Асау тұлпар
Сәкен Сейфуллин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Сейфуллиннің дәуір үнін, күрес пен азаттық лебін жырлаған алғашқы әрі ең танымал өлеңдер жинағы.
ДАЛАДА
Жүген-құрық тимеген,
Жасынан ноқта кимеген
Алты жасар асауды
Ұстап міндім далада.
Жаңғырды дала.
Дүбірлеп күңіренді дала,
Қиырсыз дала...
Дүбірледі айдала.
Жал-құйрығы желмен ысқырды,
Жүйткіп, зымырап құлашын
керді асау.
Ырсылдап демі көріктей,
Көздері оттай, еріктей,
Өрге қарай орғыса
Желге қарай орғыса,
Жел не қылмақ асауға?
Орғытып, ұшыртып жүріп
Кең даланы күңірентіп
Қатты айқайлап ән салдым.
Жаңғыртып кең даланы.
Әніме қосылды: кең дала,
Аққулы-қазды шалқар көл,
Қамысты-құрақты көк өзен
Қосылды бәрі шаттанып.
Сендерге қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер!
Әділдік теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Сендерге арналады бұл әндер!
Үнемдеп өлшеп күн көру үшін тумай, дүниенің сасық байлық жетуді мақсұт қылмай, қырандай жер-көкке қанат жайып, қырандай дүние шетіне көз жіберген, асау тұлпардай қиырлы жерге құлаш керіп, бақыт, махаббат іздеген, жастар, сендерге арналды бұл әндер!
Бұрынғы ерлер салған жолға!
Жүріңдер, бақыт еркіндік бақыты алдарыңда таяу.
Жолдарың жүрер бетпақ дала, шөл, тay, тac — меңіреу жерлер, Жолдарың көрінер қиын. Талай ерлер қасірет, жапа шегіп, жалпы әлемге бақыт іздеп, құрбан болған бұл жолда. Күрес үшін, еркін, шатты еңбек үшін туған — сендер. ІІІақырыңдар арттағы ұйықтаған, именшек, бақыт жолын білмейтін бауырларыңды!
Сендерге — ерік, махаббат жолына бастаған ер қарындастар, інілер — сендерге арналды бұл әндер!
Күшті дауыстар мен қызу ән жаңғыртсын дүниені! Жаңғыртыңдар, жаңартыңдар ескі дүниені, қайратты, ер жастар. Сендерге арналды бұл әндер — асауменен алысып жүріп салған әндер! Сәкен.
МҰҢ
Қалғанда тар лақатта жалғыз өзім,
Жан кетіп жұмылғанда екі көзім.
Жалындай жүрек жарған мұңлы сөзім!
Қайғылы — қысқа өмір күнім өтіп,
Жан мен тән айрылысар уақыт жетіп,
Кім білер қалғанда сен, өзім кетіп?
Шаттансам, қасірет тартсам жүдеп арып,
Еріксіз шығушы едің көкірек жарып.
Жат туған бұл дүниеге мен бір ғаріп.
Біреудің, тұрмысына көңілі тоқ.
мұң айтысар
Жан жолдас, бұл уақытта ол менде жоқ.
Шыбын жан қайғы-дертке жолыққанда,
Жан жолдас болар ма еді ашыр жаны,
Тәніңнен қуат кетіп талыққанда?!
Емес пе мұңды ғаріп ғазиз басы?
Қайғысы, қасіреті кімге батар,
Сел болып ақса дағы көзден жасы.
Жүректің күйіп, жанған дертін басар.
Жүрек — от, көңіл — дария, халім нашар!
1915 жыл, Омбы.
ЖАЗҒЫ ТҮНДЕ
Тыныштанар біртін ел жатып,
Басады шық, мөп-мөлдір,
Сұлудың көз жасындай,
Жердің жүзі құлпырар,
Құлпырар әм аспан да.
Гауһардай болып жайнасып,
Шұбарлап көк аспанды,
Қосылысып алтын айымен,
Мәз мейрам боп жымыңдар
Дүниеге нұрын шашқанда.
Жібектей шашын тараған,
Өзенге біткен қалың тал
Суға төніп телмірер;
Көлеңкесі суда ойнап
Өзеннің шетін жапқанда.
Сәулесі түсіп мап-машық
Жұлдыздар мен нұрлы айдың.
Созылып шашырар қалтырап,
Сылдырлап суы ескектеп,
Жымылжып өзен акқанда.
Аспаннан нұрын шашқан соң,
Алтын ай мен жұлдыздар,
Ақ нұрға батып шомылып,
Жердің жүзі, көз тұрмай,
Көрінер жалтыр ақтан да.
Қатты сөз, дауыс, шу да жоқ,
Төңірек тып-тың... ауа саф,
Ләззаттың дәмін татысар,
Ауыл жым-жырт қаперсіз
Маужырап ұйықтап жатқанда.
Қазақтың ерке баласы,
Тау бақылар тыныштықта,
«Рахманымды көрсін», деп,
Әлемге бірдей табиғат
Шырағын көктен жаққанда...
Паналап талын сағалап,
Тұсына келер ауылдың,
Өзенге қонған тақалып,
Көкірек толқыр дамыл ғып,
Жолықпақ жерді тапқанда.
Бір отырып, бір тұрып,
Кешіккен соң ғашығың:
«Не болды бұған, япырым-ау?
Тыңдайсың әрбір сыбырды
Ауылды сырттан баққанда.
Маужырап, балқып керіліп,
Жатыр ма екен төсекте?
Үміт үзбей келер деп,
Ауылға қарап телміріп,
Көзіңнен ұйқы қашқанда.
Телміріп, қарап сарылып,
Отырғанда көрініп
Қысқа уақыт ұзақтай,
Ғашығың шығар боз үйден
Елегізіп аяқ басқанда.
Уағдалы жерде барыңды
Білдіресің көрініп.
Лепіріп жанып, тұра алмай,
Ыстық қан тасыр денеңде
Жүрегің лүпіл қаққанда.
Тез басып келіп қасыңа,
Дамылдай қарар бетіңе,
Көзімен жүрек күйдірер,
Көкірегі толқыр қалтырап,
Қайырып бетін ашқанда...
«Келмеспін енді мен қайтып»
Дегенінде, ғашығың:
«Өкпелеп әлде қалды ма?
Деп құбылар өң-жүзі
Сөз таба алмай сасқанда.
Таба алмай кілтін есіктің...»
Деп қолтыққа тығылар,
Мұңайып айтқан сөзіңе,
Мөлдірер жас көзіне...
Айқасып құшақтасқанда.
Бал алып тілден сүйісіп,
Жандырар жарың лебімен,
Төсіне қысып төсіңді.
Дүниеде өзге ләззаттан
Сүюдің күші асқанда.
Кірер ме еске дүние?
Толғанда шаттық жүрекке?
Қандай пенде жалғанда
Қазақтың жазғы түнінің
Ләззатын өстіп татқанда?
Бірдемені білгендей,
Аспандағы жұлдыздар.
Басбағысып қарасып:
«Тұрғандарың жарасып!»
Дегендей боп ақырын
Ұқсайды сыбырласқанға.
«Біреудің көзі шалар»... деп,
Тағы да қайтып келуге,
Уағда айтып әрең айрылысып,
Бір-біріңе қарайсың.
Үндемей қоштасқанда.
Хордың қызын құшқандай,
Бақытты сенен адам жоқ.
Жанын қосар жаныңмен
Жазғы түннің оңаша
Рахатына батқанда.
Тілекке жетіп болып мәз,
Тасиды көңіл сестеніп,
Риза болып өзіңе
Өзеннің бойын жағалап
Ауылға келе жатқанда.
Құшақтап оттай күйдірсең,
Деміме қосып деміңді.
Қаттырақ қысып өзіңе,
Еркелеуші ең бұралып
Қалжыңғып жауап қатқанда.
Біртіндеп көкке нұр жайып,
Талауранып қызарып,
Адырлы таудан бері асып,
Қайтушы ек талай ауылға
Атқанда таң, атқанда!.. 1915 жылы, қараша.
СӨЗ ЗАЙЫҒЫ НАДАНҒА
Ұғар айтқан сөзіңді.
«Ақымақ!» деуге өзіңді.
Су тоқтай ма елекке?
Ұғар сөзді байымды адам:
Тұрмай ма су шелекке?
1915 жыл, Омбы.
ҒАЗАЛ
Сөйлей көр, тіл мен жақ,
Сөзіңнің бәрі хақ.
Қалқаны мақтамақ...
Бұраң бел, құшсақ нақ.
Бейне гүл қызғалдақ.
Жібектей шашыңа.
Ақ меруерт тасына.
Нансаң бұл расыма;
Бар дүние тең келмес
Жалғыз бір басыңа.
От жанған жүзіңнен.
Айналдым көзіңнен.
Өптірші жүзіңнен.
Артылмас өзіңнен.
Кел, жаным, көңілімді аш
Ақырын жымиып,
Күліп бір нұрың шаш.
Білсін де өзге жас.
Лебіңмен қылшы мас!
Лебізің шекер бал,
Сымбатың өрім тал.
Алмадай қызыл ал.
Сен бір шоқ қызыл гүл.
Қонған кеп мен бұлбұл.
Сені иіскеп бес мың жыл.
Жырла да мың құбыл.
Сүйгенім, өзің біл!
1915 жыл, маусым.
Біздің ауыл Есен.
БІР . . . . ЯШ
Қазаққа, татарға
«Таң» болып атарға,
«Т-р-р» ұштым, «тырыстым»
Кіруге қатарға.
Ақаңды мақтадым.
Сөз алдым асырып.
Тоқайдан тоқайлап,
Сөз алдым білдіртпей,
Көп ойлап, «шоң» ойлап.
Өздерін мақтадым.
Сөзімді сатпадым.
Жан-жаққа шаштырдым.
Таяуда — танысқа.
Біреуді жақтасам,
Мені де мақтамақ,
Жанасып жақтамақ. 1916 жыл, қаңтар, Омбы.
КЕЛЕКЕ ҚЫЛУШЫДАН
Күлкіге азбаушы ем,
Біреудіңайыбын
Бүйтіп көп қазбаушы ем.
Мініңді жасырдың,
Жұлдыздан жоғары
Өзіңді асырдың.
Мінімді білер деп,
Келеді ойыңа —
Сендің ғой «бойыңа».
Әм көрген көзіме,
Бәрін де білемін —
Ха-ха-ха,— күлемін!
1916 жыл, қаңтар, Омбы.
МАЙ АЙЫНДА
І
Бұлттанды аспан күркіреп,
Рахман жаңбыр құйып бір
Басыла қалды сіркіреп.
Жайнады дүние рух кіріп.
Ойнады орғып дүркіреп.
Саф ауадан дем алып,
Керілді кең көкірек.
Шаттанды соғып жас жүрек.
ІІ
Тау, тас, орман жаңғырды.
Жер жүзіне жан кірді.
Ағашқа көрік — сән кірді.
Орманға шаттық ән кірді.
Құлпырды жұтып жаңбырды.
Гүлден гүлге қаңғырды.
ІІІ
Жаннаттай дүние жайнады.
Әншіл құстар сайрады.
Махаббат лебі қайнады.
Ғашықтар уағда байлады. 1916 жыл, мамыр.
Жүрегімнің соққаны
Тәтті дауыс — әнмен тең.
Ұжмақта шарап, балмен тең.
Құшағыма кір менің.
Махаббатым бір менің.
Тәніміз бірге жан қоссын.
Жүрегіміз ән қоссын.
Жанымыз балқып болсын мас.
Айқассын бірге екі бас. 1916 жыл, мамыр.
..ҒА
Төсіме төсің тигенде;
Ерніңнен ыстық ернімді
Айырмай ұзақ сүйгенде;
Жүрегің жанып күйгенде;
Былқылдап ең мас болып,
Еріп тәнің игенде!
1916 жыл, 12 шілде, Нұра.
ҚҰМАРЫМ
Күміс ермен ерлесем;
Ғашығымды алып алдыма
Далаға құлаш сермесем,
Тұлпарымды ұшыртсам,
Қалқашыма мойнымнан
Айрылмастай құштыртсам,
Көкіректі кернесем,
Нәрестедей ғашығымды
Ат үстінде тербесем.
Дүниенің кетсе шетіне,
«Жаным, сен...» десе ғашығым
Қабысып беті бетіме!
Тұлпарым менің талар ма?
Тынбай сүйсем ғашығымды
Құмарым менің қанар ма?
1916 жыл, шілде, Ауыл.
ТОЛҚЫН
Көл толқыны басылар;
Тітіреп дүмпіп жарылған
Жер толқыны басылар;
Ел толқыны басылар;
Ел-жұртынан айрылған
Ер толқыны басылар;
Басылмас ыстық жүректің.
Кернеген шерлі көкіректің.
Ереймен, Ащылы көл.
АРҚА СҰЛУЫНА
Шайбай Айманұлына
Уа, шіркін, сүйдің ұзақ сусын қанбай,
Мойнымнан ақ білекті қойдың алмай;
Керіліп маужыраған ақ маралдай.
Сымбатың шашақ жарған өрім талдай.
Бұраң бел, қырша мұрын, жазық маңдай.
Күлгенің нұрын шашып атқан таңдай.
Аузыңнан шыққан лебің шекер-балдай.
Алмадай, албыраған кіршік шалмай.
Беліңнен тал шыбықтай қыссам талмай!
1916 жыл, Ауыл, Есен.
СӘУЛЕМ
Отырсам жүрегімде жалын қаулап,
Ауырған жаныма көп демін салып,
Жалғыз-ақ сәулем келді көңілімді аулап.
Отырсам төңірекке көзім сүзіп:
Сұлуым, ерке сәулем қасыма кеп
Жанымды жадыратты рух кіргізіп.
Жылы жел ескен жазғы — тәтті сөзі.
Жұлдыздай аспандағы екі көзі.
Екі бет саядағы қызыл шие.
Даусы сызылған күй гармоние.
Сөйлессең шығар естен сұм дүние.
Ұқсайды қабысқан гүл шешек жарған.
Қара бұлт аспандағы жел аударған.
Аққудың ақ мамығы — ақ тамағы.
Көңілімді жадыратшы келіп тағы!
1916 жыл, 17-желтоқсан,
С. А. аулы.
ЖАҢА ЖЫЛ
«Жаз болды, міне!» десіп тұр.
Оңтүстіктен есіп тұр.
Дүние балқып иіп тұр.
Құшақтап беттен сүйіп тұр.
Қар еріп жатыр сылқылдап.
Шаттанып жырлап сұңқылдап.
Ағып жатыр сылдырлап,
Жас баладай алғашқы
Сөйлеген күліп былдырлап.
Жүр жадырап далада.
Кәрі де, жас та, бала да.
Сүйгенім менің келдің жаз?
Құшағын жайып қарсыңа
Жас жүрек міне болды мәз!
Сұлтан Абяаев аулы.
ОЙ СЕРІГІМ
Ойласам жарықтанды нұрын шашқан,
Шапағын қызыл күннің таудан асқан.
Ойласам гүлдің иісін кеудені ашқан.
Теңізді көз жетпейтін шалқыған кең.
Тұрасың көз алдымда, сүйгенім, сен!
1917 жыл.
ҚАЛТАСЫНДА БІРЕУДІҢ
Қалтасында біреудің
Жұпары болса сақтаулы,
Жұпарын ол дауыстап
Көрмейді лайық мақтауды.
Жұпардың өзі-ақ білдірер.
Тәтті иісін жайып сіңдірер. 1917 жыл.
ДҮНИЕДЕ КӨРКЕМ КҮЙЛЕР КӨП
Дүниеде көркем күйлер көп,
Жаны бар оны сезбей ме?
Сезбейтін оны құр тұлып,
Ән мен күйге түйе де
Шаттанар, хайуан десек те,
Сезбейтін оны адамды
1917 жыл, Ақмола.
ПОЛЯК АҚЫНЫ МИЦКЕВИЧТЕН
Жақсы көр итті өзің де.
Лұқпан айтты кезінде.
ЖАПОН АҚЫНЫНАН
Түнде жалғыз барсам мен.
Аузынан бал алсам мен.
Қорқытпа деп «қабармын».
Көңіліңді сөйтіп табармын. 1917 жыл, Ақмола.
КҮЗЕТШІ ИТТЕР
Қой сойып, ет жеп тоюға.
Қотанға күзет қоюға.
Қотанды аман сақтар деп.
Тамағын жеген ақтар» деп.
Қотанды жүрсе аралап,
Күзетші иттер қойыпты
Талай қойды жаралап!
Оятуға ауылды.
Арсылдап иттер жабылды.
Иттерге ие табылды.
«Алмашы дейді мазамды!»
«Не қылдың, бәлем, - деп иттер,
Берерміз дейді сазаңды!»
ӨТКЕН КҮН
Сұлудай толып бұралған,
Жібекке жасыл оранған,
Жас өрім талдың жапырағы
Сарғайып түсті үзіліп.
Сүюге тосқан еріндей,
Албырап тұрған қызыл гүл
Солды қурап бұзылып.
Шырқап ұшып зырлаған,
Қойылды қазір бұлбұлдың
Құбылған әні сызылып.
Жастығы жылдың өткенін,
Білдіріп қайтты тырна да
Қоштасып шырқап тізіліп.
Кемпір-шалдай түр кетті,
Жастығы жылдың — жаз өтті,
Қарасаң да сүзіліп,
1917 жыл, Ақмола.
ТЕРГЕГЕН БОЛСАҢ АЙТАЙЫН
Айтайын болсаң тергеген:
Домбырадай күйленіп,
Ән тасып көкірек кернеген.
Лүпілдеп жүрек тербеген.
Қосылған әрбір пернеден.
Күштерім құлаш сермеген.
Айтпауға ерік бермеген.
Кектер толып кернеген.
Дүниеден шындық көрмеген.
Екпінді қызу өлеңді
Көкірегім жылап еңіреген
Айтпауға ерік бермеген. 1917 жыл, Ақмола.
ДАЛАДА
Кезгек жел саулап есіп жетіп келді.
Көркейткен киіндіріп қара жерді.
Құшақтап аймалады амандасып,
Естіген, көрген-білген сырын маған
Айтысты қуанысып — сыбырласып:
Нашарлар, ұран салып жолын ашып,
Құлдықтан бақыттарын жеңіп алып,
Ту тігіп шығыпты ерлер қол ұстасып...»
Күйленді көкірек сонда шаттық тасып.
Айқайлап кең даланы күңірентіп,
Бой жаздым аяғымды нығап басып.
Күлімдеп гүл шашақтар басын иді.
Құшақтап майда ескек жел беттен сүйді.
Ескектің көкірегіме лебі тиді. 1917 жыл, Ақмола.
ҚЫРДА
Ән салдым домбыра алып ырғап, тербеп.
Ызыңдап кетті жаттап асау жел кеп.
Аралап Сарыарқаны кезіп, шарлап.
Кім білсе желдің тілін соған арнап. 1917 жыл.
КЕЛ, ЖІГІТТЕР
Соққан желдей,
Жастық шағы өтер тез.
Көшкен мастық
Аңдаусызда кетер тез.
Болыңдар ер,
Жүйткіт,
Орғыт тұлпарды!
Сілте қатты,
Ұйтқыт, өрлет сұңқарды!
Екпін үнді,
Домбыраны алайық.
Қосып жырды,
Күңірентіп ән салайық.
Әділдіктің
Алысқанын айтайық.
Бай мен кедей
Шабысқанын айтайық.
Байлар күйер,
Ауыздан от шашайық,
Салып ұран,
Кедейден топ жасайық.
Ту айқайлап,
Көкіректі кернеген.
Күйлер кернеп,
Шықсын әрбір пернеден. 1917 жыл.
АҚША ҚАР
Жер үшін шатты жайдан — көктен түстің,
Қайғысыз мәңгі сәби періштелер,
Мәңгілік жайын тастап жерді құштың.
Еркін кең, нұрлы, таза, шатты жайды,
Өкінбей қара жерге түскеніңе
Жүзің шат, мың құбылып жалтылдайды.
Қалықтап ала бұлттың соңына ердің.
Қосылған әнін естіп, биін көрдің.
Ақ күміс шашақ болып көрік бердің.
Не көркін көрдің айтшы қара жердің?
Мехнатты, былғанышты түсіп жерге,
Кіршіксіз аппақ таза болдың перде.
Мәңгілік шаттығыңды жанға берме!
1917 жыл, 18-қазан, Ақмола
ЖАС ҚАЗАҚ МАРСЕЛЬЕЗАСЫ
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Теңдіктің ұранын салайық.
Күн туды — біз теңдік алайық!
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!
Патшадан әділдік жоқ еді,
Ұлықтар парақор тоқ еді.
Жек көрген, итімен тең тұтқан.
Айламен ұстаған надан ғып.
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!
Өзінен өңгеден кем халық,
Алдаушы қуларға жем халық
Парақор би менен болыстан.
Залым мен байларға болысқан.
Азамат, сестеніп...
Қайырсыз байларың көп еді,
Жауыздың мейірімі жоқ еді.
Қулардың аранын тияйық,
Ақ ниет азамат ерлерді
Бір тудың астына жияйық.
Азамат, сестеніп... (ақырына шейін).
Сорлы жұрт сестеніп оңалсын,
Бақытқа жол ашық сезілсін,
Әділдік, жаңа заң түзілсін.
Бұрынғы қу тәртіп бұзылсын.
Ұран сал... (ақырына шейін).
Жасасын әділдік, теңшілік.
Өз еркін бұқара қолға алсын.
Қызыл ту желбіреп орналсын.
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос.
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.
Тізе қос, тізе қос, тізе қос!
1918 жыл, сәуір. Ақмола.
ТҰЛПАРЫМ
Темір торлы тас үйде
Көкірегім толды шерменен.
Арқырап келші кермеден.
Құйрығын сүзіп ерлеген,
Құтқаршы мені қамаудан
Шынжырлап ерік бермеген;
Жарысып соққан желменен,
Көбігің шықсын күмістей
Шомылып аққан терменен.
Жаңғырсын таулар, жерменен,
Сыпыра шауып қырымды,
Амандасып көлменен.
Зеңгір таумен, белменен,
Өңкей сорлы езілген
Көрісейін елменен. 1918жыл.
САҒЫНДЫМ
Туғалы қапас көрмеген,
Көкіректе кектер кернеген,
Талпынып құлаш сермеген
Қайырымды қалың елі бар,
Сарыарқа сары белі бар,
Өрісті шалқар көлі бар
Сағындым мен қырымды.
Кермеге тұлпар байлаған,
Хабарсыз арам ойлардан
Сағындым мен аулымды.
Қыпша белі қыналған,
Еркесі қырдың бұралған
Сағындым мен сәулемді.
Ақ сүтін беріп кешірген,
Тастамайтын есінен
Сағындым ғаріп анамды.
Үйреткен асау бойлаған...
Сағындым еркін даламды.
Жігіті бағлан манаптай,
Тұлпары тарпаң қанатты
Сағындым бейбіт елімді.
Орманы шалғын миялы,
Жылқы, қой, сиыр, түйелі
Сағындым Арқа — жерімді. 1918жыл.
ҚАМАУДАН
Аяған адам жоқ болды.
Көңілім соған тоқ болды.
Торғайлар кеп ән салды.
Күйлендіріп жан салды.
Жіберді маған желменен.
Сөйлесті көңілім елменен.
Шұғыласын шашты алтындап.
Келді алдыма жарқылдап.
Көрсетті қыр, кеңдігін,
Табиғатына дүниенің
Патша мен тұтқын теңдігін.
Құшақтап сүйіп тәнімді:
Сүйгенімдей тербетіп
Жұбатты менің жанымды.
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Асау еркін көңілді. 1918 жыл, маусым, Ақмола.
АДАСҚАНДАРҒА
Нашарларға болысып
Күзетшілер бетін қайыру,
Тырнағынан олардың
Жолында жүрген бауырыңа
Тас аттыңдар бәрің де,
Мырзаларға қосылып,
Жастарың да, кәрің де.
Сендерде егер ар болса, —
Бердім соның сотына,
Халық — тәңір бар болса!
1918 жыл, шілде, Ақмола.
АЗАП ВАГОНЫ – ДОЗАҚ
Жауызға көнбей туладық.
Аранына уладық.
Жатақ қылды тәніміз.
Аузында болды жанымыз.
Кетіп адам сәніміз,
Арыстандай шынжырлы
Өртеніп, қайнап қанымыз.
Үйреншікті ас болды.
Жастығымыз тас болды.
Денені басып қаралап,
Тас көмірдің түтіні
Өкпені қауып аралап.
Жыланша жалап, жаралап.
Көрдік қорлық азабын. 1919 жыл.
ШАҺИТ БОЛҒАН ДОСТАРЫМА
Дүниеде ер жігіттің өлгені арман,
Қадірсіз айдалада көмгені арман.
Бәрінен сұм дүниеге келгені арман.
Сыз төсек қара жерге көмгенінде,
Жалғыз-ақ сорлы ананы аяймын мен
Ойға алып жақындарым тергенімде.
Ұмытар жақын деген достың бәрі.
Сорлы ана, көкірек жарған қайғы, зары
Аяныш емес ердің қара басы,
Аяныш емес және жан жолдасы,
Тамшылап сорлы ананың аққан жасы!
1919жыл.
ТҮРМЕДЕН ҚАШЫП ШЫҚҚАНДА
Кеңшілікке қаштым.
Асау атша бастым.
Сұңқардай заулап ұшайын!
Ұшайын!
Көкті, жерді қапсырып
Біріктіріп құшайын!
Қолға түскен бүркіттей
Ішім қатты пысып ед.
Кеудемді қатты қысып ед.
Еркін байтақ ен дала.
Төсіңе мені қысып бас.
ер,
Мен бала,
Жас.
Мен күшті енді!
Мен...
Мен...
Mac...
Дәуреннің неше айналып келмесіне?
Қамауға жігіт адам көнсін неге,
Жігері жоқ болмаса зердесінде.
Әне орман, әне кең әм еркін дала.
Міне үлкен, міне жастар, міне бала!
Уф! Жүрейін, жүрейін,
Осы жерден кетейін.
Күн-түн қатып жетейін.
Әуп!
Ауаны жұтайын!
Жұтайын!
Бар ауаны құртайын!
1919 жыл, наурыз.
БОРАНДА
Жүз қадам жер көрінбей... кеш те батты...
Еңіретіп төңіректі ызыңдатты.
Масайрап үйлерінде ішіп тамақ,
Малдылар отырғанда күліп-ойнап,
Боранда келе жатты сорлы шал-ақ.
Қу бейнет жарлылықтың дәмін татқан.
Үлбіреп қарлар толып, еріп қатқан.
Жинаған ескі-құсқы жұрттан алған.
Қаңғырып қайыр сұрап арып-талған
Омбылап жүре-жүре әлі кетті. «Уһ... ажал, тыншықтыр» деп бұрды бетті.
Өмірде серік қылған қу бейнетті.
Сорлыны қалтыратты ызғар өткен.
Сорлыны жықты қарға әлі кеткен.
Денесі әлі кетіп мұз боп қатты.
Уу... гу-гу... дүлей боран, ей!.. Ей... жан жоқ.
Сорлыны қармен көміп бетін жапты.
Барлық бай үйлерінде тамағы тоқ.
Аяйтын арттарында ешкімі жоқ. 1919жыл.
БАБАЛАРЫМА
Қу заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.
Ескене, Байбек, Жәнібек — бергі атам.
Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.
Жоқ еді, істерімде ешбір қатам.
Қуандық — Қаратоқа елім еді.
Сендерге асау балаң сеніп еді.
Жыртқаным сорлы жұрттың намыстарын.
Көп жауыз ұлықтармен қарысқаным.
Жазғаным елді біраз билегенім.
Паңдарды ұлықсыған илегенім.
Оларды өрге қарап сүйрегенім.
Нашармен қол ұстасып бірге жүрдім.
Сатылмай әділшілік жолын құрдым.
Бұрынғы ұмыттырды мінген атты.
Артынан басқа салды мехнатты.
Қамығып ер көңілі қаяуланған.
Жоқ шығар мендей балаң жаяулаған.
Аралап суын іштім талай жердің.
Біреуі болып сорлы жұмыскердің.
Белімді жастан бекем буған едім.
Әділдік жолын іздеп қуған едім.
Сол жолда басшы қылдым жалғыз хақты.
Қолда енді, бабаларым, аруақты!
1919 жыл, сәуір, Баян аулы.
ҚАМЫҚҚАН КӨҢІЛГЕ
Қырандай жоғары өрлеп қалқушы едің,
Зұлматқа қаһар тігіп, лағынет айтып,
Балша еріп махаббатқа балқушы едің.
Күйленіп бұрынғыдай керне, көңілім!
Қамығып жабырқадың неге мұндай,
Талпынып көкке құлаш серме, көңілім!
Kөп дұшпан сырттан күндеп, қастаны рас.
Бұл күнде қара зұлмат басқаны рас.
Қара түн қапылыста келгені рас.
Қайғы-дерт көкірек жарып енгені рас.
Көп дұшпан аяқтан кеп шалғаны рас.
Өкпеден көк найзасын салғаны рас.
Сан азап бір күнгідей болмай кетер.
Жарқырап ататын таң әлі-ақ жетер. 1919 жыл.
ЖАЗҒЫТҰРЫ
Құлпырды шыққа оранып ойы, қыры.
Сұлудай тау менен тас жердің түрі.
Ай менен жұлдыздардың шашқан нұры.
Түнеріп күзеткендей бірін-бірі.
Жаңғырып әр дыбысты қайта айтады.
Керемет, тауда жан бар, тау, тас тірі.
Тасада тұрған төніп бейне ұры.
Жасырын майда ескектің айтқан сыры.
Естілген көкірек жарып айтқан жыры.
Келген жаз — махаббаттың көркем пірі. 1919 жыл.
БІЗДІҢ ЖАҚТА
Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Меймандос, берекелі елдері бар.
Еркін дала белдер-ай.
Тізіліп көшкен елдер-ай.
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс.
Ер палуан, аңшы-мерген, әншіл, сері.
Жау жүрек, ер көңілді жігіттері.
Жазушы ек қанат сұңқардай,
Асауменен алысып,
Қашағанды құтқармай.
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс.
Тісіне ұқсатарсың меруерт тасты.
Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты.
Жас өрім талдай сәулем-ай.
Сағындым сені, бауырым-ай.
Өрім талдай,
Жазық маңдай,
Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай.
Сырнайдай дауыстары, тәтті сөзді.
Шырайлы, ашық көңіл, бал мінезді.
Жас өрім, талдай сәулем-ай.
Сағындым сені, бауырым-ай.
Өрім талдай,
Жазық маңдай,
Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай. 1919 жыл, мамыр. Баян аулы.
ҮГІТ
Көбі-ақ саған қас шығар.
Қалған көңілің тас шығар.
Айтқан тура сөзіңді,
Өңкей залым: «сен бұзғыш!» —
Дейтін-ақ шығар өзіңді.
Бола ма, құрбы, мұңайып?
Залым — адам қапқан ит,
Итке салар кім айып?
Пайғамбарға оқ атқан.
Тобынан қуып, боқ атқан. 1919жыл, Арқа.
ТАУ ІШІНДЕ
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп,
Астымда ақ боз атым сылаң сағым,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Ауаның жазғы жұпарын.
Тәтті сөзің,
Қара көзің
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып.
Еркелеп басар аяңдай.
Дыңылдап қалқып баяулай.
Тәтті сөзің,
Қара көзің
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Маужырап төсегіңде керілмессің.
Жеріңе келуге сен ерінбессің.
Үйіңнен шығып көлеңдеп,
Асығып келсең мөлдіреп,
Бүркенген шапан желеңдеп.
Тәтті сөзің,
Қара көзің
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ерніңнен ішкен балға қанбас құмар.
Шалқыған шіркін көңіл емес тынар.
Үйіңнен шығып көлеңдеп,
Асығып келсең мөлдіреп,
Бүркенген шапан желеңдеп.
Тәтті сөзің,
Қара көзің
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің. 1919 жыл.
ШӨЛДЕ
І
ДОМБЫРАҒА
Көңілді бір орынға қондыра ма?
Түнерген қара қабақ жадырасын,
Ән салып, күй күйлейтін домбыраға.
Ызаны тарқатуға домбыра алдым.
Домбырам, айтшы бәрін біздің халдің!?
Домбыра-ай, күйлер қоссын пернелерің!
Тарқатшы көкіректегі кектің шерін.
Түнеріп, түгі шығып қайратты ерің.
Көкіректен ән салғанда шыққан жалын,
Күйдіріп әм мұздатып жан мен тәнді,
Әлемге біздің халдің айтшы бәрін?!
ІІ
АҚҚУҒА
Япырым-ай, бір сорлы әйел жылады ма?
Сағынып әлде қымбат бір адамын,
Көл қылып көздің жасын бұлады ма?
Біреуге сәлем айтсам, айтар ма екен?
Әй, аққу, әй, сәлем айт жолыққанда,
Сарыарқа сынсыз сұлу біздің мекен.
Сорлы ана, ол сағынып еңіреген зар.
Емес ол опасы жоқ сұм сүйген жар.
Сағынған сол байғұсты барып құшсам.
Құшақтап көкірегіме басып қыссам!
ІІІ
КҮРЕҢ AТҚА
Арқадан күдер үзіп торықтың ба?
Мендей-ақ тыныштық таппай елді тастап
Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адаммен
Жолдас боп, арып-ашып талықтың ба?
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар.
Той қылып, алдымыздан бізді тосар. 1919 жыл, қазан, Шөл.
ӨМІРСІЗ ҒАШЫҚ
Құмар боп қоймай,
Сүюге тоймай,
Бал шарап десем сөзінде,
Қапаста тоты...
Жанады десем көзінде;
Жайнаған көзі шоқ екен,
Жүрекке атқан оқ екен.
Лебізі, сөзі
Ұжмақтың шарап суындай.
Дәмін мен білдім:
Жыланның зәһәр уындай.
Уына бірақ күйдірді.
Өрт болып жандың,
Сұм жүрек, енді қойсайшы!
Аққуды құштың,—
Қу көңіл, енді тойсайшы!
Өмірсіз жарды сынарсың,
Енді, бәлем, тынарсың. 1919 жыл, қазан, Арқа, Сарысу.
ЖЕЛ ҚАЙЫҚТА
Тәуекел дарияға салсаң қайық.
Талмай жүз, тұтқан жолдан кетпей тайып.
Қаңбақша кезер кемең қанат жайып.
Сұрапыл дауыл соқса қатер-қауіп.
Ескекті мықтап ұста кетпей ауып.
Кулеп сал толқында да қаһарланып.
Рахатты, мехнатты да мойынға алып.
Дариядан қорықпай жүзіп аман өтіп,
Ғаділдік, махаббаттық патшалығын
Көрерсің мақсұтыңа барып жетіп. 1920 жыл, қазан, Орынбор.
ҚАРА АЙҒЫР
Қозғалды алып қара айғыр
Қаһарлы күшпен ақырып.
Күштерін жинап шақырып.
Үдере сызып, арқырап,
Ырсылдап, қатты дем алып,
Көздері жайнап жарқырап.
Демдері шығып бу, бу, бу!
Алыпқа мініп біз тұрмыз.
Жерді жарып дүбірі,
Орғыды алып зырқырап.
Қалып жатты бұрқырап.
Ұшып алға басады.
Жан-жағына шашады.
Сыдырып, жарып асады.
Тұра алмай әркім қашады.
Желді жарып кеседі.
Құстай ұшып еседі.
Демдері шығып бу, бу, бу!
Көкірек көріп біз тұрмыз:
Шу, жануар, шу, шу, шу!
Ерлер үшін жасалған,
Жер-дүниеге құлашты
Сермер үшін жасалған.
Ерлер күшпен жаратқан.
Екпін күшке қаратқан.
Күңірентіп ұран таратқан.
Жалшылар, енді азаттан!
1921 жыл, қаңтар, Орынбор.
ЕРКЕМ
Асау, тағы тұлпардай
Жұлынып жерді тарписың.
Екпіндеп қаулап шалқисың.
Жібектей жұмсақ балқисың.
Сұңқардай көкте қалқисың.
Кәне, еркем, таптың ба?
Бал дегенің не екен,
Удың дәмін таттың ба?
Қой, мазасыз, қой енді!
Улап бақтың бал іздеп,
Ая өзіңді, той енді!
1921 жыл, 28-қаңтар, Орынбор.
Бір. С. А.
БІЗ
саған арнадым, жолдасым)
Асау өсіп арқада
Жүген, құрық тимеген,
Жасынан ноқта кимеген,
Бостандық, кеңдік, еркіндік —
Басқаны жаны сүймеген,
Ақырып тулап сүйреген,
Арқаның болдық ұланы,
Еркін өскен бұланы.
Жауызға көнбей туладық.
Аранына уладық.
Жатақ қылды тәніміз.
Аузында болды жанымыз.
Кетіп адам сәніміз,
Арыстандай жаралы
Өртенді қайнап қанымыз.
Үйреншікті ас болды,
Күл, көмір, қиқым, тоң төсек,
Жастығымыз тас болды.
Денені басып қаралап,
Тас көмірдің түтіні!
Өкпені қауып аралап,
Қол-аяқты жаралап,
Жауыздардың дұзағын
Көрдік, қорлық, азабын!
Қызыл күнге жеттік біз!
Әділдік — адал еңбекті
Тұрмысқа патша еттік біз.
Іштеріне тептік біз.
Ит шанаға жектік біз.
Тартсын, тартсын жазасын!
Жәбіршіл жауыз залымдар,
Тартсын енді сазасын!
1921 жыл, 27-ақпан, Орынбор.
БІР АҚЫННЫҢ САНДЫРАҒЫ
Ыңқылдайды төсекте
Қыстығып.
Қасында отыр есептеп
Ыстығын.
Жастығының астында —
Иманшарты,
Әлі де әл көп,
Ақ орамал басында.
«Мен отпын, жанамын!
Мен отпын.
жарамын!
Мен оқпын.
Мен күн, аймын!
Мен маймын!
Мен баймын!
Жаймын!
Мен!
Мен үңгірде арыстанмын!
Отпен от боп жанысқанмын!
Алысқанмын!
Шалысқанмын!
Мен!
Блок, Бальмонт жастығының астында,
Ақ орамал күңгірттенді басында.
Састы доктор қасында. 1921 жыл.
ҰЛТШЫЛДЫҢ САНДЫРАҒЫ
Ойбайлайды құс төсектің үстінде:
— «Бауырым, бауырым!
Елім-жұртым, дауысымды есіттің бе?»
Қарны жуан
Отағасы күбірлейді қасында...
«Өл...» — деп тұр-ау,
Қисаңдайды ақ сәлдесі басында. 1921 жыл.
МАРЖАН
Күлімдейді қабағың.
Жалаңаш балғын балтырың,
Неткен сұлу, жарқыным?
Маржан, Маржан, жүрегім!
Қолында сенің күрегің.
Жалаңаш жұмыр білегің,
Мойнымнан құшшы — тілегім.
Сымбатты, күшті жұмыскер.
Піскен алма қойныңда,
Білегіңді артшы мойныма!
Маржан, көзің көмірдей,
Денең күшті темірдей.
Іс істе, жаным, ерінбей!
1921 жыл, 10-мамыр.
Жол. Омбы — Қызылжар, вагон.
АҚҚУ ҚҰС
Желдей есіп күшті,
Ән салып күлді айнала.
Көлді кеп құшты...
Ақ төсін төсеп айнаға.
Аққу құс келді...
Көлеңдеп, жүзіп сыланып.
Көркейтті көлді,
Ақ күміс суға бұланып.
Ақ төсін көрген,
Көлеңде, сәулем, сыңқылда,
Көлдегі, еркем,
Сылаңда, биле, былқылда.
Ақ көбік тізді,
Айнадай тұнық көл суын
Қақ жарып сызды...
Сұлуым, сәулем, аққуым!
Аққу құс кербез!
Биіңді көргіз,
Көрсет, сәулем, сәніңді.
Таяншы тез... тез...
Құбылтып салшы әніңді.
Сыңқылдап күйлеп,
Сыбырлап сүйіп жалынды.
Айналып билеп...
Балқытты менің жанымды.
Күйіп мен жандым,
Туғаннан саған ғашықпын.
Соңыңнан ердім,
Көруге тағы асықпын. 1921 жыл, 5-шілде, Көкшетау.
ЖОЛДАСТАР
Намысы бар нашардың балалары!
Неше мың жыл күл болған бабаларың,
Жолдастар!
Сол нашардың жалғыз біз паналары,
Жолдастар!
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Өз қолыңмен жасалар бақыттарың,
Жолдастар!
Неше мың жыл құлданған бай мен патша
Жолдастар!
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Көздің жасын жауыздар көріп пе еді,
Жолдастар?!
Жалбарынып жарлылар сұрағанда,
Жолдастар?!
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Дұшпаның бай құлданған сені нашар.
Жолдастар!
Асты-үстіне келтіріп сұм дүниені,
Жаңа тұрмыс, бақытты қолмен жасар,
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Көздің жасын көл қылып бұлағанды,
Жолдастар!
Балғын білек күшімен аламыз біз
Неше мың жыл құдайдан сұрағанды.
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Нық басатын темірдей табандарын,
Жолдастар!
Тендік, бақыт, әділдік орнаталық,
Жолдастар!
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
Нашар ұлы жігерлі жатпа, сайлан,
Жолдастар!
Қорғалайтын күн өтті, бауырларым!
Жолдастар!
Кедей ұлы жігерлі,
Бірігіп ұран салып қал.
Бостандықты алып қал.
ЖҰМЫСКЕРЛЕРГЕ
жұмыскерлеріне арнадым)
Түсің суық, тәнің шойын, жалаңаш,
Өлшеген нан, қара суды қылып ас.
Күндіз-түні алысқанын, көмір тас.
Тәндеріңді жастан темір қарыған.
Қарның тойған күн болмаған — жарыған.
Күшті қолда; болат жұмыр білегің.
Бауырларым, теңелуің тілегім.
Мехнатқа салып бақтың тәніңді.
Халық үшін тек бәйге қып жаныңды.
Мехнаттың майданында қаныңды.
Орнар бақыт бітіп дүние аласы.
Бауырларым, қалың нашар баласы. 1921 жыл, 25-шілде, Қарағанды.
СҰЛУ ТЕРЕК
Орандың желбіреген жасыл желек.
Басқа ағаш көрінбейді саған серік.
Бұл жақта сенде-ақ көрдім мұндай көрік.
Тәкаппар, жалғыз өскен дәтін берік!
Маңыңнан өтіп жатыр кедей, бай да,
Жас, кәрі, зорсынған да, кішкентай да.
Аспанда-ау, сенің көңілің Күн мен Айда.
Тәкаппар болсаң дағы сен бір мұңды.
Ұстап түр қу қара жер тамырыңды.
Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.
Желбіреп жібектей боп тұрсын тиіп.
Әдемі жапырақтарың жасыл жібек.
Босқа өткен сұлулығың неге керек?!
1922жыл, 16-сәуір, Ташкент.
ДОМБЫРА
Отырды кең ордада.
Сөйленіп өтті ортада.
Шертіп, толғап күйлеттім.
Пернелерін сөйлеттім.
Домбырам менің зарлады.
Біресе тағы аңырады.
Сөйледі, күлді сыңқылдап.
Күрсініп, уһлеп, ыңқылдап.
Елжіреп мас боп былқылдап,
Жалындай жанып, созылып,
Үзіліп, толғап қыңқылдап.
Көкірегім де сарнады.
Көзімнен жас парлады.
Құлаштап бипыл шалқыды.
Үлбіреп және балқыды.
Көңілденді, ойнады.
Тереңге сүңгіп ойлады.
Жас жүректің сыры еді,
Көңілдің зары, мұңы еді,
Көкірек сарын-үн еді.
Шалқыған екпін күші еді.
Қайнаған жанның ісі еді. 1922жыл, Ташкент, Дұрмен.
АШ ҚАЗАҚ
Ыстық күні, оттай құмы
Ми қайнатқан елсіз Бетпақ даласы.
Келе жатты қазақтың бір баласы.
Елде жүрген көк өрімдей жас еді.
Бұл қаңғырған қалтылдайды — аш еді.
Әрең басқан... өңі қашқан...
Тәлтіректеп аш-аруақ қуарған.
Өліктей боп ұрттары суалған.
Біраз жүрді, біраз тұрды...
Біраз жатты... ышқынып қатты
Әлін жинап көтерілді, сұлады.
Сорлы аш қазақ қалған күшін жинады.
Жазасыздың шыбын жанын қинады.
Қазақ жұртын — бауырларын іздеді!
Өлгенінше жәрдем күтіп,
Тіршіліктен әлі күдер үзбеді!
«Тәңірім Алла-ай!...Адам жоқ қой?..
Жаратқан-ау, қинадың ғой жанымды!..
Көзіме жан көрінбейді...
Құрттың, Алла, бүйтіп қинап әлімді!..
Не жаздым мен, бір өзіңе мәлім-ді?
Жылаттың ғой жазасызды,
Масайратып өңкей жауыз залымды.
Үнсіз, нақақ азап тартқан тәнімді?
Бетпақ дала... жолдың аузы...
Жомарт едің, мейірімді едің,
Бауырларым, бабам, қазақ қайдасың?
Бар еді ғой сансыз малың,
Жәрдем күте жалғыз сенен...
Жайып қолды, жылап-еңіреп, сұранып...
Өлдім, міне, бауырларым!..
Ыстық күні, оттай құмы
Күйдіреді. Елсіз Бетпақ даласы!
Бетпақ, меңіреу... жылап, еңіреп,
Жалғыз қалды сорлы қазақ баласы.
Қалды жылап!.. Жатыр сұлап...
Қалмас текке!.. Келешекке
Кім жауапкер, ойлап соны қарашы!?
1922жыл, 22-сәуір, Ташкент.
KІM ЖАУАПКЕР, ЖОЛДАС?
Әлі елді жалмап жүр
Бұрынғы жауыз залымдар.
Бұрын жұртқа мәлімдер.
Жауыздықты тиятын.
Тамырларын қиятын.
Кім екенін білеміз.
Ұлуына келеміз.
Өзім-дағы білуші ем.
У тіліммен ілуші ем.
Аш қазақтың жайына?
Мен сөзімді айтып едім
Азаматқа, байына.
Өйткені олар жауапкер.
Соны, «Тоқпақ», ойлап көр!
1922 жыл, сәуір. Ташкент.
НАДЕЖДА, ҮМІТ, ҮМИЛА...
(Н. К.)
Қарындасым, дәуренсің.
Аққуымсың, сәулемсің...
Алма ержетіп өседі.
Уыздай болып піседі.
Не бір кезде үзеді.
Үзіліп жерге түседі.
Сен әлі жас баласың.
Білмей, қалқам, қаласың.
Айт. Дұрмен.
КІМДЕ-КІМНІҢ ТАСҚЫН СУДАЙ ҚАЙРАТЫ
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Ескілердің есебіне ермейік.
Күшті жұмсап, ірікпей құлаш сермейік.
Өлшеуі жоқ көк мұхиттан өтейік.
Жерге әкеліп жердің көркі етейік.
Жерді, аспанды тынбай сүзіп кешейік.
Қиратайық, уатайық, кесейік.
Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.
Алып қолға ырғап, шайқап қысайық.
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Жаңа тұрмыс қара жерге жасайық.
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Жар салысып, тізе қосып қарсы алар.
Ұран салып екпінді ерлер қосылар. 1922 жыл, 10-шілде, Орынбор.
МАРИЯҒА
(М. Н. М.)
Талмай іздеп көздегенім —
Сен едің, жаным, сен едің!
«Бақытым менің жалғыз сенде...
Деп едім, жаным, деп едім!
Қапияда ұшырастым,
Соқты жүрек, жандым... састым,
Ерік кетті — қарадым.
Көзден өткір оқ аттық...
Періштеге баладым.
Ауыл бардық. Жүрдік. Қондық.
Жаттың маған тақалып,
Ақырын жұмсақ қол ұстастың:
Жүрегіңе қысып бастың,
Қолымды ұстап апарып.
Сен де сүйіп құштың мені,
Бал ерніңнен сүйдірдің.
Асау жаным, ыстық қаным,
Уыңа мені күйдірдің. 1922 жыл, Орынбор.
ИВАН МЕН МЫРЗАБЕККЕ
Екеуін мені көрме жек.
Қарақтарым, қылма кек!
Туған жерім Сарыарқа —
Қиырсыз еркін кең алқа.
Тарқан-бұлаң серкесі,
Кемшілікті сүймейтін,
Қорқып басын имейтін,
Бостандықтың жағымын.
Болса түзік иманың,
Тілесең егер теңдікті,
Жойылсын десең кемдікті,
Бір мақсұтты қуысқан...
(Біледі мені жасынан).
Екпіндеп судай тасынам.
Нашарларға бұрамын.
Тыңдамаса сөзімді,
«Мырза-екеммен» соғысып,
Әлсіздерге болысып,
Қамшы, шоқпар ұрамын.
Айдары темір күректей,
Талай керді үйреткем,
Омыртқасын күйреткем.
Екеуің мені көрме жек!
Қайтейін, тентек, тағымын,
Бостандықтың жағымын. 1922 жыл, 3-маусым, Ақтөбе жолы.
БІЗДІҢ ТҰРМЫС – ЭКСПРЕСС
Әлемді құл ғып күшіне,
Еріксіз жұтып ішіне,
Экспресс жөнейді.
Талай жан жолда өлсе де,
Жасты, қанды көрсе де,
«Обал болды» демейді.
Меруерттей жасы тамарын,
Білсем де маған қарарын,
Поезға міндім таласып.
Талай жар жардан айрылды,
Сұңқардай талай қайрылды,
Телміріп қалды адасып.
Ешқайда мойын бұрмайды,
Ешкімге қарап тұрмайды,
Аямай жанды баратыр.
Кеудені өртеп жандырды,
Алысқа көзді салдырды,
Ұшырып алға қаратып.
Жорғалап кейде күйреңдеп,
Сумаңдап, кейде сүйреңдеп,
Экспресс зырлайды.
Аяқтары қыбырлап,
Адымы жиі жыбырлап,
Тұра тұр десем тұрмайды.
Жұлдыздай ақ, құлдырла!
Құйындай құтыр бұлдырла!
Аямай жүгір бәрің де!
Қорқақтар мейлі жыласын,
Шыдамаса құласын!
Аямай сілте барыңды!
1922 жыл, 23-тамыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру