жалайыр руынан, Құллейм Шеих – Дүрмен руынан, Баба Түктi Шеих – Мұнрат руынан (шамасы, Қоңырат руынан болса керек – автор). Ақ Бура ата – Қаңлы руынан, Бақшаиш ата – Қыпшақ руынан, Әзiрет Багаутдин – Керей руынан, Шағыр ата – жолкүндiк (?), Ел Баба – рамадан, Мүсiр Әлi Шеих – алшын, Ахун Әзиз – кереит, Еген Шеих – қатаған, Барамук, Шеих – қарақалпақ, Маутай Шеих – қоңырат, Жылшыр ата – Үйсiн, Қорқыт ата – сiргелi, Жаңбыршы ата – Ойрук (шамасы, ойық болар – автор), Желке ата – найман, Жылаған ата – керей, Жансыз ата – қият (Әбубәкiр Диваев, «Тарту», Алматы, «Ана тiлi», 1992 жыл). Ал жазған дүниелерiнiң бәрi Ташкенттегi Әбубәкiр Диваев архивінде немесе басқа бiр архивтерде жатуы мүмкiн. Оны iздеу – ұрпақтарының парызы. Осы екi ғұламаның екеуiнiң де артына қалдырған мұралары өз елдерiне қайта оралатын кез жеттi. Және бiр тiлек – осы кiсiлердiң есiмiн қастерлеп, есте қалдыру мәселесiн де ауылдастары ойластыратын мезгiл жеткен сияқты. БIЗДIҢ ТАРИХЫ ҚЫМ-ҚИҒАШ БОЛҒАН ҒАСЫРЫМЫЗ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗЫҒҰРТ Бiздiң ғасырымыздың басында Ресей империясы Қазақстанды бiржола орыстандыру жолына шындап кiрiскен болатын. Iшкi Ресейден Қазақстанға қоныс аударушылар лек-легiмен келе бастады. Шымкент қаласының атын Оңтүстiк Қазақстанды жаулап алғаны үшiн марапат ретiнде Черняевке бере салды да, қаланың ежелгi атын Черняев деп өзгерттi. Ол аз болғандай, Ташкент iргесiнде өз штабын орнатып, Ташкенттi атқылағаны үшiн осы жердегi бiр кезде қазақ хандары орда тiккен, әсiресе Төле би көп жайлаған қазақ ауылының атын да осы генералға сыйға тартты. Содан бастап Қазығұрттың арғы-бергi жағында Черняевка, Алексеевка, Фоголевка, Антоновка, Сергеевка, Корниловка сияқты атаулар жаңбырдан соңғы қозықұйрықтай

қаптап шыға бастады. Кейбiр тұста ғана қазақ тiлiнен орысша баламасына аударды. Оның өзi де бiрiне-бiрi сәйкес келмей быт-шыты шығып жатты. Мысалы, Ақсу өзенiнiң бойындағы ауылдың аты Белые воды деп аталды да, өзеннiң аты Ақсу күйiнде қалды (шамасы, атам-заманнан берi ағып жатқан өзендi Ресейден көтерiп келмегенi естерiне түссе керек. Бiрақ кей тұстарда мұны да ұмытып кеттi – Тянь-Шанның Тараз бен Бiшкек маңындағы бөлiктерiн Александров таулары деп атады). Осы маңда Черноводск, Красноводск дейтiн атаулар пайда болды. Бiр қызығы, дәл осы атаулар Бiшкек қаласының маңында да қайталанып жатты. Ал осы жаңа атауға ие болған жерлердiң бәрi де ағынды суы мол, аса құнарлы жерлер болатын. Әрине, бiз бұл жерде қарапайым қатардағы орыс, украин халқын «мұнда неге көшiп келесiң» деп айыптаудан аулақпыз, тек патшалы Ресей әкiмшiлiгiнiң қазақ халқының тарихын мүлде сызып тастап, дәл өздерi келген тұстан қайта бастамақ болған нақұрыс әрекеттерiн айтып жатырмыз. Қазақ даласының тарихын мүлде өшiрiп тастамақ болып, мәдениеттiң бар үлгiлерiн жойып жiберген тұстар бұрын да болған – монғолдар мен арабтардың, хорезмшах пен қоқан әмiрлерiнiң салған ойраны әлi кезге дейiн қазақ тарихын зерттеу мәселесiнде бiзге ес жиғызбай келедi. Сол кезде де көп қираған осы Қазығұрт маңындағы – Оңтүстiк Қазақстан өлкесiндегi мәдени-тарихи мұралар болатын. Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi болып жатқан осынша атаулық өзгерiстер кезiнде Қазығұрттың аты бiр рет те аталмады. Тiптен оның атауын тарих бетiнен өшiрiп тастау үшiн де жасалған әрекеттерде сан жоқ. Бiр абырой болғаны, таудың өзiн бiржола қопарып тастау қолдарынан келмедi, халық санасынан сызып тастай алмады (әйтсе де дәл қазiргi цемент үшiн шикiзат аламыз деп Қазығұрттың бауырын тескiлеп жатқан әрекет жақсылыққа апара қоймайды. Бұл мәселенi ел жақсылары да, ел басшылары да осы бастан ойлана бастаулары керек). Совет өкiметi орнағаннан соң ауылсело мен елдi мекен аттарын өзгерту бұрынғыдан да өршелене түстi. Осы тұстардың бәрiнде «бұл өлкеде де қадiрлi азаматтар болған шығар-ау, ақыры ауысып жатқан атаулар болған соң

солардың да есiмiн есте қалдырсақ қайтедi» деген талпыныс болмады. Бола қалған жағдайда ұясында тұншықтырылып жатты. Кейбiр кездерде осының әсерi күлкiлi жағдайларға (абсурд) апарып соқтырып жүрдi. Мысалы, осы жолдардың авторына құрбы-құрдастары былай деп қалжыңдайтын: «Ленин ауданының Ленин атындағы колхозында өмiрге келiп, Ленинское селосындағы Ленин атындағы көшеге орналасқан интернатта тәрбиеленiп, Ленин атындағы орта мектептi бiтiрген». Осы атаулардың бәрiнiң де қазақша аты болатын, тек олардың бәрiн тарих бетiнен бiр-ақ сызып тастаған едi. Осы дәуiрде аман қалған атаулар үлкен жолдың бойынан жырақ жатқан, жерi онша құнарлы емес, суы мол емес аймақтар ғана болатын. Мысалы, осы Қазығұрт ауданының алшақтау жатқан Ұзынбұлақ, Кезеңбұлақ, Талдыбұлақ, Қотырбұлақ, Керегетас деген атауларды Лениннiң де, Сталиннiң де есiмiне ауыстырған емес. Өйткенi олар өмiр сүру үшiн онша қолайлы орын емес едi. Ал Қазығұрттың солтүстiк шығысындағы Құлан тауы мен Мыңбұлақ маңында аты өзгермеген жер қалмаған болатын. Қазақ халқының даңқын аспанға көтерген азаматтардың арасында осы өңiрден шыққан үш-ақ адамның есiмiн атау кез келген оқырманның санасына жетiп жатыр. Олар – Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза. Бұл тұлғалар туралы тiзбектеп жатудан жүрексiндiк. Өйткенi Баукеңнiң өз кiтаптары мен Бектiң повесi, Тұрар аға туралы Шерханның романдары мен пьесалары, ал Шәкеңнiң қазiргi дәуiр жөнiндегi өз еңбектерi мадақтауды қажет етпейдi, сол мадақтаудың төбесiнен қарап тұратын еңбектер. Қазiр бiр кезде Алексеевка, одан соң Ленинское, тiптен бiр тұста Малақан (христиан дiнiнiң молакандар сектасы жайлағандықтан) аталған село Қазығұрт аталады. Алайда өлiп-талып жүрiп жетпiс жыл өткенде Қазығұрт атауын әрең иемдендi (аудан алғаш рет орталығы Тұрбат селосы болып Қаратас деген атпен 1928 жылы құрылған. Кейiннен орталық Шарапханаға, одан қазiргi Қазығұрт селосына көшкен. Алғаш құрылғандағы аты Тұрбаттың шығысындағы Қаратас деп аталатын жерге байланысты қойылса керек).

Қазығұрт маңының бұл тұстағы тарихы көпшiлiкке бiршама таныс. Там-тұмдап болса да кiтаптар шығып жатыр. Әрбiр аудан өз тарихы жөнiнде кiтап шығарғанда көбiне осы кезеңдi қамтып, толып жатқан цифрға бөктiрiп жатады. Сондықтан бiз өз жазбаларымызда сол iздi қайталамай, көбiнесе көлеңкеде қала беретiн кейбiр есiмдерге тоқталып өткендi жөн көрдiк. Оның үстiне Қазығұрттың жаңа тарихын (тарих ғылымы мен қоғамтану жүйесiнде «новейшая история» аталып жүр) зерттеп, қағазға түсiрудi бiз мақсат тұтқанымыз жоқ. Ол – басқа азаматтардың тақырыбы. Сондықтан, ең алдымен, екi ақынның есiмiн атауды жөн көрiп отырмыз. Оның бiрi – Орынбай Тайманов, екiншiсi – Қазанқап Байболов. Орынбай Таймановтың туып-өскен, өмiрден өткенде жерленген жерi – Алғабас ауданындағы Боралдай өзенiнiң жағасы. Орынбай – кезiнде Жамбылдың өзi құрмет тұтқан атақты ақын. Бiрақ соғыстан кейiнгi жылдары, неге екенi белгiсiз, осы кiсiнiң есiмi бiрте-бiрте көлеңкеде қала бердi. Тiптен соғыс жылдарының өзiнде де ақынның тұрмыс жағдайы онша болмаған. Осыны сезген ұлы Жамбыл бiрнеше рет Оңтүстiк Қазақстан облысының басшыларына арнайы хат жазып, өтiнiш айтқан. Бiрақ ақынға мардымды көмек көрсетiлмеген. Одан соңғы жылдары ақын өмiрден өткен соң оның есiмi мүлде ұмытыла бастады. Жеке басқа табынушылықты айыптап, көне дәуiрiмiзге көңiл бөле бастаған тұста Орынбай есiмi және ескерусiз қала бердi. Сексенiншi жылдары сол тұстағы қызметiне байланысты осы жолдардың авторы Шымкент қаласында өткен бiрер жиында Орынбайды еске алмайтындары үшiн облыс көлемiндегi әдебиетшiлер мен әдебиетсүйер қауымды қаттырақ сынағаны бар. Осындай бiр алқалы жиында және де айтқан сыннан кейiн сол кезде облысаралық жазушылар ұйымына жетекшiлiк еткен қазiргi көрнектi жазушымыз Мархабат Байғұтов: – Аға, бiздi сынағаныңызға бес жылдан асып кеттi. Сiз өзiңiз неге ойламадыңыз осы жағдайды? Алдымен iздейтiн сiз емес пе? – дегенi бар. – Қалайша? – «Қазақ Совет Энциклопедиясын» қараңызшы.

Иә, «Қазақ Совет Энциклопедиясында» Орынбай Тайманов бұрынғы Қаратас ауданында өмiрге келген деп бадырайтып тұрып жазып қойған екен. Рас, Орынбай ақынның соғыс жылдарында Қаратас ауданында болғаны рас. Бала кезiмiзде ол кiсiнiң қонақ болып жүргенiн де көргенiмiз бар. Тек осында туылып, осында өмiрден өтiптi дегенiн есiткен емес едiк. Өмiрiнiң соңғы кезеңiнде мұнда болмағаны анық. Осы ойларды айтқан соң Мархабат белгiлi сазгер, әдебиетшi Мұхамеджан Рүстемов екеуi архив құжаттарын ақтарып жүрiп, Орынбай ақынның өмiрi мен творчествосы туралы көлемдi мақала жазды. Мұны сол кезде Алғабас ауданын басқарып жүрген мерейлерiң арта бергiр азаматтар Орынтай мен Оразкүл қолдай кеттi де, Орынбай Таймановтың мүшелтойын өткiзу жөнiнде шешiмдерiн қабылдады. Осы шешiм бойынша iздестiрiп-сұрастырып жүрiп, Орынбай ақынның денесi жерленген жер табылды. Ақынның қабiрiнiң басына кесене салу белгiлендi. Осы мәселенiң шешiлуi үшiн Мархабат екеумiздiң бiрнеше рет Алғабас ауданына баруымызға тура келдi. Сондай сапардың бiрiнде Домалақ ана мен Бәйдiбек бабамыздың жатқан жерлерiнiң де елеусiз қалып бара жатқаны әңгiме болды. Жоғарыда аты аталған екi басшы бұл ұсынысты да қабылдап, тез арада сол екi ардақты кiсiнiң басына қойылған белгiлердi шұғыл жөндеуден өткiзiп, қосымша құрылыс салу мәселесiн қолға алды. Қазiргi аса сымбатты етiп орнатылған Домалақ ана кесенесiнiң қасындағы қосалқы үй сонда салынған едi, ал Бәйдiбек бабамыздың бейiтiне баратын жол сонда салынып, ескерткiштiң өзiн бiраз қалыпқа келтiрген болатын (қазiр Бәйдiбек кесенесi қайта салынып жатыр). Алматылық ғалым Нысанбек Төреқұловтың жинаған дүниелерiнiң негiзiнде сол тұста Орынбай Таймановтың шығармаларының жинағы шықты. Сол кiтаптың шығуына да демеушi болғандар Алғабас ауданының халқы мен аудан басшылары (айта кететiн нәрсе – сол кезде қазiргiдей демеушiлiк көрсететiн жеке меншiк кәсiпорындар жоқ едi, демеушiлiк деген сөздiң өзi де тек рухани көмек деген мағынада абайлап айтылатын). Мiне, осылайша әдебиет тарихынан аты өшiп бара жатқан ақынның өз тұғырына қайта қонуы – ұмыт болып бара жатқан

бiраз нәрсенiң де басын ашып, солар үшiн жасалып жатқан игiлiктi iстердiң ұйытқысы болып едi. Ал ендi ақынның туған жерiнiң энциклопедияға неге қате түскенi бiзге белгiсiз. Осының өзi-ақ өмiрден кеше ғана өткен айбарлы ақынды елеусiз қалдыра бастағанымыздың куәсi болса керек. Әрине, ақын Қаратас ауданында болып, Қазығұрт маңында ән салып, жыр жырлағаны рас. Тiптен бiраз жыл сол ауданда тұрған да. Дегенмен ғылыми еңбекте мұндай шатастыра беру абыройға апарып соқтырмаса керек. Ақын творчествосы жөнiнде жыр алыбы Жамбылдың өзi берген бағадан артық ешнәрсе айтудың қажетi бола қоймас. Қазанқап Байболов Қазығұрт тауының солтүстiк-шығыс жағына орналасқан қазiргi Төле би ауданының көлемiнде дүниеге келiп, өмiр сүрген. Қазанқаптың туылған кезiндегi (1891 жыл) ауылының аты – Сырдария губерниясы, Шымкент уезiндегi Бадам болысының Бесбал ауылы (қазiр Төле би ауданының «Қоғалы» ұжымдық шаруашылығының «Ұзынарық» мекенi). Кейбiр зерттеушiлердiң көрсетуi бойынша, Қазанқап бала кезiнен бастап Бекасыл дейтiн ғұлама молдадан тәлiм-тәрбие алып, соңынан араб, парсы, көне түркi – шағатай тiлдерiн жетiк менгерген керек. Осы бiлiмiнiң арқасында ақын соңынан көптеген шығармалар жазған, қазақ ауыз әдебиетiн өте жетiк меңгерген, әсiресе эпикалық жырларды көп жырлаған. Ақынның аса құнды еңбегi – «Есiм хан туралы жыр» (Иманәлi Ырсымбетов оның атын «Еңсегей бойлы ер Есiм» деп өзгерткен екен) дейтiн эпикалық дастаны мен «Төле би» еңбегi. Ақын жоғарыда айтылған дастанның соңында өзiн таныстыра кеткен. Мұны жазған ақының – Перзентi жаныс затының, Қазанқап атым дер едi. Осы сөздiң iшiнде, Жаныстың халқы нәсiлiнен Құдайбердi баласы, Әлiбек би боп аталды, Алты ұлы бар осының. Бесiншi ұлы Төле би

Ең кенжесi Елiбай, Мұны жазған ақының, Сонан барып тарайды. («Домалақ ана» журналы, VI. 1997 ж. Құлбек Ергөбеков «Қазанқап ақын – Домалақ ана ұрпағы»). Мiне, осы жазуларына қарағанда, Қазанқап ақын қазақ шежiресiн де жетiк бiлген. Әсiресе Төле биге байланысты шежiренi жетiк бiлгендiктен, сол ұлы бабамыз туралы шежiрехикая да жазған. Қазанқап ақын өмiрден 1946 жылы өткен. Оның артында мол әдеби мұра қалды, солардың көпшiлiгi архивтерде сақтаулы көрiнедi. Қазiргi заман талабына байланысты ақын мұрасын мемлекеттiк баспалар жарыққа шығарар деп күтiп отырмай-ақ, ауылдастары өзара ақылдасып-ақ жария ете беруiне болар едi. Осындай бiр игiлiктi iстi қолға алатын азаматтар табылар деп үмiт етемiз. Қазақстан тарихында Елтай Ерназаровтың алатын орнын айтып жатудың қажетi жок. Ол кiсi өз қолынан келгенiн iстедi. Ал кейбiр қаламгерлер осы ағамыздың атын күстаналауға құмар болып барады. Бұл әдепсiздiк. Қазығұрттық азаматтар Елтай ағаны даттамай, керiсiнше мақтан тұтыну керек. Сонда ағалар алдында арымыз таза болады. Оның үстiне кезiнде осы кiсiнiң бейiтiн iздеп барған Мұхтар Әуезовтің сөзi естен шықпау керек. Шымкент қаласындағы жасөспiрiмдер сарайының алдында Ғани Мұратбаевқа арналған ескерткiш тұр. Осы ескерткiш соңғы жиырма жыл көлемiнiң өзiнде-ақ үш рет орын ауыстырды. Сол ескерткiштiң дайындалуының өзi он-он бес жылға созылып, ақыры кезiнде бүкiл Советтер Одағы идеологиясының тiзгiнiн қолына ұстап отырған Сусловтың рұқсатынан соң ғана құйылған болатын. Кезiнде бар-жоғы жиырма үш жасында өмiрден өткен Ғанидың өз басынан өткен қилы-қилы өмiрiнiң өзi бiр тарих болса, мына ескерткiшiнiң де басынан өткерген оқиғалар аз тарих емес. Бұл мәселелер – басқа бiр ұзақ әңгiменiң арқауы. Ал Ғанидың комсомол, партия мүшесi болғанын жасырып, көлеңкелеудiң қажетi жоқ – ол тұс түгiлi, кешегi сексенiншi жылдардың өзiнде-ақ кiм комсомолға өтпедi, кiм партия мүшесi болмады.

Нақ қазiр ел басқарып жүрген азаматтар да сол жолдан өткен. Мәселе – сол азаматтардың ниетiнде. Ал Ғанидың ниетi нағыз ақ ниет болатын, еңбегi ұмытылмас адал еңбек болатын. Осы Ғани Ташкентте қызмет iстеген тұсында Келес өңiрi мен Қазығұрттың баурайында талай болған. Сол өңiрдiң балаларын (әрине, ашжалаңаш қалған балаларды!) жинап алып, интернаттар мен оқу орындарына орналастырған. Соларға өзi жап-жас бола тұрып, әкелiк қамқорлық жасаған. Сол жетiм балалардың iшiнен кейiннен көптеген қайраткерлер мен ғалымдар, жазушыжурналистер жетiлiп шықты. Мысалы, сол Ғани қамқорлық жасаған балалардың екеуiнiң ғана атын атайықшы. Бiреуi – қазақ әдебиет ғылымына үлкен еңбек сiңiрген, ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының жарық көруiне барынша қолғабыс жасап, сол үшiн өзi қызметiнен кеткен профессор Бейсенбай Кенжебаев ағамыз, ал екiншiсi – қырғыздың классик-ақыны, академик-ақыны Аалы Тоқамбаев. Қазығұрт тауының оңтүстiк баурайындағы бiр шағын ауылда Әбдiрахман Шыршықбаевқа қойылған ескерткiш обелиск тұр. Осы Әбдiрахман ағамыз – Ғаниға ең жақын жүрген, ең сенiмдi серiктерiнiң бiрi болған кiсi. Осы жолдардың авторымен әңгiмелескен тұстарында Әбдiрахман аға: «Ғанида «жоқ» дейтiн сөз болмайтын, ол әр уақытта «жасаймыз» дейтiн бiрақ жауап беретiн. Өзi талап еткенде де «жасайсың» деп бiр тұжырымдайтын. Оның тапсырмасын орындамау мүмкiн емес едi», – деп әңгiмелейтiн. Әбдiрахман аға Ғани Москваға қызметке кеткеннен соң әскери қызметке барып, соңынан партия органдарында лауазымды қызметтер атқарып, өмiрiнiң соңында мұғалiмдiк қызмет атқарған. Сонау бiр жылдары ескерусiз қала бастаған құрметтi ағамыздың есiмiн соңғы кезде елi қастерлей бастаған. Бұларына рахмет. Ғани ағамыздың жастарға қамқорлық жасап жүрген кезiнде өмiрге батыл араласа бастаған Келес өңiрiнiң аса дарынды азаматтарының бiрi – Зиябек Рүстемов болатын. Жан-жақты бiлiм алған, өмiрге аса құштар осы кiсiнiң жазған шығармалары аса мол. Оның бiрқатары – тарихи тақырыптарға арналған өлең-жырлар, эсселер. Поэзияның қазiргi кезде жазба әдебиетi

деп аталып жүрген үлгiсiнде жазған өлеңдерi де баршылық. Өкiнiшке орай, сол шығармаларының көбi кезiнде дәуiр соққысына ұрынып, көмескiленiп қалды, қалың оқырманға жетпедi, тек соңғы жылдары ғана бiр топ шығармасы жеке жинақ болып басылып шықты. Бұл кiсiнiң әдеби мұрасын әлi де болса тереңiрек зерттеп, жинай түсу керек. Ол игiлiктi iс болар едi. Жоғарыда аты аталған Орынбай Таймановтың жерлесi, қазақ искусствосының аса көрнектi өкiлдерiнiң бiрi Құрманбек Жандарбеков ағамыз да жастық шағын Ғанилармен қатар Ташкент, Шымкент қалаларында, Қазығұрт өңiрiнде өткiзген. Болашақ ұлы актердiң жастық шақтағы сол биiк шыңға шығар сапары осы өңiрде басталған. Қазығұрт аймағының аса аяулы азаматтарының бiрi – Сабыр Рахымов. Осы батыр ағамыздың өмiр жолы туралы әңгiмелердi көптеген жылдар бойы жұрт сан-саққа жүгiртiп, нүкте қоя алмай келдi. Оның да себебi – жерлестерiнiң енжарлығы. Немесе осы ғасырдың iшiнде өмiр сүрген азаматты ауылдастары бiлмейдi дегенге кiм сенедi? Олар бiледi де, тек зер салып iздемейдi. Сол енжарлығы үшiн басқа бiреулердi айыптауға құштар. Сабыр Омарұлы Рахымовтың туған жерi – Қазығұрттың етегiндегi Жаңабазар ауылының Көкбел дейтiн елдi мекенi, руы Суан бағыс. Өзбектiң атақты жазушысы Айбектiң «Балалық шаққа саяхат» деп аталатын шығармасындағы оқиғаның өтетiн жерi де осы Жаңабазар ауылы. Түстен кейiн болса да, әйтеуiр, естерiне түсiп, осындағы кеңшарды соңғы жылдары Сабыр Рахымовтың есiмiмен атап едi, ендi ол да көп көрiнiп, қазiр кеңшар қырық бөлiнiп тарап кеттi. Сонымен Сабыр ағаның есiмi және әрі-сәріде қалды. Сабырдың әкесi жас шағында өмiрден өтiп кеткен, сондықтан ол нағашысы Рахымның қолында тәрбиеленiп, мектепке барғанда сол кiсiлердiң балаларымен бiрге барып, солардың фамилиясын алған, тек барлық құжаттарында өз әкесiнiң есiмiн қоса жазып, кiмнiң ұлы екенiн көрсетiп отырған. Өзбекстандық Шарафуддин дейтiн мектепте Сабырмен бiрге оқыған (қазақ мектебi) ақсақалдың айтуы бойынша, Сабырдың нағашысы Рахым құрама тайпасының iшiнде қатаған руынан екен (дәл осы тайпаның да, рудың да қазақ халқымен қатар өзбек халқының да құрамында

бар екенiн ұмытпаған жөн). Тiптен сол ақсақал Рахымды өзiнiң қазақ екенiн дәйектей бергенi үшiн кезiнде жер аударылған деп те айтады. Бұл жағы бiзге көмескiлеу, тек қағазға түскен нәрсенi еске алып отырмыз («Қазақ шежiресi», Атамұра-Қазақстан, Алматы, 1994 ж.). Сабырдың балалық шағы өткен жер – Ташкент қаласының кезiнде Тақтапул деп аталатын ауданы. Бұл аудан селолық аудандармен, әсiресе Дархан деп аталатын ауылмен (бұл атау да Шанышқылы тайпасының бiр руының атауы) шектесiп жатыр. Осы жерде Сабыр Рахымов жөнiнде ғылыми дерекнамалардың да дәйегiн еске сала кетейiк. Егер «Қазақ Совет Энциклопедиясына» сенетiн болсақ, Сабыр Омарұлы 1902 жылы Ташкент қаласының жанындағы Тақтапул селосында өмiрге келген. 1945 жылдың 26 наурызы күнi сол кездегi Данциг (қазiр Гданьск) қаласын жаудан азат етер кезде оққа ұшқан. Әкесi жас кезiнде қайтыс болып кеткендiктен, нағашысы Рахымның қолында тәрбиеленген. 18 жасында Баку қаласындағы әскери училищеге түсiп, офицер атағын алып шыққан. Әрине, бұл деректердi «Қазақ Совет Энциклопедиясы» өзi секiлдi өзбектердiң ғылыми сөзтiзбегi – «Өзбек Совет Энциклопедиясынан» алғаны көрiнiп тұр. Бұлай етпеуге шамалары да жоқ. Өйткенi ғылыми еңбекте, әсiресе энциклопедияда, шамалап айтуға болмайды. Егер даулы мәселе болса, ғылыми жолмен басы ашылған соң ғана тұжырым айтылуы керек. Дегенмен «кейбiр деректерге қарағанда» деген сiлтемемен ой айтуға болады, тек олай етiлмеген. Соған қарағанда, Сабыр ағаның төлқұжаттарында туылып-өскен жерi Тактапул деп көрсетiлуi мүмкiн. Мұндай жағдай бола бередi (әрине, сол кездiң өлшемiмен айтып отырмыз). Дәл осындай жағдайларды бiз кеше ғана өз басымыздан өткiзген едiк. Қазiр Қазығұрт селосында қазақтардың арасында Азаматтық авиация саласында Социалистiк Еңбек Ерi атағын тұңғыш рет алған зейнеткерұшқыш Асылбек Жасымбеков тұрады. Асылбек төлқұжаты бойынша 1934 жылы осы ауданның Шарапхана селосында туылған деп жазылған. Ал шын мәнiнде оның туған жерi мүлде басқа ауыл – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жайылма дейтiн ауыл. Бұл былай болған едi. Асылбектiң әкесiн

сонау аласапыран – отыз жетiншi жылдары тұтқынға алып, көп азап көрсеткен соң «халық жауы» ретiнде соттап жiберген. Содан бастап одан хабар жоқ (тек алпысыншы жылдары ғана Асылбек әкесi туралы «ақталды» деген қағаз алды). Соғыс жылдарында көп азап тартқан анасы да көп өмiр сүре алмай, өмiрден өтiп кеткен. Сол елуiншi жылдардың басында ауыл балаларының зәре-құтын алған бiр оқу орны болатын. Ол – ФЗО немесе ФЗУ (фабричнозаводское обучение немесе фабрично-заводское училище). Жыл сайын осы оқу орнына топ-тобымен айдалған ауыл балалары мен қыздары елдерiне қайтып оралмайтын, көбi iз-түссiз жоғалып кететiн. Қала өмiрiне үйренбеген, әрi ауыр азапты еңбекке шыдай алмаған жасөспiрiмдер елдерiне қашамыз деп әрекет те жасайды екен. Сол кездерде ешбiр айыбы жоқ жасөспiрiмдердi соңынан қуған күзетшi солдаттар (мүмкiн, iшкi iстер бөлiмшелерiнiң жасақтары болар) аямай атып тастаған кездерi жиi болып тұрған. Дәл осындай жағдайды Қарағандыдағы Нұра өзенiнiң жағасында оққа ұшқан бiр-екi апаларымыз туралы көп жылдан соң елге қонаққа келiп қайтқан, қарағандылық болып кеткен бiр ауылдас апайымыздың аузынан өз құлағымызбен есiткен едiк. Мiне, сондықтан жылда жоғары жақтан келiп тұратын қатынасқа байланысты ауыл жастарының iшiнен ешбiр қорғайтын қолдаушысы жоқ жасөспiрiмдердi топырлатып айдап жататын. Асылбек осындай топтың бiрiнiң iшiнде ФЗО-ға жiберiлiп, Қарағандыдан барып бiр-ақ шыққан. Алтыншы класты осында оқыған. Бiрер жыл болып, денсаулығын да бұзып алады. Ақыры қалайда елге қайтуды армандаған жасөспiрiм Қарағандыдағы ФЗО-дан қашып шығып, Бетпақдала арқылы Сарысудағы елiне жеткен. Бiздiң Асылбектiң азапты жастық шағы мұнымен таусылмапты – Қарағандыдан iздеушiлер қуғындаса, өз ауылында ағайындары түртпектей берген соң, алыс туыстарының бiрiн сағалап Қазығұрт ауданына келiп, 8-кластан бастап бiзбен бiрге оқи бастады. Тек өз басы жөнiнде ешқандай құжаты жоқ. Осы мәселенi шешудiң бiр-ақ жолы болатын – ол жалған справка тауып, төлқұжат алып беру. Осы мәселеде Зұлпықар Әбдiрасылов, Еран Ербосынов, Заит Әлентаев, Рахманбердi Әбдiраимов дейтiн оқушылар үлкен батылдық жасады. Олар Шарапхана ауыл

кеңесiнен Асылбектi сол жерде өмiрге келген деген справка әкелiп, аудандық ЗАГС бөлiмiнен «Тууы туралы куәлiк» алуына қолғабыс жасады. Соңынан осы куәлiктiң негiзiнде төлқұжат (паспорт) алды. Бiрақ соңынан iздеушiлерден әбден мезi болған Асылбек және орын ауыстырып, оныншы класты Шымкент қаласында бiтiрiп, авиациялық училищеге түсiп кеттi. Соңынан Еңбек Ерi атағын алғанда: «Мен ендi не iстеуiм керек? Мына Алтын жұлдызды таққалы берi мен туралы газет-журналдар мен радио қызметкерлерi көп жазғыш болып алды. Бәрiнiң бiрiншi сұрағы туып-өскен жердi қазбалаудан бастайды», – деп мұңайғаны бар. Бiз оған: «Туған елiңдi жасырма, қайта мақтанышпен айта бер, ал өскен жерлерiң бүкiл Қазақстанды қамтып жатқан жоқ па?» – деп басу айтқанбыз. Ол солай еттi, ал төлқұжаты бойынша Шарапхана ауылында туылған, энциклопедияға да осылай түскен. Өзiнiң де елiм деп есептейтiн ауылы – осы ауыл, ал шын мәнiнде, Жайылмадағы алшын тайпасының ұрпағы. Мiне, бұл кеше ғана – елуiншi жылдары болған оқиға, ал Сабыр Рахымов ағамыздың өмiрге келген кезi – ғасырдың басы. Бiздiң жазбаларымыздың академиялық ғылыми еңбек дейтiн қағидаға түк қатысы жоқ болғандықтан, бiз де бiр есiткен әңгiмемiздi айта кетудi жөн көрдiк. Бұл да елуiншi жылдар болатын. Ол кезде мен Қызылорда қаласында педагогикалық институтта оқимын. Менiң жақын ағайын туысым Орынбек Тұрсынбаев Москвадағы түстi металдар және алтын институтында оқиды. Алғашқы курстар болатын. Бiрде жазғы каникул кезiнде бiз Ташкент қаласына бардық. Бұл оқудан қайтқан кезiмiз бе, әлде оқуға аттанар кезiмiз бе – есiмде қалмапты. Әйтеуiр, бiз түн мезгiлiнде Ташкентте қалып қойдық та, түнеп шығатын орын iздедiк. Сонда барып Тақтапулда тұратын бiр таныстардың есiмi еске түсiп, түн iшiнде соны iздедiк. Бала кезiмiзден Ташкентке жиi барып жүрген бiздер үшiн Тақтапулды табу онша қиын соққан жоқ, тек iздеп баратын үйiмiздiң көшесiн де, шамасын да бiлмеймiз. Шамасы, бiзге көмектескен мәселе сол кезде Тақтапулда қазақтардың көбiрек тұратыны болса керек. Сұрай-сұрай iздеген үйдi таптық. Сол жолы кездескен бiр кiсiнiң Сабыр Рахымов жөнiнде маған айтқан әңгiмесi көмескi болса да жадымда қалыпты. Шамасы,

бiз iздеген үйдi де сiлтеп жiберген (немесе ертiп барған) осы кiсi болса керек. Бұл кезде Тақтапул Сабыр Рахымов ауданы деп аталып кеткен. Мәселе де осыдан шықты ғой деймiн. Қысқасы, осы азамат Сабырды оқытқан мүғалiмдi жақсы танитын болып шықты (шамасы, өзi де осы мектепте оқыған), ол кiсi Сабырдың математика пәндерiне өте ұқыпты болғанын айта келiп, оның ата-тегi жөнiнде мынандай әңгiме айтқан едi. Омар қазақ азаматы болған. Шамасы, өзi де осы маңда тұрса керек. Ол өзiнiң қасындағы бiр-екi серiктерiмен бiрге Тақтапул мен осы маңдағы Хастимам (Көне Ташкент деп аталатын қала орамы) базарында аса беделдi адам болып, өктемдiк жүргiзсе керек. Бұл мезгiл төңкерiс мезгiлi екенiн еске алсақ, аласапыран болып жатқаны белгiлi. Мiне, осы өр мiнездiлiгiне өшiккен саудагерлер Омардың көзiн жойған дейдi. Оның нағашысының үйiнде тәрбиеленгендiгi сондықтан. Сабырдың есейе келе елiн iздемегенi қалай деген сауал тууы, әрине, заңды. Оның себебi, Сабыр бала кезiнен бастап осы Тақтапулда өскен (тiптен осында туылуы да мүмкiн). Соңынан оқу iздеп Баку кетсе, оқуды бiтiрген соң әскери қызмет атқарған адамның туған ауылы түгiлi елiн маңайлай алмай кетуi әбден мүмкiн. Өйткенi ол оқуды бiтiре сала-ақ атты әскер бөлiмшелерiне келiп, взвод, эскадрон командирi қызметiн аткарып, 1927 жылы Қарақұмда басмашыларға (сол кездегi анықтама ғой) қарсы соғысқан. Сол заманда кейiннен пайда болған Алтын жұлдыздың орнына жүретiн орден – Қызыл Ту орденiн алған алғашқы қазақтардың бiрi. Соңынан ол кiсi Ленин, төрт Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз, тек қолбасшылық жасағандарға ғана берiлетiн Суворов ордендерiн алған. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол полковник шенiн алып, Москва маңында полк командирi қызметiнде болатын. Осы шенiмен Дондағы Ростов қаласын, әсiресе өзi оқып, әскери бiлiм алған Кавказды қорғауда үлкен ерлiк көрсеткен. Соңынан Сабыр Рахымов басқарған дивизияға «гвардиялық» деген атақ берiлiп, 1943 жылы өзiне генерал-майор шенi берiледi. Бiр қызығы, соғыстың алғашқы күндерi-ақ полковник шенi бар бiлiктi командирдiң соғыс аяқталуға қырық күн қалғанға дейiн тек дивизияны басқарып, шенiнiң бiр-ақ сатыға өсуi түсiнiксiз. Оның бiр себебi – көбiне

Кавказды қорғап, өзi басқарған дивизияның қорғаныс шебiнде ұзақ болуы десек, екiншiсi – ұлты мен шыққан ортасына байланысты болмады ма екен деген де күдiк келедi. Ал ол бiлiктi командир болмаса, сонша награданы тегiннен-тегiн бере салмайды ғой. Осы жерде салыстыру үшiн әйгiлi Сталинградты қорғаған қазақстандық дивизияның командирi болған Сафиуллиннiң де соғыс басталарда полковник шенi болғаны, ал соғысты жеңiспен аяқтап қайтқанда тек генерал-лейтенант атағына ие болғанын айта кеткен жөн сияқты. Ал ол басқарған әскери бөлiмдер – Сталинградты азат етуге, Чехословакияны азат етуге қатысқан атақты бөлiмшелер. Ал Бауыржан Момышұлы ағамыз Москва түбiнде аға лейтенант шенiмен полк командирi болғаны, ал соғыс бiткенде тек дивизия командирi ғана болып аяқтағаны да ұлтқа бөлудiң бiр көрiнiсi емес пе? Сабыр Рахымов басшылық жасаған гвардиялық дивизия соңынан Белоруссия, Польша жерiн азат етуде көптеген ерлiк көрсеткен. 1945 жылы 26 наурыз күнi қазiргi Гданьск (ол кезде немiсше аты Данциг) қаласын азат ету жолында генералдың өзi оққа ұшқан. Оның денесi Өзбекстанға әкелiнiп, Ташкент қаласының орталығындағы Бауырластар бейiтiне жерленген. Сол кездiң өзiнде-ақ бүкiл өзбек халқы Сабырды Өзбекстаннан шыққан тұңғыш генерал ретiнде аса қастерлеп, Ташкент қаласындағы мекемелердiң, көшелердiң, тiптен бiр ауданның атын берiп, даңқын аспанға көтерген. Көптеген кiтаптар жазылып, фильм түсiрiлдi. Өзбекстанның халық жазушысы, Социалистiк Еңбек Ерi Кәмiл Яшеннiң «Сабыр Рахимов» атты драмасы Өзбекстанның барлық театрларында қойылды. Сол пьесаның негiзiнде көркем суреттi кинофильм түсiрiлiп, бүкiл Советтер Одағында көрсетiлдi. Ташкент қаласында әсем ескерткiшi орнатылды. Сабыр Рахымовтың Польша жерiн азат етудегi еңбегiн жоғары бағалаған Польша өкiметi Гданьск портына тiркелген бiр траулердiң атын «Генерал Рахимов» деп қойды. Ол кезде Сабыр Рахымов Батыр атағына ие болмаған генерал болатын. Осынша құрмет оның генерал деген атағы әрi бағаланбаған ерлiгi үшiн ғана көрсетiлген едi. Осы тұстарда Сабырды iздей қоятын жерлестерi болмады, тiптен бүкiл Қазақстан iздеген жоқ.

Қазақстанда бiр кiтап тұрмақ, бiр жол да сөз жазылмады, ең кiшi көше болса да оның есiмiн иеленген көше болмады. Өзбекстан өз құрметiн көрсеткен соң iздеушi қазақ табылса, әрекет етсiн деген сыңай байқатқандай болып табандатқан жиырма жыл күттi. Ақыры, 1965 жылы Ұлы Отан соғысының жеңiспен аяқталғанына жиырма жыл толуына байланысты және де Өзбекстан Үкiметiнiң ұсынысымен Сабыр Рахымовқа Советтер Одағының Батыры атағы берiлдi. Осы кезде кейбiр азаматтар Өзбекстанда көптеген қазақ азаматтарына ұлтын өзбек деп жазбағаны үшiн қиянат жасалған деген сөздердi айтады. Рас, тоталитарлық заманда бәрi де болған шығар, тек дәл осы пiкiрдi Сабыр Рахымовқа байланысты айту ағаттық болар едi. Егер Өзбекстан иелiк етiп, қамқорлық жасамаса, бiз Сабыр Рахимовтың атын да есiтпей қалған болар едiк. Сол үшiн өзбекстандықтарға рақмет. Бiз өз қандасымызды ендi қастерлеп алсақ та жеткiлiктi болар едi. Түркi тiлдес туысқан екi ұлттың да төл баласы деп атаса, атай берсiн. Одан Сабырдың атына келiп-кетер нұқсан жоқ. Тек өзiмiз де қастерлей бiлейiк Қазығұрттың ақиық қыранын. Осы жерде бiз өзiмiзге белгiлi және бiр мәселенi айта кетейiк. Алпысыншы жылдары бұрынғы Кеңестер Одағының жастары «Әкелер жолымен» деген жорық жариялап, ел ардақтыларының есiмiн қастерлей бастады. Сол тұста Сабырдың ауылдастарымен әңгiмелескен комсомол қызметкерлерi бiрнеше құжаттар мен фотосуреттердi тауып алып, облыстық әскери комиссариатқа тапсырса керек. Сол кездегi комиссардың орынбасары осыны бiзге өз аузымен айтып едi. Соңынан ол жiгiт қызметке Краснодар өлкесiне ауысып кетiптi, ал табылған құжаттардың қайда қалғаны белгiсiз. Бiздiң дәуiрiмiздiң аса көрнектi қылқалам шеберлерiнiң бiрi, Өзбекстан Республикасының да, бұрынғы Кеңестер Одағының көркемөнер Академиясының да толық мүшесi атағын иеленген Орал Таңсықбаевтың есiмi бүкiл әлемге әйгiлi. Осы суретшi ағамыз өмiрге Ташкент маңында келiп (бұрынғы өмiрбаяндық деректерде осылай жазылатын, соңынан Ташкент деп жүр), өз шығармаларына Шымған, Өгем, Қазығұрт тауларын, сол жердiң тұрғындарының өмiрiн арқау еткен. Творчестволық

жолының алғашқы кезеңдерiнде бұрынғы Бостандық ауданының ауылдарына келiп, өзiнiң қасындағы екi жолдасымен бiрге көптеген суреттер салған. Тiптен сол кездегi еңбектерiне үшеуiнiң есiмдерiнiң буындарынан құрастырылған бiр-ақ есiм көрсетедi екен (мысалы, Кукрыниксы деген секiлдi). Бұл ұлы суретшiнiң Қазығұрт пен Өгем тауларына байланысты әрекеттерiн айтып жатудың қажетi жоқ – оны түсiнiп-бiлу үшiн еңбектерiн көзбен көру керек, ал ол еңбектер алыс шетел музейлерiнде, Москва, Ташкент музейлерiнде, Ташкенттегi суретшiнiң музей-үйiнде көптеп қойылған. Бүкiл әлемге әйгiлi еңбегiнiң бiрi – «Шарбақ су қоймасы» деп аталады, ал Шарбақ су қоймасы – Қазығұрттың iргесi. Бiр суретшi жөнiнде әңгiме болған соң осы жерде өмiрден өте ерте кеткен аса дарынды екiншi суретшi жөнiнде де айта кетейiк. Қазақстанның өнерге еңбек сiңiрген қайраткерi Тоқболат Тоғызбаев Төле би ауданының Қасқасу деп аталатын мекенiнде өмiрге келiп, өз талантымен ерекше көзге түсiп едi. Өкiнiшке орай, өмiрден ерте өтiп кеттi. Бiр шүкiршiлiк ететiн нәрсе, қазiргi казақ суретшiлерiнiң маңдайалды қайраткерлерiнiң бiрi Ерболат Төлепбаев – Тоқболаттың туған iнiсi. Оның туындылары талай халықаралық көрмелерде жүлде алды. Қазiр Қасқасуда Тоқболат атында мектеп бар, музейi ұйымдастырылған. Бiр айта кетер жай, осы Тоқболат ауылынан КСРО Суретшiлер одағының 18 мүшесi шыққан. Қазығұрт өңiрiнiң қолына қалам алып, жазушылықты мұрат тұтқан азаматтарының арасынан Өзбекстанның халық жазушысы Тураб Төле, ақиық ақын Тоқаш Бердияров және белгiлi жазушы Рахметолла Райымқұлов үшеуiнiң есiмiн атаудың өзi-ақ жеткiлiктi секiлдi. Тураб Төле – ақын, көптеген өлеңдер мен дастандардың авторы, «Турбат өрiктерi» деп аталатын жинағы кезiнде Москвада үш жүз мың тиражбен бiр-ақ шыққан. Тураб Төленiң ерекше бiр қасиетi – ән текстерiн жазу болатын. Өзбек әндерiнiң көбiнiң текстiнiң авторы осы кiсi. Әсiресе Одақ көлемiне көп тараған әндерi кинофильмдерде орындалатын әндер болатын. Кезiнде «Я встретил девушку», «Очарован тобой» дейтiн кинофильмдердi Кеңес Одағының бар түкпiрлерiнде

көрiп, сондағы әндердi барлық жастар аузынан тастамай айтып жүретiн (фильм сценарийiн де жазған – Тураб Төле». Бұл ағамыз Ұлы Жiбек жолы туралы деректерде бiрде «Турбат асуы» десе, бiрде «Қазығұрт асуы» деп аталып жүрген Турбат ауылында өмiрге келiп, Ташкент қаласында өмiрден өттi. Қазiр бұл кiсiнiң ұлы аса көрнектi киноактер әрi режиссер). Аса көрнектi ақын Тоқаш Бердияров Алматыда жүргенде осы жазбалардың авторына көңiлiнiң хошы келмеген тұстарында кездесiп қалса: «егер менiң жыныма тие берсеңдер, Қазығұрт пен Өгемге кетiп қаламын» деп жиi айтатын. Ол кезде бiз бұл қорқытуын әзiлге жорып қоя салатын едiк, шынымен кетiп қалар деп ойламайтынбыз. Өкiнiшке орай, солай болып шықты – Тоқаш өмiрден ертерек өтiп кеттi де, өз өсиетi бойынша денесi туған ауылында – Келестiң жағасына жерлендi. Тоқаш елуiншi жылдардың поэзиясында шоқтығы аса жоғары тұрған ақын едi. Сол кезде жазған поэмалары қазақ поэзиясындағы аса бiр iрi жаңалық болатын. Ол кiсi Өгем қойнауынан саяжай салып, сонда тұруды армандайтын, тек ол арманына көзi тiрiсiнде қолы жетпей, өмiрден өткен соң барып өз өңiрiне қайта оралып, мәңгiлiк ұйқыға кеттi. Рахметолла Райымқұловтың роман, повестерiн көпшiлiк кеңiнен бiледi. Ол кiсiнiң «Көк белес» повесi, әсiресе «Перделi пенде», «Түйелi адам» дейтiн романдары оқырмандардың ықыласына бөленген. Өмiрiнiң соңғы жылдары жазған «Қара жорға» романы сол дәуiрдiң құрсаулы қапасына сыймай, ешбiр жерде жарық көрмедi. Журналдар мен баспалардың талап етуiне сәйкес, автор қанша рет қолжазбаға қайта оралғанмен, ондағы негiзгi идея мен көркемдiк бейненi көмескiлеуге қолы бармады. Өз ар-ожданына өзi қарсы шыға алмады. Сондықтан роман жарық көрмей қалған болатын, әлi де жарық көрген жоқ. Қазiргi «Бостанлық» ауданындағы Абай колхозындағы орта мектеп Рахаңның есiмiмен аталған (Өзбекстан). Қазақстандағы композиторлардың қазiргi тобының iшiнде өз творчествосымен ерекше көрiнiп жүрген қарындасымыз Ақтоты Райымқұлова – осы Рахаңның қызы. Осылайша әке дарыны балаға да дарып, жалғасын тауып жүр.

Қазығұрт аймағында өмiрге келген азаматтардың iшiнде ғылыммен айналысқандар да баршылық. Солардың бiрi – бiз жоғарыда айтып кеткен «Алтынтөбе» дейтiн жерде өмiрге келген Жамалов Өнер. Экономика ғылымдарының докторы атағын Өзбекстанда бiрiншi болып қорғағандардың бiрi, осы саладағы алғашқы академиктердiң бiрi. Өнер аға Ташкенттегi экономикалық ғылыми-зерттеу институтын өз қолымен құрды десек те артық айтқандық болмас едi. Соңынан ғылым академиясының басшылығында да болды, көптеген шәкiрттердi, әсiресе қазақ жастарын тәрбиелеуде орасан еңбек атқарды. Дәл қазiргi күндерi Ташкенттiң ғылыми мекемелерi мен жоғарғы оқу орындарында география ғылымдарының докторы Хажиакбар Сәлiмов, тарих ғылымдарынын докторы Сейдуалы Тiлеуқұлов, филология ғылымдарының докторлары Әбдiрахман Исабаев, Мейiрбек Оразов, заң ғылымдарының докторлары Жакупов пен Шәметаев, т. б. сияқты көптеген ғалымдар қызмет атқарады. Осылардың бәрi де қазығұрттық азаматтар, көбi – сол Өнер ағамыздың шапағатын көрген ғалымдар. Жалпы осы аймақтың iшiнде жалғыз ғана Қазығұрт ауданының өзiнен есiмдерi осы жолдардың авторына таныс түрлi-түрлi елдiң ұлттық ғылым академияларының 6 толық мүшесi мен мүше-корреспонденттерi, жүзге жуық ғылым докторлары мен кандидаттары бар. Солардың арасында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, кезiндегi Кеңестер Одағының Москвадағы осы сала бойынша ең үлкен ғылым ордасы – ВАСХНИЛ академигi, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Қилыбай Медеубеков, геология-минерология ғылымдарының докторлары ағайынды Ләшкер және Патшайым Тәжiбаевтар, т. б. бар. Осы ғалымдардың арасында түрлi-түрлi саланың мамандары жеткiлiктi. Мысалы, бәрiн тiзiп жатпай-ақ кейбiрiн атап өтсек: филолог Құлмат Өмiрәлиев пен Бақтияр Сманов, биолог Бақтияр Садықов, архитектор Тоқтағазы Жанысбеков, дәрiгер Райымқұл Қарақұлов пен Оразкелдi Түктiбаев, химик Нұржамал Тасанбаева, математик Сопыбек Тiлеуқабылов, Лес Мамаев, инженер-ғалымдар ағайынды Райымқұл мен Пiрiмқүл Құдайбергеновтер, генетик Жұмәлi

Шарахымбаев, философ Жақып Әлтаев, зоотехник Нұржан Әжiметов, экономист Ұлықбек Үсенбеков сияқты ғылымның көптеген саласында қызмет атқарып жүрген азаматтар аз емес. Осылардың iшiнен кейбiр асыл азаматтар өз бойындағы талантын толық ашып үлгермей, дарынын халқына толық жұмсай алмай кеттi. Соның бiрi – Құлмат Өмiрәлиев. Бұл кiсi ғылымның нағыз соңына түскен азамат едi. Жалғыз ғана қазақтың емес, бүкiл түркi дүниесiнiң әдеби мұрасын кеңiнен зерттеп, талай-талай тосын тұжырымдар жасаған ағамыз өмiрден ерте өтiп кеттi. Ол кiсiнiң Қорқыт ата, Оғыз қаған жырларына байланысты жасаған зерттеулерi мен қазақтың ұлт болып қалыптасу тарихы жөнiндегi болжамдарының көбi қалың окушыға жетпей, қолжазба күйiнде қалып қойды. Ол еңбектер бiздiң дәл бүгiнгi күнi бұқпаламай ашық айта алатын заманымыздың төл туындылары едi. Кешегi күнi кейбiр ойларын ашық айта алмай жүрген ағамызға бүгiн қолбайлау болатын ешқандай кедергi жоқ заман туғанда еңбек ету қандай қуаныш болар едi. Өкiнiшке орай, ол кiсi осы кезеңге жете алмай кеттi. Дегенмен сол ғалымның тындырып кеткен жұмысының өзi бiр төбе. Ендiгi үмiт – сол ғылыми мұра ұмыт қалып кетпей жиi-жиi жарияланып тұрса екен. Қазығұрт аймағының азаматтарының арасында республиканың құрметтi атақтарына ие болғандар да бiршама. Олар да түрлi-түрлi саланың мамандары. Бұл жазбаларда солардың бәрiнiң атын тiзiп жатудың жөнi жоқ. Сондықтан бiр-екеуiн ғана айта кетсек жеткiлiктi болар деп ойлаймыз. Мысалы, сайрамдық Сәбит Оразбаев – Халық әртiсi, қасқасулық Мұхтар Шаханов – Халық жазушысы, Бостандық ауданының түлектерi Аққал Хасенова, Сағындық Байсалов, Әбдез Стамқұловтар – ғылым докторлары. Төле би ауданының азаматы Мүсiлiм Дайырбеков – еңбек сiңiрген дәрiгер, жаңабазарлық Iзбасар Өтешов пен келестiк Әшiрәлi Кенжеевтер – еңбек сiңiрген қайраткерлер, Қазығұрт тауының тура бауырында өмiрге келген Бауыржан Ибрагимов болса «Бауыржан шоу» театрының жетекшiсi, ал Қазығұрт ауданының өзiнде қызмет етiп жүрген талантты композитор (жалғыз ғана бүкiл Қазақстанға кең тараған «Қоғалы-ай» әнiн айтсақ та жеткiлiктi) Райымқұл Темiрбаев пен оның жанұялық

ансамблi жер-шарының бiраз жерiн шарлап келген азаматтар. Шымкенттегi «Қазығұрт әуендерi» деп аталатын ансамбльдің өзі бiр төбе. Төлеу Аханбаев осында Халық театрын ұйымдастырды. Дәл бүгiнгi күнi ешқандай атақтары жоқ болса да, сол атақтардың күнi ертең-ақ иегерi болуға үмiт арттырып жүрген үш әдебиетшiнi бөлiп айтуды жөн көрiп отырмыз. Оның бiрi – талантты ақын Сатыбалды Қосалыұлы Дулати, екiншiсi – қазiргi тұстағы қазақ әдебиетiнен өз орнын алып, көпшiлiкке кеңiнен танылған прозаик Нұрғали Ораз. Ал үшiншiсi – әлi жасы жиырма беске жетпеген, ал творчествосына қарасаң, әжептәуiр есейiп қалған ақын Бақытжан Алдияр. Соңғы бiр-екi жылда Бақытжан көптеген жыр жарыстарының жүлдегерi болып жүр. Ол, тiптен америкалық «Сорос» қоры ұйымдастырған халықаралық жыр жарысында екiншi орынды жеңiп алды. Балалық шағы Қазiретi Ысмаил ата жатқан Турбат пен қасиеттi Шарбұлақ ауылдарында өткен Бақытжанның таланты таудай. Тек осы жолынан таймай iлгерiлей беруiне тiлектеспiз. Соңғы кезде әдебиетке батыл араласып, бұрын жауапты партия-совет қызметтерiнде жүрген Қуаныш Төлеметов пен педагог Зұлпыхар Әбдiрасылов жақсы шығармаларымен көбiрек көрiнiп жүр. Әсiресе Қуаныш жазусызуға көбiрек көңiл аударса, құп болар едi. Ташкент қаласында қызмет етiп жүрген Нұрбүбi Омарова, Мекембай Омаров, Құлназар Ибрагимовтер де өрнектi өлеңдерiмен әйгiлi. Қазығұрт өңiрiнен шыққан өнер адамдарын айтқанда, екi азаматтың есiмiне арнайы тоқтала кетудi жөн көрдiк. Оның бiрi – қазақ вальсiнiң королi атанған, сонау алпысыншы жылдардан бастап күнi бүгiнге дейiн есiмi елдiң есiнен кетпейтiн, кешегi еркiндiкке жол салып бердi деп бағаланып жүрген Желтоқсан қозғалысының кезiнде бүкiл жастар «Менiң Қазақстаным» деген әнiн гимнге айналдырып, алаңға сол әннiң рухымен шыққан, сол әндi қару қылып бетке ұстап шыққан, бiр көргенде қарапайым ғана, моп-момақан боп көрiнетiн қазақтың асыл ұлдарының бiрi – Шәмшi Қалдаяқов, ал екiншiсi – соңынан осы Желтоқсан оқиғасына қатынасқан жастарға шырылдап ара түсiп, көпшiлiгiн азапты өмiр мен өтiрiк жабылған жаладан арашалап алған, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң құрылтайының мiнбесiнде рұқсатсыз шығып

жар салған, қазiргi қазақ поэзиясының жетекшi ақындарының бiрi Мұхтар Шаханов. Шәмшi Қалдаяқовтың өмiрге келген өңiрi – көне Отырардың iргесiндегi Темiр кеңшары. Бiрақ Шәмшiнiң өмiрдегi өсу жолы мен творчестволық өсуiне Қазығұрт өңiрiнiң үлкен әсер еткенi белгiлi. Ең алдымен Шәмшiнiң алғашқы мамандық алған оқу орны – Қапланбек малдәрiгерлiк техникумы екенiн еске бiр түсiрiп алайық. Содан Шәмшi Ақтөбе облысында қызмет атқарып жүрген жерiнен әскер қатарына шақырылып, сонау қиырда жатқан Сахалин аралына барып, әскери мiндетiн атқарады. Сол жақтан әскерге де қажет мамандығы бар азамат туған жерiне оралу үшiн арнайы рапорт жазып (әскери тәртiп бойынша), Москва түбiндегi Подольск қаласына қызметке ауысқан. Осы жерден барып, елiне оралған. Алпысыншы жылдардың басында Шәмшi Алматы консерваториясында оқып жүргенде алғашқы әндерi бiрден кең тарап кеттi. Ол тұста «Қара көздер» мен «Қайықта» әндерiн дауысы жоқ болса да, тiптен ыңылдап болса да айтпайтын қазақ жастары жоқтың қасы едi. Бiрақ Шәмшiнiң өнердегi жолының кедiр-бұдыры көп болды. Шәмшiнiң өзi сол тұстағы қазақ жастарының ту етiп көтерiп, көлiк етiп ерттеп мiнiп алған «Қайықта» әнi туралы былай дейтiн: «Осы әнiмдi мен де бiр көрейiншi деп конкурсқа салып көрдiм, бiрақ одан түк шықпады – ең болмаса «құдайға шүкiр» дейтiн жүлдеге де ие бола алмай қалды. Абырой болғанда, соңынан көпшiлiктiң арасына менiң әнiм көп тарап кеттi де, жүлдеге ие болған әндер солардың «құдайға шүкiр» дейтiн бағасына жете алмай қалды». Осы кезде Шәмшi консерваториядан оқудан шығарылды. Бұл үшiн қатты қынжылған қазақтың естияр азаматтары аз болған жоқ. Соның бiрi қазақ мәдениетiне үлкен үлес қосқан белгiлi қоғам қайраткерi Өзбекәлi Жәнiбеков болатын. Ол заманның талабы бойынша, оқудан шығарылған студент мiндеттi түрде «еңбек түзеу лагерiне» барып, қызмет iстеп, ұнамды мiнездеме әкелуге тиiс болатын. Мiне, осындай себептермен Шәмшi Оңтүстiк Қазақстанға қайта оралуға мәжбүр болды. Осы келiсiнде Шәмшiнiң негiзгi табан тiреген аймағы – Қазығұрт өңiрi едi. Бұл өңiрде ол елмен

де араласты, ойнады-күлдi, әндерiн де жазды. Сол кездегi Шәмшiге өте жақын болған жiгiттер – қазығұрттық Кәрiм Дүйсенов, Iлес Бекбердиев, Келдiбек Өтегеновтер болатын. Бiрақ Шәмшiнiң «еңбек түзеу лагерiнен» алып қайтқан мiнездемесi консерватория басшыларына ұнаса да, өз мiнезi онша ұнай қоймады – оған консерваторияны бiтiру деген абырой бұйырмады. Осы кезде Шәмшiге Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берiлдi. Мұның өзi де бiр тарих болатын. Шәмшiнiң кандидатурасын лауреаттыққа ұсынған және де қазығұрттықтар болатын. Бұл ұсыныс облыстық комсомол комитетiнiң пленумында қолдау тауып, Алматыға жiберiлдi. (Айта кететiн бiр жай – Қазақстан комсомолы сыйлығының алғашқы лауреаты болатын Саттар Ерубаев пен соңынан лауреат болған Қадыр Мырзалиевтың кандидатурасын алғаш ұсынғандар да қазығұрттықтар. Соңынан Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шахановтың кандидатураларын ұсынуға да үлес қосқан солар). Бұл кезде Шәмшi лауреат болмайды деген ой ешкiмнiң қиялына кiрiп көрмеген. Бiрақ Орталық комитеттiң шешiмiн жариялайтын пленумның үстiнде Шәмшiнiң лауреаттар тiзiмiнiң iшiнде жоқ екенi естiлiп қалды. Бұл кезде Орталық комитеттiң бiрiншi хатшысы – Өзбекәлi Жәнiбеков. Оның Шәмшiнiң кандидатурасын қолдамауы мүмкiн емес. Өйткенi қазақ өнерiн қастерлей бiлетiн, жете түсiне бiлетiн азаматтардың бiрi сол. Демек, Шәмшiге қарсы болған азаматтар нақ осы жерде бiр айла жасап қоюды ойластырса керек (екеуi бiр ауданның түлектерi). Осы хабардың сыбысын есiтiп қалған бiр топ Орталық комитет мүшелерi өздерi ұсынған кандидатураларының бұлай ысырылып тасталғанына бейжай болған қазығұрттықтардың бастамасымен тiкелей пленумды басқарып отырған Президиумға ұсыныс жiбердi: «Қазақстан комсомолы сыйлығы берiлетiн өнер қайраткерлерiнiң iшiнде Шәмшi Қалдаяқовтың жоқ екенi анық болды. Бiз қазақ өнерiнiң барлық саласын жанымыздай жақсы көремiз, құрметтеймiз, қолдаймыз. Тек, дәл бүгiн Қазақстан аспанында барынша биiкке көтерiлiп, шартарапты шарқ ұрып жүрген Шәмшiнiң есiмiнiң сол тiзiмнiң iшiнде жоқ екенiмен келiспеймiз. Бiз дәл осы пленумның күн тәртiбiне Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаттығына

ұсынылған кандидаттардың бәрiнiң тiзiмiн жариялап, арнаулы мәселе етiп қоюды талап етемiз. Мәселенi Орталық комитет шешсiн, пленум бекiтсiн. Егер Президиум бұған келiспесе ұсыныс жасауды өз еркiмiзге алып, мәселенi талқыға шығарамыз. Орталық комитеттiң бiр топ мүшелерi». Осы ұсынысты толығымен қолдайтындықтарын бiлдiрiп, қызылордалықтардың атынан облыстық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Абылай Айдосов, жамбылдықтар атынан Тасболат Байталиев белсендiлiк көрсеттi. Пленум Президиумының не шешiм жасағанын Орталық комитет мүшелерi бiлген жоқ, тек Орталық комитеттiң бюросында шешiлiп, дайындалып қойған қаулы жарияланбай қалды. Пленумнан соң кешкiлiк қонақүйге келген Орталық комитеттiң бөлiм меңгерушiсi Мұхамеджанов (соңынан заң орындарында лауазымды қызметтер атқарып, Колбин дәуiрiнде соққы да көрген азамат): «Сендер жеңдiңдер, мәселе бюроның өзiнде қайта қаралатын болды. Пленумда қаралса, Орталық комитет мүшелерiнiң бәрi түгел қолдайтыны айдан анық болып тұр ғой, тек кейбiр мәселелер мен «жоғарғы жақтың» пiкiрiн ескерiп едiк» деген сөздердi осы жолдардың авторына өз аузымен айтып едi. Шынын айтқанда, өзi Шәмшiнiң әндерiн жанындай жақсы көретiн азамат, алғашқы хабардың да көпшiлiкке тарап кетуiне септiгiн тигiзiп, әдейi iстегенiн жұрт жақсы түсiнген болатын. Шәмшi осылай лауреат болған. Алматыда Шәмшiнiң жағдайы келiсе бермейтiн болғандықтан, әрi астана өмiрiнiң келiп-кетушiлерi көп, өзi ақ көңiл композиторға «Шәке, Шәке» деушiлердiң көп болатынын ескерiп, оның үстiне «жоғары бiлiмiң жоқ» деп түртпектеушiлер де көп ортада бұдан артық қалса, творчествосына нұқсан келетiн болған Шәмшiнi Оңтүстiкке бiржола көшiп келуге шақырдық. Шымкент қаласынан үш бөлмелi үй бөлiндi. Бұл мәселеде облыс комсомолдарының ұсынысын қабылдап, көп көмек жасаған азаматтар – Оңтүстiк Қазақстан Өлкелiк партия комитетiнiң хатшысы Екейбай Қашағанов пен бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары Әмiрсейт Әлиев. Соңғы кiсi қалалық атқару комитетiнiң төрағасына батыл-батыл сөз айтып, үйдiң бөлiнуiн өзi қадағалап отырды.

(Соңынан Шәмшi Алматыға қайта көшiп кеткенде: «Маған үй берген комсомолдар едi, ендi өздерiне қайтып беремiн», – деп сол пәтерiн облыстық комсомол комитетiне өткiзiп кеткен. Қазiр сол көше Шәмшi есiмiмен аталады, үйде музей ұйымдастырылып жатыр). Осы жылдары Шәмшi көбiне қазiргi Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарына барып жүрдi. Барып жүрдi ғана емес, апталап-айлап сонда жататын. Сол тұстарда ол өзiнiң туған ауданы Отырарға мүлде бармайтын, барса да өз туысқандарына бiр көрiнiп қана қайтып кететiн. Соңынан Қазығұрт ауданына Қаражан Әбләзiмов аудандық атқару комитетiнiң төрағасы болып жұмысқа ауысқанда, Шәмшiнiң негiзгi табан тiрейтiн жерi осы ел болды. Сондықтан да Шәмшi әндерiнiң көбiнiң аты өзге өңiрлердiң атауы болып келгенмен, өмiрге келген тұсы осы Қазығұрт өңiрi дейтiнiмiз. Ақын, ғалым, Қазығұрт өңiрiнiң зерттеушiлерi мен насихатшыларының бiрi Аманбек Ақайұлының бiр кiтабында Шәмшiнiң Қазығұрт жөнiнде ән жазбағанына өкiнiш бiлдiргенiн жазыпты. Ал осы жолдардың авторына Шәмшiнiң айтқан мынадай бiр сыры болатын. Бiрде қызғалдақ терiп, көңiл көтерiп қайтайық деген желеумен Шымкенттен шығып, Қазығұрттың етегiндегi Ақбура бұлағына бардық. Қасымызда Қазақстан комсомолы орталық комитетiнiң қызметкерi, соңынан университеттiң ұстазы болған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шәрiп Әмiрәлиев бар. Бұлақ бойында ептеп серуендеген соң әңгiме Қазығұртқа ауысты. Осы тұста: – Шәке, Қазығұрт туралы неге ән жазбайсыз? – деген Шәрiптiң сұрағына Шәмшi жымиып тұрып: – Қазығұртыңды жақсы көрсең, неге өзiң жазбайсың? – деп жауап бердi. Сонан соң: – Шынымды айтсам, мен Қазығұрт туралы ән жазудан қорқамын. Өйткенi, менiң түсiнiгiмше, Қазығұрт туралы жазылатын әуен гимн болуға тиiс. Пайғамбардың кемесi осында тоқтап, бәрiмiз осыннан тарадық деп тұжырым жасап жүргенiмiз рас болса, бұл тау бүкiл қазақтың отаны, ал отан туралы гимн жазылу керек. Түбiнде оратория жазылуы керек, тек ол менiң салам емес. Екiншiден, Қазығұрттың атының өзiн ауызға 15-268

әрең алып жүргенде, асыра мадақтап жiберу бастықтарға ұнай қоймас. Тiптен дәл қазiр осы бұлақтың басында отырғанымызды бiр «идейный» жандайшап көрiп қалса, домалағын ба, сопайғанын ба, әйтеуiр, бiр арызды айдап жiберуi мүмкiн. Маған ештеңе ете қоймас, ал сен екеуiңе қиын соғып жүрмесiн сонда. «Әулиеге сыйынуға келдi» деп соғады ғой ол қасқалар бiздiң мына ұстап отырған шөлмегiмiзге қарамай. Осыны айтқан Шәкең және бiр жымиып алып, қасымыздағы мәскеулiк қонағымызға қарап тұрды да: – Ваши коллеги просят спеть песню и я вам спою песню без слов, – деп бiр әннiң ырғағын айтты. Бұл бiз естiмеген ән болатын. Және қайталауын өтiндiк. Қайталады, сонан соң: – Бұл әндi сендер текст жазылған соң тыңдауларың керек. Қазiр түсiну қиын, әрине. Тек «құдайский» ән болады, – дедi өзiнiң аса жоғары деп есептегенде айтатын теңеуiн айтып. Осы жолғы Шәмшiнiң сазын ғана сездiрген әнi соңынан басқа өңiрдiң атауымен аталып кеттi. Оның да өзiндiк сыры болатын, сол дәуiрдiң ағымына жығылудың әсерi болатын. Ол туралы бiз басқа бiр жазбаларда айтармыз. Осыдан бiр жылдан соң қазiргi Қазығұрт селосында Балабек Тұрсынқұлов пен Рахима Мәмбеталиеваның үйлену тойлары болды. Осы кезде Шәмшiнiң тұңғыш әндер жинағы шықты. Тойға сол кiтабының жүз данасын әкелiп, қонақтарға таратты да, өзi Мұхтар Шаханов екеуiнiң атынан тартуымыз деп «Арайлым, Ақ Келесiм» деген жаңа әндерiн орындап бердi. Соңынан бiз әннiң атауының шұбалаңқылау екенiн айтқанымызда: «Бұл әнде мiндеттi түрде осы өңiрдiң аты аталу керек. Сондықтан бастауын Қазығұрт тауынан алып жатқан Келес аталуға тиiс» – деп жауап берген. Ал неге Келестiң «Ақ Келес» аталғанына түсiнiк бермедi, айтқысы келмей «осылай болды» деп отырып алды. Бiрер айдан кейiн осы ән «Қазақстан әйелдерi» журналында жарияланды. Тек әннiң аты «Арайлым» деп жарияланды. Журнал қолына тиген күнi Шәмшi телефонды ала салып, Алматыға хабарласады. «Сiз неге әннiң атын ауыстырасыз? Ондай правоны кiм бердi сiзге? Мен сiздiң пәленше деген балаңыздың атын түгенше деп ауыстырып жазсам, қалай көрер едiңiз?» – деп ренiш бiлдiрдi

редактор апамызға деп айтып күлiп жүретiн телефон соққанда қасында болған Мұхтар Шаханов. Дегенмен ән көпшiлiктiң арасында «Арайлым» деп аталып кеттi. Жалпы, Шәмшi сол тұста «ана жердiң вальсi», «мына жердiң вальсi» деп көбейiп кеткен атауларға қарсы болатын, ал өз әндерiндегi атаулардың көбiсi шарасыздықтан жасалған атаулар болатын. Мысалы, сол кезде Тұрбат ауылында тұратын Әбдiжаппар Заировтың бiр жолы айтқан әзiл-қағытпасына: – Әбеке жезде (Шәмшi алғаш рет барып танысқанда Әбдiжаппарды «жезде» деп, Нәзиманы «әпке» деп атап кетiп едi немесе ешқандай туыстық қатысы жоқ болатын), Наполеон қырық жасында iстейтiнiнiң бәрiн iстеп бiтiп қойған екен, ал мен қырыққа келгенде есiмдi ендi жинап жүрмiн. Бұдан кейiн тәртiп бұзу болмайды, – деген болатын. Нақ сол күнi бiз Кәрiм Дүйсенов, Лес Бекбердиев, Әбдiрбек Зиятбеков, Қаппар Байкөзов, Файзолла Асқаров, Түзел Үйсiнбаев бәрiмiз Шәмшiнiң қырық жылдығын атап отырғанбыз. Ол туралы бiз басқа жазбаларда айтамыз. Жалпы, Шәмшiнiң Қазығұрт өңiрiне байланысты өмiр жолында кездескен оқиғалар көп, тек бiз бұл жазбалардың мақсаты мүлде басқа болғандықтан, оның бәрiн басқа кiтаптың еншiсiне қалдырдық. Мұхтар Шаханов – Қасқасудың перзентi. Қасқасу – Қазығұрттың солтүстiк-шығысындағы табиғаты аса көркем ауыл. Одан нақ сол бағытпен және кiшкене жер жүрсеңiз, «Дарбаза» деп аталатын «Ақсу-Жабағылы» қорығының шекарасына жетесiз. Бұл жердiң табиғатына қазақтың аса жоғары баға бергенде «жер жұмағы» деп айтатын теңеуiн емiн-еркiн қорықпай қолдана беруге болады. Бала шағында әкеден жетiм қалған Мұхтар жасөспiрiм кезiнде Шымкент қаласының iргесiндегi «Жұлдыз» колхозында трактордың тiркеушiсi, трактористiң көмекшiсi болып жұмыс iстеген. Бiр мезгiл цемент зауытында жұмысшы да болып iстедi. Сол бала кезiнiң өзiнде-ақ жазған өлеңдерi көптiң көңiлiнен шығып, аты ауызға iлiне бастады. Мiне, осы тұстан бастап жасөспiрiмнiң талантын таныған адал ниеттi азаматтар Мұхтарға қолдан келген қамқорлығын жасап, ең болмағанда

рухани көмегiн көрсете бастады. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң редакциясындағы коллектив пен облыстық комсомол комитетi, әсiресе обкомның бiрiншi хатшысы Дүйсенкүл Бопова, Ленин аудандық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Рахманбердi Әбдiраимов, обком қызметкерi Сәкен Қалғынбаев, политехникумның комсомол ұйымының хатшысы Манап Өтебаев, педагогикалық институт мұғалiмi Керiмбек Сыздықов тiкелей қамқорлығына алды. Газетте корректордың көмекшiсi, корректор болып қызмет iстей бастаған жас ақын, соңынан облыстық комсомол комитетiнiң үгiт машинасының меңгерушiсi болды. Осы жұмыстарды атқара жүрiп, қаламы төселген кезде «Лениншiл жас» газетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облысындағы меншiктi тiлшiсi қызметiне ауысты. Бұл кезде Мұхтар Қазақстанның жас ақын-жазушыларының арасында шоқтығы биiк көрiнiп, оқырманға кеңiнен таныла бастаған едi. Москвада өткен жас жазушылардың Бүкiлодақтык V жиынына қатынасып, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрiм, Давид Кугултинов сияқты майталман әдебиетшiлердiң назарына iлiктi, КСРО Жазушылар одағына мүшелiкке қабылданды. Осы тұстарда жас ақынға қолғабыс жасағандар, әсiресе Әсет Тiлеукеев, Әмiрсеит Әлиев, Мыңбай Iлесов, Еркiнбай Әкiмқұлов сияқты ағалары және Алматыдағы «Лениншiл жастың» редакторы Шерхан Мұртаза мен осы газеттiң ұжымы едi. Әрине, дәл осы кезде Оңтүстiк Қазақстандағы өнер әлемiнiң шоқтығы болып жүрген Шәмшi Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің әсерi ерекше болды. Комсомолда қызмет iстеген Қаражан Әбләзiмов, Раиса Ахметова, Еркiн Қырықбаев, Қамил Бикенин, Табанды Әжiбеков, Әбдiқан Байтасов, Әбдiжаппар Әбдiқұловтар да қолғабысын жасап жүрдi. Мұхтар соңынан қызметке Алматыға ауысты. Осында радио, баспасөз саласында қызметтер атқарды. Қазақстан комсомолы және Бүкiлодақтық жастар одағының сыйлықтарының лауреаты атанады. «Жалын» журналының бас редакторы қызметiн атқарып, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып сайланды. Осы тұстарда ол Арал теңiзiнiң проблемаларымен айналысып, әйгiлi Желтоқсан қозғалысына қатынасқандардың әрекеттерiн ақтау жөнiнде көп еңбек еттi. КСРО Жоғарғы Советiне, Қазақ

ССР Жоғарғы Советiне депутат болып сайланды. Қазiр Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi, Қазақстан және Қырғызстанның Халық жазушысы. Мұхтар Шаханов творчествосы қазiр көпшiлiкке кеңiнен танымал, шет ел оқырмандарына белгiлi. Мiне, сол творчествоның кең аукымды өнерге айналуына бастау болған алғашқы шығармалардың өмiрге келген жерi – Қазығұрт өңiрi болатын. Жас ақынға қолдау көрсетiп, демеу көрсеткен өңiрi де Қазығұрт өңiрi, қазығұрттық азаматтар. Осы жерде бiз осы екi азамат туралы жазбаларда көптеген азаматтардың атын атадық. Мұны әдейi iстегенiмiздiң себебi – соңғы кезде естелiк жазғыштар көбейiп кеттi, әрi көбi дұрыс жазбайды. Сондықтан осы екi азамат жөнiнде деректердi ең көп бiлетiндердiң атын әдейi атадық. Қазақ поэзиясында өзiнше өшпес iз қалдырған ақындардың бiрi – Төлеген Айбергенов. Қарақалпақ Республикасының Қоңырат ауданында өмiрге келген Төлеген бар-жоғы отыз-ақ жыл өмiр сүрiп, о дүниеге өте ерте кеттi. Төлегеннiң осы отыз жыл өмiрiнiң естияр шақтағы көпшiлiк мезгiлi Қазығұрт маңында өтiп едi. Ол Ташкенттегi Низами атындағы педагогикалық институтты бiтiрген соң, бiрер жыл ғана Қарақалпақстанда жұмыс iстеп, Өгем тауларының етегiндегi Бостандыққа оралды. Одан соң Сарыағаш қаласындағы кешкi мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Оның «Арман сапары» дейтiн тұңғыш жинағы осы кезде жарық көрдi. Құны бес тиын тұратын осы жинағының iшiндегi өлеңдерiн аса жоғары бағалаған Шәмшi кiтаптың бағасына қарап: «Бес тиын-ақ тұратын, не қылған арман сапары» деп пародия жазып жүретiн. Осы әзiлдер де Қазығұрттың етегiнде отырып жазылып едi. Кейiн Төлеген Алматыға көшiп кеттi де, туған елiне барған сапарында ауыр науқастан қайтыс болды. Қазiр Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында Төлеген Айбергеновтің атындағы мектеп, музей бар, ескерткiш мүсiн орнатылған. Оңтүстiк Қазақстан облысында да мектеп, көше аттары бар. Төлегеннiң iзiмен шыққан көптеген ақындар – қазiр қазақ поэзиясынын нар жүгiн көтерiп жүрген азаматтар. Қазығұрт өңiрiнiң бүгiнгi күнiн айтқанда, осы жолдар авторы буынының кешегi бiр сұрапыл заманды көзiне елестетпеуi мүмкiн

емес. Өйткенi бiздiң балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы деп аталған қанды шайқасқа тұспа-тұс келдi. Бiздiң ағаларымыз бен әкелерiмiз сол майданға аттанып, ел қорғаса, аналарымыз бен әпкелерiмiз елде қалып, жанқияр еңбектерiмен бiздi қорғады. Сол қанды сойқаннан талай адам оралмай қалды. Мәселен, Шарбұлақ ауылынан майданға аттанған Тоған Айтубаев бiздiң әкемiздiң ағасының баласы болатын. Мектепте жетi-ақ класты бiтiрiп, майданға аттанды. Ал мектепте оқып жүргенде күнде бiздi қасына шақырып алып, өзi бiлгенiн бiзге үйрететiн. Үйреткенi сол – бес жасар балаға жазып-сызуды үйретiп, сауатын ашты (мен мектепке тоғыз жасымда екiншi класқа бiр-ақ барғанмын). Әттең, майданнан оралмай қалды. Ал соғыста оққа ұшудан аман қалып, елге оралған, тек өмiрi қысқа болған екiншi ағамыз Әмiр Базарбаев Тоған ағамыздың қамқорлығын қайта жалғастырып, орта мектеп пен институтта оқып жүрген шақта көп қолғабыс жасады. Қалайда әдебиет маманы етiп шығару үшiн көбiрек кiтап оқуымызды қадағалап, сол кiтапты көбiне өзi тауып беретiн. Мiне, ол кездегi ағалар осындай едi. Осы жерде сол сұрапыл соғыстың әскери өнер тұрмақ, орыс тiлiнiң өзiн жөндi бiлмейтiн көптеген азаматтарды жалмап қойғаны жөнiнде бiр мысал келтiре кетейiк. Жоғарыда аты аталған Шарбұлақ ауылында соғыс және еңбек ардагерi Есенбек Үсенбеков ақсақал тұрады. Ол кiсi дәл қазiр жас жiгiт болса ақындар айтысының белдi бiр мүшесi болар едi, көптеген эпостарды жатқа бiледi, гармоньға қосылып, нақышына келтiрiп айтады. Осы кiсi майданға келе сала-ақ барлық солдат айтып жүрген «Священная война» деген өлеңдi тез жаттап алады. Бiрақ «священная» (қасиеттi) деген сөздi бiлмегендiктен, «Зачем мне война» деп айтып жүре бередi. Осыны байқап қалған бiр лауазымды кiсi «жаусың» деп жазаламақ болғанда, өз командирi араласып әрең аман алып қалады. Қарап жүрiп оққа атылып кететiнiн ойлап, мұңайып келе жатып және бiр лауазымды адамды қағып кетiптi. Ол бiрден: «Пять суток ареста!» – деп команда берсе, әбден есi шыққан Есекең: «А десять нельзя, товарищ полковник», – деп тұра қалған ғой. Әлгi өз командирi: «Мiне, орысша бiлмейтiнiнiң дәлелi», – деп және ара түсiп құтқарып алған екен.

Сол майданға аттанған азаматтардың iшiнен талай-талай батырлар шықты. Соның бiрi – Қарақозы Әбдәлиев. Қазығұрт тауының тура түбiндегi қазiргi Рабат деп аталатын ауылда өмiрге келген Қарақозы ақын болатын. Мектептi бiтiре салып, аудандық комсомол, партия ұйымдарында қызмет аткарған Қарақозы әдеби шығармалар жазып жүрген. Тек соғыс басталып кетiп, қаламды қаруға алмастыруға мәжбүр болған ақын Украинаны азат ету жорығында Мелитополь қаласында оққа ұшты. Майдандағы ерлiгi үшiн оған Советтер Одағының Батыры деген жоғары атақ берiлдi. Қазiр Жетiсай ауданындағы бiр мектептiң аты осы Батырдың атымен аталады. Сол мектептiң алдында және Рабат селосында ескерткiш-мүсiндерi қойылған. (Қ. Әбдәлиев жөнiнде жазушы Еркiнбай Әкiмқұлов деректi повесть жазған). Осы Қазығұрт өңiрiнен аттанған азаматтардың бiрқатары фашистердiң өз ордасына дейiн барып ойран салып, елге аман оралды. Ал кейбiреулерi соғыс кезiнiң өзiнде-ақ жау тылына барып, фашистермен өз ортасында жағаласып жүрдi. Солардың бiрi – жаңабазарлық Әлихан Көшiков. Бұл ағамыз Чехословакияның ең жоғарғы орденiне ие болған азамат (Бұл туралы «Партизан Көшiков және оның достары» деген деректi повесте толық айтылған. Осы жолдар авторының «Олар оралған жоқ» деген кiтабын қараңыз). Қазығұрт бауырынан сұрапыл соғысқа Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасының саяси бөлiм бастығының комсомол жұмысы жөнiндегi көмекшiсi деген лауазыммен аттанған Егемқұл Тасанбаев соғыстан жоғары әскер шенмен аман оралып, соңынан көптеген лауазымды қызметтер атқарып, тек қана Қазығұрт аймағы ғана емес, бүкiл Қазақстанның мақтанышына айналған азаматтардың бiрi болды. Егемқұл аға герман фашистерiмен болған соғыс басталмай тұрып-ақ оқ пен оттың арасын екi рет аралап келген болатын. Оның бiрi – Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны азат ету жорығы болса, екiншiсi – «ақ финдерге қарсы соғыс» деп аталып кеткен фин соғысы. Отан соғысынан жоғары офицерлiк шенмен оралған Егемқұл аға соңынан Оңтүстiк Қазақстан облысында аудандық партия комитеттерiнiң жұмысына жетекшiлiк еттi, Өзбекстанның Сыр-

дария облысында облыстық атқару комитетiнiң төрағасы, одан соң облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерiн атқарып, соңынан Өзбекстанда совхоздар және жаңа жерлердi игеру министрi қызметiнде болды. Егемқұл Тасанбаев сол тұстағы Қазақстан, Өзбекстан, Кеңестер Одағынын Жоғары Советi деп аталатын Советтерiнiң бәрiне депутат болып сайланды, сол тұстағы партияның Орталық комитет деп аталатын партия комитеттерiнiң де бәрiне мүше болып сайланды. Осы соғыстың қаншалықты сұрапыл болғанын бейнелейтiн бiр мысалды Егемқұл ағаның «Өзiм өскен өлкеде» деп аталатын кiтабындағы бiр-екi жолды келтiру арқылы көрсете кеткендi жөн көрдiк. Егемқұл аға былай деп жазады: «Тек қана бiздiң бұрынғы Ленин атындағы ұжымшардан 200-дей адам қолына қару алып, фашистермен бетпе-бет соғысты, 160 адам жауынгерлiк ерлiк көрсетiп, қыршын кеттi». Мiне, бұл – бiр ауылдан ғана аттанған азаматтардың тағдыры. Ал ол тұста Қаратас (қазiргi Қазығұрт) ауданында 65 колхоз болатын. Осыны көзге бiр елестетiп көрiңiзшi. Сол соғыстан аман қайтқан ағалардың бiрқатары елге келе сала-ақ еңбекке араласып кеттi. Елiн көтердi. Жұртты жұмылдырды жұмысқа. Соның арқасында қазiр Қазығұрттың құрметтi азаматы деген атаққа ие болып, ел құрметiне бөленiп жүр. Олар: Абдан Төлепов, Досалы Мәмбеталиев, Иса Телiкбаев, Әбдрахман Бахрамов, Сайран Едилов сияқты азаматтар. Қазығұрт ауданының түлектерiнiң бiрқатары қоғамдықсаяси жұмыстарға да белсене араласты. Әдiл Сасбұқаев ағамыз аудандық партия комитеттерiнен бастап, облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы қызметiн атқарды, кезiнде ұлы суреткер Мұхтар Әуезовпен жиi араласып, ол кiсiнiң оңтүстiк сапарларының көбiнде қолғабыс жасап, «Өскен өркенге» жинаған деректерiнiң нақтылана түсуiне көп көмек жасаған. Осы ауданның түлектерi Нұрмұхамбет Әжiметов, Бәкiр Ахметов, Өмiрзақ Өтенов, Жолдыбай Төлеев, Бақтияр Садықов, Жолдас Әлханов, Уәлихан Сүлейменов, Әбдiкәрiм Бектаев, Молдабай Ильясов, Исмат Тұрсынқұлов, Қалмахан Дәуеев, т. б. аудандық партия-совет ұйымдарына жетекшiлiк жасады. Қазiргi ұғыммен айтқанда, аудан әкiмдерi болып Әбдiбақыт Мақұлбаев, Жеңiс

Мәуленқұлов, Ғалымжан Жұмжаев, Тiлләбек Мұсабаев, Жақсылық Арзымбетовтер қызмет атқарды және атқарып жүр. Елуiншi жылдардың ортасына дейiн ауыл шаруашылығында аса абыройлы мекеме – МТС болатын. Қазығұрттық азаматтардың арасынан осы мекемелердi басқарып, абыройға ие болған азаматтар Зәт Мұсабаев пен Өмiртай Тасболатов едi. Кешегi сұрапыл соғыс кезiнде бар ауыртпалықты мойындарына алған апаларымыздың еңбегi бiр төбе. Солардың iшiнен, әсiресе, Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң депутаты болып екi рет сайланған, Социалистiк Еңбек Ерi Дәмеш Шахабаеваны ерекше атап өтуге болады. Бiр кезде бұл өңiрде Жоғарғы Советке қатарынан екi рет депутат болып сайланған әйгiлi мақта өсiрушi келестiк Бәйбек Ермеков қана болатын. Содан кейiнгi осы Дәмеш апамыз. Соңынан апасының iсiн жалғастырған еңбек ардагерi депутат Гүлшат Шынтасова болатын. Осылайша, бiр тұста он бес жылдай уақыт шағын ғана Шарбұлақ ауылының өкiлдерi парламент мүшесi болып қызмет атқарды. Қазығұрттықтардың iшiнен, мүмкiн, бүкiл қазақстандықтардың арасынан тұңғыш рет генерал атағын алған Сабыр Рахымов екенiн жоғарыда айттық. Ал қазiргi кезде бiр топ генералдар да өсiп шықты. Мысалы, Жармұхан Тұяқбаев – генерал-полковник, Әбдiқадiр Мәмбетов, Бекбосын Көбеев, Еркiн Мұсабаев, Серiк Ағментаевтар – түрлi саланың генерал-майоры, оннан аса адам полковник шенiн алған. Қауiпсiздiк темiр жол генерал-майорлары да шыққан, Батыр Ермекбаев – милиция полковнигi, Бекбосын Көбеев, Шаяхмет Мырзахметовтер – Әдiлет полковниктерi. Қазығұрт тауының шығысындағы Төле би ауданынан да лауазымды қызметке ие болған көптеген азаматтар бар. Қазiргi тұста Оңтүстiк Қазақстан облысын басқарып отырған Қалық Абдуллаев та осы Қазығұрт өңiрiнiң азаматы. Ол байыпты еңбек жолынан өттi, Оңтүстiкте «Южказэнерго» жүйесiн басқарудан бастап, министрдiң орынбасары, министр, Жоспарлау комитетiнiң төрағасы, Министрлер Советi төрағасының бiрiншi орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң кеңесшiсi сияқты жоғары лауазымды қызметтерден сүрiнбей өткен бiлiктi басшы, қазiр өз облысының тiзгiнiн ұстап отыр. Төлебек

Назарбеков – аудандық, облыстық партия комитеттерiнiң секретары болса, Көшербай Ысқақов ұзақ уақыттар бойы аудандық партия комитеттерiн басқарды. Жұмжаев, Қаппаров, Тшанов, Зияевтар Қазақстанның министрлерi қызметiн атқарды. Қазiргi кезде Қазығұрт өрендерi республиканың кез келген түкпiрлерiнде адал еңбек етiп, лауазымды қызметтер атқарып жүр. Қазiргi Қазақстан муфтиi Рәтбек Нысанбайұлы да Қазығұрт өңiрiнiң түлегi. Белгiлi ғалымдар – академиктер Өмiрбек Жолдасбеков пен Әшiм Омаров, философия ғылымының докторы, кезiнде көптеген лауазымды қызметтерде болған Сәдуақас Темiрбеков, медицина ғылымының докторлары Уә-лихан Жакупов пен Орынбай Дайырбековтер де осы өлкенiң түлектерi. Қазiргi тұста Қазақстанның экономикасы мен тұрмысында жедел өзгерiстер болып жатқанын бүкiл әлем бiледi. Сол өзгерiстердi тезiрек жүзеге асырып, ел игiлiгiне айналдыру жолында қызмет атқарып жүрген жiгiттердi қазiргі терминология бойынша «жаңа қазақтар» деп атап жүр. Әрине, олардың сырт бейнесi мен бет пiшiнде бұрынғы қазақтардан ешқандай айырмашылығы жоқ – бәрi де баяғы қазақтардың қарадомалақ балалары, тек бұлардың атқарып жатқан жұмыстары, жаңаша әрекеттерi осы дәуiрдiң талабына үйлесiп жатыр, елге көмектi алдымен жасап жатқандар да осылар. Сол «жаңа қазақтардың» бел ортасынан орын алып жүрген жiгiттер де баршылық Қазығұрт өңiрiнен. Ескендiр Шағарбаев, Қуаныш Төлеметов, Жамбыл Қаппаров, Манап Өтебаев, Москва қаласында қызмет атқаратын ғалым ағамыз Әдiханның ұлдары... Осы тiзiмдi ары қарай соза берсең, бiраз жерге баруы мүмкiн, тек оның қажетi жоқ сияқты. Оның үстiне бұл саладағы жiгiттер өз есiмдерiнiң жиi атала беруiне онша құштарлық бiлдiре қоймайды. Мекемелерi мен лауазымдарын атамауымыздың да себебi сол. Тек бұларға ел игiлiгiне айналу үшiн жұмыстарының жемiстi, ниеттерiнiң табысты болуын тiлеу керек. Мiне, осынша көне тарихқа куә болған Қазығұрт қазiргi ұрпақтарының да аяқ алысын бақылап отырғандай боп, қасқая қарап тұрады. Қадiрiң арта берсiн, қасиеттi Қазығұрт!

СОҢЫНАН ЖАЗЫЛҒАН АЛҒЫ СӨЗ (Лирикалық шегiнiс ретiнде) – Мына жердi осы өңiрдiң халқы «Орда қонған» деп атайды, – дедi бiзге жолжетекшi болып келген жiгiт. – Дәл осы Ордада қасиеттi Домалақ анамыз Албан, Суан, Дулат үшеуiне еншi берген екен. Одан арғы тарихта бұл жер түркi хандарының ордасы болыпты, ал одан да арғы тарихта бұл аймақ қаңлылардың мекенi екен. Бiз әлгiнде ғана Қазығұрт ауданының әкiмi Тiлләбек Мұсабаевтың бастауымен Сабыр Рахымов атындағы мектепке барып, сол батыр ағамызға орнатылған ескерткiшке тағзым етiп қайтқанбыз. Ендi, мiне, аудан әкiмiнiң орынбасары Қуандық Құлажанов пен «Көкiбел» ауылының әкiмi Смағұл Едiловтың бастауымен Қазығұрт тауының ең шығыс сiлемiндегi төбеде тұрмыз. Қазығұрт тауы бұдан ары құзға айналып барады да, Өгем өзенiнен соң Қаржан, Өгем таулары басталып кетедi. Осы жерден санағанда Қазығұрт тауының ұзындығы жиырма шақырымдай, енi алты-жетi шақырымдай. Аспаннан қарасаң, дәл осы тау су тартылғанда жазық жерде тұрып қалған кеме секiлдi. Бiз самолетпен әдейi ұшып көргенбiз. Ал аңыз бойынша кеме Қазығұрттың төбесiнде қайырлаған. Ол – таудың ең батыс бөлiгiнде. Шығысы – «Орда қонған». Истемиден бастап Бәйдiбекке дейiнгi Орда осында болған. Сонау бiр жылдары Оңтүстiк Қазақстанда комсомол қызметiнде жүргенiмде бiр жолы Қазығұрт (ол кезде Ленинское) селосынан шығып, Қазығұрт тауының Ленгер қаласы жағындағы бауырына орналасқан Әңгiрата ауылында тұратын Төре Орынбасаров, Өгемде тұратын Сәрсенбай Сұранов пен «Ордабектiң бауы» деп аталатын жерiнде тұратын Жарылқасынның ауылдарына қонаққа бармақ болдық. Демалыс күнi болатын. Сондықтан Шымкенттен Қазығұртқа барып, анам Ұлдар Тәлiпқызы мен Күнсұлу апамызды алып (жұбайым Нағима Ерменбайқызының анасы), керi оралу керек. Машинада ол кезде әлi мектепке де бармаған балаларым Бақыт, Нұржан, Балжан бар. Сол жолы Нағиманың ағалары Көбей, Бөбей, Ебей басқа жолмен кеттi де, бiзге жиенiм Зубайдулла Заиров пен iнiм

Алтынбек iлестi. Жолбастаушы, әрине, кез келген уақытта менiң қасымда болатын – Кәрiм. – Егер мына машинаң жүре алса, Қазығұрттан тiке ассақ қайтедi, – дедi Кәрiм Нағимаға қарап қойып. – Мен бұлай асатын жолды бiлмеймiн. – Оны апамыз бiледi ғой, Нағима да туған топырағын бiр иiскеп қайтсын. – Иә, Өзипа Бимурзақызының ауылын бiр басып өтпексiң ғой, – дедi Нағима. – Оңласын Өсербайқызының ауылын да басып өтемiз, – дедi Кәрiм. – Папа, давай тауға барайық, – дедi сол кезде тау мен дала десе елеңдеп тұратын үлкен ұлым Бақыт. Сонымен бiз РАФ машинасымен Ленгiрге қарай Қазығұрттан асып, тiке өтпек болып Жаңабазарға келдiк. Одан соң төбеден төбе асып жүрiп, Қазығұрттың төбесiне жақындағанда, қарсы алдымыздан сол кездегi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сәлiм Бегiмбетов шыға келдi де: – Оу, комсомол, мұнда не iстеп жүрсiң? – дедi. – Мына тауда менiң де бiр еншiм бар шығар деп келiп едiм, аға. Оның үстiне, мына менiң Күнсұлу апамның ауылын осы жерден Бетпақдалаға көшiрген, ал келiнiңiз нақ осы маңайда өмiрге келген. – Онда дұрыс екен ниеттерiң. Түбi, сен қалам тартып жүрген жiгiтсiң ғой, осы тау жөнiнде бiрдеме жазуың керек. Қасиеттi тау ғой. Ойыңда жүрсiн, комсомол. Сәлiм аға өзi ептеп өлең жазатын, туып-өскен жерi – Алматы маңы. Сөйте тұра Қазығұртты аса қастерлейтiн. Соңғы кездерi де кездесе қалса, «Қазығұрт аман ба?» деп бiр сұрап қояды. Сол жолы Күнсұлу апам бiраз әңгiме айтты. Менiң сұрағаным «Көкiбел» деген атаудың қайдан шыққаны ғана болды. – Бiр кезде жауға шапқан Көкi дейтiн батыр болыпты. Ол кiсiнiң жайлауы анау бел екен. Сондықтан Көкiнiң белi деп атаса керек. Ал мына оң жағындағы биiктiң үстi – әжептәуiр ауқымды жазықтық. Сол жердi «Орда қонған» деп атайды. Осы елдiң басшыларының ордасы болса керек.

Дәл сол жолы «Орда қонған» деген атауды есiте тұра оған онша мән бермеген екенмiн. Өйткенi Қазығұрттың аты аталса, менiң көкейiме орала кететiн мәселе тек қайырлап қалған кеме жөнiнде болатын. ...Қазақстан Жазушылар одағында iстеп жүрген жылдары бiрде Шымкентке келiп, сол кездегi облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Асанбай Асқаров ағаммен ұзақ әңгiмелескенiм бар. Сол жолы Асанбай аға: – Сен осы Қазығұрттың перзентi емессiң бе? Неге Қазығұрт туралы жазбайсың? – дедi. – Аға, бұл тау жөнiнде жазу деген аса жауапты мәселе ғой. Шынымды айтсам, қолымнан келмей ме деп қорқамын, – деп жауап бердiм. Дегенмен осы сөз түрткi болып, «Анды-Қарағыз» атты повесть, пьеса, бiрқатар әңгiмелер жаздым. ...Бiр жолы Қазығұрт селосында творчестволық кездесу өткенде, менiң творчеством туралы Нәби Сәдiбеков баяндама жасады. Бұл кiсi – менi әдебиетке баулаушы ұстаздарымның бiрi. Кезiнде менi әдебиетке бейiмдеп, тiкелей, көмек жасаған Тәңiрберген Тастанбеков дейтiн өзi түлкiбастық оқытушы болса, жазған былдыр-батпақ шығармаларымды газетке жариялайтын осы кiсi едi, ал қолдайтын – сол кездегi редакторлар Байсүгiр Әбдiрахманов пен Хамит Гаухаров едi. Сол жолы Нәби ағам: – Қазығұртты хат танығалы берi жазып келе жатқан өзiңсiң. Повесть те жаздың, пьеса да жаздың. Дегенмен Қазығұрт тарихы туралы бiрдеме жазсайшы, – деп бiтiрген сөзiн. ...1997 жылдың жазында бұрынғы Талдықорған облысының Жәркент ауданының аймағындағы таудың бауырында жоңғарлармен соғыста ерлiк көрсеткен Тоқтышақ дейтiн атамызға арнап ас өткiзген Қайып Жұмабаев дейтiн аяулы азамат бiздi Арқарлы асуынан шығарып салды. Сол жолы Әбдуәлi Хайдаров, Нұрмұхаммед Әжiметов, Тұрсын Оразалиев, Лесбек Бекжанов, Тiлләбек Мұсабаев, Пердебай Тәңiрбергенов, Елеусiз Сұлтанғазиев, Құдайберген Орымбетов, Ержанбек Нүрбеков, Рахым Сатаев, Тыныс Өтебаев, Марат Тоқашбаев, Толымбек Әлiмбеков, Әлиасқар Мелдеханов бәрiмiз таудың тамашасына қарап, тамсанып тұрғанда:

– Аға, сiз Қазығұрттың ұлысыз ғой. Сол тау туралы бiр кiтап жазыңызшы. Сонан соң мына бiздiң Арқарлы тауы туралы да бiр шығарма жазарсыз, – деп едi Қайып. ...Қазығұрт ауданының мәслихаты маған құрметтi атақ берiп, соны алуға Суньят Бакенов, Қайсар Жорабеков үшеуiмiз барғанда, мәслихат хатшысы Молдабай Ильясов пен сол кездегi аудан әкiмi Әбдiбақыт Мақұлбаев, орынбасарлары Аманбай Омаров, Құттыбек Жұмашевтар: – Әлгiнде сессияда айтқан әңгiмемiздiң қорытындысы бiр кiтап болып шығу керек емес пе? – деп жеңiл әзiл ретiнде айтып едi. Ал iнiлерiм Танабай Шынтасов пен Мырзахан Омаров: – Бiз осындай кiтап жазуыңызды талап етемiз! – деп жастық жалындарымен батыл жiгерлене сөйлеген. ...Мен елу жасқа келген күнi арнайы Қызылордадан келген курстастарым мен достарым – университеттiң кафедра меңгерушiсi, доцент Қадиша Нұғманова (сол жолы мен студенттiк дәуiрдiң есебiмен фамилиясын Ермахашова деп айтқанымда, көңiлi босағаны әлi есiмде), журналистер Ахат Жанаев, Қомшабай Сүйенiшов, Жәлел Бәкiровтердi сол ауылдың жiгiттерi (Жолдыбай Төлеев, Әбдiкәрiм Бектаев, Жақсылық Арзымбетов) тура Қазығұрттың бауырына үй тiгiп, қонаққа шақырды. Бұлардың қатарында Саха (Якутия) елiнен Моисей Ефимов, Москвадан Виктор Сичалов, Ташкеннен Саид Ахмад, Насыр Фазылов, Тахир Малик, Нармурад Нарзуллаев, Мирпулат Мирзоев, Алматыдан Калимулла Каликов, Әбдiқадыр Бақбергенов, Жұмалi Жарқымбаев, Иранбек Оразбаев, Исраил Сапарбаевтар болды. Сол жолы Қадиша барлық қонақтардың атынан: – Мына таудың бауырында өмiрге келген екенсiң. Бұл саған табиғаттың тартуы шығар. Ал ендi жазушы деген атты жамылып жүрiп, осы қасиеттi тау туралы кiтапты қашан жазасың? – дедi. – Қадиша, – дедi Ахат сөздi жұлып алып. – Дәл қазiр Нұх пайғамбардың кемесi келе қалса, қайтер едiң? – Сен екеуiң отырсаң, сол кемеге мен де мiнемiн, – деп жауап берген Қадиша. ...1997 жылдың аяғында Шымкент қаласында бұрын болмаған бiр жиын өттi. Ол – облыс зиялыларының фестивалi. Осы

жиынға арнайы шақырылған бiр топ творчество қызметкерлерi Алматыдан арнайы келдiк. Сол жолы облыс әкiмi Қалық Абдоллаев: «Аға, Қазығұрт жөнiндегi ойларыңызды түгел құптаймыз. Тапсырма да берiп қойдық. Арғы жағында бiрге болайық», – дедi. Әкiмнiң орынбасары Дархан Мыңбаев: «Сөзден iс жақсы емес пе, аға?» – дедi. Осы әңгiменiң тұсында Түркiстан қазақ-түрiк университетiнiң ректоры Мұрат Жұрынов, белгiлi жазушы Мархабат Байғұтов тұрған. Дәл осы мезгiлде Қалық Абдоллаев маған шымкенттiк бiр суретшiнiң салған «Домалақ ана кесенесi» деген полотносын сыйға тартты. – Аға, сiз қанша қашқақтағанмен, Қазығұрт жөнiнде бiр кiтап жазатын кезiңiз келген сияқты. Әрi тез жазыңыз, уақыт өтiп барады. Ертең кеш болып қалуы мүмкiн, табиғаттың да өз заңы бар ғой, – дедi сол жолы баяғы жымиып қоятын әдетiне салып Мархабат iнiм. Осы жиыннан шықсам, есiк алдында менi машинасымен күтiп тұрған кентаулық Дәрiбай Шалаев, тараздық iнiлерiм Әмiр Баятанов, Серiк Қалиев, Бақыт Мырзабековтер: – Көке, Қазығұртқа бiр шығып қайтасыз ғой, – дедi. Бiз түн iшiнде Қазығұртқа шықтық. Әрине, Қазығұрттың төбесiне емес қой, баурайына шықтық. Одан соң түн iшiнде ұйқыда жатқан Лес, Кәрiм, Мошқал, Махмудтарды алып Қаракемерге шықтық. – Ал, ендi не iстейсiз, көке? – дедi Әмiр. – Кiтап жазамын. – Қазығұрт жөнiнде ғой? – Иә. – Қашан? – Үш айда бiтiремiн. Сол жолы бiз Жаңабазар аумағындағы Сауап дейтiн жерге бардық. Осында бiр көне қаланың орны бар деп еститiнмiн. Мақсатымыз – соны көру. Сол маңдағы ауылға жете бергенде қарсы алдымыздан Бiләл Байғұлов пен Мәдәлi Сатпаев шыға келдi де, тiке кластас досым Ағабектiң үйiне алып барды. Айтқан уәждерi: – Аға, сiз Қалаубектiң үйiне кiрiп, немерелерiңiздi көрiп қайтпай қалай кетесiз? – деген сөздерi болды.

Ағабек Разаховтың үлкен ұлының аты – Қалаубек. Кезiнде ол маған Шымкентке телеграмма берiп, тұңғыш ұлының атын менiң есiмiммен атауға рұқсат сұраған. Содан берi ол Қалаубек менiң де ұлым болып кеткен. Дәл қазiр сол ұлымыздың балаларын көрмей кетемiн деуге арым жiбермедi. Үйiне келген соң, Ағабек досым: – Сенiң iздеп жүрген Сауап дейтiн қалаңды мен бiлмеймiн. Жалпы қала iздейсiң бе, дала iздейсiң бе, әйтеуiр, осы өңiрдi кезiп жүретiн өзiңсiң. Ал мен саған бiр нәрсе айтайын. Сонау бәрiмiз үйленген заманнан бастап өзiңнен рұқсат сұрап, аттарын қойған балалардың мен бiлетiнi оншақтыдан асып кеттi. Ең үлкенi – менiң ұлым Қалаубек. Ол кезде сенiң болашақта кiм болатыныңды бiз қайдан бiлейiк. Адал дос едiң, жақсы оқушы едiң, түбiнде әдебиетке баратыныңның алғашқы нышанын сезетiнбiз. Бүгiн, мiне, ана Қазығұрт ауылында Сүлейменұлы Қалаубек пен Дүйсенов Сейдiллаұлы Қалаубек бар, Тұрбатта Исақұлов Ешенқұлдың немересi Қалаубек бар деп есiтемiн. Басқасын тiзбей-ақ қояйын. Ертең осы Қалаубектер мына Қазығұрттың тарихына құмар бола қалса, не iстейдi? Бәрiн бiлiп тұрып, Қазығұрттың тарихын неге жазбай кеткен ең үлкен Қалаубегiмiз демей ме? Сондықтан, досым, көне қалаларды кейiн iздей берерсiң. Алдымен сен Қазығұртқа байланысты тарихты жазшы. Айта-айта бiздi мезi қылғанша қағазға түсiр. Баяғыда оныншы класты бiтiретiн жылымыз есiңде ме? Класымызда қырық бала, бiр қыз болатын. Бiзбен оқыған жалғыз қыз Қадиша Тастанбекова едi. Сол жiгiттердiң бiрқатары өмiрден өтiп те кеттi. Бiз сол қырық бiрдiң бәрiнiң атынан талап етемiз. Мына жiгiттер де қолдайды. Солай ма жiгiттер? – Дәл солай, – дедi бiреу қуып келе жатқандай бәрi қосарланып, – Лес, Тұрғынбек, Мүсiрәлiлер. ...1998 жылдың 30 мамыр күнi Шымкент қаласында бiр үлкен той өттi. Той иесi – кезiнде партия-кеңес жұмыстарын жоғары лауазымды мекемелерде атқарып, бiрнеше ауданға басшылық жасаған ағамыз Нұрмұханбет Әжiметов ақсақал. Той иесiн алысжақын туыстары, қызметтес болған дос-жолдастары, облыс әкiмi Қалық Абдоллаев пен облыстық мәслихаттың төрағасы

Сәкен Қалғынбаевтар құттықтады. Келесi күнi қаладан шығып, табиғатты тамашалап тұрғанбыз. Қазығұрт тауы қасқайып қарап тұр. Топтың iшiнде Алматыдан келген Рахымғали Ыбраимов пен Шаяхмет Мырзахметов, жамбылдық Жандар Кәрiбаев пен Ералы Дәдебаев, оңтүстiкқазақстандық Әнуар Тұрдалин, Бейсенәлi Қырғызбаев, Дәрiбай Шалаев, Батыр Ермекбаев, Қойшыбай Әрiпбаев, Алтынбек Кеттебековтер бар. Сонда Рахымғали Қазығұртқа қарап тұрып: – Мен бiр ән салсам әбестiк болмай ма, жiгiттер? – дедi. – Көмейiңнен көрiнiп тұр, тартынба, – дедi бәрiмiзге ақылгөй болып жүрген Әбдуәлi ағамыз. Сондағы салған әнiнiң текстi төмендегiдей едi. Бұл өлке – ата-бабам жайлаған жер, Желiге асау құлын байлаған жер. Көзiме от-жалындай көрiнесiң, Асыр сап тай-құлындай ойнаған жер. Бұл өлке – ата-бабам күздеген жер, Хас сұлу шашын тарап, түзеген жер. Көзiме от жалындай көрiнесiң Құрбымнан өзiм күдер үзбеген жер. Бұл өлке – ата-бабам көктеген жер, Қорадан ақтылы қой кетпеген жер. Көзiме от-жалын боп көрiнесiң Алдымнан келiн кесiп өтпеген жер. Бұл өлке – ата-бабам қыстаған жер, Асауды шалма тастап ұстаған жер. Көзiме от-жалын боп көрiнесiң Келiнiн қызға балап ұстаған жер. – Қайным, сен келген сайын Қазығұрт, Қазығұрт деп айтумен боласың, ал мына сенен ит көйлегiн бұрын тоздырған шiлiктiк қайным Қазығұртты сенен де жақсы көретiн секiлдi ғой, – дедi ән аяқталғанда Нұрекеңнiң үйiндегi Рахаң жеңгем. 16-268

– Рас айтып тұр, бiз мына қасыңдағы жұбайыңды қызымызға балап еркелетемiз. Солай ғой, Нағима? – Ол рас қой, жеңеше. Тек қайныңызға қаттырақ айтыңызшы. – Жо... жоқ, сынай бермеңiздер. Аға Қазығұрт жөнiндегi кiтабын бiтiрдi. Әнеукүнi ғана әдейi «Орда қонғанға» келiп, соңғы деректерiн алып кеткен. Кiтап бiр ай көлемiнде шығады, – деген қосарланып Дохтырхан Тұрлыбеков пен Талғат Өтегенов. Түркия мемлекетiндегi қаңлылар туралы орта ғасыр тарихшыларынан бастап, өзiмiздiң қазақ шежiресiнiң аса бiлгiрi деп есептелетiн Шәкәрiмге дейiн жазып кеткен. Бiз алдымен Шәкәрiм Құдайбердiұлының кiтабынан үзiндi келтiрейiк: «Ең ескi заманда Алтайдан түрiктер күнбатыс жаққа бара берген; сол түрiктiң Се яки Сақа деген халқы Ғайса пайғамбардан екi жүз жылдай бұрын Алатаудың күнбатысында жүрдi. Оларды тибет нәсiлiнен Юечжи дегендер орнынан қуып, онан да күнбатысқа жiберген соң, бiр табы қаңлы атанған елдi Ғайса пайғамбардан 130 жыл бұрын барған қытайдың Чжан-Цян деген елшiсi көрген. Қытай жазушыларының сөзiнше, сол кезде қаңлылар жүз жиырма үйлi халық едi... Еврей жазушылары оларды скиф яки сақа деп жазады. Осы айтылған түрiк халқының бiрталайы парсы iшiнде қалып, соның Афшар деген нәсiлiнен Надиршаһ деген парсыны қаратып алды. Осы күнгi парсының патшасы сол түрiктiк Афшар деген таптан Мұзаффаре-дин шаһтың баласы Мұхамед Ғали шаһ. Онан соң 1219 жылы Шыңғыс ханның әскерi Орта Азиядағы елдi шауып быт-шыт қылғанда, әр ел толқынып ауғанда жоғарғы айтылған қаңлының Қайыхан дегеннiң халқы елу мың үйдей қаңлы ауып Рум жерiне барды». Мiне, осы жолдар – Шәкәрiмнiң өз сөздерi. Осы үзiндiде кейбiр тұстар көмескi көрiнгенмен, негiзгi бағыт – көпшiлiк тарихшылардың айтып жүрген дерегi. Тек басқа еңбектерде «қайы» атауы ру-тайпаның аты деп айтылса, Шәкәрiмде ханның есiмi деп көрсетiлген. Бұдан әрi Шәкәрiм Қайының баласы Сүлейменнiң соңына ерген халқын iлестiрiп елiне қайтып келе жатқанда Евфрат өзенiнде суға батып кеткенiн, ал оның ұлы Тоғрул төрт жүз үйдей елiмен Арыз маңында қалып қойғанын айтады. Өзi ержүрек, батыр, Тоғрул осы кезде Шағатайдың

әскерiмен соғысып жатқан Ғалалиддинге көмектесiп, ақыры әскер басы болған. Оның иелiгiне Аскуд, Қараша тау, Тұманшы деген жерлер берiлген. Соңынан 1272 жылы 90 жасқа келiп Ертоғрул өлгенде орнына баласы Ғұсман әскербасы болып тағайындалады. Ақыры осы Ғұсман 1300 жылы соңынан Осман империясы деп аталатын мемлекеттiң негiзiн құрып, алғашқы түрiк сұлтаны деген лауазымды иемденедi. Шәкәрiм осы Османнан басталған династияның бiрiне-бiрi мирасқорлық жасаған 32 Сұлтанның тiзiмiн көрсетiп, ең соңғы ХХ ғасырдың басындағы сұлтанына дейiн жiктеп бередi. Осы сұлтандардың iшiнде талай-талай атақты адамдар бар. Мысалы, төртiншi сұлтан әйгiлi Илдiрiм Баязит (Молниеносный Баязит) дейтiн есiммен Еуропаны бiр дүрлiктiрген түрiк сұлтаны. Ал ендi осы қайы-қаңлылар туралы К. Д’Оссон не деп жазады. «Сол заманда – моңғолдар Хорасанға басып кiрген кезеңде – Мерв-Шахиджанның қасындағы Махан ауданына орнығып алған түрiкмендердiң қайы-қаңлы деп аталатын шағын тайпасы, мына келе жатқан жаудың қаһарынан қорқып, үдере көштi. Олар батысқа қарай жылжып, Арменияның Ахлатта облысына орналасты. Бұдан сегiз жыл өткен соң монғолдар бұл өлкенi де қиратып, талан-таражға түсiру үшiн жорыққа аттанғанда қайықаңлылар Кiшi Азияға қарай көшiп кеттi. Төрт жүз қырық үйден (автор «семья» деп алған) тұратын осы тайпаның басшысы Ертұғрул Румның солжүктiк сұлтанынан Греция империясының шекарасындағы Ангора аймағынан жер сұрап алды да, өзi уджбек (латын транскрипциясынан кириллицаға қайта түсiрсең «уджвей» болып оқылады – Қ.Т.) дейтiн, сол кездегi Батыс Еуропадағы маркграф шенiмен теңдес шен алды. Осы гректермен жағаласып жүрiп бiраз көлемiн көбейткен аймақ ол өлген соң ұлы Османның немесе Отоманның иелiгiне көштi. Ал Осман 1300 жылы монғолдар солжүктер мемлекетiн бiржола жойып жiберген кезде, өзiнiң шағын территориясын өзiн-өзi билейтiн монархияға айналдырып, Сұлтан дейтiн титулды қабылдап, болашақ Отоман империясының негiзiн қалады (К. Д’Оссон, «От Чингисхана до Тамерлана», стр.147) Мiне, осы бiр жолдарды француз ғалымы өз ойынан шығарып жазған жоқ, керiсiнше, көптеген тарихи материалдарды зерттеп

барып, тұжырым жасаған. Әсiресе ол «Тарих-и МонеджимВасши,-П», «Таджи ут-Теварик (Венец Истории) дейтiн еңбектерге сүйенiп, түрiк тiлiндегi қолжазбаны Са’д-эддин Эфенди құрастырғанын көрсетедi. (Бiз дерекнамалардың аттарын кириллицамен берудi жөн көрдiк, ал К. Д’Оссон латын әрпiмен берген – Қ.Т.). Ендi бiр сiлтеме жасамақ болып отырған дерегiмiз – Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзiме шейiн» деп аталатын әйгiлi еңбегi. Сол кiтаптың 87-бетiнде «Бақтияр балаларының бес жүз мыңы Иранға сiңiп кеткенi анау, Қаңлылардың Бижнек Теңiзiнен өтiп, Осман Түрiктерi атанып жүргенi мынау» деп жазады да, кiтаптың 160-бетiнде: «Хижраның 600 жылдары Қаңлының Қайы тайпасының Есенбұға биi елу мың үйдi көшiрiп, Қаратеңiздiң Солтүстiгiне кеттi. Кейiн Есенбұға тұқымы ел басқарды. Мiне, қазiргi түрiк елi iшiнде сол елу мың үйдiң ұрпағы да бар болар», – деп тұжырымдайды (Ескерту: осы кiтапты баспаға дайындаған жазушы Бексұлтан Нұржекеев Анкара қаласындағы аэропорттың аты «Есенбұға» аталатынын айта келiп, соған да бiр зер салып өтудi ұсынады). Ал «Қазақстан тарихынан» дейтiн кiтаптың 448-бетiнде осы тайпаны қаңғылы-қайы деп көрсетедi. Мiне, бiз келтiрген осы деректер бiр кезде мемлекет дәрежесiне көтерiлген қаңлы тайпасының дүниенiң төрт бұрышына түгел тарап кеткенiн көрсетедi. Қырым түбегiндегi қаңлылар, шамасы, сол дәуiрде барып қалған болу керек, ал Қарақалпақ халқының құрамындағылар – сол елдiң негiзiн салушылардың бiрi. Ал қазақ халқының қатарына қосылған қаңлылар Қазақстан аймағының Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарын, Өзбекстанның Ташкент аймағын мекендейдi. Қазақстанның басқа облыстарында тұратын қаңлы рулары да бар. Олардың кейбiрi сол жердегi негiзгi рулардың қатарына кiрiп, сiңiсiп кеткен. Ал кезiнде қаңлылар Қазақстан аумағының барлық жерiнде тұрғаны белгiлi. Мысалы, тарихшылар көне заманда аты белгiлi болған Қаңлыкент қаласының қай тұста екенiн әлi анықтай алмай жүр. Болжам – Ақтөбе облысының немесе Торғай даласының бiрiнде дейдi. Ал Маңғыстаудағы

Қаңғы Ата деп аталатын қорықты орын әлi кезге дейiн сақталған. Ол – Маңғыстаудағы Бекет Ата ескерткiшiмен қатар аталатын қасиеттi орын. Бiз жоғарыда С.М. Ақынжановтың кiтабындағы шалағай пiкiр туралы бiрер сөз айтып кетiп едiк. Соңғы кезде осы бағытты қолдаушылар жазушылардың арасынан да көрiнiп қалып жүр. (Мысалы, Қ. Салғарин). Сондықтан осы жөнiнде де бiрер сөз айтуды жөн көрдiк. Алдымен Ақынжановтың кiтабындағы ойын тiкелей өз сөзiмен келтiрейiк: «Во время Махмуда Кашкарского еще не существовало народа канглы, слово «канглы» приведено у него только как «имя знатного человека среди кипчаков» («Кипчаки в истории средневекового Казахстана», стр. 238). Мiне, сөйтiп, қаңлылар XI ғасырға дейiн өмiрде мүлде болмаған тайпа болып шыға келедi. Ал М. Қашқаридың өз кiтабында былай жазылған: «Қаңлы – қыпшақтың ең ұлы адамының есiмi» (Қ. Бекетаев пен Ә. Ибатов аудармасы) немесе «қыпшақ тайпасының жақсы, жайсаң ұлықтары қаңлылар едi» (К. Аманжолов пен Қ. Рақметов аудармасы). Соңғы екi автор көне деректерге сүйене келiп, «қаңлы» сөзi «қарулы, жақсы, жайсаң ұлықтар мағынасын бiлдiредi» дей келiп, қазақ арасында кең тараған «келелi елде қаңлы бар, қаңлыны хан көтерер», «қаңлыдан өзге хан болмас» деген нақылға айналған сөздердi келтiредi. Оның үстiне Қашқари осы еңбегiнде «оғыз-түрiк тайпаларының бiрi, түрiкмендер» деп жазады да, олардың жиырма екi руға бөлiнетiнiн атап көрсетiп, әрқайсысының таңбаларын қоса берген. Сол ру таңбаларының iшiнде бажанак (бәжәнәк) руына көрсеткен таңбасы көсеу (әлiп) пен шылбыр). Дәл осы көсеу (әлiп) сол жиырма екi рудың iшiндегi қайығ, салғұр, баят руларының таңбасында мiндеттi түрде қойылып, соған қосымша белгiлер қосылған (көптеген ғалымдар осы рулар қаңлы тайпасынан бөлiнiп кеткен деп дәлелдейдi). Ал қыпшақ тайпасы бұл тiзiмде жоқ, ол туралы Қашқари кiтабының басқа бiр тұсында «қыфчақ – түркi тайпасы» деген түсiнiк бередi. Ал қазiргi кезде қыпшақтардың таңбасы деп аталып жүрген таңба – қос әлiп. Сонда қаңлы таңбасы әлiп болса, қыпшақ таңбасы – қос әлiп болса бұлардың қайсысы ерте пайда болғанына

ешкiм дауласа қоймас. Ешкiм еш уақытта алдымен екi сызықты белгiлеп, сонан соң бiр сызыққа қайта оралып жатпайды ғой. Керiсiнше, iлгерi өрлейдi. Демек, қыпшақтар Сырдария бойына келген кезде ме, әлде одан бұрын ба, әйтеуiр, өз таңбаларын белгiлегенде қаңлы таңбасын үлгiге алған. Өздерiнiң қаңлыға келiп қосылғанын осы таңба-ақ айқындап тұр. Ал осының бәрiн бiле тұрып, неге С. Ақынжанов қаңлыларды XI ғасырдан ары апарғысы келмейдi? Мұның сыры басқада сияқты, яғни қыпшақтардың Қаратау маңына келу кезеңiне байланысты болса керек. Бiз бұл туралы соңынан тоқталамыз. Қазiрше оқырманның осы бiр XI-XII ғасырларда болған оқиғаларға ой жүгiрте беруiн өтiнемiз. Қаңлы тайпасы туралы сөз болғанда алдымен осы бiр сөздiң этимологиясын анықтап алу керек сияқты. Ғалымдар бұл сөздiң этимологиясын әр түрлi түсiндiрiп жүр. Академик Ә. Хайдари бұл атауды «қан» деген түбiрден шығарып, көне дәуiрлерде Сырдарияның орта ағысын осылай атағанын тiлге тиек етедi. Оның үстiне осы бiр сөз жалпы «өзен» деген мағына да бередi деген болжам бар (Сiбiр мен Алтайда осы «қан» сөзiне қатысты талай-талай өзен барын еске ала берiңiз. Бұл атаулар өзiмiздiң Жетiсу мен Оңтүстiкте, Қырғызстанда да кездесетiнiн ұмытпаңыз: Сарқан, Барысхан, т. б.) Ал ендi «Оғызнама» мен Әбiлғазының шежiресiне сүйенген кейбiр ғалымдар «арба» деген сөзге апарып жапсарластырады. Рас, осы еңбектерде Оғыз қаған арбаны ойлап тапқан кiсiге ризашылығын бiлдiрiп, оның дөңгелегiнiң сықырына байланысты» сенiң атың қаңлы болсын» деп батасын берiптi дейтiн әңгiмелер айтылады. Бұл көнеден келе жатқан әңгiмелердiң сарыны болса керек. Өйткенi арба туралы да, қаңлы тайпасы туралы да дерек-тер – сонау, тiптен ерте заманнан берi бар деректер. Мысалы, қаңлы тайпасының ғұмырын тарихшылар ғылымда «андроновтар мәдениетi» деп аталатын дәуiрмен ұштастырады. Андроновтар мәдениетiнiң дамуы – бiздiң заманымыздан бұрынғы XVIII-X ғасырлар арасы. Осы дәуiрдiң тұрғындарының бейiтiнен қола шоқпар, садақ пен оқ, қола балталар мен қола

қылыштар табылған. Әшекейлiк бұйымдар мыс пен күмiстен жасалып, кейбiрiне алтын жалатылған. Ал шаруашылық мәселесiне келетiн болсақ – тұрғын үйлерiнен арбаның дөңгелегi, темiрмен немесе қоламен көркемделген дөңгелектер табылған. Арбаның суретi Қазақстан территориясында табылған «таңбалы тастар» деп аталған тастағы суреттерден де байқалады. Осы арбаны суреттеу әйгiлi «Авеста» жырларында көп айтылады. «Авеста» – өлең-гимн. Оны күн мен айға, от пен тауға табынушылардың ыңғайына қарап, Заратуштра жазған. Соңынан абыздардың айтуымен ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзiлiп отырды да, Сасанидтер әулетiнiң негiзiнде «зоарастризм» деген дiнге айналды. «Авестаның» ең көне бөлiмi – яшталарда болатын оқиғалар шамамен бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы екiншi ғасырда өткен. Сол оқиғаларда басқалармен қатар, Сырдария мен Арал да аталады. Осы жырларда арбаның құрылымдық берiктiгi мен үлкен жылдамдыққа икемдiлiгi шынайы шеберлiктiң үлгiсi екендiгi көрсетiледi. «Арбаның негiзi терiмен қапталған ағаш рама және екi дөңгелектi ұстайтын ұзын темiрден тұрады. Тоғызон шыбықтан құралған дөңгелек тұтас дөңгелектен гөрi, едәуiр тез жүредi. Бұл арбаға екi не төрт ат жегетiн» – (К. Аманжолов, К. Рахметов «Түркi халықтарының тарихы», «Бiлiм», 1996 ж., 8-бет.). Мiне, осы «Авестада» қаңлылар туралы көп айтылған. Сондықтан «қаңлы» дейтiн атауды «арба» дейтiн атаумен байланыстыратын болсақ, бұл оқиғаны сол зоарастризм дәуiрiнен iздеу керек. Қаңлы тайпасы – сонау көне дәуiрден бастап, соңғы кезге дейiн тарих бетiнен өз орнын алып келген тайпа. Оны жазба деректер де, ауызша жеткен шежiрелер де, соңғы кезде қазақ тайпаларының тарихы туралы еңбек жазып жүрген ғалымдар да мойындайды. Шәкәрiм Құдайбердiұлы өз шежiресiнде, тiптен дулат тайпасының бiрқатар рулары мен арғындардың өзiн қаңлы тайпасынан бөлiнген деген болжам айтқан. Ғалым С. Толыбеков өзiнiң қазақ шежiресiне байланысты жазған кiтабында қаңлы тайпасының тарихына терең талдау жасай келiп, егер ғылыми еңбектердегi деректердiң бәрiн шындық

деп қабылдаған жағдайда қаңлылар қазақ халқының түп атасы болып шығады деген тұжырым айтады. Ал «Қаламгер» шығармашылық алқасы шығарған «Қазақ руларының шежiресi» (Целиноград, 1991 ж.) деп аталатын кiтапта: «қаңлы бiздiң заманымызға дейiнгi II ғасырда Кангют деген атпен белгiлi болады. Самарқан, Бұхара, Хорезм жерлерi қаңлыларға қарады... VI ғасырда... төрт дөңгелектi арбалармен әйгiлi болды... Х ғасырда Мавреннахрды жайлаған қалың түркiнiң денi қаңлылар едi; осы кезден Мавреннахр аймағы Түркiстан атала бастады. X ғасырда қаңлылардың iшiнен... XII ғасырдың екiншi жартысы мен XIII ғасырдың алғашқы бөлiгiнде Сырдың жоғарғы жағы мен Кiшi Азия аралығында билiк құрған әйгiлi Селжук әулетiнiң негiзiн қалаған Селжук деген шықты. XI ғасырдың басында осы тайпаның Қайы-қаңлы деген тармағы Арменияға қоныс аударып, сол тармақ XIII ғасырда болашақ Осман империясының ұйытқысы болды... Хорезмшахтар кезiнде Түркiстандағы билiк қаңлылардың қолында болды; Хорезмшахтың шешесi Түркен хатун қаңлы едi. Оның жиенi (осы жерде, шамасы, құрастырушылар орысша «племянник» деген сөздi «жиен» деп аударып жiберсе керек. Ал ол шын мағынасында орыс тiлiнде кең мағынада қолданылады: ағасының да, iнiсiнiң де, сiңлiсiнiң де баласы «племянник» деп атала бередi – Қ.Т.) Отырар бекiнiсiнiң бастығы Қайырхан... Хорезмшахтың басты күштерi қаңлылардан тұрады» (14-бет). Мiне, осы шежiренi құрастырған азаматтар қазақ шежiрешiлерiнiң қағазға түскен нұсқаларының бәрiн салыстыра қарап шыққан. Оның үстiне, тарихи дерекнамалармен де салыстырып отырған. Қаңлы тайпасының бiздiң дәуiрiмiзден бұрын мемлекет болып қалыптасқаны туралы, олардың отбасының 600 мың адам болғаны жөнiнде арнайы келiп, оншақты жыл елiне қайта алмай қалған қытай елшiсi жазып кеткен. Ал бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы заманның соңын ала қаңлылар ғұндардың Шөже тәңiрқұтын қолдап, үйсiндерге шабуыл жасағанда оларды бастап барған батырдың есiмi де тарихта белгiлi – Баутиян. Одан кейiнгi тұстарда Қытай елiмен қарым-қатынас жасап отырғаны,

бiр мезгiл Қытай елiнiң басшысына қыз берiп, құда болғаны да қытай жазбаларында бадырайып көрiнiп тұр. XII ғасырда Түрiк ханы қара-қытайларға қаңлы мен карлукка қарсы көмектесудi сұраған кезде, қаңлылар Шу бойынан көрiнедi. Жазушы Әнес Сарай өзiнiң «Қазақ атауының iзiмен» дейтiн зерттеуiнде («Қазақ тарихынан», «Жалын», 1997, 353-398-беттер) бiздiң дәуiрiмiздiң бас жағындағы жағдайларға шолу жасай келiп: «Ал бұл кезде Орта Азия мен Қазақстан топырағындағы айналасына ең ықпалды күш Қаңлы бiрлестiгi едi. Қытай жазбаларына қарағанда, ол кезде қаңлылар Орта Азиядағы ең iрi мемлекет болған», – деп жазады. Осы еңбегiнде автор сол кезде қаңлы мемлекетiнiң өздерiнiң батыс көршiлерi алаңдарды (кей деректерде – аса) жаулап алғанын, Хорезмдегi Кердерi жұрты мен олардың сыбай көршiлерi Кастар Қаңлы мемлекетiнiң құрамында болғанын жазады. Ақыры кастар бiртiндеп жергiлiктi жұртқа сiңiсе бастады деген тұжырым жасайды. Осы автордың Дарий патша қолға түсiрген сақ патшасы Скунханың есiмiн жiктеуi де көңiл бөлерлiк мәселе. Ол осы есiмдегi «С» әрпiн жалпы сақтардың барлық топтарының атауында кездесетiн «с» әрпi («сэ» – деп түсiне беру керек) дейдi де «күнха» деген сөздi «қаңлы» деп тұжырымдайды (Сонда «сақ қаңлы» болып шығады). Тарихта Қазақстан территориясында бiр кезде Түркештер хандығы болғаны белгiлi. Ғалым Әбдiкәрiм Хасенов өзiнiң «Үйсiн. Он оқ бодын. Түркеш» деп аталатын еңбегiнде (жоғарыда аталған кiтаптың 109-122-беттерi) осы Түркештердiң сары, қара деп бөлiнгенiн, сол сары түркештердiң ұйытқысы болған мохе дейтiн этникалық топты қаңлының «бақа» руы деп тұжырымдайды. Оның үстiне қаңлы тайпасында «түрке (түркеш), бақа-бадырақ, әлсейiт атты тармақтар» бар екенiн тiлге тиек етедi. Осы «түрке» тармағы бiр кезде барынша күшейiп, Үшiргелi (Учжило) дейтiн кiсiнi хан дәрежесiне көтередi (699-707 жж.). Ол Шу бойына – Сүй-шуан (Суяб), Iле бойына Гуньюе (Күнгiт) деген ордасын орнатады. Бұл кезде олар 150 мыңға жуық түтiн, яғни 700-800 мың жан едi. Үшiргелi өлген соң орнына отырған ұлы Сағал өз iнiсiнiң опасыздығынан түркiлердiң Қапаған ханының қолына түсiп, ақыры қаза тапқан. Бұдан кейiн Түркеш елiн қайта

көтерген 717 жылы хан тағына отырған қара түркештен шыққан Сұлу (Сүлiк деп те атап жүр). Ол арабтармен соғыста аса үлкен ерлiк көрсеткен. Бiрақ бұған да опасыздық жасаған – өз туыстары Тоған, Томаша деген ел ағалары. Соңынан қаңлының басқа руынан шыққан Тоған өзiн хан деп жариялайды. (740-ж) бiрақ ол да өз туыстарының қолынан қаза тапқан (742-ж). Мiне, осындай уақиғаларға көңiл бөлiп, барлық деректi терең зерттеген ғалым түркештердiң табан астында еш жақтан келмегенiн де, соңынан iз-түссiз жоғалып кетпегенiн де дәлелдеген. Олардың атауы қаңлының түрке бөлiмiнiң атынан шыққан, ол ру әлi де бар. Ал тiлдерiнiң түрiк тiлдес болғанын дәлелдейтiн – айғақ-түркеш теңгелерiндегi жазу. Теңгенiң бiр бетiнде «Штумы (сатым) он таңба», ал екiншi бетiнде «Түркеш қаған бай баға» – «Затым он таңбалы ел, Түркеш қағанның байлығы» деген жазулар бар. Сырдария бойы мен оның төменгi ағысын, Хорезм жерiн жайлаған тайпалардың қаңлылар екенiн өзiнiң әйгiлi «Көне Хорезм» дейтiн еңбегiнде академик Толстов анықтайды. Осы Толстов пен Федоров-Давидов пешенектердiң Сыр бойынан кеткен Қаңлы бiрлестiгiнiң құрамдас жұрты екенiн өз еңбектерiнде дәлелдеп берген. Оның үстiне әйгiлi хорезмдiк ғалым Бируни өз жазбаларында Хорезмдi билеген қаңлының жиырма екi ханының тiзiмiн келтiрген. Қ. Аманжолов пен Қ. Рахметов өздерiнiң оқулықтарында қаңлы тайпасының әлем тарихында кеңiнен белгiлi бола бастаған мезгiлiн бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi III ғасыр деп көрсетiп, одан кейiнгi орта ғасырлық кезеңi жөнiнде былай жазады: «VIVIII ғасырларда қаңлылар Батыс Түркi қағандығының қол астына қарайды. XII-XIII ғасырларда қаңлылар Жетiсудағы ең мықты ұлыс болып, бұл өлкенi Алмалықта отырып билеген. Карақытайлардың шабуылы кезiнде қаңлылар карлүк елiмен бiрiгiп, Баласағұн қаласын қорғауға қатысады... Қазақ құрамына қосылған қаңлылар – ұзақ ғасырлар бойы өздерiнiң ата мекендерiнде тiршiлiк етiп, мәдениет дәстүрiн үзбей келген («Түркi халықтарының тарихы», 50-бет). Осы орайда және бiр айта кететiн мәселе – соңғы жылдары Қытайдың Шыңжан өлкесiнде табылған археологиялық ескерт-

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙