Аяқталмаған ертегі
Нұрғали Ораз
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Нұрғали Ораз шығармалары әр алуан тақырыбымен, жоғары талғамымен ерекшеленеді. Әңгімелерінде артық дүние жоқ. Себебі, шынайылыққа құрылған шығармада өмір құбылыстары суреттелген. Ақ көңіл қасиет, парасаттылық – әңгімелерінің басты өзегі.
әңгіме
Өмір – ертегі емес,
Ертегі – өмір емес...
Сөйте тұра жер бетіндегі миллиардтаған адамдар мынау өмірдің ертегіге айналғанын қалайды. Бар өкініштің басы да міне, осыдан басталады. Өйткені олар өздерінің адасқанын түсінгенге дейін ертегіге айналғысы келмей қасарысқан қайырымсыз тіршіліктен түңілумен болады. Ал түсінген кезде... бәрі де кеш... Елес қуып, ертегі әлемді аңсап жүріп өмірден өткен әрбір адамның кеудесінде аяқталмаған бір-бір ертегі қалады. Ол өздерімен бірге қабірге түседі... Ақылды адамдардың артықшылығы да сол; ертегі-аңыздағы болмыстан нақты-тіршіліктегі болмысқа тез көшу керек екендігін басқаларға қарағанда ертерек ұғынатындығында болса керек. Бұл оның жасы қырыққа толғанда, өзгелер үшін емес, өзі үшін ашқан жалғыз жаңалығы еді. Ол кейде оңаша қалғанда: “Ойпырай, осы бір қарапайым ақиқаттың өзіне жету үшін қаншама жыл өмір сүруім қажет болған!..” деп таң қалатын. Енді міне, сары адырдағы алдамшы сағымдай құр елеске ұмтылып алданбайтын, қытымыр қожайындай қысыр қиялға қызметші боп жалданбайтын өмір белесіне шығып алып, екі қолын артына қайыра ұстап, арлы-берлі асықпай аяңдап, жайбарақат қыдырыстап жүргендей сезінеді өзін. Қысқасы, түс ауа қызметінен қайтып келгеннен кейін ол қолындағы қоңыр түсті портфелін кіреберістегі оң жақ бұрышқа қойып, жағасы мен жеңі қырқыла бастаған сұр плащы мен кепкасын шешетін де, көшеде келе жатқанда кездейсоқ ойына орала кеткен асқақ арман, биік мақсаттар жайлы ойлары болса, бәтіңкесімен бірге босағада қалдырып, шәй қайнатып ішу үшін ас бөлмеге кіретін немесе өзінен сәл кештеу оралатын әйелін күтіп, балалармен бірге теледидар көріп отыратын.
* * * Кешкілік қоңыр тумбаның үстінде тұрған ақ телефон кенет ұмытқан нәрсесі есіне түскендей баж ете қалды. Ол диванда шалқасынан түсіп газет оқып жатқан болатын. Осы үйде менен басқа да тірі жан бар шығар деген оймен селт еткен жоқ.
– Ал-ло, – деді трубканы алған әйелі еріне үн қатып. – Иә-ә... со кісінің үйі. Рахмет. Аманбыз... Иә, айта берсеңізші енді, кім керек еді сізге? Үйде. Мүмкін болғанда қандай!
Сосын залдың есігін ашып, күйеуінің газет оқып жатқанын тұңғыш рет көріп тұрғандай таңдана қарап, сәл кідірді де:
– Сені... бір әйел телефонға шақырады, – деді әлденеге түсінбегендей иығын қиқаң еткізіп.
Ол аяғына тәпішкесін іліп, телефонның жанына барғанша бірер минут уақыт өтті.
– Иә-ә, – деді әдеттегі “аллоны” жақтырмайтын әдетімен және өзінің қазақ екендігін бірден “подчеркивать” етіп.
– Әлеу, әлеу... Бұл – Сағындық па екен?! – ар жақтағы әйелдің даусы бұдан да өткен қазақы боп шықты. – Мені таныған жоқсың ба?
Бұ кім болды екен? Ауылдағы жеңгелерінің бірі емес пе...
– Ім-м, иә... – деді ол күмілжіп. – Даусыңыз бір түрлі таныс сияқты...
– Мен... мен – Раушанмын ғой, – деді әйел мұның бірден тани қоймағанына сәл абыржып қалғандай үнмен. –Ұмытып қалғансың ба, немене?
“Қай Раушан?.. Баспа жақтағы ма, – деді ол ішінен бір таныс Раушанды есіне алып. Бірақ оның даусы тас жаратын сияқты еді. – Әлде... басқа жақтағы ма?”
Сөйткенше болған жоқ:
– Алтынбекова Раушанмын ғой, – деді оның өзі көмекке келіп. – Ауылдағы ше... Енді таныдың ба?
“А-а...” Танығаны сол, қолындағы трубка сусып түсіп кете жаздады. Апыр-ай, арғы жақтағы дауыс: “Әлеу, мен әлгі – портфелі жоқ әйел міністірмін ғой!” десе бүйтіп таң қалмас еді. Ал мынау... Алтынбекова Раушан-н... Құдайым-ау, басқа басқа, Раушанның өзі телефон соғады деп кім ойлаған?!”
– Иә, иә, – дей берді ол сасқанынан басын қайта-қайта шұлғып. – Таныдым, енді таныдым-м... Иә, қа-қалай? Іашан келдің?
– Жаздан бері осындамын ғой!
– Ойпыр-ай, осы күнге шейін неге хабарласпағансың?! Қыс түссін деп жаттың ба?
– Кім білед... сен бізді енді менсінбейтін шығарсың деп...
– Па, шіркін!..
– Жаңағы кім? Әйелің бе? Даусымды естіп, шошып кетті ғой жүдә. Бұ қай жақтың жабайысы деп жатқан шығар. Айтса, айтад та, кәйтеміз... Мақұл енді, көп уақытыңды алмаймын. Жәй әшейін, сәлемдесейін деп ем... Өзіңді көрмесем де, даусыңды естідім. Со жетеді маған.
Оның үнінен әлдебір мұң аралас өкініш сезілгендей болды.
– І-і... енді қалай хабарласамыз? Қайдасың қазір?.. Мұнда келгеніңе біраз уақыт бопты ғой.
– И-и, қайбір жетіскеннен дейсің... – Раушан бір түрлі өзінен өзі қымсынып тұрғандай – Сауда-саттық жасап ж?рміз де... Осындағы бір қайнымның үйінде жатырмын.
– Ол үйдің телефоны... қалай еді?
– Кәзір айтам, – ар жақта ол қасындағы біреуге “қалай еді” дегендей болды. Сосын әлденеге асыққандай боп өзі тоқтаған үйдің телефонын екі қайтара айтты. – Бұ жерде маған ешкім звандамайды ғой. Осы үйдің нөмірін де білмейді екенмін, – деді ақталғандай боп. – Ал жақсы... басқа не айтамын. Келіншегің бостан-босқа күдіктеніп жүрмесін. Оған: “жәй әшейін бір танысым еді” дей сал, мақұл ма?
– Енді Рау... – ол кенет айыбы ашылып қалатын жандай ас үй жаққа жалтақтап, сәл мүдіріп қалды да: – Мен өзім хабарласамын, жарай ма. Кезек менікі... Сау боп тұр, – деді.
Трубканы тұғырына қайта қондырып жатып үлкен бір іске тәуекел еткендей уһ-һ деп қалайша терең тыныс алғанын өзі де байқамай қалды.
“Ойпыр-ай, басқа-басқа, Раушан... Раушан хабарласады деп кім ойлаған?!”
* * *
Өмір – ертегі емес,
Ертегі – өмір емес...
Сөйте тұра оның да өзгелерден жасыратын, баяғыда-а бала күнінде бірге өскен екі-үш досынан басқа ешкім білмейтін бір ертегісі бар еді. Ол өзі өте қысқа әрі мұңлы ертегі болатын. ...Бұлардың ауылы теміржолдың арғы беті, бергі беті боп екіге бөлініп отырушы еді. Раушандардың үйі арғы бетте тұратын. Ол жақтың балалары мектепке келу үшін аспа көпір арқылы бергі бетке өтетін. Қызық... Бір ауылдың осылай шартты түрде болса да екіге бөлінуі адамдарға кәдімгідей әсер етуші еді. Содан ба екен, екі ортадағы теміржол олардың арасына қойылған мәңгілік шекара сияқты көрінетін еді. Бұлар оныншы класта оқып жүрген жылы қыста Раушанға суық тиіп, ауырып қалды да, біраз күн бойы сабаққа келмей жүрді. Үлгерімі “ортадан” сәл-ақ жоғары, мінезі ұяң, тәртіпті қызды елеңдеп іздеген ешкім болған жоқ. Оның мектепте бар-жоғы да білінбеді. Оншақты күннен кейін сабаққа келгенде Раушанның өңі бозарып, жүдеу тартып, мойылдай қара көздері тұнжырап, бір түрлі есейіп кеткендей көрінді. Сол күннен бастап Сағындық оған ғашық болды. Жазда олар мектеппен қоштасу кешін өткізді. Ол кезде мектеп он жылдық болатын. Сағындық сол күні алғаш рет шампан ішті. Шараптың қызуы болар, бұрын байқамаған бір батылдық пайда болды оған. Жайшылықта қой аузынан шөп алмайтын момын-тұғын. Ал мынау сиқырлы шарап оның сол ауыр мінезін әп-сәтте жеңілдетіп жібергендей. Рахат...
– Бүгін мен сені шығарып саламын, – деді ол Раушанмен билеп жүріп.
– Рахмет... біздің жаққа қайтатын қыздар-балдар бар ғой.
– Жо-оқ, екеуміз оңаша кетеміз.
– Ұят емес пе... – деді Раушан басқалар естіп қоймасын дегендей сыбырлап.
Оның бұл қылығы Сағындықты одан сайын батылдандырып жіберді.
– Ұят емес, – деді масаң күйде басын шайқап. – Не істесек те, қалай жүріп-тұрамыз десек те өз еркімізде. Енді солай...
Раушан оның сөзіне ақырын ғана езу тартып, жымиып қойды.
Екеуі іште у-ду боп жатқан қыздар-балдардың арасынан сытылып шығып, сыртқа беттегенде түннің бір бейуақ мезгілі болып қалғанды . Әдетте адамдар осындай той-томалақтан қайтқанда, не бір түн қатып суыт жүргенде болмаса, қараңғылық жамылған әлемнің кейпіне назар сала бермейді ғой. Әйтпесе оның да жалғыздығын түсінер еді... Мына түн қиял-ғажайыпқа толы сиқырлы әлем сияқты болып көрінді. Иә, бұл олардың күнде көріп жүрген әлемінен мүлде бөлек. Өйткені бұл – Күн патшалығы емес, Ай патшалығы. Ал анау жұлдыздар болса, осы ғажайып патшалықтың сиқыршылары. Олар түн қатып сапарға шыққан жолаушылардың, түн жамылып қол ұстаса қыдырған ғашықтардың, бейуақта ұйқысы қашып сыртқа шыққан қарттардың жүрегін сиқырлайды!.. Олар теміржолдың арғы бетіне өтіп, түні бойы шамдары самаладай жарқырап жанып тұратын станцияның арт жағындағы бір топ қара ағаштардың тасасына келді.
– Бұдан былай мәңгілікке бірге болайықшы, – деді ол үнсіз көніп тұрған қызды құшағына қысып.
Раушан оның құшағына тығыла түсіп ақырын ғана басын изеді. Әй, балалық-ай десеңші!.. Мәңгілік өмірдің тұтқасы өз қолдарында тұрғандай соншалықты сенімді еді-ау сонда. Бәлкім, сол Балалық деген аңқау ұғым Мәңгілік деген ұғымнан әлдеқайда биік шығар? кім білсін... Солай... Әйтпесе бұлар сол кезде өздеріне өздері соншама сенімді болар ма еді. Ауылдың желке тұсындағы Жапатас деген биік жотаның ар жағынан бозарып атып келе жатқан таңның белгісі білінді. Рельстердің түйіскен жерін тексеріп жүрген теміржолшының анда-санда тық-тық еткен балғасының даусы анық естілді. Алыста-ан тұп-тұнық ауаны дірілдете шыңғырған тепловоздың ащы үні жетті... Станция маңындағы үйлердің бірінен соң бірінің есігі ашылып, күндегі әдеттерімен қыбыр-қыбыр шаруасына кірісе бастаған адамдардың қарасы көрінді. Сөйтіп мынау жарық дүние, тынымсыз тіршілік түні бойы салтанат құрған Ай патшалығының қара бояуын өшіріп, ағаш түбінде құшақтары айқасып тұрған қыз бен жігітті көзге шалынбайтын алып алақанымен былай ысырып тастап, алға қарай жылжып жүре берді... Міне, оның бүгінге дейін ұмытпай, жүрегінің түпкірінде сақтап келе жатқан қып-қысқа ғана ертегісінің бас-аяғы осы еді...
* * * Әйелі әлдеқашан ұйықтап қалған, ал ол болса, ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп көз іліндіре алмай жатыр. Миллионнан астам тұрғыны бар мына қалаға түн жамылып сау ете түсетін ұйқы патшалығының сарбаздары бүгін оны байқамай өте шыққан сияқты. Өйткені әйел, бала-шағасын алып кетті де, бұның өзін жалғызсыратып жападан-жалғыз қалдырып кетті... Ол орнынан тұрып, ақ жолағы бар көгілдір түсті спорт костюмін киді де, аяғына ілген тәпішкесін сылп-сылп басып балконға шықты. Түнге қарай аздап тазаратын қаланың ауасы танауын қытықтады білем, рахаттана түшкіріп алды. Сосын аузын кере қарыс аша есінеп тұрып соңғы бір-екі жылда пайда болған қозы қарнын алақанымен сипап қойды. ...Сол жылы күзде осы қаладағы университетке оқуға түсіп, ауылға көңілі алып-ұшып қуанып барса, Раушан тұрмысқа шығып, кетіпті... Бұл не сонда?.. Тағдырдың бұйрығы ма?.. Теміржолдың арғы бетінде, ауылдан сәл оқшау, Жапатастың етегіндегі дөңестің үстіне салынған биік шатырлы, төңірегі тас дуалмен қоршалған еңселі үй болушы еді. Бірінен бірі өткен апайтөс, сақал-мұрттары ерте тебіндейтін бұйра бас, қоңқақ мұрын ұлдары көп болатын. Рең-бітімдері қазақтан гөрі парсы жұртына көбірек келіңкірейді. Жалы күдірейген көкжал қасқырлар сияқты шеттерінен айбат шегіп, ұрынарға қаратпай жүруші еді. Ауыл үйдің арасында ұрыс-керіс, төбелес, ұрлық-қарлық бола қалса, білегін сыбанып жіберіп үнемі солар араласып кететін. Аталары сонау бір заманда тағдырдың айдауымен қазақ даласының қиян түпкіріне парсы жұртынан жер ауып кеп қалған да, осы жердің қызына үйленіп, қазақ арасына сіңіп кеткен. Сөйтіп мұнда алыстан жеткен парсы қаны мен қазақ қаны араласып, буырқана тасыған асау өзендей бұрқырап, олардан тараған ұрпақ алай-дүлей толқындармен арпалысқан теңізшілердей қайсар, бірбеткей, қызу қанды боп туған. Қалай екенін кім білсін, Раушан сол үйге келін боп түсіп, түтінін түтетіп, шамын жақты...
* * * Ол аспанға қарап еді, түнде де бұлыңғыр түтіннен айықпаған көк жүзінен сығырайып көрінген бір-екі жұлдызды ғана көрді. Ай көрінбейді. Ол мынау өз түтініне өзі тұншығып, бықсып жатқан қаланың аспанын тастап, басқа бір бөтен елдің тұнық аспанын жаулап алу үшін асығыс жорыққа аттанып кеткен сияқты... “Апыр-ау, мұным не менің? – деді ол ішінен өз қылығына өзі таң қалып. – Ертең жұмыс... жатып дем алмаймын ба? Жиырма үш жылдан бері көрмеген, баяғыда-а біреудің жары боп кеткен Раушанды ойлап, жас жігіт құсап қиялға батып, түн қатып тұрысыма жол болсын...” Бірақ ойда жоқта келіп бас салған өткен күндердің елесі оны оңайлықпен құшағынан босата қоймады. Ұзақ жылдан кейін көрісіп, қайта-қайта маңдайынан иіскеп, басынан сипап, мауқын баса алмай тұрған секілді. Рас, ол ауылға анда-санда ат ізін салған кезде іштей әлдекімді іздеп, екеуінен басқа ешкім білмейтін құпия бір кездесуді аңсаушы еді. Арғы бетке барғанда, не болмаса, сол баяғы станцияның алдында пойыз күтіп тұрғанда Раушанмен жолығып қалсам қайтер ем?.. Бір-бірімізге не айтар ек?.. Ол баяғы өзім ұнатқан сүйкімді Раушан ба, жоқ әлде, мына алды жұмбақ, арты соқпақ өмір оны да өзгертіп жіберді ме деген сияқты ойлар көңіліне шырмауықша оратылатын... Сонау бала күнінде жүрегіне түскен шоқ әлі күнге дейін кеудесінде сөнбей, маздап жатқанын ол бүгін анық сезді. Тәйірі, Раушан екеуінің арасындағы махаббат деуге де келмейтін болмашы ғана балаң сезім өздерімен бірге есейеді-ау деп кім ойлаған. Енді оның өздерімен бірге қартаятыны... жо-жоқ, сол баяғы мәңгі жас қалпында бірге өлетіні де анық. Обал емес пе...
* * * Ол мынау өмір-өзеннің ағысы қатты тұсына тап болып, асау толқындармен алыса-алыса қалжырап, ескегінен айрылып қалған қайықшыдай қауырт тіршіліктің ағынымен далбасалап ағып бара жатқан дәрменсіз жанның жүрегінде махаббатқа да орын қалады-ау деп мүлде ойламаушы еді. Сөйтсе-е, мына жалғанда тірі пенденің көңілінен ешқашан өшпейтін сиқырлы үміт шамы секілді алғашқы нәзік махаббат та ертегідегі лағыл тас сияқты құдіретті болады екен. Әйтпесе бұл түн жамылып, тәтті ұйқыдан безіп, әйел, бала-шағасынан бөлектеніп, бейуақта жападан жалғыз неге тұр?..
Ертегімен,
Арманмен,
Мақсатпен
Қоштасқан Адам!..
Өмірдің ертек емес екенін,
Арманының орындалмайтынын,
Мақсатына жете алмайтынын
Түсінген Адам!..
Сонау бір бала кездегі
Алғашқы махаббатын
Есіне алып,
Несіне алып...
Неге тұр?!.
Ол өзінің не деп күбірлегенін өзі де түсінген жоқ. ұйқысыздық па шаршатқан, әлде ұзақ жылдар бойы ертегіге алданып, елеске еріп, сағым қуып алқынған, енді қайда барарын білмей адасқан жанның есінен ауыса бастаған сәттегі сандырағы ма?.. Тәңірім-ау, не деп тантып кетті бұл? Не айтты?.. Неге ұйықтамайды?.. Әне, әйелі қаннен қаперсіз пысылдап ұйықтап жатыр ғой. Оның жаны қайда ұшып жүр екен қазір. Баяғыда-а ауылдың ақсақалдары айтып отырушы еді: Адамның көзі ұйқыға жұмылғанда, жаны көкке ұшып кетеді. Сондықтан да ұйықтап жатқан кісіні жұлқылап оятуға болмайды. Жаны қайтадан ұшып келіп қона алмай қалады екен дейтін. Ол өзінің кіп-кішкентай ауылдан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты екенін ойлады. Кезінде соны кәдімгідей мақтаныш көріп, көңілі марқайып жүрді. Өзі шағын болғанымен, ол да бірнеше ғасырлық тарихы бар мекен ғой. Онда қаншама адамдар дүниеге келді, қаншама адамдар дүниеден озды. Олардың бәрінің де арманы, мақсаты, өздеріне ғана аян ертегісі болды... Міне, солардың ішінен бірінші болып белгілі бір ғылым саласының белгілі бір сатысына көтерілуді тәңірім осының маңдайына жазыпты. Әрине, алда талай-талай биік шыңдар бар, оларға сол алыста жатқан шағын мекеннен түлеп ұшқан бала қырандар шарықтап ұшып қонады әлі. Бірақ бұл әлгі ертегідегі самұрық құс сияқты дүрдиіп өз биігінде қала береді... Оның бойы тоңазып, қалтырай бастады. Аяқ тықырын білдірмей еппен басып ішке кірді де, киім ілгіштен плащын алып қайта шықты. Әйелі ұйқысырап жатып сөйлегендей болды. Маған бірдеме деді ме деп құлағын тігіп еді, жоқ, түс көріп жатқанға ұқсайды. Әдетте ол таңертеңгі шай үстінде көрген түсін жыр ғып айтып отырады. Кейде әруақтарға арнап құран бағыттау үшін шелпек пісіреді. Кім білсін, оның бұларға айтпайтын да түстері бар шығар...
* * * Көз алдына биік тас дуалмен қоршалған үй елестеді. Сол қоршаудың ішіндегі қыбыр-қыбыр тіршіліктің құпиясы да, жұмбағы да мол сияқты көрінді. Тіпті көңілге үрей қамап, қорқыныш ұялататын тәрізді... Содан соң кішкентай ауылды қақ жарып жатқан теміржол келді көз алдына көлбеңдеп. Ол... Иә, ол – алыста-ан қарауытып көрінетін қос сызық – кәдімгі шекараға ұқсайды екен-ау!.. Міне енді, арада жиырма үш жыл өткенде Раушан әлгі жұмбақ үйдегі түсі суық адамдардың арасынан сытылып шығып, сол шекарадан өтіп келіп Сағындықты іздеп тапты. Бәлкім, ертегі дегеніміздің өзі осы шығар... Қала көшелерімен арлы-берлі жүрген көліктердің гүрілдеген дауыстары естіле бастады. Тоғыз қабатты зәулім үйдің іргесін солқылдатып трамвай өтті. Аспан көгілдір түске еніп келеді. Жаңа біразда ғана киіз үйдің жыртығынан сығалаған жарық сәуледей жарқырап тұрған бірен-саран жұлдыздарды біреу жинап ап, қоржынына салып әкетіп қалғандай жым-жылас бопты. Таңғы тұнық ауадағы газ бен түтіннің иісі анық сезіледі. Бұл оның соңғы бес-он жылдағы ұйқысыз өткізген алғашқы түні еді.
* * * Төңірек бозарып, маңайдағы үйлердің сұлбасы көзге анық шалына бастағанда қалтырап келіп жылы төсектің астына кіріп еді, әп-сәтте теңіз түбіне батқандай тұңғиық бір терең ұйқы құшағына шомып бара жатты. Әйтсе де сәлден соң шырылдаған сағат қоңырауынан оянып, сусылдаған жібек халатын киген әйелінің әрбір қимылын, ас үйдегі кранның ашылғанын, кенже қызының әлденеге жылап оянғанын – беймәлім бір алыста-ан, “теңіз түбінен” сезіп жатты. Сөйтіп жатып бір жайсыздау түс көріпті; университеттің жетінші қабатына көтерілу үшін лифтіге кірген екенмін-ау дейді. Жалғыз өзі. Жанында ешкім жоқ. Кенет лифті жетінші қабатқа тоқтамай зырылдап өтіп кетті де, биік ғимараттың шатырын тесіп шығып бір-ақ тоқтады. Сыртқа қарай аяқ басуы мұң екен, зыр етіп қайтадан төменге түсіп кетті. Орында қап-қара боп үңірейген қуыс қалды. Ол енді мынау биіктен қалай түсерін білмей, тізесі қалтырап қорқа бастады...
...жүрегі суылдап жатып оянды.
* * *
Ол Раушанды әуелі кафеге шақырып, оңаша қонақ етуді ойлады. Бәрін де өзі алдын ала өлшеп-пішіп, ойша жоспар құрды. Әрбір ұсақ-түйегіне дейін есептеп, күні бұрын көз алдынан өткізіп, аса мұқият дайындық жасауға кірісті. Ең алдымен, университеттен қайтып келе жатып жол-жөнекей кішігірім кафелерге бас сұғып, дастархан мәзірін, тағамдар мен арақ-шараптардың бағасын біліп алды. Кісі көп баратын, даңғаза-дабырасы мол мейрамханаларды айналып өтіп, екеуден-екеу оңаша отырып сырласуға ыңғайлы әрі арзан, қарлығаштың ұясындай тап-таза біреуін іздестірді. Әйткенмен олардың қай-қайсысы болса да жиырма бірінші ғасырдың басында әбден күйі кетіп, күйеуге шықпай отырып қалған кәрі қыздай қадірі қашқан қазақ филологының шпана тонап кеткендей тесік қалтасына оңай соғайын деп тұрған жоқ екен. Әй, бірақ... жиырма үш жылда... бәлкім, өмірде бір-ақ рет болатын кездесуден аянып қалатын несі бар. Жаздағы жасыл дәуренімен әлдеқашан қош айтысып, қара күзден күнде қағажу көріп күйзелген сквердегі тұттай жалаңаш, жүдеу ағаштардың ортасына орналасқан шағын кафені таңдады ақыры. Оның күнделікті қай мезгілде ашылып, қай мезгілде жабылатынын, бос орындардың қай кезде болып, қай кезде болмай қалуы “ғажап емес” екенін тәптіштеп сұрап алып, қоштасарда даяшы қызға тағы да бір рет бас изеп сыртқа шықты. Содан соң есік алдында сәл кідіріп, кафенің төңірегіне көз салды. Ағаш арасындағы арқалығы жоқ орындықтарға, тарам-тарам тротуарларға қарап тұрып әлденеге көңілі толғандай іштей марқайып қалды. Кешкілік әйелі әлі қызметінен орала қоймаған алакеуім шақта телефонды төргі бөлмеге алып кіріп, оңаша отырып кешегі Раушан айтқан номерді терді.
– Әлеу! – Трубкадан әйел даусы естілді.
– Сәламатсыз ба!
– Сәлеметсіз...
– І-і, кешіріңіз, Рау... Раушанды шақыруға бола ма екен?
– Ә-ә, иә... – Әлгі әйелдің даусынан “сізді білемін ғой” дегендей ыңғай танылды. – Болады. Кәзір шақырам...
Сәлден соң:
– Әлө, – деген Раушанның даусы жетті құлағына. – Бұ кім екен?
“Түу, қандай таныс говор!” Жүрегі бір түрлі өрекпіп кетті. “Шіркін-ай, біздің ауылдың сөйлеу мәнері бір-ақ ауыз сөзден аңғарылады ғой”.
– Бұ – біз екенбіз! – деді сосын бұл қуланып.
– Сағындықсың ба... Өлә, бұлай тез звондай қоятын шығарсың деп ойламап ем. Қалай, тиыштық па?
– Тиыштық.
– Е-е, бопты онда... Айтқандай, кеше әйелің ұрысқан жоқ па?
– Не деп?
– Үйге звондап, сені іздеп жүрген қай келіншек деп...
“Ойпыр-ай, сол баяғы өзіміздің ауылдың психологиясы. Бір мысқал өзгерсейші...”
– Ойба-а-ай, – деді бұл енді қалжыңға айналдырып, – одан кейін не болғанын мен айтпай-ақ қояйын, сен естімей-ақ қой!
– І-і?.. Не боп қалды? – деді Раушан шынымен-ақ шошып.
– Сол... – деп күмілжіді бұл жүні жығылып, пұшайман жеп отырған адамға ұқсап. – Сенімен сөйлесіп боп, трубканы қоя бергенім сол еді: “Менен жасырынып кіммен сырласып жүрсің?! Құдай ақы, басқа біреуді тауып алғансың ғой ә?!” деп бас салды. Содан үйдің ішін астан-кестең ғып, түнделетіп төркініне кетіп қалды.
– Өлә-ә, – деді Раушан сенерін де, сенбесін де білмей. – Рас па?!
Бұл одан әрі қарай телефонмен қылжақтай берудің ретсіз боларын біліп, жадырап күлді де:
- Әй, Раушан-ай!.. – деді. – Даусыңды естіп қуанып қалдым ғой.
– Ойпыр-ай, мен шынымен-ақ шошып кеткенім-ші. Сендерге кесірім тиіп жүрмесе бопты да әйтеуір.
– Раушан.
– Әу.
– Мен сені меймандыққа шақырайын деп ем. Ертең... кафеге...
– Қайда-а? Кәфеге дейсің бе?
– Иә.
Раушан үнсіз қалды.
– Үйге шақырудың реті кейін бола жатар, – деді бұл оның не ойлап қалғанын біле алмай. – Әуелі екеуміз жолығып, жүз көрісіп дегендей... бір-бірімізді танымай қалып жүрерміз тіпті.
– Мейлі, – деді Раушан келісіп. – Танитын шығармыз... Не бопты сонша... Жазда мен сені телевизордан көргенмін. Көп өзгермепсің. Тек сәл-пәл толысқан сияқтысың.
– Әй қайдам, – деді бұл көңілденіп. – Сәл-пәл дегенің жәй сыпайыгершілік шығар әшейін.
– Жо-о, шын айтам, – деді оның даусына бір түрлі мұң араласып. – Өзгерді деп... мына бізді айтсаң болады...
Осы кезде есік қоңырауы басылды.
– Қалай, келістік пе! – деді бұл енді асығып. – Ертең кешке күтемін.
– Мен қаланы әлі жақсы білмеймін ғой, – деді Раушан әкесінен адасып қалатын баладай алаңдап. – Осы бір жақын маңға шығып тұрсам... өзің келіп алып кетпейсің бе?
– Әрине, сөйтемін. Қай жердесіңдер?...
Раушан қаланың шет жағындағы микроауданның атын айтты да, ертең кешке екеуі сол жердегі белгілі бір дүкеннің алдында, сағат алтыда кездесетін болып келісті.
* * * Ол аса бір құпия тапсырмамен жау тылында жүрген барлаушыдай өзі құрған жоспарды өзі өте сақтықпен жүзге асыра бастады. Әуелі жазу үстелінің үстіне әлем әдебиеті классиктерінің бес-алты томын қатарластыра әкеп қойды да, соларға шұқшия қарап, әлденелерді жазып алып жатып, кенет есіне түскен жәй ғана шаруа ретінде – әйеліне:
– Менің әлгі... біркиер кәстөмімді ретке келтіріп қоя салыңдаршы, – деді ғылымға әбден берілгендіктен ойы шашырап, өзі шаршап отырған кісінің немқұрайлы даусына салып. – Ертең бір жігіттің банкетіне барушы ек. Жақында ғана докторлығын қорғаған...
– Е, жәрайт, – деді әйелі күнде банкетке барып мазамызды алып жатқан жоқсың ғой дегендей жайбарақат үнмен. – О кім? Мен танимын ба?
– Жо, танымайсың. Жәй бір жүрген дилетант...
– Ну, енді соларға қорғата бергенше... өздерің де қорғап алмайсыңдар ма?
– Әй, – деді ол қолын сілтеп. – Докторлық деген – таудағы арқар емес. Қайда қашар дейсің?!
– Байқа-а, – деді әйелі үнін наздана созып. – Арқар болмағанымен, кейін “атуға” шамаларың келмей қалып жүрмесін! Жәрайт, мен кеттім...
“Бұның говоры басқа-а, – деп ойлады ол қарап отырмай. – Раушан болса оңтүстікшелеп “мақұл” дер еді. “Мақұл, мен кеттім...” Ол мынау жарда ойнақтаған лақтай “жәрай атқа” қарағанда қоңыр қойдың қозысындай момақан ғой. Иә, әр сөздің өзіне тән “мінезі” болады”.
– Ақ жейдеңді де өтектеп қойдым, – деді біраздан соң әйелі бұл отырған бөлменің есігінен басын сұғып. – Жасыл түсті галстугыңды тағарсың, жәрай ма.
– Мақұл.
– Сосын, – деді әйелі оның жанына бататын бір ауыр сөз айтқысы келгендей кірпік қақпай тесіле қарап тұрып, – анау жұлым-жұлымы шыққан ескі плащты кигеніңді қойшы құдай үшін!
– Ә-ә, – деді ол мүләйімсіп. – Құдай үшін болса, онда қойдық.
– Былтырғы алған былғары куртканы киерсің.
– Оу, енді... жастар құсап шіли сылаңдап кетпейміз бе?
– Е-е, кәртейіп отырсаң, онда шапан ки, аяғыңа мәсі-кебіс ки!
Әйелі кенет күйеуінің дәл сөйтіп киініп алып, көшеде сүйретіліп кетіп бара жатқанын көз алдына елестеткендей сылқылдап күліп жіберді.
– Қойдым, қойдым, – деді бұл екі қолын жоғары көтеріп. Екі езуі екі құлағына қарай жайылып, көздері сығырая күлімсіреп келіп әйелін белінен құшақтай алып еді, ол: “Кетші-ей! – деп қолын қағып, шоршып түсті. – Балалардан ұялмайсың ба...”
– Ақыры бір бастап қалған екенбіз, – деді ол енді кіре берісте тізіліп тұрған аяқ киімдерге қарап алақанын ысқылап, – бәрін аяғына шейін жеткізіп тастайық.
Сөйтіп аяқ киім тазалайтын шөткеге қарай еңкейіп қолын соза бергені сол еді, әкесінің әлгі қылығына мәз боп күліп тұрған ортаншы ұлы:
– Әкеліңіз, мен тазалап келейін, – деп іліп әкетті.
– Е-е, сөйте қойшы...
Содан соң үй ішіндегілердің өзіне деген ала бөтен ықыласына көңілі елжіреп, дәлізде біраз состиып тұрып қалған ол: “Апыр-ай, мыналар мені Ақ Жайыққа аттанатын Төлегендей-ақ баптады-ау, ә!” деді іштей аң-таң болып.
* * * Бәрі де өзі ойлағандай жүйе-жүйесімен, рет-ретімен орындала бастады. Қала шетіндегі микроауданға дейін трамваймен барды. Өздері келіскен әмбебап дүкеннің алдынан әдейі өтіп кетіп, келесі аялдамадан түсті. Сонсоң сағат тілі алтыға бес минут қалғанда такси тоқтатып, жүргізушіге қазір анау дүкеннің алдына жеткенде тоқтап, ол жерде бес-он минуттай кідіре тұруға тура келетінін, өйткені сол жерден бір көсілінуі керек екенін тәптіштеп түсіндіріп алған соң ғана көңілі жай тауып, артқы орындыққа жайғасты. Басын болар-болмас шұлғи салған жүргізушіге кім болса да бәрібір болғанымен, мұның бәрі алдын-ала мұқият жасалған жоспарда ойластырылған өте маңызды сәттер еді. Такси әмбебап дүкеннің алдына кеп тоқтағанда сағат тілі алтыға екі минут қалған болатын. Ол есікті шалқайта ашып, оң аяғын жерге баппен басып асықпай сыртқа шықты. Пиджагының жоғарғы түймесін ағытып, галстугын түзеді де, айналадағы мынау қоңыр тіршілікке аса риза кейіптегі тоқкөңіл жандарға тән ашық жүзбен жылы жымиып, жан-жағына аясы үлкен қара көздерінен мейірім шуағын төге қарады. Көше жиегіндегі “Қазбаспасөз” дүңгіршігінің жанында гүл сатып отырған қыз-келіншектер оны көріп: “Гүл алыңыз, ағай! Гүл алыңыз! Келіңіз!..” деп шу ете түсті. Ол бірінен-бірі әдемі көрінген қызыл-жасыл, ақ-сары гүлдерге қызыға қарап, сәл кідіріп қалды. Неге екені, бұл – алдын ала құрылған жоспарға енбей, ұмытылып қалып қойған нәрсе боп шықты. “Алыңызшы, ағай, алыңызшы! – деді кекіл шашы көзіне түскен бір жап-жас қыз жалынғандай болып. – Қараңызшы, қандай әдемі раушан гүл!..” Раушан және раушан гүл... қандай керемет сәйкестік! Оның қолы еріксіз төс қалтасында жатқан әмиянына қарай жылжып бара жатқандай болды. Хош иісті алқызыл гүлдердің үш талын таңдап алды. “Рахмет, ағай! – деді жүзі бал-бұл жайнаған гүл сатушы қыз қуанып. – Сүйікті адамыңызға сыйлаңыз!..” ...Ол әлгі үш тал гүлді қолына ұстап Раушанды ұзақ күтті. Әуелде бес-он минут күтуге ғана келіскен таксист уәделі уақыты біткен соң тықыршып, қайта-қайта сигнал беріп асықтыра да, ақыры қолын бір сілтеп, орнынан ышқына қозғалып жүріп кетті. Ол мұнда келгелі бері дүкеннің алдынан қаншама адамдар өтті. Бірақ солардың ішінен Раушанға ұқсайтын бір де бір әйелді көре алмады. Алғашқыда әне келеді, міне келеді деп алаңдап тұрғанда қайта-қайта сигнал беріп мазасын алған таксистке қатты ренжіп еді. Бірте-бірте өзі де күдерін үзіп, күз бен қыстың аралығындағы мынау ызғарлы кешпен бірге көңілі суи бастады... Күн қызара балқып, маяға тиген өрттей алаулап батты. Қала сыртынан батыс көкжиек анық көрінеді екен. Көпте-ен бері таңның қалай атып, күннің қалай батып жататынымен ісі де болмай, өзімен-өзі жүрген ол мынау көріністі қызықтап, алыстағы қырлардың үстінде қалқып қалған алқызыл шұғылаға ынтыға қарады. Батқан күнмен бірге көңіліндегі шуақ та сөнді. Сәлден соң аяғын сылбыр басып, жіңішке тротуардың бойымен қаланың орталық жағын бетке ала асықпай аяңдап кетіп бара жатты... Бұл кезде “Қазбаспасөз” дүңгіршігінің бергі бұрышында кішкентай қапшығының аузын түріп қойып, пісте сатып отырған шүйкедей қара кемпірдің қасында манадан бері қыбыр етпей тұрған сұр плащты жуан әйел орнынан қозғалып, көзіне түсіре тартқан қалың бөкебай орамалын сәл көтеріп оның соңынан телміре қарап қалған болатын. Мұнда Раушан одан бұрын келіп еді. Таксидің қай тұстан тоқтағанын, оның ішінен маңдайы жарқырап, аяғын баппен басып маңдайы кере қарыс жігіт ағасы түскенін, ине-жіптен жаңа шыққандай пиджагының бір түймесін ағытып, галстугын түзегенін – бәрін-бәрін көріп тұрды. Жүрегі лүпілдеп, алдынан жүгіре шықпақ болып ұмсына бергені сол еді, ол мұны көзіне де ілместен дүңгіршіктің жанындағы гүл сатып отырған қыз-келіншектерге қарай бұрылды. Тәңірім-ау, не үшін?! Кім үшін?.. Ол кенет артқа қарай шегіншектеп, дүңгіршіктің тасасына тығылды. Гүл сатушы қыздың: “Раушан гүл... Рахмет, ағай! Сүйікті адамыңызға сыйлаңыз!” деген сөздерін дәл жанында тұрып ап-анық естіді. Содан соң ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып ісініп кеткен қолдарын қайда сиғызарын білмей, онсыз да тырсылдап әрең сиып тұрған сұр плащының жеңін тартқылай берді. Ол бері қарай бұрылғанда тіпті сасып, қалың бөкебай орамалын көзіне түсіріп, әлдекімді... әлденені аза тұтқандай төмен қарап қыбыр етпей тұра қалды. Әне, ол енді асықпай аяңдап ұзап бара жатыр. Раушанның көзіне ып-ыстық жас іркілді. Артынан айқайлап тоқтатуға шамасы жетпейтінін білді. Аузын ашса болды, кеудесіне толған шер-шемен ақтарылып, өзін-өзі тежей алмай аңырап жылап жіберетіндей... Оның есіне баяғыда Әкбарға тұрмысқа шығып бара жатқан кезде: “Сағындық жүдә момын ғой, өмірге икемсіз...” деп ойлағаны түсті. Құдайым-ау, әркімнің пешенесіне жазылған өз тағдыры болады екен де. Шіркін, өткен жылдардан кешірім сұрап, балалық шаққа қайтып оралатын күн туса... Бірақ ол ертегілерде ғана болатын ғажайып қой.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру