Мазмұнға өту
Home

Наркескен

Аманжол Әлтаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Наркескен

Авторы: Аманжол Әлтаев

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Әлтаев А. Наркескен: айтыстар. – Астана: Фолиант, 2014. – 288 б. ISBN 978-601-7568-92-4 Бұл жинаққа Алаштың аяулы ақыны, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтаевтың ай­ тыстары топтастырылды. Киелі сахнада бағы мен бабы қатар шауып, сәні мен әні келіскен сырбаз ақын дүбірлі додаларда наркескендей өткір тілімен қоғамдағы келелі мәселелерді қозғап қана қоймай, ұлттық рухты асқақтатып, халқына деген ыстық махаббатын жырларына арқау еткен. Кітап жырсүйер қауымға арналған. ISBN 978-601-7568-92-4 УДК 821.512.122-1 ББК 84(5 Қаз)-5 Ә 55 Ә 55 © Әлтаев А., 2014 © «Фолиант» баспасы, 2014 УДК 821.512.122-1 ББК 84(5 Қаз)-5

ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВА МЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған айтыс. Семей облысы, Қарауыл. Тамыз, 1995 жыл Әселхан: Жүйріктер алқынбайды шапқанда өрге, Бет жудым мөлдіреген мақтан көлге. Әулиелі жерден кеп сәлем бердім Ақынның әулиесі жатқан жерге. Әріптес мына Аманжол ұлмен жасты, Жыры бар ерітетін қара тасты. Амал жоқ анасымен шығып қалды, Бұраң бел, табылмастан қиғаш қасты. Қадамың, Аманжолжан, құтты болсын, Анаңыз ақ тілекпен шашу шашты. Қазағым, ғұрпың менен салтың күшті, Әдетін ұмыттырған салқын нұсқа. Өзіңнің өзегіңді жарып шыққан Ұлын да енді ұят, нарқыңды ұқты. Қазақты арқаңа бір көтердің-ау, Киелі, қасиетті хан Шыңғысты. Бір саты қазақ алға өрлеген той, Баласы алты алаштың терлеген той, Мейірім жүйткіп шапқан желдей есіп, Аспан-жерді дүр шаттық кернеген той. Бір емес, үш кемеңгер дана тапқан Біздердей қасиетті елменен той.

Бұрайын әріптеске аттың басын, Демесін Әселхан кезек бермеген той. Аманжол: Бір сәлем қалың елім, ардағыма, Таралған тоқсан шөлдің тармағына. Алашым, қара орманым, аманбысың, Ас берген ұлы Абайдың әруағына. Шапқанда боз даламның бауырынан, Тұлпардың тер ағады сауырынан. Қыз беріп Құнанбаймен құда болған Кеп тұрмын Алшынбайдың ауылынан. Көтеріп әр тұғырға әр асылын, Табанға таптатпаған Алаш ұлын. Ордалы Ұлжан ана ауылының Үкілеп топқа қосқан баласымын. Алыптың ағылғанда бұлақтары, Сусындар талай халық жырақтағы. Қазаққа құт әкелген Абай ата, Әруағың риза болсын жұмақтағы. Ұлы Абай, өлеңіңмен ержетіп ем, Жасымнан ақ бесіктей тербетіп ең. Түлеткен Телқарасын қарт Шыңғыстың Мен бүгін шаттық көрем келбетінен. Тойыңа хакім ата сауын айтып, Сұраймын сүйіншімді жер бетінен. Алысқан мыңмен жалғыз батыр Абай, Патшасы өлең сөздің – ақын Абай. Әлемге қараша үйден есік ашқан, Бір сырлы, сегіз қырлы хакім Абай. Тірліктің түсінгенге тірегі – Абай, Білімнің бес қаруы, білегі – Абай.

Аллаша атын айтқан мұсылманның Дем беріп жүрегінде жүреді Абай. Дамылсыз талай ғасыр соғатұғын Қазақтың лүпілдеген жүрегі – Абай. Өлеңім – қасиетім қанымдағы, Өлеңім – ақ жалауым арымдағы. Арқаға Қазығұрттан керуен тартқан, Армысың, асыл апам, жанымдағы! Жидебай жыр жайлауым, өрім еді, Қарауыл алтын көмбем, төрім еді. Жан апа, мына сіздің қасыңызда Шыңғыс тау аласа боп көрінеді. Елімнің мынау тойға жиылғаны, Бәрінің жалғыз Алла сыйынғаны. Көрейін апамменен қапталдасып, Ол рас, ару қыздар бұйырмады. Шипалы өлеңіңмен жанды емдейсіз, Менің де жүрегіме нәр бергейсіз. Көрейік тылсым жырмен бір сырласып, Жан апа, тақияма тар келмейсіз. Байқалсын Қара Ертістей тасуыңыз, Бұл тойда мүмкін емес жасуыңыз. Алланың ақ нұрындай болсын дедім Ана боп маған шашқан шашуыңыз. Әселхан: Жырларың керім екен, бәрі ғажап, Қарағым, шырқайсың-ау, үнің азат. Рахмет ықыласыңа маған деген, «Белін бу болар ұлдың» деген қазақ. Қанша жыл алтынымыз жез болғаны, Қанша жыл жібегіміз бөз болғаны.

Шындықты көкірегіне тұншықтырып, Ерлерім екі сөйлеп, ез болғаны. Тартады бөрі етектен бағы ұшқанды, Найзасы қақ бөлініп, намыс қалды. Міржақып, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдей Аңырап кеше таптық арыстарды. Қамы үшін қара бастың алаңдадық, Жан үшін төзіп бақтық, амалдадық. Қарадан хан боп туған Құнанбайды, Қажыны қорықпастан жамандадық. Айып па есіне алса бүгін елі, Жан-жаққа ойы құрғыр жүгіреді. Сұлтанбек, Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет Көлденең көк аттының бірі ме еді?! Жарқырап маңдайлары артық туған Еді ғой Абайымның інілері. Жазылмас қалды қанша жанда күйік, Әкелді бостандықты Құдай иіп. Алашым атқа мініп, той тойлап жүр, Аңсаған азаттығы қолға тиіп. Қаны бір бабасы мен бабалары, Жаны бір ағасы мен аналары, Пердесін жалғандықтың сырып тастап, Көрісті көк түріктің балалары. Біздіңше, бұл тойдың жоқ баламасы, Ханның да, қараның да бар аласы. Көңілді көкке карай жетелейді Абайдың аппақ болған сағанасы. Шаттық пен қанаттарым еркін самғап, Шарқ ұрып келе жатыр шағаласы. Алашым, бүгінгі бар қиындығың – Бостандық отауының садағасы.

Аманжол: Жүйріктер жатқан кезде көмбе келіп, Екеуміз сөз сөйлейік жөнге келіп. Отырсыз оң жағымда, асыл апа, Бүгінгі толған айдай дөңгеленіп. Жасымды есепке алсам, ұлыңдаймын, Жан апа, жөнсіз жерден ұрынбаймын. Секілді мама бие сіз жорытқанда, Соңыңнан шұрқыраған құлындаймын. Тарихтан Абай аты өшпес білем, Ел бағы бірлік барда көшпес білем. Абайды түсінбеген қазақтарға Ақ сүтін Хауа ана да кешпес білем. Соққанда өткен өмір мұңды ызғарын, Халқымның еңіреткен ұл-қыздарын. Ақылбай, Мағауия мен Әбіштерім – Қыршын боп ерте кеткен жұлдыздарым. Кеңестің кезеңінде қамшы батқан, Тектінің ордасында жалшы жатқан. Абайдың соңына ерген Шәкәрімді Қызылдар тас құдықта қансыратқан. Айыптап алып сырын ұкқан ұлды, Саясат сайқалдықты тұтқан үлгі. Қазақтың Ұлы Абайын жазғаны үшін Мәскеуге қудалады-ау Мұхтарымды. Ұлы ата, елің барда ордалысың, Сиынар бар ақынның қорғанысың. Бір кезде Абайға да көз алартқан Жазығы – бай баласы болғаны үшін. Бағаңды болашақ күн береді, ата, Соңыңнан дүйім Алаш ереді, ата.

«Қазағың, қалың елің, қайран жұртың» Бұл күнде тәй-тәй басып келеді, ата. Ініңнің ақсұңқардай самғағаны, Тұғырын карт Шыңғыстан таңдағаны. Ой басын өзің болып бастаған соң, Бауырыңның ойға ойды жалғағаны. Әселхан: Ақынмын, алды-артымды амалдаймын, Сипаған маңдайыңнан самалдаймын. Әйтеуір жеңем деген ниет болса, Демеймін оның жөнін таба алмаймын. Бозінген өз ботасын шайнамайды, Сәулесі түскен жансың саған да айдың. Айналдым отырысыңнан, сөздеріңнен, Тұп-тура өзім тапқан анаңдаймын. Тарихтың көз салсаңыз заңғарына, Келмейді бүгінгі күн талғамына. Абайдың әкесі де, атасы да Ешқашан жете алмаған арманына. Дегенмен сол арманға жетер жолда Тәптіштеп ұрпағына айтқан оңды. Бәрін де қатал айтып түсіндірген, Болмаған бұндай адам бұрын-соңды. Жетпіс жыл жалаңдықтан арылмадық, Көсем деп кімдерге біз табынбадық?! Аға-іні, әке-бала араздасьш, Жем болдық көрінгеннің малын бағып. Шырағы енді Абайдың емес өшпек, Жас ұрпақ ірілерін жатса көксеп. Жақсы сөз жастайынан қанға сіңіп, Абай бол жамандықтан Абай десек.

Нұрлы ақын жамандықтың жолын қағар, Кеудеңе ыстық қайрат шоғырланар. Алыпкер жас ұрпақтың қолыменен Абайлық асыл мұрат орындалар. Бағасын мынау тойдың ел біледі, Алашым, аңсайсың-ау енді нені? Ақынның арманынан лүпілдейді Атомнан жарылмаған жер жүрегі. Абайдың әрбір сөзін ұққан сайын Жанымыз таңғы шықтай мөлдіреді. Құлпырып масатыдай жердің жүзі, Күн көзі ата-анадай елжіреді. Аманжол: Баласы күдіктенбес шешесінен, Көңіліңнің сыр ауладым көшесінен. Жырыңнан сусындадым, асыл ана, Тоғжанның шай ішкендей кесесінен. Шабытым шалқығанда арнасынан, Абай деп жыр толғаумен таңды асырам. Ұрғаны анасының – сипағаны, Ұрсаңшы қамшы сөзбен жамбасымнан. Жыр бағың, асыл ана, гүлдесінші, Қалың ел әр кезде де бізге сыншы. Созғанға өлеңіңді мынау халық Ақындар жаттанды деп жүрмесінші. Жан апа, жан емессің затың жасық, Ал көсіл жыр-тұлпарға тақым басып. Екеуміз екі жаққа тартып кетпей, Сондықтан сөз сөйлейік жақындасып. Әселхан: Ағайын, ризамыз құлақ салған, Аманжол, айналайын сендей жаннан.

Екеумізді жаттанды деп ешкім айтпас, Шыққанбыз талай рет емтиханнан. Абайдың ұрпағы бар, ауылы бар, Мақтауға тұратындай бауыры бар. Қалихан, Мағжан, Хафиз ағалардай Көкірегі алтын сандық тау ұлы бар. Абайым мықты, міне, төрге міне, Жұлдыз боп жарқырайды ел көгіне. Қарсы алды баладайын, анадайын, Жер-Ана жұпар түйіп жер көгіне, Той тойлап, аты арып, тоны тозған Мың алғыс Алашымның ерлеріне. Елімнің еркесі өзің сөйлейтұғын, Бақ дарып, Қыдыр қонсын ерлеріме. Аманжол: Тербеліп мақпал кеште дала жатыр, Риза боп ұрпағына баба жатыр. Анаммен әдеп сақтап сырлассам да, Айтысқа шөлім қанбай бара жатыр.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЖIБЕК БОЛТАНОВА Тәуелсіздік мерекесіне арналған айтыс. Алматы қаласы. Тамыз, 1997 жыл Аманжол: Армысың, қалың қараш, ардақты елiм, Армысың, қарт Алатау, саңлақ белiм. Сиынып жаратушы бір Аллаға, «Ақжол!» деп сөз бастайды ардақты ерiң. Кеудемнен ақтарылған алтын өлең, Ақынның бiреуi едiм нарқы берен. Алдыңда басымды иiп тағзым еттiм Ордалы ақындардың салтыменен. Халқымның аян тұттым баталарын, Даламның тұғыр тұттым жоталарын. Иіген аруанадай асыл жұртым, Алдыңа келдi, мiне, боталарың. Кең болсын өр қазақтың керегесi, Ешкiмнен кем болмасын кенересi. Есiгiн жаңа ғасыр ашар сәтте Алланың аз болмасын берекесi. Ағайын, құтты болсын деп айтамын Елiмнiң Тәуелсiздiк мерекесi! Айбын бар қазақ деген арыс елде, Төзiм бар қазақ деген талыс елде. «Аллалап!» керуендi бiз түзедiк, Арманмен қадам басып алыс өрге.

Әлемнiң көшiн бастап болашаққа, Айналар күн тусыншы барыс елге. Бұл ағаң жақсылықты байыптады, Ақынның арзан болмас айтқаны. Еркелеп Алатауға келген бүгін, Армысың, Жiбек сұлу Жайықтағы. Жiгiт ем нөкер сайлап жорық құрған, Өнердiң қасиетiн мол ұқтырған. Алдыма ару ақын кеп жатқанда, Кезiм жоқ арзан сөйлеп торықтырған. Мiнеки, Аманжолмен бiр сырласшы, Жiбек қыз, бек шағыңда толып тұрған. Алланың ақ ниетi дұрыс екен Қайтадан екеуiмiздi жолықтырған. Ақындар Алатауға жол қылғандай, Керуендi салтанатын мол қылғандай. Дегенмен, мәз-мәйрам боп мен отырмын, Қолыма көгiлдiрдi қондырғандай. Мен болсам бiр ағаңмын нар атандай, Сен болсаң, ақын қызсың дара таңдай. Томпиып отырысың қандай жақсы, Жарыққа жаңа шыққан балапандай. Жайықтың ақын қызы жақсы керім, Самалдай тынысымды ашты лебің. Ал ендi тiзгiнiмдi мен тартайын, Қанатты, көгiлдiрiм, қақшы дедiм. Жiбек: Әнменен, өлеңменен таңды атырған Думаншыл менiң халқым сан ғасырдан. Исатай, Махамбеттiң ұрпағымыз Сойылды ат үстiнен алмастырған.

Абыздар астаналық есен бе екен Асыл ой, ардақ сөздi жалғастырған?! Ақ басты Алатауым, ар ма екенсiң, Төрiнде Алматының малдас құрған?! Қазағым, ақылға бай, көсемсiң ғой, Ал ендi тiлге келсең, шешенсiң ғой. Айналған алты алаштың арманына, Алматы, мәңгi жұмақ мекенсiң ғой. Астана ауысқанымен Ақмолаға, Орнында Алатауым екенсiң ғой. Көзiнде қыздарының күлкi ойнаған, Думанды жiгiттерi түн тойлаған. Сәлемiн алып келдiм Ақ Жайықтың Қой бағып, түйе сауып, жылқы айдаған. Ауылдан келген едiм дауылдатқан, Далаңнан келген едiм жауындатқан. Атамыз қазақ бiздiң жат адаммен Бас қосып бiр шай iшсе бауырласқан. Ағайын, армысыңдар, қар түскенде Соғымды дәмететiн ауылдастан. Көңiлi халқымыздың ортаймаған, Уәдеден дос бұзылып, жар таймаған. Екi ақын айтысқанда ортасында, Дариға, қымыз қызып, шай қайнаған. Сол кезде ақсақалдар тақиясын Қиықсыз қолына алып пай-пайлаған. Жайықтан ақын қызың тағы келдi Өлеңдi айтқан кезде айқайлаған. Армысың, Аманжолым, ардақты ағам, Әр сөзiн таразыдай салмақтаған. Қомданып отырсың ғой, екi көзiң Секiлдi қыран бүркiт қан қаптаған.

Менсiнбей қарайсың ғой аласаға, Өзiңе тәкаппарлық жараса ма? Қамкөңiл мына бiздiң халайықты Батырып кетемiз бе тамашаға?! «Армысың, Аманжолым» деп айтайын, Ел-жұртың, аман ба екен бала-шаға?! Дүйiм жұрт, ел-халқыңды саялашы, Сезiмдi жылы менен аямашы. Жарыққа талпынамын балапандай, Ал ендi күн болып сен аялашы. Аманжол: Қыз едiң қырдағы елдiң ырысындай, Ақ Жайық өлкесінің тынысындай. Жiбек қыз, жанарыңнан айналайын Жарқ еткен Махамбеттiң қылышындай! Толқындап кемерiме сыймай тұрмын, Әзiрге айылымды жимай тұрмын. Қырандай көз қанталап кетсе-дағы, Бүруге сенi, қалқам, қимай тұрмын. Жақсы ақын қарт Бұхардай кең толғайды, Перзентiн тұғыр болып ел қолдайды. Алашқа асыл сөздi тарту етсең, Ауылдың соғымынан кем болмайды. Сауықты ағаң ендi құратындай, Керуенiн саған қарай бұратындай. Ал ендi «Аллажарлап» мен шабайын Кешегi Ақандардың құла атындай. Өзiңдi, Жiбек сұлу, көрген жігіт Қырық күн аш жүрсе де тұратындай. Жарқ еткен қынаптағы ақ алмаспын, Жетісу, қадамымды саған бастым. Жер шарын жетi айналып шықсам-дағы, Шаhарды Алматыдай таба алмаспын.

Болсын деп жақсылықтың бастамасы, Арқаға көштi елдiң астанасы. Арқаға астанамыз көшкенiмен, Алматы – Алты Алаштың бас қаласы. Сөзiмiз, Жiбек сұлу, теңiз болсын, Арқаға Алатаудан бек із болсын. Әлемдi сәулетiмен таңқалдырған Алматы Астанамен егiз болсын. Даланың дархан мінез ордалы елі, Аласа ұлы өнерде болмап едi. Жайықтың Жiбегiне сәлем айт деп, Сарыарқа сағынышын жолдап едi. Жiбек: Төселген шарпысуға ақындардай, Отырмын алдыңда әзiр батылданбай. Қолыңа бұл айтыста қондыратын Сарадай сұңқылдаған тотың қандай? Жылынып жүрегiм де бара жатыр, Бiржанның өзi келiп отырғандай. Тәңiрдiң түзу түсiп бүгiн iсi, Төгiлсiн кестедей боп жыр үлгiсi. Белгiлi аспандағы ақиыққа Жердегi ақ түлкiнiң жүгiрiсi. Ұтылып арзан сөзден қалмас деймiн Мәншүк пен Әлияның сiңiлiсi. Аңшыдай саят шығып, құс салатын, Келемiз ақындықтың ұстап атын. Қанша шешен болса да Жиреншенi Қарашаш хан алдында құтқаратын. Кiмдер бар көктем келсе жасармаған, Дүрсiлiн жүрегiнiң баса алмаған. Кемеңгер, данышпан боп Аяз би де Әйелдiң ақылынан аса алмаған.

Келемiз бiз жастықтың желiменен, Жастық та жарасады теңiменен. Көргенде Ақжүнiстей аруларды Ер мiнез Ер Тарғын да емiренген. Нарқыздар жауға шапса қайтпас едi, Аңыз қылып ел бекер айтпас едi. Қыздарға табынбаса Мұқағали, Арызын Фаризаға айтпас едi. Аманжол: Айналдым, қарындасым, көрегенiм, Тiлеймiн кең болғанын керегенiң. Қарындас, өзiңе сай болсын деймiн Өмiрде таңдап тапқан Төлегенiң. Мен көрдiм бұлбұл құсты ормандағы, Тотының табылмайды тордан бағы. Жiбек қыз, өзiңменен толықсыншы Кешегi қыз Жiбектiң армандары. Жетiсу хан түсетiн жер емес пе, Iргелi қазақ деген ел емес пе?! Қарашаш, Меңдiсұлу болсаң-дағы, Қалқам-ау, ердiң аты ер емес пе?! Ризамын, қарындасым, толғамыңа, Өмiрде айналайын қорғаныңа. Ағаңның алдын кесiп не қыласың, Соңымнан ере бiлсең болғаны да. Аманжол аталы сөз толғай келсiн, Халқына қазынасын жолдай келсiн, Жайықтың ерке қызы Жiбекжанды Бақ тілеп, ықыласпен қорғайды ел шын. Мәншүк пен Әлияның сіңілісін Бір Алла мейірленіп қолдай көрсiн!

Жалғашы аналардың iзгi арманын, Тiлеймiн ел үмiтi қыз болғанын. «Аман бол, қайда жүрсең» деп тiлеймiн, Алаңсыз бүршiк жарған қызғалдағым. Жiбек: Мен бүгiн Жайық болып тасынамын, Ағажан, әзiл сөзге жасымағын. Қарындас қылығынан қымсынбасаң, Еркелеп, мойыныңа асыламын. Айтыстың әлiппесiн жаттағанмен, Үмiтiн анашымның ақтағанмен, Қыз бала оң жақта көп отыра ма, Бал берiп, балапандай баптағанмен. Көздерi жiгiттердiң көп түскесiн, Сүттiң де дәмi кетер көп пiскесiн. Оң жақта омалып көп отырмадым, Қып-қызыл жүрегiме шоқ түскесiн. Келiн бе ерте тұрып, жай жатпаған, Шоқ салып самаурынға қайнатпаған?! Қолыма шелек ала жүгiремiн, Бұзауды байлап қойып ойнақтаған. Қолымда бiрде кесе, бiрде қалам, Шайымды кiм iшпейдi қаймақтаған. Ағажан, басқан iзiм бiлiнбейдi, Қазандық әуенiмен уiлдейдi, Тасқұман менi көрсе күлiмдейдi. Қолымнан түспеген соң сыпырғыш та, Таянсам босағаға дiрiлдейдi. Терiнi ширықтырар iй дейдi ғой, Қыздарды қырық үйден тый дейдi ғой. Табаға салған кезде бауырсағым Қосылып маймен бiрге билейдi ғой. 2-302

Содан соң секiргенде табағыма, Iшiнде бiреуi де күймейдi ғой. Көңiлiн алғанымның табамын деп, Әйтеуiр шабамын кеп, шабамын кеп. Ертемен шай құюға асығамын, Атамның батиқасын аламын деп. Аманжол: Куәмiн қыз сандығы ашылғанға, Намысым биік еді басымнан да. Қасқайып хан ұлындай мен тұрайын, Жiбек қыз мойыныма асылғанда.

Шығайын асуына биiктердiң, Арманы сол емес пе сүйiктi ердiң?! Абайдай оң қолымды ұсынайын, Тоғжан боп бiр кесе шай құйып бергiн. Бiлемiн Жайықтағы тұрағыңды, Бағала жастық дәурен, бұла күнді. Мiнеки, Алатауға бүгiн жақтың, Жiбек қыз, өнердегi шырағыңды. Жiгiт боп сырлы кесе мен тосайын, Жiбек-ау, қолыңа алшы құманыңды. Жiбек: Жаңа айттым: ерте тұрып, жай жатамын, Ас үйде өнерiмдi байқатамын. Шайын сен сахнаның не қыласың, Үйiме келсең, аға, қайнатамын. Сөзiне қарындастың сенбеймiсiң, Өзiң бiл, терлеймiсiң, тергеймiсiң. Жайыққа қонақ болып келiп-кетiп, От жаққан жерiмдi, аға, көрмеймiсiң? Болмаса аю басқан тас құлағың, Өзiңдi бiр Аллаға тапсырамын.

Қыздырып Дина әжемнiң күйлерiне, Мұхиттың әндерiне мас қыламын. Ұсынып қайта-қайта ой табағын, Қонағым көңiлденсе жай табамын. Махамбеттей өзiңе қайрат берiп, Сырымдай шешен етiп қайтарамын. Көрген мен бiлгенiңдi байыптағасын, Өзiң-ақ өнерiмнiң айт бағасын. Ал ендi мына халық не дер бiзге, Ел жайлы бiр ауыз сөз айтпағасын? Заманнан түңiлмелiк, суынбалық, Бiз де сол уақыттан туындадық. Адам ата, Хауа ана жаралғалы Қойдан қоңыр емес пе бiздiң халық? Атымтай жомарт сынды қазағымды Қыспаққа алып отыр бүгiн нарық. Замана түлкi болып құбылғанмен, Бiз, сiрә, тазы болып туылмадық. Қайтемiз қайта-қайта шулап ендi, Қалайша Абай, Мұхтар тумақ ендi? Төсiнде құс сайраған, мал айдаған Тулақтай тоздырдық па туған жердi? Кей кезде Алдар көсе секiлденiп, Болуға Қожанасыр тура келдi. Кездесiп қиындықтың орманына, Қазағым тағы батты сорға мына. Бiр кезде Жәнiбекке Асан қайғы Көл бедерi кетер деп болжады ма? Бiр кезде Абылайға Бұхар жырау Бетке айтып, елдің жайын толғады ма? Қаңғыған бұл заманда көше кезiп, Адам мен ит тағдырлас болғаны ма?

Жұлдыздар жанар шақта жана алмай жүр, Табаны тиген тұлпар шаба алмай жүр. «Адам басы – Алланың добы» деген, Кей бастар өз иығын таба алмай жүр. Сырын бiз тыныштықтың ұғамыз ба, Бұлақтай бастауынан тұнамыз ба? Бұл кезде тiл сайрамай, пұл сайраған, Болашақ ұрпақ сенбес бұл аңызға. Iшiнен «Мың бiр түннiң» нарық деген Адам боп, не перi боп шығамыз да! Аманжол: Сұлусың тереңнен сыр шертетiндей, Бiр сөзiң бiр ғасырға жететiндей. Жiбектiң бес саусағы тимеген соң, Шытынап шыны құман кететiндей. Қазақтың таныса да затын ғалам, Жоқтықтан үрейленiп жатыр далам. Шегiрден қалғаныңды шетел алды, Жұртым-ау, немiз қалды сатылмаған?! Бiрi кеп сатып алды темiрiңдi, Бiрi кеп сатып алды көмiрiңдi. Барасың, Қазақ елi, қайда кетiп, Өзгеге жетектетiп өмiрiңдi?! Халықты қағып қойып арқасынан, Жатқысы келедi әркiм шалқасынан. Шетелден келiп жатқан инвестиция Аспайды шендiлердiң қалтасынан. Нар болып көш бастасын бозтайлағың, Көтерiп көкке биiк көк байрағын. Түбiнде қазақ мықты бола алмайды, Жарқырап шықпайынша өз байларың.

Жерi бай ел болсаң да, даласы тоқ, Қалтаңа басқан пұлдың бағасы жоқ. Шендiлер шетелдерде емделедi, Ауылдың дәрi алатын шамасы жоқ. Елiмнiң бiрлiк едi таңдағаны, Баспасын қара түнек паң даланы. Көп болды ауылдағы оқырмандар Қолына газет-журнал алмағалы. Өтсе де замананың ақтабаны, Өмiрдiң жұмбақ болды мақтағаны. Көп болды ауылдағы дархан халық Қуатын электрдiң жақпағалы. Сөйлейтiн тереңiнен оқталғасын, Керуенi өр Алаштың тоқталмасын. Ашқаны қарынының ештеңе емес, Рухани ашаршылық боп қалмасын! Жiбек: Бiр заман қыздарының арын жұтып, Бiр заман халқымыздың зарын жұтып, Кешегi Желтоқсан да кетпедi ме Желбiреген жастардың қанын жұтып. Замандар ала құйын өтiп жатыр, Әйтеуiр шоқ түсiрiп, жалын жұтып! Бұйрықтан адам әсте аса алмайды, Бұйрықсыз аяғын да баса алмайды. Әйтеуiр жоңғар шапты, қалмақ шапты, Арылды басымыздан қашан қайғы?! Таба алмай жерұйықтай жұмақ мекен, Өттi ғой күңiренiп Асан қайғы. Кiм қарсы тұра алады келген оққа, Әр заман өз пендесiн жеңген жоқ па?! Жәңгiрден жылу таппай Махамбет те, Соңынан Исатайдың ерген жоқ па?!

Жалғаннан жан таба алмай сырласатын, Қоштасып қызғыш құспен өлген жоқ па?! Бозторғай туған жерде самғайды ма, Бедесiн, бетегесiн таңдайды ма. Жайықтың жаны жайсаң қариялары Өлеңдi құйып берген таңдайыма. Қазағым, дiн аман боп жүрiңдершi, Мойымай қиындықтың қандайына. Сендердiң табаныңа кiрген шөңге Қадалсын менiң мына маңдайыма! Аманжол: Қазағым, қайда жүрсем қасымдасың, Сен барда серт – бастан сөз асырмасым. Қазаққа бақыт қонар деп тiлейiн, Есiгi жас ғасырдың ашылғасын. Болмайды азат күнде заман ғаріп, Ес жидық жоңғардан да аман қалып. Ол рас, жерұйыққа жеткізем деп, Жол шеккен Асан қайғы табан талып. Мың өліп, мың тірілген қайран жұртым, Тәуелсіз халық болдың, бағаңды алып. Бағыңды баянды етсін сенің де Алла, Үмітің алып шығар сенімді алға. Шөңгелер маңдайыңа қадалмайды, Мен барда, қазақ деген елің барда. Жiбек: Домбыра күйге келер бұрағасын, Жас шығар соқыр көзден бұлағасын. Елiмнiң шаңырағы биiк болып, Iшiнде жас сәбилер жыламасын. Жәнiбек, Керей хандар салып кеткен Ошағы қазағымның құламасын!

Қыз едiм үлкендерден сый алатын, Өлеңдi артық кетпей, тыя алатын. Аманжол, ардақтаған ағам едiң, Алдыңды кесуге де ұялатын. Көбiрек мақтағанмен қарындасты, Бәйгенi түрiң жоқ қой қия алатын. Аманжол: Мен жалғыз қарындассыз қыр асам ба, Аруға бақ тiледiм құба таңда. Жiбек қыз, бiр басыңа қияр едiм, Арқаның тең жартысын сұрасаң да. Жiбек: Атымтай ер болған жоқ атақ үшiн, Ақтардай азамат ең ата күшiн. Шынымен, Сарыарқаның тең жартысын Қиналамай бiр қыз үшiн сатамысың?! Аманжол: Көңiлiнде бұла қыздың шер болар ма, Мырзалық танытпаса ер болар ма? Еркелеп ел шетiне сұлу келсе, Бiр шетiн бөле алмаса, ел болар ма? Жiбек қыз, көзiмдi анық байлауыңа, Ризамын сандуғаштай сайрауыңа. Арқаның құлан жортқан құба белi Айналсын Жiбек қыздың жайлауына!

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЖӘКЕН ОМАРОВ Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне арналған «супер дода» айтысы. Алматы. Мамыр, 1998 жыл Жәкен: Ал, сөзiмнiң басы – Бiссiмiллә рахмани рахим. Жаратқан ием жар болса, Кең көсiлер бұл ақын. Өзiнен ауыр сөзi бар, Байқаңыз қуат-қыратын, Шабыты келсе шайырдың, Тыңдаған құлақ тұнатын. Елге қызмет ету еді Әуелгi парыз-мұратым. Ақ жүрек халқым, армысың, Ұстаған жерден сынатын. Түнектен шыққан тұлпардай, Түлектен шыққан сұңқардай, Кезiмiз болар бұл бiздiң Ауалап көңiл тұратын. Орындайын, Иншалла, Мұхаммедтiң сүннатын. Ассалаумағалейкүм, Отырған жәмиз жұратым. Ал, бәйгеге қоссаң жүйрiк деп, Батагөй халқым, расында, Шапқан сайын ширадым. Жиhадқа шыққан батырға Алладан деген ұйғарым.

Мыңнан бiрге берiлген Болмағанын тiлейiн Ақындық деген сыйда мiн. Арыстан баб, Қожа Ахмет Бұл күнде, шүкiр, сырласым, Хикметтерiн сiңiрiп, Бағыштап Құран тұрғасын, Солардан ұлың ұсынсын Тергенi менен жиғанын. Бұл дүниеден iздерiм Атақ та емес, даңқ емес, Шын дүниелiк иманым. Ұмытпастай әдептi, Аршығандай сәдептi, Алла салса, айтайын Ауызыма сыйғанын. Ақ самай ардагерлерiм, Халал боп хақың ұрпаққа, Құтты да болсын мейрамың. Ал адамның исламнан үлгi алмағы, Арылып кiрден, ия нұрланбағы. Харам менен халалды ажыратпаса, Қонады өзi оралып шыңнан бағы. Парыз, уәджип, сүннәттi түгендеген Пенденiң жәннатқа бiр шын бармағы. 6666 аятты Алла сүйген құлға арнады, Бiрер жыл шекара асып iлiм көрдiм, Жiгiттiң әуелдегi бұл да арманы. Сағынған ел мен жұртын қайран жүрек Пақырдай аласұрар зындандағы. Сүйсiнiп әңгiмеңе ғалам барша, Көп сөйлеп түсiрмессiң бағаңды онша. О дүние, бұ дүниенi қатар ойлап, Аманжол, айтысайық адамдарша. Көп шығар айтпағаның айтқаныңнан, Домалап кетiп жүрме, байқа, қырдан.

Баласы мұсылманның тiлi орамды, Перiштең биiк тұрсын шайтаныңнан. Аманжол: «Ақжол!» деп сөз бастасам аруақтанам, Ұл едiм ордалы ойын салмақтаған. Тұрлаулы тұлпар елдiң түлегi едiм, Алқынып аламанда шаң қаппаған. Үкiлеп бата берiп аттандырды Саңылақ Сарыарқадай ардақ далам. Қасқайған қарт бабамдай Алатауым, Қонсыншы биiгiңе таңдап балаң. Қазақтай қайсар елiм, аманбысың, Ақынның жолын тiлеп «аруақтаған». Алаштың атқа мiнсе ұландары, Айтылар «Аллажарлап!» ұрандары. Ержүрек ұлдарымен асқақ әр кез Күмбiрi күнге жеткен Тұран бағы. Берлиннiң қақпасында ат ойнатқан, Армысың, қырық бірдің қырандары. Ерлiкпен емдеп көңiл күйiктерiн, Баукеңдей батырлармен биiктедiң. Мерейiң аса берсiн, майдангерлер, Жеңiсiң жасай берсiн, сүйiктi елiм. Аталар – айбын тұтар асқарларым, Сұңқардай қырық бiрде аспандадың. Шебiңдi бұза-жарып жау келгенде, «Алла!» – деп алға ұмтылып, жасқанбадың. Әлемге айбат шеккен Гитлердiң Ұшырдың мәңгiлiкке бастан бағын. Жүз жылдың мұғдарында болған емес Сендерден асқан батыр, асқан жалын. Тiлерiм – аман-есен аттаңыздар Келешек жаңа ғасыр баспалдағын.

Үлкендер, ұрпаққа үлгi бергенсiңдер, Қан кешiп, тарланбоздай желгенсiңдер. Бес жылда дұшпаныңның белiн үзiп, Жеңiстiң боларына сенгенсiңдер. Бiрлiк пен рухтарың мықты болды, Дұшпанды сондықтан да жеңгенсiңдер. Жаңбырша жауған оқтан аман қалып, Шапағын бейбiт күннiң көргенсiңдер. Мерейiң арта берсiн, әкелерiм, Ғасырдың Алпамысы сендерсiңдер. Бiрi едiм шыққан ұлдың қара жолға, Кездестiм өзiңменен дара жолда. Өлеңiн Құранымен қатар өрген, Жәкендей, аманбысың, бала молда. Көзге iлмей боз даланың сары атанын, Менменсiп сөйлейсiң-ау, балақаным. Ағаңды домалату оңай болмас, Ойланып көрсең қайтед, балапаным? Ақтарсаң ақиқатпен ақылыңды, Болады қарашаға атың үлгi. Қансонар күнде мұндай бола бермес, Бауырым, жалғастырғын нақылыңды. Жәкен: Ағасы, жерiм жоқ ед менмендеген, Менмендiк жолдас қылар шермендемен. Ескендiр жердiң жүзiн билегенмен, Менменсiп ешқашан да сенделмеген. Жақын тұт, алыстатпай, арамызды, Сыйладық мына сiздей ағамызды. Ал ендi салған жерден сен жабысып, Жаппастай отырсайшы жалаңызды. Арқадан келген ақын өрден асып, Сөздерiң емес сенiң елге қашық.

Осылай сыпайылап отырып та, Кететiн кездерiң бар белден басып. Аманжол, неменеңе жымиясың, Бiр өзiң билегендей жыр ұясын. Айтыста мына сендей аптыққанның Шығарып жаттыққанбыз шiлиясын. Аманжол: Сөйлейсiң ыңыранып шептi бұзбай, Қарайсың шалға қосқан кектi қыздай. Қомданып, бiр серпiлiп отырсайшы Аң көрген, қиядағы тектi құстай. Санамды тоқсан сұрақ мазалады, Толғансам iштегi шер тазарады. Жәкен-ау, айналайын күлiп отыр, Молдадай тымыраймай қазадағы. Кетпесін басыңдағы бағың үркiп, Сөйлейiн аузымынан жалын бүркiп. Ақтаңгер ағасымен айтысам деп, Алмасын Жәкен бала таңын жыртып. Тiлдессең көш тоқтатып далалықпен, Тебiренiп үн қатады даналықпен. Көрсетсең iзетiңдi iнiлiкпен, Ашайын құшағымды ағалықпен. Ақындық – қасиетiм қанымдағы, Сайраймын сандуғаштай бағындағы. Жұма сайын бәйгеден олжа салған Елiмнiң жүйрiгi едiм бабындағы. Атадан асып туған айбарлы ұл Әркiмге басын иiп, жалынбады. Дiн жайлы ойыңды айтшы, Жәкен iнiм, Ұл едiң Рәтбек қажы сабындағы.

Жәкен: Ал, әуелде Адам ата – ұлық бабам, Нәпсiсiн зiкiрменен құлыптаған. Өсиет тыңдап жұртым әр айтыстан, Жүрсе екен қасиетiн бiлiп ғалам. Құранның түскенi рас анық көктен, Алланың әмiрiмен дәрiптi еткен. Уаhидтi Жебiрейiл мезгiлiмен Мұхаммед пайғамбарға алып жеткен. Құраннан алты харам көрдiм, аға, Қоғамда бiздiң мына дамып кеткен. Дертiңдi кәләм-шариф анық басар, Оқыған ғалым жұртқа жарық шашар. Жегенде доңыз етiн, сол хайуанның Мiнезi мен құлқы да қалыптасар. Болмайық, ал, ағасы, ғарiп тағы, Ақынсың ел алдында жарықтағы. Арақты iшкендердің ақырында Малдан төмен боларын анықтады. Парақор адамдарға тiрек болған, Сөйлейтiн ислам жайын жүрек болған. Әбеке, сен жалғастыр, Құран бiлсең, Ашсайшы ел жүрегiн түнек болған. Аманжол: Сөзімнің қарымтасын қайтармадың, Шын дарынды қырыңнан байқалмадың. Қазiргi дiн жайында сұрап едiм, Мардымды еш нәрсенi айта алмадың. Имансыз ел емеспiз құдайы жоқ, Бiтiмсiз емес едiк шырайы жоқ. Қажысы Алматының көбейгенмен, Мешiттiң бiтетұғын сыңайы жоқ.

Әзiрге iсi оңға басар емес, Жемқорлық жанымыздан қашар емес. Бiр өзi еңбек етiп мешiт салған Кешегi Құнанбайлар осал емес. Бұл күннiң қажысы мен қалталысы Халқына ондай рахым жасар емес. Халқының садақаға берген пұлы Мүфтидiң айлығынан асар емес. Тәңiрдей сырласпасаң дара күшпен, Жаныңа жазылмастай жара түскен. Қазiргi кей қазаққа таңқаламын, Меккеге барып келiп арақ iшкен. Мықтыны заман өзi даралайды, Жаманның жалған iсiн қаралайды. Меккеге барып алып кейбiр қазақ, Қыдырып дүкен, базар аралайды. Осындай имансыздың қылықтары Жүрегiн Жаратқанның жаралайды. Парамен, жемқорлықпен тапқан ақша Қажылық ырымына жарамайды. Iлiмнiң бойла, iнiм, тереңiне, Ел сонда иланады дегенiңе. Алаштың мұң мен зарын айта алмасаң, Молда боп бұл фәниде керегi не?! Жәкен: Әбеке, бiз байқадық қарқыныңды, Көрсеттiң қарқыныңмен әр қырыңды. Молдаға тiл тигiзбей отырсайшы, Ойламай мәртебеңдi жарты күнгi. Iнiм деп жалымыздан сылап-сипап, Жуасытқың келедi жалпы кiмдi? Бiз-дағы қара жаяу емес едiк, Атыраулай берместен ал тiлiмдi.

Толтырам алдыңызды қадiрiмше, Отырам жете бiлiп артығымды. Жетерлiк бiлiмiң бар бiр басыңа, Ұсындың ел-жұртыңа мұнда шыға. Мешiттiң бiтпей жатса, өкпелегiн, Әбеке, Рекеңдей дiнбасына. Әр сөздi айта бiлсең сауап болар, Қажыны шын мұсылман тауап бiлер. Барып кеп арақ iшсе, ол, Әбеке, Шын дүние болғанда өзi жауап берер.

БАЯНҒАЛИ ӘЛIМЖАНОВ ПЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ Ағыбай батырдың 200 жылдығына арналған айтыс. Балқаш қаласы, 2002 жыл Баянғали: Жер шоқтығы – Көкшеден Көл үлкені Балқаштың Даласына бір сәлем! Осы тойға кеп отқан Ата менен ақ шашты Анасына бір сәлем! Облысыңның басшысы Камалтиндай ағамыз, Алтын тонның осында Жағасына бір сәлем! Тоқтар батыр ағадай Ағыбайдың бүгінгі Жалғасына бір сәлем! Алдыңызда әлгінде Мың бұралып ән салған Баласына бір сәлем! Өткен бір күнді ойласаң, Жаралы болды жан неге? Қаралы болды хал неге? Зарлы болды ән неге? Төгілді судай қан неге? Азаттық деген – ұлы арман, Қол жеткізбес емес қой Алданатын әрнеге.

Түйінін бұғау шешем деп, Шешілмесе кесем деп, Азаттық үшін алысып, Армандап өткен бабалар – Жасындайын Наурызбай, Ақжолтайың – Ағыбай, Кемел ойлы хан Кене. Орындалған секілді Атадан қалған ұлы арман. Барлық қазақ бұл күнде Айналып қана кетпей ме «Ағыбай» деген ұраннан?! Қарағанды, Жезқазған, Кең Балқаштың ұлы елі, Мың рахмет айтамыз, Ағыбайдың тойында Ұран салып, ту алған, Томдап кітап шығарған. Аманжол, құтты болсын кітабыңыз, Айтыста талай-талай бұрқадыңыз. Ғалым боп атаң жайлы кітап жазып, Бір жаңа биікке енді шырқадыңыз. Кітабың құнды болып, айналайын, Мәңгілік мұра қылсын ұрпағыңыз. Ойлап бір, шіркін, қарасаң, Абылайдың нәсілі, Азаматтың асылы – Бекмаханов Ермұқан, Кенесары, Наурызбай, Ер Ағыбай жайында Келісті кітап жазғанда Ер парызын атқарып, Сол үшін кеткен сотталып. Жығылғанға – жұдырық, Жабылып біз де даттадық. 3-302

Есенберлин Ілияс «Көшпенділерді» көркейтіп, Келістіріп жазғанда, Лениндік сыйлық аларда Мейманасы тасқан Мәскеуге Вагон-вагон арыз боп, Бақа-шаяндай қаптадық, Жабылып сонда даттадық. Өлтіріп алып екеуін, «Арысым» деп жоқтадық. Естімес жерге кеткен соң, «Рухани ерлік жасаған Данышпаным» деп мақтадық. Ойланып тұрып қарасаң, Қайран менің қазағым, Қайшылығы неткен көп халық?! Сол секілді, ағайын, Өкініп қалмай күні ертең, Атасы жайлы қос кітап Жазып келген бұл тойға Аманжолдай балаңды Қол соғып, қане, мақталық. Аманжол: Көкшенің құлжа ойнаған асқарында, Ақиық қыран ұшқан аспанында. Манас пен Қобыландының рухы бар ед Баянғали ағамның дастанында. «Ау, ау», – деп екі мәрте айғайладың, Байеке, оныңыз не, сасқаның ба? Ақын деген қазақтың ырысы еді, Ал батыр қылшылдаған қылышы еді. Ақын менен батыры бірге болса, Ұлтымның тарылмаған тынысы еді. «Ау, ау», – деп екі мәрте айтқаныңша, «Ақжол!» деп ұрандаған дұрыс еді.

Сапарға «Ақжолтайлап» аттаныппын, Ақауыз, Көкбестідей баптаныппын. Жырымды қарашаға арнап айтып, Халқымның табысына шаттаныппын. Қынаптан қылыш шығып үлгергенше, Тоқтамға келтірер сөз ақтарыппын. Жігіттің пәнидегі салтанатын Көне ғұн мен сабырлы сақтан ұқтым. «Алла жар!», «Ағыбайлап» сөз бастайын Алдында қазақ деген мәрт халықтың. Үкілі баласы едім елік қырдың, Өнерді өміріме серік қылдым. Тұлпарымды тұмарлап Қарағандым, Торғынды сауытымды берік қылдың. Бұл күнде Астанада жүрсем-дағы, Еркелеп есігіңе келіп тұрмын. Өлеңмен өрнектедім ғұмырымды, Өнерде лайламадым тұнығыңды. Қараөткелдің бойында жүрсем-дағы, Туған жер, қимай жүрмін тұғырыңды. Артында асылдардың соқпақ қалған, Жолменен жолбарыстай жортпақ балаң. Тоқтардай ағамызға сәлем бердім Ақжолтай Ағыбайды жоқтатпаған. Қанаты қыран құстың күнді керген, Ақыны қарашаның тілді келген. Айды да әуенімен тербетіп ед Сар даламда қозғалған сырлы керуен. Ақжолтай Ағыбайын сағынған соң, Қазаққа Тоқтардайын ұлды берген. Байеке, сөзді бастап сыр ұқтырдың, Мөп-мөлдір өлеңіңді тұнық қылдың.

Соңыңнан ерген біздей бауырыңды Бойдағы жігеріңмен шынықтырдың. Өзіңдей шабыты зор ағамменен Араға сегіз жыл сап шығып тұрмын. Байеке, болғаныңмен мұратың бай, Ініңмен бола қоймас қуатың сай. Дегенмен көсілетін кезің келді Кешегі Ақандардың құла атындай. Ышқынып, біртүрлі боп кетіпсіз ғой Ініңді иегінен ұратындай. Таймайды тұғырынан ардақты өрен, Өзіңдей жақсы ағаны саңлақ дер ем. Бекмаханов, Әуезов бастамасын Бүгінгі ұрпағы боп жалғап келем. Қалың ел тілеу тілеп қолдағасын, Батырлар қорғап өткен боз даласын. Доскей, Иса, Хамиттей ақындарым Қаймықпай айта білген сөз данасын. Әуезов, Есенберлин, Бекмаханов Шындықпен айтып кеткен көзқарасын. Тарихтан өз бағасын ала алмай жүр Нысанбайдай жырауым енді, Алашым. Баянғали: Мен сенен тұрған жоқпын сасайын деп, Айтыстан және бүгін қашайын деп. «Ау, ау», – деп айғайласам, мен ойлаймын, Ел мұңын естімейтін астаналық Дөкейлердің құлағын ашайын деп. Аманжол ата салтын жалғап кеткен, Бір сөйлесе ұзақтан толғап кеткен. Сегіз жыл бұрын мұнымен айтысқанда, Аңқитып бұл ағасын алдап кеткен.

Аманжол бұл айтыстың жартасындай, Шетелге көрсететін маркасындай. Көк жұлдыз боп жарқырап жеке-дара, Тұрады шоқ жұлдыздың ортасында-ай. Құладай мен көсіліп бір көрейін, Болмасаң Батыраштың балтасындай. Бұл бала, байқап тұрмын, оқымысты, Сөзінен біраз жұрттың іші пысты. Түйіп айтса қайтеді бабасындай Бұзатын бір-ақ сөзбен бекіністі?! Қош келді Тоқтар батыр ағам мұнда Өтеген сан ғасырлық өкінішті. Ғарышқа да бір өзі Барып келген Тоқтарым. Көкке жолды ең алғаш Салып берген Тоқтарым. Көк Түріктің көп жылғы Қайтпай келген есесін Алып берген Тоқтарым. Қайратты да мейірлі, Айбатты да зейінді, Болған-ақ шығар әлемнің Батырлары осындай Бұрынғы мен кейінгі. Алақаны күректей, Саусақтары білектей, Абыроймен келеді Туған елін жүдетпей. Атлас батыр секілді Көк күмбезін құлатпай, Ұстап тұрған тіректей. Аманжол, шошынасың қырасың деп, Ағаңмен қан майданға шығасың кеп. Шыға сала неге сонша зәрең кетті, Ініңді иегінен ұрасың деп?!

Тарихтың қызық-қызық доңғалағы, Ақынды ақын сыйлар жөн болады. Алдында қалың елдің біз отырмыз Тудырған мені менен сен баланы. Байекең оң қолымен бір-ақ тартса, Аманжол, бауырым-ау, нең қалады? Сендей-сендей томпиған Балаларды бір кезде Алақанға салғанмын, Арқасынан қаққанмын, Жайын тауып баққанмын. Тайраңдап келіп алдыма, Кеудесін керсе жуандар, Иектен де қаққанмын, Қарыннан да қаққанмын. Неғыламын алдыңда Ағайындап бөсіп мен. Менің атақ-даңқымды Қырғыз-қазақ есіткен. Талай-талай дөкейлер Кететұғын алдымнан, Қалмайтынмын шошып мен. Сендей-сендей жуанды Бір-ақ тартқан кезімде Жібергенмін тесіп мен. Нанбасаң сұра, Аманжол, Мына отырған Жүрсін мен Анау Көпен, Несіптен. Көкшеден көп-көп сәлем ала келдім, Алдыңда әсем әнге сала келдім. Аралап кең Балқашты емін-еркін, Дос-бауыр мен өзіме таба бердім. Балқаштың дархан жұрты жомарт екен, Бәріңе мен жоғары баға бердім. Сонан соң «Барыс» дейтін комплекске, Оған да, айналайын, бара келдім.

Жировтың өзі қолға түспеген соң, Тарсылдатып мешогын соға бердім. Жар болсын қазағыма бір құдайым, Алдыңда ағыл-тегіл ағылайын. Аманжол қытығыма тиіп кетсе Мен неге құтырынып, қағынайын. Айтыстың үзілмеген үміті едің, Мен сені қинап қатты нағылайын?! Балалар бізден соңғы өсе берсін, Әрдайым жырларыңды сағынайын. Жиров та бөтен емес, ағайындар, Оған да жар болсыншы бір құдайым. О дағы Қазақстан бір баласы, Тұқымы болғанымен Сарыбайдың. Әлемде озып-жарып келе жатыр, Аруағы қолдаған соң Ағыбайдың. Аманжол: Басына тұрақтаған мұрат-бағы, Ақын ең арқаланған құр аттағы. Махамбетше барып айт дөкөйлерге, Кім естид айғайыңды жырақтағы?! Ақ кірген шақта, аға, самайыңа, «Қарсы тұрам» деймісің талайыңа. Сары алтындай бағалы ағам едің. Мен сені теңемеспін қалайыға. Ортада Тоқтардайын батыр барда, Батыраш жоламайды маңайыңа. Басталған Көкшетаудан жол болыңыз, Інілерге келгенде мол болыңыз. Қырғыздың дастандарын айтушы едің, Кешегі Манастардай зор болыңыз. Иектен Аманжолды ұрамын деп, Сынып кетіп жүрмесін оң қолыңыз.

Егделік ер жігітке сенім бермес, Ініңмен белдесуге белің келмес. Көрікті Көкшетаудың өр баласын Балқаштың асыл халқы тегін көрмес. Қазақтың қарапайым сөзі бар ғой, «Елуде еңкейгенмен, ебің келмес».

Арда жас артта қалды қырықтағы, Маржанға қолың жетпес тұнықтағы. Айбарлы отыздағы Аманжолдан Ағаның жөн болады сыр ұққаны. Ағыбай атам құсап айбарлансам, Қасқырша қыңсыларсың құрықтағы. Баянғали: Ағайын, бұл інімнің жолы болсын, Жырына әрдайым да көңіл толсын. Ал, қане, бәс тігейік осы жерде, Бұл жерде жекпе-жекке Аманжолдың Бір емес, маған десе оны келсін. Аманжол, мен өзіңді ұнатамын, Аруақты баласы едің бір атаның. «Мықтымын»деп мақтанба, айналайын, Ұрғанда бұқаны да құлатамын. Жүрегі ақындардың күпті болса, Жазылады жан жарасы жұрты болса. Ал енді ішінде миың болмай, тас маңдайың Көрермін бұқадан да мықты болса. Елу деген кәрілік емес әлі, Ағаңның мұқалған жоқ жебесі әлі. Сен маған «Ағыбайлап» ұрандама, Артымда тұрған кезде Кенесары. Аманжол, керегі не дау, егестің, Байқаймын, сен де асау, сау емессің.

«Ағыбайлап» қарсы маған шабатындай Мен саған сырттан келген жау емеспін. Алаштың аспанында самғап жүрмін, Ел мұңын әрқашан да толғап жүрмін. Мұхтар атам, Шоқан мен Әлкейдейін Арасын қырғыз-қазақ жалғап жүрмін. Қырғыз-қазақ жырын мен жырлаған соң, Тоқтарға да жырымды арнап жүрмін. Тоқтардың қасиетті затын көргем, Оны мен елден ерек батыр көргем. Тоқтардың айтысында анау жылы Айтыста өз қолынан атын берген. Мен оны үлкен-үлкен тәртіп көрем, Содан бері, ағайын, шалқып келем. Тоқтар ағам мінгізген ақбоз атты Сенің он машинаңнан артық көрем. Қазақтың атым мәшһүр даласына, Жол салдым екі елдің арасына. Байекеңді Балқаштың қолдап жатыр Еңбектеген кішкентай баласы да. Байекең шалқып-тасып қызып кетсе, Түсірер Аманжолды сабасына. Бірақ та онша қатты тиіспейін, Сүйкімді жігіт еді-ау ағасына. Қиратып мен тастасам несі қалар, Керек қой бұл Алаштың баласына. Аманжол: Демессің бауырымнан ырқым басым, Сен бүгін Ағыбайдың жұртындасың. Саңылақ Сарыарқаның төскейінде Қалың ел бізден текті сыр тыңдасын. Менен гөрі, Байеке, үлкендеусің, Көрдің ғой қырық деген қырдың басын.

Сөзімді ести алмай Байекеңдер, Жүрсіннен сұрап алып тың-тыңдасын. Отыздағы інісін көрген кезде «Шаба алмай кәрі тарлан сылпылдасын». Киелі мен өзімнің жерімдемін, Аяулы қазақ деген елімдемін. Отыздағы ордалы азаматтың, Байеке, көріп пе едің шегінгенін?! Айбарлы Ағыбаймен шайқасам деп, Білерсің Баят шалдың жеңілгенін. Ежелден қазақ деген іргелі елміз, «Ақжолтайлап» шайқасқа кірген ерміз. Тіземізді батырмай көршілерге, Көшпелі бейбіт өмір сүрген елміз. Толғатып Толағайдай батыр туып, Бағасына жете алмай жүрген елміз. Кіндігін жаңа күннің жасын кесіп, Басыңнан өтті талай ғасыр көшіп. Елім деген ерлерді ержеткізген Аналарым тербеткен асыл бесік. Ереулі атқа ер салған Махамбеттің Алмап па еді өз қазағың басын кесіп? Құпия өткен күннің көп дерегі, Бірліктің құламасын көк терегі. Бурадай буырқанған батырлары Өркешіне оқ тиіп шөккен еді. Даламның қас батыры Иманжүсіп Заманының тарлығын шеккен еді. Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай, Мәди де қудаланып өткен еді. Көтеріп кетсе-дағы айбатыңды, Батырлар қыршынынан жайратылды. Еркек тоқты құрбандық болып кеткен Желтоқсан тоңдырмап па ед Қайратыңды?!

Күндестік деген бізді дерт торлады, Кей-кейде қиянатта шек болмады. Жанымызға батады Әбдісалан Қарақшының қолынан мерт болғаны. Досыма сілтемедім шоқпарымды, Батырлар таңдандырған Көк Тәңірді. Біз бүгін бағаламай жүргендейміз Хас батыр – ортаңдағы Тоқтарымды. Сұңқарың қайда, халқым, аспандағы? Құлжаң қайда қасқайған асқардағы? Еліміз тәуелсіздік алған шақта Батырдың аумасыншы бастан бағы. Бүгінгі әуе күшін еліміздің Жөн болады Тоқтардың басқарғаны. Баянғали: Ағайын, дәйім жақсы күйің болсын, Той болып, дәл осындай жиын болсын. Әумин деп барлығымыз бет сипайық, Сөзіне Аманжолдың түйін болсын. Жарысып көрдік біз де мұныменен, Айтыла жатар әлі бұрынғы өлең. Ағалары сыйлайды інілерді, Ағаны да сыйласын іні деген. Сақтасын біз жұлқысып, алысқаннан, Жазбасын жақсылықпен табысқаннан. Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар Жарбаңдап бір-бірімен алыспаған. Аталар қасиетті қайда кетті Күн сайын бізден ары алыстаған? Қағынып бара жатыр бүгін заман, Адам жоқ бұл қазаққа ұрынбаған. Әбдісалан ағамыз өткен кезде Несіп қана жоқтау айтып шырылдаған.

Қазағым, етек-жеңің жинай білші, Кім тоқтатар иттерді ырылдаған? Келген соң бұл Балқашқа өлең айтып, Мен дағы жақсылыққа ырымдағам. Маған да қолдарыңды соғып қойшы, Аманжол сияқты, бөтен емес, мен де балаң. Қайта айналып келгенше ортаңызға, Болып тұр, қайран елім, есен-аман.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ӘБІЛҚАЙЫР СЫЗДЫҚОВ Ағыбай батырдың 200 жылдығына арналған айтыс. Балқаш қаласы. Қыркүйек, 2002 жыл Аманжол: Сайланып жайлауында ерке үмiттiң, Аяулы арманымды ерте күттiм. Азат күннiң ақ нұры құйылсын деп, Ақ орданың түңiлiгiн кең түрiппiн. Өнердiң өрге бастар сапарында Өлеңнiң өнегелi сертiн ұтым. Күлтегiнше күмбiрлеп нақыл айтып, Заманның шаттығы мен дертiн ұқтым. Тоныкөктей толғанып ақыл айтып, Кетбұғаның күйiндей шертiлiппiн. Ғасырлар соқпағында тағдыры бар, Армысың, тектi ұрпағы ер түрiктiң. Дүние, болғаныңмен iзiң жалған, Алдыман қол бұлғайды қызырлы арман. Белiмдi бекем буып мен де келдiм, Жүйрiктер бас қосқанда дүбiр жарған. Сөйлесе жақсы ақыннан сөз қалған ба, Көшкенде жүк қалмайды қызыл нардан. Менiң кеме көңiлiм сапар шексiн, Күдiктiң кiдiрместен мұзын жарған. Қансонаршыл қазақтың баласы едiм Құмайысын жүгiртiп, құсын салған. «Ақжолтайлап» аршындап сөз бастайын, Қуат бер қызыл тiлге, құзырлы Аллам.

Ағыбай алты алаштың ұраны едi, Көк бестi желден озған пырағы едi. Хан Кене, Ағыбайлар арқасында Бермеген өз намысын Тұран елi. Саңылақ Сарыарқаның кең даласы Ұлтымның орда тiккен тұрағы едi. Қозғалысты бастарда хан мен батыр Алладан азаттықты сұрап едi. Еңселi ердiң тойын тойлап жатқан Балқаштың, аманбысың, қырағы елi! Жетудi армандаған азат күнге Тұлғасы бабалардың ғажап мүлде. Аяулы Ағыбайдай батыр ұлды Толғатып туа бермес қазақ күнде. Алаштың бола бiлген қорғанышы, Ағыбай батырлардың ордалысы. Хан Кене ерлерiне бағышталсын Бүгiнгi ақындардың толғанысы. Ал ендi құрдасыма бұрылайын, Билеген тұла бойын зор намысы. Алқымымнан алардай аласұрған, Армысың, Сыр елiнiң жолбарысы. Ақынсың жеңiс тапқан бек күнiңнен, Салауатты ер едiң серттi бiлген. Шашубайын сағынған ардақты елдi Толғанып тебiрентшi тектi үнiңмен. Жүрмейдi сiлтей бiлсең қылышқа сын, Ақыннан, асыл сөзден ырыс қалсын. Көк бестiдей көсілiп топтан озсаң, Алдыңнан арқан керiп кiм ұстасын. Шашақты Ағыбайдың найзасындай Ақындар жыр найзасын тiк ұстасын. Құс керуенiн шақырып, шалғай кеткен Аққу-жыр қайтіп бүгiн бiр ұшпасын.

Зауыттың түтiнiнен тұншыққан ел Ақынның жырларымен тыныстасын. Әбiлқайыр: Аманжол да әсерлi ән екен ғой, Жiгiттiң көрiктiсi, сәнi екен ғой. Екеуiмiз сiз-бiз десiп айтыса алсақ, Мен де сенi шын сыйлап, хан етем ғой. Алқымынан алатындай деп отырсың, Мен дағы әжептәуiр нар екем ғой. Қауқарым мынау ғой деп жүрушi едiм, Менен де қорқатындар бар екен ғой. Ардақты асыл елiм Балқаштағы, Бiр ұлың Сыр елiнен ән бастады. Еске алып, ерлiк жасап жатырсыздар, Ақжолтай Ағыбайдай марқасқаны. Арқалы ақындардың басын қосып, Айтыстың жарқылдады алдаспаны. Сiздердей саралы елдi көрiп тұрып, Тартынып ақындардың қалмас бәрi. Ассалаумағалейкум, бармысыздар, Жақсы мен жайсаңдардың жалғастары. Өспес ел өткендерiн танымайды, Өлi риза болмай, тiрi байымайды. Ақ туын азаттықтың асқақтатқан Бiз қазақ пiр тұтамыз Абылайды. Бабалар жүрiп өткен өмiр жолын, Ойласаң, бәрi күрес, бәрi қайғы. Елдiгi елiмiздiң осы емес пе, Ардақтап жатқанымыз Ағыбайды?! Ерлiгi елден-елге әрi асады, Кiм, кәне, бұл ойыммен таласады?! Отарлап ел мен жерге жау шапқанда, Бабалар ойлап бiлген арашаны. Елiм деп еңiреген ер Ағыбай, Көрсетiп қалың қолға тамашаны.

Ақжолтай Ағыбайдай бабамызға Қандай той жасасақ та жарасады. Бабамның тойы бiзге бүгiн жеткен, Күлiмдеп күнiң көкте нұрын төккен. Ерлердiң ерлiгi елге мұра болып, Ұрпақтардан ұрпаққа үнi жеткен. Бабалар ерлiгiнiң арқасы ғой Тәуелсiздiк тұғырың бүгiн жеткен. Торқалы тойларыңыз құтты болсын, Алқалы алты алашқа дүбiрлеткен. Құрдасыммен кездесiп, Қыраныңдай көгiңде, Бұйырса, мен де самғаймын, Ұлылардың өйткенi Жалғасы болып жалғастым. Балқаштың мынау бойында, Ағыбайдың тойында Көрмегендi көрсетiп, Көсiлейiк екеуiмiз, Тартынып мен де қалмаспын. Торқалы тойың, ағайын, Құтты болсын дегеннен Басқа сiзге не дейiн?! Құрдасым келдi қасыма, Өзiңдi мен де демейiн, Сабыр түбi – сары алтын, Құрметпен кезек берейiн. Аманжол: Жыр төкпей өткiзбейтiн бек күндерiн, Мен сенi Бұдабайдай тектi ұл дедiм. Сабырмен алшақ басқан нар ма десем, Мақтауға есiң кетiп екпiндедiң. Жолбарысқа теңеген құрметiмдi Қорыққандықтың белгiсi деп бiлмегiн.

Қызыл қылыш асынып бiлегiне, Хан Кене мiнген екен күреңiне. Ағыбай, Наурызбай мен Бұғыбайлар Айналған бар қазақтың тiрегiне. Жоламан, Басықара, Жеке батыр Жорықта нұр ойнаған реңiне. Шәкiр, Жәуке, Бұқарбай, Иман батыр Сұңқардай қанат қақты, түледi де. Тағы басқа айбынды батырларым Қорғаны бола бiлген дүр елiне. Пушкiге қылыш ұстап қарсы шыққан Таңғалам бабалардың жүрегiне. Саусаққа киiп төре күн жүзiктi, Ақ орданың түңлiгiн түргiзiптi. Ақ киiзге көтерiп Хан Кененi, Бар қазақ хан тағына мiнгiзiптi. Бас батыр етiп сайлап Ағыбайды, Бiлегiне қылышын iлгiзiптi. Патшалық Россия империясы, Қайтейiн, көрсетпедi-ау бұл қызықты. «Бөлiп ал да билей бер» саясатын Халқымның арасына жүргiзiптi. Шен берiп, атақ берiп болыстарға, Ерiксiз шеңгелiне кiргiзiптi. Ханға аға сұлтанды қарсы қойып, Ынтымақтың арқасын тiлгiзiптi. Ақыры бодандыққа көндiргесiн, Талай жыл бiр iзбенен жүргiзiптi. Оңайлықпен көрген жоқ бiздiң қазақ Азаттық деп аталған дүр қызықты. Ақ патша уысына алмақ болған, Iштен солай iрiтiп, жармақ болған. Ұядай мекенiмдi қырық бөлiп, Әр жерден бекiнiсiн салмақ болған. Қазақтың ең шұрайлы жерлерiне Шегiрдiң мұжықтары таңдап қонған. 4-302

Бекiнiстi талқандап Ағыбайлар, Жерiмдi аман сақтап қалмақ болған. Өздерiңе мәңгiлiк қарыздармыз, Қайраткер бабаларым саңлақ болған. Өнердiң жол iздеген ауласынан, Жiгiтсiң жаңылмаған тәубасынан. Жауынгер көшпелi елдiң ұрпағысың, Жасқанбай желiп өтер жау қасынан. Ал ендi кезек бердiм, қанат қақшы, Ұшқандай текті бүркiт тау басынан. Әбiлқайыр: Мен де жырмен халқымды аралармын, Аманжол, айтқаныңды бағалармын. Еңбегi ешқашанда ұмытылмас Жаңағы өзiң айтқан даналардың. Елiмдi қиындықтан алып шықсын, Аруағы желеп-жебеп бабалардың. Ерлiгi ерлерiмнiң ақталады, Қосылып жатыр елдiң баққа бағы. Шынымен, бұл қазаққа кiмсiң десе, Бабамның атын айтып мақтанады. Бойында намысы бар қазағымнан Бiрлiгi барда жаулар сақтанады. Ерлiгi бабалардың мың жасайды, Ажыратып аларсыз ақ-қараны. Ерлiгi батырлардың ұмытылмай, Мәңгiлiк ел есiнде сақталады. Аманжол, өзiң жырлаған, Қаракерей Қабанбай, Жауын салған алдына Қанжығалы Бөгенбай. Ақ найзасын көтерген Шұбыртпалы Ағыбай. Бұқарбай менен Жанқожа Өңгерген жауды жанына.

Исатай мен Махамбет, Қаншама батыр тағы да. Қайсыбiрiн айтайық, Бабалардың барлығы Қазақтың туған бағына. Ақжолтай батыр Ағыбай, Бүгiнгi барша халықтың Жыр-әнi болған Ағыбай. Кешегi Кенесарының Жауға шапса жасқанбас Сыңары болған Ағыбай. Атқа қонған ерлердiң Кешегi жаумен шайқаста, Азаттық үшiн айқаста Құмары болған Ағыбай. Тоқсан сөздiң түйiнi, Алты алаштың баhадүр Ұланы болған Ағыбай. Аманжол: Көшпелi халық едiк нар ғұрыпты, Жанымнан биiк әр кез ар тұрыпты. Яссауи кесенесiн салған Темiр Әлемнiң шеберлерiн алдырыпты. Мысырда мешiт салған Бейбарысты Бөгде ел сұлтан сайлап, хан қылыпты. Алты алаштың мырзасы – Құнанбайлар Меккеден де тақия салдырыпты. Жошы хан кесенесiн көрiктi еткен Иманғали қайраткер арлы мықты. Қабанбай, Қарасайға кесене сап, Қайратым ел алғысын алды құтты. Ұлтжанжы Мұхтар ағам, Амангелдi Айтыстың отын жарық жандырыпты. Қашанда ұлтын сүйген қайраткерлер Артына өшпес мұра қалдырыпты.

Дүбiрлi той қамына амалдадық, Тұрғандай ұрпақ iсiн бабам бағып. Айбаты арыстандай аталарым, Бiлмеймiн, бере алдық па бағаңды анық?! Ағыбайға ескерткiш орнатпадық, Кесенесiн дұрыстап сала алмадық. Құм таулардан қажыдым, қайда шыңдар? Бармысың, заманаға сай жасындар? Дүниенi жиғанмен жанталасып, Фәниден құралақан қайтасыңдар. Бабаның ескерткiшiн орнататын Бұл күнгiнiң байлары, қайдасыңдар? Болса да Қорқыт пенен Асан қайғы, Өлiмнен пенде басы қаша алмайды. Ұрпақтардың бойында рух болмай, Ұлтымның жүрген көшi нашарлайды. Ана тiлдiң уызын ембеген ұл Еңкейiп елге есiгiн аша алмайды. Андрейдей байлары бүгiнгiнiң Өзiне үй салудан аса алмайды. Елiмнiң тiгiлгенде туы шыңға, Көңiлдiң кiр болмасын қуысында. Ақтарып айта алмасам маған да сын Тепсiнiп тұрған сөздi тiл ұшында. Бұл күнде Қарағандының бар ақшасы Усатовтай қулардың уысында. Шетелге кетiп жатқан қиырдағы Батырға мыстан мүсiн құйылмады. Ордалы Қарағанды қаласынан Ағыбайға бiр көше бұйырмады. Әбiлқайыр: Қазақтың өттi қанша арыстары, Белгiлi азаттық деп алысқаны.

Бүгiнде бабасының асын берiп, Халықтың жақсылықпен қауышқаны. «Бұл заманның байлары қайда?» дейсiң, Жақсылықты аңсағандай алыстағы. Мiне, осындай жиындар көптеп болса, Оянар деймiн әлi намыстары. Жырлайын жүрегiмде шабыт барда, Деушi едi келген ойды алып қалма. Ерлiгiн бабалардың ұмытпасақ, Аманжол, бұдан асқан бақыт бар ма?! Асылдардың ерлiгi өлмес мәңгi Сiздердей қасиеттi халық барда. Жарамас жүрегiмнен жыр ұсынбай, Кездеспес күнде жиын дәл осындай. Өзгеден озық туған ел едiк қой, Өнерде несiбең мол, ырысың бай. Аталы әңгiме айтып отырайық, Ел өзi таңдап алар дұрысын қай. Көздеген биiктерге бiрге шығып, Самғайық жыр-аспанда жыл құсындай. Аманжол, аламанның ақтангерi Дегенге сөз келтiрмей, жүрмiсiң сай?! Көсiлiп бауырымды бiр жазайын, Сөйлейiк ел алдында шын қысылмай. Шығайық топ iшiнен суырылып Ақжолтай Ағыбайдың қылышындай. Аманжол, ендi аянба, Шашубайша төгейiк. Үстi-үстiне қарқында, Балқаш көлi басында, Ағыбайдың асында Айтып-айтып кетейiк, Жай отындай жарқылда.

Аманжол: Жоқ едi жолдасыңа күндестiгiң, Алғысын Алашымның күнде естiдiң. Қала ұлының тақымын талдыратын Өзiсiң алып-ұшқан сұр бестiнiң. Сол жайында әңгiме қозғайыншы, Бар дейдi «Хорикейн» инвестрiң. Өсер ел өз ерлерiн тектi етедi, Сыбайластар өзгенi ептi етедi. Өз ұлың өндiрiстi дамытпаса, Қазынаңды әркiм кеп жеп кетедi. Түлкiше қулық қылып кетерiнде, «Қарғаша қарқ еткiздiм» деп кетедi. Нелiктен «Хорикейн» компанияңыз Қазақтың жiгiттерiн шеттетедi?! Канадаң долларларын санайды екен, Мұнайды меншiгiне балайды екен. Тиынына телмiртiп, дұрыс бермей, Қазаққа құл секiлдi қарайды екен. Санама сансыз жұмбақ сұрақ қонып, Кеудемнен ағылды бұлақ болып. Арал тұзы арқамды ашытады, Жүрсем де Сарыарқада жырақ қонып. Қазақтың миллиардер жiгiттерi Топ бастар күн бар ма екен пырақ болып? Өз ұлың мұнайыңа ие болса, Сыр бойы кетпес пе едi жұмақ болып?! Ұмытпа, ұлықтарым, құдайыңды, Билiкте адал өткiз бiр айыңды. Бульдок пен дүрегейдi аңға қосап, Қарғыда қыңсылатып құмайыңды. Канада алғанменен мұнайыңды, Жарылқап кiрiгiзбейдi шырайыңды.

Әбiлқайыр: Ерлерiм еркiн қанат қаға алмай жүр, Шырағын берекенiң жаға алмай жүр. Мұнайын өзi бере салған қазақ Қайтарып ендi кейiн ала алмай жүр. Ел мұңын айта бiлсек ақын дейдi, Жауға қарсы беттесе батыр дейдi. Киер киiм, iшер асқа жарымаса, Ондайды нағыз кедей, пақыр дейдi. Ал ендi Балқаштағы жұмыскерлер Түтiнменен у жұтып жатыр дейдi. Ерiнбей еңбек еткен еңбеккерлер Жалақысын аз алып жатыр дейдi. Кемшiлiктi тiзбелеп жүресiңдер, Қашанда елдiң мұңын бiлесiңдер. «Сыр елi олай-былай боп тұр ғой» деп, Жығылып жатып маған күлесiңдер. Экология зардабын халық көрдi, Өкiмет бiр сiлтедi анық қолды. Бүгiнгi Аралымың қасiретi Ойласа, қане, кiмге бақыт болды. Қаншама миллиондар аударылып, Бiреулер жарты жолдан қарық болды. Сол ақша келiп жетсе, Аралымыз Теңгеге толатұғын уақыт болды. Сауда деп қаншама ел сабылып жүр, Сандалып сары уайымға салынып жүр. Ендеше мен де айтайын, сен де тыңда, Қылмыс деген табандап қағынып жүр. Жұмыссыз жастар жағы жалыққаннан, Iшiмдiк, есiрткiмен жаңылып жүр. Шiренген шенеунiктер Елбасына Өтiрiк ақпар берiп жағынып жүр.

Ұятсыз газет, журнал қаптап кетiп, Халқымыз рухани тарығып жүр. Дiнiмiздiң дiңгегi мықты болмай, Өзге дiнге шатасып, малынып жүр. Мыңқ етпес министрлер миллионер боп, Мәңгiлiк тұратындай мәңгiрiп жүр. Осындай көлеңкелi кемшiлiктер Тып-тыныш елдiң iшiн шаң қылып жүр. Аманжол: Саңылақ Сарыарқаның атырабы Ластанған ауа жұтып аһ ұрады. «Қазақмыс» қожайыны – Ким мырзаңыз Тойына Киркоровты шақырады. Пугачева дегендер бiрге келiп, Ән салып бiр-екi күн бақырады. Мәскеу жақтан алдырған әртiстердiң Жүз елу мың доллардай ақылары. Сол ақшаны құйса егер осы тойға, Бәрi де болмас па едi мағыналы?! Келімсекке телмiрген қайран қазақ Құнанбайдай байларын сағынады. Адамға ырзық келмес талаптанбай, Ойлайық ұлт тағдырын қарап қалмай. Қарақұс басып жеуiн тоқтатпайды, Қыранның балапаны қанаттанбай. Маң-маң басып жүретiн күн бар ме екен Бекзада берекелi арабтардай?!

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЕРМЕК ЖҰМАТАЕВ Ағыбай батырдың 200 жылдығына арналған айтыс. Балқаш қаласы. Қыркүйек, 2002 жыл Аманжол: Қолына домбырасын алды өренің, Тілімнен сорғалатып бал беремін. Мұрагер перзентімнің біреуі еді Алашқа арнап айтқан арлы өлеңім. Теңіз жырдың толқыны бір туласын Тұлғасын теңселтетін нар кеменің. Сәт келді жарқылдайтын екеумізге Алдаспан қылышындай хан Кененің. Армандап тәуелсіздік арда күнді, Сары алтыннан сайладың балдағыңды. Хан Кене, жүрегіңмен сүйіп өттің, Қалың елің – қазағың, ардағыңды. Ұлтымды бодандыққа бермеймін деп, «Абылайлап» қоздырдың әруағыңды. Оң жағыңа ертіп ап қол бастадың Ағыбай, Наурызбайдай тарланыңды. Шен таққан ақ патшаның өкілдерін Көрмеуші ең қарқылдаған қарға құрлы. Өз бауырың – қырғызың тор құрғанда, Өкініп, шайнап едің бармағыңды. Азаттықты аңсаған кемеңгерім, Алыстан болжапсың-ау алдағыңды. Бүгін, міне, тәуелсіз қазақ болдық, Нұрағаң орындады арманыңды.

Бел буған тәуелсіздік жолға бекем, Батырлар ел-жұртының қорғаны екен. Күшіне ақылы сай Ағыбайдың Иығына бақ құсы қонған екен. Ағыбай қол бастаса, хан Кененің Сапары сүйіншілі болған екен. «Аты ұранға айналған Ақжолым», – деп, Көңілі хан Кененің толған екен. Он жыл бойы шайқасқан ақ патшамен, Шынымен, бабаларым ордалы екен. Ереке, аманбысың, кәрі студент, Тоқыраудың тұсында бар студент. Жиырмасыншы ғасырдан келе жатқан Екі беті табақтай нар студент. Ұлы едің Алатаудың арыс маңдай, Қабырғаң, халқым десең, қайысқандай. Апайтөс Сарыарқаның даласында Тұмарлы екі тұлпар жарысқандай. Тартымды айтыс болсын арамызда, Ағыбай Бөлтірікпен сайысқандай. Ермек: Туған жоқ әңгімеңіз тың боп онша, Жауап берем тұрмаса да сын боп онша. Табақ бетті қайтесің әңгіме қып, Бойымызда басқаша мін болмаса. Қиналып жүр жұртымыз, кім де болса, Миллионерге жатпайсыз сіз де онша. Қиналғанда табақ бетті бір жалап қайт, Майланып аузың жүрсін, тым болмаса. Жатса екен қалың жұртым бағымды ашып, Тағы бір жыр төгейін жалындатып. Алдыңа жиі-жиі шыққаннан соң, Ақын да қалады екен бауыр басып.

Киелі Жетісудың жеріненмін, Жыр алыбы Жамбылдың еліненмін. Балқашқа алғаш рет келіп едім, Киелі Қызыр қонған төңірегім. Ақжарқын пейіл көріп елден мынау, Ауылынан шықпағандай сезінемін. Аманбысың, Аманжол қарсыласым, Аузын ашса көмейден шаң шығатын. Мен сені құрметтеймін кітап жазып, Тарихымның қойнауын аршығасын. Бүгін мына ел-жұртпен кездескенде, Аузыңнан жырдың сөлі тамшыласын. Көбейіпті ақынның сорттары, Ішінде аздау бірақ толықтары. Келбетіңнен, Аманжол, айналайын Бұландай күтіп баққан қорықтағы. Айтысқандар толық деп тиісуші еді, Жөн болды көлемдісі жолыққаны. Сүйінбай басынан сөз асырмаған, Сөйтіп оның тарихта аты қалған. Пошымың маған ұқсас тегін емес, Дұрыс қой істің басын ашып алған. Сүйінбай ел аралап көп жүруші ед, Тұқымы емеспісің шашыраған?! Аманжол: Берерсің жігіт болсаң сертіңізді, Алмайын сетінетіп шетіңізді. Қой сойып, бермесеңіз етіңізді, Қайтейін жылтыраған бетіңізді?! Өзіңді жақсы ақын деп даралаймын, Сүйінбай ұрпағы деп бағалаймын. Жетісудың жерінде берік өскен Бірісің тамыр жайған қарағайдың,

Белімді бекем буып мен де шықтым Жерінен Бұхар жырау, нар Абайдың. Тоң май жалап қомданған жан емеспіз, Мың жылқының арасын аралаймын. Сүйкімді сылаңдаған қыз болмаса, Табақтай бетіңізді жаламаймын. Сақтадым жүрегімде дала сырын, Табанға таптатпайды Алаш ұлын. Екі ақын шықты, елім, алдыңызға, Секілді маңдайдағы қарашығың. Жамбыл менен Шашубай айтысқандай, Табайық жақсы сөздің жарасымын. Тегімді сұрасаңыз, мен айтайын, Таза қанды Арғынның баласымын. Алпауыт Алатаудың айбарысың, Басылмас бек шағыңда сайран ісің. Боздауыңда бөгделеу үн бар екен, Десем де Жетісудың тайлағысың. «Ч, ч» деп сөйлеуіңе қарағанда, Жоқ па еді қырғыздармен байланысың? Бір Алла тарылтпасын ұғымыңды, Алмасын елге деген жұғымыңды. Үндінің баппен құйған шәйі сынды Өлеңде шығарып айт шығыныңды. Ереке, жұлмасам да жұлыныңды, Мұрныңа келтірейін шыбыныңды. Қонақ боп келгеніңде көшемізге, Қымыз құйып күтерміз кесемізге. Шикілік болмаса да әкеңізде, Байланыс болған шығар шешеңізде. Әзілдің айта берсе шегі болмас, Жақсының жүрегінде кегі болмас. Салауатты, сұңғыла сөз айтпасаң, Жайдақтау жауабыңның себі болмас.

Ереке, сөздің басын сен бастадың, Сұрап алған аурудың емі болмас. Ермек: Мен емес сіздің сөзге көнетұғын, Сіз емес бізді оңай жеңетұғын. Баласы Сүйінбайдың Ермек едім, Тереңнен жыр маржанын теретұғын. «Арғын» десең ел-жұртың қол соғады, Осы ғой біздің елді бөлетұғын. Сен келдің, Аманжолым, Астанадан, Мен кеп қалдым бұрынғы бас қаладан. Құр бекер кеп кетпейік қырдан қарап Ат үстінде кісідей жоқ қараған.

Қаламас ел ер жігітті өсірмейді, Өсетін ер елдің жоғын өшірмейді. Сөзімді отқа жығар ішің сезіп, Шындықты айтпай бұғанаң бекімейді. Астанада Балқаш жайын көтермесең, Ағыбайдың әруағы кешірмейді. Ақын ба екен жүректе жыр болмаса, Өлең бе екен ішінде сын болмаса?! Бастықтарды ақырын жұмсақтамай, Қатты-қатты айтайық, тым болмаса. Аманжол: Болмайды асыл ерді бағаламай, Көзіме көрінесің бағанадай. Мейірімнің жаямын ақ кілемін, Сөйлейін парасатпен, табаламай. Өзіңе Балқаш елі қол соғады, «Алыс жердің ұлы» деп алаламай. Қазақ елі, көтерер бір жүгіміз, Алаласақ қанайды кіндігіміз.

Қайғының тамшысына шомылмасын, Алашым, азат күнде кірпігіміз. Бәріміз бір қазақтың баласымыз, Ағайын, жасай берсін бірлігіміз. Сыр ұғып өткен күннің елесінен, Аттадық жаңа ғасыр белесінен. Бір кезде Балқаш көлі шалқар еді-ау Жүзгендей Нұх пайғамбар кемесімен. Табиғат ластанғаннан Балқашымның Бұл күнде құс ұшпайды төбесінен. Шындықты өзек етіп дастаныма, Ақ үмітпен қарадым жас таңыма. Табиғат – ұлы анаңды ардақтамай, Адамзат, шыға алмайсың асқарыңа. Балқашымның ауасы дұрысталып, Құстарым қайтып келсін аспаныма. Ермек: Елімнің берік қылсын бұғанасын, Аманжол да тыңдасын бұл ағасын. Ауызбірлік еліңнен кеткен болса, Келген-кеткен жеп кетер сыбағасын. Татулығың нығайсын, асыл елім, Жетімің шетке кетіп, жыламасын. Тағдыры бермегенде көп несібе, Кейбіреу жетімдерін шеттетуде. Шетелге кеткен жетім балалардың Кім кепіл бөлшектеніп кетпесіне. Біз тағдырдың сынында тұрғандаймыз, Сында тұрып салтанат құрғандаймыз. Шыныменен, ағайын, бүйте берсек, Отан деген сезіммен кімді алдаймыз?! Бүйте берсек, алпауыт АҚШ тұрмақ, Адамзаттың алдында сыйланбаймыз.

Жетім пана таппаса аулымыздан, Не пайда ауылымыздың барлығынан. Бүйте берсек, мен ашық айта алмаймын Жарқын болашақ бар деп алдымыздан. Жетімдердің қамқоры бола алмасақ, Не пайда хандығыңнан, нарлығыңнан?! Ал, Аманжол, інімсің кем демейтін, Дүбірде жүйрік болмас терлемейтін. Осы жерден тоғысып бір түйейін, Ал, бауырым, ары қарай сен не дейсің? Аманжол: Жөнделіп келе жатыр сыңайымыз, Бірлікпен күн кешейік ұдайы біз. Батыстың даласында ержетпесін Анадан текті туған құмайымыз. Бейкүнә жетімдерді шетке берсек, Қазақты кешірмейді құдайымыз. Ермек-ау, жылылық бар есіміңде, Кең пішкен береке бар кесіміңде. Жетімдердің тағдырын ойлап айтқан Ақыл бар, өнеге бар шешіміңде. Іңгәлап дүние есігін ашқан сәби Жүрмесін өзгелердің есігінде. Құрсақтан қазақ болып туған бала Өзінің тербетілсін бесігінде. Ағасы, сөз жолдадың назарыма, Мен сенің құлақ түрдім ғазалыңа. Қасым мен Мұқағали ағалардай Төзерсің бұл өнердің азабына. Ол рас, Алашымның төл перзенті Өзінің жақын болсын қазанына. Аяулы Алматымның төрт құбыласы Айналмасын Қытайдың базарына.

Заманның қиындығын жеңіп шығар Рух пен иман берсін қазағыма. Сұңқардай самғап ұшып алап, белден, Тектілер биігінде қанат керген. Хан Кененің соғысын Компартия Қарақшылық қимылға балап келген. «Қанаушы» деп жазғырып хандарымды, Өздері қалың елді қанап келген. Сананы бұғаулаған қызыл империя Ұлтымның төл тарихын талақ көрген. Тәуелсіз азат күнде ел табысты Ағыбай, Наурызбайдай қанатты ермен. Ұлтын сүйген ұландар өсе берсін Рухты қазақ деген талантты елден. Хан Кене өлерінде ән салыпты, Сөзіне барша қырғыз тамсаныпты. Тәуелсіздік жолында күрескенін Толғанып, жырмен айтып жар салыпты. Жүрегінің түгі бар арыстаным Ажалды да өлеңмен қарсы алыпты.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН МАРЖАН ЕСЖАНОВА Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған айтыс. Алматы. 2003 жыл Аманжол: Тұмарлы тұлпарым ең кермедегi, Ал, көсiл, шабытымның кер дөненi. Алпыс екi тамырды исiндiрсiн Бүгiнгi ақындардың нәрлi өлеңi. Түйiлiп топқа түскен дүлдүлдерге Аруағы Махамбеттiң дем бередi. Жарқылдап алдарыңа қайта шықтым, Халқымның ақ жүрегiн тербегелi. Қазағым, ұлт емессiң қаның сұйық, Сондықтан жаныңнан да арың биiк. Азаттықтың жолында ер Махамбет Күрескен бодандықпен жанын қиып. Ұлт рухын оятқан ат үстiнде, Кiсiнеген күреңнiң жалын түйiп. Белiмдi бекем буып мен де келдiм, Болсын деп басымдағы бағым биiк. Өлеңнiң құралайын өргiзейiн, Қырқадан құлағандай қалың киiк. Айтыспен ауыз ашқан мұсылманға Жырымның ұсынамын балын құйып. Жетсем деп азаттыққа дара күткен, Патшаға жүре алмадың қаналып сен. 5-302

Бұл күнде Исатайдай ерлер қайда Iнiнi соңына ертер ағалықпен? Алтыбақан ала ауыз болмасын деп, Күрестiң ел iшiнде алалықпен. Әлi де талай ұрпақ санасына Махамбет сәуле шашар даналықпен. Ер салып ұлы өнердiң тарланына, «Ақжол!» деп қадам бастым арманыма. Өмiрдiң мен бастаған өнер жолы Шығарар деп сенемiн заңғарыма. Жайғасқан Фатимадай маң-маң басып, Шымкенттiң сәлем бердiм Маржанына. Адамға ғадiл жарлық Хақтан шығар, Бойымдағы тектiлiк Сақтан шығар. Ұрпағы еске алғанда, Махамбеттiң Аруағы тебiренiп жатқан шығар. Ақтабан, Тарлан болып қайта туған Байбөрiнiң баласы шапқан шұбар. Халық деген – күн сүйген Хан Тәңiрi, Ал ақын – басындағы жапқан шынар. Ұлытау тiлеу тiлеп тұрады екен, Қанатын көкке қарай қаққанда ұлар. Маржан-ау, оңтүстiктiң нар қызы едiң, Өлеңмен кеудесiне таққан тұмар. Наркескен Махамбеттей асыл ұлды Өзiңдей алып ана тапқан шығар. Маржан: Жақсы өлең, түнде ұйқымды ұрлап едiң, Кеудеме айдын көлдей тұнған едiң. Бас иiп Махамбеттiң аруағына, Әдейi аттың басын бұрған едiм. Үкiлi үмiтпенен мен де келдiм, Армысың, Алатаудай тұлғалы елiм! Бақыттың басымызға жеткендiгi – Аспаннан бiзге нұрын сепкен күнi.

Махамбет, Исатайдың барлығы ғой Дүбiрлi осы айтыстың өткендiгi. Тiлеймiн ұзақтығын сапарыңның, Бұл күнде алды болдың қатарыңның. Дүбiрлi осы айтысты жасап жатқан Мың жаса. партиясы «Отанымның!» Ақынның сөзiн ендi тоспаңыздар, Ағайын, ақиқаттан қашпаңыздар. Сөзiне Аманжолдың ерiп кетiп, Бiр сағат бұрын ауыз ашпаңыздар. Жаңадан бiр қыз ендi отауына, Қосылған ақындардың қатарына. Сен менi Фатимаға теңеп кеттiң, Риза боп Қаншайымның атағына. Маржандай бiр шаңырақтың бәйбiшесiн Теңеме Жәңгiр ханның тоқалына. Аманжол: Жақсы ақын ел сенiмін ақтай бiлер, Бәйгеге жүйрік атын баптай бiлер. Кешегi Сүйiнбайлар дәстүрiмен «Аллалап» алға қадам аттай бiлер. Құрмадай Аманжолдың дәмдi жырын Бiр сағат «тіл астында» сақтай бiлер. Маржан қыз, келбетiңiз нар анадай, Сөзiмдi айтқаным жоқ шамаламай. Төрт-бес тiлдi меңгерген Фатиманы, Шамасы, отырсың-ау бағаламай. Тарихта таңдап сүйген тоқалдардан Бағалы ұлдар туған баданадай. Атамыз алты сұлу алса-дағы, Барлығын тең ұстаған алаламай. Жiгiт ем жырдан мүсiн соға бiлген, Сондықтан тiл қатпаймын олақ үнмен.

Бабалар таңдап сүйген топ аққулар Тiзбектелiп айдынға қона бiлген. Аяулы Домалақтай асыл қыздың Бағасын Бәйдiбектей дана бiлген. Ақылды, парасатты, ардақты қыз Ордаға өз ырысын ала кiрген. Домалақтай анамыз тоқал түгiл, Елiмiздiң анасы бола бiлген. Айдай сұлу арулар мархабатты Ақылмен бағындырған шартарапты. Ормандай орта жүзге ұран болған Бiлерсiң асыл ана Қарқабатты. Ұмайдың үлгiсiндей сол анамыз Еңселi ердiң жүгiн арқалапты. Қазыбек, Алшынбай мен Мәдилердей Артынан ұрпақ өнген нар талапты. Осынау дүниеде түйiнi өктем, Аналар бұл пәниде биiк өткен. Қабырғадан жасалған Хауа ананың Менiң Адам атама сыйы жеткен. Ұлы Абай Әйгерiмiн тоқал демей, Өмiрлiк ғашығым деп сүйiп өткен! Қазақтың қыздарының ары мықты, Тамырында тулаған қаны құтты. Арыстандай ерлердiң ошақ оты Тек арудың қолымен жағылыпты. Еңселi ел бастаған Есеней де Ұлпанның ақылына бағыныпты. Сондықтан да тоқал деп жiктемейiк, Қазақтың қыздарының бәрi мықты. Маржан: Жоқ едi қиыс кетер бұзықтығың, Шықтың-ау тоқалдарды тiзiп бүгiн.

Аманжол бiр құрдасым болғаннан соң, Ағайын, жасайыншы қызық бүгiн. Аманжол, ел мен жұртты неге алдайсың, Мен сұрақ берсем, жауап бере алмайсың. Керiлген Ақмаралдай бәйбiшең бар, Мен қазiр айтсам соны сене алмайсың. Тектiнiң бәрi тоқал болып жатса, Аманжол, бiр тоқалды неге алмайсың? Аманжол: Бақыты ер жiгiттiң баста емес пе, Түркiнiң шежiресi таста емес пе?! Даналықтың белгiсi қарияда, Қайсарлықтың белгiсi жаста емес пе?! Уақыт өз билiгiн жүгiзедi, Мойныңды бұрсаң-дағы босқа елеске. «Бiр тоқал неге алмайсың?» деп айтасың, Абайлардың заманы басқа емес пе?! Арулар ана болған алыптарға, Анадан асқан шуақ, жарық бар ма? Бауырына баспаса аққу-ана, Көгiлдiр көк аспанда қалықтар ма? Осынау дөңгеленген дүниеде Қазақтай қыз сыйлаған халық бар ма? Анасыз аспанымыз күнсiз едi, Арусыз Жер-Ана да гүлсiз едi. Адамзат, бас имеуге хақымыз жоқ, Бар адамның анасы бiр қыз едi. Алтын таққа отырған Томирис те Билiк құрған елiмнiң дүр қызы едi. Қос батыр – Әлия мен Мәншүктер де Шығыстың қатар жанған жұлдызы едi. Осындай ару қыздар қазақтағы Қыздардың мықтылығын бiлгiзедi.

Артында асылдардың соқпақ қалған, Арнасын асау толқын тоқтатпаған. Ортамызда отырған Шәмшә апамыз Заринадай қыздарды жоқтатпаған. Маржан: Ақынның кездескенде еренiне, Өткеннiң көз салайын дерегiне. Аманжол, аналарды айтып өттi, Тарихтың бойлағандай тереңiне. «Тоқалды ертең алам» демегесiн, Құрдас-ау, сұлу сөздiң керегi не? Ақындар бiрiн-бiрi шыңдамай ма, Сұлулық көздiң жасын ұрламай ма. Зiлзала болып өттi Жамбылымда, Бардың ба, ал осыны бiр деп ойла. Таңғалмай Жәңгiр ханның тоқалына, Ақындар осындайды жырламай ма? Сен өзi көкпар тартып көрiп пе едiң, Шапқылап жiгiттердей қырдан ойға? Түрiң бар жел тимеген, күн тимеген, Сұлулық, айтшы, кәне, тұр ма бойда? Ақ саусақ боп дәл бұлай отырмас ең, Қыш құйып, кесек тартсаң Луговойда. Аманжол: Iшiне Аманжолдың үңiлiңiз, Маржан қыз, сәл кiшкене бүгiлiңiз. Өмiр деген тұрады үмiттерден, Сондықтан ақиқатқа жүгiнiңiз. Бұралтып алып келсең мен алайын, Бар болса сұлу қайын сiңiлiңiз. Құлақ түр перзентiңе, қасқа ғалам, Жүректе сырларым көп бастамаған. Шашубай, Қайыптардың жалғасы едiм Артына арзан өлең тастамаған.

Қаратау тiтiркенiп теңселгенде, Амандығын тiлеген аспан-анам. Зiлзала болған кезде Луговойда Мол көмек жөнелткенбiз Астанадан. Кей кезде ақиқаттан алыстадың, Дегенмен бiраз жерге қарыштадың. Есiңде ме жалынды он сегiзде Өзiңмен бойдақ болып танысқаным?! Ол кезде сылаңдаған сен де қызсың, Есiмде сахнада жарысқаным. Мұнар, мұнар, мұнар күн, мұнарда күн, Ақынның алыстатқан құлан бағын. Тағдырлы қазағымның қамын ойлап, Белгiлi қолға найза, ту алғаның. Күлтегiн, Едiлдердiң дәстүрi едi Қылышты қызыл қанға суарғаның. Исi түркi жұртының айбары едiң, Айға қарап керiлген құба арланым! Жетiмнiң көзiндегi жасты көрiп, Ереуiл атқа ер салмай тұра алмадың. Марғаулардың намысын оятсам деп, Қазақққа «Жұмыр қылыш» күй арнадың. Ықыластай сатқындар бүгiн де бар, Батырдың аңдып жүрген құлар жағын. Алаштың көсемдерi атылғанда, Қызғыш құсты еске алып қуарғанмын. Одан соң сексен алты ызғарында Шегiрдiң тағы көрдiм шұбар жағын. Талай мәрте ботаңды өлтiрсе де, Бозiнген, аруана ұлтым, суалмадың. Тар ноқтаны шешсе деп көп боздадың, Еркiндiкке жеткенше уанбадың. Елбасы нұрлы жолы ұзақ болсын, Бабаның орындаған ұлы арманын. Хан Кене, Махамбеттер арқасы ғой Азаттық алып бүгiн қуанғаным.

Маржан: Әкелдi он сегiзге елiм мені, Анамыз таппаған-ау тегiн менi. Жiгiттiң он бес жылға шегiнгенi, Ағайын, деп ойлаймын жеңiлгенi. Шықты ғой тоқалдың да бiр керегi, Ойыңа осыны алып жүрсең едi. «Бар болса қайын сiңiлiң, бер», – деп айтты, Сөз салып жүрегiме жыр себедi. Атақты алты алаштың Аманжолы «Қыз таппай қалды» десе, кiм сенедi? Бiздердей замандаспен сырласасың, Әзiлдеп болашаққа бiр басасың. Көтерген құрдасының көңiлiн көкке Алаштың Аманжолы мың жасасын! Жақсы ғой сырласатын ағаң болса, Қазағым, биiк едi бағаң сонша. Бiз кейде мықтыларды көре алмаймыз Өз тегiн тани алмас жамандарша. Балтаны Құлагерге сiлтей салып, Жүремiз жүрегi жоқ адамдарша. Абайды сабағаның естен кетпес, Жылдар менен өтсе де заман қанша. Әз басын Махамбеттiң бiздер кестiк, Ағайын, ақиқат қой, амал қанша? Бірлік жыр, арқау болсын әнiмiзге, Мұндай күн туа берсін әлi бiзге. Тектiсiн тым алыстан танитұғын Тiлеймiн қырағылық бәрiңiзге. Аманжол: Арқамда ұлы өнердiң құтты жүгi, Шығыстан ару күннiң шықты нұры. Бетiме жел тимесе, күн тимесе, Үйiмдегi жарымның мықтылығы.

Көрiң жақын тұрса да төрiңнен де, Не жетсiн шындықты айтып өрiлгенге?! Ерлерiм безiнбесiн елiмнен де, Қызғыш құс безiнбесiн көлiмнен де. Исатайдай ер қайда қабақ шытпас, Қабырғасы бiртiндеп сөгiлгенде? Түркi рухы тапталды хан Кене мен Кейкiнiң ғазиз басы бөлiнгенде. Махамбеттей ерлердiң алтын басы Олжа бола бере ме көрiнгенге? Болғанда түркi жұрты тегiм менің, Қаймығып қарыс жерге шегiнбедiм. Патшаның көп әскерi келмегенде, Тарланым, өз күшiңе сенiмдi едiң. Шен берiп, старшын ғып сайласа да, Билiкке құмар болып семiрмедiң. Бiлемiн қалың елдiң қайғы-мұңы Күйзелтiп қабырғаңды кемiргенiн. Шонжардың зәре-құтын алған талай Тақымдап көк бестiнi тебiнгенiң. Ақын түгiл, Алашқа қайғы әкелдi Қимылы Ықыластай елiрменiң. Әз басың иығыңнан бөлiнгенде, «Қазақ» деп қимылдапты-ау ерiндерiң. Тәуелсiздiк ем болып жазбағанда, Шемен боп қатып қалған шерiм менiң. Махамбет намыс үшiн жаққан отты Өшiрмей, боздақ Қайрат, сен үрледiң. Ақын тойын тойлады бүкiл әлем, Империя мойындады жеңiлгенiн. Асылдың басы түгіл, бiр тал шашын Дұшпанға бере көрме, елiм менің! Хан, сұлтан басынғанда қырсығулы, Халқыңа қорған болдың күрсiнулi. Қасыңдағы серiгiң ер Исатай Қылышын өзiңменен бiр суырды.

Исатайдан айырылып шерленгенде, Деп едiң «бiздiң елдi қырсық ұрды». Бәйтерек ерлерiмдi құлатқанмен, Қара жер қайта өсiрдi бүршiгiңдi. Мұнарлы қара бұлтты сырып тастап, Бүгiн қайта бастады күн шығуды. Дәуiрде бiр туатын Махамбетiн Азат күнде тұтады ұлтым үлгi. Маржан: Дәстүрiм жасай берсiн көнермей-ақ, Ұлы айтыс мың жасайды дегендей-ақ. Әйелiн үйiндегi мақтады ғой, Мен қазiр тоқал әкеп берердей-ақ. Айтысты аяқтауға таяулымын, Жүзiңнен көрмейiншi қаяулы мұң. Ерлiгiн бабалардың жалғастырар Көп болсын Аманжолдай аяулы ұлың.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН КӘРИМА ОРАЛОВА Мәскеу қаласында өткен айтыс. 2004 жыл Аманжол: Армысың, арда қазақ, ұлтым-анам, «Ақжол!» деп сыр сандықтың құлпын алам. Тәуелсіз көк байрағын желбіреткен Қалың ел, Қазақстан жұртым аман. Туған ел, туған жерді ойға алғанда, Әр қазақ қабырғасы сырқыраған. Көзіңе ата-жұртың елестесін, Даусымды естігенде шұрқыраған. Сәлем ғып сағынышты жыр әкелдім Даланың жусанындай бұрқыраған. Сөзіме құлақ салып пейіліңмен, Қандастарым, қарайсың мейіріммен. Ақындарым келді деп аңқылдаған, Ағайын, айналайын пейіліңнен. Мәскеулік бауырларды көрген кезде Бүйрегім бүлкілдейді-ау бүйірімнен. Сарыарқа, Алтай, Атырау, Жетісу, Сырдың Қабыл ал ақ сәлемін сүйінумен. Ұлытау, Қаратау мен Көкше, Баян, Бір сәлем Алатаудай биігімнен. Мауқыңызды басқалы келіп тұрмыз, Алыстау жүргеніңде үйіріңнен. Түркінің рухы бар үніңде өктем, Даланың перзенті едім жырын төккен.

Отыз алтыншы жылы Жамбыл бастап, Москваның төрінде дүбірлеткен. Солардың артындағы ұрпағы едік, Алпыз сегіз жыл салып бүгін жеткен. Тұрмасын азат күнде сана қашып, Тағдыры қос халықтың маған ашық. Өмірдің бұралаңы болғанымен, Кек сақтаған жоқ едік табаласып. Қазақ, Ресей – ежелден көрші елміз, Жүрейік құдалардай араласып. Інің емес, тел тұрған құрдасың бұл, Мәскеу, саған кеп тұрмыз дара басып. Ұлы едім арғымағын тұмарлаған, Қызды ауылға жеткенше құмарланам. Алғаш рет Мәскеуге келгенімде, Болдың-ау сахнада сыңар маған. Ал ендеше бастайын айтысуды, Қыран құс қызыл көрсе тұра алмаған. Жүзінен нұр, тілінен жыр төгілген. Кәрима, есенбісің, сылаңдаған. Тізгінін босатайын күреңімнің. Жүрісін сен де үдет үлегіңнің. Ақ көрпеде отырған хан қызындай Ажары неткен ашық реңіңнің?! Бүршігін жаңа жарған қыз-қайыңдай Ақтығы көз тартады-ау білегіңнің. Жанарымыз түйісіп кеткен сайын Лүпілі жиілейді-ау жүрегімнің. Ерніңді дірілдетіп сөз басташы, Қып-қызыл күмбезіндей Кремльдің. Кәрима: Амандасу – сөз басы, Алқалы топ, армысың. Айтыс деп келген ағайын, Ұғатын сөздің жарғысын.

Ақындар шықты алдыңа, Тұрғызып сөзбен тау-мүсін. Москвалық бауырлас, Ел-жұртым, есен-саумысың?! Қызы едік, ағайын, Қызыр қонған текті елдің. Москваның төрінде Айтуды мұны бақ көрдім. Оңтүстіктің елінен Жолдауды сәлем сәт көрдім. Түркістаннан киелі Сіздерге сәлем ап келдім. Айтыс деген, ағайын, Бабадан қалған мұрағат. Біржан – Сара айтысы – Ұрпаққа жеткен аманат. Сүйінбай менен Құлмамбет Сөз қалдырған саралап. Москваны жырлаған Жамбылдан қалған дара бақ. Сарқыты болып солардың, Жас ақындар алдында Көрсетсін өнер жаңалап. Тәуелсіз ел боп, тасымыз Жатыр өрге домалап. Екі елдің бұл бірлігі, Бұған да еттік қанағат. Отбасыңызды, ағайын, Қызыр жүрсін жағалап. Төл өнерін қазақтың Келіпсіздер бағалап. Ықыласыңызға разымыз, Айтыс деп келген жамағат. Ал, Аманжол, армысың, Дәмін көп татқан жеңістің.

Айтысамын деп сенімен, Пойызбенен селкілдеп, Жол жүріп келдім мен үш күн. Аспандап маған қарамай, Самолетпен сен ұштың. Менен бұрын кеп алып. Көшербаев ағаңмен Білмеймін нені келістің. Шыныңды айтшы, Мәскеуде Менімен қалай көрістің?! Бір ақын керек болған ғой Керуеніне көктің де. Шекарадан, Аманжол, Әуелетіп өттің бе? Ұшақпен ұштың сен өзің, Мені тастап кеттің де. Жарылыс деген бұл елдің Білесің барын дерттің де. Самолетің жарылмай, Аман-есен жеттің бе? Аманжол: Халықпен сабақтасқан мұрат бағы, Түркінің оғланы едім қыраттағы. Ақын қызбен айтысқа шыққан кезде Қылыштай жарқылдайын қынаптағы. Ұлбике, Сараларға қонған өнер, Кәрима, бір басыңа тұрақтады. Дауысың неткен ғажап керім еді, Періштенің үніндей жұмақтағы?! Байқасаң, Мәскеудегі ағайын бек, Ақын боп кәдесіне жарайын тек. Әдейі ұшақпенен бұрын келдім, Кәрима, сені күтіп алайын деп. Қыз бен жігіт жолығысса, сыр шығады, Аспанға айдан бұрын күн шығды.

Өзіңмен отарбамен бірге келсем, Күлімдеп қарсы алдыңнан кім шығады?! Кәрима, хан қызындай бағалы едің, Қазығұрт етегінің маралы едің. Мен болсам маңдайымнан еппен өпкен Арқаның мамырдағы самалы едім. «Самолетің жарылса не етер ең?» – деп, Таптың-ау назданудың маған ебін. Шымкент қызы тоқыған көк кілемді Бүктеп ап аэропортқа барар едім. Самұрық самолетке жайғасып ап, Сұңқардай самғап қанат қағар едім. Ұшақты жанкештілер жарам десе, Тәуекел деп секіре салар едім. Кілемшеге жақсылап жайғасып ап, Төменге жұлдыздайын ағар едім. Қызыл алаңға кілеммен қалқып қонып, Бәрібір сені күтіп алар едім. Кәрима, жадырашы, түнермегін, Өлеңнің ұсынайын гүл өрнегін. Москва өзенінде серуендетсем, Маң-маң басып қайыққа мінер ме едің? Останкино басына алып шықсам, Биіктен тілеуіңді тілер ме едің? Кешке қарай Мәскеудің көшесінде Менімен қол ұстасып жүрер ме едің? Осы айтқанның барлығын орындасам, Өкпе-назды ұмытып, күлер ме едің? «Аманжол, мырза жігіт екенсің» деп, Қалқатай, қадірімді білер ме едің? Кәрима: Ұлытаудың ұланы, Аманжол ақын дара ед. Жаңаарқадай отаның Еркелетер әлі бала деп.

Қарағандыда, Аманжол, Қатайған сенің қанатың, Білімің алған саналы ед. Ал қазір Астанадасың, Қызметің де бағалы ед. Енді келіп сен мені Отырсың-ау, Аманджол, Мәскеуден күтіп алам деп. Елші болып осы елге Кетпесеңіз жарар ед. Сөзге қостың, Аманжол, Қазақы әдет-ғұрыпты. Оңтүстіктің кілемін, Қыр-сырын жақсы ұғыпты. Ал қытайлық кілемге Көңілі боп тұр күдікті. Кілеміне мінсең қытайдың, Көтере алмас мені деп, Ақтай алмайды деп үмітті. Самолеті жарылса, Қазақы қол кілемге Сапалы деп мініпті. Сол кілемге мінсе егер, Өлмейтінін біліпті. Білмейтіні жердің астында Көргем жоқ сендей жігітті. Сеніміме өзімнің Сай болармын, Аманжол. Қыдыртамын деймісің, Ойланармын, Аманжол. Мәскеудің кешін келіп тұр Пайдаланғың, Аманжол. Қазақстанда қыдыртсаң, Қайда қалдың, Аманжол?

Домбыра қолға алған соң, Сөйлер сөзге өткірсің. Жиырма бірінші ғасырға Аманжол енді бет бұрсын. Ұшағым кетсе жарылып, Кілеммен ұшам деп тұрсың. Қиялданып сен өзің, Қай ғасырдан кеп тұрсың? Аманжол: Кәрима, шын сөзіңе бағынамын, Көп көрмесем өзіңді сағынамын. Толқынды Москваның өзенінде Есілдің толқыны боп ағыламын. Шымкенттің көк кілемі тұрған кезде Қытайдың кілемшесін не қыламын? Тәуелсіз ел ақыны біздей болсын, Жақсы сөз артта қалар іздей болсын. Айтысты Москваға алып келген, Қырымбек, елші болса сіздей болсын. Қайтпасын Қазақстан бек күшінен, Жақсылар өрге басар текті ісімен. Онсыз да әлемдегі барлық ақын Бейбітшілік елшісі деп түсінем. Сұлудың құзіреті жанар ма екен, Көңілің айтқаныма толар ма екен?! Киелі Қазығұрттың аққу құсы Мәскеудің төріне кеп қонар ма екен?! Қазақтың бар даласын аралатсам, Мәскеуде қыдырғандай болар ма екен?! Кәрима: Арқасында айтыстың Мәскеудің көрдік арайын. Қуанып жатқан қазақтың Және де көрдік маңайын. 6-302

Қыдыртам деген Аманжол, Сөзіңді қабыл алайын. Көрсін деп айтқан ниетін Досым деп қабыл алайын. Останкиноңа қарайын, Мұнараңа да барайын. Күнде келіп жатқам жоқ, Бір қыдырып қалайын. Ықыласыңа разымыз, Мәскеудегі ағайын. Москваның өзінде Он мыңдай қазақ бар екен. Қырымбектей ағамыз Соларға бұл күн пана екен. Ақсақалдардың басшысы, Қайдар аға өзі іскер, Өзі ұйымшыл жан екен. Орталығы жастардың, Атауы оның «Сана» екен. Омардай ағам жазушы, Он алты баланың әкесі, Көп ішінде дара екен. Тоғыз бала алған асырап, Пейілі кең жан екен. Ал Тұрсынай апамыз Ақ жаулықты ана екен. Жәнібектей ағамыз Қоғамында «Қазақ тілінің» Шын жанашыр жан екен. Абылайханның тағы бар Қауымдастығында қазақтың, Жүк көтерер нары екен. Мәскеудегі қазақтар, Ауызбіршілік сіздерге Атадан қалған заң екен. Сүттей ұйып отырған, Бір Алла өзі жар екен.

Алыста жүрсе қазағым, Күнін кешпей қарғаның, Көк байрақтағы белгідей, Қыран құстай самғағын. Ауылдан алыс кетсе де, Ата дәстүрді жалғадың. Отбасыңызда, ағайын, Арайлап атсын таңдарың. Оразаның айында Нұры жаусын Алланың. Сәкеннен қалған кешегі Сұлулықты сақтаған. Біржан салдан да кешегі Серілікті де ап қалған. Осы келбетін айнытпай, Үйіңіздегі жарыңыз Ақмарал қалай баптаған?! Сізді көрсем, Аманжол, Көркіңізге көз тоймай, Жас баладай шаттанам. Эрмитажда тұратын Ескерткіш пе деп қалам. Ақылыңа бірақ көркің сай, Аталы сөзге тоқтаған. Қазақтағы өзіңдей Жігіттерменен мақтанам. Аманжол: Һауаның белгісі бар қолдарыңда, Сараның әуені бар толғамыңда. Кәрима, қыдыр десең қыдырайық, Адаспай Россияның орманында. Ақын қыз, бағаласаң затым берік, Мәскеуге келіп жеттім атым желіп. Ұлбикенің өнерін жалғастырған Сен дағы ақын қыз ең затың берік.

Алыстан ескерткіштей қызықтамай, Қолыңмен сипасайшы жақын келіп. Жан емен төріңізге сынай келген, Ақынмын адал жырын бұлай келген. Оразаның айында ақ тілеумен Аттандым Арқадағы ұмай белден. Ежелден араласқан көршім едің, Ресейдей құт қашпасын шырайлы елден. Россияны басқарған ұлықтардан Аманат тілегім бар сұрай келген. Үмітім күдігімді жасырса екен, Көршіге қарап көңіл тасынса екен. Қазақ балаларына Мәскеудегі Қазақша екі-үш мектеп ашылса екен. Еділім жанға жақын бұлақ еді, Ен тоғай екі жағы құрақ еді. Кешегі Қазтуғандай асыл бабам Кетерде өксіп-өксіп жылап еді. Кең байтақ Россия бұл күндері Миллиондаған қазақтың тұрағы еді. Тілі, діні, дәстүрі жоғалмасын, Ол оның тамыр, көзі, құлағы еді. Қазақша газет-журнал, телеарна Олардың шешілмеген сұрағы еді. Осыған бір көмегін берсе екен Путиндей ел басқарған қырағы ері. Білеміз мақсатымыз бір екенін, Бұл сөзді, Ресей, саған сыр етемін. Жанарыңа ап шапанымның бір етегін, Ресейде туған менің бауырларым Өзінің біліп өссін кім екенін. Кәрима: Еңбегі сіңсе еліне, Ел мақтанар ерменен.

Отанды қорғау жолында Қаншама қазақ ерлеген. Дұрыс айтты Аманжол, Бір мектепті бер деген. Ал қазақтың қыздары Атағы көкке өрлеген. Әлия мен Мәншүктер Отан үшін жан беріп, Соғыста кеше ерлеген. Сәбира мен Ләззаттар – Тәуелсіздіктің құрбаны, Қыз да болса ер дер ем. Сөзіңді қоштап өзіңнің, Айтқаның мұның жөн дер ем. Батырларын қазақтың Ұмытпасын осы елдей, Бір мектеп болса қазақша, Әлия атын бер дер ем. Қазақтың қайсар қыздары Намысты қолдан бермеген. Он бір ақын бір келіп, Жол-жөнекей ән салып. Жүрсек те үш күн, Аманжол, Дей алмадық шаршадық. Бірақ сен жоқ болған соң, Даусыңды біздер аңсадық. Бізден бұрын кеп алып, Ақындарды сен шықтың Әкімдер құсап қарсы алып. Жүргеніңе де рахмет Елшілікте біз үшін Елші болып жар салып. Ұлық болсаң қаншалық, Кішік бол деген соншалық. Тәкаппарлығың-ау бұл сенің, Қарайтын қыздар тамсанып. Тамсандырмай мені де, Берсеңші бір ән салып.

Аманжол: Мен жоталы жолбарыс ем, Тырнақтарым батпасын. Еліктей болып жолға шықтың, Қауіптерден сақтасын. Сарыарқадан келгеннен соң, Жезкиіктей желейін. Кәрима қыз сұраған соң, Бір ән салып берейін. Сен ағашта піскен алма, Ептеп үзіп алайын. Һауа қыздай күшпен арба, Ауызыма салайын. Дүбірлеген бұл өмірдің Бар қадірін білейік. Москваның көшесінде Қол ұстасып жүрейік. Москваға келгеннен соң, Көңілің көктем, гүл болсын. Барлық ақын самолетпен Келетұғын күн болсын. Кәрима: Аманжол салған қазақтай Болып тұр қазір ән басын. Көзі қызып жұлмақ боп Қазығұрттың алмасын. Онегин болып Аманжол, Әсем әнге салғасын. Татьяналары орыстың Ғашық болып қалмасын. Аманжол: Мәскеуде қанатымды жайып кетем, Байқасам, Кәрима да байыпты екен. Арнайы Москваға келгенімде Татьяна ғашық болса айып па екен?!

Осынау бек шағымда тасып-толған Кезім жоқ, Кәрима қыз, жасық болған. Кешегі Сейфулланың Сәкеніне Бір көріп Серебрякова ғашық болған.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН НӘЗИРА МӘДІШЕВА «Ауылым – алтын бесігім» атты айтыс. Жезқазған қаласы. 2004 жыл Аманжол: Мұратыма бел буып мақпал төрден, Ақ ордамды көтердiм атпал белден. Түсiмде жiбек жалды тұлпар көрем Алтын сауыт киiнiп сақтар желген. Қарасам айлы түнде жұлдыз қызға, Ғарыш жайлы ғаламат ақпар берген. «Тыңнан соқпақ салсам» деп армандаймын, Арланның iзiн көрiп ақ қарға өрген. Қансонар сәттi аңсайды жұмыр жүрек Аңшының құмайындай ақпанда ерген. Ұлтқа өлең жолдаған ұлың едiм Өнердiң арқасында Хақтан берген. Еркелеп туған жерге келдiм жетiп Елорда, Есiл тулап аққан жерден. Бас иiп, ардақ тұтып амандастым Жезқазған төрiндегi асқарлы елмен. Тоқтаусыз жатса да күн парақталып, Қол создым арманыма талаптанып. Туған жер топырағында топқа түссем, Кетемiн шабыт кернеп, абаттанып. Өзiңнiң қыран баптар жылы ұяңнан Ұшып ем балапандай қанаттанып. Көктеммен бiрге жеткен жыл құсындай Кеп тұрмын сағынышпен қанат қағып.

Сәбидей шомылдырған самалына, Жер жетпес Сарыарқадай алабыма. Ортаңа сүйiншiлеп оралушы ем, Барсам да қай өңiрдiң алаңына. «Құлыным, жолың болсын!» деп тұрғандай, Қарасам Ұлытаудың қабағына. «Алла жар! Ақжолтайлап!» сөз бастайын, Ал, халқым, тiлеу тiле қадамыма. Көргенде наурыз қызды жебе тартқан, Қаhарынан айрылып шөгедi ақпан. Ай мүйiздi көк қошқар жолға шықты, Аманатын қабылдап берен аттан. Үстiнен мұз сауытын шешiп тастап, Өзендер өршеленiп терең аққан. Ұлыстың ұлы күнi Қыдыр келер, Таяғын тықылдатып төбе жақтан. Қой жылы жарылқасын елiмiздi, Наурыз той құтты болсын келе жатқан! Дәм-тұзын татып едiм сан ауылдың, Бiрi едiм дүбiр жарған жарау ұлдың. Қасымдағы сұлуға бiр қарайын, Япыр-ай, аруы екен қай ауылдың? Баянның сiңлiсi емес пе екен, «Төрiнен келдi» дейдi Қарауылдың. Кешегi серiлердiң салтыменен Мәнi бар қыз жүзiне қарауымның. Қаншайымға кездескен Наурызбайдай Қасына тақалайын алауыңның. Алтайдың уылжыған жидегiндей Iшiн бойлап барасың танауымның. Ақын қыз қасымдағы сыр аңдасқан, Көркiңдi көрген жiгiт қылар дастан. Ордалы Шыңғыстаудан келдiң мұнда Құшағын мейiрленiп Тұранға ашқан. Сөйлейiк кезек-кезек ендi екеумiз, Секiлдi көкте ай мен күн алмасқан.

Жұлдыздан шашу шашсын жолыңызға Күннен алқа тағынған тұмарлы аспан. Саған деген жазира көңiлiм бар Арқаның даласындай құлан қашқан. Демiңнен сенi тауып алар едiм, Жолменен жүрсем-дағы тұман басқан. Етек-жеңi жинақы қыз екенсiң Жұп-жұмыр жұмыртқадай ұлар басқан. Қансонарлы сәтiмде кездестiң-ау, Алтайдың түлкiсiндей қыран басқан. Нәзира: Аманжол осал ұл емес, Тұлпардың iзiн жоқтатар. Терiс мiнез менде жоқ Жүйрiктi жолдан тоқтатар. Шегiп едiң көп сапар, Мақтаумен алды орайсың, Көптi көрген көксақал. Алқалы жұртым, армысың, Аяулы ардақ елiм ең. Ақ жаулықты анам, бармысың, Көнекөз қарттар – шежiрем. Ержүрек ерен ұлдары, Қыздары көркем шетiнен. Тарихыңды тауыса алман, Қозғасам әрi-берiден. Жолбарыс жортқан жонында, Сарыарқа, сандал белiм ең. Бас иiп сәлем беремiн Ұлы Абайдың елiнен. Бойда қуат, ойда көз Барында жырлап қалайық. Өрелiге өлеңмен Өзгеше бiр ой салайық. Айдарыңнан жел есiп, Асқар таумен теңесiп,

Ақылдасып кеңесiп, Шырқатып әнге салайық. Ағаның Арқада жоқ бөтен елi, Алайда Астанаға төтеледi. Ақындар Астанаға кеткен кезде Әкiмдер ауылды қайтіп көтередi?! Аманжол: Жанарың көздерiндей құралайдың, Жүзiндей нұрлы екенсiң туған айдың. Тоғжандай көрiктi қыз екенсiң Жүрегiн жаулап алған ұлы Абайдың. Ақындық мұратымды далам ұқты, Перзенттiк жүрегiмдi анам ұқты. Көксақалға теңеме қателесiп, Қазақтың жiгiтiмiн қара мұртты. Қалғыған жазғы түнде ай көрiнген, Кездестiм сырласуға сай керiммен. Ордалы отыздағы бек шағымда Сақалды көрiп тұрсың қай жерiмнен? Айдай сұлу Нәзира жанымдағы, Қарайсың ханшайымдай тағындағы. Сәулетiңдi сипаттап мен көрейiн, Тiлiмнiң күшi жетсе жағымдағы. Екi бетiң қызарып көз тартады Алмадай ұжымақтың бағындағы. Қос бiлегiң түп-түзу әппақ екен Қайыңдай ақ найзаның сабындағы. Абайлап қарағанға меңiң қандай, Белгiдей кербұғының санындағы. Ақ жүзiңнiң ажары ашық екен Жарық нұрдай орданың шамындағы. Бешпентiңнiң оюы нәзiк екен Тамырдай боз қулықтың таңындағы.

Әуеден ұшып жүрiп қаз құлатқан, Қоңыраулы сұңқармын бабындағы. Тұсыңнан жел тұрғызып қанат қақсам, Құландай үрiкпессiң қағыңдағы. Қасыма келген қыздан құр қалмаймын, Қызыл қанды қоздырып тамырдағы. Келгенде Нәзира қыз жолын бұрып, Сабырмен сөз жолдайын қонымды қып. Алғаш рет кездестiк бiз екеумiз, Сарайдың құтты төрiн орын қылып. Толықсыған сұлумен тiлдескенде, Кетедi шабыт шалқып, жоным жiбiп. Кеңгiрдiң жағасына алып барып, Шiркiн-ай, алар ма едi шомылдырып?! Жолымыз Жезқазғанда тоғысты ашық, Жатырмыз қатар келiп қоныстасып. Лақтыршы ақсүйектi, Жүрсiн аға, Iздейiн Нәзирамен қол ұстасып. Нәзира: Өлеңнiң майын тамызып, Аманжол аға айтады. Шомылдырам деп Кеңiрге, Сезiмнiң көлiн шайқады. Аяулы қыздың қадiрiн Тұлғалы жiгiт байқады. Өмiрдiң сырын ұққан жазиралы, Қазақтың бiр қызы едiм ар-ибалы. Кеңгiрдiң мұзы әлi ерiмептi, Тоңдырып алмайсыз ба Нәзираны? Аманжол: Жүргенде алдаспандай бiз қайралып, Келдiңiз Шыңғыстаудан сiз сайланып.

Жолыңды тоса-тоса қайран Кеңгiр, Кетiптi-ау сағыныштан мұзға айналып. Қайтадан су қалпына қайтып келер, Ақырын шешiнгенше қыз жайланып. Нәзира: Ғибрат бар нақыл сөздiң жүйесiнде, Тыңдасам тылсым ойды түйесiң де. «Қырдағы қырғауылды аулаймын» деп, Зар болма үйiңдегi тиесiге. Көңiлi жүйрiк аттың болғанменен, Тiзгiнi үстiндегi иесiнде. Алдыңда бүгiн ән салды Қыз бенен арыс ұл шығып. Биiктерге жол салды, Жетемiн деп құлшынып. «Елiм, аман бол!» десең, Жасаймын оған құлшылық. Менi ертiп барғанмен, Толқынына Кеңгiрдiң Қалма өзiң тұншығып. Аманжол: Салтанатпен өткiзген iзгi күндi Сал Бiржан жалғасымыз бiз бүгiнгi. Тектi ұл тебiренбей тұра алар ма, Елеңдеп естiгенде сырлы үнiңдi. Азаматын бағалар менiң жарым Тартпайды ешқашанда тiзгiнiмдi. Күлiмдеп күткендейсiң бiзден үмiт, Қалмайын iштегiнi сiзден бүгiп. Кеңгiрдiң толқынына тұншықпайды Сарысудың тереңiнде жүзген жiгiт. Қадишаға ән салған Ақандаймын, Қыз келгенде үйiмде жата алмаймын.

Өлеңнiң кiлем жапқан аруанасын Нәзира қарсы алдыңнан қатарлаймын. Ақ кемедей жүзермiн айдындағы, Каспийге жiберсең де бата алмаймын. Дария ақ кеудеңдi жасырар ед, Құмарың еркiн жүзсең басылар ед. Кеңгiрдiң тiзбектелген толқындары Еркелеп мойыныңа асылар ед. «Ағасы, тоңып қалдым» дегенiңде, Қолымды созар едiм қасыңа кеп. Қазақтың қасиеттi қасқа алаңы Қаңырап қалай ғана бос қалады?! Нарықтың жоқтық дейтiн құбақаны Арқасын ауыл қарттың таспалады. Жер-Ана жаулығымен сүртсе-дағы, Мөлтiлдеп жанарында жас қалады. Мемлекеттiң мерейiн биiктету Ауылды көтеруден басталады. Ауыл деген анаңа қарайлай жүр, Қазақтың ел басқарған қасқалары. Нәзира: Ауыл десе ағаның, Асыл жыры терiлер. Туған жер десе теңселiп, Көкейден өлең өрiлер. Қолға алсақ бүкiл халық боп, Ауылым биiк көрiнер. Ауылда жүрген бiздерге Күннiң нұры себiлер. Қалада жүрген сiздердей Ақ саусақ аға не бiлер? Аманжол: Ақпанның iз кескенмiн ақ қарында, Ауылда өткен балғын ақ таңым да.

Менiң бала кезiмнiң елесi бар Туған жердiң шежiре қатпарында. Ауыл жайлы аз емес бiлетiнiм, Нәзира, өскен ұлмын ат жалында. Кiндiгiн туған жерге кескен ұлмын, Күз күзек, жаз жайлауға көшкен ұлмын. Боз жусанның үстiнде асыр салып, Кәдiмгi киiз үйде өскен ұлмын. Өмiрдiң тоқсан тарау жолдарында Ауыл менiң қазығым, қорғаным да. Қарындас, осы сөздi терең түсiн, Айыр, күрек iзi бар қолдарымда. Өшпейтiн ғасырлар мен шағын жылда, Бабалардың iзi бар сағым қырда. Халық барда болмайды мұрагерсiз, Кездестiң сен де бүгiн жалынды ұлға. Жарты сағат айтысып Нәзирамен, Шомылғандай болдым-ау жаным нұрға.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН АҚМАРАЛ ЛЕУБАЕВА «Ауылым – алтын бесігім» атты айтыс. Жезқазған қаласы. 2004 жыл Аманжол: Болғанмен ат үстiнде ғаламат паң, Көңiлi қазағымның дала жатқан. Батагөй қариясы бар халықпыз, Рухты ұрпақ тiлеген дана хақтан. Аруана – ақ жаулықты аналарым Ақ найзаға сүйенiп бала тапқан. Емен белдi ерлерiм арыстандай, Қастасқан дұшпанына қан асатқан. Осындай аяулы елмен амандастым, Жаралған тұла-бойы парасаттан. Танытса қас жүйрiктей өрде қарқын, Тұлпардың шығарарсың төрге нарқын. Сәби өлең әкелдiм құндақтағы, Бесiк қып жүрегiңдi тербе, халқым. «Алла жар!» сөз бастадым арлы үнменен, Қызыл тiл аман болса, нарқым берен. Өнердiң мұхитында еркiн жүзгiн, Арманға сапар шеккен алтын кемем. Ғаламға ұлт болмысын байқатамын Көнеден жеткен өнер, салтыменен. Ұлттың ұлы жүрегi қабылдайтын Айта алсам арманым жоқ тартымды өлең. Елiмнiң қай кезде де даңқы шыққан Абыз қарт, абзал ана, мәрт ұлменен.

Толқының боп тулайын көкке ұмтылып, Телегейдей тербелген халқым терең. Тәуелсiз Қазақстан, жолың болсын, Ғаламда өзiңе сай орын болсын. Сары алтын, қара мыс пен болат, темiр Ұрпағыңа жететiн қорың болсын. Қой үстiне бозторғай жұмыртқалап, Тамыздағы бағыландай қоңың болсын. Сүйiншiлеп кеп жатқан қой жылымыз Депутат ағалардай момын болсын. Құлпырып қызғалдақтай қырдан жұлған, Дидарың төңiректi нұрландырған. Ал ендi Ақмаралға көз салайын Құлжадай ғазиз басын шыңнан бұрған. Бұғы бел, бұлан қасты бұла сәулем, Жал сипатпай арда өскен бiр асау ма ең? Ел мақтаған аруды ер жақтайды, Жұртымның жүрегiне ұна, сәулем. Жарасып қыз-жiгiт боп айтысайық, Мәңгi бұлай тұрмайды мына дәурен. Ұлыбике, Саралардың iзi екенсiң, Қисайғанды жырменен түзетерсiң. Ұлардай ұядағы өлеңiңдi Ұлытау етегiнде түлетерсiң. Ер жiгiт айлы түнде iздеп барып, Отауына кiрердей қыз екенсiң. Ер едiк берiк тұрар сертiмiзге, Қарадым назар салып зерлi жүзге. Күш алса шалқар шабыт, асау сезiм, Бiздердi қояр ма екен еркiмiзге? Ақырын әдеппенен кезек бердiм, Қыз қалқа не дейдi екен ендi бiзге? 7-302

Ақмарал: Жаратқан бар қылатын жоқтан iсiн, Жан берген адамзатқа хақтан үшiн. Тәңiрден қолдау күтiп топқа түссем, Бағымды балапандай баптау үшiн. Отырарды қорғаған Қайыр хандай Оңтүстiк қорғап келдiм от-намысын. Қаратау қолын бұлғап қала бердi, Болған соң қарт Ұлытау бетке алысым. Ырым ғып тұмар өлең тағып кетем Өзгенiң тiл-көзiнен сақтау үшiн. Армысың, қалың елiм, тағы келдім, Тiлiмнiң аманатын ақтау үшiн. Осы елдiң секiлденiп бек түлегi, Сөйлесем елжiрейдi ет жүрегi. Сарыарқаны мәңгiлiк мекен еткен Тыңдасын асыл сүйек, тектiлерi. Алаша хан, Жошы хан белгiсi бар, Күмәннiң ашылсын тек көп түнегi. Қашанда Қарағанды жақсы iстiң Басында жүретiнiн көп бiледi. Таңбасын тасқа қашап жазған елдiң Тарихқа тәу еткенi деп бiледi. Еңсегейдей көтерiп ел еңсесiн, Көгертсiн көсегесiн көп түлегi. Алтынды құм iшiнен таба алмассың, Қауыз жармай, гүлдi де ала алмассың. Отауымның он жерде құлыбы бар, Ойын ойлап отырсың оралмастың. Одан да түндiгiмнен түспеймiсiң, Жарқылдап сәулесiндей ақ алмастың. Аманжол: Аламан басталғанда алаң қылған, Бел буып топқа түстi балаң қырдан. Тегiм түркi, ордалы ұлтым қазақ, Тасты кiтап, қанжарды қалам қылған.

Махамбет шыққан елдiң түлегi едiм, Рухын дұшпан бұзбас қамал қылған. Күмбiрi күнге жеткен көшпелi елге Көк аспан мейiрленiп жамал бұрған. Ардақты Ақмаралдай ақын қызға Жауабын қайтарайын ғазал жырдан. Айша қыз сыр бөлiскен Қараханмен, Сал Бiржан айтысыпты Сара апаңмен. Қызды ауылға кеш бата келген жiгiт Ауылына қайтады ала таңмен. Есiгiң жабық болса, керегеден Қол созып оятармын алақанмен. Оятып айтқан кезде есiмiңдi, Көрер ең керегеден кесiмiмдi. Қара жер, жұлдызды аспан құп көредi Сол сәтте сен ойлаған шешiмiңдi. «Мырзаш-ау, ебiн тауып келдiң бе?» – деп, Асығып ашпайсың ба есiгiңдi? Қыз ашса ақ отауға кiрмейсiң бе, Сезiмiн жанарынан бiлмейсiң бе? Тұлпардың тұяғымен соқпақ салып, Кеп кетiп қызды ауылға жүрмейсiң бе? Бал қымызды ұсынып кесеменен, Иiлiп шапанымды iлмейсiң бе? Ақмарал: Қыз бала шуақ жырға бөлене ме, Құяйын қымыз өлең тегенеге. Шынымен жүрегiме жол салсаңыз, Қаларсың бәлесiне неменеге? Бiр амалын Аманжол iздегендей, Таба алса бiр шаттыққа кенеле ме? Ол ойыңның ретi келе қоймас, Қыз емес, жеңге жатар керегеде.

Аманжол: Үмiт бар, парасат бар сезiмiңде, Жастықтың ұнамайды кезi кiмге. «Келем» деп, серттi жiгiт келмей қалса, Тоса-тоса сарқылар төзiмiң де. Қасыңдағы күзеткен жеңешемiз Қыз болғанын ұмытпас өзiнiң де. Кеш батса қызды ауылға шаппаймын ба, Шырағын бал дәуреннiң жақпаймын ба. Ықыласы болмаса қыз қалқаның, Рұқсатсыз қыз есiгiн аттаймын ба. Ата салтпен жеңгеңнiң иығына Төгiлтiп жiбек мата жаппаймын ба. Ол аз болса қойнымнан алып шығып, Құлағына сырғасын тақпаймын ба. Жеңгеңiз қанша қатал болса-дағы, Көңiлiн сөйтiп, Марал, таппаймын ба? Кiм қолын созбас дейсiң сендей гүлге, Таң атқанша жанармын сөнбей бiрге. Ақандай Маңмаңгерге қамшы басып, Асығып ай астында желмеймiн бе? Сал-серi бабалардың дәстүрiмен «Қол ұстар», «шаш сипатар» бермеймiн бе? Ақмарал: Бәйгеге үйренгенсiң жарау түсiп, Iшiңе кеттi, Аманжол, алау түсiп. «Жеңгенiң де амалын табам» дейсiң, Дәнекер болар ма екен қалау түсiп. Ауыл итiн шулатып, азуынан Қалмасын балағыңа жамау түсiп. Жарайтын жеңге болса сертке, Аманжол, Жолыңнан жығылмассың, тектi Аманжол. Арқаның бар байлығын аруларға Таратып аламанда кетпе, Аманжол.

Сен шықсаң желе-жортып маған қарай, Қыз жатпас ақ отауда алаңдамай. Жеңгеден асып бiзге жеткенiңше, Белгiлi боп қалады шамаң қалай. Жеңгемен мықталған соң керегесi, Қазақтың отау болған берекесi. Осы айтыстың арқауы ауыл едi, Таусылмас әзiл менен мерекесi. «Қазақы қалжың» дейдi мұның атын, Емес бұл жел сөз бенен келекесi. Қазақтың қыздарына үлгi болсын Жеңге мен қайын сiңілi өнегесi. Жүрмессiң болашақты уайымдамай, Майыспас емен жаққа қайың қалай. Аманжол, осы сөздiң түп астарын Бекерге отырмассың пайымдамай. Ауылдың қыз-жiгiтiн сөз етейiк, Бүгiнгi жастар жайлы ойың қалай? Аманжол: Сайға әкеп атын тұсар серттi жiгiт, Арудың сырын ұққан тектi жiгiт. «Ауыл итi шулар» деп алаңдама, Келгенiн байқатпайды ептi жiгiт. Ұрпаққа үлгi болсын күн бүгiнгi, Түрерсiң таң атқанда түңлiгiңдi. Ержеткен ұл мен қызда рух болса, Ешқашан қанатпайды кiндiгiңдi. «Келем» деп серi жiгiт сертiн берсе, Қақпассың айлы түнде кiрпiгiңдi. Қимай-қимай қоштасып аттандырып, Ұстарсың сайға барып шылбырымды. Жеткенде уағдаласқан ырымды күн, Ауылына жiгiт барар бұрымдының.

Ақылмен, әдеппенен сыр бөлiскен Дәстүрi қандай ғажап бұрынғының. Бiз айттық өнеге қып мұның бәрiн, Бармайды жас дәуренде ұрынға кiм. Жiгiттер арақ iшпей, қымыз iшкен, Ұлтына лайық етiп ұғымдарын. Ар-намыс, ұяты бар қазақ қызы Шолпы тағып өсiрген бұрымдарын. Қазiргiдей тал түсте құшақтасып, Будақтатып тартпаған шылымдарын. Ұрпақтан үмiт күткен қазақ елiм, Жөн болар бұны дұрыс ұғынғаның. Батыстың әлегiне елiктемей, Ата салтпен ержетсiн құлындарың. Ақмарал: Ойымды қиял қалай ала қашпақ, Сөзiмiз ендi жақын араласпақ. Батыстың әлегiне елiктесең, Болмайды армандаған ғаламат шақ. Күн көруге көштi ғой әйел түгiл, Еркек те ен байлығын жалаңаштап. Қалаймын бүгiнгi ұрпақ көктесiн деп, Бел буып болашаққа беттесiн деп. Батыстан келiп жатқан бөтен қылық Тiлеймiн ауыл жаққа жетпесiн деп. Аманжол: Күн ұяға батады бiр айналып, Жүрдек-ау жалған өмiр ұдай жарық. Ауылдан шыққан ұл-қыз адал болса, Туған жер көркейедi шырайланып. Ерлердiң елге деген көзқарасын Бақылап тұрар көкте Құдай бағып. Азаматтар, ауылыңды, халқыңды ойла, Бұл жөнiнде бiр Алла сұрайды анық.

Балапанын ұшырып қиясына, Туған жер жол тосады жиi асыға. Ауыл-ана ұлына хат жолдайды, Сағынышын сiңдiрiп сиясына. Оқуды тамамдаған жас мамандар Өзiнiң қайта қонсын ұясына. Жақсы ұлық жолыңды ор етпейдi, Осал ұлық жолыңды кең етпейдi. Ауылдағы ананың балалары Бiр сиырдың сүтiмен қоректейдi. Қалада өскен кей бiздiң министрлер «Сол сүтке салық салу керек», – дейдi. Қарақұсова секiлдi шала қазақ Ұлтымның көсегесiн көгертпейдi. Ауылым бiр мен үшiн жаhұт жолсың, Бiр Аллам ұлтымызға бақыт берсiн. Жусан иісiн иiскеп боз даладан, Бар әлем бауырсақ дәмiн татып көрсiн. Сапырған Сарыарқаның сар қымызын Францияға сататын уақыт болсын. Қолыңа тәуелсiздiк қонды құсың, Болжайық бұл заманның оң-бұрысын. Жүн өңдеу, ет-сүт өңдеу, терi өңдеу, Ауылдың дамытайық өндiрiсiн. Ақмарал: Парасатпен Аманжол Ауылдың жайын шолып тұр. Бiздi қойып, көңiлi Француздарда болып тұр. Балға тыққан бармағын Кедейдi байлар сорып тұр. Теңгелi жерде теңдiк жоқ, Теңселген заман болып тұр. Бағыңды үстем етейiн, Түспеспiн, Аманжол, уайымға.

Ақ орамал жырымды Асайын әкеп қайынға. Екеумiз де сөз айттық Киелi ауыл жайында. Байлығың көп жiгiтсiң, Жеңгеме көйлек дайында.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН МАРЖАН ЕСЖАНОВА Жекпе-жек айтыс. 2004 жыл Аманжол: Ел еркін болар ерлер жүргенде есен, Күмбірлі әлі талай күндер кешем. Маған серт, бойға біткен өнерге серт, Жұртыма жауһардайын жыр бермесем. Көңілдің көркі кірмес, Алматыма Айналып жыл он екі ай бір келмесем. Тұғырда қыран шабыт тыпыршиды, Тұлғасын Алатаудың бір көрмесем. Ал, халқым, қадамыма тілеу тіле, Жорғадай жүрісімнен мін көрмесең. Алып тау, асыл халқым, аманбысың, Шыңға өрлесем деп келдім, шыңға өрлесем. Көргенде елжіреген өнерлі елді, Жүйткітіп асау шабыт жөнелген-ді. Жыр арнап Алматыға барлық ақын, Асан қайғы түйесін шөгерген-ді. Сағынбау, сөз арнамау мүмкін емес Аяулы өздеріңдей көрерменді. Арылып қара бұлттан алып аспан, Бодан күн артта қалды қаны қашқан. Отыз екі, отыз жеті, сексен алты, Күңірентіп өткен кеше бәрі бастан. Он жасар бүгінгі жас балаларға Кешегі жетпіс жылдың бәрі дастан.

Тәуелсіздік мерекең құтты болсын Қазақтың жарқыратып бағын ашқан. Қасиет, рух барда халқым да асыл, Қазағым бар әлемге нарқыңды асыр. Мың өліп, мың тірілген елім үшін Жаңа ғасыр болсыншы алтын ғасыр. Ер салып ұлы өнердің тарланына, «Ақ жол!» деп қадам бастым арманыма. Фәнидің мен таңдаған өнер жолы Шығарар деп сенемін заңғарыма. Ал енді мойын бұрып, көз салайын Арайлы Оңтүстіктің ардағына. Бел буып жекпе-жекке келіп қалған Шымкенттің сәлем бердім Маржанына. Армысың, ел сенімін ақтаған қыз, Ақ жолын ақиқаттың жақтаған қыз. Көкбай мен Әселханның жолын жалғап, Құт қадам Алматыға аттаған қыз. Шығармай үш жыл бойы айтысуға, Оңтүстік сары майдай сақтаған қыз. Ақынсың ел тағдырын ойлап жүрген, Тереңін теңіз ойдың бойлап жүрген. Жиі-жиі жүздесіп жүруші едік Кешегі қыз кезіңде бойдақ жүрген. Тұрмысқа шықтың-дағы жоқ боп кеттің, Кім сені босағада байлап жүрген?! Дауысын танимысың арайлы ұлдың, Атымды, Маржан, саған қарай бұрдым. Елімнің еркелеткен бір қызы едің Иіскеген қызғалдағын талай қырдың. Әніңді қара ошақтан әрі ұзатпай, Айтыспай, айтшы, Маржан, қалай жүрдің?

Сөзіндей төгілейік ойлы абыздың, Баурайық мағынасындай бағзы аңыздың. Халқымыз тебірентер ой айтайық Әулие дауысындай нар қобыздың. Бұралып шыңға біткен шынардайсың, Асқардан қанат қаққан ұлардайсың. Өнердің өрге желген желмаясын Бүгінгі аламанға тұмарлайсың. Үш жыл бойы ішіңде сақтағанды Үш сағат жекпе-жекте шығарғайсың. Маржан: Бас иіп, сәлем беріп шыға келдім, Мен көзі ашылмаған бұлақ едім. Алматы, талай-талай жүйріктердің Тұсауын кесетұғын тұрақ едің. Серіге Аманжолдай сай ма екен деп, Шыққалы Маржан қызды сынап едің. Сыншының Күреңбайдай ұрпағысың Танитын шаппай жатып Құлагерін. Қалың ел, Манап, Сара, Ұлбикенің Тағы бір қабылдаңдар мұрагерін. Буайық жекпе-жекке бекем белді, Жекпе-жек болар бүгін екен деді. Баптардың бабы Арыстан баб болғанда, Сайрамым сансыз бапқа мекен бе еді. Киелі кемесінің пайғамбардың Тоқтауы Қазығұртқа бекер ме еді. Фарабидің отаны – Отырардан Тағы бір Жібек жолы өтер ме еді. «Басыңнан бақ таймасын, қазағым» деп, Көңіліңді келдім бүгін көтергелі. Сөйлесін тарих болып алыстан қыз, Фарабидей бабамен данышпанбыз.

Ордасы ән мен күйдің – Созақ, Шаян, Домалақ ана жатқан қоныстанбыз. Атаған «Өскен өркен» Мұхтар аға Нешеме жүйріктермен алысқанбыз. Данаға Тәушен апа атын айтып, Балаға Бекзатты айтып танысқанбыз. Сіңілісі Әселханның болғаннан соң, Жігіттің серісімен жарысқанбыз. Өмірдің қызығына бір тоймадым, Төгілсін алдыңызда сырлы ойларым. Жаялық жуып күндіз, түнде бесік Тербетіп отырсам да, жырды ойладым. Ортаңа үш жыл бойы шыға алмасам, Кемшіндеу тұстарыма мін қоймағын. Шығарып салды төркінім, Болсын деп ұзақ өмірің. Шығарып салды жол тілеп Бір әулет Маржан келінін. Батасын берді аталар, Түспесін деп көңілің. Екі миллион халықтың Арқалап келдім сенімін. Аманжолдай ақынға Кеудеден күмбір күй ақты. Төлегендей сұп-сұлу, Бозбала мұрты қияқты. Сарбаз да сұлу түріне Айтпасам өлең ұятты. Сырбаз да сұлу Аманжол Сувенир ақын сияқты. Ақиқат сөз, осы анық, Келдің бе тағы жасанып? Ұзатылар қаздай боп Барасың күнде жасарып.

Екі көзің мөлдіреп, Басыңда үкі желбіреп, Қуанып қалды-ау Алматы, Аманжол тағы келді деп. Аманжол: Бүгемін мен ойымның бүгін несін, Жетісу біз келгенде дүбірлесін. Ол рас, Әселхандай апаларың Айтыстың бастап жүр ғой бүгін көшін. Домбыраңның ішегі шығып кетті, Тілегім, үш сағатта үзілмесін. Бекіген жігіт едім құба белде, Хас жүйрік алқынбастан шығады өрге. Ол рас, Күреңбайдай бабаларым Сын айтқан жаңылмастан Құлагерге. Жүрсіндей ағамызға мың рахмет Маржанды сай деп көрген ұлан ерге. Маржан-ау, қатар жүрсек жолымыз кең, Алдымды шырмамассың торыңызбен. Қасыңдағы сіңілілер өсе берер Сіздің салған аяулы жолыңызбен. Қарапайым қазақтың біреуімін, Ұстауыңа болады қолыңызбен. «Аллалап» аламанға кірсем бекем Құпиясын ақын қыздың білсем бе екен? Сұлу деген боз отау түсінгенге, Түңлігін ақ отаудың түрсем бе екен? Түлкідей қып-қызыл боп шыға қапсың, Қызылды қыран болып ілсем бе екен? Қыз едің бір кездері жалындаған, Байсалды күйге еніпсің дамылдаған. Үкіленіп айтысқа шыққан шақта Сұлудың сындырмасын сағын ғалам.

Қысылып отқандайсың, Маржан ақын, Шабытыңды көрсетші арындаған. Маржан: Алдыңа қос аққудай тізілгесін, Бабалар ізбасар бір ізім десін. Ішегі домбыраның үзілгенмен, Дәстүрі қазағымның үзілмесін. Дауым жоқ сөзіңізге таласқандай, Сөзіңмен бір қыз едім санасқандай. Қыпшақтың мен секілді қыздарына Қызылдан киім кисе жарасқандай. Бұл жерде бүгін кімнің озат бағы, Қазақтың көп қой айтқан ғажаптары. «Қасында ер адамның әйел болса, Басында бақ болад» деп жазад-дағы. Мың жерден Құртқа қызды тыңдағанмен, Қобыланды жауда жалғыз азаптанды. Әйелін жекпе-жекке ерте шыққан Сен тұңғыш батырсың ғой қазақтағы. Аманжол: Елім аман тұрғанда ырысым бай, Сол елдің серпілейік тынысындай. Қазақтың айтыс деген мәрт өнері Бұл күнге жеткен жоқ па қыры сынбай. Айтыста жарқылдашы, Маржан ақын, Қыпшақтың қайқы біткен қылышындай. Секілді иранбақтың тел шыбығы, Адал жар – ер жігіттің енші гүлі. Оң жағыма жарымды ертіп шықсам, Бар ма екен оның қандай ерсілігі? Жігітіңді сен де ертіп шықпайсың ба, Болмаса Жиенқұлдай кемшілігі.

Қазақтың ақынысың, нарқы жатық, Ағызған жыр бұлағын сарқыратып. Өмірлік қасыңдағы жұбайыңды Көрсеткен дұрыс болар жарқыратып. Жеткенде адал жарды бағалар күн, Өкінішін қайталаман бабалардың. Қарашаштай ақылды адал жарға Жиренше көңілімен қарағанмын. Жарқыратып көрсетіп жүрейікші, Заманы емес бүгін Саралардың. Еріксіз тентіретіп тұрағыңнан, Мәскеу талай бұрады құлағыңнан. Мәңгүрттің тар кепесін тіксем деді Тектінің тері сіңген мұрабыңнан. Алаштың асылдары атылғанда, Күңіренген үн шықты құба қырдан. Семейдің полигонын сынаққа алып, Ұядай мекеніңді ұра қылған. Өз түбіне өзі жеткен Компартия, Шөл жасаймын деп жүріп бұлағыңнан. Ақыры қызыл империя жаназасы Алматының төрінде шығарылған. Балаң он бір мүшесі достастықтың, Марқұм социализмге дұға қылған. Тәуелсіздік жариялап Қазақстан, Жасқанбады сол сәтте сынағыңнан. Халқымыз сын сағатта үміт күтті Тұлғалы Нұрсұлтандай қырағы ұлдан. Еркін елмен елшісі амандасып, Әлем келіп су ішті құманыңнан. Текті ұлт екеніңді танып білді, Ғаламзат «Алаш» деген ұраныңнан. «Аллалап» біз бастаған жаңа ғасыр Шаттықты ғасыр болсын мұңы арылған. Шырағын азаттықтың қырда жағып, Елімнің көшін оңға бұрғалы анық.

Елтаңба, Ата Заңды қабылдадық, Қуанып көк байраққа бір қарадық. Бәйгеге қосқан кеше теңгеміздің Өз бағасын жоғалтпай тұрғаны анық. Он жылда он саясат жүргізген соң, Келеді реформаң тұлғаланып. Берекелі күндермен табысайық, Қазағым екі қолын нұрға малып. Азаттық тербеткелі даламызды, Көрсетті тегеурінді шамамызды. Тәуелсіздік тұрақты болу үшін Дұрыс тәрбиелейік санамызды. Азат болдың, бәрі де бітті екен деп, Кеңге сала бермейік жағамызды. Келер күнге ұялмай бару үшін Дұрыстап өсірейік баламызды. Кәлимасын білмейтін шалды көрсем, Аңсаймын шежірелі нар абызды. Тәнін сатқан рухсыз қызды көрсем, Армандаймын Баяндай дана қызды. Ұлттың тәні сырқатсыз, таза болсын, Өзгелер білсін десек бағамызды. Ерлерім арғымағын тағаласын, Керуенін дұрыс бастау ағаға сын. Қаржыларын жамқырып инвесторлар, Өзінің ойламасын қара басын. Елімнің еңбек заңын сақтай білсін, Қазаққа құл секілді қарамасын. Отандық инвесторға жағдай жасап, Үкімет өз ерлерін бағаласын. Өндірісің, техникаң дамыр болса, Әлемдік бәсекеге бара аласың. Кедей ұлтты ешкім де менсінбейді, Әуелі өзің бай бол, нар алашым. Құтылып «қызыл» қақпан сорымыздан, Ұмтылып шыққандаймыз орымыздан.

Аңсаған азаттыққа қол жеткіздік, Айымыз туып нұрлы оңымыздан. Азаттықтың бұл қонған бақыт құсын Қайта ұшырып алмайық қолымыздан. Ұлтымның жүрегінде мұрат та арман, Үкілі үміт күтеді шуақ таңнан. Әлемдік бәсекеге шыдайтұғын Экономикаң бекісін тұрақтанған. Ішкі-сыртқы өнімің қарқындасын, Сарқылмай су аққандай бұлақтардан. Отандық капиталың молайсыншы, Күндерге жету үшін нұр апталған. Осы айтқанды үкімет бір ойлансын, Өркенді ел болам десек қуаттанған. Хас жүйрік мәресіне озып жетті, Шабытым елді көрсем қозып кетті. Тәуелсіздіктен бастадым текті сөзді, Демегейсің Аманжол созып кетті. Маржан: Кезегін күтіп Маржан зарықпады, Оғыңның біреуін де дарытпады. Күйеуім қос баламмен енешімнің Қабағын, жаным, үйде бағып қалды. Айтыстың жолы әділ жол екендігін Бір-екі жарыстарда анықтады. Өзің айтқан Жиенқұл секілденіп, Қызғаныш Маржан қызға танытпады. Бұл сөзді түсінерсің санаң болса, Келеді әлі талай аман болса. Маржанды осы айтысқа жіберер ме ед, Күйеуім Жиенқұлдай жаман болса? Сен айтсаң, мен де тұрам мың толғанбай, Аманжол, көкірекке шер толғандай. 8-302

Қараңғы болған қазақ десе біреу, Пәсейіп ақ көңілім жер болғандай. Күн көсем армандаған коммунизм Асан қайғы жерұйығына тең болғандай. Жоқ кезде дәрі-дәрмек, жыланның да Уына уланбастан ем қолданды-ай. Бокстан ұлдарыңыз бәйге алғанда Тік тұрып бүкіл дүние, ел таң қалды. Қыз Жібек, Баяныңның сұлулығы Тандырады екен естен көрген жанды. Шүкірлік, тәуелсіздік келіп бүгін, Қазаққа қатып қалған сең қозғалды. Ақын ба ел мен жұртын ойлатпаған, Халық па ақындарын сайратпаған. Қабанбай, Бөгенбайдың қылышынан Қапыда қаншама жау жайрап қалған. Жете алмай осы күнге қазағымның, Бармағын ер Абылай шайнап қалған. Іргесін тәуелсіздік, ақ ордамның Қалаған Ләззат, Ербол, Қайрат балаң. Ерлігін бабалардың есіме алсам, Қырандай тұғырдағы айбаттанам. Кетпейді құлақтан еш ұрандары, Жетті ғой жетпіс жылға шыдамдары. Жетпіс жылдай байланған қыл арқаннан Шырылдап талай адам шыға алмады. Он емес, сексен жылын тойлар енді, Егер де тірі болса Тұрарлары. Аманжол: Қазақтай не көрмеді ел биігі, Кеткен жоқ тоқыраудың шер-күйігі. Асан менен Ленинді шатастырма, Асан, ол – елді ойлаған ер биігі. Бүгінгі тәуелсіздік, азат заман – Бабалар армандаған жерұйығы.

Маржан қыз, ханшайымдай бағалы едің, Жырымнан сезіндің бе дала лебін?! Сәуірде қалың ағаш бүршік жарып, Құлпырды Жетісудай дала керім. Киелі, қасиетті Алматымды Жер-Ана, жерұйыққа балар едім. Белдерін ұл-қызының халқым буып, Жаңғырды айтыс деген жарқын ғұрып. Үйінде бала баққан азаматың Балаңның отқан шығар артын жуып. Кезім жоқ шындықты айтпай жәй қалғандай, Маржан-ау, бір сырыңыз байқалғандай. Киелі Қызылқұмның қызғалдағы Сәуірде сәні кіріп, жайқалғандай. Бұл күнде үйде отырып бала бағу Ерлердің қызметіне айналғандай. Келгенде нарық заман қыспақтаған, Ерлерім, төмендеді, ұқсақ бағаң. Ала сөмке арқалап қыз-келіншек, Базарда не қалмады қыз сатпаған?! Жігіттер үйде отырып бала бағып Өліара уақыт болды іштартпаған. Кешегі әжелерім ғаламат қой, Азаматқа жаялық ұстатпаған. Қалаймын бек жүзгенін кемеңіздің, Халқыма ақ сөзімді төл еміздім. Мендегі ақ сауытты тесе қоймас, Ұшы өткір болғанмен жебеңіздің. Қайын жұртым шығарып салды деп ең, Балаға ебі жоқ па ед енеңіздің?! Маржан: Айтады бұл Аманжол шынын әлі, Маржан да бәрін іштей ұғынады.

Маржанды шатастыру үшін бүгін Аманжол қалай-қалай құбылады. Жақсы жыр жүрегіңді гүлдетеді, Толтырды бұл Аманжол сынға тегі. Ұл-қызға қарап қалса жан жарымыз, Ақынға деген, халқым, құрмет еді. Ұлының алдын, артын жуған жақсы, Ол деген ата-ананың міндеті еді. Аманжол, ақын едің алты алашқа, Бұл жерде дайын тұрған бар таласқа. Екеуіміз жан-жақтағы жағдайды айтып, Барармыз мүмкін осы бар таласқа. Жан-жақта соғыс жүріп жатыр, білем, Тағы да барармыз-ау сан таласқа. Тыныштықта жолықпай сен екеуміз, Аманжол, жолықтық-ау жанталаста. Келіп ем осы жерге әрең деді, Аманжол мықтылығын дәлелдеді. Соғысын айтпай аман отбасының, Жағдайды айт болып жатқан әлемдегі. Аманжол: Ұлтымның мұңсыз атсын жалғыз таңы, Тектісін менің халқым алға ұстады. Өзгенің боп жатқанда соғыстары, Қазақтың күмбірлесін айтыстары. Ақын, ғалым халқының бұлағы еді, Оларды есіне алып тұрады елі. Аяулы Әл-Фараби, Абылайларым Даламның мәңгі өшпейтін шырағы еді. Сұм соғыс – адамзаттың алып дерті, Ежелден бейбітшілік – халық көркі. Бұл күнде жер бетінде тұтанып тұр Соғыстың залалы мол қауіпті өрті.

Түтін ғып қара жер мен күн арасын, Ешкім де атомдарын сынамасын. Террордың ұйымдасқан ұшақтары АҚШ-тың талқан қылды мұнарасын. Олар да ауған халқын бомбалауда, Берем деп Бен Ладеннің сыбағасын. Дегенмен террор үшін бүкіл халық Аяусыз жапа шегіп жыламасын. Туа сап үрейленген жас сәбилер Көздің жасын көл қылып бұламасын. Біздерден соғыс өрті аулақ болсын, Қазақтың көк күмбезі құламасын. Бейбіт мемлекет болып Қазақстан, Бірлігің бекем болсын, ұлы алашым. Дүбірлі дүниеде сыны мықты, Адам тек бейбіт күнде жылыныпты. Кешегі қырық бірдің қырғынында Миллиондаған адамдар қырылыпты. Грозныйды бомбалап Ресей елі, Оның дағы болған жоқ түбі құтты. Бейбіт өмір сүру деп айтар едім Адам үшін ең үлкен ұлылықты. Көрсетер террор деген қаралығын, Ислам деген – үлкен саналы ұғым. Құранды қолыңа алсаң, ұғынарсың Ислам ілімінің даналығын. Жүр бүгін кейбіреулер шатастырып Ислам мен террордың аралығын. Бағын деп бар әлемнің атырабы, АҚШ та сес көрсетіп ақырады. Соғысуға ұмтылған мемлекеттер Әрбір кешін қайғымен батырады. Ынтымақпен күн кешкен бейбіт елдер Арай таңын үрейсіз атырады.

Жұлқыласпай өмір сүр жер бетінде, Адам ата, Хауа ана жапырағы. Бекерге жыламасын бұлақ алып, Маржан-ау, ұлы өнерде бір-ақ алып. Бен Ладен топ бастаған террорлардың Ізіне АҚШ түсті шырақ алып. Екі оттың ортасына ессіз кіріп, Өзбек жүр басына дау сұрап алып. Байсалды саясаты болмағасын, Қалуы мүмкін ертең тұраланып. Ақылмен жан-жағына көз тастаған Қазақстан саясаты қырағы анық. Адамдар, бір өмірді бейбіт өткіз, Мәңгі жолдас болмайды мына жарық. Түсініп жүректегі сауалыңды, Байқадым, Маржан, сенің ауаныңды. Көңілің толар ма екен, айтшы, бір сәт, Қайтардым әлем жайлы жауабыңды. Қызыл нардай көшті алға бастағайсың, Әзірге баяу жүріп баспалайсың. Алдымда сонша қатты қысылдың ғой, Маржан-ау, өтінемін, саспағайсың. Маржан: Жағдайды жігітсің ғой шамалаған, Білмеймін, жағар ма екен саған адам. Оралмай отбасына қайта-қайта, Осылай айтпаймысың бағанадан?! Ағайын, алдыңызға келтірді Алла, Кім шығады жекпе-жекке мен тұрғанда. Несіне қысыламын, Аманжол-ау, Осында қалың қазақ ел тұрғанда. Алланың беті бері бұрылуда, Ел жайын жәйі бар ғой ұғынуға.

Ол рас, екі түйе сүйкеніп қап, Бекерге момын халық қырылуда. Қашанда жақсы азамат ерінбейді, Ал ерлер өмір бойы елім дейді. Құрбандық болып неге Бен Ладенің, Халқы үшін неге ғана берілмейді?! Алайда ел бір мықтысын жоғалтады, Онымен ағылшынның бағы артады. Жасынан қару алып үйренген ел Соғыстың тақырыбын жаңартады. Тыныштық жақпайтұғын «талибтерің» Амал жоқ Ташкенге көз алартады. Олардың Ташкенге ауса аңсарлары, Белгілі тағы момын ел сорлары. Мұрат ақын айтқандай, Еділді алса, Белгілі көрші жатқан ел сорлары. Өзбектей ағаны алу – жол салғаны, Қазақтың жағасына қол салғаны. Тыныштық тілейікші елімізге, Соғыстың таныс еді лебі бізге. Күйеуін аңсай күткен соғыстағы Әжелер кездеседі әлі бізде. Ораза келе жатқан қабыл болып, Тыныштық орнаса екен бәрімізде. Аманжол: Соғысып, қан төгісу салтым емес, Құрады бейбіт елдің халқы кеңес. Берi кел деп алдымнан қол бұлғайды Берекелi, аяулы, жарқын елес. Он сегіз мың ғаламның жаңалығы Азаттық бақытынан артық емес. Маржан қыз, шағылмасын нар талабың, Сан көрдiң қонақ болып Арқа алабын.

Екеу емес, он бес миллион қазағымның Ақын боп өр сенiмiн арқалағын. Көңiлдiң айдынына қаз қонады, Жүрегі жақсы қыздың жаз болады. Алаштың сен секiлдi ақынына Екi миллиион қазағың аз болады. Бiлемiн биiктiгiн нарқыңыздың. Бiлемiн берендiгiн салтымыздың. Кешегi бабалардың жолыменен Жағдайын айтайық халқымыздың. Санама азаттықпен жарық кiрген, Бiлiмдiге табылар бағыт бiрден. Ғылымды үйренуге шақырады, Сырлассаң ұлы Абайдай алып нұрмен. Қаныштай қабырғалы ғалымдармен Қазақты жердiң бетi танып бiлген. Әлемнiң еркiн барып төрлерiне, Шын ғалым қызықтырар өрнегiне. Кешегi Әлкей менен Мұхтарларым Ғылымның көшiн бастап желмедi ме. Ал бүгiн кандидат пен доктор болу Айналды бастықтардың ермегiне. Ғылыммен бола аламыз талапты, өктем, Кемшілік көп қой бүгін ағат кеткен. Ғылым академиясы шайқалып тұр Қаныштар iргетасын қалап кеткен. Көз салып қарамасаң бүгiнiңе, Күн ертең құрт түседi түбiрiңе. Қазағым, ендi қайтып жол бермешi Школьник дегендердің бүлiгiне. Шынайы ғалымдарың жайғассыншы Ғылымның көш бастайтын күлiгiне.

Қыз едің қолдан бермес намысыңды, Ендеше ал мойындат арыс ұлды. Маржан-ау, айта отыр Шымкентiңнің Он жылдыққа әкелген табысыңды. Маржан: Елдi айтсам менiң қаным қайнар тiптi, Ағайын, болғалы тұр майдан мықты. Ал ендi қарап тұрсам, Аманжолды Шымкенттiң жаңалығы ойлантыпты. Әселхан, Тәушен, Марал, Бекарыстың Жеңiсi алты алашты ойлантыпты. Шаханов, Алиевтей Мұхтарлары Ескерткiш тiрiсiнде қойған мықты. Бекзат пенен топ жарған Мұхтархандар Болмаса тәуелсiз ел қайдан шықты?! Сен неге осыларды еске алмадың, Ақынның бiрi едiң ғой айлаң мықты. Елiмiз ұлы тойға сай болуда, Болады мақтан етiп жайлауында. Мақтанса мырышымен өскен елiм, Сыр елi күрiшiмен бай болуда. Алматым апорт, алма отаны емес, Айтыстың ордасына айналуда. Бiздiң ел ақ алтынның өлкесi едi, Қара алтын сiздiң елдiң қойнауында. Талайдан бiздiң қазақ шеткері едi, Мақтанып Маржан жырын төккен едi. Азапты талай-талай бастан кешiп, Тәуелсiз күнге бүгiн жеткен едi. Көргенiң ер мен елдiң соғысы емес, Болсын тек ақындардың жекпе-жегi. Аманжол: Тулайсың сен Арыстың арнасындай, Жiгiтпiн мен батырдың алмасындай.

Жарасып сiз екеумiз отырмыз ғой Кешегi Сара – Бiржан жалғасындай. Шымкенттiң мықтыларын айтып өттiң, Таланты алты жасар нар басындай. Шаханов Мұхтар ағаң бiзге де ортақ Кешегi Махамбеттің жалғасындай. Мықты ақын қиялында шек болмайды, Ұрпаққа сөзі өнеге, жоқ болмайды. Сен айтқан Шахановтай ағаңызды Қазақ, қырғыз иемденсе көп болмайды. Дәлелді сөз айтайын айғақпенен, Шындықты қару етіп сайрап келем. Қазағым шоғырланған оңтүстiктi Дәстүрi бұзылмаған аймақ дер ем. Дегенмен санамызды улап жатыр Жезөкше газеттерiң «Айғақ» деген. Демессiң әрiптесiм жазғырады, Бабамның бұзылмасын бағзы заңы. «Ләззат», «Айғақ» секiлдi газеттерiң Ұрпақтың саналарын аздырады. Ойлансын басшыларың ерге бекем, Ардақты аз емес қой елде көкең. Шымкентiң бұл күндерi көше аттарын Беймәлiм бiреулерге берген екен. Білетін ақынсың ғой сөз бағасын, Ғаділ ойды айтайын қозғағасын. Түркiстанда бiр әйел ақша үшiн Бiреуге сатқан екен өз баласын. Осындай жан түршiгер жаңалықтан Көңiлiң қалай ғана боздамасын?! Төсiнде Сарыарқадай нар алаңның Қара алтын – қазынаммен дараландым.

Он жылдыққа еселi үлес қосып, Болашаққа үмiтпен қарағанмын. Қамалтиндей ағамыз көштi бастап, Жайқалып келе жатыр Қарағандым. Болмасын мынау еркiн ғасырда мұң, Бел буып, қиындыққа бас ұрмадым. Сүйiншi деп айтамын Қарағандымда Зәулiм биiк ақ мешiт ашылғанын. Келедi азат күнде жалындағым, Келедi көштi бастап арындағым. Қуанышпен айтамын Қарағандыда Қазақша жаңа мектеп салынғанын. Ақының мекен еткен алып белдi, Бағасын жақсылардың халық бердi. Таяуда облысымның жетiстiгiн Елбасының өзi де барып көрдi. Астанаға сый қылып Қарағандым, Мыстан құйған монумент салып бердi. Маржан: Не болды, Аманжол-ау, жұлынардай, Бүгiнгi жұлынудың сыры бар ма-ай?! Соншама Шымкентiме шүйлiктiң ғой, Атадан келе жатқан құны бардай. Молаға қарай бала жүгiредi, Ағайын, бiр нәрсеге ұрынарда-ай. Аманжол, шектен шығып кетпе деймiз, Естiген әңгiменi төкпе деймiз. Жезөкше газеттердi сен оқысаң, Онда бiз кiмге барып өкпелеймiз. Көрместей Оңтүстiктi даттап па едiң, Аталы сөзге, Аманжол, тоқтап па едiң?! Тойына Түркiстанның барған жоқсың, Өсегiн iшке осылай сақтап па едiң?!

Дүбiрлеген ұлы той боп жатқанда Демалып iргесiнде жатпап па едiң?! Мен сенi ақын деушi ем бар алашқа, Құмарсың әңгiме сөзге алақашпа. Бәйгесi Бекарыстан артылмас деп, Сарғайып жатпап па едiң Сарыағашта. Маржан қыз кей сөзiңмен таласпайды, Жiгiттiң оныменен бағы аспайды. Алты алаш ардақтаған Аманжолға Әңгiменiң өсегi жараспайды. Түсесiң бүгiн, Аман, сөзiңменен, Мен өзi елiм үшiн көз iлмегем. Елiмде азғантай бiр мiн бар екен Деп халқым өз елiмнен безiнбеген. Аманжол, үлгi едiң ғой жас балаға, Әңгiме ел iшiнде қосқан ғана. Жақында естiп едiм кетедi деп Өзiңдi атышулы Астанаға. Құлынын қолдап халқы шулар ма елде, Жекпе-жекке белiмдi буғам мен де. Астана емес, көршi үйге кірер кезде, Ойланып бiлсеңiздер, тулар сенде. Аманжол, әу бастағы әдетiң бе ед Ауысып келе салар думанды елге?! Жаным нәзiк болса да, затым әйел, Туымды мен тiккенмiн туған жерге! Мен барсам, сол Астанаң кет демейдi, Бiздерде сендей ақын көп демейдi. Аманжол, сөз түсiнер адам болсаң, Ендi қайтып Маржан қызға беттемейдi. Ағаш та бiр-ақ жерге тамыр жаяд, Әр жерге отырғызсаң көктемейдi. Қарқаралы ыстық жер сонша маған, Жүрегiм айт деп менiң қолқалаған.

Үндемей отыр едiм бағанадан, Өз сөзiн өз алдына тартар адам. Қарқаралы жайын айтсам, бұл күндері Мәди айтқан мұң әлi тарқамаған. Туристiк аймақ етiп гүлдендiрсе, Алғысын айтар едi қаншама адам. Пратонның түсiп жатқан қалдығының Азабын сол елдегi тартады адам. Азабы сол, шашы түсiп қалады екен, Одан зор айта берсе қорқады адам. Аманжол, Астанаға кетпек пе едiң Басым таз болады деп Қарқарадан? Елiңмен мәңгi бiрге болмайсың ба, Ел жүгiн ақын ең ғой арқалаған. Аманжол: Келмейтін қонағың ем елге күнде, Қараңды көрсетпедің сен де мүлде. Арқадан ақын жігіт келіпті деп, Желмаяңа мініп ап желмедiң бе? Ауылыңның iргесiнде бiр ай жаттым, Дәстүрмен сәлем берiп келмедiң бе? Сөзiңдi бұл Аманжол ұққан едi, Ақиқат ойларыңды құптап едi. Кешегi Бiржандардың өр мiнезi Бiздерге аманат боп жұққан едi. Шымкенттiң қыздарының көзi тиiп, Көзiме бiр терiскен шыққан едi. Демеймiн қарсы алдыңда амалдадым, Барудың мен қисынын таба алмадым. Бұйрықсыз көршіңе де кіре алмайсың, Ол тойға сондықтан да бара алмадым. Оңтүстік, бір бөлектеу халықсыңдар, Сыртқа бәйге беруге жабықсыңдар. «Әдетпен» Бекарысқа бәйге берiп, Бәйгенi ауылға алып қалыпсыңдар.

Киелі Түркістанның қаласында, Қазақтың жаттық болмас баласында. Сырттан келген ақынға бәйге берсе, Кәдеңіз сай келмей ме жарасымға?! Той дүбiрi, Маржан-ау, қалған екен Жамбас пенен көрпенiң арасында. Ол рас, дүркiретiп өрлепсiңдер, Айтылған сынға көңіл бөлмепсіңдер. Жүлденің қысып қалған қаржысынан, Апыр-ау, қандай пайда көрмексіңдер? Темiрханнан сұраңыз, нанбасаңыз, Мүшәйраның бәйгесiн бермепсiңдер. Көкелерге сәлем айт жиі ақталар, Сезе ме елге келер ұятты олар?! Той жасаған Шымкенттiң басшысына Бәйгенi бермей қалу ұят болар. Маржан-ау, ақын едiң өзiң асқақ, Мән беріп ойлансаңшы сөзіме аздап. Қалай ғана бармайсың Астанаға, Елбасы барғаннан соң өзi бастап? Бұл заман қос ғасырдың өткелi едi, Келешек күндерiмнiң көп берерi. Маржан-ау, азат күннiң ақынысың Жүздiргiн көк айдынға көк кеменi. Азат елдiң құсы боп сен самғашы, Астыңа тұғыр етiп Көктөбенi. Ол рас, Астанаға барсам деймiн, Бүр жарған шыбығы боп көктегелi. Жасымнан тұғыр тұттым паң даланы, Жол шектім баба жолын жалғағалы. Ауылымнан серпiлiп ұшқан едiм, Астана аспанында самғағалы.

Тереңнен қарт Бұхардай толғап өтем, Заманыма ойымды жолдап өтем. Шетелге елден жырақ кеткен жоқпын, Астана маған жақын ол да мекен. Асыр сап ай астында жүрсем-дағы, Қарағанды намысын қорғап өтем. Бұл сөзің құлатпайды жарға мені, Астана әр қазақтың арманы еді. Ұрпақтардың шаhары болсыншы деп, Нұрағаң өзi бастап салған едi. Жиырмасыншы ғасырдың бастауында Мықтылар Алматыға барған едi. Тектiлiк ер жiгiттiң нарқы емес пе, Ерлерге тұғыр болар халқы емес пе. Ауылдан Астанаға қанат қағу Қазақтың ақынының салты емес пе. Тартылып Арал, Балқаш шалқаралы, Өзендер жойылуда картадағы. Протон гептилiнен зардап шегіп, Қалың ел елеңдеуде Арқадағы. Қайғыдан қабырғысы майысып тұр Киелi Шыңғыстау мен Қарқаралы. Табиғат, тойдырсаң да құтыңменен, Сәбидей емiзсең де сүтiңменен. Қатыгез адамзаттың кесiрiнен Жарадан көз ашпай тұр бүкiл денең. Жер-Ананың қайғысы тарқар едi, Қараса барлық адам күтiмменен. Экология құлдырап бара жатыр, Табиғат ластануда түтiнменен. Тiзесiн батырған соң сүйiктi елi, Көбейдi Жер-Ананың күйiктерi.

«Қайда кетiп барасың, адамзат?» деп, Күн мен ай таңғалып тұр биiктегi. Құлақ түр, уа, адамзат, мұратты үнге, Қылышыңды сермеме шуақ күнге. Табиғат – ұлы анаңмен санаспасаң, Ақырзаман болады бiр-ақ күнде. Ұрпақтың ойлар болсаң барлық қамын, Ағалар, дұрыс шықсын жарлықтарың. Жер-Ана тәнiне әкеп тығам деймiз Шет елдiң радиактивтi қалдықтарын. Арқасында алшаңдап, оу, адамзат, Жер-Ана сыңсып салған зарды ұқпадың. Дұрыстап ойлансаңшы, Қазақстан, Аз ба едi газ бен уға шалдыққаның?! Қалса да шашым түсіп басымдағы, Не жетсін туған жерге жасыңдағы. Жаңаарқа, Қарқаралым, сүйіп өтем Жалғасқан махаббатпен Қасымдағы. Болашақ азат күннiң ұранымын, Бұғауға көнбей тұрған құланымын. Қазақтың ұл мен қызы аман болса, Болмасын алты алаштың тұрағы мұң. Тағы да қайталаймын, Маржан ақын, Иманақ, Қарқаралы қыранымын. Маржан: Сен неге Қарқарада қалмадың деп, Тойына Түркiстанның бармадым деп, Аманжол, жаңа айтылған ойларымды Қайтадан келiп отыр жалғағым кеп. Аманжол ақын едi, келiскенiм, Алайда көп ойымен келiспедiм. Мен үйде бала тапқан жан болсам да, Менен тарлау көрiндi өрiстерiң.

Аманжол жаңылмайды деп ойлаушы ем, Үйде отырып есiтiп жеңiстерiн. Тойына Түркiстанның бара алмапты Көздегi сылтау қылып терiскенiн. Ақындар тым тереңнен толғаған ғой, Бойдағы жырын елге арнаған ғой. Терiскен емес, көзi соқыр болған Шөже де айтыстардан қалмаған ғой. Аманжол, осы шығар шалысқаның, Артықтау сөзге алайда барыспадым. Жан-жақтың саған бәрi бiрдей болса, Жолды тек Астанаға бағыштадың. Сыр елi Арал мұңын татқан кезде Сен неге көшiп барып болыспадың? Семейiм полигоннан зардап шектi, Сен сонда барып неге жабыспадың? Зiлзала болған кезде Өскеменде Үйлерiн барып неге салыспадың? Немесе Әселхандай ат аударып, Жiгiттiк көрсетпедiң, намыс барын. Бәрiн де түсiнетiн жан едiң ғой, Кеттi ме бас айналтып табыстарың? Ендi кеп, Аманжол-ау, қай сасқаның, Ел басындай ағамен жарысқаның. Аманжол, ақын едiң дара туған, Түрiне жыры сай боп жаратылған. Мәңгiлiк Қарқараның қыраны бол, Қомданса жыр саулаған қанатынан. Аманжол: Ойларың Каспийдейiн терең болсын, Сол теңiзде жүзетiн кемең болсын. Жүрсiн ағам ұсынған үш шумағың Үш жүз ұйып тыңдайтын өлең болсын. 9-302

Қара түн түнек болар ай болмаса, Ақынның құты қашар ой болмаса. Желпiлдеп құр бекерге неге керек, Айтыста бес қаруың сай болмаса. Әрине, ғадiл ойды қостағанбыз, Мәреден будан атты тоспағанбыз. Маржан-ау, бiлесiң ғой, жүйрiк атты Жаратпай аламанға қоспағанбыз. Маржан қыз, сөз айтасың абайламай, Ауылға жүрген жоқпын қарайламай. Мін көріп Астанаға көшкенімді, Қиыстау қетіп қалдың қалай қарай? Бiлесiң Астанадай жас қаланы, Жас та болса көш бастар бас қаланы. Әрбiр ақын ауылында қала берсе, Кiм барып көркейтедi Астананы? Балталасаң майрылмас емен едім, Сен ойлаған көлден де терең едiм. Нелiктен Аманжолдың ғадiл ойын Оң жағымда отырып елемедiң? Елдiң көшiн бастаған Нұрағаңа Бұхардай кеңес берсем деген едiм. Ақын бар ма шабытпен шалқып толмас, Тектi ақын қазынасын сарқып болмас. Тәй-тәй басқан бүлдiршiн Астанаға Мен секiлдi ақындар артық болмас. Хан әр кез ақынменен кеңеседi, Олай болса алты алаш тел өседi. Ол менiң, жөндеп түсiн, Нұрағаңмен Желпiнiп жарысқаным емес едi.

Сөзiмдi ақиқатпен жолдай кетем, Тереңнен төкпелетiп толғай кетем. Ойым жоқ ешкiмменен жарысатын, Әркiмнiң өз тұғыры болмай ма екен?! Маржан: Маржанның сиынғаны елi болды, Аманның көкiрегiне шерi толды. Соңынан Жүкеңе кеп жабысқаны, Аманның сасқан бүгiн жерi болды. Жалғаған мұра дәстүр бiр кiсi едiк, Кешегi ақындардың үлгiсi едiк. Ешкiмге өлең бер деп жалынбайтын Сара мен Әселханның сiңiлiсi едiк. Жақсы жыр күтер халқым менен бүгiн, Көмейден маржан жырды төгем бүгiн. Әйел – ерге жарты пiр, ал ер адам Әйелдiң бүтiн пiрi деген бүгiн. Бұл жайды жазу жоқта тасқа жазып, Бабалар айтып кеткен менен бұрын. Етектiң тiзеден сай төмендiгi Әйелдiң бiлдiредi төмендiгiн. Жеңсем де, жеңiлсем де айғайламай, Танытам өремнiң де тереңдiгiн. Сөзiмнен сүрiндiрсең, бәйгемдi де, Аманжол, басымды иiп берем бүгiн. Әйелдi iзетi ғой сүйiктi еткен, Бойына қажыр-қайрат жиып кеткен. Әйелдер төмендiгiн бiлдiрiп-ақ, Соншама ер адамды биiктеткен. Аманжол: Қыз жанын көрген жоқпын түңiлдiрiп, Күн астына жортатын түбім күлік.

Елеулi Оңтүстiктiң елiгi едiң, Жігіттің жолын кеспес, дінін біліп. Тура сөзге тоқтасаң жетiп жатыр, Қайтейiн қыз баланы сүрiндiрiп. Атыңның баяу екен жүгірісі, Дарынның алға бассын бүгiнгі iсi. Төмендемей, серпiлiп айтыссаңшы, Арқалы Әселханның сiңiлiсi. Халықтан табылады керегiмiз, Екеумiз екi ауылдың өренiмiз. Қиын сәтте төкпелеп сөз арнасақ, Халыққа сол емес пе көмегiмiз. Болмасын ұлтымыздың бағы мұңлы, Бiр Алла шектемесiн дарыныңды. Бәрi солай болды деп жай қарамай, Биіктет, төрелi елiм, танымыңды. Жылымқұртша жабысқан коррупция Кемiрiп, мүжiп жатыр тамырыңды. Айналды сыбайластық салтымызға, Жемқорлық нұқсан болар нарқымызға. Осы жайлы ақын боп ой толғайық Сәулелi сөз iздеген халқымызға. Маржан: Ол жағдай жағдай едi мазаны алған, Қызы едiм кезегiмен ғазал алған. Монтиған мәмияға момын болмай, Қылмыстан күн болады жаза да алған. Жете алмай ақиқатқа, бiлесiздер, Ләззат пен Қайрат кеше қаза болған. Қорғансыз күнiн кешiп сотталғандар, Қодар мен Қамқадай боп жазаланған. Арасын сұмдық-сұмдық ажыратып, Ағайын, күн туар ма ғажап алдан?!

Осылай қазақ халқым көкке өрлесiн, Ұл мен қызын еш адам жек көрмесiн. Бүгiнгi қазақтарға тыныштықты, Тiлегiм, Алла, Құдай көп көрмесiн! Өлетiн жанын Құдай бермесе екен, Қара бұлт бастан қайтiп төнбесе екен. Жеңiлмей жекпе-жекте ақын бiткен, Алматым тек айтысқа шөлдесе екен. Сенiң де мөлдiреген екi көзiң Бiр күнi әжiм басып, сөнбесе екен. Бабалар қалай ғана тауып айтқан, Бұл дүние екi айналып келмесе екен. Аманжол: Менің де өзіме сай бар атағым, Сөзiмдi шежiредей таратамын. Өзiңдей ақын қызға ашық болсын Ырзықты менiң мынау алақаным. Азат болып алдымнан қарсы алғайсың, Болашақ менiң көрер дара таңым. Тоқсанда жанарына ақыл тұнған Тағдырын берсін Алла нар атаның. Көнбейді жүрдек уақыт амалыңа, Кәрілік тежеу болар талабыңа. Ақ бетiме әжiмдер түссе-дағы, Лайым әжiм түспесін жанарыма. Бұл жалған құбылады құба қырдай, Уақыт жүйрік аңыз пырағындай. Жастық шақ – жасыл жайлау, бұла кезің, Балауса кең даланың құрағындай. Жүзге дейiн жанарым мөлдiр болсын Киелi Алатаудың бұлағындай. Сәтiмде өркениетке мойын бұрмақ Болмасын, төрелi елiм, жолың құрғақ.

Адалдықтың ақ шыңы, биiктері Ұлтымды шақырады қолын бұлғап. Жемқорлықпен күресiп жүргендердiң Өздерi де алады-ау қолын былғап. Ерлердiң бiр кiрген соң лайға басы, Ғадiл түйiн түймейдi ой-санасы. Қызметке оп-оңай жалғасады Министр көкелердiң айналасы. Жұмыс таппай жүгiрiп, қиналады Қарапайым халықтың сай баласы. Жалғанды жалпағынан баса бермек Аузы қисық болса да бай баласы. Көрсек те ғасырлардан ақтабанын, Белгiлi ешкiмге мұң шақпағаның. Шындықты талай ақын жырлап өткен, Қолға алып домбыра мен ақ қаламын. Қоғамның ақиқатын мен де айтайын Төрiнде Алматыдай бақ қаланың. Талай-талай босқынды қабылдаппыз, Кеудесiнен итермей жат баланың. Солардың кейбiреуi ұмытқандай Далама қалай қадам аттағанын. Бұл күнде Кулагин де құтырады, Семiрiп бидайына Ақмоланың. Тiлеймiн алашымның ұл-қыздарын Осындай жемқорлықтан сақтағанын. Тексiздi тәубесiне түсiретiн Ұрпағы, қайдасыңдар, сақ бабаның? Қазақта ата жұртқа қондырмапты, Арасын кiм айырар ақ-қараның? Сарбаздар бар байлықты сапырыпты, Кейiнгi он жыл iшiнде аты мықты. Миллион мен миллиардтардың мүлiктерi Арзанға мүлде құнсыз сатылыпты. Осы жай реформаға тұсау болып, Тереңге ел еңсесiн батырыпты.

Сатылған қазынаның қаражатын Әкежандар қалтаға жасырыпты. Талапайлап қазақтай жас халықты, Шетелдiктер пайдаға бас салыпты. Инвестор мен пайданы бөлiсетiн Шендiлерде болыпты такса мықты. Арандары ашылған кейбiреуге Халқынан да қашан да ақша мықты. Қажыгелдиннiң тұсында коррупция Көкелердің өзінен басталыпты. Болсыншы қазағымда айбар басым, Ақының шындықты айтпай, жай қалмасын. Айтатын тiлегiм сол, азат елiм, Тұнығы ұлтымыздың лайланбасын. Маржан: Ақылды жырмен кейде төкпелеймiз, Кеттi ғой байлығымыз шетке деймiз. Өзiмiз ел үстiнен байып алып, Көнбейдi жалқау қазақ көпке деймiз. Жоқ елдiң ынтымағы дегендерге Ұмытып өз ордаңды кетпе деймiз. Қазақта дiн нашар деп айтқан жанға Түркiстан неге екiншi Мекке деймiз? Бiр-екi қазақ үшiн неге бiздер Осы бар қазақтарға өкпелеймiз? Қиындық басымыздан өтер деймiн, Ақынның сөзi бал мен шекер деймiн. Кешегi бабалардың рухымен, Ағайын, бүгiн басты көтер деймiн. Тәуелсiз алған кеше бiздiң қазақ Түбiне қылмыстың да жетер деймiз. Кезiнде деп едi кiм бiлiп жатыр, Айласын бүкiл халық ұғып жатыр. Қалтаға салынған сол талай пара Желкеден бұл күндерi шығып жатыр.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЕРМЕК ЖҰМАТАЕВ Жекпе-жек, Алматы қаласы. 2004 жыл Аманжол: Жер-Ана алып күннің алды нұрын, Наурызда бай түсінер жарлы мұңын. Телегей қуанышқа кенелемін Жұртымның көрген сайын арлы жүзін. Халық деген бір сөзден биік емес Бір Алладан кейінгі барлық ұғым. Қазақ деген ұлтыма сәлем бердім Ақыннан биік көрмес жалғыз ұлын. Таңдарға үміт арттым күліп атқан, Түспеспіз шабыт барда бүгін аттан. «Ақжолтайлап!» алдыңа келіп тұрмын, Бата алып Ұлытаудай ұлы қарттан. Бетті жуып, сусындап жолға шықтым Есілдей өзенімнен тұнық аққан. Сәукелелі сұлудай Қарқаралым Басыма бақ тіледі күліп арттан. Жаңаарқамнан басталған ұлы жолда Аталы сөз арнасам, құным артқан. Жекпе-жекте желпініп сөз бастайын, Бақ тілеп қазағыма ұлы хақтан. Жалғадым баба жүрген алтын ізді, Бір Алла биіктетсін нарқымызды. Наурызда дәмі кетпес сөз айтайық, Сапырып ұсынғандай бал қымызды.

Ұлыстың ұлы күні қандай ғажап, Ұлт болып ардақтасақ салтымызды, Бүгін түнде қазаққа Қыдыр келер, Қуанышқа кенелтіп жалпымызды. Ұлыс оң боп, ескі жыл есіркесін, Жаңа жыл жарылқасын халқымызды. Әз Наурыз қазақ үшін бағалы екен, Әр үйден Қызыр орын табады екен. Әжелер сүрдің исін бұрқыратып, Қазанға қазы-қарта салады екен. Наурыз көже әзірлеп жеңешелер, Ошақ отын маздатып жағады екен. Бар дүние жаңарып табиғатта, Жер бусанып, бұлақтар ағады екен. Түйе боздап, қой қоздап азан-қазан, Еңлікгүл бүршігін жарады екен. Ойдағы ел қырдағы елмен араласып, Қауышып, қауқылдасып қалады екен. Атан жүрек жігіттер көкпар тартып, Шабандоз аламанға шабады екен. Палуандары белдесіп, күш сынасып, Ақындар шалқып қанат қағады екен. Ренжіскен көңілде кірбің болса, Есіркер ескі жылда қалады екен. Жаңа күн, Жаңа жылға атам қазақ Періштедей тазарып барады екен. Жаныма серік болмас жалған желік, «Ақжол!» деп қадам бастым арманға еріп. Дүбірін дүлдүл жырдың байқатайын, Жерді солқылдатқандай тарлан желіп. Армысың, Ермектейін ақын аға, Азуы алты қарыс арлан берік. «Алла» деп аттың басын босат енді, Алдыңнан тоқтатқанша арқан керіп. Көсілген ақын едің ақтабандай, Тыңдаушың өнеріңді мақтағандай.

Айтысқа Аманжолмен шығасың деп, Қырық күн жеңешеміз баптағандай. Ал ендеше айтарың асыл болсын, Алтынмен іші-сыртын аптағандай. Ұлт тыңдайтын аяулы, дәмді ойлар айт, Жалынға құстың етін қақтағандай, Алатау атамыздың халі қалай Ел тілеуін тілеген қарт бабамдай? Алматым мерейтойын тойлаймын деп, Әкімің бекер қарап жатпағандай. Осылардан сыр тартып сөз басташы, Ұл едің ел сенімін ақтағандай. Ермек: Жаңа жылда болар деп бір жаңалық, Жиналып қалыпсың-ау мұнда, халық. Ол рас, Алматыға наурыз келді, Құлағы тал-қайыңның сырғаланып. Көктем келсе тулайды ақын жүрек, Болармыз деп өлең мен жырға қарық. Аманжолмен шығам деп жекпе-жекке, Келгем жоқ сойылымды суға малып. Ел алдында жарасып айтыс жасап, Құшағымыз қайтармыз гүлге оранып. Алладан бүгін айтыс бұйырған күн, Ақындар өнеріне сыйынған күн. Бүгін бір әзіл айтыс болады деп, Көптен күткен мына жұрт жиылған күн. Таласып екі сағат звондасып, Көрермен, телефоның қиылған күн. Жамағатқа жақсы айтыс біз жасайық Орнына елден шыққан тиындардың. Ол рас, бұл – күн мен түн теңелген күн, Қазақша бақ пен ырыс кенелген күн. Несібесі артады деп жатады Наурыз көже тоя ішіп, жегендердің.

Бидай мен сүт қосып жейтін тарымызға, Осы мейрам бұйырыпты бағымызға. Ішкен-жеген көрініп отырғасын, Несіне шоқ түседі шабымызға? Осылай бәрін айтып көрсететін Мың рахмет айтамыз Наурызға. Наурыз тұрсын енді өкпелемей, Шашады жырдан шашу көпке көмей. Амандасып алайын Аманжолмен, Жапырып жан-жағымды төкпелемей. Мына жұрт та риза болып қайтсын, Уақытым өтті ғой текке демей. Біздің ауыл, сұрасаң, Ұзынағаштың бойында. Мен ауылдан шыққанда Сен бар едің ойымда. Іні емессің арқалап Жүретұғын мойынға. Қыз емессің қолқалап, Тартатұғын қойынға. Ұры емессің зәнталақ, Екі көзің қанталап, Жығып кетер сойылға. Бір мінің жоқ бойыңда, Не бар екен ойыңда? Не болса да көрейік Наурыздың мынау тойында. Аманжол: Айтыстың жарқыраған шырағы едің, Тұмарлап топқа қосар пырағы едің. Сенің де арқаң қозып отқан шығар, Көргенде құба белдің құлагерін. Ермек-ау, бір де жауап айтпадың ғой, Алатаудың жағдайын сұрап едім.

Келгенде Әзірейіл жанды алғалы, Пенденің кеш болады таңқалғаны. Шалбайың Италияда жүрген екен Зілзала болған кезде Талғардағы. Қыдырам десе бастық кете берер, Рахатты жалғыз көріп жалғандағы. Ел үшін Меккеге де бармай қалған Би Темір – кешегінің тарландары. Бүгінгі әкімдер де қызықтау ғой, Курортпенен шектелген армандары. Адамзат десе-дағы күнге жетем, Табиғат бізден гөрі іргелі екен. Осынау лай көшкіні болатынын Талғардағы ағайын білген екен. Қауіптен сақтанбаса болмайды деп, Кеңсеге неше мәрте кірген екен. «Жұрт тынышта жамандық шақырма», – деп, Бастықтар миығынан күлген екен. Топан су қаптаса да қозғалмайтын Әкімдерің біртүрлі күрделі екен. Ермек-ау, әшейінде саңлақсыңдар, Бойына мін жұқтырмас ардақсыңдар. Кеше барып жағдайын біліп келдім, Біреуің халін сұрап бармапсыңдар. Зілзала ел жүрегін жаралады, Талай қазақ мерт болды-ау жағадағы. Шатыры лай астында кеткеннен соң, Әрине, қарқ болмас қағанағы. Туғанбай ағамыздың арқасында «Ақ бұлақ» шипажайын паналады. Тезірек Алматының әкімдері Қандастарға үй берсін даладағы. Бүлдірмей бұрып алып, жұлып алып, Табиғатпен сырласар ұлы халық.

Дөңгелек жер долданып буырқанса, Болмай ма адамзаттың күні ғаріп? Көктөбе де тұр екен құлайын деп, Бастықтар байқамаған бұны нағып? Бір күні Көктөбеміз қақ бөлініп, Жүрмейік елді тағы қырып алып. Етеміз ақиқатты тілге тиек, Жүрейік асыл елді бірге жебеп. Осындайда жағдайын сұрамасаң, Ақын Ермек болғаның кімге керек? Ермек: Аманжол, ақын едің сенім артар, Сенім артқан жігіттің жөнін айтар. Бұл Талғардың тауын сен сынамай-ақ, Жөнің бар ед, Аманжол, көңіл айтар. Аулақпыз мықтымыз деп мақтанудан, Аулақпыз сізден тағы жасқанудан. Құдайдың ісі солай болып тұрса, Не келіп, не кетпейді бастарынан? Талғарда шейіт болғандар туысына Көңіл айтам бар әкімнің аттарынан. Алматыны сұрапсың, Ал айтайын, бауырым. Бұл да сенің қалаң ғой, Бұл да сенің ауылың. Ел біледі, әрине, Астананың тәуірін. Аспандағы ай құсап, Жарытпайсың, көреміз, Астананың жарығын. Тым болмаса, облыс Орталығы болдырмай, Түсірді ғой қадірін.

Астанаға соны айтшы, Айналайын жарығым. Алматы деген – бар қазақ, Анасы ғой бәрінің. Алматы – жердің жұмағы, Алатау, рас, тұмағы. Жұмақтың кәусар суындай Бастан аққан бұлағы. Бұлақты тастап кеткендер Өздері шығар кінәлі. Келімсектер жүр әні, Нанын сатқан адамдай Нашасын сатып тұрады. Сонда да бұл қазақтың Татулық, достық ұраны. Төріңді берсең әркімге, Бұныңды кім ұғады. Батыстағы Атырау, Ортадағы Астана, Оңтүстікте Таразың Жадырап, жайнап тұр әне! Алматы да жайнаса, Осы төртеуі болар ед Дүниенің төрт бұлағы. Астанаға соны айтшы, Айналайын Аманжол, Арқаның жүйрік пырағы. Аманжол: Ынжықтың бірі емессің халық айтқан, Ақынсың ақиқатты танып айтқан. Сахнада көп сайрап не қыласың, Көңілді атам қазақ барып айтқан. Қосыңды артқанменен нарға бекем, Соғылар, байқамасаң, жарға шекең.

«Аққайың» шипажайы тұрған жерді Көршілес Қытай сатып алған екен. Талғардан Кіші Пекин жасаймыз деп, Бөгетін құрылысының салған екен. Лай көшкіні болудың себебі сол, Демессің бұл сөзімді жалған екен. Ақырын Жетісуды жайлай беру Болашақ бар қытайдың арманы екен. Талапайға түспесе екен деймін Сүйінбай, Жамбыл туған арда мекен. Алматы – ақ ордасы сан дананың, Жүзіне үрей кірмесін паң қаланың, Сындырып үй тұрғызып жатырсыңдар Аяулы Алматының алмаларын. Ағашты кескен кезде ойлай ма екен Сақалын Алатаудың қан жабарын. «Бір жүз елу жыл депті» әкім жездең Тарихын Алматыдай нар қаланың. Казактар бекінісімен тұйықталып, Көненің ескермейді-ау арман әнін. Желіккен мерейтойды тойлаймын деп, Ойында не бар екен сары баланың? Әзірге біздің қазақ саспай келед, Күндестік бөлінуден аспай келед. Ет жүрегі елжіреп Абай айтқан, Баяғы бес дұшпаннан қашпай келед. Базарға барған сайын үрейленем, Күні ертең қара қытай қаптай ма деп. Жылқы баққан жайлауға бұрыш егіп, Қайыңды кетпеніне саптай ма деп. Қара көз қыздарыңды әйел қылып, Түркілік рухыңды таптай ма деп. Атам Бұхар, Шортанбай айтқанындай, Көрімізді қопарып жатпай ма деп. Саясатпен басқалар будандасып, Балтасын тамырыма шаппай ма деп.

Қазақтың қызын алып, Алматыға Бір қытай әкім болып жатпай ма деп. Түркінің оғланы едік тауға шығар, Ұсақ мінез танытпас сауға сұрар. Батырлардың ұрпағы емес пе едік, Жеті жаста найза ұстап жауға шабар. Үмітпен өсірген ұл ынжық болса, Туырлықты тілгілеп жау басынар. Сусынды шыңыраудан тартып ішкен, Көп шенді су татырмас қауғасы бар. Мысалы, Храпунов салған үйдің Бес гектар қыдыратын «ауласы» бар. Баспанасыз қазақ көп Алматыда, Қолында ала дорба, арбасы бар. Жерді сатып, тіліңе қарсы шығып, Қазақ, қайда барасың, Алласы бар. Рухымның ордасы Алматыға Ұлтжанды әкім керек тәубәсі бар. Ермек: Ол рас, Алматы еді жапырақты, Апорты таң қалдырған атырапты. Бүгін сол алмалардың орындарын Мықтылардың коттеджі басып апты. Екі жаңа қазаққа бір казино, Екі көне қазаққа бір заправка. «Храпунов это дело храмает, Когда будет этому поправка?» Бүгін енді Алматыға қарап тұрсам, Бұрын апорт өсті деген аты қапты. Ал, Аманжол бауырым, Алматыға кеп алып, «Дом отдыхқа» демалып, Араладың қаламды. Асан қайғы секілді Көрдің жақсы-жаманды.

Екі аптаның ішінде Сен көрмеген не қалды? Алматыдан облыс Орталығы көшкен соң, Мен көрмеген не қалды? Астанадай айбатты Мәртебесі көшкен соң, Ел көрмеген не қалды? Соны айтып қайтесің, Кел онан да айтайық Мынау бүгін заманды. Америкаға еліктеп, Бұзылып жүрген қоғамды. Той қылмадық кімдерге, Той қылып біздер жүргенде, Таңба басқан бабалар, Таңбалы тастар жоғалды. Мәдени мұра дейтіндер, Бюджеттен ақша жейтіндер Ұмытты ғой соларды. Жазушы-ақын дегендер, Шеттерінен кемеңгер «Жай қарақшы» деп жазып Шыңғыс хандай бабамды. Құдай сүйіп жаратқан, Аузына әлем қаратқан Қорлағанды қояйық Шыңғыс хандай бабаңды. Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет пен Үмбетей, Тірілту керек соларды. Жырыменен солардың Оқыту керек балаңды. Түнгі клуб, дискотек, Шошыту керек балаңды. Жырауларша айтқанда, Мен де солай шошимын 10-302

Кейінгі өскен баладан, Теледидар қараған. Телемәңгүрт боп кетті, Әкесі оның – «Караван». Ойсыздық пен қамсыздық Осылардан тараған. Осылардың бәріне Тыйым болар еді ғой Құл-Мұхаммед Мұхтардай Болса егер әр ағам. Кел, осыны айтайық, Құр ақындық не керек, Домбырасын сабаған? Аманжол: Бұл сөзің ойландырар әр адамды, Батыстан ой-санамыз жараланды. Әрине, ұлт рухы оянбайды, Оқыса жалғыз ғана «Караванды». Ұлттық баспасөзбенен сусындасын, Шығару үшін ертеңгі нар адамды. Отырғың келсе дұрыс қатарыма, Қол салма берік тұрған бақаныма. Алматыда қаптаған түнгі клуб, Айналған нашақордың апанына. Казино, түнгі клубтың иелері Тығылар бастықтардың шапанына. Храпунов түнгі клубты жаптырса егер, Жара шықпас еді ғой сақалына. Біріміз толықтырып бірімізді, Сыйлайық мынау азат күнімізді. Ұлыстың ұлы күні, Ермек ақын, Айтпасаң айып болар тілімізді. Аспаннан айды әперем десін мейлі, Алдыма басын иіп келсін мейлі.

Депутат қып сайласаң жамандарды, Бәрібір ел мерейін өсірмейді. Тіліме қарсы шыққан Парламентті Күні ертең ата тарих кешірмейді. Үкіметің қазақша сөйлемесе, Ана тілдің тағдыры шешілмейді. Ана тіл қасиетті, жаралысың, Қазақ менсінбеген соң қаралысың. Біздердей қарапайым халық үшін Ананың ақ сүтіндей бағалысың. Биліктегі шенділер шеттеткесін, Әр күн сайын төмендеп барады ісің. Тіліме қарсы шыққан депутаттың Бағасы бір-ақ тиын қазақ үшін. Соларға сенім арттың сен де талай, Соларға үміт арттым мен де талай. Сайласаңдар құлың боп өтейік деп, Өтініп келмеп пе еді елге талай. Ұн таратқан суайтты сайлап алып, Отырмыз бармақ тістеп, жерге қарай. Өңкей нөлден ештеңе шықпайды деп, Ондайлардың бағасын берген Абай. Ұлтын сүйген ерлерді сайлар болсаң, Тасымыз домалар ед өрге қарай. Таңғалам, тілді сатқан депутаттар Ұялмай қарайды екен елге қалай? Өз ұлың өз тіліңді қолдамады, Баласына қолайлы жол қарады. Тілге қарсы шыққаны Парламенттің – Ұлтымның ар-намысын қорлағаны. Түбінде жақсылыққа апармайды Ерлердің тілге қамқор болмағаны. Өз қазағы табанға таптаған соң, Ана тілдің көз жасы сорғалады.

Жалаң саясатшылар көбеюде Өз пайдасын ойлаған дорбадағы. Талайлар саясатқа араласты, Көбі бірақ кәдеге жарамас-ты. «Ауыл» патриясының көсемі де Елді алдап, теріс жаққа ала қашты. Ел билеген ағаларға сеніп едік, Олары да шатасып, қара басты. Тілге қарсы шыққаны ағалардың Тырналап жүректегі жараны ашты. Сенген депутаттарым осы болса, Апыр-ау, кім қорғайды нар алашты? Ұлт едік ар-намысы жығылмаған, Өлеңсіз өмір сырын ұғынбаған. Айталының баласы Амангелді, Алатаудай асқақсың бүгін маған. «Жас қазақ» газетіне мың рахмет, Тілім деп бозторғайдай шырылдаған. Ең соңғы Парламентің осы болсын, Ұлтына тоңмойыны бұрылмаған. Ермек: Әңгімені әр жолы тың ғып айттық, Дейсің бе, әй, Аманжол, тілді қайттік? Біз осы егеменді ел болғанда, Тіл жайлы бір адамдай сұмдық айттық. Біреуге осы тілді мұң ғып айттық, Біреуге осы тілді сыр ғып айттық. Тұрып айттық, отырып, ырғып айттық, Ымыртта айттық, түнде айттық, күндіз айттық. Жеке айттық, бәріміз бірігіп айттық, Бірігіп ап бұл тілді жүгіріп айттық. Тілімізді бүлдірген жынды да айттық, Су тасып Талғар жылжып жатса-дағы, Біздің тіл бір орнынан жылжымайды. Ай, Аманжол, Аманжол, Мықтыларға ұнайтын.

Ақын болып қалыпсың Ел жағдайын сұрайтын. Осы жолы, Аманжол, Шындықты айтсаң ұнайсың. Баяғыша айтқанда, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай Ту астында тұр еді. Оның рас, сол қазақ, Әрқайсысы әр түрлі Партияда жүреді. Бірін-бірі өсектеп, Бір-біріне күледі. Бірін-бірі мінеді, Бірін-бірін іреді. Бұл қазақтыі жері үшін Осының бәрі сын енді. Бұл партия бәрі емес, Біреулерге жағады, Біреулерді бағады. Уәдені жаудырып, Депутат болып алады. Қалаулыны белгілі Қайдан іздеп табады. Қалаулылар қамалып, Мәжілісте қалады. Аманжол, бүгін сенің атан шағың, Халыққа кең тараған мақам-сазың. Айтысқан жас қыздарға жол бересің, Сенің де боп қалған ба батар шағың. Ризамын бір қалыпты ән-жырыңа, Ризамын бір қалыпты тағдырыңа.

Запорожец айдаған шалдар құсап, Жол бересің қыздардың барлығына. Тоқсанында топ бастап, топқа түскен Мен өзім ризамын Жамбылыма. Отыздың ортасынан жаңа асқанда, Бола ма енді осындай шалдығыңа. Ал сөзімді тыңда енді, Алматының қазағы. Жекпе-жек деген бұл айтыс – Айтыстардың ғажабы. Жан-жағыма қарасам, Қаптап кеткен секілді Машинаның базары. Ақын үшін бұл өмір – О дүниенің тозағы. Аманжолға бәрібір, Озам десе озады, Алам десе алады. Бата беріп байыппен, Жолын да бере салады. Аманжол, сенде сын бар ма, Көрмей жүрміз соны әлі. Аллада ғана бір мін жоқ, Аманжол, сенде мін бар ма, Өзің айтшы шамалы. Аманжол: Әлемнен абыройым асып тұрса, Қазақ ұлты, несібең тасып тұрса, Қазақтың кәрі-жасы, ұл-қызына Ғаламның адамзатын ғашық қылса. Ана тіл қалай ғана жылжи берер, Басқалар табанымен басып тұрса. Көтердік ана тілді ұран қылып, Тізесін көрген емес Тұран бүгіп.

Арқадан кеп отырған Аманжолға Тіл жайын толғап айттың күмән қылып. Құсбегі бастық керек бұл қазаққа, Тілімді ұшыратын қыран қылып. Замандас, дос па десем қолын берген, Жан ба едің Бекежанның оғын көрген. Серттескен кешегінің жігіттері Қасындағы досына жоғын берген. Сал Біржан бабалардың дәстүрі еді Аруға мырзалықпен жолын берген. Қалқытып ұшырайын ар құсымды, Ұлтым үшін жұмсаймын бар күшімді. Алаштың қоңыраулы сұңқарындай Астыма тұғыр тұттым қарлы шыңды. Қалайша батар шағың деп айтасың Бүгінгі нұрын төккен тал түсімді? Қазақтың ақын сүйген халқы емес пе, Дөп сөйлеу жақсы ақынның шарты емес пе?! Күлімдеген сұлуға жолды беру Ақан сері атамның салты емес пе?! Бұл Ермек қалай ғана басынады, Басынса да Аманжол тасынады. Жағына жара шыққан сендей жігіт Өзі келіп қасыма қасынады. Жолымды сұлуларға берген сайын Ақ жолым қарсы алдымнан ашылады. Ермек: Сынаған аға құсап, суық қарап, Аманжол, танытпашы суық қабақ. Кең пейіл нұрлы күлкің болушы еді, Осылай отырсаңшы күліп қарап. Алматының алмасыз көшесіне, Аманжол, кетпейсің бе шыбық қадап?

Баладай байқамаған басын жарып, Аманжол, қалдың білем, ашуланып, Көңіліңмен бір шыбық қадап кетсең, Алматы кетер, бәлкім, жасылданып. Осы рас, Алматы да кең сарайым, Жетісу – жер жәннаты, жан сарайым. Өзінің жиеніндей қарсы алады, Арқадан ат терлетіп келсе ағайын. Айтыстың жұпар иісі аңқылдасын Алатауда өсетін аршадайын. Аманжолға әзілім ұнап отырса, Тағы да қорамсаққа қол салайын. Атыңнан айналайын, Қарқаралым, Сенен бұлт менен қайғы тарқамады. Сол Арқа сал-серінің отаны еді, Жаңғырып қалып қойған Арқада әні. Сал-сері сол Арқада қалмапты ғой, Сал-серінің отаны болса-дағы. Артта құмай, қолында қыраны жоқ, Серілік деп біліп жүрсің қай саланы? Қыздар күліп қарағанмен тәмам болса, Серілік елге басқа ой салады. Арқада сал-сері жоқ еркелеткен, Артына аш тазысын ерте кеткен. Қасқырдан қашқан киік осында жүр, Жасырған бай малындай сельсоветтен. Біреудің малын біреу аясын ба, Біреулер қарық боп жүр вертолетпен. Аманжол, айта берсем, жыртығың көп, Қыран тұрмақ қолыңда шымшығың жоқ. «Сал-серінің ұрпағымын» деп айтасың, Артта тазы, алдыңда түлкіңіз жоқ. Сал-серінің елінен келдім десең, Біздің соған келеді күлкіміз кеп.

Қаршыға болмағасын, құмай тазы, Аманжолды сері деп кім айтады. Шапаны жылтыраққа батып қалған, Басында бір тал үкі қатып қалған, «Сал-сері ұрпағы ем» деп жыр айтады. Бұл Аманжол өз мінін көрмей тұрып, Ұялмай енді маған сын айтады. «Құлаған сүрінгенге күледі» деп, Баяғы біздің қазақ шын айтады. Аманжол: Ел сенер ұсақ сөзге бармасыма, Жалған айтсаң, жетерсің жар қасына. Ағаш ексем, бір көкең үй салам деп, Кім кепіл ертең отап алмасына?! Оң құлақты түргейсің, Ермек ақын, Өзің айтқан сөздердің жалғасына. Сарыарқаның киігін айтамын деп, Өзің келіп түстің ғой жамбасыма. Кезген киіктерімді сөз қылдың-ау, Алатау ие болмай алмасына. Ермек те жөнсіз жерден ұрынады, Көрсетіп жіберейін құбыланы. Табиғат бүлінгенде сәні кетер, Адамзат мұны қашан ұғынады?! Арқаның алтын кеуде киіктері Қытайдың даласында қырылады. Ермек-ау, жылтыраған шырайың бар, Жөнсіз жерден мін тақпақ сыңайың бар. Серіліктің белгісі емес пе екен, Үйімде жүйрік тұлпар, құмайым бар. Басыңда үкі таққан бөрік дедің, Алла ризық берген соң, көрікті едім. Ардақты елге топырақ шашпай отыр, Дәлелсіз көп көпірме, көріпкелім.

Серілік белгісі жоқ деп айтасың, Арқаға барып, Ермек, көріп пе едің? Біржанның болмасам да замандасы, Қастерлі бабалардың маған басы. Өзіңді жекпе-жекке шығарғанда, Демеген шығар мені жамандашы. Бөріктің қасиетін қайдан білсін Алатаудың жалпақ бет жалаңбасы? Жөн еді бұл сөзіңді бастамаған, Жан едім тұнық ойды ластамаған. Серіліктің қадірін түсінеді Ақандай ғұмыр кешкен асқақ адам. Тоқсан жасқа келсе де Жамбыл бабаң, Басынан құндыз бөркін тастамаған. Егерде жігіт болсаң серті берен, Шалдықпа күндестіктің дертіменен. Кешегі Шашубайдай атама ұқсап, Айтайын толғап-толғап еркін өлең. Сегіз қырлы,бір сырлы бауырыңды, Төмендетпек ойың бар ерді неден? Осы сөзді құйып ал құлағыңа, Жігіт сұлу көрінер бөркіменен. Кезім жоқ сол жағыңнан теріс келер, Ғылым, білім ақынға жеміс берер. Басыңда құндыз бөрік болмаса егер, Төбеңе тұрақтамас періштелер. Ермек: Мақсатың баста үкің орнағасын, Әсіре әңгімені қолданасың. Жалаңбастар алдыға шыққан кезде, Бөріктілер шаң қауып жолда қалсын. Үш теңгеде Сүйінбайдың суреті бар, Соны көріп, Аманжол, ойланарсың.

Мен де мынау қалпақты кимей шықтым, Сүйінбай атам әуес болмағасын. Қол соғып отырған ел бүгін залда, Шал мен кемпір күнде өстіп жиылмайды. Зейнеткермен сөйлесе қалсаң бүгін, Айтады пенсия мен тиын жайлы, Тиынына келмейтін бұйым жайлы. Қарағұсова зейнетке шықпайынша, Зейнеткердің көз жасы тиылмайды. Аманжол, сен не деген көріпкел ең, Айтыссам деп Ермекке сеніп келген. Үкіңді үлбіреткен, айналайын, Шаршамай Астанадан желіп келген. Мен де сол шын жүйріктің біреуі едім, Екі күн айтысса да демікпеген. Шалбайды айта-айта қоймадың ғой, Аманжол кімге осы еліктеген? Еңбегін оның-дағы сыйлау керек, Шет елден демалысын бөліп келген. Әкімді мақтау білмес жігіт едім, Сондықтан қызыл тілім байланып тұр. Еңбегін ескерейік, Талдықорған Оңтүстік Астанаға айналып тұр. Осылай қызықтыра айналасын, Құмайы, жүйрігі бар бай баласың. Үйімде осы менің жүйрік бар деп, Маңғазданып отырып жайланасың. Арқада қанша жүйрік болғанменен, Алматы, көріп жүрсің, бәйге алатын. Орынтайдың аты ылғи бәйге алады, Аманжолдың жүйрігі, қайда жүрсің? Ай, ақылшым, ақылшым, Халайық, менің ақылшым, Алдыңнан ақ гүл ашылсын.

Аманжол мен Ермекке Телефон шалып жатырсың. Ақындардың барлығы Бір анадан туғандай, Барлығы оның бір адам. Әкімдерді білмеймін, Аңқылдаған тілегі, Ақындар таза күнәдан. Менің де сол тілегім, Айналайын қазекем, Қазағым болсын дін аман. Коррупцияны айтайын, Аманжол болсын сұраған. Орыспенен ұрыспай, Қытайменен қырқыспай, Әркіммен жаға жыртыспай, Бәріне соның шыдаған, Ала менен құладан, Ел сұраған Нұрағаң. Нұрағам аман болсыншы Он сегіз мың ғаламның Ел-жұртына ұнаған. Он екі жыл ішінде Талай елді көрдік қой Басына бомба құлаған. Бейбіт өмір сүргендер, Қадірін соның білсінші Ниеті түзу шын адам. Елбасы аман тұрғанда, Елімнің тұрар туы аман! Өмір берсін жалпыға, Сабыр берсін патшаға. Бізде осы жігіт көп Айтқаны жүрген Алашқа. Арғымаққа міндім деп, Арттағы достан адаспа!

Кедей халық, бай халық, Елдің қамын ойлайық, Таласпайық Сенатқа. Тоқтықта жеген етіңнен Қарап тұрсаң жақсырақ, Жетпейді аштықта ішкен шалапқа. Елбасын біз де қолдайық, Бағы ғой біткен басына. Аллаһу акбар, әумин, Арабша сөзді айтқанда. Біраз үлгі айтайын Кәріге де, жасқа да. Ақылым жұрттан асты деп, Кеңеспей сөзді бастама. Өз патшаңды жамандап, Жамандықты бастама. Мен осыны айтар ем Әр түрлі газет-баспаға. Тамыры бір қазақсың, Тамыр деген болмай ма Тауда жатқан таста да?! Өмір берсін халқыма, Сабыр берсін патшаға. Аманжол: Шың басын көрік беріп жапқан шынар, Дулығалы ер астында шапқан шұбар. Кешегі Тезек төре ақынына Құндыз бөрік, шапанын жапқан шығар. Жалаң бас бейнелеген суретшіге Сүйінбай да өкпелеп жатқан шығар. Болғанда Жамбылдардың сен сынығы, Бөрік кисең болмайды ерсілігі. Сүйінбайды жалаң бас бейнелесе, Ол дағы суретшінің кемшілігі.

Саңылақ Сарыарқадай алаптанмын, Алатауға келгенде қанаттандым. Аламанда бәйгеден озып жүрген, Ермек-ау, жүйрігі ғой арабтардың. Шыққанда арыстандай айға атыла, Ерлердің ұлт сүйсінген айбатына. Қазақтың ат өнерін өркендеткен Мың алғыс Сатыбалды Қайратына. Мұң кешіп жүрсе-дағы жұрт қаңғырып, Безбүйрек тұра берер мұрттан күліп. Жанартау боп атылар төзім бітсе Қазақтың қанындағы ұстамдылық. Жемқорлық, сыбайластық жоғалмайды, Шенділерде болмаса ұлтжандылық. Турасын айта білсем тіліп тұрып, Жібермес уақыт оны ұмыттырып. Көк бөрілі түркінің тұқымымыз, Керілген ай астында ұлып тұрып. Қарақұс балапаны түлкі алмайды, Тұғырдан ұшырсаң да шынықтырып. Батысша білімділер көп болғанмен, Болмай тұр көбісінде біліктілік. Саусақпен санарлықтай асылдар бар, Сақтаған ар-намысын тұнық қылып. Ұлтыменен мақтана білген ұлды Қазағым топқа қосқан күлік қылып. Ұлтжанды ерлер көбейсін елім үшін Беретін бір бүйрегін жұлып тұрып. Иманғали секілді халқын сүйген Қазаққа керек боп тұр қырық жігіт. Заманда маңдайыңнан жиі тепкен Тарихқа көз салайық сыйы жеткен. Хан Кене мен Махамбет халқы үшін Бас тігіп, ғазиз жанын қиып өткен.

«Қалың елім, қазағым», – деп жырлаған Ұлт үшін ұлы Абайдың түйіні өктем. Алаштың көсемдері ұлтты ойлаған Заманда алмағайып, құйыны өктем. Қайран абыз қарттар-ай, ел қасиетін Баланың құлағына құйып өткен. Өткеннің өнегесін үйренсеңші, Шенділер елдің құнын тиын еткен. Ұлтын сүю арқылы ата-бабам Бес күндік бұл өмірден биік өткен. Ермек: Ақын едің талмай сен шабатұғын, Айтып жүрген талайға сан ақылын. Шалбай мен Талғарды айтып қоймадың ғой, Болмады ма басқаша табатының? Көршінің үйі өртеніп жатқан кезде Көршідей бас үйітіп алатұғын. Аманжол, не күтесің осы менен, Жігітсің Арқадағы қосы берен. Екеуміз бір қазақтың баласымыз, Айтысайық көңілдің қошыменен. Қарасай атам жатыр Сарыарқада, Ағынтай серт байласқан досыменен. Мен де отырмын өзіме сенетіндей, Сен де отырсың өзіңе сенетіндей. «Жекпе-жек» деп атапты бұл айтысты, Жекпе-жекте біреуіміз өлетіндей. Сыйласып сен екеуміз елді айтайық, Біздің ел ел біткенннің төресіндей. Топан су қаптаса да тоқтамайтын Кәдімгі Нұх пайғамбар кемесіндей. Соны біліп жан сақтау үшін бізге, Барлық әлем жиналып келетіндей. Бұл елде талай нәсіл жамырап жүр, Көмектес деп қазаққа аңырап жүр.

Басқаны бір-біріне айдап салып, Ақылшы айла құйрық Абрам жүр. Талайлар заңсыз келіп жырбыңдап жүр, Өзім деп тұз бермейтін өзбек те жүр, Суың көп деп су бермес қырғыз да жүр. Аманжол: Жан едім бұрын жеткен ұзап басып, Сөйледім кеудемдегі бұлақты ашып. Жақын кеп жөнін айтқан азаматпен Жақсы жігіт жатпайды тұзақтасып. Бар қазақ бірге жүрсін бұл өмірде, Қарасай Ағынтайдай құшақтасып. Ел едік күн астында көшіп өткен, Билері даналықпен кесім еткен. Жетім менен жесірлердің мәселесін Бабалар мейіріммен шешіп өткен. Тек біздің әділетсіз қоғам ғана Шет елге бала сатып есі кеткен. Апыр-ау, түйе құрлы болмадық па Ботасы үшін теңізді кешіп өткен?!

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН МҰХТАР ҚУАНДЫҚОВ Жекпе-жек, Алматы қаласы, 2004 жыл

Аманжол: Адамды құдіретімен жаратты Алла, Жаһанға өркендетіп таратты Алла. Мұхаммед ғали салам болмағанда, Бақ құсы қонар ма еді арабтарға?! Пайғамбар туған күні құтты болсын, Басымызды идірген Жаратқанға. Ақынға жырдай тәңір бақ береді, Сөйле деп қызыл тіл мен жақ береді. Ананың ақ сүтіндей дәмді болар Шын дарынды ақынның тәтті өлеңі. Жыраудың алдаспандай өткір сөзі Сілтесе хан жүрегін қақ бөледі. Бел буып жекпе-жекке шығып тұрған, Армысың, Ақмешіттің ақ берені?! Ұлтымыз тарих сырын бүгін ұқты, Көтерген көшпелі елдің жүгі құтты. Сыр бойынан таралған садақ тартып, Жұртымның Сақ дейтұғын түбі мықты. Жердің бетін жаулаған Ескендір де Ұлы Сырдың бойында кідіріпті. Қыпшақтың қаймықпаған үлын көріп, Өр патшаның тізесі бүгіліпті. Сейхундария бойында Томиристен Кир патшаның басы да жұлыныпты. 11-302

Қорқыт тартқан қобыздан атам қазақ Фәни жалған екенін ұғыныпты. Сырдағы иранбақты жүз шаһардың Күмбезі күн астында құбылыпты. Осындай киелі жер, ел аман ба Әлемге мойындатқан ұлылықты?! Қасиетті тегің бар Ер Түріктей, Шабыт келсе көсілген өр күліктей. Жан-жағыңа жаутандап отырсың ғой, Ақ қарды жаңа басқан бөлтіріктей. Бұл дәурен көңілді ғой таңғы бақтай, Басылма жігіт болсаң жамбыны атпай. Жанымда қапталдассаң дұрыс болар, Соңымнан еремін деп шаңды қаппай. Тізгінімді босатып бір көрейін, Ал көсіл бабы келген арғымақтай. Мұхтар: Көрейін әңгімені желдіріп те, Сахнада сөздің басын келтіріп те. Ал ендеше тісіңді батырып көр, Мықты болсаң жаңағы бөлтірікке. Ақын келсе кеңге салып арқа-басын, Қызықпен бойларыңа қан тарасын. Жаныңның төккен терін садақа деп, Ұл-қызым деп еңбек етіп, нан табасың. Заманың зәрін шашып зәреңді алды-ау, Күшейтіп жалғандағы жанталасың. Міне, осыған қарамастан, бір Құдайға Құлшылық етудесің, мәрт Алашым. Жолында кедейшілік бөгет болмай, Шайтанның жолын Құдай балталасын. Ынтымақ, бірлік тілеп қазағыма, Қыдыр назар салудан шаршамасын. Келе жатқан жеңіс күні құтты болсын Деп келдім, жырдың сыйлап марқабасын.

Ағайын, тойларыңыз тойға ұласып, Қызығы базарыңның тарқамасын. Алла деп жекпе-жекке жол бастадым, Қолдаса қаны қызу қандастарым. Жыр қазанын қайнатқан қара өлеңнің Жолын қудым Нартай, Манап нар қасқаның. Аман ба, Аманжолдай ардақты аға, Айтыста жарқыраған алдаспаным, Жіліктеп ұлы өнерге жамбастадың. Өзіңді тұлға тұтқан ағам едің, Жөн болмас балағыңнан жармасқаным. Ақынның кездестім ғой қасқырына, Жараспас ақыл-ойдан алжасқаным. Сіз де бірақ кезіктіңіз оттысына, Бекініп, дұрыс болар қамдасқаның. Аманжол: Кездестік жекпе-жекте, нар алаңда, Ұқсайсың жаутаң қарап, сақ адамға. Бөлтіріктің желкесін үзу оңай Азу тісін ай сүйген абаданға. Толғанып ақын ағаң сыр айтады, Інісінің болмысын біле айтады. Әніңде Қызылорданың иісі жоқ, Сені Сырдан келді деп кім айтады?! Сенімін ел-жұртыңның ақтадың ба, «Аллалап» алға қадам аттадың ба? Дүбіріңнен танысын дүйім елің, Аламанда көсіліп шапқаныңда. Қайыңның қатты безіндей, Шебердің құрған тезіндей, Даланың ұлы жырауы – Қорқыт атаның көзіндей. Көкірегін өлең кернеген, Аралды жырмен тербеген,

Қоңыраулы сұңқардай Биікке қанат сермеген. Сұңқылдап сөйлеп кеткенде, Ешкімге кезек бермеген. Базар жырау бабаңның Мақамы қайда, бауырым?! Сары ала қаздай самғаған, Салмағын сөздің талғаған, Қисынды дастан бастаса, Таңды таңға жалғаған. Иманды жырмен исінтіп, Бастаған сөзің Алладан. Алаштың болған ардағы, Халқымның дара саңылағы. Алпыс атанға жүк болған Әр сөзінің салмағы. Кете Жүсіп пен Оңғардың Дәстүрі қайда, бауырым?! Аралдан келген өренім, Сөзіңе көңіл бөлемін. Етектен еңсе көтермей, Басына шықшы төбенің. Дұрыстап оқып көріп пе ең, Тұрмағамбеттің өлеңін?! Сырнайлатып ән салған, Сөзіне халқым тамсанған, Саусақпен мұртын тараған, Аузына алаш қараған. Аламан айтыс дегенде, Арғымақ аттай жараған. Нар тұлға ақын Нартайдың Әуені қайда, қарағым?! Мұхтар: Бола ма дәл осылай зеріккенің, Аталы сөз, ағасы, көріп пе едің?

Сыр бойының иісі жоқ деп айтасың, Жараспайды дәл осылай желіккенің! Ағасы, сөздеріме құлақ салғай, Әуеннің жарысына келіп пе едің? Аманжол: Түн қараңғы көрінер ай болмаса, Сөзің жеңіл болады ой болмаса. Өңіріңнің иісі шыға қоймас, Сөзің менен әуенің сай болмаса. Көздеп келген жігітсің арманыңды, Көрдің ғой қасыңдағы арланыңды. Бабаларша өмірден сен де өтерсің, Өлеңменен өрнектеп жалғаныңды. Дүр сүлей шәйірлерің хатқа кірген, Ұрпағысың мұрасын жатқа білген. Қорқыт тартқан қобыздың қоңыр үні Үндескен көкте биік хақ тәңірмен. Ел білген, жер таныған елші дейді, Әкімің құтты болсын атқа мінген. Елдің бабын тапса екен сол басшыңыз, Бағбандай барын сайлап баққа кірген. Әкімің ғаділ жолды таңдаса екен, Өмірін ел-жұртына арнаса екен. Соңынан командасын ертіп келіп, Ел ішін қырық бөліп жармаса екен. Сыр бойына топан су қаптағанда, Қамсыз болып қойнауға бармаса екен. Оқушылар сарайын сатамын деп, Ақша үшін арамза іске бармаса екен. Әуелбеков секілді халық сүйген Ағалардың ақ ісін жалғаса екен. Мұхтар: Әкім келді деп, ағасы, Алтын жырыңды арнадың.

Әуеніңе де саласың, Сыр жақты да айттың ғой, Ал, ендеше құлақ сал, Арқалансам Сырым деп, Жоқ шығар оған таласың. Арқаны қалмақ шапқанда, Ел кеудесін мұң жапқанда, Сырдан тапқан панасын. Сырда туын көтеріп, Бірігіп жауды жеңгенсің. Содан қайтып, ағасы, Жайлаған Арқа даласын. Білесің бе осыны? Білмесең егер, бұдан соң Білетіндей боласың. Қонақжайлығы жақсы үлгі, Бұзылмаған дәстүрді Сыр жаққа барсаң табасың. «Табанынан Аралдың Су кеткенмен, халықтың Жүрегінен жыр кетпеген», Бекұзақ солай жырлаған, Келтіріп жырдың сабасын. Қармақшы деген бір ауыл, Жүз жырау шыққан сол ауыл, Оған да кайран қаласың. Ғани туған Қазалы – Ортаймаған қазаны. «Сағым жыл» деп ән салған Мәдина туған сол жақта, Оны да қостай аласың. Сырдария мен Жалағаш Еңбекпен туын көтерген, Түсінші ойдың шамасын. Жаңақорған – Манап ауылы, Ән кептерін ұшырған Бексұлтанның да ауылы, Балшығыменен емдеген, Бармаған адам кемде-кем,

Оған да әлі барасың, Басына барып қонасың. Шежірелі Шиелім, Жанымдай сені сүйемін. «Мың бір түнді» аударған Қалмақанға да иемін. Түркінің алып көсемі – Мұстафаға да иемін. Шежірелі Шиелім, Осындай менің Шиелім, Ерекше маған дарасың. Ол аз десең, ағасы, Байқоңыр – жердің кіндігін Біз жаққа барсаң табасың. Талғат пенен Тоқтардың Абройының алтын тұғыры, Сырдан ұшып жалғаған Жер менен көктің арасын. Күңіренген Қорқыттың Қобызын егер тыңдасаң, Жаныңның жазад жарасын. Ел біледі дәл осы Астана болған алғашқы Қазақтың дархан даласын. Мына мендей танып ал Сол дархан елдің баласын. Нұрағам барып біз жаққа, «Сыр – Алаштың анасы» деп, Беріп кеткен бағасын. Аманжол: Бойыңда білім болса гүлденесің, Дәстүрден ажырама, іргелесім! Дұрыс жауап ағаң боп қайтарайын, Сол жағымнан бауырым үндегесін. Тарихын жырлағаның неге керек, Жөні түзу бір әуенін білмегесін?!

Бұл менің сөзім емес қаралаған, Жөн болар өз күшіңді шамалаған. Сен де бір өлең төккен ұл екенсің, Тарихтың әрбір күнін жағалаған. Сен жалаңаш жүргенде, Мұхтар інім, Сыр бойын ақын болып аралағам. Шабатын тынысы бар інім дара, Дұрыстап айналаңа бүгін қара. Алдымызда қол соғып халық отыр, Болсын деп топқа түскен ұлым дара. Жатыр ғой Сырды маған таныстырып, Ағасына үйреткен түрін қара. Жөн болар өнеріңмен байқалғаның, Пайғамбар үлегіндей шайқалғаның. Тоқтар жайлы бір сұрақ беріп едім, Дұрыстап жауабын да қайтармадың. Саясатпен сапырып әр істерді, Даламды жайнатам деп орыс келді. Кемелері ұшса да Байқоңырдан, Жалғыз Мәскеу қыруар табыс көрді. Жер бізден, ұшатұғын ер өзінен, Қазақ ұлы ғарыштан қалыс келді. Тоқсаныншы жылдардың таңы атқанда, Тоқтардай бір ұл шықты барыс белді. Бар қазақ абройыңды айға асыр деп, Ұлтымның көкірегін намыс керді. Бағалай алмай жүрміз бірақ қазір Түркіден тұңғыш шыққан ғарышкерді. Күн туды тура сөйлеп, шын дейтұғын, Көңілге бұғаулы ойлар түймейтұғын. Сөзіме сенер ме едің, ау, ағайын, Тоқтар ағам жұмыссыз жүр дейтұғын. Бұл оның жауларының ісі ме екен Балағынан тартқылап күндейтұғын?

Жоқ әлде қазекемнің мінезі ме Түрткілеп, ши жүгіртпей жүрмейтұғын? Жау келгенде батырын батырым деп, Жау кеткен соң бағасын білмейтұғын. Жеткізіп ұлтымыздың ғарышқа әнін, Тоқтарым, дара шығып қарыштадың. Протон құлап, көктен у төгілгенде, Ашығын айтып едің, арыстаным. Белгілі елім аман болсыншы деп Ресейлік мамандармен алысқаның. Өжеттігің жақпай қап жоғарыға, Қолбасшылар сабынан алыстадың. Елміз ғой тірісінде тас лақтырып, Өлгеннен соң іздейтін арыстарын. Тоқтардай батыр ұлың жұмыссыз жүр, Қазағым, қайда кеткен намыстарың?! Мұхтар: Тоқтардың қанық болсаң атағына, Ақын боп мен де келдім қатарыңа. Өзің айтқан, ағасы, мен салайын, Жалындатып Сыр бойының мақамына. Қаншама түскенімен алаш отқа, Жол алып келе жатыр парасатқа. Жетім құны 25 мың доллар екен, Десек те үкіметке бала сатпа. Сыртта жүрген қазақтарды жинаудамыз, Қалың ел боламыз деп болашақта. Елімізге оралған қандастарға, Екі мың доллар береді екен әр ошаққа. Бірін әкеп, ал біреуін әрі сатқан Түсінбедім алжып қалған саясатқа. Жалғастырып жіберші ойымды алға, Көргенсіздер кінәсін мойындар ма? Болашағы жетімдердің қандай болмақ, Ағасы, елге айтатын ойың бар ма?

Жетім жайлы кетсек егер жайды ақтарып, Дөңбекшіп соны ойлап, жай жатпадық. Ақшаға бағалап өз құлыныңды, Жатырмыз өзімізді жайлап шалып. Қандайлық көңілдері бөтен елде, Мәпелеп жатқанымен майлап бағып. Ол жақта өсіп-өніп ұлан болар, Күш-қуаты бойында бар айбаттанып. Сатқан деп туған жерің сені бізге, Тынбасын жүрегіне қайрат салып. Түбінде дұшпан қылып, қару ұстатып, Өзімізге жүрмесін айдап салып. Аманжол: Ақырын аяғыңды майда басып, Сандығыма қол салдың жайлап ашып. Соңыңа бір түскен соң қуған жетер, Бауырым, кетсең-дағы айға қашып! Менің әнім кішкене басқашалау, Барасың, ақын інім, қайда басып!? Әніммен ел жүрегін емдейсің бе? Мақамыма салам деп терлейсің бе? Бойыңда рух пенен білім болса, Талай ғасыр жарқырап, сөнбейсің де. Бабалардың салтымен рұқсат сұрап, Ағаңа, Сарыарқаға келмейсің бе?! Алла дарын бермесе, қонбайды екен, Тамыры таланттының солмайды екен. Теңіздің толқынындай тербелмесең, Ұлы өнердің арнасы толмайды екен. Әніме алпыс ақын салса-дағы, Өзімнің айтқанымдай болмайды екен. Тіл қаттым оң жағыңнан құлағыңа, Үңілдім, інім, сенің шырағыңа!

Тамсанып сусындайтын ағаң едім, Кәусардай сарқыраған бұлағыңнан. Іні болып бір сұрақ қойдың маған, Ал енді жауап берем сұрағыңа. Сәбиді шетке сатсаң жылатарсың, Жаңа шыққан шыбықты құлатарсың. Мұхиттың ар жағынан өксігенде, Ботаңды қалай ғана жұбатарсың? Періште сәбилерді шетке сатсаң, Жаратқанның алдында күнәһарсың. Түсінер халқым барда сөз бағасын, Қалайша тереңнен ой қозғамасын. Періште ұлтымыздың балалары Жат жерде ақ ботадай боздамасын. Бүгінгі шенеуніктер не істер еді, Егерде сатар болса өз баласын? Мұхтар: Ағасы, айтар сөзің өндірілді, Бабымыз, мінеки-ақ, енді кірді. Мақамымды әркім салған деп қоясың, Мұныңмен жарылқайсың енді кімді. Анау салды, мынау салды дегеніңше, Одан да көрсетсеңші кендігіңді. Мін табу қиын сіздің сөзіңізден, Жас орнына қан ақпасын көзімізден. Жетім сатқан шенеуніктер арланбайды, Әңгімені бастайық өзімізден. Аманжол, жүрсің неге құмарланып, Көзіңнің алды тұр ма тұманданып?! «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөзді Ақиқат жазылмап па ед Құранда анық. Жетісіне жеті бәйге алып жүрген Сәйгүліксің сыйлаған бір Алла құт.

Серімін деп жар саласың Арқадағы, Құмай ертіп, тұлпар мініп тұмарланып. Мұны айтып жүрген, аға, өзіңсің ғой, Әзірге есімізден шығармадық. Бір жетімді сіз алсаңыз қамқорлыққа, Қасыңда біз жүрер ек сыңарланып. Қос жетімді алсаң егер қамқорлыққа, Серілігіңе тұрмас ем күмәнданып. Аманжол: Алаулап, шабыттанып, жанасыңдар, Ағадан жақсы өнеге аласыңдар. Кейінгі соңыман ерген інішектер, Құбылтып қырық әнге саласыңдар! Ақын болмай, айтыста әнші болып, Бауырым, қайда кетіп барасыңдар?! Өзіңнің тұғырыңда қалған жақсы, Сексен сайға құйылмай арнаңда ақшы. Құбылтып қырық әнге басқаныңша, Нартайдың мақамына салған жақсы. Өсер ел ұрпақтарын көктетеді, Өмірден шора менен бек те өтеді. Сатылып батыс жаққа кеткен сәби, Шетелдің жоқтаушысы боп кетеді. Ағаң да айтқаныңа көне қоймас, Намысын қолдан саған бере қоймас. Жасынан батыс жаққа кеткен ұлдың, Ән салуға шамасы келе қоймас. Ұрпақ деп жүрегімді қамықтырам, Демеймін бәрін жалғыз қарық қылам. Тағы да бір сұрақты бердің жаңа, Ойыңды сұрағыңа қанықтырам. Сен айтқан жетімдердің үйлеріне, Мейіріммен қол созып барып тұрам.

Бойыма рухымды серік қылам, Фәниде амалымды берік қылам. Мұратты мұсылманның салтыменен, Соларға көмегімді беріп тұрам. Өзіме інілерді еліктетем, Демеймін сені бірден жеңіп кетем. Егер де ғаділ жүрек ақын болсаң, Бауыр деп бағалаймын берік, бекем. Нұртайдың осы жолғы бәйгесін де Сәбилердің үйіне беріп кетем. Сыр елі, інім, сені даралапты, Бойдағы өнеріңді бағалапты. Ол рас, тарихымда ата-бабам Киелі Сырдың бойын сағалапты. Қолында базары бар сенің әкең Соған көмек беруге жарамапты. Адамзат білмеген соң бағаңды анық, Тағдыры табиғаттың мазамды алып. Жер-Ананың жарасы үлбірейді, Кеткендей білегіңді қазан қарып. Саздан сая таппайтын заман болар Қара судың сырбазы сазан балық. Сұлу көйлек кигенмен Самақова, Табиғат кетпейді ғой ажарланып. Мұхтар: Сөздеріңнің болар ма екен шеті мықты, Бұл Ақаң тағы мықты бекініпті. «Әкең сенің базарком» деп айтады, Аманжол, қою керек өтірікті. Өзіңше бір тірлікті кәделейсің, Бізден де бір нәрсені дәмелейсің. «Әнші болып кетіпсің» деп қоясың, Ағам болып неге мені жебемейсің?

Ал өзің қыздарменен айтысқанда Әнші болып кеткенде бәледейсің. Осындай кей тірліктер жат қалып жүр, Кім осындай орта жолдан тоқталып жүр. Әлеуметке көмекті көрсеттім деп, Тақта отырған біреулер мақтанып жүр. Кедейге таратқандай бұл үкімет Қарынын ақ түйенің ақтарып жүр. Беріп алып, артынан жүз тексеріп, Халықтың басы дауға көп қалып жүр. Қорасында үш тауығы бар үйлер де Мынадай бір сұмдыққа тап болып жүр. Үш тауығың үш жұмыртқа туса егер, Қырғын пайда түседі екен деп қалып жүр. Сондықтан да көмекке беріп қойған Ақшаны қайтарсын деп оқталып жүр. Жалған кұжатпен алған ірілері Судан таза, сүттен ақ боп ақталып жүр. Ал кедей байғұстардың шаңын қағып, Қайтара алмағаны сотталып жүр. Бұл не деген масқара, еліміздің Абыройы табанда тапталып жүр. Өз халқын өзі тонап бұл үкімет, Осылайша тірліктерін атқарып жүр. Аманжол: Ежелден қазағымның халқы бекем, Ана тілім аяулы алтын екен. Өз тілінде сөйлесе менің ұлтым, Қай кезде де дидары жарқын екен. Толқынбыз өмір атты ағыстағы, Жақсы ғой мол бақыттың табысқаны. Осылай сөйлей білсе жөн болар ед, Қазақтың көш бастаған арыстары. Ана тілде сапалы заң шығарар, Бар болса парламенттің намыстары.

Сыр елі өлкем еді атағы кең, Кемшілік көңіліңе батады екен. Ыбырай күрішімен даңқы шыққан, Қасиетті Ақмешіт атамекен. Бауырым, Қызылорданың базарында Қытайдың күріштерін сатады екен. Ал енді Сыр бойының ақ маржаны Тау-тау болып үйіліп жатады екен. Осындай сендердегі келеңсіздік Жұртымның жүрегіне батады екен. Киелі Ақмешіттей көне мекен, Жаңа әкімің не істер деп елең етем. Елші болып оралған жаңа әкімің Жат жерде көргеніне сенеді екен. Сырдағы малын баққан момын елді Малайзия жасаймын деген екен. Ол жақ пен біздің жақтың салты басқа, Ниетке бұрылады неге бөтен? Әр күн сайын тартылған Аралыма Мұхиттың суын әкеп төге ме екен? Мысалы, Малайзияда бақа жейді, Елге бақа бақтырып көре ме екен. Айтып-айтпай не керек, жаңа әкімің Еліктеуге келгенде шебер екен. Мұхтар: Ағамда бар екен ғой жасқамақ ой, Көңілдерді дәл осылай ластамақ ой. Әкімімді жаңа келген жамандайсың, Ол деген берекеге бастамақ ой. Айтпақшы, ау, ағасы, сол әкімді Біз жаққа сайлап кеткен Астана ғой. Қалатын мықтылардан тұяқ болды-ау, Көрінетін бөтенділеу қияқ болды-ау. Қазақшалап сөйлеген шетел қыздан Шенділерден, ойпырым-ау, ұят болды-ау.

Тұлпар тұлпар болар ма дүбір көрмей, Ойдағысын өлең қылсын ұлың мендей. Алаштың ордасы деп Астананы, Сан қазақ санасына сіңіргендей. Жаңадан бой көтерген ғимараттар Түсініксіз атау алып бүлінгендей. Синема, сити-мити қаптап кеткен, Жалтақтап жат атауға жүгінгендей. Ақ сарайға «Конгресс-Холл» деп ат қойыпты, Қазақшаға қалды ма тілің келмей? Мұның бәрі алдымыздан шығады деп, Жоғарыға неге айтпадың тыным бермей? «Аманжолдың оған тісі батпайды» деп, Айтуы керек пе еді інің мендей? Аманжол: Басшысы болмаған соң мыңға жайлы, Көңілін қалың елдің мұң қамайды. Ақынның сахнада айтқан сөзін Ұлықтардан дұрыс деп кім санайды!? Бауырым, бұл күнгінің әкімдері Ақынның айтқан сөзін тыңдамайды. Бұл айтқан әр сөзімнің жалғаны жоқ, Төрелі жігіт едім талғамы тоқ. Кезінде талай текті жырау өткен Алпауыт заманының заңғары боп. Заманы әрбір сөзін тыңдап өткен, Кешегі Бұхарлардың арманы жоқ. Көңілдің боздағанда жетігені, Ақынның шерге толар көкірегі. Тәуелсіздік алғанда Қазақ елі Көңілге үлкен үміт бекіп еді. Түркмен мен әзірбайжан, қырғыз, өзбек Бұл күнге бізбен бірге жетіп еді. Ал солар тілін қазір ту қып ұстап, Дәстүрдің қамалына бекінеді.

Украина да орысқа қыр көрсетіп, Керегін өз тілінде өтінеді. Әлемдегі өркенді мемлекетке Ана тіл азаттықтың кепілі еді. Өзге түгіл, өзбектер қиналса да, Өз елінде өзбекше «гәпіреді». Ал біздің шұбар тілді шенеуніктер Бәрінен біз оздық деп көпіреді. Үлде менен бүлдеге оранса да, Тілсіз ел кімнен озып кетіп еді? Қалтасы қампайғанмен ұлдарыңның, Не пайда қуыс болса көкірегі? Ана тілін білмейтін дүбәралар Осылай ұлт қадірін кетіреді. Мұхтар: Айтып жатқан әр сөзіңнің болар мәні, Жақсы ғой ойларына оралғаны. Мен жаңа тіл жайлы да айтып едім, Тағы да кемшілікті қоғамдағы. Есігінен кіргізбейді дегеніңше, Кіре алмаймын деп айтсаңшы одан дағы. Ақындар айтатұғын ой қалдырсын, Сахнада сауық, тағы сайран қылсын. Салмақтың ең ауыры ауыл жақта, Осы ой үкіметті ойландырсын. Креслоға жабыспай, ауыл жаққа Бір келіп, ел көңілін жайландырсын. Қаламсапты уақытша айырменен Айырбастап, еңбек көзін сайландырсын. Оң қолын орақ қылып, сол қолымен Соқа жегіп, қолын құрал-сайман қылсын. Күн астында жер жыртып, егін егіп, Диірменге дәнді салып ойландырсын. Сезініп ауылдағы тіршілікті, Жағдайы тереңінен ойландырсын. 12-302

Әйтпесе мұның бәрін көзбен көрмей, Қай тірлікке қандай берік байлам қылсын. Төбедегі билік қылған ақ саусақтар Ауылдағы бейнетті қайдан білсін?! Келеді жас шағымда жалындағым, Байқадың ба сөздерімде дауыл барын? Ағасы, білесің бе Астанада Жалманқұлақтай қирап жатқан ауыл барын? Жақсылап құлағыңды салсаң маған, Жақсы ғой ойдан алшақ сандалмаған. Жүз отбасы тұратын Жалманқұлақ Келешегі қараң қалып, жанданбаған. Әкімдерің сол ауылды инвестордың Қолына тапсырыпты жалмаңдаған. Елді тонап, тақырға отырғызып, Пайдасын жеп кетуден арланбаған. Халқы жүр тентіреп, моншасы жоқ, Моншаға бір түсуді армандаған. Бір телефон бар екен, оның өзі Бірде істемейді, дұрыстап та жалғанбаған. Үш шақырым жерден тасып ауыз суды, Берекесі шайқалып қалған далам. Тозығы шығып кеткен сол ауылдың Кім отын жағады екен жанбай қалған? Төбе жаққа қаншама хат жазса-дағы, Басшылар тіл қатпапты соры қайнаған. «Инвесторы» қашып кеткен бәрін сатып, Жерді басып қалай жүр ондай надан? Әкімнің жүзін әлі бір көрмепті, Әкімдерің әкім бе арды ойлаған? Астананың түбінде жетім құсап, Қараусыз қап қойғаны қандай жаман. Келгем жоқ көңілдерді қарайтуға, Ойларды келген кезде жаңартуға. Бүгінгінің Бұхары сіз деп жүрміз, Әншейінде данышпансың жөн айтуға.

Жаңағыдай құлазыған ауылдардың Үнін жеткіз жоғарыға жөн айтуға. Аманжол аға, қайда қарап жүрсің, Маған мейлі олай тула, бұлай тула! Немене құдіретің жетпей жүр ме Нұрағаңның құлағына соны айтуға?! Аманжол: Болдыра бастадың ба, арғымағым, Деп едің құрышыңды қандырамын. Денсаулықты сұрап ем, оны айтпадың, Байқалды үңірейіп арғы жағың. Көңілдің жүйткігенмен кер дөнені, Ұлғайып бара жатыр шер көлемі. Жоғарғы жақ жіберген қателіктің Зардабын қарапайым ел көреді. Сырдағы сәбилердің көпшілігін Қасірет қой туберкулез меңдегені. Жығылғанға жұдырық болды бүгін Сапасыз вакцинамен емдегені. Бір кезде шалқар теңіз кемердегі, Боз дала, аққулы көл бедерлі еді. Баянсыздау болып тұр «Ауыл жылы» Денсаулықты жақсартам дегендері. Періште сәбилердің тағдырына Сарыарқадан көңілім елеңдеді. Жаман дәрі, сапасыз вакцинамен Министрдің баласын егер ме еді? Сөз таппай отырғам жоқ ұрынуға, Үңілдім ақиқатты ұғынуға. Аждаһаның уындай вакцинадан Сәбилер шақ қалды ғой қырылуға. Бәрін сатып бітірген шенеуніктер Дәрінің ақшасына сұғынуда.

Періште нәсібіне ортақтасып, Мұншама бола ма екен құнығуға? Лай түсті деген осы тұнығыңа, Кұрт түсті деген осы жұлыныңа. Министр етіп қойған Досаевтың Дәрінің иісі бармас мұрынына. Ел қырылып жатса да ештеңе емес Безбүйрек бүгінгінің ұлығына. Кінәлі адамдарды соттау керек Шетелдің уын еккен құлыныңа! Шексіз ғой табиғаттың ғаламаты, Одан биік тұрмайды адам аты. Денсаулыққа бермесе, құны қанша Үкіметтің жинаған қаражаты?.. Көрсек те замананың ақтабанын, Белгілі алға қарай аттағаның. Періште іңгәлаған сәбилерді Киелі ақ бесікте баптағаның. Сыр елінде кемшілік жіберсе де, Есімде Нұрғисаевты мақтағаның. Өзіңше қиялыңмен айға бардың, Сөзіңді жүрегінде сайлап алдың. Кемшілік жібергенде Нұрғисаев, Барып өткір сөз айтсаң, қайда қалдың?! Сүрінбей талай сыннан өтесіңдер, Көсіліп мәреге де жетесіңдер. Ақын боп шығып алып ең әуелі, Сонан соң депутат боп кетесіңдер. Мұхтар: Жасымнан мен өзімді баптап едім, Осындай алтын жырмен аптап едім. Нұрғисаевты мақтадың деп қоясың, Қай жерде сол әкімді мақтап едім?

Солай келіп намысымды таптайсың ба, Өз жағыңның өлеңін мақтайсың ба? Денсаулық жайлы ештеңе айтпадың деп, Солай маған ойларыңды сақтайсың ба? Бізден гөрі үкіметке жақындаусың, Сол жақта тағы тілді қақпайсың ба? «Денсаулықты қолдау керек мәңгілікке», – Деп солай жоғарыға айтпайсың ба?! «Қалқаманның» жайы неге шектеледі, Біз білмейтін бар екен көп дерегі. Кезінде заңды етіп жерін алып, Үй салып халық терін төккен еді. Тұрғын үйлер жобасыз салынған деп, Жоғарыдан бұзылсын деп хат келеді. «Бұдан былай бұл жердің егесі мен» Деп біреу кеп халықты сөккен еді. Бір жерді екі саткан Храпуновқа Халықтың басылмай тұр өкпелері. Қай төбеге апарып қоймақ енді Қауіпі сейілмеген Көктөбені? Лай көшкіні болады деп дүрлігіп жүр, Елімізге осы еді жетпегені. Алматым, бізге қымбат бәрінен де Шырайыңның лай боп шөкпегені. Өйткені ару Алматы – астанамыз, Алашымның тірегі боп келеді. Қарт Алатау құшағын кеңге жайып, Кеп жатқанның ешбірін жат демеді. Ағасы, бос ойларды қуалайсың, Бірақ та биігіңнен құламайсың. Өткендегі әкіміне айтпадың деп, Тек келіп мына мені кінәлайсың. Бізден кетті, сіздерге жақындау ғой, Сол жақта оның құлағын бұрағайсың. Өткендегі тірлігіңе жауап бер деп, Дәтің жетсе, содан барып сұрағайсың!

Аманжол: Шындықты ақтарсам да тілімменен, Шендінің құлағына ілінбеген. Семей полигонының зардабынан Шаранаң кемтар болып бүгілген ең. Полигонның сынағы тоқталғанмен, Зардабы шектелмейді бүгінменен. Алтай, Арқа орманы өртенгенде, Қарағай жоқтау айтып дірілдеген. Байқоңырдан ұшырған протондар Гептилменен у шашып гүрілдеген. Тұз басқан Аралдағы өлі құмда Қаңбақтан басқа ештеңе жүгірмеген. Экология құлдырап бара жатыр, Ағайын, неміз қалды бүлінбеген?! Саясат алаңында кең қақпалы Белгілі үлкен сайлау кеп жатқаны. Сайлауға дайындалып жатқан шығар Белсенді көкелерің сен жақтағы. Есімізден шықпасын, ау, ағайын, Қазіргілер тіл білмей, жер сатқаны. Халқын сүйген жігіттер атқа мінсін, Тағдырға мойын бұрар ел жақтағы. Заманның толқығанда күшті ағыны, Ерлердің байқалады күш-қарымы. Бәрі өткінші екенін білдіргендей Күздегі тыраулаған құс сарыны. Білгенге біздегі көп партияның Анық емес саяси ұстанымы. Бір партия есімі «Ауыл» болды, Тіркеліп алғанынша бауыр болды. Партияның басшысы жалпақшешей, Қазаққа қарсы соққан дауыл болды. Қой терісін жамылған қасқырға ұқсап, Тілге балта шапқаны ауыр болды.

Сайқал емес, партия керек бізге Халқыма нұсқай білер тәуір жолды. Болғанмен қазақ деген ұлы халық, Саясат абыржытар бұрып алып. Машкеевич дегенің талтаңдайды, «Азаматтық» партия құрып алып. Ішкі өнімнің біразы соныкі екен, Ағалар байқамайды мұны нағып? Саясатқа «жебекең» араласса, Болады болашақтың күні ғаріп. Алдыңда ақиқатқа үңілгесін, Халқымнан жасырайын бүгін несін. Жалпылдаған жабылар озып кетіп, Құлагерлер қапылыс сүрінбесін. Жершілдік, рушылдық етек алып, Алаланып, беліміз бүгілмесін. Көп партияға бөлініп Абай айтқан, Елдің іші дүрлігіп, бүлінбесін. Мұхтар: Аманжолдың бұл жайлы жинағы көп, Мұхтарды да ойлана қирады деп. Жетімге қарайласам деді жаңа, Ағамның ол жайында қиялы көп. Жеті тұлпар мінсең де айтыстарда, Естімеппін дөңгелегін сыйлады деп. Елдің жайын жырласаң еліме кеп, Мен де соны айтайын семіре кеп. Біз білетін Арабия бір мұнаймен Өсіп, дамып жетілген мемлекет. Ал бізде мұнай да бар, басқа да бар, Жағдайымыз неге сонша кері кетед? Зейнетақы күткен ата-әжелерге Өкімет қашан жылуын төгіп өтед? Мардымсыз пенсиясын көтерем деп, Ол сөзіне қашанғы сеніп өтед?

Жұмыссыздық кеудемді басып барад, Ойлағанның ет жүрегін еңіретед. Сырттан кеп билік қылған қандай жаман, Жайылған дастарханның төріне кеп. Қашаннан бай елдерге ғашық едік, Соларға ұқсап мұнай көзін ашып едік. Егін егіп, оны қайта жинар кезде Майды қайдан алам деп сасып едік. Малдан да жайлаудағы түк қалмады, Басында соған сеніп тасып едік. Бір күндері масқара боп жүрмейік, Құдаларға балықтың басын беріп. Аманжол, айтысқанда ұлықсыңдар, Сөзінде бауырыңның ұлық сын бар. Анау Қырдың, анау Сырдың мақамы деп, Ойпырмай-ау, ағалар, қызықсыңдар. Үш жүзге бөлінгенім аз болғандай, Мақам сазды бөлуге шығыпсыңдар. Аманжол: Жағаға шығып қалмай тасқынменен, Бабалардың жолымен бастым берен. Рушылдық, жүзшілдікті шатастырма Өнердегі сақталған дәстүрменен. Ел-жұртым құлақ түріп, сайратты өктем, Мәреге белім талмай жайнап жеткем. Ең құрмаса, дөңгелек бермедің деп, Бауырым, отырсың-ау қайрап тектен. Талай темір тұлпарды айтысқанда Аруларға сый қылып байлап кеткем. Алла берген ғұмырда сайрандармын, Иманымды сауыт қып жайланғанмын. Дін жайында айтпасақ айып болар Бүгінгі туған күні пайғамбардың.

Айтылсын шындық сөздің дүр дерегі, Сайрасын сар даланың тілді өрені. Діндер бас қосуының қос қыры бар Секілді күннен кейін түн келері. Астанада бас қосқан түрлі діннің Пайдалысы – бірлікке үндегені. Зияндысы – толқыған кейінгі ұрпақ Көп дінге ден қояды іргедегі. Анашаның шөбіндей ұрық шашар Түрлі діннің бір елде гүлдегені. Дұрыстап ойланғаның дұрыс болар, Бастамас бұрын, елім, бірдеңені. Киелі рухымыз көктесе екен, Нар намысым шөл қысып, шөкпесе екен. Періштенің әнімен туған сәби Өмірден имансыз боп өтпесе екен. Папаның абыройы қазақ үшін Мұхаммедтен биік боп кетпесе екен.

АЙБЕК ҚАЛИЕВ ПЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ Жекпе-жек, Алматы қаласы, 2004 жыл Аманжол: Жырменен жазып жүрген жан жарасын, Ұлы едім тұғыр тұтқан cap даласын. «Ақжолтайлап!» алдыңда сөз бастайын, Жолымның сәтті қылғай, Алла, басын. Маңғазданып қарайды тау құлжасы, Басса да меңіреулі жар жағасын. Табан етін тас тілген жолбарыстың Жазады каңтардағы қар жарасын. Ер түркінің бұтағы – бабам қазақ Ат үстінде өткізген арда жасын. Ер Тарғындай ер болсын деген анам, Халқын ойлап сүйеген талға басын. Ғаламнан ғаділетті жол іздеген, Армысың, қалың елім, арлы Алашым! Елден үміт үзбедім ес білгелі, Өнерден өгейсітпес ешкім мені. Алла берген несібем өнер еді, Өмір атты өрілген бес күндегі. Ұлтымның жүрегіне жеткен өлең, Талай ғасыр өтсе де ескірмеді. Қасиетті халқымның арқасы ғой, Дауысымның саңқылдап естілгені. Жүректен жарып шыккан жырларымның Келіп тұрмын кіндігн кестіргелі. Ерекше жаралғандай жаның нұрдан, Алты алаш үміт күтер жалынды ұлдан.

Шашуымды шашайын дәстүрменен, Келгенде боз жусанды сағым қырдан. Осылай өмip деген өте берер, Жастық шақ артта қалып сағындырған. Тойыңыз құтты болсын, Амангелді, Алпыс жастың асуын бағындырған. Дархансың Сарыарқаның даласындай, Мәуелісің Жетісу ағашындай. «Отан» партияң халқыма қамқор болсын Әлихан аталардың «Алашындай». Ұлтын сүйген тұлғалы қайраткер бол Байтұрсынның кемеңгер баласындай. Күлдір-күлдір кiciнeтiп күлікті өрден, Тетелесіп шығып ек ұлық белден. Жолы бөлек, Айбек-ау, інім едің Сәлемін орынынан тұрып берген. Жөн сілтейтін алдыңнан ағаң едім, Сұрасаң бip бүйрегін жұлып берген. Жалған қоңыраулардың әcepi ғой, Жеңісті екеумізден бұрып берген. Мінеки, Құдай қолдап қайта шықтық, Оң тілеу болғаннан соң ғұрыпты елден. Қатар қанат қағайық кел екеуміз, Eгiз аққу ұшқандай тұнық көлден. Айбек: Біссіміллә, сөз бастадым жарық құттан, Алланың әз есімін қалып тұтқан. Ассалаумағалайкум, Қазақстан, Қыраның қанат қомдап алысқа ұшқан. Өткен жолы жеңіліп Мэлс ағамнан, Өртеніп, күйініштен налып шыққам. Сәкендей ағамызға мың рахмет Газетке ақиқатты жазып шыққан. Ақиқатты сүйетін алты алаштың Алдына қайта мені алып шыққан.

Қабыл ал сәлемімді, арда қазақ, Жұдырықтай жүректен жарып шыққан. Аманжол, ағам едің ардақтаған, Бағасын асыл сөздің салмақтаған. Keшeгi серілердің сарқыты едің, Бip болса, сендей болар аруақты адам. Бip туған бауырыңыз болғаннан соң, Жатырсың жылы сөзді арнап маған. Ағайынды қоңыр қаз шыққаннан соң, Ақ сөзімді айтармын талғап саған. Кезіккен Батыраштың балтасына Құлагер ек шашасын шаң қаппаған. Айластың мұңы бip деп қазақ айтқан, Қос мұңлықты бұл күнде ар жақтаған. Алайда белдесуге келгеннен соң, Жараспас сен жақсы деп жалбақтаған. Сөздерді сен де естідің, мен де естідім, Біздерді жаттанды деп тармақтаған. Сондықтан суырып сап айтысайық, Сөздерді қоя тұрып бар жаттаған. Билікке дат айттың не, хат айттың не, Зарыңды тыңдамайды заржақ қоғам. Қапталдағы үш найзаны жырлап көpшi, Танытып ақындықты, ардақты ағам. Әйтпесе көк мылжың таусылмайды, Дөңгеленіп біткенше қаңбақ далам. Аманжол: Жаралған тұла бойы парасаттан, Айтулы інім едің дара шапқан. Бip сынайын дедің бе Аманжолды, Сұрағың найза болды-ау жаңа тапқан. Толғанып тосын сауал қойсаң-дағы, Құрмассың қарсы алдымнан қара қақпан. Сол найзаны қолға алып батырларым, Қастасқан дұшпанына қан асатқан.

Аяулы ақ жаулықты аналарым Ақ найзаға сүйеніп бала тапқан. Сол найзаның арқасы, біле-білсең, Сақтаған бізді талай алапаттан. Найзасыз елестетпен ер бабамды, Найзагер қып өcipeм бел баламды. Күлтегін, Еділ патша, Бейбарыс боп, Жаулағам ақ найза ұстап мен ғаламды. Шашақты сол найзаның арқасында Аталар қорғап қалған кең даламды. Ағайын екеумізге үңілгендей, Жайым жок сұрағыңнан сүрінгендей. Найза жайлы сұрақты қойғаныңмен, Толғай алар ма екенсің, iнiм, мендей? Жүрсінге сол найзаны ұстатсаңыз, Болмай ма Ер Махамбет тірілгендей. Найзалы ұл күзеткен қақпа бекем, Найзалы ер жайғасқан атқа бекем. Найзаға сап болсын деп атам қазақ, Түзу өскен қайыңды шапқан екен. Дұшпанымның сауытын cөкciншi деп, Ұшына болат темір қаққан екен. Боз айғырдың кекілін кесіп алып, Желбіретіп басына таққан екен. Ақ найзалы қазақтың бip баласы Болғанымды әрқашан мақтан етем. Сұрағың найза болды-ау сенің маған, Жауабымнан білінер менің бағам. Ер Науан – Наурызбайдың атын қойған Тербеліп өciп жатыр сенің балаң. Ақжолтай Ағыбайдың атын берген Ержетіп келе жатыр менің балам. Eкeyi де найзадай жігіт болсын Жауларымнан қорғайтын елімді аман.

Бек шақта басылмасын жарқылыңыз, Екеуіміз де қазақтың алтынымыз. Шашубай, Жамбыл, Қайып, Нұрхандардың Өнерін жалғастырған сарқынымыз. Қалқанды саған енді жырла десем, Жетер ме оған, Айбек, қарқыныңыз? Қысылмай қадау-қадау ой айтарсың, Шыдаса табаның мен балтырыңыз. Алты найза секілді сахнадағы, Бауырым, болсын лайым алты ұлыңыз! Баһадүр бабаларым тең алысты, Найзаласып алаңда кек алысты. Yш найзаға қарап мен елестетем Ақарыс, Жанарыс пен Бекарысты. Ақ найза жарасад-ау күлікті ерге, Найза ұстап қадам бастым үміттерге. Бірліктің ұлы қасиет екендігін Ғажап қой өмip cүpce бiлiп пенде. Мығым тұрады екен-ау қара жерге, Yш найзаның бастары біріккенде. Айбек: Аманжол, айтыс десе желдетеді, Ол сөйлесе тынады жел де, тегі. Найза жайлы толғанып, тебіреніп, Әдемі әуенімен тербетеді. Қалқан жайлы жырла деп інiciнe, Неліктен бүгiн ағам кер кетеді. Несиеге қалдырмай сол қалқанды, Өзің-ақ жырлай салсаң нең кетеді?! Найза мен қалқан деген – егіз ұғым, Жауынгер қазағымның келбеті еді. Қарыз болып қалмайын сізге бүгін, Сөзімді күтіп отыр ел де, тегі. Алдында, Аман аға, қалқан жайлы Мынау інің өлеңін өрлетеді.

Сыныңыздан сүрінбей сырғып өтіп, Сырлы сөздің тасқынын селдетеді. Қалжа жеп «қыбы» қанған келіншектей Маңдайын Аманжолдың терлетеді. Маңдайың ал, Аманжол, шын терлесін, Ініңіз қалқан жайлы жыр тербесін. Қалқаным – әз Алатау асқаралы, Шыңдарын еміреніп бұлт емгесін. Бip қалқаным – Алтай мен Тарбағатай, Одан асып Қытайдың құрты өрмесін. Бip қалқаным – Каспий мен Ақ Жайығым, Мақтанышпен айтайын сыр пернесін. Бip қалқаным – Қостанай, Қызылжардың Орманынан өзің де гүл тергесін. Төрт қалқаным төрт жақта тұрған кезде Төрт құбылам тең болып, ұлт өрлесін. Бip қалқаным мына отырған ел емес пе, Ол барда көгімізден күн сөнбесін. Бip қалқаным – Елбасым Нұрсұлтандай, Биіккe Қазақстан жұрты өрлесін. Бip қалқаным – Айталыдай депутаттар, Қорғаштап басып жүрген тіл пернесін. Бip қалқаным тіл менен дін емес пе, Ғаламдасқа оятар ұлт зердесін. Бipлiгiмдi білемін бip қалқан деп, Жаһандану басталса шын тeңдeciм. Қалқанымыз тесіліп iш жағынан, Үш найза бip-бipiнe сілтенбесін. Жаратқан мейірімнің нәрін беріп, Лайым қона берсін әр үйге құт. Ол рас, Құдай бізді қуантқан ед, Былтырғы жыл iзбacap сәби бepiп. Ақжолтай, Наурызбай деп атын қойдық, Ырымдап жақсылықтың шамын көріп. Ағыбай, Наурызбайлар өтпеп пе еді Азаттық деп ел үшін жанын бepiп.

Солардың ерлігі мен достықтары Бүгінгe жетпеп пе eдi аңыз болып. Екеуміздің ұлымыз дос боп өссін, Бабалардың көрмей кеткен бағын беріп. Олардың болашағы қалай болар, Сол жайында толғаншы зар иленіп. Осыларды ойласам ұйықтамаймын, Қайғыдан қабырғама қан илeнiп. Балаларды кейінгі болашақ деп ceнeмiз, Келешегін солардың қай жағдайда көpeмiз? Осы жайлы толғашы, артыңа тастап терең із, Күн ертең олар ержетіп, сұрақ қояр тepлeтiп, Сол кезде айтшы, Әужеке, қайырламай ма кeмeмiз? Қорқатын жалғыз Құдайдан айбының қайда дегенде, Не қалды кеннен, мұнайдан, байлығым қайда дегенде, Иманды ұлдың ғашығы – дiнiмiз қайда дегенде, Ұлтымыздың асылы – тiлiмiз қайда дегенде, Keшeгi өткен ғаламат еріміз қайда дегенде, Бабадан қалған аманат – жеріміз қайда дегенде, Намысқа қалай көнеміз, ұяттан қалай өлеміз, Не деп жауап береміз, қай тесікке енеміз?.. Аманжол: Сезімді жүректегі жасырмаймын, Жаңбыр-жырды селдетпей басылмаймын. Қалжаның сорпасымен шатастырма, Құланның етін жеген батырдаймын. Ел едік ақиқатқа бас иетін, Өмірдің көрдік талай қасіретін. Батырлар қанжарымен турап жеген Қалқаннан кер құланның асым етін. Компьютермен ержеткен бүгінгі ұрпақ Қалқанның түсінсе екен қасиетін. Адамды алмастырған құмай жарық, Күн ұяға батады-ау бip айналып.

Қасым ақын айтқандай, ұрпақ жайлы Күніне жүз толғанам, мың ойланып. Бәрін неге шетелге саттыңдар деп, Heciбeciн ұрпақтар сұрайды анық. Түбі жауап беретін сәт келеді, Уақыт арба жылжиды шыр айналып. Осы жайлы бүгінгі шенеуніктер, Дұрыстап көрсең қайтед бip ойланып? Бұл менің сөзім емес жай бүгінгі, Көтердім ақындарға сай жүгімді. Халқын сүйген қайраткер аз болып тұр, Саясатшы көбейіп маймыл үнді. Күлдір-күлдір кiciнeп оқыранған, Азаматтар, қайдасың, айғыр үнді. Айбек-ау өзің айтқан сол заманда, Ұрпаққа түсіндірем қай мұңымды, Шет елдерге саттық деп қалай айтам, Қайда деп сұрар болса байлығымды? Дөңгеленген дүние – шарайнада Бұл жайлы айтып өткен талай дара. Өзімдікі дей алмай өз малымды, Қан жылап сынағандай Абай дана. Жерді неге саттыңдар десе балам, Жауабын қайтарамын қалай ғана? Еркінсіп асағанмен бүгін майды, Депутаттар, болмасын түбің кайғы. Қалай жауап береміз, Айбек інім, Сұраса дінім менен тілім жайлы? Шендінің майланғанмен бip бармағы, Ел еншілі деуіңе тіл бармады. Ұрпақтарым бақытты болса екен Eкi мың отызыншы жылдардағы. Елімнің қамын ойлар қалқаны едің, Шалқыған боз далада шалқар едің. 13-302

Ақаң менен Жақаңдай ұлды берген Аман ба Торғайдағы дархан елің? Айбек: Тос деп ем жауабыңа құлағымды, Көмейден ағыл-тегіл жыр ағылды. «Берем, – деп, – қалай жауап, Айбек інім?» Өзіме қайта қойдың сұрағымды. Ұрпаққа бiз қарабет болмау үшін Басынан тазалағын бұлағыңды. Торғайдың айтар болсам сырын мұңды, Саясат былғап кеткен тұнығымды. Басталған 93-те Торғайдағы, «Ақтабан» таусылмай тұр «шұбырынды». Қостанай, Астанаға шұбырған көш Жүрекке қанжар болып сұғылулы. Көрмеген он жыл жарық ауылдардың Бүгiнгi толған топан мұңы күнді. Пайдасы «Ауыл жылдың» тимей жатыр, Шығарсам ақиқат деп шын үнімді. Ресейден елге әкеліп қойған едік. Күтем деп болашақтан ұлы күнді. Міржақып сүйегінің айдалада Қалғаны шырқыратар шыбынымды. Ауылы Міржақыптың тарап кетті, Жұртында иттер қалды құр мұңды. Әр жерде шыр-шыр еткен бip топ торғай, Тыңдайтын жан жоқ сенің шырылыңды. Үніңді бip Құдайға жеткізбесем, Кеше гөр шырқыраған құлынынды. Ақаң мен Міржақыпты туған Торғай, Сен көрген қacipeтті кім ұғынды?.. Торғайға жағдай жасап берем десе, Мен қазір қияр едім ғұмырымды. Әй, бipaқ менің жаным кімге керек, Қайғыдан құрт жеп жатыр жұлынымды.

Тілеймін Торғай төрге өрлесін деп, Қиындық енді кайтып келмесін деп. Ыбырай, Ақаң, Жақаң жаққан шырақ Тағдырдың дауылымен сөнбесін деп. Торғайдың мұңы менен зарын айттым, Өзгенің бастарына бермесін деп. Қиындық-қасіретті Торғай көрген Қазақтың өзге жері көрмесін деп. Торғай да, Торғай, Торғаймын, Жүректе тұнған мол қайғым. Мұңымның мәнін ұғатын, Жырымның нәрін ұғатын, Сырымның зарын ұғатын Тыңдаушы жұртым кез келсе, Сөйле деп маған сөз берсе, Толғау да, толғау, толғаймын. Yш жүздің асыл нәpi деп, Айтқанда сөзі дәрі деп, Абылай таққа мінгенде Батасын берген баһадүр, Шақшақтың ұлы Жәнібек, Арыстан туған Торғаймын. Алты алашқа күн болған, Күннен тамған нұр болған – Ахмет пен Міржақып, Данышпан туған Торғаймын. Әбдіғаппар хан бастап, Амангелді, ол қостап, Ақ патшаның өзін де Торықтырған Торғаймын. Әскерін итше сабылтып, Қайратынан қағынтып, Айбатынан арылтып, Зорықтырған Торғаймын. Әлихан құрған Алаштың Ордасы болған Торғаймын.

Азаттық үшін күресте Төлбасы болған Торғаймын. Еміренген елім деп, Еміренген жерім деп, 37-дегі қырғынға Асыл берген Торғаймын. Эрмитажға Кейкінің Басын берген Торғаймын. Сырбай, Ғафу, Кеңшілік, Әдебиеттің күні кеше Tөpiн де ойған Торғаймын. Орнағанда азат күн, Теңгесіне қазақтың Қолын қойған Торғаймын. Өз тұсында eкi рет Өкімет болған Торғаймын. Облысым жабылып, Тынысым да тарылып, Көрінгеннің ермегі, Жетімек болған Торғаймын. Тарихым, мiнe, осылай Парақталған Торғаймын. Қостанай, Ақмолаға Жесір әйел секілді Екі көзім жәутеңдеп, Қарап қалған Торғаймын. Тасынғандар басынып, Масыл болған Торғаймын. Басынғанға ашынып, Батыл болған Торғаймын. Ашынғаннан ашылып, Ақын болған Торғаймын. Ақиқатын айтайын, Қорқатұғын нем қалды, Қорқа-қорқа әркімнен Батыр болған Торғаймын. Құдірет-Кәрім бар болса, Жаратқан ием жар болса,

Жұрт не десе о десін, Облыс болмай қоймаймын! Осылайша, Әужеке, Торғай жайлы жырладым, Қарап босқа тұрмадым, Туып өскен елімнің Айтып өттім жайын да. Айналайын, Әужеке, Сізді де бip сынайын, Шақырып енді қайымға. Жасың үлкен ақынсың, Қайымың болса пайымда. Аманжол: Өткен күн өкінгенмен оралмайды, Ұшқан құс бірлік болмай қона алмайды. Сарпековтей нашарды сайласаңдар, Таяу маңда облыс бола алмайды. Айтыстың шақырдың ғой қайымына, Мен де қарсы келмеймін пайымыңа. Қайымның дариясында жүземін деп, Ілece алмай жүрмеші қайығыма. Айбек-ай, айтысуға бекем едің, Келеді ағаң болып жетелегім. Өзің айтқан Торғайдан парламентке Депутат болып жатсаң не етер едің? Айбек: Ол рас, айтысуға бекем едім, Дейсің-ау келіп отыр жетелегім. Жетекті тазы ешқашан түлкі алмайды, Жетектен қай түлкіге жетер едің? Депутат болсам егер, Аман аға, Өзің де осы жерде не етер едің? Үйтемін, бүйтемін деп жұртты алдамай, Қолымнан келген icтi етер едім.

Тапталып табандарда жатқан тілді Тұғырға ең әуелі көтеремін. Ойлаған ұлттың қамын ағам едің, Тұлғаңды өзгелерден жекеледім. Әдемі келбетіңмен салыстырсақ, Әужеке, қыздан зият бетер едің. Гүлжанның орынына, Құдай қалап, Министр бола қалсаң не етер едің? Аманжол: Тұлғаңды өзгелерден жекеледің, Министр болсам егер не етер едім? Отырған әкелерге жағдай жасап, Ел-жұртымды риза етер едім. Көп балалы анаға жәрдем беріп, Қазақтың көбейтер ем бөпелерін. Осы айтқанның барлығы болмай жатса, Өз еркіммен орнымнан кетер едім. Храпунов жездеңнің орынына Өзіңді әкім қылса не етер едің? Айбек: Тұлғамды өзгелерден жекеледің, Дейсің бе әкім болсаң не етер едің? Жоғары қызметті қимадың ба, Тілегім төмендеу ме өте менің? Тұрғанда министр боп Аманжолым, Жұмақтай Алматыны етер едім. Жаптырып заправка атаулыны, Табар ем табиғаттың бөтен емін. Дұрыстап, жол біткенді тақтайдай ғып, Жақсы істің табар едім төтерегін. Саин мен Сейфуллинде тұрғандардың Бәріне жұмыс тауып берер едім. Жанында жетім бұрыш жүргендердің Бәріне бip-бip пәтер әперемін. Аманжол министр боп тұрған кезде Қаржыға басым ауырмас өте менің.

Осылай ару қала Алматыны Аялап, қадіріне жетер едім. Ciз сұрап жатырған соң айтқаным ғой, Келмейді бос мылжыңмен тепелегім. Алаштың арын ойлар арманымды Келмейді бос қиялмен некелегім. Ақын болғым келеді, ақын болғым, Әкім болғым келмейді, көке, менің. Аманжол: Соңымнан epiп шыққан тетем едің, Ел алдында демеймін бөтен едің. Әкімдік министрден төмен емес, Сондықтан қомсынасың бекер, epiм. Тәубе деп еңбек еткен дұрыс болар, Бастығы болсаң-дағы мекеменің. Министр де, әкім де боламыз деп, Терлеттік көкелердің шекелерін. Қайыммен әзілдеген сөзімізді Шын көріп қалмасыншы көкелерім.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА Алматы, Әуезов театры. Наурыз, 2006 жыл Аманжол: Нұр жұтып топырағы аспан емген, Алла деп атқа міндім қасқа белден. Ақын боп ортаңызға келіп тұрмын Өнердің арқасында басқа берген. Жыр тойы құтты болсын, Жүрсін аға, Ердің жасы – елу бес жасқа келген. Сендей ерлер шықпауы мүмкін бе еді Өнері өзгелерден асқан елден?! Досқа – ырыс, дұшпанға – қылыш болған Бас иіп амандастым асқар елмен. Есілдің толқынында жүзіп едім, Маржанын талай көлдің сүзіп едім. Қасымдағы сұлуға бұрылайын, Ал енді, рұқсат болса, ұзын елім. Бұлаң басып жайғасқан бұл кім десем, Кәдімгі Қарауылдың қызы ма едің? Аңшының аңға қосқан құмайындай, Апыр-ай, түседі екен ізіңе кім? Алтайдың уылжыған жидегіндей Бір күні белгілі ғой үзілерің. Саңлақ Тастанбектің Сарасының Өнерін жалғастырған ізі ме едің? Тоқтамыстың қызына сәлем бердік Ай қабақ, найза кірпік, қызыл ерін. Елеңдеп тұрса-дағы қарай-қарай, Кетуші ем хан қызына қарайламай.

Қасымда күлімдеген Сара қызды Өтудің өзі күнә абайламай. Өнеріміз тоғысса тегін емес Дөңгелек өмір атты шарайнада-ай. Қылығыңмен қытықтап жүрегімді, Назданып жымиясың маған қарай. Аң іздеген тазыдай жорта бермей, Атымның басын бұрдым саған қарай. Дидарың Сарыарқаның ақ таңындай, Көңілің Алатаудың ақ қарындай. Аршын төс, бота көзді, алма мойын, Сырлысың Сегіз сері Мақпалындай. Ақанның Қадишасы емес пе деп, Қараймын кірпігіңді қаққаныңда-ай. Қимылың Әйгерімге ұқсайды екен Керіліп жүріп келе жатқаныңда-ай. Еңлікті көргендейін елеңдеймін Үкіңді үлпілдетіп таққаныңда-ай. Тастанбектің қызынан кемдігің жоқ Төгілтіп тереңнен сөз тапқаныңда-ай. Қызғалдақтай құлпырған осы қызды Менен басқа жігіттен сақта, құдай! Еркесі елеңдеген даламыздың, Аққудай айдыныңда дара жүздің. Бұл үйде Сара болса «кірсем» деймін, «Шықсын!» деп сөзін айтпай бабамыздың. Біржанға айтқан сыны сол емес пе Айтыста сенің апаң Сара қыздың. Ендеше, шапанды іл керегеге, Байқайын биіктігін санаңыздың. Сонан соң өз қолыңмен қымыз ұсын Жолымен әжелер мен анамыздың. Қабағың ашық болса қона кетем, Екі-үш күн уақыты бар ағаңыздың. Ақ отауда айтысып емін-еркін, Өнерін бір байқайын қара қыздың.

Сара: Бісміллә, ерін салып Кертөбелдің, Жолымен Теккене мен Бөртелердің. Абай мен Мұхтар туған топырағынан Байрағын биіктетіп мәрт өнердің. Мұхтар атам атындағы кең сарайда Жүрекпен сезім сырын шерте келдім. Қызырын күткен мына қалың елге Қызынңдай мен де бүгін еркелермін. Наурызда Алатау баурайына Қыз-ғұмыр көктемімді ерте келдім. Киелі бұл сахнада ізі қалған Қанабек, Серәлідей серкелердің. Күләш, Бикен, Шолпандай апаларым Өнерін гүл жайнатқан көркем елдің. Өнердің ордасында той өткізсең, Жүрсін аға, мен де сіз деп тер төгермін. Өйткені өзіңізбен айтыс деген Мұқалмас алдаспаны серт өнердің. Тұнығы шайқалмаған текті жұртым, Тұғыры биік болсын мәртебеңнің. Келелі сөзін айтсам кемеңгердің, Өрені деп біліңдер өнерлі елдің. Айбынды алты алашым аман тұрса, Қалайша тұғырымнан төмендермін? Бүгінгі қыз бен жігіт айтысында, Бұйыртса, өнерімді дәлелдермін. Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ Маржан еді түбінде терең көлдің. Құлтума, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса Шыңдағы шынары еді кемел жердің. Солардың үлгісіндей азаматсың, Белгісін бабалардың сенен көрдім. Кешегі серілердің салтыменен Ырғалып сахнаға әрең келдің. Басыңа бір тал үкі тағып алып, Көзайымы боп жүрсің көрерменнің.

Сарамен сайысуға келіп тұрған Салдардың сарқытына сәлем бердім! Тілдескен жымыңдаған жұлдызбенен, Тас бұлақ сылдырынан сырды іздеген. Семейдей қалың елдің ақыны едім, Жұртым бар жөргегінен жырды үзбеген. Маңдайыма шыбын да қондырмаған, Іргемнен құмырсқа да жүргізбеген. Келе салып төріме кіремін деп, Қайнап тұр от секілді қыз-қыз денең. Білесіз, баяғының серілері Барыстай басқан ізін білдірмеген. Қалың ел жатқан кезде шарт ұйқыда, Оятпақ түгіл, итін үргізбеген. Ал сен болсаң «кірем» деп айғайлайсың, Айтайын сескенгенін бұл қыз неден. Дәстүр білер ақынның бірі емес пе ең, Қырандай тілдесетін шың-құзбенен. Өзіңіз әп-әдемі болғанменен, Сөзіңіз біртүрлі екен «кіргіз» деген. Мекенің – Қарағанды маң даласы, Жайылған алты алашқа жарнамасы. Айқайлап осы ауылға «кірем» демей, Сараның бол одан да арлы ағасы. Аспаймын ибам менен иманымнан, Қазақтың көз салса да бар баласы. Отауыма кіретін кім едіңіз, Құр мақтап, сөзіңізбен алдамашы. Қайсар рухты қазақтың қызы емес пе ем, Болсаң да кіргізбеймін хан баласы. Аманжол: Өнері кейін қалмас бүгін менен, Қырмызы бір гүл едің бүлінбеген. Нұр төккен алтын шапақ күн секілді Көзіңнен айналайын күлімдеген.

Ән салған пейіштегі хор қызындай, Көңілімді елеңдеттің үніңменен. Ұрын келер бозбала емеспін ғой, Қара түнде келгені білінбеген. Керегеден қол созу қиын емес, Ол үшін кінә таппа, күнім, менен. Қызды ауылға келгенде Біржан бабам, Ауыл түгіл, кең дала дүбірлеген. Баураған Айшадайсың Қараханды, Жолыңа қатарлайын нар-атанды. Жігітке бұл дәуренде өкініш жоқ Қарсы алса сұлуменен ала таңды. Кешегі сал Біржанның бауыры едім Жиенқұлдан құтқарған Сара апаңды. Бері асып қонақ келсе қызыр белден, Ел едік төрде дәмін, тұзын берген. Құстан да жүйріксің-ау, қайран көңіл, Арыны асып түсер қызыл желден. Қарқаралы – Шыңғыстау арасынан Ділдәның ұзатылған ізін көргем. Бұл кім еді демей-ақ, құдаша қыз, Жөн болар алдан шығып, жүзін көрген. Алшынбай ауылының баласы едім Құнанбайдың ұлына қызын берген. Сіңіріп өсиетті атамдағы, Үңілдім ақиқатқа жаһандағы. Алла берген несібем өнер еді Бес күндік өмір атты сапардағы. Ханның да, әкімнің де баласы емес, Өнердің өкілі едім қатардағы. Шыңғыстау мекен болған дана жұртқа, Сарыарқа қоныс болған сан алыпқа. Құс жолындай ізі бар ер жігіттің Тал бесік – жер бесіктей аралықта. Жараймын құда десең құдалыққа, Тұрармын аға десең ағалыққа.

Сара: Ақылың өнеріңе дос деймісің, Болмайтын жігіт едің бос кейде ісің. Арқаның төрінен сен келіп тұрған Мәди ме, Шашубай ма, Доскеймісің? Ентелеп келе салып кірем демей, Осылай сөз түйінін шешпеймісің. Е, айтпақшы, сіз құдам екенсіз ғой, Құда болсаң шыда деп кешпеймісің. Аңқылдап құдай қосқан құдам болып, Есілден соққан желдей еспеймісің. Құда болсаң есігім әр кез ашық, Жөніңе бағанадан көшпеймісің. Құда болсаң күндей ғып күлгізейін, Қуантып бетіңе қан жүргізейін. Жолымен құдалықтың келе алсаң, Кермеге ат шылбырын ілгізейін. Қолтықтап атыңыздан түсіріп ап, Қошеметтеп төріме кіргізейін. Қарсы алған Біржан салды құрметпенен, Абайдан қалған қалай жырды үзейін? Тектілікті сақтаған ұлы Абайдың Ұрпағы екенімді білгізейін. Ұлытау, Қарқаралы киелі еді, Киеліге жақсы сөз жиі ереді. Қаз дауысты Қазыбек бабаңыз бар, Ұрпаққа үлгі болған би өлеңі. Тәттімбеттей дәулескер күйші атаңыз, Шертпеге негіз болған күй өнері. Сайдалы Сары Тоқадан қалған күйді Көкейге бүгінгі ұрпақ, түйеді елі. Шалқытып Мәди салған асқақ әндер Жаныңа мұң мен рухты жиі егеді. Шашубай атаңыз бен Доскей бабаң Толқындай толғаулардың тиегі еді.

Қасымдай Аманжолов атаңыз бар, Ең асқақ поэзияның иегері. Осылардың ұрпағы болғаннан соң, Аманжол, айтқан сөзің жүйелі еді. Бұл өнер – тектілерден қалған негіз, Өнерге өнегелі ұл сүйенеді. Сүйінуге жарайтын ер болған соң, Аманжолдай ақынды сүйеді елі. Білуші ем жігітке сай ерлігіңді, Ең басты қонағымсың сен бүгінгі. Екі-үш күн уақыт болса қонақ болып, Байқаңыз қазаққа сай кеңдігімді. Ұйықтағанда домалап жүрмейсіз бе Қаңбақтай маған қарай желді күнгі? Құдашадан құр қалмас ойың бар-ау, Сара қыз түп-төркінін енді білді. Құда жігіт әдептен аспасын деп Ортамызға тастайын белдігімді. Аманжол: Жеткенде Сарыарқадай белден абат, Ақиқат сөйлеуші едім елге қарап. Құдаша өңірімді мақтағанда, Шарықтап бітеді екен ерге қанат. Ауылымды кемсітпей мадақтаған Ақылды қыз екенсің сен де манат. Сара қыздың ауылын мен де айтайын, Қалмайын жолдан тайып, жерге қарап. Дегендей, кең ғаламзат, таны мені, Шығыстың жұлдыздары жарық еді. Ақтамберді, Сабырбай, Дулат ақын Шын дүлдүлдер екені анық еді. Ақыл-ойдың асқары ұлы Абай Адамзаттың данасы, алыбы еді. Әдебиеттің заңғары Мұхтар ағам Мәңгілік «Абай жолын» салып еді.

Шәкәрім мен Шәкірдің арасында Дәстүр боп ірі мектеп қалып еді. Қайым мен Рымғали, Тұрсындардан Жұртымыз ғылым сырын танып еді. Әміре, Бибігүл мен Мәдениет бар, Кәрменнің бұлбұл еді-ау Жәнібегі. Өзің де тегін жердің қызы емессің, Семейім, міне, осындай халық еді. Қасымның батырлығын кім білмеді, Оралхан, Марат ағам тұрды ілгері. Әзілхан, Мұхтар, Қабдеш, Қалихандар Әдебиеттің тұтқасы бұл күндегі. Орақ тілді Ұлықбек, Несіпбектің Жыр төгіп көмекейі бүлкілдеді. Осыншама асылдар туған жерден, Сара, сенің шықпауың мүмкін бе еді. Алтайдың марал шығар орманынан, Арқаның арлан шығар жолдарынан. Жалыны жүрегімді шарпи ма екен Сараның бір ұстасам қолдарынан? Ортамызға тастайтын белдігіңіз Қытайдың қиын болды-ау қорғанынан. Жігіт ем арғымағын жетелеген, Айтпаймын сұлу қызға бекер өлең. Қасыңа ақ жеңгеңді шақырып ал, Қонуға қорықсаңыз жеке менен. Байлаулы қол-аяғым жатса-дағы Домалап қызға қарай кете берем. Бір Алла жеткізсе деп тілегіме, Ер салып шығып едім күреңіме. Сопы да тәспісінен жаңылады Сара қыз бір қараса реңіне. Теңіздей асау сезім тулағанда Қиын-ау әмір ету жүрегіңе.

Айыпқа бұйырмассыз, құдаша қыз, Саусағым тиіп кетсе білегіңе. Сара: Шабытың сыймай отыр кенереге, Қонсын деп айттым екен неменеге? Домалап қызға қарай кетем дейді, Қарай гөр ағамдағы делебеге. Әдейі белдігімді қоям дегем Сүйеніп ата дәстүр, өнегеге. Домалайтын болсаңыз маған қарай, Қолыңнан байлап қоям керегеге. Шырағын жеңгелерім жағып тұрар, Шолпысын бұрымыма тағып тұрар. Алдыңда жеңге болған қандай жақсы, Қашан да қайын сіңлісіне бағыт қылар. Қасымда жеңешем бар, байқа, құда, Әр басқан қадамыңды бағып тұрар. Білсеңіз, ерегеске тым құмарлық Түбінде шекеңізді жарып тынар. Шекеңнің жарылғаны ештеңе емес, Мойныңда өмір бойы қамыт тұрар. Жайлауы Жетісудың келгеніміз, Екеуміз екі ауылдың береніміз. Өткен жолы айтыста, есіңде ме, Алатауға қыдыртам дегеніңіз? Алма теріп беремін деп едің ғой, Қытайдың алмасы әзір жегеніміз. Сахнада қойдыңыз айттыңыз да, Былай шыға ештеңе демедіңіз. Тау жаққа барам ба деп күтіп едім, Болмады хабар-ошар, дерегіңіз. Әй, бірақ жеңгемізге жеткеннен соң Сізге болмай қалды ғой керегіміз. Ал енді қашан тауға апарасыз, Белгісіз оған сенбес-сенеріміз.

Ар жағымнан айналып, бер жағымнан, Тағы да келіп отыр не дегіңіз? Аманжол: Саражан, дауысыңыз жарқын еді, Әр сөзің ат басындай алтын еді. Өзіңмен айтысамын дегенімде Сарыарқа маған үміт артып еді. Жігітті керегеге байлап тастау Найманның қыздарының салты ма еді? Сара қыз қолыма оңай қонар емес, Көңілім басқа қызға толар емес. Салтанатың жарасса ойна да күл, Заман өтсе мынау сәт болады елес. Қасында құдашаның жеңгесі бар, Келмесең, Жүрсін аға, болар емес. Тұрғанда тартынбайық арман күліп, Күтпейді жастық өмір, жалған тұрып. Қызды ауылда қаперсіз жату қиын, Атыңды ерттемесең таңнан тұрып. Ініңнің басындағы сері дәурен – Өзіңдей ағалардан қалған ғұрып. Сара мен екеумізге бөгет болар, Жеңгесін ап кетіңіз алдандырып. Уағдасын берді деп арай қызға, Жолыма жаутаң-жаутаң қарайсыз ба? Тауға апарам дегенім рас еді, Қол ұстасып жүруге жарайсыз ба? Тау жақта «арыстандар» көп дейді ғой, Бізді де атып кетпесін абайсызда. Саражан, ақыл айтар ағаңдаймын, Сұңқардай қанатымды саған жайдым. Емеурін білдіргенде сұлу қалқа, Ер болып қарекетсіз қала алмаймын. 14-302

Еркек тоқты – құрбандық болар едім, Өзіңнің тағдырыңа алаңдаймын. Жұлқынып ұмтылғанмен алға бекем, Алма терем дегенім арман екен. Алма бақтың барлығын күреп тастап, Орнына бір-бір вилла салған екен. Көздің жауын алатын алма бақтар Ресторан, казино боп қалған екен. Маған серт айтқан сөзім жалған болса, Тәуекел жанарыңыз талған болса. Бұлжытпай тез орындау жігітке сын, Сұлудың жүрегіне арман қонса. Өзім іздеп келейін тауға барып, Бір алма Алатауда қалған болса. Сара: Көңілің неге, аға, мазаланды, Қойсаңшы пердеме көз қадағанды. Байлап қоям дегенім әзілім ғой, Құдаларым болған соң Қарағанды. Дегенмен сабырсыздық танытқандар Найманның қыздарынан жазаланды. Жүрсін аға, көмекке келіңіз деп Мазалап отырсың-ау әз адамды. Жеңгемді айтсаң намазы бұзылады, Азғырмай тыныш отыр қажы ағамды. Туғансыз қазақ деген жыр елінде, Өлеңнің тілеп жүрсіз тілеуін де. Айтыстың аспанында күн тұрғанда, Түн құсап қақыңыз жоқ түнеруге. Ұлттығы қазағымның жойылса егер, Дайынсыз соныменен бір өлуге. Жүрсін аға, жасаған еңбегіңіз Халықтың мәңгілік тұр жүрегінде. Апайтөс, атан жілік азаматсыз, Батырдың қайраты бар білегінде.

Батырлар жайлы кино түсірсе егер, Сарыарқа, байтақ жатқан ұлы елімде. Сонда сіз ойнасаңыз жарасар ед Махамбет бабамыздың рөлінде. Семейдей кең-жазира белеңде өстім, Айтыстың арнасына көлем қостым. Елімнің атын бүгін шығармасам, Ешқашан ақын болып еленбеспін. Алма үшін өлтіртсем мына сізді Ешқашан көктемеспін, көгермеспін. Сөз бастар азаматтар аман болсын, Басында келе жатқан кемел көштің. Оларды «арыстандар» атпаса екен, Жұртыма осылай деп өлең қостым. Аманжол, ағатайым, сен де аман бол, Қимайды өзіңіздей өренді ешкім. Қазақтың тұлғалары аман болса, Қытайдың алмасын жеп мен өлмеспін. Аманжол: Еңсесін талай ғасыр көтергелі, Жалғасып киелі айтыс көнермеді. Жүрсіндей ағалардың арқасы еді Айтыстың қайта жайнап көгергені. Өмірін айтысқа арнап келе жатқан Қайратты ер сіздей болсын өнердегі. Шапағат-нұрын төгіп арайыңның, Айтыста бағын аштың талай ұлдың. Арқаңды осқыласа мыңқ етпеуші ең Кей кезде қисық сөзі ағайынның. Бір қазақтың ұлы деп қарай білдің Баласын Арғын, Дулат, Адайыңның. Біздердің де бар шығар үлесіміз Бір тал шашы ағарса самайыңның. Таңдадың таланттарды іздеп елден, Үлгілі өнегең көп бізге берген.

Талшыбық ақындарың орман болды Ағасының нұрымен гүлдеп өнген. Өзіңді, ұрпағыңды көгертеді Қалың елдің батасы сізге берген. Айтысты өркендетіп, жүргізе бер Жамбылдай шал болғанша жүзге келген! Сара: Жүрсін аға, біз үшін нарқыңыз кең, Жүреміз өзің берген шартыңызбен. Аманжол – Сара болып біз айтыстық Біржан – Сара сап кеткен жарқын ізбен. Осыменен тәмамдап біз айтысты, Бас иіп қоштасайық халқымызбен.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА Тәуелсіздіктің 19 жылдығына арналған айтыс, Астана. Желтоқсан, 2010 жыл Аманжол: Дүние дөңгеленген шыр айнала, Жеткізбес құстан туған құмайға да. Алла деп алдыңызға шықтым бүгін, Бөркімді қайта киіп мың ойлана. «Ақжол!» деп аттың басын босатайын, Ал енді кеудеңді тос, ұмай дала. Қалың елім, қазағым, аманбысың, Кеңпейіл ғып жаратқан құдай дара. Бабамның таңбасындай тасқа салған, Ақынға ғұмыры ұзақ дастан арман. Қазақты талай мәрте сынға салып, Қабағың енді ашылды, қасқа жалған. Ақтабан шұбырынды ел есінде Қайғыртып жанарыңды жасқа малған. Кешегі отыз екі, отыз жеті, Ол да нәубет еді ғой басқа салған. Тағдырдың төлеміндей азаттығым, Сан ғасыр аңсап күткен асқақ арман. Тәуелсіздік мерекең құтты болсын, Әз халқым, бақ құс боп басқа қонған! Көргенде ел-жұртымды сай манатты, Кеудемнен жыр-бұлағым қайнап ақты. Бір Алла басқа салса кім көнбеген, Бұл тағдыр табанымды тайғанатты.

Шықпадым үш жыл бойы айтысуға, Айрылып аруымнан ай қабақты. Ер халқым, саған деген сағынышым Кеудеме өлең отын қайта жақты. Үкілі домбырамды қолыма алып, Атыма қайта міндім ай қанатты. Еншілеп қазағымның сөз ғаламын, Заманның сыры болды қозғағаным. Хош келдің, алтын сандық ақын Сара, Өзгеден бұрын басқан өз қадамын. Ұлы Абай соқпақ салған жерде туып, Өнердің сарайына сөз қаладың. Еркелеп ұлан басып жүруші едің Жүрегін жаулап талай бозбаланың. Саханада ағалап айтысқанда Жадырап кетуші еді көз-қабағың. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Армысың, ақын қызы боз даланың. Ақ отау тігілген соң арман белге, Сара қыз, сыңар болдың тарланды ерге. Жәннатты Жетісуға келін бопсың, Сүйінбай, Жамбыл соқпақ салған жерге. Сол елдің ақ жаулықты анасы бол, Жарқырап бағың жансын барған жерде. Сара: Бісміллә деп сөз бастар Бір Алланың құлымын. Амандасайын ел-жұртқа Көрсетіп әдеп ұғымын. Жақсы мен жайсаң маңайым, Армысың, азат ағайын. Ұсынайын сіздерге Жеміс тойдың сығымын, Жырымның балдай шырынын.

Сөйлер сөзге келгенде Сіркіреп жауған жаңбырдай Жырауларымның жырымын. Мұңданып кетсем егер де Шашырап жүрген қазақты Мүйізіндей бұғының Қосамын деп басын бір жерге Өтіп те кеткен ілгерде Бабаларымның мұңымын. Нәзіктігімді байқасаң, Тарбағатай төсінің Тербеліп өскен гүлімін. Қайсарлығымды байқасаң, Қазақтың берен мірімін. Елестетейін кешегі Кенесары бабамның Жер қайысқан дүбірін. Еркелігім байқалса Ен далаңда көсілген Құлындарыңның бірімін. Сөйлейтін болсам арындап, Қолына алып құрығын Үйреткен жан ем елірген, Жүйрікпін деп тебінген Үйірдің асау күлігін. Ендеше жырым тасқында, Көк аспанның астында Көрсетіп ойдың білігін, Ағайын, сенің алдыңда Нешеме жырау өтпеді Өлеңмен өріп ғұмырын: Дулат, Көдек, Шортанбай, Абыл, Ақтан, Сүгірім. Солардай елге берейін Жырымның қалқып тұнығын. Жырламай қалай тұрмақпын, Еркін елім, өзіңнің Биіктеп жатса тұғырың.

Тіліммен шоқты көсетіп, Азаттығымды паш етіп, Астана жұрттың алдында Асқақтап сөйлер ұлы күн. Сағынып елді келгенде Қозғайын ойды орамды. Айтысым – қазақ дәстүрі Сақтаған салт пен жораңды. Ақтарайыншы халқыма Көкейде жүрген мол әнді. Екі жыл бойы бұл айтыс Экраныңнан жоғалды. Есесіне кәріс пен Түріктің сериалдары Төскейге шауып, төр алды. Санасын ұлттың жаулаған, Арам шөп құсап қаулаған Көгілдір көк жәшіктен Баянсыз бағдарламалар Кетпейтұғын боп алды. Ұлттық рухымыз әлсіреп, Құндылығымыз тоналды. Қазақи өркен керек қой Көтеру үшін қоғамды. Көңілі елдің тасынып, Айтысым қайта ашылып, Елордамнын төрінде Жақсылыққа жол алды. Жүрсін ағамыз қолға алып, Жасады қайта жобаңды. Қуанышты күн болып тұр, Қос тойың қатар келіпті, Ал қызықтаңдар, халайық, Қиқулап қанды сонарды. Қарсы алыңдар, ағайын, Тамсаныңдар, ағайын, Қыздыруға додаңды

Айтыспен қоса алдыңа Аманжолдарың оралды. Күңіреніп қалың еліңе, Аманжол аға, жабықтың. Аруыңнан айрылып, Қайғыға түсіп қамықтың. Аллаға сабыр қылсаңыз Алдыңнан атар жарық күн. Біз түгілі, ағатай, Кешегі өткен Пайғамбар Бір намазда алмап па еді Отыз ұлын Дәуіттің. Бір Алла сізге дем берсін, Жырымды мен де ағыттым. Сахнаға шығып қайтадан Тектілігіңді таныттың. Қайтадан келдің ту ұстап, Тұлпарын мініп шабыттың. Еңкейген қария болғанша, Ақтық деміңіз қалғанша Еңсеңді тіктеп жүре бер Еркесі болып халықтың. Қыздырып елді кетейін Қызынып сөйлер жерде мен, Жандырып өлең айтайын, Қандырып жырмен қайтайын Халықты мынау шөлдеген. Желтоқсанның айында, Тәуелсіздіктің тойында Тартынып қалам мен неден?! Басшы ағаларым кеп қапты Айтысқа алғаш төрлеген. Босатайын бір алдымды Құлагер жырды кер дөнен. Тұлпарын мініп ту алған, Семсерін сертке суарған,

Қайыспас қайсар халықпыз Еңбекпен ғана ерлеген. Тағдырдың тайғақ жолында Тауқыметің жоқ көрмеген. Көкбөрі емген көкжал ел Намысты қолдан бермеген. Қызыл өкімет тұсында, Дұшпанның басып мысын да, Ұрандап алға өрлеген, Ақыны дауда терлеген, Батыры жауда терлеген. Аңқаулығың бір бөлек, Дархандығың бір бөлек Қонақты қақпас кеудеден. Жеті қат жердің үстінде Қазақтай халық кемде-кем. Тарихтың тарау бетінде Атағың қалар өлмеген, Бесігін қоңыр тербеген Біздей-ақ болсын ел деген. Өзгеге есе бермейтін Өлең мен жырға сағамын. Жағдайымды сұраған Ықыласын-ай ағаның. Ендеше құлақ түріңіз, Сөзіңе айтар жауабым: Аңсап кеп едім алыстан Есілдің ерке самалын. Қыста да өрік гүлдейтін, Суық дегенді білмейтін Артқа тастап жетіп ем Жетісуымның алабын. Аралап кеше жүргенде Әсем жерлерін қаланың Әсер етті ме, білмеймін, Ауысқаны ауаның, Сәл суығына Арқаның Ауырып қалды тамағым.

Алақаныңда аялар Қолына жылу сыйлашы Жаураған мына Сараның. Басқаша дәрі аңсамай, Ендеше бүгін мен солай Елімнің барлық шипасын Елімнен ғана табамын. Аманжол: Сара қыз, өнердегі нарқың биік, Өзіңді еркелеткен халқың сүйіп. Тіліңнен қаймақ өлең сорғаласын, Тамырдан сүт шыққандай алқымға иіп. Сыртыңнан қалың алаш елеңдейтін, Көргендей құба жоннан алтын киік. Алматының намысын қорғап келдің, Бағалап қайын жұрттың халқын биік. «Астана салқын екен» деп қоясың, Ойыңның жасырмастан артын түйіп. Ерке-тотай келіні Шапыраштының Шілдеде де ауырар салқын тиіп. Қыз едің қырық белден бағаң жеткен, Текті еді сені туған анаң неткен. Төркіндеп Сарыарқаға келіп тұрсың, Қуанып жүрегің жаз, санаң көктем. Үлкен Саммит өткізіп кеше ғана Төрт құрлықтың төріне бағам жеткен. Талай елдің ханымы келді сонда Алыс-алыс жерлерден табан жеткен. Немістің сары алтындай Канцлері Салқын тимей еліне аман кеткен. Кермаралдай керімі Клинтонның Ол да бізден жоқ еді жаман кеткен. Оймақтай ауызыңа кіріп алып, Апыр-ау, қандай салқын саған жеткен?

Даланың перзентімін қыр баптаған, Қараша қоңыр үйде құндақтаған. Парсының кілемінен бағалырақ Анам басқан текемет, сырмақ маған. Эмираттың көргенмін ыстық қысын Қаңтарда да арқаңды күн қақтаған. Европаның көргенмін ауа райын Жаңбыр жауып жоныңды құрғатпаған. Бораны да ерекше туған жердің, Бұл менің сөзім емес құр мақтаған. Жұмақ табиғатынан өзге елдің Астанамның аязы қымбат маған.

Толағай тау теңселер қарқынынан, Өлеңім – көкте самғар жалқы қыран. Абыз айтқан алты ауыз сөз бағалы Жемқордың жарты сандық алтынынан. Саясаттың ызғары соққан сәтте Айрылған қазақ талай мәрт ұлынан. Отыз екі, отыз жеті қырғынында Халқымның жас кеппеген алқымынан. Табиғаттың салқыны ештеңе емес, Сақтасын саясаттың салқынынан. Шатқалдарда қызарып шие бірден, Жазбен бірге береке-кие кірген. Қазақтың көшу салты керемет қой Адамға салт-дәстүрін сүйе білген. Қара Ертісті жағалай көшеді екен Найманның қыз-келіні бие мінген. Ақ шолпы, зерлі қамзол, бүрме көйлек, Басында кәмшат бөрік күле киген. Солардың артындағы бір қыз едің, Ағытылып көр енді тиегіңнен. Сара қыз, сонша қатты шайқалдың ғой Түрікменнің қызындай түйе мінген. Артыңда Шыңғыстаудай қырат қалып, Қыз дәурен кетті-ау сені жыраққа алып. Осы сәт екі айналып келе қоймас, Туса да алтын нұрмен күн апталып.

Қыз кезіңде жарасып айтысушы ем, Сәбиді тербеткендей тымаққа алып. Аққу құстай кеп қондың Жетісуға, Алатаудың баласы ұнап қалып. Шапыраштының келіні, шайқалам деп Түйеңізден жүрмеңіз құлап қалып. «Ақжол» деп атқа мінген алып белден, Сапарлас ағаң едім бағыт берген. Алаштың қоңыраулы сұңқары едім Өнерге қос қанатын қағып келген. Есілдің арнасы боп қарсы алайын, Жетісу өзің болсаң ағып келген. Алатаудың келіні, сөйле енді Айтыста көкірегін шабыт керген. Аяулы Алматының жайы қалай Азаттықтың шырағын жағып берген?

Сара: Екпінімізді сөз қылдың Еркелеп едім еліңде. «Шапыраштының келіні, Шайқаламын деп түйеңнен Құлап түспе» дедің бе? Бүйректен сирақ шығарған, Түйелі сұлу жоқ деп пе ең Қалың Найманның елінде? Құлап қап жатсам түйеден, Ағатай, сізге сүйенем. Қағып алатын Сараны Өзіңіз барсыз тегінде. Сүйеушім бол деп көмекке Шақырып жатсам ерінбе. Сарыарқамыздың белінде, Елордамыздың жерінде Шайқалып өлең шырқаған Арманым жоқ-ау менің де.

Аманжол ағам қасымда, Арқалы жұртым осында, Тербеліп сөйлер күн бүгін Тәуелсіз елдің төрінде. Толғаған бір қыз едім жұртым жайлы, Жұртымен ақын қалай құлпырмайды?! Ағатай, сенің айтқан әр сөзіңді Сара қыз деп ойлама құр тыңдайды. Шілдеде салқын тиіп ауырад деп Шапырашты келініне бұрқылдайды. Керілген, кербез келіншек емес едік, Ойлаған келін едім ғұрпым жайлы. Суықтан қашасың деп сөгесіз-ау, Шабытым қалай оған бұлқынбайды? Семейдің аязына шыдаған қыз Анау-мынау суыққа қымсынбайды. Жанымды жылы ұстайтын ару едім, Жылусыз жанарыма сыр тұнбайды. «Қыз дегенің – болашақ ана» деген Әжеміздің нақылы ұмытылмайды. Кіндігі ашық-тесік арулар көп, Батыс жаққа еліктеп жыртыңдайды. Ашық-шашық соларды көрген кезде Намысың қалай ғана қырқылмайды? Европаның келіні жаулық салмай, Жетпісте де қыз болып жылтыңдайды. Оларға таңғалатын түгі де жоқ, Сол нәубет біздің де елде бұлтын жайды. Бала кезден әдетім жылы жүру, Толғанып ұрпақ жайлы, ұлтым жайлы. Бойын жылы ұстамаған арулардан Ел-жұртын жылытатын ұл тумайды. Айтыста тарта сілтеп адырнаны Аманжол ағатайым арындады, Алматының бүгінгі жағдайын Сарадан сұрамадың жаныңдағы.

Аз-ақ күннің ішінде жүзеге аспақ Азиаданың алауы жалындауы. Естен кетпес қызыққа куә қылмақ Алатау мен Медеудің қалың қары. Қыстық ойын түрінен қазағымның Белгілі алтын медаль сағынғаны. Былтыр да Ванкуверде жалғыз қыздан Басқа ешкім жүлделі алқа тағынбады. Спорт сүйер күтуде ел бәсекені Қызбалығы оянып қанындағы. Бірақ та бір жағдайға көңіл толмай, Тынысымыз тағы да тарылғаны. Аспан асты елінде асқақтатып тұр Аспан көз ағайынның сары ұлдары. Шетелден спортшыны алдыртамыз Шарықтаған қыздай боп қалың малы. Ал соған дамытса ғой ел спортын, Сөзіме қосыларсың бәрің-дағы. Ол үшін ең алдымен ағаларым Жастарды көтерсе екен ауылдағы. Тау көтерер Толағай, Қажымұқандар Ауылдан мүмкін емес табылмауы. Тек қана қу жоқшылық қол байлайды, Жүрегіңнің осыған ауырғаны. Қайсарлығы оянып қанындағы, Тектілігі туласа тамырдағы Намысты қолдан оңай беред деп пе ең Бекзаттың соңындағы бауырлары. Сенім артып отырмыз халық болып Азиада жарысынан ағымдағы. Көк байрақты көгімде желбіретсін Қазақтың наркескендей нар ұлдары. Қапы қалып кетуі мүмкін емес Қажымұқанды туған ел қабырғалы. Аманжол: Тұмарлап топқа қосып күреңімді, Дүбірде елеңдеттім дүр елімді.

Түйеңнен сен құласаң, қарап тұрмай, Тосармын құс жастықтай білегімді. Қайтадан боз інгенге мінгізермін, Сара қыз, нұрландырып реңіңді. Сол сәтте қожайының көріп қойып, Ауыртып жүрмесе екен жүрегіңді. Жеткізіп Жетісуға жыр манатын, Желдірткен жампоз бабам қырдан атын. Сараға бас бостандық алып берген Адамзаттың дүлдүлі-ау Біржан ақын. Қосағың қоқан-лоқы жасамасын, Қыз көтеріп тұрғанда қырдан ақын. Жиенқұлдың әдеті бар еді ғой Біржаннан Сара қызды қызғанатын. Бұрымың білегіме тигені үшін Сынып қалып жүрмесін бір қанатың. Ертеңіңді, ерке қыз, ойлай отыр, Ауылдағы адамбыз біз қалатын. Бойдағы жылуыңның құнын біліп, Сара қыз, сөз сөйледің түйін қылып. Ашық-тесік келбеті арулардың Көңілді тұрғаны рас күйіндіріп. Шығысымның шырайлы сұлуларын Европа барады-ау иілдіріп. Ұятты ана мұратты ұл туады Темекіні тартпаса тыйым қылып. Өзімізде ештеңе тікпеген соң Түркия, Қытай жатыр киіндіріп. Қасқа сиыр терісі тулақ болды Құрым тон тікпеген соң иін біліп. Қара бұйра жүнін де қара қойдың Кәдеге жаратпадық бұйым қылып. Шикізатпен алысқа бара алмаймыз, Өңдеуді қолға алмасақ тиімді қып. Мұнай менен темірің біткен күні Шетке неңді сатасың тиын қылып?

Өнеркәсіп дамыған ел болайық, Әлемді бар жағынан сүйіндіріп. Азиада өткізсек қамдап анық, Ұл мен қыз жүлде алсын Алла бағып. Біздегі спорттың бар салалары Бірден өсіп жатқан жоқ арналанып. Велоспортты дамыттық деп айтамыз Шетелдің жүйріктерін жалдап алып. Кантадорға бес милион доллар берген Қазақтай қолы ашық бар ма халық? Кешегі мерген халық біз емес пе ек, Құралайды көзге атқан таңдап алып. Мергендердің ішінде бір қазақ жоқ, Қалай біреу шықпайды қанға дарып? Қазақтың қара ұлдары базарда жүр, Қаңтарда алақанын арба қарып. Топқа қосар ұлыңды боққа салмай, Өзіңді-өзің сыйлай біл, арда халық. Қазтуған болмасам да, Асан қайғы, Ақын боп ақиқатпен ашам жайды. Не себепті ауылдың спортына Көңіл толар қамқорлық жасалмайды? Спорт залы, бапкері болмаған соң Үлкен спорт есігін аша алмайды. Жүлде алатын жігіттер ауылдағы Жұптасып жылқы ұрлаудан аса алмайды. Қазақтың тебірентер көші мені, Керуен боп кең далада көшіп еді. Қазақстанда болғаны Азиаданың, Әрине, мерейіңді өсіреді. Таңдаулы Азияның жүйріктері Астана-Алматыда көсіледі. Алшаңдап Азияның көшін баста, Дүниенің Қазақ деген есіл елі! 15-302

Сара: Аманжол аға, құласам Үстінен бүгін түйенің, Білегімнен ұстап қап Кеп отыр мені сүйегің. Бірақ та неге қорқасыз: «Қызғанбай ма, – деп, – күйеуің?» Қуанбай ма ол қайта Сынбай қайтқанға сүйегім. Сіз менің жақын ағамсыз Сарадай қарындасыңның Тілеп жүретін тілеуін. Тірегі болған талайдың Бірегей ұлдың бірі едің. Қожайынымыз қызғанбас, Өйткені оны сүйемін. Сарадай ақын жарының Амандығын тілейді, Мен оның сырын білемін. Жиенқұлдай болса егер Жер-жерді кезіп, айтшы өзің, Қалайша еркін жүремін? Білекте тұрған түк те жоқ, Күйеудікі ғой жүрегім. Күйеуден бұрын өзіңіз Шөктіре алмай түйемді Қашып кетпесін реңің. Бәрін айт та бірін айт, Халық қой менің тірегім. Құлата қоймас бір қызын Қазақтай қамқор ұлы елім. Төріңе келіп төгілген Жұлдыздарыңдай көрінген Ақындарыңнан жыр қалсын. Ағайын, енді қолдасаң, Тебіреніп толғасам Еміреніп тыңдарсың.

Ұлы күніміз келгенде, Күмбірлеп өлең кеудемде, Жақсы істер ғана жырлансын. Самидтан кейін боп тұрған Бүгінгі айтыста сыр бар шын. Меймандар келіп әр елден, Атағың асып әлемнен, Сарыарқаның төрінде Салтанат, елім, құрғансың. Желбіреп көкке байрағың, Асқақтап, елім, айбарың, Естілді тағы үн-даусың. Арманыңды айтып құраған Намысы биік Нұрағам, Қонақтарыңның алдында Қасқайып сөйлеп тұрғансың. Қазақтың көшін бастаған Қайталанбайтын тұлғамсың. Еліңді төрге жетелеп, Беліңді бекем буғансың. Аз емес көрген азабың, Төзімнен туған қазағым, Талайлар сенен үлгі алсын. Бұлыңғыр елдің өткені, Кезеңнен өттің өтпелі, Кемшілік болса кешіріп, Кеңшілік болса көсіліп Шүкіршілік қылғансың. Тыныштық кетпей жерімнен, Ырыс-құт кетпей елімнен, Ұрпағың өсіп шыңдалсын. Бар ошағымыз бүтін боп, Болашағымыз нұрлансын! Феодализимде мал бағып, Коммунизмге алданып, Сексенінші жылдары Сергелдең болдың сандалып.

Ана тіліңде ұл-қызың Амандасуға арланып Жүргенде жетті Желтоқсан Азаттық дейтін таңды алып. Таратып ауыл шаруаны, Қалаға келдің жан бағып. Сауда да жасап үйрендің Батыс пенен Шығыстың Тұрмысына таңғалып. Үй салып, малыңды бақты Өзбек пен қырғыз жалданып. Кредитке міндің мәшине Қарыздың көші қанданып. Жеріңнің майлы жілігін Инвесторлар жалға алып, Сорып жатса да отырдың Егемендікке тәуба қып. Ал бүгін, алаш арысым, Оянып рухың, намысың, Көшіңнің бетін түзедің Заманның жайын аңғарып. Бар ұлтты басқан бауырға Иманы бойда бар халық, Ғасырдың өзі шыңдаған Болашағы зор халық, Күллі әлемнің көгіне Қыран боп ұштың қамданып, Төрткүл дүние танитын Қазақ боп отсың паңданып. Екеуіміз осы айтыстың Кіргізсек, аға, көркін тек. Әдемі тілек айттың ғой Арқаға кеп ем төркіндеп. Тұғырлы тәуелсіздіктің Жетпісін көрсек желпілдеп. Сіз де жүріңіз сол тойда Сексеннен асып селкілдеп.

Бізде жүрейік, иншалла, Жетпіске келіп желкілдеп. Сарыарқаның төрінде Сіз қария мен кемпір боп. Көрініп үкі, бөркің тек, Менің де жүзім мөлтілдеп. Отырайық сіз екеуіміз Егеменді елде еркіндеп. Аманжол: Күлімдеп қарап қойып қара көзбен, Қара қыз, тербелесің дара сөзбен. Түйеңіз түкірінсе қашып кетер Бос тақымың мен емес қалада өскен. Қой бағып, жылқы жайып, асау міндім, Төрт түлікке жақынмын бала кезден. Бабамның «Нар идірген» күйін тартып, Түйеңді шөктірермін дала кезген. Құбылған сөздеріңе қайран қалдым, Шетіне тіремесін айлаң жардың. Төркінің берген түйе болса-дағы, Саражан, мына шындық жайды аңғарғын. Түйесі мен биесі жуас келер Қыздары асау болғанмен Наймандардың. «Биссмиллә» деп сипасам шөге қалар Сүйікті түлігі ғой Пайғамбардың. Заманның төзген талай ауырына, Құламаған халықпыз дауылына. Жетпіс жыл мойнымызға мінді Мәскеу, Арқамыздың қарамай жауырына. Қазаққа артық ақша жұмсатпайтын, «Тарыны өлшеп беріп тауығыңа». Бір ғимарат тұрғызсаң рұқсатсыз, Мәскеудің шоқ түсетін сауырына. «Сүтті сиыр» секілді болатынбыз Қолайлы Кремльдің саууына.

Тәуелсіздік алған соң Қазақ елі Бақ қонды дала менен тау ұлына. Қазақтың Нұрсұлтаны көшті бастап, Бел будық үлкен істің ауырына. Әлем таңғалатындай қала салдық Киелі Сарыарқаның бауырына. ОБСЕ-ге төраға болдық, міне, Европа бас иіп қарымыма. Елу елдің өкілі қатар келіп, Көңілі толып қайтты ауылыма. Бар әлемге төрелік айта білген Қазақтың бірлік берсін қауымына. Тарихтан айтар болсам мұнар аңыз, Талай-талай шерленіп жылағамыз. Ақтабан шұбырындыда «Елім-айлап», Көздің жасын көл қылып бұлағамыз. Хан Кене арпалысып мерт болғанда Алладан азаттықты сұрағамыз. Отыз екі, отыз жеті нәубетінде Геноцидке айналып сұлағамыз. Кешегі сексен алты ызғарында Топырлап мұз үстіне құлағамыз. Мың тәубе, тәуелсіздік алғаннан соң Оңаша көтерілді мұнарамыз. Он ғасырға бергісіз он тоғыз жыл, Біз сенен қуат, жігер, нұр аламыз. Ынтымақтың отаны Қазақ елі, Ең үлкен сол емес пе сыбағамыз. Тәуелсіз мемлекет құрып берген Елбасы аман болсын Нұрағамыз. Азаттықтың ақ жолы – сенетін жол, Әлемнің көшін бастап желетін жол. Ал енді сау болып тұр, ақын Сара, Бойыңда өнерің көп беретін мол. Тәуелсіздік тойында жетпіс жылдық Шөбереңді жетектеп келетін бол.

Тым қартайып қалмасаң тісің түсіп, Сол тойда арнау айтып беретін бол. Менен басқа шалдарын Сарыарқаның Айтыста басым түсіп жеңетін бол.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН АЙНҰР ТҰРСЫНБАЕВА Тәуелсіздіктің 19 жылдығына арналған айтыс. Астана. Желтоқсан, 2010 жыл Аманжол: Қазағым, жаныңнан да арың биік, Болмайды бойыңдағы қаның сұйық. Бабалар тұлпар мініп, ел қорғаған, Шашақты ақ найзаның сабын сүйіп. Кешегі ер қазақтар атқа мінген, Кісінеген күреңнің жалын түйіп. Айтысқа келген бүгін ағайынға Өлеңнің ұсынайын балын құйып. Дүниеге тоқтау айтқан Қазақ елі, Айтыс деген Алаштың ғажабы еді. Төрт мұхиттың арасын жалғастырған Қазақ елі әлемнің назары еді. Оққа ұмтылып жатқанда өзге елдер, Аман бол, баққа ұмтылған Қазақ жері! Астында аспандағы ай-табақтың Сал-серінің тағдырын қайталаппын. Найманның қыздарымен айтысам деп, Қырыққа толғанымды байқамаппын. Бәрі де шыққан сайын жол сұрайды, Біріне бермеймін деп айта алмаппын. Керіліп, Айнұр сұлу, сөйле енді, Күйме мінген қызындай бай-манаптың. Ғасырдың басталғанда қос өрнегі, Алаштың зиялылары өсем деді.

Қазақтың автономиясын жариялаған Дәл бүгін Алашорда көсемдері. Ол кезде біз қауқарсыз болатынбыз Киіктің лағындай нөсердегі. Дүние ақ, қызыл боп бүлінген соң, Ұйытқымыз төгілді кеседегі. Түбі бір тәуелсіздік аламыз деп, Қайтпаған Әлиханның меселдері. Алаштың көсемдеріне қойылса екен, Астана, бір ескерткіш көшеңдегі. Шыққанбыз екеуміз де ұлық белден, Шыққанбыз қазақ деген ғұрыпты елден. Алдыңда бағыт берген ағаң едім, Қарындасқа сәлемін тұрып берген. Аяулы Айнұр сұлу, самға енді Аққу құсы ұшқандай тұнық көлден. Аналар, көз тастасам даламызға, Айналған жақсылардың бәрі аңызға. Кешегі Томирис пен Зариналар Билігін жүргізбеп пе ед даламызда. Қазақтың мейірімі байқалады, Қарасаң Домалақтай анамызға. Қарқабаттай ананың әзиз жүзі Сақталған ізгілікпен санамызда. Қазақ деген ұлтымның ақылы бар Төле, Әйтеке, Қазыбек бабамызда. Тар құрсаулы заманнан шыға алмай, Күңіреніп өтпеп пе ед Сара қыз да. Кешегі Ләззат пенен Сәбиралар Азаттық деп мерт болған қара мұзда. Тәуелсіздік дегенің осы емес пе Айнұрларды сайратқан даламызда?! Айнұр: Алла деп келдім тағы да, Ауылыңнан шықсын асқақ ән.

Күн-анам, күліп көгімнен, Шуақ-нұрыңды шаш маған. Көк аспанымды жамылып, Қара жер, сені жастанам. Астан жұрты, армысың, Тарихын терең тастаған. Тәуелсіздіктің осындай Думанды тойын бастаған. Төрдегі қарт пен аман ба Бесікте жатқан жас балаң?! Алланың нұры аймалап, Алтын тәж киген Астанам! Абылай бабам ту тігіп, Қолбасы болған Астанам. Нұрлы жол салып Нұрағам Жолбасы болған Астанам. Тұлпарлардың да ішінде Жорғасы болған Астанам. Береке мен бірлікке Жол басы болған Астанам. Алты алашымның айбынды Ордасы болған Астанам! Алла деп қызың сөйлесе, Сөзімнен халқым танысын. Ұлбике менен Сараның Мұра боп жеткен әні үшін. Әлия менен Мәншүктің Төгілген ел деп қаны үшін. Әселхан менен Әсияның Өлеңге құмар жаны үшін. Жазира менен кешегі Ләззаттардың ары үшін. Алдыңа шықты Айнұр қыз, Ұнаса жұртқа шабысым. Жалғыз-ақ қорғап көрейін Жаулықтылардың намысын.

Ағаға қатты сөйлесем, Сағымыз біздің сынбай ма? Бірлігін елдің жырласақ, Түйсініп елім тыңдай ма? Қадірін сөздің білетін Аманжол, сіздей ұл қайда? Екі күн бойы айқасып, Бойдақтарменен шығып ем, Көнбейді тіпті ыңғайға. Қадірін қыздың білетін Аманжол жақсы мұндайда. Бағасын егер білмесең, Бір демде ұшар бақ деген. Мен сізді сыйлап жүрейін, Күнде болмайды осындай Тамаша, қызық сәт деген. Қарындасың боп өзіңе, Арнап кетейін тәтті өлең. Ай маңдай менің ағамсыз, Ниетім сізге ақ дер ем. Дулығаң түссе басыңнан, Иіліп жерден ап берем. Аманжол: Айнұржан, білінбесін ызғар үнім, Өзіңді құлатпаспын құзға бүгін. Алдыңдағы дәл мендей ер болмаса, Жас бала білер деп пе ең қыз қадірін?! Басына бірлікті елдің бақ келетін, Осындай мейірленер шақ келетін. Айтыстың аршындаған оғланына Сызылған ақын қыздар тап беретін. Өзіңдей ақын қыздар аман болсын Дулығамды көтеріп ап беретін. Аманжол сөз асылын мүсіндесін, Білемін қарындастың кішірмесін.

Өзіңе сөз саптайын, Айнұр қалқа, Ару деген затыңды түсінгесін. Ешқашанда бір Алла қазағымның Басынан дулығасын түсірмесін. Тұлпарға тұмар тақтырған, Атанға кілем жаптырған. Шуға кеп көшін тоқтатып, Алтыннан қазық қақтырған, Қазақтың басын құраған, Қарашасына ұнаған, Тәуелсіз хандық құрам деп, Алладан медет сұраған, Азаттық десем, Керей мен Жәнібек еске түседі. Келсе де небір ақтабан, Қазақты Құдай сақтаған. Абылайдайын еріммен Тәуелсіз күнде мақтанам. Батыры елді қорғаған, Билері сөзін жолдаған Үш жүздің құрап бастарын, Жамандық ісі болмаған, Азаттық десе, кешегі Абылай еске түседі. «Ереуіл атқа ер салған, Егеулі найза қолға алған», Есілер жерде есілген, Көсілер жерде көсілген, Қаймана қазақ қамы үшін Әзіз де басы кесілген Исатай, Махамбеттерді Шығарам қайтіп есімнен?! Артына әскер жиылған, Соққысын берген қиырдан,

Шегірмен он жыл соғысып, Қорға деп жерді бұйырған, Азаттық десе, кешегі Хан Кене еске түседі. Алашым менің, Алашым, Бел буып алға барасың. Әлихан, Ахметтердің Төмендетпейік бағасын. Мағжандай ақын наркескен Толғаған заман жарасын. Алаштың ардақ ұлдарын Еске алмай қалай қаласың?! Желтоқсандағы жаңғырық Болуы әбден заңдылық, Еріңді тақтан тайдырып, Келгенде Колбин қаңғырып. Отанды сонда боздатты-ау, Алыстан әскер алдырып. Қазағым барда өшпейді Желтоқсандағы жаңғырық. Жайыма келсем бүгінгі, Естірттің, қазақ, үніңді. Көк күмбезіңді көтеріп, Көк байрағымыз тігілді. Қадірін елдің білгізген, Қазаққа тұлпар мінгізген, ЕҚЫҰ-ның тағына Қазақстанды мінгізген, Ақордасына қазақтың Елу алты елдің басшысын Сәлемін алып кіргізген. Моңғолия, Қытай, Иранға Шашырап кеткен қазақтың Бастарын қосып жинаған, Атамекенге ап келіп, Басына орда сыйлаған.

Жүз отыз елді бөлмеген, Тәуелсіз күнде өрлеген Нұрсұлтан сынды ерім бар. Осындай ерді баптаған, Бірлігін әсте сақтаған, Алдымда отырған осынау Қазақтай қайсар елім бар. Назарда болсын жеріміз, Бірлікте болсын еліміз, Ендігі тілек, Нұраға, Көркейтіп тілді беріңіз! Өзіңе үміт артады Қазақтай асыл еліңіз. Ел-жұртың еді ойыңыз, Биіктей берсін бойымыз. Халықтан ақша тонаған Жемқордың бәрін жойыңыз. Бәрін айт та, бірін айт, Баянды болсын бүгінгі Азаттық деген тойымыз. Айнұр: Елбасы жайлы негізі Менің де ойым осы еді. Патшаға қарсы шықпа деп, Қасиетті Құран кітапта Жазылып кеткен деседі. Аллаға қарсы шықпайтын Мұсылмандығым осы еді. Бүкіл жұртының шешені, Түркі жұртының көсемі, Күлтегіндей көшелі, Сақ бабаларым киінген Саф алтындардың кесегі. Ауызын ашса ақыл мен Парасат желі еседі. Еуропа түгіл, әлемнің Есін шығарған есебі.

Елбасысы бар осындай Елімнің бағы бес елі. Жақсылығымды айтайын, Ақындық сондай қасиет. Тәуелсіздіктің жолында Ерлердің кеткен басы көп. Исатай менен Махамбет Нарын құмдағы асыл ед. Амангелді мен Бекболат Ақ патша мысын басып ед. Әлихан, Ахмет, Міржақып Тәуелсіздікке ғашық ед. Мұстафаның да Парижде Елім деп аққан жасы көп. Солардың соңғы сарқыты Қайратым қандай жасын ед?! Негізі біздің қазақтың Тарихы сондай қасірет. Субхан Алла, тілегім, Нұрыңды бізге шашып өт! Азат та ғажап өмірді Қазаққа мәңгі нәсіп ет! Төккен тер мен еңбектің Табымен келген еркіндік. «Отыз жетіде» ананың Зарымен келген еркіндік. Желтоқсанның алғашқы Желімен келген еркіндік. Қайраттай қайсар баланың Қанымен келген еркіндік. Жазира менен Ләззаттың Арымен келген еркіндік. Шәмшідей асыл ағаның Әнімен келген еркіндік. Аманжол ағам сен едің Ай маңдайлы айбарлым.

Үш жыл бойы айтысқа Сен шықпай қойдың, ағатай, Мен оған біраз ойландым. Тиісуші едім бұрын да, Еркелікті негізі Баяғыда қойғанмын. Аға деп бүгін құрметпен Жолымды беріп кетейін, Атасы сол ғой ойлардың. Уақытша дейді дүние, Жүлдеге әбден тойғанмын. Айтыстан қалмай, Аманжол, Төрінде жүрші тойлардың! Дағдарыс келген екен деп, Дағдарып қалған ел ме едің?! Еуропа шулап жатыр ғой, Қаржы деп айтып сенгенім. Қазақстанда бірақ та Күнде той болып жатыр ғой, Ақын мен әнші ермегің. Қадірі кете қойған жоқ Біздің халықта теңгенің. Көк байрақтағы қырандай Қияға қанат сермедің. Еселеп Алла қайтарсын Елбасымыздың еңбегін. Халқыма мәңгі жар болсын Тек қана көкте Тәңірі. Халқыма қиын болмасын Заманның қиын нарығы. Төрде отырған көкелер, Үзілмей жұрттың тамыры, Ісіңді Хаққа тапсырып, Халқыңа жаса жақсылық, Халықтың болса сабыры, Ханның да кетпес қадірі.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ӘСЕМ ЕРЕЖЕҚЫЗЫ Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған айтыс. Астана, 2011 жыл Аманжол: Ұлтымыз тарих сырын бүгін ұқты, Көшпелі елдің көтерген жүгі құтты. Алтын сауыт киініп, атқа мінген Түркінің Сақ дейтұғын түбі мықты. Жер-жаһанды жаулаған Ескендір де Менің бабаларымнан кідіріпті. Әлемге әмір айтқан Күлтегіннен Ғаламзат түркі рухын ұғыныпты. Жәнібек пен Керейдің кезеңінде Алғаш қазақ хандығы құрылыпты. Айбарлы Абылайдың заманында Жоңғар-қалмақ тізесі бүгіліпті. Замана хан Кенені өлтірген соң, Түлкінің құйрығындай құбылыпты. Отыз екі, отыз жеті зұлматында Ұлтымыз ақбөкендей қырылыпты. Иншалла, тәуелсіздік алғаннан соң, Бақыттың мойны бізге бұрылыпты. Қалың елім, қазағым, аманбысың, Сақтаған қанындағы ұлылықты. Азаттық таңы атқанда нұр төгіліп, Еңсемді төмендетпен, мұң кеміріп. Жиырма жылда келеді орындалып Жүректе жиырма ғасыр жүрген үміт. 16-302

Тәуелсіздік мереке құтты болсын, Бақытына бөленген бірге күліп. Азаттығың баянды болсын, халқым, Кеткенше аспандағы күн бөлініп. Көңілден көрікті ойды көркем өрген, Енші алған оғлан едім серке өнерден. Қыздармен айтысқанда қызынушы ем, Ақ тұйғын қаз ілгендей ерке көлден. Сүйіншілеп бастайын ұлы тойда, Төбеге ту тіккендей кер төбелмен. Туғызған текті өлкеден Телғараны Нұрланып Әсем шықты зер жамалы. Бұғы бел, бөкен бөксе, құралай көз, Төңкерген ай секілді тел қабағы. Қыз бен жігіт айтысы болады-ау деп, Елеңдеп екеумізге ел қарады. Сал Біржан салтыменен сөз бастайын, Алтайдың күміс кеуде кер маралы. Қанша жүйрік болсаң да құтқармаспын, Мен келдім дүбірлетіп кең даланы. Шайқалып боз жорға аттай жолға түскен, Бал шырын жыр арнайын толғап іштен. Ақ түлкідей амалың таусылмай ма, Шүйілсем қанатымды қомдап үстем. Көздерің дөңгеленіп кетіпті ғой, Үкінің баласындай торға түскен. Азу тісін ай сүйген арлан едім, Бүгінгі олжам сенсің қолға түскен. Әсем: Ой айтса жұрт санасы салмақтанар, Ақынның ақындығы ардақталар. Менімен айтысуға дайын кепсіз, Жандай боп жарақтанып жауға аттанар. Сен маған қоқан-лоқы жасай берме, Жұртым бар мендей қызын қолдап бағар.

Жолбарыс Жүрсін ағам осында жүр, Арланның азуынан қорғап қалар. Армысың, қазақ елі, қағанатым, Жұмаға жұмылдырған жамағатын. Төзімі темір сынды тәубашыл ел, Сабыры сары алтын боп саналатын. Көрсе де замандардың ғазауатын, Ғаламға шығармаған жаманатын. Еркін ел болғаныңа жиырма жыл, Әр күнің ғасырдай боп саналатын. Талабы тау төңкерер ерлерің бар Тас жұтып, тәуекелге бара алатын. Келгендер таңғалысып таңдай қаққан, Көргенде Астанамның ғаламатын. Мұстафа Шоқай, Тұрар, Әлихандар Жан қиса оздырам деп қазақ атын, Тәуелсіз, егеменді халық болдық, Орындап арыстардың аманатын. Керегін ақ маралдан алған жанша, Арландар шығып жүр ғой алдан қанша. Талайын сіздейлердің жолға тастап, Кеткенмін айла-тәсіл қолданғанша. Көкшеге бір аттасам жетіп барам, Елемей тау мен тасты, орманды онша. Онан соң бір аттасам, Баян тауда Жүремін, біреулерге ол арман болса. Әй, қайдам, мені қуып жетпейсіз-ау, Гүлдей ғып баптамасаң бағбандарша. Жайбасар ағажан-ау, мінезің бар, Азулы болсаңыз да арлан қанша. Алтайға алты-ақ аттап жетіп барам, Ырғалып сен орныңнан қозғалғанша. Ақандай әуелетіп ән салғанда, Біржанды көргендей жұрт тамсанар ма.

Үкілі бөрік киіп алшаң бассаң, Сәкендей жарасады сән саған да. Алтайдың ақ маралын қуамын деп, Қиындық жан-жағыңнан қоршағанда. Малтығып көбік қарға, өкпең өшіп, Тып-тыныш өміріңді аңсағанда. Бекер-ақ мына қызға ілестім деп, Сан соғып, өкінерсіз шаршағанда. Соңымнан сіз жеткенде сүйретіліп, Алдыңнан аңшы ағалар қарсы алғанда. Терісі бұл арланның жақсы екен деп, Олжа ғып атып алар қансонарда. Аманжол: Астанам ардақ тұттым бақ мекен деп, Азаттықтың мекені шат мекен деп. Әсемжан, саған қарап жұртым отыр, Шіркінді қандай ана тапты екен деп. Жүрсін аға қасына тығылмақсың, Аманжолдың азуы қатты екен деп. Апыр-ай, Жүкең көкем қайтер екен, Жанына тығылғанда ақбөкен кеп. Ол кісі шұбар жонды жолбарыс қой, Жұтып қойып жүрмесін тәтті екен деп. Ақберен ағаң едім алқадағы, Сайрасам қызыл тілден бал тамады. Баянтауға қашып сен бара алмассың, Болмаса ар жағында Қарқаралы. Себебі, Машкевич сатып алған, Ділдәсі көп болған соң қалтадағы. Жылымқұрт еврейдің уысында Жұмақтай жер жәннаты Арқадағы. Әкесінің малындай жұмсап жатыр Қазба байлықтарымды картадағы. Еріккен олигарх ұстап алар, Ойланып көрсең қайтед, қалқа, тағы.

Тарихта Біржан салдың аты қалған, Шоқанның мәңгілікке хаты қалған. Киелі Көкшетаудың жер шұрайын Кулагин деген әкім сатып алған. Солтүстіктің егінін, қоймаларын Терещенко, Лужковтар тартып алған. Мәскеулік алтын қалпақ Лужков мырза Жыл сайын бидайын кеп артып алған. Көкшетауға барғанмен орындалмас, Әсем қыз, кеудеңдегі асыл арман. Өр Алтай, Қарт Шыңғыстау – арлы мекен, Табиғат көрік берген жалды мекен. Қара Ертіс бойлай аққан сулы мекен, Қара орман, қарағайлы, талды мекен. Төрт түлігі тел өрген малды мекен, Атомнан зардап көрген зарлы мекен. Көктемде ауыл халқын састыратын, Сай-саласын қар басар қарлы мекен. Храпунов сатып-сатып қашып кеткен, Сен баратын дұрыс жер қалды ма екен?! Тұяғын кер төбелдің тағаладым, Арасын талай жердің араладым. Алтайға алты аттап баратын қыз, Мән беріп әр сөзіңді сараладым. Ағалар атып алар дегеніңді Асығыстау айтты-ау деп шамаладым. Ойланбай ата салар, жарып салар Ваххабит емес шығар ағаларың?! Алтайға бара қалсам жақындағы, Отыр ма маған да оғың атылғалы. Атады деген сөзді айтпа, Әсем, Аз ба еді ақындардың атылғаны?! Рухты көк түріктің тұқымдары Қасқырша атылмап па ед тақымдағы. Хан Кенені кескілеп өлтіргенмен, Қырғыздың хан туған жоқ қатындары.

Қарақшының қолынан кесілмеп пе ед Ғазиз бас Махамбеттей батыр дағы. Азаттықтың жолында мерт болмап па ед Қазақтың рухы мен ақылдары. Тәуелсіздік алғанда қазақ елі, Қазақтың атылмасын ақындары. Құлатқан қу сұлтаны саһарыңды, Сұлатқан алтын өркеш атаныңды. Жайратып НКВД жалғыз оқпен, Құдыққа тастамап па ед Шәкәрімді. Марғасқа Мәдиді атып өлтіргенде, Кебін қып жаппап па едің шапаныңды. Алаштың арыстарын атпап па еді, Сиретіп ақбөкендей қатарыңды. Сағынып азаттыққа жеткен қазақ, Енді ешкім бөгемесін сапарыңды. Көзінде жас ұрпақтың от болса екен, Рухани қазынасы тоқ болса екен. Бүгінгі ақ орданың маңайында Рухты арлан қазақ көп болса екен, Храпунов секілді қашып кетер, Екіжүзді шенеунік жоқ болса екен. Әсем: Жан емес Жүрсін ағам киік қуған, Ол сіз ғой бізді көріп күйіп тұрған. Алашты айтысымен қауыштырып, Халқына өнегелі күй ұқтырған. Жеп қоймас Әсем қызды тәтті екен деп, Күтпейді ел ондай қылық сүйікті ұлдан. Қобыланды ұрпағы ғой Жүрсін ағам, Тұлғасы пенделіктен биік тұрған. Байлығы ән менен күй, жыр елімнің, Еліме арналады тілегім мың. Алтайда түк жоқ деген бұл ағама Қажырын көрсетейін білегімнің.

Мастанбай Машкеевичтер не қылады, Ақ адал болмаған соң ұлы елімнің. Сенімін, үмітімен ақтамады Ел сенген Елбасыдай тірегімнің. Ойрандап кетсе-дағы опасыздар, Туған жер, төріндесің жүрегімнің. Шыңғыстау, Өр Алтаймен, үнін тыңда Түлеген тұғырынан түлегіңнің. Байлығын Храпунов жеп кеткенмен, Ай-күні аспанында тұр елімнің. Ол рас, кер бестіні тағаладың, Тау-тасын туған жердің араладым. Сіңіріп өсиетін өткенінің, Қасиетін топырағының бағаладым. Алаштың астанасы – ару Семей, Әлихан, Сәкен жүрген дара бағым. Ахмет, Міржақып пен Сұлтанмахмұт Оятқан қараңғы елдің саналарын. Сол жерде Әуезовтей ұл толғатқан Құрсағы құтты, алып аналарым. Оқытып Шәкәрімнің «Ар ілімін», Баптаған байыпты ғып балаларын. Ұрпақты ізгілікке жетелеген Дәрия жүрегі кең даналарым. Ұлтына қай кезде де жоқшы болған, Вахабит емес менің ағаларым. Алысқа мен кетпеспін адал болсаң, Ізгілік нәрі боп тамар болсаң. Мен сізден қашып, аға, қайда барам, Жаныма жақсы іспен жағар болсаң. Мағжандай маңғаз туған ақын дер ем, Жұлдыздан «жүзік, алқа» тағар болсаң. Қайтер ең, осы қазір дәл қасыңа Еліктей ерке басып барар болсам. Алдында мына келген ағайынның Осындай жомарттыққа барар болсаң.

Әсемдей қыз көңілін қалдырмассыз, Сал-сері шыныменен ағам болсаң. Аманжол: Моншақтап тер басқанда алқымымды, Жүйріктей қосушы едім қарқынымды. «Айым, күнім орнында» дейсің, Әсем, Арқада әнге басып жарқын үнді. Айың, күнің орнында болғанменен, Сыпырып кеткен жоқ па алтыныңды?! Ұрының арты қуыс нанды ұрлаған, Алаяққа жол берген балдыр заман. Жеріңді сатып-сатып ұры күйеу, Ұшақпен ұшып кетті-ау, алғыр ғалам. Қазақстанға ап келіп соттау керек, Ондай күйеу көп бізде алдырмаған. Алтай мен Жетісуды ата-бабам «Храпунов жесін» деп қалдырмаған. Әсем қыз, көкке қанат сермедіңіз, Халқымды тәтті әуенмен тербедіңіз. Е, бәсе, қашамын деп қайқаңдамай, Жөн болар жетегіме ергеніңіз. Ежелден қыз алысып, қыз беріскен, Құдандалы еді ғой елдеріміз. Қарқаралы, Шыңғыстау қатар тұрған, Іргелес емес пе еді жерлеріміз. Құнанбай Ұлжанды кеп әкеткенде, Қосылып кетпеп пе еді жеңдеріміз. Ол аздай Алшынбайдың Ділдәсін ап, Ақиқат құда түсіп келгеніңіз. Мойыныма алқа тақ деп қоясың, Аз ба еді Тобықтыға бергеніміз?! Қашаннан қыз алдында сөзім берік, Әншейін отырғам жоқ көзірленіп. Тоқтамыстың қызымен айтысқанда, Асқақтап кетуші едім сезімге еріп.

Майысып Айнұр сұлу сұрағанда, Жолымды кетуші едім өзім беріп. Одан зиян көрмейсің, Әсем қалқа, Қасыма келер болсаң өзің желіп. Сыңғырлап алтын, күміс шығып қалар, Қалтамды ақтарып көр өзің келіп. Әсем: Арлан боп аттанғанда алып белден, Сыйыңыз сол ма маған алып келген?! Қыз берсе Қарқаралы Шыңғыстауға, Тектісін Тобықтының танып берген. Алуды білген кезде Құнанбайлар, Қарымта қайтарар жол тауып келген. Мешіт сап Қарқаралы қаласына, Оның да жақсылығын халық көрген. Үй салып Меккеге де қазақ үшін, Атағы алты алашқа дәріптелген. Тәуелсіз егеменді ұрпақты аңсап, Елінің санасына жарық берген. Құдамыз Аманжолдай біртүрлі екен, Тобықты көп алды деп қауіптенген. Құнанбай атам менің ірі екен ғой Нән мешіт қайын жұртқа салып берген. Айтыстың басылмаса дүрбелеңі, Көңілде көктем жырдың гүлдегені. Сал-сері мырзасындай баяғының Аманжол сый-құрметті, жүлделі еді. Келгенде қызды ауылға сал мен сері, Қалайша жоралғысыз құр келеді. Қалтамнан өзің келіп ал деп тұрсыз, Ал Әсем бара алмай күрмеледі. Баяғы бабаларым қылған істің Ойыма түсіп тұр ғой бір дерегі. Біржан сал шідерінің жоғалғанын Ләйлімнен көрмеп пе еді іргедегі. Біржан сал атаң құсап сіз де менен Даулағалы отырсыз ғой бірдеңені.

Аманжол: Атаңды мақтасаң да қанша тағы, Аманжол дәлел сөзбен қарсы алады. Абайды Ұлжан ғана туып берген, Құнанбай «қырық тоқал» алса-дағы. «Жігіттің жақсылығы нағашыдан», Түсінсең осы сөздің бар сабағы. Абайдың анасының ауылына Көп болмас алты мешіт салса-дағы. Сөйлесе қара сөзден қаймақ алған, Тобықты деген ел бар байрақ алған. Кеш батса жігіттері атқа қонып, Қаракесек жылқысын айдап алған. Біресе Ерейменнен жылқы қуып, Біресе жылқы ұрлайтын Айдаболдан. Кей кезде найманнан да жылқы ұрлайтын, Жарты Қазақстанды жайлап алған. Абайға Біржан бабам көп баратын, Атағы әлем асып айға қонған. Серінің жоралғысын аламыз деп, Қыздарың шыққан сонда жайнап алдан. Шідерін өлең қыпты Біржан атам, Көлбайға көңілі толмай майдаланған. Әйтпесе, атышулы Біржан салдың Талай-талай шідері сайда қалған. Әсем қыз, күдіктенбе, ұрлық болмас Серінің қалтасынан жайлап алған. Тәуелсіз орда тіккен дала – белге, Сөз айтам Қазақ деген саналы елге. Ең бақытты халықтың біреуі бол, Қайғысыз ғұмыр кешкен дара төрде! Кешегі көк түріктің бұтағымыз Қасқайып әмір еткен қара жерге. Судың да сұрауы бар несиені Қытайдан «береді» деп ала берме.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙