Бөрінің сүті
Әдебиет порталы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Көк бөріні кие тұтқан текті еліне «Бөрінің сүті» атты жыр жинағын ұсынып отырған қытайлық қандасымыз Серік Əбілдің шығармашылығы мінезділігімен де, жан-жақтылығымен де ерекшеленеді. Адуын ақын, mсыршыл сазгер, құймақұлақ күйші, əнші, диктор бауырымыздың жырлары қазақы пайымдауларға, өнер тілін нəзік түсінушілікке, ізденімпаздыққа суарылған. Бөрінің сүті – тəңірдің құты болып сіңген ақын жырлары оқырман көңілін ұдайы
БӨРІНІҢ СҮТІ УДК 821.512.122 ББК 84 (5 каз)-5 Ə 20 ҚР Мəдениет министрлігінің «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Əбіл С. Бөрінің сүті. Өлеңдер жинағы. /Серік Əбіл. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауым дастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014. – 192 бет. ІSBN 978-601-7023-72-0 Көк бөріні кие тұтқан текті еліне «Бөрінің сүті» атты жыр жинағын ұсынып отырған қытайлық қандасымыз Серік Əбілдің шығармашылығы мінезділігімен де, жан-жақтылығымен де ерекшеленеді. Адуын ақын, сыршыл сазгер, құймақұлақ күйші, əнші, диктор бауырымыздың жырлары қазақы пайымдауларға, өнер тілін нəзік түсінушілікке, ізденімпаздыққа суарылған. Бөрінің сүті – тəңірдің құты болып сіңген ақын жырлары оқырман көңілін ұдайы баурап, ұлт табиғаты, адам мінезі, ел мен жер, өмір туралы сан алуан ойларға жетелейді. Миллионнан астам қазаққа қоныс болған Шыңжаң өңіріндегі жəне атажұрттағы белгілі адамдарға арналған арнау өлеңдерінің өзі де автор танымының тереңдігін, поэтикалық қуатының тегеурінділігін көрсетеді.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 каз)-5
ІSBN 978-601-7023-72-0
© Əбіл С., 2014
© Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
«Атажұрт» баспа орталығы, 2014
АРМАН ДЕГЕН
Арман жоқ сағынышқа жетелемес,
Селдетер сезімімді сетер елес.
Кереметің кеткен соң табындырып,
Келбетің де көкейден кетер емес.
Халық əні сияқты қайталаған,
Бір саз бар шырқалатын сай- саладан.
Алда күннің арманын көп айтады,
Басқа келген бақытын байқамаған.
Күй боп қалған күмбірлі күлкің елес,
Аңсарын аймалауды кім тілемес.
Адассам да сандаған сапарымнан,
Адасуым арманнан мүмкін емес.
Түсінерсің тірлікті санаң барың,
Жұмылғанша қашанғы жанарларың.
Қол жеткеннің бəрі де табысқа тəн,
Тек жетпеген істерің жан арманың.
Жапырағын жая алмас жалған бүрлер,
Құлпырады таң сайын алуан гүлдер.
Келер кездің бəрі де үмітке тəн,
Нағыз арман артыңда қалған күндер.
Арман деген артыңда қалған күндер.
Ə 20
СЕРІК ӘБІЛ
ЖЕЛТОҚСАНЫМ
Желтоқсаным жеттің бе жыл айналып,
Көңіл толқып тұрғаны-ай ылайланып.
Күндеріңді күйіме қосайыншы,
Домбырамның құлағын бұрай қалып.
Желтоқсаным, жеттің бе бұлыңғырлап,
Ойың омбы қасат қар, қырың қырбақ.
Өтесің- ау жəне бір ажым сыйлап,
Кетесің- ау жəне бір жылымды ұрлап.
Желтоқсаным күтіп ем сені асығып,
Тастайсың- ау тағы бір бел асырып.
Туған жерге аңсарым ауа беред,
Көкіректен сағыныш кені ашылып.
Көл жастанып көсілген байтақ жерім,
Əндерімді кешіңде айтар ма едім.
Желтоқсаным, желіңді желмая етіп,
Жетаралға бір барып қайтар ма едім,
Қыраттардан із шалып атты аңшылар,
Табиғатқа сəн сыйлап ақ тамшылар.
Соғымбасқа шақырып бірін- бірі,
Күнде той боп ауылда жатқан шығар.
Сапар айы деп сенен сенім алып,
Ат үстінде тербеліп сері халық.
Кеш кірген соң кеңесін жалғастырар,
Меш түбінде қайтадан келіп алып.
Желтоқсаным аңсаттың сахарамды,
Күнде боп жатқан сахнамды.
Аңсаттың- ау ақ көңіл жандарымды...
Əрбір үйден табылар ата- анамды.
ТОЙ ЖЫРЫ
Болыпты бір сараң бай баяғыда,
Таяздан түбінде бақ таяды да.
Бір тоқты қимай күңнің қалжасына,
Бір жұтта сүйеніпті таяғына.
Боқ дүние ақыр басын жалмапты екен,
Мал түгіл ұрпағы да қалмапты екен.
“Тойдан аяған тоқтың топырақ боп,
Жанарыңа құйылып зарлатса екен. “
Деп əлгіні бір кəрия қарғапты екен...
Ендеше тойдан тілек артылмасын,
Бабалар балалардан əн тыңдасын.
Сараңның салты бізге сарқыт емес,
Тірлікте өз тойымыз сарқылмасын.
Той, міне, бақыт гүлі ашылатын,
Ананың ақ шашуы шашылатын.
Той, міне, бабамыздан қалған дəстүр,
Шаттықты шарасынан асыратын.
Той, міне, əсем биге басатұғын,
Түсіндей түрленетін масатының.
Той, міне, бір өмірлік жиғандарын,
Ата- ана бір- ақ күнде шашатұғын.
Қазекем той дегенде сабылады,
Той қылмас торқа жиып не қылады.
Қамшының сабындай- ақ қайран ғұмыр,
Осындай күндерімен мағыналы.
Жайғандай айдынға кеп қаз қанатын,
Той, міне, аққу – ару назданатын.
Той, міне, азаматтар айдарынан,
Жел естірер желпініп мəз болатын.
СЕРІК ӘБІЛ
Өмірді өнерменен жетелейік,
Аз күнде не қыламыз өте кейіп.
Қанеки, ағайындар, той шарабын,
Тостағанға толтыра көтерейік...
ҚҰЛАН ҒҰМЫР
Тек өзіңдей түсінбейді қашандағы ел сені,
Əйтеу əр кез бір ауыр ой баса беред еңсені.
Текке кетіп жатқан жоқ па осы менің уақытым,
Тыныш жанның тырнағы да тез өседі деуші еді.
Тырнақ алып тұрғанымда сол сезімнен селт еттім,
Селт еттім де ертең жайлы ойлануға серт еттім.
Дəл енді осы “андағыңды шашпай көміп тасташы “,
Деген жардың кеңесінен жаным кейіп шер төктім.
Заман тыныш, тасыды ырыс, қайтеміз біз семірмей,
“Құлан ғұмыр “ жырғамайды тойған жерден шегінбей.
О, жалған- ай, менің қара тырнағымды қойғанда,
Бабалардың басы-дағы қалды емес пе көмілмей...
ТҮЛКІ ТІРЛІК
Арамзалар түбінде бір болады екен шын мазақ,
Түсіну де қиын тіпті тірлік деген сын ғажап.
Қара таудың баурайында тұратын қос кəрия,
Ұл мен келін дүние сап тартты өмірден тым азап.
Сойыл шіркін сорлыларға бұрын тиед емес пе,
Шал мен кемпір немересін айналдырып кеңеске.
Бес тауықтың жұмыртқасын тірлігіне талшық қып,
Жатты сол бір жапандағы жан баспайтын белесте.
Жығылғанға жұдырығын аямады тағдыр да,
Қарашада қызыл түлкі қар аралас жаңбырда.
Түн жамылып келді-дағы қырып біткен тауықты,
Бұлаң қағып кете берді бөленгенде таң нұрға.
Көңіл тасып бара жатты атқандай- ақ бақ таңы,
Залал салу қашандағы залымдардың мақтаны.
Бірақ-тағы, əзəзілдің белден аса бергенде,
Оны қарттың қағып түсті кеше құрған қақпаны.
Сыр сыйлайды сезінгенге дəуіріңнің дастаны,
Қоғам деген қайнап тұрған қара бастың қасқаны.
Қыран жоқта түлкілердің ашық деуші ем аспаны,
Міне, өмір өрнектері түсіндірді басқаны.
АЗУ ТІСІМ
Ауысып шабысына текірегі,
Астымда ала құнан секіреді.
Ұшып түстім анадай жерге барып,
Жануар бір сүрініп кетіп еді.
Осылай омақасты батыр-екең,
Ат мінсе абайлаған ақыл екен.
Саудырап азу тісім түсті алдыма,
Шошып кетсем түс көріп жатыр екем.
Оқыс деген əрдəйім таяуда екен,
Енді қалған өмірде жаяу кетем.
Ертесі хабар келді ауыл жақтан...
Келмеске аттаныпты аяулы əкем.
СЕРІК ӘБІЛ
АҒАЖАН – АСҚАРЫМ
Бір жолы біз саяхаттап шыңға шықтық тамаша,
Шыңда тұрсаң таулар-дағы сезіледі аласа.
Төрт түлікті дарқан дала дастарқанға ұқсайды,
Ақ бөрікті асқарларды аталарға баласақ.
Біреу жеміс беру үшін жейді өзіндік құрбанын,
Сондықтан да басқаларға бодау болу шын дарын.
Елітіп тым шаттансам да еске алдым, мен сол сəтте,
Шыңдарға да мынау таулар таған болып тұрғанын.
Əне сонда көз алдыма келе қалды жан ағам,
Ол мен үшін қиындықты саусақпенен санаған.
Бар орай мен мүмкіндікті баспалдақ қып жолыма,
Өзі көрген қырсықтарды қызығына балаған.
Бұл күндері сонау сайда егіндігін баптайды,
Əлі-дағы бар асылын маған ғана сақтайды.
Сондықтан да тек сезімін серік еткен сері іні,
Тұрмыс деген тұсауыңды ойланып та жатпайды.
Саяхаттап жүрсем-дағы бере алмадым саған қол,
Түсінерсің, шаршамайтын жан едің ғой, шамаң мол.
Өзің барда мен өзгеден сірə төмен тұрмаспын.
Ардақтым- ау, айналайын асқар тауым, аман бол.
Қанат бітсе қарға болмай əліңе сай қыран бол,
Деуші едің ғой, оған-дағы қажет екен шыдам мол.
Биігіне жердің шығу оңайырақ əрине,
Ал, ендеше ел биігі деген нағыз бұраң жол.
Мұны-дағы менен жақсы білесің ғой, жан аға,
Сені ойласам бір сағыныш орнай беред санаға,
Жауап беру қиын екен, қиын екен дариға- ай,
Халық деген қасиетті нағыз таудай данаға.
ҚҰМЫРЫСҚАЛАР
Санақсыз құмырысқалар қайшалысып,
Тынымсыз тіршілігін жатты жасап.
Бір кезде илеулерін басып- жаншып,
Шапқылап өте шықты атты жасақ.
Қарап тұрдым күңіреніп күйіне де,
Тағдырлары тапталды табандарда.
Теңдігі жоқ теңселген дүниеде,
Шамаң келмес істерге шараң бар ма.
Көптігін де көңілге тоқ санағам,
Берекесі олардың тастай бекем.
Өмірдегі кей істер ұқсамаған,
Толғандырып адамды тастайды екен.
Еңбекші деп жəне де ел мақтайды,
Ал, мен болсам шынымен жек көремін.
Тоғышарға қашанда тамақ қайғы,
Терең ұғым екен ғой тек дегенің.
ЖАҒАДАҒЫ ЖАРТАСҚА
Келер дейсің оңына бəр іс қашан,
Өмір мəнсіз өзіңді сəл ұстасаң.
Жақсы күндер кешуің қиын екен.
Жақсы көрген жаныңнан алыстасаң.
Жағадағы ақынға теңіз бүгін,
Тіл қатқандай оқы деп лебіз жырын.
Аунақшыған толқынға айттым сонда,
Жүрегімнің өзіңмен егіздігін.
Серік керек құлға да, патшаға да,
Бұлбұл мен Гүл сəн берген бақшаға да.
СЕРІК ӘБІЛ
Мені көріп сыңарын есіне алды- ау,
Алысқа ұшты анау бір ақ шағала.
Бақытымсың бастағы бал қыз- құсым,
Сағынышым бір əнді салғызды шын.
Жараспай- ақ тұрғанын жаным сезед,
Жағадағы жартасқа жалғыз мүсін.
Телміремін теңіздің толқынына,
Малынғандай махаббат мол сырына.
Гүлдей жайнап жанымда тұрар ма едің,
Айқастырып қолыңды қолтығыма.
Көкжиектен көсілген көзімді алмай,
Күбірлеймін қасымда өзің бардай.
Теңіздейін тербеліп сезім балдай,
Телефонға қол салдым төзім қалмай.
ҚҰЛЖАМ МЕНІҢ
Сұлу Сайрам құлағыңа,
Тағып қойған сырғам ба едің.
Аунар ма едім құрағыңа,
Айналайын, Құлжам менің.
Талқыға кеп Тəкеңдейін,
Сүйер ме едім жырдан керім.
Əшім жатқан əкемдейін,
Күй кернеген Құлжам менің.
Қабанбайдың таққан тұмар,
Төсінен тұр жыр атылып.
Хас-Күнесім жатқан шығар,
Бұрымыңдай бұратылып.
Бір барсам-ау жəйім түсіп,
Əсет əнін айтар ма едім.
Бір самауыр шайыңды ішіп,
Бір дем алып қайтар ма едім.
Ақ шағала ауылыңда,
Ататұғын таңым күліп.
Алмаң ба əлде аруың ба?
Жүр ғой əйтеу сағындырып.
Салмаң болып салынармын,
Бақаның боп табыламын.
Басқұрың боп таңыламын,
Шарапатты шаңырағым!
Қолдап, қорғап Қызай ана,
Сауық- Сайран құрған жерім.
Орда тіккен үйсін баба,
Құдыретті Құлжам менің.
ҚАРА САЛЫ
Мен сені көп жыл тақтым қара салы,
Қара салы өзіме жарасады.
Талай таңға куəсің қаңтардағы,
Көрдім қанша биік пен аласаны.
Аман адам асудан сан асады,
Жарасады өзіме қара салы.
Қыздар берген ескірмес естелік деп,
Құрбыларым қалжыңдап қарасады.
Оларға қарсылық қылғаным жоқ,
Қызығы мол жанмын ғой қырларым көп.
Əйтеу менің қылт еткен қылықтарым,
Елестейді елдерге сырларым боп.
СЕРІК ӘБІЛ
САҒЫНДЫМ, АҒА
Қазан айы құс қайтты жылы жаққа,
Енді еркеңнің оқылар жыры жатқа.
Ақыл айтып жатасың, жаным аға,
Кейде тіпті түсіме кіріп ап та.
Қайтқан қазға тұрамын қимай қарап,
Сезім шіркін, кеудеге симай барад.
Топ- топ болып жүретін Жетаралдың,
Сағындырды шілі де шимай қанат.
Сағындырды сары күз сартақтайды,
Туған жері кімдерді аңсатпайды.
Əйтеу менің əнге əуес жүрегімді,
Шалқар елдің шабыты шаршатпайды.
Ұшып өткен төбемнен қаз қатары,
Жүрегімнің жыр отын маздатады.
Аға, саған сол сəтте айтқым келер,
Ар жағымда бөлек бір наз жатады.
Дұшпаным көп, жан аға, досым аз ғой,
Қуат берер ініңе қосын аз ғой.
Бекежаннан қансырап жатқанында,
Сəлем айтқан Төлеген осы қаз ғой.
Осы қаз ғой қалқыған Үліңгірдей,
Қанат қаққан менің де жырым бірге.
Қайтқан қазға ұқсайтын түйелі көш...
Ұмытқам жоқ солардың бірін мүлде.
Қалай, аға, бұл жылы қырдағы дəн,
Сый алдың ба далаңның сырмағынан.
Мынау біздің қапырық қаламызда,
Биылғы күз бөлекше жылдағыдан.
Леп еседі өзгеше өпкен желден,
Кей күндері сияқты көктем келген.
Күз көктемге ұқсаса несі жақсы,
Жеміс алу керек қой текке терден.
Мейлі қандай дегенмен қыс таяды,
Істемейді бұл күнде күш баяғы.
Отардағы оттарға мосы болар...
Үш қазақтың жаздағы үш таяғы.
СƏЛЕМ САҒАН
Сан ойлар сабылысып санамда арман,
Жолдарға бастым қадам тарамданған.
Оңаша отырған бір сəтте мынау,
Сəлем хат жазайыншы саған, қарғам.
Жырларым шыныменен ұнады ма,
Шыдады ма төзімің сынағыма.
Жым- жылас жатқанымда ой түсіріп,
Назды үнің келе берді құлағыма.
Ай аттап, жыл жылжыды үндемедім,
Білгім кеп сезіміңнің бір дерегін.
Елесің ескірмейді есімдегі,
Қашан да қасымдасың күнде менің.
Адаспайды арманнан асықпаған,
Жаңа мың жыл қойыпты басып қадам.
Сияқтанад сырғалым сырымды айтсам,
Мен əлемге, ал, əлем ғашық саған.
Сəтті болып жылдың бас күндері де,
Бермесем де басқаға жүлдені де.
Алайда ай болды əйтеу бір жұмысым,
Ұмытылғандай болып жүргеніме.
СЕРІК ӘБІЛ
Достықты қашан жаным ұмытқалы,
Көңілім, сені кімдер суытпады.
Сырымды білмей жатып сырғалы ақын,
Қалайша жатсынбады, жуықтады.
Жоқ сырымды білмейді демейінші,
Ақын ғой, ана ғой ол сенейінші.
Сырлары сыртқа шықпас сырлылар ғой,
Қызбен де дос болып бір көрейінші.
Келмейді кей істерді жіліктегім,
Есімде ессіздермен жініккенім.
Үндес боп сияқтанған сый табақта,
Күндес боп кетіп еді жігіттерім.
Жырларың жүрегімді айқара ашып,
Өмірге болғандаймын қайта ғашық.
Кетердей келешегім келбеттеніп,
Сан сұрақ мазамды алып тайталасып.
Жарым түн, ұйқым келмей отыр əлі,
Баса алмадым жүректің отын əлі.
Ай болды сенің салған хаттарыңды,
Күніне неше қайта оқығалы.
ҚҰМ ЖЫРЫ
Тарғыл құм таңғажайып дала мынау,
Көркіңнен көзімді алмай қарадым- ау.
Тағдырың табиғатпен тамырласқан,
Түңілме, құмды түсін, қарағым- ау.
Таңданам баурайыңа таңдайланған,
Мұндайда сағым қуып самғайды арман.
Кім білсін кезіндегі керуеншінің,
Бейнесі ме, шөлі бір қанбай қалған.
Түйе өркеш, жолбарыс жон жоталарым
Ойыма ойпатыңнан от аламын.
Жырымды жолдарыңа ұқсатам да,
Сырымды саған бірақ қотарамын.
Жыңғылды, сексеуілді жылғаларым,
Сыйлайды сырлы құмдар жырға нəрін.
Жасылды жаны сезбес жансыздарды,
Келеді саған əкеп шырғалағым.
Бұйрат құм, бұйығы құм. Əжімді құм,
Нар тұлға тұрағым- ау назымды ұғын.
Жазымыш болса-дағы жазулы ұғым,
Əніңді əуелетем əзір бүгін.
Самалы сар даланың ескен ерен,
Керемет келбетіңді кестелеген.
Қорықпайын десем-дағы ештемеден,
Сені ойлап секем алып сескенер ем.
Қырқаңды қыдырдым кеп қызды табан,
Уа, құмдар, қойыныңнан көп ізді табам.
Өзіңді жетектеген жел секілді,
Уақыт та бастап барад бізді саған.
АҚЫН МЕН АРА
Ара татып гүлдің нəрін алғашқы,
Бал ғұмырдың бізге дəмі жалғасты.
Аралар мен ағаларға сүйеніп,
Бал татырып іштің талай таңғы асты.
Жолымызда жолсыздықтар бар талай,
Өте беру мүмкін емес байқамай.
Гүлге шыбын қонғанымен бəрі бір,
Бізге шырын бере алмайды қайталай.
СЕРІК ӘБІЛ
Нəрін беріп кетті аралар талай мың,
Ақындарды араларға балаймын.
Балға тойған ішінде сан сарайдың,
Шыбын жаны шырылдайды талайдың.
КҮЗ КҮМБІРІ
Қалыпты-ау тағы күз келіп,
Бермейді уақыт бізге ерік.
Əлде нені армандап,
Əлде кімді іздедік...
Қалыпты-ау тағы күз келіп,
Құлпыртып өңін қыз көрік.
Сағынып жүрер жан əке,
Есіме тұрсыз сіз келіп.
Қалыпты-ау тағы күз келіп,
Жазылар жаңа күнделік.
Күдікпен күндер өтсе де,
Үміттен күдер үзбедік...
Қырларды кезген қуалап арман,
Ертең-ақ еркең шыға алад алдан.
Жапырақ жүрек қинайды жанды,
Сап-сары болып қуара қалған.
Жолаушыларым, жолыңды таңда,
Қанаттыларым, қайыспай самға...
Сары күз ауыр келері анық,
Сағынышы бар саналы жанға.
Ұша алған ұшсын, тоспашы, жаным,
Қолыңды бұлғап қосташы, жаным.
Сарала күзгі сарала қазда,
Барады айтып қоштасу əнін.
Ұша алған ұшсын, тоспашы, жаным!
Осыдан жиырма екі жыл бұрын,
Қолына ұстатып тізгін- шылбырын.
Оқуға алғаш апарды əке,
Қара тайына мінгізген бір ұлын.
Кім болары ертең белгісіз онда,
Əйтеу бір нұрлы салғандай жолға,
Шаттанды шалқып,
Шіркін- ай деші!
Нелерді ойлап жүрді екен сонда.
Түстік- ау солай шиырлы ізге,
Ақ тілек- арман бұйырды бізге.
Дəл сол бір сəттер ойымнан шықпай,
Орала берді биылғы күзде.
Самалы күздің кекілін желпіп,
Əкелген əке мектепке ертіп.
Қара тай мінген сол қара ұл менмін,
Отырған бүгін «Күз күйін» шертіп.
Сол жолым екен қиыры құздың,
Əзірше əйтеу тұйығын бұздым.
Мінезіндей-ақ бұйығы қыздың...
Күндері қызық биылғы күздің.
СЕРІК ӘБІЛ
АЛТАЙДЫҢ ҚЫСЫН АҢСАДЫМ
Тірлікте мынау көрсек те қызық қанша мұң,
Тағдырдың ізі табынып өткен таң сағым.
Ақ мамықтарға бөленген тəтті арманым,
Аязды ақпан Алтайдың қысын аңсадым.
Бөрікті таудың көбікті сағым қырлары- ай,
Көрікті белдің көмкерген жақұт нұрлары- ай.
Шыршалы беткей ұларлы ұлы шыңдар- ай,
Ордалы жұртым ойыма түсіп тұрғаны- ай.
Қара гүлі еді- ау, гүлдердің ерек сарасы,
Ертегі ғұмыр Ертіс пен Қыран жағасы.
Шақшалы шалдың шарапат тұнған тұғыры,
Бақшалы таудың барады артып бағасы.
О, менің ғажап меруерт толы мекенім,
Сағынам əр кез зарыға аңсап жетемін.
Сезіндім бүгін, білмеуші ем бұрын не екенін,
Алтайдың қысы арудың түсі екенін.
Бөрілі белде қырандар самғап қияқты,
Жараған бура, жалды айғыр кетпен тұяқты.
Айбатын сыйлап Алтайдың қысы төсіне,
Тауларға сыйлы сыр беріп жатқан сияқты.
Қойларын бастар қарағай мүйіз серкелер,
Тер төгер əлі тебіні бөлек тентек ер.
Ақ сүңгі далам, елесіңменен еліте бер,
Шерте бер еркін күніңді енді, ертегі ел!
Ақ сұңқарлары ақ аюлармен сырласып,
Ақ бөкендері кеткен де шығар шыңды асып.
Ақ қайыңдарың аруың еді-ау, шын ғашық,
Ақ иықтармен қайтар ма едім мұңдасып.
Жерімнің жүзі қаңтарда қалың қаймақты,
Тарландар ізі тарихын айтар айбатты.
Ерімнің ерен ерлігін көріп қайратты,
Қызыға қарап қиылып талай ай батты.
Алтайдың қысын аңсайды жаным сағынып,
Маң далам мамық ұлпаларына малынып,
Тал- теректері сүңгіден моншақ тағынып,
Аруақты елге сыйлаған шығар ақ үміт.
Əуеніменен əлдилей тербеп əн сағым,
Өзіңде өткен балалық ғұмыр бал шағым.
Ақ жолға салған ақ шашу шашып алдымнан,
Ақ жорға мінген Алтайдың қысын аңсадым.
Киелі тауым кірлетпес жанды аршалым,
Сағындым сені шалдықтым біраз шаршадым.
Ойыма түсіп кетеді кейде барша мұң,
Ардақты анам - Алтайдың қысын аңсадым.
Айбатты далам - Алтайдың қысын аңсадым!
КІСІЛІК
Келмейді ешкімді де ренжіткім,
Кейде өзім де елге артық ренжіппін.
Бағалай білер болсаң басқаларды,
Белгісі бойыңдағы бір ерліктің.
Келмейді ешкімді де өкпелеткім,
Өзім де өзгеге артық өкпелеппін.
Көңілінің көк айдынын көлбіретіп,
Сырласа сыйлағанды жек көред кім.
Келмейді ешкімді де кінəлағым,
Кей кезде мен де өтірік күле аламын.
СЕРІК ӘБІЛ
Кім мəңгі араласам деп ойламас,
Өмірдің өзі ұнатқан Гүл алабын.
Келмейді ешкімге де міндетсігім,
Менің де жоқ шынымен сынды естігім.
Өзі боп ойлап соның түсінер ем.
Көрсетіп қалғанда ел күндестігін.
Келмейді ешкімге де жағымсығым,
Арайлап атқан əр күн таңым- шырын.
Қоңызбен де, қоймен де тағдырласпын,
Айналайын бұл менің жаным- сырым.
Келмейді ешкімге де жұмбақтанғым,
Досқа да, дұшпанға да сырды ақтардым.
Дүниеде қалған жоқ құпиялық,
Жаным- ау, сен несіне құндақталдың.
Қалтарыс қара жолда сұмдық толған,
Қашан да қасиетті шындық қорған.
Пенделік пейілдегі сенің сырың,
Кітап боп баяғыда шығып болған.
Тек қана аялай біл ақ таңыңды,
Ешкім де елемейді мақтаныңды.
Қалайда есіңе ала жүргенің жөн,
Қайталап өткен ізді жатқаныңды.
Өмірге енді бастан келе алмаймын,
Ендеше, өзімді-өзім неге алдаймын?
Кісілігі бар жанның түсінігі –
Жоқ дегенге əрқашан сене алмаймын.
ҮШЕУІМІЗ
Мені де біреу сағынар,
Саған да біреу табынар.
Оның да жолы табылар,
Тірліктің үш-ақ таңы бар.
Мені де біреу аңсайды,
Сені де біреу жүр күтіп.
Ол-дағы бір күн шаршайды,
Үмітін үрей үркітіп.
Менімен де біреу қоштасар,
Сенімен де біреу достасар.
Оған да біреу қосылар,
Табылар талай қос басар.
Мені де біреу жек көрер,
Саған да біреу кектенер.
Оған да біреу алаяр,
Сезімге сенім серт берер.
Маған да біреу қол берер,
Саған біреу жол берер.
Оған да біреу ой салар,
Дүние солай дөңгелер.
Жолдар мен жолдар жалғасар,
Қолдар мен торлар алмасар.
Біреумен біреу арбасар,
Тайдың ізін тай басар.
Маған да біреу еліктер,
Сені де біреу серік дер.
Ол-дағы озар ортадан,
Маңдайынан төгіп тер.
СЕРІК ӘБІЛ
Менімен де біреу алысар,
Сенімен де біреу жарысар.
Омен де біреу танысар,
Табысар да қағысар.
Маған да айтар батырып,
Саған да айтар бақырып.
Ол-дағы шығар атылып,
Бəріне кеттік жатылып.
Салармын мен де əніме,
Қарарсың сен де сəніңе.
Ол-дағы сай əліне,
Нарық қосар нəріне.
Мені де тұрмас міндемей,
Сені де қоймас күндемей.
Ол-дағы жатпас үндемей,
Үміттің отын үрлемей.
Мені де біреу мадақтар,
Саған да сыйлы табақ бар,
Ойланып ол да алақтар,
Қайшыланып қабақтар.
Маған да, саған кісілік,
Оған да қажет кішілік.
Бəрімізге қашан да,
Ең керегі түсінік.
Пенделер аз ба ұятты,
Батырған бізге тұяқты.
Адамның басы алайда,
Дойбының тасы сияқты.
Мені де біреу жұбатқан,
Сені де біреу жылатқан.
Оны да біреу уатқан,
Жалғасар өстіп бұл ақ таң.
Мені де біреу тұр біліп,
Саған да біреу жүр күліп.
Бəр адамның бойында,
Қалай да бар бір күдік.
Үшеуміз сəні, еркем,
Қоғам дер алып құшақтың.
Кеше, бүгін жəне ертең,
Өмір деген үш- ақ күн.
САҒЫНЫШ ƏНІ
Əніме салып сағына берем əрдайым,
Қалқам- ай, қазір білмеймін қалай хал-жайың.
Күбірлеп іштей күрсініп қалам кейде мен,
Есіме келіп күн сүйген күміс маңдайың.
Алмалы бақтың ауасы қалды- ау бұйырмай,
Шырынды шақты қиялдай берем шиырлай.
Жыр азық еткен жылдарға сыйлы сыйынам,
Құлазып өткен күндерде мынау құйындай.
Сарасын гүлдің таңдасам-дағы тірлікте,
Бір əнді шырқау қиын да болды бірлікте.
Қолдаса жүріп қоштастық жарты жолда біз,
Мəңгілік жарты екенімізді білдік те.
Ғазиз басыңды, қалам қасыңды аңсадым,
Бақытты кезім бауырыма басқан бал шағым.
Оянып түстен, ойланып іштен жатырмын...
Арайлап атты тағы да төгіп таң сағым.
СЕРІК ӘБІЛ
Зырлаған ғұмыр, зымыран уақыт зулайды,
Жырлаған жүрек жылдармен бірге тулайды.
Бұлқынған өмір, сыбызғы сана сырнайлы,
Сыр тұнған көңіл сағыныш əнін тыңдайды.
АҚСҰҢҚАР-АНА
(Моңғолия қазақтарының атажұртқа беталыс
көшін бастаған Сағат Зақанқызына арнау)
Шұбырған ел шулаған бала-шаға,
Бақыт қайда бəріне бара-сала.
Егемен ел бағытын енді түзеп,
Жатқан шақта басқамен санаса ма.
Əлди əнін əжесі салған жерден,
Балалығы адасып қалған жерден.
Кету деген ешкімге оңай келмес,
Кірін жуып кіндік қан тамған жерден.
Қадағандай тұс-тұстан сұғын қайғы,
Жаралы жұрт жанарын сығымдайды,
«Елге жетсең ұмытасың ертең- ақ», –деп,
Кеңес беріп бəріне шырылдайды.
Баян-өлгей баянды болмайтынын,
Əркімдерге айтады алмай тыным.
Құс біткеннің əуелі өз аспаны,
Болғанда ғана еркін самғайтын.
Түлік шулап, ит ұлып, ел бүлініп,
Бір басына түскенде ендігі үміт.
Ұлы көшті ұлы ана кетті бастап,
Қайдасың деп, атажұрт, белді буып.
Ертеңі үшін елінің еңіреген,
Көк жаулығы көк тудай желбіреген.
Асыл ана арттағы туған өлке,
Сағынышын, дариға-ай, жеңді немен.
Қандай ұлы даналық күшті ерлік бұл,
Қандай ғажап батырлық іскерлік бұл?!
Ердің жасын барады əйел сүртіп,
Деп ойлады кейбіреу түс көрдік бір.
Қотарылды ел солай Қобдадан да,
Абақ ана аруағы қолдағанда,
Дана ұран шақырды даласына,
Ана қыран қанатын қомдағанда.
Бүгін міне арайлап таң атқандай,
Білу қиын биікті қанат талмай.
Бақытына өзінің жаратқандай,
Білді ағайын ақсұңқар - Сағат қандай?!
Түсінді ел бəрін де кешегінің,
Ана жұртта жайнатты неше гүлін.
«Əйел бастар көш оңбас» деп айтылар,
Арты ашылды ауылдың өсегінің.
Арулары таң болып атқаны үшін,
Ата жұртта ел шалқып жатқаны шын.
Көшің болсын баянды, елің аман,
О, менің Алатаудай мақтанышым!!!
СҰҢҚАРЛАР ЖЫРЫ
Сүйінер сүйікті елің,
Жапырағын жайған шынар.
Аңсатты- ау биіктерің,
Сұңқарлар, қайдасыңдар?!
СЕРІК ӘБІЛ
Сандуғаш бола алар ма,
Сайраса сауысқаның.
Құздарға қонала ма,
Тауық пен тауыстарың.
Жолында пысықтардың,
Ешкіні ел серке дейді.
Жонында мысықтардың,
Тышқандар еркелейді.
Қашырға ер салғанмен,
Арғымақ бола алмайды,
Қырандар тұғырына,
Құмайлар қона алмайды.
Мың есек жарамайды,
Бір тұлпар тұяғына.
Мың торғай паналайды,
Бір сұңқар қияғына.
Дарыған жаныма құт,
Бабалар киесінен.
Бөрінің тəңірі артық,
Иттердің иесінен.
Тірлікте тең бе мүлде,
Орыны бар ұл-қыздың.
Жетпейді жалғыз күнге,
Жарығы бар жұлдыздың.
Төсінде төлдейді елік,
Таулар көп даналар аз.
Көлшікті көлдей көріп,
Жүзеді сарала қаз.
Алатау - құт берекем,
Десем де тасып, таяп.
Абай мен Мұхтарлардың,
Алдында асықтай-ақ.
Қан төгіп көрсе-дағы,
Ар төгіп көрмеген ел.
Арысын берсе-дағы,
Намысын бермеген ел.
Түлкілер қыран жемі,
Болса да айласы бар.
Ту қылар тұмарлы елі,
Сұңқарлар, қайдасыңдар?!
Ту қылар тұмарлы елі,
Сұңқарлар, қайдасыңдар?!
АНА ТІЛ – АРМАН
(Қария монологі)
Алматыдан ауылға келдім кеше,
Саңырау мен сақауды көрдім неше.
Ана тілде сөйлейтін жан таппадым,
Енді оны кім білер ел білмесе.
Қолда қоржын, аяқта саптама етік,
Көрдім талай көшені таптап өтіп.
Құлазыдым, қорландым, намыстандым,
Қайран қала қалғандай жатқа кетіп.
Абайыңды білмейді, Мұхтарыңды,
Не қылайын бал-шырын жұтқаныңды.
Өзіңді өзің сезбедің құртқаныңды,
Жасқа шылап оралдым шыттарымды.
“Ана тілін “ сөйлеуден арланады,
Шалқаяды, шалалар шамданады.
СЕРІК ӘБІЛ
Жүректегі тырнайды жан жараны,
Алатауға жаңғырар арман əні.
“Ана тіліңді түзе, тек, қарағым,
Еңбегіңді ел білер еске аламын. . . “.
Деген оймен сыйынып көшедегі,
Суретіне сұлтанның көп қарадым...
Ана тілге арналған күші кілең,
Арысымды арыдан түсініп ем.
Алматыдан аттандым ақырында,
Ахметтің мұңдасып мүсінімен. ...
Елді қайтып өзіңе қоса аласың,
Көрінбейді сыртынан дос аласы.
Ана тілің, дəстүрің – ана еліңнің,
Емес пе егіз екі босағасы.
Көкіректе тұншығып сан арманым,
Бақта жаттым ешқайда бара алмадым.
Немеремді иіскейін деген едім,
Яссауиден отауды таба алмадым.
Мен бір кəрі асудан сан асқамын,
Кірлетпедік біз бірақ ар аспанын.
Ештеңе етпес ендігі адасқаным,
Ұрпақтарым тек сендер адаспағын!..
2007. 9. 27.
Алматы.
ШҰБАТ ЖЫРЫ
Біздің ауыл сексеуілді, түйелі,
Иелі ел түйесімен киелі.
Құтты дала құдыретін қарашы,
Жыланы да аққа басын иеді.
Тарихтан көштің алдын иелер,
Жүк көтерер атандарын сүйеді ел.
Сиыр емес сүтіменен қадырлы,
Шұбатымен шырайланбас түйелер.
Сүтін сорып інгендерді басқа ұрып,
Тым орынсыз осқырынба, жас жігіт.
Кейде тіпті кеткен бе деп ойланам,
Мына елдің дімкəстығы асқынып.
Шаңырақты көре алмайсың қостардан,
Бұйда, бұрау бəрі-дағы тасталған.
Інгендері індет үшін қамалып,
Атандар жүр өгіз сынды бос қалған.
Тұғырың боп тұрған шақта Отаның,
Таудан даңқы артық емес жотаның.
Аузындағы нəрін жырып қайтесің,
Ертең жүгі артылатын ботаның.
Қиын күндер қия асырған күшімсің,
Түйелерім құдыретімсің, құтымсың.
Буралары буырқанған егей ел,
Құрсақ емес, ұрпақ жайын түсінсін.
Көңіл жыры- жүрек сыры от алар,
Болашақтың болса екен досы адал,
Ерініме шұбат тиген шақтарда,
Елестейді шөліркеген боталар. . .
2006. 11. 17.
СЕРІК ӘБІЛ
ТАУЫҚҚА СЫР
Көп жедік қуат болар жұмыртқаңды,
Атырдық əуеніңмен тұнық таңды.
Жастанып мамығыңды лəззəттəндық,
Алайда бір арманың ұмыт қалды.
Білмедің биікке ұшып шыныққанды.
Ұлылығың кем емес ұлардан да,
Жетпейсің бе бұдан да ұлы арманға?
Кетпейсің бе алыстап адамдардан?
Ұя салып құздағы бір аңғарға,
Ұқсап көкте қалықтар қырандарға.
Бола алмайды орынсыз күш бағалы,
Тірлік біткен күнде де тіс қалады.
Таланты бар талапсыз пенделердей,
Қанаты бар құстардың да ұшпағаны,
Қалықтаса қауырсын ұшталады.
БАЛАЛЫҒЫМ
Балалығым, елесім, сағынышым,
Даралығым екен- ау жалыны шын.
Өмірде өлең қуып кеткендеймін,
Көңілінде қалған сол бір сарын үшін.
Шапқылап ағаш атпен өзектерден,
Гүл терген, шөмшек терген, тезек терген.
О, менің бассыз, бапсыз балалығым,
Бақытын бал дəуреннің тез өткерген.
Абалатып ауылдың Саққұлағын,
Тайынша мініп, тай мініп шапқыладым.
Жер ошақ пен желінің ортасынан,
Тамыр тартқан бал ғұмыр бақ шынарым.
Мысықты да күшікті асыратып,
Талай таңды өткергем асық атып.
Кеңесімен жыр қылып кемпірлерге,
Отыратын апамның басы қатып.
Көтеріліп қолпаштың тосы күнде,
Жатқан шақта таңданам тосын үнге.
Білім қуар кезімде ойын қуып,
Кетіппін- ау ойласам осы күнде.
2001. 1. 17
БАСБАРМАҚ
Таяздардың болар ма талғамы бай,
Ессіздердің еркіне салма құдай.
Көбік сөзге көп сенер көңілшек боп,
Көп тістедім өзіңді, бармағым- ай.
Сахарадай құлпырған сана гүлі,
Адал, аңқау келеді дала ұлы.
Кейбіреудің шығарған бас бармағы,
Сияқтанат сығалар қарауылы.
Сезді жаным бермесін жат асылын,
Сезді жаным тастағы таса сырын.
Сезді жаным бір саусақ көрсеткенде ел,
Төрт саусағы бүгулі жататынын.
Барлық істі өзіңе бойлап парла,
Көрінгенге көсемсіп ойды ақтарма.
Ортан қолын көрсетсе кейбіреулер,
Ортаншы екем деп тағы ойла қалма.
Қу томарға сүрінген саңлақтарда,
Желмен бірге жүгірген қаңбақтарда.
СЕРІК ӘБІЛ
Өмір атты өзенде қармақ барда.
Сену қиын, бауырым, бармақтарға...
2008. 3. 17
ЖАРЛЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗ АТЫМЫН
(Жəреке Бекешұлына арнаймын)
Тойға да мініп баратын,
Қойға да мініп баратын.
Кезегі келе қалғанда,
Шана да сүйреп шабатын.
Толтырған тақыр тақымын,
Жарлының жалғыз атымын.
Бала да мініп алатын,
Дана да мініп алатын.
Деп мақтанып қанатым,
Бəйгеге де салатын.
Аяңмен толғар ақылын,
Жарлының жалғыз атымын.
Ешкімді тістеп теппеген,
Ішпегі терден кеппеген.
Оттаса алыс кетпеген,
Дұшпаны қуса жетпеген.
Айналып жүрер жақынын,
Жарлының жалғыз атымын.
Алақанат сауысқан,
Жауырынға жабысқан.
Жауыздыққа жол бермей,
Ауыздыққа қарысқан.
Арқалаған батырын,
Жарлының жалғыз атымын.
Тағдыр басып таңбасын,
Осы жолға салғасын.
Есек емес аттарға,
Жолда қалу - арға сын.
Бапсыз болсам болайын,
Атсыз ием қалмасын!
2008.4.5
ЕШКІЛЕР
Керім өлке кез болатын кеш кірер,
Қоңыр дөңнен қоңыр кеңес естілер.
Қиялымды қытықтады сондайда,
Тау басында тайраңдаған ешкілер.
Ойнақтайды тастан- тасқа ойқастап,
Құз-қиялар түнереді ой тастап.
Жүргендігін ойлай ма екен осылар,
Сетерлері, серкелері қой бастап.
Биіктердің баурайында сонылап,
Ешкілер- ай, есептеген соны бақ,
Серкелердің арқасында сендерді,
Əлпештейді- ау,
Ауыл төске қонып ап.
ҚЫРЫҚТЫҢ ҚЫСЫ
Қылаулап келді қырықтың қысы,
Билеп тұр ойды бұлттың мысы.
Түлкілер түске кіреді тағы
Келеді-ау шіркін қызықтырғысы.
Ұшады самғап үміттің құсы,
Келмес-ау кімнің жүріп-тұрғысы.
Ақ жолға салып жіберші мені,
Ақ жорға мінген қырықтың қысы.
СЕРІК ӘБІЛ
Үш қонақ кетті аттанып тезден,
Жиырма бес қайран шаттанып кезген.
Қырықта-дағы көктем күз бар ғой,
Дегенмен жылдар емес-ау жездем.
Қылыштың жүзі қырықтың қысы,
Тез келер жанның мұрыт қырғысы.
Екенін енді сезгендей көңіл,
Адамның айлар қырыт құрбысы.
Қырықтың қысы кеңесін шертіп,
Қыраулы бақта келеді ертіп.
Қарында ізім қалғаныменен,
Көктемі келіп кетер ме ертіп.
Келгенмен көңіл қылық қылғысы,
Өзіңе мəлім құрықтың күші.
Қырқаға шығып қалғаныңды ойлап,
Толғантар тоқсан қырықтың қысы.
Қаңтардың таңы қаңтарып тұлпар,
Салбурыныңа салайын сұңқар.
Ойлы да тойлы қырықтың қысы,
Өзіндік өмір əуенін шырқар.
Қылыштай қияр салымымды жер,
Деген бір оймен сабырың кірер.
Кез келіп қалған сияқты, құрбым,
Қастерлі күннің қадырын білер.
Қанатын қыран құс қомдағандай,
Самғайын биік күш сомдағандай.
Ойларымды онға бөлмеші уақыт,
Қырыққа дейін қыс болмағандай!
ҚОС ҒАРЫШКЕР
(Ғарышкерлер Тоқтар мен Талғат ағаларға арнау)
Бір бақытым болғаны ұлы Абайдың,
Жыр жақұтым алдымда тұрады айбын.
Тоқтар менен Талғаттай ағам барда,
Биіктікті басқадан сұрамаймын.
Танылмайды əлемге жанның бəрі,
Өркешімен өзгеше нардың нары.
Аласа деп сені ешкім айта алмайды,
Ағаң биік болса егер алдыңдағы.
Табиғатым даламның тауы сынды,
Жария етем жасымай дауысымды.
Мені ешкім танымауы мүмкін емес,
Əлем танып тұрғанда арысымды.
2012. 12. 12
ЖҰДЫРЫҚ ЖАЙЛЫ ОЙ
(Бокстан əлем чемпионы Ермахан Ыбырайымовке)
Əлділер сайысқанда əлемде мың,
Көрінді киелі елден нəр емгенің.
Түйені тулақша атқан тектілердің,
Тентегі екеніңді дəлелдедің.
Құлшынып келіп бір кез құлаққа ұрдың,
Қауыпты бойымдағы ылақтырдың.
Сүйікті ерім-ай, деп жылап тұрдым,
Биікті əлемдегі тұрақ қылдың.
Тарихтан ер күші болған кеңес,
Көз алдыма көрінді қолдан елес.
Жұдырықтай жұмылса менің елім,
Жете алмайтын жеңісі болмақ емес.
2012. 12. 11
СЕРІК ӘБІЛ
ОЛЖАС АҒА
(О. Сүлейменовке)
Олжас аға,
Орны бөлек арысым,
Ардағым-ай,
Аласұрған ар үшін.
Нар құзым-ай,
Шырылдаған жаны шын,
Жалғызым-ай,
Қорғаған ел намысын!
Қара жерге халқым бір күн ту қадар,
Деп сеніммен тұла бойда тулады ар.
Тілегіңіз келіп міне текті елден,
Туды талай бұқа менен буралар.
Көк түрікті көк ту тіптен анықтап,
Күнмен бірге қыран ұшты қалықтап.
Олжасы бар халықтың бар ордасы,
Деген ойды ғасырлар тұр анықтап.
2012. 12. 11
АСЫЛ АҒА
(Асаналы Əшімовке)
Дарыныңыз өнердің дəні емес пе,
Сахнада сай келген сан егеске.
Сайраның сарқылды деп кім айтады,
“Майраның əні” өмірдің əні емес пе?
Қайғының қара үңгірін қаздыңыз- ау,
Таланытты тағдырға əкеп таңдыңыз- ау.
Нан керек болғаннан соң пенделерге,
“Жан бөлек “ екенін Сіз жаздыңыз- ау.
Мүмкін емес тағдырға мойындамай,
Күлкің елес болса егер ойың қалай.
Кетті ме Төлегеннің киесі атып...
Сотқар ұл болар бəлкім сойылға бай.
Сезіммен қарар халқым сетер ерге,
Өнерліні салмайды бекер өрге.
Барлығын шын өмірдің көрдің, аға,
Нар жүгін есекке артса көтерер ме?!
ҚАНАТЫМ МЕНІҢ
(Қанат Ислəмұлы бауырыма)
Қанатым менің, Қанатым менің,
Білекпен биік жаратып едің.
Ғаламға бастап ғаламаттарды,
Даламда асқақ дара тұр едің,
Қанатым менің, талмасын топшың,
Арманыңды алға жалғасын жоқшың.
Қыран көзіңе қырау болғандар,
Қақтығыстарға қарғасын қоссын.
Саңлақтар қанша сапқа келмеген,
Бармақтар қанша баққа өрлеген.
Табысың таза-ақ, тəлейің тайқы,
Намысың ғажап жатқа бермеген...
СЕРІК ӘБІЛ
ƏЗАҒА
(Əзілқан Нұршайықовқа)
Абайдан қалған əриə,
Талайдан қалған екен- ау.
Дариға-дəурен дəриə,
Көңілі көктем, көкем- ау!
Арайлы арман таңғы үміт,
Жүректе жатар жаңғырып.
“Махаббат, қызық мол жылдар “
Шапағат бізге мəңгілік.
Тілінен бал тамызған,
Сезімнен сел ағызған.
Ата жолын көрсеткен,
Ақиқат пен аңыздан.
Көгілдір əлем көктейсің,
Ұжымаққа жеткейсің.
Арамыздан кетсең де,
Санамыздан кетпейсің!
СЫР Көлдің жайы бір басқа, Шөлдің жайы бір басқа. Сырымды айтсам сырласқа, Жүректегі жыр басқа.
Теңіз деген теңіз ғой,
Арман мен ой егіз ғой.
Өзен жайлы өзектен,
Өріледі негізгі ой.
Дейді досым сыр ақтар,
Өмірде сан сұрақ бар,
Өзен көлге құйғанда,
Ұмытылар бұлақтар.
Түс артынан кеш келер,
Тарихым бар дес берер.
Қар мен жаңбыр тағы бар,
Бұлақтарды ескер ел.
ЕРАҒАМ
(Еркеғали Рахмадиевке)
Сырласып Мұқағалимен,
Шыңды асып кеткен қыраным.
Əлемдегі əр үйден,
Естіліп қалар бір əнің.
Сұңқарлары тік ұшқан,
Саз-сахара гүлістан.
Тұлғаңызды өзіңіз,
Құйдыңыз əр дыбыстан.
Иіле қарап сіздерге,
Таңданамыз іздерге.
Симфония, опера,
Тыңдауға қиын біздерге.
Саз өрген сабаз қалпыңда,
Жолдарың жатыр артыңда.
Қазаққа ғана емес- ау,
Адамзатқа ортақ нар тұлға.
СЕРІК ӘБІЛ
ҰСАҚТАР
Күйкентай тышқан аулаған,
Қыранмын дейді аумаған.
Инелік қуып сонаны,
Тауықтар құрытты жаулаған.
Ұлыларсыз қайтер ек,
(ұрпаққа кеңес айтар ек).
Жел қуғанмен қаңбақты,
Желпінер соған бəйтерек.
Көтермес шыңдар бекер бой,
Айтпайсың артық бөтенге ой.
Неге өспейді десем ұсақтар,
Ұсақты қуады екен ғой.
Неге өспейді десем ұсақтар,
Ұсақ сөз қуған екен ғой!
2012. 7. 7
ӨМІР МЕН КӨҢІЛ
Кіршіксіз сəби санасы,
Бүршіксіз болмас даласы.
Сорлайды жерге түскен соң,
Болмайды қардың қарасы.
Өзіңмен болып жүр мейлі,
Оныңды өзге білмейді.
Шуағында жүрсе де,
Күнді де біреу күндейді.
Күз келіп қызыл гүл кетер,
Солады дейсің кім бекер.
Өмірді көңіл сүйгенмен,
Көңілді өмір кірлетер.
2013. 2. 9
АЛМАС- БҰЛАҚ
(Алмас Ахметбекұлына)
Ана жер жүрегінің ауыр жүгін,
Ақтады алмас бұлақ дауылды күн.
Мұзтаудың жанарының жасындай боп,
Сел сезім жуып өтті сəуір жүзін.
Жал-құздардың сəн беріп сауырына,
Жалбыздардың нəр беріп тамырына.
Шарапат шарбатындай сыр сыйлады,
Ақ қайнар алмас-бұлақ ауылына.
Алмас – тұма, алмас – жыр, алмас-– бұлақ,
Талай бастау жолыңды жалғастырат.
Елжіреген ерлерім аман болса,
Желбіреген көк туың қалмас құлап.
Ерегесте ешкімнен жасқанбаған,
Ерімсің ел алдында асқан бағаң.
Серімсің əн-жырыңмен əлдилеген,
Атағың алты алашқа аспандаған.
Қайнары қасиетті талмас тұма,
Боздатып бозінгенін тауды асты ма?!
Мұхиттың мұңын шертіп алмас-бұлақ,
Ертістің арнасына жалғасты да.
Алмас – тұма, алмас-–ой, алмас – сезім,
Ашық айтты алашқа алмас сөзін.
Отан десе бойында қалмас төзім,
Алмас- жанар албаты салмас көзін.
Алмас- есім əке ойы, алмас – арман,
Алмас ақын жаралған алмас ардан.
Алмас- тілек ананың ақ пейілі,
Жақсылыққа жолдары жалғас алған.
СЕРІК ӘБІЛ
Алмас ағып жеткенде Алатауға,
Алматы- ару сыйлады бала сауға.
Атын қойды ардақтап ақын Қасым,
Туылған күн бүгін сол ақ отауда.
Еркін есіп өмірде ескегіңді,
Əлдилей бер əн-күймен кештеріңді.
Елу жылдық ел-ана той қылғанда,
Бірге қосып тойлайық сексеніңді.
ҮРІМШІ
Өтінде өскен дауылдың,
Көбін көрген ауырдың.
Көзетіне ағаның,
Ізетіне бауырдың.
Куə болған бір ұлы ем,
Алақандай ауылдың.
Саған кеп аштым сырымды.
Салиқалы Үрімші!
Талай жерде тасып ем,
Талай жерде жасып ем.
Тосырқай, толқып келгенде,
Бауырыңа басып ең.
Гүлімді сенде ашып ем,
Нұрымды сенде шашып ем.
Арнайын асыл жырымды,
Айналайын, Үрімші.
Талайменен алыстым,
Талайменен таныстым.
Сен сездірдің қадырын,
Жақын менен алыстың.
Талайменен салыстым,
Талайменен жарыстым.
Таныттың сонда пірімді,
Айналайын, Үрімші.
Көкірегімді күй қылдың,
Сырларды ғажап сый қылдың.
Кимегенді кидірдің,
Сүймегенді сүйдірдің.
Иімегенді идірдің,
Тимегенді тидірдің.
Шəйдің көңіл кірімді,
Шарапатты Үрімші.
Бала едім, келіп ержеттім,
Сезімімді селдеттің.
Бабамнан қалған бесікті,
Бауырыңда тербеттім.
Шалқұйрығын шабыттың,
Төскейіңде терлеттім.
Əнін салып ел-көптің,
Дəмін білдім кермектің.
Толқыта жүріп жыр-əнді,
Таныдым ұра-жыраңды.
Туған жердей сезілет,
Аспаның мынау тұманды.
Қылығы ғой түлкінің,
Қыран қылар қыранды.
Құр бақаға қор қылма,
Жоңғарда жортқан құланды
Ерентау, Боғда – дара шың,
Саған артқан сағасын.
Қан мен тердің табы бар,
Қасиетті қаласың.
Құшағыңда қуанттың,
СЕРІК ӘБІЛ
Бар атаның баласын.
Сияқтысың бір жұртым,
Нарқымды ұғар нағашым.
Жасырар ақын болмайды,
Ішіне бүгіп аласын.
Аяйтыным жоқ сенен,
Қане немді аласың.
Шындығым осы шырынды,
Шырайлы қала – Үрімші.
ƏКЕ Əке! Сен берген жалынменен, Ел берген дəріңменен. Асау бір арынменен, Сара бір сарынменен, Жолымды тауып келем, Жоқ ешбір қауып деген. Қаламға қамшы басып, Шаңдатып шауып келем.
Əке!
Жолыңды жаттап едім,
Бетімнен қақпап едің.
Балауса баптап едің,
Шамамды шақтап едің.
Үмітің қалмасын деп,
Қиялың самғасын деп.
Түсірмей тартып келем,
Тірліктің шалмасын көп.
Сенетін жалғызың ем,
Шөлдесең жалбызың ем.
Сайысты сан бұзып ең,
Намысты нар құзым ең.
Рухың өлмесін деп,
Жасымды көрмесін деп,
Алдымен бастым талай,
Жарыстың көмбесін көп.
Əке!
Мен саған тартсам деймін,
Ал кейде артсам деймін.
Теріме разы боп,
Тебіреніп жатсаң деймін.
Күнің боп шығайын деп,
Айың боп туайын деп,
Бойлатар борышыма,
Ойлатар уайым көп.
Əке!
Қайғыға жасымапсың,
Қайратқа тасымапсың.
Қағажып қажығанды,
Қашанда қасыңа апсың.
Өзіңдей болайын деп,
Биікке қонайын деп,
Мастыққа жеңдірмедім,
Жастықтың орайын көп.
Əке !
Күйші едің күмбірлі едің,
Шыншыл ең шың нұрлы едің.
Мерейім менің бүгін,
Сенің бір шын күлгенің.
Жүрмейтін маған, сірə,
Басқаға қатаңдығың.
Қуанам жолым болса,
Келгендей батаң бүгін.
СЕРІК ӘБІЛ
Əке!
Талабың шыңдайтынын,
Түлегің тыңдайтынын.
Сен ерте сезіппедің,
Сағыңның сынбайтынын.
Жүрегің қашандағы,
Бір мен деп тулайтығұн.
Кезді осы аңсадың- ау,
Құлағың шулайтұғын,
Қалайда дəлелдедің,
Сұңқардан сауысқанның,
Мəңгілік тумайтынын !
ӨЗІҢДІ ҒАНА ТАБАМЫН
Таң атты тағы күлімдеп,
Хат бастадым күнім деп.
Жақын жанның қадыры,
Алыстағанда білінбек.
Айтайын деген сырым көп,
Жазайын деген жырым көп.
Барасың- ау таң сайын,
Табынатын пірім боп.
Қарадым таңғы шолпанға,
Көрінер ыстық сол таңба.
Маған жыр боп жазылып,
Аман жүр қайда болсаң да.
Елесің еріп жаныма,
Келесің ойға тоңсам да,
Қанатым өзің қадырлым,
Қай биікке қонсам да.
Сағындым деген сөзден де,
Табындым десем шынырақ.
Жақын жүрген кезден де,
Барасың ғой шын ұнап.
Тұрсақ та дайым тілдесіп,
Аңсадым тербеп жыр бесік.
Сөз жеткенменен қол жетпей,
Жүрміз-ау жетім күй кешііп.
Алыс емес, аяулым,
Қауышар күндер жүздесіп.
Ауасын аңсап даланың,
Көркіне көз сап қаланың.
Жабырқау жалғыз күй кешіп,
Сағыныш əнін саламын.
Көкірек толы нала мұң,
Сен жаққа жиі қарадым.
Өткенді ойға салады,
Сыңар ізді əр адым.
Мен жаққа сен де қарағын,
Бақыттымын деп санағын.
Кермаралдай кеудеңе,
Жырымды гүл қып қададым.
Елесімді аңсап тұрғанда,
Есігіңді қағамын.
Бір көрсем-ау деп жүргенде,
Бір күні жетіп барамын.
Өмірде тағы айланып,
Өзіңді ғана табамын.
СЕРІК ӘБІЛ
АНА ЕЛІМ
Көрген жоқ ешкімге де есем кетіп,
Төгейін сел сезімді нөсерлетіп.
Келісім керек емес, қажет кезде
Ел үшін етікпен су кешем бекіп.
Бағым да, бақытым да еліммен бір,
Жазамын сезіммен жыр, сеніммен жыр.
Өзіңнің өр мінезді өркеніңмін,
Қашанда қайта алмаймын тебіннен бұл.
Өскемін іні аялап, аға сыйлап,
Елімсіз керек емес дара сый бақ.
Аттанғанмын ауылдан ақ бата алып,
Артымда қасиетті қараша үй қап.
Қомдаған қанатымды халқым жебеп,
Ана елім салтың ерек, даңқың бөлек.
Ар алдында қоймайтын алтынды елеп,
Найзағайдай намысшыл нарқың керек.
Ана елім, асыл елім, ардақты елім,
Саз елім, сəлиқалы салмақты елім.
Қыранды елім, тұлпарлы жыр-əнді елім,
Шалқар елім, шат елім, шаңырақты елім.
Серт алдында сезімім сетер бүгін,
Білдік бəрі өзіңсіз бекерлігін.
Ойлағанда шыдамай кетем, күнім,
Сенен асқан биік жоқ екендігін
Ана елім айналайын ақ теңізім,
Басыма ұялатқан бақ негізін.
Жырдан гүлін ұсынған құрбандығың,
Мен болайын қабыл ал - нақ лебізім!
АЛТЫН НЕКЕ - АЛТЫН ТАҢ
(Жанəбіл аға мен Зүпира апайға арнадым)
Шындығымды жасырайын несіне,
Бір хат жазғым келді сізге көсіле
Ұлы қорған төбесінде тұрғанда,
Ұлылығың түсті, аға, есіме.
Өз кезінде Сіз де осында болғансыз,
Балалықтан даналыққа толғансыз.
Нарқың үшін нар жолынан таймаған,
Халқым үшін Сіз де ұлы қорғансыз.
Ойлы жанға елмен жері егіз мұң,
Халық үні қашандағы негізгі үн.
Ақылыңды арнасына баладым,
Тебіреніп жағасында теңіздің.
Таулар қанша төсін жұртқа бермеген,
Баулар қанша саясын жан көрмеген.
Белдер қанша бетегесін қимаған,
Көлдер қанша жағасында ел шөлдеген.
Қырлар қанша гүлін берген есекке,
Ұлдар қанша ұйықтап өткен төсекте.
Жырлар қанша, сырлар қанша айтпаған,
Құлдар қанша алынбаған есепке.
Ана қанша ауыл үйден аспаған,
Аға қанша атаға ақыл қоспаған.
Ерке қанша ел үмітін тастаған,
Серке қанша сетерлерін бастаған.
Аспан куə, құс біткенге самғаған,
Халық бір-ақ, тек қыранын таңдаған.
Кезде мынау белгілі ғой бəрі де,
Дүниеде құпиялық қалмаған.
СЕРІК ӘБІЛ
Жылдар жылжып, айлар анау аунаған,
Шын биіктер елді əркез баураған.
Ағалардың еңбегінің алдында,
Тарыдай боп сезіледі тау маған
Сараптаған өмір-өзен салмағын,
Сан ақтаған аналардың арманын.
Парақтаған парасат пен талғамын,
Ардагерім, асыл аға, ардағым.
Таң асырып тарлан көңіл тұлпарын,
Ертең не боп кетеді деп ұрпағым.
Тəңір таудың оң-солына көз салып,
Сұңғыла ойда отырсыз ба, сұңқарым.
Елім депсіз елу жылдың бойында,
Орда қамы орай бермей ойынға.
Алтыннан да ардақтысыз, ағажан,
Ақ таңдағы алтын неке тойыңда.
Еске түсер елу жылдық жолыңыз,
Ойлап-тағы үлгірмеспіз оны біз.
Қанша ұрпақтың ақ сапарын ашты екен,
Қалам алған қасиетті қолыңыз.
Болсаңыз да шырайы нұр шың бүгін,
Еске алғанда ескі күндер шындығын.
Түске кіріп түлететін шығар- ау,
Сұлубайдың əнін салған шіңгілің.
Таңдар-таңдар,
таусылмайтын талқы тың,
Бірге депсіз елімменен бар құтым.
Сағынатын кезіңіз де бар шығар,
Қабадағы қара қостың сарқытын.
Талай аңыз тағылым боп тарқаған,
Ерен еңбек ісіңізді ел алқаған.
Жоңғар төсін жүз айналған атпенен,
Кезіңізге куə Үліңгір – қарт анам.
Əшім ата күйін шертсе бір өрен,
Кеудесінде тербелетін гүл ерен.
Жүзіңізді жуып сұлу Сайрамға,
Жүрдіңіз бе қайтқан кезде Іледен.
Тарихқа тəлім болар талғамсыз,
Майлы-Жайыр, барлыққа да барғансыз.
Десек-тағы, адам болмас армансыз,
Салиқалы сара жолды салған сіз.
Алтай, Ақсу, Қашқар, Құлжа, Дəлəкең,
Бəріне де бір көзбенен қарап ең.
Маған егер бір күн тисе билігі,
Тəңір тауды сыйға бере салар ем.
Маған егер бір күн тисе билігі,
Тəңір тауды сізге бере салар ем.
Сақтап ерек “ел анасы “ есімін,
Көп ойлатып көп істердің кесімін.
Зүпира апай жүрген шығар зыр қағып,
Ағайынға айқара ашып есігін.
Тең көтеріп қиындықтар қинаса,
Жұрт жүрегін сездіңіздер сыйласа.
Елу жылда елге құйған шəйі да,
Сары теңіздей болған шығар жинаса.
Елу көктем, елу күз, қыс, елу жаз,
Шұғылаға шуақтаған елің мəз.
Тебіндеген тер төгуші болғанмен,
Сенімменен сертін берер сенімді аз.
СЕРІК ӘБІЛ
Жарым ғасыр жаныма сыр құйғандай,
Жарасып тұр шертсек-тағы күй қандай.
Өзіңізге берекені белгі еттік,
Сөзіңізге ұйығандай имандай.
Ал, ағайын, жүрек сырын айтыңдар,
Бүгінгі сөз кеңес емес жəй тыңдар.
Елу жылдық шаңыраққа сəлем қып,
Елу шыны қымыз ішіп қайтыңдар.
Керегесі халқым менің керілген,
Уықтары ұландары тебінді ең.
Босағасын беріктеген сеніммен,
Телегей ел айналайын тегіңнен.
Ойыңыздың тереңдігін, кеңдігін,
Биіктігін жырламасын енді кім.
Нар жолында қалдырмай еш ел жүгін,
Таныттыңыз ерлігін де елдігін!
Жарқын жүзі жігер беріп ұрпақтың,
Төр төсінде көсіліңіз нұр тақтың.
Алтын неке жылдарыңызды тойлап,
Астанадан жырымменен гүл тақтым.
Ақыныңмын, жарасармын шарқ ұрсам,
Ақылыңмын, адасармын тартынсам.
Туған елім бар ағаның басына,
Келе берсін алтын неке – алтын таң!
Елім деген ерлерімнің басына,
Келе берсін алтын неке – алтын таң!
ЖАҒАДАҒЫ ЖАРТАСТА
Келер дейсің оңына бар іс қашан,
Өмір мəнсіз өзіңді сəл ұстасаң.
Жақсы күндер кешуің қиын екен,
Жақсы көрген жаныңнан алыстасаң.
Жағадағы ақынға теңіз бүгін,
Тіл қатқандай оқы деп лебіз жырын.
Аунақшыған толқынға айттым сонда,
Жүрегімнің өзіңмен егіздігін.
Серік керек құлға да, патшаға да,
Бұлбұл мен Гүл сəн берген бақшаға да.
Мені көріп сыңарын есіне алды-ау,
Алысқа ұшты анау бір ақ шағала.
Бақытымсың бастағы бал қыз-құсым,
Сағынышым бір əнді салғызды шын.
Жараспай-ақ тұрғанын жаным сезет,
Жағадағы жартасқа жалғыз мүсін.
Телміремін теңіздің толқынына,
Малынғандай махаббат мол сырына.
Гүлдей жайнап жанымда тұрармедің,
Айқастырып қолыңды қолтығыма.
Көкжиектен көсілген көзімді алмай,
Күбірлеймін қасымда өзің бардай.
Теңіздейін тербеліп сезім балдай,
Телефонға қол салдым төзім қалмай.
СЕРІК ӘБІЛ
АЛТЫН
Білмедім тəйір бақпа мұң,
Таңдандырды тапқаным.
Ит иіскеп кеткен дорбада,
Кім білген алтын жатқанын.
Көңілге тұрды келіп ой,
Қайтер едім жеп қойса.
Асап алар еді ғой,
Егер мынау ет болса.
Хаюуанға қадырсыз,
Біз таласар алтының.
Қоя алмаймын тағы үнсіз,
Сенде толған, жарқыным.
Түсім ғой, жəйін түнгі елес,
Адамдар нарқын түсінем.
Кеңессең, көңіл кірлемес,
Кісілігі бар кісімен.
Сырым бар айтар, Қасым-ау,
Орайы жүр ғой шын түспей.
Зырлаған ғұмыр осынау,
Ғасырлар көрген бір түстей.
Алтынды кімдер жырламақ,
Ажал есік қаққанда.
Тамағыңнан бір қалақ,
Сусын өтпей жатқанда.
Қасиеттеп халқымның,
Қастерлері еске ала.
Артықтығы алтынның,
Тазалығы тек ғана.
Болмаса болды нан қайғым,
Алтын ғой кені жерімнің.
Алайда теңей алмаймын,
Қадырыне елімнің.
Тартынып көрген жерім жоқ,
Талпынып келем бəріне.
Тар ойлы қылар сезім жоқ,
Тəлейлі болам əлі де.
ЖАЗ КЕЛЕ ЖАТЫР ДЕГЕНМЕН...
Көктемді тойлап жүргенде,
Жаз да жетті-ау бірдемде.
Боз бала бір күн білерсің,
Қыз жатқанын іргеңде.
Ойнап жүрмін дегенде,
Ойлайтұғын шақ келер.
Сен қызыққан қыз ғұмыр,
Шаңырақты ап келер.
Серуенде жүргенде,
Керуенге қосылып.
Күле жетіп күлгенге,
Жол басарсың осыны ұқ.
Жаз келе жатыр дегенмен,
Қаз келе жатыр дегенмен,
Сая болар бəйтерек,
Іздеріме сенем мен.
Жаз келе жатыр дегенмен,
Наз келе жатыр дегенмен.
Сахна боп кетер-ау,
Сахарам аз ел емген.
СЕРІК ӘБІЛ
Жаз келе жатыр дегенмен,
Саз келе жатыр дегенмен.
Айранға тойған ағайын,
Ойлан да толған дер ем мен.
Жаз дегенің ғасырдың,
Шуақты сəл ойы ғой.
Көктем қыздай асылдың,
Қырық күндік тойы ғой!
ЕЛІМ ДЕГЕН ЕГІЗІМ
(Сұлтан Жанболатов пен Жақып Мырзаханов
ағаларға арнау)
Жанболатов жан аға,
Сəуле құйған санаға.
Ізіңді қуған інің ем,
Ілессем деп қараңа,
Тарих куə танаңа,
Басыңдағы бағаңа.
Артық болмас аспаннан,
Жұлдыз тақсам жағаңа.
Даңқың ерек далаңа,
Қарада болсаң хан аға.
Одан артық не керек,
Балайды халқың данаға!
Мырзаханов мырзаға,
Тəн емессіз Құлжаға.
Көп тарих көлісіз,
Тайпаласыз сынға да.
Таудың құны тарыдай,
Сіздей сырлы тұлғаға.
Ауылыңның таңымен,
Тыныстаған тың дала.
Кестеледің кешемді,
Сіңіп кеткен құмға да.
Елім ерек ерім дер,
Тек сол ғана шын баға.
Дəуір қалай шыңдасын,
Сыраға – бал, сынға – сын.
Сыйлай білген егізім,
Шыққан екі шыңға шын.
Басқа кімге шағынам,
Алдымда Сіздер тұрғасын.
Алтын кездік ішіне,
Сақтамаса қынға сын.
Ақын жоғы ақиқат,
Ойлайтұғын бір басын.
Сіздер ұқпай сырымды,
Халайық қалай тыңдасын.
Өзгеден биік өресі,
Балаймын елдің төресі.
Кезегі келген кезінің,
Əйтеке мен Төлесі.
Көзден жасы сорғалап,
Сөгілгендей көбесі.
Айналайын ағалар,
Не боп барат ел осы.
Маң даланың маңырап,
Қалар мекен төлі осы.
Ағайынның аңырап,
Сарқылар ма көлі осы...
Қайтерін білмей халық жүр,
Жүректері налып жүр.
Шекпен үшін шекіскен,
Ұлдан көңілі қалып жүр.
Егей деген ерлері,
СЕРІК ӘБІЛ
Бірін-бірі шалып жүр.
Айдаһардың аузына,
Өзін-өзі салып жүр.
Ағайын таз басынан,
Тырнап өшін алып жүр.
Керек болды ақыл шын,
Керек болды батыр шын.
Елім деген егізім,
Қандай ойда жатырсың.
Ақыныңның арманы,
Ауызынан атылсын.
Іріген жұрттың іріңін,
Саналы жүрек сапырсын.
Келекеге қалды жұрт,
Берекеге шақыр шын.
Қарғадай боқтық қарасып,
Болымсызға таласып.
Өз көзін шұқып өз інің,
Жауыменен жанасып.
Бірін-бірі аңдыуда,
Тұлпарлары таң асып.
Сабаздарым сөз алмай,
Айтылмайды бəрі ашық.
Беттей елдің бағдары,
Сіздер екі қарашық.
Егейі елің сөзге ерді,
Жасыра алмас кез келді.
Қубас айғыр құлынын,
Мұжығанын көз көрді.
Бір атаның баласы,
Қалайша тозып өзгерді?
Өзін аяй білмеген,
Оңдыра ма өзге елді?
Əкбəрлəрдің қанына,
Зухалардың жанына,
Башбайлардың малына,
Келген күннің қадырын,
Ұмыта ма ел тағы да.
Ұрпақ азып атаның,
Дақ түсер ме арына.
Қыран қашан құйылар,
Түлкілердің таңына.
Мəстек мəңгі көмілер,
Тұлпарлардың шаңына.
Десек-тағы сол күнді,
Еске аламын сағына!
Емес бүгін нан қайғы,
Ағайын ас таңдайды.
Сіздер жазған тарих,
Түсіндірген қандайды.
Шаңырақты екі уық,
Тіреп тұра алмайды.
Жақ-жақ болған жартылар,
Соны қашан аңдайды.
Қанаттының барлығы,
Сұңқар болып самғайды.
Деген сөзге есті ел,
Мəңгі бақи нанбайды.
Есептескен еріңнің,
Бағы тіпті жанбайды.
Мүддесіне аздардың,
Көптің жасы парлайды.
Жалғыз ағаш орманда,
Жалғыз кірпіш қорғанда.
Бола алмасын тарих,
Шын дəлелдеп болғанда.
СЕРІК ӘБІЛ
Арда туған ағалар,
Кез ғой мынау желіккен.
Берекесіз белгіні,
Тарихтан көріппең.
Сезімге ерік беріп кең,
Осы жұрттың еріккен.
Бас пен жақты айыра,
Беретіні неліктен?!
Құмайды салса түлкіге,
Қалмай ма халық күлкіге.
Рулық пен жерлестік,
Айықпады-ау бұлты не.
Тауып берші еліңе,
Татулықтың кілті не.
Айналайын, ағалар,
Күн кешеміз күрсіне!
Тұлпар түспей жарысқа,
Сұңқар ұшпай алысқа.
Жастар жайы байланды,
Сүйем менен қарысқа.
Білімдіге жол берген,
Басқалар ұшты марысқа.
Кезек күтіп біз жүрміз,
Жақыныменен танысқа...
Қос өркеші түйенің,
Қос емшегі биенің.
Секілденген сетерім,
Егіз- екі киелім.
Домбыралы халқыма,
Басымды əр кез иемін.
Қос ішегі сіздер деп,
Аңсадым бір жүйелі үн.
Ақиқатты жақтайтын,
Ақындарың тиегің,
Берекені сақтайтын.
Күйге келтір күй елін,
Қос тарланым, киелім!
АСТАНА
Нұрлы қала - Астана,
Жырлы қала - Астана.
Жақұтындай жаһанның,
Сырлы қала - Астана.
Сəнді қала жайнаған,
Əнді қала сайраған.
Өсер елдің өркені,
Көшелерің қайнаған.
Тақты қала - Астана,
Бақты қала - Астана.
Шарапатты, шуақты,
Шаттық ана - Астана.
Биналары қаз-қатар,
Бикешінде наз жатар.
Отан жайлы ойласаң,
Махаббатты маздатар.
Егей елдің тілегі,
Егей елдің жүрегі.
Егей елдің тірегі,
Əлем сені біледі
Орманы нар –Астана,
Қорғаны бар Астана.
Жолдары бар əлемнің,
Қормалы бар Астана.
СЕРІК ӘБІЛ
Кеңістігі көлбіреп,
Жеңіс туы желбіреп.
Елім деген ерлерін,
Еске алады елжіреп.
Ерлік жыры - Астана,
Елдік жыры - Астана.
Жақұтымсың тас қала,
Бақытымсың - Астана.
Ата берсін таңың ақ,
Жырға қосам жадырап.
Шайқалмасын ырысың,
Шарапатты шаңырақ.
Күнім сенсің - Астана,
Үнім сенсің - Астана.
Рухым сенсің - Астана,
Пірім сенсің - Астана.
Салтанаты сардардың,
Куəсі ақ таңдардың.
Баспанасы жоқ болмас,
Астанасы барлардың!
ҚАЙРАТ АҒА
(Досым, ағам Қайрат Нəбиұлына арнадым)
Қалжыңын өткізе алар қайын атаға,
Қастерлі қара тілді Қайрат аға!
Сағындым сел сезімді шақтарыңды,
Жүрушем айдыныңнан айбат ала.
Сағындым қара тілді Қайрат аға!
Еліңе жарасады еркелігің,
Түбінде түсінеді тентек ұлын...
Серік қып сезіміңді селдей жөңкіп,
Жүрмісің жүзін жанып семсеріңнің.
Сағындым сара тілді сөздеріңді,
Сағындым күлімдеген көздеріңді.
Сағындым кең көсілер кездеріңді,
Өзіңдей көрінбейді өзге нұрлы.
Аунаттың талайларды боқтыққа сан,
Басқадан биік сендік шоқтық қашан.
Жұтаған жүйке тозып жұқсыздарға,
Сірə да тұра алмайсың соқтықпасаң.
Сөз бастап Құнанбай мен Отырардан,
Белең беріп шыңдармен шоқылардан.
Саңқылдап сандуғаштай сен сайрасаң,
Сорабын табатұғын соқыр арман...
Күніне қиып беріп жыр некесін,
Сиқырларға сыйлай сап сыр кекесін.
Ербол мен Ғұмырбекті екі жаққа ап,
Күйтіңде күлім қағып жүрмекенсің...
Намыстың нарын мініп сайран көрген,
Əділет үшін талай майдан жеңген.
Қайратқа қатын болу қандай бақыт...
– Деп шіркін ойлармекен, қайран жеңгем.
Тізгінсіз тұлпарым-ау, мақтаным- ау,
Ерлікті ер жүректе сақтадың- ау.
Жанымды жаралайды жалғыздығың,
Мың Қайрат керек болған шақта мынау.
Бұлбұлын ғұмырыңның сайрат, аға,
Тіліңмен тексіздерді жайрат, аға.
Шыңға шығып шындық деп шырылдаған,
Сағындым мен өзіңді, Қайрат аға!
Сағындым, сағындым мен, Қайрат аға!!!
СЕРІК ӘБІЛ
ҚАДЫЛДЫ АҢСАУ
Қадеке, жүр екенсің шіркін қайда,
Сағындым сəттеріңді сыршыл майда.
Кей кезде сенің-дағы есіңе кеп,
Нағашың назын айтып қутыңдай ма?
Бойында Бохай деген көк теңіздің,
Өткелін көп ойлаймын өткен іздің,
Жүруші ек боз дөненді бусандырып,
Алды бар, арты жоқ боп өкпеміздің.
Əн салып талай таңды бірге атырдым,
Тамсанып талай кешті бір батырдым.
Жырынды жиырма бестің жырын жаздық,
Талаймен дəмін татып бір бақырдың.
Бірге аттап радионың босағасын,
Бір жүрдік жұмыстан қол босағасын.
Бөтенге бөрік ішін сездірмедік,
Секең де сыйлай білген дос ағасын.
Кездік- ау келісінше жай шаманың,
Күй тартып, күлін тарпып сай-саланың.
Қалайда қарамызға тоғытпадық,
Есірген еру елдің тайыншаларын.
Көрінгенді пір тұтып желікпедік,
Қайни мен Мұратбекке еліктедік.
Еркін де еркелетті ерік беріп,
Сертке жеттік мінеки сеніп келіп.
Сəл ғана болушы еді салақтығың,
Бұрымын ұнатушы ең тарақтының.
Үйрендік үлкендерден үлкен білім,
Қасынан қалмай шауып сан аттының.
Кеңдігің, даралығың, дарқандығың,
Төсетті ауыр жүкке арқаңды мың.
Шын жылап, шын күлетін адамдардың,
Ұнатушы ең шабытты шалқарлығын.
Түрініп қос білекті жайылып пəк,
Қалпақты артқа қарай қайырып сап.
Көсілуші ең тұлпардай көмбе көрген,
Сол күндер аңсадым- ау айырылып қап.
Қалайда бізге бөлек арайың бар,
Деуші едім кеңесіңнен алайын нəр.
Жып- жылы кірпішіңмен биіктеп ап...
Түскісі келмеуші еді ағайындар.
Дастарқанға əні мен жырын дəн қып,
Жымың қағып, жымпиып сырыңды аңдып.
Даму мүмкін қасыңда жүрген шығар,
Таңға жақын өзіңнен бұрын қалғып.
Берік кеп ортамызға төксе күйін,
Желік боп желпіндіріп өтсе құйын.
Сезіміңнің басатын серіппесін,
Бар еді- ау тамаша бір бөксе биің.
Талғам басқа, жол басқа, арман басқа,
Күндер кештік бір алла салған басқа.
Амалы да қалмайтын кейде бізге,
Ағиза мен Гүлденнің шамданбасқа.
Берекеміз достыққа бастар берік,
Аға болдық біз-дағы жастар келіп.
Жүруші едік Морида егіз төлдей,
Өлең оқып, əн салып асқарға еріп.
Қадеке, шіркін, қайда жүр екенсің,
Ойласам ортамыздың гүлі екенсің.
СЕРІК ӘБІЛ
Селдеген сезімдегі жыр екенсің,
Сен деген жүректегі сыр екенсің.
Қос қоңыр дауысымыз күмбірлеген,
Бала едік, балауса едік бір бүрлеген.
Келмеске кеткен күндер көкейдегі,
Еріксіз еске түсіп жырды үрлеген.
Пəк сезім жүректегі алып ұшқан,
Кешегі бал күндердің таңын құшқан.
Ұлы қорған төсінде шығып алып,
Ұлы достық деп салдым сағынышты əн.
Достық жырын оқыдым сағыныштан!
ЖЕҢІСҚАНҒА СЫР
Жас жағынан ағасың,
Достарымнан дарасың.
Ерте оянған санасың,
Ерке туған баласың.
Елің берер бағаңды,
Ертелі- кеш аласың.
Момындардың қайтесің,
Қасып қотыр-жарасын.
Ойнатам деп оятып,
Алма ағайын санасын.
Əлі талай көрерміз,
Бұл тірліктің таласын.
Атаң тайған сан жолдан,
Сен де бір күн танасың.
Қай кеудеге өзіңнің,
Шырағыңды жағасың?
Көреген көп аңдиды.
Іш пен сырттың аласын,
Өз ойыңды кей шақта,
Өзгелерге таңасың.
Жаратар жас аз бүгін,
Шаң көргеннің шарасын.
Жүзігім деп жүрмей ме,
Кейде қасаң тағасын.
Шақтарында шалқыған,
Кім ойлаған шамасын.
Өз əлінше сүйретер,
Əр кімдер де шанасын.
Жақсы жігіт жауға да,
Артпай өткен жаласын.
Көңілге сай көздің де,
Көрсетейік шарасын.
Жалау болып тұра алсаң,
Міндетің сол жанасың.
Тұлпар болып туа алсаң,
Шаң боратып шабасың.
Қыран болып шыға алсаң,
Қиянға қанат қағасың.
Татып жүрміз талайдың,
Тартқан алға бал асын.
Ағайын кейде біз десе,
Ұмытар өз баласын.
Мейіріне еліңнің,
Енді қайтып қанасың.
Кезіміз келді əр істің,
Айырар ақ- қарасын.
Не іздесең тірлікте
Осы жұрттан табасың.
Тағдырыңның танасын,
Əлі талай тағасың.
Барлық тауда болмайды,
Көк тіреген дара шың.
Бізге берген ақ бата,
Алтын Алтай анашым.
Өткелі көп өмірде,
СЕРІК ӘБІЛ
Біреу үшін шаласың,
Біреу үшін данасың.
Біреу үшін түк емес,
Біреу үшін панасың.
Кейде өзіңді ұмытып,
Күнбағыс боп қаласың.
Дегізбейік мына елге,
Неге өзгеріп барасың.
Берекемен ішейік,
Бейбіт күнгі жар асын.
Бауырларға үлгі боп,
Жол бастайық жаңа шын,
Ертең айтып жүрмесін.
Алдыдағы ағасын.
Ізге түсіп ілінер,
Бізге көзін қадасын.
Əлдилейік əнменен,
Туған елдің даласын.
Тіктейікші тірлікке,
Жігіттің көз қарасын!
АМАН БОЛ, АҒА
(Мұратбек Тесебаевқа)
Мың тоғыз жүз тоқсан төрт, мамыражай май айы,
Бұл тірліктің төбемнен төгіліп бір арайы.
Қазақ радиосына диктор болып мен келдім,
Ашылғандай алдымнан салтанаттың сарайы.
Аңдып басып аяқты ақ орданы аттадым,
Елестерді ескірмес еске берік сақтадым.
Аты таныс болғанымен түсі бөтен адамдар,
Көрдім күнде «күреспен» күн өткеріп жатқанын.
Үрімшінің аспаны тұрады екен мұнартып,
Үліңгірдің таңдарын аңсап жүрдім құмартып.
Сары бинада сарғайып сағынамын ауылды,
Жүдеп жүрген жүрекке жырларымнан жүк артып.
Кейбіреулер қарайды қырыменен көзінің,
Кейбіреулер түртеді істігімен сөзінің.
Кейбіреудің аузы əрең жыбырлайды сəлемге...
Бəрін қойшы сондайда сарқылады төзімің.
Боз баласы ауылдың жүрегінің оты бар,
Алғаш мұнда келгенде аңғарғаны осылар.
Жардан асқан толқындар бірақ талдан асқан жөқ,
Тауық құсап сезілді өзінше кей тотылар.
Міне, осындай таңдардың талқысында жүргенде,
Бір адаммен сырласып сергіп қалдым бірдемде.
Өмір шіркін келбетті кездерімен тəтті ғой,
Не жетсінші тірлікте түсінісе білгенге.
Біздің алғаш аралас осы арадан басталды,
Қолдайды екен өзі де қорғайды екен жастарды.
Балдырғанға осыдан артық бақыт жоқ шығар...
Таптым əйтеу əреңге асу бермес асқарды.
Талайы да талғамы ұқсамайды басқаға,
Мен де талай жайсаңмен жолыққам сан қасқаға...
Əне соның бəрінен бөгенəйі бөлекше,
Кейде тіпті мінезі сияқтанад жас бала.
Бөліміне бас сұқсаң пейілімен қарсы алад,
Өмір жайлы сыр шертіп, өнер жайлы тамсанад.
Қулық ойлап көрген жоқ, саусағымен сан санап,
Керісінше жыр жазып, өлең оқып əн салад.
Не келсе де ойына бетіңе айта салады,
Көңіліне мен əйтеу балай бере даланы.
Кеңесімен жазамыз жүректегі жараны,
Бастықтығын ондайда өзі ұмытып қалады.
СЕРІК ӘБІЛ
Қашан көрсең шынайы шырайынан жазбайды,
Əйел жайлы əн тартып, жыр оқыса маздайды.
Өсек айтып, өзгенің арғы жағын қазбайды,
Мынау жалған өмірдің сырын аша жаздайды...
Қапаланып, түтігіп, қысылмайды тарылып,
Ақтарылып ағынан жүре беред жарылып.
Əйтеу үзім əр уақыт əңгімеде болмасам,
Кезіккім кеп қарадай сағынамын зарығып.
Сая қылып осы алып бəйтеректің бұтағын,
Сыйлай жүріп сырғалы сырларынан ұғамын.
«Айтқан күні қайтар» деп жазып қояд тізімдеп,
Өзгеде жоқ өзгеше алсаң бірер кітабын.
Ғаламат бір сезіммен «Ғайни» əнін айтады,
Көңіліңді сергітіп, рухыңды байытады.
Өзі жақсы көретін адамдардың тойында,
Сахнаға сəн беріп ең соңынан қайтады.
Жан ағаның бойында бар бөлекше бір дарын,
Өзім ғана білемін өзге білмес сырларын.
Ерлері жоқ ортада есептеспегенімен,
Əйелдер жоқ ортада оқымайды жырларын.
Ұнатады арақты градусы жоғары,
Талғап ішіп тамақты майларынан соғады.
Биік жастап жастығын қиялдарға батады,
Ерте тұрып тəңертең кешінде жай жатады.
Сөзге құлақ аспасаң сен егерде байқамай,
Тəптіштейді тағы да əлгі жерін қайталай.
Сүймегенмен мақтауды, ұнатады баптауды,
Өмірінің базары өтері хақ тарқамай.
«Ойда болса бұл күнде алпыс жастың дарыны,
Бойда жəне бар тағы жиырма бестің жалыны. . .»
Өзі осылай айтады, басылмайды арыны,
Əйтеу қалай болмасын бар бөлекше салымы.
Мұқағали, Мұхтардың жырын бірге жаттадық,
Қадам бастым соңынан өзіме де бақ дарып.
Кеттік тіпті кей сəттер сырлас болып, дос болып,
Алпысыншы жылдардан əңгімелер ақтарып.
Сол кездерде еріксіз өткен күнге елітеміз,
Серкеміздің алдында біз дегенің еркеміз.
Қайникамал, Гүлайша апайларды еске алып,
Шекері бар кеңесті келістіріп шертеміз.
Мұндай сəтте жан аға бал-бұл жанып нұрланып,
Маңайына қарайды қырланып та, ұрланып.
Сол шақтарда мен-дағы сұрақ қоям қуланып...
Ал, жауабын «Дариға-ай» деп жазылған жырдан ұқ.
Қиырлана тартылса қыран қиял дүрбісі,
Өткен күнді кімдердің келмес дейсің білгісі.
Жүрегіне қамалған шыққанда ұшып жыр құсы,
«Көп ғашықтың бірі екем» деген еді бұл кісі.
Несі қызық өмірдің берілмесең сезімге,
Қаншалықты дегенмен шек болады төзімде.
Тізгіндерім үзіліп əрең жүрем өзім де,
Өткір бопты ағаның тістері де кезінде...
Айтылмаған əлі, бар қойылмаған сұрақ көп...
Шəмші əндерін тыңдайды жүрегінен жылап тек.
Əкемнен де артықтау көретұғын бұл кісім,
Дарқан көңіл дана адам Тесебаев Мұратбек.
Елпек тумас ездерден, тентек туар тектіден,
Ұлағатты із қалар ұлылардан тек кілең.
Тоқсан ауыз сөзімнің түйіні сол тобықтай,
Мен өзіңді өзгеше дара тұлға деп білем.
СЕРІК ӘБІЛ
Бесігіміз тербелген жайлаудағы күркеде,
Соны айтамын мен бүгін жүрегінен жыр төге.
Күллі қазақ ішінде диктор жайлы сөз болса,
Байжанбаев бір төбе, Тесебаев бір төбе.
Қырық жылда дауысың кетті тарап далаңа,
Ізгілігің ізденіс ізіңдегі балаға.
Сен дегенде бір сезім оралады санаға,
Бəрін қойшы əуелі,
Сен аман бол, жан аға,
Сен аман бол, жан аға!
БАРЫП ҚАЙТТЫМ АУЫЛЫҢА
Барып қайттым, жандосым, ауылыңа,
Ат шалдырып Ақарқа сауырына.
Қорған болып тұр екен тауың елге,
Қарағайын қондырған бауырына.
Айдаһардай шұбалған там жамбылын,
Айбарынан айырған тау жаңбыры.
Айықтырып жіберді ауыр ойдан,
Ауылыңда шырқалған аужар үні.
Барып қайттым, ардақтым, ауылыңа,
Жараспайды бос мінез тау ұлына.
Не төзе алар, шіркін-ау, таудан басқа,
Ғажабы көп ғасырдың дауылына.
Той-думаннан əн салып қайтушы едің,
Серігіңді сезімге байытушы едің.
Асан қайғы айтқан сөз «баркөл» емес,
«бар, көр» деген ұғым деп айтушы едің.
Бардым, көрдім ендеше бəрін-дағы,
Туған елің түзепті əнін-дағы.
Тау есімін, алайда, ұқпайды ұрпақ,
Қорған болған Ақарқа жанындағы.
Ұйып, елтіп мəңгілік ырғаққа шын,
Өскен өркен дəстүрге мін тақпасын.
Келешектің келбетін кестелейтін,
Өткендерді ұмыту ұрпаққа сын.
Көріп қайттым, жан досым, еліңді өскен,
Кез ғой мынау көңілден сенім көшкен.
Тұрғандығы, дариға-ай, қандай ғажап,
Қазақ таудан, тауы елден бөлінбестен.
ЕҢБЕК ЕРІ
Буырылдатып көмір қара самайын,
Құба белде өткізіп сан жаз айын.
Шөлін басып, елдің ашып сарайын,
Тұма тауып халыққа арнап, аяулым,
Сусындаттың мал мен бастың талайын.
Балығың бал, суың шəрбəт Үліңгір,
Ойың орман, далаңда дəн, қырың гүл.
Еліне арнап маңдай терін ұлың жүр,
Сол ұлыңа арналар əн жырым бұл.
Жетаралың - кеудеңдегі жұлдызың,
Əсем əнмен əуелеткен ұл-қызың.
Ақ далаңда аталардың ізі бар,
Ақ шылауышты əжелердей шың- құзың.
Тамырларын таба білген тамшының,
Бастау болып бал татқызды Мансұрың..
Шаңырағынан шаттық есіп малшының,
Егей елге шертеді ері жан сырын.
СЕРІК ӘБІЛ
Су бар жерде құлпырмай ма құр аңғар,
Ту бар жерде асқақтайды ұрандар.
Қанаттарың талмаса екен қырандар,
Көбейсе екен міне осындай ұландар.
МАРТ КҮНГІ МАДАҚ
(Тұрсын Жолымбетқызына)
Амансың ба, аяулы асыл апа,
Жатыр міне алмасып ғасыр ата.
Жігеріңіз жібін еш үзбес білем,
Жарылса да найзағай жасын ата.
Шығады ақыр түбінде батыр шыңға,
Түсетұғын кез ғой бұл ақыл сынға.
Өткен күннің ескірмес елестерін,
Естелікке көшіріп жатырсың ба?!
Көлгірсіген көзсізден сақтанайық,
Қандай ғажап зат болу атқа лайық.
Қыз өсірдің еліне көрік болар,
Жанар үшін біз-дағы мақтанайық.
Қыран қиял қиырды шолған шығар,
Солдан шыққан жел бір күн оңнан шығар.
Ұлан-асыр ұрпақтың тойын жасап,
Сіздің жас та ғасырдай болған шығар.
Іздегенім ізгілік сыны мінсіз,
Біз дегенің келеміз тынығусыз,
Сіз дегенің көненің көзісіз ғой,
Түсінгенге алтынның сынығысыз.
Тіршілік деп жəне де тілшілік деп,
Анау орман ал, мынау бір шыбық деп.
Талайларды тіліңе тиек етіп,
Отырсыз ба ақыры күрсініп тек.
Қамы-дағы аз емес қасқа ұлыңның,
Белгілі ғой жағдайы жас буынның.
Жатсам-дағы басқадан басым биік,
«Тілші сыры» астында жастығымның.
Арман аты көп менің жетегімде,
Сенім серік, серт берік, жетемін де.
Келем əйтеу өзімдік із салсам деп,
Өзің шыққан биіктің етегінде.
Бірі тисе болар ед батаңыздың,
Алшы түспей жүргені-ай сақамыздың.
Қайникамал, Тұрсындай қызы болған,
Арманы жоқ Жолымбет атамыздың.
АҚ ЖАУЫН
(Секен Тұрысбековке)
«Ақ жауын», шіркін «Ақ жауын»,
Сезімнің тауып талмауын.
Шымырлап бойға тарадың,
Балқып бір қалды- ау бар қауым.
Жалған- ай деген,
Арман- ай деген,
«Ақ жауын».
Сазыңнан сенің сыр тыңдап,
Шырын бір қиял шырқымды ап.
Көңілдің көлі толқыды- ау,
Айдында аққу сұңқылдап.
Не керек тəйір мұндайда,
Сыртыңа бітер сыр-сымбат.
СЕРІК ӘБІЛ
Жүректі барад жыр шыңдап,
Жауып тұр жауын сыртылдап.
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Шабыттың түсін шарлауын.
Сезімнің сезін самғауын,
Жөн еді-ау, саған қанбауым,
Жазира жаным ақ жауын.
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Отырмын тыңдап қозғалмай.
Сезімді мұндай қозғарма-ай.
Домбырам менің мол мұрам,
Мұндайда босап боздар ма-ай.
Тамсанып тұрмын, мінеки,
Ойымнан шабыт озғандай,
Жеткізіп айтар сөз қалмай.
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Сездің бе, тілін, құрбым- ау.
Күй емес ғажап жыр мынау,
Саз емес салқын сыр мынау.
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Аяулым менің ақ маңдай.
Болдым ғой бəрін тапқандай.
Тыңдаған сайын тыңаям,
Арайлап таңым атқандай.
Жалғанның сыры жай ғана,
Ашылып бара жатқандай.
Қызылға қыран қызықса,
Түбінде түсер шатқалға- ай.
Секеңді Секең сезбесе,
Шатылуға да шақ қалды-ай!
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Төресі күйдің төгілген.
Елім деп ерен егілген.
Қайратым қайта тірілді-ау,
Қабырғам бір кез сөгілген.
Өзіңді тыңдап тұрғанда,
Мүмкін бе лаулап жанбауым.
Жиырмамды шалып құрбанға,
Отызда орда таңдауым,
Бəрі де сенің сезімің,
Айналдым сенен, «Ақ жауын».
Жауған соң өзің сыртылдап,
Айықты мұнар көктегі.
Сазыңмен сұлу сусындап,
Кейінгі толқын көктеді.
Ал, енді мүмкін емес- ау,
Көштегі түйе шөкпегі.
Кезінде туған кеңес- ау,
Толқытттың əйтеу көп мені.
«Ақ жауын», шіркін, «Ақ жауын»,
Жеткізе алмас жыр жазып,
Сезімің сенің тым нəзік.
Күңіреніп кетер көңілге,
Күй тілі деген күнде азық.
Бейнелеп бердің сен маған,
Суретті ешкім сызбаған.
Көңілге қонып кең далам,
Жұмсайды жүрек сыздаған.
Күйде бар құнды құдырет,
Толқыды жаным жыр үдеп.
Ақ жауын жауса апалар,
Айтатын «алла нұры» деп.
Кем болмас ұққан кеңесті,
Таланытқа ғажап таңданам.
СЕРІК ӘБІЛ
«Ақ жауын» күйін көп есті,
Жазылсын десең жан жараң.
Бауырым, қатсын топшың да,
Жол ізде талғар талғамнан.
«Ақ жауын» күйін көп есті,
Жазылсын десең жан жараң.
Бауырым, қатсын топшың да,
Жол ізде талғар талғамнан.
«Ақ жауын» күйін көп тыңда,
Адаспас үшін арманнан.
Сəулем- ау, сағың сынбасын,
Ертеңге əркім елеңдер.
«Ақ жауын» күйін тыңдасын,
Ақ жолым болсын дегендер.
Күй сіңген жүрек шөлдемес,
«Ақ жауын» деген ақылшың.
Ағылып тұрған ол кеңес,
Арманның таңын атырсын.
Түннен де қалам күн көріп,
Ғаламат еді бұл қандай.
Күллі əлем мынау күңіреніп,
Бір күйге сыйып тұрғандай.
Мұқалма менің мұратым,
Қоңыр күй құтты қуатым.
Мен тұрған жерде жаз бойы,
Ақ жауын жауып тұратын.
Ақ жауын жауып тұратын,
Сол кезді жаным сағынды.
Тезекке алып шығатын,
Киіуші ем басқа қабымды.
Кей кезде пана тұтушы ем,
Жиі өскен қара жидені.
Енді еске соны түсірсем,
Жүріпті- ау жебеп күй мені.
Ол-дағы болса ауылдың,
Ұлына берген сыйы екен.
Сондағы жауған жауынның,
Бəрі де ғажап күй екен.
Төсінде таудың туылған,
Қайыспен белін буынған.
Ақ құлыны едім Алтайдың,
Ақ жауындарға жуынған.
Ақ жауын мені малшындыр,
Сырыңа елің қансын бір.
Ақ еділ ақын ұлыңнан,
Ақ шашу болып қалсын жыр.
Ақ жауын деген ғажап тым,
Дертіңді іштен қозғайды.
Ақ жауын жауған алаптың,
Атырабы да тозбайды.
«Ақ жауын» деген ашты мұң,
Аңғарар болсаң ары қарай.
Айту да қиын тап шынын,
Тартайын басты талдамай.
Қозданар енді сөз басы,
«Ақ жауын» деген көз жасы.
Қашан да момын қазақтың,
Өзінен шыққан өз қасы.
СЕРІК ӘБІЛ
Айбатты, ойда жатталған,
Қайраты бойда сақталған.
Арайын сезген адамға,
«Ақ жауын» деген тəтті арман.
«Ақ жауын» деген ізгінің,
Ізіне қарап өртену,
Қос ішек болған тізгінің,
Шер төгу жəне дерт ему.
«Ақ жауын» күйі тентек тым,
Шыдамым кетіп шер төктім.
Езілу деген алайда,
Ездігі болар еркектің,
Сөйттім де кенет селт еттім.
«Ақ жауын» ойдың байлығы,
Айтып бір болмас жел сөзім.
«Ақ жауын» деген қайғыны,
Жуып бір кеткен сел сезім.
Ой салар түрлі бар жанға,
«Ақ жауын» деген қайғыны,
Жуып бір кеткен сел сезім.
Күңіренген күйдің мол сыры.
Əрлене түсер əн елі,
Меруетін төксе мекенге.
Күйден де бұрын əуелі,
Бас иіп тұрмын Секенге,
Бас иіп тұрмын Секенге.
СЕН ТАУСЫҢ
(Дутан Сəкейұлының 60 жылдық мерейтойына)
«Көргенде аруларды бүлдіршіндей,
Тұсынан өте алмайтын бір күрсінбей».
Сетері сел сезімнің Дутан аға,
Сен маған сезілесің жыр мүсіндей.
Жыр мүсіннен шуақты арай көрем,
Дүрбісімен көңілдің қарай берем.
Қалатын тарихқа таңба болып,
Жазыпсың тамаша ойлы талай өлең.
Көретін ел ұрпағын баласындай,
Ұстазсың ұлағатты дара шыңдай.
Ғажайып жыр ғаламат сұлулығы,
Туған жер - қасиетті анасыңдай.
Шырынды армандары шырқалатын,
Таңдайынан тамаша жыр таматын.
Сезіну қандай ғажап сетер ойды,
Шырайлы шыңымыздың шын талантын,
Өмірге екі келмес Дутан ақын.
Сен таусың жолыңның аз тегіс жері,
Есіңнен еш кетпеген ел істері.
Аудармаң, зерттеулерің,
Бəрі де дарыныңның жемістері.
Қырансың, көгімдегі қалықтаған.
Жыр-əнсің өмірдегі шарықтаған.
Ұлансың жастай қолға алып қалам,
Парасатың ақ-қараны парықтаған.
Үлес алып көрнекті көп өнерден,
Көрсеттің өміріңде өрені өрден.
СЕРІК ӘБІЛ
Тілдесіп ақбас шыңы аспанменен,
Тау мəңгі биік тұрады төбелерден,
Тау мəңгі биік тұрады төбелерден.
САЗ САҢЛАҒЫ
(Күйші, сазгер,фольклоршы Камал Мақайұлына)
Бар ғұмыры асқақтаған асыл əн,
Бақыт құсы ұя салған басынан.
Талантының тас бұлағы тасыған,
Қызғалдақты қызықтаған жасынан.
Арманының арғымағын терлетіп,
Əз халықты əн- күйімен тербетіп.
Елі үшін еңбек еткен елжірей,
Сезім сырын сексенде де селдетіп.
Тағып талай көкірекке қыр гүлін,
Сан əуенмен сайратып саз бұлбұлын.
Кеңесімен ұғындырып келдіңіз,
Əшім ата күйлерінің күмбірін.
Көкірегінде көркейіп сан гүл өскен,
Күллі əлемге күй таратқан Күнестен.
Театрдың босағасын беріктеп,
Шарапатты шаңырағын тірескен.
Асыл ата ғасыр бойы тынбаған,
Егіз үнмен ел тағдырын жырлаған.
Біздің өмір болды өнердің бесігі,
Сіздің əн мен күйіңізді тыңдаған.
Сара сарын сан əуені самғаған,
Ата дəстүр қасиетін жалғаған.
Алтын сандық бар асылын арнаған,
Қыран қиял шабыт шыңын шарлаған.
Əр дəуірдің əрлендіріп дерегін,
Шертпе күймен шер тартқан шеберім.
Жемісіңмен ұрпақтарды жебедің,
Сара туған саз саңлағы дер елім!
(поэма)
Аруағы қорғар бабам бар батыр,
Дегенмен сайрар санамдағы ақыл.
Ойранды жылдар образы болып,
Омырауы қанды далам да жатыр...
Қолдайды пірім, толғайды жырым,
Тауыма басқан тарих сырын.
Бөрінің сүті – елімнің құты,
Болғанын несін жасырам бүгін.
Түріктер жылап түскенге құрық,
Түліктер шулап, иттер ұлып.
Ауылдан жаулар аттанған суыт,
«Құқымын тұздай құрттық» деп қырып.
Заманда сол бір жау шыққан іштен,
Шаңырақ біткен ортаға түскен.
Жұтаған жұрттың аспаны толған,
Құлқыншыл құзғын, құмайдай құспен.
Ой салар жылдар сезімге бөтен,
Бөлтіріктермен егіз боп өтем.
Бесікте қалған бабамды менің,
Көк бөрі сонда емізген екен...
Ананың сүті болса да арман,
Арланның құты бойымда қалған.
Мен деген нағыз намыстың нары,
Ар туын əппақ алладан алған.
СЕРІК ӘБІЛ
Əнім бар бүгін, сəнім бар басқа,
Шыдатпас шабыт жалындамасқа.
Елім мен жерім егіз бақытым,
Дарын да басқа, арын да басқа.
Даламда қалай самғарлығымды,
Адамнан шыққан арландығымды.
Көрсетем əлі көк пірім барда,
Тəңірден ерек тамған нұрымды.
Ашынған жерде азуым қанды,
Ақылдан кенде емеспін мəңгі.
Көкбөрі кием көмектес дейді,
Көргенде нағыз жаралы жанды.
Егес те ерлік, өлім де мақтан,
Аяқты талай қақпан да қапқан.
Кесірлі күндер келмеске кеткен,
Атты ғой міне арайлап ақ таң!
Көзімді əр кез қадаймын қырға,
Көңілім толып көк сағым нұрға.
Бөрінің сүтін бөлтірікпенен,
Бөліп ішкенім бөлейді сырға.
Иілемін деп жеңдім сезімді,
Киелімін деп келдім өзімді.
Өзгемен қалай тең қоя алам,
Өлекшін емген өр мінезімді.
Өзіндік дара шың алғандығым,
Қасыма қарсы шыға алғандығым.
Таңдайға тамған тəңірдің нəрі,
Көтеріп көкке ту алғандығым.
Албаты асып асқынбайтыным,
Тұлпарды əркез басқа ұрмайтыным.
Намысымды елге бастырмайтыным,
Тегім ғой досқа қас қылмайтұғын.
Бабамның басын қылыш кескенде,
Анамның төсін мырыш тескенде.
Көк бөрі тиған көзімнің жасын,
Дегізбен оны, шығыпты естен де.
Көк аспан барда панасызбын деп,
Көк бөрі барда анасызбын деп.
Көргемін жоқпын шарасызбын деп,
Санасызбын деп,
Данасызбын деп...
Сездіріп қилы өмірдің мəнін,
Шырқатқан жүрек əмірдің əнін.
Кірлемес рух киесі деп біл,
Бөрінің сүті - тəңірдің дəмін.
Кірлемес ардың киесі деп біл,
Бөрінің сүті - тəңірдің нəрін!!!
ЖЕТАРАЛ
Жетаралым, Жетаралым, қасиетті мекенім,
Қадіріңе жетемін.
Менің шалқып жүргендігім,
Шаттанып сан күлгендігім,
Тағы сенің құдыретің екенін.
Түсінемін – тұғырым,
Сондықтан да мəңгі мақтан етемін.
Араларға айлар салып келдім тағы сағынып,
Алдыменен мұңымды алайыншы шағынып.
Қайғым қоса бас көтереді- ау қағынып,
Денем ысып, жүрек қысып,
Тынысым да тарылып,
СЕРІК ӘБІЛ
Ой-хой, шіркін, менің туған жерім-ай,
Арылған ба адамдардан аққу - арман, ақ үміт.
Жетаралым, Жетаралым, мынау менің көңілім,
Үліңгірдің толқынындай тулайды.
Қамықтырып қу қайғы,
Кешегі өткен күндерім құлағымда шулайды.
Жетаралым, Жетаралым!
Табынамын саған мың.
Басы жатыр төсіңде атамның да анамның.
Тағы дағы сен куəсің, Жетарал,
Тағдырына Шаймұраттай ағамның.
Тым құрыса осылардың бірі болса бетіңде,
Бірақ, бірақ,
Жаның басқа болғаннан соң жəне де.
Жол басады екенсің,
Келгенінше шамаңның.
Сəулесіне бағынып сағынышқа жаралған,
Салымсыздау санаңның...
Жетаралым, Жетаралым!
Өзіңді де, өмірді де түсінем.
Ер қадырлы болады ғой елге еткен ісімен,
Төңірекке құлақ түріп,
Мұң- қайғыны лақтырып,
Жібердім мен тағы сенің күшіңмен.
Иегіммен тас шайнаймын ендеше,
Айырылсам да тісімнен...
Өз тұсында қара күште жан баласы озбаған,
Əкем менің сен туралы талай аңыз қозғаған.
Жетаралым, Жетаралым,
менің саған махаббатым,
Əне сонда қоздаған.
Қайран əке, əуел менің иіскеп алып желкемнен,
Болашағым, айналайын, құлыным,
Болса үмітің бой көрсетер ертеңнен,
Тарихқа көз таста, өткен күннен жиренбен.
Мен жасаған сексен жыл сенің үлкен сабағың,
Болса бойда талабың.
Жайшылықта барлық іске назар салып қарағын,
Басқалардан алымды болар сонда қадамың,
Ұсақтықта ұлылық бар соны ұмытпа, қарағым.
Бұл күндері далаң-дағы, тауың-дағы өзгерді,
Ендігі ұрпақ табиғат пен тарихқа
Бас иетін кез келді.
Сүйіп тыңдар құлақ аз сұңғыла ой сөздерді,
Алтынменен алмастырып алды адамдар жездерді,
Қыранның да, жыланның да
Жалғандығын көз көрді.
Баяғыда анау өзен өткел бермей ағатын,
Тиянағын ақыры Үліңгірден табатын.
Сансыздаған аққу- қаздар баяу қағып қанатын,
Əсем əнге салатын.
Тіпті, кейде өзен суы сабасына сия алмай,
Ағындармен жөңкіліп əрең тыныс табатын.
Ардалардың арасынан Жетарал қалыптасып қалатын,
Содан барып Жетарал деп аталған
Сенің өскен бесігің.
Осы туған топырағыңның тарихын сен алып ұш.
Жетсе қайда қанатың.
Туған жермен тұлғаланар сенің-дағы санатың,
Жұлдызың да осында маңдайыңнан жанатын,
Үлесің де осында алда күнгі алатын...
Ит тұмсығы өтпейтұғын,
Үліңгірдің бойындағы сексеуіл мен жыңғылдан,
СЕРІК ӘБІЛ
Жол бермейтін қоңыр аңдар жағалауды жым қылған.
Боз қараған, боз талдар боп ну орманға ұласып,
Қоңыр самал баяу есіп тұратұғын гүл-қырдан.
Айналайын ізбасарым, түлегім,
Мен де осында түледім.
Ертеңіңді ойласам елжірейді жүрегім,
Қайран мекен тым өзгеріп кетті ғой,
Жаннат жердің бірі едің...
Тағы соны қайталаймын,
Туған жердің қасиетін ұмытпа,
Үліңгірің шомылдырған тұныққа.
Балам соны есіңе ал сылтау көп қой сыныққа,
Болмашыға бой ұрып, жылуыңды суытпа.
Киесі бар мынау сенің жеріңнің,
Киесі бар мынау сенің еліңнің.
«Үліңгірдің гүрілдеген толқыны,
Ұрпағының дауысына дарыған» -
Деген сөз бар келе жатқан арыдан.
Қасиеті ол да сенің төріңнің,
Бойтұмардай жолы бар сезімдегі сенімнің...
Байқайсың ба, Үліңгірге келгенде,
Қара бұлт та кетеді қақ жарылып.
Əне соны көргенде,
Қайғыңнан да қалғандай боп арылып.
Сабасына түседі тұрған көңіл тарығып,
Болашаққа жол ашқандай ақ үміт.
Сездің бе, ұлым, айналайын серігім,
Сезіміңді туған жердің тарихына телідім.
Мен өлсем де, Үліңгірің, Жетаралың тұрғанда,
Жетім деп дəл айта алады сені кім,
Туған жерің, туған елің болсын мəңгі сенімің.
Қайран əке! Қайран əке!
Осыны айтып шаттанып.
Қаһарланып, маңғазданып, мақтанып,
Жетаралда желдей есіп жүрді де,
Сызығына жеткен күні кете барды аттанып.
Бірақ, бірақ, өткен өмір тарих,
Қалды менің жүрегімде жатталып.
Жетаралым, Жетаралым!
Экран боп тұра алдымда бойыңдағы бар үлгің,
Жолы басқа болғаны шын жөргектегі əр ұлдың,
Ал, ендеше
Серігің кеп тəңір тауға бір ат ағаш орнатты,
Шаңырағын көшіріп төсіңдегі Əбілдің.
Ал, ағайын, ал, ел-жұртым, біздің үйге барыңдар,
Болмаса да қорада шулап жатқан қалың мал.
Ақ далаға ұқсайтұғын пейілі,
Көрінетін көзінен анаға тəн мейірі,
Дарқан көңіл жарым бар.
Тым қорыса əне соның қолынан,
Сусынға бір қаныңдар,
Көзбен көріп жатсаң қолымдағы барымды ал.
Туған елім, туған жерім, нем бар сенен аяйтын,
Ту көтерсем тағы өздерің тұлпарыңа балайтын.
Арысыңа, жарысыңа сал мені,
Кезімдемін бір бəйгеге жарайтын,
Кезімдемін бір бəйгеге жарайтын!
Күні кеше қасиетті қарт бабам,
Мені туған топырағымның тарихымен баптаған.
Ал, ендеше болсам бүгін топтан озып шаппаған,
Туған елім, туған жерім есептеме мені онда,
Үмітіңді ақтаған.
Есептеме мені онда,
Арманыңды ақтаған.
СЕРІК ӘБІЛ
ҚАЙЫРШЫ ХАЛІ
(поэма)
Уа, Дариға, тірлік өмір көрші ғой,
Көш жолында көрдік алуан таңдарды.
Көрдік алуан жандарды,
Осылардан туған талай тосын ой,
О, құдырет, ойлап тұрсаң,
Ғұмыр деген осы ғой...
Төңкерілген көк қазанның астында,
Тірлік біткен ұқсап дүлей тасқынға.
Ұқсап тағы уақыт қуған қашқынға,
Қара допқа жанталасып жабысып,
Арман үшін арпалысып, алысып,
Бір-бірімен табысып та, танысып.
Кезегінде шабысып та, шалысып,
Күн өткізіп жатады күштеріне қарысып.
Соның бірі мен-дағы
Келе жатып құжынаған базарда.
Зарлы күйі тоқтау болған ажалға...
Тіршіліктің барлық мұңын тербеткен.
Сезімдерді сіркіретіп селдеткен.
Кезігіп қос кəрияға, мұң қондырдым ажарға.
Аңғарғанға мұндай кездер ой салады назарға,
Ал, басқалар мыналарға қарап-тағы қоймайды,
Бəлкім солай болатын да шығар- ау.
Адам шіркін азарда,
Бабасын да ескермейді екен ғой,
Бала байқұс өзіне ор қазарда.
Жатыр талай жігіт өтіп,
Небір сұлу қыз өтіп,
Көз айырмай мен де тұрмын сырттарынан күзетіп.
Алба-жұлба ақсақ кемпір соқыр шалын қолтықтап,
Жол шетіне отырғызды түзетіп,
Елең еттім ет жүрегім дыз етіп.
Əне содан зарлы əуен төңіректі жəне-дағы тербеді,
Сұңқылдады сыңар аққу дауысындай көлдегі.
Шіркін өнер ғажайып қой,
Сезім бір сəт селдеді.
Алақанын жайған ана жасы-дағы көлдеді,
Қайшалысқан көпшіліктің көбі ештеме бермеді.
Күңірентіп жан жүйеңді босатады күй өктем,
Сақал мұрты бетін жапқан.
Ақ самайдан тері аққан.
Кəриянің музыка үні өтеді сай-сүйектен,
Кемсеңдеген кемпір-дағы айырылыпты иектен.
Ал, бұларға жастар жағы көз қырын да салмайды,
Қиқу ғұмыр мұң тербейді, құйқылжиды зарлайды.
Кеудесімен көк тіреген кейбір кердең хаюандар,
Байқұстарды басып кете жаздайды,
Ырху үні мұңлы əуеннен жазбайды.
Адамдарға сенбеймін мен,
Əзір өрт боп жалындаса, əзір бықсып сөнетін.
Мыжғаулардан үмітім жоқ тек ақшаға сенетін,
Ақша деген ақша қар ғой кезегінде келетін.
Қарашада қапалақтап, жазда ағынмен зулайды,
Шың басында тұрса-дағы, ойда мəңгі тұрмайды.
Бір-біріне бермес егер қол үшін,
Барлық жаннан қалыс қалмас қол жаятын бұл қайғы.
Сол үшін де біздің халық берекені жырлайды.
Ал, ендеше ақын жүрек тек осыны сындайды.
Қайыршыға қарамаса қарамасын мына жұрт,
Бабасының мұрасына неге мойын бұрмайды...
Ырху үнін сахнадан енді қайтып тыңдайды,
Бабасының мұрасына неге мойын бұрмайды?
СЕРІК ӘБІЛ
ҚҰНАН БƏЙГЕ
(поэма)
Қарын майды қажетсіз қып шірітіп бір құмалақ,
Тұрлаусыз ой есімді алып, тұралап.
Бір байламға келе алмай,
Өзді өзіме сене алмай.
Тарихыма тұрмын нарау сығалап,
Ойламдының орайы өзін бір сəт сынамақ.
Бар тірлігі тарихыммен таңбаланса тасында,
Бабам менің білгір емей немене енді расында.
Десем-дағы кейде күпті көңілмен,
Орайында ой келеді кешегі өткен өмірден.
Баяғыда Жетаралда, бəйгетөбе басында,
Бір бəсеке болған еді менің жеті жасымда.
Ол кездерде қарт бабамның еріп жүрем қасында.
Сəби демей əкем онда қалдырмайтын санаттан,
Шаң көрсін деп топты ортада түсірмейтін мені аттан.
Мерекеде мектебіміз өткеннен соң парадтан,
Қыркүйек деп алты күнге таратқан.
Алтын күздің арай таңы тоқ көңілдер тоятты.
Жемісті жыл жердің жүзін сары түске бояпты.
Ертіпті елдер баласын көп,
Сен бара алмай қаласың деп,
Əкем бүгін мені ерте оятты...
Ойынға ертіп барам деді, ұйқымды аштым, ұнадым,
Бəйге болад деген кезде елең етті құлағым.
Құлынынан үйір өскен бар еді бір құнаным,
Онда мен де қоңырымды қосам ə деп сұрадым.
Соныменен талабым да орындалды табанда,
Өйткені мен туылғалы
Нені ойласам соны істеп келемін,
Тіке қарап көргені жоқ алда жалғыз ағам да,
Ал, мінеки, үкі тағып жүйрігіне,
Ақ батамен аттандырды еркелеткен анам да,
Жүлде сөзсіз менікі деп сайрап-ақ тұр санам да...
Бəйге төбе,
Қалың адам атты, жаяу, арбалы,
Салтанатын жатты асырып, сахараның сардары.
Аласатқан боз балалар ат құлағында ойнаса,
Сынды көзбен күн сап қарап отыр маңғаз шалдары.
Өріп алған жал-ұйрығын,
Жетелеген бар жүйрігін,
Əр тараптан топ- тобымен жөңкілді ел.
Үкілерін бұлғақтатып,
Қайта оралмас қымбат уақыт.
Дегендей боп жорғалар мен жортақтаса арулар,
Қыз күндерін есіне алып қызықтайды кемпірлер.
Елеңдейді алып қашып менің-дағы құнаным,
Жарысуға асығамын таусылып бар шыдамым.
Деген үміт болғаннан соң бəйгені алып шығамын,
Тоқымымды түзеп бір кез жал-құйрығын сыладым.
Басталды ойын балуан түсті азаматтар алысты,
Жібермеуге елге есені,
Бура сандар белдеседі.
Ойлап ерлік намысты,
Əкем-дағы əңгімеде көп айтушы ед арысты,
Қарап тұрып қамшы ұстаған саусақтарым қарысты.
Ойын қызып, қызқуардан көкпарға да ұласты,
Қарағанға қауіп дерлік.
Анадайдан шауып келіп,
Іліп алып жерден лақты ат үстінде сынасты.
Осыдан соң біздің құнан бəйгедегі қыр асты,
Ат айдаушы уақытында шартты жерге тоқтады.
Екі қатар тізіп тағы,
Қарап бір сəт қызықтады...
Ауыздықпен алысады жүйріктер топтағы.
СЕРІК ӘБІЛ
Сəлден кейін ат тұяғы дүбірлетіп асқарды,
Біздің күткен бəсеке де басталды.
Шаң шұбатып қалып жатты сағым дала соқпағы.
Барлық тойдың болғанынан боладысы қызық-ай,
Құнандарға қамшы бастық тақымымыз қызып ап.
Қоңырымның шабысы əлі болса-дағы тебінді,
Шайқап кетті көңілдегі сенімді.
Даяшыға ілінгенде қоздырды бар кегімді,
Болып қалдым мен бұл жолы біріншіден кейінгі.
Бір кез кеп əкем-дағы тізгініме жармасты,
Ақ түтек боп айналаны шаң басты.
Онсыз-дағы қалың адам шапқыласып кеп жатты,
Қос құлыным жарайсыңдар деп жатты.
Себебі бұл бəсекеге түсулерің алғашқы,
Бірақ, жарыс намыс отын үрледі.
Бəрінің де марапаты құлағыма кірмеді,
Жерден таяқ жесем-дағы жеті жыл,
Қорланғаным осы шығар дəл өзім ес білгелі.
Бұған себеп,
Бұл өмірге есік ашқан менен бір жыл жай тағы,
Көршіміздің баласы, Көжебайдың Байтағы.
Мініп шапқан Мүліктің,
Бүгін міне озды бурыл байталы.
Соныменен құнан бəйге дақ түсіріп намысқа,
Аяқталды жарыс та.
Сол бір күндер қалса-дағы алыста,
Маған жиі ой келеді бəсекелі барыста.
Тірлік жолы түрлі - түрлі сұрақ сыйлар санаға.
Жауап бере алмай қалам, кейде тіпті балаға.
«Байтал шауып бəйге алмайды»
Деуші еді ғой көнелер...
Сонда менің бабам-дағы өтірік айта сала ма?
Қанипа атты қарт ұстаз бар біздің жерде тұратын,
Бір мектептің басшылығы мұқалтпаған мұратын.
Халқым деген жүректері,
Оның ұшқан түлектері.
Бəсекеде үнемі озып шығатын,
Өзі тіпті ерлік жайлы жырлар жазған ұлы ақын.
Өмір жайлы құлақ түріп отырғанда кеңеске,
Меніңше, осы қайшылықтар көп қалады егесте.
«Көш оңбайды, əйел бастар» дейді екен ертеде,
Шындығында онысы да үстеу кетті емес пе,
Осыларды алмас қалай ел еске.
Қайшылықсыз қоғамның да дамымауы заңдылық,
Кей тұжырым өзгереді кейде кері жаңғырып.
Ондай болса бұл тірлікте
Адамдардың барлығы да əрдəйім,
Еш мүлтіксіз дұрыс сөйлеп кете алмайды мəңгілік.
ХАНЗУДА БІР АҢЫЗ БАР. . .
(Назиралық поэма)
Ойламсыздың олқылығы түбінде бір көрінер,
Қанша жасар арадағы қарттарымыз көз ілер.
Соларменен бірге біздің тарих та көмілер,
Терең ойлап түсінгенге,
Кейде қате ісіңнен де,
Оны қайта түзетуің əсерлі боп сезілер.
Ер жігітке қашандағы өзін сүйер табылады нағыз жар,
Алайда ол екіталай тек сүюмен ақылды боп кетуі.
Мүкін емес пенделердің бар арманға жетуі,
Бұл туралы ханзуларда мынадай бір аңыз бар:
Бір жас жігіт сүйгенін ап басына бақ қоныпты,
Сүйкімді бір ұлдары да болыпты.
Үндескендей жүректер,
СЕРІК ӘБІЛ
Орындалып тілектер.
Күн кешкендей болғанымен түлектер,
Келін бірақ атасына шайпау болып жолықты.
Мұны көрген қаусаған қарт ертеңінен қорықты,
Бір тиянақ таба алмай тірліктен де торықты.
«Кəртейгенде бір бала, жас күніңде бір бала»
Деген тəмсілді есіне алып,
Күні кеткен есіл алып,
Отырады үй ішіне үнсіз қарап ұрлана.
Осылардың кетсем екен алдында,
Деген нағыз тілекпенен бір ғана.
Қарттың мынау табылғандай болғанымен Қайраңнан,
Талай-талай топты ортада бой көрсетіп майданнан.
Өз кезінде ортасынан мықты болып сайланған.
Ал, ендеше міне бүгін,
Киім киіп, тамақ ішудің өзі
Үлкен жұмысқа айналған.
Қан тамырдай қайшалысқан өмірдің бұл жолдары,
Əне содан қалыңдайды пенделердің сорлары.
Айрылған қарт күшінен де, тісінен,
Сондықтан да ағаттықтар кезігеді ісінен.
Тіпті қалтақ болып қалған қолдары,
Ойланасың мұндайда,
Кең жайылған екен-ау деп тіршіліктің торлары.
Кең пейіл қарт іштей налып келінін көп сынады,
Ал, бұл үйде небары сол төрт-ақ адам тұрады,
Төрт жастағы немересі ол да тəртіпті ұғады.
Əйелінің сөзін бұрмай,
Жорғалайды ұлы құрдай.
«Сүйген жүрек кешірімді», дегенмен,
Əке алдында сағы қатты сынады.
Бір күн келін шалдың көне ауыруы баламызға жұғады,
Дейді-дағы ас ішуде қартты бөліп шығады.
«Асқанның да тосқаны» дейтін болады-ау деп тұрағы.
Бұл қорлықтың барлығына көне көзің шыдады.
Тірісінде түсінбеспіз адамдардың асылын,
Өмір солай өкініште өтіп жатты ақырын.
Өлмеді ғой мына мыстан,
Қалтақ қолы кіші ыдыстан
Тамақтарды төгеді екен, айтар болсам ашығын
Деп келіні ағаш тегенемен,
Атасына тамақ берді көрдіңіз бе асуын,
Арсыз адам осылай да жеңеді екен ақылын.
Балапандар ұясында нені көрсе соны алады ұшқанда,
Деген бізде тəмсіл бар, мысал алған құстан да.
Күз сүркейлі сезіледі кейде тіпті қыстан да,
Əне сондай өмір кейде өрнегімен ой салады
дұшпанға.
Келін бір күн қызметтен ерте түсіп келеді,
Келісімен пышақ алған қолына сəби ұлын көреді.
Даярлапты қасына атасының балтасын,
Бір ағашқа мініп алып ойып жатыр ортасын.
Сыр сыйлайды адамға кей істердің дерегі,
Мұның не деп сұрап еді шешесі,
Мынау екен себебі:
Ана, мен бұл ағашымның ішін жақсы оямын,
Бар ойымда жəне де келістіріп бояғым.
Ертең өзім ержеткенде,
Еңбек етем ел деп мен де,
Бойымдағы жалқаулықты жоямын.
Əкем екеуіңді де атама ұқсас бағамын,
Төгілмейді сол кезде ішетұғын тамағың,
Сондықтан да ертерек ыдыс жасап қоямын.
Сəбиінің мына сөзін естігенде анасы,
Жасқа толды жанарының шарасы,
Ал, бұл кезде босағада
Бəрін тыңдап отырған-ды бабасы.
Өзі өткізген қателіктің бəрін-дағы ұғынды,
«Кешір ата, кеш мені» деп алдына кеп жығылды.
Аяқ асты тұруға да келмегендей шамасы,
СЕРІК ӘБІЛ
«Келсе алдыңа əкеңнің де құнын кеш»
Деген ғой ер данасы,
Соныменен қартыңның да жазылды жан жарасы.
Ержігітке табылады қашандағы өзін сүйер нағыз жар,
Алайда ол екіталай тек сүюмен ақылды боп кетуі.
Оңай емес адамдардың ойлағандай арманына жетуі,
Бұл туралы ханзуларда міне осындай аңыз бар.
ҒАСЫР ТОЛҒАУЫ
Келер уақыт- болашақта өткен уақыт тарих,
Ал, ендеше, тарихқа жол алайын, қал ұйып.
Қожыр-қожыр тастарда бар ғасырлардың таңбасы,
Тентек ұрпақ сол таңбадан тегімізді таниық.
Ай-жылдардың артық-кемін саусақпенен санайық,
Елде де емес, сенде де емес бар бақыт пен бар айып.
Тұрған шақта жер шарындай алып анаң тарайып,
Екі ғасыр қадамына екі көзбен қарайық.
Бабамызға, баламызға болмайық біз ұятты,
Жалғандықтан жанарлардың жасы-дағы жиі ақты.
Кешегі мен бүгінгінің келбетіне қарасақ,
Қара таудың күнгейі мен теріскейі сияқты.
Қарттарыңа мынау тынбай жылжып атқан таң қайғы,
Жастарыңа дəл қазірше болғаны жоқ нақ қайғы.
Бірақ қарыны ашпағандар қандай айтсаң нанбайды,
Қаршыға да, қарға-дағы өз əлінше самғайды.
Уақыт - өмір, өмір - уақыт бəрі-бəрін өлшеді,
Ғасыр деген міне осы ғаламаттың бөлшегі.
Сəбиіңді əлдименен ержеткізіп, ерсалып,
Келмес ғұмыр керуеніне тізбектейді ол сені.
Я, ғұмыр керуені тынбай алға көшеді,
Атам айтқан «жарлы байып, жас ержетіп өседі».
Кер заманның кескіндерін еске алсақ кешегі,
Уақыт жəне жауап беріп барлығын да шешеді.
Кеше біздер қандай едік, кеше біздер кім едік?
Қарлы қыста, қара қоста, қара белге түнедік.
Талғамсыздық бұлты торлап төбемізден түнеріп,
Кең даланың кереметін түсіне алмай жүдедік.
Сондықтан да бұл күндері тесілеміз тастарға,
Бабам əйтеу атқа мініп мал баққан деп асқарда.
Менің өкпем тарамайды, дастарқаны даладай,
Қымыз ішіп, қызып алып, қызын сатқан мастарға.
Ендеше мен бұл ғасырды қақ екіге бөлемін,
Екі елуге арналады егіз ойлы өлеңім.
Алдыңғы елу ғасыр басы шерімді бір төгемін,
Қалғандары ғасыр соңы сетер сезім себемін.
Бүгінгі ұрпақ кешесіне ойлы көзбен қарайды,
Аққа тойған аталарын ақ ниетті санайды.
Бұл ғасырдың басында біз сан алыптан айырылып,
Ал, соңында қайта танып тірілттік-ау талайды.
Ғасыр басы біз ұшаққа шалма тастап мақтандық,
Жаудан емес жау шығатын жардан əрең сақтандық.
Ғасыр соңы теңдік алып заманаға үн қосып,
Алғы буын ағалардың тек арманын ап қалдық.
Ғасыр басы біз қыранға қызыл көзбен қарадық,
Ал, жыланға ақ тамызып жаутаңдадық қадалып.
Ғасыр соңы ақ таяқты «А» деген бір əріп деп,
Түсінгенге өзімізді сəл саналы санадық.
Ғасыр басы демесек те қарнымыз тоқ еді,
Ғасыр соңы сияқтанған қарнымыз жоқ еді.
СЕРІК ӘБІЛ
«Ей, ағайын, алдыменен тер шығарып көрші бір»,
Көптен бері көңіліңе алған бір айтарым сол еді.
Ғасыр басы демесек-тағы айналмайды мақтанға,
Аталарым жол бермепті арын елге сатқанға.
Бұрынғылар бір күн өтсе жылайды екен деуші еді,
Бір ғасыр да өте шықты біз мимырттап жатқанда.
Өлең ойы қайшылықты бейне нағыз өмірдей,
Көңіл шері тарқамайды көздің жасы төгілмей.
Селт ететін кезің келді, сезімге бай серілер,
Кеңсің деген керегі жоқ кері сөзге семірмей.
Ауыз күште жүректерге түк бітірер батырмыз,
Аққа тойып, атқа мінсек шетімізден ақынбыз.
Біздер толық оянбадық, ұйқысырап жүріп тек,
Оянғанның ойынын ойнап, тамағын жеп жатырмыз.
Өзгеге ұқсас өзіңде де болғаннан соң сай тұлға,
Дəуір даңғыл жол көрсетті далалықты байытуға.
Бірақ, бүгін ғасыр соңы ұят болып тұрғаны-ай,
Миллионнан миллионер шыққан жоқ деп айтуға.
Атақ салған қоржынымыз сыйған жоқ деп қақпаға,
Маңғазсынып масайрадық, өлең жазып мақтана.
Біз келмеске кетіп бара жатқан жолда сақтана,
Жүргеніміз жөн-ау шіркін, шалқи бермей шаттана.
Жалқаулығың жан төзбейтін кезге келді бұл күнде,
Шаш-тырнақты алу-дағы қиын ғой біз шіркінге.
Өз кимін өзі тігіп киеді екен ағайын,
Ғасыр басы бабаларың жүрсе-дағы үркінде.
Ғасыр соңы, тамақ дайын, киім дайын бəрі бар,
Айран ішпей арақ ішіп ауырғанға дəрі бар.
Əр пенденің əліне сай салатұғын əні бар...
Бірақ біздің арамызда арамзалар əлі бар.
Ғасыр, міне, ғаламат кез, алтын дəуір арайлы,
Салтқа көшер ел ұрпағы салдырды сан сарайды.
Толық біле бермесе де бүгінгілер үш жұртын,
Ал, үш жүзге бөлінгенде бөрі жеді талайды.
Қос ғасырдың қос қадамын біздер қайта көрмейміз,
Сан соққыдан аман қалдық, енді бəлкім сөнбейміз.
Ғасыр басы деген Абай «жарамызды емдейміз»,
Ендеше біз ендігі ұрпақ соқырларға ермейміз.
Ғасыр- альбом жырға толы жиынтығы жылдардың,
Бəрі толық айтылуы мүмкін емес сырлардың.
Қоңыр белде қоңыр ұлдың үні ұласты қобызға,
Қоңыр қалта елім сені қоңыр үнмен жырладым.
Тіршілігің табиғатпен, тарихпен тамырлас,
Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтармен тағдырлас.
Мен білгенде халқым сенің аңқаулығың ақ еділ,
Мынау біздің ғасырлармен шығар бəлкім даң құрдас.
Тарамдалған тарихтан сабақ алсақ тек кілең,
Жүректерге жүк етпеуге болар еді кекті үнем.
Берекесіз бейнесі мен жалқаулыққа қош айтсам,
Менің елім ешкімге де есе бермес деп білем.
Қандай ғажап сыр сыйлайды келер ғасыр ендігі,
Əйтеу менің бір тілегім адамдардың теңдігі.
Кемістігін көре білген əрқандай бір қауымның,
Жеңіс туын айғай салып айтпаса да белгілі.
СЕРІК ӘБІЛ
АҚ БАС АҒА
– Ассалаумағалайкум, ақ бас аға,
Аман ба, ауыл-аймақ, ақ босаға..
Алтын деген ардақты зат еді ғой,
Кейде сол алтынды да тат баса ма?
Мейірімі адамның жанарда екен,
Сауалдарым шешімін табар ма екен,
Қырқа асатын қырыққа келмей жатып,
Не ғып ерте шашыңыз ағарды екен?
– Е, бауырым, сөздерің ой салады,
Көңіл орта, құрсақ сан тойса-дағы.
Бəрі бекер көкірек көншімесе,
Көк тіретіп төбеңмен қойса-дағы.
Сəні бірдей болғанның бəрі бірдей,
Дегеннен соң соқырлар əлін білмей,
Алтынды да тат басты, оның рас,
Сан асылдың шашылды дəні күлдей.
Сыр аңғарар адамдар сыртыңнан да,
Жағаласта жаға көп жыртылғанда,
Шаш түгіл қас та ағарып кетеді екен,
Арман жолы аттамай қырқылғанда.
Кердең басқан кем күнді кезіміз ғой,
Қимыл кемшіл болса да сөзімізде ой.
Тат бастырып алтынға, тат боп жүрген
Жəне-дағы бауырым, өзіміз ғой.
СƏЛЕМ, АНА
Жанашырым, қадырлым, құрметтім,
Қасиеттім, қастерлім, құдыреттім.
Жаным ана, шұғылалы шуағыңда
Қандай қиын күндерден күліп өттім.
Сəлем ана, түлеткен сұңқарыңнан,
Сəлем ана, баптаған тұлпарыңнан.
Жанашыр жан өмірде біреу болса,
Сен екенін сезініп шырқадым əн.
Сағындым ғой ауылдың жыр аспанын,
Ақша бұлттың қалықтап қыр асқанын.
Байқадың ба, жан ана, бүгін менің
Əн-күйіммен əлдиің ұласқанын.
МЕДБИКЕ ҚЫЗ
Самалы мына өлкенің есті əр күз,
Өткіздің қаншалаған кешті жалғыз.
Халқың теңіз сен сонда қалқып жүрген,
Аққусың айдындағы медбике қыз.
Сан науқас қайта өмірге қақты қанат,
Жаудыраған жанарлар жатты қарап.
Шипалы сенің сүйрік саусақтарың,
Басқаға берді талай бақты балап.
Селдеген ықыласты сезімдерің,
Не деген көнімді едің, төзімді едің.
Кірпігіңнен созылып талай таңдар,
Арайлап атқанында көз ілмедің.
Қараймын саған əр кез даралап тым,
Бақытындай сезінем бар алаптың.
СЕРІК ӘБІЛ
Достарың серуенге аттанғанда,
Сен асығыс жұмысқа бара жаттың.
Науқасы жаутаңдатып жанын қысқан,
Жандарға ақ ниетің алып ұшқан.
Елім деген еркем-ай, елігім-ай,
Сенің жаның жаралған сағыныштан.
Айлар аунап жеткенде көктем күліп,
Жасың сынды жауынын төккен бұлт.
Кездесе алмай ғашығың кетіп жүрді,
Терезеңнің сыртынан көп телміріп.
Келтіре алмай кезегін сырласудың,
Көңілін де қалдырдың құрдасыңның.
Елім деген ерекше сезімменен,
Ескермедің бақытын бір басыңның.
Көңіліңді айтпадым ақ деп тегін,
Тілегім сол басыңнан бақ кетпесін.
Саған мол ел-жұртыңның алғысы да,
Аман бол, айналайын, ақ кептерім.
Қыс, көктем, жаз десем де, күз десем де,
Дайын тұрдың қай уақыт іздесем де.
Аяулы болса адамның жаны қандай,
Соншалық аяулысың бізге сен де!
ҚАРЫЗДАРМЫН
Қарыздармын атама, анама да,
Көкірегінде тулатқан далама да.
Қарыздармын арттағы ініге де,
Қарыздармын алдағы ағаға да.
Қарыздармын еңселі еліме мен,
Елім мені ешкімге телімеген.
Ертең үшін аяйтын ештеңем жоқ,
Тұра алмаймын тарта алмай тегіме мен.
Қайрат керек қайғыға, уайымға да,
Ойлы керек ойсыздау ойынға да.
Қарыздармын баласын маған беріп,
Қимай қарап отырған қайынға да.
Қарыздармын, ағайын, барлығыңа,
Құлақ түріп тұрамын жарлығыңа.
Қарызымды өтеуге қарманамын,
Қашан түсіп кеткенше сандығыма.
Жыл жаңартып жылғаға бастап көктем,
Тасырқатты тіршілік
Тастақ неткен.
Өмірдегі борышын өтей алмай,
Əкем мені қарызға тастап кеткен.
БІЛГІРСІМЕ
Əкем мені жиырма жыл жетеледі,
Есі барға сол-дағы жетер енді.
Кісіге жан ашыған кісімісіп,
Қойшы, ағайын, астыртын кекегенді.
Ақыл айтқым келеді елге мен де,
Қарным тойып қабағым терлегенде.
Соның артық туыстар бəрінен де,
Бір шыны сусын берсең шөлдегенге.
Болған соң адамдық бойда қаны,
Жарасады пенденің тойдағы əні.
Білгірсіме, білімдім, басқаларға,
Бар əркімнің өзіндік ойлағаны.
СЕРІК ӘБІЛ
ҚАНСОНАРДА
Қарашаның қалыңдап қырбақ қары,
Сары күздің жиналды сырмақтары.
Аяз ата ақ тонын жаба салды,
Дала жатты баладай құндақтағы.
Көсіледі кешегі кестелі бел,
Есіреді терістен ескеуіл жел
Саршұнақтар бастарын сояулаған,
Шуылдайды теріскен, сексеуілдер.
Қызыл жонның қол салған талайына,
Қырау тұрған мұртына, самайына.
Қыран алған қарт аңшы қырдан асты,
Дабыл ұрып көз тастап маңайына.
Күні бойы із шалды жалықпады,
Жыра, жылға бəрі де жарытпады.
Томағасын алды да қоя берді,
Бірақ қыран көкте құр қалықтады.
Қасқырдан да тұрған жоқ қорыққалы,
Қорлығы сол қоян да жолықпады.
Тышқан жымы жатқанмен, түлкі ізі жоқ,
Осы болды аңшының торыққаны.
Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде,
Көлдей толқып көп ойлар көңілінде.
Қансонарда құр қайтты бірінші рет,
Сары табан саятшы өмірінде.
Бізден артық аң үшін дұшпан бар ма,
Жүгіргенін ұстаттық ұшқандарға.
Қорғалмаған қоңыр аң ауып кетті,
Қайран дала қор болды тышқандарға.
Шындық үшін шыңғырып шықты дарын,
Қансонардан құр қайтты құттыларың.
Қырандардың ағытып аяқ бауын,
Енді мысық баптаңдар, мықтыларым.
КҮНДЕСІМЕ
Күндестерім, сендерді ойлағанда,
Аса алмаған асудан асып кетем.
Аша алмаған есікті ашып кетем,
Қарадай қаным қызып тасып кетем.
Қарқынды қадаммен,
Терлеген табанмен,
Жас толы жанармен,
Қандай бір қиындықтың жолдарын
басып кетем.
Күндестерім, сендерді ойлағанда
Өзімді өр толқынға шыңай түсем,
Шыңай түсем, бəріне шыдай түсем.
Жаңалап əр ісімді,
Жаңғыртып намысымды.
Алдымен адымымды сынай түсем.
Күндестерім, сендерді есіме алсам,
Алаулаған арманға есік ашам.
Уақытты сыйлай түсем,
Өзімді қинай түсем,
Бойдағы дарыныммен,
Адуын арыныммен,
Шашылған жігерімді жинай түсем.
Күндестерім, өздерің болғандықтан,
Жүректен жобалап сан жоспарымды.
Түсінем бірге жүрген достарымды,
Артса да қатарларың түк көптік етпейсіңдер,
СЕРІК ӘБІЛ
Біріңді-бірің тағы тектейсіңдер.
Тайынша қашан шаққан ыңыршақты,
Түбінде маған мəңгі жетпейсіңдер.
ТАНЫМ
Табынбаймын демеймін,
Жалынбаймын ешкімге.
Менменсінгенге еримін,
Келте ғұмыр бес күнде.
Арысымды берсем де,
Намысымды бермеймін.
Келіскелі келсем де,
Керіскелі келмеймін.
Жарысқым бар құрбыммен,
Алысқым жоқ жағадан.
Үміт үзіп тұрмын мен,
Тірліктегі бағадан.
Жалғандықты сүймеймін,
Мейлі досым жыласа.
Күндеске де күлмеймін,
Шындық істен құласа.
Мұныңды айтам көзіңе,
Шыңы биік шындық-оқ.
Жындыларға өзінше,
Жауап берем жынды боп.
Кəрі мейлі жасыңды,
Кəдеге сай сыйлаймын.
Көр кеудеге басымды,
Июге сəл қимаймын.
Ақыл керек күшке де,
Қасиет қой төзімдік.
Мейлі қандай іске де,
Танымым бар өзімдік.
ЕГІЗ ОЙ
Бір келетін өмірде,
Біреуге есе бергім жоқ.
Екі ойлайтын шығармын,
Екі сөйлеп көргем жоқ.
Қос шеңбер сегіз саны да,
Бірінсіз болар бірі нөл.
Өлгенмен тең тағы да,
Берекесіз тірілер!
ҚАРА ЖИДЕ
Əлі есімде тамыз айы мен білсем,
Жиде теріп келейікші дедің сен.
Бал ғұмырдың бірге татып бал дəмін,
Жүріптік- ау енді соны сезінсем.
Ауыл маңы қара жиде,
Жұпар шашқан самал үйге,
Шыт көйлегі шыр айналып.
Басатұғын дала биге.
Қиял бүгін қыр асқандай,
Сағынышқа ұласқандай,
Менің бала махабатым.
Жидемен бір гүл ашқандай.
Бір сыр бар ед от салатын сезімге,
Піскен жиде сияқтанған көзіңе.
Ақ бесіктен алыстадым өзім де,
Жидедей боп сенің піскен кезіңде.
СЕРІК ӘБІЛ
Қара жиде дəмі кетпес таңдайдан,
Ауыл- ана сағыныш боп самғайды əн.
Сені-дағы сүйді-ау біреу маңдайдан,
Ойлай берем болды екен деп қандай жан.
2007. 11. 17
АЛТАЙДЫҢ ҚАЛАСЫ
«Ағажай» əуелеген аспанында,
Ақ иық қалықтаған асқарында.
Тарихым таңбаланған тастарында,
Қаймақтай дəмді маған қаспағың да.
Алтыннан артық көріп,
Туған жер топырағын.
Арманға балқып келіп,
Ойланып отырамын.
Гүлдердің сарасына,
Жаралған жаным құштар.
Алтайдың қаласына,
Менде бір сағыныш бар!..
Сылаған таң самалы тау самайын,
Атажұрт, сені қалай аңсамайын.
Қымыз леп, қыз құшақты саялы сай,
Шəріпқан аралы ашар жан сарайын.
Кештерде келем мен де,
Алыстан айды құшып.
Өмірде өзендер де,
Жатыр-ау айырылысып,
Қыран қыз ғашық болған.
Ереді есіл Ертіс,
Мен-дағы тасып толғам,
Кеше алсаң кешіре түс.
Береке бекемдейді дос арасын,
Ат ағаш арғымақтан босамасын.
Аңсадым ақ ордамның босағасын,
Сағыныш саған деген осы, анашым.
2007. 11. 17
КИЕЛІ ҚЫЗ
Бұрғанымда ат басын ауылыңа,
Айтып едің ақ тілек тау ұлына.
Бал тіліңмен баурадың сонда мені,
Бал аштыра барғанда бауырыма...
Киелі қыз аққуым, көгілдірім,
Киелі қыз толқыттың көңіл нұрын.
Бұрымың-ай, сүйкімді қылығың- ай,
Дəстүрімен жалғаған өмір жырын.
Қара маржан шашылып ақ торғынға,
Талқысы көп тағдырым жатты алдыңда.
Алдың ашық жолың ақ жан екенсің,
Дегеніңде қол алдым шаттандым да.
Инабатты, ибалы, жүзің-лебің,
Жанарыңмен тіл қатып күлімдедің.
Жүрегіңе жазылып қалған шығар,
Сыбырындай сырғаңның сырым менің.
2007. 10. 11
Алматы,
АЙ-АРМАН
Сүт сəуле толқындармен шағылысып,
Айна көл ай сағымын аймалайды.
Қауышу қандай бақыт сағынысып,
Алыстан аңсау-дағы жанға жайлы.
СЕРІК ӘБІЛ
Ай-арман, қол жетпес көгімдесің,
Ай-арман, əрқашан көңілдесің.
Сағымың бірге жүзіп аққулармен,
Арайың айдынынан бөлінбесін.
Көлдей боп аспандағы айға ғашық,
Өмірдің сан өрнегін көреміз ғой.
Алыстан жүрейікші аймаласып,
Тағдырдың салғанына көнеміз ғой.
Айдынның арман көріп нұр жүзінен,
Аспаннан ақ жаулығын ай бұлғайды.
Шын сүйген ғашық жандар бір-бірінен,
Алыстап кетсе-дағы айырылмайды.
2007. 10. 5
АҢСАРЫМ
Елестетіп сырласам гүл өңіңмен,
Өшкен емес лебізің жүрегімнен.
Қалай екен қайранмын өзім-дағы,
Əйтеу, сені сағынып жүремін мен.
Бал екен- ау бақытың бұйырмаған,
Артта қалды арман-із шиырлаған.
Қуансам да аңсаймын мұңайсам да,
Əйтеу, сені ұмыту қиын маған.
Зарықтырған күндерге көндім берік,
Сезім отын жүректің сөндірмелік.
Арыла алмай жүрмін бір сағыныштан,
Əйтеу, сені тұрады көргім келіп.
2007. 1. 17
БАЛДЫРҒАНДАР
Балдырғандар, санатымсың самғайтын,
Балаусалар, қанатымсың талмайтын.
Өркенсіңдер бізге бақыт арнайтын,
Еркемсіңдер ел ертеңін жалғайтын.
Əлдиінен ақыл алып əжеңнің,
Əн- күйінен туған елдің нəр емдің,
Өнер- білім биігінде самғаңдар,
Көгершіні болып мынау əлемнің.
Арманыңнан айналайын шарық ұрған,
Талғамыңнан айналайын талпынған.
Уақытыңды, бақытыңды аяла,
Адаспаңдар ата-дəстүр салтыңнан.
Балдырғандар, балаусалар, құлындар,
Бал дəуренде бақытың бар туындар.
Еңбегіңнің ертеңінде шырын бар,
Табысты боп шыңнан-шыңға шығыңдар.
2004. 5. 17
СҮЙКІМДІ ҚЫЗ
Жаным құрбым, сағындырдың,
Сыр бар еді жанарыңда.
Қасиетін қадырыңның,
Сездім алыстағаныңда.
Санамдағы ай - маған арай,
Төгіп едің расындағы.
Бақытымды бағамдамай,
Қалыппын- ау басымдағы.
СЕРІК ӘБІЛ
Сағыныш боп биіктедің,
Жасыра алман арманымды,
Сүйкімді қыз сүйікті едің,
Сүт шұңқырың жанға нұрлы.
Кеңесіңнен, елесіңнен,
Лəззаттанған күндерім- ай.
Шырынды қыз, сені есімнен,
Шығара алмай жүргенім- ай.
2006. 10. 5
АУЫЛЫМ – АНАМ
Барқыт бел – балаусалы, бауыры бай,
Əн салған асқарында тау ұлы жай.
Құланжал құлындары ойнақтаған,
Анамдай аңсаттырған ауылым-ай.
Түс келер түңілігіңнен күн сығалап,
Құс келер көктемінде жыршы қанат.
Аяулым барып менің ауылыма,
Тауыма қарағайлы жүрші қарап.
Кезінде құлазыған көбінде мен,
Сенде өткен шағымды ойлап көңілденем.
Арман мен сағыныштың арасында,
Өтетін осы екен- ау өмір деген.
Арман ғой алыс күн мен ай,
Жұлдызды мақпал түндер-ай.
Əнім боп баяу тербеліп,,
Сəнім боп өскен гүлдер-ай.
Асығып кеткен ауылды,
Аңсаумен өткен күндер-ай!
1999. 9. 7
НАУРЫЗ САҒЫНЫШЫ
Наурыз келді түрленіп таң шуағы,
Сарыарқаның бүрленіп сан шынары.
Алатаудан асқан бұлт Алматыға,
Сағыныштың жасындай тамшылады.
Еске аламын еріксіз өткендерді,
Наурыз келді, наз келді, көктем келді.
Наурыз келді, қаз келді, сен келмедің,
Өз лебіңе баладым өпкен желді.
Сағынышым тербейді көк пен жерді.
Сенімменен серт беріп сенем деген,
Елесіңді еске алып елеңдегем.
Күміс сырғам күн сайын сыбырлайды,
Дауысыңды наурызда келем деген. 2008. 2. 15
КӨКТӨБЕ
Төсінде тербетілген дала гүлі,
Кешінде жұлдыз болған қала нұры.
Көктемде сағынышын əлдилеген,
Көктөбе арманымның қарауылы.
Көк кеме, Алатаудың алабы бай,
Көктөбе көрсетер ме дара мұндай.
Көрген жан қадамайтын жанарын жай,
Ару төс Алматының анарындай.
Сыбырласып Көктөбенің төбесінде,
Мұңдасып дедің қайтып келесің бе.
Есімнен еш кетпейді елесіңде,
Сақтадым мəңгілікке сені есімде.
СЕРІК ӘБІЛ
Көктөбе - көк түріктің мұрасындай,
Көктөбе - көк тіреген бір асыл жай.
Көктөбе - қиялымның қиясындай,
Періште сезімдердің ұясындай.
Көктөбе - түнің мақпал, таңың арай,
Көктөбе, сені жаным сағынғаны- ай! ! !
2008. 3. 7
КЕЗДЕСУ
Сезімім сеңдей толқып тасыды да,
Баладым аңсап жүрген асылыма.
Тарыдай мін таба алмай тал бойыңнан,
Мен саған қарай бердім жасырына.
Аққудай айдындағы ай маңдайлым,
Толқындай тербетілді-ау арман қайғым.
Өмірден өзім іздеп жүрген жанға,
Кенеттен кезігіп-ақ қалғандаймын.
Күлгенің, жүргенің де дара, құрбым,
Ғашық боп қалғанымды жаңа білдім.
Нұрына балқыдым да жамалыңның,
Сырына бойлай бердім жанарыңның.
2008. 3. 11
АРДАҒЫМ
Бақытым жолығардай бір күн алдан,
Ашылып қалардай-ақ бір гүл алдан.
Жүруші ем бір елесті медеу қылып,
Сенбедің сол аңсаған, сырлы қарғам.
Тіл қатып жанарыңмен күлімдедің,
Бір бақыт сездіргендей нұрың, лебің.
Арнап тым асқақтата əн салайын,
Ардақтым жолыққанда бүгін менің.
Көңілім көп ойларды кестеледі,
Кей жанның бақыты да кеш келеді.
Жігіттің арманы бар - ардағы бар,
Үміттің жақсы екен ғой өшпегені.
2009. 11. 17
АҒА Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды, Басымызға орнамасын ол қайғы. “Аға “ деген қандай асқақ ұлы есім, Ағалармен басқа бақыт орнайды.
Нар жолына қарап бағыт таңдаймын,
Аға арманын алау етіп самғаймын.
Ары асқақ ағалардың алдында,
Мен тауларды биік санай алмаймын.
Егей елім құдыретті құтты арна,
Талай тұлпар шаң боратып шықты алға.
Ахметтер атыларда, ағалық
Сезімменен сеніп кеткен Мұхтарға.
Шың болса екен деп тілеймін сені, інім,
Шын болса екен деп тілеймін сезімің.
Ешкімнің де ақтай алмас арманын,
Ағалардың алмағандар сенімін.
Арманым жоқ аға үмітін жалғасам,
Талғамым көп əлі талай тауды асам.
Неге керек менің бұрын туғаным,
Інілерге аға бола алмасам.
Көрінгеннің көрмеу үшін тепкісін,
Ағаларды ардақтайық текті шын.
Ағасы жоқ адамдардың мəңгілік,
Даласы жоқ, данасы жоқ деп түсін.
СЕРІК ӘБІЛ
Ақ бас шыңдар тарихтың алқасы,
Сыр шертеді сол таулардың жартасы.
Егер бізде бақыт болса, бақ болса,
Соның бəрі ағалардың арқасы.
Ағасыздар басып жатыр шоқ қанша,
Данасыздар төбе таппас топталса.
Панасыздар - санасыздар екен ғой,
Елің тойсыз, ағаң ойсыз боп қалса.
Дауыл дарын, дара даңғыл жолың бар,
Бауырларым, биік таңдап қоныңдар.
Қара нарым қалмау үшін шаң қауып,
Ағаларым, сендер аман болыңдар!
2009. 11. 27
ДОСТАРЫМ БАР
Дос - қуаныш, дос - бақыт, дос - тілегің,
Дос - ақылың, байлығың, дос - тірегің.
Аз өмірде достарым аман болып,
Ажырамай өтсе екен қос білегім.
Көңілімді көзімнен көретұғын,
Жақсы жаман бəріне көнетұғын.
Нанын емес жанын да беретұғын,
Адалдықпен кеудесін керетұғын.
Абай сенген аяулы Ерболындай,
Достарым бар менің де сенетұғын.
Арман жолын бірлікте басып келем,
Тасып келем асудан асып келем.
Не көрсең де досыңмен бірге көрсең,
Осы емес пе өмірде бақыт деген.
2011. 4. 15
БАЯН-ӨЛГЕЙ
Арқалық жотасының етегінде,
Дəйінкөл толқынының жетегінде.
Өлгейге қимай қарап өлең айттым,
Сақсайдан Алтай асып кетерімде.
Бабамның басы жатыр бауырыңда,
Данамның ізі жатыр ауылыңда.
Сарқылмас сағыныштың сарыны бар,
Сұлу шаш, қарлығаш қас аруыңда.
Баянды болсын бағың, Баян-өлгей,
Қыранның тағдыры бар тау ұлында.
Қара тас, талды бұлақ, қара көлім,
Қаржаубай тас сөйлеткен ғажап елім.
Мұсайып, Мержандардың сарыны бар,
Қабылаш əнге салған дара белім.
Сансызбай, бақыт балуан арыстаным,
Көтерген ел намысын арыстарым.
Жүрегім əнмен басар сағынышын,
Аңсадым ағайынның алыс дəмін.
2010. 2. 1
БУРЫЛТОҒАЙ
Жетарал Үліңгірдің құйғанында,
Туған ел маған бақыт сыйладың ба.
Ауылдан аттанарда жаным толқып,
Артыма қарай бердім қимадым да.
Бурылтай мініп өскен Бурылтоғай,
Бұралған арулардай бұрым тарай.
Секілді- ақ шапағың ақ тамағым,
Сезбегем қадырыңды бұрын қалай.
Аққудай айдыныңа тербетілген,
Сағынып түсте көрдім шырын талай.
СЕРІК ӘБІЛ
Кешіп ем туған далам тұнығыңнан,
Өсіп ем самал тарап тұлымымнан.
Қайтқан қаз қарашада сияқтанып,
Кетіп ем қанат қағып тұғырымнан.
Сартақтай Үліңгірдің жағасында,
Жиделі жиек нудың арасында.
Күймелі керуендей күй кештірген,
Арман мен сағыныштың бəрі осында.
ДАЛА
Бөтендер қорыққан бөрігі дара,
Бөкендер жортқан бөрілі дала.
Өмірдің талай өзекті ойын,
Көкемдер қортқан көңілі дана.
Адамның арман серігі ғана,
Жүректе жүрер сенімі сара.
Тағдырың ғажап, жан жырың ғажап,
Періште қонған перілі дала.
Құрық түспеген құланды дала,
Бұлт тістеген тұманды дала.
Жырынды жылдар жылап та қалған,
Жанары жасты жыланды дала.
Ұрпағы ұлы ұранды дала,
Көкірегі көрік жыр дəнді дала.
Керуенді дала, серуенді дала,
Түлкісін бүрген қыранды дала.
Абайды елге аңдытқан дала,
Талайды кейде қаңғытқан дала.
Бөрігі жыртық, бөксесі тыртық,
Шаң жұтқан дала, қан жұтқан дала.
Жауына сеніп өңірін ашқан,
Тауына сеніп көңілін басқан.
Кезеңді дала, өзенді дала,
Көк күмбезіне көбігін шашқан.
Ерлері дана, ерменді дала,
Мерейі асқан мергенді дала.
Боздалам- ау деп боздап бір өткен,
Боздақтар сенде жерленді, дала.
Жусанды мекен жуалы дала,
Сарқылмас елдің бұлағы дала.
Ұлыларымды қайтарып берші,
Қайталай қашан туады дала!
Жауынды дала, дауылды дала,
Қуат қып келдім тауымды дала.
Өсірдің қанша бүйілеріңді,
Кешірдің қанша жауыңды, дала.
Сыбызғы сырлы сарынды дала,
Самалы ескен сағымды дала.
Тарихым да бар, шала ұйқым да бар,
Тілеймін аман-сауыңды ғана.
Бабамнан қалған тұрағым дала,
Анамнан қалған тұмарым дала.
Бар асылым сен, шуағым дала,
Қарашығым сен, шырағым дала.
Санасы жоқтың бағасы да жоқ,
Данасы жоқтың ағасы да жоқ.
Даласы жоқтың панасы да жоқ!
Зары бар дала, қары бар дала,
Шаңырақ салар нары бар дала.
Тұлпарларының тұқымы таза,
Сұңқарларының ары бар дала.
Ойыма шуақ сəні бар дала,
Бойыма қуат дəні бар дала.
Таң самалының нəрі бар дала,
Аңсағанымның бəрі бар дала.
Далам- ау, далам мақтаным менің,
Арайлап атқан ақ таңым менің.
СЕРІК ӘБІЛ
Бұлбұлың сайрап, мың гүлің жайнап,
Қандай тамаша жатқаның сенің.
Сахара төсі самалың тербеп,
Сахна кеші жамалым терлеп.
Тыныштық тілеп мынау əлемге,
Өте берейін өзің деп, ел деп! ! !
Даламның əнін келер шырқағым,
Басына шығып нелер қырқаның.
Батаң кеп маған тақымға түссе,
Махамбет бабам мінген тұлпарым
2012.6.6
ЖЫЛАМАЙ ЖҮР
Тірлікте жанардан жас сарқылмайды,
Баспасын арманыңның артын қайғы.
Күнгейге күні күлген қар тұрмайды,
Ғұмырдың мəні бөлек жарқын- жайлы.
Құлағын домбыраңның бұралай біл,
Өмірде өкінішті құрамай жыр,
Үкілі үмітіңді үзіп алма,
Тəлейін тағдырыңның сынамай құр,
Түре біл аспаныңның түн түнегін.
Арулар, азаматтар жыламай жүр.
Махаббат сұлулықтың гүл айнасы,
Мұнар мұң адастырар мұңаймашы.
Мұқалтпас қашандағы ер мұратын,
Лəзəтті сыр ойлашы, жыр ойлашы.
2012. 10. 15
АРМАН-ҚҰСЫМ
Бұрымдай аймалаған қыз арқасын,
Құлындай кездеріңе құмартасың.
Күндерге өзің жауап іздемесең,
Кімдерге шағынасың, кінə артасың.
Уақыттың сыры мəлім бізді алдайтын,
Жылдарды көргеміз жоқ күз болмайтын.
Аққудай айдын- көлде жүзгеніңмен,
Өмір бұл су бетінде із қалмайтын.
Ақ құсы арманымның қалықтай бер,
Сұңқарын сауысқаннан парықтайды ел.
Тұлпарын тағдырымның тақымға алсам,
Шаттығым шабыт болып шарықтай кел.
Үн қосқан үмітіңді жалғау үшін,
Домбырам мақтанышым, алданышым.
Сезген соң сері өмірдің жалғаны шын,
Əн болып қанат қақты арман- құсым!
2012. 11. 24
НҰРСƏУЛЕ
(Досым Талап Шаймарданұлына арнадым)
Нұрсəуле таңнан тарап аймалаған,
Өзіңдей алтын- арай қайда маған.
Күн сайын күнің болып күледі екен,
Жаныңа жан шуағын жайған адам.
Өмірімнің сəні сен,
Көңілімнің əні сен.
Тірлігімнің нəрі сен,
Бақытымның бəрі сен.
Қуат боп жүр, сəулем,
СЕРІК ӘБІЛ
Шуақ боп тұр, сəулем.
Асылым, нұрсəулем,
Ғашығым, нұрсəулем!
Нұрсəуле шашқан шақта шұғыласын,
Алаулы арманыңнан сыр ұғасың.
Қолаң шаш, құлын мүсін құрбыласым,
Қытықтап қылығыңмен құбыласың.
Талаптың тайын өмір қамшылатқан,
Мен үшін арайланып таңсың атқан.
Нəр алғам сенің адал жүрегіңнен,
Жаралған жалғызым-ай, жаншуақтан.
2012. 11. 2
ҚЫМЫЗ ҚЫЗ
Жүрегімнің сарыны шын,
Ашармысың көңілді,
Сары қымыз сағынышым,
Басармысың шөлімді.
Дəстүріміз дара біздің,
Жайлаудағы таңдар- ай.
Қымыз құйған қара қыздың,
Арман болып қалғаны- ай.
Естелігім болсын əнім.
Айналайын ақылдым,
Қымызыңа қосып жаным.
Қиялымды сапырдың!
Жаным ғашық жамалыңа,
Иман жүзді ибалым.
Қоштасарда жанарыңа,
Қарай бердім қимадым.
ƏКЕШІМ - АЛАТАУЫМ
Алатау, саған əркез қарай берем,
Келісті келбетіңнен арай көрем.
Шырайлы шыңдарыңнан лəззəт алам,
Əкеме өр тұлғалы балай берем.
Алатау, айналайын келбетіңнен,
Еседі салқын саумал жел бетімнен.
Арман мен сағыныштың арасында,
Жан едім жан сырыма тербетілген.
Қайыңың, самырсының, қарағайың,
Мауқымды басар ма екен, аралайын.
Құмар боп ақ бұлтыңдай жүруші едім,
Тұмар боп тағылайын, саялайын.
Балаған бір өзіңе Алатауым,
Бар еді- ау менің де бір дара тауым.
Кешіңде бір сағыныш əлдилейді,
Төсіңде тербетілген ақ отауым.
Арманым иықтысың - Алатауым,
Ардағым биік мүсін - Алатауым.
Мəңгілік сүйіктісің - Алатауым!
2012. 10. 27
НАР-АҒА
(Дінмұхамет Қонаевке арнау)
Дін-аға, дидарының нұры басым,
Шуақ боп төккен елге шұғыласын.
Дариға-ай, дəурен өтті-ау, əне солай,
Дүние-ай, қалай, қалай құбыласың.
Адасар арманынан жұртты алдаған,
Дана едің елің үшін жұрт талдаған.
СЕРІК ӘБІЛ
Дара едің ата жолын ардақтаған,
Нар едің керуеніңде жүк қалмаған.
Келер деп əлі талай жерге көктем,
Септедің үміттерді селге кеткен.
Жүрегі Алатаудай арысым-ай,
Тілегі аласармай ел деп өткен.
Пейіліндей күн сүйген даламыздың,
Мейіріндей Зуһра анамыздың.
Асыл аға, аялы алақаның,
Сағынышына айналды санамыздың.
Қасиетін қастерлеп еске алар ел,
Хантəңірдей қасқайған дара құздың!
2012. 11. 17
СҰЛУБАЙАРМАН
Оқ тиіп Сұлубайдың жамбасына,
Күтті бір күлімдеген таңды асыға.
Армандап Армантыда əнге салды,
Кім куə бағы қайта жанбасына.
Арман-ай, шіркін, жалған-ай,
Талықсып атқан таңдар-ай.
Жар асты жауды аңдамай,
Қайырылып қанат талғаны-ай.
Қызығын елім көре алмас,
Үзігін ерім жалғамай!
Алқоңыр аяңдады астындағы,
Барады өрлеп міне қастың бағы.
Қайран ел қара кердің жалын құшты,
Жаутаңдап жау қолында жастың жары.
Қайталай жауға қарсы шабар ма екем,
Кегімді жатқа кеткен алар ма екем.
Суындай мөлдіретіп қос шіңгілдің,
Əніме елжіретіп салар ма екем.
2013. 1. 22
СƏЛИҚА- СƏУЛЕМ
Өр Алтай өнер өлкесі,
Қасына қалқан Ер төсі.
Елітіп бойды еріткен,
Есімнен кетпес еркесі.
Сəмендей ғашық болып ем,
Нұрланып айдай толып ең.
Ақ көлдей айдын көңіліме,
Аққудай қалқып қонып ең.
Иманы ұйып жүздерде,
Іңкəрлық жатар ізгі елде.
Жая тас еді-ау сая тас,
Сəлиқа – сəулем біздерге.
Арасында мың гүлдің,
Жағасында шіңгілдің.
Ақ қайыңдай ырғалып,
Жайраң қағып жүр құрбым.
2013. 1. 27
АҚСАЙЫМ
Тулатқан тақымында сан асауын,
Бабалар ізі жатқан дала-тауым.
Сақтаған сары майдай салт-санамды,
Ақсайым алтын бесік ақ отауым.
Айна көл айнасындай көңіліңнің,
Айғағы ащы-тұщы өміріңнің.
СЕРІК ӘБІЛ
Аталар ат шалдырған алтын тауым,
Сетері жүректегі сенімімнің,
Ақсайым, айналайын ақ бесігім,
Өркені қуантады өңіріңнің.
Қоңыр жел ескен қоңыр белестерім,
Көзіндей көнелердің елестедің.
Жыңғылды жылғаларым- жырау далам,
Шертеді керуенімнің кеңестерін.
Төсінде тұлпарымнан тұяқ қалған,
Көшінде сұңқарымнан қияқ қалған.
Шалқытып шарапатын шаңырағымның,
Кенішті кеудесінен күй ақтарған.
2011. 8. 2
ҚҰЛЖАМ МЕНІҢ
Сұлу Сайрам құлағыңа,
Тағып қойған сырғам ба едің.
Аунар ма едім құрағыңа,
Айналайын, Құлжам менің.
Талқыға кеп Тəкеңдейін,
Сүйер ме едім жырдан керім.
Əшім жатқан əкемдейін,
Күй кернеген Құлжам менің.
Қабанбайың таққан тұмар,
Төсінен тұр жыр атылып.
Хас-Күнесім жатқан шығар,
Бұрымыңдай бұратылып.
Бір барсам-ау жəйім түсіп,
Əсет əнін айтар ма едім.
Бір самауыр шайыңды шіп,
Бір дем алып қайтар ма едім.
Ақ Шағала ауылыңда,
Ататұғын таңым күліп.
Алмаң ба əлде аруың ба?
Жүр ғой əйтеу сағындырып.
Салмаң болып салынамын,
Бақаның боп табыламын.
Басқұрың боп таңыламын,
Шарапатты шаңырағым!
Қолдап, қорғап Қызай ана,
Сауық-Сайран құрған жерім.
Орда тіккен үйсін баба,
Құдыретті Құлжам менің.
БАҚЫТТЫ БОЛ
Айрылып əрең ұсынған қош деп қолыңнан,
Кетерде қимай көп тұрдым қарап соңыңнан.
Кеттің бе, еркем, басқаның көніп еркіне,
Адастың қалай арайлы арман жолыңнан.
Қайырмасы:
Айтамын мəңгі əн қылып,
Тауларым тұрар жаңғырып.
Бақытты бол, сен, сəулем-ай,
Алдыңнан атсын таң күліп.
Өкініш өртеп өзегім өрт боп жанарсың,
Алаулап арман арнаңа түсіп ағарсың.
Əндетіп асқақ Естайдың күйін кешейін,
Қорландай бір кез сен-дағы еске аларсың.
Қайырмасы:
Тағдыр-ай, əттең, жылатқан,
Біреуді əнмен жұбатқан.
СЕРІК ӘБІЛ
Барасың кетіп, сəулем-ай,
Асығып неге гүл бақтан.
ЖАЗИРА ЖҮРЕК
Жай ғана есіп самалы,
Жазира - жайлау құлпырған.
Жабырқау əнге салады,
Жазира жүрек мұң тұнған.
Қайырмасы:
Көңілге сақтап күні- түн,
Бір сезім сені іздейді.
Жазира жүрек үмітін,
Өзіңнен мəңгі үзбейді.
Назыңды шертем күй қылып,
От бар ғой сенің көзіңде.
Кеудемді мынау күйдіріп,
От болып кеттің өзің де.
ШƏМШІ АҒА
Бір туар дарыным,
Еске алам əн сала.
Менің бұл сарыным,
Жетті ме, Шəмші аға.
Өзіңді өсірген,
Табындым еліңе.
Құт мекен көсілген,
Табындым жеріңе.
Қайырмасы:
Сыр сұлуды айтамыз,
Біз бүгін тамсана.
Тойлардан қайтамыз,
Тербеліп тансаға.
Тар болып мына əлем,
Тебірендім қаншама.
Аруағыңа сəлем,
Аяулы, Шəмші аға.
«Қайдасың», «Қайықта»,
«Бойында арыстың»
Əндерің арқылы,
Əлемге таныссың.
Сезімнің тізбегі,
Маржандай шашылды.
Сағыныш біздегі,
Сарынмен басылды.
Қайырмасы:
Жан аға, əніңмен,
Нəр құйдың бойыма.
Барғандай боламын,
Арыстың бойына.
Ат байлап ауылға
Əнімді айтар ма ем.
Бір сұлу аруға,
Ғашық боп қайтар ма ем.
Қайырмасы:
САҒЫНДЫҢ БА?
Жалғызсырап батады жаным мұңға,
Əн салады өзің деп жарың мұнда.
Армандаймын, аңсаймын алда күнді,
Сағындым-ғой, сен мені сағындың ба?
СЕРІК ӘБІЛ
Бір арманға ұласып бір арманым,
Сезімменен сағыныш жыр арнадым.
Көз алдымнан кетпейді ауылыңнан,
Аттанарда қия алмай шығарғаның.
Арманың кеп мойныңа асылады,
Асылады, алдыңда бас ұрады.
Ұласпаса болғаны мəңгілікке,
Сағыныштар уақыттық басылады.
МҰҢ БАР МЕНДЕ
Жанарымның құрғамай жасы мұңнан,
Айрылғанмын арманда асылымнан.
Сезімімнің сездірер сыңарлығын,
Сыр бар менің кеудемде жасырынған.
Өмір атты өткелден сын əр сағат,
Бақыт ғана бер десең сыңар талап.
Тіршілікте тынысы болған адам
Мұңсыз келіп-кетеді мұң арқалап.
Күндер кешіп бір тасып бір жасқана,
Мың қайталау көресің мың бастама.
Шаттығы бар адамның мұңы да бар,
Түсінеді мұңлыны мұңдас қана.
БІР БЕЙНЕ
Мұңайма, сөзге ұнай ма,
Ұшқыны сөнсе үміттің.
Оңай ма, қалқам, оңай ма?
Жылауы жасып жігіттің.
Қайырмасы:
Таппайды сенсіз жаным жай,
Тұра алам қалай табынбай.
Тұра алам қалай сағынбай,
Ғайып боп кетсең сағымдай.
Түсінгендігім үшін де,
Жүректе атың жатталып.
Жас толы жанар ішінде,
Бір бейне қалды сақталып.
ЖҮРЕК СЫРЫ
Мұңаямыз, жылаймыз жұбанғанда,
Бақыттымыз дейміз-ау қуанғанда.
Алданышпен өтеді-ау əр бір күнің,
Бір арманнан ұласып бір арманға.
Кеңдігін де, жалғанның тарлығын да,
Біле тұрып істейсің барлығын да.
Өмір – өзен, толқиды əне солай,
Жұдырықтай жүректің жарлығында.
Мұңдасасың суретпен, мүсінмен де,
Түңілесің кей сəттер түсіңнен де.
Жылайсың да, күлесің, бірақ-бірақ,
Бəрі-дағы уақыттық түсінгенге.
ҚАМШЫ
Басында бар тарихтың тамшысы,
Ұрпағында ұнап мұра жаршысы.
Төр алдында тымағының қасында,
Ілулі тұр қарт бабамның қамшысы.
Күн кешкенде шұбырынды ақ табан,
Осы қамшы ата салтты ақтаған.
СЕРІК ӘБІЛ
Осы қамшы дұшпаныңды таптаған,
Осы қамшы ел намысын сақтаған.
Асқар асу-адырлардан аттаған,
Арын берген атам мінген ат маған.
Осы қамшы атама да, атқа да
Қару болып қас дұшпаны батпаған.
БЕСІГІМ
(терме)
Адам болып өмірге ашылғанда есігім,
Əппақ сүтін анамның жатып емген бесігім.
Бабалар мен əжелер бəрі жатқан бесігім,
Балпанақтай бауырлар əлі жатқан бесігім.
Ақын, жырау аяулы ағаларым, есілім,
Батыр, балуан бəрін де қойнына алған бесігім.
Туған жер мен елімді балап саған,бесігім,
Қасиетті халқым деп қанат қағам, бесігім.
Белім шықса бесіктен, сəбиліктен көшуім,
Қасиетің емес пе сындардай боп өсуім.
Мұрасына бабамның табынамын, бесігім,
Əлди жырын анамның сағынамын, бесігім.
Ұларыңмын, ұямды қастерлеймін, бесігім,
Ұланыңмын, демеймін бос терлеймін, бесігім.
Ақ тілекті, ақ пейіл аналардың көзінен
Мұңға толы парлаған жас көрмейін, бесігім.
Шақырып азан құлаққа қойылғанда есімім,
Жұрт жыйылып тілеуге жатқан алғаш, бесігім.
Ұлы атаның ұрпағын əлдилеген бесігім,
Тербеле бер мəңгілік əн-күй менен бесігім.
ҚҰСТАРЫМ
Құлпырған желегі,
Көктемнің дерегі.
Қалықтап аспанда
Қаз қайтып келеді.
Биікке самғаған,
Əлемді шарлаған.
Еркіндік еркесі,
Сендерге таңданам.
Не жетсін думанға,
Салтанат құрғанға.
Аңсаған жерлерге
Барып-кеп тұрғанға.
БАҚЫТЫМ СЕН
Айтылмаған сыр көп менде,
Жазылмаған жыр көп менде.
Мынау жастық гүл көктемде
Не жетсінші бірге өткенге.
Уақыт деген аялсыз ба?
Бақыт деген баянсыз ба?
Бірақ, бəрі аяусызда,
Көңілдері қаяусызға.
Ойларым көп армандаған,
Жолдарым көп жалғанбаған.
Тірліктегі талғамды адам
Тағы өзіңсің, қарғам, маған.
СЕРІК ӘБІЛ
ҚЫМБАТ ҚЫЗ
Бала едің, сүйкімді едің, балауса едің,
Өзіңді өзіме іштей балаушы едім.
Түсіме көп кіретін болып жүрсің,
Ойыңда бір сағыныш бар-ау сенің.
Қайырмасы:
Сұлу болмас сымбатсыз,
Өмір болмас жұмбақсыз.
Саған асық əр таңым,
Бала ғашық қымбат қыз.
Кей жанның түсіндің- ау, кеш бағасын,
Сен-дағы мүмкін мені еске аласың.
Бойыма шуақ беріп, қуат беріп,
Ойыма кейде кенет кеп қаласың.
Жайлауым менің
Ақ шытты асқар, таңбалы тастар аршалы,
Сайраған бұлбұл, жайнаған гүл тау сəні.
Жалбызды бұлақ, жайқалған құрақ жайсаң ел,
Толқытып əнді, баурайды мəңгі баршаны.
Қайырмасы:
Аспанда ақша бұлты бар,
Өреде аппақ құрты бар.
Бабамның қалған жұрты бар,
Сыр туар ғажап, жыр туар,
Жайлауым менің - жаннатым.
Аумайды гүлден, арғымақ мінген аруың,
Ұларлы шыңда, дауылың жебер тау ұлын.
Əжемнің шашқан шашуы сынды жауының,
Жайлауым менің жаннат боп жатқан бауырың.
Маужырап түсің, маң дала нұрға малынған,
Ай нұрлы кешің, айналдым арай сағымнан.
Қайыңды сайлы, қаймақты шайлы, қымызды,
Кестелі өлкем, мен кербез еркең сағынған.
Жаныма жаннат, əніме қанат жалғаған,
Беліңде тұлпар, көгіңде сұңқар самғаған.
Нуыңа-дағы, суыңа-дағы қанбағам,
Күй елім менің, киелім менің - маң далам.
БІЗДІҢ АУЫЛ
Түс келетін түңіліктен күн сығалап,
Құс келетін қалықтап жыршы қанат.
Аяулым- ау, ауылға барып біздің,
Қарағайлы тауыма тұршы қарап.
Қайырмасы:
Таң ататын шыңдарға шуақ шашып,
Жылғасында жататын бұлақ тасып.
Төсіндегі төрт түлік төлдерімен,
Кербез басып кететін қыратты асып.
Кешіңмен де керемет Сайран едің,
Мақпал түннің деміндей майда желің.
Сағындым- ау сахара салтанатын,
Ауылымдай жаннатым қайда менің.
САХАРА САЗЫ
Кең далам, кереметің сүйіндірген,
Кеудемнен сарқылмайды-ау күйім мүлдем.
Кестелі келбетің-ай кежімделген,
Кіршіксіз арудайсың киіндірген.
Сыңсыған ормандарың сыр шертеді,
Сырлы өлкем сымбатыңа сыйындым мен.
СЕРІК ӘБІЛ
Ағайындар!
Кел менің аралаңдар бау- бағымды,
Сақтайын сары қымыз саумалымды.
Сахарам əн тербеген сахнамдай,
Көр менің көк тіреген тауларымды.
Ауылым, алуан гүлдер арасында-ай,
Көріңдер көркем таудың қаласын бай.
Тағдыры тамырласқан табиғатын,
Қорғаған қос көзінің қарасындай
Күміс көл, тынысты жер, ырысты ел,
Жайылған дастарқаны даласындай.
АҚИЫҚ АҒА
(Оралхан Бөкеевке)
«Біздің де жақтың қысы ұзақ»,
Кетеді күзде құсы ұзап.
Алтайдан ұшқан ақиық,
Биіктеп мəңгі ұш ұзақ.
Қайырмасы:
Ақиық аға, жан аға,
Сағыныш орнап санама.
Менің де «Ұйқым келмейді»,
Көңілім ұқсас сараға.
Ертістегі елдің еркесі ең,
Егіліп тұрмын жағада.
Мен-дағы «Жетім ботамын»,
Сезімге серік осы əнім.
Орны толмас Орағам,
Мұңымды жырға қосамын.
Қайырмасы:
Келмеске бұрып кемеңді,
Сағыныш болдың сен енді.
Естігенде алғаш сенбегем,
Бақиға көшті дегенде.
Ойлана оқып отырмын,
«Қар қызы», «Атаукереңді».
Ғажайып сырлы таң гүлі ең,
Есімде «Аға» əңгімең.
«Бəрі де майдан» өмірде,
Сағынам сізді мəңгі мен.
ҮШ ЖҰРТЫМ
Уақыт- өмір, өткеннің бəрі де елес,
Тарих бізге əрдəйім берер кеңес.
Егей елім үш жүзге бөлінгенше,
Үш жұртыңды біл-дағы берекелес.
Қайырмасы:
Ата жұртым, шаңырағым дарын берген,
Жастайымнан жүрекке жалын берген.
Пайғамбар да күйеуді сыйлады деп,
Қайын жұртым қастерлеп балын берген.
Ал, нағашым Анамның ауылы ғой,
Қырық серкеш айдатып арын берген.
Ел болмайтын жиен деп еркелетіп,
Қолындағы барының бəрін берген.
Ағайындар ішінің аласы көп,
Кетеді кейде жүректің жарасы үдеп.
Ана арманын ақтаған ұрпағын ел,
Текке айтпаған тектінің баласы деп.
СЕРІК ӘБІЛ
БІР САҒЫНЫШ
Озды күндер құлындай ойнақтаған,
Бақытыңның бар күнін тойлап барам.
Сағыныштың сазына бойлап санам,
Əйтеу сені əрдайым ойлап қалам.
Қайырмасы:
Аспанында ай сұлу туса күміс,
Бағы жанып басында тұрса да ырыс.
Жүрегінде əр жанның жүреді екен,
Бір өкініш, бір арман, бір сағыныш.
Қауыша алмай аунады қаншама айым,
Əн салайын қалайша аңсамайын.
Жалындатқан жүректі жайдарлым-ай,
Жадыратқан көңілімнің жан сарайын.
СƏЛЕМ, АҒА!
Аңсарым ауа берет, туған жер елесіне,
Сол сəтте алдыменен түсесің сен есіме.
Қажырлым, қаранарым, қимасым, паналарым,
Жолымыз қиылыспады тірліктің кемесінде.
Ізіңе қарап анам
Қиыпты тұсауымды,
Аңсадым, аяулы ағам,
Сүйікті құшағыңды.
Көктемде түлежіді,
Көрікті əлем-ана,
Еске алам жиі өзіңді,
Сағындым, сəлем, аға.
Арқырап асау өзен тауымның асқарында,
Ақша бұлыт қалқыды ма ауылдың аспанында.
Аққу-қаз əн салды ма көлімнің айдынында,
Аман-сау жүр ме менің аңсатқан достарым да.
ҚУАНЫШЫМ
Шақтарымыз аз болған шалқымайтын,
Салиқалы өлкеңде салтың айқын.
Қалқам, сенің қуанып жүргендігің
Менің шалқар шабытым сарқылмайтын.
Қайырмасы:
Адамдарға арналар шуақ үшін,
Көңілімнен көп ойлар туады шын.
Қалқам, сенің қамықпай жүргендігің
Менің мəңгі ортаймас қуанышым.
Көктем келді əн қосар құстар бүгін,
Сезінемін сезімде күш барлығын.
Қалқам, сенің ақ жүзің, əз жүрегің
Қуанышым, қуатым, құштарлығым.
БҰЛАҚ БОЙЫНДА
Сəулемнің суреті бар сағымында,
Сəулемнің күлкісі бар ағынында,
Жас құрақ, мөлдір бұлақ, жалғыз тұрмын,
Сыңарын ойлап жүрек сағынуда.
Қайырмасы:
Бұлақ бойы біз барған,
Жұп жүректен із қалған.
Туады екен шынында
Іңкəрлықтан ізгі арман.
Жайдарлы жаз жайыпты көп көрмесін,
Асыл жырым арнаған көкке өрлесін.
Өз бойыңда пəк сезім сырын шертіп,
Басқам алғаш махаббат от пернесін.
СЕРІК ӘБІЛ
АРМАН
Адасып қалған ақ құлын едім үркінде,
Тұманды жолдың талайын бастым бұл күнде.
Басқаша менің мамырлай басқан қадамым,
Басқаша менің жылауым-дағы, күлкім де.
Мен салған əннің сезімі басқа сыйлайтын,
Мен басқан жердің жолдары-дағы шимай тым.
Пендеге ерген перделі мынау өмірде,
Аз емес екен азапты күндер қинайтын.
Табиғат ана жылайды-нөсер сіркіреп,
Жауын боп жауып тұрғандай көңіл бұлты кеп.
Ашылмай қойды-ау арманнан туған бұл түнек,
Айтылмай қалды-ау арамыздағы бір тілек.
БҰРЫМДЫ ҚЫЗ
Кездеседі екен ғой іздескенде,
Көктем еді мен саған жүздескенде.
Содан бері бір сезім мазамды алып,
Жалғасады бір кештен бір кештерге.
Қастерлеймін ибалы қылығыңды,
Сыры мұңлы жан едің, жыры мұңлы.
Баптағаның құлаштай бұрымыңды
Сақтағаның деп білем тұнығыңды.
Абай- Тоғжан секілді бүгінгі біз,
Армандарға айналды бұрынғымыз.
Əжең сенімен əйгілі бұл əлемге,
Бабаң сенімен бақытты, бұрымды қыз.
ҚЫЗҒАНЫШ ПЕН МАХАББАТ
Жары үшін өлімнен де жасқанбаған əз халқым,
(Шүлен шуақ қызған сайын асырады жаз нарқын)
Сүйген жарлар бірін-бірі қызғанбаса өзгеден,
Онда олардың арасында адалдық та аз, бəлкім.
Тіл табысқан тұнық сезім гүлі мəңгі солмайды,
Жүректегі өкініштің орны мəңгі толмайды.
Түсінісу арадағы ортақтыққа орнайды,
Қызғанышсыз мағыналы махаббат та болмайды.
Шын сыңарын таппағандар өтері хақ өкініп,
Жағдай үшін жарасқандар күн кешеді өтініп.
Сүйген жарлар бірін-бірі қызғанбаса өзгеден,
Онда олардың бірін-бірі сүйетіні өтірік.
ТУҒАН ДАЛА
Қиясынан мұзбалақ қыран ұшқан,
Маңғаз қарап тауларым тұр алыстан.
Бұлақтарға барушы ем, қыраттарға
Тасығанда көңілім қуаныштан.
Қайырмасы:
Керім дала, кең дала, туған дала,
Ақ періште арманды қуған дала.
Пейіліне бабамның балай берем
Баурайың жатыр шалқып думандана.
Қызғалдағы құлпырған қыраттарым,
Тарихыңнан келеді сыр ақтарғым.
Ақша бұлты қалқыған аймағым- ай
Шұғылаңа келеді шуақтағым.
ӨМІР ƏНІ
Тірлікте бұл əр жанның сыйы бөтен,
Əні бөтен, күмбірлі күйі бөтен.
СЕРІК ӘБІЛ
Мына өмір соны маған сезіндірді,
Достасудан қоштасу қиын екен.
Алдағы арман қиялға қызықтырып,
Ертең күннің елесі сыр ұқтырып,
Қуаныш пен қайғының бəрін-дағы
Өмір əні кетеді ұмыттырып.
Кездерім аз күлмеген, жыламаған,
Шын жақсылар бір-бірін сынамаған.
Мына өмір соны маған сезіндірді,
Айрылысып-қосылып тұрады адам.
СЫРҒАЛЫМ-АЙ
Ауылым деп əн сап кетем,
Біздің мекен бүлдіргенді.
Соны ойласам аңсап кетем
Өзіңменен бір жүргенді.
Көктем келді жылдағыдай,
Шығар ма едік қырға былай.
Еске түсіп тұрғаның-ай,
Сағындырған сырғалым-ай.
Лəззəт екен сезімдері,
Сен ойлаған кездердің де,
Барлық істе төзімді едің,
Бұл күндері өзгердің бе?
ТУҒАН ЕЛ
Асқарынан қыран ұшқан,
Жыр-əн ұшқан туған ел.
Шабыт беріп тұлпарына,
Тұғыр болған сұңқарына туған ел.
Дарқан дала сырласындай,
Құрдасындай туған ел.
Туған елім, жадырашы, жайнашы,
Ақ тілегің алғы күннің айнасы.
Аспанында
Аққу, қазы қалықтаған туған ел,
Мерекесі, берекесі,
Шаттығымен шарықтаған туған ел.
Күмбірлеткен күй елісің, киелісің,
Туған ел.
Ата мекен
Сағындырған, сағым қуған туған ел,
Салқын-саумал ауасымен,
Даласымен
Табындырған туған ел,
Тілегің біз, тірегің біз,
Түлегің біз, туған ел.
НАУРЫЗ ТОЛҒАУЫ
Наурыз таңы - көктем таңы шуақты,
Наурыз дəмі - көптің дəмі қуатты.
Ұлыс күні - ұлы істердің жаршысы,
Қыс пен жаздың шекарасы сияқты.
Наурыз таңы - ырысқа елді бөлейді,
Наурыз таңы - жұмысқа ерді жебейді.
Кім бол мейлің қазақ үйін қалдырмай
Көже ішіп қайт, не ғып жүрсің демейді.
Жеті түрлі ас көже дəмін теңейді.
Қаһарлы қыс, аяз кетіп арбасқан,
Қара жондар ағызды тер қар басқан.
Ал көжеден жал-жая, қазы-қартаны
Кес қиялап, қабырға мен жамбастан.
Науырыз таңы ата салтым жалғасқан.
СЕРІК ӘБІЛ
Науырыз келді, домбырамды алайын,
Шындық үшін шырқап əнге салайын.
Қуанарым, жұбанарым туралы
Тоқталайын, құлағың сал, ағайын.
Наурыз келді
Қасиетті қаз келер,
Қуанарым - сарыны өзге саз келер,
Жұбанарым - сол шіркінді түсінбей.
Мылтығын ап сығалайды-ау өзгелер.
Наурыз келді
Аққа толар сабалар,
Қуанарым - уыз ішкен балалар.
Жұбанарым - айраныңа қарамай,
Арақпенен жынданады ағалар.
Наурыз келді
Көктем желі еседі-ау.
Қуанарым - ел де, төл де өседі-ау.
Жұбанарым - табандары тесіліп
Біздің ауыл тауға тағы көшеді-ау.
Наурыз келді
Күмбірлетер күйін ел,
Қуанарым - нажағай от үйірер.
Жұбанарым - жыландарға жан бітіп,
Қорқытады-ау қорбаңдаған бүйілер.
Наурыз келді
Əсем əн де қалықтар.
Қуанарым- ардақталар, алыптар.
Жұбанарым - қанатты су еркесі,
Ау торына ілінеді-ау балықтар.
Наурыз келді
Əжеміздің тілегі
Қуанарым - біз сол əже түлегі.
Жұбанарым - əжелер де азайып,
Ауылдың да сəні кетті, жүдеді.
Наурыз келді
Жылдың басын есептер,
Қуанарым - құлпырады-ау көшеттер.
Жұбанарым - гүл қадырын сезінбей,
Табанымен таптайды-ау бір есектер.
Наурыз келді
Қысың жылжып өтеді-ау,
Қуанарым - жаңа бір жаз жетеді- ау.
Жұбанарым- қайталанып осылай,
Жастығымды ұрлап бір күн кетеді- ау.
ƏН САЛ, ДОСЫМ
Əн сал, досым, бір сəтке серпілейін,
Серпілейін, сергиін, желпінейін.
Аққу-арман- арайлы күндерімді,
Көз алдыма қайталай келтірейін.
Əн сал, досым, əнге сал өткендегі,
Əлде кімге қош айтқан көктемдегі
Əніңе сал əлекшіл əз досыңның
Жанарынан зар жасын төккендегі.
Əн сал, досым, сен мені түсінесің,
Осы əніңмен айтып ең ісіме сын.
Құлын кездің қызығын есіне алып,
Құнан күнде құрбың бір кісінесін.
Əн сал, досым, кешенің дерегі екен,
Көз алдыма бəрі де келеді екен.
Бір арманға, əрине жету үшін,
Бір арманға қош айту керек екен.
СЕРІК ӘБІЛ
БОТА КӨЗІМ
Құлын мүсін, қолаң шашты ақ маңдай,
Көрген адам бар бақытын тапқандай.
Көп толқытқан көңілімнің сырлары,
Жанарыңда жасырынып жатқандай.
Мейіріңнің, пейіліңнің нұрлары-ай,
Қасиетті қарашыққа тұнғаны- ай.
Айтқызбай- ақ ақтарылар сырлар-ай,
Өзің емес, көзің сөйлеп тұрғаны-ай!
Тал бойыңнан тарыдай мін таппадым,
Сəбеңдердің сағынышын сақтадым.
Қарай берем, арай көрем жүзіңнен,
Айдындағы аққуым-ай, аппағым.
Қайырмасы:
Бота көзім - бақытым бар асылым,
Бота көзім - сақтаған дара сырым.
Бота көзім - шуағым жан ашырым,
Бота көзім - қадырлым қарашығым.
Бота көзім, мен сені қастерлейін,
Бота көзім, мен сенен жас көрмейін.
ОЙ ДҮНИЕ
Ой дүние, біреулерге тоқ дүние,
Біреулерге мəңгі жетпес жоқ дүние.
Пенделер пейіліне қарайсың ба,
Құбылған тотығұстай боқ дүние.
Ой дүние, бүлік етер ме бетің дүние,
Айырған талайларды жетім дүние.
Бермейтін сұрағанын сорлылардың,
Келмейтін орынына кетік дүние.
Ой дүние, жанталасқан жалған дүние,
Жылтырап, сан жақсыдан қалған дүние.
Қанаты сан қыранның талған дүние,
Болдыртар бұлаң қағып арман дүние.
Ой дүние, тірлік дəнін терген дүние,
Басы бал, соңы сортаң кермек дүние.
Біреулер күйіктеніп күй кешкенмен,
Біреуге үйіп-төгіп берген дүние,
Ой дүние, алдап жүрген аз-ақ дүние,
Күрсінер күліп тұрып мазақ дүние.
Жүректен біліп тұрып күрестірген,
Бұл неткен бұлаңдаған ғажап дүние.
ПАРТАЛАСЫМ
Тосып тұр алдымызда қаншама сын,
Кезерміз кең өлкенің сан-саласын.
Айдында бірге жүзген аққулар ек,
Қонарсың қайда барып, парталасым?
Бал дəурен күнін кімдер аңсамасын,
Шолпанмен бір көруші ек таң сағасын.
Гүлі едік, бір бақшаның жыры едік біз,
Тартарсың қайдан тамыр, парталасым?
Шалдығып үйренуден шаршағасын,
Сен кейде сағынышты əн саласың.
Сол үнің құлағымнан кетпеген соң,
Осы əнді айтып жүрмін, парталасым.
Білмеймін кімге үміт арталасың,
Білмеймін ертең қандай жар табасың.
Мектептің бірге өткіздік жанталасын,
Аман бол, қайда жүрсең, парталасым.
Парталасым!
СЕРІК ӘБІЛ
ШАРАПАТ НҰРЫ
(Қазақ Телевидениесінің 20 жылдығына арналған əн)
Аққудың сəнін, гəккулі əнін таратқан,
Экранымен еліне бақыт жаратқан.
Жазира дала, жайнаған қала келбеті,
Баураған жұртты, аумаған, сірə, жаннəттəн.
Алтын сандығым, шашқан таң нұрын, күй-
думан.
Əр елдің сырын, əлемнің гүлін, сый қылған.
Аспанды шетсіз, асқарды шексіз бəр-бəрін,
Көзайым сəтте көкірегіне сыйдырған.
Дəстүрім-салтым жарқырап асыл арнадан,
Парасат жырын, шарапат нұрын арнаған.
Дəуірдің сыйын əлдилеп қобыз əуенмен,
Ауылдың күйін, арудың биін жалғаған.
Қайырмасы:
Бақытымсың, сандуғашым сайраған,
Жақұтымсың жан ұямда жайнаған.
Тілім де сен, гүлім де сен, үнім сен,
Сырласыңдай - байтақ елім, бай далам.
КӨКТЕМ ГҮЛІ
Көктем гүлі ашылғанда,
Шүлен шуақ шашылғанда.
Қол ұстасып жасыл маңда,
Айналғансың асыл жанға.
Көз тартқан көктем гүлі,
Көркіңе жаным құштар.
Өмірдің өткен күні,
Өзіңе сағыныш бар.
Сыр өмірдің өпкен нұры,
Жүрегімнің төккен жыры.
Бақытымның бастауында,
Сəн сыйлаған көктем гүлі.
Көктем гүлі ашыла бер,
Ауыл көркін асыра бер.
Арман болған аяулым- ау,
Қарлығаш боп қасыма кел!
ЖАН СЫРЫМ
Күлгенің де, жүргенің де,
Баурап алды-ау бізді мүлде.
Өзегімді өртей бердің,
Өзім толқып жүргенімде.
Нұр дидарың таң атқандай,
Жымиғаның ғажап қандай.
Тағдыр мені сені ойлап,
Жүру үшін жаратқандай.
Жасырына көп қарадым,
Жан сырым боп өт, қарағым.
Өзіңді ойлап өзімді де,
Бақытты екем деп қаламын.
СЕРІК ӘБІЛ
САБАҚТАСТАР
Сабақтас тамырласым, тағдырласым,
Əр дайым алдымыздан таң нұрлансын.
Қалқыған аққу-қаздай айдындағы,
Аяулы парталасым, жан құрдасым.
Қайырмасы:
Желбіреген тұлымдай,
Желідегі құлындай.
Бұлаңдаған бұрымдай,
Бір үйдің қыз-ұлындай.
Сабақтастар,
Қанаттастар,
Сабақтастар!
Сабақтас, сендермен бір самғау белім,
Сəбилік ауылымда қалды-ау менің.
Өмірдің ең бір ыстық шағы екен- ау,
Бірге өткен өздеріңмен бал дəуренім.
САҒЫНЫШЫМ
Мен сені аңсап кетем, аңсап кетем,
Сазымен сағыныштың əн сап кетем.
Ең алғаш екеуімізді қауыштырған,
Баяғы таныс баққа барсақ па екен.
Арманын аймалауды кім тілемес,
Күнім- ау, күлімдеген күлкің елес.
Көңілімнен көтерілмей қойғаның-ай,
Мен сені ұмытуым мүмкін емес.
Тілек шын сенің нұрлы таңың үшін,
Жүректің басылмайды жалыны шын.
Саған қол жеткізетін қиял ғана,
Аман бол, айналайын сағынышым!
ƏПЕКЕЖАН
Əлдилеп тербеттің сен, ержеттім мен,
Əр дайым ел деп жылап, ел деп күлем.
Құлын ем құндыз жүні жетілмеген,
Əл берген, нəр берген де сен деп білем.
Əпеке, əпекежан, жан əпеке,
Əл берген, нəр берген де сен деп білем.
Өмірдің айдынында жүздірген сен,
Қуансам құшағыңа ап күлдірген сен.
Ерке едім, шолжаң едім, тентек едім,
Жақсыны, жаманды да білдірген сен.
Пейлі, мейірі ыстық кең даласың,
Еркеңнен үлесіңді енді аласың.
Аман бол, қадырлым-ай, қажырлым-ай,
Маған шын күйінетін сен ғанасың.
АҚ ҚҰЛЫНЫМ
Тағдыр бізге сыйлады бақты бүгін,
Əуелейді əніммен шаттық үнім.
Əлдиісің, əжеңнің əн-күйісің,
Айналайын, аяулы ақ құлыным.
Тұмар тағып тербеткем бесігіңе,
Күй қалқыған ауылдың кеші міне.
Азамат бол, балашым, еркелеткен,
Елің мəңгі сүйінсін есіміңе.
Арман таңым арайлап атты бүгін,
Ағайын дос кеудеңе тақты гүлін.
Сұңқары бол, еліңнің тұлпары бол,
Айналайын, аяулы ақ құлыным.
СЕРІК ӘБІЛ
ДОСТАР ВАЛЬСІ
Достар, достар мақтанышым,
Арманымның ақ таңысың.
Менің жолым сендерменен,
Арайланып жатқаны шын.
Достар, достар, қуанышым,
Өмірімнің шуағысың.
Шыңдарымның шырағысың,
Бақытымның бұлағысың.
Достар, достар, тірегімсің,
Тірліктегі тілегімсің.
Лүпіл қаққан жүрегімсің,
Жолдарыңа гүл егілсін.
Достар, достар, қане қолдас,
Достық гүлі мəңгі солмас.
Көңілінің досы жоқтың,
Өмірінің мəні болмас.
ƏЖЕМНІҢ ИІСІ
Аңсаумен ауылымның ақ қайнарын,
Алдына ақ боз үйдің ат байладым.
Кеберсіп кеңсірігім келіп тұрмын,
Сабадан сары қымыздың татқай дəмін.
Туған ел ынтызармын тұнығыңа,
Қымызың қуат болған қыз-ұлыңа.
Есіктен жер ошаққа елеңдеймін,
Əжемнің иісі келіп мұрыныма.
Аққу- қаз айдын көлде саңқылдайды,
Саялы сарайым-ай, салқын жайлы.
Киелі киіз үйдің іргесінен,
Жусан леп жұпар самал аңқылдайды.
Сарқылмас көңілімнің күйі сынды,
Тағдырым сағынышты сый ұсынды.
Ақ үйде ақ жол тілеп қалып едің,
Əжем-ау, аңсадым ғой иісіңді
МЕЙІРЛІМ
Сені көрдім, көңіл бөлдім, қарағым,
Сезім шалқып, өзім балқып барамын.
Елігіндей, көрігіндей даланың,
Қалай ғана, арайлана қарадың.
Мейіріңе, пейіліңе еліттім,
Тұнығыңмен, қылығыңмен еріттің.
Қайдан көрдім, қайдан ғана кезіктің,
Енді маған елесіңмен серіксің.
Сүйкімдім- ай, күлкің мұндай бал екен,
Жүректегі, тілектегі жар етем.
Шын сүюдің шырынымен дара өтем,
Менің-дағы шын ғашығым бар екен
ЗУХАНЫҢ БАСЫ
(поэма)
Өрлемес мəңгі өмірдің тасы,
Тоқтаған қашан тірліктің қасы.
Таразы болған теңсіздіктерге,
Зұлымдар кескен Зуханың басы.
Талайдың бойдан жуылар насы,
Ғасырлар бойы берілер асы.
Кесірден сақтап келіпті елін,
Кесілген кеше Зуханың басы.
СЕРІК ӘБІЛ
Болмаған жерде бірліктің басы,
Сорлаған жанның сорғалар жасы.
Қабынған қара ниеттер қалай?
Білгізген соны Зуханың басы.
Сан істі басқа салғандығында,
Ұмытпа өмір жалғандығында.
Зуханың басын бодауға беріп,
Көп бастар аман қалғандығында.
Ұмытпа, досы қас келгендігін,
Ұмытпа халық ас бергендігін.
Ұмытпа əркез ел ертеңі үшін,
Əкесі кімнің бас бергендігін.
Ұмытпа елім, ұмытпа ұрпақ,
Тарих бетін қане кім жыртат.
Кешегі күннен жаңылған жандар,
Есіріп жүріп ертеңін құртат.
Талайды талғап құрықтағаның,
Асыңды үрлеп ұрыттағаның.
Қас пенен досты айыра білсең,
Зуханың басын ұмытпағаның.
Арайлап тағы таңым атқаны,
Шарапат біздің шаңырақтағы.
Намыс жолында нар боп өт дейді,
Аталарымның аруақтары.
Талайды сыйлап өсірген ол бас,
Талайды сыйлап кешірген ол бас.
Ақыл боп заңғар ел бастағанымен,
Батыр боп аңғал кесілген сол бас.
Халыққа керек қалаулы дана,
Қан сіңіп кеткен алаулы дала.
Ас беретіндер көп болғанымен,
Бас беретіндер санаулы ғана.
Өтірік күліп жарасатындар,
Өзі үшін ғана қашалатындар.
Өздерін сынап көрсеші осы,
Шаш ал дегенде бас алатындар.
Адамға керек сенімді жолдас,
Озбырлық қылған түбінде оңбас.
Халықтың қара ылағы болып,
Қажетті кезде кесілген сол бас.
Ертеңін білмей есірген бас бар,
Ел қанын еміп кекірген бас бар.
Кеңесін білмей кесілген бастар,
Жетелі болмас жетілген жастар.
Тірлік балықтай, жүр ғой жарытпай,
Мінсем шарықтай, қыран шабытқа-ай,
Кесілген бастың соңына түскен,
Күй кешем кейде Сұлтаншəріптай.
Бастарын талай қылыштар кескен,
Төстерін талай мырыштар тескен.
Боздап бір өткен боздақтарым-ай,
Ойласаң ғажап құрыштар неткен.
Барлығын соның құшағына ала,
Зар-мұңын шерткен құсалы дала.
Ұмытылмайтын ұлылар көп қой,
Зуханың басы мысалы ғана.
Толық боп мəңгі айыл-тұрманың,
Тілеймін оңнан айың туғанын.
Естіп ал елім қажет боп қалса,
Менің де басым дайын тұрғанын.
Ел үшін қажет кезінде мынау,
Менің де басым дайын тұрғанын!
СЕРІК ӘБІЛ
ҚОБЫЗ САРЫН
(толғау)
Дастан болып даланың,
Дауы бөлек жатты ғой.
Ана менен баланың,
Мұңы жанға батты ғой.
Өрт шарпыды өзекті,
Өкініш деген мың батпан.
Келеміз күтіп кезекті,
Қарақшы болып түн қатқан.
Бар жалғандық күлкіңде,
Түңілдім-ау тірліктен.
Бар жамандық бұл күнде,
Төніп тұрад түңліктен.
Барлық адам іздейді,
Бақ жұлдызын жырақтан.
Мұңлы күйін үзбейді,
Қобыз сарын құлақтан.
Бірақ, соны ұғынып,
Тыңдайтұғын адам аз.
Бəрі-дағы бұғынып,
Қалған жалған жазадан.
Азаматтың ақылын,
Алаяқтар арбады.
Барғыза алмай батылын,
Азап болды арманы.
Қобыз сарын құбылып,
Құлағың түр қас-қағым.
Қобыз шабыт шақырып,
Қоңыр өлең бастадым.
Қобыз сарын ішінде,
Қанат қағып құмайлар.
Қобыз сарын ішінде,
Қорланады жұбайлар.
Қобыз сарын ішінде,
Құқайланып зұлымдар.
Қобыз сарын ішінде,
Шырқырайды құлындар.
Қобыз сарын ішінде,
Бозінген зар қозғайды.
Қобыз сарын ішінде,
Боталар да боздайды.
Қобыз сарын ішінде,
Кісінейді құраттар.
Қобыз сарын ішінде,
Маңырайды лақтар.
Қобыз үні саралы,
Бұрынғының сарыны.
Қоңыр əуен бағалы,
Бабалардың дарыны...
Қобыз сарын үндердің,
Ішіндегі ерке еді.
Ол кешегі күндердің,
Шежіресін шертеді.
Қобыз сарын ішінде,
Қорқыт ата сөзі бар.
Қобыз сарын ішінде,
Маңырайды қозылар.
Қобыз сарын ішінде,
Əлде кімдер күледі.
Қобыз сарын ішінде,
Бөлтірік те үреді.
СЕРІК ӘБІЛ
Қобыз сарын ішінде,
Уілі бар желдің де.
Қобыз сарын ішінде,
Дүбірі бар елдің де.
Қобыз сарын ішінде,
Қоңыр аңның үні бар.
Қобыз сарын ішінде,
Қоңыр адыр түні бар.
Қобыз сарын ішінде,
Ұраны бар бабаның.
Қобыз сарын ішінде,
Қыраны бар даланың.
Қобыз сарын қамыстың,
Əкеледі ызыңын.
Қобыз сарын намыстың,
Əпереді қызуын.
Қобыз сарын батырдың,
Көрсетеді айбарын.
Қобыз сарын ақылдың,
Айта алады байламын.
Қобыз сарын ішінде,
Ғашықтардың мұңы бар.
Қобыз сарын ішінде,
Бақсылардың жыны бар.
Қобыз сарын жауынды,
Жас қып бірақ төгеді.
Қобыз сарын тауыңды,
Тағың етіп береді.
Қобыз сарын арманды,
Армандарға бастайды.
Қобыз сарын жалғанды,
Қоңырымен жасқайды.
Қобыз сарын көзіңе,
Жас моншағын жинайды.
Қобыз сарын өзіңе,
Өзіңдікін сыйлайды.
Қобыз сарын құстардың,
Бейнелейді əуенін.
Сондықтан да құштармын,
Қоңыр менің əуенім.
Қобыз сарын бақаның,
Шуылын да тыңдатар.
Қобыз сарын атаның,
Өзі болып тіл қатар.
Қобыз сарын ішінде,
Жараланған бұғы бар.
Қобыз сарын ішінде,
Тарих бар ұғынар.
Қобыз сарын ішінде,
Ойран болған қала бар.
Қобыз сарын ішінде,
Обал болған бала бар.
Қобыз сарын боздатып,
Желдіреді түйені.
Қайғы-мұңды қоздатып,
Босатады жүйені.
Қобыз сарын ішінде,
Серісі бар даланың.
Қобыз сарын ішінде,
Көрісі бар ананың.
Қобыз сарын өмірдің,
Оркестірін ойнайды.
Қобыз сарын көңілдің,
Тумаларын тойлайды.
СЕРІК ӘБІЛ
Қобыз сарын ішінде,
Найзағай от үйірер.
Қобыз сарын ішінде,
Қорбаңдайды бүйілер.
Қобыз сарын ішінде,
Қайталанған тілек бар.
Қобыз сарын ішінде,
Тұлпар мінген түлек бар.
Қобыз сарын ішінде,
Адасқан бір киік бар.
Қобыз сарын ішінде,
Арылмас бір күйік бар.
Қобыз сарын ішінде,
Сағыныш бар түгемес.
Қобыз сарын ішінде,
Жалғасы бар бір егес.
Қобыз сарын ішінде,
Ерлік жайлы кеңес бар.
Қобыз сарын ішінде,
Елдік жайлы егес бар.
Қобыз үні киелі,
Қоңыр əнім өзімнің.
Қобыз үні жүйелі,
Қорғасыны сөзімнің.
Қобыз сарын самалы,
Айжуалы өлкемнің.
Ұрпақтарға саналы,
Мұңын шаққан ертеңнің.
Қобыз сарын ішінде,
Шөліркеген марал бар.
Қобыз сарын ішінде,
Шөбі өртенген арал бар.
Қобыз сарын ішінде,
Басын буған лашық бар.
Қобыз сарын ішінде,
Қосылмаған ғашық бар.
Қобыз сарын ішінде,
Ашылмаған бір гүл бар.
Қобыз сарын ішінде,
Арғымақ бар, дүлдүл бар.
Қобыз сарын ішінде,
Жылан да бар ысқырған.
Қобыз сарын ішінде,
Құлан да бар пысқырған.
Қобыз сарын ішінде,
Керуен бар тізілген.
Қобыз сарын ішінде,
Серуен бар үзілген.
Қобыз сарын ішінде,
Айтағы бар малшының.
Қобыз сарын ішінде,
Айқасы бар қамшының.
Қобыз сарын ішінде,
Жел көтерген жауын бар.
Қобыз сарын ішінде,
Ел көтерген дауым бар.
Қобыз сарын ішінде,
Дөңгеленген құйын бар.
Қобыз сарын ішінде,
Жөнге келер жиын бар.
Қобыз сарын ішінде,
Көбік шашқан теңіз бар.
Қобыз сарын ішінде,
Еңіреген егіз бар.
СЕРІК ӘБІЛ
Қобыз сарын ішінде,
Көрілмеген жүлде бар.
Қобыз сарын ішінде,
Көмілмеген мүрде бар.
Қобыз сарын ішінде,
Жақсы да бар, жаман бар.
Қобыз сарын ішінде,
Зарға толы заман бар.
Қобыз сарын ішінде,
Айтылмаған əні бар.
Қобыз сарын ішінде,
Тіршіліктің бəрі бар.
Қобыз сарын əн қылып
Сырын ылғи шертеді.
Қобыз сарын мəңгілік
Түгемейтін ертегі.
ТУҒАН ЖЕР
(толғау)
Туған жер, тұлпар тұяқ ұлыңмын мен,
Тулаған топырағыңда құлын күннен.
Қара жерде туған жер қасиетті,
Əне сол қасиетіңе жүгіндім мен
Əне сол қасиетіңе жүгінемін,
Жігерім жеткенінше жүгіремін.
Сансыздаған арманшыл азаматын,
Көмбесінен тосып тұр бүгін елім.
Тұлпар тұяқ қызады шапқан сайын.
Қара жердің ақ шаңын қапқан сайын.
Бірақ та мен деп бүгін жүргенім жоқ,
Дара басым кенелер бақты аңсайын.
Туған жердің сөнбекші оты кімнен,
Деп ішімнен күбірлеп отырмын мен.
Ақ тілекпен аттандым ауылымнан,
Бір сезім туды маған осы күннен.
Қыраттарға келемін қимай қарап,
Жүрек тулап кеудеме симай барад.
Қарағанды қапталдар еске салды,
Пыр-пыр ұшқан шілдерін шимай қанат.
Киелі құс кептерлі керіштерім,
Ардалы алқап, ақ жота еңістерім.
Сексеуілді, жыңғылды жылғаларым,
Жүрегімде жаттаулы тегіс менің.
Қарқылдаған қарғалы тоғайларым,
Күндіз бұққан үкіңдей көп ойладым.
Жасырынып кеудемде жатқанменен,
Білемін түнде шығар орай барын.
Ақ өркеші ардалы өзендерім,
Гүл көмкерген көк белді кезеңдерім.
Тұнық жырмен халқымды сусындатсам,
Өркештесе өзіңдей өз еңбегім.
Ақ арманың тоғысып ақ таңыңда,
Ақ жол тілеп аттанып жатқанымда.
Ертең үшін еркеңнің еркі басқан,
Қайғым да сен, туған жер, мақтаным да.
Ойды бұзып əрдəйім отырады,
Қара қоңыр туған жер топырағы.
Барасың мені тастап қайда кетіп,
Дегендей ақ бас шыңды шоқылары.
Жоқ, туған жер, мен сені тастамаймын,
Жетіп жатыр онсыз да басқа қайғым.
СЕРІК ӘБІЛ
Сен менің жүрегімнің лүпілісің,
Арманым алғы күнге асқақ айбын.
Тұлпар шабыт шаң көрсе ала қашқан,
Азаматпын арманмен жағаласқан.
Туған жерім аптығам мен несіне,
Қалмаса ізім бетіңде дара басқан.
Дүниеге мен есік қаққанымда,
Аласұрған ақ бұрқақ ақпаныңда.
Туылуым ақпанның ақ таңында,
Мазмұн бере алады мақтаныма.
Аязыңда тыныстап бірінші рет,
Тірлігіме қарадым күлімсіреп,
Əжем мені салып ап шалғышына,
Жүгіргенде көршіге шүйіншілеп.
Қасиет бар таңының қандайында,
Шұғылалы күніңнің маңдайымда.
Ақ сүтіне анамның қосып жеген,
Топырағыңның дəмі бар таңдайымда.
Бір өзіңнің ертеңің - тұнық қайғым.
Жүрегімнің жылуын суытпаймын.
Ақ отаудың сөндірмен ақ жалынын,
Ақ батасын атаның ұмытпаймын.
Мұң шаттығын тең көріп боздаламның,
Топырағыңда тұтанып қозданамын.
Қалай ғана ұмытамын кеше сенде,
Бозінген боп боздақтар боздағанын.
Суарылған қанменен қарағаймын,
Дара бастың бақытын санамаймын.
Туған жер терегінің жапырағын да,
Жамбысына басқаның баламаймын.
Қара қаны төгілген қара нардың,
Бодауысың туған жер бабалардың.
Көбең күнде көз жасы құрғамаған
Ұрпағыңмын сондағы бабалардың.
Сетерлердің сезетін қасиетін,
Азаматтар аз емес бас иетін.
Қара жолда қансырап қалғандардың,
Ұмытпайды ұрпақтар өсиетін.
Ажал оғы жалмаған ақ иықты,
Қара таудың қойнына қай ұйыпты.
Қара жартас бетіне қара қанмен,
Көріп жүрміз жазылған тарихты.
Өзімізше бұл күндер жүрдік еркін,
Күндер алда жылатып-күлдіретін.
Бəрі-бəрі жүрекке түйдектеліп,
Танытады туған жер құдыретін.
Ақ тілеп қозғалса қол ұшымыз,
Есебіміз дайын тұр соғысымыз.
Азаматтар жүгінсек ақиқатқа,
Туған жер деп тер төгу борышымыз.
Бақытына басқаның қиялдаймыз,
Құр қиялмен құрлыққа сия алмаймыз.
Бабалар қанын төккен қара жерге,
Біз неге терімізді қия алмаймыз.
Қайда қалды тілегі бабалардың,
Қайда қалды арманы ағалардың.
Қайда қалды туған жер қасиеті,
Не болады ертеңі балалардың?
Қара ұлы едім қыратты қара белдің,
Арман қуып ақыры қала келдім.
СЕРІК ӘБІЛ
Ертеңді ойлап тынысым тарылады,
Қадамына қарқынды қарап елдің.
Тарылады қадамым жүрген сайын,
Көлеңкесін көңілдің білген сайын.
Мен енді береке деп белді буып,
Туған жерді түсінер күнді аңсаймын.
Арайланған алдыда тұнық таң бар,
Суытпаңдар жүректі суытпаңдар!
Бақытымен басқаның байи алмас,
Туған жердің киесін ұмытқандар.
Күрең қабақ күндермен керіспесем,
Келісетін майданға келіспес ем.
Жігіт болып несіне жаратылдым,
Туған елдің қайғысын бөліспесем.
Арпалыс бар əлі, күресің бар
Күресіңмен көтерер үлесім бар.
Жүрегімнің түбіне ұялаған,
«Туған жер» деп сақталған бір есім бар.
Үліңгірім, өзенің тасып аққан,
Сенің жалпақ жағаңда асық атқам.
Бұйра ағынды Бұйрат құм баурайыңда
Бабам анау көмулі басы жатқан.
Аялаңдар атаның асы қымбат,
Туған жер топырағыңның тасы қымбат.
Ұрпақ деген ұлы есім ескергенге,
Бала үшін бабаның басы қымбат.
Туған жерім арман жоқ менде бөтен, Күңіреніп те күліп те сен деп өтем. Өзім-дағы өзіңде көмілемін, Өз қолымен бабамды көмген екем. АНА (Поэма)
Анашым-ай, анашым-ай,
Ақ сүтіне қандырған,
Жылатпастан,
Сылап бастан,
Асырып ең сан қырдан.
Сағынышпен,
Жанып іштен
Оралғанда ауылға,
Бірде күліп, бірде жылап қарсы алатын алдымнан.
Анашым-ай, панашым-ай,
Мені артына қалдырған.
Қадырлым-ай, қажырлым- ай,
Қасиеттім, қимасым,
Жанарымды жасым жуып,
Қала бердім көңіл суып
Күні кеше бірге жатқан төсегіңді жиғасын.
Көз алдымда:
Көп алдында
Жүретұғын сый басың.
Жаным анам, жабырқадым сен кеп тағы есіме,
Ұзақ қарап суретіңе тесіле,
Қайта- қайта басып тұрдым төсіме.
Сосын мынау өмірге де ой жүгірттім өшіге,
Бəрі жалған,
Бəрі де арман, неге керек несібе?
Қорғаным- ай,
Қормалым-ай,
Мені артыңа тастап кеттің несіне?
Сен тіріде тірлікті де түсінбеген екем мен,
Күні кеше айрылғанда көкемнен,
Жəне жылап қалғанымда əкемнен.
СЕРІК ӘБІЛ
Торласа да түнек деген,
Сияқтанып түк етпеген,
Мейріміңмен басып едім мауқымды.
Анашым-ай, білдірмей сол ауқымды,
Ішке сақтап барлығын,
Дүниенің тарлығын...
Шығармай зар дауысыңды,
Жүрсең-дағы көз ілмей,
Бəрін-дағы сездірмей,
Жөніңменен көтеріп кетіпсің-ау тау сынды.
Тілегі бай
Тірегім-ай,
Өзің барда өмірде
Нағыз қайғы орнамапты көңілге,
Мұң дегенім мылжың екен ондағы,
Бұлар бəлкім еркеліктің толғағы,
Сүлеймендей сүмірейдім ал, бүгін,
Жүзігінен ада болған қолдағы.
* * *
Əкем марқұм өткен жылы жаздың ұзақ кешінде,
Қасиетті туған ауыл Жетаралдың төсінде.
Намаз шартын өтеп тастап бесіннің
Айтқан мына бір əңгіме əлі күнге есімде.
Бір жүз он бес жасқа келген болыпты бір кəриə,
Көңілі де елден ерек екен дарқан дария.
Ұсақ- түйек құр өсекке сенбейтін,
Алатау да ашасынан келмейтін,
Қайсар екен қайғыға ерік бермейтін,
Еш пенденің елірткеніне ермейтін.
Тілегім де тірегім де ел дейтін.
Əне сондай жастайынан сабаз екен салмақты,
Жақсы- жаман барлығынан көрмегені қалмапты.
Осы қарттың жалғыз ұлы тоқсан жасқа келіпті,
Кемпірі де, келіні де көп жасамай өліпті.
Бірақ, тағы алты бірдей немересі болыпты,
Бір тəуірі соларға бақ қоныпты.
Шөберелер қоршап үлкен атасын,
Атасының алып алғыс-батасын,
Төбелессе, жатады екен шағынып
Дұрысы мен қатесін.
Ғасыр аттап жас жасаған, сан ғаламат кез келген,
Кешегінің қызыл қырғын соғысын да көз көрген.
Күзі келіп жүзі солып,
Нар тұлғасы өзгерген,
Бірақ, əлі бар өзіндік қайраты,
Жанарында сақталған айбары мен айбаты,
Болғанменен қолына алған сүйеніші таяғы,
Кіріп шығып жүруге
Əлі де тың аяғы,
Асыл ата бақытының болып мəңгі баяны,
Соңғы өмірін осылай
Жатты өткізіп саялы.
Дегенменен сұңғыла қарт алаңдайтын бұрыннан,
Өзіменен үзеңгілес жас жасаған ұлынан.
Ол ойлайтын:
Жасық мұның сүйегі,
Жетпісіне келмей-ақ жемірілген иегі,
Тірлік үшін тіс дегенің тірек қой.
Қашан болсын ер жігіттің ұжданға
Бір кесірі тиеді.
Шын азғаны осы шығар ұрпақтың
Аттамай-ақ алпысты,
Болып шығад шал түсті.
Тұзағына ілініп сан сырқаттың,
Мына түрмен шыдар ма екен
Тепкісіне өмір дейтін бұрқақтың.
Күндер өте расында ұлы алжи бастапты:
Бір күн тіпті бар киімін бірақ шешіп тастапты.
Мұны көріп жүзден асқан кəриə,
– Қорлығын- ай мынаның,
СЕРІК ӘБІЛ
Бұған қалай шыдадым, -
Деп ақырып таяғымен ұлын нұқып жасқапты.
Сонда ұлы жанарынан ағызып қос бұлақты,
Екпетінен құлапты.
«Егерде сен тірі болсаң көзімді жас жумас ед,
Атам-дағы таяғымен ұрмас ед,
Апам-ау, қайран, апам» - деп,
Ұзақ бір күн жылапты.
* * *
Жаным анам осы аңызды баян етіп бергенде,
Көңіліме бір ауыр ой орнап еді жерден де.
Тіпті, терең сезіндірді бүгін басқа келгенде,
Анасыздық-панасыздық екендігін көргенде.
Рас, рас!
Тоқсанды да толғандырған құдыретті күш бəрі,
Барлық адам бас иетін,
Ананың бұл қасиетін,
Аңсар жүрек құштары.
Біздің қара шаңырақты қайғы бұлты жапқанда,
Қайран анам жанталасып тым қысылып жатқанда,
Əлсін-əлі алып мені есіне,
Қимай қарап əлде неге тесіле,
Көз жұмыпты көсіле.
Жан ашырым халы кетіп нашарлаған кезінде,
– Серігім-ай, Серігім,–деп қайталапты сөзінде.
Сонда менің ағаларым,
Қимай қарап (паналарын),
«Балаңды онда телефонда шақыртайық» - дегенде,
Сырқат адам есін жиған едемде.
– Шақырмаңдар, жер алыс қой, жол да жаман деседі,
Қарашаның қары-дағы қалың жауды кешегі.
Үлгірмейді, үлгірмейді,
Болмасын жол кеселі.
Көрініп тұр өзіме де өмірімнің есебі,
Көнеді ғой бəріне де құдай басқа салғасын,
Қорқып кетіп қапияда оқыс болып қалмасын.
Жыламасын!
Мен разы болсын десе
Жасымасын, сынбасын. . . »
Осыны айтып жатқанында сырқат тіптен меңдепті,
Сырыл басып кеудесін,
Жеткізе алмай өсиеттің өзгесін,
Басқа сөзге тілі қайтып келмепті.
* * *
Қош бол, ана!
Қош бол, ана!
Өткен күндер екен рас тартымды.
Өліміңмен өзгешелеп кеттің бүгін нарқыңды.
Берекеге шақыратын,
Ақыл айтып отыратын,
Үңірейген орныңмен-ақ сезіндірдің парқыңды.
Жылап-жылап ұлың қайтты,
Жиыстырып артыңды.
Жетаралдан таңсəріде жолға шыққан кезімде,
Сандалдым бір сезімде,
Сен шығарып салатұғын,
Қимай жылап қалатұғын,
Иен тұрды үйдің жол жақ бұрышы,
Дəл осы сəт сарқылды бар төзім де,
Сенбей бұған өзім де.
Қимай қарап бара жаттым,
Жас моншағы көзімде.
Қайран анам, Қайран анам,
Бұл тірлікте өзің барда,
Таңдарыма табынғанда,
Мен ауылды сағынғанда,
Жүрегіңді ап қолыңа,
Қарап менің жолыма.
Көзің жетпей жүргіншінің барлығына тесіле,
СЕРІК ӘБІЛ
Тұрғандай боп
Алдыменен сен түсуші ең есіме.
Дəл қазіргім мүлде басқа кешеден,
У қайғыны ұрттағандай кеседен,
Қимастықпен қарай берем,
Бір өзіңе балай берем,
Ақ жаулықты ана көрсем көшеден.
Ал ауылды есіме алсам мен бүгін,
Барлық мұңым басқа шығып қағынып,
Арманымнан ауытқимын жаңылып,
Бір өзіңді сағынып,
Тағы сенің елесіңнен есім кетед, қормалым,
Көз алдыма келіп қабыр-қорғаның.
Анашым- ай, анашым-ай,
Көндім ақыр құдыреттің ісіне,
Тірлікке де ой жүгірттім түсіне,
Ашып көңіл қарығымды,
Басып көңіл зарығымды,
Тым құрыса, жиі-жиі кіріп жүрші түсіме,
Тым құрыса, жиі-жиі кіріп жүрші түсіме.
СОҢҒЫ ҰРПАҚ
(Дастан)
Баяғыда бір патшаның жалғыз ұлы болыпты.
Күні туып маңдайынан,
Құрбысының қандайынан,
Кесек келіп үлесі,
Сəтті боп сан күресі,
Иығына бақыт құсы қоныпты.
Мерейі де үстем екен менменсіген талайдан,
Ақылменен жолға сапты асқандарды алайған,
Хан жарлығын асыратын,
Қараларды басынатын,
Берекені қашыратын,
Зұлымдығы сап түзейтін сан ойдан,
Нысабы жоқ, ниеттері қарайған,
Азғындарды түгелімен тазалапты сарайдан.
Көңіліне ұялатып даласының кеңдігін,
Даналардың басын қосып,
Алалардың алдын тосып,
Əр кез терең ойланыпты пенделердің теңдігін.
Берекені сақтаған ел сақтайды деп елдігін.
Жиып алып бар алапты,
Келістіріп жазалапты,
Келекелеп кемсітсе егер кімді кім.
Ақыл-айла күшіменен,
Тең келетін солдатты,
Басшы етіп
Басқалардан елін жаудан қорғапты.
Бабаларға сыйынбасақ,
Басқа істе қиындасад
Деген жарлық шығарып,
Айлар сайын шыңдалып,
Тіпті, өткен ұлыларға ескерткіш те орнатты.
Іс қылған соң күйініп,
Ерлігіне ел сүйініп,
Тың қадамды халық болып қолдапты,
Айтқанына əкесі де əсте қарсы болмапты.
Бір жылы жаз
Жер таласы соғыста,
Көп төселген төбелеске тым ұста,
Талай- талай шаңды көрген,
Судай аққан қанды көрген,
Майдандарда ажал төнген,
Сан дұшпаны қолында өлген
Қарт батырлар шың салыпты қылышқа.
Бұл ұрысқа бастабында қатыспады тас түлек.
СЕРІК ӘБІЛ
Ешқашан да ойламады жаудың күші асты деп,
Бұған себеп болды өзінің анасы,
Аттанғалы жатқан шақта баласы,
Айналайын, түлегім,
Қобалжып тұр жүрегім.
Қатыспай-ақ қал бұл жолы.
Орында, бір тілегімді!
Атқа мінген адуынды ағаларың аз емес,
Саған əлі жолбарыстай жолығады сан егес,
Жаудың күші солардан да аспайды, –
Деп зарлана бастайды.
Есті бала ежелден-ақ ана сөзін бұрған ба?
Ал, қай ана бал бөбегін қияр дейсің құрбанға.
Өмір- өзі жауап беріп жатады əр кез бұл заңға.
Өмір-өлім ортасында найза-қылыш тоғысқан,
Ханға күнде жиі-жиі хабар келді соғыстан.
Жау құлатып екі алыпты,
Жеңуге сəл бет алыпты.
Өктем екен қимылдары,
Тым өзгеше пиғылдары,
Десе-дағы бұл хабарды балаға ана айтпады.
Өліспесе беріспейтін,
Елге тірі келіспейтін
Сарбаздар да əлі артқа қайтпады.
Ақырында қарсы жақтың күші шындап асыпты,
Елірген жау ентелеп кеп елдің шетін басыпты.
Бұрын- соңды көрілмеген,
Тентектікпен тебіндеген,
Мына жайдан хан да қатты сасыпты.
Осы кезде көп ойланып ұлын алып есіне,
Ұзақ қарап туған жердің тұман тұнған кешіне,
Ханымына бұйрықпенен тіл қатыпты тесіле.
– Ал, ұлыңа өзің барып айт шындықты жасырмай,
Ат тұяғы келді міне іргеге де тасырлай.
Мынау жайын бұқараның берекесін қашырмай,
Əлі келсе жауын бассын,
Енді ыстығын асырмай.
Қорғанбасақ, қорқынышты қауіп шындап төнеді,
Дей көрмегей бұл қорлыққа енді ұлың көнеді.
Сəл кешіксең қапияда,
Қолды болып жат ұяға,
Өкініште өледі! ..
Қолдай гөр деп аруағы арыда өткен бабасының,
Ақыры ана амалсыздан келді алдына баласының.
Жасырмастан айтты шынын қан бояған даласының,
– Айналайын, қарашығым,
Қателесті жан ашырың,
Кешір, ұлым, кешір мені,
Қор болды елдің есілдері.
Жаудың сонша есіргені,
Сансыз бастың кесілгені...
Кегі кетіп дұшпанына,
Əкең-дағы аһ ұрады.
Қылышыңды ұста мына,
Қанды майдан шақырады.
Ақ батасын анасының алып ұлы аттанды,
Бұл кезде жау ел шетіне ойран салып жатқан-ды.
Ақыл- айла тең келген соң,
Оны күші меңгерген соң,
Жау жеңілді,
Туған елі батыр ұлмен мақтанды.
* * *
Бұл оқиға айтқанымда менің сəби бауырыма ой салды.
Аға, егер батыр бала алмай баста анасының тілегін,
Деп ойланып жұмыр басқа қашандағы бір өлім.
Өзім барып түремін деп жаудың қара түнегін,
Жүріп кетсе қайтер еді,
Сыбанып сом білегін.
Шіркін онда елі-дағы күйзелуді көрмес ед,
Сансыздаған сарбаздар да басы кетіп өлмес ед.
Жалғыз өзі əуел баста жеңіп тастап барлығын,
Қайтер еді-деп інім,
Жайды жүрек жарлығын.
СЕРІК ӘБІЛ БӨРІНІҢ СҮТІ Жоқ, құлыным, қателестің, Кесіміңді қате кестің, Анасының ақ батасын алмаған, Үлкен істе үлкенге сөз салмаған. Ұрпақ əр кез оңбаған. Ал, мен айтсам, Əуелде-ақ ана тілін алмаса, Жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасса, Бəрі-дағы болар еді қан жоса. Онда нағыз көргелекті көрер ед, Атасы да, анасы да өлер ед, Хан тағы да құлар ед, Бəрі-дағы сөнер ед, Бəрі-дағы құрыр ед, Себебі, сол – ана деген құдырет. *** Ұрыс бітті. Ер жүрегіел тілегі екендігі шешілді. Еркелетті ел батыр туған есілді. Азамат деп аянбайтын, Батырлығын баяндайтын. Əңгімелер əр тарапқа тарап жатты не түрлі.
Болғанымен кей адамның елден ерек бағы бар,
Кезі-дағы келеді екен тағдырына табынар.
Я, я, шын батырдың асқан бағын көз көрді,
Бірақ, ұлы соғыстан соң бұрынғыдан өзгерді.
Бұған себеп - хан орданың сыртында
Сұлулық бар ұрқында,
Сымбатты мен сылқымға,
Гүлдей толған бауыры
Жəне де бір текті атаның тұрады екен ауылы.
Манағы жау əуелден- ақ ел шетіне кіргенде,
Тарпа бас сап бірдемде,
Алдыменен соларды шайқалтыпты дауылы.
Қоршап алып жан-жақты,
Кез-келгенін жалмапты.
Ақырында бірде-бір тірі пенде қалмапты.
Тараған ба бұл тірліктің мағынасыз масылы,
Жұмбақ болып жатады жасығы мен асылы.
Тек сол үшін өлуге,
Бойда барды беруге,
Əр таң сайын көруге,
Ынтықтырар асығы,
Тұрады екен сол ауылда
Жас батырдың ғашығы.
Өкінішсіз өмір əр кез болған ба? Зор шығады зордан да. Қор шығады қордан да ; Жеттім деме арманға. *** Соғыстан соң атақ-даңқы артқанына ұлының Хан əкесі мастанып, Құс жастығын жастанып: Жасып жүрсің деді неге жасқанып, Бар бақытың тұрғанда енді басталып, Айналайын, қуанышым, құлыным, Құдыреттім, бой тұмарым, тұнығым. Тал бесікте жатқаныңда, Бар шыныммен ақтарыла: «Бір өзіңе тапсырамын, құдайым, Тек осының амандығын сұрайым, Жалғызым ғой» - дегенінде жан анаң, Қатты зекіп ұрсып тұрып мен оған, «Нағыз қыран қыста басып жұмыртқа, Бір балапан ұшырарын ұмытпа». Ал, ендеше менің тұңғыш түлегім Ешкім-дағы селт еткізбес жүрегін, Жауына есе бермейтұғын, Олжасыз боп келмейтұғын,
СЕРІК ӘБІЛ
Орындалды ол тілегім.
«Жалғыз» деген сөзді екінші естіртпе,
Ерегесте мыңға төтеп беретінін білемін, –
Деген едім,– тірегім.
Міне бүгін естіді елің қанатыңның суылын,
Мына қара шаңырағың – қасиетті тұғырың.
Мейлі қайда сілтесең де жетіп жатыр құрығың,
Қара көзді, ақ тамақты арулардың бұрымын,
Сипайтұғын кезің келді, құлыным!
Кешір, əке, кешір, əке,
Сан соғыста болсам-дағы салымды.
Сан айтсам да түсінбепсің халымды.
Арғымағым келгенімен арынды.
Жауым менен болып шықты қарымды.
Кетті өшіріп кеудемдегі жалынды.
Қорғасам да елім мен жерімді,
Қорғай алмай қалмадым ба жарымды,
Сондықтан да еркеңді енді есептеме алымды.
Кешір, əке, кешір, əке,
Тым құрыса қорғайын пəк арымды,
Жігерленіп жиып бойда барымды.
Ғашығыммен сөз байласқан кезімде,
Бар бақытым деген едім өзіңде.
Сертте тұрып кенелмесек сенімге,
Қасиет те қалмас сырлы сезімде.
Шындық шыңы болмаса егер сөзімде,
Бұдан ары былығармын өзім де...
Ерік бердім төзімге.
Кешір, əке!
Кешір, əке!
Үздірдім ғой гүлімді.
Ауырлатпа жүгімді.
Жазғырмағын ұлыңды,
Алмады деп тілімді.
Ертеңгінің сабағы,
Сəтсіздіктер бүгінгі.
Кешір, əке,
Жұмысым бар кетейін...
Өзіңнен де жалғыз едім,
«Жалғыз» болып өтейін.
*** Ұлы кетті, Сол орында хан қиялға бойлады. Көзі жетті, Мақсатына жетпесіне ойдағы. «Нағыз қыран бір балапан ұшырады» дегенмен, Ал, қыранның қыраны, Өзіменен құриды Екен ғой деп ойлады.
ЖЕР ҮНІ
(Поэма)
Ау, ұрпақтарым!
Араны кеткен,
Алмаңдар енді даланы беттен.
Азырақ кеңес айтайын саған,
Жаныма батқан жаралы кекпен.
Төсіме соғып сайғақты қорған,
Бабаларың да қайратты болған.
Ал бүгін бəрің барасың азып,
Аталар жүрген айбатты жолдан.
Көрмейді келгім дария-көлдер,
Сендерді бір күн ұрттап аққанын.
Ашулы анау момақан белдер,
О, менің əлсіз құртшабақтарым.
Қасірет жырын жаза бастайсың,
Ақылдан неге аза бастайсың.
СЕРІК ӘБІЛ
Сəбилік шағың өтсе болғаны,
Өз көріңді өзің қаза бастайсың.
Жүрді дəйім басыңда пəле,
Шын миың болса ойланшы қане.
Тірлік бар жердің барындағы,
Өзіңдей жан бар, ұрпақ бар жəне.
Ұғынсаң шындап кеңесті менен,
Көрсетейін бір елесті ерен.
Елемей жəйін жүргеніңменен,
Қалмады қарғыс сен естімеген.
Жүрегімді езді зар мұңы қатты,
Жасы мен қаны сорғалап ақты...
Тоғайда бір күн байтеректі бір,
Жас жігіт кескілеп жатты.
Бар бұтақтарын балталап жарды,
Жұмысы бітті арбаға салды.
Əкесін көрге əкеткен жандай,
Балапан талдар зарланып қалды.
Бұл сенің кеше қорғаның еді,
Орда боп тұрған орманың еді.
Панаңды бұзған парасатың ба?
Бүлдіріп бүгін қорладың енді.
Ұлғайта берсең жүрек жарасын,
Қасырет күнге сен де қаласың.
Бөрене басып өліпті кейін,
Əлгі жігіттің жалғыз баласын.
Нажағай, дауыл қайғырғаным жай,
Аңсағаныңды сай қылғаным-ай.
Мені де кескің келе ме қалай,
Орманда өскен маймылдарым- ай!
Күніне талай істейсің сұмдық,
Бəрін де көріп тек іштей тындық.
Құмырысқаның да тасты басқаны,
Тəңірге аян екені шындық.
Ақша бұлт шөккен асқарларында,
Бұлбұлдар сайрап жас талдарында.
Сақара сазы гүлдерді тербеп,
Бақалар шоршып бастауларында.
Жазира жайлау жайнап бір жатты,
Түс көріп едім өзім де тəтті.
Ылағын ерткен еліктер тобын,
Бір аңшы келіп мылтықпен атты
Қасірет жанға жəне де батты,
Дауысынан сол бір селт етсем қатты,
Көптеген тірлік қойныма кіріп,
Көк орай белдер көл болып қапты.
“Жер сілкінді” деп ел көрді қауіп,
Алдымен сезген аң кеткен ауып.
Көк тоғай деген көкірегімнен,
Сол көлді барып көріңдер тауып.
Басыңа қайғы бұлқынған демім,
Ертеңгі көрің жыртылған жерім.
Ұрпақтарым-ай өздерің үшін,
Оятпаңдаршы ұйқымнан менің.
Кеудемді қанмен кестелегенің,
Тірлікте басқа дес бермегенің.
Соңғы рет айтам қылмысың асты,
Есіңе түссін ескермегенің.
Ақылмен ойды аластасаңдар,
“Мен ғана” деп адаспасаңдар.
Ұлы табиғат жаралған жаннан,
Бəріңе жетет, таласпасаңдар.
Тірлікті құртпа бір өзің үшін,
Жер ана білер тағдырдың күшін.
СЕРІК ӘБІЛ
Өзің жасаған заттан басқаның,
Бəрінде сендей жан барын түсін.
Ұранда нең бар дауысың жалған,
Төсімде жүрген бір күнің арман.
“Адамға табын, жер, енді “ деп те,
Ұлдарым ба-ау айғайын салған.
Кірсең де, шықсаң есігің менмін,
Ертеңге қалар есімің менмін.
Бір емес ек дүниеде де,
Бөленер мəңгі бесігің менмін.
Бəсеке тірлік жарыста жалған,
Тарихыңды біл алыста қалған.
Кеудемнен менің табасың ертең,
Əкеңнің басын ғарышқа барған.
Менен шын алыс кете алар болсаң,
Тілегеніңе жете алар болсаң,
Тазарып тəнім, түзелер əнім,
Көз көрмес жерге көше алар болсаң.
Алайда ол ой пенделіктерің,
Жетерсің қайта сенделіп тегін.
Əлемде жалғыз əлекке шыдар,
Басқаның бəрін мен көріппедің.
Арманда ұзап арманның соңын,
Атаң да қуған жалғанның жолын.
Біл, бірақ, менен алыстағанда,
Қауырсындай да салмағың жоғын.
Өзенім, тауым, жасыл орманым,
Аяла, білсең, асыл қормалың.
Бұзсаңдар бірге бастарың кетер,
Кеудемде соққан ғасыр қорғанын.
Адамдар аракерісің қанша,
Жүректе жатқан берішің қанша.
Ол-дағы аз күн ермектерің ғой,
Мен үшін болған болысың қанша.
Ойласаң əлі кем екендігін,
Өзіңнің уақыт жемі екендігін.
Біліңдер адам мен ашулансам,
Бəрі де нөлге тең екендігін.
Айтайын тірлік негізін айғағын,
Ойлайсыңдар ма өмір жайларын.
Балықтар кегін басу үшін де,
Халықтар легін теңіз шайғанын.
Арқама сызған сызықтарың-ай,
Қайдағыны ойлар бұзықтарым-ай.
Сыртымды бөліп алғандарыңмен,
Ішім бір-ғой, қызықтарың-ай.
Қылығың қырсық, келемін көніп,
Қалғандай, бірақ, қауіп та төніп.
Бес балаң болып бетіңді бір күн,
Қайтер ең сызып, отырса бөліп.
Атағың, ақшаң, алтының, кенің,
Көзіңе тоймас құйылар сенің.
Таласу менен төгілген терің,
Қоздырып отыр табиғат кегін.
Төсімде тау көп бар талай нар құз,
Ерісе бір су болғанмен қар-мұз.
Сан ұлт боп өзің бөлінгеніңмен,
Санамда менің адамсың жалғыз.
Күн жалғыз шырақ, мен жалғыз тұрақ,
Қалғанын іздер пенделік шуақ.
Ағаш та, аң да, жəндік те, шөп те...
Бəрің де бір жан соны біл, бірақ.
СЕРІК ӘБІЛ
Өзіңше ойың ел екендігін,
Ертең бар болса берекең бүгін.
Мемлекетің де, мекенің-дағы,
Есіңде болсын мен екендігім
ҚАЗАҚ ЫРЫМ ЕТЕДІ ...
(Поэма)
Қазақ ырым етеді,
Ырымы қырын кетеді.
Осылай деу дұрыс па халқымызға,
Тарих шындық жатқанда артымызда.
Мұрындықтап бабаның мұра сөзін,
Нахақ таққым келмейді нарқымызға.
Философ ел, философ халық бабам,
Назар салып бəрін де парықтаған.
Қасиетін сезген соң қара таудың,
Құшағында жүруден жалықпаған.
Ырымдады табынды даласына,
Дарқандығын бағыштап бабасына.
Кəриялар жатады бата беріп,
Таудай бол деп талпынған баласына.
Қызығуға болат деп жиіркенуге,
Өр толқынды өмірдің желкенінде.
Тұтас тірлік тырбыңын тұжырымдап,
Бүгінгі істен сезінді ертеңінде.
Намыс үшін шыдайды ерегеске,
Себебі сол терезе тең емес те.
Білгір бабам ұрпаққа баяғыда-ақ,
«Судың да сұрауы бар» деді емес пе.
Қазақта кем тау асып, тас баспаған,
Қазақта кем жауынан «Қаш-қаштаған».
Қонақ үшін жайылған дастархан бар,
Халық та кем қазақпен астаспаған.
Бақыт дейтін балалы үй базарымен,
Бар өмірге қарайтын назарымен.
Ырым деген ырысы қазағымның,
Рахаты да тоғысқан азабымен.
Бұл тірліктен жүрегім суынбайды,
Маған тек бекер өткен күнім қайғы.
Қасиетін сезген соң қарт бабаның,
Дара басым бəрін де ырымдайды.
Бірер мысал алайын бір басымнан,
«Тұниды,–деген елім,–су басынан».
Қазақ деген қалжыңның қазынасы,
Батырлығы байқалған тұлғасынан.
Сəби күнім жалаң бас, жалаң аяқ.
Тақымымда талдан ат, қолда таяқ
Жүргенмін, бір сауысқан ат ағашқа
Қонып алып шықылықтады үйге таяп.
Дереу келіп жеткіздім шешемізге,
Қайта шығып қарадық екеуіміз де.
«Үркітпе, келеді екен үйге қонақ»
Деп оны ырымдады шешеміз де.
Қонақ келді сол күні расында,
Бала күнім шаттанбай тұарсың ба.
Сəби санам сол шақта секем алды,
Қасиет бар деп баба мұрасында.
Тірлік шамын тамызған əр үй кеші,
Ырымда бар елімнің тəжірибесі.
Мұнар күннің мықтысы не көрмеді,
Бəрін-дағы білгізген тарих осы.
СЕРІК ӘБІЛ
Арманымен тоғысқан ата салтым,
Салтыменен бағалы менің нарқым.
Мезгілсізден ит ұлып жатса-дағы,
Өз басына көрінсін дейді халқым.
Мен мұндалап тұрғандай мұңым-қайғым,
Қас-қабағым тартса да ырымдаймын.
Қасиетін бабаның сезе алған,
Тірлігіме тулаған жырым айбын
Сəбиді ел далаға жатқызбайды,
Жұмыртқасын құстардың шаққызбайды,
Қасиетті, киелі деп аялап,
Аңшысына аққуды атқызбайды.
Ырымдайды жылқыны басқа ұрмайды,
Жолаушыға күн кесіп тапсырмайды.
Аруақтың киесі атады деп,
Зиратты да албаты бастырмайды.
Ата мұра ұрпаққа айдан анық,
Тарихтан тұратын майдан алып.
Ырым менен əдепті ұштастырған,
«Жаман болат» дегеннен пайдаланып.
Философ ел, философ халық бабам,
Назар салып бəрін де парықтаған.
Қасиетін сезген соң қара таудың,
Құшағында жүруден жалықпаған.
Көре алмастар күндейді күні кеткен,
Бабасыздың бола алмас үні өктем.
Қайшылықтың қазығын қатар қағып,
Жұмбағы көп жылдар-ай жылжып өткен.
МАЗМҰНЫ Арман деген.........................................................................................3 Желтоқсаным.................................................................................4 Той жыры..............................................................................................5 Құлан ғұмыр.......................................................................................6 Түлкі тірлік..........................................................................................6 Азу тісім................................................................................................7 Ағажан – асқарым.................................................................................8 Құмырысқалар.................................................................................9 Жағадағы жартасқа..............................................................................9 Құлжам менің...................................................................................10 Қара салы............................................................................................11 Сағындым, аға....................................................................................12 Сəлем саған........................................................................................13 Құм жыры..........................................................................................14 Ақын мен ара......................................................................................15 Күз күмбірі........................................................................................16 Алтайдың қысын аңсадым...............................................................18 Кісілік..........................................................................................19 Үшеуіміз..........................................................................................21 Сағыныш əні.....................................................................................23 Ақсұңқар-ана.....................................................................................24 Сұңқарлар жыры................................................................................25 Ана тіл – арман.................................................................................27 Шұбат жыры......................................................................................28 Тауыққа сыр.......................................................................................30 Басбармақ..........................................................................................30 Балалығым.................................................................................31 Жарлының жалғыз атымын...............................................................32 Ешкілер..........................................................................................33 Қырықтың қысы.................................................................................33 Қос ғарышкер.....................................................................................35 Жұдырық жайлы ой...........................................................................35 Олжас аға............................................................................................36 Асыл аға............................................................................................36 Қанатым менің...................................................................................37 Əзаға..........................................................................................38 Сыр......................................................................................................38 Ерағам..........................................................................................39 Ұсақтар.............................................................................................40 Алмас-бұлақ......................................................................................41 Үрімші.................................................................................42 Əке..........................................................................................44 Өзіңді ғана табамын..........................................................................46 Ана елім.............................................................................................48 Алтын неке - алтын таң......................................................................49 Жағадағы жартаста..........................................................................58 Алтын..........................................................................................54 Жаз келе жатыр дегенмен. . ..............................................................55 Елім деген егізім...............................................................................56
Астана..........................................................................................61 Қайрат аға..........................................................................................62 Қадылды аңсау.................................................................................64 Жеңісқанға сыр.................................................................................66 Аман бол, аға......................................................................................68 Барып қайттым ауылыңа.................................................................72 Еңбек ері.............................................................................................73 Март күнгі мадақ..............................................................................74 Ақ жауын..........................................................................................75 Сен таусың........................................................................................81 Саз саңлағы.......................................................................................82 Бөрінің сүті.......................................................................................83 Жетарал.....................................................................................85 Қайыршы халі....................................................................................90 Құнан бəйге........................................................................................92 Ханзуда бір аңыз бар. . ......................................................................95 Ғасыр толғауы.....................................................................................98 Ақ бас аға..........................................................................................102 Сəлем, ана.......................................................................................103 Медбике қыз...................................................................................103 Қарыздармын.................................................................................104 Білгірсіме.................................................................................105 Қансонарда........................................................................106 Күндесіме...............................................................107 Таным.................................................................................108 Егіз ой................................................................................................109 Қара жиде........................................................................................109 Алтайдың қаласы............................................................................110 Киелі қыз..........................................................................................111 Ай-арман..........................................................................................111 Аңсарым..........................................................................................112 Балдырғандар.................................................................................113 Сүйкімді қыз....................................................................................113 Ауылым – анам.................................................................................114 Наурыз сағынышы...........................................................................115 Көктөбе.................................................................................115 Кездесу.................................................................................116 Ардағым.................................................................................116 Аға.................................................................................117 Достарым бар.................................................................................118 Баян-өлгей........................................................................119 Бурылтоғай.................................................................................119 Дала...................................................................................................120 Жыламай жүр...................................................................................122 Арман-құсым...................................................................123 Нұрсəуле..........................................................................................123 Қымыз қыз......................................................................................124 Əкешім - Алатауым...........................................................................125 Нар-аға..........................................................................................125 Сұлубай-Арман...............................................................................126 Сəлиқа-сəулем.................................................................................127 Ақсайым..........................................................................................127 Құлжам менің.................................................................................128 Бақытты бол.....................................................................................129 Жазира жүрек..................................................................................130 Шəмші аға.......................................................................................130 Сағындың ба?...................................................................................131 Мұң бар менде.................................................................................132 Бір бейне..........................................................................................132 Жүрек сыры....................................................................................133 Қамшы..........................................................................................133 Бесігім..............................................................................................134 Құстарым..........................................................................................135 Бақытым сен....................................................................................135 Қымбат қыз......................................................................................136 Біздің ауыл......................................................................................137 Сахара сазы......................................................................................137 Ақиық аға..........................................................................................138 Үш жұртым......................................................................................139 Бір сағыныш.....................................................................................140 Сəлем, аға!........................................................................................140 Қуанышым..................................................................................141 Бұлақ бойында.................................................................................141 Арман
Бұрымды қыз.................................................................................142 Қызғаныш пен махаббат..................................................................142 Туған дала.........................................................................................143 Өмір əні...........................................................................................143 Сырғалым-ай.................................................................................144 Туған ел.............................................................................................144 Наурыз толғауы...............................................................................145 Əн сал, досым...................................................................................147 Бота көзім........................................................................................148 Ой дүние..........................................................................................148 Парталасым.................................................................................149 Шарапат нұры.................................................................................150 Көктем гүлі.......................................................................................151 Жан сырым........................................................................................151 Сабақтастар......................................................................................152 Сағынышым........................................................................152 Əпекежан.................................................................................153 Ақ құлыным....................................................................................153 Достар вальсі...................................................................................154 Əжемнің иісі .................................................................................154 Мейірлім..........................................................................................154 Зуханың басы...................................................................................155 Қобыз сарын ...................................................................................158 Туған жер..........................................................................................164 Ана...................................................................................................169 Соңғы ұрпақ.....................................................................................174 Жер үні..............................................................................................181
Серік ƏБІЛ
Өлеңдер жинағы
Редакторы Серік РƏСІЛОВ
Корректоры Жанар Жанапиянова
Мұқабасын көркемдеген Бейсен Серікбай
Беттеген Айнагүл Ауанова
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
«Атажұрт» баспасы
050016, Алматы қаласы, Ш.Уəлиханов көшесі 43А
Тел/факс: 2 733244., 2 739997
Басуға 00.09.2014 қол қойылды.
Қағазы офсеттік. Қаріп түрі «Tіmes».
Пішіні 84х100 1/32. Офсеттік басылым.
Шартты баспа табағы ???
Есептік баспа табағы 12.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру